Естеліктен ескен леп
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Валерий Поволяев
Поволяев Валерий. Естеліктен ескен леп. Хикаяттар мен әңгімелер./ Валерий Поволяев. Oрыс тілінeн аударған Қайсар Жорабеков. Астана: Аударма, 2012 – 480 бeт. П42 ISBN 9965-18-389-9 ISBN 9965-18-389-9 © Қайсар Жорабеков © «Жазушы» баспасы, 1990 © «Аударма» баспасы, 2012 ЌАЗАЌСТАН РEСПУБЛИКАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ ЖЄНE АЌПАРАТ МИНИСТРЛІГІ АЌПАРАТ ЖЄНE М¦РАЃАТ КOМИТEТІ «ЄДEБИEТТІЊ ЄЛEУМEТТІК МАЊЫЗДЫ ТҮРЛEРІН БАСЫП ШЫЃАРУ» БАЃДАРЛАМАСЫ БOЙЫНША ШЫЃАРЫЛДЫ УДК821.161.1-03.512.122 ББК84(Рус-Каз)7 П42 УДК821.161.1-03.512.122 ББК84(Рус-Каз)7 Қандай жағдайда болмасын адамшылық-арды жоғалтпау – кітаптың алтын өзегі. Күнделікті өмірде пендешілігі мен адамшылығы қатар жүретін адамның басына іс түскен қиын-қыстау кезеңде сарқылмас қайрат-жігер танытып, өлім мен өмірдің арасындағы жан беріп, жан алысқан арпалысы шебер тілмен нанымды баяндалады. Сырт көзге қарапайым болып көрінетін адамның осындай шақта асыл қасиеттерінің жарқырай көрінуіне еріксіз басыңды иесің.
СЫНҒАН АЙНА Бір жолы тамыз айында, Еділдің төменгі сағасынан Астраханьға дейін, көлемі сіріңкенің қорабындай ғана шағын кемемен кері қайтуға тура келді. Сірә, шетелден әкелсе керек, үстіне теңізшілердің қызыл жолақ жейдесін киген, ойнақы жүзді қуақы жігіт – шкиперден мынадай бір әңгіме естідім. Сол хикаяны енді өздеріңізге айтып берейін. Астраханьға біз Еділдің көп тармақтарының бірімен қайтып келе жаттық. Тармақтарды мұнда басқаша атайды. Ең басты тармақ бар, онымен үнемі үлкен, аса көрнекті де көркем кемелер жүзеді – егер олар жол-жөнекей кездесе қалса, міндетті түрде ишарат жасап, дыбыс беріп сәлемдесіп кетеді. Тағы да мөлдір тармақ, Никитинский, Кулагин, Васильевский атты арналар бар, онан басқалары да толып жатыр – олардың бәрімен де кеме жүзеді. Мұндағы ағыс қатты – әдетте оны шүпілдеп тұрады дейміз, – ернеуінен асып кетіп, кей тұстары тіпті тұрғын үйдің маңына, тұп-тура табалдырығына дейін тіреп жатады. Оның толып жатқан қолтық-қойнауларындағы селт етпей жатқан су алаңқайларында, тамыздың осы бір тып-тыныш мезгілінде лотос гүлдейді. Гүлдердің үлкендігі шамамен қос жұдырықтай болады, жапырақтарының үлкендігі табадай – үзіп алғың кеп өзіңнен-өзің құмартып тұрғаның, ал жұлуға тыйым салынған – әрбір жұлынған гүл үшін қызыл қағаз – он сом айыбыңды шығара бер. Әр-әр жерде, гүлдердің ара-арасында, қарақошқыл қап-қатты, жылтырақ бүйірлері түбіне қарай қушия түскен шойын құмыраға өте ұқсас, піскен көкнәрлар кездеседі. Х И КАЯТТАР
Үсіген картоп секілді сәл тәттілеу келетін лотос дәнін – аса дәмді болмағанымен, жұрт теріп жейді. Айналаның бәрінде балық ойнайды. Бейнебір жақсы сапалы қоладан құйылғандай судан шоршып шыққан сазандар тұмсығымен өзен бетінде шағылысқан күннің сәулесіне дөп түсуге тырысып, қатты ыршып жатады. Күзде жабайы үйректер жайылғанды жақсы көретін шөп аралдары, су жайылымдары баяу жылыстап, кейіндеп қалып жатады. Төңіректің бәрі тып-тыныш, жайбарақат, бірақ осы мезгілде жайсыз оқиғалар да болып тұрады. Бұл жағдай Еділ өзенінің үстінде көзге түртсе көргісіз тас қараңғы орнаған кезде, түнгі сағат он екілер шамасында болған еді. Мұндай қараңғылықта жан-жағыңа үңіліп қарай бересің, қарай бересің, көзің талған соң жанарыңнан жас парлай бастайды, бірақ бәрібір ештеңе көре алмайсың. Мұндайда әдетте алыстан көз тартып тұратын тіпті Астраханьның оттары да көрінбейді – маңайды тұтас қараңғы түнек торлап алған. Астраханьның сәл етек жағын ала шашырап жатқан мың сан шағын аралдардың бірінен, жергілікті жерге лайық, әп-әдемі «Лотос» атты шағын кеме сапарға шықты. Кеме шағын болғанмен, бірақ сүйегі ауыр – ескі үлгідегі, соғыс кезінде қарсыластардан қолға түскен олжа еді. Сыртының қалыңдығы соншалық, қорғасын оқ тайып кетеді. «Лотостың» дизелі «Дейц-345» отыз жыл бойы қызмет жасаса да, әлі берік, ақаусыз. Мен мұндалаған қатқыл дыбысы құлақ тұндырып, еріксіз назар аудартады. Техникалық ұсақ-түйекті бітіру үшін, «Лотостың» жабдықтағыш кеме екенін айтайын. Атап айтқанда, тіркелген шағын баржаларды сүйреп, кеме жүретін арнаның қайраңын темір қалтқылармен жабдықтайды. Арнаның сол жағына әдетте ақ қалтқы, оң жағына – қызылын қояды. Оған қосымша «Лотос» осы қалтқылардың Еділдің толқындары шірітіп, жарамай қалғандарын ауыстырады, земенарядтарға ауыз су мен жанармай тасиды, жалпы не бұйырса соны істей береді. Бұл жолы «Лотостың» жетегінде су таситын және жанармай таситын баржа бар еді. Онда тұщы судан басқа
көмір де бар-ды, оны аралдағы үйлерге күзгі суық түспей тұрып алдын ала жеткізіп тастайды. Штурвалда «Лотос» шкиперінің өзі еді. Жерге жабысып қалғандай мықыр, бойы баланың бойындай, төртбақ ауыр салмақты штангашы сияқты – екі иығына екі кісі мінгендей, қолдары ұзын, тарамыс, бұлшық еттері тастай. Қолының күштілігі сонша, шкипер тағаны оп-оңай ортасынан қақ бөле алатын еді. Егер алда-жалда шаң басқан, бүйірі желініп кеткен, тесіктерінен төрт бұрышты шегелері шығып тұрған таға тауып ала қалса, өзінің қарулы қолымен сығымдай қысып, күшенген кезде шиедей қызарып кетеді, сосын түк болмағандай сабырлы кейіппен екі қолын босата қояды. Әр қолында тағаның жартысы тұрады. Бұл күні шкипердің көңіл хошы болмады. Қабағы қату, мұрны орақша иіліп екі ұрты салбырап, төмен түсіп кеткен, штурвалдың тұтқасынан сығымдай ұстап қатып қалғаны сонша, енді болмаса, үгітіп жіберердей. «Лотосқа» тұщы суы бар ауыр баржаны тас қып тіркеп тастағандықтан, кемені басқару ауырлау тиді. Арнаға шыға бере шкипер су бетіне айқыш-ұйқыш еркін бұрылыс жасады. Кеменің шамын бұлдыратып, жолды көмескілеп тастаған төбеден төніп, сойдауылға оратылған қап-қара қою мұнарға қарап, жақтырмай күңк ете қалды. Кеменің баржа тіркелген бүйір жағына қарай бұрылып, тіпті жақын тұстан күңгірттеу электр шамын көрді де, кейін, алыстан орағыта бұрылу керек, әйтпесе осынша уақыт өтсе де, жағадан әлі ұзай қойған жоқпыз, – әне, қол созым жердегі бағаналарда фонарьлар жанып тұр, – деді іштей. «Лотостың» шкипері қателескен еді. Дәл осы мұнарлы түні бұрынғы сезімталдығынан, қырағылығынан айрылып қалды. Оның көзіне бағаналардағы фонарь боп көрінген көмескі электр жарығы, Еділдің негізгі арнасымен төмен кетіп бара жатқан үлкен танкердің алдыңғы шамы еді. Бір сағаттан кейін Каспийде болудан үміттеніп, суыт келе жатқан болатын. Тұщы сулы баржа тіркеген «Лотос» танкердің жолын кесіп, кесе-көлденең шыға келді. Кеме қатынасының ережесі бойынша шағын кеме танкерді өткізіп жібергеннен кейін ғана арнаның дәлізіне
кіруі керек болғанымен, бірақ көңіл хошы болмаған ашулы шкипер олай жасамады. Келесі секундта қатты тиген соққы «Лотосты» қақыратып жіберді. Онан да жойқын соққы тұщы сулы баржаның бір жақ бүйірін тұтас жұлып әкетті. Көкке көтеріліп барып нән алабұғаша сыр-эмаль құйылған үлкен ыдыс суға күмп ете түсіп, артынша «Лотосқа» тіркеген арқан шашылып қалды. «Лотостың» өзінен шкипер, аға көмекші, алыс жердегі өзі секілді аспаз құрбысын алмастыруға бет алған жап-жас, көккөз қыз, тағы да екі матрос орналасқан рубка, көгершіннің ұясындай кемеден тұтас бөлініп түсті. «Лотостың» палубасындағылар да Еділдің суының ішінен бір-ақ шықты. Шкипер, суға түскен кезде, басқару тетігінен жұлынып кеткен штурвал тұтқасын әлі қолында қысып тұрғанын байқады. Тұщы сулы баржа, танкер соғып, бір жақ қабырғасын қақыратып әкеткен бойда, бірден қыңырая барып, төсімен басқару жүйесінен айрылған «Лотосты» барып соғып, кемеден гөрі жүк тиелген баржа салмақты болғандықтан, «Лотос» көзді ашып-жұмғанша төңкеріліп түсті. Топсасынан шығып кеткен темір есіктер, шыны сынықтары, жұлынған иллюминаторлар, қақ бөлінген құбырлар, кеме жабдықтарының бөлек-салақтары су бетіне шашыла түсіп жатты. Кеме нақ бір жанды тіршілік иесі секілді ажалмен арпалысқандай төңкерілгенде тайғанақ табаны дір-дір ете қалды да, сосын ашық люгімен су жұтып, барлық саңылауларынан ауа атып, алдымен тұмсығы батты, артынша «Лотос» Еділдің тұңғиығына қарай тастай сіңіп кетті. Кеменің орнында орасан үлкен ауа көпіршігі пайда болып, іргеде снаряд жарылғандай, құлақ тұндыра тарс ете қалды да, Еділдің үстімен түтін аралас ұшқын шашқан бірдеңе жүгіріп өтті. Сөйтіп, «Лотос» өзеннің түбіне кетті. Бүйірі тесілсе де тұщы сулы баржа суға батқан жоқ, арнаның шымырлап жатқан бетінде сәл теңселіп тұрды да, ағыс ығымен төмен қарай баяу жүзіп кете барды. Алып танкердегілер алғашында қақтығысты сезбей де қалды. Өзен үстінде көп ұзамай дауыл тұратын болғандықтан,
Каспийге қарай ол суыт жүріп бара жатқан-ды. Дауылдың оған, былайша айтқанда, тіпті пайдасы жоқ-ты, кеме теңізге соған шейін жетіп үлгіруі керек-ті. Бірақ іле-шала кеменің арт жағындағы біреу прожекторды жарқ еткізді де, қапқара түтінге көмілген суды, онда жүзіп жүрген адамдарды көргеннен кейін, танкер жүрісін тежеді. Осы үрейлі де қайғылы минуттарда, суға батқан «Лотостың» ішінде Еділ өзенінің түбіне екі бірдей адамның кеткенін ешкім де білген жоқ. Екі адам, қалғандарын, құдайға шүкір, танкердің матростары құтқарып алды. «Лотостың» аға механигі Сергей Сергеевич Пчелинцевтің өзі өз болып, көзімен көргендерінің ішіндегі ең ауыр көрініс – бекіре соятын қасапханадағы кәсіп еді. Арна үстімен жанған жанармайдың резеңке секілді қапқара түтінін будақтатып, сүйрегіш кеме, тойған үйрекше екі жағына кезек тербетіле «маймаңдаған» жүк толы ішті қайықтарды сүйреп келеді. Осы көрініс қып-қызыл реңкке боялған сол кештер кейін де ауық-ауық Пчелинцевтің түсіне кіріп жүрді. Қайықтың әрқайсысы өзенге ернеуіне шейін қақпақтап, білінер-білінбес шымырлап жатқан ағынды суды ұрттап-ұрттап қояды. Қайықтар кеме соңынан баяу, енжар еріп келеді, қайық ішіне су құйылып кеткен, ал сол судың ішінде қызыл жалқын кешкі аспанға мұңдана қарап, шот маңдай қортпа бекірелер мен құстұмсық қызыл балықтар жатыр. Қабылдау пункттерінде, бекіре толы қайықтарды сүйреп жеткізетін уылдырық жинайтын арнайы кемелерде балық сою науқаны жүріп жатады. Бұлшық еттері бұлтылдап, күнге күйіп, былғары етіктей жылтыраған екі алпауыт еркек бекірені желбезегінен іліп алып, берік тоқпақпен балықтың шеміршекті маңдайынан шірете ұрады. Бекіре бір шоршып, құйрығымен суды қиғаштай соғады, сонда қызыл іңір өлім алдындағы ауыр ыңқылға толып кеткендей болады. Жо-жоқ – айнала тыптыныш, тек қана ханбалықтың басынан тиген тоқпақтың қосымша ауыр соққысынан бекіренің құйрығы енді бұлғаңдамайды, суды да былғамайды, жантәсілім етер
алдында әлсіз ғана ышқына дірілдеп жатады. Қошқылдау келген қою қан тамшыларымен бірге ақтық демі де қосыла шығады. Ал жалтырақ қызғылт сары желетті, күнге күйген алпамса еркектер барын салып, бекірелердің бірінен соң бірін қайықтан уылдырық жинайтын кеменің ағаш палубасына лақтыруда. Онда да маман адамдар бар, саперлық күрек секілді қысқа да жалпақ пышақпен жіті қимылдайды да, бекіренің көмескі-күңгірт түсті қарындарын түймесін ағытқан пальто секілді ортасынан қақ жарады. Сол қақ жарылған үлпілдек, ашық қызыл ішек қарынның арасында – жұқа ақ шандырға оранып қара бәліш жатады. Бұл уылдырық. Уылдырықты шелекке салады да, қиналғаннан құйрығы әлі дірілдеп жатқан бекіренің өзін басқа қолға, етке жібереді; бұл мезгілде ойық жақтан балықтың келесі тізбектері келіп жатады. Қайраңның үсті тым-тырыс. Шылқылдаған кір-қоңды білікпен тоқпақтап жатқандай жиі соққы сүйемелдеген тыныштық – ол ағаш тоқпақпен бекіренің басын пергілеп жатқан еңгезердей қасаптардың соққысы... Пчелинцев бұл кәсіпті ұнатпаушы еді, әсіресе бекірелерді аяйтын, оның мінезіне мұндай қатыгездік нәрсе жат. Өйткені ол жұмсақ мінезді, момын адам еді, оның сәл дауыс көтергенін, бекер күйгелектенгенін әлі күнге тірі жан көрген емес. Маңайындағылардың да Пчелинцевпен ара-қатынастары оның өзінің осы мінезіне сәйкес жылы да, сыпайы болатын – мұндай қайырымды кісіге қол көтеру немесе айғайлап ұрсу мүмкін емес қой. Сондықтан да нағыз шатақ адамдардың өзі Пчелинцевпен бетпе-бет кездесіп қалғанда, өзін-өзі еріксіз баса қоятын. Әйтсе де Пчелинцевті ренжіткен бір кісі болды, демек, болған еді... Бірақ ол жөнінде кейінірек. Қысқасы, Пчелинцев балық аулау бригадасындағы пайдалы да ақшалы жұмысты тастап кетті. Теңіз училищесіне барып, оны бітірді де, портқа жұмысқа тұрды. «Лотос» кемесіне. Жабдықтаушы кемесіз, олардың орнататын қалтқыларысыз басқа кемелер соқыр адам сияқты аттап баса алмайды, өйткені қайраңға отырып қалуы оп-оңай. Сондықтан да
Пчелинцев қазіргі қызметін маңызды деп білді, бекіренің оңай олжасын, балықшының мол табысын қалтқы қондыру мамандығына, өстіп зыр қағып шапқылауға айырбастағанына өкінген жоқ. Ол күндіз-түні жұмыстан босамайтын – үйіне сирек келетін еді. Апталап жоғалып кететін кездері де болды. Кейде осынысынан опық жейтін – үйінде әйелі жападан-жалғыз. Әрі жас, әрі сұлу екені соншалық, кейде өзіне-өзі сенбеген Пчелинцевтің, тіпті, зәре-құты қалмайтын – маңдайына қандай ғажайып әйел бұйырған десеңші. Осындай ұзақ уақыт қол үзген аралықта Марьяна мұнан алыстап, өзіне ет жақын адамнан әлдебір бөтен, жат жанға айналып өгейсіп кетеді ғой деген ой басына келгенде, бойын қорқыныш билеп, іштей қатты күйзелетін еді. Ал егер өйтетін болса, Пчелинцев үшін ол өлімнен де бетер – осынау момын да қарапайым, жігіт ағасы болып қалған адам Марьянаны бар жан-тәнімен сүйетін еді. Әйелін есіне алған кезде Пчелинцев шырт ұйқыда жатып, мазасыздана дөңбекшіді, аяғын созып, кубриктің қабырғасына тіреп, қатты күрсініп қойды. Жазғы толқын секілді бір ерке жылы леп жанын жадыратып, күндізгі шаршауды сылып тастап, санаулы сәттің ішінде алаңсыз ұйқыға бөледі. Марьянаны ойлаған кезде, Пчелинцевтің бойын міндетті түрде сағыныш билеп, мұңға жетелейтін, сосын мұңның орнын ойнақы бір жеңілдік алмастырып, маужырап тәтті ұйқының құшағына бөленеді. Ал егер ондай жағдай түсіңде емес, өңіңде, жұмыс үстінде болса, онда жұмысы қыза түсетін, Астраханьның күніндей жайма-шуақ, сұңғақ бойлы, балтырлары тіп-тік, жанарлары бұлақтай мөлдір, қылау шалған шаштары иығына төгіліп тұрған сұлу Марьянасы күтіп алатын сәтті ынтыға аңсайтын-ды. Бірақ дәл қазір Марьянаны ойлаған сәтте кеудесіне қатты бір шаншу қадалып, өзегін өртеп кеткені соншалық, Пчелинцев айғайлап жіберуге шақ қалды. Енді Марьянаны көру жоқ, ол жөніндегі естелік енді ешқашан бұрынғыдай қуаныш шақырмайды, ертеңіне жанын жадырататын алаңсыз тәтті ұйқы да, кешегі тәтті күндер де өтіп, – бәрі келмеске кетті. Осының барлығы артта қалды.
Мұнан он күн бұрын Марьяна ақыры жалғыздық тауқыметіне одан әрі шыдай алмады... Қысқасы, ол Пчелинцевті тастап кетті. Соны есіне алған ол, тар кереуетте дөңбекши түсіп, әуеде ұшып бара жатып оққа ұрынған құс секілді ышқына ыңырсып қояды. Жақында ғана бұлардың «Лотосында» механиктің жаңа көмекшісі Ежов деген көрікті, алғыр, епті жігіт пайда болды. Ол жөнінде әйел ашыналары өте көп, қыздардың бәрінің оны көргенде тіпті есі шығады, осы сылқым жігіт бірдебір қос етектіні құр жіберіп көрген емес деседі. Қысқасы, осы жігітке Марьяна да ғашық болып қалды. Пчелинцев оны аңғармастан, уысынан шығарып алды. Тек Марьяна ғана емес, оған Пчелинцевтің өзі де кінәлі бір тосын жағдай болды. Бұлар қайда жүріп, танысулары мүмкін? Әсте, портта шығар, «Лотос» кезекті сапардан Астраханьға қайтатын кезде, бұл жөнінде туған-туыстарға хабарлайтын еді де, олар шаршап-шалдыққан кемешілерді күтіп алатын-ды. Мұндай кезде машина бөліміне жауап беретін Пчелинцев, біресе дизельді, біресе көмекші движокты, біресе генераторды, біресе компрессорды, біресе тағы бір бөлшектерді тексеріп, үнемі кідіріп қалатын еді, – тоқетерін айтқанда, Пчелинцев үшін әрқашан жұмыс табылатын да, бәрін ретке келтірмей кемені тастап кетуге болмайды деп есептейтін ол. Шамасы, Ежов пен Марьяна екеуі, Пчелинцевтен жасырын оңаша ұшырасса керек. Қысқасы, Ежов аға механиктің осы бір жалғандағы жалғыз қуанышын тартып алды. Еһ, Марьяна, Марьяна, сұлу балтыр періштем-ау, не істеп қойдың сен... Осы жағдайды есіне алған кезде Пчелинцевтің алқымына әрқашан бұрқылдаған ып-ыстық жас тіреліп қалады. Қол-аяғы, тұла бойы дірілдеп кетеді. Пчелинцев ғұмырында, тіпті бала болып та бір жылап көрмесе де, соны ойлағанда еңіреп жіберуге дайын еді. Ол порт басқармасында да болып үлгірді, мүмкіндігінше Астраханьға ұзақ оралмайтын, жыл он екі ай бойы сапарда жүретін кемеге ауыстыруын өтініп, тіпті арызын да қалдырып кетті. Басқармада оған негізінде тек ашық теңізде
ғана жүзетін басқа үлкен кемеге ауыстыруға уәде берді, бірақ «Лотоспен» тағы да екі-үш рейске шығып келуін өтініп еді. Өз бақытын ол сонан кейін ғана сынап көреді. ...Кенет құлағының дәл түбін кеміріп жеген, желкесін, шекесін солқылдатқан қатты бір жарылыс болды. Пчелинцев өзінің тас қараңғы дымқыл сия қошқыл түнекке қарай құлап бара жатқанын сезді. Есін жиып көзін ашып еді – шынында да қап-қараңғы екен. Кубриктің ішіндегі шамның бәрі өшіп қалыпты. Бақытына қарай ол бір жұмсақ орынға, шамасы, кубриктегі ірге тұстағы кереуеттің үсті болса керек, шалқасынан құлап түсті. Бірақ сол бойда одан ыршып кетті де, жоғары атылған ол оң аяғымен судың үстіне дік ете қалды. «Су мұнда қайдан келген? Кубриктің ішіне?» – таңғалғаннан айғайлап жіберуге шақ қалды, бірақ өзін-өзі тежеді, өйткені дәл осы минутта өршелене екпіндеп, біртүрлі құмыға шыққан, тұла бойыңды қалтыратқан оқыс бір шуды құлағы шалып қалды. Бұл кубрикке кіріп жатқан су тасқыны еді, ағыспен бірге қираған ағаш заттар, кереуеттен сыпырылып түсіп қалған матрастар, фанер тұғырықтар, жастықтар, дәкеден жасалған масаханалар, біреулердің бос чемодандары, магнитофонның қақпақтары – осы кемедегі жүзуге лайық бүкіл заттардың бәрі-бәрі қалқып жүр. Қараңғылық дымқыл, қаһарлы, қап-қалың еді, сол қараңғылықтың ішінде бірдеңе күтірлеп, сол күтірге әлгілер мүлде тұншығып, шалпылдап, құтырынып жүр. Кереуеттен құлап бара жатқанда Пчелинцев бетін жаралап, тұмсығының, жағының терісін сыдырып алды. Ернінде жып-жылы ащы кермек татыған ылғал пайда болды. Қан болса керек, алақанымен аузын сипап, саусақтарын көзінің дәл алдына әкеліп үңіліп қарады – ештеңе, ештеңе де көрінбейді. Түнек. Көп уақыт өтті, судың құтырынған арыны; шуы басылып, бұрқылдай күйдірген ыстық сейілді де, бірнәрсе соңғы рет қатты ышқына күрсініп қойып бір қозғалды, артынша кубриктің іші тып-тыныш бола қалды. Тым-тырыс болғаны соншалық, Пчелинцев өз жүрегінің дүрсілін, күре тамырының солқылдап соққан дыбысын естіді, жарақаттан
ұйып қалған ерніндегі қан сірнесінің қабыршықтанып келе жатқанын сезді. Ол шалқасынан түскен су толы кубриктің ішінде пайда болған бір түкпірдегі ашық ауа кеңістігінде отырып қалды. Бұрынғы еденнің орнында қазір төбе жатыр. Төбе, әйтпесе басыңнан жоғарыдағы бұрынғы кедір-бұдыр жапсарды басқаша қалай атайсың? Пчелинцев әрең дегенде есебін тауып жылу батареясының үстіне жайғасты да, енді суық темірге арқасын сүйеген күйі бүрісіп отыр. Едәуір уақытқа шейін ол қимылсыз қалды – су ішіндегі ақырын сыртылдай жарылған майда ауа көпіршіктерінің дыбысына құлақ тосты. Содан соң тіпті жақын тұстан, су айдаған асау тастар кеменің бүйіріне тиіп жатқандай, біртүрлі арынды қозғалысты тосыннан естіп қалды. Соншама сыңғырлап, еркелей шығады. Осы дыбыстың не дыбыс екенін ажырату үшін Пчелинцев демін ішіне тартып, құлағын тікті. Оның су дыбысы екенін білгенше бірталай уақыт өтті. Кеменің темір қорабына тиіп жатқан ағыстың дыбысы еді бұл. Шамасы, осы тұс таяз болса керек – дыбысынан білініп тұр ғой. Демек, «Лотос» қайраңға түскен. Ендеше неге ешкім әбігер болып, кеменің үстімен шауып жүрмейді, неге автогенмен тесіп, кубрикке қамалып қалған Пчелинцевті құтқарып алуға әрекет жасамайды? «Лотостың» қайраңда жатқаны анық па? Ал құтқарушылардың бірде-біреуінің жоқ болуына, бәлкім, түнгі ымырт тастай қараңғы түнек кінәлі болса керек. Сондықтан да, әрине, көмекке шыққан құтқарушылар таңның атуын күтуде. Бірақ тағы да шамалы уақыттан кейін Пчелинцев алдымен алыстан шыққан, сосын дереу жақындай түскен кәдімгідей қуатты кеме моторының суға құм шашқандай дыбысымен қатар, мұқият жөнделгенін білді – шамасы, бұл кемедегі «атай» – аға механиктерді әдетте солай атайды, өз кәсібін жақсы білсе керек. Пчелинцев қабыршықтанып кеткен жаралы ерніне қарамастан тіпті жымиып та қойды. Шамасы, мынау жарық дүниеде бәрін көріп, бәрін естіп, қайғы-қасіреттің бәрін теңдей бөліп отыратын бір құдірет болса керек. Қазір оған Пчелинцевтің қандай қырсыққа ұшырағанын жеткізген болар, бүкіл тағдыр атаулының
бәрі өз қолындағы ол мынадай бұйрық берген: «Пенденің осы азаптанғаны да жетеді. Енді құтқару керек». Сол кезде жаратқанның әмірімен қырсыққа ұшыраған осынау «Лотосқа» ойда жоқта басқа бір кеме кез бола кетеді. Оны қинаған мына сұрақ еді: Пчелинцевті кереуеттен жұлып алып, күзгі жапырақ секілді бүкіл кубриктің бұ шетінен о шетіне оп-оңай лақтырып жіберген алапат соққы неден болды екен? Шынымен-ақ тіп-тік қайраңға тап болып ауыр апатқа ұшырағаны ма? Ал жоғарыдан естілген машинаның дыбысы бірте-бірте жақындай түсті. Оны «Лотостың» шкипері айтатындай «Аяқпен тежейтін» кез болды, суға қайықтарды түсіре бастау керек – әйтпесе, жігіттер сендер, жабдықтайтын кеменің қатты темір қорабына соқтығып, зақымданып қалуларың мүмкін. Бірақ келесі сәтте Пчелинцевтің тұла бойын түршіктірген күтпеген тосын оқиға болды, – үстіңгі кеме әлде бір қанат бітіп, ұшқыш – кілемге айналып кеткендей әлгі дыбыс жоғарылай түсіп, едәуір биіктікке көтерілді де... «Лотостың» үстінен ағызып өте шықты. Пчелинцевтің іші-бауыры қалтырап, суық жалынға ұқсаған қызыл-жасыл жап-жарық сәулелер көзін қарықтырып, қорыққанынан иегі түсіп, дірілдеп кетті, – бұл қалай болды а? «Лотос» тұп-тура кеме жүретін тереңдіктің ортасында өзеннің дәл түбінде жатқанын сезіп, зәре-құты қалмады. Суға батқан кеменің үстінен Еділде ап-ауыр жүрдек пароход өтіп кеткеніне қарағанда ол кәдімгідей үлкен тереңдікте жатса керек. Пчелинцев сасқанынан аузын ашуға да, өзінің қатерлі жағдайын ойлап, қайғыруға да шамасы келмеді. Кеме, сірә, үлкен тереңдікке шөксе керек, демек, жоғарыдағылар мұны байқамады. Судың қамауынан құтылу үшін қимылдап, әйтеуір бір әрекет жасау керек. Жалғыз сүйенетіні өзі ғана. Үміт артатын бұл жерде басқа ешкім жоқ. Пчелинцев кеудесін толтыра ауа жұтып алды да, батареядан суға сырғанап түсіп, өз есебі бойынша есік шамамен осы тұста-ау деген бағытта жүзе жөнелді де, темір қалқаға соғылып қолын ауыртып алып, шыңғырып жібере жаздады. Өкпесіндегі ауа таусылып, ауырған қолы жанын
көзіне көрсетті. Кері қайтты. Бір бұрышқа тіреліп еді, онда ауа кеңістігі жоқ екен. Сонда бір азапты, ажалды елестете қайғылы ой миын шаншып өтті – егер бұл ағаттық жасап, асығыс тастап кеткен әлгі кеңістікті таба алмаса, онда осы трюмнің ішінде тұншығып өледі. Басқа жерден сүңгіп шығуға оқталып еді, бірақ бір темір заттың қырына басымен соғылды да, шұғыл кері шегінді. Өкпесіндегі қалған ауаға тұншыға демалып үшінші рет әрекет жасады. Бұл жолы сәті түсіп – ауа кеңістігінен дәл шықты. Тәтті темекіні құмарта сорған шылымшылар секілді, қомағайлана ауа жұтты. Әл жинап алып, батареяның үстіне тырмысып шықты. Қараңғыда үсті-басынан сорғалаған су дыбысын естіді. Жоғарыдан тағы бір кеме жүзіп өтті, бірақ ол біріншіден әлдеқайда шағын еді, өйткені дыбысы да бәсең шығып, ұзаққа созылған жоқ, Пчелинцев қамыға көзін жұмды. Кемелер үстіңгі жақтан тоқтамай өтіп жатыр... Жолы болмады. Тағы да ауа жұтты, оған қазір тірідей молаға көмілген адамның бойындағы үрейді бағындыру керек еді – міне, ең бастысы дәл қазір, ешбір босаңсуға болмайды. Қазір құримын деген ойдан аулақ болу керек – аяғына шейін күресіп, шыдап бағу керек. Ең алдымен, суға бұдан былай тек жіп керіп қана сүңгуі керек, әйтпесе екінші рет қайта оралмауы, ауа кеңістігіне қайтып шыға алмауы мүмкін, онда бәрі бітті, «құрыды» дей бер. Екіншіден, тез арада арқан есу керек. Өзі. Әйтпесе қазір арқанның пұшпағын да табу қиын. Өйткені кубрикте ешкім бұрын-соңды жіп ұстап көрген емес. Ондай әдет кеменің салтында жоқ-ты. Пчелинцев судың ішін қолымен шарлап шықты. Бір тақтайға кез болып, бөгет болмауы үшін, оны шетке қарай ысырып тастады. Іске жарайтын бірдеңе табылды – ақжайма немесе әлдебір шүберек пе... Матаны ол саусағының арасына қысып, кедір-бұдыр торкөз екенін сезіп, қолына масахана іліккенін түсіне қойды. Міне, бұл жіп есуге жарайды. Оны екі бүктеп, масахананы ортасынан қақ бөлген тігісті сипалап тапты да, матаны жыртуға әрекет жасап көрді, бірақ онысынан ештеңе
шыққан жоқ, капрон аралас мата берік еді, содан ол мұны тісімен қыршып дар еткізді. Одан әргісі оп-оңай шаруа еді. Ортасынан қақ айрылған матаны ол алма-кезек тағы да екіге бөліп, сосын барлық төрт жолақты қосақтап, мықтап байлады. Жіптің түйіндерін тексеріп әрлі-берлі тартқылап көрді, – өзін-өзі судан шығаруы керек болса, үзіліп кетпеуі керек, жіп берік еді, былқ ететін түрі жоқ. Әрине, көмекке келетін құтқарушылар таңның атуын күтуде. Пчелинцев жіптің бір ұшын батареяға байлап, кубриктің ұзына бойына қалқып жүруі үшін, екінші ұшын суға тастады. Ширатқан жіптің енін сол қолының астыңғы үш саусағының арасына қыстырды, ал бас бармағы мен сұқ саусағын шаянның қысқашына ұқсатып, осы айырмен қабырғаны қараңғыда сипалап жүруі үшін ілгері созды. Ал оң қолын, малту үшін, суда әрлі-берлі еркін қозғалып жүру үшін бос қойды. Есікті табудың төте жолын қарастырған Пчелинцевтің қорқынышы басылып, ойы байсалды да байыпты қалыпқа түсіп, өзіне-өзі келді. Ол енді өзі түскен қапастан құтылу үшін, қолынан келгеннің бәрін жасайды, ештеңеден де аянбайды. Ақырындап суға сырғып түсті де, қараңғылықта алғашқы бағытпен жүзе жөнеліп, қолымен тағы да тұтас қалың қабырғаға барып тірелді. Со-ла-ай. Бұл не болды екен? Есік орнатылған қалқа ма, әлде басқа нәрсе ме? Борттың тысы ма? Немесе еден бе? Әлде кубриктің төбесі ме? Мүмкін бұл, өзі отырған батареяның орналасуына қарай негізгі бағыттан жаңылған шығар, есік, бәлкім, мүлде басқа жақта болар? Кеудесі қысылған ол жіпті бойлап кері қайтты. Керегінше ауа жұтып алып, тағы бір қайтара жорық жасады. Бұл жолы сәл солға таман қиғаштау алды. Онысы да сәтсіз болды. Келесі жолғы әрекетінен де ештеңе шықпады. Бірақ оның есесіне ол осылайша бүкіл кубриктің өне бойын түрткілеп жүріп ақыры есікті табады. Сөзсіз табады. Одан басқа жол жоқ. Жетінші, әлде сегізінші ретте ме – анық есінде жоқ – Пчелинцев қаңқиған баспалдақтары мүжілген, жиналмалы саты тауып алды. Бірақ саты Пчелинцевті есікке апарған
жоқ, өйткені ол соққы кезінде басқа бұрышқа қарай ұшып кеткен еді. Келесі жолы ол сатыны қабырғадан сүйретіп әкетіп, суға батырып жіберді. Тынығып алу керек еді. Жіпті қолымен саумалап жүріп, батареяның тұсына жүзіп жетті де, сүйретіліп үстіне шықты. Түбірге қонақтаған қарға секілді жайласа отырып, қолын тұнжырай салбыратып жіберіп, зілдей басын төмен салды. Ойда жоқта Марьяна есіне түсті. Бұрынғы әйелінің бұлдыраған көмескі бейнесі – сәбидің бетіндей үлбіреген пәк, ашаң жүзі ғайыптан қалқып шыға келді. Мұның қалай, Марьяна? Сол Ежовтың не керегі бар еді, саған? Ежовты есіне алған кезде Пчелинцев селк ете түсіп, осы фамилияны миынан шығарып тастағысы келгендей, ызалана басын шайқап жіберді. Тағы да Ежов. Ол Марьянаны да тастап кетеді ғой... Сөз жоқ, сені де тастап кетеді ол, Марьяна. Тісін дәрменсіз шықырлатқан Пчелинцев бетінен сынапша сорғалай жөнелген ыстық тамшыны сезді. Соған бола көз жасыңды көл етудің қажеті жоқ, онсыз да мұнда басқа ылғал жетіп артылады. Бірақ бір өкініштісі, тағдырдың бұған деген тағы бір әділетсіздігі еді бұл, Пчелинцев жападан-жалғыз қамалып тұйықта қалып қойды, егер бірнеше сағаттың ішінде мынау қапастан құтылып шыға алмаса, онда тұншығып өледі, ал, Ежов болса, қасы-көзін керіп, бүкіл әйелдерге қандай қатерге ұшырағанын, өлімнің дәл аузынан қайтқанын лепіре айтып жүрген шығар-ау, сірә... Қос қолы күйгелектене дірілдей бастап, неге екені белгісіз, тас боп сіресіп қалды, екі тізесі де ырыққа көнетін емес. Пчелинцев ызалана, шарасыз мырс ете қалды – мұндай күйді құдай Ежовтың басына сала көрмесін. Үрейден ол сылқымның жүрегі жарылып кетіп, табанда жан тапсыруы да ықтимал. Алайда қолы дірілдеп, аяғы ырыққа көнбей, сіресіп қалғанына Ежов кінәлі емес қой. Әне, терге малшынған майкасы да арқасына жабысып қалды. Қазір сыртта жаз айы. Күн отыз бес градус ыстық. Алайда мұнда, өзеннің тереңі салқын, өте салқын. Судың жылылығы мықтағанда алтыжеті градус ғана, одан көп емес.
Суықтан қатып қалуың да мүмкін. Бірақ суықтың жарасы жеңіл. Басқасы қауіпті болып тұр. Пчелинцев әр жұтқан сайын кубриктегі ауа азайып барады. Ауамен қатар, тіршіліктен үміті де азая түсуде. Оның үстіне кеменің корпусында, шамасы, қуыс-қуыс тесіктер де болса керек, ауа сол себепті де тез таусылып түгесіп бара жатыр, су кеңірдекке шейін көтеріліп қалды. Тездету керек. Еділ бойының жазғы күні ұзақ болады, күн, міне, көкжиектен әрі асып кеткен, уақыт та біразға барған, бірақ көше әлі күндізгідей жап-жарық. Содан соң сөніп бара жатқан күннің бозғылт ымыртында алғашында көмескілеу, әлсіз ғана секпіл-секпіл жұлдыздар пайда болады да, бірақ іле шала әп-сәтте жарқырап кетеді. Сонда ғана түн қараңғылығы жер бетін дыбыссыз лып етіп баса қалады. Ымырт кезінде Марьяна моторлы қайықпен «Лотос» сапарға аттанатын шап-шағын аралға жетіп келді. Доғал тұмсығымен қамысты жағаға тірелген қайық кілт тоқтап, моторы екі мәрте қақалды да, сөне қалды. Марьянаның моторлы қайықты жүргізуге куәлігі болғанмен де, нашар басқаратын еді, сол себепті суда лыпып тұратын машина, бұған оңайлықпен бағына қоймайды. Ол бүгін ғана дүкеннен сатып алған джинсы матадан тігілген сәнді жеңіл аяқкиімін қолына ұстаған күйі жағаға жалаңаяқ секіріп түсті де, қайықтың тұмсығындағы жіп ілгекті лақтырып жіберіп, бұтаққа ілді. Ол толарсағын қытықтаған кешкі салқын шөпті рахаттана басып, айлаққа жалаңаяқ кетті, осының бәрінде отбасының жылылығы, жүрекке жақын бір сүйкімділік бар еді. Мұнда неге келдім деген сұраққа ол жауап бере алмады – мұнысы мүлдем еріктен тыс жасалды, әлдебір соқыр сезім жетелеп әкелді. Әңгіменің қысқасы, ойда-жоқта осы жерден бір-ақ шықты. «Лотос» тұрған айлақ кіп-кішкентай еді, ұзындығы отыз метрдей-ақ, одан көп емес, тек шағын екі кеме ғана қатарласып тоқтай алады. «Лотостың» дәл жанына Марьянаның баруына болмайды, өйткені Пчелинцевтің көріп қоюы мүмкін. Оның жанын босқа ауыртқысы келмеді,
шкипердің де көзіне түсіп қалуы ықтимал – ол өзі дөрекі кісі, еркек түгілі әйелдердің көзінше де аузына келген боқтықты борататын әдеті. Марьяна қазір кездесуден қашқан басқа бейсауат біреулерге де ұшырасып қалуы мүмкін. Оған керегі тек бір адам – тек Володя Ежов қана. Ежов екеуінің арасындағы байланыс тіпті ойламаған жерде, тосыннан ғайыптан пайда болды. Оның бұл ісі биік, тік жағадан суға қойып кеткен секілді еді, ол кездегі ең басты нәрсе суға қалай шаншылып түсетінің де, өз салмағыңмен сүңги жөнелгенде тереңдікті сезіну де, тұңғиық қаракөлеңке мен өзеннің салқындығы да емес, екі аралықтағы құлдырай ұшып келе жатқан сәт. Ұш-ш-қан кез. Биіктен құлдырап келе жатқан кезде, тіпті бұрылуға да, оң жағыңда не, сол жағыңда не бар екенін ажыратуға да, аспанның, су мен жағаның түсін аңғаруға да шамаң жоқ болса, Марьяна да дәл осындай күйде еді. Жабдықтайтын кеме жүк тиеу жұмысын аяқтап калғанды. Қалың бұтақты талдың түбіне жасырынған Марьяна масадан қорғанып бір аяғын екінші аяғына үйкелеген күйі Ежовтың жақын тұсқа келетін кезін аңдып, дәл сол мезетте дауыстап шақыруға болатын сәтті тосып, аңысын аңдып тұра берді. Арада бір минуттай өткен соң, ол бұрын көрмеген тосын бір нәрсені байқады, айлақтың арғы қапталынан бұтаның тасасынан тағы бір жас әйел шыға келді. Ол Марьянадан да жас екен... Балықшылар әулетінде өскен Марьянаның көзі қырағы, мінезі өткір, ежелден сақ еді. Оны бастан-аяқ қарап алды, айлақтың арғы шетінде, талдың түбінде тұрған әйелдің де жалаңаяқ екенін көрді, шамасы, ол да аяқкиімін былғағысы келмей тұрса керек, сірә. Ол жымиып қойып, джинси танкеткасын жерге тастады да, аяғын сұғып, тоғасын салды. – Япыр-ау, жалаңаяқ осы сен кімге келдің екен, ә? – Қатты құмартқан Марьяна осы сөздерді дауыстап айтты. Кеудесінің түкпірінен әлдебір күдік ызғары жылт ете қалды. Ол да Ежовқа келмеді ме екен? Марьяна басын өршелене сілкіп жіберіп еді, қою ақсары шашы иығына
дудырай төгілді. Қолына уыстай алып, шашын түюге оқтала бергені сол еді, бірақ дәл осы сәтте Ежовты көріп қалды. Ол майысқақ ағаш баспалдақпен айлаққа түсіп, жан-жағына жіті көз салып, асықпай қарап шықты, Марьянаның іші тағы да қылп ете қалды, шынымен-ақ әлгі қыздың Ежовқа келгені ме? Жоқ, олай емес – айлақтың арғы жағындағы, талдың түбіндегі жас қыз тіпті селт етпеді. Марьянаның көңілі енді орнына түсті, демек, Ежовқа келмеген. – Володя, – деп дауыстады ол ақырын ғана, дірілдеген үнмен, бірақ Ежов оны естімеді. Марьяна одан соң сәл қаттырақ дауыстады, Ежов тағы да естімеп еді, жүрегі сыздап кетті. Марьяна талдың тасасынан шыға келгенде оны бірден байқаған ұзын бойлы, шымыр да, қағылез Ежов, кенет тұрған орнынан әйелге қарай ата жөнелді. Жүгіріп келіп, оның иығынан сығымдап ұстай алды да, талдың тасасына жетелеп әкеліп, қырылдай сөйледі. – Мұның не? Біреу көріп қойса қайтесің? – Володенька, сен босқа қорықпа. Пчелинцев бәрін де біледі, ал басқалардың бізде не жұмысы бар. Марьяна сабырлы да батыл сөйлегенімен бірақ шын мәнінде олай емес-ті, тек өсек сөзден ғана емес, басқасынан да жүрексініп тұрған еді. Бірақ Ежовты бір көру үшін ештеңеден де тайынбайтын. Сол үшін жанын қиюға да даяр... Оның бұл тәуекелі көзсіз батырлықпен тепе-тең. – Ешкімнің екеумізде жұмысы жоқ дейсің бе? – Ежов оны бауырына қысты. – Ал көпшілікті қайда қоясың? – Көпшілік қазір мұндай іске араласпайды. Онсыз да жұмыстары басынан асады. Оның үстіне болары болды. Мұның жалғыз-ақ үкімі бар – ол өз ар-ұятыңның үкімі. – Неғып ділмәрсіп кеттің? – Өзім де білмеймін. – Марьяна бетін апарып, жігіттің алақанына басты. – Қараптан қарап үрейленіп тұрғаным. Неге екенін тіпті өзім де түсінбеймін. Сен ырымға сенесің бе осы? – Ап! – Ежов алақанын сарт еткізді. – Қарашы, қандай нән маса ұстап алдым. Етінен сорпа пісіруге болады, сондай
ірі, семіз және ұзын маса екен. Жұдырығымның жоғарғы жағынан басы, төменгі жағынан құйрығы шығып тұр... Көрдің бе? – Ырымға сенесің бе, сенбейсің бе? – деп қасарыса сұрады Марьяна. – Ол соншама маңызды ма? – Қалай десем екен... Бүгін менің айнам сынып қалды. Ескі трюмоның үлкен айнасы. Қабырғада ілулі тұратын. Үйге кіріп келсем, пошта жәшігінде Васена апайдан хат жатыр екен. Хатты оқуға үстелге отыра беріп едім, кенет пәтердің ішінде граната жарылғандай бірдеңе тарс ете қалды. Сөйтсем, қабырғада ілулі тұрған айна өзінен-өзі құлап, еденге шаншылды. Жиырма минуттай сынығын жинадым... – Иә, онда тұрған не бар екен? – Сынған айна – жамандықтың белгісі. Ежов қолын Марьянаның иығынан жұлып алды. Марьяна оның жақ терісінің астындағы күшене қозғалып, сіңірлері шиыршық атқан бүрлі бетін, желге тотығып кезерген ернін, қалың қасы көлегейлеген жанарын тіпті жақыннан көрді. – Демек, ырым дейсің бе? – деп ақырын сыбырлай сұраған ол, іштей өзінше түйіндеді. Марьяна оның ойын бірден түсіне қойды. Шамасы, Пчелинцевпен қақтығысып қалудан қауіптеніп тұрса керек. Ал осындай ырымға тап болған екен, демек, қақтығыстан қашып құтыла алмайсың. – Сен Пчелинцевтен қауіптенбе, – деп жұбатты келіншек оны, – адам түгілі торғайды да, тіпті шыбынды да жәбірлемейді. – Оның рас енді, – деп мырс етті Ежов. – Осындай шыбынжанды біреу ту сыртыңнан жасырынып келіп, темірмен басыңнан періп қалады да, аяғыңа тас байлап, Еділге батырып жібереді. Сосын Ежов жолдас қайда жоғалып кетті деп, қолыңа шам алып іздесең де ең болмаса құрттаған денесін де таба алмайсың. Ал ол батырың судың түбінде, балықтармен кеңесіп жатады... – Оның бекер, – деді ақырын ғана Марьяна, содан әңгіме тақырыбын өзгерту үшін, жібек жіпке моншақ тізгендей бастырмалата жылдам сөйлей жөнелді. – Васена апай соғысқа дейін, біздің Астраханьда дәрігерлік пунктте дәрігердің көмекшісі болып істеген. Бір
жолы сенбі күні пунктті жинауға келе қалып, қабырғадағы айнаны алып, шаңын сүрткеннен кейін орнына енді қоюға оқтала бергенде, айна қолынан сырғып түсіп кетіпті... Апай мықтап ұстап тұрғанмен, өзінен-өзі сусып кетіпті. Ал бірнеше сағаттан кейін соғыс басталыпты. Таңертең Васена апайға әскери комиссариатқа тез жет деген шақыру келіпті. Ол жетіп келсе, военком «Кешігіп қалдыңыз». Сіздің бөлімшеңіз майданға аттанып кетті», – дейді. Сөйтіп, ол соғысқа басқа бөлімшемен кетеді. Ал бұрын аттанғандар бомбаның астына түсіпті. Сондықтан сен былай ет, Володя. – Марьяна қолын созып, алақанымен Ежовтың бетін сипады. – Бәлкім, осы сапарға барудың қажеті жоқ шығар? Мүмкін, жағада қалып қоярсың, а? – деді. – Болмайды, – деп бір күрсінген Ежов басын шайқап еді, Марьяна қолын төмен түсірді. – Білесің бе, мен айна ілулі тұрған шегені де көрдім, – сынбаған, ілген бауын да тексердім – ол да үзілмеген. Ал айна еденге гүрс ете қалды. Өзінен өзі. Бұл жақсылық емес. Ой, жақсылық емес. Ежов зорлана, тамағын кенеп қырылдай күліп жіберді. – Тіпті қорқытып жібердің ғой. Үрейімді ұшырып. – Күлкіге айналдырма, – қатаң қайтарып тастады Марьяна, – мен шын айтып тұрмын ғой. Сол үшін әдейі келдім. – Білесің бе... Онан да а-нау жерге барайық, сонда бір жайлы түкпір бар. – Ежов Марьянаны иығынан қайта құшақтай алып еді, оның ниетін сезген ол құшағынан сытылып шығып, бір адым кейін шегінді. – Жоқ. – Жүрші, Марьяна? – Бұл тақырыпқа енді қайтып оралмайсың. Жарай ма? – Ой, ханым, сізге жағу қиын екен, – мәнерлей сөйлеген Ежов, қолын жайды. – Өзіңіз біліңіз, өзіңіз біліңіз... Оның даусында тікендей зәрлі, Марьянаның көңіліне тиетін бірдеңе бар еді, сондықтан Марьяна еріксіз бетін тыржитты. Мұны байқап қалған Ежов көзін жұмып, осы ыңғайсыздықты сейілтіп, әйелдің көңілін көтергісі келіп, кенет Марьянаға бұрын айтпаған сөзін айтты. – Ал сен өте сұлусың... Ырым жөнінде ұмыт. Жарай ма?
– Қолымнан келмейді, – деп күрсінген Марьяна қою қараңғылықта қолын ілгері созып, саусақтарын қозғады. – Қашан аттанасыңдар? – Біздің шкипердің ойын соңғы сәтке дейін біліп болмайды. Аптасына мың құбылып тұрады. Он бір жарымға деп белгілеген, ар жағын бір құдайдың өзі біледі. Марьяна білегіндегі ымырт қараңғылығында күңгірт тарта жылтыраған титімдей сопақ сағатын көзіне апарды. Демек, егер он бір жарымда аттанатын болсаңдар, онда бір сағат қырық бес минуттан кейін екен. Оһ, неге екені белгісіз, жүрегім сыздай береді... Тіпті қоятын емес. Ол неге көрініп тұр екен? – Махаббатқа, – деп мырс етті Ежов. Пчелинцев есікті тапқанға шейін, шамасы, бір жарым сағаттай өтсе керек. Соған тап болып, оның басқа нәрсе емес, есіктің дәл өзі екеніне көзі жеткен кезде қуанғаннан салқын судың ішінде айғайлап жіберуге шақ қалды. Дер кезінде тістеніп, айғайын ішінде тұншықтырғаны жақсы болды. Алайда қуану әлі ерте еді, – есік сыналанып, дәлірек айтқанда, сырттан құрсауланып қалыпты. «Лотос» аунап түскенде, ар жағынан бірдеңе тіреп қалған. Ауа бар кеңістікке жеткен Пчелинцев, алқынып, өкпесі сырылдай ауыр дем алып, көзінде ойнаған қызыл сәулелерді сөндіріп, ернінен аққан қанды тілімен жалады. Жоғарыдан осымен нешінші рет кеменің дизелі тағы тарсылдап қоя беріп еді, бірден білді. Астраханьдағы жүк қабылдайтын айлаққа беттеген өзі жүретін баржа ыңыранып әзер қозғалып барады, жүкті барынша нығыздап тиеген екен. Самоходканың қатқыл тарсылы енді басыла бергенде, Пчелинцев кенет өзін құлақ тігуге мәжбүр еткен бір дыбысты естіді. Алғашында ол кеменің арғы бүйіріне ағыс домалатқан ірі тастар темірге тиіп жатқан шығар деп ойлады, артынан олай емес екенін түсінді, жоқ, бұл тас емес. Басқа бірдеңе. Алыстан бейнебір о дүниеден шыққандай созылыңқы дыбыс тағы қайталанды, біреу бір өтпес арамен темір рейканы кесіп жатқандай әсер туғызды. Шықыр-шықыр. Өршелене шыққан қажырлы дыбыс.
Болжамның ызғары Пчелинцевтің тұла бойын түршіктіріп жіберді, ұясынан шығып кеткен жүрегі жанды кесекше тамағына тулай тірелді де, аға механикті жөтел қыса бастады. Шықыр-шықыр, шықыр-шықыр. Өршеленген дамылсыз дыбыс көмекке шақырып жатқандай. Ең бастысы – бұл кеменің тысының арасына кірген судың да, адуынды ағыс төмен домалатқан тастың да өлі дыбысы емес. Бұл жанды дыбыс еді. Жанды. Оны берген адам еді. Адам. Шықыр-шықыр, шықыр-шықыр. Ендеше «Лотоспен» бірге өзен түбіне батып кеткен тек Пчелинцев қана емес, демек, тағы біреу бар... Ол апат кезінде машина бөлімінде болса керек. – Ей, кімсің? – шекесін солқылдатқан қанның қысымын басуға, тұла бойын қалтырата бастаған дірілді бағындыруға тырысып, Пчелинцев қарлыққан дауыспен айғай салды. Құлағын тікті – амалын тауып жауап қата ма, әлде жоқ па? – деген еді. Ешқандай жауап болған жоқ, бірақ әлгі шықыр кілт тоқтады, демек, машина бөліміндегі кісі дәл қазір Пчелинцевтің дауысына құлақ тігуде, ол да шекесінің солқылын, құлағын бітеген шыңылды бағындырып, Пчелинцевтің қашан қайталап белгі беруін күтуде. – Ей, мұнда тірі жан бар ма өзі? – деп айғайлады Пчелинцев қарлыққан жат дауыспен. Құлағын тігіп, мелшиіп қатып қалды, – әлдебір жанды сөз, түсінікті жауап бола ма, жоқ па? – деді тағы да. Сол бойда, суға тұншығып алыстан құмыға шыққан мүлдем түсініксіз. «В-в-в» деген дауысты естіді. Пчелинцев бұл дыбысты анық естіді, оның не екенін ажыратуға оқталып көріп еді, бірақ ештеңе ұқпады, белгісіз осы бір «в-в-в», қашан тағы қайталанатынын күтіп, тына қалды, бірақ шыдамы жетпестен үшінші рет айғай салды. – Ей, кім бар мұнда, жауап бер. Айтып ауыз жимай жатып, әлгі бұрыннан таныс «в-в-в» жауап қатты. Жоқ, бүйтіп ол ештеңе анықтай алмайды. Етек-жеңді жинап, бар күшті салып бүкіл қырыл, сырыл, жүректің дүрсілін, қанның қысымын басу керек. Онда ол сөзсіз мұнымен тағдырлас пақырдың кім екенін біледі. Әрине,
оның кім екенін санап шығаруға да болатын еді, бірақ оған дәл қазір Пчелинцевтің шамасы келмейді. Ол үшін қайсыбір қосымша ақпар, қосымша мағлұмат керек, өйткені «Лотостың» ішінде, кеме жағадан алыстай бергенде, бөтен адамдар да бар еді. Машина бөліміне кім кірмей жатыр. Кезекшілікте бұл жолы Колян Осенев тұрған болатын. Ал егер дизельдің төңірегін айналшықтап, маңайын сиқырлап қойып Ежов жүрген болса, онда машина бөлімінде Пчелинцев жағада көрген жолаушы аспаз келіншектің келуі де ғажап емес. Тәйт! Ежов, Ежов... Тағы да сол әйел затының пірі, өзіңмен кеткір! Пчелинцев бетін тыжырына қисайтып, саусағымен шекесін уқалады. «Ежовыңды сайтан алсын! Сірә, ол қазір» балағымен шаң сыпырып, немесе жағада алшаң басып я болмаса мұның Марьянасымен орындықта құшақтасып отырған да шығар. Пчелинцев жанына батқан азапты ыңқылды басып тастап, оқыс жөтеліп қалды, осы жөтел оның ойын бөліп жіберді, ол есікке оралғанына өзінөзі сөгіп, бар күшін қайта жинап, айғай салды. – Кім? – ...в-в-в! – Мені естіп тұрсың ба? – ...У-у! – Жақсы естіп тұрсың ба? – ...О-о-о! – Естімей тұрмын, кімсің сен? Сөзіңді ажырата алар емеспін, – бұл жолы қарлыққан даусын ырқына көндіре алмаған Пчелинцев ақырын ғана міңгірлей сөйледі, жауабына мүлде ап-анық, дәл сондай жәй, тіпті дәл қасынан шығып, мұны селк еткізіп денесін тітіреткен, бірақ өте анық дауысты естіді. – Бұл менмін, Ежов, Ежо-овпын. «Лотос» жағадан аттанып кеткен кезде, машина бөліміндегі дизельді басқарып Ежов тұрған еді. Иә, оның кезегі болмаса да, вахтада Ежов болатын. Вахтада ол күні безеу бет, тұнжыр қабақ, жасы жиырма жетіге келгенше әлі үйлене алмай жүрген, айықпас дерті бардай қыз атаулы ат-
тонын ала қашатын моторист Колян Осенев кезекшілік етуге тиіс еді, ал енді Колянның басына бақыт құсы қонған сияқты... Бір қызбен танысып еді, ол теріс айналып кетудің орнына, мұның жүзіне қараған сайын көзі тоймайды. Ебедейсіз, үнемі ішінен тынып жүретін, жұмыстың қандайынан болса да қашпайтын, бұйығы Колян қызға қатты ұнады. Бойжеткен айлаққа Осеневті шығарып салу үшін әдейі келген болатын. Марьянаның мана көргені сол қыз-ды, – ал Колян болса қасақана дәл сол сәтте дизельдің тұтқасын ұстап, вахтада тұруы керек еді. Амалы құрыған Колян Ежовқа жүгіріп келіп, қос қолын кеудесіне қойып, сырқат адамдай қырылдай сөйледі. Махаббат деген оңай деймісің, тіпті үні қарлығып та қалды, тек қарлығып қана қойған жоқ, қызбен қоштасарда құшақтасып сүйісе алмай қаламын ба деген қауіптен көпекөрінеу жүдеп-жадап тіпті жағы да суалып кетті. – Бір жолға қол ұшын бересің бе, а? Кезекшілікте менің орныма шамалы тұра тұршы, кеме жағадан қозғалған бойда лып етіп жетіп келемін. Бірден дизельге, а, достым. Колянның жағдайы Ежовқа түсінікті еді. Сондықтан неге қол ұшын бермеске, вахтада небәрі он бес минут тұрғанға несі кетеді. Келесі жолы Колян Ежовты жоқтатпайды – сыйға сый емес пе? – Он бес минут емес, одан да көп тұруға бар. Қанша сұраса, сонша тұрады. Неге қол ұшын бермеске? Әйтпесе Колян әлгі... аға механик Пчелинцевке жетіп барады да, ол бәрібір Ежовты мәжбүр етеді. Күштеп көндіретіні сөзсіз, өйткені Марьяна үшін мұны кешірмейді. Бір жаманы – Ежовқа қит етуге мұрша бермейтін болды. – А, достым.... – Колян қиналғаннан тіпті жөтеліп те жіберді. – Ал, Колян, ендеше сүйіктіңе зыта бер, – деді Ежов келіскен сыңаймен. Сөйтті де орнынан тұрды. – Құмарың қанғанша сүйісе бер. – Шолақ қарқылдап қойып, түтін қуалағандай, тұмсығының алдын алақанымен желпіді де, ал Колян Осенев, палубамен тарсылдатып жүгіріп ұзап кеткенде, артынан айғай салды. – Егер бірдеңеге ұшырай қалсаң, қорықпа, менің таныс дәрігерім бар. Кеселіңді оп-оңай қағып алады.
Бақытына қарай, Колян Ежовтың соңғы сөздерін естімей қалды. Колян Осенев өзімізге белгілі орны толмас кесірлі оқиғаға дейін машина бөліміне жетіп үлгірмеді. Машина бөлімі – біршама кең, үнемі тап-таза, мұнтаздай еді, суда жүзуге лайық кез келген нәрсенің, мейлі, ол аспалы моторы бар қаңылтыр астау-ақ болсын, немесе теңізде де, өзенде де өзін балықша сезінетін аса үлкен теплоход болсын, мұндағы тазалық ең жоғары қасиет деп саналады. «Лотостың» дизелі әлдеқашан зейнетке шығарып жіберуге болатындай ескі еді, бірақ Пчелинцев оны жақсылап жөндеп, машинаның тілін тапты, сондықтан осы күнге дейін өзінің иесін бірде-бір рет ұятқа қалдырып көрген емес. Бәрі үйреншікті дизельдің үні де құлаққа жағымды. Ежов мотор тарсылының ырғағына ілесіп, сөзі жоқ әуенді ыңылдап айта бастады. Келесі минуттарда не болғанын ажыратуға да мұршасы келмеді. Арқан тастаған дыбысты және машина бөлімін рубкамен қосатын саңқылдақ жез керней арқылы шкипердің бұйрық бергенін естіді. «Ей, моторист, шамалы ілгері бер. Шкипер тағы да бірдеңеге наразы болса керек, әлде әйел жағынан жолы болмады ма, немесе ішкен асы сіңбей қалды ма, әйтпесе тағы бір сондай басқа нәрсе ме... деп ойлаған ол тұтқаға жармасты. Жылдамдықты дереу қос деген бұйрықты күтіп, қолын газ секторына – тұтқалы шұрқ тесік дөңгелекке апарды. Шкипер өзін күттірген жоқ, әзір тұрған Ежов жылдамдықты қоса қойды. Дәл осы сәтте тарсылдаған сатыр-сұтыр қатқыл тарсыл естілді, Ежов алғашында оның қайдан шыққанын аңғара да алмай қалды. Тарсылдың артынан судың біртүрлі оғаш шолпылы, содан соң тұмсықтан пергендей, шаптан тиген алапат тепкі, дүлей соққыға тап болды. Ежовты қаңбақша жоғары ұшырып әкетті, ол қорқуға да шамасы келместен, аңтаң қалды. Алпамсадай адамды аспанға көтеріп әкететіндей алпауыт күш қайдан келді? – бұрыштағы двигательді іске қосу үшін қажет ауа толтырылған баллондардың үстіне шалқасынан түсті.
Басы шыңылдап, көзінің алды бұлдырап кеткенде есінен танып бара жатқандай көрінді Ежовқа. Ол аянышты үнмен әндете ыңырсып қоя берді, бірақ есінен танған жоқ, қан аралас қоймалжың сілекейді түкіріп тастап, еңбектеп реверске жетті де, басы зыңылдаған күйі, трактордың тежегішіне ұқсас тұтқаға жармаса кетті. Двигательді сөндірді. Алайда дизель тоқтай ма, жоқ әрмен қарай жұмыс істей бере ме, шынын айтқанда дәл қазір оның қайсысы да бәрібір еді – оны Ежов жақсы түсінді, бірақ әйтсе де соған қарамастан қолдан келгеннің бәрін жасадым деген – бұл үшін жаңа да таңсық ұғым еді, оның мұнысы осы ісінен гөрі жеке басына әлдеқайда маңызды да мәнді болатын. Осы минутта қуалай соққан толқын кемені төңкеріп тастады, сығымдалған ауа көпіршіктері су бетіне оқша атылып, бір жерден тесіп өткен су сарылдай ағып, иллюминаторды бекітетін бірнеше жез құлақ бұрандалар сыңғырлай үзіліп түсті де ауыр, ыңғайсыз қақпақтар дыбыссыз қараңғылыққа құлдырай құлады. – А-а-а! – деп айғайлады Ежов, бірақ оның айғайы тарсылдың, салдыр-гүлдір дыбыстың арасына сіңіп кетті, төңкерілген дизель төбе жақтан бір-ақ шығып, онан қою көкшіл май аға бастаған кезде механиктің көмекшісі – бір сұмдықтың болғанын, тіпті мұның қабырғаларын күйретіп, тіпті өлтіріп те жіберетінін сезді. Ол бетін қолымен көлегейлеп жатып, тағы да айғай салды: – А-а-а! Ең соңғы көргені – ап-ауыр, жан-жағынан дамылсыз тиіп жатқан жұмбақ соққылардан діріл қаққан, қақ төбеде мелшиіп қатып алған – «Дейц-345» дизелі еді. Дизельден май, солярка, күйе секілді қап-қара ыс тамшылай ағып жатты. Ежов кенет дизель қазір фундаменттен ажырап түсіп кетіп, мұны жаншып, адам танымастай етіп сұмдық бір қорқынышты құбыжыққа айналдырады деп ойлады. «Лотоста» шам сөніп, айналаның бәрі қара түнекке айналып кетпес бұрын ол екпіндете соққан ағыстың машина бөліміне апаратын люкті жұлып әкеткенін, сол тесіктен құлақты тұндырып, көзді байлайтын сұмдық бір гүрілмен, сүйегіңді үгітіп жіберетіндей арынды су атқылағанын байқап үлгірді. Шапшыған ағыс Ежовты двигательдің астынан суырып
алып, бір нәрсеге апарып соқты, көпіршікті иірімде ұршықша үйіріп түпке тартып әкетті, бірақ сосын әйтеуір жоғарыға алып шығып, асбестпен және боялған қалың матамен көмкерілген түтін шығатын жып-жылы қақпақтың құбырына тықсырды. Ол ыңырсыған күйі бір аяғын төмен созды да, әрлі-берлі жүгіртіп көрді. Төменгі жақты шынымен-ақ, су жайлап кеткен бе? Ағаш бұтағындағы маймыл секілді, осынау мұржаға қонақтап отыруға тура келе ме? Аяғымен сипалап негізгі қорапқа гайкамен бекітілген жайпақ қақпақты тапты да, компрессор екенін түсіне қойды. Машина бөліміне су көбейген сайын шу біртіндеп басыла түсті, көп ұзамай тұла бойын мұздатып жіберген ауыр дыбыс шықты, бір сұмдық кеме ішіндегі тірі жанның бәрін жалмап жұтып жатқан сияқты, айғайын тұншықтырған Ежов мелшиіп қатып қалды. Сосын бәрі тынышталды. Мәңгі тыныштық орнағандай көрінді. Машина бөліміне сырттан ешқандай дыбыс енген жоқ. Ежов май және зәк татыған кедір-бұдыр құбырға бетін басып, ақырын шарасыздықтан солқылдап жылап жіберді. Ол өзінің мынау қыршын өмірін, алдағы көрер қызығын, бармаған қалаларын, аймалай алмаған әйелдерді қимады. Сонау жақта, жоғарыда қалып бара жатқан, күтпеген жерде мұны бөліп тастаған жарық дүниені қимады. Ол түтін шығатын құбырдың матамен қапталған тұсына жағын үйкелеп, шарасыз күйіне тұншығып, үнсіз жылап жатты. Сосын компрессордың қақпағына отыра кетіп, тізесін құшақтай алды да, үн-түнсіз ойға шомды. Еңсесі түсіп кетті. Компрессордың қақпағының үсті ыңғайсыз еді. Іргеден астына салатын шүберек сияқты бірдеңе табылып қалар, әйтеуір жұмсақ қой деген оймен судың ішіне, оң жаққа қолын жүгіртті, бірақ ештеңе іліккен жоқ, сол жаққа қолын жүгіртумен қатар, көз де тастады. Бірақ ештеңе көре алмады, қолы, беті кедір-бұдыр, шамасы, ағыс екпіні бір жәшіктен жұлып әкетсе керек, жұқа тақтайға ілінді, тақтайды алып, компрессордың үстіне қойды. Сонда жайғасып отырды да, үнсіз қалды. Меңіреу тыныштық пен қараңғылықтан ызғар соғып тәніңді түршіктіреді. Енді болмаса тақтайдан құлап түсіп,
басы жарылып, кеменің осы тұңғиық қара түнегінде көз жұматындай көрінді Ежовқа. Сонда ол ернін тістеп, қараңғыда наразылықпен басын шайқайды. Жо-жоқ, жоқ, жоқ! Ерніне тамған көзінің жасын жұтып, аз-кем тынши қалады да, басын қайта шайқап, іштей тек бір-ақ нәрсені көкседі. – Ол тілегі – тезірек көмек келіп, «Лотосқа» қорғасын нәлін тарсылдатып сүңгуір жетсе, моладағыдай осынау өлі тыныштықтан сол құтқарар еді... болды. Көмек қашан келіп жетер екен, қашан? Ыңыранып қоя берді, сол бойда қолымен кеңірдегін қысып, ыңырсуын тұншықтырған ол, көңіліндегі қайғы бұлтын сейілту үшін бұрын басынан өткен, көрген-білгенін, өзіне ұнайтын нәрселерді, туған қаласын есіне түсіре бастады. – Ежов Астраханьдық емес, Астраханьның теңіз училищесіне Волгоградтан келген еді... Кенет ол күтпеген жерден кәдімгі қыр шөбі, көктемде бүкіл өсімдіктерден бұрын шығып, бәрінен кеш, қыстың ішінде ғана солатын – қынаның иісін ап-анық сезді. Қына жусанмен қатар өседі, қырдағы өзінің күмістей солғын түсімен, өрмекшінің тозған торына ұқсайды, қынадан жалбыздың, қылқанның, шайырдың, тағы да бір өткір, ащылау өсімдікке тән ерекше иісі аңқып тұрады. Қураған қына көпке шейін өз бойында дала шөптерінің қоспасынан тұратын саф ауаның таза иісін сақтайды, сондықтан да Ежовтың шешесі қыстың алдында қырдан қынаның сабағын жинап, баулайтын еді де, оны көрпе-төсектің, киім-кешектің ара-арасына түгел қаттап салып тастайтын, сонда көрпе-төсектің бәрінен, сүлгілерден, көйлектерден, бет орамалдардан даланың жұпары, еркіндік лебі, жаңарған топырақтың иісі аңқып тұрады. Бала кезінен етене боп кеткен, үйреншікті осы иісі Ежовтың еріксіз көңілін босатқан еді. Ол басын шайқады, – көмек қашан жетер екен, қашан? Тездетіңдер жолдастар, тездетіңдер. Ол Марьянаны ойлап, бейнесін көз алдына елестетуге тырысып еді, одан ештеңе шықпады. Мұндай да болады екен-ау, ә? Осыдан небәрі екі сағаттай бұрын ғана көріп еді ғой, мүлде ұмытып қалыпты. Мөлдіреген көзінен, бетінен,
тамағынан қаншама рет сүйіп, шашынан қаншама рет иіскесе де, тарс ұмытыпты. Өзі отырған қапастың жан-жағынан шыққан дыбыстарды естіді Ежов. – Судың ағысын да, өтіп жатқан кемелердің гүрілін де, тіпті шапшаң жүзетін ірі балықтар – бекіренің, қортпаның, шоқырдың екпінін де құлағы шалған сияқты. Бірақ жақыннан оқыс шыққан шулы дыбысқа бірден назар аудара қойған жоқ. Әлдекім суды шолпылдатып, тасырлата ауыр жүк қозғап жүргендей, сосын шамалы уақытқа тынши қояды да, біраздан соң қайта бастайды. Ірге тұсында бір адам, ол мүмкін сүңгуір болар, бір нәрсе іздеп жүргенін Ежов, бірден, бірден емес-ау, біразға шейін аңғарған жоқ. Сол сүңгуір қазір Ежовты «Лотостың» барлық қуысынан іздеу үстінде. Бәлкім, тіпті әрбір арнайы бөліктерді тіміскілеп шығып, әлі таба алмай жүрсе керек. – Мұндамын мен, – есі шығып, қуанып кеткен Ежов, айғайлап жіберді. – Мына арадан іздеңдер. Мен мұндамын. Бірақ сүңгуір, селт етпегеніне қарағанда Ежовтың шақырған дауысын естімеген болса керек. Бір шетте ол тасыр-тұсыр қозғалуын, ауыр заттарды бір орнынан екінші орынға жылжытуын әрмен қарай жалғастыра берді. – Жә, мен мұндамын. Сайтан алғыр, осы тұстан ізде, осы. Өкінішке орай, сүңгуір мұның айғайын мүлде естімесе керек, Ежовтың соған ызасы келді. Түтін шығатын мұржаны бар күшімен жұдырықпен қойып қалды. Босқа жалақы алып жүрсіңдер, арамтамақтар! Өңшең ас ішіп аяқ босатарлар! Бұлары несі, а? Әйелдің ине-жіп сақтайтын қобдишасындай ғана кеменің ішінен түйедей адамды таба алмай жүр... Бұған не дейсің? Кенет дәл осы минутта Ежов басына келген ойдан селк ете қалып, қорыққанынан жүрегі тас төбесіне шықты. Еділдің түбінде жатқан Ежовты сүңгуір қайтіп құтқарып алмақ? Сонда ол су өткізбейтін арнайы костюмді жоғарыдан осында Ежовқа бола алып келе ме? Ежов оны киіп, су тәңірісінің қолын алып, қоштасып, машина бөлімінен, судың бетіне жүзіп шыға ма? Бірақ бұл костюмді қайтіп, қалай киеді? Жоқ, мұнда бір шикілік бар. Бір шатақтың орын алғаны анық.
Бір минуттан кейін Ежов, қалалық жағажайдың сүңгуірі Сима ағаймен болған бұрынғы бір әңгімесін үрейлене отырып дәл қазіргідей есіне түсірді. Бір жолы екеуі қонақжайға іргелес сыраханаға барып, майлы балықты бір кісідей жұмыла аршып жеп, аса салқын, салқындығы соншалық, жақ қарыстыратын мұздай сырадан сіміріп тұрды. Бүкіл қала танитын шықшыты шығыңқылау келген, жағажайдың күніне балықтай қақталып, денесі қоладай қоңырқай тартқан қысық көзді Сима ағай сол жолы майлы саусақтарымен Ежовтың түймесінен ұстап, иландыра сөйледі. – Біздің кәсібіміздің жайы мынау... әжептәуір табысты жұмыс. Судың астынан өлікті тауып берсек, туғантуысқандары бізге қосымша ақша төлейді. Өлікті біз үнемі судың ең түбінен алып шығамыз, олар жақсы, жуас жігіттер. Ал суға батып кетіп, әлі жаны шықпаған тірі адамдарға келсек – олар қауіпті. Оларды біз жоғарыға алып шықпаймыз. Жақындай беруің мұң екен, алқымыңнан әлсіз қолымен шап беріп ала кетеді де, кеңірдегіңнен тас боп қатып, тұншықтыра бастаса онда шаруаңның біткені... Өзің де қайта шыға алмайсың, әлгі азаматты да құтқара алмайсыз, жо-о... Сима ағай майлы саусақтарын жалап қойып, балықтың әрбір қылтанағына шейін тазалап сорып, көзін мысықша мейірлене сығырайтып жіберіп, қарашығын рахаттана күннің сәулесіне тосып, балықтың майлы қабығын тістелеп, сөлі шыққан жұмсақ уылдырықты дыбысын шығармай қылғытып жатыр. – Ал содан соң, жігітім, мынадай жазылмаған ереже бар – суға батқан адамның әлі өлмей, дірілдеп жанталасып жатқанын көрсең, біржолата үзіліп кеткенше күте тұр, содан кейін ғана судан алып шығып, туған-туысқандарына ұстата ғой. Ежов сонда өзі суға батпайтындай Сима ағайдың сөзіне жәй күлген де қойған. Мұндай пәле ол кезде тіпті қаперіне де кіріп шықпаған-ды, ал қазір су толған машина бөлімінің қараңғылығында тұрып, ол кенет, шынжырын шылдырлатып, іргеде жүрген сүңгуірдің Сима ағайша тірлік жасайтынын көз алдына ап-анық елестетіп еді, Ежовтың жағдайы күрт
өзгеріп сала берді, тіпті нашарлап кетті. Маңдайынан мұздай тер бұрқ етіп, шашы желімдеп қойғандай, ұйысып, жабысып қалды – бір-бірінен ажырата алмайсың, иегі қорғасын құйғандай ауырлап, өзінің салмағын көтере алмай жақтары салбырап, түсіп кетті. Ол өзінің мұп-мұздай, ісіп кепкен, оқ-дәрінің түсіндей боп-боз, қарашығы сөнген денесін жағаға алып шыққанын, оны көруге жұрттың жиналғанын елестетіп еді, еріксіз дауыстап кеудесін мұржаға тіреп, етпетінен жата кетіп, мұржаны құшақтай алды да, тағдырына налып, өзге жұртқа ренжіп, таңдаған кәсібіне өкініп, еңіреп жылап жіберді. Ірге тұсында біресе салдырлап, сыңғырлап, біресе шолпылдап шыққан дыбысты қайта естіді. Бар даусымен: – Ей, су астының т-төбеті, осы салдырлатқаның жетер! Одан да есікті тауып бер, өзім-ақ жүзіп шығамын. Ұқтың ба? – деп айғай салды. Сонда барып, оның сүңгуір емес, пәлеге ұшырап, қамауда қалған, өзі секілді пақыр екенін бірден түсіне қойды, ол да сыртқа шығатын саңылау іздеп, өзі сияқты жанығып, дәл өзіндей азап шегіп, қиналып, қайғырып жатқанын ойлағанда, Ежов сасқанынан астындағы тақтайды сипалай беріп, күйіне сыбырлады. – Елден ерек, екеуміз мына пәлеге қалай ұшырап қалдық, а? Қырсықты қарашы! Сен қай пақырсың? Атың кім? «Лотоста» қамалып қалған тағы кім екен? – А? Сен мені естіп тұрсың ба, жоқ па? – Бір сілкініп, бұларды пәлеге ұшыратқан айыпты кісіні жазалағандай, қараңғыға жұдырығын сермеп қалды. – Сен... менсіз кетпе. Күте тұр, жарай ма? Мені күт, мақұл ма? Естідің бе? Мен қазір... қазір саған белгі беремін... Қолына компрессор қақпағының үстінде жатқан ескі болтты шап беріп ұстай алып, тұншыға міңгірлеген күйі темірді пергілей бастады. – Жауап қатшы, а? Дыбыс берші. Дауысташы деймін. Тым болмаса бір сөз айтшы. Өзіне белгісіз су астының жаңғырығына бағынған, іргеден ап-анық дыбыс естілгенге шейін, Ежов болтты темірге дамылсыз үйкей берді.
– Ей, кімсің? Бұл дауысты Ежов бірден таныды. Дауыстың қарлығып, дірілдеп шыққанына қарап мынау Пчелинцев қой деді. Ежовтың төбе шашы тік тұрды. Ақымақ басым, Марьянаның айтқанын тыңдамай, рейске неге шықтым екен, ол сынған айнаның жаман ырым екенін ескертіп еді ғой... Қырсықты қарашы. Ал енді құрыды, тек о дүниеден басқа барар жол жоқ. Өзінен өзі түсінікті... Марьяна үшін Пчелинцев мұны кешірмейді, бірден тамұқ отына жібереді. Бірақ Пчелинцев те адам ғой, адамгершілігін біржола жоғалта қоймаған шығар... Ал сен адамды кешіре білесің бе? Пчелинцев? Өз қанын, сотқар ұлының теріс қылықтарын, жамандықтарын кешірген әке сияқты. Ежов, егер қажет болса тіпті аяғына жығылуға дайын екенін сезді. Жо-о-қ... Пчелинцев кешірмейді, өзінің фамилиясын атауға қорыққан ол, тіпті кемсеңдеп қоя берді. Ал Пчелинцев кенет жамандық ойлап, көмектеспей қойса ше? Еділдің түбіне мәңгілікке тастап кетсе қайтеді? Кейін ешкім білмейді ғой. Марьяна сонда қаласын, қаламасын бұрынғы байына қайтып баруға мәжбүр болады. Пчелинцев Ежовты Марьянаға бола осы қорқынышты темір сандықтың, жартылай су басқан «Лотостың» ішінде әдейі жалғыз тастап кетеді. – Ө-ө-өйтпе, Сергей Сергеевич. Олай етуші болма, естисің бе? – жыламсыраған ащы дауыспен жалбарына сұрады Ежов. – Құтқар. Бұл жақсылығыңды ұмытпаймын ғой. Есесін қайтарамын... Оллаһи, қарыздар болмаймын. Жақсылығын қалай қайтаратынын өзі де білмеді. Қазіргі ең басты нәрсе, қалайда тірі қалу еді, сол үшін Ежов ештеңе аямайды. Шыбын жанынан басқасының бәрін. Пчелинцев кубриктен тіке машина бөліміне кіріп келгендей, екінші рет дәл жанынан шыққан қарлыққан дауысты Ежов бұл жолы анық естіді. – Ей, мұнда тірі жан бармысың? Бәрі жақсы болар деген үмітпен кенет іштей сенім артқан Ежов бір сілкініп алды. Қанша айтқанмен Пчелинцев жауыз емес, адам ғой, бар күшін салып, айғайлап жауап қатты. – Бар. Мен тірімін. Ежо-ов!
Айтқан сөздерінің судың ішіне сіңіп, темір-терсектердің арасынан әрең өтіп, бөгетке соғылып шашырап, мүлде түсініксіз болып «Лотостың» арғы жағына жеткенін естіді. Өзегін өртеген күйініштен арыла алмай Пчелинцев естімей қалар деп қорықты, бірақ сол бойда күйінішін басып, өзінеөзі сұрақ берді. Мүмкін, Пчелинцевтің естімегені де дұрыс шығар. Пчелинцев, іргеде, қалқанның ар жағында адам бар екенін білетін болады... Сырттан көмек күткен, халі мүшкіл, қол ұшын міндетті түрде бермесе болмайтын адам. Соның өзі жеткілікті емес пе Пчелинцевке? Мұндай жағдайда паспортын, туған жылын, анкетасын айтып жату шарт емес қой. Әйтеуір адам екенін білсе жетпей ме? Машина бөлімінде кім қалып қойғанын білуі шарт емес. Колян Осенев деп ойлай берсін мейлі, өйткені соның кезегі ғой. Лықсыған, тасыған ашудан бір сәтке тұла бойы тіпті өртеніп те кеткендей болды да, ол тістеніп алып, қинала сөйледі. – Бағың бар екен Колян, дәл осылай жолың болмас. Сен үшін мен өлетін болдым ғой! – Қолын ызалана сермеп қалды. Жұдырығы құбырға тиді. Ашуын тежеп, бөтен кісіге айтып тұрғандай, өзіне-өзі аянышпен міңгірледі. – Ал сен ақымақ, оп-оңай көне салдың, сол он-он бес минут енді түбіңе жетті, безеубет сол әумесерді алмастырып нең бар еді? Ендігі халің мынау, мәңгілікке алмастырып жүрмесең! – Күйіп кеткен Ежов, соңғы сөздеріне ызадан булығып, түтін шығатын мұржаны жұдырығымен тағы да түйіп қалды. Келесі минутта ол күдіктене тіксінді. Пчелинцев неге тымтырыс, неге бұрынғыдай қимылдамайды? Аға механикті шақыруға қайта оқталып болтпен темірді үйкелей бергені сол-ақ еді, кенет тұп-тура құлағының түбінен шыққан дауысты естіді. – Әй, кімсің? Дыбыс бер! Ежов шамалы кідіріп, трюм қараңғылығында көзге көрінбейтін өз деміне тұншыға жауап қайтарды. – Бұл мен, Ежов. Еж-о-ов! Мынаны қараңыз – мүмкін, Пчелинцев мұны әдейі естімей жатқан шығар? Ажалдан өзі құтылып шығады да, консервінің қалбырындай «Лотостың» машина бөлімінде
қамалып, осынау тұтқын қалып қойғаны жөнінде ешкімге тіс жармайды. Бірақ басқа жұрт Ежовты құтқаруға осында келеді ғой. Сонда Ежов Пчелинцев туралы бәрін, ол туралы бүкіл пікірін жасырмай жеткізеді. Онымен тоқтамастан, тіпті сотқа да береді. Оңбағандығы үшін, жолдасын қиын сәтте бір қатын үшін, өлімге қиып тастап кеткені үшін, ол Пчелинцевті Шпицберген сияқты бір түкпірге айдатып жібереді, кен-байлықтарын қазып, отанға пайдасын келтірсін, айдатып жібереді! Тынысы тарылып, ауа дымқылданып кетті, өзен тышқандары ойнақ сап, құтырынып, босып жүргендей судың іші қатты бұрқылдап кетті. Ежов қолын салып қараңғыға су шашты. – Жоғалыңдар, қане! Егеуқұйрықтар сап тиылғандай жым-жырт. Дәл осы тұста Ежовтың төбесінде ап-ауыр дизельдің салбырап тұрғаны есіне түсті. Салмаққа шыдамай бір болты үзіліп кетсе-ақ, зіл-батпан үстіне түсіп, мұны қандалаша езіп тастайтыны анық. Тағы да зәресі кетіп, ол жыланша жиырылып, борттың астына, тораптың түкпіріне, қуысқа еңбектеп тығылды, бірақ қорқынышы сонда да басылмады. Басылатын жөні де жоқ, өйткені осал бекітілген бірнеше тонна шойын төбеңнен төніп тұрса, сұмдық қой. Кез келген сәтте үзіліп түсіп, басып қалуы мүмкін. Басып қалмағанның өзінде, су көтеріледі де, ауа қуысын бітеп тастайды, содан Ежов тұншығып өледі. – Кім? – тура өкпе тұсынан қамшыдай тіліп еткен дауыс қайта шықты. Ежов бұл араның өзгеше, басқа ешбір жерге ұқсамайтын өзіндік ерекшелігі бар екенін түсінді, сол себепті қанша өңешін жырта айғайлағанмен, Пчелинцев мұны естімеді. Ал естіген күннің өзінде үздік-создық жаңғырықтан ештеңе де ұққан жоқ, міне. – Ежо-о-ов! – деп бар даусымен айғай салды ол. – Сен мені естіп тұрсың ба? – Естіп тұрм-ы-ын! – Жақсы естіле ме? – Жақсы-ы-ы! Сосын кенет, Пчелинцевтің айғайлап айтқан сөздері апанық естілген – суға, темір қалқаға тұншыққан суықтан,
күйзелістен, тұла бойын сыздатқан азаптан күші әбден сарқылған, титықтаған кісінің, қарлығыңқы сыбыры Ежовтың құлағына жетті. – Ұқпай тұрмын, сен кімсің? Ажырата алар емеспін. Жоқ нәрседен, судың арасынан тот басқан дымқыл темірден өтіп, бірақ өзінің бояуын, ырғағын, екпінін жоғалтпай жеткен осы бір сыбыр, оған тосыннан мынаны аңғартты, бүйтіп өңеш жырта айғайлаудың қажеті жоқ шығар, бәлкім, онан да Пчелинцев тұрған кубрикке әншейін қоңыр дауыспен айтқан жай сөздің өзі жақсы естілетін шығар, ә? Өкпесінде ауа түгесілгендей Ежов алқына дем алды, ауаның тарлығы оның алқымын сығып, өңешін, кеңірдегін кеберсітіп, өкпесін қақырата ыдыратып жатыр, күйініштен бет-аузының дірілдеп кеткенін сезген ол мұздай алақанын жағына апарды. Сосын бар күшін жинап, мегафон арқылы команда бергендей, әр сөзін анықтап, ақырын айтты, ал мегафон жарықтық – осынау темір агрегат, оның дауысын үстемелетіп күшейте түсті. – Бұл менмін, Ежов, Ежо-ов! Бәлкім, егер Пчелинцевтің кеудесіне мылтықты тақап қойып, бытырамен атып жіберсе мұнан гөрі әлдеқайда жеңіл тиіп, дәл қазіргідей бүйтіп қиналмас еді-ау. Жанына батқан қайғысы шамалы бәсеңдеген кезде, ол ырыққа көнбеген тілін әрлі-берлі жүгіртіп көрді. Тәтті жегендей аузы біртүрлі жылымшы татиды, оған нанғысы келмей басын шайқады. Енді кемеден шығу бұған екі есе, үш есе қиын түсетінін қайғыра ойлады. Екі есе, үш есе екені анық, әлде осының бәріне бір түкіріп, темір қораптың ішінде мәңгі бақи қалып қойса ше? Шығатын есікті іздеместен, бүйтіп азаптанбастан, өзін-өзі қайрап, жігерге мініп, қапқара мұздай суға сүңгіп кетіп, бір-екі, тағы да бірнеше мәрте су жұтып, тып-тыныш қана, оп-оңай о дүниеге тартып кетсе ме екен... Мұның артынша о дүниеге Ежов та аттанып кетеді, – оның «Лотостан» жалғыз шыға алмайтынына Пчелинцев күмәнданған жоқ.
...Үйге келісімен Марьяна, соңғы сағаттарда пайда болған үрей мен біртүрлі қамыққан күйден арылу үшін, өзі алдын ала ойлағандай ыдыс аяқ жуумен біраз уақытын өткізді. Аралға барғаны оның көңілін көншітудің орнына, керісінше, одан сайын қорқынышын үдетіп жіберді. «Мұнысы несі, бұрын ешқашан бүйтіп көрген емес еді, – деп ол ішінен қобалжып бірнеше рет қайталап айтты, үйдегі айна сынғаны да бірінші рет. Оһ, жаман ырым бұл! Сынған айнадан қалған тікбұрышты рамаға жуынатын бөлмеден мұнан гөрі бүтінірек басқа айнаны салып, ақшыл қабырғаға іліп қойды, бұл аса қажет еді. Өйткені қазір сирек кездесетін қалың венециан шынысынан жасалған айнаның орны үңірейіп тұрғаны жаныңа батады ғой. Жанға батқанымен тұрмай, уайым-қайғы өзегін өртеп әкетіп барады. Ырыққа көнетін емес, еңсесін басып, жанын жегідей жеуде. Ол айнаға барып қарап еді, ішкі күйзелістен жағы суалып кетіпті, көзі шүңірейіп, жүзінде уайым көлеңкесі жатыр. Өзгеріп кеттің сен, Марьяна, қатты өзгердің. Ол Пчелинцев екеуінің тойы болардың алдында сатып алған мамық тахтаның үстінде отырып, тізесін құшақтады да, зардап шеккен адамдай қалың ойға шомып кетті. Пчелинцевтің өзі өз болып, мұны сүйіп көрді ме? Марьянаның бұл сауалға сыңаржақ жауап беретіндей дайын сөзі жоқ еді. «Иә» деп те, «Жоқ» деп те айта алмайды. Ол әлдебір әзәзілді сылып тастағандай алақанымен бетін сипады. Жолдан тайды, адасты. Адасқанда да оңбай адасты. Пчелинцев жер бетінде нық тұрған, салмақты да сабырлы адам – мұндайлар тас қорғандай пана іспеттес. Ол барда уайым-қайғысыз тұрмыс кеше бересің. Ал Ежов болса бүкіл болмысына қарағанда тек жүріс-тұрысы ғана емес, әрі мінезі ұшқалақ, тым пысық екен, – оны дәл бүгін, өзінше тон пішуге тырысып, іштей ойланып қалған сәтте Марьяна жақсы түсінді. Пчелинцевпен біржола есеп айырысуға тура келе ме, жоқ па? Алайда Ежов мұны өзіне өлердей тартатын еді. Ең алдымен ол еркек кіндіктің сұлуы, мұндай көркем еркектің алдында, егер өстіп айтуға болатын болса, қай әйел заты дәті шыдап тұра алады? Ал сосын Ежов Пчелинцевке қарағанда әлдеқайда жас, әрі әлдеқайда қайратты. Сөздің
қай мағынасында да оған қарағанда барлық жағынан мықты. Мына қызықты қараңызшы – Марьяна Пчелинцевке кінә тағып, оны айыптау үшін, жек көріп, мынадай сөздерді айтуға, өзін-өзі сан рет іштей қайрап көрді. «Пчелинцев нашарсың, еркек деген атың болмаса – түкке тұрғысыз әншейін бірдеңесің», – деп тілін тигізуге талай оқталып еді, бірақ бірде-бір рет өйтуге аузы бармады. Пчелинцевке қарсы ғайбат сөз айтқан жоқ, өйткені оған себеп те жоқ еді... Екеуін де қимайды. «Оһ, шатыстың сен Марьяна, қатты шатыстың». Уайым қажытқан Марьяна қалай қалғып кеткенін өзі де білмей қалды. Түсінде теңізді, көсіліп жатқан қайраңдар мен бұғаздарды көрді, бала кезінен таныс гүл ашқан лотостың ащылау иісі, өзеннің лебі, жөндеуден өткен бригада қайықтарынан аңқыған шайырдың хош иісі, өзеннен қазір ғана ұстаған жас балықтың иісі, неге екені белгісіз, алғашқы қардың лебімен бірге күзгі шөптің иісі қатар шыққан жұпар ауаны кеудесін кере құмарта жұтты, – осы көріністен туған аңқыған иіс оны еріксіз сергітіп тастады. Содан соң ол қабырғадан жұлынып кеткен қалың қызыл раманың ішіндегі үлкен айнаның өзіне қарай құлап келе жатқанын көріп – бір уыс болып жиырылып қалды. Ол одан қорғанып, қолын тосты, бірақ соққы тиген жоқ. Марьяна шошып оянып кетті. Ұйқыдан ояна салысымен ең алдымен естігені телефонның шылдыры болды. Тұтқаны көтерді. Телефон шалған порттың диспетчері еді. – Мұнан қырық минут бұрын сіздің күйеуіңіз мінген «Лотос» танкермен соғысып қалды. «Лотос» суға батып кетті. Экипаждан – екі адам ұшты-күйлі жоқ. – Екеуі бірдей ме? – деп сұрады ол аңдамай сөйлеп, содан ұйқысы шайдай ашылды. – Қалғандары ше? – Денесі өз-өзінен түршігіп, иығын қиқаң еткізді. Бүйтіп ерсі сұрақ қойғаны несі? Бүрісе түсті. Телефоннан. – Қалғандары құтқарылды, – деген сөзді естіді. Диспетчердің саңқылдаған дауысы сезім атаулыдан жұрдай еді. Мұндай хабарды жеткізу оңай емес. Ол үшін адам темірдей берік болуы керек, сондықтан диспетчер мүлде
сүреңсіз, жердің астынан шыққандай үрейлі дауыспен сөйледі, өзі сол дауысты әдейі бүркеніш етсе керек. – Жоғалып кеткеннің бірі – сіздің күйеуіңіз. Пчелинцев Сергей Сергеевич, – деп хабарлады ол. Марьяна ілгері қарай құлап бара жатып жұмсақ тахтаның қалың маталы тысына басымен тірелді. Сосын бар күшін жинап, нақтылап сыбырлай сұрады. – Ал екіншісі кім? – Ежов. Осы тұста деспетчердің дауысы күрт өзгеріп, бұрынғы сірескен біркелкі сүреңсіз сарынын жоғалтып, бір түрлі толқып, дірілдеп шыға келді. – Бастапқы екпінін соңына шейін апаруға шамасы келмеді. – Әзірше алаңдамаңыз. Мүмкін, Сергей Сергеевич баржада қалған шығар. Катер жалғыз емес, тұщы сулы баржа тіркеп алған еді, баржа суға батқан жоқ, оны бір түкпірге қарай ағыс алып кетіпті. Қанша іздегенмен қараңғыда әзірше таба алмай жатырмыз. Таң атысымен – бірден табамыз. Ал таңертең «Лотосқа» сүңгуірлер түседі. Сондықтан абыржымаңыз, құдай үшін, – құтқарамыз... ...Ежов бұл! Ежо-ов! – деген күтпеген оқыс дауыс Пчелинцевке жетті тұтқиылдан. Оқыс екені соншалық, ол еріксіз селк ете қалды. Егер оған мылтықты тақап қойып, шүріппені басып салып, бытыра денесін шұрқ тесіп кеткен күннің өзінде ол өзін-өзі осыдан гөрі жеңілірек сезінер еді. – Дәл қазіргідей – тұла бойы бүйтіп шаншып ауырмауы мүмкін-ді. Ал қазір тұмсығының алдынан лап ете қалған жасыл жалын, көзді ашытып, денесін ауыртқаны соншалық, айғайлап жіберсең де, мейлің, бір ауырып, бір басылып тұрса бір жөн ғой, жоқ ол онан сайын біртіндеп өрши түседі... Адам төзгісіз шаншу сәл ғана босатқан кезде ол жансыз тілін әрлі-берлі қозғап көрді, бірнеше қасық джемді үстіүстіне асап жіберіп, енді шай ішкісі келгендей ауызы біртүрлі жылымшы татыды. Арада бірнеше минут өткеннен кейін неге тәтті татып кеткенін түсінді. Көз алдына елестеген Ежовтың сұлу көркінен, сурет бейнесінен аузына кәдімгі
тәтті торттың дәмі келген еді. Сыртқы сұлулығы соншалық, әйел біткен оны балға үймелеген арадай бас салады. Мынау пәниде әлі қырық беске тола қоймаған Пчелинцев өмірдің мәні неде деген сұрақты өзіне-өзі сан рет қойған еді. Бірақ оған жауап таба алған жоқ. Таба алмағандықтан азаптанып, қиналатын болды. Шынында да, өмірдің мәні неде? Алайда оған әркім өзінше жауап беретін болса керек, өйткені әркім өзінің көрген-білгеніне қарап өмірдің мәнін өзгеше ұғып, өзінше пішеді. Оған берілетін жауаптар да мыңдап саналады. Мүмкін, тіпті миллион да болар, бірақ, өкінішке қарай, оның бірде-біреуі баршаға бірдей сіңе бермейді. Өмірдің мәні – балаларда, өзің өсіріп, сенің ісіңді әрі жалғастыратын келешек ұрпақта. Өмірдің мәні – басқалар үшін, сен әкелген бақытта, жақсылықта, жылылықта. Өмірдің мәні – өмірді бұрынғысынан өзгеше етіп құратын бүкіл адамзаттың ауызбірлігінде. Өмірдің мәні – өзара соғыс ашуда және сол соғысқа қарсы күресуде. Ешқашан соғыс болдырмаудың, жер бетінен оқдәрінің иісін жоюдың, оқтың, жарқыншақтардың ысқырған дыбысын естімей, автоматтың жарқылын, өлімге емес, өмірге құштар, Жер ананы жаралайтын, аспанға көтерілген дүмпуді көрмеудің адамзат үшін қаншама маңызды екенін қараңызшы. Өмірдің мәні – астық өсіруде. Өмірдің мәні – жоғары оқу орнын бітіруші – студенттің еншісіне тиген ең қиын сұрақ – сынақ-билетте. Өмірдің мәні – көк пен күнде. Өмірдің мәні – өз шаңырағың мен өз ошағыңда. Өмірдің мәні – достықта. Өмірдің мәні – шәкірттерде. Сонымен, біздің өміріміздің мәні неде болды? Бәлкім, өмірдің мәні сені оңбай ренжіткен адамнан мықтап кек алудың орайын табу шығар? Әй, өкпесі құрғырай, кейде адамды қалай есінен тандырып жібереді. Бір жолы Астраханьға шет жақтан келген, дауысы мірдің оғындай, жылтыр көзілдірігінің астынан тесірейе қарайтын,
түрі сұсты, шоқша сақалы оғаш жоғары қайырылған ақбас социолог кездесу өткізді. Лекциядан кейін социологқа жазбаша сұрақтар жауып кетті. «Сіздіңше, өмірдің мәні неде?» – деген бір сұрақ төтесінен қойылды. Ғұлама кернейлете бір жөткірініп алды, ортасынан қақ жарылған сақалы жалп етіп, осынау сұрақ берген қатарды көзімен атып жіберді де, сосын қолын батыл сермеп. – Ә-ә-ә, нартәуекел, неде болса мен сізге өзімнің жеке жауабымды берейін. Менің бір досым, белгілі жазушы, бір жолы электрондық-есеп машинасымен айтысқа түсіпті. Қайсысы бір-біріне қиын сұрақ қоятыны жөнінде бәсекелесіпті. Сөздің қысқасы, ол жарыстың аяғына таман машинаға: «Өмірдің мәні неде?» деген сұрақ беріпті. Машина әрі ойлап, бері ойлап, көпке шейін жауап таба алмапты, сосын саңылауда мынандай сөздер жазылған қағазды ұсына қойыпты, сөйтсе қағазда «бүйтіп шошаңдағаныңызды қойыңыз» деген жазу бар екен. Сол сияқты қымбатты жолдастар, менің де сұраққа жауап беруге шамам келмейді. Пчелинцев тәтті сілекейін жиіркене жұтып, алақанымен мұздаған иығын, бұғанасын, кеудесін уқалап, мен мұндалап даяр тұрған дірілді басты да, ақырын, біркелкі, дауыспен, сүлесоқ ғана күбірледі. – Ежов, яғни... Ежо-ов. Қабағы түсіп, мұңая тұнжырады. Шықшытының біртүрлі қыши бастағанын сезді. – Иә, жұдырығы емес, шықшыты, алайда жұдырығы қышуға тиіс болғанмен, осы тұста ол өзінің Ежовтан айқын, біртүрлі жеке басымдылығын байқап, онан бетер түнере түсті. Егер Ежовтың дауысынан абыржу, күйініш, үрей сезілсе, ал Пчелинцевте санаулы минуттардың ішінде салмақты, байсалды сабырлылық пайда болды. Ойына, егер қазір машина бөлімінде, мына тұтқында қызқырқынның пірі өзара қатынасты айта бастаса, оған не шара қолданатыны беймәлім екені оралды. Неге екені белгісіз, ол Ежовты қазір жылап-сықтап, жалбарынып кешірім сұрай бастар деп күткен еді, бірақ ол
үндеген жоқ, сонда Пчелинцев кенет дауысы дірілдеп, толқи қайталады. – Ежов, деймісің... Машина бөлімінен шығуға әрекет жасап көрдің бе? – Жоқ. – Неге? – деп қатаң, салқын сұраған Пчелинцев өзінің морт кеткеніне өзі таңғалды, өйткені табиғатында мұндай мінезі жоқ болатын. – Шығуға неге әрекет жасап көрмедің? – Оған шамам келмейді-і. Төбемнен төңкерілген дизель төніп тұр... Онан май ағып жатыр, Сергей Сергеевич. Қорқынышты. Құдай ақы! «Қорыққан себебің белгілі болды ғой», – деп ойлады Пчелинцев. Ал бұған, Пчелинцевке, қорқынышты емес пе сонда? Бұлардың орнындағы, мейлі кім болса, ол болсын, кез келген адам осылай қорыққан болар еді. Қорқыныш – ол да адамның ішкі сезімі ғой, оны да арнайы бездердің біреуі сілекейше бөліп шығаратын болуы керек. – Төбеңде болуы мүмкін емес Ежов, естисің бе? Мүмкін емес. – Катер аунаған кезде, дизельдің төбемнен салбырап қалғанын өз көзіммен көрдім. – Бәрібір, олай болуы мүмкін емес. Машина төбенің үстінде емес. Ол бір бүйірде болуға тиіс. Ұқтың ба? Алдыартың көріне ме өзі, саған? – Ештеңе, қап-қараңғы. Көзім ағып түскендей, ештеңе көрінбейді. – Қайда отырсың. – Компрессордың үстінде. – Борттың сынған жерінде ме сонда? – Иә. Пчелинцев төңкерілген машина бөлімінде заттың қайсысы қалай орналасқанын ойша есептеп, шамалы уақыт үнсіз қалды, компрессордың, көмекші движоктың, басқару пультінің қайда екенінің бәр-бәрін есіне түсірді, сосын ақырын ғана айтқан сөздері, Ежовтың еңсесін көтеріп, иығын басқан жүкті сылып тастап еді, ол тіпті мұздай ернін жазып, жымиып та қойды.
– Былай, ендеше, Ежов. Сен шамалы шыдай тұр. Мен шығатын есікті ақыры тауып алдым... Алайда оны бірдеңе тіреп қалыпты. Бірақ мен оны бәрібір ашамын. Егер шыға алсам... – бірден саған көмек жібертемін. Ұқтың ба? – Ұқтым, – деді Ежов өз кезегі келгенде, ақырын ғана сабырлы үнмен сөйлеп. Сыбырлағандай бәсең дауыспен. – Рақмет, Сергей Сергеевич, – деп қосып қойды. Басын кейін шалқайтып, желкесін боялған шойынға үйкелеген Пчелинцев, сілесі қатып шаршаған, тұла бойы шыдатпай ауырған күйіктен іші өртенген соң ернін тістеледі. Қабырғасының астына газ пілте тұтатып, ол енді ішінің бәрін қуырып өртеп жатқан сияқты, ол өзінің ұйып қалған қанының қалай мұжылып жатқанын, мұздаған жүрегінің сыздап алқымына тіреліп, жансыз кесек боп қинала соғып тұрғанын әрең сезеді. Ол қан қатып, қабыршықтанып кеткен ернін жалап, өзін-өзі сабырлы күйге түсіру үшін, сірне сілекейін жұтып жіберді. Ежов екеуінің арасындағы әңгіме мұны титықтатып тастаған сияқты. Бірақ қараңғыдан, қайдан екені белгісіз – әлде елес пе, жоқ өңі ме – қарсы алдынан Марьяна шыға келді. Жанары жасқа толып Пчелинцевтен бірдеңені жалынып сұрайды. Не сұрайды? Оны аңғару қиын ба? Жарық дүниеде қанша жасаса да, көндіге алмайтын бір сезім оның қаншама рет жанын жаралады. Бұл үшін енді Марьяна өлген есепті. Ол енді жоқ. Айдаладағы жалғыз кісінің түнде шыққан айғайы сияқты еңсені басқан қайғы Пчелинцевті бұқтырып тастады. Оны жеңу үшін едәуір жігер керек еді. Ал темірдей жігердің иесі ретінде Пчелинцев мақтана алмайтын, өйткені бұл да пенде ғой. Жалпы адамның ерлігін, жігерін, табандылығын қандай өлшеммен өлшеуге болады? Мысалы, орташа жігер, таразыда қанша тартады екен? Ал сабырлы, жұмсақ, елеусіз адамның жігері ше? Мәселен, Пчелинцев сияқтының? Қолын қусырған Марьяна қарсы алдында жалбарына сиынып тұрып алды. Жалынып Пчелинцевтен өтіне берді, өтіне берді, өтіне берді... Аспан терезесі секілді көкшіл көзі жаңбырға, суға шылқи толып, қабағы қайғыдан діріл қақты. Қатая түсумен қатар, қанша қарысып, қақшиғанмен Пчелинцевтің көңілі жібіп, ернін жыбырлатып, естілер-естілмес қана сыбырлап:
– Жарайды Марьяна, Жарайды. Уайымдама. Егер мен тірі қалсам... Сенің мынауың да... өлмейді... Айтқанымды көңіліңе ауыр алма... Сен ол тұрғысында қателестің Марьяна, сол.... Жарайды, қиналма енді. Өмірде мұнан да қиын жағдайлар бола береді, – деді. Ол тек жалғыз нәрсе үшін бәрін, тіпті ең ауыр күнә – көзіне шөп салғанды да кешіруге дайын еді. Тек Марьянаға жақсы болса болғаны. Оның өмірі бақытты болып, күні күліп, адамзат, жер-көк, өзені, ай-жұлдызы жарқырап, дүние түгел мейірімін шашып, жадырап тұрса болды, тек дәл қазір өзі шеккен мынау азапқа ешқашан ұрынбаса екен, тамырларындағы қаны сарқылып, сүйектері салдырап, құлағында сыңсыған дыбыс мәңгі кетпестей тұрмаса екен, – деп ойлады... – Жарайды, Марьяна. Сен уайымдама. Қолымнан келгенді аямаймын. Егер өзім шыға алсам, ол да құтқарылады. Саған уәдемді беремін. Ғафу ет, әрине, ол екеуміздің тағдырымыз бір екен. Осы кезде тұла бойы қалтырап кетті. Аз да болса сәл жылыну үшін иығын, кеудесін уқалады. Ойпырмай, екеуінің су астында қалғанына қанша сағат болды екен? Үстіңгі жақта таң атқан шығар, бәлкім, күннің көзі суға, өзенге, балықтарға, балдырларға түсіп жатса керек. Ал мүмкін қазір түн шығар? Қамауда қалғандарына екінші түн бе? Жо-оқ, күндіз болуға тиіс... Оның үстіне бүгін, демалыс күні, жұрт сағаға шомылуға, лотос танабын қызықтауға, пісіп келе жатқан шылым теруге жиналады. Шылым деген – су жаңғағы бар, әзірше көк болғанмен, бірақ тәтті. Ол қойнауларда өседі, өздерінің ат шаптырым тұтас танаптары бар. Пчелинцев тіпті тамсанып сілекейін жұтты, өйткені нәр татпағанына көп болған еді. Болса қазір су жаңғағының елуін қатарынан жеп қоюға даяр еді. Шылымның жаңғақтары әдетте тікенекті әрі «шығыс» үлгісіндегі көп күмбезді болады. Соғыс кезінде астраханьдықтар сонымен жан сақтаған. Сол жылдары жұртты аштықтан жаңғақ алып қалды – Пчелинцев онда бала еді, таяздау иірімге
батып кетемін-ау деп қорықпастан, қысқа салым шылым жинау үшін қойнауға бара беретін-ді. Піскен шылымның фундуктан айырмасы жоқ – тәттілігі де, тоқтығы да дәл сондай. Бұл жаңғақтарды жабайы шошқалар жақсы көреді... Жарайды. Мұның бәрі қиял, арман, елес қана... Қалай болғанда да қазір бұл жерден құтылып шығу керек. Ескі әдіс бойынша қолдан ескен арқанның ұшын сол қолының үш саусағына қысып ұстады да, ол екі саусағын көсеуше ілгері соза суға сүңгіп кетіп, есікке қарай жүзе жөнелді. Жолшыбай, судың ішінде жүзіп бара жатып, тағы бір ақжайма тауып алып, одан тағы бір арқан есіп алса деп ойлады. Екінші арқан дәл қазір өте керек. Өйткені ол арқылы Пчелинцев адасып кетпеу үшін батареялардан есікке, есіктен батареяға әрлі-берлі жүрер еді. Арқанның бір ұшын батареяға, екінші ұшын есікке байлап қою керек. Қолымен сипалап жүріп есікті тауып алды да, жүзіп келе жатқан бойы бар екпінмен есікті итеріп қалды. Есік былқ еткен жоқ, қайта оны қап-қара салқын тұнбаға кейін серпіп тастады, бірақ ол бұған мойыған жоқ, өжеттене түсіп, қайта оралды. Тұтқадан шап беріп ұстай алды да, бұл жолы бар денесімен есікті періп қалды. Ол бұл жолы да былқ етпеді. Әрмен қарай шыдауға енді шамасы жоқ еді, демі таусылып барады. Пчелинцев сондықтан өрмелі арқанды саумалап батареяға, ауа қапшығына қарай кері жүзді. Қинала қырылдап, көз алдындағы жасыл жарқылдарды сөндіре, – бұрын мұндай сәулелер көрінген жоқ еді, дереу сыртқа шықты. Ентігін басып, алақанымен су-су бетін сүртті. Үстінен сыңғырлай шүмектеген судың дыбысына құлақ түріп, жөткірініп қойды. Батареямен арқанды қатар ұстаған күйі ірге тұсқа, судың ішіне қолын жүгіртіп еді, бірақ ештеңе тапқан жоқ, сонда ол кеудесін кере ауа жұтып алып, батареядан есікке салынған төте жолмен қарсы жаққа қарай сүңгіді. Жұпжұмсақ, ұсқынсыз, ісінген өлік сияқты бірдеңеге тап болды. Жиіркене итеріп жіберді – бұл суға бөккен жастық еді. Сусу көрпені тауып алып, оны жыртпақ болып еді, оған да шамасы келмейтінін білді.
Өйткені тым мықты еді, оны жыртамын деп соңғы күшінен айырылып қалуы мүмкін ғой. Содан оны кейін серпіп тастады. Алғашқы сапарында оның қолына простыня ілікпеді. Екіншісінде де солай болды. Тек үшіншісінде ғана барып, бір жерге жабысып тұрған ақжайманы тауып алды да, батареяның қасына әкеліп, бір кездері жылу жиналған темір агрегаттың айқыш-ойқыш қырлы жақтауына шығып, ауа қармаған еді, шекесі сынып, жағы қарысып, иегінің сіресіп қалғанын сезді. «Лотостың» арғы түкпірінен әзер жеткен дауыс, бірден ашуын келтірді. – Қалай болып жатыр? «Бұл да басыма масыл болды-ау» – деп түнерді Пчелинцев, оның әр сөзін електен өткізіп жатып. – Марьянамен арасында болған әлгі әңгімені тарс ұмытып кетсе керек. – Ойлап отырсам, осыншама азаптанып, өмір үшін арпалысу маған неге керек? Мүмкін, шынында да өзімді өзім бүйтіп азаптамай-ақ осы кубриктің ішіне тірідей көме салуым керек шығар, сонда сен де, әйел затының сүйікті еркесі, келесі қуыста екеуміздің денелерімізді сүңгуірлер тауып алғанға шейін сұп-сұлу болып жата бересің. Сондай сыбаға ұйымдастырайын ба, а? – Пчелинцев сандырақтай сөйлеген күйі қинала қырылдап, жұтқыншағын бүлкілдетіп, басын шайқады. – Жо-о-оқ, өйту үшін бүкіл адамшылық қасиеттен айрылып, итке, жабайы аңға айналуы керек. Ішіңнен қалай ойласаң да өз еркің, ал іс жүзінде Марьянаға берген уәдеңде тұруға тиіссің. Өйткені ол көз алдыңа келді ғой, сонда сен оның ғашығын тастамаймын деп уәде бергенсің... Тастамайсың ғой, ә? Пчелинцев қараңғылыққа өшіге үңіліп, ернімен ауа қармап жұтты да, келіскен сыңаймен басын сұп-суық кеудесіне тастап жіберді де, жоқ, тастамады... – Қалай болып жатыр? – деген сұрақ қайта естілді. – Есік ашылды ма? Басын шайқаған Пчелинцев тікенек сақалды иегімен кеудесін үйкеледі.
– Әзірше аша алмай жатырмын. Есікті бірдеңе тіреп қалыпты. Басын кейін шалқайтып, тамағында ерсілі-қарсылы ойнақши бастаған жұтқыншағының тулағанын басты. Өз үні оны сан рет шарасыздықты жеңуге, есеңгіретіп тастаған тұңғиықтан тырмысып шығуына жәрдемдесіп, тіршілікке қайта жетелеп әкелген еді. – Есікті аша аламыз ба өзі? – деген сұрақты естіді. Пчелинцев жаралы ернін мысқылмен жазып жіберді. – Білмеймін, – деп жауап қатқан ол. «Біз» деген сөзді қосқан жаңа сұрақ күтіп, тыныштыққа құлағын тікті. Бірақ «Лотостың» арғы шетінен дыбыс естілген жоқ. Сол меңіреу тыныштық. Тек өзен түбіндегі қиыршық тастардың шықыры мен сыңғыры, судың шолпылы ғана естіліп тұрды, осы әлсіреген баяу, бірақ айқын дыбыстар кубрикке жетіп және иықтан, қолдан, шаштан аққан шыны жіп секілді су тамшыларының сыңғыры естіліп, қараңғылыққа сіңіп кетіп жатты. Оңай жырту үшін ақжайманың суын сығып екіге бүктеді, сосын оның ең қатты тұсы – қабаттап бүктелген тігісін қақыратпай, дал-дұлын шығармай жырту үшін бүктелген жерін тісімен қыршыды. Сосын шіреніп тұрып күшенгеннен бет-аузына шейін қызарып матаны дәл ортасынан қақ бөлді. Дымқыл мата ыдырағанымен, бірақ оңайлықпен жыртыла қойған жоқ. «Лотостың» командасы жақында ғана жаңа төсек-орын алған еді, шамасы, бұған іліккен ақжайма сол жиынтықтан болса керек. Бірақ оның берік болғаны тіпті жақсы. Мықтылығының пайдасы сол, егер Пчелинцев есінен тана бастаса, мұның салмағына жыртылмастан төтеп береді, ол соңғы күшін жинап, ауа қапшығына сол арқылы қайта тырмысып шығады. Матаны ол ортасынан қақ бөлді де, көзінің бұлдырағаны басылғанша, әл жинап, қимылсыз ұзақ отырып қалды. Сосын сілесі қатып, әлі құрыды, тұла бойы түршігіп, ішібауыры мұздап, сіресіп қалды, сырылдай тұншыға дем алды, бірақ соған сенгісі келмей басын шайқады да, жыртылған бөліктерді рет-ретімен тағы да екі бүктеп, бүктелген жерін тісімен қыршып, сөйтіп, оларды да дәл ортасынан қақ бөлді.
Басы кеудесіне құлап аз-кем қимылсыз отырды да, сосын қайта қозғалды, енді төрт бөлікті қосып бір арқан есу керек еді. Пчелинцев уақыттан жаңылды. Ежов екеуінің зынданда неше сағат, немесе неше күн отырғанын білмегенімен, әйтсе де ол өзіне өзі сауал қойды, – арқан есуге көп уақыт кетірді ме, – сөйтті де дәл жауап берді – бір сағаттан астам. Бір сағаттан кем емес, астам болмаса. Арқан ұзын және берік болып шықты. Дұрысында арқан да емес, кендір жіп, дәлірек айтқанда – лента. Лентаның бір ұшын ол батареяға байлап, екінші ұшын, жүзіп барып есіктің тұтқасына іліп, екі мәрте орады. Шамалы, екі метрдей ұшы артылып қалып еді, кубриктің есігін ашқан кезде, кубрикті машина бөлімінен бөліп тұрған сіріңкенің қорабындай ғана дәлізде пайдаға асады деп шешті Пчелинцев. Есікті ашып, дәлізге шығатынына, Пчелинцев ешбір күмән келтірген жоқ. Әйптесе, бүйтіп қара терге түспес те еді. Ол отыра қалып, жиі-жиі дем алатын болды. Ішек-қарны жалап барады. Құрсағында бір қоймалжың нәрсе жүрек айнытып, лоқсытып жіберді. Әлі құрып барады, жүрек жалғар да ештеңе жоқ. Шаршағаны да ештеңе емес. Онан да жаманы басқа еді – суға әр түсіп шыққан сайын тыныс алатын ауа біртіндеп таусыла бастады, ауа азайған сайын су да жоғары көтеріліп келеді. Бұрын батареяға өрмелеп шығуға тура келсе, қазір жүзіп келіп, батареяға жармасып тұрғанда ғана басың судан шығып, келесі сүңгігенге шейін аузы-мұрныңа су толып қалатын болса, оны бүркіп тастап, тұншыға дем алған күйі енді көп қалмағанын, ұзаққа шыдай алмайтынын, көп кешікпей «не әрі, не бері» болатынын, қыл көпірдің тақап қалғанын қасқайып тұрып қабылдады. «Шекспирдің» «Я өмір, я өлім» деген сауалын тікелей шешетін күн туды басына. Алайда мұның бәрі – осынау Шекспир сұрақтары – ғафу етіңіздер, әншейін қызыл сөз ғана, өйткені адамның бәрі өлерінде қиналады, сахнадағыдай сән-салтанат ұстауға, ұялып, сызылып тұруға өлгеннен кейінгі күнді ойлауға ешкімнің де мұршасы келмейді. Өлімнің аты өлім, оны қаншама әсірелегенмен, қаншама
әшекейлегенмен, тіршіліктің сәні деп өзеурегенмен де, ол әрқашан қорқынышты. Жаңағылардың бәрі алғаш мектеп табалдырығын аттап, әліппені енді ашқан оқушы балаларға айтылатын ертегі, – өлім – ол азаптану, мола қасіреті, үрей... Тіфу, сайтан алғыр, қайдағы бір жаман ойлар қаптап кеткені несі, мұндай ойдан өзін аулақ ұстау керек. Бірақ күші құрғыр сарқылып барады, бензині мүлде нөлде тұр ғой, өкпесі қақырай сөгіліп, дал-дұлы шыққан, моторы құрғыр, мүлде тартпайды, санасында – енжарлық... Шіркін-ай, жүрек жалғап алса ғой дәл қазір. Ең болмаса су жаңғақтары табылса. Көп емес, әл жинап алу үшін әуелі оншақтысы жетеді, онан артығының керегі де жоқ. Елу емес, тек оншақтысы ғана – соның өзі кәдімгідей қуат беріп, Пчелинцевті керемет тыңайтар еді де, қолына күш бітіріп, санасы айқындалып, бойына қан жүгірер еді, сүйегі жылынып, қимылы ширай түсер еді. Оны маған кім берсін – бәрі қиял ғана, аузына ғайыптан қозықұйрық өсіп шыға келсе ғой. Пчелинцев сүлесоқ қана басын шайқап қойды, мұндайда ойға не болса, сол келеді екен, баланың қиялы кісі өлер алдында бұрынғы өткен-кеткендерді көз алдына елестетеді деуші еді, қиналып, қырылдаған күйі сірескен аяқтарыңды әзер сүйретіп, аспан кеңсесіне қағаз-куәліктеріңді өз қолыңмен апарып тапсыратыннан саумысың? Өзіңнің өткеніңді, сәби кезіңді, батар күннің қызыл шапағына бөленген балалық шағыңды, тұз қатпарларының ар жағындағы ащы көлге жасаған жорықтарыңды, бір жақ шеті көл бетінде, екінші шеті күміс қаймақ бұлттың тасасына шомылған түнгі айдың сәулесі көлдің ар жақ шетінде үйірімен кетіп бара жатқан қалмақ жылқылары, желбезегінен салбыратып іліп, жұртқа әдейі көрсетіп іліп қойған Астрахань базарындағы бекірелердің елестегеніне қарағанда, шынымен-ақ бәрінің бітіп, соңғы сәттің тақалып қалғаны ма? Әннің, тіршіліктің, жылудың, ақтық демнің, қуаныштың, махаббаттың, қайғының, пәленің, бақыттың – әлдебір тұлып секілді терінің ішіне адамзат етіп толтырып қойған, осы қасиеттің бәрінің ақыры біткені ме? – Жо-о-оқ, мүмкін емес, біз әлі күресіп бағамыз.
Ал жаңғақ, әлгі су жаңғағы тиіп тұр ғой. Тұп-тура жаныңда, қолыңды созсаң болды. Үй гүлі секілді жапырақтардың астында өскен кедір-бұдыр тікенек жаңғақтары бар дымқыл бұтақты үзіп аласың. Қазір ол жұмсақ, су жаңғағы, ал күзде балғамен ұрсаң да шаға алмайсың, қабығың тым қатты ғой сенің, соғыстың сұрапыл кезіндегі ажал арашашысы. Пчелинцев бұрын екі мәрте қашып құтылған қабандар, оның жыпырлаған тікенегіне қарамай, шекілдеуікше шағады... Ал күзгі жаңғақтың тікенегінің қаттылығы соншалық, шеге орнына етігіңнің ұлтанын қағуға жарайды. Ол тікен егер таңдайға немесе тілге кірсе, дәрігердің операциясынсыз ештеңе шығара алмайсың. Қабан епті келеді, жаңғақтың осал жерін абайлап тілімен іздеп тауып алады да, қырш еткізіп шағып, тілінің ұшымен дәнін алып, қабығын суға тастайды. Міне, лотос алаңқайы да іргеде. Лотос көбіне жаңғақпен қатар өседі, ол тырсиған, тығыз, мәрмәр тастан өргендей қызғылт көкшіл гүл... Су алаңқайының асты жұмсақ, қамыр сияқты, бірақ байқау керек – қабан түкіріп тастаған тікенді қабықты басып кетуің мүмкін. Егер жаңғақ шөңгесі аяғыңа кіріп кетсе, шатақ. Лотостың сабағы ұстараның жүзіндей өткір болады, абайламасаң денеңді сүйегіне шейін осып түседі, ал оны қоршаған өзен суы соншама тып-тынық, рақат, жұмсақ, тіпті айтып жеткізе алмайсың. Үстін ұрғашы мүк басқан осы өзеннің сағасында балық оты өседі, оны жұрттың бәрі ұрғашы мүк деп атайды. – Не боп жатыр? Есікті аштың ба? – Пчелинцевті селк етуге мәжбүр етіп, есін жидырған қатты дауыс тіпті құлағының дәл түбінен шықты. Су жаңғағы көзінен ғайып болды. Аузын жаңғақ тікені осып түскендей ұйып қалған қанның қорғасын дәмі анық сезіліп тұр. – Жо-оқ, – деп қырылдады ол, – ырыққа көнетін емес, нәлет. – Жаралы ернін әзер қимылдатып, үндемей қалды. – Шамасы, екеуміз қырсыққа ұшырадық қой деймін, Ежов. Мәңгіге болмаса жарар еді... Жауап орнына ентіге шыққан демнің дыбысы, тұншыққан сыбырды, дәрменсіз ызалы боқтық сөздерді естіді. Пчелинцев балағат сөздерді тыңдаған жоқ, ауаны молырақ
жұтып алып, суға сүңгіп кетті, қолымен лентаны саумалап жүріп, есікке қарай жүзіп жетті де, бар екпінімен есікті періп қалды, кейін шегініп қайта соқты, сосын және қайталады. Есіктен болмашы, иненің жасуындай болса да саңылау пайда болды... Естисіңдер ме, адамзат, есік бағынды! Мұндай күштің қайдан пайда болғанын бұл өзі де түсінбеді, тек есіне түскені, мұнан көп бұрын, баяғыда әр жолы өлімге бас тігіп, Еділді көлденең жүзіп өтуге балалармен жарысатын еді, кейде сонда әлі бітіп, су жұтуға шейін баратын, бірақ сосын қосалқы тыныс бітіп, біреу балаң тамырға жаңа қан құйып, қолтығынан демеп жібергендей, тәйт, кәне, ұнжырғаң түспесін, ілгері жүз, кәне! – дейтін-ді. Бұл жолы да солай болды, кәне, еңсеңді көтер! Жасыма! – дегендей. Ал қалқанның ар жағында қайғы мен шарасыздықтан күйінген Ежов, ақырғы сәттің таяп қалғанынан үрейленіп, қимылсыз отырып қалды. – Сен, Ежов... судан шыққан Пчелинцев қалқан жаққа қарай қырылдай сөйледі, – сен мойыма, есік, шамасы, ашылып келе жатқан сияқты. Керегінше ғана лайықтап ауа жұтып алды. Ауаны үнемдеу керек екенін ұмытпай, өзіне керегінше ғана лайықтап ауа жұтты, өйткені ол да қазір азықпен бірдей, сосын дене түршіктіретін қап-қара салқын суға қойып кетті. Ех, есікті шамалы ғана, денесі саңылауға сыятындай етіп, кубриктен сыртқа шығатындай ғана етіп, сәл ілгері итерер ме еді, ал онан кейін ол сыртқы есікпен арпалысады. Алайда Пчелинцевтің қатты сенгені, сыртқы оң жақ және сол жақ есіктің екеуі де бір соққанда ұшып кетуі керек, өйткені топсасына әзер ілініп тұрған, осал еді. Пчелинцев бірнеше рет ұстаханада жасалған берік есіктермен, шыдамды топсаларымен ауыстыруға оқталған еді, әйтеуір соған қолы тимей, сол күйі ауыстырған жоқ-ты. Бәлкім, ауыстырмағаны да жақсы болған шығар... Ол бүкіл салмағымен бірер рет итеріп қалып еді, есік ашылып кетті. Қарсылық білдірмей біршама тез көне қойды, шамасы, оны тіреп тұрған үйінді бір шетке ығысып, тозтозы шығып ыдырап кетсе керек. Пчелинцев есікті бекітетін
тегеріш-тұтқаның қарсысында, қалқаның екінші шетінде, тура қабырғаның өзіне темір ілгек дәнекермен бекітілгенін есіне түсірді, қуысқа кіріп, арқанның бір шетін ілгекке бекітті. Бір-екі орап, мықтап байлады да, сосын тез бұрылып, көмірдей қап-қара су көз алдында жасыл сәуле шашқанын сезіп, кейін жүзді. Тезірек, тезірек, тезірек ауа қапшығына, аман алып қалатын күмбезге жету керек. Жүзіп жетіп, судың бетіне қалқып шықты да, аузындағы суды түкіріп тастап, қалқанға қарай бұрылды. – Тыңда, Ежов! Есікті аштым, сондықтан сен... берілме... Мүмкін, сыртқа шығудың сәті түсер. Ұқтың ба? Ол Ежовтың жауабын күткен жоқ, шынын айтқанда, бұл жерде оның жауабының түкке де керегі жоқ еді. Ол бұл сөзді де көңіл үшін, онсыз да ұнжырғасы түсіп кеткен нақсүйерінің үрейден бұтынан шалбары түсіп қалмауы үшін, қолымнан келгеннің бәрін жасаймын деп Марьянаға берген уәдесі бойынша әншейін айта салған еді. Ал оның үстіне, қапастан бұл құтылып шыға алмас та, мүмкін, дәлізден сыртқа шығаратын екі есіктің екеуі де тарс бекітіліп, қисайып қалған шығар. Бұл жерде әр нәрсеге, жақсылыққа да, жамандыққа да дайын болуы керек, өйткені еншіңе бақыттысы ма, жоқ әлде бақытсызы ма, бағыңа қарай қандай билет бұйырғанына байланысты... Жә, несіне бал ашып, басын қатырады. Ауа бітуге таяп, суық су сүйегінен өтіп, аштық титықтатып барады, Пчелинцев үнемі суда болғандықтан, терісі ісініп, кей жерлері ара шаққандай томпайып, жаны кетіп қалған, саусақ тигізсең де ештеңе сезбейді. Ептеп болса да жан-жағын көріп алғысы келіп қараңғыға үңіле қарап еді, бірақ қайда, көзінен жас парлап қоя берді, алқынған өкпесін жылытуға тырысып, тісінің арасынан сыздықтатып ауа жұтты, итерініп қалып, төмен сүңгіді де, жол-жөнекей саусағына арқанды қыстырып, есікке қарай қайта жөнелді. Масахана дәкесінен ширатқан жіпті майкасының иығынан өткізіп, қанша дегенмен біреуден гөрі екеуі сенімдірек қой деп есептеп, енді соңынан ілестіріп келеді. Артық ақша қалта теспейді деген мақал бар ғой.
Егер мойындайтын болса, қазір бойында өжеттік пе, ыза ма, долылық па – қайсысы басым екенін өзі ұққан да, білген де жоқ. Әлде шынымен-ақ жаңа күш қосылды ма? Бірақ қалай болғанда да, бүкіл ізденіс, қимылында жаралы аңға ұқсас бірдеңе бар еді. Жанына батқан жарадан соқыр болып қалмас үшін мұны ерекше сезінуі керек еді, мұның бәрі Пчелинцевті мына пәлеге, рақымсыз ажалға қарсы, бүкіл жамандық атаулыға қарсы қарыстыра түсті. Пчелинцев қазір өзін-өзі ажалдан арашалауы, шынын айтқанда, Марьяна өзінен алыстап, айырбастап жібергеннен кейін, өзі үшін бағасыз болып қалған өз өмірін сақтау емес, өзінен де гөрі Ежовты, сол бір маңдайы кере қарыс бақытты адамды – әрі оны да мойындау керек – өзінің жолдасы боп саналатын серігін құтқару үшін барын салып, тырысып бақты. Небәрі ол қызметтес серігі ғана. Пчелинцевтің қазір тек ерні мен қасының асты, беті ғана жараланып қойған жоқ – ішкі дүниесінің бәрінің быт-шыты шығып, түгелдей іріңдеп кеткен, тіпті жанын қинап азаптайтын күйректікке осының бәрі жамала береді де, қанап, сыздап, шыдатар емес. Бұл жолы есікті ол тез тапты. Арқаннан қолымен саумалап дәлізге сүңгіп шықты, әрмен қарай қалай қозғалуды білмей бір сәтке абдырап қалды, оңға ма? Алайда «Лотос» сол жақ бүйіріне құлағандықтан, ол еденмен оңға жүрді, – қайдағы еден, төбесі болса керек, өйткені «Лотос» шалқасынан төңкерілген ғой, төс табаны аспанға қарап тұр. Жоғары қарай ұмтыла жүзіп келе жатқанда кеудесінің қайта өртеніп бара жатқанын сезді. Тезірек, тезірек, тезірек! Келесі сәтте бүкіл тұла бойын күйдіретін ыстық дәріге өте ұқсас қуаныш лебі тұтас шарпып өтті. «Лотостың» дәлізінің сыртқы есігі, топсасынан ұшып түсіпті. Міне, жолы болды деп осыны айтады, өйткені Пчелинцев порттан шығар алдында ауыстырған болса ғой, онда бәрі бітер еді де, тұзақтан ешқашан құтыла алмайды. Жарық дүниеде, қанша айтқанмен, әділдік бар екен ғой. Қабырғаны қолымен итеріп жіберіп, егер жоғары өрлейтін болса, жете алмайтынын, ауаның бітіп қалатынын, сөйтіп, өзін-өзі тұншықтырып өлтіретінін ұмытып кетіп, ілгері атылды. Бақытына қарай, майкасының иығына байлаған
ширатпа жіп, соңғы киімін – егер майканы киім деп есептеуге болса, сыпырылып қала жаздап, ұстап қалды. Бірдеңе ілініп қалар деген оймен арқанның бір ұшын қабырғаға лақтырды. Бірақ артынан: арқанның іліне қоюы екіталай, ілінген күннің өзінде осал болады деп ойлады. Содан кейін жүрегінің қатты тарсылдағанын сезіп кубрикке қарай қайта жүзді. Міне, батареяның тұсынан бір-ақ шықты. Ұйыған қанға ұқсас бірдеңені алақанына түкірді. Кубриктен шығу барған сайын қиындап бара жатқанын ойлады, қатты шаршап қалды. – Ежов! А, Ежов! – деді ол мойнын бұрмастан, қараңғыдан қашан жауап келетінін күтіп, қабырға жаққа құлағын тікті. Бірақ ешқандай дыбыс шыққан жоқ. Тек кеменің тысын тырналаған ағынды судың сыбдыры ғана құлаққа шалынады. – Сен не, Ежов! Өліп қалғаннан саумысың? Ақыры Пчелинцев, кенет аянышты әлсіз дауысты естіді. – Ті-рі-мін. Пчелинцевке сөйлеу өте қиын еді, жаны кетіп, сірескен, ісінген, ерні икемге келетін емес. Бірақ Пчелинцев бәрібір өзін-өзі бағындырып, жанына жат, жылылық атаулыдан, тіршілік тынысынан мүлде құралақан, тым-тырыс қараңғылыққа қарап, сөйлеп кетті. – Сен әлі... Өлуге асықпа Ежов. Әлі ерте... Мен қазір сыртқа шығуға әрекет жасаймын. Жүзіп шығуға тырысамын. Шықсам – демек, екеумізге бақыт келгені. Құдайдың сені де, мені де жарылқағаны... Шыға алмасам, басқа төнген пәлені бірге бөлісеміз. Ұқтың ба? Сен әлгі... Өлмей қоя тұр... Түсіндің бе? Ар жақта бірдеңе тысырлап, қыбырлай бастады. Пчелинцев басын баяу бұрып, қалқанға қолын созып еді, жетпеді. Мына есептің қызығын қараңызшы. – Ежов айғайлаған кезде, тек мағынасыз «...в-в-в!» – дейді, одан басқа мұнда ештеңе естілмейді, ал ақырын сөйлегенде – дыбыс анық жетіп, саңылаулардың арасынан өтіп кетеді де, Пчелинцевке бәрі жақсы естіліп тұрады. – Ауа бар ма әлі, Ежов? Шыдай аласың ба? – Б-ілмеймін.
– Ежов сен тастай түйіліп, темірдей берік бол, бірақ берілме. Шыда, ұқтың ба? Пчелинцев соғыста мұнан да қиын жағдайлар болғанын қосқысы келіп оқталды, бірақ ол жағдай қазіргіден әлдеқайда ауыр еді, о кезде бұл әлі бала болатын, қолына мылтық ұстап шабуылға шықпағанмен, көбі есінде қалыпты. Біреу арқылы естігендерін емес, бәрін өз басынан өткерген. Осы екі ортада қараңғылықтан бірдеңе ағараңдап, көкшіл тартты, сол көгілдір судан Марьяна қайта шыға келіп еді. Пчелинцевті еріксіз алаңдатуға мәжбүр еткен өңінде тағы бірдеңе бар екен. Бір нәрсеге ұшырап қалмады ма? Марьянаның жүз сынық, көзіне үрей, күйініш іркіліп қалған. Пчелинцевке әрқашан ұнайтындай етіп шашын өріп, кеудесіне тастаған... Бірақ Пчелинцевтің байқағаны – шашы солғын тартып, сиреп, жалпы шаш атаулы қалай ескірсе, солай ескіріп кеткен. Пчелинцев мұны бұрын да аңғарған еді, кейде адам көпшіліктің ішінде дені сап-сау кісідей жүре береді, ал шашының жаны кетіп, жасанды шаштай солғын тартқан, түсіп қалуға шақ тұр. Ал сосын, біраз уақыт өткен соң, шынында да сол адам өлді деген хабар келетін. Пчелинцевтің кеуде тұсында бір беймаза ұшқын лап ете қалды, ол қараңғыға, әлсіз ғажайып шұғылаға, бейнесін өзімен о дүниеге де ала кететін, қымбатты Марьянаның бетіне үңіліп, сұрақ қойды. «Бірдеңеге ұшырап қалдың ба? Неге қайғырасың? Айтшы, айтып берші кәне?». Бірақ Марьяна үн қатқан жоқ, тек Пчелинцевтің бейнесін есінде сақтап қалғысы келгендей оған көз алмай қарай берді, қарай берді. Сосын кеудесіндегі шашын түзетті де, ғайып болды. Өзі ғайып болғанымен әлгі үрей қалып қойды. Үрей, мұң, сүреңсіз жалғыздық. – Қимылдайтын уақыт болды, – деп міңгірледі Пчелинцев қарлыққан дауыспен сыбырлай сөйлеп. Майкасынан жіпті шешіп, бірнеше рет ауа жұтып, дем шығарды, ауыл ұстаханасының көрігі сияқты өз өкпесін сынап көрді, оның шуына, сырылына құлақ тігіп, төзімділігін байқады, содан өзіне-өзі сұрақ берді. Шыдай ала ма, шыдай алмай ма?
Сосын үш қайтара шоқынды. Өзі құдайға сенбегенімен, бұл жолы кәдеге асты, ата-бабамыздың жиі шоқынатынын жүрегі сездірді ме, әлде белгісіз біреуге сиынды ма, әлде өзін-өзі қатуландырып өзіне-өзі бата берді ме... – Уақыт болды. Үрдіс сүңгіп, бойындағы күшімен судың астында қалған батареяны аяғымен итеріп жіберді. Есікке тез жетті. Иығын жырып алып, оқушының пеналы сияқты тар дәлізге тырмысып шығып, қолын қабырғаға тіреп, демеген күйі, аяғын қайшылап дәлізді жүзіп өтті, сосын қолын ілгері созып, арқанды тастады да, қап-қара, кубриктегіден гөрі әлдеқайда салқын тұңғиыққа атылды. Бүгіліп жіберіп бірден жоғары сүңгігісі келді де, дер кезінде өзін-өзі ұстап қалды, өйткені басымен бортқа соғылатыны есіне түсті, онда есеңгіреп қалып, бірден батып кететін еді, сол себепті екі метрдей сырғанай жүзіп, Еділдің түбі қандай салқын және қандай қараңғы екеніне таңырқап қойды, – дәл курбиктегі сияқты бұл жерде көзге түртсе көргісіз тұтқыр қараңғылық, бірақ кубрик сандық сияқты бітеу, жан-жағы түгел дәнекерлеп пісірілген есіктен басқа бірде-бір саңылау жоқ, сондықтан да жарық онда есік ашылғанда ғана түседі, – ал мұнда ше? Неге Еділдің табаны, көмірдей қараңғы әлі? Неге олай? Пчелинцев бүгіліп, балықша епті қимыл жасады да, аяққолымен барынша үрдіс есіп, тастай қатты салқын қараңғы тұңғиықтан бірте-бірте алыстай берді, жоғары өрмелеп келе жатып, тамырындағы суыған қанның қалай қақалыпшашалып, газ қосқан су секілді көпіршіктене жарылғанын сезді, өкпесінде бірдеңе бүлкілдеді, шекесі қысып әкетіп барады... Шаншу басын түгел сақиналап алып, енді бұғанасын, білегін, қабырғасын, жон арқасын қысымға алды... Ал қараңғылық әлі бітетін емес, ол шексіз мәңгі сияқты. Қара сиядай тығыз түнек, сап-салқын қоюлық шамалы болса да сейілсе екен, бірақ сол шексіз қараңғылық жалғаса берді. Көзге түрткісіз, тұтқыр. Ал жоғарыда, сыртта қалай екен? Еділдің үстінде? Мүмкін, түн шығар? Сондықтан да қараңғылық сейілмей қойған болар? Егер түн болса, онда Пчелинцевке қиын тиеді – жағаға дейін жүзіп жете алмайды,
оған күші де, демі де жетпейді, оның үстіне өтіп бара жатқан алғашқы кездескен теплоход мылжа-мылжасын шығарады. Жо-жоқ, берілме Пчелинцев, берілме! Неге қараңғылық сейілмейді, неге? Өкпесінде мүлде ауа жоқ, торғайдың еншісіндей бейшара көпіршіктер ғана қалды, кеудесінде бірдеңелер бырт-бырт үзіліп быт-шыты шығып жатыр, сырқырай сыздап барады, бірақ бұл бұрынғы сыздағанға ұқсамайды, онан гөрі әлсіз, ұйқы шақырып маужыратып тастады. Бұл басқаша шаншу, басқаша сыздау, мұндайды Пчелинцев әлі көрген емес – бұл ажал хабаршысы. Жаны тоқырап, санасы әлсіз сансырап үміті сөне бастаған ол кенет «Лотос» шөккен тереңдік қалжыраған адам игеретіндей тереңдік еместігін ұқты. Демек, өлім бе? Шынымен өлім бе? Ал өзеннің үстінде құтқарушы катерлер жабдықтағыш кеме өзеннің қай тұсында шөгіп жатыр деп шарқ ұрып іздеп жүрген еді. Әзірше іздеуден ешқандай нәтиже шыққан жоқ, аман қалғандардың ешқайсысы түнгі соқтығыстың орнын дәл көрсете алмады. Оның үстіне тас қараңғы түнекте «Лотосты» зәулім биік танкер соғып, шіріп, түбі тот басқан кастрюль секілді суға батырып жібергенде, оны кімнің байқауға шамасы келе қойды дейсің? Борты сынған тұщы сулы баржаны бір қойнаудан тауып алды. Соққыдан қаусап қалғанына қарамастан, ол су бетінде нық тұр, бататын ойы да жоқ. Сүңгуір команда арна табанын мұқият сүзіп шықты, бірақ «Лотосты» таба алмады. Тағы да. Мұндай апат болған жерде әдетте, тақтай сынықтары, такелаж, бос қалбырлар мен канистрлер, ескіқұсқы шүберектер, төгілген солярка мен майдың дағы секілді із қалатын еді. Бәрі дұрыс, сондай із қалу керекті, бірақ Еділдің осы тұсының ағысы қатты-тын, су бұның бәрін, жан-жаққа ағызып әкетті де, «Лотосты» адамнан жасырған өзеннің терең тұсы қаймақтана тұнып жатты, дәл осы тұста апат болды деген ешбір белгі де білінбейді. Мұндағылардың бәрі «адмиралдық» деп атайтын командирлік катерде, кезінде шынында да адмиралды тасыса тасыған да болар, кейін ескіріп, соғыс крейсерінен
бұларға бөлінген болса керек, қарамағындағылармен бірге сүңгуірлер старшинасы, порт басшылары «Лотостың» шкипері, бір күнде бірнеше жас қартайып кеткен Колян Осенев, Пчелинцевтің әйелі Марьяна, жабдықтағыш кеменің командасы бар еді. Пчелинцев пен Ежов тірі қалды деген үміт аз болғанымен, әйтсе де ешқайсысы бұларды өлді деп сенген жоқ. Колян Осенев күректей үлкен жүндес қолымен сәнді жез тұтқадан ұстап Марьянаның қасында, біресе өзен түбіне, біресе жағалауға қарап, іштей күйзеліп тұр. Ол әлі де «Лотостың» болмашы ізін тауып алудан күдерін үзген жоқ. – Қап сайтан алғыр, мына қырсықты қарашы, а? – деп күйзелді ол жез тұтқаны қыса түсіп. – Мен кінәлімін ғой, мен! Мен ақымақ. Володька Ежовқа неге алмастыр дедім екен, а? Сол үшін енді өмір бойы опық жеп өтемін бе? Колян киіздей ұйысып қалған басын күйгелектеніп шайқай беріп еді, шкипер Колян Осеневке ақырып жіберді. – Аузыңды жап, мұрынбоқ! Қатын сияқты сонша неге егілесің. Сенсіз де жетісіп тұрған жоқпыз! Оқушы баладай құптаған кейіпте Колян тынши қалды. Ол тыншығаннан кейін шынында да жеңілдік орнады. Іздеудің он сегізінші сағаты өтіп жатты, ал «Лотостан» әлі хабар жоқ. Пчелинцев әйтеуір аман қалды. Бәрінен күдер үзіп, жаны мұрнының ұшына тіреліп, есі ауытқи бастағанда, осы жаздың ең соңғы күні терең өзеннің түбінен су бетіне жүзіп шықты. Ол ағаштан секірген тиын сияқты, аяқ қолын ербеңдете созған күйі, ытқып шықты да, басын әзер қимылдатып, аузын әзер ашып ауа қармап, су бетіне сұлай кетті. Сосын әрең дегенде, ең соңғы күшін салып шалқасына аунап түсті де, ағыстың ығымен, толқынмен жарыса, ісініп кеткен қолын әрең-әрең қимылдатып, тек суға батып кетпеуді ойлап, төмен қарай жүзіп кете барды. Бүгінгі күн ашық еді, судан көтерілген бу тұмшалап тастапты, бұлыңғыр. Жағада бірдеңе ербиеді, мүк пе, жоқ әлде жүзіп жүрген тамыз айының қоғасы ма, иә бу ма, жалпы
әйтеуір өзенге түсе беріс тіп-тік, жар құламалы қалтарыс, көмескі көрінетін түсініксіз бірдеңе. Егер ол жағаға жеткен күннің өзінде мұндай тік жардан шыға алмайды. Ең дұрысы, оны мүлде игере алмайды. Әлдебір алыс планета ма, жоқ бұлт па – бірақ ол бұлт болса да, түсіңе де кірмейтін ерекше заңғар биікке көтеріліп, тіпті бұлтқа ұқсамайтын күннің өзін жартылай кеміріп, қақ бөліп тастаған шуақты сәуле түсіп тұр. Пчелинцев бағына қарай, кез келген теплоход оп-оңай басып кететін арнаның ортасынан емес, оның оң жақ шетіне қойған дүкеннің арзан қалтқысына ұқсас, бүлдіргендей күрең қызыл буйдан1 он бес метрдей жерден шықты. Осы маусымның басында бұл қалтқыны бір кезде Пчелинцев өз қолымен қойған еді. Ал енді сол буйға қарай аяқ-қолын шалпылдатқан күйі жүзіп келеді. – Е-е-хе, – деп қырылдады Пчелинцев әлсіз ғана, дауыстауға шамасы келмей, өйткені ісініп кеткен тілі аузына сыймайды. Бет-аузын іріңді қабыршықтар жауып, аратұра шекесінен, жағынан дымқыл жаралар ойдым-ойдым сыдырылып түсіп қалған, көнтиген қабақтары теріс айналып кеткен, бірақ Пчелинцев әйтеуір тірі еді. Тірі. Қолы қалтқыға жармасып, оратыла кетті. Көзі батар күннің әлсіз сәулесіне шағылысып, өзен түбінде орнаған түнек пен қапастан басқа ештеңе көрмей, тілі икемге келмей, ол тағы да қырылдады. – Е-хе-е, – құстың шырылына ұқсас түсініксіз дыбыс, шымырлап жатқан су бетіне қайта жайылды. – Е-х-ее! Дәл осы кезде тұсынан өтіп бара жатқан катерді әбден есеңгіреп, мыж-тыжы шыққан Пчелинцев естімей де, көрмей де қалды. Түтін басқан кешкі аспанға тұнжырай көз салып қойып, жартылай есеңгіреп жатқан бекірелерді астау қайыққа тиеп тұқырта тіркеп алған күйі, дарылдаған моторы қақалып-шашалып ағысқа қарсы әрең жүзіп барады. Катердің арт жағында тіпті су түбінен де анық көрінетін сарғыш желет киген балықшы, қолдан ораған темекі шегіп отыр еді. Күтпеген жерде темекісін суға лақтырып жіберген ол мазасыздандырған әлдебір дыбысқа құлағын тігіп, сол жаққа жалт бұрылды. 1 Буй – суға қойылған қалтқы белгі.
Кенет ол қалтқы жанынан, суға кеткен өліктің жүзіндей қуарып кеткен адамды көрді. Ең қорқыныштысы – суға батқан өлік тірі еді, аузынан қыстыға қырылдаған дыбыс шығады. – Е-е-хе! Балықшы рубкаға қарай атылып, есікті жұлқи тартып қалды да, жалма-жан жүргізушіге айғай салды. – Тез тоқтат! Суда адам бар! Осы «Борттың сыртында адам бар» деген сөзге бүкіл теңізшінің бұл үрейлі дабылы қай тілде айтылмасын, өздерінің қалыптасқан шарты бар – барлық жұмысты түгел жиыстырып қойып, суға кеткенді құтқару керек. Және мұндай кезде, ғафу етіңіздер, даңқты қала Астрахань үшін әкеле жатқан астау қайықтардың ішіндегі бірнеше центнер қымбат балықтардың құны бес тиын. Ағыс катерді ағызып әкетіп, қайықтары бірімен-бірі соқтығысып төңкеріліп кетуі мүмкін, сол кезде есірік бекірелер бірден тіріліп, өздерінің су астындағы мекеніне қарай кетеді, оған да қарамайды, мұның бәрі «Борттың сыртында адам бар» деген бір-ақ сөздің қасында түкке де тұрмайды. Шағын катер мазасыздана дыбыс берді, рульдегі адам артқа шегінгенге шейін, сарғыш желеттегі балықшы суға қойып кетіп, «Суға кеткен адамға» қарай епті қимылмен, құлаштап жүзе жөнелді. Катердің бір түкпірінен тағы бір қызғылт-сары желетті адам атып шықты, шамасы, ол кубрикте демалып, немесе масалардан қорғанып жатса керек. Қайықты ағытып алып, ішіне қос ескекті лақтырып тастады да, соңынан қайыққа өзі секірді. Катердің алдынан орағыта өтіп, қалтқыға қарай тартты. – Ойпырмай, қалай батып кеткен, а? – ерінді келген әлгі жасөспірім жігіт жіңішке дауыспен күбірлей жөнелді. – Мына қырсықты қарашы. Қалай болды екен, а? – Онан да көмектессеңші, – деп айғай салды судағы балықшы. Ескекші бос сөзді доғара қойып, Пчелинцевті қайыққа шығаруға жәрдемдесті, басын жоғары қаратып, желкесі орындыққа тірелетіндей етіп жатқызды. Желкесіне батып
кетпеуі үшін, астына біреудің қайықта жатқан резеңке етігін жастады. «Суға кеткен адам» ернін жыбырлатып, түсініксіз бірдеңелерді міңгірледі. Бұған ескекші сақал-мұртсыз бетін мүсіркей қисайтып жіберіп, аянышпен жауап қайтарды. Суда тұрып «суға кеткен кісіні» қайыққа шығаруға көмектескен балықшы, өзінің ықшам денесін борттан серіппеше кері лақтырып жіберіп, серігіне зекіп тастады. – Ақырын! Кісіге мұрша берсеңші... Көрмейсің бе, бірдеңе хабарлағысы келеді. Пчелинцев ернін қайта қыбырлатып, әлсіз ғана. – «Лотостанмын»... «Лотос» бұдан он бес метрдей алыста жатыр. Ішінде тағы бір адам қалып қойды. Әлі тірі... Құтқару керек, – дейді. Аға балықшы орнынан атып тұрып, күйгелектеніп, қолын бұлғап, катердің рулінде тұрғанға белгі берді де ашына айғай салды. – Рациямен тез қаламен байланыс. Мынау «Лотостан» шыққан адам. Күйбеңдемей, тез қаланы шақыр, «Лотоста» тағы бір адам барын хабарла. Тұншығып өлмей тұрғанда оны шығарып алу керек. Кеме басқарушы шала бүлініп, әбігерге түскені, рация трубкасын құлағына қыстырып, шақыру тиегін қалай шықылдатқаны қайықтан көрініп тұрды. Ал аға балықшы бетінің суын қолымен сүртіп тастап, Пчелинцевке есіркей қарады да, жігерлендіре көзін қысып қойды. – Сен, батя, шыда. Атаман боласың. Қиналдың ба? Рубкадан кеме басқарушы басын шығарды. – Қала қосылды! Аға балықшы орнынан қайта атып тұрып, жоғарыда қалықтай ұшып, содан енді қайық ішіне шүйіле бастаған құстарды, бажылдай айқайлап үркітіп жіберді. Олардан сәл көз жазып қалсаң, дереу бекірелердің көзін шұқып тастайды. – Әлгілерге жеткіз, шығанақта босып жүрген сүңгуірлер мінген катерлермен байланыссын. Олар мұнан екі шақырымдай жерде, төменде. Катерлер осында келсін. «Лотос» осы тұста, қалтқыдан он бес метр жерде, – саусағымен ашық қызғылт түсті қалтқыны нұсқады. –
Осында ол! – Пчелинцевке еңкейді. – Тіркеме осыдан алты шақырым жердегі қолтыққа тіреліпті. Соқтығыс сонда болған деп есептеп, «Лотосты» сол маңнан іздеп жүр. Сөйтсе, «Лотос» осында жатыр екен ғой. Балықшы қалтқыға қарады. Пчелинцев ернін қайта қыбырлатып, түсініксіз бірнеше ауыз сөз айтты, сосын анық та айқын сұрақ қойды. – Қарашы, аяғыма не болған? Аға балықшы еңкейіп, Пчелинцевтің ісіңкі аяғына қарады, суы кеппеген жансыз терісінің кей жерлері ағарып кетіпті, дөрекілеу сөйлеп бұрынғысынша гүж ете қалды. – Несі бар? Кәдімгі аяқ. Қазір барып краковяк билесең де болады. – Ештеңе сезбеймін. Аяғым семіп қалғаннан сау ма? – Басылуы керек, – деп мәлімдеді балықшы сенімді түрде. – Сені ғой, бауырым, дәл қазір су камерасына апарып сала қойса, безгек ұстап алмауың үшін, бірақ ол бізде жоқ қой, құрып кеткір... Сондықтан шыда. Кешікпей басылады. Бір сағаттан кейін-ақ қызыл қалтқының қасында бес кеме қаз-қатар тізіле қалды. Алақандай жерге қалай сыйып, бір-біріне кедергі жасамай қалай жұмыс істегені тіпті ақылға сыймайды. Мегафондар жарыса шаңқылдап, прожекторлардың өткір сәулелері қара судың бетін айқыш-ұйқыш тілгілеп жатыр. Прожекторлар бір жарым метр тереңдікті ғана көрсеткенмен, бәрібір әрмен қарай бара алмады. Машиналардан шыққан майлы түтін ауаны одан сайын былғап, жұрт өзара мазасыздана даурықты. Төрт кісіден тұратын сүңгуір командасы тереңге сүңгуге дайындалып жатыр. Адамдардың қимылында, прожекторлардың жарқылында, двигательдердің сабырлы гүрілінде, темірлердің салдыр-гүлдірінде өткен соғыстың бір сарыны сезіледі. Астраханьнан, жүк айлақтары орналасқан жоғарыдан, екі кран – самоход жүзіп келді, бірі қырық тонналық та, екіншісінің – елу тонналық жүк көтеру қуаты бар еді. Жұмыс жүріп жатты. Бірақ кешке қарай жел күшейіп, құтырынып кетті де, жағдай қиындай түсті. Алғашында
шымырлап қана жатқан, тып-тыныш әрі қауіпсіз су беті, қазір буырқанып, тіпті қатая түскен. Шоғырланған кемелердің бүйірін ақ жал толқын екпіндете келіп долдана соғады. Қысқасы, дауыл келе жатты, қайткенде асығу керек еді. Сүңгуірлер су түбіне сүңгіп кетті де, көп кешікпей біреуі қайтып оралды. Оның алдыңғы жағында әйнегі бар космостық костюмнің шлемі секілді домалақ мыс «кәлләсін» бұрап алып еді, ол «Лотосты» бірден тапқандарын, кеменің төңкеріліп жатқанын, төменде көзге түрткісіз қараңғы екенін хабарлады, – тіпті өз саусағыңды да көре алмайсың – көбірек жарық түсірсе дұрыс болар еді... Бірақ мұның бәрі ең негізгімен салыстырғанда, ұсақ-түйек қана. «Лотосты» қай жерінен, ілмек-тұтқадан ілуге болады, астынан қалай трос өткізеді? Шамасы, бір кездері кемені жасағанда, оның су түбіне шөгіп қалатынын ойламаса керек, еш тұлдырсыз қалдырыпты. Тағы бір қиындығы – кеменің салмағы едәуір ауыр еді. Жер табандағы желімдей жабысқан ұйықтан осы салмақты шығарып алуға қос кранның – қырықтық пен елуліктің шамасы келер ме екен? Жүздік – крандар дәл қазір Астраханьда жоқ еді. Ал «Лотосты» қалай болғанда да дереу жоғары көтеру керек. – Тек абайлап көтеру керек... «Лотос» бір миллиметрге ауытқымауы керек, – деп ескертті Пчелинцев, өзін шапшаң жүретін катердің палубасына жатқызып, Астраханьға әкеткелі жатқанда. – Әйтпесе Ежовтың шаруасы бітеді. – Ауа қапшығы ма? – деп түсіне қойды катермен бірге бірінші жеткен сүңгуірлер командасының старшинасы. – Дәл өзі. Және... – сырыл аралас жөтелге тұншыға бастаған Пчелинцев мазуттың майына былғанған қолын ербеңдетті. – Асығу керек. Қапшықта ауа аз қалды. Иә, төңкеріліп түскен жабдықтағыш кемені өзен түбінің қатерлі суығынан, Еділдің тұңғиық қараңғылығынан мейлінше тезірек шығарып алу керек еді, бірақ сонымен қатар тым асығуға да болмайды. – «Лотосты» өзінің осы қалпынан бірде-бір ауытқымайтындай етіп көтеру керек. Пчелинцев ескерткендей, әйтпесе машина бөліміне
құйылған су шайқатылып, ауа қапшығын жарып жібереді де, Ежов тұншығып өледі. «Лотостың» бүйірінде бірде-бір ілмек, иә тұтқа жоқ екені өзімізге мәлім, сондықтан бұл мәселе басқасынан гөрі қиын еді. Сондықтан тросты жылтыр жерінен бастыра тартуға тура келеді ғой, егер бір ұшы сәл ғана сусып сырғанаса болды, онда «Лотос» тайып құлап кетеді де, толқын онда машина бөліміндегі ауа қапшығын бәрібір жұтып қояды. Сол себепті кемені жоғары көтермей, судың астымен жылжытып жағаға, – дұрысы, лайлана сарғыш тартып жатқан ұзын құмдауыт құламаға, жағалаудағы қайраңға сүйретіп әкелу керек. Марьяна келмей тұрып, Пчелинцевті катермен ауруханаға әкеткен еді. «Лотостың» аға механигін безгек ұстап, мүгедек болып қалмауы үшін шұғыл шара қолданып – жүрегін, өкпесін, бауырын, қанын, дәрігерлер қажет деп тапқан барлық мүшесін тексеру керек болатын. Марьяна қазір жабырқау. Көзі бұрынғы нұрын жоғалтып, тұнжырап кеткен, ұйқысыз өткен түннен кейін қабақтары ісініп, ерні солып, жағы суалып, тауы шағылып қалған. Порт диспетчері телефон арқылы айтқан, өмірі ұмытылмайтын суық сөздер миында қайта жаңғырды. Сұмдық суық сөздер, оны құдайым басқаға естіртпесін. Судың бетіне жүзіп шыққаннан соң екі сағаттан кейін имек-балдақ сүйенген, құлағы әлі жартылай шала еститін, бет-аузын шандып таңып тастаған, шаршағаннан екі көзі шүңірейіп кеткен Пчелинцев ернін жымқыра тістеніп, «адмирал» катеріне қайта келді, өйткені оның мұнда көмегі қажет еді. Пчелинцевтің қасына бір дәрігер мен санитарка еріп жүрді. Ол палубаға көтерілген кезде, көз алмай қарап қалған Марьяна тұра жүгіруге оқталып еді, бірақ жақындай алмады, өйткені «Лотостың» аға механигін жұрт бірден қаумалап қоршап алды. Ең алдымен шкипер жетіп келіп, сыбырлай сөйледі. – Мүмкін болса кешіре гөр, Сергеевич. Бәріне мен кінәлімін...
Шашын ауруханада ретке келтірген, дембелше денесін әлсіз аяқтары әзер көтеріп тұрған жайсаң жан Пчелинцев, келіскен сыңаймен қолын бір-ақ сілтеді. – Жарайды, әңгіме онда емес... Ежовты құтқару керек. Халі нешік? – «Лотостың» астынан трос байлап жатырмыз, – деп жауап қайтарды сүңгуірлер старшинасы. – Түбін мұқият тексеріп шықтыңдар ма өзі? Тегіс пе екен? – Құламаның нақ өзіне шейін сүзіп шықтық. Сүрінетіндей ештеңе жоқ сияқты. – Старшина Пчелиниевті бастанаяқ мүсіркей шолып шықты. – Неге түрегеп кеттің, а? Ауруханада жата тұрмадың ба? Өзіңді-өзің бүйтіп неге қинайсың? – Әзірше ауруханада жататын жағдай жоқ. – Пчелинцев болар-болмас күлімсіреп еді, жанарына өкініштен көлеңке ұялады, – серігімді құтқарып алайын, сосын аурухананың ақ төсегінде екеуміз бірге жатамыз. Басын төмен салған шкипер бүгжиіп қасында тұр. – Жігіттер, сендердің обалдарыңа қалдым, – деп ол ескі әуеніне қайта басты. – Танкердің астына түсіп, не қара басты мені? Ғұмыр бойы жүзіп келемін, жасым да келіп қалды, бірақ ешқашан бұлай болып көрмеген еді. Пчелинцев шыдамастан: – Өткен күндер есеп емес. Омақасу үшін жалғыз қателіктің өзі жетіп жатыр, – деді. Сол қателік осы жолы түбімізге жетті... Балдағына сүйеніп, жанына батқан азаптан бетін тыржитқан Пчелинцев, Колян Осенев тұрған бортқа қарай бір аттады да, сосын тұтқаға сүйене кетіп, алдындағы қорғасындай қара сұр тұңғиық суға қарады. Дегенмен адам мүмкіншілігінің шексіздігін ойлады. Небәрі осыдан екі сағат бұрын ол өлімді мойындап, іштей өзіне жақын, қимас адамдарымен қош айтысып та үлгеріп еді. Әйтсе де шалажансар күйі өзеннің бетіне жүзіп шығып, есінен танса да ағыстың үстінде қалқып тұрды. Сол екі арада көзіне ажал елестеп, бәрі бітті, құрыдым деп ойлағанмен бәрібір аман қалды. Ал енді, небәрі екі сағаттан сәл астам уақыттың ішінде, үсті-басының сау тамтығы қалмай жараланған,
тұла бойы қан қақсаған ол аяғынан тік тұрып, міне, енді «адмирал» атты катерге де өз аяғымен жетті. Және де өзіне опасыздық жасаған адам үшін... Жоқ, шынында да адам мүмкіндігі шексіз екен. Біреудің ұрлана қарап тұрғанын сезген Пчелинцев, жалт бұрылды. Марьяна екен. Ернін ауырсынып, зорлана жымиды, – іштей – міне, тағы бір сынақ туды деп ойлады. Марьянаның жүзін бір есептен көргісі келіп ынтықса, екінші жағынан жүздесуден қашқақтады. Егер шынын айтса, онсыз бұл өзін сабырлы да, батылдау сезінер ме еді, қайтер еді. Әйтпесе Марьянаның алдында біртүрлі төменшіктеп, тауы шағылып, қипақтап қалады. Пчелинцев белін жазып, бұрқылдап жатқан судың бетіне қарады, шымырлаған су бетіне көпіршіктер шығып, жарылып жатыр – бұл сүңгуірлердің жұмыс істеп жатқанының белгісі еді. Марьянаның басы айналып кетті, оның үстіне Колян Осенев мұнан көз алмастан бақылап тұр, аға механик енді болмаса талып түседі деп ойласа керек, сондықтан да ол Пчелинцевті сүйей кету үшін сақадай сай тұр. – Сен маған бүйтіп қарамашы, Колян, – деп ақыры күңк ете қалды ол Осеневке наразылық білдіріп, – мен о дүниеден қайтып келсем де, құдайға шүкір, әзір тірімін. Аяқ-қолым аман. Міне, қосымша, үшінші аяғым тағы бар. Сүйеніш ететін, – ол балдағымен палубаны түртіп қалды. Жүзіне уайым табы ұялаған Колян теріс айналды. – Амансың ба, Сергей! Марьянаның үнін естіген Сергей жасқана басын изеді, балдақ ұстағанына, өзінің әлсіздігіне, умаждалған түріне ыңғайсызданды. Еркек емес, әйтеуір бір шалажансар мүсәпір жан сияқты. Әйел алдында қай еркектің бейшара болып көрінгісі келеді? Пчелинцев те бұл мәселе жөнінен солардан ерекше емес. Балдаққа бар салмағын салып еді, ауырсынғаннан айғайлап жіберуге шақ қалды, кешкі мұнар бұлыңғырлана көсіліп, көз алдында көсіліп жатқан өзен жағасына төменнен гөрі катерден көлбеулеу көрінетін тіп-тік жартастарға қарады.
– Әбден азапқа түстің бе, Сергей? – дейді Марьяна ақырын ғана. Пчелинцев басын бұрып еді, іштей күйзеліс пен күйінішке толы Марьянаның көзімен көзі түйісіп қалды. Бар күйініші Пчелинцевке бағышталғандай. Соны бірден ұққан «Лотостың» аға механигінің жан дүниесі құйындай ұйытқып ала жөнелді де, өткенді ұмытып, жылы сөз айтуға оқтала беріп еді, бірақ ту сыртынан Колян Осеневтің қисынсыз жерде шыға келгенін сезіп қалды. Содан бұл әлгі әрекетін кілт тежеп, тіл қатудың орнына тек басын изеді де қойды. Сосын иығының үстінен Колянға көз қиығын тастап: – құдай үшін, бізді оңаша тастап кетші, – деп жанарымен жалбарына ишарат білдірді. Оның көзқарасын өзінше түсінген Колян. – Мүмкін, темекі тартарсыз, Сергей Сергеевич? – деді. – Рақмет, тартпаймын. Тартпайтынымды өзің де білесің ғой, – деді іштей кейіп. – Кеше үйдегі айнамыз еденге түсіп, быт-шыты шықты, – деді Марьяна. Пчелинцев біздің деген сөзді жадына сақтап, егер кешегі қырсық, алатопалаң болмағанда, бұл сөздің айтылуы екіталай еді деп ойлады. «Біздің» дегені яғни Марьяна мен Пчелинцев екеуміздікі дегені, өйткені әзірше шаңырақтары бір ғой, екеуіне ортақ, бірақ мәселе онда емес. – Өзінен-өзі жерге ұшып түсті. Күл-талқан болды. Мен қатты шошыдым, сынған айна – жаман ырым ғой, – деді Марьяна. – Міне, сол ырымың іске асты енді, – деп ақыры үн қатты Пчелинцев. Марьяна кеше осында келгенін айтқысы кеп тұрды да, бірақ Пчелинцевке ауыр тиер деп ойлап, өзін-өзі ұстап қалды, жоқтан өзгені іліп-шатып асығыс сөйлей бастады. Оның қазіргі күйі Пчелинцевке белгілі еді. – Сен Марьяна анау жақта, маған екі мәрте, – деді Пчелинцев Марьяна сөзін аяқтап, үнсіздік орнаған кезде иегімен Еділдің тұңғиығын көрсетті, – екі мәрте аян бердің. Жұтқыншағын жоғары-төмен ойнатып, аз-кем үнсіз қалды.
– Елес сияқты. Оллаһи. Егер сол елес болмаса – шаруам біткен болар еді. Оның да, – ол басын қайта бұрып, иегімен суды көрсетті. – Сен тек сол үшін ғана катермен осында қайта келдің бе? Басқа себеп жоқ па? – деп сұрады Марьяна ақырын ғана Пчелинцевтің аузынан шыққан сөздердің өлім мен өмір туралы, адамға ең қымбат, ең қасиетті ұғым туралы екеніне қарамастан, соншама қарапайым, әншейін ғана айтылғанына қайран қалып. – Басқа себеп жоқ – деп кесіп айтты Пчелинцев. – Жұдырықтай түйіліп, темірдей берік бол, – деп айта салу оп-оңай ғой... – Ежов қолымен қарысып қалған жағын уқалап, саусағын шекесіне апарды, тамырының әлсіз соққан бүлкілін тап басты да, осы бір болмашы бүлкіл іштей аяныш тудырып, іші-бауырын түгел қалтыратып жіберді. Өзіне-өзі жаны ашып, басына түскен ауыртпалықтан тістеніп алған Ежов, мұны балықтарға жемге тастап, өзі бір қуыс тордан жол тауып қақпаннан құтылып кеткен Пчелинцевті көре алмастан сыртынан әбден сыбады. Басын енжар шайқап, ыңырсып жылап жіберді. – Өй, оңбаған Пчелинцев, ит екенсің, – деп өзін-өзі аяп кетіп иығын қиқаң еткізді. Бірақ ұрыстың не, ұрыспадың не үміт біреу-ақ, ол – сырттан жәрдем тосу. Пчелинцевтің мына тордан амалын тауып құтылып шыққанына іші өртенген Ежов, – біреу денесіне шеге сұғып жатқандай, қызғаныштан онан сайын әлсірей түсті. – Өй, иттің баласы, өй, оңбаған ит... Бар иә, жоқ боларыңды, аман қалып, немесе өлеріңді білмеуден, бір сағаттан кейін, екі, үш, бес, бір тәуліктен кейін алдыңда не күтіп тұрғаны беймәлім, белгісіздіктен жаман мына жалғанда не бар? Осы бір үрейді тұмылдырықтау үшін өзін-өзі алдарқатып, бір ермек табу керек еді. Ол бұрын құлаққа шалынбаған бір тосын дыбыс шығар ма екен деп, айналаға құлағын тікті. Жоқ, ештеңе естілмейді. Тек қана кеменің қабырғасына тиіп жатқан судың дыбыссыз ағысы, әрлі-берлі жосып жүрген су жәндіктерінің, алуан түрлі балықтардың қозғалысы, дизельден тамып тұрған майдың
маңқа шолпылы естілді. Онан бөтен бірде-бір дыбыс жоқ. Демек, көмек әлі келмеген. Мүмкін, мүлде келмейтін де шығар, сірә? Ол өзінің Волгоградтағы алаңсыз өмірін есіне түсірді, осы ойына жармасып, үсті-басына шаң жуытпай мұны мәпелеп өсірген еңбекқор момын шешесін есіне алды, егер ұлына қауіп төнсе, тіпті ол өз кеудесін тосуға даяр еді, кейкейде баласы үйге таяқ жеп келсе, арашалау қолынан келмей қалған ол түні бойы еңіреп жылап шығатын... Алайда мектеп жасында қияр ұрлап, біреудің бақшасына кім түспеді дейсің, екі қолтығына қос қарбыз қысып алып қаша жөнелгенде артынан қарауыл атай заманғы мылтықпен басып-басып қалғанда етпеттеп жата қалмаған бала бар ма? Егер тура саған қарай көздеп жатса, атай пілтесін тұтатқанша, оңтайлы сәтті дәл тауып жата қалу керек, әйтпесе балықшының ащы тұзы «бесінші нүктеңе» тиіп, біржола майлы жеріңе сіңіп кетеді... Бұл бәріміздің басымыздан өткен... Ежовтың да... Ежовтың басқа да көргені бар. Мысалы, жалаңаш сайға жорық кезінде көрші үйдегі бесінші сыныптың бір оқушысы ескі минаға түсіп өлді. Ежов мина қопарылысының қандай екенін, баланың қанына шыланған топырақтың қандай қорқынышты екенін әлі ұмытқан жоқ. Сонан кейін олар жалаңаш сайға баруды қойды. Ең соңғы минаны таяуда ғана, жоғары вольтты линия тартып жатқанда тауып алыпты деседі. Ал бір жолы шөп басып кеткен ескі окоптан бұлар тісі маржандай тізілген бір бас сүйек тауып алды – шамасы, қаза тапқан солдат жап-жас болса керек, бұл бас сүйек кімдікі екенін ешкім ажырата алған жоқ, біздікі ме әлде немістікі ме? Кейін беделін салып біреу шықты, бүкіл жарық дүниеге әйгілі антрополог Герасимовтың айтуы бойынша, бұл бас сүйек – немістікі екен... Біріншіден, бас сүйек табылған окоп, бір-ақ жаққа, Еділге қарайды да – екіншіден, биіктеу орналасқан. Демек, мұнда накат, бруствер болған, фрицтер осы окопта отырып, автоматтың ұңғыларын Еділге көздеген, біздің адамдар, фрицтерге арқасын беріп отыруы мүмкін емес. Ал, екіншіден, бұл бас сүйектің тісі аса күтімді екен
– орыс мұжығының немесе аузын сабын жағып саусағымен ғана тазалайтын қайсыбір ауыл жігітінің мұндай ақсүйекке тән тісі болуы екіталай. Қысқасы, бұл бас сүйек – немістікі. Дәлел әсерін тигізіп, бұлар ол бас сүйекпен құмардан шыққанша футбол қуды. Осында әлдебір себептермен келіп қалған екі жұмысшының, сақалы қауғадай, қасының астында майда қорасан дақты көкшіл тыртығы бар жирен біреуі: – Ақымақтар! – деп ақырып қалып еді, көкшіл тыртығы бірден түтігіп шыға келді, ал беті күреңітіп, күйген кірпіштей өртеніп кетті. – Бұл неміс болмауы әбден мүмкін ғой. Өзіміздікі шығар. Біздікі! Сендер түсінесіңдер ме осыны? Бұл траншеяларды біз талай алған едік қой, сұрапыл қоян-қолтық ұрыс болғаны соншалық, окоптар өлікке толып кеткен. Осыны ұғасыңдар ма, сендер, ақымақтар? Жұмысшылар бас сүйекті тартып алып, жерге көмді де, үстін тесік-тесік плитасымен бастырып қойды. Мүмкін, кейін мұны жерлеуге тура келетін шығар деп, бұл өздерінше қойған белгілері еді. – Оңбаған Пчелинцев, алдап кетті, – деп күбірледі Ежов ойланбастан, әрең естілердей, ернінің қатайып, икемге келместен, мұздап қоя бергенін сезіп. Ол қап-қара суға толы машина бөлімінің қаншалықты суық екенін, сірә, енді ғана сезді, өңменінен өтіп барады. Еділ тұңғиығының табиғаты қатал, оған ешбір талас жоқ. Сол кеткеннен мол кетті, әлі хабар білінбейді. Не болды екен? Неге кеменің сыртынан бірде-бір иттің баласы тықылдатпайды? Ол үні қарлыққан баяу жүрісті шабан баржаның жоғарыдан қақалып-шашалып өткен дыбысын естіді, жағалаумен мұндайды оп-оңай басып озасың, бүкіл құрылысы тозып, жарамай қалған, соңғы күнін өткізуде. Көп ұзамай бұл баржа сындыруға жіберіледі. Сосын бәрі басылып, тек сірке қышқылындай өткір де зәрлі бір зыңыл құлағына шыңылдап тұра берді, ол миын шайқап, қайдағы бір жаман ойлар туғызуда. Міне, қазір де кенеттен шекесін түйреп, басын мұздай темір құрсаумен сығып тастағандай болды – жоғарыдан өткен баяу жүрісті баржаның движогы ең соңғы күшін салып шегіне жеткенше жұмыс істеп тұрғанына қарамастан дыбысы әрең естілді. Өйткені
машинада ол кезде тарсылдың қаттылығы соншалық, тамақтың астынан тұмшалап, құлағыңды бекітіп тастайтын, танкистердің арнайы шлемін кимейінше дизельге жақындай алмайтын жәйттер жиі кездеседі. Егер абайсызда бара қалсаң, құлағыңның жарғағын жарып, есеңгіретіп тастайды, өзінің шақұр-шұқырымен кісіні шүберектей бозарып кетуге мәжбүр етеді. Осы тарсыл-тұрсыл дизельге солярка орнына құсып кеткен шай немесе қарақұмық ботқа құйғандай, сыбыр болып, Ежовқа әрең-әрең жетті... Есі шыққан Ежов алдымен алақтап солға бұрылды, сосын оңға, егер өзінің қазіргі ұсқынын қара сиядай мына түнекте айнадан көретін болса, танымас еді: көзі шүңірейіп бас сүйегіне кіріп кеткен, жанарының нұры біржола сөніп, көлеңкеден тұнжырай сығыраяды, мұрны орақша имиіп, қарақошқылданып, адам шошырлық қалыпқа еніпті. Ықшам қастарын ыс басып, үстібасының бәрі май дақтарына былғанған. Жаппай теміреткі басып кеткендей, еріндері қабысып, қисайып, қатайып кеткен, көмірдей, тіпті ептеп өліктің ерніне келеді – оңып тұрған жоқ. Егер баржаның соншама қатты дыбысы бұған әрең-әрең жеткен екен, демек, мұндағы тереңдік отыз метрдей, онан кем емес... Осы отыз метрді Пчелинцев еңсере қойды ма, тұншығып өлсе керек. Міне, қалай-й? Пчелинцев жоғарыға жете алған жоқ. Ежов ышқынып, тұншығып, адам шошырлықтай қайта ыңырсыды, оңды-солды теңселіп кетті де, ауырсынғаннан ойбай салды – тақтайдың үстінде қимылсыз отыра беру оны бір уыс етіп, сірескен сүйектерінен жан кетіп, бөтен болып қалды, енді жай қозғалыстың өзі есінен тандыра жаздады, әдеттегі қозғалыстың өзі жанын көзіне көрсетті, бұлшық еттерін қысып, езе бастады, оларды талшық-талшық қып айырып, қауіпті сүйек жаңқалары ішкі жағына тікендей қадалады. Арқасының қанағанын сезді, жіңішке ізбенен тарамдана түсіп, күйдіріп жіберердей төмен сорғалады. М-м-м деп ыңырсыған Ежов, көп кешікпей Пчелинцев секілді жарық дүниемен, мына өмірмен, өзіне ең қымбат адамдармен, туған шешесімен, «Огонек» журналынан көрген француз суретшісінің туындысындағы күн нұры
аспанды нәп-нәзік қызғылт түске шомылдырған кездегі жүрегіне ет жақын жуас шапақтармен қош айтысуға тура келеді. Суретшінің фамилиясы есінде қалмапты, ал бояулардың аттарын, дәлірек айтқанда, картиналарды тудырған борлы қарындаштардың түр-түсін ұмытқан жоқ, адам күлерліктей соншама ерсі аталады – пастель. Ал кенепке түскен пастельдің бояуы біркелкі тегіс, нәзік, жаймашуақ, тып-тыныш еді, мұндай бояу Ежовқа ұнайтын. Туған жермен, оның аңғары мен төбелерімен, құмдауыт бөктерлерімен, мөп-мөлдір сыршыл бұлақтарымен, өзінің сүйікті әйелдерімен, ең соңында – жанары нұрлы, балғын денелі Марьянасымен – Ежовтың соңғы табысы еді, соған тоқтағысы келіп, бәріне нүкте қойып, тағдырын біріктіруге бел байлаған болатын. Марьянаның мұнан үш жас үлкен екеніне түкіргені бар ма – әлем тарихында онан да өрескел некелер болған. Бірақ, міне, жазмыш оны қош көрмеді. Беті тіпті қисайып кетті. Басына жаңа күдік келді, кенет өз әйеліне ие бола алмаған кәрі қақпас Пчелинцев, әйтеуір аман шығып, бірақ жұмған аузын ашпастан, қазір бір жайлы да тыныш түкпірде жамбастап жатып, сірескен аяқтарын жылытып, бал арақтан сыздықтата ұрттап қойып, Еділдің қызыл балығын жеп, рахатқа батып отырған шығар. – Нағыз ит екенсің сен! – деді Ежов ыңырсып. – Егер мұныңды бұрын білсем ғой, тек қана Марьянаны емес, бүкіл таныс қатындарыңның бәрін, бір де біреуін қалдырмастан тартып алған болар едім, әй, х-хайуан! – бір секунд қалай өлетінін көз алдына елестетіп, жаралы беті мелшиіп қатып қалды. Ежовтың халі тіпті нашарлап кетті, аузындағы сөзі түгіл іш құрылысы түгел қатып, семіп, белгісіз бір қатты сызатқа айналып кеткендей. Суық тек сыртыңды қарып, құмырсқаша шағып жатқаны мейлі ғой, ал мұнда қақаған аяз іші-бауырыңды жаппай тыртыстырып тастағаны соншалық, жүрегі мұздап тоқтап қалған сияқты. Тек суық қана емес, аштық та қоса титықтатып тастады. Ежовтың көз алдында тұтқыр, көзге түрткісіз, трюм қараңғылығы тұрып алды, міне, қандай тас қараңғылық... Іші тартылып, қабырғасына жабысып қалған, сол арқылы
омыртқасын жеке-жеке оп-оңай санап шығуға болады. Аштықтан, қападан итше ұлығысы, жарық дүниені ең соңғы боқтық сөздермен балағаттағысы келді. Көз алдында шайтандар секіріп, жасыл зеңнің ішінде тырбаңдап билей бастағанда, ал аштықтан кеудесінің асты, өкпесі қабысып, құстың ұясындай құрғап кеткенде, асқазаны тіпті шыдатпай әкетіп бара жатқан соң, Ежов қолымен қоймалжың суды көсіп алып ұрттады, ал тілінде, тісінде тұрып қалғандарын, – жағын қимылдатып мұқият шайнады. Сосын жұтып жіберді. Тамағына тікен қадалғандай шашалып қалды, көзінен жас ытқып, танауы ашыды – ол тап-таза мұнайды шайнап, машинаның майын жеді. Тағы да жұтты. Алақанына қайта су толтырып, аузына апарды да агрегат секілді бірқалыпты шайнай бастады, жабысқақ қою кермектен, өзін-өзі аяғандықтан беті бүрісіп кетті. Мұнай мұнаймен, қалдық қалдықпен, бірақ бір қызығы – ол өзінің асқазанын осымен алдады, аштықтың уыты басылып, бір терең түкпірге барып тығылды, әзірше қайта бас көтеретін сыңайы жоқ... Құлағы су түбіндегі біреудің дыбысын шалғанша, шамасы, бір жарым сағатқа жуық уақыт өтті, басында бір көмескі, селқос бірдеңе жылт ете қалды, қуаныштан есі кеткен ол – бұл су перісі емес пе екен, өзен адамдары қандай сый жасаған, міне, сыйдың көкесі, – деп ойлады. Ілешала қуаныштан Ежовтың жүрегі тайдай тулады – көмек келіп жетті. Оның қайдан келгенінде, кімнің жібергенінде шаруасы жоқ. «Лотостың жатқан жерін іздеп тауып алып өздері келді ме, немесе сыртқа тырбаңдап жеткен Пчелинцев өзен түбінде қандай қасірет болып жатқанын хабарлады ма, оған бас қатырған жоқ. Керегі, сүңгуірлердің келгені, олар кемені шұқылап көріп, тұтқынды қалай шығарып алудың төте жолын қарастырып жатыр. – Жігіттер! – деп айғай салды Ежов қуаныштан жүрегі жарыла жаздап, аман қалғанына және соған қатысты айтылатын мадақтаулардан ләззат алып, Пчелиицев екеуіне заңды демалыс, санаторийге жолдама және ерлігі үшін награда...
Иә, иә, Пчелинцев екеуі су түбінде біраз отырды ғой, енді қақпағына аты-жөні жазылған алтын сағатқа лайық. Награда Ежовқа да тиісті. Ерлігі үшін, қиындықтан қаймықпай, төтеп бергені үшін, машина бөліміне вентильдерді тасталқан етіп, манометр әйнектерінің быт-шытын шығарып, тахометрлерді, басқа да құралдарды қирата су тасқыны лап қойған кезде дизельді сөндірді. Қысқасы, төтеп берген деген осы, демек, құрметке де, даңққа да, көпшіліктің сыйына да бөленуге тиіс. – Мен мұндамын, жігіттер. Мұндамын, – Ежов шашалып, жөтеле тұншығып қалды, тамағы құрғап, аузын ашып ауаны қаба бастады. Біраз ауа қармап еді, бірақ ол өкпесіне жеткен жоқ. Қапшықтағы ауа бітуге таяп қалған-ды, оны бүйтіп бекер шығындамауы, босқа айғайлап, ауаны ысырап жасамауы керек еді. Ежовтың өңі бозарып, бет терісі жылтырап, өзі аруақтай болды. Қолынан жан кетіп, томар сияқты суға шолп ете қалды. Оң қолын әзер көтеріп, жұтқыншағына апарудың ыңғайы келді әйтеуір, ал сол қолы бұрынғыша су ішінде салбырап қала берді. Біраз уақыттан кейін Ежов судың ұрлана көтеріліп келе жатқанын сезді, баяу болса да бәрібір көтеріліп келеді, ауа азайған сайын судың көтеріле түскенін ұқты. Тек бұрын ол мұны байқаған жоқ еді. Өз көзіне өзі сенбей, оң қолын суға батырды да, бұл әншейін елес шығар, консерві қалбырында ұзақ отырғаннан «миы ауыса» бастаған шығар, мүмкін, ауа әлі де шаш етектен шығар, деп ойлады. Бірақ екінші жақтан да – бұл жолы оң қолымен сезді – су көтеріліп, сұп-суық, қорқынышты су кеңірдекке қарай ұрлана сумаңдай бастапты. Ежовтың үрейі ұшты, зәресі кеткені соншалық, өмірінде дәл бүйтіп қатты қорқып көрмеген шығар, сірә. Ал өзеннің түбінде, төңкерілген «Лотостың» жанында жұмыс жүріп жатты – аударылған кеменің екі жағынан да трос өткізіліп, кеменің корпусын тор секілді шандып байлап, көтеруге әзірлеуде. Бұл күрделі, аса күрделі жұмыс еді – оның беті аулақ, егер «Лотосты» сәл қисайтып немесе
шайқап жіберсең болды, онда құрыды дей бер, кеменің ішінде қамалып қалған адам тұншығып өледі. Уақыт көтерсе – жұрт бұл жұмысты жымын білдірмей шебер жасар еді, бірақ, өкінішке қарай, уақыт тар. Тростар дауыстай әндетіп, ширай тартылды, түйіскен жерінде шықырға басты. Қос кран – қырықтық пен елулік жерге төнген қара түнді дүрліктіріп айғай салды. «Лотосты» түптегі балшықтан абайлап шығарып алып, тростардың бекемдігін тексеріп салбыратқан күйі шамалы ұстап тұрды да, орнынан он метрдей бір шетке жылжытып, кеменің сүйегін судың түбіне ақырын ғана қайта түсірді. Бұны Ежов тіпті сезген жоқ, оның ойы басқада еді, машина бөліміне су дамылсыз құйылып, ауа қапшығы қусырыла түскендей. Иә, оның үстіне, құтқарушылар жүргізген жұмыс, нағыз шеберлікпен жасалды, оны оңайлықпен байқай да алмайсың. Айнала топырлаған кемелердің бәрі, үлкені де, кішісі де, олар да дәл солай бір шетке жылжыды, ұзын тұмсығын суға тереңдей батырған көтергіш крандарды қайта қоршап алды. Екінші қозғау жарты сағаттан кейін болды. Ежов оны да сезген жоқ. Оның айналасында шайтандар асыр салып ойнап жүргендей, енді бұған белгісіз бір нәрселер тарс-тұрс етіп, «Лотостың» темір қабығын қатты соққылады. Ежов тағы да тростардың қалай әндетіп, шиқылдай шықырлап, тіпті шошқаша шыңғырғанын, біреудің балғамен кеменің діңін соққанын естіді. Ежов сүңгуірлерге айғайлап көрді, содан қатты соққан жүрек дүрсілін басып, жауап қатқан дауыс, немесе жалғыз ауыз сөз естілер ме екен деп құлағын да тігіп байқады, бірақ ешқандай жауап естілген жоқ. Тек естігені, өзіне үйреншікті болып қалған шу ғана. Осы арада ол өткенді есіне түсірді, сүңгуірлер адамды үнемі құтқара бермейді, осы ойдан ол тақтайдың үстінде тоңған маймыл сияқты бүрісе түсіп, бәлкім, айғайлап, сүңгуірлерге хабар берудің мүлде қажеті жоқ шығар деп ойлады. Өйткені, кім біледі, кенет осылардың арасында бүкіл Астраханьға аты белгілі жағажай құдіреті, тұз балық пен салқын сыраның әуесқойы Сима ағайдың да жұмыс істеп жүруі мүмкін ғой. Егер ол бар болса, онда өз жаназаңды
өзің оқи бер. Сима ағай қит етсе болды, бірінші болып үзіліс жариялайды. «Мынау суға батқан шалажансар неме, жоғары қарай қалқып шықпайынша, жұмысқа кіріспеңдер! Әйтпесе есін жиып, тісімен өңешіңді қыршып тастайды. Жо-о, ленинградтық бауырлар, бұл өлексе шегіне жетіп пісіп-жетілсін, ал біз оған шейін домино ойнай тұралық. Дәл осы жерде, судың түбінде, басшылар көрмеуі үшін, біздің сыртымыздан шағынбауы үшін. Гы-гы-гы-гы! Фонарьдың жарығында. А, бауырлар? – дейтіні қақ. Ежов төбесінен шыққан жексұрын гы-гыг-гы-ны анық естіген бойда, дәрменсіз қолын трюм сұйығына сылқ еткізіп тастай салды. Қағылез, ырыққа көнбейтін қайсар су әп-сәтте өзінің мың аяқты денесімен бірте-бірте басына, өңешіне, тіпті танауына шейін көтеріліп келе жатты. Талықси жұлқынып қалған Ежов, тіпті болмашы бір амал табуға азаптана тырысып, қараңғыға үңіліп еді, ештеңе таба алмай, сыңсып жылап жіберді. Ал өкпесі орналасқан ішкі дүниесі күйе бастады, бәрін жегідей жеп, жалмап қойған, өкпесінде ауа жоқ, бірдебір жұтым жоқ. Бензин таусылды. Ежов тісінің арасынан сыздықтата ауа жұтып, іштегі өртті сөндіруден үміттеніп уһіледі. Өкпесіне жан шақырып, көрікті қайта үрлегісі келіп, қырылдай жанталасты, бірақ оған шамасы келмей дәрменсіз, кегжеңдей берді. Жантәсілім еткендей ернін қыбырлатты. Екінші түнді қатарынан ұйқысыз өткізген Пчелинцев, бастапқыда титықтап, болдырып қаламын ғой деп ойлаған еді, бірақ оның төртбақ шымыр денесі сыр берген жоқ. «Лотостың» аға механигі балдағын тарсылдатқан күйі «адмираль» катерін кезіп, басшыларға кеңес беріп, сүңгуірлерге кеменің ішінде қай нәрсе қалай орналасқанын, Ежов отырған ауа қапшығы, шамамен қай тұста екенін айтып, жөн сілтеді. Ол, яғни Пчелинцев, бүгінгі түні баршасына керек еді. Егер ол ауруға мойынсұнып, жасыпжасқанып ауруханада қалып қойса, суға батқан кемені шығарып алуға жұрт мұнан екі есе шабан қимылдаған болар еді, онда Ежовтың тағдырының не болары белгісіз-ді. Ал Ежов әзірше тірі болатын. Тірі, оған құтқарушылардың көзі анық жетті.
Жанына батқан ауруы шамалы басылып, бетінің жарасы да қарақотырлана бастады, иә, оның бәрі де ештеңе емес. Тек кейінгі күндері тынышын алатын – бір-ақ нәрсе – ол Марьяна еді. Пчелинцев әрдайым оның біресе өзіне қараған көзқарасын, біресе абайсыз жанасып кеткенін, біресе тіпті жақыннан шыққан тынысын сезіп отырды. Осының бәрі жанын азапқа салып, өзегін өртеп, көңіліне мұң ұялатты. Сонда Пчелинцевтің кеудесі шаншып, қолы сырқырап, Марьянаның өзінен кеткеніне қайтадан қайғырғандай болды. Осы минуттарда Ежовқа деген жеккөрініш сезімі қайта оянып, құтқару жұмысын тастап, жылыстап тайып тұруға итермеледі, ол әр жолы осы өшпенділікті арамшөп секілді тамырынан қиып тастап, Ежовты аман алып қалу үшін қолынан келгеннің бәрін істеуге өзін-өзі мәжбүр етті. Пчелинцевтің бойындағы осы тартысты Марьяна да сезді, кейде тіпті көзімен де көрді, бұған қаншалықты қиын екенін іштей түсінді де. Осы бір қарбалас түні Пчелинцев оған бұрын білмейтін басқа бір қырынан көрінді. Сабырлы мейірбан, момын адамның бойында осыншама жақсылық қасиеттердің мол екенінен бұрын ол тіпті бейхабар еді. Пчелинцевті ойлаған сайын, өзінің бұрынғы күйеуіне деген жанашырлық сезімі күшейе түсті. Алайда неге бұрынғы болады? Бұлар ажырасқан жоқ, заң жүзінде әлі ерлі-зайыпты адамдар емес пе... Сезімтал әйел жүрегі тағы бір нәрсені сезді, дәл қазір Пчелинцевке дем беріп, көтермесең, жігерлендірмесең, түптің түбінде бәрібір тауы шағылады. Бірер күннен кейін сөзсіз сағы сынады, өйткені басына түскен мына ауыртпалық азабы ізсіз қалдырмайды. Пчелинцевке қазір міндетті түрде қол ұшын беруі керек, әйтпесе ол мына түнекке, азынаған суыққа, естен тандырардай жалғыздықтың үрейлі меңіреулігіне құлап түседі. – Құтқару жұмысына катердегілердің бірі қалмай атсалысты. – Тағы да ескертемін, ондағы ауа қапшығы тым жұқа, – деді Пчелинцев прожектор жарығынан көзін сығырайтып, қатаң дауыспен бастырмалата сөйлеп, судың түбінен жаңа ғана шыққан сүңгуірлер старшинасына, – тез таусылады,
сөйтіп, жамандыққа ұшыратып жүрмесе... Скафандрынан шлемін бұрап алған старшина, сонан сүңгуір костюмінің басын жұлып тастағандай көрінді, су-су бетін сүлгімен сүртіп жатты. – Оның бәрі түсінікті, – старшинаның дауысы да Пчелинцевтің даусындай қатаң шықты, – бірақ басқа амал көрмей тұрмын. Не істеу керек? – Ежовқа ауа жеткізетін шлангі беру үшін әрекет жасап көру керек. – Ол мүмкін бе екен? – деп ақырын сұрады старшина. – «Лотос» төңкеріліп жатыр ғой, шлангыны қайдан сұғарымыз белгісіз. Кеменің астына бара алмайсың, қауіпті. Иллюминаторлардың бәрі балшыққа батқан... – Міне, соларды аршу керек. Машина бөлімінің иллюминаторы арқылы байқап көріңдер. Егер ашылмаса, балғамен соғып сындырыңдар. Кемені бәрібір жөндеуге тура келеді. – Жарайды, – деді сүңгуірлер старшинасы, – сындырамыз. Бірақ айнадай аршыған бір иллюминатор арқылы шлангыны тағы бір кезек жіберіп жатқанымызда, өзен сағасында қамыс қырқатын машинаның қайшысына түскендей шорт қырқылды. – Жаңа бір саңылау іздеу керек, оны тапқан едік, бірақ қайта қырқылып кетті. – Сергей! – деген дауысты естіген Пчелинцев селк ете түсті де тыжырынып қалды. Бірақ соған қарамастан денесін түзетіп, салмақты көзқараспен Марьянаның көзіне тура қарады. – Айтшы, Сергей, оны құтқара ма? Мына сұрақ пышақпен кеңірдектен орып жібергендей әсер етті. – Құтқарылады, – деп нығарлай жауап қатты Пчелинцев. – Шын айтып тұр ма, жоқ па дегендей Марьяна оған тесіле қарады. – Айтшы, – деді ол қайтадан, дауысын өзгертпестен, – айтшы, неге осы біздің баламыз жоқ. Ол мұңайып иығын қиқаң еткізді де: – Білмеймін, – деді. – Егер перзентіміз болса ғой, бүйтіп әбігерге түспес едік.
Пчелинцев үндеген жоқ. – Онда тек бала жұбатудан бөтен уайым болмас еді. – Марьяна шамалы үнсіз қалып, сосын әр сөзін мұқият ойлап алып, мынаны қосты, – иә, екінші уайым... баланың әкесін... кезекті сапардан қашан оралатынын күту ғана болар... Пчелинцев тағы да жауап қатқан жоқ. Марьяна Пчелинцевке әрі үнсіз, әрі ұзақ қарап қалып еді, Пчелинцев оның жанарының біртүрлі өзгеше екенін алғаш рет байқағандай болды, мойылдай қап-қара, қимылсыз, белгісіз бір қайғы орнап, мұң ұялаған. Мұндай көз шамасы ит тұмсығы өтпейтін қалың нудың ішінде, төменгі жағы көрдей қараңғы, ғұмыры күн түспейтін, жемістерінің бәрі улы, сыңсыған орманда жүріп адасқан адамның көзі дәл осындай болса керек, ондай адам қайда, қай бағытқа жүрерін өзі де білмейді... Бірте-бірте жылжыту жұмысы жүріп жатты. Міне, аспанның шығыс жақ шеті сәуле шашып, шуаққа бөлене бастады, шуақ сәулесін сағаға қарай, теңіз бен мұхитқа қарай, Каспийге қарай үрдіс жылжыған әрбір толқын іліп алып кетіп жатты. Өзен тереңінен аспан тылсымын қызықтаған бекірелер бұйығып, құйрықтарын толқынға тосады. Ал қоладан құйғандай шымыр, әбден машықтанған жалды балықтар, бірден жайыла шашырап кетіп, тамшыға айналып, қызыл балықтардың құйрығын қытықтайды. Қытыққа шыдамаған бекірелер тайдай тулап, ауыр денесімен суды күмп еткізіп судың түбіне оқша атылып, толқын туғызады, сондағы орны көпке шейін қалпына келе алмай буырқанып жатады. Тағы да жарты сағат, әрі кетсе қырық минут, сонан кейін ыстық пештен балқып шыққан күн төбеге өрмелеп, мынау абыр-сабырды тамашалайды. Не болып жатыр өзі, өзен бетін мына жұрт неге дүрліктіруде? Балық аулап жатқаннан сау ма, әлде ауларын шатастырып алған ба? Жел көтерілгенмен өзен беті қарауыта буырқанып, қорғасындай ауыр су көпіршік атады, бірақ дауыл тұрған жоқ. Табиғат райынан қайтып, жел басылып, жуаси түсті, көп кешікпей толқын да тыншуға тиіс, сонда жып-жылы мамыражай тыныштық, жаздың нағыз рахат шағы орнайды.
Балық атаулының бәрі жуасып, теңге балықтармен қуаласпақ ойнайды, ал бурыл мұртты, жайын атай диван секілді жұпжұмсақ арқасына шабақтарға асыр салуға рұқсат беріп, рахаттана маужырап, ұзын мұртымен қарнын қасиды. Сосын көкжиектен жарқырай шыққан алтын арай көрінеді де, шың-құзға жан бітіп, көк төсінде сарғыш жолақ сәуле жүгіре бастады. Бұтаның арасындағы құстар тыншып, шағалалар шаңқылын қойып, ерекше тыныштық орнады, – онсыз да түпсіз тұңғиық аспанды ортасынан қақ жарып, арайлы таң күшіне мінгеніне бәрі сүйсіне қарап қалды. Ежов әлсіреген күйі машина бөлімінде отыра берді, ісініп кеткен тілін әлсіз жыбырлатып бірдеңе айтуға әрекет жасап еді, бірақ оған шамасы келмеді. Көзі онан бетер шүңірейіп, бассүйегіне кіріп кеткен, қабағының үстінен шалбарланған терісі салбырап тұр, есі кіресілі-шығасылы, ештеңені байыптай алар емес. Аракідік Ежов басын жұлып алып, ыс қапқан кеудесі сырылдап ауа жұтуға тырысады, бірақ қапшықтағы ауа түгесілген еді, барлық әрекеті босқа кетті. Ол сансыраған санасымен бәрін тарс ұмытып, тыныш салқын бұрыш іздеді, қазір ол қоштаспақ ниетпен бұрынғы өткендерін, өзіне қымбат, бірақ мүлде ескірген, телефон, мекен-жай, асығыс сүйкей салған жолдарымен, өзі үшін соққан белгісімен жеке кітапшасын ақтарғандай жадында қалғандарын ақтара бастады. Мұның бәрі келмеске кетіп бара жатыр, енді ешқашан қайтып оралмайды. Ол анасын өлердей аяп кетті – ұлының қаза тапқанын естігенде, кемпір байғұс сол қайғыны көтере алар ма екен? Тізесі жара-жара болып, тауға барып жүрген жалаңаяқ бала кезін, тақыр төбенің басына шығып, бас сүйек тауып алған сәтін көз алдына елестетті. Төбе үстінде әртүрлі қызықтар аз емес еді. Әрқашан, жылдың қай мезгілінде де, тек қыстан басқа кезде бұл жерде қатты ыстық болады, оны тек Африка ыстығымен ғана салыстыру жөн, қара күйеге ұқсас ұсақ қоңыр және күлгін түсті көбелектер қаптап жүреді, жер астының қатынас жолы іннен көп неме жоқ, тышқандар сусымалы құмын сыртқа шығарып, тап-тұйнақтай шағын төбешіктер жасап, үйіп тастайды, көк шөп арасындағы жалаңаш жерлерде қураған шөптің қу сабақтары түксиеді,
бірі семіп, екіншісі туатын заңға қарама-қайшы – мұнда бәрі кезектесіп өседі. Көбіне бұлар оқ пен снарядтан шұрқ-шұрқ тесілген каска тауып алатын, кейбір каскалар бір бүйірін майыстырып кірген оқтың ізі адамның шекесінен өтіп, касканың екінші бүйіріндегі шойынын жалбыратып адам шошырлықтай тесіп шыққан. Біреудің басын тесіп өтіп, әлсіз ысқырықпен жерге қиғаштай сіңген оқты елестеткенде зәрең кетеді. Осындай әрбір каскада бір қасірет жасырынып жатады. Келмеске кеткен қасірет – оны кейін қайтара да, егжейтегжейін анықтай да алмайсың. Тақыр таудан танкінің тот басқан табан шынжырларын, қабысқан флягалар, оқтан тесілген бақыраштар тауып алатын, әйтпесе соғыста әр солдатқа автоматтан кем түспейтін мұндай қажет нәрселерді кім өздігінше тастап кетеді? «Катюшалардың» гильзаларын, біздікі мен немістердің минадан жұлынған стабилизаторларын, тот басқан штыктар, құмдағы шіріп бүлінген винтовкалар, үзік-үзік пулемет ленталарын, оқтар, патрондар табатын. Тақыр таудың беті темір-терсекке толы, топырақтың бәрі жарықшақ уыстап алып, саусақтың арасынан елеп өткізсең – алақаныңда міндетті түрде темір сынықтары, ал кейде шеге секілді құйыла біріккен, бірінебірі жабыса тұтасып қалған түйірлері бөлек-бөлек шашырап жатады, сұмдық қорқынышты. Тақыр тауға, жалаңаш төбеге – жаңбыр аршыған минаға бесінші сынып оқушысы түсіп өліп, ал оның артында келе жатқандардың шаштарын жалын шарпып, күйдіріп жіберген оқиғаға шейін сан рет барды. Баяғы балалық шағын елестеткені сол-ақ екен, өзіне деген аяныш сезімі қайта лықси жөнелді, жұтқыншағы оқ тиген торғайша бүлкілдеп, ернінің арасынан бұрқылдаған, түсініксіз, дымқыл бірдеңе суға шолп ете қалды, өшкен өкпесінде әлдебір движок біресе тоқтап, біресе өшіге түскендей бірдеңе әлсірей қырылдады. Ежов бірте-бірте көтеріліп келе жатқан салқын суға екі қолын бірдей тастап жіберді де, саусағын жүгірте бастап еді, кенет су бетінде әлдебір ауа көпіршігі пайда болды. Ол «Лотостың» теміржол вагоны сияқты бір бүйірімен бір шетке қарай ақырындап жылжығанын бірнеше рет
сезді. Машина бөліміндегі су осы қозғалыс кезінде тіпті шайқалған да жоқ. Құбыжық секілді бір нәрсе кеңістікті талап еткендей бұрқылдап, тулағаны рас, бірақ бірде-бір рет су шайқатылмады, тіпті мүлде кішірейіп қалған ауа қапшығын да жарып жібере алған жоқ. – Кәне, тезірек, тезірек – деп сыбырлай жалбарынды Ежов, есінен тануға шақ қалып, – өліп барамын. Ауа жеткізіңдер! Тезірек, тезірек, өліп барамын ғой... Ал жоғарыда құтқару жұмысы барынша қызып жатты – мұнда бірде-бір секунд тыным болған жоқ. Пчелинцев соңғы сағатта қайысша қатып, тіпті бойы да кішірейіп кетті, балдағын маңыздана тықылдатып, сыздаған аяғын сүйреткен күйі катердің үстін кезіп, өзін-өзі ширақ ұстаған сияқты көрінгенмен, бірақ Марьянаның өткір де сезімтал сақ көзқарасын алдау мүмкін емес еді. Ол Пчелинцевтің нашарлап бара жатқанын білді. Бірнеше рет жанына жетіп те барған-ды, бірақ «Лотостың» аға механигі онан әбден мезі болғандай ат-тонын ала қашып, ұятқа қалдырды. Марьяна тек ішінен ғана тынды. Бұл селқостықтың Пчелинцевке қандай күшпен келгенін және неге тұрғанын ол жақсы білетін еді, бұл жерде оны алдау мүмкін емес. Күтпеген жерде ол әйел алдында бұрынғысынша бағасын арттырып шыға келді. Ол өзін-өзі және алданған Пчелинцевті аяп кетті. Келіншектің жаны күйзелді. Өзінің жіберген қатесін жойып, қайта татуласу үшін, сол бұрынғы сенімге кіру үшін, Пчелинцевтің аяғына жығылуға даяр екенін білдірді, бірақ Пчелинцев оның кезекті тағы бір әрекетін күрт тойтарып тастаған кезде, шамданып қалды да, қиялға шомды. Пчелинцевке ерегісіп, Ежов туралы ойлай бастады. Ал Пчелинцев Ежовқа көмектесу үшін бар өнерін салып бақты. Кранның біреуінен ақыры ұзын сымды лампа түсіріп, «Лотосқа» тартты, бұл сым кезекті жылжыту кезінде үзілмей аман қалды. Астраханьнан, Пчелинцевтің үйінен, сүңгуірлерде ондай шланг жоқ, әдейі әкелінген ерекше берік, солқылдақ болатпен тысталған ауа шлангасын да қосып жіберіп, «Лотосқа» өзеннің түбіне түсіруге әзір
тұрған еді. Суға батқан кемені қалай жылжыту жөнінде де кеңесті Пчелинцев берді. – Тым болмаса жүрек жалғап алсаңыз етті, Сергей Сергеевич, – деп Коля Осенев қасына жетіп келді. – Нанмен ыстық какао ішесіз бе? Теңізшілер паегінен. – Жоқ, қажеті жоқ, – деп басын шайқады әбден қалжыраған Пчелинцев, – кейін, соңынан. – Ендеше, ықтиярыңыз. Ішкіңіз келмесе, өзіңіз біліңіз. ...Соңғы сағаттардың ішінде оны біржола жоғалтып алғанын Марьяна нешінші рет сезіп үлгірді. Ежовтың көз алдындағы қараңғылық жансыз, жасыл түске қайта еніп еді, осы елес арасынан ғайыптан Марьяна көрінді. Ол Ежов туралы ойлай бастағанда, Ежовтың көзіне бұл елестейтін болып шықты. Бір сәт тұншығып бара жатқанын ұмытқан Ежов оған салмақты да салқын қарады. Марьяна бұл салқындықты сезіп, «сенің алдыңда не жазығым бар?» деп сауал қойғандай сәл жымиды. Ежов жауап қатқан жоқ. Сақтаушы періштелердің ішінде әйел баласының баржоғын білмеймін, шамасы, әй, жоқ шығар, өйткені адамды, оның өмірін сақтау әйелдің қолынан келе бермейді, бірақ сақтаушы періште бізге міндетті түрде әйел бейнесінде көрінетіні – айдан анық. Қиын сәттерде тұманды тылсым ішінен ойда жоқта өзіңе ең жақын, өмірің онсыз тұл деп есептейтін, сүйікті де қымбат адамың шыға келеді, бұл әрқашан, үнемі жүгіңді жеңілдетеді. Ол ең қиын, аса күрделі, кейде тіпті құрдымға кеткен жеріңнен шығуыңа жәрдемдеседі, жерге қараған басыңды жоғары көтеруге, солған тамырларыңа қайтадан қан жүгіртуге, әбден сіресіп, мұз боп қатқан жаныңды жылытуға себеп болады, мұндай сақтаушы періштелерден қалайша айналып кетпейсің? Марьяна сақтаушы періште, жебеуші аруақ секілді Пчелинцевке де, Ежовқа да көрінді, ал Пчелинцев мана судың астында болған кезде, мүмкін, ол екеуіне бір минутта қатар көрінген де шығар. Алайда оны ешкім білмейді. Оның үстіне әйелдің жұмбақ жанын түсініп бола ма? Оның кейде жасаған қылықтарын, жасырын сырларын іштей ұға аласың ба?
«Екі тұтқын» да өлімсіреген еміс-еміс сәуленің арасынан Марьяна шыға келгенде өз еркімен немесе еріктен тыс болсын ортақ бір нәрсені ойлады, Марьяна қастарында болғанда жүректерінің қалай дүрсілдеп соғып, алыпұшатынын, білегіне басын қойып төсекте жатқанда қалай елжіретіп жіберетінін, оның құлын мүсін сондай шымыр, сұлу, аппақ екенін, білектерінің нәзік, жұмсақ, сенімді екенін жүрек дүрсілі қаншалықты биязы, кірпіктерінің дыбыссыз қимылы соншама сүйкімді екенін, ұйықтап бара жатқандағы орнайтын тыныштықтың соншама мақпал, жылы екенін естеріне түсірді... Тұншығып бара жатқан тұтқындардың рухын көтеріп, оларды жігерлендіруге сеп болған Марьяна екеуіне де ерекше үміт белгісі еді. Мұндай әйелге жаман қарауға бола ма? Тіпті көзіңе шөп салған күннің өзінде? Кім білсін, кім білсін... мұндай жағдайда бәрі мінезге байланысты, іштей сол әйелге сиынып, артық сөз айтпастан алақанда ұстап, еркелетіп жүруге болады. Немесе мүлде тарс ұмытып, жек көріп кетуге де еркі бар, алайда ол сүйретіліп шығуға, ажалдан аман қалуға жәрдемдесті, сонысына рақмет... Рақмет, рақмет, бақытты бол, енді менсіз өз күніңді көре бер, ал маған ілгері жылжу керек. Еркек жаны да, әйел жаны секілді, ол да жұмбақ. Бірақ мынаны қараңызшы, егер еркек опасыздық жасаса, онда ол опасыздық әйел опасыздығынан әлдеқайда қауіпті болады. Алайда мұның бәрі – автордың шегіністері, кейіпкерлерінің, олардың пікірімен де, тағдырымен де... ортақ ештеңесі жоқ. Тыжырынған Ежовтың маңдайын азап әжімі шимайлап еді, оған жауап ретінде Марьянаның жанарынан да сол заматта аяныш сезімі білініп, қарашығына жайылды, Марьяна сонда арқасынан фонарьды жұлып алып, Ежовқа жарық түсірді де, жүзіне көз алмастан үңіле қарады. Онан ұзақ уақыт көзін алмастан мұңайып, бет құбылысын өзгертпеген күйі фонарьды ұсынып еді, неге екені белгісіз, Ежов оны алған жоқ, қалың шыны сауыттың ішіндегі күңгірт сары лампочка, сымы үзіліп кеткен болатқа ілініп салбырап қалды да, ауа қапшығының ішіне күйе-күйе болған Ежовтың
шалбар-шалбар бетіне, бас сүйегіне шүңірейіп кіріп кеткен көзіне, тістелеп қанталаған ерніне, суықтан ісініп, ілмиіп кеткен мұрнына жарық түсіріп, көз алдында шайқатылып тұрды да қойды. «Міне, саған жарық сәуле, қорқынышты болмау үшін, Пчелинцев солай бұйырған... Мынау да саған, – Марьяна естілер-естілмес ернін қыбырлатты, – бұл да Пчелинцевтен», – ұшы желініп кеткен, ішінен ауа шығып жатқан шлангыны ұсынды. Ежов Марьянаның бетіне үңіле қарап, күмәндана басын кейін жұлып алды, тіпті оның шекесіне қарай жиналған әжімдеріне шейін анық көрінді – түсі ме, бұл әлде сандырақ па? – шлангының ұшына жармаса кетіп, ернін жырған күйі, тісін шықырлата аузына сұғып жіберді де, ішін өртеген жалынды тұншықтыра қомағайлана ауа жұтты. Түтікті аузынан босатқан кезде Марьянаның ғайып болғанын көрді, өйткені ол мұнда келген жоқ еді. Көргені, есіне түсіргенінің бәрі – жәй елес, түс, тас түнек қана. Кеудесіндегі шаншу басылып, темір сауыттың ішінде тұншыққаны, денесінің тырысқаны тарады. Желкесі, арқасы ашып барады, шамасы, соққы оны дизельден лақтырып тастаған кезде, желкесі баллонға соғылса керек, ал тақтайдың үстінде отырғанда, арқасын қаңылтыр түтікке жырып алғанды. Ол ойлағандай мотор төбесінде салбырап тұрған жоқ екен, бекер қорқыпты. Пчелинцевтің айтқаны дұрыс болып шықты, суға шөккен дизель бүйір жақта тұр. – Тағы да Пчелинцев! – сілкініп қалған ол есін жинап, басын шайқады. Ішінен, қанша дегенмен бұны «Лотостың» аға механигі ажалдан құтқарып отыр. Бәрін Пчелинцев ұйымдастырып жүр... демек, бұл оған бекер тіл тигізіп, босқа қаралайды – сыртқа амалдап әрең жеткен Пчелинцев суға батқан кемедегі бұған көмек әкелді, – деп ойлады. Ежов ернін жымқырып: «Аға механиктің әйелі, күлім көз Марьянаны айналдырып алып, оның намысына бекер тидім», – деп өзін-өзі жазғырды. Өйткені Пчелинцевтен басқа біреу болса, онда ол мұндай зәбірді кешірмес еді, –
аңдып тұрып кірпішпен бастан періп немесе аңшының мылтығымен басып салар еді, мұндайда бәрі бола береді. Ішінде кек сақтап жүріп, оңтайлы сәт келгенде өш алады, жұмыста басына әңгіртаяқ ойнатып, осынау кең дүниені тарылтуға жағдай жасар еді, сонда еріктен тыс өзіңнен өзің дарға асыласың немесе түрмеге түсердей қылмыс жасайсың. Пчелинцев болса ғой, жо-жо-оқ... Ежов көкірегіндегі ризашылық толқынының лықсып кеткенін сезді, сонда ол ернін қыбырлатып, әлсіз ғана естілер-естілмес міңгірледі. – Кек сақтамағаныңды, нағыз қасиетті азамат болып шыққаныңды ғұмыр бойы ұмытпаймын. Рақмет саған және кешір мені? – Ежовқа дәл осы сәтте Пчелинцев көз алдында тұрғандай болып елестеді – ол қатуланып бұған көзін сығырайта тесірейе қарап қалған. Ежов бұл көзқарастан қатты састы, басын төмен салып, айтқысы келген сөзін асыға аяқтады. – Марьяна үшін кешір. Мен кінәлімін. Қаласаң тұмсығымды бұз... аяма, рұқсат. Егер қолыңнан келсе, онда қайтсең де кешір мені, – өз айыбын мойындап, қалай болған себептерін түсіндіргісі келді. – Мұны мен білместікпен, жастықтың қызуымен, есерлікпен істедім. Бірақ бітті, бітті осымен. Енді қайтып бұлай болмайды. Ант ішейін... Ол оттегі шлангысының тот баспайтын жылтыр сыммен оралған ұшын аузына апарып, ауа жұтып, кеудесін аршыды. Қалай болғанда да, енді Марьянаға жанасуға болмайды. Өлімнен аман қалып, өзен бетіндегі күн ұясына батқан шақты, ертеңгілік күлгін суды, картоп сабақтарын жаққандағы деревнядан шығатын түтінді, уылдырық шашқан бекірелердің ойранын қайта тамашалауға мүмкіндік бергені үшін оның осы жақсылығын ұмытпауы керек. Қарны ашты. Ежов сілекейін жұтып, жан-жағына қарады. Қамалған камерасы аса қорқынышты емес екен. Аяғының астында бірдеңе шолп ете қалды – шамасы, машина бөлімшесіне балық кіріп кеткен болу керек. Қолын созған күйі, төмен еңкейді. – Мүмкін, тағы да шолп ете қалар? Бірақ балық фонарь жарығына еліккенімен, лай судың бетіне шығып, тұмсығын күйелеш маймен былғағысы келмеді.
– Келе ғой бері, келе ғой, – деп Ежов балықты шақырды. – Кел, Цып-цып-цып-цып! – Әлгі балық бейнебір жұмыртқаны жаңа ғана жарып шыққан сары уыз балапан сияқты. – Кәне. Алақанымен көсіп су ұрттап, жеркенішті қойыртпақтарды шайнағанын есіне алған еді, жүрегі айнып кетті. Алайда аштықтан жаның қысылғанда онан да сорақысына барасың. Қазір бұзаудың етінен алуан түрлі шөп қосып пісірген сорпа ішсе ғой, ал екіншіге – тек Еділ мен Донда ғана өсетін қуырған көк балық жесе. Жайынның құйрығы да тәтті болады – жайынның барлық шырыны құйрығында, – еті жұмсақ, майлы, тіліңді үйіреді. Жайынның құйрығы әсіресе салқын сырамен қатып кетеді, ым-ым-ым-ым! Судың арасынан сабақтап өткізген жіп секілді, ауасы бар шлангыға, шыны ыдыспен қапталған су асты шырағына қарап, Ежов көзімен іздеді – жылтыр пленкаға орап темекі салынған пакет жоқ па екен бір жерде? – деп іздей бастады. Бірақ пакет жоқ боп шықты. Тамақсыз хал нашар, өте нашар. Азық жайлы, бұзау сорпасы мен жайынның құйрығы жайлы ойын қуалап тастап, тісінің арасынан сыздықтата ауа жұтты. Денесі тырысып, маңдайынан суық тер бұрқ ете қалды. Бұл аштықтың салдары. – Тезірек, тезірек! – деп асықтырды ол сүңгуірлерді сырттан естілген шықыр-шықыр, тарс-тұрс дыбыстарға, қорғасын нәлі бар өкшелердің дәл іргеден шыққан тарсылына құлағын тігіп – тура жауырынынан басып өткендей, сүңгуірлерді асықтыра бастады: – кәне, тездетіңдер! Бетінде күйе, май қалқыған сасық иісті суға үңілді – манағы балық құйрығымен шолп етіп, шамалы ғана жылынып алуға жарыққа жүзіп шықпас па екен, бірақ балық Ежовтан жасырынып, машина бөлімінің тереңінде мүгедек дизель «Дейц – 345»-тің артықшылығын зерттей берді. Машина бөлімінің қабырғасының жоғарғы жағындағы берік, сынбайтын қос әйнекті, сыртын тормен қоршаған үш иллюминатор көрінді. Үш иллюминатордың үшеуі де қола құлақты бұрандалар – үйеңкі тақтайына дәнекерленген гайкаларға бекітілген еді. Ежов бірнеше рет қараңғылықтың сейілетін, төңіректің жарық тартатын сыңайы бар ма дегендей темір тормен қапталған иллюминаторлардың
табақшаларына қарады. Бірақ қараңғылық қою, көзге түртсе көргісіз еді – бір жылт еткен сәуле көрінбейді. Демек, «Лотос» әлі тереңде жатыр, сондықтан шыдай тұру керек, берілмеу керек. «Тәңірінің өзі бәріне шыдап, бізге де соны бұйырған» – кейде басқа қиындық түскенде, жиі қайталайтын анасының сөзі оқыстан ойына орала кетті. Алайда шамалы жеңілдік туып, Волгоград қалпына келтіріліп, соңғы жертөлені балшықпен бітеп, бәріне пәтер беріп, азық-түлік еркіндеу бола бастаған кезде, шешесі осы халық мақалын тарс ұмытып кетіп еді. Жоқ, міне, алыстағы сонау үшінші иллюминаторда әлсіз ғана өлімсіреген сәуле еміс-еміс дірілдеді. Ежов кеудесіне жылы шуақ орнап, дереу жарқ ете қалды, – бітті, құтқарылды, қазір еркіндікке шығады... Сендер ұғасыңдар ма, халайық еркіндікке! Мұның мәнісін түсінесіңдер ме сендер? Бірақ қуануға әлі ерте, иығыңнан асыра үш мәрте түкіріп, шамаң келгенше, тақтайды тықылдата беруің керек, ал егер айналаңда бірде-бір темір не тақтай жоқ болса, онда кейде ақылды адамдар жасайтындай өз басыңды өзің ұра беруің керек... Ежов тақтайдың үстінде бір сілкініп қалып, әлсіз қолын иллюминаторға созып, суықтан теңбілденіп кеткен бетін торға тақады да, еркіндікте не жаңалық бар деп ойлады. Ал еркіндікте айрықша ештеңе жоқ еді. Айналаның бәрі қап-қара су, әйнек табақшаның аржағындағы қола түсті су тып-тыныш ағып жатыр, шамасы, жер бетінде күндізгі мезгіл болса керек, жаз маусымында өзенге шомылған күн, көпшілікті мәз-майрам етеді. Неге айрықша ештеңе жоқ? Сен қателесесің, Ежов. Бұл өмір ғой! Ежовтың тамағына тірелген бір түйін, жұтқыншағын сулап, көзінен, танауынан жас ытқып кетті. Ол бұрандаларды босатпақ болып тұрды да өзін-өзі тоқтатты, – әлі ерте, оған кезек келген жоқ. Осы тұста крандар «Лотосты» шамалы қайта жоғары көтеріп еді, әйнек табақшалар мүлде жап-жарық болып, лас суға толы машина бөлімшесінің ішіне күн сәулесі жарқ ете түсті Бетінен жас тарамданып ағып кеткен еді, бірақ Ежов оны сезген жоқ, қатты бұраған ба, әлде бос па деп, әлсіз
саусақтары дірілдеп бұрандалардың бекемдігін тексерді. Өйткені қазір босатуға тура келеді ғой. Расында да, келесі минутта иллюминаторлардан көгілдір аспан күмбезі көрінді. Ашық, мөлдір, қаймағы бұзылмаған бастапқы қалпы, торлы табақшалардан бас көтеруге әрекет жасап еді, оған шамасы келмеген соң өзінен-өзі селкілдеп кетті де, көз қарықтыратын аспан жаратылысына қарап қатты да қалды. Содан қолымен торды сілкілей бастады. Тамағына бірдеңе тығылып күрілдеп, жоғары төмен ойнақшып, шиқылдап, шықырлап, осының бәрі қосылып, жыламсырағандай тұтас бір мұңлы сарынға ұласты. Ол жанталаса қалшылдап дірілдеп, болбыраған саусағымен бұрандаларды қалай босатқанын білмей де қалды, табақшаны лақтырып жіберіп, машина бөлімшесінде лықылдаған қара майдың сасық иісін, дизельдің бүйірін селсоқ соғып жатқан лас судың да иісі бар екенін сезіп, қуанғаннан ботадай боздап, иллюминаторға бетін тақап жабысып қалды. Ойпаттағы шабындықтардан самалмен жеткен жас шөптің иісі бар. Сор даланың ащы дәмі, едәуір алыс жағада жағылғанмен, бірақ бәрібір осында жетіп жатқан оттың түтіні, есіңнен тандыратын бас арнамен өтіп бара жатқан баржада пісіп жатқан балық сорпасының қош иісі, оны бабымен қайнатып, от табына ұстаған еділдіктер бүкіл ережесін сақтап дайындауда, бұрыш, лавр жапырағын және бекіренің омыртқасын қосып асқан. Тіпті судың үстінде ұшып жүретін қара көз инеліктердің де өзіне тән иісі болады екен. Өзен ағысынан мүлде қаймықпай арна бойында шоршып, ойнап жүрген сұлу мүсін жарты пұттық сазандарды және бұл арадан алыс көкжиекте ұлыған бөлтірік даусын да естіді. Ол қашан дәмді бірдеңе әкеп береді деп анасын асыға күтуде. Төңіректе тағы да бір белгісіз күрделі иіс бар. Ежов оның не екенін білмеді, шамасы, ол күз түсердің алдындағы тамыз айының иісі болса керек. – Тоқта! – шаттық кернеп шашала шыққан дауыс дәл тұсынан естіліп еді, Ежов бұл дауысқа басын жұлып алды. – Тірі-і екен, Ежик! – Біреудің қуана айғайлағаны, Ежовқа тұңғыш рет естілгендей болып көрінген, басқа дыбыстардың бәрін басып кетті.
– Тірі екен жігітім! – жарайсың, берілген жоқсың, шыдап бақтың. Жарайсың! – Қалайсың, Ежов? Бүкіл айғайдың арасынан байсалды да, анық шыққан Пчелинцевтің дауысын естіді ол кенеттен. Сөйтсе «Лотостың» аға механигі қайықта, өзінің қасында тұр екен, осы жақындық, мұның өз тағдырын шешкен Ежовтың көңілін босатып, кеудесінде оған деген бір жылы сезім пайда болды. – Оқасы жоқ, Сергей Сергеевич, әзірше бой беретін емеспін! – Ежов иллюминаторға басын сұғып еді, бірақ қола шеңбер бөгет жасады, беті шалбарланып кеткен ол, екпінмен алуға тырысып, басын кейін шалқайта бергенде, Пчелинцев табақшадан бір стақан шай мен бір үзім қатқан нанды тоса қойды. Ашыққан Ежов шай мен нанды жұлып алып, суға түскен қиқымға қарамастан қылғытып жіберді. «Тағы ма?» деген сұраққа өршелене бас изеді. – Иә, тағы да! «Лотосты» қайраңға біржола шығаруға болмайды, онда крандар құмға батып, отырып қалар еді. Осыдан әрі жоғары көтеруге де мүмкіндік жоқ, онсыз да – қос кран бар қуатын шегіне жеткенше пайдалануда, моторлары ышқынып мұржалардан шыққан бұйра түтін көзді тұмшалап, бітеп тастаған. Олай етуге болмайды. Сол себепті Ежов тұрған тұстағы иллюминаторды кесіп тастау керек. Сонан соң тұтқын тесіктен емін-еркін сыятындай етіп, кеңейтеді де іштегі адамды шығарып алып, ал «Лотосты» троспен сүйреп Астраханьға аттандырады. Кесе бастап еді, бірақ автоген құралымен іске кірісіп кеткен жұмысшыны, «Лотостан» шыққан айғай тоқтатып тастады, сөйтсе саңылаудан машина бөліміне, Ежовқа ұшқын шашырапты. – Сүлгі беріңдер оған, – деп бұйырды Пчелинцев. Тыңда, Ежов, сүлгіні сулап оранып ал. Басыңды және иығыңды ора. Сүлгі үлкен, орауға мол жетеді... Сүлгіні сулап алып, басын орады да, иығына жапқан жоқ, «Лотостың» машина бөліміндегі тербеліп тұрған лай суға кеңірдегіне шейін малына отырды.
– Кәне! – деп қырылдады ол судың ішінен. – Енді кесе бер! Кесу оңайға түспеді, темірі қалың еді, – шамасы, немістер кемені қанша дегенмен соғыс мақсатына арнайы дайындаса керек, оқ немесе жарқыншақ корпусты тесіп өтпеуі үшін, былайша айтқанда, тырысып баққан, сондықтан да жұмыс баяу жүріп жатты. – Қашан болады енді? – деп машина бөлімінен айғай салды Ежов. – Шыдай тұр, шамалы, – деп қайтарып тастады оны Пчелинцев. «Лотостың» аға механигі әзірше өз аяғымен жүргенімен, бірақ мүлде әлсіреп бара жатқан еді. Оған бәрі де әсер етті, бұдан сәл бұрынырақ судың ішінде отырғаны да, өзен тереңінен еркіндікке бұзып, жарып өткендігі, өліммен бетпе-бет кездескені де, ұйқысыз өткізген түндері де... Соған қарамастан «адмирал» катерінің қайығынан түскен жоқ. Кез келген минутта кедергінің кездесіп қалатынын ол сезген-ді, өйткені басқа ешкім де «Лотостың» машина бөлімін мұнан артық білмейді. Дәл қазір «Ежовты жақтырмау сияқты жат сезім бойыңда болды ма?» деген сұраққа Пчелинцевтің «иә болды, немесе болмады» деп нақты жауап беруі екіталай еді. Ежов бұл үшін қазір бақытсыздыққа ұшыраған көптің бірі ғана. Жәрдем күткен адам, бары сол. Иллюминаторды ойып алып, қайыққа лақтырып тастаған кезде, мүлде күтпеген оқиға болды, қалқымалы крандардың бірі – «қырықтың» движогы төтеп бере алмады. Ышқына гүрілдеген кран тұйыққа тірелді, ішіндегі бірдеңе шықырлап іркіле қалды, сосын бірнеше мылтықтан қатар атқандай дыбыс шықты. Бұл «Лотостың» астынан өткізген болат тростың бірі қырқылып, ортасынан үзіліп кеткен дыбысы еді. Абырой болғанда, қайықта отырғандардың ешқайсысына тиген жоқ. Суға сырғып бара жатқан кеме шайқатылып кетті, сол минутта алақандай аумақта тұрған кемелердің бәрінен қосарлана шыққан «а-а-ах» деген дауыс маңайды басына көтерді. Үнсіз, аңқиып тұрған Ежов кесілген саңылауға қарай ұмтылды. Қайсыбір жиек тұстарының ыстықтығынан сескенген ол саңылауда кептеліп тұрып қалды.
«Лотос» сол екі ортада біртіндеп шөгіп, сыртқа көпіршік ауа атқан су саңылауды жауып алды да, машина бөліміне құйыла бастады, сасқаннан сілейіп қалған жұрттың көзінше Ежов тұңғиыққа сіңіп жоқ болып кетті. Қайықтан ең алдымен қол созған Пчелинцев, адам шошығандай қырылдап шолақ қайырды. – Ал, жабылыңдар кәне! – деп Ежовтың шашынан ұстай алды. Пчелинцевтің қарлығыңқы айғайы сілейіп қалған қайықтағылардың бәрінің есін жиғызғандай еді. Көптеген қолдар, жапа-тармағай Ежовты бас салды. Біреу Пчелинцевтің сүлгісімен Ежовтың шашынан ұстап үлгірді, енді біреуі шынтағынан, енді біреуі тіпті шықшытынан қатып қалыпты. Жұрт қазір Ежовқа біржола тұңғиыққа батып кетуге мұрша бермей, салбыратып ұстап тұр. Иығын жырып, қолын қанатқан күйі, тұтқын әйтеуір саңылауға еніп, іннен шыққан секілді, сырғып сыртқа шықты. Жамырай шыққан «а-а-ах» деген дауыс басыла қалды. Төңірекке жым-жырт тыныштық орнады. Ежовты қайықтың ішіне жатқыза салып, орындықтың үстіне құрал-жабдықтарын жайып тастап, құтқарушылар дәрігер отырған «адмирал» катеріне қарай заулата жөнелді. Ал шынында да дәрігер керек еді. Ежов, шамасы, есінен танып қалғанға ұқсайды. Қайықта отырғандардың біреуі қолымен Ежовтың кеудесін басып еді, танауынан су ытқып кетті. – Су жұтып қойыпты, жәрдем етіңдер! Тура қайықтың ішінде Ежовқа қолдан дем алдыра бастады. Бірақ оның ешқандай қажеті жоқ болып шықты. Ежов көзін ашып алып, басын борттан асыра тастап, ағысқа қарады да, оның соншама сұлулығына, улы саңырауқұлақ секілді көкпеңбек екенін көріп бетін тыржитты, үстібасы сатал-сатал, аузы шалдың аузындай шүршиіп, арыпашып екі-ақ күннің ішінде саудырап шыға келген еді. Өзін де, жөтелге құлақ салып отырған өзге жұртты да қинап, сырылдай ұзақ жөтелді, қақырынып өкпесіне жиналған суды зорлап шығарды да, тынши қалды.
«Адмираль» катерінде оны дәрігер өз қамқорлығына алды, күнге қызған ыстық брезентті тура палубаның үстіне жайып салып, Ежовты соның үстіне жатқызды да, үсті-басын лыпып тұрған тоқ өткізгіш сымдармен, шлангылармен, резеңкелермен шандып тастады. Иығына, кеудесіне, аяқтарына сорғыш түтік қойып, көз қарықтыратын циферблаты бар жылтыр бірдеңелерге бекітіп, дәптерге әлдебір жазулар түрткен күйі, «сиқырлы» іске кірісіп кетті. Дәптердегі жазулар көбейе түскен сайын дәрігердің таңданғаннан түсі өзгеріп, қасы керіліп күдікті сұрақ пайда болды, ақыры таңданғанын жасыруға одан әрі шамасы келмеген ол міңгірлей жөнелді. – Ештеңе түсінер емеспін. Екі тәулік бойы су астында... Жоқ, түкке түсінсем бұйырмасын. – Сізге көмектесейін бе? – Қасында тұрған сүңгуірлер командасының старшинасы жалт бұрылды. – Бірдеңе қажет пе? – Жоқ, қажет емес, – ақырын аңтарыла жауап қатты дәрігер. – Онда несіне абыржисыз? Тірі ме өзі? – деп тұрпайылау сұрады старшина. – Бар сиқыр сонда болып тұр ғой! Тірі болғанда қандай! Екеумізден де мықты. Судың астында екі тәулік болса да, қан қысымы нәрестенің қан қысымындай – бір жүз он да жетпіс. Ал сосын судың асты қысқы ауадай салқын ғой, үсіп кетуің мүмкін, ал пациенттің температурасы кісі қызыққандай қалыпта – отыз алты да алты. Кардиограммасы – ешқашан ауырып көрмеген кісінің жүрегіндей. – Тіпті жақсы. Оның несіне таңданасыз? – Тіпті миым жетпей, қайран қалып тұрмын. Медицинаның барлық заңы бойынша, ол қазір ес-түссіз талып жатуы керек. Сіздер ұғасыздар ма? – Ал бұл өзін-өзі тіпті күні ертең жұмысқа бара алатындай ширақ сезінеді. Тым-тырыс еді, дизельдердің дыбысы да өшті, тек шағалалардың жүрек шымырлатқан үздік-создық өткір шаңқылы шалынады. Бұл өгіз шағалалар еңіреп жылағандай дыбыстайды, бүйтіп еңіреу өлілерді жоқтаған тірілердің ғана қолынан келеді.
Әрине, Ежовтың он екі мүшесі аман емес еді, жаралы қолы ауырып, иығы қақсады. Ол дәрігерден денесін таңып беруді сұрауға оқталды да, бірақ үндеген жоқ, не істеп, не қою керек екенін медицина мұнан гөрі жақсы білетін шығар деген оймен. Жарасын таңбаған екен, демек, ол жел қағып тобарсып, қабыршықтанады да, қарап тұрсаң, бір-екі аптадан соң жазылып та кетеді. Дәрігердің артында тұрған адамдардың жүзін ол көрген жоқ. Бірақ олардың сөздерін анық естіді. – Трос иттің күтпеген жерде үзіліп кеткенін қарашы. Біреу тісімен қыршып алғандай. – Бір талшығы үзілсе болды, қалғаны бір жарым секундтың ішінде тарқатылып кетеді. Ол заң. Физиканың тартылыс заңы. – Сенің физикаңның біреуді осып кетпегені қандай жақсы болды. – Кім де болса ырысы бар екен. – Ең абзалы – жігітті құтқарғанымыз. – Жақсысы жақсы-ау, бірақ бұл жерде ешқандай жақсылық көріп тұрған жоқпын, – Ежов кенет Колян Осеневтің дауысын естіді. «Тұйықтың тұйығы болғанмен, мұның да дауыс көтеруін қарашы. Сахнада сайрап тұрғандай. Әннен хабары бар», – деп ойлады Ежов әлсіреп жатып. – Мұның орнында мен болуым керек еді, ұғасыңдар ма сендер, – деп Колян бар күшімен өз кеудесін өзі қойып қалды, кеудесінде бірдеңе күтір ете қалғанына қарағанда, соққы қатты тисе керек, – ол мені алмастырған еді. – Сонда да оған тіл тигіздің... – Жаңа бір сұмдық естідім, ол үшін бұған ұрсып қана қою аз – әкесін танытып таяққа жығу керек. «Әй, Колян, ақкөңіл, бота тірсегім-ай, сарнап кеттің ғой... Көтеріліп кеттің, көтеріліп», – Ежов көзін жұмды. – Егер Пчелинцев жүзіп шығып, «Лотостың» қайда жатқанын көрсетпесе, мынау батырыңды, – Ежов жұрттың өзіне назар аударғанын байқады, тіпті бағжиып
қарағандарын сезгендей болды, – үш күннен кейін қиярдай көкпеңбек болып, серейіп жатқан жерінен бір-ақ табар едік. – Ақырын! Ол есінен танған жоқ. Бәрін естіп жатыр. – Түкіргенім бар ма. Мен өзенші, матроспын, әйелдер гимназиясының оқушысы емеспін. Ойымдағыны айтамын. Ол да матрос, жас қыз емес, шыдайды, сол үшін есінен танып қалмайды. – Жауызсың сен. Тағы да онымен бірге істейсің. – Бұл пысықсымақтың Пчелинцевтің әйелін тартып алғанын бұрын білген жоқ едім. Ол әйел осында тұр, ұқтың ба? Осы батыр-ашынаны құтқару үшін Пчелинцев өлімге басын тікті... Ал бұл ше?.. Алғыс ретінде оның әйелімен төсекке бірге жатады. Солай ма? – Ақырын сөйле, даурықпа! Пчелинцев келе жатыр. – Ал, қалің қалай, Ежов? – жақындап келген Пчелинцев, қыстыға жөтеліп, қолымен кеудесін ұстады. – Сайтан алғыр, өкпем қысылып, қабырғам сөгіліп бара жатқандай болады да тұрады. Тура пышақпен кескендей. Қалайсың а, Ежов? – Рақмет. Шыдауға болады. – Қалай болғанда да қайтып оралуыңмен. О дүниеден бұл дүниеге... – Рақмет, Сергей Сергеевич, – ақырын ежіктеп, әр әрпіне шейін салмақтап айтты Ежов – Және... Сергей Сергеевич, кешір мені... бүкіл айыбым үшін кешір. Пчелинцев жауап қатқан жоқ. Дәрігер Ежовтың үстіндегі медициналық зерек техниканы шешіп, бәрінің сөзін бөліп, орнынан көтерілді. – Мұндағы бастық кім? Сіз бе? – Сүңгуірлер командасының старшинасына қарады. – Әлде сіз бе? – Әлде сіз бе? – Пчелинцевке бұрылды. – Астраханьға тарту керек. Суға батқан кісіні бірнеше күн ауруханаға жатқызу қажет, айтарым осы. – Дені сау, жұмысқа ертең шыға берсе де болады демеп пе едіңіз жаңа, – деп сүңгуірлер старшинасы міңгірледі. – Үш күндей бақылап көру керек. Сосын шығарамыз. Сізді де, – деп дәрігер Пчелинцевке қарады. – Жатқызуымыз
керек. Тексеріп, емдеп... түріңізді қалпына келтіріп береміз. Әйтпесе бетіңізді қарашы, жара басып кеткен. – Бетті қойшы, тәйірі. – Пчелинцев қайтадан қинала жөтелді, кеудемді бірдеңе... Жаншып тұр. – Сіздіңше қалай, тұңғиық терең сонау су түбінен шығып, бірден жүгіріп кетуіңіз керек пе? Ол мүмкін емес нәрсе. Осы әңгімеден кейін Пчелинцев орындықтары бар, жалпы тыныштау жерге, кеменің артқы жағына барып отырды. Көз алдында біресе тоғысып, біресе жан-жаққа ыдырай түскен гүлді шеңберлер үйіріле жөнелді, ол өзінің әлсіреп қалғанын сезіп қынжылды. Бұл жерде дәрігердікі жөн – бұл әлсіз, науқас адам, өзін-өзі сәл түзеп, ретке келтіру үшін ауруханаға шамалы жатып шығуы керек. Ежов екеуінің басына түскен жағдай өмірде бір-ақ рет кездеседі. Егер ондай күн екінші рет туса, бәлкім, адам баласы оны көтере алмауы да мүмкін. Ол тұнжырап, іштей көңілсіз ойларға шомып, оңаша қалды. «Адмираль» катерінің двигателі қалай от алып, гүрілдеген даусы құлағына талмаусырап жетті де, кеме шұғыл бұрылып, қалаға қарай бағыт алды. Кеменің темір табанының астындағы су толқыны атқақтап қоя берді. Жылтыр жез тұтқадан ұстап бері жақындап келе жатқан Марьянаны көрген кезде ғана есін бір-ақ жиып алды. Шымшып алғандай бірдеңе оқыс жыбыр ете қалып, ескі жараны қайта сыздатты. – Қалайсың? – деді Марьяна. Қинала жымиған Пчелинцев ернін болар-болмас қыбырлатып, – әркім бір-бірінен жағдай сұрастырған бүгінгі дәстүрлі сауал, – деді де кешірім өтінді. – Онша емес, – деп жауап қайтарды ол. – Ауруханаға жату керек. – Мен ол жөнінде естідім. Дәрігер айтты. – Ол іштей дайындалып, аз-кем үнсіз тұрды да тікесінен бір-ақ қайырды. – Айтшы, осы сен бұрынғыша тұра алар ма едің? – Бұрынғышасы қалай? – Кәдімгі... – Ол күмілжіп, көзін төмен салды. Жүзіне көлеңке түсті. – Мен Ежовпен ұшырасқанға дейінгідей...
Қолыңнан келер ме еді? – Б-іл-меймін, – деп ол баяу сөйледі де, қарсы сұрақ қойды. – Өзің ше? – Мен даярмын! – деп нақты жауап қатты Марьяна. Оның жауабына селт етпеген Пчелинцев ләм деген жоқ. – Тоқетері – бәрі өзіңе байланысты, – деді Марьяна. – Тағы да... Бір өтінішім бар саған... – Қандай? – Портқа барып, теңіз кемесіне ауыстыру жөнінде арызыңды қалдырып кеткеніңді естідім. Өтінішім – сол арызыңды қайтып ал. Марьяна өтінішінің мәнісін түсінген Пчелинцев байсалды түрде басын шайқады. – Сөзімнен танамын ба? Тіпті қисыны келмейді. – Сөзіңнен тан деп тұрған жоқпын. Саған енді бәрібір «Лотоста» қалуға болмайды ғой. Қалайда басқа кемеге ауысу керек. Мейлі, басқа кеме бола берсін – тек теңіз параходы емес. – Неге қалуға болмайды? – деді ол түнеріп. – Қанша айтқанмен ырымға жаман ғой. Әрең аман қалдың емес пе. Біртүрлі қорқынышты. – Қорқатын ештеңе жоқ, – деп қабағын ашпаған күйі дүңк ете қалды Пчелинцев. Марьяна орнынан тұрды. – Айыпқа бұйырма. Менің... менің кетуім керек. Басын үнсіз изеген Пчелинцев, мойын бұрып, борттың сыртындағы таңғы күн нұрына шомылған жағалауға қарай бастады. Ежовтың қасында жұрт топырлап тұр екен. Марьяна жақын келген кезде, абыржып, тұнжыраған олар бірден тарап кетті, шамасы, бұл Колян Осеновтің ісі болса керек. Колян болса, Марьянаны көрген бойда, теріс айналып, борттың сыртына бір түкірді, бұл моторист жолдастың көпекөрінеу қыр көрсеткенін біліп, Марьяна тіпті жымиып, күліп те жіберді. Оқушы сияқты. Жарайды, Колянды қойшы, тәйірі. Ол Ежовқа еңкейіп еді, күтпеген жерде көзіне жас
үйіріле қалғанын сезді. Бұл жылау Ежовты қимағандықтан немесе келмеске кеткен өткен күндермен қоштасқаны екенін Марьянаның өзі де білмеді. «Тірімісің?» – үнсіз, тек көзбен ғана ишарат білдірген ол, Ежовтың тамырын ұстау үшін қолын алды. Тамыры біркелкі соғып жатыр екен, көңілі орнына түскен Марьяна дәрігердің орындығына отырды. «Осы рейске шықпа деп ескертіп едім... айна... сынғанын айтқанмын, жаман ырым ғой. Пчелинцевке жеткізбегенім бекер болды, оны да ескертуім керек еді. Мүмкін, пәлеге ұшырамас па едіңдер, сонда. Алайда бәрі өткен соң оның иесін қозғаймыз, болары болғаннан кейін? Қалайсың?» – деп сұрады ол бұрынғыша үнсіз, ыммен ғана. «Төменде, судың түбінде, қалім мүшкіл болды, өлген жерім осы екен деп ойладым. Өкпем сырылдап, басым сына жаздады. Қысқасы, о дүниеге кетуге сәл-ақ қалдым. Судан шығарып еді – басылды. Өзің де хабардар шығарсың. Дәрігер аяқ-қолымды қарап, температурамды өлшеді де денің сау деген қорытынды шығарды. Міне, жағдай осындай! «Мені сағындың ба?» – өзі үшін де күтпеген сұрақ қойды Марьяна. Суға батқан кеменің ішінде қайтадан тұншыққандай Ежов ыңырана ернін қыбырлатып төмен қарады. Марьяна сонда Ежов пен Пчелинцев екеуінің мінездерінің өзара ұқсастығын байқады. Ортақ бақытсыздық әртүрлі адамдардың мінезін ұқсас етіп жібергені ме сонда? Ежовқа борт кедергі жасап еді, сонда да ол денесін қуысқа қарай шамалы ілгері жылжытып, судан өз бейнесін көруге тырысып, төмен қарады, бірақ шымырлай аққан толқын оның бейнесін катердің соңына қарай шайып әкете берді. Марьянаның қабағы түсіп, жанарының қалай мұңға толып, жалғызсырап кеткенін сезді ол. Бойын тік ұстаған Марьяна, ол да суға үңіліп, іштей ойға шомды. Жағы суалып кетті. Борттағы қуысқа басын қойып, Ежов бұрынғысынша палубада жатыр еді, төмен қарап, өзен тереңіне үңілуге
тырысқандай көзімен кеменің соңына ығысқан көбіктің арасына жалт берген сәулелерді аңлады. Ол өзін-өзі қинаған сұрақтарға жауап іздеп азаптануда еді. Қанша іздесе де жауап таба алмай-ақ қойды. Өзінен өзі жиіркеніп кетті. Кінәсін мойындап, қанша кеудесін аттап кеткенімен сол бір кісінің алдында өзін өлердей қарыздар екенін сезінді. Бәлкім, бір адамға емес – өзінің аман қалып осы өмірден сызып тастамай, санаттан шығармағаны үшін бүкіл адамзат атаулыға борыштар шығар. Басын бұрып еді, жағымен бояу иісі аңқыған, ып-ыстық темірге сүйкенді, «адмираль» катерінің үстінде тұрған Марьянаға, сүңгуірлерге қарап, мұңайып қалды. Жұрттың бәрі тым-тырыс – әншейіндегі мұндай топқа тән өткір әзіл де, қолдан-қолға өтетін бір қорап сигарет те, еркектердің зілсіз әзіл күлкілері де, күнделікті тұрмысқа сән беретін көңілді жайттар да, – соның бірде-біреуі жоқ. Марьянаға қайта бұрылып қарап еді, көзі ескі иконадағыдай – үп-үлкен, мөп-мөлдір, әлдебір ауыр мұң жасырынып жатқандай көрінді. Ежов әрең дегенде ернін қозғап Марьянаға жымия қарады. Атап айтқанда, ол дәл осылай, қатал да қатулы болумен қатар, нәп-нәзік күйінде келіп буалдыр шуақ арасынан елестеп аян берді емес пе, – сандырақтап, болмыс пен елесті, түсі мен өңін ажырата алмай жатқан кезде, ажал арашасындай ғайыптан пайда болды. Қанталаған ернін жымқырып қайта жазып жіберген Ежов, палубаның діріліне құлағын тігіп, содан соң қашанда айтқысы келіп тұрғанымен бірақ оған батылы жетпей, осы күнге шейін сол сәтті күтіп келген, көкейіндегі сөзді айтты. – Марьяна, сен былай ет, – дауысы қарлығыңқы да сабырлы шықты. – Былай ет, Марьяна... Қазір жағаға жеткеннен кейін екеуміз біржола қош айтысатын болайық. Жарай ма? Пчелинцевке енді мен опасыздық жасай алмаймын, ұқтың ба? Егер ол болмаса, мен әлдеқашан мәйіт боп жатар едім, – палубаның қалай дірілдегеніне, катердің ішкі құрылысының қандай күрделі сыңғыр шығарып жатқанына құлақ тігіп, сөзін әрі жалғастырды.
– Қысқасы, бақытты бол, Марьяна. Ол қуысқа қайта жылжып, саңылаудан катердің артына қарай түріле қашқан суға тағы да үңіліп қарай бастады. Осы судан ол не іздейтіні белгісіз. Өзіңнің өткеніңмен, басыңнан кешкеніңмен, үйреніскен ортамен қоштасу, артта қалған күндеріңді ұмыту, сөйтіп өмірді мүлде жаңаша бастау, ол қиын, әрине, бірақ керек, өйткені мұның астарында ілгері басу заңы – даму заңы, ақыр соңында есею заңы жатыр. Сыртынан қарағанда біреу қатты ренжіткен оқушы қыздай, Марьяна басын төмен салып, Пчелинцевке қарай кетіп бара жатты. Алдын ала белгілі, айтуға тиіс орынды сөз естігенімен, бірақ ол жаны жараланып, зәбірленгенін сезді. – Ежовтың сөзі әбден састырып, шымбайына батып кетті. Төбесінен бір қойғандай, сөздері оқыс шықты, әйтсе де, шынын айтқанда, оқыс дейтіндей ештеңе жоқ еді, оны Марьянаның өзі де жақсы түсінді. Тіпті ол ма, осы сөздерді алдымен Марьянаның өзі бастап айтқысы келген-ді. Бірақ Ежов оған мүмкіндік бермей, алдын алып кетті, қысқасы, бұл жерде де... Марьянаның алдын орап үлгерді, тек жанын ғана жаралап қойған жоқ, тәнін де ауыртты. Өзінен өзі кемсеңдеп, бүкіл тұла бойы селкілдеп кетті, бірақ ол өзін-өзі дереу тоқтата қойды. Өйткені Пчелинцевке көзіне жас алып, көңілінде бір қаяу бар жандай көрінуге болмайды, ол ештеңені білмеуге тиіс. Ежовпен болған әңгімені, Марьянаның қатты қорланғанын мүлде сезбеуі керек. Пчелинцев тұтқадан қос қолдап сығымдай ұстап, қолының үстіне иегін сүйеген күйі сол бұрынғы қалпында отыр екен, Марьяна тіпті жақындап та үлгермей жатып, ол сонадайдан мұның өзіне қарай беттегенін байқап қалды да, мүлде селт етпеген қалпы күңгірт дауыспен. – Сенсің, бе, Марьяна? – деді. Марьяна үнсіз басын изеді, сосын бұл ишаратын көрмей, естімей қалатынын түсініп, шамасы келгенінше көңілдене жауап қатты.
– Мен... Он минуттан кейін Астраханьда боламыз деседі. – Қасына келіп отырды. Күнге шағылысқан көзін сығырайтып, борттың ар жағына қарады. – Қалай, басылайын деді ме? – Жоқ. Өкінішке қарай... онан сайын өршіп барады. – Қояды. – Мүмкін, мүмкін, – іштегі ескі жарасы ашылып, ойлана жауап қатқан Пчелинцев, көйлегінің жағасы алқымын қысып жатқандай басын шайқады. – Сергей, сен мені кешіресің бе? – Марьяна қайтадан тосын сұрақ қойды. Айтпақшы, ол неліктен оқыс сұрақ болады. Осы минуттарда екеуіне бірдей айналадағы дыбыс атаулының бәрі ғайып болып, біржолата ауаға сіңіп кеткендей көрінді де, жалғыздықтың сұмдық бір үрейлі көрдей азынаған тыныштығы орнады. Бұл тыныштық Пчелинцев кубрикке қамалған су астындағы, атап айтқанда, сондағы меңіреулікке өте ұқсас еді, Пчелинцев тамағына тірелген қатты түйірді жұтып жіберді. Бұл кесек тамағында тым жиі пайда болғандықтан, бұрынғы қолайсыз шаншу алғашқыдай жанына батқан жоқ. Тыжырынып, қысқа ғана, «иә» деген бір-ақ сөз айтуға оқталды да, өзін-өзі тежей қойды. Ескі ренішке өте ұқсас, кеудесінде кенеттен мүлде бір жаңа сезім пайда болды. Бірақ бұл реніш емес еді, жоқ ол бұрын мүлде болып көрмеген және бойға сіңбеген таңсық құбылыс бұл сезім, тіпті жаңа ғана туындады. Оның ғайып болуына тағдыр жазбаған еді. Міне, мұның сыры осында. Осыған дейін Пчелинцевтің бойында жасырынып жатқан, мүлде белгісіз қасиеттерін Марьянаның анықтағаны сияқты, Пчелинцевке де Марьяна тіпті бір жаңа, бейтаныс қырынан ашылды. Оның өмір жолының Ежовтың жолымен түйісуінде белгілі бір заңдылық бар. Кездейсоқ емес, заңдылық. Ал бұл заңдылық болғаннан кейін, демек, осы өмір бұлтарысы қайта қайталануы мүмкін. Ол қайталанады, сөзсіз қайталанады, міне, мәселе қайда жатыр. Олай болса, бәріне біржола шыдап бүкіл азаптың бәрін қоса жеңіп шыққаннан кейін, өмірін жаңаша, ежелгі ескі ауруды қоздырмай, бітеу жарамен
бастағанының өзі дұрыс емес пе? Пчелинцевтің бойында қарсылық білдірген қаһарлы күш жанарынан жас ытқытып жіберді, бірақ ол оны тұншықтыра білді, осы батылдығынан айрылып қалмас үшін шешімінен айнып қалудан қорықты да, бастапқы дауыспен былай деді. – Марьяна, сені кешіру-кешірмеуім, қазір ол әншейін жәй ғана нәрсе. Мәселе оған тіреліп тұрған жоқ. Оның бәрі ұсақтүйек, кәкір-шүкір. Бірақ біз енді бұрынғыша тұрмыс құра алмаймыз, Марьяна. Бұрынғы жарастығымыз енді ешқашан қайта оралмайды... Екеуміздің өткен тіршілігіміз енді қайтып келмейді. Тату-тәтті өткен ыстық күндеріміз кетті келмеске, – өз тұрғысынан айтқан осы бір бейтаныс жылы сөздердің қалай шыққанына құлағын тосып, Марьянаның аузынан естілгендей болғанын аңғарды. Расында да бұл еркектің емес, әйелдің айтатын сөзі. Сөйтіп, ол өз кемесін жағамен байланыстырып тұрған арқанды шорт қиып тастағандай нық сөйледі. – Ешқашан... Пчелинцевпен келіспеген Марьяна басын қайта-қайта шайқап еді, жүзінің дуылдап кеткенін сезді, әп-сәтте кәдімгі көз жасы бетін жуып, сорғалай жөнелді. – Мұның не, Сергей? – деп ол сыбырлай сөйледі. – Бәрі орнына келеді, бәрі. Өткен нәрселер де сөзсіз қайталанады, – деді ол. Қазір, дәл осы қысқа сәтте Пчелинцевпен өткізген бақытты шағын есіне алып, бірақ сол бойда іркіле қалды, соңғы сөйлемнің екі ұшты астары бар еді... Сонау алыстан, тура аспанның астындағы әлдебір биіктен сары майдай толықсыған күннің тұсынан, қатқыл дыбыс шалынды. – Осымен бітті, Марьяна, қош бол! Енді мәңгі бақи. – Ол бұған іштей қарсылық білдірумен қатар, осы сөздерді жүрегіне дөп тиген бытыра оғындай қабылдап, басын тағы да өршелене шайқап жіберді. Бұрынғы қателігі қазір жанына батып, өзегін өртеген өкінішпен ащы көз жасы кеудесін қысып, тынысын тарылтты. Сөйтіп, сазайын тартып, әлгінде ғана Пчелинцев басынан өткерген күй кешті де, өзін-өзі әзер ырыққа көндіріп сұрақ қойды.
– Сонда қалай?.. – Біржолата ма? Солай ма, Сергей? – Білмеймін, – деп Еділдегі теплоходтар аялдайтын жерге, біртіндеп жақындай түскен астраханьдық айлақтарға көзін сығырайтып, сұстана қараған күйі қатқыл дауыспен шолақ қайырды. Бірнеше минуттан кейін «Адмираль» катері, екі аптаның ішінде Пчелинцев үшін бөтен, мүлде бейтаныс және тым тосырқап қалған жағаға келіп тоқтайды. Алшақтап кеткені соншалық, ол бұл жерді қайта игеріп, бәрін басынан бастауына тура келеді. Әйтпесе, басқа жағаға қоныс тебуі үшін бұл жерден біржола кетіп қалуы керек. Пчелинцевке бұл өте ауыр тиді. Дәл солай күйзелген Марьяна да өзінің жалғыз қалғанын сезді. Бұған қарсы ештеңе істеуге болмайтын еді. Еш-те-ңе...
ИГОРЬ МЕН ИРИНА Кейін бұрылып өткен өміріне көз жіберіп қараса, осы кешкен ғұмырының әр минуты, әр қас қағым сәті бір-ақ адамға – иман жүзді, ақ шашты, жанары нұрлы ленинградтық кемпірге бағышталған десе жаңылыспас еді. Тіпті снарядтардың, гранаталардың, миналардың дүмпуі мен бораған оқтың астында қалған, төбесі жайпақ, картада үтір мен нөлі аралас оп-оңай ғана үш цифрдан тұратын биіктікті міндетті түрде алу керек деген рота командирінің бұйрығын тыңдап тұрып та, іштей сол кемпірді ойлады. Әлгі биіктікті алу үшін екі бірдей рота шайқасуда. Бірақ әзірше одан ештеңе шығарар емес. Ол сүріне қабынып, аяғы сіресіп, қара түнді жамылып, взводын жеке бастап шабуылға шыққан кезде де, көз алдында анасы тұрды, тіпті қорғасын оқ қос қабырғасын қақыратып кетіп, қансырап жатқанда да есіл-дерті сол кісіде болды... Анасына осыншалық берілгені ол жөргегінен шешесінің еркетайы болып, күтпеген жерде аязда қалып, бұрынғы күнін торыға аңсаған жел тимеген үй өсімдігі сияқты өскендіктен емес, анасын шын сүйетін еді. Жанындай жақсы көретін... Әйткенмен де өз басына көңілі толмаушы еді, мысқылмен қарап, кейде тіпті өзін-өзі келемеж етуді де үйреншікті әдетке айналдырған бұл ұдайы анасының қамын ойлап уайым жейді: сұп-суық азынаған аш қалада қалай ғана күнелтіп жүр екен, аядай қап-қараңғы пәтерде бойын жылытуға, бір кесе шай қайнатып ішуге азын-аулақ отыны, жүрек жалғауға бір жапырақ наны бар ма екен? Бұл үшін – бар қуанышы да, күйініші де, жанының
жалауы да, әні де, ойын-күлкісі де, мейірім-шуағы да, өткені де, қазіргісі де, болашағы да соның бәр-бәрі – жалғыз анасы еді. Игорь Каретников өзінің взводымен қырсық атқан биіктікті алу үшін шайқасып жатқан ұрыста жараланды, бірақ ашынып алған немістердің дамылсыз гүрсілдеткені соншалық, қараңғы түн күндізгідей жап-жарық болып кетті. Осы қып-қызыл өрттің арасына сіңіп кеткен взвод оп-оңай ғайып болды, денесінің ауырлап, тызылдап ашығанын сезген Каретников окоптан от шашып, зіркілдеп тұрған қардың үңірейген аузын нысанаға алып, гранатасын лақтырып жіберді, бірақ жарылысты естіген жоқ, бүйірі қан қақсап, екі көзі, қос танауы, аузы, неге екені белгісіз, қышқыл қарға толды да кетті. Содан «неге қар тұз татиды» деп таңданды, сол-ақ екен, есінен танған кіші лейтенант Каретников әуеде қалықтаған мамық қауырсындай жападан-жалғыз түпсіз шыңырауға тоңқалаң асты. Ол ұзақ уақыт құлдырап құлап келе жатып денесінің ауырғанын, сүйегінің қақсағанын, түйіліп шаншығанын сезген жоқ, бірдеңеге жармасып жан қармауға, немесе саңылауға, я апанға сүңгіп кетіп тыншығуға да ниеттенбеді. Ол жер бауырлап еңбектеген тәпелтек келген, кіпкішкентай Веня Кудлиннің арқасында келе жатып есін жиды. Кудлиннің демі бітіп, қырылдап қалады, бірақ Каретниковті сонда да босатқан жоқ, әлі де сүйреп келеді. Шаншу, бүйіріне қыздырған істік темірді сұғып алғандай, бүкіл денесін түйреп кетті, іші-бауырында бірдеңе құрылдап, астан-кестең болып жатты. Каретников сонда өзін-өзі қолға алып, сабырмен ойлады. «Қарнымды оқ қақ жарып кетіпті. Енді бітті, сүйре, сүйреме – бәрібір өлім...» Кезерген ернін жалады. Тағы да тұз! Қар да, ерні де – барлығы тұз татиды. Тіфу! Шыдай алмастан, ыңырсып қоя берді – Тыныш, командир! Немістер тым жақын, естіп қалады, – деді Кудлин қырылдап, – қазір-ақ оқ жаудырып жібереді. Айтқаны дәл келді, ыңырсыған дыбысты естіп қойып, тарс етіп атылған ракета қою бұлттарды қақырата, маңайдың бәрін ала-құла жарыққа бөледі. Дәл төбелерінен оқ тізбегі жанай ызыңдап өтті.
– Ал біздің взводымыз қайда? – Взвод жоқ, командир. Кудлин Каретниковті шұңқырға алып түсті, аз-кем тынығып, күш жинауы керек еді. Кешегі оқушы Кудлин кәнігі солдаттай қимылдайды. – Көп кідірмей ілгері еңбектеу керек. Каретниковтің көз алдын тұмшалаған ұйып қалған қою қан іркілдеп, быршып, жарылып кетіп еді, ол ышқына ыңырсып қоя берді, сол-ақ екен, шұңқырдың үстінен тағы бір кезек оқ тізбегі зу ете қалды, бұл жолы жиектегі қарды түйреп-түйреп түсті. Түн шыңылтыр, аязды еді, әрбір дыбыс жаңғырып, еселеніп естілді. Немістер ұйықтамай орыстардың кезекті шабуылын күтуде... Бірақ орыстар жағы тым-тырыс еді. – Кел, жараңды таңып берейін, командир, – деп қырылдаған Кудлин, қалың шалбарының қалтасынан арнайы пакетті суырып алып, Каретниковтің шинелін түрді де, дәті шыдамай маңдайын тыржитты, алайда тыржиятын несі бар, – күні ертең Кудлинді де пулеметпен дәл өстіп сұлатып түсіруі мүмкін ғой, жараға мақталы дәкені жапсыра қойып еді, ол бірден қанға шылқылдап шыға келді, сыртынан бинтпен таңды. Васильевский аралындағы госпитальға Кудлиннің қалай жеткізгенін Каретников білген жоқ. Ертеңгісін госпитальдың қырау басқан ауыр есігін ашу мүмкін емес еді. Ол соғыстың алғашқы қысындағы бұрынғы көп жылдардың есесінен, былайша айтқанда, белуардан жауған қардың бітеп қалғанынан емес – мұндай қалың қар да, осындай қақаған шыңылтыр аяз да бұрынсоңды болып көрген жоқ, оның ашылмауының басқа себебі бар-тын. Васильев аралындағылар түнде өліктерді шанаға, фанерге, үйдің төбесін жабатын қаңылтырға тиеп, госпитальдың есігіне тасып, текшелеп үйіп қояды. Васильев аралындағылардың мәйіттерді көмуге өздерінің шамалары келмейді, өткені өлікпен бірге молада мәңгілік қалып қоюлары мүмкін, ал госпиталь Васильев аралындағылардың дұрыс пайымдағанындай, міндетті түрде қабірге түсіреді, көмусіз қалдырмайды. Біресе өліктер текшеленіп есіктің маңдайшасына шейін үйіліп қалады, кейде тіпті одан да биіктеп кетеді.
Осы мәйіттерді және жаралыларды тасу үшін қардан тек Үлкен проспектіні ғана емес, госпиталь орналасқан он бесінші линияны да аршитын-ды. Қаншама қиынға соқса да, бірақ амалсыздан қарын күреп тазартушы еді. Күнбекүн тау-тау қар үйінділері күрт биіктеп, екінші қабаттың деңгейіне дейін көтеріліп, терезелерді көрсетпей тастайды, үшінші қабаттың сызығына жақындап, кейде одан да асып кетеді, аяз қысымынан шақылдап, түн сайын уілдеп, балтықтың өткір желіне мұз жамылған жотасын төсейді. Аумаған құмырсқаның ізіндей болып, оларға жіп-жіңішке тартылған сүрлеу-соқпақ үйлерге апарып тіреп, одан әлі тіршілік нышаны бар екенін білдіреді. Ал егер із болмаса, онда тексерудің де, жол аршудың да қажеті жоқ – бәрібір тірі жан таппастан босқа әуре боласың. Ленинград үстіне шөккен ап-ауыр, көкшіл-тұнжыр, оқ-дәрінің күйік иісі мен түтініне көмілген таң еңсені басады. Соғыстан бұрынғы таңның көгілдір шапағының жайдарлығынан із де қалмаған, ежелгі шаттық пен мамыражай тіршілік қалың қайғы мен снарядтардың күрсіліне, бұрын-соңды мұнда бас сұғуға қаймығып, көбіне теріскей мен Сібір жақты ғана иемденген сақылдаған үскірік аязға сіңіп, мәңгілік ғайып болған сияқты, әдетте қалада қыстап, тұрақтап қалатын, жабайы мысықтардың, кезбе иттердің, құс атаулының бірде-біреуі жоқ, – әлде оларды сойып жеп қойған ба, немесе өздері осынау аштық пен қасіреттен қашып кеткен бе, кім білсін... Госпитальдың есігін ашу мүлде мүмкін болмай қалған кезде, кочегар мен кілтшінің міндетін бірдей атқаратын Шура Парфенов ағай өз-өзінен іштей кейіп, қақпаның дәл өзіне орнатылған қуықтай есікті ашып, оның ішке қарай ашылатынына да шүкірлік, госпитальдың есіктері кейін қарай, сыртқа ашылатын еді: оны революцияға дейін неміс архитекторы салған, бәрі керісінше, неміс үлгісімен жасалған, – ал ол арадан, найза-күрекпен баяу қимылдап, терге малшынып, минут сайын тоқтап, демін алып, түні бойы үйіліп қалған күртік қардың төбесіне шығатын тепкішектер жасайды. Бір тал шашы жоқ, жалтыр басынан, түсі оңып, ағарып кеткен ескі былғары құлақшынын шешіп, тер
моншақтаған қасқа басын сүртеді. Шура Парфенов ағайдың көзі кейінгі кезде кәріліктен жасаурай беретін болды, оның көз жасы, әлде тер екенін бірден ажырата алмайсың. Парфенов танауын пысылдатып қойып, іштей бірдеңелерді айтып күбірлейді. Жоқ, жанарында іркілген дегенімен көз жасы екені онсыз да түсінікті еді. Госпитальдың есігінің алдында, құм сияқты қатты қиыршық қар арқылы өзара жабысып қалған, тастан қатып серейген адам денелері үйіліп жатады. Парфенов күрегін қарға шаншып, төбе шашың тік тұратындай текшеленген өліктің қасында дыбыссыз күбірлеп, көзіне іркілген жасты кірпігімен қағып түсірген күйі, бірнеше минут бүкірейіп үнсіз тұрып қалады, өлікті күнде көріп жүргенмен, бірақ оған еті үйрене алмай-ақ қойды. Адамдардың ондап-жүздеп, мыңдап қырылатынына сенгісі келмейді. Олар үн-түнсіз, ештеңе сұрамастан, ешкіммен бақылдаспастан аштықтан талықсып, тып-тыныш қана, жан адамға салмақ салмастан о дүниеге кете барады. Сонда бұлар кімдер, мына өлген адамдар, аты-жөндері кім, өздерінің құжаттары бар ма? Оларды тексеріп анықтауға ешқандай мүмкіндік жоқ, өлік таситын машина келіп зиратқа соңғы сапарға шығарып салғанға шейін жігіттер бөгет жасамастан, тып-тыныш жата тұруы үшін, денелерін есіктен бір шетке жылжытудың өзіне құдай қуат берсін. Парфенов табанының астына бір түкіріп, ауыр күрсінеді де, жұмысқа қайта кіріседі. Игорь Каретниковтің палатасының терезесінен Парфеновтің қалай шойнаң қаққаны, азаптанғаны, басынан құлақшынын жұлып алып, қақаған аязға және қайтіп сусылдай беретіні белгісіз жеркенішті мұз қиыршыққа қарамастан қайта-қайта сүртінгені көрініп тұрады: шамасы, қызуы көтеріліп, тұла бойы қалтырап тұрса керек, аштықтың және қайғының зардабынан бет-аузы сыздап көгеріп кеткен. Бір кезде адмирал яхтасында әскери қызмет атқарған байырғы балтық матросы Парфеновтің мұндай сұмдық қорқынышты кәсіппен айналысамын деген ой үш ұйықтаса түсіне де кірмеген еді. Бір жолы ол тәртіпсіздік жасады,
аяусыз дүреленіп, сотқа тартылып, Сібірге айдалды. Айдауда жүріп қалың бұйра шашымен қош айтысты, революцияны сонда күтіп алып, буржуйлармен біржола есеп айырысты, ақтарды да, ағылшындарды да, немістерді де тізе бүктіріп, тіпті америкалықтардың күзет ротасын талқандауға да қатысты. Бірақ ешбір жерде, еш уақытта соншама сұрапыл да қиын жылдардың өзінде дәл мұндай сұмдықты туасы көрген емес. Өкпесі сырылдап, қайғыдан егіліп, титықтап біткен оның алайда басқа ешқандай лажы жоқ еді. Қоршауға түскен Ленинград ашаршылыққа ұшырады. Бір күнгі паек – арасы кеуек, шала піскен бір тілім шикі нан, жалғанда одан қымбат ештеңе жоқ, ештеңе онымен теңдесе де алмайды, әрине, нанға пара-пар адамгершілік ар-ожданнан басқа – алайда көпшілікті аштық ажалынан арашалап қала алмады. Жұрт қолға түскеннің бәрін талғамай жей беретін, ағаш желімін, астары крахмалданған қабырғаларға жапсыратын тұсқағазды ұзынынан жіңішкелеп турағанда, өзінше «қолдың кеспесі болып» шыға келеді, иі шала былғары белдікті қайнатып талшық етті. Сегізінші қыркүйек күні немістер Бадаевтағы азық-түлік қоймаларын бомбаның астына алып күл-талқанын шығарған кезде, одан сәл-пәл хабардарлардың бәрі аяғы неге апарып соғатынын білді. Жаппай ашаршылық орнайды. Азынаулақ азық-түлік тек аудандық сауда-саттық мекемелерінде, асханаларда және дүкендерде ғана қалды – бары сол. Ол осыншалық үлкен қала үшін жұқ та емес, әдеттегідей үш мезгіл тамақтанатын болса мықтағанда екі-ақ күнге жетеді. Ашығын айтсақ, одан басқа әйелдер құймақ жасаудың амалын іздестірген қыша қоры да бар еді. Каретников майданда жүріп осыны естіген кезде өзіне-өзі еріксіз сұрақ қойды. Қышадан нендей құймақ шығады? Ең алдымен молдыққа үйренген, етжеңді кісілер аштыққа шыдай алмайды, бүрісіп-тырысып, қатып-семіп қаусаған шалдай о дүниеге үн-түнсіз жүріп кетеді. Олардан кейін қалжасы нашар адамдар аттанады. Байырғы матрос Парфенов госпиталь үшін, мысалы, жақсы хирургтей немесе терапевтей, ғафу етіңіздер, тіпті бас дәрігердің дәл өзіндей таптырмайтын адам еді. Күңкілдеп
сөйлегені және алғашқыда сөйтіп көрінетін кірпідей тік мінезіне қарамастан, Парфенов момын адам еді. Жаны жайсаң болумен қатар қолынан келмейтіні жоқ шебер жан. Қасық ұстаған сайқымазақты, ән тербеткен айды, жөке ұстаған орман перісін қолма-қол жасап шығарады, тек материал болса болғаны, бәрін бірден даяр етеді. Ол өзінің зынданынан – госпитальда бу қазандары орнатылған жерді басқаша атамайтын – көбіне тақтай қалдықтарынан бірдемелерді жонып отырған күйі жұмыс үстінде табылады, қалдықтарды көзінің қарашығындай сақтайды, әйтпесе «шикізатты» оп-оңай жымқырып кетуі мүмкін. Ленинградта бүкіл жиһаздарды, сарайларды, шарбақтарды әлдеқашан отынға жұмсап қойған, олардың тек ойдағы естеліктен басқа, тіпті жұрнағы да қалмаған. Шура Парфенов ағай госпитальда таптырмас бір зат жасады. Госпитальдың екінші қабатында кафельмен қапталған кең бөлмеге жалпақ арыстан табан, қоладан құйылған, сабын қоятын торы бар, ішінің фарфоры жарылып кеткен тап-тұйнақтай шойын ванна орнатты. Госпитальға ұрыстан жараланып түскен адамды тіке ваннаға шомылдырып, үсті-басын мұқият сүртеді де, сол жерден зембілмен палатаға жеткізеді. Басқа госпитальдарда мұндай нәрсе жоқ, Игорь Каретниковтің анық білетіні, тек біліп қана қойған жоқ, онда солдат телеграфы айна-қатесіз жұмыс істейді, өйткені өсек-аяңды қалт жібермейді, құлағы түрік, жаралы жұрт қайда не болып жатқанынан жақсы хабардар, – басқа госпитальдарда жаңа түскен жаралылардың жарасын спирт немесе әтірмен ғана сүртіп қояды, мұндай жылы ванна жоқ, тәніңе сестра қыздардың қолы тигенде жаныңды жадыратып жібереді, сол бойда бүкіл азабыңды ұмытып кетесің. Тек бір ғана ыңғайсыз жері – тыржалаңаш күйіңде жүресің, олар саған назар аудармағанмен, тіпті саған қарайтын да мұршалары жоқ, сонда да қыздың аты қыз емес пе, қысыласың. Госпитальдың өзінде де Шура Парфенов ағай жаралы жауынгерлерді жауратқан жоқ, бүкіл саңылау-сызат атаулының бәрі сыланып бітелген, бірде-бір жыртық
тесік жоқ, бөлмелердің түкпір-түкпірінен үскірік жел азынамайды. Егер жақын маңайға фрицтер снаряд тастаса – ал снарядтарды олар аямайды-ақ, алысқа ататын зеңбіректен үздіксіз төпеп тұрады найсаптар, – соның дүмпуінен және жер солқылынан қабырға қақырап кетеді. Шура Парфенов ағай іле-шала, күңкілдей кейіп, түймесін ағытып тастап, іштей бұрқылдап балағаттаған күйі, төменде, бу қоймада тез сылақ дайындап жібереді де, жарықты бітеп, үстін әктеп қояды. Алайда соған қарамастан егер госпитальда отын болмаса, тесікті бітегенмен бөлмелер бәрібір жылымай, Шура ағайдың бүкіл еңбегі зая кеткен болар еді. Соғысқа дейін госпитальға, онда бұл госпиталь емес, Васильев аралы ауданының қатардағы жәй ауруханаларының бірі еді, бірнеше машина көмір түсіріп, аулаға тау-тау қылып үйіп қойды. Осы көмірді сол Шура Парфенов ағайдың өзі иемденіп, былайша айтқанда, бірден еншісіне алды, – көлденең адамды көмірге жолатпады, ешкімге қол сұққызбады, осыдан төрт қадам жерде орналасқан нан дүкенінің көнекөз сатушы әйелі ескіргеннен қарайып кеткен үлкен пышақпен нанды кескені сияқты – пай-пайға бөліп, қуыс-қуысқа жайғастырды, ол мынау Шура Парфенов ағай, соғыстың болатынын алдын ала сезіп-білгендей, отын қорын мықтап қамдастырды. Оның қандай көреген екеніне қазіргі жағдай көз жеткізді – «госпитальдың жылылық температурасы» әлгі отынның арқасында көңілдегідей сақталып тұрды. Үстіңгі жағы шойын вензельді, ою-өрнекті, жұпыны тік маңдайшалы ауыр есіктің алдын босатып, Парфенов дәті шыдамай өліктерден жүзін бұрып әкетеді, беті оқыс дір ете қалып, құмырсқа аяңмен жетіп келіп, есікті төмпештеп ұрғыштай береді. Бет-аузы ақшыл буға көміліп кетеді, Каретников сонда Шура ағайдың ызадан күйіп-піскенін, ерніне тамған жасты жұтып жіберіп, іште кезекшілікте отырған әйелді күйгелектене асықтырғанын байқайтын еді. Тағы да Игорь Каретников терезеден, жадап-жүдеген, қап-қара боп түтігіп, қолына шәугім, шелек ұстап Неваға қарай бүкшиіп, ілбіп бара жатқан шұбырған жұртты көретін, кейде олар үстіне қос кастрюль қойылған шана
сүйретіп, өкпек желден ықтап, жол-жөнекей снарядтардың дыбысына құлақ түріп бара жатады, олар қорғасынның ұшқан бағытын, снарядтың біздің, я немістердің снаряды екенін айна-қатесіз біледі. Жаңағы бір жапырақ нансыз амалдап шыдауға болады, ал Неваның суынсыз жағдай тіпті қиын. Осы екі нәрсесіз Ленинградта күнелту күмкін емес. Каретников сол адамдарға қолынан келген жәрдемін беріп, көмектескісі келіп қатты құлшынды – шелек көтеріседі, немесе шана сүйреседі – ең болмаса көшеге шығып, жылы сөзімен демейді, бірақ өйтуге шамасы жоқ – ол төсек тартып жатқан ауыр жаралы еді. Қолынан келетіні жалғыз-ақ нәрсе – ол іштей соларды есіркеу және анасының қамын ойлау. Иә, қоршаудағылар үшін су да нан секілді ауадай қажет еді. Игорь жұрттан естігендей, Полюстровода, мысалы, кәдімгі минерал суы, адамдарды аштықтан аман алып қалады. Полюстров суын Петр Біріншінің өзі ашқан деседі, ішіп көріп, «Тамаша» деп таңдайын қағыпты. Соғысқа дейін Игорь ол суды көп ішкен. Тот татып, көпіршіп, бұрқыраған әлгі судың дәмі ептеп «боржомиға» келеді, дәл сондай өткір, дәл солай мұрын жарады. Ып-ыстық кәуептің артынан ішсең тіпті рахат. Кәуепті ойлаған кезде Игордың көзі бірден қарауытып кетіп, қиналғаннан маңдайын тыжырантты, шекесі солқылдап, лезде аузынан сілекейі шұбырып, алқымына кесек тығылғандай болды. «Полюстрово» суы және темір татиды, бір-екі жұтсаң кәдімгі темірдің өзін байқайсың. Дәмі де темірдің дәмі. Осы судың құрамында шынында да темір мол еді, ал ол адамға кәдімгідей әл беріп, азық болады деседі, әнеки, гәп қайда жатыр. Қалай болғанда да Полюстровода Ленинградтың басқа аудандарына қарағанда аштан өлген жұрт әлдеқайда сирек. Игорь есін жиған кезде, ең алдымен анасына жеңіл жараланып, уақытша госпитальға түскенін, тірі екенін айтып хабар жібергісі келді, артынша, шешесін мазалаудың қажеті жоқ – госпитальдың атынан-ақ зәресі ұшып, бірақ артынан уайымнан өліп кетуі мүмкін, – деп ол ойынан айнып қалды.
Ұрысқа кірердің алдында, шешесіне арасына бірнеше сағат қана салып, бір күнде екі хатты қатар жолдағаны есіне түсті. Дала поштасы оны машинадан машинаға, жәшіктен жәшікке, бір сөмкеден екінші сөмкеге тасымалдап, анасының қолына тигізгенше – біраз уақыт өтеді, ендеше, қобалжитын дәнеңе жоқ. Ал сол екі ортада бұл әл жинап, аяғынан тұрады, майданға жібермес бұрын шешесіне жолығып қайту үшін бір күн демалыс сұрап алады – өйткені ол дәл осында, Васильев аралында, қауесет бойынша бір кезде дарға асылған декабристердің денелері қойылған Голодайға жақын түкпірге таяу тұрады. Мұны көргенде сонда шешесі қалай қуанар екен. Жүрегі біртүрлі шымырлап, елжіреп, еріп кетті, жүз жиырма бес грамм қара нан және ағаш желімінің сілікпесімен қалай күнелтіп жүр екен? Игорь басын жастыққа тығып, үнін шығармай, ақырын ыңырси бастады, бірақ осынау болмашы дыбыстың өзін көрші койкадағы мичманның құлағы шалып қалды да, ол мойнын созып, мұнан: – Дәрігер шақыртайын ба? – деді. – Қажеті жоқ. Мен әншейін... жай ғана... – Игорь көкірек ауруы бар адамдай ернінің дуылдап, кезеріп кеткенін байқады. Кенет әлгі оқ өкпесін де зақымдап кетсе ше? Мен қазір шешем жайлы ойладым-ау, – деді Игорь ақырын ғана. – Мұндағылардың бәрінің тағдыры бір күнгі паекқа қарап тұр. Ладогамен кеме не әкелсе соны талшық етеді. Мені сол тура Ладога көлінде жаралады, – деді мичман. Онысын Игорь Каретников білетін еді, мичман бұрын сан рет айтып берген. – Кемелер керуені, ондап, жүздеп сап түзеп келе жатады, ал жүзден оны, оннан бірі ғана аман жетеді. – Мичманның қабағы түйіліп, беті ағаш боп, қатып, біртүрлі сазбеттеніп қалды. – Немістің самолеттері ес жидырмай төпейді, антұрған иттер, оңбағандар. Кейде тек расында да біренсараны ғана Ленинградқа сүйретіліп жетеді. – Тісінің арасынан сыздықтата ауа жұтқан мичман денесін жиырып алды.
Балшық түстес жұқа көрпе үстінен сырғып түсіп кетті – мичман Ладогада тек жараланып қана қоймай, басы да зақымданған еді, аяғының дәл астына келіп жарылған бомба мұздың астына батып кетті. Мичманның одан қалай тірі қалғанын бір құдай ғана біледі. Каретников абайлап орнынан тұрды. Көп ұзамай ол өз аяғымен жүретін науқастардың санатына қосылып, дәлірек айтқанда жаралы науқас, госпиталь реестріне осындай анықтамамен тіркелген, – мичманның үстіне көрпесін жауып, ол тізесін құшақтап дөңбекшіген кезде, көрпені біраз қымтап ұстап тұрды. – Шыда, бауырым, шыдап бақ. Бірден әрі жараланып, әрі контузия алу қиын нәрсе. Теңізшінің жолы болмады. Бәлкім, керісінше жолы да болғандай, оны енді тылға жібереді. Бірақ қатын-қалаштың етегін, кемпір-шалдың шапанының шалғайын паналау қай жақсылық дейсің. Бір аптадан кейін госпитальға Игорьді қуантқан қонақ келді. Ол кіп-кішкентай, аяғына қолпылдаған кең етік киген, мұрны аяздан кептердің жұмыртқасындай көгілдір тартқан, піскен бұршақтың түсіндей, дөп-дөңгелек шегір көзі тумысынан үнемі таңданып тұратын, жас балаға ұқсас Веня Кудлин еді. «Веня, Веня, құтқарушы жолдас...» Каретниковтің, неге екені белгісіз, көзі өзінен-өзі жасаурап кетті. Веня Кудлин балтаның, қашаудың дөрекі жұмысы емес, әйел бәкісінен шыққандай сүп-сүйкімді, шағын ғана әлжуаз адам еді. Оқ пен оттың ортасындағы сол ажал биіктігінен Каретниковті арқалап жетуге қалай ғана шамасы келді екен? Веня Кудлиннің жамылған халаты бас-аяғын түгел қамтып, кебін сияқты тіпті өкшесіне шейін шұбатылып тұр. Халаттың иығы аса үлкен болғандықтан салбырап кеткен жеңдері ұп-ұзын, қыртыс-қыртыс. Веня Кудлин сондықтан жеңін дамылсыз тартқылай береді. Кудлиннің ұсқыны тентектік жасап, тәртіп бұзған оқушы баланың түріндей еді. – Мен жолдас лейтенант, – деп бастаған ол бірдеңеден қысылып, өзінен-өзі ірікіліп қалды, әлде палата толы
жаралылардан ба, өйткені есік ашыла бергенде бәрінің көзі сонда тігіледі, сондықтан тілінің байланып қалуы мүмкін, өйткені күйініш те, азап та, аштық та, үміт күту де жаралылардың жанарында бәр-бәрі жазулы тұрады. Немесе өз командирінің алдында ыңғайсызданды ма, әйтеуір Веня тіпті мұның, лауазымын да шатастырып алды, бір «саты» өсіріп жіберді. Каретниковті кіші лейтенанттан лейтенантқа жоғарылатты. – Кіші лейтенант, – деп түзетті оны Игорь Каретников. – Жоқ, әлдеқашан лейтенантсыз, – Кудлин басын шұлғыды, – сізге жаңа әскери шен берген. Веня отыратын орын іздестіріп жан-жағына қарады, бірақ орындық жоқ екен, ол бір күрсініп, салмағын екінші аяғына ауыстырып, тік тұрып қалды. Кудлиннің қолпылдаған кең керзі етігі ағаш еденді гүрс еткізді. Екеуі екі бөлек дүние сияқты, керзі етік өзінше, ал Веня Кудлин өзінше. – Кел, кереуеттің шетіне отыр, Кудлин, именбе. – Мен сізге жолдас лейтенант, жігіттердің сәлемдемесін алып келдім. Кудлин мақталы шалбарының қалтасына қолын салып, жең қыстырғышқа ұқсас шағын бірдеңені шығарды. Сосын жұдырығын жұмған күйі, көзімен шамалап, кереуетке отырды. Аяғын басып қалмадым ба деп артына бұрылды. Жоқ, ондай ештеңе байқалмайтын сияқты. – Жоғарылауыңмен, лейтенант! – Көрші мичман сөзге араласты. – Жеңгеннен кейін магарыч сенен. – Мінеки, сәлемдеме осы. – Веня алақанын жазды. Оның уысынан Каретников сұрғылт түске боялған темір ілгешекті төрт әскери «шаршы белгіні» көрді. Мұндай «белгіні» Каретников бұрын тағып көрген емес, мұның өңіріндегі қызыл күрең жылтырақ төртбұрыш еді. Міне, – Кудлин Каретниковке қолын созып, оның алақанына «белгілерді» төге салды. Каретников жымиып, Кудлинге бірдеңе айтқысы келіп, алғысын білдіруге оқталып еді, бірақ шамасы келмеді, неге екені белгісіз, дауысы шақпай қалды, тілі салақтап икемге келмейді, байланып қалған сияқты. Осынау қамқорлық, кісінің жүрегін елжірететін нәзік әрі тосын нәрсе еді. Ол паеққа қосымша берілген артық бір үзім нанмен бірдей қуат
берді – жанын шуаққа, әлдебір аса жылы мейірге бөлеп, жігерін тасытты. – Ленинградта мен серуенде жүрмін, – деп хабарлады Кудлин сол екі ортада, – жиырма нөл-нөлге шейін... Ал содан соң... ол сәл кідіріп, терезені нұсқап, қолын сілтеді, – кейін қайтамын! Кейіні – өзінен-өзі түсінікті нәрсе. Бүкіл қала бойынша, аздап тұмсығы соғылған, шамалы майысқан, жеке-дара жалғыз трамвай рельсті дүрсілдетіп, әрлі-берлі бір ізбен жүріп, қатынас етуін үзбеген-ді. Бүйірінде он бес деген нөмірі бар. Оны жұрт солай атайтын да еді. «Он бесінші трамвай». Неге дәл он бесінші нөмірді таңдағанын ешкім білмейді. Сол он бесінші трамвай жұртты майданға таситын. Халықаралық проспектімен. Кудлин трамвайға отырып, жарты сағаттай жүреді де, қайтадан майданнан бір-ақ шығады. Ал Каретников болса әрмен қарай емделіп, өзін әбден мезі еткен осынау госпиталь тіршілігін ілгері жалғастыра берді. Бірақ мұнысы минуттық қана өкінішпен лап етіп тез өте шықты. Өйткені қанша дегенмен қасында Кудлині бар ғой. Ұрыстан аман қалған жігіттермен бірге екенін сезінуден туған кеудесіндегі қуанышы, жылы сезімі тарқамады. Және олар қандай қымбат сый жасаған, «осы-белгілер» расында да бір күнгі нан паегына тұрады. Сонау жақта, майданда Игорь Каретников таяуда ғана, мұнан небәрі үш аптадай бұрын өзі де паналап отырған сол окопта қалған адамдармен қатысы барлығына қарамастан, «сонда мен» осынданың» арасында қаншама қашықтық, мұз жамылған үдірейген түпсіз ажал – шатқалы бар екенін енді тек санасымен ғана емес, бүкіл жан жүрегімен де сезді, командирлер кейде өздеріне осындай «төртбұрышты» консервінің қалбырынан қиып алып, өңіріне жәй жіппен қадай салады. Ал мынау – Игорь еріктен тыс «төртбұрыштарды» алақанында әлпештей ұстады – қолдан жасалған емес, былайша айтқанда, арнайы қалыптан шыққан фабриканың төл жұмысы... Ол саусағымен тамағын уқалаған күйі тілі байланғанының тарқаған-тарқамағанын тексеріп, бірдеңе айтқысы келіп қайта әрекет жасап еді, онысынан тағы да ештеңе шықпады.
Тамағына байқаусызда қылтанақ кесе-көлденең тұрып қалғандай. Госпиталь шатырының үстінен снаряд ұлып өтті. Кудлин сасқанынан көл-көсір халатқа басын сүңгітіп жібергенде, тіпті төбесі де көрінбей кетті. Көрші койкадағы мичман еріксіз күліп жіберді. Дауысы жарықшақтана, біртүрлі адам шошырлықтай қарқылдады. – Бұл біздің снаряд емес, – деді ол Кудлинге. – Нева проспектісіне түсті. «Бөтен» деген сөзге мичман өзгеше мән беріп айтқандай болып көрінді Кудлинге, сол себепті іле-шала суық хабар, қоңырсық иіс, өзгенің басына түскен жаманат көзіне еріксіз елестегендей болды. – Госпитальға түссең қай снарядтың қайсысы екенін ажыратуға тез машықтанып аласың, сенікі ме, сенікі емес пе, біздікі ме, жоқ дұшпандікі ме, оның қай маңға түсетініне дейін алдын ала біліп тұрасың. Теңізші дірілдеп-қалшылдап, булығып жөтеле жөнелді де, төсегінен көтеріле бере сіресіп қалды. Беті көгеріпсазарып, қара терге түсті. – Көмектесіп жібер, – деді Каретников тамағын бітеген мылқаулық тығынын ытқытып жібергендей ақыры тілге келіп, – ол контузия алған. Бір жерін зақымдап алуы мүмкін. Мичманның кереуетіне лып етіп, ауыса қойған Кудлин арқасындағы темір шыбықтарға басын соғып алмауы үшін желкесін ақырын ғана алақанымен демеді. Шатыр үстінен тағы бір снаряд зу етіп өте шықты, алғашқыдағыдан гөрі ірірек екен, біраздан соң қопарылған жердің жарықшақ дүмпуі жетті де, сосын барып госпитальдың іргесі солқ ете түсті. Алайда, шынына келсек, керісінше болуға тиіс еді. Себебі қайран қаларлық нәрсе, құлаққа алдымен жердің солқылы жетеді де, сонан соң ғана дыбысы естілуі керек. Снаряд Исаакиевск шіркеуінің маңына түсті. Қайсыбір қойманы қопарып кетпеді ме екен? Мичман қайта жөтелді, бетіне қан жүгіріп, көзіне нұр ұялап біртіндеп есін жия бастады. – Қар-р-ғыс атқыр контузия, – деп қырылдады ол, – әншейінде алып бара жатқан ештеңе жоқ сияқты, ал енді
қалай қалшылдатуын көрмейсің бе. Тіфу! Айыпқа бұйырма, солдат! – Оқасы жоқ, – деп күмілжіген Веня Кудлин, Каретниковтің кереуетіне қайта ауысып отырды. – Бәріміз де пендеміз, – деп қырылдады мичман, – пешенеңе не жазса, содан ешкім де қашып құтыла алмайды. Сондай-ақ біз жақтан да немістер жаққа снаряд кетті, еруліге-қарулы! Окоп баспасөзі «артиллерия дуэлі» деп атайтын кәдімгі үйреншікті атыс басталады. Бірақ мұны қалайша дуэль деп атайсың? Дуэль – ол екі жақ тепе-тең болған жағдайда, ал мұнда фрицтердің снаряды да артық, біздің бір снарядымызға елу снарядпен жауап бере алады, – нысананың бәрі де ұшақтан суретке түсіріліп, квадраттарға бөлінген, бір сағат бойы Васильевский аралын, екінші сағатта Нева проспектісің үшіншісінде Петроград жақты төмпештейді, содан соң жүрек жалғап, кофе ішіп, сырнайгармонь шалып, көңіл көтеру үшін өздеріне өздері жарты сағатқа үзіліс жариялайды да, сосын зеңбіректен қайта гүрсілдете бастайды. Дүркін-дүркін, арнайы машина секілді уақыт аралығын өзгертпейді. – Немістің снарядын біздің снарядтан әрқашан ажыратуға болады. Атылған бойда, дыбысы алыстан шығады, сосын дауысы күшейе түсіп, жақындай береді, ұлыған дыбысынан қайда барып түсетіні белгілі болады. Жүз метрге шейінгі дәлдікпен. Оны тіпті жай адамдардың өзі, жаратылыстың гүлдері – әйелдер мен балалар да, үйреніп-біліп алған. Ал егер оны айыра алмасаң... Халық айтқандай өмір сүргің келсе, жалтара біл. Ал біздің снаряд ұшқанда – дыбысы жойқын соққыдай қатты шығады, тура төбеңнің үстінен естіліп, құлақты жарып жібере жаздайды, содан соң фрицтер жаққа қарай қашықтап ұзай береді. Тек содан кейін ғана барып тына қалады. Жарылыс естілмейді. Контузия бәзбіреулерді шектен тыс бұйығы етіп, мылқау адамдай тілден айырады, ал екіншілерін күйгелек етіп тастайды, үшіншілерін қалшылдатып-дірілдетіп қояды, төртіншілерін басқаша зақымдайды, ал теңізшіні ол тым сөзуар етіп жіберді. Оның үстіне ол жаңа адамды көріп отыр.
Сөйлемей қалай шыдасын. Тіпті біздікінің дыбысы да, ол, әлгі мичман күйгелектене саусағын сыртылдатты, түсі де былайша айтқанда фрицтердікінен гөрі мүлде өзгеше. Біздің снаряд о бастан нық, өктем де сұлу ұшады, ал фрицтердікі – түсерде ғана. Ол ұшқан бойда қиқалаңдап, бағытын жоғалтып, қырылдап, аспанда жарылуға дайын. – Одан да аспанда жарылып, – деді жауынгер Кудлин, – жерге түспегенінің өзі жақсы еді... – Кәнеки, олай болса, – ақылмен кесіп-пішкен мичман қолын жайды. – Жалпы сен не туралы айтып отырсың? Кудлин үндемеді. Игорь әлі қибыжықтап, иығын қиқаңдатып, Кудлиннің мазасын алмауды, оның майданнан мичманға келмегенін айтқысы келіп еді, бірақ туа біткен ізеттілік, былайша айтқанда, теңізшіні шорт кесіп тастауға ырық бермеді, оның үстіне контузия алған адам. Ақыры үзіліс орнап, Каретников сөзге кірісіп кетті. – Біздің жігіттер қалай? Міне, ең басты әңгіме осы ғой, аспанда айқыш-ұйқыш ұшып жүретін снаряд емес. Жарылған снарядтар, артиллерия атысы, қардың жауғаны, саршұнақ аяз, аштық, қысқы үскірік, өрт, Невадағы кезек, әуе дабылы сияқты үйреншікті нәрсе болып кетті. Адам жаманға да, жақсыға да үйренеді ғой. – Шүкір, аман-сау, – жай ғана жауап берген Кудлин, басын жас балаша иығына салды, – берілмей жатырмыз. Бірақ тым сиреп қалдық. Өзіңізбен бірге биіктікке шабуылдаған жігіттерден, жолдас лейтенант, бесеуі ғана қалды. Басқаларының біразы жараланған және біразы мерт болған. Игорь Каретников тек палатада ғана емес, дәліздің ішімен де өз аяғымен жүре бастағанда, алдымен шешесіне телефон соғуды ойлады. Қымбатты Любовь Алексеевнаның халі қалай екен? Бірақ телефондар жұмыс істемейді, электр жүйелері сияқты әлсіз тоқты желілердің бәрі де қырқылып тасталған
болатын. Алайда госпитальда дала телефоны бар еді, бірақ онымен анасымен байланыса алмайтын болғандықтан, оның бар-жоғынан не пайда. Әлде хат жазып жіберу керек пе? Госпитальдың мөрімен кетсін бе сонда? Жоқ, олай етуге де болмайды. Веня Кудлиннің көптен хабарласпай қойғаны өкінішті-ақ, өткен жолы Игорь одан шуағы мол көңілді хат беріп жіберді, анау айтқандай ештеңе бола қойған жоқ, «мама, ақырындап соғысып жатырмыз, немістердің біртіндеп мазасын қашырудамыз» деген сол хатты Игорьдің анасына Веня майданнан жолдады, Игорь Каретников өзінің осы қулығына мәз еді. Кейде оған шешесі төсегінің қасындағы, неге арнап жасалғаны белгісіз кіп-кішкентай дөңгелек темір орындықта ұлына қарап, уайым шегіп отырғандай болып көрінетін. Мұның күйініші – оның күйініші ғой, мұның қуанышы – оның қуанышы, мұның жарасы – оның жарасы. Анадан жақын, анадан жанашыр кім болуы мүмкін дүниеде? Ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынас әуелі барлық отбасында бірдей қалыптасады – ол жөнінде Игорь Каретниковтің сенімі мол. Алайда өзара бірінбірі қайталауды жұрт үзілді-кесілді теріске шығарғанына қарамастан, әрқайсысының, мінез-құлқы әртүрлі, тәрбиеде бір-біріне ұқсас емес, өзара сыйыспайтын нәрсе – соған қарамастан ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынас бір ізбен, басқаша айтқанда, бір математикалық формуламен қалыптасады, он екі жасқа шейін балалар өз әке-шешесін пір тұтады, он екіден он жетіге дейін іштей күмәндана бастайды – ата-анамыз өзімізге лайық па, жоқ па? – содан соң бұл күдік сейіліп, олар ата-анасын қайтадан жақсы көріп кетеді. Тек жай ғана жақсы көріп қоймайды, ерекше құрметпен сыйлайтын болады. Әрине, егер ата-ана шын атаана, ал перзент – нағыз перзент болса, онда олар да Игорь Каретниковтің Любовь Алексеевнаға деген махаббатына ұқсас сезімді басынан өткереді. Әкесі жай әскери адамның бірі еді, Игорь үшін оның жүріс-тұрысы түсініксіз болатын, тым ересек, аса қатал, романтикалық ерекшелік, жаужүректік пен батырлық қасиеттері болмағанмен, жұмбақ мінездері көп еді. Игорьдің
және оның тұстастарының пайымдауынша, ол қасиет ұрыста болып, үсті-басына түтін мен оқ-дәрінің иісі сіңген, бейбіт өмірге азамат соғысының оғы мен отының арасынан келген адамдарға ғана тән. Әкесі көзге қораш, көріксіз, бірбет адам болатын, ақырын сөйлейтін темірдей қажырлы кісі еді. Ол Игорь мен Любовь Алексееваның орталарынан елеусіз ғана кетті. Солтүстік мұзды мұхиттың жағалауын үш ай бойы зерттеді, суретке түсіріп, тиісті хабарлармен қамтамасыз етті, үш ай бойы үйге онан хат, радиограммалар келіп тұрды да, сосын сап тыйылды. Пышақ кесті. Әкесіне не болғанын, оның қайда екенін тірі жан білмейді. Содан соғыс басталғанға шейін қанша сұрастырса да хабар-ошар болмады. Оның жұмысы әскери маңызды болған деседі. Әскери маңызы бар екен, демек, ол құпия, жасырын нәрсе, оны қарапайым жай адамдардың білуге шамалары келе бермейді. Мүмкін, тек болашақта белгілі болатын шығар. «Егер тірі болсам», – Каретников мырс ете қалды, – Толстойдың формуласы бойынша «ЕТб». «Егер тірі болсам...» Әкесі бұлардан жоғары жақта әлдебір көктегі қиянда жүрді, ал шешесі болса мұны өзімен тең тұтатын нағыз жанашыр дос еді, оған бұл бәрін, құпия сырын да жасырмай сеніп айтатын. Мүмкін, сондықтан да болар, алдымен мінезімен әкесіне ұқсаған бұл – түрі де тура сойып қаптап қойғандай әкесі болатын, – он беске жақындағанда қайта жаңғырып, өзгерді де, енді шешесіне еліктей бастады. Айна-қатесіз. Оның бәрі анасына деген шынайы махаббаттан, сезім тасқынынан туындаған, бірден-бір себеп сол. Кейде сонау жақта, майданда, окоптың ішінде отырған кезде өзін-өзі мәңгі өлмейтіндей сезінетін, жаны біреу емес екеу, жүрегі жалқы емес, үйлесе үндесіп соғып тұрған қос жүрек сияқты болып көрінетін. Немістер атып тастаса, бір жаны шыққанмен екіншісі бар, бір жүрегі істен шықса, ол бәрібір аман қалады, фрицтерді екінші жүрегі тоқтағанша талқандай береді... Былайша айтқанда, бұл үшін туған анасының жаны мен жүрегі дайын тұр. Расында да ол мұнымен бірге окопта болып, бірге мұз қармап, консерві қалбырына шай қайнатып ішті, жүгіріп
жүрген сұр киімділерді нысанаға алып, мылтық атты, серіктерінің бірі қаза тапса, қосыла қайғырды, артта қалған бұлтсыз көгілдір күндерді аңсады. Сол күндердің алыстап кеткені соншалық, енді ол ешқашан қайтып келместей көрінетін. Шешесін аяп, тіпті мүсіркеген де кезеңі болды. Ол өзін-өзі сәл жоғары санап маңғаз ұстайтын еді, онысын да түсінуге болады. Қанша дегенмен үйдегі жалғыз еркек кіндік өзі ғана... Шешесі, обалы нешік, ойынды қабыл алды – шынында да ойын еді ғой. Ол әрбір ақылды адамға тән, бәрін жақсы түсінген болатын. Ал енді мінез-құлқын түсінуден, танудан, баға беруден, талдаудан түйсігі бас тартқан кезде, жүрегімен, бір ауыз сөзге келмей үнсіз қабылдайтын. Осыны кейін түсінген Каретников біржолата есейіп, кімнің кім екенін таныды да, шешесіне сонда дән риза болды. Дегенмен ол мұны қалайша түйсіне білді – атап айтқанда, түйсіну, басқаша дәл айту мүмкін емес, бір мезгілде әрі ана, әрі дос болу, жан аямай, уақытпен де, денсаулығымен де санаспастан, оны желден де, жаңбырдан да, өмірдің дауылынан да сәби жанын аялап, қорғап қалу оңай емес. Әдетте біз қасымыздағы ет жақын кісімізге назар аудара бермейміз. Кейде тіпті көңіл де бөлмейміз, ал ол адам жол жүріп, шеттеп кеткенде, бір сөзбен айтқанда, қасыңнан табылмағанда ғана, кенет оны елжірей сағынғанымызды сеземіз. Әлдебір үлкейтілген бейнесі көз алдына келеді, маңдайының әрбір сызығына шейін айқын елестеп, әрбір әжім, тауқымет салған әрбір қыртыс мүлде есеңгіретіп тастап, ойға қалдырады, мұңға батырады. Каретников мұздауыт окоп іргесіне, немесе қатынас жолының қабырғасына сүйеніп, қайнаған суға жібіткен қатқан нанды таусап отырып, қаншама анасына ойша оралып, оны есіне алған кезде қаншама рет еріксіз ыршып кеткен көз жасын, аяушылық, нәзік мейірімін іштей тұншықтырды – солдатқа егілу жараспайды ғой – алдына жығылып тағзым ету үшін қоршаудағы қалада қалай күнелтіп жатқанын білу үшін, анасының бейнесін айқын көру үшін қаншама күш салып көрді.
Әттең, Питердің телефондары жұмыс істесе ғой! Онда, кәнеки... Бұйырмады. Суықтан қатып-семіп қалды, снарядтар мен бомбалар үзіп тастады, дымқыл сыздан, аяздан, оқ-дәрінің тотынан шіріген Питердің қалалық байланысы үн-түнсіз. Ендігі қалғаны күн санап белгі соғып, айығып шығатын сәтті күту. Ауырсына тыжырынған Каретников, сылти басып, бір жолы дәлізде тұрған айнаның алдына сүйретіліп келіп ескіріп, шаң басқан сарғыш бұлыңғыр шыныға қарады да, ішінен біреу жұдырықпен періп қалғандай көзін тарс жұма қойды, бұған азапты жылдар мен ауыр тіршіліктің тауқыметі қатты қажытқан, көйлегі мен кальсонының үстінен олпысолпы ерсілеу шал киімін жамылған, жанарының нұры тайған, назары пәс, көкшіл тартқан, алқым терісі қыртысқыртыс, сүйегі шодырайған, бұғанасының арасына әлдебір дақтар балшық па, жоқ, қан ба, оны көмескі айнадан ажыратып болмайды, мүсәпір біреу сөлбірейіп қарап тұр. «Адам тұралап қалмауы үшін үнемі күресіп отыруы керек, күн сайын, сағат сайын, минут сайын, секунд сайын, – бәлки, ол да нәтижесіз болар, бірақ міндетті түрде соған қарамастан күресе беруі керек. Әйтпесе, құрдымға кетесің, деп ойлады, өзін-өзі айнадан көріп аяп кеткен Каретников. Егер кез келген адам сағы сынып, үсті-басына қарауды қойып, еңсесі түсіп, азып-тозса болды, онда бітті, өзінің жеке басын қадағалаудан қалғаны. Ол адамның енді қайтып қатарға қосылуы өте қиын болады. Бір оңбай құлаған жан қайтып тұра алмайды. Аузын ашып, ернін керіп, тістерін мұқият тексеріп қарады. Тістері тап-таза, ақауы жоқ, маржандай ірі еді. Біреулер, сірә, үндістер болса керек, ақаусыз тіс ұзақ жасаудың белгісі деп санайды. Расында да дастарқан басында пышақпен шанышқыны жиі пайдаланып, біз өз өмірімізді өзіміз қысқартамыз, шала-шарпы шайнаған болып, әйтеуір жұта саламыз, неғұрлым үлкендеу етіп кесіп, сол кесекке түйіліп қаламыз... Ал ас ішу – ол дәстүр, керек десеңіз, ән. Жақсы ас – нағыз мереке. Мінеки, қайда лағып кетті бұл!
Қоршаудағы Ленинградтың ең дәмді тағамы – ол бір үзім қара нан мен алақаныңда үгітіліп кетуге шақ тұрған ыстық картоп. Осы картоптың ағыл-тегіл болғаны жақсы, өте жақсы, өйткені адамды мүлде титықтатып тастайтын жүрек саздырған аштықтың уытын осы картоппен ептеп те болса қайтаруға болады. Діңкесі құрығаннан тіпті айғайлауға да, тыныс алуға да қуаты жоқ, аштан бұратылған адам үн-түнсіз мойынсұнып, сабырмен өлімді күтеді. Мұндай жағдайда жалғыз үміт – ол өлім, аштықтан да, азаптан да, күйзелістен де құтқаратын бірден-бір арашашы. Каретников айнаға қарамауға, одан теріс айналып, бір жақ шетке, қараңғы бұрышқа сылти кетіп қалуға оқталып көрді, бірақ оған шамасы келмеді, бір сиқыры бардай айна өзіне тартып, жіпсіз байлап қойған – кеткің келгенмен, кете алмайсың. Тістері аппақ, өткір, ірі, мұндай тіспен ет түгілі сіңір шайнасаң да өз еркің. Тіспен одан басқа тағы да не істеуге болады? Каретников өзін-өзі күштеп, зорлана жымиды. Саусағын аузына апарып, біртіндеп тісін санап шықты, егер снаряд жарықшағы қабырғасының орнына тұмсығына тисе немесе бір ожар фриц мылтығының дүмімен аузынан періп жіберсе не болар еді, – осы ойдан төбе шашы тік тұрды – онда тіпті шатақ. Бір күрсініп, қартайған, бейтаныс ұсқынынан, салбыраған қатпар-қатпар терісінен, әжімдерінен, сөне бастаған нұрсыз жанарынан, өз-өзінен қысылып, шыныменақ иненің жасуындай үміт сәулесі, тіршілік нышаны біржола таусылғаны ма деп палатаға ілбіп кете барды. Адам біркелкі дамымайды, ол әлімсақтан солай. Белгілі бір сатыға шейін көтеріледі де, сол деңгейде келесі серпіліске күш жинағанша тұрақтап қалады, сосын жаңа сатыға қайта өрлейді, қайта күш жинағанша тағы дағдарады. Аурудан айығу да дәл солай. Ептеп тәуір болып, өз аяғынан жүре бастаған алғашқы күннен бастап-ақ ара-тұра қайта нашарлаған кездері болса да Каретниковтің бірақ сырқаты содан әрі асқынған жоқ, бұрынғыдай денесі от болып жанып, түнде сандырақтап сөйлеуін қойды, ауыртпалықтың біразы артта қалып, беті бері қарай бастады.
Көп ұзамай Каретников сүйретіліп аулаға да шығатын болды – таза ауамен тыныстауға рұқсат еткен еді. Күн бұлыңғыр, тұнжыр екен – нағыз теріскейдің күні. Снарядтар сап тыйылған, гитлершілердің оқ-дәрі таситын көліктері тоқтап қалған ба, немесе өздеріне өздері демалыс жариялаған ба, әйтеуір тым-тырыс. Тыныштықтың өзі де қуаныш. Жұрт қозғала бастапты. Госпитальдың іргесінде баяу да сылбыр қимылдаған аруақтай арық адамдар босып жүр. Көздері шүңірейген, өңдері боп-боз, жақ шеке тамырлары білеу-білеу, қалың киінген адамдар шағын ыдыстарын суға толтырып алу үшін Неваға қарай шұбатылып бара жатты. Невадан бері қарай қолдарына шәйнек ұстаған, үстіне кастрюль тиелген шана сүйреткен қарақұрым халық ілбіп келеді, шәйнектердің, кастрюльдердің қақпақтары кендір жіппен тұтқаға және құлақтарға байланған, қақпақты абайсызда түсіріп алсаң – шатақ, судың жартысы төгіліп қалады. Ал Неваның суына бұзылған миноносец қатып қалған суатта, жел өтінде ұзыннан-ұзақ шұбатылып кезекте тұрған қалың көпшілік. Жұрт біріне-бірі жабыса түсіп, бірін-бірі сүйемелдеген күйі, ызғар мен азынаған желге шыдап, буы бұрқырап аңсай күткен суды алу үшін еңістегі сұрғылт мұзы жылтыраған жерге қашан еңкейіп, шелек батыру мүмкіндігі болатынын күтіп тұр. Каретников госпитальдан Неваға қарай қырық-елу қадам ілбіп жүріп көріп еді, мүлде әлсіреп қалды. Ол алдымен бір жаққа, сосын екінші жаққа қарай теңселіп кетті де, айғайлап жібергісі келіп, жұртты көмеке шақырмақ болып еді, бірақ іштей бір азапты қарсылыққа ұшырады, жанымен де, жан жүрегімен де, өзінің осынау әлсіз бүкіл денесімен де сезді, миының бұған ешқандай қатысы жоқ, – әлгі адамдар мұнан да гөрі әлсіз екенін айқын аңғарды. Неваның жағасындағы тар көшенің ең түкпірінде тұрған үйдің сұп-суық бүйіріне сүйеніп, желімдей жабысқақ қатқыл сілекейін жұтты. Күн өзінің сұрғылт бояуларын тез арада жоғалтып, оқдәрінің түтінімен қарауытып, түнеріп шыға келді. Тура төбеден төмен ұшып, көзге көрінетіндей баяу жылдамдықпен
ауыр снаряд ысқырып өтіп, Неваны еңсерді де, арғы бетке, кеме жасайтын зауыттың қасына барып жарылды. Тыныштық осымен бітті, фрицтердің қауырт жұмысы басталып кетті, снарядтармен қамтамасыз етілген олар енді тыным көрмейді. Бірте-бірте ес жия бастаған Каретников іштей тұспалдады: суатқа тізіліп тұрған кезек мынау атыс кезінде бытырап, дереу жертөлелерге, қуыс қуысқа, шұңқыршұңқырға қазір-ақ шашырап, тарап кетеді деп ойлаған еді, бірақ бәріне үйренген кезек мүлде тырп етпеді. Керісінше, қолдарына шәйнек пен кастрюль ұстаған тарамыстай қатып қалған, аруақ секілді екі кемпір мен төбесі сия-сия мата құлақшын киген, өңі боп-боз бір бала кезекке келіп қосылды. Кемпірлер торғайша үрпиісіп, бастарын иықтарына тықты, үйлердің үстін жанап, жаманат шақырған снаряд ұшып өткен кезде, кемпірдің бірі кейи сөйледі. – Қанішер, ең болмаса Неваға түсірсе екен. Каретников ұққан жоқ, немістер снарядтарды Неваға дәлдесе оның несі жақсы, бүкіл кезекті қырып жібереді, наразылық білдіріп ернін қимылдатты, алайда қарияның айтқаны теріс деп есептеген-ді, ал керісінше кемпірдің сөзі дұрыс болып шықты. Ол өте түсінікті де, ойға қонымды етіп өзінің пікірін жеткізіп берді. Суат үлкендеу болса, суды да тез толтырып алар едік. Ал осыдан кейін әр адамның соғыстағы орны туралы қорытынды шығара бер. Тылдағыларға майданда ұрысып жүргендермен бірдей ерлік қажет. Снаряд жөніндегі кемпірдің аңғал ойы – оқ-дәрімен түнерген аласапыран кездегі бар өмірі, бәлкім, осыған дейінгі кешкен бүкіл ғұмырымен салыстырғанда дәл осы бір күнгі өзінің күрделілігі мен қиындығы жағынан кем түсе қоймас, жүрегің мен миыңа жара салып, басыңа жаңа бір тал ақ шаш боп қосылады. Каретников көзін жұмды да мұз шыңырауға өзі қойып кеткендей болды, тұла бойы қалтырап, тәлтіректетіп әкетіп барады, енді болмаса, қардың үстіне мұрттай ұшады. Каретников өзін-өзі қайрап, арқасын қабырғаға тіреді, жауырынымен шағын тіреуіш іздеп тауып алып, сол қалыпта мелшиіп қатып қалды.
Біреу жеңінен тартқылап мазалағаннан оянып кетті. Әзер дегенде кірпігін жазды. Сөйтсе қарсы алдында, көзін саңылау шанышқыға айналғанша сығырайта қарап, өңменінен өткізіп жіберердей тесіліп Парфенов тұр екен. – Мұның не сенің, жігітім, қатып қалғың келді ме? Мәссаған? Сақтықтың көкесі! Аязды көрмейсің бе, – Шура Парфенов ағай басын шайқап еді, құлақшынының баусыз құлақтары енжар шайқала жөнелді, көзіңді ашып-жұмғанша, шыныға айналғаныңды білмей қаласың. Жүр, госпитальға кеттік! Неге екенін өзі де білместен – еріксіз солай шықты ма, жоқ әлде әдейі сөйтті ме, шамасы, ол өзін-өзі бақылаудан қалған сияқты, – Каретников қарсыласа басын шайқап еді, Парфенов сонда ашудан қып-қызыл болып, көшені басына көтере қатты айғайлап жіберді. – Ақы-мақ! Айғайлап дүрсе қоя бергені. Каретниковке ұрысқаны, балағаттағаны дұрыс болды. Осы айғай Каретниковтің есін жиғызды. Ол ернін баяу қимылдатты: – Мен қазір ғана түсімде мамамды көрдім. – Парфенов тыжырайып еді, кеңсірігінен езуіне қарай күйрек те мұңлы сызықтар тартылды. Ол Каретниковтің командир екеніне, иығында лейтенанттың жұлдызы бар екеніне, оқ-дәрінің иісін иіскеп, жараланып үлгергеніне қарамастан, – әлі тіпті бала екенін ұқты. Әлі мектеп қабырғасының, үй қызығының табы кетпеген сәби, міне, мәселе қайда жатыр. Шура Парфенов ағай Каретниковтің қолтығының астына кіріп, белінен сүйеді. – Кеттік. Сырттан қарағанда сау адам мас кісіні жетелеп келеді екен деп қаласың, ал Игорь Каретников Парфеновқа асылған күйі, көз жасының моншақ-моншақ мұз болып қатқанын сезе тұра, еңіреп жылап келе жатты, ол қуаты қайтқан әлжуаз, қарт анасының да осылайша су кезегінде тұрғанын білді, бөтен снарядтың мұзды ойып түсуін тілеп, жаңқалап отын жинайды, темір пешіне азық беріп, ептеп те болса жылыну үшін орындықтарды, табуреткаларды, кітап
сөрелерін балтамен бұзады. Каретниковтің іші шерге толып, жаны күйзеліп, өзін мүлде жалғыз сезінді. Каретников бір қайғыны екінші қайғымен басып, ес жинады да, осы оқиғадан кейін байырғы балтық матросы Парфеновпен мықтап достасып кетті. Шура Парфенов ағай өзі егде, қасқабас болса да, әртүрлі сылтаумен күңкілдеп ұрсып қойғанымен, Каретниковтің байқауынша, ол жаны таза, жайдары адам болатын, тіпті қолы бос кезінде гармонь да ойнайтын, алайда ол туралы госпитальда тірі жан білмейтін еді. Өткенді есіне алғанда Парфеновтің жүзі қарауытып, жұмбақ кейіпке енетін. – Сен жігітім, басыңа қиындық туған жағдайда көңілді де жарқын нәрселерді ойлауға тырыс. Сонда жеңіл болады. Әйтпесе қара бояу, неге екені белгісіз, көбейіп кетті, қайда бұрылсаң да, түгел қап-қара. Тіпті құдайдың күні де қарауытып кетті. Бізде осында... – Шура Парфенов ағайдың дауысы ешбір бояусыз күңгірт шықты, – түнде көшеге шыққанда бір-біріңмен қақтығысып қалмау үшін, міне, мынаны таратып берді, – ескі бушлатына тағылған дөңгелек фосфор тоғасын нұқып көрсетті, – кеудеге тағуды бұйырды... Жарқырайды. Түнде. Бірақ мен ұнатпаймын, тоғаның жарығы өлі, бөтен жарық. Турасын айтқанда, ол бір тоға жан да емес, соғысқа дейін өзін-өзі сыйлайтын әрбір жас жігіт значоктың астынан тағып жүретін әншейін фосфор түйреуіш қана еді. Значоктар көп және алуан түрлі болатын. «Ворошилов мергені» – орденге ұқсас көзге ұратын алқызыл белгі, ГТО – «Еңбек пен қорғанысқа дайынмын», ГСО – «Санитарлық қорғанысқа әзірмін», – толып жатқан басқа да түрлері. Кейде біреулер кеудесін толтырып алып, суреттегі баяғының генералы сияқты маңғаз басып кетіп бара жатады, тек қылышы ғана жетпей тұр, әрбір жалтырақ күрең түстің астында, ашық жасыл пластинка бар – кезінде сондай сән болған. Ал сән, ол да махаббат сияқты жас талғамайды деседі. Каретников осы жалпақ жарқырақ тоғалардың кейін әжетке жарайтынын – түнде ол жұртқа өстіп қызмет көрсететінін жан адам алдын ала білмегендігін ойлағанда тіпті бүрісе түсті.
– Көмескі жарық береді, – деп сөзін жалғастырған Парфенов, фосфор дөңгелекшені қайта ұстап қойды, – егер саған қажеті болса, біреуін тауып бере аламын. – Әзірше керегі жоқ. Қоршаудағы қазіргі тіршілігімізде қара түс шынында да тым көп. Кеше тапсырмамен кетіп бара жатсам, – мені теңіз училищшесіне жұмсаған еді, қарасам, жол жиегіндегі бағанға арқасын сүйеп, бір адам демалып отыр. Мен тіке солай бұрылдым. «Тұр» – дедім. Ал ол басын зорға көтерді, көзінің оты сөніп, нұры кете бастапты, әзер дегенде сыбырлап ернін қыбырлатты «Қоя тұр... Шамалы отыра тұрайын, дем жетпей жатыр». Басқа амал жоқ, сондықтан мен оған: «Жарайды, жарқыным, шамалы отырсаң отыра тұр» дедім. Кері қайтып келе жатсам, әлгі өліп қалыпты. Госпитальдан шығатын күн де келді. Бұл күнді қанша алаңдап күткеніңмен, қаншама алдын ала дайындалғаныңмен, тулаған жүрегіңді кеудеңмен қаумалап қанша аялағаныңмен – дамылсыз дүрсілдеп, қуатты машинадай тыным таппайды, тыным таппағаны соншалық, тіпті құлағың бітеліп қалады, бәрібір бұл күн тосыннан тосын келеді. Каретниковтің көкірегінде бір мұң ұялады – ол дегенмен госпитальға бауыр басып қалған еді. Адам өлімге де, қайғыға да, қуанышқа да, күйінішке де, атысқа да, еріксіз күштеп апарған тасты тоң жерге де, сарайларға да, күркеге де үйренеді – сол үйренген жерін тастап кетерде міндетті түрде мұңаяды. Каретниковке дәрігерлер де, осы сұр-жасыл, күңгірт, ара-тұра бояуы көшкен ала-құла қабырғалар да, кеменің діңгегі секілді биік те, қап-қара жіңішке құбырлы бу қазандарының жылу қоймасы да, оның өзгермейтін командирі – ескіріп ағарып кеткен, қимыл ырғағына қарай құлақтары немқұрайды қозғалып тұратын былғары құлақшынды, құрлыққа жөнелтілген Шура Парфенов ағай да, карболканың иісі мен қайта-қайта жуылған бинттер де етене жақын болып кеткен еді. Каретников тебірене терең бір күрсініп қойды, бірақ көзі құрғақ, дауысы нық еді – мұңдану да, қоштасу да өз алдына, алайда басқа да шаруалар бар ғой, түнде жеткізілген өліктерден тазартылған есік мұның артынан жабылады да,
сонымен госпиталь ұмыт болады. Алайда ақиқатқа жүгінейік, өлік бұрынғыдан азая түсіпті, ол тұрмыстың жеңілдей бастағанынан емес, Ладоганың бойымен бұрынғыдан сәл көбірек етіп азық-түлік жеткізіле бастады, – алайда нан паегы әдеттегідей тапшы еді, онымен бәрібір жан сауғалай алмайсың. – Питерде тұрмыс отрядтары деп аталатын арнайы отрядтар пайда болды, олар әлсіреген ауруларды, өз аяғынан жүре алмайтындарды тізімге алып, оларға отын-суын жеткізіп, ал мәйіттерді машинаға тиеп, қарлы ызғырыққа қарамай Пискарев тақырына әкетеді, онда бауырластар зиратына әдейілеп жер бөлінген еді. Қыстың күні тым қысқа, қарға адымындай ғана – қалай тез өте шыққанын сезбей де қаласың, іле-шала ұзақ түн басталады да, сосын түнгі ымырт, болбыр, біртүрлі мақта секілді, тымырсық бұлыңғырлыққа алмасады, сол солақ екен, снарядтар жарыса ұлып, егер ауа райы көтерсе, бомбалар да жарыла бастайды – фрицтер қолайсыз ауа райында ұшуға қорқады – содан соң қараңғылық қайта үйіріледі. Күннің шыққанынан батқаны тез. Жалпы бұрынсоңды күндіз болып көрді ме өзі? Каретников шинелінің петлицасына Кудлин сыйға әкелген сарғыш түсті қаңылтыр кубиктерді қадап, гимнастеркасын лағыл шыныдан жасалып, жезбен көмкерілген мерекелік жарқырауық кубиктермен әшекейледі, гимнастерка өйткені қысы-жазы тастамай киетін күнделік киім ғой. Белдігін қаттырақ тартайын деп еді – тесігі таусылып қалды, белдік шинелінде шыр айналып тұр. Жаңасын тесу керек пе еді... Ал, бәлкім, оның керегі де жоқ шығар, оқасы жоқ, белдіктің бостау болғаны, дәл қазір теріс емес, қайта Каретниковтің жүдеулігін байқатпайды. Ескі күңгірт айнаның алдында шамалы айналсоқтап тұрып қалды. Егер өткен жолы ол өз-өзінен жиренсе, бұл жолы олай емес – көзіне нұр пайда болып, беті мен маңдайына қан жүгіре бастапты, жағы сүйірлеу де суалыңқы болғанымен, онда біртүрлі өжеттік пен қайсарлық бар, онысы анасына ұнайды. Терезе сыртындағы кешкі ымырт қараңғылыққа ұласып, жақын тұстан винтовка мен пистолеттің оқ атқан дыбысы
естілді, шамасы, патруль біреудің соңынан түссе керек, аспанда жұлдыз да, ай да көрінбейді, жоғары жақ үңірейе уілдеп тұр. Көп ұзамай төменгі жақ та құйындата бастады, бірақ әдетте ол көпке созылмайды. Бұл жақтың желі – тентек те құйтырқы болады, ешбір тұрақты ережесі жоқ, ешқашан бастаған ісін соңына шейін апармайды, құйындатып, құйындатып әп-сәтте басыла қалады. Әрі азық қоймасы, әрі ас даярлайтын, маңайынан үнемі тәтті иіс аңқып тұратын асханадан Каретниковке, мүлде естен тандырардай жып-жылы бір бөлке нан берді, нанның дәл осындай ып-ыстық екеніне тіпті сенгің келмейді, шекеңді солқылдатып, өзекті өртеп, тәніңді, қос алақаныңды, тамырыңды ысытады, әлгі бір бөлке нанға көкшілдеу, тастай қатты екі түйір қант қосты. Қант Бадаев қоймасынан деседі. Оны немістер қойманың тас-талқанын шығарып, бомбылардың алдында әкеп үлгіріпті. Содан бері осынау қор госпитальда сақталып, тек бас дәрігердің рұқсатымен ғана босатылады екен. – Мұндай байлықпен түн ішінде қайда тарттың командир? – деді асханаға жетіп келген Парфенов, саусағымен былғары құлақшынын желкесіне қарай ысырып жатып. – Атай, мұнда халатсыз кіруге тыйым салынған, – деп айқай салды қызыл жирен, ап-арық, беті мен мұрнында іріірі секпіл дақтары шашырай жайылған аспаз әйел. – Тәйт, көргенсіз! – деп Парфенов пимасымен жерді теуіп қалды. Мынау жылудан айырсам ғой, көкеңді сонда таныр едің, Каретниковке қайта бұрылып. – Сонымен түнделетіп қайда тарттың? – деді. – Қайда тарттыңы қалай? – Каретников тіпті Парфенов сұрағының мәнісін ұқпай да қалды. – Анама. – Түн ортасында ма? Бүгінше госпитальда түнеп шық, – жолға таңертең ертелетіп шығасың. – Болмайды. – Каретников қарапайым, «сайтан терісінен» тігілген мақталы шалбарының қалтасын қақты – складта тауып берген еді, соны киіп алды, әскери болмаса да жыпжылы. – Демалысқа рұқсат қағаздарым қалтамда жатыр, оның мерзімі бүгіннен басталып та кетті.
– Демалысқа қанша берді? – Бір тәулік. – Тым аз екен. – Парфенов саусағымен иегін сипады. – Сыртта көзге түрткісіз – қараңғылық. – Жо-жо-оқ, уақыт әлі аса кеш емес. – Мәселе сағатта емес. Нанмен беймезгіл жүру, саған, лейтенант жолдас, қауіпті. Аш адам нанның иісін сезсе болды, онда бітті. Оны ешқандай күш тоқтата алмайды. – Мен шыныққан фронтовикпін. Шура ағай, бұдан да зорын көргенмін. Қорқа-қорқа болғанмын. Шинелінің өңіріне жасырған нанды ұстап көрді, – денеге қан жүгіртіп, кәдімгідей жылытып тұр, жарықтық. – Каретников алдымен елден ерек шайпау, жирен шашты аспаз әйелмен қоштасты да, содан соң қолын Парфеневке созды: – Қош болыңыз. – Асықпа, – деді ол міңгірлей сөйлеп, сол тұнжыраңқы қалпы – басын тұқыртқан күйі. – Мен сені шамалы жерге шейін шығарып саламын. Тау-тау қар үйінділерінің арасынан тышқанның ізіндей арнайы жол салынған. Оның өзі Парфеневтың арқасында аршылып, әдейі тапталынған еді. Осында сол арқылы жаралыларды тиеген машиналар келіп тоқтайды, болмашы азық-түлік әкеліп түсіреді, сондағы көпе-көрінеу күрт азайған, үстін шүберектермен жауып қойған, көмір төккен алаңдағы қар басқан аулаға шықты. Көмір үйінділерінен тартылған қап-қара жалғыз аяқ жол Парфеновтің патшалығы «тозаққа» тіке апарады. Парфенов қалтасынан темекі салынған дорбасын шығарды да, оның байлауыш ретіндегі бәтеңке бауын тартып қалып, дорбаның аузын ашты. – Ал темекі тарт! – Жұмбақтап: – Бұл жай темекі емес, блокадалық, ең тәуір темекі. «Берклен», – деді. Каретников шетелдік «Берклен» деп аталатын атышулы темекімен бұрыннан таныс болатын. Қайың-үйеңкі жапырағынан үгітіліп жасалған, ежіктеп таратып айтсақ, міне, осылай болады, – оны қалай жасайтынын да, дәлірек
айтқанда, қалай өндіретінін де жақсы білетін еді, ағаш түбіндегі қарды қара жерге шейін аршып, үсіп кеткен жапырақтарды жинап алады да, оны кептіріп, кәдімгі темекідей, пышақпен тесіп, тізіп, уатып араластырады, сөйтіп пайдаға асырады. Парфенов та жаңалық аша қойған жоқ – ол да сол тәртіппен қары жұқалау келген ағаштардың түбін аршып, жапырақтарды жинады, онысын аса ықтияттап, кептіріп, жапырақтарға қайсыбір жұпар иісті шөпті үгітіп қосты – ал ол осынау тынымсыз жүріс-тұрысына қарағанда, міндетті түрде дәрілік шөп болуға тиіс, тіпті ел басына күн туған мынау қиын-қыстау кезде де – амалын тапты – сонда бірінші сортты «берклен» болып шыға келеді. «Беркленнен бөтен қоршаудағылардың басқа да өзіндік темекілері болатын. Сол күндерді басынан өткізгендер БШЖ-ны сөзсіз ұмытпауға тиіс, таратып айтқанда, «бөренешүберек-жаңқа ұнтағы болады, бұл шынында да ағаш ұнтағы – шүберектен жасалған темекі еді, қолқаны қапқаны соншалық, БШЖ емес, ұсақ майдаланған түрлі қағаз, немесе ұнтақталған темір қағын тартқандай боласың. Ал тозығы жеткен матрацтағы сабаннан жасалатын темекі – зәрлі, ащы, екі данасын тартқаннан кейін өкпеңнің тесілген-тесілмегенін тексерту үшін міндетті түрде дәрігерге көрінуің керек. Барып тұрған шылымқұмарлар, тіпті ештеңеге қарамайды. Оған әйтеуір жанатын, түтіні шығатынның бәрі – тіпті оқдәріге шейін жата береді. Каретников Парфеновтің қолынан кисетті алып, сәл еңкейді де, қалтаны мұрнына апарып, иіскеп көрді – япыр-ай, «беркленнің» иісі қандай болады екен? Иіс ащы, саңырауқұлақпен, біртүрлі жер иісімен мүңкіп тұр, бұл темекінің емес, кәдімгі күздің, күзгі шіріктің иісі еді. Бір жолы, соғысқа дейін, ол шылымның дәмін татып көруді ұйғарып, папиросты тұтатты да, түтінін ішіне тартып қалып еді, құрғырың тіке өкпесін қауып, түрпідей әсер етті. – Сонда қыстыға жөтеліп, қақалып-шашалған Каретниковтің көзінен жас парлап, маңдайынан тер бұршақтап қоя берген-ді, бірақ Игорьді тұншықтырып, тұла бойын қалтыратып-дірілдеткен көк жөтел басылар емес. Бір рет дәмін көріп – содан былай темекіге жоламайтын болды. Майданда, окоптың ішінде де
бір жолы тартып көрді, өйткені қақаған аязда қолдан ораған темекі қанша дегенмен жылу береді ғой, қолында кәдімгі шоқты ұстап тұрғандайсың, ол от жаныңды жылытып, дем береді – жоқ, бірақ танауы өзінен-өзі қусырылып қоя берді, дегенмен темекі дегенің жеркенішті пәле өзі! «Ешкі сирақ» орап ал, – деп ұсыныс айтты Парфенов. Сөйтті де Каретниковқа үңіліп, ұзақ қарап қалды. Егер темекі орауға олақ болсаң, мен саған бүкіл сәулет өнерінің көкесін танытып, оп-оңай желімдеп бере саламын, тіпті әлгі... әлгі кім... Россидің өзі қызғаныштан көрінде бір аунап түседі. Барлық Питерліктер сияқты Парфенов те қаланы о баста кім соққанын білетін еді. Оның ешқандай қиындығы да жоқ, тіпті сауатсыз жай адамға да белгілі, Ленинградтың көшелері мен алаңдары сол сәулетшілердің атымен аталған. – Рахмет, мен темекі тартпаймын, – деп бас тартты Каретников. – Уақыт тар. – Саған бар мәзірім осы ғана, жолдас, – деді Парфенов өзін-өзі айыпты сезініп. – Сен үшін қауіптеніп алаң боп тұрмын! Барма, түн іші ғой. – Жоқ, – Каретников түгел салынды ма екен дегендей түймелерін бір тексеріп шықты. Мені үйде анам күтіп отыр. Парфенов күрсініп қойды. – Түсінемін, – деді ол. – Түсінемін. – Қолтығының астына тыққан бөлке нан бұрынғысынша жып-жылы еді, әлдебір қайнар көз, маздаған шағын пеш сияқты, Каретниковті кәдімгідей жылытып тұрды. – Бүкіл қамқорлығыңыз үшін сізге көп рақмет, – деді ол. – Абай болғайсың, командир. Көшеге екеуі қақпа арқылы шықты. Неваның арғы жақ бетінде, кеме жасайтын зауыттың маңында бірдеңе лапылдап жанып, еңсені басқан ап-ауыр аласа аспанда суыт жарқылдар бір орыннан екінші орынға алмасып шағылысып жатты. Жердің үстімен, қардың ішіне сіңіп кетіп, Неваға қатып қалған кемелерді торлап алып, жолындағы кедергілер мен мұзға оранған кемелерді орай өтіп, қою түтін жайылып бара жатқандай болып көрінді Каретниковке, бірақ түтін жоқ еді. Иісі де сезілмеді.
Каретников Парфеновті күтіп тұрған кезде – ол қақпаны құлыпқа жауып жатқан болатын – қақпаның тура іргесіне тақалып тұрған госпиталь есігінде бірдеңенің қараңдағанын байқап қалды. Қардың ішінде адамның мәйіті жатыр еді. Оның еркек, я әйел екенін ажыратып болмайды, өлікті ескі-құсқыға орапты, аруақтай ұзарып, серейіп қатып қалған, шұлық киген аяқтары созылып, басын шүберекпен шандып орап тастаған. Парфенов жақындап келіп, бірдеңе айтқысы келді де, бірақ үндемеді. Мұз қатқан қар үйінділерінің арасындағы жалғыз аяқ жолмен жылжып, дүкеннің қасына тоқтады. Сабалақ қырау шимайлаған терезеден, дүкен ішінде шам жарығы көрінеді – үстелдің үстінде Парфеновтің жертөлесіндегідей соқыр шам түтеп тұр. Осы шам ғана тіршілік тынысын білдіріп күңгірт жарық беруде. Сатушы әйел таңертең нан тарататынын халық білсін деп, тыйым салғанына қарамастан әдейі сөндірмей қалдырды ма, әлде дүкенде өзі түнемек болып шешті ме, өйткені мұңда өз үйінен гөрі жылы да жайлы еді. – Қоя тұр! – деп өтінген Парфенов, кілт тоқтай қалып, дүкеннің қабырғасына сүйеніп, басын кейін шалқайтты. – Неге екені белгісіз, жүрегім айнып тұр. Аштықтан болар, сірә, – бірден өзін-өзі түзете қойды, шамасы, «аштық» деген сөзді Парфеновтің суқаны сүймесе керек, ол оны үзілдікесілді мойындамайтын еді, – тойып кеткеннен әлсіреп қалыппын. Каретниковтің алғашқы ойы, атап айтқанда, тіпті ой да емес, ішкі сезімінің әншейін бір әрекеті еді, – қолтығынан бөлке нанды суырып алып, Парфеновке бір жапырақ үзіп бергісі келді. Парфенов түнек пен тасқараңғылыққа қарамастан, мұны байқап қалып, қарсылық көрсетті. – Керегі жоқ, командир, – қолын қалтасына салып «берклен» салынған дорбасын алды, – одан да темекі тартқаным дұрыс... «Ешкі сирақты» орай бастады. Парфенов жоғалтып алмауы үшін, қос қолғабын кендір жіппен өзара қосақтап байлап қойған, ал жіп жеңінен
өткізілген. Бала кезінде анасының биялайды тоқыма бауға тігіп, бауды пальтоның жеңінен өткізгені есіне түсіп кетіп, Каретников жымиып қойды. Галош мәселесі одан гөрі қиындау болатын, анасы әр жолы қинала басын шайқайтынды, мұның жалғыз ұлына бүкіл галош фабрикасының бір жылғы өнімі шақ келмейтін еді. Дүкеннің ішіне жарық беріп тұрған соқыр шам дірілдеп, жыпылықтап, әлдебір сиқырлы жарық қоңыздай өзіне арбай шақырады. – Осы пілте шамды сіз жасадыңыз ба? – деп сұрады Каретников. – Мен, – деп жауап берді Парфенов, сұраққа ешбір таңданбастан. – Мұндағы үйлердің тең жартысында мен жасаған май шамдар. Ол алақанын көлегейлеп, бір сіріңкемен «ешкі сирағын» тұтатты. Парфеновтан жоғарырақ тұста бұрыштарына қырау қатқан, мұзға айналған қар үйінділері әлсіз жарық беріп тұрған мәрмәр тақта ілулі тұрды, тақта көне, ят пен иж жалғауларына толы екен. «Композитор Александрь Николаевич Серовь. 1820 ж. 11 қаңтарында С. П. Б-да осы үйде туған. 1871 ж. 20 қаңтарында граф – А. Д. Шереметьев атындағы музыкалық-тарихи қ-нан. «Композитор Серов деген кім, қандай музыкалық шығармалар жазған?» – Каретников есіне түсіруге тырысып, іркіліп қалды. – Несімен атақты? Бар зейінін салып көріп еді, бірақ, өкінішке қарай, ондай композиторды білмейді екен, ешқашан туындысын да естіген емес. Суретші Серовты білетін еді. Оның «Европаны ұрлау» деген картинасын ұнататын, басқа қырынан да құрмет тұтатын, әсіресе портреттерін қатты қадірлейтін еді. Советтер Одағының батыры, ұшқыш Серовты да білетін, ал бірақ ондай композиторды естімеген-ді. Каретников қатты қысылып қалды, ол тіпті ұяттан бетінің ду ете қалғанын да сезді. – Кеттік, – деді Парфенов, қабырғадан арқасын жұлып алып, қапталдағы үйіндіге сүйеніп, содан соқпақпен бірінші болып өзі жүрді.
Міне, машиналар жүретін Үлкен проспекті, ал қазір ол, бұйығы да қараңғы, қаңырап жатыр, тек жел ғана өзінше бірдеңе міңгірлеп, сусыма қарды үйіріп, шұңқырларды тегістеуде. Неваның арғы бетіндегі өрт басылып, аспандағы қарауытқан сарғыш жалын да жалаңдауын қойды. Түн жым-жырт еді. Бірақ та кісіні маужыратып дел-салдыққа шақыратын бұрынғы алаңсыз да, саф тыныштық емес, ол кез ту сыртыңнан қауіп күтпейтін, сондай бір мамыражай да ғажайып күй болатын. Ал мынау мүлде басқаша, шиеленіскен, бүкіл тіршілік атаулыға жат, мәселен, шабуыл алдындағыдай жаманат шақыратын тыныштық еді. Мұндай үңірейген тыныштықпен Каретников жақсы таныс. Проспектінің мұз боп қатқан екі жақ қапталының кейбір тұстары снаряд жарықшақтарымен жараланған қоршаудағы өңін осы қыста күрт өзгерткен акациялар тұр, азып-тозғандары соншалық, енді қайтып көтеріле алмайтын сияқты. Тек оған жалғыз жол ғана – жұртқа, қалаға, жерге аздап та болса жылу беріп, солардың тіршіліктерін демеу үшін пешке, отын орнына жұмсалады. Қалада жылу жоқ еді. Бүкіл шарбақтардың, сарайлардың, бағаналардың, шкафтар мен буфеттердің, кітап және ыдыс сөрелерінің, кітаптардың өзі мен қолжазбалардың, қаңыраған пәтерлердегі үстелдер мен есіктердің, ескі-құсқы киім мен аяқкиімнің бәрі әлдеқашан жағылып бітті. Бәрі тіп-титімдей «буржуйканың» ішінде кетті. Жануға жарайтынның барлығы түгел өртелді, тек ағаштарға ғана қол тигізген жоқ. Тірі тіршіліктің көпе-көрінеу көзін құртуға жұрттың қолдары бармады. Олар да адамның өзі сияқты тіршілік иесі ғой. Кім біледі, ағаштың да адам сияқты ойлауға, сезуге, тыныс алуға, қайғыру мен қуануға, тәнінің ауырғанын сезу мен ән тыңдауға қабілеттері болуы әбден мүмкін ғой. Адамдар өз пәтерлерінде отырып суықтан мұзға, тасқа, құбыжық секілді әлдебір үсікке айналып серейіп қатып қалды, ал бірақ ағаштарға соған қарамастан ешкім қол тигізбеді. Ағаштар үсіп, шыны боп қалды... Олар не сезеді екен? Не туралы ойлайды? Жап-жалаңаш – суықтан да, жарықшақтан
да, жалыннан да қорғансыз. Каретников бүрісіп, шинелінің жағасын көтерді. Аузынан шыққан ақшыл-мөлдір бу, түнгі қараңғыда кәдімгідей көзге көрініп, жоғары будақтап ұшып жатыр. Аяқтың астындағы аяз қысқан ақша қар сықырлайды, осы сықыр тісіңді сырқыратып, жағыңды қарыстырады, шекеңді солқылдатады. Парфенов тоқтай қалып, оң жақ жеңін аузына тосып демін шығарды. – Ал енді, – деп міңгірледі ол. Бір жерден екінші жерге кетіп бара жатқан адам жанының үштен екісін сол үйренген жерінде қалдырады да, тек үштен бірін ғана өзімен алып кетеді деген халық даналығы бар. Бірақ Каретниковтің байқауынша, Парфенов бұл даналыққа мойынсұнбайтын сияқты, оныкі мүлде басқаша, мысалы, осы арадан кетіп бара жатқан адам, қалып қойған кісінің жан дүниесінің үштен екісін өзімен ала кетеді. Әйтпесе бұл жігіт Шура Парфенов ағай үшін кім? Тіпті бөтен адам, небәрі бір жарым ай ғана госпитальда болды – сол да сөз бе, тәйірі! Бірақ осынау аштық пен азынаған суықтағы, от пен өрттің ішіндегі, артиллерия атысының астындағы жаныңды шүберекке түйген госпитальдағы бір жарым ай – ол тұтас бір ғұмыр. Міне, сол себепті нәзіктіктен әлдеқайда аулақ адам Шура Парфенов ағайдың иегі дірілдеп тұр. Қазір Каретников кетеді де – Парфеновтің ғұмыры бірнеше жасқа кеміп қалады. Құдайдың өтіп бара жатқан күні сияқты жай ғана есеп. Жоғарыдағы «Үштен бір», «Үштен екі» сияқты – өзегіңді өртейтін есеп атаулыдан бөлек. – Хош, – деп қайта міңгірлеген Парфенов жөтелге басты. Төбелерінен сусыма қар құйылды. Қар ұшқындары қыраулы, тікенек секілді қап-қатты еді. Каретников еріксіз мойнын жағасына тығып алды. Суық. Суық та қараңғы, көрдегідей тас түнек. – Хош, – деп қайта үн қатқан Парфенов жөтелін тежеп, кеудесін жұдырығымен қойып қалды. – Қамқорлығыңыз үшін рақмет. – Жарайды. – Парфенов жан-жағына көз тастады. Жолжөнекей, алды-артыңа қарап жүр. Сақтықтан қорлық көрген
әлі ешкім жоқ. Ал алды-артына қарамайтындар бастарын тез жоғалтады. Парфенов кілт бұрылып, пимасымен қарды сықырлатқан күні қараңғы түнекке сіңіп, ғайып болды. Тек қараңғыда қара бірдеңе, әлдебір көмескі сопақша дақ қараңдады – Каретниковке Парфенов қоштасу үшін тоқтай қалып, қолын бұлғағандай болып көрінді, сөйтті де жоғалып кетті. Каретников жалғыз қалды. Біреудің имениесін қоршаған қырау басқан тас қорғанды жағалай ілгері жылжыды. Бөлке нан орнында ма екен дегендей қолымен қолтығының астын сипап көрді. Нан орнында еді, өзінің қызуын мұның денесіне беріп, жылытып тұр. Бұрынғыдай аса ыстық емес, бірақ денесін әйтеуір жылытып жатыр. Каретников сонда өз бойынан әлдебір елжіреген, орындалған арман, лықсыған қуаныш толқынын сезіп, көзін жыпылықтатты. Көп ұзамай тас дуал аяқталып, одан әрмен иен дала басталды. Шамасы, осы тұста, бір кездері тұрғын үй тұрса керек, бірақ оны бұзып тастапты. Бәлкім, оны бұзбаған да болар, бомба немесе снаряд бүкіл тұрғыңдарымен бірге күлталқан етіп көкке ұшырып тастаған шығар, қазір енді аныққанығын анықтап көр. Бұл араның қары аса көп екен, түн қараңғысында тау-тау өркештері сүп-сүйір болып ағараңдап жатыр. Кейбір өркештер жаны бардай аязда баяу қимылдап, күңіреніп, адамды еріксіз састырады. Біреу қамшылағандай жүрісін шапшаңдатып, Каретниковтің жүрегі тынышсыздана, қобалжи соқты, сол дүрсіл құлағын шыңылдатып жіберді. Түнді көрмейсің бе, соғыс алдындағы арманшыл албырт, оқушы қыздар соншама ұнататын шаңқан көгілдір сәуле де, жымың қаққан жұлдыздың жарығы да жоқ, алайда жарық жөнінде, бәлкім, бұл ойы шамалы теріс те шығар. Өйткені қардың шағылысқан жарығынан дүкеннің қабырғасына қағылған мәрмәр тақтадағы жазуды оқыды ғой Каретников, бірақ ол тек сонда – сол жерде ғана еді – ал мұнда, Үлкен проспектінің бергі жақ қапталында, қар үйінділері еміс-еміс ағараңдағанымен, бірақ бұйығы, бойындағы қауіп-қатерді жасырып, түсініксіз бірдеңелерді өзінше міңгірлеп жатты.
Үйінділердің артынан аңдып тұрған әлдебір бұзақы атып шыға келетіндей болып көрінді, қолындағы жалғыз бағалы бұйымы – бір бөлке нанды оп-оңай тартып алады, ал лейтенанттың одан қорғанар ешқандай қаруы жоқ, пистолеті де, карабині де, гранатасы да. Тіпті ең әрісі әншейін жаман бәкіден де құралақан. Ол еріксіз жалт бұрылды. Көше қаңыраған бос және қапқараңғы екен, бірде-бір тірі жан көрінбейді. Ешбір тіршілік нышаны жоқ. Қайткенде де, әйтеуір көңілді басқа нәрсеге аударып, қорқынышты басып, жолды қысқарту үшін, әрқашан өзіңе ұнамды нәрсе туралы ойлап, көңілді оқиғаны көзге елестету керек. Таныс тәсіл. Мәселен, тап қазір Игорек Каретников өзімен бірге оқыған оқушы қыздарды еске алсын, мейлі. Солардың бірімен, сұрқай көз, ерні үлбіреген, мінезі салмақты қыз Кунгурцевамен бұл тіпті аймаласып, сүйіскен де болатын. Ернінің дәмі мен хош иісі әлі күнге аузында. Кунгурцеваның аты өзгеше еді, жиырмасыншы жылдардың үлгісі бойынша, Интерна деп қойған, Интернационал сөзінің қысқартылған түрі. Күртік қардың ішінен, мұз өркештердің арасынан бірдеңе қатты күрсініп, жайлап қозғала бастап еді, әлгі таңғажайып тәтті ойлар сол сәтте ғайып болды. Каретниковтің пайымдауынша, мезгілінен о дүниеге ерте аттанып, өздерімен бірге сарқылмай қалған қуатты ала кеткен адамдардың сол күш-қайраты қайта арындап, жердің астынан дүмпіп шығады да, әлдебір тұрлаусыз елеске, бірақ жанды тіршілікке, аруаққа, мәселен, шайтанға, келідегі мыстанға, жарқанатқа, көзі шам секілді, оттай жанып тұрған жылмаң қаққан қара мысыққа айналады. Немесе қайсыбір дыбысқа, тіпті ең батыр деген адамыңның өзін қалтыратып жіберетін зарлы әуенге, көрдің түсініксіз міңгіріне, жоқтауға, я болмаса, сұп-суық үрейлі күлкіге ұласады. Немесе, айды қалқалап, оның мардымсыз сәулесін құныға жұтқан темекі шоғының түтініне... Тек қана, күш-қуатын аяғына шейін жұмсап, кәріліктен өлген кісілер ғана, бір тамшы керосині қалмаған шамдай
болып жанып бітеді де, тып-тыныш қана мынау опасыз тіршіліктен жүріп кетеді. Дәл осы жерде, мынау күртік қардың астында жарықшақтан, өрттен, оқ-дәрінің иісінен тұншығып өлген қаншама адам жатуы мүмкін. Шамасы, тек ондап, я жиырмалап қана саналмайтын шығар. Снарядка түскені бар, әлсіреп, аштан бұратылып, үйіне қайтып келе жатқанда жолда үсіп өлгені бар. Дәл осы күртік қардың астында, көміліп қалған денелер де аз болмаса керек, сірә. Аяқтың астындағы қардың сыкыры бұрынғыдан қаттырақ, қатқылдау шыға бастады, – жол үстінде қатып қалған крахмал, уатылған шыны жатқан сияқты, тағы сондай бірдеңе, тек қар емес әйтеуір. Аяз, шамасы, бұрандасын шегіне жеткізе бұраған сияқты, қаһарына мініп келеді. Бәлкім, Шура Парфенов ағай таң атқанға шейін уақытты госпитальда қысқартып, ал таң қылаң бере анаңа бар деп біліп айтқан шығар. Алайда шындық ол өз нәтижесін берген кезде ғана дұрыс, ал қазір кейін шегінуге кеш. Ол жүрісін жылдамдатып, қимылын үдете түсіп еді, бірақ онысы құр әурешілік болды, аяқтары бірден ауырлап, мақтадай жансызданып, бөтен біреудің аяғындай ырыққа көнбей қойды. Бұл бетіңде алысқа бара алмайсың. Құлағының шыңылы күшейіп, міне, ол қоңыраудың шылдырына ұласты. Бәлкім, бірдеңе етіп, ілініп-салынып әйтеуір амалдап үйге жетермін деп Каретников жүрісін бәсеңдетті. Арқасынан, жауырынының ортасымен суық тер шүмектеп қоя берді. Каретников осы терге қарсыласып бүрісе түсті, қайтадан көңілін алаңдату үшін басқа бір бөтен нәрсе туралы, жанға жайлы, көңілді нәрсе жайлы ойлауға тырысып көрді. Әрбір адамның басында өксік-зары, қыңқыл-сыңқылы, сонымен қатар шат күлкі, армандай сағыныш есіне алатын бақытты сәттері де бар. Ал, мысалы, жүзі бал-бұл жанған, талшыбықтай бұралған нәзік, жүрісі білінбеген, ертегінің перизаты сияқты, сұрқай көзі салмақты, сол Интернаның, мысалы, көзінің иіріміне кез келген жүзгішің оп-оңай батып кетеді... Игорь Интернамен ортақ тіл табыса алмады. Бір жолы ол салмақты көзін әлдебір бөтен жаққа қадап тұрып,
Каретниковке әскери-теңіз училищесінің курсантына ғашық болып қалғанын айтты, көп ұзамай, бәлкім, соған тұрмысқа да шығып қалармын деді. Ол кезде Игорь мен Интерна оныншы класта оқитын еді. Әрине, қыздар бұл жаста өздерінің құрдастарынан гөрі әлдеқайда ересек болады. Екеуі туу туралы куәліктерін бір жылды былай қойғанда, тіпті бір айда алғандарына қарамастан, Интерна Кунгурцева Игорь Каретниковтен көп ересек еді. Мектепті бітіргеннен кейін Каретников Интернаны қайтып көрген жоқ – ол расында да сайыпқыран, алтын айдарлы, қасы керілген және қияқтай, бидай мұртты лейтенантқа, әскери-теңіз училищесінің түлегіне тұрмысқа шығып, сонымен бірге Солтүстікке тартып отырды. Үстібасы жарқыраған теңізші, сүңгуір қайыққа жолдама алған еді. Сол кеткеннен суға батқандай зым-зия жоқ болды, содан кейін Интерна қайтып көрінбеді де, одан хабар да естілмеді. Өзі кетуін кеткенімен бірақ шашының иісі, ернінің дәмі, көзінің нұры есінде мәңгі қалып қойды, енді оны ештеңемен өшіре де, ешқашан ұмыта да алмайсың. Міне, тағы да бір қараңғы, қар басқан, күртік қардың үстінде біреудің ізі түскен тұйық көше де артта қалды, ең болмаса бір көмескі сәуле, қандай да болса қимыл-қозғалыс, адамның дауысы немесе құстың шиқылы естілсеші, ештеңе жоқ, тым-тырыс өлі тыныштық. Иә, содан соң, мұнда құс қайдан болсын? Ленинградта қазір құс та, ит те, мысық та ырымға жоқ. Каретников күңірене күрсініп еді, Парфенов сияқты, өкпесінде бірдеңе қырылдап, тұмаурата ысылдады. Анамның жайы қалай екен ондағы? «Буржуйканың» қасында мұңайған күйі, әйтеуір жүрек жалғайтын талшық үшін шай немесе кастрюльде желім қайнатып жатқан да шығар, сірә. Осы ойдан кейін Каретников қатты түйіліп, жыларман болып, шешесін қатты аяп кетті... Дені сау ересек адам қышамен, желіммен және қайнаған қара сумен күнелте алуы мүмкін бе? Және қоршаудың мардымсыз паегы, престелген фанер сияқты қап-қара қара балшық түсті, салмағы жүз жиырма бес грамм нан не болады? Ыдыстағы суды төңкеріп тастағандай, осы ойды басынан шығарып, суша шашып
жіберуі керек еді, бірақ ол қолынан келмеді. Ол аштан бұратылып, құр сүлдері қалған, ауыр киім жамылған бір уыс кәрі шешесін көз алдына елестетті. Сөйтіп киінбесе суыққа төтеп бере алмайды, қабырғалары ырсиып, өңі бозарып кеткен, көзінің нұры сөніп, мәңгіріп қалған шешесін елестеткені сол еді, келесі сәтте иегінің кемсең қағып, бетінің қисайып бара жатқанын сезді, енді сәл болса ол шыңғыра айғайлап жіберуге, жүрегі жарылып кетуге шақ қалып тұр. Каретников бүрісіп, айғайды тұншықтырды да, тек қысыла шыққан, ыңырсыған дыбысты есітіп, соққы тигендей басын жұлып алды, ыңырсып жатқан кім екен, мұның көмегі кімге керек? Ол бұл ыңырсу өзінікі екенін бірден байқамай да қалды, жаншыла шыққан бірнеше түсініксіз сөзді іштей күбірлеп қойып, жүрісін жылдамдатқысы келіп еді, бірақ оған тағы да шамасы келмеді. – Жо-оқ, – деп қырылдаған ол, әзәзілді қуалап жатып қасарыса басын шайқады, астыңғы ернін қаны шыққанша қатты тістеп алып еді, аузына тұз татыған жылымшы дәм келді. Шытырман бұралаң жолдағы етігінің сықыры құлағын тұндырды. Бұл қардың сықыры емес, шыңғырған айғай секілді, қолтығының астындағы бөлке нан суып қалып, қазір енді жылытып жатқан жоқ, керісінше денесін мұздатуда. Алайда бөлкенің суытуы мүмкін емес. Өйткені ол қасиетті нан ғой. Осындай қақаған аязда тірсегі майысқан, аштықтан ісінуге даяр тұрған аяқтарыңды әзер сүйреткеніңді былай қойғанда, суықпен аштықтағы, жаманат шеңгеліндегі уақыт та қасарысып бір орында тұрып алып, әрең-әрең кібіртіктеп ілгері жылжиды. Жел күшейді де көп ұзамай қар ұйытқи жөнеледі, аспан мен жер астасып, біржолата тұтасып кетті. Көкте белгісіз біреу қарқылдап күліп, төмендегі көтерем көлеңкені сезіп қалса, оған өзінше таңырқап қойып, тірі пенде кетіп бар жатыр ғой, әлі тірі, олай болуы мүмкін емес, – дейді де, жоғарыдан оппа қарды төге салып, көктемге шейін көміп тастайды. Сондай қаншама бейбақтардың сүйегі мынау сұмдық үрейлі өркештердің астында көміліп
жатыр. Сәуірде, қар ери бастаған кезде, жартылай шіріген, жан шошырлық өліктер жалаңаштанып қалады. Осы ойдан кейін Каретниковтің жұтқыншағы өзінен-өзі бүлкілдей бастады. Майданда жаудан қайтпаған жүрегі, қазір өзінен-өзі шайлығып қалды. Үрейді, жаман ойларды қуалап келе жатып, ол қазір тіпті жылуы қашқан шинеліне басын тығып, өзінің аяқ дыбысына, табанының қатқыл сықырына құлақ тікті, бұл сықыр, тіпті тісіңді жұлып жатқан сияқты, миды шағады. «Бір жақсы, ізгі, жылы ойларға ауыс! – деп әмір берді ол өзіне-өзі, – ауыс! Әйтпесе халің нашарлап, суыққа қатып қаласың. Өзі ойлағаннан әлдеқайда әлсіз екенін ол әлден-ақ байқай бастады. Ал егер расында да солай болса, демек, бұл анасына жете алмай жолда қалады. Парфенов әр нәрсенің парқын білетін, тәжірибелі көнекөз адам. Каретниковті бөгегісі келіп, қарсылық жасағаны, ол осыны біліп айтты. Сол айтқандай төңірек ашылып, мынау иен далаға көмескі сәуле жайыла бастағанда, шешесіне алакөлеңкемен аттанып кетер еді. Бәлкім, қараң қалған үйлердің біріне, бос пәтерге түнеп шықса қайтеді? Осындай бір үміт сәулесі жылт ете қалды да, сол сәтте ғайып болды. Қаңыраған мұздай үйде түнеу көшеден де қауіптірек, қас қаққанша көзің ілініп кетеді, көзің ілінуі мұң екен, қатып қаласың. Жүз мүмкіндіктің жүзінен де, иненің жасуындай жылт еткен үміт жоқ. Жалғыз амал, тек ілгері жылжи беру. – Ал енді не нәрсе туралы ойласам екен, а? – деп ол өзіне-өзі сұрақ қойды. Жақсы, ізгі, жылы деп нені атауға болады? Өмірде көп нәрсе қарама-қайшылық заңға құрылған, бірі екіншісін күшейте түсіп, айқындап, ажыратып көрсетеді. Жаздың аптабында біз қысты және қоңыр салқын көгілдір мақпал ымыртты аңсаймыз, қолымызға қар ұстап тұрып, суы кәусар гүл жамылған тоғандардың біріне шомылуды, адамзаттың әлімсақтан келе жатқан серігі, өзі де адамға ұқсас жайдары құс – торғайларды еске аламыз, суықта ыстықты көксейміз, осы қиял-арман көбіне түбімізге жетеді, өйткені адамның ойы бөлініп, сақтықтан айырылып қалады...
Жаз, шіркін жаз... Күндердің күнінде қайта айналып келе ме екен ол өзі? Ғажайып мезгіл, оны ойлағанда жүрегің еріксіз шымырлап қоя береді. Каретников жүріп келе жатып көзін жұма қойды. Бір минутқа, небәрі бір минутқа жай жұмып еді, көз алдында бірден осынау бос кеңістіктен, тіпті жоқ жерден, көк майсалы шалғын елестеп кетті. Шөп, гүл, бал аралар, жай ара, әртүрлі кұрт-құмырсқалар, қызыл қоңыздар, қырықаяқтар, көбелек құрты, «қан қызы»... Жәндік атаулының мұнда кездеспейтіні жоқ, құжынаған құрт-құмырсқа! Суықтан қалтырап иығын қайта қиқаңдатты – неге көзіне жаз елестей берді? Қазір қай жермен, қай көшемен келе жатыр? – деп қараңғыға үңілді. Бұрын бұл араның бәрі шарбақпен қоршалып, гүл жамылып тұратын – Васильев аралы емес, саяжай мекені еді – сарайлар, әртүрлі шаруашылық кеңселері орын тепкен-ді, ал қазір бәрі тыптипыл болып, отынға жұмсалып кеткен, жердің беті сиыр жалағандай, жып-жылтыр, жамылып алған қар көрпесі сықырлай қозғалып жатыр. Ал мүмкін бұл сықырлап жатқан қар-көрпе емес, Каретниковтің ізіне түсіп келе жатқан бұзақы біреу шығар? Каретников демін ішіне тартып, құлақ тікті, арттан қарды сықырлатқан біреудің аяқ дыбысы естілмей ме? Ондай күдікті ештеңе жоқ сияқты, тек өз етігі ғана қатқыл крахмалды таптағандай құрғақ қарды қаршылдата басып келеді. Ал Васильев аралын шынында да тану мүмкін емес – соғысқа дейінгіден мүлде өзгеше. Жаныштап, ұйпатұйпасын шығарып, барын да, жоғын да тып-типыл етіп жалмап кеткен. Голодай тиіп тұрған сияқты еді, сөйтсе қашық екен ғой. Қалай қателесті екен, а? Қолтығындағы бір бөлке нанымен бір жерде қатып өлсе өкінішті-ақ. Кенет ол пышақ кескендей қатқыл да шолақ сықырды естіді, аяздан азап шеккен күртік қар ондай дыбыс шығара алмайды, олар қатты қиналып, қасірет тартқандарына қарамастан қалайда айғайын басуға тырысады, оның үстіне олардың дыбысы да өлімсірей сыңсып шығады, ол тіпті үн де емес, ал тек сыбыр, сатыр, күрсініс, ал мынау... Демек,
дұрыс, демек, Парфенов бәрін алдын ала білген, нанның иісін сезіп қалып, біреулер ізіне түскен. Бірнеше минуттан кейін Каретниковті айнала қоршап алады да, сол томағатұйық шеңберден сытылып шығуға ешқандай мүмкіндік бермейді. Ол тоқтай қалды. Жан-жағына қарады. Тып-тыныш. Тек жел ғана жалақтай ұлып, амалсыздан қардың қайызғақ қабаттарын бір орыннан екінші орынға ұйтқытуда, ешқандай сықыр жоқ. Әйтсе де бірақ – сонау бір үйіндіден бірдеңе шуылдай жөнеліп, өткінші абыржу шақырды. Бұл – аяз қақырата тіліп өтіп, ортасынан қақ жарылған үйінді қар еді, етекке ақыры анық естілген құрғақ сусылмен қар ұнтағы сусып түсті. Ал бірақ келесі сәтте түнгі қою қараңғылықтан жылт еткен жағымсыз жасыл сәулені көріп қалғандай болды – бейнебір қасқырдың көзі от шашқан секілді, жоқ бірақ бұл көз емес, соңына түскен адамның пальтосына қадалған жайпақ фосфорлы дөңгелекше. Дөңгелекше бір орыннан екінші орынға көшті де, ғайып болды. Бәлкім, бұған жай солай көрініп, ол әншейін жас баланың ермегі сияқты, сандырақтаған қиялының құр елесі ғана шығар? Каретников құлақ тігіп, саятшыдай бір орнында мелшиіп қатып қалды да, іле-шала әлгі дыбысты қайта естіді. Алдымен әлсіз ғана, ал сосын дәл жанынан шықты – құлақ түршіктіретін өткір, ауыр дыбыс... Күмән жоқ – мұның артынан қуып келе жатыр. Бәлкім, ол біреу де болмас – әнеки, жүрісі жер жарады. Аяз бірден жуасып, жұмсарып қоя берді – Каретниковке төнген қазіргі қауіп-қатердің алдында ол әншейін баланың ойыншығы секілді болып қалды. Еһ, қолына наган берсе ғой, үйреншікті соғыс қаруын. Бірақ ол госпитальға қарусыз түсті, тіпті кобурасын да белдігінен шешіп алып қалды, екі дүниенің арасында талып жатқан шалажансар адамға наганның керегі жоқ, наганның орны окопта, – осыған сәйкес госпитальдан да қарусыз шығарды, міне, бұл сол жып-жылы үйшіктің ішінен бірден қақаған аязға жалаңаш күйінде сап ете қалды. Егер тойтарыс беруге тура келетін болса, жалғыз қаруы – ол өзінің қос жұдырығы.
Қуғыннан қалайда қашып құтылу керек. Ол бөлке нанын қыса түсіп, бүлкілдеп желіп, ілгері ұзап кетпекші болып еді, бірақ бірден әлсіреп қалды, ішкі сарайында бірдеңе ышқына да бүлкілдей жөнеліп, жанын көзіне көрсетті. Бұлшық еттері салбырап босап қалды – күші біткен еді. Каретников сонда мынаны ұқты, олардан құтыла алмайды, адастырып кетуге де мүмкіндік жоқ – бәрібір қуып жетіп, нанын тартып алады. Жылап жіберердей өкінді, майданда жүріп денесіне қаншама қорғасын оқ қабылдаса да тірі қалды, от пен өрттің ішінен, алапат аяз өтінен аман шығып, оққа тағзым етіп, бөтен штыктан ебін тауып жалт бұрылды – сонда да берілмеп еді. Жамау-жасқау ем алып, дәрі-дәрмекті іші кепкенше қабылдап, микстураның осыншама мөлшерінен, сансыз ұнтақ дәріден, таблеткалардан, уколдан, жараны шайып тазалау мен таңудан адам түгілі аттың өзі өліп кетуі мүмкін – бұл сонда да шыдап бағып еді...» Ал осы бейбіт тылда, тыныш түкпірде, тікелей қауіп атымен жоқ жерде, бейшара, мүсәпір қоян секілді оп-оңай атып түсіреді, сонымен шаруаң бітті. Ол мойындамаған күйі денесімен ауаны осып түсті. Тұңғиық та үрейлі жаманат ойдың арасынан үміт саңылауына ұқсас бір алтын сәуле жылт ете қалып еді, бірақ келесі сәтте алданғанын түсінді. Әскери патрульдер мұндай қиян түкпірге келмейді – мұнда бітіретін де ештеңе жоқ, қаланың аштан бұратылған тұрғыны түн ішінде көшеге қарасын да көрсетпейді, қорқады, ал түнделетіп жүрген бірліжарым ниеті түзу, ержүрек адам болса көмекке шақырған, ышқынған зарыңды естімей де қалуы мүмкін. Ендігі жалғыз амал – ол өз күшіңе сену. Оһ, Шура Парфенов ағайдың сөзі дұрыс, мың есе дұрыс екен, қазір уақытты кейін шегіндіріп бастапқы қалпына апарар ма еді, бірақ ол құр сандырақ – сағатты теріс қарай бұра да алмайсың, кейін қайту да мүмкін емес. Ал осының бәрін басынан бастаған күннің өзінде де Каретников бәрібір анасына тіке тартып кетер еді. Бәрін дәл естіп қайта қайталайды... Қараңғы түнге, қауіпқатерге қарамастан. Ол бүгін, дәл бүгін анасына жетіп, оны тамақтандырып, жылытып, мейірі қанғанша жүзіне үңіліп, шері тарқағанша әңгімелесуге тиіс.
Жүрегінің соғысы мүлде кібіртіктей түсіп, тіпті енжар күйге, тасбақа аяңға ауысты. Бітті. Көп ұзамай, әрі кетсе екі-үш минуттан соң-ақ мұны қуып жетеді. Сенгісі, тіпті сенгісі келмейді, қазір өлетініне. Өзінің туған шешесі аяулы Любовь Алексеевнаны сол күйі көре алмастан... Шыныменақ сөйте ме? – Жо-оқ, болмайды, – деп қырылдаған ол, жоғары да жел суырып, аузын толтырып кеткен қарды түкіріп тастады, жел о баста бет-аузын түгел қармен тығындап тастауға құлшынған еді, бірақ тек аузын толтырумен ғана шектелді. – Мені оп-оңай ала алмайсың, – деді ол тістене ашынып, қырылдай сөйлеп, бұл сөздерінің жай ғана өзін-өзі жұбату – басқа ештеңе емес екені біле тұра. Тек ышқыры мүлде түсіп кетпеу үшін сәл демеуге ғана жарайды. Бірақ соған қарамастан қасарыса қайталады. – А-ла-алмайсың! Еһ, дәл қазір қолына наган ұстата қойса ғой, онда бірде-бір оңбаған бүйтіп қасына жақындай алмас ед де, ол анасына аман-сау жетіп, нанды да тапсырар еді. Жә, тым құрығында ракетницасы, взводымен окопта отырғандағы қос ауыздың зілмендей дүмшесі болса дүмшесіне қос ракета жетіп жатыр – кім болса да тойтарыс береді. Өйткені ракета кісіні қалпақтай ұшырып түсіруге ешбір оғыңнан кем түспейді. Ол еріксіз өзінің майдандас, тәпелтек досы, қарауындағы солдаты Веня Кудлинді есіне түсірді. Веня сол жолы госпитальға «кубиктің» орнына ең болмаса кез келген бір пышақ әкелсе дұрыс болар еді. «Кубик» ол – тек сәнсалтанат үшін ғана керек, ал пышақ... пышақпен әйтеуір қорғануға болады. Ту сыртындағы сықыр енді қайтып жоғалған жоқ, ол үздіксіз естіліп тұрды, бұрынғысынан қатқыл да қаттырақ шыға бастады – Каретниковті өкшелеп қалған еді. Ізіне түскендер нешеу екен? Біреу ме? Әлде екі немесе үш адам, немесе тұтас төртеу ме? Адам... Қазір көзге көрінбей, сыбысы естілмеуі үшін қара жердің астына осы тұрған бойы бойлап сіңіп кетер ме еді, ал қуғын өтіп кеткеннен кейін, қайта шыға келсе. Жер, жер... Есіне еріксіз баяғы мектеп табалдырығы елестеп кетті. Сабақ
кезі, салқын тыныштық, біреудің ызыңдаған сыбыр-күбірі, мұғалімнің бірқалыпты адымы, аяқтың астындағы паркеттің сықыры. – Жер дегеніміз не? – әлдебір бүйір жақтан, желдің ысқырығы мен ұнтақ қардың көрдей азынаған сусылының арасынан жарып өтіп, ағаштай қатып, сіресе шыққан құрғақ дауыс пайда болды. Каретников бірден атамзаманғы пенснесі дөңестеу келген, ұзын имек мұрнына жабысып қалған кәрі бойдақ, қарт педагогты, мектептің атышулы саяғын, барып тұрған жексұрын кісіні, география пәнінің мұғалімі Хворостовты тани кетті. – Жер – ол, а – Күнге бір табан жақын – өз осімен және күнді жағалап айналатын үшінші планета, бе – құрлық, – Хворостов әр сөзін шегелеп, ырғақпен, бірін екіншісінен бөліп-бөліп айтатын, көрсеткіш таяқшаға ұқсатып, әдейіге мұқият егеп қойған сүйір тырнақты сұп-сұр ұзын саусақтарын жоғары көтеруші еді, – құрлықтың, – көпе-көрінеу өз-өзіне сүйсініп кетіп қайталап айтып, қоса түсетін, – судан бірден-бір айырмашылығы сол, ве – топырақ, біздің планетамыздағы қыртыстың жоғарғы қабаты, былайша айтқанда, беті, өз планетамыздың қыртыстарының құрамына кіретін қара-қоңыр борпылдақ зат, ге – елдер, мемлекеттер, де – біреудің меншігіндегі өз игілігіне пайдаланылатын жер. Хворостов бір минутқа кідіріп, үзіліс жасайтын – шамасы, осы арқылы оқушыларды әдейі сынап байқайтын секілді, содан соң қолын төменнен құлаштай сермеп, әрі айбынды болумен қатар амалсыз мәжбүрлікпен шұбыртып сөйлей жөнеледі. – Міне, осының бәрі жер. Бас әріппен де Жер, кіші әріппен де солай...» Қыркүйек кештерінің бірінде анасынан келген хаттан Каретников Хворостовтың еңбек майданында болып, Пулково түбінде танкілерге қарсы траншеялар қазуға қатысқанын білді, қарашада, Любовь Алексеевна, басқа бір хатында, Хворостовтың еңбек майданында суық тиіп қалып, үйіне келгеннен кейін дүние салғанын хабарлады. Хворостовтың өзі өлді, ал дауысы оның, әнеки, әлі тірі, жоқ жерден, әншейін бос кеңістіктен келіп, Каретниковтің санасына ұялай қалды. Бұл қазір Каретниковтің жүйкесіне тиіп, ол осы сүйкімсіз дауысты қуалап тастауға тырысты.
Оның сәті де түскен секілді. Хворостовтың дауысы қардың сықырына алмасты. Каретников жүрісін жылдамдатуға қайта тырысып көріп еді, бірақ ондай күш бұған қайдан келсін. Аяқтары әлдеқашан істен шығып, құр әншейін жансыз көлеңке болып қалды, әзер-әзер сүйретіліп келеді, етігінен су өтіп, денесінде жылу мен қуат жоқтың қасы, аяз адамның соңғы күшін сығып алу үшін жан-жақтан бұрынғысынан бетер қыса түскен. Каретников жалт бұрылды – қасқырдың жасыл көзі енді жоғалған жоқ, түнгі қараңғылықта өршелене өкшелеп қуып келеді. Міне, ол, қар құйынынан бір сәт ғайып болды, міне, қайта шыға келді, енді біреу ғана емес екеу, жоқ екеу де емес – үш бірдей, сосын үш түйме тұтасып қайта дараланды. Күмән жоқ, Каретниковтің соңынан біреулер шұбырып келеді, оларға жүгіруге қалың қар кедергі болып тұр. Әйтсе де олар Каретниковтен гөрі жылдамырақ жүріп келеді. Жылдамырақ екен, демек, ендеше, олар мұны сөзсіз қуып жетеді. Каретников өзі жүріп келе жатқан тар көшені анықтағысы келіп, жан-жағына қарады, бірақ ажырата алмады – қаланы соғыс адам танығысыз етіп ойрандап тастаған еді. Көшені шырамыту мүмкін емес, соғысқа дейін Каретников осында болды ғой, болғаны анық. Мәселен, әнеки, ана бір – қапқараңғы, жарықтың бірде-бір сәулесі жоқ, өлі де, сұп-суық сұр үй, – соғысқа дейін оның айналасы көз қарықтыратын жап-жасыл шарбақпен қоршалған сияқты еді, ал шарбақтың ар жағында әртүрлі жаңа құрылыстар жыпырлап жататын, бұрышта ойын балаларының жабдықтары бой көтерген шатырлар, әткеншектер, бастырмалар. Үйдің түсі де бөлек еді, болмашы қызғылттау, сарғыш жолақтары бар. – Ильф пен Петровтың шығармасындағы «үріккен нимфаның бөксесінің түсіндей», бұрын мұндай тұнжырлық мүлде жоқ болатын... Қазір шатырлар да, әткеншектер де, бастырмалар да тып-типыл. Дегенмен қуғыннан құтылудың, өз басын және нанды аман алып қалудың орайын келтіруге болатын шығар, бәлкім?
Жүруге тіпті шамасы келмейтін жағдайға ұшырады – аяқтары біржола салдырап, ұйыған қанға айналған іртік-іртік өкпесін бір қақырып-түкіріп тастауға болатын сияқты, істен шыққалы қашан, тұла бойы қан қақсап дабыл қаға бастады, бүйіріндегі жарасы сыздап енді болмаса аузы ашылып кетіп, шапшып атқылаған қаны әскери киімінің сыртына шығып кететіндей болып көрінді. Каретников жарымжан өкпесімен әрбір ышқына демалған сайын, әуелей будақтаған ақшыл бу, соңына түскендерге Каретниковті жазбай дәл көрсетіп беріп тұр. – Зи-я-лы мыр-за-лар, мені алып бопсыңдар, аталарыңның басы, – деп басын шайқады Каретников. Бөлке нанды қолтығына қыса түсті – зығырданы қайнап кетіп, одан бетер қатуланып алып, шайқасқа ыңғайлы жерді іздей бастады. Өзінің соңғы шайқасы бұл. Ең бастысы, ту сырттан ұрланып келіп, қос жауырынының ортасынан кірпішпен періп қалмаулары үшін, пышақ, біз немесе егеудің сап қондыратын үшкір жағын сұғып алмаулары үшін алдымен арқаны қорғау керек. – Ат-а-алар-ыңның басы мені аласыңдар, мыр-за-лар! Каретников бала кезіндегі төбелесте қолданатын әртүрлі тәсілдерді есіне түсіруге тырысып көрді, аяқтан шалу, мұрынды бет қылып жіберетін, жалт бұрылып, алдамшы қимылмен тіке соғатын жойқын соққылар, иектің астынан көтере ұру, тіземен іштен тебу – құдай-ау, қаншама ұрымтал тәсілдерді жатқа білетін еді, соның бәрі қайда жоғалып кеткен? Бәрін тарс ұмытып кетіпті. Каретников бөтен бір тараптан өз өксігін оқыс есітіп қалды. Игорь шынында да ересек балалар жазықсыз жәбірлеген оқушы баладай еңіреп жіберуге дайын еді, оның бұған сенгісі келмей, мынаны түсіне алмай қойды, шынымен-ақ қазір біте ме бәрі? Ол жанұшырып, қолын құлаштап, ұрымтал соққы мен шалу әдістерін есіне түсіріп жатқанда, бүйірінен пышақты оп-оңай сұғып жіберіп, қанын судай шашып, ішіндегі соңғы жылуды сыртқа шығарып, жанын жаһаннамға жөнелтіп үлгіреді. Алдыңғы жақтан биік тас дуал көрінді. Осы дуалдың ішіне орналасқан үйді Каретников ұмытпаған сияқты.
Бұл жым-жырт тұрған помещиктер үлгісіндегі ескі үй еді, мұндай үйлер Ленинградта мың сан, жұмырлау жылтыр бағаналы, биік екінші қабаты бар, сірә, әлгі шымылдық перделері ғұмыры бір ашылып көрмеген сияқты. Бітті, осы дуалдан әрі бармайды енді. Оған шамасы да жоқ. Соңғы шайқасты осында тұрып қабылдауға тура келеді. Бір түйінге келмеуге болмай қалып, нақты шешім қабылданып қойғаннан кейін, әрқашан арқа-басың кеңіп қалады. Каретников те сөйтті. Оның жүрегі ырғағын түзеп, бірқалыпты соға бастады, ентігі басылып, өкпесі жанұшыра қырық құрауға ыдырағанын қойып, тынысы кеңіп сала берді. Артына бұрылмастан құлақ тікті, қуғыншылар әлі алыста ма екен? Жоқ, жақындап, мүлде таяп қалыпты... Дуалдың бір бөлігін шұрқ тесік бөрік киген биік қар үйіндісі басыпты – біреу әдейі төбесінен шәйнекпен су құйған секілді, жаппай тышқан іні, тіпті түн қараңғылығының өзінде анық көрініп тұр. Құйындата соққан өкпек жел төбеге тұрақтамастан қыраулы ұнтақты төменге сусытып жатыр. Міне, осы шұрқ тесік үйіндінің артына жасырынып тұра қалады бұл. Қалт тұра қалды. Күйініш пен реніш секілді еңсені басқан өте бір күрделі, түсініксіз сезім қайта пайда болды, тіпті оның дәл атауы да жоқ. Көзін жүгіртіп өтті – артта қалай екен, ту сыртынан тұтқиылдан тап бермей ме? Бәрі ойдағыдай, ту сырттан келер қатер жоқ. Біреу-міреу тек тас дуалдан асып, төбесінен секіріп жүрмесе, бірақ дуалдан асып түсу оңай емес. Аспан мүлде қарауытып, қабағы қарс айырылып, долдана түсті – бірде-бір жылт еткен тірі ұшқын жоқ, дүниенің бәрін өлі қараңғылық басқан, тып-типыл, тіпті қардың өзі ағараңдағанын қойып, қара түнекке сіңіп кетті. Қатерлі де қатқыл сықыр жақындай түсіп, тіпті тақап қалды – аралары санаулы ғана. Өлімнен, наннан айырылып қалудан, анасына жете алмаудан туған жаңағы өкініш пен үрей өзінен-өзі із-түзсіз ғайып болды. Шабуылдың алдында болатын таныс күй, қазір сыз бұлтқа қарай жарық ракета атылады да, солдат тізбектері бірауыздан алға! – ұранымен атой салып, қардың
үстінен қарғып-қарғып тұрады. Алға ұмтылып, дұшпанның алқымынан алып – кеңірдегін тіспен қыршып тастап, біржолата тас-талқан етіп, жеңіске жету керек. Адамның организмі мұндай төтенше минуттарға лайық тәртіпті өзі белгілейді, тыныс алу сабырлы да келте шығып, біртіндеп қатая түседі, жүрек бірқалыпты соғып, жауынгерлік қызуқандылық пайда болады. Каретников еріксіз таңқалды: – адам қалай құбылмалы еді! Осыдан бір сәт, мықтағанда екі сәт бұрын – бұл ішкі сезімнің күйректігіне бойсұнып аурудан жаны көзіне көрініп, тынысы тарылып, осының алдындағы бұрқ еткен ызасы да, тұтанбай жатып басыла қалып еді, ал қазір – бұрынғы осалдық та, шаршау да, аузы жаңадан бітелген жарасы да білінбейді, ғұмыр бойы тек қуғынға қарсы күреспен айналысып келе жатқан адамдай сабырлы да салмақты, титтей қобалжу жоқ. Сықыр бірте-бірте жақындай түсті, Каретников қасқыр көзінің жасыл жарығын аулауға тырысып, қараңғыға көз тікті, бірақ қардың арасындағы тар соқпақты, әзірше тесіктесік қар үйіндісі жасырып тұр. Қазір қуғыншылар үйіндінің артынан шыға келеді де, содан кейін... Ол биялайын шешіп, саусақтарын демімен жылытып, биялайын қайта кие қойды. Көз алдындағы күртік қар тітіреніп, бір жаққа қарай қалықтап жылжи жөнелді, аяғының астындағы қар үдере көшіп, жер қимылдап кетіп еді, Каретников сонда құлағын тігіп – Васильев аралын дүр сілкіндірген жақын маңайдан жарылған снарядтың қопарылысын естуге үміт артты, бірақ ештеңе естіген жоқ, қопарылыс болмады, жарылып жатқан снаряд та жоқ – қалжыраған Каретников өзінен-өзі тәлтіректеп кеткен еді. Аяқ дыбысы тіпті жанынан естіле бастады. Каретников дегенмен келе жатқан адам санын ажыратуға оқталып – тырысып көрді, екеу ме, үшеу ме, төртеу ме? Көп, сықыр тым өткір, құлақ тұндырады. Каретниковтің тіпті екі құлағын қос қолымен жаба қойғысы келді, бірақ жабуға болмайды – онда мынау жарық дүниедегінің бәрінен айырылып қалады. Ол сол аяғын соққы кезінде күш беру үшін алшақтау қойды, ұрымтал тұсты көздеп алдын ала дайындалып, иығын
серіппеше жиырды – соққы кезінде иықты бос тастау керек, – сәл кейін шалқайды. – Кәне, келіңдер, жексұрындар, ал кәне! Алып бопсыңдар мені, атаңның басы! Бірақ алуын алады ғой. Алғанда қалай. Бұған Каретниковтің көзі анық жетіп, бетін қынжыла қисайтып жіберді, наган немесе лимонка-гранатасы болса ғой қазір. Ол сонда майдангерлердің өзін-өзі қалай ұстайтынын, өлімді қалай тік тұрып қарсы алатынын көрсетер еді... Тісінің арасынан сыздықтатып салқын да, құрғақ ауаны жұтып жіберіп еді, шашалып қала жаздады, аяз өңешін, өкпесін қарып кетті, сасқанынан аузын шинелінің жеңімен баса қойды, өйткені жөтел арқылы өзін-өзі алдын ала ұстап беруден қорыққан еді. – Қош бол, мама! – Ішінен қарлыға міңгірледі ол және де өзіңді қайғы шегуге мәжбүр еткенім үшін айыпқа бұйыра көрме!? Қара қағаз алғаннан кейін, мамасы алдымен дауыс көтеріп, жылап-еңірейді де, сосын тастай қатып, құлақтан да, тілден де қалады. Әкесінің қазасы туралы хабар алған кезде, шамасы, ол дәл осындай күйге түссе керек, ұзақ уақыт есеңгіреп жүрді, әлдебір ішкі дүниесі сетінеп кетіп, істен шықты – осындай хабардан кейін міндетті түрде кісінің бойында сапалық өзгеріс болады. Ал сапалық өзгерістен кейін – сан жөніндегі құбылысты былай қойғанда, сөзсіз саналық та өзгешелік болады – сонда жарық дүние де дәл сондай өзгеріске ұшырайды, егер бір адам дүниеден өтсе. Небәрі бір-ақ адам... Ол өмірмен тым ерте қоштасатынына, іштей күйініп, еңіреп, жылап жіберердей қатты өкінді, қазір бұл өліп кеткеннен кейін, соңында біразға шейін ыңырсыған дауыс, қарға тамған алқызыл дақ – қаны төгілетін жер және де бір кездері лейтенант Каретниковтің тірі денесі болған, ал енді шинель киген жансыз мәйіті ғана қалады. Ол бүрісе түсіп, басын жағасына тықты, тамағына тірелген өксігін басып жатып, дәл сол минутта мұз жамылған кеуек, күртік қардың жонының артынан біреудің мүлде бұлыңғыр, түстегі елес
сияқты көмескі көлеңкесі қараң ете қалғанын байқады – осы қараңғылықта ол аруақтай ағараңдайды, жоғары көтерілген үлкен жағасы басына шейін бүркеп тұр. Каретников шиыршық атып, дуалдан иығымен итеріп қалды да, жұдырығын ілгері сілтеді. Соққы тайып әлсіз тиді, зиянын бөтен кісіге емес, ұрған кісінің өзіне көбірек тигізді. Мұны Каретников бірден түсінді, күшпен тұншықтырған ыңырсуы тамағын жарып өтіп, ол өзін қуған адамға қарай екпінімен құлап бара жатты. Қуғыншылар көп емес болып шықты, небәрі бір-ақ адам, жалғыз кісі ғана – тек дыбыс жаңғырығып, еселеніп естілген... Зақымданған қабырғаларының ауырғаны Каретниковтің жанына батып, көзінің алды бұлдырап, ыңырсыған бойы сәтке есінен танып қалды. Бірақ осы сәттің өзі мынау суықта қатып қалуға жеткілікті еді. Каретников есін жиған кезде, басын жерден тіпті көтере алмай қойды, сөйтсе мұзға жабысып қалыпты. Бәлкім, бұл өліп қалып, әлдебір белгісіз жерде, әрмен қарай тапсырма алу үшін адамның кеудесінен шыққан жаны ұшып баратын қайсыбір қабылдау бөлмесінде жатқан шығар? Басын жұлқып қалып, Каретников құлақшынынан босады да, аунап түсіп, қуғыншыға екінші соққы беруге оқталып еді, оған шамасы келмеді. Аурудан жаны көзіне көрініп, тек ол ғана емес – кенет ол қатар жатқан адамның тұңғиық та қап-қара жыпылықтай жәудіреген көзіне көзі түсті де – оған қарсы енді қайтып қол көтере алмайтынын ұқты. – Мұның не? – деді ол әрең естілердей қырылдай сөйлеп. Ағараңдаған бу шоғыры үстерінен будақтай көтеріліп, шыныдай сықырлаған дыбыспен төмен шашырады. – Мен бе? Мен жәй әншейін, – деп сыбырлай шыққан жауап естілді, – ал өзің ше? Неге кісіге қол көтересің?! – Мен қорғанған едім, – деп маңғаздана қырылдады Каретников. – Ал мен өз үйіме бара жатырмын. Сыбыры өте ақырын, жердің астынан естілгендей, әлсіз дауыс қыстыға шықты.
– «Қыз!» – деген ой Каретниковтің санасынан жылт ете қалды да, іле-шала ол ойына күмән келтірді. Бәлкім, бұл қыз емес, қоршаудағы әлжуаз балақай шығар. Аяқ астынан ыстықтап кетті. Иә, терлейтін де жөні бар еді, Каретниковтің күткені түстері суық, рақымсыз, нағыз қанішер бұзақыларды, тіпті өзі өлімге бойұсынған еді – сөйтсе ажалдың ауылы алыс екен ғой. – Жоқ, сен менің ізіме түстің, – деді Каретников ұяттан тұла бойының біртүрлі өртеніп бара жатқанын сезіп, сенімсіздеу қырылмен. – Байқа, жолда өлтіріп кетулері мүмкін деп, білетін біреулер мені алдын ала арнайы ескерткен болатын. – Мүмкін. Бірақ мен Сіздің ізіңізге түсемін деп тіпті ойлаған жоқпын. – Қыздың сыбыры жасқа шыланып, кінә артып жарықшақтана шығып еді, Каретников сонда бұл қызға да бекер өлудің әлгіндегі өзі сезінгендей өкінішті де қиын екенін іштей ұқты. – Имандай шыным, ондай ниетім болған жоқ. – Қыз, шамасы, көз жасын бағындырған сияқты, дауысындағы діріл ғайып болыпты. – Тұр, – деді оған Каретников. – Қорқамын, – риясыз, біртүрлі балаша ақтарыла жауап қайтарды қыз. Каретников терін басып жатып, терең тыныстап, демін шығарды, жіңішке сыңғырмен жып-жылы будың өз үстіне қалай жайыла қонақтағанына құлақ тікті. – Эһ, месқарын, – деген ол, осы тіл тигізгені қызға қалай әсер еткенін тексерді, бірақ мынаны қараңызшы – қыз қорланудың орнына қайта рухтанып шыға келді, өзіне ешқандай жамандық жасамайтынын ол түсінген еді. – Неге маған жұдырығыңды ала жүгірдің? – деп сұрады ол. – Кешір, – деп міңгірледі Каретников, – құдай үшін! Қателік кетті. Сені ұрамын деген ниетім жоқ еді. Ізіме түскен бұзақылар ғой деп ойладым. Өлтіріп кетуі мүмкін екенін ескертіп еді... сонау госпитальдың өзінде ескертті. – Сенен нанның иісі аңқып тұр. – Оның рас... Дұрыс айтасың... – Ол қолтығының астындағы бөлкені сипап көрді. Нан сұп-суық ауыр кесекке
айналып, жылуын әлдеқашан жоғалтыпты. – Жейсің бе? – деп сұраған ол, сол секундта лейтенант Каретниковтің саңылаусыз топас екенін түсінді де мырс ете қалды. «Саңылаусыз топас» – бұл қатардағы жауынгер Кудлиннің сөзі. Қазір қайда жүрсің сен, қызыләскер Кудлин, қай окоптың ішінде отырсың? Қыз Каретниковтің сұрағына жауап қатқан жоқ, тек дәрменсіз қозғалып қана қойып еді, Каретников сонда осы жылбысқы тас қараңғылықта, түннің ішінде, қыздың көзінің қандай екенін анық көрді. Жәудіреген, жапа шеккен, қыраудан кірпіктері тұтасып кеткен. Қастары да аппақ еді. – Есімің кім? – деп сұраған Каретников қыздан жауап болмағаннан кейін, кінәлі түрде қолын өз бетіне апарып сипап өтті. – Кешіре гөр, құдай үшін. Егер сен екеніңді білген болсам ғой... Ізге түсетін адам аз ба қазір? Бандиттер... Егер сен екеніңді білген болсам, онда ешқашан... – Каретников күмілжіп қалды. – Онда ешқашан... – Мен түсінемін. – Қыздың дауысы алыстан талмаусырап шықты. – Анама... Анама бара жатыр едім, – деді ол. – Түсінемін, – деп қыз қайта қайталап еді, Каретников сонда байыпсыз да өктем бір нәрсеге бағынып, мынаны ұқты, егер дәл қазір осы қызға ең болмаса бір үзім нан бермесе, онда ол бұл пәниден мүлде алыстап кетеді – мынау топырақтан басқа топырақтың құшағына енеді. Қолын қолтығының астына салып жіберіп, наннан бір үзіп алды да, келесі сәтте көзіне еріксіз жас үйірілгенін сезді, нанның иісі естен тандырардай соншама күшті еді. – Мә, – деді ол ақырын ғана. – Ғафу ет, тіпті болмашы ғана, бірақ әйтсе де... Мә! Қыз қардың үстінен Каретниковке қарай аунап түсті де, ақырын ғана, іштей бір өксіп, қолдағы нанды бірден ернімен күшікше қақшып алып, жұтып жіберді. Каретников қылқ еткізіп жұтқан дыбысты естіді, сонда тағы бір үзіп беру керек шығар деп ойлады да, бірақ өзін-өзі тежей қойды,
егер бұл қазір бір бөлкені тұтас шетінен үзіп бітірсе, онда анасына не апарады? – Тұр! – деді қызға ол, өзінің қарға жабысып қалғанын сезіп жатып. – Суық тиіп қалады. Өтінемін, тұра қойшы! – Оның дауысында жалынышты діріл пайда болды. Кеуектеу, мұз кесекке қолын тіреп, орнынан тұрды, аяғының әлсіздігін, дәрменсіздігін сезіп, еріксіз тыжырынды. Салмақ түскендіктен бе, кеудесі шаншып, қабырғалары сырқырап қоя берді. Әзер еңкейіп, құлақшынына қолын созды. – Тұр! – деп бұйрық берді қызға ол. Қыз оған қолын созып еді, сусып кетпес үшін қаттырақ ұстауға тырысып, кейін шегінді. Қыз аһілеп, қар үстінде балықша шоршыды – ол да, Каретников секілді мұзға жабысып қалған еді, Каретниковтің әлгі қимылы қыздың қолын ауыртты. Келесі сәтте қыз аяғынан тік тұрды. – Есімің кім? – деп Каретников қайта әуестік білдірді. Дауысындағы әдепкі жалынышты діріл жоғалып, қатқыл да өктем шықты. Дұрысына келсек, сұрағына бұл неге жауап беруі керек? – Жауап бергің келмесе – қажеті жоқ, – деп, міңгірледі Каретников. – Мен кеттім. – Тоқтай тұр! – деп айғайлап жіберген қыз, Каретниковке ұмтылып, иығына асыла кетті. – Мені тастама! Әйтпесе қатып қаламын. Үйіме шейін жеткізіп тастайсың ба, а? – Ол Каретниковтің толқып тұрғанын көріп, дауысын көтерді. Осыдан бір минут бұрын оның үні өлімсіреп шығып еді, ал қазір саңқылдай бастады. – Кеттік, – деді басын шұлғыған Каретников ақырын ғана. – Менің есімім Ирина, – деді қыз. Каретников басын қайта изеді. Төңіректе бейнебір кесекке айналғандай болған нан рухы жіберген жоқ, ол танауды, кеңірдекті тұмшалап бітеп тастап, өзекті талдырды. Каретников сонда қыздың қолынан тартты – оның осы бір күртік қардан, қап-қара қабырғадан, қараңғы түнектен тезірек кетіп қалғысы келді,
алайда түнгі қараңғылықтан қалай құтыла аласың? Қайда барсаң да, айнала түгел тас түнек. Жоғарғы жақта жел ұлып, бұрқасындатып тұрса, аяқтың астында қар сықырлайды. – Біздің баратын жағымыз ол емес. – Ирина оның жеңінен тартты, біз оңға бұрыламыз. Каретников қараңғыда зілмендей қар үйіндісін кесіп өткен соқпақ жолдан қиыс кетті. Шыр айналған Каретников, қызбен соқтығысып қалды да, құлатып алмас үшін қыздың иығынан ұстай алып, оның соншама жеп-жеңіл, салмақсыз екенін сезді – тура мақта секілді – иықтылау адам оп-оңай кептеліп қалатын тар соқпақпен ілгері жылжыды. Оқыс қимылдан оның өңеші құрғап, іштегі тұншығып қалған, салмақты бір нәрсенің жоғары лықсығанынан тынысы тарылып кетті, қараңғылық баяу ыдырады да, түрлі-түсті сәулелер жарқылдай бастады – біресе бір жерден, біресе екінші жерден жарқ ете қалады. Осы жарқылдан, Каретников биік жартастан түпсіз қараңғы шыңырауға құлап кетіп, ұзақ уақыт құлдырап ұшқандай, жүрегі қатты дүрсілдеп қоя берді, желкесін тап-тар бірдеңе құрсаулап алған – қайыс белбеумен мықтап тартып тастаған сияқты. Каретников жүрісін баяулатты. – У-уһ... Рақмет, – деді қыз ентіге сыбырлап, – жүрегім аузымнан шығып кете жаздап тұр. «Сайтан алғыр, мен де солай болып тұрмын» Каретников теңселіп кетіп, қар үйіндісінің шетінен ұстай алды, құлауға сәл-ақ қалды. Іші жалап әкетіп бара жатыр. Басқа не туралы ойласаң ойлай бер – тек тамақты есіңе ала көрме. Баяғының балмаскарадтары туралы, Пушкин мен Блок туралы, Ленинградтың каналдары мен окопта қалған жігіттер туралы, анасы жайлы және алаңсыз да тып-тыныш, нұрлы балалық шақ туралы, – келмеске кеткен сол бір ғажайып шақты, сондағы қым-қуыт ойындарды, келмеске кеткен таңғы шапақты, өзенге түсу мен өлеңге құмарлықты, соншама елжірей сағынып аңсайсың, бірақ ол енді қайта айналып келмейді – өз мектебіңдегі қыздар туралы және фашистерді талқандағаннан кейінгі Гитлердің күні не болатыны туралы – басқа не ойласаң ойлай бер, тек тамақты тарс ұмыт. Аш кісі тамақты ойласа, ол адамды одан бетер әлсіретіп тастайды.
Ирина есімді осынау қыз кім екен өзі, мамандығы не. Әлпетіне қарағанда, студент болса керек. Немесе бұрын студент болған... Каретников көзінің қиығын бір құдайдың өзіне ғана белгілі, олпы-солпы әлденені киіп алған әлжуаз да әлсіз денеге қадады, шамасы, үстіндегі еркектің пальтосы болса керек. Қоршауда сәнденуге жағдай жоқ, әйтсе де әйелдің аты әйел ғой, қашанда үсті-басына қарап жүреді, ал мұның сыланып-сипануға шамасы жоқ – сұлуынан жылуы. Сондықтан, міне, қолға іліккеннің бәрін үстіне жапсыра беруге тура келген. Иринаның еңсесін көтеретін бір жылы сөз айтқысы келіп, оқтала бергені сол-ақ еді, бет-аузын қар көміп тұншыға жөтелге басты, қар үйіндісіне маңдайын тіреп, шашалғанын басуға тырысып еді, Ирина келіп сүйемелдеп ту сыртынан құшақтай алды. Шамасы, Иринаның осы қимылы көмектескен болса керек, жөтелі басылып, шинелінің жеңімен аузын сүртті. – Кеттік, – деді ол. Екеуі ілгері жылжыды. Әрбір еркектің жаны әйелдің аялы алақанынан, қарапайым қамқорлығынан, кәдімгі жылы сезімінен, сірә, жаны жай тапса керек деген ой келді. Тіпті ең қатыгез еркектің өзі әйелдің білегі мойнына оралған кезде, мүләйім көгершінге, момақан үй мысығына айналып кетеді. Осы ойдан Иринаның алдында Каретников өзінен-өзі қуыстанып қалды. Жіңішке соқпақ бітіп, бұлар қап-қараңғы, боран ұлыған шолақ көшеге шықты, қар үйінділері шетте қалып, бірден азынап кетті – жел жон арқадан, тұла бойыңды қарып, сүйексүйегіңді сырқырата мұздатады. Тіпті өмірден бездіріп жібереді. – Тіпті аз қалды, – деген Иринаның дауысын құтырынған долы жел іліп әкетті. Жел жер бауырлай ұйытқып еді, ол қарды суырып, аяқты сірестіріп, мұз қиыршықтардың ұйқы-тұйқысын шығарып, қаратпады. Каретников осы кезде белбеуінен біреудің тартқанын сезді, бұрылып қараса – Иринаның қолы екен. Оның бір қолы мұның алақанында да, ал екінші қолымен
шинельдің белбеуінен ұстап алыпты. Каретников сипалап, қыздың саусақтарын тапты да, былғары белдіктің астына апарды. – Белдіктен ұста, шинельден емес. – Тіпті аз қалды. Мен жақын жерде тұрамын. Әне-ки... Қараңғы үйлердің бәрі бірдей қап-қара, бұрын тірі жан тұрмағандай сұп-суық, от басының нышаны да сезілмейді. Каретников бала кезінде Васильев аралын түгел адақтап шыққан еді, бірақ бұл жерде бұрын-соңды болмаған. Бәлкім, болған да шығар, бірақ танымай тұр, өйткені бұрын көше бойы ұзыннан-ұзақ шарбақтар болатын еді, олардың бәрін бұзып тастаған, үйлер де мүлде өзгеше, тану қиын, бейнебір сырт киімін сыпырып алып жалаңаштап тастаған сияқты. – Бұл үйлерде қазір ешкім тұрмайды, – деді Ирина, үні желден құмығып әрең естілді, жын-перінің шаң-шұңына араласқан бір әлсіз ғана, жіп-жіңішке нәзік дауыс еміс-еміс құлаққа шалынды. – Анау, оң жақта тұрған үйге жарты тонналық бомба түсті. Каретников оң жақтағы үйдің шатыры жоқ екенін көрді, оның терезелері де сол қапталдағы үйдің терезелеріндей қап-қараңғы. Ішінде бірдеңелер тербеліп, көлбеңдеп, сықырлап қояды, әлдебір көлеңкелер ербеңдеп қимылдап жүр. – Сол қапталдағы үйдің тұрғындарының бәрі аштан өліп қалды. Біз сонда жиһаз алуға барғанбыз. – Жиһазы несі? – деді сөзіне түсінбеген Каретников. – Отынға, – деп түсіндірді Ирина. – Келдік, – деді тосыннан Ирина. Каретниковті басып озды да, соқпақпен аласа, ұзыншақ үйге қарай бұрылды. Үй кітапхана ма, жоқ әлде манеж бе, әлде өте ресми кеңсе «қабылдау» мекемесіне де ұқсайды екен, тек тұрғын үйге ғана нұсқасы келмейді. Қараңғыда зорайып тұрған осы бір аласа үйді Каретников бұрын открыткадан, я бір журналдың бетінен көргендей еді, бірақ артынша өзінің анасы істеген кітапханаға ұқсас екенін ұқты. Ал екінші жағынан, осындай қараңғыда қандай үй екенін ажыратып көр, бәлкім, ол расында әйгілі ғимарат шығар, күндіз мүлде басқаша көрінетін. Каретников кілт тоқтап, бір орында күйбелеңдеп тұрып қалды.
– Неғып тұрсың? – деді Ирина. – Менің... Білесің бе, анама баруым керек. Қашық емес. Ол бұрылмаған күйі саусағымен ту сыртын нұсқады. – Мен майданға кеткелі бері анамды көрген емеспін. – Бәрібір ішке кіріп шық. Тым болмаса екі минутқа ғана. Ирина иығын қисайтты. – Менің шамалы отыным бар. Сәл жылынып аласың. – Ол Каретниковке жақындап келіп, шинелінің жеңінен тартты. – Үйіме ертіп келгенің үшін, рақмет. Сенсіз жете алмас едім. – Сол да сөз бе екен, тәйірі, – деп күмілжи міңгірледі Каретников. – Жолда қалар едім, – деп басын шайқады ол, – әбден діңкелеп қалған болатынмын, оның үстіне сен де жұдырық жұмсадың. Құлап түскен кезімде, бір-ақ нәрсені, – орнымнан мүлде қайтып тұрмасам екен деп армандадым. – Ұрайын деген ниетім жоқ еді... Яғни.. Қысқасы, сен екеніңді білмей қалдым. – Сен ұруың керек еді, – деді ол нық сөйлеп. – Мен сенің артыңнан нан үшін ерген едім ғой. Жын қаққандай, Иісін итше сезіп, артыңнан ере бердім. Егер сен солға бұрылған болсаң – мен де артыңнан солға бұрылар едім, егер оңға болса – мен де оңға, егер сен үйге кірсең, мен де кіріп барар едім. Жіпсіз байлап қойғандай. Мұның қаншалықты қорқынышты екенін, сен ұқпайсың. – Неге? Сезіп тұрмын. Подъезд тас қараңғы екен, осыншама суыққа қарамастан, біртүрлі күйік татиды – түтіннің иісі шығып тұр. Сипалап жүріп екеуі екінші қабатқа көтерілді. Ирина кілтімен құлыпты шұқылады, тоттың шіріген иісі шекеңді шағады. Біраз әбігерден кейін, құлып ырыққа көніп, есік ашылып кетті. – Қоя тұр, мен шам жағайын. Қою қараңғылықта Каретниковтің жанынан өлімсіреген жасылдау дөңгелекше – сәуле қалқып өтті – Иринаның киіміне қадалған фосфор табақша, ол қорқыныш сезімін тудырумен қатар сонау алыстан, өткен күндерден жеткен, әлдебір көңілді сезім шақырады. Каретниковтің әртүрлі бес-
алты значогы бар еді, осындай жұпыны киімнің өңірінде тіпті ең жаман деген значоктың өзі орден секілді салмақты көрінетін. Ирина сіріңке жағып еді, қабырғада үлкен қисық көлеңке пайда болып, жанды нәрседей қозғала бастады – көлеңке, шамасы, бұлардан тыс өз бетінше тіршілік жасап жатса керек, алпамсадай нән, сұмдық қорқынышты, бұл шаңыраққа мүлде жат. Сіріңкені алақанымен көлегейлеп – әлгі көлеңке мына жарықты жатсынып бірден ғайып болды. – Ирина оңға жүрді – ол арада, шамасы, асүй болса керек, – шағын үстелге жақындады да, сықсима пілтені тұтатты. Алайда мұны шам деп те атауға да болмайды – Шура Парфенов ағайдың жасаған майшамдарының қасында түкке тұрғысыз. Ескіргеннен күңгірттеніп кеткен қырлы стақанның ішіне қарамай секілді баббит подшипнигінен алынған қалдық май құйылыпты, бүкіл Питер халқы осылай күн көреді, Парфенов та солай жасайтын. Майға мақтадан ширатылған білте салыныпты. Ирина оны аракідік жіппен көктеп қойыпты, әйелдің айласы – білте құлап кетпес үшін үстіңгі жағын қос сыммен орап, сымның екі ұшы стақанның қос бүйіріне түсірілген... Міне, бар электр жүйесі осы. «Электр жүйесі» жанғаннан кейін, Каретников жанжағын бақылады. Бұл жалғыз ғана орындығы бар шынында да асүй еді – орындық – вензелге ұқсас иіліп жасалған арқасы бар, аяқтары да дәл сондай қисық, сынғалы тұрған веналық орындық еді. Сұр паркет еденнің бұрышына тот басқан бір шаршы қаңылтыр қағылыпты, оның үстіне әлімсақтағы жануардың мойнына ұқсас бүгілмелі ирек-ирек құбыры бар «буржуйка» – пеш орнатылыпты. Сол ұзын мойын фанер терезеге қарай созылып жатыр, фанер өртеніп кетпеу үшін, мұржаның ол тұсы да туникемен қапталыпты. Ешнәрсеге – бомбылағанға да, атысқа да, оқ жаудырғанға да, суыққа да, аштыққа да қарамастан, Питердің өрттен сақтандыру күзеті бейбітшілік кезіндегідей тәртіпті босаңсытпаған, әлі сол қаталдықпен қарайды, оны Каретников анық білетін еді, госпитальды қалай тіміскілеп, демікпесі, асқазанында
жарасы бар, өз ісінің таптырмас маманы – бас дәрігерге бекерден-бекер айыппұл төлеткенін өз көзімен көрген. Бас дәрігер операцияны құдайдай жасайтын. – Өрт сөндірушілер мазаламай ма? – Каретников саусағымен «буржуйканың» тунике мойнын ұстап көрді. Мойын сұп-суық екен – көптен бері от жағылмапты. – Бір жолы келгенде он сом беріп құтылдым. Содан бері мазалаған жоқ. – Фанерді қаңылтырмен алмастыру керек. – Оны қайдан табасың? – Ирина күрсініп салды. – Өрт сөндірушілерге ақшаны қалай қидық? – Қоршауда ақша да сөз болып па? Оған не сатып алуға болады? Ақша да, облигация да жетіп жатыр, бірақ жұмсаудың реті табылмайды. Тек базардан ғана бірен-саран бірдеңе болмаса, бірақ оның өзі де алмағайып, бағасы тым жоғары, оның үстіне жарамсыз бірдеңені алдап өткізіп жіберуі мүмкін. Ирина еңкейіп, пештің есігін шалқайта ашып жіберді де, ішіне ұзынды-қысқалы екі кеспелтек ағаш тастады. Каретников оған үңіліп қарап еді, кеспелтек қызыл ағашқа ұқсайды. – Жиһаз ба? – Жиһаз. Манағы үйден. Кеспелтектің астына Ирина газет салды да, көз ілеспес қимылмен лып еткізіп тұтата қойды. Каретников қайран қалды, алғыр да тәжірибелі, жылынуға құмар, барлық нәрсені – оқты да, ботқаны да, отты да, тұзды да, темекіні де отынды да үнемдеп үйренген окоптағы кәнігі солдаттың өзі – пешті бүйтіп тез тұта да алмас еді. Жалын қағазды тез жалмап қойып, мұз айдынындағы конькиші сияқты лыпып өтіп, жиһаз кесінділерінің лакты қабатында билеп сумаңдады, лак көпіршік ата сытырлап, жалын сосын отынның жанатын негізгі бөлігін қауып, бірте-бірте күшейіп, сосын лапылдап кетті... Үйдің іші күрт жылынып, бірден жарық таратты. Каретников асүйдің бұрыштарына тұз сияқты қалың қыраулардың жылтырап, қабырғаны тұтас жайлап алғанын байқады.
– Ал мен кеттім. – Каретников бір орнында тыпырлай түсіп, өзінің еріксіз ыңғайсызданғанын сезді, мұнда бұл мүлде артық, тиісті орны басқа жерде ғой. Ол дәл қазір кетіп қалуға тиіс еді, бірақ олай жасай алмады. Бірнәрсе түп етектен жабысып жіберер емес, оның не екенін өзі де түсіне алмады. – Жақсы, – Ирина қолын пешке апарып, жылытып жатқан еді, – рахмет саған. Егер сен болмасаң мен үйіме жете алмас едім. – Дауысы манағы көшедегі сияқты мұнда да әрең естілді. Мұндай дауыс әл үстіндегі адамдарда ғана болады. Каретниковтің взводындағы жараланған жігіттердің өлер алдындағы үні дәл осылай өлімсірей шыққан-ды. Каретниковті осы сәйкестік, осыншалық ұқсастық қайран қалдырды, шамасы, осы бір жетімсіреген, суық үйді тастап кете алмағандығы да сондықтан шығар. – Рахмет саған, – Ирина басын көтерместен сөйлей берді, – майданға барсаң, сенің тілеуіңді тілеп, құдайға сиынамын. «Сен комсомолка шығарсың», қалай құдайға сиынасың? Комсомолдар құдайға сенбейді, – дегісі келді Каретниковтің. Бірақ айтпады. – Иә, мен комсомолмын, – деді Ирина Каретниковтің ойын оқып қойғандай, құдайға да сенбеймін, бірақ бәрібір әрбір адамның өз бойында, жан түкпірінде жататын өзінің жеке құдайы болуы керек те, ол құдайды ешқашан алдауға болмайды, онымен ақылдасып тұру керек. Ол жарықтық, әрқашан мейірімді болады да, егер шындап сұрасаң, ешқашан меселіңді қайтармайды. – Үйіңде пышақ бар ма? – Үстелдің үстінде жатса керек. Байқап көрші. Үстелдің үстінде қымбат ыдыс-аяқ жиһазынан қалған, сүйек сапты, күміс жалатқан әсем пышақ жатыр, оның жақында – таптаза, мұқият сүртілген шанышқы, онан сәл әрменіректе қасық – әрқайсысы бір-біреуден, Каретников сонда іштей түршігіп қалды, бір қасық, бір шанышқы, бір пышақ. Өйткені осыншама зәулім сарайда Ирина жападан-жалғыз тұрмайды ғой, оның қасында басқа адамдар да, әке-шешесі, апа-сіңлілері, аға-інілері болуға тиіс... Бұрын тұрған, ал қазір жоқ... Ол өзінің жан дүниесінің тұңғиығынан осы бір
орасан кең бөлмені бастапқы қалпында көргендей болып, байыбын біліп, мәнісін ұқты, өз жанымен суықты және мұз жамылған қабырғалардың үнсіздігін сезіп, үстінде бір жапырақ туникесі бар тазаланбаған паркет еденді, ебедейсіз ескі үстелді басқаша көзбен көрді. Үстел, шамасы, шоланнан әкелінсе керек, қаншама жыл жатқанын бір құдайдың өзі біледі, пешке отын қып жұмсай алмайсың – үстел өте ауыр еменнен жасалған, бұған әлжуаз Иринаны былай қойғанда қайратты, алпамсадай еркектің өзінің әлі келмейді, балтаның жүзі кәрі еменнің сүйегіне батпастан кейін серпіледі. Осы заттар қаншама қасірет пен қайғыға, сондай-ақ бақытқа, сәттіліктің шуақты күндеріне, көңілді әніне куә болған, қаншама адамның қолы тиіп, осы күміс шанышқыны, күміс қасықты, әсем сапты, қымбат пышақты пайдаланады екен. Каретников осы шежірені ойына алып еді, оған жауап қатқандай, жоқ жерден, бос кеңістіктен, орасан үлкен шонжар үйінің үңірейген суық түкпірінен, бейнебір елес сияқты жалғыз ғана ұзын бұтағы бар оқшау ағаш қалқып шыға келді. Бұтаққа жаңбырдың кемпірқосақтай түрлене құлпырған ірі-ірі тамшылары қонақтады. Міне, бұтақтан бір тамшы үзіліп кетті де, қалықтай ұшып еденге түсті, үшіншісі... Қас-қағым ғана сәтте, көзді ашып-жұмғанша бұтақ жалаңаштанып сидиып қалды, оның ең ұшында жападан-жалғыз, небәрі бір ғана нәзік тамшы дірілдеп тұр, бұтақтың болмашы қозғалысынан, кездейсоқ жел екпінінен тамшы үзіліп түсіп, төмен құлап күл-паршасы шығады. Каретников осы соңғы бір тамшы үшін қатты қорықты, өйткені ол түсінікті еді. Соңғы тамшы – ол мына Ирина. Оның ертеңгі күні не болады? Қолын қойнына жүгіртіп, Каретников саусағымен бөлке нанды сипалады. Сұп-суық, нан емес тас кесек сияқты, сәл кідіріп, сосын нанның бірде-бір түйірін, бірде-бір қиқымын түсіріп алмауға тырысып, шинелінің өңірін ақырындап ағытты да, бөлкені суырып алып, осы қылығым дұрыс па екен дегендей, аз-кем ұстап тұрды. Үстелге жақындап келіп, бөлкені пышақпен дәл ортасынан екіге бөлді, шеті сынған бөлікті үстелдің үстіне қалдырды да, басқасын қойнына қайта тықты
– Мынау саған, – деген Каретников, бір шетке, терезеге, «аққу мойын» етіктің иір-иір қонышы қондырылған тозығы жеткен ескі фанерге қарады, сосын көз қиығын солға, қар басқан және күміс қырау қатып, ештеңе көрінбейтін әйнектің екінші жартысына бұрды. Ирина үстелге қарап еді, оқыс дір ете қалған мөлдір тамшы бетімен төмен жылжыды. Жағы түсіп кетті, ұсқыны бұзылып, қабағы тұнжырап, көзі кішірейіп, балқыған темір шоғындай, көмескі жарық жүгіріп өткендей болды. – Иә, бұл саған, – деп қайталады Каретников, көзімен нанды нұсқап, сілекейін жұтты. Сөйтті де қызарып кетті, дыбысы қатты шыққан еді. – Жарты бөлке нан қыруар паек қой! – Ирина теңселіп кетті. – Көктен түскен сияқты. Тәңірінің нәсібі. Бүгін шынында да, мен үшін бақытты күн. Ол қолын пешке қарай созды. Пештегі от лаулай жанып, уілдей түсті де асүйдің іші жылынып сала берді. – Біз қазір нағыз ұлан-асыр той жасаймыз. Шайменен. Әйтпесе мен бүгін қыша құймағынан басқа нәр татқан жоқпын, – деп мұңын шақты ол. – Тәтті ме? – ішегі шұрылдаған Каретников, аңғырт сұрақ қойды. – Тәтті... – Ирина мұңая күлімсіреді, – бірақ тым ащы. – Әрине, таза қышадан жасалғаннан кейін, солай болуға тиіс. – Нағыз қышадан, – деп құптады Ирина. – Айтпақшы, бұл Васильев аралындағы дәмнің ең сорлысы емес. – Аспаз өнерін меңгеру керек – Рецепті оп-оңай. Қышаны алып – бес-алты күн суға салып қояды. Суын бірақ жиі-жиі ауыстырып тұру керек. Қыша жұмсара түсіп, ашуы тарқайды да, сонда барып құймақ пісіруге болады. – Түсі сары ма? – Запыран-сары. – Шандыр – құймақ. – Каретников еріксіз мырс етіп күліп жіберді де, ыңғайсызданып қалды. Күлетін нәрсе ме? Кінәлі жандай қолын тамағына апарды. – Ғафу етіңіз. – Оқасы жоқ. – Иринаның үні қайғылы шықты, – бола береді.
– Қыша бар ма өзі? – Бар. Соғыстың алдындағы қорлар. Дүкендерде көп қалып қойды. Ирина орнынан көтеріліп, терезенің жақтауында тұрған шайнекті алып, қызара түскен пештің үстіне қойды – пеш тез қызады, тек отын салып үлгірсең болғаны. Дүкендерді, мәселен, Бадаев қоймаларын бомбылағандай қиратқан жоқ. Бадаев қоймаларынан тып-типыл топырақ қана қалды. – Білемін. – Сен алдымен шай ішіп ал да, сосын бар. Жарай ма? – Жарайды. Ол үстелге жақындап келіп, нанға қарады, көзін бұрып әкеткісі келіп еді, шамасы келмеді, Каретниковке оның бетаузы кемпірдің бетіндей бір уыс болып көрінді. Тек жанары ғана нұр шашып, ойнақшып тұр, әжімді бетіне сәйкес келмейді Каретников алғашында Иринаның көзі қара деп ойлаған-ды. Көшеде, сырт жақта, бір-бірінен қорқып, күртік қардың ығында жығылып жатқан кезде, қараңғыда солай көрінген болатын, сөйтсе қара емес екен. – Айыпқа бұйырма мені, – Каретников тағы бір кезек кешірім өтінді. – Оқасы жоқ. – Ирина нәзік саусақтарымен нанның шетінен үзіп алып, аузына салды да бұл нан емес, басқа жұмбақ, өзгеше дәмді нәрседей ақырындап шайнай бастады. Содан соң дыбысын білдірмей жеп-жеңіл қимылмен, сәл теңселе басып, Каретниковтің жанынан өтті де, пәтердің қараңғы да көмескі түкпіріне сіңіп, көрінбей кетті. Каретников асүйде жалғыз қалды. Ол қыз жөнінде ойлады. Шын мәнінде ештеңе, – іштартқан да, керісінше, шеттеткен де жоқ, жылылық та, салқындық та сезілмеді – сонымен қатар мұны осы жерге бірдеңе жіпсіз байлады, құр әншейін кете салуына мұрша берер емес, ол осы бір, «бас қолбасшыдан» келген әлдебір тылсым әмірге бойсұнып, жүгінді, бұл оның қол-аяғын матап, ыңғайсыздық келтірді деуге де болмайды, ол анасына жолығу үшін ілгері жылжуы керек, түн қараңғысына, қарлы боранға үскірікке қарсы жүріп Голодайға жету керектігін біле тұра, өзімен-өзі іштей арпалысып бақты.
Нан рухы тынысын тарылтып тастаған ол сілекейін жұтты. Каретников тұтас бөлкеден кесілген жарты нанға қарамауға тырысты, ол көз қиығын алаулаған пештің үстіне қадап, қатты да қалды. Оттың да адам секілді жаны, тәні бар, отқа да тіршіліктегі қуаныш пен қайғы ортақ, ол да суықты жек көреді, от лаулай жанған жерде суық сөзсіз безіп кетеді, – деп ойлады. Отты бірақ ашуландырып алуың мұң екен, ол міндетті түрде адамға зиян шектіреді, мінеки, гәп қайда. Кенет ол ту сыртынан шыққан біреудің демін, көзқарасын байқады. Кейде біз желкемізбен, арқамызбен бөтен адамды сеземіз ғой. Каретников жалт қарап еді, ешкім жоқ екен. Пеш үстіндегі шайнек кақалып-шашалып таси бастады. Каретников жетіп барып тұтқасынан шап беріп ұстай беріп, қолын күйдіріп алды, бірақ шайнекті тастаған жоқ, үстелге жеткізгенше шыдап бақты. Қолын сілкілей тұрып, өмірде бір ауру екінші ауруды ұмыттырып жіберетінін, ал ашаршылықтың сыпыра жалмайтынын ойлады. – Үрлеңіз, ашығаны басылады, – деген сыбыр естілді, – неге екені белгісіз, қайта «сізге» көшіпті. Бір сиқыршы дуалап қойғандай таңдана сілейіп қалған, мұндай нәрсе тек ертегіде ғана бір емес мыңдап ұшырасады. – Мен рас айтып тұрмын, қолыңызға үрлеңіз, ашығаны басылады. Іс жүзінде сан тексерілген тәсіл. – Бұ-ұл сі-з бе? – күмәнданған Каретников міңгірлей сөйледі. – Мен. Басқа кім болушы еді? – Ирина жымиып күлді. Каретников қолын көзіне апарды. Мұның қандай қимыл екені түсініксіз еді, қалжың ба, жорта жасалған қулық па, жоқ әлде өз көзіне өзі сенбей тұрған адамның шын мәніндегі байыпты қимылы ма? Бұл Иринаның өзі болғанымен, мүлде бөтен адам еді. Оның алдында сұңғақ бойлы, аса сұлу, атап айтқанда, өте сұлу, үстіне жылтыр жолақ матадан тігілген үлбірек ақ көйлек, аяғына он сантиметрлі биік біз өкше туфли киген бойжеткен тұрған болатын. Каретников басын шайқап қазір есімнен адасып кететін шығармын деп ойлады. Мұның Ирина болуы мүмкін емес! – Бұрынғы жаралының басы айналып кетті, көзі қарауытып, тамағы әдеттегідей құрғап
қалды, енді болмаса ол есінен танып құлайды да, тек содан өзіне-өзі келген кезде ғана осының бәрі – түс екенін біледі. Түс, науқас жанның жалған сандырағы, балалар ертегісіндегі әумесерлік, өңі емес, кәдімгі жұмбақ, – деп ойлаған. Бірақ бұл өңі еді, қарсы алдында Ирина. Осы суыққа қарамастан, ашаң беті дуылдап тұр. Өйткені тек асүй жылы, оның өзі де болмашы ғана жылу. Ал жалпы пәтердің бәрі азынап тұр. Серовтың картинасындағы саяжай бастырмасында шабдалыға сүйсіне қарап отырған қыз сияқты екі беті қып-қызыл, неге екені белгісіз, Каретников сол картинадағы нұр шашқан сұрғылт, мөлдір көзді, мұқият таралған ұзын, қолаң шашты жиі есіне алатын. Осыдан сәл ғана бұрынғы олпы-солпы, үстіне не жамылғаны бір құдайға ғана аян, – мақтасы шығып тұрған алба-жұлба бірдеңе киген, деревня қайыршысына ұқсас әлде кемпір, әлде қыз екені белгісіз адам, ұшты-күйлі жоқ. – Екеуміз қазір шай ішеміз, – деді Ирина. Каретниковтің бетіне тіктеп қарады да, көзін тайдырып әкетіп, өкшесімен шыр айналды. – Қалай ұнай ма? Каретников жауап орнына үнсіз бас бармағын қайқайтты. – Өзгенің тәбетін бұзбау үшін, дастарқан басына киініп келу біздің ежелгі салтымыз болатын, – деп түсіндірді Ирина. «Біздің ежелгі салтымыз бойынша... Біздің... – Каретников еріксіз осы сөзге тоқтап өтті, демек, бұл үй, әлгі өзі пайымдағанымыздай көп жанды шаңырақ болса керек. Әлбетте. Осындай кең сарайда жалғызілікті адамның жеке тұруы мүмкін емес қой». Иринаның әкесі, шешесі, ағаінілері, ата-әжесі, жақын туыстары болғаны анық... Қазір олар қайда екен? – Сіздің атыңыз кім? – деп сұрады Ирина. Іле-шала. – Атың кім сенің? – деп түзете қойды. Өйткені бұлар «сенге» көшіп еді ғой, бір қалыптасқан арақатынасты аяғына шейін сақтау керек. – Игорь. Игорь Каретников. – Өте жақсы. – Ирина нақ бір жап-жас қыздай, Валентин Серовтың таныс картинасындағы кейіпкерге ұқсап, оның
бетіне үңіле қарады да, сосын тізесін бүгіп ишарат жасады. – Ал менің фамилиям – Коробейникова. – Орыстың жақсы фамилиясы екен. – Каретников мақтап қойды. Сөйтті де мырс етті. – Өлеңнің жолдары сияқты, ұйқасып тұр, коробейник, каретник, Коробейников, Каретников, Каретникова, Коробейникова. – Аттарымыз да «И»-ден басталады екен, – деп қосты Ирина. – Иә, расында да. Қос «И». – Демек, жолдас И, шай ішеміз бе? Сәл үнсіздіктен кейін. – Тәтті, – деді. – Қант қайдан жүр? Ескі қордан ба? – Бұрынғы... – Ирина мұңая күлімсіреді. – Кәнеки, ескі қордан болса. Қыз үстел суырмасын ашып жіберіп, қоршаудағы Ленинградтықтар қандай қантпен күнелтетінін көрсету үшін, Каретниковті шақырды. Жәшіктің фанер түбінде топырақ аралас, жабысып қатып қалған бірнеше кесек жатты. – Бұл не? – Игорь Каретников кесектің біреуін алып, қолымен ұстап көріп анықтағысы келіп, топырақ емес қой, әйтеуір, әйтсе де топыраққа өте ұқсас, деп сөз айтуға оқтала беріп еді, – Ирина бөліп тастады. – Менің айтқан қантым осы. – Қалайша? – Айтпақшы, жалғыз мен ғана емес, ленинградтықтардың көпшілігі шайды осы қантпен ішеді. – Ирина қайнаған суды терезенің жақтауында тұрған қалайы кастрюльге құйып, ішіне бірнеше түйір кесек тастады да, кастрюльдің қақпағын жапты. Бу тізбегі қырау қатқан терезенің үстімен жылыстап өтті де, кенет бір шетке ығысып, тез ыдырап кетті. – Мынау... топырақ қантпен, – деп қақпақты сүлгімен ораған Ирина Каретниковке бұрылды. – Ал сіз... сен шешін, шинельден пысынап кетесің. Асүйдің іші расында ысып кетті, темір пеш тез оталып, қызуын үдете береді, өңешіне тек шикізат салып үлгіріп тұрсаң болғаны, ал отынды тоқтатуың мұң екен, сол бойда пеш те, үй де мұздап сала береді.
Каретников ақыры оның нендей қант, қайдан келген екенін түсінді. – Бадаев қоймаларынан. Жұрт бомбы қиратқан қоймалардың үңірейген орнына барып, қардың арасынан жабысып қалған тәтті топырақты аршып алады да, шайға салып, ерітіп ішеді. Міне, қанттың сиқы осы. – Даяр! – деп хабарлады Ирина. – Ендігісі өз қолымызда. Тағы да бір кішкентай кастрюль алып, оның бәрін қайдан шығарып жатыр екен, осы орасан үлкен асүйде бір шкаф, я болмаса сөре, қосымша үстел немесе тумбочка, буфет те көрінбейді, ыдыс салып қоятындай ешнәрсе жоқ, бірақ соған қарамастан құпия бос кеңістіктен ыдыс-аяқ өзінен-өзі біртіндеп келіп жатыр. Ирина ыдыстың бетіне лып еткізіп дәке жаба қойды да, тәтті қайнатқан ыстық судың тегеурінімен дәке кастрюльге түсіп кетпеуі үшін, Каретниковтен дәкенің шетінен ұстай тұруды сұрады. Каретников дәкені ұстап еді, Ирина бір кастрюльдегі суды екіншісіне құя бастады. Каретниковтің танауына борсыған шірік топырақтың сасық иісі мүңк ете қалып, тұмсығын ыстық бу шарпып өтті. Дәл сол кезде бұдан жалт бұрылуы керек еді, бірақ Каретников өйткен жоқ, ол өзін-өзі осылайша жазалаған болды. Дәкенің бетінде тұтас бір үйме топырақ пайда болды, буы бұрқыраған, ып-ыстық, дымқыл мата саусақтан сусып еді, бірақ Каретников оны әйтеуір тырмысып босатқан жоқ. – Тоқта! – деп өзіне-өзі бұйрық берген Ирина, кастрюльді терезенің жақтауына қойды да, кәне, ананы да мұнда әкелші, – деп өтініш айтты. – Дәкені алып, бұрыштарын қосып бүктеді де, еденге су тамбауы үшін, тұнбаның астына алақанын тосқан күйі, бұрышқа апарып, ішіндегісін шелекке төкті. Сөйтсе, асүйдің қарауытқан әшекейлі жылтыр бұрышында қоқыс салатын шелек те бар екен. Каретников оны да байқамапты. Госпитальда жатқан бір аптаның ішінде ұсақ-түйек заттарға мән беріп қараудан, кез келген тырнақтай нәрседен ілік іздеуден, ноқаттай дақты, қаңылтырды, жердің алақандай қыртысын немесе шұңқырын көзімен белгілеп, санасында ақша секілді қаттап қоюдан қарайып қалыпты. Өйткені ажал минуты келгенде өзіңді қандай қуысқа жасырарыңды,
қайда паналауды, басыңды оқтан қорғау үшін қандай теміртерсектің кәдеге асатынын алдын ала білмейсің ғой, алайда осының бәрін міндетті түрде білген жөн. Әйтпесе алғы шепте босқа құрбан болып кетесің. Алайда бұл қасиеттер, адам өзі душар болған белгілі бір қысылтаяң жағдайдың, нақтылы сәттің қысымынан туса керек, ал енді басқа бір жағдайда дәл сол ықпалдың қажеті жоқ, керексіз артық нәрседей өзінен-өзі ғайып болады. Құлақтың жанынан оқтың зуылдағаны тыйылып еді, Каретников бұрынғы сақтығынан айырылып қалды. Асүйдің бұрышы буланып кетті, көкшілдене бұйраланып, тіпті пештің қызуының өзі жоя алмаған жылтыр тоңды жалмап жатыр. Каретниковтің бойында осы қызға деген бір ризашылық сезімім оянып, оны бұл көп жылдар бойы тіпті сонау балалық шақтан бері білетін сияқты, түйсік пайда болды. Еріксіз таңдану мен өткен күндерді аңсатып мұң ұялататын мынау мерекелік сәнді аппақ ақ көйлек те, мұңмен қатар айқын қуаныш шақырып, бәрі біржола біте қоймағанын, әлі-ақ алаңсыз күндерге қайта оралып, бәрі бұрынғы өз қалпына келетінін білдіреді. Ол өзінің Иринаға қызыға қарап қалғанын бір-ақ білді, келесі минутта көпекөрінеу әбестік жасап, әшкереленіп қалғандай оқыс қызарып кетіп, жас балаша абыржығанын Иринаға көрсетпеу үшін көлеңкеге ығысты. Құдайға шүкір, Ирина ештеңе байқаған жоқ. Дәкенің көзінен абайсызда өтіп кеткен қоқысты тазалау үшін, ол бір рет суды сүзгіден өткізді де, оған бір шымшым қара нәрсе тастады – шай, я шай емес екені түсініксіз, бәлкім, қайсыбір шөп те шығар, содан соң қурап қалған, қаңылтырдай қатты бірнеше жапырақ алып, сірә, үйеңкі жапырағы болса керек, бірде-бір ұнтағын шашып алмауға тырысып, саусағымен уатып ыстық суға тастады. Бір қызығы, дәл осы жапырақтар жағымды иіс шақырып, асүйде шайдың бұрқыраған рухы жан-жаққа жайылды да, танауды, қолқаны қытықтап тұрып алды. Осының бәрін қасықпен араластырған Ирина кастрюльді пештің үстіне қайта қойды.
– Шай тағы бір рет қайнауға тиіс, – деп түсіндірді, ол баланы үйреткеніндей. Ал Каретников болса расында да қазан-ошақтың құпиясы жағынан нәресте еді, үйде де қазан-ошаққа ешқашан араласқан емес, бәрін Любовь Алексеевнаның өзі реттейтін. – Наннан аздап турап қойшы, – деп өтініш еткен Ирина, көзін оның петлицаларына жүгіртіп өтіп, «кубиктерге» тоқтатты, – жолдас лейтенант, – деп өзінше жымиып қойды. Мақұлдай басын изеген Каретников аяғының ұшымен басып үстелге жақындады. Ол қазір бір нәрседен қорқып тұрғандай еді, әрбір дыбыс анық естіліп, ал пулеметтің дүркін-дүркін кезегі әлдебір кәдуілгі зат секілді тымық ауаны осып түсіп, баудай түсіріп жататын бейтарап шепте жүргендей сақтана қимылдады, ондай оқтың астына құдай түсіре көрмесін, бірдеңе оның қимылын ауырлатып, қолы мен аяғын матап тастады. Шынымен-ақ бұл аштықтан, суықтан, госпитальдан осы.. жалпы Голодайға баруың керек еді ғой, бірақ Голодайдың орнына осында, үш ұйықтаса түсінде де көрмеген мынау үйге тап болды, сол екі ортадағы жүріп өткен жолдан біржола қалжырап қалғаны ма... Жоқ, бұл әлсіздік емес, басқа бір нәрсе, Каретников тіпті, оның қалай аталатынын да білмеді... Голодай бұл арадан қашық па? – деп сұрады ол, әйтеуір бірдеңе сұрау керек болғандықтан. – Онша қашық емес, – деп жауап берді Ирина. – Жаяулағанда жиырма минуттай жол. «Жиырма минут – ол сөзсіз соғыстың алдындағы өлшем бойынша, – ол кезде мұндай күртік қар да, өкпек жел де, тар қуыс соқпақтар да жоқ болатын, жолдың бәрі аршылып әрбір бағанда шам жарқырап, жөн сілтейтін түрлі-түрлі қаңылтыр биркалар қағулы тұрушы еді. Иә, онда қарын да тоқ болатын, қазіргідей ішегі-ішегіне жабысқан емес. – Ал жаз айында соғыс басталмас бұрын, мен он минутта жүріп өтетін едім, – тағы да, мұның ойын қайта оқып қойғандай Ирина алдын алып сөйледі, – тіпті тиіп тұр. Егер күндіз болса ғой, жөн сілтеп жіберер едім, осы арадан анық көрінеді. – Шайды ол қасықпен араластырды да, көзіне түскен шашын шолақ қимылмен сілкіп қайырып, содан соң
қолын күйдіріп алудан қорықпай кастрюльдің жалаңаш тұтқасын жалаң ұстап, лып еткізіп үстелге қоя қойды. – Бітті, патшаның сусыны даяр, – деп хабарлады ол масаттана. – Нан мәселесі қалай болып жатыр? – Қазір тураймын. – Каретников асыға қимылдай бастады. – Ал шинель мәселесі ше? Шешілді... шешкің келмей ме? Шынында да мұнысы несі? Өзі қонақта отырып, шапанынан айырылып қалудан қорыққан жәмшік секілді шешінгісі жоқ, өйткені асүйдің іші жылы ғой. Ирина пешке тағы да бірнеше шөрке тастады. Пеш гүрілдеп, түстіктің ыстығын беріп тұр, ол түймесін ағытып шинелін қоятын жер іздеп жан-жағына қарады, ыңғайлы орын таппағаннан шинелін төрт бүктеп, жеңінің қуысына жарты бөлкені тыға салған бойда Иринаның дауысын естіді. – Дәлізде киім ілгіш бар. Ол дәлізге өтті, бірақ шинелін ілгекке ілген жоқ, кемпірлер өздерінің ескі-құсқы бұйымдарын сақтайтын темір жолақтармен жиектелген көне сандықтың үстіне қойды. Ішінен мына интеллигенттің ескі пәтеріне сандық қайдан келген? Ирина мұның ойын қайта тап басып, асүйден айғай салды. – Ол үй қызметшісінің сандығы. – Сандықты әлдеқашан отынға жұмсау керек қой... Кісінің заты. Иесі, бәлкім, тірі де шығар. Болмайды. «Қымбат жиһаз отынға кетті, ал базарда құны небәрі екі тиын тұратын баяғының ескі сандығы дін аман, – деп қынжыла ойлады Каретников. – Нағыз ғажайыптың өзі. Алайда таңғаларлық несі бар? Адамгершілік қасиеттің шынайы адалдығы, оған ешбір таңдануға болмады. Таңданатын нәрсе басқа, ол осы адалдықтың тапшылығы – міне, соған күйіну керек, ал адамгершілік дегеніміз – баршаға ортақ қасиет. Жарты бөлкеден ол биттің қабығындай жұп-жұқа шағын екі тілім кесіп алды да, Иринаның алдына ысырды, ал өзіне болмашы ғана, тілдей етіп бір үзіп, оны алақанымен жаба қойды. – Өзіңе неге бүйтіп жетім баланың үлесіндей етіп бөлдің? – деді Ирина. – Жұмырыңа жұқ та болмайды ғой.
– Менен қам жеме. Аштан өлмеймін, – деді Каретников. – Маған қарамастан өзің ала бер, сені айтам. – Оның үні ақырын, биязы да жылы шықты. Өзінің, былайша айтқанда, осындай әртістік қасиетінің бар екеніне ол күмән келтірген жоқ. Содан өзіне-өзі күліп жібере жаздады да, бірақ бұл жерде күлудің реті жоқ еді, жалпы мұның бойында әлдебір өзгеріс болды, содан кейін кейбір құбылыстар, мәселенки, нәзіктік сияқты қасиеттер құнын арттырып, керісінше кейбір мінездері көмескілене түсті. Оның осы бір әлжуаз қызды қорғап қалғысы, басынан сипап, ұзын да қап-қара шаштарын саусағымен тарап түзеткісі келді. Осыншама қолайсыз жағдайды, ажалдың аузы мен ұлыған снарядтардың арасында басын қалайша тап-таза, күтіп ұстауға шамасы келген? Шынымен-ақ осында бір сиқыр болғаны ма, а? – Сен жей бер. Маған қарама... Мен тоқпын, – деген ол, сәл кідіріп, өзінің арзан қулығын жапқысы келіп, сөзін әрі жалғастырды. – Мен кейін соңынан. Мақұлдай басын изеген Ирина шай құйылған стақанды өзіне жақындатып, жұқа тілімді қолына алды да шетінен бір тістеді. Ал Каретников болса жазғы теңіз толқынына күмп беріп көзін ашқан күйі, таңғажайып дарияның түбін сүзіп шыққандай ең алдымен – өзінің жеке басының қасиетін өзіне бейтаныс көп жаңа құбылыстарды аңғарды. Бұрын ол мүлде өзгеше болатын. Осыған шейін бір ғана уайымы да, жалғыз қуанышы да анасы еді. Интерна Кунгурцева ол бұл есепке жатпайды. Есепке жатпайтын бірден-бір себебі, ол Каретниковті баласынып, болашақ жарым деп есептеген емес, ал сол бір кішкентай кездегі екеуінің сүйісулері, наздануы, кездесулері – жәй әншейін балалық тентектік қана, басқа ештеңе емес. – Маған алаңдама, – деп қайта міңгірледі Каретников. Жауап орнына Ирина тағы да мақұлдап басын изеді. Каретников шай құйылған ыдысты көтеріп қан жылы шайдан ақырындап бір ұрттады. Шай бұрынғысынша сыз, кесек, балшық, санырауқұлақ татиды екен, болар-болмас қураған күзгі жапырақтың кермек дәмі сезіледі. Бетін басқа жаққа бұрып әкетіп, таза ауадан шамалы ғана жұтқысы келіп
еді, бірақ ол ыдысын ерніне апарған қалпында шыдап бақты, содан соң абайлап қана бірер рет ұрттады... Шай сыз татиды. Бірақ әйтсе де тәттінің ептеп дәмі бар. Иненің жасуындай болғанмен, таңдайды, тілді үйіреді. Ол ештеңе түсіне алмай дал болды, осының бәрі – түсі ме, жоқ, өңі ме? Бәлкім, бұл өз өмірі емес, соның бір көлеңкесі, әлдебір алыс сәулесі, қайтып қайталанбайтын және тез ұмытылатын сондай бір әншейін ғана елес, я болмаса, керісінше, мәңгі есінен шықпайтын, өзімен өле-өлгенше бірге өмір сүретін жанындай жақын құбылыс, одан айрылса бұл опат болатын сияқты. Өмір және өмірдің көлеңкесі. Көлеңке – ол яғни жәй ұқсастық, бұлдыр елес. Каретников шайдан молырақ ұрттап жіберіп еді, тамағы күйіп, шашалып қалды. Карл Чапектің мынадай бір пікірі бар, адам жиі-жиі ғайыппен, өзінің жансыз көлеңкесімен сөз жарыстырады. Көзге көрінбейтін жоқ серікті таңдап алады да, сонымен таласқа түсіп, қызылкеңірдек болып айтысып, өршелене даурығып, дәлелдің күрделі тәсілін іске қосады – қысқасы, бос ауамен жұдырықтасып, осы төбелестің дәл орта шенінде, өзіне-өзі дән риза болып айтысты кілт доғарады да, бір маңызды іс бітіргендей жеңісін тойлайды – өйткені жансыз көлеңкені тізе бүктірді ғой. Бірақ дәл қазіргі көлеңкені жеңуі керек пе? Басқа жаққа, мүлде басқа жаққа лағып кетті бұл. Ирина көлеңке бола алмайды. Қыздың алдында ол өзін-өзі кінәлі сезінді, алдымен түнгі ағат қылығы, енді мынау ерсі ойлары, қайдағы бір көлеңке... – Мен түсініп тұрмын, бұл шай саған ұнамайды, – деді Ирина. – Жоқ, жоқ, жоқ, – деп бастырмалата жөнелді Каретников. Ол Иринаны ренжітіп алудан қорқып, қызға ол бір ізгілік жасап, сүйсінткісі, еркелеткісі, жылытқысы келді, тек ренжітуден аулақ болатын. Шайдан бір ұрттап, дәлізге апарар есіктің қараңғы қуысына, сандықта жатқан шинеліне көз қиығын тастады. Мүмкін, тағы да наннан шамалы кесіп берсе қайтеді? Бірақ онда шешесіне не қалады?
Өйткені бұл анасына бара жатыр еді ғой, нанды да әдейі сол үшін сақтады, бірақ оның орнына осы бір бейтаныс үйге, мүлде танымайтын бөтен қызға, сонымен қатар он ғасыр – жоқ, жүз ғасыр бойы жақсы білетін адамға тап болды, ол мұның бойында бұрын өзі де білмеген әлдебір соны қасиеттер туындатты, жанашырлық сезім, өзіне белгісіз нәрсені білуге ұмтылу, осылардың бәрінен кейін, қайтадан көшеге, ұйытқыған қарлы боранның өтіне, аязға және аса қорқынышты қараңғылыққа тап болудан туған үрейді, есінен шығару еді. Алайда ол боран мен түнгі қараңғылықтан қорыққан жоқ-тын. Қабырғада репродуктордың майысқан нән табағы ілулі тұр. Осыны кім, қандай өнертапқыш ұста, табақты қапқара, майысқақ та, тез тозып, тесіліп қалатын қағаздан жасауды ойлап тапты екен? Дыбыс күшейткіш темір планка – реттеуішке бекітілген қырлы-қырлы дөңгелекшеге қолын созып, оңға бұрап жіберіп еді, сол секундта айқын, баяу ырғақты, ақаусыз жүректің соғысына ұқсас, метрономның дыбысын естіді. – Сен неге радионы сөндіріп қоясың? Ал егер бомбы тастаса қайтесің? – деп сұрады ол. – Несі бар? Мен одан қорықпаймын, – деп жәй ғана жауап қатты Ирина. Бәлкім, солай да шығар, бомбалардан да артиллерия атысынан да қорықпайды, қорқатыны басқа нәрсе. – Сіздердің... Сенің отбасың үлкен бе? – Каретников көзін асүйге бір жүгіртіп өтіп, содан соң есіктің қараңғы ойығына қарады. – Мұнда көп жан тұрдыңдар ма? – Көп. – Ирина жұқа тілім нанның шетінен бір тістеді де, ойға шомған күйі өзіне-өзі құлақ тікті. Жүзі сынық еді. – Бес жан болғанбыз. – Әкең... – Әкем, – оның дауысында мақтан тұтқан көтеріңкі ырғақ пайда болды, – ұлы адам еді, мен әрқашан кластас қыздарымның алдында мақтаныш ететінмін. Ол профессор, биолог, дәрігер болатын, бір кездері академик Павловтың лабораториясында жұмыс істеген. Ең алдымен әкем өлді. Аштықтан. – Иринаның дауысы сыбырға көшіп, ашынып
та қобалжи шығып еді, Каретников денесінің құмырсқа талағандай оқыс түршігіп кеткенін сезді, ол шағу батпақ масасындай зәрлі, майда, тым ащы, сүйегіне шейін кеміріп тастауға әзір еді. Ол өлейін деп жатып, көкке сиынды – таңғы жарыққа жетуді қатты қалап еді. Бетін терезеге беріп көзін ашып жатты да, арайды күтіп, үзілмеуге тырысып бақты. Бірақ ол арманына жете алмады, өзі дәрігер болғандықтан өлетінін жақсы түсініп, анық білді, жан алғыш есіктен сығалап әзір тұр, бірақ соған қарамастан ақтық демін ышқына соза берді, мүмкіндігінше ақырындап созып бақты. Алайда ажалға қарсы ештеңе жасай алмады – таңға жетпестен жантәсілім етті. Ол зор денелі, сымбатты, сырт пішіні профессорға тән келісті, әдемі жұмсақ дауысты жан еді, үнемі пенсне киетін, сыртынан сол үшін кейбіреулер оны буржуй деп атайтын, бірақ пенснесін бәрібір көзілдірікке айырбастай алмай-ақ кетті – пенснеге үйреніп кеткен әдет болатын, ал әдет – екінші табиғи мінез деп бекер айтпайды. Содан соң шешем өлді. Сыңарынан айырылғанды көтере алмады. – Иринаның сыбыры бәсеңдей бастап еді, – қыраудан қалыңдаған терезенің сыртындағы ызғырық жел сол бойда күш алып қатайып кетті. Жүзі қуарып, қайғыға батқан Иринаның беті мүлде жансызданып қалды, тіпті көзіне шейін қимылсыз, тек еріндері ғана әзер-әзер қыбырлап, иегі оқтын-оқтын дірілдеген күйі әңгімесін жалғастырып жатыр. Каретников бұл әңгімені өз үйіне, Любовь Алексеевнаға, өзі білетін, есінде сақтаған, соғыстың алдындағы жақсы көретін адамдарына қатыстыра отырып, өзінше сабақтап, басқа жүйеге бұрып әкетті. – Содан соң ағам өлді. Ол қорғаныс жұмыстарына танкіге қарсы ор қазуға кетті де, желтоқсанда үйге қайтып келе жатқанда, осыдан бір орам жерде тынығуға отырыпты да, қайтып тұра алмапты. Мен оны зиратқа шанамен апарып тастадым. Желтоқсан айының оны күні... Ирина үнсіз қалып, қос қолын кеудесіне апарып айқастырып қойды. Пештегі отын жанып бітіп, пештің арқасына сән беріп тұрған алқызыл реңк ғайып болып, сыз иісі мүңкіген шай
суып кетті. Ирина қимылсыз отырып қалды. Каретников те қозғалған жоқ. Жалпы төзімділікке, ерлікке деген өлшем бар ма, адамды азаптап, қинап, қаншама жаныштағанмен қайта күш алып кететіні неден? Жалпы адам бойындағы мүмкіндіктің шегі бар ма? Сынған қабырғаларын біреу қолымен мытып жібергендей жаралы бүйіріне шаншу қадалды, қабырғаларының жіктері қақырап кетіп, бір сіңірі мен жұлыны үзіліп, жамбасынан жеркенішті жылымшы қан саулап қоя бергендей азап шеккенмен, ол бірақ қиналғанын білдірмеуге тырысты. Шекесіндегі – ең терең қатпарына тер жиналды. – Сенің бұдан басқа отының бар ма? – Осынау тыныштық пен тұла бойын өртеп бара жатқандай көрінген, қаны ойнаған осынау күйге шыдай алмаған Каретников аңғырт сұрақ қойды. – Ағам келердің алдынан екі күн бұрын, – Иринаның мойнындағы көкшіл тамыры білеуленіп кетті, – ағам өлерден екі күн бұрын, – деп түзетті ол, үйден қызметші әйел кетіп қалды. Аты-жөні – Ефросинья Ивановна еді. Маған масыл болмау үшін тайып отырды. Өзі бір момын жан еді... Бәлкім, Ефросинья Ивановна да өліп қалған шығар. Онда жалғыз қалдым мен. Жападан-жалғыз... Үстелдегі шай құйылған ыдысты қолына алған Ирина сыртынан саусағын тигізіп байқап көрді, шай әлдеқашан суып қалған еді, қайта ысыту керек, өз ойынан болмысқа шыққан Ирина Каретниковке жыпылықтай қарады. Ол Иринаның осы көзқарасын қағып алды. – Сұмдық қой. Атап айтқанда, сұмдық, басқа сөз сай келмейді. Өзінен-өзі күйіп кеткен Каретников аз-кем кідіріп қалды, тым жауыр болған, арзан сөздерді айтып отыр, бұл жерге оның қатысы да, титтей жылуы да жоқ. Шынымен-ақ майдан мен госпитальда жалпы адамзат атаулыға тән кәдімгі қарапайым қасиет, – жанашырлықтан айрылып қалғаны ма? Бірақ, екінші жағынан, әңгіменің соңынан, өлік артқан арбаның артынан ілескендей ере беруге болмайды, өйткені
өліге – о дүние де, тіріге – тіршілік. Отының бар ма, әлде таусылды ма? – деп қайталады ол бұрынғы сұрағын. – Басқа отын жоқ. Келесі бөлмеде шкаф қана бар. – Қайда ол? Қай бөлмеде? – Жігері тасып, Иринаға көмектескісі келген Каретников өн бойына құйылған құлшынысты сезді. Шкаф бар екен, демек, оның ішінде отқа салатын қоқыстар болғаны, керексіз ескі қағаздар, жарамсыз кітаптар – әлдебір ұсқынсыз граф Салиес сияқты кісілердің арзанқол туындылары, қолдан-қолға көшіп, тозығы жетіп – көнерген папкалар, картондар, мұқабалар, қабы жұлынған дәптерлер. Ирина орнынан тұрып, қолына шамды алды. Шамның жалыны білтеден оқыс ажырап кетіп, жоғары ыршыды, мүлде өшіп қалатындай бір қорқытып өлімсірей жыпылықтады да, бірақ артынан әйткенмен төмен қонақтап, білтеге қайта жабысты. – Кеттік, – деп шолақ қайырған Ирина, өзі бастап дәлізге шықты. Мұнда асүйден гөрі әлдеқайда суық екен. Ал бөлмеде яғни бөлмелерде, олар мұнанда қисапсыз – одан бетер азынап тұр. Көйлекшең, оның үстіне кеудесі мен жеңі ашық Ирина қалай тоңбайды? Каретников қыздың иығына бірдеңе жапқысы келіп оқтала беріп, тым болмаса сандықтың үстінде төрт бүктеулі жатқан өзінің шинелін алған еді, бірақ одан бұрын Иринаның дауысы естілді. – Балтаны ал. Бұрышта тұр. – Балтаның қажеті қанша? – деп аңтарылған Каретников, Иринаның мұның нәрестедей аңғал мінезіне жымиып күлгенін байқады. Кең дәлізбен тұрпайы солдат төсегі бар, небәрі екі-ақ темір кереует тұрған мүлде бос үлкен бөлмеге апарды. – Әкем осында жатып көз жұмды, – деді Ирина. – Ол спартандық тұрмысты жақсы көретін еді. – Өзі сәл бұрын суреттеп үлгірген әкесінің портретіне қосымша ретінде былай деп қосты. – Сымбаттылығына, шонжарлық сырт пішініне және дворяндық алтын жалатқан пенснесіне қарамастан...
Шамның әлсіз сәулесі, бөлмені әрең алакөлеңкелендіріп тұр, үңірейген қуыстар, күңгірт көлеңкелі түкпірлер көп екен, Иринаның осы жартылай әңгімесінің қалтарыстарында жасырынып жатқан белгісіз сырлар, пәтердің ішін одан бетер суыта түсіп, әлдекімнің жат демін, көзқарасын, ишарат қимылдарын жеткізеді. Каретниковке қазір бұрышбұрыштан ғұмыры көрмеген әлдебір бейтаныс адамдар ұрланып қарап тұрғандай болды. Иринадан шешесі туралы сұрап білгісі келіп, оқтала бергені сол еді, бірақ дәл осы сәтте екеуі егер едәуір мол орын алып тұрған кітап салатын жалғыз дәу шкафты есептемегенде, мүлде бос кең бөлмеге қарай жылжыды. Алайда бұл тек кітапқа ғана арналған шкаф емес-ті, қалың хрустальмен шыныланған сөрелердің астына, жиылмалы ағаш қақпақты секретер бекітіліпті, жазуға, хаттарға арналған өздігінше бөлек кеңсе іспеттес, одан басқа қағаз, сия, қаламсап, сия сорғыш және т.б. жазуға керекті құрал-жабдықтар орналасқан қос шағын шкафы тағы бар. Шкаф едәуір күрделі агрегат екен, кереуеттермен салыстырғанда сырт көрінісі де спартандыққа мүлде ұқсамайды. Есіктерінде ойып жасалған әшекейі көп еді – емен жапырақтары, шырмауықтар, басқа жапырақтар, гүлдер, осының бәрі қараңғылықтың арасынан лагы жылтырап, шамның сәулесіне шағылысады. Осы шкафтың әсемдігі көрнекті еді, тіпті қолдан жасаған осынау әлсіз өлеусіреген жалынның өзінде онысы анық сезіліп тұрды. Қайран қалған Каретников кілт тоқтады, мұндай шкафты, нағыз өнердің осындай әсем төл туындысын бұрын-соңды көрген емес. Бөлменің түкпір жағынан есік көрініп тұр. – Ол менің жатын бөлмем, – деп түсіндірді Ирина. – Бірақ қазір асүйде ұйықтап жүрмін. Жатын бөлмеге апаратын есікке бір көз жүгіртіп өтіп, Каретников шкафқа қайта оралды, төбесінен жай түскендей түсі бұзылып кетті – ағаштан ойған сәнді жапырақтардың, лакпен жылтыратқан әшекей-гүлдердің және шырмауық оюлардың әр жер, әр жерінен соққының іздері білінеді, соққы терең болмағанмен дөрекі, шамасы, ұрған кісінің соққысы әлсіз де, олақ болса керек.
– Мынаусы несі? – қазіргі көргеннің әсерінен дауысы қарлыққан Каретников сыбырмен сұрады. Шкафтың лак әшекейіне жарықсызаттар мүлде үйлеспей тұрған-ды. – Бұл не пәле? – Не, не, – деп жымиды Ирина, – менің жұмысым бұл, – ал, ендеше, білгің келсе. Отынға жұмсауға ниеттенген әрекетім ғой. – Осындай әдемі де көркем дүниені отынға ма? – Әдеміліктен адамның өмірі қымбат. – Ирина осыны әлдебір немқұрайды екпінмен айтып өтіп еді, оның селқос сөз саптасына Каретниковтің іші удай ашыды. – «Сонда бұл не болғаны?» – үнсіз өзінен-өзі іштей сұрады. – Өз қыздарымызды неше түрлі жамандықтан, қайғы мен пәледен, тіршілікте орын тепкен қату да қаралы құбылыстардан қорғай алмағанымыз ба? Бірақ оған қайтіп жәрдем бере аласың Каретников, қалай? Соғыстың бет алысы мынау, жұрт шетінен қырылып жатыр, бықпырт тигендей, аштық пен суықтан қатқаны одан да көп. Ендеше, қалай қорғауға болады, қайтіп сақтап қаласың? Қолдан келер еш амал жоқ, тоқетері сол. – Осы әсем жиһазды отынға жұмсауға әрекеттеніп көріп едім, бірақ оған шамам келмеді, – деп шағынды Ирина, қолындағы шам шайқатылып кетті. – Шамды ол бос ұстап тұрған еді, мешел жалын жыпылық қағып, білтеден қайта ыршып кетіп, сөнбек болып қорқытып еді, бірақ сөнген жоқ, ұясына қонған мекиендей білтеге қайта қонақтап, жайлырақ орнығып жатып, қап-қара ұшы шамалы дірілдей түсіп, сосын байыз тапты. Каретников шкафтың лакты жапырағының үстімен қолын жүгіртіп өтіп, соққының ізін тырнағымен аршыды да, сол жақ иығын көтерді, кәдімгі ағаштан аса шебер жасалған осы бір жиһаздың жаны бар сияқты, осынау ашық жарасына тию жанына қатты батып жатқандай болып көрінді. – Шап, – деп ақырын бұйырды Ирина, шкафты іштей қимағанмен. – Шап. Басқа амал жоқ. Салмағы мен өткірлігін тексергендей балтаны ыңғайлай ұстаған Каретников көзін жұмды, тұла бойын оқыстан жұмбақ үрей билей жөнелді, – құлаштай түсіп шкафтың
бұрышын әшекейлеп тұрған оюлы бағанның түбін көздеп періп қалды. Серпіні тым қатты болғандықтан балта қолынан ыршып кетуге сәл-ақ қалды, бұл ағашты шабу құр әурешілік, балта міндетті түрде кейін серпіледі. Каретников бір дем алып, екінші мәрте соқты. Бұл жолы сәттірек шықты. Осы бір ойып жасалған әсем жақтауды қиратқанға шейін қара терге түсіп, гимнастеркасы малмандай су болды. Қиратқан бойда, оны ортасынан қақ бөлді де, Иринаға бұрылды. – Пешке апар, – ал өзі шкафтың екінші бүйіріне жақындап келіп, балталай бастады. Айналадағы заттың бәрі билеп, теңселе жөнелді, көз алдында қызғылтым, сарғыш түсті құстар пайда болды, шамасы, әлсіресе керек, Каретников балтаны баяу ғана паркетке қойып, тізерлей кетті. Қызғылт-сары құстар әрмен қарай ерсілі-қарсылы зуылдай берді, Каретников сонда еденге отыра қалып, аяғын созды. – Қиналып қалдың ба, а? – Иринаның абыржи шыққан сыбырын есітіп, көз қиығын солай бұрды. Иринаның өзімен қатар отырғанын көріп, иығын қиқаң еткізді, бұл құптағаны, я болмаса, керісінше теріске шығарғаны – түсініксіз еді, кеудесіндегі қап-қатты суық бірдеңені сезіп, жөтеле бастады. Шамның жалынына көзі түсті. – Ирина әшекейлі жарты жақтауды асүйге алып шығардан бұрын, шамды еденге қойып кеткен еді. Ол қасарыса басын шайқады, қазір-ақ басылады. Балтаның сабына жармаса кетіп, кінәлі түрде мойындады. – Госпитальдағы тіршіліктің жайы белгілі ғой.. Уақыттың бәрі төсекте өтеді, қимылдан, жұмыстан тосырқап қалыппын. Майданда, окоп қазып жүрген кезде, ойсыратып тастайтының соншалық, соңынан ойласақ ғұмыр бойы, ес білгеннен бері сонымен айналысып келгендейсің. – Командирлер де окоп қаза ма? – Командирлік шеніне қарай, – дауысы қарлығып, тұмаурай сөйледі Каретников, – полковникке, мысалы, оның түкке де керегі жоқ. Каретников балтасын сүйрете орнынан көтерілді де, еңкейе түсіп, аюша корбаңдап, секретер жақ тұстан
әшекейленген лакты бүйірді қиғаштай ұрды. Үстемелетіп балтаны екінші, үшінші, төртінші мәрте сілтеді. Екі минуттан кейін қайта қалжырап қалып, көз алдында тағы да қызғылт-сары, от шашқан көгершіндер пырылдап, әуені айқыш-ұйқыш сызып жүрді. Көкірегі сырылдап қоя берді, сырыл тым қатты еді, кеудесіндегі тамырлар үзіліп, табада қуырған шошқа майындай шыжылдап жатты. – Бермен келші, егер мына шкафты екеулеп бір жамбасына итеріп құлатсақ, еденді опырып тастамай ма? – Ентігін басып, осылай сұраған Каретников, от шашыратқан әлгі құстар биін доғарып, ғайып болар деген үмітпен көзін тарс жұмды, бірақ олар сонда да кетпей қойды, Каретников одан бетер қалжырай түсті. – Білмеймін, – деп Ирина иығын қисайтты. – Төменде, біреу-міреу тұра ма? – Жоқ. Бәрі өліп қалған. – Онда батыл қимылдай беруге болады екен. Егер үйдің төбесінің сылағы опырылып түссе, айып төлетіп жүрмейді ғой, ә? Егер шамаң келсе, маған көмектесіп жібер. – Каретников қос қолдап шкафтың шетінен шірене итерген еді, бірақ ол ырыққа көнбеді. Тіпті, былқ еткен жоқ. – Ал мұны итеріп құлатпасақ болмайды, – деді Каретников. – Мұны, жатқызып қойып, балталау ыңғайлы. Жарыс алдындағы желаяқ секілді кеудесін кере ауа жұтып, көкірегіндегі сырылды қайта есітіп, қинала тыжырынды, – қабырғаларын күйреткен қорғасын оқ шынымен-ақ өкпесін де зақымдап кеткен бе? Өйтпеуге тиіс. Онда неге сырылдайды ендеше? Бәлкім, бүгін суық тигізіп алған шығар? Ол ойын теріске шығарып басын шайқады, басы айналып жерге құламаған сияқты, қардың үстінде ұзақ жатып қалған жоқ, ендеше, өкпесіне қайтіп суық тигізеді? Осының бәрі қалжырағандық, әлсірегендік болып табылады. Соның кесірі, өкпесі де сол себепті сырылдап, көз алдында осынау қараңғылықта жаныға зуылдап жүрген қызғылт-сары құстар да соның әсерінен. Бетін қабырғаға қарай бұрған еді, тұмсығын әкке сүйкеуге шақ қалды, шкаф пен қабырғаның арасына әзер
сыйып кіріп, жауырынын шкафтың сұп-суық өткір қырына тіреп, ышқына итеріп қалды. – Бір, екі! – деп күшене қырылдады Каретников. Көз алдында бұрынғыдан екі есе көп көгершіндер пырылдай бастады. – Бір, екі... – деп бұйрық берді ол қайтадан. Иринадан қайран күтпестен, өзіне-өзі бұйырды. – Бір-екі... Іштей маңызды шешім қабылдағандай, шкаф тітірене дірілдеп, еденнен баяу ажырады да, бір жамбасына қисая түсіп ауытқып бара жатты, бірақ келесі сәтте орасан салмақпен Каретниковті жаныштап, қабырғаға тықсырған күйі оқыс кері серпілді. Каретников сонда шыдай алмай қатты дауыстап жіберді, табанынан миына шейін оқыс зырқ ете қалып, жаны көзіне көрінді де, есінен танып қала жаздады, бірақ әйтеуір шыдап бақты, тістеніп алып, қабырғаны тізесімен, шынтағымен, алақанымен, маңдайымен тырмыса тіреп, шкафты бар күшімен итеріп қалып еді, жаны қиналғандықтан, ызадан, дәрменсіздіктен ауырсына қырылдап қалды, шкаф жеңілді. – Са-а-ақ-тан! – шкаф осымен қарсылық білдіруін тоқтатқанына көзі жеткеннен кейін Каретников күшене айғайлап жіберіп, бұрышқа қарай жалт берді, осы бір лак жағылған құбыжықтың тас-талқаны шығатынын, ішінен не шашылатынын кім білсін, – шынының сынықтары, қайсыбір шегелер, біздей үшкір қатты жаңқалар. Иринаның да жалмажан шеткері қарай ата жөнелгенін көз қиығымен байқап үлгірді. Шкафтың еденді солқылдата қатты құлағаны соншалық, пәтердің ішінде қырық бес миллиметрлік зеңбіректің, көзге қораш болғанмен дауысы жер жаратын снаряды жарылғандай елестеп кетті. Шкафтың астынан расында да жып-жылтыр, сынапша сусылдаған бірдеңе еденге бытыраша шашылып, шамды құлата жаздады. Құлатпағанымен шамның жалыны сөніп қалды. Қараңғылық басты. Бірақ келесі сәтте пәлендей қараңғы еместігі байқалды, қырау қатқан терезелердің әйнектерінен иненің жасуындай әлсіз жарық бөлмеге түсіп
тұр еді. Каретников шкафтың шетіне отыра қалып, қолымен кеудесін сипады – көкірегіндегі қырыл мен дүрсілді басып, тұла бойының қақсап ауырғанын тарқату керек-ті. Ирина шкафтың екінші басына жайғасты. Үш минуттай уақыттан кейін Каретниковке сонау жердің түбінен шыққандай қыздың сыбырлаған дауысы талмаусырап жетті. – Екеуіміз скамейкада отырған қос ғашық секілдіміз қазір. Ол мырс ете қалды. Шамды қайта тұтатып, ойға қалды, несі бар, енді бір, жарым сағаттай осында болса, бітті – қоразданып, қоқиланып, аппақ көйлегін әдейі көрсету үшін киіп алған осы бір жүдеу, сұлу қызға біржолата бауыр басып қалады, – алайда сол сөз бе, тәйірі, Ирина бейбіт кездегі әдетінше сәнденіп киініп алған. Тумысынан қонақтардың алдына сәнді киіммен шығуға үйреніп кеткен. Бұл оның қанына сіңген әдеті еді... Майдандағы әрбір жігіттің өзі сүйетін қызы болуға тиіс – сол бір нәзік жаратылысты елжірей есіне алып, үнемі ойлап жүреді, сағынады, хат алысып тұрады, ол жауынгердің жігерін тасытып, жылытады, егер керек болса, ерлігіне ерлік қосуы да ғажап емес. Каретниковтің бойында бір ыстық сезім лықсып кеткендей болды, ол осы бір аққөйлекті қызды аялауға, сүйеуге тиіс. Дегенмен адам құрылысы күрделі де, қызық жаратылғанау. Осыдан небәрі бір-ақ сағат бұрын, сұп-суық, тас дуалдың тіреуіне арқасымен сүйеніп тұрғанда Каретниковтің мұндай болады деген ой қаперіне де келген жоқ, тіпті ойша қиялдап, үміт те артқан емес, бұзақылармен қақтығысты тосып, нанды қолтығына қыса түсіп, наганының болмағанына өкінді, жанталаса ауа қармаған күйі қапалана аспанға қарап, әр дыбысқа құлақ түріп, соңғы ажал сәтін күтті... Жағдайдың осылайша күрт өзгеретініне иненің жасуындай үміт артып көрді ме, сонда? Қандай жұмбақ жолдармен, қандай күрделі формулалардың көмегімен әдіс-айламен тағдыр мұны қайтіп осында айдап әкелді? Ол мұны сүйеді, осы қызға ғашық
болып қалды, әркез окоптың ішінде отырып бұл туралы елжірей ойлайды, тіпті қорғап та қалады, егер сондай күн туса... – Ертең майданға жүріп кетемін, – кеудесіне тірелген мұздай кесектің басылмай қойғанын басын кекжең еткізе айтып өтті де, тіпті өзі бүрісе түсті. Ирина жауап ретінде ештеңе айтпады, шкафтың бұрышында тізесін құшақтап бүріскен күйі отыра берді – Майданнан саған хат жазып тұруға бола ма? – Ол дауысында жалыныш дірілі пайда болғанын сезіп, дәлірек айтқанда, естіп, соған көзі жетті де қысылып қалды, мұнысы қалай, сонда күштеп достаспақ па? Оң жақ беті дір ете түсіп, ыстық темір басқандай терісі тырысып қалды. Оқ жанамалай тигенде осылайша осып түседі. Суықтың беті қайтып еді, осы орасан кең бос бөлменің іші жаздың күніндей қайнап кеткендей болып көрінді. Осы тұста Ирина алдымен Каретников жасауға тиіс қимылды одан бұрын жасады, өкінішке қарай, бұл тырп етпеді, – оған шамасы да келмеді, қыз орнынан тұрып, Каретниковтің қасына келді де, қатарласа отырды. Каретников қыздың иығының иығына тиіп кеткенін, ол жанасу қас-қағым сәт бола тұрса да, әншейін болмашы сәт қана, селк ете түсіп, Иринадан алыстау отыруға тырысып, бір шетке ығысуға әрекет жасады – ол ептеп ыңғайсызданып қалған еді – бірақ өзін-өзі тез қолға алып, бойын түзете қойды. Қатар отырған күйі, сіресіп қатып қалды. – Білесің бе, – деді ол ойлана сөйлеп, ақырын ғана, қыздың үні осынау сап-салқын өлі тыныштықта шыныланып, сөздері мұз болып қатып жатты, – кейде әңгімелесетін кісіні қатты аңсайсың, бірақ сөйлесетін жан жоқ. – Ал көршілерің? Көршілерің бар ма? Каретников Иринаның мана тек төменгі көршілері туралы ғана айтып өткенін есіне түсірді – олардың бәрі өліп қалған, бірақ ақыр соңы Ирина сөз қозғамаған басқа көршілері де болуға тиіс қой. Есікпе-есік көршілері, жоғарыда, төбеде тұратын көршілері, басқа подъездегі көршілері, бөтен үйдегілер – осының бәрі көршілер... Әрине, түн жарымында сүйегі саудыраған өлмелі кемпірді, тұйық көшенің шетінде тұратын
байырғы смольныйлықты, немесе әлдебір шатырдың астын мекендеген үшінші кластың оқушысымен жарытып әңгімелесе де алмайсың, бірақ жақын маңда шер тарқатуға болатын, әңгімелесуге жарайтын әйтеуір бір лайық көрші бар емес пе? – Біздің подъезімізде бірде-бір тірі жан жоқ өзімнен басқа, – әңгіме үйреншікті мәселе жайында болып жатқандай жәй әншейін ғана хабарлады Ирина. Дауысы оның ақырын шықты, дірілдеген де, өзгерген де жоқ, осы баяулық пен түңілгендік күйініш сезіміне, қайғы-мұңға итермеледі. – Ал көрші үйде ше? – Онда да ешкім жоқ. – Ал осы көшенің бойында ше? – деп сұрады Каретников, бұл көше деген аты болмаса көше емес. Қып-қысқа, небәрі құстың адымындай ғана шолақ, шолтиған бір нәрсе. – Онда бар, – деп жауап қатты Ирина бұрынғы жансыз, селқос үнмен сөйлеп, – бірақ мен олардың ешқайсысын білмеймін. Бейтаныспын. Мына қызықты қараңызшы – қоршау шеңберіндегі үйлерде байырғы қалалық әдет сақталыпты. Майдандағы, окоптағы тәртіпке мүлде ұқсамайды. Онда адамның бәрі – қызметіне және нәсіліне, жасына қарамастан, біріне-бірі – дос, бауыр. Адамдарды окоптар, ажал табыстырады. Бірақ мұнда да өлім бар ғой. Ол неге адамдардың басын біріктіріп, жақындастыра алмайды. Оның мәнісі неде? «Көп білсең – тез қартаясың», – деді көңілсіздік басқан Каретников. Ирина иығына бетін тақады, Каретников алғашында оны тіпті аңғарған да жоқ, ал байқаған кезде – көздері шамдай жарқ ете қалып, өңі бал-бұл жанды, енді сәл болса – шамды сөндіруге тура келеді – жарқырап кетті, тамағына тірелген бірдеңені қылқ еткізе жұтып жіберіп, бетін тыжырайтты. – Ғафу ет, – деп міңгірледі ол өзін ыңғайсыз сезініп, іле-шала өзінің бозөкпелігі мен балапандай именшектігіне ызаланып, жалт бұрылды да, Иринаны батыл түрде құшақтай алып, бауырына тартты. Оң бүйірін шаншу қарып өтіп еді, дауыстап жіберуге шақ қалды. Шыдап бағып, ақырын
жалғастырды. – Мұнда өлердей суық екен. Әлгі шкафты талқандап бітіруіміз керек. – Бірақ орнынан тұруға әрекет жасаған жоқ. – Бұрын біздің патефонымыз болған-ды, ал қазір жоқ, – деді Ирина, – әкемнің көзінің тірісінде құрыды. Патефон болса қандай рахат. Музыка, ән. Шульженко, Утесов. «Қала үстін бұлт басты» Марк Бернестің орындауында. Ал қазір патефоным жоқ. Сөйлесетін де ешкім табылмайды. – Жүр, асүйге кеттік, – онда жылырақ, – деп ұсыныс жасады Каретников. Ирина әбден мұздаған еді, салтанатты сәнді көйлек киемін деп біржолата қатып қалыпты. Ирина тағы да жауап қатқан жоқ. Каретниковтің бауырына тығыла түсіп, сол үн-түнсіз күйі өз ойымен өзі бола берді. Ирина осы сәтте еріксіз өзін құрметтеуге мәжбүр етті, жақсы адам өзінің адамгершілігін ешуақытта жоғалтпайды, төмендемейді, өлімге, күйінішке, аштыққа қарамастан әйел баласы әрқашан сұлу болуға тырысады. – Азаматсың сен, – деді оған Каретников, бауырына тығылған Ирина ептеп қозғалып қойды, шыдай алмастан, мұрнын тартты. – Осындай қиямет қайымда еңсеңді түсірмей, жасыған жоқсың. Сен нағыз азамат болып шықтың! – Электр сымдары бір-бірімен айқаса түйісіп, тұйықталып қалғандай тығырыққа тірелді, басқа лайықты ешнәрсе айта алмады, аузына сөз түсетін емес. – Азаматсың сен, – қайта міңгірлеген ол өзін-өзі сөкті, маған не болған, білетін сөзінің бәрі басынан шығып кетіп, мылқаулық бейшаралық күйге түскені не сонша... – Сен нағыз азаматсың! – деп бастырмалатты ол, Иринаны құшақтай қысып, тағы да бірдеңе айтқысы келіп оқталып еді, бірақ ештеңе айта алмады. Ал жалпы, осының бәрі табиғи құбылыс болса керек, бәрібір кез келген сөз дәл қазір жай әншейін кәдімгі сандырақ болып шығар еді. – Азаматсың сен, – аузына басқа ешнәрсе түспегеніне қиналып, ұшқары сөйлеп қайта міңгірлеген Каретников, оң жақ бетінің екінші қайтара тартқанын сезді, оқ қарып өткендей тыртыса береді.
Гимнастеркасының тік жағасына бетін үйкеледі де, сапсалқын, төрт бұрыштың әйнекше жылтыр жұқа қабатын сезді – лағыл «кубиктер», өзінің лейтенант, взвод командирі екенін есіне түсірді, темірмен ен салынған әскери адам, өзіне бөтен көзбен қарады, мұның ұят, лейтенант! Жылауықтың жылауығы, ынжық неме, құрдымға кеткен интеллигент. Әне, қатардағы жауынгер Веня Кудлин, петлицасында бірде-бір «кубигі» жоқ ол бірақ дәл өстіп саспайтыны анық, бүйтіп қателік те жасамайды, лайықты сөздерді де дәл тауып айтып өзін-өзі жоғары ұстар еді. – Сен азаматсың. – Тіфу! Құдай үшін, басқа бір сөз тапшы, Каретников. Әйтпесе қазыққа байлағандай бір орыннан айналшықтап шықпай қойдың ғой, ұят-ай! Бірақ ол керекті сөз тауып үлгірмеді. Сонау бір қиян түкпірден тарсыл естілді, оны Каретникев естімеуге тиіс еді, сонда да құлағы шалып қалды, аспан қараңғылығын ауыр шойын қақыратып өтті, – ұшып бара жатқан кесектің салмағы бір центнерге жете қабыл, – оның ізін қуалай зор гүріл ілесе шықты. Снаряд шатырға жанаса төмен ұшып өтті. Шатырға қағылған әшекей ағаш атты жанап кеткендей көрінді. Каретников демін ішіне тартты, қазір үйді қопарып терезенің бәрін күл-талқан етеді. Осындай қақаған аязда. Секундтың тіпті екінші, үшіншісі өтті, ал қопарылыстың дүмпуі естілген жоқ. Каретников осы бірнеше секундтың ішінде қара терге түсті – қас қағым ғана сәт, бірақ оны басыңнан өткізу қандай ауыр, – снаряд қайсыбір үйінді қарға сүңгіп кеткен күйі тынши қалған ғой деп ойлады, – жарғышы істемей қалған. Жарғышы дегенмен іске қосылды, қаланың орта тұсы дүмпіп қоя берді де, сол діріл жан біткендей жайыла жөнелді, үй оқыс селкілдеп, іргеден паровоз жүріп өткендей еденнің астынан жойқын гуіл естілді, Каретников сонда Иринаны бауырына тартып қыса түсті, – қорқынышын сейілткені еді. Осындай беймезгіл уақытта снаряд жіберген қай есуас фриц екен, өйткені түнде атыс ашу немістердің әдетінде жоқ. Тек күндізгі жарықта, нысананы оптика арқылы көздеуге болатын кезде ғана атқылайды олар, немістердің
әлгі ауыр батареяларынан қолға түсірген артиллериялық әскери карталарды Каретниковтің көргені бар, ап-анық, сапалы фотоқағазға басылған, ен-таңбалы нысаналар – адмиралтейстік сүмбілер мен шіркеу күмбездері самсап жатыр. – Сол патефондарың қайда енді? – ақыры әлгі шыңыраудан әрең тырмысып шыққан Каретников, суға кеткен тал қармайдының керін келтіріп, Иринаның әлгі сөзіне жармаса кетті де, сықсиманың жалынына қарады, жер асты дүмпуінен өшіп қалмай ма дегендей. Жоқ, сөнбеді, шыдап бақты. – Әкем оны балалар колониясына сыйлады. Күйтабақтарымен қоса, – күйзеле шыққан биязы дауыспен мәнжайды ұқтырды Ирина. Үйдегі бүкіл Изабелла Юрьевнаны, барлық Утесов пен Шульженконы түгел беріп жібердік, өйткені патефон қалайда үйден гөрі колонияға кажеттірек қой. – Ирина еріксіз жымиып қойды, жөн-жосығын кісіні жалықтырып және газет мақаласындағыдай сіресіп қалған тым жаттанды сөздермен жеткізген еді. Әлгі айтқанын дәлелдей түсіп басын шұлғып қалды: – Иә, ол бұйымға мекемелер зәрулеу. Балалардың өміріне жылу беріп, жанын жадыратады. – Өзімізге тек Марк Бернестің «Қала үстіне бұлт үйірілдісін...» ғана қалдырдық, жаңа патефон алу ойымызда бар еді, бірақ оған үлгірмедік. – Ол аз-кем үнсіз қалды. – Білесіз бе, әкемнің бір танысы тәтті шайға жібітілген екі сухари әкеп берді. Аштықтың зардабы өтіп кетіпті, мен сол сухарилерді жеп отырғанда, ол кәдімгі бал, қант қосқан нағыз кепкен бал сияқты көрінді. Шынымды айтсам, мен осы кезге дейін, оның сухари немесе бал екенін ақырына шейін ажырата алмай-ақ қойдым... Тәтті шайға жібітілген сухари екенін анық біле тұра. – Ол майданның нормасымен де – молшылық қой, – деді Каретников, өзінің окоптық жай-күйін есіне түсіріп. – Кейде боз боран атыстың күштілігі соншалық, старшина тәуліктер бойы ұрыс даласына тамақ жеткізе алмайды. Ішінен жауынгерлерді аштан қатырып, оқтан тек өз басын ғана қорғаған старшина нашар деп ойлады. Ондай старшиналар ұзаққа бармайды – я жігіттердің өздері одан
тез құтылуға тырысады, немесе басқа бір тосын оқиғаға ұшырайды. Шам бір рет жыпылықтады, екінші мәрте, ешбір себепсізден себепсіз өзі оқыс жыпылықтай бастады, – әнеки, адам өмірі де өстіп өшіп қалумен қорқытып дәл солай жыпылық қағады. Каретников бүрісе түсті, жүретін мезгіл болса да, бұл үйден тіпті кеткісі жоқ, ал қалуға және болмайды – осы түнде анасына жетуге тиіс, керек десеңіз жолығуға міндетті. Ол тағы да – осымен қаншама рет, әлгі бір жарым сағаттың ішінде – болмаса Иринаның үйінде қанша уақыт отырды? Әлде бір сағат қырық минут пе, бір сағат елу минут пе? – оған бауыр басып қалғаны, осы бір ашаң келген сұлу қызды тіпті жақын тартып кеткені туралы бастапқы ойына қайта оралып, оның кім және не екенін көре білді, азын-аулақ аз сөзінің төркінінен бекзаттық тауып, сәнді киінуге тырысқанынан – өлімге өжеттікпен қарсы арпалысқанын аңғарды, қызбен бірге өткізген аз уақыты ішкі дүниесінің астан-кестенін шығарып, әрқайсысын өз орын орнына қойып, бұрынғы бастан өткергендерін, ең алдымен соғыстың алдындағы мамыражай кезді, алаңсыз балалық шақты кері қайтарды да, төгілген көз жасы мен жеке басының қуанышын, әуенді, лебізді ажыратуға мүмкіндік алды... Өткенге оралу әрдайым екінші ғұмыр сыйлайды. Жасына жас қоспайды, әрине, – соған пара-пар басқаша нәрсе. Сол үшін Иринаға дән риза еді. Тағы да ол бұл орайда өзін-өзі мана сезіп еді, көкірегінде туындаған іңкәрлік сезім ілгері қарай толассыз жалғаса берді, ол ол ма, осы сезім біртіндеп күшейе түсті, мынау қызды ол баяғыдан білетін сияқты, мың сан кездесіп, киноға, биге бірге барып, волейбол ойнап, ол кезде аса белгілі ақындар емес, сыншылар мен мектеп педагогтарының кәріне ұшырап жүрген, бірақ Каретниковтің өз басы ұнататын – Мандельштам мен Есениннің өлеңдерін сан рет дауыстап бірге оқығандай көрінді. Любовь Алексеевна мұның әдебиетке деген талғамын ұштады. – Тыңдашы, Ирина, – Каретников мән-жайды ұғуға тырысып бақты, жан дүниесі не болып жатыр өзі, шешесіне бармастан осы бір суық кең бөлмеде, сезім қуалап отырғаны
қалай. Қызыл армияның командирі, әскери адам, дәп бір оқушы баладай дәрменсіз күйге түсті, қазір тілі байланып, жабыла итеретін атышулы «полуторканың» доңғалағының астына түскен қиярдай жанышталған, дауысы да бөтен, жарықшақтанып шығады, дөп тауып қисынымен жұмсалатын лайықты сөздері де зым-зия жоғалыпты. – Тыңдашы, Ирина, – деп қайталаған Каретников, өзін-өзі ырыққа бағындырып, Иринадан сәл ығысыңқырап отырды, осы қимылы, шамасы, қызды қорқытып жіберсе керек, ол оқыс теңселіп кетті. Каретников сонда қос қолымен қыздың басын қысып ұстай алып, жүзіне, көзіне, ерніне, бетіне үңіле қарады... Бірақ соқыр шамның діріл қаққан жалынының мынау күңгірт жарығында не көріп болады? Мұндай мешел жарық адамның түсін де, пішінін де, тұрпатын да өзгертіп жібереді. Шіркін-ай, өз блиндажындағы шырақты осында әкелсе ғой – артиллериялық нән гильзаға орнатылған қуатты пілте, қырлы сынық стақаннан әйел қолымен жасалған мынау бұйымнан гөрі мың есе күшті, ал қазіргі қаракөлеңке жарықта кәдімгі қанды керосиннен, оқ-дәрінің тозаңын шаңнан, ППШ-ны зеңбіректен ажырата алмайсың. Иринаның көзі мынау көмескі жарықта құбыла өзгеріп тұрды. Жанары біресе әуелгіден қап-қара болып көрінеді де, біресе бұлыңғырлана түсіп ілтипатпен, елжірей қарайды, осындай көзге үңілген кезде кеудеңде бірдеңе тулай жөнеліп, әлдебір қоянның аңғал көжегін үстіне себет қондыра қойып, ұстап алғандай боласың, ол бейшара қатты ышқынып, жанталаса тыпырлайды, текке күшенеді, құтылуға ешбір мүмкіндік жоқ, күші жетпейді, енді аздан кейін шыдамай жан тапсырады. Каретников те дәл солай, мынау түпсіз көздің тұңғиығына тұншыға батып кеткен. Каретников шыдай алмастан, абыржи түсіп, жөтелге басты. Мұндай көздің алдында адам дәрменсіз болып, жетегіне еріксіз ере береді. Каретников аузының құрғап, шекесінің сырқырап бара жатқанын сезді – жалпы көп ұзамай мұны сырқат жайлап алады, тұла бойының бәрі кесел, кеудесі де, қабырғалары да, тамағы да, шекесі де, кеуде тұсы да, госпитальда ұзақ жатып әлсіреп қалған аяқтары да, иықтары да, қолдары да сіресіп
қалған, мұп-мұздай саусақтары да қақсайтын болады... Саусағы арқылы осы шаншудың бәрі Иринаға ауысып, сіңіп кеткендей болып көрініп, қолын тартып алғысы келіп тұрды да, бірақ олай жасаған жоқ. Өйткені қыздың көзіне жас үйіріліп қалғанын байқады. – Сен неге жылап отырсың? – Әкемді есіме алып... Бүкіл туған-туысымды... Патефонды... – кірпігіндегі жасты сілкіп түсіруге тырысып Ирина көзін жыпылықтатты, бірақ онысынан ештеңе шықпады. Естелік – кісіні паналататын жалғыз қуыс, ол ешқашан адамды қуып шықпайды, басқа жердің бәрінен қууы мүмкін, тек осы баспана ғана мазаламайды. Айтпақшы, кейбір классиктер осы пананы жұмақ деп айтады, осыншама көлкөсір көздің жасы мен қайғы-шерге толы мұндай пананың несі жұмақ. Естелік – ол әр жолы өткенге оралу, ал кейінге оралудың бәрі әрқашан көңілді бола бермейді. – Жылама, – Каретниковтің бар тапқан сөзі осы ғана болды. Басқа не айтады енді? Тек осы, басқа емес – Жыламашы, а? Мақұлдағандай кірпігін қаққан Ирина, өзінің қолын Каретниковтің алақанына салды, – алақанын ол қыздың бетінен әлі алмаған еді – сөйтті де көзінің жасын сүртті. Каретников еңкейіп Иринаны сүйіп алды. Ернінде кермек дәм бар – ерніне шейін жасқа шыланыпты. «Мұның не сенің, тоқта! – деген әлдебір оқыс айғай құлағын бітеп тастады. – Тоқта! Қыз қазір жағыңнан тартып жібереді ғой». Шапалақ жұмсалған жоқ. Каретников сонда біржолата құрдымға кетіп бара жатқанын сезді. – Демалысқа берілген уақыты да бітті – онан сайын Иринаны құшақтай түсті. Бұл үшін жарық дүниедегінің бәрі қараң қалды. Әлдебір саңырау, соқыр болып, кеңістікті, уақытты сезуден қалатын сәттер де болады кейде, ал біз үшін барлығы кілт тоқтап, тына қалады. Бәлкім, осы сағаттар, күндер, тіпті апталар – ондай жағдайлар бола береді, адамның басындағы есеңгіреу сәті апталар бойы созылады, біздің өміріміздің тұтас қосындысынан оқшау дараланып, тұңғиықтан бөлініп
қалқып шығады. Бұл қуаныштан есеңгіреу, бақытқа кенелу, жан тебіреніс сәті. – Жыламашы, а?.. Сен жыламашы деймін, а?.. – Жүйесіз, бейберекет қайталай берді ол. Ол қайтадан үнсіз қалды, аузына басқа сөз түсетін емес. – Ирина жауабына мақұлдай қайта-қайта басын изей беріп, кейін шалқайтып әкетті, бетінде тарамданған көз жасы, ал пішіні тым аянышты еді. Аяныштылығы соншалық, Каретниковтің өзінің жылап жібергісі келді. Иегі кемсеңдей түсіп, жұтқыншағы бүлкілдеп кетті, – еркектің бәрі әйелдің көз жасын бірдей қабылдаса керек, шамасы, осы дүниенің нәзік жандарына қолдарынан келгенінше көмектесуге тырысады, иненің жасуындай болса да қасіретін сейілтуге ортақтасып, иненің жасуындай болса да – шерін тарқатуға тырысады, бойына жиналып қалған күйініш пен қайғысын ыдыратуға, жұбатуға тырысады, сондықтан олар әйел баласынан кем азап шекпейді. Егер, әрине, ол нағыз жігіт болса... – Жыламашы, тәңір жарылқасын, жыламашы. Осыншама еңірейтіндей ештеңе бола қойған жоқ қой, – деп айтуын айтқанмен көзін теріс бұрып әкетті. Ештеңе болмағаны қалай? Індет тигендей қырылып қалған осы үй ше? – Осыншама егіліп жылайтындай, ештеңе бола қойған жоқ қой, рас па? – деп сүреңсіз міңгірледі Каретников, осы міңгір оны жеркендіріп жіберді, бірақ басқа ештеңе айтуға шамасы келмеді, оған күші де, дәрмені де жетпеді. Осының бәрі қаншалық жаманат, қасірет, адам ендіенді ғана аяғынан тұра бастап, оң-солын танығаны сол-ақ еді, қапелімде өмірден өтті де кетті. Мысалы, Иринаның ағасымен болған жағдай – өз үйінің табалдырығына жете бере аштықтан әлсіреп жан тапсырды. Немесе, Невадан бір кастрюль су әкеле жатып, кейбіреулер демалуға отырды да, сіресіп қатып қалып, содан қайтып тұрған жоқ. Жас адамға жан тапсыру өте қиын. Қарттарға, бәлкім, жеңілірек шығар – олар жасарын жасады... «Жоқ, жеңіл емес – миында қарсылық әрекет пайда болды, – жеңіл емес. Қартайған адамдардың жастардан гөрі жаны тәттірек болады. Жастар өздерінің жалынымен, жел қақпаған көңілді
де, аңғырт мінезімен өлімге пысқырып та қарамайды, ал өлсек – өлдік дейді... Мәселе соған тіреліп қалды ма? Олар өлімнің не екенін білмейді. Ал қарттар оның жайына қанық». Каретников бәрін түсініп, жүрегімен сезді, осы ойдың бәрі әзәзілдің ісі, күйініш пен қайғы кез келген адамға, оның жас-кәрісіне қарамастан бірдей ауыр, бұл жерде көлгірсудің қажеті жоқ. Иринаны, мәселен, ештеңемен жұбата алмайсың – көз жасы өмірінің соңына шейін сарқылмайды, себебі тағдыр соны маңдайына жазған. – Жыламашы деймін, – деп өтінді ол, – бұған кету керек еді – ал Иринаның көз жасы әлі тыйылатын емес. Ақыры ол жылауын қойды. Каретников одан алшақтай түсіп еді, үй мүлде суып кетті. – Сен асүйге бар, ал мен шкафты жарып бітірейін. – Жоқ, мен сенімен қаламын. Бәрібір біреу саған шам жағып тұру керек емес пе, а? – Шамды еденге қалдырып кет, сонымен іс бітті. – Болмайды. Оған көз қырын салып тұру керек. Нақ бір жанды нәрседей адамды сезеді. Онан ұзап кетуің мұң екен, өзінен-өзі сөніп қалады. Майы кеңірдегінен келіп тұрса да. Ал жанында кісі болса, сөнбеуге тырысып бағады. Табиғаттың жұмбағы, – деп Ирина мұңая күлімсіреді. – Ешқандай жұмбағы жоқ. Соғыс кезінде әрқашан осылай, тірі жан тірі жанға арқа сүйейді. – Каретников еденде жатқан балтаға қолын созып өзіне тарттты да, орнынан көтерілді, тістеніп алып, шкафтың бүйірінен құлаштай түсіп, шірене періп қалды, екінші, үшінші мәрте сілтеді, шкафтың міз бақпағанын көргенде өз көзіне өзі сенбестен ол қатты ышқынып балтаны төртінші, бесінші рет сермеді. Күш-қайраттың қайдан құйылып жатқанына таңғалған күйі алдымен бүйір жақ қабырғасын, содан соң артқы бір бөлшегін қаусатқанша дамыл таппады. Аштықтың уыты шыдатпай әкетіп барады, бар күшін салып осы сезімді іштей тұншықтыруға тырысты – қайдағы сезім, бұл індет, нағыз індеттің өзі еді, өйткені Иринаға қалдырған үлесі сияқты анасына апара жатқан нанға ол ешқашан қол тигізбейтінін жақсы түсінді.
Адамға аштықтан ауыр тиетін басқа ештеңе жоқ. Тән ауруына, отқа күйгенге, жүректің шаншығанына шыдауға, бір-екі қабырғаңмен және кейбір сүйектеріңмен қош айтысуға да болады – адам осының бәріне төзеді, бірте-бірте көндігіп кетеді, ал бірақ аштыққа... Мынаны қараңызшы! Неғұрлым күшті, мықты, денелі адам, соғұрлым аштыққа төзімсіз келеді, іле-шала ақылпарасатын жоғалтып, «миы ботқаға» айналады да, ол адам аштықтан бұратылып, бар қасиетінен айырылып хайуан болады. Аштықтың зардабы ең күшті зардап, басқа зардапқа қарағанда әлдеқайда ауыр тиеді. – Ах-ха! Ах-ха! – шкафтың қалдығын балтамен қирата түскен Каретников, мүлт кетіп немесе ағаш бұған бой бермеген кезде ернін жымқырып қайта жазып жібереді, сілесі қатып, ентіге дем алады, бірақ шыдап бағуда – ақырына шейін сыр білдірмеуге бел байлаған ол шаба берді. – Ах-ха! Ах-ха! Ах-ха! Бір рет қана тоқтады, тірсегі дірілдей теңселіп – бір шетке қарай тәлтіректеп кетті. Содан Иринаға өтініш етті. – Шамды жоғары көтере қойшы! Көрінбейді. Ол суықтан дірілдеп тұрған әлсіз жалыны бар қырлы стақанды жоғары көтерді. – Ах-ха! Ах-ха! – өршелене түсіп, қасарысып жатқан ағашты жаңқалай шапқан Каретников, ішінен егер бөлмеде Ирина болмаса взводтағы үйреншікті әдетімен қазір солдатша, ауыз толтыра бір боқтар еді, бірақ... Иринаның көзқарасы Каретниковке дем беріп, күш қосты. Ирина болмаса бұл әлдеқашан морт сынып, ұнжырғасы түсіп кетер еді, бірақ бір жақсысы Ирина қасында.. Ол Каретниковке соншама көп қуат берді. Жалпы еркек атаулыға әйел затының тигізер пайдасы көп. Әйелсіз еркек кім болар еді? Ешкім! Мастықтан төрттағандап тұра қалып, қолымен осы үйіндіге, тасқа, арақтың бөшкесіне сүйенуден бас ашпайды. Жанында әйел баласы болғанда, еркек заты әрқашан өзін-өзі лайықты ұстауға тырысады. – Ах-ха! Ах-ха! – Каретников азапқа түсіп, қырылдаған күйі шкафтың тақтайшасын, біресе қымбат оюларын, біресе сөрелерін, біресе қабырғасын қақыратып тас-талқан етті.
Ақыр аяғында шкаф бір үйінді ағашқа айналды. Каретников балтаны тастай салып, төрттағандап еңкейе түсіп, қолымен осы үйіндіге сүйенді. Жүрегі айнып қазір құсып жіберердей лоқсыды. Ол жанталаса қарсыласып мылқау адамдай ымға көшті, жо-оқ, тек бұл жерде емес. Ақыры өзін-өзі ырыққа көндіріп, қарлыға сөйледі. – Ирина, енді осының бәрін асүйге тасу керек. – Қажеті жоқ! Қажеті жоқ! Мен өзім. – К-керек! – деп қырылдады Каретников қасарыса, еденнен бір құшақ отынды алып, тік көтерілді де, теңселе басқан күйі асүйге қарай жүрді. Онда барып, пештің алдына жүрелей кетті де, қақпағын ашып жіберіп, күл шашырамас үшін, көзін жұмып, суып қалған пештің қараңғы өңешіне қос тақтайды тастай салды. Пештің іші қараңғы да салқын, бірде-бір шоқ болмағанымен, от әлдебір сиқырымен маздап кеткен сияқты. Суықтың қыспағынан шоқ пештің оттығында жасырынып қалған екен, отынды тастап жіберген бетте, бірден дүр сілкініп, шаттана бой көтеріп, жалын тілін сумаңдай жүгіртіп қоя берді, ағаштың бояуы сытырлай түсіп, пеш дәл бір тірі жандай уһілеп, ішінде бірдеңе қырылдап сырылдай бастады да, келесі сәтте көңілдене лапылдай жөнеліп еді, асүйдің іші бірден жылынып сала берді. Пештің бүйірлері қызыл күреңденіп, ал үстіңгі жағы тіпті қып-қызыл болып, ысып кетті. Каретников отынның бәрін асүйге тасып, питерлік өртсөндіргіштер қасиет тұтатын ережені бұзғанына алаңдамастан, пештің жанына текшелеп жинап, бойын түзеді де, терең бір күрсінді. – Уақыт қалай тез өтіп кетті, – деді Ирина сыбырлап. – Маған салса, сені ешқайда жібермес едім. Бұл сөздер Каретниковтің өзегін өртеп жіберіп, ол қайта теңселіп кетті – неге екені белгісіз, Иринаның бүйтіп ақтарылуға қабілеті жоқ деп ойлаған еді, ойнақши жөнелген жұтқыншағын тежемек болып, қолын өңешіне апарды. – Мен саған майданнан хат жазып тұратын боламын, жарай ма? Сен маған мекенжайыңды бер, мен саған осында, Васильев аралына жазып тұрамын. Келістік пе?
Мақұлдап бас изеген Ирина, көзінің жасын сүртіп алды, бірақ оны байқамаған Каретников сөзін әрмен қарай жалғастырды. – Ал соғыс бітісімен осында қайтып келемін. Сен күт, міндетті түрде мені күт. Жарай ма? Осында келемін. Келістік пе? Каретниковті бейнебір қою қараңғылық торлап алғандай болды. Кеудесінде мұңлы, жат бірдеңе қозғалып, жалғыздықтың қайғысы дүрсе қоя берді – дүниенің бәрі әлем-тапырақ болып көрініп, ең алдымен жаныңды қоярға жер тапқызбас сыздауық пайда болды. Шабуылға бірге шыққан жігіттер мақсатты жеріне жете алмағанда, соларды аяп жүрегің дәл осылай сыздайды, солармен қатар өзіңді өзің, анаңды, үйіңді, балалық шақта асыр салып ойнаған, жалаңаяқ шапқылаған туған топырағыңды аяйсың... Бір жаманат төнсе, сен оны анық білмейсің, бірақ жүрегің сезіп тұрады, ол жаманат әлдебір жақын тұста, әне бір бұрышқа жасырынып, үнсіз аңысын аңдуда, ал орайы келгенде – қанды шеңгелімен алқымыңнан ала кетеді. Ирина бұған қарсы аттады. – Сен кетпей қоя тұр... Асықпашы, өтінемін сенен, тағы да сәл бола тұршы. – Жоқ, жоқ, жоқ, – Каретников түсінді, егер енді сәл кідірсе, онда мәңгі осында қалып қояды. Ал өйтуге тиіс емес, енді кідіруге хақысы жоқ. Сонымен қатар осында қалып қоюға әбден құштар. Каретников осы тілекті, көктен, құдайдан, анасынан, Иринадан, өзінен өзі сұрады, сөйтіп әлдебір өз бойыңдағы күнәдан арылуға ұмтылды. Ал шын мәнінде оның күнәсі бар ма еді? – бірақ күткен кереметі бой көрсетпеді. Дұрысына келсек, өйтетін жөн де жоқ. Көзі бұлдырап, ештеңе көрмеген күйі Каретников дәлізге ұмтылды. Ирина ілесе шықты. Оған шинелін ұсынды. – Сен міндетті түрде мені күт, – деп міңгірледі ол шинелін киіп жатып, міндетті түрде. Ішінде бір тетік, сырт етіп іске қосылғандай, кілт тоқтай қалып еді, бірден тынысы кеңіп сала берді. Иринаға жақындап, екі қолымен қыздың бетінен аялай ұстады да: – білесің бе, саған қандай ұсыныс айтқым келетінін?
Қыз әлсіз жымиып, көзін жұмды – біле ме, жоқ әлде білмей ме, ол жағы түсініксіз еді... – Жинал! – деп бұйырды ол кенет, әдетте өз взводында бұйрық беретін үйреншікті өктем дауыспен. – Қайда? Неге? – Жинал! Мен сені мұнда жалғыз қалдырмаймын. – Каретников шинелінің алқымына шейін түймелеп, нанды қойнына сүңгітіп жіберді де, саусағымен сипап көрді, сөйтсе нан сұп-суық, қап-қатты, аяздан тас болып қалған екен. – Сонда да үмітін үзбей, кенет жылынып кетсе ше? – деді. Өйткені Каретников нанға өз денесінің жылуын береді, нан содан соң жылиды. Пәтердің түкпірінен біреу бұған қолын созғандай болды тосыннан, – әлгі қимыл әрі жалынғандай, әрі қоштасқандай елестеді, сол ма, сол емес пе дегендей Каретников еріксіз Иринаға жалт бұрылды. Жоқ, жүзі жабырқау Ирина сол күйі қимылсыз тұр екен. Каретников сонда. – Осымен қаншама рет! – деп дауыстап жіберуге шақ қалды. Ирина аса сұлу еді... Фамилиясы кім? Ұмытшақтығын қарашы – фамилиясын ұмытып үлгіріпті. Оқыс қызарып кетті, өзінің осы ыңғайсыздығын сездірмес үшін командирлік дауыспен саңқ етті. – Неге жиналмай жатырсың? А, Ирина? Ол жай әншейін ғана және біртүрлі төбеден қойып қалғандай шолақ қайырды. – Бара алмаймын. – Неге бара алмайсың. Мен сені өзімнің шешеме ертіп апарамын, екеуің бірге тұрасыңдар. Сендерге командирлік айлығымды салып тұрамын. Екеуіңе... А, Ирина? Айтпақшы, қоршаудағы тұйық тіршілікте ақшаның қандай құны бар? Қазір ақшаға не сатып алуға болады? – Бара алмаймын. – Жүре қойшы, Ирина. – Каретниковке алғашында ол жай әншейін, әлдебір ішкі ұяттан, жасқаншақтықтан қарсыласып тұрған сияқты көрінді, себебі мұның орнында өзі де дәл солай жасар еді, бірақ артынан өзінің қателескенін ұқты. Сөйтсе Ирина әншейін қысылғандықтан, немесе ішкі ұяттан кете алмай тұрған жоқ екен, өйткені туған әкесі, туған шешесі, өзінің өткен өмірі қалған мына пәтерді
тастап кетуді қимапты, олай ету қолынан келмейді екен. Шамасы, осы пәтермен Иринаны байланыстырып тұрған арқан тым берік және аса қуатты болса керек. Бұл жерден кетсе қылмыс жасап, өлілердің аруағына нұқсан келтіреді. Өлген адамдардың аруағы тірі жанашырлары еске алып, сыйлап жүргенге шейін жасай береді, ал жаңағы тірілер көз жұмған кезде, бәрі сонымен үзіледі – тірілер естен шығарып, өлгендер ұмыт болады деп жұрт бекер айтпайды ғой. Бұл қарапайым ғана, өте қарапайым шындық, бірақ оны аяғына шейін ұғу күрделі. Каретниковтің ұнжырғасы түсіп кетті. – Мен сені түсінемін, Ирина... Басқа кезде болса жаңағы сыңаржақ жұтаң әңгіме екеуінің де түбіне жететін еді, осы тұйықтыққа, жұтаңдыққа қыз емес, әрине, еркек, күшті адам кінәлі. – Бұл шындық, кез келген адамды уайымға итермелейді, бірақ Каретников қапаланудың орнына, жымия күліп, Иринаның маңдайына түскен шашын үрлеп жіберіп бір жағына қайырды, өйткені мына суықта көз жасына жабысып, қатып қалады ғой. Ол жымия күле тұрып, ішінен Иринаның кешіруін, барлық қылығын кешіргенін үнсіз тіледі – нанның соңына түскен «ұры» деп қала жаздағаны үшін де, қазір осы үйде тұрғаны үшін де, жылауға мәжбүр еткені үшін де, әңгімені өлілерге әкеп тірегені үшін де. Жазылмаған жара ток ұрғандай соқты, төбеңнен жәй түскендей мелшитіп, іші-бауырыңды қалтыратады және қайғыны жаңғыртады, тағы да оны естен шығаруға әрекет жасағаны үшін де кешірім өтінді, қалайда Иринаны сақтағысы келеді. Ал егер оны осы естеліктен айырсаң, онда ажалынан бұрын өлтіріп аласың! – Күт мені, Ирина. – Каретников еңкейіп, қыздың маңдайынан шөп еткізіп сүйіп алды, дұрысын айтқанда сүйген жоқ, ерні қыз маңдайына тиер-тиместен, кілт бұрылып, қазір, алдағы болар жағдайға бейімделіп есікке беттеді. Енді сәл кідірсе, осында мәңгі қалып қоятынын, содан ешқандай күш екеуін ажырата алмайтынын, жантәнімен осы суық асүйге, пешке, Иринаға сіңісіп кететінін түсінді. Күт! Міндетті түрде күт! Мен қайтып ораламын, Ирина! Осында ораламын! – Сөздері аузынан шықпай, тынысы тарылып қалды. Кеңірдегіне бір нәрсе көлденең
тұрып, жанын қинайтынына ол үйреніп кеткен-ді, – жараланғанға дейін бүйтіп көрген емес, бәлкім, қорғасын тыныс мүшесінің бірін зақымдап кеткен де болар? Есіктің ілгешегіне қолын апарып, кейін тартып еді, есік ашылмады, ілгіштің астындағы ұядан кілт қылтиып шығып тұрған болатын, Каретников сәл жіті қимылдап еді, құлыптың темір жағы қарш етіп, есік ашылып кетті. Каретников бұрылмаған күйі иығынан асыра былай деді. – Мен саған өзімнің шешемді жіберемін, аты-жөні Любовь Алексеевна, есіңде сақта... Екеуің де күтіңдер мені. Ол теріс қарап сөйлеудің дөрекі қылық, тіпті кісіні қорлау екенін ұқса да, бірақ бұрылуға мүлде шамасы келмеді, егер ол бұрылатын болса, міндетті түрде морт сынып, өзін-өзі билей алмай қалады да, онда бірдеңеге ұшырауы мүмкін... Жақсылық емес әйтеуір. Ол тіпті қашқын болып шыға келуі де мүмкін, міне, гәп қайда. – Күт, – шолақ қайырған Каретников, ту сыртынан Иринаның бір өксіп жіберіп сол бойда тынши қойғанын естіді. Онан әрі өзін-өзі бағындыруға дәрмені қалмаған Каретников, баспалдақ алаңына шығып, қос қолымен баспалдақ жақтауына сүйеніп, құныс адамдай бүкірейген күйі аз-кем тұрды да, кейін бұрылуға жүрегі дауаламады, Иринаның есіктен сығалап бұған жылап қарап тұрғанын да сезді, – аяғымен басқышты санап, жақтауға сүйеніп, төмен жылжыды, өз денесін подъездің алдына сүйретіп әкеліп, содан соң көшеге өзін-өзі қамшылап әрең шығарды. Көше қараңғы да, тұнжыр екен, аяз онан сайын қаһарына мініпті. Каретниковтің саусақтары дірілдеп, құлақшын бауын тамағының астына байлап, түйін жасады да шинелінің жағасын көтеріп, шолақ көшемен негізгі соқпаққа қарай ілгері кетті. Шамалы жүргеннен кейін, тоқтай қалып артына бұрылды, өйткені Ирина тұратын үйді есінде сақтап қалуы керек еді, бірақ үй сытырлаған көгілдір ымыртқа, қар құйынына сіңіп ыдырап кетіпті. Расын айтқанда, Каретниковке әлдебір жоғары жақтан жіңішке сарғыш сәуле жарып өткендей елестеді, шамның
жарығы бұған дем беріп, күш қосып, жылыта түсуде, осы сәуле қуаныш сезімін шақырып еді, Каретниковтің бойы бірден жеңілдеп сала берді. Тіпті бұл кезде ешқандай сәуленің болуы мүмкін емес екенін, өйткені жарықты жасыру заңы қатал екенін біле тұра, оны жәй түйсінудің өзі бұған демеу болды. Санадағы осы сәуле қара түнді қақ жарып, алдына түсіп, жолын жарқыратып жібергендей көрінді. Ол расында да сөйтті – алдындағы соқпақ жарық тартып, оның әр қалтарысы, ой-шұңқырлары айшықталып, жүрісті жеңілдетті. Ол шолақ көшеде Иринаға риза сезіммен келе жатты, өмірде осындай кездесулер рахатқа бөлейтіні туралы ойлады, содан нәзік сәуле пайда болып, мерейіңді тасытып, жаныңды жадыратады, өйткені осындай кездесулер болмаса, адам біржолата жабайыланып, ішкі дүниесі қат-қат қатпарға айналады да, бәріне пысқырмайды, ақыр соңында ол өзінің бетіне өзі түкіреді. Артына қайта бұрылды. Төңіректе үйлер де, күртік қар да көрінбейді, түн ішінде алып құбыжық, әлдебір жыртқыш ұшып жүрген сияқты тек қана әуеде қап-қара бірдеңе аласұрады, көзіне түссең, тұздамай, шайнамай қылғытып қояды, бірақ Каретников бұл құбыжықтан қорыққан жоқ, ол өзін-өзі батыл сезінді, ешқандай аң, ешқандай қараңғылық бұған қорқыныш емес, ол бәрі ойдағыдай болатынына сенді. Тек негізгі соқпаққа шыға берістегі бұрыштағы ғимарат па, әлде шарбақ па, құрылыс неден тұрғызылған – тастан ба, кірпіштен бе, әлде ағаштан ба, соны есте сақтап қалу керек деп ойлады. Жоғарыда бірдеңе жарқ ете қалып еді, қараңғылық ығысып, солтүстік шұғыласындай сәуле шашты. Каретниковке шұғыланы көзімен көрудің ешқашан сәті түскен емес еді, бірақ ол оның қандай болатынын көз алдына елестете білді. Төңірек сол сәтте құлазып, келесі секундте Каретников снарядтың ұлыған дыбысын естіді, ал іле-шала ұзаққа созылған, баяу қопарылыс дыбысы шықты – немістер, көзжұмбайлыққа басып, қараңғы түнге қарамастан беталды төмпештеп жатыр.
Егер Каретниковтің бұрын ең жақын бір-ақ адамы болса, оның алдына соғыстан міндетті түрде тірі оралуға тиіс. Он екі мүшесі сау – екі қолы, екі аяғы, көзі де, ақыл есі де орнында болуы керек. Ал енді ол адамы екеу болды. Ол Иринадан естелікке ештеңе алмағанына қатты өкінді, тіпті ең болмағанда әйтеуір бір түймесін, немесе шкафтан жұлып алып қалтаға сала қоятын виньетка, немесе арзанқол жүзік, немесе әншейін бір тал шашы болғанда ғой. Әскери тұрмыс, жолдар, ұрыстар, шабуылдар мен шегінулер, пәлен биіктікті алып, пәлен елді мекенді босатуды талап еткен бұйрықтардың бәрі кейінгі үш жарым жыл бойы Каретниковтің күнделікті тіршілігіне айналды. Ащы ішектей созылған үш жарым жыл. Ол жараланып, Үлкен жерге эвакуацияланды, содан соң Сталинградтың түбінде болып, Шумилин армиясының сапында Жалаңаш таудың қорғанысына қатысты. Айтпақшы, әлгі тау Каретников жараланған кезде, әншейін жайпақ аласа төбешікке айналды. Оны снарядтар шұрқ тесік етіп, танкілер жаныштады, өрт құшағына түсіп балқып кетті, беткейін окоптар айғыздап, тұла бойы темір-терсекке толды, «таза» топырақ онда жоқ еді, темір бірыңғай темір, кейін Каретниковтің түсінен көпке шейін осындағы жарылыстың қанқызыл сәулесі шықпай қойды, ол содан еріксіз әлдебір шұңқырға немесе окопқа тығыла кетуге мәжбүр болады, өйткені тау бірыңғай атыстың астында калғанда бас сауғалау мүмкін емес-тін. Каретников соғысты Кенигсбергте аяқтады – сондағы бесінші нөмірлі берік бекіністі қамалды алды. Соны мәңгі бақи есінде сақтап қалды. Өйткені ол орасан үлкен, барлық түкпір-түкпірін, бұрыш-бұрышын аралап көру үшін тұтас бір күн уақыт қажет еді, шамасы, күйдірген қызыл кірпіштен салынған, міз бақпайтын қалың қабырғалары, атысқа арналған тар тесіктері, зеңбірек пен пулемет орнататын дөңес бетон маңдайшалары бар-ды. Кенигсберг қаласы қырық бесінші жылдың тоғызыншы сәуірі күні құлады, ал осы шалғайдағы қырсық шалған қамал, Кеннигсбергтен теңізге апаратын жолдан мүлде көзге шалынбайды, жау ақ жалауды ешбір түсіргісі келмей үш күн бойы тіресті. Қамалды көлденеңі жиырма бір метр қазылған орға, оған су
толтырып қоршаған екен, жүзіп өткенінше, он мәрте қаза табасың. Тереңдігі жеті метрді ернеуіне шейін өліктерге толып кетті. Кенигсбергте Каретников тағы да екі ай отырды, қаланы сынған кірпіш пен тастардан тазартты. Алдымен, жаппай жасырылған миналарды жару үшін көшелерге сүйретпесі бар танкілер жіберілді, ал содан соң түрен тіркелген жай танкілер, өйткені көшенің үстімен жаяу жүру де, көлікпен жүру де мүмкін емес еді. Жыпырлаған үйінді дөңестер, аспанмен тілдескен таулар, қайда бұрылсаң да, сынған кірпіш пен тас, үйінділердің арасынан шүберектер, теміртерсектер, жапырайған автомобиль радиоаторлары, мылтық құндақтары, жанышталған өліктер, шкаф бұрыштары тікірейіп шығып тұр. Басқа бермесін, мұнда жоқтан өзгенің бәрі бар. Қырық бесінші жылдың сәуір, мамыр айларының ауыр күндері Каретниковтің есінде қалып қойды, фрицтердің оқыс тарту-таралғылары, аспаннан жаңбырдай жауған сынық кірпіштер, қираған үйлердің кетіктеріне жабысқан алба-жұлба, кір-қожалақ қойыртпақтар – өмірдегінің бәрі өткінші – көңіл құлазытқан сылбыр жаңбырлар, – бәрі де уақытша, үсті-бастары жұлым-жұлым, орманнан ашкөзденіп, жалаңдап және «шмайссерлердің» қуыс мүйізін тағып шыға келетін шаштары жалбыраған жас балалар «вервольфтер», олар қастандық жасамақ болып және өздері содан әбден титықтады. Немістер шегініп бара жатып, ең ақырғы үмітті соларға артқан еді, «вервольфтер» партизандық жасап орманды паналайды, сөйтіп совет әскери бөлімдерінің үнемі шырқын бұзып отырады деп ойлады, бірақ олар бұған жарамады, шамалары да келмеді, оның үстіне батылдықтары да жетпеді. Қарулы солдаттарға тиіскен жоқ, тек жалғызжарым жүргендеріне болмаса, негізінен азат етілген жерге қоныс аударумен шұғылданып жүрген тыл қызметкерлері мен жай адамдарды торуылдады. Бір жолы Каретников полк штабынан өзінің ротасына училищені жаңа бітірген лейтенант – взвод командирі Фроловпен бірге қайтып келе жатты. Ол әлі соғысып үлгірген жоқ-ты, сол себепті Фролов көпе-көрінеу реніш
білдірді, өйткені тек гвардия значогынан басқа омырауында ешқандай наградасы жоқ еді. Алайда орденге ұқсас болғанымен значоктың аты значок қой, бәрінен бұрын Фролов осы жағдайға қатты қынжылатын. Олар қалың тоғайдың жиегіндегі соқпақ жолмен келе жатқан. Жолдың оң жақ және сол жақ қапталдары таспен қаланыпты, шамасы, жол әлдебір бай хуторға әкелсе керек. Оның иелері қалаға жүк арбамен азық-түлік жеткізетін. Саусағыңды көрсетсең, күле беретін ұшқалақ лейтенант Фролов, жол бойы таңдайын қағып, немістердің пысығын қарашы, тіпті тоғайдың арасындағы жолдың өзін таспен қалап қойыпты, – деп таңырқаса, ал тұнжыраған Каретников жақында жараланған аяғы сырқырап үнсіз келеді. Былай қарасаң, бәрі жазылып кеткен сияқты еді, бірақ сырқырауын қоймайды. Бұл араның ауа райы солай, қашан үйренгенінше мың мәрте азапқа түсіріп, сүйегіңді сындыра жаздайды, жері жаппай ылғал, дымқыл, сасық ауа, міне, аяқтың сырқырайтын себебі де сол болатын. Жерден салқын бу дымқылдана жоғары көтеріліп жатыр. Жаңбыр да, шық та жоқ, ылғал бейнебір жер асты саңылауының арасынан шығып жатқандай, етікті, киімді былжыратып, жараны тұз сепкендей ашытады. Жолдан көрінбейтін, жермен-жексен болған нөмірі бесінші қамал, қамалға қарама-қайшы, ұрыс кезінде қарсылық көрсетпеген әлдебір доттар артта қалды, шамасы, ондағы немістер қарсылық көрсетпек түгілі қара басымен қайғы болып кетсе керек, бәлкім, сол кезде доттарда қамалдағыдан гөрі естиярлау мырзалар отыруы да ықтимал ғой. Жол орманға қарай тереңдей түсті. Шіріген шөптің, қидың және саңырауқұлақтың иісі бұрқырап тұр, әбден етене болған бейбіт иістер, бірақ бұталар мен ағаштардың үңірейген, үрейлі көлеңкелері бейбіт емес еді, су иірімдері сияқты, қапқара үңгірлер, онан кез келген минутта сумаңдаған суық қол жүргіншіні қараңғы түкпірге сүйрей жөнелуге даяр тұр, ал онан әрменірек үңілсең, иірімдердің арасында мүлде саңылау жоқ, дайын мола, оған бір кірсең, қайтып шыға алмайсың.
Каретников алдымен бір жағына, содан соң екінші жағына бұрылып қарады да, алайда осы тып-тыныш қараңғы орманның біртүрлі ұнамай тұрғанын сезді, бірақ қауіпті ештеңе таба алмады. Ал жанындағы Фролов бір мұңлы әуенді ысқыра әндетіп келеді. Олар едәуір ұзақ жүріп, дөңгелектеу келген үлкен шалшыққа шықты, оң қанатындағы орман біртүрлі сиреп кеткен, Каретников әр жолы, осы тұнжыраған үлкен шалшықты жаяу немесе көлікпен кешіп өткенде, ағаштардың осы тұста оқыс сирегеніне назар аударып, ішінен осы қарағайлардың тамырын әлдебір у жегідей жеп жатыр, ең дұрысы батпақты уы болса керек деп ойлайтын. Алайда осы бір дөңестеу келген, белгісіз түренмен қазылған, бірақ оның есесіне жиектері циркульмен сызғандай, дөпдөңгелек шалшықтың айналасында тіпті бір тал гүл де жоқ еді. Каретниковтің қабырғасын осы қайыстыратын, әйтсе де мейлі өссін, мейлі өспесін, оған пысқырғаны бар ма? Осы алаңқайдан рота шаруашылығына шейін қол созым жер Каретников сонда жеңіл бір күрсінді, көп ұзамай ұшықиыры жоқ қараңғы орманды қақырата басып өтеді. Ағаштардың сирек бұтақтарының арасынан аспанға қарады. Күн ұясына батып бара жатыр екен. Қанқызыл, қою, шаңқан-сарғыш кірпіктері іріңдеп тұр. Үстіне бұлт шүйілген жер мен көктің арасында бір ғана таза ашық жолақ бар. Ласталмаған, шамалы ғана кеңістік қалды, енді қасқағым сәттен кейін сол жолақ тұншығып, құрдымға кетеді. Тек адамның ғана емес, табиғаттың да, ауа райының да, кең байтақ орманның да, судың да дүние салатыны күйініш сезімін тудырып, әлдебір жанға бататын өзгеше қынжылыс шақырады. Қолын аузына тосып жөтелген Каретников ысқырықты аңыратып қоя берген Фроловқа жекіп тастады. Іштей өздерінің автомат ала шықпағандарына өкінді, ең болмаса екеуара бір автомат. Әлде ерінді ме, әлде оны жүк көрді ме – күн ыстық, әрі қапырық еді. Жарты шақырым жаяу жүрсең, гимнастеркаңды сығып аласың, оның үстіне соғыс әлдеқашан біткен, бұларға автоматтың керегі жоқ-ты. Полкке салпаңдап жеткенге шейін қай заман, – ал қазір Каретников ППШ-ны асына кетпегеніне налыды. Автоматпен жүру дегенмен
сенімдірек, өзіңді-өзің нық ұстайсың, қару әрқашан, әр мезгілде және қай заманда да адамға батылдық берген. Оһ, күннің батқанының жаманын қарашы, – ертең сөзсіз жаңбыр жауады. Қайтуды күтіп жүрген егде солдаттар қайта шағына бастайды, неге екені белгісіз, сүйектері сырқырап, бұлшық еттері тартылып, сіңірлері үзіліп барады, – «организмдері» әбден тозып бітті, кәрілік мақтаныш емес, – күңкілдеп, үйлерін есіне алып, созылып кеткен «дембелді» ызыңдап айтады, ал жас Каретников солар үшін жаны ауырып, аяп кетеді, өйткені шынында да көбінің демалысқа кететін мезгілі жетті ғой. Күре жолдың үстімен жүріп келе жатты, бір қызығы, аяғының астындағы жерді сезбеді, су бетімен жүзіп немесе ауасыз бос кеңістікпен қалқып ұшқандай еді. Осы сезім өкпесін қысып, тынысты қалыпты жағдайға қалай қайта келтіруге болады деген ойға жетеледі. Әлгі оқыс дабылдың қайдан туындағанын, оны туғызған не екенін Каретников сол күйі түсінбеді. – Каретников кенет жалт бұрылып, алаңқайдың арғы жақ бетінде, бұлардан жүз елу метрдей жерде екі адамның тұрғанын көрді, екеуі де ұзын бойлы, жасыл киімді, сақал-мұрттары өсіп кеткен. Санаулы сәттің ішінде, секундтың жүзден бір бөлігінің арасында көзімен бәрін көріп, жалпы жағдайды бағдарлап және ұсақ-түйекті електен өткізіп үлгірді, бұлар әлі мектеп жасындағы, арнайы қағазсыз орманда түзге отыра алмайтын жасөспірім «верволфтар» емес, тәжірибелі, тіс қаққан, қарулы кісілер, оларға адамның кеңірдегін жұлып алу бақбақты үзгенмен бірдей. – Жат! – Ақырын, үрейлі, ысылмен сыбырлап бұйрық берген Каретников, Фроловты белінен ұстай алып жерге атып ұрды. Дер кезінде жығылыпты. Ту сырттан атылған оқтың шолақ дыбысы естіліп, жер бауырлап төмен ұшқан бір тізбек оқ жақын тұстағы қарағайдың бұтақтарын қырқып баудай түсірді. Іле-шала орнаған жым-жырт, тылсым тыныштықтың қоюлығы соншалық, үстерін топырақ басқандай желкелері сіресіп қалды, жерге құлаған бұтақтың гүрс еткен дыбысы құлақты жарып жібере жаздады. Каретников қас-қағым
сәтке кешіксе болды, онда автомат кезегі Фролов екеуінің бел ортасынан қақ бөліп, қырқып түсірер еді. Каретников шаттана шыққан өз дыбысын естіді, бірақ бұл айғай өз ішінде ғана шыққан үнсіз айғай еді. Каретниковтің еріндері әпсәтте кезеріп кетті, соғыс біткен кезде өлгісі келмеді, себебі автомат ұстаған екеу бұларды оп-оңай тізе бүктіреді – атап айтқанда, оп-оңай, өйткені пистолетпен автоматқа қарсы төтеп бере алмайсың ғой. Бірақ қорқыныш қорқынышпен, үрей үреймен, ал миы сағатша сартылдап, айқын істеп тұрды. – Соңыма ер! – деп Фроловқа бұйрық берген Каретников, жолдан бір шетке, ақшыл шіркейлер қонақтаған су-су сирек бұтаға қарай жалт берді. Үстерінен тағы да автомат оғы зуылдап өтті. Бұлт боп жоғары көтерілген шіркейлер, бір шетке қарай тайып отырды, тіпті осы әлжуаз да ақылсыз, маса екеш масаның да өлгісі келмейді, ал керек болса. «Айтпақшы арнайы туалет қағазы жайында... басына мүлде керексіз, қисынсыз, тіпті мағынасыз нәрсе түсті... Немістер партизан отрядтарын құруға әрекет жасаған кезде, әйтсе де немісті партизанға тәрбиелеу, әлдебір Вася ағайды Рим папасы жасаумен бірдей, ал тұтықпа машинадан қуатты «харлей» мотоциклін құрастыру сияқты еді. Сонда осы отрядтар СС-тың қоймаларынан арнайы тізім бойынша жабдықталды, пәлен автомат, пәлен оқ, гранат пәлен, одан соң азық-түлік сүлгі, палаткалар ұсақ-түйектер алды... Біздің барлаушылардың қолына түскен ұзақ тізімнің ең соңын туалет қағазы аяқтап тұрды. Тәрбиелі немістер құйрықтарын түйе жапырақпен, немесе кез келген ағаштың жапырағымен сүртуден жеркенген, оларға міндетті түрде туалет қағазын жеткізіп беруі керек. Осы қағаз болмай қалған кезде, олар дабыл қағып, аянышты радиограмма-шифровкалар жолдайды, уәделі қағаз қайда? Қысқасы, фрицтер ұзақ төтеп бере алмады, орманнан қолдарын көтерген күйі сүмірейіпсүмірейіп шықты. Бірақ ол шыққандар тырнақшадағы партизандар ғой, бірі қалмай берілді, ал мыналар мұнда не бітіріп жүр? Эсэстер екені анық. Эх, аш бөрілер! Фроловта «ТТ» – ұрыста ауырлау болғанмен, сенімді пистолеті бар еді, Каретниковте немістің өзгеше
«парабеллумы» – оны әлдеқашан шетелдік қару-жарақ музейіне өткізіп жіберу керек-ті, бірақ ол өйткен жоқ, оған қолы үйреніп қалған-ды. Өзін шейіт кетіруге сәл-ақ қалған өлген обер-лейтенанттан қалай алысымен, обер лейтенанттың «шмайссерінің» оғы ұңғысында тұрып қалып, парабеллумға қол созып жатқанда, Каретников одан бұрын атып үлгірді – содан бері ажыраған емес. Каретников парабеллумды қабынан суырып алып, жаңа орынға ойысты. Төбесінен тағы да оқ тізбегі зуылдап өтті. Еһ, автомат болса ғой қазір, автомат, тым құрмаса бір табақ оғымен. – Кәне, Фролов, екеулеп бастырмалата атып, автоматты елестетейік оларға. Каретников бұтаның арасынан сығалап, сақалмұрттылардың екі жарылғанын көрді, біреуі жолдың бір жақ, ал екіншісі екінші жақ қапталында, әлдененің аңысын аңдып тұр, не бұларды алдап соғып қақпанға түсірудің айласын қарастыруда, немесе таяу маңайда әскери бөлімнің бар екенін біледі, сонан өздері қақпанға түсіп қалудан сескенеді. Үздіксіз атыс ашты, алдымен «парабеллумнан», оған үзеңгілестіре, қабаттастыра дерлік ТТ-дан, «Парабеллумнан» – ТТ-дан. Әрине, оқтары ұзаққа жетпейді, бірақ бұларға оның қажеті де жоқ. Атыс та әсерін тигізді, қырынбаған екеу жерге кіріп кеткендей ғайып болды. Ертеңіне көрші рота орманды сүзіп шығуға бұйрық алды. Сүзіп шығып қайсыбір бүргелерді қолға да түсірді. Тапсырманы өз ротасына бермегеніне Каретников өкінді, өйткені олардың кім екенін аяғына шейін білгісі, анықтағысы келген еді. Әрбір адам жарық дүниеге етене жақын, өткенімен біте қайнасып кеткен, айтпақшы көпшілігінің тек өткен күндері ғана қазіргі тіршілігін құрайды. Каретниковтің де осы шағын екінші топқа жатуы әбден мүмкін... Бірақ қырық екінші жылдың қысқы Ленинградын, көкейлерін тескен тек нан мен судан өзгесін елең қылмастан, бәрінен түңілген, аштық аранына түскен кемпірлер мен балалар шұбаған бұлыңғыр суатты, ысқырған снарядтар төбені жанап өткенде олар селк
ете қалады, алайда снарядтың жақынға түсіп, Неваның болат мұзын ойып кеткенін қалайды, онда суды кезексіз және қалауыңша алуға болар еді, осының бәрін жадыңнан қалай шығара аласың, нан дүкенінің алдында топырлаған жұртты, әлсіз соқыр жарығы бар шамды ше? Каретников Ленинградқа, Иринаға қаншама хат жазып, жағдайдың анық-қанығын білуге қаншама әрекет жасағанмен, – әлгі естен кетпес шолақ көшеге анасы да келіп, Иринаның есігін қақты, жараланғаннан кейін Ленинградқа барып қайтқан майдандас досы да Каретниковтің өтінішімен айтқан үйіне соққан-ды, бірақ бәрі зая кетті, ол пәтерден ешкім жауап қатпады. Хат та, хабар да жоқ, тым-тырыс. Жалғыз-ақ амал – әскерден қайтқаннан кейін жағдайды анықтап, Иринаның неге жауап қатпағанын тікелей өзі білуіне тура келеді. Жалпы тірі ме екен өзі? Жылдар өткен сайын оның бейнесі сараланып, бастан-аяқ айқын елестейтін болды, кейбір ерекшеліктері айқындала түсіп, оқшауланды да, ал енді бәзбіреулері керісінше, сәл көмескіленіп, түкпірге шегінді, осы дараланған тұтас бейне, Каретниковтің кеудесіне мұң ұялатып, өзегін өртеген сағыныш сезімін шақыратын, ол өйткені дөрекіленіп, қатып-семіп, әлдебір мақұлыққа айналып кетуіне мың-сан жағдайлар бола тұра, нәзік түйсіну қабілетін жоғалтқан жоқ, тіпті масаның шаққанының өзін, кісінің өркөкіректігі мен менсінбей қарағандығын сезіп қалатын болды, тіпті оны былай қойғанда, бұрынғыдан бетер нәуетек болып кетті. Кейде Ирина Коробейникованы бұл өз қиялынан шығарғандай болып көрінетін. Ондай адам жарық дүниеде болмағандай, тіпті екеуі мүлде кездеспеген сияқты – әлгі азынаған аязды түн де, өтпес балтамен шапқан шкаф та, ортасынан екіге бөлген ылғалды ауыр нан да – оның бірдебірі болмаған нәрседей. Бірақ онда мына сарғайтқан сағыныш, Каретниковті титықтатып, мазасын кетірген осы бір сыздаған шаншу қайдан келді, төбесінде естілер-естілмес коңырау шылдырлайды, ал жүрегіне әлдебір қатерлі, сұмдық нәрсе сумаңдап, әлдекімнің қанды шеңгелі мұның жүрегін біржолата тоқтағанша уысында сығымдай қысып тұра
беруге бар еді. Каретников осы қолдан өз жүрегін құтқару үшін шамасы келгенше күресіп бағуда, демек, осының бәрі қайдан пайда болды? Ирина, әрине, бар еді. Ол болжамсыз, түс те кейбір адамның түбіне жететін, әдетте әркімде кездесе беретін бұлыңғыр сандырақ та емес, мынау дүниеде барлығы – ақиқат еді. Ол жиі-жиі өткен күндерін, Ленинградтың сол аязды түнін есіне алатын, соны арнайы күтіп тұрғандай Иринаның бейнесі дап-дайын күйінде қалқып шыға келеді. Жолақ жүгірткен ақ көйлегі, әсем ақ туфлиі, шамасы, жып-жылтыр сапалы былғарыдан тігілсе керек, мұқият таралған шашы және жаңбырлы күздей сұрғылт көздері. Каретников қырық алтыншы жылдың ақпан айында демобилизацияға кешеуілдеп шықты. Каретниковті келешегі бар, сауатты командир ретінде акедемияға оқуды ұсынды, сөйтіп әскерде қалдырғылары келді, бірақ ол өз дегенінен қайтпай, «демобилизация маған тиіс екен, ендеше, жөніме жіберіңдер!» деп қасарып тұрып алды. Ол Питерге келіп, қаланы тіпті танымай да қалды, тірі пендеден гөрі мәйіттер басым баяғы үрейлі суық Ленинградқа мүлде ұқсамайды. Қала өзгеше еді – солай болуға тиіс те, соғысқа дейін Каретников оны осы қалпында есінде сақтаған. Вокзалдан Голодайға шейін таксимен жетті де, бөлмеге тіке кіріп барды – есік ашық екен, сондықтан есікті қағып жатпады, табалдырықтан аттаған күйі есіктің жақтауына сүйеніп тұрып қалды, шашы аппақ, бүкірейген қарт анасы тіпті бұған мойнын да бұрар емес. Любовь Алексеевна, Каретниковтің білуінше, қазір зауыт кітапханасында істейді, немістің шақпақ-бомбасы түсіп, бұрынғы, ескі кітапханасы өртеніп кетті, – шамасы, біреуге материал дайындап жатса керек. Бәлкім, басшыларға да болар. – Мама! – деп ол қарлыққан дауыспен анасын шақырды да, қолын кезерген ерніне апарды, езуі ток соққандай дірілдеп, еріні өзінен-өзі қымылдап қоя берді. Шешесі құлақтан қалған сияқты, ұлының даусын естіген жоқ. – Мама! – деп қайта дауыстады Каретников.
Бұл жолы шамасы бірдеңені сезіп, басын көтерді де, жиегіне қырау қатқан, ал орта тұсы тап-таза терезеден қарлы далаға, қисық-қисық бірнеше ағаштарға, онан әрмен, шығанақтың кісі зерігетіндей теп-тегіс айдынына қарады. Ағаштардың басында қонақтаған мұңды қарғалар үнсіз тұнжырап отыр. «Қарғаға құдай бір түйір ірімшік жіберіпті, – ұмыт болған, мектептегі тақпақ ойына орала кетті, – қарға ірімшікті жеуге оқтала берді... тағы сондай бірдеңелер... Иә-ә, Каретников саған мектепті басынан бастауың керек, бәрін соғыс басыңнан шығарып, ұмыттырып жіберді. Мама!» – деп үнсіз іштей айтқанын ол, іле-шала дауыстап қайталады. – Мама! Ішкі дүниесінде бірдеңе астан-кестен опырылып төмен гүрс ете қалды – мамасы бұрынғыша естімеген күйі, терезеге әлі үңіліп отыр, оны қызықтырған қарғалар ма, жоқ әлде балалық шақтан таныс мына қисық-қыңыр ағаштар ма, сонда Игорь отырған бұтақ сан рет сынып кетіп, ол жерге құлайтын-ды, – ол жағы белгісіз... Каретников дауысы қарлығып әлсірегенін былай қойғанда, біржолата жоғалып, отырып қалғандай көрінді, әйтпесе дауыс басқаша не нәрсеге душар болуы мүмкін? Ол мана мамасын дауыстап шақырғанда өз үнін өзі естіген жоқ, тамағында түсініксіз бірдеңе бүлк ете қалды, бар болғаны сол ғана. – Мама, – бұрынғыша қарлыққан, мүлде естілмейтін дауыспен қайта шақырды Каретников. Любовь Алексеевна бойын жинап, құлағын тігіп мойнын созды, бетінде қысқа көлеңке табы жүгіріп өтіп еді, солқылдаған шаншуды бәсеңдеткендей саусағын шекесіне апарып, сенбеген күйі іштей сыбырлады. – Иго-орь! Анасы мұның даусын естіген де, өзін көрген де жоқ қой, ол тіпті бұған қарай мойнын да бұрған жоқ... Ендеше, мұның осында екенін қалай сезді? Әлде қырау басқан терезе мөлдірінен байқап қалды ма? Осының бәрі, неге екені белгісіз, Каретников үшін өте маңызды болды, өйткені анасының қазір қандай күйде екенін білуі қажет еді.
Ауру, сау екенін ажыратуы керек те, соған байланысты қимылдауы қажет. Емханаға ма, әлде дәріге аптекаға жүгіре ме, немесе чемоданын ақтарып, оның ішінен бұқтырылған американдық етті, маргаринді, консервіленген колбасаны, май мен нанды алып шығуы керек пе, соны біліп алуы керекті. Қала берді анасына арнайы алған, өзіне әрқашан қара түс жарасатын, бір киімдік қара бостоны бар. Ол қара костюммен сәнді, келісті әрі салтанатты көрінетін, – орамал, басқа ұсақтүйектер, әдетте әскерден қайтқан офицерлер алып келетін бұйымдар екені екібастан белгілі. Әлде өзін-өзі, алып ұшқан жүрегін басып, босағаға сүйенген күйі, анасының кітаппен жұмыс істегенін осылайша бақылап тұра берсе ме екен? – Иго-орь, – әндете созған Любовь Алексеевна, жалт бұрылып, жас қыздай ширақ қимылмен есікке қарай ұмтылды. – Иго-орь келді. Қаны басына шапшып, шекесі қатты солқылдап, зыңылдап кетті, ол шешесін иығынан құшақтай алып, бетіне бетін басып, алыстан шыққан солғын дауысты естіді. – Қалай үлкейіп кеткенсің, Иго-орь... Соқталдай болыпс-ы-ың... Қазіргі айта алатын, дәлірек айтқанда, аузына түсетін сөздердің бәрі мағынасыз, бөтен еді, – соғыста, жұрт тек өсіп қана қоймайды, есейеді, қартаяды, жалпы шашы ағарып, мүлде түсіп қалмағанына шүкір деңіз, – осы сөздердің бәрінің ешбір салмағы жоқ, мәнсіз сөздер. Ол өзін-өзі аман сақтап, тірі қалғаны үшін анасына дән риза еді. Анасы да ұлына сол үшін ырза. Ол үндемеді Анасы да тіс жарған жоқ. Каретниковтің мына бөлмеде болмағанына қай заман! Барлық заттар соғысқа дейінгідей, бұл майданға аттанар алдындағыдай өз орындарына қойылған, осы бөлме әр жолы түн баласында оқыстан пайда болып, түсіне сан рет кірген болатын. Әр жолы бөлменің ішінен қайда, қай орындықта, қай жерде отыр деп бұрыш-бұрышқа көзін жүгірте Любовь Алексеевнаны іздейтін. Алайда бөлме өзгермегендей тек ат үсті, бір қарағанда ғана солай көрінді, әншейін Любовь Алексеевна босаған орындарды оп-оңай өзінің құпия тәсілімен толтыра білетін, былайша ашық жерлер пайда болған сияқты, бірақ ол
сезілмейді, әйтсе де бес жылдан астам уақыттың ішінде мұндағы көп заттың орны жоқ. Жиһаздар да, кітаптар да, осы кітаптар тұрған сөрелер де, ал бұрын қабырғаларда ілулі тұратын картиналардың жұрнағы да қалмаған. «Пысқырғаным бар ма, – деп көңілі босаған Каретников, атап айтқанда, пысқырмайды да! Сүйек аман болса, ет өзінен өзі бітеді... Сөрелер де, кітаптар да, жиһаз да, картина да болады. Ең бастысы, анасы тірі. Қажымаған, зақымданбаған, соғыстың обыр қараңғылығы кетті, алда міндетті түрде мереке болуға тиіс. Қызыл-жасыл оттарымен, тамылжыған музыкасымен, ойын-сауық, биімен. Сол мереке ұзағынан сүйіндіретін болсын». Жалпы ол өзін-өзі соғысқа дейінгі бозбала қалпында сезінді, бірақ болашағы алда күтіп тұрған байсалды азамат, қиял, арманнан, денесінен кәлләсін бөліп алып, патефон пластинкасына бұрап қойғандай басы шыр айналды. Осы салмақты азамат алда не күтіп тұрғанын, адамгершілік қасиеттердің өзгеретінін, оның үстіне оның басқаша атала бастайтынын білмеген еді. Келесі сәтте Каретников Ирина туралы ойлап еді, ішінде ыстық жалын лап ете қалып, аяқ астынан ыстықтап кетті, ол қазір Иринаны тауып алуға, міндетті түрде іздеп табуға тиіс. Із-түзсіз жоқ болып кетуі мүмкін емес, адам ешуақытта ұшты-күйлі жоғалып кетпейді, артында міндетті түрде белгі қалдырады – тырнақтың ізі, жараның орны, терең әжім, әйтеуір бірдеңе қалатыны сөзсіз... Әлде, мүмкін, қысқы түн, өкпек долы жел, сықырлаған аяқтың дыбысы мен қаңыраған үлкен бөлмеде жападанжалғыз қалған Ирина – жай әншейін түс шығар? Бәлкім, ол Володя Мокровтың сөзімен айтқанда, әншейін құр елес болып, Каретников сол түнді, Иринаны, пәтерді өз қиялынан шығарған шығар? Бір сағаттан кейін, апыл-ғұпыл тамағын ішіп, анасымен кездесу әсері әлі суымай тұрып, ол Иринаны іздеуге тартып кетті. Бұл Иринаны табуға тиіс, анасы мен қандыкөйлек майдандас досы жаңылысқан, олар әлгі шолақ көшеде емес, басқа үйде болған...
Ол Үлкен проспектіге жетіп, жан-жағына қарады. Автомобильдердің көптігіне, машиналардың арасында шетелдік – неміс пен итальяндық маркалардың басымдылығына таңданды, бірнеше ебейсіз, бүрге сияқты «ДКВ»-лар – ескі шағын машиналар қараң ете қалады, олардың қалай қозғалатыны белгісіз, тіп-титімдей, алдыңғы және артқы орындықтарын бірдей ашатын машинаның ұзына бойына дерлік созылып жатқан сала құлаш есігі бар. «ДКВ»-ны Ленинградта такси есебінде пайдалануға жіберген. Каретниковтің пайымдауынша, онысы ыңғайлы болса керек, көз ілеспес жылдамдықты ол ешқашан ала алмайды, ал орташа жылдамдықпен шопырдың да, жолаушылардың да дін аман болатынына кепілдік мол, «кизенге» немесе айталық, «опель – адмиралға» қарағанда түтіні де аз, тұрпатына кісі қызыққандай «ДКВ», ағашқа мысықша өрмелей алады – жалпы артықшылығы да, кемшілігі де бар. Каретников пойыз ішінде «ДКВ»-ның екіұшты мағынасы бар екенін естіді. «Дурак, кто возит» – «Тасыған адам ақымақ» және «Дурак, кто возьмет» – Алған адам ақымақ. Жолдың жиегін жанап және бір жақ шетімен қарды жаныштаған күйі, бояуы жарқыраған су жаңа «студебеккер» ағызып өтті, шамасы, ол гаражда, немесе қоймада тұрса керек, осынау жүк машинасы бүгін алғаш рет жолға шыққан сияқты. Ойынан Володя Мокров шықпай қойды, қалжағдайы қалай екен? Ординарецқа хат жазып жіберу керек. Алайда аяқ-қолы жоқ мүгедектің жайы белгілі ғой, қайғылы тұрмыс екені өзінен-өзі түсінікті, – «студебеккерді» көрген бойда ол әдетте: Орыстың үш солдаты бір америкалық «студикті» оп-оңай алмастырады» дейтін еді. Проспектіде адамдардың қарасы машиналардан гөрі аз еді, – жұмыс уақыты және оның үстіне күн де суық, қар жамылған акациялар тұнжырап тұр, бұтақтары тіпті скамейкаға шейін иіліп қалған. Жалт бұрылып, Каретников кейін жүрді – егер үлкен проспектіден Васильев аралының түкпіріне қарай жүретін болсаң, Иринаның көшесі оң қол жақта болуға тиіс. Ол алыс емес, проспектіге тиіп тұр, үш жүз метрдей, әрі кетсе төрт жүз метр. Бірақ түнгі жол, өкінішке қарай,
күндізгідей емес, алайда түнгі мысықтың бәрі сұп-сұр да, ал аттың бәрі қап-қара боп көрінеді деп жұрт бекер айтпайды. Оның үстіне сондағы әлгі, тау-тау қарлар да жоқ қой... Каретников бірден кейін бұрылғысы келіп оқталды да, бірақ артынша ол ойынан айнып, Үлкен проспектіні қиып өтіп, Неваға қарай беттеді, таныс нан дүкенін оның артындағы композитор Серовқа «граф А.Д.Шеремьетев атындағы музыкалық-тарихи Қ-нан» қойылған тас тақталы үйді көрді, ал композитордың үйінен кейін қабырғасы сынып, Каретниковтің өзі жатқан госпиталь. Құрақ ұшқан механизм сияқты, ақыл-есі бірден дайын асты алдына әкелгендей айқындалды, аласа бойлы, шойнақ, бір мезгілде әрі түнеріңкі, әрі қуақы көрінетін, тақыр басы түйеқұстың жұмыртқасындай Шура Парфенов ағайды есіне түсірді. Құлағына. «Полундра!» – деген кәрі матростың айғайы келді. Каретников жымиып қойып, госпитальдың темір есігін итеріп еді, бірақ ол кілттеулі екен. Жан-жағына бағдарлап қарағаннан кейін, дәретханадағы су ағызатын шынжыр баулы фарфорға ұқсас тұтқаны байқады, тоғадан тартып қалып еді, алыстан шыққан қоңыраудың шылдырын естіді. Есіктің ішкі жағында сүйекше күтірлеп, бүркіттің шаңқылы тәрізді, оқыс бірдеңе сарт ете қалып, есік баяу ашылды. Есіктен әрмен таныс баспалдақтар жатыр, жоғарыдағы шағын үстелдің жанында басындағы орамалын сәлдеше ораған бір қыз отыр. Каретников қызды танымады, өйткені – қырық екінші жылы бұл қыз госпитальда істемеген еді. – Сіз кімге келдіңіз, жолдас капитан? – деді қыз сыздана сөйлеп. – Анығын айтсам, ешкімге де емес. Мен осында... бір кездері емделген едім, жараланғаннан кейін. – А-а, – деп дауысын созған қыздың, әлгінде таңырқай жоғары керілген қастары қалпына түсті. – Өткенге қайтып оралғыңыз келді ме? – Қыздың үні кекесінді шықты. – Олай емес. – Каретниковтің көз алдында әлдебір терезе айқара ашылып кеткендей болды, сол терезеден кішкентай жалын дірілдеп, лапылдай түсіп еді, бұл бейнебір өзінше
жаңалық ашқандай, осы қызды Иринамен салыстырды. Алайда Иринаның басымдылығы айқын еді. – Осында бір кездері Парфенов атты қарт теңізші кочегар болып істегенді... Білмейсіз бе? Қыз қасын қайта керіп еді, маңдайын ұсақ әжім басып кетті. – Парфенов, Парфенов... деп ойлана міңгірледі ол. – Бәрі оны Шура ағай деп атайтын. Шура ағай. Демек, Александр... Александр... Ал әкесінің аты есімде жоқ. Александр Батькович Парфенов. – Жоқ, ондай кісіні білмеймін, – қыз басын шайқады, – тіпті естіген де емеспін. Кідіре тұрыңыз, капитан, біз қазір оны біреулерден сұрастырамыз. Байырғы адамдардан. Ол жоғары көтеріліп, бір жаққа барып келді, тез оралғанына қарағанда, жақыннан қайтса керек. Орындыққа жайғаса бергені сол-ақ еді, тым ет жеңді, көзі үкінің көзіндей дөп-дөңгелек, бурыл кекілі көзіне түскен кемпір жетіп келді... Кемпір бір қолына шелегін ұстап тұр. Каретников оны тани кетті – бастан жараланған жаралыларға қарайтын бөлімше күтушісі-ді. Осынау жанның сонау қырық екінші жылдан аман-есен бүгінгі күнге ауысқан осы ақиқаттың өзі мұны қатты қуантып тастады да, бірден сәттілікке жорыды, яғни сол кездің жүзі таныс адамдары тірі екен, демек, Ирина да табылады және Шура Парфенов ағай да... – Сіз кімді сұрап тұрсыз? – Кемпір жақсырақ есіту үшін, бос қолын ақ шандыр құлағына тосты. Каретниковті ол танымады, танитын реті де жоқ еді, өйткені оның көз алдынан қаншама жаралылар өтпеді дейсің? – Бір кездері осында Шура Парфенов ағай жұмыс істеген еді... – Парфенов қарт па? – Кемпір гүж ете қалды. – Білгенде қандай, білгенде! – деп мұрнын тартып қойды. Шамасы, Каретников білмейтін әлдебір құпия сыр бұған таңсық болмаса керек. – Қыңыр шал еді. – Ол тірі ме? Жауаптың орнына кемпір үстіңгі ернін шүйірді. Каретников сонда кемпірдің мұртын анық аңғарды, әйтсе
де бұрын мұны байқамаған еді, – бәлкім, Каретников онда бұған зер салмаған да шығар. – Ол тірі ме? – деп Каретников сұрағын қайталады. – Егер ақыретте тіршілік болатын болса, онда ол тірі. – Не болып қалды? – деп сұрады Каретников. – Снаряд түсіп өлді. Сонау қырық екінші жылы-ақ, баяғыда. Кемпір үстіңгі түкті ернін жоғары көтерді. – Топырағы торқа болсын, әйтсе де ол берекесізбен екеуіміздің жұлдызымыз ешқашан жарасқан емес, ол бірде қиғаш, бірде кесе-көлденең, бірде ирелеңдеген тұрмыс кешті, түзу жолды білмейтін еді, сондықтан да қырғи қабақ болатынбыз. – Кемпір күрсініп қойды. – Бәріміз де сонда боламыз, біреу ілгері, біреу кейін дегендей. Бірақ түбі баратын жеріміз біреу-ақ – сыз жер, құрт-құмырсқа, мәңгі тыныштық. – Кемпірдің жан дүниесінде бірдеңе морт сынғандай, көзінен мөлдір, ұсақ жас бұршақтап қоя берді, олар бірінен кейін бірі шұбатылып, ақшыл қайызғақ қонған халатының мыж-мыж жағасына үзіліп түсіп жатты. Қыз кемпірдің оқыс көз жасына Каретников кінәлідей-ақ, оған жақтырмай бір қарады да, әсем қимылмен шалмасын түзетіп, жылап тұрған күтушіні демеп, терең күрсініп қойды. – Кешіріңіз, – деді көңілі су сепкендей басылған Каретников, қырық екінші жылдан қырық алтыншыға бәрі бірдей көшкен жоқ, Шура Парфенов ағайдың дүние салғанының астарында жаман ырым жатыр. Онда бірақ мынау мұртты кемпір қырық екінші жылдан қол-аяғы бүтін күйінде, дін-аман қалай өтті? Мұның жолы болып, қалғандары апатқа ұшыраған ба? – Кешіріңіз, – деп қайталады Каретников, баспалдақпен кейін шегіншектеп. Баспалдақты аяғымен шамалап санап басқан күйі осы госпитальда өзінің бөтен екені, дәлірек айтқанда, артық екенін сезінді. – Оқасы жоқ, – деді крахмалданған сәлде орамалды қыз. – Сонда кәрі қақпасты, госпитальдан қалаға қарай қай сайтан түртті екен, бір құдай біледі, – деп мұрнын шуылдата тартты кемпір. – Неге екені белгісіз, өзінен-өзі Нева проспектісіне тентіреп кетті. Ал ол жер әрқашан астан-кестен атыстың
астында жатады, соның көз алдында зенитші қызды жаралап кетті. Үйдің шатырына орналасады, яғни, неге екені белгісіз, ол байғұс әуе шабуылы болады деп ойласа керек, ал бұл артиллериялық атыс еді. Парфенов қыздың жарасын таңып – жарақат таңуға келгенде ол алдына жан салмайтын, дәрігер қыздардан үйренген, – полуторкаға тиеуге көмектеседі. Полуторка енді ұзай берген кезде, сол жерге снаряд түседі. Бүкіл жарықшақтары үйдің қабырғасына сыналай кіріп, біреуі Парфеновке тиеді. Тұрған жерінде байғұс ұзынынан түсті де, тіл тартпай кетті. Кемпірдің көзінен жас онан әрі парлап ақты. Шамасы, жанжал мен дауға қарамастан, Шура Парфенов ағаймен арасын байланыстырып тұрған өзара ортақ нәрсе болса керек, жылдар мен араздық екеуінің арасындағы берік жіпті үзе алмаған. Яғни байырғы матрос, Каретников госпитальдан шыққан бойда қаза тапқан болды ғой. Ол тағы бір мәрте кешірім сұрап, көшеге шықты. Түнеріңкі де кәрі акациялары бар Үлкен проспектіні қиып өтіп, тағы да бір он бес минуттай жүргеннен кейін, өзі іздеген көлденең көшені тауып алып, солай бұрылды. Жүрісін еріксіз баяулатты, жүрегі тарсылдай соғып, тамағына бірдеңе тіреліп, басын құрсаулап қойғандай құлақшынның астынан бір тамшы тер домалап түсті. Кермек тұздан көзі аши бастады. Каретников жүріп келе жатқан бойы сұп-суық, ығал сіңген бір уыс жылбысқы қарды көсіп алып, көзіне басып еді бірақ онан бетер өршітіп жіберді, екінші көзінен де жас сорғалап қоя берді. Өткеніңе ешуақытта бұрылушы болма, әйтпесе оңдырмай соққы жеп, жаныңа жазылмас жара қалдыратыны соншалық, оны ешқандай қар да, мыс бақыр да өшіре алмайды, – деген жұрттың сөзі дұрыс болып шықты ғой. Алайда, таңбаның жарасы жеңіл, ал өзіңнің шыбын жаның теріс айналып кетсе, сонда не істемексің? Бірақ екінші жағынан, өзіңнің өткеніңе оралмауға тағы болмайды, өйткені біз өмірдің тек өткінші қонағы ғана болып есептелеміз, бір кездері бұрынғының да мейманы
болғанбыз және келешекте де сөйтеміз, бірақ келешек те дәл бүгінгі күн сияқты – даулы шындық, оны да жоққа шығаруға болады, алайда ол бізге тәуелді емес, ал өткеніміз өзімізге тікелей тәуелді. Келешек ол біздің болмысымызда, қиялымызда туындаса, ал өткеніміз бұрынғы қалпымыз. Мына Игорь Каретников мәселен, ешқашан, қандай жағдайда болмасын, Шура Парфеновті ұмытпауға тиіс еді, ал бұл ит, мінеки, ұмытып кетіпті. Парфенов көз алдына қайта тіріліп келгендей кесе-көлденең тұра қалды, былғары құлақшынын жып-жылтыр басына милыққа шейін түсіре киген, бір «құлағы» төмен салбырап екіншісі жоғары қайқайып төбесін ұрғылап тұр, көзін сығырайтып алған, бірақ онда госпитальдың мұртты күтушісін азапқа түсірген қытымырлық пен қаскөйліктің жұрнағы да жоқ, – жанарында тек мейірім мен кісіге дем беретін жайдарылық ұшқындайды, ернінде – ұзын, төртбұрыштап ораған, ыс қапқан тісімен қатты тістеп алған «ешкі сирағы». Ирина Коробейникова тұратын көлденең көше жым-жырт екен. Бірақ осы тұнжыр сипатына қарамастан көше түгелдей өзгеріп кеткен. Біреудің қамқор қолы бұрышта тұрған үйді қайта жөндепті, – бұрыштағы осы үйді Каретников сонда әдейі есінде сақтаған, ол онда өрт шалғандай қарауытып, жерге жабысқан үлкен шкафты еске салатын еді, ал қазір, солтүстік шұғыласына ұқсас Каретниковтің төбесінен лап еткен көмескі жарық сол бір түнге қарағанда мүлде өзгеше, тіпті жайдары көрінеді, бірақ ол солтүстік шұғыласы емес – мүлде басқа нәрсе еді. Үйден көшенің түкпіріне қарай су жаңа ағаш-шарбақ созылған, тақтайларын жымдаса қиюластырып, төбелерін ойнақы жүрек пішінде мұқият қашап әшекейлеген. Қаншама жүректер сапқа тізіліп тұр, шалбарыңды жыртуға ыңғайлы, шарбақ шаңқан-көгілдір түске боялыпты, бірақ осы елпілдеген көгілдірлік көше тұнжырлығын титтей де сейілтіп тұрған жоқ, керісінше қайта қоюландыра түскен. Каретников өзіне-өзі құлақ тікті, кеудесін басқан зілді, суық ызғарды сезді. Ол өзінің осынау соңғы әрекетіне сенім артты, бірақ бәрібір әлдебір тұйыққа тірелгендей болды, ол тұйықтың – өзі жүріп келе жатқан мынау көлденең көше ме деген қорқыныш тудырды, осы құрсау мұны жаныштап,
бүкіл үмітін тас-талқан етуі мүмкін, бірақ ол құрсау Иринаны тапқан бойда, немесе бір хабарын білген кезде өзінен-өзі шорт үзіледі. Ішіндегі ызғар тарқайтын емес. Иринаның үйіне жеткенше Каретников көлденең көшені бастан-аяқ жүріп өтті, – аса орнықты, асқақ пішінде көз тартады, бұл да жаңа шарбақпен қоршалған, бірақ қалалық құрылыстан гөрі саяжайға лайық ойнақы көгілдір түске емес, келісті қараңғы-жасыл түске, ресми-салтанатты реңкке боялған. Аулада ағаштар өсіп тұрды. Жануға лайық нәрсенің бәрі, жылу беруге әжетке жарайтынның бәрі қоршауда қалғанда жағылып кеткен, тек ағаштардан басқасының бәрі. Сол жылдардың ішінде бірдебіреуіне, суықтан қатып үсіп қалғандарына қарамастан, бір ағашқа қол тигізген жоқ. Каретниковтің ротасында ленинградтық ағаштар жайлы мақаланы взвод-взвод болып оқитын, осындай дауыстап оқудан кейін қастерлі де мұңлы тыныштық орнайды, өйтуге қақысы бола тұра, басқа тіршілікке қол тигізбестен, өзін құрбан еткен сол адамдарға солдаттар бас иіп тағзым ететін, әлгі боздақтар өз деміне өздері тұншыққан күйі, қарды сүзе құлап, онан әріге шамасы келместен, жан тапсырады. Суықтан қатып өлсе де ағаштарды аралап құлатқан жоқ. Мұндайда газет мақалалары кез келген басқа үгіт-насихаттан күштірек әсер ететін-ді. Тоқтай қалып Каретников Ирина тұрған үйдің терезелеріне қарады. Оның терезесінің қай тұста, қай қатарда екенін білмейтін еді, сонда, сол түні тіпті анықтай да алмай қалды – үй тіпті төбесіне шейін қарға көміліп, сұрғылт-көкшіл мұнарға біржолата батып кеткен еді. Терезе кәдімгі терезе сияқты, біріне-бірі ұқсас, ара-тұра перделер – жіпке тартылған жұпыны шыт шымылдықтар көрінеді, әрбір терезе ол – тіршілік жұмбағы, тағдыр, тұрмыс құпиясы – оны әркімге біле беру жазбаған. Үйдің бұрышына электр лампасына жаңбыр тимес үшін үстіңгі жағынан қаңылтыр қақпақ кигізілген, су жаңа эмаль жүгірткен ақ нөмір бекітіліпті. Бұрын Ирина тұратын үйде ешқандай нөмір жоқ сияқты еді, алайда сол қараңғылықта ол көзге көрінбей де қалған шығар.
Каретников Питердің үйреншікті салқын да дымқылдау ауасымен тыныстады, ол әрқашан, тіпті қандай аязда да кермектеу және ылғалды болады. Қараңғылау, күңгірт подъезге кіріп, шимайланған қабырғаға көз жүгіртіп, өзінөзі рухтандыру үшін аз-кем кідіріп тұрды да, содан соң баспалдақтарды аралата басып, шапшаң жоғары өрледі. Міне, Иринаның есігі. Осы сәтті ол қаншама уақыт сарғая күткен еді. Бұрынғы жылтырлығы мен сипатын жоғалтқан осы бір ескі, бірақ әлі де сымбатты есікке жету үшін қаншама жүздеген шақырымдарды артта қалдырып, қаншама етік тоздырып, қаншама шаң жұтты. Қолын қойнына сұғып жіберіп, кеудесін жүрек тұсын сипады, ол ұясынан шығып кетердей алып-ұшады. Каретниковтің қол-аяғын жасықтық байлап-матап тастады, томаға-тұйық құрсауға тап болды – сол баяғы тұйықтық. – Осы құрсауды енді шорт үзу керек. «Кане! – деп өзіне-өзі әмір берген ол, қоңыраудың түймесіне қолын созды, қырық екінші жылы қоңыраудың істемейтінін есіне түсірді, қара эбонит нүктені басып қалып, есіктің ар жағындағы сыңғырлай шыққан қоңыраудың созылыңқы үнін естіді. Қоңырау жұмыс істейді екен, демек, пәтерде тіршілік бар. Каретников құлағын тікті, пәтер түкпірінен құлағына аяқ дыбысы шалынғандай болды, – жеп-жеңіл, естілерестілмес, Ирина Коробейникова дәл өстіп билей басып, жеңіл жүруге тиіс, қазір жақсылап майланған құлып бұрынғыдай емес, әрине, ақырын сырт ете қалады да. Ирина шыға келеді. Каретников үсті-басын жөндеп, саусағымен шинелінің ілгешегін ағытты, формаға сай киінгені Иринаға ұнар ма екен? Ол тіпті кителіне тағылған ордендерді де шешкен жоқ, оларға арнайы белгі де жасатпады, әйтсе де майданда жүргенде ешқашан ордендерін таққан емес, – тек темір планкаға бекітілген әншейін ескі шүберек лента ғана еді – наградаларын Ирина көрсін, мұның басқалардан кем соғыспағанын білсін мейлі. Аяқ дыбысы біртіндеп жақындай берді, жақындай берді, қазір есік шалқасынан ашылады. Каретников қолында гүлі жоқтығына өкінді, бірақ қысқы Ленинградтың қай түкпірінен, қай оранжереядан гүл таппақсың? Ұзаққа
созылған, бір сағатқа ұқсас зарықтыра созылған – бір минут өтті, есік ашылған жоқ. Шынымен-ақ қоңыраудың дауысын естімегендері ме? Ол қайтадан түймені басып ұзақ жібермей тұрды, қаншама уақыт шырылдар екен дегендей сағатына қарады, саусағын босатқан кезде, қайран қалды, зеңгір биіктен құйылған күміс сыңғыр әрмен қарай жалғасып жатты. Оны сыңғырдың өзі емес, мида, құлақта қалған жаңғырығы екенін бірден аңғармай да қалды. Пәтердің іші тым-тырыс, есік ашуға келіп жатқан ешкім жоқ. Каретников қара эбанит нүктені қайта басты. Бәлкім, үй иелері дүкенде, базарда немесе жұмыста шығар? Осы қарапайым ой Каретниковтің ептеп көңілін орнына түсірейін деді. Есікте сары бояумен боялған, астыңғы жағы жыпырлаған арнайы майда тесіктерге толы едәуір қомақты сандық, – пошта жәшігі қағулы тұр. Каретников осы тор көздердің арасынан үңіле қарады, ағараңдап тұрған хат салынған конверт немесе газет жоқ па дегендей. Алайда пошта жәшігі бос еді. Ол байыпсыз түрде – әлде тексеру үшін, немесе сол екпіннің әсерінен бе, ол арасы белгісіз, өз ойымен өзі болып, не істеп не қойғанына есеп берместен, көзі ұясынан шыға, бедірейіп қатып қалған күйі, қоңыраудың түймесін қатты басты да, еңкейіп аяғына қарады. Онан не көрді? Өзінің мұзы еріген етігін бе, әлде табан астында пайда болған көлкіген шалшық суды ма? – Атап айтқанда, ештеңе көрген жоқ, етігін де, суды да. Түймеден саусағын босатпағанына қарамастан пәтерден безілдеп шыққан күміс қоңырауды да естуден қалды. Шынымен-ақ, мұнда осы қоңыраудың дауысын есіту үшін ғана келгені ме сонда? – Ағай, бұл пәтерде ешкім жоқ, – ту сыртынан шыққан дауысты естіген Каретников біреу оқыстан итеріп жібергендей селк ете қалып, иығынан асыра бұрылып, алара қарады. Қарама-қарсыдағы пәтердің есігінің ашық екенін көрді. Босағада тұрған он екілер шамасындағы ұзын бойлы жас қыз Каретниковке ересек адамдай қылымси қарап қалыпты.
– Олар қайда сонда? Мына пәтердің тұрғындары? – Олар әлі көшіп келе қойған жоқ, – деп қыз саусақтарын айқастырды. Қыз, шамасы, музыкамен айналысып жүрсе керек. Саусақтары салалы екен, беті сопақша келген, ерекше сымбатты, әрі бойшаң, мейірім мен нұрға толы шаралы көзі күлім қағады. – Көшіп келмегені қалай? – деп аңтарыла сұрады Каретников, – көшкені несі, олар баяғыдан осында тұрмаушы ма еді? – Жо-оқ, бұрын осында тұрғандар қазір тұрмайды, ал бұл пәтерді жақында алғандар, әлі көшіп келмей жатыр. – Олай болуы мүмкін емес, – деп міңгірлеген Каретников, қолымен бетін сүртті. Өкпесі қысылып, ол аузымен ауа қармады. Әлі де үмітін үзбеген күйі, ақырын ғана. – Әлгі... осында көшіп келуге дайындалып жатқандардың фамилиялары кім? – деді. – Старенковтар, – деп жауап қайтарды қыз. Бұл пәтерге жаңа тұрғындардың келетіні рас екен. Каретников бетін қайта сүртті, жаман әдетке үйреніп алған бұл – қиналса болды, бетін сүрте береді. Бетіңнің дәп үстіне өрмекші ұя салып кеткендей, оны кетіру үшін қолын қайтақайта жүгірте береді, ал сүртіп қараса бетінде ащы терден басқа дәнеңе де жоқ. – Старенковтар – Коробейниковтер емес, – іштей босаңсыған ол міңгірлей сөйледі. – Коробейниковтер кімдер? – деді қыз. – Соғысқа дейін осында Коробейниковтер әулеті тұрған. Профессор Коробейниковтың отбасы. Қырық екінші жылы бүкіл отбасыдан жалғыз-ақ қыз қалды. Ирина Коробейникова. – Тоқта-тоқта-тоқта! – Қыз саусағын ерніне апарды. – Сондай сұлу еді, иә? Аса келбетті... Иә, м-м... актриса сияқты, иә? Каретников басын изеді. – Осы пәтердегі заттарды сыртқа шығарған кезде, аула сыпыратын әйел бізге үй иелерінің суреттерін көрсетті. Ішінде қыздың суреті бар еді, өзі өте сұлу болатын... Сол ма?
– Білмеймін. Аула сыпыратын әйелдің аты-жөні кім? – Александра Тимофеевна. – Қыздың дауысында мүсіркеген діріл пайда болды. Каретниковтің сұрағының алдын алып: – Ол осы аулада тұрады. Осы біздің қорамыздың ішінде, бірақ кіретін есігі аула жақтан, – деді. Каретниковтің кеудесіне тас тығылғандай болды. Біреулерді соғыс қатайтып, темірдей шыңдайды, ал сол бір темір адамдар ештеңеге қыңбайды, тіпті өз қасіретін де елемейді, ал басқа біреулердің керісінше, тірілей терісін сыпырып алып, қансыратып тастайды, әрбір жарасынан қан саулап, күйзеледі. – Олардың әр нәрсеге жаны ауырып, әрбір қайғыға, әрбір реніш пен күйінішке ортақтасып, міндетті түрде үн қосады. Жаманат шыр айналдырып алып, шырмап тастағанда, олардың тұла бойы жансызданып, сіресіп, қатып қалады, содан қатты қалжырайды. Олар өз шаңырағының саулығы мен рахатын былай жиыстырып қойып, бәріне қол ұшын беруге даяр аса ізгі жандар, олар үшін бәрі түк те емес, осындай қасиетті қарапайымдылықты ту еткен адамдар түбі тесік шелектей даңғырлаған аңқылдақ халық – ең бастысы, басқаларға жақсы болсын, езулерінен күлкі кетпесін, шаттық көңілі таса берсін деп жүреді. Каретников, шамасы, осы екінші топқа жатса керек. Қызға басын иіп алғысын білдірді де, баспалдақпен төмен түсті, подъезден сыртқа шығып, азынаған суық желге тершіген бетін тосты. Анасының да, майдандас досының да айтқандары рас келді. Ирина дүние салған. Ол баяу жүріп үйді айналып өтті де, тап-тұйнақтай аулаға, мына салтанатты да жинақы үйге мүлде үйлеспейтін бір бұрышта тұрған автобустың ескі қаңқасын көрді. – Осы өте жұпыны, бояуы көшкен, доңғалақсыз қорап тілмен жалағандай тап-таза қорада ұмытылып қалып қойған сияқты әсер етті. «Қораптағы» терезе шыныларының орнына қиюластырып фанер орнатылған, есікте мыс құлып салулы тұр, – шамасы, шетелдік болса керек, мыс доғалы құлыпты Каретников тек немістерден ғана көрген еді. Осы сыры көшкен астауды аула сыпырушы әйел өзінің шаруашылық құрал-саймандарын сақтайтын орны деп ұқты Каретников,
құлыпты ашып, сыпырғы, қырғыш, шүберектер және «қора сыпырушы» деген қара жазуы бар дербес нөмірлі арнайы значокты алады. Каретников автобус қорабының ар жағында күйбеңдеп жүрген әйелді көрді. Әйел мақталы шалбар және кеудеше киіп, басына кемпірлер тартатын қара орамал тартып алыпты. Орамалының ұштары кеудешесінің ішіне жіберіліпті. Әйелдің қай жаста екені белгісіз, бірақ сықпытына қарағанда жас емес болуға тиіс. Бәлкім, әлі келіншек шығар? Егер аула тазалаушы Александра Тимофеевна көпті көрген кемпір болып шықса дұрыс болар еді, мейлі, тіпті қаусап-ақ тұрсын, әйтеуір көненің көзі болсын, бәрібір, тек жас болмаса екен деп ойлады, өйткені жас әйелдің Каретниковті түсінуі қиынға соғады. Қу жалғыздыққа, ұшықиырсыз шексіз кеңістікке, қазір бұл белшесінен батып, енді ешқашан оның шетіне жете алмайтынын ми батпақ, құла түзде жүргендей сезінеді. Әйелге жақындап келіп, тазалық сақшылары әдетте тротуардағы қарды жиекке күрейтін, ұшы фанер, ұзын сапты қырғыш құрастырып жатқанын көрді. Демек, жас әйел. Ұсталық жасау – ол әйелдің кәсібі емес, бұған салса көмектесіп жіберуге даяр, бірақ бір қырсығы, оның ұсталығы аула сыпырушы әйелден де көш төмен еді. – Сіздің аты-жөніңіз Александра Тимофеевна емес пе? – деп әйелге сұрақ қойған Каретников жағына қатқан мұзқырауды тырналады, тер қатып, өкпек жел бетін қарып барады. – Таңертеңнен бері солай едім, – деп барқыраған жуан дауыспен жауап қайтарған әйел, басын көтерді, – қазір де өзгермеген шығармын деп ойлаймын. Екі сөзінің бірінде «о» әрпіне ерекше екпін беріп сөйлейді екен, тіпті ол әріп жоқ сөздің өзінде де «о»-ны қосып айтады. Аула сыпырушы әйелдің теріскей жақтан, немесе Поволжьеден келгенін ұқты Каретников, өйткені тек сол аймақтарда ғана осылай сөйлейтін еді. Бірақ әйел әйтсе де, біршама жас екен. Орамалының астынан нұры таймаған, күнге де, соғысқа да, аязға да ұрынбаған өте шаңқан мөлдір
көз, осынау жуан дауысына ұяң да жасқаншақ жанары мүлде сәйкес емес. Жуан дауысы да, елден ерек даралап тұрған тұрпайылығы да – өзіндік арнайы қорғаныс, әншейін көз бояу, әйелге лайық емес, әлдебір сыртқы көрініс. Тағы да бөтен біреуді жан дүниесіне жақындатудан ол өлердей қорқады, өйткені ол былғап, таптап кете ме деп қаймығады, олай болған күнде әлгі қоқысты ешқандай қырғышпен қырнап кетіре алмайсың, ішкі жан күйзелісінен сескенеді, – соңғы жағдай Каретниковте өкініш сезімін тудырды, қайғыдан бәрі қорқады, ол кімді де болса қаусатып кетеді. Бірақ оған кейбіреулер, мәселен, үрейді бағындырғандай қарсы тұра алады да, өзін-өзі қамшылап тез шынығып бойын түзете қояды, ал енді басқа біреулері жүнжіп, мысалы, қазіргі Каретников сияқты тауы шағылып қалады. Ол тап-тар, темірдей қатты жағасы қылғындырып тұрғандай, тынысы бітіп, мойнын баяу ғана алдымен бір жаққа, сосын екінші жаққа бұрды. – Сізге, атап айтқанда не керек сонда? – деп сұраған қора сыпырушы Александра Тимофеевна, қалтасынан бір шегені суырып алып, дәл, өте епті соққымен күректің ағаш сабына шегені бойлата қағып жіберді. Қора сыпырушы әйелдің ұсталық кәсіпке аса икемсіз емес екенін Каретников аңғарып, бекер аяғанын білді. Көз қиығын енді сәл болмаса шатырды құлатып түсіруі мүмкін біршама қар үйіліп қалған үйдің шатырына тастады. Қора сыпырушы әйел Каретниковке үңіле қарап, мүсіркей көзін сығырайтты. Шамасы, Каретниковтің көзі тым мұңды, оғаш көрінсе керек, оның көзқарасымен көзін жарыстыра, иығын көтеріп қойды, шатырдағы қарды тазалауға жалғыз өзінің шамасы келмейді, тайып жығылады, тіпті мұршасы да жоқ, бұл қардың кезегі тек көктемде ғана келеді, күрегін автобус қорабының бүйіріне сүйеп қойды. – Бір кездері осында үшінші қабаттағы пәтерде Ирина Коробейникова тұрған еді. – Білемін. Шаршы баспалдақ алаңының оң жағында. – Қора сыпырушы әйел қалтасынан бір қорап «Норд» алып щықты – офицерлер шегетін папирос, тек паекта ғана болатын. Қорап шетінен шертіп бірнеше папиросты
шығарып, біреуін тістеп ерніне қыстырды, жастыққа тән жорта жасалған дөрекі қылығын, қиялшыл көзі әшкерелеп тұр еді. Әйел сіріңке шағып, шылым түтінін құшырлана ішіне тартты. Түтінді бұрқ еткізді де. – Коробейникова бұл өмірде жоқ енді. Ол сіздің кіміңіз болатын еді, – деді сазарып. Шынында да ол кімі? Былайша айтқанда, іс жүзінде, құжатына, паспортына келгенде? Басында әлдебір зырылдауықты шыр айналдырып қойғандай сезініп, көз алдын қызғылт, тұтқыр түтін торлап алды, – түтіннің арасынан сонау бір ит арқасы қияннан, бейнебір елес қуғандай қора сыпырушы әйелдің біртүрлі барқыраған: – Қарындасыңыз ба? Қалыңдығыңыз ба? Әйеліңіз бе? – деген даусы естілді. Осы дауыстан Каретников есін жиып, шылымның көк түтінін желпіп қуалай бастады. – Жоқ, қарындасым да, қалыңдығым да, әйелім де емес. – Аз кідіріп, Каретников. – Әйелім болуы әбден мүмкін еді, – деді. – Түсінікті, – деді аула сыпырушы әйел. – Қайғыңа ортақпын. Не қажет сізге? – Каретниковтің погонына қарады, бір сызық, төрт жұлдызша, – капитансыз ба? – Александра Тимофеевна, сіз сол пәтерден оны-мұны заттарды шығарды деседі... – Ештеңе шығарған жоқпын. – Каретниковтің сөзін оқыс бөліп жіберіп, орнынан ұшып түрегелді аула сыпырушы әйел, – менен сұрақ алатын сіз оның туысы да, милиция да емессіз. – Жуан дауысы онан бетер қатая түсіп, ұяң көзі шақшиып кетті. Каретников сонда ішінен, бәрін сыпырыпсиырып кететін деревнялық үйреншікті әдет, әрбір майысқан ескі шеге, кезінде әжетке жарайды... – деп ойлады. – Жауап алуға хақы барлар, тыныш қана отыр, ал сіз ғой мені тергеудің астына алдыңыз... Мә саған биязы мінез, мейірімді сөз төркіні, жәудіреген момын көздің сиқы, ал керек болса. – Тергеу жүргізіп жатқан мен жоқпын. – Каретников мейлінше жұмсақ, ақырын сөйлеуге тырысты. Оны
аула сыпырушы әйелдің түсінгені маңызды еді. Коробейниковтардың пәтерінен бұған ештеңенің керегі жоқ – мүліктің де, киім-кешектің де, оның бәрін мейлі осы бір құбылмалы әйел үсті-басына жапсырып алып, Нева проспектісінде қыдырып, ел көзіне түссін. Ештеңенің де керегі жоқ еді, әйтсе де Каретников со жолы оның шашының иісі сіңген әлдебір жылтырауық әшекей, не түйреуіш, немесе тарағын алып кетпегеніне өкінді, – екеуін өзара байланыстырып тұратын мейлі, ол бір дәнекер, егер керек десеңіз бойтұмар болсын. Алайда бойтұмар деген ол мүлде басқа нәрсе... – Тергеу ойымда да жоқ, Александра Тимофеевна. – Каретников бейнебір маңызды нәрсені есіне түсіргендей, қолын шинелінің қалтасына сұғып жіберіп, умаждалып қалған ақшаны шығарды да, аула тазалаушы әйелдің шөміштей алақанына сүңгітіп жіберді. Ішінен деревня әйелінің жіті қимылына өзінің алақанын мұның қолына қалай тез тосып үлгіргеніне қайран қалды. Аула тазалаушы әйел жанарының жайнап сала бергеніне қарап, әйелдің үдесінен шыққанын, мұндай мол ақша қора сыпырушының қолына түсе бермейтінін ұқты. – Соңымнан еріңіз, – деп салтанатты ырғақпен, зиялы қауымның бикелеріндей асқақ сөйлеген әйел, Каретников пен автобус қорабының арасындағы тар қуысқа бір қырынан кіріп, қоймасының есігін ашты да, Каретниковті ыммен шақырып, қолын бұлғады. Автобус қорабының ішінде қайың иісі аңқып тұр. Аракідік ұстараның жүзіндей айқыш-ұйқыш сәуле түскен сұрғылт қараңғылыққа сәл көзі үйреніп, қабырғаларға картиналар сияқты қаз-қатар тізіле қағылған бірнеше сыпырғыны көрді. Сыпырғылар шынында да қораптың қабырғаларына сән беріп тұр. Жылу шақырып және рахатқа бөлейтін көктемнің тағы бір күрделі қоспаның, мұрын қытықтаған хош иісі бұрқырайды. Көктемдегі жіпсіген қардың астынан жарып шыққан, сағағына тоң қатқан алғашқы бәйшешек, жерге жабысып қалған үсіген шөп, тоят жинаушылардың көзіне ілінбестен тасада қалған бүріскек саңырауқұлақ дәл осылай иістенсе керек.
Қора сыпырушы әйел үстелдің қасына барып шамды тұтатты, шамға қараған Каретников, алғаш айғайлап жіберуге шақ қалды. Ыдысқа қондырылған бұл Иринаның баяғы пілтесіне қатты ұқсайды екен. Бірақ мына әйелдің ыдысы Иринаның ыдысынан әйтсе де бөлек еді. Каретниковтің есінде қалғаны, Иринаның ыдысы – ескі қырлы стақан болатын, ал қора сыпырушы әйелдікі – аурухананың немесе аптеканың арнайы шағын шыны ыдысы. Үстелдің астын ақтарып, әлгі әйел бірнеше раманы алып шықты, әрқайсысының бетін кеудешесіне жеңімен сүртіп, Каретниковтің алдына тізіп қойды. – Бары осы ғана. Бұл – сапалы да, ешбір зақым тимеген, жақсы суреттер еді, шеткісі Ирина. Каретников еріксіз ернін тістеді, кәдімгі сол тірі кезіндегідей Иринаның үстіндегі көйлегі де сондағы көйлек, сол түнгі – аппақ жолақ жүгірткен, үлбіреген жұқа матадан тігілген көйлегі, көзқарасы алаңсыз, алаңсыздығы соншалық, Каретников еріксіз мынадай тұжырымға келді: сурет көктемде түсірілген. Адамның келбеті дәл бүйтіп, тек көктемде ғана, түрлене түлеу, жаңғырығып жандану кезеңінде ғана осылайша құлпырады. – Егер қаласаңыз, алыңыз, – деді әйел. – Иә-нә, әрине. Мына бір суретті. – Каретников үстелден Иринаның суреті бар раманы алды. – Әрине, егер мүмкін болса... Дауысында біртүрлі аянышты діріл пайда болды, егер суретті бермесе мына капитан, тіпті тізерлей кетуден тайынбас, сірә, деп тұжырымдаған ол іштей бір күңк етіп, шөміштей алақанын тоса қойғысы келіп бір оқталды да, бірақ біреудің басына түскен қайғысынан пайда табу әбестік, күнә деген ой келіп, жүзін тез суыта қойды. – Алуға бола ма? – деп қайта сұрады Каретников. – Неге болмайды? – Ғафу етіңіз... сіз білмейсіз бе, оның қалай... – Ол Иринаның суретіне қарап, беті бір уыс болып кішірейіп кетті. – Сіз оның қалай жантәсілім еткенін білмейсіз бе? – Білмеймін. – Қора сыпырушы әйел орамалын милығына түсіре тартып мұрнына шейін төмен түсіріп еді,
көзі көлеңкенің тасасында қалып, кескіні бірден қартайып шыға келді. – Жалғыз-ақ білетінім, пәтерге азық-түлік тарататындар келгенде, оның кеудесінде жаны жоқ екен. – Қора сыпырушы әйел саусағын суретке апарып, тырнағымен әйнекті шертті. Каретников қынжыла бетін тыжырайтты. Себебі оған осы шертулер Иринаның жанына батып, ауыртып жатқандай әсер еткен еді. Әйел оның бұл бет құбылысын өзінше түсінді. – Сондай жауынгер отрядтар болған. Олар Жданов айтқандай қамқор отрядтар. Олар көп балаларды өлімнен құтқарып қалды, – деп қосты аула сыпырушы әйел, – балаларға бәрінен де ауыр соқты ғой. «Ал үлкендерге оңай тиді ме?» – оқыс ойлаған Каретников иегінің кемсеңдеп, қисайып бара жатқанын сезіп, әйелге асығыс басын изеп, автобус қорабынан тез шығып кетті. Әйелдің мұның артынан ілесе шығып, есіктің ілгешегіне құлып салып, кілт шылдырлатқанын естіді. – «Сау болыңыз, капитан», – аула тазалаушы әйел соңынан қуалай айғай салып еді, оның жаңғырыққан дауысынан, жақын тұстағы ағаштың басынан бір уыс қар сусып, жерге шашырады. Каретников Васильев аралында сенделіп ұзақ жүрді, әлдебір скамейкаларға, ағаштың түбіндегі қар үйіндісінен тікелей өсіп шыққан қоқыс жәшіктерге барып тірелді. Көз нұры таймаған, қырандай қырағы жігіт бетін тыжырайтып, жасты жанарын сығырайтты, ол майданда ешқашан шалыс кеткен емес, пистолет, винтовка, ППШ-ның қай-қайсысынан да көздегенін мүлт жібермейтін. Қалай дегенімен соңғы екі сағаттың ішінде Каретников күрт қартайып шыға келді. Қасірет қалдырған таңба болса керек, самайы бірден ағарып кетіпті. Мынау өмірде бұл кім – қарыз беруші ме, жоқ әлде қарыз алушы ма? Өзі біреуге төлей ме, немесе басқаға қарыз бере ме? Жақындағы басқа біреулер соғыста жантәсілім еткенде, өзінің тірі қалғанын немен өтей алады? Тамағына қап-қатты бірдеңе тірелді, енді болмаса біржола тұншықтырып тастауы ықтимал, ішкі сарайында нөсер толассыз құйып тұрғандай, – ол тіпті жаңбыр да емес, ол өзінің ащы көз жасы еді.
Соншама үңірейген, көрдей азынаған бос дүние, жалғыздық, осы қап-қараңғы қара түнекте біржола тұншығып қалуың да мүмкін. Жазылмайтын кейбір жаралар болады, – оларды емдеу де мүмкін емес. Бір кездері Шура Парфенов ағайдың қоршаудағы бір әйел, тырнақтың ізінен қолына түскен жарадан өліп кетіпті дегені бар-ды. Қоршаудағы ашаршылық кезінде денеге жара түсуден аулақ қылсын, майдандағы, Ленинград шебіндегі жауынгерлер, қаладағы тұрғындардан гөрі мықтырақ болады, окоп паегы дегенмен үзілмейтін, ал қалада ол жоқ еді, сондықтан тырнақтың ізінің өзі аш адамның түбіне жетті. Апталап, айлап жұрт қанаған жерлерін дәкемен, иә шүберекпен таңып алып, тырнақтың ізіндей болмашы жараның мұншама көп уақыт жазылмағаны қалай, деп іштей қайрай қалады. Ал сөйтсе онымен күресуге организмнің қуаты жетпейді екен. Каретниковтің да дәл қазір тырнақтың ізінен, екпіннің әсерінен, біреудің оспадар қимылынан жан тапсыруы әбден мүмкін еді. Жүрегі аузынан шығып кетердей кеудесінде алас ұрып жүр, ұясына қайта түскенде ғана тағат табатын сияқты. Ол қар басқан қайсыбір скамейканың шетіне ілініп, қисайып отыра кетіп, ештеңе көрмеген күйі қарсы алдына қарады, тіпті ештеңені – теп-тегіс қар көрпенің астындағы Неваны да, мұзға отырып қалған дәрменсіз кемені де, лейтенант Шмидттің көпіріне қарай аялдаған ұзын пальтолы бүкірейген кемпірді де, арғы жақ беттегі зауыттың буалдыр бейнесін де байқамады. Содан соң сурет салынған раманы тізесіне қойды. Иегі өзінен-өзі кемсеңдеп қоя беріп еді, ол раманы сонау кездегі бір бөлке нанды жасырғандай қолтығына сұға қойды. Күйіктен тіршілік атаулы тоқтап қалмайды, мұның алдағы ғұмыры сияқты, әрмен қарай жалғаса береді. Каретников саусағымен шекесін уқалап, аула тазартушы әйелден Ирина Коробейникованың зиратын сұрамағанына өкінді. Алайда әйел оны біле қояр деймісің, Иринаның қайда, қай зиратқа жерленгенін, ең алдымен аудандық комсомол комитеті білсе керек, өйткені қамқор-отрядтар жасағы комсомолдардан құрылған еді ғой. Олар арнайы күнделік жүргізіп, тұп-тура майдандағыдай хабарламалар, рапорттар
жеткізіп, мәліметтер жасаған. Міндетті түрде онда әйтеуір бір белгі қалған болуы керек. Көз қиығын солға бұрып, таза алтыннан жасалған әсем істік түйреуішке қарады. Түйреуіш аспанды ортасынан тесіп өткен. Адмиралтейство сүмбісі. Ал сонда, қырық екінші жылы, ол күңгірт, елеусіз еді, көз қуантпайтын – сүмбіге онда құндақ қап кигізілген болатын. Бүркеніштің енді түкке де керегі жоқ болған соң, қазір ол құндақ қапты шешіп тастапты. Әскери киімге деген бұрынғы әуестіктің де күні өтіп бара жатыр. Соған байланысты соғыстың зардабы да ұмытыла түсіп, қит етсе қаруға жармасатын қызу мінез де, шаңтопырақтың үстіне аялдай кететін соғыстағы үйреншікті әдет те, қараниет біреулердің жерді тапап-жаныштауға деген құмарлығы да бәсеңсіп қалды, солардың бәрін құстардың үні, зиратқа емес, қыздарға арналған гүлдер, гүлден өрілген дестелер (алайда екеуі де бірдей керек, бірақ соғыс кезінде гүлді көбіне зиратқа қоятын да, қыздарға мүлде сыйламайтын, сирек жағдайда болмаса) алмастыруға тиіс және алмастырады да. Ол кенет өз кеудесінің сырылын естіді. Ирина енді жоқ! Ол жоқ, ал өмір итің жалғасып жатыр. Жалғасып жатыр, сай-та-ан алғыыр. Онысы қалай, а? Жалғасуға хақы бар ма? – «Хақысы бар, Каретников, хақысы бар. Ойсыратқан осынау шығынға қарамастан. Кез келген шығынның, мейлі, ол қандай орасан болмасын, міндетті түрде орны толады». Скамейкадан тұрып, Каретников аудандық комсомол комитетіне карай ілбіп кете барды. Аудандық комитеттің қазір Васильев аралының қай көшесіне, қай үйіне орналасқанын бұл білмейтін еді, алайда Ирина Коробейникованың қайда жерленгенін сондағылардың айтып беретініне титтей де күмән келтірген жоқ. Сол зиратқа барып, міндетті түрде Иринаның басына гүл қояды. Сонда, зират басында, мұны біржолата қыспаққа алатын болса, өзіне-өзі тыйым салмайды – міндетті түрде көз жасына ерік беріп, еңірей жылап, мауқын басады.
ҮЙРЕНШІКТІ ОҚИҒА Павел Гуровты әйелі тастап кетті. Жаңа салынып жатқан темір жол маңындағы тайгадағы меңіреу деревнядан, ырғай, жеміс-жидек пен саңырауқұлақ теруден, зәрлі кенеден сақтанудан әбден мезі болып, қолы бостықтан жалыққан ол Павелге тілдей хат жазып, үстелдің үстіне қалдырды да, үстін бүлдірген квасына толған қыш кіреңкемен бастырып, өзі жол машинасымен аудан орталығы Чегдомынға тартып отырды. Тайгалық күре жолмен Чегдомыннан қырық минуттай жерде – ұлы БАМ-ның өзі, Ургал стансасы бар. Чегдомыннан ұшаққа мінді де, тіке Хабаровскіге ұшты. Онда мұның стюардесса болып істейтін ең жақын құрбысы Люська тұратын. Люська өзінің дүркін-дүркін жолдаған хаттарында Нина Гурованы қасына шақырып, «меңіреу түкпірден астанаға, думанды да даңқты қала Хабаровскіге» көшіп келуге үгіттеуден жалықпайтын еді. Өзінің осындай сұлулығын түкпірдегі тайгада, «топас байы Гуровтың» қасында қор қылып жүргеніне Нинаны әрдайым жазғыра беретін (Люськаны Павелдің суқаны сүймейтін еді, бұл да есесін жіберместен әр жолы орайын тауып өз кезегінде Павелді шымшып алудың ретін келтіретін), мұны стюардессалық қызметке орналастыруға уәдесін берген – ол дегенің нағыз өмір, тынымсыз қыдырыс, әрдайым көпшіліктің ортасындасың, жоғары мәдениет, зиялы қауым, сән мен салтанат, сымбатты да мұнтаздай еркектер, шетелдік туристер, иллюминаторлардағы музыка мен көкшіл аспан – өмір емес, нағыз пейіш, ғажайып ертегінің өзі деп азғырды.
Қысқасы, Нина Гурова одан әрі шыдай алмады, кетуге біржола бел байлап, ең жоғарғы категориямен жабдықталатын Ургалдың дүкенінен алған бар жақсы киімдерін, негізінен шетелдік бұйымдарын чемоданына салып, жайғастырды да кетіп отырды. Павел Гуров су ұңғымаларын бұрғылайтын бригадада мастер болып істейтін еді, кейде жұмыс бабымен тайгада, трассаларда, БАМ-ның болашақ станциялары мен қалалары салынатын орындарда апталап қалып қоятын кездері де бола береді. Осында қоныс тебетін халық әртүрлі ауру тарататын сасыған шалшық суды, мұзды қолданбайды ғой. Сондықтан оларды артезиан құдығының таза да тәтті суымен қамтамасыз ету керек. Міне, сол себепті Павел күндіз-түні аянбай тер төгіп жатты. Тек жұмысбастылықтан ғана үйінде сирек болатын еді. Сондықтан да әйеліне лайықты ықпал жасауға мүмкіндігі болмады. Нина даңғыл сүрлеуден, үйреншікті түзу жолдан әлдебір романтикалық сағым соқпаққа түсіп, тәтті өмір көксеп Павелді жалғыз тастап кетті. Гуров бұл оқиға жөнінде мүлде хабарсыз еді. Нина Чегдомынға жүретін жол машинасын тосып тұрған кезде, Павел болса асау өзен қанқызыл Бираның жағасымен өзінің бұрғылау алаңына қарай тіке тартып бара жатқанды. Ол ұзын да ашаң жігіт еді, қарамай жаққандай желкесі қоп-қоңыр, тайганың күні өткір, аямай күйдіреді, кейін оны ешқандай ыстық су кетіре алмайды. Беті де аракідік қабығы көшкен ағаштай теңбілдене қарауытып кеткен, ал содан соң кірпіктері ақшыл, тотығып-торыққан көк көзі мұңая сығыраяды. Аузы – орақтай, езуінде жайдары күлкі. Қысқасы, Павел Гуров кәдімгі қарапайым ғана жан еді. Көптің бірі, әлемді, осынау жаһанды ұстап тұрған да осылар. Гуров ешқашан мансап қуған емес, әйтсе де қазіргі қарапайым да тынымсыз жұмысынан гөрі әлдеқайда жоғары қызметке бірнеше рет шақырғанда үзілді-кесілді бас тартқан, ол бүгінгі күнімен ғана тіршілік ететін жан еді, ертеңін ойлап ешқашан дүние жиған емес, өзіндік қуанышы да санаулы ғана болатын. Соның бірі – Нина еді. Гуров кейде палаткада жатып, әйелін түсінде көретін, сонда ол қалшылдап-дірілдеп, жағы қарысқандай тістеніп алатын да,
түсініксіз бірдеңелерді міңгірлеп тісінің арасынан әлдебір сөздерді күшеніп, жаныштап шығарады, әйелін, оның бұл төңірекке тән емес, өзгеше сұлулығын сағынып, таңғы шықтай мұздай терге малшынып оянады да, не болғанын білместен сілекей аққан көнтек еріндерін көпке шейін, ұйқысы ашылғанша дамылсыз тістелеп жатады. Нинадан күндердің күнінде айрылып қаламын-ау деген ойдан төбе шашы тік тұрады, құдай оның бетін аулақ қылсын... Көз алдында электр сәулелері ойнап, түн қараңғысында біресе жарқылдай түсіп, біресе мүлде сөніп қалады. Сонда ол жүрегін сыздатқан әлдебір ыстық сағыныштан, өзегін өртеген өзгеше қызғаныштан қинала тыжырынып, қатты бір күрсініп қояды. Бүгінгі таң ерекше, ніл де, буалдыр түтін де, шық та жоқ, көздің жасындай мөп-мөлдір еді, яғни күн ыстық болады деген сөз, Бираның сарқырамасында хариус пен ленка атты балықтар асыр салып, су бетінде шоршиды. Хариустың не екені – түсінікті, ал леноктың не екенін жұрттың бәрі біле бермейді. Бұл да сол хариустың дәл өзі, тек онан гөрі сәл ірілеу, еті тәттірек келеді, жота жоны қалың, сеп-семіз, маңдайы кере қарыс, үсті-басын тұтас қып-қызыл теңбіл дақтар басқан, тоқмейіл көзі дән риза, жемді қуана, бірден бас салып қабады, күндіз ұйықтап, түнде қарақшылық жасайды. Ызыңдаған маса үсті-басыңды талғамай талап, ал табақтағы уыздай дөңгеленген кіршіксіз ай тура төбеңнен төнгенде, судың бетіне аспандағы шылапшыннан көгілдір тығыз сәуле төгіп тұрғандай, жаздың осындай қапырық түндері Гуров көбіне балық ұстаушы еді. Осы түнгі нұрға боялған өзен де, тайга да – жұмбақ, тылсым сиқырлы перідей, ал судың ішінен, орманның қалыңынан жасыл жанарлар кісіге ұрлана көз салып, жыпылық қағады, еліктіре өзіне шақырады. Мұндай түндері ленок «тышқанды» – жүннен иіріп жасалған аса мамық, басы қамыс ойыншық тышқанды жақсы қабады. «Тышқанды» судың таяздау тұсынан домалатып жіберуің мұң екен, көгілдір ай сәулесіне шағылысып расында да кәдімгі орман тышқаны жүзіп бара жатқандай көрінеді, ленок алданып қалып, тәтті желіге қомағайлана тарпа бас салады, сөйтсе онда жасырын қармақ бар екен. Леноктың ірі
болатыны соншалық, кейде бөлшектеп кескеннің өзінде, еті шелекке сыймай қалады. Бираны тағы да таймень балығы мекендейді, – өзен торайы, жас-кәрісіне қарамай қашан да еті жұмсақ, әрі семіз келеді – ілгекке желбезегінен салбыратып іліп қойсаң – құйрығынан майы тамшылап тұрады. Өз етін өз майына қуыра беруге болады, оған ешқандай қосымша май салудың қажеті жоқ. Таймень – «шайтанды» – жұмсақ сымға жасырын қармақтарды шебер тізіп өрген қорғасын өрмені жақсы қабады. Қысқасы, Гуров тайганың алаңсыз тіршілігін, осындағы көл-көсір еркіндігін сүйеді – осынау тайга өмірі бұл үшін қаланың шулы тіршілігінен әлдеқайда ыстық еді, оның түтіндеген ауасының тарлығы, табан тоздыратын асфальті, абыр-сабыр автобусы мен қарақұрым дүкені, арқа-басыңды жазатын бірде-бір кеңістік жоқ, іргедегі үйлердің бірінің шатырынан басына байқаусызда кірпіш құлап түспейтіні және дүдәмал, (әрине, ерсілік, бірақ Гуровтың басына дәл осы ерсі ой жиі түсетін еді) оның үстіне қаланың ішінде – тайгадағыдай – кеудеңді керіп ешқашан еркін тыныстай алмайсың. Алайда әркімнің талғамы әртүрлі, біреуге – қала, енді біреуге – тайга ұнайды. ...Жағаның суы кенеттен шолп ете қалып, Гуровтың бетіне сынаптай қатты, ірі-ірі тамшылар шашырады. Бираның тыптынық тереңіне үлкен, ұзындығы бір метрдей, әбжіл, күміс қара бүйірлерін жаппай ашық түсті бүлдірген теңбілдер басқан балық – ленка сүңги жөнелді. Ал дәлірек айтсақ, аналық ленка, құжынап жүрген балық үйірінің қожасы. Қап, сайтан алғыр-ай, – деп кейіді Гуров күтпеген тосын жағдайға өкініп, сөйтті де кілт тоқтай қалды. Кез келген балықшыға тән әдет бойынша олжаны көрген кезде жүрегі ұясынан шығып кетердей, атша тулап қоя берді, тынысы бітеліп, алып-ұшып дүрсілдей берді. Осы дүрсіл басылмайынша, тағатың қашып, ілгері аттап басуға шамаң келмейді. Гуровтың бригадасы өте күрделі, бейнеті көп аса нәзік істің үстінде еді, күні бүгінге шейін жұмыс істеп келген, қазір
жер асты қопарылысынан бітеліп қалған ұңғымаға еңкіш деп аталатын басқа, екінші ұңғыма қазып, бұрынғысына дәлмедәл түйістіруге тырысуда. Бұл жағдайда еңкіш ұңғыманы бұрғылау қараңғыда инеге жіп сабақтағанмен бірдей, аса дәл есеп керек, бір миллиметр мүлт жіберсең – бітті дей бер, жұмыстың бәрі зая кеткені, еңкіш ұңғыма негізгі ұңғымадан қиыс кетеді. Өз жүрегінің дүрсілін шамалы басыңқырап және Бираның мөлдір суына қайта-қайта бұрылып қараған күйі ол ілгері жүріп кетті, ал енді қайта алға көз салған кезде, жағалаудағы балшық үйіндісінің ар жағынан бойы тапал, тыриған, бала сияқты – кісі күлерлік, үнемі масаға таланып жүретін Гвоздиковті көрді. Жұмысшылар әулетінен шыққан байырғы жұмысшы екеніне қарамастан Гвоздиковтің қолы тым кішкентай еді, ол ұшып бара жатқан масаны қағып алғанда, жұдырығының бір шетінен масаның басы шығып тұрады, ал төменгі жағынан – ұп-ұзын, икемсіз, Гвоздиковтың дәлелі бойынша, – тізесі қисық, шегіртке аяқтар салбырайды. Гвоздиков бригададағы қайдағы жоқты ойлап табудың атышулы шебері еді, күлше нандай иілген тарамыс еңкіш арқасынан, қушық иығынан тек құлақтары ғана қалқайып тұратын жұдырықтай басына қарағанда, Гвоздиков қазір де кезекті бір нәрсені ойлап тапқан сияқты. Гуровтың көзі өткір, бұл жерде оны алдап соға алмайсың. Ол адымын қысқартып, аяғының ұшымен ақырын басып, табанының астындағы бірде-бір бұтақты сындырмайтын, бірде-бір шөпті сусылдатпайтындай етіп аңшының епті жүрісімен ілгері қарай жорта жөнелді. Гвоздиков дөң үстіндегі күйбеңін аяқтап, өзенді қуалаған соқпақ жолмен кейін бұрылмастан, тайганың құмырсқасы секілді тез жоғары өрмелеп кете барды да, бір минуттан кейін қалың самырсынның арасына сіңіп кетті. Гуров солай таман жақындап келді де, мына көрініске іштей қынжылып, аңырып тұрып қалды, күйініші ызаға, сосын таңдануға, адам өз көзіне өзі сенбегенде болатын сезімнің әлдебір күрделі қалтарыстарына алмасты, – жағалаудағы жырада қан-қызыл нән кесек балшықты опырып құлатып, ақырын айналған «балық қанаты» қылтияды – атамзаманғы
бұрғы, бірақ борпылдақ жыныстарды, саз балшықты, сусыма топырақты бұрғылауға әбден жарамды. Бұрғының қанаты күнге шағылысып, маужыраған шыбындай бір қалыпта, бір сарында ызыңдап тұр, – соны көргенде Гуровтың жүрегі су ете қалды. Қисық кетіп, негізгі ұңғымаға дәл түспеген, демек, инеге жіпті сабақтай алмағандары, қап, әттегенай. Бірақ келесі минутта өкінішін әлдебір қисынсыз да қолайсыз таңданыс басып тастады – целлофан қапшыққа аузы ашылмаған бір чекушка арақ пен селедканы мұқият орап, бұрғының құйрығына мыс сыммен байлап қойыпты. – Бұл қалай болды, а? – деп міңгірледі ол сырқат адамдай әлсіз дауыспен. – Бүкіл жұмыстың бәрі зая кетті ғой. Қ-қалай болды, а? – күйіне басын шайқады. Бұл қателікте бригада кінәлі емес, басқалар – азимутын есептеп сызғандар, қиғаш ұңғыманың бағытын белгілегендер айыпты. – Қап, әттеген-ай. – Гуров қолының қырымен ауаны осып-осып жіберді. Бірақ амал нешік – жазмышқа көнуге тура келеді. Гвоздиков ше, Гвоздиковті – қар-рашы? Сәтсіздіктің өзін күлкіге айналдырып отыр. Жалпы, Гвоздиковтың қазіргі ойыны да, бұрынғыларының бәрі де іштей дәл есепке құрылған. Мәселен, қазіргі жағдайды алайық, таңертең мастер келісімен бұрғышылар жүзі мұқалған ескі бұрғыларын жаңасына алмастыру үшін құралдарын тексертеді – міне, қазір де, Гуровтың қарасы алаңда көрінуі-ақ мұң екен, бригадир бірден мынадай бұйрық береді. «Жұмысты тоқтатып, – бұрғыны жерге қойыңдар», – сол бойда зорыққан дизель, арқасынан жүк түскен жауыр ат сияқты қуана кісінеп қоя береді – атасы темір болғанмен, бұған да тыным керек. Міне, енді қырық минуттан кейін бұрғыны кейін шығарып алғанда, бүкіл бригада, жер асты тәңірісінің бұларға қандай сый жібергенін өз көздерімен көріп, ашығын айтқанда, естерінен танып, талып түседі. Өйткені Гуров лен Гвоздиков екеуінен басқа ешкім де азимуттан жаңылысқандарын, түнгі бұрғылау бітеу скважинаның жанынан қиғаш кетіп, бір кесек жаға
балшығын опырып тастап, сыртқа бос шыққанын әзірше білмейді. Әдетте Гуровтың әзіл-қалжыңға икемі жоқ болатын, тумысынан мінезіне жат нәрсе, бірақ дәл осы жерде сайтан түрткендей, Гуров оқыс мырс ете қалды, мұқият қырынғанқырынбағанын тексергендей саусағымен иегін сипады да, көзінің алдына қоңырқай әжімдер жинап алды. Бригаданың титықтағанын ойлап «һм» деп күрсініп қойды, жұрттың бәрін маса талап, жегідей жеп барады, оқша зулаған бөгелектер оқ тигендей қан қақсатады, – бөгелек-сонадан тіпті тайганың қожасы аюлар да өзенге қашып, құлағына шейін суға сіңіп кетеді, судың ішінде отырған аюдың, тек көзі мен тұмсығы ғана қылтиып тұрады, тайгалық жәндіктер талап тастамауы үшін бетін алақанымен көлегейлеп, амалсыздан танауын шуылдата дем алады, қысқасы, бригада жұмыстан, масадан, тайгадан қажып, мезі болды, шындығында оған рухани бір серпіліс керек еді. Бірақ қандай? Бәлкім, расында да, әлгі Гвоздиков ұсынғандай шығар, а? Бұрғы біртүрлі тұтқыр дыбыспен шықырлап, пысылдай айналып жатыр, онымен қоса айналған чекушканың бүйірі жалт-жұлт етіп, шабақ оралған целлофан қапшық күнге қызара шағылысады. Чекушка шабақ чекушка – шабақ, чекушка – шабақ және шықыр аралас іркіс-тіркіс ысылдаған дыбыс. – Мәссаған, – бұл жолы Гуров қатты «хм» – деді де борпылдақ балшық топырақтың арасынан қылтиып шығып тұрған бұрғыға қайта-қайта бұрылып қараған күйі қыпқызыл дөңесті өрлей жоғары кетті. Ал сол тұста тайгалық дымқыл соқпақпен, кенелер жабысқан самырсынның, жыландар жайлаған папоротниктердің ну бұтақтарының арасымен жиырма минуттық жаяу жүрістен кейін – бұрғылау алаңына да жетіп келесің. Биыл кене өте көп, әрине, бұл басыңа кірпіш түскенмен, немесе ашық күні күн күркірегенмен бірдей, солардың ішінде улылары да ұшырасып қалады. Жыл сайын БАМ-ның құрылысшыларына егу жүргізуге тиіс – дәрігерлер МИ-8 бен бригададан бригаданы, поселкадан поселканы аралап шығады, алайда, әрі кеткенде екі жердің
тұрғындарын егіп үлгіреді, уколдарын алып энцифалитчик – дәрігерлер жолға шықты деген хабар үнемі вертолеттің өзінен бұрын жетіп үлгіреді. МИ-8 сонда басқа бригадаға ұшса, ал мұндағы жігіттер дәрігерлер түсіп үлгермей жатып, естері шыққаннан бульдозерлерін «магирустарды» – шетелдік қуатты жүк машиналарын, жол салатын арнайы көліктерді тастай-тастай салып, жол-жөнекей кездескен шарбақтарды, жеміс-жидектерді таптап, бұзып-жарып тайганың жықпылына тым-тырақай қашады. Шалбарын шешіп, бесінші нүктесін инеге тосуға кімнің зауқы соғады? Ешкімнің зауқы соқпайтыны айдан анық... Мейлің шаншы, мейлің шаншыма, егер улы кене шақса, бәрібір укол жаныңды сақтап қала алмайды. Былтыр бір жайсыз оқиға болды... Жол монтерлері бригадирінің әйелі тамыз айында, қарақат шырынынан сібірлік қол шарабын ашытып қою үшін, жеміс теруге шығады да улы кенеге тап болады. Ойпырмай, оған қалай ғана ұшырады екен? Гуров, мәселен, балық аулауға барғанда, үстінен жиырмалап, отыздап кене ұстайды, бірақ әлі күнге бір улысы кездескен емес, шамасы, пешенесіне солай жазған шығар. Қысқасы, әйел ауырып қалады. Ешқандай дәрі-дәрмек, май-микстура көмектеспейді. Күйеуі оны Хабаровскіге апарады, онда да медицина дәрменсіз болып шығады. Бір жолы ері жұмысына кетеді, бұлардың жол салатын машиналары арқалық қалашықтан едәуір ұзап кеткен еді де, участокқа моториспен – қуатты, гүрілі құлақ тұндыратын дрезинамен жетуге тура келеді. Жалғыздықты көтере алмаған әйел капрон шұлығын кереуеттің жақтауынан өткізіп, сол тұзаққа басын сұғады... Гуров аһ ұрып, қатты бір күрсінді де, мұндай жағдайдың беті аулақ, құдай ешкімнің басына салмасын. Тіпті күннің өзі түнеріп, бұлыңғыр тартып кетті, ұзаққа созылатын сасық жаңбыр басталар алдында тайганың үстін көтерем түтін торлап алатын әдеті-тін. Ол алаңға жетер-жетпестен, бригадирдің мінбесіне шыққан Гвоздиков шіңкілдей әндетіп қоя берді. – Павел Андреевич жолдас. Минутына шейін дәл келдіңіз, сізге қарап сағатты тексерсең де болады. Кремль курантымен
дәлме-дәл. Павел Андреевич, инструментті қолға алатын мезгіл де болды. Мен бригадирдің орнында қалдым, оны Чегдомын шақырып, рацияға кетті, міне, командирлік билік енді менің қолыма тиді. Кірісу керек, әйткенмен бұрғы мұқалып, ұшы қайырылып-ақ қалған шығар... а? «Сірә, сөйте қойған шығар-ау» – деп кекете ойлаған Гуров, төменнен жоғары қарай алақанын сермеп қалды» жарайды, баста ендеше. Дизельдің үні күрт жіңішкеріп кетті – ұшына «балық қанаты» бекітілген километрлік ұзыннан-ұзақ мұржаларды бұрғышылар жерден қазып шығарып жатқан еді. – Пал Андреич, – дауыс, маса кірмесін деп арнайы дәке тұтқан, түссіз сұйықтың өткір иісі сіңіп қалған тақтай кепенің есігі жақтан естілді. Дәке бір шетке қарай ысырылып, Гуров саңылаудан табақшадай дөңгелек бетті, орақ мұрынды, қысық көзі көгілдір от шашқан, сақал-мұртсыз, көсе, қысқа шаштары тікендей тікірейген бұжыр қара кісіні көрді. Бригадир нанай еді. – Ау, Пал Андреич, бермен келші, жаңа радиохабар келіп түсті, көңіліңді көншіте қоймайтын суық хабар... Мынау жарық дүниеге көпе-көрінеу тас атқанмен бірдей. – Ол қандай радиохабар? – Ештеңе ұқпастан, айғайлай сұрады Гуров, бетіне қонған масаларды қуалап тұрып. – Айта бер! – деді. – Хош... – бригадир бетін тыржитты. Басы салбырап түсіп кетті. – Жаман хабар, – оның жарықшақтанып шыққан күйінішті даусынан Гуров бірден тіксініп қалды. Бері жақындасаңшы. – Не болып қалды? Қиғаш скважинаны қазуда мүлт кетті – бұл бір жаманат, шынымен-ақ екіншісі де оған қосақтасып келгені ме? Жұт жеті ағайынды деп бекер айтпайды екен ғой, қырсық бір айналдырса шыр айналдырады екен. Тірсегінің майысып, құлағында мазасыз шегіртке шырылдай бастағанын сезген Гуров, тақтай үйшікке қарай тәлтіректей беттеді де, қолымен дәкені бір шетке ысырып тастап, үстінде рация тұрған жуан кеспелтектерден жасалған сүйегі берік үстелге төтесінен қиып өтті.
– Ия. – Жаманат, Пал Андреич, – деген бригадир көк көзін қайта жарқ еткізді, ал Гуров аяқ астынан шаршап (таңғы уақыт екеніне қарамастан, әлі жұмысқа да кірісе қоймағанмен, әйтсе де ол қалжырап қалған еді), бригадирдің көзі неге көк? Ол нанай ғой, нанайлықтардың көзі қоңыр болмаушы ма еді? – деп ойлады. – Чегдомыннан былай деп хабарлады, сенің әйелің, Нина, яғни заттарын буып-түйіп, әуежайға тартыпты. Онда, яғни ұшаққа билет алып, жаңа ғана Хабаровскіге ұшыпты. – Бригадир жейдесінің жеңін түріп, тырнағымен сағатының әйнегін тықылдатты. – Қазір әуеде кетіп бара жатыр. Бетін жайлап қисайтып жіберген Гуров, құлап кетпес үшін орындыққа ақырындап отыра кетті, тамағына тіреліп қалған жасты ірку үшін бе, жоқ әлде қап-қатты, ыңғайсыз бір кедергіні жұтып қою үшін бе екен, ол жағы белгісіз, жұтқыншағын күйгелектене бүлкілдетіп жіберді. Саусақтарын тас қып айқастырып, бар күшімен жұлқып қалды, беті қисайған қалпында бедірейіп қатып қалыпты. Әлпеті бейнебір ағаштан жонғандай, қара мыстан құйғандай, жарық дүниеге осылай келген сияқты... Безгек тигендей бригадир иығын қиқаң еткізіп, кібіртіктей басып есікке қарай беттеп, дәкеге қолын апара бергені сол еді, Гуров оны кілт тоқтатты. – Тоқтай тұр. С-сәл қасымда бола тұршы. Ә-әйтпесе жалғыз қалуға қорқып тұрмын. Жарай ма? Үнсіз басын изеген бригадир есік жақтағы орындыққа отырып, басын төмен салды да, еденге үңіліп қарай бастады. – Б-бұл қалай болды, а? – Гуров ақырын ғана өзіне-өзі сұрақ қойды. – Қ-қалайша? Ағаш үйдің су жаңа қабырғалары қарақаттай көз жасынан бұлдырай түсіп, бір шетке қарай ығыса жөнелді, сосын жоғары көтеріліп, төңкеріліп кетті – ағаш үйшікке кірген ерке самал ауаны ұршықша иіргендей, үстелдің үстіндегі қағаздар желге ұшып, еденге шашылды, тамағын қылғындырғандай тынысы тарылып барады, осы бір қыл бұрауға қарсы күресуге дәрмені жоқ, оны қырқып та, үзіп те тастай алмайсың, міне, сор қайда жатыр...
«Жасыма, өзіңе-өзің берік бол... Сен еркексің ғой», – деп бір байсалды дауыс ақыл айтып еді, бірақ Гуров оған құлақ асқан жоқ, тілімен ерніндегі біртүрлі кермек, жылымшы татыған ылғалды жалаған күйі көзін тарс жұмды, тер дейтін – тер емес, жас дейтін – жас емес, әйтеуір бір қойыртпақ нәрсе. Ағаш үйдің қабырғалары тұнбаның арасына сіңіп, көктемгі сел шайып кеткендей жым-жылас болды. Ол осылайша, бұрғылау алаңынан шыққан айғайды естіместен, бір сағаттай мелшиіп отырды. Ал онда жер асты құдайының жолдаған сыйын сыртқа шығарып жатқан еді, екі құлағы тас бітіп, ештеңе көрмеген күйі – талықсып кетіп, суға кеткен шалажансар адамдай меңіреу күйге енді. Үзіліп кетіп, тынши қалғандай. Үйіне келісімен, Гуров бүлдірген квасы құйылған кіреңкемен бастырып қойған хатты оқыды да, терең күрсініп еді, көкірегі мұздап қоя берді, үйдің іші тап-тұйнақтай, таза да жинақы екенін аңғарды, – тазалық пен тәртіп орнатуда Нина алдына жан салмайтын-ды, енді қараса, үйдің іші қаңырап, қасқырдың апанындай мүлде азынап кеткен. Отыра қалып, қасқырша ұлысаң да ықтиярың. Гуров өзін-өзі жұртта қалғандай сезінді. Қайғының қара құсы қанатымен қаусырып алғандай. Ал енді іргеде, тіпті жақын тұста қайнаған қызу тіршілік бұрқырап жүріп жатыр. Жұрттың бәрі мәз-мейрам, бақытты, өзара бірінбірі сүйеді, әркімнің өзіне ұнайтын кәсібі бар, әнеки, БАМ-ды салып жатыр, бұлар бір-біріне керек жандар... Ал солардың ішіндегі мынау Гуров неткен бақытсыз жан еді. Нақ бір күндізгі жарықтай, күн мен тайгадай. Бира өзені мен ауадай, күннің батысы мен таңның атысындай, күшіне мінген күндей, баспанадай, өзіңнің ошағыңдай, тіршілік тынысындай санайтын ең сүйікті серігің – әйелі тастап кетті. Сен енді өзге жұртқа да, өзіңе де керексізсің. Тастандысың сен, бұл сөз саған қандай ауыр естілгенмен, бірақ шындық. Та-а-станды. Кеудесін, шекесін ашытқан күйіктің зардабынан ыңыранған ол көз алдын көлегейлеген өрттей қызыл бұлыңғыр пердеден құтылу үшін басын сілкіп-сілкіп қалып еді, бірақ алабажақ кенеп перде селт етпеді. Сонда ол кейін
шалқайып, бұл түсі емес өңі екеніне әлі де сенбеген күйі амалсыздан ышқына қайта ыңыранды. Ес жиып алу үшін бір стақан арақты тартып жібереді, тіпті дәмін де сезген жоқ, әлгі заһар бұлақ суындай оп-оңай сіңіп кетіп, ешқандай жәрдемі тимеді. Ол не істерін білмей аласұрды, өйткені абыржып, езіліп, жаншылып қалған еді. Біраздан соң талықсып жатып түс көрген кісідей біртүрлі ағат шешім қабылдады. – Нина Хабаровскіге кеткен екен, демек, оны Хабаровскінің өзінен, басқа еш жерден емес, тура Люськаның үйінен іздеу керек. Оны жолдан тайдырған Люськадан басқа ешкім де емес. Көптен бері ол Нинаны Хабаровскіге келуге, кеденнің тұрмыс жағдайын, шалқар өзен Амурды, гүрілі жер жаратын самұрық құс – ИЛ– 18, ТУ– 134, ТУ– 154, ИЛ– 62 деген ең соңғы модельдерді көруге шақырып жүрген еді... Қысқасы, «Аэрофлоттың ұшақтардың қызметін пайдаланыңыздар. Әрі сенімді, әрі қолайлы, әрі ыңғайлы». Тістеніп алғанына қарамастан, ыңырсыған дыбыс тісінің арасынан қайта жарып шықты. Жарайды. Егіле берместен, өзіңді өзің қолға алып, ес жиюың керек, жігітім. Гуровтың бір жарым апта қосымша демалысы бар еді, сондықтан ол қағаздарын тез реттеп, кешке жақын Чегдомыннан Хабаровскіге ұшып кетті. Хабаровскінің күні африка күніндей қайнап тұр екен – жүз пайыздық ылғалдылықта отыз төрт градус ыстық. Мұндай ыстықта бір жарым минуттың ішінде көйлегің малмандай су болып, сығып алсаң да мейлің, арқаңа, кеудеңе, білектеріңе жабысып қалады да, берекетің қашатыны соншалық, шешініп тастап, өзеннің салқын суына қойып кеткің келеді. Гуров та, ұшақтан шыққан бойда, бірден Бираның суына қойып кетуді, масаларды қуалап үсті-басын қайыңның бұтақтарымен шықпыртуды аңсады, көлеңкеге құлай кетіп, сол арадан шалқан түсті, қымбат әтір шашып қойғандай хош иісті, қиыршығыстық гүл – саран гүлінің қауызынан бал жинап жүрген тайгалық араларды бейғам жатып қызықтағысы келді. Жалпы, саран гүлі негізінде екі түрлі болады – сарғыш және қызыл, ал мұның тұратын жерінде,
Чегдомынның маңында, бұл гүлдің елден ерек, таңғажайып үшінші – көк-жасыл түрі тағы бар. Әсіресе, көк саран аспан шайдай ашық кезде жаз айының таңғы шапағында ерекше құлпыра ашылады. Ал қою, саф ауа ояна бастаған гүлдердің иісімен жұпар аңқып, жаныңды жадырататыны соншалық, консерв ыдыстарына толтырып, аузын бекітіп, дәнекерлеп, баршаға аян ауасы тар үлкен қалаларға жөнелтсең де ықтиярың. Гуров қонақүйге бұрылмастан, былғары чемоданын бұлғаңдатқан күйі (бұл чемодан – портфельдерді осында келген мәскеуліктердің «атташе кейе» деп бөтен тілде сәндеп атайтынын Гуров бұрын естіген, осы «атташелердің» қазір қаны жерге тимейді, тіпті Мәскеудің өзінен іздеп таба алмайсың, соны біліп ол трассалық дүкендердің бірінен екі «атташе» сатып алған – өзіне және Нинаға.) кедір-бұдыр биік жағаны қуалап жалпақ лентадай созылып жатқан Амурға қарай тіке тартты, – мынау естен тандырарлық ыстықтан шамалы жан шақырып алу үшін өзен аңғарының қоңыр салқын таза ауасы-ақ жетіп жатыр еді. Амурдың жағалауын, оның тасты жарқабақтарының бәрін ұсқыны ала бөтен өзгеше шыбын-шіркейлер басып кетіпті, шіркейлердің кеуде жағы созылыңқы, ақшылжасылдау, қанаттары да дәл сондай – ақшыл жасылдау жалпақ, мұрттары ұзын, кәрі тарақанның мұртындай қорқыныштылау, көмірдей көздері – көкнәрдің дәніне ұқсас ұсақ қап-қара нүктелер жылтырап тұр. Шіркейлер көзді ашып-жұмғанша Гуровтың «аташекейсін» торлап алды, қара бүйірлеріне құжынай үймелеп қонғаны соншалық, портфельді бүлдіреді екен деп Гуров алғашқы сәтте тіпті шошып та кетіп оқыс сілкіп қалып еді, дүрліге көтерілген шіркейлер сол бойда шет тілде аталатын қол сандыққа қарақұрым болып қайта қонақтады. Портфель – қара ғой, ал қара түстің күннің сәулелерін тез сіңіріп, тез қызатыны, шіркейлердің сондықтан да осы жылуға үймелеп жатқанын Гуров түсінді. Жағажайда күнге қыздырынып, құмда жатқан халық көп екен, олардан бөлек, кеме айлақтарының тұп-тура іргесіне қонақтаған бірнеше еңкіш денелер қараңдайды
– балықшылар, кез келген ауа райында – ми қайнатқан ыстықта да, қақаған аязда да – кәсіптерін тастамайды, оларды әрқашан өзен бойынан көресің. Гуров балықшылардың қасына тақап келіп, солардың ішінен біреуін – ши қалпақ киген доп-домалақ шалды таңдады. Шляпасының төбесі үнемі терлеп жүргендіктен қарайып кетіпті, үлкейтіп көрсететін көзәйнек киіп алған, оның шынысы күннің сәулесін аулауға, ағашқа әртүрлі жазуларды күйдіріп басуға ыңғайлы. Бұл бала кезіндегі Гуровтың құмар кәсібі еді. – Атай, бір сұрақ қоюға бола ма? – деді Гуров. – Болады. – Жақын маңайда мейманхана бар ма? – Әнеки, – балықшы Гуровтың бетіне үңіле қарап, ту сыртын нұсқап көрсетті. – Шетелдік, яғни туристер үшін. «Интурист». Жақында салынған. Хабаровскінің кез келген нүктесінен мен мұндалап тұрады. Дөңестің үстінде, көріп тұрсың ба? – Көріп тұрмын, – деген Гуров күннің сарғыш түсті мұнарына үңіліп, оның арасынан қалпағы көкке тіреліп, шляпасының қос етегінің екі бүйірінен көгілдір көлеңке түсіріп тұрған зәулім ғимаратты байқады. «Интурист», – дауысы біртүрлі жасқаншақ та ұяң шығып еді, тілінің ұшында дайын тұрған үйреншікті сұрақты қоюға қартты мәжбүр етті: – Бөтен жақтың адамысың ба?.. Қайдан келдің? – БАМ-нан. – О-о-о, – деді қарт, – егер БАМ-нан болсаң, сөзсіз жеке нөмір береді. Басқаға бермес еді, ал егер БАМ-нан болсаң – міндетті түрде береді. БАМ-ның жағдайы қалай? – Ақырындап салынып жатыр, – жалтара жауап қатты Гуров. – Мынау қандай шіркей, а? Жағаның бәрін қаптап кеткен? – Тіфу, – деп түкіріп жіберді қарт. – Осы, шыбынның кесірінен, балық мүлде қаппайтын болды. Ғұмыры бір күндік болғанмен, құрып кеткірің бір пәле екен. Шіркейдің күні қысқа деген мәтелді естіп пе едің? Сол мәтелде айтылған
шіркейлер осылар. Яғни тірі кейіпкерлер. Қарақұрым шыбын-шіркей. – Оған балықтың қандай қатысы бар? – Жә, ол не дегенің? – деп екіленген қарт төбесі қарайған шляпасын бір жақ шекесіне ысыра салып еді, түрі сотқар баланың түріндей, едірейіп шыға келді. – Қатысы жоғы қалай? Түсінесің бе, бұл шіркей небәрі бір-ақ күн, дәлірек айтқанда, тіпті бір-ақ сағат өмір сүреді... Ол осы бір сағаттың ішінде, білесің бе, құмарынан шыққанша ұшыпқонып, өзіне қосақ та тауып алып, ерлі-зайыптылардың арасындағы шаруасын да бітіріп, дымқыл құмның арасына жұмыртқасын да салып үлгереді, су оны балықтарға жемге шайып әкетеді. Осыған тойып алған балықтар бір апта бойы ешқандай жемге қарағылары келмей жүреді. Күпті болады яғни. Ал күпті болған балық жемге қарамайды, жемді көрсе болды-ақ, жүрегі айни бастайды. Осы да балық па? – қарт кенеттен оқыс кекжең ете қалып еді, басынан шляпасы ұшып кете жаздады. Бір ұшы суға сіңіп кеткен дөрекі жіпке бір қолымен жармаса кетіп, жоғары тартып қалды. Жіптің ұшында шағын, есінен танып үлгірген жалғыз-ақ балық ілініп тұр екен. «Жеңілтек шабақ, осындайдың енді бір бесеуі болса – сорпа пісіруге жарап қалады», – деп ойлады Гуров ішінен. Қарт қолындағы балығын бұлғаңдатты. – Осы да балық па? – деп айғайлаған ол, қызбалана түсіп, бірнеше нән, мөлдір-жасыл, синтетикалық материалдан жасалғандай, ақшыл шіркейлерді табанымен таптаған күйі, жерді теуіп-теуіп қалды. – Сайтан алғыр шыбындар. Қанатты тарақандар. Осы да балық па? Тіпті мысық екеш мысықтың да жұмырына жұқ болмайды. Ол ызалана жерге бір түкіріп, шабақты Амурдың суына қайта лақтырып жіберіп еді, балық қап-қара терең суға еріне шолп ете қалды. – Жарайды, атай, жөн сілтегеніңе, айтқан ақыл-кеңесіңе рақмет, – деді Гуров. – Мен жүре берейін. – Шомылмайсың ба? – деді қарт. – Жоқ. – Дегенмен жөніңді айтшы, БАМ қалай болып жатыр өзі?
Тым болмаса бір-екі сөзбен болса да, а? – Қайта құмарланды қарт. – Оның жарасы жеңіл. Құрылысшылардың сөзі бойынша біздің шығыс жақ бөлігіміз – ол рельстерден тұратын жаппай көпірлер. Үнемі судың ішінде жүреміз. Біздің БАМ-ымыз сол болады. – Түсі-нікті.. Демек, қиын ғой? – Қош бол, атай. – Гуров бет орамалымен терін сүртіп, бетон жолмен өрге қарай, қонақүйге беттеді. Жақтауға сүйеніп төмен қарады – Амурдың суы қорғасындай қою, тып-тығыз еді, ағыстың сұрапыл асау екеніне қарамастан су бір орында, тапжылмай тұрған сияқты шалқар су, ұлы өзендер ғана дәл осындай болады. Гуров еріксіз іштей «Амур тартылып, бірнеше метрге шөгіп кетті деуші еді, – суы тартылғаны кәне, а? Амур қария әлі терең, тұңғиық. Ал онан да жоғары өрлеп, «Интурист» мейманханасы тұрған дөңестің үстіне шыққан кезде, Амур суы күрт ағарып, сынапша жалтырап кетті. Біртүрлі жасанды, тентек ойнақылық пен тереңдікке ие болып еді, Гуров еріксіз мырс ете қалды, – міне, көз қалай алдайды. Алдау, алдау, алдау... Мұнда неге келгені, қандай жаманаттың жетектеп әкелгені есіне түсіп «ах» ұруға сәл-ақ қалды... Ол кеберсіген аузымен ауа қармаған күйі, жан-жағына көз жүгіртіп еді, ыстықтан мүлгіген қимылсыз бұтаның арасынан әйел бейнесін көріп қалып, ине сұққандай селк ете қалды. «Нина. Дәл соның өзі. – Жарысқа түскен адамның мәре сызығын кесіп өтерде үнемі шалқақ ұстайтын тәкаппар басы да, сымбатты денесі де – соныкі, түп-түзу балтырлар да, таныс білектер де, тіпті жасыл бұршақты көйлек те – бәрібәрі Нинанікі. Ол жердің кенет қисайып, теңіз дауылына ұшыраған кемедей тербетіле теңселіп бара жатқанын байқады да, тістеніп алып, өзіне-өзі бұйырды. «Бүйтіп езіле беруге болмайды, Гуров. Сілкіну керек Гуров. Жазмыштың, көктегі тәңірдің құқайына шыдап бақ. Беріспе». Жер теңселіп, қозғалғанын қойып, орнықты қалпына келді. Қонақүйден Гуровқа бір ауыз сөзге келместен, тоғызыншы қабаттың Амурға қарайтын жағынан жеке бөлме
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру