TELEGEI

Home

Түркі елдерінің халықтық жырларынан үзінділер

филология ғылымдарының кандидаты

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Түркі елдерінің халықтық жырларынан үзінділер

Оразақын Асқардың 90 жылдығы! Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы! Халықаралық «Алаш», Түркі әлемі «Ақбозат» және Мұқағали атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты, «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері, ҚР Мәдениет қайраткері Оразақын Асқар төл туындыларымен қоса қазақ ауыз әдебиетінің халықтық қара өлеңін жинап, екі кітап етіп шығарғаны белгілі. Ақын Қазақстан Республикасында тұратын өзге ұл

Оразақын Асқардың 90 жылдығы!

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы!

Халықаралық «Алаш», Түркі әлемі «Ақбозат» және Мұқағали атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты, «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері, ҚР Мәдениет қайраткері Оразақын Асқар төл туындыларымен қоса қазақ ауыз әдебиетінің халықтық қара өлеңін жинап, екі кітап етіп шығарғаны белгілі. Ақын Қазақстан Республикасында тұратын өзге ұлт өкілдерінің де халықтық жырларын қазақ тіліне аударған еді.

Әлем елдерінің халықтық жырлары О.Асқардың аудармасында алғаш рет 2000 жылы «Ақиқат» журналында, 2001 жылдан бастап «Таңшолпан» журналдарында жарияланды. «Таңшолпан» журналында қатарынан бірнеше жыл бойы басылды. «Алқа» журналы да бір нөмірін тұтас осы жырларға арнаған болатын.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен 23-24 сәуірде өтетін кезекті сессиясының құрметіне, сондай-ақ ақын Оразақын Асқардың (мамыр айындағы) 90 жылдығына орай осыдан жиырма бес жылдай бұрын жарық көріп, аздап ұмытыла бастаған аудармаларды еске түсіру ниетімен бұл жолы түркі тектес халықтардың жырларынан үзінділер берілді.

Ал орыс, авар, армян, белорусь, бурят, грузин, дарғын, еврей, ингуш, кәріс, коми, қалмақ, лак, латыш, лезгин, литва, молдова, неміс, осетин, серб, тәжік, табасаран, тат, украин, хорват, шешен, эстон халық жырлары 2008 жылы «Балауса» баспасынан екі мың данамен шыққан «Інжу-маржан» жинағында және «Дәуір» баспасынан шектеулі таралыммен басылған кітапта жарық көрді.

ТҮРІК ХАЛЫҚ ЖЫРЫНАН

Досым үшін жер түбіне барамын, Келмес жолдың қиынына қарағым. Қайтпан таудан тізеден қар жауса да, Шөлде құмға көмілсе де балағым.

Әр жазғаның, ақыным, болып бір сын, Өз керегін оқырман жолықтырсын. Айтарым тек асықпа, әр сөзіңнен Өз жүрегің дүрсілдеп соғып тұрсын.

ӘЗІРБАЙЖАН ХАЛЫҚ ЖЫРЫНАН

Бұлақтан мөлдір су ішіп, Бұлтпен де кетем туысып. Сен жүрсең болды қасымда, Қиялдап, арман қуысып.

Қыс көктем боп оралмас, Жұлдыз айдай тола алмас. Кімді сүйсең сол сұлу, Өзге ешкім ондай бола алмас.

ТҮРІКМЕН ХАЛЫҚ ЖЫРЫНАН

Ессізді іске жұмсама, Құраймен, талмен бір сана. Барса да бақтан гүл таппас Құлпырып, жайнап тұрса да.

Қорқақ пен сенбе сараңға, Қайырым қылмас адамға. Құрметіңе олар татымас Болса да қазына, мал онда.

ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ЖЫРЫНАН

Болуға ғалым, данышпан, Оқып білім қуады. Дарынды һәм мейірбан Болып тек іштен туады.

Ел деп туған ағаның, Етегін баспа, жолын қу. Болайын деген баланың Бетінен қақпа, белін бу.

ҚАРАҚАЛПАҚ ХАЛЫҚ ЖЫРЫНАН

Нан қадірін бейнет еткен біледі, Гүл қадірін баптап еккен біледі. Жан қадірін азап шеккен біледі, Ер қадірін ер боп өткен біледі.

Алдыңда аға, іні болса артыңда, Ортасында ақ алмастай жарқылда. Біріне іні, біріне өзің ағасың Оны да ескер, өзіңді алуан сал сынға.

НОҒАЙ ХАЛЫҚ ЖЫРЫНАН

Тау арасы тоғай-тоғай, Тоғай сайын бір ноғай. Тыңдаса жұрт көңіл қойып, Туындайды жыр да оңай.

Кезсем де орман-тоғайды, Аң, құстарын атпадым. Көрсем де бар ноғайды Сенен артық таппадым.

ТАТАР ХАЛЫҚ ЖЫРЫНАН

Жігітпін мен әуел бастан Басқа қонған бағы бар. Жарым сұлу жаннан асқан Ақыл-есі тағы бар.

Бір-ақ жүрген жер жол болмас, Бақыт әсте зор болмас. Аз да болса бақыт керек, Бақытты адам қор болмас.

БАШҚҰРТ ХАЛЫҚ ЖЫРЫНАН

Ерте тұман, кеш тұман, Бұл тұманға не болған. Қанша үңіліп қарасам, Көрінбейсің сен жолдан.

* * * Кеште де кел, ерте кел, Тереземді шерте кел. Қыздар ғой деп шығайын Әке-шешем сенсе егер.

ҚАРАШАЙ-БАЛҚАР ХАЛЫҚ ЖЫРЫНАН

Қолыма шелек аламын, Бұлаққа жиі барамын. Іздегенім су емес, Сүйіктім сенің хабарың.

Отырмын қазан қайнатып, Барады туған ай батып. Сүйіктім қашан келеді, Ақ боз атын ойнатып.

ҚҰМЫҚ ХАЛЫҚ ЖЫРЫНАН

Сен менен қазір алыссың, Мен – жермін, ал сен – ғарышсың. Мен ғана жетер жұлдыз бол, Аша алмай келген әлі ешкім.

Жүйрік ат баптап, мін ерттеп, Қашсаң құтыл, қусаң жет. Алғаның болмай сұлу тек, Ақылды болса ұқ бақыт деп.

ҰЙҒЫР ХАЛЫҚ ЖЫРЫНАН

Өмірге тартар жас кездің Екі сыйы бар екен. Бірі өзі жастықтың Екіншісі сүйген жары екен.

* * * Сәтті болсын жолыңыз, Құндыз болсын тоныңыз. Көз алдымнан кетпейді, Лағман созған қолыңыз.

ӨЗБЕК ХАЛЫҚ ЖЫРЫНАН

Гүлдегенде ақ мақталар, Күнге күліп мақтанар. Еңбегімді өзімнің Көріп көңілім шат болар.

* * * Анамын мен, анамын. Қамын ойлар баланың. Балам аман, сау жүрсе Арманым жоқ, қарағым.

ҚЫРҒЫЗ ХАЛЫҚ ЖЫРЫНАН

Айт-айт деп жыр сұрасаң, Атқан таңға ұлантам. Ақ бұлақтай ағылып, Адамның бәрін қуантам.

* * * Болмайды сөзім басқадай, Басылар көзге қасқадай. Түзулігі әр сөзімнің Керіп бір қойған таспадай.

САХА (ЯКУТ) ХАЛЫҚ ЖЫРЫНАН

Кең байтақ жердің үстінде Ес білгелі аттан түстім бе? Астымда атым тұрғанда Намысты бермен ешкімге.

* * * Болса, жастар, талабың Әнін айт ата-бабаның. Шаршап жүрген үлкендер, Күлсін, ашып қабағын.

Дайындаған Асқар Ләйла Оразақынқызы,

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙