TELEGEI

Home

Естеліктер, мақалалар, хаттар, мұрағаттық құжаттар

Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Естеліктер, мақалалар, хаттар, мұрағаттық құжаттар

Тұрмағамбет Ізтілеуұлы – поэзияға мысал өлеңмен қадам жасаған ақын. Келеңсіздікті өткір әшкерелеп, адамгершілік қасиетін дәріптейтін шығармалары өз алдына. Сатиралық бояуды күшейту мақсатында туындыларында теңеулерді жиі пайдаланған.

ІV ТОМ

АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН АҚИҚАТ

EGES ІЈТТІN – GЕМІ

TURMAO AMBET

Уc banqor otьr edі tamaq çesіp,
Qyujqalь qoj etіne qoldь kesіp.
Sьjpalap saqal, murtь śьвар majqa
Kәjp etіp kylіp-oіnap сeldej eсіp

Оjьn men о basynda umьtqanta...
Qarasa qalqan eken acuvlь esіk
Adamdar ondь, soldь etіp сatьr
Савьrlар cazqь turqь eldej kөcіp.

Qьdьrma көrе qojsa kelіp qalar
Otьrьb віr bіrіne „cap-cap" desіp

— Men nege sen turqanda саваmьn! Dep

Qalьstь qapьjadaj eregesіp,
Ereges erge pajda bermejt degen
Bajqandar bolady eken kіmge nesіp.
Іjesі cьqasьqa ваsсь bolat

Terіske ajnalqandaj etken kesіp.
Оrnьnаn ycevі de qozqalmastan
Otьrьb maldas qurьp, вeldі cecіp;

— Esіktі kіm sөjlese sol сарsьn dep

Kelіstі kejіnіnen kevіp-іsіp,
Esіkten sol saqatta віг іjt kіrdі
Көcenіn ьlaj suvьn belden kecіp.
Tamaqty dajar turqan gep aldь da

Sorpasьn sьrьldatьp tygestі іcіp.
Sөjlese kөz kөrmeskе ketetіndej
Тьrр etpej otьrьstь ynderі өcіp.
Gek көгір jep qajqan son tamaqtarьn

Kөzderі cajtau qaqьp otьr tesіp.
Can Qaqqa сauaqь іjt сalаqtadь
Tojsada tulьptaj вор іcі esіp.
Avzьna вігөүіnіц tura umtьldь.

Cegen sou cerdegіnі lіt tygesіp.
Qalajda іjt іjttіgіn qьlmasьn ва
Turqan sou saqal murtta maj alresіp.
Tіlіmdl tіster av dep tycіrkentp

Cьqьdь calqasьdan banqor сосьр,
Unatpaj іjttіn lеsіn "yp" dep edі
Sezі coq cьnьnda ajtqan oqan qosьp.
Sejledіn — sen esіktі sabusьn!-dep

Salqannan ana ekevі tartьp qacьq.
Qаmсь men batьrlatьp ura berdі
Arqasьn bejcaranьn kettі овьр.
Capqan men endі esіkten ne pajda ваг

Ycevі — yc ajьrlьp kettі воbьр.
Olardaj ortaqa yjіp mal men pajda
Otьrmaj esіktі асьр coldь tosьp.
Cegіzіp cavьzdarqa can savqalap

Ketpender ajdalaqa ajdap cоsьр.
Sez noіmaj sonqьlarqa sol sьjaqtі.
Qalqozcі eubekterіndі al ylesіp.

«Әдебиет майданы»,

№ 2 (февраль) 1936 ж.

Т. Ізтілеуұлы

«Әдебиет майданы», № 2 (февраль) 1936 ж.

ЕГЕС ИТТІҢ ЖЕМІ

(Үш бәңқор хикаясы)
Үш бәңқор отыр еді тамақ жесіп,
Құйқалы қой етіне қолды көсіп.
Сипалап сақал, мұртты сыбап майға,

Кәйіп етіп, күліп-ойнап желдей есіп.
Ойынмен отырғанда ұмытқан да,
Қараса, қалған екен ашулы есік.
Адамдар оңды-солды өтіп жатыр,

Жабырлап жазғытұрғы елдей көшіп.
Қыдырма көре қойса келіп қалар,
Отырды бір-біріне: "Жап-жап!" десіп.

— Мен неге сен тұрғанда жабамын? - деп,

Қалысты қапелімде ерегісіп.
"Ерегіс ерге пайда бермес" деген,
Байқаңдар, болар екен кімге несіп?
Иесі — шығасыға басшы болад,

Теріске айналғанда еткен кесіп.
Орнынан үшеуі де қозғалмастан,
Отырды малдас құрып, белді шешіп.

— Есікті кім сөйлесе, сол жапсын! - деп,

Келісті кейінінен кеуіп-ісіп.
Есіктен сол сағатта бір ит кірді,
Көшенің лай суын белден кешіп.
Тамақты даяр тұрған жеп алды да,

Сорпасын сылпылдатып, түгесті ішіп.
Сөйлесе, көз көрмеске кететіндей,
Тырп етпей отырысты үндері өшіп.
Жек көріп, жеп қойғанын тамақтарын,

Көздері жайтаң қағып отыр тесіп.
Жан-жаққа және де ит жалақтады,
Тойса да тұлыптай боп іші өсіп.
Аузына біреуінің тұра ұмтылды,

Жеген соң жердегіні ит түгесіп.
Қалай да ит иттігін қылмасын ба,
Тұрған соң сақал, мұртта май сіресіп.
«Тілімді тістер-ау!» деп түшіркеніп,

Жығылды шалқасынан бәңқор шошып.
Ұнатпай иттің лебін "үп!" деп еді,
Сөзі жоқ, шынында, айтқан оған қосып.

— Сөйледің, сен есікті жабасың! - деп,

Жалғаннан ана екеуі тартты қошық.
Қамшымен патырлатып ұра берді,
Арқасын бейшараның кетті осып.
Жапқанмен енді есікті не пайда бар?

Үшеуі үш айырылып, кетті босып.
Олардай ортаға үйіп мал мен пұлды,
Отырма есікті ашып, жолды тосып.
Жегізіп жауыздарға, жан сауғалап

Кетпендер айдалаға айдап-жосып.
Сөз болмай соңғыларға сол сияқты,
Егеспей еңбегіңді ал үлесіп.

Қоңыратбаев Ә.

«Социалистік Қазақстан», 14.02.1936 ж.

«ШАҺНАМА» ЖӘНЕ ОНЫҢ АУДАРМАСЫ ТУРАЛЫ

Бұдан бір жарым жыл бұрын Советтер одағы X ғасырдың әдепкі жартысында өлген ескі Иран елінің ұлы ақыны Әбілқасым Фердаусидің мың жылдығын өткізді. Оның мың жылдығын Советтер одағындай көтеріп, дәріптеп өткізген ел болмады. Фердаусидің мың жылдығы туралы Советтер одағының Білім академиясы үлкен ғылыми конференциялар өткізді, көрмелер ашты, Фердаусидің шығармасын қайта бастырып, көпке таратты. Совет елінің атақты ғалымдары, профессорлары, ақындары Иран елінің ескі мәдениетін, тарихын зерттеуге кірісті. Мұның ешбір таңы жоқ. Осы кезде біздің еліміз адамзаттың асқан данышпандары, ұлы көсемдері Маркс - Энгельс — Ленин — Сталиннің ғылымына сүйеніп, коммунистік партияның басшылығымен бүкіл адам баласына ортақ ұлы социализм мәдениетін жасап жатыр. Бұл мәдениет бұрынғы адам баласының басынан кешкен қоғамдар мәдениетінің қай-қайсынан болса да үздік тұрған, идеясы жоғары мәдениет. Оның мазмұны кең. Мұндай ұлы мәдениеті жасау үшін біз адам баласының ескі мәдениетті жасаған асыл қазынаны, байлықтарды пайдаланбай тұра алмаймыз. Ленин: «Пролетариат мәдениеті аспаннан түсетін дерексіз мәдениет емес, жаңа, ол — пролетариат мәдениет мамандарының өз бастарынан ойлап шығаратын да мәдениеті емес. Бұлай түсіну ұят. Пролетариат мәдениеті адам баласының бұрынғы капитал қоғамы, бектер қоғамы, чиновниктер қоғамының қанауында жүріп жасаған барлық байлықтарының заңды түрде ілгерілеп, өсіп өркендеуі болып табылады. Коммунизмді жалғыз коммунистік кітаптардан оқып білу жетімсіз. Оны коммунистік ұранды жаттаумен де білуге болмайды. Бұл аса жауапты болар еді. Шын коммунист болам деген кісі бұрынғы адам баласының тарихын жасаған білім-байлықтарын білуі тиіс», - деген еді. Міне, біздің ескі мұрада көзқарасымыз осылай. Бұл біздің ұлы құрылысымыздың тілегіне қызмет істейтін құралдың бір саласы. Жер жүзі әдебиетінен үлкен орын алған Фердаусидің «Шаһнамасын» қымбат бағалайтын себебіміз де осыдан. «Шаһнама» ескі соғыс мәдениетінің ең көрнекті асыл қазынасы. Оған біз аса үлкен көңіл бөлеміз. «Шаһнама» - патшалар эпопеясы. Онда Фердауси Иран елінің ескі ертегі күндерінен бастап, ұлы сасанидтер империясының құлауына дейінгі ұзақ дәуірді алады, соны поэма түрінде береді. VІІ ғасырдың ортасында сасанидтер империясын арабтар алып, ислам қозғалысы үстемдік алған соң, поэма үзіледі. Ол дәуір Иран патшалығының аса күшейген кезі еді. VІ-VІІ ғасырда Қысырау Әни Ширван мен Қысырау Парвиз билеген сасанидтер империясы Тұраннан Стамбулға дейін, Кавказдан Мысырға, Үндістанға дейін созылады. Ол кезде Иран империясы «Ән-иран» деп аталып, пехлеви мәдениеті дүрілдеп өседі. Византия мен Афинадан қашқан ғалымдар, философтар, ақындар Әни Ширванның ордасын паналайды. Әни Ширван пәнге, өнерге үлкен мән беріп, пехлеви тіліне Үндістан эпосын, Грек елінің өткен данышпандары — Аристотель, Платон, Гиппократтың шығармаларын аударыпты. Парвиз ән-күйді, сұлулықты күйттеп, дүниенің жеті түрлі кереметіне ие болады. Міне, Фердауси Иран елінің сол дәуірлерін әсірелеп, көтере жырлайды. Сол заманның құдіретті геройларын көксейді. «Шаһнама» - тек бектер, патшалар тұрмысын ғана жырламайды және оның геройлары жалғыз ақсүйектер емес. Оның мазмұны өте бай. Фердауси кейде сол кездегі феодал табына қарсы тұрған басқа таптардың тұрмысын да жазып отырады. Мәселен, бектерге қарсы көтерілген маздақтар қозғалысын (жер иеленген қара шаруа мен қолөнершілердің көтерілісі), ғұламдар (құл ретінде ұсталатын әскерлер) қозғалысын ол жақсы көрсетеді. Фердауси «қара шаруадан да ер шығарды», - деген пікірді айтады. Бұл сол кездегі тап күресінің ықпалы. Онан соң ол-вассал-бектердің (хандардың сеньорға (ұлы патшаға) қарсы күрестерін де суреттейді. Фердауси «Шаһнаманы» 34-35 жыл шамасы жазған. Оның көлемі 100-120 мың жол шамасы болады. Ол Гомердің «Илиада» мен «Одиссеясынан» әлденеше рет үлкен. Сонша ұзын бола тұрса да, «Шаһнама» өте қызық, көркем, күшті және музыкалы шығарма. «Шаһнаманы» қанша оқысаңыз да жалықпайсыз. Оқыған сайын поэманың оқиғасы аспанға жалындай шапшып, күшейіп отырады. Бір жерде ерлік, жауынгерлік айтылса, екінші жерде нәзік лирика, сұлулық, махаббат айтылады. Және оның лирикасы жасанды лирика емес, түсінікті, анық, өткір лирика. Бұл өзі белгілі түрде көркем өнер майданында пехлеви мәдениетіне реакция орнатқан ислам үстемдігіне қарсы бағытталған поэма еді. Бұл поэмасын Фердауси басында саманидтер патшасына тарту қылуға ойласа да, ол тілегі болмайды, Фердауси поэмасын басқа адамға тартады. X ғасырда Үндістанда 20 шақты жорық жасап, Иранды алған Тұран патшасы Махмұтқа тартады. Махмұт бұл поэманы қабыл етпейді. Ақырында, Фердауси кедейленіп, қор болып өледі. Гейненің өлеңіне қарағанда, Фердаусиге өлерінде Махмұт бір керуен алтын тартыпты-мыс. Бірақ ол керуен Тус қаласының қақпасына кіргенде, Фердаусидің өліміне кез келген. Тарихшылардың айтуына қарағанда, ислам руханилары оны зороастра дініндегі адам деп санап, оның жаназасын да оқымаған. Сондай қайғылы тұрмысты басынан кешірген Фердауси өзінің қайғысын поэмаға да енгізбей тұра алмаған. «Шаһнамада» сыршылдық, мұң-зар, драматизм өте күшті болады.

Осындай қасиеттері үшін «Шаһнаманы» жер жүзі әдебиеті таныды. Оны Еуропа елдері түгел білді, «Шаһнаманы» өз тілдеріне аударып бастырды. Енді, сол поэманы біз де қазақ тілінде басып шығарғалы отырмыз. Бұл — біздің үлкен олжамыз. «Шаһнаманы» қазақ тіліне аударғанда, оның біз сапалы, көркем болып аударылуын күтеміз. Иран елінің ескі феодалдық құрылысын, дәстүрін көрсететін тарихи мәні бар оқиғаларының дұрыс берілуін, тілінің көркем болуын күтеміз. Осы жағынан бір-екі сөз айта кету керек. «Шаһнаманы» аударып жатқан адам Қармақшы ауданынан шыққан халық ақыны — Тұрмағамбет Ізтілеуов. Бұл кісі араб, парсы тілдерін тәуір білетін адам. Оның үстіне — тілге ұста. Сондықтан, тіл жағынан оның аудармасы "жаман болмас" деген үміт бар. Оның аудармасынын үзіндісін «Социалды Қазақстан» газеті январьдың 28-індегі нөмірінде басып шығарды. Бұл кезге дейін «Шаһнаманың» басқа тілдерге аударылған тексті көбіне қара сөзбен жазылушы еді. Соның ішінде осы күнгі Тұрмағамбеттің қолындағы Ораз молданың аудармасы да қара сөзбен жазылған. Қара сөз арасына қысқа-қысқа бәйіт қосылады. Тұрмағамбет мұны кілең өлеңмен аударып жатыр. Мұнысы ізгі жұмыс. Бірақ аударма жөнінде ескеретін бірсыпыра кемшіліктер бар. «Шаһнама» басында жыр (бәйіт) өлеңімен жазылған поэма. Ал Тұрмағамбет оны кілең 11 буынды қара өлеңмен жазып отыр. Мұнысы адамды жалықтырады, ауыр. Біздіңше, мұнда жай суреттейтін оқиғаларды қара өлеңмен беріп, өзгесін көбіне 7-8 буынды жыр-өлеңмен аударған жөн. Бұл — әрі жеңіл, әрі қызықты болмақ. Онан соң, Тұрмағамбетке үлкен консультация керек сияқты. Өйткені, Тұрмағамбет аудармасында кейбір Иран елінің феодалдық құрылысын, оның дәстүрін, мінезін сипаттайтын жерлерді толығырақ беруге тырысу керек. Бұл жөнде молда Ораздың аудармасынын да шолақтық ететін жерлері көп. Сондықтан, мұндай жерлерді толықтырып беру үшін басқа тілдерде шыққан текстерді де пайдалану керек. Бұл реттен Оқу комиссариаты «Шаһнаманы» аудару жұмысын басқаратын арнаулы ғылыми комиссия құрса, жақсы болар еді. Комиссияға тарихшылар, әдебиетшілер кіруі тиіс. Мұнсыз Тұрмағамбеттің жалғыз өзі біздің ойлағанымыздай төрт жағы құбыла аударма бере алмайды. Оған басшылық, жәрдем керек. Мұның аса керек болатын тағы бір себебі — молда Ораздың аудармасы толық емес. Кей жерінен (Рүстем соғысы) 80 қағаз түсіп қалған. Оның орны жоқ. Басқа аудармалардан Әзірбайжан түріктерінің тілінде басылған кітаптар бізде бар. Онан соң, 1908 жылы Ташкентте басылған Шағатай баспасын тауып алуға да болады. «Шаһнаманың» толық текстін берген Крымский мен Саколовскийдің аудармалары да бар. Осы кезде оны Білім академиясы да бастырып жатыр. Осыларды пайдалану керек. Сонда «Шаһнама» барынша толық, жақсы болып шықпақ. «Шаһнаманың» тіліне үлкен көңіл бөлу қажет. Тұрмағамбет өзінің аудармасында «план, үстел» деген сияқты жаңа сөздерді қосып жібереді. Бұл — дұрыс болмайды.

«Социалистік Қазақстан»,

30.10.1936 ж.

ШАҺНАМА (үзінді)

Иран халқының бұдан 1000 жыл бұрын өткен атақты ақыны Фердаусидің «Шаһнамасы» бүкіл жер жүзіне мәлім, бүкіл жер жүзі халықтарының тілдеріне аударылған ұлы қазына. Бұл қазына қазірде қазақ тіліне аударылып отыр. «Шаһнаманы» қазақшаға аударған халық ақыны — Тұрмағамбет Ізтілеуов. Жақын арада, аудармасы қаралып, баспаға өткізілді. «Шаһнаманы» Қазақстан баспасы көркем етіп басып шығарады. Қазақстан үкіметі Тұрмағамбеттің сіңірген еңбегін бағалап, айына 250 сом өмірлік пенсия беріп тұратын болды. Мына басылып отырған Тұрмағамбет аударған «Шаһнамадан» бір үзінді. Бұл үзіндіде автор Иран патшасы Ләһрасып жүз жыл өмір сүрсе де, патшалығын баласына қимағанын, оны жек көргенін, осыған байланысты баласы Кәштасып Үрім еліне қашқанын, Үрімге барып Қайсар патшаның қызына үйленгенін әңгіме қылады.

«Социалистік Қазақстан»,

10.07.1936 ж.

САМ БАТЫР

Фердаусидің атақты «Шаһнамасы» қазақшаға аударылып болуға айналды. Мына басып отырған өлеңіміз «Шаһнамадан» бір үзінді. Мұнда Иран елінің батыры Сам суреттеледі. Сам батырдың әкесі Нариман Ғайшан елінің патшасы. Дудамен соғысуға бара жатқан жолында тауға шығып құлап өледі. Сам әкесін жеті жыл іздеп, Маһира деген жасырын атпен қытай еліне барады. Қытай патшасының қызы — Мәлике Самға ғашық болады, Самға тиеді. Сөйтіп жүріп, Сам қытай патшасының дұшпандарымен соғысып жеңеді. Мына өлеңде сол Самның ерлігі, батырлығы суреттелген.

Халық ақыны Ізтілеуұлы Т.

«Қазақ», 27.08.1936 ж.

ШӨЛМЕК

Сөйлеген сөзім ыңғайлы,
Құмартып халқым тыңдайды.
Шайырдан шатақ сөз шықса,
Күлістік етіп көбісі,

Бір-біріне ымдайды.
Сөз өлшеуін білмеген,
Шағалаша шулайды.
Кәнігі зергер қас шебер,

Орынсыз дүкен құрмайды.
Кездік соқса кемсінбей,
Өткеріп сыннан шындайды,
Қалуатсыз қас сыпа

Орынсыз мәжіліс құрмайды.
Мұзды балақ, қанды көз,
Аң көрмей, мойнын бұрмайды.
Тал жібектей таза сөз

Еш жерінді жырмайды.
Жағдайсыз сөздің мысалы -
Шеңгелше етек тырнайды.
Жақындатпа жаныңа,

Ниеті бұзық сұмырайды.
Парасатсыз көп надан,
Қобыз қылған қурайды.
«Жолға маман болдым» деп,

Лайтып, сөзді былғайды.
Жазған сөзім қыдырды
Орал менен Торғайды,
Хорезм жұрты хабарлы,

Шорахан, Төрткүл, Шымбайды.
Киіз үйлі қазақтың
Есіткен жері сөзімді
Аяқ асты қылмайды.

Бұл мәурітпен жүргенде,
Жас деген, шіркін, ұлғайды.
Көктемде түскен көп ылғал,
Шілде түссе құрғайды

Үйреніп қалған он саусақ,
Ұста деп қалам тынбайды.
Жан барда тілім жайтаңда,
Себепсіз шөлмек сынбайды.

Аяпов Ү.

18.02.1959 ж.

ХАЛЫҚ АҚЫНЫ ТҰРМАҒАМБЕТ ІЗТІЛЕУОВ ТУРАЛЫ МЕНІҢ БІЛЕТІНІМ

Мен — Үбісұлтан Аяпов, қазір жасым 70-те. Лениндік шақыру бойынша партия қатарына арыз беріп, 1924 жылдан 1929 жылға дейін партия мүшелігіне кандидат, ал 1929 жылдан бастап партия мүшесі болдым. Бірақ 1938 жылы партия мүшелігінен шығып қалдым. Ол жайында да айта кетейін: 1937-1938 жылдардағы жағдайға байланысты мені де «халық жауы» деп ұстап, соттады. Ең алдымен халық ақыны Тұрмағамбетті ұстады. Мені сол Тұрмағамбетке байланыстырып 1938 жылдың 3-июлінде тұтқынға алып соттады. 18.06.1939 жылы Шымкентке алып келді, онан Владивостокке жіберді. Маған тағылған «халық жауы» деген айыптың жалған екенін айтып Қазақ ССР Жоғарғы сотына шағым-арыз жаздым. Ол арызым қаралып, 21.09.1939 жылы Қазақ ССР Жоғарғы соты (қараған кісі Жәнібекова) мені ақтады. Бірақ ақталған қағаз, мен тұрған жерге 1940 жылдың 18 майы күні ғана келді. Түрмеден шыққаннан кейін жол шығыны үшін қаражат табуға 1940 жылы июнь, июль айында сол жерде жұмыс істедім де, сонан ауылға келдім. 1950 жылы 2-рет тағы ұсталдым. Қызылорда облыстық соты Құлымбетов деген ісімді қарап, Тұрмағамбет ақынның өлеңін үгіттеп таратушы деп, 58-статьямен мені 8 жылға соттады. Сондағы менің айтып жүрген өлеңім Тұрмағамбет ақынның «Жаз болғаннан жадыңа ал» деген шығармасы болатын. Ол өлеңде жат идея жоқ, бұл Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде жарияланған өлең еді. Сол сотталуда Ақтөбеде, Донскіде түрмеде отырдым. Менімен бірге халық ақыны Баймұратов Нұрлыбек, Қазақ ССР Ғылым академиясының қызметкері боп істеген Жақыпбаев Бозтай бірге болды. Бұл түрмеден 1954 жылы ақталып келдім. Әрине, «халық жауы» деген атақтың жалған екенін партия мен үкімет ашты, мен де, Тұрмағамбет те ақталды. Қазір мен үкіметтен пенсия алып, өз ауылымның ортасында отырмын. Мен совет өкіметін жергілікті жерде орнату үшін еңбек еттім. Тек 12 жылдай ауылдық советтің председателі боп істедім. Өз ауылыма бірнеше жыл колхоз председателі болдым. «Қарақұм, «Қызылқұм» деген жердегі Совет үкіметіне, колхоз құрылысына қарсы болған көтерілісші, басмашылар - Ақмырза, Қожбандарға қарсы күрес жүргіздім. Мұны менімен бірге болған, көтерілісті талқандауға қатысқан, сол кезде комсомол мүшесі Баймахан Ибрагимов біледі. (Ибрагимов 1948-1950 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші секретары боп істеген). Қармақшы ауданындағы «Аю жармасы» деп аталатын каналды қазуға ат салысып, басшылық еттім. Тұрмағамбеттен кеп адам оқып білім алды, сауатын ашты. Солардың ішінде — Ысқақ Байдәулетов, Әбжан Шонаев, өзім, т.б. бармыз. 1924-1925 жылдары біздің ауылға, Тұрмағамбетке жолығу үшін Қызылордадан Хамза Жүсіпбеков, Сәкен Сейфуллин, Әліби Жангелдиндер келді. Олар Тұрмағамбеттің шығармаларын оқытып тыңдады. Сейфуллин Тұрмағамбеттің өлеңін жеке кітап етіп бастыру үшін сол сапарда маған көшіртіп алып кеткен болатын. Ол кезде біздер арақ іше беретін едік, сонда Тұрмағамбет «арақ тәтті ме екен, тұз салып ішіңдер» дейтін. *** Бір жылы Тұрекең маған келді. Аяғындағы галошы тозып, жыртылып жүр екен. Мен ауылдық советтің председателі боп істеймін. Сонда дүкенде тұрған галоштың бірін сұрап маған өлең жазды. (Галош жалпы кісіге сатылмайды, сауда астыққа келген болатын).

«Ағаң ем отыратын тілегінде,
Ойында отырамын, білемін де»
деп басталады бұл өлең.

*** Тұрмағамбеттің қолынан Абайдың 1909 жылы Петерборда шыққан кітабы түспейтін. Жас күнінен бастап-ақ Абайды «қазақтың нағыз ақыны» деп айтып отыратын. Сол кітапты қайта-қайта оқитын. Сол сияқты Тұрекең орысша көп білмесе де орыс ақындарынан Пушкин, Крыловтың кітабын оқып отыратын. Сол сияқты Крыловтың кейбір мысалдарын Тұрекең қазақшаға аударды. (Мысалы, Шортан,шаян туралы). Дәулетназар ақын — үлкен ғұлама, молда. Ол Шонай деген кісінің асында шариғат айтып, Тұрмағамбетке тіл тигізеді. «Ілімнің апаты ұрған» деп сөгеді Тұрмағамбетті. Ол кездерде Дәулетназар ақынның бетіне ешкім келіп көрмеген. Міне осы аста Тұрмағамбет Дәулетназармен шариғат жөнінен айтысып, жеңіп шығады. Бұхардан оқып келген Тұрмағамбет «молда патша» атанып, ауылға келгеннен кейін ел ішінде сөз білетін жақсы адамдар мен атақты ақындарды іздеп сөз терген кісі. Сонда Алтын Тобжан деген кісіге келіп, «маған мал-мүлік керек емес, бір ауыз сөз тауып бер» депті Тұрмағамбет. Сонда өзінің ақындығы бар, сөзге жүйрік Тобжан: «Дүниеге келген адам — жан үшін, ел үшін, мал үшін, Қатын-бала қамы үшін» депті.

Тұрмағамбет осыған ұйқастырып сөз айтқан, онысы есімде жоқ, ұмыттым.
Тобжаннан бұл сөзді алғаннан кейін, Алтын Әлібай деген кісіге келеді.

Тұрмағамбет барған жерінде керісіп кетеді екен. Осыны естіген Әлібай, Тұрмағамбет сөз сұрап келгенде былай депті:

«Ердің ісі — келіс,
Жаманның ісі — керіс».

Табын руындағы Қалжан ақынға келіп: «Заманның қалпына лайықты айтып жүретін сөз тауып айтсаң Қалжан деймін, таппай айтсаң қалжың деймін», - депті Тұрекең. Сонда Қалжан ақын: «Тісті тіл түгеседі», — депті. Тұрмағамбет үндемей қалған екен, сонда Қалжан тұрып: «Ойланып қалдың ба?» - депті. Аман деген кісі айтыпты Тұрмағамбетке: «Е, деші, олжаң кеміс болса, жерің кеңіс болады», - деген.

* * * 1915 — 1916 жылдары майдандағы қара жұмысқа қазақтан адам алуға біздің жақта қарсылық білдірілді. Қармақшы ауданында бұл қарсылықты бастаушы Қаблан Қашқынбаев деген кісі, бұл кісі 2500 адамды бастап көтеріліс жасады, патшаның суретін жыртты. 1917 жылы Қармақшыда Совет өкіметі орнағанда Қаблан продовольственный комитеттің председателі боп сайланды. Қабланның бұл ерлігін Тұрмағамбет кезінде қатты бағалады. Тұрмағамбетке бір кісі: «О дүниеде қыл көпір деген бар көрінеді, сіз оқыған адамсыз, сонан болар тіліңіз батыл, біреудің міні болса батыл айтып боқтайсыз, сол қыл көпірден қалай өтесіз?» десе керек. «Мен құдаймен сөйлестім, ол қыл көпірден айналып өтетін болдым» депті сонда Тұрекең.

* * * Тұрмағамбет сол кездері Сыр бойы ақындарына дәстүр болған жазба айтысқа көп араласқан жоқ. Бірақ атақты ақындар өздерінің кезекті сөздеріне жауап беру үшін сөз таба алмаса, жұмбағын шеше алмаса Тұрмағамбетке келетін. Мысалы, Шораяқтың Омары Қарасақал Ерімбеттің жұмбағына жауап қайтарарда Тұрмағамбетпен ақылдасты, шешуін сұрап алды. Шораяқтың Омары айтып былай деп айтып отыратын еді: «Нағыз ақын орыстан шыққан Пушкин, қазақтан Абай, Шәді төре. Солардың ізін басатын Тұрмағамбет».

Енді Тұрмағамбеттің сотталуы жайында айтайын: 1933 жылы «Өндіріс» колхозынан 10 адамды Қармақшы ауданының соты Есімов деген соттады. Олар: Үбісұлтан Аяпов, Ақберген Сеңгірбаев (ауыл совет председателі) Арыстан Ақшылықов (колхоз есепшісі), Бисен Діниев (колхозшы), Құрманай Жүсіпов (колхозшы), Тінжібек Көмекбаев (колхозшы), Мәдір Дайрабаев (колхозшы) және ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов, т.б. 10 жылға сотталған Тұрмағамбетке сот Есімов үкім оқып, «24 сағаттың ішінде Жоғарғы сотқа шағым беруге еріктісің» дейді. Сонда Тұрмағамбет соттан ақырғы сөз сұрап былай депті:

«Бәрекелде сотқа,
Бетің күйген отқа.
Колхозшыны 10 жылдан кесіп,
Өзің де кетіп тұр екенсің хотқа.

Молданыкін мол кесет, - деген,
Мені де 10 жылға кестің ғой,
Пісіріп жей ғой шоққа».

Қазалы түрмесінде жатқан Тұрмағамбетті бір жылдан кейін айыбы жоқ деп Жоғарғы сот ақтады. 1934 жылы ауылына келе жатып осы күнгі Жалағаш ауданының Ленин атындағы колхозында (бұрынғы «Еңбекші» колхозы) өзін соттаған соты Есімовке тағы кездеседі. Қасында прокурор Жанасов бар екен. Сонда сот Тұрмағамбетті көріп, түрмеден қашып жүр екен деп:

— «Қайдан жүрсің?» - депті. Тұрмағамбет:

— «Сен соттадың, мен ақталдым» - депті.

— Ал түрме қалай екен? — депті сот Есімов. Сонда Тұрмағамбет қарсыласа беріп қайтемін деп, мына сөзді айтыпты:

«Аға»деген ініні —
«Жаным» десе болады.
Ерді күткен қатынды —
«Ханым» десе болады.

Ыңырсыған ұл-қызды —
«Сәнім» десе болады.
Көктемдегі төл даусын —
«Әнім» десе болады.

Шөлдеп ішкен сусынды —
«Балым» десе болады.
Ойлы туған ерлерді,
«Ғалым» десе болады.

Жаман туған жақынды —
«Залым» десе болады.
Сот жүктеген жазаны —
«Тәлім» десе болады.

Осындай айтқан үгітті,
Ел біткенге үйретіп,
Мәлімдесе болады.

*** Қармақшы аудандық милициясының қызметкері Отарбай Қоянбаев ауданнан шығып біздің ауылға, ең алдымен біздің үйге келді. Мені ертіп Тұрмағамбеттің үйіне барды. Бұл 1938 жылдың жаз айы еді. Тұрмағамбет соның алдында ғана түрмеден келген, көп болса босағанына 5 ай шамасы болды. Тұрмағамбетті ұстауға келгенін айтты да, Қоянбаев үйдің мүлкін қағазға жазып, қаттады. Мұны көрген Тұрмағамбеттің әйелі Биға: «Құдай-ай, не жазып едім» деп күйзеле бастады. Сонда Тұрмағамбет, әйелі Биғаға: «Сен не жазайын деп едің, өздері жазып жатыр ғой» деді. (Қоянбаев? Қазір Қызылорда қаласында тұрады). Мен Қоянбаевтан «70 шақырымдай жердегі ауданға Тұрмағамбетті жаяу айдағанша, астына ат берсек қалай болады?» дедім. Ол атқа мінсе қашып кетеді деген болу керек, «мүмкін болса түйе берсеңдер» деді. Түйеге мініп жатып Тұрмағамбет өзінің баласы Әбдірауыққа: «Ренжімеңдер, жаяу бара жатқан жоқпын, хайуанның үлкені түйеге мініп бара жатырмын ғой. Тағы да қайтып келермін» деді. Аудан орталығы Қармақшыдан, сол кездегі облыстың орталығы болған Шымкентке жауап беруге баратын болды. Тұрмағамбеттің қолынан қашып кетпеуге тілхат алып, Шымкенттегі облыстық НКВД-ге барып жауап беруге өзін жіберді. Тұрмағамбет Шымкентке барып түсіп, облыстық НКВД-ге поездан түскен күні емес, ертеңіне барады. Облыстық НКВД-ның қызметкері Ахметжан Қойшығұлов: «Кеше неге келмедің?» деп сұрайды Тұрмағамбеттен. Сонда Тұрмағамбет: «Кеше келмегенім — қазынаға пайда келтірейін деп ойладым. Кеше келсем ғой, маған 600 грамм нан шығын болар еді», - дейді. «Бұл қырсық адам екен» деп түрмеге апарып жаптырады. Арада 15 күн өткеннен кейін ғана жауап алуға шақырады. Сондағы бірінші сұрақ, «қане, не істеп жүрсің, соны айт?» депті Қойшығұлов. «Өз еңбегіммен салынған мектебімді — колхоздың астық складына бердім. Малымды колхоз ұйымдастыруға орталыққа өткіздім. Балам колхозшы болып істейді, - өзімді Исаев, Құлымбетов, Жүргенов дегендер Алматыға шақырып, қызмет істеттірді. Менің істегенім осы» депті.

— Алматыға ол иттердің шақырғанына неге бардың? — дейді Қойшығұлов.

— Олардың ит екенін мен қайдан білейін. Олар шақырып еді, оған бардым. Сен шақырып едің — саған келдім, - дейді Тұрмағамбет. Беретін жауабы тек осы. Сондықтан түрмеде тағы 6 ай жатады. Алты айдан кейін тағы жауапқа шақырған Қойшығұлов «Қалай, жағдайыңыз жақсы ма?» деп сұрайды. Сонда Тұрмағамбеттің берген жауабы:

«Жасыңыз жолдас! Келгелі
Болғаным жоқ жағдайсыз.

— Жақсы ма, - деп,— жәй-күйің? —

Әрқашан сұрап аңдайсыз.
Жарқын жүзді, жаз күнгі
Жарқырап атқан таңдайсыз.
Кездескен соң сізге кеп

Боламын қайтып маңдайсыз,
Ақ — қараны ашатын,
Ақылға диқан шамдайсыз.
Жазығым жоқ жатырмын,

Қандай шара қамдайсыз?
Өтірікті айтпаймын,
Сөзіме сеніп нанғайсыз.
Көптен бері боп жүрмін

Бүріскен тондай шалғайсыз.
Қор қыла бермей қалайда
Қатарға қосып алғайсыз.
Қыран құстай қияға

Қайырып баптап салғайсыз.
Жетіспеген жерімді,
Беріп жәрдем жалғайсыз.
Мен түгіл, мұнша жұрт сыйған,

Кең салынған залдайсыз.
Қарағанда алыстан,
Асқар биік жалдайсыз.
Таңдайдан талқы кетпейтін,

Тамылжыған балдайсыз.
Әдетіңіз — әр істің
Тарауын тауып талдайсыз.
Дейсіз де жақтырмасаңыз:

«Неге надан малдайсыз».
Жақтырсаңыз — Жайхуннан
«Өткізіп салар салдайсыз».

— Не қызмет істейсіз? — дейді Қойшығұлов.

— Қызметім — ақындық, - дейді Тұрмағамбет.

— Үкіметке ақындықпен қандай қызмет атқардыңыз? — дейді Қойшығұлов.

Сонда Тұрмағамбет ақынның айтқаны:
«Дүниеге келгеннен соң мирас өлмек,
Өлген соң қайта айналып жоқ қой келмек.
Соны ойлап өз - өзімнен қайнап тасып,

Қиялым көкірегімді кетті кернеп.
«Кейінге нені тастап кетем бе?» - деп,
Ішкенім у сияқты болды кермек.
Жиырма мен жиырма бестің арасында,

Сұлулап секілді адам салған өрнек.
Отызда ешнәрсені ойламайсың,
Теңіздің толқынындай тасқан өрлеп.
Қырықта ердің миы толығады,

Данышпан ақылдылар елді билеп.
Елу жас ердің мінсе еңсесіне,
Күннен күн кемиді екен күй мен көрнек.
Өз жасым бұдан-дағы асыңқырап,

Алпысты алдымдағы қалдым серлеп.
Қалайда «қапыда өтіп кетем бе?» деп,
Кітабын «Шаһнаманың» еттім ермек.
Өлеңмен он бір буын он ай жазып,

Бітірдім басым сипап, шаршап, терлеп.
Тексеріп тәртіппенен төрт том етіп,
«Казиздат» баспақ болған оқа, зерлеп.
Талайлар таға алмай сын тарқап кетті,

Қолына бергенмен де: - «оқып көр!» - деп.
Доғардым, - тартуым, деп, - партияға,
Аттай-ақ аң құтқармас қойған ерлеп.
Үкімет ескеріп бұл еңбегімді,

«Пенсия, - бұйырып ед, бұған бер» - деп.
«Айына, - онда, - үш жүз аласың, - деп,
Қолыма берді қағаз жазып мөрлеп.
Бұларым ойынындай боп балалардың,

Отырмын «түзеу үйде» енді шерлеп».

Тұрмағамбет осыдан кейін босанып ауылға келді. Бұл 1938 жылдың февраль, март айлары. Бірақ көп ұзаған жоқ, 1938 жылдың жаз айында қайтадан ұсталып Қармақшы ауданының түрмесіне жатты. Сол түрмеде мен де жатыр едім. Бірге болдық.

«Көп екен көргеніңнен көрмегенің,
Бәрінен жақсы екен өлмегенің»
деген өлеңін осында жатқанда шығарған болатын.

Тұрмағамбеттен жауап алған кісілер — Пяткин (Қармақшы аудандық НКВД-ның начальнигі) Облыстық НКВД-ның қызметкері Шоманов және Қойшығұлов. Бірнеше рет түрмеге отырғызып, жазықсыз айыптау, ауыр қиындық көру салдарынан «халық жауы» деген айыптан ақталмай жауап астында жүрген Тұрмағамбет Ізтілеуов 1939 жылы май айында мезгілсіз қайтыс болды.

Байділдаев М.

«Социалистік Қазақстан», 18.06.1959 ж.

ТҰРМАҒАМБЕТ АҚЫННЫҢ ӘДЕБИ МҰРАСЫ

Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық Комитеті 1957 жылдың 8 июлінде «Қазақ халқының әдеби-поэзиялық және музыка мұрасын зерттеудің, сын тұрғысынан қарап пайдаланудың жайы және оларды жақсарту шаралары туралы» арнаулы қаулы қабылдады. Қаулыда көрсетілгендей, қазақ мәдениеті мен жерінің кептеген аса көрнекті қайраткерлерінің шығармалары мен творчестволық өмірбаяны оқушылардың қалың топтары үшін мәлім болмай келеді. Соның бірі — халық ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуовтің әдеби-поэзиялық мұрасы. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 1958 жылы болып өткен ІІІ пленумы Тұрмағамбет ақынның творчествосын зерттеп, жарыққа шығару қажеттігіне қозғау салды. Бұдан кейін ақынның күрделі, көлемді еңбегінің бірі — «Шаһнама» аудармасын (көлемі 55 баспа табақ) көп тиражбен басып шығару шарасы белгіленді. Тұрмағамбет революциядан бұрын да ақындығымен халыққа мәшһүр боп танылған. Ақынның асқақ қиялынан туған шығармаларынан бүгінге дейін жиналып алынған қолда барының өзі 60 мың жолдай өлең, яғни 45 баспа табақ. Оның отыз бесі дастан, үш жүз елуі әр мезгілдегі өлеңдер, мыңнан аса мақал-мәтелдер және «Шаһнаманың» қазақ тіліндегі аудармасы. Халық ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуов бұрынғы Түркістан өлкесіне қарайтын Сырдария облысындағы Қазалы уезінде, Қуаңдария болысының екінші ауылында «Ақтайлақ» деген жерде (Қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданы Ленин ауылдық Советі) 1882 жылы 9 июльде туған. Әкесі Ізтілеу Қызылбайұлы — ауыл кедейі. Алғашқы кезде Тұрмағамбет өз ауылындағы байлар ұстаған имам-молдалардан ескіше оқып, білім алады. Ол төңірекке жақын жердегі оқуды тауысқаннан кейін, енді жоғарғы оқу орнына түсу үшін қазіргі Өзбек ССР-нің Бұқара қаласына барады. Сол кездегі Таяу және Орта Шығыс елдеріне, әсіресе, Орта Азиядағы «үлкен» деп саналатын XVІ ғасырда салынған оқу орны — «Мир-Араб» (1535-36 жылдары салынған) медресесіне оқуға түседі, 1899 жылдан бастап Көкелташ дейтін медресеге ауысады. Еліміздің белгілі мәдени қайраткері, Сталиндік сыйлықтың лауреаты, Тәжік совет әдебиетінің негізін қалаған классик жазушысы, Тәжікстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті Садриддин Саидмұрадұлы Айни да осы жылы сол Көкелташ медресесінде оқитын студент екен. Тұрмағамбет Айнимен алғаш рет осында танысып, дос болады. Екеуі бірге хатым етіп, медресені бір жылда бітіріп шығады. «Мир-Арабта» оқитын 300-ден аса студенттердің бірде-бірін өлең, көркем әдебиет шығармаларымен дағдыландырмау үшін ондағы мүдәріс-оқытушылар қатаң тәртіп орнатып бақылауға алған. Ал Көкелташтың да молла-оқушылары өздерінің әдеби үйірмесін ұйымдастырған. Айни оның жетекшілерінің бірі болатын. Тұрмағамбет осы әдеби үйірмеге бар ынтасымен қызу араласып, алғашқы реалистік өлеңдерін осында жазады. Соның бірі:

«Жаманға жақсы адам ақыл айтар,
Жақсыға жаман көзін ақырайтар.
«Тудым, - деп - өзің туған мен де атадан»,
Едәуір аузын керіп нақыл айтар.

Аңсызда алқымынан алса бөрі
Көздерін: «Қайтесің?» деп бақырайтар.
«Еңбегін ессізге еткен еш болад» деп,
Дамолла Тұрмағамбет ақын айтар.

Бұл — 1899 жылы Бұқарада сол әдеби үйірмеге араласып жүрген кезінде студенттік өмірден алып жазған өлеңі. Сол кезде Бұқара ақындарының әдеби жинақтары — тазкирлер шығып тұрған. Тұрмағамбеттің бірқатар жазғандары осында қабылданады. Бірақ әмірді мақтайтын, дінді жақтайтын жағы жоқ болғандықтан, өлеңдері «жарамай» қалады. Көшпелі қазақ елінен Орта Азиядағы үлкен қалаға білім іздеп, шөліркеп келген Тұрмағамбет Бұқара қаласының бай кітапханасынан өзіне керекті мәдени мұралар — кітаптарды тауып алып, мұқият пайдаланды. Әсіресе, Шығыс әдебиетінің классиктері Сағди, Хафиз, Камал, Фердауси, Физули оның сүйіп оқитын авторлары болады... XІX ғасырда Бұқара медресесін бүкіл Қазақстаннан екі-үш адам ғана бітіріп шықты. Соның бірі Мәшһүр Жүсіп Көпеев, ал екіншісі Тұрмағамбет Ізтілеуов. Медреседе үздік оқыған Тұрмағамбет осы оқу орнын үздік бітірсе де, кейін дінді уағыздаушы болудан бас тартып, дүние тану ғылымымен, ақындықпен айналысты. Бұрын оның өз ауылының ортасында бала оқитын меншікті мектебі, сабақ беретін тұрақты мұғалімі болмайтын. Балалардың қара танып, хат білуін көксеген көпшілік күштерін ұйымдастырып, тұңғыш рет мектеп үйін тұрғызады. Осыған Тұрмағамбет мұғалім болады. Сөйтіп ол он жылға жуық, яғни 1914 жылдан 1924 жылға дейін мұғалім болып, өз ауылының балаларын оқытады. Қазақстан үкіметі 1934 жылы оны Алматыға шақырып алады. 1935- 1937 жылдарда Тұрмағамбет Қазақ ССР Оқу Халық Комиссариатында ғылыми қызметкер болып істейді. Республикамыз Тұрмағамбеттің ғалымдық, ақындық, жазушы-аудармашылық қызметін ескерусіз қалдырған жоқ. Оның 55 жасқа, ақындығының 40 жылға толғанып, әсіресе, «Шаһнама» эпопеясын парсы тілінен аударып, тұңғыш рет қазақ халқына жеткізудегі күрделі еңбегін бағалап, Қазақстан Өлкелік партия комитеті мен Қазақ ССР Халық Комиссарлар Советінің 1936 жылғы қаулысымен Тұрмағамбетке дербес пенсия белгіленген. Ол Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелігіне өтеді. 1939 жылдың 15 майында халық ақыны Тұрмағамбет дүние салды. Халық тілінен мейірлене сусындап, өз шығармаларына қалауын тауып, молынан пайдалана білген шебер суретші екенін оның артында қалдырған асыл мұраларынан айқын көреміз. 1907 жылы жастық шағына арнап жазған мына өлеңі бұған дәлел:

«Жасымда назым сөзге шебер едім.
«Өзімнен шебер кім?» деп кебер едім.
Әр түрлі хикая мен дастандардың
Ширатқан шым жібектен көгені едім.

Тай түгіл, түйе етіне толмайтұғын,
Шаһналық шаммен қайнар шөген едім.
Түбінен дарияның дүрлер теріп,
Алдына аға-інінің төгер едім».

Ақын өлең жазуды он төрт жасынан бастайды. «Қара қоңыз» деген көлемді мысал өлеңі — алғашқы шығармаларының бірі. Мұны 1896 жылы ауыл молдасында оқып жүрген кезінде жазған. Ат үстінде бара жатып тезекке үймелеп таласып жатқан қоңыздарды көреді. Бұл көргені ой тудыруға себепші болып, табанда осыны өлең қылады:

«Жер жүзін қара қоңыз қаптайды жаз,
Бір боққа қырық-елуден қонбайды аз.
Біреуі қуып барып алысады,
Тым тату өзге жерде, мұнда араз.

Бір жерге келіп оны жайластырып,
Қуанып, қожырайып болады мәз» -

деп басталады бұл өлең. Сол қоңыз секілді адамдар ортамызда бар, олар дүние үшін «ата-анаң» деп сөгуге, арамдық істеуге әзір деген пікір аңғартады. Тұрмағамбет шығыс тілдері мен әдебиетін терең білетін, осы саладағы маман кісінің бірі боп есептелген ғалым еді. Әсіресе, араб, парсы, түрік, шағатай тілдерін жақсы біліп, осы тілдердегі әдеби нұсқаларды көп оқыған, шығыс классиктерін үлгі тұтып, олардан әсер алған-ды. Орысша оқымай, оны бертін келе өз бетінше білуге талпынған. Сол аздаған түсінігімен Пушкиннің, Крыловтың шығармаларын оқып, орыстың классикалық әдебиетінен мағлұмат алып, өзіне рухани азық еткен және оларды қазақшаға аударуға талпынған. Крыловтан аударған бір-екі мысал өлеңі де бар. Сыр елі ақындарының ішінде Абай шығармасына таңсық боп тұңғыш танысқан, оның сөздерін сол кездерде қастерлеп айтып, елге таратушы кісі Тұрмағамбет болды. Ол Абай кітабын алғаш рет 1910 жылы оқиды. Содан бастап ол кітап қолынан түспейді, Абайдан үйреніп, өзін соның шәкіртімін деп есептейді. «Абай кітабын оқығаннан кейінгі ой» деген 1910 жылы Абайға арнап жазған өлеңінде былай дейді:

«Артында атақты ердің қалса сөзі,
«Өлді» деп өкінбеймін оның өзі».

Абайдың айтқан асыл сөзінің құнын сол заманның қараңғылығынан түсініп отырған адам жоқ деп қынжылады:

«Алғанмен қолға, бірақ, қай нәрсенің
Білінбейд, қараңғыда қара, бозы».

Ақын үстем тап өкілдерінің озбырлығын, қиянатын асқан шыншылдықпен әшкерелеп отыруды өз шығармаларына бірден-бір нәр еткен. Ол алғашқы кезде байларды көбінесе «Қара қоңыз», «Өгіз», «Қасқырға» теңеп, жұмбақтап жазып келсе, 1915 жылдан бастап, әсіресе, 1916 жылдың оқиғасынан кейін батылдықпен ашық жазды. «Үміт», «Жаманның ақылы», «Байлардың ниеті» деген өлеңдері бұған куә. Кедейлерді байларға қарсы тұруға шақырып, 1916 жылы жазған «Үміт» деген өлеңінде:

«Үзбе үміт бұзылса да
Ісіңнің ерлер кескіні.
Ұмытарсың күн шықса,
Айсыз түнгі кешкіні» -

дейді.

Ленинді тұңғыш жырлаушының қатарына Тұрмағамбет те қосылады. Бұған 1923 жылы Ленинге арнап «Күн сияқты Ленин» деген толғау өлеңі айғақ. Мұнда:

«Жер-жиһанға жайнаған нұр
Күн сияқты Ленин,
Көркейтіп көңілін сайратты
Біздердей бұлбұл құстарын.

Осындай басшы барында
Еңбекші елім енді де
Болар ма екен еш қамың?!» -
деп толғайды.

Жарты ғасырға жуық өлең жазған ол республикаға танымал белгілі халық ақыны болды. Тұрмағамбет жүрегін кернеген қуаныш пен арман Совет үкіметі тұсында Қазақстанда салтанат құрды. Сондықтан да мұны өз көзімен көрген сергек ақын:

«Дүниеден өмір бітіп, өтсем де өзім,
Аралап жердің жүзін жүрер сөзім.
«Көре алмай кейінгіні кеттім-ау» - деп
Арманда болмай-ақ қой екі көзім» -

деген сөзін 1937 жылы айтқан еді. Өз артына өлмейтін өмірлік еңбегі - өткір тілді өлең сөздерін қалдырды, сөйтіп кейінгі ұрпақтың сүйсініп оқуына өзінің мол әдеби мұраларын бағыштап кетті. Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар дарынды ақынның шығармалары осы күнге дейін «өлі дүние» қатарында архив сөресі мен жеке кісілер қолында сақталып келді. Біздіңше, еңдігі жерде Тұрмағамбет творчествосы арнайы зерттелуге тиіс. Ал Қазақ ССР Ғылым академиясы мен Көркем әдебиет баспасы жұртшылықтың оқуы үшін оның «Таңдамалы шығармалар жинағын» басып шығарса өте орынды болар еді.

Тұрманжанов Ө.

«Қызыл ту», 10.08.1960 ж. 2-б.

«ШАҺНАМА» ДАСТАНЫ ЖАЙЫНДА

Фердаусидің «Шаһнама» дастанынан бала кезімнен-ақ хабарым бар. Бір кезде мұны Ораз молда, Шәді төрелер аударып, Ташкент баспасынан кітап етіп шығарған да болатын. Бірақ олардың көп сөздері түсініксіз еді. Өйткені бұл ақындар тек қазаққа ғана емес, Орта Азия халықтарына тән етіп, сол кездегі «Әдеби ортақ тіл» деп саналатын шағатайшаға бейімдеп аударған. Оған біздің қарапайым қазақтың түсіне қоюы қиын болатын. 1934 жылы жер жүзінің халықтары Фердаусидің туғанына 1000 жыл толғанын атап өтті. Міне, осы кезде «Шаһнаманы» қазақ тіліне аудару мәселесі көтерілді. Сол кездегі Қазақ ССР Оқу Халық Комиссары Т.Жүргенов жолдас Тәжіктің классик жазушысы Садриддин Айнимен кез келіп, бір пікірлескенінде, бұған Тұрмағамбет ақынды қатыстыру туралы ұсыныс етеді. Осыдан кейін Тұрмағамбет Қазкрайком арқылы (ол кезде Мирзоян секретарь еді) Қызылордадан Алматыға шақырылып алынды. Т.Жүргенов жолдас Тұрмағамбеттен:

— «Шаһнаманы» білесіз бе? Аудара алар ма едіңіз? - деп сұрағанында сол бас қосуда мен де бар едім. Оған Тұрмағамбет былайша жауап қайырды: — «Шаһнаманың» түрікшесі мен шағатайшасын да, парсышасы мен арабшасын да оқыдым. Көптеген жерін жатқа да білемін. Оны аудармай несі бар, - деді де табанда мына өлеңді шығарып, шұбыртып ала жөнелді:

— Тәуекел! Орын тап та тапсырып көр,

Алармын әр қалайда иілдіріп.
Қалайша қиял шіркін қашар екен?
Отырсам жоғарыға киімімді іліп.
Баяғы балалықтың базарында,

Өлеңді отырушы едім үйілдіріп.
Ойламай оның жолын қартайған соң,
Тастап ем зейінімді түйілдіріп.
Қалайда бәйге алып бере алмайды,

Жүйрікті жаратпасаң күйін біліп.
«Ишарат — ақылы барға» деген нақыл,
Ал қойдым осы араға тиылдырып, - деді.

Содан кейін оған аударуға бір жыл мерзім берді. Сол кезде Тұрмағамбеттің жасы 55-те еді. Бірақ ол бір жыл емес, тоғыз айда аударып, бітіріп берді. Міне, баспаға қазіргі дайындалған қырық мың жол аударма сол Тұрекең істеп кеткен еңбек. Кезінде мұның үзінділерін қазіргі «Жұлдыз» журналының ізі болып саналатын «Әдебиет майданы» журналына (онда мен соның редакторы едім) бастық. Аударма біткен соң жеті кісіден комиссия құрылып, қабылдап алынды, баспаға ұсынылды.

Енді осы жұмысты арнаулы редакциялаудағы істегендеріме келейін: Ең алдымен қолжазбаны бастан-аяқ оқып шықтым. Сонан соң редакциялауға отырдым. Бұған мен бір жылдай уақытымды сарп еттім. Әсіресе, мифтік жағына, шығарманың басталатын бөліміне баса назар аудардым да, ол жерлерді үш рет қарап, мол редакцияладым. Ал қалғандарына жеңіл редакция жүргіздім. Ақындық шабыттан туған әдемі жырлар жазылған беттерге қалам да тигізбедім. Аудармашы автордың көзінің жоқ екенін және келешекте зерттеушілер үшін қажетті болғандықтан негізінен Тұрмағамбеттің стилін, оның тіл байлығының қорын сақтауды мақсат еттім. Түсініксіз болар деген араб, парсы сөздерін азайтып, қазаққа ұғымды етіп беруге тырыстым. Тұрмағамбетті «молда» дейді. Ол дұрыс емес. Қазақта дін мектебінде оқыған, бітіргендерді «молда» деп атай береді. Ал Тұрмағамбет болса, жоғарғы діни мектепті оқып бітіргеніне қарамастан дін жолын ұстамаған кісі. Сол үшін Бұқара қаласының муфтилері оны жазаға да тартқан. Молдаларды балағаттап, боқтап отыратынын талай рет құлағымызбен есіттік. Тұрмағамбеттің бұл сырын қазіргі жазушыларымыздың бірқатары жақсы біледі. Тұрмағамбеттің өзінше стилі бар, күшті ақын. Тіпті, ойламаған жерден ұйқас тауып кетеді. Қазақ тіліне жетік, тілге шешен және Шығыстың тарихын, әдебиетін, ғұрпын жақсы білген, зерттеген ғалым. Міне, осының бәрі «Шаһнама» сияқты ғаламат еңбекті қазақ тіліне келтіруге бірден-бір себін тигізді. Осындай жан-жақты талант пен білім бойында болмаса, Тұрекеңнің «Шаһнаманы» аударып шығуы мүмкін де емес еді.

Байділдаев М.

«Қызылту», 10.08.1960 ж. 2-б.

«ШАҺНАМА» ДАСТАНЫ ЖАЙЫНДА

(Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл мен әдебиет институтының ғылыми қызметкері, «Шаһнаманы» баспаға әзірлеген). Тұрмағамбет ақын «Шаһнаманы» 1936 жылы, бұдан 24 жыл бұрын аударған. Кезінде мерзімді баспасөздерде аударманың үзінділері кеңінен жарияланған. Тіпті, республикамыздан тыс Новосібірде шығатын «Қызыл ту» газетінің бірнеше санында Тұрмағамбеттің «Шаһнамасы» жарияланыпты. 1936 жылы бұл еңбек мектеп оқулықтарына да енгізілді. Сол жылы Москвада өткен қазақтың Бірінші Декадасында Тұрмағамбеттің есімі тұңғыш рет одаққа естіліп, орталық газеттерде жазылды.

Байділдаев М.

«Ленин жолы», 16.01.1962 ж.

ТҰРМАҒАМБЕТ АҚЫН

Шығыстағы көркем тілдің шыңына шарықтап шыққан сөз зергері, ақындар атасы Әбілқасым Фердауси (934-1020) жазған «Шаһнама» шығармасы әлем оқушысының жан азығына айналған, Шығыс «Илиадасы» атанған асыл мұра. Жер жүзінің басқа халықтары сияқты қазақ халқына да «Шаһнама» эпопеясы қымбат, оны құмарта оқиды. Қалың оқушының осындай талап-тілегін ескеріп, Қазақ ССР Ғылым академиясы «Шаһнаманың» Тұрмағамбет ақын жырлаған қазақша нұсқасын баспаға дайындап берген болатын. 1961 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан сол «Шаһнаманың» Тұрмағамбет нұсқасының бір бөлімі «Рүстем-дастан» деген атпен жетпіс мың тиражбен жеке кітап болып басылып шықты. Республикамыздың даңқты 40 жылдық мерекесі торқалы тойына шашу ретінде шыққан бұл кітапты оқушылар қауымы үлкен қуанышпен қабылдады. Ақын Тұрмағамбеттің 1962 жылы 10 июльде туғанына 80 жыл толады. Ақынның юбилейі қарсаңында оның «Рүстем-дастан» кітабы (екінші рет) және «Таңдамалы шығармалары» көп тиражбен кітап болып басылып шықпақ. Газет оқушыларының сұрауын ескеріп, оларды Сыр бойының атақты ақыны Тұрмағамбеттің творчествосымен таныстыру мақсатымен осы төмендегі мақаланы жариялап отырмыз. Сыр бойының атақты ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуов 1882 жылдың 9 июлінде қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданы, Ленин атындағы ауылдық советінде туған. Тұрмағамбет ақынның балалық шағы Орта Азияны емшек сүтімен емізген ардақты анадай болған, екінің бірі, егіздің сыңары — Сырдария өзені бойында, оның жағасындағы су жолы, керуен жолы, әрі осы өңірдің әкімгершілік орталығы — Ақмешіт, Қармақшы, Қазалы қалаларында өтеді. Жасы он алтыға шыққанда әкесі дүние салады. Қаршадайынан қамқоршысыз қалған қағілез бала өмірдің ауыртпалығын арқалап, жетімдіктің тақсіретін тартып, тоқпағын жеп өседі. Өткендегі сол тағдыр тауқыметін:

...Кедей ем киім, тамақ зорға тапқан,
Жамаулы үйім жыртық қара құрым,—
деп баяндайды ақын бір өлеңінде.

Алғашқыда өз ауылындағы Қожабай, Алдашбай, Ораз деген ишан, молдалардың көшпелі мектебінде оқып мұсылманша білім алады. Шығыс тілдерін үйрену, білуді үлкен өнер деп санаған, оқыған кездерінде араб, фарсы тілдерін ғылыми тіл деп ұғынған Тұрмағамбет ілім алуға ынтық болған таудай талаппен ұшқан құстың қанаты талған сағымданған сусыз шел дала — «Қызылқұмның» шағыл құмын толарсақтан кешкен керуеннің соңына еріп өзегі тала, ерні кезере қазіргі Өзбек ССР-інің Бұхара қаласына әрең келіп жетеді. Сол кездегі Таяу, Орта Шығыс және Орта Азия елдері үшін ұлық саналатын қабырғасы XVІ ғасырда қаланған Бұхарадағы әйгілі оқу орны — «Мир-Араб» медресесінде оқуға түседі. 1899 жылдан бастап сондағы Көкелташ медресесінде оқиды. Еліміздің белгілі мәдениет қайраткері, Тәжік Ғылым академиясының тұңғыш президенті, академик жазушы Садриддин Сайдмұрадұлы Айни да (1879-1955) осы жылы Көкелташ медресесінің студенті болатын. Тұрмағамбет пен Садриддин алғаш осында танысып дос боп кетеді. Айнимен жақын болу, оның творчестволық бағытына үлкен әсер етеді. Олар моллабача-студенттер арасында әдебиет үйірмесін ұйымдастырып, оған жол-жоба көрсетіп жетекшілік етеді. Көкелташ медресесін екеуі бір мерзімде хатым етіп (бітіріп), шатырхатты (дипломды) бірге алып шығады. Көшпелі қазақ жерінен Орта Азияның атақты қаласына білім іздеп шөліркеп келген Тұрмағамбет, оның бай кітапханасынан Шығыстың ежелгі мол мәдени мұрасы—дарқан шығармаларын тауып алып мейірлене оқиды. Әсіресе, арабтың «Мың бір түні» мен үндінің «Тотынамасын», парсының «Шаһнамасы» мен Омар Хайям, Хожа Хафиздің сұлу сазды нәзік лирикасын, Шайхы Сағдидың «Гүлстаны» мен «Бостанын», Низамидің «Ескендір-намасы» мен «Қысырау-Шырынын», Науаидің «Ләйлі-Мәжнүні» мен «Жеті шұғыласын», Рудаки мен Физулидің, Жәми мен Беделдің қисапсыз мол дүниелерін бас алмай қызыға оқып, құмарта сусындайды. Бируни, Мұхамед Әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Бабур, Ұлықбек сияқты философтар мен тарихшылардың асыл қазыналарынан азық алу үшін олардың еңбектерін ерінбей атқарады. Медресені үздік бітіріп, шығыс тілдері — араб, фарсы, түркі-шағатайшаны емін-еркін меңгерген Тұрмағамбет, осы тілдердегі жазылған Шығыстың классикалық шығармаларын өз халқына жеткізуді алдына мақсат етіп қойды. Революцияға дейін жазған көп шығармаларының ішінде: «Рауабану», «Мәрді дихан», «Іскендір», «Самұрық», «Өгіздің хикаясы», «Бидай хикаясы», «Төрт дос» деген және басқа дастандары Шығыстық көркем әдебиеттің атақты шығармалары — «Шаһнама» мен «Тотынаманың», «Мың бір түн» мен «Іскендір-наманың» бөлімдері. Тұрмағамбет ақын сол кітаптарды оқып, өзін қызықтырған сондағы сюжеттерді негізге алып қазақтың өз өлеңіндей, тыңдаушыларын тамсандыра оқиғалы хикая, дастандар жазады. Ол мұсылман елдерінің семинариясы саналатын жоғарғы оқуы догматтық медресесінен ескі хадім үлгісі бойынша схоластикалық бағытта білім алып шықса да өмірін дін жолы емес, дүниетану ғылымына, өнер жол ақындыққа арнайды. Өзі ұшқан алтын ұя - туған жердің торқалы топырағына іңкәр боп жыл құсындай қайта оралады. Жүз адамның тоқсан сегізі хат білім қара танымайтын қараңғылық көрпесін қымтанған өз елінің ортасына келіп, ата қонысынан алғашқы мектеп ашып, мұғалім болады. Он тоғыз жылдай оқып зердесіне жиған бар білімін, үлгі-өнеге берерлік ортасынан суырылып шыққан ешкімі болмаған өз еліне таратып, өз аулының көптеген бүлдіршіндерінің көзін ашып сауаттандырады. Сөйтіп, рухани тарихтың мәдениетіндегі игілікті істердің бірі — ұстаздық қызметті 1924 жылға дейін атқарып, жүздеген ұрпақтарды тәрбиелейді. Қазіргі Қызылордалық ақын Әбдікәрім Оңалбаев Тұрмағамбетпен айтысқан сол жылдардағы бір өлеңінде:

Халыққа атың шыққан ақын едің,
Шәрбатын әр ғылымның татып едің.
Табиғат тау-төбе ғып үйе салған,
Тозбайтын таусылмайтын асыл едің, —

деп Тұрмағамбеттің ақындығы, мен ғалымдығын, жазушылығы мен ұстаздығын ұштастыра білген, халқы сүйген қадірлі азамат екенін айтады. Тұрмағамбет творчествосының негізгі өзегі: бай-манаптарды, би-болыстарды, әкім-ұлықтарды мінеп-шенеу, халықты ағартушылыққа: оқу-білімге, енер іздеуге, еңбек етуге шақыру; сол кездегі қазақ аулының кейпін, жер-су ата-мекенін бейнелеу, кедей мен мұңлының кем-кемтігін шерге толы өмірін, олардың қанаушыдан көрген қорлық-зорлығын жырлау. Үстем таптың жиіркенішті әрекеттерін жіті көзімен көріп мірдің оғындай дәлдеп атқан уытты жырлары, кертартпашыларға қарсы айтылған шыншыл, сыншыл көзқарасы, халық қамқорлығын көксеген ағартушылық идеясы үшін жергілікті жердің бай-феодалдары, буржуазияның ұлтшыл интеллигенттері Тұрмағамбеттің қыр соңына түсіп талай рет қуғынға ұшыратты, абақтыға да жаптырды:

Баяғы бай мен бидің уақытында —
Мешел боп мертілгенмін итерісте.
«Осыдан құтылар күн болар ма?» деп,
Бармағым шайналған ед азу тісте, -

дейді ақынның өзі. Ол мешел боп мертілсе де, әлеуметтік теңсіздікті тани тұрса да, мұны жоюдың жолын таппады. Өзі өмір сүрген тарихи жағдайға сәйкес тап күресі идеясына дейін көтеріле алмады, демократтық-ағартушы көлемде қалды. «Қанаушылықтан құтылар күн болар ма?» деп өзіне-өзі сұрақ қойса да, оны шешудің бірден-бір айқын жолы, күшті құралы - революция екенін білмеді, түсінбеді. Міне, оның әлеуметтік көзқарасындағы қайшылықтары, шығармасындағы ішінара торығушылық сарындары осыдан келіп туда. Алайда оның демократ-ағартушы болғаны ақиқат. Тұрмағамбеттің жасы отыз беске келген шағында алтын арай Октябрь таңы рауандап атты. Революцияның жаулары Совет өкіметіне көзін жұмып, көкірегін керіп мұрындарын шүйіре менсінбей қараған кезде, Тұрмағамбет ақын:

Күнің туды, кедейлер!
Аяғына байлардың
Жүргеніңде басыла
Күн көрудің қамын қыл,

Бір-біріңе асыла,— деп өктем үнмен ұран салды. Совет өкіметінің арқасында терезесі теңеліп, керегесі кеңейіп азаматтық еркін право алды. Соры арылып, кіріптардан құтылған, мерейі үстем боп мәртебеге ие болған бақытты ақын, алғашқы жырын өзіне азаттық әперген ең ұлы адам — В.И. Ленинге арнайды. Оның «Ленин — күн» деген ұзақ толғауы Владимир Ильичтің тірі кезінде, 1923 жылы октябрьде жазылған. Құты қашқан сол қытымыр заманның қыспағында жүріп ондаған хикая-дастан, жүздеген жыр-өлеңдерді тудырса да автордың «Түркістан уалаяты» газетіне шыққан жетпіс жол жалғыз шығармасынан басқа еңбегі баспа бетін көрмепті. Бірақ қалың ауылдың қақ ортасында өсіп, ел өмірімен етене боп кеткен Тұрмағамбеттің жырлары, жыраулар арқылы өткен күннің өзінде де қалың қауымға кеңінен таралған. Осы арада ашып айта кетейік. Тұрмағамбеттің творчестволық эволюциясында басқа да кейбір жазушыларымыздың басында болғаны сияқты совет дәуірінің алғашқы кезеңдеріне барар бағытын бағдарлауда түсінбестікке салынып қате-кемшілікке ұрынған жайларын жасыруға болмайды. Өзін «шыңдалған» ақынмын деп есептесе де, түсінбестіктен туған күдіктерін ойына келген күйінде айта салам деп кезінде қате пікірлерге де ұшырасып отырды. Бұл үшін ол кезінде қатты сыналды. Бұл қателіктерінен тиісті қорытынды шығаруға, оны келешекте қайталамауға тырысты. Сөйтіп, 1933 жылдан бері қарай адасып келген бағытынан үзілді-кесілді бас тартып, халықпен бірге болып біте қайнасуға, соған адал қызмет ету жолына бар ынтасын аударды. Жазушы өзінің осы ниетін білдіріп, өз оқушыларына ағынан ақтарыла:

Ой табу - оңай емес, ерікпесе,
Ақ сұңқар — аңға ұшпайды, елікпесе.
Адамды ой-пікірі оянбаған —
Болады, байқауымда, «өлік» десе,

Болады досқа — күлкі, дұшпанға — мат,
Кімде — кім өткен күнді еліктесе.
Шамамша шабуға енді шақ боп тұрмын:
«Атыңның артқы айылы берік десе», —

деген болатын. Өзіңнің өнерпаздық жолында бір сәттік шалғай басқан ептеген қателігі, бұл марксизм ілімінен мағлұматы жоқ Тұрмағамбет үшін табиғи нәрсе. Сондықтан партия мен үкімет оны қылмыс еттің деп кінәлаған жоқ, кемшілігін айтып кешірім жасады. Оған жөн сілтеді, көмектесті. Архивте сақталып, іске тігілген документтің бірінде былай делінген: «Халқыма қырық жылдай ақындықпен қызмет етсем де көп жылдық еңбектерім көзге түспей, басылып шықпай, бағаланбай жүрген соң 1934 жылдың басында Алексей Максимович Горькийге тілегімді білдірдім» - дейді Тұрмағамбет. 1936 жылы ұлы жазушының қазаға ұшыраған хабарын естігенде, оған қатты қайғырып:

Жаралып ұқсасында алтын тездің,
Болып ең Горький жолдас — көркі сөздің.
Сағынып жанарынан жас кетпейді
Өзіңді о басында көрген көздің,—

деп өзіне көз қырын салған кемеңгер жазушыны шексіз сүйгендіктен көзіне ыстық жас алады. Жоғарыда айтылған ақынның адал ниет, ақ жүректен ізденген бұл заңды талаптарына облыс пен республика басшылары да құлақ асып, оның творчестволық жұмыс істеуіне тиісті жағдайлар жасайды. 1934 жылы июнь айында Алматыда өткен Қазақстан Кеңес Жазушылар Одағының тұңғыш съезіне және көркем өнерпаздардың республикалық Бірінші слетіне Оңтүстік Қазақстан облысынан делегат болып қатысып талантын танытқан Тұрмағамбет ақынды, келесі 1935 жылы Қазақстан Өлкелік партия Комитеті Алматыға шақыртып алды. Қазкрайкомның сол кездегі секретары Л.И.Мирзоян жолдас Тұрмағамбетпен сөйлесіп, оның қазақ әдебиетіне күрделі еңбекпен үлес қосуына сенім білдірді. Ол осы кезден бастап Қазақ ССР Оқу халық комиссариатында ғылыми қызметкер болып істеді. Кешегі күйкі өмірді көзімен көріп, куәсі болған қария ақын, енді бүгін арызын тыңдайтын, мүддесін қорғайтын жаңа заманды көріп қайта жасарды. Осы бір сәтте Тұрмағамбет, он бес жылдық мерекесін табыспен тойлаған, қырмызыдай құлпырған Қазақстанын мақтаныш ете, байсалды үнмен былай деп жауап берген еді: «Біз көпті көрген көнеміз. Ауызын ақ шалды деп бізді тірі өлік көруге болмайды. Ескі сұм заманды көріп жасардық. Осы заманның жасы болмағанымызға армандамыз. Бірақ біз бақыттымыз. Ескі заманның өрескел озбыр тарихын жастарға айтып береміз. Ол заманды көрмеген жастарға біз табылмайтын мұрамыз» («Социалистік Қазақстан») 2 август 1936 жыл. Ол өзінің әсерлі де әдемі айтылған осы пікірінің ізін суытпай: «Ленин», «Пушкин тірі», «Горький - сөздің көркі», «Правда» газеті, «Қарт Жамбыл», «Сәкенге», «Көктем», «Алып қыран», «Кеңес жазушыларына ұсыныс», «Жырлайық Аманкелді батырлығын» деген және басқа көптеген жаңа шығармаларын жазды. Осы кезден бастап Тұрмағамбеттің өмірі мен еңбектері оқулықтар мен программаларға енгізіліп, орта мектепте оқытылды. Шығармаларының бірқатары орыс тіліне аударылып орталық газет-журналдар мен жинақтарда және A.M. Горькийдің инициативасы бойынша «Правда» редакциясы бастырған «Творчество народов СССР» кітабында басылып шықты. Сөйтіп, орыс оқушылары халық ақындарымыздың ішінде Тұрмағамбет шығармасымен тұңғыш рет танысты. Қазақ ақынының алғаш аударылған бұл еңбектері 1937 жылы «Литературный критик» журналында жан-жақты талдау жасалынды. Оның «Политотдел — большевик» деген өлеңі мен «Мақта туралы жырын» жоғары бағалады. СССР Ғылым академиясы «Совет дәуіріндегі орыс халқының поэтикалық творчествосының очеркі» деген еңбегінде Тұрмағамбетті халық творчествосын дамытуға еңбегі сіңген еліміздегі белгілі қайраткерлердің қатарына қосады. Отызыншы жылдардың орта шені. Бұл кезде ақынның самайын едәуір қырау шалып тарлан тартқан жан азығыңның мейірін сусатып «Шығыс Илиадасы» атанған «Шаһнама» шығармасының сюжетін алып дастан ғып жазуға кірісті. Тұрмағамбет ақын осы тұста Шығыс әдебиетін жақсы білетін бірқатар мамандармен кеңеседі, кездеседі. (Осы туралы «Айнимен де ақылдастым» дейді ол). «Шаһнаманың» Шығыс тілдерінде тараған прозалық үлгілерін тандап алып, оны Фердауси үлгісі бойынша қайтадан жырға айналдырады. Бойындағы қуатын сари ете сарыла отырып он айда жазып бітірген дарынды ақынның бұл үлкен-үлкен үш бөлімнен тұратын әдеби мүрасының саны—елудей поэма. Яғни, қырық мың жолға жуық өлең. Атап айтқанда: Бірінші бөлім — «Жәмшит—нама» 12 мың жол, екінші бөлім — «Рүстем-Дастан» 24 мың жол, үшінші бөлім — «Дарап-нама» 4 мың жол. Бір кісінің бейнеттенуі мен мұншама мол шығарманың бұдан ширек ғасыр бұрын поэзиямызға келіп қосылуы — қазақ әдебиеті үшін зор мақтаныш еді. Республикамыздың жоғарғы үкімет орны Қазақ, АССР Орталық Атқару Комитетінің Президиумы 1936 жылғы декабрьдегі қаулысында Тұрмағамбеттің сіңірген бұл еңбегін ерекше атап көрсетті. Шығыстың әйгілі эпопеясы патшалар туралы кітабы — «Шаһнамасын» творчестволық материал ретінде кәдеге жаратып, оны қазақ ұғымына үйлестіре жырлап, поэзиямен жазып шығу Тұрмағамбеттің ақындық биографиясындағы шоқтығы биік елеулі ерекшелігі. Оның Шығыс әдебиетімен байланысты жағын ашу арнайы тоқтауды, жете талдауды керексінетін дербес те үлкен тақырып болғандықтан, бұған көп аялдай алмадық. Біз негізінен автордың өмірі, жазушылық қызметімен оқушыларды таныстыру жағына назар аудардық. Шынында, екі қоғамдық құрылыстың, екі дәуірдің шындығын көзбен көріп, жырлап кеткен Тұрмағамбет ақынның толық өмірі мен творчестволық қызметін екінің бірі біле бермейді. Совет әдебиетінің даму тарихындағы аса бір маңызды кезең — партияның тарихи XXІІ съезі әдебиеттегі жеке адамға табынушылықтың салдарынан дейді. Опық жеген осы бір орынсыз күюдің ішінде Тұрмағамбет те болған-ды. Сондықтан зерттеушінің алдында архивтерден, көзін көрген кісілерден ақын жайында сақталған тың деректер, барлық документтерді іздестіре түсудің міндеті тұр.

Байділдаев М.

«Білім және еңбек», 1962 ж. №7

ШАҺНАМА ҚАЗАҚ ТОПЫРАҒЫНДА

Ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов Қызылорда облысының Қармақшы ауданында 1882 жылдың 9-июліндетуған. Жасында ауылдағы мұсылман мектебінен азын-аулақ білім алып, кейін белгілі жазушы, көрнекті ғалым Садриддин Айнимен (1879-1954) бірге Бұхарадағы «Көкелташ» медресесін бітіреді. 1905 жылы туған жеріне келіп, өз аулындағы жаңадан ашылған мектепке мұғалім болады. 1935 жылдан өмірінің ақырына (1937 жылға) дейін Қазақ ССР Оқу халық комиссариатында ғылыми қызметкер болып істейді. Тұрмағамбет творчествосы — сан алуан. Ол поэзияның барлық жанрына бірдей еркін қалам тартқан. Оның ақындығының асқар шыны — «Шаһнама» аудармасы. ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ поэзиясының ішінен Шығыс тақырыбына жазылған мұндай көлемді туындыны табу қиын. Биыл ақынның туғанына 80 жыл толуына байланысты оның бір томдық «Таңдамалы шығармалары» шықпақшы, туған ауданында мектептің, көшенің аты берілді. Қазіргі тәжік, иран, ауған халықтарына ортақ орта ғасырда өмір сүрген, аты әлемге әйгілі классик ақын Әбілқасым Фердаусидің фарсы тілінде жазылған «Шаһнама» шығармасы — тек Шығыс қана емес, бүкіл жер жүзі әдебиетінің тамаша мұрасы. Әлем оқушысы оны «Шығыстың Илиадасы» деп бекер атамаған. Фердаусидің өшпейтін бұл шығармасы жазылғалы бері арада мың жылдан артық уақыт өтіпті. Алайда поэмаға деген оқушылар құштарлығы әлі кеміген жоқ, кемитін де емес. Неміс халқының ұлы ақыны Гете: «Иранда ығай мен сығай жеті ұлы ақын бар. Олардың ең нашарының өзі менен көш ілгері», - деп баға беріпті. Осы бағалаудың бастысы, ақындардың атасы — Фердауси болатын. Оның патшалар тарихы — «Шаһнамасын» адамзаттың гимні, ұраны десе де болады. Өйткені «Шаһнама» - шын мәнінде халықтық шығарма. Мұндағы нысана, еткен негізгі идея ертедегі халықтардың асыл арманын, жақсылық пен жамандық тартысын көрсету, отанды сүюге, өмір сүруге, еңбек етуге шақыру. Басқыншылықпен үздіксіз шабуыл жасаған сол кездегі қайырымсыз жауларға жан қиярлық, ортақ күреспен қарсы тұру үшін алдыңғы қатарлы адамдар өз отандастарын бірлік ұранына топтады. Дастанның басым бөлігіне қатысатын басты қаһармандар патшалар емес, батырлар. Шығармаға өзек болған батырлар бейнесі, халықтар патриоттығы жырда барынша паш етіледі. «Шаһнама» осындай құндылығымен кезінде Энгельсті де қатты қызықтырған. 1934 жылы Фердаусидің туғанына мың жыл толған юбилейін дүние жүзінің барлық елдері кеңінен атап өтті. «Шаһнаманың» қазақ әдебиетіне келуіне де осы жағдай себеп болды. Бұл кезде Тұрмағамбет ақынның самайын едәуір қырау шалып, тарлан тартқан шағы еді. Осыған қарамастан, тәуекелге бел буып, білек түріп, әлем оқушысын әсерімен тартқан, жан азығының мейірін сусатып «Шығыс Илиадасы» атанған «Шаһнама» шығармасының сюжетін алып, дастан қып жазуға кірісті. Академик М.Әуезов айтқандай: «Өлеңмен жыр етуші Тұрмағамбет ақын бұл жөнінде XІX ғасырда қазақ ортасында көп жайылған Шығыс аңыздарының өлеңге айналатын дәстүрін қолданған». Ақын Гете атаған «Шығыстың жарық жұлдызы» - Фердауси ақынның бұл әйгілі шығармасы мың жылдан бері жер жүзінің түпкір — түпкірін еркін шарлағаны сондай, оның жүзге жуық варианттары болған. Әдебиеттің асыл қазынасының төрінен тиянақты орын алған, тозбайтын, тот баспайтын әлемдік эпопеяны тудырушы Әбілқасым Фердауси (934-1020) бұл ұлы шығармасы — «Шаһнамасын» (патшалар туралы кітап) көз майын тауысып, көңіл сазын сарқа құйып, тапжылмай отырып, 35 жылда жазып бітірген. Көлемі Гомердің «Илиадасындай» сегіз есе келетін бұл таңырқарлық дастанды әр елдің халқы оқуға ынтық болса да, оны түпнұсқасынан өлеңмен аудару аса ауыр болған, сөйтіп ол көбіне қара сөзбен көшірілген. Міне, мұның көп варианты болу себебі де осыдан. Тұрмағамбет ақын осы тұста Шығыс әдебиетін жақсы білетін бірқатар мамандармен кездеседі, кеңеседі. (Осы туралы «Айнимен де ақылдастым» дейді ол) «Шаһнаманың» Шығыс тілдерінде тараған прозалық үлгілерін тандап алып, оны Фердауси үлгісі бойынша қайтадан жырға айналдырады. Оқығаны мен тоқығанын ой елегінен өткізіп, ертедегі Шығыстың төрт мың жылдық оқиғасын қамтитын тұтас бір туындыны қазақ әдебиетіне алып келген Тұрмағамбет ақын ҚазЦИК-тің сол кездегі председателі Ү. Құлымбетов жолдастың атына 1936жылы жазған, бір хатында: «Өткен жылы майда Қазкрайком Мирзоян жолдас ауылдан Алматыға шақырды. «Шаһнаманы» бітіріп беруді парыз етті. Партияның басшысы айтқан мерзімге бұл міндетін атқарып, «Шаһнаманы» бітіріп бердім. Еткен бұл еңбегімді өзіңіз құрған өкімет комиссиясы жеті кісі (басшысы — Жүргенов, мүшелері — Сәкен, Аспандияров, Қабылов, Құдайберген, Сәбит, Абат болып — бәрі) жаратып, қабылдап алды. Ішіндегі толып жатқан қиын сөздерді ғылым ізімен тәртіптеп, ұғындырып, 4 том етіп басуға олар ұйғарып қаулы қылды» - дейді. Бойыңдағы қуатын сарп ете, сарыла отырып, он айда жазып бітірген дарынды ақынның бұл үлкен-үлкен үш бөлімнен тұратын әдеби мұрасының саны — елудей поэма. Яғни қырық мың жолға жуық өлең. Атап айтқанда: бірінші бөлім — «Жәмшитнама» 12 мың жол, екінші бөлім «Рүстем-дастан» 24 мың жол, үшінші белім — «Дарап-нама» 4 мың жол. Сөз иіні келгендіктен айта кетейік: ақынның адал еңбек, маңдай терімен біткен, 45 қалың дәптерге араб әрпімен жазылған бұл сияқты қымбатта, қыруар мүліктің түпнұсқа қолжазбасын, ақынның жұбайы Биға анамыз ұзақ уақыт ұқыпты сақтаған. Сонымен бұл еңбектің іске асып, игілікке жарауына мұрагердің қосқан үлесі — ауызға алып атауға тұрарлық. Бір кісінің творчестволық ерлік еңбегі мен мол шығарманың бұдан ширек ғасыр бұрын поэзиямызға келіп қосылуы — қазақ әдебиеті үшін зор мақтаныш еді. Республикамыздың жоғары үкімет орны — Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің Президиумы 1936 жылы 21 декабрьдегі №77 қаулысында Тұрмағамбеттің сіңірген бұл еңбегін ерекше атап көрсетті. «Шаһнаманың» о басындағы авторы Әбілқасым Фердауси десек те, бұл сюжет ерте кезден-ақ Шығыс елдерінде түрліше тарап, оған әр ел, әр заман өз қоспасын енгізген. Жырда исламнан бұрынғы замандардың нанымы, аңызы басым болғандықтан, оған діни адамдар қыңыр қарап, қазақ арасында бұл сюжет тек ауыз әдебиеті мүлкіне айналып, халық аузында сақталған. Міне, соның бірі — Тұрмағамбет нұсқасы. Бұл ретте Тұрмағамбет ақын Шығыс елдерінің тілінде кітап боп көп тараған «Шаһнаманың» прозалық, нұсқаларын пайдаланып, оған өз білетінін қосқан. Сөйтіп, бір жүйеге салып көлемді жыр тудырған. Тұрмағамбет сауатты ақын болғандықтан Фердаусидің мутақариб өлшеуіне өте жақын өлшеу тапқан. Жыр жолы 11 буындық қара өлеңмен жазылып, ішінде диалог элементіне мол орын берілген. Қысқа монологтар тіпті көп. Оның мәнісі жырдың шыншылдығын ақын қоюлата түскен. Диалог пен монологтар арқылы әрбір герой өзінің ішкі-тысқы сипатымен дәлірек көрінеді. Ал М. Сералин бұл жырды 1914-15 жылдары батырлық жыры өлшеуімен жазып, біраз еркін кеткен еді. Жырда эпикалық баяндау элементі де дұрыс сақталған. Афоризмге толы Фердауси тілін Тұрмағамбет қазақ ұғымына сәйкес өзінше тоқып, өзінше өрнек жасаған.

«Иранның әскерінің бәрі ұсақ,
Сияқты сиқы жаман жетім тұсақ.
Болған соң арыстандай әр жігітің,
Біреуі кетер оның онын тұсап»...

Қойылып отыз керней, алпыс сырнай,
Тоғайдан торғай біткен ұшты шырлай.
Жаңғыртып жердің үстін бара жатыр,
Аттары өз-өзінен үрікті, ұрмай, -

деген сөз кестесінің қазаққа танымал, жақын екені мәлім. Бұл жағынан жыр тілі ғажап. Атты, даланы, соғысты суреттегенде, автор өзіне тән стиль тапқан. Мәселен, махаббатты жырлаған жерінен бір мысал келтірейік:

«Жүр едім жолығад, - деп, - қайдан теңім?
Жоқ екен, жетті зейінім, тіпті кемің.
Тағатым қалайда да қалмай барад,
Таппасаң ауруымның өзің емін.

Обалым мойыныңа, кетсең жазбай,
Гауһармын тесілмеген, тұрған азбай».
Ғашықтық ойлағанда оңай емес,
Байпаңдап барды алдына бала қаздай.

Әрбір көрініс өте жақын, дәл суреттелген. Кітаптың іші шым-шытырық оқиғаға толы. Дәстүрлі сюжеттерді творчестволық түрде пайдалану, тек Тұрмағамбеттің жеке басында ғана емес, орта ғасырдан бері қарай толып жатқан Шығыс әдебиеттерінде (қазақ әдебиетінде де) кездесетін қасиет. Оқиғаны осылайша пайдалану осы бір тұста шебердің шеберлігін, ақынның ақындығын танытатын тәрізді. Жалпы оқиға шеңберінде Тұрмағамбет өзін мейлінше еркін сезініп, өз дарыны, өз шұғыласымен оза шауып, шиеленіскен оқиғалардың жағдайын өзінше суреттейді, кейіпкердің қылықтарына өзінше талдау жасайды. Қысқасы, шығарманың бүкіл желісіне өзінің ерекше суреткерлігін қосады. Мұнда «Шаһнаманың» нұсқасындағы кейбір оқиғалардың орны ауыстырылған, тараулардың өзара көлемдері өзгерілген. Алайда, ең басты айырмашылығы — оқиға желісін өз шеберлігімен суреттеп, қазақ ұғымына түсінікті етіп, бейнелеп беруінде. Шығыстың бұл роман — поэмасын, творчестволық материал ретімен кәдеге жаратып, тыңнан қайта жырлаған автор еңбегін өлеңдік түр жағынан алып қарағанда да, бұл шығарма төрт жолды шумақтан, он бір буынды жолдардан құрылып, қазақтың анық өз үлгісіндегі дастандар түріне жатады. Автор шығармадағы келтірілген елдің, жердің, қала мен адамның аттарын Фердаусидің атаған қалпында өзгертпей алған. Мәселен: Шын (Қытай), Шамын (Үнді-Қытай), Үрім (Византия), Тұран (Орта Азия), Қоһқаф (Кавказ) (Жайхүн (Амудария), Сайкүн (Сырдария), Шаш (Ташкент), Жәмшит, Зәрдәшт (Зороастр), Зүһак, Кауа, Зал, Апрасияп, Рахыш (Рүстемнің тұлпары), т. б. Сол сияқты мифтік ұғымдағы: жын, пері, дию дегендерді де, діни — фанаттық сенімдегі Язданағқа (құдайға) жалбарынып, содан рақым күту тәрізді кездесетін қайшылықтарды да Тұрмағамбет сюжетке сүйеніп, сол күйінде сақтаған. Бұл «қайшылық» деп отырғанымыздың бәрі өз дәуіріне, орта ғасырдағы мұсылман әдебиетіне тән ортақ белгілер. Бұл арқылы біздер сол кездегі елдер мен дәуірдің бет-бейнесін айқын көреміз. Бұл — Тұрмағамбеттің өз еңбегі және оның творчестволық биографиясындағы шоқтығы биік, елеулі белесі. Республикамыздың партия, совет орындары халқы үшін қызмет еткен халық ақынының еңбегін жоғары бағалады. Соңғы кездердегі партиямыздың даналық басшылығы ақынның артында қалған әдеби мұраларын қолға алып, кәдеге асыруға мүмкіндік жасады. Соның бірі — көпшілік қауымды қуантқан «Рүстем - дастан» кітабы. Ол жер жүзі халықтары әдебиетінің байланысы мәселесін қараған Азия, Африка елдері жазушыларының форумы — Екінші конференциясына Каирге мақтанышпен апарылды. «Революцияға дейін жазу — сызуы болмаған халықтардың тіліне аударылған өз шығармаларын көрген жазушылар, мұны «Мың бір түндегі» ғажайыптардың нақ өзі деп бағалады», - дейді осы конференцияның делегаты, академик — жазушы Ғ.Мүсірепов.

Қаратаев М.

«Қазақ әдебиеті», 6.07.1962 ж.

АҚЫН ТУРАЛЫ АҚИҚАТ

Тұрмағамбет 1934 жылы Қазақстан жазушыларының бірінші съезі мен халық ақындарының бірінші слетіне делегат болып келді де, газет-журналдар бетіне өлеңдері шығып, содан былай енді ол бүкіл республика жұртшылығына танылды. Оның үстіне ол он ай отырып Фердаусидің «Шаһнама» дастанының қазақшаланған нұсқасын жасап шықты да, дастанның бірқатар тараулары баспа жүзінде жарияланып, Тұрмағамбеттің ақындық тұлғасы айқын анықтала түсті. Сол тұста елудің үстіне шығып, алпысты алқымдап қалған ақын отыз жыл ішіндегі туындыларын жинап өз алдына, «Шаһнаманы» өз алдына кітап етіп шығару әрекетіне жұмылады. «Шаһнаманы» қазақшалаумен қабат тікелей совет заманының шындығын жырлауға ойысып, ақын бұл ретте де әжептәуір көзге түсіп қалып еді. Жамбылмен қатар шығып, заман рухымен бірге қанаттанған қуатты дарын дәуірлік мәні бар көп оқиғаларға ақындық үн қосқанын білеміз. Оның: «Ленин — Күн», «Дарақ пен сая», «Мақта», «Шөлмек», «Партия — аузымда атың, ойымда өзің», «Алып қыран», «Большевик басшы, біз қосшы» атты өлең толғаулары, Пушкин, Горький, Жамбыл, Сәкен ақындарға, «Правданың» 25 жылдығына Қазақстан Жоғарғы Советінің X съезіне арнаған өлең-жырлары үстін-үстіне газеттерге шығып, кейбіреулері орысшаға аударылып, орталық баспасөзде («Большевикам-политотдельцам», «О хлопке пою», «Великан») шықты. Бірақ не керек бұл шырқау ұзаққа барған жоқ. Тағдыр оған сырт айналды. Оның «соры», өзі әзілдегендей, араб, парсы тілдерінен «қайнаған» жоқ, жеке адамға табынушылық кезеңі туғызған заңсыздыққа ұшырағаннан «қайнады». Ақын 1937 жылы жазықсыз ұсталғаннан қайтып қатарға қосылмады, кітаптары басылмай, жабылып қалды. Коммунистік партияның XX съезінен кейін туған әділетті жағдай Тұрмағамбет творчествосына қайта оралуға жол ашты. Ақынның құлпы ашылған мол мұрасының бастамасы ретінде 1961 жылы республикамыздың 40 жылдық мерекесі қарсаңында «Рүстем-дастан» кітабы жарық көрді. Кітапта алғысөз жазған марқұм Мұхтар Әуезов: «Мынау еңбек Фердаусидің «Шаһнамасынан» тікелей жасалған аударма демейміз, сол Фердаусидің үлгісімен халық ақыны Тұрмағамбеттің өзі өлең етіп жазған Рүстем жөніндегі дастанның қазақша варианты дейміз» деген. Тұрмағамбеттің өзі де бұл еңбегін аударма демейді, ел ішіне тарап кеткен аңыздарды өзінше топшылап, өзінше ойлап пішіп, жыр еткен дастан деп қарайды. Бұл жерде ақын «Рүстем-дастан» жырын ғана айтып отырған жоқ, сонымен қатар өзі жырлаған «Жамшит-нама» мен «Дарап-нама» дастандарын да айтып отыр. Бұлар «Рүстем-дастанға» ілесе жақын уақытта өз алдына кітап боп шығуға тиіс. Бұлар ғана емес, Тұрмағамбет творчествосы көп ұзамай түгел жарық көруі керек, зерттелу керек, өзінің тиісті бағасын, орнын алуы керек. Мұны басып айтуға тура келеді. Себебі Тұрмағамбет есімі төңірегінде ішінара әдебиетшілер арасында бір жағы білместіктен, екінші жағы — кешегі жеке адамға табыну кезінен қалған күдікшілдіктен туған қыңыр түсініктер бар. «Ондай ақынды білмейміз», «Молда дейді ғой өзін», «Шаһнаманы өзіміз неге аудармаймыз» деген сықылды қысыр сөздерді күңкіл түрінде де, тіпті шағым түрінде де естідік. Сондықтан да сексенге келген Тұрмағамбет ақын туралы ақиқатты әбден анықтап, ол жөнінде бұдан былай ешбір күдік-күмән қалдырмау қажет болып отыр. Тұрмағамбет революциядан бұрын-ақ Ташкент пен Қарақалпақ, оңтүстік пен бүкіл Сыр бойы қазақтарына аты әйгілі болған ақын. Алдымен ақынның өмірбаянын алсақ та бірсыпыра жай анықталатындай. Қазақстанның қазіргі өлкесіндегі Қызылорда облысының Қармақшы ауданында 1882 жылы Ізтілеу деген кедей шаруаның семьясында туып-өскен Тұрмағамбет шалқыған дәулеттің арқасында емес, тек қана талабымен, үздік зейін, қабілетімен оқу жолына түседі. Әуелі ауылдағы молдалардан, кейін Сыр өңіріне белгілі Тапал, Қалжан ахундардың медресесіне түсіп, сабақ алады. Мұнда ол асқан зеректігімен көзге түсіп 1896 жылы Қалжан ахунның жолдамасымен Бұхараға барып, әуелі сондағы «Мир-Араб» медресесінде, кейін 1899 жылдан бастап «Көкелташ» медресесінде Садриддин Айнимен бірге оқиды, бірге бітіреді. Тұрмағамбет 1905 жылы медресені бітіріп, қолына шатырхат алып еліне қайтқанда, оны елі «ишан болып қайтты» деп мешітке имам етіп көтереді. Бір қызығы — Тұрмағамбет имамдық міндетін мұсылман дінінің фанатиктерінше мүлтіксіз атқарудың орнына, әрі-беріден кейін шариғаттың шарттарын алдымен өзі бұзып, исламның негізін өзі мазақтап өлеңдер жазып, толып жатқан шырыш бұзар «күпірлік» қылықтар істейді. Құдайға дін қойып, жұртты ұйытып, құранның аят-хадисін жаттауды былай қойып, халық арасында сауық-сайран құрады, ақындық сөздерін таратады, көп ұзамай мешітті мектепке айналдырып, оқытушылық қызметін атқарады, жастарды оқуға, білімге үгіттеп, ұстаздық етеді. Ислам дінінің дүлей сақшылары осы қылықтары үшін Тұрмағамбетті діннен тайған «пәдері» етіп жариялағаны да белгілі. Содан 20 жылға жуық ел ортасында халықтың сауатын ашып ағартушылық және ақындық қызметін атқарған Тұрмағамбет жергілікті феодал, бай, молдалардың қудалауымен әлденеше рет түрмеге де түскен. Бірақ тәкаппар ақын оның ешқайсысына мойымай да қажымай, алған бетінде игілікті қызметін істей берген. Ақындық қызметінің биігі де, қорытындысы да іспетті «Шаһнаманың» соңынан жазған толғауында Тұрмағамбет басынан кешкен бұл жайды былай түйген:

Баяғы бай мен бидің уақытында,
Мертілдім мешеу болып итерісте.
«Осыдан құтылар күн болар ма?» деп
Шайнап ем бармағымды азу тісте.

Тұрмағамбеттің революциядан бұрын жазғандары «бай мен бидің уақытындағы» кейбір әмір көріністерін сыншылдықпен көзге елестетеді, халықтың қараңғылығы, бай мен кедей арасындағы әлеуметтік теңсіздік, бай, би, қожа-молдалардың ұсқынсыз қылықтары бірсыпыра шығармаларында-ақ сыналып, «Қара қоңыз» (1896), «Мәгес молда» (1905), «Бар мен жоқ, ал мен бер» (1906), «Жер жүзін жеті қабат зұлмат басты» (1916), т.б. өлеңдерінде Тұрмағамбет үстем тап адамдарының міндерін беттеріне басып айтады. Мысалы, мешіт ұстап, имам болған Құрбан молданы мазақтап айтқан өлеңі ел арасында осы күнге дейін ұмытылған жоқ. Бірақ бұл бағыттағы ақынның көрегендігі мен сыншылдығы мұнан әрі көп аса терең болмайды, әлеуметтік, таптық қайшылықтардың бетін, сырын жете көрсетпейді, оның мысал, нақыл, таптық сөздері Шығыс ақындары уағыздаған жалпы адамгершілік ізгі қасиеттерді насихаттаудан аспайды. Орысша оқымаған, заманның озат идеясынан қағажу қалып, Бұхара сықылды «Орта Азияның Меккесі» атанған қалада хадімше хат танып келген ақыннан ол кезде бұдан артықты күтудің өзі орынсыз болар еді. Алайда Сыр бойының өрен жүйрік ақындарының бірі болған Тұрмағамбеттің өз өлкесінде, қазақ топырағында, Шығыс әдебиетінің классиктері жырлаған дана ой, асыл сезімдердің ұрығын еккен еңбегі кезінде баға жетпес құнды еңбек еді. Абай мен Ыбырайға ілесе, жадитше оқыған Сұлтанмахмұт пен Сәбиттердің, Сәкен мен Бейімбеттердің алдын ала, баспа жүзінде болмағанымен, халық арасында қолжазба түрінде өзі секілді «кітаби» ақындармен қатар ақындық қызмет атқарған Тұрмағамбет қазақ әдебиетінің арнасына өз бұлағымен қосылды. Абайды оқып, Абай сарынынан әсер алған Тұрмағамбет Ізтілеуов ақындық қызметтің мақсат, міндетін Абайша ұғынады, Абай сықылды халыққа қызмет еткен, артына асыл сөз қалдырған ақын өлмейді деп біледі. 1910 жылы Тұрмағамбет «Абайды оқығанда» деген өлең жазған. Бұл өлеңнің екі түрлі үлкен маңызды мәні бар. Біріншіден, бұл өлең ұлы ақынның шығармалары 1909 жылы жарық көрісімен, қанша жерге және қалай тез тарағанына документ іспетті айғақ, екіншіден, Тұрмағамбет творчествосының кездейсоқ құбылыс емес, қазақ әдебиетінің ұлы дарағымен тамырлас және сол дарақтан құнарлы нәр алған заңды құбылыс екенін нақты дәлелдейтін дерек. Әрине, бұдан Тұрмағамбет тура Абай жолын қуып, барлық жағынан Абай дәстүрін қабылдаған, оның дәл мағынасындағы шәкірті деген пікір тумайды. Кейбір реттерде, әсіресе әділеттік, адалдық, достық, бірлік, махаббат секілді ізгі адамгершілік қасиеттерді қастерлеу жөнінде Тұрмағамбет Абай әуеніне аз-кем бой ұрғанмен, негізінде ол өз тұрғысында, өз қалпында, өз мектебінде қалды. Өз «мектебі» деп отырғанымыз — көбіне Тұрмағамбеттің өзі үлгі көріп айтқан Сыр бойының шайыр-ақындарының дәстүрі. Тұрмағамбет атаған он тоғыз ақынның тізімін Майлықожа, Мұса молда, Шәді төре, Ораз молда сықылды Оңтүстік Қазақстанның ірі талант иелерімен толықтырсақ, қазақ әдебиетінің «кітаби» ақындар делініп келген үлкен бір қайраткерлер тобын тұтас танимыз. Кешегі бір жылдары, жеке адамға табынушылық салтының зардабымен Шығыс атаулының бәрін құбыжық көрген кезде, бұл ақындарға жуымауға тырыстық, себебі - бұлар Шығыс мәдениетінен нәр алып, қазақ арасында Шығыс әдебиетінің үлгі, өрнектерін таратқан адамдар. Оның үстіне, мәселенің байыбына бармай, «қожа», «төре», «молда» деген құйысқан сөздерден де шошып жүрдік. Әрине, бұлардың үлкен олқылығы — Абай мен Ыбырайдай орыс және батыс мәдениетіне қолдары жеткен жоқ. Бірақ оның есесіне «кітаби» ақындар Шығыс әдебиетінің үрдіс дәстүрлерін қазақтың халық поэзиясымен ұштастыра білді. Міне, осы ретте олардың қазақ әдебиетінде алған белгілі орны, салған белгілі мектебі болды дейміз. Ал Тұрмағамбет Ізтілеуов — сол мектептің көрнекті өкілінің бірі. Тұрмағамбеттің өзіне тән ерекшелігі: ол бір жағынан өз мектебінің шайырларынша Шығыс әдебиеті мен қазақтың халық әдебиетін ұштастырса, екінші жағынан осы дәстүрді Иса Байзақовша қазақтың совет әдебиетімен ұштастырды. Сондықтан да Сыр бойынан шыққан Асқар Тоқмағамбетов, Әбділда Тәжібаев, Қалмақан Әбдіқадыров, Өтебай Тұрманжанов сықылды сол кездегі жас совет ақындары өздерінің алғашқы адымында Тұрмағамбеттен ақындық тәлім алып, оны өздеріне ұстаз тұтқан. Сондай-ақ Тұрмағамбеттің өзі де Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбит секілді тәжірибелі ақындарды оқып, игі әсер алғанын мойындаған. Тұрмағамбет поэзиясының назар аударатын бір ерекшелігі — ондағы жанр жаңалықтары. Ол бұрын халық поэзиясында бар толғау, терме арнау, айтыс жанрларының үстіне Шығыс әдебиеті өрнектерінен: мысал, тақпақ, рубаят, хикая, дастан жанрларын енгізді және бұл жанрларды қазақ жағдайына өзінше, Тұрмағамбетше бейімдеп алды. Олар Шығыс нұсқасынан шыққанмен көбіне қазақ материалына құрылып, қазақша ұғылады. 1916 жылы халықтың ауыр күйіне күйзеліп жазған «Жер жүзін жеті қабат зұлмат басты» деген өлеңі ақын тағдырының халық тағдырымен тығыз байланысты болғанын аңғартады. Ол кезде ақын «жол таппай жүдеді жұрт таң жоғынан» деп налыса, Октябрь революциясынан кейін Совет өкіметі орнап, халыққа бостандық таңы атқанда «Қадамың құтты болсын, Кеңес аға» (1918) деп халық үкіметіне тілектестік жырын жазды. Ал енді халық үкіметі нығайып, еліміз жаңа дүние орнатуға бет түзеген шақта ақын болашаққа шексіз сеніммен «Туғызып қой үстіне бозторғайды» (1920) деген оптимистік өлеңін жазды. Сондай-ақ «Құтты болсын, Октябрьдің он жылы» (1927), «Екі егіз» (1928), «Құтты болсын ұраның» (1929), «Мені өзіңе санаңдар» (1930), «Өлікті тірілткен өнерлер» (1936) өлеңдерінде Тұрмағамбет жаңа өмірдің кейбір көрнекті оқиғалары мен құбылыстарын құттықтай үн қосып отырған. Әсіресе, Ленин образы Тұрмағамбет поэзиясында тиянақты орын теуіпті. Ұлы көсемнің тірісінде «Ленин — Күн» (1923) деген үлкен толғау-поэма жазса, 1924 жылы Ленин қайтыс болғанда «Дарақ пен сая» деген көлемді мысал өлеңін жазады. 1925 жылы Қызылорда қаласында Ленинге ескерткіш орнатқан жиында болып айтқан өлеңі ауыздан-ауызға тарап кеткен. Елімізде социалистік қоғамның іргесі бекіп, 1934 жылы совет жазушыларының бірінші съезінің шақырылуы, онда Максим Горькийдің әдебиет міндеттері туралы, халық творчествосы туралы программалық сөз сөйлеуі, түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениеттің гүлдеп өсуі бұған дейін ұмытылып келген Жамбыл, Тұрмағамбет сықылды елдегі ондаған ел ақындарын жарыққа шығарды. Міне бұл тұста хат танымайтын қарт Жамбыл бақытты халық атынан шабыт пен шаттық жырын төксе, өлеңді жазып шығаратын жазба ақын Тұрмағамбет те жаңа қоғамға өз қаламымен, өз өнерімен қызмет етуге құлшына кірісті. Сонда оның шыққан шоқысы қазақ оқушысына «Шаһнама» сықылды Шығыстың даңқты хикаясын қазақ өлеңімен жырлап беру болды. Өзінің бар еңбегін партияға тарту етуді ұлы мақсат көрген ақын үлкен шабытқа мініп, шаршап, шалдыққанына қарамастан, аз уақыттың ішінде асқар биік еңбек тындырғаны анық. 40 мың жол өлеңмен жазылған дастанда асығыстықтан туған жасық, әлсіз, ажарсыз жерлері де жоқ емес. Алайда Тұрмағамбет жасап шыққан «Шаһнаманың» үш дастаны тұтас алғанда, ақынның ұзаққа шабатын кең тынысты, арынды жүйрік екеніне көзімізді жеткізді. Сол жылдары жазған бір өлеңінде Тұрмағамбет Сәбиттің «Сұлушашын», Сәкеннің «Қызыл атын», Ілиястың «Күйшісін» қызыға да сүйсіне оқығанын айтыпты. Солар сықылды ол өзі де мына «Шаһнамада» қазақтың қабырғасы кең он бір буынды қара өлеңінің мол мүмкіншілігін сарқа пайдаланғаны көрінеді. Қандай жұмыр, мағыналы, салмақты өлеңдер, жалынды жырлар, ғажап тапқырлықпен алынған тың теңеулер мен образдар, жігерлі сөздер мен ұйқастар көз тартып, көңіліңе разылық сезімін құйып отырады. Сонымен образ түрінде «Шаһнаманы» Шығыс поэзиясының ұлы дарағына теңесек, қазақтың Тұрмағамбет ақыны бізді сол дараққа апарып таныстырған жоқ, дарақты бізге әкеліп, қазақ топырағына қондырып таныстырды. Таныстырып қана қоймай, бұл дарақты қазақ поэзиясының миуалы бағына қосып, жанымызға эстетикалық сая таптырды. Оның бұл ең шұрайлы, ең жемісті еңбегі! Тұрмағамбеттің өмір жолы ауыр, қиын қиялардан өтті. Тағдыр оны оншама еркелеткен жоқ. Өлерінің алдында, туған халқы кенеліп, сүйікті ақынына жылы шыраймен кең құшағын ашқанда, қуаныш пен шаттыққа бөленген шайыр Коммунистік партияға тарту ретінде ұлт мәдениетінің қорына «Шаһнамадай» асыл үлес қосты! Бүгін осы еңбектері жарық көріп, халық құрметіне ие болған талантты ақын:

«Дүниеден өмір бітіп, өтсем де өзім,
Аралап жердің жүзін жүрер сөзім!
«Көре алмай кейінгіні кеттім-ау!» деп —
Арманда болмай-ақ қой екі көзім»

деуге толық право алды.

Тәжібаев Ә.

Қаратаев М.

«Оңтүстік Қазақстан», 10.07.1962 ж.

ӨЛКЕМІЗДЕ ӨСКЕН ӨРЕН АҚЫН

(Ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің туғанына 80 жыл толуына орай)

Бұрын құс қанаты жеткізген жерге ат тұяғы жеткізе бермейтін. Сыр бойы Арқаға, Арқа Сыр бойына жетсе дүние түгел араласып кеткендей көретін қазақ Шығысы мен Батысындағы ағайынның хабарын оқта-текте бір-ақ есітетін. Әр өлкенің өз дүлдүлі, өз бұлбұлы бар. Солардың көбін біз революциядан кейін ғана танып келеміз. Кітаптары тараған Абай, Шоқан, Ыбырайлар болмаса, Біржан, Ақан, Құрманғазы, Дина, Жамбыл, Нұрпейістерді кейін ғана қабылдадық. «Қырымның қырық батырын» жырлаған батыстың Мұрын жырауын әлі халыққа түгел таныстырып та болғанымыз жоқ. Мұның бәріне бір жағынан революциядан бұрынғы даламыздың кеңдігі, халқымыздың бытыраңқылығы, қатынасар жолдарымыздың мимырттығы себеп болса, кейін жеке адамға табынушылық тұсындағы әсіре қаталдықтар, ескі мұраға, халықтық дәстүрлерге берілген бір жақты, қиянат бағалар теріс әсер етті. Осындай бай мұрамыздың әлі зерттелмеген, көтерілмеген тың саласының бірі — Оңтүстік өлкеміздің поэзиясы. Сыр бойының ондаған саңлақтарының ішінде үздік көрінген жүйріктері: Балқы Базар термелері мен толғаулары Махамбет жырларымен тең түсетін асылдар. Ал «кітаби» ақындар деп аталатын Шығыс поэзиясының мектебінен оқыған бір топ шайырлардың ұстазы: Шады төре атақты поэмаларымен өзбек, түрік пен қарақалпақ елдерінің де сүйікті ақынына айналған адам. Шады төренің Ташкенде, Бомбейде басылған «Орақ пен күлше», «Шаһмардан», «Төрт дәруіш» сияқты оннан аса дастандары ұлттық мәдениетімізге қосылған ғажайып қазына. Осы «кітаби» ақындар тобына XІX ғасырдың екінші жартысынан бастап жиырмасыншы жылдың ортасына дейін неше алуан, біріне бірі ұқсамайтын, бірін бірі толықтырып отыратын ондаған шайырлар қосылады. Бұлардың шығармаларын өзіндік өзгешеліктерімен тексеру — біздің әдебиет ғылымының алдындағы өте қызықты, аса күрделі мәселелердің бірі. Біз оларды терең зерттеу арқылы мәдениетіміздің Шығыстағы туысқан елдеріміздің (өзбек, түрікпен, қарақалпақ, тәжік, әзербайжан) мәдениетімен де тығыз байланыстыра танимыз. Абай творчествосының алғашқы кезде Шығыс поэзиясынан нәр алып, алға басқан бастамасының сонарлы да, құнарлы кезеңін біз жаңағы «кітаби» ақындардан табамыз. Оларды зерттеп білу, олардың қалдырған мұраларын толық меңгеру әдебиетіміздің тарихына да, оның оқушыларына да сан түрлі жаңа кітаптардың бетін ашады. Оған дәлеліміздің бірі былтыр ғана кітап болып шыққан Тұрмағамбет Ізтілеуовтің «Рүстем-дастаны». Осы дастанға алғы сөз жазған академик Мұхтар Әуезов: «Мынау еңбекті Фердаусидің «Шаһнамасынан» тікелей жасалған аударма демейміз, сол Фердаусидін үлгісімен халық ақыны Тұрмағамбеттің өзі өлең етіп жазған Рүстем жөніндегі дастанның қазақша варианты дейміз» - деді. Расында да сондай. Тұрмағамбет ақынның осы үлгіде, өзінше қазақ ұғымына лайықтай жырлаған «Жәмшит-нама», «Дарап-нама» дастандары да енді жарық көретін шығармалары. «Шаһнамадағы» батырлардың алып болып суреттелетіні әмбеге белгілі. Ұлы шығармадағы көркемдік дәріптеулердің күшін сақтай отырып, оған қазақша төлеу табуда Тұрмағамбеттің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол Әшкебустың портретін: басындағы тымағы елу тері, құлағы киіз үйге үзік болғандай, түктері желі қып тартуға жарарлықтай дей келіп:

Шынардың саусақтары ағашындай,
Тырнағы — тұлпарлардың тағасындай.
Ауызы — үңгіріндей асқар таудың,
Мұрны үлкен — үйген шоқат шамасындай, -

деген өлеңдерін сипаттайды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Осындай тамаша еңбек берген Тұрмағамбет марқұм биыл 80-ге толды. Оңтүстік Қазақстан өлкесінің Қармақшы ауданында тұрған Тұрмағамбет өзі ұстаз тұтынған Шәді дәстүрін қабылдай отырып, оны дамытушылардың, байытушылардың бірі. Парсы тілін өте жетік білген ақын (Ол 1905 жылы Бұхарадағы «Көкелташ» медресесін Садриддин Айнимен бірге бітірген) Шығыстың классикалық поэзиясын еркін меңгерген. Талантты жас Шығыс поэзиясының гуманизмін, өмірдің сұлулығы мен сәулетті оптимизмін дұрыс қабылдай білген. Шығыс классик ақындарының шеберліктеріне де барынша көңіл бөліп, олардың бұқарашылдық бағытта тапқан мазмұн, түрлеріндегі жақсы үлгілерін қазақ топырағына егуге көптеген еңбек сіңірген. Осындай рухани баю, жетілу үстінде Тұрмағамбет 1909 жылы шыққан Абай өлеңдерін де оқиды. Сөйтіп туысынан кедей семьядан шыққан, еңбекші халықпен тығыз байланысты болған Тұрмағамбет поэзиясының балғын шағының өзінде-ақ жақсы үрдіс, жаңа рухтағы дәстүрлерді қостай өседі. Ақынның 1910 жылы «Абайды оқығанда» деген өлеңінде:

«Артында атақты ердің қалса сөзі —
«Өлді» деп өкінбеймін оның өзі» -

деген жолдар бар. Бұл Абайдың «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» дейтін жолдарының қайталауы сияқты. Жас ақын Абайдан жаңа идея, жаңа сенім, жаңа идеал тапқан. Тұрмағамбеттің сол жылдары жазған «Жыл келді», «Көңіліме гүлі егілді махаббаттың», «Татулық — таусылмас кен», «Арқаңның ауруы не қозбайтұғын» деген өлеңдерінен Абай сарыны мен Абай мотивтерін айнымай тануға болады. Бұған қарап Тұрмағамбет толық Абай шәкірті болып кетті екен деген мағына шықпайды. Өз дәстүрі мен өз мектебін (Оңтүстіктің «кітаби» ақындар дәстүрін айтамыз) дамытып отырған. Тұрмағамбеттің кезінде Абаймен де әуендес болуы оның ақындық жолындағы жақсы қасиеттерінің бірі. Абайдан ауысқан реализм, халықшылдық тенденция оның көп жылдарға дейінгі таусылмас рухани тарауы болды. Тұрмағамбеттің Абаймен таныстыққа дейінгі 1905-1910 жылдардағы өлеңдері де мазмұны жағынан мәнді, түр жағынан қызықты болып келеді. Оның «Шәкірттерге», «Балаларым», «Ұлдарым», «Тәлім», «Адамдық іс», «Қамын ойла халқыңның», «Халыққа қайрама тісіңді», «Мәнді сөз» дейтін өлеңдері жас ұрпақты оқу-білімге, адамгершілікке, әділеттікке шақыратын Ыбырай Алтынсариннің өлеңдерімен мақамдас. Осы өлеңдерінде Тұрмағамбет адамға әлеуметтік қарым-қатынасқа халық көзімен қарап, аңдағандарын қорытарлық ойлы пікірлер айтады:

«Күн туса — нұр қашады айдандағы,
Жарлы жақсы қайырсыз байдан-дағы...
Адамдық ісіңді жұрт аңсап тұрсын,
Не керек, қарныңның құр майланғаны...» -

дейді. Ақын байлықтан адамдықты жоғары қояды. Тұрмағамбет поэзиясының тағы бір қасиеттілігі — оның поэзия түрінің байлықтары. Ол бұрынғы толғау, терме, арнау, айтыс түрлерінің үстіне Шығыс поэзиясының: мысал, рубаят, хикая түрлерін қосты. Оларға қазақша тыныс беріп, өзіміздің қолтума поэзиямызға айналдырды. Тұрмағамбет поэмаларының негізі — нақыл айту. Бірақ сол нақылды тікелей термелеу, атау, санаудан гөрі мысалдар арқылы, кішкене уақиғаны әңгімелеу түрінде береді. Кейде ол теріс мінездерді: бұзықтық, ұрлық, аярлық әрекеттерді қимыл, әрекеттер үстінде сықаққа айналдырады. Тұрмағамбет хикаяларының бірсыпыралары «Тотынама», «Қырық уәзір», «Мың бір түн», «Қалила — Димна» әңгімелеріне сабақтас. Олар: «Мәрді дихан», «Рауа бану», «Соқыр мен ақсақ» тағы басқалар. Ақынның мысалдары да оның шығармасынын бай саласы. «Өгіз бен есек», «Көкқұтан мен шымшық», «Төрт дос» сияқты мысалдары Оңтүстік өлкесіне мол тараған өлеңдер. Шығыс мысалдарының бір өзгешеліктері түлкі, қасқыр, қарта, киік, тышқан сияқты хайуандар бір мінезде (қу, сұм, аңқау) қатып қалмайды. Қу түлкі кейде ақылды ерліктер жасай біледі. Жемтік аңдыған қарға да достық көрсетуге, қиын халде қалған мүсәпірге жәрдем беруге жарай алады. Тұрмағамбет мысалдарында да осы өзгешеліктер мол кездеседі. 1916 жылы патшалыққа қарсы көтерілген халық қозғалысын жырымен қостаған Тұрмағамбет 1918 жылы жаңа орнаған Совет өкіметін «Қадамың құтты болсын, Кеңес аға» дейтін жырымен құттықтады. Ол 1920 жылы жазылған «Туғызып қой үстіне бозторғайды» дейтін өлеңінде барлық еңбекші халыққа молшылықтан тиер сыбағаны, тендікті дәріптейді. 1923 жылдан бастап Ленин оның поэзиясында берік орын алды. Ол көсеміміз тірі күннің өзінде «Ленин — Күн» деген үлкен толғау жазса, 1924 жылы Ленин қайтыс болғанда «Дарақ пен сая» деген мысал өлең жазды. 1925 жылы Қызылорда қаласында Ленинге ескерткіш орнатылғанда да Тұрмағамбет өз өлеңін арнады. Ақындық өнерін біздің ғасырымызбен бірдей бастаған Тұрмағамбет өз тұстастарынан (Шораяқтың Омары, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп тағы басқалар) ұзағырақ жасауымен де бақытты болды. Ғасырдың басында Шығыстан сусындаған ақын Совет поэзиясының атақты ақындары: Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбит тағы басқа ақындармен де дастарқандас, қаламдас болды. Соның арқасында 1926-1937 жылдары жаңа үлгіде партия, Совет өкіметі, Қызыл армия, колхоздық құрылысымыз туралы да жаңа шығармалар жазып үлгірді. Оның «Мақта», «Шөлмек», «Партия, аузымда атың, ойымда өзің», «Алып қыран», «Большевик басшы, біз қосшы» атты толғаулары, «Правданың» жиырма бес жылдығына, Пушкин, Горький, Сәкен, Жамбылдарға арналған өлеңдері біздің орталық және республикалық газет-журналдарымызда басылды. Сөйтіп, Тұрмағамбеттің Совет дәуірінің ақынына дейін көтерілгенін, өскенін көреміз. Тұрмағамбет жырлары барлық уақытта, барлық тақырыпта бірдей емес, оның тәуірі, нашары бар, оның өсу жолының өз диалектикасы бар. Тұрмағамбет жырларындағы ойлы толғау, сұлу өлеңдермен қатар олпы-солпы дидактикаға құрылған шығармалары да табылады. Оның бәрі кейін зерттелетін мәселелер... Бірақ тұтас алғанда, партиямыздың XX съезінен кейін туған әділеттік арқасында ортамызға қайта оралуға жол тапқан Тұрмағамбет мұрасы біздің қадірлейтін дүниелеріміздің бірі. Көп жазған, көп жырлаған, халық үшін жырлаған ақын шығармалары бізге туыс та дос поэзия. Ол:

«Дүниеден өмір бітіп, өтсем де өзім,
Аралап жердің жүзін жүрер сөзім.
«Көре алмай кейінгіні кеттім-ау!» деп —
Арманда болмай-ақ қой екі көзім»

деуге әбден ерікті.

Арыстанов Ж.

«Ленин жолы», 10.07.1962 ж.

СЫР БОЙЫНДА ӨСКЕН ШЫНАР АҚЫН

(Тұрмағамбет ақынның туғанына 80 жыл толуына орай)

XІX ғасырдың соңғы жартысынан бастап, XX ғасырдың бас кезінде ұялы сұңқардай, Сыр бойында бірінен бірі өткен, бір топ дарынды ақындар болған. Бұлар: Бұдабай, Балқы Базар, Қарасақал Ерімбет, Керейіт Даңмұрын, Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары, Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп, Ешнияз сал, тағы басқалары. Олардан қалған мұраларды Сыр бойының жұртшылығы бірінен бірі жазып жаттап алып, сақтап келеді. Олардың шығармаларын жинақтап жарыққа шығару, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктерін айқындау, ақындық стиль, дәстүрлерін, тіл шеберліктерін ажырату ғалымдарымыздың алдында тұрған құрметті міндет. Біз бұл жерде, туғанына 80 жыл толуымен байланысты, тек Тұрмағамбет ақынға тоқталмақпыз. XІX ғасырдың сексенінші жылдарынан өз ғасырымыздың қырқыншы жылдарына дейін жасаған Тұрмағамбет ақынның өмірі халқымыздың екі замандағы өмірімен бірдей тамырласып жатыр. Тұрмағамбет жасында білім алуға Бұхараға келген. Ол сонда тәжік ғалымы Садридцин Айни тағы басқалармен достасады. Ол дін қағидаларын жаттаудан гөрі, арабтың «Мың бір түнін», үндінің «Тотынамасын», Фердаусидің «Шаһнамасын», Омар Хайам мен Шайхы Сағдидың «Гүлстаны» мен Әлішер Науаидың «Ләйлі — Мәжнүнін», Рудаки мен Физулидің тағы басқалардың асыл шығармаларын құныға оқып, рухани нәр алып, олармен қызыға танысқан. Бірақ ол көп дүниенің писсимистік жағынан бойын аулақ салып, адамды ардақтаған Шығыстың өршіл поэзиясымен қаруланады. Ол молда болудан гөрі, ақын болуды, медреседен гөрі халыққа білім беретін мектеп ашып, мұғалім болуды көбірек армандаған. Осы кезеңде бай, молдаларды әшкерелеген өлеңдерін жазады. Ол өзінің осы тұста жазған «Шәкірттерге», «Мәгәс молда», «Балаларым», «Бар мен жоқ, ал мен бер», «Халыққа қайрама тісіңді», «Кең ойлылармен кеңес қыл» тағы басқа өлеңдерінде жастарды талапқа, білім мен енбекке, халыққа адал қызмет етуге, достыққа шақырады.

Қамын ойлап қарынның,
Халыққа қайрама тісіңді,
Ізіңе ел ермейді
Тазартып алмай ішіңді, -

дейді ол бір өлеңінде.

Ақын 1905 жылы Бұхарадағы «Көкелташ» медресесін бітіріп, Сыр бойындағы еліне оралады. Бірақ ол өзін Бұхараға аттандырған ишандардың үмітін ақтамайды. Өйткені Тұрмағамбет исламның уағыздаушысы да, қадимның қазақ сахарасына қаққан қазығы да болмады. Қосыла исламды дәріптеп, жемтіктес болуды күткен дін қорқаулары енді Тұрмағамбетке жау болып тиіседі. «Шайтан жолына түскендіктен жел сөзге үйір» деп оны шеттете бастайды. Бірақ Тұрмағамбет бұған да қайыспай, өзінің өткір қаруы - өлеңімен қарсы тұрады. Осындай кезеңде Тұрмағамбет Абайдың өлеңін оқиды. Содан кейін «Абайды оқығанда», «Жыл келді», «Татулық таусылмас кен» деген, тағы басқа өлеңдерін жазды. Ақын 1916 жылғы оқиғаға байланысты «Жер жүзін жеті қабат зұлмат басты», «Күн шықса», «Төрт дос» тағы басқа өлеңдер жазды. 1918 жылы жаңа орнаған Совет өкіметін «Қадамың құтты болсын кеңес аға!» деп бар үнімен құттықтайды. Ол 1920 жылы «Туғызып қой үстіне бозторғайды» деп келешек ағыл-тегіл өмірді дәріптесе, 1922 жылы «Жолына өнер, білім басынды тік» деген өлеңінде «Оқу мен өнер жайлы айтқан сөзі, көсемім Лениннің шырын еді» деп Лениннің оқуға шақырған ұранын уағыздайды. 1923 жылы Лениннің тірі кезінде «Ленин күн» деген толғау, 1924 жылы көсем қайтыс болғанда «Дарақ пен сая» деген өлең жазды. Сонан былай, ол қай ісімізде болса да Лениннің өсиетін орындау басты іс деп ұғып, өз поэзиясының төрінен Ленинге орын берді. Қырық жылдан астам көркемсөз көрігін басқан Тұрмағамбет екі заманды бірдей қамтыған. Басында Шығыс классиктерінің үлгісімен жырлаған халық ақыны, атақты совет ақындарымен қаламдас болып, зор шабытпен жаңа өмірді жырлады. Оның «Мақта», «Партия ауызымда атың, ойымда өзің», «Большевик басшы, біз қосшы», «Шөлмек», «Алып қыран» сияқты толғаулары көптеген газет-журналдарда жұртшылыққа жетті. Ол жұрт таныған совет ақыны болды. Өз өмірінің соңына таман, әсіресе отызыншы жылдардың орта шенінде шабыт көзі қайта аршылғандай, маңызды да көркем туындылар жасады. 1934 жылғы Қазақстан совет жазушыларының тұңғыш съезі, Қазақстан халық өнерпаздарының слеті және 1936 жылғы Қазақстан әдебиеті мен көркемөнерінің Москвада өткізілген онкүндігі мәдени өрлеудің, халық творчествосын өркендетудің кезеңдері болды. Қазақ поэзиясының алыбы Жамбыл да осы кезеңде одақ жұртшылығына танылды. Қазақ совет әдебиетінің негізін қалаушы қайраткерлері Сәкен, Бейімбет, Ілияс тағы басқалары да осы тұста әдебиетіміздің алтын қорына жаңа да жарқын үлестер қосты. Өзенін тапқан жылғадай жазушылар отрядына көптеген талантты жастар мен халық ақындары қосылды. Сонда Нұрпейіс, Айманкүл тағы басқалармен қатар Тұрмағамбет те алдыңғы сапқа шыққан-ды. Өрлеу кезеңі ұлттық әдебиетімізді өркендетумен қатар ұлы орыс әдебиетінің қол жетпес шыңы Пушкин, Горький, Толстой, Лермонтовты тағы басқа да совет жазушыларын және жер жүзі көркем әдебиеті классиктерін қазақ тіліне аударуға кең жол ашты. Сонда Шығыстың белгілі ақыны Фердаусидің жасаған атақты «Шаһнамасын» аудару Тұрмағамбетке тапсырылды. Әдебиет өмірінде бұл үлкен уақиға болса, ақын қобалжымай, батыл да шұғыл іске кірісті, оны өз вариантымен жазып шықты. Ақынның талабы мен оқушылардың ұшан-теңіз тілегін бағалап, «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Әдебиет майданы» журналы Тұрмағамбеттің аударма үстіндегі еңбегін үзбей жазып тұрды. «Социалистік Қазақстан» 1936 жылғы бірінші январьдағы санында, оң қолына қалам алып, сол қолымен сақалының ұшын қамтып, ойланған Тұрмағамбеттің суретін басып: «Ізтілеуов Тұрмағамбет... Осы кезде Фердаусидің «Шаһнамасын» қазақшаға аударып жатыр» деп хабарлады. Арада бір айдай өтпей, газет 28 январьдағы санында, «Шаһнамадан» үзінді берді: үш-төрт айдан кейін жаңа үзінділер басып, оқушыны ақынның еңбегімен таныстырды. Бірақ «Шаһнама» жеке адамға табынушылықтың кесірінен басылмай қалған. Партиямыздың XX, XXІІ съездері жеке адамға табынушылықты әшкереледі. Сонан кейін ғана «Шаһнама» ортамызға қайта оралып, асыл мұрамызға айналды.

Өткен жылы жеке кітап боп басылып шыққан «Рүстем-дастан» соның бір бөлігі. «Рүстем-дастанға» алғы сөз жазған марқұм Мұхтар Әуезов: «Мынау еңбекті Фердаусидің «Шаһнамасынан» тікелей жасалған аударма демейміз, сол Фердаусидің үлгісі мен халық ақыны Тұрмағамбеттің өзі өлең етіп жазған Рүстем жөніндегі дастанының қазақша варианты дейміз» деген. Шынында, дастан ұғымымызға жақын, қазақша өлең, жырларға толы, өзіміздің бір өлкеміздегі батырлық уақиғалар жырланғандай сезіледі.

«Дүниеден өмір бітіп өтсем де өзім,
Аралап жердің жүзін жүрер сөзім»
деген ақынның үміті аяқсыз қалған жоқ.

Жәмішев Ә.

«Ленин жолы», 11.07 1962 ж.

ҚАЗАҚ ТОПЫРАҒЫНДА ТУҒАН «ШАҺНАМА»

Қаршадайымыздан өлең-жырларын жаттап өскен ата ақын Тұрмағамбеттің зор туындысы баспадан шыққанын көріп қатты қуандық. Бұл — қазақтың көркем әдебиет баспасының биылғы бір сүйсінерлік жұмысы. «Рүстем - Дастан» атанған бұл алып поэманы қазақ топырағында туған «Шаһнама» деп атасақ өте лайықты болмақ. Мұхтар Әуезов өзінің осы кітапқа арнап жазған алғы сөзінде: «Рүстем — Дастан» жыры Фердаусидің «Шаһнамасынан» жасалған аударма емес... Өлеңмен жыр етуші Тұрмағамбет ақын бұл жөнінде XІX ғасырда қазақ ортасында кеп жайылған шығыс аңыздарының өлеңге айналатын дәстүрін қолданған», - деп көрсетіп, ақын еңбегінің айқын шекарасын белгілеген. Бір тақырыпқа бірнеше ақынның шығарма жазуы Шығыс ақындарына тән ғажап дәстүр екені бұрыннан мәлім. Мәселен Ләйлі — Мәжнүн, Фархад — Шырын жайында әуелі Низами, одан кейін Науаи, сондай-ақ Физули сияқты және басқа да саңлақ ақындардың тамаша жыр мұраларын қалдырғанын біз жақсы білеміз. Мына біз қолға ұстап оқып отырған Тұрмағамбеттің «Рүстем — Дастан» жыры да осы дәстүрдің туындысы. Сонымен бірге бұл бүкіл шығыстағы ақындық дарындылықтың шыңына шыққан Әбілқасым Фердауси жазған, сөйтіп Шығыс «Илиадасы» атанған атақты «Шаһнамадан» бөлек те жатқан дүние емес. Өйткені мұнда сол Фердауси «Шаһнамасының» жол-жобасы, із-үлгісі бар. Жалпы Шығыс әдебиетін, соның ішінде Фердаусиді жақсы білген, жетік игерген дарынды, білім тынысы кең Тұрмағамбет ақын бұл жырды «Шаһнаманың» ізімен өздігінен еркін дастан етіп жазған. Мұнда қазақтың халықтық өлең, жыр өзгешелігіне тән сипаттар толық өз қалпында. Қазақ топырағында туған «Шаһнама» дейтініміздің де мәнісі осында. Осындай зор шығарма жазып, қазақ әдебиетінің қорына тамаша байлық қосқан Тұрмағамбет ақын кім? Ол мұншалықты дарындылық биігіне қалай көтерілген? Оның бұдан басқа шығармалары бар ма? Міне, оқушы «Рүстем — Дастан» кітабын қолға ұстағанда ең алдымен осы сұрақтарға жауап іздейді. Амал не, мұндай деректер кітапта жоқ. Егер білімпаз, ғалым жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Рүстем — Дастан» туралы қысқаша алғы сөзі болмаса, онда бұл жырдың авторы түгілі өзі жайында да оқушы ешнәрсе біле алмай қалғандай екен. Бұл — өте өкінішті жай. Баспа реті келгенде бұл кемістіктің орнын толтырар, мұндай жай енді қайталанбас деп ойлаймыз. Иә, сонымен оқушы көңілінде туған сұрақтарға қысқа да болса біз жауап бере кетейік. Тұрмағамбет Ізтілеуов 1882 жылы қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Ақынның әкесі де, өзі де кедейшілік тақсіретін көп тартқан. Қаршадайынан кісі малын баққан жалшы Тұрмағамбет қазақ ауылындағы дәулет иесі байлардың мінез-құлқын, сараңдықпен ұласқан қулық-сұмдығын өз көзімен көріп, көңіліне түйіп өсті. Малы көзінің алдына бітіп, ізгілік орнын арамдық, қайырым орнын сараңдық басқан байларды өткір тілмен мінеген өлеңдері Сыр бойын түгел шарлап кетті.

Ал мен бар, жоқ пенен бер бірге туған,
Ал мен бар өмір шекпей өлген удан.
Жоқ пен бер жұрт біткенді жүр аралап,
Қасына жолдас ертіп өңшең қудан...

Байлардан не қайырым күтпекшіміз
Май алған асқатықты ұрттам судан...

Міне, бұл өлеңде терең философия да, асқан ақындық шеберлік те бар. «Май алған асқатықты ұрттам судан» деген сөз сол кезде байлар мен қуларға, алдамшыларға мірдің оғындай қадалды. Бұл да «қу бастан қуырдақтық ет алады» деген сөздей болып жұрт аузындағы қанатты сөзге айналды. Зейіні алғыр, қиялы сергек Тұрмағамбет кедейлік кедергісіне қарамай, жоқшылыққа ырық бермей оқу іздеді. Ол шығыс халықтарының, оның ішінде араб, фарсы тілдерін үйренуге, Шығыс әдебиетін білуге қатты ден қойды. Ауыл арасындағы мектеп дәрежесінен асып, Бұхара қаласына оқуға барды. Осында Тұрмағамбет Садриддин Айнимен танысады, екеуі өте дос болып кетеді. Ал Садриддин Айнидің кейін еліміздегі белгілі мәдениет қайраткері, Сталиндік сыйлықтың лауреаты, Тәжік Ғылым академиясының тұңғыш президенті болғаны, академик-жазушы екені жалпыға мәлім. Совет өкіметінің еңбекші халыққа қамқоршы, арқа сүйер тірек, асқар таудай пана екенін қазақ ауылында алғаш және риясыз пәк жүрекпен түсінгендердің бірі Тұрмағамбет ақын болды. Ол кедейлерді, Совет өкіметін қолдап еңбекпен нығайтуға шақырды. Ақынның «Ленин — Күн» деген ұзақ толғауы 1923 жылдың октябрь айында жазылып, ел аузына кең тарап кетті. Бұл өлең кейін «Лениншіл жас» газетінің 1960 жылғы 12 апрельдегі номерінде толық жарияланды. Ұлы көсемнің тірі кезінде қазақ ақындарының қаламынан шыққан мұндай өлеңдер тек Сәкен Сейфуллин мен Тұрмағамбет ақында ғана болғанын айта кетейік. Тұрмағамбет бұдан кейін де ұлы көсемге арнап «Тұғырдағы Ленин белгісі» (1925) және «Ленин туралы дастан» (1930) атты жырларын жазды. Сондай-ақ ақынның «Пушкин тірі», «Горький - сөздің көркі», «Правда газеті», «Алып қыран», «Жырлайық Амангелді батырлығын» деген және басқа да көптеген өлең-жырлары бар. Өзінің білімі мен ақындық өнерін, бойындағы бүкіл дарын күшін халық игілігінің кәдесіне арнаған азамат ақынның алдына «Шаһнаманы» қазақша жырлау міндеті қойылды. Ол мұны өзінің ардақты борышы деп ұқты да, алаңсыз іске кірісті. Сөйтіп бас - аяғы он айдай ғана уақыт ішінде «Шаһнаманың» үлгісімен жазылған 40 мың жолдық керемет зор туындыны дүниеге келтірді. Бұл поэманың кітап болып шығып отырған осы «Рүстем — Дастан» деген бөлімінен басқа «Жәмшит - нама» және «Дарап — нама» аталатын екі тарауы бар. Тұрмағамбет еңбегінің мәнді түйіні — осындай үлкен, әрі күрделі шығарма жазуға батыл да қауырт кірісіп оны шеберлікпен атқарып шығуы. Сөйтіп, ол Шығыстың классикалық әдеби мұраларын қазақ оқушыларына ана тілінде және аса көркемдікпен ұсына білді. Дарынды ақын талай тамаша теңеулерді тауып, поэзия тұнығынан сөз асылын тереді. Оның тіл байлығының қоры орасан мол, ойы терең және қиялы ұшқыр екенін көреміз. Кітапты баспаға дайындаушылар ақынның әдеби мұрасына көп ұқыптылықпен, жанашырлықпен қарағанын байқаймыз. Сонымен бірге алдағы кезде есте болар деген оймен айта кететін жайлар да бар. Жоғарыда айтқанымыздай, Тұрмағамбет ақынның қаламынан көптеген өлең-жырлар туған. Оның осы сөз болып отырған зор туындысының да әлі жарық көрмеген, оқушы қауым енді құмарта күтетін бөлімдері де бар. Соларды қарап, баспаға тез әзірлеген жөн. Сондай-ақ ақынның стиль, тіл ерекшелігін сақтауға, мүмкіні болғанынша түзетулерді аз енгізу жағына көз-құлақ болу қажет. Ал «Рүстем — дастанда» орынсыз түзетіліп, өзінің бұрынғы ойлылық, көркемдік биіктігінен сәл аласаңқы тартқан өлең жолдары мен сөздер кездесіп қалады. Ақын жырларымен, соның ішінде осы дастанның бұрынғы түпнұсқасымен таныс, тіпті оны жатқа білетін оқушылар мұны тез аңғара қояды. Мысалдар келтірейік: Бірінші шумақтың: «Бұл не?» деп көргендердің көңілі суыды деген жолында «суыды» «мұңды» деген сөзбен ауыстырылған. Ал «мұңды» деген сөз бұл жерде оқиға барысымен де, соған орай ақын ойымен де ыңғайлас келмейді. «Мұңды» деген сөзді Тұрмағамбет біле тұрып, әдейі қолданбаған. 12-беттегі шумақтың екінші жолында: «Қайтарды мынау құзғын көңілім пәтін» дегенді «Салмаған шығар, сірә, тәңірім сәтін» деп түзету, сондай-ақ: «Мәлике қала берді жылап, налып» дегендегі «налыпты» «талып» деп түзету де сәтті емес. «Жайласып ана көңілі қала берді» дегеннен ақынның өзі жазған «Тырп етпей тұра қалды алып демді» деген жол анағұрлым дәл де, көркем де. Енді бір жерлерде тұтас шумақтар өзгеріп жүр. Мысалы 14-бетте: «Самұрықтың балалары алтау еді» деп басталатын шумақ дұрысында:

«Самұрықтың балалары еді алтау,
Ақылы аз, барлығы да нағыз аңқау.
Таласып қапияда бір нәрсеге,
Ұрысты ортасына түсіп жаңқау» —

болуы керек еді. Немесе осыдан сәл төменіректе:
«Сендерді шұқи қойса істерің сол,
Қылмаңдар, бауырларым, маған өкпе» —
дегеннен бұрынғысынша:

«Сендерді мамам келіп шұқи қойса,
Күледі, қылмаңдар деп, — деп маған өкпе» —
болып тұрса, немесе 15-бетте үшінші шумақта:
«Көтеріп көкке мұрнын ұйықтап қалды,

Мәнісін түсінем бе мұндай сырдың?» -
деп түзетпей, бастапқыдай:
«Ұйқыдан оянбастан әлі жатыр,
Көтеріп көкке қарай бәрі мұрнын» —

деп қалдырса, ақынның айтары анығырақ та, көркемірек те көрінер еді. Тұрмағамбет ақынның қазір мәлім болып отырған жүз мың жолдай әдеби мұрасы бар. Ал, ел аузында сақталып, әзір қолдағы қорға жинақталмай жүргендері өз алдына. Қалайда бұл — мол мұра, бағалы байлық. Бір кезде «Шаһнамасының» жарыққа шығуына сәті түспегеніне налыған ақын өзінің күнделік дәптеріне —

«...Бұл ісім болып бала ойыншығы,
Отырмын, ылажым не, босқа шерлеп...» —

деп ренжулі сөз жазған болса, енді ол еңбегі кітап болып басылып жатыр. Ақын мұны көрсе қандай қуанар еді. Оқушы жұртшылық Тұрмағамбеттің басқа шығармаларымен де танысуды қалайды.

Ысқақов Б.

«Социалистік Қазақстан», 31.10.1962 ж.

БЕРДАҚ ПЕН ТҰРМАҒАМБЕТ

Ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов Орта Азия халықтарының ішінде туысқан Қарақалпақ жерін көп аралаған адам. Тұрмағамбет Бұхара медресесінде оқып жүрген уақыттарында жаз айларында демалысқа шыққан сайын Қарақалпақ ауылдарында болады, Төрткүл, Шымбай, Шорахан сияқты қалаларды аралайды. Ол осы жерлерде жүріп қарақалпақ, қазақ балаларын оқытып, ұстаздық қызмет атқарған, оның Қарақалпақ жерінде тұрғанда шығарған кейбір өлеңдері, өткір өлең-тақпақтары Әмудария мен Сырдария бойындағы елдер арасына тарап кеткен. Тұрмағамбет Орта Азия халықтарының классикалық әдебиетімен бірге қазақ аулына қарақалпақ шайырларының өлең, жырларын да ала келді. Әсіресе қарақалпақ әдебиетінің классигі Бердақтың шығармаларын көп біліп, оны өзі өскен Сыр бойына таратады. Осы бір шындықты ақын З. Дәулетбаев өзінің «Сұлу сырдың сәйгүлігі» деген өлеңінде де атап өткен:

Тіліңменен түйредің бай, манапты,
Көрсең дағы тар жол кешу тайғақты.
Келдің-дағы Жайхун бойын жағалап,
Қазақтарға жырлап бердің Бердақты.

Бердақ пен Тұрмағамбет шығармаларынан көптеген ұқсастықты көруге болады. Бұл форма жағынан еліктеген жай мәндегі ұқсастықтар ғана емес. Тұрмағамбет шығармалары идеялық мазмұн жағынан да Бердақ жырларымен үндес боп келеді. Бердақ «Халық үшін» деген өлеңінде:

Жігіт болсаң арыстандай туылған,
Қызмет ет өмір бойы халық үшін!
Жігіт болсаң арыстандай туылған,
Қызмет қылма қара бастың қамы үшін!

десе, Тұрмағамбет те өз жырларында халық қамын ойлайды. Ол 1907 жылы жазған бір өлеңінде:

Қайратты туған ер болсаң,
Қамын ойла халқыңның.
Туысқанды тонама,
Толуын ойлап алқымның! –

деп халқын сүйген ақын азаматтар алдына жаңа талап қояды.

Қарақалпақ шайыры Бердақ замана және ондағы теңсіздік көріністі көп сөз еткен екен. Еңбекші халықтың басына түскен қыспақты көре білген ол, зұлымдық пен залымдық жайлаған заманды зынданға ұқсатады. Шынында да ол заман халыққа қайғы-қасірет орнатқан, қара түнек заман болды. Мұны Бердақ «Көрінді» деген жырында:

«Дүние» десең — қара, жұмбай көзіңді,
Залымдығың отқа тартар өзіңді.
Аяқ асты етер залым сөзіңді,
Заман маған зындан болып көрінді»,-

деген еді. Тұрмағамбет шығармаларында да осы теңсіздік заман сөз болады. Ол 1916 жылы заманға арнаған бір өлеңінде:

Жер жүзін жеті қабат зұлмат басты,
Жол таппай жүдеді жұрт таң жоғынан.
Ұлу жыл жарлық шығып зар еңіретті,
Састырды жалын келіп жан-жағынан, -

деп күңірене толғанды. Әлбетте, ол мұнда 1916 жылғы оқиғаға байланысты азап көрген халықтың қайғы-қасірет, мұң-шерін айтып отыр. Халық мүддесін көздеген Тұрмағамбет заман жайын, әлеумет теңсіздігін терең түсініп жырлаған ақын. Ал Тұрмағамбет 1936 жылы Иран халқының классигі Фердаусидің әлемге әйгілі дастаны «Шаһнамасын» қазақ тіліне аударып болғаннан соң дастанды былай деп аяқтаған еді: Дүниеден өмірім бітіп, өтсем де өзім, Аралап жердің жүзін жүрер сөзім. «Көре алмай кейінгіні кеттім-ау» деп, Арманда болмай-ақ қой екі көзім! Тұрмағамбеттің осы бір тамаша ой-пікірінің өзінен бұрынғы ұстаздары Бердақ пен Абай идеяларымен ұштасып отырғанын айқын көруге болады. Бердақта:

Алтын әрбір айтқан сөзім,
Сөзім емес, ол бір өзім,-
деп келсе, қазақтың ұлы ақыны Абайда:

— Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған,
деп келеді.

Бердақ адамгершілік, оқу-өнер жөнінде, кейде ақыл-насихат түрінде («Балам», «Надан болма», «Білгейсіз», «Кім айтар») көптеген жырлар шығарса, Тұрмағамбет те ондаған өлеңдерін («Балаларым», «Шәкірттеріме», «Адамгершілік ісі») жазды. «Совет Қарақалпақстаны» газетінің осы жылғы 10 июльдегі номерінде Тұрмағамбетті «Шығыс классик шайырлардың шеберліктеріне барынша көңіл бөліп, олардың халықтық бағытта тапқан мазмұн, түрлеріндегі жақсы дәстүрлерін қазақ пен қарақалпақ халықтарына жеткізуге көп енбек сіңірген» деуі оған дұрыс берілген әділ баға.

Тұрмағамбеттің шәкірті Мұзарап Жүсіпов ұстазына арнап айтқан өлеңінде:
Аямай әшкерелеп би-манапты,
Дөп аттың жанды қошығынан балдай тәтті,-
Қыдырып қарақалпақ, өзбек елін,

Нәр алдың қошығынан балдай тәтті, дейді. Тұрмағамбеттің шығармалары өзбек, түркімен арасына да таныс. Ол өзінің 1924 жылы жазған «Шөлмек» атты өлеңінде: Хорезм жұрты хабарлы: Шорахан, Төрткүл, Шымбайды,— деп тегін айтпаған. Қорытып айтсақ, туысқан қарақалпақ, тағы басқа халықтарды жанындай сүйген қазақ ақыны Тұрмағамбет мақтануға тұрарлық ой өрісі кең, халықтар достығының жаршысы болған ақын. (Ескерту: автордың осы мажундас мақаласы «Тұрмағамбет шайыр Қарақалпақ жерінде» деген атаумен 26.09.1962 ж. «Совет Қарақалпақстаны» газетінде жарияланған).

Бәйменов Ә.

«Ленин жолы», №145,26.07 1972 ж.

АҚЫННЫҢ ЖАҢА ЖИНАҒЫ

Кезінде Шығыс поэзиясының кәусар тұнығынан сусындаған, ескіше мол білімді, табиғи талантының арқасында атағы алыс-жақын ағайыннан асып, қазақ жұртының көп жеріне мәшһүр болған Тұрмағамбет Ізтілеуов қазіргі замандас оқушыларға Фердаусидің әйгілі «Шаһнамасын» қазақ топырағында поэзия тілімен жырлап шыққандығымен белгілі еді. Ақынның биыл баспа бетін көрген «Назым» атты жаңа жинағы өзі қайтыс болғаннан кейін 33 жылда оқушы қауымның қолына тиіп отыр. Халқы қадірлеп, кезінде халық деген қастерлі сөзді өз поэзиясында жиі-жиі қайталап, қастерлеп өткен Тұрмағамбет:

«Дүниеден өмір бітіп, өтсем де өзім,
Аралап жердің жүзін жүрер сөзім.
«Көре алмай кейінгіні кеттім-ау» деп
Арманда болмай-ақ қой екі көзім» -

деп жырлаған болатын. Өз тұсында артында қалған мұрасының тағдырын осылай кесіп-пішіп айтып кеткен ақынның көрегендігін бұл күнде замандас ұрпақ айрықша бағалайды. Әркімге де өз ортасының, өмір сүрген қоғамның, заманның әсер етері даусыз. Ал сол бақас заманда өзі өмір сүрген ортаны өзгертуге қай жолмен, қалай жетуге болатынын әркім әрқалай түсініп, өзінше қимыл-қайрат жасаған. Егер ондай қимылға өресі жетпесе, соған ниетін туралап, соның жырын жырлап, сөзін сөйлеуге лайықты үлес қоса білу ол заманда кез келгеннің қолынан келе де бермеген. Тұрмағамбеттің бүгін қолымызға тиіп отырған «Назым» атты мұрасын қазіргі замандас оқушыға сөз еткенде ақын өткен жол, оның өмір сүрген ортасы, күнкөріс тіршілігін қатар алып қарауға тиіспіз. Көп ұлтты совет әдебиетінің аса көрнекті өкілі болған Садриддин Айнимен бірге Көкелташ медресесін тәмамдаған Тұрмағамбеттің кейінгі өмірі сол медреседе алған дәрісі бойынша Мұхаммет дінін уағыздауға арналмай, дүние тануға, адамгершілікке, ізгілік пен әділдік жолын жырлауға арналды. Ел ішінде аты аңызға айналған Тұрмағамбет айтыпты деген талай әзіл-оспақ, қалжың уыты ойып түсер өлең шумақтарын қоспағанда ақынның оқушы қауымға ұсынылып отырған мына жинақтағы таңдамалы өлендерін бірнеше тақырыпқа бөліп қарауға мүмкіншілігіміз бар. Жинақты оқып, ой елегінен өткізіп отырсаңыз маман әдебиетші ғана емес, қарапайым оқушыға да анық байқалатын Шығыс классиктерінің әсері айқын сезіледі. Асылы Шығыстың гуманистік философиялық поэзиясынан нәр алғандығынан болса керек, Тұрмағамбеттің дін жолын қуып кетпей, оның өзіне кедергісі мол тартысты тайғақ жолды таңдауы да содан болса керек. Егер хронологиялық жүйемен қарасақ ақынның творчествосындағы тәрбиелік, адамгершілік тақырыбына арналған өлеңдері сонау Көкелташ медресесінде оқып жүргеннен бастап, өмірінің соңғы жылдарына дейін тұтас творчестводан сүбелі орын алып жатқаны байқалады. Гуманизм - жинақтағы басты тақырып. Қайбір тарауды алмаңыз ақын адамгершілікті, әділдікті және оқу-білімге деген ынтазарлықты сөз еткен.

«Шәкірттер бір-біріңмен ұрыспаңдар,
Мінездің мінін алып дұрыстаңдар.
Жолына жамандықтың жақын бармай,
Күтініп күн ілгері жылыстаңдар!»

деп жақсы мінез, жарқын жолға үгіттейді.

Тұрмағамбет түсінігінше азамат болу, халыққа қызмет ету адамгершілік пен қайырымдылыққа байланысты. Бұл тұстарда ақын жалаң этикалық үгітке тереңдей бермей жақсы мінезді, халықтық жарқын дәстүр — үлкенді сыйлау, кішіге ізет тұрғысынан да қарайды. Бұл тақырыптарға жазған өлеңдері ақынның, ағартушылық, ақылшы сипатын танытқандай. Адамдық асыл іс пен адамгершілік, білімдар болу, бақытты болу ел ішіне қызмет етуге байланысты деген ой айтады.

«Көңіліңе «Мен де адаммын!» деп жүрген көп,
Кілегей майға ұқсаған айрандағы.
Ер болсаң елің үшін ет қызмет,
Сыбанып білегіңді сайлан-дағы».

Тұрмағамбеттің «Әкім — бір үйдікі, ақын — бар жұрттікі», «Білім — арзан, білу — қымбат», «Тозбайтын — жер, мұқалмайтын — ер», «Жақсы ер — елдің туы, жақсы әйел — ердің туы», «Еркек жерден шыққан жоқ - әйел оның анасы», «Жатық айтсаң жағымпаз дейді» деген нақылдары салауатты ақыл-оймен өмір тәжірибесінен туған философиялық түйіндер деп атауға болады. Арайлап атқан Октябрь таңын ақын көзі қалт жібермей дер шағында жіті шалған. Оған Тұрмағамбеттің 1918 жылы жазған «Қадамың құтты болсын, Кеңес аға» деген өлеңі айғақ болса керек.

«Қадамың құтты болсын, Кеңес аға!
Ешкім де ренжулі емес аға»
Тең тұрып таразыдан тәрбие еттің,
Дұшпан да оны «бекер» демес аға!

Осынша сенің еткен еңбегіңді,
Еліңде есіне алар, жемес аға!
Қараңғы көрсе күліп қуанады,
Жүдеумен жетім-жесір бала-шаға» -

деп ақын ел өміріне нық қадам басқан жаңа заманның тендігін, елге келген жақсылықты «жүдеумен жетім үшін қуаныш, қадамың құтты болсын» деп тілек айтады. Тұрмағамбет болса сол заманды жақсы түсініп, дұрыс ұққанға ұқсайды. «Туғызып қой үстіне бозторғайды» деген 1920 жылы жазған өлеңінде:

«Бәйгені алу үшін ұран салып,
Елімен ескі таптың егеселік!
Туғызып қой үстіне бозторғайды,
Тұралық туын ұстап теңеселік!»

Әділдікті, адамдықты жырлап келген ақынның арманына сол кезде туған заманның туралығы ыңғайлас келіп, қабысып жатыр. Ол енді сол үшін, ел мүддесі үшін күреске уағыздайды. Ақын 1923 жылы «Ленин — Күн» атты толғауында қиянат көріп, қорлық пен зорлық азабын тартқанға Ленин күн болып келді, Октябрь таңы нұр шашып, тендік алған кедейдің ажары кірді дейді. Ұлы көсем жайлы алғаш қалам тартқан қазақ ақынының бұл өлеңі бұрын баспа бетінде жарық көрген. Жинаққа ақынның «Мәрді диқан», «Данышпан қарт», «Тұтқын қыз», «Рауа-Бану», «Әшкәбус», «Мақта» дастандары енген. «Рауа-Бану» дастанынан басқалары шағын көлемді. Тұрмағамбет Шығыстың аңыз-әңгімелерінің тек негізгі қаңқасын алып, өз ойымен, өз танымымен жырлап шыққан. Бұл дастандар Тұрмағамбеттің мұнан кейінгі творчествосындағы үлкен белес, әйгілі «Шаһнаманы» өлеңмен жырлап шығуына үлкен баспалдақ іспетті. Бұл дастандардың көпшілігі бірді-екілі оқиғаларға құрылып, қысқа қайырылған. Тұрмағамбет осы шағын көлемді шығармаларының алды-артына өз жанынан нақыл өлең тіркестірген. Бұлардың алдында айтылатыны жырға кіріспе ретінде оқушысын енді айтылар оқиғаға даярлайтын болса, соңынан айтылатыны оқиғадан тыс бөлек шумақтар болып келеді. Бұлар сол дастанның ой түйінін, идеялық мұратын қысқа сөзбен шешіп кетеді. Тұрмағамбет дастандарының негізгі ой ағымы, сілтейтін нұсқасы тағы да адамгершілік, әділдік, соларға қарсы шығар қара күштермен бел шешіп шыққан күрес жыры. «Шаһнамадан» келтірілген «Әшкәбустағы» батырлар жырындағыдай метафора, дүр теңеулер ақынның құдіреттілігін, оның биік өресін көрсетеді. Әсіресе «Әшкәбустың» сыртқы бейнесін жасайтын шумақтар шын шеберліктің белгісі екені анық. 1911 жылы жазылған «Рауа-Бану» дастанында зорлық пен зұлымдықты өзіне жасағандардан мерейін үстем етіп көрсетеді. Ақын дастандарында ескі әңгімелердегі діни және аңыздық қияли философияны өз замандастарына, өмір философиясына лайықтап, құнарлы тіл, жарқын теңеулермен оқушысына ойдағыдай жеткізген. Ақын творчествосының тағы бір саласы — айтыстары. Суырып салма өткір тілді ақын сол кезде айтыс өнерінде өзінше сала болып қалыптасқан жазбаша айтысқа бой ұрған. Жазбаша айтыстың көпшілік алдында отырып, айтылатын сүре айтыс, не түре айтыс түріндей емес, жазбаша жауап ретінде хатқа түсетіндігі. Ақындар айтыстың бұл түрінде белгілі тақырыпқа жұмбақтай айтылған екінші бір ақынның оны сынау үшін қойған сұрақтарына лайықты, көпшіліктің де, қарсы жақтың да айызын қандырардай жауап қайтаруы тиіс. Тұрмағамбеттің бұл таңдамалы жинағына енген айтыстардан бір байқайтынымыз өзі тұстас, замандас ақындардың қай-қайсысы болмасын Тұрмағамбетке үлкен қошамет көрсетіп, оған зор ілтипатпен қарағандығын аңғаруға болады. Ақынның жауаптары да осындай үлкен бағаға лайықты да болып келген. Тұрмағамбеттің өлең өрнектері жайлы айтқанда алдымен Сыр ақындарының өздерінің өлең өрнектерінің, ақындық шеберліктерінің кредосы етіп, Қарасақал Ерімбеттің «Назым сол бір әріпке ұйқастырмақ» деген принципін ұстағанына назар салуға тиіспіз. Тұрмағамбеттің өлең өрнектерінен де біз түйдек ұйқастарды кездестіреміз. Сыр бойының бір шоғыр ақындарынан айырмашылығы сол - Тұрмағамбет басқалар секілді формализмге ұрына бермей, мазмұн мен форманы қатар ұстанған. Тұрмағамбет өлеңдерінде ұйқастың дәл келуі қадағаланған. Сондықтан да, араға еніп кететін бұралқы сөздермен мағынасыздыққа ұшырау кездеспейді. Бұл ақынның түрік, парсы, ескі түркі, араб тілдерімен қоса өз ана тілінің мол байлығын ойдағыдай игергендігін көрсетеді. Сол тіл құдіретін жетік меңгергендіктен де ақынның өлең құрылыстары өз замандас ақындарынан әлдеқайда келісімді, оңтайлы болып келеді. Сондықтан да Тұрмағамбет поэзиясындағы ажар-көрік, сын-сымбаттың бірі осы өлең ұйқасында деп білуіміз қажет. Халқымыздың әсемдік әлемінде өзіндік орны бар, көтерілген биігі бар жерлес ақынымыз Тұрмағамбет Ізтілеуовтің қолымызға тиіп отырған бұл жинақтағы өлеңдері және әлі де баспа бетін көрмеген өлең-жырларын зерттеу, талдау жұмыстары келешектің ісі. Кітаптың соңында ақынның мұрасын зерттеушіге де, оқушыға да көп мағлұматтар беретін түсініктемелер жазылып, әр өлеңнің бұрынғы тағдыры көрсетілген. Жинақта сол секілді ақынның пайдаланған араб, парсы, ескі түркі сөздеріне түсініктер берілген. Әрі Тұрмағамбет творчествосына байланысты зерттеулердің түгелге жуық тізімі бар. Бұлар жинақты баспаға әзірлеген, Қазақ ССР Ғылым Академиясының ғылыми қызметкері Мардан Байділдаевтың үлкен еңбек сіңіргендігін айғақтайды. Қорыта айтқанда, қазақ ауыз әдебиеті мен Шығыс поэзиясынан нәр алған, өткір тілді ақынның мұрасының баспа бетін көруі әдебиетті сүйетін қауым үшін қуанарлық жай.

Жәмішев Ә.

«Лениншіл жас», 09.01 1973ж.

ШИРАТҚАН ШЫМ ЖІБЕКТЕН ӨЛЕҢ-ЖЫРЫН...

Қаршадайымыздан өлең-жырларын жаттап өскен ата-ақын Тұрмағамбеттің 1961 жылы зор туындысы баспадан шыққанын көріп қатты қуандық. «Рүстем-дастан» атанған бұл алып поэманы қазақ топырағында туған «Шаһнама» деп атасақ, өте лайықты болмақ. Мұхтар Әуезов өзінің осы кітапқа арнап жазған алғы сөзінде «Рүстем-дастан» жыры Фердаусидің «Шаһнамасынан» жасалған аударма емес... Өлеңмен жыр етуші Тұрмағамбет ақын бұл жөнінде XІX ғасырда қазақ ортасында көп жайылған Шыңғыс аңыздарының өлеңге айналатын дәстүрін қолданған» деп көрсетіп, ақын еңбегінің айқын шекарасын белгілеген. Осындай зор шығарма жазып, қазақ әдебиетінің қорына тамаша байлық қосқан Тұрмағамбет ақын кім? Ол мұншалықты дарындылық биігіне қалай көтерілген? Оның бұдан басқа шығармалары бар ма? Міне, оқушы «Рүстем-дастан» кітабын қолға ұстағанда ең алдымен осы сұрақтарға жауап іздеген еді...Амал не, мұндай деректер бұл кітапта жоқ болып шықты. Егер білімпаз, ғалым, жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Рүстем-дастан» туралы қысқаша алғысөзі болмаса, онда бұл жырдың авторы жайында да оның творчествосы туралы да оқушы ешнәрсе біле алмай қалғандай екен. Бұл - өте өкінішті жай еді. Оқушы жұртшылық бұл кемістіктің орны толар шақты, Тұрмағамбет шығармаларының бәрі болмағанмен негізгі көпшілігі өз алдына кітап болып шығар күнді асыға күтті. Сол тілек арадан он жылдан астам уақыт өте орындалды. «Жазушы» баспасы 1972 жылы «Назым» деген атпен Тұрмағамбеттің іріктеліп алынған бір топ шығармаларын жеке жинақ етіп шығарды. Сонымен ақынның өзі 1936 жылы жазған бір өлеңінде әрі өтініш, әрі өсиет еткен тілегі осылай біршама ғана орындалды. Сол өлеңінде ақын:

...Сұлу боп шыққан сөздер бар,
Құралай көз, қиғаш қас
Қыз сияқты форымды,
Орысшадан басқадан,

Роман тауып беруге,
Басамын жалпақ мөрімді!
«Шаһнаманың» соңынан,
Кітап қып бөлек басыңдар,

Жастан жиған қорымды... деп өтініш еткен-ді. Содан бергі уақыт сыңайының өзі «Шаһнаманың» да кешігіп, соған байланысты басқа шығармаларының да кешігіп шығуына әкеліп тіреді. Тұрмағамбет Ізтілеуов 1882 жылы қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Ақынның әкесі де, өзі де кедейшілік тақсіретін көп тартқан. Зейіні алғыр, қиялы сергек Тұрмағамбет кедейлік кедергісіне қарамай, жоқшылыққа ырық бермей оқу іздеді. Ол шығыс халықтарының, оның ішінде араб, фарсы тілдерін үйренуге, Шығыс әдебиетін білуге қатты ден қойды. Ауыл арасындағы мектеп-мешіт дәрежесінен асып, Бұхара қаласына оқуға барды. Осында Тұрмағамбет Садриддин Айнимен танысады, екеуі өте дос болып кетеді. Ал Садриддин Айнидің кейін еліміздің белгілі мәдениет қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Тәжік Ғылым академиясының тұңғыш президенті болғаны, академик, жазушы екені жалпыға мәлім. Совет өкіметінің еңбекші халыққа қамқоршы, арқа сүйер тірек, асқар таудай пана екенін қазақ аулында алғаш және риясыз пәк жүрекпен түсіндіргендердің бірі — Тұрмағамбет ақын болды. Ақынның «Ленин — Күн» деген ұзақ толғауы 1923 жылдың октябрь айында жазылып, ел аузына кен тарап кетті. Бұл өлең кейін «Лениншіл жас» газетінің 1960 жылғы 12 апрельдегі номерінде толық жарияланды. Лениннің тірі кезінде қазақ ақындарының қаламынан шыққан мұндай өлеңдер тек Сәкен Сейфуллин мен Тұрмағамбет ақында ғана болғанын айта кетейік. Тұрмағамбет бұдан кейін ұлы көсемге арнап «Тұғырдағы Ленин бейнесі» (1925) және «Ленин туралы дастан» (1930) атты жырларын жазды. Сондай-ақ ақынның «Пушкин тірі», «Горький — сөздің көркі», «Правда газеті», «Алып қыран», «Жырлайық Аманкелді батырлығын» деген және басқа көптеген өлең-жырлары бар. Рас, ақын шығармаларының баспа жүзін көрген тұңғыш жинағы «Назымда» Тұрмағамбет қаламынан шыққан туындылардың бірсыпырасы жоқ. Соның ішінде осы мақалымызда, аталып отырған дүниелердің де біразы енбеген. Сірә, реті осылай болып, бәрін бірдей жариялау қиындыққа түскен де шығар. «Кем-кемнен кемел»дегендей әзірше бұған да шүкіршілік. Қалайда, осы жинақты құрастырып баспаға әзірлеген, алғы сөзі мен түсініктерін жазған әдебиетші Мардан Байділдаевтың көп еңбек еткенін атап айтуымыз ләзім. Тұрмағамбет өлеңдерінде көркемдік пен ойшылдық, халық тілінің небір інжу-маржандарын тамаша шеберлікпен қолданушылық бірден-ақ көзге түседі. Бір өлеңді басынан аяғына дейін сөз қайталамай, әрі мағынасына нұқсан келтірмей бір ұйқаспен қиюластырып алып шығу оңай жұмыс емес. Мұның үстіне сол кезде Сыр бойының барлық боз тарлан ақындары өлеңді көбіне осылай жазғанын ескерсек, поэзиядағы шеберлік жарысының өзіне қиын шарттар қойылғанын аңғарар едік. Біз жоғарыда ақын поэзиясының тақырып аясы кең екенін айттық. Қазір сол тақырыптардың бәрін қозғап, қай өлеңі қалай жазылғанын сөз ету зәру бола қоймас. Бірақ мен ақынның азаматтығын, туған халқының бүгіні мен ертеңін, ел бірлігі мен ынтымағын көксегенін көрсететін өлеңдері жайында аздап та болса айтпай кете алмаймын. Тұрмағамбет әрбір адамның туған халқы алдындағы парызын, нағыз азамат болуын айту үшін асыл қасиетің түп-төркіні ретінде ең алдымен ауызбіршілікті ой қазығы етіп алға тартады. Біріңді-бірің сыйласаң, кішіпейіл болсаң, - елің де риза, өзің де қадірлі боласың. Ынтымақ пен бірлік бар жерде — ел үлесі де, өз ұпайың да түгел. Ақынның мұндай идеядағы өлендерін тек қана түгел оқып шығу керек те, жаттап алып жадында ұстауың, өз мінезің мен әрекетіңнің төрешісі, таразысы мен тезі етіп жүруің қажет. Сондықтан мен халық даналығында айтылатын. «Хас жаманның белгісі — жақынымен жат болар» дегендей, бір-бірімен қас болып, жақынын жаттай күндейтін, іші тар, пасық мінез, ақылын қулығы жеңген, адамгершілігін арамзалығы мен атаққұмарлығы жеңген әлдекімдер туралы Тұрмағамбет жазған өлеңдерден бірер мысал ғана келтірейін де қояйын. «Шәкірттерге» деген өлеңде:

...Жат түгіл, жақынын да жаратпайды,
Жау жоқта жүрсе асулы жарақтарың...-

дейтін жолдар бар. Бұл жау жоқта жау шақырып, дау жоқта дау шақырып, көрінгенді дұшпан санап жүретін, ел ішін дүрліктіріп бүлдіретін, береке-бірлікті бұзатын жаман мінезден сақтандыру. Сондай-ақ «Не көп» деген өлеңде де осы күнге дейін арылмай, қалмай келе жатқан кесапат мінез сыналған.

Кей доста келісуден керісу көп.
Өсек пен өтірікке ерісу көп.
Көзге — дос,сыртыңнан қас, іштен араз,
Сылтау ғып сәл нәрседен жерісу көп.

Есептеп бірін - онға, онын - жүзге,
Тірнектеп дау-жанжалды терісу көп.
Айналып бас жағы - өкпе, арт жағы - өртке,
Дұшпан боп досын ұстап берісу көп.

Ұшқыннан өрт шыққандай ақырында,
Артында әлектенер елі шу боп.
Тентектей түстен кейін есі кірген,
Пайда не, өшіккенсін жеңісу боп.

«Рүстем-дастанды» да, кейінгі «Назым» жинағын да баспаға дайындаушылар ақынның әдеби мұрасына ұқыптылықпен, жанашырлықпен қарағанын анық көреміз. Сонымен бірге ақынның стиль, тіл ерекшелігін сақтауға, мүмкін болғанынша бұрынғы қалпын сақтауға көз-құлақ болу да қажет екені даусыз. Бұған мүмкіндік те бар. Өйткені, Тұрмағамбет шығармаларының біразы кезінде өз қолынан алынған нұсқалар бойынша баспа жүзін көрген, басылмағандарының да көпшілігін ол өз қолымен көшіріп, реттеп қойған. Әрине бертінде ел аузынан, жыршылар жадынан жазылып алынған дүниелері жөнінде сөз басқа. Біз «Рүстем-дастан» кітабындағыдай, «Назым» жинағынан да кейбір қисынсыз жөнделген орашолақ сөздер мен жолдарды байқаймыз. Мәселен: «Назымдағы» кей шығармаларда да бұрынғысынан әрі төмен, мәні жалаң болып жөнделген біраз жолдар бар. Мысалы, «Сүлеймен мен кірпішешенде»:

...Болса да құл баласы қол қусырып,
Елді алған емді сөзбен, егеспеген.. (бұрынғысы)
Болса да құл баласы қол қусырып,
Жұрт билер жөнді сөзге егеспеген. (қазіргісі)

Деп жиды жын мен адам, ұшар құсты,
Арыстан, аю, қабылан - небір күшті. (бұрынғысы)
Аңменен аю, қабылан небір күшті. (қазіргісі)
Бұл суды, - кірпішешен деді, - ішпе,

Болар бұл іше қойсаң, күйік ішке.
Көңіліңнен кетпес қайғы, көзіңнен жас,
Қатарың қадыр білер еске түссе. (бұрынғысы)
Қатарың қадыр білер еске түссе. (қазіргісі)

Қайғы ағаш қажетіңе жарамайтын,
Құрулы қолайлы боп шығар тезден. (бұрынғысы)
Аспайтын қажетіңе қайқы ағаш та. (қазіргісі)

Осыларды аңдап қарасақ, қазіргісінен гөрі бұрынғы жолдары әлдеқайда ұнасымды. Мағыналық жағынан дәл, үйлесімі мен үндестігі жатық та көркем. Әрине, бұл сияқты бірен-саран жаңылыс-өзгерістерден Тұрмағамбет өлеңдерінің құны соншалық түсіп тұрған жоқ. Өлең-жырын шым жібектен (шымқай жібектен дегеніміз ғой) ширатқан ақын шығармалары енді жадымызда жатталып жүрумен бірге, үйіміздің қымбат жиһазы болып жиналып та тұратын болды. «Рүстем-дастан» мен «Назым» кітап сөрелерін көркейте түсті, рухани қазына болып қосылды. Ақынның қалған шығармалары да алдағы уақыттарда, тағы да ел кәдесіне ұсынылар деп ойлаймыз. Ескерту: Автордың «Қазақ топырағында туған «Шаһнама» атты («Ленин жолы» 11 шілде 1962 ж.) мақаласындағы кейбір үзінділер сәйкес келгенімен, келтірілген мысалдар мүлдем бөлек.

Сыдиықов Қ.

«Коммунистік еңбек», 06.04.1973 ж.

АҚЫН ҚАЗЫНАСЫ

«Жазушы» баспасы соңғы жылдарда әдеби мұрамыздың таңдаулы туындыларын «Асыл мұра» деген сериямен шығара бастады. Осы сериямен жарық көрген «Алдаспан», «Ақберен» сияқты қазақ поэзиясының антологиялары мен Майлықожа, Тұрмағамбет шығармаларын оқушы жұртшылық ыстық ықыласпен қабылдауда. Аталған мұралардың ішінде әдейі әңгіме етпегіміз — Тұрмағамбет ақынның «Назым» атты жинағы. Тұрмағамбет Ізтілеуов — елге білім нұрын сепкен ғалым адам болса да, шығармалары Октябрьге дейін жарық көре алмай келген ақындардың бірі. Бұрын ел арасында көшіре үйрену арқылы немесе ауызша тараған ақын шығармалары советтік дәуірде газет, журналдарда, оқу кітаптары мен жинақтарда жарияланып келеді. Әлем әдебиетінің асыл туындысы «Шаһнаманың» Тұрмағамбет жырлаған тарауларының бірі «Рүстем-дастан» 1961 жылы жарық көрген еді. «Назым» жинағы елу жеті жылдық өмірінде (1882-1939) артына жүз мың жолға жуық поэзиялық мұра қалдырған ақынның төл туындыларының дербес таңдамалысы. Қазақ жерінің әр аймағында да халқымыздың әдебиет айдынына құятын арнаулы бастамалар іспетті дәстүрлі әдеби орта болған десек, Тұрмағамбет — классикалық Шығыс әдебиеті дәстүріндегі ақындардың көрнектілерінің бірі. Ол Шығыс әдебиетінің жұлдызы Фердауси «Шаһнамасының» бірқатар бөлімін еркін аударып өзінше жырлаған. Оңтүстік өлкесі ақындарына тән негізгі ерекшелік — олардың өзге аймақ ақындарына қарағанда Шығыс әдебиеті нұсқаларын мол біліп, сол дәстүрді өнеге тұтуы, Шығыс және Орта Азия халықтары әдебиетінде кең дамыған сюжет, өрнектерді қазақ әдебиетіне әкелуі. Бұл ерекшелік ғасырлар бойындағы Орта Азия халықтарымен тарихи байланыс нәтижесінде туған. Қарақалпақ, өзбек туысқандармен аралас, іргелес отырып, әдеби-мәдени қарым-қатынасымыз мол дамыған. Бұл аймақтағы ақындардың бірқатары Орта Азия қалаларында білім алған. Жастай жетімдік, жоқшылық тауқыметін тартқан Тұрмағамбеттің де келешегіне нұрлы жол ашқан бүкіл Орта Азияға әйгілі оқу орындары «Мир-Араб», «Көкелташ» медресесінде оқып, С. Айни сияқты ойлы адамдармен пікірлес жүріп, Шығыс әдебиетінен мол сусындауы болса керек. Тұрмағамбет өмірінің бірқатар жылдарын ұстаздықпен өткізген, Октябрьге дейін бұқара жыршысы ретінде танылған. Совет жылдарыңда ол шабытқа кенеліп, жайсаң заманымызды, ұлы көсеміміз Ленинді жырына арқау етеді. «Назым» жинағына енген шығармаларынан бұл сипатты айқын аңғарамыз. Ақын шығармаларының өзегінде оқу мен өнерді, еңбек пен ғылымды насихаттау, адамдықты ардақтау, өмірдегі сиықсыз мінездерді әшкерелеу басым. Тұрмағамбет осындай гуманистік ой-толғамдарын ағартушылық, философиялық-дидактикалық насихат, ақыл-нақыл өлеңдер күйінде де береді. Ақын көзқарасын сөз еткенде, Шығыс әдебиетімен қатар қазақ ауыз әдебиетінің, ақындар поэзиясының, әсіресе, Абай, Мақтымқұлы шығармаларының игі әсерін байқау қиын емес. Ондай сыр-сипаттар Тұрмағамбет өлеңдерінің мән-мазмұнын ғана емес, көркемдік өрнектерімен, сөз тіркестерімен де білініп отырады. Шығармаларына қарағанда Тұрмағамбет көршілес Атырау аймағының ақын-жырауларын біліп, оларда кездесетін кейбір ой-талғамдарды өзінше жырлаған. Мысалы Аралбай (1854-1914) «Өзіңді жауда қалдырар, жабымен алыс жорытпа» десе, Тұрмағамбет: «Жарамас жабы алысқа, Дегенмен тойып, ісінді» (25-6) — деп береді. Немесе Қашаубай (XІX ғ.) жырларында кездесетін:

«Балдай тәтті болмаңыз, -
Жоғаларсың жұтылып.
Удай ащы болмаңыз, -
Тастар сені түкіріп» -

деген шумақ Тұрмағамбетте: «Удай ащы болсаң — түкіріп тастайды, Балдай тәтті болсаң — жұтып жібереді»,- күйінде кездеседі. Сондай-ақ Тұрмағамбет өмір туралы толғаныстары мен үстем тап өкілдерін тілдеуге арналған өлеңдерінде де Қашаған, Өскінбайлармен үндес келеді. Әрине, мұндай сипаттар бұл ақындардың қатар жүруінен, таптық көзқарас бірлігінен, тіпті олар өнеге тұтқан көне әдеби нұсқалардың түп-төркінінің ортақтығынан болса керек. Октябрь жеңісінен кейін Тұрмағамбет ұлы Ленинді, жаңа өмір салтанатын жырлайды. Әдебиет тарихына көз салсақ, бұл тақырыптарды біреу дер кезінде толғаса, біреу кешірек жырлаған. Әсіресе, әлеуметтік оқиғалардан хабардар жүрген бұқара жыршылары бірден үн қосты. Тұрмағамбет солардың алғы санында. Оның Ленин, Октябрь туралы мәнді жырлары («Сөздері Лениннің шырын еді», «Ленин — Күн», «Қараңдар, Лениннің тұрысына», т.б.) өмірімізбен бірге жасасып келе жатқан насихаттық рөлі зор шығармалар. Тұрмағамбет жырларынан айқын байқалатын сыр - Шығыстық дидактикалық лирика мен қазақ әдебиетіндегі шешендік, билік сөздердің, ақыл-нақыл термелер дәстүрін еркін меңгеруі. Бұл сырды біз жинақтың «Шолақ шумақтар», «Тақпақтар», «Нақылдар», «Рубаилар» аталатын тараулардағы өлеңдерінің қай-қайсысынан да айқын аңғарамыз. Ақынның шағын өлеңдерінде бой көрсететін мұндай сипат оның мысалдары мен дастандарына ұласып, дами түседі. Тұрмағамбет мысалдары мен дастандары, негізінен Шығыс әдебиеті сюжетіне құрылған. Олардың ішінде «Шаһнама», «Тотынама», «Мың бір түн», «Іскендірнама» сиякты Шығыс әдебиетінің көрнекті туындылары мен Орта Азия ақындары шығармаларының оқиға, хикаялары да кездеседі. Жинақтың бір бөлімінде - ақын айтыстары. Әдетте ауызекі айтыстарда екі ақынға үшінші ақынның төрелік айтуы кездесе береді. Сыр бойы ақындарындағы, әсіресе Тұрмағамбет айтыстарындағы ерекше бір түр бірнеше ақынның айтысуы. Сол сияқты белгілі бір мәселе тақырып төңірегінде өнер сынасу, жұмбақтаса сайысу түрлері де — зерттеушілеріміздің назарын аударар жайлар. Тұрмағамбет таңдамалысына шағын да болса ақын өмірі мен творчествосынан мәнді мағлұмат аларлық алғысөз бен түсінік берілген. Жинақты бірқатар жылдардан әдеби мұраны жинап, зерттеумен айналысып жүрген Қазақ ССР Ғылым академиясының әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Мардан Байділдаев құрастырған. Алғысөз, түсініктерін жазып, құрастырушының бұл істе елеулі еңбек еткенін атап айтқанымыз жөн. Әдеби мұраны жинап, зерттеу һәм жариялау - құрметті әрі жауапты жұмыс екені аян. Бұл тұрғыдан қарасақ, ақын шығармаларының келесі басылымдарында ескерер жайлар «Назымда» да бар. Әдеттегідей мұнда да шығармалар хронологиялық жүйемен берілген. Әрине, бұл ақын творчествосын мол қамту үшін керек те. Әйтсе де таңдамалыға енетін шығармаларды көркемдік сапасына қарай іріктеген дұрыс болар еді. Біздіңше жүз мың жолдық мұрадан бір ғана емес, бірнеше жинақ дайындауға болады ғой дейміз. Шығыстың ұлы ақыны Фердауси «Шаһнамасын» қазақша сөйлеткен Тұрмағамбет таңдамалысы астанамыз Алматыда өтетін Африка, Азия елдері жазушыларының конференциясы қарсаңында жарық көруі де орынды болған. «Назым» - аталмыш конференцияға қатысушылар мен республика оқырмандарына ақын творчествосын мәшһүр етер тартымды жинақ. Ескерту: Автордың жоғарыдағы мақаласы бір шама өзгер істермен « Өлең сөздің шебері» деген атаумен «Жұлдыз» журналының 1973 жылғы 5-нөмірінде жарияланған.

Байтоқов Е.

«Орал өңірі», 08.06.1973 ж.

«НАЗЫМ» - НАЗДЫ ДА САЗДЫ ЖЫР

Қазақ әдебиеті тарихында XІX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында жасаған бір топ оқымысты ақындардың (кейде кітаби ақындар деп те жүрміз) алатын орны ерекше. Абайдан соң қазақ топырағында ақындық өнер қаулап өсіп, ұлттық әдебиетімізде айта қаларлық тамаша тұлғалар туды. Бірақ олардың бірсыпырасы әлі күнге дейін толық зерттелмей келеді. Олардың көбісі Шығыс классиктерінен тікелей үйреніп, халқымыздың жыр-аңызынан, бай ауыз әдебиетінің үлгілерінен нәр алып, дастандар туғызған еді. Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Жүсіпбек Шайхисламов, Шәді төре Жәңгіров, Мақыш Қалтаев, Әсет Найманбаев, Нұралы Нысанбайұлы, Кете Жүсіп, тағы басқалар - міне, осындай ақындар. Солардың ішінде Тұрмағамбет Ізтілеуов өзінің дарынымен ғана емес халық үшін сіңірген еңбегімен де ерекше орын алатын қарапайым, еңбекшіл, халқын шын сүйген талантты білімдар ақын еді. Дарынды ақынның атақты еңбегі «Рүстем-дастан» қиссасы бұдан он екі жыл бұрын жарық көрді. Ұлы ғалым, қазақ совет әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов Тұрмағамбет еңбегіне тұңғыш рет лайықты бағасын берген болатын. Жақында сүйікті ақынның көкейінде кеткен көп арманының біріндей таңдамалы өлеңдер жинағы — «Назым» жарыққа шықты. Кітап үлкен үш бөлімнен құралған. Алайда қалың оқырманға түсінікті болу үшін өлеңдерді «Алғашқы асу», «Тақпақтар», «Шолақ шумақтар», «Рубаилар», «Нақылдар», «Мысалдар» деп бірнеше жанрлық тақырыпшаларға бөлген. Кітаптың соңында жинаққа енген шығармаларға түсінік берілген. Орыс, шағатай, араб, парсы сөздерінің аудармасы келтірілген. Ақын шығармасы, өмірі туралы жазылған зерттеулер, мәліметтер, оған қоса сурет, нота, қолжазба көшірмесі бар. Бұл жағдай кітаптың құндылығын арттырып тұрғаны анық. Тұрмағамбет Ізтілеуов 1882 жылы қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Өскен, оқыған жерлері Ақмешіт, Қазалы қалалары, кейін Бұхарада «Мир араб» медресесінде 1899 жылдан бастап «Көкелташ» медресесінде оқиды. Белгілі ғалым, ірі жазушы, тәжік Ғылым академиясының тұңғыш президенті Садриддин Айнимен достасып, екеуі бірге ғылым жолына беріледі, әдеби үйірмелер ұйымдастырып, классиктерінің ірі-ірі шығармаларын зерттеп үйренеді. «Шаһнама», «Тотынама», «Мың бір түн», «Іскендірнамалармен» танысып, сол шығармалардың ізімен оқиғасы қазақ топырағына үйлесімді ірілі-уақты талай-талай дастандар, оқиғалы аңыздар жазып тастайды. Ұлы Октябрьге дейін қазақ халқының ескі өмірдегі ірік-шіріктің бәріне қарсы болған оқымысты ақын парақорлықты, мансапқорлықты қатты шенеп, елді ағартушылыққа, әділетке үндейді, кедей-кепшікті қасіретті халіне аянышпен қарап, солардың бостандыққа жетуін уағыздайды. Езілген елдің, бұратана халықтың басқа да прогресшіл қайраткерлері, озық ойлы ақындары қатарында Тұрмағамбет те Ұлы октябрьдің жарқын таңын құшақ жая қарсы алды. Ұлы көсем Ленин туралы өлеңін 1923 жылы Владимир Ильичтің тірі кезінде жазды. Көсемнің көзі тірісінде өлең жазған қазақ ақындары санаулы ғана болғанын білеміз. Бұның өзі зерттеушілердің назарынан тыс қалмауы керек. «Байлардың табанында жаншылып жүрген кедейлер, енді ұйымдас, күнің туды» деп толғады ақын сол кезде. Т. Ізтілеуов 1934 жылы Алматыға келіп, Қазақстан жазушыларының тұңғыш съезіне және көркемөнерпаздардың республикалық слетіне Оңтүстік Қазақстан облысынан делегат болып қатысып, талантын танытқан жылдары — оның өмірінің ең бір бақытты кезеңі саналады. Бұл сапарында С.Сейфуллинмен, Ж.Жабаевпен достасып, жаңа өмірді, жарқын істерді жырлауға талпынады. «Большевик — басшы, біз — қосшы» атты толғауында Қармақшы ауданындағы қарапайым халықтың жарқын өмірінен алып, революция жеңістерін, советтік шындықты, коллективті шаруашылықтың табыстарын мақтанышпен жырға қосты. Өмірінің соңғы кезінде Қазақ ССР Оқу халық комиссариатында ғылыми қызметкер болып істеді. Тұрмағамбет ақынның жаңа өмірге, социалистік дәуірге үн қосып, достықты жырлаған өлеңдері де көп. «Ленин туралы» дастан, «Пушкин тірі», «Горький — сөздің көркі», «Правда», «Жырлайық Амангелді батырлығын», «Алып қыран» атты өлеңдері осы орайдағы шырайлы жырлар. Тұрмағамбеттің нақыл өлеңдерінің төркіні өмір шындығымен егіз. Ол ақиқат, шындық, тазалық, ар-намысты дәріптейді. Мансапқорлық пен парақорлықты барынша жек көріп шенейді, одан қашық болуға, адамдыққа асық болуға үндейді. Шолақ шумақтары мен рубаилары да дәмді, мағыналы, берер тағылымы мол өлеңдер. Т. Ізтілеуовтің тілге шеберлігін, ойға мығымдығын нақылдарынан да анық байқаймыз. Тұрмағамбет ақынның нақылдары халқымыздың тіл өнерін ұштай түсуде, мақал-мәтелдерін байытуда ерекше орын алары хақ. Тек ғалымдарымыз бен тіл мамандары әлі де ақын туралы тереңірек зерттеп, барлық шығармаларын жан-жақты қарағаны жөн. Ақынның мысал өлеңдері, дастандары Шығыс классиктерінен үйренудің тікелей жемісі іспетті. «Лұқпан Хакім», «Ата мен бала», «Сүлеймен мен кірпішешен», «Дарақ пен сая» -бәрі де жақсы мен жаманды, адалдық пен арамдықты, зұлымдық пен ақ істі айыра тануға, бірлікті қадірлеуге үйрететін терең мазмұнды, қызықты шығармалар. Келешекте ерекше сөз болатын, түбегейлі зерттелетін саланың бірі — Тұрмағамбеттің дастандары. Бұл дастандар — бұрынғы көне шығыстың ақындарынан үйрене отырып, шытырман оқиғаларды қазақ ұғымына лайықтап жырлаған, өзінше кезінде қазақ әдебиетіне жаңалық ретінде келген дүниелер. Халықтың басым көпшілігі кітапты оқып емес, жыр ретінде айтқызып тыңдаған кездері де халықты ағартуға, жақсылыққа үндеп, көп қызмет етіп, ел игілігіне жарағаны белгілі. Мейлі «Жомарт диқанды» алыңыз, мейлі «Рауа-Бануды» алыңыз, оқиға желісі патшалардың немесе оның әйелінің, қызының басынан өткен құбылыс болғанымен, мағынасы - әділетті қорғау, теңдік көрмей, еңбегін жегізіп еңіреген немесе адамдықты арман еткен жандардың ақ ісінің жеңіп шығуы, мұратына жету сияқты мағыналы түйіндер болып келеді. Рауа-Бану, Меһірша образдары ешқандай қиындықтан жасқанбай, үрейден қорықпай, әділеттің шыңына, махаббат адалдығына қолы жеткен әйелдер. Данышпан қарт пен Жомарт диқан образдарындағы бейнет пен азап арқалап күн көрген абзал жандардың оңай олжадан бас тартуы жүрек тазалығы символындай. Бірі жер асты қоймадағы бидайға кезіксе де, бірі гауһар тауып алса да асып-саспайды, өзі ұпайланып кеткісі келмейді. Тұрмағамбет Ізтілеуовтің бұл жинағы көп ізденістің жемісі, жанашыр жандардың ат салысуының нәтижесінде ел қолына тиіп отырған қымбат қазына. Мәдениеті мен әдебиеті қарышты қадаммен дамып келе жатқан халқымыз, қалың оқырман қауым, оқымысты ақын, аудармашы, қайраткер Тұрекеңнің «Назымын» ілтипат көрсете, қуана қарсы алары күмәнсіз.

Бердібаев P.

«Еңбек туы», 5.12.1973 ж.

ШАЙЫРДЫҢ ШЫРЫН СӨЗДЕРІ

Шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуовтің алғаш рет шығып отырған өлеңдер жинағына (1972) «Назым» деп ат қойылыпты. «Назым» деген сөз қазақтың ескіше сауатты оқушысына ежелден ұғымды. Таяу, Орта шығыстың көп елдері поэзияны осы күнге дейін назым деп атайды. Шығармаларының рухы шығыс әдебиетінің бай дәстүрімен үндес, сарындас келетін Тұрмағамбеттің кітабы осылай аталуы әбден орынды. Қазақтың кітап сүйер сауатты қауымы арасында ерте кезден мәлім болып келген «Назым» атауы «поэзия» терминінің синонимі ретінде қайта жанданып, тіліміздің тірі қорына еніп кетуі ғажап емес. Тұрмағамбеттің шығармашылық өмірінің үлкен ескерткіші «Шаһнамадан» еркін аударылған «Рүстем-дастан» бұдан он шақты жыл бұрын көп тиражбен жарық көрген болатын. Осы еңбегінің өзі оның есімін әдебиет тарихына қосатынына ешкім де күмән келтірмесе керек. Тұрмағамбет әлемге мәшһүр, мәңгі жасайтын «Шаһнаманы» ақындық дарыны кемеліне келген кезде, өмірінің соңғы шағында тәржімалаған. «Шаһнама» сынды көркем сөз құдіретінен тізілген теңдесі жоқ туындыны қазақша сөйлетуге бірсыпыра шарттар керек еді. Біріншіден, мұндай үлкен іске ұрыну үшін ірі ақындық талант керектігі айқын. Парсы поэзиясының сан тарау бейнелеу мүмкіндіктерін өзге тілде толық жеткізу бірегей ақынның ғана қолынан келмек керек. Екіншіден, «Шахнама» секілді ғажайып туындының тұлғасын танып, ішкі ерекшеліктерін еркін меңгеру үшін тек парсы, түркі тілдері ғана емес, осы тілдерге кезінде күшті әсер еткен араб тілін де білу қажет. Үшіншіден, Фердауси эпопеясын аударатын адам кем дегенде Иран мен Тұранның арғы-бергі тарихына, мәдениетіне, дәстүріне қанық болмағы ләзім. Көп жыл Бұқара шаһарында көрнекті ғұламалардан дәріс алған, араб, парсы, түркі тілдеріне жетіккен, Шығыс тарихы мен әдебиетінің алуан мағлұматын білетін, қазақтың халықтық поэзиясы бұлағынан еркін сусындаған және өзі ақындық, шайырлық жыршылық өнерді қадір тұтатын елде туып өскен Тұрмағамбет бойынан әлгі айтылған нышандар толық табылатын еді. Әлбетте «Шаһнама» және оның қазақша тәржімасы деген тақырып арнаулы зерттеуді қажет етеді. Тұрмағамбеттің ақындық өмірінің бас қорытындысындай «Рүстем-дастан» әдебиетші, тілші, тарихшы назарын аударарлық поэзия күмбезі десек, артық айтылғандық емес. Тұрмағамбеттің творчестволық өмірбаяны әлі толық зерттеліп жазылған жоқ, оның шайырлық эволюциясын айқындай түсу де алдағы кезеңдегі міндеттің бірі. Дегенмен «Назым» жинағына енген туындылар тобына зер салып, қарай отырып та ақынның творчестволық өмір белестерін, тақырыптық ауданын, идеялық бағытын біршама аңғаруға болатындай. Егер ақынның творчестволық сапарындағы ең үлкен ерекшелігі, өзіндік беталысы қайсы десек, оның шығыс әдебиетінің әйгілі шығармаларын жаңғырта жырлағанын алдымен атап көрсетер едік. Тұрмағамбет «Шаһнамаға» дейін де талай-талай шығыс хикаяларын дастан, терме етіп жазып келген. Ақынның, мысалдары мен дастандары түгел дерлік осы ойымызға дәлел бола алады. Көп ретте ол шығармасынын түп негізін өзі де ескертіп отырады. Қалай болған күнде де шайырдың:

Әр түрлі хикая мен дастандардың,
Ширатқан шым жібектен көгені едім, -

деуі шындыққа сай келетінін байқаймыз. Осының бәрі кейіннен ақынның «Шаһнаманы» тамаша тәржімалауына әзірлік болғаны шексіз... Шығыс әдебиетінің қазынасынан тәлім-үлгі алмаған ақын ертеде жоққа тән еді. Орта Азия халықтарымен ғасырлар бойында үзілмеген байланыс, этикалық, тілдік, туыстық, мемлекеттік, сауда-саттық қарым-қатынастар бұлардың көркем мәдениетінде де ұқсастық, жақындық туғызған. Ол дәуірдегі қазақ адамдары көбінше Орта Азияның көне мәдениет, білім ошақтары — Бұқара, Самарқан, Хиуаға барып оқитын еді. Қазақтың қаншама ғалымдары, шайырлары, шежіреші, тарихшылары міне осы және басқа шаһарларда оқып, шығыстың көне ілімінен сусындағаны анық. Қазақстанның Оңтүстік өлкесінің Орта Азиямен байланысы айрықша күшті болатын. Мұның да көптеген тарихи себептері бар. Оңтүстік Қазақстан көп замандар бойына Хиуа, Бұхара, Қоқан хандықтарының қарауында болып келді. Сонымен қатар Қазақстанның Оңтүстік өлкесі өзінің даму сатысы жағынан ежелден-ақ, Орта Азиямен қатарлас, қарайлас жүрген. Бұл өлкенің Сунақ, Отырар, Түркістан, Исфиджаб (Сайрам), Тараз тәрізді шаһарлары ежелден әйгілі. Бұл қалаларда сақталған керемет архитектуралық ескерткіштер осының бір айғағы. Осындай тарихи, мәдени дәстүрлерге байланысты Оңтүстік Қазақстан ақындары шығыс әдебиетімен көбірек молырақ таныс болған. Ерте заманда өмір сүрген кейбір ғалымдар мен ақындар (Дулати, т.б.) өз шығармаларын парсы тілінде жазған. Кейіннен «таза» қазақ,тілінде жазу дәстүрі күшейе түскен кезде де көп ақындар туындыларынан шығыстың бейнелі сөздері жиірек кездесе беретін. Тұрмағамбет шығармаларынан дәл осындай жағдайды көреміз. Ақынның қай-қай шығармасында да араб, парсы, түркі сөздері едәуір мол ұшырайды. Ақын творчествосының түбірлі ерекшеліктерімен таныспай тұрып, оның әдебиеттегі өзіндік орнын түсіну қиын. Ақын ертеректе жазған өлеңдерінің бірсыпырасында елді өнер, білімге («Ұстаз ұсынысы», «Шәкірттерге», «Балаларым») шақырады. Мұндай сарын, әсіресе, оның 1900-1910 жылдардағы өлеңдерінде басым екендігі көрінеді. Мұның өзі сол дәуірдегі жалпы демократиялық қазақ әдебиетіне ортақ бағыт болатын.

Қай жерде қазынасы болса ілімнің,
Қабынды қолыңа ал да қыдырыста,-
дейді ол.

Тұрмағамбет шығармаларында қазақ елінің ең зәру әлеуметтік, қоғамдық мәселелері сөз болған. Өз заманының көзі ашық, ойлы азаматы ретінде көп сауалдарға жауап айтуға талаптанады. Ақын бірталай өлеңдерінде бұқара мүддесінің анық жақтаушысы рөлінде көрінеді. Біліміңді, парасатыңды халықтың игілігіне жұмса деген идея көп туындыларының желісі секілді. Өз кезі үшін мұндай шақырулар мен нақылдар пайдалы, тәрбиелік қызмет атқарғаны анық. Асылы «Назым» жинағы Тұрмағамбет айтқан немесе жазған жырдың бәрін бірдей қамтымайтын секілді. Көп өлеңдер кезінде құпталып қағазға түспей, ұмыт болып қалуы да мүмкін. 1924 жылы жазған «Шөлмек» деген термесінде ақын өзі туралы:

Сөйлеген сөзім ыңғайлы,
Құмартып халқым тыңдайды,
Шайырдан шатақ сөз шықса,
Күлістік етіп көбісі,

Бір-біріне ымдайды.
Сөз өлшеуін білмеген,
Шағалаша шулайды...
Қалуатсыз қас сыпа

Орынсыз мәжіліс құрмайды.
Мұзды балақ, қанды көз,
Аң көрмей, мойнын бұрмайды,
Тал жібектей таза сөз

Еш жеріңді жырмайды
Жағдайсыз сөздің мысалы
Шеңгелше етек тырнайды...
Жазған сөзім қыдырды

Орал менен Торғайды,
Хорезм жұрты хабарлы,
Шорахан, Төрткүл, Шымбайды
Есіткен жері сөзімді

Аяқ асты қылмайды, деп толғайды. Бұл куәліктерге қарағанда Тұрмағамбеттен тараған өлең, нақыл, мысал, дастан мына жинақтағыдан көбірек болғанға ұқсайды. Шығыс поэзиясына тән ғибратшыл өлеңдер Тұрмағамбет жинағынан көптеп табылады. Кейде тақпақ, кейде мақал-мәтел ретінде, бағзы бірде толғау, терме түрінде келетін насихат, ғақлият шығармалары ел арасында кең жайылған. Сыр бойында терме сазымен айтатын жыршы, жыраулар репертуарында Тұрмағамбет туындылары аз емес. Бұларда сол кездегі қазақ қоғамының ұғымына сай адамгершілік, парыз, салт-сана, дәстүр мәселелері тұжырымдалып тізілген. Мұндай термелер жұртшылыққа өткен қауымдардың өсиетіндей, өмірдің өшпес сабағындай естілетін. Мәселен, «Не артық» деген термеден әдемі әдіптелген алуан ақиқат елестейді.

Сипаты бірдей адамның,
Ерден ердің несі артық –
Формасы келмес күмістен
Сұлулап соққан мыс артық, -

Жаңбырсыз болған жазыңнан
Шаруға жайлы қыс артық;
Тұғыры құтсыз сұңқардан,
Тұрымтай атты құс артық;

Өңінде көрген кемдіктен,
Ұйқыда көрген түс артық;
Құрымы тамған қараша үй
Таза болса тамағы,

Ықыласты болса адамы,
Ақ ордадан үш артық!..

«Назым» жинағынан ақынның бір топ рубаиларын (төрттағандар) оқимыз. Мұның өзі шайырлық шығармаларында рубаи өлшемі ерте кезден орын теуіп келгенін сипаттай түседі. Творчествосына халық мұңы мен арманын әрдайым арқау еткен шығармалары демократиялық, гуманистік идеямен суарылған Тұрмағамбет совет заманында жаңа өмірді жырлаушылар қатарында болды. Оның ақындық биографиясындағы жаңа сапалық кезең Ленинге арнаған өлеңдерінен басталады. Ақын жинағының күрделі бөлегін мысалдар мен дастандар құрайды. Бұларда адам өмірінің түрлі тарауын қамтитын өнеге, үлгі кеңестер бар. Мектебі аз, сауаты кем қазақ еліне мұндай шығармалардың өте зәру болғандығы белгілі. Дастандар мен мысалдар әрі тәлім, әрі білім беретін еді. Оларды арнаулы мақалмен, әсем әуезбен термелетіп айтқанда тыңдаушылар эстетикалық ләззат та алатын. Сондай туындылардың бірнешеуін мысалға келтірейік. «Лұқпан хакім» деген мысал өлеңде шығысқа кең тараған ақыл-нақыл әңгімелердің бірер түйіні сөз болған. Мысал адамды орынсыз сыр шашпауға, азулы әкімдерден аулақ жүруге, саудагерлерге қарыздар болмауға шақырады. Жалпы «Ғибрат кітабын» жазу Орта Азия мен Қазақстанның жазба әдебиетінде ежелден қалыптасқан дәстүр. Сонау XІ ғасырдағы «Құтадғу білікте де» түрлі кәсіп иелеріне кеңес, білім берілетін еді ғой. Осы дәстүр ғасырлар бойында жалғасып келгеніне Тұрмағамбет туындылары да дәлел. «Сүлеймен мен кірпікшешен», «Төрт дос», «Дарақ пен сая», «Жолаушы мен дана» секілді мысалдардың да белгілі идеялық нысанасы бар. Сөз болып отырған жинаққа Тұрмағамбеттің «Мәрді дихан», «Данышпан қарт», «Тұтқын қыз», «Рауа-бану», «Әшкәбус» атты шағын дастандары енген. Бұл дастандардың бәрі де ертеден шығыс әдебиетіне қанық сюжеттерді жырлайды. Әсіресе, «Мәрді дихан», «Рауа-бану» дастандары өте терең шындықтарды сөз еткен. Қос айдап жүріп, тауып алған гауһарын патшаға апарып табыс еткелі жолға шығып, көп азапқа ұшыраған диқан бейнесінен еңбекші адамға тән тазалық, адалдық елестейді. Оңай олжа тауып, тез байымақ болған ұрылар жаза шегеді. Дастанның бағалы жері қарапайым диқанның мәрттігіне мадақ айтуында. Ал «Рауа-бануда» махаббатын кіршіксіз сақтай білген, қорқыныш пен қиындық кезінде пәктіктен айнымаған опалы сұлу жардың үлгілі тұлғасы суреттеледі. Еш заманда мәнін жоймас мұндай ғибраттың бүгінгі қауымға тигізер өнегесі жоқ емес. «Шаһнамадан» үзінді етіп алынған «Әшкәбус» дастанында ертедегі Иран батырларының отаншылдығы қуатты көркем тілмен суреттелген. Қорыта айтқанда, Тұрмағамбет Ізтілеуовтің өлеңдер жинағының жариялануы әдеби өміріміздегі сүйкімді жаңалықтың бірі. Ақынның өлендерін ұқыпты тізіп, алғысөз, түсініктемелерін жазған Қазақ ССР Ғылым академиясы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Мардан Байділдаевтың көп жылдық зерттеу еңбегін де ризалықпен атап өту ләзім. Сонымен қатар қазақтың ертедегі жазба әдебиеті мен фольклорының таңдаулы нұсқаларын «Асыл мұра» деген атпен шығара бастаған «Жазушы» баспасының игі қадамын да құптаймыз. Мұндай топтағы кітаптар халыққа неғұрлым көбірек, жиірек жете бергені абзал. Ескерту: Автордың «Нәрлі назым» атты мақаласы («Социалистік Қазақстан», №288,11.12.1973ж.) жоғарыдағы мақаламен мазмұндас болған соң (қысқартылған нұсқа) жинаққа енгізілмеді.

Әубәкіров Д.

(1933-37 жж. бұрынғы халық ағарту комиссары

болған Темірбек Жүргеновтің көмекшісі)

24.03.1976 ж.

ТҰРМАҒАМБЕТ ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІК

Мен 1933-1937 жылдарда Қазақ ССР Оқу комиссариатының Наркомпростың тікелей көмекшісі міндетін атқарып, қызмет істедім. «Шаһнаманы» қазақ, тіліне аудару мәселесі 34-35-жылдары сөз болып жүрді. Аудармашыны іздестіруге облыстарға ғылыми адамдар да жіберіліп жатты. Ақыры, Тұрмағамбет Ізтілеуов лайықты деп табылып, ол кісі Оқу комиссариатына шақырылды. 1936 жылдың басында Қазақстан Оқу комиссары Т.Ізтілеуов, бірсыпыра оқымысты ғалымдар, жазушылар құрамымен бас қосып, ол кісіні қабылдап, кездесіп, «Шаһнаманы» аударуға, дәл осы білімді ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов бекітілгенін естідік. 3-4 күн өткен соң, нарком маған тапсырма берді.

— Шаһнаманы аударатын Тұрмағамбет Ізтілеуов деген атаң — осы кісі — деп жанында отырған орта бойлы, ашаң жүзді, үстіне көне шапан, бүрген бөрік киген, маған жылы жүзбен қараған қарт адамды нұсқады. Үй тұрмысы жайында Садықовқа, аудару жұмыстары жөнінде Қ.Жұбановқа тапсырылды. Ертеңнен бастап, бұл кісі жұмысына кіріседі. Жұмысты өз үйінде отырып істейді. Аудару, қаулыда көрсетілген кезеңдерде, сапалы бітуін, өлкелік партия комитеті маған тапсырды.

— Ал, Дүйсен, бұл кісінің жай-күйін үйіне барып, я келгенінде әңгімелесіп біліп, керекті тілектерін жоғарыдағы адамдармен кезінде шешіп отыр. Маған айтып жүр. — Ал, шал, сіздің бастығыңыз, мына біздің Дүйсен — деп күлді. Біз приемныйға шығып кеп сөйлестік. Менен, отын-су, еңбек ақы мөлшері, кімнен алатыны жайлы, сондай-ақ қағаз, қарындаш, сияларға — дейін сұрады. Мен жауап бердім, қанағаттандырылғандай болды. Ризалығын сездірді. Қасына еріп барып, астыңғы үйдегі, комиссариаттың шаруашылық бөлім бастығы Тәңірберген Садықовқа Нарком тапсырмаларын айтып, шығып кеттім.

Сонда Тұрмағамбет кәриемізбен бір туғандай болып, комиссариат қызметкерлері арасында, жылы шыраймен жүздесіп, ақын адамды сыйлап сәлем беріп, беделді көретінбіз. Солай болуға да тиіс еді. Өте кішіпейіл, қызба сөздерден аулақ, қарапайым адам еді. Алғашында, қазіргі Фурманов көшесіндегі № 14 үйде, сосын сәулесі мол, ауасы кең жердей қаланың бас жағындағы балалар үйінде 1937 жылға дейін тұрды. Тапсырманы, 40 мың жолдан асырып, сапалы орындап бергенін анық білем. Содан соң, өзінің туған жері Қармақшы ауданына қайтып оралды.

Қаратаев М.

«Лениншіл жас», 17.06.1976ж.

ҮШ БӘЙТЕРЕК

Бір күні біздің үйде қазақ елінің мақтаныштары, өз өнерлерімен танымал болған көркем өнердің үш түрінің дарынды дауылпаздары — Жетісудың су төгілмес жорғасы Жамбыл жырау, Сырдарияның сандағы Тұрмағамбет шайыр, Қара Ертістің еркесі атақты Естай әнші қонақ болды. Мұнда мен Жамбылдың тек қана қазақ емес, Шығыстың ұзақ дастандарын тамаша жырлайтынын, сондай-ақ есту қабілеті күшті, отырған жері думандаған базар, әңгімеге шебер кісі екенін анық аңғардым. Ақынның өткір сықақ пен уытты мысқылға толы өз замандастарына арнап айтқан әдепті әзілдері де әрі жайдары, әрі жарасымын тауып, отырысты есте қалдырарлықтай етіп қыздырып жіберді.

— Жәке, сіздің дабысыңызға мен ертеден-ақ хабардармын. Содан бері сізбен жүздесіп, сұхбаттасуға барынша ынтызар едім. Енді, міне, бүгін соның сәті түсіп, ақындардың айбатты арыстанын көзіммен көріп, кездесіп отырмын! — деді рахаттана асқақ әнші — ақын Естай қария.

Сонда Жамбыл оған былай деді:

— Иә, қоңыраудай күміс көмей, сайраған жезтаңдай бұлбұл әншім, сен мені тер төгіп, жан сала іздемегенсің. Егер де сен өзіңнің құштар болған Қорланыңды Үнді мен Қытайдан, Мысыр мен Бағдаттан таба алмағаның сықылды іздеген болсаң, әлдеқашан тапқан болар ең. Неге десең, мен сенен онша алыс емес, Сарыарқаның Біржан сал, Балуан шолақ, Нысанбай жырау, Шашубайларының аяғы жеткен жерде Алатауды айналып жүр едім ғой. Бірақ мен сені және сенің сүйікті Қорланыңды ешуақытта өшпейтін, өлмейтін өмірлік суретін өзіңнің асқақ әніңнен таптым.

Мен енді Жамбылға Сырдария мен Әмудария бойына аты әйгілі болған Тұрмағамбетті қызыл тілге келсе, суырыла жөнелетін ақпа ақын, қалам — қағазға келсе, өлеңді шайырларша шығаратын жазба ақын екендігін айтып таныстырдым. Ол осыны естісімен-ақ құлағын түріп елең ете қалды да, еңсесін бір көтеріп алып, тура Тұрмағамбетке өткір көзін тіге бірден үн қатты:

— Ертеде, жырлап жүргенімде, қалың қазақты шарлап аралай-аралай Жетісумен жапсарлас Сырдария облысының, Алатаумен астарлас Қаратау төңірегін аралап, бауырмал Сыр еліне, қонақжай Түркістан оязына тақау бардым. Атақты Майлықожа, Құлыншақ, Майкөт ақындарға кездесіп, өнерлерінен үлгі алып, өздерін пір тұттым. Сол сапарымда ақындардың ішінде халқының аузынан түспейтін көп естіген есімім, алмастай өткір тілі бар, ағыл-тегіл жыры бар, шығарған сөзі шырайлы, ел аузынан көп тыңдағаным Шәді төре мен Тұрмағамбет болған. Сонда көңілім тасып, таңданып қайтқанмын.

Жамбыл осыны айтып, сәл бөгелді. «Ер қадірін ел білер, зер қадірін зергер білер» -дегендей, ол Тұрмағамбеттің кейбір елеңін жатқа білетін болып шықты.

Сөйлеген сөзім ыңғайлы,
Құмартып халқым тыңдайды.
Шайырдан шатақ сөз шықса,
Күлістік етіп көбісі,

Бір-біріне ымдайды.
Сөз өлшеуін білмеген,
Шағалаша шулайды.
Тал жібектей таза сөз,

Еш жеріңді жырмайды, деп көкейіне қонып, санасында сақталып қалған. Ақындық, шайырлықтың міндетін айтқан Тұрмағамбеттің осы бір толғауын шұбырта жөнелді. Жанды жадыратар осынау онды толғау көп ұзамай «Шөлмек» деген атпен толық түрде «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланып та еді (27 август, 1936 жылы). Жамбыл осыдан кейін бөгелді де, тағы да бір қозғалып қойды: - Сізді біреулер «ақын», «шайыр», біреулер «молда» дейді. Сіз сол үшеудің қайсысы боласыз? Өйткені халық қанша дәріптегенмен, сіз бір мезгілде әрі лапылдаған от, әрі тасқындаған су бола алмайсыз ғой, - деді Жамбыл қулана қарап, Тұрмағамбетті де сөзден тоқтатқысы келгендей.

— Егер сіз кітап оқып, хат жаза алсаңыз, сірә, ел-жұрт сізді де «молда» деп атаған болар еді, Жәке, - деді Шығыс әдебиетінен сусындаған білімді һәм сөйлер сөзден ешқашан мүдірмеген, әзір жауапқа тапқыр Тұрмағамбет.

Алдында ғана Естайдың есесін алып, сөзден оны сүріндіріп отырған Жамбылға бейқам отырған Тұрмағамбет Жамбылдың мынадай тосын сауалына табан астынан жауап қайыра қойды. Содан ба, әлде есімі мен өлеңі ерте кезден зердесіне сақталған ардақты ақынын, үзеңгілес жолдасын, аңсаған адамын алғаш көргеніне риза болды ма:

— Ендеше, кейбіреулер күн мен түнді ажыратпай, шатастырып алып жүр екен ғой, -деп шаттана күлді кемел ойлы, кемеңгер, кәрі құлақ Жамбыл ақын.

Сөйтіп «Сырдың сүлейі» атанған Тұрмағамбет, Ертістің ерке түлегі атанған Естай есімін аламантасыр ауыр заманның өзінде-ақ қазақтың керілген кең даласының қашықтығына қарамай, жақсылықты жатқызбай «шекарадан өткізіп» Алатау атырабына алып келуші, алғашқы «елшілік» қызметті атқарушы Жамбыл екенін анық білдім. Халқымыздың мақтаныштары ежелгі үш алып өзен-судан — Жетісу, Ертіс, Сырдариядан нәр алып, оның бойында есіп шыққан үш бәйтерек шынардың тұңғыш дидарласуында, өнерді осылайша қастерлеген қызу әңгіме дүкен мерекесінің ішінде болып, осы бір «тірі»деректі өз құлағыммен естігенімнен бері арада қырық жыл өтсе де есімнен кетпейді. Әсіресе, көргені мен естіген көп, көңіл көзі ашық, шежіреші жырау, батылдығы мен парасаты мол қайсар Жамбылға тағы да бір таң қалғаным бар. Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшесі, көрнекті қоғам, мәдениет қайраткері, халық таланттарының 1934 жылғы бүкіл қазақстандық бірінші слетін, Қазақ әдебиеті мен өнерінің 1936 жылғы тұңғыш он күндігін өткізуге жетекшілік еткен, үлкен ұйымдастырушы, іскер басшы Темірбек Жүргенов (1898 —1938 ж.ж.) халық поэзиясының өркенін есіріп, өрісін ұзайтқан үлкен өкілдері, ақындық екі арнаның қайнар бұлағындай хат танымайтын ақпа ақын, халық жырауы Жамбыл мен хат танитын білімдар, жазба ақын, халық шайыры Тұрмағамбетті айрықша қамқорлыққа алды. Жамбыл мен Тұрмағамбеттің мектеп программасына қатар, қазақтың халық ақындарының ішінен алғаш көзі тірісінде оқулыққа кіруі (екеуінің бірге суретке түсірілуі де) осы кез болатын. «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап»- деп ұлы Абай айтқандай творчестволық еңбек ету үшін осы секілді жасалынған жағдай, партиялық қамқорлық бұларды қанаттандырып жіберді. Жамбыл жаңа заманға арнап жаңа жырдың тиегін ағытса, Тұрмағамбет (осы жолы аулына қайтпай, Алматыда қалды) көл-көсір ғажайып шығарма,«кітаптар патшасы» аталған Фердаусидің «Шаһнамасын» қазақша жырлауға аударуға қызу кірісіп кетті.

Сейдеханов К.

«Ленин жолы», 26.07 1977 ж.

ТҰРМАҒАМБЕТ МҰРАСЫН ТОЛЫҚТЫРЫП...

Биыл туғанына 95 жыл толып отырған Тұрмағамбет Ізтілеуовтің (1882- 1939) әдеби мұрасын жинау, зерттеу ісі кешеуілдеп қолға алынғаны мәлім. Соған қарамастан ақынның «Шаһнамадан» аударған «Рүстем-дастаны» 1961 жылы, өзінің таңдамалы шығармалары «Назым» 1972 жылы жеке кітап болып шықты, өлең-терме, толғау-жырлары бірнеше жинақтарда жарияланды. Ол туралы алғашқы зерттеулер де жазылды. Бұл салада М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері фольклорист Мардан таяуда өзінің көп жылдан бері ыждаһатпен зерттеп жүрген «Шығыс әдебиеті және Тұрмағамбет Ізтілеуов творчествосы» атты монографиясын жазып бітірді. Алайда осымен Тұрмағамбет мұрасы жиналып та, зерттеліп те болады деуден аулақпыз. Ол әлі де толыға да, молыға да бермек. «Қазына халықта — іздеп тауып, анықта» демекші, біз жақында Тұрмағамбеттің бұрын жұртшылыққа беймәлім болып келген таты да бір шығармасын жазып алдық. Бұл ақынның Нұрғалимен айтысы екен. Алдымен Нұрғалидің өзі кім, айтыс қашан, қайда болған? — енді соған келейік. Нұрғали Итембаев 1888 жылы қазіргі Жезқазған облысының Ұлытау ауданындағы «Керегетас» деген жерде орта шаруаның отбасында туыпты. Нағашысы Әзберген деген белгілі ақын, өз әкесі Сүлеймен де өлең шығарып айтатын кісі болыпты. Нұрғали ауыл молдасынан хат танығаннан кейін, оқи алмай тұрмыс-тіршілік қамымен кеткен. Арқаның әнші, күйші, ақындарымен бас қосып, өнер сайысына түскен. Жиырма бес жасында Қонысбай деген ақынмен айтысып, би-болыстарға, бай-манаптарға уытты өлеңдер арнап, «от ауызды, орақ тілді» ақын ретінде танылған. Октябрь революциясынан кейін жаңа заманды жырлап, «Ленин дүниеге жол көрсеткен», «Ленин ұлы данышпан», «Ленин мәңгі жасайды» атты толғауларын, әйел тендігін еңбек адамдарын дәріптеген өлеңдерін шығарған, Тайжан Жеңісбай тәрізді Арқаның белгілі ақындарымен айтысқа түскен. 1933 жылы Нұрғали Шымкент қаласында сегіз ай болады. Кейін туған ауылына қайтпақ болып, поезбен Жосалыға келеді де, Жезқазғанға қатынайтын көлікті күтіп біраз күн осында аялдайды. Сол кезде, яғни 1934 жылдың январь айында Тұрмағамбетпен кездеседі. Айтыстың қалай болғанын, кімнің не айтқанын Нұрғали өз атынан баяндайды. Мүндай дәстүр өзге айтыстарда да кездеседі. Мысалы, басқаны былай қойғанда, Сыр бойының белгілі ақыны Мәнсүр де Дәме қызбен айтысын (1910 жылы) өз атынан кіріспе түсінік беруден бастайды. Өйткені айтыс кезінде жазып алынбайды, тыңдаушының есінде қала бермейді, сондықтан оны айтысқа түскен ақынның біреуі жадында сақталған күйінде айтып таратады. Нұрғали да солай еткен. Нұрғали Жосалыдан Жезқазғанға қатынайтын керуенге ілесіп, Ұлытаудағы ауылына аман-есен жетеді. Бірақ жол-жөнекей суыққа шалдығып, екі жылдан кейін 1936 жылы 15 августе өкпе ауруынан дүние салады. Талантты ақын Нұрғали Итембаевтың шығармаларын іздестіріп жинау игілікті ісіміз. Ал оның мына айтысы екі ақынға ортақ дүние болумен қатар Тұрмағамбет творчествосынан елеулі орын алатын шығарма екені даусыз. Т.Ізтілеуов В. И. Ленинді көзі тірісінде жырлаған санаулы ақындардың бірі десек те, оның айтыстарында көсем есімі аталмайтын. Тұрмағамбет бұл жолы Нұрғалиға В. И. Ленин туралы үш рет сұрақ беру арқылы ұлы көсемге деген зор сүйіспеншілігін тағы да паш етеді. Екіншіден, бұл ақынның ең соңғы айтысы (бес айтысы «Назым» жинағында жарияланған) және бұрынғылардай жазба түрде емес, ауызша болған айтыс. Үшіншіден, бұл айтыс Тұрмағамбет шығармаларының кезінде Сыр бойы мен Қызылқұм өңіріне ғана емес, байтақ Арқаға да ауызекі тарап кеткендігін дәлелдейді.

Біз осы айтысты алғаш рет газет оқырмандарына ұсынып отырмыз.

Байділдаев М.

Сақиев 3.

«Лениншіл жас», 14.10.1977ж.

ОРТА АЗИЯНЫҢ ОРТАҚ АҚЫНЫ

Туған халқымыздың қайратты қаламгерлерінің бірі Тұрмағамбет Ізтілеуовтің творчествосы туралы ойлағанда белгілі қарақалпақ ақыны Ибраһим Юсуповтың: «Тұрмағамбеттің тек қазақ әдебиеті ғана емес, тіпті Орта Азия халықтарының да ортақ ақыны» деген толғаулы ойы еріксіз еске түседі. Өте тауып айтылған. Шынында да Тұрмағамбеттің он шақты жыл қарақалпақ халқының ыстық құшағында болып, шабытты шығармалар жазуы егіздің сыңарындай екі халықтың — қазақ және қарақалпақ әдебиеттерінің ежелден етене бауырластығының, қоян-қолтық байланыстарының жарасымды жалғасы, көрікті көрінісі. Ең алдымен, Тұрмағамбеттің Қарақалпақстанға тұңғыш сапары Бұқара қаласынан басталғанын айта кеткен жөн. Ол Сыр бойындағы мұсылманша мектептерді кіре тартқан керуенімен Бұқараға келіп, бүкіл Азия елдеріне әйгілі «Мир — и — Араб» медресесіне оқуға түсті. Үш жылдан соң осы қаладағы Көкелташ медресесіне ауысып, мұнда тәжік халқының болашақ көрнекті жазушысы Сәдірәддин Айнимен бірге оқып, жақын танысты. Бұқара медресесінде оқып жүрген кезінде Тұрмағамбет Қарақалпақстанға жиі барып тұрды. Тұрмағамбеттің қарақалпақ арасында бала оқытуы қарақалпақ әдебиетінің классиктері Бердақ пен Омар шайырдың қазақ балаларын оқытуы сияқты сүйсінерлік оқиға. Қазақ жерінде болып, қазақ әдебиетін, тілін терең меңгерген атақты қарақалпақ ақыны Әжінияз Қосыбайұлының орасан зор өнерпаздығымен, асқан әншілігімен дүйім жұртты таңырқатқаны, көптеген өлеңдерін қазақ тілінде шығарып, қажет жерінде топтан суырылып шығып, айтысқа түскені, әсіресе ақын қыз Меңешпен үш күн, үш түн қазақша айтысқаны белгілі. Сол айтыс үстінде байдың қызы Меңештің арыстай алты ағасы қарындасының жеңіліп қалғанына намыстанып, Әжіниязды соққыға жықпақ болғанда қазақтың белгілі ақыны Шернияз Жарылқасұлы араға түсіп, қарақалпақ ақынын өлімнен құтқарып қалған. (Бұл туралы қарақалпақ жазушысы К. Сұлтановтың «Совет Қарақалпақстаны» газетінің 1969 жылғы 1 ноябрьдегі номерінде жарияланған мақаласында қызықты мәлімет бар). Қарақалпақстанда жүрген кезінде Тұрмағамбет халықтың сауатын ашу, сана-сезімін ояту, өнер-білімді насихаттау ісімен айналыса жүріп, өзі де үнемі оқу, өсу, талмай іздену үстінде болды. Ақынның игі мақсаты өзі оқытып, сауатын ашқан қарақалпақ, қазақ балаларына арнап 1900 жылы жазған «Ұстаз ұсынысы» деген өлеңінде айқын айтылған. 1924 жылы жазған «Шөлмек» деген өлеңінде ақын өзінің қарақалпақ жерінде де тонның ішкі бауындай ыстық, туысқанға танымал екендігін:

Жазған сөзім қыдырды,
Орал менен Торғайды.
Хорезм жұрты хабарлы,
Шорахан, Төрткүл, Шымбайды.

Киіз үйлі қазақтың
Есіткен жері сөзімді
Аяқ асты қылмайды, -

деген жолдарында мақтанышпен жырлаған еді. Бұл жай айтыла салған сөз емес, өмір шындығы. Сондықтан әдебиетті зерттеуші мамандарымыздың алдында Тұрмағамбеттің революцияға дейінгі Қарақалпақ ауылдарындағы сан қырлы ағартушылық, ақындық қызметінің мән-мағынасынан, оның интернационалдық сипатын жан-жақты зерттеп, терең ашып көрсету міндеті тұр. Тұрмағамбетпен талай жерде тізе қосып, үзеңгі тіресіп дегендей, жақын сырлас, сұхбаттас болған ақын Қуаныш Баймағамбетов бір қызық фактіні айтады.

Оқып шығып жас жігіт шақ кезінде,
Өзбек пенен қарақалпақ елінде
Мұғалім боп, сан шайырмен сайысты,
Жүрегінде Орта Азия жерінде.

Осы сөздің жаны бар, Тұрмағамбеттің творчествосын көп жылдан бері зерттей келе біз, кейбір сенімді мәліметтерге сүйене отырып, ақынның Шығыс тілдерінде жазған шығармаларының қолжазбасы 1942 жылы үйінен жоғалып кеткенін, оның ішінде Сәдірәддин Айнимен бірге оқыған кезеңдеріндегі бір-біріне арнап жазысқан айтыс, ғазал, бәйіттері де болғанын хабарлаған едік. Біздіңше, осы қолжазбаның ішінде ақынның қарақалпақ поэзиясынан, әсіресе өзі сүйіп оқыған Бердақ пен Әжінияз шығармаларынан аудармалары болуы әбден ықтимал. Себебі, қарақалпақтың осы екі ақынының шығармаларын Сыр бойында тұңғыш насихаттаған Тұрмағамбет. Тұрмағамбеттің Қарақалпақстандағы ақындық, ағартушылық қызметінің кейбір қырларын, оның шығармаларын ғылыми тұрғыдан зерттеу жөнінде қазақ ғалымдары Мұхамеджан Қаратаев, Әбділда Тәжібаев, Балмек Орынбаев едәуір еңбек сіңіріп, соңғы он шақты жылдың өзінде жұртшылық назарын аударарлықтай қызықты деректер, құнды материалдар жариялады. Бұл мәселеге көрнекті қарақалпақ ақыны Ибраһим Юсуповтың араласуы қуанышты жай. Оның: «өзінің туған әдебиетін жетік біліп қана қоймай, тәжік-парсы, өзбек классиктерінен үйреніп, тағылым алған Тұрмағамбеттің есімі елеулі еңбегі үшін халықтар әдебиетінің ортақтығы баяндалатын біздің әдебиет тарихымыздың құрметті кітабында мақтанышпен аталады» қазақ ақынының творчествосын жоғары бағалауы әдеби байланыстарымызды зерттеуші ғалымдар үшін аса құнды, парасатты пікірлер. Ибраһим Юсупов Тұрмағамбеттің әлі қазақ тілінде жарияланбаған «Күнбала» өлеңінің Әжінияздың «Әй, әлифкім» деген белгілі өлеңімен салыстыра отырып, олардың ішкі мазмұнының ұқсастығын, стиль бірлігін ашты, екі өлеңнің де акроғазал (мұзашах) өлшемімен жазылғандығын анықтап берді. Филология ғылымының кандидаты Б. Ысқақов Тұрмағамбет творчествосының Бердақпен идеялық жақындығын зерттеді. Бердақ пен Әжінияз қарақалпақ классикалық поэзиясының шырқап шыққан биігі, топтан озған тұлпарлары. Сыр бойына қайтқан соң ақын ауылдағы алғашқы мектепті ашып, онда қазақ және қарақалпақ балаларына (Қармақшы ауданындағы Ленин атындағы совхозда оның қарақалпақ шәкірттері әлі бар) әдебиет пәнінен сабақ береді. Қарақалпақ ауыз әдебиетін, классикалық поэзиясын жетік білетін Тұрмағамбет Ізтілеуов осы әдебиеттің Сыр бойындағы көрнекті насихатшысына айналды. С. Дәулетбаев «Келдің-дағы Жайһун бойын аралап, қазақтарға жырлап бердің Бердақты», жоғарыда аты аталған Қуаныш Баймағамбетов: «Шәкірт шақта Бердақ жырын жаттап ап, әнге қосып, Айниға айтып береді» дейді. Қазақ ақынының қарақалпақ поэзиясын тәжіктерге таныстыруға да дәнекер болғандығы біздің әдебиеттеріміздің тарихында осы күнге дейін белгісіз болып келген жай. Иә, қырық жылдай өмірін поэзияға арнап, жүз мың жолдан жыр жазған, талантты аудармашы Тұрмағамбет Ізтілеуовтің терең толғаулы творчествосында Орта Азия халықтары әдебиеттерінің көптеген ортақ мүдделері баяндалады. Біле білсек, Тұрмағамбет шығармалары туысқан екі халық әдебиеттерінің тоқсан тарау жолдар арқылы тоғысып жатқан ежелгі қарым-қатынастарының өрісін кеңейтіп, халықтарымыздың мәңгі достығын паш етерлік тарихи документ іспетті-ау дейміз.

Еңсегенов Т.

«Коммунизм шамшырағы», 12.04.1979 ж.

АҚЫН ТАЛАНТЫНЫҢ БІР ҚЫРЫ

Тұрмағамбет Ізтілеуов — Сыр бойынан шыққан қазақ халқының мақтан тұтар дарынды ақыны. Оның артында қалдырған мол мұрасының ауқымы кең. Әрқайсысын бөліп алып, жеке-жеке сөз етуге толық болады. Ақын талантының биіктігін мынадан аңғарамыз. Тұрмағамбет поэзиямыздағы күрделі түр — мысал жанры саласында батыл қалам тартып, елеулі еңбек сіңірген ақын. Оның бұл бағыттағы шығармаларына үңілсек ақынның көп ізденіп, оқығандығын, өзіндік айшық-өрнектерін, ерекшеліктерін анық байқаймыз. Тұрмағамбет ақын тұсында қазақ әдебиетінің мысал жанрының дамуына негізінен екі бағыт әсер етті. Оның бірі шығыс әдебиетінің ықпалы болса, екіншісі — орыстың классикалық шығармаларының он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында қазақ сақарасына кеңінен тарауы. Әрине, реалистік бағыттағы ұлы орыс әдебиетінің күші әсер еткені сөзсіз. Бұл топқа осы халықтың әйгілі ақыны И. А. Крыловтан үлгі алып, азды-көпті мысал жазған Ы. Алтынсарин мен ұлы Абайды, С.Торайғыров пен С. Дөнентаевтарды қосуға болады. Ал Шығыс әдебиетінен сусындап, мысал жанрын дамытуға үлес қосқандар Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Молда Мұса және басқа ақын, шайырлар. Шығыс әдебиетінен нәр алған мысалшылардың өзіндік ерекшеліктері бар. Оны ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің шығармаларына талдау жасау арқылы көрсетейік. Өйткені, оның мысалындағы жалпы сипат солардың бәріне тән. Әрі Тұрмағамбет — Шығыс поэзиясынан мол суындаған, өнер қуып, білім алған ақын. Мұндайда бойындағы таудай талант туған жердің топырағынан даритыны анық. Содан кейін ғана қияға қанат қағып ұша алады. Екіншіден, Тұрмағамбет сол бағыттағы замандастарынан шоқтығы биік, бойындағы дарын қуатын халқына арнап, жаңа заманға үн қосып, есімі ел аузында мәңгі қалып қойған ақын. Тұрмағамбет мысалдарын бірнеше топқа бөлінуге болады. Ақынның осы саладағы алғашқы шығармалары жай ғибрат айтуға ғана құрылған. Екіншіден аңыз әңгімелердей болған бір оқиғаны баяндап, «баяғыда солай деген екен, сондай-ақ...» деп кілт өзгеріс жасайды. Яғни мысалдау арқылы айтпақ ойды білдіреді. Үшіншіден, осындай мысалдарға персонаждар сол қалпында өзгертілмей алынады. Дәлел келтірейік. Ақынның «Ата мен бала» деген мысалының қысқаша мазмұны мынадай: бір шаруаның бір қора қойы түнде өріп кетіп, диқанның егініне түсіп бүлдіреді. Ол Дәуітханға арыз айтады. Хан мал иесін шақырып алып, қаһарланып: «Мынаның егіндік жерін сен алып, қойыңды түгелдей осыған бер» - деп бұйырады. Сонда баласы Сүлеймен ара түсіп, істі әділ шешіп берудің жолын айтуға атасынан ұлықсат сұрайды. Дәуітхан қарсылық жасамайды. Сосын Сүлеймен қой иесіне:

Үзбесін егісінен ол да үмітін,
Абзалдап атыз-жабын жаздап күтіп.
Қалдырмай қырмандап бер ішетінін,
Қойыңның соған дейін сүтін ішіп.

Қайтарсын қырқар кезде жүн, түбітін, дейді. Дәуіттің бұл шешімге көңілі толып, қолындағы бар билікті баласына береді. Ақын осы мысалын:

«Жас демей ақылы барды, «аға тұт» деп,
Данышпан айтқан Лұқпан, Аплатон, -

деп түйіндейді. (Т. Ізтілеуов «Назым», «Алматы» — 1972, 118-бет). Мысалдың өн бойына тартылған арқау-әділеттілікті тоғышарлықпен емес, ақылмен ешкімге қиянат жасамай, тура шешуді мегзейді. Ханның топастығын жанамалап қана көрсетіп, ел билеушінің ақылды, адамгершілігі мол болуын армандау бар. Мысал халық қамын ойлау, бірлікте, татулықта болу жөнінде нақыл-өсиет айтумен тұжырымдалған. Шығармадағы негізгі ойды ашып тастап түсіндіру - ақынға Шығыс әдебиетінің әсері екені сөзсіз. Профессор Т. Қожакеев 1969 жылы шыққан «Қазақ мысалдары» кітапшасында XX ғасырдың басындағы қазақ мысалшыларының еңбектеріне талдау жасай келіп: «Бұл тұстағы әдебиетімізде екі бағыт, екі деңгейдегі ақындар қалам тербеді. Бір тобы Шығыс поэзиясының мектебінен өтіп, соның үрдіс дәстүрлерін творчестволық стиль ретінде қабылдаған шайырлар еді. Олардың бүкіл творчествосының басты сарыны жұртқа үгіт-насихат, нақыл-өсиет айту болды», - деген шешімі біздің пікірімізді нақтылай түседі. Ақынның бұдан басқа да мысалдарының мазмұны да үгіт-насихат айтуға құралған. «Төрт дос» шығармасында түлкі, тасбақа, қарға, киік дос болады. Бір күні киік ауға оралып қалады. Оны қарға түлкіге білдіреді. Үшеуі ойласып, киікті құтқарудың әдісін табады. Түлкі аудың қасынан өтірік ақсаңдап қашып, адамды алдаусыратып алысқа әкетеді. Сол сәтте тасбақа ескі досы тышқан екеуі ауды қиып, киікті ажалдан аман алып қалады. Тұрмағамбеттің осы туындысы ақын С. Торайғыровтың «Арыстан мен тышқан» мысалына ұқсас. Екеуі де бір сюжетті шығармаға арқау еткен. Бір мысал жанрына тән қалыптасқан традиция. Бұл екі ақынның айтпақ идеясы екі басқа. Негізінде солай болуы керек. Тұрмағамбет мысалында достықты, бірлікті, ұйымдасып әрекет жасауды насихаттаса, Сұлтанмахмұтта - өр-көкіректікті, менмендікті, өзінен төменді-әлсізді елемеу әшкереленген. Түсініктірек болу үшін С.Торайғыров туындысының мазмұнына назар аударайық. Арыстан жапан далада ұйықтап жатқанда бір тышқан інінен шығып, оның үстіне секіріп, ойнақтайды. Ашуланған арыстан әлгіні ұстап алып, бүріп қысады. Сонда тышқан «Мені өлтірме, бір кәдеңе жарармын», деп жалынады. «О сорлы, шымшық құс ғұрлы қауқарың жоқ. Сен де жақсылық жасамақсың маған, ә. Осы күлдіріп, көңіл ашқан үшін азат етемін», - дейді. Бір күні арыстан абайсызда торға түседі. Қайратына сеніп бұлқынады. Қайта шырмалыңқырап қалады. Сөйтіп, жанынан күдер үзіп, қиналып тұрғанда баяғы тышқан оның дауысын танып келіп, торды тістеп қиып босатады. (С.Торайғыров Шығармалар, екі томдық, 1-том. Алматы 1967, 52-бет). Қалыптасқан традициялық сюжетке қалам тартуда екі ақын да айрықша шеберлік танытқан. Ерекше сүйсінерлігі шығарма мағынасының бір-біріне ұқсамайтындығы. Екіншіден, мысалдың құрылысы да әртүрлі. Әрқайсысында өзіне лайық ерекшелік бар. Тұрмағамбет мысалында өткір сатира, ащы пародия, зілді күлкі жоқ. Тек жұртқа адамгершілік жолын сілтеп, түсіндірумен тынады. Ал С.Торайғыровтың жоғарыда аталған мысалында арыстанның даңғойлығын, мақтаншақтығын әшкерелеп, топастығын әжуалау байқалады. Демек, бұл туындыда сатира мен күлкінің элементі бар. Оған себеп Сұлтанмахмұт Шығыс әдебиетімен ғана шектелмей айналып қалмай (дәл осындай мысалды аты аңызға айналған грек мысалшысы Эзоп та жазған) ілгері ұмтылып орыс әдебиетінен нәр алған, сыншыл реалистік бағыттағы ақын. Оның бұл туындысындағы новелладай жұмыр, қысқалық, езу тартқызар күлкі, инедей қадалған сатира әйгілі мысалшы Крыловтан үйренген жаңалық екені айтпай-ақ білініп тұр. Сол сияқты Тұрмағамбет мысалының құрылысында ақын таңдап алған оқиғаны сол күйіңде баяндап шығады да, одан туған моральды өмірмен байланыстырып, жақсылық пен жамандықты қатар қойып, ақындық шеберлікпен еліктіріп, ілгері жетелеп отырады. Оның шығармаларының көлемін ауқымдылығы осындай себептерден. Мысалы, ақын «Дарақ пен сая» мысалында ағаштың тасасына тығылып күн көрген көлеңкенің өз әлін білмей әлекке түскенін көрсетіп, сол оқиғаға ұқсас өмірден нақты фактілер келтіріп, жұртшылықты жағымсыз әрекеттен сақтандырады, ізгілік қасиеттерді мегзейді. Қысқасы Т. Ізтілеуов мысалдарын таза дидактикаға құрып, халқына адамгершілікті нұсқап, өсиет айтқан ақын. Ал С. Торайғыров — сатиралық мысалды дамытуға ұмтылыс жасаған. Тұрмағамбет Ізтілеуов — мысал жанры саласында өнімді еңбек етіп, ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасымен көркем шығарма жасап, бұл жанрды дамытуға елеулі үлес қосқан айрықша дарын иесі. Міне, ақын талантының бір қырының көрінісі осындай.

Ақбаев С.

Бекмаханов И.

«Коммунизм шамшырағы», 18.09.1979 ж.

ТҰРМАҒАМБЕТ ЕСКЕРТКІШІ ХАҚЫНДА БІРЕР СӨЗ

Белгілі сөз шебері, ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовке Ленин атындағы совхоздың орталығынан ескерткіш орнатылып жатқаны мәлім. Партиямыз бен үкіметіміздің бұл қамқорлығына ақынның жерлестері дән риза. Келешекте бұл ескерткіштің бір ғана совхоз еңбеккерлерінің емес, бүкіл халқымыздың мақтанышты орнына айналатыны сөзсіз. Өйткені Тұрмағамбеттей дана ақынның атағы жайылмаған жер жоқ. Осындай атақты адамның ескерткішіне гүл қою, бас ию әрбір азаматтың ардақты борышы. Тұрмағамбеттің парасат пен ақыл қайнарынан шыққан бал шырын сөздері кімге де болса үлгі-өнеге мектебі іспетті. Оның өлеңдері бүгінгі жастарға тәлім-тәрбие беріп, адамгершілікке әрдайым үндеп отырады. Сөз ескерткіш хақында болғаннан кейін Тұрмағамбет творчествосына зер сала үңілуді мақсат етіп отырған жоқпыз. Иә, сонымен атақты ақынға арналған ескерткіштің құрылысын салу жедел қолға алынып, онда бірқатар игі жұмыстар атқарылды. Ескерткіштің жалпы көрінісіне әрлі-берлі өткен жүргіншілер қызыға қарап өтеді. Мұның бәрі көңілге қуаныш нұрын ұялатқандай. Қазір біздер ескерткішке жиі барамыз. Ауылдың көнекөз қарттары да бұл маңға жиі барғыштайды. Өткен күннің өрнекті сырлары шертілгенде, олардың аузына қарап таң қаласыз. Әсіресе, Тұрмағамбеттің тапқырлығы, өлең шығарғыштығы жайлы әңгімелерді айтқанда қарттардың бірі жаңылысқанын көрмейсіз. Осындай бас қосулардың бірінде жаңа салынған ескерткішке әлі де көп қамқорлықтардың қажет екендігі де сөз болады. Ескерткіш — құрметті орын. Оның айналасы әсем де көрнекті болуы керек. Біздің жеріміздің топырағы құнарлы да құмды келеді ғой. Айтылмыш ескерткіштің айналасына гүл, ағаш, жоңышқа егіліп, олар шарбақтармен қоршалса өте сәнді болар еді. Әрине, ол үшін совхоздан үй бөлініп, арнаулы адам бекітілуі қажет. Онсыз ескерткіштің күтімсіздікке ұшырауы мүмкін. Тағы бір айтатын жәйт, Тұрмағамбет ескерткішін келешекте музейге айналдырса дейміз. Ақынның көзін көріп, бірге дәмдес болған қарт кісілер совхозда баршылық. Әсіресе, Тілеу Жұмабаев, Ілияс Әбішев, Зайыр Рахатов сияқты қадірменді ақсақалдардан Тұрмағамбет жайлы көп мағлұматтар алуға болады. Сондай-ақ ақын жырларын Берман Бисенбаев, Жаппар Тұңғышбаев, Қуандық Бүрлібаев сияқты жыраулар нәшіне келтіре орындайды.

Тұрекеңнің көзі тірісінде киген киімдері, жазған еңбектері әлі де сақтаулы. «Елі іші — алтын бесік» демекші, Тұрекеңді білетін көнекөз қарттарды қай жерден болмасын кездестіруге болады. Болашақ музейдің іргесі сондай жандармен қарым-қатынас жасап, жалықпай ізденудің нәтижесінде қаланатындығы сөзсіз. Сондай-ақ әлі күнге дейін атақты ақынның атымен өзі туып-өскен ауылында бірде бір көшенің аталмауы өкінішті емес пе?

Дүниеден өмір бітіп, өтсем де өзім,
Аралап жердің бетін жүрер сөзім.
Көре алмай кейінгіні кеттім-ау деп,
Арманда болмай-ақ қой екі көзім!

Ақын жүрегі осылай жырлайды. Оның сөздері өзі айтқандай жердің бетін аралап, көптің жүрегіне жарық сәуле құйып жүр. Ол жарық сәуле сөнбейді, қайта маздай түседі. Ал халықтың дүлдүл ақынына деген махаббаты мен сағынышы әлі де көл-көсір, әлі де бәз-баяғы қалпында.

Құлымбетов Ж.

«Ленин жолы», 4.10.1979 ж.

ХАЛЫҚ ҚАДІРЛЕГЕН АҚЫН

Халық ақыны Тұрмағамбеттің балалық шағы өзінің ата мекені — «Ақтайлақ», «Қалыңбас», «Күйеу асар», «Арықбай-кезең» деген ауылдарда өтеді. Сол кезеңде ол елдің балаларымен бірге ауыл молдаларынан мұсылманша сауат ашады. Жеткіншектің білімге деген құштарлығы өзге құрбыларынан басым болады. Жас талант ауыл мектептерінде алған аз ғана біліммен шектеліп қоймай, оны қайткен күнде де тереңдете түсуді ойлайды. Ақыры көңілін үлкен мақсат мазалаған Тұрмағамбет «Ақтайлақ — қалыңбас» елді мекенінен Өзбекстанның сонау алыстағы Бұқара шаһарына оқуға аттанады. Сөйтіп кіре тартып бара жатқан саудагерлердің керуеніне ілесіп, Қызылқұмның шол асулары арқылы көп қиыншылық көріп, Бұқараға әрең жетеді. Тұрмағамбет бүкіл Орта Азия мен Таяу Шығысқа мәлім білім орталығы «Мир - Араб» медресесіне 1899 жылы оқуға түседі. Медреседе оқып жүрген кезінде ол кейіннен Тәжік ССР Ғылым академиясының тұңғыш президенті, ғұлама жазушысы болған Садриддин Саймұратұлы Айнимен танысады. Оқуда да, әдебиетте де ортақ пікір тапқан екі жас тез достасып кетеді. Олар шәкірттер арасында әдебиет үйірмесін ұйымдастырып, өлең жазуға талпынған жігіттерге жетекшілік жасайды. Талантты жас Тұрмағамбет медреседе оқуды жақсы оқумен бірге Бұқараның бай кітапханасынан Орта Азия мен Таяу Шығыстың классикалық ғұлама жазушыларының, басқа да мәдениет қайраткерлерінің шығармаларын өте зейін қоя оқып, жан-жақты жете зерттеумен шұғылданады. Әсіресе, мұнда ол арабтың әйгілі «Мың бір түнін», үндінің «Тотынамасын», парсының «Шаһнамасын», Низамидің «Іскендірнамасын», Науаидың «Ләйлі - Мәжнүнін», шығыстың тағы басқа да есімдері әлемге әйгілі ақын-жазушыларының шығармаларын құмарта оқиды. Сонымен бірге өзі де оларға еліктеп, ақындық талантын шыңдай түседі. Медресені үздік бағамен бітірген Тұрмағамбет араб, парсы, түрік, шағатай тілдерінде жазылған шығыстың классикалық шығармаларын ана тіліне аударып, қазақ оқырмандарының игілігіне айналдыруды алдына мақсат етіп қояды. Соңынан халқын сүйген ақын бұл мұратына жетеді. Туған топырағымен сағынып қауышқан Тұрмағамбет бар күш-жігерін халықты сауаттандыруға сарқады. Сонымен бірге сенімді серігіне айналған өлеңін де тастаған жоқ. 1934 жылы июнь айында Алматыда өткен Қазақстан Жазушылар одағының тұңғыш сьезіне делегат болып қатысқан ол өз талантын астана жұртшылығына танытады. Осында ол Қазақстанның белгілі ақын-жазушыларымен, әсіресе жыр атасы — Жамбылмен, өз үзеңгілестері Нұрпейіс, Кененмен жүздескен. Сөз өнерінің шын шеберлерімен кездесу, оның творчестволық өрлеуіне әсер етеді. Осы кезден Тұрекеңнің өлең мен өнерге деген шабыты бұрынғыдан да әлдеқайда артады. Оның қаламынан тіршілік тынысына толы шығармалар жиі туындай бастайды. Халық ақынының тағы бір жырлаған тақырыбы Лениннің бейнесі болды. Ол 1923 жылы Лениннің тірі кезіңде «Ленин — Күн» деген толғау жазды. Тұрмағамбет ақынның 1900-1930 жылдар аралығында жазған «Мәрді диқан», «Лұқпан Хакім», «Данышпан қарт», «Тұтқын қыз» деген дастандары Максим Горькийдің инициативасымен 1937 жылы «Правда» газеті бастырған «СССР халықтарының творчествосы» атты жинақта жарық көреді. Тұрмағамбеттің құнды туындыларының бірі — шығыс елдерінің даңқты классигі Әбілқасым Фердауси жазып шығарған ұлы «Шаһнама» поэмасының «Рүстем - дастан» атты тарауының аудармасы. Тұрмағамбет ақын өзінің Шығыс Илиадасы атанған «Рүстем -дастан» шығармасы жайлы былайша сипаттайды:

Қалайда қапы өтіп кетем бе деп,
Кітабын «Шаһнаманың» еттім «ермек».
Өлеңмен он бір буын он ай жазып,
Бітірдім басым сипап, шаршап терлеп.

Доғардым: «Тартуым, деп, партияға!»,
Ұнатып, комиссия қолын қойды,
Сынауға бергенімде: «оқып көр» деп.

«...Өлеңмен жыр етуші Тұрмағамбет ақын бұл жөнінде XІX ғасырда қазақ ортасында көп жайылған шығыс ақындарының өлеңге айналатын дәстүрін қолданған, - дейді есімі әлемге әйгілі академик, жазушы Мұхтар Әуезов — Сонымен Рүстемнің жайы туысқан тәжік әдебиетінің ұлы классигі Фердаусидің «Шаһнамасынан» тікелей жасалған аударма демейміз, сол Фердауси үлгісімен халық ақыны Тұрмағамбеттің өзі өлең етіп жазған Рүстем жөніндегі дастанның қазақша варианты дейміз» Халық ақыны Тұрмағамбеттің шығармалары XІX ғасырдың екінші жартысы XX ғасырдың бас кезінде жасаған халық ақындары мен жезтаңдай жыршылардың айтыстарында, ол кеңінен сипатталады. «Тұрмағамбет осы өнер сайыстарына қатысқан айтулы ақындардың айтқан сөздеріне әділ баға беретін, сөз құнын түсініп, шатақ түйінін шеше білетін, таразыны тең ұстап, айтысты аяқтайтын төрешісі, алтын мен жезді айыратын сарапшысы болған» деп ерекше атап көрсеткен айтыстың екінші томының ақындар айтысына арналған бөлімінде. Аяулы ақынына деген халық махаббаты еш уақытта да ортаймайды. Олар талантты перзентіне арнаған құрметін ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп отырады. Осының айғағы болар ақынның бір топ жерлестері 1975 жылы халық депутаттарының облыстық советі атқару комитетіне Тұрмағамбеттің ауылдағы құлайын деп тұрған мазарын қайта жөндеп, қалпына келтіру немесе жаңадан салу жайлы нақты ұсыныс жасаған-ды. Бұл орынды өтініш облыста да, астанада да қолдау тапты. Осыған орай, Қазақ ССР мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының облыстық советі 1976 жылы Тұрмағамбет ақын мазарын қайта салып, қалпына келтірудің жобасын жасатты. Тұрмағамбет ақынның мазарының ішкі-сыртқы құрылысы, салу мәнері, өрнектері осы замандағы архитектуралық комплекске толық сай келеді. Ескерткіштің құрылысын жобаның авторы, молдавандық жас архитектор Владимир Райку басқарған бригада жүргізді. Ескерткіш алыстан қарағанда өзінің көрнекті өрнектерімен бірден көз тартады. Тұрмағамбет ақынның тамаша шығармалары, шешендік ақыл-кеңестері кейінгі буын — жас ақындар мен күллі жастарға үлгі-өнеге болғандай. Ол артында 100 мың жолдай әдеби мұра қалдырды. Оның есімін, таңғажайып шығармаларын қастерлеп есте сақтау, құрметтеп, халық арасында кең насихаттау — ол өмір сүрген Сыр бойы жұртшылығының ақындар қауымының қасиетті борышы болуға тиіс. Жуырда халық ақыны Тұрмағамбетке арналып өзінің ата-мекенінде салынған ескерткіш салтанатты жағдайда ашылды.

Дәулетбаев 3.

«Коммунизм шамшырағы», 22.12.1979 ж.

СЫРДЫҢ ЗАҢҒАР САҢЛАҚ АҚЫНЫ

Сұлу Сыр бағзы заманнан бері бар әлемге әйгілі Қорқыттан бастап небір сұңғыла ақын-жыршыны дүниеге келтірген он мен жырдың өлкесі. Сол сұңғыла Сыр сүлейлерінің бірі Тұрмағамбет Ізтілеуов — артына жүз мың жолдай поэзиялық асыл қазына қалдырған шоқтығы биік, дарқан даламыздай кең тынысты ғұлама ақын. Т. Ізтілеуовке Сыр сүлейлерінің бірі Қанды Жүсіп былай баға береді:

Жетпесе өз зейінің ғажап емес,
Шайырға Тұрмағамбет оқытып ал.
Сан ердің сөзін сынар сарабы сол,
Білімге биік біткен ділуар қас.

Оларға өзін білген әркім тәнті,
Сіз бен біз шайыр деген құр атқа мас.

Міне, бұл сөздерден Тұрмағамбетті өздерінен жоғары ұстаз тұтатындықтары байқалады. Т.Ізтілеуов «Ақтайлақ» деген жерде Алдашбай ахуннан ескіше сауат ашып, бастауыш білім алады. Т.Ізтілеуов 1899 жылы Бұхарадағы «Көкелташ» медресесін Тәжік ССР Ғылым академиясының болашақ тұңғыш президенті Садриддин Айнимен бірге бітіріп, сол кездегі Шығыстың ғажап дастандарын ана тіліндей сусындап оқиды. «Мың бір түн», «Тотынама», «Шаһнама» сияқты озық шығармаларды халық арасына кең тарата отырып, кейін осы дастандардың сюжетіне құрылған бірнеше поэмалар жазды. Бұхарадан оқу бітіріп туған ауылы — «Ақтайлаққа» келгесін ауыл ақсақалдары мешітке молда болуын қалады. Бірақ Тұрмағамбет молдалықтан бас тартып, мұғалімдікке ауысты. Би, болыс, молда, ишандарды ұнатпай қарсы келе берді. 1927 жылы Ақмешіттің (Қызылорда) имамы Құрманғали ишанға қолын берсе, ол Тұрмағамбетке қолының ұшын беріп менсінбейді. Сонда Тұрмағамбет:

«Болғанмен асылың адам ая құрбан,
Ессізсің, ес-ақылың тіпті құрыған.
Еткенсің осынша еңбек ескеріп-ақ,
Білім аты иығыңа тақты тұрман.

Бұларға болсын ермек бұл магас деп,
Кеңесті кәдді құдалар мұнда тұрған.
Мен мұнша мәртабаны таптым-ау деп,
Сәлде орап, шыт шапанды кидің сырған.

Итке ұқсап өлімтікті тартқылаған,
Етесің үстел мініп ырғаң-ырғаң»

деп мешіт имамын әжуалайды. Т.Ізтілеуов — поэзияның сан қилы саласын жете меңгерген ақын. Мына өлеңінен терең философияға құрылған мысалды көреміз.

«Бар» мен «жоқ», «ал» менен «бер» бірге туған,
«Ал» мен «бар» ажал жетіп өлген удан.
«Жоқ» пен «бер» жұрт біткенді жүр аралап,
Жанына жолдас ертіп ылғи қудан.

«Жоқ, жоқ» деп жұрттан асқан байлар-дағы,
Құтылар қолға түспей қалыңдаудан.
«Бер, бер» деп бір пара қу бойыңды елтіп,
Май алар асқатықты ұрттам судан.

Көзіңе кейпім күйкі көрінгенмен,
Құтқармас қуған аңын мен бір будан!
Дамолла Тұрмағамбет қолым қойдым,
Әулеті Кіші Жүздің Кете рудан.

Ұлы ақын Абайдың өз ағасы Тәкежанның әділетсіздігіне қарсы шыққаны белгілі. Ақын Т. Ізтілеуов те ұлы ақынның ерлігін қайталаған. Т. Ізтілеуов өзінің жақын ағалары Құлжан биге қарсы келіп, өткір тілін мірдің оғындай қадайды:

Арғы атаң — Бекет еді,
Бекет емес, бөгет еді.
Өзің әкең — Базар еді,
Базар емес, мазар еді.

Сенің атың — Құлжан еді,
Құлжан емес, құр жан еді.
Тұрмағамбет ақын шәкірттері туралы өлеңінде былай дейді:
Балалар, бос болмасын сабақтарың,

Жарқырар жаттасаңдар қабақтарың.
Жастыққа жатпай-тұрмай жаһат етіп,
Жыртықтың жаңартыңдар жамап бәрін.
Аударып дариядан дүр, кеннен гауһар,

Көңілдің толтырыңдар қанаптарын.

Біздің жерлестеріміз Қазақ совет әдебиетінің көрнекті өкілдері Ә. Тәжібаев, А. Тоқмағамбетов, М. Қаратаев, Қ. Әбдіқадыров, Ә. Оңалбаев, Қ. Баймағамбетовтер Т.Ізтілеуовті ұстаз тұтқан. Ақынның бір топ шәкірттері өз ауылымызда да баршылық. Өкімет пен партиямыз ақын Т. Ізтілеуовтің 100 жасқа толу қарсаңында туған жерінен көрнекті ескерткіш жасап, ақынға зор құрмет көрсетті. Ескерткіштің жан-жағын қоршалап, тас жол салынып, келешекте халық баратын мәдени орынға айналмақшы. Ендігі халық көкейіндегі бір тілек: ғұлама ақынның ескерткіші жанынан музей салынса, ақынды көзімен көрген көнекөз қарттар музейге керекті деген экспонаттарды тез арада жиюға көмегі тиер еді.

Жұматаев Ә.

8.11.1980 ж.

ҰСТАЗЫМ Т. ІЗТІЛЕУОВ ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІК

«Қалыңбас, мың батпан көк өлең» - атанған жер біздің ата бабаларымыздың құтты қонысы болған. Қуаңның табаны мен ағып жатқан «томар бөгет» деп аталатын өзен, су мен қалыңбастың арасында шығыстан оңтүстіктің батысына қарап көсіліп жатқан жота құм бар. Сол құмның оңтүстік тұмсығында бір заманда жау қолынан қаза тапқан "Ақтайлақ" деген батырдың кесектен соққан күмбезді моласы бар. Сол құмның оңтүстік етегі мен Томар өзенінің жағасынан Қара арық, Боз арық деген екі арық жарысып темір қазыққа қарай ағып жатады. Осы арықтардың ұзына бойын қуалап салған отырықшы елдердің бөлек-бөлек қыстаулары бар. Сол екі арық "Тулақ" деген жерден етіп Қабанбай деген жерге тоқтайды. Томар өзені мен Тулақтың ортасында Ақтайлақ құмының оңтүстік тұмсығында қара арықтың белінен салынған Тұрекеңнің мектеп үйі бар. Бұл жерде Тулақты қыстап отырған елге де, Томар өзенінің бойын қыстап отырған елге де бала оқыту ете ыңғайлы еді. Ауылдағы жоқ жұқа кедейлердің балалары сол мектепке барып оқитын. Менімен бірге оқыған жас балалар Арысты, Садық, Әшәйірбек, Әуес, т.б. Бізден үлкенірек балалар: Бектам, Қалтай, Мамытбай, Назар, Қожамжар, Тәжімбет, Әбсаттар, Нұрмағамбет. Бұлармен бірге Әбділхамид, Әбділәзиз деген Тұрекеңнің өз балалары да болды. Осылардың бәрі де хат танып, сауатты болып уақытында қоғамның түрлі шаруашылық саласында қызмет атқарып жүрді. Амал қанша бұлардың көбі Отан соғысының құрбаны болды. Осы айтылған Тұрекеңнің оқушыларының өлеңге қызықпағаны жоқ. Ең дым таппағаны ұл туған әйелдердің бір түндік шілдеханасын атқарды. Нұрмағамбет, Қожамжар, Әуестер де өлеңнен құр алақан емес еді. Менің өзімде қоғамның түрлі шаруашылығы жайлы және ертегілерді ермек етіп өлең жаздым. Жазылған ертегі хикаялармен өзімнің қолжазбаларымды қосқанда жиырма екі мың жолдай өлең жазыппын. «Шах Аппаз», «Қара уәзір», «Есуас хан», «Қаз дауысты Қазыбек», «Дана қыз», «Әкім Лұқпан», «Жүз сауал» деген хикаяларым Алматының мемлекеттік қорына тапсырылды. Өзбек әдебиетінен көшірілген Шәді төренің «Төрт дәру іш», «Сияр Шариф» деген хикаясының өлеңдерін қосқанда қырық бес мың жолдай өлең болады. Бұларда Тұрекеңнің еңбегінің нәтижесі деп білемін.

Құттаяқов Ш.

«Қазақстан мұғалімі», 19.12.1980 ж.

ҰСТАЗҒА АРНАЛҒАН ЕСКЕРТКІШ

Атақты «Шаһнама» дастанын туған тілімізге аудару арқылы туған әдебиетімізге айтулы үлес қосқан Тұрмағамбет Ізтілеуовке арнап, жуырда Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы Ленин атындағы совхоз орталығында зәулім ескерткіш ашылды. Ақын құрметіне совхозда әдеби-музыкалық кеш өтті. Т.Ізтілеуов республикаға тек тамаша аудармашы, ақын ретінде тана емес, қазақ даласындағы алғашқы мектепті ұйымдастырушы, ұстаз ретінде де мәлім болған. Тәжіктің академик жазушысы Садриддин Айнимен Бұхарадағы «Көкелташ» медресесінде оқып жүргенде-ақ Тұрмағамбет қазақ балалары үшін мектеп ашуды армандайды. Бұл ойын өзінің айнымас досы С. Айниға да білдіреді. Ұлы жазушы Тұрмағамбеттің бұл ойын қуана қостап, істі неден бастау керек екені жөнінде ақыл-кеңестер береді. Тұрмағамбет өз ауылы — Қуандария болысына келгеннен кейін мешітті мектепке айналдырып, «Ақтайлақ-Кезең» мектебін ашады. Ауылда тұңғыш білім ошағын ашу Тұрмағамбетке оңай болған жоқ, әрине. Діни нанымдардың қаймағы бұзылмай тұрған кезде мешітті мектепке айналдыру—Тұрмағамбеттен көп күш-жігерді талап етті. Бірақ ақын алған бетінен қайтпады. Ауыл балаларын мектепке оқуға тартты. Осылайша ол «Ақтайлақ-Кезең» мектебінде жиырма жылдай уақыт балаларға сабақ берді. Өз білімін шәкірттеріне сарқа беруден жалықпады. Мектепте сабақ бере жүріп Тұрмағамбет өлең жазудан қол үзбеді. Он сегіз жасында Бұхарада оқып жүргенде шығарған «Мәрді диқан» атты дастанын өз оқушыларына талай рет оқып та берген. Бұдан кейін де ақын ұстаздық ете жүріп «Данышпан қарт», «Тұтқын қыз», «Рауа-Бану» сияқты оннан астам хикая, дастандар шығарды. Жуырда ақынның туған жерінде ескерткіштің ашылуына байланысты болып өткен әдеби-музыкалық кеште астанадан барған ақындар, мектеп оқушылары Т. Ізтілеуовтің өлеңдерін оқыды, термелерін орындап берді. Республикалық мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы президиумы председателінің орынбасары Ә. Ботбаев, «Мектеп» баспасының директоры Ш. Есмұрзаев, Ленин атындағы совхоздың күрішшісі, Социалистік Еңбек Ері, СССР Жоғарғы Советінің депутаты, ардақты ана С. Жұмабекова, профессор Ә. Қоңыратбаев, әдебиетші-ғалым, фольклорист М. Байділдаев, ақын Ә.Ахметов әдеби-музыкалық кеште сөз сөйлеп, ақын мұрасын қастерлеу жөнінде өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ астанадан барған ақын, Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Н. Лушникова мен Қазақ ССР-нің халық ақыны атағын жуырда алған айтулы айтыс ақыны М. Көкеновтің айтысы да аудан жұртшылығын тәнті етті. Жамбылдың немересі Ә.Жамбылов Ә. Ахметов ақынға арнаған өздерінің туындыларын оқыды. Сыр елі — жыр елі. Тұрмағамбетке ескерткіш ашылу құрметіне орай өткен әдеби-музыкалық кеште жергілікті күйшілер, термешілер, көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшелері, мектеп оқушылары көпшілікке өз өнерлерін көрсетті. Кеште ақын Асқар Тоқмағамбетов Тұрмағамбет жайында роман жазып бітіріп, баспаға тапсырғанын көпшілікке хабарлады. Тұрмағамбет ескерткіші алыстан көзге шалынады. Енді екі жылдан кейін туғанына 100 жыл толуы аталып өтетін ұстаз-ақынға арналған бұл ескерткіш бүгінгі шәкірттерінің сыйы болмақ.

Әлиасқаров Ә.

«Мәдениет және тұрмыс»,

1981 ж. №9

ТҰРМАҒАМБЕТ АҚЫННЫҢ СӨЗДЕРІ

Мен төкпе ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовпен он жылдай бірге жүріп, дәм-тұздас болған адаммын. Ақынмен бір жүрген кезде қаншама сыр сандығы ашылып, қаншама ғибратты, аталы сөздерге сусындағаным күні кешегідей әлі есімде. Ол кісі тек сөз сөйлеу, жазу өнерімен тана емес, өзінің болмыс бітімімен, адамгершілік асыл қасиеттерімен де бәрімізге ұстаз еді. Тұрекең, әсіресе, жас таланттарға айрықша мейірімді жүзбен қарап, үнемі ақыл-кеңес беруден жалықпайтын. 1930 жылы әкемнің өзіме айтқан өсиеттерін өлеңге аударып, оны Тұрекеңе оқып бергенім бар.

Үлкенге қарсы сөйлеп, қарыспа балам,
Айтатын ақылым осы, өзіңіз біл, -
дегенді естігенде Тұрекең бірден түзету енгізіп:

— Үлкен кісілер қашанда болмасын кішіге «өзіңіз біл» деп айтуға тиіс емес. Өзің біл деу лайық. Үлкендерге тек жасы кішілер «өзіңіз біл» деп айтса, бұл сыпайы да ұғымды сөз болып шығар еді. Менің айтатын ақылым осы, - деген-ді.

*** Тұрекеңнің тапқырлық көрсетіп, талайды тамсандырған шешендік, мысқыл-күлкіге бай әзіл өлеңдері ел аузында көп таралған. 1929 жылдың күзіндегі мына бір жай әлі есімде. Кете Арықбай, Сарғасқа Бегәлі ауылының адамдары құдыққа бола таласып, аяғы төбелеске дейін барады. Сонда екі ауылдың адамдары Тұрекеңе төрелікке келеді. Мен онда Тұрекеңмен бірге Аңша деген кісінің ауылында едім. Мән-жайды білген соң ол сөзді байыпты бастап:

Таласпаңдар туыстар,
Суға бола құдыққа.
Бірлік болсын, татулық,
Біріңді-бірің ұлықта.

Тілімді алсаң, ақын деп,
Күлкімен өтсін өмірің,
Қызықты ғана қызықта.
Арықбай аулы сенде айып,

Бар, қойыңды сой, сен кешке,
Бір тояйық шұжыққа, -
деп өлеңін әзілмен аяқтап, екі ауылды жарастырып жіберген еді.

*** Тұрекең бірде құрдасы Сегізбайдың үйіне келеді, құрдасы құрақ ұшып қарсы алады. Әңгімеден әңгіме шығып, үй иесі Сәдуақас деген байдың қыстай тышқан мұрнын қанатпай, түтін шықса болды, күнде үйге жетіп келіп ет жейтіндігін айтып, ұялтып сөз айтыңыз деп Тұрекеңе қолқа салады. Осы кезде Сәдуақас та үйге еніпті. Сонда Тұрекең:

Сегізбай сойған бесті өгіз,
Арық емес сеп-семіз.
Ұяттан кісі өлмейді,
Күнде келіп ет жеңіз, -

депті. Бұл сөзге ұялған Сәдуақас шақырмаған жерге бармайтын болыпты. *** Екі ағайынды кісі енші аларда түйенің беліне салатын жаңа белдік пен көне белдікке таласып, күні бойы төбелеседі. Тұрекеңнің сондағы айтқан сөзі мынау екен:

Құбылып тұрған қу дүние-ай!
Әлі-ақ бастан өтерсің.
Ажалдан аман қалудың,
Тапқан жоқ ешкім төтесін.

Қазаң жетсе қай күні
Туған жер, туыс, малыңның,
Бәрін де тастап кетесің.
Ақырың мұндай болғансын,

Алдамшыға таласып,
Бет жыртысып, не етесің?
Шамаң барда шалықта
Қайрыл жетім-ғарыпқа,

Мұратыңа жетесің.
Есі бар ерлер ескерші,
Аз өмірдің ішінде,
Сыйласудан басқаны,

Жұмыс деп оны не етесің? *** 1934 жылы Тұрекең Тайман дегенді іздеп барады. Тайман «қазір келемін» деп алдап бір жеңгесінің үйіне барып, келмей қалады. Сонда Тұрекең әрі-бері күтіп әлгіге, былай деп хат жазып жібереді:

Хат жаздым жанабыңа інім Тайман,
Өнермен екі болмайды еткен пайдаң.
Мақсатың ойға алған орындалып,
Сұлуға кездесіпсің нағыз Айман.

Келем деп қазір ғана кетіп едің
Дарақтай жатып алдың тамыр жайған
Ағаңмын шаруам бар, қайтам елге,
Отырмын тез жүруге түзеп сайман.

Беретін бересіңді жылдамдатшы
Етпесең уағдаңның артын тайраң.
Өзің де қуыс құлақ қу молдасың
Тым жымпос екен сөзің қайдам-қайдам...

*** Мұндай қу, құлқын қамын ойлаудан әрі аспайтын молдалар туралы Тұрекеңнің айтқандары көп. Ақын оларды ащы тілмен шымшып, өткір сынап отырған. Мысалы, өлікті жерге қартадай жиналып, азын-аулақ тиын-тебенді көп олжа көретін молда сымақтар жайлы былай дейді:

Далада Тоқа, Сарыбай, Дөсек те бар,
Аты шыққан молдалар есепте бар.
Не екенін молдалықтың түсінбей-ақ,
Ұранға шауып жүрген есек те бар.

Шақырмай мен молда деп келгендерді,
Шынында нағыз дінсіз десек болар.

*** Тұрекең Бұхардан оқу бітіріп келгенде құрдастары Малай, Жүндібай дегендер сәлем береді. Екеуінің екі елге ауылнай болғанын, бірінің әйелі ұл, бірінің әйелі қыз тауып, екеуінің құда болып, құйрық-бауыр жесіскендерін айтады. Және осы қуаныш, бақыт-абыройымызға лайықтап ат қойып беруді сенен тілеп келдік деседі. Сонда Тұрекеңнің қасындағы Қасым деген жолдасы ақынға сыбырлап Малай ауылнай кеше салыққа деп жесір әйел Күлейдің бір түйесін жылатып алып кеткен дейді.Сонда Тұрекең оларға қарап:

Ботасын алма біреудің,
Өз тайлағың кетеді.
Халыққа етпе зұлымдық,
Түбіңе сенің жетеді.

Жылатпа жетім, жесірді,
Өктем үнің өшеді,
Жетім де, халық, жесір де,
Есіңде болсын құрдастар,

Ертең әлі-ақ өседі,деп термелете жөнеліпті. Тұрекеңнің ел аузында сақталып, қағазға түспей жүрген сөздері көп-ақ. Ақиық ақын, абзал ұстаздың әдеби мұрасын әлі де толықтыра түссек, нұр үстіне нұр болар еді.

Қарақұлов М.

«Ленин жолы», 30.04.1982 ж.

КҮЙТАБАҚТА «РАУА-БАНУ»

Қазақтың белгілі халық ақыны, жерлесіміз Тұрмағамбет Ізтілеуовтің әсіресе Шығыс тақырыбын ыстық ықыласпен, шабыттана жырлап, оқушыларына ұмытылмастай мұра қалдырғаны әмбеге аян. Оның алдына қойған мақсаты әлемді аршынды адыммен аралаған Шығыстың «Шаһнама», «Тотынама», «Мың бір түн», «Қалила-Димна» сияқты шығармалары негізінде өз халқы үшін түсінікті тілмен баталы да мазмұнды дастандар жазу еді. Соңдай шығармаларының бірі — ақынның «Рауа-Бану» дастаны. Бұл дастанда бас бостандығы жоқ, әрісі еріксіз құрбаны, берісі езілген күңі болған шығыс әйелдерінің аянышты мүшкіл халы суреттеледі. Адамдардың тең жартысы болып саналатын әйелдер қауымының бас бостандығы мен адал махаббатын қорғау, оларға адамгершілік, ізгі тәрбие беру мәселесі — бұл дастанның алға қойған көкейтесті мақсаты болған. Дастанда әйелдердің өмірін өксіткен әлеуметтік орта, оның жиіркенішті әдет-ғұрпы, салт-санасы мен іріп-шіріген пасық тәртібі қатаң сынға алынады. Алматының граммофон пластинкасына жазу студиясы жақында Тұрмағамбет Ізтілеуовтің осы «Рауа-Бану» дастанын тұңғыш рет жеке күйтабақ етіп шығарды. Дастанды және оған қоса Тұрекеңнің кейбір нақыл термелерін 50 минуттық күйтабақта домбыраның сүйемелдеуімен орындайтын Тұрекеңді көзімен көрген белгілі қарт жырау әрі әнші Ақмырза Тұяқбаев. Күйтабаққа түсініктеме жазған әдебиетші-фольклорист Мардан Байділдаев.

Дастан жазылған күйтабақ көп тиражбен шығып, сауда орындарына түсе бастады.

Байділдаев М.

«Лениншіл жас», 9.07 1982 ж.

АТАНҒАН «СЫР СҮЛЕЙІ, ЖЫР ДҮЛЕЙІ»

(Педагог-ақын, аудармашы Тұрмағамбеттің туғанына 100 жыл)

Бұдан жүз жыл бұрын бұрынғы Түркістан өлкесіне қараған Сырдария облысының Қазалы уезінде сол уездегі Қуаңдария болысының 2-ауылында, «Ақтайлақ-кезең» атанған мекенді жайлаған кіші жүздің Кете руындағы Ізтілеу деген кедейдің әйелі Жұпар босанып, дүниеге шыр етіп жас нәресте келді. «Перзент көрмей дүниеден тұлдырсыз өткенім бе?» деп өксіп жүрген сіңірі шыққан жалшы Ізтілеудің ауыл шетіндегі жапырайған құрым күркесіне жарқыраған сәуле кірді. Риясыз ата-ана жөргектегі бөбектің бетіне мейірлене қарап тұрды да, нәрестенің кіндігін кескен нағашысы Ермағамбет ақынның атына ұйқастыра: «мұның аты Тұрмағамбет болсын» деп ырым жасады. Бұл — 1882 жылдың 9 июлінде қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданы Ленин атындағы ауылдық Советінде туған Сыр бойының атақты ақыны Тұрмағамбет (Тұрмұһамед) Ізтілеуовтің өмір есігінің тұтқасына жармасып дүниеге алғаш келуіндегі нақтылы көріністер еді. Қаршадайынан қамқоршысыз қалған қағілез бала, өмірдің ауыртпалығын арқалап, жетімдіктің тақсіретін тартып, тоқпағын жеп өседі. Өткендегі сол тағдыр тауқыметін:

«...Кедей ем киім, тамақ зорға тапқан,
Жамаулы үйім жыртық қара құрым» -
деп баяндайды ақын бір өлеңінде.

Алғашқыда өз ауылындағы Алдашбай, Қожабай, Ораз деген ишан, молдалардың көшпелі мектебінде оқып, мұсылманша білім алады. Мұнан соң «қара суды теріс ағызатын» ғұлама - «үлкен ахун» деп Сыр өңіріндегі елге дәрпі жайылған Тапал, Қалжан ахундардың медресесіне түсіп сабақ алады. Оқуда қатарының алды болып, «алғыр» атанған, әрі от ауызды, орақ тілді ақындық өнері бар шәкірт Тұрмағамбет оқытқан ұстаздарының ойын бөледі. Бұрын Бұхара қаласындағы мәртебелі медресенің оқытушысы болған Қалжан ахун Бөлекбайұлы (1857-1916) Бұхарадағы жоғарғы оқу орнына түсу үшін Тұрмағамбеттің қолына жолдама жазып береді. Шығыс тілдерін үйрену, білуді үлкен өнер деп санады. Оқыған кездерінде араб, парсы тілдерін ғылыми тіл деп ұғынған Тұрмағамбет, ілім алуға ынтық болған таудай талаппен ұшқан құстың қанаты талған сағымданған сусыз шел далада — «Қызылқұмның» шағыл құмын толарсақтан кешкен керуеннің соңына еріп, өзегі тала, ерні кезере қазіргі Өзбек ССР-нің Бұхара қаласына әрең келіп жетеді. Сол кездегі Таяу, Орта Шығыс Азия елдері үшін ұлық саналатын қабырғасы XVІ ғасырда қаланған Бұхарадағы әйгілі оқу орны — «Мир-Араб» медресесіне оқуға түседі. 1899 жылдан бастап сондағы Көкелташ медресесінде оқиды. Еліміздің белгілі мәдениет қайраткері, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Тәжік ССР Ғылым академиясының тұңғыш президенті, академик жазушы Садриддин Сайдмұрадұлы Айни да (1878-1954) осы жылы Көкелташ медресесінің студенті болатын. Тұрмағамбет пен Садриддин алғаш осында танысады. Медресе оқушыларының ішіндегі ой-өрісі озық Айни ауылдан алысқа аттап шықпаған, туды-бітті көрмеген «Орта Азияның Меккесі» атанған бейтаныс қалаға келген Тұрмағамбетті бөтенсімей бауырына тартады. Айнимен жақындасу Тұрмағамбеттің творчестволық бағытына үлкен әсер етеді. Олар моллабача — студенттер арасында әдебиет үйірмесін ұйымдастырып, оған жол-жоба көрсетіп жетекшілік етеді. Көкелташ медресесін екеуі бір мерзімде хатым етіп (бітіріп), шатырхатты (дипломды) бірге алып шығады. Бұхара медреселерінің жай-жапсары Айнидың әйгілі шығармасы «Бұхара» кітабында және оның Москвадан шыққан көп томды мемуарлық еңбегі — «Естеліктерінде («Еддошухо») жан-жақты баяндалған. Бұхара қаласының оқуын тауысып Тұрмағамбет 1905 жылы өзінің туған жері Қуаңдарияға келеді. Тұрмағамбет он алты жылдай оқып зердесіне жиған бар білімін, үлгі-өнеге берерлік ортасынан суырылып шыққан ешкімі болмаған өз еліне таратып, өз ауылының көптеген бүлдіршіндерінің көзін ашып сауаттандырады. Сөйтіп рухани тарихтың мәдениетіндегі игілікті істердің бірі - ұстаздық қызметті 1925 жылға дейін атқарып, жүздеген ұрпақтар тәрбиелейді. Тұрмағамбеттен оқып тәрбиеленген шәкірттердің бірі — Азамат соғысы мен Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлік көрсеткен Советтер Одағының Батыры, КПСС мүшесі Тәйімбет Көмекбаев өз естелігіңде былай дейді: «Тұрмағамбет домбырашы мен қобызшыны, ақын мен әнші-жырауды өте-мөте қадір тұтатын. Өнерпаздардың жұбын жазбай жүрген жеріне ертіп барып, жиналған халықтың көңілін көтеру - ол кісінің бойындағы бар жақсы қасиеті еді. Ақындықты — арам іс, күлкінің бәрі — күнә деп санайтын ауылдың ғұлама-ишандары Тұрмағамбеттің жігіт-желең ерткен осы қылығын ұнатпай: «Ілімнің апатына ұшыраған» деген атаққа да таңды. Осындай ат қойып, айдар таққан жауларымен жағаласып жүрген отыз беске келген жалындаған шағында алтын арай Октябрь таңы рауандап атқанда Тұрмағамбет ақын:

«Күнің туды кедейлер!
Аяғына байлардың
Жүргенінде басыла,
Бас қосып енді бірігіп,

Күн көрудің қамын қыл,
Бір-біріңе асыла» -

деп ұран салды. Совет өкіметінің арқасында терезесі теңеліп, керегесі кеңейіп, азаматтық еркін право алды. Соры арылып кіріптарлықтан құтылған, мерейі үстем боп мәртебеге ие болған бақытты ақын, алғашқы жырын өзіне азаттық әперген ең ұлы адам — В.И.Ленинге арнайды. Оның «Ленин — Күн» деген ұзақ толғауы Владимир Ильичтің тірі кезінде, 1923 октябрьде жазылған. Әңгіменің орайы келгендіктен мына бір жайды айта кеткен жөн. Қазақ ақындарының арасынан адамзат данышпаны В.И.Ленинді көзі тірісінде алғашқы жырлағандардың бүгінге дейін бізге белгілісі Сәкен Сейфуллин болатын. Бұл жөнінде қазақ совет әдебиетінің негізін салушылардың бірі — ақын Сәкеннің үнін ұластырып, көсемге арнап толғау шығарған «тұңғыш халық ақындары кім еді» деген сұраққа «Тұрмағамбет еді» деп жауап береміз. Осы арада ашып айта кетейік: Көркем сөз зергері — ылғи кіршіксіз, мүлт кетпейтін төрт аяғын тең басқан жорға емес. Тұрмағамбеттің творчестволық эволюциясында басқа да кейбір жазушыларымыздың басында болғаны сияқты совет дәуірінің алғашқы кезеңдерінде барар бағытын бағдарлауда түсінбестікке салынып қате кемшілікке ұрынған жайларын жасыруға болмайды. Өзін «шыңдалған ақынмын» деп есептесе де, түсінбестіктен туған күдіктерін ойына келген күйінде айта салам деп саяси қате пікірлерге де ұшырасып отырды. Бұл үшін ол кезінде қатты сыналды да.

Арасы төрт-ақ елі шын, жалғанның,
Шыныңда шені артар шыңды алғанның.
Ортаңа осы сөзді ұсынамын,
Біреуі болар-ау деп тыңдалғанның.

Жүр едім өз ойыма: «Өзімін, - деп,

- Ұйқас сөз ретінде шыңдалғанның».

Сыналдым сезімімнің жоқтығынан,
Біріне бәйгесіне сынды алғанның.

Бұл — жіберген кемшілігіне көзі жетіп, өзінің мүлт кеткеніне өкініп осы жылдары айтқаны еді. Қылмыс пен қатенің арасын айыра білген советтік саяси орындарға Тұрмағамбет шексіз ризалық білдіріп, бұл қателіктерінен тиісті қорытынды шығаруға, оны келешекте қайталамауға тырысты. Сөйтіп 1923 жылдан бері қарай адасып бағытынан үзілді-кесілді бас тартып, халықпен бірге болып, біте қайнасуға, соған адал қызмет ету жолына бар ынтасын аударды. Архивте сақтаулы іске тігілген документтің бірінде былай делінген: «Халқыма қырық жылдай ақындықпен қызмет етсем де көп жылдық еңбектерім көзге түспей, басылып шықпай, бағаланбай жүрген соң 1934 жылдың басында Алексей Максимович Горькийге тілегімді білдірдім», - дейді Тұрмағамбет. 1936 жылы ұлы жазушының қазаға ұшыраған хабарын естігенде, оған қатты қайғырып:

«Жаралып ұқсасында алтын тездің,
Болып ең, Горький жолдас, көркі сөздің!
Сағынып жанарынан жас кетпейді
Өзіңді о басында көрген көздің» -

деп өзіне көз қырын салған кемеңгер жазушыны шексіз сүйгендіктен көзіне ыстық жас алады. Жоғарыда айтылған ақынның адал ниет, ақ жүрекпен ізденген бұл заңды талаптарына облыс пен республика басшылары да құлақ асып, оның творчестволық жұмыс істеуіне тиісті жағдайлар жасайды. 1934 жылы июнь айында Алматыда өткен Қазақстан совет Жазушылар одағының тұңғыш съезіне және көркем өнерпаздарының республикалық Бірінші слетіне Оңтүстік Қазақстан облысынан делегат боп қатысып, талантын танытқан Тұрмағамбет ақынды келесі 1935 жылы Қазақстан Өлкелік партия Комитеті Алматыға шақыртып алды. Қазкрайкомның сол кездегі секретары Л.И.Мирзоян жолдас Тұрмағамбетпен сөйлесіп, оның қазақ әдебиетіне күрделі енбекпен үлес қосатынына сенім білдірді. Ол осы кезден бастап Қазақ ССР Оқу халық комиссариатында ғылыми қызметкер боп істеді. Кешегі күйкі өмірді көзімен көріп, куәсі болған қария ақын, енді бүгін арызын тыңдайтын, мүддесін қорғайтын жаңа заманды көріп қайта жасарды. Осы бір сәтте Тұрмағамбет, он бес жылдық мерекесін табыспен тойлаған қырмызыдай құлпырған Қазақстанын мақтаныш ете, байсалды үнмен былай деп жауап берген еді: «Біз көпті көрген көнеміз. Самайын ақ шалды деп бізді тірі өлік көруге болмайды. Ескі сұм заманды, оның түнерген түнін де, мұнарлы қара күнін де көрдік. Жаңа заманды көріп жасардық. Осы заманның жазы болмағанымызға армандамыз. Бірақ біз бақыттымыз. Ескі заманның өрескел озбыр тарихын жастарға айтып береміз. Ол заманды көрмеген жастарға біз табылмайтын мұрамыз». Ол өзінің әсерлі де әдемі айтылған осы пікірінің ізін суытпай: «Лениннің нұр шашайық мұрасына», «Пушкин тірі», «Горький жолдасқа», «Правда газеті», «Қарт Жамбыл», «Сәкенге», «Көктем», «Алып қыран», «Топ жарған төрт тұлпарға», «Ақындарға айтарым», «Большевик басшы, біз қосшы», «Партия — аузымда атың, ойымда өзің», деген және басқа көптеген жаңа шығармаларын жазды. Осы кезден бастап Тұрмағамбеттің өмірі мен еңбектері оқулықтар мен программаларға енгізіліп орта мектепте оқытылды. Шығармаларының бірқатары орыс тіліне аударылып, орталық газет-журналдар мен жинақтарда және А.М.Горькийдің инициативасы бойынша «Правда» редакциясы бастырған «Творчество народов СССР» кітабында басылып шықты. Сөйтіп орыс оқушылары халық ақындарымыздың ішінде Тұрмағамбет шығармасымен тұңғыш рет танысты. Қазақ ақынының алғаш аударылған бұл еңбектері 1937 жылы «Литературный критик» журналында жан-жақты талдау жасалынды. Саналы өмірінің жарты ғасырдай уақытын ақындық сапарға сарп еткен, әдебиетіміздің қазыналы қорына көзі жұмылғанша өз шабытымен үлес қосқан, арамыздан ерте кеткен марқұм Тұрмағамбет Ізтілеуовтің (1882-1939) осы күнге дейін «өлі дүние» саналып, еленбей келген мұрасын қайта тірілтудің кезегі әбден жетті. Ғабит Мүсірепов 1958 жылы жазушылардың республикалық ІІІ пленумында баяндама жасап, сонда Тұрмағамбетке тоқталып: «Шынын айту керек, бұл жөнінде Қазақстан Жазушылар одағы да түрткі салмаған, баспа орындарының алдына талап қоймаған, қадағаламаған. Бұдан былайғы жерде бұл ұятымызды жууға тиістіміз», - деген еді. Академик жазушы бұлай деп, сірә, тегін айтпаған! Артына жүз мың жолға жуық өлең қалдырған, туған елінің адал перзенті Тұрмағамбет ақынның архив сөресі мен жеке кісілердің қолында сақталып келген өткір тілді өлең-сөздерін жанашырлықпен жинауды, халқымыздың қажетіне асырып, кәдесіне жарату үшін оларды түгелдей тез арада кітап етіп басып шығаруды көпшілік асыға күтіп отыр.

Қоңыратбаев Ә.

«Ленин жолы», 24.07.1982 ж.

СҮЛЕЙЛЕРДІҢ СҮЛЕЙІ

(Т. Ізтілеуовтің туғанына 100 жыл толуына орай)

Сыр ақындарының ағасы, поэзия бұлбұлы Т. Ізтілеуовтің туғанына 100 жыл. Тұрмағамбет (1882 - 1939) осы күнгі Қармақшы ауданы, Ленин атындағы совхозда туып өскен. Сол совхоз орталығынан оған мазар салынды. 1889 жылдар шамасында ол Бұқарадағы «Мир-ғараб», онан соң «Көкілташ» медресесіне түсіп оқиды. «Мир-ғараб» медресесіндегі оқу қадымы (арабша) болса, «Көкілташ» медресесіндегі оқу парсы-шағатай тілінде жүргізілген еді. Сол мектепті Тұрекең Садриддин Айнимен бірге бітіріп, өз еліне келіп Қызылқұм жиегінен пансионды мектеп ашады. Бұқарада оқып жүргенде ол араб, парсы, шағатай (өзбек) тілін үйреніп, «Мың бір түн», «Шахнамадан» бастап, парсының барлық классиктерін, Бируни философиясын терең игереді. Бірақ Тұрекеңнің Сырға оралуы бір ғана медресе ашуда емес, Сыр елінде шағатаизм-түркизм стилімен ұштасқан қазақтың жазба әдебиетінің тууымен байланысты болды. Тұрмағамбет 1901 жылдан бастап үлкен ақын атанған болса, оның әдебиетке келуі Сыр үшін өзінше бір ояну кезеңі болды. Соның басында Тұрекең тұрды. Сыр поэзиясы әр қилы жанрда өзгеше дамиды. Нысанбай, Жаңаберген, Балқы Базар, Рүстембек, Сәрсенбай, Молдахмет жыраулық салтында көрінсе, Нұртуған, Ерімбет қисса ақыны болып көрінеді. Қанды, Кете Жүсіптер, Нағым, Даңмұрындар өзінің толып жатқан шәкірттерімен айтыс поэзиясымен шұғылданады. Толғау, терме ақындары көбейеді. Соның бір көрнектісі Қ.Баймағамбетов болған еді. Осылардың бәріне ұстаздық жасаған, қиссалық әдебиетке жол салған ақын — Тұрмағамбет болған. Әңгіме айтушылар көбеюінде емес, Сыр бойында «туркизммен» ұштасқан, қазақтың жазба әдебиетінің келелі түрде туып, соның поэзия дариясына айналуында болған еді. Тұрмағамбет мектебіндегі ақындар қандай жанрда көрінбесін, бұрынғы фольклор стилін тастап, жазба әдебиеттің шығысқа тән жаңа үлгісін жасайды. Бұл стильдің туын көтерген ақын Тұрмағамбет болса, соның жаңалығына түсінгендер Ерімбет, Шораяқтың Омары, Дүр Оңғар сияқты келелі ақындар еді. Ресейге қосылудың өзі біздің әдебиетіміздің батыстық және шығыстық қанаттарын тудырды десек, XX ғасыр басыңда шығыс үрдісінде туған жазба әдебиетіміздің көбірек бой көрсеткен жері Сыр бойы болды. Тұрмағамбет стиліне еліктеушілердің көп болғаны сонша, ол кезде қолына домбыра алып, толғау, терме айтпаған жастар сирек болды. Ол Тұрмағамбет термелерін, оның дастандарын, айтыс ақындарының поэзиясын жаппай көшіріп, домбырамен жатқа айтқан. Солардың көбі Тұрмағамбет мектебінде оқып, шығыс ақындары еңбегімен танысқан еді. «Мың бір түн», «Шаһнама», «Тотынама» әрбір үйде болды. Осы толқынға жыраулар да ат қосады. Олар Тұрмағамбеттің әрбір толғау, термесіне өзгеше мотив ойлап шығарып, жазба әдебиетін музыкамен байытады. Қаңлы Жүсіп пен Жақып айтысқанда, олардың сөзі адресаттан бұрын арадағы айтушылар қолына түсіп, көшіру көбейген. Кейбіреулер олардың жауабы қашан келеді деп жол тосқан. Тұрмағамбет мектебін осылай түсіну керек. Тұрекеңнің басты жаңалығы қазақ елін Фердаусидің «Шаһнамасымен» таныстыруында болған еді. Тұрекеңнің сол аудармасы кейін «Рүстем-дастан» деген атпен басылды. Атақты ақынның бұл жаңалығы қасында М.Сералиннің Жуковскийден аударған үзіндісі ойыншық болып қалды. Бұл ретте біз оригиналдың өзіне сүйенген Тұрмағамбет еңбегін аса жоғары бағалаймыз. Фердаусидегі "Мутакариб" деп аталатын ұзақ буынды бәйіт ұйқасында Тұрекең ұлттық қара өлеңнің өзгеше бір жаңа өлшеуін қолданған. Тұрекеңнің өз қаламына тән хикая толғаулары 1972 жылы «Назым» деген атпен басылған. «Рүстем-дастан» 40 мың жол болса, оның өз туындылары 30 мың жол. Бұдан басқа туындылары Қазақ ССР Ғылым академиясында сақтаулы. «Шахнаманың» төрт томдық қолжазбасы М. Байділдаевтың қолында. «Назым» (поэзия) деген жинаққа Тұрекеңнің алғашқы өлеңдері, тақпақ-нақыл сөздері, рубаи мен мысалдары, алғыстары мен совет дәуіріндегі лирикасы, әсіресе, өз жанынан тудырған «Мәрді дихан», «Данышпан қарт», «Тұтқын қыз», «Рауа-бану» сияқты шағын-шағын жеті қиссасы қосылған. «Рауа-бану» хикаяты Ақмырза Тұяқбаевтың орындауында күйтабаққа түсті. Тұрмағамбет бір ғана эпопеялық жанр емес, толғау, терме поэзиясын да түгелдей жаңартып, өзгеше байытқан ақын. Оның толғаулары қаншама болса да, бір ұйқаспен бітеді. Осы ұйқасты Сыр бойында қолданбаған ақын кем. Оның өзіне тән әндік мотивтері болған. Сыр музыкасын тудырған бұл толғаулардың екінші бір белгісі — шағатаизм элементіне болатын. Сыр ақындары мұны да жаппай қолданған. «Назым» деген толғауы былай басталады:

Жасымнан назым сөзге шебер едім,
Өзімнен шебер кім деп кебер едім.
Әр түрлі хикая мен дастандардың,
Ширатқан шым жібектен көгені едім.

Тай түгіл түйе етіне толмайтұғын,
Шахналық шаммен қайнар шөген едім.
Есімім — Тұрмағамбет, асылым — Алшын,
Баласы Байсарының Шөмен едім.

Қас тұтып қатарыма келгендерді,
Асаудай ұсталмаған тебер едім.

Бұл толғауда әлгі айтылған екі бөлігінің екеуі де бар. «Назым» (өлең), «Шахналық», «Дүр» деген сөздер — шағатаизм көрінісі. Бірақ одан өлең ақсап тұрған жоқ. Қайта жанданған. Айтыс ақындарында мұндай шағатаизм өте көп (қос Жүсіп). Оны түркі жазбаға тән стиль дейміз. Жазба толғауға ол жарасып тұрады.

Ой — терең, ойнар наһан теңізден де,
Тың тұрған тіл сүзеген егізден де.
Наһаннан нар жұтатын нәпсі жаман,
Қанағат, қылмайтын аз жегізгенге,

Игеріп осы үшеуін ала алмасаң,
Ерлерім ауруыңа ем іздеме.

Мұндағы метафоризм, асқақ үнге еліктемеген ақын сирек. Жыраулар Тұрмағамбеттің әрбір толғауына ән-күй ойлап шығарған. Олай болса Сырдың поэзиясы ғана емес, ғажап музыкасын да Тұрмағамбетсіз түсіну қиын. Оның қадірін білем десең халық ортасына бар. Тұрмағамбеттің совет тақырыбына жазған өлеңдері ойлы да терең. Оның бірқатары 7-8 буындық жыр өлшеуімен жазылған. Оған «Ленин — күн», «Большевик — басшы, біз — қосшы» деген сияқты өлеңдері жатады. Тұрмағамбет мысалдарында шығыс сюжеті көбірек. Олардың этикалық ғибраты аса зор. Тұрмағамбетте аздаған айтыс өлеңдері де бар. Мысалы, Шәді ақынмен жұмбақ айтыс жасайды. Сонымен қатар, айтыскер ақындарға аралық сөз айтқан кездері де бар. Сыр бойында Тұрмағамбет стилін бастап қолданған ақын — Қаңлы Жүсіп болған еді. «Турки» деп аталатын бұл стиль Сыр айтыстарында классикалық дәрежеде көрінеді. Тұрекең фольклор стилінен бір қадам ілгері басу үшін шағатаизмнен қашуға болмайды деген. Бірақ соның бәрі де қазаққа майдай жұққан. Сол үшін Тұрмағамбет толғауларын ел іші осы күнге дейін домбырамен айтады. Жастарды жақсы мінезге, халықты қадірлей білуге шақыратын бұл термелердің ғибраты ғажап. «Адамдық іс» деген термесін Әбілаш Әбуов айтып жүр. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді», деп бірлікті насихаттайды, «Кейбіреу сәл бақытқа мас болады, шабақтай шалпылдаған қайраңдағы» деген жерде ол болыс-билерді (1907) сынайды. Гуманист, ұстаз ақын өзінің алғашқы поэзиясында елді оқу, білімге шақырады, мансап қуғандарға ақыл айтады. Тұрмағамбет поэзиясында халықтық мазмұн терең болып келеді. Тұрекеңді мен 1929 жылы көрген едім. Ауылына барып қондым. Қасымда Қармақшы жер бөлімінің бастығы болды. 10-15 ешкісі бар екен. Үй тірлігі өте жұпыны болып шықты. Содан соң Алматыда кездесіп, көп істес болдым. «Шаһнамадан» күніне 250 жолын аударады екен, бастапқы дәптерді карандашпен жазған екен. «Сиямен жазыңыз» дедім. 1934 жылы мен Тұрекеңнің Ленинге арналған өлеңін «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияладым. «Шаһнама» аудармасынан үзінді беріп, Тұрекең бір бөлмелі жатақханада тұратын. Үйіне жиі барып аудармасына араластым. Үзінді алдым. Сондағы байқағаным: Тұрекең өте кішіпейіл, момақан, кемеңгер адам еді. Мен ішімнен: «қазақ жабының жалы қарыс, жүйріктің мойыны ойық болады деуші еді, Тұрекең мыңнан озған шын жүйрік екен»,- дедім. Мінезі баладай, жұмсақ болатын.

Еңсегенов Т.

«Мәдениет және тұрмыс», 1982 ж. №7

АҚЫН МҰРАСЫ

(Тұрмағамбет Ізтілеуовтің туғанына 100 жыл)

Тұрмағамбет Ізтілеуов — Сыр бойынан шыққан дарынды ақын. Оның артында қалдырған мұрасы мол. Әрқайсысын жеке-жеке талдап, сөз етуге татиды. Одан ақын талантының қарымдылығын байқауға болады. Ақын әрі аудармашы ретінде Т. Ізтілеуовтің қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар. Биыл туғанына жүз жыл толған үлкен ақынның өмірі мен творчестволық жолына аз-кем шолу жасай кеткен артық емес. Ол қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының өңірінде 1882 жылы дүниеге келген. Ауылдық мектептерде, Бұхара қаласындағы медреседе оқып, білім алған. 1905-1925 жылдары өз аулында мектепте сабақ берді, ақындық өнермен айналысты. Оның тұңғыш өлеңі — «Қара қоңыз» 1896 жылы, «Мәрді диқан» атты алғашқы дастаны 1900 жылы жарық көрді. «Данышпан қарт», «Рауа Бану», «Тұтқын қыз» және басқа дастандар жазып, қазақ әдебиетінің бұл саласын дамытуға үлес қосты. «Құлжан биге», «Молдаларға», «Адамдық іс», «Қадамың, құтты болсын, Кеңес аға» аға секілді өлеңдерінде өмір шындығын бейнеледі. Ол Абай шығармаларын жоғары бағалап, оны ұстаз тұтты, «Абайды оқығанда» деген өлеңін арнады. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы туралы өлеңдер, ұлы көсемнің тірі кезінде «Ленин — күн» (1923 ж.) атты толғау жазды. Совет дәуірінде бүгінгі заманымыздың сан алуан тақырыбын шабытпен жырлады. Тұрмағамбет — білікті аудармашы. Оның Фердаусидің «Шаһнама» дастанын қазақ тіліне аударуын үлкен әдеби құбылыс ретінде атап айтуымыз ләзім. Бұл аударма «Рүстем-дастан» аталып, жеке том болып жарық көрді. Оған ұлы суреткер Мұхтар Әуезов алғы сөз жазып, Тұрмағамбет Ізтілеуовтің аудармашылық өнерін жоғары бағалады. Ақын өлеңдері 1972 жылы «Назым» деген атпен жеке кітап болып шықты. Оның творчествосы туралы әдебиетші-ғалымдар М.Қаратаев, Р.Бердібаев, М.Байділдаев және басқалары зерттеу еңбектер, мақалалар жазды. Тұрмағамбет мысал өлең жанры саласында елеулі еңбек сіңірген ақын. Оның бұл тараптағы шығармаларына назар аударсақ, ақынның көп оқып, іздегенін өзіндік айшық-өрнектерін, ерекшеліктерін байқауға болады. Ақын өмір сүрген кезеңде қазақ әдебиетінде мысал жанрының дамуына негізінен екі бағыт әсер етті. Оның бірі — шығыс әдебиетінің ықпалы болса, екіншісі — орыстың классикалық шығармаларының тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында қазақ оқығандарына танымал болуы. Әрине, реалистік бағыттағы орыс әдебиетінің оларға күшті әсер еткені сөзсіз. Бұл топқа орыстың әйгілі мысалшыл ақыны И. А.Крыловтан үлгі алып, азды-көпті мысал жазған Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбаевты, С.Торайғыров пен С.Дөнентаевтарды қосуға болады. Ал шығыс әдебиетінен сусындап, мысал жанрын дамытуға үлес қосқандар — Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Молда Мұса және басқа ақын, шайырлар. Шығыс әдебиетінен үлгі алған мысалшыларымыздың өзіндік ерекшеліктері бар. Оны ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің шығармаларынан анық байқаймыз. Оның мысалдарын бірнеше топқа бөлуге болады. Ақынның осы саладағы алғашқы шығармалары - жай ғибрат айтуға ғана құрылған. Ол мысалдар арқылы айтпақ ойын айқын білдіреді. Мәселен, ақын «Ата мен бала» деген мысал өлеңінде әділеттілікті тоғышарлықпен емес, ақылмен, ешкімге қиянат жасамай тура шешуді мегзейді. Ханның топастығын жанамалап қана көрсетіп, ел билеушінің ақылды, адамгершілігі мол болуын армандау бар. Мысал — қамын ойлау, бірлікте, татулықта болу жөнінде нақыл-өсиет айтумен тұжырымдалған. Шығармадағы негізгі ойды ашып түсіндіру — Шығыс әдебиетінің әсері екені сөзсіз. Профессор Т.Қожакеев 1969 жылы шыққан «Қазақ мысалы» кітабында XX ғасырдың басындағы қазақ мысалшыларының еңбектеріне талдау жасай келіп: «Бұл тұстағы әдебиетімізде екі бағыт, екі деңгейдегі ақындар қалам тербейді. Бір топ Шығыс поэзиясының мектебінен өтіп, соның үрдіс-дәстүрлерін творчестволық стиль ретінде қабылдаған шайырлар еді. Олардың бүкіл творчествосының басты сарыны жұртқа үгіт-насихат, нақыл, өсиет айту болды» деген тұжырымы жоғарыда айтқан пікірімізді нақтылай түседі. Ақынның бұдан басқа мысалдары да үгіт-насихат айтуға құрылған. Мәселен, Тұрмағамбеттің «Торт дос» шығармасында түлкі, тасбақа, қарға, киік дос болады. Бір күні киік ауға оралып қалады. Оны қарға түлкіге білдіреді. Үшеуі ойласып, киікті құтқарудың әдісін табады. Түлкі аудың қасынан өтірік ақсаңдап қашып, адамды алдаусыратып алысқа әкетеді. Сол сәтте тасбақа ескі досы тышқан екеуі ауды қиып, киікті ажалдан алып қалады. Тұрмағамбеттің осы туындысы ақын С.Торайғыровтың «Арыстан мен тышқан» мысалына ұқсас. Екеуі де бір сюжетті шығармаға арқау еткен. Бұл мысал жанрына тән, қалыптасқан дәстүр. Бірақ екі ақынның айтпақ идеясы екі басқа. Тұрмағамбет мысалында достықты, бірлікті, ұйымдасып әрекет жасауды насихаттаса, Сұлтанмахмұтта - өркөкіректікті, менмендікті, өзінен төменді, әлсізді кемсітуді әшкерелеген. Қалыптасқан сюжетке қалам тартуда екі ақын да айрықша шеберлік танытқан. Ерекше сүйсінерлігі — шығарма идеясының бір-біріне ұқсамайтындығы. Екіншіден, мысалдың құрылысы да әр түрлі. Әрқайсысында өзіне лайық ерекшелік бар. Тұрмағамбет мысалында өткір сатира, ащы ирония, зілді күлкі жоқ. Тек жұртқа адамгершілік жолын сілтеп, түсіндірумен тана тереңдік танытады. Ал С. Торайғыровтың жоғарыда аталған мысалында арыстанның доңғайлығын, мақтаншақтығын әшкерелеп, топастығын әжуалау байқалады. Демек, бұл туындыда сатира мен күлкінің элементі бар. Оған себеп Сұлтанмахмұт Шытыс әдебиетімен тана шектелмей, орыс әдебиетінен нәр алған сыншыл реалистік бағыттағы ақын. Оның бұл туындысындағы новелладай жұмыр, қысқалық, езу тартқызар күлкі, инедей қадалған сатира әйгілі мысалшы Крыловтан үйренген жаңалық екені айтпай-ақ білініп тұр. Сол сияқты, Тұрмағамбет мысалының құрылысында да өзіндік даралық бар. Ақын тандап алған оқиғаны сол күйінде баяндап шығады да, одан туған түйінді өмірмен байланыстырып, жақсылық пен жамандықты қатар қойып, ақындық шеберлікпен еліктіріп, ілгері жетелеп отырады. Мәселен, ақын «Дарақ пен сая» мысалында ағаштың тасасына тығылып күн көрген көлеңкенің өз әлін білмей әлекке түскенін көрсетіп, сол оқиғаға ұқсас өмірден нақты фактілер келтіріп, жұртшылықты жағымсыз әрекеттен сақтандырады, ізгілік қасиеттерді мегзейді. Қысқасы, Тұрмағамбет Ізтілеуов мысалдарын таза дидактикаға құрып, халқына адамгершілікті нұсқап, өсиет айтқан. Ақын мысал жанры саласында өнімді еңбек етіп, өзіндік қолтаңбасымен көркем шығарма жасап, оны дамытуға елеулі үлес қосқан дарын иесі.

Дәулетбаев 3.

Т. ІЗТІЛЕУОВТІҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА

Мен Тұрмағамбетті 5-6 жасымда көрдім, сондықтан болар ақын бейнесінің көрген түстей елесін ғана білемін. Бірақ есейе келе құйма құлақ қарттардан Тұрмағамбет туралы көп тыңдадым және зердеме түйдім. Бүгін Т. Ізітілеуовтің 100 жасқа толуына байланысты поэзия кеші өтті. Ғұлама ақынды көрген-білген жолдастар пікірлерін ортаға салуға асық. Шын асыл уақыт өткен сайын гауһардай жарқырай түседі. Ақынның бұрынғы қастығын атап өтпедік деп өкінбейік. Неге десеңіз әлемге әйгілі жерлесіміз күй атасы Қорқыт, атақты ғалым Әль-Фараби мың жыл өткеннен кейін қайта тіріліп ұрпағына тіл қатты. Қорқыттың қобыз үнін тыңдап Фарабимен қайта сырласты. Ақын Тұрмағамбет өскен орта Сыр бойы белгілі ән мен жырдың өлкесі болған осы ортада арқалы ақын, жезтаңдай жыраулар көп болған. Тұрмағамбет тумысынан дарын иесі бола тұра өзінен бұрынғы сөз зергерлерінен жыр тартатын үйреніп, бойына сіңірген. Т.Ізтілеуовтің ағалары Ешнияз Сал Жөнелдікұлы (1834-1902) Сыр сүлейлерінің қара шаңырағы болған. Ешнияз сал 14 жасында қазақтың лиро эпостық жырының кейіпкері Қыз Жібектің алдында өлең айтқан. Қазақтың музыка зерттеушісі Затаевичтің нотаға түсіріп, Парижде бастырған мың ән-күйінде Ешнияз салдың әні болғаны бізге мақтаныш. Тұрмағамбет Бұхарадағы «Мир Араб», «Көкелташ» медресесінде С.Айнимен бірге оқыған. Осы медреседе шығыс тілдерін еркін меңгеріп шығып, шығыстың белгілі классиктері Омар Хаям, Хожа Хафиз, Шайхы Сағди, Низами, Э.Новаи, Рудаки, Физули, Бируни, әл-Фараби, Әбу Сина, Бабур, Ұлықбек сияқты ғалымдардың әдеби, ғылыми қазынасынан сусындаған. Немістің классик ақыны Гете шығыстың әйгілі жетеуінің ең төменінің өзі менен күшті деген. Тұрмағамбет октябрь революциясынан хабарсыз дей алмаймыз. Тұрмағамбет аралас отырған ауылдағы Илья деген орыс баласымен көп әңгімелескен. Илья Орынбордағы туыстарымен хат алысып тұрған. Илья осы күнгі темір жолды салушы орыс шаруасының баласы еді. 1930 жылға дейін Қартпанбет Ербосаев деген кісінің тәрбиесінде болған. Тұрмағамбеттің ауылдасы сынықшы Қыржықбай Нұрбайұлының түсін жаңа заман орнайды, кедейге тендік тиеді деп тұспалдай жоруы да осыдан болса керек. 1920 жылы Шымкентте мұғалімдік курста оқып жүргенде Тұрмағамбет В.И.Ленинге бір топ мұғалімдермен хат жазуы, Қызылорда астана болып тұрғанда Ақтайлақ кезеңінде С.Сейфуллиннің іздеп келуі («Көтерілген күмбез») Тұрмағамбеттің жаңа өмірге құштарлығы жаңа поэзияға шабыт берген кезеңі еді. Тұрмағамбеттің үйінен ертелі-кеш кісі арылмаған үш жүздің баласының бөтені болмаған. Соған орай ақын жырында төмендегі жолдар бар.

Шорахан, Төрткүл, Шымбайды,
Киіз үйлі қазақтың
Есіткен жері сөзімді
Аяқ асты қылмайды.

Жолдастар! Бүгін жерлесіміз белгілі қазақтың көрнекті ақыны A. Тоқмағамбетов «Жыр күмбезінің» жалғасы «Көтерілген күмбез» атты кітабын бітіріп, оқырмандарымен пікірлесуге келіп отыр. Бұл кітаптың үш жылдай көп ізденіп жазғанының нәтижесі өте жақсы болған. Оның айтағы 1920 жылы Шымкентте мұғалімдік курста оқып жүргенінде B. И. Ленинге хат жазуы. Сол сияқты қазақтың революцияның сұңқар ақыны С. Сейфуллиннің Тұрмағамбетті Ақтайлақ кезеңінде іздеп келіп, кездесуі. Осы материалдар кітапты құндандыра түскен. Болыс Кете Жүсіп Тұрмағамбеттің ағасы және досы жыр күмбезіндегі басты кейіпкерлердің бірі Ешнияз салдың баласы. Зер қадірін зергер білер, дегендей Тұрмағамбет қандай жағдайда жүрсе де жанашыры қамқоршысы болып көрінеді. Соңғы кітапта да бүкір Бәкір Тұрмағамбет жақсы жолдасы ретінде баратын жеріне бірге барып, жарақты адамның рөлін атқарады. Кейбір адамдар бүкір Бәкір осы кезде болмаған адам еді деуі мүмкін. Бірақ Бәкір сияқты адамдар өмірде болған адамдар. Сөйтіп жазушы Бәкір сияқты кейіпкерлер арқылы Тұрмағамбеттің адамдық келбетін жақсы аша білген.

Қорыта айтқанда, бұл кітаптың Тұрмағамбеттанудағы рөлін баса айтқан жөн.

Байділдаев М.

17.05.1983 жыл

ТҰРМАҒАМБЕТ АҚЫН

Ежелден бері сылаңдап ағып, сылқ-сылқ күлген кербез сұлу Сырдария небір сәйгүлік саңлақтарды тудырып, бесігіне бөлеп тербетіп, қыранша қияға ұшырған алтын ұя, қасиетті қоныс қой. XІX ғасырдың аяғында дүниеге келген Тұрмағамбет ақын да сол Сыр түлектерінің бірі. Кезінде оны халық қадірлеп «Сыр елінің сүлейі» деп атақ берген. Қазақтың қазіргі «аға жазушылары» деп аталып жүрген алдыңғы буындағы топқа қосылатын белгілі ақындардың бірі «қырғи тілді» Асқар Тоқмағамбетов Тұрмағамбетті ұстаз еткен. Асқар «Ұстаздарым» деген 18 жасында шығарған 1923 жылғы тұңғыш тырнақ алды өлеңдерінде ақын болуына алғаш әсер еткен Тұрмағамбетті сол өлеңдегі өзге ақындардан таразысы басым екендігін баяндап:

«Сөзінің шырын ләззатын
Дария жілдей бу еткен:
Тұрмағамбет, дүр Омар,
Батымды сөзі шым еткен.

Айтылған сөзі айқыннан,
Таңданып халқы шу еткен!» -

дейді. «Таңданарлық» сырлы сөзімен Сыр өңіріндегі қалың елге дерті кең жайылған Тұрмағамбет өлендерін Әбділда мен Қалмақан да, Әбдікәрім Оңалбаев пен Қуаныш Баймағамбетов те бала күнінен жаттап өскен, олардың да ақындық сезімдерін оятуға себепші болған. Жалшылықта күнелткен Ізтілеу кедейдің баласы Тұрмағамбет қазіргі Қызылорда облысы Қарақұм ауданы Ленин атындағы совхозында 1882 жылдың июнінде туған. Жасынан оқуға ойы сергек жетім де болса жігері бар бала ауылдағы мұсылман мектебінен алған білімге қанағаттанбай, таудай талаппен оқу іздеп Орта Азияға аттанған. Белгілі жазушы, көрнекті ғалым Садриддин Айнимен (1878-1954) бірге Бұхарадағы «Көкелташ» медресесін бітіріп шығады. 1905 жылы туған жеріне келіп өз ауылындағы жаңадан ашылған мектепке мұғалім болады. Ірге тасын Тұрмағамбет қалаған сол оқу орны Қармақшы ауданы осы күнгі Ленин атындағы совхоздағы №29 орта мектеп еді. Ұстаздығымен, ақындығымен өскен ортасына екі дәуірде де адал еңбек еткен Тұрмағамбет еңбегі ескеріліп, ол 1935 жылы Алматыға қызметке шақырылды. Содан бастап өмірінің ақырына дейін Қазақ ССР Оқу халық комиссариатында ғылыми қызметкер боп істеді. Тұрмағамбет творчествосы сал-алуан. Ол позицияның барлық жағына да қалам тартқан ақын. Сауатты болғандықтан ерте кезден-ақ Абай шығармаларымен жақсы таныс болған («Абайды оқығанда» деген өлеңін 1910 жылы жазған). «Революциядан бұрын әдебиет майданында» атты совет тақырыбына арнап көптеген шығармалар жазған. Олардың ішінде: «Қадамың құтты болсын, Кеңес аға» (1918), «Ленин күн» (1923), «Октябрьдің он жылы» (1927), «Партия — аузымда атың, ойымда өзің» (1935) деген өлеңдері жазылған жылы, жырлаған тақырыбы, көркемдік қуатымен құнды туындылар. Қазақ әдебиетінің Шығыс әдебиетімен ертеден бері-ақ қалыптасқан қарым-қатынасы бар. Қай елдің болса да әдебиет аясында кездесетін бұл сияқты игілікті іске өздерінің ортасынан шыққан белсене ат салысулары болады. Осы тұрғыдан алсақ, Шығыс тақырыбына батыл барып, байсалды еңбек берген қазақ ақындарының бірі Тұрмағамбет дейміз. Әсіресе, оның ақындығының асқар шыңы қазақ әдебиетінің қазынасына қосылған құнды қазына — ол жырлаған «Шаһнама» шығармасы. ХІХ-ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының ішінен Шығыс тақырыбына жазылған мұндай көлемді туындыны табу қиын. Республика Советінің Президиумы 1936 жылғы 21 декабрьде бұл шығарма туралы арнаулы қаулы қабылдады, елеулі еңбегі үшін ақынға дербес пенсия белгіледі, жазушылар одағына мүше болып қабылданды, оқулыққа енді. Өлең жолы 40 мың қатар, 50 поэмадан тұратын бұл асыл қазынаны академик М.Әуезов айтқандай «аударма» деп қарауға болмайды, «Шаһнаманың» қазақ топырағында туған, Тұрмағамбет жырлаған нұсқасы деп атаған абзал. Ол осы сапарында «Шаһнаманың» Шығыс елдерінің тілінде көп тараған прозалық нұсқауларын пайдаланған. 1961 жылы республикамыздың қырық жылдық мерекесі қарсаңында Тұрмағамбеттің көлемді еңбегі «Рүстем-дастан» кітабы басылып шықты. Қалың оқушысына жетпіс мың данамен тараған бұл ғажап жыр, жер жүзі халықтарының әдебиетінің байланысы мәселесін қараған Азия, Африка елдері жазушыларының форумы — Екінші конференциясына 1962 жылы февральда Каирге мақтанышпен апарылды. «Революцияға дейін жазу-сызуы болмаған халықтардың тіліне аударылған өз шығармаларын көрген жазушылар (парсы, арабтар) мұны «Мың бір түндегі» ғажайыптардың нақ өзі деп бағалады», - дейді конференцияның делегаты жазушы Ғ.Мүсірепов. Қарақалпақ жазушысы әрі талым Ыбырайым Юсупов қазақ пен қарақалпақ әдебиетінің зерттеу еңбегінде Тұрмағамбет творчествосын арнайы сөз етіп, былай деп жазады: «Ол өзінің туған әдебиетін жетік біліп қоймай, тәжік-парсы, өзбек классиктерінен үйреніп тағылым алған, қарақалпақ әдебиетінен де толық хабардар болған. Тұрмағамбет «Шаһнаманы» өз ана тілінде жырлаған керемет қызметі үшін тек қана Қазақстан емес, Орта Азия халықтарының ортақ ақынына айналды. Елеулі осы еңбегі үшін халықтар әдебиетінің ортақтығы баяндалатын біздің әдебиет тарихымызда оның аты мақтанышпен аталады». Осы бір шежіреге тұнып тұрған ежелгі бай өлкенің өткен тарихына көз жіберсек, дау-далабасы жоқ айнадай қатесіз Сыр елінен бірінен соң бірі суырылып шыққан ерен өнерпаз сүлейлер көп екен. Туған топырағын қатты қадірлейтін Тұрмағамбет те өскен өлкесінің осы бір ерекшелігін көзі шалып, оны мақтаныш сезіммен, ақындық жүрегімен желпіне жырлап өткен. Ол — 1912 жылы шығарылып елге тез таралып кеткен «Әр елдің бар бұлбұлы» деген әйгілі толғауы. Мұнда Сырдан шыққан сан түрлі жүйріктердің ішінен жүлделі жүйрік 19 ақын, шайырлар саралап алынған. Мұнда жыр күмбезі Базар жыраудан бастап Шораяқтың Омарына дейінгі аралықтағы дарындылардың жеке-жеке өнер өзгешелігі суреттеледі. Көркем жасалған ол дара бейнелер сол замандағы шын шебердің саусағынан шыққан зерлі шекпендей әрқайсысының бойына мінсіз жарасып тұр. Ал Тұрмағамбет ақын өзінің «Ел қамын жеген ерлер» атты тарихи тақырыпқа арналған екінші толғауы арқылы бұрынғысынан ілгерілеп ірі қадам жасады. Бұл 1912 жылдан 1917 жыл аралығында бес жыл ішіндегі творчествосының қорытындысындай ақындығының елеулі бір биігі деп айтуға тұрарлық. Ақын мұнда ХҮІІІ, XІX ғасырдағы қазақ пен қалмақтың арасындағы соғысқа, қазақты басқарған хан, сұлтандардың қанауына қарсы күрескен шаруалар көтерілісіне, Орта Азиядағы — Хиуа, Бұхар, Қоқан хандарының билеп-төстеуіне көнбей, қолына қару алып белдескен өз өлкесіндегі Сыр бойының ержүрек батырларын баяндады. Тұрмағамбеттің 1961 жылы «Рүстем-дастан», ал 1972, 1982 жылы «Назым» аталған екінші кітабы біздің қатынасуымызбен басылып шықты. Бірақ ақынның әлі де жарық көрмеген шығармаларының мөлшері қанша екеніне зер салсақ, баспадан шыққан 2 кітабының көлемінен де көп екен. Тұрмағамбеттің тындырған істері батырлықпен пара-пар. Яғни ол алдына мықтап мақсат қойған кісі. Онысы, өзі айтқандай, «мал үшін, қатын-бала қамы үшін емес, ел үшін» еңбек ету, үстем таптың өктемдігіне өшпенділікпен қасқая қарсы тұру. Олармен ақыр аяғына дейін алысты да. Осы үшін өзінің көрген азабы да аз болмады. Февраль революциясы болып, патша тақтан түскен кезде ол абақтыда отыр еді. Жарты жылдай түрме тақсіретін тартқан оны революция солдаттары қамаудан құтқарды. Оның «Ел қамын жеген ерлер» атты әйгілі толғауы осы тарихи кезеңнің тұсында туған еді. Күллі Кете елін аузына қаратқан Бекеттің ұрпағы, тірісінде бейіттің тұсынан «қорыққанынан» жаяулап жүретін шынжыр балақ, шұбар төс Құлжан биге:

«Арғы атаң - Бекет еді,
Бекет емес, бөгет еді.
Өз әкең Базар еді,
Базар емес, мазар еді.

Сенің атың Құлжан еді,
Құлжан емес, Құржан еді» -

деп қынаптан суырылған қылыштай қиып түседі, түп-тамырына дейін қалдырмай жермен жексен етеді. Сөйтіп халық басшысының абыройын айрандай төгеді. Құлжанды қолдаушы қолшоқпарлар бұған босқа қарап тұрған жоқ. Әсіресе ауқатты байлар Тұрмағамбетке қатты шүйлікті. «Аяз - әліңді білмейсің» деп кедейлігін айтып кемсітті, табалады. Жаудың астында қалғанмен, сөздің астында қалмайтын Тұрмағамбет о бастағы бойына біткен сүйексінді әдетімен олардың да «сыбағасын» берді. «Арыстан — аш болады, доңыз — тоқ болады», сөйтіп бай біткеннің бәрін доңызға, игілікті істің иесі — кедей қауымды арыстанға теңеді. Көпшілік халық Тұрмағамбет жағында болды, оны қолдап әкетті. Өткен өмірге, тарихқа назар аударып қарасақ, қашанда еткен еңбек еленбей қалған емес. Тұрмағамбеттің осы секілді талай «тентектігін», өжет мінезін өз көзімен көрген Шораяқтың Омары (1878-1924) бір өлеңінде:

«Ей, інім, ақылың ағла аңдағымда,
Тұрықсыз туысыңа жүрген дөңсең», -

депті. Мұны ол тікелей Тұрмағамбетке арнап айтқан. Бұл Тұрмағамбеттің ақындық пен ақылды ойын, тегі мен талантының алғырлығын артықша (ағла) көруі. Сонымен бірге өскен, жүрген ортасының, қоғамның (дөңсең) Тұрмағамбет мүддесімен сәйкессіз, тұрақсыз екендігін айтуы. Яғни, кемеңгер Абай тілімен айтқанда «Мыңмен жалғыз алысқан» Тұрмағамбетті дәлдеп тануы, оның тартыстағы тұлғасын байсалды бағалауы. Ақынның да ақыны, өнердің де өнері бар. Өз замандасы, өз кезеңінің ойшылы шырғалаң шағын сәтті айтқан. Шынында Тұрмағамбеттің арқа сүйері де, күш алар қуаты да қарапайым қалың қауым, көксеген асыл арманы — адалдық қана. Өрге баспайтын өтірікпен өмірінше қаны қас болды. Сондықтан да ол туған топырағынан «Сырдың Абайы» деген бойына лайық пішілген бағасын алып отыр. Егер де кімде-кім «Қазақ әдебиеті» деп аталатын қымбат қазынамыздың тарихымен танысқысы келсе, онда Тұрмағамбетке тоқтап, оның көл-көсір шығармаларының шәрбатын татпай кете алмайды. Ал өткен әдебиетімізді тану үшін оның арнасынан өту керек қой, ол үшін арнаға арнап салынған өткел көпір қажет емес пе? Міне, Тұрмағамбет ақынды — саңлақ сыншымыз академик Қаратаев тауып айтқандай — қазақ әдебиетіндегі «алтын көпірдің бірі» деп атасақ болады. Адамгершілік борышқа байланысты өткен заманның даңқты данышпаны Цицеронның айтқаны бар: «Әділдіктің екі қайнар көзі бар, ол — ешкімге зиян шектірмеу және қоғамға пайда келтіру». Қорыта келгенде, ақын туралы ақиқатты айтып және оның қазақ әдебиетіне секілді дүниенің олқы кірпішінің орнын толтырып, кетігіне қаланар жерін белгілеп берсек, онда Тұрмағамбет жаңаша жазба әдебиеттің бастауышы Ұлы Абай мен қазақ поэзиясының классигі Сұлтанмахмұт Торайғыровтың аралығындағы жүрер жолымызды жалғастырушы дәнекер. Яғни, атақты екі алыпты бірінен бірін бөліп тұрған XX ғасырдың басындағы жиырма жылдай уақыт аралығын байланыстыратын әдебиетіміздің алтын көпірі. Сөз соңында айтарымыз: Тұрмағамбет ақын бар адал ниетімен ақырғы өміріне дейін пайдалы қызмет атқарған, партиямыздың әділ саясатының арқасында бүгін еліне рухани азық берген азамат ақынның бір ғасырлық мерекесі тойланып отыр. Бұлтартпас шындық мынау: ол, әсіресе, әлемдік эпопея, кітаптардың патшасы аталған Шығыстың «Шаһнамасын» тікелей шығыс тілінен, түпнүсқадан ана тілімізге алып келіп, қазақ мәдениетінің қазынасын молықтырған еңбегімен ерекшеленетін, туған әдебиетіміздің тарихында елеулі орны бар қайраткер, өз замандасынан даңқы оза шыққан дарқан дарынның иесі, Сыр бойынан шыққан жыр дариясы, сүлейлердің сүлейі.

Көшербаев Е.

«Ленин жолы», 28.05 1983 ж.

АҚЫН, ҰСТАЗ, АУДАРМАШЫ

Қармақшы ауданы—Тұрмағамбет Ізтілеуовтің кіндік кесіп, қаны тамған, үлкен ақындық сапарға, өнер жолына қанаттандырып ұшырған мекені. Ежелден елдің құтты қонысы, берекелі мекені болған Сыр бойы, оның ішінде Қармақшы топырағы талай жезтаңдай ақындар мен күміс көмей әнші-жырауларды тәрбиелеп өсірген Сыр сүлейлерінің мектебі болған. Кешегі Шораяқтың Омары, Балқы Базар мен дүр Оңғар, Салқынбайдың Тұрымбеті мен Мәдахмет жырау, Тасберген мен Бөртебайдың Сәрсенбайы сияқты әрең жүйрік ақын-жыраулар Сыр бойында жыр күмбезін бірге көтерісіп, кейінгі ұрпаққа үлкен өнер мұрасын қалдырды. Театры мен филармониясы жоқ сол заманда ақындық пен жыраулық өнер, асылдың көзіндей ғасырдан ғасырға аттап, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, өзінше бір өнер әулеттерін туғызды. Атап айтатын болсақ, ақындар әулеті — Ешнияз, Жүсіп, Мұзараптар, жыраулар әулеті — Дүзбембетұлы Жиенбайдан тарайтын Рүстембек, Көшеней, Бидастар шын мәніндегі ақын-жыраулар мектебі болды. Бұларды жыр күмбезін көтерген, өз заманының бір топ шоқ жұлдыздары, - деп туған халқы орынды мақтан етеді. Осы өнер күні бүгінге дейін мектеп жасындағы балаларға дейін қанына сіңгеніне таңданбасқа болмайды. Мұны консерваториясы жоқ замандағы өнер құдіреті деп бағалауға әбден тұрарлық. Сыр сүлейлерін бір биік заңғар тау дейтін болсақ, осындай ортада туып, өскен Тұрмағамбет сол таулардың ішіндегі басқалардан еңсесі биік шыңы сияқты. Оны талай ақын-жыраулар өздеріне ұстаз санап, ақындық өнерін үйренді, жоғары баға берді. Сондай-ақ өзімен тұстас ақындар да Тұрмағамбеттің білімділігі мен шайырлығын мойындаған. Мысалы, Қаңлы Жүсіп, Таубайдың Жүсібі жазған өлеңді оқи отырып:

Жетпесе өз зейінің ғажап емес,
Шайырға Тұрмағамбет оқытып аш.
Сан ердің сөзін сынар сарабы сол,
Білімге биік біткен ділдуар хас, -

дейді.

Тұрмағамбеттің өлеңдері мен уытты өткір сөздері өз заманында ауыздан ауызға тарап, аңыз ретінде бүкіл халыққа белгілі болған, талай ақындар өздеріне ұстаз санап, үлгі алған. Жазған сөзім қыдырды Орал менен Торғайды Хорезм жұрты хабарлы Шорахан, Төрткүл, Шымбайды. Киіз үйлі қазақтың Есіткен жері сөзімді Аяқ асты қылмайды, - деген ақын өлеңінің өзі оның өз заманында бүкіл қазақ даласына белгілі болғанын, шын мәніндегі халық ақыны екенін көрсетеді. Ақын қаламынан өрбіген жырларды оқи отырып, үлкен ғибрат алғандайсың. Оның өлеңдерінің қай-қайсысы болса да өміршең. Яғни жазба әдебиеті негізінде ғана емес, ауыздан-ауызға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, оқырмандарының жадына ұмытылмастай ұялаған. Сыр бойы жыршыларының кез келгені Тұрмағамбет термелерін жырлайды. Ал тыңдаушылар да қанша қайталап тыңдаса да одан ешбір жалықпайтынын күнделікті өмірде көріп жүрміз.

Дүниеден өмір бітіп өтсем де өзім,
Аралап жердің жүзін жүрер сөзім.
Көре алмай кейінгіні кеттім-ау деп,
Арманда болмай-ақ қой екі көзім, -

деуінің өзі өлеңдерінің өміршеңдігіне, оның келешекте де ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беретініне берік сенімді ақын оптимизмін білдіреді. Ақынның артында бай мұра, өлмес жырлар қалды. Әсіресе, Тұрмағамбет айтты деген әзіл-оспақтар, баспа жүзін көрмеген жырлар көп-ақ. Сондықтан да оның бай әдеби мұрасын зерттеу, жинақтау оған лайықты бағасы мен әдебиеттегі орнын беру бүгінгі ұрпақтың міндеті. Ақын өз аулында алғашқы сауатын ашқаннан кейін, 1899 жылы білім қуып, ұшқан құстың қанаты талатын сағымданған Қызылқұм арқылы керуенге ілесіп сол кездегі бүкіл Шығыстағы әйгілі оқу орны Бұхарадағы «Мир Араб», кейіннен «Көкелташ» медреселерінде оқиды. Кейбір көре алмаушылар мен күндеушілер Тұрмағамбет мұсылманша оқығандықтан оған «молда» деген атақ танып, оны дін өкілі ретінде көрсетіп, өлеңдерінің бағасын кемітпекші болды. Бұндай ұшқары пікірді, яғни Тұрмағамбет еш уақытта сәлде орап мешіт ұстаған кісі емес екенін, керісінше өз өлеңдері арқылы ескіліктің қалдықтарын, діннің зиянды әдет-ғұрыптарын өткір тілмен әжуалап отырғанын мына өлең жолдарынан аңғаруға болады. Медресені бітіріп келген соң жазған «Молдаларға» деген өлеңінің өзі атеистік насихатқа арналып жазылғандай әсер қалдырады.

«Мен, өзім — Мұхаммедпін, қолым — Алла!
«Қалай» деп халыққа көрсет қолыңа ал да...
Айтушы Тұрмағамбет» - мен ғұлама, -

деген өлең, жолында ақын ешқандай Мұхаммедті де, Алланы да мойындамайды. Өзінің молда емес, ғұлама-ғалым екенін айта келіп, егер халық үшін қызмет етсем Мұхаммед те, Алла да сенсің дегенді өзінің «мені» арқылы аңғартқандай әсер қалдырды. Ал Алла жалғыз, пайғамбар шын, ешкім ондай бола алмайды дейтін діншілдер «ол өзін құдайға» Аллаға теңеді, діннен безген» деп шу көтерген.

Ақын Ленинге арнаған өлеңінде кедейлерге:
Би мен болыс, молдалар
Көбейіп еді дұшпаның
Лениндей ер туып,

Езіп, жаншып, олардың
Құртып берді мыстарын, -
деп түсіндіреді.

Бұдан ақын молдаларды қай уақытта да би-болыс сияқты халық дұшпаны деп санайтынын байқаймыз. Ақын Бұхараның бай кітапханасынан Шығыс классиктері Әл-Фараби, Рудаки, Низами, Физули, Навои, Бируни, Омар Хаям сияқты ақындар мен ойшылдардың асыл қазыналарынан жалықпай сусындады. Белгілі қоғам қайраткері, Тәжік ССР Ғылым Академиясының тұңғыш президенті, академик-жазушы Садриддин Айнимен бірге оқып, пікірлес болды. Тұрмағамбет қазақ ақындарының арасында туған Отанды, Октябрь мен Коммунистік партияны, көсеміміз В.И.Ленинді алғашқы жырлаушылардың бірі болды. Ақынның «Қадамың құтты болсын, Кеңес аға!», «Құтты болсын, Октябрьдің он жылы», «Сөздері Лениннің шырын еді», «Ленин — күн», «Большевик басшы, біз қосшы» деген өлеңдерінен ақынның Октябрь Социалистік революциясын, Совет өкіметін қуана қарсы алып, Коммунистік партияны, Ленин көсемді шаттана жырлағанын көреміз. Лениннің көзі тірісінде, 1923 жылы жазған «Ленин - күн» деген толғауында:

Жер — жаһанды гүл жайнатты,
Ленин — күнім, құштарым.
Көркейтіп көңілін сайратты,
Біздердей бұлбұл құстарын...

Еңбекші елім, енді де
Болар ма екен еш қамың! —

деп жырлауының өзінде туған халқының арманына жетіп, бақытты өмірге келгеніне шаттанудан туған ыстық сезім тұр. Ақын өзінің біраз өлеңдерінде жоғары адамгершілік қасиет туралы ойларын ортаға салады. Ел арасындағы қоғамға тигізіп жүрген пайдасы аз, бос белбеу жарамсақтарды, еңбек етпейтіндерді, тоғышарларды уытты, өнегелі сөздермен сынап, еңбек етуге шақырады.

Көңіліне «Мен де адаммын!» - деп жүрген көп,
Кілегей майға ұқсаған айрандағы,
Ер болсаң елің үшін ет қызмет,
Сыбанып білегіңді сайлан-дағы, -

деп үгіттейді.

Тұрмағамбет — ондаған көлемді дастандар мен поэмалардың да авторы. «Қара қоңыз», «Мәрді диқан», «Данышпан қарт», «Тұтқын қыз», «Рауа бану», тағы басқа шығармаларында ақын өмірдің әр қырынан тәлім айтты. Оның тәрбиелік маңызы үлкен болды. Ақын мұрасының шұрайлы да танымды салалары — тақпақ, рубаяттар, назым, нақыл, мысал, айтыс өлеңдер. Бұлардың көпшілігін ақын ауызекі шығарған. Ақын өз заманындағы атақты ақындар Шәрі төре, Жүрсін, Сәнбала, Шораяқтың Омары, Жүсіп Ешниязов, Әбдікәрім Оңалбаевтармен айтысып, өнер сайысына түскен. Қаңлы Жүсіп пен кете Жүсіптің, Даңмұрынның, Таубайдың Жүсібінің айтыстарына өлеңмен тоқтау айтып, баға берген. Тұрмағамбет халық таланттарының 1934 жылғы республикалық бірінші слетіне қатысты. Халық ақыны Жамбылмен кездесіп, пікірлес болған. Қазақ совет әдебиетінің негізін қалаушылар Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтермен достық қатынаста болып, оларға арнап өлеңдер жазған. 1936 жылы ақын Алматы қаласында Шығыстың ұлы ақыны, ойшылы Фердаусидің әйгілі «Шаһнама» шығармасының үлкен саласын «Рүстем - Дастан» деген атпен еркін аударып қазақша жырлады. Тұрмағамбет ақындық өнерге өзіне дейінгі Сыр сүлейлерін үлгі етті, ұстаз етті десек, ол өзінен кейінгі буындарға да үлгі ұстаз бола білді. Сыр өңірінің Одаққа, қала берді Қазақстанға белгілі ақын-жазушылары Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағамбетов, Қалмахан Әбдіқадыров, Әбдікәрім Оңалбаев, Қуаныш Баймағамбетов сияқты дарындарының өзі де Тұрмағамбетті ұстаз етті. Тұрмағамбет көтеріп кеткен жыр күмбезінің шаңырағы қазір одан сайын биіктеп, нығайып, Сыр сүлейлерінің, ақын — жыршылардың мектебіне айналды. Ақынның ізбасарлары, қазір бүкіл республикаға танымал ақын-жазушылар Әбдікәрім Ахметов пен Нәсіреддин Сералиев, Құланбай Көпішев, Мағираш Сариқова мен Сәнімкүл Желдербаева, Қали Шыңғысов, Өтеген Күмісбаев пен Адам Мекебаев, жыршылар Бидас Рүстембеков пен Шәмшат Төлеповалардың есімдерін облыс жұртшылығы мақтан етеді. Тұрмағамбеттің өлеңдерін Сыр бойының өзіндік мақам-әуенімен жыршы-жыраулар Балқашбай Жүсіпов, Шәмшат Төлепова, Алмас Алматов, Айым Тұрымбетова, Бидас Рүстембеков, Жаппар Тұңғышбаев, Сүйінбай Ақбаевтар орындап, халыққа насихаттап отыр. Ақын шығармалары аудан көркемөнерпаздар коллективтерінің репертуарына берік енді. Ақынның 1961 жылы «Рүстем — Дастан» деген аударма кітабы 1972 жылы «Назым», еткен жылы таты бір жинағы жарыққа шықты. Оның өлеңдері көптеген жинақтарда, әдебиет тарихында, энциклопедияларда бар. «Рауа бану» атты күйтабақ шығарылып, бүкіл республикаға тарады. Ақынның туған жеріне ескерткіш орнатылды. Ақын мұрасы әлі де зерттей түсуді қажет етеді. Көптеген өлеңдері мен тапқыр сөздері ел аузында жүр. Оны жинақтау, баспадан шығару бүгінгі күннің міндеті болып отыр. Ақынды есте қалдыру мақсатында оның есімін мектептерге, көшелер мен аудандық мәдениет үйіне беру көзделуде.

Жүсіпов Б.

«Ленин жолы», 28.05 1983 ж.

ҰЛАҒАТ ҰСТАЗДАН

Тұрекеңнің жүз жылдық мейрамы тұсында балалық шағымның көп-көп жарқын суреттері еске түседі. ...Бала кезім. Ауылымыз «Ақтайлақ кезең» аталатын кең жайлауда отырады. Жылдағы осы жайлауымызда «Ақ көл» дейтін қол бар еді. Әкем Жүсіп Сыр сүлейлерінің бірі саналған адам ғой. Жайлау үсті күнде думан, күнде жыр дүкені десе болғандай. Атақты ақындар, Сыр бойына мәшһүр жыраулар топ-тобымен келіп «Ақкөл» маңын құлақ құрышын қандырар ән мен жырға кенелтіп жатады. Бірде үйге Тұрекең келді. Ол кісінің қара сөзі болмайтын, әр қайырымы ұйқас, әр толғанысы өлең, жыр. Шамасы әкем екеуі өмір туралы, тіршіліктің кейбір бұлтарыс-қалтарыстары жайлы әңгімелесіп отырды ғой деймін. Бір кезде әкем Жүсекең:

— Тұрмағамбетжан, күні ертең бізде өлеміз-ау осы, ә? - деді әлде бірдемеге опынғандай. Тұрекең ілкі бір ойланып жіберді де тақпақтай жөнелді:

Артында ардақты ердің қалса сөзі,
Өлді деп өкінбеймін оның өзі.
Қисынсыз кедергінің керегі не?
Базарлап болғаннан соң қайтар кезі.

Бұрынғы өтіп кеткен жақсылардың,
Әлі жүр ел аузында айтқан сөзі.
Абайдың жазғандарын оқығанда,
Болады бәрінің де бар деп көзі.

Ұйықтасын торқа болып киген бөзі...

Қазір осы бір маржан сөздерді Тұрекеңнің өз аруағына бағыштап іштей күбірлеп қоямын. Мен жыраулық, термешілік мектебінен әке шаңырағында өттім десем болады. Атақты ақын-жыраулар Шораяқтың Омары, Ешнияздың Жүсібі, Қадыр, Мыңбай, Тасберген сынды бірінен-бірі еткен теңселме жорта жыраулар қайталанбас дара тұлғалар еді. Осы Тұрекең бастаған мектепте шыңдалғанмен қазір қырық жылдан астам уақыт Сырдың термешілік, жыраулық дәстүрінің дәрпін жайып, мазмұны социалистік, түрі ұлттық өнеріміздің қанатын қайтаруға өзімше үлес қостым ғой деп ойлаймын.

Жұбаев Т.

«Ленин жолы», 28.05.1983 ж.

ӨМІР ЖОЛЫ ӨНЕГЕ

Өмірін ақындыққа арнап, ата қонысында ұстаздық қызмет еткен Тұрмағамбет ақынды алғаш көруім, ұмытпасам жиырмасыншы жылдардың шамасы болды. Ол кезде «Ақ тайлақ» - деп аталатын мекенжайда отыратынбыз. Мұғалім болып, өзі жиған бар білімін жас бүлдіршіндердің сауат ашуына тер төге жұмсаған ұстаз-ақын бейнесі әлі күнге дейін жадымда сақталып қалыпты. Бізге өсиет сөздерді, шайырлардың жыр шумақтарын көп үйрететін. Оны жаттап алып, ауыл-аймақта тақпақтап айтып жүретінбіз.

«Қадамың құтты болсын, Кеңес аға,
Ешкім де ренжулі емес, аға!
Тең тартып таразыдай тәрбие еттің,
Дұшпан да оны «бекер» демес, аға!

Осынша сенің еткен еңбегіңді,
Елің де есіңе алар, жемес, аға!
Қараңды көрсе, күліп қуанады,
Жүдеу мен жетім-жесір, бала-шаға!

Көркейіп күннен-күнге есін жиып,
Енді олар шығуға тұр тамашаға!
Қасқырдан қорықпайтын болды қойшы,
Шыққанмен қой-қозысы оңашаға!

Халқың тұр күні-түні тілегінде
«Тұяғы тимегей», - деп, томашаға!!!

Тұрмағамбет ақын болған орта әр уақытта да көңілді, жүрген жері ойын-сауыққа толы болатын. Сондықтан да ол түскен ауылға кәрі де, жас та көп жиналатын. Ал ақынның өз үйі қонақтардан еш арылып көрген емес, 1925 жылдың жаз ортасында «Теріс өзектің» бойында отырған болатынбыз. Осында отырған Тұрекеңнің үйіне алыстан жолаушылап келген екі салт атты тоқтайды. Екеуі де қала үлгісінше киінген, шаш қойған, мәдениетті азаматтар екен. Бірін «Сәкен ақын» деп жатты. Біз бала болған соң, әлгілерге таңырқай әрі қызыға қарап, сол үйді төңіректеп жүрдік. Әңгімелерін тыңдауға ынтызар болдық. «Сәкен ақын» дегені ұлттық әдебиетіміздің мақтанышы, көркемсөз зергері Сәкен Сейфуллин екен. Зиялы ақынның ұстамды мінезі, жүріс-тұрысы ерекше әсер еткен еді. Ауылда Тұрмағамбет ашқан алғашқы мектепте оқып, оның зерделі сөздерінен зор тағылым алып өскен азаматтардың көп екенін білемін. Олар белгілі шежіреші Үбісұлтан Аяпов, Қазақстанның бас прокуроры болған Сүлеймен Есқараев, Ысқақ Байдәулетов, Оспан Ешпанов, журналист Бөлебай Әлменов, партия, совет қызметкері Уатай Бәйменов, тағы басқалар. Ақын жас ұрпақты әдебиетті сүюге, өсиет сөздерін жаттап, одан мол тағылым алуға үйретті. Оның жаңа азаматты қалыптастырудағы зор тәрбиелік мәні бар еді. Отызыншы жылдардың аяқ кезіне дейін Тұрмағамбет ақынмен ауылда бірге болып, оның ұстаздық тәрбиесінен, зерделі өсиет сөздерінен зор тағылым алып өстік. Ол Октябрь жеңісін, ұлы көсеміміз В.И.Лениннің сара жолын жанын сала насихаттаған жалынды ақын. Міне, біз бүгін оның жүз жылдық торқалы тойында ақын есімін қайтадан еске алып, «өлең-өмірін» келер ұрпаққа үлгі етіп ұсынған жалынды азаматтың асқақ арманының қалай жүзеге асқанының тірі куәсі болып отырмыз. Өнегелі өнер өрісі деген осы!

Есмаханов С.

«Ленин жолы», 31.05.1983 ж.

ҚАЗАҚ СОВЕТ ӘДЕБИЕТІНІҢ СЫР БОЙЫНДАҒЫ САЛТАНАТЫ

Бүкіл облыс еңбекшілері сияқты, Қармақшы ауданының еңбекшілері де бұл күнді асыға күтіп, оған жан-жақты әзірленді. Сөйтіп, халық шаруашылығының барлық салаларында үлкен өрлеу туғызылды. Соның нәтижесінде аудан шопандары әрбір жүз саулықтан 124-тен қозы алып, межеден жоғары қырқуда. Мемлекетке қаракөл елтірісін тапсырудың жоспары артығымен орындалды. Жасыл шаршының жасампаз адамдары бағалы дақыл күріш егісін суға бастырып, аяқтауға жақын тұр. Өткен аптаның сенбісі. Бұл күн аудан еңбекшілері үшін аса қуанышты күн болды. Өйткені, олар осы күні құрметті қонақтардың бір тобын өздеріне қабылдады. Авторлармен бұл кездесудің қармақшылықтар үшін өз ерекшелігі, өз қуанышы бар. Өйткені, олар ең алдымен әдебиет күндерін атап өте отырып, сонымен бірге өз жерлестері, осы аудандағы Ленин атындағы совхоздың талантты перзенті Тұрмағамбет Ізтілеуовтің туғанына 100 жыл толуы салтанатын сабақтастыра өткізбек. Міне, осындай үлкен-үлкен екі оқиғаны атап өтуге келген құрметті қонақтар ауданға алғашқы қадамынан-ақ ерен еңбектерімен ел байлығын еселей түсу жолында еселі еңбек етіп жатқан «Ақжар» совхозының еңбеккерлерімен, аудандық партия, совет орындары басшыларымен жүздесті. Қаламгерді қарсы алуға шыққан өз әріптестерін облысымыздың Мересьеві, атақты механизатор, Социалистік Еңбек Ері, Қасымтай Ізтілеуов бастап еді. Қонақтар шаруашылықтың экономикалық және мәдени жағдайымен, совхоз шамшырағы атанып жүрген озаттармен кеңінен әңгімелесіп сырласты. Сол сияқты, жазушылар Социалистік Еңбек Ері Цай Ден Хак басқарған аудандық ең іргелі шаруашылықтарының бірі «ІІІ Интернационал» колхозының бұл күндері дүбірлі еңбек кең қанат жайған, күні ертеңгі алтын астық — ақ күріш теңіздей таситын плантациясында болып, колхоз диқандарына өздерінің «берекелі гектар болсын» деген ақ тілегін білдірді. Бұл күні аудан орталығы мерекедегідей безендірілген. Көшелерде «Қазақ совет әдебиеті күндері мен Тұрмағамбет Ізтілеуовтің туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатқа қатысушыларға жалыңды сәлем!», - деген транспоранттар ілінген. Қонақтар ең алдымен орталықтағы пролетариаттың данышпан көсемі Ленин ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Аудандық мәдениет сарайы маңында кітап базары өтіп жатты. Лек-лек ағылған жұртшылық кітап базарын қыздырып, өздерінің сүйікті авторларынан қолтаңба алды.

— Облысымызда қазақ әдебиеті күндерін өткізілуі, - деді облыстық советі атқару комитетінің председателі Ы.Қалиев аудандық мәдениет үйіндегі салтанатты ашардағы кіріспе сөзінде, — тегіннен-тегін емес. Сыр өлкесі Октябрь революциясы жеңісінің нұрлы шұғыласына ең алғашқы бөленген өлкелердің бірі. Қазақстанның алғашқы астанасы. Қашанда ән мен жырдың ордасы, қазақ совет әдебиеті мен өнерінің қасиетті қара шаңырағы. Адамзаттың сан ғасыр аңсаған арманы болған ғарыш кеңістігіне жол салудың старт алаңы. Халық дәулеті, Отан байлығына айналған ақ күріштің айтулы аймағы.

Біздің сүйікті де таңдаулы таланттарымыз бүгін осы өлкеде өсіп, өркендеп, көркейіп, гүлдену кезіндегі тыныс тіршілігімен танысуға, Сыр бойындағы өз оқырмандарымен жүздесіп, олар кеңінен сырласуға келді. Міне, сол құрметті қонақтарымыздың бір тобы сіздердің орталарыңызда. Бұл қонақтарды ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының бірінші секретары, СССР Жоғарғы Советінің депутаты, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жұбан Молдағалиев бастап келді. Делегация құрамында біз бүгін ақын, прозаик, драматург, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының секретары, Қазақ ССР сыйлығының лауреаты, филология ғылымының докторы Әбділда Тәжібаев, сыншы, ғалым, Қазақ ССР Ғылым Академиясының академигі, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұхаметжан Қаратаев, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының секретары Леонид Данилович Кривощеков, әдебиет сыншысы, филология ғылымының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев, ақын, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары Әбіраш Жәмішев, сыншы, Қазақ ССР Ғылым Академиясының әдебиет және өнер институтының бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы Рахманқұл Бердібаев, Республикамыздың таңдаулы ақындарының бірі Сағи Жиенбаев, ақындар Надежда Лушникова, Мағираш Сарикова, Аян Нысаналин жолдастармен дидарласып отырмыз. Сол сияқты, Сыр бойының ғана емес, бүкіл республикамыздың мақтанышы, жыр дүлдүлі жерлесіміз Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 100 жылдық торқалы тойына қатысу үшін жыр алыбы Жамбылдың немересі, Семей қаласындағы Абай Құнанбаев музейінің қызметкері Ахат Құдайбердиев, 1934 жылы республикалық халық таланттарының І слетіне ақын Тұрекеңмен бірге қатысқан суырып салма ақын, талдықорғандық Мұхаш Байбатыров, халық ақыны Манап Көкенов, тағы басқа өз облысымыздан, аудан орталығынан көптеген құрметті қонақтар келіп отыр. Халқымыздың таңдаулы таланттары Сыр бойына келгелі көп әсер алып жатыр. Сөйтсе де осы өлкенің көсегесі көгерген аудандарының бірі Қармақшы ауданына, аудан қамтитын Ленин атындағы совхозға, Тұрекеңнің туған топырағына келгендегі алар әсері ерекше болады деп ойлаймын. Ы. Қалиев жолдас осыдан кейін кешті салтанатты түрде ашты. Салтанаттың құрметті президиумына КПСС Орталық Комитетінің Саяси Бюросының құрамы бірауыздан сайланды. Ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің мүшелді мерекесі туралы баяндама жасау үшін көрнекті сыншы, ғалым Мұхаметжан Қаратаевқа сөз берілді.

— Сырдың елі — жырдың елі, ән елі десек, — деді академик — сыншы. Осы елдің топырағында туған жүздеген жүйріктер ішінде Тұрекеңнің тұлғасы Алатаудай асқақ көрінеді. Біздің Тұрекеңнің талантына табынып, жыр әлемінде пір тұтуымыздың сыры да сонда. Осындай бір қуаныш сәттердің құшағына енгенде ақындардың ақтаңгері атанған ақынымыздың өмір жолын тағы бір көз алдыңа әкелуіңе тура келді.

Тұрекеңнің бұл мерекесі бүгін Сыр бойының еңбеккерлері, оның ішінде ақынның жерлестері, сіздердің КПСС XXVІ съезі, Орталық Комитеттің өткен жылғы май, ноябрь Пленумдарының шешімдерін жүзеге асырып жатқан, сондай-ақ қазақ әдебиетінің облыста арнаулы күндері өтіп жатқан кезге тұспа-тұс келіп отыр. Мұқаң өзінің сөзінде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің әлемдік аренаға кең құлаш сермеген қадамын, осу, өркендеу жолдарын, бүгінгі ақын жазушылардың әдебиет күндерін өткізудегі алдарына қойып келген мақсат-межелерін ортаға салды. Сондай-ақ, әдебиет күндерімен бірге өткізіліп отырған бүгінгі қазақ халқының талантты ұлдарының бірі, артына өлмейтін мұра қалдырған, сөйтіп әдебиет саласындағы халықтық қазынаға мол үлес қосып кеткен Тұрмағамбет Ізтілеуовтің творчестволық еңбек жолдарына кеңінен тоқталды. Сыр бойы, оның ішінде Тұрекеңнің отаны Қармақшы ауданы өлең мен жырдың, өрелі өнердің мекені екендігіне зор баға берді.

— Біз бүгін өз кейіпкерлеріміз алдында творчестволық есеп беріп жүрміз, - деді баяндамадан соң бірінші сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші секретары Ж. Молдағалиев. — Бұл күнді әрі мәдениет, әрі саяси алғанда үлкен оқиға деп бағалау керек. Өйткені, әдебиетшілер — партиямыздың жауынгер көмекшісі. Олар әрдайым халық мақсатын, қуанышын, жарқын болашағын жырға желі, сөзге арқау етеді. Сол арқылы әрбір совет адамын отаншылдыққа тәрбиелеп, олардың жүрегіне рухани нәр құяды.

Партияның XXVІ съезі әдебиет майданы жауынгерлері алдында да зор міндеттер қойды. Өйткені, еліміз өссе, өскен елдің әдебиеті де өсе түсу, өресін биіктете беруі керек. Біздер сол партия шешімін жүзеге асыру жолында бойдағы талантымыз бен қажыр-қайратымызды сарқа жұмсаймыз. Онан әрі ол Тұрекеңнің аталып отырған 100 жылдық мерекесіне тоқталды. Жыр алыбы Әбділда Тәжібаев Тұрекең жөнінде естеліктерін айтты. Оның жырлары әлі зерттеліп болмағанын, алдағы уақытта да зерттеле беретінін атақты «Шаһнама» кітабы болашақта толық түрінде басылып шығуы керектігін атап көрсетті. Тұрекеңнің әлі де талай кітаптары жарық көретініне сендірді. Салтанатта Совет Одағының Батыры Т. Көмекбаев, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, механизатор Б. Әбішева, мұғалім Қ. Шыңғысов, белгілі ақын Л. Д. Кривощековтер құттықтау сөз сөйлеп, өлең оқыды.

Сыншы Р. Бердібаев сөз алды.

— Бүгін назым сөздің жиналысы, — деді ол, — Республика әдебиет өкілдерінің қатысқан, Тұрмағамбет ұстаз тұтқан Абайдың немересі Ахат, Жамбылдың немересі Әлімқұл қатысқан жиналыс. Тұрекең өз шығармасына қазақ халқының, Шығыс әдебиетінен нәр алған ұлы шайыр ғұламалардың бірі. Қазір оның ұрпақтары да өнерлі. Соңғы жылдары мен Сыр бойы термелеріне ерекше назар аударып жүрмін. Осы терменің де мекені Сыр бойы, оның ішінде Қармақшы ауданы.

Ақын Н. Лушникова, Ә. Жәмішов, С. Жиенбаев, А. Нысаналин, М. Байбатыров салтанатты арнау өлеңдерімен құттықтады. Сондай-ақ, Қазақ ССР Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ССР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер С. Толыбеков құттықтау сөз сөйлеп, ақ тілегін айтты. Қазақстан Компартиясы аудандық комитетінің бірінші секретары Е. Көшербаев сөз алып, қалам қайраткерлеріне алдағы уақытта да творчестволық зор табыс тіледі. Сөйтіп Қазақстан Жазушылар Одағына аудан партия, совет органдары және аудан еңбекшілері атынан Тұрекеңнің Жамбыл Жабаевпен бірге түскен суретін және адресат тапсырды. Салтанатқа Қазақстан Компартиясы облыстық комитетінің бюро мүшелігіне кандидат, облыстық партия комитетінің ұйымдастыру және партиялық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Н. Уәлиев, Қармақшы аудандық Советі атқару комитетінің председателі Е. Құтыбаев жолдастар қатысты. Мұнан соң құрметті қонақтар Қорқыт Ата ескерткіші басында болып, гүл шоқтарын қойды. Ленин атындағы совхоз. 29 май. Қаламгерлер бұл күні Тұрекеңнің туған ауылы Ленин атындағы совхозға келді. Ескерткіш алдында қазақ совет әдебиетінің ақсақалдары ауыл еңбеккерлерін Тұрекеңнің 100 жылдық тойымен құттықтады. Сонымен бірге жергілікті ақындар Тұрекеңе арнаған өздерінің жырларын оқыды. Кешкі сағат төрт. Әсем безендірілген совхоз клубында осы мерекеге арналған салтанат ашылады. Оны аудандық партия комитетінің бірінші секретары Е. Көшербаев жолдас қысқаша сөз сөйлеп шықты. Салтанаттың құрметті президиумына КПСС Орталық Комитетінің Саяси Бюросы бір ауыздан сайланды. Онан әрі профессор Ә. Қоңыратбаев, Т. Ізтілеуовтің өмірі, творчестволық жолы жайында баяндама жасады. Ол — араб, шағатай және түрік, парсы тілдерін жетік меңгерген ғұлама. Ата-анадан ерте айрылған 14 жасар жетім бала Қызылқұм шөлін асып, сонау Бұхарадан білім іздейді. Әуелі «Мир — Араб», онан соң «Көкелташ» медреселерінде оқып, білім алды. Оралғаннан кейін ол молдалық емес, мұғалімдік қызмет етеді. Оған қоса өзі оқуда жүргенде сусындаған Шығыс әдебиетінің, сондай-ақ Абайдың әсерімен танысқан орыс әдебиетінің, қазақтың халық эпостарының рухымен жырға әбден беріледі. Баяндамашы онан әрі Тұрекеңнің «Шаһнаманы» жазу тарихына оның дастандары мен рубаяттарына және басқа жанрдағы шығармаларына, айтыс тақырыбына, оның адамгершілік, биік парасатқа тәрбиеленудегі мәніне тоқталды. Ленин атындағы ауылдық советтің председателі Қаратай Қуанбаев Тұрекеңнің жерлестері атынан оның бүгінгі торқалы тойын өткізуге қатысып отырған қаламгерлер қауымын шын жүректен құттықтады. Сонымен бірге ол Сыр бойындағы атақты үш Жүсіп, Омар мен Балқы Базар, дүр Оңғар сияқты көптеген даңғайыр дарындардың да өлең-жырлары осындай жарық көріп, оқырмандарға ұсынылуын, Тұрекеңнің атақты «Шаһнамасы» толық күйінде сондай-ақ, оның әзіл-сықақ сөздері, әлі де көпке танылмай жатқан өлең-жырлары жеке кітаптар болып басылуын өтінді. Салтанатқа қатысушыларды пионерлер құттықтады. Сондай-ақ, ақын С. Жиенбаев, С. Желдербаева, С. Пірманов, т. б. құттықтау өлеңдер оқыды. С. Жұмабекова салтанатқа қатысушыларды құттықтап, құрметті қонақтарға зор денсаулық, творчестволық үлкен табыстар тіледі. М. Әуезов атындағы Әдебиет және енер институтының ғылыми қызметкері, фольклорист тұрмағамбеттанушы М. Байділдаев сөз сөйледі. Жарық көрген еңбектерінен басқа Тұрекеңнің 300 термесі және «Рауа Бану» атты дастаны пленкаға түсірілген. Дүлдүл ақын жөнінде Қазақ ССР тарихына жеке тарау енгізілген. Салтанат соңында совхоз директоры Ж. Бердімұратов сөз алып, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасына Тұрекеңнің портретін және адресат ескерткіш тапсырды. Салтанатқа Қазақстан Компартиясы облыстық комитетінің бюро мүшелігіне кандидат, облыстық партия комитетінің ұйымдастыру және партиялық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Н. Уәлиев, аудандық советі атқару комитетінің председателі Е. Құттыбаев жолдастар қатысты.

Салтанат соңында қатысушыларға үлкен концерт қойылды.

Қоңыратбаев Ә.

1985 ж.

ШАЙЫРЛЫҚ-ҚИССА ӘДЕБИЕТІ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ

(Ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің шайырлығы жайлы)

1983 жылдың 27—29 май күндері Сырдың көрнекті шайыры, халық ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 100 жылдығын (1882-1982) атап өттік. Ең соңғы мерекелі жиналыс 1983 жылдың 29 майы күні шайырдың туған жері Ленин атындағы совхозда өтті. Сол күнгі Тұрекеңе арналған баяндамада мен оны Сырдың көрнекті «Шайыры» дедім. Бұл терминді академик М.Қаратаев, профессор Р.Бердібаев сияқты Алматы ғалымдары қоштады. Осыған байланысты «Шайырлық қисса әдебиеті дегеніміз не?» деген сауалға анықтық енгізу қажет сияқты. Қазақ даласының Россияға қарауы біздің бір ғана ағартушылық әдебиетімізді ғана емес, сонымен бірге терме, толғау, әсіресе жазбалық қисса әдебиетіміздің тууына да себеп болған десек, бұл үш түрлі жазбалық әдебиет мұрасын бір-біріне қарсы қоймай, бүгінгі қазақ совет әдебиетіне үш бұлақ, үш өзен деп түсінген жөн. Сонда жазба әдебиетіміздің тарихы түгенделіп, өткен мен бүгін арасы тарихи негізде дұрысырақ зерттелмек. Анық үлгілі орыс әдебиетінің әсерімен жасалған Шоқан, Абай, Ыбырай мұрасы оқырманға белгілі. Жүрдім-бардым сөз болып, қазақ әдебиеті тарихына жеке жазбалық стиль ретінде емін-еркін түспей жүргендері XІX ғасырдағы терме-толғау ақындары мен қисса (шайырлық) әдебиеті болып келді. Көпшілікке кеңінен танымал терме ақындары қатарына біз Мәшһүр Жүсіп Көпеев, О. Қарашаев, Н. Наушабаев, М. Қалтаев, Ш. Бөкеев, Ә.Кердері, Ақмолда ақын және басқаларының поэзиясын жатқызамыз. Одан бұрын Махамбеттің шаруа қимылын жырлайтын романтизмі, көкейі ескіге тартқан Дулат пен Шортанбай сатирасы туған еді. Сырдың белгілі ақыны Балқы Базарда да романтизм сарыны бар еді. Махамбет пен Базарда фольклер стилі басым болатын. Қазақ елі бұрын-соңды шығыс елдері қатарына болып, өзінің көп заманғы мәдениетін Орта Азия, әсіресе өзбек, тәжік елдерімен тығыз байланыста дамытқан болса, бұл жерде жазбалық қисса-шайырлық әдебиетіне ғылыми анықтама бергім бар. Шығыстың 1000 жылдық қисса әдебиетін ел кеп заманнан бері түсінген болса, соның ғылыми анықтамасы оларға қалай ауыр, түсініксіз болар екен? Түптеп келгенде, мәдениеттің жаратушысы халық болса, мың жыл өмір сүрген қиссалар нендей нәрсені қалай жырлаған, қисса қандай жанр, оның бүгіндік мәні неде дегенді үлкен келелі сөз ету керек. Ескі қиссаларда діншілдіктен бастайтын Хамду-сана жоқ емес. Солай бола тұрса да СССР Ғылым академиясының «Шығыс баспасы» шығыстың мыңдаған жылдар өмір сүрген қиссаларын марксизм-ленинизм іліміне негіздеп, көп бастырып отырса Тұрмағамбет сияқты үлкен шайырлар тұсында қисса әдебиетіне бізде келелі түрде келуге тиіспіз. Сол негізде ғана өткен мен бүгіннің айырмасын дұрыс танытуға болады. Өнердің өлшемі тарих, қоғам болмысын таныту ғой. Бүгінге дейін қазақтың жазбалық қисса әдебиеті кем бағаланып, ол өзінің тиісті орнын әдебиет тарихынан ала алмай келген болса, бұл жайды да ескереміз. Тұрекең сияқты үлкен мектеп жасаған шайырлар тұсында үлкен мен кішінің сөзі бір-біріне ұқсас болса, бұл тіпті қиын. Автордың мәнін айту мен өнерін айту бір емес. Енді біреулер «Шайыр» деген сөз ешкі аты, бізге «Нар ақын» деген сөз керек деседі. Өзбектерде «Нар ақын», «шар ақын» деген атау жоқ. Олар жазба әдебиет өкілдерін «шайыр» десе халық ақындарын «бахши» дейді. «Шайыр» деген сөздің түбірі — арабша «Шиэр», парсыша «Назым». Бұл атауларды Абай «ақын» деген. Онысы арабша «ойшыл», «ғұлама» деген сөз. Оған дейін біз ақынды «бақсы», «жырау» деп келген едік. Ағартушы Абайдың жырауды «ахун» деуі — ендігі жерде ақын тек құраушы емес, ғалым, ойшыл болсын дегені. Ниеті дұрыс. Әйтпесе ол: «Әуелі аят, хадис сөздің басы», «Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау, сөзінің бірі құрау, бірі жамау» демес еді. Байды, қызды мақтап, мал тауып, оңай өлеңге әуес болғандарды ол «күнелтушілердің ермегі» деген. Оларды Абай «надан» дейді. Ұйқас тауып, сөз тауып, сөз құрауға үлкен ойшыл болу шарт емес. «Шайыр» деген сөзді де дұрыс түсіну керек. Қазақ арасында жазбалық қисса әдебиетінің екі қанаты болған. Бірі Шығыс сюжеттерін ғана жырласа, екінші қанаты қазақ эпосын тақырып еткен. Соның екеуі де дайын сюжет. Тағы біреулер қиссаның барлығы діни әдебиет болған деп ойлайды. Сондай үркектікпен келді де, ондай ағайындар шығыс классиктері мың жылдар бойында шахтардың сойылын соғып, орта ғасыр феодализмінің жыртығын жамап, ислам дінінің соқыр құралы болған деседі. Бұл шығыс классиктері ғана емес, тарихтың өзіне де жасалған зор қиянат, бос мақтампаздық, историзм ғана емес, Ленин оқуына да тиімсіз ұғым, метафизика. Қазақ арасындағы қиссашыл шайырлардың екі қанаты болды дедік. Бір қанаты, жоғарыда айтылғандай қазақ эпосын айналдырса, екінші қанаты, мысалы, Мәулікей, Ақылбек би, Сабал, Шәді, Нұралы, Жүсіпбек қожа, Тұрмағамбеттің әрқайсысы 40 — 50 қиссадан алып отырған. Бұлардың сюжеті көбіне шығыстан алынған еді. «Шаһнама» эпосын қисса еткенде көшпелі елдердің ертедегі шаманизм, зороастризм, манехеизм сияқты сәби нанымдарын қуып шығып, әңгіменің тонын ислам арқауында көрсеткен.

Шығыстың дайын сюжеттерін қисса етіп жырлағандарды төрт топқа бөлеміз. Бірінші, «Мың бір түн», «Шаһнама» сюжеттерін қисса ежен шайырлар. Бұған Тұрмағамбет те қосылады. Мұндай қиссаларда ислам әсері жоқ, шайырлар ерте замандағы мифология мен аңыздарға, әсіресе зороастризмге жүгінеді. Кейбірінде орта ғасыр (феодализм) қайшылығы сыналады. Мысалы, «Шаһнамада» Фердауси ислам дініне зороастризм мифологиясын қарсы қойған. Сол үшін «Шаһнама» өзінің сәби мифологиясы жағынан қазақ эпосынан марқа және табиғи. Екіншісі Низами, Хұсрау, Дохлеви, Науаи, Беділден басталатын ұлы махаббат жырлары («Жүсіп — Зылиха», «Фархад — Шырын», т.б.). Бабырда 2000 канизак, Ақсақ Темірде 500 әйел болса, сонау құлдық дәуірден бастап, феодализм заманына дейін шығыс әйелдері мен пақырларының ахуалы бір күн жақсармайды. Сасандар билігі жойылғанмен, сұлу қыздың бәрі сарай тұтқыны болса, кедей қыздары алпауыттар плантациясына алынып, жұмыс малына айналады. Еркектердің 90 проценті әйелсіз өтеді. Құлдық үстіне феодализм келіп, ел тұрмысы ауырлағанда Науаилар әйел, құлдар, кедейлер правосын жақтап, әлемге әйгілі ұлы махаббат жырларын жазады. Оны сасандар кезіндегі өмірге Низами қолданған еді. Сонда шығыс классиктері орта ғасыр өмірін сұлулап көрсеткен, идеалдаған дейтін сөздің инедей шындығы жоқ. Оны тек тарихты қойып, білімнен жұрдай болғандар ғана айтуы мүмкін. Махаббат жырларында екі түрлі формацияның қан құйлы зор қайшылықтары суреттелген. «Шаһнамада» ескілікті дәріптейтін мифологиялық романтизм басым болса, Науаида реализм басым. Оның «Хамсасы» - сатира. Үшіншіден, Ислам батырларының соғыстарын дәріптейтін «Сал-сал», «Зарқұм», «Хасан — Үсейін» деп аталатын діни қиссалар. Бұл түрдегі жырлардың өнерге бергені жоқ. Төртіншіден, XVІІ - XІX ғасырларда Орта Азияда феодализм және ислам қайшылығы тереңдеп, болмыс шіріген кезде, көптеген қисса ақындары феодализмнен безіп, утопиялық, фантастикалық махаббатқа салынады. Ел тұрмысы қиындайды. Ақындар бұрын шахтарды мақтап, ода жазған болса, еркексіз әйел, әйелсіз ерлерді көргенде феодализм шіріді, дін — алдампаз, жер тамұқ болды, бостандық аспанда деп, мистикалық романтизм қиссаларын жырлайды. Осы төрт түрлі қиссаның арасын қосып жіберіп, оларды қойша жамыратса, тарихты, өнер мұрасын оңайлату, темен стиль келіп шығады. Классиктер діннің қарғатайы болған емес. Қиссалардың қиссасы «Шаһнама» болса, Тұрекең бұл жайларды түсінген. Өзінің жеті дастаныңда ол орта ғасыр феодализмін сынайды. Бұл Тұрекеңнің Науаи реализмімен байланысты жағы. Термеге келер болсақ, Тұрекең оны да жазбаға негіздеп, реформалаған. Ондағы алты ақын шұбыртпалы ұйқастың кредосын жақтайды. Термені қанша жол болса да бір ұйқаспен жазу - Тұрекең ашқан жаңалық. Соны Шораяқтың Омары, қос Жүсіп, Нұртуған, Ерімбеттер жаппай қолданған. Сырдың айтыс ақындары да жазбаға сүйенген. Шайырлық термесі жазбалық стиль болды, Сыр айтысы ішінде. Онысы қазаққа таныс форма. Тағы бір айтарым, Тұрекең терменің ұйқасын ғана реформалап қойған жоқ, сонымен бірге Сырдың домбыралық музыкасын реформалаған. Тасбергеннің маңырамасы, Молдахметтің боздамасы, сондай-ақ бүкіл Сыр жырауларының музыкасы Тұрекеңнен тарайды. Бұл екі түрлі реформаны да шайырлық белгісі дейміз. Мереке дегеніміз өмірбаянды айту ғана емес, ғылымға негізделген асу болса, Тұрекең стилі жөнінде айтар кейбір ойлар осы еді. Бұл — жас ақындарға пайдалы ойлар. Осы жылғы 29 май күнгі баяндамамда мен осы жайлардың шет-пұшпағын айтып едім. Оны біреу ұқса, біреу ұқпады. Түбінде төмен стильдің берері жоқ. Үлкен жаңашылға үлкен сөз керек. Тұрекең қазақтың шығыспен байланысты шайырлық әдебиетін туғызғандардың бірі.

Торманова Н.

«Коммунизм шамшырағы», 1990 ж.

"МЕН ӨЗІМ НАЗЫМ СӨЗГЕ ШЕБЕР ЕДІМ..."

(Т. Ізтілеуов еңбектеріне шолу)

Мен өзім назым сөзге шебер едім,
Өзімнен шебер кім деп кебер едім.
Әртүрлі хикая мен дастандардың,
Ширатқан шым жібектен көгені едім, -

деп толғай жырлаған Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуовтің жүз жасқа толу мерекесін бүкіл өнер сүйгіш қауым атап етуде. Осыған орай, орталық Абай кітапханасы және басқа кітапханаларда "Сыр сүлейі Т. Ізтілеуов 100 жаста" атты кітап көрмелері ұйымдастырылуда. Сол сияқты "Әр дауысты ақын", "Дүр ақын" атты мәнерлеп оқу, библиографиялық шолулар өткізілуде. Біз жерлес ақынымыз, айтулы жыршымыздың еңбектерімен қоса ол жайлы жазылған ғылыми еңбектерді көпшілік оқырманға таныстырғалы отырмыз.

Сөзінің шырын ләззаты,
Дарияны нілдей бу еткен!
Тұрмағамбет, дүр Омар,
Батымды сөзі шым еткен

Айтылған сөзі айқыннан,
Таңданып халқы шу еткен! –

деп Асқар Тоқмағамбетов жырымен ашып, алғысөз жазған ғалым М. Байділдаев "Назым" кітабының жарыққа шығуына себепші болған фольклорист. "Назым" (Алматы, 1972 жыл) тоғыз бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде өлеңдері топталып берілген. Бұған жыраулар толғап жүрген атақты "Әр елдің бар бұлбұлы", "Еңбегің ессізге еткен еш болады" және басқа еңбектері енген. "Назым" кітабының алғашқы бөлімінде, негізінен ақын адам бойындағы асыл қасиеттер — адамгершілік, ізгілік, жақсылық хақында өлең сөзден өрім өреді. Күйкі тіршіліктен биік тұратын арман-мұрат жайлы жыр толғамы кімнің де болсын жүрегінен жарқын жол тапқандай. Ақын жаманнан жирендіріп, жақсыға сүйсіндіреді. Жас ұрпақты өнер-білімге үндейді, эстетикалық тәлім-тәрбие беруге тырысады. Екінші бөліміне енген 1907 — 1939 жылдары жазған "Тақпақтары" байлар мен билерге арналып, олардың надандығын әшкерелейді. Қолмен қойғандай жыр тіркестері маржандай жарқылдай түседі.

Халық үшін туған хас жомарт,
Мың барсаң да пір көрер.
Кеудесі зор, көңілі — пәс,
Мың айтсаң да бір көрер...-

дейді ақын.

Мұнан соңғы бөлімдер "Шолақ шумақтар" (1907 — 1931). "Рубаилар", "Нақылдар", "Мысалдар", "Айтыстар", "Дастандар" болып бөлінген. Т. Ізтілеуов бұл жырларында бақыт әкелген Совет өкіметін, көсем В.И. Ленинді, Октябрь шұғыласын қуана қарсы алып, дана сөзімен халқына жеткізеді. Ал "Мәрді диқан", "Данышпан қарт", "Тұтқын қыз", "Рауа — бану", "Әшкабус", "Мақта" дастандарын ақын медресені үздік бітіріп, шығыс тілдерін жете меңгерген шағында, шығыстың классикалық шығармаларын қазақ халқына жеткізу мақсатында жазған.

Жазған сөзім қыдырды,
Орал менен Торғайды...
Киіз үйлі қазақтың
Есіткен жері сөзімді

Табан асты қылмайды, — деп ақын Т. Ізтілеуовтің өзі айтқандай алапат тасқынды Сыр суындай өлеңі өмірді өрнектеп, халқын сусындата берері сөзсіз. "Рүстем — Дастан" болса ақынның тарлан тартқан шағында он ай бойы дамылсыз еткен еңбегінің жемісі еді. Әйгілі 40 мың жолға жуық "Шаһнама" эпопеясының қазақ тілінде сөйлеуі үлкен мақтаныш болды. 1936 жылы Қазақ ССР Орталық атқару комитетінің Президиумы өз қаулысында Тұрмағамбеттің бұл еңбегін ерекше атап көрсетті. Ақын еңбектері әлі толық зерттеліп болған жоқ. Т. Ізтілеуов еңбектері туған халқын, оның ішінде Сыр бойын мекендеген елді үлкен адамгершілікке, азаматтыққа шақырады.

Ақын арманы орындалды. Ол қашан да халық жүрегінде бола бермек.
Дүниеден өмір бітіп өтсем де өзім,
Аралап жердің жүзін жүрер сөзім.
Көре алмай кейінгіні кеттім-ау! – деп

Арманда болмай-ақ қой екі көзім".

Архаров Қ.

«Сыр бойы», 12.19.2002 ж.

СӨЗІНЕ ТЫҢДАҒАН ЖАН ІҢКӘР ЕДІ

Алты алаштың анасы мен панасы болған Сыр бойы киелі жер. Осы қасиетті жердің қазіргі Қызылорда облысындағы «жүз жүйріктің елі» атанған Қармақшы ауданының «Ақтайлақ кезең» деген құтты мекенінде 1882 жылы ақжарқын да еңбекқор Ізтілеудің отбасында дүниеге бір сәби келді, ол келешек тұлпар ақын Тұрмағамбет еді. Болар бала бесікте жатқаннан белгілі болады дегендей, ол бала жасынан зеректік танытады. Тұрмағамбет Қармақшы ауданындағы ауылда белгілі ұстаз-ағартушы, үлкен оқымысты Ерназарұлы Алдашбай ахунның мешіт-медресесінде оқып, сауат ашып, едәуір дәрежеде білім алып шығады. Мешіт-медресені ойдағыдай бітірген Тұрмағамбет оның келешегінен зор үміт күткен ұстаздарының қолдауымен Бұқарадағы әйгілі «Мир-Араб», «Көкелташ» медреселерінде оқуын онан әрі жалғастырады. Ғылым-білімге ден қойған, оқуға зерек ол араб, парсы, түркі-шағатай тілдерін жетік меңгереді, сол тілдерде жазылған әлемдік әдебиеттер: «Мың бір түн», «Тотынама», «Шаһнама», «Софы Алдияр», т.б. кітаптарды мейірлене оқып сусындайды. Сондай-ақ ол шығыстың ғұлама ғалымдарының еңбектерімен танысады, «Шығыс жұлдыздары» атанған дүлдүл ақындардың мәңгі өлмес-өшпес шығармаларын зер сала оқып, көңілге тоқиды. Тұрмағамбет аталмыш медресені үздік бітіріп, дүниеге көзқарасы кеңейіп, көкірек көзі ашылып, рухани байлығы ұлғайып, ақындық дарыны ұшталып, мол білім алып шығады. Сөйтіп, ол ұшқан үясы — туған елге іңкәр көңілмен оралады. Елге келгесін өз бойына жинаған көл-көсір білімін туған халқына, оның болашағы — жас ұрпаққа дарыту мақсатында ауылда мектеп ашып, мұғалімдік-ұстаздық жұмыспен шұғылданып, балаларды оқытады. Шәкірттерін терең білім алып, халқына адал қызмет етуге шақырады.

Шәкірттер, бір-біріңмен ұрыспаңдар,
Мінездің мінін алып, дұрыстаңдар.
Жасыңнан білім алып үлгі үйрен де,
Ел билеп, ұлғайған соң тыныстаңдар.

...Ақыл — тон алдағанға тозбайтұғын,
Ғылым — кен күнде өніп қоздайтұғын, —

деп шәкірттерінің намысын қозғап, ғылым мен өнерді игеруге шақырып үндеу салады. Тұрмағамбет балаларды оқыта жүріп, өз өмірін ақындыққа арнады, ол поэзияның барлық саласында қалам тартты. Көркем өнердің ішіндегі ең бастысы болып табылатын «өлең өнеріне ерекше мән берді, оған ақынның мына өлең шумақтары дәлел бола алады:

Сөйлеген сөзім ыңғайлы,
Құмартып халқым тыңдайды.
Сөз өлшеуін білмеген,
Шағалаша шулайды.

Тал жібектей таза сөз,
Еш жеріңді жырмайды.
Жағдайсыз сөздің мысалы
Шеңгелше етек тырнайды...

Сонымен Тұрмағамбет білікті ұстаз, ғұлама ғалым, өрен жүйрік ақын болып қалыптасты. Ақын болғанда Сыр сүлейлерінің бірегейі, поэзия тауының асқар биік шыңы болды. Ақын Қуаныш Баймағамбеттің сипаттауы бойынша:

Топ бастар Тұрмағамбет тұлпар еді,
Самғаған самұрықтай сұңқар еді.
Астасқан бүкіл шығыс тарихымен,
Сөзіне тыңдаған жан іңкәр еді...

Иә, Тұрмағамбет ақынның мірдің оғындай өткір, тал жібектей таза, бұлақ суындай мөлдір, жүрекке жылы жеткізе айтылған нақыл-өсиетке толы ойлы, асыл сөздері кісіні тамсандырмай, тебірентпей қоймайды. Тұрекеңнің өлең-жырларында небір көркем «сұлулап соққан сөздер бар, құралай көз, қиғаш қас, қыз сияқты форымды». «Жыл келді» (көктем) өлеңінде ол табиғатты былайша суреттейді:

Күлімдеп, қасын керіп келді жылым,
Сұлудай ақық ерін, алтын тұлым.
Көркейіп, көңіліңнен кетті кірбің,
Көргенде кім де болса мұның түрін.

Жай болып жан-жануар жайраңдады,
Әлдилеп ана алғандай алдына ұлын.
Жайғандай жасыл қамқа жасарып жер,
Жіберді жарқыратып көздің нұрын.

Мың түрлі минутында гүл құлпырды,
Қыздардай күйеулері келген ұрын.
«Толымды жігіт» өлеңінде оның сипатын төмендегіше сомдайды:
Хас масаты қағылса,

Күннен-күнге құлпырар.
Шын жүйрік наз бедеу,
Шапқан сайын жұлқынар.
Толымды жігіт — тор бұзған

Жолбарыстай бұлқынар,
Қаңтарда қатқан дариядай,
Бетінен буы бұрқырар
Кім де болса қадірлеп,

Үйірсек аттай шұрқырар
Ел ісін дайын етуге,
Атқан оқтай зырқырар,
Жұмысына жаманның

Сай-сүйегің сырқырар
Сағасыз су қайткенмен,
Сарқырай алмас, тырқырар.

Кіршіксіз мөлдір махаббат пен жоғары адамгершілікті дәріптейтін «Рауа Бану» дастанында оның бас кейіпкері аса сұлу және әулие Рауа Банудың келбет-көркін бір-ақ шумақ өлеңге сыйғызып былайша сипаттайды:

Артықша әйел еді біткен көрік,
Көргеннің кетуші еді көңілі еріп.
Жанында жарты сағат отырғандар,
Бар мүлкін бергендей ед жинап, теріп.

Ал кедейлік қысымынан алыс жолға сапар шегіп, еңбек етіп мал, пұл тауып келмекке бел буған Рауа Банудың еріне Тұрекең мынадай ащы шындықты айтқызып, болмыста орын алған ақиқатты айқын көрсетеді.

Жалғанда жоқтық деген жаман екен,
Бай болсаң, барлық ісің тәмам екен.
Болмаса қалтаңда пұл, қораңда мал
Демейді ешкім сені адам екен.

Тұрекең өзінің бойындағы дарынын, білімі мен ақыл-ойын туған халқына қызмет етуге қалтқысыз арнады.

Қайратты туған ер болсаң,
Қамын ойла халқыңның.
Жетім менен жесірге,
Өзі бол жүзі жарқынның.

Туған елді тонама,
Толуын ойлап алқымның.

Ол елді, ел басқарған азаматтарды ауызбірлік пен татулыққа, адал еңбек етуге, жас жеткіншектерге дұрыс тәрбие беруге шақырады, оны аса мәнді де дәмді өлеңмен былайша өрнектеді.

Жаз болғаннан жадыңа ал,
Алдындағы қысыңды.
Ақылың астам болғанмен,
Ойласпай етпе ісіңді.

Қайратың зор болғанмен,
Орнына жұмса күшіңді.
Кескен тоның кеңеспен,
Көрінер көзге пішінді.

Үйретіп үлгі, өнеге,
Таза бақ жасы кішіңді.
Ағайын болсаң, араға
Жолатпа сыпсың-пысыңды.

Қамын ойлап қарныңның,
Қайрама халқыңа тісіңді...

Тұрмағамбеттің Бұхарадағы діни медреседе оқып, терең білім алғаны өкінішке орай кеңес өкіметі тарапынан өзіне сор болып жабысты. Дінсіз, имансыз Кеңес өкіметінің басшылары, дәлірек айтқанда ішкі істер бөлімі, қауіпсіздік органдар ешқандай кінәсі болмаса да оны молдасың деп жазғырып, қуғын-сүргінге ұшыратты. Ол бірнеше рет абақтыға жабылды. Бірақ кінәсіз қайсар ақын көрген қорлыққа мойымай, өзін қудалаушыларға қарсы тұрып, шындықты айтқан.

Жек көресің бастықтар,
Қожа, молда, діндіні.
Жинап алып жұмсайсың,
Есірік пен жындыны, —

деп олардың өздеріне сын айтқан.

Тұрекеңнің соңына салып қойылған тыңшының бірі Құрбан деген молда болыпты. Ол ақынды өзіне шақырып, онан сыр тартпақ болып қитұрқы сұрақтар қойып, Тұрекеңнің сөзіне құлақ аспай тұрыпты. Сонда Тұрекең:

Шақырдың мені неге молда Құрбан?
Екенсің ақыл-естен жұрдай болған.
Есек тең бола алмайды тұлпарменен,
Сөзіме мейлің қызар, мейлің сұрлан, —

депті де үйден шығыпты. Сол тыңшының жалған жаласымен қауіпсіздік комитетінің қырғилары Тұрмағамбетті тағы да қамауға алады. Ол өзімен бірге қамауда жатқандарға тергеушілердің көрсеткен зорлық-зомбылықтарына шыдап, өздеріне таңылған жалған айып хаттамасына қол қоймауға кеңес берген. Сондай-ақ оларға сары уайымға салынбаңдар, ананың тар құрсағынан шыққанда, мынау абақтының кең есігінен қалай шықпаймыз? - деп күлдіргі сөздер айтып көңілдерін көтеріп отырған. Тұрмағамбеттің шығармалары туралы айтқанда оның әлемге әйгілі ақын Фердаусидің «Шаһнама» дастанының қазақша нұсқасын жасағанын айту ләзім. 1934 жылы Фердаусидің туғанына мың жыл толуына байланысты оны әлем жұртшылығы атап өтетін болғандықтан, біз де қатардан қалмайық деп сол кездегі Қазақстанның ағарту және мәдениет халық комиссары Темірбек Жүргенов «Шаһнаманы» қазақшалауды Тұрмағамбетке тапсырады. Тұрекең бұл жауапты тапсырманы орындауға құлшына кіріседі. Ол жөнінде «Кейінге нені тастап кетемін деп» деген өлеңіне былайша баян етеді:

Дүниеге келгендерге мирас өлмек,
Өлген соң, екі бастан жоқ қой келмек.
Соны ойлап өз-өзімнен қайнап тасып,
Қиялым көкірегімді кетті кернеп.

«Қалайша қапыл өтіп кетем бе» деп,
Кітабын «Шаһнаманың» еттім «ермек».
Өлеңмен он бір буын он ай жазып,
Бітірдім басым сипап шаршап, терлеп...

«Шаһнаманың» қазақша нұсқасы жазылып біткеннен кейін Жүргенов төрағалық ететін үкімет комиссиясы оны бек ұнатып, аталмыш дастанды 4 том етіп, оқа-зерлеп бастыруға шешім қабылдайды. Алайда өзекті өртер өкінішке орай комиссияның бұл ұйғарымы жүзеге асырылмай қалды, өйткені Жүргенов, басқа үкімет басшылары, сондай-ақ Тұрекең де жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырады. «Шаһнаманың» қазақша нұсқасы жазылып біткеннен кейін (1936 жылдың қазан айы) арада жиырма бес жыл өткенде, 1961 жылы қазақ мәдениетінің жанашыры, аяулы азамат Мардан Байділдаевтың көп күш жұмсап еңбектенуінің арқасында «Шаһнаманың» көлемді бір бөлігі «Рүстем — Дастан» деген атпен жарық көрді. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «мынау еңбекті Фердауси үлгісімен халық ақыны Тұрмағамбеттің өзі елең етіп жазған Рүстем жөніндегі дастанның қазақша варианты дейміз» — деп қорытынды жасады және оны өте жоғары бағалады. Республикамыздың көрнекті ғалымдары Ә. Қоңыратбаев, М. Қаратаев, Р.Бердібаев, т.б. аталмыш дастанды бірауыздан ана тілімізге қосылған қымбат дүние, республикамыздың әдебиет өміріндегі үлкен оқиға, бұл дастанның көркем тілін тіл мамандары зерттеуге тиіс деп жазды. Ақын жерлесіміз Өтеген Күмісбаев Тұрмағамбеттің «Рүстем — Дастан» поэмасы туралы зерттеу жүргізіп, диссертация қорғап, филология ғылымының кандидаты деген атақ алды. Тұрмағамбеттің асыл сөздері кеңестік дәуірде көптеп шығарылмады. Рас, 1972 жылы Мардан Байділдаевтың құрастыруымен оның «Назым» атты көлемі шағын таңдамалы шығармалары жарық көрді. Ол кітап тез таралды. Кітап шыққаннан бері де отыз жыл өткен екен. Қазір Тұрекеңнің кітабын іздеушілер көп, бірақ оны еш жерден таба алмайсың. Аузынан шыққан сөзі өлең болып өрілген ерекше дарын иесі, бар өмірін туған халқына қалтқысыз қызмет етуге арнаған халқымыздың сүйікті перзенті, данышпан ақын Тұрмағамбет өзінің көп тер төгіп, мәдениет майданында сіңірген еңбегіне лайық бағасы мен орнын алуға тиіс. «Гауһарды «тас екен» деп тастап кетер, Наданға жол үстінде кез келгенмен» деп өзі айтқанындай Тұрмағамбеттей асылды бағалай алмасақ, бұл оған жасалған қиянат болар еді. Тұрмағамбеттің баға жетпес асыл сөздері жас ұрпақты адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеудің, халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудің рухани өткір құралы болып табылады. Қазіргідей қылмыстың алуан түрлері өршіп, сыбайлас жемқорлық пен парақорлық, нәпсіқұмарлық ұлғайып тұрған кезде Тұрекеңнің төмендегідей ғибратты тұжырымы қазіргі тойымсыз аш көздерге арнап айтқандай әсер етеді.

Ой — терең, ойнар — наһан теңізден де,
Тың тұрған тіл — сүзеген өгізден де.
Наһаннан нар жұтатын нәпсің жаман,
Қанағат қылмайтын аз жегізгенге.

Игеріп осы үшеуін ала алмасаң,
Ерлерім, ауруыңа ем ізденбе!
Халқыңа қалай-дағы туралық қыл,
Нық тұтып ниетіңді, негізден де!

«Дүниеден өмір бітіп, өтсем де өзім,
Аралап жердің жүзін жүрер сөзім», —
деп айтуға халқымыздың сүйікті ұлы Тұрекең қақылы еді.

Тұрмағамбеттің атында Қармақшы ауданында бір ауыл, бір мектеп бар, ал Қызылорда қаласының бір шетінде (Гагарин қонысында) көше бар. Алматы қаласындағы №163 мектеп оның есімімен аталады. Бұл Тұрмағамбеттей ұлы тұлғаға жеткіліксіз құрмет. Ізтілеуұлы Тұрмағамбеттің есімін есте қалдыру жөніндегі менің ұсынысым төмендегідей: Тұрмағамбеттің бұрын жарық көрген «Назым» кітабында және Қазақстан Ғылым академиясының Әдебиет институтының қорында сақтаулы тұрған Тұрекеңнің көптеген өлеңдері мен дастандарынан, мақал-мәтелдерінен алып, оның таңдамалы шығармаларының толық бір томдығын көп таралыммен оқа-зерлеп бастырып шығару қажет. Тұрекеңнің кітаптарын сатып алушылардың көп болатындығына толық сенуге болады. Абай мен Тұрмағамбеттің кітаптары әрбір отбасында болуы керек. Тұрмағамбет шығармаларын оқыту орта және жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасына енгізілуі тиіс. Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентін және Қызылорда филармониясын оның атымен атап, Қармақшы ауданының орталығы мен Қызылорда қаласында Тұрмағамбеттің мүсінін орнату парыз. Тұрмағамбеттің 120 жылдық мерейтойын облыстық және республикалық деңгейде атап өтуді қарастырған жөн болар еді. Ақынның дарынына бас иген көп оқырманның бірі ретінде мен өзімнің ой-толғауымды ортаға ұсынып отырмын. Менің бұл пікірлерім мен ұсыныстарымды жыр сүйер облыс жұртшылығы қолдайды деп сенім артамын.

Кәрібозов Е.

«Егемен Қазақстан», 25.09.2002 ж.

АҚЫННЫҢ АСЫЛ МҰРАСЫ – ӨНЕГЕЛІ ӨМІР ӨРІСІ

«Егемен Қазақстан» газетінде қазақтың сөз өнеріндегі үш алыптың ұрпақтары: Ахат Шәкәрімұлы, Әбдірауық Тұрмағамбетов және Әлімқұл Жамбыловтың суреттері бейнеленген «Асылдың тұяқтары» атты мақала басылыпты. Мақала соңында «Тұрмағамбет баласы Әбдірауық атамыздың тағдыры бізге белгісіз» деп жазылған екен. Біз осы көңіл толқытарлық мақаланы оқып шығып, үнсіз қалмауды жөн көрдік. «Тағдыры белгісіз делінген» Әбдірауық атамыз жайыңда және оның әкесі сөз зергері Тұрмағамбет турасында аз-маз сөз қозғауды парызымыз санадық. Алтынның сынығы, асылдың тұяғы Әбдірауық атамыз туралы қысқаша айтар болсақ, туған жерінде жұмыс істеп, адал еңбегімен ел құрметіне бөленді. Елдегі беделді азаматтардың қатарында құдай берген төрт ұл, үш қызды тәрбиелеп өсірді. Әкесі Тұрмағамбеттің мұраларын көзінің қарашығындай сақтап келді. Тұрмағамбет ақын шығармаларын араб әрпімен жазғаны белгілі. Әбдірауықтың жұбайы Рабиға әжейдің айтуына қарағанда, Тұрмағамбеттің қолтаңбасын тек орыс баласы ғана тани алған. Араб әрпімен жазылған жырларын қазақшаға көшіріп, Ғылым академиясына тапсырған.

Дамолла Тұрмағамбет қолын қойдым,
Әулеті Кіші жүздің Кете рудан, —

деп өзі жырлағандай, кезінде дамолла атанған сөз зергері Тұрмағамбеттің туғанына биыл 120 жыл толып отыр. Қаламы ұшқыр, ойы терең, сұңғыла ақын Тұрмағамбет өмірінің соңына дейін ұстаздық қызмет атқарып, жастарға «білім ал, оқу оқы, халыққа қызмет қыл» деп жырлап етті. Оның шығармаларының негізі ғылым мен білімді насихаттауға арналған.

Ақыл - тон аңдағанға тозбайтұғын,
Ғылым — кен күнде өніп қоздайтұғын,
Егелік екеуіне еткендердің
Жаны жоқ жер жүзінде озбайтұғын, —

деп жастарды ғылымды игеруге шақырды.

Т. Ізтілеуов ақындығының тағы бір қыры ретінде шығыс тілдерін жетік меңгергендігін айтуға болады. Шығыстың «Тотынама», «Мың бір түн», «Шаһнама» секілді классикалық шығармаларынан сусындап өскен Тұрмағамбет өзіне ұнаған шығыстық сюжеттерді қазақы ұғымға сай ете отырып, қазақ топырағына әкелуді мақсат тұтты. Оның шығыстық желіде жазылған «Мәрді диқан», «Тұтқын қыз», «Рауа — бану», «Данышпан қарт» дастандары соның дәлелі. Осы дастандардың ішіндегі көлемдісі әрі шоқтығы биігі — «Шаһнама» аудармасы. Шығыстың «Илиадасы» атанған Фердауси «Шаһнамасын» қазақтың аңыз-әңгімелерімен байланыстыра отырып, халықтың салт-санасына жақын етіп жазып шықты. Бір қызығы, «Шаһнаманы» Тұрмағамбетке дейін үш адам (Ораз молда, Сердалы Мырзаұлы, Мұхамеджан Сералин) аударған. Солардың ішіндегі тілі жатық та көркем, толықтай аударылғаны және де талғампаз оқырманға мақтанышпен ұсына аларлық нұсқасы Тұрмағамбет аудармасы екенін айтуға тиіспіз. Тұрмағамбеттің ендігі бір қыры - оның ұстаздығы. Ол өзі тереңнен білім ала отырып, кейінгі ұрпаққа бар білгенін үйреткісі келді. Нәтижесінде Нартай, Асқар Тоқмағамбетов, Әбдікәрім Оңалбаев және Қуаныш Баймағамбетовтердің ақындық өнеріне ұстаз Тұрмағамбеттің сұлу да сырлы өлеңдері сара жол салып берді. Ақындық таланттарының ұштала түсуіне өздеріне ұстаз тұтқан Тұрмағамбет поэзиясының себебі зор болды. Т. Ізтілеуұлының өз тағдырына келсек, өмірінің соңында «халық жауы» атанып, қуғынға түсіп, Шымкент, Қызылорда, Қармақшы түрмелеріне қамалады. Темір тормен байланысты бұл деректер Тұрмағамбеттің ғұмырнамалық мағлұматтарынан түсіп қалып отырған. Ақын шығармаларын оқуға тыйым салынып, үйіне бірнеше рет тінту жүргізілген. Оның тінту кезінде селт етпегендігін айтады көнекөз қариялар. Түрмеден денсаулығынан айырылып шыққан аяулы ақын 1939 жылы дүние салды. Халық жаулары атылып, қудалау науқаны күшейгені соншалық, туған баласы Әбдірауық өз әкесін жерлеуге қатыса алмайды. Тұрмағамбетті ағайындары Сақтаған, Үбжар және Мұсабек деген кісілер түнде жасырын жерлейді. Артынан НКВД-ның екі қызметкері келіп, Тұрмағамбет өлді дегенге сенбей, қабірінің басына барып тексерген дейді. Міне, табиғи дарын, тума талант Т. Ізтілеуовтің тағдыры осылай аяқталады. Тағы да бір деректер бойынша Тұрмағамбет мұрасы 1943 жылы соғыс тұсындағы қиын кезеңде үйінен жоғалып кеткен делінеді. Шындығында Тұрмағамбет өлгеннен кейін де оның үйіне қайта-қайта тінту жүргізе берген. Сонда ақынның жұбайы Биға әжеміз Тұрмағамбеттің өз шығармаларын және жинаған кітаптарын әр жерге бөліп-бөліп, көміп тастаған екен. Ондағы ойы тінту кезінде бірі табылса, екіншісі табылмасын деген мақсатты көздесе керек. Одан әрі барлығын бірдей сақтауға мүмкіндік болмаған соң, тек Тұрмағамбеттің өз шығармаларын алып қалып, қалған кітаптарды сол кездегі Қожабай мешіті деген жерге қойыпты. Тек 1957 жылы ғана Тұрмағамбет шығармаларын жарыққа шығаруға рұқсат беріледі. Сол жылдан бастап Тұрмағамбет шығармалары зерттеліп, «Рүстем — Дастан» (1961 ж) атты «Шаһнамадан» үзінді аудармасы және «Назым» (1972 ж., 1982 ж.) атты екі кітабы жарық көреді. Осы тұста Тұрмағамбет шығармаларын жинап, зерделеуге бүкіл ғұмырын арнаған және осы кітаптарды баспаға дайындап шығарған Мардан Байділдаевтың ерен еңбегін айтпай кетуге болмас. Әлі де баспа бетін көрмеген еңбектері жетерлік. «Шаһнаманың» «Жәмшитнама» және «Дарапнама» атты бөлімдері және т.б. біршама өлеңдері жарыққа шығу кезеңін күтіп, қолжазба күйінде сақтаулы тұр. Қанша қуғын-сүргін көрсе де бар қиыншылықты қасқайып қарсы алған ақиық ақын:

Дүниеден өмір бітіп, өтсем де өзім,
Аралап жердің жүзін жүрер сөзім.
Көре алмай кейінгіні кеттім-ау, - деп
Арманда болмай-ақ қой, екі көзім, —

деп жырлаған. Айтқандай-ақ, жерлесіміз Қуандық Бүрлібаев Тұрмағамбет термесімен жапон елін дүр сілкіндірді. Ал жырау Алмас Алматов Париж халқын, Ұлжан Байбосынова Еуропа мемлекеттерін Тұрмағамбет жырларымен бірнеше дүркін тамсандырып қайтты. Өзі өлсе де артында қалған мол мұрасымен халқының табысатынын ақын алдын ала сезгендей. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді халық даналығы. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып жатқан шақта қазақ әдебиетінің ортасынан ойып орын алатын дүлдүл ақын Т. Ізтілеуұлының 120 жылдығын атап өтсек, университет және мектеп бағдарламаларында Тұрмағамбет шығармаларына кеңінен орын берілсе нұр үстіне нұр болар еді.

Керім Ш.

«Қазақ әдебиеті», 21.03.2003 ж.

«ШАҺНАМАНЫҢ» ШЫНДЫҒЫН ЕЛ БІЛЕ ME?

1987 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына кіші ғылыми қызметкер болып ауысып келген кезім. Ғылым академиясының алдындағы көп қабатты үйлердің бірінде жақында зейнеткерлікке шыққан бұрынғы институт қызметкері Мардан Байділдаев тұрушы еді. Бұл адамның ғылым ордасында ұзақ жылдар еңбек етіп жүріп, ешқандай диссертация қорғап, ғылыми дәреже алмағанымен ақын-жыраулардың туындыларын ел арасынан жинап, баспаға даярлауда өлшеусіз тер төккенін жақсы білетінбіз. Осы бір тынымсыз беймаза жанның үйі елден келетін жыршы, термеші, айтыскерлерден арылмайтын. Мардекең өнерпаздарды елден өзі іздеп тауып әкеліп, бірін радиоға, бірін теледидарға, бірін халық университетінің сахнасына апарып өнер көрсетуге демесін болып жүретін. Елден келгендерге жатар орын тауып беруден, билет алып беруге дейінгі ұсақ-түйек шаруаларына осы азамат ерінбейтін, шыр-пыр болып жүретін. Сол кісінің сілтеуімен Алматы қаласының іргесіндегі Фабричный ауылында сақталып келген Күйік бақсының аққу бас киімін таптық. Бұның өзі ғылым үшін жаңалықтай еді. Өйткені бұл — Сібір халықтарының шамандарында арнаулы киімдердің бар екені сан рет жазылып келгенімен, қазақ бақсыларының өзіндік киімі жоқ деп айтудан бір танбай келе жатқандарға қарсы қояр жанды айғақ еді. 20-жылдардың соңында Қызылорда астана болып тұрған кезде Әлкей Марғұлан көрген Нысан абызды іздеп тауып, Қорқыттың ғасырдан ғасырға аманат болып келген күйлерін жаздыртуға себепкер болған. Сыр бойында Қорқыт атаның қобыз ескерткішін орнатуға демесін болған Мардекең кабинетте тапжылмай отырып, бір тақырыпты үңги зерттеуге шыдамы жетпесе де, қиыр-қиыр өлкелерге сапар шегіп, көненің көзін іздеп баруға шаршамаған, қажымаған жан еді. Мардекең үйінің бір бөлмесі қабырғасы сірескен кітап, сыймағандары еденге жайылып тасталған, толы газет-журналдар, ескі қолжазбалар. Солардың арасынан ескі қолжазбаның бірін қолына алып отырып:

— Бұл — Тұрмағамбеттің өзінің қолы. Әйгілі Фердаусидің «Шаһнамасы». Тұрмағамбет Бұхарадағы «Көкілташ» медресесінде атақты Садриддин Айнимен бірге оқыған. Парсы тілін кәміл меңгерген. Темірбек Жүргенов Тұрмағамбеттің шәкірті болып, тәлімін алған. Кейін Темірбек үлкен азамат, мемлекет қайраткері болды. Министр болып тұрғанда ұстазын еске алып, оның шалқар білімін игілікті шаруаға бағыттау мақсатымен Фердаусидің «Шаһнамасын» тәржімалауға тапсырма береді, арнаулы жалақы тағайындайды. «Шаһнама» тәржімасы аяқталған кезде министр Темірбек «халық жауы» ретінде ұсталып кетті. Осы «тазалау» науқанынан қарт Тұрмағамбет те сырт қалмады. Қызылордадағы НКВД қызметкерлері ақынды алдыртып, тергеуге алады. Оның «жапон шпионы» Темірбекпен қатынасын анықтамақшы болады. Жарытымды жауап ала алмағанына ызаланған тергеушілер егде тартқан ақынды әбден тепкілеп қинайды. Сол соққы жарақаты ішке түскен болса керек, ақын қайта бой көтере алмаған, үйіне жеткенімен оңалып кетпейді, өзінің қолжазбаларын киізге оратып, жұбайына аманаттап, есік босағасы түбін қаздыртып көмдірді, көп ұзамай дүниеден өтті.

— Менің шын атым Шаһмардан, атымды қойған Тұрекеңнің өзі екен, Шаһмардан — «Шаһнамадағы» кейіпкерлердің бірі, парсыша — жыландар патшасы деген сөз. Кейін Темірбек Жүргенов ақталып шыққанда босағаға көмілген қолжазбаны өзім ашып, Алматыға әкелдім, — деді.

— Мардеке, Тұрмағамбет ақын аударған «Шаһнама» қазақ тілінде шыққан жоқ па еді? Біз бала кезімізде «Рүстем-дастан» деген атпен шыққан басылымын жата-жастана, сан қайтара оқитынбыз.

— Сендердің көріп жүргендерің — «Шаһнаманың» бір ғана тарауы ғой, шыққаны - 24 мың жол ғана. Барлығы қырық мың жол, М.Әуезов беташар сөз жазған. Ендігі арманым — «Шаһнаманың» аудармасын сол қалпында толық баспаға дайындап берсем парызымның орындалғаны, — деген еді арабша қолжазбаны қолына ұстай отырып.

Біз Мардекең қолындағы қолжазбаның М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының мүлкі екенін білетінбіз. Бұл қолжазбаны осы институттың қызмет сапарымен бары алып келіп, кейін институттың қолжазба қорына өткізген. (Қолжазба «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасына» да енген, А, 1986, 5 том, 142- 143-6.). Бірақ оны Мардекең кітапты қайта баспаға дайындаймын деген сылтаумен қолына алып, өз үйінде ұстаған. Кейін оны іздеп, қайта сұрастырған адам болмаған. Бұл маңызды шаруаны тындыруға зейнеткерлікке шыққанымен қоғамдық жұмыстан ақсақалдың қолының босамауы себеп болды-ау деймін. Ол Алматы қалалық кеңесіне депутат болды. Одан кейін қайта құру уақытында репрессияға түскендерді ақтау ісіне білек сыбанып кірісті. Осы мақсатта құрылған «Аманат» атты қоғамдық ұйымның жұмысында белсенділік танытты. Репрессияға түсіп атылған 19 халық комиссарының қабірін анықтап, соның басына ескерткіш белгі орнату ісіне де көп күш жұмсады. М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба бөлімін ұзақ басқарып, зейнеткерлікке шыққан, филология ғылымының докторы Оразгүл Нұрмағамбетова апайды бес-алты жыл бұрын кездестіргенімде:

— Осы күні қолжазбаға ешкімнің жаны ашымайтын болды. М. Байділдаев қолжазбаларын қызылордалық жыршы Алмас Алматов алып кетіпті. Ішінде Тұрмағамбет аударған «Шаһнама» да бар. Бұл институттың мүлкі ғой. Оны Марданнан сұрап, қайтарып алуды ешкім ойламаған. Мардекең дүниеден өткесін де соңынан ешкім түспеген. Кейін Алмас келіп алып кеткен. Алмас жыршы ғой, оны оқуға шамасы жетсе, — деді.

Ойланып қалдым. Шын мұраға, қолжазбаға жанашырлықпен қарағанымыз жөн. Оның үстіне Тұрмағамбет аударған қолжазба ұлттың көзінің қарашығындай сақтар жәдігерлігі емес пе?! Кім көрінгеннің қолына кете берер иесіз зат емес қой? Аз емес, 35 қалың дәптерге араб әрпімен жазылған құнды дүние. Орайы келгенде айта кетелік, жалпы қолжазба мұраларымыздың әлі де қадір-қасиетін бағалай алмай жүрген халықпыз. «Шаһнаманың» Тұрмағамбет қазақшалаған нұсқасы ақын дүниеден өткен соң 22 жылдан кейін оқырман қолына тиді. Бірақ әлі толық нұсқа емес. Осы нұсқа арнаулы ғылыми зерттеудің өзегіне де айналды. Шығыстанушы Өтеген Күмісбаев осы нұсқаны зерттеп, кандидаттық диссертация қорғады, дегенмен бұл еңбекте Тұрмағамбет аудармасының толыққанды нұсқасы қамтылмаған. Парсы әдебиетінің соқталы туындысына ата-бабаларымыз ертеден-ақ қызығып, өз тілімізде оқығысы да келген. Фердаусидің әйгілі шығармасының бір көлемі түркі тіліне І дәуірінде прозамен аударылса, 1511 жылы Шәриф 55000 бәйітпен түркіше өлеңмен аударып, мәмлүк сұлтаны Кансух әл-Жәуриге тарту еткен. Ұлттық кітапханамыздан дастанның көне аудармаларының нұсқасы табылып отыр. Дастанды қазақша сөйлетуге Мұхамеджан Сералиннен бастап көп ақындар үлес қосқан. Ал осы аудармалар ортасында Тұрмағамбет жасаған тәржіманың шоқтығы биік. «Шаһнаманы» аудару Сыр сүлейінің бағы да, соры да болды десек артық айтқандық емес. Бағы дейтініміз—дүр ақынның қарымды таланты, өмір бойы ізденіспен кемелденген шығыстық білім-білігі ұлан-ғайыр эпопеялық дастанды ана тілімізде сөйлету кезінде жарқырай көрінді. Шайырдың өз туындылары өз алдына бір төбе, бұл аудармасы бір төбе, ақынның абыройын көтеріп, танымал еткен де осы тәржімашылық жұмысы. Соры — дейтініміз телегей теңіз шығарманы аударуға сіңірген тері Темірбек сынды «халық жауымен» байланысы бар деген желеумен бейкүнә дарын жауапқа тартылды, соның салдарынан ақырында ғұмыры күрт үзілді. Бірақ марқұмның артында өлмес, өшпес ісі қалды. Үлкен жауапты шаруаны үкімет басындағы адамдардың өзіне сеніп тапсыруы ақынды арқаландырып, рухтандыра түскен. Оның өзінің шабытты сәтін:

Барады күннен-күнге көңілім өсіп,
Кен кеулеп жатқаннан соң гауһар қазып.
Келгенмен кейуана болып елу үшке,
Жасарып жиырмадағы келдім күшке, —

деп суреттеуі де жайдан-жай емес.

М. Әуезов Тұрмағамбет еңбегін сөзбе-сөз күйіндегі аударма емес, нәзиралық дәстүрдегі еркін аударма деп бағалаған. Ақын «Шаһнаманы» сюжет-желілерін сақтай отырып, қазақы ұғымға жақындатып, қайта жырлап шықты десек те болады.

Досымова Т.

«Сыр бойы», 7.06.2007 ж.

Т. ІЗТІЛЕУОВТІҢ АҚЫНДЫҚ МҰРАСЫ

/ «Шаһнаманы» жырлаған шайыр /

XІX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қазақ әдебиеті өз тарихында бұрын болмаған ерекше дамуды бастан кешкенін танығандай болдық. Осы тұста бұрынғы Түркістан өлкесі, Сырдария облысы, Қазалы уезіне қарасты Қуаңдария болысының 2-ауылында «Ақтайлақ — кезең» деп аталатын жерде туып, өмір сүрген Тұрмағамбет Ізтілеуов /1882.09.06 - 1939.15.05/ ақындығымен соңына мол мұра қалдырған даңқты шайыр. Ауылдың ишан, молдалары Алдашбай, Қожабай, Ораздардан алғаш сауат ашқан Тұрмағамбет жастайынан-ақ өлең-жырға әуестеніп, бұл талабы Бұхара қаласындағы «Мир-Араб», «Көкелташ» медресесінде араб, парсы, түрік, шағатайша білім алуымен байланысты ашыла түскенін көреміз. 1900 жылы жазылған «Мәрді дихан» дастанының соңында Тұрмағамбеттің:

Мазмұны - насыр сөз ед, назым етіп,
Сөйледік «Мәрді дихан» мәслихатын.
Қайрылып қанша уақыт қарағанмен,
Біреудің біреу білмес көзбен затын.

«Ердің өзіне қарама, сөзіне қара,
Өткеннің ойла осы нақылиятын.
Уәләкін, ой тап-тайыз, тәнәкар-аз,
Ақымақтық тартып жүрміз машақатын.

«Көкелташ тәлбілімі Тұрмағамбет,
Доғарды «Мәрді дихан» хикаятын, —

деп медреседе оқып жүргенде /18 жасында/ қара сөзді өлең етіп жазып дастаншылдыққа, мысалшылдыққа ұмтыла бастаған ақын екенін аңғартады. /«Назым» жинағы, Алматы, 1972,177-6/. Қазақи ауылда туып, Шығыстық білімге ден қойған Тұрмағамбет Ізтілеуовтің ақындық өміріне Шығыстың шок жұлдыздары Низами, Физули, Науаи, Фердауси, Хожа Хафиз, Шайхы Сағди, Омар Хайям, Рудаки, Жәми мен Бедилдің әсері мол болған. Ал ақынның Әбу Райхан Бируни, Әбу Нәсір әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Бабыр, Ұлықбек сияқты ғұлама философтар мен даңқты тарихшылардан сусындауы — оның кемеңгер ойшылдыққа жетуіне, жан-жақты білімін тереңдетуіне, жаратылыстың жұмбақ сырын түсінуіне кең жол ашты, заман және оны жасаушы адамзаттың тарихындағы рухани құндылықтарды игеруге әкелді.

Физули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фердауси,
Хожа Хафиз бу һәммәси,
Мәдәт бер я шағири фәрияд, —

деп ұлы Абай сыйынған Шығыстың жеті пірінің бірі Фердауси ізімен әлемдік эпопея атанған «Шаһнаманы» он бір буынды қара өлең ұйқасымен еркін жырлап шығуы Тұрмағамбеттің ерекше ақындық бітім-болмысын танытатын биіктік. Кеңес дәуіріне дейін де, кеңес дәуірі тұсындағы өмірінің соңғы уақытына дейін қолынан қаламын тастамаған Тұрмағамбет ақын өз талантын туған халқының рухани қазынасын байытуға арнады. Оның қаламынан туған шағын өлеңдер мен қисса, дастандар, хикая, толғаулар мен айтыс өлеңдері, рубайлары мен ғибратнамалары, нақылдары мен шешендік үлгілері кеңес дәуіріне дейінгі кезеңде ел ішіндегі Жиенбай, Тұрымбет, Орынбай, Молдахмет, Үбісұлтан, Мұзарап, Рүстембек, Күндебай, Әбділда сияқты жыраулар арқылы Сыр өңіріне, Қазақстан жеріне кең тарады. Бұхарадан алған білімімен еліне оралған ақын әкесі Ізтілеудің салдырған мешітінде бала оқытумен айналысады.

Ілімнің құлпын қолға ұстасаңдар,
Басқаның байқарсыңдар бар ақпарын.
Ата-анаң бәріңнің де мәз боп отыр,
Қалды —деп, — молда болып, қарақтарым, —

дейді ақын 1905 жылы жазылған «Шәкірттерге» деген өлеңінде. «Ұстаз ұсынысы», «Өнер бәйгесі», «Балаларым», «Арқаңның ауруы не қозбайтұғын», «Жігіт жарастығы», «Ұлдарым», «Төрт дос», «Ата мен бала», «Насыбай», «Шылым» атты өлеңдерімен ақын жастарды білімге құштарлыққа, тазалық пен ұқыптылыққа, адалдық пен береке-бірлікке, татулыққа, еңбек сүйгіштікке және жамандықтан жиренуге шақырады. Ақын мешітте балаларға дәріс берумен бірге өзі өмір сүрген ортасына да ақындығымен, білімділігімен, ғалымдығымен, адами артықша қасиетімен, қара сөзге де шеберлігімен ұстаздық ете алды. Т. Ізтілеуовтің әдеби еңбегі туралы 1936 жылдан бастап пікір айтқан ғалым Әуелбек Қоңыратбаев: «Тұрмағамбет—XX ғасырдың бас кезіндегі түркизм-шағатаизм стилімен ұштасқан қазақтың шығысқа тән қиссалық жазба әдебиетінің Сыр өңірінде тууының басында тұрған ақын. Ол осы мектепті қалыптастырды. Оның бұл бағытын түсінгендер — Шораяқтың Омары, дүр Оңғар, Қарасақал Ерімбет болды», — деп тұжырымдайды. / «Ленин жолы» 24.07.1982 ж./. Сыр өңіріне даңқы кең жайылған Тұрмағамбет ақындық өнерімен өзінен кейінгі әдебиетіміздің белгілі ақын-жазушылары А. Тоқмағамбетов, Ә.Тәжібаев, М. Қаратаев, Қ.Әбдіқадыров, Н. Бекежанов, Ә. Оңалбаев пен Қ.Баймағамбетовке де бала күнінен әсер етіп, олардың ақындық сезімдерін оятқан. / «Назым», - Алматы, 1972 ж. 7-б./ Тұрмағамбет ақын шығыстың араб, парсы, түрік, шағатай тілдерін толық игерген тіл маманы. Өз өлеңдеріне оны молынан пайдаланды, аракідік орыс тілінің де сөздері ұшырасады, көп тілді білу пайдасын ұққан ақын оны өлеңдерінде қазақтың төл сөзіндей қолданысқа түсіреді. Мысалы, «Назым» жинағында «қудай-ақ гөлайттаған айдын көлге» /103-б./, «Указнөй түн болған соң келер молда» /168-б./, «Баярдың болуында мүлкі аманда /173-б./ деген өлең жолдарында орыс сөзі қолданыста жүрсе, «Жасымнан назым сөзге шебер едім», «Шаһналық шаммен қайнар шөген едім», — деген өлең жолдарында назым, шаһналық, шеген сөздері арабша екенін аңғару қиын емес. Парсы, шағатай тілдерінің сөздері де өлеңдерінде мол қолданыс тапқан. Осыдан болар, оны зерттеуші ғалымдар «Тұрмағамбет түркі тілінің тірі сөздігі» деп атап кеткен. Тұрмағамбет көп тілді білу идеясын өз кейіпкерлері арқылы да танытып отырады. Оның «Рүстем - Дастан» хикая-дастанындағы биік дарақ басындағы самұрық құстың ұясында өсетін Дастан баланың Самұрық құстан 73 тіл мен он екі ғылымды үйренуі осының айғағы. Шығыс тілдерін жетік меңгерген Тұрмағамбет ақынның айрықша белгісі — нәзирашылдығы. Оның «Назым» жинағына енген жеті қиссасы мен «Шаһнама» дастаны шығыс сюжеті негізінде өлеңмен жазылған әңгімелер мен аңыздар, прозалық шығармалар екенін ақын:

«Қолайлы халық тыңдайтын сөз бар ма? — деп,
Мен едім ертелі-кеш кітап «тінткен».
Сондағы оқиғаны назым еттім,
Әйтпесе, емес сөзге ішім дерткен, —

дейді.

Т. Ізтілеуов өміріндегі елеулі бетбұрысты кезең 1934 жылы болды. Бұл жылы ақын Алматы қаласында өткен Қазақстан Жазушыларының тұңғыш съезі мен халық шығармашылығының республикалық І слетіне Оңтүстік Қазақстан облысынан делегат боп қатысып, талантты ақын келесі 1935 жылы Қазақстан Өлкелік Партия Комитетінің шақыртуымен Алматыға келеді. Қазақ ССР Оқу комиссариатында ғылыми қызметке алынады. Сол жылдан бастап Қазкрайком секретары Л.И. Мирзоян тапсырмасымен «Шаһнама» атты әлемдік эпопеяны парсы ақыны Ә. Фердауси ізімен жырлауға кіріседі.

Бұл кезде ақынның 60-қа қадам басқан шағы болса керек... Өлеңінде:
Елу жас ердің мінсе еңсесіне,
Күннен-күн кемиді екен күй мен көрнек,
Өз жасым онан-дағы өтіңкіреп,

Алпысты алдымдағы қалдым сермеп, —
дейді.

Елу поэма - қырық мың жолдан тұратын дастан небәрі он айда, 1936 жылы жазылып біткенімен, ақынның көзі тірісінде жарық көрмеді. Парсы ақыны Әбілқасым Фердауси өз «Шаһнамасының» соңында Махмұд сұлтанға хат жазады. Махмұд сұлтанның зорлығына өлең құдіретін қарсы қойып:

Дүние бітпей өлмейтін
Мен — жаһанның бұлбұлы.
Менен қалған «Шаһнама»
Хош иісті сөз гүлі...

Бұл — әлемдік қазына,
Махмұд үшін ашпадым.
Қалды асыл артымда,
Адам үшін тастадым, —

дей келе:
Соқтым парсы еліне,
Сөз қорғанын құламас, —

деп өзінің туған халқының жойылып бара жатқан тілі мен ұлттық ерлік, батырлық рухын көтергенін паш етсе, Тұрмағамбет ақын «Шаһнаманың» соңында:

Дүниеден өмір бітіп өтсем де өзім,
Аралап жердің жүзін жүрер сөзім.
Көре алмай кейінгіні кеттім ғой деп,
Арманда болмай-ақ қой екі көзім, —

деп өр ақындық рухпен тіл қатады бізге.

Т. Ізтілеуовтің көзі тірісінде-ақ оның шығармашылығы жөнінде Т. Жүргенов, Ә. Қоңыратбаев, Ә. Үсенов, К. Алтайский еңбектерінде пікір айтылғандығы, өлеңдері «Творчество народов СССР» кітабында басылғаны, СССР Ғылым академиясы Тұрмағамбетті халық творчествосын дамытуға еңбегі сіңген еліміздің белгілі қайраткерлері қатарына қосқандығы, Қазақ ССР Орталық Атқару Комитеті Президиумы 1936 жылғы 21 декабрьдегі №77 қаулысында «Шаһнаманы» жазуға сіңірген еңбегін ерекше атап көрсеткені, сонымен бірге ақын шығармалары мектеп оқулықтары мен бағдарламаларына енгізіліп, орта мектепте оқытылғаны М. Байділдаев зерттеулерінде /1956 — 1971ж.ж. / толық қамтылған. С. Мұқанов, Қ. Бекхожиннің орта мектептің VІІІ класына арналған хрестоматиясына/1937 ж., 60-69-66./ Шаһнамадан Сам батыр туралы үзінді берілсе, Ә. Үсеновтің орта мектептің ІX класына арналған хрестоматиясында /1937 ж., 75-98 66./ «Алып қыран», «Көктем», «Үш бәңқор», Шаһнамадан «Залдың балалық кезі» үзіндісі берілген. А. Әлібаев, Ә. Қоңыратбаевтың бастауыш мектептің ІІІ класына арналған оқу құралында /1936 ж., 104-106 бб./ «Алып қыран» өлеңі берілген. Дегенмен, 1949 жылғы космополитизм туралы қаулыға сәйкес, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің, тарихымыздың ұлттық рухын бейнелейтін тұстар ұлтшылдық деп танылып, оқытылуға, жариялануға тыйым салынғандықтан Т. Ізтілеуов шығармалары әдебиетімізден алынған сыңайлы. Қазіргі мектеп оқулықтарының ішінде VІІІ кластың «Рауан» баспасынан шыққан әдебиет оқулығында Т. Ізтілеуовтің «Адамдық іс», «Ақыл — тон, аңдағанға тозбайтұғын» өлеңдері оқытылып келді. Ал «Мектеп» баспасынан шыққан төл оқулығымызда тағы да Т. Ізтілеуов шығармалары оқытылмайды. Неге...? Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1957 жылғы 8 июльдегі қаулысын басшылыққа ала отырып, Т. Ізтілеуов шығармалары оның жанашыр ұрпақтары мен ғылыми зерттеушілер, ақын-жазушылар арқылы қайта қолға алынды. М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, М. Қаратаев, Ә. Тәжібаев, О. Нұрмағамбетова, Р. Бердібаев, М. Байділдаев, А. Тоқмағамбетов, Ә. Қоңыратбаев, Б. Адамбаев, шежіреші қарттар Ү. Аяпов, Ә. Қайнарбаев, ақын-жыраулар М. Жүсіпов, Р. Жиенбаев, Қ. Баймағамбетов, Ә. Оңалбаев, Тұрмағамбеттің жұбайы — Биға қария, баласы — Әбдірауықтың арқасында ақын мұралары халқымен қайта қауыша бастады. Ең алғаш үш бөлімнен тұратын /«Жәмшитнама» — 12 мың жол, «Рүстем — Дастан» — 24 мың жол, «Дарапнама» — 4 мың жол, барлығы 40 мың жол/ «Шаһнама» дастанының М. Әуезовтің алғысөзімен 1961 жылы 12 мың жолдық «Рүстем-Дастаны» ғана осы атпен тұңғыш рет 70 мың данамен жарық көрді. 2004 жылы «Шаһнама. Рүстем-Дастан» деген атпен толықтырылып шыққан болатын. Мұнда енді «Дарапнама» бөлімі енбей қалған. Он екі мың жолдық «Жәмшитнама» бөлімі мен төрт мың жолдық «Дарапнама» бөлімі Тұрмағамбеттің араб тіліндегі қолжазбасы күйінде ҰҒА-ның қолжазба қорынан алынып, зерттеуші ғалым М. Байділдаевтың жеке архивінде ғалым қайтыс болғанға дейін сақталынып келген.

(Б. Жүсіпов. «Шаһнама туралы шындық». Қазақ әдебиеті № 51,52 2004 жыл). Тұрмағамбет ақынның өлеңдері, тақпақтары, рубайлары, нақылдары, мысалдары, айтыстары, әр кезде болған ақындар айтысына аралық сөздері, дастандары «Назым» деген атпен тұңғыш рет 1972 жылы «Жазушы» баспасынан М. Байділдаевтың құрастыруымен 30.000 дана болып шықты. Екінші рет «Назым» жинағы Т. Ізтілеуовтің 100 жылдығына орай мол данамен 1982 жылы қайта басылып шықты. Осы жылдың 19 ақпанында Жосалы кенті орталығындағы бұрынғы Сарыөзек көшесіне ақын есімі берілді. 1981 жылы ақынның туған жерінен оған арнап мавзолей салынса, Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған жылдардың нәтижесінде ақынның туған ауылы «Ленин» кеңшары қазір Тұрмағамбет есімімен аталады. Қазақстан Президенті Н.Э. Назарбаевтың жарлығымен бекітіліп, Қазақстан халқына ұсынылған 2004 — 2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында ақын Т. Ізтілеуовтің сонау 1936 жылдан осы уақытқа дейін жарияланбай келген «Шаһнама» дастанының «Жәмшитнама», «Дарапнама» бөлімдері қосылып, «Рүстем-Дастан» бөлімімен толықтырылып профессор А. Алматовтың жауапты шығарушылығымен екі кітап болып «Шаһнама» деген атпен 2004 жылы жарық көрді. Дегенмен іздер болсақ, ақынның артына қалдырған мұралары әлі де өз деңгейінде зерттеліп, жарияланып, танылып отырған жоқ. Кешегі, өткен ғасырдың 70-жылдарына дейінгі ұрпақ ақын Т. Ізтілеуовтің қазақ әдебиеті мен мәдениеті, тарихына қаншалықты еңбегі сіңген қайраткер екенін білер. Ал бүгінгі және келешек ұрпақтың Т. Ізтілеуов мұраларымен сусындап, рухтануы үшін халыққа білім беру мен мәдениет қызметкерлеріне, әдебиет жанашырларына, ізденушілерге талай тер төгу керек-ақ. Ақын Т. Ізтілеуов шығармалары арқылы қазақ тілінің шұрайлы бай тілін игеруге, шешендік ой түюге, нақыл, ақыл, өсиет сөздерден мол үлгі алуға болады. Адамгершілік, жоғары парасаттылық пен дүниені тану, адамды тану, табиғатты тану, жаратылысты тану, жақсылық пен жамандықты түсіну, сұлулықты сүю, ерліктің асқақ рухы, ұлтжандылық пен имандылық туралы ой қорытындысы — ақынның асыл қазынасы. Ал «Шаһнама» дастаны арқылы ақын өз оқушысын замандардың заңғарына жетелейді, ақындық қуаттың қайнарын қанып ішкендей рахат дүниесін сыйлайды сізге! Тұрмағамбет ақын әлемі өзгеге ұқсай қоймайтын өзгеше әлем ! Ол — Шығыс әлемі! Ел Президентінің Қазақстан халқына «Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстан» атты Жолдауы мен 2004 — 2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын қорытындылау туралы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Қоғамдық кеңес отырысы материалдарының маңыздылығы артып келеді. Қоғамдық кеңес отырысы нәтижесінде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы 2007— 2009 жылдарға арналған салалық өңірлік бағдарлама болып екінші кезеңге қадам басты. Осы кезеңге ақын Т. Ізтілеуовтің 125 жылдық мерейтойының тұспа-тұс келуі қуанарлық жайт. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылдың 21 ақпандағы № 32-Ө өкімімен 2007 жылғы Республикалық деңгейде аталып өтілетін мерейтойлар тізіміне енген ақын Т. Ізтілеуов рухына арналған құрмет оның туған жерінен бастау алуда. Қызылорда облысының Қармақшы ауданы 2007 жылды аудан әкімінің /Б. Қаюпов/ 21 сәуірдегі № 63-Ө өкімімен «Тұрмағамбет жылы» деп жариялады. Ақын Т. Ізтілеуов мұралары өзінін туған халқымен бірге жасау үшін де, бүгінгі мен келешек ұрпақ оның құнды ақындық мұрасын игеруі үшін де оның шығармалары толықтырылып қайта шығарылса, жалпы білім беретін орта мектептің барлық сатысында /бастауыш, негізгі, бағдарлы/ оқытуға енгізілсе, гуманитарлық бағыттағы, арнаулы, жоғары оқу орындарының филология факультеттеріне Т. Ізтілеуов шығармашылығы жайлы дәріс өткізілсе нұр үстіне нұр болмас па еді. 1932 — 1939 жылдар бойына бар болғаны Бұхара қаласындағы медреседе оқығаны үшін молда деген жалған айып тағылып, әдеби, мәдени, тарихи ортадан шетке қағылып, қудаланды. Ақын өзінің бойындағы құдіретті ақындық қуатын туған халқына сарқа жұмсауына жағдайы болмаса да, тар қапастағы түрме тамұқты Тұрмағамбет ақын өлеңімен пейіш еткенін біреу білсе, біреу білмес.

Кейінгіге нені тастап кетемін деп,
Ішкенім у сияқты болды кермек, —

деген екі қатар өлең жолының өзі-ақ ақынның өмірлік мақсат-мұратын аңғартса керек.

Күмісбаев Ө.

2007 ж.

ҚОС ҰСТАЗ

1969 жылы Мәскеуде аспиранттық өмірім басталды. Осы жылы Мәскеуде өткен ақын-жыраулардың бүкілодақтық құрылтайына қатыстым да, артынша Қазақ Ұлттық Академиясының берген жолдамасымен оқуға қалып қойдым. Мәскеуде адасып жүріп зорға дегенде СССР Ғылым академиясының Шығыстану институтын тауып алдым. Бір жағынан елді сағынып барамын, қалғым да келмейді. Жүріп жүрген қызымды, Алматыны аңсаймын. Әйтеуір өзімді-өзім үгіттеп, намыс билеп дегендей бісмілләмді айтып институттың босағасын аттадым. Үлкен бір ғимарат екен деп ойласам, баяғыда Лазерев дейтін армян салған екі қабат үй екен. Коридоры да екі адам зорға сиятын тар. Жолдама қағазымды қолыма ұстап, директордың кабинетіне тартып келемін. Басқа қайда барамын, құласаң түйеден құла деген. Алдымнан ұзын бойлы, түрі кавказдықтарға ұқсас елулер шамасындағы бір кісі шықты.

— Қымбаттым, қайда бет алдыңыз?— деді ол жылы жымиып.

— Директірге — дедім дік еткізгендей.

— Қайдан келдіңіз?

— Қазақстаннан, Алматы қаласынан.

— Мұнда келген мақсатыңыз нендей еді?

— Стажер-ізденуші боп келдім, сонан соң аспирантураға түспек ойым бар.

— Дұрыс екен — деді ол темекісін ойлана сорып, - сонда дәлірек айтқанда нені зерттемексіз.

Портфелімнен Сырдың атақты ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуовтің «Рүстем - Дастан» кітабын суырып алып көрсеттім. Мұхтар Әуезов жазған алғы сөзін аударып бердім. Жаңағы бейтаныс кітапты парақтап аударып қарады да:

— Автор бұл тақырыпты қайдан алған? — деді.

— Фердаусидің «Шаһнамасынан» дедім.

— Мен Ләйлә Әуезовамен МГУ-дің тарих факультетінде бірге оқып едім, — деді ол — өмірі, семьясы қалай, Алматыда тұр ма?

— Ия, Алматыда Мұқанов — Төлебаев көшесіне орналасқан бұрын жазушы тұрған М. Әуезов музей үйінің директоры, тарих ғылымының докторы — дедім — бала-шағасы бар.

— Егер сіз келіссеңіз мен сізге ғылыми жетекші болайын, — деді әлгі кісі. Қуанып кеттім. — Болыңыз.

— Ендеше сіз иран әдеби жәдігерлерін зерттейтін бөлімге барасыз. Мен сонда аға ғылыми қызметкермін. Ал қазір асықпай-ақ қойыңыз. Академик Бобожан Ғафуров сыртқа шығып кетті, кейін кірерсіз, — деді.

— Жарайды, — дедім.

*** Мәскеу шаһарына апара жатқан асыл жүгімнің бірі Тұрекеңнің «Рүстем — Дастаны» еді. Бұл ғажап шығармаға бала жасымнан қанық едім. Үйге келген Сыр бойының жыраулары үзінділерін айтып, керемет бір оқиғалардың ортасына кіргізіп жіберетін. «Рүстем — Дастан» мен «Мың бір түнді» жастығымның астына салып оқитынмын, көп оқуға көзің бұзылады деп, әке-шешем ұлықсат етпейтін. Мектеп табалдырығын аттап жүргенде ең бірінші ұстазым ұлы мәртебелі кітап болды. Сол кездегі «Қазақстан пионері» газетінде «Кітап» деген тұңғыш өлеңім басылып еді. Тұрекеңнің «Рүстем — Дастаны» менің бағымды ашты. Бала күнде үйге келген Рүстембек жыраудың «Рүстем — Дастан» жырын тербеткенде домбырасының құлағын тістеп отырушы едім. Таң елең-алаң бола бергенде әкемнің тізесінде қалғып кетуші ем. Рүстембек жырау басымнан сипап, батасын беретін. Айналайын аруағыңнан Тұрекең, сенің мәрмәр жырларың әлі тірі екен. Сен өлмепсің, өшпепсің. Халқыңның жүрегінде мәңгі сақталып қалыпсың.

* * * Жаңа танысымның сөздері ұнап барады. Ағалық мерейлі мінез танытып бауырына тарта сөйлейді. Екеуміз де дәліздің аяқталар тұсындағы шағын дөңгелек столдың екі жағын ала орналасқанбыз.

— Утеген, — деді ол атыма тілі келіңкіремей, — сіз әлгінде ғана институт босағасынан аттадыңыз, осы есіктің тұтқасын бірінші рет ұстадыңыз. Сол тұтқаға сізден бұрын кімнің қолы тигенін білесіз бе?

— Әрине, білмеймін ғой, - дедім таңданып.

— Сіз ендеше Александр Сергеевич Пушкиннің ізімен келіп тұрсыз. Бұл коридорда Пушкин іздері сайрап жатыр. Ақын анда-санда осы институтқа келіп шығыстанушылармен сөйлесіп жүрген. Араб, парсы, түрік тарихы, әдебиеттері жайлы лицейде декабрист досы Кюхельбекермен екеуі дәрістер тыңдаған. Осы ғимараттың сол жағында талантты орыс ақыны Веневитовтың үйі бар. Пушкин сол үйде замандастарының алдында жаңа жырларын, поэмаларын оқыған.

Аузым аңқайып еденге қарап қалыппын. Алтын Пушкиннің өшпеген іздерін іздеймін.

Я помню чудное мгновенье,
Предо мною явилась ты, —

деп өзі айтқандай ғажайып сәтті бастан кешіп отырмын. Пушкин және қырдан жаңа түскен қазақ баласы ғасырлар өткен соң Шығыстану институтында табысып отыр.

Шеш көңілімнің жұмбағын
Әлде бәрі алданыс
Жас жүрек жайып саусағын
Талпынған шығар айға алыс, —

деп данышпан Абай атамның Пушкиннен аудармасын қайталап күбірлеймін. Бейтанысымның аты-жөні Газанфар Юсуф оғлы Алиев болып шықты. Филология ғылымының докторы, айтулы иранист, ұлты әзірбайжан МГУ бітіргелі институтта ирантану бөлімінде қызметте көрінеді.

— Сіз Москвада жүргеніңізді бір мүйнет те естен шығармаңыз, — деді ол сәлден соң, - Москва әлемдік өркениеттің ұлы қазынасы, тарихтың, мәдениеттің, әдебиеттің, тілдердің, театрлардың астанасы. Дүниенің тоқсан тоғыз мың жолдарының торабы Москвада түйісіп, тарап жатады. Москваны оқу жылдарында аралап, көріп қал, біліп қал, білімінен сусыныңды қандыр, әр сағатың, күнің, айларың есептеулі болсын. Еліңе барғанда қоржының бос бармасын. Шығыстану институтын аты әлемге әйгілі «Біз — тәжіктерміз» деген кітаптардың авторы, академик Бобожан Гафуров басқарады. Ол кісі — Орта Азия халықтарының балаларын бауырына тартып жүрген жаны жайсаң азамат. Сіздің Қазақстан Республикасының басшысы Дінмұхамед Ахмедұлы Қонаевтың есімін дәйім ілтипатпен айтады, жақсы көреді.

Сол Шығыстану институтындағы алғашқы кездесуім менің тағдырыма ізгі іздерін салды. Доктор Г. Ю. Алиевтің жетекшілігімен «Тұрмағамбет Ізтілеуов және оның Рүстем — Дастаны» деген тақырыпта кандидаттық диссертациямды ойдағыдай қорғап елге оралдым. Мәскеуде қалып, төрт — бес жыл қызмет істегім де келіп еді. СССР Жазушылар одағы басқармасының бастығы, біріншісі хатшы, белгілі жазушы Геогорий Мокеевич Марков шақырып алып, «Москвада қал, пәтер береміз, әлі жассың ғой, өсесің кітаптарыңды шығаруға көмектесеміз» деген-ді. Мен сол уақытта Жазушылар одағында қазақ әдебиеті бойынша кеңесші болып қызмет істедім. Өйтпесем, жалғыз аспиранттық стипендиясымен семьяны асырау қиын еді. Академия жатағының құстың ұясындай бөлмесінде төртеуміз: мен, Бөлек, балаларым — Арман, Бағлан тығылысып тұратынбыз. Г. М. Марковтың сеніміне рахмет айтып, ойланып келейін дедім. Бөлекке айтып едім жылап қоя берді. «Елге жетейік, Москваң құрысын» деді. Тап бір Алматыда біреу батпан құйрықтың үстіне отырғызатындай-ау. Бөлектің кетейік дейтіні жоқшылықтың әсері еді. Мәскеудің бес жыл картошкесін жеп, аязына шыдап, тар бөлмеде өкпе қысылып қорғауға зорға жетіп ек. Менің бір көнетоз, жағасы жұқарған аспиранттық пальтомды Бөлек екеуміз кезек киіп магазинге шығамыз. Басымызға дұрыс бас киім де болмаушы еді. Қайран жастық-ай десейші, сонда да қайыспаушы едік. Сөйтіп жүріп Мәскеуге келіп-кетіп жататын жазушыларды жатаққа қонаққа шақыратынбыз: Сәбит Мұқановты, Әлкей Марғұлан атаны, Әбдіжәміл Нұрпейісовті, Әнуар Әлімжановты үйге шақырып, дәм бердік. Ол өз алдына бір хикая... Биыл тамыз айында Мәскеуге Шығыстанушылардың бүкіл дүниежүзілік 37-ші конгресіне барып, екі баяндама жасап, бір секциясын басқарып қайттым. Өзім сабақ алған Шығыстану институтының ғалымдарымен туысқандардай қауышып, мәре-сәре боп қалдық. Қызы — кемпір, жігіті — шал боп қапты. Менің өзім де жетісіп тұрғаным жоқ. Біразы жарық дүниені тастап кетіпті. Солардың ішінде марқұм Газанфар Алиев те бар. Мүрдесінің басына барып гүл қоя алмадым. Себебі, ол кісі бір жылдары Бакуге барып кенеттен қайтыс болған еді. Енді бейіті Бакуден қашықта туған жерінде әйгілі Низами ақынның мавзолейінің қасында жатыр. Үйіне кіріп шығайын деп талпынып, іздеп едім, таба алмадым. Мәскеу қатты өзгеріп кетіпті. Артында орыс әйелі Лора Александровна, жалғыз ұлы Алик қалып еді. Бармағаның бекер болған екен деді Бөлек келгесін. Тағдыр жазса, дәм жазса ұлағатты ұлы ұстазым Газанфар Юсуф Оғлының басына барып құран оқысам деймін. Мәскеуге тағы да жол түсер кім білсін. Ұстазымның жақсылығын көп көріп едім. Сонымен, менің өмір жолыма екі адамның атқарған еңбегі, екі ұстаздың рөлі зор еді. Бірі — Тұрмағамбет Ізтілеуұлы да, екіншісі - Газанфар Алиев. Бірі — ұлы ақын, екіншісі — ғұлама ғалым. «Рүстем — Дастанды» және қазақтың жиырмадай қиссаларын Мәскеуге арқалап апарған еңбегім ақталды. Алла жолымды беріп, алдымнан жақсы адамдар шықты. Қырдан келген қазақ баласы ем, Мәскеудің төрінде тұрып, Тұрекең шығармаларын талдап, әлемге паш еттім. Қадыр-қасиетіңнен айналайын Сыр елі, Сыр жыраулары, ақындары, дүниенің қай бұрышына барсам да, сендер жайлы сыр толғаймын, жыр толғаймын. Сонда қолымда Тұрмағамбет туы желбіреп тұрады.

Жеменей И.

«Әдебиет айдыны», 12.07.2007 ж.

ТҰРМАҒАМБЕТ ЖӘНЕ ПАРСЫ ӘДЕБИЕТІ

Әбул Қасым Мәнсур ибн Хасан Фирдаусидің жырлаған «Шаһнаме» атты дастаны Иранмен қатар Тұран елінің тарихына қатысты жыр болғандықтан түрік халықтары үшін де маңызды еңбек екені анық. Өйткені онда Иран мен Тұранның тарихи қарым-қатынастары және екі елдің тамырлас елдер екендігін айтады. Сол себепті түрік халықтарының тарихын зерттеуде аса құнды әдеби шығарма ретіндегі дерек көзі болып табылады. Әбул Қасым Мәнсур ибн Хасан Фирдауси 941 не 942 жылы Хорасан өлкесі, Тус аймағына қарасты Баж (Фаз) ауылында туған. Әкесі Хасан диқан болған. Өз заманының дәулетті де текті отбасыларының қатарында өмір сүрген. Диқандар ұлттық дәстүрді ұстанатын. Олар ислам дінінің жаңаша құндылықтарын қабылдай тұра, бұрынғы әдет-ғұрыптарын да онымен үйлестіре отырып, сақтай білген. Сондықтан, Фирдауси бұрынғы Иранның мәдени-тарихи құндылықтарымен бірге, исламның кәусар нәрін өз бойына сіңіре білді. Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда, кейбір араб халифалары өздерінің жаһилдық дәуіріндегі пұтқа табынушы аталарына мақтаныш сезімімен қараған. Осы себеп Халифа тарапынан тағайындалатын аймақтық Иран текті әмірлердің де ұлттық рухын оятып, тәуелсіз Иран мемлекетін құруға талпыныс жасауға түрткі болған. Ирандық әмірлер парсы халқының ұлттық сезімін оятып, олардың қолдауына ие болу үшін өздерінің тегін ежелгі Иранның әйгілі патшалары мен палуандарына байланыстыруды жөн көрген еді. Мәселен: Таһир әулеті (820-873 ж. әмірлік еткен) өз тегін Рүстемнен деп білсе, Саффар әулеті (887-1003 ж.) өздерін Хұсрау патшадан, Саман әулеті (887-1003 ж.) Бәһрам Чубинден, Дейләм әулеті (928-1042 ж.) Бәһрам Гур патшадан деп білген. Осындай үрдіс олар билік еткен аймақтарда ұлттық сананың жетіліп дамуына жол ашты. Араб халифалары да Иран патшаларының тыныс-тіршілігі және ежелгі Иранның өмір салтымен танысуға құлшыныс танытқан еді. Сол себептен, әсіресе, Сасан әулеттерінің патшалық дәуірінде (226-652) жазылған діни, әдеби, ғылыми кітаптар араб тіліне аударылды. Даңқты ғалым Ибн Мұқәффаһ (721-759 ж.) ежелгі Иранның бірсыпыра еңбектерін, оның ішінде «Хұдайнама» кітабын Пәһләви тілінен араб тіліне аударды. Сондай-ақ, Әбу Жәфар Тәбәри де араб тіліне кеп аударма жасады. Бұл аудармалардың барлығы кейінірек ирандықтардың ұлттық санасының ояну кезеңінде, қайтадан жаңаша қалыптасқан парсы (дәри) тіліне аударылды. Көптеген ұлтжанды ғалымдар аударма саласына ат салысты. Мәселен, Әбу Әлі Бәл'әми (983-986) жылдар аралығында Тәбәри тарихын, (Әбу Жәфәр Жәрир Тәбәридің араб тілінде жазылған еңбегі - 839-924 ж.) парсы тіліне аударды. Осы еңбекті аудару барысында кейбір тарауларын толықтыра отырып, түсініктеме бергені үшін оны ғалымдар «Бәләми тарихы» деп атап кетті. ІX ғасырдың бастапқы кезінде Иран текті әмірлер аймақтық билікке қол жеткізе бастаған шақта, ұлттық саяси талаптарға орай көптеген араб тіліндегі ежелгі Иран тарихына қатысты дүниелер парсы тіліне тәржімаланды. Солардың бірі - прозалық «Шаһнаме» жинағы еді. Бұл еңбекті Хорасан өлкесінің әмірі болған Әбу Мәнсұр Мұхаммед ибн Әбдіразақтың (958-961 ж.) бұйрығымен, уәзірі Әбу Мәнсұр Мұхаммед Моһмәри ежелгі Иран дастандарынан жасалған аудармалар мен қариялардың жадындағы дастандар негізінде жинақтады. Жинақты Фирдаусиден бұрын Әбу Шәкур Бәлхи, Рудәки, Мәсуди, Мәрвази, Дақиқи Туси сынды Иранның атақты ақындары жырламақ болғанымен сәті түспеген еді. Аталған ақындардың арасынан Әбу Мәнсұр Дақиқи Туси «Шаһнамені» жырлауды бастаған-ды. Бірақ ол Мерв қаласында жап-жас кезінде өзінің қызметшісінің қолынан қаза тапты. Кейінірек Фирдауси Дақиқидің жартылай қалдырған еңбегін тауып алып, қайта жырлап шықты. Ол Дақиқи жырлаған «Гәштаси» дастанының тек қана мың бәйітін сол күйінде өз «Шаһнамесіне» қосқан. Дақиқидың мың бәйіт жырын сол күйінде енгізу Фирдаусидің өз жұмысына адалдығын көрсетеді. Фирдауси Дақиқи хақында «Шаһнаме» дастанында әжептәуір мәлімет берген. Қалай болғанда да «Хұдайнама» кітабы пәһләви тілінен араб тіліне, одан қайтадан парсы тіліне аударылып, «Шаһнаме Мәнсури» жинағының негізгі бөлігі болып, Иран ақындарының жыр шумағының ұйтқысы болды. Шаһнаме түрлі кезеңдердің әр түрлі жағдайын баяндағанымен, шығармада кейде бір-біріне кереғар көзқарастардың да болғаны анық. Аңыз бен ақиқатқа құралған бұл дастан Иран-Тұран тарихының бастау көзі бола алады. Фирдауси дастанның сюжетін жырлауда, образдарын сомдауда, персонаждардың істері мен көзқарастарын баяндауда, өзінің талғампаз шығармашылық талантын пайдаланып, өзгерістер жасауға тырыспайды. Соның айғағы ретінде «Шаһнамеде» бір-біріне қарама-қарсы көзқарастар жеткілікті. Иран ғалымы Мүһит Табатабаидің қорытындысына сүйенер болсақ: «Шаһнаме» жырында зәрдөш, иәһуди, христиан, ислам дінімен қатар, Сасан дәуірінде (226-652 ж.) пайда болған Мани және Мәздақ нанымы жайында, һәм үнділер, қытайлар, тұрандықтар, һиталдықтардың діні жөнінде мәліметтер бар. [Иран елінің Ислам дінінен бұрынғы соңғы Сасан әулеттерінің патшалық құрған кезеңін Сасан дәуірі дейміз. Сасан әулетінің соңғы патшасы ІІІ Иәздгер мұсылмандардың екінші халифасы Омар ибн Хаттаб (634-644 ж.ж.) билік еткен кезеңде ойсырай жеңіліп, соңында 652 жылы Осман ибн Аффан үшінші халифа билік құрған заманда Мәрв қаласында қаза тауып, Сасан патшалығының биліктегі кезеңінің соңына жеткенін куәландырады. Сонымен Иран елі исламиятқа бет бұрды]. Фирдауси болса дастандардың мәтініндегі діни көзқарастарды өз қалпында өзгеріс жасамастан жырлаған» деп жазды. Осыған қарағанда Фирдауси тарихи деректерді барынша шынайы тәржімалап беруге тырысты. «Шаһнаме» жырында біз Фирдаусидің ақындық қуаты мен адами зор қасиетіне куә боламыз. Ол «Шаһнаме» жырындағы тақырыптардың идеясына қиянат жасамастан, теңеулерін жоғары көркемділікпен, ырғақты ұйқаспен «Бәһр-е мөтеқареп» уәзінімен жырлай білді. Бұл Бәһр-Фәулен уәзінінің негізінде =(- ˆ - ˆˆ ) = созыңқы, қысыңқы, созыңқы, қысыңқы, қысыңқы дыбыстық буындармен жырланады. Алпыс мың бәйітте жырланған «Шаһнаме» біздің заманға 49327 бәйіт көлемінде жеткен. «Шаһнаменің» ескі қолжазба нұсқасы 1276 жылы, яғни Фирдауси қайтыс болғаннан соң екі жүз елу жыл кейін жазылған. Бұл нұсқа «Brіtіsh Museum» қолжазба қорында сақтаулы тұр. Екінші қолжазба нұсқасы 1333 жылы жазылған. Бұл нұсқаны бірінші нұсқамен салыстырғанда өзгешеліктер байқалады. Осы нұсқа Санкт-Петербургтің орталық кітапханасының қолжазба қорында сақталды. Екінші қолжазбаның қай уақытта жазылғаны көрсетілмеген. Бірақ ғалымдар 1445 жылы жазылған деп болжамдап жүр. Парсы тіліндегі қолда бар қолжазба нұсқаларына қарағанда, Әбу-л Фатх Бондаридың араб тіліне аударған нұсқасы (1223-1227ж.) тұнғыш рет тәржімаланған, әрі ең ескі нұсқа ретінде ерекше мәнге ие. Ол Орта ғасырларда араб, грузин, гәжрәт, түркі, үнді тілдеріне аударылса, кейінірек оның толық мәтіні немесе кейбір тараулары он тоғызыншы ғасырдан бастап Европа тілдеріне де аударылды. Тұран сөзінің этимологиясына байланысты Фирдаусидың шығармасында Иран патшасы Феридун әлемді үш ұлына бөледі. Рим мен батысты Сәләмге, Түрік пен Қытайды Тұрға, Иран мен Дәшт-е Нейзевәрәнды Ирәжға береді. (Дәшт-е нейзевәран - Араб даласы немесе Бабыл болуы да ықтимал). Үшеуінің билікке таласуының салдарынан, Иран мен Тұран арасындағы ұзаққа созылған шайқас басталады. Бұнда жауыз да, шабуылды бастаушы да тұрандық болса, ақиқаттың қорғаушысы ирандықтар болды. Яғни, тұрандықтар -жамандар, ирандықтар - жақсылар. Сәләм билік басында болуды мұрат тұтып, тентек Тұрды Ирәжға қарсы қояды. Ал, бауырларына жамандық тілемеген Ирәж олардың қитұрқы істеріне ешқандай шара қолданбастан, Тұрдың жалаң қылышынан қаза табады. Ирәждің өлімінен кейін Феридун патшалықтан бас тартады. Шаһнаменің құндылығы біріншіден ол әлем мәдениетінің жиынтығы іспеттес шығарма. Өйткені: Фирдауситанушы ғалымдардың пікіріне қарағанда «Шаһнаменің» арийлерге қатысты элементтері «Әвестаның» мифтік бөлігінде байқалады, Бабел (Вавилон) елінің үлесі Кейқауыс дастанында жатыр; грек нақышы Ескендір дастанында көрініс тапқан; еврейлік ұшқындар Сүлеймен хикаясында жалт-жұлт етеді; Сасан әулетінің патшалық құрған кезеңі, ақиқат пен аңыз негізінде Иран тарихын баяндаса, түрік елінің тарихын «Тұр» атына ұштастырып Афрасияб тұлғасымен бейнелейді. Екіншіден, «Шаһнаме» дастаны жойылып бара жатқан парсы тілін қайта тірілтіп, ирандықтардың парсылық санасының қайта оянуына ықпал жасады. Сондай-ақ парсы тілінің түркілерде де кең көлемде таралуына негіз болды. Сол себептен де Фирдауси қазірге дейін Иран елінің «ұлттық қаһарман ақыны» болып саналады. Фирдауси ирандықтардың ұлттық санасын оятуға еңбек еткенін және өз мақсатына жете алатынын сезгендей былай жырлап кеткен.

Отыз жылдай тауқымет шегіп, ана тілімді тірілттім,
Сол арқылы парсыларды өз тіліне жүгінттім.
Замананың желі менен бораны да жоя алмас,
Әсем, зәулім сарайды мен сөзден салып құбылттым.

Үшіншіден, Шаһнаме түрік халықтарының тарихымен мәдениетін Иран елінің тарихымен қатар әмір сүргенін айғақтайтын дерек көзі. Мәселен, Шаһнамедегі Тұран патшасы Афрасияб түркі әдебиеттерінде «Алып ер Тона» деп аталып келеді. Түркия, Әзірбайжан сынды түркі елдері өздерінің әдебиет тарихының бастауын «Алып ер Тоңа» жайында айтылған жоқтау жырына төлейді. Шаһнаменің Иран-Тұран елдерінің тарихына қатысты маңызын Тұрмағамбет Ізтілеуұлы:

Оқушым! Шашуым бұл шашқан менің,
Көріңдер кеулегендей гауһар кенін!
Әуелі — Адам-ата, соны — Дарап,
Қазықты қатаң қағып тартқан желім!

Сөзінің көбірегі көрінеді
Тұран мен соғыстыру Иран елін.
Екеуі о басында туысқанмен,
Шайқаған бір-бірінің шалқар көлін –

деп жырлайды. Бұл өлең жолдары Тұрмағамбет ақынның не үшін Фирдаусидің «Шаһнамесіне» ден қойғанын байқатады. Шаһнаменің дастандары қазақ әдебиетіне өзек болғанын шығарманың шығу тарихымен байланысты екенін айта аламыз. Өйткені Фирдаусидің жыры ақынның өмір сүріп жатқан жылдарының өзінде-ақ түркілер арасында таныла бастаған-ды. Тіпті Хорезмшах сынды түркі әулеттері шығарманың кеңінен таралуына себепкер болды. Әрісін айтпағанда қазақ хандығының құрылу тарихын «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде жазып қалдырған Мырза Хайдар Дулат (1499-1551) өз шығармасында Фирдаусидің "Шаһнаме" дастанын тарихи дерек және көркем әдебиет ретінде пайдаланған. Кейін "Шаһнаме" қазақтың дәстүрлі әдебиетінде көптеп қолдана бастады. Мәселен, Хұсрау шахтың қиссасы қазақ халқының арасында ауыздан ауызға жырланып келді. Шаһнаменің қазақ әдебиетімен тығыз байланысын кеңестің қатал идеологиялық ұстанымы да үзе алмады. Бұл сөзімізге айғақ бола алатын Мұхамеджан Қаратаевтың 1978 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Революция Рухымен» атты еңбегінің шығыс жұлдызы және «Шеберлік Шыңына» атты еңбегінде "Шаһнаме" жайында жазғандары. Сондай-ақ Нығмет Ғабдулиннің «Уақыт Сыры» (Алматы, жазушы, 1981 ж.), Рахманқұл Бердібайдың «Сарқылмас Қазына» атты еңбектерімен қатар Өтеген Күмісбайдың "Шаһнамеге" қатысты ғылыми-зерттеу диссертациялық жұмыстарын Фирдауси туралы жазған көптеген мақалаларын айта аламыз. Қызылордалық ақын Ораз Молда Найман Шал Көкілташ медресесінде оқып парсы тілін терең меңгерген соң "Шаһнамені" түгелдей прозалық жанрда түркі тіліне аударды. Ол аударманың мәтіндерінің арасында шығыстық әдеби дәстүр бойынша тәржімашы өз ойын бәйіттер арқылы әрлеп отырған. Аталған аударманың қолжазба нұсқасы Қызылордадан табылған. Қазір Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхананың қолжазба қорында сақтаулы тұр. Сондай-ақ Джуковскийдың аудармасы арқылы орыс тілінен "Шаһнаменің" үзіндісін қазақ тіліне Мұхамеджан Серәлин тәржімалаған. Аударманың мәтіні Айқап журналында (1911-1915) жарық көрген. Кеңес одағы құрылғаннан кейін Жүргеновтің қолдауымен Тұрмағамбет Ізтілеуұлы (1882-1939) "Шаһнаменің" ізімен көптеген бөлігін жырлады. Оның бір кітабы Мардан Байділдаевтың ерен еңбегінің арқасында 1961 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Екінші рет жырау Алмас Алматтың мұрындық болуымен Тұрмағамбеттің "Шаһнамесі" 2004 жылы «Жазушы» баспасынан екі том болып жарыққа шықты. Биыл Қазақстан Республикасы үкіметінің қаулысымен Тұрмағамбеттің 125 жылдығына арналған мерейтой туған жері Қызылорда облысының Қармақшы ауданында басталды. Осы жыл ауданда «Тұрмағамбет жылы» деп жарияланып, 2007 жылдың 10 маусымында Қармақшыда салтанатты ашылу рәсімі жасалды. Бұл шараға қатысты ғылыми-теориялық конференция болып өтті. Оған облыс әкімі М. Құл-Мұхаммед, аудан әкімі Биғали Қаюпов тағы басқа жауапты қызметкерлер қатысты. Сондай-ақ конференцияға жан-жақтан тұрмағамбеттанушы ғалымдар шақырылды. Атап айтқанда Т. Тебегенов, Ө. Күмісбаев, А. Алмат, Б. Жүсіп, Б. Қожамберлиев, Ү. Жаңбыршиева, Е. Кәрібозов, Л. Құндақбаева, Т. Досымова және мен қатысқан едік. Конференцияда әкім облысының нақты қолдауының арқасында Тұрмағамбет Ізтілеуұлының биылғы жылдың күз маусымында өтетін мерейтойының қарсаңында істелетін ғылыми жұмыстар мен мәдени шаралардың жалпы жоспары мақұлданды. Сөйтіп, қазақ халқының тағы бір рухани әлемінің ұлы тұлғасы өзінің рухани биігінде бой көтермек. Өйткені сыр бойынан шыққан ұлы ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлы өзінің ойшылдық, ақындық биігінде күні бүгінге дейін толыққанды зерттелмегені анық. Бұның өзі қазақ халқының әрбір ұлы тұлғасының қыр-сырын тереңдеп тану үшін еліміздің тәуелсіздігінің шапағаты қажет екендігін көрсетеді. Соңдықтан еліміздің тәуелсіздігінің баянды болуы қазақ халқының рухани жұлдыздарының жарқырай түсіп, нұрлы жолын жалғастыра беруімізге мүмкіндік жасай алатындығы айқындалды. Қысқасы, Фирдауси Иран елінің «Ұлы ұлттық ақыны» ретінде мың жылдан аса дәріптеліп, құрметке бөленіп келсе, қазақтың Тұрмағамбет Ізтілеуұлы да халқымыздың ұлы ұлттық ақыны екенін мойындауымыз қажет-ақ. Өйткені кеңестік отарлау идеологияның ұстанымының кесірінен қазақтың өткен тарихы және мәдени бай мұрасы жоққа шығарылып, қазақ ұлтының санасы күйзеліске ұшыраған заманда Тұрмағамбет Ізтілеуұлы Фирдаусидің "Шаһнамесінің" ізімен өзіндік бояуы бар «Шаһнаме» дастанын жырлаған-ды. Бірақ әртүрлі себеппен оны біздер «Рүстем-Дастан» деп атап келдік. Әрине, «Рүстем-Дастан» ұлы "Шаһнаме" дастаның бір тарауы болып табылатынын ескеруіміз керек. Бұл тұста айтарымыз Тұрмағамбет Ізтілеуұлы "Шаһнамені" жырлауды қазақ халқының зерделі перзенттерін ежелгі түркілік тарихымыздағы Тұран елімен табыстырмақ болды. Бұлай дейтініміз «Шаһнаменің» негізгі тарихи тақырыбы Иран мен Тұран елінің қарым-қатынастарын бейнелейтін тарихнама іспеттес еді. Әрі "Шаһнамеде" Сейһун (Сырдария), Жейһун (Амудария) өзендерінің аталуы қазіргі кездегі қазақ жерінің мыңдаған жыл бойы талай тарихи оқиғаларға куә болғандығын айқындайды. Міне осындай мағлұматқа бай "Шаһнаме" қазақтың зердесіне ұлтының мыңдаған ғасырлық тарихы бар екендігіне ұялатып, оған рухани демеу болары анық еді. Осы тұрғыдан келгенде Тұрмағамбет Ізтілеуұлы қазақтың тарихы, мәдениеті жоқ деген жалған кеңестік идеологияның пікіріне қарсы қару екенін көрсетті. Сол себептен де кейінірек кеңестік идеологтар Тұрмағамбеттің ұлтшыл тұлға екенін ұғынып, оны сүргінге салды және шәһид болуына жол ашты. Бірақ өз халқына адал еңбек еткен Тұрмағамбет Ізтілеуұлының рухы тәуелсіздігіміздің арқасында өз биігінде көріне бастады. Бұдан әрі шарықтай бермек. Тұрмағамбет Ізтілеуұлының "Шаһнамесінен" кейін Фирдаусидің "Шаһнамесінің" жекелеген тараулары қазақ тіліне тәржімаланып, баспа бетін көріп жүрді. Солардың бірі шаһнаменің «Мәнеушеһір» атты тарауын Бегділдә Алдамжаров қазақшалады. Ол еңбекте 1972 жылы «Жазушы» баспасынан шығып үлгерді. Осы тұста тағы бір айтарымыз Фирдауси X ғасырдың ақыны, ал Тұрмағамбет Ізтілеуұлы XX ғасырдың шайыры бола тұра екеуінің де идеясы бір арнаға тоғысып жатқаны кездейсоқтық емес. Өйткені адамзат тарихында ұлы ақындар мен ойшылдардың ортақ ойы өзінің туған халқын сүю екені дәлелдеуді қажетсінбейді. Сондықтан Фирдауси парсы тілінің жойылып, ұлты құрдымға бара жатқан заманда "Шаһнамені" жырлап, парсы тілінін қайта жандануына және парсының ұлттық рухының оянуына қызмет етуді мақсат тұтса, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы да қазақ халқының ұлттық болмысы, ұлттық тарихы саяси саудаға түсіп жатқан кезеңде Фирдаусидің "Шаһнамесінің" ізімен өз "Шаһнамесін" жырлауда ұлттық мүдде бар екендігін айта аламыз. Қорыта айтқанда, елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен жұмысын жалғастыра келе жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Фирдаусидің «Шаһнаме» дастанын қолда бар Тұрмағамбет Ізтілеуұлының "Шаһнамасын" негізге ала отырып толықтай қазақ тіліне аударыла қойса тарихи-әдеби мәні зор бұл еңбектің мазмұнының арқасында тарихшыларымызға да, ақын-жазушыларымызға да, мәдениеттанушы ғалымдарымызға да, ойшылдарымызға да, жаңа көкжиек пайда болар еді. Екіншіден, "Шаһнаменің" қазақ әдебиетіндегі көрінісі мен зерттеулері еліміздің тәуелсіздігінің арқасында тәуелсіз көзқараспен қайта түлер еді демекпіз.

ЛЕБІЗДЕР ЛЕГІ

Күй жанып, көкірегінен күйік қашып,
Елінің ерке ұлдарын сүйіп, тасып.
«Рүстем-дастанымен» Тұрмағамбет
Барады Фирдаусимен иықтасып.

Тұманбай Молдағалиев

Шығыста ол түсінбес тіл қалған жоқ,
Ол оқып, үйренбеген жыр қалған жоқ.
Дос тауып Садриддин Айни сынды,
Сырласып, сын түйіскен Тұрмағамбет.

Асқар Тоқмағамбетов

Қазақ қаламгерлері азық-түлік молшылығын жасап жатқан жайсаң жандармен дидарласып, өлеңдеріне өзек, әңгімелері мен повестеріне, қабырғалы романдарына жаңа желі, аяулы кейіпкерлер тапты. Тұрмағамбет тойы шын мәнінде бүкіл қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тойына айналды.

Әбділда Тәжібаев

Әдебиет күндері мен Тұрмағамбет тойы — бұл екі өнер мерекесінің бір-бірімен мәнді де сәнді ұласуы. Тұрмағамбет тойы — бүкіл қазақ әдебиетінің, өскелең мәдениетіміздің тойы. Осындай талант берген халқымызға, елімізге мың да бір рахмет айтамыз!

Жұбан Молдағалиев

Жазушылардың туысқан республикаға барып қайтуы олардың жақынырақ танысуына көмектесті. Бір-біріне ықпал жасауына себепші болды. Мәселен Фирдаусидің «Шаһнама» шығармасының негізінде жазылған Тұрмағамбеттің «Рүстем-дастаны» осындай әсердің нәтижесінде туған еді.

Қазақ ССР тарихы. 4-том.

1981 жыл, 624-бет

Бұхара медреселерін бітірушілердің кейбірі білімді адамдар болды. Рас ондай адамдар сортаң жерге шыққан жеміс ағашындай өте сирек еді. Олар білімді өздерінің ерекше қабілеттілігі әрі темірдей төзімділіктері арқылы меңгерген.

Садриддин Айни

Көруге кім ынтықпас күннің көзін,
Естуге кім құмартпас ғалым сөзін?!
Шырағым Тұрмағамбет, білім алдың,
Еліңе енді қызмет істер кезің.

Суытпай адамшылық, әділ сөзді,
Қош, бауырым, өзің көтер жыр күмбезін!

Базар жырау

Сыр бойы ежелден-ақ орақ ауыз, от тілді шешендер мен көсем қарияларға, жез таңдай әншілер мен айдарынан жел ескен ақын-шайырларға, жыршы-жырауларға, сал-серілерге кенде болмаған. Өзгеден ойы асқан, бойы биік осындай парасатты перзенттерін халық сүйсінгендіктен оларды «Сүлей» деп атайды. Сол «Сыр сүлейі» деп бағаланған ақындық дабылы аяқ жетер атырапты жаңғырықтырған Тұрмағамбет пен Нартайды өз көзімен көрді.

Ыбырай Жақаев

Рүстемнің жайы туысқан тәжік әдебиетінің ұлы классигі Фирдауси «Шаһнамасында» болғанмен мынау еңбекті Фирдаусидің «Шаһнамасынан» тікелей жасалған аударма демейміз. Сол Фирдауси үлгісімен халық ақыны Тұрмағамбеттің өзі өлең етіп жазған Рүстем жөніндегі дастанның қазақша варианты дейміз.

Мұхтар Әуезов

Қадімше хат танымаған күнде, қараңғы өмірде өскен XІX ғасырдағы қазақ поэзиясының асқар тауы Абайдың өзі де, ішіндегі алтын қазынасын жарыққа толық шығара алмай, көп импровизатордың бірі боп өлер еді.

Сәбит Мұқанов

Шынын айту керек, Тұрмағамбет жөнінде Қазақстан Жазушылары одағы да түрткі салмаған, баспа орындарының алдына талап қоймаған, қадағаламаған. Бұдан былайғы жерде бұл ұятымызды жууға тиіспіз.

Ғабит Мүсірепов

Елімізде социалистік қоғамның іргесі бекіп, 1934 жылы совет жазушыларының бірінші съезінің шақырылуы, онда Максим Горькийдің әдебиет міндеттері туралы, халық творчествосы туралы программалық сөз сөйлеуі, түрі — ұлттық, мазмұны — социалистік мәдениеттің гүлденіп өсуі бұл күнге дейін ұмытылып келген Жамбыл, Тұрмағамбет сықылды елдегі ондаған ел ақындарын жарыққа шығарды.

Мұхамеджан Қаратаев

Тұрмағамбет ақын Лениннің көзі тірісінде жазған өзінің «Ленин — күн» деген толғау жырында қазақ халқының бостандықты аңсау жолындағы арманы тек Ленин шапағаты арқасында іске асқанын айтады. Мұның барлығы халық ақындарының Ленинге деген шексіз махаббатының айқын бір көрінісі еді.

Есмағамбет Ысмайылов

Жамбыл, Иса, Нұрпейіс ақындар жайында зерттеулер болған еді. Ал советтік халық әдебиетінің көрнекті қайраткерлері: Нұрлыбек, Болман, Доскей, Төлеу, Ғабдіман, Нұрхан, Омар, Тұрмағамбет, Нартай жайында жазылған еңбектер жетіспейді. Біздің міндетіміз — осы кемшілікті жою, болдырмау үшін күресу. Партиямыздың қамқорлығына біз нақтылы ісімізбен жауап беретін болайық!

Мәлік Ғабдуллин

«Шаһнаманы» аударған Тұрмағамбет Ізтілеуовтің «Рүстем — дастан» есімді қалың кітабы 1961 жылы баспадан шықты. Аударманың жартысына жуығы бұл кітапқа кірмей қалған және автор сол көл-көсір аударманы он айдың беделінде аяқтаған. Халық ақыны дәл аудармаға бармай, өзінше вариант жасаған.

Тәкен Әлімқұлов

Қызылорда облысы — шежіреге бай облыс. Онда Қазақ ССР тарихы және мәдени ескерткіштерін қорғау қоғамының жобасы бойынша қоғамның қаржысымен Қорқыт ата және Тұрмағамбет ақынға ескерткіштер орнатылды. Бұлардың бәрі — ұлттық мұрамыз, ұлттық байлығымыз.

Әнуар Әлімжанов

Тұрмағамбет туындылары көп жылдар бойы суырылып шыққан мол жыршы-жыраулардың репертуарынан жарасымды түрде берік орын алып келеді. Өзін халқы мақтан тұтар мұндай өміршең өнер салты қазіргі кезде өшпей сақталып, өркен жайып құпталып отыр.

Рахманқұл Бердібаев

Тұрмағамбет сөздерін,
Мақтамайық қалай көп!
Баға берген өздерің:
«Сырда туған - Абай!»

деп.

Манап Көкенов

Жалын боп өткен ағаның,
Жарқ етті жүрген дөңдері.
Жайқалып талы жағаның,
Жалтырап жатыр көңілдері.

Сағи Жиенбаев

Мен былай дер едім: егер Тұрмағамбет «Шаһнамадан» басқа ештеңе жазбаған болса, соның өзінде де біз оны үлкен ақын деп танып, оның осы «аударма» іспетті еңбегін - көп «қолтума» деген жасық шығармалардан жоғары бағалауымыз керек дер едім.

Мұхамеджан Қаратаев

Қазақ әдебиеті мен Шығыс әдебиетінің байланысы деген мәселеде Тұрмағамбет творчествосынан көптеген қызғылықты жаңалықтар табуға болады.

Рахманқұл Бердібаев

ҚҰЖАТТАР СӨЙЛЕЙДІ

Т. Ізтілеуұлының жеке куәлігі

Т. Ізтілеуұлы (Фирдаусидің «Шаһнамасын» аудару үстінде, 1936 жыл)

Т. Ізтілеуұлының жұбайы Биға

Жамбыл мен Тұрмағамбет

Т. Ізтілеуұлы дүниеге келген «Ақтайлақ» мекеніндегі көне тарих іздері

Ақтайлақ батырға қойылған құлпытас

«Ақтайлақ» мекеніндегі ел тұрған үйлердің орны

Т. Ізтілеуұлы білім алған Бұхарадағы "Мир Араб" медресесі.

Т. Ізтілеуұлы білім алған Бұхарадағы "Көкілташ" медресесі.

Т. Ізтілеуұлы дәріс берген мешіттің орны

Сыр бойының атақты ақыны Тұрмағамбеттің ұстазы, медресе мүдәрісі

(мұғалімі), ғұлама (ғалым) Қалжан ахун Бөлекбайұлының (1857-1916) зираты.

(Қызылорда облысы, Жалағаш станциясы, №6 разъезд)

Мардан Байділдаев, Әбдірауып Тұрмағамбетов, Нажмеддин Егізбаев

Мардан Байділдаев пен Әбдірауып Тұрмағамбетов

Мардан Байділдаев Әбдірауып Тұрмағамбетовтың отбасымен бірге

Әбдімәлік Календаров, Тәйімбет Көмекбаев,

Тілеу Жұбаев, Әбдірауып Тұрмағамбетов

Т. Ізтілеуұлының облыстық көркемөнерпаздар

слетіне қатысқаны туралы құжат

Қызылорда аудандық атқару бөліміне Сіздің ауданнан облыстық көркемөнер слетіне делегат ретінде келген жолдас Ізтілеуұлы слетте 12/ҮІ дейін болып қайтты. Бұл жолдастың көркем өнер, басқа да осыған байланысты жұмыстарды жүргізуіне толық жәрдем етуіңізді сұраймыз.

Обл. ағарту білім бастығы /Сейдәліұлы/
13/ҮІ-1934 ж. №1399

Оңтүстік Қазақстан «Халық өнері қайраткерлерінің»

облыстық слетіне қатысқаны туралы куәлік

Удостоверение Предъявитель сего тов. Изтилеуов действительно является делегатом Южно-Казахстанского Областного слета «Делегатов Народных искусств».

По окончанию слета возвращается в свой район. Что и удостоверяется.
Зав. ОблОНО. /Сейдалин/
Зав.Мас.Сектором. /Байысбаев/
«13»/VІ-1934г.

№1406

Т.Ізтілеуұлының іссапарда жүргені туралы

Қармақшы аудандық білім бөлімінің берген куәлігі

Удостоверение Дано гр. Изтилеуову Турмагамбету в том, что он действительно командируется в Алма-Ате в распоряжении Казнаркомпросе.

Просьба советским организациям оказать гр. Изтилеуову Т. содействие.
Зав. Кармакчинского РайОНО: /Рыспаев/
29/ІV-1935г.

№64

Ата-аналар жиналысына шақыру

Шақыру

Жолдас Тұрмағамбет Ізтілеуов. Қалалық партия комитеті менен оқу бөлімі сізді осы жылы 29 желтоқсанда кешкі сағат 7-де Ленин көшесіндегі 12 санды мектепте шақырылған оқушы балалардың ата-анасының жиналысына қатынасуыңызды сұрайды.

Күн тәртібі

1.Мектепте және үй ішінде тәрбие жұмысын жандандыру туралы.

Қалалық партия комитетінің Ағарту
бөлімінің бастығы: Кузич
Қалалық Оқу Бөлімінің бастығы: Нарбайұлы

Әбділда Тәжібаевтың анасы Айманкүл Тәжібаеваның

Тұрмағамбетке жазған хаты

Қайным! «Шаһнамаға» өзіңнен өзге адамның әлі келмейді. Осыны «тәуекел» деп аударып көр.

Айманкүл. 1936ж.

Қаз АССР Орталық атқару комитетіне Т. Ізтілеуұлының хаты

Қазақ АССР Орталық атқару комитетінің президиумына
Президиум төрағасы — Ұзақбай Құлымбетовке
Қазақстанның халық ақыны
Жазушылар қоғамының мүшесі

Тұрмағамбет Ізтілеуовтен Хат Мен халқыма 40 жылдан бері ақындықпен қызмет етіп келемін. Бұл көп жылдық еңбектерім баспадан шықпай бағым қайтып, бағаланбай жүрген соң бұдан 3-4 жыл бұрын осы жайымды өзімді білетін дос-жарандарым: Өзбекстан Наркомы Жүргеновке, ғалым Диваевке, оқуда қаламдас адамым тәжік ғұламасы Айниға айттым. Мәскеудегі ұлық жазушы Горькийге тілегімді білдірдім. Бұл азаматтардың маған берген ақылы: Фирдаусидің мың жылдық тойының болатындығын айтып «Шаһнаманы» қазақшаға аудару болды. Өткен жылы майда Қазкрайком Мерзоян жолдас ауылдан Алматыға шақырды. «Шаһнаманы» бітіріп беруді парыз етті. Партияның басшысы айтқан срокке бұл міндетін атқарып «Шаһнаманы» бітіріп бердім. Бұл еңбегімді өзіңіз құрған үкімет комиссиясы жеті кісі, басшысы Жүргенов (мүшелері Сәкен, Аспандияров, Қабылов, Құдайберген, Сәбит, Абат) болып бәрі қаратып қабылдап алды. Ішіндегі толып жатқан қиын сөздерді ғылым ізімен тәртіптеп ұғындырып 4 том етіп басуды олар ұйғарып, қаулы қылды. Үкіметке ендігі тілегім: жас болса ұлғайды және де арызым бар. Жұрт қатарлы қызмет істеу қазір ауыр тиіп жүр. Енді мүмкін болса туған-туыстарыма қауышып, елімнің ортасында болып демалайын. Азды-көпті атқарған еңбегімді бағалап үкімет тарапынан маған тиісті пенсия бұйырыңыз.

Наркомпростың ғылыми
қызметкері Ізтілеуов
15/ІХ-1936ж.

Т. Ізтілеуұлының қайтыс болғаны туралы куәлік (15. Ү. 1939 ж.)

Әбіш

Аман боларсың.

Көрінбегенге, сені мұнда жоқ деп жүр едім. Әбіш, сенен өтініш: Шахнаманы басатын болдық. Ана бір жылы соның бас жағын саған беріп едім ғой, жолың түссе соны мына баладан беріп жіберші. Біздегі болғаны сол-ақ еді, басқа данасы жоқ.

Сәлеммен:

Ищанов

24/XІІ-1956 ж.

Мардан!

Қалай денсаулық күнделікті қызметіңді атқарып жүрсің бе? Балдар сау, үй іші, отбасы аман ба? Біз де сондай аманбыз. Жағдай жақсы 40 жылдық мейрамды өткізіп жаңадан жұмысқа кірісіп жатырмыз. Ел жағдайы жақсы, арзаншылық Әбдірауыптың үй іші де аман, өзі де ден сау жүр. Мардан сенің тапсырмаңды орындау үшін қарастырып жүрмін бір онда, бір мұнда болып қиын болып жүр. Жақында Қызылордаға барып Қуаныш Баймағанбетті таппадым. Бірақ, бір кісіге тапсырып кеттім. Тұрекеңнің аты аталған газетті Асқарда дейді. Үйткені оның да аз ғана жинақ шығармақшы көрінеді. Әзірше Тұрекеңнің сегіз дана түрлі документін, бір хатын жіберіп отырмын. Басқа документтерін жазда іздеп, жіберемін. Өлеңдері жөнінде өзің келіп, ал болмаса арнаулы адам жібереміз. Олар бар ғой. Өлеңі жөнінде Мұзарап я болмаса Әбдірауыптың өзі барып сенімен сөйлесер. Басқа бөтен сөз жоқ. Хат сал.

Ағаң Қасқыр

10/XІ-1957 ж.

Ұйғару

11 декабрь 1957 жылы Қармақшы аудандық халық соты Қызылорда облысына қарасты, құрамында Пред. Етуші халық судьясы Қоразбаев. Халық Заседательдері: Тайманов, Болатбаев. Секретарлықта Жаңабаев болып, Қармақшы Қыстағында өзінің ашық сот мәжілісінде Тұрмағамбетов Абдрауып өзінің арызын әкесі Ізтілеуовтің әйелі Ізтілеуова Биға екендігін анықтауды сұрайды. Шындығында Жүсіпов Мұзарап, Құрманбаев Мыңжан, Мұхашов Мергендердің түсініктеріне және Ленин ауыл-советінің справкасын қарағанда Ленин а/советінде туып өскен Ізтілеуов Тұрмағамбет 1949 жылы өлген, оның әйелі Ізтілеуова Биға брак заңды неке қағазы болмаған. Баласы Тұрмағамбетов Абдрауып екеуі бірге Ленин ауылдық советінің қарауында тұратыны анықталды. Жоғарыда көрсетілгендерді негіз етіп СССР Жоғарғы сот Пленумының 7/Ү-1954 жылғы №3 қаулысын басшылыққа алып сот ұйғарады. Ізтілеуов Тұрмағамбеттің Ізтілеуова Биға әйелі екендігін және Тұрмағамбетов Абдрауып баласы екендігін анықтауға.

Пред етуші:

Х/Засед 1 Қармақшы аудандық

2 халық сотының мөрі

басылған

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы

Н. И. Беляевқа Тұрмағамбет баласы Әбдрауып Тұрмағамбетовтың жазған

арызы

КПСС Орталық Комитеті Президиумының мүшесі,
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің
Бірінші Секретары Н.И. Беляев жолдасқа
Көшірмесі: Қазақ ССР прокуроры

А. А. Набатов жолдасқа
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы
Ленин атындағы совхоздың жұмысшысы
Тұрмағамбетов Әбдірауықтан

Арыз

РСФСР қылмыс заңының 58-статьясы бойынша айыпталған, Қазақ ССР-нің бұрынғы оқу халық комиссариаты, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бюросының мүшесі Темірбек Қараұлы Жүргеновпен байланысы бар деп, 1937 жылы менің әкем Ізтілеуов Тұрмағамбетті жауапқа тартты. Ізтілеуов Тұрмағамбет 1883 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қармақшы ауданы, Ленин атындағы №10 ауылдық советі «Өндіріс» колхозында туған. (1937 жылы осылай аталған). Жауапқа тартылған дейін осы колхозда тұрды, колхоз мүшесі болды. Ал 1934-1936 жылдары Алматыда, Қазақ ССР Оқу Халық Комиссариаты қарауында аудармашы, ғылыми қызметкер боп жұмыс атқарды. Осы кезде парсы ақыны Фирдаусидің «Шаһнамасын» шығыс тілінен қазақ тіліне аударып шықты. Осы еңбегі үшін халық ақыны Ізтілеуов Тұрмағамбетке республикалық Партия, Совет органдарының 1936 жылғы қаулысы бойынша мемлекеттен өмірлік дербес пенсия берілді. Әкемнің халық жауы деп, айыпталуына байланысты 19 жыл бойына (1937 - 1956 ж.ж.). Мен де моральдік жағынан көп соққы көрдім, тек 1956 жылы Партияның тарихи XX съезінде шешімінен кейін ғана, әділ шешімге ие болып еңкейген еңсемді көтердім. Жүргеновпен байланысы бар менің әкеме таққан айыптың да қазіргі күні орынсыз екені ашылып отыр. Оған дәлел СССР Жоғарғы Соты әскер коллегиясының 1957 жылы 18 апрельдегі шешімі бойынша, Жүргеновтің ісі қайта қаралып, жаңа жағдайдың ашылуына байланысты қылмысы жоқ деп табылды, ісі қысқартылды. Жүргенов өлгеннен кейін ақталды. Ізтілеуов Тұрмағамбет қарапайым халықтың ортасынан шыққан, өз өмірін ел мүддесін жырлауға арнаған республикамыздың белгілі халық ақыны еді. Ол кісінің халық жауы болуы мүмкін емес, орынсыз жала деп білемін. Бұл жайындағы істі қайта қарауды өтініп, бұдан бұрында арыз етіп едім. Әлі хабар ала алмай отырмын. Сондықтан Ізтілеуов Тұрмағамбеттің 1937 жылғы Шымкентте қаралған қылмысты істер делосын тауып алып, қайта қарауға көмектесулеріңізді көптен-көп өтінемін.

Арыз ұсынушы: А. Тұрмағамбетов
20.03.1958 ж.
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің
Секретары, СССР Жоғарғы Советінің депутаты

Нұрымбек Жанділдин жолдасқа
Көшірмелері: Қазақстан Совет Жазушылар Одағы
Басқармасының председателі №109
Қызылорда сайлау округінен сайланған

СССР Жоғарғы Советінің депутаты
Ғабит Махмұдұлы Мүсірепов жолдасқа
Қазақ ССР Мәдениет Министрі
Қазақ ССР Жоғарғы Советінің

депутаты Әмір Қанапин жолдасқа
Мұхаметжан Қаратаевқа
Тұрмағамбет ақынның творчестволық
еңбегін зерттеп ізденушілер — жазушы

Әбділдә Тәжібаев пен Баспаның редакторы
Мардан Байділдаев жолдастарға

ХАТ

Қызылорда облысының Қармақшы ауданына қарайтын В.И. Ленин атындағы совхоздың бүкіл жұмысшы, қызметкерлер коллективі сіздерге мына төмендегі мәселе тұрғысында өздерінің арнаулы хатын жолдап отыр. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті өткен жылдың июль айында Қазақ халқының әдеби-поэзиялық және музыка мұрасын зерттеудің, сын тұрғысынан қарап пайдаланудың жайы және олардың жақсарту шаралары туралы арнаулы түрде қаулы қабылдады. Бұл партиямыздың халық көкейіндегісін көрегендікпен таба білген дер кезінде алған орынды қаулысының бірі болды. Мұны — біздің совхоз коллективі де жоғарғы дәрежеде қуанышты түрде талқылап оны толығынан қуаттай түсті. Қаулыда көрсетілгендей-ақ, Қазақ мәдениеті мен искусствосының көптеген аса көрнекті қайраткерлерінің шығармалары мен творчестволық өмірбаяны оқушылардың қалың топтары үшін мәлім болмай келді. Соның бірі Қазақ ССР-нің халық ақыны, әрі ғалым, жазушылар Одағының мүшесі, ерекше пенсионер — Тұрмағамбет Ізтілеуов (1883 -1939жж.). Қазіргі Ленин атындағы совхоздың жерінде туған, өз арамыздан шыққан қадірлі жерлесіміз Тұрмағамбет ақынды ешбір ұмытпаймыз. Өйткені оның артында өшпестей қалдырған, мақтаныш етерліктей әдеби мұрасының көп екенін біздер тіпті жақсы білеміз. Атап айтқанда, әр салада мыңға жуық өлеңдер, мыңға тарта мақал-мәтелдер, жиырма төрт поэма жазған ақын. Оның үстіне шығыс халқының әлемдік әдебиет қазынасынан орын алатын парсы ақыны Әбілқасым, Фирдаусидің «Шаһнамасын» өлеңмен түгелдей және үнді халық ертегісі тоқсан тараулы «Тотынама» поэмасының бір тарауын өлеңмен, тікелей шығыс тілінің өзінен қазақшаға сапалы түрде аударған тұңғыш аудармасы. Оның бұл еңбегін партия мен үкіметіміз сол кезде жоғары бағалап, БК.б.п Қазақстан өлкелік комитеті мен Қазақ АССР халық комиссарлар Советі өзінің «Қазақ искусствосы он күндігінің қорытындысы туралы» 1936 жылғы октябрьдегі қабылданған қаулысында «Шаһнама» кітап боп шығарылсын, ақыға өмірлік дербес пенсия берілсін деп атап көрсеткен болатын. Осылай бола тұрса да 21 жыл бойы (1937 жылдан) Тұрмағамбет ақынның аты әдебиетімізде ешбір жерде аталмай, орынсыз ұмытылып келді. Бұл жайлар, әсіресе, ақынның өзі туған жеріндегі біздерді қатты қынжылдырады. 14 жасынан бастап ақындықпен айналысқан, өмірінің 56 жылын осы жолға бағыштаған, Қазақ Совет Жазушылар Одағының тұңғыш съезінің және республикалық көркем өнерпаздардың бірінші, екінші слетінің делегаты болған, Қазақ әдебиеті мен искусствосының Москвада өткен І декадасына өз үлесімді қосқан, көрнекті халық ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуов қалдырған әдеби мұраларын - ел аузынан көп тараған өз өлеңдерін және халыққа әйгілі аудармасы «Шаһнаманы» жарыққа шығаруды толғағы жеткен, халық сусап керексіген аса бағалы істің бірі деп есептейміз. «Шаһнама» кітап боп шығарылса оның тек екі мыңдай данасын өз совхозымызға таратуға толық мүмкіндік бар екенін сіздердің естеріңізге сала кетеміз. Қойып отырған тілегіміздің тез шешілуі үшін бұл хатты осы мәселеге тікелей қатысы бар деп сіздерге, бәріңізге бірдей ортақ талап қойып, жазып отырмыз. Және осы жазған хатымыз аяқсыз қалмайды, жауап береді деген сенімдеміз.

Совхоз жұртшылығы атынан:
Совхоз директоры: Әлмембет Ардабаев
Совхоз партия ұйымының секретары: Қаратай Қуаңбаев
Совхоз жұмысшылар комитетінің председателі: Қасқыр Нәметшаев

Совхоз жұмысшысы,
Советтер Одағының батыры: Тәйімбет Көмекбаев
25 март 1958 жыл.

Амандық хабар

Мардан аман-сау жүріп жатқан боларсың. Балалардың, Гүлстанның денсаулығы, Жаһаншаның үй-іші аман ба? Ал бізден амандық білмек болсаң 26.05.1958 ж. ауылға келіп, содан бері ауылда жатырмын. Халық жұмыстың бітетінін айтып, сенің еңбектеріңді айтып, өте қуандық. Мұндағы азаматтар көп-көп мархамат айтып жатыр. Атап айтқанда: 1) Қаратай - парторг 2) Қасқыр - профсоюз 3) Ордабаев - директор 4) Әбубәкір - ауылсовет 5) Тәйімбет - батыр 6) Берман – азамат Ал өзің амандығыңды айтып, жұмысыңның жағдайын айтып хат жаз. Мұзарап 2.06. күні хат жаздым дейді. Оны алған боларсың. Мен осы пакетпен 76 майда өлеңді жіберіп отырмын. Енді қалғандарын бір-бірлеп Қаракөзов те бізге бер деп отыр. Ол кісіге де кіріп, жұмыстың барлығын бастан-аяқ айттым. Қаратаевқа, Әбекеңе сәлем айт. Мұндағы азаматтар да ат салысты дегенім ғой. Рахмет айтқанын ауызекі айт.

Бөтен сөз жоқ. Хабарды өзіңнен күтеміз.

Амандығыңа тілектес ағаң Әбдірауып

06.06.1958 ж.

Қазақтың Мемлекеттік Көркем Әдебиет баспасының директоры

Мұхаметжан Қаратаев жолдасқа

Өтініш

Халық ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуовтің аударған, көлемі 50 баспа табақ «Шахнамасын» әзірлеп, баспаға өткіздім. Ақынның бұдан басқа 1896-1939 жылдар арасында, 40 жылдай жазған өз шығармалары бар. Сонан қазіргі қолда бар қолжазбасы 50 баспа табақтай болады. Оның ішінде дарынды ақынның қиялынан туған дастан, мысал, сықақ, мақал, жұмбақ, айтыс, толғау, термелері және еліміздің әрбір тарихи кезеңдеріне байланысты саяси тақырыптарға арналған көптеген өлеңдері бар. Мысалы: «Мәрді дихан» дастанында Ұлы Октябрь революциясына дейінгі Сыр бойын мекендеген қазақ еліндегі кедейлердің ауыр халы, тіршілігі, өмірі суреттеледі. Осы сияқты жоғарғы көркемдікпен жазылған дастанның саны — 25. 1918 жылдың өзінде Октябрь революциясына, («Октябрь таңы») В.И.Ленинге («Алып қыран») ұзақ өлеңдерін арнаған. Ақынның еңбектері 1937 Сәкен Сейфуллиннің редакторлығымен кітап боп шығуға дайындалған. Бірақ сол кездегі туған қолайсыз жайлардың салдарынан ол жүзеге аспай қалды. Осы биылғы май айында Н. Жанділдин, Ғ.Мүсірепов жолдастар арнаулы түрде Тұрмағамбет жайында сөйлескен болатын. Еңбегінің құндылығын ескере келіп, басып шығаруды мақұлдаған. Онан кейін осы жылдың июнь айында өткен жазушылардың ІІІ пленумында Тұрмағамбет творчествосы тағы да сөз болды. Оның еңбегін осы кезге дейін елемей келген «ұятымызды бұдан былай аршуға тиістіміз» деді Ғабит Мүсірепов өзінің жасаған баяндамасында. Осыған қарамастан баспаның 1960 жылғы жоспарына Тұрмағамбет еңбегі енгізілмей қалған. Берілген заявканың қандай себеппен аяқсыз қалдырылған білмеймін. Сондықтан «Ақын мұрасы» деген (немесе «Сырдың сүлейі») көлемі 15 баспа табақ Тұрмағамбеттің таңдамалы жинағын баспаның 1960 жылғы жоспарына енгізуіңізді өтінемін. Қолжазбаны 1959 жылдың І/ІҮ дейін баспаға түсіруге міндетіме аламын.

Өтінішпен: Байділдаев
І/ХІ -1958 жыл.
Алматы.

ОТЗЫВ

На рукопись «ШАХНАМЕ»

(Перевел в стихотворной форме на казахский язык известный народный
ақын, знаток восточной литературы и языков Турмагамбет Изтлеуов)

Рукопись в объеме 50 печатных листов, состоящая из 36 тысяч строк принята издательством год назад. Рукопись «Шахнамэ» была отдана на рецензию известному казахскому поэту Абдильде Тажибаеву. Товарищ Тажибаев, внимательно изучив эту работу, одобрил ее. После этого между издательством и автором был заключен договор (Издательский договор № от 30.1.1959г.) Специальным редактором по выпуску «Шахнамэ» в свете являюсь я. Я тщательно ознакомился с данной работой. Издательство включило в свой план этот перевод замечательной эпопеи «Шахнамэ», которая, безусловно, представляет огромный интерес для широких читательских кругов. Сейчас я занимаюсь редактированием этой работы. С считаю, что дирекция издательства, исходя из общих правил оплаты гонораров, может выполнить взятые на себя обязательства и выплатить автору часть причитающегося ему гонорара согласно пункта 4 «а», вышеупомянутого договора.

Зам. Отделом издательства
Спец.редактор рукописи Утебай Турманжанов
13.Y. 1959 ж.

Мәке!

Қалай үй-іші бала-шағалардың дендері сау ма? Мұнда біздің де деніміз сау. Сіздің 6/ ІҮ салған хатыңызды 20/ҮІ күні алып бірқатар хабарды естіп, қуанып қалдық. Ағаң Қарақұмда жұмыста, бүгін-ертең келе ме деп отырмыз. Сіз ауылға келе беріңіз, ауылдан кездесесіз. Кемпіріміз де тәуір, жақсы, балдардың да дені сау. Бөтен сөз жоқ, сау бол.

Жазушы жеңгең Рабиға

21/ ҮІ-1959 ж.

Мардан!

Ұзақ абыройлы саулықта жүргеніңді есітіп, айтып нандырғысыздай қуанып осы хатты жазып отырмын. Біз білетін үлкенді-кішілі үй-отбасы тегіс аман ба? Жаһаншаның дені сау, балалары амандықта ма? Осы хатты жағдайды анықтау үшін жазып отырмын. Ответ хат келісімен барлық жағдайды хабарлармын. Біз де амандықтамыз. Өзің көрген балалар аман. Қартымыз жақсы. Келдекеңнің батасын алып, қолынан ет асаған Гүлжаһан 9-кл., Жеңіс (Победа) — 7 кл. оқиды. Қалған екі кішкентай бала оқымайды. Сенің Алма-Атада Университетте военно-политический училищені бітіріп барып, оқып жатқаныңды есіткен хабарыңызды білетіндігіміз бар. Жалағаштағы туыстар мен Алма-Атада кім бар, кім жоқ екенін өзің хабарларсың. Ал, Мардан шырағым - ата-анаңның көзін көрдік. Туысқандықтан өзімше айырмамыз жоқ сияқты. Келешекте де сондай үміттеміз. Қара кете Тұрмағамбет Ізтілеуовтің "Шаһнамасын" сұраған хатыңды оқыдым. Халыққа түсіндірудемін. Мен осы ауылдың ішіндемін.

Шаһнама: - 1. тетрады 24 парақтан 38 тетрады бар 2. ікая өлеңі - 507екен. 3. мақалдары - 1317 4. Сықақ, майда өлеңдері - 300-дей.

Толықтай хат жаз. Сау бол. Тегіс сәлем айт. Өмірлік туысқандықпен
Ағаң Зейнулла Оразбай.

Қазақ ССР Ғылым академиясына

Хат

«Шахнаманың» араб әрпімен жазылған қазақ тіліндегі менде сақталып келген қолжазбасын Тұрмағамбет ақынды зерттеп, оның шығармаларын баспаға дайындап жүрген Байділдаев жолдасқа өз ризалығыммен беріп, бұдан былай иелік жасауға оның праволы екендігін осы хат арқылы хабарлаймын.

Қармақшы ауданы
Ленин атындағы совхоздың
жұмысшысы: Ә. Тұрмағамбетов
12/ҮІІІ. 59 ж.

Тұрмағамбетовтың қолын куәланамын
М. Байділдаев 13/ҮІІІ-59ж.

НАЧАЛЬНИКУ ГЛАВИЗДАТА МИНИСТЕРСТВА КУЛЬТУРЫ

КАЗАХСКОЙ ССР ТОВАРИЩУ ТОЙГАНБАЕВУ

Казгослитиздат просит Вас разрешить осуществление спецредакции перевода эпопеи Фирдоуси — «Шахнаме» - заведующему редакцией детской литературы издательства, поэту Турманжанову Утебаю во внеурочное время, свободное от его служебных обязанностей, так как нет другого компетентного в таджикско-персидском языке поэта — спецредактора.

Директор
Казгослитиздата М. Каратаев

Директору Казгослитиздата

Товарищу Каратаева М.

Редакция художественного перевода, не имея другой возможности, заведующего редакцией детской литературы, на спецредактирование перевода «Шахнаме» с разрешения Главиздата. Проект письма в Главиздат прилагается.

Зав. Редакцией художественного
перевода И. Жарылгапов

Амандық хат

Мардан 28/ХІІ 1960 ж. жазған хатыңмен "Шаһнаманың" бірқатар көшірмесін 6/І 1961 ж. поштадан алдым. Әрине бұл жаңалық біздер үшін көп-көп түсінік. Хаттағы хабарың бойынша осы жыл январь айында шығар. Кеш емес, мұнда мойынды созғанмен оп-оңай бітсе болды. Шаршап, сарғайып ізіне түскен жұмысың жарыққа шықса, еңбегің қайтқаны. Біздің де тілек осы. Мұндағы амандықты айтсақ, отбасымыз тегіс аман. Балдардың дендері сау. Әжең бұрынғы аяғының ауырғаны, ол бойына сіңген ауру болған. Оның үстіне мен жоқ ем, жақында 17/ХІІ 1960 ж. қатты ауырды. Қарақта жұмыстың басында жүрген жерімде машина жіберіп, сол күні алдырды ес-түсін білмей қалған екен. Сонан кем-кемдеп беті бері қарады. Бүгінгі келген кітапты көрсетіп жатырмын. Күткен мақсатын көрмеймін деп қорқып ем. Қарияның халы осы. Берман, Қасқыр да ауылда. Қасым совхозға парторг болды. Ел-халық бұрынғыша. 30/ХІІ 1960 жыл НКВД-ның бір кісісі келіп Тұрекең жайын сұрап кетті. Өзімнен, Үбісұлтаннан тағы басқа бірнеше кісіден қашан ұсталды, не үшін ұсталды, дегендей. Қасқыр екеуміз оның бұл сұрағанын Мардан сол жақтан ақтату үшін сұрап жатқан шығар деп ойладық. Бұл хатында бұл жағынан еш нәрсе айтпапсың. Ал біздегі аз ғана өзгеше хабар осы. Хат салып хабар білдіріп тұр. Мардан «Шахнама» осы түрімен шыға ма? Мына өзгеріс пен Тұрекең туралы кіріспе, алғы сөзді Әбділда жазады деп жүр едік. Олар қайда, ендігі хатта осы жағын түсіндіріп жаз.

Амандық тілектес ағаң Әбдірауып.

В бухгалтерию Казгослитиздата

От Турмагамбетова Абдираупа,

проживающего в Кзыл-Ординской

области, Кармакчинского района,

совхоз им. Ленина

Заявление

Убедительно прошу Вас перечислить «Рустем-дастан» /«Шахнамэ»/ в Кармакчинский район, сберкассу №2012/Кзыл-ординской области/ на сберегательную книжку по счету № 8450 на имя Турмагамбетова Абдираупа (Издательский договор № 6 от 30 января 1959 г.)

К сему: А. Турмагамбетов

25/ІХ-1961 г.

ҚАЗАҚ ССР ҒЫЛЫМ

АКАДЕМИЯСЫ

М.О. ӘУЕЗОВ атындағы

ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР

ИНСТИТУТЫ

Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28г.Алма-Ата, ул. Шевченко, 28.

№ «26» апрель 1962 ж.

Қазақстан жазушылар одағының
бірінші хатшысы —
ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ жолдасқа

Осы жылы июльдің онында республикамызға белгілі халық ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуовтің туғанына 80 жыл толады. Тұрмағамбет Шығыстың әйгілі шығармасы «Шахнама» эпопеясын қазақ тілінде жырлаған аудармашы ғана емес, Сыр бойынан шыққан сөз зергері Шораяқтың Омары сияқты халқына кең танылған дарынды ақыны: 13 поэма-дастан, 150 өлеңнің (әзірге қолда бар жиналғаны) авторы. Тұрмағамбеттің 80 жылдығын кеңінен атап ету үшін туған облысы, ауданы, ауылында юбилей комиссиясы құрылып, қазір әзірлік жұмыстары жүріп жатыр екен. (Мектептің, көшенің атына Тұрмағамбет есімін қойған). Өскен ортасы Қызылорданың ақын еңбегін ескеріп бұл сияқты істеп жатқан игі істерінен біздің Жазушылар одағы да қалыс қалмай, оларды қостап қатысса екен: 1. Қызылордадаөтетін тойына қатысу үшін Жазушылар одағының атынан делегация жіберілсе; 2. «Қазақәдебиеті» газеті мен журналдар көңіл бөліп Тұрмағамбет туралы жазса; 3. Көркем әдебиет баспасынан ақынның «Таңдамалы шығармаларын» жинақ қып шығаруға қаулы алынса, кітапты әзірлеу, шығару жұмысына өзім қатысуға келісімімді беремін.

Құрметпен: Әбділда Тәжібаев

ҚКП Қызылорда ОБЛЫСТЫҚ КОМИТЕТІ

КОММУНИСТИЧЕСКАЯ ПАРТИЯ КАЗАХСТАНА

КЗЫЛ-ОРДИНСКИЙ ОБЛАСТНОЙ КОМИТЕТ

№367 «26» май 1962 г.

Қазақ ССР Ғылым академиясының

М.Әуезов атындағы Әдебиет және

өнер институтының директоры

М.Базарбаев жолдасқа

Биылғы жылы қазақ календарында 10 июльде ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің туғанына 80 жыл толатыны көрсетілген. Осыған байланысты ақынның туған ауылы — Қармақшы ауданы Ленин совхозының коллективі және облысаралық жазушылар бөлімшесі жасаған болатын. Бірақ жазушылар жұртшылығы арасында Тұрмағамбет творчествосы жөнінде әр түрлі пікір бар. Олардың басым көпшілігі өздерінің Тұрмағамбетті «Шахнама» аудармасы арқылы ғана білетінін, ал онан өзге қалың оқушыға танылған төл шығармасы аз екенін айтып, ақынның 80 жылдығын атап өту оның бойына шақ құрмет емес деген пікірге саяды. Шынында бұл мәселенің ақынның әдебиетке сіңірген еңбегінің дәрежесімен өлшенуі орынды. Демек, оның өлеңдерінің жаманы болса жасырмай, жақсысы болса тым асыра дәріптемей, өзіне лайық бағасын беру қажет. Сондықтан облыстық партия комитеті Сізден Тұрмағамбет Ізтілеуов творчествосын жан-жақты зерттетіп, ақынның саяси-әлеуметтік көзқарасын, өлеңдерінің көркемдік ерекшеліктерін, идеялық дәрежесін және жалпы қазақ совет әдебиеті тарихындағы орнын анықтауды сұрайды. Ақын юбилейін өткізу, не өткізбеу мәселесі, міне, сонда ғана мәлім болғалы тұр.

Қызылорда облыстық

Партия комитетінің секретары С. Тоқтамысов

Қосымша

С. Тоқтамысов жолдас 26 майдағы Академияға жазған хатында Тұрмағамбет творчествосын жан-жақты зерттеуді сұрағандықтан көрнекті сыншы, филология ғылымдарының кандидаты Мұхаметжан Қаратаев жолдастың Тұрмағамбет туралы зерттеу еңбегі де осы хатпен қоса жіберілді.

ҚАЗАҚ ССР ҒЫЛЫМ

АКАДЕМИЯСЫ

М.О. ӘУЕЗОВ атындағы

ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР

ИНСТИТУТЫ

Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28г. Алма-Ата, ул. Шевченко, 28.

№56/177 «27» июнь 1962 г.

ҚКП ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ПАРТИЯ КОМИТЕТІНЕ

Қазақ ССР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты халық ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуовтің туғанына 80 жыл толуын атап өтуге байланысты Сіздің осы жылғы майдың 26 күні жазған хатыңызды алып танысты. Бұл мәселеге байланысты, Институт сізге мынадай жайларды хабарлайды. Тұрмағамбет ақын әдебиетке XX ғасырдың басында келген және қазақ әдебиеті тарихында белгілі орны бар әдебиет қайраткерлерінің бірі. Кезінде ол Шығыстың үлгілі әдебиет нұсқалары мен Шығыс классиктерінің шығармаларын қазақ қауымына жеткізуші ретінде танылған ақын. Сонымен бірге ол Ұлы Октябрь революциясынан кейін совет шындығын жырлап, жаңа өмір оқиғаларына поэзиялық шығармалармен өз үнін қосты. Октябрь революциясына, Ленинге, колхоз құрылысына, т.б. тақырыптарға арнап жазған көп өлең, толғаулары бар. Республикамыздың жоғарғы үкіметі орны 1936 жылы Тұрмағамбеттің қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегін ескеріп оған дербес пенсия белгілеген. Қазіргі кезде Ғылым академиясы ақынның мол әдеби мұраларын жинап, зерттеуде. Институттың қолжазбалар қорында қазірдің өзінде 50 мың жолдай өлең-жырлары бар. Атап айтқанда: 1936 жылы жырлаған «Шаһнаманың» қазақша варианты (40 мың жол өлең) және 1905 жылдан бастап өмірінің соңғы кезіне дейін жазған әр алуан тақырыптағы шығармалары (10 мың жолдай). Тұрмағамбеттің туындылары 30 жылдардың басынан бастап баспа бетінде жарияланды, мектеп оқулықтарына енгізілді. Кейбір шығармалары орыс тіліне аударылып, сол кезде орталық газет-журналдар мен жинақтарда басылып шықты. Ақынның өткен жылы 70 мың дана боп шыққан «Рүстем-дастан» атты көлемді еңбегін оқушы жұртшылық ыстық ықыласпен қабылдады. Жоғарғы оқу орындары үшін биыл баспаға берілген XX ғасырдың басындағы әдебиет тарихы мен хрестоматиясында Тұрмағамбет ақынға арнаулы орын беріліп отыр. Тұрмағамбеттің шығармаларын кітап етіп шығару жөнінде Академияның атына түскен көптеген жұртшылық тілегін ескеріп қазір Институттың халық поэзиясы бөлімі ақынның таңдамалы өлеңдерін жинаққа әзірлеу үстінде. Жазушылар одағы мен институт Тұрмағамбет ақынның творчествосы туралы көзқарасты және оның туғанына 80 жыл толған күнін облыс көлемінде құрметпен атау жөнінде Қармақшы ауданы мен Қызылорда облысы еңбекшілерінің ұсынысын қуаттап және тиісті нұсқаушы орындармен бұл мәселені келісіп алғанын хабарлайды.

Қазақстан Жазушылар

Одағының секретары С. Шаймерденов

Қазақ ССР Ғылым академиясы

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және

өнер институтының директоры М. Базарбаев

Совет дәуіріндегі халық поэзиясын

зерттеу бөлімінің меңгерушісі: М. Қаратаев

Первому секретарю центрального комитета
Коммунистической партии советского союза
Тов. ХРУЩЕВУ Н.С. и ЩЕЛЕПИНУ А.Н.
Копия: председателю комитета государственно

Безопасности при совете министров СССР
Тов. СЕМИЧАСТНОМУ В.Е.

ГЕНЕРАЛЬНОМУ ПРОКУРОРУ CОЮЗA ССР

Тов. РУДЕНКО Р.А.
От гражданина - рабочего ТУРМАГАМБЕТОВА А.

ЗАЯВЛЕНИЕ

Я - сын известного казахского народного поэта-акына ТУРМАГАМБЕТА Изтлеуова, его законный наследник. Отец мой в течение 1937-1939 годов арестовывался как "враг народа" органами НКВД в Кармакчинском районе Кзыл-Ординской области /тогда Южно-Казахстанской обл./ и просидев 1,5 года /октябрь 1937 - апрель 1939/ Кармакчинской и Чимкентской тюрках, был временно освобожден в апреле 1939 г. Вернувшись из заключения домой с плохим здоровьем, 15 мая 1939 г. он в муках умер. Но через три дня Л8 мая 1939 г./ после смерти отца, вновь пришли сотрудники НКВД арестовать его еще раз, но его ухе не было в живых, а через год пришли и снесли надгробный памятник, который установили родственники у могилы поэта. Тогда же, в связи с объявлением его "врагом народа" и физическим уничтожением, была снята с плана издания 1937 года "Казгосиздата" его книга "Шахнамэ", написанная по мотивам знаменитного Восточного эпоса в объеме 60 печатных листов (40 тыс. стих, строк.); а также он был снят с персональной пенсии Наркомата Соцобеспечения КазССР; был лишен звания народного акына Казахстана; был исключен и Союза писателей республики; была выдворена из квартиры его семья; были запрещены и изъяты его ранее изданные произведения; были уничтожены его некоторые рукописи. Приведенные факты подтверждаются соответствующими документами, которыми я располагаю. Таким образом, в период культа личности, вплодь до XX съезда КПСС имя моего отца, поэта Турмагамбета Изтлеуова и его творчество были в запрете, я сын и другие родственники подвергались гонениями. После XX съезда КПСС, а именно с 20 марта 1958 года я неоднократно обращался к прокурору Казахской ССР, Кзыл-Ординскому и Южно-Казахстанскому облпрокурорам с просьбой пересмотреть обвинительное дело на предмет реабилитации отца. Все эти мои заявления остались без последствия до сего дня, т.е. 4 года, ввиду того, что не могут найти его дела в архивах. Для восстановления доброго гражданского имен отца и для узаконения моего наследственного права на получение гонорара и пенсии, необходимо оформление реабилитации. Убедительно прошу Вас принять решение о пересмотре дела моего отца, а также выдать мне законную справку, по которой начало срока моего наследственного права исчисляли с момента издания его первого произведения, т.е. с 1961 года, когда началась издаваться его первая книга «Рустем-Дастан», являющаяся частью эпоса «Шахнаме» (Это издание было еще запланировано в 1937 году). До этого времени его произведения не могли быть изданы в виду того, что он с 1937 года считался «врагом народа». Факты арестов и обвинения поэта Т. Изтлеуова как «врага народа» общеизвестны, они подтверждаются документами, дневниками поэта, лицами, которые с ним сидели и его следователями.

К настоящему заявлению прилагая 11 документов и список подтверждающих лиц.

А. Турмагамбетов

22 августа 1962 года

К настоящему заявлению прилагаю часть документов, которыми я располагаю в настоящее время, подтверждающие вышеизложенные факты: 1. Дневник, написанный в тюрьме 1937-39 (шрифт арабский). В нем говорится, что он ни в чем не виновен, о его мучениях в тюрьме; 2. Доверенность из тюрмы, данная к жене в 1937 года 13 декабря (шрифт арабский), для получения денежного перевода, заверенная начальником НКВД Пяткиным. 3. Архивная справка о назначении ему персональной пенсии и издании его произведений. 4. Удостоверение Наркомсобеса о персональной пенсии № 5. Выписка из протокола № 18 заседания комиссии по назначении пенсии при СНК от 21/XІІ-1937 года, которая ИЗТЛЕУОВА лишает пенсии как «врага народа». 6. Паспорт ИЗТЛЕУОВА Турмагамбета. 7. Фотокарточка ИЗТЛЕУОВА, напечатанная в республиканской газете «Социалистик Казахстан» (органом ЦК КГТ Казахстана) от 30 октября 1936 г. 8. Справка Казгослитиздата от 17Д-1961 г., которая требует справка о реабилитации для гонорара, начисленного за его книгу «Шахнамэ». 9. Учебник-хрестоматия в которой включены о жизни и творчестве поэта ИЗТЛЕУОВА Турмагамбета изд. 1937 г. 10. Постановление Каз.ЦИКА от 21/ХІІ-1936 г. 11. Справка Каз.Наркомпроса от 10/XІ-1936 г. (Выше прилагаемые документы в фотокопиях, а оригиналы у меня. Кроме того сообщаю фамилии людей, которые знают и находились в заключении с Т. ИЗТЛЕУОВЫМ и фамилии следователей по этому делу: 1. Кумекбаев Т. — чл. КПСС, Герой Советского союза Прож.Кармакчинский район, Кзыл-Ординской области. 2. Аяпов У. — пенсионер. Прож.Кармакчинский район, Кзыл-Ординской области. 3. Наметшаев К. - чл.КПСС, секретарь парткома Прож. Кармакчинский совхоза, Кзыл-Ординской области. 4. Молдабаев К. - чл.КПСС, работник Кармакчинского Райисполкома, Кзыл-Ординской области, (бывший работник НКВД) 5. Ниетбаев А. - чл.КПСС, директор Промкомбинат, Кармакчинского района, Кзыл-Ординской области. 6. Ерекешев А. - чл.КПСС, председатель поссовета Кармакчинского района, Кзыл-Ординской области. 7. Коянбаев У. - чл. КПСС, работник Кзыл-Ординской областной милиции, (бывший работник НКВД); 8. Пяткин - чл. КПСС, пенсионер, прож. Г. Киев, (быв. Работник НКВД) 9. Арыстанов Ж. — чл. КПСС, пер. пенсионер, проживает г. Алма-Ата 10. Тажибаев А. - чл. КПСС, Казахский поэт, прож. г. Алма-Ата, ул. Курмангазы, 59, кв.45. 11. Каратаев М. — чл. КПСС, Казахский лит. критик, прож. г. Алма-Ата, проспект Абая, 47, кв.67. 12. Койчугулов. А. - чл. КПСС, бывший работник НКВД, проживает в гор. Алма-Ате, работник Совета Министров Каз.ССР.

А. Турмагамбетов

Т. Ізтілеуұлының жерлестерінің (12.05.1963 ж.) Қазақ ССР жоғары

сотының төрағасы Б.Жүсіповке өтініші

Қазақ ССР Жоғары сотының председателі,

депутат Б. Жүсіпов жолдасқа

Қармақшы ауданы Ленин атындағы совхоз жұмысшыларының мынадай тілегін сізге жеткізіп отырмыз. Осы совхозда туып-өскен жерлесіміз, халық ақыны — Тұрмағамбет Ізтілеуов 1937 жылы репрессия кезінде «халық жауы» деп жала жабылып, жазықсыз өліп кетті. Сөйтіп Тұрмағамбет аты ұзақ уақыт атаусыз қалып, ақын еңбегін жұрттың оқуына тыйым салынды. Тіпті оның өлеңін білетін біздің жердегі кейбір азаматтар Тұрмағамбет шығармасын жырлағаны үшін сол кезде жауапқа да тартылды. КПСС-тың ХХ-сьезінен кейін Тұрмағамбет есімі қайтадан қатарға қосылды. Атап айтқанда: 1961 жылы Қазақ ССР-ның 40 жылдық, мерекесі қарсаңында оның күрделі еңбегі «Рүстем-дастан» кітап болып басылды. 1962 жылы ақынның туғанына 80 жыл толуы баспа бетінде аталып өтті. Алайда Тұрмағамбеттің азаматтық правосын ақтап алу үшін оның ісі әлі күнге дейін сотта қаралған жоқ. Оның «халық жауы» еместігі туған жеріндегі халқына белгілі. Бұл жөнінде облыстық КГБ мекемесі Ленин совхозында тергеу жұмысын жүргізді, ақынның ұрпақтарымен сөйлесіп, олардың қолдарында сақталған дәлелді документтерді іске тігуге алды. Сондықтан Қазақ ССР прокуратурасындағы Тұрмағамбет Ізтілеуовтің ісін тезірек сұратып алып, азаматтық правосын алу үшін ақтауыңызды сұраймыз.

Еңбекшілер атынан:
Ленин атындағы ауылдық
советінің председателі Ә. Құланбаев
Ленин атындағы совхоз жұмысшылары

Комитетінің председателі Ү. Ахметов
12/Ү. 1963 ж.
№48/5

Председателю Верховного Суда Каз.ССР

депутату Верховного Совета Казахской ССР

тов. Жусупову Б.

От гражданина — рабочего, прож. Совхоз

им. Ленина Кармакчинского района

Кзыл-Ординской области —

Турмагамбетова А.

Заявление

Вот уже 5 лет я добиваюсь реабилитации моего отца народного акына Изтлеуова Турмагамбета, который в 1937 году был арестован органами НКВД в Кармакчинском районе, Кзыл-Ординской области и осужден как «враг народа». Но решение вопроса затягивалось по той причине, что обвинительное дело отца потеряно. Ныне органами прокуратуры и КГБ республики проведено окончательное расследование этого дела, которое установило необоснованность репрессии отца. Все материалы расследования находятся ныне в прокуратуре Казахской ССР. Поэтому убедительно прошу Вас затребовать эти материалы, рассмотреть их и реабилитировать моего отца, сняв с него незаслуженное тяжкое обвинение в контрреволюционной деятельности в период культа личности.

/А.Турмагамбетов/

14/V - 1963г.

Хат

Айналайын Mapдан және келін бастаған балаларға, менің семьяларымнан көп-көп сәлем! Өзіңнің тілегің бойынша дайындап жіберіп отырмын. Мұнда, өмірбаянды жалғастыра жаздым. Қайсы жеріне лайықты боларын өзің ыңғайларсың. Машинкаға бастыр. Екі сом жетіп қалар. Керекті болса деп, екі суретімді салдым.

Ізтілеуов туралы да, көрген-білгенім сол.
Дәмешке де звандап қоярсың.
Енді кездесіп тұрамыз. Сау болыңдар!
Ағаң Дүйсембек

24/ІІІ-76 жыл.

«Социалистік Қазақстан» газетінің

РЕДАКТОРЫНА

Алма-Ата қаласы

Ертеден ел аузында айтылып жүретін «Шахнама» хикаясын түрік, парсы, өзбек, тәжік тілдерінде жазылған кітаптардан оқып, оған толық түсіне алмай әуре болып жүретін едік. Осы «Шахнама» хикаясын қазақтың халық ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 1936 жылдары өлеңге айналдырып жазған дастанын газеттен оқыған болатынбыз. Егер кітап болып шықса, шығыс елдерінің құмартып тыңдайтын «Шахнама» хикаясын бастан аяқ тегіс оқимыз ғой, деген қиял болатын еді. 1960-1961 жылдары «Шахнаманың» Рүстем дастанға жататын тараулары ғана баспадан шықты. Ал «Шахнаманың» қалған жерлері баспадан қашан шығады екен деп көпшілік осы кезге дейін ықыласпен күтудеміз. Сондықтан біздердің ұсынысымыз: Октябрь төңкерісінің 60 жылдық мерекесі құрметімен ақын Тұрмағамбеттің мазарына ескерткіш салынуына байланысты, «Шахнаманың» бұрын баспаға берілмеген жерлерін кітап болып шықпас па екен деген ойымыз бар. Біздердің бұл ұсыныс пен пікірімізді жұртшылықтың тілегі деп ұсынып, Қазақ ССР ғылым академиясының М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына ықпал жасауларыңызды өтінеміз.

Көпшілік атынан: К. Молдабаев

А. Маханов

А. Ялыпов

13 январь 1977 жыл.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙