Зейнолла Қабдолов. 7-том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Зейнолла Қабдолов
ЗЕЙНОЛЛА ҚАБДОЛОВ Шығармалары Жетінші том ЗЕЙНОЛЛА ҚАБДОЛОВ Бірінші бөлім КӨСЕМ СӨЗ Екінші бөлім МҰЗ ҮСТІНДЕ ОТ ЖАҚҚАН Махамбет – 200 жыл ҰШЫНҒАН АҚША Комедия ЕЛЕУСІЗ ҚАЛҒАН ЕСІЛ ЕР Пьеса Алматы
Академик-жазушының шығармаларының жетінші томына «Көсем сөз», «Мұз үстінде от жаққан» (Махамбет – 200 жыл), «Ұшынған ақша» комедия жəне «Елеусіз қалған есіл ер» пьесасы еніп отыр. Кітап əдебиетсүйер қауым мен көпшілік оқырманға арналған. © Қабдолов З., 2014 © «Қазақ энциклопедиясы», 2014 Қазақстан Республикасы Мəдениет министрлігі «Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды ISBN 978-601-7472-62-7 – (Т. 7) ISBN 978-601-7472-24-5 ҚАБДОЛОВ Зейнолла. Шығармалары. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2014. ISBN 978-601-7472-24-5 Т. 7: «Көсем сөз», «Мұз үстінде от жаққан», «Аударма пьесалары». – 312 бет. ISBN 978-601-7472-62-7 Қ 13 УДК 821.512.122 ББК 84(5Қаз) Қ 13 УДК 821.512.122 ББК 84(5Қаз)
Бірінші бөлім КӨСЕМ СӨЗ
- Бəрі де Отан, Туған жер, Адам туралы • Еңбек, Бақыт, Парасат – сөз зергерінің сүйікті тақырыбы
КҮШ-ҚУАТТЫҢ ҚАЙНАРЫ Жем мен Жайық арасындағы жалпақ дала бұдан жарты ғасыр бұрын жым-жырт ұйқыда жатқан-ды. Бірлі-жарым түйе-тайлағына тұщы су, ащы шөп іздеп, бұйырғын бұталарынша шашырап кеткен қараша үйлердің тірлік тынысы да со бір меңіреу дала табиғатына ұқсас бұйығы, баяу, енжар еді. Даланың шағылын орағытып, адырын аттап, бір қалыппен көңілсіз бұраңдай беретін қара күрең жолдың қай жерден басталып, қай жерде бітетінін бұл өңірдің қазақтары білген де емес, білгісі келген де емес. Əйтеуір, сол ұзын жолдың бір қайқаңында оқта-текте жылауық қоспақтарын бақыртып, майсыз арбаларын кейде ыңырантып, кейде қыңсылатып келе жатып, бір-біріне беймезгіл қарсы жолығатын: – Уа, қайдан келесің? – Үйшіктен. Аздаған шай-секер алып... Өзің ше? – Қызылқоғадан көжелік тары-талқан əкетіп барамын. Осы бірер ауыз сөз бұлардың күнкөріс кəсібін де паш ететін. Ал, ұйқыдағы алып дала бұл жабырқау үндер мен жұпыны сөздерге селт етіп жаңғырық та қоспаған; сұлық түсіп, тылсымдай тынып жата берген. Оны айтасыз, ымырт үйіріле тасқұдықтан су əкеле жатқан ауыл əйелдері бір бүйірде сұп-суық үрпиіп тұратын молалы дөң үстінен маздап жанған от көріп: – Ойбай, Бекет! – деп жамырай шаңқылдаған үрейлі айғайларына қаңылтыр шелектерінің даңғырын қоса құлап, құрым үйлер маңын азан-қазан еткенде де мылқау дала міз бақпаған. Бұл оттың жер астындағы мұнай мұхитының белгісі екенін əйелдер тұрмақ, сол ауылдың тайлы-таяғы қалмастан түгел бас қосып, ақыл біріктіргенде де түсіне алмаған. «Аңқау елдін арамза молдасы» көзін жұмып, саусағын дірілдетіп, «мынау – шайтан оты» десе, қараңғы қазақтар «астапыраллалап», жағаларын жұлқылай берген. Үйшік – Гурьевтің бұрынғы аты.
Бір күні ауыл адамдары тұтас дүрлігіпті: – Сұмдық-ау, əлдекімдер Бекет əулиенің көрін қазып жатыр!.. Бұл мұнайлы Ембіге оңай олжа іздеген ағылшын жуандары келіп, тұңғыш бұрғы салынған жылғы əбігер екен (оған қазір аттай елу жыл толды). ...Енді бірде ауыл адамдары бида жіп орнына болат темір ұстап, əлгі жерді өздерінің «əлдекім» атағандарымен бірге қазысыпты. Бай ағылшын, балпан ағылшын қаймана қазақтың қайын атасы емес. Оның ысқырма қамшысының астында жер қазып, біреу үшін байлық, қазына іздеу – түйе бағуға да ұқсамайды. Күнкөріс қамымен амалсыз озбырлар тырнағына бүріліп қалған жалдамалы жұмысшылар күн сайын таңғы жетіден кешкі жетіге дейін жарты тəулік жер шұқылап, желонкамен мұнай өндіреді, онысын түйе арбамен тасиды. Ал, алатын жалақысы нан-суына əрең жетеді. Бұл – еңбек емес, азап! Қатыгез, сараң өлкеде осындай бір қытымыр, бұғаулы өмір болған: жапанның ыстығында аспаннан жаңбыр жаумайды, азапты адамдардың маңдайларынан тер тамшылайды. Ашулы даланың үскірік аязы мен түтеген боранында əмірші ағылшындар ықпайды, азапты адамдардың кірпігін қырау, қабағын мұз басады, қолдарын суық темір қариды... Бірақ, олар қанша азаптанғанмен балаларының алдындағы қара көже ағармаған, əйелдерінің үстіндегі түйежүн көйлек жаңармаған. Ал, даланың өңі өзгерген бе? Жоқ! Қара жұмысшылар он жылға жуық əлектенгенде Ембі даласының «піл сауырынан» жүз шамалы ғана шұқанақ қазыпты. Бұл өгіз аяңындай өнімсіз əрекет өлкенін қуаң тұрмыс-тіршілігін де өзгерте алмады, манаураған жалқау даланы ұйқыдан да сергіте алмады. * – Ембіні Ұлы Октябрь оятты. Бізді қызыл революция қайта туғызды. Бізді күніміз Ильич түлетті. Біз – тастүлекпіз. Біз жеңеміз, жеңе береміз!.. Осы сөзді қырық екінші жылдың жетінші ноябрінде Сабырғали Зорбаев айтты. Қарапайым, үйреншікті сөздер... Бірақ, Зорбаев жолдас бұл сөздерді Доссордағы мерекелі митингінің мінбесінен жұртқа қарап қатты тебіреніп, шын ықыласымен
көзіне жас алып айтты. Бұл даңқты бұрғылау шебері, СССР Жоғарғы Советінің депутаты, Ембімен бірге жасасқан байырғы қарт жұмысшы орасан бақытты адам еді. Ол бақыттылықтан жылады. Қалың қара мұртының шалғысын маршал Буденныйша шоқтап, шашақтап өсірген осы бір кесек бітімді, келбетті, қараторы кісі еңбекте шыңдалған – емендей тік, болаттай берік еді. Ол күштіліктен жылады... Ембіні Ұлы Октябрь оятты! Егер сіз бүгін түнде Оралдан Аралға дейін ұшып өтсеңіз – байтақ даланың өңіріне тағылған меруерт моншақтай тұтаса жарқыраған от теңізін кешіп өтер едіңіз. Сонда айлы түнгі жұлдыздары жымыңдаған қара көк аспан төбемізде емес, самолет қанатының астында тəрізденер еді. Жоқ Ембі даласының ояулығы түнде жаинаған бұл от теңізінде емес. Сол жаңағы Сабырғали сөз сөйлеген мереке күнгі кеште (соғыс кезі ғой) Ембі өлкесі жылт еткен жарық көрсетпей, көзін жұмып жіберді де, өзінің сиымсыз денесін Атраудын батыс жағасына таялған жаудан жасырып, түн қойнына тығып тастады. Бірақ, бұл Ембінің ұйқысы да емес-ті. Сіз Ембінің үстімен ұшып өтпей, жерімен жүрсеңіз – қайнаған бір ғажап өмірге енесіз де кетесіз. Аспанын зəулім мұнай мұнараларымен тіреп-тіреп тастаған алып өндірісті қалалардың орны күні кеше ғана жапалақ ұшпас жапан түз болғанына кісі сенбейді. Қалаларда өңкей жалын жүзді, от жігерлі ерлер – мыңдаған Байарыстановтар, Дөнешевтер, Оразовтар, Досбаевалар, Досмұхамбетовтер, Мухиндер, Көлбаевтар, Горбуновтар бар. Бұлар жеті қат жер астындағы қайсар күш-қуатты суырып, бұрқырата жер үстіне шығарып жатыр. Қара алтын қайнарының асау толқындарын жалынан сүйреп əкеліп, күні-түні бірдей құбыр өзегімен өзендей ағызып жатыр. Қазір Ембі маңынан керенаулық, енжарлық мəңгіге безіп кеткен. Ол іскер, шымыр; дала жүрегі тынымсыз, дала көзі ашық, дала көңілді, қашан көрсең де əн,– еңбек əнін салып тұрады. Міне, Ембінің ояулығы осында. Бұл – ұлы өзгеріс! Əрине, бұл өзгеріс оңайға түспеген: халық өз бақытын оқ астындағы, от ішіндегі шешуші күрестерде өз
қолымен тартып алған. Ембінің тұңғыштары Доссор мен Мақат ақ бандылардан жиырмасыншы жылдың басында ғана тазартылды. Бұрыннан да бұйығы даланы қанды жорықтар есеңгіретіп тастады. Сонда бұл далаға жан салу – бүлінген өндірісті қалпына келтіру ісін Ленин өз қолына алды. Шайқастағы Россия Ембінің дүние жүзінде теңдесі жоқ жоғары сапалы мұнайына аса қардар еді. Владимир Ильич жер-жердегі барлық заводтардан екі жүздей кеспек жинатып, оған толтырылған жиырма мың пұт мұнайды темір жолға дейін түйелі керуенмен тасыттырады. Бұл уақытша əрекет болатын. Ильич Алтайдан Ембіге дала күре тамырындай тұңғыш теміржол тарту ісін бастатады. Енді, Ленин Ембі мұнайын тиісті жерге түйесіз жеткізу қамын ойлайды. Ол жер астымен ұзындығы мың шақырымға жуық мұнай құбырын салуды ұсынады. Кейін бұл ұсыныс іске асырылып, мұнай алыс шалғайларға өзі жылжып баратын болады. Ғасырлар бойы ерні кезерген шөл даланың адамдарына ішер су жеткізу үшін Жайықтан үш жүз шақырымға созылатын, Одақтағы ең ұзын су құбырын салуды талап еткен де ұлы көсемнің өзі болатын. Ембінің өзгеруі осылай басталды. Қазыналы өлке құбылып, түлей берді. Ембі адамдары Коммунистік партияның бастауымен күш-қуаттың қайнары – Мұнай көзін ашу, оны өндіру ісіне жұмыла кірісті. Енді бұл далада бұрынғыдай тары тасыған некен-саяқ түйе арбалар емес, өндіріс орындарына техника тасыған машиналар, эшелондар жүйткіді. Мұнай мұнаралары андыздап, аңдап келе жатты... Бас-аяғы бесалты жылда Ембінің мұнай өнімі тоғыз есе өсті. Ембі еліміздегі төртінші мұнай ошағына айналды. – Ембінің өндірістік қуаты Бакуге тең! – деп жазды академик И.М.Губкин. Еліміздің бүкіл мұнай өнеркəсібімен бірге Ембі мұнайшылары да бірінші бесжылдық жоспарды екі жарым жылда орындады. Бұл тұста Ембідегі мұнай барлау ісі революциядан бұрынғы мөлшерден үш есе артты. Мұнда жаңа, жас алыптар Байшонас, Косшағыл, Ескене кендері ашылды. Өндіріс орындары жаппай электрлендірілді. Екінші бесжылдықта электр қуатын пайдалану ісі бұрынғыдан алты-жеті есе өсті. Ал, қырық бірінші жылға
дейінгі бұрғылау жұмысы революцияға дейінгі көлемнен он төрт есе асып түсті. Осылардың бəрі Жайық пен Жем арасының өңін өзгерткен зор құбылыстар еді. Ұлы Отан соғысы жылдарында Майкоп пен Грозный жау қолында қалғанда Ембінің Бакумен бірге елімізді мұнаймен керегінше жабдықтап тұрғанын ескерсек, мұның қандай күшқуаттың қайнар бұлағы екенін тани түсеміз. Ембі мұнайшылары тек соғыс жылдарының өзінде ғана үш үлкен өндіріс орталығын – Қошқар, Комсомол, Жолдыбай кəсіпшіліктерін ашты. Ең жоғары сапалы бензин жасайтын Гурьевтегі аса қуатты мұнай өңдеу заводын іске қосты. Соғыстан кейінгі жылдар – Ембінің жаңа өрлеу кезеңі. Қазір мұнайшылар қара алтынды геология тілінде пермотриас деп аталатын ең бір терең қабаттардан іздеп тауып жатыр. Партиямыздың жиырмасыншы съезі Қазақстанда мұнай өндіруді біржарым есеге жуық, газ өндіруді үш есе арттыру талабын қойды. Мұнай өңдейтін екі ірі завод салу міндетін жүктеді. Ембі мұнайшылары бүгінгі күндерде, міне, осы міндеттерді орындау күресіне жұмылып отыр. Олар туған республикамыздың тек соңғы үш жылдың ішінде мұнайды бұрынғысынан үш еседен артық қажет ететінін жақсы біледі. Жем мен Жайық арасындағы жалпақ дала қазір дүрілдеп тұр. Бұрын бұл өңірдің тұрғындары ұзақ жол үстінде дел-сал жалығып келе жатып, ұйқы ашу үшін: «Жем қайда, Сағыз қайда, Қайнар қайда? Жүйрік ат, өткір қылыш жанға пайда...» деп, ыңырсып əн салатын. Қазір Жемді, Сағыз бен Қайнарды ешкім де бөле қарамайды. Бұл маң тұтас бір алып тұлғаға, тегеуріні тау үйірер ғажайып күш-қуатқа айналып кеткен. Ал, бұл жердегі адамдар қазір жүйрік ат жайын емес, жердегі темір тұлпарлар, көктегі болат сұңқарлар бабын ойлайды. Тұлпарларды қалай іркіліссіз жүгірту керек, сұңқарларды қайтып самғай ұшыру керек? Міне, Ембіні осы ой бүтіндей баурап алған. Кешегі түйе арбада мүлгіп-қалғыған қараңғы қазақ бүгінде жеркөктің техникасына жан бітіріп, ұшан далада дүниені дүбірлет-
кен сондай бір үлкен жүрек соқтыратын құдіретті күшке ие болып отыр. Ол азаптан мəңгі азат, тағдыр таршылығынан мүлде арылған. Ол өзінің атамекеніндегі асыл қазынаның, сарқылмас шексіз байлықтың қожасы. Оның тұлғасы сом, қайраты құрыш. Ол ер де өр. Оны Ленин осылай баулып түлеткен. Ол өзінің келер күніне, шұғылалы Ертеңіне нық сеніммен тік қарайды. Қызыл Октябрьдің қырық жыл ішіндегі қыруар жеңістерінің бір айқын айғағы міне,– осы!.. 1957 жыл. ЖАМАЛ «Мақтасаң – əйелді мақтайық та, құрметтейік те əйелді. Əйел – ана... Адамда не қасиет болса, бəрі күннің көзімен ананың сүтінен алынған қасиет». «Өлімді жеңген ана» Біз Атырау жағасында тұрмыз. Ұлы теңіз көкжал толқындарын күз аспанына күркірете шапшытып, тынымсыз төңбекшиді, күрсінеді, өксиді. Арғы жақтағы əйгілі қалаға жау келген; елдің ер-азаматтары қара ормандай қаптап, батысқа аттанып жатыр. Бұлардың ішінде менің əкем де бар. Мен əкемді жауға жөнелткелі келдім. Менімен бірге екі жасар сəбиін құшақтап, көрші үйдегі Жамал да келген. Бірақ оның күйеуі алдыңғы эшелонмен жүріп кетіпті. Сұлу жүзді ақсұр келіншек көз шарасын жасқа толтырып, əкеме жаутаңдай қарады: – Кетерінде кішкене ұлын бір сүйсін деп едім, кеш қалдым, қайтейін. Мен болып сəлем айта көріңіз... Қыр гүліндей үлбіреген қызыл ерін құр дірілдейді, шөлдейді, сүйгенін аңсайды. Қарлығаш қанатындай қиғаш қас кең маңдайдан серпіле береді, ұша жаздайды, сүйгенін іздейді. Шебер зергер бар өнерін төгіп, піл сүйегінен ойып жасағандай сымбатты мүсін сұлық та сынық, аса бір шарасыз күйде: өкініш пе, мұң ба, арман ба? Қою кірпіктер арасынан қарақаттай мөлдіреген қара көзді оқыс тұнжырата күзгі бұлттай күңгірт сыр тұтасады.
Шіркін, адал жанды асыл жар-ай! Ақжүрегін жан серігіне ғана арнаған аяулы арудан абзал не бар екен жер үстінде... * Қоштасу сағаты соқты. Жауынгерлерге сапқа тұруға əмір берілді. Əкем мені жерден жұлып алып, бауырына басты. Сөйтті де, жанарынан жалт ойнаған отты көзін ашулы теңізге тікті. Өзі сияқты сұр шинель киіп, майданда – от ішінде, оқ астында жүрген жауынгер ақынның аттанарда айтқан жақсы жырын əкем дəл қазір үнсіз қайталап тұрғандай еді: «Қош, еркін кəрі Атырау толқындары, Ақынның қиялындай толқымалы. Қалқан қып жүрегімді тостым алға, Дабылын соқ майданның, толқы, кəні!» Кенет... аспан күңіреніп кетті. Əлдеқайдан, өзеннің теңізге құяр сағасындағы сарғылт құрақ арасынан зеңбіректер зіркілдей бастады. Кеме гудогі боздап қоя берді. Дүйім жұрт қас пен көздің арасында жағаның жыра-жылғаларына жасырынып, жым-жылас жоқ болды. Мені құшақтаған қалпы, терең сайдың бір иініне паналаған əкем енді бірде жан ұшыра айғай салып, əлдекімге: – Қайт, кейін қайт дереу! – деп қалды. Əкем дауыстаған тұсқа ұмтылып қарап едім, бір əйелдің желге дудыраған шашын ғана көріп үлгірдім, көз алдым қара түнек қою тозаңға айналды да кетті. Жау самолеті жаңағы біз тұрған жағаға бомба тастаған еді. Бала кезім, көргенімді байыптап түсіне бермеймін. Əйтеуір əлгі адамдар жау бомбалаған жерге қайта жиналып, ошарыла қалғаны есімде: жұрт ортасында ту сырты қанға боялған жас əйел екі қолымен жер тіреп, кеудесін зорға көтереді. Əйелдің бауырында сəби бөбек, шыңғыра жылап жатыр. Əкем қалың топты кимелей ұмтылып: – Əй, не ғып есеңгіреп тұрсыңдар түге! – деді де, шинелі мен гимнастеркасын шапшаң шешіп, ақ көйлегін дал-дұл айырып, жаралы əйелдін жауырынын таңды. Енді аңғардық: жаралы əйел – Жамал екен. Жаңа бұл араға аспаннан ажал оғы жауғанда Жамалдың жас баласы жағада жалғыз
қалған-ды. Кездейсоқ тревогаға бағынған жұрт жылға бойлағанда Жамал баласына жүгіріп, ажалға қарсы шауыпты. Ол құстай ұшып кеп балапанын бауырына паналатып, өлімнен құтқарыпты да, өзі оң иығынан ауыр жараланыпты. Жамал өз басын мүлде ұмытқан, есі-дерті кішкене бөбегі, əлсіреген денесін əрең қозғап, баласын аймалай берді. Нəрестенің тірі екеніне көзі жеткенде жаралы ананың талықсып жатып күшпен күлімдегенін қайтерсің? Қайран, қасиетті ана жүрегі-ай! Бала десе тіршіліктен баз кешер асыл анадан абзал не бар екен жер үстінде... * ...Ақсұр жүз күнге тотыққан. Жұмыр білекте болат арқан ескендей қажыр, қайрат бар. Қара көзден ар, жігер оты ұшқындайды. Көк комбинезонды мығым дене күш-қуаттан қайта құйылғандай. Бұл – Жамал. Жүз құдықта мың метр тереңнен лықсып шығып жатқан мұнай қайнарын бір ғана Жамал бақылайды. Оның ендігі мекен-тұрағы үй емес, мұнай мұнараларының іші тəрізді: күндіз де, түнде де жердің үстінде жүріп тереңін тергеп, тексерген Жамалды көресің, үйден емес, түзден көресің. Жанды денедей жаппай қозғалып тұратын көк болат темірлер бұл əйелге қилы-қилы сыр айтады, оны Жамал қалтқысыз ұғады. Темірмен тілдесу деген осы да!.. Адам мен темір қимылы өзгеше бір бірлік, үндестік тапқан. Күн батса-ақ бұл өңірді тас қараңғы түнек басады; Мұнай қаласы көзін жұмып жіберіп, сиымсыз денесін түн қойнына тығып, қымтап тастайды. Соғыс кезі, жағдай солай. Бұл атырапты жау көзінен жасырғысы келгендей аспандағы ай да ақ сəулесін шымылдықтай жинап алып, бұлтқа кіріп кетеді. Бірақ өндіріс іші ояу. Көк болат темір алып жүректей дүрсілдеп, дамылсыз соғады да тұрады. Көк болат темір жеті қат жер астынан мұнай тартып, дамылсыз шұлғиды да тұрады. Көк болат темір жер бетін əжімдей айғыздап, дамылсыз жылжиды да жатады. Көк болат темір тау өзеніндей сарқырап, ақ қазанға қара көк мұнай тасқынын дамылсыз құяды да жатады. Бұл арадағы бар қимылдың тұтқасы оператор Жамалдың қолында. Жел мен топыраққа түтіккен Жамал
жүзінде бұл шақта басқа бір шырай бар еді. Ол енді жұбайын сағынған əйел, ұлын сүйген ана ғана емес, əлгі бір көк болат темірдей тегеурінді ер – еңбек адамы! Қысқы үскірік, жазғы ыстық бұл əйелге бұйым емес. Мақсат-мүддесі біреу-ақ: жауды жеңу, ол үшін мұнай селін ағызу. Бір жолы Жамал Мұнай қаласындағы кен алаңның мінбесінде, көп алдында сөз сөйлеп тұрды: – Менің жарым майданда, ұшқыш. Жауға аспаннан ажал боп төніп жүр менің қыраным. Мен оның мұндағы орнын бастым. Мен өндірген мұнай менің сүйіктіме қанат бітіреді, оны бүркіт ұшар биікке алып шығады. Кім биік ұшса, соның мерейі үстем. Менің еңбегім батыр ерімнің, ер қорғаған елімнің мерейі үшін! Ол бұлай деуге əбден құқылы еді. Əйел! Еңбегі елінің мерейін көтерген, дұшпанның еңсесін басқан ер де өр əйелден құдіретті не бар екен жер үстінде... * Жамалдың төбесінен жай түскендей болды: майданда күйеуі қаза тауыпты. Ауыр жылдарда жас əйелді алға сүйреген жақсы үміт таң кіреукесіндей тарады да кетті. Алғашқы бетте ол үнсіз, тілсіз қалды. Кейін ес жиғандағы халі одан бетер қиын еді: жан-жүрегінің сүйген жарға деген бар мейірімі қара көзден нөсердей төгілген қасірет жасына айналды. Жалғыз ұлын қаусыра құшақтап, күңірене берді. Бөлменің төрт қабырғасына күйеуінің əркездегі əртүрлі суреттерін іліп, бірінен соң біріне жаудырай қарап, зар қақты. Кейде құлазыған жесір төсегінің үстіне оқ тиген киіктей омақаса құлап, ұзақ-ұзақ жылап жататын болды. Бір күні Жамал ине жоғалтқан кісідей жерге қарап, өндіріс ішін көп шарлады. Мұны көргендер қайран қалды. Мен шыдамадым, қасына жүгіріп бардым да: – Апатай, не іздеп жүрсіз? – дедім. Жас жесір жауап қатпады, маған суық қарады да, бұрылып кетті. Соңынан мен де жүрдім. Ол іздеген нəрсені мен де іздедім. Жамал жүзін сонда ғана сəл жылытып, маған: – Қалқам, əуре болмай-ақ қой, сен таба алмайсың, –деді.
– Жоғалтқаныңыз не еді? – дедім мен. Ол солқылдап жылап жіберді: – Бір əурешілік қой, жаным. Жарымның көп жүрген жері еді, ең болмаса басқан ізін табар ма екенмін деп... Ой, Жамал-ай! Ақылды əйелдің қайғы-қасіретінен ауыр не бар екен жер үстінде...
- * Дүние терең бір күрсінді де дем алды: жау жеңілді, соғыс бітті. Қаралы ормандар қайтадан қалпына келе бастады, жаралы ағаштар жапырақ жамылды. Оқ ысқырған бұтақтарда бұлбұл сайрады, тіршілік қайта жайнады. Біздің көшеде де ғажайып мереке болды. Алаңға шалқар қуанышты шат адамдар ағылды. Думанды топ ішінде ұлын жетектеп, Жамал да келе жатты. Жер бетіне қайта оралған көктемдей жесір əйелдің жүзіне де жаңа бір нұр себездей бастаған екен. Оның қайғысын жылжып өтіп жатқан уақыт, жалпы жұртқа ортақ бақыт емдеген-ді. Дəл осы қалпынан кейін Жамалды он бес жыл бойы көрмеп едім, күтпеген жерден кеше кездестім. Баласы бүгінде Москвада, мұнай институтында инженерлік оқуда екен. Өзі бұрынғыша – мұнайшы, озат мұнайшы. Күн ұзағына мен оған соңғы он бес жылдағы өмірін баяндаттым. Жамал тағдыры – үлкен тағдыр, Жамал өмірі – бай өмір; сырға толы, жырға лайық. Əңгімеміздің бір үзілісінде Жамал менің кітапханамнан «Ботагөз» романын алды. Ол кітаптың алғашқы бетін аудара бастап еді, мен əдейі сұрап алып соңғы бетін аштым. Біздің көзіміз мынау өлеңге түсті; «Күн көзіндей жарық бар, Ботагөздің көзінде. Телегей теңіз тарих бар, Ботагөздің сөзінде». Біз ойда отырдық. Өзгені қайдан білейін, əйтеуір өз басым осындай əсем шумақты Ботагөздің Жамал сияқты сіңлілеріне де арнауға болар еді-ау деп ойладым.
Ертен съезд – республика əйелдерінің съезі. Астананың құрметті қонақтарының бірі Жамал. Біз оларға қол соғамыз: – Əйелдер жасасын! 1961 жыл. ГҮЛДЕН, ҚАЗАҚСТАНЫМ! «Ақын болу шарт емес, Азамат болу – міндетің!» Ұлы ақынның осы сөзін көп айтамыз, бірақ ылғи дөп айта бермейміз. Неге ақын болмасқа! Адам, əсіресе, совет азаматы ақын болуға тиіс. Ел ертеңнің есігін ашты. Адам абзал арманын құшақтады. Қиял мен шындықтың арасында шекара қалған жоқ. Жер бетінде нұрлы ой бой жазып, сырлы сана салтанат құрып келеді. Біз туған жер бүгінде парасат бесігіне айналып кетті. Замана кемеңгер Ленин шұғыласымен жайнап, замандас зердесінде əйгілі Прометей оты маздап тұрған бір ғажайып шақ!.. Мұндайда жан біткен жалынды ақын болуға тиіс. Ақындық өлең жазу ғана ма? Жоқ. Ақындық өлең жазу ғана емес. Атырау мен Алтай арасына көз салыңыз: кең көсіліп қиырсыз өлке жатыр. Шіркін-ай, аспан астындағы бір байтақ əлем – жарты дүние тəрізді-ау, біздің сүйікті республикамыз! Қазақстан! Күншығыста күнді құшқан Гүлстан! Сіз Алтайдан Атырауға сапар шегіп көрдіңіз бе? Қазақ жерін аралау бүкіл Еуропаны шарлап шығумен барабар. Жалғыз-ақ мынаны ескерген жөн: Европа, сөз жоқ, сұлу. Бірақ, оның сұлулығы – таныс сұлулық. Европаны көргенде оқылған кітап, белгілі сурет қана еске түседі. Ал, Қазақстанды кезіп, бұл атыраптағы өмір келбетін көру, тіршілік байыбына бару үшін, адам анық ақын болуы керек. Біздің алтын бесік көрген жанды тербетеді, əлдилейді, аялайды, шабытқа бөлейді. Целиноград маңында бір ай болған бір Африка жігіті алғаш келген беттен бұйығы, тұйық, əшейін тісін ақситып үнсіз күле
беретін қарапайым ғана негр еді, кеше еліне шығарып салдық, кеудесі сырға толы, жырға толы ақжелең ақын болып аттанды. Аэропортта тұрмыз. Алматы таңы қандай əсем, жасыл орман жамылған жазғы астана əлдебір қиял-ғажайып ертегідегі ұйықтаған ару тəрізді. Кербез қаланың керемет көркіне сұқтанғандай Алатау бері төніп, тіпті жақын келіп қалыпты. Өркеш-өркеш қарлы шыңдар таң арайымен шырайланып, шығыс жақ сыртын қызғылт нұрға бояй берді. Бұл бір жолы дəл осы аэропортта Джавахарлал Неруді таңдандырып, премьер-министрді ақын ете жаздаған, оның есіне өз отаны Кашмирді салған сұлу сурет еді. Қонақ қазір осы көріністен көзін айырмай құмартып қарап ұзақ тұрды: – Не деген сұлулық! Сондан соң ол бізге бұрылып, шын ықыласымен мына бір сырын айтты: – Тау тау ғой, дала бұдан да сұлу. Тұтас алғанда бар ма, сіздің Қазақстан ғажайып көрме сияқты. Менің отандастарым Қазақстанды бір-бір көрсе, алпыс жетінші жылғы дүние жүзілік көрмеге қатысқандай болар еді. Жер үстінде неше түрлі көрме бар. Көрме – тамаша нəрсе, өнеге мектебі. Дүние жүзілік көрме 1967 жылы біздің Отанымызда – Москвада ұйымдастырылмақ. Бұл да тегін емес. Бүкіл əлем енді осы ұлы көрмеге даярлана бастады. Ал, негр не дейді? Оның ойынша, көрмелердің көрмесі – кең-байтақ Қазақстан! Мұнда терең сыр бар. Азаттық сүйгіш Африка ұлы рас айтады: Советтік Қазақстан – шетелдік достар үшін ғажайып көрме. Бұл керемет көрме (ашық аспан астында, азат жер үстінде ұдайымен қырық жыл өмір сүріп келеді. Дүние қызыға да қызғана қарайды, үлгіөнеге алады; ал күн сəулелі Қазақстан советтік Отанымыздың шығысында шамшырақтай жайнайды да тұрады. Осыған тебіренбеуге, осы шындықты ақынша сезінбеуге бола ма? Африка азаматы дəл аттанар сəтте былай деді: – Бүгін бүкіл дүние бір ерге, бір елге таңырқайды. Ол ер – Гагарин, ол ел – Советстан! Айтпақшы, Гагарин космос кеңістігіне Байқоңырдан ұшыпты-ау!.. Мұнда да терең сыр бар. Ойлап қараңыз: империализм жер үстін запы қылды, ығыр етті. Озат ойлы адамзат отаршыл
серілер мен опасыз сэрлердің қысыр кеңесін тыңдайтындай жалықты. Халықаралық форумдарда мінбеге шыққан ақжағалы джентельмендердің бейбітшілік пен прогреске қарсы қара ниетін көргенде зал түнере тұнжырап, тыңдаушылар жирене теріс айналды. Біздің планетадағы ең үлкен аудитория Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы десек, бұл небоскребтағылар да қазір Хаммаршельд мырзаның қырсықты қылығын көре-көре түңіліп болды. Ал, негр не дейді? Оның ойынша, осынау ұйқылыояу залға оқыс кіріп барып, бір ердің, бір елдің атын атап: – Гагарин! Я, болмаса: – Советстан! – деп дыбыстасаңыз, зал дүр сілкініп, жұрт жаппай орындарынан тұрып қол соғар еді. Неге десеңіз, бұл екі есімді еске алғанда əлем есейе түседі, адам ақылдырақ болады. Күллі жұрт «Гагарин» десе аспанды, аспандағы жұлдыздар жайын ойлайды, ал «Советстан» десе жерді, жердегі ұл-қыздар жайын ойлайды. Қонақ достың осы ойы өлең, жазылмаған жыр. Бірақ ақындық өлең жазу ғана емес. Осы кісінің ізімен өзіңіз жүріп, осы кісі айтқан керемет көрмені аралап байқаңыз, ақын болмасқа шараңыз жоқ. Алтайдан шығыңыз да, Атырауға беттеңіз. Алдыңыздан буырқанып, бұлқына тасып ерке Ертіс шығар. Албырт толқын, асау ағыс ала қашып, əлдеқайда асығар. Жағада қатар түзеген зəулім үйлер, жосылған кең көшелер, құлпырған гүлді алаңдар. Кешегі кішкене шоғыр Кереку, бүгінгі даңқты Павлодар – осы. Ал, сіз қала бағында келе жатырсыз. Жан-жағыңыз Ертістен ескен салқын самалға жайқалған жасыл тал. Балапан жапырақтар сізге ұйлыға жалтылдап, ұйтқып жақындайды; жаппай жапырылып, жамырай сыбырлайды. Сонда осы сыбырға кұлақ түріп, сыр ұқсаңыз – бұл ақындық. Жасыл шыбық қаһарман халықтың, халық көсемі Ленин партиясының өмірді өнермен өрнектеген алып ісі мен құдіретті күшін айтар еді. Аспанда қыран ұшып жүр, жерде сіз заулап келе жатырсыз. Көк егін бейне көкшіл телегей, шетсіз де шексіз. Көк тəңірісі қыран қанаты талды. Бірақ ол аялдар, тыныс алар құлаған қыстау, немесе құлазыған құба жон жоқ. Көз жетер жер көк мұхит – егін.
Тайыр ақын айтқандай: «Үстің де көк, астың да... Үстің бе аспан, астың ба? Көк торғындай аспанды, Аяғыңмен бастың ба?!» Осы бетіңізбен Баяннан Бурабайға, Қызылжардан Мұғалжарға қарай неше күн жүрсеңіз де көк мұхиттың ұшы-қиырын таба алмайсыз, жағасына шыға алмайсыз. Бұл құбылыс құс мінезін де өзгерткен: қыран тасқа емес, жол езуіне, егін арасына қонып, топшысына күш жинайды. Жасыл дала, жаз лебіне жайқалған жас егін жаппай жамырап, сыбдыр қағады, сонда сіз осы сыбырға құлақ түріп, сыр ұқсаңыз – бұл ақындық. Жас егін қаһарман халықтың, халық көсемі Ленин партиясының жер бетін сəнге келтірген, дəнге толтырған алып ісі мен кұдіретті күшін айтар еді. Көмірлі Қарағандының іргесінде құрышты Теміртау тұр. Түнді күндізге айналдырған нұр шұғыла аспанға алып қанатын жайып жіберген. Қазандарда құрыш қайнайды, адамдар қып-қызыл отпен алысып жатыр. Жол-жол жыра-саймен аппақ ақ жалын ағады. Кеше ғана құба шөл, бүгін көрсең – қалың ел. Қазақстан Магниткасын өңкей өрім жас жұмысшылар мекендеген. Жас қала, жаңа адамдар... Құрыш қаласының көгінде жалаудай желбіреген əлгі бір алау нұрдан сыр ұқсаңыз – бұл ақындық. От өзекті өңір қаһарман халықтың көсемі Ленин партиясының өмірді құрыштай шынықтырып, дəуірді алға сүйреген алып ісі мен құдіретті күшін айтар еді. Атырау маңы андаған мұнара – мұнай мұнаралары. Бұл атыраптың мінезі қиян-қилы. Теңіз қолтығындағы қара алтын қайнарының табиғаты тіпті қатыгез, қытымыр. Ол жер – күні кешегі теңіз түбі: күлдей қаратопыраң желді күні борпылдай шаңытып, тымықта тортадай туырылады. Бүгінгі төбе – ертеңгі сай. Жер беті мың құбылады: майсақтанған мамық қыртыс теңіз жақтан жел үп етсе болды, орнын оя қопарылып, оп-оңай аунап түсе салады. Бірақ, өңкей бір өжет жандар – еңіреген ерлер соның біріне міз бақпастан тентек желді темірмен байлап, матап тастап, сараң табиғаттың бермесін тартып алып жатыр. Осы сырды сезіммен түсіну – ақындық. Адамға бас иген асау табиғат қаһарман халық-
тың, халық көсемі Ленин партиясының шөлді шүлен еткен алып ісі мен құдіретті күшін айтар еді. Республиканың батысындағы Теке мен шығысындағы Текелі арасы мыңғырған мал, мал шетінде мың сан малшы. Ал, бүгінгі малшы кім? Ол бір кезде бай малының соңында салпаңдаған, еңбегі өзіне азап пен қайғы əкелетін қу таяқты қойшы емес. Бүгінгі малшының болмыс-бітімі, сыр-сипаты мүлде бөлек. Оның кеудесінде орақ балғалы Алтын жұлдыз – Социалистік Еңбек Ері; Қызыл жалау – СССР Жоғарғы Советінің депутаты. Бұл кісі Қордай асуында қой бақса, Кремль сарайында мемлекет мəселесін шешеді. Осы шындыққа толқып-тербелу – ақындық. Бұл шындық қаһарман халықтың, халық көсемі Ленин партиясының əрбір жеке адамды қайта туғызып, жаңадан тəрбиелеп шығарған алып ісі мен құдіретті күшін айтар еді. Бұлар – Қазақстанда қырық жыл ішінде болған өмірлік өзгерістердің тек мыңнан бірі ғана. Атырау мен Алатау, Алатау мен Алтай арасы бүгін ұлы дүбір, торқалы той: Қазақ республикасы мен Қазақстан Компартиясының қырық жылдық даңқты мерекесі. Орденді Қазақстан бар шырайын шартарапқа паш етіп, дүниені дулата думандатып жатыр. Ар ма, республикам! Гүлден, Қазақстаным! МЕНІҢ ЕЛІМ Қазақстан! Одақтағы бауырлас, біртұтас он бес республиканың бірі, Отанның оңтүстік-шығысында еркін көсілген байтақ өлке – менің елім – күн келбетті, нұр сəулетті Қазақстан. Жасыл шүйгін кең жайлау, асау өзен, асқар тау, кербез орман, көркем бел, лебі жұпар ерке жел... Жанға сая панамыз – Қазақстан! Аспаны бар ашық, таза, көк мөлдір; көлдері бар көз жасындай мөп-мөлдір... Бəрінен де жаны таза, бəрінен де сыры мөлдір ұл өсірген, қыз өсірген туған жер...
Біздің асыл анамыз – Қазақстан! Ленин туы астында азат өмір кешкен, ер де өр өскен бүгінгі ұрпақтың ұлы Октябрь туғызған өзінің күн шұғылалы республикасына арналған күллі махаббатын – ыстық сезімі мен жүрек лүпілін жүйрік ақын мына бір шумақ өлеңге сыйғызған да қойған: «О, дариға, алтын бесік туған жер, Қадіріңді келсем білмей кеше көр. Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей, Ақын болмай, тасың болсам мен егер». Отан деген ұлы ұғым ең алдымен əр адамның өз туған жеріне тербелген осындай отты махаббатынан басталған. Кешегі өткен сұрапыл жорық жылдарында аяулы астанамыз Москваға атылған жау оғына кеудемізді төсеткен, революция бесігі Ленинград қақпасының алдында қар жамылтып, мұз жастандырған, жау жаралаған Украина жерінің қасиетті топырағын сүйгізген осы бір өршіл махаббат еді. Үлкен махаббат бар жерде үлкен өмір бар. Бақыт пен шаттықтың ұясы, туысқандық пен достықтың мекені, еңбек пен ерліктің ордасы – менің сүйікті республикам! Аспан мен жердің арасы тұтасқан күшке, тегеурінді қимылға айналып кеткен. Кең сахра кен-қазыналы қалаларға толып барады: туған өлкенің дəл кеудесіндегі жүрегіндей дүрсілдеп Қарағанды тұр, мұнайын Атырау теңізіндей толқытып Гурьев, қорғасынын балқытып Шымкент жатыр. Қолалы Павлодар күні ертең қалың көпір комбайнын қаптатпақ болса, рудалы Өскемен асау Ертісті бұғаулап, аспан жұлдыздарын жерге тізіп түсіріп жатыр. СоколовСарыбай, Кентау мен Теміртау сияқты жаңа, жас алыптар əлі қарта бетіне түсіп үлгірместен дүниені дулатып барады. Байтақ өлке бай да екен, батыр жұмысшыға қазыналы қойнын ашып, осынша мол сырын ағытты. Байқасақ, Менделеев кестесіндегі кен атаулы түп-түгел осы жердің астында екен. Соны ел игілігіне айналдыруға жаппай жұмылып кеттік. Төбесінен құс ұшып, төскейінен аң жортып көрмеген жапан түз ертеден «Алтын алқап» атаныпты. Елсіз-сусыз шөл даланың неге бұлай аталуы таңданарлық нəрсе еді. Міне, сол жұмбақ есімнің шешімін бүгін тапқандаймыз. Дала шалқар тенізге – егін теңізіне айналып кетті. Бұл өзгеріс жəне бір жұмбақты шешті. Миллиард
деген санды атау онай да, санау қиын еді. Сол алып миллиардты бүгінде тұрмыс пен санаға мəңгілік енгізіп алдық. Ал миллиард пұт астықты қызыл қырманға үйіп тастағанымызда Алатау мен Алтайдай биік тауларды қолдан жасап алғандай болдық. Бірақ бұлар – ұшар басын қар шалған қара тастар емес, ел ырысынан үйілген таулар, алтын дəннен жасалған таулар. «Алтын алқап» өз мағынасын осылай тапты. Жайық жағасындағы Теке мен Іле сыртындағы Текелі арасында мыңдаған шақырымға созылған мол атырап мыңғырған мал. Мың миллиондап өрбіген жас төлдер көк майсалы түстік пен батысқа сыймай, терістік пен шығысқа қаптап жайылып барады. Мұны өзіміздің қазақстандықтар екінші тың деп дəл атап жүр. Бұл тыңды да көп боп көтеріп əкеттік. Осындай үлкен өмірдің иесі, осынау байтақ та бай өлкеде бақытты тұрмыс құрған қазақ халқы социалистік Отанымыздың барлық туысқан халықтарымен тығыз топтасып, кемеңгер Ленин нұсқаған, дана партиямыз бастаған нұрлы биікке – коммунизм биігіне нық сеніммен өрлеп келеді. Халқымыздың абзал ұлдарының аңсап өткені, армандап кеткені туған елдің осы нұрлы өмірі болатын. Сонау бір мұнар да мұнар, мұнар күнде еңкеу, еңкеу жер шалып, егеулі найза қолға алып, жолбарыстай жортқан ер Махамбет өз елінің осы бақытын көксеген. Аз ғұмырын ой мен арманға толтырып, мағыналы мақсатпен өткізген, сол жолда булығумен, бұлқынумен, тынымсыз ізденумен өткен орыс офицері, қазақ ғалымы Шоқан өз елінің осы күнін аңсаған. Байтақ өлкенің терістігінде темір қазықтай жарқырап, шырақтай маздап жанған Ыбырай ұстаздың халқына іздегені осындай өнегелі өмір еді. Қараңғы қазақтың тұтасқан бұлтты аспанын ағарта ай боп туған, жайната күн боп күлген Абай ақын халқын осы өмірге нұсқаған. Ердің ері ардагер Аманкелді осы өмір жолындағы қан майданда жанын құрбан еткен... Ғасырлардың арманы да, асылдардың аңсағаны осы өмір. Еңбек пен ерлікке, байлық пен ырысқа ғана емес, əсем əн мен күйге толы, жырға толы, сырға толы менің байтақ мекенім. Туған елдің бақыты мен шаттығы мол əн-күйлер... Қызыл тулы Қазақстан, Қазақстан шалқи бер!
МАЙ СҰЛУ Май келеді, Май келеді, Май сұлу! Көк алаңда Қанаттарын жайды ту. Қасым. Бүгін менің қарындасым – қарақат көз қарлығашым ерте тұрды, таңғы тəтті ұйқысынан оянды; терезеден баяу еніп, үнсіз келіп шашын сипап, ай маңдайын аймалаған, бетін өпкен майда лептен оянды. Қасын керді, қара көзін мөлдіретті, сылаң тұрды, қылаң ұрды күлімдей; жібек ернін үлбіретті қызғалдақтай – қырдың қызыл гүліндей. Назбен басты, терезесін баппен ашты... ой-хай, шіркін, құшақтасты қос ару... Рас айтам, қараңдаршы табиғатты: ойды-қырды, күнді-нұрды, алуан сырлы үнді-жырды тамылжытқан сан бұлбұлды... неткен ғажап – Май сұлу!.. Қалшылдаған қаңтарды Абай «кəрі құда шал» десе, Май дегенің он екі айдың ішіндегі сұлу қыз ғой сыланған. Бар сəнімен, салтанатпен, нұрға балқып, шалқып жатқан жырға малтып, гүлін ұстап, сап алтынмен күнді тыстап Май тұр сыртта... «Сылдырап өңкей келісім тас бұлақтын суындай», думандата жер үстін тағы да келді – Сұлу Май!.. Жақсылыққа, жарастыққа ғашық, құштар жанбыз ғой; солар үшін адамдықты, адалдықты ту қып ұстар жанбыз ғой! Біз білеміз: жақсылыққа, жарастыққа игі ниетті барлық адам ынтызар. Ал, Май келсе, жердің үсті жарастыққа бөленсе, достар түгел ынтымаққа, жақсылыққа кенелсе,– бұған қызбай кім шыдар? Мен де келдім қарындастың қасына, Май сұлуды тамашалап ұзақ тұрдым терезеге асыла... Ғажап екен айнала: таңмен бірге тамылжыған əнші құстар үніне жасыл бақты кербез қала мажыра боп, тербеледі жай ғана. Осынау бір əсемдікті көргенде бұлбұл сайрап қоя берді меніңдағы кеудемде; қуанышым қайда сияр? – білмедім; жас баладай ойнақтадым, үлгіргем жоқ ойлап бəрін, – Қарындасым, жүр! – дедім. Қол ұстастық, үйден шықтық, бұлбұл жырын құйқылжыта қайталап жүре бердік, жасыл төбе гүлін тердік, содан кейін тауға өрмелеп кеттік біз...
Қайран ақын жақсы айтыпсың: «Шықшы тауға, қарашы, кең далаңа, Мəз боласың, ұқсайсың жас балаға. Ол шеті мен бұл шетіне жүгірсең, Шаршайсың ба, құмарың бір қана ма?». Манаураған маңғаз тау да қызық екен біртүрлі: қаз даусымен қаңқ-қаңқ етіп қайталайды біздің шаттық күлкіні. Қара тасқа күмібір-күмбір үн бітірген Май сұлу! Қасқа бұлақ қарындастың бұрымындай таудан құлап түсті де, одан əрі бойын сылап, мың бұралып, сылдыр қағып, сылқым мінез көрсетті. Ағын суға ару қыздай сыр бітірген Май сұлу! Тауды жапқан қалың орман қалғуды да ұмытқан: құшағына сан алуан жыршыларын жиып ап, сыбызғы да сырнай үнді əдемі əуез күй төкті. Ну қарағай – бұйра талға тіл бітірген Май сұлу! Туған елдің торғын, таза аспаны тұр төбемізде мөлдіреп; əр жерінде ақ ұлпа бұлт қалқиды екен қарындастың желегіндей желбіреп... Айна аспанға шұғылалы нұр бітірген Май сұлу! Айналамыз, сай-саламыз, шетсіз-шексіз кен даламыз табиғаттың өз қолымен түрлі-түсті түкті кілем төсегендей құлпырды. Ұлан-байтақ кең өңірге көз тоймастай түр бітірген Май сұлу! Алдымыздан майда-мамық хош иісті көктем желі желпеді. Біз шалқыдық сол сағатта бір шарқ ұрып, оймен шарлап кеттік туған өлкені!.. Еліміздің күш-қуатын, ұлылығын, бар мұратын өз қолымен жасаған ер жұмысшы мінеки; бұл да бүгін ерте тұрған, таңмен бірге оянған. Төбесінде желмен ойнап желбірейді қызыл ту – бостандық пен бақыт үшін құрбан болған батырлардың, асылдардың қаныменен боялған. Бұдан алпыс сегіз жыл бұрынғы тұңғыш дуда, мол қиқуда ту көтерген, шу көтерген абзал ерлер, ақиықтар ұрпағы дəл осы адам. Сол ерлерге балуан білек, отты жүрек аумай тартқан тастүлек! Мүйіз қолда, болат балға, қарайды алға – нық сезіммен өр қарайды келер күнге алып тұлға ардагер. Мынау рақат ғажап күнің, мəңгі-бақи азаттығың бұған əкеп ешкім сыйға тартқан жоқ: патша да, бай да, басқа да... Жоқ, жоқ!.. Бұл өзінің бостандығын сұраған жоқ кісіден; дауылдарда, сұрапылда тартып алды өз құдірет-күшімен... Бүгін, міне, жер үстінің бəрі бұған табынған;
жер астының бар байлығы бас иген де бағынған. Жұмысшының күшіменен жұлдыз өріп, ракета күн құшқан. Жұмысшының ісіменен жерге серік планета көкке ұшқан... Дүниенің қожасы ол, өмір оның өнерінен нұр алған. Міне, сол ер сом балғасын төс үстіне қойды да, бет түзеді колоннаға марш ойнаған, той тойлаған, дəл өзіңдей өңшең ерден құралған... Қолындағы күміс орақ күнмен ойнап, өз үйінен шаруа шықты, атқа мінді, атырапқа мақтана бір көз тікті: колхозды ауыл кең даласы – мол ырыстың мекені – еліміздің жаюлы бай дастарқаны секілді. Ен жайлауда мыңғырған мал, жатыр əне, бота боздап, қой қоздап... күннің асты көз жеткісіз көк егін – жоқ секілді бұл өңірде тоқымдай жер колхоз тұқым сеппеген; күні ертең-ақ бейне мұхит толқынады биылғы зор миллиардтың дəні тегіс көктеген. Аппақ сүттен теңіз жасап, асыл дəннен тау үйген, өз отандастарының үстіне киім кигізген, астына тұлпар міңгізген, үйіне шат тұрмыс кіргізген ер колхозшы – бұл да бүгін ерте тұрған, төңірегі түгел думан; сауық қызған ұшан дала – жомарт ана жазғытұрым құлпырған... Салют!.. Парад!.. Жайды қанат ақшыл оттар, қызыл шоқтар, көкшіл доптар аспанда; жау күрсінді, дос сүйсінді, жер сілкінді бейбітшілік Армиясы алға қадам басқанда... Балғын бөбек балдырғандар көк бетінде ақ көгіршін қаптатты; жалын жүзді жастар əн сап, қалалар мен далаларға күй толтырып, би толтырып тас-тапты. Көп оркестр көшелерде жұртты желпе ұрып жатыр дабылды; алаңдарға адамдардан тірі толқын ағылды. Ұлы тойды ақын бастап айтты жыр; көп ішінде ғалымдар да, мұғалім мен дəрігер де... бəрі жүр... Бəрі ғажап қуанышқа кенелген; достық пенен ынтымаққа бөленген,– айқасты əне, дос құшақтар ежелден. Дəл осылай Май келгенде туған елде қызып жатты той-думан. О, ұлы Отан! Сен де бір Май екенсің алтын шапақ арайлы күннен туған! Шіркін, Май! Дүниенің ақындығын, тіршіліктің асылдығын танытатын осы ай ғой. Адал ниетті адамдардың жарастығын, мəңгі жасар жастығын, қиян-қилы, алуан тілді мың-миллиард еңбекші ер қауымның бірге соққан жүрегін, бір үмітті тілегін бар əлемге паш ететін осы ай ғой!..
...Қол ұстастық, қолтықтастық қарындасым екеуіміз; екеуіміз де жаңа білдік, жақсы сезім, тəтті қиял қанатында екенбіз. Таудан түстік, топқа қарай алып ұштық, үй алдында жан ана бізді күтіп, күліп тұрды, шырақ-ай, қандай ыстық; еркеледік, екі жақтан екеуіміз кезек құштық!.. Қосылдық та үшеуіміз шалқып-тасып, айғай салдық таласа, қатарласа: – Сүйген жардай сұлу Май, жаса, жаса!.. ОКТЯБРЬДІҢ ҚҰРДАСЫ – Сенің геройың кім ? – Қарапайым совет адамы! Белгілі диалог. «Сквозь будни грозовые, Идущий в полный рост, Сын ленинокой России Совсем не так уж прост». Я.Смеляков. Бүгін бізде той, Ақыраптың туған күнін тойлап жатырмыз. Ақырап – байырғы қазақ тілінде октябрь деген сөз. Бірақ біздің Ақырап – ай емес, адам. Біз ай жайында емес, адам туралы айтпақ едік. Ақырап – адам: біріміздің жасы үлкен ағамыз, біріміздің қатар құрбымыз, біріміздің жасы кіші ініміз, ал бəріміз үшін ол – сапарлас жолдас, пиғылдас дос. Ақырап мың тоғыз жүз он жетінші жылғы жетінші ноябрь күні Торғай даласында, Аманкелді сарбазының семьясында туыпты. О, ғажап, қоңыр күздің бозғылт таңында ауыл-үйдің ұйқысын серпіп шыр еткен сəби үні сарбаз семьясына жаңа адам келгенін паш етсе, дəл сол таңда жер үстін дүр сілкіндірген əйгілі «Аврора» дауысы дүниеге жаңа заман келгенін жариялапты. Таң атқан. Бұлттан айыққан торғын аспанда тұңғыш рет азат күн күлген. Дауыл толастаған жер үстінде тұңғыш рет азат адам күлген. Ұлы революция Отанындағы əр адамға Ленин өз қолымен өмір тұтқасын берген.
Торғай даласында да бостандықтың алқызыл туы желбіреген. Ал, ту астында азаттықтың ақырғы құрбаны – сарбаз əке сұлап жатқан. Өмірден əке кеткен, өмірге бала келген. Ана шіркін кеткенге жылаған, келгенге жұбанған. Осы шындыққа куə болған ауыл адамдары құрмаласа келіп, Октябрьмен бірге туған сарбаз ұлының атын «Ақырап» қойыпты. Əкенің кейінгілерге қалдырған ақырғы аманаты да сол болған-ды. Міне, содан бері қырық бес жыл өтіпті. Ақырап бүгін қырық беске шықты. Бүгін бізде той, Ақыраптың туған күнін тойлап жатырмыз. Жұртқа мəлім, «той тойға ұлассын» деген жақсы тілек бар. Аұыраптың туған күніндегі достар қуанышы жыл сайын Ұлы Октябрьдің үлкен мерекесіне ұласады. Бүгін де солай. Осыған əсерленді ғой деймін, біздің бір жолдас көңілді мəжіліс үстінде көтеріңкілеу сөйлеп: – Достар, Ақырап десек Октябрьді айтуымыз керек, ал Октябрь десек Ақырап... – дей беріп еді. Бір білгіш оны оқыс бөліп жіберді: – Мұның Маяковский өлеңіне ұқсайды, олай деме, оның жөнсіз. – Неге? – Қайтесің! Ақырап деген кім сонша? Жай ғана қарапайым адам... Біз ойға қалдық. Қарапайым адам, жай адам! Ал күрделі адам деген кім сонда? Екеуі де бір адам – совет адамы емес пе! Олай болса, дүниедегі ғажайыптың бəрі совет адамының қолымен жасалып жатқан жоқ па! Бұл адам – жай адам ба?! – Мен Октябрьдің құрдасымын, – дейді Ақырап. Бұл сөзде мақтаныш та жоқ емес. Мақтаныштың түрі көп. Ақырап Октябрьмен аттас, Октябрьмен құрдас болғанына ғана мақтанбайды, Октябрь туғызған еліне, Октябрь түлеткен жеріне мақтанады. Ол өз елінде, туған жерінде болған ұлы озгерістерді көз алдынан өткерген; көзімен көріп қана қоймаған, қолымен жасасқан. Ақыраптың қырық бес жыл ішіндегі ғұмыры керемет қызық құбылыстарға толы, сырға бай, жырға лайық. Бұл ретте оның қырық бес жылында шежірелік сипат бар.
Ақырап туатын жылы жаңа өмірдің күні шыққан болса, Ақырап мектепке баратын жылы əлемнің күні тұтылған: дүниеден ұлы Ленин кеткен. Лениннің қазасы лениншілдерге тарихи міндет жүктеді. Сол лениншілдердің бірі – Ақырап. Бір кезде сарбаз əке еліне аманат етіп өз ұлын қалдырса, енді сол ұлға кемеңгер көсем аманат тапсырды. Ол аманат Октябрьде туған Отан еді. Қырық бірінші жылы Отан аспанын бұлт торлады. Ақырап бұл кезде азамат болатын, атқа мінді, қолына қару алды. Октябрь күндерінде сарбаз əке төбесінде желбіреген күрес туының астында енді Ақырап тұрды, жаумен арпалысқа түсті. Ол оқ боранын, от топанын кешті, Украина жерінде қан төкті. Қаһарман солдат қайыспады, ажалға ажал болып тиді; рейхстагқа жеңіс туын тікті де, қайтып келіп, жаудан өзі азат еткен туған жерінің топырағын сүйді. Ақырап көсем аманатын осылай орындады. Осы адам – жай адам ба? Бейбіт еңбек – бұл да майдан. Ақырап бір кезде əке қаны төгілген жерге енді тер төкті. Туған жер түрі еңбекпен өзгерді. Алып қазандарда құрыш қайнады, аспан жұлдыздары жерде жайнады. Өзендер ағысын өзгертті, теңіздер теңізге қотарылды... Осынау алып күрестің дəл ортасында Ақырап жүрді. Жапалақ ұшпас жапанға қалың ел қонды, құйын ғана ойнақтаған құла дүзге қалалар орнады. Алтын Арқаның тыңы қопарылды. Ұшан далада шетсіз, шексіз егін мұхиты жайқалды. Орынбор жазығынан Түркістан адырына дейін кең көсіліп Торғай даласы жатыр. Бұл – Ақыраптың туған жері. «Бұл даланы атам қанмен суарған, Бұл далада əкем қолға ту алған. Бұл далада өскен жанда жоқ арман...» деген ақын өлеңі – Ақыраптың көңілдегі жыры, көкейдегі сыры. Соңғы жылдарда Торғайдың тусырай турылған торқа топырағына соқа салынды. Бір кезде бірер қапшық бидайды Үркіт пен Ірбіттен іздейтін ел, биыл Торғай даласын егінмен тыстап тастады. Торғай тыңының еңбеккерлері Отан қоймасына он алты миллион пұттай астық құйды. Бұл Ақырап туған жерде бұрын-соңды болмаған құбылыс. Ақырап осы еңбектің де қалың ортасында
жүрді: көктемде тракторда, күзде комбайнда отырды. Оның ерлік еңбегін Торғай егіншілерімен қоса Ленин партиясының Орталық Комитеті құттықтады. Осы адам – жай адам ба? Жоқ, жай адам емес. Бұл – бір кезде Горький айтқан: əлем анналына есімі бас əріппен жазылатын Адам. Ұлы Октябрьдің ұлы мағынасы – бұдан қырық бес жыл бұрын дүниені сілкіп-сілкіп жіберген «ең күшті, ең ақырғы зор майдан» ғана емес, сол ақырғы айқаста туған жаңа заман, жаңа заманда түлеп өскен жаңа Адам, жаңа Адам қолымен жасалған жер үстіндегі қыруар өзгерістер, ақиқат шындыққа айналған қиял-ғажайып ертегілер. Ленин партиясының тарихи XXII съезінің ең өзекті, ең негізгі мазмұны – Адам мəселесі. КПСС Программасының ең асқақ, ең абзал мақсаты – Адам қамы. Коммунизм Адам үшін! Тың өлкесінде биыл он алты жарым миллион гектар жерге егін егілген екен. Бұл игерілген тыңның топырағына егілген дəн ғана ма? Жоқ, бұл Ақыраптың туған жерінде жұмыла еңбек етіп жатқан жүз ұлттың жан дүниесіне егілген жаңа сана мен сапаның дəні, достық пен туысқандықтың ұрығы. Кешегі қу дала – бүгін гүл бақшалы қала: алюминшілер қаласы Арқалық өсіп келеді. Арқалық – ай далаға орнаған зəулім үйлер ғана ма? Жоқ, Арқалық – осы атыраптағы адам-дар ынтымағының да алып арқалығы! Солтүстік шұғыласы Целиноград терістігінде де самаладай жайнап, ұшқын атып, жалын шашып тұрғандай. Бұл – жаңа, жас алып Рудный оттары. Осы жай ғана от па? Жоқ, бұл – жаңа адамдар санасында маздаған Прометей оты... Сентябрь айында күллі республика ду ете қалды. Бақсақ, Қорғалжың Загладасы – Дикен Шінкееваның еңбек дүбірі, өнегелі үлгісі екен. Тың өлкесіндегі белгілі шамшырақтардың бірі Дикен Шінкеева жай ғана қарапайым пенде ме? Механизатор Скрыль, зоотехник Мусин есімдері – бүкіл өлкенің мақтанышы. Ал, Целиноград облысының Макин ауданындағы жас комсомолка Ақтай Сағынтаеваның шошқа өсірудегі іс-əрекеті өз алдына бір хикая! Осылар жай адамдардың қимылы ма?..
Ақырап туған кеңдала Ұлы Октябрь шұғыласына бөленіп, коммунизм биігіне осылай өрлеп барады. Осынау ұлы өзгерістің бəрін Ақырап өз көзімен көріп те отыр, өз қолымен жасап та жатыр. Ол дəл бүгінгі – өзі туған күнгі той үстінде осыған мақтанады. Сондықтан да оның өз тойы – Октябрь тойы, Октябрь тойы – өз тойы. Ол – Октябрьдің құрдасы. Ақыраптың бұған мақтануға да, шаттануға да хақы бар еді. БАЛА КҮЛКІСІ Менде бір қарапайым сурет бар. Өзі сəл ғана нəрсе: ақ қағазға қара қаламмен асығыс бедерлене салған жанды-жансыз бірер бейне, – болғаны сол! Бірақ, қызық, осы суретке көзім түсуі-ақ мұң, сан иірім сырлы сезіммен тербелемін де кетемін: күннің нұрын іздеймін, ананың мейрімін аңсаймын... Əсіресе, жас баланың кінəсіз, кəусəр күлкісіне құмартамын. Бұдан үш жыл бұрынғы бір сапарымда жол-жөнекей Будапештте болғаным бар. Дос елдің əсем астанасын еркін аралап, қаланы қақ жарып аққан қара көк Дунайда жүзіп жүріп, бір венгер суретшісімен таныстым. Ол мені Азаттық алаңының бір шетіндегі үйіне ертіп апарып, шеберханасын көрсетті. Төрт қабырға толған сурет, – бəрі бояумен салынған, спектордың жеті түсі түп-түгел, сыры да мол, түрі де көп. О, ғажап, солардың бəрінен бұрын маған айрықша əсер еткен кенепке бояумен емес, қағазға қаламмен салынған осынау жұпыны сурет болмасы бар ма!.. Мен бұған қызыға қарап, ұзақ тұрдым. Оны суретші де көріп тұрған-ды. Жəне жөніме тұрсам екен-ау, əлгі суретке əсерленіп, шала таныс венгерге шап беріп, күтпеген жерден оқыс сұрақ қойдым: – Дүниедегі ең қасиетті нəрсе не, соны айтыңызшы? Əбүйір болғанда, əйтеуір, суретші менің сұрағымды тосырқамады, сəл ойланды да, шын ықыласымен: – Елдің тыныштығы! – деді. Сөз бар ма!.. Тыныштық – ұлы нəрсе. Игі ниетті адам баласының абзал арманы мен асыл мұраты – ел-жұрттың амандығы.
Өмір сəні – бейбітшілік. Өткен соғыста жарынан айрылған ананың, əкесінен айрылған баланың... бəрінің тілегі – бейбіт күн. Заводта қорытылған құрыш, далада жайқалған егін...– бейбіт күннің жемісі. Будапешт Н.С.Хрущевті күтеді. Вена дүниежүзілік жастар форумына əзірленіп жатыр. Берлин совет көрмесін ашпақ. Прага КПСС делегациясын қарсы алмақ. Варшавада министрлер кеңеспек... Осының бəрі – ел тыныштығының қамы. Жер үстінде баянды бейбітшілікке не жетсін!.. Бірақ, шеберхана ішінде тұтанған менің ойым бұл емес-ті. Сондықтан селқос қана: – Иə, Бейбітшілік барша жұрттың тілегі ғой!..– дедім де қойдым. Бірақ суретші қояр емес. Асылы, венгерлер ашық айтуды, дəл тұжыруды ұнатады, көмейінде қалған сөзді күдікпен іздейді. «Қасиетті нəрсе» туралы менің сол сəттегі ұғымым өз ұғымынан өзгелеу екенін сезіп: – Сіз ше, Сіз не дер едіңіз? – деп қалды. Мен оның қаламмен салған қарапайым суретін нұсқадым: – Ең қасиетті нəрсе – міне, мынау! Ол не сенерін, не сенбесін білмей, суретке бір, маған бір қарап, үнсіз қызараңдап күле берді. – Рас, – дедім мен, – рас, дүниеде күннің нұрынан, ананың мейрімінен, сəбидің күлкісінен қасиетті нəрсе жоқ. Ол өзі салған суретті өзі жаңа көргендей, оның мəн мағынасын енді ғана ұққандай қадала қарады да қалды. Сурет əрі жұпыны, əрі ұтымды болатын: көк жиектен шұғыла шаша көтерілген күн, күнге қарай жадырай ұмтыла берген мейірімді ана, ана құшағында күндей күлген бақытты сəби бала. Əсіресе, осы бір жас баланың жай-күйіне жан сүйсінеді: өзі бар сұлулығын бетіне жиып, рақаттана жайнап күледі, өзі шұғылалы күн астында, өзі мейірімді ана құшағында... Бұдан асқан бақыт болар ма? – Иə, – деді суретші, – Сіз дұрыс айттыңыз. Бірақ, менің пікірім де дұрыс. Егер Сіз «Бейбітшілік не?» – деп, сұрар болсаңыз, мен «Жас баланың күлкісі» дер едім. Мен шеберханадан ой арқалап кеттім. Ертеңіне Венаға аттанбақ боп, вокзалға беттеген мені ол Кошут көпірінің үстінен қуып жетіп, байырғы танысша құшақтай амандасты да, əлгі суретін тарту етті. Мен оған рақмет айтып, достық белгісі үшін алтын сағат сыйладым.
Міне, сол сурет. Осыған көзім түссе болғаны мені əр-алуан сезім əлдилеп əкетеді: күн нұрына қызығамын, ана мейірімін аңсаймын, сəби күлкісіне құмартамын... «Қазақстан пионерінің» бір номерін түгелімен Бейбітшілік мəселесіне арнап, редакция өте дұрыс жасап отыр. Кішкене оқушысын ұлы Программаның ең өзекті шындығының бірімен кеңірек таныстырмақ болған газеттің мұндай игі ниетін құптауға, қолдауға тиіспіз. Сондықтан да редакциядағы жолдастар тыныштық тақырыбына мақала жазуымды сұрағанда мен келіскен едім. Бірақ жазуға келгенде бұл жайдың əбден шиыр болғанын түсініп, біраз қиналуға тура келді. Жұрт алдында «Бейбітшілік жасасын!» деп ылғи қызғылт ұран көтере беруге тағы болмайды. Газеттің кішкене оқушысының тілін тауып, ұғымын ескеріп сөйлемеске жəне болмайды. Енді не істеу керек? Мен сонда əлгі бір суретке көз тіктім. Сурет ой оятты. Бейбітшілік деген не? Бұл сұрақтың жауабы да, венгер дос айтқандай, дəл осы суретте тұр еді. Біз соғысқа қарсымыз. Ондағы мақсат – күн бетін бұлт баспасын, ана қара жамылмасын, бала жетім қалмасын дейміз. Суреттегі сыр да осы емес пе? Əсіресе, күлкіні, жас баланың күлкісін айтсайшы!.. Кеше менің бір шəкіртім жылап отырды. Мен қасына барып, жайын сұрадым. Ол бұдан жиырма жыл бұрын соғыста қаза тапқан əкесінің хатын көрсетті. Ұзақ сақталғандықтан қағазы сарғайып кеткен жауынгер хатында қасиетті сөздер бар. «Менің кішкене құлыным күле ме? – деп жазыпты солдат əке əйеліне: – Күлсін, менің жұлдызым. Мен жау оғынан жалғыз ұлымның күлкісін қорғап жүрмін... Күліп көрісер күн жақсы болсын, қош...» Амал не, əке ауылға оралмаған, бүгінгі бейбіт күн үшін құрбан болған. Əкесі соғысқа аттанғанда екі жасар бала бүгінде университеттің соңғы курсінде оқып жүр. Бірақ бұл жігітте ғұмыр бойы орны толмаған бір олқылық – жан олқылығы бар: ол осы жасқа келгенше əкесін көрмеген, əке мейірімінің не екенін білмей өскен. Соғыс зардабы деген осы!.. – Бүгін əкемнің өлген күні еді, – деді ол көз жасын іркіп. – Міне, жиырма жыл болыпты. Бір түрлі, бір арман... Мен оны жұбаттым.
– Əкеңнің арман еткені сенің бүгінгі жылағаның емес, күлгенің ғой. Жауынгер əке сенің көз жасыңды емес, күлкіңді қорғаған жоқ па еді...– дедім. Ол ойланып қалды. Шіркін, күлкіге не жетсін! Менің суретші танысым айтқандай, «Бейбітшілік – жас баланың күлкісі» екені рас. Əрине, тек мағыналы күлкі, шаттық күлкісі болсын. Күлкі – рахат, күлкі – бақыт! Алатау үстінде күн күліп тұр. Күнмен бірге күллі аспан жадыраған, аспан астындағы қар жамылған кең атырап нұршұғылаға бөленген. Қандай əсем!.. Тау жонындағы қалың сыпсың қарағай да ерекше көркем, сəнді; бөктерден ескен ерке жел қарағай жапырақтарын ақырын желпіп, баяу əлдилеп, теңіректі сырлы шуға, сылқым сыбырға толтырып жіберген. Құз-шатқалдарды қуалай ойнақтаған қасқа бұлақтар да тастан-тасқа секіріп, толассыз күледі. Қарлы төскейде құйындата жүйткіп, жұлдыздай ағып, жас шаңғышылар жүр. Бұлар да көңілді. Күледі. Балалардың шат үніне, шадыман күлкісіне тау жаңғырығып, қаңқылдап үн қосады. Бəрі қосылып осы өңірдің бақыты мен шаттығын паш еткендей. Міне, бейбітшілік деген осы; əлгі бір сурет сыры да, мынау өмір нұры да осы тыныштық! Бейбітшілік – Коммунистік партия мен Совет үкіметі үшін əншиін саясат емес, өмірлік мүдде. Ленин қол қойған алғашқы декрет – бейбітшілік декреті. Халқымыздың туы – бейбітшілік туы. КПСС Программасы – бейбітшілік Программасы. Коммунизм – Бейбітшілік!.. Коммунизм кім үшін? Ұрпақ үшін! Мынау шат күлкілі балғын жастар – еліміздің ертеңі, коммунизм адамдары. Ленин партиясы, совет халқы жас ұрпақтың ғұмыры мен бақытын қорғайды, шаттық күлкісін күзетеді. Туған елде, бейбіт жерде оны да біл, ойна да күл, балапан!
АР МА, АДАМ! Жаңа жыл! Жаңа шабыт пен істің, жаңа табыс пен жеңістің жылы келді. Коммунистердің жұлдызға сапар шегіп, космос кеңістігін шарлаған, коммунизм программасын қабылдап, бақытты болашақты барлаған таңғажайып тарихи жылы да жылжып өтті. Халқымыздың ерлік эпопеясындай керемет кезең кейін ығысып, əлем анналына айрықша тың тарау боп қосылды. Совет адамы тағы бір бел асты; адамзаттың абзал арманын, асыл мұратын тағы да құшаққа тартып, бері жақындата түсті. Міне, Жаңа жыл! 1962, январь! Балтық пен Беринг, Ақ теңіз бен Алатау арасындағы қиырсыз кең өңір кербез көсіліп, қарлы қыстың ақ ұлпасын айқара жамылған, аппақ: коммунизм құрылысшыларының қаһармандық шежіресінің жалғасын жазатын аумағы айдын аспандай ақ қағаз ба дерсің. Шіркін, біз туған жер не деген байтақ, не деген шексіз, шетсіз атырап десеңші!.. Шынында да ақын айтқандай: Осынау байтақ кең өлке, Батырға лайық емес пе, Алшаңдай басып жүруге?! Я, СССР – батырлар елі! СССР – лениншілдер мекені! СССР – коммунизм Отаны! 1961-1962. Осы екі жылдың тарих сахнасында қалай орын алмастырғанын сезбей де қалған сияқтымыз. Қызық хикаялы керемет кітаптың тұтасқан екі беті тəрізді екі жыл, – аражігі адам ажыратқысыз-ақ. Өткен жылдың ақырғы түні туған елдің күндізгі қызу қимыл алдында рахат ұйқымен тыныстайтын əдеттегі əсем түндерінің бірі ғана еді. Бірақ Отан ояу, отандастар ұйықтамады. Түнгі он екіде Кремль куранттары таныс күмбіріне басты. Əр үйде хрустальдар сыңғырлады. Ізінше Отан гимні ойналды. Бірақ əдеттен тыс: əн аяқталар емес, əн əнге ұласады. Енді бірде күллі ел тұп-тұтас қосыла шырқап кетті:
Шаттық пен салтанатқа болған мекен, Дүниеде, сірə, сендей ел бар ма екен? Құшағы жанға сая, басқа пана, Адамда асыл ана – бір осы ғана, туған ел! Сонымен, бір түн əнмен, жырмен, күймен, бимен өтті. Жоқ, біз бұлайша бір түнді ғана емес, бір жылды өткізіппіз... Таң ата газет бетіне қарасаң, қоңыраулы үш ат жеккен жеңіл шанада қызыл шырайлы жап-жас бала жүйткітіп келеді. Бұл тройка Охот теңізінен шығып, секундіне екі жүз алпыс екі метр шапшаңдыкпен, шығыстан батысқа қарай зырлапты да отырыпты. Тройка зымырап жеткен жердің бəрінде елка оттары маздап, күн күнге ғана емес, жыл жылға ұласа беріпті... Дұрысында, жыл жылға ғана ұласқан жоқ, біздің адамдардың мақсаты мақсатқа, ісі іске ұласты. Ленин партиясының XXII съезі қабылдаған ұлы Программа екі жылды ғана емес, екі он жылды түгел тұтастырмақ. Демек, былтырсыз биылды ойлау мүмкін емес. Əрине, əр жылдың өз сыры бар. Былтырғы жыл да дүниені таңдандырған талай тамаша құбылыстарға толы. Солардың ішіндегі ең ұлы оқиға – «Жер жүзіндегі барлық халықтардың Бейбітшілігін, Еңбегін, Бостандығын, Теңдігін, Туысқандығын жəне Бақытын берік орнықтыратын» коммунистік қоғам орнату Программасы! КПСС Программасы – жыл емес, жылдар сыры, дəуір мазмұны, ғасыр туы. Адам баласының небір асқақ арманын қолма-қол ақиқат шындыққа айналдырып жатқан ардагерлер төбесінде былтыр желбіреген бұл ғажайып ту күн өткен сайын шұғылаланып, нұр қанатын кең жайып, келешектің күнес биігіне тік көтеріле бермек. Бұл ғажайып ту астында жеңістен жеңіске жеткен қаһарман халық бүгінді ертеңге ұластырып, арманды ақиқатпен тұтастыра бермек. Алып еңбекпен өткен аяулы жылдардың ара жігі ажырамау себебі де дəл осы шындықта жатыр. Демек, КПСС Программасы – былтыр болған құбылыс қана емес, биылғы уақиға, одан арғы жылдардың сыры мен сипаты. – Совет адамдарының қазіргі ұрпағы коммунизм тұсында өмір сүретін болады!
Классикалық симфонияның сұлу аккорды сияқты осынау отты сөздер əрбір совет адамының кеудесіне күн орнатты да қойды. Өмір мен көңілді қатар тербеген ғаламат нəрсе: замана гүл-гүл жайнағандай, санада бұлбұл сайрағандай. Бүгінде біздің елдегі əрбір еңбек адамы жігерге жігер қосып, құлшына түлеп алған. Жаңа жыл жаңа қарқынмен басталды. Қала мен далада толассыз қимыл – қайнаған еңбек. Шойын балқып суға, су тұтқындалып отқа, от игеріліп күшке айналып жатыр. Туған жердің топырағы толған дəн, туған жердің қойны толған қазына... Осынау күш пен істен өнген ен байлықтың иесі – азат адам, совет адамы. Біздегі бар игілік адам үшін! Ленин партиясы мен Совет үкіметінің адам қамын ойлаудан өзге мақсаты да, мүддесі де жоқ. Сондықтан да коммунизм ісі – əрбір совет адамының өз ісі, төл ісі. Бұл – жаңа ұғым. Ал жаңа ұғым жаңа адамға ғана тəн. Бізде жаңа қоғам ғана туып келе жатқан жоқ, жаңа адам да өсіп келе жатыр. Осы тұрғыдан байыптасақ, КПСС Программасы болашақ қоғамның бүкіл болмысын бейнелеумен бірге, жаңа адамның əрі жарқын, əрі айқын образын, əрі күрделі, əрі кесек характерін жасаған шын мəніндегі эпопеяға ұқсайды. Эпопея геройы – жаңа адамның моральдық бітімі бірегей, сырлы да нұрлы. Оның ғашығы – социалистік Отан, оның құштары – адал еңбек. Оның мінезі ар мен ұяттан, ақыл мен ойдан қалыптасқан. Оның қасиетті қағидасы – «адам адамға дос, жолдас жəне бауыр». Ол – қарапайым, кішіпейіл. Ол досқа мейірімді, жауға қатал. Ол адалдық пен шыншылдықты, кіршіксіз тазалықты мейлінше қуаттайды, ал «əділетсіздікке, арамтамақтыққа, қара ниеттілікке, мансапқорлыққа төзбейді». Өнердің өмірмен туысып, өмірдің өнерге айналатыны сияқты, осынау тамаша образ да тірі адамға айналып, өнердегі герой мен өмірдегі адам өзара туысып, тұтасып жатқандай... Жаңа жыл совет қоғамының материалдық байлығын молайтумен қабат, совет адамының моральдық қасиетін де жаңа биікке, тың сатыға көтеріп əкетуге тиіс. Адам осылай өсер болар. Ар ма, совет адамы!
МИЛЛИАРД ТУРАЛЫ ОЙ Мен жуырда өзімнің бір жақын жолдасымның сəбилік мінезіне куə боп, ұзақ күлдім. Ол елу алтыншы жылғы Қазақстан миллиардынан бері қызметтен қолы босаған уақытында ара-тұра есеппен айналысып, миллиард деген санды түгел санап шықпақ болыпты. Мен бұл əрекетке таңғалғанымда, ол: – Е, несі бар, республика еңбекшілерінің мемлекетке бір-ақ жазда қолдан санап тапсырған миллиарды емес пе? Ал, менікі тек ауызша сыдыртып өту ғана. Оның несі қиын? - деп, маған таңданды. – Екі жыл ішінде қанша санадың? – Ой, мен күн сайын тапжылмай отырып санап жүр дейсің бе? Кей күндері бір-екі сағат... əшиін, қызық үшін ғой!.. – Жоқ-ау, екі жылда қанша санап үлгірдің, соны айтшы! – Көп емес, миллионның о жақ-бұ жағы... Бұған қалай күлмессің? Миллиардты санап шығу үшін күніне сегіз сағат отырғанның өзінде бес жүз жыл керек екенін менің досым білмепті ғой. Бұдан артық сəбилік болар ма? Ол осылайша екі жыл малтығып, миллионнан аса алмай жүргенде, оның орденді республикасы соңғы екі ай ішінде, міне, Отанға елу миллионы кем миллиард беріп те үлгірді. Мен жолдасымды өзі қолдан жасап алып жүрген азабынан құтқарып, ақылға көшіргеніме қатты қуандым. – Қазақстан мемлекетке миллиард пұт астық берді, – дедім мен оған.– Ал, миллиард Қазақстанға не берді? Сен соны ойладың ба? – Ойладым, – деді жолдасым іркілместен, – ойладым. Миллиард Қазақстанға бақыт берді. – Жоқ, мұның жалпы ұғым ғой... Жə, сен сол бақыт дегенді қалай танисың? – Сен де мені сəби көре берме! – деп жолдасым өз ойын байыптай бастады. – Қалай танисың деген сөз бе екен? Миллиард тек маған ғана емес, бүкіл дүние жүзіне Ленин партиясының кемеңгерлігі мен көрегендігін паш етіп отырған жоқ па! Бұл ой жолдасымды ғана емес, бір сəтке өзімді де мықтап баурап алғанын байқамай қалыппын. Дала....
Алатау мен Алтай арасында қазақтың кең байтақ кербез даласы көсіліп жатыр. Бұл далада ертеректе болған бір егде адамды бұдан бес жыл бұрын Ялтада кездестіргенім бар. Ол кісі қазақ даласын еске алғанда өзінің көз алдына қадаң-құдаң киіз үйлерін шілікті сайына саялатып, мың ғасыр жым-жырт мүлгіп, көп құлазыған құба бел, бел үстінің жусаны мен селеуін, көдесі мен көкпегін елбеңдетіп, қаңбағын домалата ұйтқыған тентек құйын мен аңызақ жел, сел орнына сағымға шомыла бел асып бара жатқан түйелі көш, түйеден үркіп, дүркірей қашқан үйір-үйір киік пен құлан елестейтінін айтып еді. Миллиард ең алдымен, міне, дала туралы дəл осы ұғымды түптамырымен өзгертті. Қазіргі далаға қараңыз: туған елдің ырыс мұхитындай шалқып жатыр. Көне замандағы қазақ эпосында:
деп жырланатын. Жайық пен Теңіз арасы үш айшылық жол ма, жоқ па, оны тексермей-ақ қоялық. Ал, бүгінгі Сарыарқаны саратанның басынан сүмбіленің аяғына дейін үш ай үздіксіз шарласаңыз да қау өскен қалың егін теңізінің ұшы-қиырына шыға алмай, толқынында ғана жүзіп жүретініңізге өзіміз айғақ бола аламыз. Мен биыл Кереку мен Ақмола, Көкшетау мен Қызылжар даласын кезіп жүріп, əлгі бір егде адамға Солтүстік Қазақстанның Совет ауданында қайта жолықтым. Ол бүгінде осы ауданның мемлекетке үш миллион пұтқа жуық астық тапсырған бір атышулы совхозында озат механизатор екен. Мұнда ол партия шақыруымен елу алтыншы жылдың көктемінде Украинадан келіп, біржола орнығып қалыпты. Жасы алпысқа таянған осы адам осынау даламен бірге жасарып, көп жыл ұмытқан комбайн штурвалына қайта отырғанын, енді байқаса, аспан астында бұл даладан артық рақат қоныс, жомарт жер жоқ екенін айтты. Дала туралы бұдан бес жыл бұрынғы түсінігінен із де қалмаған.
– Елу алтыншы жылғы орақ кезіндегі еңбегіме он алты мың сом ақша, жетпіс центнер астық алып едім, – деді ол. – Биыл бір тракторға үш жатка тіркеп, оның біріне он сегіз жасар ұлымды отырғыздым. Оны екі жыл бойы өз өнеріме үйреткенмін. Енді екеуіміздің табысымыз елу алтыншы жылғыдан кем деген де бір жарым есе артық болары сөзсіз. Қарт механизатор шынында да даладай түлеп, құлпырып, құлшынып алған. Еңбекке құштар-ақ. Менімен қоштасқанда түн ортасы таяу еді. Қою қараңғылықты трактор маңдайында жарқырап тұрған, бейне өз ойындай жап-жарық қос шырақпен серпіп-серпіп жіберіп, жалдана толқыған егін теңізін бірнеше баржы тіркеген алып кемедей кешіп, ілгері кетті. Менің де кірпігіме ұялаған ұйқымды сергітіп, ойымды өзімен бірге ілгері сүйреп əкеткендей болды. Қалай бұрылсақ та жайқала өскен мол егін, егін арасында андыздай өрген қара-құрым көп комбайн, трактор, лафетті жатка... Ертеректе шеңбері майысқан сының дөңгелегін шиқылдатып, бақырауық қоспақ соңында сыңси жылап келе жататын бірліжарым майсыз арба жүрген ескі сүрлеулер қай орында? Ол жымжылас, белгісіз. Егістік жиегінде сайрап жатқан даңғыл жолмен қаздай тізіліп, қырманға күндіз-түні дамылсыз астық тасыған жүздеген жүк машиналары жүйткиді. Осы жолмен жүре қалсаңыз, əрбір он бес-жиырма минутта, еңсесі биік ақ үйлерін қолдан өсірген жап-жасыл жас орманға бөлеп қойған совхоз селендері мен колхоз ауылдарының тұсынан өтіп бара жатасыз. Баяғы жапалақ ұшпас жапан түз, елсіз-сусыз шөл жазира қай орында? Ол жымжылас, белгісіз. Міне, бүгінгі дала осындай. Миллиард дала түрін ғана емес, дала адамының да психологиясын бүтіндей жаңартып, оның сана-сезіміне керемет өзгеріс енгізді. Солтүстік Қазақстанда отыз мыңның бірі Ысмайыл Абдуллин басқаратын Аманкелді атындағы колхоз бар. Осы колхоздағы Социалистік Еңбек Ері Əбу Сыздықовтың бригадасы да басқалар сияқты республикамыздың жаңа миллиарды үшін жан сала қимылдап жатқан егін орағының қызу шағы: Партия мен Үкіметтің биылғы шараларына сəйкес, колхоздың МТС-тан бір жола өз меншігіне көшіре сатып алған жүз шамалы агрегатының тең
жарымы осы бригаданың аспан астын тұндырған қалың егінін жол-жол жосылта құлатып, оны күндіз-түні бірдей мігірсіз жинап қырманға тасып, одан сары алтын түйіріндей сылдыраған тап-таза бидайды тонналап мемлекетке өткізіп, қауырт қарбалас үстінде жүрген күндер еді. Дəл осы бригаданың бір бөлімшесінен мен мынадай тамаша көрініске кез болдым: бірінен бірі өткен ылғи алпыс-жетпіс жастардағы он алты шал қаз-қатар еңкейіп, егін орып жатыр. Бұл тұстың бірнеше гектар бидайы селдір де шая өскен, жатка шалғысына жөнді ілікпеген-ді. Сонда қолынан іс келетін еңбек адамдарын түп-түгел егіс даласына жөнелтіп, ауылдағы сəбилер қасында қалған он алты қария үйде шыдап отыра алмай, өз еркімен топтасып осында келген. Енді, міне, аққобаң бидайдың əр сабағын күн астында күмістей жылтыраған аққу қанатындай ақ жібек сақалдарымен сипап, қолмен орып, түйірін түсірместен қызыл қырмандағы колхоз қазынасына қосып жүр. – Бұлар біздің көне гвардиямыз, – деп Абдуллин аса ырзалықпен күлді: – Бастығы жетпістен асқан Сейіт Мұқашев, парторгы қарт коммунист Құрманғали Бейсенов. Өздерінің істемейтіндері жоқ. Күні кеше ғана өздері шапқан үш жүз центнер шөпті сиыр қораның іргесіне өздері тасып, үйіп берген. Енді міне, көріп тұрсыз... Ғажап емес пе?! Тіркемелі үш жатка сүйреткен алып трактор егін шетінде кенет тоқтап қалған. Екінші бір қиырда десте жинап жүрген жас жігіт осыны көре сала комбайннан секіріп түсіп, штурвалын көмекшісіне тапсырды да, өзі алып ұшып бері жүгірді. Келісімен дереу трактордың моторын тексеріп өтіп, астына сүңгіп кіріп кеткен. Көп кешікпей агрегат қайтадан іске қосылып, егін теңізіне қайтадан жүзіп бара жатты. Біз тракторға жан бітірген жас жігітті бірер минутка шақырып алып жөн сұрассақ, бұл осы колхоздағы əрі комбайнер, əрі тракторист, əрі шофер, əрі электрик, əрі радист, əрі ремонт шебері... бір өзінде он мамандық бар жас өнерпаз Серікбай Өмірзақов болып шықты. Серікбай бұрнағы жылы колхоз кеңсесінің бір бұрышында тұқырып ап, мұрнын қайта-қайта тартып қойып, сырт-сырт шот қағып отыратын əшиін есепші бала ғана екен. Елу алтыншы жылғы алғашқы миллиардтың лебіне сергіп, басын столдан жұлып
алған да, отқа жанбайтын ақшалы темір сандықтың кілтін басқаға тапсырып, өзі тура комбайн кілтіне жабысқан. Содан екі жыл ішінде оң қолынан өнер тамған механизатор боп шыға келген. Бұл жігіттің жəне бір ерекшелігі: «сенікі, менікі» дегенді білмейді. Ешкіммен міндет бөлісіп, əр мамандыққа шекара белгілеп көрген жан емес. Анық меңгергені – өзінің он мамандығы, анық танитыны – өз колхозының дүйім коллективі. Осы коллективтің ортақ ісіне сəл кедергі келді ме, Серікбай кілт тоқтай қап, бел шеше кірісіп, белсеніп түседі де кетеді. Осы коллективтің ісі өрге жылжып бара жатты ма, Серікбай не машинасын, не тракторын, не комбайнын тізгіндеп алып, жұртпен бірге ілгерілеп келе жатады. Серікбайдың ісі де тың, мінезі де жаңа... Ғажап емес пе!? Бригадир Əбу Сыздықовтың тағдыры тіпті қызық. Бұл туғаннан техникаға, əсіресе, моторға құштар жан екен. Бұлт үстінен самолет үні, қыр астынан машина дүрілі естілсе болды. Əбудің бойын да бір əдемі діріл билеп, киіз үйден қайта-қайта жүгіріп шыға берген. Күндерде бір күн осы колхозға бірінші трактор келеді. Əбудің арманының да орындалған сағаты сол күн: трактор руліне осы колхозда алғаш отырған қазақ осы кісі болыпты. Содан бері талай қыс өтті, талай жаз келді, бірақ Əбудің техника тұтқасынан қол үзген бірде-бір күні болмаған. Партияның бастауымен осы өңірде тұңғыш тың көтерілген көктемде өз колхозының тұңғыш бораздасын тартқан да осы Əбу. Жыртылған жердің қазыдай турылған құнарлы қыртысына тұңғыш ыршып түскен тер тамшысы да Əбу маңдайынан тамған шығар-ау!.. Алғашқы миллиардқа «Аманкелді» колхозынан қосылған алғашқы үлес те Əбу бригадасыныкі болыпты. Ақыр аяғында осы колхозда Орақ – балғалы алтын жұлдызды жүрегінің тұсына тұңғыш қадаған Еңбек Ері де Əбу Сыздықов болып отыр. Биылғы миллиард үшін күрес күндерінде Əбу үйіне сирек түнеді, Əбу бригадасы түнімен ұйықтамады... Миллиард – осындай ерлік істердің, дүниені дүбірлетіп өткен күндер мен түндердің нəтижесі емес пе? Ал, Аманкелді атындағы колхоздың председателі Ысмайыл Абдуллиннің өзіне қараңыз. Бала кезінде амалсыздан қолына жыңғыл таяқ алып, бай малының соңында салпақтағалы жатқан
жерінен Ұлы Октябрь босатып алыпты. Содан оқиды, түрлі мекемелерде түрліше қызмет атқарып жүреді. Қырық бірінші жылы əйгілі Бауыржан Момышұлының полкында қолына мылтық алып, Москва топырағының əр уысын асыл ардай қорғап, жаумен жұлқысады. Ысмайыл жорық жолын Польшада аяқтайды да, соғыстан кейін өзі жаудан азат етіскен Украина жерінде қалып қояды. Киевте бір мейірбан украин қызы Любовь Марковнаға үйленеді. Содан елу бесінші жылы отыз мыңның бірі боп, туған еліне келеді. Келеді де бел шешіп, білек сыбанып іске кіріседі. Колхозшыларын майданда соңына ерген жауынгерлерінше алға бастап, аз жылдың ішінде айта қалғандай игілікті жұмыстар істейді. «Украиндықтардың күйеу баласы» («Аманкелдідегі» украин бауырлар Ысмайылды осылай атайды) артта қалған əлсіз колхозды нарша сүйреп, бір-ақ жыл ішінде жылдық табысын он төрт есе өсіріп, миллионерлер қатарына жеткізеді. Қазір Ысмайыл Абдуллиннің төсінде наградаға алған Ленин ордені, астында сыйлыққа алған «Победа», колхозын келер миллиардтар үшін күреске даярлап жүр. Міне, бүгінгі дала адамдары осындай. Миллиард даланың өңін, дала адамдарының психологиясын өзгертіп қана қойған жоқ. Отанымыздағы туысқан ұлттар достығын құрыштай шыңдап жатыр. Талай ғасыр тусыраған тың өлкенің телегей-теңіз байлығын игеруге еліміздің əр қиырынан келген жүз мыңдаған адам қазір Арқаның алтын топырағына тамырын сіңірген ақ қайыңдардай мəңгіге мекен теуіп, орнап қалды. Кейбір ұл мен қыз осы мекенде тұңғыш тұрмыс құрып, семья қалыптастырды. Жүздеген жаңа совхоздардың түзу көшелерінде тік өскен жас ағаштардың жамырай сыбырласқан балапан жапырақтарының сырлы үніне сыңғыр күлкілерін қосып, тыңда туған жас сəбилер асыр салып ойнайды. Ұлты кім: қазақ па, не орыс па? Украин ба, не неміс пе?.. Балдырған балалар оған қарап анкета толтырып жатқан жоқ, тың өңірге жаңа бір жас өмір əкеліп, аспан астын қуаныш пен бақытқа толтырып, ата-аналар сезімін достық пен туысқандыққа бөлеп жүр. Ал, үлкендер арасы ше? Ысмайыл ағайдың үйіндегі Люба жеңгей қазақтың əйгілі «Гакку» əнін бұлбұлша шырқап тамылжытқанда, көз алдыңызға Дудардың Мариясы елестейді де, бұл тумай
туысудың тамыры қаншалық тереңде екенін тағы да ұға түсесіз. Өмірзақов өзі меңгерген он мамандығын Цимбалюктің өнегелі үлгісінен үйренгенін зор мақтанышпен баян етеді. Украиндық Иван Махина мен қазақ Сағадия Омаровтың жан тебірентер достығының жайы, олардың өзара əзіл-қалжыңы, миллиард үшін күрес үстіндегі бұл екі атақты комбайнер жарысының жайы өз алдына бір хикая. Бұл екі достың ой-арманы, мақсат-мүддесі бір көлге құятын екі өзендей ұласып, торысып кеткен. Жас тракторист Кондраттың комбайнер қыз Қамқаға ғашықтық сырын айтсам, сүйіскендер құпиясын ашып алам ба деп күдіктендім.... Талдықорған іргесіндегі əйгілі колхозда боп көрдіңіз бе? Мұнда он жеті ұлттың адамдары дəм-тұзы жарасқан бір ғана семьяның мүшелері тəрізді; колхоз адамдарының арасында күннің шуағындай əдемі шырай, ғажап бір ынтымақ бар. Колхозды биіктен биікке өрлетіп бара жатқан да осы жарастықтың күші. Онда қонаққа барғандар колхоздың бүкіл одаққа мəлім байлығын ғана тамашаламайды, ұлттар достығының нағыз советтік интернационализмнің салтанатын анық танып қайтып жүр. Мына кереметті қараңыз: жақында Ақтөбедегі бір қазақ жұмыс үстінде жүріп апатқа ұшырап, отқа күйіпті. Дəрігердің ұйғаруынша оған қан құю, тері жапсыру қажет болған. Сонда əр ұлттың өкілдерінен сегіз адам өз қандарын беріп, күйген кісінің денесіне өз денелерінен тері кесіп жапсырып, оны өлімнен құтқарған. Мұндай ғажап құбылысты бұған дейінгі шежіреден де іздеп табу қиын. Міне, біздегі асқан достық пен туысқандықтың сыр-сипаты осындай. Миллиард, сайып келгенде, сан ғана емес, сапа: совет адамдарының бүгінгі нұрлы өмірін ертеңге, коммунизмнің шұғылалы шыңына апара жатқан Еңбек – ұлы социалистік еңбек. Миллиард – біздің халықтың қаһармандығын, біздің Отанның сарқылмас күш-қуатын бүкіл əлемге əйгілеп отырған тамаша шындық – дəуіріміздің тарихи шындығы. Миллиард – лениндік партияның көрегендігі мен данышпандығының ғасырлық куəсі, нелер ұрпақтарға үлгі, өнеге боп ауысар дəстүр, азат адамның алып тұлғасын танытар тамаша құбылыс!
КЕРЕМЕТ КӨКТЕМ Май. Ақша қар Алатау шыңында ғана қалды; өткен қыстың болымсыз белгісі сол-ақ. Басқа атыраптың бəрі көгілдір нұрға кенелді, көктем көркіне бөленді. Ой мен қыр жасыл желек жамылып, балбұл жайнады. Дала ормандары мен қала бақтарында құмыр бұлбұл сайрады. Бөктер мен беткейде қырмызы қызыл қызғалдақтар құлпырды. Ақ қайыңдар балапан жапырақтарын таң самалына сыбырлатып, ғажайып көктем көркін төңірекке түгесілмес сыр ғып шертеді. Қасқа бұлақтар сылқ-сылқ күліп, мөлдір тамшыларын күн астына жарқ-жұрқ шашып, арнасынан асып-тасып, албырт, асау ағады. Айдын көл тұнық бетін торғын аспанның ақ мамық бұлтымен бедерлесе, қиқу салған сауықшыл шағалалар судағы сұлу суретті қанатымен серпіп, желпіп қашады. Сырлы дүние, шулы дүние дəл осындай жастың, жарастық құшағына еніп, əсем ажар тапты. Жасыл төбе баурайындағы шопан үйінің іргесін жаңа көктемнің жас төлдері дүбірлетіп, дүрліге асыр салады. Таң лебіне толы шүйгін жайлауда қаптай жайылған ақтылы қой шетінде атты кісі – көктемдей көркем жас жігіт, шығар күнге тік қарап, көкке шаншылта əн шырқайды: «Асқақтата салғаным жайлау əні, Баққан малым жайлаудың болған сəні...» Қиырсыз даланың құнарлы қоңыр топырағында жомарт жаздың тұңғыш дəні көк сала бастады. Егістік жиегінде жосылған тау өзенінің ерке толқынын жалынан сүйреп, бау-бақшаға нəр əкеле жатқан колхоз қызы əлгі бір жігіт əнін əсерлене тыңдағандай. Өндірісті, өнерлі қаланың алып заводтары күні-түні бірдей ояу, төңірегін толассыз ырғаққа – еңбек əуеніне толтырады да тұрады. Қала көшелерінде қалың жұрт, көктем таңын, Май мейрамын қуана қарсы алды: бақыт пен шаттық күлкісі шартарапқа шұғыладай шашырайды. Күні кеше ғана бұлар Никита Сергеевичтің өзімен дидарласып, бақыт туралы, болашақ туралы шешіле сырласқанды. Ленин партиясы мен Совет үкіметінің басшысы бұл өңірге арнайы келіп, биылғы көктемнің бар тамашасын осы жұртпен бірге жасасып кеткендей.
Биылғы көктем шынында да тамаша! Биылғы көктем табиғатты жасартып қана тынған жоқ, адам ұғымын да жаңарта келді. Коммунизм көктемінің айрықша сырсипаты осында жатыр. 12 апрель 1961 жыл! Ұлы жеті жылдықтың үшінші көктеміндегі осынау бір күн, күн емес-ау, бір күндегі 108 минут ала-құла жер бетін алыпша сілкіп-сілкіп алды. Бұл күннің таңына таңданбаған тірі жан қалған жоқ. Күллі əлем коммунизм Отанына қызыға, қызғана көз тікті. Бұл күнгі таң жарық дүниеге бұрын-соңды жан көрмеген керемет жаңалық əкелді:тарихта тұңғыш рет адам космосқа ұшты. Ал, тұңғыш космонавт – совет азаматы, коммунист Юрий Алексеевич Гагарин; ол адам баласының ғасырлар бойғы ғажайып қиялын сағат жарымда шындыққа айналдырды да, жұлдыздар дүниесінен аманесен туған елге қайта оралды. Он екінші апрель біздің планетаны осылай таңдантты. Талай жылдар өтер, талай көктем шығар, бірақ биылғы көктемнің осы бір таңғажайып таңы ғасырлар өрінде, замандар төрінде мəңгі-бақи шамшырақтай жайнар да тұрар!.. Таң! Бүкіл əлемді таңдантқан Таң туралы академик А.Н.Несмеянов аса əдемі айтты: «Осы ерліктің барлық жайлары – тұңғыш космонавтың совет адамы болғаны да, Юрий Алексеевич бортына мініп ұшу сапарын жасаған тұңғыш космос кораблінің «Восток» аталуы да, сол сияқты ұшу сапарының таңертең жасалғаны да ғажап нышан білдіретіндей-ақ. Сөйтіп, бұл күнгі таң жаңа дəуірдің таңына айналды». Демек, біздің биылғы көктем дүниеге жаңа дəуірдің тарихи таңын ала келді. Адам абзал арманын құшақтады. «Жайық пен Теңіз арасы, Үш айшылық жол екен». Мұндай да сəбилік болыпты-ау! Ұғым қалай өзгереді, сана қалай өседі!.. Екі ауылдың арасында жыл болмағаны мен жұма жүретін жолаушы бүгінде алыс аспандағы Жұлдызға сапар шегуге жинала бастады. Совет гербі Айда жатыр. Совет ракетасы Шолпанға жуықтады. Ал, космос кеңістігін шарлаған совет корабльдерінің ізі құс жолындай сайрайды.
Ұлы шындық! Əлгі бір сəбилік ұғымдағы адам санасы бас-аяғы бір ұрпақтың ғұмырына жетпейтін аз жылда қалай шұғыл өзгерген? Өмір мен өнер қалайша астасып кеткен? Халық күшінің қайнар көзі қайда жатыр?! «Біздің күш – ұлы партия» (Сəбит). Ленин партиясының XXI съезі совет халқын жаңа кезеңге алып кірді. Даму жаңа сипатқа ауысты, өрлеу тың өріске шықты. Ел Ертеңінің есігін ашты: коммунистік қоғам құрылысы кең көлемге көшті. КПСС XXI съезінде бүкіл əлемге паш етілген біздің өміріміздің ақиқат шындығы адам баласының ең асқақ арманы мен өршіл қиялынан да асып түсіп отыр. Байыптап қараңыз, мынау деген космостық цифрлар: елімізде 1965 жылы өндірілетін темір рудасын кен байыту фабрикаларына тасу үшін əрқайсысы 50 тонналық 4,9 миллион вагон керек. Бұл вагондарды темір жол бойына тізіп қойсаңыз – 110 мың километрге созылар еді. Сол жылы қопарылатын көмірден үйіп, 170 Хеопс пирамидасын жасауға болады. Сол жылы қорытылатын болаттан темір жол төсесек, ұзындығы 1,4 миллион километрге жуықтайды; ал, сол жылғы цементтен ені 6,5 метр, қалыңдығы 38 сантиметр асфальт төсесек, мұның ұзындығы Жер шарын экватор бойымен бір орап алуға жетеді. 1965 жылы тоқылатын тек мақта матасының өзі 1,5 миллиард əйелге көйлек тігуге жетсе, сол бір ғана жылда өндірілетін қанттан «Бассекер» жасасақ, биіктігі Эльбрус шыңына теңеледі екен... Міне, заманымыздың қиялдан озған шындығы осындай. Қаһарман халық алып қимыл үстінде. Дүние түлеп жатыр. Отанымыздың қай түкпіріне көз салмаңыз, – қайнаған еңбек, жайнаған тіршілік: бір кезде жапалақ ұшпас жапанға жап-жасыл орман орнаған, құлан жортпас құла түзге сəулетті қала салынған, өзендер ағысын өзгертіп, теңіздер теңізге қотарылған. Осының бəрі коммунистік идеяның күші, коммунизм құрылысшыларының ісі арқылы болған ғажайып құбылыстар. Коммунистік партияның көрегендігін, совет адамының жасампаздығын бүкіл одан емес-ау, бір ғана Қазақстан картасының өзі-ақ əдемі айтып тұр. Байтақ дала – байлық мекені; көмірлі Қарағанды мен темірлі Қостанай, мұнайлы Гурьев пен от өзекті
Өскемен, қорғасынды Шымкент пен құрышты Теміртау... – осынау шартараптағы, кең атыраптағы ерліктің дастаны, елдіктің мақтаны. «Қазақстан – Совет Одағының табиғат байлықтарының қоймасы деп тегін аталып жүрген жоқ, – деді Н.С.Хрущев, Алматыда 1961 жылғы 21 мартта сөйлеген сөзінде. – Қазақстандағы индустрия құрылысының ұлы маңызы жəне мынада: осында жұмысшы табының, техникалық интеллигенцияның кадрлары өсіп, шынығып келеді. Мұның өзі қазақ халқының саналылығын арттыруға, бүкіл Совет Одағы халықтары арасындағы, Қазақстанда мекендеп, жұмыс істеп отырған барлық ұлттар арасындағы мызғымас достықты нығайтуға орасан зор ықпал жасап отыр». Арқадағы игерілген тың бүгінде жайқалған дəн мұхитына айналып кетті. Атырау мен Алатау, Алатау мен Алтай арасы мыңғырған мал... Осындай үлкен өмірдің иесі, осынау байтақ та бай өлкеде бақытты тұрмыс құрған қазақ халқы социалистік Отанымыздың барлық бауырлас халықтарымен тығыз топтасып, кемеңгер Ленин нұсқаған, дана партиямыз бастаған нұрлы биікке – коммунизм биігіне нық сеніммен өрлеп келеді. Еліміздің күш-қуаты мен халқымыздың қайрат-жігері жер үстіндегі адал ниетті адам баласына нұр шұғыласын шашып, еңбек пен ерліктің небір үлгілерін көрсетсе, социализм дұшпандарының еңсесін басып, үрейін ұшырады. Империалистік қарақшылардың қалтырау түрін, аласұру сырын бұдан бірнеше күн бұрынғы Куба оқиғасынан-ақ анық тануға болады. Америка соғыс құмарларының бұл қанқұйлы əрекеті бүкіл прогресшіл адамзаттың ашу-ызасын шақырды. Куба халқы өз отанын асқан батырлықпен қорғап қалды. Азаттық жолындағы алып күреске біржола бел буған «біздің адамдар жеңе біледі, қажет болса өле біледі» – дейді Фидель Кастро. Керемет сөз! Халыққа қастандық жасағандардың қара ниеті қашан да күйрей бермек. Олар Конго Прометейі – Патрис Эмери Лумумбаны жантүршігер жауыздықпен жазым етті, бірақ Африка адамдарының көкірегінде маздаған алау отын өшіре алған жоқ. Алжирде аласапыран, бірақ бостандық батырларының сағын сындыра алар емес... Ғасырымыз күрес пен жеңіске толы. Социализм бүкіл дүниежүзілік жүйеге айналды. Адамзат көктемі – Коммунизм идеясы жер шарын түгел шарлап, таң самалындай желпіп оятып жүр.
Алдыңғы қатарлы адам баласының күн сəулелі келешекке деген үміті мен сенімі зор да мол. Империализм тепкісінде езілген ұлттар мен нəсілдер отаршылдық шынжырын быт-шыт үзіп лақтырып жатыр. Жер үстінде баянды бейбітшілік, ынтымақ пен достық салтанат құрып келеді. Биылғы көктем осы шындыққа куə болды. Міне, Май – көктем мерекесі – еңбекшілердің халықаралық ынтымақ күні, барлық елдер жұмысшыларының бірлігі мен туысқандығының мейрамы. Бүгін жер шарының бес бөлігіндегі бүкіл игі ниетті адамдардың жүрегі бірге соғады, олардың төбесінде пролетарлық интернационализм туы желбірейді. Барлық елдердің еңбекшілері сол жеңімпаз ту астында тығыз топтасады, бейбітшілік, ұлттық тəуелсіздік, демократия жəне социализм жолындағы күресте күллі жұмысшы табының қимыл тұтастығы күшейген үстіне күшейеді, мақсат-мүдде бірлігі нығайған үстіне нығаяды. Май!.. Мерекелі Алматы бүгін ерте оянды. Ну орманға оранған кербез қала көркем, сəнді, салтанатты. Түзу көшелер мен кең алаңдарда желмен ойнаған қызыл жалаулар зəулім үйлерді қызғылт нұрға малған да қойған: көктем күні тау сыртынан емес, қала ішінен – көше бойында қатар түзеген көк бұйра теректер арасынан шығып келе жатқандай. Көше толы тойшы жұрт – Алатау атырабын таң атар-атпастан думандата бастаған, қазір аспан астын əн мен жырға, сырлы шуға толтырды да тастады. Əр тұста əдемі күй, əсем би... Үкімет үйінің алдындағы Ленин алаңында жер-көкті жаңғырта қуатты оркестр ойнап жатыр: Отан гимні ақ көгершіндер ұшқан астана аспанына асқақтай көтеріледі. Мойындарына қызыл галстук таққан өңкей жасөспірімдер топтана жүріп, дабыл ұрып келіп, Ленин ескерткіші іргесін гүлге толтырып жүр. Ұлы көсемге деген уыз махаббат уылжыған сəби жүздерінде арайлана жайнайды, кейде жалын атады, кейде ұшқын шашады. Мейрам үстінде табысып, қол алысқан замандастар бір-біріне жадырай тілдесіп, «Той тойға ұлассын» деген игі тілектерін білдіреді. Орденді республикамыздың биылғы тойы шынында да тойдан-тойға ұласып жатыр. Көктем басында Қазақстанға Н.С.Хрушев жолдастың келуі бір той болса, майор Гагариннің космос кеңістігіндегі спутник орбитасымен жер шарын бір айналып қайтуы екінші той еді. Бұдан бір
жеті бұрын Ленин күндерін мейрамдаған халық енді, міне, көктем мерекесін қарсы алды. Алдымызда туған республикамыз бен Қазақстан Коммунистік партиясының даңқты 40 жылдығы таянды. Одан əрі Ұлы Октябрьмен иін тіресе Ленин партиясының тарихи ХХІІ съезі келе жатыр. Торқалы тойлар еңбек ерлерін тың жігерге, жаңа серпінге көтеріп əкетті. Мерекеге мереке жалғасса, табысқа табыс ұштасты. Өрлеу сыры осындай. Дүниені дулата келген Май мейрамы мəңгілік өмір көктемін орнатып жатқан қаһарман совет адамдарының көңіл жайлауындай нұрлы, сырлы. Апрель аспаны халық мерейіндей биік. Жантабиғат аса бір сұлу жарастық құшағында... Керемет көктем! ОРАҚ ҮСТІНДЕ Түн ортасы тақау. Ай батқалы əлдеқашан. Аспанның алыс шалғайында – сонау Қызылжар үстінде көшкен керуеннің жұртында қалған сексеуіл шоқтарындай жылтырап бір шоғыр жұлдыз тұр. Басқа тұстың бəрі түнек, меңіреу. Екі күннен бері егін даласын шарлап, көзге ілеспей құлдилап жүрген көгілдір машина қазір төсімен жер сызып, ілбіп қалған: қараңғы түнде көсіле алмай, қитығы көп дала жолын қайта-қайта сипалап, кібіртіктей береді. Машинадағылар селқос, самарқау: екі күн бойы астық совхоздарын аралап, ұзақ сабылған адамдардың кірпігін де уыз ұйқы тұтқан бір беймезгіл. Машина маңдайында қос шырақ жарқырап, қою қараңғылықты ұзын ақшыл сəулемен жарып келеді. Ақшыл сəуле кейде бұлаң беріп, жол көбелігін шалып қалады. Ондайда жолдың екі бетінде жарланып тұрған бітік егінге қызғылт нұр шашырап, сарғая піскен аққобан бидай əлдеқандай бір əсем ағыспен бір толқып, баяу жайқалғандай. Тосын барған кісілер түсіне бермейтін терістіктің терісыңғай мінездері көп: күндіз аспан ашық болады, күн төбеде шаңқиып, егін арасы, жүгері даласы, ойдым-ойдым орман іші лепсіз, демсіз қапырық халде тұрады да, күн енкейе көк жүзін бұлт торлап,
жер-дүниені сел ғып құйып өтеді. О жақтағы мінезсіз табиғаттың күндегі қылығы осы. Жуырда ғана торғай басындай бұршақ жауып, бір ғана Совет ауданының екі мың гектар егінін жығып, жерге төсеп кетіпті. Содан бері облыс пен аудан басшыларында зəре жоқ, орақ үстіндегі егіншілер де бейне теңізге шығардағы АтырауАрал балықшылары тəрізді, көк жүзіне көп қарап, күн қабағын сергек бағады екен. Бүгін де күн ұясына қона арқа беттен тұтаса түнеріп, қара қошқыл қалың бұлт көтерілген-ді. Қазір Есілдің арғы жағалауы селге шомылып жатқан болса керек, қарсы алдымыздан жаңбыр исі келеді. Тұнжыр аспанның біз көз тіккен тұңғиың түкпірінен тарам-тарам отты қамшы оқыс ирелең ете қалады. Іле-шала көк жүзінің көбесін қаңырата сөгіп, күн күркірейді. Сол сəтте екеуіміздің ортамызда отырған Филиппенко аспанда ойнаған əлгібір отты қамшының бір ұшы өзіне тиіп кеткендей тітіреніп, алға қарай бір ырғып, бас шайқайды: – Ай, осы жауын!.. Петр Яковлевич Филиппенко – Қызылжар түбіндегі Совет ауданынын партия басшысы. – Бұл – қызық кісі. Зəуде бір жолыңыз түсіп, Қызылжар маңына бара қалсаңыз, Совет ауданының орталығына соқпай өтпегейсіз. Рас, дəл осы күндерде сіз Петр Яковлевичті кеңседен кездестіре қоюыңыз қиын. Аупарткомнан Айтқожа Бұғыбаевты тапсаңыз, ол сізге Филиппенконың жетісіне бір түн (күндіз емес, түнде ғана) бюро өткізіп, басқа күндердің бəрінде егіс даласында жүретінін айтар. Бұған, əрине, ішіңіз жылиды: «Іскер басшы-ау, шамасы...» деп ойлайсыз. Ойыңыз дəл. Бірақ, Петр Яковлевичті тұңғыш көрген бетте ұнатпай қалуыңыз да ғажап емес... Сізді қайдан білейік, əйтеуір біз екеуіміз сөйттік. Жаткалы тракторлар, алып комбайндар ерсілі-қарсылы кемедей жүзген Смирнов совхозының егін даласына аупартком секретарын іздеп барып, аз уақыт тілдесуге шақыртқанбыз. Бір уыс кекілін оң жақ самайына ұйыстыра жапсырып тастаған орта бойлы, толық денелі қараторы кісі сол аяғын сылти басып, біздің қарсы алдымызға ентіге жетті де, бетімізге емес, дəл төбемізге мойнын соза, ызалана қарап:
– Тоқтат! – деп қалды. Содан соң ашу оты ұшқындаған көгілдір көзін біздің шаң шалған ботинкамыздың тұмсығына тікті де, қол ұшын мұп-мұздай ғып бір-бір ұстатып, ту сыртымызға қарай түсірлей асып кетті. Неге екенін білмейміз, біз екеуіміз де кенет ашуланып, Филиппенконың соңынан жүрдік. Қатар тіркелген қос жаткалы жыланбауыр трактор бітік өскен қау егінге қақала тоқтап тұр. Трактор рулінде де, жаткалар үстінде де өңкей біркелкі үш жас жігіт. Жаңа ғана шахтадан шыққан жұмысшылар тəрізді, қошқыл тозаң тұтқан қаралтым беттерін тер айғыздап, не жазып қалғанын өздері де ұқпай, түнере төнген Филиппенкоға үрке, үрпие жаутаңдасады. Біз оларды аяп кеттік. – Түсіңдер! – деп ақырды секретарь.– Жүріңдер бері!.. Қосжатканың қатар тартылған екі арыс жалпақ жолының түйіскен жерінде қадақ-құдақ ши түптей селдіреп, кейбір ойпаң жердің егіні қырқылмай, алаңғыттанып қалған екен. Филиппенко соны нұсқап, саусағын сілкіледі: – Қолдарыңмен жұлып, түйірін түсірместен ат-жалға қосыңдар! Жаткадағы екеу секіріп түсіп, масақ жұлуға жүгіріскен. Трактор үстіндегі жас жігіт бұртыңдап, желкесін қаси берді. – Есімің кім сенің? – Коряков. Филиппенко оның аты-жөнін қойын дəптеріне түртіп алды да: – Түс, шапшаң! – деді сұстанып. Анау енді ғана сəл ығысқандай, жолдастарына қарай шабан қозғала беріп еді, Филиппенко қатал ескертіп: – Бұдан былай жүрген іздерінде жалғыз сабақ бидай қалдыратын болсаңдар... қазір айтыңдар, бір минут ұстамаймыз! – деді. Коряковтың адымы жиілей бастады. Бізге Филиппенко əдеттен тыс адуын, қатыгез адам көрінді. Сол ойымызды өзі де сезгендей, кері бұрылған бетте екеуімізге бірдей көз қысып, сыбыр етті: – «Баланы жастан...» дейді, қазақ. Қазақ ғұрпын соншалық жете білетініне сенбедік. Көп нəрсе өзіне тəн қасиет емес, əшиін, қолдан жасалатын сияқты. Біздің көз алдымызға ролін нашар ойнайтын дарынсыз артист елестеді... Біріміз енжар ғана: – Жай айтсаңыз да істейтін жастар тəрізді ғой! – дедік те қойдық.
Бұған Филиппенко мəн берген жоқ, сөзін басқаға бұрды: – Сендерді білем, естігенмін, өкілсіңдер ғой. Не көп, өкіл көп осында... Жə, егін көрмек болсаңдар жүріңдер, кеттік. Колхоздан бастаймыз ба, əлде совхозға барамыз ба? – Қалауыңыз білсін. – Онда «Аманкелдіге», біздің күйеу баланың колхозына тарттық. Мұнда отырыңдар. Ол біздің машинаға қолын жайқап, «соңымнан ер» дегендей белгі берді. Билеп-төстеп əкетіп барады. Өзімшіл де оданылау мінез. Бірақ, біз не де болса соңын бақтық. Даланы таспадай тілдіртіп, құйындата жүйткіп келеміз. Оң да, сол да жайқалған мол егін. Шетсіз, шексіз мұхиттай толқиды. Кей жері əлі жасаң, жап-жасыл. – Мынаны жеті-сегіз күннен кейін ору керек, – дейді Филиппенко. Енді бір тұс жаңа сарғаюға бет алған, бірақ толық пісе қойған жоқ, көкшілдеу. – Мынаны үш-төрт күннен кейін ору керек, – дейді Филиппенко. Жол-жөнекей Петр Яковлевич бізге ауданындағы адамдар жайын əңгімеледі. Балаларының ішінде бір «осы қалайы» жоқ атааналар сияқты, бұл кісіде де өз адамдарының бірінен бірін асырып, жер-көкке сиғызбай мақтайтын əдет бар екен. Оның сөзіне бақсаңыз, қазіргі біз келе жатқан «Аманкелдіге» жалғас «Жеңіс» колхозында Цимбалюк деген тамаша бір жігіт бар. Оң қолынан өнері тамады. Уыз жас болса да, бір өзінде алты мамандық бар: ол слесарь да, токарь да, плотник те, электрик те; ал трактор мен комбайнның құлағында ойнайды. Ал енді, мынау Аманкелді атындағы колхоздың председателі Абдуллин Ысмайыл бұл кісінің ойынша адамның асылы. Абдуллинді əңгімелегенде «біздің күйеу бала» деген əзіл-қалжыңын араластыра күлімдеп отырады. Оның жөні де бар: Абдуллин Отан соғысы жылдарында Москва түбінен басталған жорық жолын Польшада аяқтап, ұлы жеңістен кейін тəуелсіздігі үшін өз қаны төгілген Киев жерінде қызмет етіп жүреді. Сол жақта украин қызы Любовь Марковнаға үйленеді. – Біздің күйеу баланың семьясы, – дейді Филиппенко, – халықтар достығының тірі куəсі.
Сонан, елу бесінші жылы партияның шақыруымен отыз мыңдықтардың бірі боп, туған еліне келіпті. Ол келгенде қазіргі Аманкелді атындағы колхоздың орнында жарбиған бес-он үй тұрыпты. Белуарлап жерге кіріп, шөгіп қалған жер-кепелер екен. Сонан бері екі-үш жыл өтті. Қоң жиятын кез бола қоймаған сияқты; бірақ осы азғантай уақыттың ішінде адам айтса нанғысыз жұмыстар істелген. «Украиндықтардың күйеу баласы» артта қалған əлсіз колхозды нарша сүйреп, бір-ақ жыл ішінде жылдың табысын он төрт есе өсіріп, үш жарым миллион сомға жеткізеді. Колхоздың өңі де өзгерген. Қазір жазық жерге қол саласындай көше ғып салған шаңқан ақ үйлер көзге қиядан шалынады. Үй алдына отырғызған жасыл ағаштар əлі балаң, бірақ осы колхоздың келешегі тəрізді, күн сайын, сағат сайын мəуесін жайып, көкке өрлеп, қауырт өсіп келеді. Биыл «Аманкелді» колхозы партия мен үкімет қарарына сəйкес МТС-тен жиырма бір комбайн, жиырма бір трактор, он бес лафетті жатка, жиырма бір соқа, жиырма тоғыз тұқым сепкіш машина, он автомашина, тағы басқа көптеген техниканы бүтіндей өз меншігіне сатып алып, шаруашылығын гүрілдетіп тұрған көрінеді. Филиппенко алдымыздан қарсы кездескен «Москвичті» тоқтатты да, одан домалай түскен кішкене сары жігітті бізге: – Аудандық газеттің редакторы Мəукен Сəдуов, – деп таныстырды. – «Аманкелдіден» келесің ғой, Абдуллин ауылында ма? Мəукен бас изеді. Одан соң Филиппенко кабинадан секіріп шығып, қойтаңдап барып егін арасына кірді де, биік өскен қалың бидай сабақтарын өз бойына өлшеп: – Көрдіңдер ме? – деп, бізге масаттана қарады. – Егін болса осындай болсын, мұрты мұртыма тіреліп тұрғанын байқайсыңдар ма? Ал, мен... мен онша аласа кісі емеспін. Соғыс кезінде əскер сапының үнемі алдыңғы қатарында жүретінмін. – Енді бірде Петр Яковлевич бір құшақ егінді сағынып табысқан бауырындай кеудесіне құшырлана қысып, көзін тас жұмып алды. – Қалыңдығын қараңдаршы, қалыңдығын... Пионер барабанының бетіндей ғана жердің бидайы ғой мынау... Қараңдаршы, құшағымды керіп барады. – Ол құшағын ашып жіберіп, алдында шұлғи берген бір сабақтың басын алақанына үгіп ап, қауызын ұшырды да, бізге
əкелді: – Топ-толық! Сығып көріңдерші, аппақ уыз сүт шығады... – деп төрт-бес түйірін аузына салып жіберіп, сағыздай шайнады. Жүзі шат, əдеміше қырлы мұрнының ұшы тершіп, өз-өзінен бижай болды да қалды. Əлгібір ашу ізін шұғыл сүртіп, шарасына ой жиып алған Петр Яковлевичтің көзі көк мөлдір де, ал, осы сəттегі сезімі дəл көзі тəрізді мөп-мөлдір еді. Бұл кісі туралы біздің алғашқы оқыс ұғымымыз да таңертеңгі тұмандай тарап бара жатты. Петр Яковлевич əлгіде өзі тұрған жерге енді Мəукенді жұмсап, бойшаң егін арасына жоқ қып жіберді де, рахаттана қарқылдап, ұзақ күлді: – Ойбай, бері шық! Масқара болғанда редакторсыз қалармыз. Мəукен қасына келгенше əлдене ойлап үлгірген Филиппенконың жүзіне жəне бір қарағанымызда жаңағы ақжарқын ойнақылықтың ізі тағы да жоқ еді. Қолын оның иығына артып, енді əзіл емес, ақыл айтып тұр: – Кешегі газетіңде орақшыларға арналған ұран көп екен. Оның да дұрыс шығар. Ал, ертеңгі санда бүгінгі таңның озаттарын суретімен бас: Омаров Сағадия, Фуфаев Дмитрий... – деп, қойын дəптеріне жазылған жеті кісінің атын атады. – Əрқайсысы екі, екі жарым нормадан атқарып жүр. Миллиардқа барар жол осылай басталар болар. Былай шыққан сол Филиппенко бізге Сəдуов туралы ұғымының ұшығын танытты: – Өзі аздап алқам-салқамдау жүреді, əйтпесе ақылды да жігіт, қабілетті де жігіт. Ісіне мұқият-ақ! Шегедей! Біраз байқап, бешпетінің түймелерін тегіс салдырып алып, көтерсек дейміз... Егін жиегінде доғадай иіліп, бергі бетті арқаның аңызағынан қорғап тұрған ақбалтыр қайыңдар арасын аралай жүйткіп, əрі асқанымызда, алдымыздан төбесіне ту тіккен екі-үш үй көрінді. Бұлардың бірі трактористер тынығатын қызыл вагон, екіншісі асхана да, одан бергісі колхоз механизаторларына қолғабыс беру үшін Томск политехникалық институтынан келген отыз студенттің жатақ үйі екен. Петр Яковлевич осы корпусқа кіріп шықты да, машинасын жіберіп, колхоз председателі Абдуллин Ысмайылды шақыртып алды. Сол екі арада өзі аспаздармен əңгімелесіп, даладағы асхананың кухнясын аралап, орақшылардың түскі тамағының дəмін татып көріп жүрді.
Абдуллинге айтқан ұсынысы тұжырымды еді: – Адамдарына нұсқау бер, Ысмайыл! Студенттердің төсекорнын дəл бүгін жаңартсын. Əр жұмада жаңа простыня берілсін дегенім қайда?.. Тамақтарың дəмсіз емес, бірақ, ет табыңдар. Күніне бір рет жұрт еті бар суп ішетін болсын! Осыны тез орында да, өзің бізді қуып жет. Абдуллин бізді қуып жеткенде, Филиппенко жүгері сүрлеп жатқан студенттермен шүйіркелесіп, бізге десте жинаған комбайндар үстіндегі бірнеше озат механизаторларды, осы аудандағы жалғыз батыр Əбу Сыздықовты таныстырып, ақыр-аяғында бір шағындау көл шетіне келіп тоқтаған едік. Күн еңкейген. Шығыстан бір шумақ шудалы сұрғылт бұлт шығып, төбеге жылжып келе жатты. Филиппенко соған тіксіне қарап, көл жағасында бұршақ майыстырған егіннің тағы да бір құшағын сəби бөбегін аймалаған əкедей еппен көтеріп тұрып, Ысмайылға: – Мынау пісіп қалыпты-ау! Қашан орасыңдар? – деді. – Бүгін кешке Сыздықов бригадасынан тіркемелі төрт жатка əкеліп, жауып жібермекпіз. – Дұрыс-ақ. Түннің қай мезгіліне дейін орасыңдар? – Аспан ашық болса, түнгі екі-үшке дейін сермейтін кездеріміз болады. Өзіңіз білесіз ғой, көп адамдарымыз тамағын тасытып ішіп, таң алдында екі-үш сағат трактор үстінде дамылдап жүр. Бəрімізде шаң жамылған екенбіз, қағынып-сілкініп, көл суына бір-бір сүңгіп шықпақ болдық. Ойымызда ештеңе жоқ, əшиіндегі шапшаңдығына қарағанда бұл жолы мықшыңдап ұзақ шешінген Филиппенкоға: – Жүріңіз, Петр Яковлевич! – деп, қасынан өте бергенімізде ол орнынан ұшып тұра келіп, сол аяғымен от басып алғандай ыршып, дедектеп кетті де, апыл-тапыл жəне бірер аттап, одан əрі бойын билей алмай біздің мойнымызға асыла құлап бара жатты. Белінен шапшаң ұстай алдық та, сезе қойдық Петр Яковлевичтің сол аяғының басы жоқ екен. Шөптесін жерді аяқ орнына қазық тəрізді қызыл шіліктің мұқыл ұшымен тіреп тұрғандай еді. Өзі де бағанағыдай емес, кірбең тартып, күйзеле мұқап қалыпты. – Қырық үшінші жылдың қысында, Ленинград түбінде осы аяғымнан жараланып... Сəл ауырып кеткені... Ештеңе етпейді, қазір басылады... – деп күшпен езу тартқандай болды.
Біз жылап жібере жаздадық. Өз елінің жарқын келешегі үшін етінен ет кесіп берген осы бір ер жігітті алақанда аялап, айдын көлдің мөлдір тұнығына өз қолымызбен шомылдырғымыз келіп еді... Міне, біз Петр Яковлевичпен осылай ұғыстық. Сол күні түнде біз «Аманкелдіден» шығып Смирнов совхозына қайтып оралдық та, қау егіннің жаңа шабылған атжалын жастанып, далада ұйықтадық. Елең-алаңда төпелеп құйған жауыннан шошып оянып, совхоз орталығына бардық. Петр Яковлевич бұл шақты да пайдаланып қалды. Бар машинаны совхоз даласына қаптата жұмсап, бас-аяғы бір сағаттың ішінде барлық механизаторларды жинап алды да, жаңбыр ашылғанша жиналыс өткізді. Совхоздың о бастағы жоспары – мемлекетке тоғыз жүз мың пұт та, уəдесі – бір миллион екі жүз мың пұт астық тапсыру екен. Барлық мүмкіндікті қолма-қол есептей келгенде, ендігі нысана бір миллион сегіз жұз мың пұт болып белгіленді. Жұртшылық осы міндеттемені екі етпей тындыруға серт етті. Жаңбыр тамшылары саябырлай бергенде жиналыс та бітті. Жұрт дүр көтеріліп, егіс даласына жөңкіле жөнелісті. Жаңбыр ашылғанда барлық агрегат іс үстінде еді. Дала ызы-шу, еңбек симфониясына бөлене берді. Біз тағы жолға шықтық. Совхоздың бесінші бригадасындағы атақты комбайнер Иван Ананьевич Махинаға кездестік. Ол өзінің он тоғыз жасар ұлы Александрды комбайнға үйретіп, көмекші етіп алғанына төрт жыл болыпты. – Қазір атжалды өз бетімен жеке жинай алады, пысық-ақ! – деп мақтанады Махина. – Ал, комбайн оның оқуына кедергі келтірген жоқ, онжылдықты бітіріп алды. Бірақ, енді оқымайды, еңбек етеді. Мұнда да кісі керек. Жəне тілші емес, егінші керек, – деп жымия күледі Махина: – Несі бар?.. Міне, мына сіздердің жазғандарыңызды оқысын, қарсылығым жоқ. Ал, академияға баруды өзі де қаламайды. Несіне қаласын, академияның үлкені өмір екенін əбден түсініп алды балам. Иван Ананьевич он сегіз күн ішінде алты жүз гектар егін жинайтынын айтты. – Елу алтыншы жылғы егін орағы кезінде тапқан табысым он алты мың сом ақша, жетпіс центнер астық еді, – деді Иван Ананьевич. – Биыл одан асырып түсірмек ойымыз бар. Солай ма, Саша? Александр Иванович əкесін құптағандай ұяң ғана езу тартып, бас изейді.
– Міне, біздің адамдар осындай. Ой арнасын байқадыңдар ма, серпінін таныдыңдар ма? – деді Петр Яковлевич бесінші бригададан жөнеле бергенімізде мəз-майрам жадырап отырып. – Өзі шала сауатты, ал, ұғымын көрдіңдер ме, ұғымын?.. ...Міне, қазір осы сапардан оралып келеміз. Түн ортасы тақау. Ай батқалы əлдеқашан. Төбемізден күн күркірейді, нажағай ойнайды. – Ай, осы жауын!.. – деп тағы да шытынды Филиппенко. Машинамыз түнгі жолмен кібіртіктей жылжып, қараңғыда қарауытқан бір ойдым орманнан өткен секілді еді, жан-жағымыз гүр-сар еткен ағынды дыбысқа, түн-түнегін айыра айғыздаған отты көздерге толды да кетті. Сол-ақ мұң екен, Петр Яковлевич те кірпігіне оралған ұйқыға аралас кейістік кіреукесін серпіп жіберіп, жайнап сала берді: – Тамаша! Бұлар Ленин совхозының... Кутьиннің адамдары... Бұлармен ертең жолығысамыз. Аудан орталығына келген Петр Яковлевич бізбен қонақүй алдында қоштасып, қараңғыға сіңіп бара жатты да: – Тез жата қалыңыздар. Ертең ерте оятамын, – деп дауыстады. Сөзіне жетті: Петр Яковлевич бізді күн шықпай оятты. Жүрген жерін билей-төстей келетін əдетіне барып, тереземізді ашып тастаған екен: таңғы самал үй ішін майда ғана желпиді. Бүгінгі аспанның бұлтсыз екенін Петр Яковлевичтің көңілді кескінінен байқадық. Үстінде жеңсіз көйлек, костюмін қарына іле салған. Қалпағы да қолында. Сақал-мұртын қырып, жақсылап жайланып шығыпты. Жолсоқты боп шаршап келген кісінің кірбеңі жоқ, таң жылылығын шаралы толық бетіне түгел жинап ап, əдеттегі ақжарқын, ашықтығына басып, жайраңдап кірді. Біз тез киініп, тысқа шықтық. Аудан орталығында бұрын-соңды болмасақ та, біраз тарихы құлағымызға тиген-ді. Кешегі жылға дейін бұл аудан Бейнетқор аталып келіпті. Бейнетқор десе, дегендей-ақ. Облыс бойынша артта қалған ең сорлы аудан осы екен. Аудан орталығында көз тартар бір үй болмаған. Клуб, электр станциясы болмаған. Айнала ағаштың ортасында тұрып, ең аржағы көшеге де бір түп тал екпепті.
Жалаңаш көше, жапырайған жаман үйлер аудан орталығының реңін алып, аса жүдетіп тұрады екен. Қазір қала орталығында қатар салынып жатқан екі қабат зəулім екі үй кісі көзіне қиядан шалынады. Оның бірі – қаланың орта мектебі. Екіншісі – аупартком мен ауатком үйі. Қалғандары да өңкей ақ шатырлы үйлер; қала ішінен бір кəрі терек көрмейсіз, ылғи бір жас қайың, балғын қарағай; бəрі де балапан жапырағын бауырына алып, жел лебіне баяу сілкініп, жаутылдап, бір-біріне ықыластана бас шұлғып сыбырлап тіл қатып жатқандай; қай көшеге барсаңыз да екі беті жасыл тал; кіл жас ағаш; биылдың өзінде қырық мың түп ағаш отырғызылған. Оның тарихы өз алдына жыр. Осы қалада тұратын Литвин деген қария бар. Жасы жетпістен асқан; кезінде атақты бағбан болған. Қазір пенсионер. Филиппенко бір күні сол кісіні шақыртып алғызады. Үй ішінің бір қуысында ұмыт қалған мүліктей, жұрт көзінен қаға берісте ескерусіз-елеусіз жатқан қарт бағбанмен ұзақ кеңесіп, хал-жайын біледі. Осы жасында қанша қаланы жасыл желекке орап, безендіргенін айтқызып, кəрі аруағын қоздырып алыпты да: – Ал, біздің қаламыз қалай? – депті. Шал іркіліп қалады. Филиппенко шалдың көкейін танып: – Жасыратыны жоқ, аудан орталығы нашар. Сырттан біреу келсе, бетіме отым шығады. Бейне ұры тонағандай жап-жалаңашпыз ғой, – деп ренжіп отырады да, күтпеген жерден: – ал, қария, осынау ақ үйлер алдында жасыл теректер сыбдырлап тұрса қалай болар еді? – деп сұрайды. Кəрі бағбанның көзі жайнап қоя береді: – Шіркін-ай, онда несін айтасың, қала құлпырып кетер еді ғой. Филиппенко шалдың қасына кеп, оның қолын өз уысына қысып тұрып: – Сіз бен біз қазақ арасында көп болдық қой. Осы халықтың «артында мал қалмасын, тал қалсын» деген тамаша мақалы бар. Өз қолыңыздан еккен терек те келер ұрпаққа қалдырар бір белгі емес пе? Осы қалаға ағаш отырғызу ісін өз қолыңызға алсаңыз деймін. Ауатком председателі Имаков жолдас пен менен бастап, осы қаладағы бар коммунист, бар комсомолец өз қарауыңызда болсын. Көшеге ағаш отырғызуды дəл осы көктемнен бастасаңыз қайтер? – депті.
Литвиннің кəрі буыны дірілдеп, бойын қуаныш билейді. Біраздан бері өзін ұмыт қалғандай, жалғызсырап, көңілі құлазып жүрген-ді. Өзінің өмір бойғы сүйікті кəсібіне қайта кіріседі. Əр көшені əрбір мекеме бастығына белгілеп, бөліп береді. Жас талдың бар күтімі мен жауапкершілігі солардың мойнында. Ал, қарияның өзі болса, олардың бəрі иба тұтып, бастарын шұлғып тұратын құрметті басшыға айналыпты. Шамасы, қазір Филиппенко аудан орталығын сырттан келген кісілерге көрсетуге қысыла қоймайтын тəрізді. Жап-жасыл жас шыбықтар сыбырласқан кең көшеде жайраңдап келе жатып: – Сендерге ұнайтын жəне бір жай бар, биыл кітап саудасын жөнге қойдық. Кітапты былтырғыдан екіжарым есе артық сатып, бəйгіге «Москвич» алдық, – деді. Бұл ауданның басшылары биылғы жаңа миллиард сияқты бүкіл халық боп жұмылып жатқан ұлы істің үстінде де ұлан-асыр тұрмыс, мəдениет шараларын көзінен қағыс қылмайтын тəрізді. Ауатком председателі Сəли Имаков та, Петр Яковлевичтің өзі де колхоз-совхоздарға шыққан сайын бес-алты жүз сомның кітабын машиналарына тиеп ала кететін көрінеді. Филиппенко соңғы жолы бес жүз сомның кітабын сатып қайтыпты, оның тең жарымы қазақ жазушыларының кітаптары екен. Петр Яковлевич бізді мектепке апарды. Ескі мектеп – реңсіздеу ұзынша үй; мұндағы көзге түсер нəрсе – кең шарбақ ішіндегі қызыл ала гүл ғана. Жаңа шыққан күн нұрына малынып, сан түрлі гүлзары тоты қанатындай құбылады. Шарбақ ішінде алма ағаштары, шие мен жүзім бұталары да бар. Былтырғы жылы жиырма түп қытай өрігін егіпті. Келесі жылдан бастап, бұл мектеп облыстық мекемелерді гүлмен жабдықтайтын халге жетпек. Мектеп биыл үй қоянын да өсіре бастапты. Үй қояны мен гүлден түскен қаржыдан келешекте қор жимақ ойлары бар. Ауданның мұғалімдерге жасап отырған қамқорлығы да назар аударарлық нəрсе. Былтыр Пресногорков ауданы өз мұғалімдерін екі жыл ішінде үймен қамтамасыз етіп боламыз деп қаулы алған екен. Совет ауданы солармен жарысқа түсіп, бұл шараны биыл-ақ істеп үлгірген. Аудандық газет редакциясы тұсынан өте бергенімізде Сəдуов шығып, бізге газеттің бүгінгі санын ұсынған: кешегі Петр Яковлевич атаған жеті озат механизатор көзімізге оттай ұшырады.
– Ой, мыналарың не? – деді Филиппенко редакция үйінің жанындағы кең қызыл тақтаны нұсқап. Мұнда аудан егіншілерінің биылғы орақ үстіндегі міндеттемесі жазылған-ды. Совет ауданының мемлекетке тапсыруға тиіс он миллион пұт астығының орнына алғашқы уəде – тоғыз миллион тұр. Өзгертуді ұмытып кеткенді. Петр Яковлевичтің өңі күп-күрең боп кетті: – Ойбай, Мəукен, қазір өзгерт! Он миллион, он! Бір пұт та кем емес, он миллион!.. Біз бұл антты қалай да орындаймыз. Ол сөзсіз!.. «Жеңіс» колхозына келдік. Бұл колхоздың егіні ала екенін Петр Яковлевич алдын ала айтып қойған. Айрықша, Абдуллин колхозымен шектесетін жердің егіні тым сұйың екен. Қылтанақ, шерменде егін жатка шалғысына азар ілігеді. Атышулы Цимбалюк пен колхоз председателі Спирковқа осы арада кездестік. Спирков Алексей Никитич – тарамыс денелі кісі. Күн қағып, қарайып кетіпті. Сақал-мұртына көптен бері қол тимей, қаулап өскен. Əдепкіде бізбен тартына сөйлесті. Көбіне қара кепканың күнқағары астынан сыр тарта қарап, бағып қала береді. Петр Яковлевич бізге Спирковтың осы колхозда көптен бері істейтінін айта кеп: – Ысылған, тəжірибелі адам, бір айыбы – аздап қулау. Өзінде ептеп баяғының крестьяндарынын психологиясы бар, – деп күлген. – Қысылшаңда көршілеріне қол ұшын беруді білмейді. Басы артығын өзгелерге өліп бара жатса да ауыстырмайды. Тағы бір əдеті – қашан қолымен ұстап, өз көзімен көріп алмайынша, кісінің айтқанына сенбейді де көнбейді. Бірдеңе айта қалсаң «жарайды», «жақсы» деп бас шұлғып қалады да, жүзін тая бере өзінше кетеді. Қазақстан алғашқы миллиард беретін жылы обком секретары екеуіміз Спирковқа «егініңді бөлектеп ор, əуелі жаткамен шап, содан кейін комбайнмен жина» деп тəртіп беріп кеттік. «Жақсы, болады, дəл солай етемін» деп келісіп қалған-ды. Сыры белгілі кісі ғой, оның оңай келісе қойғанынан секем алып, ертеңіне қайта айналып соқсам... күдігім күдік-ақ екен, Спирковым өз əуеніне басып, жатканы лақтырып тастап, комбайндарын қаптатқан да жіберген. Ой, өзін омырауға алып бір бердім дейсің... Қалған егіннің бəрін бағып жүріп, бөлектеп орғыздық. Сол жылы Спирков та, Абдуллин де Ленин орденін алды. Бір күні Спирков маған келіп, «Петр Яков-
левич, сол сапарда ұрысқаныңыз мұндай жақсы болар ма? Несін айтасыз, бөлектеп орғанның рахатын бір көрдім-ау»!.. – деп тұр. Біз Филиппенконы тыңдап отырып, «Қарауыңдағы кісінің несі осал, несі мықты екенін білу қандай жақсы! Сырын білгесін тілін де тауып істесе аласың ғой!» – деп ойладық. – Қалай, уəдеңіз орындала ма? – деп сұрадық Спирковтан. Ол жауапқа қиналса сəл күлімсіреп, көзін төмен сала береді екен. Өзі аса сақ адам болса керек. Көзіне түсіре киген қара кепканың күнқағары астында жылтыраған кішілеу көк көздің қиығында түлкінің құйрығындай бұлаң бергелі тұрған бір бұлтылдақтық байқалады: – Қайдам? Уəде беру оңай да, артынан орындау қиын боп жататын. Дегенмен, көршілерден қала қоймаспыз... – Егіндеріңнің бəрі осындай ма? – Жоқ, тəуірлері де бар. Кей жердің гектарынан жиырмадан асыра алмақпыз. – Мына жердің егіні нашар екен? – Бұдан не сұрайсыз. Жаз бойы бір тамшы тамбай, қасарып тұрып алған жоқ па? Бір рет тіпті ішіміз күйді. Егін қаталап шөлдеп тұрған шақ еді. Боз жаңбыр... Əй, не қыласыз, біздің іргемізден əдейі орағытып өтіп, Абдуллин колхозының егісіне барып жауғаны... – Мына егіннің көзін енді тез құртыңдар, – деді Филиппенко күліп. Бұл сөздің ойын екенін, шын екенін білмей, Спирков сəл аңырып қалған-ды. – Шын айтам, – деді Филиппенко. – Шын айтам. Абдуллиндерге күнде таба болғанша, бір күн қиналып, тез шауып алғандарың жөн. – Дұрыс болар... – деп, Спирков ақсия күлді де, «бұлар не ойлап тұр екен» дегендей, маңындағыларға көзінің қиығымен басыпбарлай қарады. Біз Цимбалюктен көз алмадық. Бір көрген кісіге бұл колхозшыларға ойын қойып беруге келген цирктің балуаны сияқты көрінеді. Білегінің бұлшық еттері жеңінің астында бұлт-бұлт ойнап тұрады. Төсі мен қолының түгі тым шиыр, бір өңірдің егініндей: салалы саусақтары топ-толык, жиырма беске жаңа шыққан жас жігіттің мығым қайратын танытады. Ал енді, күн қаққан қара торы бет-пішіні дене бітіміне қарама-қарсы – ұп-ұяң. Бір көрген адамға
Цимбалюк, бəлкім, ынжық жігіт сияқтанып та қалады. Айрықша, өзі жөнінде əңгіме қозғасаңыз-ақ бұл сом денелі балуаныңыз он бес жасар қызға ұқсап, екі бетін дуылдата бастайды. Сонан кейін, онымен сөйлесу қиын, сізге тура қарамай, егін шауып жатқан өз жігіттеріне ақырын жылыстап, сытыла береді. Былтыр, осы Цимбалюктің бастауымен аудан бойынша колхозшыларды көп мамандық меңгеруге шақырған үндеу қабылданыпты. Нəтижесінде қырық кісі өз жұмыстарынан қол үзбей оқып, шоферлық мамандық алған көрінеді. Цимбалюк, сірə да қолы қарап отырмайтын жігіт. Бұл колхозда ол араласпайтын жұмыс жоқ, көктемде трактормен жер жыртады. Тұқым себу науқанын өткізе сала сенокосилкаларды жөндеп, бірер айдан кейін шөп шабады. Сөйтіп жүргенде егін піседі де, бұл енді комбайнға көшеді. Ал, егін орағы бітісімен қыс бойы колхоздың бұзылған тракторларын, соқа-саймандарын оңдап, еңбеккүн табады. Өзі ескіні жамап-жасқаумен бірге жаңаға құштар-ақ. – Қазір шөп жинайтын жаңа машина шығыпты-ау...– деп, ол бір сөздің кележағында Филиппенкоға құлаққағыс етті. Петр Яковлевич оның ойындағысын келістіріп сұрай алмай тұрғанын сезе қойды: – Байқап көргің келе ме? – Бөтен болмас еді, жаңа нəрсе ғой!.. – деп, Цимбалюк жазбайжаңылмай, тіпті, кінəсізден кінəсіз қызара қалды. Филиппенко оған қалпағының жиегінен көзін жүгіртіп, күлімсірей қарайды. Асылы, Петр Яковлевич өз кісілерінің жанын сергек бағатын, əрқайсысының жүрегін мықтап ұғатын адам. Оның осы сияқты абзал азаматтарын беттің ар-ажарындай қадір тұтып, өзгелер алдында дəріптеп отыруы да заңды мақтаныш екен. Біз Ленин атындағы совхозға келе жаттық. Бұл совхоздың төрт бөлімшесі ішінен Петр Яковлевич бір өзі бір миллион пұт астық жинайтын Кутыгиннің бөлімшесін айырықша атап еді. Отыздан жаңа асқан жас жігіт Виктор Алексеевич Кутыгиннің жібектей есілген майда мінезін, шымыр басшылық кабілетін, əлгіде ғана Цимбалюк айтқан шөп жинайтын машинаның конструкциясын жасаған да осы жаңашыл жігіт екенін, əсіресе оның Есенеев деген қазақпен өзара достық əзіл-қалжыңын бірде сырғып, бірде жырғып, ұзақ аңыздаған.
– Кутыгин бригадасында Шевченко, Гаденов деген комбайнерлер бар. Кеше бір тəулікте əрқайсысы қырық екі гектардан орыпты, – деді Петр Яковлевич. – Күндік норма əр жаткаға он алты гектар ғой. Ал, бұл екі кісі кос тіркеумен күніне сексен гектардан ормақ көрінеді. Рекорд емес пе?.. Бірақ не керек, Кутыгин бригадасына келген соң Петр Яковлевич біздің алдымызда өзінің осы айтқан сөзінен өзі мықтап қысылды. Кутыгин егіс басында емес, селода жүр екен, Филиппенко алдымен соны ұнатпады. Кутыгинді ертіп егіс басына келген бетте ол көкжиекке таянған күн астында десте салып жүрген көп тракторға қарап, бригадирден: – Мыналарыңның бəрі бір-бір тіркеумен жүргені қалай? – деп таңдана сұрады. – Екі тіркеу, үш тіркеу болса егіннің де қазіргіңнен екі есе, үш есе артық орылатынын білмеуші ме едің? Содан соң Филиппенко бір лафетті жатканың ізіндегі атжалдың əдеттен тыс бұралаңдап түсіп жатқанын көріп, кенет шытына қалды: – Мынауың неге билеп жүр? Мынау неткен фигура?.. Бет ажары бағанағыдай емес, бірте-бірте қабағы түйіліп, тұнжырап барады. Кемтар аяғын да салмақпен, зілдене ба-сады. Ол ұзын атжалдың əр жерінен бір-бір тал бидай алып, алақанына сап үгіп көрді. Енді бір кез орылған егінге қос тізерлеп отыра қап, бидайдың сүт шыққан дəнін тісіне басты. – Е, туысқан! Ерте орғансыңдар! Көктей орған егіннің дəні ертең кепкен соң мүлде піш боп кетеді. Астықты көрер көзге жиырма, отыз процент кем беру деген сол емес пе? Бұларың қалай, Кутыгин жолдас, ə? – Байқап көру үшін орып едік, Петр Яковлевич. Филиппенко Кутыгинді оқты көзімен бір атып қап: – Эксперименты на хлебе не делают! – деді ақырын, бірақ кісі жанына батқандай аса зілді үнмен айтты. Осы кезде тас төбемізге бір шумақ қоңыр бұлт төніп, қорғасын бытырадай ірі жаңбыр түйірлері сабалап жауа бастады. Шаңы бұрқылдаған жол үсті бетке түскен қорасан дақтай шұбартып сала берді. – Шевченко мен Гаденов қайда? – деді Филиппенко Кутыгинге. – Мына орманның арғы жағында орып жүр.
– Оларда қос жатка емес пе? – Тек олар ғана емес... – Жүр, көрелік. Қас қылғандай мұнда да сəтсіздік: Шевченконың да, Гаденовтың да агрегаттары егін ортасында сілейіп қарап тұр. – Не болды, Шевченко? – Бензин жоқ. – Бензин қайда? – Қазір əкелуі керек. – Қанша болды тоқтағаныңызға? – Екі сағат. Ашуға булыққан Филиппенко «сен не бағып жүрсің» деп Кутыгинге ұрыспақ еді, аузына сөз түспеді. Қолын бір сілтеп жалт бұрылды да, трактор астында шалқасынан жатқан Гаденовка барды. – Саған не болды? – Трактор бұзылды. – Көрдің бе? – деп, Филиппенко Кутыгинге зілдене қарады. – Егер қос тіркеуді көбейте түссең еңбек өнімділігі ғана еселенбейді, тракторлар босайды. Ал, бос тракторың болса, мына жаткаларды тоқтатпай, қолма-қол соған ауыстырып тіркей қояр едің. Бүгінгі күннін осынша мол қырсығын Кутыгин мүлде күтпегенді. Не істеудің бабын таппай, өң жоқ, түс жоқ, құр күрмеле берді. Филиппенко бұлттай түнеріп, Кутыгинге: – Қазір директорыңды тап та, екі сағаттан кейін аупартком бюросына келіңдер! – деді. Ел орынға отыра біз совхоз орталығына келдік. Осында түнеп, таң ата Қызылжарға жүрмекпіз. Ал, Петр Яковлевич аудан орталығына қайтпақ боп, қоштаса бастады: – Ашық күннің əр минуты қымбат. Жаңағы көргендеріміз жаныма қатты батты. Дереу барып, бюро өткізем. Кутыгин бригадасындағы кемшіліктер жөнінде қаулы аламыз. Ертең азанда ол қаулы колхоз-совхоз басшыларының қолында отыру керек. Жə, қош, жолдарыңыз болсын! Филиппенко жүріп кетті. Біз ойда қалдық. Түн жым-жырт. Ел ұйқыда. Тек ел қамын жеген ерде ғана тыным жоқ. Сентябрь, 1958, Петропавл.
ТАУДАҒЫ КЕШ Екеу едік. Серігім – шопан: осы өңірге есімі мəлім Қожакелді Ағыбаев. Екеуіміз де салт аттымыз. Бағытымыз Қордай қойнауындағы жасыл шүйгін кең жайлау – Сұлутөр; жүріп келеміз. Қожекең бір көңілді кісі: жасы елуден асқанмен, егделік сездірмейтін ерке мінез, ер көңіл, бір түрлі жас жігіттей албырт. Ал, егер сəті түсіп, бұл кісімен сапарлас бола қалсаңыз, қызығы сол – жолыңыз тура үш есе қысқарады. Өзі əңгіменің кені. Əсіресе, Қордайдың кешкі самалындай жанға жайлы əзіл-қалжыңы-ақ рахат! Əзіл-ажуа айтарда күн мен желге тотыққан қоңыр жүзіне ерекше бір шырай бітеді, қияқ қара мұрты күлкімен ыдырап, қиықша қой көзі кенет кішірейе қалады. Қос қара моншақтай жылтыраған көз қарашығы əдеттен тыс, ойнақылықпен зыр қағып, ыршып-ыршып қояды. Осы қалыпта аз үнсіз келе жатады. Айтар сөзін саралай ма, ойын жүйелей ме, кім білсін! Енді бірде селк етіп, оқыс қимыл жасап, иегінің астында селдіреген шоқша сақалын жел ұшырып əкетер дегендей шап беріп ұстай алады да, əңгіме бастайды. Ой, енді бар ма, мұндай сөзге шебер адам сирек-ақ шығар, тыңдаушысын Қордайдың тұнық бұлағындай сусындатады. Аса əсерлі сөйлейді, əр күйге бір түсесіз: күлесіз, қуанасыз, ренжисіз, үрейленесіз... Қазір де міне, сақалын ұстаған күйі, өткен түнгі бір қызық құбылысты айтып аяқтап келеді. Өзімен көрші отардағы шопан қотан шетінде күзетте тұрып қалғып кеткен екен, кенет қойы дүркірей ұйлыға қалыпты. Шопан шошып ояна сала мылтығын кезеніп, үрей шыққан жаққа жүгіріп барса, бір қара сұр қасқыр ай астында бұлаң-бұлаң етіп, бұған қарсы келе жатыпты. Мынау мылтығын тарс еткізіп, ерлігін көрсету үшін үйден əйелін шақырса, атып жүргені өзінің қасқыр иті боп шығады. – Ой, Қожанасыр-ай! – деп күледі Қожекең – Ақырында, «мейлі, өзі де бір қырсық ит еді, қой қуып тыным бермегесін əдейі аттым» депті əйеліне. Енді қайтсын, «ұялған тек тұрмас» деген емес пе? Қожекеңнің əр əңгімесінің мазмұнына лайық аты бар. Мынау əңгімесінің аты – нақыл: «Қой күзетсең, қалғыма!» ...Қордай сілемі күнбатысқа қарай көсіле сұлап келеді де, ылғи бір аю жоталы жасыл төбелерге ұласып кетеді. Дөңдерді тіле сарқырап мөп-мөлдір тасбұлақтар ағып жатыр: Құрсай, Аюлы,
Жамантал, Шұбар байтал, Қосқайнар. Жалпаққайнар, Жанбас жол... Осылардың бірі – Талды бұлақ – асау Теректей жұлқынған тентек өзен; екпіні кісі ағызатын күшті тасқын. Осынау тарамтарам мол бұлақтарды сағалай да жағалай Қордай шопандары қой жаяды. Шіркін, Қордай бөктері елдің ырысы, малдың құты, қадірлі мекен ғой! Сұлутөрде ширек ғасырға жуық қой баққан Қожекең бұл өңірдің шежіресі тəрізді, енді бірде ол бір алуан бөлек те ерек сырлар толғайды. Қазақстан биыл мемлекетке сегіз жүз мың тонна ет сатуға тиіс. Ал, мынау Қордай сілемінде елу отар қой бар. Демек, əлгідей орасан зор міндетті орындауға Қордай қойшыларының қосатын үлесі де ерекше. Ендігі əңгімеміз осыған ауысты. – Биыл əр жүз саулықтан жүз жиырмадан қозы алдым, – деді Қожекең. Менде тілшіге тəн құштарлық тұтанды: – Жоспар қанша еді? – Жүз жеті қозы болатын. – Міндеттемеңіз ше? – Жүз он бес. Мені азырқанғандай көрді ме деймін, ендігі сұрағымды күтпей, өзі шешілді: – Əр жүз саулықтан жүз отыз бес қозы алған жылдарым да болды. Тіршілік болса, келер жылы сол биігімнен аспасам, түспес ойым бар. Шопанның бұл сөзіне нық сенуге болады. Күн қызарып көкжиектен асқанда біз де тау етегіне таянған едік, алдымыздағы бір үлкен аюжон төбе тұтас қозғалып, бері жылжып келе жатқандай болды. Арғы тау қойнауындағы кең өрістен қайтқан бір отар ақтылы қой төбені тегіс жасырып, қаптап келеді. Қой шетінде Қожакелдінің жұбайы – Бопыш жеңгей. Біздің қамшылар жағымызда жалғыз терек, терек түбінде киіз үй тұр. Бұл – Қожекең үйі. Үй ішінде радиоқабылдағыш болса керек, тау баурайының тымық кешінде көкке шаншылта шырқалған əдемі асқақ əн құлаққа келеді. Үйден шыққан екі-үш кішкене бала бізді көре сала бері жүгірді. Қожекең көңілді-ақ, кішкене балаларын қолымен нұсқап, серпіле сөйлейді:
– Осы жеті жылдықта Бопыш жеңгең екеуіміз мынау бір төбені ғана емес, қатар жатқан төрт төбені түгел мың-мың қоймен жауып, Қордай қойның мыңғырған малға толтырамыз əлі... Бəрі де осылар үшін, ұрпақ үшін емес пе! Таудағы кеште жанға сая зор өмірдің, ұлы кезеңнін кең де тың тынысы бар еді. СЫРДАРИЯ ЖАҒАСЫНДА «Ленин жолының» редакторы Зейнолла Жарқынбаев – сөзге сараң жігіт; газетіне лайықтап мақала жөндегендей, айтарын аз сөзбен əдемілеп, тұжыра бастайды: – Сіздермен бірге Дарияның арғы бетіне мен де барамын, – деп машинаға отырған. Содан соң айтқаны мына бір қысқа хроника ғана болды: – Ол жерде Киров атындағы колхоз бар. Колхозда председатель Төлеген Дəуітбаев бар. Ол – отыз мыңның бірі. Іске өткен қыста ғана кірісті. Бұл – аз уақыт. Бірақ колхозынан көп өзгеріс көресіздер. Біз колхозға тарттық. Осы сөз өзіме де ұнап отырған жоқ, менің бұл жол дəптерім былай тұрсын, тіпті очерк атаулының көбі осылай машинаға мінуден, зырлап жүруден басталатыны-ақ жайсыз. Сызып тастасам ба екен?.. Жоқ оқушым кешіре жатар, аз да болса Сыр табиғатын таныту үшін бір жолға мен де жүре сөйлесіп көрейін. ...Қызылордадан шыға бере сарғыш толқынын сапыра шалқыған Сырға тап болдық. Қасым ақынның: «Сарғая ақтың сан ғасыр, Сағына бізді күткендей. Аралға барып айттың сыр, Дүркіреп таудан үріккендей...» – дейтін сұлу Сыры – осы. Сырдария сұлу ғана емес, ойнақы мінез, ерке де өзен; кейде арнасын жал-жал толқынға көміп, бұрқ-сарқ ететін ашуы да мол. Сондай бір ашуға булыққанда далаға сел қаптатып, қаланы жүздіріп əкете жаздаған-ды. Оған жұрт ашуланып, өткен жылы
бергі жағалауды жабыла қамалдап тастапты. Қазір Сырдария бұл тұсты қанша сүзгілегенмен қалаға кіре алар емес. Халық қайраты онымен де тынған жоқ: Дарияны бір иінінен плотинамен бұғаулап жатыр. Келер көктемде Сыр толқыны қырық екі километрлік Шіркейлі каналымен жосып отырып, екі жүз жиырма мың гектар күріш, бидай, жоңышқа, бау-бақша даласын суландырмақ. – Асау Сырдың солығын солай баспақпыз, – дейді Плотина құрылысының бастығы Əшім Қасымов – Сонда дария қалаға қабақ түюін де қоятын болады. Құр ойнақтап, ерке-тəйтік мінезбен бос лапырып жүрмейді, еңбекке, жер суаруға, күріш өсіруге кіріседі. Я, бұл – келер көктемде болатын құбылыс. Ал, Сырдария əзір əлі тентек: жаңа біз көпірден өткенде ту толқындар қала жақ қабаққа қанша жұлқына соқтыққанмен түк өндірмей кері серпіліп кеп, қарсы беткейді жеміре құлатып, жағада жайқала өскен жас талдарды тамырымен жұлып алып ағызып жатқан. Енді бірде жолаушымен жасырынбақ ойнайтын жəне бір қызық мінезіне бақты: бізбен біраз жерге жарыса сылаңдады, содан соң машинамызды ертеректе өзі тастап кеткен бос арнасына салып жіберіп, жалт берді де жоқ боп кетті. Сусыз арнада бұрқылдаған боз топырақ, балонды жерге сіңіре жоқ қып жіберді де, машинаны борпылдақ құмға жүздіріп əкетті. Онымен қоймай лап беріп ішке кіріп, мұндағы алты-жеті адамды қою тозаңды мұнарға адастырды. Шетімізден бір ақкірпік, бурыл бас болдық та қалдык, көзіміз жылтырап, бірбірімізге қанша қадалсақ та кімнің кім екенін жөндеп ажырата алмай, ақсиып кеп таңдана күлеміз. Сол кезде машина орғып кетіп, ыршып түседі, біз сарт етіп құшақтасамыз да қаламыз. – Ойбай құрттың, шофер! – Апырым-ай, жолы қандай нашар бұл араның? Арамызда бұған мізбақпайтын Зейнолла ғана: – Жол жүре бара түзеледі ғой, – деп жайбарақат күліп қояды. – Ал, мынау топырақтан түңілуге тіпті болмайды. Бұл – алтын қыртыс, ақ күріш осыған ғана өседі. – Колхозға қашан жетеміз? – Міне, келдік. Машина тоқтап, біз төрт есікті түгел бұрқ-бұрқ ашып, түсе бастаймыз. Соңымыздан шұбалаңдаған шаңдақ та құйындата қуып
жетіп жайыла бере, осы маңды тегіс тұмандатқан; сол тұманға тасаланған əлденелер бірімізді желкеден, бірімізді бүйірден бізгілеп қалады. Селт етіп, жалт бұрылып қарасақ, қау өскен қалың шеңгел: бейне адам сияқты, жуып кетсеңіз болды, бізін тығып алады да «мен емес, мен емес» дегендей «бас шайқап», бұлаң қағып тұрады. Шаң тұманы айыққанда жаңа салынып жатқан колхоз қорасының жанында тұрғанымызды білдік. Əйел-еркегі бар оншақты адам қауырт іс үстінде, бізге біреуі ғана келді: – Кімді іздедіңіздер? – Председатель керек еді. – Ол кісі күріш басында. Асылы, үстінен машинамен құйғытып өтетін зырғанақ жүргіншіні Сыр табиғаты онша ұната қоймайтын көрінеді. Біз машинамызды осы жерге тастадық та, ең болмаса көзтаныс халіне жетсек игі еді деп, алға қарай жаяу аяңдадық. Біздің бет алдымызда шеті сонау көкжиекке тірелген сарғыш теңіз – күріш теңізі толқып жатты. Биіктігі белуардан келетін сидаң сабақтар дəні толық, ауыр басын əрең көтеріп, өзен жақтан ақырын желпіп ескен майда лепке аз дірілдетіп қояды: соншалық бір əдемі ағыс із тастап, шымырлап қап, ұйтқып өтеді... Жалғыз аяқжолмен осынау шетсіз, шексіз ырыс теңізін кешіп келеміз. Міне, өзіміз іздеген колхоз председателі Төлеген Дəуітбаев жолдасты егістіктің орта тұсындағы қырман басынан таптық. Егін жинаудың қызу кезі еді. Колхоздың кəрі-жасы түгел күріш даласында жүр. Мұндағы қайнаған еңбек жайы, еңбекші адамдар сыры өз алдына алуан түрлі əңгіме болмақ. Бұл жолғы мақсат шағын ғана: отыз мыңның бірі – жаңа председатель колхоз өміріне қандай өзгеріс енгізді? Қойын дəптерімізге соны ғана түртіп алмақпыз. Біз Төлегенмен ұзақ кеңестік. Ол алғашқы бетте байсалды қалпын сəл өзгерте, қысыңқы көзінде күлкі ойнатып, бізді қалжыңмен қағытты: – Асығыс жүресіңдер. Ауылды айлап араламай не аңғаруға болады. Ештеме айтпасам ба деп тұрмын. Біз жайымызды түсіндірдік. Қонақтықта отырып өмірді білу, машинада жүріп шығарма жазу қиын екенін өзіміз де білетінбіз. Оны біз де айттық.
Төкеңнің алыс қараған кішкене көзінде енді ой жиылып жатты: – Адамға өзі туралы сөйлеу қиын ғой. Көп жайды мына Зейнолла біледі, осы кісі айтсын. Екеулеп азғана ақпар берелік, сіздер протоколдап қойыңыз. Содан соң уəде былай болсын: таяу жылдарда біз колхозымызды нағыз қуатты бай колхозға айналдыралық, сіздер ұзағырақ уақытқа келіңіздер. Қазіргіңіз колхоз туралы аз ғана сөз жазу ғой, ал, бірақ, кейін колхозшының өзін көрсетуге келіңіздер. Келістік. Төкен айтқан «протокол» былай басталды. * Дəуітбаев жолдас бұл колхозға өткен жылдың аяқ шенінде келген, отыз мыңшылар қатарына кейін қосылыпты. Киров атындағы колхоз Сырдария ауданындағы шаруашылығы əлсіз колхоздардың бірі болған-ды: колхоздың өткен жылғы табысы – төртжүз тоқсан екі мың сом ғана, колхозшылардың əрбір еңбеккүнге алған астық мөлшері – тоғыз жүз грамм да, ақшасы – тоқсан тиын. Бұл жағдай жаңа председательдің алдына қатал сұрақ қойды: колхоз халін, колхозшылар тұрмысын қайткенде шұғыл көтеруге болады? Ол қатты ойланды: колхоздың өткеніне, бүгінгісіне, келешегіне көз жіберді. Елу үшінші жылы колхоз жері тегіс су астында қалған. Ол қауіп əлі бар, алдағы көктемде Сыр тасыса əлгі апат тағы қайталануы мүмкін. Онда егін салу тұрмақ, мал бағудың өзі қиын. Колхозшылардың өзге мəдени тұрмысының шағындығы өз алдына, тіпті осындағы ешбір үйде электр жарығы жоқ-ты: кеш болса əр босағада түтінін ирелеңдетіп майшам сықсияды. Жұрттың пайдаланып жүрген құралдары да өнімсіз дүниеліктер: қол диірмен, қол орақ, келі... Жаңа председатель Давыдов тектес адам болса, жоғарғы жайлар, əрине, жанға батуға тиіс. Қыс қақап тұрған. Көктем кешігіңкіреп келетін тəрізді. Қазір мал күту маңындағылар болмаса, көп адамның қолы бос. Председатель осы кезді пайдаланып қалуды мақсат етті. Алғашқы істі Əлтай тоғанын байлатудан бастады. Дəуітбаевтың бұл бастамасын облыстық партия, совет ұйымдары қолдады: колхозға техникалық көмек берілді. Колхозшылар жұмыла қимылдап, тоған байлау ісін аяқтап шықты.
Алғашқы нəтиже əркімге-ақ жігер дарытқандай еді. Ізінше жұрт колхоз үшін елу жеті киловаттық электр станциясын салып алды. Енді əр үйдің босағасында май шам емес, төрінде жарық жұлдыз жанатын болды. Колхозшылардың өз меншігіндегі бау-бақшалар да электр қуатымен суарылады. Бұл жəне бір үлкен істі тындыруға мүмкіндік бергенді: колхоз орталығына радиоторабы орнатылды. Қазір жүз елу үйде радио бар. Сол жерде бір үлкен диірмен салынды. Малға сағатына екі-үш тонна шөп турап беретін машина бар. Мұнымен тек осы колхоз ғана емес, көршілес Ленин, Аманкелді, Коммунизм атындағы колхоздар да пайдаланып отыр. Биылғы көктемде егілген күріш егісінің көлемі былтырғыдан аз-ақ асады. Бірақ, колхозшылар санға емес, сапаға көп көңіл бөлген, жақсы күтіп, сылап өсірген. Мысалы, Ноғайбаев Тілекбай, Жұмаділдаев Əубəкір сияқты звеношылар күріштің əр гектарынан елу-алпыс центнерден тоқсан-жүз центнерге дейін өнім алады. Колхозшылардың бау-бақшалары да жақсы өсті. Биыл бұл колхоз бір жарым миллионға жуық табыспен миллионер колхоздар қатарына қосылды. Осының бəрі – сөз жоқ, коллективтің еңбегі. Ал, осы аз уақытта болған өзгерісте жаңа председательдің ұйымдастырушылық рөлі үлкен еді. Колхоздың келешегі зор. Шіркейлі каналынан күріш даласына су тартатын төртжарым километрлік арна кеңейтіліп жатыр. Мұнда жер суландырудың жаңа жүйесі іске асырылады. Сексеуіл қаптаған, шеңгел басқан жүздеген гектар ойлы-қырлы жерлер қолда бар техника күшімен түгел тегістеліп жатыр. Келер жылы колхозшылар күріш егісін биылғыдай қол орақпен емес, комбайнмен оратын болады. Егіс көлемі жылдан жылға ұлғая береді. Келер жылы колхоз орталығында клуб салынбақ, жетіжылдық мектеп онжылдыққа айналдырылмақ. Мектеп оқушылары колхоз жұмысына қатыстырылады, еңбекке баулынады. Колхоздың жаңа председателі де, колхозшылар да ертеңін жоспарлап көріп отыр. – Біз колхоздың жылдык табысын екіжарым миллион сомға жеткіземіз. Колхозшылар өздерінің əрбір еңбеккүніне бес килограмнан астық, он сомнан ақша алатын болады, –дегенді Дəуітбаев жолдас нық сеніммен айтады...
ВЕНА КҮНДЕЛІГІНЕН – Неше адамсыз? – Отыз адамбыз. – Кім боласыздар? – Жазушылармыз, журналистерміз. – Совет елінен келесіздер ғой? – Я. – Фестиваль көресіздер ғой! – Я!.. Мен осы сөздерді ұйқтап отырып тыңдадым. Австрия поезы трамвай секілді: вагондарында купе жоқ, диван жоқ, көлденеңінен қатар-қатар қойылған ұзынша ағаш сəкілер ғана бар. Əр сəкіге төрт адамнан иін тірестіре отырғызып алады да, ысылдап-пысылдаған бір ойбайшыл паровозын қайта-қайта шыңғыртып, зіркілдеп береді. Ұзақ сапарда түн қатып келе жатқан жолаушылардың жай-күйін ойлап, төсек-орын беру былай тұрсын, мұнда не жантаяр, не көсілер бос жер табудың өзі қиын. Отан шекарасын аттап, Тисса өзенінен өткелі екі күн ұйқы көрмеп едік, əбден қалжыраппыз. Вагон ішінің жайсыздығына қарамастан бір-біріне сүйене қалғып кеткендер көп. Менің оң қанатымда белгілі грузин ақыны Иосиф Нонешвили отырған. Ұйықтауға шеберіміз осы кісі болып шықты. Ол өзгелердей ағаш сəкінің арқа тіреуіне де жығылмайды, қатарындағы маған да қисаймайды. Қазықтай шаншылып отырған қалпы, басын тұптура шалқасынан қайырады да, жауырынын жастанып алып, бейне құсжастықта жатқандай мажыра болады. Мен Иосифтің осы халіне күліп отырып, қалай көзім ілініп кеткенін сезбей қалыппын. Əлдекім иығымнан қозғап сыбыр еткендей болды: – Тұрыңыз, Венаға келдік. Жаңағы қалғып отырып естіген сөздерім Вена вокзалының перронында жөн сұрасқан өзіміздің Лев Ошанин мен бізді күтіп алуға келген гидтің тілдесулері екенін оянғасын бір-ақ білдім. * Австрия астанасы – Батыс Европадағы аса сұлу қалалардың бірі. Шығысы – шалқып жатқан көкжайқын Дунай, күнгейі –
көсіле сұлаған көк бұйраттар – Альпі сілемі. Қаланың сам жағын қақпадай бекітіп, қалың қарағайлы Леопольд тауы тұрса, жанжағын жалпақ əдіптеп, жасыл тоғайлар жатыр. Жер де көк, су да көк, көк те көк... Төңіректі түгел балбыратқан, маужыратқан ылғи бір көгілдір нұр... Бағана таң алдында Австрия шекарасынан өтіп, бірауық Дунай жағасымен жүйткіп келе жаттық. Мен сонда ашық терезеден сыртқа көз тігіп, бір нəрсеге қайран қалғанмын: таң кіреукесімен тұтасқан торғын аспан шынында да көк жібек пердедей төмен сусып, каракөк Дунайға төгіліп кеткен екен. Төбемде аспан да жоқ, жер де, өзен де жоқ, маңдай алдымда мұнарта толқыған шетсізшексіз телегей ғана жатқандай. Дунайдан əрі алыс көкжиектен күңгірт тұманданған жасыл орман аспан мен жердің жігі сияқты емес, осынау ұшы-қиырсыз мол мұхиттың орта тұсындағы қарақошқыл тұңғиығы секілді еді. Міне, қазір сəске кезі. Венада тұрмыз. Ал, бағанағы көгілдір əлемнің бояуы сұйылмастан, түрі өзгерместен қалды. Кейде, тіпті қайдағы бір қиялдағы көкшіл кеңістікте маңып жүргендей боламыз. Бұл – сұлулық əсері. Біз Венаға келген бетте қала сыртындағы Гуггинг мейманханасына орналастық та, үй іргесіндегі жасанды көлге бір-бір сүңгіп алып, машинаға қайта отырдық. Ойымыз – кешке фестиваль басталғанша қала көркін қызықтау. Вена тұрғындарының мейлінше мақтан ететіні – Дунай жағасынан басталып, Альпі сауырын жасыра жоғары өрлей беретін қалың ну ағаш – Вена орманы. Бұл – керемет сұлу орман. Ұзыны алпыс, ені отыз шақырымға созылады. Теп-тегіс асфальт жол осы орманға сүңги бұралаңдап, бізді бір биік алаңға алып шықты. Бұл жерде ерте кезде герцог Леопольд салдырған зəулім монастырь бар екен. Соның қорасына кіріп, тас ауласына өрмеледік. Бір қызығы – осы тас ауланың үстінде жалпақ гранит бетіне қашап өрнектеген Вена панорамасы бар. Оның жанында атамзаманғы алып дүрбі тұр. Дүрбі сағағындағы жіңішке саңлауға бір шиллинг тастап жіберіп, қос лупадан сығалай қалсаңыз, бүкіл Венаны бір минутта шолып шығуыңызға болады. Мен дүрбіге үңілдім: Стефан əулие соборының биік мұнаралары мен Ратуша күмбездері, рыцарь қамалдары мен гусар храм-
дары, сиқырлы Шенбрунн, сырлы Бельведер сарайлары, киелі Руперхт, кербез Мария шіркеулері – бəрі, бəрі... Австрия астанасы бүкіл аумағымен, бар болмыс-бітімімен тұтас көз алдымда жайылып жатты. – Біздің Вена қазір жер үстіндегі достық пен жастық салтанатына түлеп тұр,– деді гид, – сіздер бұл жерден қаланы сырттай ғана шолдыңыздар, енді қаланың ішіне енелік. Ал, кім қайда барғысы келеді? Отыз адамда отыз түрлі ұсыныс бар еді: біреулер Ринг алаңдарына, біреулер парламент маңына, біреулер Бургтеатрға, енді біреулер Штадһаллеге барғысы келді. Мен тура Пратерге тарттым. Пратер – Венадағы үлкен парк. Бүгінгідей жексенбі күндері қала халқының дені сонда серуендеп жүретін көрінеді. Пратер алаңдары мен залдарында Австрия музыкасының, əні мен биінің, ойын-сауығының талай түрлері болуға тиіс. Менің ұғымымда Вена – музыка мектебі. Австрия елінің атақдаңқын əлемге танытқан əйгілі классик-композиторлар Гайдн мен Глюктың, Моцарт пен Шуберттің ғажайып симфониялары мен опералары осында туған. Атышулы Тироль əуендері де осы Австрия топырағында пайда болған. Ұлы Бетховеннің де аңсап іздеп келіп, бар өмірін осында өткізгені, бар еңбегін осында жазғаны мəлім. Леопольд тауының етегіндегі қала шетінде ұлы музыкант тұрған жатаған үй жан-жағындағы зəулім сарайлардан, күмбезді шіркеулерден əлдеқайда биік сияқты, көзіңе оттай басылады... Мен Пратерден, əсіресе вальстер тəңірісі – өз өмірінде жарты мың вальс жазып қалдырып кеткен Иоганн Штраустың музыкасын іздемек болдым. Менің ұғымымда Венаның əр бұрышында Штраус əуендері, əсіресе оның «Вена вальсі» шалқып жатуға тиіс. Сөйтіп, мен тура Пратерге тарттым. Буржуазиялық «демократия» деген де бір мағынасыз, жалған, боямалы бірдеңе ғой. Əр көше сайын ағаш дуалдарға жапсырылған фестиваль плакаттарының, афишалары мен рекламаларының арасында фестиваль жауларының түрліше сандырағы жазылған қарала қағаздар да қаптап тұр. Көшеде ағылған жұрт тұсынан СССР-дің, Қытайдың, немесе социалистік басқа елдердің делегаттары мінген автобус өтсе, қол бұлғап, ұран салып, шу ете қалады:
– Фрейндшафт! Фриден! – Достық! Бейбітшілік! Ал, аспанда құзғындай қалықтап екі-үш самолет жүр. Əрқайсысының соңында шұбалаңдай тізілген үлкен əріптер – фестивальға (достық пен бейбітшілікке) қарсы сөздер. Бірінде тұптура: «Біз фестивальға қарсымыз, қатыспаймыз!» – деп жазылған. Мұны көргенде еріксіз езу тартпасқа болмайды: бұл не бəлсіну, жау қатыспады деп, достар ажырасар дей ме екен? Вена қаласы бүгінде жастар мен студенттердің дүниежүзілік жетінші фестиваліне қатысу үшін жүз он екі елден келген он сегіз мың жас жігіттер мен қыздардың үніне, күлкісіне толы. Сонымен қабат Вена көшелерінде тұс-тұстан келген жалдамалылар, сатқындар да сеңдей соғылысады. Олар ретін тапса, қандай əрекетке болса да əзір жүретін көрінеді. Осы фестивальді өткізуге жұмсалған барлық қаржыдан фестивальға қарсы əрекеттер үшін бейбітшілік жаулары жұмсаған қаржы үш есе артық екен. Осының өзі-ақ Вена фестивалінің игі мақсат-мүдделері қандай қиын күреспен жүзеге асатынына сипат бола алады ғой! Бірақ, мен дəл осы сағатта жау түрін көруге, дос сырын білуге емес, Вена мінезін тануға келе жатырмын. Тап-таза асфальт көшелерден, əдемі алаңдардан, гүлді скверлерден, жасыл желекті бульварлардан өтіп, əр бұрыштан аттасақ кездесетін көп скульптураларды тамашалаймын. Қала үйлері қызық: бірінде готика үлгісі жатса, енді бірі барокко мəнерлес, үшіншісінде қазіргі модернизм тұнып тұр. Пратерге жақындаған сайын қақпасына шоқ-шоқ жасыл жапырақ ілген үйлер жиілей берді. Қақпаға ілінген жапырақта мағна бар: ол – əрқашан жас шарап, жақсы би үзілмейтін үй деген белгі. Бірақ тек белгі демесеңіз бұл үйлердің ешқайсысынан да əдемі музыка ести алмадым, əсем би көре алмадым. * Пратер!.. Бұл – өткен ғасырдың орта шенінде жиырмаға жетпеген жас Штраустың өз оркестріне өз вальстерін орындатып, дүниені таңдантқан музыка мекені ғой! Кəне, қайда Штраус, қайда вальс?!.
Мынау Дунай неге үнсіз тұнжырап жатыр, Штраустың «Көгілдір Дунай» вальсінің сылқым сыңғырын қайталап, жадырай күліп ақса қайтеді екен?.. Мына бір сахнада тірі адамдар орнына ағаштан жасалған бір топ қуыршақ қозғалып, би билегендей болады. Өздері жорыққа аттанар əскерлерше сап түзеп, тақтай үстін сарт-сұрт басады. Сірə, бұл балалар үшін көрсетілген өнер болуға тиіс, сахна алды толған жасөспірімдер екен. Бірақ, сахна түбіндегі шымылдық сыртынан ойнаған оркестрдің үні құлаққа жат: ағашты ағашқа, темірді темірге ұрып, бір қатты, бір ашы дыбысты араластыра дыңылдатқаннан басқа ешбір музыкалық əуен сезілмейді. Рас, сахнадағы ағаш адамдар аяқтарын осы бір оғаш ырғақпен басады. Болғаны сол. Одан да дəл осы арада Штраус вальстері – «Азаттық əні», «Баррикада жыры», «Бірлік үні» неге ойналмайды?.. Мен Пратерді ұзақ араладым. Мұнда ермектің неше түрі бар сияқты. Бір үйдің төбесінде өлі аруақ тұр. Тұсынан өткен кісіге қол бұлғап, қауіп-қатерге, қорқыныш-үрейге үйренуге шақырады. Үш шиллинг төлеген адам үш минут қайдағы бір «тамұқ дүниесін» кезіп, жүрегін дүрсілдетіп, көзін бақырайтып қайтады. Үй ішінде даңғырлаған бір жағымсыз сарын бар. Бұл арадағы музыка сол. Енді бір тұста сырық басына орнатылған үлкен дөңгелекке бірнеше астау ілінген. Екі шиллинг төлеген адам астауға отырып, басы айналғанша дөңгеленіп қайтады. Бұл да сауық-сайранның бір түрі болыпты. Бұл араның музыкасы да жаң-жұң бір түсініксіз дыбыстар. Міне, би алаңы. Жоқ, мұнда да Штраус жоқ. Бір топ адам билеп жүр. Бірақ, билері қазіргі буржуазиялық қалалардың бəрінде модаға айналған «рокн-ролл». Кейде даңғырап, кейде қыңсылап шыққан тарғыл-тарғыл оркестр үніне тырнадай тырбаңдап жүрген ылғи бір үрпекбас қыздар, сымпыс жігіттер... * Пратерден мен көңілсіз қайттым. Көлденең көшенің арғы бетіне шығу үшін жер астынан өтпек боп тоннелге түсе беріп едім, күні бойы іздеген музыкама дəл осы арада тап болмасым бар ма! Əлде кім скрипка ойнайды. Тоннель іші Штраус вальсінің мың құбылған сырлы, мөлдір, нəзік əуезіне толып, толқындап тұр. Мен скрипка ойналған жаққа қарай жүгірдім.
Жүрегім алып ұшып, жиі соқты. Электр жарығы əлсіз бозартқан тас үңгірдің дымқыл дуалына арқасын сүйеп, бір қартаң адам отыр. Мен қасына келдім. Иегінің астындағы скрипка шанағына төнген қызғылт жүзін əжім айғыздағаны соншалық, айқыш-ұйқыш қалың, терең сызықтар арасынан жұмулы көзін əрең ажыратып тұрдым. Оның əлсіз саусақтары скрипка шектерін дірілдей басқанда «Вена вальсі» безілдеп, адамның тұла бойын шымырлатып, жан-жүйесін түгел тебірентіп əкетіп бара жатады. Шіркіннің назды сазы-ай!.. Қарт скрипкашы қайыршы екен; тізесінің жанында жатқан қара беретке əрлі-берлі өткен кісілердің кейбіреулері сылдыр еткізіп, грош тастап кетеді. Мен шал қасында ұзағырақ тұрып қалғанымды, оның сырт адамдар алдында ерсілеу екенін сол жұрттың көзкарастарынан аңғардым да, қара беретке бірер шиллинг тастап, ілгері жылыстап жүріп кеттім. Тоннель есігінен шыға бере тағы тоқтадым. Екі жағымнан екі түрлі сарын келеді: жер үстінде Пратер оркестрі ойнаған «рокн-ролл», жер астында қайыршы шал орындап жатқан «Вена вальсі»... Осыдан туған шым-шытырық бір жұмбақ сырдың шешуін іздеп, ұзақ ойға баттым. Кенет, құйындай ұйтқып, бір оқыс сезім соғып өтті. Жаңа ғана өзім іздеп келген Пратер енді маған жат көріне бастағандай. Мен жолдастарыма асықтым. * Кеш. Жазғы күн қолшатыр көлеміндей ғана соңғы шұғыласын тау бөктеріндегі рыцарь храмының көне күмбезінен сыпырып алып, Вена орманына жасырынды. Аспан бұлтсыз, мөлдір. Дунай жақтан ауық-ауық қоңыр салқын леп келеді. – Вена стадионы венок тəрізді, – деді Иосиф Нонешвили фотоаппаратын даярлап. – Қарашы, адамдардан өрілген ғажайып тірі венок... Бейбітшілік веногі!.. Жүз мыңға жуық адам дөңгеленте керіп əкеткен кең стадион шынында да аспан астындағы алып венокке ұқсайды: əр адам əртүрлі гүлдей жайнайды. Қазір стадион ортасындағы көк жасыл алаң ғана бос, басқа тұста бас сұғар жер жоқ. Ал, билет жетпей сыртта қалғандар іштегіден көп. Осыны көргенде, фестивальға қала халқын қатыстырмауға
жанталасып, қолынан келген кедергі-кеселдің бəрін істеп баққан бейбітшілік дұшпандарының босқа арамтер болғанына ызалы күлкің келеді. Қала көшелерінде тентіреген көп жансыздың бірі болса керек, бойындағы бар қыжылын көзіне жиған сынық мұрын «ұзынтұра» біреу жаңа біз стадионға келе бергенімізде қарсы алдымыздан кес-кестей шығып, бас жоқ, аяқ жоқ: – О, бізді таңданту мүмкін емес, – деп қалды. Біз мұның іші күйген жаудың сөзі екенін түсіне қойдық та: – Сізге таңданып жүрген біз де жоқ! – дедік. Ол өз пиғылының іске аспасын сезді де, дереу зытып кетті. Таңданғанда Вена халқы таңдансын: олар осы кештегі өз қаласының сəн-салтанатына өздері сұқтанды. Дүниенің жастығы мен жарастығы Австрия астанасына əдеттен тыс ажар беріп, құбылтып, құлпыртып жіберген-ді. Біз тобымызды жазбай бір жерде отыр едік. Əлгі жолыққан бөгде кісі, қасында үш-төрт серігі бар біздің маңымызда тағы да пайда бола қалыпты. Біз елемей отыра бердік. Алдымыздан бір жасаң негр жүгіріп келіп, менің жанымдағы Нонешвилиге ибамен иіліп, «басы артық фотопленка жоқ па?» деп сұрады. Иосиф оған бір орам пленка берді. Анау қалтасынан ақша суырып: – Неше шиллинг төлеуге болар екен? – деді. – Жо-о-оқ, о не дегеніңіз, ешқандай шиллинг керек емес, тегін алыңыз. Негр не істеудің бабын таппай, қатты қысылып, таңданып біраз тұрды да, кенет: – Аһ, сіздер совет адамдары екенсіздер ғой, солай ма? – деп, өзгеше бір раймен, шын ырзалық пейілмен сөйледі. Біз совет адамдары екенімізді айттық. – Бəсе, – деді негр, – бəсе, мұндай мінез тек совет адамдарына ғана тəн! Рахмет! Жас негрдің жоқ жерден ақша ұсынып, табан аузында «есеп айырысқысы» келгені ыңғайсыз екенін көре тұра, біз бұл қылыққа таңданбадық. Несіне таңданайық: негр Америкада туып-өскен. Ал, капитализм дүниесінен анық аңғарылатын бір шындық – мұнда адамдық қасиеттердің бəрін ақша тартып алған. Біз осында келгелі шиллинг деген бір кереметке кездестік. Құны толық
төленген мейманханада жатырмыз. Бірақ, жылы су сұрасаң – шиллинг, үй ішіндегі душқа түссек – шиллинг, үй іргесіндегі бассейнге беттесек, – шиллинг... Шиллинг те шиллинг. Үй қожасы Карл Руби қолын жаяды да тұрады. – Рахмет! – деді негр тағы да. Əлгі бір мұрны аузына шөккен «ұзынтұра» ұрынарға қара таппай отыр екен, көрер көзге ерсі дөрекілікпен негрге саусағын безеп, мырс-мырс етті: – Қарай гөр, негр де орысша сөйлейді. – Негрдің жүзі қаракүреңденіп, ашу-ызаға булықты: – Шыдай тұр, сэр, көп кешікпей негр ғана емес, қара тас та орысша сөйлейтін болады, əлі!.. Анау тағы да жеңілді, түк мағынасыз безерді де қалды. Біз негрмен құшақтасып қоштастық. * Жеті рет күмбірлеген гонг дауысы жетінші фестиваль ашылатынын паш етті. Стадион шетінде духовой оркестр жер сілкінте марш ойнады. Төбесінде фестиваль туларын желбіреткен жүзден астам мотоцикль қаздай тізіліп, жасыл алаңды бір орағыта жүйткіп өтті. Фестиваль басталды. Əр елдің жастары өз өрнектерін төге, өз өнерлерін көрсете, жұрт алдынан топ-тобымен өтіп жатты. Бірінші боп, өз мемлекетінің гербін көтеріп, ұлт киімдерінде би билеп, əн шырқап, ауған жігіттері мен қыздары өтті... Одан соң гүлге оранып Алжир делегациясы, онын ізінше Австралия, Бельгия, Бразилия, Болгария, Бирма, Цейлон... жастары өтті. Осындай салтанатты сəнмен ондаған делегация бірінен соң бірі өтіп жатқан. Бір кезде бүтін стадион дүр сілкініп, тербеліп, теңселіп сала берді. Əр тілде айтылған əр алуан ұран біріне бірі үндесе, ұласа созылып, аса күшті хорға айналды: – Достық жасасын! – Совет жастарына құрмет көрсетеміз! – Ұлы елдің ұрпақтарына сəлем! – Ура!.. Стадион алаңының шетінде тұрған екі үлкен машинадан сан мың көгершін қаптай ұшып, аспанға көтерілді. Оларға қызылдыжасылды шарлар қосылды. Сол мезгілде кілемдей құлпырған кең
алаңға он бес тулы сегіз жүз кісілік зор колонна келіп жетті. Бұл – совет жастарының өкілдері. Колонна төбесінен бірнеше метр биік келе жатқан қызыл жұлдызды ракета шынымен-ақ көкке зымырап ұша жөнелгендей. Стадионға жиналған жұрт орындарынан бір тұрып, бір отырып, құлшына қол соғады, совет жастарына гүл жаудырады. Жоқ, жердегі бұл думан аз екен, бір кезде сатыр-сұтыр сілкініп, аспан сөйлеп коя берді. Ғажап! Мөп-мөлдір бұлтсыз аспан бетінде от шашакты нажағайлар ойнап, ізінше тұп-тура ауадан пайда болғандай жүз шамалы шағын парашюттар қанаттарын үлбірете жайып, темен түсіп келе жатады. Əр парашютте шым жібекке түрлі тілде жазылған ұран плакат: – Достық! – Бейбітшілік жасасын! – Соғыстың аты өшсін! Аспанда адал жанды адамдардың жүрек лүпіліндей бір əдемі діріл бар. Жерде достық қуатындай, ынтымақ күшіндей бір толассыз дүбір бар. Біз соның нақ ортасындамыз. Əрқайсымызды сүйікті советтік Отанымызға деген ыстық махаббат, шексіз мақтаныш сезімі билеп алып еді. Вена стадионындағы бұл сəнді думан түнді күндізге айналдырып жіберген зор фейерверкпен аяқталды. * Ақ күмбездің төрінде ақ келіншектің ақ мəрмəрдан жасалған сұлу мүсіні. Ол аса тартымды бір ұяңдықпен төмен қарап сəл еңкейе берген. Қолында құты, одан қайнар бұлақтың мөлдір суы шолпыдай сылдырап, келіншек жанындағы тас табаққа төгіледі де, əлде қайда сіңіп жоқ болады. Ақ күмбездің босағасында отырған қартаң əйелге бір шиллинг пе, бірнеше грош па, əйтеуір мырзалығыңыз жеткенше ақша төлеңіз де, одан стакан алып, стаканды сұлу келіншектің құтысынан төгілген сынаптай таза, салқын суға толтырып, сіміріп көріңіз – мейіріңіз қанады. Бір кезде бұл маңда ел де жоқ, су да жоқ, ұшы-қиырсыз қалың ну орман ғана болыпты. Иесіз орманды жабайы аңдар ғана мекендепті. Жас князь атышулы аңшы екен. Ол бір сапарында осы меңіреу орманға келіп, талай күн аң аулайды. Аңшылық қызығына түскен-
де князь өзге дүниені мүлде ұмытады-мыс. Сондай бір албырттық үстінде ол серіктерінен адасып, жалғыз қалады. Шаршайды, шөлдейді. Əбден өзегі талып, көзі қарайған шақта князь осы бұлаққа тап болады. Ол тұнық судан сусынын қандырғаннан кейін, осы жерге күмбез орнаттырып, күмбез ішіне сұлу келіншектің мүсінін жасатып, мөлдір суды сол келіншектің құтысынан төгілдіреді де, бұл бұлақты «Сұлу қайнар», яки «Шенбрунн» деп атайды. Міне, сол Шенбрунн: көсілген кең аллеялы қалың орман. Аллеялары жасыл туннель тəрізді. Əр бұрылыста ежелгі грек пен Рим статуялары. Орманның орта тұсы үлкен ашық алаң. Алаңда үш қатарлы биік үй – Шенбрунн сарайы. Мұны Австрияның əйел императоры Мария Терезия ұзақ мекендепті. Европа жаулаушысы Наполеон Бонапарт Франциядан Австрияға екі рет келген екен, екеуінде де осы əсем сарайға түсіп, тынығыпты. Сарай алдындағы төрт-бес жүз метр жер тұтасқан гүл – түрлі түсті кілем дерсіз. Кілем шеті – Нефтун көлі, ал одан арғы биігірек төскейде триумф арқасы – «Глориетта» тұр. Біз осы Шенбруннда сейіл-серуен құрып жүріп, əр елдің адал жанды жастарымен кездестік, таныстық, пікір алыстық. Бəрінің аузында бір-ақ сөз – Бейбітшілік; бəрінің аңсағаны бір-ақ нəрсе – Достық! Япониядан келген Коно деген жігітпен біз бейне сыралғы дос адамдарша табысып кеттік. Орта бойлы, сəл қысың көзді қара жігіттің жүзі жылы, мінезі ұяң-ау, бірақ бір түзелмес қисықтығы жəне бар екен: кім болса о болсын, əйтеуір Америка адамын көрсе бітті, Коно кенет өзгеріп, жауар күндей түнереді де кетеді. Нефтун көлінің үстінде құлап бара жатқан аттар ма, жылап жатқан қатындар ма, ашуланған балалар ма... əйтеуір, өңкей бір қызық мүсіндер бар-ды. Иосиф осыларды түсіріп алмақ боп, фотоаппаратын көзіне апарып еді, сол мүсіндер жанында тұрған екі жас қыз бұдан именіп, беттерін басып, теріс айналды. Иосиф олардың бұл қылықтарының ретсіз екенін ескерткенде, бірі орысша ежіктеңкірей сөйлеп: – Сіз қайдан едіңіз? – деді. – Совет елінен. Ал, өздеріңіз ше? – Америкадан.
Коно жүзі күлдей сұрланды да, бұрылып жүре берді. Екі иіні дір-дір етеді. Мен жігіттің бұл түрін көріп шошып та қалдым, аяп та тұрдым. Ал, екі қыз бұған керісінше, кенет күле жадырап, көл үстіндегі мəрмəр мүсіндермен бірге суретке түсті. Содан соң əлгі орысша білетін қыз мынаны айтты: – Сіздер совет адамдарысыздар, туыстар! Біз сіздерге сенеміз, қалтқысыз сенеміз. Бірақ, несін жасырайық қорқамыз. – Неге? – Егер сіздерге сенетінімізді біле қалса, бізді институттан қуады. Бұл да əрі шошытатын, əрі аяныш сезімін туғызатын сыр еді. Иосиф екеуіміз Коноға келдік. Ол бізге өз басынан кешкен бір ауыр қасіретті жылап отырып айтты. Коно Нагасакиде туып-өскен жігіт екен. Бұдан он төрт жыл бұрын дəл осы августың бір əдемі кешінде кішкене Коно қала сыртында тұратын нағашы апасына барып, сонда қонады. Қаладағы өз үйінде əкесі, шешесі, ағасы, інісі, екі қарындасы қалады. Ертеңіне Коно қалаға қайтып келе жатып, қарсы алдынан аспанды алапат сырықтай тіреп тұрған қап-қалың, қоп-қою күл-топырақты ғана көреді... Бұдан арғы сұмдықты – Американың атом бомбасы өзінің туған қаласын жер бетінен сүртіп жібергенін, өз алтын босағасының орнын ғана сипап қалғанын Коно айта алмады. Жалғыз-ақ бойын ыза, кек кернегенде қалшылдап кететін оң қолын кеудесіне қысып алып: – Хиросима мен Нагасаки ардан безгендер айуандығының айғақ-куəсі! Ұмытылмас, ол сұмдық ұмытылмас! – деп ауыр күрсініп, басын шайқап, отырып қалды. Біз бейбіт өмір туралы, жарқын келешек туралы шуақ əңгімелер айтып, Коно жүзін əрең жылытып алдық. Енді бірде Лев Ошанин тамағын кенеп жіберіп, өзінің «Демократияшыл жастар Гимнін» бастады. Оған біз, Коно, бүгін осында табысқан жаңа таныстарымыз Ауған мұғалімі Абдул Шинвари, Ирак дəрігері Халил Ибраһим, Венесуэла юрисі Хосе Мануэль Кастро... бəріміз түгел қосылып, Шенбрунн сарайын жаңғырта жастық əнін, достық əнін шырқап тұрдық: Дети разных народов, Мы мечтою о мире живем...
- * Біз Шенбруннан шығып, қала ортасына – бургтеатр жанына келсек, бейбітшілік манифестациясына жиналған жұрт парламент сарайының алдына сыймай, Батырлар алаңы – Хельденплатцқа ағыла бастаған екен. Осы тұста қала басқармасының үйі көкке бойлаған бес биік мұнарасын түгел электр нұрына жүздіріп қойған: веналыктардың «Түнгі Ратуша арайы» дейтіні осы. Мұндай арай орасан зор мейрамдарда ғана болады. Расында да дəл бүгінгідей мол мерекені Вена бұрын-соңды мүлде кермеген. Автобус, трамвай, машина атаулының бəрі тоқтап қалды: қала тұрғындары тегіс көшеге шығып, фестиваль адамдарына тоғысқан да, машина жүрер жолдың бəрін жауып жіберген. Біз өзендей тасыған осы адамдар арасынан өз колоннамызды əрең таптық. Бəріміз сап түзеп, ілгері жүрдік. Көшенің екі бетінде жардай сірескен жұрт жер сілкінте қол соғады, көкті жаңғырта ұран салады: – Фрейндшафт! Фриден! Біздің үстімізге дүркін-дүркін гүл жауады. Колонна шетінде келе жаткандарымызды жиі тізілген полиция офицерлерінің сарала погонды иықтарынан асыла ұмтылған əлдебір егде адамдар құшақтай алып, шын жүректен елжірей сүйеді. Қолдарына кішкене сəбилерін көтерген аналар қуаныштан жылап тұр. Сəби бөбектер бізге балапан жапырақтай балғын алақандарын созады, оларды біз сүйіп өтеміз. Адам айтып түгесе алмас бір шынайы ынтымақ, ықылас, пейіл! Осы жылғы бірінші августа болған бұл манифестация Вена фестивалына қатысқандардың есінен мəңгібақи кетпейтін керемет құбылыс еді. Жетінші фестивальдың зор жеңісі де осында жатқан! Батырлар алаңын көктемгі селдей басып кеткен жиын түн ортасына дейін тарамай, Пабло Пикассо суреттерімен безенген ашық эстрададан орыс, аргентина, қытай, чех, үнді, румын əндерін тыңдап, билерін көрді. Бір кезде адам толы алаңды дауылды теңіз бетіндей шайқалтып, сахнаға Поль Робсон шықты. Ұлы əнші түнгі Венаны, жоқ, Венаны ғана емес, осынау тыныштық дүниесін өзінің назды да сазды ғажайып қоңыр күмбірімен тербетіп, ақырын əлдилей берді... 1 август, 1959, Вена.
АРМАН АСУЫ Тіршілік. Қызық! Дүние сырлы, шулы... Мезгіл керуенінің əр жылы əсем тоймен басталады. Сол-ақ тамаша! Міне, Жаңа жыл! Жан біткен жаңа қуаныш құшағында, жер үстін нұрға, жырға бөлеп, думандатып жатыр... Əрине, өмірде қызық та, күлкі де, қуаныш та көп. Бірақ солардың ішінде Жаңа жыл тойының орны өзгеше; бұл тегін емес, мұнда терең мағына бар. Абдолла ақын айтқан екен: «Болғандықтан атақты атым адам, Міндетім көп мойнымда арқалаған. Ту қып ұстап көтеріп жүрегімді, Сапар алыс, жол жүріп кетіп барам!» Рас сөз, адам ұзақ сапар үстіндегі жолаушы тəрізді, ылғи жүріп келе жатады жəне ылғи ғана алға, мақсатқа, арманға келе жатады. Ал, əр жыл адамды алға апарады, асуға көтереді, арманға жақындатады. Əр жыл – арман асуы. Біздің əр жылды аңсап күтетініміз де, жыл басында шалқар-шаттыққа кенелетініміз де сондықтан болса керек. Бүгін де күндегідей таң атты, бірақ осы таң ерекше таң, біртүрлі асыл армандай ағарып, сұлу шұғыламен жайнап атқан сияқты. Кеше кеште біздің бəріміз айрықша ықылас-пейілмен, үміт-сеніммен аса бір абзал нəрсені күткен күйде едік, сонда осынау арайлы таңды күттік, түні бойы ұйықтамай күттік. Өзіміз ғана күтіп қоймадық, өзгелерге де осы таңда жақсы өмір, жарқын бақыт тіледік. Өзімізге деген өзгелер тілегі де, жылдағыдай əрқайсымыздың алдымызда жатыр. Жылдағыдай демекші, бір сыр айтайыншы: достар маған дəл биылғы сияқты бұрнағы жылы да көп-көп қуаныш, бақыт тілеген. Бірақ мен бұрнағы жылдың басында бақытсыз едім: дүниеден анам кетті. Жұрт қуанып жүрді, мен қайғырып отырдым. Бірақ адам атаулы жаппай, жамырай табысып жатқан жаңа жыл маған сонда да керемет ыстық көрінді. Неге?
Үй сыртында қатар түзеп, көкке бойлап, өңшен бір аққайыңдар тұр. Көктемде жасыл желегін желге жайқалтып, терезе алдын құпия сыбырға, сырға толтырады. Күзде сарғылт жапырағын жерге шашып, сида бұтақтар ызғырыққа сызғырып, назды-сазды мұң төгеді. Бірақ, аққайыңның көктемде қайта құлпыратынын білетін біз оның мұңына құлақ аспай өте беретінбіз. Ал, менің анам өзінің соңғы күзінде терезе сыртына жиі көз тігіп, жалаңаш бұтақтарға көп қарайтын болды. Бір жолы мен бұған таңырқап, жөнін сұрағанымда ол былай деді: – Қарағым, жаңа жыл келеді, мынау жалаңаш бұтақтар ұлпадай үлбіреген жаңа, таза қар жамылады, сендермен бірге соны көрсем деп едім... Япыр-ай, сəл ғана нəрсе!.. Асылы, адам арманының шеті дүниеден кетерде көрінеді ғой деймін. Мен оқыс сезімге тербеле қалып, бұрылып кеттім. Дүниеге жаңа жыл келді. Бірақ дүниеден ана кетті. Жаңа айттым, сол жылдың басын жылап отырсам да жақсы көрдім. Өйткені, терезе сыртындағы аққайыңдар жаңа жылдың ұлпадай үлбіреген кіршіксіз ақ қарын, тап-таза жас қарын жамылып, біртүрлі сəнмен малынып, маужырап тұр екен. Аққайыңның осы қалпын көру менің аяулымның арманы еді. Жаңа жыл терезе алдына анамның ақырғы арманын əкеліп қойған екен. Мен соған разы болдым. Арман, арман!.. Дүниеде арманнан абзал не бар? Тіршіліктің айрықша бір қасиеті арманда тұрғандай. Анадан туғанда аяққа міну арман. Аяқтанған адам жылдамдықты аңсаған. Сонда қанатты тұлпар, ғаламат сұңкар туралы ертегілер шындыққа айналған. Келе-келе адам жерде жүйткуді азырқанып, көкке самғаған. Арман аспанға да симай, айға асып кеткен: қазір совет гербі айда жатыр. Ол да аз көрінді. Енді бірде аспан əлеміне адам ұшты: жер шарын бірінші космонавт бір айналып шықса, үшінші космонавт алпыс төрт айналып келді. Арман онымен де қояр емес, бүгінде совет кораблі Марсқа кетіп бара жатыр. Байқайсыз ба, дүниеде арманнан асқан қандай шексіздік бар? Жоқ тірі кісінің арманында шек жоқ. Олай болса, бағызы біреулер «арманым жоқ» деп өлең айтқанда өзіңнен өзің қысыласың: мұны
айтып отырған жер үстінде бар адам ба, басқа ма? Апыр-ау, тірі кісінің арманы қашан таусылған?! Бұған дауласуға да болады: несі бар, «арманым жоқ» десе, біздің бақытымызды айтты, жақсы жылдарымызды жырлады, Ленин дəуірін дəріптеді. Жоқ, олай емес, ұлы Лениннің өзі адам болсаң «армандай біл!» деп үйреткен. Армансыз алға басу жоқ. Сол Лениннің өзі адамзаттың арманынан туған да, арман қуған. Күрескер қауымды Қызыл Октябрьге құдіретті арман жетелеп əкелген. Жаңа дүниенің ірге тасы орындалған арманнан қаланған. Партия Программасының арқауы – іске асқан арман; коммунизм – асыл мұратты арман, қиял емес, арман! Міне, Жаңа жыл келді. Біз абзал арманға қарай тағы бір аттадық. Соған қуанамыз. Бүгінгі таңды ұйқысыз атырған себебіміз де сол. Біз – асыл арман адамдарымыз. Алпыс екінші жыл тамаша жыл еді, арман жолындағы үлкен əрекеттермен өтті. Өткен жазда мен Гурьевте болдым, облыс басшыларының бірі Сағидолла Құбашевпен көп кеңестім. Керемет арманшыл жігіт екен, соған қатты сүйсіндім. Арманы үлкен адамның мақсаты да ірі болады, ірі мақсат ылғи ғана күрделі қимылға, келелі іске əкеледі. Ал, Сағидолланың əр сағаты мақсатсыз өтпейді: сан-сала шаруа жайынан адам қамына дейінгі ұланасыр мəселе облатком председателінің кең кабинетінде кемерлей тоғыса келіп, қолма-қол шешімін тауып жатты. Бұл – арман жолындағы əдемі əрекет. Маңғыстау күні ыстық, ми қайнатады. Бірақ дала батырлары міз бағар емес, шыжыған шілдеде сарала таңнан түн ортасы ауғанша шөп шауып, мал азығын дайындап жүрді. Сам мен Үстірт үсті мыңғырған мал; мал соңында күндіз-түні ояу малшы; малшылар адам азығын дайындап жүрді. Демек, олар қой соңында емес, мақсат, арман соңында жүрді. Өткен жылы Маңғыстау ауданы мал басын өсіру міндетін де, мемлекетке ет, сүт, май, жүн тапсыру борышын да ойдағыдай орындады. Аупартком секретары Төлеген Қағазовтан бастап, қолынан іс келетін кəрі, жас түп-түгел еңбек даласында, қауырт қимыл үстінде еді. Бұл – арман жолындағы əдемі əрекет.
Жетібай, Өзен – мұнайшылар ерлігінің мекені: май басқан қоңыр жүздерін тер айғыздаған қаһарман бұрғышылар қашан көрсең де штурвалда тұрады; өндіріс жүрегі тəулік бойына тоқтамай, толассыз соғады. Осынау қара алтын көздерін ашқан барлау тресінің бастығы Халел Өзбекқалиев: – Жетібай мен Өзен іске қосылғанда республикадағы мұнай өнімі жиырма-отыз есе өседі, – дейді. – Біздің арманымыз – осы мақсатқа неғұрлым тез жету. Мұнайлы атыраптағы күллі қимыл осы мақсатқа бағытталған. Бұл – арман жолындағы əдемі əрекет. Өткен жылдың соңғы үш айы үш сала арман айы болатын. Октябрь – қатерлі ай: Кариб теңізіндегі оқиға жан шошырлық шындық еді. Адамзат апат шегінде тұрды. Бұл тұйықтан дүниені тек Ленин партиясы мен Совет үкіметі құтқарды: əрі Куба тəуелсіздігі қорғалды, əрі бейбітшілік сақталды. Ал, революцияшыл Куба халқының аңсағаны да, бүкіл игі ниетті адам баласының арманы да осы тыныштық еді. Ноябрьде Орталық Партия Комитетінің Пленумы болып өтті. Халық шаруашылығына басшылықты қайтіп жақсартуға болады? Халық бақытын ойлайтын басшының басшылық əрекеті қалай болуға тиіс? Ноябрь Пленумы уақыт алға тартқан осындай ең бір өзекті мəселелерді шешіп берді. Осы мақсатты күн тəртібіне қойған Н.С.Хрущевті біз халық қамын, коммунизм жайын ойлағанда ұйқысы келмейтін ұлы арманның адамы деп білеміз. Демек, өткен Пленумның мақсатына бізді тағы та тамаша арман бастап əкелді. Декабрьде партия, үкімет басшылары жазушылармен, көркемөнер қайраткерлерімен кездесті. Социалистік реализм əдебиеті мен өнерінің қазіргі дамуындағы басты бағыт тағы да саралана түсті. Өнер туындысы адамды қайткенде алға, асыл мұратқа мегзейді? Ол үшін бір зор талап бар: өнер туындысы ақыл-парасатқа толы болуға тиіс, адамды асқақ арманға бастай білуі керек! Осы талапты орындаудың өзі арман. Биылғы жыл жазушының осы арманын да ала келеді. Кел, Жаңа жыл! Ақ қанатты арман жылы, қош келдің!
БАҚЫТ ТУРАЛЫ ОЙ Университетте жүр едім. Филология факультетінің деканы Кəкен Аханов кабинетіне шақырып, маған телефон трубкасын ұсынды: – Сізді сұрайды. Тыңдадым. – Кешіріңіз, – деді трубкадағы кісі, – редакциядан. Мақала керек еді. Көп емес, 350 жол ғана. Шіркін, журналистер-ай!.. Өздерінде де тыным жоқ, өзгелерге де тыныштық бермейді. Жөнімде жүр едім, міне, бас салып ұстап алды да, жаз деді. Өздерінің тілдері қызық: 350 жол... Кейде Қазақ Энциклопедиясынан сылдыратып жатады: – Мақала жазып беріңізші, көп емес, 1000 əріп қана. – 350 жол, 1000 əріп... Қызық! – Не туралы? – дедім мен. – Бақыт туралы. Ал керек болса!.. Бақыт деген мұхит емес пе? Көзді жұм, мұхитқа түс те жүз деп тұр. – Бақыт деймісіз? – Иə, бақыт туралы толғанып көрсеңіз. 30 декабрь – Советтік Социалистік Республикалар Одағының туған күні. Бір-ақ жыл қалды, Одағымыз елуге келеді. Торқалы тойға бара жатырмыз. Отан – бақыт ордасы. Қалай қарайсыз, тамаша тақырып емес пе? Ойланып көріңізші! – Ойлансам ойланайын, – дедім мен қиналыңқырап. – «Геометрияға да шабыт керек» деген Пушкин. Уақытыңыз тым тығыз екен. Жазып үлгіре алатын болсам, ертең айтармын. Əңгімеміз осымен бітті. Трубканы орнына қойып, əлгіде өзімді осы араға шақырған Кəкенге қарадым. Бақыт туралы ой дəл осы арадан басталды. Күні кеше Кəкен осы университетте шəкірт болатын, бүгін, міне, ұстаз – ғылым докторы, профессор, декан. Дəреже, атақ, қызмет! Əдемі! Қазақстанның бір қиырындағы қарапайым шаруа баласы алыстағы ауылдан астанаға келді. Қалауынша оқып білім алды. Одан əрі еңбек етті де, өнеріне өріс тапты: кешегі өзі секілді
өрімтал жастарды бүгін, міне, өзі оқытып жүр. Бақыт деген осы емес пе? Адам қолы осындай өз бақытына тек қана біздің елде – Советтік Социалистік Республикалар Одағында ғана еркін жетіп отырған жоқ па? Университет – менің ұям. Кəкен секілді, мен де кеше осында оқығанмын, мен де бүгін осында қызмет етіп жүрмін. Неге екенін білмеймін, университет маған сондай ыстық. Осынау əрқашан жас, əрқашан жаңа ортаға, қайрат-жігерге толы дулы да шулы дарқан ордаға əрқашан құштармын. Ылғи осыған асығамын да жүремін. Үйде, стол үстінде бітпеген жазуларым қалады. Мен университетке асығып келе жатамын. Мұнда мені көздері жаудырап, жүздеген шəкірт күтеді. Аудиториялар ше? О, бір кезде академик Əуезов дəріс берген дəстүрлі орын. Ол енді бұл арадағы эстафетаны бізге қалдырды: Кəкенге, маған, басқаларға! Университетіне асығып, Мұхаң да үйіндегі суреткерлік ұлы əрекетін үзіп кете беретін... Міне, сол университет – КазГУ. Мемлекеттік университет, Ғылым академиясы, Академиялық театр... Бұлар – елдің елдігі, биік парасат пен шырқау мəдениет куəсі. Бұларда бүкіл ел мерейі, күллі халық бақыты тұр. Мен лекциядан шықтым, бірақ үйге уақытында орала алмадым. Универеитеттің кең залына астананың жоғары дəрежелі он сан оқу орнынан мың студент жиналып, Мұхтар Əуезовке арнап кеш өткізбек болды. Бұдан он жыл бұрын осындай жаңа жыл алдында Мұқаң осы залда жас ұрпақ, жарқын болашақ, жаңа бақыт туралы тебірене толғанып, тамаша сөз сөйлеген. Содан бері жыл сайын студент жастар ұлы ойшыл өсиет қалдырған жерге осылайша бас қосып ғалым жазушыны өз көздерімен көрген замандастар аузынан естелік тыңдайды. Бұл жолы кешті мен ашып, Мұқаң туралы ойларын ортаға салу үшін Ғабиден Мұстафинге, Мүслім Базарбаевқа, Байғали Досымжановқа кезек-кезек сөз бердім. Бұлар кімдер? Аға жазушы, əдебиетші, ғалым əрі министр, əйгілі əнші!.. Ең керемет жері – үшеуі де коммунист, үшеуі де, Маяковский айтқандай, «адам атау-
лы қызыға, қызғана қарайтын – Совет Одағының Азаматы!» Үшеуі де, бəрінен бұрын, осынау Ұлы Державаның қалың жұрты қадір тұтатын абзал Азаматы атанғандары үшін бақытты еді. Сондықтан болса керек, үшеуі де тек бақыт туралы сөйледі. Əуезовті Əуезов еткен біздің ұлы дəуір, дəуіріміздің ақыл-ойы, ар-ожданы – Ленин партиясы екенін айтты. Бақыт туралы ой деген осы емес пе? Мен үйге қайттым. Түн еді. Бағана күндіз университетке кеткенімде үзілген қалам қызметіне қайта оралдым. Жазу столымның жанына қайта отырдым. Өзім анау күні барып, көріп қайтқан Маңғыстау туралы, Атырау мұнайшылары, яки өзімнің əдеби қаһармандарым туралы толғамақ едім. Үзілген ойым жалғанды. Мен енді ойша қайтадан Маңғыстауға аттандым. Атырау жағасында өзіміздің көз алдымызда туып, жайнап өсіп келе жатқан жаңа қала – Ақтау, яки Шевченко туралы, бір кезде қасіретті Кобзарь қуғында жүрген қу медиен, құба шөлді шүлен етіп, ағыл-тегіл бақыт мекеніне айналдырып жатқан абзал адамдар, ардагер азаматтар туралы – Жетібай, Өзен мұнайшылары туралы ойладым. Көргендерім түп-түгел көз алдымда тұр. Міне, Халел Өзбекқалиев – Маңғыстау мұнай-барлау тресінің бастығы, атақты геолог, Лениндік сыйлықтың лауреаты. Халел маған мұнайлы Маңғыстауын аралатты. Өзінің мінезі қызық: тұйық, сөзге сараң, көп шешілмейді, əсіресе, өзі туралы бір ауыз сөзі жоқ. «Он жыл бопты-ау ойласам, Бармағалы Баянға» – деп Дихан ақын айтқандай, мен Маңғыстауға бармағалы он жыл болған екен. Бұдан он жыл бұрын – 1961 жылғы 5 июль күні Жетібайда бұрғылау мастері Николай Петров басқарған №6 скважинаның 2389 метр тереңінен бүкіл түбекте бірінші рет мұнай фонтаны атты. Маңғыстау эпопеясы, яки Қазақстан мұнай өнеркəсібіндегі жаңа кезең дəл осы күннен басталды. Мен бұл өңірді алғаш рет дəл осы жазда көрген едім. Халелмен де тұңғыш рет сонда – Жетібайда кездестім. Халел ондада дəл осы қалпы, үн-түнсіз, төмен қарап ойланады да жүреді. Кейде еңсесін көтеріп алады. Көз қиығына əжім жинап, аздап күлімсірейді. Қысықша қой көзі кенет
ұшқындап-ұшқындап қалады. Жұқа қызғылт ерні əнтек шүйіріліп, маған бірдеңе айтпақ болады. Бірақ айтпайды, үндемейді. Тамсанады да қояды. Мен Халелден үн шықпаған соң Николайға бұрыламын, мастердің қолын қатты қысамын: – Құттықтаймын, Коля, мынауың ғаламат көп мұнай ғой. Николай Петров мен қысқан қолының еркімен ұмсынып кеп, құлағыма сыбырлайды: – Халелді құттықтау керек, Халел мықтының өзі ғой... Десе дегендей. Халел – мұнайлы Маңғыстаудың мұрындығы. Онда жап-жас, мұнай институтын жаңа ғана бітіріп шыққан жас маман. Жан тыныштығын ойлаған жоқ. Ембідегі бар рахаттан баз кешіп, жапалақ ұшпас жапан түзге жалғыз тартты. Айлар, жылдар өтіп жатты. Шетсіз-шексіз шел жазира, құлазыған қу дала, сұр жазық. Аспанда қыран, жерде Халел ғана. Қыран не іздейтінін кім білсін, ал Халел бақыт – ел бақытын іздеп жүрді. Сөйтіп бір Халел бес, он, он бес... Халелге, Халелдің бір шатыры бес, он, он бес... шатырға айналды. Бұл сыр – бөлек хикая. Менің Халелім бір Халел емес, Маңғыстаудың қазіргі мың Халелінің символы. Асылы, бақыт барлаушыларының бəрі осындай ғой. Ақыры, міне, Жетібай – мұнай мұқиты... Сұлап жатқан сұр жазық. Мұнайшылар сол жазықтық ортасындағы шағын дөңнің жонын жағалай ойып-ойып жіберіп, жүз шамалы үй жертөле қазып алыпты. Адамдар інге кіріп, іннен шығып жүр. Бұдан он жыл бұрын атағы дүниені дүр сілкіндірген Жетібайымыз осы болатын. Жертөлелердің бірі – кəсіпшілік басқармасы; содан іннен шыққан суырдай суырыла көрінген қара жігіт жасы отызға жетпесе де мезгілінен бұрын шау тартып, маңдайын əжіммен айғыздай бастаған; бұл Жетібайды алғаш ашқан Халелдердің бірі – Тəжиев Хасан; бүгін де Жетібай барлау экспедициясын басқарады. – Сонда шыққан інің қайда?– деп күлген Халелге Хасен жертөлесін тауып бере алмады. Бүгінгі Жетібай жердің астында емес, үстінде: өңкей қызыл шатырлы ақ үйлер, жағалай құбатал өскен көгалды көшелер... Көп қатарлы, ылғи тас көшелі, ондаған мың адам мекендеген қазіргі Өзен қаласының орнында бұдан он жыл бұрын жалғыз
қазық қана тұр еді. Қазір мүлде басқа: көлденеңі он, ұзыны елу шақырымға созылған төрт кəсіпшіліктің мыңдаған скважиналары бірімен-бірі жүздеген шақырымға созылған асфальт жол арқылы жалғасады. «Елу жылда ел жаңа» деген ұғымды Маңғыстау мұнайшылары төңкеріп түсіріпті: он жылда Жетібай мен Өзен адам айтқысыз өзгеріп, түбек өңірі түп-түгел жаңарған. – Мұның құпиясын Рахмет құрдасыңның өмірі мен қызметінен іздесең табасың, – деді маған Ембі мұнай бірлестігінің бастығы Бөлекбай Сағынғалиев. – Өзен мұнайының тəуліктік өнімін екі жүз тоннадан отыз мың тоннаға дейін жеткізудің бес жыл бойы басы-қасында болып, ыстығына күйіп, суығына тоңған Рахмет Өтесінов. Рахмет – менің тай-құлындай тебісіп бірге өскен мектептес досым. Бір кезде оқу іздеп, Доссордан Алматыға да бірге келгенбіз. Керемет кісі, тамаша маман, мұнай өндірісінің асқан білгірі... Маған бір оқыс ой келді. Бұл өңірдің бақытын əңгімелеу үшін Рахметтің, Халелдің, Бөлекбайдың өмірі мен еңбегін жазу керек. Бұлардың бəрі – менің құрдастарым. Бір кезде Саттар Ерубаев «Менің құрдастарым» романын жазды. Бақыт туралы толғау еді. Бас каһарманы Рахмет болатын. Менің жазбағым да бақыт туралы, бақытты құрдастарым туралы, менің қаһарманым да – Рахмет. Қызық екен-ау!.. – Рахметке барыңдар, – деді Бөлекбай. – Бақыт туралы бірге ойлаңдар. Ұшып келеміз. Түн. Вертолетте Халел екеуміз ғана. Халел ойланады. Иллюминатордан төмен үңіле, үнсіз отырып, ұзақ-ұзақ ойланады. Төменде Маңғыстау даласы, Атыраудай шалқар теңіз, бірақ бұл – су емес, от теңізі. Күні кеше құлазып жатқан шөл мен сор бүгін адам танығысыз: күні-түні бірдей қайнаған еңбек, жайнаған өмір, шалқыған бақыт. Халел ойланады. Кейде еңсесін көтеріп алады. Көз қиығына əжім жинап, аздап күлімсірейді. Қысықша қой көзі кенет ұшқындап-ұшқындап қалады. Жұқа қызғылт ерні əнтек шүйіріліп,
маған бірдеңе айтпақ болады. Сірə, осы өңірдің бүгінгі бақыты туралы айтпақ болады-ау деймін. Бірақ үндемейді. Тамсанады да қояды. Қайтадан иллюминаторға төнеді: төменде – оттар, түнді күндіз еткен қыруар оттар, шөлге келген шүлен өмір – бақыт оттары... Жоғарыда – Халел. Ұшып келеді. Баяғы жапанда жалғыз ұшқан қыран құс емес, жердегі бақыт иелерінің, яки жер қырандарының бірі. Ол ойланады. Əлі ойланып отыр. Бақыт барлаушысы бақыт туралы ойлап отыр... ...Таң атты. Мен редакцияға телефон соқтым: – Кешегі өтініштеріңізді орындаймын. 350 жол мақала жазып беремін. Мен қазір бақыт туралы ойлап отырмын...
Екінші бөлім МҰЗ ҮСТІНДЕ ОТ ЖАҚҚАН Махамбет – 200 жыл
Махамбет – Абайға дейінгі ақындардың ақыны Махамбет – Абылайдан кейінгі батырлардың батыры. *Ахаң қазақ тілін, яки «ана тілін» əр қазақтың, һəм бар қазақтың анасының ақ сүті деп білген
*Тəуелсіздік туралы толғау
АРЫСТАН ЕДІ-АУ ИСАТАЙ!
«Таудан мұнартып ұшқан тарланым! Саған ұсынсам қолым жетер ме? Арызым айтсам өтер ме? Арыстаным, көп болды-ау
Саған да менің арманым!» Махамбет Биыл біз қой жылын той жылына айналдырдық. Ылғи ғана ығай мен сығай ақындар тойы, батырлар тойы: өзгелерін өз алдына қойғанда атыңнан айналайын Ахаң мен Жахаңның (Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың) тойы; бір жағында қанжығалы қарт Бөгембай, бір жағында қаракерей Қабанбай, алтын Арқаны дүр сілкіндіре дүрілдеп өткен, Темірхан ақынша айтсақ, хан Абылай – Хан иенің асы мен тойы... Енді міне, «Ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып, еңкуеңку жер шалып» еңіреп өткен есіл ер Исатай Тайманұлының екі жүз жылдығын думандата бастадық. Бүгінгі сұрақ пен сауал əрі нақты, əрі затты, екеу-ақ: алдымен, осы Исатай кім? Содан соң осы тойды не үшін тойлаймыз? Бірінші сұрақтың жауабы қысқа да нұсқа, оны Махамбет берген: «Садағына сары жебе салдырған, Садағының кірісін Сары алтынға малдырған, Тереңнен көзін ойдырған, Сүр жебелі оғына Тауықтың жүнін қойдырған! Маңдайын сары сусар бөрік басқан, Жауырынына күшіген жүнді оқ шанышқан, Айғайда белдік байланған, Астана жұртын айналған! Атына тұрман болсам деп, Жұртына құрбан болсам деп, Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен, Атқан оғы Еділ-Жайық тең өткен! Атқанын қардай боратқан, Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан
Арыстан еді-ау Исатай! Бұл фəнидің жүзінде Арыстан одан кім өткен?!» Осынау он тоғыз жол өлеңнің бір сөзін алу да, осыған бір сөз қосу да мүмкін емес. Бұл – құрыш сөзден құйылып жасалған таңғажайып тұлға – еңіреген ердің, ел қорғаны батырдың қайталанбас керемет көркем бейнесі. Тайманның Исатайы дегеніңіз, міне, осы. Демек, өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Еділ-Жайық екі өзен аралығын қоныстаған Бөкей хандығына қарасты қазақтардың отаршыл патшаға, патшашыл ханға қарсы Исатай – Махамбет бастап, он сегіз айға созылған қызыл қырғын кескілесін бұл арада ертегідей шұбата баяндап жату артық. Ендеше, екінші сауал!.. Оның да жауабын Махамбет өлеңдерінен табамыз. Исатай – сардар, өңге қазақтар – сарбаздар. Осылар деймін-ау, тағы да Махамбетше айтсақ, «қабағына қарыс сүйем мұз қатып, бұзбай құлан пісіріп, мұз үстіне от жағып, Еділ үшін егесіп, Жайық үшін жандасып, Қиғаш үшін қырылып, Тептер үшін тебісіп» жүргенде кіммен жауласқан? Қазақтар қазақтармен жауласқан ба? Жоқ, қазақтар казактармен жауласқан. Өйткені, ол кездегі казактар орыс патшасының қазақ жерін отарлау саясатын қылыштың күшімен, найзаның ұшымен қан жоса ғып іске асырушы кəззəптар болатын. Олардың Батыс Қазақстандағы басқыншылық əрекетіне зығыры қайнаған Мұрат Мөңкеұлы: «Еділді тартып алғаны – Етекке қолды салғаны. Жайықты тартып алғаны – Жағаға қолды салғаны. Ойылды тартып алғаны – Ойдағысы болғаны...», – деп тектен-тек зарламаған. Асылы, қазақтың ақырғы ханы Жəңгір Бөкейұлы біздің күні бүгінге дейін жерден алып, жерге салып келгеніміздей жаман қазақ болмаған.
Қалай жаман болады: бір өзі жеті жұрттың тілін білсе, Қазан университетіндегі ойшыл ортаның құрметті мүшесі болса, Нарынның қызыл құмына Орда деп аталатын сəнді де салтанатты қала салдырса, қаланы сыбызғыдай сыңсыған қыз қарағайлы жасыл орманға бөлесе, қала маңындағы қу медиен құба шөлді көзі тірі кезінде аққу ұшып, қаз қонған айдын да шалқар көлге айналдырса, қалада бұдан жүз елу жыл бұрын гимназия тектес үлгілі қазақ мектебін ашса... Бұл айта қалғандай зиялылық – көрегендік һəм көшелілік емес пе? Онда Махамбеттікі не: «Хан емессің – қасқырсың, Қара албасты басқырсың. Хан емессің – ылансың, Қара шұбар жылансың... Хан емессің – аярсың, Айыр құйрық шаянсың!» О, бұл сөзді Махамбет Жəңгірдің санасы жоқ саяздығы үшін емес, айласы көп аярлығы үшін айтқан. Жəңгір екі жүзді сатқын, орыс патшасының жəдігөйі болған. Қазаққа жаңағыдай шөлді шүлен етер жақсылық та жасаған, бірақ оны қарақан басының қамы, хан мансабы үшін оп-оңай сатып кете берген. Қазақтың ханы қазаққа емес, казакқа арқа сүйеген. Қазақтын əрі қасиеті, əрі қасіреті секілді Атыраудан Алтайға дейін көсілген сиымсыз да қиырсыз кең даласының батыс шалғайын бас жоқ, көз жоқ, туырлықтай тілгілеп Хан төңірегіндегі озбыр һəм обыр казактарға, патша пəрменіндегі бассыз һəм басқыншы казактарға бөліп бере берген... Ал, Исатайдың мақсаты басқа: «Еділдің бойы ен тоғай – Ел қондырсам деп едім. Жағалай жатқан сол елге Мал толтырсам деп едім». (Махамбет) Бүгінгі біздің мақсатымыз да осы емес пе? Бір кезде Абылай хан Абай айтқан «қалың елі қазағын – қайран жұртын» сыртқы жаудан қорғап қана қоймай, сиырдың бүйрегін-
дей бытыраған берекесіздіктен, алтыбақан алауыздықтан, өздерін өздері құртқан күншілдіктен – көре алмау мен қызғаныштан құтқармақ боп, үш жүздің басын қосар бірлікті мақсат етсе, Исатай қазақ арасын «күшпен бөл де үстем бол!» деп ханды халыққа қарсы қойып, атыстырып-шабыстырып баққан ақ патшаның отарлау саясатына қарсы шықты, елінің атамекенін жат жұрттан қорғап қалуды мақсат етті. Бүгінгі біздің мақсатымыз да осы емес пе? «Біз – қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп əндеттік біз өзіміздің Мемлекеттік гимнімізде... Алаш алаш болғалы аңсаған арманымыз осы. Қазақтардың Исатай–Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісі де тек тəуелсіздік, бостандық, еркіндік, егемендік жолындағы күрес. Бүгінгі біздің мақсатымыз да осы емес пе? Олай болса, Исатай батыр бұдан екі жүз жыл бұрын жасаған көненің көзі ғана емес, бізбен бүгін де бірге – үндес, тілдес, ділдес «тірілердің тірісінің» өзі, анау Ахиллес, мынау Прометей тəрізді мəңгілік тұлға. Біз Исатай Тайманұлының туған күнін сол үшін тойлаймыз. Исатай батыр – біздің ұлттық рухымыз. Қазақтардың қорлыққа көнбейтін, зорлыққа төзбейтін қайсар халық екенін дос пен дұшпанға қатар танытып тұрған қаһарман, біздің ұлттық мерейіміз бен мақтанышымыз. Сол үшін тойлаймыз. Бүгінде біздің бүкіл еліміз боп емірене танып, тебірене аялап алақанға салып төбемізге хан көтеріп отырған мəртебелі де мəрт Елбасымыз атажұртының бірлігін ойлағанда Абылайдың аруағына сыйынар, атамекенінің бүтіндігін ойлағанда Исатайдың рухына сүйенер деп ойлаймыз. Мынау ұлы тойды сол үшін тойлаймыз!
ТОЙ АЛДЫНДАҒЫ ТОҚТАМ Құрметті Үкімет басшысы! Қадірлі Үкімет мүшелері! Қымбатты Шəмша Көпбайқызы, ханымдар мен мырзалар! Мен Сіздерге Махамбет – Абайға дейінгі ақындардың ақыны, Абылайдан кейінгі батырлардың батыры екенін айтып; Махамбеттің есімі – өмірдегі қасіреттің синонимі, өнердегі қасиеттің символы екенін толғап; Махамбет өлеңі – қазақ сөзінің қайталанбас құдіреті: əрбір буыны мен бунағы, тармағы мен шумағы мұншалық тап-таза қорғасыннан құйылған ап-ауыр асыл сөз Қазақстаннан басқа жер бетіндегі ешбір елдің өлең-жырында жоң, оның өзге тілге оңай аударылмайтыны да сондықтан екенін талдап, уақыттарыңды алып жатпаймын. Сол Махамбеттің жасы келер жылы 240-қа толады. 100 жылдығы тойланған жоқ. 300 жылдығы тұсында осы отырған біздердің біріміз де жарық дүниеде болмаймыз. Демек, батыр-ақынның 200 жылдығын тойлау – Құдайдың өз қолымен бізге тартқан сыйы. Осыны терең түсінген ақылыңнан айналайын Елбасымыз өзінің бүкіл əлем таныған абыройы мен беделіне бағып, Махамбет мерекесін де Абайдан Мүсіреповке дейінгі ұлылардың торқалы тойлары секілді ЮНЕСКО деңгейіне алып шығып, күллі Еуропа мен Азия халықтарын Мұхиттың арғы бетімен қоса тағы да тəуелсіз Қазақстанға жалт қаратқалы отыр. Өйткені, Махамбет тойы – бір ақынның, не батырдың ғана тойы емес, баяғы бағзы дəуірден бермен қарай, Нұрсұлтан Назарбаевша айтқанда, тарихын ата-бабаларымыз тұлпардың тұяғымен жазып кеткен Ұлы даланың ұлдары мен қыздарының күні бүгінге дейін толассыз толқын атып, көбік шашып тасқындап келе жатқан азаттық жолындағы аяулы арманы мен аяусыз айқасының тойы; Қазақ халқының қайыспас қаһармандылығының тойы; Қаһарман қазақтың ақпа-төкпе, ағыл-тегіл ақындығының тойы; сайып келгенде, ұлтымыздың бүгінгі ақиқатқа айналған арманы – азат қазақ мемлекетінің тəуелсіздігінің тойы!..
Махамбеттің 200 жылдығы да бұрынғы мереке-мейрамдар секілді Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовтің жетекшілігімен ойдағыдай өтетініне күмəн жоқ. Бірақ бұл жолы, қайдан білейін, көріп отырмыз: Премьер-Министрдің айы мен күні түгіл əр сағаты санаулы. Ал уақыт болса, зымырап өтіп барады. Турасын айту керек, бүгінге дейін жасалған жұмыс көбіне іс жүзінде емес, сөз жүзінде... Мəселен, мен Атырауда болған үш ай ішінде жеті конференция өткіздім. Атыраудың бұрынғы, бүгінгі əкімшіліктері де қол қусырып қарап отырған жоқ, қарбалас үстінде. С.Дəукеев Үкімет косиссиясының үлгісімен облыстық комиссия құрып, бағдарлама белгілеп, өткен жылғы тамызда талқыға салды. Бүгінде А.Мусиннің басшылығымен сол комиссия қайта жаңартылып, жаңадан жоспар жасалды. Мерекелік шара сала-сала, атқарылар іс ұшантеңіз. Мен солардың ішінен сол алғашқы бас қосудың өзінде ең үлкен – үш нəрсені айрықша бөліп алып, дереу іске кірісуді ұсынған едім. Комиссия құптаған. Бірі – Исатай-Махамбетке орнатылар ескерткіш-мүсіндер композициясы. Сол жерде тапжылмай отырып, конкурс мəтінін жаздық. Ол газеттерде жарияланды. Конкурсқа үш мүсіншінің үш түрлі туындысы түсті. Үш күн жүріп, үш рет талқылап, үшеуінен үш деталь таңдап, қорытып алдық: (бұл істе облыстық мəдениет басқарма бастығы Бақыт Иманғалиев, Саматбек Бөкетай бастаған архитекторлардың еңбегін атап кеткім келеді.) алдында екі арғымақпен екі батыр – Исатай мен Махамбет келе жатады. Одан кейін – бедер-бейнелерге айналған Сарбазжасақтар, соңы мұражаймен аяқталады. Мұның ерекшелігі Махамбет өлеңдері үйге сыймай мұражайдың екі қанатына шалқып шығып, қатар-қатар тізіле қалған Маңғыстаудың ақ мəрмəрінен жасалған тақталарда алтынмен апталып жазылады. Махамбетті күнде оқу, жатқа білу деген осы болмақ. Той өтеді. Бізге керегі тойдан қалған тарихи мұра, құндылық – Атыраудың күллі келбетін өзгертер керемет осы болар еді, мұны тек мүсіншілердің шеберлігі шешеді. Анау Бейбарыс мүсіні секілді тасқа тіл бітіп, сөйлеп кетсе – шынында да керемет қой... Бейбарыс, бір мұң, бір сыр, мəңгілік сағыныш... Бұл басы-қасында жүріп қадағалаған Имекеңнің еңбегі.
Атақты «Мыс-салтатты» Санкт-Петербургтің символы секілді болса, Исатай-Махамбет композициясы Атыраудың символы болар еді. Екінші нəрсе – «Махамбет» энциклопедиясы. Мұны «Өлке» баспасы мен басам, «Арыс» баспасы мен басам дейді. Біз «Қазақ энциклопедиясы» баспасы немесе мұндайға тəжірибесі мол «Атамұра» корпорациясы қалай болар екен дейміз. Ал, министр Мұхтар Құл-Мұхаммедте де, Бас редактор Ə.Нысанбаевта да үн жоқ. Неге екенін түсінбеймін. Үшінші нəрсе – Махамбет туралы бұрын-соңды жазылған əдеби шығармаларды топтап басып шығару. Мен бұған сын көзімен қараймын. Сұрыптап, ең таңдаулыларын ғана топтау керек. Ол үшін үш адамнан комиссия құру керек: Н.Оразалин – Жазушылар одағы, Ə.Нұрпейісов – ПЕН клуб, З.Қабдолов – Махамбет қоры. Бұл үшеуі өз сарапшыларын өздері тауып, биыл күзге дейін таңдап бітулері керек. Осы үшеуінен басқа шараларды Үкімет комиссиясы, одан қала берсе екі облыста құрылған комиссиялар – Атырауда А.Мусин басқаратын, Оралда Қ.Көшербаев басқаратын топтар шешуі керек. Мəселен, «Махамбеттің ізімен» атты экспедиция, құрамы даяр, сол сапарда түсірілетін деректі фильм; оның құжаттары дайын. Бірақ не керек, тұяқ серпер қаржы жоқ. Атырау – Орал арасындағы даңғыл жол, Жайықтың Азия бетіндегі Индерге баратын жолды жөндеу, Индерден Қаройға дейін, немесе Жарсуаттан Махамбет мазарына дейін баратын жолды, ең болмаса тас төсеп тегістеу, сол секілді Қаройдағы Махамбет мазарының маңын көгалдандырып, тал егіп, қорыққа айналдыру... Исатай ауданындағы Исатай ескерткішін жаңарту, Махамбет ізі жосылып жатқан Жарсуат ауылын газдандыру... Бұлардың бəрі облыс əкімдерінің міндетіне жататын шығар, оны өздері айтар. Бір ескеретін нəрсе, айталық, Махамбет юбилейін өткізу Абай юбилейін өткізуден гөрі күрделірек. Бүгінде Абай басында дау жоқ, ал Махамбет басында дау көп. Абайдың дауы өткен ғасырдың алғашқы жартысында біткен, ал Махамбеттің дауы енді басталып жатыр.
Мен сөзімнің басында айтқан жеті конференция дегенім осы дауды шешу бағытында өтті жəне өте нəтижелі болды. Мəселен, Атырау университетінде өткен республикалық конференцияны облыс əкімі (Атырауға келген беті еді) Асекеңнің өзі ашып, басықасында өзі болды. Бас баяндаманы мен жасадым. (Конференция материалдары жеке кітап боп шықты). Конференцияда тек университет ғалымдары ғана емес, облыстың түкпір-түкпірінен келіп қатысқан ададар бір ауыздан Жəңгір ханға ақи-тақи жау деп қарайтын ұшқары ұғымды өзгертті, дұрыс түсінікке көшті. Индерде өткен конференцияда да жергілікті сипаттағы дау-дамайлар болды. Оған да түсіністікпен қарадық. Дей тұрғанмен, Жəңгірхан жағындағылардың бəрін көзінен тізіп ақтай беру, мақтай беру жөн емес. Мысалы, «Егемен Қазақстанның» бұдан бір апта бұрын 5-шілдедегі «Білемін, хан Байеке, нарлығыңды» деген мақаласындағы Махамбетті өлтіру үшін бəйге тігіп, аңдып жүріп басын кестірген Баймағамбет Айшуақовты ақтау тенденциясы халықтың көңіліне келіп жатыр. Асылы, асыра сілтеуден сақ болған жөн. Қысқасы, менің сөзім Əуезовше айтқанда, бүгінгі əңгіменің бастауы – құлақ күйі. Гоголше айтқанда, настройы ғана. Құлақ күйі дұрыс түссе, домбыра күй төгеді; настройы келіссе, көркем шығарма шедеврге айналатын көрінеді. Ал мен шедеврді – көркемдіктің көкесі деп аударып жүрмін. Жə, мен болдым.
ҚАҺАРМАН АҚЫННЫҢ ТАҒДЫРЫ МЕН ТАҒЫЛЫМЫ
«Мұнар да мұнар, мұнар күн, Бұлттан шығар шұбар күн, Буыршын мұзға тайған күн,
Бура атанға шөккен күн...» Мұндай ғажайып қазанаманы (реквиемді) Махамбетке дейін кім жазған? Ал, Махамбеттен кейін кім жазыпты? Міне, Махамбет өлеңі – қазақ сөзінің қайталанбас құдіреті дейтініміз – осы! Əрбір буыны мен бунағы, тармағы мен шумағы мұншалық тап-таза қорғасыннан құйылған ап-ауыр асыл сөз қазақтан басқа жер бетіндегі ешбір елдің өлең-жырында жоқ. Онын өзге тілге оңай аударылмайтыны да сондықтан. Махамбет мұндай теңдесі жоқ тарлан талант, көркем сөздің хас шебері болмауы мүмкін емес еді. Ол туып-өскен Еділ мен Жайық – екі өзен саласы, Нарын мен Тайсойған – егіз құм арасы, күллі қазақ елі мен жерінің қадір-қасиетін терең таныған орыс оқымыстысы (Шоқанның досы) Григорий Потанин айтқандай, жусаны мен бұйырғыны, көдесі мен көкпегіне дейін əн салып тұрған ақын дала... Асан Қайғы мен Қазтуғаннан, Доспамбет пен Шəлгезден бермен қарай қаздай тізілген ақпа-төкпе ақжал ақындар жыры, тіпті сонау Сыпыра жырау таңды таңға ұрып қанша толғаса да айтыптүгесе алмай кеткен «Қырымның қырық батыры» сияқты жыр дариясы осы өлкеде туған. Мұншалық ағыл-тегіл асау тасқынның бір арнаға тоғыса келіп, сарқып құяр сағасы – Махамбет поэзиясы. Осынау толғамы тоқсан жыр толқындарын Махамбет тек қана қазақ поэзиясына тəн «Толғау» деп аталатын əрі лирикалық, əрі эпикалық айрықша жанр ретінде қалыптастырған үстіне қалыптастыра түсіп, одан əрі дамытып қана қойған жоқ, тура кемеліне келтірді. Бұрын əр тақырыпта, əр сипаттағы үзінді-жұлынды фрагмент түрінде бөлек-бөлек бытырап айтылатын бұл жырлар Махамбет тұсында бірыңғай жанрлық бірлікке көшіп, бір ұлы идеалға – халықтың ғасырлар бойы аңсаған асыл мұраты – Азаттық идеясына ұласып, гимніне тұтасты. Сол арқылы Махамбет қазақ поэзиясындағы ұлттық дəстүрді жаңашылдыққа жалғастырды. Сонда
«Толғаудың» пішіні байырғы болғанмен, мазмұны мүлде жаңарып шыға келді. Қазақ поэзиясындағы қашаннан ханға сəлем бермейтін тəкаппар өрлікті Махамбет қаһарлы ерлікке көшірді. Сонда Махамбеттің мазмұны мен пішіні бір ғана уақытта – Жəңгірхан тұсында, бір ғана кеңістікте – Бөкей ордасында, бір ғана тақырыпта – Исатай екеуі бастаған қан майданда, бір ғана идеяда – Қазақ халқының азаттығы мен бостандығын армандаудан туған Махамбет поэзиясындағы бас-аяғы жетпіс тоғыз толғау – көлем жағынан санаулы, тым аз болғанмен, мағына-мазмұн тереңіне келгенде жетпіс тоғыз дастанға бергісіз ұлан-асыр шындық, яки адам басында болатын күллі сезім мен сыр, іс пен əрекет, қимылқарекет, сайып келгенде, өмір мен өлім, адамзатқа тəн тағдыр мен талай... – бəр-бəрі бір ғана ұлы арнада тасқындап ақты, толғамын тапты. Махамбет толғауларының оқушы мен тыңдаушыны баурап əкететін адам айтқысыз əсері мен ықпалы, таным тарапындағы мағынасы мен тəрбие саласындағы мəні дəл осы тақырып тұтастығында, бітімі бүтін біртұтас идеялық-көркемдік қуатында, адамның жан-дүниесін жұлқып-жұлқып қалатын, сілкіп-сілкіп алатын магиялық күшінде жатыр. Махамбет – Абайға дейінгі ақындардың ақыны дейтін себебіміз – осы. * Ал, Махамбет – Абылайдан кейінгі батырлардың батыры дейтін себебіміз не? Əмбеге аян, 1846 жылғы 19 қазан күні қасіретті Қаройда қасиетті Махамбеттің басы кесілді. – Бітті! – деп шулады, ақынның өзі айтқандай, ешқашан «ел болмайтын, етектен кесіп жең болмайтын» оның ежелгі дұшпандары. – Махамбет өлді, өшті, құрыды. Жоқ! Дəл сол күні – Махамбеттің өлген күні емес, мəңгі-бақи тірі қалған күні еді: Махамбет секілді пайғамбардың ғұмырнамасында екі күн (туған күн, өлген күн) деген болмайды, бір-ақ күн – туған күн ғана болады. Махамбет топырағынан жаралған, Махамбет тектес Хамит ақынның өлеңі бар:
«Анам тарих айтты сабақ алыңдар! Бұл табытта сүйек емес, жалын бар. Өз бесігін сақтай білсін календарь, Өлген күні тірі өмірде қалыңдар!» Демек, Өмірде тірі қалудың үлгісі сол жылғы ақыраптың ақырғы күні Махамбет өзінің өлімімен дəлелдеп көрсетті. Бұлай болмауы тағы да мүмкін емес еді. Қазақ тарихында ақын ғана емес, батыр да баршылық. Ақындық пен батырлықтын арасы бір-бірінен онша қашық емес. Задында, батыр өмірдегі ақындық секілді болса, ақын өнердегі батырлық тəрізді. Қазақ поэзиясында «Батырлар жыры» дейтін эпикалық дастандар циклі өз алдына бір төбе екені де тектен-тек емес. Батырдың да батыры бар. Ауылын аңмен асырайтын, руын қорғаштайтын, ел шабатын, мал тонайтын, жер жаулайтын, ханмен қастасса баққа, таққа таласатын қара күш иелері жетіп-артылады. Махамбеттің батырлығы бұлардың бірі де емес. Махамбет – ердің мақсаты – ерекше мақсат. Оның күресі ханмен ғана емес, хан арқылы халықты қан қақсатқан отаршылдық бұғауына қарсы, халқымыздың азаттығы үшін, біздің бүгінгі күніміз үшін күрес. Талант тумыстан. Талант – тағдыр. Махамбеттің ақындығы – өзінің тағдыры болса, батырлығы – өзгелерге қалдырған тағылымы. Біз күні кешеге дейін осы шындыққа тек қана таптық тұрғыдан қарап, Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық қозғалысын мейілінше тар шеңберде уағыздап келдік. Қазақ халқын ғасырлар бойы қараңғы қапаста ұстаған отаршылдық қырсығынан, кеңестік солақай идеология зардабынан ұлы орыстық шовинизм салдарынан «Қазақ хандарының бəрі жауыз, қанішерлер, ал орыс патшаларының бəрі шетінен дана, шетінен халық қамқоршысы» (Əбу Сəрсенбаев) деп келдік. Ал Махамбеттің мақсаты мен мүддесі мұндай мəңгүрттікке, ұлтсыздыққа, намыссыздыққа қарама-қарсы, хан мен қараның арасындағы бас араздықтан гөрі əлдеқайда əріде жатыр. Ресей империясының бодандық бұғауынан құтыла алмасада I Павел патшаның шынжырлы саясатына көніп, бұрын жат жұрт таптаған Екі өзен арасын өзімізге қайтарған соң Жайықтың Бұқар бетіндегі қазақтарды Самар бетіне көшіріп Хандыққа қоныс-
тандырған Бөкейді; құлазып жатқан құла даладағы Жасқұс құмына Орда қаласын салғызып, Бөкей ордасына мектеп, мұражай, клуб, кітапхана, қару-жарақ палатасы секілді білім мен мəдениет ошақтарын ашқан, жыңылаған жəрмеңке-базар ұйымдастырған бір өзі бірнеше тіл білген білімдар ханзада – өз дəуірінің үлкен реформаторы Жəңгірді тек хан болғандары үшін ғана, жоғарыда айтылғандай, «жауыз, қанішер» деп қарғап-сілеуге, халықтың жауы санауға бола ма? Жоқ, Исатай мен Махамбет Бөкейхан мен Жəңгірханның елжұрт алдындағы əлгідей игі істерін жоққа шығармаған. Кезінде Тайман мен Бөкейдің құшаққа құшақ қосқан достығы секілді, ілкіде Исатай да, Махамбет те Жəңгірмен бір пиғылда, керек десеңіз, батыр мен ақын ханның биі немесе старшыны ретінде онымен мүдделес болған. Бірақ, амал не, Еділ-Жайық арасын жиырма екі жыл билеген Жəңгірханның жеке қара басы орыс патшасының қанжығасына байлаулы еді. Ол басқарған Бөкей хандығы да отаршыл патша бұғауындағы қарғылы хандық болатын. Басында Бөкей мен Жəңгірдің елге əкелген игіліктері, соларды жүзеге асыруда хандықта болып жатқан оқиғалардың бəрі заңды көрінгенмен жүре-бара өзімшіл, шамшыл, патшашыл Жəңгірдің іс-əрекетінде жан шыдамас заңсыздықтар орын ала бастады. Заңсыздықтың ең үлкені: «Патшаның қазақтікі деген жерін Жəңгір өзімнің жерім деп түсінді. Қара халықтың жері ханның мүлкі деген пікірді жүргізді» (Халел Досмұхамедов). Осы заңсыздықты өздері үшін «заңға» айналдырған хан жəне оның қайынатасы Қарауылқожа Бабажанов бастаған қарақұрым хан төңірегі түгелімен халық қазынасын, ел байлығын «хан талапайға» салған қанқұйлы тонаушыларға айналды... Исатай мен Махамбеттің, оларға ерген қалың бұқараның ханға жауығуына бас себеп – осы! Оның үстіне ақылы қанша болса, айласы сонша, таққұмар, баққұмар хан өз мансабын қорғау əрекетінде қазаққа емес, орыс патшасының қазаққа қарсы ұстаған қолшоқпары кəззап казакқа (казак орысқа) сүйенді. Бұл – тағы бір себеп. Осы себептер салдарынан хан жасағымен, патша əскерімен Исатай-Махамбет бастаған қалың бұқарының қанды майданы дүркіреп басталды да кетті.
Өнер өмірден туады. Қазақ əдебиетінің асыл қазынасы болып табылатын дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлының дауылды жырлары осынау өліспей беріспес тарихи тартыстан туған. * Жарық дүниеде бірінен бірі туып, бірінен бірі өрбіп жататын өмір бар да өнер бар. Өмір өнерге көшкенде ғана өмір, əйтпесе ол – бүгін бар, ертең жоқ уақытша пенде секілді өткінші. Заман да солай. Ал өнер мəңгілік! «Қоғалы көлдер, құм-сулар Кімдерге қоныс болмаған. Саздауға біткен құба тал Кімдерге сайғақ болмаған. Басына жібек байлаған Арулар кімнен қалмаған...» – дейді Махамбет. Пайғамбардың сөзі! Сондықтан да Махамбет Құдай берген тума талантының арқасында аз ғұмырында өзі басынан кешкен өмірді өнерге көшірген де, өлеңге айналдырған. Александр Твардовский нағыз жақсы өлеңді «тап-таза алтын» («чистое золото») дейді екен. Асылы, алтын деген зат өлшеуі, аз болады. Махамбет өлеңдері де со секілді аз: бəрін жиғанда бір қойын дəптерге сыйып кетеді. Ал оқып қараңыз, əр жолы – алтын; терең мағына мен мазмұн; бір мұң, бір сыр... көл-көсір философия: «Бұзбай құлан пісірмей, Мұз үстіне от жақпай!» Не дейді? Құланды бірдеңе етіп «бұзбай пісіріп» көруге болады, ал «мұз үстінде от жағу» деген не сұмдық? Жə арғы жағын оқып байқайық: «Мұз үстіне от жақпай, Қу найзаға сүйеніп, Құр далада зар қақпай, Жалғыз жүріп ат бақпай, Қабағыма қарыс сүйем мұз қатпай, Қапыда қалған қасқамын Қақ жүректен найза түйретпей! Жалғыз қалдым, Адасып қалған үйректей...»
Шіркіннін бір ғана күрсінуінің өзі осындай. Батыр ақынның ыза мен кекке қайнап аһ ұрған өкінішін бұдан артық қалай жеткізуге болады. Болмайды. Мүмкін емес. Ол үшін тек Махамбет керек. «Махамбет екі образ жасады», – дейді академик Қажым Жұмалиев. – Бірі Исатай образы, екіншісі Махамбеттің өз образы. Дəл айтқан: Махамбет бірнеше толғауында əлгідей «алтын сөздермен» майдандас ағасы – «ақ кіреуке жағасы» Исатай Таймановтың – ол басшы, бұл қосшы боп қасында бірге жүрсе де ұсынса қолы жетпес алыс «арманның – таудан мұнартып ұшқан тарланының, кермиығы – кербезінің, Керіскедей шандозының, құландай ащы дауыстының, құлжадай айбар мүйізінің, қырмыздай ажарлының, Хиуадай базарлының, теңіздей терең ақылдының, тебіренбес ауыр мінездінің» тастан қашалғандай, сом тұлғасын əуелі осылай мүсіндеп, мінездеп алады да, одан əрі бұл суретті қимылсыз статика қалпында қалдырмай, алай-дүлей асау динамикаға көшіріп, асқақтата, аспандата шырқап əкетеді: «Маңдайын сары сусар бөрік басқан, Жауырынына күшіген жүнді оқ шанышқан. Айқайласа белдік байлаған, Астана жұртын айналған; Атына тұрман болсам деп, Жұртына құрбан болсам деп, Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен, Атқан оғы Еділ-Жайық тең өткен, Атқанын қардай боратқан, Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан – Арыстан еді-ау Исатай! Бұл пəнидін жүзінде Арыстан одан кім өткен?!» Батыр ақын батыр қолбасының сөз өнеріндегі мəңгілік бейнесін осылай да, бұрқанған күшке, бұла қайратқа, шиыршық атқан жігерге, ызалы ашуға, ашулы ақылға, ақылды нақылға толы өлең-жырын өзінің автопортретіне айналдырды. «Махамбеттің өз образы» деген – сол! Өйткені оның «қорғасыннан құйылған» ап-ауыр əр сөзінен Өзін танимыз. Көнеретін архаизм да емес жаңаратын неологизм де емес, нақ екі арадағы екеуіне бірдей
етене, еркін, еспе мағыналы ерке де серке сөздерді қайдан іздеп тауып, қалай ғана ағыл-тегіл, ақпа-төкпе өлеңге өріп жібергеніне таң қаласыз. Контекстегі əр сөз əрін де, нəрін де келтіретін орнын дəл тауып, ойнап тұр. Ақындық шеберлік деген сол емес пе? Махамбет! Тек қана осынау ардақты əрі аяулы есімнің өзі – өмірдегі қасіреттің синонимі, өнердегі қасиеттің символы дейтін себебіміз: оның өзінде жеке бастың өмірі болмаған, өмірі өнеріне көшіп кеткен де қасиетке айналған, жеке тіршілігінде тек қасірет қана қалған. Өзін ойламаған, өзге жайын – ел қамын ғана ойлаған. Отбасынан баз кешіп, өз рахатынан өзі безіп, ылғи ғана «ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып» жүргендегі мақсат-мүддесі – Елінің Ертеңі ғана. Суреткердің шығармашылығы оның ғұмырнамасымен тығыз байланысты десек, Махамбеттің «жорық жырлары» тұтастай алғанда, əлгі айтқанымыздай, өзінің айдынды да айбынды автопортреті болса, мұның өзі бүгінде тек қазақтың ғана ерекше ұлттық діліне тəн азаттықтың асқақ рухына айналып отыр. Қолына қауырсын қаламы мен шашақты найзасын қатар ұстаған Қаһарман ақынның біз таныған тағдыры мен тағылымы осындай. АЙБЫН МЕН АЙДЫН (Атырауда Исатай-Махамбет мүсіндері ашылған күнгі сөйленген сөз) Қадірлі отандастар! Көруге көз керек оқиғалар болып жатыр... Біздің мəртебелі Президентіміз Астанадан Атырауға арнайы келіп, аттары аңызға айналған азаттық ардагерлері Исатай мен Махамбеттің ұрпақтан-ұрпаққа мəңгілік мұра ретінде тасқа қашалған мүсін композициясын өз қолымен ашты. Сонымен бүгін Санкт-Петербургтің эмблемасы болып табылатын, кезінде Пушкин жырға қосқан əйгілі «Мыс салтатты» секілді, арғымақтары ауыздықпен алысқан біздің егіз батыр – қос қыран да Жайық
жағасында тұңғиық ойға шомған Бейбарыс сұлтанмен қосылып, Атыраудың сəні мен сəулетіне айналды. Осы оқиғаны тереңірек байыптап-пайымдаған біздің бүгінгі сөзіміз Мұнайшылар астанасындағы осынау шағын залдан ғана емес, қазақтың ұланғайыр кең даласының төрінен, ол – ол ма, күллі адамзат көз тігіп, құлақ түрген бүкіл əлем сахнасынан айтылуға жəне естілуге тиіс. Ойлан, қазақ! Біздің мұншалық биік мінбеге көтеріп тұрған екі құдірет-күш бар: бірі – бодан емес бостан, егемен Еліміздің айбыны; Екіншісі – Өзі көтерген еркіндік туының астында елін – Ел етіп келе жатқан кемеңгер Елбасының айдыны! Айбын мен айдын!.. Осы ақиқатты парықтай қалғанда тура ашып айтатын, ашық айтатын бір нəрсе: өркениетке бет түзеген Ел тəуелсіздігінің ең соңғы он – он екі жылында өркені өсе түсуге тиіс əдебиетіміз бен мəдениетіміздің алыптары Абай мен Жамбылдың жүз елу, Əуезов пен Сəтбаевтың, Мұқанов пен Мүсіреповтің жүз жылдықтары, енді міне, Махамбеттің екі жүз жылдығы азат Қазақ топырағында ЮНЕСКО шеңберінде, əлем деңгейінде тойлануы – біздің тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың бүкіл дүние таныған беделі мен абыройының арқасы. Мына кереметті қараңыз: бұдан бір жарым ғасыр бұрын қасіретті Қаройда қасиетті Махамбеттің басы кесілді. Қасында он жасар ұлы Нұрсұлтан бар еді. Əкесінің ажалына ара тұра алмады, еңіреп жылағаннан басқа қолынан келер қауқар болмады. – Бітті! Бəрі бітті! – деп шулады, ақынның өзі айтқандай, ешқашан «ел болмайтын, етектен кесіп жең болмайтын» оның ежелгі дұшпандары. – Махамбет өлді, өшті, құрыды. Жоқ! Дəл сол күн – Махамбеттің өлген күні емес, мəңгі-бақи тірі қалған күні еді. Мұны дəлелдеу үшін сол кездегі Махамбеттің бала Нұрсұлтаны емес, біздің жаңа дəуіріміздің дана Нұрсұлтаны керек екен... Біз бүгін соның куəсі болдық. Куə болу аз. Осынау тарихи оқиғадан біздің тарихи қорытынды шығаруымыз шарт!
Сайып келгенде, біз Махамбетті Жəңгірге айтқан «Хан емессің, қасқырсың! Қара албасты басқырсың!» деген қарғысы үшін емес, «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім» деген алғысқа лайық мақсаты мен мүддесі үшін қадірлейміз. Қанша дегенмен, Еділіңіз тек мына ара ғана. Ал мен келешекті кең ойлайтын кемеңгер Елбасымыз бүкіл елімізді Ел етіп келе жатыр деп тұрмын. Данышпан Абай айтқандай, «алтыбақан алауыздығымыз» бар емес пе, бұл сөзді біреу «жағымпаздық» дер, біреу «культ» дер... Мен, мəселен, жағыну дегеннің не екенін білмеймін. Оның маған керегі де жоқ. Ал, «культ» деп өзіміз қолдан жасап алған құбыжықтан қорықпауымыз керек. Өзгенің өзімшілдігін əшкерелеу үшін сол «культ» деген пəлені шығарған пендеміз кейін өзінің «культін» кез келген «культтен» əлдеқайда асырып жібергенін бəріміз білеміз. Демек, мұндай лоторея ойыны секілді жалған демократияның, тым арзан демократияның дəл бүгін қажеті жоқ. Қазір бізге бəрінен зəру, бəрінен қымбат нəрсе – азат мемлекетіміздің ары мен айбыны, ақылды мемлекет басшысының абыройы мен айдыны. – Ұлы қазақ халқы! – деген сөзді Қазақстан жазушыларының үшінші съезінде алғаш рет айтқан ұлы орыстың ұлы жазушысы Михаил Александрович Шолохов. Оның «ұлы» деп отырғаны – тағы да «культ» емес, Ұлт – Алаш! Ал біздің ұлтымызды ұлықтау үшін «Алты Алаштың Ардағы» керек. Мен Президент Назарбаевтың Қазақстандағы барлық ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы мен достығын көздің қарашығындай сақтай тұра өзінің ұлтын ұлықтаудың үлгісін көрсетіп отырғанын үш жүз емес, бас-аяғы үш-ақ мысалмен дəлелдегім келеді. «Ымға түсінбеген дымға түсінбейді» деп Нұрекең кейде күледі. Үш мысал арқылы сол күлкінің сырын түсінсек деп едім. Бірінші мысал – Астана! Мұның стратегиялық мəні адам айтқысыз. Астананың Алматыдан Ақмолаға көшірілуі нəтижесінде айдалада бұрын-соңды болып көрмеген зəулім Нью-Йорк тұрғызылып жатқанын айтпағанда, «Романовтардың үш ғасыр отар-
лағанда істей алмаған ісін коммунистер үш жылда істеді» деп мақтанған Хуршевтың 7 пайызға түсіріп тастаған сол өлкенің қазағы қазір 70 пайызға жетті. Бұл не? Екінші мысал – Оралмандар! Бір кезде ойрандалған елінен безіп, бүгінде шекара сыртында қалған миллиондаған қазақтардың біртіндеп Отанына оралып, топ-тобымен азаматтық алуы – ғасырлық арман еді. Орындалуы ешкімнің қолынан келмеген осы арманның тек тəуелсіздік тұсында ғана ақиқатқа айналуы... Бұл не нəрсе? Үшінші мысал – Ауыл жылы! Ауыл деген – қазақ деген сөз. Ауылды көтеру – қазақты көтеру. Ал «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бəріміз» деп ақын айтқандай, ауылды өркендету – елді Ел ету емес пе? Осынша ізгіліктер мен игіліктер үшін жер астында бір-бір аударылып түсіп жатқан Махамбет жəне елім, жұртым, ұлтым деп зарлап өткен махамбеттер, жер үстінде біз Егемен еліміздің Елбасына дəл бүгін жан-жүректен алғыс айтпағанда қашан айтамыз? Рахмет! 14.09.2003 ж АҚЫН ӨЛІМІ Роман эскиздері «Желпілдеген ала Ту Жиырылып ойға түскен күн». Махамбет «Погив поэт!– невольник чести...» Лермонтов Түс Түндік жабық. Киіз есік түсірулі, сықырлауық та тас бекітулі еді. Қайдан келгені, қашан кіргені белгісіз, бір бас... Босағадан қылт-қылт етті де бұға қалды. Қашып жүр ме, қуып жүр ме, белгісіз. Қимыл-қозғалысының бəрі біртүрлі жат, жабайы. Махамбет туралы роман осылай аталмақ еді. Амал нешік, сөз зергері асыл арманының арнасын ғана салып үлгеріпті...
Қайқаң етіп қайта көтерілді. Мойыны бос, былғаң-былғаң етеді. Мұнысы мүлде анайы. Үй іші көзге түртсе көргісіз қараңғы, қап-қара да, бас көрінген жер ойып алғандай аппақ, жап-жарық. Тіпті ақылға симайды; əлдебір ақ ұлпа сəуле шаңырақтан саулап құйылып, шымыршымыр қайнап, шағырмақ нұр-шұғыласын бас кірген босағаға бөліп төгіп тұр. Бұл да жұмбақ, мұның да қалай екені белгісіз. Ақ мамық арай айрың-үйрің. Өзінің жоғарыдан төмен төгілуі қызық: шашырамайды, бұлың-бұлың бір ізбен жылансыраттана жылжып, сусып құйылады. Осыған оқта-текте мың-мың тырна көзіндей тізіле жылтыраған күміс ағын араласады да күлдіреуіштен маңдайшаға қарай шұбыра сырғып, жосып-жосып өтеді. Əрі сырлы, əрі сиқырлы. Бас... Бұлғаң етіп тағы шыға келді. Бұл жолы əлгідей емес, аптығы басылған. Қылтылдамайды, бұлтыңдап ұшып-қонбайды; қашпайды да қумайды, сарабдал сабыр тапқан. Босағадан баяу бұрылып, төр жаққа тұнжырай қарады. Кескіні таныс тəрізді: қара шаш, қара қас, қара мұрт – бəрі де көмірдей қара, тып-тықыр, жып-жылтыр. Əсіресе төбесін тегіс жапқан қара шаштың түрі мен түсі айырықша; құндыз сияқты, яки құлын сауырының көз ұялтар тықыр түгі тəрізді жылт-жылт етеді. Иектегі бір шөкім шоқша сақал да қап-қара, қып-қысқа; ұзындығы екі-ақ елі; ұшы сүйір, түп жағы күлтеленген тығыз. Əрі сұлу, əрі сұсты. Бəрінен бұрын көздегі сес бөлек; ұясы үлкен, қарашығы мөлдір бадана көзде от көп, шоқыбел қыр мұрынның екі жағынан пышырпышыр ұшқын шашыратып тұрғандай. Шырасы шұғыл тұтанып, кəдімгідей лып-лып етіп, жиі жанып сөне береді. Жанса жадырайды, сөнсе тұнжырайды. Осылай қырық құбылған күйі, күтпеген жерден бір лықсып, төрде – төсекте жатқан Махамбетке шапшаң жақындап, кеуде тұстан кенет еңкейіп төне түсті. Махамбет əдеттен тыс тіксініп: – Өй, қайтеді мынау!– деп қалды. Бөгде кісі бетіне тіке қарауға батпайтын айдынды адамға мынадай басыну шынымен-ақ сұмдық көрініп еді. Жоқ, сұмдық бұл емес басқа боп шықты: неге ілініп тұрғаны белгісіз, шалқалап жатқан Махамбеттің кеуде тұсында мойын да
жоқ, дене де жоқ, аяқ та жоқ, домаланған бас қана тұр. Бас... Тек қана бас... Манағы кейпі тағы өзгерген. Жанары жалынсыз. Көз шарасы енді ойға, уайымға толы. Жабырқау, жұпыны, жүдеу. Япырмау, əлгібір от, жалын, жігер қайда? Зым-зия... Қалай құбылады? Əлде бір əлгі емес, басқа ма? Жоқ, сол: қара шаш, қара қас, қара мұрт – бəрі де көмірдей қара, тып-тықыр, жып-жылтыр. Өзгерген тек көз ғана: шырасы кенет сөнген, кірпігін мұнарлы мұң торлаған, қиығын айқыш-ұйқым əжім айғыздаған. Асылы, адамның бар құпиясы көзде тұрады. Мынаны өзгерткен де көз, тек көз ғана. Жанардан жалын тайған, болды, бұл да дереу тұнжырап, қажыр мен қайраттан қатар айырылған. Дəл осы адам аяғандай əлсіз, аяқ астынан діңкесі құрып, қалжыраған қалпы, Махамбеттің төсіне бетін баса жаздап, біртүрлі шағынғандай, шерлене иіліп кеп сəлем бергендей, табына тағзым еткендей болды. Махамбеттің жүрегі əнтек алқымына тығыла тулап, денесі дірдір тітіркенді. Сол сəтте ұйып, мұздап кеткен қол-аяғын əрең икемге келтіріп, қорғасын толы қобдимен бастырғандай оқыс ауырлаған көкірегін күшпен көтере берген Махамбет енді бір мезет өз көзіне өзі сенбей, тұла бойы түгел түршігіп, безгек буғандай қалшқалш етті: бас басқа емес, дəл өзінің басы... – Аһ, аһ!.. Махамбет ақыра айғайлап, ұшып тұрды. Жан-жағына үрпиген үреймен, сезіктене қарады. * Таң атыпты. Шығар күннің əріден шашыраған солғын шапағы болса керек, сұйықтау қызғылт сəуле туырлық сыртынан саз беріп, ірге киіз етегінен, тоқыма ши сыртынан сызаттайды. Үй іші бозғылт, жүк арасы алакеугім. Өзінің шамалауынша Махамбет қатты айғайлаған секілді еді. Жоқ, əр жерде – текемет үстінде бүрісіп-бүрісіп жатқан бірлі-жарым адамның бір де бірі селт етіп көрпесін қозғамапты. Соған қарағанда, сірə өңінде емес, түсінде тұншығып, дыбыссыз дауыстаған-ды. Қалай болғандада ол орнынан бір тұрғасын, енді қайтып жатпады. Алакөлеңке үй ішінде ақзон көйлегі ағараңдап жүріп,
барқыт шалбарын тауып киді; жалпақтығы жарты қарыс былғары белбеуін қынды қанжарына қоса кереге басынан сыпырып ап беліне буынды да, иығына түйежүн түбіт шекпенін желбегей жамыла сала тағы мысықтай жұмсақ жеңіл қимылмен лып беріп сыртқа атқып шықты. Қарой Аңқ етіп, Жайық жақтан жел есті. Күзгі қара суық дейтін емес, ауаны əнтек қоюлатқан дымысызы болмаса, ызғырығы жоқ, біртүрлі бір елбіреген майда леп; Нарын мен Тайсойған аралығындағы жалпақ жазықтың таңғы тынысындай кең, кеудеге кеулеп кіріп бой сергіткен жанға жайлы салқын самал. Жалғыз-ақ кей-кейде лүп етіп кенет үрлеп қала ма, бір түрлі, Қаройдың қалың бидайығы оқта-текте жез мұрттарын желге тосып, бір ойдым көл бетіндей ырғала толқып, жаппай тыпырлап-сілкіне береді де тез тынады. Міне, тағы бір тербеліп тоқтады. Сəл ғана. Бір-ақ мезет! Болды. Қарой тағы жым-жырт, тып-тыныш. Махамбет те кілт кідіріп, кенет тынды. Жаңа ғана үйден шыққанда алай-дүлей, ұйқы-тұйқы көңіл күйі күрт өзгеріп, сілтідей тынды. Табиғаты тылсым, сыры жұмбақ, бар құпиясын ішке бүгіп, бір өзі ғана біліп, үн-түнсіз жатқан сұп-сұлық Қарой оған қымқуыт ой салды. Махамбет ойға қалды. Ой! Ұшы-қиырсыз тұңғиық ой... Қарой – жайықтың Жарсуат өткелінен қырық шақырым шалғайдағы бас-аяғы тай шаптырымдай ғана тайпақ алаң. Исатай мен Махамбетті Тайсойғаннан Нарынға, Нарыннан Тайсойғанға көп рет көпірсіз өткізген Ұлы өзеннен шығысқа қарай салттап шыға қалсаңыз, маңдай алдыңызда кесе-көлденең көсіліп Замантау жатады. Замантау! Қыста қар жамылғанда қандай екенін кім білген, əйтеуір көктем мен жазда көгілдір сағымға шомылып алдамшы ажар тапқан Замантау əдеттегіден гөрі бірқыдыру биіктеп кетеді. Биіктеп қана
қоймайды, құбыла, құлпыра заулаған жіті қимылға, қозғалысқа көшеді. Сол бетімен Оңтүстіктен солтүстікке – Дендер жоталарына қарай жосыла бергенде кеуде тұсынан наркескен тиіп нарша сұлатып кеткендей Замантау – əрі тұйық, əрі қызық. Тұйық болатын себебі – Атырау адамдарының басынан өткен қилы-қилы заман құпияларын ішіне бүгіп, бауырына басып, сырт көзге сыр бермей үнсіз жатады. Қызық болатын себебі – жай жатпайды, жаңа ғана көзіңізді алдап бұлың-бұлың бұлдырай мұнартып жатқан биік жал сіз жақындаған сайын сағымын таратып, бірте-бірте аласара береді. Онымен де қоймайды, аласарып барабара Дендердің аспан астындағы аспан тəрізді айнадай жарқыраған көлкіме көк тұзын Теңіз жағынан айналып барады да даламен дала боп мүлде жоғалып кетеді. Тау да жоқ, тау секілді жал да жоқ, жал секілді бел де, белес те жоқ. Төңірегің теп-тегіс дала, маң дала. Даладағы көз тоқтатар белгі мен бедер – сол қанатта Дендердің Тұзкөлі, оң жақта жалғыз шошайған Малайсары бидің моласы. Бөтен бұдыр жоқ. Сіз де сəл құлази жаздап, болар-болмас үмітіңізді алға қарай ысырып, ата заманғы көне сүрлеу мен жорта бересіз. Даланың күре тамырындай күрең жол сізді сол таусыз жазықпен бұраңдатып апарып, бағанағы даламен дала болмай тұрғандағы Замантау секілді бірнеше белестің тұтаса бере садақтай иілген шеңберіне адырна болған еңістен бір ойдым ойпатқа түсіреді де жіберді. Ойпаттың орта тұсы көлдеу. Қарой – осы. Қаройдың түрі мен түсі не себепті ұара болатынын Махамбет білмейді. Мынау көз алдында көлдеуді қоршалап тұтасып кеткен шеңберлі бел-белестің бəрі де қара емес, көктемдегі жасыл бояуы əлдеқашан оңып кеткен, күз бедерлі сұрғылт-сары; əсіресе күншығыстағы бел – сары бел, белдер қоршаған ойпатта, ойпат ішінде ойылып жатқан көлдеу де қара емес, көкшіл. Бұлар туралы білетіні – ертеректе осы маңда туған екі түрлі өлең. Жас кезінен жадында қалған. Бірі былай басталады: «Сары белден сарғайып таң атады, Таң алдында толықсып қыз жатады...» Шіркін-ай!... сол сары бел əлгі ғой. Тірі кісіге таң осынау сары белге қызғылт-сарғыш шұғыласын шашып бүгінде ататын шығар,
жалғыз-ақ «таң алдында толықсып жатқан қыз» қайда? Жоқ. Кезінде қай жерде толықсып жатты екен? Беймəлім. Жапан түзде жападан жалғыз томсарып тұрған мынау жолым үйдің ішінде толықсыған қыз емес бүрісіп-бүрісіп Махамбеттің əйелі Ұлтуған мен баласы Нұрсұлтан жатыр да, сыртында – Дендер беттегі белдің бергі етегінде елбең-елбең еткен ебелек пен бетегеге шашасын жасырып, Махамбеттің қарагер арғымағы жусап тұр. Бұл да жалғыз. Бірақ бұл жолым үйше жабығып, жалғызсырап тұрған жоқ; көлденеңін көшелендіре, еңсесін тік ұстап керіле, кербез жусаған сұлу арғымақтың тəкаппар тұрқына иесі сүйсініп кетіп: «Арғымақтың баласы Аз оттар да көп жусар – Талаудан татқан дəмі бар»... деп күбірлеп еді, Қарагер дыбысқа елеңдегендей жалт бұрылып Махамбетке қарады да құлағын қайшылап, танауын делдите бере бір оқыранып қойды. – Тұра бер, жануарым, – деп Махамбет іштей еміренді, – тек тұр, тұра бер. Қарагер бұған, бұл Қарагерге етене бауыр басқалы қашан: Қарагер – мұның қанаты, бұл – Қарагердің атпал азаматы... Екеуі бір, егіз. Бірінен бірі ажырап ешқайда кетпейді. Міне, аяғын бекіткен не шідер, не тұсау жоқ, жүген-құрықсыз бос жүрсе де иесінің маңынан ешқайда ұзамайды, күндіз-түні бірдей жанындағы жалғыз үйді шырғалап, шыр айналып жүріп, жалғыз оттайды. Махамбет атқа мінгісі келсе, Қарагерге шылбырсыз бұрылады, Қарагер бұған тұсаусыз келеді, жетексіз ереді; екеуінің бір-бірінен қыл елі ажырап көрген күні де жоқ, түні де жоқ. Адам – адам ғой, əбден əдетке айналған жылқының əдебі адам таң қалғандай. Жə, Қарой, көлдеу!.. Махамбет жадында жатталып қалған екінші өлең: «Көлдеуде көкала үйрек байпаңдаған, Құрбыма бір сөзім бар айта алмаған. Сыпырған томағасын ителгідей, Көзіңнен айналайын жаутаңдаған» – деп келетін сырбаз жігіттің сылқым бойжеткенге арналған арман əуені де осы Қарой көлдеуінде туған көрінеді. Алайда бұл əуен
баяғы Асан тұсында, Асан армандаған «Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заман тумаса да, əйтеуір, алаш жұрты тап-таза ардан туған, арман қуған заманда Жайық бойының қыздары ылғи Қызжібек секілді, ұлдары шетінен Төлеген тəрізді жарық дүниеге ғашық көзбен қараған, адам атаулының жан-жүрегін қасірет емес қасиет баураған бұла дəуірден, дариға дəуреннен қалған-ды. Əйтпесе, міне, бүгінде бұл жерде көгілдір көлдеу де жоқ, көлдеуде байпаңдаған көкала үйрек те жоқ, сұлу қызға іңкəр сыршыл жігіт те жоқ, бəрі өзгерген: көкжасыл көлдеудің де көкорай белдерінің де топырағы тозған, бояуы оңған – көлдеу сұрланған, белдер сарғайған, бас-аяғы тай шаптырым ғана тар қоқты, елсіз-күнсіз, иесіз қаңырап бос қалған. Дендерден Үйшікке бара жатқан адам ат басып арнайы бұрып, əдейі іздеп таппаса, Үйшіктен Дендерге өзен жағалап жол тартқан жүргінші бұл ойпатқа соқпай, бұл алқапты тіпті көрмей аса береді. Ел көзінен тасада елеусіз, ұмыт қалған жетім жер – құрдым қуыс, тұл түкпір. * Махамбеттің жадына түнде көрген түсі қайта оралып, денесі тағы бір тітіркене түршігіп қалды. Содан ба, кім білсін, Қаройды көзбен шолып отырып, Махамбет фəнидің басы емес, аяғы туралы ойлады. Аяғы – өлім. Түндегі түсінде домаланып жүрген бас – Махамбеттің басы. Ендеше, Махамбет өлген екен. Е, өлсе қайтсын; өлім – хақ, одан кім қашып құтылады. Тумақ бар да өлмек бар. Адам өмірге өлу үшін келеді. Осылай!.. Түндегі жаман түс осылай... Махамбеттің ішкі сарайына аз-кем үрей туғызғанмен, үркек қорқыныш ұялата алған жоқ. Соған қарағанда өзі тағдырдың талай тепкісін көріп, тəлкегіне төзіп, əбден қатып, пісіп алған-ды. Тіпті түктен сескенетін түрі жок, қандай қаталдықтан да қайтар, қаймығар емес. Мынау қып-қызыл шоқ, осыны аузыңмен асап ал да лақтырып тасташы деп əлдекім темір табаға салып ұсына қалса, бұл міз бақпастан тура бас салуға бар. Мынау жабық есік, арғы жағы түтіндеген тамұқдесе, бұл сарт еткізіп ашып, жалаңаш кіріп барудан жүз жанар емес. Мынау əзірейіл, сенің жаныңды алуға келді
десе, тайсалмастан шап беріп, ажалдың өзін алқымынан ала кетуге əзір. Осының бəрі ылғи қатер мен қасіретке толы қарғыс атқан тіршіліктің тірі кісіге қайсар қасиет боп дарығаны еді. Махамбет тағдырының өзге ешкімде жоқ, тек өзіне ғана тəн осындай тылсым құпиясы өмірде орасан сирек ұшырасатын, тіпті қайталанбайтын құдіретке барып ұласты да тұтасты. Осы құдірет енді келіп төкпе ақыннын жалын атқан, ұшқын шашқан алау жырын жалаулы найзаға ауыстырды, домбырасын шоқпарға, қауырсын қаламын қайқы қылышқа айырбастады, сөйтіп дауылпаз ақын дулығалы батырға айналды. Батырдың болмысы ақынның бітімінен басқа. Ақын мен батырда мінез ұқсастығы болуы мүмкін, бірақ бұлардың іс-əрекеттері де, қимыл-қаракеттері де бір-бірінен бөлек. Жасы қырықтың аз-ақ үстінде. Осынау аз ғұмырында көрген Махамбеттің өмірі аласапыран, бастан кешкен азабы адам айтқысыз, ал рахаты жоққа жақын. Енді міне, батыр ақын жапан түзде зар қағып жалғыз отыр. Төңірегінде тұлдыр жоқ. Осыдан өрбіген ой мен уайым Махамбетті алысқа, бір қиырдан бір қиырға жетелеп əкете береді. Оқта-текте көз алдына денеден бөлінген бас елестеп кетеді. Басқа біреу болса зəре-құты қалмас еді, ал Махаң оған да таң қалмады. Несіне таң қалсын, ат жалын тартып мінгелі көргенбілгені – қырғын кескілес: қиып түскен қылыш, түйреп өткен найза, сілейте сілтенген сойыл... Қанжығадан аққан қан, қанға боялған мал-жан... Бəрі де адамның адамға жасаған қиянаты, қанішер хаюандығы. Ендеше, Махаңның бағанағы бір ойы қате: адам өмірге өлу үшін ғана келмейді, өзінен бұрын өзгені өлтіру үшін келеді. Адамның аңмен астасатын жері – осы! Мұның несіне тандануға болады? Ал бас кесу болса... Ашу мен ызаға булыққан батыр өзінің ата дұшпанына: «Кəр қылар деп тақсыр-ау, Аяғына бас ұрман. Қыларың болса, қылып қал, Күндердің күні болғанда Бас кесермін, жасырман!» –
деп өзі де айтқан. Айтылған сөз – атылған оқ. Оның айтқанынан қайтқан, өмірде екі айтқан жері жоқ. Олай болса, Махаңды денеден бөлек жүрген бас та аз-кем түршіктіруі мүмкін, бірақ тұншықтыра алмайды. Түндегі түс əсерін осылай сейілтті де, Махамбет қорқыныш емес, өкінішпен толғанып кетті: «Мұз үстінде от жақпай, Қабағыма қарыс сүйем мұз қатпай, Қапыда қалған қасқамын. Қақжүректен найза түйретпей! Жалғыз қалдым, Адасып қалған үйректей...» Осындайда Махамбеттің іштей дауылдатқан, жауындатқан жан сыры мен жалын атқан сыршыл сезімі əрқашан асау жырға айналып, кенет құйылып кетуші еді. Бүгін де солай, қас пен көздің арасында нөсерлете төгіліп кетті. Махамбеттің ашуы – өлең, ызасы – өлең, енді міне өкініші де аһ ұрған шерлі жырға айналды. Махамбеттің өнеге тұтар өршіл жырауы – Асан Қайғы. Осы өлкеде өзінен бес ғасыр бұрын өткен Асанды Махамбет ылғи жанында жүргендей сезінеді. Бұл жолы да сол Асан көкірегіндегі күллі дірілді баурап алып, «Су түбінде жатқан тас, жел толқытса шығады; ой түбінде жатқан сөз, шер толқытса шығады» деп зар қағып тұрғандай. Шер Халық қандай дана: «Ой да көп, уайым да көп – ойлай берсең. Ой да жоқ, уайым да жоқ – ойнай берсең». Махамбет қазір Қаройда, жалғыз – басын бұлттай торлаған ұшы-қиырсыз ой мен уайым құшағында. Неге екені белгісіз, əлде түндегі түстің əсері ме, əйтеуір бүгін көбіне-көп өлім туралы ойлады. Задында, адам баласының өмірге келуі бір келкі, өзара ұқсас, бірінен бірі аумайды, кейде тіпті бəрі бірыңғай қатар, қанаттас
келетін секілді. Ал өмірден кетуі басқа – басқа, бір-бірінен бөлек, əркім өзінше кетеді. Жалғыз-жалғыз кетеді. Сонда оның жарық дүниеге келуі мен кетуінің арасында ақыл мен парасаттан туатын бір ғана сауал тұрады: бұ дүниеге не үшін келдің, о дүниеге – яки фəниден бақиға – не бітірдім деп барасың?! Бұл сұрақ, міне, Махамбеттің де маңдай алдында қасқиып тұр. Осы сауалдың жауабын іздеген оның өткен өмірінен есте қалған ерекше деректер санадан сапырылысып, миына бір кіріп, бір шығып, бейберекет басын айналдырды. Əбден мезі болуға қалды. Қанша сілкінейін, серпілейін десе де ала-сабыр, алмағайып адасқақ ой мен уайымнан арыла алар түрі жоқ. Ой да уайым, уайым да ой... Махамбет не бəрі қырық үш қар басты, қырық үш көктем көрді. Соның бəрі сонда дəл бүгінгідей, жанында ошан етер тірі жан жоқ (неге бұлай!) жападан жалғыз ойға батқан, уайым басқан, күлкісі жоқ, күрсінуі күңгірт күндер болғаны ма шыли? * Жоқ, Махамбеттің де ойсыз болғанымен уайымсыз күндері болған. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында ұзақ емес, азкем, ара-тұра алақанда аялаған аяулы күндері болмай қалған жоқ. Тек өткен, тым тез өтіп кеткен. Фəни жалған, өткінші деген сол шығар, бəрі де көрген түстей, көгілдір сағымдай тез тарап кетіпті. Сондай бір өң мен түстің, бар мен жоқтың арасындай бейуақ, сөйте тұра, сырлы, шырайлы шақ – Əке! – əке құшағы, əке жүрегінің жылуы, əке көзінің шуағы. Жалғыз-ақ, не айта беретіні бар, бұл да қысқа, шолақ; шіркіннің «Шыбыным, шыбыным» деп жігжапар боп жүріп өзегін үзілдіре төккен өрт мейірімі бір күнгідей болған жоқ. Өтеміс бидің төрт əйелінен туған он баласының ішінде əкесі үшін Махамбеттің орны бөлек, жұлдызы жоғары еді. Ауылдастар он ұлға «Өтемістің он бөлтірігі» деп ат қойып, айдар тағып, достар қызығып, дұшпандар қызғанып дегендей, бірақ бəрі қосылып төңірегін у-шу, гу-гу қылғанмен, Өтеміс ондай желігуге онша еліге қоймай: – Сонша сұқтанып қайтерсіңдер, бəріне бірдей бірегей бөлтірік болу қайда бұл дүрегей күшіктердің? Тіл-көзден аман, тірі болсын
да жүре берсін десеңдерші одан да, – деп келе жатады да, көзіне кенет Махамбет елестеп кетіп, – ал енді бар ма, бөлтірік қана емес, бөрі десе де жарасатын сол шыбыным ғой тек... – дегенді ішінен, өзіне өзі сыбырлап айтады жəне соны біреу-міреу естіп қоймады ма дегендей жан-жағына жасқана қарайды. Қайтсін, əлгі сөзі – əке сорлының имандай шыны. Махамбет ол кезде онда ғана. Ал он жасар бала өзінен он жыл бұрын туған жиырмадағы жігіт секілді біртүрлі бір шамадан тыс ерте есейген салуалы, салмақты жас. Өмірден білген-түйгені де бірқыдыру жəне білгенін байыпты, байсалды əңгімелейді. Еркін сөйлейді. Өзі батыл, ешнəрседен именбей, іркілмейді. Бұл құлқы мен қылығы хан келсе де қынбайтын əкесіне тартқан. Өз аулының əкім-старшыны, ауылдастарының əрі шешені, əрі көсемі болып жүрген Өтеміске бəрінен бұрын баласының осы мінезі ұнайды. Көзі отты, адамға қарағанда жанары жарқ-жұрқ етіп, шырасы сексеуілдің шоғындай маздап, ұшқындап, кісінің өңменінен өтеді. Тіке, түйреп қарайды. Махамбетті əкесіне ерекше сүйікті етіп жүрген тағы бір-екі қыры: бірі – өз бетімен Ұзақтан үйреніп, он саусағы домбыраның он екі пернесі мен шанағында ойнап, он түрлі күй тартатыны; енді бірі – баяғы Асан, Қазтуған, Шəлгез бабаларының толғауларын жатқа айтып қана қоймай, қаршадайынан соларға ұқсап суырып салма, ақпа-төкпе жырау боп өсіп келе жатқаны. «Ұялмаған өлеңші» деген рас болса керек, қолына домбыра алса болғаны, маңын елең қылмай көзін тас жұмып ап, өз-өзінен ырғала, толғана бере төгіптөгіп жібергенде тыңдаушыларын түгел ұйытып тастайды. Үй ішін жыңылаған дыбысқа, ырғаққа бөлеп, ағыл-тегіл жырға, сырға толтырып, қоңыр үнді қарағай домбырасын күмбірлетіп отырғаны. Он ұлының ішіндегі мұндай өнерлі перзентін Өтеміс қалай жақсы көрмесін! Атажұртқа аты жайылған алғыр, айтса аузынан, істесе қолынан келетін пысық, көшелі кісіні бөкейліктер қасқырға теңейтін. Сондай теңеуге ие болған көкжалдардың бірі «Өтеміс бөрі» өзге емес өз белінен жаралған «он бөлтірігін» төңірегіне топтап, Нарынның оңтүстік-шығыс қиырындағы Бекетай құмында – күзеуде отырған. Бұл елдің Өтемісті «бөрі» деп бөліп қойып, он ба-
ласын «он бөлтірік» атап жүргендері бидің төрт қатынынан туған он ұл: бірінші əйелінен Тоқтамыс; екінші əйелінен – Бекмағамбет, Махамбет, Кожахмет, Ыбырайым, Əйіп, Хасен; үшінші əйелінен – Ысмайыл, Сүлеймен; төртінші əйелінен – Досмайыл. Бəрінің де, Махамбеттей өнерпаз болмағанмен, əрқайсысының əр харекетке икемі бар: бірі аң қағуға, бірі құс салуға, бірі мал бағуға, бірі балық аулауға дегендей... Он ұлдың оны да мұздай қаракөк аман, бəрі де Өтемістің өз маңында, бір рулы ел секілді, ешқайда маңырап кетпей, бір жерде жамырап табысып отырған жайы бар. Өтеміске осыдан артық бақ пен байлықтын да, рахат-жұмақтың да қажеті жоқ, өз ортасында шалқып-тасып, алшаң басып жүр. Махамбеттің де ойсыз болмағанмен уайымсыз шағы осы еді. Уайымсыз əке баласын аймаласа, уайымсыз баланың əкесін жағалаған жақсы күндері де сол бір санаулы жылдарда жылжып өтіп жатты. Бекетай – Махамбеттің шыр етіп жарық дүниеге келген сəтте жауырыны тиген жер, туған топырақ, киелі құм. Сəмбі талды сəйгүлік кып мінген балалық бал дəурен осы арада өтті. Бала Махаш аға-інілерімен бірге Бекетайдың бір шоқысынан бір шоқысына жүгіріп шығып, желкегін терді, жидесін жеді, құм талшығы құмаршығын қақты. Оған бұл құмның əр қырқасы таныс, əр жылғасы жылы. «Құм» дегені болмаса, құм Нарын ылғи ғана тортадай туырылған жалаңаш шағыл емес, қоңыр құйқалы қоқты мен қоңырлық, көдесі мен көкпегі, жусаны мен бұйырғыны жайқалған боз төбе, сұрғылт бел-белес, бетегелі беткей, қияқты қыр, құрақты сайсала. Осылардың ара-арасында ғана қызғылт құмайт қырмызы құмдақ. Құмдақты қамшы сабымен қазсаң құм бетіне шыпшып су шығады. Тап-таза, мөп-мөлдір. Мұздай. Іше қалсаң, тіс жарады. Шөл қандырады, рақаттандырады. Қажылардың Меккеге барып ішетін зəм-зəм суы осындай-ақ шығар. Бекетай құмының ауасындай таза ауа бүкіл байтақ Нарында жоқ. Əсіресе жаңбырдан кейін жаңарып-жаңғырған топырақтың хош исі қандай самыян, кеудеңе саулап құйылып, бойыңды жепжеңіл сергітіп жібереді.
Сол Бекетайдың демі мен желі аз-кем қатая бастаған қара суықтау қоңыр күз еді. Даладан бір құшақ салқын самал алып үйге кірген Өтеміс бидің тыста тоңази бастаған денесі іште құ-диып отырып құйқылжыта домбыра тартқан Махашын көрген бетте кенет жылынып, қашанғы əдетімен діңкесі құрып, дымы қалмай елжіреп, мыстан құйылған мүсін секілді сом жаралған салмақты, сындар денесін əлдебір тосын күш тымақтай жұлып ап оп-оңай көтеріп кеткендей: – Шыбыным-ау, шыбыным! – деп айғайлап жіберді де дереу құшақтай алып, баласының балғын тамағын мұртымен қытықтап құшырлана сүйді. Оң жақта ұршық иіріп отырған Қосуан бəйбіше бір-бірін жаңа көргендей мəре-сəре болып жатқан əке мен балаға көзінің қиығын тастап, езуін сылп еткізді: «Осынікі не қылық, жаным-ау!» Таңданса таңданғандай. Көңіл хошы келгенде аяқ астынан оқыс өрепкіңкіреп кететін Өтемістің өзінше айтқанда «бір өзінің төрт бəйбішесінен» маңдайлары торсықтай-торсықтай он перзент көріп отыр. Солардың ішінен тек Махамбетке көзі түскенде ғана есі кете елбең қағатыны болмаса, қалған тоғызының бір де бірін құшыпсүймек түгіл жөндеп маңдайынан иіскеген емес. Бəріне салқын, сарабдал. Тоғызын да жек көрмейді, əрине, жалғыз-ақ жақсы көргенін оңай сездірмейді, сезімін іркіп ұстайды. Қарашығы ін түбінде жылтырағандай шүңіректеу аясында ашу мен ақыл тұтаса тұнып тұрған тұңғиық ойлы көзін самарқау ғана байыппен төңкеріп, сəукеле сақалын уыстап салғырт отырады. Арғы пиғылын анау айтқандай оңай аңғарта қоймайды: «ішімдегімді кім біледі» дегендей. Өтемістің осы мінезіне бəрі үйренген. Балалары ғана емес, əйелдері де солай; бəрі бір кісінің ықыласынан гөрі ықпалына бейім; бəрі де үй иесіне үнсіз бағынады. Бұлар бағынған сайын қожайынның қадірі арта түсе ме, қалай, əкесі қадірлеген ұлдар бейбастық бəсекеден, күйеуін қастерлеген əйелдер күйкі күндестіктен ада. «Төрт бəйбіше» мен он ұл опалы отбасында уыздай ұйыған бірлікпен тірлік етеді. Үйелмелі-сүйелмелі бір үйлі жанның бір ошақ маңындағы бұл ынтымағын дос та, дұшпан да түгел мойындап болған.
ҚАЗАҚТЫҢ ТІЛІ МЕН ƏДЕБИЕТІ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ Қазақ тілін Ахмет Байтұрсынов «Ана тілі» деп атаған. Ана тілі! Мұндай атау жер бетіндегі ешбір елде, тіл біткен ешбір адам қоғамында жоқ. Біз жақсы білетін, бəріміз жақсы көретін орыс тілін, мəселен, шауып шыққанда «родной язык» – «туған тіл» дейді. Ахаңдікі не сонда?.. Ахаң қазақ тілін, яки «Ана тілін» əр қазақтың һəм бар қазақтың анасының ақ сүті деп білген. Ал ана тілін білмеген адам анадан туғанмен сол туған анасының сүтіне уызында жарымаған нəрегей, жартыкеш, кəдімгідей кембағал адам деп түйген. Демек, ана тілін білу, бəрінен бұрын, адам қоғамын сол кемтарлықтан рух жетімдігінен, мəңгүрттіктен емдеу, тазарту деген сөз. Мұның өзі, турасын айтқанда, əрқайсымыздың Құдай өлшеп берген аз ғұмырымызда жеті мүшеміз түгел, төрт құбыламыз тегіс адам боп өмір сүруіміз үшін керек. Жасыратыны жоқ, тіпті... денсаулығымыз үшін керек! * Енді тілден шығып сөзге – сөз өнеріне келсек, əр ұлттың əдебиеті сол ұлттың автопортреті, болмыс-бітімі, сыр-сезімі, ақылойы, ар-ожданы болып табылады. Ендеше, тілі жоқ жерде тілімен жасалған əдебиеті жоқ жерде ешқандай ұлт болуы мүмкін емес. Ал ұлт болмаса, ұлттық мемлекет бола ма? Мемлекеті болмаса, елдік дегеннің, елдің егемендігі дегеннің не керегі бар?! Осыны түсінген Қазақ республикасының білім жəне ғылым министрлігінің, оның тұтқасын ұстап отырған министр Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың, одан арғы биліктегі премьер-министр Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзі бас боп осынау іргелі де күрделі мəселелердің мəселесін талқылап-талдауға, толғауға арнайы конференция ұйымдастырғанына, оған еліміздің түкпіртүкпірінен нағыз əдебиетшілер мен тілшілерді шақырып, олардың
көкейтесті ойларын ортаға салдырғанына, алдымен, ризалығымды білдіріп, рахмет айтқым келеді. * Мен сөзімді Ахаңнан бастағаным тектен-тек емес. Қазақ тіліне «Ана тілі» деп атау берген Ахмет Байтұрсынов ғұмыр бойы, Мұхтар Əуезовше айтқанда, сол өзінің ана тілін «түрлеумен» өтті. Ана тілі Ахаң түрлеген сайын шынында да түрлене түсті, яки ажарлана, айшықтала түсті; тотының түгіндей құбыла, құлпыра түсті. «Білім – бір құрал. Білімі көп адам – құралы сай ұста, не істесе де келістіріп істейді» деп Ахаңның өзі айтқандай, анадан артық туып, уызына жарыған ол бар білімін, ілімін, бар қабілет-күшін, күллі қару-құралын тіл түрлеуге келістіре жұмсап, ана тілін дүние жүзіндегі ең бай, ең сұлу тілдердің деңгейіне көтерді. Əлемдегі бір де бір тілде қазақша баламы табылмайтын бір де бір сөз жоқ деп білді. Сіресіп, тіресіп тұрған терминдер Ахаң аузынан шыққанда жібектей есіліп жүре берді. Əдебиетшілер метафора, метонимия, антитеза, синекдоха, фотеск, фадация дегендерді түсіну не түсіндіру үшін шет сөздер сөздігін ақтарып, тілдері күрмеле тұтығып жүргенде Ахаң оларды өзінің «Əдебиеттанытқышында» айқындау, теңеу, ауыстыру, алмастыру, кейіптеу, пернелеу, əсерлеу, меңзеу, шендестіру деп сайратты да жіберді. Мыналар не керемет: ырықты етіс, ырықсыз етіс; жай сөйлем, жайылма сөйлем; салалас құрмалас, сабақтас құрмалас... Ахаңа дейін осылар қай лингвистің тіліне оралыпты? Оралым демекші Ахаң əлгі кітабындағы «Өрнекті сөйлемдер» деген тарауда: себепті оралым, мақсатты оралым, ұқсатпалы оралым, қайшы оралым, шартты оралым, жалғасыңқы оралым, серіппелі оралым, айрықты оралым, қорытпалы оралым деп тағы да есіле, көсіле жөнелгенде өзін қазақ екеніне, қазақ тілі – сенің тілің екеніне, осы тілде сөйлеп-жаза білетініне қалай мақтанбайсың? Ахаң түрлеп əбден жеріне жеткізген осы байлықтың, икемділіктің, ықшамдылықтың, əсерліліктің, сымға тартқан күмістей əдеміліктің, Абайша айтқанда: «тас бұлақтың суындай сылдыраған өңкей келісімнің» бəрі көктен түскен жоқ, жерден шыққан жоқ,
қайран қазақ тілінің өз табиғатынан, қазыналы қойнауынан, мағыналы көлемінен, мазмұн тереңінен, мəдени билігінен табылды. Осындай ғажайып тіл – мəңгілік тірі тіл өлуге тиіс пе? Ал, өлтірем деушілер не дейді: «Қазақ тілі адамдардың өзара пікір алысу рөлін атқара алмайды, – дейді Н.Масанов: – Өйткені бұл тіл – көшпенділер тілі. Бұл тілде мəдениетті кісілер сөйлесе алмайды. Өйткені олардың ойларын жеткізу үшін бұл тілдің сөз қоры тапшы, жетпейді». Масқара емес пе?! Біздің өзімізде де бар: – Қазақ тілі – Қазақ Республикасының мемлекеттік тілі – деп аламыз да ізінше, – бұл Қазақстандағы өзге тілдердің дауына кедергі келтірмейді, бөгет жасамайды, зиянын тигізбейді деген сияқты бірдеңелерді қоқытып, мəймөңкелеп, майысып-қайысып, жұртты сөз жоқ жердегі сөзге, оқу жоқ жердегі дауға шақырамыз. Əр халық өз елінде өз тілінде сөйлесе, ол кімге кесел жасауға тиіс? Сағи Жиенбаевтың: «Ардағым-ай бағың да ашылмады-ау, Ашылмады-ау, дауың да басылмады-ау. «Жұртыңды құрт!» дегенді естіп едік, «Тіліңді құрт» дегені – басынғаны-ау!» – деп ызаға булығуы осындай даудан, сайып келгенде, қазақ тілінің мемлекеттік мəртебесін жою əрекетінен туған. Дау-дамайды қойып, іске кіріссек, тілімізді дамыту үшін не істеу керек деген сұраққа бірқыдыру жауаптар берілді жəне беріліп жатыр. Солардың бірі, айталық, біздің Қазақ университетінде қазақ бөлімдері жүйелі, жоспарлы түрде ашылып, өрістеп келеді. Қазақша лекцияның қадірі артып, пішіні ажарланып, мазмұны тереңдей түсті. Мұндай əрекеттер əр ортада да бар. Дей тұрғанмен, кеңсе қағаздары, ресми жазу-сызулар, ауыз-екі қарым-қатынастар, мəслихаттар əлі сол қазақ тілінің мемлекеттік
мəртебесін (статусын) айналып өтіп, бұрынғыша кете береді. Қазақ еместердің қазақ тілін үйренуге ықыласы шамалы. Онымен қоймай, солардың арасында мемлекеттік тілге қарсылық көрсететіндер қанша десеңші!.. Осындай жағдайда нақты не шара қолдану керек? Меніңше, мəселен, орыстың қазақша сөйлеуін бөтен көрмесек те, тіпті, соларға қазақша үйретеміз деп босқа əбігер болудың керегі жоқ. Қайтеміз, өздеріне керек болса үйренер, болмаса өздері білсін. Ал енді қазақша білмейтін қазақтарды қолынан емес тура құлағынан сүйреп жүріп ана тілінде сөйлеуге мəжбүр ету керек. Бұл тұста Президентіміздің «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деген ұсынысы бұлжымас заңға айналуы шарт. Мекемелерде, мектептерде, əсіресе жоғары оқу орындарында қазақтарды осы қазақылыққа көшірмей қоймайтын моральдық-психологиялық атмосфера жасалуы керек. Мұның өзі жəне айғай-шусыз, өте нəзік, байсалды адамгершілікпен жүзеге асырылуға тиіс. Бұл ретте, өздеріміз «жаңа қазақ» деп əлдеқандай қылып жүрген коммерсанттарды, бизнесмендерді қазақыландыру тіл департаменті ғана емес, бүкіл Республика басшылығының конституциялық міндетіне айналуы шарт. Сонда олар, ең болмаса құлап жатсаң басы қайқайып қасыңнан үндемей өтіп кететін қатыгез эгоизмнен аздап та болса арылып, жылы жүзді имандылыққа көше жаздар еді... Бұлардың бəрі сыртта істейтін істеріміз болса, осы əрекет енді əрқайсымыздың үйіміздің ішіне көшуі керек: балаларымыз бен немерелерімізді ана сүті секілді ана тіліне қайтадан ауыздандыруымыз керек. Сөйтіп, өзгелер емес, қазақтардың өзі жаппай қазақыланса, өзгелер үшін де қазақ тіліне деген қажеттілік туады. Бүгінде ағылшын тіліне қажеттілік осылай туып отырған жоқ па? Бірақ бұл тілдің қажеттілігі бүкіл дүниежүзілік шеңберде ғой. Ал, қазақ тіліне қажеттілікті бір ғана Қазақстан ішінде, Қазақ республикасы тұрғындарының ішінде туғызайық. Мəселенің шешімі осы арада жатыр. Бірақ бұл – ұзақ мерзімнің шаруасы. Ендеше, тіл мəселесін Президентіміздің «2030 бағдарламасының» өн
бойына желі ғып тартып, жүйелі түрде жүргізсек, шіркін-ай, сол бір межеге дейін ұлтымыз да ұлғаяр, тіліміз де шын мəніндегі мемлекет тіліне айналар-ау!.. Жоғары мектепте ме, орта мектепте ме, бəрі бір, қазақ тілін оқытатын ұстаздар, міне, осы айтылғандарды есте ұстап, осы арман-мақсатпен еңбек етуі қажет. * Енді əдебиет жайына келсек, бəрімізге мəлім, əдебиет – ардың ісі. Əдебиетші – жазушы ма, сыншы ма, зерттеуші – ұстаз ба, бəрі бір, – ардан туған арман қуған, демек, ардың жүгін арқалаған адам. Ал арлы адам тек бір-ақ нəрседен – ұяттан қорқуы керек. – Кеңес заманы өтті, кеңес əдебиеті сонымен бірге кетті. Ендігі əдебиет тарихы бізден басталды. Кеңес дəуірінде жасалған əдебиет жалған, өтірік, «шын əдебиет енді туады» – деген ұғым бар. Не деген білместік, білімсіздік, ақыл-ойдың жетімдігі! Заман өткенмен сол заманның, сол заманда өмір сүрген адамның əдебиет айнасына айна-қатесіз түскен кескін-келбеті, ой-өрісі, ісəрекеті, болмыс-бітімі ешқайда кетпейді, қалады. Сөз өнері өмір шындығын көркем шындыққа айналдыра шыңдап қана қоймайды, келешекке шегелеп қалдырады. Əдебиеттің осы табиғатын танымай əдебиетшімін деу, əдебиет туралы бірдеңе айтам деу ұят емес пе? Əрине, ұят! Талант деңгейі Пушкин пен Гетеге барабар, қазақ поэзиясының XIX ғасырдағы оянуы мен өрлеуін (возрождениесін) белгілеген Абайы бар, шығармашылық қуаты Бальзак пен Достоевский дəрежесіндегі, қазақ прозасының XX ғасырдағы өсуі пен өркендеуін (ренессансын) белгілеген Əуезові бар дүниежүзіндегі ен күшті əдебиеттердің бірі қазақ əдебиетінің бүгінгі хал-күйі мен ауа-райын осындай парықсыздыққа дейін шөжітіп əкелген керауыз ортада бізге, бірқатары осындай бас қосып отырған нағыз əдебиетшілерге өмір сүріп іс-əрекет, қимыл-қаракет жасау оңай емес, əрине... Осы ретте, сөзімнің соңында, өзім 50 жыл табан аудармастан ұстаздық етіп, оның 25 жылында үздіксіз басқарып отырған Қазақ
университетінің қазақ əдебиеті, яки Əуезов кафедрасында біз нақты не жасап жатырмыз, сол жөнінде бір-екі сөз айтсам деймін. Біз бүгінде əдебиетіміздің тарихын түгендеп жатырмыз. Əдебиет тарихының кезең-кезеңдерін қайта белгіледік. Қазақ совет əдебиеті дегенді бөлмей, XX ғасыр əдебиетіне қосып жібердік. Сонда əдебиетіміз Абайға дейінгі жəне Абайдан кейінгі əдебиет болып шығады. Кафедра профессорлары мен доценттері осы дəуірлеумен оқытады. Ал əдебиетті оқыту, – Твардовскийше айтсақ, – творчестволық əрекет. – Часы преподавания литературы – это часы воодушевления, эмоционального подъема... нравственного прозрения, – дейді Твардовский. Біз əр ұстазға дəл осындай талап қоямыз. Пісіпжетілу!.. Бұл не деген сөз? Бұл – ұстаздан 2 сағат лекция тыңдаған шəкірт лекцияға кіргеннен шыққанына дейінгі екі арада əдеби тұрғыдан кəдімгідей пысып, пісіп шығуы шарт. Бұл – Əуезов дəстүрі. Содан соң біз қазақ əдебиетін филология мен журналистикадан басқа барлық гуманитарлық факультеттерде бір жыл, табиғитехникалық факультеттерде бір семестр оқытамыз. Оларға бұл – аса зор интеллектуалдық тəрбие. Кафедраның барлық пəндерінің бағдарламасын да, оқулығын да өзіміз жазып, бастырып шығарып, солармен оқытамыз. Ақыр-аяғында, кафедраның ғылыми жұмысы – соңғы үш жылда Республикамыздың барлық жоғары оқу орындары үшін үш томдық «ХХ ғасырдағы қазақ əдебиетін» оқулық ретінде жазып шығу. Бірінші томы баспаға дайын. Білім-ғылым министрлігі өзінің биылғы «Мəдениетті қолдау жылының» жоспарына біздің осы үш томдығымызды кіргізуін сұраймыз. Мұндағы əдеби талдау да, толғау да бұрынғыдан басқа, жаңа талапқа сай жаңаша, тамаша!..
ТƏУЕЛСІЗДІК ТОЛҒАУЫ (2001 жылғы шалқыма) «Қасиетті қазақ жері – ата-бабаларымыздың даңқты тарихын атының тұяғымен жазып кеткен жер». Нұрсұлтан Назарбаев Əдемі айтылған! Тəуелсіздік дегеннің күллі коллизиясы осы эпиграфта тұр. Бұл сөзге көз тоқтату аз, ой тоқтату қажет. Сонда былай толғанасыз: қасиетті қазақ жерінің тұлданған тарихы мен тұтастық құпиясын осынша терең түсініп, кеудедегі кіршіксіз ақ та пəк дірілмен дəл осылай тебіренбесе, Нұрсұлтан Назарбаевқа бұл Даланың елін басқарып не керек, бізге оны Елбасы ғып сайлап не керек?! «Шықшы тауға, қарашы кең далаңа: мəз боласың, ұқсайсың жас балаға. Ол шеті мен бұл шетіне жүгірсең, шаршайсың ба, құмарың бір қана ма? Уа дариға, алтын бесік – туған жер! Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр. Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей, ақын болмай тасың болсам мен егер. Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің! Нендей күйге жүрегімді бөледің? Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем,- арманым жоқ бұл дүниеде – дер едім» (Қасым). Атыраудан Алтайға дейін керіле көсіліп жатқан ұшы-қиырсыз кермиық кербез Дала – ұланғайыр байтақ, шетсіз-шексіз кең жазира... Жасаған-ау, бұл не деген ғажайып кеңістік! Анадан асып туған ақиық, ардагер ата-бабамыз ғасырлар бойы тыным таппастан, кірпік қақпастан «Ереулі атқа ер салып, егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып» (Махамбет), атажұртымыздың өз атамекенін өзінен қызғанған, ұлтымыздың туған жерге дарыған киелі қасиетін қасіретіне айналдырмақ боп жан-жақтан аранын аша анталаған қара-құрым қалын жауға қасқая қарсы тұрып, бастарын бəйгіге тігіп, тырнағымен жер бүріп, отбасынан басталған отан-ордасының ойы-қыры мен сай-саласын қанымен жуып, қалың нуы мен ағын суы тұрмақ, бұлыңдаған
бұйырғыны мен бұтасына дейін қызғыштай қорып, ақ білектің күшімен, ақ сүңгінің ұшымен шыбын жанын шүберекке түйіп жүріп сақтап қалып бізге жеткізген Ұлы даланың қым-қуыт тағдыртарихы бəрінен бұрын əлгідей тұлпардың тұяғымен жазылғанын барлық дем-тынысымен түсініп, елінің ендігі тарихын дəл сол бір ұлылар рухында одан əрі жаңғырта, жаңарта, керек десеңіз, тіпті, жасарта жалғап əкетуге тəуекелі тұратын ессіз ер, көзсіз батыр, тап-таза намыстан жаралған қайтпас-қайсар қайраткер ғана шын мəнінде Елбасы болып, хас қаһарманның ісін істей алмақ. Біз осындай ерекше тұлғаны жаңылмай тап басып таңдап, тағдырымызды қолына бергеніміз құдайшылық болғанын, міне, үшінші мыңжылдықтың бірінші жылында, Ел егемендігінің оныншы жылында анық танып, көзіміз жетіп отыр. Иə, биылғы жыл – Қазақстан тəуелсіздігінің оныншы жылы. Ел егемендігіне он жыл толды. Ел газеті «Егемен Қазақстан» бетінде бүгінге дейін бұл он жылдың тоғыз жылын «Тəуелсіздік...» айдарының астында тоғыз қаламгер толғап өтті. Оныншы жыл біздің үлесімізге тиіп отыр. Ендеше біз не деуіміз керек? Михаил Шолоховтың бақталас дұшпаны Александр Солженицын оның өзін «іске алғысыз» етіп, Бас кітабын қанша жоққа шығарғанмен, XX ғасырдағы орыс əдебиеті ғана емес, бүкіл əлем классикасында «Тынық Доннан» асқан көркем туынды, оның авторынан артық шебер қаламгер болған емес. Бұл – қаламгер туралы тұжырым. Ал қаламгердің қаһарманы – қайраткер. Біздің қаламгер ретінде бұл жолғы айтар сөзіміз де əшейін қара-қалтай қазақ емес, қайраткер туралы болғалы тұр. «Тəуелсіздік толғауы» сонда ғана кенен сыр мен кемел сезімге суарылмақ. – Деген бар əр Мұсаға бір перғауын; сондай-ақ менің де бар досым, жауым, – деп Сəбит аға Мұқанов айтқандай, ғұмырнамасының өзге кезеңдерін өз алдына қойғанда, азат Қазақ мемлекетінің біз əңгіме еткелі отырған соңғы он жылының тұтқасын ұстап, туын көтерген тұрлаулы һəм тұғырлы Тұлғасы – тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың да досымен қатар дұшпаны бір
шама бар шығар; сол достарының сүйінішіне, дұшпандарының күйінішіне орай бір шындықты жасырмай жалтақсыз ашып, анық əрі əділ қорытынды жасасақ. Ел егемендігінің он жылы бір кезде біз айтқандай, «Нұрсұлтан Назарбаевқа балама жоқ» екенін алты алашқа айқын дəлелдеп шыққан кезең болды. Тəуелсіздік толғауының биылғы ең толымды түйіні – осы! Жалғыз-ақ, бұл арада бір ескерілетін нəрсе: «балама жоқ» деген байлау «балама болмайды» деген үзілді-кесілді үкім емес. Бұл – белгілі бір уақыт пен кеңістікке байланысты ұғым. Ел билеген əр тұлғаның сол өзі дəуірлеген жұлдызды жылдарында тындырылған бүкілхалықтық тарихи іс-əрекет пен қимыл-харекеттің көзге көрінер, қолға ұстар нақты нəтижелерін сарабдал сынға салып, бұра тартпай байсалды пайымдағанда ғана, дəл осы тұста танылатын өзгеден ерек, ортасынан бөлек дара келбеті əлгі бір батыл байлауға негіз бола алады. Мұның өзі толғаудың өн бойында жанжақты байыпталады. Бұған бейтарап қарауға болмайды. Өйткені, көшбасшың қандай болса, көшің сондай. Көш демекші, сан ғасыр отаршылдық тепкісінің астында тозтоз боп төңбекшіп жатқан Қазақ елінде жел аударған қаңбақтай қырдан ойға ошарылып, ойдан қырға қопарылған көшпенділік болса болған-ды, бірақ барар бағыты мен бағдары белгілі қандай көш болып еді? Ұшқан құстың қанаты талатын қиырсыз кең даланың сайын сағалап, тауын жағалап тарыдай шашылып жатқан сол бір көшпелі жұрттың көлігін қосып көшке, көштерін біріктіріп керуенге айналдырып алға, арманға бағыттасам ба деп жоңғар шапқыншыларымен жан алыса, жан берісе жұлқысқан Абылайдан арғы-бергі ат тұяғын тоздырған айбаттылар мен қайраттыларды айтпағанда, күні кешегі Сырым Датов пен Исатай-Махамбет, Кенесары-Наурызбай жасақтары жаппай жұмылған кескілестер не үшін болып еді, немен тынып еді? Азаттық үшін болған, азапғазаппен тынған. Бостандық жолында Исатай мен Махамбеттің бастары кесілсе, Кенесары Қасымов бір ғана Ақмола бекінісін казактардан босату жолында жиырма мың қазақты құрбан еткен. Ұлтымыздың көш-керуені сонда да құралмаған. Алайда, азаттық жолындағы айқас тоқтаған жоқ. Жарық дүниеге Міржақып Дулатов тастаған əйгілі «Оян, қазақ!» ұранының астын-
да Əлихан Бөкейханов бастаған ат төбеліндей оқымысты зиялылар келіп, Алаш аясында азаттық аңсаған Алашорда үкіметі құрыла жаздағанда Сұлтанмахмұт Торайғыров төңірегін түгел дүрліктіре: «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз! Енді Алашты ешкімнің қорлығына бермейміз!» деп қанша айғай салғанмен, Алашорда мен алашордашылар жөргегінде тұншықтырылды да, патшалы Ресей мен оның отарларын Ақпан, Ақырап дауылдары сілкілеп, сергелдеңге салды. «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, заман ағымын қалай байыптаудың бабын таппаған Бейімбет Майлин бұл төңкерісті қазаққа келген азаттық (əуелгі идеясы солай екені рас!) деп ұғып, «Қазаққа» деген өлеңінде: «Келді теңдік, туды теңдік басына; қатын, еркек, кəрі менен жасыңа. Туысқандық құрдастыққа асыға, алалықты араңдағы жой, қазақ! Бұрынғыдай байың, жарлың шашылма! Бірлікпенен жұмыс атқар басыл да! Азынаулақ миың болса басыңда, партия, штат, дау-шарыңды қой, қазақ!» деп үгіт таратты. Бұл да қазақтың басы бірігер ме екен, көші көлікті болар ма екен деген үміттен туған үгіт еді. Дей тұрғанмен, қазаққа келген «азаттық» азапқа айналып, өзге қырсықтар мен кесапаттарды өз алдына қойғанда, кеңес дəуірінде Голошекиннің «Кіші Октябрінен» Колбиннің «Үшінші Октябріне» дейінгі екі аралықта Қазақ елін ұлтсыздандыру, қазақтарды мəңгүрттендіру, əдейі қолдан жасалған аштық арқылы атажұртымызды жаппай қырғынға ұшырату, «ұлтым, жұртым» деп еңіреген ел серкелерін, яки елдің «сүт бетіндегі қаймағындай» ұлт зиялыларын қуғын-сүргінге салып ату-асу, қазақтардың санын (жартысынан көбін) ойсырата кемітіп, олардың тілін, дінін, сайып келгенде, ділін (менталитетін) əдірə қалдыру арқылы, қолдан келсе ұлт ретінде жер бетінен аластап, біржола жойып жіберуге бағытталған небір зымиян саясатты, озбырлықтарды, жауыздықтарды бастан кештік. Эпиграфтағыдай тұлпардың тұяғымен жазылған тарихымызға тереңдемей-ақ, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен 1986 жылғы ашу мен ызаға булыққан Желтоқсан қозғалысына дейінгі екі аралықтағы жетпіс жыл бойы қиянат пен қорлық ел намысын осылайша кекке қайрамай қоймады десек, мұның өзі ақыр-аяғында Мəскеудің ақкөз, əпербақан
əкімшілігі ұлысымызға у шашып, «Қазақ ұлтшыдығы» деген қара таңба басып, халқымызды тағы да ала-топалаңға əкеліп тірегені əмбеге аян. Биыл он жыл толып отырған ел егемендігі, міне, осы тұстан бастау алды. Бұдан он жыл бұрын егемендігіміздің дəл басында 1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық тікелей дауыс беру арқылы Елбасы болып сайланған Нұрсұлтан Назарбаев сол жылғы 10 желтоқсанда азат Қазақ мемлекетінің тұңғыш Президенті мəртебесінде іске кіріскен бетте бірден қолға алғаны халқымыздың атынан əлгібір «Қазақ ұлтшылдығы» деген жасанды жапсырманы сыпырып алып тастап, оның есесіне халық атаулының ары мен абыройының қайнар көзі, тұп төркіні – ұлттық намысқа тың мағына дарыту еді. Бостандықтың да, тəуелсіздіктің де алғашқы адымы осы болатын. Бұдан он жыл бұрын 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тəуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданды. Осыдан екі жарым ай өткенде (02.03.92) Елбасымыз Нью-Йоркте – Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының биік мінбесінде тұрып, өзінің туған елін осынау аса мəртебелі халықаралық ұйымға мүше ғып бір ауыздан енгізді. Қазақстан осы күннен бастап жер жүзіндегі жүзден астам мемлекет түгел таныған егемен ел болды. Бұл қазақ тарихында бұрынсоңды болып көрмеген орасан зор оқиға, керметтей келелі метаморфоза еді. Президентіміздің ел егемендігінен кейінгі ең бір батыл, асқан ақылды шешімі – астананы Ақмолаға көшіруі. Мұның стратегиялық мəні адам айтқысыз. Бас-аяғы үш-төрт жылдың ішінде қазақ даласының қақ ортасында дүниежүзіндегі ең шандоз шаһарлармен салыстыра, жарыстыра алатын тамаша қала тұрғызу, оның зəулім ғимараттарына Республика басшылығын көшіру, Ақмоланы – Астанаға, Астананы – Елордаға айналдыру қадым заманнан бері үзілмей халық жадында сақталып, жатталып келген қиял-ғажайып аңыздың қиялдан асқан ақиқатына ұласуы деп білу керек. Сонда сахара төсіндегі сұлу қаланың жұмбақ сыры мен сырлы сипатын əр қазақ та бар қазақ айтқызбай түсінеді.
Биылғы 22 қыркүйекте арнаулы сапармен Астанаға келген Рим Папасы Иоанн Павел Екіншінің Елорда көркіне көзі мен көңілі қатар тояттап: «Саған Құдайдың рақымы жаусын, Қазақстан! Сен келешекте қарыштап дамитын ел боласың, Қазақстан!» деп еміреніп тұрып, осы сөздерді таза қазақ тілінде айтуы – бүкіл дүниені таңғалдырған тамаша нəрсе! Бұдан да бетер кісі таңданарлық көрініс: тек католиктер ғана емес, жер бетіндегі барлық дінге бірдей қарап, өзін «көкте – Құдай, жерде – оның ұлы құлы – Мен» деп білетін Рим Папасының біздің елге сапары 11 қыркүйектегі əрі бай, əрі күшті, тəкаппар Американың күтпеген жерден тасталқанын шығарған сұмдық тағылық террактпен тұстас келді. Бірақ ұлы мəртебелі Папа бұл шырғалаңға қараған жоқ. Американ терроршылар ұясы ретінде танылған талибандарға қарсы «кек қайтару» əркетіне кірісіп, Ауғанстан аумағын айнала соққы астына алып, ел мен ел арасын қанға бөктіріп, қызыл қырғынға ұшыратқалы жатқанда Иоанн Екінші біздің Президенттің шақыруымен бүкіл əлем халықтарының назарын түп-түгел Қазақстанға аударып, жарық дүниеге соғыстың емес, бейбітшіліктің ұранын тастап, қасиетті қазақ даласына өлімнің емес, өмірдің дəнін сеуіп, Қазақстанды мекендеген жүзден астам ұлт пен ұлыстың бірлігі мен ынтымағын қуаттап, біздің елімізде желбіреген жарастық пен азаттық туының астында тұрды. Мұның өзі Нұрсұлтан Назарбаевтың Елбасы болғалы күллі күш-жігерін сарқа жұмсап, соңғы он жыл ішінде асқан шеберлікпен, көреген көсемдікпен жүзеге асырып келе жатқан ақылды ұлт саясатының айта қалғандай ұлы жеңісі еді. Тəуелсіздігіміздің он жылының ішінде Президентіміздің бастауымен егемен еліміз бен ерікті, еркін, «самал тау, шалқар көл» жеріміздің бүтіндігіне кепіл боларлық күрделі де іргелі істер тыңғылықты тындырылды. Олардың ең көрнектісі – солтүстікте жəне шығыста Ресеймен, Қытаймен, оңтүстікте жəне батыста жақын шетелдермен шекарамызды белгілеп, алакөз дау-дамайға қарама-қарсы төрт құбыламызды тегістеп əрі тұрақтандырып алуымыз. Əрине, шекараны анықтау, оның межелерін мықтау, нықтау аз, енді соны қауып пен қатерден қорғау жолын іздеу қажет
десек, өткен он жыл ішінде өзіміздің меншікті Қарулы күштеріміз жасақталғанын айтар едік. Бұл да Елбасымыздың – Жоғарғы Бас қолбасымыздың стратегиялық саясатының тəжірибе жүзіндегі дерегі. Тəуелсіздіктің тағы бір қажырлы кепілі – қаржы; өткен он жыл ішінде өзіміздің төл ақшамыз – теңге туып, тұрақтануы – бұл да азаттық айнасы. Қазақ тілінің Қазақ еліндегі мемлекеттік тілге айналуы; о заман да бұ заман «өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандырып», жазықсыз жазаланған арыстандарымыздың атын ардақтап, рухын биіктету; даналарымызды дəріптеп, тарихымызды түгендеу; бағзыдағы байырғы тұрмыс-тіршілігіміздің, өнеріміз бен мəдениетіміздің жұрнақтарын жинап-теріп бүгінгі буынның қолына əкеліп тапсыру арқылы тегімізге тереңдеу; құм жұтқан қалаларымызды жер астынан жер бетіне шығарып, өткендегі өркениетімізді өрге көтеру; хан ба, қара ма, ақын ба, батыр ма... – бəрі бір, тек солардың елге сінген еңбегін, туған халқымыздың азаттық жолындағы мақсаты мен мүддесіне қосқан үлесін əділ бағалау... – осылардың бəрі егемендіктің ерекше мазмұны мен мағынасы, тəуелсіздіктің тəңір берген қазына-байлықтары. Биыл он жыл толған Ел тəуелсіздігіне қашан, қайда жəне қалай жол ашылғанын жадымыздан шығаруға тіпті де болмайды. Осы он жылдықтың нақ басында – 1991 жылғы желтоқсанда бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған 11 мемлекеттің басшылары Алматыда бас қосып, Тəуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру жөніндегі шартқа қол қойылуы – жаппай тəуелсіздіктің басы еді. Бұл тарихи шараның басқа жерде емес, біздің туған топырағымызда – Казақстанда өткізілуі еліміз бен жеріміздің бас иесі Нұрсұлтан Назарбаевтың өз ортасындағы айрықша ынтасы мен ықпалы, берекесі мен беделі екені даусыз. Кеңес Одағы іс жүзінде осылай таратылды. Ертеңіне (25.12.91) М.С.Горбачев КСРО Президенті міндетін атқаруды доғарды. Жаңа мемлекеттердің, оның ішінде Қазақ мемлекетінің шын мəніндегі еркіндігі осылай басталды. Бұл күнге қалай жеткеніміз бəрімізге белгілі. Жалғыз-ақ, соны мəңгі естен шығармау үшін болса керек, Астананың төрінде биыл
орнатылған, биіктігі 37,5 метр «Отан қорғаушылар монументі» тұр. Авторы – Елбасы; эскизін өзі жасаған. Монументтің тұғырында «Отаны бірдің тілегі бір, жүрегі бір» деген сөз, қабырға-қамалында «Ел қорғаған ерлердің рухына тағзым!» деген жазулар ғұмыр-бақи өшпестей боп тасқа қашалған. Жер шарының түкпір-түкпірінен Егемен Қазақстанға, оның Астана – Ақордасына келген қандай қадірлі қонақ болмасын, бəрі-бəрі бəрінен бұрын осы араға келіп, қазақтардың Отан-анасына бас иіп, тағзым етеді. «Ата-бабаларымыздың даңқты тарихын атының тұяғымен жазып кеткен жерге» Президент Назарбаевтың өз қолымен мəңгілік ескерткіш орнатып, олардың ендігі жаңа тарихын жазуды отандастарына таза, жаңа беттен бастап бергені осы емес пе!.. Сонымен, ең алдымен Ел егемендігін сақтау, тəуелсіздігімізді тұрақтандыру үшін он жыл бойына жарғақ құлағы жастыққа тимей, тыныс тауып тыным көрмей шыр-пыр боп, біресе жарық дүниеде қазақ деген халық бар екенін, оның отаны – азат Қазақ мемлекеті бар екенін бүтін адамзатқа таныту үшін жер шарын кезіп, бүкіл əлем аясында аяулы ел-жұртымыздың айдыны мен айбынын асқақтату жолындағы алып əрекетпен жүру; біресе елге келіп, бұрын-соңды болып көрмеген шытырман да шырғалаң, қат-қабат қиындықтар мен кедергілер арасында жол іздеп, оны кейде тап басып, одан кейде адасып, жоғарыда астын сызып айтқанымыздай қайтпас-қайсарлықпен қайта іздеп тауып, нəтижесінде еліміздің көшпенді болмысын бітімі жаңа көшке, көшті ұжымы бүтін келісті керуенге айналдырып ап, оны үміт пен күдікке толы Ертеңге қарай бастаудағы Елбасымыздың кімді де болса ұйқы-күлкіден айырар аласапыран, мазасыз айлары мен күндерін көзіміз көріп отыр. Міне, осы тұрғыдан, дəл осы түсінікпен қарағанда, биылғы 2001 жылы не істелді деген сауал толғаудың тақырыбына тағы əкеліп тірейді. Сөз жоқ, толғаудың тақырыбы бір-ақ (2001) жыл. Бұл жылдың басынан аяғына дейін қандай іргелі оқиғалар, күрделі құбылыстар болды? Бір жағынан бұларды хронологиялық ретпен тізіп шығу міндет секілді. Бірақ, біз бұлай етпедік. Бұлай ету толғанысқа апармайды. Мəселен, санаулы өндіріс ошақтарындағы мұнай өнімі кеше
пəлен мөлшерде еді, бүгін түген есе өсті, – ілгері бастық; ауылдағы қой саны кеше пəлен миллион еді, бүгін түген пайызға кеміді, – кері кеттік... деген тəрізді цифрлар тізімін ащы ішектей шұбата бергіміз келмеді. Бұларды күнбе-күн көріп-біліп, талдап-тексеріп отырған статистика мамандары, немесе шаруашылық динамикасының білгірлері айтсын. Ал оқиғалар мен құбылыстардың қадау-қадау себептері мен салдарын бірнеше қайырыммен (абзацпен) екшеп, іріктеп айтсақ, былай... Елбасы өзінің дəстүрлі Жаңа жылдық құттықтауында: «Биыл өзіміз тіккен ортақ шаңырағымызға он жыл толады. Бақытқа кенел, қасиетті елім! Бақытқа бөлен, қасиетті халқым!» деп өзінің жүрекжарды тілегін мəлімдеді. Бұл не деген сөз? Бұл ел егемендігінің биылғы оныншы жылында, яғни бір жылдың ішінде Президенттің қасиетті елі мен халқы ағыл-тегіл байлыққа оп-оңай күрп ете түсіп, бақытқа кенеле қалады деген сөз бе? Жоқ, бұлай түсіну – əріпшілдік! Биылғы бір жыл түгіл, биылмен қосқанда өткен он жыл ішіндегі мезгілдің мінезі қандай еді? Əуелі соның байыбына барған жөн. Мемлекеттік хатшы Əбіш Кекілбаев талдағандай, он жылдың алғашқы екі жылы тəуелсіздігіміздің құқықтық негізін жасауға, одан кейінгі екі жыл тəжірибесіздіктен жіберілген қателіктерімізді мойындапбайыптауға кетті де, тек бесінші жылында ғана түпкілікті таңдау жасап, революциялық арнадан реформа арнасына көштік. Одан бергі жылдар қала мен даладағы тоталитарлық жүйкесін құрыта діңкелетіп кеткен жаппай дағдарыстан шығу, «жоқты бардай, барды дардай» ету əрекетімен жанкешті жағдайда өткен жансебіл жылдар болды. Онда да ішкі мүмкіндіктерді сыртқы мүмкіндіктермен ұштастыра келе инвестиция һəм инвесторлар легін топ-тобымен ішке тартуға, іске араластыруға мəжбүр болдық. Мұның прогрестік жағы да, регрестік жағы да қатар бəсекелесіп жатты. Бұл секілді кезеңді қиындыққа шыдауға, нарық экономикасының ұтыстарымен қабат кейбір ұтылыстарына да төзуге тура келді. Өйтпесе жағдай жөнделе қоймайтын болды. Ел тағдырындағы осындай хал-күйді дұрыс түсіне алмасақ қана біз өндіріс тоқтады, мал-жан жұтқа ұшырады, құрыдық, құрдымға
кеттік; бүгінгі реформа бар болсын, кешегі революция жақсы еді; бүгінгі бостандығыңыз бар болсын, кешегі бодандығымыз тыныш еді демегенмен, кешегі бес-он жыл басымызға «коммунизм орнап», нанға қарқ болып едік, сол қайда кетті деген секілді байбаламға барамыз. Əрине, бұл өкініштер мен реніштердегі бір алуан бұрылтпас шындықты жоққа шығаруға болмас: қазіргі тұрмыс-халіміз өрден өрге басып, биіктен биікке шырқап бара жатпағаны да рас. Дегенмен, бас-аяғы он жыл ішінде осы олқылықтың орнын толтыра қою оңайға соқпағанын түсіне тұра, енді, алдағы уақытта бұл қиындықтан өтіп, болашақта «бақытқа бөленуді» мүмкін ету үшін биыл не істелді жəне сол «бақытқа кенелудің» алғышарттары айқын ба деген сұраққа тағы кезігеміз. Ендеше, бұл сауалға биыл нақты тəжірибе жүзінде жүзеге асырылған затты көрсеткіштер арқылы бір сыдырғы жауап алуға болады. Нəпақа нан ғана емес. Ал, алда-жалда нан керек болса, биыл егіс даласынан 18.257.4 мың тонна, яки бұрынғы өлшеммен алғанда 1 миллиард 106.5 миллион пұт астық жиналды. Диқандар мұны жым-жырт, үн-түнсіз құйып алып жатыр. Бұрын мұндай жағдайда масайрап алып қашып, у-шу айғайға басып, кеудемізді ұрып болушы едік. Ол кезде мұндай табыс қандай жоғалтулар, бұл өрлеу қандай құлдыраулар арқылы келіп жатыр: əңгімеміздің басында жарияланған қайран қазақ даласы тері сүйреткендей түтетүтесі шығып, мал жейтін шөбі шүйгін жазира жайлаулар ит байласа тұрғысыз эрозияға ұшырап, қандай шаң бораған қу тақырға айналып жатыр? Тың игереміз деп, тусыраған туған жерімізге жаппай түрен салуды сылтау етіп Ресейден қашқан-пысқан, шанышқыдан жырылған мың-миллион кірмелер келіп, терістіктегі тұрғындардың тоқсан пайыз қазағын тоғыз пайызға түсіріп, Солженицын мен Жириновскийге қасақана «Жер біздікі, Костанайдан Өскеменге дейін орыстанған облыстарды кесіп əкетеміз» деген шовинистік сандырақпен ісіміз жоқ. «Романовтар əулеті үш ғасыр басынса да бағындыра алмаған қазақ даласын большевиктер бас-аяғы үш жылда төңкеріп түсірді» деп жұдырығымен
кеудесін ұрғылаған Хрущев жарықтықтың масаң мақтанышымен тағы ісіміз жоқ. Масаң демекші, сол шала бурыл қалпында Қазақстанның қырық жылдық тойына келген Хрущев өзін қаумалай қошеметтеген он бес одақтас республиканың он бес басшысын аяғынан тік тұрғызып қойып: – Қонаев, Қазақстан биыл миллиард пұт астық бере ме, жоқ па? – деп қадала қарағанда Димаш Ахметұлы: – Береміз, Никита Сергеевич! – десе, анау енді тағы бір бастыққа бұрылып: – Раззаков, сенің республикаң қанша астық береді? – дегенде Қырғызстан компартиясының жетекшісі қолын шекесіне апарып: – Туысқан Қазақстанмен қосылып бір миллиард он миллион пұт береміз, Никита Сергеевич! – деп, тойға жиналғандарды қырантопан күлкіге батырғанын көзімізбен көрдік. Сонда деймін-ау, Ысқақ Раззақов айтқан Қырғыз Республикасының он миллион пұт астығы біздің биылғы бір миллиардымыздың сыртында жүз миллионға айналып, ешбір ұрансыз-ақ ұраға құйылып тұрған жоқ па. Жəне де біз мұны сырттан тағы бір кірмелер шақырып, байлығымызды ашып-шашу емес, іштегі өз күшімізбен ысырапсыз жинап алдық. Осы секілді, ауыл шаруашылығының басқа салаларындағы олқылықтарымызды да осылай бірте-бірте орнына келтіріп, өз күшімізбен осылай іске асыруымыз керек шығар. Мəселен, мал. Мал байлығы бір жұттық деген ғой, реформада кеткен қателік бұл жағымызды, шынында да біраз жұтаң тартқызғанмен, мұны да түзететініміз кəміл. Осы ретпен, бүгінде амалсыз жат қолында кетіп жатқан ағыл-тегіл жерасты қазынамызды ертең біржола өз меншігімізге көшіріп алып, жерүсті байлығымызбен өре өрбітетін, өркендететін күн де туар. Шыдай тұрайық... Сонымен, əрі айтып, бері айтқанда, нəпақа нан ғана емес. Наны бар елдің сəні, сəнін келтіретін əні, яки экономикасымен қатар мəдениеті болуы тиіс. Бұл жағымыз да біраз жалаңаштаныңқырап қалып еді, биыл бұған да назар аударыла бастады. Астанада Қалибек Қуанышбаев, Күлəш Байсейітова атындағы драма, опера театрларымен қатар, бірнеше облыстарда ашылған
жаңа өнер отауларын, музыка, сурет, халық аспаптары орталықтарын, даламызда даналарымызға салынған зəулім кесенелер, яғни сəулет өнерінің, қалаларымыздың көшелерін көріктендіріп бара жатқан мүсін өнерінің туындыларын... өз алдына қойғанда, көп жылдардан бері құлазып, азып-тозып тұрған саз өнеріміздің қара шаңырағы Абай атындағы опера жəне балет театры үстіміздегі жылдың басында қарауға көз керек келісті жөндеуден өтіп, ішісырты «алтынмен апталып, күміспен күптеліп», қасиетті есігін халқымызға қайтадан ашты. Өнер атаулының ішіндегі ең ұлы өнер – сөз өнері – көркем əдебиет десек, мұның да халі мүшкілденіп кеткені белгілі. Биыл Қазақстан Жазушылар одағына Президент пен үкімет атынан вице-премьер Иманғали Тасмағамбетов арнайы келіп, ақын-жазушыларымыздың арызын тыңдап, осы жылдың санаулы айларының ішінде олардың жүз кітабын шығарып беруге уəделесіп тұрып: – Үкіметке айтқан сындарыңды қабыл алайын, жүз кітап бастырып беремін деген уəдеде мен тұрайын, ал сол жүз шығарманы шығарып алып көпшілік сынына салғанда, көркемдік деңгейі біздің бүгінгі талапқа сай болатынына сенім беріп, сол уəдеде сендер де тұратын болыңдар! – деген. Вице-премьер сыннан өтіп, уəдесін бұлжытпай орындап келеді. Енді сол жүз кітаптың идеялық-көркемдік дəрежесін бəріміз сарапқа салатын болсақ, қазақ əдебиетінің қазіргі халі мен келешек даму мəселелері туралы келелі кеңес басталар еді. Мұндай творчестволық кеңес, талқы, пікір алысу қаламгерлер үшін ауадай қажет. Қазақстан Жазушылар одағының жұмысы тек қана осы арқылы жанданады. Мұны айтып отырған себебіміз, экономикамыз бен мəдениетіміздің қай саласында болмасын, түзетілуге тиіс кемшіліктер, орны толтырылуға тиіс олқылықтар жетіп-артылады. Бірақ оны дəл бүгін жіпке тізу тəуелсіздік толғауының тақырыбы емес. Ал, қайтып-оралып тақырыпқа келсек, Ел егемендігінің өткен он жылының ішінде, немесе өтіп бара жатқан биылғы бір жылында жоғарыда талдағандарымыздан да басқа тындырылған істер, іске асқан шаруалар ұшан-теңіз. Олардың бəрін бір толғауда түгел
қамту тағы да мүмкін емес. Айталық, бұдан бес жарым ғасыр бұрынғы «Сонау бастан, о бастан бір-біріне жарасқан, жаралғалы Қара Жер, жаралғалы Көк Аспан, Естеби мен Бумынның адамзаттан бағы асқан. Төрт бұрышы дүниенің соларменен санасқан» деп, тау суындай төгіле тасқындаған керемет көне жырға əрі арқау, əрі мазмұн болған ежелгі түркі жұртының «басы барды – идірген, тізесі барды – бүктірген» жеңімпаз сардары Күлтегін сына жазуының ғылыми көшірмесі моңғол сахарасынан өзінің тікелей мұрагері Қазақ елінің кіндік шаһарына əкеліп орнатылуы; жеті жарым ғасыр бұрын басқыншылар тұтқындап əкетіп араптарға құл ғып сатып жіберсе де түптамырынан үзілмей тірі қалып, өзінің ұлттық ділі түлеткен тума талантының арқасында Мысыр мемлекетін он жеті жыл патша боп билеген ғажайып аңыз – қазақ Бейбарыс сұлтанның туған топырағын сағынып, бақидан фəниге қайта жаралғандай Жайық жағасында тіл бітіп сөйлеп тұрған тас мүсінге айналуы... – Ұлы далаға оралған Ұлы рух болса, осылардың қай-қайсысы болса да Президент Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен жасалып, тарихы терең халқымыздың бүгінгі мақтанышы мен мерейіне айналған рухани құндылықтар. Бұлар туралы таратыңқырап айтсақ, төбесінде аспан түстес көгілдір туы желбіреген егемен Еліміздің ары мен айбыны, Елбасымыздың абыройы мен айдыны туралы толғанар едік. Бірақ бұған да уақыт аз, жер тар. Сондай-ақ, 1991 жылы 29 тамызда Елбасымыздың Ел тағдыры дегенде ешнəрседен тайынбайтын қатал принципі мен қайсар қимылының, қиюы қашқан қиын іске қолма-қол араласуының арқасында, Абай мен Мұхтар туған топыраққа адам айтқысыз ажал егумен келген Семей ядролық сынақ полигоны жабылғаны мəлім. Қырық жыл ішінде төрт жүз елу тоғыз ядролық жарылыс жасаған полигонның бүгінде үні өшкенін бірегей біткен жұмыс ретінде сипаттар едік, бірақ полигон төңірегіндегі тұрғындар тағдыры кұл болмаса бұл болсын дегендей төрт жүз тоқсан алты ай аяусыз жасалған жарылыс зардаптары жүз жылда да бітпейтінін ойлағанда, толғау зарлауға айналып кете ме деп күдіктендік те, бұл тақырыпты көп қозғамай қоя тұрдық. Осындай оңай оңала қоймайтын кешегі тоталитаризм тұсынан қалған кесірлер мен кедергілер бүгінгі реформаторлардың ілгері
басқан адымдарын кейін тартып, игерілген игі істерге көлеңке түсіреді. Көлеңке демекші, «Мінездің албырт түрі де! Айтылар əлі оған сын: – Мінің бар – дейді-ау тіріде көлеңкем қайда жоғалсын?!» деп ақын айтқандай, күн бар жерде көлеңке бар. Заманның да, адамның да күнгей жағымен қатар көлеңке жағы болады; құнымен бірге міні де болатыны шүбəсіз.. Ертең «мың өліп, мың тіріліп» қолымыз əрең жеткен егемендігіміздің он жылдығын тойлағалы отырмыз. Демек, бүгін заманның көлеңкесін іздеп, адамның мінін қазбалуды кері шегере тұрып, бірлік пен тірлігімізді тұтастырып, азат Қазақ еліндегі азаттық қадірін қастерлей білетін бар адам бір кісідей Тəуелсіздік гимнін қосыла толғауымыз шарт! 12 желтоқсан 2001 жыл. Алматы– Астана
АУДАРМА ПЬЕСАЛАРЫ
АЗ СӨЗ (аудармашыдан) «Елеусіз қалған есіл ер» – атақты түрік ақыны Назым Хикметтің шартарапты шарлап шыққан əйгілі пьесасы. Орысшасы – «Всеми забытый». Осыны бір кезде біздің газеттер «Барлығы ұмытқан» деп қазақшалап жүрді. Мен мұндай «сіреспеге» қарсымын, сондықтан түпнұсқаның түпкі мағынасына сəйкес «Елеусіз қалған есіл ер» деп аудардым. Пьеса 1965 жылы М.О.Əуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасына қойылды. Аса сəтті шықты: премьерасынан бастап, соңғы қойылымына дейін бірнеше жыл спектакльден адам арылған жоқ – аншлагтан аншлаг! Неге? Неге десеңіз, – алдымен, бір ұлт қана емес, бүкіл адамзатқа ортақ ірі де іргелі тақырыпты күллі тамыр-тереңімен қопара қозғап, қазақ сахнасынан XX ғасырдың ұлы суреткері Назым Хикмет сөйлеп кетті; содан соң, өзгелерді өз алдына қойғанда, өзіміздің өнегелі сахна саңлақтары Нұрмұхан Жантөрин (Доктор), Хадиша Бөкеева (Əйел). Фарида Шəріпова (Қыз), Асанəлі Əшімов (Ассистент) көрерменді таңдандыра, тамсандыра тартып, баурап əкететін ғажап ансамбль жасады; ақыр-аяғында, есімі мен еңбегін бұған дейін ешкім көріп-білмеген белгісіз жас Пұсырманов (өзінің аты – Виктор) тұңғыш рет нұсқалы режиссерлік қабілетін таныта жарқ етіп, жұрт алдына шықты. Бір ғана аударма-пьесаның бір тұста атқарған бірегей қызметі, міне, осындай. Асылы, өскен, өркен жайған драматургияда аударма-пьесалардың орны ерекше: сахна өнерін ұлттық шағын шеңберден интернационалдық кең өріске алып шығады, мазмұнын тереңдетеді, пішінін жетілдіреді, актерлердің шеберлігін шыңдайды. Шын мəніндегі шынайы сахна өнері қайраңын балдыр басып тұрып қалған тымық қарасу емес, түбінен шымырлап өніп отыратын қайнарымен қоса жан-жақтан жұлқына тулап кеп құйып жататын
тарам-тарам бұлақ-бастаулары бар тірі толқын-айдынды ағыс екенін де аударма-пъесалар дəлелдеген үстіне дəлелдей түседі. Мəселен, 1961 жылы Қазақстанның мемлекеттік жасөспірімдермен балалар театры (Гарриет Бичер-Стоудың романы бойынша) «Том ағайдың лашығын» қою арқылы Америкадағы құл иелену жүйесінің адам айтқысыз сұмдығы аяусыз əшкерелеп, өз сахнасына халықаралық тақырып əкелген болса, 1971 жылы Махамбет атындағы Гурьев театры А.Н.Островскийдің «Ұшынған ақша» комедиясын сахнаға шығарып, ХІХ ғасырдағы орыс классикасына батыл барлау жасады жəне, сөйтіп, көрермен-көпшілікке өзінің біршама жемісті көркемдік даму бағытын аңғартты. Алпысыншы жылдары қазақ сахнасының сардары Құрманбек Жандарбеков Үнді тақырыбын толғағысы кеп, Яшпал романы бойынша «Дивья» спектаклін қоюды мақсат етсе, сексенінші жылдарда тамаша шебер режиссеріміз – СССР халық артисі Əзірбайжан Мəмбетов Ян Отченашек пен Ярослав Бланктің Чех өмірінен жазылған «Мезгілсіз махаббат» пьесасын сахнаға шығармақ боп аудартып алды. Бұл екі драма шетел шындығын көркем жинақтаса, Азат Шагинянның «Трамвай паркке кетеді» деген пьесасы біздің адамдардың тұрмыс-тіршілігіне алынып, дəл бүгінгі күндердің зəру мəселелерін козғайды. Ал, Михаил Шатровтың «Ар диктатурасы» көптің көзі үйренген əдеттегі театр жанрларының бəрінен оқшау шығып, тура «1986 жылдың таластары мен толғаныстары» деп аталады. Мұнысы тіпті қызық: шығармада, шынында да, қазіргі айрықша кезеңнің күрделі де іргелі қоғамдық күрестері идеялық тұрғыдан ымырасыз тартыс, риясыз айтыс-жария публицистикалық пафостағы саяси диспут түрінде өтіп жатады. Қысқасы, қолыңыздағы кітапта басы біріктіріліп отырған драматургиялық шығармалардың қай-қайсысы болсын, қай театрда қойыла қалса да, қазақ көрермендерінің ықыласын аударып, қазақ сахнасына өз өрнегін төгері, өзгеше ажар берері даусыз.
А.Н.Островский ҰШЫНҒАН АҚША Бес перделі комедия
ҚАТЫНАСУШЫЛАР: С а в в а Г е н н а д и ч В а с и л ь к о в – провинциал, 35 жаста. «О» əрпіне ерекше екпін түсіре сөйлейді. Еділдің орта ағысын мекендейтін елдің сөз мəнерін – мақал, мəтелдерін көбірек колданады; «бар» деудің орнына – «неге болмасын», «жоқ» деудің орнына – құдай көрсетпесін», «көрші» деудің орнына – «қоңсы» дегендей... И в а н П е т р о в и ч Т е л я т е в – каракетсіз ақсүйек, 40 жаста. Г р и г о р и й Б о р и с о в и ч К у ч у м о в – 60 жаста, маңғаз мырза, атақ-дəрежесі шағын, өзі отставкада жүргенмен қайын-жұрты мен нағашы туыстарында шонжарлар, ығай мен сығайлар көп. Е г о р Д м и т р и е в и ч Г л у м о в Н а д е ж д а А н т о н о в н а Ч е б о к с а р о в а – жүріс-тұрысы бапты, мəнер-машығы бипаз қартаң əйел. Л и д и я Ю р ь е в н а – оның қызы, 24 жаста. А н д р е й – Чебоксаровтардың қызметшісі. Г р и г о р и й – Телятевтің қызметшісі. Н и к о л а й – Кучумовтың қызметшісі. В а с и л и й – Васильковтың камердинері. Қ ы з м е т ш і ə й е л К о ф е х а н а д а ғ ы б а л а С е р у е н ш і л е р
БІРІНШІ ПЕРДЕ (Пролог орнына) Петр паркі. Сакс бағы, көрермендерден оңға қарай – паркке кіретін қақпа, сол жақ қанатта – кофехана. Бірінші көрініс Жұрт серуендеп жүр, кейбіреулері тоқтай қап, қақпаға жапсырылған афишаны оқиды. Кофеханадан Телятев пен Васильков шығады. Т е л я т е в (аузында бірдеңе бар, шайнап келеді). Ал иə, ал иə! (Басқа жаққа бұрылып). Қыр соңымнан қалмауын көрдің бе? В а с и л ь к о в. Менің айтайын дегенім, əлгі қыз өте-мөте сүйкімді, тым тартымды бойжеткен екен. Т е л я т е в. Тапқан екенсіз! Осы да жаңалық болып па? Оны кім білмейді! (Қалпағын алып, басын иеді). Өте дұрыс айтасыз. Екі жердегі екі – төрт, Чебоксарова – сылқым, сұлу. Оған не дау бар? Соны да білмейсіз бе? В а с и л ь ко в. Менің сізге айтайын дегенім, сол бойжеткен маған өте-мөте ұнап қалды. Т е л я т е в. Тіпті жақсы. Ол қыз кімге ұнамаушы еді! Кешіре көріңіз! Ау, ұнатсаңыз қайтейін, онын несі таң маған? Өзіңіз, сірə, алыстан келгенсіз-ау, деймін? В а с и л ь к о в. Иə, шалғайлау жерден... Т е л я т е в. Егер сіз қызға ұнаған болсаңыз, бұған мен таңданар едім. Онда қызық болар еді. Ал қыз сізге ұнаса, мұнда тұрған тосын түк те жоқ. Ол бикешке ауыздарының суы құрып жүрген он бес адамды білем, бұлар тек үлкендер ғана, ал гимназистер бар ма, қисап жоқ, шетінен ғашық. Жə, мұны қоялық былай болса қайтеді? Сіз оған өзіңіз ұнаудың амалын табыңыз. В а с и л ь к о в. Бұл соншалық қиын ба сонда? Т е л я т е в. Айтам ғой. В а с и л ь к о в. Ал, не керек ол үшін? Қандай құдірет қажет? Т е л я т е в. Қажет құдірет сіз бен бізде жоқ қой, қайтесіз. В а с и л ь к о в. Жə, айтсаңызшы, не керек?
Т е л я т е в. Айталық, жарты миллион, яки сол шамалас ақша. В а с и л ь к о в. Бұл ештеңе емес екен онда... Т е л я т е в. Ештеңе емес?! Не дейді, əкем-ау! Ау, саңырауқұлақша шашылып жатқан миллиондарыңыз бар ма, сонша? Əлде сіз Ротшильдердің жиені ме едіңіз, онда əңгіменің қажеті канша! В а с и л ь к о в. Олай да, бұлай да болмай-ақ қоялық, бірақ мықтырақ ақылға салып байқасақ... Т е л я т е в. Əне көрдіңіз бе, ақыл жəне анау-мынау емес, мықты ақыл дейсіз. Демек, алдымен керегі ақыл болды ғой. Ал мықты ақыл дегеніңіз – біз үшін əлгі бір миллиондар секілді қашықтағы қазына. Жə, ақылы да, нақылы да бар болсын, қоялық, таныстардан біреу-міреу естіп қап, күлкі қып жүрер. Ақылдылар өзінше, біз өзімізше, демек, ақылдың ауылы бір бүйір... Құдай бермеген соң, қайдан табамыз! В а с и л ь к о в. Жо-жоқ, мен бұл қабілеттен жуық, арада мақрұм қала алмаймын. Жə, бикешке ұнау үшін тағы не керек? Т е л я т е в. Мінсіз тігілген мундир керек, оған қоса, ең болмаса, полковник дəрежесіндегі сарала шен керек, оның үстіне туа біткен ақсүйектік мінез керек. В а с и л ь к о в. Оныңыз тым оғаш екен. Апырым-ай, ақыл мен жүрекке байланысты басқа қасиеттердің бір де бірін елең қылмай ма бұл бикеш? Т е л я т е в. Ау, ақыл мен жүрегіңізде жатқан қасиеттерді қайдан аңғарады ол? Немене, оған арнап астрономия жазып, оқып бермексіз бе? В а с и л ь к о в. Апырмай, қол жетпес биікте тұр екен-ау, өкінем, қатты өкінем. Т е л я т е в. Енді қайтесіз? В а с и л ь к о в. Бері қараңызшы, сізбен ашық сейлесейін: мен бір айрықша қарекеттің адамымын, сондықтан маған керегі – дəл осындай əйел, өзі сұлу, өзі сыпайы, сырбаз дегендей... Т е л я т е в. Ау, кім нені керек етпейді дейсіз? Қалай өзі, былай, қалталы кісімісіз? В а с и л ь к о в. Əзірше қалтам қалың емес. Т е л я т е в. Қалыңдатар халіңіз бар ғой, шамасы. В а с и л ь к о в. Бүгінде...
Т е л я т е в. Бүгінде, бүгінде дей бересіз екен. В а с и л ь к о в. Дейтін себебім, бүгінде аяқ астынан байып шыға келу – əбден мүмкін нəрсе! Т е л я т е в. Е, ол Құдайдың билігінде ғой. Қиял ғой əлі... Одан гөрі бүгінде қолынызда тұрған не бар, соны айтсаңызшы! Мен сізді тонар дейсіз бе! В а с и л ь к о в. Тонамайтыныңызға сенімім мол. Қолымдағыны айтсам, қора-жайымнын іргесінде үш тоғай-дачам бар, үшеуі бір елу мың құрап қалар еді. Т е л я т е в. Мұныңыз əсем екен, елу мың дегеніңіз – ақша; оған қоса Москвада жүз мыңның кредитін ұстауға болады; ол – жүз елу мың деген сөз. Мұндай қаржымен бір қыдыру қызық дəурен сүруге болады. В а с и л ь к о в. Бірақ түбінде төлеу керек емес пе! Т е л я т е в. Оның несіне күйзелесіз! Сіз шыбын-шіркей болғандай не бар бұл арада! Бостан-бос бас қатырмас болар. Ол шаруаны кредиторлардың үлесіне қалдырыңыз, өздері бас қатырсын, қалай қайтарады, қалаулары білсін. Өзгелер ісіне араласпау керек: біз тек ала білейік, қайтара білу – олардың шаруасы. В а с и л ь к о в. Білмеймін, мұндай нəрсені кəсіп етіп көрген жоқ ем, біздің кəсібіміз бен есебіміздің түрі басқа болатын. Т е л я т е в. Жассыз ғой əзір, жүре-бара біздің кəсіпке де көшерсіз əлі... В а с и л ь к о в. Дау бар ма! Бірақ бір өтінішім болсын, мені Чебоксаровтармен таныстырсаңыз қайтеді. Əрине, салған жерден ұнай қалам демеймін, бірақ үмітсіз шайтан емес пе... Бикешті бір апта бұрын бір көріп ем, тұрсам естен, жатсам түстен шығар емес. Шарқ ұрып іздеп, мекенін таптым да, солар тұратын үйден бөлме жалдап алдым; жан қалқаны жиірек көрсем деген арман ғой баяғы... Қызмет бабындағы кісіге қиын да, ұят та секілді, қайтейін, амалым қайсы, жүрек мəселесінде жаспын ғой. Таныстырсаңызшы, жақындастырсаңызшы, өтінемін. Т е л я т е в. Жарайды, жақсы. В а с и л ь к о в (оның қолын құшырлана қысып) Ал, не қалайсыз менен... Т е л я т е в. Бір бөтелке шампан, басқа параның қажеті жоқ. Бола ма бөтелке?
В а с и л ь к о в. Болмаушы ма еді, ойбай! Қашан керек, қанша керек? (Телятевтің қолын қыса береді). Ойпырмай, рақмет, үлкен рақмет! Т е л я т е в. Қолым, қолым... Мына қуларың кім? В а с и л ь к о в (Телятевтің қолын қысқан қалпы, жалт бұрылып). Ойпырмай, солар болмасын? Т е л я т е в. Солар, солар. В а с и л ь к о в. Ал кеттім, қарап қалайыншы көзім тойғанша. Мен тым елпілдек, сезімтал болармын, а? Күлесіз-ау маған... Т е л я т е в. Ау, қолым деймін, қолым... В а с и л ь к о в, Кешіріңіз! Қайтып келсем, дəл осы арадан табам ба сізді? Т е л я те в. Сірə, табарсыз. Васильков асығыс жөнеле береді. Глумов кіреді. Екінші көрініс Телятев пен Глумов. Г л у м о в. Əлгі диуанаң кім? Т е л я т е в. Құдай бағыма берген біреу ғой. Г л у м о в. Пайдаң не? Т е л я т е в. Шампан шарабына суарады. Г л у м о в. А! Мұнысы жаман емес екен. Т е л я т е в. Өзін əрі айналдырып, бері айналдырып, ақша сұрап алсам деймін. Г л у м о в. Оның тіпті жақсы, əрине, бере қойса... Т е л я т е в. Сірə, беретін шығар, менің оған бір керек жерім бар. Г л у м о в. Тоқташы құдай үшін! Немене дейсің, кімге, не үшін керекпін дейсің? Т е л я т е в. Былай, тыңда. Г л у м о в. Ал тыңдадық. Т е л я т е в. Өзін алғаш рет осы паркте, бұдан бір апта бұрын дəл осы жерде көрдім. Анау аллеямен келе жатып, алыстан
көрдім: қаздиған біреу, аузын ашып, көзі бадырайып тұр, қалпағы желкеде. Мұнша неге таңданады, білгім келді. Піл жетелеген ешкім жоқ, таласып жатқан əтештер тағы жоқ. Ал мынау аң-таң. Неге дейсің ғой, тапшы, кəне! Г л у м о в. Қайдан табайын. Бұл паркте кісі таңданғандай не болушы еді. Т е л я т е в. Чебоксаровалар екен аузының суын құртқан. Г л у м о в. Өйдөйт де, аузы дəм білетін біреу болмасын. Т е л я т е в. Чебоксаровалар мінген күйме тоқтай қалған, жастар қоршады да алды; екеуі де сөйлеп жатыр, кімге не айтты, білмедім, ал əлгі кісі шеткерірек тұр, бірақ екі көзі күймеде, қадалып өліп барады. Күйме қозғала берген, мынау жан ұшырып, сонынан жүгірді, төрт-бес адамды тапап өтіп, маған соқтыққаны... сол үшін кешірім сұрап еді, табан аузында таныстық та қалдық. Г л у м о в. Құттықтаймын. Т е л я т е в. Ал енді бар ма, бүгін менің Чебоксаровалармен сөйлесіп тұрғанымды көрген екен, жағамнан сүйрегендей жұлқылап баққа апарды, бір бөтелке жəне бір бөтелке шампан алды, аздап жұтыңқырадық. Дəл осы арада білдім: Чебоксароваға ғашық екен сорлы шіркін, тіпті со қызға үйленбек ойы бар. Өзі бір айрықша қарекеттің адамы екен, – онысы қандай қарекет, шайтан білсін, – əйтеуір, өзіне керегі осындай əйел көрінеді, содан соң, əрине, маған жабысып, қызбен таныстыр деп жалынды. Қарай гөр! Г л у м о в. А, эфиоп! Қайдағы бір Камчаткадан қаңғып келеді де, таңдап жүріп тамаша қызымызды əкеткісі келеді. Көрдің бе, айрықша қарекетіне лайық əйел таңдамақ. Тапқан екен! Кімде қандай қарекет жоқ. Менде де қарекет бар, мен де байдың қызына үйленгім келеді, бірақ кім береді маған ондай қалыңдықты... Ал, анау кім сонша, аузымен құс тістеген... Не қылған қарекет оныкі? Т е л я т е в. Оны бір Алла ғана біледі. Г л у м о в. Өзінің сөз түрін, сөйлеу мəнерін түсіндірші маған, кім екенін бірден айтайын. Т е л я т е в. Жоқ, сірə, айта алмассың. Өзі ақсүйек, бірақ Еділ пароходындағы матросша сөйлейді. Г л у м о в. Су қожасы, Еділде кемелері бар десеңші.
Т е л я т е в. Ішкен шарабымыз үшін пұл төлемек боп, қалтасынан əмиянын суырып еді, ойпырмай дəл мынадай (қолымен көрсетеді), жарты кез бар шығар. Ал ішінде жоқтың бəрі бар. Əртүрлі акция, алуан тілдегі счет, майға баттасқан сұр қағазға мұжық қолымен жазылған хаттар... Г л у м о в. Өзі бай ма сонша? Т е л я т е в. Ай, білмеймін-ау. Шағын ғана қора-жайым, оның іргесінде елу мыңға тұратын тоғай бар дейді. Г л у м о в. Онша мықты емес екен. Ғапу етерсің, онда кемеші болмады. Т е л я т е в. Өзі я харам, я сараң: ішкен шарабымыз үшін бірдеңе төлеп еді, со бойда қойын дəптерін суырып алып, шығысын есептеп жазып қойды. Г л у м о в. Кеңсе қызметіндегі кісі емес пе? Мінез-құлқы қалай өзінің? Т е л я т е в. Оқушы қыз секілді аңғырт та албырт. Г л у м о в. Аңғырт та албырт... Алдамшы қу емес пе? Т е л я т е в. Айта алмаймын. Ал шампан ішкенін көрсеңіз, ғаламат: суша сіміріп, сылқыта жұтады. Бір-бір бөтелкеден іштік, беті де қызарған жоқ. Түрі де, үні де қаз-қалпында қалды. Г л у м о в. Онда сібірлік болды, сірə, сібірлік шығар. Т е л я т е в. Шеккені – қымбат сигарлар, французша ағып тұр, тек аз-кем акцентпен сөйлейді. Г л у м о в. Енді білдім, Лондондағы əлдебір сауда-саттық үйінің агенті болды, солай, айтатыны жоқ. Т е л я т е в. Əйтеуір, бір жұмбаққа тап болдық, қалай шешсең, солай шеш. Г л у м о в. Мейлі, кім болса о болсын, қайтсек те бір комедия ойнауымыз керек. Сіз күлмегелі қашан, қабағымыз салбырап құрыдық қой, жүдə! Т е л я т е в. Жалғыз-ақ сенің комедияңдағы күлкілі кейіпкерлер өзіміз боп шығып жүрмелік. Г л у м о в. Жоқ, біз жауыздар рөлін ойнаймыз, өзім сөйтем, əйтеуір... Жə, былай бастау керек, сен ол мəжнүнді Чебоксаровалармен таныстыр, ал мен Надежда Антоновнаға оның алтын кені
бар дейін, содан соң қарайық та тұрайық, қатын қалай қарақтар екен оны... Т е л я т е в. Өтірігіміз ашылып қалса қайтеміз? Чухлома деревнясынан басқа түгі жоқ екенін біліп қалса қайтеміз? Г л у м о в. Онда неміз кетеді біздің? Айтамыз, естіген құлақта жазық жоқ, мақтанған өзі дейміз. Т е л я т е в. Қой, өйтіп не керек! Г л у м о в. Немене, аяйсың ба? Өй, бұзау! Несі бар, қателестік дейміз, байлығы алтын емес, шөп екен, ағаш екен – жидек екен дейміз? Васильков келеді. Үшінші көрініс Телятев, Глумов жəне Васильков. Т е л я т е в. Сұлуыңызға сұқтанып болдыңыз ба? В а с и л ь к о в. Болмақ түгіл, тойдым. Т е л я т е в. Рұқсат етіңіздер, таныстырайын. Савва Геннадич Васильков, Егор Дмитрич Глумов. В а с и л ь к о в (Глумовтың қолын қатты қысып). Өте жақсы. Г л у м о в. Мен үшін жақсы емес, тым қатты қысасыз, қолымнан жан кетіп қалды. В а с и л ь к о в. Кешіріңіз, провинциялық əдет қой. Г л у м о в. Есіміңіз қалай, Савва ма еді? Бұл Савватий деген бе сонда? В а с и л ь к о в (аса сыпайы). Жо, ол басқа ғой. Г л у м о в. Əлде Севастьян ба? В а с и л ь к о в. Жо, Севастьян грекше құрметке лайық деген мағынада айтылады, ал Савва – арап сөзі. Г л у м о в. Савел деген ше? В а с и л ь к о в. Жə, көп сөйлеп қайтеміз. Одан да əулиелер тізімін алып, қарап көрсеңізші. Т е л я т е в. Сіз грекше де білесіз бе? В а с и л ь к о в. Аздап оқығаным бар-ды.
Г л у м о в. Татарша ше? В а с и л ь к о в. Қазан маңының ауызекі əңгімелерін түсінемін, ал Қырымға барғанда қинала сөйлестім. Г л у м о в (басқа жаққа бұрылып). Не жан, түсінсем бұйырмасын. Т е л я т е в. Қырымда кашан болдыңыз? В а с и л ь к о в. Бұдан он шақты күн бұрын ғой деймін. Англиядан келе жатып соққан едім. Г л у м о в (басқа жаққа бұрылып). Бəрі өтірік! Т е л я т е в. Англиядан Қырымға қалай барып жүрсіз? В а с и л ь к о в. Суэц мойнағындағы жер қазу жұмыстары мен инженерлік құрылыстарды көргім келіп еді. Г л у м о в (басқа жаққа бұрылып), Осынікі өтірік емес, шын болып жүрмесін. (Васильковқа.) Сіз біздің құдалық хақындағы əңгімеміздің үстінде келдіңіз... В а с и л ь к о в. Əдемі əңгіме. Г л у м о в. Чебоксароваға құда түспек едім. В а с и л ь к о в. Ол сұлуға кімнің құда түскісі келмейді дейсіз. Г л у м о в. Солардың бəрі ақылсыз: не үшін құда түсетінін өздері білмейді. Оларға қыздың сұлулығы ұнайды, қызығын өздері ғана көргісі келеді, өлі қазынадай ұйқы-тұйқысын шығарып, ұйпалақтап жоқ қылғылары келеді. Ал, сұлулық – өлі қазына емес, түсім беретін тірі қазына. Чебоксароваға есепсіз үйленгісі келетіндер – тек ақымақтар ғана; ол қызға я алдамшы қу, я мансапқор үйленуге тиіс. Қыздың сұлулығы куə үшін тəжірибесіз жастарды арбауға керек те, мансапқор үшін өзінің өсуіне септігін тигізетін бастықтарды алдауға керек. В а с и л ь к о в. Мен дау айтам. Г л у м о в. Міне, жібі түзу, дұрыс есеп осылай болады! Өмірге бүгінгі көзбен қарау деген де осы. В а с и л ь к о в. Мен дау айтам. Г л у м о в. Ал, əлгі адамгершілік жайлы ашылған ақылдар бар ма, түкке тұрмайтын нəрсе! Бұл кез – қолма-қол əрекеттің кезі. В а с и л ь к о в. Рұқсат етіңіз, мен сөзбен таласамын. Г л у м о в. Мүмкін, дау айтарсыз.
В а с и л ь к о в. Адал есеп қазір де қажет. Адал болу қолма-қол əрекеттің кезінде де жақсы, тіпті пайдалы. Алаяқтықты пайдалы сауда деп білетін болсаңыз, қазіргі қолма-қол əрекеттің кезі дегенді онша дұрыс түсінбейді екенсіз. Керісінше, қиял мен қанатты сезімдер кезінде алаяқтыққа мүмкіндік мол еді, амал-айланы оңай бүркеуге болатын еді. Періште қызды, пайғамбар ақынды алдау, арманшыл адамды, сезімтал бастықты арбау қолма-қол əрекет адамын алдаудан əлдеқайда оңай. Жоқ, сіз сөзге түсініңіз, алаяқтық дегеніңіз бүгінде қатерлі сауда. Т е л я т е в. Чебоксаровалар келе жатыр. В а с и л ь к о в (шап беріп қолынан ұстай алып). Ойпырмай, таныстырыңызшы, айналып кетейін. Т е л я т е в. Ой! (Қолын жұлқып тартып алады.) Жарайды, бұл тілегіңізді қуана қабылдаймын. Надежда Антоновна мен Лидия келеді. Төртінші көрініс Надежда Антоновна, Лидия, Васильков, Телятев жəне Глумов. Т е л я т е в (Надежда Антоновнаға). Бір миллионшымен таныстырсам, қалай көресіз? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Қойшы құрғыр, сен секілді түленге түлкі қулық түк емес. Т е л я т е в. Ау, менікінің құны сұраусыз ғой; өсім төлетер деп қорқасыз ба? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Таныстырсаң таныстыр. Тек сен сүмелекке сену қиын! Т е л я т е в. Құдай ақына! Қап, мынаны-ай! Савва Геннадич! Н а д е ж д а А н то н о в н а. Тоқта, тоқта! Бұл не қылған есім! Т е л я т е в. Қоя тұрыңыз! Қорықпаңыз! Миллионшылар есімі ылғи осылай болып келеді. Васильков келеді.
Рұқсат етіңіз, құрметтім, мына кісі менін досым – Савва Геннадич Васильков. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Өте жақсы. В а с и л ь к о в. Осыған өзім де жан-жүректен құмар едім, Москвада тіпті танысым жоқ. Т е л я т е в. Керемет кісі, грекшеге судай (Лидияға қарай кетеді.). Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Есіміңізге қарағанда, Грецияда туғансыз-ау тегі? В а с и л ь к о в. Жоқ Россияда, Еділ маңында тудым. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Қайда тұрасыз? В а с и л ь к о в. Тұрған жерім – деревня, бірақ көбіне сапарда жүрем. Н а д е ж д а А н т о н о в н а (Глумовқа). Егор Дмитрич, менің қызметшімді тауып əкеліңізші. Глумов келеді. В а с и л ь к о в. Рұқсат етіңіз, мен барайын, жүгіріп жүріп тауып алайын. Аты кім еді? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Андрей. В а с и л ь к о в. Қазір, қазір тауып берейін. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Одан менің түбіт орамалымды аларсыз, осы ара біртүрлі сыз екен (Глумовпен ақырын сөйлеседі). Васильков кетеді. Т е л я т е в (Лидияға). Мен сізге қарсы шара қолдандым. Л и д и я. Қап, мейіріміңіз де мол, сізді сүюге де болар еді, тек не керек, бұзылған адамсыз ғой. Т е л я т е в. Мен бе бұзылған адам?.. Менен дені дұрыс кісіні қайдан таппақсыз сонда? Қандай кісі екенімді қазір дəлелдеймін, Лидия Антоновна. Л и д и я. Дəлелдеңіз. Т е л я т е в. Рұқсат етіңіз! Мен сізді бақталасыммен таныстырам қазір, өзімді сіздің жүрегіңізден өшіретін бақталасыммен...
Л и д и я. Оның несі қиын, ол сіз ойлағаннан əлдеқайда оңай нəрсе! Васильковтың қолында түбіт орамал, соңында Андрей, жүгіре аяңдап Надежда Антоновнаға келеді. В а с и л ь к о в. Таптым, міне, мында. (Түбіт орамалды ұсына береді) Н а д е ж д а А н т о н о в н а. А, шошып кеткенімші! (Түбіт орамалды иығына жабады.) Рақмет сізге. Андрей, күймеге бар, бізді театр алдынан күтсін де! А н д р е й. Құл! (Кетеді.) Т е л я т е в (Васильковқа). Савва Геннадич! Л и д и я. Есімі қалай өзінің!.. Шетелден келген бе? Т е л я т е в. Чухломадан. Л и д и я. Ол қандай жер? Мен білмеймін. Географияда ондай жер жоқ. Т е л я т е в. Жуырда ашылған жер. Васильков келеді. Рұқсат етіңіз, мына кісі менің досым – Савва Геннадич Васильков. (Лидия иіліп сəлемдеседі.) Лондонда болған, Константинопольде, Тетюшада, Қазанда болған кісі, өз сөзіне қарағанда, талай сұлуды көрген, бірақ сізге тең келер бірін де таппаған адам. В а с и л ь к о в. Жə, қойсаңызшы! Ұялып өліп барам. Л и д и я. Сіз Қазанда тұратын мадам Чурило-Пленкованы танисыз ба? В а с и л ь к о в. Неге танымайын! Л и д и я. Ол əйел күйеуінен айрылып кеткен деседі ғой. В а с и л ь к ов. Құдай көрсетпесін! Л и д и я. Подворотниковты білесіз бе? В а с и л ь к о в. Ол менің қоңсым. Лидия Телятевқа қарай береді. Біраз үнсіздік. Васильков ұяла шегініп кетеді. Л и д и я. Əлгінің тілі қай тіл? Т е л я т е в. Ол – ұзақ уақыт Ташкентте тұтқында болған кісі (Екеуі енді ақырын сөйлеседі).
Г л у м ов (Надежда Антоновнаға). Онын алтын кені бар, алтыны қисапсыз көрінеді, бір пұт топырақтан бір фунт алтын жуып, тазартып алатын көрінеді. Н а д е ж д а А н т о н о в н а (Васильковқа қайта-қайта қарап). Қойшы-ей, солай ма? Г л у м о в. Өзі солай дейді. Көрмейсіз бе, тағы ғой өзі, қайтсін, ылғи буряттар арасында, тайгада тұрады. Н а д е ж д а А н т о н о в н а (Васильковқа жылы жүзбен қарап). Сырт түрінен мүлде байқалмайды, солай емес пе! Г л у м о в. Алтын өндірушіні сырт түрінен қалай таниын деп едіңіз? Үстіне алтыннан пальто киіп жүрсе бір жөн. Қалталары алтынға толы болса, сол жетпей ме? Араққа жұмсаған қызметшісіне дейін уыс-уыс қып береді. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Обал-ай, уыстап шашатыны ғой, шамасы. Г л у м о в. Шашпай, кім үшін жинасын? Жалғыз басты, сыбай-салтаң адам. Оған тек жақсы жар, əсіресе, ақылды ене керек. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. (Васильковқа бұрынғыдан да гөрі жылырақ қарап). Өзі сонша жаман да жігіт емес. Г л у м о в. Солай, тунгустар арасында болса, тіпті сұлу көрінер еді. Н а д е ж д а А н т о н о в н а (Лидияға). Жүр, Лидия, тағы бір оралып қайталық. Мырзалар, мен сейілдеп қайтам, доктор маған кеш сайын серуенге шық деген. Бізбен бірге қайсыңыз қыдырар едіңіз? В а с и л ь к о в. Маған рұқсат па? Н а д е ж д а А н т о н о в н а (əдеппен жымиып). Рақмет, сізге қатты қуанар едік. Надежда Антоновна, Лидия, Васильков үшеуі бірге кетеді. Бесінші көрініс Глумов пен Телятев. Г л у м о в. Ал, комедия басталды дей бер. Т е л я т е в. Бағанағыны айттың ба ақыры?
Г л у м о в. Айтпай қоям ба? Т е л я т е в. Бəсе, тым жылы ұшырап кетіп еді-ау анаған. Г л у м о в. Мейлі, апатайы қызымен қосыла құлап бағыпқаға тұрсын, анау да елжірей берсін: екеуін де есін тандырып апарып, аяғында бір-ақ жер соққызамыз. Т е л я т е в. Қателесіп жүрме! Көрерсің де, білерсің, сол қу Чебоксароваға үйленеді де, Чебоксарыдан бір-ақ шығады əлі. Мен одан қорқам, өзіме төнген апат болмасын сол. Кучумов келеді. Алтыншы көрініс Телятев, Глумов жəне Кучумов. К у ч у м о в (алыстан). Ma in Ispania, ma in Ispania… mille e tre (Басын тік ұстап, кербез басып келеді.) Т е л я т е в. Саламат па, князь-жан! К у ч у м о в. Мырзалар, менің бүгін қандай тəтті самса жегенімді білесіздер ме, ғаламат, тіл үйіреді! Mille e tre... Г л у м о в. Біреу-міреуді жерлеуге бардың ба, əлде кондитерден алдың ба? К у ч у м о в. Не деп сандалады мынау! Ma in Ispania... Бір көпес қонаққа шақырған. Өзіне орасан көп жақсылық жасап едім, тағы бірдеңе дəметеді – дəреже керек пе, немене... «Жарайды» деп уəде бердім. Мен үшін о не, тəйірі! Г л у м о в. Əрине, уəде беру түк те емес. К у ч у м о в. Тілің тым ащы екен, бауырым! (Қолын безеп.) Москвадан қуылып кетіп жүрме, сақ бол! Бір сөз айтсам болды, бітесіз. Г л у м о в. Айтпайын деп жүрген сен бар ма, айтсаң қайтейін, Құдай ондай, сенен гөрі ақылдырақ адамдардың арасына барсам, не қылар дейсің... К у ч у м о в. Жə, жə! (Қолын сілтеп). Сенімен тіл тауып болмас, сөз шығын. Испанияда... Испанияда... Мың да үш... – Моцарттың «Дон-Жуан» операсындағы Лепореллоның ариясынан (Ред.).
Г л у м о в. Сөз шығын болса, бастама. Ал, менің əрқашан істейтінім осы. К у ч у м о в. Mille e tre... Ұмытып барады екем-ау! Бері қара: кеше мен он бір мың сом ұттым. Т е л я т е в. Сен бе, басқа біреу емес пе? Г л у м о в (құлшынып). Қайда, қалай, айтшы шапшаң! К у ч у м о в. Көпестің клубында. Т е л я т е в. Алдың ба бəрін? К у ч у м о в. Алдым. Т е л я т е в. Не дейді, айтшы өзін рет-ретімен... Г л у м о в. Мынасы рас болса, ғаламат екен. К у ч у м о в (ықыластана). Ғаламат түгі де жоқ. Немене, мен ақша ұта алмаушы ма едім сонша! Кеше көпестің клубына барғам: залын əрлі-берлі аралап өттім де, тағамдар тізімін қарап отырып, устрица дайындауға əмір еттім... Г л у м о в. Шырақ-ау, осы күні устрица бола ма? К у ч у м о в. Жо-жоқ, айтпақшы, басқа тағам... Сол арада менің қасыма бір мырза келмесі бар ма? Т е л я т е в. Бейтаныс па? К у ч у м о в. Бейтаныс. «Бакараға қалайсыз, мəртебелі мырза», – дейді. «Қалауыңыз білсін, – дедім, – қалауыңыз!» Қалтам толы ақша, қорқайын ба? Көп болса, мың, тағы бір мың кетер, қайтейін. Отыра қалдық, əуелі бір сомнан бастадық, бақ адасса батпаққа қонады, қаңғып жүріп маған тап болмасы бар ма? Анау картаны ауыстырып отыр, халі нашар, ақыры, түк шықпасын білді де: «Жə, жетер», – деді. Санап кеп қалдық – он екі мың бес жүз... Амалы қайсы, ақшасын шығара бастады... Г л у м о в. Жаңа он бір мың деп едің ғой. К у ч у м о в. Қойшы, есімде жоқ. Əйтеуір, сол шама. Т е л я т е в. Апырмай, əр кеште он екі мыңнан ұттыратын кім, шырақ-ау? Ондай кісіні біз неғып білмей жүрміз! К у ч у м о в. Бір жақтан келген кісі деседі. Г л у м о в. Көпес клубында кеше мен де болғам, мұндай əңгіме жоқ еді ғой. К у ч у м о в. Мен клубқа елден бұрын, ертерек бардым, ал ойынды бас-аяғы жарты сағатта бітіріп жібердік.
Г л у м о в. Жə, бүгін кешкі тағам сенен. Т е л я т е в. Кешкі тағам Васильковтан, оны қоя тұр; сен одан да жүр, бізді коньякпен сыйла; күн салқындап бара ма, біртүрлі... К у ч у м о в. Сен қу бір бөтелкені бір-ақ сіміретін шығарсың, оның рюмкелегенде тым қымбатқа түсіп жүрмей ме? Т е л я т е в. Жоқ, мен бір, көп болса екі рюмкадан артық ішпеймін. Ку ч у м о в. Егер екеу болса, онда... Айтпақшы, мен сендерді жексенбіде үйге шақырам, Нижнийден тыпырлатып тірі əкелген қызыл балықтың жас сорпасын ішкізем, құс етін қоса жегізем... Т е л я т е в (оны қолтықтай алып). Кеттік, кеттік! Тоңып барам, тісім тісіме тимей тұр, апырмай, безгек боп қалып жүрмегей едік. Үшеуі кетеді. Надежда Антоновна, Лидия, Васильков жəне Чебоксаровалардың қызметшісі келеді. Жетінші көрініс Надежда Антоновна, Лидия, Васильков жəне Андрей. Н а д е ж д а А н т о н о в н а (Андрейге). Күймеге бар, бізге жақындасын. А н д р е й. Құп! (Кетеді де, кешікпей қайтып келеді.) Надежда Антоновна (Васильковқа). Рақмет сізге, біз кетеміз. Бізге кеп қонақ боларсыз, өтінем сізден. В а с и л ь к о в. Əміріңіздемін, тек қашан дейсіз? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Қашан қаласаңыз, сонда. Мен екіден төртке дейін қабылдаймын, өз үйіңіздей көріңіз, түстікке келіңіз. Ал, кешке қарай ылғи серуенге шығамыз. В а с и л ь к о в. Сіздің үйден дəм тату – мен үшін бақыт, қалай мүмкіндік тапсам, солай барам. Лидия Юрьевна, мен бір қарапайым ғана адаммын, адал, шынымды айтайын, рұқсат етіңіз, сіздің сұлулығыңызға тең жоқ-ау, тең жоқ ғаламат, қайранмын мен, қайранмын. Л и д и я. Рақмет сізге. (Əрегірек шығады да, Васильковпен сөйлескен анасын күтіп, шыдамсыздана бастайды.)
Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Сонымен, біз сізді күтеміз. В а с и л ь к о в. Қалай да барамын. Бұл шақырыс мен үшін... Күні ертең барамын. Тұрған жерім сіздің іргеңіз. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Қойыңызшы. В а с и л ь к о в. Сізбен бір үйде тұрамын, тек баспалдағы ғана басқа. Надежда Антоновна кетіп бара жатып, артына бірнеше реет бұрылып қарайды. Васильковтың көзі солардың ізінде, басында қалпақ жоқ, қаққан қазықтай қалшиып ұзақ тұрады. Сегізінші көрініс Васильков жалғыз. В а с и л ь к о в. Апырмай, маған дегенде мейірімі қандай күшті еді мына əйелдің! Ғажап! Жүрегі жақсы болды-ау, шамасы, əлде мынау үрпі-түрпі провинция қабығының астында жатқан менің жүрегім жақсы екенін көріп жүр ме? Қайран жүрегім-ай, жұмсақсың-ау! Осының бəрі – менің қарекетім қашаннан қолмақол қолданылатын, таза математика болғандықтан... Əйтпесе, құр есеп, құрғақ есеп қажытар еді жүректі, бірақ, оның есесіне, жүрек математиктің де есін тандырып, сазайын тартқызуы мүмкін. Сөйтті ғой мені жүрегім, сазайымды берді ғой, қиын екен ғашықтық, сəби секілдімін, есалаң секілдімін. Бір жақсысы, əйтеуір, іш есепке берік екенмін, əзір бюджеттен шыға қойғаным жоқ. Құдай көрсетпесін! Қалтаға қатты қарайтыным ғой менің жанымды сақтап жүрген. (Ойланады.) О, Лидия, Лидия! Есіме түссең-ақ болғаны, жан-жүрегім елжірей бастайды. Ойпырмай, егер сен тас жүрек боп шықсаң қайттім! Сенің сүйерің мен емес, тек ақша болса қайттім!.. Я, бұл секілді су перісінің сұлуына менің сəби жанымды жаялық қылу оп-оңай! Əй, сірə, қатын алсам, оның құлы боп кететін шығармын, оның ойыншығына айналатын шығармын мен... Əйтеуір, іш есепке беріктігіме шүкір, шықпаспын ешқашан да бюджеттен...
Кучумов, Телятев жəне Глумов келеді. Тоғызыншы көрініс Васильков, Кучумов, Телятев жəне Глумов. Т е л я т е в. Қалай, таныстыңдар ма? Жүрегің орнына түсті ме? Құттықтаймын. (Васильковты сүйеді.) В а с и л ь к о в. Аса қарыздармын сізге, иланыңыз, ұмытпаспын сізді. Т е л я т е в. Ұмытсаңыз, өзім есіңізге салатын шығармын. Бір бөтелке бермегіңіз бар-ды, жүріңдер, тамақтанайық, сол арада ішерміз. (Кучумовқа.) Князъжан міне, біздің жаңа таныс, Савва Геннадич Васильков. К у ч у м о в. А-а! Иə! Сіз жолаушысыз ба? В а с и л ь к о в. Жолаушымын, тақсыр. Т е л я т е в. Жок, ол тақсыр емес, əшейін Гриша Кучумов, сүйген құлдың аты көп, өзіміз ғой князь деп жүрген. К у ч у м о в. Я! Біздің қауым – аса талғампаз, асқан биік қауым, жаңа таныстың бұл қауымға бас сұғуы біраз қиынға түседі, көп нəрсе керек, ол үшін, көп нəрсе... Т е л я т е в. Не соғып тұр анау? Г л у м о в. Егер біздің қауым, шынымен, аса талғампаз болса, біз екеуіміз бұған бас сұға алмаған болар едік. Т е л я т е в. Ауыз ашарды осы арада ішсек қайтеді? В а с и л ь к о в. Қауымның қалауы сол болса, маған бəрі хош. Ау, əкелші анау шөлмекті. Г л у м о в. Жəне төрт үлкен стакан. К у ч у м о в. Иə, төрт стакан. Көңілдерің қалмасын, сендермен бірге мен де ішейін. Г л у м о в. Осы арадан тура клубқа тартамыз, төртеуіміз – бір қол құраймыз. (Кучумовқа.) Сенің кешегі он екі мыңыңды қайта санап көрсек деп едім. К у ч у м о в. Өзіңдікін қоса санап жүрме! Т е л я т е в (қақпа алдында тұрған адамға). Гришка! Григорий Алексеич!
Григорий келеді. Григорий Алексеич, пальтомды кигізші! Карета қайда, жақында ма? Г р и г о р и й (пальтосын кигізіп). Осы арада, мырза, кақпа алдында. К у ч у м о в (малайыта). Николай. Николай келеді. Ау, сен неменеге аузыңды аша бересің? Тұр осы арада! Мені каретаға отырғызасың. Кофеханадағы бала бұларға шампан шарабын, стакандар əкеп береді. В а с и л ь к о в. Қане, мырзалар, алып жіберелік, өтінемін. Бəрі стакандарға ұмтылады. Т е л я т е в. Табыс үшін! Мүмкіндік аз, дегенмен... Г л у м о в. Əрекет үшін, əрине, табыс бола қоймас. К у ч у м о в. Қандай табыс үшін? Г л у м о в. Чебоксароваға үйленбек ойы бар. К у ч у м о в. Өй, бұл не, бұл! Оған мен рұқсат ете қоям ба? Т е л я т е в. Сенен кім рұқсат сұрайды? В а с и л ь к о в. Үш мыңға бəс тігемісіңдер! Чебоксароваға үйленем деп үшеуіңе қарсы жалғыз өзім бəс тігем. К у ч у м о в. Мен тігісер едім, ақшам жоқ. Т е л я т е в. Ал, мен ұтылып қалам ба деп қорқамын. В а с и л ь к о в. Ха, ха, ха! Мəскеу мырзалары! Тым қорқақ екенсіздер ғой! Онда неменеге күлесіздер! Қане, қалай, тазасы керек пе? Міне, үш мың. (Қалтасынан ақша шығарады, барлығы бас шайқасады.) Шарап тілімді шығарды менің. Чебоксарованы сүйдім бе, бітті, үйленбей қоймаймын. Айтқаным – айтқан, мен босқа сөйлемеймін. Кеттік, тамақ ішейік.
ЕКІНШІ ПЕРДЕ Қонақ күтетін төргі бөлме, жиһазға бай; қабырғада суреттер, төсеулі кілемдер, қатарылған шымылдықтар. Үш есік: екеуі – екі бүйірде, бірі – кіре берісте. Бірінші көрініс Васильков бөлме ішінде əрлі-берлі жүреді, сол қанаттағы есіктен Телятев шығады. Т е л я т е в. Сені мен əлдеқашан кетіп қалған шығар деп ойлағам. Əйелдерге бармаушы ма едің? Батылың жетпей тұр ма? В а с и л ь к о в. Менің бір сорлылығым – əңгімеге араласа алмаймын, икемім жоқ. Т е л я т е в. Икемнің керегі не! Жалғыз-ақ, əсіресе, түскі тамақтан кейін, тым зиялылық жасамау қажет, ғылыми айтысқа бармау қажет. Ойыңа не келсе, соны айт; тек көңілді сөздер болсын, тауып сөйле, аздап əзіл-қалжың араластыр; ал сен болсаң қай-қайдағы жылтыр пирамидалар, үшкіл футтар туралы бұлдыратасың... Ол неге керек? В а с и л ь к о в. Қарай гөр, басыма бір қызық анекдот сап ете түсті, айтып берейінші. Т е л я т е в. Онда бар, ұмытып қалмай тұрғанда жет шапшаң. В а с и л ь к о в. Сен неге асығасың? Т е л я т е в. Лидия Юрьевна бір шоқ гүл əкел деп жұмсап еді. В а с и л ь к о в. Оһ-ау! Байқаймын, менін нағыз қатерлі бақталасым сен-ау деймін. Т е л я т е в. Қорықпай-ақ қой, достым! Жиырма жыл бойына бір де бір балетті құр жіберіп көрмеген кісі күйеу болып жарытпайды. Менен қауіптенбе, еркің бар да, анекдотыңды айта бер. Васильков сол қанаттағы есіктен шығады, сол есіктен Глумов көрінеді.
Екінші көрініс Телятев пен Глумов. Г л у м о в. Мынау əлі мұнда жүр ме еді? Құлды асыранды қаз! Жоқ жетті, қуып жіберу керек. Қызықтап болдық. Қап, тігісу қажет еді өзімен. Т е л я т е в. Мен əлі де болса тігіспес едім. Г л у м о в. Айтпақшы, анау жолы – көпес клубында бізді опоңай қатырып кетті-ау. Кучумов та майталман екен! Он екі мың сом ұттым деп лапырып жүріп, алты жүз сом төлеу қолынан келмеді. Бір көрген кісіге бірден қарыздар... Сен қайда барасың? Т е л я т е в. Петровкаға. Г л у м о в. Бірге барайық. Бұлар кетеді. Кучумов пен Надежда Антоновна кіреді. Үшінші көрініс Кучумов пен Надежда Антоновна. К у ч у м о в. Muta d accento e de pensier... Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Біраздан бері еститінім тек осындай қауесеттер. К у ч у м о в. Ым, иə... Нашар қауесет! Е de pensier. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Таң атып, күн шықса болғаны, күтетінім – осындай жаңалық. К у ч у м о в. Жə, со жақта сонда күйеуіңіз не бітіріп жүр? Бұ қалай, бұл... болмайды ғой бұлай!.. Түсінбеймін, Біздің туысқан онша оясыз болмаса керек еді... Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Қайтсін, оның қолында не тұр! Не жазғанын оқыдыңыз ғой: егін шықпапты, құрғақшылық көрінеді, ағаш атаулыны завод отқа жаққан, ал заводтан түсім жоқ, Сөз бен ойдың өңі айналдырылған – Вердидің «Риголетто» операсындағы герцогтің ариясы бұрмаланып, қате айтылған; дұрысы: Muta d’accenti e di pensieri (Ред.).
жыл сайын шығын. Қалай да болса, отыз мың керек деп жазады, қора-жай сатуға шығарылған көрінеді. К у ч у м о в. Ойпырмай, не қылған диуана өзі... Немене, тамыр-танысы аз болып па? Мысалы, мына мен... Жазыңыз өзіне, тура маған хабарлассын. Muta d accento. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. А, қайран дос! Бəсе, сізге қашан да сенімім мол еді. К у ч у м о в. Жə, немене, не қарық қылыппыз со секілді... Қашаннан көңілдеспіз, ықылас-пейіл ғой əшейін... Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Григорий Борисыч, дегенмен... Құдай үшін... Шынымды тек сізге ғана айтам, ал басқалар үшін бай-бағылан боп қала берейік те... Қызым да жиырма төртке келді, ойлап қараңызшы, Григорий Борисыч! К у ч у м о в. Əрине, əрине. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Бізге де күнелту керек... Əзірге қаржымыз бар... бірақ аз. Қыс келе жатыр, театр, бал, концерттер... Бұлардың қаншалық қып-қызыл шығын екенін тек аналардан сұрау керек. Менің Лидиям түкке түсінбейді, тіпті түсінгісі де келмейді, оған тек тауып бер, болды. Ақшаның құнын да, қайдан шығатынын да білмейді. Дүкен аралайды, құшақ-құшақ тауар алады, құнын да сұрамайды, тек счет əкеледі, ал төлейтін мен... К у ч у м о в. Күйеу жағын ойладыңыздар ма, қалай? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Ойбай-ау, оның талғамына сай келетін күйеу қайдан табылсын. К у ч у м о в. Баяғыда қандай қыздарды үнсіз ғана, ың-шыңсыз ғана жетектеп əкете бермеуші ме еді. Пай-пай, егер кемпірім болмаса... Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Əзіл ғой сіздікі... Маған, ана байғұсқа қалай десеңізші! Осынша рақат ғұмыр кешіп келіп, кенет... Өткен қыста қызымды жетелеп бармаған жерім жоқ, аяған да ештеңем жоқ, жасауға жиғанымның бəрін төгіп-шаштым, не керек бəрі босқа кетті. Енді, міне, күйеуімнен қаржы күтіп едім, хатының сиқы əлгі. Енді қайтіп күнелтеміз, білмеймін. Лидинькаға не бетімді айтам? Айтсам, өледі ол қыз. К у ч у м о в. Жə, маған не қыл дейсіз сонымен... жаймаламай тура айтсаңызшы... Лидиньканың əкесі қасында жоқ, жарайды,
рұқсат етсеңіз, əке орнына əке бола тұрайын. Қаршадай кезінен білем, жақсы көрем, сенсеңіз, туған қызымнан артық көрем... сүйем... иə, солай... Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Сіздің қалай сүйетініңізді білмеймін, ал өзімнің со қыз үшін құрбан етпеген ештеңем қалған жоқ. К у ч у м о в. Мен де сөйтем, мен де сөйтем. Айтпақшы, əлгі Васильков неге шырғалай береді сізді? Аздап кісі таныңқырау керек қой. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Шырғаласа несі бар, жүре бермей ме? К у ч у м о в. Сүйкімсіз бір түрлі... Кім соның өзі, қайдан келген неме, адам білмейді... Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Мен де білмеймін. Білетінім – тек ақсүйек көрінеді, өзін тым сыпайы ұстайды. К у ч у м о в. Ал, онда не тұр? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Французша жақсы сөйлейді. К у ч у м о в. Ал онда не бар, асып бара жатқан?.. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Айтысына қарағанда, қарекеті оқшау, маңызды сияқты. К у ч у м о в. Болғаны сол ма! Тым аз біледі екенсіз. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Өзі онша ақылсыз да көрінбейді. К у ч у м о в. Жə, ол жағын пайымдауды менің үлесіме қалдырыңыз. Өзі сізге қайдан тап болып жүр? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Шынымды айтайын, есімде жоқ, соны маған, сірə, Телятев таныстырды-ау деймін. Бізге бəрі келіп жүреді ғой. К у ч у м о в. Соның өзі Лидинькаға үйленейін деп жүргеннен сау ма? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Кім білсін, ондай ойы болуы да мүмкін. К у ч у м о в. Байлығы жете ме? Қалтасы қалың ба өзінің? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Қалтасын кім қарапты, қайдан білейін. Шынымды айтсам, байлығын білгім де келген жоқ. К у ч у м о в. Сөз əлпеті қызық өзінің: «Бұл заманда, бұл заманда», – дейді де жүреді. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Бүгінде жұрттың бəрі солай сөйлейді ғой.
К у ч у м о в. Солай сөйлеймін деп тыңдаушыны ығыр етуге де болады. Тыңдағысы келген құлақ бар жерде ғана солай сөйле! Бұл заман деген қай заман бұл? Бұрынғыдан несі артық мұның? Князьдар мен графтардың зəулім сарайлары қайда? Олар кімдердікі? Петровтар мен Ивановтардікі. Дуылдаған думанды əуен қайда деймін мен сізге. Екінді мен ақшамның арасында, айна көл бетінде қалқымаушы ма еді... Оттар маздап, жұрттар аңдап жатпаушы ма еді... Ресейдің даңқы еді ғой, шіркін. Қуу керек мынадай мырзаларды... Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Неге? Қайта, мен оны аялағым келеді. Біздің халде кім де болса керекке жарап қалуы мүмкін. К у ч у м о в. Өй, бұл не керекке жарар дейсіз. Одан да не күтсеңіз де бізден, мына біз сияқты шалдардан, күтсеңізші. Əрине, мен енді үйлене алмаймын, əйелім бар. Ой, о, о, о! Шалдардың арман-қиялын айтсаңызшы! Көңілі түссе, тым аямайды ғой. Мен жетіммін, бала жоқ менде, қайда жетелесең, сонда кетем, өкіл əке не, кіндік шеше не – маған бəрібір. Шалға керегі – жұмсақ алақан, бəрінен қымбаты сол, əйтпесе, немене, жүздеген мың ақшам бар, мен молама əкетпеймін оны. Жə, қош болыңыз, клубқа баратын уақытым боп қалды. Н а д е ж д а А н т о н о в н а (есікке дейін шығарып сап). Жуық арада көре алар ма екенбіз сізді? К у ч у м о в. Сөз бар ма! Қызыңызға конфект ұтқызғам. Көріп тұрсыз ба менің қандай шал екенімді, жас жігіттің қаны қайнар шайтан шалдың бойында... (Кетеді.) Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Эх, конфект емес қой бізге керегі. (Ойланып тұрып қалады.) Васильков шығып, басынан қалпағын алады. Төртінші көрініс Надежда Антоновна мен Васильков. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Қайда асықтыңыз? В а с и л ь к о в. Тағзым еттім мен сізге.
Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Тоқтай тұрыңыз! (Диванға отырады.) В а с и л ь к о в. Не бұйырасыз? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Отырыңыз! Васильков отырады. Сізбен сөйлескім келіп еді. Танысқанымызға біраз болды, бірақ сізді мүлде білмеймін, жөндеп əңгімелескен емеспіз. Сіз, сірə, кемпірлерді жек көретін шығарсыз? В а с и л ь к о в. Ешқашан. Жə, менің немді білгіңіз келіп еді, ханым? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Ең болмағанда, сіз жайлы сұрағандарға жауап бере алатындай білсем деп ем сізді, біздің келім-кетім кісілеріміз көп, солардың бірі де білмейді сізді. В а с и л ь к о в. Тұрған жерім – қаладан жырақ провинция, сондықтан білмейді. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Қайда тəрбиеленген кісісіз? В а с и л ь к о в. Жоғары оқу орнында, бірақ өз мамандығымды өз бетіммен игерген кісі едім. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Мұныңыз тамаша екен. Атаанаңыз бар ма, тірі ме? В а с и л ь к о в. Анам ғана тірі, бірақ деревнядан ешқайда шықпайды. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Сөйтіп, сіз салт басты кісі екенсіз ғой. Қайда істейсіз? В а с и л ь к о в. Əртүрлі жеке қарекетпен айналысам, ісім көбіне жай халықпен болады: подрядшілер, онбасылар дегендей... Н а д е ж д а А н т о н о в н а (басын ибамен изеп). Иə, онбасылар, жүзбасылар, мыңбасылар... Бір диссертация тыңдағаным бар еді... В а с и л ь к о в. Жоқ, біздегілер – тек онбасылар. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. А, бұл өте жақсы... Я, я, я, есіме енді түсті. Бұл қазір модаға айналды... Кейбір тіпті ауқатты адамдардың өздері... халықпен қоян-қолтық келу үшін... Сіз де, əрине, қызыл жібек... мақпал шекпен киген екенсіз ғой. Өткен қыста
көргем, вагон ішінде миллионшының өзі де кəдімгі қой-жүн... аты қалай еді? В а с и л ь к о в. Шолақ тон. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Иə, үстінде шолақ тон, басында бөрік... В а с и л ь к о в. Жо, мен киімімді өзгерткен емеспін. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Шырақ-ау, уақытты бұлай өткізбеу үшін, біраз байлық керек емес пе? В а с и л ь к о в. Біріншіден, бұл қарекет – өте пайдалы. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Көңілді демексіз бе? Жұрт қосылып əн салады, хор айтады, қайықтарда өз ескекшілеріңіз отыратын шығар? В а с и л ь к о в. Менде мұндайдың бірі де жоқ дегенмен, сіздікі дұрыс: біздің қарекетке қалтасыз жолау қиын. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Сөз бар ма, мен де солай ойлаймын. Сіздің қалталы кісі екеніңіз бірден, бəсенеден белгілі. Сіз... немене, көңілсізсіз ғой бүгін. (Үнсіздік.) Сіз Лидиямен неге айтысасыз? Оны ренжітесіз ғой, ол – өзінше мінезі бар қыз. В а с и л ь к о в. Мінезі болса, тіпті жақсы, мінез – əйел үшін аса бағалы нəрсе. Бір өкінішті жері – Лидия Юрьевна бүгінде жұрттың бəріне мəлім заттардан бейхабарлау екен. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Шырақ-ау, керегі не оған, жұрттың бəріне мəлім заттардан хабардар болып керегі не? Оның білімі жоғары. Үйімізде бай француз-кітапханасы бар. Мифологиядан бірдене сұрап көріңізші одан, сұрап көріңізші. Нансаңыз, ол француз əдебиетімен соншалық таныс, өзге қыздардың өңі түгіл түсіне кірмеген нəрселерді біледі. Онымен ең бір зиялы сөйлеуіктеріңіздің өзі де сөз жарыстырып, таңғалдыра алмайды. В а с и л ь к о в. Мұндай қорғаныс білім басқа жағдайда ғана жақсы. Əрине, сұрамаса, біреуге бірдеңе үйреткелі тұрған мен жоқ. Лидия Юрьевнаға да ештеңе айтпас едім, егер... Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Не қылған «егер?» В а с и л ь к о в. Егер оған пайда келтірем деп үміттенбесем... Оның ұғымы біраз өзгерсе, адамдарға көзқарасы да өзгерер еді; сонда ол адамдардың ішкі мазмұнына көбірек көңіл аудара білген болар еді.
Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Иə, ішкі мазмұны... Сіз өте жақсы айтып тұрсыз. В а с и л ь к о в. Сонда оның назары маған да ауа түсер ме еді, қайтер еді. Өйтпеген жағдайда мен оған ұнамды көріне алмаймын, ал мазақ халде көрінгім келмейді. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. А, жоқ о не дегеніңіз!: Ол əлі жас, ол əлі он құбылуы мүмкін. Ал мен болсам, шынымды айтайын, сізді əрқашан ықыласпен тыңдаймын, сіз жоқ жерде сөздеріңізді қызыма əрқашан аңыз қып айтып отырамын. В а с и л ь к о в. Рақмет сізге. Бұл арада бейшараның рөлін ойнамау үшін менің тіпті көз тасалағым келген. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Ай, ай, мұныңыз ұят екен! В а с и л ь к о в. Қайтейін, менің қарадан қарап жүріп қор болатын ретім жоқ, мен басқаны іздемеймін, басқалар мені іздейді. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Жас жігіт, сіз мені қандай мақсатыңызда болса да қолғабыс беруге даяр одақтасым деп білгейсіз. (Құпиялап.) Естіп тұрсыз ба, қандай мақсатыңыз болмасын бəрібір, мен оның бəрін адал əм əділ ниеттен туған деп білемін. Лидия кіріп, есік алдында тұрып қалады. В а с и л ь к о в (орнынан тұрып, Надежда Антоновнаның қолынан сүйеді). Көріскенше, Надежда Антоновна. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Көріскенше, қадірлі достым! Васильков Лидияға иіліп амандасады да, шығып кетеді. Бесінші көрініс Надежда Антоновна мен Лидия. Л и д и я. Əлгімен не сөйлесіп жүрсіз? Не жайлы? Ойбай-ау, ол масқара ғой, жынды ғой. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Мен үшін қобалжып қайтесің, мен өзімнің не істеп жүргенімді білем, шырағым. Біздің халіміз бүгінде көп кергуді көтере алмайды.
Л и д и я. Қандай хал! Əлгі біреуге қандай халде болсақ та шыдау мүмкін емес. Ол біздің тіршілікті түсінбейді, бізге не керек екенін білмейді, бөгде, жат адам ол! Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Дегенмен, сол кісі көбіне шындықты айтады. Л и д и я. Соған сəуегейлік жасатып жүрген кім осы? Немене, ол пайғамбар ма сонша? Біздің үй аудитория емес, маман, технология институты емес, инженерлік корпус емес. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Лидия, сен оған тым рақымсыздық жасап отырсың. Л и д и я. Аһ, талап, оны тыңдау үшін қандай шыдам керек десеңізші! Өзі бір əлдеқалай үнем заңын жасай ма, немене! Кімге керек онысы? Сіз бен бізде, меніңше, бір ғана заң – əдет пен əдеп заңы ғана бар. Егер жұрт мынадай көйлек киді ме, өлем-тірілем, мен де кием. Осы арада заң соғып жатуға уақыт бар ма, дереу дүкенге жүгіру керек, сатып алу керек. Қойыңыз деймін, ол – жынды, есуас. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Меніңше, соныкі əшейін бір түр көрсету секілді. Жұрттың көбі сөйтеді ғой. Өзі онша білімді кісі емес, ақылы да онша болмаса керек, тапқыштығы тағы жоқ, бірақ əйтеуір, бірдеңе айту керек, көптің көзіне түсу керек, сонда қайтеді, əрине, түр көрсетеді. Я болмаса, мүмкін, кəдімгі жібі түзу жұрт тəрізді ойы да, іс-əрекеті де əдеттегідей шығар... Л и д и я. Мүмкін, солай да шығар, бірақ соныңыз əбден ығыр ғып бітті мені. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Ол – қалтасы қалың кісі, ондай адамдарға жылы қарамай болмайды, шырағым. Ау, басқаларға кешіріміміз мол-ақ емес пе, бізге келіп-кетіп жүрген мырзалардың тең жарымы – құр кеуде, жел буаздар, мақтаншақтар, өтірікшілер. Л и д и я. Өтірік айтса қайтейін, онда менің шаруам жоқ. Əйтеуір, олармен бірге болу – мен үшін көңілді, ал мынауыңыз құрып кетсін, іш пыстырады. Оны қалай кешірейін? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Оған жылы шыраймен қарау керектігінін бұдан басқа да себебі бар, достым, асылы, менің ақылымды алсаң...
Л и д и я. Қандай себеп? Айтыңыз?! Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Есің бар адамсың ғой... Мені салқын қанмен, сарабдал ақылмен тыңдарсың деп үміттенем... Л и д и я (үрейленіп). Немене, не нəрсе? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Мен деревнядан əкеңнен хат алдым. Л и д и я. Немене, сырқат па? Нашар жатыр ма? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Жоқ. Л и д и я. Енді не? Айтсаңызшы! Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Біздің биылғы үмітіміз ақталмайтын түрі бар. Л и д и я. Қалайша? Түсінсем бұйырмасын! Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Мен деревняға – əкеңе хат жазғам, ақша сұрағам. Қарызымыз көп, қысқа көбірек қаржы керек дегем... Бүгін жауап алып отырмын... Л и д и я. Не жазыпты? Н а д е ж д а А н т о н о в н а (спирт иіскеп).«Ақшам жоқ», – депті, оның өзіне отыз мың керек көрінеді, ең соңғы қора-жайды сатпаса, амал қалмаған секілді. Л и д и я. Хал тым мүшкіл екен. Бірақ деймін-ау, maman, осының бəрін менің білмеуіме болатын еді ғой, мені аяп, соншалық жоқ-жітігіңізді айтпай қоя тұруға болатын еді ғой. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Кейін бəрібір естіп-білетін едің ғой. Л и д и я. Кейін біліп не керек маған? (Жыларман боп.) Бұл халден шығудың амалын сіз табасыз ғой, қалайда табасыз, бұл күйде қалуға болмайды. Бəрібір, Москвадан кетпейміз, деревняға бармаймыз, ал Москвада біздін қайыр сұрағандай халде жүре алмайтынымыз белгілі. Қайткен күнде де сіз тұрмыс-халімізді күйзелтпеу амалын табуға тиіссіз. Мен алдағы қыста күйеуге тием, жақсы серік табуым керек. Анам емессіз бе, оны неғып білмейсіз? Бір амалын неге таппайсыз, егер таба алмасаңыз, алдағы қысты азып-тозбай қалай өткізбекпіз? Осының бəрін өзіңіз ойлауыңыз керек еді, өзіңіз! Неменеге сіз мен білуге тиіс емес нəрсені білдірмек боласыз? Сіз менің тыныштығымды бұзасыз мұнымен, мені бейқамдықтан – қыздың ең əсем əшекейі – қам-
сыздықтан айырасыз. Осыны неге ойламайсыз, maman, жылау керек болса, өзіңіз жеке отырып неге жыламайсыз! Ал мен қосыла жылайын, сонда сізге жеңіл бола ма? Айтыңызшы, maman, жеңіл бола ма? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Қайдан жеңіл болсын. Л и д и я. Онда несіне, не үшін жылаймын мен? Үй шаруасын неге айтасыз маған. Үй шаруасы қартайтады ғой, ұйпатұйпа қылады ғой кісіні, бетке айғыз-айғыз əжім түсіреді. Міне, бір он жылға қартайғандай болдым. Мен жоқшылық дегеннің не екенін білмеймін, сезбеймін, білгім де келмейді. Менің білетінім дүкендер, жібек көйлек, қалы кілем, сусар жаға, құндыз ішік, үй жиһаздарын сататын дүкендер ғана, менің білетінім – дүние керек пе, дүкенге бар, ақша төле де, керегінше сатып ал, ақшаң жоқ па commis үйге барып алсын. Ал ақша қайдан шығады, жылына қанша ақша керек, қанша ақшамен қыстан шығуға болады, мүлде білген емеспін, білгім де келмейді. Қымбат деген не, арзан деген не, ешқашан білген емеспін, ондайды мен бейшаралық, мещандық, тиын санау деп ұғамын. Мұндай ойдан дірдектеп қашамын. Əлі есімде, бір жолы дүкеннен келе жатып, көйлегім қымбатқа түскен жоқ па деп ойлағаным; ұялғаннан қып-қызыл боп, бетімді қайда жасырарға білмедім, əйтеуір, каретада жалғыз едім, сол əбүйір болды. Дүкенде кездеме саудалап тұрған бір көпес əйел көзіме түсіп еді, соны ойладым, кездемені де қимайды, кездемеге төлейтін ақшаны да қимайды. Матаны ұстап көреді де, орнына қояды, қайтадан алады, қасында тұрған бір-екі кемпірмен сыбырласады да, тағы орнына қояды, бұған commis күледі, Аһ, maman, мені сонша неге азаптайсыз? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Түсінемін, жаным, шаруамыздың шайқалғанын сенен жасыруым керек еді, бірақ амал жоқ. Егер Москвада қалатын болсақ бар ма, – ақшаны бұрынғыдай емес, қысып жұмсауымыз керек, күмістерді, кейбір картиналарды, брилльянттарды сатуымыз керек. Л и д и я. А, жоқ, жоқ, Құдай сақтасын! Болмайды, болмайды. Жұтағанымызды күллі Москва біледі ғой онда, жұрт бізге қынжыла келетін болады, өтірік аяп, əркім ақыл айтқансиды. Бас- Приказчиктер – сатушылар (французша – ред.).
тарын шайқайды, аһлап-үһлейді, соның бəрі жасанды көлгірлік – қорлық қой! Түсінсеңізші, осының бəрін жəне кез келген кісі опоңай істейді. (Алақанымен бетін басып.) Жоқ! Жоқ! Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Енді не істейміз? Л и д и я. Не істеу керек? Қадірімізді кетірмеуіміз қажет. Үйді қайта сырлатыңыз, жаңа карета сатып алыңыз, күзетшілер мен күтушілерге жаңа ливрия тіктіріңіз, жаңа мүлік алыңыз, неғұрлым қымбат болса, соғұрлым жақсы болады. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Ақшаны қайдан тап дейсің? Л и д и я. Бəріне сол төлейді. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Кім? Л и д и я. Менің күйеуім. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Күйеуің кім еді сенің, қайда ол? Л и д и я. Кім болса, о болсын! Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Біреу-міреу сөз салып па еді? Л и д и я. Ешкім де сөз салған жоқ, сөз салуға ешкімнің батылы барған жоқ, маған күйеу болғысы келгендер маған жек көрінгеннен басқа ештеңе таба алған жоқ. Менің іздегенім байлығына көркі сай жігіт еді, енді қайтейін, қалталы кісі болса, болар, ал ондайлар көп. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Есебің қате шығып жүрмесін. Л и д и я. Көркемдік қашан құнын жоғалтып еді? Жоқ, абыржымаңыз! Көркем жігіт аз, ақшалы ақымақтар көп. Андрей кіреді. А н д р е й. Телятев мырза келіп тұр. Л и д и я. Ал, алғашқысы алдымда дей беріңіз. Н а д е ж д а А н т о н о в н а (Андрейге). Сұра, кірсін! Андрей кетеді. Л и д и я. Бізді тек оңаша қалдырғайсыз. Əлгінің бəрін осы төлейді, көрерсіз. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Ал егер?..
Л и д и я. Ал егер?.. Несі бар? Васильковта байлық мол дедіңіз ғой, оған кісі жіберіңіз онда. Қолында – алтын кені, басында – дым жоқ, демек, алтыны – біздікі! Н а д е ж д а А н т о н о в н а (кете беріп). Сол дұрыс болар, соны шақыртайық онда... (Кетеді.) Телятев кіреді, қолында бір шоқ гүлі бар. Алтыншы көрініс Телятев пен Лидия. Л и д и я. Қандай ептісіз, қалайша еркелете білесіз адамды! Айтыңызшы, неге сөйтесіз сіз? Т е л я т е в. Сіз үшін осы да жаңалық болып па? Сіздің əміріңізді екі еткен жерім бар ма менің? Л и д и я. Мені ылғи еркелете беретініңіз не? Т е л я т е в. Мен – осындай қызмет үшін жаралған адаммын. Бұл – менің міндетім. Басқа ешбір қарекетім жоқ болса, не істеуім керек? Л и д и я. Демек, зерігуден ерігу екен ғой. Бірақ осы ілтипатыңыз менің басымды айналдырып барады. Т е л я т е в. Кінəлімін! Л и д и я. Мұныңыз я мүлде кінə емес, я қалбаңдауыңыз шыныңыз ба, əлде өтірік пе, əңгіме сонда! Т е л я т е в. Əрине, шыным. Л и д и я. Бірақ ылғи қалбаң қағуыңыз, ылғи жағымпаздануыңыз – бізге құрған тұзағыңыз болмаса не қылсын! Өзіңізді сондай қалтқысыз халде көрсетесіз, сізге тіпті сезімсіз бейтарап қарау мүмкін емес. Т е л я т е в. Тіпті жақсы, бейтарап қарай алмау тек біздің маңдайымызға ғана жазылған нəрсе емес, сіздің де сезіміңіз оянар кез келген-ді. Л и д и я. Иə, қызу сезімнің бəрін əлдеқашан қызыл сөзге айналдырып алған сіз секілділерге сөйлеу оп-оңай. Бұл салада сіздің тіршілік тəжірибеңіз сондай мол, тіпті қандай жағдайда
да бойыңызды билеп əкеле бересіз. Ал, біз секілді сезімі жаңа-жаңа ояна бастаған тəжірибесіз қыз ше, оның халі өте мүшкіл əм қатерлі. Т е л я т е в. Əбден мүмкін. Бірақ бұл хақында мен ештеңе айта алмаймын: ғұмырымда қыз боп көрген жерім жоқ. Л и д и я. Сезімге берілдік пе, бітті: я еркектің ойыншығы боламыз, я жұрттың мазағына қаламыз, екеуі де – нашар нəрсе. Нашар емес пе? Т е л я т е в. Нашар. Л и д и я. Олай болса, басымды босқа айналдырып қайтесіз. Шыныңызға көшіңіз, өтінемін! Сезінбеген нəрсеңізді айтпаңыз, ұнамасам, бет алды иіліп-бүгілмеңіз маған! Т е л я т е в. Кім айтты сізге! Ғапу етерсіз! Мен – əрқашан көңілімдегіні ғана айтамын. Л и д и я. Солай ма, шынымен? Т е л я т е в. Қайта сөзім көңіл сезімімнен қораш шығып жатады. Л и д и я. О несі екен? Т е л я т е в. Батылым шамалы... Рұқсат етесіз бе, сірə? Л и д и я. Өтінем сізден. Т е л я т е в. Ау, не естіп тұрмын, сенейін бе, сенбейін бе? Өңім бе, түсім бе? Бақыт күнім болды-ау бұл... Бүгін қай күн осы?.. Л и д и я. Қандай күн, қайдағы бақыт? Т е л я т е в. Күтіп пе едім мен сорлы! Рақым еттіңіз маған, қол жетпес биікте едіңіз, мен үшін жерге түстіңіз, міне! Еркек атаулыны талақ еткен ерке Диана болатынсыз, шашыңызда ай, иығыңызда қорамсақ ілулі тұратын, енді міне, етегін былай (көрсетеді) қолымен уыстап, би билейтін кəдімгі қарапайым, ақкөңіл албырт, кейде тіпті аңғырт пейзанкаға айналдыңыз да қалдыңыз. Л и д и я. Сол да бақыт боп па сіз үшін? Т е л я т е в. Ау, мен «Мыс салтатты» емеспін, «Мас мейман» емеспін... Л и д и я. Сізді бақытты ету тым оңай екен. Несі бар, сізді бақытты еткеніме аса қуаныштымын онда. Т е л я т е в. Мені бақытты етесіз бе? Ау, Лидия Юрьевна, осы мынау өзіңіз бе, басқа ма, өзіңіз бе, басқа ма? Л и д и я. Неге таңырқадыңыз? Немене, сіз бақытты болуға тұрмайтын кісісіз бе?
Т е л я т е в. Тұрам ба, жоқ па, қайдан білейін, əйтеуір, есімнен танып барамын. Л и д и я. Тана беріңіз! Т е л я т е в. Бір оспадарлық істесем қайтеді. Л и д и я. Істей беріңіз. Т е л я т е в. Сіздікі бұл мазақ па, əлде сіз... Л и д и я. Айта беріңіз... Т е л я т е в. Əлде сіз сүйесіз бе? Л и д и я. Қара басқанда солай, соңғыңыз дұрыс. Т е л я т е в. Ау, бұл неткен бақыт, бұл! Бақыт қой мынау, рақат қой! Бұдан артық не болсын! (Лидияны еппен аймалап, құшақтайды.) Л и д и я. Jean, мендікпісің? Т е л я т е в. Құлмын, құлмын, негрмін, абиссинецпін... Л и д и я (кірпігін көтере қарап). Ұзағынан ба? Т е л я т е в. Мəңгілік, ғұмыр бойы, мүмкін болса, одан да ұзақ... Л и д и я. Аһ, бақытты екенмін. Т е л я т е в. Жоқ, мен бақыттымын! (Сүйеді.) Л и д и я. Аһ, жасаған-ай, қандай рақат! Maman. Т е л я т е в. Ау, maman дегеніңіз не? Бұл араға maman керегі не? Жоқ, үшінші кісінің керегі жоқ бізге? Л и д и я. Білем, Jean, керегі жоқ, бірақ мен соншалық бақыттымын... Т е л я т е в. Тіпті жақсы. Л и д и я. Жан-жүрегім жадырап барады, қуанышымды бөліскім келіп еді. Т е л я т е в. Ешкіммен бөлісудің керегі жоқ, бəрін өзімізге қалдырыңыз. Л и д и я. Иə, иə, сенікі рас, қуанышты бөліп-жармау керек, онысыз да аз ғой ол жер үстінде... Дегенмен, біз айтуға тиіспіз ғой оған? Т е л я т е в. Осыныңызды түсінбеймін! Не айтпақсыз оған? Л и д и я. Бір-бірімізді сүйетінімізді айтамыз, Jean, ғұмыр бойы жұбымызды жазғымыз келмейтінін айтамыз. Т е л я т е в. Ау, солай ма? Демек, пішін жағынан кəдімгі заңды некелілер боламыз деңіз! Онда кешіріңіз, мұны мен күткен жоқ едім.
Л и д и я. Не дейді? Күткеніңіз немене сонда? Т е л я т е в. Сіздің қызметшіңіз болу, құлыңыз болу, кім бол десеңіз – сол болу. Ал некеге келетін болсақ, бұл менің жұмысым емес. Л и д и я. Сіздікі қай батылдық олай болса? Т е л я т е в. Батылдық еткен жерім бар ма менің! Сіз мені сүйдіңіз, мен қарсы болмадым, ешкімге де қарсы болмаймын. Л и д и я. Менің сүюіме тұратын ба едіңіз сіз? Т е л я т е в. Дұп-дұрыс, тұрмаймын, бірақ тек сүюге тұратынды ғана сүйе ме екен? Сіз сүйген болсаңыз, одан бас тартып, сізге əдеп үйрететін ақымақ деп пе едіңіз мені! Кешіріңіз, мен сізге əдеп үйрете алмаймын, ол менің қолымнан да келмейді, əдетімде де жоқ. Меніңше, əйелдің əдебі неғұрлым аз болса, солғұрлым əдемі болады. Л и д и я. Сұмырай екенсіз! Жексұрын екенсіз! Т е л я т е в. Əділ айтасыз, сізге үйленбегенім сондықтан, сол үшін рақмет деңіз маған. Лидия кетеді. Тұзаққа түсе жаздағанымды қарашы! Əйтеуір, аман қалдым. Жоқ, бұл ойыншықты тастау керек екен. Ойнай-ойнай орға құлап, күйеу боп шыққанымды бір-ақ біліп жүрермін. Пəле-жəле аяқ астында емес пе, адам деген əлсіз ғой. (Есікке беттейді.) Васильков кіреді. Есім барда елімді табайын. (Кетеді.) Надежда Антоновна кіреді. Жетінші көрініс Надежда Антоновна мен Васильков. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Аман-жақсымысыз! Аса қуаныштымын! Байқайсыз ба, маған сіздің қоғамыңыз қажет болып қалды. Жақынырақ отырыңызшы!
В а с и л ь к о в. Мені шақыртып па едіңіз? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Мазаңызды алсам, кешірерсіз. Маған кеңес керек еді, мен мүлде болымсыз пендемін, жөні түзу адамдардан білетінім бір өзіңіз ғана. В а с и л ь к о в. Рақмет сізге! Қандай қызмет көрсет дейсіз маған? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Қызыммен ақылдасып едім, халтұрмысымызды өзгерткіміз келеді, даңғаза-дырдудан жалықтық, бұдан былай сізден басқа келім-кетім кісілерді қабылдамасақ дейміз. Əрине, ақшамыз мол, жетеді, бірақ молшылық деген ертеңнен қара кешке дейін сабылып, думандатып жату емес қой. В а с и л ь к о в. Меніңше де, солай. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Лидия білімін толықтырғысы келеді, мұндайда жетекшісіз болмайды, сізбен осы жөнінде кеңеспек едік. В а с и л ь к о в. Қызметіңізге жарасам, жан-жүректен қуанар едім, бірақ мен Лидия Юрьевнаға не оқытпақпын? Сфералық тригонометрия ма? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. А, я, дəл өзі, дəл өзі. Жас қызға оқытушы болу жақсы нəрсе емес пе? В а с и л ь к о в. Əрине, бірақ Лидия Юрьевнаға сфералық тригонометрияның керегі не? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Оның оғаш мінездері көп, бірақ жаны жақсы, өте жақсы қыз. (құпиялап.) Мына судырақтарды ол ұнатпайды. В а с и л ь к о в. Таңғаларлық нəрсе! Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Мен болсам, тіпті көргім келмейді соларды. Ал мына сіздің жөніңіз бөлек, кез келген ана қызын сеніп қолыңызға бере алар еді. Ағымнан жарылып отырмын, кешірерсіз, достым, шіркін-ай, сізді тек Лидия ұнатса екен, бар тілегім сол менің... В а с и л ь к о в. Рақмет сізге! Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Мүмкін болса, əмір етуге дейін барар едім, тек бақытты болса екен сол қыз. В а с и л ь к о в. Əмірден басқа амал болмағаны ма? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Білмеймін, басқа амалын сіз табыңыз. Жə, сіз сүйесіз бе менің кызымды? Тоқтаңызшы, кө-
зіңізге қарайын. Жə, үндемеңіз, үндемеңіз, көріп тұрмын, сіз тек тым ұялшақ екенсіз, сіздің атыңыздан қызыммен өзім сөйлесейін бе, жүдə? Аяқ астынан айтысып, ашуланысып қалсаңыздар, Құдай сақтасын. В а с и л ь к о в. Еркімді өзіме берсеңізші, қайтесіз. Мұндайға дайындалуым керек, ойлануым қажет шығар. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Ойланып не керек, дайындалып не қажет! Лидия кіреді. Сегізінші көрініс Васильков, Надежда Антоновна жəне Лидия. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Ал, Лидия, Савва Геннадич саған мені салып тұр, қолыңды алғысы келеді. Мен келістім, қатты қуандым бұған, бірақ сенің құқына кол сұққым келмейді. Л и д и я. Мұндайдың билігі, сөз жоқ, менің өзімде болуға тиіс, біреу-міреуді ұната қалсам бар ма, maman, сіздің кеңесіңізден гөрі, өзімнің жүрегімді көбірек тыңдаған болар едім. Бірақ, маған қызыққандардың бəріне бірдей бейтарап екенімді өзіңіз білесіз, күйеу болғысы кеп қырындағандардың қаншасын құр қайтарғанымды тағы білесіз, бірақ менің күйеуге тиюім керек, уақыт жетті, сондықтан өзімді түп-түгел сіздің билігіңізге беремін. В а с и л ь к о в. Демек, мені сүймейсіз екен ғой? Л и д и я. Жоқ, сүймеймін. Өтірік алдап қайтейін сізді! Бірақ біз кейін түсінісерміз. Maman, менің тағдырымды қолыңызға алған екенсіз, бақытыма да өзіңіз жауап бересіз. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Естіп тұрсыз ба, достым? В а с и л ь к о в. Өкініп тұрмын, өте-мөте! Л и д и я. Өте-мөте? Мені сүймейді деп пе? В а с и л ь к о в. Жоқ асығыстық жасағаныма өкінемін. Л и д и я. Бас тартыңыз, əзір кеш емес. Менен бұлайша опоңай бас тартсаңыз, сіздің де маған деген махаббатыңыз онша күшті болмағаны ғой. Ренжімеңіз, қайта рақмет айтыңыз маған,
өтірік қылымсу оңай, бірақ мен өйтіп тұрғаным жоқ, ағымнан жарылып тұрмын сізге. Қалыңдық атаулының бəрі күйеулерімізді сүйеміз деп өліп-өшеді, өтірік, сенбеңіз, шын сүю кейінірек келеді. Өзімшілдік не керек, тастаңыз, жөнге түсініңіз! Мен не үшін сүйем сізді? Оңып тұрған ұсқын бар ма сізде, атыңыз адам естімеген бірдеңе, фамилияңыз мещандардікі!.. Мұның бəрі ұсақтүйек, əрине, бұларға жүре-бара көз үйретуге, құлақ үйретуге болады, бірақ бірден бауыр баса қалу қиын. Неменеге ашуланасыз? Сіз мені сүйесіз екен, рақмет! Енді сіз менің жүрегіме жол табыңыз, сонда біз бақытты боламыз. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Бəрінен бұрын, есіңізде болсын, бұл қыздан не менің, не əкесінің... еш нəрсе аяған жеріміз жоқ, еш нəрсе! Сонын бəрін сіз үшін құрбан қып отыр. В а с и л ь к о в. Маған құрбандық қажет емес. Л и д и я. Сонда не қажет, өзіңіз де білмейсіз ғой деймін. В а с и л ь к о в. Жоқ, мен білем өзіме не қажет екенін... Сүймей-ақ үйленуге болады, сүю кейін келеді, сіздікі рас. Бірақ мен сізден құрмет күтер едім, ерлі-зайыптылар бір-бірін құрметтемеген жерде неке болуы мүмкін емес. Л и д и я. Осының бəрі өзінен-өзі белгілі емес пе, бұлай болмаса, мен сізге жуымас едім. В а с и л ь к о в. Сіз ашығын айтсаңыз, мен де ашығына көшейін. Сіз ғой мені сүймейтініңізді айттыңыз, ал мен сізді сүйдім, мұның, мүмкін, ертерек болар, сүю үшін сіз сүюге тұруыңыз керек қой. Ал енді бар ма, сіз де менің махаббатымды бағалай білуіңіз қажет, əйтпесе, жасыратыны жоқ, махаббат оп-оңай өшпенділікке көшуі мүмкін. Л и д и я. Солай деңіз! В а с и л ь к о в. Бас тартыңыз менен, əзір кеш емес. Л и д и я. Бас тартып керегі не? Ха, ха, ха! Комедиялық рөлдер ойнайық, бір-бірімізге сүю сезімін шақырайық. В а с и л ь к о в. Маған керегі – комедия емес, жарқын өмір мен бақыт. Л и д и я. Жоқ, сізге керегі – комедия. Сіз маған сөз саласыз, мен қабыл аламын, енді не керек сізге? Мені сүйеді екенсіз, тек шексіз бакытқа кенеле біліңіз, қарыз-парызды сөз қып керегі қанша?
Əркім өз парызын өзі білуге тиіс. Ал, қайтіп тіршілік ету керек екенін тіршілік етер лыпасы жоқ жарлылар ғана ойлайды. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Көріп тұрмын, көріп тұрмын, сендер бір-біріңді сүйесіңдер, ал айтыстарың – əшейін əдеби айтыстар. В а с и л ь к о в. Күйеу ретінде тарту тартуға рұқсат етіңіз. Мына заттарды бүгін ойда жоқта ала салып едім, орнын тапты. (Сəнді сырға мен түйреуіш салынған қобди ұсынады.) Н а д е ж д а А н т о н о в н а. О! Бұл дүниелердің құны бірнеше мың шығар. В а с и л ь к ов. Бар болғаны үш-ақ мың. Л и д и я. Ойпырмай, сізді сүюге болады-ау деймін. (Васильковқа қолын ұсынады, анау құрметпен сүйеді.) ҮШІНШІ ПЕРДЕ Сол екінші пердедегі төргі бөлме, бірақ жиһазы біраз молайған. Көрерменнің оң жағында Васильковтың кабинетіне кіретін есік, сол жағында – Лидияның бөлмесіне баратын есік, ортада – сыртқа шығатын есік. Бірінші көрініс Кабинетген Васильков шығады, қолында портфель, газеттер: газеттерге тез-тез көз жүгіртіп өтеді де, телефон соғады. Василий кіреді. В а с и л ь к о в. Чебоксаровтардың Қазандағы қора-жайы заводымен, тоғайымен қоса жуырда саттыққа түседі. Іш ашитын нəрсе! Заводтың түсімі де көп, тоғай да мол екен. Василий Иваныч, Павел Ермолаевқа барып, қазір биржаға жетсін де, мені күтсін деңізші. Соның атына сенім қағаз беруім керек еді. Жəне былай деңіз: қамсыз болмасын, мен оны Қазанға жіберемін. В а с и л и й. Құп, мырза! В а с и л ь к о в. Дұрысырақ киінсеңіз қайтетін еді, Василий Иваныч.
В а с и л и й. Ол болмайды. Бүгінде мынадай етік, қалың спинжак, барқыт картуз кисем машина жанындағы ағылшын болам да шыға келем: мұның өзі абырой, оны жұрттың бəрі түсініп болған. В а с и л ь к о в. Өзіңіз біліңіз, Василий Иваныч! Бара беріңіз! Василий кетеді. Васильков есеп қағазын суырып алып, қарай бастайды, Лидияның бөлмесінен Надежда Антоновна шығады. Екінші көрініс Васильков пен Надежда Антоновна. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Аю! Үйленгені кеше ғана, жұмыстан бас алмайды. В а с и л ь к о в. Біріне-бірінің кеселі жоқ қой, шешетай. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Шешетай деген не? В а с и л ь к о в. Жылы сөз, жұмсақ сөз, ұғымды дəл жеткізетін сөз. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Жə, жақсы, жақсы. (Оған жақындап.) Қалай, бақыттымысың? Айтшы, балам, бақытты бола алдың ба? (Құлағынан тартады.) В а с и л ь к о в (оның қолын сүйіп). Иə, бақыттымын, бақытты болғанда қандай! Енді мен аз ғұмырымның бірнеше күн рақатын көрдім дей аламын. Аһ, шешетай, шешетай... Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Тағы шешетай! В а с и л ь к о в. Кешіріңіз! Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Мен бақыттан басқа дəнеңе де күткенім жоқ, əйтпесе, Лидинькамды саған ғұмырда берер ме едім. В а с и л ь к о в. Бұдан да гөрі бақыттырақ болар едім-ау, егер, егер... Н а д е ж д а А н т о н о в н а (отырады). Егер деген не? Тағы не жетпейді саған, тойымсыз? В а с и л ь к о в. Егер өмір бойы бір үйге қонып, бір үйге түстеніп, кеш сайын концерт көріп, Москваны шарлап жүрсем... түк істемесем, егер мұндай тіршілік ұят болмаса, сонын бəріне жетер қаржым болса...
Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Егер дені дұрыс адамдардың бəрінің тіршілігі солай болса, ұят болмағаны да!.. Ал, бұған онша көп қаржының керегі жоқ. В а с и л ь к о в. Дегенмен! Өз ойымша, мен қаржыны көп жұмсап жүрмін. Лидия қанша жұмсап жүр, санағам жоқ, білмеймін, оның есебіне араласпаймын. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Соның тамаша болған! В а с и л ь к о в. Оның өзінікі бар, менің өзімдікі бар. Бірақ мен мына түрмен бір жылда қанша ақша жұмсайтынымды есептеймін. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Аһ, қандай ұсақтық! Жə, қалағаныңша тұр да өмір сүр, сонын сіз үшін шығынға сандығы бар ма, тəйірі. В а с и л ь к о в. Неге болмасын? Мына сілтеумен жарты жылда жиырма бес мың жұмсайсың екен. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Жə, сол көп пе! Соны да қимайсыз ба? Танымай қалдым-ау сізді... В а с и л ь к о в. Мəселе – қию-қимауда емес, мəселе – соны қайдан табуда ғой... Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Жə, мұны мен білмеймін! Бұл сізге белгілі болуға тиіс. В а с и л ь к ов. Бұлайша тіршілік ету үшін миллион керек. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Екі миллионыңыз неге болмайды, біз соған қарсы дейсіз бе? В а с и л ь к о в. Екі де жоқ, бірде жоқ менде... Менің халім əдеттегі – əлім-берім ғана. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Қойыңыз, ең болмаса жарты миллионыңыз бар шығар... О да жаман емес. В а с и л ь к о в. Қора-жайым бар, азын-шоғын қаржым бар, істеп жүрген ісім бар, қанша дегенмен, жылына жеті мың, сегіз мыңнан артық ақша жұмсай алмаймын. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Ау, кен-қазына ше? В а с и л ь к о в. Қайдағы кен, не деп тұрсыз? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Алтын кенін айтам. В а с и л ь к о в. Алтын кені түгіл, мыс кені де жоқ. Н а д е ж д а А н т о н о в н а (ұшып тұрып). Осынша аяусыз алдап ұрғаныңыз қалай бізді?
В а с и л ь к о в. Қалай алдадым? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Байлығым бар демеп пе едіңіз? В а с и л ь к о в. Болса ше? Байлығым бар, əжептəуір? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Қойыңызшы əрі! Не айтып, не қойғаныңызды білмейсіз. Балаға дейін білетін нəрселерді білмейсіз, бұ не бұл? В а с и л ь к о в. Жə, тоқтаңыз! Немене, менікі байлық емес пе? Онда не болғаны? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Немене? Қайыршылық, жоқшылық, сол сіздікі! Сіздің байлық деп тұрғаныңыз тек салт басты, сабау қамшылы бойдаққа ғана, оның қолғап сатып алуына ғана жетеді. Ал, менің бейшара қызымды қайтпексіз енді? В а с и л ь к о в. Мен оны бақытты етпек едім, соған тырысып көремін. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Қалтасыз ба, қаржысыз ба? Қызық екен. В а с и л ь к о в. Оған жетерлік қаржым бар, тағы табам. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Немене, қалай жетеді? Оған байлық керек, ал байлықты сіз таба алмайсыз, көтерме сауда жоқ, сізге теміржол үшін қарыз беретін ешкім тағы жоқ. Байлық деген əкеден балаға мұра боп ауысатын нəрсе, аяқ астынан бақытқа тап боп, қарт-ойыннан ұтпаса, қайдан табылады ол? В а с и л ь к о в. Жоқ, басқа да жолы бар, біреуді тонау керек. Сол емес пе маған айтпағыңыз? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Солай деп ойлайсыз ба? Мені жақсы білесіз екен. Жоқ, байқаймын, қатемізді түзеу шарасын жасамай болмайды екен. В а с и л ь к о в. Нені түземексіз? Қандай қате? Өтінгенім болсын, өзгенің ісіне араласпаңызшы осы. (Қалпағын алады.) Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Кетесіз бе? В а с и л ь к о в. Кететін уақытым болды. Сау болыңыз. (Кетеді.) Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Беймаза күйеу болды-ау бұл. Бірақ, дымы жоғын білсе, Лидияны кім алады? Сондықтан, бұл күйеудің беймазалығын көтермей болмайды, басқа шара жоқ. Андрей кіреді.
А н д р е й. Кучумов мырза келіп тұр. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Жақсы келгенін көрдің бе? (Андрейге.) Кіріңіз де! Андрей кетеді. Өзін қолға алып көрейін қазір. Кучумов кіреді. Үшінші көрініс Надежда Антоновна мен Кучумов. К у ч у м о в. Расе gioia son can voi Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Аса қуаныштымын, отырыңыз. К у ч у м о в (отырып жатып). Расе gioia, біздің əлгі ақ періште нимфа қайда? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Баратын жерлері боп шығып кетті, қазір келеді. К у ч у м о в. Оны қағып əкеткен қара теке – сатир қайда жүр? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Өз шаруасымен кетті. Соныңақ шаруасы бітпейді. К у ч у м о в. Рақымсыз адам! Бірақ, оның несі кетіпті! Ол – күйеу, мына біз ғой жүзімге түскен түлкі секілді жұғын жалап жүрген... Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Шал, шал, не деп барасыз! К у ч у м о в. Жүрегім жас, Надежда Антоновна, бұрқ-сарқ еткен күшім бар. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Аһ, иə! Сіз менің күйеуімнен хат алдыңыз ба? К у ч у м о в. Алдым. Абыржымаңыз! Ертең жіберем оған. Со да сома болып па! Түк ойламаңыз! Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Менің де сізден өтінішім бар еді. Ку ч у м о в. Қандай өтініш, қандай? Қуана қабылдаймын, жанжүректен!..
Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Менің бір танысыма пайдалылау орын тауып бере алмас па екенсіз? Қарауында бай қора-жай ма, əйтеуір сүбелілеу бірдеңе болса деп едім... К у ч у м о в. Білуім керек қой алдымен, кімге? Н а д е ж д а А н т о н о в н а (иығын қозғап). Күйеу балама. К у ч у м о в. Иə-ə, хал нашар десеңізші! Осылай болар деп ойлап едім өзім де... Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Солай, жанқияр достым, біз аздап қателесіппіз. К у ч у м о в. Сіздің қызыңызға жолауға қандай қақы бар еді сол сүмелектің? Алтынмен аптап, күміспен күптемек болған-ды сізді? Енді міне, өзін асырау керек. Не білдіңіз, меніңше, сол тумысынан қомағай, жемқор бірдеңе болуға тиіс. Өзінің қаны бұзықтау дьяк секілді. Орын неге іздейді? Пара алғысы келеді. Оны қалай ұсынайын мен? Мені ұятқа қалдырар ол сұрқия! Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Мені аясаңызшы, менің күйеу балам ғой ол. К у ч у м о в. Өзіңіз айттыңыз ғой, қателестік деген жоқсыз ба? Сықпыты құрысын соның... Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Аһ, қойыңызшы, тіпті! Соншалық əдемі келіншегі бар кісіге қамқор болу ұнамай ма сізге? К у ч у м о в. Неге ұнамайды? Кім айтты сізге! Ұнағанда қандай! Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Мен Лидияны білем ғой, ол қарыздар боп қала қоймас. К у ч у м о в. Ал, салдым барымды... Тамыр-таныстарымның бəрін аяқтарынан тік тұрғызайын, бəлем... Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Сіз немене, əйелдер жақсылыққа жақсылық жасай алмайды деп ойлайсыз ба? Жоқ, олар көңілі түссе, шырағым... К у ч у м о в. Ойбай ұштым, ұштым да кеттім, міне... Қалай, немене, қайда? Бұйырыңыз, кəне! Лидия кіреді.
Төртінші көрініс Надежда Антоновна, Кучумов жəне Лида. К у ч у м о в. Аһ, аһ, тілім байланды! Л и д и я. Тіліңіз байланса, тіпті, қиын екен, тым əдемі сөйлеуші едіңіз. Уһ, есім танды. (Креслоға отыра кетеді.) Күллі Москваны кезіп шықтым. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Иə, Лидия, Григорий Борисыч əдемі сөйлеп қана қоймайды, əдемі əрекет те жасай біледі, бұ кісі сенің əкеңе ертең қора-жайдың төлеуіне толып жатқан ақша салмақ, оның үстіне бізге де біраз қызмет көрсетпек. Біз бұл кісіге көптен-көп рақмет айтуға тиіспіз. Андрей кіреді. А н д р е й. Глумов мырза келіп тұр. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Кірсін де, мен оны өз бөлмемде қабылдайын. (Кетеді, Андрей соңынан ереді.) Бесінші көрініс Кучумов пен Лидия. Л и д и я. Осы сіздікі қай есіркеу, соны айтыңызшы. Өзгені жарылқау – өзінікін азайту деген сөз. Сіз неге сөйтесіз? К у ч у м о в. Соны сұрап тұрған сіз, мына сіз бе? Л и д и я. Сұрамай, қайтейін? К у ч у м о в. Ойбай-ау, сіз үшін байлық емес, басымды құрбан етпеспін бе мен... Л и д и я. Мұндай құрбандық маған, сірə, керек бола қоймас. Бірақ, сіздің əкеме ақша салатыныңыз рас па? К у ч у м о в. Күні ертең! Л и д и я. Мұныңыз кісілік екен. Мұндай достықты бағаламай болмайды. К у ч у м о в. Мұның өзі достықтан гөрі артығырақ нəрсе, Лидия Юрьевна, əлдеқайда артығырақ нəрсе! Сіз мынаны білесіз
бе? Мен əкеңіздің қора-жайын сатып алам да, сізге сыйға тартам, ал, сонда қайтесіз? Л и д и я. Несі бар, сатып алыңыз да сыйға тартыңыз. Тартутаралғы дегенді мен өте жақсы көремін. К у ч у м о в. Əкеңізге күні ертең хат жазам, қора-жайын сатып алатынымды, кепілге отыз мың сом ақша салатынымды айтам. Ақша деген не тəйірі, мен үшін! Маған керегі – сіздің, тек қана сіздің жылылығыңыз. Л и д и я, Менің жылылығым қай ретпен көрінуге тиіс? Онсыз да біздер өзара туыс секілдіміз ғой. К у ч у м о в (жақындай түсіп). Туыс секілдіміз, туыс секілдіміз... Л и д и я. Бірақ сіз маған қай туыс болмақсыз? Аға деуге аққаптал кəрісіз. Уақытша əке бола тұрмасаңыз... К у ч у м о в (тізерлеп отыра кетіп, қыздың қолын сүйіп). Əке бола тұрайын, əке бола тұрайын. Л и д и я (қолын тартып). Тентек боласың, əкетай! К у ч у м о в. Тентек боламын, тентек боламын! (Қолын тағы сүйеді.) Босағадан Глумов көрінеді де, тез бұрылып кетеді. Л и д и я (орнынан тұрып). Тентек болу саған ұят, сен бала емессің. Кучумов тізесін жазып, орнынан тұрады. Андрей кіреді. А н д р е й. Телятев мырза келіп тұр. Л и д и я. Кірсін де. Андрей кетеді. К у ч у м о в. Addio, mia carina! Ұштым, сіздің қамыңызбен кеттім! Л и д и я. Қандай қам? К у ч у м о в. Қейін біле жатарсыз. (Кетеді.)
Телятев кіреді. Алтыншы көрініс Лидия мен Телятев. Т е л я т е в. Дарға асыңыз мені, дарға, тек тезірек. Егер маған қабақ түйсеңіз тоғайға қашып кетем. Одан да сабаңыз мені сілейтіп, тек артынан аяй көріңіз. Сізсіз өмір сүре алатын емеспін, шерленіп біттім, енді болмаса, ағылшын құсап атылып өлем. Л и д и я. Не үшін ашуланам сізге? Т е л я т е в. Сөзіңізді көрдіңіз бе, сөзіңізді? Қанжар ғой мынау сөз емес... Л и д и я. Жұрттан сіздің неңіз кем? Сізден де нашарлар бар ғой. Т е л я т е в. Тағы да міне, тағы да! Сілікпемді шығарғыңыз келе ме? Жексұрын деп жекірмейсіз бе тура! Л и д и я. Таласпаймын. Менің алдымда кінəңыз көп сіздің, көптен көп. Сүймеген кісіге күйеуге шыққаным – сіздің кесіріңіз. Т е л я т е в. Сүймейсіз бе? Онда өте жақсы! Л и д и я. Иə, ол да мені сүймейді ғой деймін. Т е л я т е в. Сүймейді! Тамаша! Л и д и я. Мұның несі жақсы? Т е л я т е в. Сіз үшін қалай екенін қайдан білейін, ал біз секілді бет алды қаңғып жүрген бойдақтар үшін бұдан керемет табыс жоқ. Ойбай-ау, біз жетім емеспіз бе, өмір бойы аңдитынымыз осындай жағдай. Л и д и я. Бастан-аяқ бетімен кеткен бейбастақсыз сіз. Т е л я т е в. Жə, тағы не деп сөгер екенсіз. Л и д и я. Жетті, сөкпеймін. Не үшін сөгейін? Мені сүйгеніңіз үшін бе? Сүйгені үшін сөге ме екен? Сүйе тұра маған үйленбегеніңіз үшін бе? Ой, бұ өткен нəрсе ғой. Бұл қатені жөндеуіңізге болмайды. Т е л я т е в. Үйленуге болмайды. Бұл дұрыс. Ал, сүюге болады. Л и д и я. Мен сүйме дей алам ба сізге? Сүю əйел жанын аялау емес пе! Қызығушылар неғұрлым көп болса, соғұрлым əсем емес пе?
Т е л я т е в. Көптің керегі не сізге? Əзірге біреуі де жетпей ме? Л и д и я. Өмірді нашар білесіз əлі. Біреумен ғана болу жақсы емес, өсекке қаласың, ал көп болса, сезік те болмайды, қайсысы шын екенін қалай білесің? Т е л я т е в. Шын ғып мені алыңыз да штаттан тыс төртеуін тағы табыңыз. Л и д и я (күліп). Сіз сондай қусыз, сізге, тіпті, ашулану қиын. Т е л я т е в. Ыза басылды. Енді сүйіспеншілік туралы сөйлесуге болатын шығар. Л и д и я. Сөйлеңіз, сізді тыңдауды сүйем. Сіз сүйкімдісіз біртүрлі. Солай емес пе? Т е л я т е в. Құдай біледі, сүйкімдімін. Қандай əдеміленіп кеткенсіз! Сізде бір өзгеріс бар, соны білесіз бе? Мұндай өзгеріс əрқашан... Л и д и я. Сіз аздап аяңыз мені. Менің əйел болғаным жуырда ғана, əңгімелеріңізге əлі үйреніп үлгіргенім жоқ. Əйелдерге не айтатындарың белгілі сіздердің... Т е л я т е в. Үйреніп үлгірмегеніңіз өкінішті екен. Тезірек үйренсеңізші, əйтпесе көңілсіз болады. Өткенге оралайық. Көп ұзамай cavalier servente тауып алмайсыз ба? Л и д и я. Біздің əдетте, сөйтуге бола ма? Т е л я т е в. Тамаша салт, болмаса болдыру керек. Жақсыны жаңартудың ешқандай ұяты жоқ. Л и д и я. Күйеулеріміз не демек сонда? Т е л я т е в. Бара-бара үйренеді. Əрине, алғашқы бетте біз сияқты кавалерлердің көбін көпестер тас-талқан қып, есімізді тандырар, бірқатарын ымыраға да келтірер, одан əрі бəрі тəртіпке түсуге тиіс. Алғашқылары өздерін құрбан қылмақ, оның есесіне басқаларға жақсы. Жаңалық құрбандықсыз бола ма? Л и д и я. Тамаша! Бірақ мұндай жаңалық тезірек бола қоймас. Т е л я т е в. Бастаймыз, бірнеше құрбандық жасалды да, біреуін көкке боядық, тағы біреуі одан да жаман... Л и д и я. Сонымен осы мақтаулы салтыңыз орныққан соң... Т е л я т е в. Сіз мені аласыз. Л и д и я. Оған тұратын болсаңыз. Сіз тым жеңілтексіз. Т е л я т е в. Неліктен жеңілтекпін, соны білесіз бе?
Л и д и я. Жайдақсыз, сондықтан. Т е л я т е в. Жоқ. Басыбайлы байланған қазығым жоқ, сондықтан. Басымды байлаңыз да бұйырыңызшы, телеграф бағанынша қатайып да қалайын. Л и д и я. Сынап көрелік. Т е л я т е в. Сынап көресіз бе? Тек осыныңыз үшін ақ аяғыңызға бас ұрайын ба! Л и д и я. Жоқ, бұл салтанатыңыздан мені құтқара тұрыңыз. Мұнсыз да бірдеңе істеуге болар. Т е л я т е в. Қалауыңыз білсін. Дегенмен, сізге көзге түсер бір ықылас, пейіл көрсеткім кеп тұрғаны... Л и д и я (қолын ұсынады). Сүйіңіз! Глумов кіреді де, бір түкпірде тұрып қалады. Жетінші көрініс Лидия, Телятев жəне Глумов. Т е л я т е в (Глумовты байқамай). Қолғабыңызды шешпейсіз бе! Бұл не сүйіс болады? Көкірегім толы көл-көсір электр тогі, соны сіздің бойыңызға таратқым келіп еді, қолғаптан өтіп жүрегіңізге жете алмайтын болды-ау, қап! Тері қолғапты тесіп өту қиын-ау!.. (Қыздың қолын қолғаптан жоғары ашық жерінен сүйеді.) Л и д и я. Жə, жетер. Сіздерге сəл жібісе болды-ау! Əрқашан осы, ə десе бітті, артығымен істейсіңдер. Т е л я т е в. Артық кетіп не істеппін! Бар болғаны жарты сүйем жоғарыдан сүйдім, соны да сөз қыласыз ба! Л и д и я. Бүгін жарты сүйем, ертең жарты сүйем, сөйте-сөйте... (Глумовты көріп.) А! Егор Дмитрич! Сізді біз көрмей қалыппыз ғой. Г л у м о в. Оқасы жоқ, жасай беріңдер, жалғай беріңдер, мен кедергі болмайын. Л и д и я. Не дейді, жалғай беріңдер дей ме? Бұ не сөз? Телятевке, өзімнің ескі досыма қолымнан сүюге рұқсат ете қойып едім, соған соншалық үлкен мəн беруден саусыз ба? Сізге де шын ықыласыммен сүйгізе аламын, міне. (Оған да қолын ұсынады.)
Г л у м о в. Жан-жүректен рақмет! Мен ешкімнің қолын сүймеймін. Мен анамның қолын я болмаса ғашығымның қолын ғана сүйемін. Л и д и я. Жə, олай болса менің колымды сіз ғұмырда да сүйе алмассыз. Г л у м о в. Кім білген! Ғұмыр ұзақ, тау таумен ғана қосылмайды... Л и д и я. Жүріңіз, Иван Петрович. (Телятевке қолын береді.) Мынау дөрекі кісі. (Глумовқа.) Сіз менің күйеуімді күтетін шығарсыз? Күтіңіз, кешікпей келеді. Г л у м о в. Иə, сіздің жұбайыңызды күтем, оған айтатын көптеген кызықтарым бар. Л и д и я. Рақым етіңіз, бірдеңе ғып күлдіріңізші өзін. Тұнжырап ойланады да жүреді. Сізден артық ешкім де қызықтыра алмас оны, сіз өте қызық кісісіз. Телятев пен Лидия кетеді. Сегізінші көрініс Глумов жалғыз, кейін Василий келеді. Г л у м о в. Иə, сендерді қызыққа батырармын əлі. Уай, Лидия Юрьевна, браво! Өзім сұқбаттасайын деп келсем, екеу боп жұптаса қалыпты. Енді үшеуін – күйеуімен қоса топалаңдату ғана қалды. Василий! Василий кіреді. В а с и л и й. Қандай əміріңіз бар, мырза? Г л у м о в. Сіздерге Кучумов қашан, қай мезгілде келіп-кетіп жүреді? В а с и л и й. Əманда, мырза, екіге таман. Бұл кезде бай жігіт үйде болмайды. Г л у м о в. Қайда жүреді сонда? В а с и л и й. Өзінің мəслихатымен жүреді, оған келетіндер де ылғи бай-бағландар, өзара шаруа жайын сөйлеседі. Г л у м о в. Қандай шаруа?
В а с и л и й. Қайткенде жақсы болады, қайткенде қалта ақшаға толады дегендей... Г л у м о в. Сенің бай жігітің қалай, қалтасы қалың ба? В а с и л и й. Сөз бар ма! Г л у м о в. Қайдам, қалтасында жүз сомы бар кісі саған бай көріне беретін. В а с и л и й. Жүз болмас, мың болмас, одан да көбірек болуы мүмкін... Г л у м о в. Сонда да көп ақша емес. В а с и л и й. Іздесек табамыз. Онын не сөзі бар! Əзір əмір жоқ, жұрттың бəрі түсіне бермейді. Бұл да өнеге, жантайып жату емес. Мүмкін, біз түні бойы ұйықтамаған болармыз, үрейленген болармыз. Менін немді білесіз сіз? Лондонға он бір шақырым ғана жетпедім, машинамен кейін қайтарды. Демек, бізге көп сөйлесуге болмайды. (Кетеді.) Г л у м о в. Не деп бас қатырды əлгі? Кучумов екіге таман келіп-кетеді деді ме, керегі сол, солай деп жазып қоямыз. Васильков, Лидия, Телятев жəне Надежда Антоновна кіреді. Тоғызыншы көрініс Глумов, Васильков, Лидия, Телятев жəне Надежда Антоновна. Г л у м о в (Васильковқа). Саламатпысың! В а с и л ь к о в. Саумысың! Г л у м о в. Əлденеге абдырап жүрсің ғой? В а с и л ь к о в. Менің жұмысым сендер секілді көшеде ит қуу емес. Кавалер мырзалар, кешірерсіңдер, əйелдермен сендер-ақ сөйлесе беріңдер, менің уақытым жоқ, жұмысым көп, барам, жұмыс істеймін. Т е л я т е в п е н Г л у м о в. Бар! Бар! В а с и л ь к о в. Түскі тамаққа қарай босаймын. Тамақтанғыларың келсе, босқа бəлсінбеңдер, қалыңдар! Өтінеміз! Келмесе, кетіңдер. (Кабинетке кетеді.) Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Бəрі орынды, не айтарсың.
Т е л я т е в. Біз оған ренжімейміз, кісілігі бар жігіт. Айттыайтпады, біз кетсек қайтеді? Г л у м о в. Кетеміз. Мен үй тағамын жақсы көрмеймін. Онда əрқашан тұрпайы бірдеңе араласып жүреді. Стол ортасында үлкен графинмен квас тұруы мүмкін, немесе қолдан жасалған шарап, болмаса тұтқасы сынған құты, яки май шам, иісі аңқыған самса жүруі мүмкін. Бұ үйдің тағамы, əрине, мол, бірақ мен мейманханаға немесе клубқа барып ауқаттанғанды дұрыс көремін. Т е л я т е в. Ағылшын асханасына кеттік, қазір онда дəл түскі тағам тұсы... Г л у м о в. Кеттік. Үйдегілермен иіліп, қоштасып, кетіседі. Оныншы көрініс Лидия мен Надежда Антоновна. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Лидия, сенің күйеуің я сараң, я қалтасы тым тайыз адам. Л и д и я (үрейленіп). Не айтып тұрсыз? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Ол бағана маған бұлай өмір сүруге қаржысы жетпейтінін, ақша жұмсауды азайту керек екенін айтты. Кешегі тойға дейін біз қанша қарыз алғанымызды білсе, бəрін мұның өзі төлеуге тиіс екенін білсе не істемек? Сенің қарыздарыңды, тіпті, білгісі келмейді. Л и д и я. Ал, əлгі алтын кені қай орында мұның? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Глумовтың өтірігі болды ғой. Л и д и я. Онда мен өлдім. Мен көбелек емеспін бе, алтын шаңын жұтпай жүре алам ба? Өлдім онда, өлдім. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Меніңше, оның қаржысы бар, тек сараң. Сен оған кішкене жылырақ қарасаң деп едім... Иліксейші аздап... Л и д и я (ойланып). Жылылық? Жылылық? О, жылылық керек болса, көрсетейін мен оған, бақыттылықтан тұншығып қалсын, бəлем. Бұл тəжірибе мен үшін! Өз жылылығымның күшін өзім
де байқайын, менің жылылығым тап-таза алтынмен өлшенбек. Келешекте де керек ол маған, алтынсыз тұру мүмкін бе!.. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Сөзің жаншошырлық екен, Лидия. Л и д и я. Жарлылықтан асқан жан шошырлық не бар! Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Бар, Лидия: бұзықтық. Л и д и я. Бұзықтық! Бұзықтық деген не? Жұрттың бəрі бұзық екенін көре тұра бұзықтықтан қорқу – ақылсыздық, айласыздык! Бұзықтықтың ең үлкені – кедейлік. Жоқ, жоқ! Бұл менің алғашқы əйелдік ерлігім болмақ. Мен бұған дейін əшейін ерке едім, енді мен ар-ұят дегенді жиып қойып-ақ, тіршілік ете алатынымды байқап көрмекпін. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Аһ, қойшы, Лидия. Сұмдық қой мынауың, сұмдық! Л и д и я. Сіз – кемпірсіз, сізге кедейлік онша қауіпті емес, мен – жаспын, маған тіршілік керек. Қай жерде жарқ-жұрқ жылтырақ болса, еркектер аяққа жығылып табынып жатса, ағыл-тегіл байлық болса, менің тіршілігім сол жерде болуға тиіс. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Мен тыңдаймын сені. Л и д и я. Қайсысы бай, Кучумов па, Телятев пе? Білуім керек, екеуінің билігі де өз қолымда. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Екеуі де бай, екеуі де шашыптөгіп шайқап жүр, бірақ Кучумовтың байлығы молырақ, пейілі кеңірек. Л и д и я. Маған керегі де сол еді. Магазиндер мен дүкендерден келген счеттарыңыз қайда? Əкеліңізші бері! Н а д е ж д а А н т о н о в н а (қалтасынан алып). Міне, барлығы. (Кетеді.) Лидия оларды алады да, батыл басып, күйеуінің кабинетіне беттейді. Оған қарсы Васильков шығады. Он бірінші көрініс Лидия мен Васильков. Л и д и я. Саған келе жатыр едім. В а с и л ь к о в. Мен саған келе жатырмын.
Л и д и я. Онда тамаша болды. Екеуіміз орта жолда кездестік, енді қайда барамыз, саған ба, маған ба? Мында. (Өз бөлмесін нұсқайды.) Мында ма? Айтшы, сүйіктім! А? Ал! В а с и л ь к о в. Əзірге, осы орта жолда тоқтайық. Түскі тамаққа дейін жарты сағат əңгіме соғайық. Сен кешір, Лидия, мен сені қайта-қайта жалғыз қалдыра берем. Л и д и я. Сені неғұрлым сирек көрсем, солғұрлым қымбат көрем. (Оны құшақтайды.) В а с и л ь к о в. Саған не болған, Лидия? Мына құбылуың қызық көрініп тұр маған. Л и д и я. Жаным-ау, мен де тірі кісімін ғой, мен де əйелмін ғой. Күйеуге несіне шықтым, əйтпесе? Сені сүйемін, қайтейін, одан ұялар дейсің бе! Кішкентай қыз емеспін, жасым жиырма төртке келді... Басқалардың қалай екенін қайдам, əйтеуір өзіме күйеуім болса болғаны, басқа түктің керегі жоқ. Түсініп тұрсың ба! Басында біраз тағылық жасадым саған, байқасам, мүлде орынсыз екен. В а с и л ь к о в. Мүлде орынсыз. Л и д и я. Енді міне, егер сені құшағымда тұншықтыру керек болса, тура тұншықтырып өлтірем, білдің бе! Тек сен қарсы болма соған. В а с и л ь к о в. Жо, неге қарсы болайын. Л и д и я. Не боп кеткенімді өзім де білмеймін. Басында сені сүймеуші едім, енді міне жабыстым да қалдым, тіпті, айырылғым келмейді. Жүрегімнің аттай тулауын қарашы, естіп тұрсың ба? Өмір досым-ау, көңіл хошым-ау, менің! (Жылайды.) В а с и л ь к о в. Неге жылайсың? Л и д и я. Бакыттылықтан жылап тұрмын. В а с и л ь к о в. Менің жылауым керек. Тек сыртың ғана сұлу ма деп едім, ішкі қызуың – жүрек жылуың да мол екен. Сүй мені, мен оған татитын кісімін. Л и д и я. Сен айтпай-ақ сүйіп жүрген жоқпын ба, жыртқышым-ау! В а с и л ь к о в. Я, мен – жыртқышпын, бірақ менің сезімім жұмсақ, талғамым биік. Əкелші ақ сүйрік қолыңды. (Лидияның қолын алады.) Қолың қандай тамаша! Шіркін, суретші болар ма едім...
Л и д и я. Менің қолым ба! Менің бойымда маған тиісті дым да жоқ, бəрі сенікі, бəрі! (Оның кеудесіне жантаяды.) В а с и л ь к о в (Лидияның қолын сүйіп). Екеуін де бер маған! Лидия счеттарын қалтасына жасырады. Немене жасырып жатқаның? Л и д и я. Аһ, сұрамашы жаным, сұрамашы! Досым, бір тілегім болсын, сұрамашы! В а с и л ь к о в. Не қылған тілек сенікі? Егер менен жасырған құпияң болса, мейлің, жасыра бер, мен өзгенің құпиясына қол сұқпаймын. Л и д и я. Сенен жасырған қандай құпиям болушы еді? Екеуіміз бір кісі емеспіз бе? Құпиямның түрі мынау: мына қалтамда менің жасауларым үшін maman ақша төлейтін магазиндердің счеттары бар. Maman қазір қысылып жүр, əкем əлдебір үлкен шаруамен айналысып, бізге ақша жібермей жатыр. Бəрін өзім-ақ өз ақшамнан төлейін деп едім, білмеймін, дəл осы минутта табыла қояр ма екен. Көріп тұрсың ба, қырсықты!.. В а с и л ь к о в. Счеттарыңды көрсетші маған. Л и д и я (счеттарды береді). Мə! Бұлардың не керегі бар саған, түсінбеймін. В а с и л ь к о в. Не керегі бар дейсің бе: маған көрсетіп жүрген жан рақатың үшін жасауынның құнын өзім төлеймін. Егер əлдебір кедей қызға үйленсем, бəрібір жасауын өзім сатып əперер едім ғой. Сонда да сүйе ме ол мені, жоқ па, белгісіз, ал сен сүйесің. Л и д и я. Жоқ, жоқ! Анамның қамқорлығын өзім өтеуім керек, өзім... В а с и л ь к о в. Өз ақшаңды өзіңе сақтай ғой, бөбегім! Василий. Василий кіреді. Кабинеттен, стол үстінен есепшот əкеп берші маған. Василий есепшот əкеп береді де, шығып кетеді, Надежда Антоновна кіреді. Васильков стол жанына отыра қап, счеттарды есептей бастайды.
Он екінші көрініс Васильков, Лидия жəне Надежда Антоновна. Л и д и я (Надежда Антоновнаға қарап). Көрерсіз бəрін төлейді. (Диванға қисая кетіп, қолына кітап алады. Қатқыл үнмен.) Maman, кесел жасамайықшы, ол жұмыс істеп отыр. (Бас жағына кеп отыра берген Надежда Антоновнаға, ақырын.) Оның бар билігі менің қолымда. В а с и л ь к о в (шотқа қағып). Лидия, мынаның ішінде қабырғаны тыстаған қағаздар мен маталардың счеттары да жүр, олар сенің жасауыңа кіре ме? Л и д и я. Аһ, досым-ай, ойласаңшы, оның бəрі біздің тойымызға бола жаңартылды ғой; келім-кетім қонақтар қаптап кеткен жоқ па сол тұста. Менің тойым болмағанда бұлайша шығындалар ма едік. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Бір қысқа бұрынғысы да жарайтын еді. В а с и л ь к о в. Жə, жақсы, жақсы. (Санай береді.) Л и д и я. (Надежда Антоновнаға). Айттым ғой сізге, бұл бəрін, дымын қалдырмастан түгел төлейді, көрерсіз. Сəнді киінген қызметші əйел кіреді де, Лидияға счет ұсынады, Лидия оған күйеуін нұсқайды. Қызметші əйел счетты Васильковқа береді; Васильков счетқа көзін бір жүгіртіп өтіп, иегімен əйелін нұсқайды да, шотын сыртылдата береді; Лидия алады да, жерге лақтырып тастайды. Қызметші əйел кетеді. Қолында бір емес, екі емес, жеті счет. Андрей кіреді – дəл əлгі қимылдар аумай қайталанады. Андрей кетеді. Қолында он шақты счет, Василий кіреді де, бəрін Васильковқа ұсынады. В а с и л и й. Қанша десеңізші, мырза! Француздар сыбағасы... В а с и л ь к о в. Ханымға бер. Василий береді, Лидия жерге лақтырып тастайды. В а с и л и й (счеттарды жинап жүріп). Лақтырмау керек қой. Счет – документ, мұнымен ақша төленуге тиіс.
Л и д и я. Шық үйден. Көргім келмейді сені! Василий əр счеттың қыртысын қолымен жазып, текшелеп стол үстіне кояды да, шығып кетеді. В а с и л ь к о в (орнынан тұрып, бөлме ішінде əрлі-берлі жүреді). Мен бітірдім. Мынау отыз екі мың бес жүз қырық жеті сом тоқсан сегіз тиын боп шықты. Бұл мен үшін орасан көп ақша, бірақ амал не, саған берген уəдем – уəде, төлеуім керек. Бүгін мен керегінше қарыз аламын, бірақ, келешекте бюджетіміздің қалпын сақтау үшін ығын-шығын жағын бірқатар азайтуымыз қажет. Көшенің арғы бетінде, бізге қарама-қарсы, үш терезесі көшеге қарап тұрған бір қабат шағын үй бар; барып көргем, бізге сол үй əбден жарайды. Күтушілерді таратып жіберу керек: мен өзіме Василийді алып қалам, сен бір ғана күтуші əйел қалдыр, жалақысы арзандау болсын, – аспазды босатамын, тамақ пісіретін біреу табылар. Жылқы да керек емес, ұстамаймыз. Л и д и я (күледі). Жылқысыз қалай отырамыз? Жылқы жарықтық жегу үшін, мініп жүру үшін жаралған. Соны да білмейсіз бе шынымен? Көлікті қайттік онда? Елде жоқ аэростатты қайдан таппақпыз? Ха-ха, ха! В а с и л ь к о в. Жер құрғақ болса, – жаяу жүреміз, лас болса, – көлік жалдаймыз. Л и д и я. Сүйген сықпытың осы ма? В а с и л ь к о в. Сені сүйгендіктен де құр жанқалта қалғым келмейді. Л и д и я. Барыңыз тезірек! Commis күтіп қалды, олар кісілікті кісілер. Мынауымыз жарамайды! Тезірек барып, ақшаларын төлеу керек. В а с и л ь к о в. Өз ақшаңыз бар көрінеді ғой, өзіңіз төлеңіз. Л и д и я. Мен төлемеймін. В а с и л ь к о в. Төлемесең, сотпен төлетеді. Л и д и я. Төлейтін ақшам жоқ менің! Ой, Құдайым-ай! (Қолымен бетін басады.) Н а д е ж д а А н т о н о в н а (ашынып). Не үшін зəбірлейсіз бізді? Тағдыр бізді тəлкек етпеуге тиіс еді, қайтейік, қателестік –
сіз кедейсіз, бірақ біз бұл қатемізді түзеуге тырысамыз. Əрине, сезіміңіз дөрекі, сіз біздің сыпайылығымызды түсіне қоймассыз, дегенмен, сізге күйеуімді мысал етейін. Оның қызмет орны көрнекті һəм аса жауапты болатын, қолынан өтетін ақша да қисапсыз еді, – ал енді бар ма, мен дегенде, қызы дегенде жаны қалмайтын; біздің атағымызды жұрт алдында жоғары ұстау үшін, немесе, тіпті, біздің əшейін қылтың-сылтыңымыз үшін молырақ ақша керек болды ма, бітті, өзінікі демейді, қазынаныкі демейді, бізді қарқ қып, ақшаға көмеді де салады. Семьяға деген сүйіспеншілік сезімін қастерлейтіні сондай, басын тура бəйгіге тігетін, білдіңіз бе! Сонысынан ол сотқа да ілікті, ақыры Москвадан кетуге мəжбүр болды. В а с и л ь к о в. Өзіне де со керек. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Сіз оны қадірлемесеңіз де, бізді бағаласаңызшы! Сіз – кедейсіз, бірақ біз сізді кедейлік қыспағында қалдырмаймыз; біздің байланысымыз күшті. Біз сізге жылы орын, қамқорлық іздеп жүрміз, тауып та береміз. Сізге қалатыны – тек менің күйеуіме, семьяшыл шіркінге еліктей білу ғана. (Васильковқа жақындап келіп, қолын оның иығына салады да, сыбырмен сөйлейді.) Мəку-сəку не керек, ондайды қойыңыз, білдіңіз бе! (Қалтасын нұсқап.) Сізді жұртқа көрсе де көрсетпеу – менің жұмысым. Сіз баса беріңіз, қайтесіз; қыбын табыңыз да қармап қалыңыз. В а с и л ь к о в. Уай, ақылыңыз да өзіңізге, өзіңіз де өзіңізге, қойыңызшы! Ешбір құлқын, ешбір сылқым маған ұрлық жасата алмайды. Ендігəрі маған ұрлық турасында тіс жарып, тіл қаттыңыз ба, болды, сіздермен сіз-біздесіп тұрмаймын. Лидия, қой жылауды! Жарайды, сен үшін төлеймін əлгінің бəрін, тек алды-арты осы болсын жəне мына айтқаныма көнесің: күні ертең анау үш терезелі үйге көшеміз, – апатайың үшін де бөлме əзір ол үйде, – тек тұрмысты біраз қысу керек. Ешкім келмейтін болсын, қонақ қабылдамаймыз. (Счеттарды қарайды.) Л и д и я (анасының иығына сүйеніп). Айтқанына көну керек. (Ақырын.) Ақша да болады, байлық та болады бізде. (Күйеуіне дауыстап.) Досым, мен келістім. Саған қарсы болмаймын, қайта рақмет айтамын. (Анасына ақырын.) Қайтіп алдағанымды көресіз! (Күйеуіне дауыстап.) Ешкім келмейді, қабылдамаймыз.
В а с и л ь к о в (есептеп тұрған қалпы) Бəсе, ақылың көп еді ғой. Л и д и я. Бірақ Кучумов қартқа қарсы болма, ол біздің семьяның қамқоры, туысы деуге де болады. В а с и л ь к о в (есептеп тұрған қалпы). Жə, Кучумовқа қарсы емеспін. Лидия анасының қолын қысып, дір-дір етеді. Н а д е ж д а А н т о н о в н а (ақырын). Сен бірдеңе ойлап тұрсың-ау? Л и д и я (баяу). Ойлап тұрмын. Мені мынадай қорлаған ешкім болмас. Мен енді əйел емес, жыланмын. Өлтіре шақпасам ба, бəлем! В а с и л ь к о в. Не қылған шашпа келіншек едің! Л и д и я (оның мойнына ұмтылып). Жə, кешір жаным, кеше гөр! Өмірім менің! Мен есалаң, ерке əйелмін, бірақ түзелермін. Өзіме осы керек еді, үйрет, аяма мені! Васильков. Сонымен татуластық? Л и д и я. Татуластық. Біржола мəңгілікке татуластық! В а с и л ь к о в. Мұның керемет болды, сүйіктім. Əйтеуір, түсіністік, енді бірімізді біріміз білетін болдық. Сен менің есепқор екенімді білесің, мен сенің ерке екеніңді білемін, бірақ сен сүйесің мені, сөйтіп бақыт əкелесің маған; мұндай бақытқа мен секілді тоң мойын бейнетқордың қолы жете бермейді, мұндай бақыт маған қымбат, өте-мөте қымбат, Лидиям, періштем! (Əйелін құшақтайды.) ТӨРТІНШІ ПЕРДЕ Орасан жұпыны зал; өзі, бір жағынан, кабинет секілді, екі қанатта – терезелер, қарсы қабырғада, көрерменнің оң маңдайында – ауыз бөлмеге шығатын есік, сол маңайда – ішкі бөлмелерге кіретін есік; екі есіктің ортасында – жылтыр кірпіштен қаланған пеш, үй жиһаздары да жұпыны, жүдеу: жазу столы, көне фортепьяно.
Бірінші көрініс Стол жанында қағаздарын жиыстырып Васильков отыр, орындық сыртында Василий тұр. В а с и л ь к о в. Қалай, Василий Иваныч, жаңа үйге де, саған да ханымның бойы үйрене бастады-ау деймін? В а с и л и й. Үй жайлы ештеңе білмеймін, мырза, не айтайын. Апатаймен бірге жұрттың бəрі французшалап күліп жүр ғой... Ал, мен болсам, несін айтасыз, шықпаған жан, жүрмін, əйтеуір. В а с и л ь к о в. Сақтай гөр, саған не бопты! В а с и л и й. Ау, мархабат етіңіз, Савва Геннадич мырза. Олар маған бəтеңкемен жүр дейді, мен жүре алмаймын. Мені Камардин дей ме екен, сізге қызметші, көмекші секілді емеспін бе... Мархабат, Савва Геннадич, ойлап қараңыз, сіз бен біз жоқшылықты бірге көрген шығармыз... іс бабында суға да бірге кете жаздаған шығармыз... В а с и л ь к о в. Солай, солай, əрине. (Орнынан тұрады.) В а с и л и й. Сосын, жеміс үшін де жеп қоя жаздады мүлде... В а с и л ь к о в. Қандай жеміс? В а с и л и й. Əрине, біз шектен шықпаймыз ғой... бар болғаны мынадай бір шөкім. (Саусақтарын бүріп көрсетеді.) В а с и л ь к о в. Немен? В а с и л и й. Редька... бар болғаны мынадай ғана. Ауыз үйде жеп отыр едім... В а с и л ь к о в. Түу, сөзің бар болсын, Василий Иваныч... В а с и л и й. Қайтейін, амалым құрыды, мырза Савва Геннадич! Біз – жұмысшы халықпыз, тəрбиеміз де солай. Со құрғырды жақсы көрем, Құдай біледі... В а с и л ь к о в. Жə, тыңда, Василий Иваныч! Мен жоқ болсам, Кучумовтан басқа ешкімді үйге кіргізуші болма! В а с и л и й. Оған қам жемеңіз! (Екеуі де кетеді). Лидия кіреді.
Екінші көрініс Лидия жалғыз. Л и д и я. Неғып кешігіп жатыр жексұрын шал! Мына ит қораға тұтқын болғалы үш күн, тіпті, терезесіне баруға қорқам. Сырттағылардың бəрі терезеден менің сиқымды көруге жүрген секілденеді. Глумов өлең жазып та үлгірген-ді. Қайран Кучуминька, шайтан шал, қайда жүрсің! Келсейші, құтқарсайшы мені тұтқыннан! Maman екеуіміз бұрынғы үйімізге көшсек, бұрынғыдан жақсырақ тұрар едік-ау. Ең болмаса музыкамен көңіл көтерер едік. Вальс үні жанға тыныс қой. Айтатыны жоқ, Страус пен Гунгль əйел жүрегін терең білген ғой, шіркін. (Фортепьянода ойнап байқайды.) Əдірə қалғыр! Осы құрғырды осы араға мені қорлау үшін əдейі əкеп қойып жүр. Тоқтай тұр, достым, сенің де солығыңды басармын əлі. (Құлағын тосып, сырттағы ат арба дыбысын естиді.) Қарар едім, мен сияқты ақсүйек əйелге мынадай қыли терезеге төну масқара ғой! Кучумов емес пе екен? Ол ылғи екіде келуші еді. Сол, сол! Баспалдаққа шықты, соның жүрісі. Ойпырмай, бірдеңе болса игі еді? С а х н а с ы р т ы н д а К у ч у м о в т ы ң д а у с ы: Ханым үйде ме? В а с и л и й д і ң д а у с ы: Қош келдіңіз! Үйде, өзінде! (Кучумов кіреді.) Үшінші көрініс Лидия мен Кучумов. Л и д и я. Ойпырмай келдіңіз бе, əкетай-ай... К у ч у м о в. (Лидияның қолын сүйіп, бөлме ішін таңдана шолып). Бұл не? Бұ немене бұл? Мына қапасқа қалай қамалып жүрсіңдер? Мынау не жиһаз, мынау? Керуен сарай ма, не нəрсе, мынау? Ау, сұрап тұрмын ғой сізден, бұ не сұмдық, мынау! Періштем, тым дөрекі сөйлеп тұрсам, ашуланбаңыз маған. Мұндай баспана жайлы бұлай сөйлемей болмайды. Бұ қалай болды, бұл?
Бұл қорлыққа қалай көндіңдер? Чебоксаровтар есімін ел алдында масқара қыласыздар ғой мынаумен! Л и д и я. Сіз мені кінəламаңыз, аяңыз. К у ч у м о в. Сізді аяуға болмайды, сүйкімді ханым. Тегіңізді тəлкекке салатын болдыңыз. Мына қорлықты білсе, бейшара əкеңіз не дер еді! Л и д и я. Маған не қыл дейсіз? К у ч у м о в. Қашу керек, ханым, алды-артқа қарамастан қашып кету керек. Л и д и я. Қайда? Mamanның, қалтасында соқыр тиын жоқ. Бар қарызымызды төлеген сол жігіт. К у ч у м о в. Оның міндеті емес пе! Осынша қазына құшақтап, осынша бақыт кұшқан ол морж сіздің тілегіңіздің бəрін орындауға міндетті! Л и д и я. Байқаймын, мені иемденгенін ол онша үлкен бақыт деп білмейді. К у ч у м о в. Онда тіпті жақсы. Сіз өз бағаңызды білуіңіз керек. Maman екеуіңіз бұрыңғы үйлеріңе көшіңдер, онда тұрған əбестік жоқ, ал мына тауық қорада тұру – масқара! Л и д и я. Əкетай-ау, сонда немен күнелтіп тұрыңдар дейсің бізге? Mamanның түгі жоқ, менде де дым жоқ. Кредитке сенуге бола ма? К у ч у м о в. Кредит? Кредиттің керегі не сендерге? Ұят, ұят! Маған неге бірден айтпадыңдар? Перизат менен ақша сұрауға ұялсын дейік, ал мынадай күркеде тұруға неге ұялмайды? Ақ қанатты перизат, сіз өз құдіретіңізді ұмытқан екенсіз. Сізге немене, тəйірі, мына күркені сəнді сарайға айналдыру үшін бірақ қылығыңыз керек. Л и д и я. Қандай қылық, əкетай? К у ч у м о в. Əрі перизат, əрі əйел, қандай қылық екенін еркектерден гөрі сіз жақсы білуге тиіссіз. Перизат пен əйелдің қылығы көп емес пе? Л и д и я (оның мойнына асылып). Мынадай қылық па, əкетай? К у ч у м о в. Осылай, осылай, осылай... (Көзін жұмып, орындыққа отыра кетеді.) Əзірге қырық мың жете ме саған? Л и д и я. Қайдан білейін, əкетай.
К у ч у м о в. Одан көптің енді керегі жоқ сендерге, бұрынғы үйлеріңе көшесіңдер, əзір ешкім кірген жоқ, саңғырап тұр. Гардеробың керемет жақсы! Əзірге, қырық мың молынан жетеді сендерге. Тыңдашы, егер сен алмасаң бар ма, каретадан далаға лақтырып кетем, я болмаса клубқа барам да, əдейі ұтқызып жіберем. Алғың келмеді ме, жоқ қылам бұл ақшаны! Л и д и я. Жарайды, əкел, бер, əкетай! К у ч у м о в (қалтасын ұстай алып). Аһ, Құдайым-ай! Ылғи өстем де жүрем. Əмиянымды əдейі стол үстіне қойып едім, тарс ұмытыппын да кетіппін. Бөбегім, кешіре гөр. (Лидияның қолынан сүйеді.) Ертең жаңа мекеніне апарып берем. Дəл қазір көше қоймассыңдар деймін. Эйнеге самса пісіртем, Сазиковтан бес фунтқа алтын сауыт сатып алам да, ақшаны соған салам. Бақытқа бағыштап, теңгелерді таза алтыннан жинап толтырса болар еді, əй, таптырмайды ғой. Дегенмен, жүз қоралысын өз қалтамнан табармын. Л и д и я. Меrсі, merci, əкетай! (Кучумовтың шашын сипайды.) К у ч у м о в. Рақат! Рақат! Ақша деген не, тəйірі! Мейлі, миллион сомым болсын, бірақ мынадай көзді көрмесем, мынадай назды сезбесем, бəрібір қайыршы болар едім. Надежда Антоновна кіреді. Төртінші көрініс Лидия, Кучумов жəне Надежда Антоновна. Л и д и я. Maman Григорий Борисыч бізге бұрынғы үйге көшіңдер деп тұр. К у ч у м о в. Əрине, солай. Мұнда қалуға болмайды, қымбаттым, болмайды. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Аһ, Григорий Борисыч, айтатыны жоқ! Мүшкіл халімді көрсеңіз! Ауыр азабымды білсеңіз! Менің жас шағымдағы тұрмыс-халімді білетін едіңіз ғой, ойыма алсам, өзегім өртеніп, талып түсе жаздаймын. Лидияны алып, күйеуіме кетіп қалар едім, бірақ ол келмеңдер деп жазады. Сіздің салған ақшаңызды алған-алмағанын айтпайды.
К у ч у м о в. Əлі жетпеген болар. (Саусақтарын бүгіп санайды.) Сейсенбі, сəрсенбі, бейсенбі, жұма... Ол не кеше кеште, не бүгін таңертең алған шығар. Л и д и я. Қазір көшіп кетсек қайтеді. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Аһ, Лидия, ойланайық та біраз. Менінше, сенің күйеуің жорта жасап жүр, соның сенен асқан бай адам секілді. Л и д и я. Бай ма, жарлы ма, бəрібір, ол бізді қорлады, бітті, арақатынасты үзу керек. Григорий Борисычтың бізге жасамаған жақсылығы жоқ, бұл кісі менің күйеуіммен тұруымды қош көрмейді. Əкетайым уəде берді, керегіміздің бəрін өзі табатын болды. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Əкетай дейсің бе? Оны қайдан үйреніп жүрсің? Аһ, Лидия, сөзің бар болсын сенің! Анаңды тыңдау ауыр, қиын шығар... Л и д и я. Айтыңыз! Ұят па? Мен енді тек кедейлікті ғана ұят деп білем, қалғандарының бəрі мен үшін ұят емес. Maman, екеуіміз де – əйелміз, жұрт қатарлы күн-көріске жетер қаржымыз жоқ, ал сіз ағыл-тегіл байлық іздейсіз, сөйтіп тұрып менен қандай ұят талап етесіз? Жок, сіз енді кей нəрсені көрсеңіз де көрмеген болуға мəжбүрсіз. Балаларын не ішейін, не киейін демейтін молшылықта өсіріп, кейін құр алақан қалдыратын аналардың көретін күні сол болмақ. К у ч у м о в. Benissimo. Жап-жас əйел өмір сүру жайын мұншалық көп біледі деген ой, үш ұйықтасам түсіме кірген жоқ еді. Л и д и я. Maman, əкетайым біздің жаңа үйге көшуіміз үшін қырық мың сом берем деп уəде етті. Н а д е ж д а А н т о н о в н а (қуанышты). Қойшы! (Кучумовқа.) Сіз өте-мөте, орасан қайырымды кісісіз. Дегенмен, ойлану керек шығар. Л и д и я. Нені ойланамыз? Мұнда – қорлық, онда – бақыт. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Менің бөлмеме барайық, мəселені жан-жақты талқылайық. Ең бастысы – əдептен озбайық. Л и д и я (анасына). Оған қам жемеңіз, маған сеніңіз. К у ч у м о в. Мен бала емеспін, бақытымды үнсіз құша алам, көп мыжымаймын.
Сахна сыртында В а с и л и й д і ң д а у с ы: «Қабылдауға бұйрық жоқ». Г л у м о в т ы ң д а у с ы: «Не деп сандалып тұрсың!» Кучумов, Лидия, Надежда Антоновна кетеді. Кучумовтың қалпағы стол үстінде қалады. Глумов пен Василий кіреді. Бесінші көрініс Глумов пен Василий. Г л у м о в. Сандалғаны несі, ақымақ! Мені қабылдамасын деген бе! Мүмкін емес! В а с и л и й. Мен, тіпті де ақымақ емеспін, ақмаққа кигізіп чепчик тігеді. Ал, сізді үйге кіргізбе деген болса, оған да мен кінəлы емеспін. Г л у м о в. Кіргізбе деген кім, мырза ма, ханым ба? В а с и л и й. Кім болғанда да бəрібір емес пе сізге, кіргізбе деді, кіргізбеймін! Білгіңіз келген екен, айтайын, мырза да кіргізбе деді, ханым да кіргізбе деді, бəрібір сізді қабылдамайды. Г л у м о в. Сенің ақымақтығың шексіз, тарихи, дегенмен, себебін біле аласың ба, мені неге кіргізбе деген. Білмедің бе? Мынау есек құлағыңның ұшымен болса да естімедің бе, сүйкімді досым. Түсіндірші кəне, мə, бір теңге күміс – аз пұл емес. В а с и л и й. Бар ықыласыммен ризамын. Келіңіз. (Бір сомды алып қалтасына тығады.) Мен не түсіндірем сізге? Белгілі ғой, жұмыс, жағдай... Сіз келсеңіз, екінші біреу тағы келеді, үшінші біреу тағы... Бір рюмка арақ ішілсе, екінші рюмка тағы ішіледі, бесінші, оныншы рюмка тағы... Бəрі есепке тіреледі... Ал, біздің жағдайымыз, мырза айтады, тым жіңішке көрінеді. Енді өзіңіз ойлап біле беріңіз. Құр ас ішіп, аяқ босататындарды тамаққа тойғыза бергеннен не пайда бар, бəрі қалтаға тіреледі. Мəгəрки, жақсы, шенді, дəрежелі кісілермен тамыр-таныстық жасалса – бір жөн, ал біздің таныстарымыздың сиқы...
Г л у м о в. Жə, жетті! Бір жапырақ қағаз бер де, кет! Мырзаға қолхат жазам да, мен де кетем. В а с и л и й. Қағаз деген анау емес пе, столда жатыр. Тек жақсы қағаздарды жыртпаңызшы! Ал мен, мен болсам, несі бар, кетсем – кетем. (Кетеді.) Г л у м о в (қағаз-қалам алады). Не жазсам екен өзіне? (Қалпақты қолына алады.) О, пəлі! Мынау Кучумовтікі ғой, демек, князтай осында екен. Тамаша! Васильков хатты алған болды. Телятев те алды, бəрі бірге тістессін де жатсын: болды қызық! Ізін білдірмеу үшін бірдеңе жазайын. (Жазады да оқиды.) «Сүйікті дос, бір жұмыс хақында кеңескелі келіп едім, амал не, ұшыраса алмадым. Ертең ертерек келермін. Глумовың». Адырайтып-ақ жаздым, столдың қақ ортасына қояйын, бірден көрсін. Т е л я т е в т і ң д а у с ы: «Ал, мен бəрібір кірем». Телятев пен Василий кіреді. Алтыншы көрініс Глумов, Телятев жəне Василий. Т е л я т е в (Глумовқа). Лидия Юрьевнаға бардың ба? Г л у м о в. Жоқ оның керегі не маған? Мен Савваға келгем, кездесе алмай, қолхат жазып қалдырып тұрмын. Қош! Васильковты көргің келсе, биржаға бар, күні бойы сонда болады. Т е л я т е в. Тіпті, жақсы. Г л у м о в. Өнеркəсіптің жаңа түрімен айналыса бастады-ау деймін, жібек саудасына делдалдық жасайды. Т е л я т е в. Тамаша кəсіп. Г л у м о в. Сəтті күні бес сомға арзандатады. В а с и л и й. Мұның бос сөз, мырза, бос сөзді бос сөз деу керек кой. Г л у м о в. Бізге провинциалдардың қаптап кеткені есіңде ме? Алтыннан тау үйген шіркіндер біраз дүниені шайқар деп ойлайсың. Ал қарап тұрсаң бар болғаны алты аптадай думандатады
да содан соң не солдатқа жалданады, не этаппен үйіне айдалады, сүйрейді де, со қалпымен төрт жүз шақырым тұрған жеріне апарады... (Сағатына қарайды.) Кетуім керек екен-ау. Босқа мыжып тұрып қалыппын ғой. (Тез шығып кетеді.) Т е л я т е в (сол қолымен қалпағын ұстап, стол жанында отырады). Сөйтіп, Василий Иваныч, мені қалайша кіргізбе деп жүр? В а с и л и й. Солайша, мырза. Т е л я т е в. Əшейін, Василий Иваныч, өзініз болар ақылсыздық жасап жүрген? В а с и л и й. Ойбай, рас, рас. Түу, о не дегеніңіз? Мен қайтейін өйтіп? Т е л я т е в. Сонда мені аямайсыз ба, Василий Иваныч! В а с и л и й. Неге аямаймын, мырза! Əрине, сіз басқалардай емессіз. Т е л я т е в. Жақсымын ба? В а с и л и й. Сөз бар ма! Т е л я т е в. Отырыңыз, Василий Иваныч! Василий Иваныч қолын тізесіне қойып отырады. Əңгімелессек қайтеді? В а с и л и й. Несі бар, əңгімелесе алмас деп ойлайсыз ба? Т е л я т е в. Түк те ойламаймын. Сіз Лондонда болды деп естігем. Ал, Мароккода болып көрдіңіз бе? В а с и л и й. Ондай елді көрмек түгіл, мырза естігем де жоқ. Морок есірік Морок болады да қалады, ол не керек бізге. Күнəмізге қарай ол бізде де жеткілікті, естен тандырар əлі. Бірақ солар онда аяз барын, аштық барын біле ме? Т е л я т е в. Аштық жайлы ештеңе естігем жоқ, ал аяз онда болмайды, өйткені ол – өте ыстық жер. В а с и л и й. Аштан өлсін, күнге күйсін мейлі, қайтеміз, одан сайын үміттене беруіміз керек. Т е л я т е в. Неден үміттенеміз, Василий Иваныч?
В а с и л и й. Жақсылықтан да... Аштық пен жалаңаштықты біз де көргенбіз. Əрине, бұл тəртіп баяғыдан солай-ды... Билік Құдайда, бізден сұрай ма? Т е л я т е в. Василий Иваныч, пəлсапаға тереңдей беру жарамайды. В а с и л и й. Бұдан басқа да əңгіме айта алам... Т е л я т е в. Жə, қош, Василий Иваныч. (Байқамай, оң қолымен стол үстінен Кучумовтың қалпағын алады да, екеуін де кимек болады.) Бұ қалай, Василий Иваныч? В а с и л и й. Күнə, мырза, күнə əркімде де бола береді. Т е л я т е в. Мұнда тұрған не күнə бар, Василий Иваныч? В а с и л и й. Тұрмақ түгіл... ұрлап та кетеді. Т е л я т е в. Сіздікі Василий Иваныч, жөнсіз өтірік. В а с и л и й. Киіп көрсеңізші, мырза, қайсысы шақ болса, сол сіздікі. Т е л я т е в. Міне, міне, Василий Иваныч, мұның ақыл... мұны тыңдауға болады. (Алдымен өзінікін киіп байқайды.) Бұл менікі. Ал, мынау кімдікі? Ау, мынау князжандікі ғой. Ол осында болғаны ма? В а с и л и й (құпиялап). Осында. Т е л я т е в. Ол қайда? Василий үнсіз манғаз қимылмен ішкі бөлмелерге кіретін есікті нұсқайды. Оны қабылдайды, мені қабылдамайды, о несі? В а с и л и й. Ол туысқан ғой. Т е л я т е в. Оның туысқандығы да сенің туысқандығыңдайақ, Василий Иваныч! Кешіріңіз, ауыз үйге барыңыз, мен осы арада қалам. В а с и л и й. Дəл, осы кезде қожайын ылғи үйде болмайды, ал басқа уақытта... Т е л я т е в. Жə, жетті, Василий Иваныч! Сыйға сый деген бар. Əйтпесе, «кет!» деуім мүмкін. В а с и л и й. Иə, сізге қалай деуге де болады, мырза, қалай деуге де болады. (Кетеді.)
Жетінші көрініс Телятев жалғыз. Т е л я т е в (қалтасынан хат алып, оқиды). Қызық көп жер бетінде, Телятев байқа, жанғалақ; Қыз үйінде – екіде Князжан сені алдамақ. Рас, шынымен жер соқтырды. Ол – туыс, қасында, ал мені кіргізбейді. Енді не істедім? Бостан бос есеңді жіберу – ыңғайсыз, жүрегімді бірдеңе тырнап барады. Тоқтай тұрайын, көрейін, бірін-бірі қалай шығарып салар екен. Бейне бір statua gentilissima қарсы алдында қаздиып тұра қалсам, ауыздарын ашып таңданар да қалар. Ал, Комондардың статуясы – бір неміс ант-су ішіп, жылаған – ар статуясы. Олар масқара болуға қалды. Үстеріне кіріп барсам ба екен; қой, əдепсіздік болар... Қайда тығылып қалған өздері? (Есікке барып тыңдайды.) Ешкім жоқ. Кіріп байқайыншы. (Есікті ақырын ашып кіреді де, ақырын жабады.) Васильков пен Василий кіреді. Сегізінші көрініс Васильков пен Василий. В а с и л ь к о в (шапшаң). Мен жоқта біреу келген бе, немене? В а с и л и й. Глумов мырза ғой, міне, қолхат жазып кетті. В а с и л ь к о в (қатал). Тағы кім келді? В а с и л и й. Кучумов мырза... а... В а с и л ь к о в. Жə, жақсы бара бер! Василий кетеді. Кучумов қирап қалған кəрі емес пе, одан қауіп жоқ, менің əйелім талғамы бар əйел. (Стол жанына көп ойлана тоқтайды
да, Глумовтың қолхатын көреді. Қалтасынан хат алып, оны Глумовтың қолхатымен салыстырады.) Екеуі екі бөлек, мен сол екен деп ойлап ем. (Хатты оқиды.) Ертемен күйеу кетеді, Биржаға барып жетеді; Əйеліне сенеді, Жұмысын жасай береді. Қор болған күйеу! Ермексіз əйел зерігер, Зеріксе болды, ерігер. Байы жоқ, үйде оңаша – Істейді бір іс тамаша! Сорлаған күйеу! «Сағат екіде қалайда үйіңде болшы, мына сөздердің мағынасын сонда түсінесің». (Аздап іркіліп қалады.) Бұл не сөз, қалжың ба, бақытсыздық па? Егер қалжың болса, ақымақтық, кешіруге болмайды: кісінің жүрегін білмей тұрып қалжыңдауға бола ма? Егер бақытсыздық болса, неғып ерте, күтпеген жерден келген. Əйелімнің сырын жақсы білсем, əрине, қобалжымас едім. Қарапайым қыз, не əйел қалай сүйетінін, қайтіп сезінетінін білем; ал ақсүйек əйелдің сезімі нешік, білмеймін. Оның жанын көріп тұрған мен жоқ, мен оған жатпын, ол маған жат. Оған керегі жүрек емес, сөз. Ал, мен сөз білмеймін. О, əдіре қалғыр сөз! Өзгенің сөзін оп-оңай жаттап алғышақпыз, ал өзгенің ақылын қабылдауға қандай самарқаумыз! Бүгінде, жұрт тура ағылшын парламентінде тұрғандай сөйлейді, ал ойлары əлі Аскольд тұсындағыдай. Ал, ісі ше... Жұрт не істеп жүр мұнда? Түк те істеп жүрген жоқ. Сонымен, не боп шықты мына хат? Барып, Лидияға көрсетейінші. Бірақ егер, егер... Құдайым-ай! Онда қайттім, онда не қылдым? Өзімді-өзім қалай билер екем? Жоқ, жоқ ондайға əзірлену ұят, роль ойнау ұят! Провинциалдық ақылсыз жүрегі не істе десе, соны істермін. (Жəшікті ашып, ішінен пистолет алып қарайды да, қайта салып қояды, жəшік ашық қалады. Есікке беттейді, оған қарсы артымен, аяғының ұшымен ақырын шегініп, Телятев шығып келе жатады.)
Тоғызыншы көрініс Васильков пен Телятев. В а с и л ь к о в. Телятев, дос адам бұлай істемейді. Т е л я т е в. Ау, амансың ба! (Баяу.) Тоқта, шыдай тұр, олар қазір шығады. В а с и л ь к о в. Сен жауап бер менің сұрағыма, əйтпесе, қазір тұрған жеріңде атып тастаймын. Т е л я т е в. Ақырын дедім ғой саған! (Тың тыңдайды.) Жə, не керек саған? Сұра! В а с и л ь к о в. Сен менің əйеліме келдің бе? Т е л я т е в. Иə. В а с и л ь к о в. Неге? Т е л я т е в. Уақыт өткізуге рақат, шүйіркелесеміз. Сұрағың қандай оқыс сенің? В а с и л ь к о в. Сен неге менің əйеліме келесің, басқа əйелге неге бармайсың? Те л я т е в. Менің талғамым жақсы, сондықтан. В а с и л ь к о в. Біз атысамыз. Т е л я т е в. Жə, жақсы, жақсы! Сен тек айғайлама! Мен дауыстарын естіп тұрмын. В а с и л ь к о в. Кімнің дауыстары болса да мейлі, бəрібір тоқтата алмайды мені! Т е л я т е в. Сен жынданған шығарсың, Савва! Есіңді жишы, салқын су ішші! В а с и л ь к о в. Жоқ, Телятев. Мен жуас, момын кісімін; бірақ өмірде сондай бір минуттар болады... А, айта алатын емеспін, кеудемді бір нəрсе кернеп барады... Көзің көре ме, мен жылап тұрмын... Міне, пистолеттер! Қалауыңды таңдап ал. Т е л я т е в. Егер сыйға тартқың келсе, екеуін де бер, бөлежаратын несі бар: ал егер атысқың келсе, асығатын не бар, диуана шіркін! Бүгінгі түскі тамағым тəтті еді. Тойып жеген тамақтан кейін жарық дүниеде өмір сүру мен үшін ауыр; сонда, мүмкін, атыссақ атысып қалармыз. В а с и л ь к о в. Жоқ, жоқ, қазір, осы арада, дəл осы жерде, куəсыз атысамыз.
Т е л я т е в. Ау, менің де мінезім бар, шырағым, мен бұл арада атыспаймын, ал қайтесің! Бұл атысатын жер ме? Əр істі, Савва, жөнімен жасау керек! Жə, тоқта! Алдымен сен мынаны айтшы, мынау жексұрын жертөлеге неге көшіп жүрсің? В а с и л ь к о в. Дұрысырақ үйде тұруға қаржым жоқ. Т е л я т е в. Ау, менен ал онда! (Ақшалығын суырады.) Қанша керек саған? Жə, бəрін ал, бəрін, мен Москвада ақшасыз да тіршілік ете аламын. В а с и л ь к о в. Сен бұл ақшаға менің рақымымды сатып алмақпысың, əйелімді сатып алмақпысың? (Қолына пистолет алады.) Т е л я т е в. Тыңда, сүйкімді досым! Сен мені өлтір, бірақ сөкпе! Мен сені сен ойлағандай емес, сыйлаймын жəне құныңнан артығырақ сыйлаймын. В а с и л ь к о в. Кешір, мен есі кем адаммын. Т е л я т е в. Мен саған ақша ұсынсам – əшейін жүрегім жұмсақ болғасын, жалпы, шашпалықпен ұсынып тұрмын: қалтаңда ақшаң бар ма, кез келгенге бер; жоқ па, кез келгеннен ал! В а с и л ь к о в. Жə, жақсы, əкел ақшаңды! Қанша өзі? Т е л я т е в. Кейін санарсың. Бес мыңның маңы болар. В а с и л ь к о в. Қазір есептеп, қолхат берем. Т е л я т е в. Оныңды қой, шырағым. Менен жұрт расписка алады, мен жұрттан алмаймын. Алсам, со бойда жоғалтам, Васильков. В а с и л ь к о в. Рақмет, мен саған санап тұрып, өсімін төлермін. Т е л я т е в. Шампан шарабымен төле, басқаша өсімді алмаймын. В а с и л ь к о в. Дегенмен, менің əйелімді айналдырғаның үшін, екеуміз атысуға тиіспіз. Т е л я т е в. Керегі жоқ шығар, маған сенсең керегі жоқ. Егер ол адал əйел болса, менің айналдырғанымнан ештеңе де шықпайды, оның есесіне көңіл көтеру үшін маған жақсы, ал оңбаған əйел болса, ол үшін атысудың қажеті қанша? В а с и л ь к о в. Ал, мына соңғы айтқанындай болса не істеуім керек менің? (Ашынып.) Не істеуім керек деймін? Т е л я т е в. Таста да жүре бер, болды! В а с и л ь к о в. Ол маған сүйем-күйем дейді, мен өзімді соншалық бақытты сезінгем. Ойлап көрші өзің! Мен үшін, мендей провинциал үшін мұндай сылқым əйелдің қылығы мен жылылығы
жұмақ емес пе! Енді, міне, кенет көзіме шөп салып отыр. Менде де оңған өмір жоқ, жүрек болса толқулы, аяғым болса əлтек-тəлтек. Т е л я т е в. Олай болса əйеліңді өлтір, менде нең бар? В а с и л ь к о в. Бұзған сен, сол үшін бе? Жаратылысында адал адам еді, сенің шүнейтіңе түскесін не болсын, ұят, ар, намыс – бəрін жоғалтады ғой. Сенен асқан оңбаған жоқ жер үстінде. Жоқ, жоқ, қолыңа пистолет ал, əйтпесе, орындықпен ұрып өлтірем сені! Т е л я т е в. Ой, сайтан алсын сені, сайтан алғыр! Зықымды шығардың-ау əбден. Ал, кел атысалық! (Пистолетке келеді де, есіктен арғы дыбысты тыңдап тұрып қалады.) Былай: жүрші, өлер алдымызда пеш артына жасырынып көрелік. В а с и л ь к о в. Жоқ, жоқ, атысамыз! Т е л я т е в (оның иығынан алады). Ақырын деймін, ақырын, Құдай үшін! (Шығар есіктің жанындагы пештің арғы жағына сүйрелеп əкетеді.) Кучумов пен Лидия кіреді. Оныншы көрініс Васильков, Телятев, Кучумов жəне Лидия. К у ч у м о в (əндетеді). In mia al fi n tu sei*. Л и д и я. Қош, əкетай! К у ч у м о в (əндетеді). Аймала мені! Аймалауың өзіңнің... Addio, mia carina. Л и д и я. Рұқсат етші, əкетай! (Оны сүйеді.) Ай! (Бұрылып кетеді.) Пеш артынан Телятев пен Васильков шыға келеді. К у ч у м о в (саусағын безеп). Жə, жə, жə, мырзалар. Көне достық кұқымен... Nonni soit gui mal y pense*. В а с и л ь к о в (есікті нұсқап). Шық, кет! Күні ертең секундант жіберем саған. Қолыма түстің ақыры – Беллинидің «Норма» операсынан (Ред.). ** Қара шапса көңіліңе, ұятқа қалсын сол бейбақ (франц. – ред.).
К у ч у м о в. Жо, жо, жо, жас жігіт! Мен сенімен төбелеспеймін, менің өмірім – Москва үшін орасан қымбат өмір; оны сенің түкке тұрғысыз өміріңе қарама-қарсы қоюға болмас. В а с и л ь к о в. Өлтірем сізді. (Столға барады.) К у ч у м о в. Жə! Жас жігіт, жə! Бұлай ойнамас болар, жас жігіт, бұлай ойнамас болар! (Тез басып, шығып кетеді.) Надежда Антоновна кіреді. Он бірінші көрініс Васильков, Телятев, Лидия жəне Надежда Антоновна. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Бұл не айғай сендердікі? В а с и л ь к о в. Қызыңызды қайтып алыңыз менен. Біз сізбен есеп айырыстық. Қасиетсіз қалпында алып едім, қасиетсіз қалпында қайтарам қызыңызды, өзінің əйгілі фамилиясын менің мещандық есіміме аударғанына қынжылып болып еді, оның есесіне енді мен қынжылатын болдым, есімім қарапайым болғанмен таза, адал есім еді, кірлетіп кетті қызыңыз. Маған əйел боп тиіп отырып, сүймеймін сені деп еді, менің бірге тұрғаныма бір-ақ апта, көргім келмейді. Маған келгенде түгі жоқ құр қол еді, жасауы мен жабдығын түгел өзім төледім: қайтейін бір апта да болса, бір өзім емес, басқалармен бірігіп болса да қылығын қызықтадым, құшағына кірдім, – сол үшін шыққан шығын болсын! Л и д и я. Ха, ха, ха! Қандай қасірет! Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Қойыңыз! Қойыңыз! Əшейін бір түсінбестік болар сендердікі. Жұрт үн-түнсіз, жым-жырт айырылысып жатады ғой осы... В а с и л ь к о в (Телятевке). Досым, мені тастап кетпе! Біраз тапсырыстарым бар еді. Міне сенің ақшаң. Өзің ал! Рақымың үшін аса көп өсім төлегім кеп еді. Өзің ал! (Телятевке ақша береді, анау қалай болса солай қалтасына тыға салады.) Лидия ақшадан көз алмай қарап тұрады.
Біраз тапсырыстарым бар еді, анама хат жазуым керек еді... Мен атылып өлем. (Басын кеудесіне түсіреді.) Т е л я т е в. Болды, болды! Савва, сен жынданба! Менің бір танысымның екі қатыны бірінен соң бірі қашып кеткен, немене, ол екі рет атылып өлуге тиіс пе? Савва, ау, маған қарашы! Тыңдашы, мен саған əжептəуір кеңес бере алатын салиқалы адаммын. Біріншіден, сен бөлме ішінде оқ атуды ұмыт, – ол əдетте жоқ нəрсе; жұрт Петр паркіне барып атысады; екіншіден, ең алдымен жақсылап ауқаттанып алайық, одан кейінгісін көре жатармыз. В а с и л ь к о в (Надежда Антоновнаға). Қызыңызды менен тезірек алыңызшы. Əкетіңізші, тезірек! Л и д и я. Сіз ойлағаннан да тезірек болады. Бүгін өзіміз де көшкелі отыр едік. Бұрынғы үйімізді қайта жалдап алдық, оның мөлдір терезесінен мынау жексұрын жертөлеге, онда тұрған мүскін бейшараға қарамауға тырысып бағармыз. Сіз комедия ойнасаңыз, біз де комедия ойнадық. Сіздің ақшаңыздан гөрі біздің ақшамыз көп; бірақ біз – əйелміз, ал əйелдер қалтадан ақша төлеуді ұнатпайды. Мен сізді сүйем деп өтірік айттым, сүю деген не, жиіркенем сізден; бірақ сіз біздің қарызымызды төлегенше шыдауым керек болды. Шыдадым, енді маған жетті. Менің өтірік алдауға қабілетім қандай екенін көрдіңіз бе? Мұндай қабілеті бар əйел қарап өлмейді. Атылып өліңіз, кəне, тек тезірек! Телятев, ақыл айтпаңыз оған. Сіз менің қолымды босатып жақсы істейсіз: енді мен күйеу таңдасам да, я болмаса... жə, білесіз ғой... кімді таңдасам да қателеспейтін болам. Қош болыңыз! Бар тілегім – ендігəрі сізді көрмеу! (Анасына.) Экипажға кісі жібердіңіз бе? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Жібергем, ол дайын. (Кетеді. Соңынан Лидия ереді.) В а с и л ь к о в. Əрине, мен үшін бəрі бітті енді. Т е л я т е в. Жə, қайдағы біткен? Тірі болсаң көретінің көп əлі! В а с и л ь к о в. Жоқ, енді бітті. Егер мен əлгі əйел секілді ызақор адам болсам, бармағымды шайнап, басымды жарға ұрар едім; оны мен алдаған болсам, кешірер едім. Бірақ, мен мейірбан адаммын, мен оған сендім, ал, ол менің мейірімімді аяққа таптап, аяусыз қорлап кетті. Бəріне күл: бет-ажарыма күл, атақ-жөніме күл, ал енді, мейірімді мазақ ету бар ма?.. Қандай сүйіп едім оны, мені
бір аймалағаны бір сағат азық еді маған, кабинетімде жалғыз отырып алып, бақыттылықтан жылаушы едім! Достым, менің өзімшілдігім емес, өз жаным қор болды ғой, енді қайттім? Жаным өліп, тəнім қалды, енді тəнді өлтіруім керек. (Жылайды.) Т е л я т е в. Тыңда! Сен қой, енді! Əйтпесе, енді мен жылап пəле қылармын, сонда келісермін мен сыныма! Қой, Савва, қой! Мені бірер сағат тыңдашы ең болмаса!.. Жүр, екеуіміз ас ішейік алдымен, қандай тамақ əперем, – ол менің жұмысым. В а с и л ь к о в (пистолетті алып, қалтасына салады). Мынау не, достым? (Терезеге жүгіріп барады.) Карета! Əлгілер кетіп барады! (Діңкесі құрып.) Шекара сыртындағы бір бұтаның түбінде қалмай тұрғанда менің өлігімді қайда апарсаң да мейлің, өзің біл! (Кетеді.) БЕСІНШІ ПЕРДЕ Чебоксаровтардың бұрынғы үйінің будуары; көрермендердің оң маңдайында – залға кіретін есік, қарсы алдында ауыз үй, сол қанатта – айналы терезе. Бірінші көрініс Лидияның үстінде үйге киетін костюм, кушеткада жатыр; Чебоксарова кіреді. Л и д и я. Немене, əлі жоқ па? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Басым дал боп бітті. Не істеуіміз керек? Жаңа үйімізге сый тартпақ болған Кучумов бұдан бір апта бұрын маған бар болғаны алты жүз он үш сом ғана ақша берді: онда да бір Құдай біледі, бізді жарылқап жүрген адамдай бетін мыж-тыж ғып, қолы дірілдеп, əрең берді. Тағы да шаш етектен қарызға баттық. Есіңде болсын, барлық жиһаз су жаңа, бұрынғыларды сенің жауыз күйеуің сатып жіберген. Л и д и я. Ол бүгін қалай да əкелмек еді ғой. Əкеме соншалық жақсылық жасап жүрген кісі, сенбеу ұят.
Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Əй, сол жақсылық жасай қойды ма екен, күмəнім бар. Бүгін күйеуімнен хат алдым; ешқандай ақша алғаным жоқ дейді, қора-жайын сатып жіберген, қазір бір танысының үйінде тұратын көрінеді. Қора-жайды сатқаннан кейін борыштарын төлеген екен, аздаған бірдеңе қалыпты; оған татар ма, башқұрт па, əйтеуір біреумен бірігіп қымыз дайындайтын орын ашқысы келетін көрінеді. Л и д и я. Енді түсіндім. Қора-жайды кім сатып алғанын білесіз бе? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Кім? Л и д и я. Кучумов. Ол сатып алып, маған сыйламақ болған. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Қайдам... Торгте ең үлкен сома Васильковтың шылауында жүрген Ермолаев деген біреудің аузынан шықты деп жазады ғой əкең. Мына келе жатқан сол емес пе? (Терезені көрсетеді) Л и д и я. Қызық екен! Оған қайдан ол! Телятевтен қарыз алып, өсім төлемек болғанын өзіңіз көрдіңіз ғой; ал үлкен өсім төлеуге адамды жоқшылық қана мəжбүр етеді, жəне əлгідей əрекет жасауға оның ақылы жетпейді. Соны айтпаңызшы, тыныштық керек. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Əрине ғой. Л и д и я. Соған күйеуге шыққаным – өзімді масқаралағаным болды ғой, не керек. Соны ұмытқым келеді мүлде. Оның маған тартқан сыйлары соншалық қымбат мүлік болмаса, əлдеқашан өзіне лақтырған болар едім. Барлығын қазір қайта жасатып, бұрынғы пішіндерін өзгерткізіп жатырмын. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Күймені əкелді ме екен, барып білейінші. Бір күймешіден қарызға сұрап алып, герб жасатуға беріп едім. Аттарды арбакештерден ала тұрармыз, ал өз күймеміз болмай болмайды. Арбакештердің көлігі бесенеден белгілі, танымал. (Кетеді.) Л и д и я. Иə, тəжірибе – үлкен нəрсе. Мен əлі аңқаумын, тым сенгішпін. Ал, сенгіштік түзелмес қатеге ұрындырады. Андрей кіреді. А н д ре й. Кучумов мырза келіп тұр. Л и д и я. Шақыр, кірсін.
Андрей кетеді. Кучумов кіреді. Екінші көрініс Лидия жəне Кучумов. К у ч у м о в (тізерлеп отыра кетіп, Лидияның қолын сүйіп). Jl segretto per esser felice. Л и д и я. Бұ не қылған еркелік! Отырыңыз, сөйлесетін сөзім бар сізбен. К у ч у м о в. Апырмай, ызғарыңыз қатты екен. Үніңіз қандай жат еді, бөбегім. Л и д и я. Ə! Болды! Қалжыңыңыз жетер! Тыңдаңыз, одан да! Сіз мені күйеуімнен айырдыңыз; біз қарызданумен жүрміз, мен енді сізге қарап қалғандаймын; жабысып-жалбарынған өзіңіз, сізге ақша-ақша дей беру маған ұят. К у ч у м о в (отырады). Өзім де бір мəңкүс екенмін, сол үшін мені я өлтіресіз, я кешіресіз. Ақшаны жаңа ғана санап, əмиянға нығарлап салып алып ем, кенет əйелім кіріп келді де, əмиянды столдың суырмасына лақтырып, кілттей қойғаным. Əйеліммен əр нəрсені бір соғып отырып, тарс есімнен шығып кеткені... Ақша қалтада дей беріңіз, жарты сағаттан кейін əкеп берем. Л и д и я. Əкемнің қора-жайын сатып алған кім екенін білесіз бе? К у ч у м о в. Əрине, мен. Л и д и я. Васильковтың жұмсаған адамы деп жазады əкем, ол қалай? К у ч у м о в. Олай болмайтын реті жоқ, мен Васильковқа, бір таныс көпеске сенім қағаз бергем. Баласын шоқындырып едім. Ол заң білмейді, менің сенім қағазымды басқа біреуге сеніп берген. Маған жазған хатын көрсеңіз, ішек-сілеңіз катар. Он минуттан кейін əкеліп көрсетейін. (Орнынан тұрып, бөлме ішін шолып қарайды, əндетеді.) Jo son riso, tu sei bell! Міне, мынау əдемі, мынау тəуір. Талғамыңыз тамаша екен. Мына араға өсімдік керек екен. Мен бір үлкен пальма, бір алуан тропикалық өсімдік жібертейінші сізге. Мына арада – пальма жапырақтарының сая-
сында екеуіміз жүрек сырын шертісетін боламыз, бөбегім. Əлгіні дəл бүгін əкелдірем. (Лидияның қасына отырады.) Л и д и я (шегініп). Жарайды, ақша əкеп беріңіз бізге, содан соң сізді қайтадан əкетайлай бастаймын, мүмкін, тіпті сүйермін, кім біледі... К у ч у м о в (əндетеді). Jo son riso, tu sei bell! Менің адалдығыма күмəн жоқ болғандықтан сүюіңізді де кейінге қалдырудың керегі қанша, рақатым-ау! Л и д и я. Солай дейсіз бе? Бүгін менің көнілімнің хошы жоқ, сүюді қайтейін. Кашаннан бері еститінім тек байлық туралы сөздер: күйеуімде алтын кені, сізде алтыннан үйілген тау бар, Телятев – миллионшы, тіпті, Глумовқа дейін кенет байып кетіпті деседі ғой. Маған аңсары ауғандардың бəрінің мадақтайтыны – менің сұлулығым, бəрінің көздейтіні – мені алтынға орап қою, ал енді жеме-жемге келгенде не күйеуім, не қошеметшілерім... бір де бірі ең болмаса сынық түйреуіш сатып алатын ақша бермейді маған. Ең болмаса, серуенге шығар көлігім жоқ, арбакештердің жауыр қашырға жеккен жаман арбасына мініп жүрмін. К у ч у м о в. Бұл сұмдық! Бірақ жарты сағаттан соң бəрі түзеледі. Кінəлімін, мойныма алайын, тек мен ғана кінəлімін. Л и д и я. Мен күйеусіз тұрам, сіз күн сайын белгілі сағатта ат суытпастан келесіз: жұрт не демек бұған, мен не бетімді айтам жұртқа? К у ч у м о в. Əңгімеге азық берілді ме, бітті, сіз өзіңізді қанша қатал ұстамаңыз, бəрібір, əңгіме гулей береді. Менінше, жұрт кінəсын құр күнəсыз көтеру қате; нақақтан күю сұмдық қой, idol mio. Айттым ғой сізге, жарты сағаттан кейін... жə... əртүрлі жағдай болуы мүмкін: керекті взнос па, əлде контордан соншалық қаржы табылмай қалып жүре ме... Жə, бір күннен кейін... екі күннен... ең əрі кеткенде, əйтеуір, бір аптадан кейін қарқ қылам, күрп еткізе түсірем сізді, содан артық не керек. Л и д и я (ұшып тұрып). Бір аптадан кейін? Он минуттан кейін қолда болсын бəрі! Естіп тұрсыз ба, не дедім мен! Əйтпесе, сізді табалдырықтан аттатпаймын. К у ч у м о в. Он минут? Мұншалық шапшаң ұшатын мен Меркурий емеспін, білдіңіз бе! Жұмысқа кідіртіп тастауы да мүмкін.
Л и д и я. Ешкім кідірте алмайды сізді: ақша жəшігіңізде, хатты тағы бір жəшікке салған шығарсыз. Барыңыз, қайыр, қош! Ку ч у м о в. Өзімді көз алдыңызда ақтап аламын, көрерсіз; бірақ маған мына істегеніңізді бар ма, ұзақ-ұзақ (саусағын безеп) кешпеспін. (Кетеді.) Л и д и я. Өзіме өзімнің сенімім азая бастады. Денем мұздап қоя бергендей. Осы Кучумов неғып жүр, алдап жүр ме мені, жоқ па? (Кесіп аптып.) Алдап жүр. Уəдесінің бір де бірін орындаған жоқ. Енді не болдым? Осылай ашына берем бе, асылып өлем бе... бұл да бір өзімді өзім өлтіру ғой, тек асықпай өлтіру, азаптап өлтіру... Андрей кіреді. А н д р е й. Телятев мырза келіп тұр. Л и ди я (ойлы). Шақыр, кірсін. Андрей кетеді. Телятев кіреді. Үшінші көрініс Лидия мен Телятев. Л и д и я. Көптен көре алмай қойдық, қайда жоғалып жүрсіз? Т е л я т е в. Жұмысы жоқ кісінің жұмысы қашан да көп болады. Түріңіз тым сұсты екен? Ай, ай, ай! (Оған қадала қарайды.) Л и д и я. Сіз немене? Не болды сізге? Т е л я т е в. Əжім, міне мына арада, маңдайыңызда болмашы, болар-болмас, бірақ əжім. Л и д и я (шошып). Қойыңызшы! Т е л я т е в. Айнаға қараңыз. Ай, ай, ай! Сіздің жасыңыз. Ұят қой! Л и д и я (айна алдында). Сөйлемеңізші! Ығыр еттіңіз. Т е л я т е в. Ой ойламау керек, Лидия Юрьевна, ең алдымен, ойдан сақ болыңыз. Құдай сақтасын сізді! Əйелдер бет ажарын ештеңе ойламаса ғана сақтай алады.
Л и д и я. А, Иван Петрович, менің халімде шаш ағарту оңай. Қалай ойламай отырайын! Мен үшін басқа біреу ой ойлар ма! Т е л я т е в. Бұдан артық не керек сізге? Халіңіз əдемі емес пе: бір өздеріңіз ғана тұрасыз, үйлеріңіз тамаша, бастарыңыз бос, байлықтарыңыз мол, өзіңіз айтқансыз, сізге қызығушылар көп, күйеуіңіздің сіз үшін бар-жоғы бəрібір. Л и д и. я (қуанып). Ол атылып өлді ме? Т е л я т е в. Жоқ онысын қойды. Л и д и я. Қап! Сізге бір құпия сыр айтуға бола ма? Т е л я т е в. Болғанда қандай. Л и д и я. Сіз сақтай аласыз ба оны? Т е л я т е в. Жоқ сақтай алмаймын. Оның есесіне қолма-қол жоғалтам, соның өзі жақсы. Бір құлағымнан айтсаңыз, екінші құлағымнан шығып кетеді, бір сағат өтті ме, болды, еш құпия сыр қанша ойласам да есіме түспейді. Л и д и я. Біздің халіміз өте нашар, тіпті, тамақ асырайтын ештеңеміз жоқ. Т е л я т е в. Мұндай құпиясы жоқ семья сирек шығар. Л и д и я. Тыңдаңызшы! Сіз кісі шыдайтын кісі емессіз! Менің күйеуімнен кеткен себебім... Жоқ, ұялам! Т е л я т е в. Қой, о не дегеніңіз! Айта беріңіз! Менен ұяласыз ба? Мен сондай адаммын, менен ешқашан ешбір əйел ұялып көрген емес. Л и д и я. Олай болса, мен сізден ұялмаймын. Мен күйеуімнен кеткенде Кучумовқа сеніп едім; ол маған қырық мың сом бермек боп уəде байлаған. Т е л я т е в. Ой, диуана ғой ол! Сексен мың берем демегені несі екен? Л и д и я. Немене, ол сексен мың да бере ала ма? Т е л я т е в. Енді қайтеді! Ол екі жүз мың да бере алады, əрине, ауызша ғана, əйтпесе қолма-қол қайдан тауып төлесін! Оның қалтасында он сом жүретін күннің өзі сирек қой. Л и д и я. Өтірік айтып отырсыз. Ол əкемнің қора-жайын сатып алған кісі, ал қора-жай қымбатқа түседі, mamanға алты жүз сом бергенін өз көзіммен көргем.
Т е л я т е в. Қора-жай хақында ештеңе айта алмаймын, ал оның алты жүз сомды қайдан алып жүргенін білемін. Ол Москваны бес күн шарлап ақша іздеді, ақыры екі мыңға вексель алып, бір айға əрең қарыз берілді. Мен сіздің күйеуіңізге клубта ұттырған ақшасын төлеу үшін іздеп жүр екен деп едім, – оған осы мөлшерде қарыздар болатын. Л и д и я (ашынып). Мені өлтірдіңіз! Т е л я т е в. Немен? Ол өте жақсы кісі. Абыржымаңыз. Оны бəріміз жақсы көреміз, жалғыз-ақ ұмытшақ адам. Өзінде байлық болғаны да рас, бірақ бəрі баяғыдағы нəрсе екенін ұмыта береді. Ия, оған ұмыту оңай да: ішер асы бар, сауық-сайран əзір, мінер көлік дайын, бірақ өзінікі емес, бəрі əйелінікі, бəрі төрт көздері түгел тұрғанда немере туыстарына беріліп қойған. Бұған ақшалай тиетіні тек клуб үшін он сом ғана. Туған күніне, мейрамдарға елу, кейде жүз сом алып қалады. Мұны сонда көрсеңіз! Клубқа келіп, стол төрінде шалқайып отырады: алды толған трюфель, шампан, устрица... Қалай таңдағанын көрсеңіз! Кызметші атаулының бəрін қырып-жойып, бір өзін күтуге бес кісі жүгіртіп қояды. Аспаз бейшаралардың халін көрсеңіз!.. Л и д и я (бозарып). Енді не істедім? Қарызға белшемнен батып ем. Т е л я т е в. Ашынар себеп тапқан екенсіз! Қарызсыз кісі бар ма бүгінде! Л и д и я. Телятев! Байлығыңыз ағыл-тегіл, аяңыз мені! Өлтірмеңіз мені! Телятев басын салбыратады. Телятев, біздің атақ-абыройымызды қорғай көріңіз! Мен сүйе алам сізді. Сіз мейірбансыз, сүйкімдісіз. Телятев басын одан əрі салбырата түседі. Мен өлдім ғой! Құтқара көріңіз. Осы апаттан арашалап қалсаңыз, мен сіздікпін. (Екі қолын иығына салып, басын иеді.)
Т е л я т е в. Мұныңыздың бəрі менің жаныма аса жағымды, əрине, мені орасан бақытқа бөлейді, бірақ Лидия Юрьевна, бүгінде менің өзім өзімдікі емеспін ғой. Л и д и я (оған ажырая қарап). Қалайша? Үйленбексіз бе, əлде үйленіп қойдыңыз ба? Т е л я т е в. Үйленгем жоқ жəне үйленбеймін де, бірақ ертең мені Воскресенск қақпасына апаратын шығар. Л и д и я. Қалайша Воскресенск қақпасына? Т е л я т е в. Қалай дейтіні жоқ, квартальный арқылы айдап апарады да жабады. Л и д и я. Мүмкін емес! Ақшаларыңыз қайда? Білем, сіз менің күйеуіме қарыз бергенсіз. Т е л я т е в. Оның несі бар? Біреудің ақшасын аяп не керек маған? Л и д и я. Өзіңіздікі жоқ па сонда? Т е л я т е в. Өзімдікі қашан болғаны есімде жоқ, күні кеше білдім, үш жүз мың сомға тарта бермегім бар екен. Бұрын-соңды менен не көрсеңіз, солардың бəрі біреудікі – ат, күйме, үй, көйлек – бəрі бөгде болатын. Солардың бəрі үшін ештеңе төлегем жоқ-ты, бəріне счет, кейін вексель жазылған, соңынан сотқа берілгем, ақыр-аяғында үкім шығарылған. Өсімқорлардан алған ақшада қисап жоқ. Күллі кредиторлар күні ертең қаптап келеді маған, кереметті сонда көруге болады. Жиһаз, кілем, айна, картина дегендердің бəрін прокатқа алғам, қазір бəрі тозып бітті. Күйме мен ат Ваханскінікі, көйлек тігіншіден... Кредиторлар күлкіге қарқ болатыны сөзсіз. Олар келгенде менің үстімде, əрине, өзіме тиісті бірден-бір шапаным ғана болмақ, он шақты сигарым қалған қалтамда, бір-бірлеп соларымды ұсынармын. Олар қаңыраған бос бөлмеде бір ғана мені көріп: «Жə, жалғанды жалпағынан бас та, тентіре, Иван Петрович!» – дер. Əйеліне ашуланған біреу, мүмкін, мені екі ай қамбаға қамар, бірақ тағамын шығынсынған күні одан да босаймын, сөйтіп бостандыққа қайта шығам да, қайтадан қарыз ап, қаржы жинай бастаймын, өйткені маған екі дүние бірдей, өйткені менің он бір жеңгем мен шешем əлі тірі, бəріне мұрагер – бір өзіммін. Гербілі қағаздың бəрін век-
сельге жаратқанымды айтсам, сенбессіз. Соны пұттап, сатса, мендегіден əлдеқайда көп ақша түседі. Л и д и я. Сонымен, төрт құбылам түгел десеңізші? Т е л я т е в. Неменеге абыржимын мен? Қалтам қандай таза болса, арым да сондай тап-таза, кредиторларым менен алмағын əлдеқашан үш еседен қайтарып алды, ендігі өндіріп жүргендері əшейін көз алдау ғана. Л и д и я. Сөйтіп, ақша қайдан табылады маған, көп ақша, қыруар ақша! Ешкімде жоқ па шынымен? Те л я т е в. Бар, неге болмасын! Л и д и я. Кімде, кімде бар? Т е л я т е в. Қызмет бабындағы адамдарда, бірақ олар бостанбос лақтырып тастай бермейді. Л и д и я. Тастай бермейді? Қап! Т е л я т е в. Несін айтасыз! Бүгінде ақша да ақылды болып алған, ылғи қызмет бабындағыларға қарай қашады, бізге жуымайды. Ал, бұрын бұлай емес, ақшада ақыл аз болатын. Бізге керегі – сондай ақша. Л и д и я. Қандай? Т е л я т е в. Ұшынған ақша. Мен тапқан ақша – ылғи сондай ақша болатын, ондай ақшаны қалтада сақтай алмайсың, шығып кетеді. Сіз бен біздің ақшамыз не себепті ұшынған, соны білесіз бе? Мен жуырда түсіндім. Сіз бен біздікі еңбекпен тапқан ақша емес екен. Сондықтан ұшынады. Еңбекпен табылған ақша – ақылды ақша. Олар жуас, қалтада тыныш жата береді, біздің алдауымызға көнбейді, алақанымызға келмейді. «Сендерге керегі қандай ақша екенін білеміз, біз бармаймыз» дейді. Қалай жалынсақ та қолға түспейді. Бəрінен қорлығы – тіпті таныс болғысы келмейді бізбен. Л и д и я. Актриса болам! Т е л я т е в. Талант керек, Лидия Юрьевна. Л и д и я. Провинцияға барам. Т е л я т е в. Бұл не есеп? Қайдағы бір қырсық шалған Тулумбасовты, немесе қырсау помещиктердің бірі болмаса бірін ғана үйіріп байқарсыз, онда тұрған қандай мансап бар? Л и д и я. Телятев, көмектесіңіз, маған ақша керек.
Т е л я т е в. Олай болса, бері келіңіз! (Оны терезе алдына алып барады.) Көріп тұрсыз ба? Қақпадан анау əріде Үйшік тұр көзің көре ме? Қарайды жұрттың бəріне, Үш кішкентай терезе. Ақша деген сонда. Л и д и я. Менің күйеуімде ме? Т е л я т е в. Иə, сонда. Ол біздің бəрімізден қалталы ғана емес, оның байлығын ойласаңыз басыңыз айналар. Бүгінде ақшасы көп кісі бай емес, ақшаны таба білетін кісі бай. Егер сіздің күйеуіңіздің қалтасында қазір үш жүз мың ақша болды бар ма, бір жылдан соң – миллион, бес жылдан кейін – бес миллион болатынына мен кепіл. Л и д и я. Мүмкін емес. Мен сізге сенбеймін. Жөніңізге жүре беріңіз. Сізді маған салып отырған соның өзі болды. Т е л я т е в. Жоқ-ау, тыңдаңызшы. Сіз тастап кеткеннен кейін ол екеуміз Троицкіге тамақ ішуге бардық. Өзімен-өзі, тірі жанға көзі түспейді, не сорпа ішпейді, не шарап ішпейді, сұп-сұлық отырды да қойды. Енді бірде оған қай-қайдағы бөгде біреулер кеп, өзара сыбырласып, анау енді ғана қыбырлай бастағаны... Енді бірде оған телеграмма əкеп берді, соны алып оқуы-ақ мұң екен, көзі жайнап шыға келгені... «Жоқ, – дейді, – жоқ, атылып өлу – ақымақтық. Бүгін бір басайықшы былағайға, – дейді, – құттықта мені», – дейді. Ал құттықтайын, екеуіміз сүйістік, содан соң кете бердік, кете бердік. Көне тамырларымның бірімен таныстырдым, көне дейтін көне де емес, бұрынғылардың бірі ғой олар – əзір жасаң əйелдер. Л и д и я (терезеге қарап). Тоқтай тұрыңызшы! Мынау қайдағы күйме, шырақ-ау! Шілтерлерін қараңыз! Маған арнап maman тауып жүрмесін! Қандай ғажап, не деген байлық! Т е л я т е в. Жоқ, сіз қателесіп тұрсыз. Бұл əлгінің бағанаш тамыр əйеліне тартқан сыйы, аттарын, ат айдаушысын қайдан тапқан десеңізші, зоология бағындағы көрмеге қоюға болғандай. Мынау əйел содан шығып келеді. А, ақ сары келіншек, көзінай, – сексеуілдің шоғындай жайнаған...
Л и д и я. Ай! Талып түсетін шығармын. Мынау арба емес, арман ғой. Мұндай күймеге міну – бақытқа тұншығумен бірдей шығар... Не боп барам, шырақ-ау! Өзім оны көргім келмейді, бірақ өзгеден қызғанатын секілдімін. Мына ақ сары қатынды қолыма түссе өлтірер едім. Онсыз да шоп-шолақ мұрнын көкке көтеріп, таңырайтуын қараңызшы!.. Т е л я т е в. Бұл қызғану емес, іші күю. Л и д и я. Ол осыны жақсы көре ме? Т е л я т е в. Нені, күймені ме? Л и д и я. Жоқ, ақ сары қатынды. Т е л я т е в. Не үшін? Əрі жақсы көру, əрі ақша беру – сұмдық шығын емес пе! Күйеуіңіз маған не дегенін айтайын, тыңдайсыз ба? Л и д и я. Айтыңыз! Т е л я т е в. Өзі көп оқыпты, не оқып үйренгені – есімде жоқ. Ғылымның түрі көп қой, Лидия Юрьевна, көбін сіз бен біз тіпті, естіген емеспіз. Л и д и я. Айтыңыз, айтыңыз! Т е л я т е в. Шетелге барған, теміржолды қалай салып жатқандарын көрген, Россияға қайтып келгенде подрядшіден аз ғана жер алған. Өзі жұмысшылармен бірге жүрген, олар тұрған барактарда Василий Иваныч та тұрған. Василий Иванычты білесіз бе? Адам емес, алтын ғой, сорлы... Л и д и я. Аһ, қойыңызшы осы... Т е л я т е в. Алғашқы подряд сəтті шыққан, келер жолы көтерме сауданы көбейте түскен, одан соң одан əрі көбейткен. Енді бір телеграмма алып отыр. «Ал, Ваня, – депті, – миллионнан беріге келіспеймін». Мен де соны айттым: «Келіспес едім», – дедім. Менің нем кетіпті, маған бəрібір. Л и д и я. Өліп барам. Т е л я т е в. Не боп қалды? Л и д и я (диванға қисайып). Mamanға кел деңізші! Шақырыңызшы тезірек. Т е л я т е в (есікке ұмтылып). Надежда Антоновна! Надежда Антоновна кіреді.
Төртінші көрініс Лидия, Телятев жəне Надежда Антоновна. Л и д и я. Maman, құдай үшін! Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Не болды саған, Лидия! Не болды саған, бөбегім. Л и д и я. Құдай үшін, Maman! Менің күйеуіме барыңызшы, шақырыңызшы мында, мені өліп барады деңізші. Т е л я т е в. Менің көлігіме отырыңыз, Надежда Антоновна, тезірек барыңыз, тезірек! Н а д е ж д а А н т о н о в н а (қызын барлай қарап). Иə, иə, көріп тұрмын түрін, шынында да бұзылып кетіпті. Қазір барайын. (Кетеді.) Андрей кіреді. А н д р е й. Глумов мырза келіп тұр. Л и д и я (басын көтеріп). Қабылдайын ба, жоқ па? Күйеуім келе ме, жоқ па, тағы белгісіз. Суға кеткен тал қармайды. (Андрейге.) Шақыр, кірсін! Андрей кетеді, Глумов кіреді. Бесінші көрініс Лидия, Телятев жəне Глумов. Г л у м о в. Сізге не болған? Л и д и я. Аздап ауырып отырмын, өзіңіз ше? Сізді байыды деп естіп едім. Г л у м о в. Əзір байи қойғам жоқ, бірақ үмітсіз емеспін, аса бір жылы орын таптым. Т е л я т е в. Қабілетіңізге қарай болар. Г л у м о в. Əшейін сəті түскен де, басқа түгі жоқ. Бір қартаң əйел əлгі басқарушы ма, қалай еді... əйтеуір, соны іздепті.
Л и д и я. Un secretaire intime*. Г л у м о в. Оuі, madame!* Оған керегі – сенім арта алатын адал адам екен... Т е л я т е в. Өзін де, дүниесін де, түгел ме? Г л у м о в. Түгел деуге болады, үйлері, қора-жайлары, толып жатқан жұмысы бар, бəрін бір əйел қайдан игерсін! Мұрагерлерімен араз көрінеді. Мен соларының бəрін қаржыға айналдырмақпын, соған оның толық сенімін алдым, комиссия үшін қыруар процент табатын түрім бар. Т е л я т е в. Өзі бір кісілікті, сенгіш əйел болды-ау, шамасы. Глумов, сондайдың біреуің маған да тауып бересің бе? Г л у м о в. Қалғанының өзі сол біреу-ақ болуға тиіс: бəрін білем ғой мен. Т е л я т е в. Бүгінде ұшынған ақша болмайтынын біз жаңа ғана əңгімелеп едік, сен бізден бақыттырақ екенсің, ұшынған ақша тауыпсың. Г л у м о в. Жалықпастан ұзақ іздедім ғой, қайтейін. Л и д и я. Демек, енді сізде ақша көп екен ғой? Г л у м о в. «Көп» – деген шартты ұғым. Ротшильд үшін аз, ал маған жетеді. Л и д и я. Жиырма мың сом қарыз беріңізші маған. Г л у м о в. Жас əйелдерге, жақсы əйелдерге қарыз ақша бермес болар, өйткені егер олар қарызды ұмытса – ескерту ұят, қайтармаса – өндіріп алу одан да ұят. Оларға я сыпайы ғана жоқ деу керек, я сыйға тарту керек. Л и д и я. Жə, қалай етсеңіз олай етіңіз, тек ақша беріңізші! Г л у м о в. Енді бере алмаймын, кешіріңіз. Маған сіздің қолыңыздан сүю ешқашан мүмкін емес дегеніңіз есіңізде ме? Мен кекшіл кісімін, ондайды ұмытпаймын. Л и д и я. Сүйіңіз. Г л у м о в. Енді кеш, дəлірек айтқанда, ерте. Бір жыл күтіңіз, қолыңызды сүюге өзім келейін, мен ертең өзіме сенім артқан бəйбішемен бірге Парижге аттанам: ол теңгенің де, франктің де есебін білмейді, мен оған кассир боламын. Ол екі иығынан əзер дем Басыбайлы хатшы (франц. – ред.). ** Иə, солай, ханым! (франц. – ред.).
алатын семіз əйел; мұндағы докторлар да оның өмірін бір жылдан артық ұзарта алмайды, ал Париждегі шипалы сулар мен медицина маңындағы қулар оны күнінен бұрын өлтіреді. Көріп тұрсыз ба, менде қазір уақыт жоқ, ауру əйелді бір жыл алақанға салып бағып-қағуым керек, содан соң еңбегімнің зейнетін жинап қайтып оралып, сіз құп көріп, қолғабыс етсеңіз мейлінше ұзақ рақат кешуіме болады. Л и д и я. Сіз жауыз, жауыз адамсыз. Г л у м о в. Менің бұл мінезім бұрын сізге ұнаушы еді ғой, жауыздық жағынан екеуіміз ұқсас адамдармыз. Л и д и я. Иə, шектен шықпай тұрған кезіңізде солай еді, енді қош болыңыз! Г л у м о в. Қош болыңыз! Кеттім, бір жыл ішінде сіз мені сағынарсыз, бағамды білерсіз, қайта оралғанда біз бір-бірімізбен туысқандарша кездесерміз деген тəтті үмітпен кеттім. Л и д и я. Жетті, жетті! Г л у м о в. Көріскенше, күн жақсы болсын. Т е л я т е в. Қош, Глумов. Жолың болсын! Парижге барып есіңе ал мені; Париждің əр пұшпағында менің көлеңкем тентіреп қаңғып жүр. Г л у м о в. Қош, Телятев! (Кетеді.) Қолында шыны сауыттар, Надежда Антоновна кіреді, оның соңында келген қызметші əйел қолындағы жастықтарын диван үстіне қояды да, шығып кетеді. Алтыншы көрініс Лидия, Телятев, Надежда Антоновна. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Сенің жатуың керек, Лидия. Өзіңді-өзің босқа қажытасың, достым. Бетің айтып тұр, сен сұмдық күйзеліп жүрсің. Күйеуіңе солай дедім. Ол қазір келеді. Міне, сенің спиртің, тамшы дəрілерің, ішсең шипа болушы еді ғой. Л и д и я (жастыққа жатады). Ол сізді қалай қабылдады.
Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Салқын, бірақ аса сыпайы қарсы алды. Сенің сырқат екенің шын ба деп сұрады: шын болғанда қандай дедім. Сіз неге күлесіз, Иван Петрович? Т е л я т е в. Мен бейтарап қала алмаймын: я жылауым қажет, я күлуім керек. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Сіз Лидияның болмысын, бітімін білмейсіз: бұл ашушаң ызақор... Жас кезінен солай. Т е л я т е в. Кешірерсіз, Лидия Юрьевнаның дене бітімін білмейтінім рас, бұл – мен үшін құпия нəрсе. Л и д и я. Иван Петрович, сіз мылжыңсыз, күлкім келеді сізге. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Сіз, шынында, күлдіруіңіз мүмкін, сонда анау кіріп келсе кайттік. Т е л я т е в. Жасырын дейсіз бе маған? Л и д и я (жабығып). Жоқ, осы арада болыңыз! Сізді көріп отырғанды жақсы көрем, сіз маған қуат бересіз. Т е л я т е в. Сізге жақсы болса, кету былай тұрсын, қарсы алдыңызда қаққан қазықтай қаздиям да қалам. Көзіңіз талғанша қараңыз да жатыңыз маған. Жалғыз-ақ, осы комедияның үндемейтін мылқау кейіпкері болайын, соған рұқсат етіңіз. Андрей кіреді. А н д р е й. Васильков мырза келіп тұр. Л и д и я (əлсіз үнмен). Шақыр, кірсін! Андрей кетеді, Надежда Антоновна жастықтарды қопсытып салады, Телятев қол орамалын көзіне апарады. Васильков кіреді. Жетінші көрініс Лидия, Телятев, Надежда Антоновна жəне Васильков. В а с и л ь к о в (бəріне бір-ақ иіліп). Сіз мені шақырып па едіңіз? Л и д и я. Мен өлгелі жатырмын. В а с и л ь к о в. Онда не доктор, не священник керек қой, мен олардың бірі де емеспін.
Л и д и я. Сіз бізді тастап кеттіңіз. В а с и л ь к о в. Мен емес, мені тастаған сіздер, ең болмаса, жөндеп қош деген де жоқсыздар. Л и д и я. Қош деу керек пе сонда? В а с и л ь к о в. Керек деп тапсаңдар. Л и д и я. Орысша қош деу – кеш деу, яки кешірім сұрау. В а с и л ь к о в. Сұрасаңыз сұраңыз. Л и д и я. Менің кінəм тек – қаржым жоқтығын ойламай сізді тастап кетуім: басқаның бəріне сіз кінəлісіз. В а с и л ь к о в. Онда есебіміз түгел: мен кінəлы екем, сіз тастап кеттіңіз. Енді не сөз бар! Қош болыңыз! Л и д и я. Аһ, жоқ, тоқтаңызшы! В а с и л ь к о в. Не айтасыз? Л и д и я. Сонда сіз кінəңыз үшін ештеңе төлемейсіз бе? Менің мықтап төлеуім мүмкін. Айнала қарыз, мені мещанкалармен қосып, Москва қамбасына қамаса қайттім. В а с и л ь к о в. А! Сіз одан қорқасыз ба? Сондай ар төгілетін əрекет екен ғой сізге сұмдық көрінген? Қорықпаңыз! Қамбаға адал адамдар да түседі, бірақ одан шығар есік бар. Москва қамбасынан қорыққан жақсы, бірақ одан гөрі салдақылық атанатын, атақ, ұят, əйелге тəн ар түгел жоғалатын түпсіз тұңғиық шұңқырдан қорқыңқырау керек. Қамба-шұңқырдан қорқасың, ал адал жолға қайтып оралтпайтын құрдым шыңыраудан қорықпайсың, бұл қалай? Л и д и я. Бұл арада мұншалық былапыт сөйлеуге кім рұқсат етті сізге? В а с и л ь к о в. Көзі бар адам соқырды кімнің рұқсатымен жетелеп жолға салады, ақылды кісі ақымаққа кімнің рұқсатымен ақыл айтады, зиялы кісі наданға кімнің рұқсатымен білім үйретеді? Л и д и я. Сіздің мені оқытуға қақыңыз жоқ. В а с и л ь к о в. Жоқ, қакым бар. Ол – азап пен қасіретке ортақтасу. Л и д и я. Ортақтасу жайлы сіз бе бірдеңе айтып тұрған? Əйеліңізді мұншалық мүшкіл халде көресіз, оған көк тиын төлегіңіз келмейді, сөйтіп тұрып...
В а с и л ь к о в. Далаға тастай алмай жүрген ақшам жоқ. Құдай көрсетпесін! Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Мен сіздің пəлсапаңызға түсінбеймін. Осыларыңыздын бəрі мен үшін əлдеқайдағы айдан əкелінген жаңалық секілді. Əйеліне ақша беру еркек үшін ақшасын далаға тастау болғаны ма? В а с и л ь к о в. Осы менің əйелім бе екен! Оның үстіне сенен гөрі менің ақшам көп деп қызыңыздың өзі айтпады ма? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Иə, «айтты». Ызаға булыққан əйел не айтпаушы еді! Əйелі қалай қорламасын, бəрібір күйеу əйелін аяуға тиіс. Біз сондай əлсізбіз, сондай күйгелекпіз, кез келген ұрыс-керіс – сорымыз біздің. Күйгелек əйелдікі сол – қазір бұзылса, қазір түзеледі. В а с и л ь к о в. Бұл түзелдім деп отыр ма? Л и д и я. Мен түзелдім, өткен ісіме өкінем. В а с и л ь к о в. Тым кеш емес пе? Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Аһ, жоқ! Бұл қыз егілуі мүмкін, бірақ жер қылуға жібермейді өзін. В а с и л ь к о в. Жібермегенін білгем: қызметшіңіз сізден гөрі менен көбірек алды. Бірақ білмеймін, жер қылуға жібермеген не екен – ар-ұят па, əлде Кучумовтың ақшасыздығы ма? (Лидияға.) Сонымен не керек сізге? Л и д и я. Қайтадан өзіңізбен отасқым келеді. В а с и л ь к о в. Мүмкін емес. Сіз сондай құбылғышсыз, күні ертең қайта айырылам деуіңіз мүмкін. Бір қорлағаныңыз жетер, қайтадан қор болғым келмейді. Л и д и я. Бірақ, сіз мені құтқаруға тиіссіз. В а с и л ь к о в. Қалай құтқарам? Бір ғана амал бар. Мен сізге адал қызмет тауып берем де, еңбегіңізге қарай сый төлеймін. Л и д и я. Қандай қызмет, қандай сый? В а с и л ь к о в. Маған экономка боп қызметке келіңіз, жылына мың сом берейін. Л и д и я (диваннан ұшып тұрып). Шығыңыз үйден! Васильков кетеді.
Т е л я т е в (қол орамалын көзінен алып). Енді жазылдыңыз, мен жыламай-ақ қояйын. Л и д и я. Аһ, ендігі ойынға орын жоқ. Жүгіріңіз, қуып жетіңіз, қайтарып əкеліңіз əлгіні, қалайда əкеліңіз. Телятев жүгіре жөнеледі. Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Аһ, қандай қырсық десеңші өзін! Қандай қырсау! Жібі түзу ортадан шыққан кісі бүйтпейді, əйелін өлтіруі мүмкін, бірақ мұндай ұсыныс жасамайды. Васильков пен Телятев қайтып оралады. Л и д и я. Сіз кешіріңіз, мен сізді жөндеп түсінбеппін, сіз маған мынаны түсіндіріңізші: «экономка» деген не сөз жəне оның міндеті қандай? В а с и л ь к о в. Рұқсат болса, түсіндірейін: бірақ бар ма, менің ұсынысымды осы жолы қабыл алмасаңыз, енді қайтып оралмаймын сізге. Экономка – үй шаруасын істейтін əйел. Бұл ешкімге де қорлық емес. Ал, міндеттері мынадай: деревняда менің кемпір шешем бар, үй шаруасын керемет біледі, соның қол астына барыңызшы – саңырауқұлақ тұздау, шарап ашыту, варенье жасау – бəрін үйретеді; қойманың кілтін, қораның кілтін – бəрін қолыңызға береді де, өзі тек бақылап қана жүреді. Маған осындай əйел керек, мен ылғи сапарда жүретін кісімін. Л и д и я. Сұмдық, сұмдық! В а с и л ь к о в. Енді айтпай-ақ қояйын ба? Л и д и я. Айта беріңіз. В а с и л ь к о в. Əлгі шаруаның бəрін үйреніп алған соң сізді өзімнің губерниялық шаһарыма əкетем, онда сіздің туалетіңіз бен мəнеріңіз губерния əйелдерінің көзін ұялтатын болады. Бұдан ақша аямаймын, бірақ бюджетімнің мөлшерінен шықпаймын, əрине. Жұмысым сала-сала, мұндай да əйел керек маған. Одан əрі егер екеуіміз жарасып кете алсақ, мен сізді Петербургке апарам, Патти тыңдаймыз, лоджаға мың сом төлеуге бармын, одан ештеңе аямаймын. Қызмет бабында табысқан талай ығай мен сығайларым
бар Петербургте: менің өзім қорбаңдаған оданы кісімін; маған министрді қабылдасам да ұялмайтын салон жасай алатын əйел керек. Мұндайға сіздің икеміңіз мол, тек мына Телятев сияқтылардан жұқтырған қылтың-сылтыңыңыздан құтылуыңыз қажет. Т е л я т е в. Ойбай-ау, Лидия Юрьевнаның алдында деревня подвалынан Петербург салонына дейін сайрап жатқан келешек барын мен сорлы біліппін бе? В а с и л ь к о в (сағатына қарап). Менің ұсынысыма келісесіз бе, жоқ па? Тек есіңізде болсын, ең алдымен жəне ұзақ уақыт экономка қызметін атқарып жүресіз. Л и д и я. Аясаңызшы мені, менің мерейімді сыйласаңызшы ең болмаса! Мен – сылқым əйелмін, бастан-аяқ сырбаз əйелмін. Бір жеңілдік жасасаңызшы маған. В а с и л ь к о в. Ешбір жеңілдік болмайды. Менің карапайымдығымды, адал жүрегімді аялай алмаған сізге қандай аяушылық жасауға тиіспін! Əлі де болса айтарым əлгі – экономка боласыз, сізді сүйем, бірақ айтарым – осы. Л и д и я. Ең болмаса əдірə қалғырдың атын өзгертіңізші, менің жылылыққа ғана үйренген құлағыма түрпідей тиіп барады. В а с и л ь к о в. Жоқ бұл – əдемі атау. Л и д и я. Ойланайын. В а с и л ь к о в. Ойланыңыз. Т е л я т е в. Аһ, мені экономка етіп алам десе!.. Андрей кіреді. А н д р е й. Тергеуші пристав үй мүлкін хаттап əкеткісі келеді. Л и д и я м е н Н а д е ж д а А н т о н о в н а. Аһ, аһ! Ай, ай! (Лидия жастыққа бетін басады.) Т е л я т е в. Неменеге шошыдыңдар! Қой, басылыңдар! Кеше менің екі танысымның үй мүлкі хатталды, бүгін сіздердікін хаттайды, ертең маған келеді, бүрсүгіні сендердің Кучумовтарыңа барады. Бұл бір індет қой бүгінде. Л и д и я (күйеуіне). Ұяттан құтқарыңыз мені! Бəріне келісейін, тек құтқара көріңіз! Амалым қайсы! Менің жарық жұлдыздай жарқырағым келген, ал сіз мені жарқ етіп сөніп, балшыққа бата-
тын құйрықты жұлдыз қылғыңыз келді. Жə, көндім, көндім. Тек бір ғана тілегім болсын, құтқарыңыз мені! Васильков Андреймен бірге кетеді, Андрей қайтып келеді. А н д р е й. Кучумов мырза келіп тұр. Л и д и я. Қабылдасам қайтеді? Т е л я т е в. Қабылдаңыз! Л и д и я. Шақыр, кірсін! Андрей кетеді. Кучумов, кейінірек Васильков кіреді. Сегізінші көрініс Лидия, Надежда Антоновна, Телятев, Кучумов, кейін Васильков. К у ч у м о в (əндетіп). Jo son rico... Сізге не болған? Л и д и я. Менің мүлкімді хаттап əкеткелі жатыр, əкелдіңіз бе қырық мыңды? К у ч у м о в. Jo son rico... Жоқ, ойпырмай, бір сормаңдай болдым мен. Васильков кіріп босағада тұрып қалады. Бір ант ұрғанды туған баламдай жақсы көруші едім, мені тыптипыл ғып тонаған да сызып отырған, сірə, Америкаға қашып кетті-ау деймін. Т е л я т е в. Сол ұрыға менің жаным ашып отыр. Сенен ұрлаған ақшамен Америка тұрмақ Звенигородқа жете алмай арам өледі ғой ол. К у ч у м о в. Қылжықтама, жаным сүймейді қылжақты. Шартарапқа түгел телеграмма салдым, ол антұрғанды ұстайды, менің ақшамды өзіме қайтарады, сонда əкеп берем саған керектің бəрін, бөбегім. Т е л я т е в. Бəрін ұрлады дейсіз бе, бірдеңе қалған да өзіңде.
К у ч у м о в. Неге қалмасын? Қалтамда мың сомым болмаса, мен үйден аттап шығып көрген кісі емеспін, жүдə! В а с и л ь к о в. Онда маған картадан ұтылған алты жүз сомыңызды беріңізші! К у ч у м о в. А! Сіз мұнда ма едіңіз? Өте жақсы болды. Қарызыңыздан əлдеқашан құтылғым келген. Картадан ұтылсам, ол – мен үшін бірінші борыш. (Қалтасынан əмиянын суырады.) Бұ не пəле бұл? Қара басқан болар мені, сол жақ қалтама салған секілді едім. А, иə, мынау кигенім басқа сюртук екен ғой. Айтпақшы, сіз ол ақшаңызды Надежда Антоновнадан алуыңызға болады. В а с и л ь к о в. Жақсы, алсам алармын. Лидия Юрьевна, мен сіздің қарызыңызды төледім. Енді сіз деревняға жүруіңіз керек. Л и д и я. Қашан қаласаңыз... В а с и л ь к о в. Мен ертең жүрем, дайын болыңыз! Л и д и я (күйеуіне қолын ұсынып). Күні бойы көз жасымды көл қылдыңыз, рақмет сізге! Мен жылайтын нəрсе көп! Өмірімнің құрып біткен арманына, жасаған қателіктерім мен көрген қорлықтарыма бəріне жылауға болады. Келмеске кеткен қымбат күндерімнің бəріне жылауға болады. Адам айтқысыз бақытымның асыл тəңірісі тақтан түсті, оның орнына еңбек пен кəсіптің бюджет деп аталатын дөкір, дөрекі құдайы таққа мінбек. А, қайран майда мінез жайдары қыздар-ай, ұлпадан жұмсақ жібектей үлбіреген, бейшаралар-ай! Оларға енді еш нəрсемен санаспайтын шашпатөкпе, жылы-жұмсақ күйеу қайда? Айналайын аққанаттылар, қойыңдар арман қууды, тастаңдар бақыт іздеуді, олар келмеске кетті, одан да өздерің іс бабындағы адам атандырған қалталы қарадүрсіндерді бай қып, тұрмысқа шығыңдар. Т е л я т е в. Біз секілді қаракетсіз қасқалар қалай тыңдамақ мұны! Ку ч у м о в (əндетеді). Jo son rico... Т е л я т е в. Өтірік. No siamo poveri Л и д и я. Сізге шалар тағы бір құрбаным осы. В а с и л ь к о в. Құрбандық керек емес. Біз жоқ-жітікпіз (итал. – ред.)
Л и д и я. Байқап тұрмын, маңдайым тасқа тиді. Мойындаймын. Ұсыныстарыңызды түгел қабылдаймын, білдім, өзіме пайдалы екен. В а с и л ь к о в. Бірақ біліп қойыңыз, мен бюджеттен шықпаймын. Л и д и я. Ой, бюджетіңіз бар болсын сіздің! В а с и л ь к о в. Бюджетті білмейтін тек ұшынған ақша ғана. Т е л я т е в. Тап-таза шындық айтып тұрғаның, дəлірек айтқанда, сен менің сөзімді аудармай қайталап тұрсың. В а с и л ь к о в (Телятевке). Қош боп тұр, достым, жан-жүректен аяймын сен сорлыны, қайтейін. Сен ертен ас-сусыз, баспанасыз тентіреп қаласың, қайтейін. Т е л я т е в. Маған қарыз бермес пе екенсің! Бермесең берме, керегі жоқ ақшаңның. Құрысын, құрып кетсін, құдай ақы!.. Москва, Савва, сондай қала, мұнда Телятевтер мен Кучумовтар өлмейді. Көк тиын қара бақырсыз-ақ құрметпен кредит табамыз біз бұл қаладан. Бізге қалтасынан тамақ əперіп, шампан ішкізген əрбір көпес өзіне соны бақыт санай бермек əлі... Тек тігіншілер ғана – олардан қайырым күтпейміз. Бірақ, ескі шинель мен көне қалпақ киіп жүріп-ақ соншалық шіренуге болады, көргендер анадайдан жол берер əлі біздерге!.. Қош бол, Савва дос! Бізді аямай-ақ қой. Қасиетті кісі кебенек кисе де қадірлі. (Кучумовпен құшақтасады.) Лидия Васильковқа имене жақындап кеп, иығына қолын салады да, алдына басын иеді. Ш Ы М Ы Л Д Ы Қ 1969 ж.
Назым Хикмет ЕЛЕУСІЗ ҚАЛҒАН ЕСІЛ ЕР Алты суретті пьеса ҚАТЫНАСУШЫЛАР: Д о к т о р. Ə й е л. Қ ы з. Е р к е к. А с с и с т е н т. С п о р т с м е н. Ш а ш т а р а з. Ш а л. А қ с а р ы ə й е л. Қ ы з м е т ш і. Ф о т о к о р р е с п о н д е н т. Т ү р м е б а с т ы ғ ы. Б а с к е с е р. Н а д з и р а т е л ь. А н а. Б а л а, с о қ ы р. С т е н о г р а ф и с т к а. Б і р і н ш і м е д и к. Е к і н ш і м е д и к. Ү ш і н ш і м е д и к. М е д с е с т р а.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру