TELEGEI

Home

Әдебиеттану әліппесі

Кенжебай Ахметов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Әдебиеттану әліппесі

Кітапта филология ғылымы, көркем әдебиет, көркем шығарма, әдеби даму мәселелері арнайы тарауларда қарастырылып, әдебиеттану ғылымына байланысты теориялық ұғымдар мен терминдер саралана түсіндірілген. Еңбек филолог-студенттерге, магистранттар мен аспиранттарға, жалпы әдебиет сүйер жұртшылыққа арналған.

АХМЕТОВ Кенжебай.

ӘДЕБИЕТТАНУ ӘЛІППЕСІ. Оқу құралы. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2000. -184 бет.

Кітапта филология ғылымы, көркем әдебиет, көркем шығарма, әдеби даму мәселелері арнайы тарауларда қарастырылып, әдебиеттану ғылымына байланысты теориялық ұғымдар мен терминдер саралана түсіндірілген. Еңбек филолог-студенттерге, магистранттар мен аспиранттарға, жалпы әдебиет сүйер жұртшылыққа арналған.

ОЙ – ТҮРТКl

Адам жаны қашанда жұмбаққа құштар, жұмбақтың шешуін табуға асық. Жұмбақ біреу болғанымен, оның жауабын әркім әрқилы шешеді. Ғасырларды көктей өтіп, ұрпақтан ұрпаққа ұласып келе жатқан Ұлы жұмбақ – жаратылыс. Жаратылыстың көркем бейнесі – өнер. Өнер – әрі жауап, әрі жұмбақ. Өнердің бір түрі – әдебиет. Демек, әдебиет те – әрі жауап, әрі жұмбақ… Неге?.. Бұл сұрақтың жауабын біз алдағы әңгімелерімізде қалқадерімізше қайтаруға талаптандық. Әдебиет жайында айтылған әсерлі сөз де, әдемі сөз де, әсіре сөз де аз емес. Әдебиет мәселелерін алуан қырынан қарастырып, таным деңгейіне сай таразылап, пікір өрбіткен ой иелері ерте дәуірлерде де болған, бүгін де бар, ертеңгі дәуірлерде де бола берері хақ. Өйткені толассыз өмір барда өнердің де өшпесі анық. Өнер өшкен сәтте адамзаттың “адамы” қоса жойылып, “заты” ғана қалары ақиқат. Уақыт озған сайын әдебиет өнерінің де, әдебиеттану ғылымының да өрісі ұлғайып, өресі биіктей түсуде. Бұл – шындық. Қияны көздеген ғылым сәт санап шарықтап бара жатқан шақта әдебиеттанудың “әліп-би” қағидаларына қарайлаудың өзі қолайсыздау сияқты. Десек те, себепсіз салдар болмайтыны және мәлім… Бұл еңбектің жазылуына Құштархан деген оқушымен арадағы әңгіме себепкер болды. Дәстүрлі шаралардың біріне айналған мектеп бітірушілермен болашақ мамандық жайында сөз қозғалатын кездесулердің бірінде оқушылар өз пікірлерін ортаға салып, “заңгер боламын”, “экономист боламын” деген үлгідегі армандарын бөлісіп жатты. Бәрі де – уақыт талабымен үндес, қоғам бейнесіне орайлас ой-армандар. Сондықтанда болар, ондай арманмұраттардың жиі қайталануы ешкімге де тосын жәйт емес еді. Кездесудің орта тұсында сөз кезегі тиген оқушылардың бірі: “Мен әдебиетті ұнатамын. Болашақта филолог болғым келеді. Бірақ филолог мамандығының қандай мамандық екенін білмеймін”,- дегенде ғана, құрбықұрдастары ду ете түскен. Алайда құрбыларының бұл дуылынан оның қысыла қоймағаны аңдалды. Жұрт саябырлаған сәтте сабырлы кейіпте: “Филолог мамандығының тіл мен әдебиетке қатысты екенін мен де бір кісідей түсінемін. Менің айтпақ болғаным мүлде басқа”,– деді де, өз орнына оралды. Өзгелерді қайдам, мені сол оқушының әсіреқызыл бояусыз шынайы сөзі ойға қалдырды. Себебі – оның айтқан сөзі мен өзгелердің әлгі әрекеті біраз шындықтың айнасы іспетті еді. Бұл айнадан сол оқушының сөз өнерін құпия сырлы жұмбақ әлем ретінде танып-білуге құштарлығы мен құрметін де, сонымен бірге көптеген жандардың сөз өнерін “әлекей-шүлекей сөз тізбесі” деп, филолог-маманды “сөйлей беруші” деп бағалайтын тым қарабайыр түсінігін де айқын көруге болатын…

Құштархан екеуіміздің арамыздағы сол күннен басталған таныстық әдебиет, әдебиеттің қыр-сыры жайындағы сұрақ – жауаптан тұратын әңгімелерге ұласып, нәтижесінде осы еңбек дүниеге келді. Екеуара әңгіме қағаз бетіне көшкенде азды-көпті өңдеу-өзгерістерге түскенімен, негізгі жүйені сақтауға ұмтылдық. Құштархан сияқты әдебиет құмар, әдебиет әлемінің қызық та қиын, тылсым сырларын танып-білуді мұрат тұтқан талапкерлерге арналған бұл еңбек алабұртқан арман мен салиқалы ғылым арасын сабақтастыратын дәнекерлікке жараса, ақ қағаз бен қара сияның текке рәсуа болмағаны.

Автор.

І Т А Р А У

ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМЫ

Филология ғылымы туралы түсінік
Лингвистика және әдебиет
Әдебиеттану және Поэтика

Алғашқы әңгіме
немесе
Филология жайында ой бөлісу

Сұрақ. Филолог – қандай мамандық? “Филология” деген не? Өзіндік ерекшеліктері қандай? Жауап. Филолог туралы айтпай тұрып, ең әуелі “филология” деген ұғымның мәнін анықтап алайық. Өз құрдастарың ұнататын экономика, заң ісі сияқты, филология да адам баласына, адам игілігіне қызмет етеді. Олардан айырмашылығы – қызмет ету жолдары мен құралдарына қатысты. Сондықтан да әңгімені осы бағытта таратып көрелік. Бірден басын ашып алар болсақ, филология – тарихи тамыры тереңге тартатын көне ғылымдардың бірі. Түп-тегіне үңілер болсақ, “филология” деген атау гректің “phіlologіa” сөзінен шығып, “сөзге сүйіспеншілік” деген мағынаны білдіреді. Сөзбе-сөз аударсақ, “phіleo” – сүю, “logos” – сөз” болып шығады. Түрлі себептерге байланысты, әсіресе, филология ғылымының мақсаттары мен міндеттері, әдіс-құралдары жайындағы шолақ түсініктердің салдарынан, көпшілік ұғымындағы филолог-ғалым әртүрлі кітаптар мен қолжазбаларды, үлкенді-кішілі мәтіндерді ақтарып, сөз тізген түсініксіздеу жан бейнесінде көрінетіні бар. Сырт қарағанда оның мақсаты бұлдыр, әрекеті өнімсіз де пайдасыз сезілетінін де жоққа шығаруға болмайды. Бірақ бұл бір сәттік алдамшы көріністен туындап жатқан қате түсінік. Өйткені “мәтін қызметшісі” болып табылатын филологияның мән-маңызы да, адамзат дамуының тарихындағы алатын орны да еш уақытта қосалқылық, көмекшілік сипатта болған емес. Қазір де солай. Демек, филология – адам баласының рухани мәдениетінің мәні мен тарихын жазба мәтіндерді тілдік және стилистикалық тұрғыдан талдау арқылы танып білуге негізделетін лингвистика, әдебиеттану, тарих, т.с.с. гуманитарлық пәндердің бірлестігі, жиынтығы. Филологияның негізгі тірегі – мәтін, мәтіннің ішкі-сыртқы алуан қырлары. Бұдан шығатын қорытынды – біреу, ол – филологтың қандай да бір пікір-тұжырымы нақты бір көркем мәтінге негізделуі шарт екендігі. Мәтінге баса назар аудара отырып, оған түсініктемелер бере отырып, филология адамзат болмысын, әсіресе, адамның рухани әлемін барынша жан-жақты танып-білуге ұмтылады.

Сұрақ. Бұл пікіріңізде әлдебір қайшылық бар сияқты?.. Жауап. Түсіндім. Оның сыры филологияның ішкі құрылымына байланысты. Әлгінде айтып өткеніміздей, филология адам болмысын көркем мәтін арқылы қарастырады. Мәтін – қандай да бір дәуірдегі адам ойының ескерткіші, мәдениет жәдігері. Ал есте сақтау қабілеті – жаратылыстың адамға тарту еткен айрықша қасиеттерінің бірі. Бұл қасиет жоқ жерде адамға тән өзге қабілеттердің қай-қайсы да өз мәнінде пайда келтіреді деу қиын. Мәтін бойында сан-сала құндылықтар ұштасып жататындықтан, оның шынайы мән-маңызын анықтап, адамзат игілігіне жарату үшін филолог бойында да көптеген қасиеттер жинақталуы шарт. Филолог болу үшін ғылымның түрлі салаларынан мол хабардар болумен қатар, сөз құдіретін терең сезіне алатын ұшқыр түйсік (интуиция) иесі болу керек. Шындығына жүгінсек, адам баласының жұмбақ әлемін нақты бір мәтін көлемінде танып-білуге ұмтылу, бір қарағанда, мүмкіндік аясын шектейтіндей сезілетіні де түсінікті. Бұл орайда ол – әрі нақты, әрі жанжақты әмбебап ғылым. Нақты дейтін себебіміз – филологияда дерексіз (абстрактілі) ой тұжырымдауға жол берілмейді. Деректілік негізі – мәтін. Ал оның жан-жақты болуының сыры – нақты мәтінге сүйене отырып, ол өзге ғылым салаларындағы жетістіктерді өз қажетінше еркін пайдалана алады. Сонымен қатар филология жетістіктерін өзге ғылымдар да қажетті жағдайларда кәдеге жаратып отырады. Алайда филологияның өзіндік ерекшелігі де, қиындығы да осында. Бір ғана мәтін шеңберінен өмірдің сан алуан күрделі құбылыстарын көре білу филологтан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мәтін құрамындағы әр бөлшектен адам болмысының мәнін іздеу, іздеп қана қоймай, оны танып-білу және өзгелерге таныту филологтың білім-білігіне, қарым-қабілетіне, ойшылдығы мен сезімталдығына тікелей байланысты. Бұл тұста ол бір тамшы судан оның құрамын, шыққан жерін, пайда-зиянын, т.с.с. белгілерін ешқандай құралсыз анықтауға ұмтылған, ұмтылып қана қоймай, сол мақсатына жетуге міндетті әпенділеу данышпанға ұқсайды. Демек, филология екінің біріне жалынан ұстата бермесі анық. Шын мәніндегі филолог болу үшін адам баласы жаралғалы бері қол жеткізген өнер мен ғылым салаларынан, әсіресе, адам болмысын алуан қырынан қарастыратын ғылымдардан неғұрлым мол хабардар болу қажет. Сонда ғана тамшыдан теңізді, сөзден өмірді тани білуге болады. Сұрақ. Демек, филолог өз саласының білгірі болу үшін өзге ғылым негіздерін жете меңгеруі қажет болғаны ма?.. Жауап. Әрине. Эстетика, этнография, тарих, философия, дін, саясаттану, мәдениеттану, әлеуметтану, педагогика, психология, география, т.с.с. ғылым салаларымен бірге, өндіріс пен техникаға қатысты ғылым негіздерімен де таныс адам ғана филологияда жемісті нәтижелерге қол жеткізері шүбәсіз. Сұрақ. Филология сөзді, сөз өнерін зерттейтін ғылым екенін таныдық. Сонда осы “сөзтану, сөз арқылы адамтану” ғылымының пайда болуы, қалыптасуы, дамуы жайында не білеміз?

Жауап. Өнерді танып-білуге қызмет ететін ғылымдардың бірі ретіндегі филологияның пайда болуы жазу мәдениетінің едәуір өркен жайған кезеңімен орайлас келеді. Өйткені Таяу Шығыстың аса жоғары дамыған ежелгі мәдениетінде филологияның белгісі де жоқ болса, орта ғасырлардағы Батыс Европада филология еншісіне болар-болмас қана орын тиген. Соған қарамастан, философияның отаны болып табылатын ежелгі Үндістан мен Грекияда филология сөз бен сөйлеудің, сөз бен ойлаудың ара қатынасын гносеологиялық тұрғыдан қарастыратын үрдіс ретінде дүниеге келіп, қалыптаса бастады. Кейінірек пайда болған философиялық дерексіздік пен филологиялық нақтылық арасындағы қарама-қайшылықтарға қарамастан, әу баста философия мен филология біртұтас дүниенің екі бетіндей болып көрінуі кездейсоқтық емес еді. Филологияның шын мәніндегі өрлеуі гносеологиялық ойлар дамуының ұлы дәуірлерімен орайлас келеді. Мәселен, эллинизм дәуірінде (б.д.д. 330 – 23 ж.ж.) Аристотельден соң, Европада XVІІ ғасырда – Р.Декарттан соң, Германияда XІX ғасырда – И.Канттан соң филологияның кең қанат жайғаны белгілі. Сұрақ. Әлгінде бірнеше рет айтылып өткен “гносеологиялық” деген сөздің мәнін қысқаша айтып өтсеңіз. Жауап. Гносеология – философияның бір тарауы. Танымдық үрдістегі субьект мен обьектінің қарым-қатынасын, білімнің ақиқат өмірге қатынасын, адамның дүниені тану мүмкіндіктерін, білімнің ақиқаттығы мен анықтығының негізгі өлшемдерін (критерий) қарастырады. Сондай-ақ, адамның дүниеге танымдық тұрғыдағы қатынасының мәнін, оның бастапқы және жалпыға ортақ негіздерін зерттейді. Әрине, гносеология немесе таным теориясы жайында ұзақ сөз етуге болады. Алайда, біздің көздеген бағытымыз басқа болғандықтан, негізгі мәселемізге оралайық. Сұрақ. “Филолог болу үшін адам баласы жаралғалы бері қол жеткізген өнер мен ғылым салаларынан, әсіресе, адам болмысын алуан қырынан қарастыратын ғылымдардан неғұрлым мол хабардар болу қажет” деген пікірдің ақиқаттығының бір дәлелі әлден-ақ байқалып қалған сияқты. Бұл мәселені өзім де арнайы қарап өтемін. Әзірше жалпы жобасын аңдап қалғандаймын. Жауап. “Филологияның бастауы Үнді жерінде жатыр” дедік қой. Осы үнді филологиясы Панини (шамамен б.д.д. V–ІV ғ.ғ.), Патанджали (б.д.д. ІІ ғ.) сияқты ұлы грамматиктерді, кейініректе стиль теоретиктерін дүниеге сыйлады. Ежелгі Қытай мәдениетінде де Лю Се (V–VІ ғ.ғ.), т.б. өздерінің филологиялық дәстүрлерін қалыптастырған еді. Ал жаңа дәуірлерге дейін үнді филологиясындағы жетістіктермен таныс болмаған европалық филологиядағы дәстүрлердің түп негізі түбірімен грек мәдениетінен өрбиді. Грек филологиясы Гомер шығармашылығына берілген түсініктемелерден бастау алады. Софистер кезеңінде (б.д.д. V ғасырдың екінші жартысы мен ІV ғасырдың бірінші жартысы) сауатты “ақылгөй”- интеллектуалдардың әлеуметтік типі пайда болып, әдебиет Протагор, Горгий, Продик еңбектерінің салдарынан өмірлік шындықтан оқшауланып,

тек қана теориялық поэтика мен филологияның нысанына айналып кетті. Грек жерінде әдебиет теориясының кемелденуі Аристотельдің әйгілі “Поэтика” атты еңбегімен байланысты. Б.д.д. ІІІ – І ғасырлардың еншісіне тиетін эллиндік филология философиядан біртіндеп ара-жігін айырып, Александрия және Пергам кітапханашыларының қолына көшеді. Тарихта “Александриялық филология мектебі” (б.д.д. ІІІ–ІІ ғ.ғ.) деген атпен қалған олар классикалық әдебиет өкілдерінің мәтіндерін қалыпқа келтіріп, түсініктемелер беру ісінде үлкен шаруалар жасады. Мектеп өкілдерінің қатарында Дионисий Фракийский (шамамен б.д.д. 170 – 90 жылдар), Ориген (ІІІ ғ.), Иероним (ІV–V ғ.ғ.) сияқты филологтар болғаны белгілі. Мәселен, Дионисий Фракийскийдің сөйлеу бөлімдері туралы ілімі әлі күнге мәнін жоғалтқан жоқ. Грек филологиясының дәстүрлері классикалық туындылардың мәтіндерімен жұмыс және түсіндірме жасауға бағыт ұстанған өзіндік бітімін жоғалтпастан, орта ғасырларда Византияда жалғасын тапты. Батыстағы Қайта өрлеу дәуірінің өкілдері өздерінің алдындағы дерексіз-пішіншілдік (абстрактілі-формалистік) жүйені дәріптеген орта ғасырлық интеллектуал-схоластарға қарағанда, антикалық жауһар мұралардың мазмұнын игерумен ғана шектелмей, антикалық дүниенің ішкі мәніне бойлауға, солардың тілінде сөйлеуге ұмтылды. Бұл үрдістің бастауында Цицерон мен Вергилий шығармаларының мәтінімен жұмыс жүргізген Ф.Петрарка (1304 – 1374) тұрғанын да айта кеткен жөн. Сондайақ, негізінен, діни-мәдени аңыздарды нысана еткен филологиялық сынның (танымал өкілі – Эразм Роттердамский (1469 – 1536) маңызын да жоққа шығаруға болмайды. Шамамен XVІ ғасырдың ортасы мен XVІІІ ғасырдың орта тұсына дейін өмір сүрген ғылыми кәсіпқойлық кезеңі де филологияның даму жолында өз белгісін қалдырғаны анық. Ю.Ц.Скалигер, А.Этьен, Р.Бентли сияқты филологтар осы дәуірдің өкілдері екендігін және бұлардың қатарында қазіргі таңда да маңызын жоймаған бірегей еңбектер – орта ғасырлық латын және орта ғасырлық грек тілдерінің сөздіктерін жасаған Ш.Дюканж болғанын ескерсек, аталмыш кезеңнің мәні біршама айқындала түсері анық. Филология дамуының жаңа дәуірі Германияда И.И.Винкельман ұcтанған “неогуманизм” ұстанымынан басталады деуге болады. Бұл кезеңде де Қайта өрлеудегі сияқты антикалық мұраларға баса назар аударылды. Қайта өрлеу кезеңіне қарағанда, бұл тұста антикалық дүниелерді тұтастықта алып, мейлінше ғылыми зерделеуге ұмтылыс басым болды. Неміс филологы Ф.А.Вольф антикалық жәдігерлерді тарихи-мәдени тұрғыдан сараптайтын әмбебап бағдарлама үлгісіндегі ғылымның атауы ретінде “филология” терминін алғаш рет қолданысқа енгізді. XІX ғасырда Г.Узенер, Э.Роде, У. Фон Виламовиц-Меллендорф бастаған бір топ неміс филологтарының күш-жігері нәтижесінде ежелгі тарихтың құрамынан филология жеке ғылым саласы болып бөлініп шықты. Сол тұста романтизм және басқа да идеялық ағымдар ықпалымен бұрыннан

келе жатқан “классикалық” филологиямен жарыса, “жаңа филология” дүниеге келді. “Жаңа филологияның” негізін германистика, славянтану және шығыстану құрады. Филологияның әмбебаптық сипаты Қайта өрлеу дәуірі мен XІX ғасырдың орта тұсында мейлінше айқын көріне бастады. “Антикалық мәтіндерді зерттеуші маман” ретінде бағаланатын филолог сол кезеңнен бастап, лингвист, сыншы, этнограф, мәдениеттанушы, тарихшы болумен қатар, қандай да бір мәтінді жан-жақты талдауға септігі тиетін ғылым салаларынан молынан хабардар болуы қажеттілікке айнала бастады. Әрине, уақыт өте келе, лингвистика, әдебиеттану, тарих, т.б. бір кездегі біртұтас ғылым аясынан шығып, жеке-жеке ғылымдарға ұласқанын білеміз. Дегенмен, филология ғылымында көздеген мақсатына орай, өзінің зерттеу нысанасын алуан қырынан қарастыру дәстүрі үздіксіз жалғасып келеді. Басқаша айтар болсақ, қазіргі таңда тіл ғылымы мен әдебиеттануды қамтитын филология – “өз қазанында өзі қайнай беретін” ғылым емес. Филологияның даралық сипатын оның қарастыратын нысаны ғана белгілемейді, сонымен бірге оның зерттеу тәсілдері мен жолдарының сан түрлілігі мен әмбебаптығы да анықтайды. Сұрақ. Түрлі елдердегі жағдайлар арқылы жалпы филология тарихына қатысты біраз мағлұматтардан хабардар болғандаймыз. Алайда қазақ филологиясының тарихына байланысты ешқандай мәлімет айтылмауының сыры неде? Әлде қазақ филологиясы “кеңестік дәуір жемісі” ме?.. Жауап. Филологияның өзі жеке ғылым болып XІX ғасырда ғана қалыптасқанын ескерсек, қазақ филологиясының ғылым ретінде шаңырақ көтерген уақытын кеңестік кезеңге телісек те, ғылыми филология көшінен кенже қала қоймас едік. Бұл жағдайда баршаның ойына ең әуелі Ахмет Байтұрсыновтың, Құдайберген Жұбановтың, Халел Досмұхамедұлының еңбектері оралуы да заңды. Алайда мәдениет те, ғылым да бір сәтте пайда бола қалмайтыны мәлім. Қазақ филологиясының түп-тамыры да әріден бастау алатыны анық. Әдебиеттің халықтық үлгілерінде кездесетін эстетикалық ойларды есептемегеннің өзінде, хатқа түскен, филологиялық сипаты айқын, тамыры қазақ топырағына тартатын еңбектер де баршылық. Нақты деректерге жүгінер болсақ, әлем тарихындағы ұлы философтардың бірі Әбу Насыр әлФарабидің (870 – 950 жылдар) бірыңғай әдебиет мәселелеріне арналған “Өлең ырғағы туралы”, “Ырғақ пен өлең туралы сөз”, “Поэзия өнерінің негіздері туралы трактат”, “Өлең кітабы” атты шығармалары филология ғылымының қазақ танымы үшін кеңес дәуірімен ілесе келген жаңа нәрсе болмағанын айғақтаса керек. Ол аз болса, әл-Фараби өзінің “Аристотель еңбектеріне түсіндірме” деген еңбегінде Аристотельдің әйгілі “Поэтикасына”, “Риторикасына”, “Софистикасына” талдау жасайды. Араб ғалымы Ибн Аби Усайбиа (1203 – 1270 ж.ж.) әл-Фарабидің “Өлең және ұйқас туралы сөз” деген еңбегі болғанын айтады.

Өзіміз жоғарыда әңгімелеп өткен европалық филология тарихында сөздіктер жасау ісі XVІ ғасырдың орта шенінен бастау алса, түркі тілдерінің алғашқы ғылыми грамматикасы болып табылатын Махмұд Қашғаридың әйгілі “Түркі сөздерінің жинағы” (”Диуани лұғат ит-түрк”) атты еңбегі XІ ғасырдың еншісінде. Сондай-ақ, Қашғаридың замандасы Жүсіп Баласағұнның “Құтты білік” (“Құтадғу біліг”), XІІІ – XІV ғасырларда жазылған “Қыпшақ тілінің сөздігі” (“Кодекс Куманикус”) аталатын еңбектерді қазақ филологиясының қасиетті іргетасы деуге болады. Бұл еңбектерде философия, жаратылыстану, тарих, логика, этнография, әлеуметтану, қоғамтану, музыка, этика, т.б. да көптеген салаларға қатысты мәселелердің филологиялық ойлармен қатар өрбіп отыруы – сол дәуірлердегі барлық ғылыми ізденістерге ортақ сипат. Сұрақ. Европалық ғылым дамуында да осы үлгідегі үрдіс болғаны филология тарихын сөз еткен тұста байқалып отырған. Ал енді қазіргі филологияның бітімін байқататын маңызды сипаттардың қатарына қандай мәселелерді қосамыз? Жауап. Зерттеу нысанына алынған қандай да бір құбылысқа келудің негізгі екі түрлі жолы болатыны ғылым тарихынан баршамызға жақсы таныс. Оның біріншісі – жаратылыста бар сан алуан деректерді, табиғатқа немесе адам қоғамына қатыстылығына қарай елеп-екшеместен, бір ғана заңдылыққа, бір ғана қағидаға тоғыстыруға бағытталатын жол. Мәселен, Милеттік ежелгі грек философы Фалес “дүниедегі бастапқы негіз – су” деп есептесе, Гераклит “бастапқы жаратынды – от” деп таныған. Әйгілі Дарвин ілімі бойынша, жаратылыстағы эволюциялық дамудың сыры табиғи сұрыптауға негізделеді. Осы үлгідегі ізденіс-зерттеулер филологияға да жат емес. Филология тарихына шола көз жүгірткеннің өзінде, бұл бағытты таңдаған ғалымдар қатарынан белгілі тұлғаларды көре аламыз. Швецариялық Соссюр, дат Ельмслев, неміс Бюлер, орыс Потебня мен Бодуэн де Куртенэ, т.б. есімдері бұл бағыттың филология тарихындағы орны осал болмағанын аңдатса керек. Сұрақ. Сонда бұл ғалымдар дүниедегі құбылыстардың, деректердің кей жағдайларда бір-біріне қайшы келетінін, тіпті бірін-бірі терістеп жататынын жоққа шығара ма? Жауап. Аталған ғалымдар бұл мәселеге көз жұмып қарады деуге болмайды. Себебі – ауасыз тіршілік болмайтыны сияқты, нақты дерек, мәліметтерсіз ғылым да жасалмайды. Бұл тұста мәселе ғылыми мақсатқа байланысты. Кейде жалпылық сипаты басым заңдылықтарды іздеу барысында жекелеген ғылыми деректерден алшақтатып әкететін ұшқыр қиял да қажет болатыны бар. Қаншалықты нақтылыққа негізделгенімен, ғылыми теорияның да солардан қанаттанып, соларға сүйеніп отыратын сәттері аз емес. Сұрақ. Қиял ұшқырлығы өнер иесіне ғана тән қасиет болмады ғой. Ғылымда, әсіресе, өнерге қатысты ғылымда нақтылық пен шығармашылық

қиял белгілі бір дәрежеде қанаттаса жүруі қажеттігін байқадық. Ал ғылыми ізденіске тән екінші жолдың ерекшелігі неде? Жауап. Екінші жол да сан алуан құбылыстарды бір жүйеге топтастыру мақсатын көздейді. Бұл жағынан олар бір-біріне өте ұқсас. Екінші жолдың басты ерекшелігі – деректерді мұқият жинап, олардың әрқайсысын егжейтегжейлей түсіндіріп, тәптіштей жүйелеуге бағытталуында. Бұл бағытты ұстанушылар түпкі нәтижеге жеделдете жетуді мұрат тұтпайды. Олар үшін басты мұрат нәтиженің бұлтартпас дәйектілігі. Филологтың еншісіне тиесілі “сөзге сүйіспеншілік” қасиеті аталмыш үлгідегі ғалымдардан айрықша байқалады. Әр сөзге, әр сөздің ішкі-сыртқы мәніне ілтипатпен қарайтын бұл бағыт өкілдерінің қатарында Даль, Срезневский, Щерба, Виноградов, Пешковский, Винокур сияқты танымал ғалымдар бар екенін ескерсек, оның филология тарихындағы өзіндік орнын дұрыс бағамдарымыз анық. Сұрақ. Сонда осы екі бағыттың қайсысын қолдаған дұрыс? Жауап. Ғылымға екеуі де қажет, екеуі де пайдалы. Себебі – олар әрқашан бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі дамытып, тіпті кей тұстарда бірімен-бірі тоғысып жатады. Ғылыми ізденіс барысында солардың қайсысы басымырақ тұруына байланысты бөліп қарастырғанмен, олардың ара-жігін ажыратып тұрған шекара жоқ. Тіпті аталған бағыттардың бірінің танымал өкілі саналатын ғалымның өзі ғылыми жұмыс үстінде өз пікірін дәлелдеу үшін оларды қажетінше пайдаланып отырады. Сұрақ. Қазіргі филологияда күрделі қайшылықтар, немесе өзара келіспеушіліктер бар ма? Бар болса, оның сыры неде? Жауап. Әрине, басқа ғылымдардағы сияқты, филологияда да қарамақайшы пікірлер тартысы, әдістемелік қиғаштықтар, жадағай еліктеушіліктер болып тұрады. Сондай-ақ, уақыты озған “дәстүрлік” көзқарасты ұстанушылар мен жаңашылдар, әр түрлі философиялық немесе саяси бағытты жақтаушылар, т.с.с. қатар кездесе беретіні де түсінікті болса керек. Сонымен бірге, басқа ғылымдар сияқты, филология да тарихи даму жолында өрлеу кезеңдерін де, тоқырау тұстарын да бастан өткеріп отырады. Біздің дәуірімізде филологияның әріден келе жатқан негізгі ұстанымдары қоғамдық-әлеуметтік өмірдегі және адамзат ақыл-ойының дамуына қатысты кейбір тенденциялармен едәуір күрделі де қарама-қайшылықты қатынастарға түскені анық. Енді осы тенденциялардың кейбіріне тоқталып көрелік. Біріншіден, барлық заманда да филология ісіне моральдық жағынан үлкен демеу беріп келген нақты бір мәтіндер тобындағы дәстүрлердің маңыздылығына шүбәсіз сенім орнына сыншыл көзқарас келді. Ондай мәтіндерден ең жоғары рухани мұратқа бағыт сілтейтін жол ізделіп, сол мақсатқа өмірін арнаудан тайынбаған кезеңдер болғаны да тарихтан таныс. Мәселен, христиан дінді оқымыстылар үшін – Библия, Көне өсиет пен Жаңа өсиет, Қайта өрлеу дәуірінің гуманистері мен винкельман-гете дәуірінің “неогуманистері” үшін – антикалық дүние мұралары аса қымбат мәтіндер

саналғаны белгілі. Ал қазіргі заман адамы өз тіршілігіне өткенді (қаншалықты құнды, қаншалықты көне болса да) өлшем ететіндей аңғалдыққа бармайтыны анық. Сонымен қатар ғылыми ой дамуы нәтижесінде филологияның өзі де сан жағынан да, көзқарас тұрғысынан да жаңарғаны мәлім. Қазіргі филологияда қайсыбір мәтіндерге айрықша маңыз беріп, бұрын дәстүрге айналған даралап қарастыру сияқты белгілер мүлде жоқ деуге болады. Бұрынғы филологияда “классикалық” және “библиялық” (немесе “қасиетті”) аталған екі бағыт қана жарыса дамыса, қазір жер бетінде қанша тілдік аймақ болса, сонша филологиялық бағыт та бар. Филологияның нысандық аясының кеңеюі бір ғана нақты мәтінге ерекше “бүйрек бұруға” мүмкіндік бермейді. Әрине, белгілі бір дәрежеде айрықша көңіл бөлуді қажетсінетін мәтіндер әлі де кездесетін тұстар бар. Мәселен, итальяндар үшін – Данте, немістер үшін – И.В.Гете, орыстар үшін – А.С.Пушкин, қазақтар үшін – Абай туындылары айрықша маңызды мәтіндер екені анық. Екіншіден, біздің дәуіріміздегі жаңа да қызғылықты мүмкіндіктер “макроқұрылымдық” және “микроқұрылымдық” зерттеулерге байланысты туындап жататынын білеміз. Яғни зерттеулердің бір саласы ғаламдық деңгейдегі жинақтауларға, екінші бірі, оған керісінше, мән-мағынаның ең кіші бөлшегін жекелей қарастыруға бағытталады. Алайда, мәтін тұтастығына, мәтін арқылы адами болмыс өлшемдерін пайымдауға бағыт ұстанатын филологияның дәстүрлі құрылымы, аталмыш үлгідегі тенденциялар қаншалықты қызғылықты болса да, қабылдай алмайды. Үшіншіден, қазіргі кезеңдегі гуманитарлық ғылымдарда пішін қуалаушылыққа бейім ізденістер де кездесіп қалады. Бұл үлгідегі ізденістер мәтінді талдау кезінде субьективтілік пен жөнсіз еркінсуге тосқауыл қою мақсатын көздейтінін де түсінуге болады. Әйтсе де, зерттеу жүргізу кезінде қолданылатын әдіс-тәсілдерге қаншалықты қатаң талап қойылғанымен, филологияның дәстүрлі құрылымында сол әрекеттерге қайшы келетін әлдебір шетін жәйттердің қай кезеңде де сақталып қала беретіні және бар. Бұл тұста біздің “шетін жәйттер” деп отырғанымыз – салқынқанды ғылымилыққа жат саналатын пішіндер мен құралдарға, басқаша айтқанда, күнделікті тұрмыста ұдайы ұшырасып жататын халықтық даналық, айқын ой, ұшқыр қиял, адами білім, түйсік пен іштей сезіну жайына қатысты мәселелер. Адам баласына тән мұндай қасиеттер қосылмайынша, филология сөз өнерінің мән-маңызын, өзіндік ерекшелігін таза ғылыми құралдар арқылы ғана толық танып-біле алмас еді. Демек, филология мәселелері ғылыми тұрғыдан зерттеліп қана қоймай, эмоциялық тұрғыдан да елеп-екшеуден өтуі қажет. Математикалық дәлдікке негізделген әдістер филологияның кейбір жеке салаларына қатысты қолданғанда ғана тиімді болуы мүмкін. Себебі – филолог үшін өзінің субьективті пікірін күштеп таңуға жол бермеу қажеттігі қандай маңызды болса, дәлдікке негізделген әдіс-тәсілдер шеңберінде тұйықталу салдарынан логикалық жүйеліліктен ауытқуға жол

бермеу қажеттігі де соншалықты маңызды. Филологиядағы айрықша “дәлдік” ғылыми таныммен қоса, көркемдік танымды да қажетті жағдайда қажетті мөлшерде пайдалана білуден келіп шығады. Қысқасы, филологияның танымдық қызметі адамзатқа ортақ міндеттердің бірін шешуге, яғни бір адамның екінші адамды (немесе мәдениетті, дәуірді) танып-білуіне жәрдемдесуге бағытталады. Алайда оның адамды (мәдениетті, дәуірді) “дәл есептеп шығарылған” нәрсеге, немесе өз қиялының жемісіне айналдыруға ешқандай да хақы жоқ.

Екінші әңгіме
немесе
Лингвистика және әдебиет

Сұрақ. “Филологияның негізгі тірегі – мәтін, филологтың пікіртұжырымы мәтінге негізделуі шарт” дедік. “Мәтін –адам ойының ескерткіші, мәдениет жәдігері” деген пікір айтылды. Демек, біздің қайтақайта ауызға алып отырған “мәтініміздің” әдеттегі түсінігімізде қалыптасып үлгерген “қаламгер шығармасының мәтіні” деген мағынадан сәл де болса айырмашылығы бар болғаны ма? Жауап. Олардың арасында айырмашылық бар. Біз “мәтінді” тек көркем шығармаға ғана қатысты алып отырған жоқпыз. Бұл тұстағы “мәтін” ұғымын арғы-бергі “жазба ескерткіштердің тілдік мазмұны” мәнінде қабылдаған ләзім. Сұрақ. Сөз күнделікті қарым-қатынаста да ұдайы қолданыста болады. Соған орай “Адам ойының сыртқы көрінісі – сөз. Сөз – тілдік бірлік. Тіл – адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы” деген де түсінік бар. Сонда мәтін құрамынан тыс қалған сөздердің жайы қалай болмақ? Жауап. Бұл сұрақ сөзді зерттеу нысанасы еткен түрлі ғылымдар жайында қысқаша болса да, әңгіме етуге жетелейді. Себебі – тілді қарастыратын ғылым салалары аз емес. Олардың бір-бірінен айырмашылығы тілді зерттеудегі мақсатына байланысты. Мәселен, логика тілді ойлау формаларының логикалық жүйесіне қатысты, психология тілді адам психикасының қалыптасуы мен қызметіндегі орнына қатысты қарастырса, семиотика үшін тіл – қандай да бір белгілер жүйесі болып табылады. Бұл орайда тілді әдеби шығармашылық материалы және әдеби мәтінді көркемдеуші құралдар жүйесі ретінде қарастыратын әдебиеттану мен тілді қарым-қатынас құралы ретінде зерттейтін лингвистика жайына арнайы тоқталып өту артық болмасы анық. Сұрақ. Олай болса, лингвистикадан бастаған дұрыс болар. Жауап. “Лингвистика (тіл білімі) – тілді қарым-қатынас құралы ретінде зерттейтін ғылым” дедік. Қазіргі таңда жеке ғылым саласы болып табылатын тіл білімі де адамзат ойының даму тарихына байланысты түрлі кезеңдерді бастан өткере отырып, біртіндеп жетілгені, қалыптасқаны түсінікті. Сондай-

ақ әр елде түрлі дәуірлерде тіл ғылымының айрықша өрлеу, немесе тоқырау сәттерінің болып тұруы да – заңды құбылыс. Тіл білімінің біздің дәуіріміздегі бейнесі қалай қалыптасқанын аңғару үшін оның тарихи жолына жалпылама түрде болса да, көз жүгіртіп өткен жөн болар. Сұрақ. Шынында да “қандай да бір құбылыс ғайыптан пайда болмайды, сол сияқты пайда болған құбылыс ғайып болып кетпейді” деген пәлсапалық тұжырым бар ғой. Бүгінгіні тану үшін оның өткенінен хабардар болудың артықшылығы бола қоймас… Жауап. Тіл ғылымының тарихы б.д.д. І ғасырдың соңы мен біздің дәуіріміздің І ғасырының алғашқы ширегінен басталады деуге болады. Өйткені бұл кезеңдегі адамзат қоғамы тілдік деректерді дұрыс ұғынып, жүйелеуді қажет еткен еді. Бұл талаптардың алдыңғы қатарында бөтен тілді немесе ана тілінде кездесетін түрлі варианттарды меңгеру қажеттілігі тұрды. Мәселен, ежелгі Үнді елінде қасиетті веда мәтіндерін танып-білуге ұмтылыс басталды. Себебі – ежелгі үнді тілінің, яғни санскрит дамуының көне кезеңін және қолданыстағы тіл – пракриттің түп негізін веда мәтіндері арқылы айқындауға болатын еді. Осыған ұқсас үрдіс ежелгі Қытайда басқа тілдегі буддалық мәтіндерді аудару және зерттеп-білу сипатында көрінді. Араб елдеріндегі тіл біліміне деген қажеттілік араб тіліндегі диалектілік бытыраңқылықтың ауқымдылығынан туындады. Сонымен бірге барша мұсылман елдерінде Құранды танып-білу және түсіндіру үшін VІІ ғасырдағы классикалық араб тілін жете меңгеру қажет болды. Көне өсиет пен Талмудқа қатысты да осыны айтуға болады. Өйткені бұл кітаптар жазылған ежелгі еврей тілі әуелінде арамей, одан кейін идиш (герман) және сефард (роман) тілдеріне орын беріп, жаңаша жыл санау басталған тұста еврейлер үшін қолданыстан мүлдем шығып қалған болатын. Тіл ғылымы дамуындағы бұл кезеңді прагматикалық кезең деуге болар еді. Сұрақ. “Прагматикалық кезең” дегенді қалай түсінген жөн? Жауап. Прагматизм (грек тілінде “pragma” – “іс, әрекет” деген сөз) – философиялық ұғым. Қысқа қайырсақ, прагматизм – қазіргі философияда кеңінен таралған субьективті-идеалистік ағым. Прагматизм философиясының негізіне “прагматизм ұстанымы” алынады. Бұл ұстаным бойынша, танымбілімнің маңыздылығы оның іс жүзіндегі нәтижесіне байланысты. Ал прагматизм философиясы жайында толығырақ білгің келсе, осы ағымның негізін салушылар болып табылатын Чарлз Сандерс Пирс (1839 – 1914 ж.ж.), Уильям Джемс (1842 – 1910 ж.ж.) еңбектерімен танысқаның жөн. Тіл ғылымының дамуындағы аталмыш кезеңді “прагматикалық кезең” дегенде, негізінен, бұл тұстағы тіл ғылымына тән ізденістердің өмірлік қажеттіліктерге тікелей қатысты болғандығы ескеріліп отыр. Оның кейбір мысалдарын әлгінде айтып өттік. Сұрақ. Олай болса, әңгімеміздің желісіне қайта оралайық. Жауап. Шығыстағы лингвистикалық зерттеулермен қатарласа, ежелгі Грекияда да тіл ғылымының ілкі ізденістері пайда болды. Грек жеріндегі ізденістердің де өзіндік ерекшеліктері бар. Себебі – олар тілді екі тұрғыдан,

яғни, біріншіден, риторика жүйесіне, екіншіден, философия жүйесіне қатысты қарастырды. Алайда антикалық дәуірде жеке-дара тіл ғылымы болмағанын айта кеткен орынды. Бұған қарап, антикалық ғылымның мәнін жоққа шығаруға болмайды. Өйткені XІX – XX ғасырларда жалпы қолданысқа енген сөйлеу бөліктері (часть речи), дыбыс, буын, грамматика, стиль (тілдік), т.с.с. ұғымдар І – ІV ғасырлардағы грек және рим оқымыстыларының, әсіресе, Александриялық филология мектебі өкілдерінің үлесінде. Сондай-ақ европадағы Қайта өрлеудің соңына дейінгі (XVІ ғ.) орта ғасырларда, кейінірек ренессанс ғылымында тілді философиялық-логикалық тұрғыдан қарастырудың үстем болуы тіл ғылымы дамуындағы философиялық кезеңнің басты белгісі ретінде танылса керек. Тіл ғылымы тарихында да Қайта өрлеу дәуірі маңызды орын алады. Бұл дәуірде тілдерді зерттеу ісіне, әсіресе, грек тіліне және латын тілінің “алтын, күміс кезеңдеріне” айрықша құштарлық анық байқалды. Тіл ғылымының кеңінен өрістеуіне Европадағы ірі мемлекеттерде халықтық және әдеби тіл ара қатынасының саралана бастауы, халықаралық байланыстардың ұлғаюы орасан ықпал етті. Географиялық ұлы жаңалықтар да Африка, Америка, Азияның оңтүстік-шығысы мен шығысы, Австралия мен Океанияны мекен еткен тұрғылықты халықтардың тілдерін зерттеу қажеттігін ала келді. Алайда тіл ғылымында бұл кезеңде де философиялық-логикалық көзқарас өзінің маңызды орнын бере қоймады. Бұл дегеніміз тілдің әмбебап логикалық құрылымын ежелгі грек және латын тілдерінің заңдылықтарына бейімдеу екені де, ал сол заңдылықтардың ыңғайына келмейтін жағдайда қолданыстағы тілдік құбылыстарға тән маңызды ерекшеліктердің өзін елемеуге әкеп соқтырған тұстары болғаны да сөзсіз. Европалық тіл ғылымының дамуындағы XVІ ғасыр мен XVІІІ ғасырдың бастапқы тұсын қамтитын келесі бір кезеңді “дескриптивтік кезең” деп атаған жөн. Сұрақ. “Кезеңнің” анықтауышын қалай түсінуге болады? Жауап. “Кезеңге” анықтауыш болып тұрған “дескриптивтік” деген сөз – лингвистикалық терминдердің бірі. Мағынасы “тілдің синхрондық жағдайын дистрибутивтік әдіспен жазу” дегенді білдіреді. Сұрақ. Соншалықты түсінікті анықтама емес екен… Жауап. Олай болса, анықтаманы нақтылай түсейік. Бұл – латынның “descrіptіo”, яғни “сипаттау, суреттеу” деген сөзінен шыққан термин. Дескрипция – тура мағынасында, жеке затты жалпы ұғым-қағидалар арқылы сипаттауды білдіретін тілдіклогикалық тіркес. Ал тіл ғылымы тарихындағы XVІ ғасыр мен XVІІІ ғасырдың бастапқы тұсын “дескриптивтік кезең” деп атауға мүмкіндік беріп отырған жағдай сол тұста жеке тілдің өзіндік ерекшеліктерін елеп-екшеместен, міндетті түрде ежелгі грек және латын тілдерінің заңдылықтары шеңберінде ғана қарастыруға айрықша ынта қоюшылықтан келіп шығады. Яғни, бұл жерде қандай да бір жеке тілді – жеке зат, ал ежелгі грек және латын тілдерін – жалпыға міндетті ұғымқағидалар орнында түсінуге болады.

Сұрақ. Сонда бұл кезеңнің келбеті ежелгі грек және латын тілдеріне деген ерекше ілтипатпен ғана айқындала ма? Жауап. Тұтастай бір кезеңге бір ғана қырынан баға беру қай кезде де жаңсақтыққа соқтырмақ. Ал тұтастай адамзат өнерінің өркендеуіне серпін берген Қайта өрлеу дәуіріне бір жақты қарау өрескел қателіктерге ұрындырары анық. Аталған кезеңде (XVІ ғ.–XVІІІ ғ.б.) басқаша құрылымдағы тілдерді танып-білуге құштарлық арта түсті де, соған сәйкес тілдік материалдарды жинау тенденциясы белең алды. Бұл кезеңге көптілдік сөздіктер жасау мен белгілі жүйеге (логикалық негізде болса да) түскен алғашқы сипаттама грамматикалардың пайда болуы тән. Олардың қатарында әйгілі Пор-Рояль грамматикасы, сондай-ақ, Эрвас-и-Пандуро, Ю.Ц.Скалигер, ресейлік Паллас жасаған сөздіктер бар екенін ескермей өтуге болмайды. XVІІІ ғасырдың соңы мен XІX ғасырдың бас кезіндегі тіл білімінде салыстырмалы-тарихи әдіс жетекші мән иеленіп, лингвистикада бірінші рет тарихилық ұстанымы қолданыла бастады. Нәтижесінде тілдер туыстығы жайында ой-пікірлер қозғалып, туыстас тілдердің бұрынғы бейнесін (ортақ тіл, негіз-тіл немесе ата тіл) қалпына келтірудің әдістемесі жасалды. Салыстырмалы-тарихилық идеясы алғаш Ф.Бопп, Р.Раск, Я.Гримм, А.Х.Востоков, Ф.Шлегель еңбектерінде негізделді. Салыстырмалы-тарихилық теорияның алғашқы нысанасы (обьект) болып үнді-европалық тілдер алынды. Мәселен, Раск пен Гримм герман тілдерін, Востоков славян тілдерін, т.с.с. қарастырды. XІX ғасырдың ортасы мен соңына қарай герман, роман, славян сияқты жекелеген тілдік топтардың салыстырмалы-тарихи грамматикалары жасалды. А.Шлейхер, К.Бругман, Б.Дельбрюк, А.Мейе, т.б. үнді-европа тілдерін тұтас алып зерттесе, бұл тілдер тобына жатпайтын жекелеген тілдер де (мысалы, семит тілі) ғылыми назардан қағыс қалған жоқ. Сұрақ. Айтылып өткен кезеңдер төңірегінде осы тұста аз-кем аялдап, ой бөлісер болсақ, өз басым төмендегідей жайларды байқап отырмын: Біріншіден, лингвистика да әу баста жаратылысты танып-білуге ұмтылған басқа ғылым салаларымен тығыз тұтастықта дүниеге келіп, қоянқолтық дамыған. Адамзат танымының аясы кеңейген сайын, оның да зерттеу нысанасы біртіндеп нақтылана түскен. Яғни жалпылықтан нақтылыққа бет бұрыс байқалады. Лингвистиканың даму жолын жоғарыдағы үлгіде белгілеу оның адамзат танымының балаң кезіндегі орнын жоққа шығару болмаса керек. Өйткені ол тұста қазіргі таңдағы жеке-жеке ғылым салаларының бәрі бүтінді құрайтын түрлі бөлшектер болған тәрізді. Тіл ғылымы да дүние танушы ортақ ғылым құрамында жаратылыс жұмбағын танып-білуге қызмет еткен. XVІ ғасырға дейінгі тіл ғылымында философиялық-логикалық көзқарастың үстем болу сырын осы мәнде түсіну жөн. Сондықтан жаратылысты тануға қызмет ететін ғылымдардың бірін алғашқы, енді бірін кейінгі деп айдар тағу мүлде орынсыз алалау болып шығары анық.

Екіншіден, тіл ғылымының дамуындағы XVІ ғасыр мен XVІІІ ғасырдың бастапқы тұсын қамтитын “дескриптивтік кезең” мен XVІІІ ғасырдың соңы мен XІX ғасырдың бас кезінде айрықша байқалған салыстырмалытарихилық кезеңнің пайда болуында да адамзат танымының дамуына қатысты заңдылықтар жатқанын байқау қиын емес. Жауап. Тіл ғылымының нысаны (предмет) мен нысанасының нақтылануы XІX ғасырдың 20 – 40 жылдарымен орайлас келеді. Осы жылдары тілді зерттеудегі логикалық бағытпен күрес үстінде жаңа әдіс пайда болды. Бұл әдіс бойынша, тіл құрылымына және оның нақты бір тілдердегі өзіндік ерекшеліктеріне баса назар аударылып, тіл ғылымының нысаны ретіндегі тілдің өзін анықтап алу міндеті алға қойылды. Тілді бұрынғы үлгіде, яғни мызғымас жүйе ретінде емес, ұдайы өзгеру үстінде болатын үрдіс (процесс) ретінде зерттеуге ұмтылыс бел алды. Тіл ғылымы дамуында құрылымдық-өзгермелі (структурнодинамический) кезең болып танылатын бұл кезеңнің бастаушысы немістің философ, лингвист ғалымы В.Гумбольдт болды. Гумбольдт бағытына жақын идеяларды Х.Штейнталь, А.А.Потебня да дамытты. Қысқасы, XІX ғасырдың ортасына қарай европалық тіл ғылымы өз бойына кейіннен кең қанат жайған төрт түрлі тармақты тоғыстырды. Біріншіден, логикалық бағытқа тән кейбір идеяларды жалғастырды; екіншіден, типологиялық жағынан өрістес нақты тілдерді сипаттамалық талдаудың жаңа тұрпаттағы әдістемесін белгіледі; үшіншіден, тарихилық дәстүрін жалғастырды; төртіншіден, тарихта тұңғыш рет тіл теориясын немесе жалпы тіл білімін жасады. Сол себепті де өзіндік нысаны мен нысанасы, әдістемесі мен әдіснамасы бар жеке ғылым ретінде тіл ғылымы осы кезеңде пайда болды дей аламыз. Ал зерттеу әдіснамасының нақтылануы тіл ғылымының кейінгі даму жолын да айқындағаны сөзсіз. XІX ғасырдың 70-жылдары құрамында Г.Остхоф, К.Бругман, Г.Пауль, т.б. танымал лингвистер болған Лейпциг мектебінде, Ресейде Қазан мектебі мен сәл кейінірек Ф.Ф.Фортунатовтың Мәскеу мектебінде “младограмматизм” аталатын бағыт, ал ғасыр соңына қарай Францияда, Ресейде, Польшада младограмматизм аясында лингвистикалық социологизм идеялары көріне бастады. Аталмыш идеяны негіздеушілер И.А.Бодуэн де Куртенэ, К.Аппель, А.Мейелер болды, олардың қатарында тіл ғылымындағы ареалдық бағыттың негізін салған Г.Шухардт есімін де атауға болады. Сұрақ. Бұл бағыттардың бір-бірінен айырмашылығы жайында азынаулақ түсінік артық болмас еді… Жауап. Младограмматизм идеясы тілді тарихи даму барысында бірінбірі алмастырып отыратын және сөйлеушілердің санасында ғана жинақталатын жеке үрдіс ретінде тануға негізделді. Ал лингвистикалық социологизм түсіндіруінде, тіл – қоғамдық құбылыс ретінде; соған сәйкес, сөйлеушінің тілдік қабілеті – тілдің қоғамдағы орнына қарай өзіндік қолданыс даралығы ретінде бағаланды. Қысқасы, бұл идеялар тіл мен

сөйлеудің ара қатынасына көбірек зейін аударды. Бұл идеялардың тіл жүйелілігіне байланысты жаңаша ізденістерге жол ашқаны да, сонымен қатар XX ғасырдың алғашқы жылдарында тіл мен сөйлеуге қатысты қайшылықты пікірлерге негіз болғаны да белгілі. Сұрақ. Қайшылықты пікірлермен басталған XX ғасырда лингвистика жайы қалай болды? Жауап. XX ғасырдың 20-жылдарынан бастап бұған дейін өзекті болып келген тілдің болмыс-бітіміне үңілу мәселелері Копенгаген мектебі (Л.Ельмслев), дескриптивтік лингвистиканы қолдаған американың Йель мектебі (З.Харрис), т.с.с. зерттеулерінде кеңінен тараған структурализмге байланысты тілді зерттеудің әдістемесі мен әдіснамасына қатысты мәселелерге ұласты. Әрине, бұған қарап, барлық бағыттар мен мектептерде тілдік онтология (тілдің болмысын тану) мәселесі назардан қағыс қалды деуге болмайды. Мәселен, XX ғасырдың алғашқы жартысында тіл ғылымындағы аса қуатты бағыт Бодуэн де Куртенэ идеясын дамытқан Прага мектебі болып табылады. Аталмыш мектеп өкілдері тіл ғылымындағы функциональдық теорияны қалыптастырды. Прага мектебі идеяларына үндес ойлар 20 – 30-жылдардағы Л.В.Щерба, Л.П.Якубинский еңбектерінде де айтылды. Дәл осы кезеңде, тіл ғылымындағы структуралистік және функциональдық бағыттар шеңберінде, тілді тіл ғылымының нысаны ретінде зерттеудің әдіснамасына байланысты маркстік-лениндік бағытты жақтаушылар мен позитивизм, неопозитивизм бағытын қолдаушылар арасында тартыс айрықша күшейді. Сұрақ. Қалай болғанда да, тартыстың түпкі мәні тілді мейлінше тереңірек танып-білуге негізделген ғой. Олай болса, кейінгі кезеңдегі тіл ғылымының жалпы сипаты қандай? Жауап. Тіл ғылымының нысанасы адамның сөйлеу әрекеті, тілдік қарым-қатынас үрдістері болып табылады. Тілді нысана еткен басқа да ғылымдардан тіл ғылымының айырмашылығы алуан кезеңдердегі түрлі мектептер тәжірибелерін елеп-екшеу нәтижесінде айқындалған өзіндік нысанына байланысты. Яғни тіл ғылымының нысаны – қолданыстағы тіл, сонымен бірге, тілдің адамзат қарым-қатынасының аса маңызды құралы ретіндегі әлеуметтік қызметі. Тілдердің түрлік сипаттамаларымен қоса, тілдің адамдар қарым-қатынасы кезіндегі және жинақтаушылық (обобщения при помощи языка) мәндегі қызметтері де ұдайы назарда болатыны сондықтан. Бұл тұрғыда қазіргі тіл ғылымындағы негізгі екі бағыт анық көрінеді. Оның біріншісі – семантика (семасиология), екіншісі – функциональдық синтаксис. Қазіргі таңдағы тіл ғылымының өзі бірнеше салаларды қамтитын арналы ғылым болып отыр. Тілге қатысты мәселелерді алуан қырынан қарастыратын мәтін лингвистикасы, семантикалық синтаксис, функциональдық стилистика, әлеуметтік лингвистика, психолингвистика, этнолингвистика, сондай-ақ, семантика, лексикология, морфология, пішіншіл-құрылымдық синтаксис, сөзжасам, фонетика сияқты салалардың әрқайсысы тілдік

құбылыстардың мәніне тереңдей бойлау арқылы тілтану ғылымының маңызын арттыра түскені анық. Аталған салалар тілдің құрылымы мен қызметіне қатысты ортақ заңдылықтарды жеке тілге немесе тілдер тобына, сонымен бірге жалпы тілге қатысты да қарастыратынын айта кеткен дұрыс болар. Өйткені қазіргі тіл ғылымында нақты тілдердің құрылымын, өмір сүру жолдары мен дамуын қарастыратын салалар да қанаттаса өрістеуде. Олардың қатарында тілдік құрылымдардың варианттылығын зерттейтін типология; тілдің аймақтық нұсқаларын қарастыратын диалектология, лингвистикалық география, ареальдық лингвистика; жекелеген тілдердің тарихи өзгеру үрдісі мен тілдердің даму үрдісін қарастыратын тіл тарихы мен салыстырмалы-тарихи тіл білімі; әдеби тіл теориясы мен әдеби тіл тарихы сияқты тілтану салалары бар. Әрине, бұл айтылғандардың бәрі тіл ғылымының құрылымына қатысты әңгімелер. Сұрақ. Олай болса, тіл ғылымына байланысты тағы не айтуға болады? Жауап. Мәселен, тіл ғылымының қолданбалылық сипаты туралы сөз ету де артық болмас еді. Сұрақ. Онда осы мәселе төңірегінде бірер сөз… Жауап. Басқа да көптеген ғылымдар сияқты, тіл ғылымы да нақты материалды (яғни әр түрлі тілдерді) танып-білу, соның негізінде теориялық тұжырымдар жасау, сол теориялық қағидаларды іс жүзінде қолдану барысындағы өзара байланыстар нәтижесінде дамып отырады. Тіл ғылымындағы мұндай байланыстар шет тілдерін үйрену және сөздіктер жасау ісінде (лексикография) неғұрлым айқын байқалады. XX ғасырда қолданбалы тіл білімінде аударма теориясы, тілдік құрылым теориясы, нейролингвистика, т.с.с. теорияны іс жүзінде қолдану мәселелеріне қатысты жаңа ізденістер пайда болды. Бұл жаңалықтардың пайдалы жақтарымен қатар, теориялық тіл ғылымына кері әсері бар екенін де жоққа шығаруға болмайды. Сұрақ. Әңгіме арнасын тіл ғылымы мен әдебиет арасындағы қарымқатынасқа қарай бағыттайық. Жауап. Тіл ғылымы мен әдебиетті жақындастыратын – сөз. Сөз – әдебиет үшін құрал, тіл ғылымы үшін нысан. Сонымен қатар тіл ғылымы үшін әдебиет – зерттеу нысанасы. Осы орайда тіл ғылымы мен әдебиеттің қарым-қатынасы қалай дамығанына зер салып көрелік. Антикалық дәуірдегі тіл ғылымына тән мәселелер риторика, поэтика, стилистика мәселелерімен бірге қарастырылды. Оның себебін алғашқы әңгімемізде айтып өткенбіз. Қайта өрлеу дәуірінен бастап қана тілді әдеби материал ретінде зерттеу ісі қолға алынып, тіл ғылымының құрамында әдеби тілдер теориясы даралана бастады. Дегенмен XX ғасырдың бас кезінде ғана тіл атқаратын қызмет аясының сан-салалылығы жайындағы түсінік тиянақталып, поэтикалық тілді жалпы тілге тән қызметтердің бір түрі ретінде қарастыру жолға қойылды. Алғашында В.Б.Шкловский, Л.П.Якубинский, т.б. орыс пішіншілдерінің еңбектеріндегі “практикалық тіл” мен “поэтикалық тілді” бір-біріне қарсы қою үлгісінде көрінген бұл түсінік

кейіннен, әсіресе, Прага мектебінің өкілдерінің зерттеулерінде көрініс тапқан тілдің “поэтикалық қызметі” және поэтикалық сөйлеу идеясын дүниеге әкелді. Соның салдарынан кейбір кейінгі буын зерттеушілердің поэтика мен лингвистиканы теңестіруге ұмтылған тұстары да бар. Олардың қателігі – көркем мәтін құрылымының өзіндік заңдылықтары болып табылатын поэтиканы таза лингвистикалық тұрғыдан түсіндірмек болуында. Француз структурализмі (белгілі өкілдері – Ц.Тодоров, Ю.Кристева, т.б.) қолданған поэзиялық және прозалық мәтіндерді зерттеу әдістері лингвистикалық структурализммен де, неофрейдизм философиясымен (өкілдері – Ж.Лакан, т.б.) де ұштасып жатты. Аталған француз структурализміне семиотика мен мәдениет теориясының (өкілдері – К.Леви-Строс, т.б.) ықпалы да аз болмады. XІX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезіндегі түрлі бағыттарда тіл – шығармашылықты (немесе көркемдікті) тасымалдаушы, сөз – өңін өзгерткен көркем образ ретінде түсіндірілді. Бұл бағыттың жақтаушылары қатарында А.А.Потебня бастаған Харьков мектебінің өкілдері мен Б.Кроче, К.Фосслер, т.с.с. лингвистикалық идеализм өкілдері болды. Кеңестік тіл ғылымында көркем мәтін стилистикасы жан-жақты зерттеу нысанына айналды. Бұл саладағы аса іргелі зерттеулер – В.В.Виноградов еншісінде. Сондай-ақ, поэтикалық сөзді семантикалық тұрғыдан (лингвистикалық талдау) талдауға негізделген еңбектер де өзінше бір бағыт құрайды. Соңғы жылдары әлемдік тіл ғылымында көркем аударманың лингвистикалық теориясы төңірегінде ізденістер дүниеге келіп, кеңінен өркендеуде. Сонымен сабақтаса түрлі халықтардың мәдени ерекшеліктерінің тілдегі көрінісін танып-білуге және сол тілді өзге халық өкілдеріне үйретуге бағыт ұстанған лингво-елтану (лингвострановедение) аталатын мүлде жаңа ғылым саласы пайда болып отыр. Ал қандай да бір тілді үйрету міндеттерінің практикалық стилистика саласына да қатысы бар. Сонымен бірге практикалық стилистика редакциялау теориясы мен практикасы, журналистика мәселелерімен де шұғылданады.

Үшінші әңгіме
немесе
Әдебиеттану және Поэтика

Сұрақ. Сөзді зерттеу арқылы адам әлемін танып-білуге бағытталатын филология ғылымының бір саласы – тіл ғылымы жайында әңгімеледік. Енді осы тіл ғылымынан әдебиеттанудың өзіндік ерекшеліктері қандай? Жауап. Лингвистика туралы сөз қозғаған жоғарыдағы әңгімемізде әдебиеттанудың басқа ғылымдардан айырмашылығы жайында қысқаша ғана айтып өткен едік. Өйткені ол тұста тіл ғылымына қатысты жайларға көбірек

көңіл бөлгенді құп санағандықтан, әдебиеттану мәселесін сәл кейінге қалдыра тұрғанды жөн көрген болатынбыз. Әңгімені анықтамадан бастасақ, әдебиеттану – көркем әдебиетті, көркем әдебиеттің түп-төркінін, мән-маңызы мен даму үрдісін зерттейтін ғылым. Қазіргі таңдағы әдебиеттану ұдайы өзгеру, даму, жетілу үстіндегі әр түрлі пәндер жүйесінен тұрады. Әдебиетті алуан қырынан талдап, зерттеуге негізделетін аталмыш пәндер жүйесінде әдебиет теориясы, әдебиет тарихы және әдебиет сыны маңызды орынға ие. Сұрақ. Әдебиеттану ғылымының құрамындағы аталмыш үш саланың үшеуі де көркем әдебиетті қарастырады екен. Бір ғана әдебиетті танып-білу үшін осы саланың бәрінің бірдей қажеті бар ма? Өйткені, әдеби туындының жақсы немесе нашар екенін оқырманның өзі-ақ танып алмай ма? Әлде, әдебиеттану ғылымы әдебиетшілер мен ақын-жазушыларға керек пе? Жауап. Көркем әдебиет – өнердің негізгі түрлерінің бірі. Әдеби туындыны оқи отырып, оқырман шынайы адам өмірінің ең абзал мұраттарымен қауышады. Н.Г.Чернышевскийдің өнер мен әдебиетті “өмір оқулығы” деп атауы да сондықтан. Ал әдебиетті рухани игілікке ұластыру – оңай шешіле салатын іс емес. Ол үшін шығарманы ләзззаттана оқып шығу аз, сонымен қатар сол шығарманың мәнін талдай түсініп, мейлінше терең игеру керек. Сонда ғана адам бойында көркемдікті тану қабілеті ашыла түспек, сонда ғана адамның көркемдік талғамы жоғарылай бермек. Бұл мақсатқа жету үшін көркем шығарманың өзін ғана оқып-білу аз, сонымен бірге өнер мен әдебиет жайлы ғылыммен тиянақты таныс болу қажет, әсіресе, ең маңызды теориялық түсініктерді жетік меңгерген жөн. Сұрақ. Бұл тұста аталмыш салалардың еншісіне тиесілі үлес қандай? Жауап. Әдебиет теориясы – әдеби шығармашылықтың табиғаты мен қоғамдық міндетін зерттейтін және оны талдаудың әдіснамасы мен әдістемесін айқындайтын әдебиеттану саласы. Әдебиет теориясы қарастыратын мәселелерді негізгі үш циклға жүйелеуге болады: 1. қаламгердің ақиқат болмысты образды бейнелеу ерекшеліктері; 2. әдеби-көркем шығарманың құрылымы; 3. әдеби үрдіс. Бірінші циклде образдылық, көркемдік, эстетикалық идеал, дүниетаным мен әдіс, жалпы әдеби шығармашылыққа байланысты негізгі ұстанымдар туралы ұғым-түсініктер қарастырылады. Екінші циклде көркем шығармаға қатысты идея, тақырып, көркем бейне (қаһарман), сюжет, композиция, стилистика мен өлең құрылысы төңірегіндегі ұғым-түсініктер сарапталады. Үшінші цикл стиль мен әдіс, әдеби тектер, түрлер, жанрлар, әдеби ағымдар мен бағыттар, жалпы әдеби үрдіс мәселелерін қозғайды. Негізгі мақсаты әдебиеттің даму заңдылықтарын, әдеби шығармаларға, әдеби үрдіске ортақ сипаттарды айқындау болып табылатын әдебиет

теориясы әдебиеттің қоғамдық өмірмен байланысын ашатын идеялық, танымдық, ұлттық және жалпыадамзаттық сипаттарына, көркем шығарманың құрылыс-бітімі, мазмұны мен түрі, тіл ерекшеліктері, көркемдік әдістер, жанрлар сияқты мәселелерге баса назар аударады. Сонымен бірге көркем әдебиеттің ерекшеліктерін талдап таныту арқылы оны зерттеудің тәсілдерін, негізгі ұстанымдарын да айқындайды. Әдебиет теориясына қатысты әңгімемізді алда тағы да жалғастыруға мүмкіндік бола жатар. Бұл тұста негізгі сұрағымыздың ауқымында ғана шектеле тұрайық. Сұрақ. Олай болса, бағытымызды әдебиеттанудың басты салаларының бірі – әдебиет тарихына қарай бұрған жөн шығар. Жауап. Әдебиет тарихы – әдебиеттану ғылымындағы көркем сөз өнерінің даму жолын әлемдік немесе белгілі бір халықтық деңгейдегі идеялық бағыт-бағдарларды, әдеби ағым-бағыттарды және олардың көркемдік ерекшеліктерін қоғамдық-әлеуметтік, экономикалық-саяси құрылысымен тығыз байланыста танып-білуге бағытталған басты салалардың бірі. Әдебиет тарихы әдеби даму үрдісін қарастыру арқылы әр алуан әдеби құбылыстардың әдебиет дамуындағы мән-маңызы мен орнын айқындайды. Сұрақ. Анықтаманы нақтылай түссек қалай болар еді? Жауап. Қандай да бір көркем шығарманы, немесе қаламгер шығармашылығын әдеби дамудың тұтас үрдісінен, яки шығарма жазылған немесе қаламгер өмір сүрген уақыттан тысқары танып-білу мүлде мүмкін емес. Өйткені, күнделікті өмірдегі сияқты, әдеби тірлікте де ұдайы өзгерістер болып жатады. Бұл өзгерістердің ауқымы да, даму қарқыны да әр қилы болатыны түсінікті. Соған орай әдебиет тарихшыларының ғылыми зерттеушілік әдіс-тәсілдері де сан түрлі болуы заңды. Оның мәнісін неғұрлым айқынырақ бағамдау үшін, әдебиет тарихындағы ең қарапайым құбылыстарды танып-білуден бастап, күрделі мәселелерді жан-жақты зерттеу барысында шешуге тура келетін кейбір сәттерге тоқталып көрелік. Сұрақ. “Ең қарапайым құбылыс – жеке шығарма да, күрделі құбылыс – әлемдік әдебиет” деп түсінсек, қателеспейміз бе? Жауап. Шындығы да солай. Шынайы көркем туынды қашанда құбылыс болып табылатыны ақиқат. Мәселеге осы тұрғыдан келсек, әрбір шығарманың шығармашылық тарихы болатыны, шығармашылық ниеттен шығармашылық дүниеге айналу барысында белгілі бір сатылардан өтетіні аян. Қолжазбаларға, естеліктерге, күнделіктерге сүйене отырып, көркем шығарманың дерексіз ниеттен деректі дүниеге айналу жолын анықтап, қайтадан қалпына келтіру ісі аса күрделі міндеттерді шешуді қажет етеді. Әдебиет тарихының қарастыратын мәселелерінің бірі – қаламгер шығармашылығы. Ал қаламгердің даралығы оның жалпы шығармашылығына тән стиль сипатын айқындау нәтижесінде ашылады. Қаламгердің шығармалары тақырып, сюжет, жанр, т.с.с. сыртқы бітімі жағынан бірінен-бірі бөлектеніп көрінсе де, олардың барлығын тұтастырып,

жақындастырып тұратын ортақ белгілер болады. Бұл белгілер қаламгердің дара стилін белгілейтін ішкі логикалық ойлау жүйесінің әсерінен туындайды. Қандай да бір қаламгерге тән логикалық ойлау даралығы бір шығармадан келесі шығармаға өту барысында (қаламгер қаласын, қаламасын) ұдайы сақталып отырады. Қаламгердің логикалық ойлау даралығын анықтау – суреткердің тұрмыстық және шығармашылық өмірбаянын зерттеумен айналысатын әдебиет тарихшысы атқаруға тиісті міндеттердің бірі. Сұрақ. Демек, әдебиет тарихын қарастыру барысында жеке туынды да, жеке бір қаламгер шығармашылығы да зерттеуші назарынан қағыс қалмауы қажет дейсіз ғой. Әдебиет тарихшысы, біріншіден, әр шығарманың бастағы қиялдан қолдағы кітапқа дейінгі жолын; екіншіден, әр суреткердің шығармашылығы арқылы оның өзіндік дүниетанымын және сол дүниетанымның қалыптасу жолын анықтауы тиіс деген ой түйсек, жаңылыспайтын шығармыз. Жауап. Қарапайым тілмен айтқанда осы үлгіде түсінуге болады. Сұрақ. Олай болса, адамзат тарихында қаншама қаламгер болды, олардың әрқайсысының қаншама шығармасы бар, солардың бәрін әдебиет тарихы түгесіп қарастыруы мүлде мүмкін емес қой? Жауап. Есіңде болса, “Әдебиет тарихы әр алуан әдеби құбылыстардың әдебиет дамуындағы мән-маңызы мен орнын айқындайды” деп айтқан болатынбыз. Сол тұста “ең қарапайым құбылыс – жеке шығарма, күрделі құбылыс – әлемдік әдебиет” деп өзің де ой қосқан болатынсың. Осы “қарапайым” мен “күрделінің” аралығы бірнеше сатылы тұтас жүйені құрайды. Біз осы жүйенің алғашқы баспалдақтары, яғни жеке туынды мен жеке шығармашылық жайын ғана сөз еттік. Зейін аударған жағдайда қаламгердің шығармашылығы оның өз қаламынан туған жеке-жеке туындылардың бірігуі арқылы көрінетінін танимыз. Сол сияқты бір уақытта қатар өмір сүріп, шығармашылықпен шұғылданған қаламгерлер шығармалары сол тұстағы әдебиеттің бет-бейнесін белгілейді. Осыған орай әдебиет тарихының алдында тұрған міндеттердің бірі – шығармашылық қабілеті де, жазу машығы да, дүниетаным деңгейі де әр текті қаламгерлердің өзара шығармашылық қарым-қатынасын саралау болып табылады. Шығармашылық байланыс дәрежесі жекелеген қаламгерлер арасындағы адами қарым-қатынасты, олардың даралығы мен ұқсастықтарын айқындау мақсатында шығармалары мен көркемдік стильдерін салыстыру арқылы сарапталады. Бұл жағдай әдеби өмірдегі ағым, бағыт, мектеп сияқты мәселелерге назар аударуды керек етеді. Ол мәселелерге кейінгі әңгімелерімізде арнайы тоқталамыз. Ағымдағы өмір тәрізді әдеби өмір де қарама-қайшылықтарға, талас-тартыстарға, күрестерге толы. Әдебиет әлеміндегі әр қилы қарым-қатынастар қалай болғанда да, белгілі бір жүйеге негізделеді. Аталмыш жүйені әдеби үрдіс (процесс) ұғымымен анықтауға болады. Демек, жеке шығарма да, шығармашылық та әдеби үрдіс ауқымында қарастырылуы шарт. Әдеби үрдіс мәселесіне

кейінірек тағы ораламыз. Әзірше осы тұстан түйе тұрайық та, әңгімемізді әрі қарай өрбітейік. Қазіргі кейбір ұғым-түсініктер де тарихи дамудың қилы кезеңдерін бастан өткере отырып қалыптасқан. Бұл тұрғыда жанрлар мен стильдер, жекелеген көркемдік тәсілдер, композициялық құрылым белгілері, сондай-ақ қайталама сюжеттер мен сарындардың (мотив) тарихи тағдырын айтуға болады. Әдебиетке қатысты түрлі ұғымдардың, көркемдік құралдарының тарихи жолын айқындау да – әдебиет тарихынын, оның ішінде тарихи поэтиканың өзекті мәселелерінің бірі. Әдебиет тарихының еншісіндегі маңызды мәселелердің тағы бірі – жеке ұлт әдебиетінің тарихи даму жолы. Себебі – әр ұлттың ұлттық тарихы өзіндік сипаттарымен дараланып тұратын болса, әдебиетінің даму жолында да өзіндік ерекшеліктер болады. Бұл тұста барлық халықтың әдебиетінің дамуында бірдей кездесетін ортақ сипаттар болатынын міндетті түрде ескере отырып, нақты бір ұлт әдебиетіне ғана тән сипаттарға баса назар аударылуы қажет. Әлемдік әдебиет тарихы – әдебиет тарихы пәніне жүктелетін ең жоғары міндет. Әлемдік әдебиет тарихын жасау барысында барлық ұлттық әдебиеттер тарихына, әлемдік әдебиет дамуына ықпал еткен барлық жанрлар мен стильдерге, барлық қаламгерлерге тән ортақ заңдылықтар ғана жинақталады. Сұрақ. Әдебиет тарихының мақсат-міндеттері жайында біршама айтылды. Ал оның өзге ғылымдармен байланысы қандай? Жауап. Ең алғашқы әңгімелеріміздің барысында лингвистика ғылымының өзге ғылым салаларымен байланысы жайында айтып өткен едік. Сол тұста айтылған пікірлердің осы сұраққа да қатысы бар. Сұрақ. Десек те, әдебиет тарихына байланысты оралып соқсақ, артық болмас еді… Жауап. Әдебиет тарихы – тарих ғылымымен, оның ішінде жалпы адамзат қоғамының даму тарихымен, өнер мен мәдениет тарихымен тығыз ұштасып жататын сала. Бұл орайда ол әдебиеттің өзіндік қасиеттерін, қайталанбас дара болмысын ескере отырып, тарих ғылымының заңдылықтарын шығармашылықпен қолданады. Шын мәніндегі әдебиет тарихы әдебиет дамуының ішкі заңдылықтары мен қоғамның, халықтың, адамзаттың тарихи дамуындағы ортақ заңдылықтарды бірдей есепке ала отырып жасалады. Ал әдебиеттану ғылымының басқа ғылымдармен байланысы, жалпы даму тарихы жайына алда арнайы тоқталамыз. Сұрақ. Жинақтап айтар болсақ, “әдебиет тарихы әдеби шығармаларды, әдеби-сын еңбектерді зерттейді; жекелеген қаламгерлер мен сыншылардың шығармашылықтарын сараптайды; сондай-ақ көркемдік әдіс-тәсілдердің, әдеби түрлер мен жанрлардың тарихи орнын және ерекшеліктерін бағалайды” деген қорытынды шығады ғой. Ендігі әңгіме желісін әдебиет сыны мәселесіне арнасақ…

Жауап. Әдебиет сыны – көркем туындыны және онда бейнеленген өмірлік шындықты талдап, бағалауға негізделген әдебиеттану саласы. Оның әдебиет тарихынан басты айырмашылығы, негізінен, өз тұсындағы әдеби оқиғаларға дер кезінде пікір білдіруге бағытталуында. Оның басты міндеті – өз кезіндегі әртүрлі әдеби құбылыстарға жанжақты талдау жасап, олардың идеялық-көркемдік маңызына дұрыс та тиянақты баға беру. Сын өзегіне жеке шығарма да, яки бір қаламгердің шығармашылығы да, немесе түрлі жазушылардың туындылары да алынуы мүмкін. Оның сыры сыншының көздеген мақсатына байланысты. “Сын” сөзінің төркіні грек тілінде “талдау, талқылау” деген мағына беретін “krіtіke” деген сөзінен шығады. Сын дамуына шола көз жүгіртсек, әдебиет жайындағы сыни ойлар әдебиеттің өзімен қатар пайда болғанын байқаймыз. Алғашқы сын үлгілері елге сыйлы, білімді жандардың ой-пікірі ретінде көрінген. Антикалық дәуірде әдеби жұмыстың бір саласы ретінде бөлініп шыққан әдебиет сыны ұзақ уақыт бойына шығармаға жалпылама баға беру, оны оқырмандарға таныстыру, оқуға кеңес беру, шығарма авторын дәріптеу немесе сынау сияқты қарапайым ғана міндеттер атқарып келді. Әдебиеттің дамуына байланысты әдебиет сынының да мақсаты мен сипаты күрделене түсіп, оған қойылатын талаптар да, жауапкершілік те күшейді. Соған сәйкес, әдебиет сынының теориялық анықтамасы да тарихи тұрғыдан нақтылана түсті. Қазіргі таңдағы әдебиет сыны көркем шығарманы эстетикалық, әлеуметтік, этикалық, т.с.с. көзқарастар тұрғысынан жан-жақты қарастыруға ұмтылады. Әдебиет сыны өмірді танып-білумен ғана шектелмейді, сонымен қоса оған әсер етуге де талпынады. Бұл мақсатқа жету жолында сыншының орны айрықша. Сыншы – оқырман мен қаламгер арасындағы дәнекер тектес. Себебі ол, бір жағынан, талданып отырған көркем шығарманы оқырманның дұрыс түсініп, әділ бағалауына жәрдемдессе; екінші жағынан, сыншы қаламгердің өзіне де жөн сілтеп, бағыт беріп, қалың жұртшылықтың талғам-таразысын танытып отырады. Осы орайда әдебиеттанудың аса маңызды бөлімдерінің тағы бірі – поэтика болып табылатынын ескерте кеткен жөн. Алайда “Поэтика” тақырыбына, әдебиеттану ғылымына қатысты жалпы мәселелерге тоқталып өткен соң, арнайы ораламыз. Сұрақ. Әдебиеттанудың негізгі салалары әдебиетті қай қырынан қарастыратыны хақында хабардар болдық. Осы салалардың өзара байланысы қандай? Сондай-ақ, негізгі болған жерде қосалқының болатыны да бар емес пе?.. Жауап. Аталмыш салалар әрқашанда өзара тығыз байланыста болып, қажетті сәттерде бір-бірінің жетістіктерін пайдалана отырып дамиды. Мәселен, әдебиет теориясы әдебиет тарихы қол жеткізген тарихи дәйек, деректерге және сын зерттеулердегі жетістіктерге сүйенсе, әдебиет тарихы әдеби процестің даму жолын айқындау барысында әдебиет теориясы

негіздеген басты ұстанымдарды жетекшілікке алады, сондай-ақ әдеби сын еңбектердің нәтижелеріне де иек артады. Ал әдебиет сыны теориялық негізгі қағидаларды басшылыққа ала отырып, өзі талдау нысанына алған туындының жаңалығы мен мәнділігін, маңыздылығын сараптауда өзіне дейінгі әдебиет тарихындағы мәлімет көздеріне зейін қойып отырады. Енді сұрақтың екінші бөлігіне келсек, әдебиеттанудың аталған салаларымен қатар, бірнеше қосалқы және көмекші тармақтары бар. Қосалқы салалар қатарына әдеби сын теориясы, әдеби сын тарихы, поэтика тарихы (тарихи поэтика емес!), стилистика теориясы, т.с.с. жатады. Осы орайда ескеретін бір жағдай бар: кейде бір саланың екінші біріне ауысып жататын тұстары да болады. Мысалы, бүгінгі әдеби сынның уақыт өте келе әдебиет тарихының, тарихи поэтиканың материалына айналуы заңды құбылыс. Сондай-ақ көптеген көмекші салалар да бар. Бұл топқа историография, текстология, библиография, архивтану (әдебиеттануға қатысты), эвристика, палеография, мәтін түсініктемесі, т.б. жататыны белгілі. XX ғасырдың ортасынан бастап әдебиеттануда математикалық әдістер (әдеби статистика) біршама роль атқара бастағаны мәлім. Бұлар, көбінесе, құрылымдық бөлшектерді анық байқауға болатын өлеңтануда, стилистикада, текстологияда айқынырақ байқалды. Көмекші салалар негізгі салалардың дамуына септік етумен қатар, кей тұстарда ғылыми мәселелерді өздігінен шешуге де қабілеті жетіп жатады. Сұрақ. Қосалқы және көмекші салалардың әрқайсына тән нақты міндеттер қандай? Жауап. Қосалқы салалардан бастайтын болсақ, әдеби сын теориясы мен әдеби сын тарихы жоғарыда өзіміз әңгімелеп өткен әдебиет сынына қатысты мәселелерді зерттейді. Яғни сынның теориялық мәселелері мен даму тарихына байланысты жайларды саралап көрсетеді. Поэтика тарихы мен стилистика теориясы жайында алдағы әңгімелерімізде, “Поэтика” және “Стиль” жайында сөз еткен уақытта, арнайы тоқталатын болғандықтан, әңгіме арнасын көмекші салаларға бұрғанымыз жөн болар. Историография – әдебиет теориясының, тарихының, сынының тарихи даму барысындағы деректер мен дәйектердің, мәліметтердің жинағы. Әдебиеттану ғылымының жүріп өткен жолы мен қол жеткізген нәтижелерін жинақтап көрсету арқылы историография ғылымның бір орында тұрып қалмай, алға қарай жылжуына қызмет етеді. Текстология – мәтін (текст) және сөз, ұғым, ілім (logos) деген сөздерден шыққан; филологияның әдеби шығарма мәтінін сыни тұрғыдан тексеріп-зерттеумен және әдебиеттану айналымына кеңінен түсіру мақсатында баспа арқылы жариялаумен айналысатын тармағы. Текстология әдебиеттің тарихы және теориясымен тығыз бірлікте болып, олардың зерттеу нысанының нақты, дәл, шындық болуын қамтамасыз етеді. Текстологияның негізгі міндеттері – ғылыми тұрғыдан әдеби туынды мәтінінің тарихын, бастау көзін, пайда болған мерзімін,

өзіндік дара бітімін зерттеу арқылы мәтіннің түпнұсқасын нақтылау; практиалық тұрғыдан, мәтін түпнұсқасын халық кәдесіне жарату. Қарапайым тілмен баяндасақ, текстология авторы белгісіз туындының яки ғылыми еңбектің нақты иесін анықтауға қызмет етеді, сондай-ақ туындының түрлі редакциялық нұсқаларын салыстыра отырып, түпнұсқаның мәтінін нақтылауға қызмет етеді. Қысқасы, иесі белгісіз дүниенің өзінің шынайы иесіне оралуына жол ашады. Библиография – әдебиеттануға қатысты түрлі еңбектердің көрсеткіші. Басты міндеттері – көркем әдебиет және әдебиеттану жайында ақпараттар жинау; әдебиеттің үздік туындыларын таныстыру, насихаттау; әдебиет тарихшыларына зерттеу жұмысында көмек беру. Соған сәйкес, библиографиялық жұмыстар ғылыми көмекшілік және насихатшылық сипаттағы негізгі екі түрге бөлінеді. Осы түрлер аясында жекелеген әдебиеттерге арналған жалпы библиография, бір қаламгерге арналған дербес библиография және тақырыптық библиография типтері де бар. Библиография сан алуан ғылыми еңбектердің арасынан қажеттіні дұрыс, жылдам тауып алуға септеседі. Архивтану – мақсат, міндеті жағынан библиографиямен бағыттас, айырмашылығы әдебиет тарихына байланысты құжаттық, мемуарлық дерекмәліметтерді, материалдарды жинақтауында. Эвристика – (гректің “heurіsko” – “табамын, ашамын” деген сөзінен шыққан), әр текті әдеби ізденістердің жиынтығы. Мұндай ізденісзерттеулер, көп жағдайда, хат авторын, жазылу мерзімін, хат жолданған адамды анықтау; әдебиет төңірегіндегі ауызекі әңгімелердің мәнін ашып, түсіндіру; туындының жазылған орнын іздеу немесе оның жазылуына себепкер мекенді іздеу; өмірбаяндық деректерді зерттеу; әдеби прототиптерді табу сияқты мәселелермен шұғылданады. Бұл қатарда библиографиялық эвристика маңызды орын алады. Палеография – (гректің “palaіos” – “ежелгі, көне”, “grapho” – “жазу” деген сөздерінен шыққан), жазу тарихын, сондай-ақ ежелгі жазба жәдігерлердің мәтінін, жазылу мерзімі мен дүниеге келген орнын анықтау мақсатын көздейтін тарихи-филологиялық пән. Алғаш XVІІ ғасырда пайда болды. Алфавит пен тілдердің алуан түрлі болуына байланысты палеография да бірнеше түрге бөлінеді. Соған сәйкес, ортақ ереже-қағидаға бағынатын жалпы палеография да жоқ. Мәтін түсініктемесі – (латынның “commentarіus” – “ескерту, түсіндіру” деген сөзінен шыққан), әдебиет жәдігерлерінің мәтінін зерттеу, түсіндіру мәселелерімен айналысатын филологиялық жанр. Мәтінді қарастырған сыни талдаудың барысы мен нәтижелері жайын баяндайтын түсініктеме, көбінесе, аталмыш мәтіннің басылымында қоса беріліп отырады. Түсініктеме әдеби шығарманы жан-жақты қарастыратын әдебиеттану, тарих, эстетика, тіл тарихы, археография, палеография, текстология сияқты салалармен тығыз байланысты. Соған сәйкес, түсініктеменің бірнеше түрлері болатынын да айта кеткен орынды. Мәселен,

текстологиялық түсініктеме мәтіннің бастапқы нұсқаларына талдау жасап, таңдап алынған ең негізгі нұсқаны мейлінше дәйектеуге ұмтылады; мәтін тарихынан молырақ хабардар ету мақсатында кейде түрлі нұсқаларды қатар көрсетеді. Тарихи-әдеби түсініктеме туындының тарихи негіздерін талдап, туындының әдебиет тарихындағы орны жайында түсінік береді. Өмірбаяндық (биографиялық) түсініктеме туындының қаламгер өмірбаянымен байланысына қатысты қырларын көрсетеді. Тарихи түсініктеме мәтінде ұшырасатын оқиғалар, жағдайлар, адамдар жайында баяндайды. Лингвистикалық түсініктеме белгілі бір қаламгер (дәуір, бағыт өкілдерінің) қолданысында ғана кездесетін сөздердің, тұрақты тіркестердің ерекшеліктерін ашуға бағытталады. Әдебиеттанудың негізгі, қосалқы және көмекші салалары жайындағы азын-аулақ әңгімемізді осы тұстан бір түйіп қойсақ қайтеді?.. Сұрақ. Жақсы. Енді әдебиеттанудың басқа ғылымдармен байланысы жайына қарай бұрылсақ деген ой бар. Жауап. Әдебиеттану өзімен-өзі тұйықталып қалған ғылым емес. Ол өзге ғылымдардың жетістіктерімен тығыз байланыста дамиды. Әсіресе, бұл орайда оған философия, эстетика, тарих, өнертану, тіл ғылымы сияқты ғылым түрлері етене жақын. Философия, эстетика, герменевтика әдебиеттануға әдіснамалық негіз болса, фольклористика, өнертану зерттеу міндеттері мен нысаны тұрғысынан жақын, тарих, психология, әлеуметтану жалпы гуманитарлық бағыты жағынан ұқсас болып келеді. Ал әдебиеттану мен тіл ғылымының байланысы қарастыратын мәселелерінің (яғни екеуінің де тілді зерттеуі) ортақтығымен ғана шектелмейді. Сонымен қатар бұл ғылымдардың өзара байланысы біріне-бірінің құрылымдық жағынан ұқсастығы мен екеуінің де сөз бен образды гносеологиялық тұрғыдан танып-білуді көздейтін мақсат бірлігінен туындайды. Сұрақ. Әдебиеттанумен ұдайы байланыстағы ғылымдар қатарында герменевтика аталатын ғылым да аталып өтті. Ол қандай ғылым? Жауап. Герменевтика – грек тілінде “түсіндіремін, түсініктеме беремін” деген мағына білдіретін “hermeneutіke, hermeneuo” деген сөзінен шыққан; мәтіндерді талдап түсіндіру және олардың мәнін өзінше сараптау (интерпретация) ұстанымдары жайындағы философиялық ілім. Яғни герменевтика – мәтіннің обьективті (яғни сөздердің мағыналары) және субьективті (яғни автордың ой-ниеті) негіздеріне сүйене отырып, оның мәнін ашуды мақсат ететін талдап түсіндіру өнерінің теориясы. Ілкі нышандары эллинизм дәуірінде классикалық мәтіндерді (мысалы, Гомер шығармаларын) зерттеу және талдай түсіндіру барысында пайда болып, ғасырлар бойына жетіліп отырған. Бүгінгі мағынасындағы герменевтика немістің филолог-классигі, философ Ф.Д.Шлейермахер (1768 – 1834 ж.ж.) еңбектерінен бастау алады. Герменевтика өзінің даму үрдісінде біріне-бірі кереғар сан алуан бағытты бастан өткеріп келеді. Ал әдебиеттану үшін неғұрлым жақын бағыт классикалық герменевтика болып табылады. Себебі – классикалық герменевтиканың мақсаты мәтіндегі көркемдік шындық пен

оны түсіндірудегі өзіндік ғылыми көзқарасты бір арнаға тоғыстыра отырып, тиянақты пікір қорытуға негізделеді. Герменевтика жайында кеңірек мағлұмат алуды ойласаң, М.М.Бахтин еңбектерін қарап шыққаның дұрыс. Сұрақ. Әдебиеттану ғылымының дамуына ықпал еткен кезеңдер, тарихи тұлғалар, олардың аталмыш ғылым дамуына қосқан үлесі жайында не айтуға болады? Жауап. Адамзат тарихының бастау тұсында өнер мен ғылым біртұтас кейіпте, яғни айналадағы табиғат жұмбақтарының тылсым сырларын таныпбілуге құштарлық көрінісі ретінде пайда болғанын білеміз. Соған сәйкес, өнертану мен әдебиеттанудың ілкі нышандарын да ықылым замандар еншісіндегі мифологиялық түсініктерден іздегеніміз жөн. Ал өнер жайындағы ең алғашқы пікірлер ежелгі дәуірлер ескерткіштерінде, мәселен, қытайдың б.д.д. XІV–V ғасырлардағы “Шуцзин” (“Әпсаналар кітабы”) жинағында, б.д.д. X – ІІ ғасырлардағы үнді ведалары мен б.д.д. VІІІ–VІІ ғасырлардағы ежелгі гректің “Илиадасы” мен “Одиссеясында” ұшырасады. Өнер мен әдебиеттің алғашқы концепциялары антикалық дәуір ойшылдарының еңбектерінде негізделе бастады. Эстетикалық мәселелерді обьективтік идеализм тұрғысынан қарастырған Платон (шамамен б.д.д. 428/427 – 348/347 ж.ж.) өнердегі сұлулықты, оның гносеологиялық табиғаты, тәрбиелеушілік қызметі жайында пікірлер айтып, өнер мен әдебиет теориясына қатысты маңызды тұжырымдар жасады. Ең маңызды пікірлерінің бірі – әдебиетті эпос, лирика, драма сияқты тектерге жіктеуді дәйектеуі болып табылады. Аристотель (б.д.д. 384 – 322 ж.ж.) еңбектерінде эстетикалық жалпы көзқарас сақталғанымен, әдебиеттанушылық сипаттар, әсіресе, әдебиет теориясы, стилистика, поэтикаға тән белгілер қалыптаса бастады. Поэтика негіздерін алғаш рет жүйелей баяндаған оның “Поэзия өнері жайында” (қысқаша “Поэтика” деп аталады) атты еңбегі поэтиканы талдауға арналған трактаттардың бірнеше ғасырлық дәстүрінің ізашары болды. Ежелгі Грекияның ұлы қаламгерлері Гомер, Пиндар, Эсхил, Софокл, Еврипид, Аристофан, т.б. шығармаларына сүйене отырып, Аристотель айтқан теориялық ой-толғамдар өз дәуірінде ғана емес, кейінгі замандарда да маңыздылығынан айрылған жоқ. Аристотель әдебиеттің шынайы өмірді бейнелейтінін, өмірде болуы мүмкін немесе болуға тиіс жағдайларды суреттейтінін айтты. Оның пікірінше, әдебиеттің өзегі – адам, мақсаты – катарсис, яғни адамдардың сезімін барлық жағымсыз, келеңсіз нәрселерден арылту. Аристотель еңбегінде ең алғаш рет әдебиет өнердің бір түрі ретінде жеке алынады, оның ғылымнан айырмашылығы сараланады. Сондай-ақ әдебиеттің эпос, лирика, драма сияқты тектері де өзіндік дара сипаттарымен талданып беріледі. Іргетасын Аристотель қалаған поэтика ғылымы уақыт озған сайын өзіндік бет-бағдарын нақтылай бастады. Б.д.д. 65 – 8 ж.ж. аралығында тірлік еткен Гораций қаламынан туған “Поэзия ғылымы” аталатын еңбектің өзінде

поэтиканың даралық белгілері көрінеді. Аталмыш еңбектің араға дәуірлер салып, классицизмнің негізгі тірегіне айналуының мәнін де осы төңіректен іздеген дұрыс. Поэтикамен қатар риторика да кең қанат жайды. Риторика аясында проза мен стилистика теориясының негізі қаланды. Риторика ілімі де ғасырлар бойына үзіліссіз даму үстінде болып, риторика теориясына арналған еңбектер әр дәуірде, әр елде заңды жалғасын тауып отырғаны да мәлім. Оған дәлел ретінде жылы Ресейде жарық көрген М.В.Ломоносовтың “Шешендікке қысқаша басшылық” (“Краткое руководство к красноречию”) еңбегін атап өтуге болады. Әдебиет сынының да ерте дәуірлерден бастау алатынына ежелгі философтардың Гомер жайындағы ой-пікірлерін, Аристофанның “Көлбақалар” (б.д.д. 405 ж.) комедиясындағы Эсхил мен Эврипид трагедиялары туралы салыстыруларын дәлел ете аламыз. Әдебиеттанудың өз алдына дербес ғылым ретінде қалыптасуы да эллиндік дәуірлерде, нақтылай айтқанда, александриялық филология (б.д.д. ІІІ–ІІ ғ.ғ.) кезеңімен орайлас келеді. Осы кезеңге дейін біртұтас ғылым салалары сияқты танылып келген басқа да ғылымдармен қатар, әдебиеттану да өзінің нысаны, нысанасы, мақсаты, міндеті нақтыланған жеке ғылым болып қалыптасты. Әдебиеттану дербес ғылым ретінде биобиблиография әзірлеу, мәтіннің шынайылығын нақтылау (бұл тұста қазіргі текстологиямен ұқсас), оған түсініктеме беру және жариялау жұмыстарымен де айналыса бастады. Биобиблиография әзірлеу дегенде, әдеби энциклопедияның ең алғашқы үлгісі боп табылатын еңбек Каллимах (ежелгі грек ақыны, филолог; шамамен б.д.д. 310 – 240 ж.ж.) жазған “Кестелер” (“Таблицы”) екенін біле жүрген де артық болмас еді. Сұрақ. Жалпы филология жайын сөз еткен тұста “филологияның пайда болуы жазу мәдениетінің едәуір өркен жайған кезеңімен орайлас келеді. Таяу Шығыстың ежелгі мәдениетінде филологияның белгісі де жоқ. Орта ғасырлардағы Батыс Европада филология еншісіне болар-болмас қана орын тиеді. Тек ежелгі Үндістан мен Грекияда филология сөз бен сөйлеудің, сөз бен ойлаудың ара қатынасын гносеологиялық тұрғыдан қарастыратын үрдіс ретінде дүниеге келіп, қалыптаса бастады” деген едік. Бүгінгі әңгімемізде филологияның қос отанының бірі – Грекия жеріндегі әдебиеттану жайына баса назар аударып кеткендейміз. Әлде Шығыс елдеріндегі әдебиеттану жайы б.д.д. XІV–V ғасырлардағы қытай тарихына тән “Шуцзин” жинағындағы және б.д.д. X – ІІ ғасырлардағы үнді ведаларындағы алғашқы ойлармен ғана шектеле ме? Жауап. Әдебиеттану ғылымының тарихында грек ойшылдары ғана айрықша орын алады деу сыңаржақ пікір болары сөзсіз. Себебі – өнер мен әдебиетке қатысты терең тамырлы ой-пікірлер Шығыс елдерінде тым ерте дәуірлерде қалыптаса бастаған. Мәселен, ежелгі Қытай жерінде “конфуцийшілдік” (“конфуцианство”) және “даосизм” аталатын негізгі екі идеялық ағым болғаны тарихтан таныс. Міне, осы ағымдар шеңберінде

белгілі бір дәрежеде әдебиетке байланысты мәселелер де қарастырылып отырған. Мәселен, конфуцийшілдік аясында өнердің әлеуметтіктәрбиелеушілік сипаты жайындағы ілім қалыптасты. Аталмыш ілімнің атасы ретінде б.д.д. 298 – 238 ж.ж. өмір сүрген Сюнь-цзы есімін атауға болады. Ал даосизм ағымында өнер әсемдігінің әмбебап мүмкіндігі жайындағы эстетикалық теорияның негізі қаланды. Бұл теорияның бастауында б.д.д. VІ– V ғасырларда тірлік кешкен Лао-цзы тұр. Үнді жерінде көркемдік құрылым мәселесі өнерді психологиялық тұрғыдан айрықша түйсіну ілімімен (яғни раса), сонымен қатар көркем шығарманың астарлы мағынасы жайындағы дхвани ілімімен байланысты қарастырылды. Раса ілімінің үлгілеріне Бхартрихаридің (шамамен ІV ғ.) “Натьяшастра” трактатын, дхваниге – Анандавардхананың (ІX ғ.) “Жаңғырығып жететін үн жайындағы ілім” (“Учение об отзвуке”) аталатын еңбегін жатқызуға болады. Үнді жеріндегі әдебиеттану дамуы тым ерте кезеңдерден бастап-ақ тіл ғылымымен және поэтикалық стильге қатысты зерттеулермен тығыз ұштасып жатады. Тұтастай алғанда, Шығыс елдеріндегі әдебиеттану дамуына тән ерекшелік ретінде оларда жалпы теориялық және жалпы эстетикалық әдістердің басым болуын атаған орынды. Мәселен, парсы тілдес және түркі тілдес әдебиеттерде текстологиялық, библиографиялық жұмыстармен қатар, биобиблиографиялық үлгідегі тазкире жанры кеңінен өрістеді. Сұрақ. Тазкире туралы қысқаша таныстырып өту артық болмас еді? Жауап. Тазкире –орта ғасырлардағы парсы және түркі тілдес халықтар әдебиеттануына тән негізгі жанрлардың бірі. Мақсаты жағынан европалық әдебиеттегі антологияға ұқсас. Тазкиреде тек қана поэзиялық туындылар жинақталып, олардың авторлары жайында қысқаша анықтамалар беріледі. Материалдар географиялық және әулеттік-хронологиялық жүйе негізінде орналастырылады. Ең алғашқы тазкире – Мұхаммед Ауфи Самарқанди құрастыруымен шамамен 1220 жылдары Солтүстік Үндістанда жарық көрген “Жүректердің жүрегі” (“Лобаб уль-альбаб”) болып табылады. Бұл еңбекте ежелгі классикалық поэзияның бірегей үлгілері жинақталған. Сондай-ақ, 1487 жылы Гератта жарық көрген Дәулетшах Самарқандидің “Ақындар жинағы” (“Тазкират ош-шоара”), 1491 – 1492 жылдары Әлішер Науаи әзірлеген “Нәзіктік мәжілісі” (“Маджалис ан-нафаис”) сияқты тазкире үлгілері де белгілі. Кейіннен де бұл дәстүр заңды жалғасын тауып отырды. Мәселен, XІX ғасырда Резакулихан Хедаят құрастыруымен жарық көрген “Ділмәрлар мәжілісі” (“Маджма’аль-фусаха ”) тазкиренің басты міндеттерін мейлінше кеңінен атқаруға ұмтылған еңбек болды. Сұрақ. Шығыстағы әдебиеттанушылық үрдістің европалық даму үрдісінен қай жағынан да олқы соқпайтынына бір ғана тазкиренің өзі дәлел бола алатындай екен. Енді әдебиеттану ғылымының даму тарихына қайтадан оралайық. Жауап. Әдебиеттану дамуының алғашқы дәуірі мен жаңа дәуірінің арасын жалғастырушы буын Византия және Батыс Европа халықтарында кең

өрістеген латын әдебиеті болды. Ежелгі жазба мұраларды жинақтап, зерттеу ісіне мұрындық болған орта ғасырлардағы әдебиеттану ғылымында библиографиялық және түсініктеме берушілік үрдіс басым түсті. Сонымен қатар осы кезеңде поэтика, риторика және әдеби өлшемдер (метрика) салаларын зерттеу де қолға алынды. Өнер мен әдебиеттің жаңа белестерге көтерілуі Қайта өрлеу (XV–XVІІІ ғ.ғ.) дәуірімен байланысты. Аталған дәуірдегі ұлы тұлғалардың бірі – Леонардо да Винчи өнердің бастауы табиғатта жатқандығын, яғни ақиқат өмірде екендігін айтады. Алайда суреткердің басты парызы айналадан көргендерін жалаң көшіріп беру емес, табиғаттағы құбылыстардың мәнін түсініп суреттеу екендігін де ерекше ескертеді. Леонардоның пікірінше, суреткер дегеніміз – “ұстаз”, ал өмір – “ұстаздың ұстазы”. Қайта өрлеу дәуірінің перзенттері өнерге өмір шындығын суреттеумен қатар, гуманизм, демократизм, халықтық қасиеттерді де сіңіру қажеттігіне айрықша ден қояды. Бұл орайда испан Лопе де Веганың “Комедия жазуға жаңаша басшылық”, француз Никола Буалоның “Поэтикалық өнер”, француз Дени Дидроның “Салондар”, “Драмалық поэзия жайында”, “ Актер туралы парадокс”, неміс Готхольд Лессингтің “Лаокоон”, “Гамбург драматургиясы”, неміс Иммануил Канттың “Пікір айту қабілетіне сын”, Георг Вильгельм Фридрих Гегельдің “Эстетика”, т.б. еңбектерді атауға болады. Қайта өрлеу тұсында жергілікті және ұлттық белгілері айқын европалық тілдер жаңа әдебиет тілі болып орнықты. Жаңа әдеби тілде жазылған, поэтикалық бітімі бірегей туындылардың дүниеге келуіне байланысты тіл мәселесі риторика мен стилистика шеңберінен шығып, жалпы теориялық мәселелер қатарынан жеке орын алып үлгерді. Бұған дәлел ретінде 1304 – 1307 жылдары жазылған Дантенің “Халық тілі жайында” трактатын, 1549 жылы Дю Белле қаламынан туған “Француз тілін қорғау және дәріптеу” атты еңбекті атауға болады. Әдебиеттанудың өз тұсындағы көркемдік құбылыстарға талдау жасауға бет бұрысы да осы кезеңнен басталады. Бұл орайда “Құдіретті комедия” туралы Дж.Боккаччоның лекцияларын атасақ та жеткілікті. Аталмыш кезеңде түрлі деңгейдегі пікір қайшылықтары да болмай қалған жоқ. Оның сыры жаңа үлгідегі әдебиеттанудың бұрынғы дәстүрлі арнада, яғни “антикалық әлемді танып-білу” арнасында дүниеге келуіне байланысты болатын. Соның салдарынан антикалық поэтикаға тән бөлшектерді жаңа әдебиетке бейімдеу әрекеттері мен бірегей дүниелерді теңгеру сияқты қайшылықты көзқарастарға жол берілді. Мәселен, 1587 жылы жазылған “Поэтикалық өнер жайында пікір” деген трактатында Т.Тассо Аристотельдің драма туралы іліміндегі нормаларды эпопеяға да қатысты қарастыруға ұмтылады. Классикалық жанрларды “мәңгілік” қағидалар есебінде қабылдау Қайта өрлеу кезеңіне тән ерекшеліктердің қатарынан орын алады. Дәл осы кезеңде Аристотельдің “Поэтикасы” да жаңа қырынан

қарастырылып, кейінгі әдебиеттану дамуында Ю.Ц.Скалигердің 1561 жылы жарық көрген “Поэтикасымен” бірдей маңызды роль атқарды. XVІ ғасырдың соңынан бастап, әсіресе, классицизм дәуірінде өнер заңдылықтарын жүйелеуге ұмтылыс тенденциясы байқалып, соған сәйкес көркемдік теориясын белгілі бір қалыпқа сыйғызу әрекеттері анық көрінді. Н.Буало “Поэтикалық өнер” атты әйгілі еңбегінде жанрлық, стилистикалық, тілдік жүйелердің жарасымды поэтикалық түзілімін жасауға талпынады да, өнердің гносеологиялық және эстетикалық маңызын ескермей кетеді. Аталмыш трактаттың да, сол үлгідегі өзге еңбектердің де көбінесе әдебиеттің заңдар жинағына ұқсап кетуінің себебі де сондықтан. Сұрақ. “Классицизм” деген сөзді қалай түсінген дұрыс? Жауап. Бұл сұрақтың жауабына алдағы әңгімелеріміздің бірінде арнайы тоқталамыз. Сондықтан сөз желісін үзбегеніміз жөн шығар. XVІІ–XVІІІ ғасырларда әдебиеттің жанрлары мен түрлеріне қатысты пікірлерде “қалыпқа түсірушілік” талаптарына қарсы ыңғайдағы ойлар батыл көтерілді. Мәселен, Г.Э.Лессингтің “Гамбург драматургиясы” аталатын еңбегінде “қалыпқа түсірілген” поэтика тұтастай жоққа шығарылып, нәтижесінде романтизмге тән эстетикалық және әдебиеттанушылық теорияның іргетасы қаланды. Ағартушылық бағытта да әдебиеттің дамуын жергілікті жағдайларға байланыстыру тенденциясы аңдалды. Дәлел ретінде Ж.Б.Дюбоның 1719 жылы жарық көрген “Поэзия мен сұңғат жайындағы сыни ойлар” еңбегін айтуға болады. Әдебиет тарихына, әдеби даму мәселелеріне арналған зерттеулердің пайда болуы да XVІІІ ғасыр еншісінде. XVІІІ ғасырдың соңына қарай ғылыми дүниетаным өрісіне орта ғасырлардағы европалық және шығыс фольклорының дендей енуі нәтижесінде антикалық өнер мен Қайта өрлеу дәуірінің туындылары негізінде қалыптасқан көркемдік құндылықтар жайындағы түсініктерді қайтадан сараптау қажеттігі пайда болды. Түрлі дәуірлердегі көркемдік өлшемдерінің де әр түрлі болатыны жайында осы тұста дұрыс пайымдаулар жасалды. Көркемдік өлшемдерінің арасындағы айырмашылықтарды түсіну нәтижесінде романтиктер халық рухы мен уақыт тынысын білдіретін мәдени дәуірлердің де әр қилы болатыны жайында концепцияны әкелді. Уақыт ұсынған жаңа түрлерге қарсы қойылған антикалық дәуірлердегі классикалық үлгілерді қайтадан қалпына келтірудің мүмкін еместігін айта отырып, олар өнердің мәңгі өзгеру және жаңару үстінде болатынын баса көрсетті. Ағайынды Ф. және А.Шлегельдерден басталған бұл түсінік Г.Гегель, И.Кант, Ф.Шеллингтердің ой-пікірлерінде философиялық тұрғыдан алуан сипатта қарастырылды. XІX ғасырдың 20 – 30-жылдарында Ресейде де неміс философиялық жүйесінің әсерімен Д.В.Веневитинов, Н.И.Надеждин, т.б. “философиялық сын” ағымына жол салды. Ал 40-жылдары В.Г.Белинский философиялық эстетика идеяларын өнердің азаматтық және тарихилық сипаттарымен ұштастыра дамытты. Оның 1843 – 1846 жылдары жазылған Пушкин жайындағы мақалалар топтамасы шын мәнінде жаңа орыс әдебиетінің

алғашқы тарихы болды. Өткен құбылыстардың маңызын сараптауды ол әдебиеттегі реализм және халықтық мәселелерімен тығыз байланыстырды. XІX ғасырдың ортасына қарай европа елдерінде әдебиеттанудың қарастыратын салалары ұлғая түсті. Нақты бір этникалық топтың мәдениетін (мысалы, славянтану) әдеби және тарихи тұрғыдан жан-жақты талдауға; үлкен суреткерлерден бастап, түрлі деңгейдегі көркемдік деректердің бәрін қамтуға; әлемдік әдеби үрдістен жеке ұлт әдебиетіне дейін зерттеп білуге деген құштарлық айрықша байқалды. Осы тұста жалпыевропалық әдіснамалық мектептер шыға бастады. Мифология мен фольклорға деген романтизм кезеңінен басталған қызығушылық мифологиялық мектеп өкілдерінің (Я.Гримм, т.б.) еңбектерінде де көрініс тапты. Романтизм теориясында дәйектелген “өнер – шығармашылық тұлғаның өзін-өзі бейнелеуі” дегенге саятын тағы бір тұжырым әсерімен биографиялық әдіс (көрнекті өкілі – Ш.О.Сент-Бев) қалыптасты. XІX ғасырдың екінші жартысында жаратылыстану ғылымдарының жетістіктеріне бағдар ұстанған мәдени-тарихи мектептің ықпалы күшейді. Бұл мектеп жақтаушылары әдебиеттануды нәсіл, орта және мезгілге қатысты үштаған аясында дамытуға талаптанды. В.Г.Белинский мұраларына сүйенген А.И.Герцен, Н.Г.Чернышевский, Н.А.Добролюбовтар өз еңбектерінде үлкен-үлкен теориялық мәселелерді қозғап, әдебиеттануға байланысты зерттеулердің кең ауқымдағы философиялық және гносеологиялық мәнін қалпына келтіруге ұмтылды. Олар әдебиет тарихы мен сыны мәселелерін сөз еткенде, әдеби үрдістің әр алуан әлеуметтік топтардың іс-қимылдарымен, азаттық қозғалыстардың дамуымен байланыстылығын баса көрсетті. 40-жылдары фольклор мен ежелгі әдебиетті зерттеу аясында салыстырмалы-тарихи әдебиеттану дүниеге келді. Сәл кейінірек Т.Бенфей әдебиеттегі сюжеттер ұқсастығын елдердің қарым-қатынас жасауымен байланыстыратын көшпелілік теориясын ұсынды. Бенфей теориясы ұлтаралық байланыстар мәселесіне тарихи тұрғыдан келумен бірге, сюжет, кейіпкер, т.б. да поэтикалық бөлшектерге деген қызығушылықты да арттырды. Алайда олардың түп-тегін зерттеп тану мәселесі қалыс қалғандықтан, көбіне-көп кездейсоқ, үстірт салыстырулар орын алып кетті. Аталмыш кезеңде салыстырмалы-тарихилық әдіспен қатар, поэтикалық түрлердің ұқсастығын 1) адам психикасының бірдейлігімен және 2) алғашқы қауым адамдарына тән анимизммен байланыстыруға ұмтылған теориялар да туды. Бұл теориялардың алғашқысын негіздегендер – Х.Штейнталь мен М.Лацарустың халықтық-психологиялық мектебі болды да, екіншісінің бастауында Э.Б.Тайлор тұрды. Тайлордың осы анимистік теориясы кейініректе А.Лангтың антропологиялық теориясына негіз салды. Сұрақ. Әдебиеттану дамуына байланысты біршама мәліметтер айтылды. Әңгіме барысында кездесіп қалған “анимизм, антропологиялық теория” деген сияқты бірді-екілі терминдердің мәнін қалай түсінуіміз қажет?

Жауап. Біздің әңгімеміз ғылым төңірегінде болғандықтан, ғылыми ұғым, терминдердің ұшырасуы да заңды. Егер сол терминдердің бәріне түсініктеме беріп отыратын болсақ, әңгімеміздің басты желісінен ауытқып кетуіміз де ықтимал. Сондықтан кей жағдайларда ондай терминдерге байланысты өзіңнің де жеке ізденуіңе, ғылыми әдебиеттер қарауыңа, мұғаліміңнен сұрап білуге тура келеді. Әрине, өз тарапымыздан біз де бейтаныс терминдерге қысқаша болса да анықтама беріп отыруға ұмтыламыз. Енді әлгіндегі сұрағыңа оралайық. “Анимизм, антропологиялық теория” деген ұғымдар бірінен-бірі өрбитін, біріне-бірі байланысты мәселелер. Анимизм (латын тілінен аударғанда, “anіma” – “рух, жан” деген мағына береді) – қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарға, хайуанаттарға және адамдар өміріне ықпал етуші рух пен жанға сену. Мұндай түсінік алғашқы қауымдастық адамдарына тән құбылыс. “Әдеби түрлердің ұқсастығын анимизммен байланыстырды” дедік қой. Оның мәні мынада: антропологиялық мектеп өкілдері фольклордағы және орта ғасырлық әдебиеттердегі сюжеттер ұқсастығын адам психикасының бірдейлігімен және мәдениет дамуының жалпы заңдылықтарымен байланыстырады. Яғни олар “алғашқы адамдардың наным-сенімдері мен әдет-ғұрыптарының ұқсастығы негізінде пайда болған сюжеттер кейінгі дәуірлерде де заңды жалғастығын табады” түсіндіреді. Осыған ұқсас ойларды орыс әдебиеттануынан да кездестіреміз. Мәселен, А.Н.Веселовский “ шығармашылықтың бастапқы түрі – миф ” дейтін ілімді қолдай отырып, “фольклордағы қарапайым сарындар өздігінен пайда болады да, күрделі сюжеттер өзара алмасу жолымен таралады” деген тұжырым жасайды. XІX ғасырдың соңына қарай мәдени-тарихилық әдісі психологиялық тәсілдермен де толыға түсті. Соның негізінде В.Вундт, Д.Н.ОвсяникоКуликовский тәрізді өкілдері бар психологиялық мектеп қалыптасты. Салыстырмалы-тарихи тұрғыдан зерттеудің қарқынды дамуы салыстырмалы әдебиеттану ілімінің жеке шығуына себепкер болды. Ғасырлар бойы Шығыс пен Батыс арасын алшақтатып тұрған көзге көрінбейтін шекараны жарып өткен әдебиеттану ғылымының әлемдік үрдіске айналуы да осы кезең үлесінде. XІX ғасыр мен XX ғасырдың тоғысында батыс әдебиеттануында пайда болған тенденцияны басты-басты үш бағыт айқындады. Біріншіден, “шығармашылық іс, сондай-ақ өнер жайындағы ой-пікірлер ақыл-парасатқа бейім білімнің нәтижесі ме, әлде түйсікке негізделген білім жемісі ме?” дегенге саятын таластар өршіп, әдебиеттің түрлері мен тектері, жанрлары, т.с.с. дәстүрлі категорияларды жоққа шығаруға тырысқан әрекеттер де болды. Бұл – аталмыш категорияларды туындының көркемдігіне қатыссыз, тек оның сыртқы құрылымын ғана белгілейтін нәрселер ретінде түсіндіруге бейім бағыт. Бұл бағыттың басты белгілері Б.Кроченің “Эстетикасында” (1902 ж.) анық көрінеді.

Екіншіден, адамның мінезі мен еркіне қатысты жалпы заңдылықтарға бағдар ұстанған мәдени-тарихи мектептің ізденіс ауқымын одан әрі ұлғайта түсуге; яғни психологиялық және рухани тұрғыдан бөлшектей, тереңдей үңілу негізінде кемел әдебиет жүйесін жасауға талаптанған бағыт. Алғаш Ф.Ницшенің 1872 жылы жарық көрген “Музыка рухынан трагедияның тууы” атты еңбегінде негізделді. Осы бағыт негізінде “рухани-тарихи мектеп” дамыды. Үшіншіден, З.Фрейд іліміне бейімделген “санасыздық дүниесі” арқылы өнерді түсіндіруге ұмтылған бағыт. К.Г.Юнг, Дж.Фрейзер сияқты танымал тұлғалары бар бұл бағыт негізінде кейіннен ғұрыптық-мифологиялық ілім дүниеге келді. Аталмыш ілім өкілдері барлық дәуірлердегі туындылардан белгілі бір ғұрыптық ұқсастықтар мен ұжымдық-санасыз архетиптерді анықтауға ұмтылды. Олардың поэтикалық құралдар мен жанр негіздерін зерттеуде оң нәтижелерге қол жеткізгені де, сонымен бірге әдебиетті миф пен ғұрыпқа шексіз тәуелді ету салдарынан қателіктерге ұрынғаны да мәлім. XX ғасыр әдебиеттануында экзистенциализм философиясына бағдар ұстанған ізденістер де ерекше орын алады. Бұл бағыттағы ізденіс өкілдері әдебиет дамуындағы тарихилық ұстанымынан бас тартып, ұлы өнер туындыларының тууына сай келетін экзистенциалдық уақыт ұғымын енгізді. Олар дәстүрге айналған генетикалық тәсілдерден бой тартып, поэтикалық туындыларды өз бойына өзіндік ақиқат пен “пайғамбарлық білімдарлық” сипаттарды жинақтаған, өзіндік мәні бар дүние ретінде түсіндіруге ұмтылады. Экзистенциалистер түсініктемесі, көбінесе, әрбір түсіндірушінің тілдік және тарихи білім кеңістігімен байланысты болады. Аталмыш бағыттың көрнекті зерттеулері қатарында М.Хайдеггердің “Көркем шығарманың шығу тегі” (1935 ж.), Э.Штайгердің “Уақыт – ақын қиялы” (1939 ж.) еңбектерін атаған орынды. XX ғасырдағы әдебиеттану ғылымында аталған бағыттар мен мектептерден басқа да теориялық зерттеулер мен ізденістер көптеп кездеседі. Олардың қатарында ерекше орын алатын теориялардың бірі – марксизмленинизм қағидаларын басшылық еткен социалистік реализм теориясы. Сұрақ. Сөз арнасын қазіргі таңдағы әдебиеттану жайына қарай бағыттағанымыз дұрыс болар. Жауап. Қазіргі әдебиеттану – көркем әдебиетті; оның пайда болуы мен әлеуметтік байланыстарын, сөздік-бейнелік ойлау ерекшеліктерін; көркем шығармашылықтың табиғаты мен қызметін, әдеби үрдістің жалпыға және нақты бір аймаққа тән заңдылықтарын алуан қырынан қарастыратын ғылым. Соңғы жылдары поэтика саласын зерттеу ісі қарқынды дамуда. Бұл ізденістер әдебиетті ұдайы өзгеру үстінде болатын тарихи және әлеуметтік жағдайларға белсене араласуға қабілетті күрделі жүйе ретінде қарау қажеттігін айқын танытты. Соның нәтижесінде туындының ішкі құрылымындағы әр бөлшекке, олардың мәні мен қызметтеріне мұқият үңілу үрдісі күшейді. Тіпті әдебиеттанудың математикалық қырлары (аспектілері)

мен зерттеудің құрылымдық-семиотикалық тәсілдеріне де ынта қойылып отыр. Көркемдік құбылысты әлеуметтік-рухани үрдіс жемісі ретінде қарастыратын қазіргі әдебиеттану әдебиеттің экономикалық, қоғамдық және идеологиялық жүйелер легіндегі орны мен міндеттерін танып-білуге ұмтылады. Сонымен қатар көркемдік дәуірлер мен кезеңдердің, стильдердің тоғысқан тұстары мен ауыспалы сәттеріне деген қызығушылық артып отырғаны да айқын байқалады. Ал қазіргі таңдағы салыстырмалы зерттеулерге көркем әдебиеттегі сыртқы және жекелеген ұқсастықтар аясынан шығуға ұмтылыс тән. Бүгінгі әдебиеттануда әдебиеттер байланысын зерттеу ісі түрлі елдер мен аймақтарда белгілі бір деңгейде ұқсас сатыларды бастан өткеретін әдеби үрдіс тұтастығын типологиялық тұрғыдан танып-білуге бағытталып отыр. Сондай-ақ, әдебиетті өнердің өзге салаларымен, идеологиямен, ғылыммен тұтастықта зерттеудің ілкі нышандары да пайда болуда. Сұрақ. Көркем әдебиеттің өзі қандай күрделі құбылыс болса, оны зерттеуге бағыт ұстанған ғылым да уақыт озған сайын күрделеніп, әдебиет әлемінің тылсымына тереңдей бойлаған сайын салаланып бара жатқанын таныдық. Осыған байланысты туындайтын тағы бір сұрақ мынадай: Филологияда “Әдебиеттану”, “Поэтика” деген сөздер жиі ұшырасады. Бұл сөздер бір ұғымның екі түрлі атауы ма, әлде біріне-бірі тәуелді жеке ұғымдар ма? Жауап. Бірден басын ашып алайық, поэтика – әдебиеттанудың көнеден келе жатқан салаларының бірі. Зерттеу нысанасы – әдеби шығармадағы бейнелеу құралдарының жүйесі. “Поэтика” сөзінің түптөркіні грек тілінде “шығармашылық өнер” деген мағына беретін “poіetіke techne” деген сөзде жатыр. Кең ауқымда алар болсақ, поэтика сөзі әдебиет теориясымен мәндес келеді де, тар шеңберде – теориялық поэтиканың бір саласы болып табылады. Әдебиет теориясының саласы ретінде поэтика әдеби тектер мен жанрлардың, ағымдар мен бағыттардың, стильдер мен әдістердің ерекшеліктерін, көркемдік тұтастықтың түрлі деңгейлері арасындағы байланыстар мен қарым-қатынастардың ішкі заңдылықтарын қарастырады. Әдебиеттің бейнелеу құралдарының бәрі де сайып келгенде тіл төңірегінде тоғысатындықтан, поэтика тілдік құралдарды көркемдік тұрғысынан пайдалану жайын зерттейтін ғылым ретінде де көрінеді. Туындының мазмұнын құрайтын жалғыз ғана материал – тілдік мәтін. Оқырман яки зерттеуші санасында шығарма мазмұны сөз арқылы көрінеді. Қаламгер ойы да сөз арқылы танылады. Қандай да бір шығарманың маңыздылығы сөз арқылы айқындалады. Қалай болғанда да, поэтиканың зерттеу нысанасы болып табылатын сөздік мәтінге келіп тірелеріміз анық. Әдебиеттану жүйесіндегі поэтиканың маңызы да осыдан келіп шығады. Поэтиканың мақсаты – көркем туындының эстетикалық әсерін қалыптастыруға үлес қосатын мәтін бөлшектерін саралап, бір жүйеге түсіру.

Әрине, бұл орайда көркем сөз бөлшектерінің әрқайсысының түрлі деңгейдегі өз орны бары да түсінікті. Мәселен, лирикалық өлеңдерде сюжет болмашы ғана роль атқарса, ырғақ пен ұйқас үлкен мәнге ие; ал прозалық шығармада – керісінше болатыны белгілі. Поэтика ұғымын үш бағытқа жіктеу дәстүрі бар. Оның біріншісі – жалпы поэтика немесе макропоэтика (яғни теориялық немесе жүйелі поэтика) да, екіншісі – жеке поэтика немесе микропоэтика (яғни сипаттама поэтика), үшіншісі – тарихи поэтика. Поэтикаға қатысты бұл түрлердің бірбірімен тығыз ұштасып, сабақтаса дамитыны, әрине, түсінікті жәйт. Енді олардың әрқайсысы жайында жекелей түсінік беріп өтелік. Жалпы поэтика мәтіннің дыбыстық, сөздік және образдық құрылымын зерттеу бағытына сәйкес іштей үш салаға бөлінеді. Жалпы поэтиканың мақсаты – осы салалардың бәрін қамтитын көркемдік әдіс-тәсілдердің жүйелі құрамын белгілеу. Туындының дыбыстық құрылым жағынан сөздің дыбысталуы (фоника) мен ырғақ; өлеңге қатысты алғанда, өлшем жүйесі мен шумақ қарастырылады. Бұл орайда зерттеу нысанасына көбінесе өлең мәтіндері алынатындықтан, кейде өлеңтану деп те аталады. Сөздік құрылым тұрғысынан туындының лексикалық, морфологиялық, синтаксистік ерекшеліктері зерттеледі. Бұл тұста ол стилистикамен үндесіп жатады. “Сөз сұрыптау” мағынасындағы лексикалық ерекшеліктер және “сөздерді байланыстыру” мағынасындағы синтаксистік ерекшеліктер ертеден-ақ поэтика мен риторикада стильдік айшықтаулар мен троптар ретінде қарастырылып келген болса, морфологиялық ерекшеліктердің поэтика нысанына айналуы кейінгі кезеңдер үлесінде. Туындыдағы образдық құрылым мәнінде кейіпкерлер мен заттар, іс-әрекеттер, сюжет мәселелері қарастырылады. Әдетте, бұл саланың “топика” деген дәстүрлі атауы болғанымен, кейде “тематика” немесе “поэтика” деп те атай беру кездесіп қалады. Өлеңтану мен стилистика поэтикалық мәселелерге қатысты ежелден жан-жақты айқындалып үлгерсе, топикада әлі күнге дейін нақтыланбаған жәйттер жеткілікті. Жеке поэтика да жоғарыда айтылған жалпы поэтикаға тән мәселелерді қарастырады. Басты айырмашылығы – екеуінің зерттеу нысанасына байланысты, яғни жалпы поэтика әдебиетті тұтастай алса, жеке поэтика әдеби туынды көлемінде шектеледі. Жеке поэтика әдеби туындыдағы эстетикалық әсер тудырушы құралдардың дара жүйесін жасауға ұмтылады. Жеке поэтиканың басты мәселесі – композиция, яғни туынды құрамындағы маңызды көркемдік бөлшектердің көркемдік мақсатқа қызмет етудегі өзара байланысын анықтау болып табылады. Бейнелеу құралдарын жан-жақты талдаудағы түпкі ниет “жаратылыс образы” мен “автор образын” ашуға, сол арқылы туынды құрылымындағы бөліктердің салмағын анықтайтын “көзқарасты” айқындауға бағытталады. (“Көзқарас” ұғымын зерттеуші танымына қатысты түсінген жөн. – А.К.). Аталған ұғымдар поэтикада XІX – XX ғасырлардағы әдебиетті зерттеу тәжірибелері нәтижесінде алға шықты. Оған дейін поэтикаға байланысты зерттеулер әдебиеттің үш тегін, яғни

жаратылыс образын беретін драма, автор образын беретін лирика және екеуінің аралығындағы эпосты ажыратумен ғана шектеліп келген болатын. Жеке поэтиканың негізі жеке туындыны сипаттау болғанымен, кей реттерде шығармалар тобын жинақтай сипаттайтын тұстары да кездеседі. Әдетте мұндай шығармалар тобын бір циклдің, бір қаламгердің, бір жанрдың, бір бағыттың, бір дәуірдің шығармалары құрайды. Тарихи поэтика салыстырмалы-тарихи әдебиеттануға сүйене отырып, жекелеген поэтикалық тәсілдер мен олардың қалыптасқан жүйесінің даму жолын қарастырады. Соған сәйкес, ол түрлі халықтар мәдениетіндегі поэтикалық жүйелерге ортақ белгілерді анықтап, олардың генетикалық жағынан ортақ бастауларын немесе типологиялық тұрғыдан оларды өзара сабақтастырып тұрған адам санасының заңдылықтарын танып-білуге бағыт ұстайды. Сөз өнерінің ең көне түрі болып табылатын ауыз әдебиеті тарихи поэтика үшін негізгі материал болып табылады. Себебі – ауыз әдебиетіне тереңдей бойлау арқылы жекелеген образдардың, стилистикалық айшықтаулар мен өлең өлшемдерінің даму барысын қадым замандардан бастап жете зерделеуге болады. Тарихи поэтиканың басты мәселесі – жанр. Бұл тұста жанр мәселесін кең ауқымда, яғни жеке көркем шығармадан бастап, “европалық махаббат элегиясы”, “классицистік трагедия”, “психологиялық роман”, т.с.с. алуан түрлі мағынасында бірдей түсінген абзал. Жанр мен жанрды бөліп тұратын шектеулі түсініктердің кей кезеңдерде өзгеріске ұшырап тұратыны да бар. Тіпті бір дәуірде әдебиетке мүлде жат саналған жәйттердің келесі бір дәуірлерде әдебиеттің құрамдас бөлшегіне айналып жататын сәттері де аз емес. Міне, әдебиетке байланысты осындай сан түрлі өзгерістердің қай-қайсы да тарихи поэтика еншісінде. Дәстүрлі нормативті поэтикада жанрлар табиғи қалыптасқан жалпы жүйе ретінде қарастырылған болатын. Сұрақ. Демек, “әдебиеттанудың саласы болып табылатын поэтика тілдік құралдарға сүйене отырып, көркем туындының мазмұнын құрайтын мәтін бөлшектерін жан-жақты зерттейді. Сонымен бірге әдеби тектер мен жанрлардың, ағымдар мен бағыттардың, стильдер мен әдістердің ерекшеліктерін, даму тарихын және көркемдік тұтастықтың түрлі деңгейлері арасындағы байланыстардың ішкі заңдылықтарын қарастырады” деп қысқаша тұжырым жасасақ, жаңылыспайтын шығармыз?.. Жауап. Келтесінен түйіндесек, солай деуге болады.

ІІ Т А Р А У

КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ

Қоғам. Ғылым. Өнер
Өнер және әдебиет

Төртінші әңгіме
немесе
Қоғам. Ғылым және өнер

Сұрақ. Әдебиет жайында әңгіме басталса, “Әдебиет – өмір айнасы”, “Әдебиет – адамтану өнері”, “Әдебиет – сөз өнері”, “Әдебиет қоғамнан тыс өмір сүре алмайды” деген үлгідегі пікірлер бұл күнде бәріміздің де аузымызға оп-оңай орала кетеді. Әрине, бұл пікірлердің қай-қайсы да талайталай ой иелерінің сана сүзгісінде екшеліп тұжырымдалған, әдебиеттің қандай да бір сипатын анықтайтын мәнді анықтамалар екендігіне ешкімнің де күмәні болмаса керек. Дегенмен, осы сөздердің шынайы мәнін қалай түсінген жөн? Мәселен, менің ойымды “Әдебиет қоғамға неге тәуелді болуға тиіс?” деген сұрақ мазалайды. Сондай-ақ, менің түсінігімде “адамтану” мен “өнер” мәселесі бір-бірімен қабыспайтын ұғымдар сияқты. Себебі – қандай да бір құбылысты танып-білу ғылымның міндеті де, өнердің міндеті басқашалау болады да тұрады… Жауап. Ғылым мен өнерді бір-біріне жақындастыратын, сонымен бірге аталмыш ұғымдардың бір-бірінен ара-жігін белгілейтін мәселелердің мәнжайына тереңірек қанығу үшін олардың өмір сүретін ортасын, яғни қоғам жайын дұрыс түсініп алған абзал. Өйткені, жоғарыда өзің айтып өткен пікірді сәл өзгертіп айтсақ, “ғылым да, өнер де қоғамнан тыс өмір сүре алмайды”. Ендеше, “қоғам” дегеніміз не? Қоғам мәнін адамдардың топтасуы деп тым қарабайыр түсінуге болмайды. Қоғам – адамдардың өзара әрекеттерінің жемісі. Демек, біріншіден, қоғамның адамдарға ғана тән құбылыс екендігі; екіншіден, адамдарды біріктіруші күш олардың әрекеттері екендігі қай кезде де жадымызда болуы қажет. Олай болса, анықтамада ұшырасатын “әрекет” ұғымының мәнін қалай түсінген жөн? Адам баласының өзімен-өзі ғана жеке-дара тірлік етпейтіні, жаратылыстағы өзге дүниелермен ұдайы байланыста болатыны айтпаса да түсінікті. Бұл байланыс адамдар әрекеті арқылы іске асады. Демек, әрекет – адамдардың қоршаған ортамен ерекше қарым-қатынас тәсілі. Өзінің айналасындағы заттарды адам тек сол табиғи күйінде пайдаланумен ғана шектелмейді, сонымен бірге оны жан-жақты танып-білуге, жетілдіруге

ұмтылады. Соның нәтижесінде айналасындағы әрбір зат адамның материалдық және рухани игілігіне айналады. Бұл орайда айрықша назар аударатын тұс мынау: адам затты ғана меңгеріп қоймайды, сол затты танып-білу барысында өз бойында да түрлі сипаттағы өзгерістер пайда болады. Яғни адамның таным аясы да, соған сәйкес іс-әрекетінің сипаты да жетіліп отырады. Игерілген білім, тәжірибе ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратындықтан, адамдар әрекетінде әлеуметтік сабақтастық ұдайы сақталады. Демек, әр ұрпақ өзінің алдындағы буынның ізденісі, әрекеті нәтижесінде қол жеткізген жетістіктерін игеріп қана қоймай, оны әрі қарай дамыта түседі. Ал адамзат қоғамы дамыған сайын әрекеттің сипаты да, мақсат-міндеті де нақтылана түсетіні, соған сәйкес адам әрекетінің түрлері де молая беретіні аян. Сондайақ, бірінші кезекте материалдық-өндірістік әрекеттер болатыны түсінікті жәйт. Демек, қоғам – адамдар әрекетінің тарихи қалыптасқан бірлестігі (жиыны). Адамдар арасындағы алуан сипатты әрекеттер қоғамдық қатынастарға негіз болады. Сұрақ. Біз философия мәселесіне ойысып кеткен жоқпыз ба? Жауап. Ғылымдардың арасына шекара қоюдың өзі шартты нәрсе. Сондай-ақ, ең алғашқы әңгімеміздің барысында қазіргі таңда сала-салаға тармақталып жатқан ғылым атаулының қадым замандардағы түп-тамырының ортақтығына өзіміз де шола көз жүгіртіп өткен болатынбыз. Бұлардың әдістәсілдері, құралдары әр түрлі болғанымен, түп мақсаты – адам игілігіне қызмет ету. Сол себепті адам танымына қызмет етуші ғылымдар қай кезде де бір-бірімен тығыз байланыста, бірін-бірі толықтыру арқылы дамитынын естен шығаруға болмайды. Сондықтан алдағы әңгімелер барысында біз де қажетті тұстарда филологиядан өзге ғылым тұжырымдарына, дәлелдәйектеріне ден қойып отыратынымыз, сүйенетініміз анық. Сұрақ. Әңгіме желісіне оралар болсақ, менің түйгенім мынау: “Қандай да бір қоғам болу үшін адамдарды өзара байланыстыратын әрекет болуы қажет. Сан қилы әрекеттерден қоғамдық қатынастар пайда болады”. Ендеше, қоғамдық қатынастар дегеніміз қандай қатынастар? Жауап. Қоғамдық қатынастар деп адамдар арасындағы практикалық және рухани әрекеттер нәтижесінде қалыптасатын қатынастарды айтамыз. Материалдық игіліктерді өндіру адамдардың тірлік етуін қамтамасыз етсе, рухани игіліктерді өндіру адам дүниетанымының қалыптасып, жетілуіне қызмет етеді. Әрине, материалдық игіліктерді өндіру, яғни материалдық өндіріс, бірінші кезекте тұратыны түсінікті. Алайда, бұған қарап, адамдар әрекетінің түп нәтижесі болып табылатын материалдық және рухани өндірістерді бірінен-бірін бөле қарауға болмайды. Себебі – қоғам осы өндірістердің ұштаса дамуы арқылы жетіліп отырады. Ал, қоғам дамуының басты тенденциясы – адамдар әрекетінің қоғамдық сипаты мен жаңарушылық ролін күшейту; қоғамдық қатынастарды жетілдіру; қоғамның ұйымшылдық деңгейін арттыру болып табылады. Бұл тұрғыда адамдар арасындағы әрекеттерден туындайтын маңызды мәселелердің бірі – рухани

өндіріс. Рухани өндіріс дегеніміз – идея, білім, ұғым-түсінік, көркемдік құндылықтар, т.б. байланысты ұғым. Рухани-танымдық әрекеттер нәтижесінде пайда болатын рухани өндіріске тарихилық сипат тән. Өйткені, рухани өндіріске тән танымдық және шығармашылық әрекеттер дәстүр сабақтастығымен тығыз байланысты. Қандай да бір шығармашылық дүние өткеннің мұрасын қабылдай отырып, оны жаңаша бағалай отырып, дамыту арқылы жасалады. Бұл орайда рухани өндірістің жетекші буындарының қатарында ғылым мен өнер тұратынын ерекше атау керек. Сұрақ. Ғылым мен өнер туралы сөз қозғамай-ақ, әңгіме арнасын бірден әдебиет жайына қарай неге бұрмаймыз? Жауап. Себебі бүгінгі таңда әдебиет мәселесін бұл екеуінен бөле-жарып қарау қиын. Адамзат баласының сыншыл көзқарасы мен танымының жетілуі әдебиетті де кемелдендіре түсті. Ғасырдан ғасырға ұласып келе жатқан ізденістер көркемдік танымды да өмірлік тәжірибе немесе сезім арқылы қабылдаудан ақыл-парасат арқылы танып-білуге алып келді. Қазіргі таңдағы әдебиет адамның рухани жан-дүниесі мен ақыл-ой әлеміне дендей енуі жағынан философия, психология, тарих, әлеуметтану, т.с.с. ғылым түрлерімен де етене жақындасып, өнер мен ғылымның аралығында тұрғандай әсер қалдырады. Сұрақ. Түсінікті. Әлгінде сөз арасында айтылып кеткен “көркемдік таным” дегеніміз не? Жауап. Көркемдік таным мәселесіне де, оған қатысты айтылған өмірлік тәжірибе арқылы немесе сезім арқылы қабылдау мәселелеріне де сәл кейінірек, көркем әдебиет жайында әңгімелеген кезде арнайы тоқталатын болғандықтан, қазір негізгі желімізден алшақтамайық. Сұрақ. Жақсы. Олай болса, ғылым дегеніміз не? Жауап. Ғылым жайындағы сөзді неғұрлым қысқа қайырсақ, “ғылым – табиғат, қоғам және ойлау жайындағы жаңа білімдерді өндіруге бағытталған зерттеу әрекеттерінің саласы”. Ғылым, кейбір позитивистердің есептейтініндей, жаратылыстанушы немесе нақты ғылымдармен ғана шектелмейді. Бұл – табиғаттану мен қоғамтануға, философия мен жаратылыстануға, әдістер мен теорияларға, теориялық және қолданбалы зерттеулерге қатысты ізденістердің бәрін де қамтитын, ұдайы қозғалыс үстіндегі тарихи біртұтас жүйе. Адамзат дамуы барысында ой еңбегі мен дене еңбегінің даралықтары айқындалып, адамдар әрекетінің өзіндік сипаттарының саралана бастауына байланысты ғылымның даралық белгілері де көріне бастады. Ғылым дамуының да ұзақ тарихы бар. Ол мәселеге бұл тұста арнайы тоқталудың қажеттігі жоқ болғандықтан, өзіміздің діттеген негізгі мақсатымызға орай ғылымға байланысты кейбір жайларды ғана айта кетелік. Ғылымның басты қызметі ретінде оның түсіндірушілік қызметін атауға болады. Бұл тұстағы оның негізгі міндеті дүниені, табиғатты, сол табиғаттың бір бөлшегі болып табылатын адамды мейлінше терең таныпбілуді, яғни адам баласының таным көкжиегін кеңейту болып табылады.

Өндіріс саласындағы үлкен өзгерістер, әсіресе, машинаға бейімделген ірі өндірістің ілгерілеуі, ғылымның өндіріс саласына белсене араласуына себепкер болды. Соған байланысты танымдық зерттеулер қандай да бір құбылысты танып-білумен ғана шектелмей, оны жаңғырта, жаңарта пайдалану жолын анықтауды мақсат етті. Ғылымның алдына қойылған бұл мақсат тек материалдық өндіріс саласында ғана емес, сонымен қатар рухани өндіріс саласында да анық байқалды. Ал рухани өндірістің адам санасына, жан-дүниесіне қатысты екендігі аян. Сұрақ. Ғылымға берілген “табиғат, қоғам және ойлау жайындағы жаңа білімдерді өндіруге бағытталған зерттеу әрекеттерінің саласы” деген жоғарыдағы анықтамадан ғылыми әрекеттерге тән әдіс зерттеушілік екенін танимыз. Ал өнердің басты құралы бейнелеу екенін де білеміз. Олай болса, өнер мен ғылымды ортақтастыратын қандай жағдайлар? Жауап. Өнер де адам әрекеті мен қоғамдық сананың ерекше түрі болып табылады. Ал ақиқат болмысты нақты деректер арқылы танып-білуді мақсат тұтатын ғылымнан өнердің басты ерекшелігі өмірлік шындықты көркем образдар арқылы қабылдап, бейнелеуінде жатыр. Көркемдік танымның, көркемдік таным нәтижесі – өнердің, пайда болуы, дамуы, кемелденуі тарихи ұзақ үрдіс жемісі. Бұл – арнайы қарастыруды қажет ететін мәселе. Ал өнер тарихына қатысты еңбектерді кітапханалардан табуға болады. Сондықтан да өнердің мән-мазмұнына байланысты әңгімеміздің негізгі желісінен алшақтаудың керегі бола қоймас. Өнер қай кезде де өзі өмір сүріп отырған қоғамның әлеуметтікэкономикалық құрылымындағы өзгерістермен тығыз байланысты болады. Болмысты бейнелеу түрі болып табылатын өнер қоғамның рухани өмірінде маңызды роль атқаратын ғылым мен техника, саясат пен мораль сияқты құбылыстармен де тығыз ұштаса дамиды. Солай бола тұра, өнер қоғамдық сананың өзге түрлерінен өзіндік ерекшеліктерімен дараланады. Яғни өнердің өзіндік нысаны – адамның ақиқат өмірге эстетикалық қарым-қатынасы да, мақсаты – дүниені көркемдік тұрғыдан игеру болып табылады. Өнер туындыларының өзегіне адам, адамдардың қоғамдық байланысы мен өзара қарым-қатынасы, олардың белгілі бір нақты тарихи жағдайлардағы өмірі мен іс-әрекеттерінің алынуы да сондықтан. Өнер нысаны болып табылатын өмірдің сан алуан қырларын игеру, елеп-екшеп өңдеу және шығармашылықпен бейнелеу әрекеттерінің бәрін де суреткер көркем образдар арқылы жүзеге асырады. Демек, көркем образ дүниені таныпбілудің ерекше түрі болып табылады. Өнер түрлерінің әрқайсысына тән ерекшеліктерді олардың өмірді суреттеу тәсілдері мен көркемдік мақсаттары, көркем образ жасауда пайдаланатын құралдары айқындайды. Мәселен, әдебиетте дүниені эстетикалық тұрғыдан қабылдау сөз арқылы; сұңғатта (живопись) дүниенің әсемдігін бояулар жарасымын көзбен көру арқылы; мүсінде пластикалық бейнелер, көлемдік-кеңістіктік пішіндер арқылы; музыкада дыбыстар әуезі арқылы, т.с.с. іске асады.

Сұрақ. Қарапайым сөзбен айтар болсақ, ғылым адам баласына қоршаған дүниені танып-білу үшін және сол арқылы өзінің еңбегін жеңілдету үшін қажет екен. Сонда өнердің қажеттігі неде? Жауап. Өнердің нысаны мен ақиқат өмірді суреттеу түрлері оның өзіне ғана тән міндетін де белгілейді. Ғылым сияқты, өнердің мақсаты да адам игілігіне қызмет ету. Бұл тұрғыда өнер адамға қуаныш, ләззат сыйлай алатын, рухани байытатын шынайы көпкем туындылар жасау арқылы оның эстетикалық сұранысын қанағаттандырып қана қоймайды, сонымен бірге нақты бір сәттерде көркемдік заңдары бойынша әрекет ете білу қабілетін де жетілдіреді. Яғни өнер адамға өзінің көркемдік жемісін ұсынумен қатар, әр адамның бойындағы көркемдік танымның жетілуіне де, сондай-ақ белгілі бір дәрежеде суреткерлік қабілетінің ұшталуына да ықпал етеді. Өнерге тән осынау эстетикалық міндет арқылы оның танымдық маңызы да, тәрбиелеушілік әсері де жүзеге асады.

Бесінші әңгіме
немесе
Өнер және әдебиет

Сұрақ. Өнер жайындағы жалпы әңгіме барысында өнердің бір түрі ретінде әдебиет те аталып өтті. Өнер түрлерінің ерекшеліктерін айқындайтын белгілерге тоқталған тұста дүниені эстетикалық тұрғыдан қабылдау әдебиетте сөз арқылы жүзеге асады деген үлгіде ғана айтылды. Енді әдебиет тақырыбына кеңірек назар аударатын сәттің де орайы келген сияқты. Жауап. Олай болса, әңгімені қазіргі біздің түсінігіміздегі әдебиеттің туу, жетілу, қалыптасу тарихына қатысты қысқаша шолудан басталық. Әдебиеттің түп-тамыры қадым замандардағы халықтың ауызекі шығармашылығында жатыр. Біртіндеп жер бетінде мемлекеттердің пайда бола бастауы әдебиеттің де сипатын өзгертті. Алайда әдебиет көне дәуірдегі жазба жәдігерлерден бірден ара-жігін ажыратып әкеткен жоқ. Ежелгі ескерткіштердің қай-қайсында да, діни кітаптарда да сөз өнері мифологиямен, діни аңыздармен, алғашқы ғылыми балаң түсініктермен астасып жатады. Көне мұралардағы мұндай синкреттік сипат олардың эстетикалық-көркемдік құндылығына қылау түсіре алмайды. Өйткені бұларда көрініс тапқан діни, мифологиялық сананың өзі құрылымы жағынан көркемдікке бейім. Ежелгі өркениеттің (Мысыр, Қытай, Иудей, Үнді, Грекия, Рим, т.б.) жазба мұрағаттары бүкіл адамзатқа ортақ әдебиеттің өзегі болып табылады. Әдебиет тарихы сан ғасырларды қамтып жатқанымен, “жазба түрдегі сөз өнері” мағынасындағы әдебиеттің қалыптасып, танылуы буржуазиялық қоғамның пайда болуымен байланысты. Осы дәуірде, басқа да қоғамдық құбылыстармен бірге, өткен дәуірлердің сөздік-көркемдік туындылары да аса маңызды жаңаруларды бастан өткеріп, жаңа тұрпатты әдеби тірлікке, яғни

ауызша айтылып, есту арқылы қабылдаудан оқу арқылы қабылдауға бет түзеді. Осымен орайласа, әдеби өмірде дәстүрлі маңыз иеленген “поэтикалық тіл” нормалары да күйреп, әдебиетте жалпыхалықтық тіл кеңінен қолданыла бастады. Әдебиеттің тілдік “материалы” әмбебаптық сипатқа бейімделді. Эстетикада біртіндеп (XІX ғасырда Гегельден бастап) алдыңғы планға әдебиеттің мазмұндық және руханилық қасиеттері шығып, өзге де философиялық, ғылыми, публицистикалық, т.с.с. жазбаша ой түрлері қатарына (өнердің өзге түрлері қатарында емес!) қабылданып үлгерді. Алайда ХХ ғасырдың ортасына қарай әдебиетті дүниені шығармашылықпен игеру түрі, өнерге тән шығармашылық іс ретінде түсінушілік орнықты; сонымен бірге әдебиет өнер жүйесінде ерекше орын иеленетін көркем шығармашылықтың өзгешелеу түрі болып есептелді. Әдебиеттің осынау даралық сипаты нәтижесінде “әдебиет және өнер” деген тіркес қалыптасты. Қазіргі түсінік бойынша, әдебиет, өзге де өнер түрлері сияқты, обьективті өмір шындығын қабылдау мен бейнелеудің көркем де бейнелі (образды) түрі, болмысты рухани-тәжірибелік игеру тегі. Сұрақ. Анықтаманы тарата түсіндіргенде қалай болар еді? Жауап. Қандай да бір өнер туындысы адамдар арасындағы руханиэмоционалды қарым-қатынастың нәтижесі, сонымен бірге адам еңбегі арқылы жасалып, өзіне ғана тән, тың көркемдік жаңалық ұсынатын құбылыс болып табылады. Жоғарыда айтылғандай, өнердің қай түріне де қарым-қатынастық (общения), жаңадан жасаушылық (созидания) және танымдық қызметтер тән, дегенмен де өнер түрлерінің өзіндік ерекшеліктеріне орай бұл сипаттар олардың әрқайсында әртүрлі дәрежеде көрінеді. Сөздің өзі – ойлаудың көрінісі. Ойлау – ұдайы өзгеру үстінде болатын үрдіс. Осыған байланысты сөз өнерінің қалыптасып, дамуы барысында әдебиет те өзге өнер түрлерінен даралана бастады. Әдебиетке тән даралық сипат әсіресе ХlХ – ХХ ғасырларда ерекше байқалды. Адамзат баласының сыншыл көзқарасы мен танымының жетілуі әдебиетті де кемелдендіре түсті. Бұл кезеңдегі ізденістер көркемдік танымды өмірлік тәжірибе немесе сезім арқылы қабылдаудан ақыл-парасат арқылы танып-білуге алып келді. Қазіргі таңдағы әдебиет адамның рухани жан-дүниесі мен ақыл-ой әлеміне дендей енуі жағынан философия, психология, тарих, әлеуметтану, т.с.с. ғылым түрлерімен де етене жақындасып, өнер мен ғылымның аралығында тұрғандай әсер қалдырады. Әдебиетті “өміртану құралы”, “адам жанының айнасы” деп жиі айтамыз. Әдебиеттің мұндай сипаттамаларды иеленуінің бір сыры оның өмірдегі көкейкесті мәселелерді көтеріп, адам жанының құпия қойнауларына тереңдей үңіліп, талдап тануға бейімділігінде жатыр. Көркем өнердің өзге түрлеріне қарағанда, әдебиеттегі көркемдік әлемі жан-жақты ойластырылып, жинақтаудың ең жоғарғы дәрежесіне жеткен дүние болып дараланады. Әдебиеттің бойында ой айту, идея ұсыну сияқты сипаттардың басқа өнердің барлығынан басым болуының сыры да осында. Әдебиеттегі көркем бейнелерді көзбен көріп, қолмен ұстау мүмкін емес. Бұл тұрғыда, яғни сезім

мүшелері арқылы жақыннан әсер ету жағынан, ол өзге өнер түрлеріне қарағанда “осалдық танытса” да, адам қиялында пайда болған образдар болмысын кең ауқымда қамтуы жағынан оқ бойы озық тұрғаны ақиқат. Сұрақ. Өнердің күрделі түрлерінің біріне атау болып тұрған “Әдебиет” деген сөздің өзі қайдан шыққан? Жауап. Біздің тіліміздегі “Әдебиет” сөзінің түп-төркіні араб тілінде “сөз, үлгілі сөз” деген мағынаны білдіретін “адаб” сөзінен; ал өзге тілдерде “әдебиет” ұғымындағы “литература” сөзі латын тілінен тура аудармасында “жазылған, жазуға түскен” деген мағынадағы “lіt(t)eratura” сөзінен өрбиді. Соңғы сөздің негізінде “әріп, жазу” дегенді білдіретін “lіt(t)era” сөзі жатыр. “Әдебиет” термині адам ойының жазуға түскен көрінісі болып табылатын және қоғамдық маңызы бар кез-келген еңбекке қатысты да қолданыла береді. Мысалы: техникалық әдебиет, ғылыми әдебиет, анықтамалық әдебиет, т.с.с. Әйтсе де “әдебиет” деген түсінік, негізінен, көркем шығармаларға қатысты айтылады. “Әдебиет” сөзінің термин ретінде қолданыла бастауы бертінгі дәуірлерден басталады. Ежелгі дәуірлерден бастап барлық көркем шығармаларға ортақ атау болып келген, ал қазіргі таңда тек өлең шығармаларға қатысты қолданылатын “поэзия”, “поэтикалық өнер” деген терминдерді ығыстырып, олардың орнына кеңінен қолданысқа түсуінің бастау тұсы XVІІІ ғасырмен орайлас келеді. “Әдебиет” термині XV ғасырдың орта тұсында пайда болған кітап басу ісіне қатысты туғандығы белгілі. Кітап басудың пайда болуы сөз өнерінің “әдеби” үлгідегі (яғни “оқуға арналған” деген мағынада) өмір сүру формасын негізгі және сөзсіз басымдыққа ие етті. Бұған дейін сөз өнері тыңдарманға арналып, көпшілік алдында орындауға арналған және ерекше “поэтикалық тіл” құралдары арқылы бұқараға “поэтикалық” ықпал етуді шебер жүзеге асыру деп ұғынылып келген. Оған дәлел-мысалдарды Аристотельдің “Поэтика” аталатын танымал еңбегінен, сондай-ақ, ежелгі және орта дәуірлерде дүниеге келген эстетикалық трактаттардан көптеп кездестіруге болады. Сұрақ. Өнердің басты ерекшелігі образ арқылы қабылдау, ойлау және бейнелеуден туындайтынын айтып өттік. Бұл жағдай, әрине, әдебиетке де қатысты. Дегенмен әдебиеттің өзге өнер түрлерінен айырмашылығы неде? Жауап. Өнердің басқа түрлерінен әдебиеттің өзіндік ерекшелігі бар. Сұңғат, мүсін, ән-әуез, би, т.с.с. өнер түрлері қандай да бір зат (бояу, тас) арқылы, немесе іс-әрекет (дене қимылы, үн шығару) арқылы адам сезіміне әсер етсе, әдебиеттің құралы – сөз. Әдебиетті түсіну үшін сезіммен қатар сана да қызмет етуі қажет. Мәселен, поэзиялық туындыны оқу немесе тыңдау барысында ұйқас, ырғақты (көзбен немесе құлақпен) сезіну аз, сонымен қатар өлеңді құрап тұрған бөлшектердің, яғни сөздердің әрқайсының мағынасын саналы түрде түсініп қабылдау керек. Демек, әдебиетті толық

түсіну үшін сезім мен сана бірлігі болуға тиіс. Жан-дүниеге бойлай енетін руханилық қасиеті әдебиетке мол мүмкіндік береді. Осылайша әдебиеттің пішіні өз бойына заттық-сезімдік сипаттарды ұштастырады. Яғни әдебиетте белгілі бір дыбыстар жүйелілігі (кешені), өлең мен қара сөздің ырғағы (бұлар іштей оқығанда да сақталады) болады; дегенмен әдебиеттің осы тікелей сезімдік жағы көркем сөздің интеллектуалдық, рухани қатпарларымен үйлесім тапқанда ғана шынайы мән иеленбек. Пішіннің ең қарапайым бөлшектерінің өзі (эпитет немесе метафора, баяндау немесе диалог) түсіну процесінде ғана (сезімдік қабылдау арылы емес!) әсерлі болады. Әдебиетті көктей өтетін руханилық сипат оған, өзге өнер түрлерімен салыстырғанда, өзінің әмбебаптық мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді. Себебі әдебиет – өнердің жоғарғы тегі. Әдебиет адамның сөзі арқылы көрінеді. Ал сөзде дыбыс та, сурет те, айқын айтылған нақты көрініс те бар. Нәтижесінде өзге өнер түрлеріне жекелей ғана телінген сипаттардың (дыбыс, сурет, қимыл, т.б.) барлығы да әдебиетке етене сипаттар болып шығады. Сонымен бірге әдебиеттің тағы бір даралық белгісі – қаламгер шығармашылығына қатысты. Мәселен, философ яки журналист өмір жайында ой толғауы немесе баяндауы мүмкін. Ал қаламгер өзге де өнер иелері сияқты өзіне ғана тән көркемдік әлемін жасайды. Көңілдегі әдеби шығарманы жарыққа әкелу барысындағы қаламгер еңбегін кез-келген суреткер еңбегімен салыстыруға болады. Тастан адам бейнесін жасаған мүсінші қандай тер төксе, қаламгер де соншалықты мехнат сәттерді бастан өткереді. Жұмыс барысында жан мен тәнді бірдей қамтыған еңбектің қаншалықты өтелгені оқырман арқылы танылады. Оқырман қаламгер ұсынған көркемдік әлемін жатсынбай қабылдап, өзінің ой-қиялы арқылы әдеби шығармадағы көркем бейнелермен біте қайнасып, бірге туысып кетсе, онда әдеби шығарманың өз мақсатына жеткендігі. Демек, қаламгер өмірдегіні қабылдап, көшіріп беруші емес, жаңа дүние жасаушы болуға тиіс. Сонымен қатар қаламгердің жасаған көркем әлемі оқырманды иландырып, ырқына баурап әкетуі қажет. Қаламгер ойынан оқырман озып кетіп, шығармаға арқау болған жағдайларды алдын-ала болжап, өзінше өрбітіп отырса, онда ол туындының шынайы әдебиет дәрежесіне жетпегені. Бұл тұста әдебиеттің жаңа дүние жасаушылық сипатына қатысты тағы бір қыры, яғни қаламгерді тәрбиелеп, қалыптастыратын жағдайлардың бірі оқырманның өзі екендігі айқындалады. Әдебиеттің ерекшелігі сөздің ерекшелігімен байланысты және бұл ерекшелік әдеби туындыларды сурет және мүсін туындыларымен салыстыра қарастырғанда анық танылады. Әрине, ән-әуез өнері сияқты уақыттық өнерге (временные искусства) жататын сөз өнері көрнекілік пен анықтық жағынан кеңістіктік өнер образдарымен бәсекелесе алмайды. Алайда оның басым жақтары да бар. Суретші мен мүсінші өзінің құралдары арқылы көзге көрінетін нәрсені ғана бейнелей алады. Адамдардың ішкі күйі, мінезі, олардың қарым-қатынасы және оларға суреткердің қарым-қатынасы белгілі

бір сәтті ғана қамтып қалған түрлі кейіптер арқылы ғана ашылады. Қаламгер сөз көмегімен оқырманның немесе тыңдарманның қиялында адамдарды қоршаған сыртқы дүние туралы да, сонымен бірге олардың ішкі әлемі (ойы, сезімі, толғаныстары, құштарлықтары) туралы да жанды бейнелер туғыза алады. Бұл тұста суретші немесе мүсіншіден гөрі, ол өзі бейнелеген құбылысты құрайтын жағдайларды бірінен бірін өрбіте отырып, тұтастай суреттей алады. lлкі дәуірлерден қазіргі кезеңге дейінгі әдебиеттің тарихи дамуы оның қоғамдық өмірдің күрделі процестеріне, адамдар санасына, олардың қарымқатынастарына тереңдей бойлай алатындығын айқын дәлелдейді. Әуелде ертедегі эпикалық туындыларда негізінен қаһарманның әрекеттері мен қайрат-жігері (мысалы, Геркулес жайындағы әңгімелер, түрлі халықтардың ежелгі қаһармандық эпостары) суреттеледі. Одан кейінгі классик қаламгерлер туындыларында адамдардың мінездері, олардың түрлі ісәрекеттерінің мән-жайы, адамдардың сан алуан және түрлі кейіптегі көріністерімен барынша жан-жақты суреттеледі. XІX ғасырда көптеген көрнекті қаламгерлер туындылары арқылы түрлі мінездер мен түрлі жағдайлар арасындағы, адам мен оны қоршаған дүние арасындағы қарымқатынастар мен байланыстар саласында ұлы жетістіктерге қол жетті. Өз дәуірімізге үңілер болсақ, өмірдің толымды бейнесін жасау барысында аталған екі жақтың (ішкі және сыртқы) қаншалықты дәрежеде бір-бірімен ұштасып бара жатқанын байқаймыз. Сұрақ. Өнер жайын әңгімелеген тұста “Болмысты бейнелеу түрі болып табылатын өнер қоғамдық сананың өзге түрлерінен өзіндік ерекшеліктерімен дараланады. Яғни өнердің өзіндік нысаны – адамның ақиқат өмірге эстетикалық қарым-қатынасы да, мақсаты – дүниені көркемдік тұрғыдан игеру болып табылады. Өнер туындыларының өзегіне адам, адамдардың қоғамдық байланысы мен өзара қарым-қатынасы, олардың белгілі бір нақты тарихи жағдайлардағы өмірі мен іс-әрекеттері алынады” дедік. Бірақ көркем шығармаларда адамнан басқа нәрселер де кездеседі ғой. Тіпті кей шығармаларда ешқандай адамның болмайтыны да бар. Бұл “әдебиет – өнер түрі; өнер нысаны – адам” деген пікірге қайшы келмей ме? Жауап. Адамдардың ішкі жан-дүниесіне, қоршаған ортамен байланысына, өзара қарым-қатынастарына дендей енетін көркем әдебиеттің сан ғасырлық даму жолы әдебиеттің бейнелеу нысаны әрқашанда адам болып табылатынын аңғартады. Көркем туындыдағы маңызды орынды адамның иеленуі – адамзатқа тән көркемдік таным мен шығармашылықтың ғасырлардан ғасырларға ұласқан ұзақ сапарының жемісі. Ежелгі үнді өнері мен әдебиетінде өсімдіктер мен хайуанаттар жетекші орынға шығып, адам табиғатқа тәуелді кейіпте ғана көрінсе, образды ойлаудың одан кейінгі кезеңі болып табылатын ежелгі египет мифологиясында құдай тектес құбыжық-хайуанаттар арасында адамдар бейнесі ара-кідік болса да кездесіп қалады. Ежелгі грек өнерінде ғана адам біршама толыққанды болмысымен көрінеді, бұл тұста ежелгі грек өнеріндегі

құдайларды – идеал адам бейнесі немесе құдай бейнесіндегі адам деуге болады. Адамның өнерде басты қаһарманға айналуы көркем шығармашылық саласында ұлы жеңістерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Мысалы, Гомердің “Илиадасы” мен “Одиссеясы”, Эсхил, Софокл, Еврипид трагедиялары, Аристофан комедияларының адамзаттың ортақ игілігіне айналуының бір сырын осы тұстан іздеген жөн. Әдеби шығармалардың басым бөлігінде адамның өзі, өмірі, мақсат-мұраты, ой-сезімі, күрес-тартысы негізгі орын алады. Қандай да бір жазушы жайында сөз болғанда, ең алдымен оның сомдаған қаһармандарының ойға оралуының сыры да осында. Мысалы: Гомер – Ахиллес, Гектор, Андромаха, Одиссей, Пенелопа, т.с.с; Шекспир – Гамлет, Макбет, Ромео, Джульетта, Отелло, т.с.с; Әуезов – Абай, Құнанбай, Бақтығұл, Еңлік, Қаракөз, т.с.с… Әрине, “әдебиеттің өзекті тақырыбы – адам” дегенде, оның түпкі мәнін адамның туындыда неғұрлым көп орын алуынан іздемеу керек. Көркем туындыда табиғатқа, хайуанаттар мен заттарға қатысты өрбіп жататын идеялық-көркемдік жағдайларды жоққа шығаруға болмайды. Алайда бұл тұста олардың қай-қайсы да адам өмірі мен мінезіне, адам тіршілігіне қатысты қандай да бір философияға, адамдардың ой-сезімдеріне, толғаныстарына тікелей байланысты екенін есте сақтау қажет. Көркем шығармада жазушылар адамдардың тағдыры мен мінездерін аша түсу мақсатында табиғат көріністерін жиі пайдаланады. Әлбетте, табиғат лирикасында, табиғатты суреттеген прозада бейнелеудің басты нысаны табиғат болатыны анық. Соның өзінде табиғат суреті адам өмірімен тығыз байланыста көрінеді. Бұл орайда Горацийдің: “тоғайды, бұлақты, шулы тасқынды, алуан түсті кемпірқосақты нашар ақын ғана адамға еш қатыссыз суреттейді” деген сөзі бар. Ал XVІІІ ғасырдың алғашқы жартысындағы ағылшын ақындарының бірі Александр Поп өзімен-өзі ғана суреттелген табиғат көріністерін тек қана тұздықтан даярланған тамаққа теңейтіні және бар. Демек, табиғаттың өзін жеке бейнелегенде де, ақын оны адамның мүддемұратымен, құштарлығымен, іңкәрлігімен, ой-толғаныстарымен, үмітімен байланыстырады. Әдебиеттегі хайуанаттар бейнесі де осындай. Олардың бойынан да адам құштарлығымен үндес, адам өмірін еске салатын, адамдардың рухани дамуы үшін маңызды жағдайларды байқаймыз. Пейзаж сияқты, хайуанаттар бейнесі де қаламгер туындысында адамға тән нақты бір қасиетті тереңдете ашу мақсатында көп жағдайда контрастық үлгіде (мысалы, Толстойдың Холстомері) пайдаланылады. Кейде хайуанаттар бейнелері аса маңызды идеялық-көркемдік қызмет атқарады. Қайсыбір шығармаларда аң-құстар бейнелері аллегориялық сипатта қолданылады. Бұл көбінесе ертегі, мысалдарда, әредік кейбір әдеби жанрларда ұшырасады. Аллегориялық сипаты басым туынды үлгісі ретінде М.Горькийдің “Дауылпаз туралы жырын” айтуға болады.

Әдеби шығармаларда адам тіршілігінде түрлі мән иеленетін заттар да көрініс табады. Қаламгерлер тұрмыстық заттарды адам мінезін немесе мінездің жекелеген қырларын ашуға қажетті кілт ретінде жиі қолданады. Кейде туындыдағы заттар өзін жасаған өнерпаздың күш-қуаты мен шығармашылық мүмкіндігін де (мысалы, Ахиллестің қалқаны) танытады. Тарихи көркем туындыларда тұрмыстық бұйымдарды, үй-жайды, т.с.с. суреттеу шығарма кейіпкерлерін дұрыс танып-түсіну үшін қажетті ұлттық әлеуметтік-тарихи колоритті құрайды. Шығармашылықпен қолданылған қандай да бір зат бейнесі, кейде тіпті сол затты еске салып өтудің өзі, оны пайдаланушы адамның қоғамдағы орнын, өзгелермен қарым-қатынасын, ойсезімдерін танытуға ықпал ете алады. Сұрақ. Сонымен, әдебиеттің бейнелеу нысаны – адам, мақсаты – адам болмысын танып-білу. Алайда, адам болмысын танып-білумен физиология, тарих, антропология, этнография, психология, т.с.с. ғылымдар да айналысатыны мәлім. Бұл жағдай бізге көркем әдебиеттің өзіндік ерекшеліктерін неғұрлым терең де жіті танып білу қажеттігін байқатады. Ендеше, әдебиет нысаны жайында тағы да қандай мәселелерге назар аударған жөн? Жауап. Бұл орайда әдебиет нысанының тұтастығы мен жалпылық мәні жайында бірер сөз айта кеткен орынды. Ғылымда табиғаттағы нақты құбылыстардан оларға ортақ дерексіз ұғымдар анықталады. Бұл дерексіздік ол құбылыстардың негізгі, мәнді қасиеттерін қамтығанымен, олардың жанды тұтастығын сақтамайды. Өнер мен әдебиетте бұлай емес, керісінше. Өнер мен әдебиетке тән бұл ерекшелік көркемдік таным үрдісін ғылыми таныммен салыстыра қарағанда көзге анық байқалады. Мысалы, өнерде – образ, ғылымда – дерек. Өнер мен әдебиеттің тағы бір маңызды ерекшелігі оның жалпылық мәні (общезначимость) болып табылады. Бейнеленген нәрсенің оқырманға әсері қаншалықты керемет болса да, егер ол көпшілік үшін аса маңызды мәселелерді қозғамаса, өз мақсатына жете алмасы анық. Олай болса, өнер мен әдебиетке тән жалпылық мән дегеніміз не? Оның фактілерге негізделген ғылыми шындықтың жалпылық мәнінен айырмасы қандай? Ең әуелі ескеретін мәселелердің бірі мынадай – әдебиет пен өнер өзегіне тек әсем нәрселер ғана емес, ұнамсыз жәйттер де алына береді. Себебі өнер аясы әсем дүниемен ғана шектелмей, өмірдегінің бәрін де қамтиды. Ол өмірлік ақиқатқа зерттеуші ретінде емес, кәдімгі адами көзбен үңіледі. Барша адамды қызықтырған нәрсе өнерді де қызықтырады. Оның дәлелін әдеби туындыларға назар аударсақ, байқай аламыз. Кез келген шығармада ұнамдыұнамсыз кейіпкерлер аралас кездеседі. Тіпті кейбір шығармалардың кілең ұнамсыз типтерден тұратыны да бар. Мысалы, Н.В.Гогольдің “Ревизоры”. Бұл – заңды құбылыс. Себебі – өмірді түсініп, өзінің өмірден алар орнын анықтау үшін адамдар ғажайып пен сыйықсызды, асқақтық пен міскіндікті, қасірет пен қуанышты, қайғылы мен күлкіліні тани білуі қажет. Идеялылық, адамгершілік, эстетикалық жағынан адам баласы үшін аса мәнді де, баршаға

ортақ болып табылатын құндылықтарды танып-білу арқылы адам баласы өзінің тіршілік сипатын нақтылауға, не үшін өмір сүріп жүргенін түсінуге мүмкіндік алады. Өнер мен әдебиеттің міндеті де осы мәселелерден өрбиді. Өнер мен әдебиет адамға өмірді танып-білуге жәрдемдеседі. Әдебиетте қамтылған құбылыстар адамды “зерттеуші ретінде емес, адам ретінде” қызықтырады. Олар қаншалықты ауқымды болғанымен, идеялық, адамгершілік, эстетикалық тұрғыдан көркем шығармада қамтылған шектеулі көлемді ғана қамти алады. Әрине, жоғарыда айтылған пікірлерден қаламгерлер ғылымға қатысты құбылыстарды, ғылыми істерді немесе ғылыми жаңалықтарды бейнелемейді деген ой тумаса керек. Сұрақ. Әдебиет нысанының қаншалықты маңызды мәнге ие екендігі оның көпшілік көңіліндегі мәселелерді қаншалықты дәрежеде қозғауынан танылады екен. Ал уақыт озған сайын адамның көзқарасы өзгеріп отыратынын да жоққа шығаруға болмайды. Олай болса, әдебиет нысанының мәнділігі заман талабына қаншалықты қатысты? Жауап. Қаламгер бейнелеген өмір құбылыстарының идеялықэстетикалық тұрғыдан жалпылық мәнділік проблемасы әрқашан оның заманауилығы мәселесімен тығыз байланысты. Әрбір дәуір үшін қаламгерді қызықтырған құбылыстар мен олардың көркем бейнесінің барша халық үшін қаншалықты маңыздылығы, сонымен бірге халықтың рухани сұранысы мен тарихи талаптарға қаншалықты жауап бере алатындығы көкейкесті мәселе болмақ. Егер қаламгер бұл сұраныстар мен талаптарды ескерместен, өз замандастары үшін маңызды мәселелерден бойын аулақ салса, оның шығармашылығы да елеусіз қалмақ. Әдебиеттің өзекті тақырыбының заманмен қарым-қатынасын дұрыс түсіну үшін, ең әуелі, бұл мәселелердің мәнін түсініп алу керек. Аталмыш түсініктің тым қарабайырланып, оның жалпылық мәні ескерілместен, қандай да бір уақытқа ғана тән өмірлік материал аясында қолданылатыны да бар. Алайда, дәл осы заманның өзінен алынған материалға негізделген шығармалардың бәрі бірдей заман талабына, оқырманды толғандырған толғақты ойларға жауап бере бермейді. Бұған керісінше, өткен тарихты өзек еткен шығарма нағыз осы заман талабына орайлас келуі мүмкін. Өйткені, өткен оқиғаларды бейнелеу қаламгердің тірлік кешкен дәуірімен қалай да қоян-қолтық араласып жататыны сияқты, соған сәйкес, оқырманды да өз дәуірінің оқиғаларынан кем толғандырмайды. Қаламгер суреттеген құбылыстың заманауилығы мәселесі екі жағдайды ескеруді қажетсінеді: 1) тарихи уақыт талабы және 2) әдеби дамудың ішкі міндеттері. Яғни шығарманың көтерген проблемасы, ондағы бейнеленген құбылыстар ауқымы заманның, әртүрлі әлеуметтік топтардың, халық бұқарасының, барша адамзаттың мүдде-мұратымен айқындалса; бұл құбылыстардың қамтылу аясы, оның қайсы бір қырларына тереңдей бойлау көбіне-көп әдеби даму деңгейіне байланысты.

Сұрақ. Өзінің негізгі нысаны етіп адамды алғанда, әдебиет қандай мақсат ұстанады? Әдебиеттің нысаны мен мақсаты арасындағы байланыс қалай іске асады? Жауап. Тарихи даму барысында қалыптасып, жауһар туындыларда көрініс тауып келе жатқан өзінің саналы мақсатын өнер мен әдебиет те жүзеге асырады. Адамды, оның өмірін басты бейнелеу нысаны ете отырып, ақиқат дүниедегі түрлі құбылыстар мен заттарды адамға қатысты көрсете отырып, қаламгер адамтанушылық және адамгершілік міндеттерді шешеді. Әдебиеттің тақырыптық нысанының өзіндік ерекшелігі оның алдындағы мақсат ерекшелігімен де тығыз байланысты. Сәл басқаша айтқанда, көркем туындыдағы адам – әрі тақырыптық нысан, әрі мақсат. Адам қай кезде де заттар әлемінде өмір сүріп келеді. Бізді қоршаған сыртқы дүниені суреттемейтін ешқандай көркем туынды болуы мүмкін емес. Романда яки лирикалық өлеңде күрделі де терең толғаныстарды бейнелеген кезде автор оқырманға қаһарманның кеңістіктегі орны және ол орналасқан “заттық” жағдай туралы айтпасқа еш мүмкіндігі болмайды. Қаламгер ойда жаңғыртып бейнелеген шынайы нәрселер әдеби туындының көркемдік әлемін құрайды және көркемдік кеңістікте орналасып, көркемдік уақытта өмір сүреді де, көркемдік заттар болып табылады. Бұл заттар екінші бір өзінше шындық өмірді құрайды. Көркемдік зат бүгешігесіне дейін тәптіштей суреттелуі шарт емес. Үлкен суреткер бір ғана мәнді деталь арқылы тұтас затты таныта алады. Сондай-ақ, суреткерден көркемдік заттың шындықтан ауытқымауын талап ету де әбестік. Ол көркемдік мақсатқа байланысты заттың шынайы өлшеміне, сәйкестігіне қиғаш келуі әбден мүмкін. Тіпті нағыз реалистік тұрғыдан суреттелген көркемдік заттың өзі шындықтағы заттық прототиптің көшірмесі емес. Өйткені көркемдік заттарды іріктеуден бастап-ақ қаламгер даралығы танылады. Мұны біз бір-біріне ұқсас заттарды түрлі қаламгерлердің суреттеулерін салыстырсақ, анық көреміз. lріктеу – заттық бейнені іске асырудың алғашқы сатысы ғана. Ал затты жанды кейіпте бейнелеу барысында қаламгер түрлі тәсілдер қолданады. Мәселен, әдеттен тыс орыннан – аспаннан қарағандай суреттеуі мүмкін. Екінші бір тәсіл – белгілі бір көңіл-күй үстіндегі кейіпкер көзімен бейнелеу. Мәселен, кинода жылап отырған кейіпкердің көзімен қарағандағы зат тұман арасынан бұлдырай көрінгендей әсер қалдырады. Осы тәсілге орай әдебиеттанушы В.Б.Шкловский “остранение” терминін енгізген болатын. Көркемдік заттар заттық символдарда тіпті күрделі мән иеленеді. Символдық мән нақты заттан алшақ емес, алайда заттың нақ осы бейнесі көркемдік әлемнің сан қилы идеялық-тақырыптық маңызын бойына ұялатқан шексіз кеңістікті қамти алады. Сондай-ақ, зат тұтас қалпында бейнеленбеуі де мүмкін. Бұл орайда екі мүмкіндік бар: 1) ірі, ауқымды детальдар арқылы және 2) ұсақ бөлшектерді түгелдей жинақтау арқылы бейнелеу. Заттардың проза мен поэзияда бейнеленуінде де айырмашылық бар. Мәселен, прозада затты бейнелеген сөздің санада сақталып қалуы шарт емес,

сөздің орнында сол сөздік бейнелер арқылы жасалған көрініс қана қалады. Ал өлеңде көркемдік зат өзін бейнелеген сөзбен ажырағысыз бірлікте, тек сол сөз арқылы ғана өмір кешеді. Мысалы, “Жас жүрек жайып саусағын…”, яғни ”Алақан жайып жас жүрек” емес. Сөз, сюжет, кейіпкер тәрізді, көркемдік зат та – автор мен оның бейнелеген әлемінен туындайтын әралуан күрделі шығармашылық мүмкіндіктердің тоғысар алаңы. Сұрақ. Көркем туындыдағы адам – әрі тақырыптық нысан, әрі мақсат болып шығатынын аңдадық. Әдебиет адамтанушылық және адамгершілік міндеттерді шешеді дедік. Аталмыш міндеттер тек әдебиетке ғана тән міндеттер емес қой. Демек, бұл міндеттерге байланысты да әдебиеттің өзіндік белгілері болуы тиіс емес пе? Жауап. Әрине, өнер мен әдебиеттің басты мақсатына сәйкес, олар шешуге тиіс міндеттер де аз емес. Әдебиеттің өзіндік сипаттарынан өрбитін міндеттердің қатарында танымдық және тәрбиелеушілік міндеттер де бар. Көркем әдебиетті оқу өмірлік тәжірибе шеңберін кеңейтіп, өз заманымыз бен өткен дәуірлердегі оқиғаларды ойда саралап, сезім арқылы бастан өткеруге мүмкіндік береді. Миллиондаған адам әлемдік әдебиет жауһарларында жасалған абзал идеалдардан жанға қуат дарытады, олардың санасына ұлы мұраттар арқалаған әдеби қаһармандар өмірдегі бар адамдардай әсер етіп, еліктеу үлгісіне, ақылшы досына айналады. Әдебиет ақиқат болмысты шығармашылықпен жаңарта бейнелей отырып, өмір заңдылықтарын, құбылыстар мәнін өзінше түсініп, бағамдаумен ғана шектелмейді, сонымен бірге оларға баға да береді. Қаламгер ой-толғаныстарының түйіні оқырман алдында жадағай ақыл, құрғақ қағида түрінде емес, әдеби шығарма кейіпкерінің – адамдардың ойсезімдерін, іс-әрекеттерін бейнелеу түрінде көрінеді. Шығарма идеясы қаламгердің ізгілік пен сұлулық, ар-намыс пен парыз, өмірдің мәні мен адамның орны жайындағы ой-тұжырымдарымен байланысты. Қаламгердің жан-дүниесінде әбден екшеліп, сарапталып барып, шығарманың өн бойына дендей енеді. Көркем бейнелермен көмкерілген идея тәрбиелік тұрғыдан орасан ықпал етеді, көзін жеткізеді, қандай да бір сезімді санаға сіңіреді. Жаратылыстың заңдылықтары мен құбылыстардың мәнін ашу арқылы әдебиет оқырманның көзқарасын қалыптастырады, дүниетанымының негізін қалайды, идеал оймұраттарды өмірге енгізудің мақсаттары мен жолдарын нұсқайды. Әдебиет ойды да, сезімді де тәрбиелейді, мінез-құлықты қалыптастырады, яғни адамға тұтастай ықпал етеді. Бірінші кезекте қоғамдық қарым-қатынастарға, адамның қоғамдағы өміріне зейін қоя отырып, әдебиет қоғам мүшесі ретіндегі адамға тән ойлар мен сезімдерді тәрбиелеуге, қоғам алдындағы парызын түсінуге ықпал етеді. Тәрбиелеушілік сипат әдебиеттегі еліктеуге лайықты жағымды бейнелерге ғана тән нәрсе емес; келеңсіз құбылыстарды бейнелеу арқылы да қаламгер оларды адамгершілік тұрғыдан әшкерелеуге, бұл орайда айқын

позиция ұстануға үндейді. Әдебиет өмірлік шындық заңдылықтарына бейнелеудің даусыз шындықтары нәтижесінде көз жеткізеді. Бұл тұста назарда болуға тиісті жәйттердің бірі – оқырманға байланысты. Егер белгілі бір дәрежеде оқырманның өзі де суреткер болып, қаламгер бейнелеген кейіпкерлерді өзінің қиял көзімен жаңғыртып көру үшін қиялын жұмыс істеуге мәжбүр етпесе, көркем шығармада жасалған көркем әлемді тереңдей түсіну мүмкін болмайды. Оқырманды жазушының шығармашылық әріптесі ету арқылы әдебиет оның бойындағы көркемдікті тану қабілетін дамытады. Әдебиетті оқу ойлау жүйесінің дамуына түрткі болады, тілді байытып, жетілдіре түседі. Әдебиет адамзаттың сан ғасырлық мәдениетін жинақтайды, білімнің аса маңызды қайнар көзі, өзін-өзі тәрбиелеу құралы болып табылады. Әдебиет қоршаған дүниені танып-білуге, ой-сезімді, қажеттілікті, өмірлік жолды дұрыс таңдауға ықпал етеді. Басқа да өнер түрлеріндегі сияқты, әдеби туынды құндылығының басты өлшемдерінің қатарына оның халықтығы мен көркемдігі де қосылады. Сұрақ. Көркем дүниенің құндылығын анықтайтын халықтық пен көркемдік өлшемдерін қалай ажыратамыз? Жауап. Бұлар – аса күрделі ұғымдар. Сондықтан олардың әрқайсысына арнайы тоқталғанымыз орынды болар. Әуелі “халықтық” ұғымынан бастайық. Әдебиеттің халықтығы – көп мағыналы ұғым; яғни 1) жеке шығармашылықтың ұжымдық шығармашылыққа қатынасы; шығармашылық алмасу мен кәсіби әдебиеттің халықтық шығармашылықтағы поэтика, образ, сарындарды мұра ету деңгейі; 2) көркем шығармадағы халық бейнесі мен оның дүниеге көзқарасының өнердегі көрінісінің тереңдігі мен сәйкестігінің (адекватность) өлшемі; 3) өнердің қалың бұқараға эстетикалық және әлеуметтік тұрғыдан түсініктілігінің өлшемі. Әдебиеттің халықтығы проблемасына қатысты ой-пікірлер – ұдайы дамып, жетіліп келе жатқан мәселелердің бірі. Қазіргі кезеңде “әдебиеттің халықтығы” деген түсінік нақтылана түсті. Яғни әдебиеттің халықтығы дегеніміз халықтың ой-санасы мен жан дүниесін бейнелеу және халыққа қызмет ету болып табылады. “Әдебиеттің халықтығы деп шығарманың халықтың тілек-мүддесіне толық сәйкес келер идеялық-көркемдік сапасын айтамыз” (З.Ахметов). Уақыт озған сайын халықтың талап-тілегі де, танымы да үздіксіз өсе бермек. Тарихи дамуға орай өнердің суреттеу құралдары да, автор көздеген идеялық мұрат та өзгеріске ұшырайды. Сол себепті “әдебиеттің халықтығы” деген ұғымның аясы да өзгеріп отырады. Дегенмен әдебиеттің халықтығының басты белгілерін, басқаша айтқанда, халықтық сипаттың өлшемдерін нақтылап алу қажет. Сонымен, әдебиеттің халықтығының ең басты өлшемі – халық үшін ең маңызды да қажетті құбылыстар мен өзгерістерді бейнелеу. Әдебиеттің ұлы туындылары қай кезде де өз алдына халықты толғандырған сауалдарды қойып, қоғамдық өмір заңдылықтары ашылатын аса маңызды құбылыстарды бейнелеп отырған.

Екінші өлшем – аталған дәуірдің ең озық идеалдарына негізделген өмірлік ақиқатты шынайы суреттеу. Бұл тұста неге қаламгер идеалдарының нақты бір дәуірмен ара қатынасының астын сыза көрсетіп отырмыз? Егерде өткен дәуір шығармасын талдау барысында оны бүгінгі күн идеяларына сәйкестік-сәйкессіздігіне қарай бағалап, ондағы бар-жоқты бүгінгі талаппен өлшер болсақ, онда біз тарихи заңдылықтан аттап өткен болар едік. Ондай жағдайда аталмыш шығарманың бойындағы өз дәуірі үшін жаңалық болған құбылысты да, сол құбылыстың кейінгі кезеңдерде қалай дамығанын да дұрыс пайымдай алмасымыз анық. Алайда өзіміз атап өткен екі өлшем әдебиеттің халықтығы ұғымын толығымен көрсетпейді. Себебі шығармада халық үшін маңызды да қажетті жағдайлар суреттеліп, сол дәуірдің ең озық идеалдарымен үндесіп жатуы мүмкін. Бірақ соның бәрі ешкімді қызықтырмайтын қарабайыр үлгіде, әрсіз баяндалуы да ықтимал. Мұндай жадайда біз нашар орындалған жақсы ниетті ғана көретініміз сөзсіз. Демек, өнер туындысының халық игілігіне асуында қаламгер шеберлігі орасан маңыз алмақ. Суреткерлік шеберлік шығарманы өнер туындысына, ал оны жасаушы қаламгерді өз халқының лайықты перзентіне айналдырады. Әдеби шығармашылықта қаламгер ұлылығы өмірдің маңызды құбылыстарын кеңінен қамти білуімен, оған тереңдей бойлауымен және бейнелеу қуатымен өлшенеді. Осы белгілер арқылы алдыңғы екеуімен тығыз ұштасып жататын үшінші өлшем айқындалады. Яғни халықтықтың үшінші өлшемі қаламгер шеберлігі болып табылады. Өйткені, халықтық ұғымын ақиқатты бейнелеу тереңдігі мен шынайылығынан тыс қарастыруға болмайды. Әр халықтың өзіндік санасезімінің қалыптасуында суреткерлер аса маңызды роль атқарады. Олардың шығармашылығында халықтың өмірі, ұлттық және адамзаттық сипаттар мейлінше ұштаса көрінеді. Сұрақ. “Халықтық” ұғымына байланысты ой-пікірлер ұдайы даму үстіндегі мәселелердің бірі екендігін қалай түсіндіруге болады? Жауап. Әдетте “халықтық” ұғымы шеңберінде көркем туындының немесе қандай да қаламгердің шығармашылығы мен тұтастай бағыттың (ағым немесе мектептің) қалың бұқараға, барша халыққа жақындық деңгейі түсініледі. Халық тіршілігінің суреттелуі, жалпыхалықтық мүдденің, көңілкүй мен бағалау көріністері тек қана тематика мен проблематикада, пафос пен идеяда, характер мен сюжетте ғана көркемдік жинақтаушылық мән иеленбейді, сонымен бірге көркемдегіш құралдар, бейнелі тілде де көрінеді. Халықтық ұғымына индивидуализм мен эстеттік, ”өнер өнер үшін” ұстанымдары қарама-қайшы келеді. Әрине, халықтық ұғымының қазіргі түсінігіміздегі мағынасы бірден қалыптаса қалған нәрсе емес. Бұл мәселе төңірегінде алуан түрлі көзқарастарға негізделген талай-талай пікірлер айтылып, қилы-қилы ой сүзгілерінен екшеліп өткендігі өнертану тарихынан жақсы мәлім. “Халықтықтың” әдебиетке байланысты даму жолына қысқаша шолу жасап

өткеннің өзінде, аталмыш ұғым ой иелерінің сан ұрпағын толғандырған көкейкесті мәселе болғандығын аңғара аламыз. “Өнердің халықтығы” жайындағы мәселе айқын концепция ретінде алғаш Дж.Вико, Ж.Ж.Руссо еңбектерінде көрініп, ағылшын және неміс ілкіромантиктерінде қалыптаса бастады да, И.Г.Гердердің эстетикалық ілімінде, әсіресе, неміс романтиктерінде жан-жақты қарастырылды. Гердер “халықтық жыр” ұғымын енгізіп, оны кең ауқымда – ”халықтық шығармашылық” деңгейінде түсіндірді. “Жырлардағы халық даусы” (1807) жинағын құрастырғанда ол халықтық жырлар қатарына ертедегі және өз тұсындағы өлең-жырларымен қоса, авторлық өлеңдерді де (олардың арасында И.В.Гете өлеңдері де бар) кіргізді. Бұл арқылы ол халықтық поэзия мен “жоғарғы өнердің” табиғаты бірлігін көрсетуге ұмтылды. Романтиктер (негізінен, неміс әдебиетіндегі ағайынды А. және Ф.Шлегельдер, Л.Арним, К.Брентано, әсіресе, ағайынды Я. және В.Гриммдер) халықтық мәдениетпен етене жақындасу шеңберін ұлғайта түсті. Романтиктер “поэзияның бастау көзі – миф, кейіннен содан өрбіген фольклор, яғни ұжымдық рухы айқын танылатын, нақты иесі беймәлім халықтық шығармашылық” деген танымға негізделген мифологиялық мектеп құрды. Романтиктердегі “халықтық” ұғымы “рух пен фольклор поэтикасына бағдар ұстау, халық дамуының белгілі бір сатысында өнердің даралығын баса көрсету, өнердегі ұлт рухының көрінісі” деген түйінге саяды. Дегенмен кейбір романтиктер табиғи жаратылысты ойдан шығарылған өнерге қарсы қойып, өнердің кәсіби маңызын төмендеткен тұстары да бар. XІX ғасырдың ортасына қарай халықтықтың екінші аспектісі аса бір өзекті мәселеге айналды. Бұл кезеңде өнердің халықтығы ұғымы көркем туындының тереңдігі, ондағы идеялар мен образдардың қоғамдық сана дамуындағы, бүкіл ұлттың өмірін танудағы мән-маңызын айқындайтын өлшем болып танылды. Сонымен бір уақытта аталмыш ұғым халыққа қарай бет бұра бастады, яғни “халықтық” ұғымы бұқара халықтың мүддесі мен идеясының өнерде бейнелену өлшемі болды. Орыс әдебиеті мен сынында әдебиеттің халықтығы туралы мәселе Пушкин дәуірінен (XІX ғасыр) бастап кеңінен көтерілді. Әдебиеттің халықтығының ұстанымдары алғаш рет О.М.Сомовтың “Романтикалық поэзия жайында” (1823), П.А.Вяземскийдің ”Баспагер мен классик арасындағы әңгіме”(1824) мақалаларында ортаға салынды. Бұл екеуі де “халықтықты” ұлттық ерекшелікке, яғни әдет-ғұрып, дәстүр, тіл, т.с.с. адалдық деп түсіндірді. А.С.Пушкиннің өзі “халықтықтың ұлы белгілерін” У.Шекспир, Лопе де Вега, П.Кальдерон, Л.Ариосто, Ж.Расин шығармаларынан тауып, “халықтықты” қандай да бір халыққа ғана тән ұлттық болмыс-бітімнен, яғни аталмыш ұлтқа тән ой-санадан, сезімнен, әдетғұрып, салт-дәстүрден, т.с.с. өрбітті. Өздеріне дейінгі пікірлерде, көбінесе, шығармаларда халық тұрмысының ерекшеліктерін, ұлттық киімін, салтдәстүрін суреттеу деген мағынада түсіндіріліп келген “халықтық” ұғымын

Пушкин және оның тұстастары халыққа, халық игілігіне қызмет ету деп бағалады. XІX ғасырдың 40-жылдарында орыстың қоғамдық ой дүниесін кеңінен қамтыған халықтық жайындағы талас, әсіресе, батысшылдық және славянофильдік бағыттар арасындағы қайшылықтарда ерекше байқалды. “Батысшылдар” жеке-даралық ұстанымын дәріптесе, ағайынды И.В. және П.В. Киреевскийлер, А.С.Хомяков, ағайынды К.С. және И.С.Аксаковтардан тұратын славянофильдер түсінігіндегі “халықтық” мәселесі, ең алдымен, бүкіл дүниеге өз ойын айтуға қабілетті орыс халқының байырғы дара жаратылысына тән сипат болып түйінделді. Сол себепті де славянофильәдебиетшілер әдебиеттің халықтық сипатын қарапайым халықтың тұрмысын, патриархалдық ғұрыптарды және шаруалардың салт-дәстүрін әсіре көркемдеулерден іздеп, “жат жерліктердің” жағымсыз жақтарын, әсіресе өздері орыс халқына жан-тәнімен қас деп есептеген батыс европалық ықпалды тым асыра әшкерелей көрсетті. Шындығында “халықтық” мәнін түсінудің өзі “халық” ұғымын қалай түсінуге байланысты. Бұл тұста В.Г.Белинский орыс халқына тән ұлттық жаратылыс ерекшелігінің бар екендігін ескере отырып, орыс халқының даралық болмысын славянофильдік тұрғыдан түсіндіруге қарсы тұрды. Ол “нағыз ұлттық, нағыз халықтық” ретінде А.С.Грибоедов комедиясын, А.С.Пушкин және Н.В.Гоголь шығармашылықтарын, М.Ю.Лермонтовтың “Біздің заманның қаһармандарын” атайды. Белинский үшін “халықтық” және ”ұлттық” ұғымдары өзара мәндес түсіндіріледі де, екі ұғым үшін де аса маңызды мәселе ортақ, ол – “төменгі, ортаңғы және жоғарғы сословиелерді бейнелеу кезінде ақиқатқа адал болу” (П.с.с., т.10, 1956, с.21) деп түйінделеді. Славянофильдермен пікір таластырған В.Г.Белинский 1832 жылы жазған “Пушкин жайында бірер сөз” мақаласында Н.В.Гогольдің беделін тілге тиек ете отырып, “… шынайы халықтық сарафанды жазуда емес, халық рухының өзінде” деп көрсетті. Ол халықтықты жеке-дара ұлттық өлшеммен емес, жалпыадамдық деңгейде қарастырады. Орыс әдеби ойында халықтықты ұлттық аяда түсіндіру “православие, самодержавие және халықтық” деген үлгіге сайды. Бұл үлгі бойынша орыс халқына діншілдік, монархизм, әлеуметтік керенаулық, қалыптасқан тәртіпке мойын ұсыну, әдет-ғұрып пен тұрмыстағы бір қалыптылық сияқты сипаттар таңылды. Әдебиетте аталған үлгіге тән “ресми халықтық” қағидасы М.П.Погодин, С.П.Шевырев, Н.И.Греч, Ф.В.Булгарин, В.И.Аскоченский, К.Н.Леонтьев, т.б. да консерватизм өкілдерінің басты қаруы болды. Бұған керісінше, орыстың озық ой өкілдерін халықтың тарихи керенаулығы пессимистік уайымға салып, жанын күйзелтті. Мысал ретінде Пушкиннің 1823 жылы жазылған “Паситесь, мирные народы…” өлеңін айтуға болады. Ресейде дворян-революционерлерді алға шығарған азаттық қозғалыстар дамуының бірінші кезеңінде халықтық ұғымы осындай қарама-қайшы мәнде танылса, азаттық күрестің екінші кезеңінде Н.Г.Чернышевский,

Н.А.Добролюбов сияқты революционер-демократтар ”халық” деген түсінікті шаруалармен байланыстырады. Соған орай халықты азат ету дегенді шаруалар төңкерісі нәтижесінде елде халықтық билікті орнату деп таныды. XІX ғасырдың 60-жылдарындағы революционер-демократтар халықтық өлшеміне әлеуметтік аса маңызды нақтылық дарытты. Н.А.Добролюбов пікірінше, нағыз халықтық дегеніміз – “сауатты тапты” өткір әшкерелеп сынау немесе “сауатсыз” бұқараның өмірін, олардың “материалдық тәуелділігін”, халық арасынан шыққан жандардың озбырлық пен өктемдік дүниесіне қарсы іс-қимылдарын бұлжытпай бейнелеу. Сонымен бірге ол халықтық мәселесінің тағы бір қырын, яғни өнердің халық игілігіне айналуы жайын да қағыс қалдырмайды. Добролюбов пікіріне сүйенген кезде “революцияшыл халықтың” мүддесі мен өкінішін білдіретін “халықтық” ұғымы мен барша халыққа етене сипаттарды қамтитын “халықтық” арасында үлкен айырмашылық бар екендігін де естен шығаруға болмайды. Сұрақ. Қазіргі оқырман қолынан шым-шытырық оқиғаларды өзек еткен шығармалар көбірек кездеседі. Соған қарап, сол шығармаларды шынайы халықтық туындылар деп есептесек, қателеспейміз бе? Жауап. Қалың көпшілік арасында кең таралып, айрықша танымал болған көркемдігі төмен шығармалар қай кезде де кездеседі. Алайда, әдебиеттің бұқаралығы халықтық ұғымының көрсеткіші бола алмайды. Сол себепті қаламгердің көркемдік шеберлігін таныта алмаса да, белгілі бір уақыт шегінде ғана бұқаралық сипат иеленген шығармаларға халықтық ұғымын тели салу жаңсақтыққа соқтырады. Ал шынайы халықтық әдебиет суреткер даралығын жоққа шығармайды, керісінше, оны “бұқаралық талғам” қыспағынан құтқарып, еркіндікке жол ашады. Демек, хас қаламгер қандай да бір туындысын жазу барысында өз тұсындағы қалың бұқараның ғана ықпалында кетпей, халықты бар уақытта бірдей толғандыратын құбылыстарға ден қоятыны анық. Халықтық мәселесіне қатысты озық дәстүрлер кейінгі дәуірлерде де дамып, кемелдене түсуде. Өнердің халық игілігіне қызмет етуі, халық өмірімен тығыз байланысты болуы – қазіргі әдебиеттің де бұлжымас қағидасы. Сұрақ. Белгілі бір тілде немесе белгілі бір мемлекеттік шекара шеңберінде жасалған әдеби шығармалар жиынтығынан ұлттық әдебиет құралады. Дүниеге келу уақыты мен себеп, жағдайларының ортақтығы арқылы нақты бір дәуір әдебиеті жүйеленеді. Ұдайы тығыз байланыста болу нәтижесінде ұлт әдебиеттері бір-біріне өзара әсер ете отырып, тұтаса келіп, әлем әдебиетін жасайды. Әдебиетті кеңістік, уақыт тұрғысынан осы үлгіде бөліп қарастыруға болатынынан хабардармыз. Осыған орай әдебиеттің жалпы адамзатқа ортақ мән-маңызы жайында не айтуға болар еді? Жауап. Бүкіләлемдік әдебиет ұғымы түрлі ұлттар әдебиеті арасындағы өзара қарым-қатынастар мен байланыстардың пайда болуының ұзақ та күрделі тарихи үрдісін қамтиды. Халықтар арасындағы экономикалық, саяси,

мәдени, техникалық, т.с.с. деңгейдегі қарым-қатынастар нәтижесінде бір ұлттың суретшілері, сазгерлері, қаламгерлері екінші халыққа танылып, әлемдік даңқ иеленді. Уақыт өте келе Гомер, Эсхил, Софокл, Шекспир, Сервантес, Гете, Шиллер, Бальзак, Гюго, Пушкин, Гоголь, Достоевский, Абай, Әуезов сияқты жазушылар өз ұлты үшін қаншалықты сүйікті болса, өзге халықтардың да өз ұлдарындай болып үлгерді. Сол себептен де халықтық әдебиет ұғымымен қатар, ұлы қаламгерлер қаламынан туған жауһар туындылардың жалпыадамзаттық мәні туралы ұғым да туындады. Халықтық және адамзаттық мәні бар әдеби туындылар бір-бірімен қандай қатынаста болады? Халықтық және адамзаттық ұғымдарын бірдей теңестіріп, әрбір шынайы халықтық туындыны жалпы адамзаттық мәні бар туынды деп есептеуге бола ма? Бұл сауалдардың мәнін дұрыс түсіну үшін оның шешілмеген қырларына үңілу қажет. Ең алдымен, бұл ұғымдардың өзара тұтастығын атап өту керек. Демек, халықтық сипаттан ада туынды адамзаттық мән иелене алмайтыны айтпаса да түсінікті. Яғни нағыз халықтық шығарма ғана адамзат игілігіне жарауы мүмкін. Иә, мүмкін. Себебі – бір халықты толғандырған шығармалардың бәрі бірдей басқа халықтарды қызықтырмауы ықтимал. Белгілі бір ұлт болмысына негізделсе де, барша адамның мүддесін қорғаған шығарма ғана өзінің ұлттық бітімін сақтай отырып, адамзат игілігіне айналады. Әр халықтың мәдениеті мен өнерінің даму дәрежесі әр қилы болатыны да белгілі. Соған орай олардың қоғамдық және көркемдік таным деңгейі де түрлі дәрежеде болатыны түсінікті. Сол себепті қандай да бір қаламгердің немесе шығарманың адамзаттық мәнділігін анықтау кезінде көркемдік даму деңгейін белгілейтін тарихи заңдылықтарды ұдайы ескеріп отыру қажет. Мысалы, ежелгі әдебиет, қазіргі кезең әдебиеті. Белгілі бір халыққа тән әдеби туындылардың бәрі бірдей оның әлемдік өмірдегі, сол арқылы әлемдік әдебиет дамуындағы орны мен маңызын көрсетеді деуге болмайды. Біріншіден, шынайы халықтық туындылармен қатар халық мүддесіне қайшы туындылар да болатыны белгілі. Екіншіден, халық санасын көрнекті қаламгерлер ғана мейлінше терең бейнелей алады. Үшіншіден, нағыз халықтық қаламгерлер арасында да белгілі бір халық шеңберінен аспайтын және шығармалары әлемді елеңдететіндері де бар. Бұған мысал ретінде М.Әуезов пен С.Мұқанов шығармаларын айтуға болады. Сонымен, әдебиеттің халықтығы патшалығында да өзінше сатылы деңгей бар деуге болады. Оның ең жоғарғы сатысында, әрине, адамзат болмысын жан-жақты да терең аша білген қаламгерлер шығармашылығы тұрады. Сұрақ. Әдеби туынды құндылығының басты өлшемдерінің қатарына халықтық ұғымымен қатар көркемдік мәселесі де қосылатыны айтылған болатын. Енді осы әдебиеттің көркемдігі деген ұғымды қалай қабылдаған дұрыс?

Жауап. Көркемдік жайын әңгімелеместен бұрын, әдебиеттің шынайы мәнін танып-білуде маңызды орын иеленетін тарихилық және идеялылық мәселелеріне де аз-кем тоқталып өтелік. Сұрақ. Шынында да әдебиеттану ғылымында жиі қолданысқа түсетін аталмыш ұғымдардың қандай ұғымдар екенін жалпылама жобалап танығанымызбен, нақты мағынасына көп жағдайда зейін қоя бермейді екенбіз… Жауап. Тарихилық – қандай да бір тарихи дәуір келбетін жанды суреттер, нақты адам тағдырлары мен мінездері арқылы танытатын көркем әдебиеттің басты сипаттарының бірі болып табылатын әдебиеттану ұғымы. “Тарихилық” термині екі мағынада қолданылады. Кең ауқымда қарағанда, тарихилық өз заманын немесе бағзы дәуірді суреттеген барлық шынайы көркем шығармаларға тән. Яғни шығармада суреттелген дәуірдің түрлі ерекшелігінің сақталуы деп түсінуге болады. Бұл сипат әр дәуірдің ұлы туындыларының бәріне де тән. Мысалы, Гомердің “Илиадасы”, У.Шекспирдің ”Король Лир”, ”Гамлеті”, т.б. Сонымен бірге, тарихилық – XІX ғасырдағы әдебиетте қалыптасқан өткенді бейнелеуге жаңа тұрғыдан келуді білдіретін ұғым. Бұл тұста қаламгер өткен дәуір ерекшелігін, адамдардың іс-әрекеттері мен мінезқұлқындағы ерекшеліктерді танып-білуге және көрсетуге ұмтылады. Басқаша айтқанда, қаламгер өткен оқиғаларға тарихи тұрғыдан келеді. Бұл ерекшелік, әсіресе, тарихи сюжеттерге негізделген роман, поэма, драма сияқты тарихи жанрларда айқын байқалады. Әдебиеттегі тарихи жанр XVІІІ ғасырдың соңы мен XІX ғасыр басында пайда болды және бірінші кезекте романтизм эстетикасымен байланысты. Романтизмдегі тарихилықтың басты белгілері ретінде жергілікті ерекшелік (колорит), ұлттық дара мінездер, кейіпкерлердің қаһармандық келбетіндегі ерекшеліктерді жасау мәселелері түсіндірілді. Романтизмнің халықтық ұстанымдары В.Скотт (1771 – 1832) шығармашылығында мейлінше жарқырай көрінді. Оның шығармалары өткеннің мәнді белгілерін тап басып танып, жанды суретке айналдыра білу қабілетімен дараланады. Тарихилық мәселесіне жаңа, реалистік сипат дарытқан А.С.Пушкин болды. Яғни тарихилық жергілікті әсем колорит пен суреттердің кең ауқымдылығы ғана емес, әлеуметтік күреске, халыққа тарихи қуатты күш ретінде назар аудару болып табылады. Әдебиетке тән негізгі сипаттардың бірі – оның идеялылығы. Идеялылық – өнер туындыларындағы көркем образдар арқылы бейнеленген оқиғалар мен характерлердің мәні жайындағы ой-пікірлердің көрінісі. Демек, идеялылық ұғымын қаламгер позициясы, авторлық идея мәселелерінен бөле-жара қарастыру мүмкін емес. Өйткені авторлық идеясыз қандай да бір құбылысты, кейіпкерді, оқиғаларды іріктеп алу да, соған орай оларды бейнелеу де, бағалау да болмас еді. Қаламгердің шуақты ойымен сәулеленбеген кез келген әдеби туынды танымдық та, тәрбиелеушілік те мән иелене алмайды. Жекелеген кездейсоқ құбылыстарды, мағынасыз ой-

сезімдерді бейнелеумен ғана шектелетін немесе ой-сезімнен құралақандығын пішіндік әшекейлеулермен жасыруға ұмтылған идеясыз туындылар әдебиетке жүктелген көркемдік, тарихи міндеттерді шешуге қашан да қабілетсіз болмақ. Әдебиеттің идеялылығы және оның қаламгердің тәрбиелеушілік сипаттағы ұлы парызын жүзеге асырудағы маңызы жайында сөз еткен кезде көркемдік ойлаудың өзіндік ерекшеліктерін әркез есте сақтау қажет. Себебі – образды ойлау ерекшеліктерін білмейінше, әдебиеттің идеялылығы мәселесінің күрделілігін дұрыс түсіну мүмкін емес. Идеялық бағыттылықтың жақсы немесе жаман болуы тек қана мазмұнға (ілгерішіл немесе керітартпа, реакциялық сияқты) қатысты емес, сонымен қатар бейнелеу пішіні (формасы) арқылы да анықталады. Көркем туындылардағы идеялар сөз арқылы тікелей берілмей, негізінен, көркем образдар арқылы жанама түрде көрінетіндіктен, олар көзге ұрып тұрмайды, туындының өне бойында тұтас күйінде, шығармадағы тілдік-бейнелік образдар байланысы арқылы ашылады. Идеялылық – көркем туынды мазмұнына тән сипаттарды, яғни тақырыптың әлеуметтік, саяси, философиялық немесе этикалық маңызын, қоғамдық бағыттылығы мен идеологиялық тенденциялығын, көркем идеяның шынайылығын біріктіре бағалайтын эстетикадағы өнердің жалпы өлшемі (критерий). Өнер мен әдебиеттегі идеялылық мәселесін, негізінен, суреткердің қоғамдық-саяси айқын көзқарасы немесе оның қандай да бір идеологияны саналы түрде қолдауы деп түсінуге де болады. Десек те, түрлі қаламгерлердің идеялары тек өздеріне ғана тән ой болып табылмайды. Солай бола қалған жағдайда олар кездейсоқ сипат иеленіп, адамзат болмысының қалыптасуында маңызды роль атқара алмас еді. Шындығында әдебиеттің маңызды туындыларындағы идеялар, қалай болғанда да, ақиқат өмірдің қозғалысын, адамдардың өмірлік тәжірибесі мен мүддесін көрсетеді. Сондықтан да олар көптеген адамдардың ой-сезімдерімен үндесіп, қоғамдық өмірде үлкен маңызға ие болады. Сұрақ. Әдебиеттің басты мұраттарының бірі – адам баласының рухани әлеміндегі жарасымдылықты қалыптастыру, өмірде адамзатқа ортақ ізгіліктердің негізгі ұстанымдарын дәріптеу және бүкіл адам баласын адамгершілік жолындағы іс-әрекетке үндеу. Бұл мақсатқа жету үшін қаламгер адам болмысына үңіледі. Өзі суреттеп отырған оқиғаны да, көріністі де, ой-сезімді де адам төңірегінен өрбітеді. Себебі өнер атаулының, оның ішінде әдебиеттің де нысаны – адам. Мақсаты – адам игілігіне қызмет ету. Адам ойының жемісі боп табылатын ғылымның да мақсат-міндеті өнермен тектес. Тек сол мақсатқа жету жолдары, әдістері, құралдары әрқилы. Олардың арасындағы айырмашылық та осы тұстан туындайды. Өнердің, оның ішінде әдебиеттің өзіндік даралығы халықтық және көркемдік сипаттары арқылы анықталады. Яғни өмір шындығын, оқиғалар

мен құбылыстарды, баршаға ортақ ой-сезімдерді жекелеген адамдар мен оқиғалар арқылы жинақтап, бейнелі түрде көрсету өнерге тән қасиет. Демек, әдебиеттегі өмір қаламгердің ой сүзгісінен екшеліп шыққан көркемдік әлемі болады да, соған орай әдебиеттегі адам көркем бейне болып шығады. Қалай болғанда да, әдебиеттің ең басты өлшемі күні бүгінге дейін көркемдік болып келгені де, алдағы күндерде де солай болып қала берері анық. Олай болса, “көркемдік” деген ұғымның мәні неде? Жауап. Көркемдік – шығармашылық еңбек нәтижелерінің өнер саласына тән екендігін анықтайтын шарттардың үйлесімділігі. Көркемдік қуаты көркем туындыдағы шығармашылық ізденістердің оқырманға қаншалықты дәрежеде әсер еткендігі арқылы анықталады. Оқырманға әсер ету жолдары, яғни көркемдік шарттары көптеп саналады. Солардың арасында ең қарапайым, әрі ең бастысы – көркемдік шындық. Көркемдік шындық – қаламгердің шығармашылық көрігінде қорытылып, сұрыпталып барып, әдеби туындыда көркем суретке айналған өмір шындығының бейнелі көрінісі. Көркемдік шындық жазушының өмірлік шындыққа деген өзіндік көзқарасынан, қарым-қатынасынан өрбиді. Шынайы өмірде әрбір адам қандай маңызға ие болса, көркемдік әлемінде көркем бейне де сондай роль атқарады. Көркемдік шындық көркем образ арқылы жасалады. Ендеше, “көркем образ” дегеніміздің өзі не? Ол қалай жасалады? Кең ауқымда алып қарасақ, көркем образ – өмірлік шындықты игеру мен қайтадан қорытып, жаңадан жасап шығарудың өнерге ғана тән ерекше тәсілін сипаттайтын эстетикалық категория. Сонымен бірге көркем шығармада жасалған алуан құбылыстарды да, көбінесе кейіпкерлер мен әдеби қаһарманды, “образ” деп атаймыз. Мысалы, “Абай жолындағы” заман бейнесі, дала бейнесі, халық бейнесі, Абай бейнесі, т.с.с. Көркем образ – өте күрделі ұғым. Күрделі дейтін себебіміз – образ ұғымында 1) обьективті-танымдық және 2) субьективті-шығармашылық сипаттардың бірдей ұштасып келуіне байланысты. 1. Негізінде образдың ерекшелігін екі мәселеге, яғни нақты шындық пен ойлау үрдісіне қатысты қарастыру дәстүрі қалыптасқан. Соған сәйкес, образдың обьективті-танымдық сипаттары 2 түрлі жағдайға байланысты анықталады. а) Образ көркемдік шындыққа тән болғанымен, өмірлік шындық негізінде жасалатындықтан, ақиқат өмірдегі кеңістік, уақыт, қоғам, заттар мен құбылыстардан алшақ кете алмайды. Сондай-ақ, образ ақиқат болмыспен біте қайнасып кетуге де тиіс емес. Оның сыры – образдың өмір сүру ортасына қатысты. Нақтылай түсер болсақ, образ ақиқат өмірден бастау алғанымен, көптеген шарттылықтар арқылы одан ажырап, көркем туындыдағы “қиялдан туған” әлемге көшеді. ә) Образ – шығармашылық ой жемісі. Сондықтан ойлау үрдісіне тән сипаттарға (елестету, қиялдау, болжау, т.с.с.) образ да ие болады. Яғни образ тек қана ақиқатты суреттеп берумен шектелмейді. Өмір шындығын жинақтай

отырып, жекелеген оқиғаларды, құбылыстарды бейнелей отырып, адам баласын толғандырып келе жатқан мәңгілік сауалдардың мәніне де үңіледі. Бұл тұста ескеретін бір жәйт – образдың абстрактілі ұғымдар қатарына жатпайтындығы. Образ – нақты ұғым. Қандай құбылысқа негізделсе де, образ ол құбылысты дерексіз, тиянақсыз әлденелерге бөлшектемей, керісінше, оның тұтастығын, өзіндік бітімін сақтап қалады. Сезімдік қабылдау мен қорытылған ойдың бірлігінен туындайтын танымдық қасиеті әдеби образ көркемдігінің бірден-бір дара сипаты бола алмайды. Себебі – образдың танымдық мән иеленуі өзге өнер түрлерінде де кездеседі. Мысалы: публицистикалық, теориялық, бейнелік, т.б. образдар. Олай болса, образдың субъективті-шығармашылық сипаты деген мәселеге үңіліп көрейік. 2. Образдың көркемдік қасиеті өмір шындығын өзінше танып, ойда қорытып, бейнелеп берумен шектелмейді. Сонымен бірге образ көркемдігі ойдан шығарылған жаңа дүние болуымен де айқындалады. Образға жүктелетін жаңалық, сонылық қасиеті оның шығармашылық табиғатынан туындайды. Образдың танымдық сипаты сияқты, бұл мәселені де екі түрлі жағдаймен сабақтастыра қарастыруға болады. а) Көркем образ – адам баласының шексіз рухани сұранысы мен тілекталабына орай дүниені жаңғыртуға, жасампаз жаңа идеалға құштарлығынан туындайтын ой-қиял жемісі. Сондықтанда образ бойында ақиқат өмірдегі обьективті бейнелермен қоса, қаламгердің субьективті сезімінен өрбитін құбылыстар да қамтылуы ықтимал. Соған сәйкес көркем образда өмір шындығынан алынған нәрселермен қатар, аңсау-тілектен, қиялдан туған нәрселер де кездесе беруі – заңдылық. ә) Таза қиялдан туған психикалық бейнелерден көркем образдың айырмашылығы бар. Бұл айырмашылық оның түпкі негізінде жатыр. Ал образдың түп негізі – өмірлік шындық. Яғни көркем образда өмірдегі нақты зат (бояу, дыбыс, сөз, т.с.с.) шығармашылықпен өңделіп, нәтижесінде әрі жаңа, әрі дара “дүние” (сурет, күй, әңгіме, т.с.с.) жасалады да, келесі кезекте ақиқат өмірдегі өзге де заттар арасынан өз орнын алады. Демек, образды жасайтын материалдар өмірден алынады да, басқа пішін иеленіп, сол өмірге қайта оралады. Осыдан келіп образға тән ішкі қозғалыс үлгісін белгілеуге болады: Өмірлік шындық → сезімдік қабылдау → саналы түрде жинақтап, қорыту → ойдан шығарылған көркемдік шындық → көркемдік шындықты өзгелердің қабылдауы. Образдың ішкі қозғалысы 2 жақты айналым арқылы көрінеді. 1) Танымдық үрдісте шындық өмірден қиялдағы өмірге көшеді де, 2) шығармашылық үрдісте қиялдағы өмірден шындық өмірге оралады. Жалпы алғанда, образдың бітімі де, құрамы да алуан сипатты. Көркем образ обьективтілік пен субьективтіліктің, қисынды мен қисынсыздың, жалпы мен жалқының, шындық пен қиялдың, қысқасы бір-бірімен мүлде

қабыспайтын нәрселердің сипаттарын өз бойына үйлесімді түрде жинақтай алады. Сонымен көркем образ бойында танымдық және шығармашылық сипаттардың органикалық тұтас күйде ұштасып келетінін аңғардық. Келесі сөз образдың құрылымы жайында. Көркем образ болмысына тән ерекшеліктердің бірі ретінде оның шындық өмірдегі мағыналары мүлде қабыспайтын әрқилы кереғар құбылыстардың өздерін бір-бірімен байланыстырып, сол арқылы оларға жаңа қасиет дарыта алатын сипатын көрсетуге болады. Образда бір зат басқа бір зат арқылы айқындалады, яғни бір зат немесе құбылыс екінші бір затқа немесе құбылысқа тән қасиетті иемденеді. Соның нәтижесінде бірінші заттың (құбылыстың) жаңа бір қыры ашылады. Бұл орайда образ белгісізді белгілі арқылы немесе керісінше, белгіліні белгісіз арқылы түсіндіруге негізделгендіктен, нақты заттың қабылдануын қиындатуы да, жеңілдетуі де ықтимал. Мысалы,”Жас жүрек жайып саусағын…” Образдың мақсаты – затқа жаңа сипат дарыту, нақты бір заттық ұғымды жаңа бір ұғымға айналдыру. Қалай болғанда да образдың мақсаты сөздің ең жоғарғы қуатын игеру, өмірдің алуан көріністерінің өзара ұқсастығын, тұтастығын, байланыстылығын ашып көрсету болып табылады. Түйіндей келгенде, образ дегеніміз не? 1. “Образ – эстетикалық мәні бар, ойдан шығару арқылы әрі нақты әрі жинақты жасалған адам өмірінің әсем суреті” (Л.И.Тимофеев. Основы теории литературы.). 2. “…көркемөнерде, соның ішінде әдеби шығармада жинақталған түрде суреттелетін өмір құбылысының нақтылы көрініс-қалпы, кейіпкердің көркем ой елегінен өткізіліп, қорытындылап жасалған тұлға-бейнесі. Көркем образда екі түрлі ерекшелік – жинақтау, … және даралау … іштей астасып, қабысып жатады.” (З.Ахметов. Әдебиеттану. Терминдер сөздігі.) Образға берілген түрлі анықтамаларды, жоғарыда айтылған пікірлерді ескере отырып, сөз түйінінде төмендегідей қорытынды жасауға болады: Әдеби образ – нақты өмірлік шындықтан алынып, суреткер санасында танымдық және шығармашылық үрдістер нәтижесінде жан-жақты екшелген және бейнелі сөз арқылы қайта жасалған әсерлі де көркем өмірлік шындық. Сұрақ. Көркемдік шарттарының ең негізгісі ретінде көркемдік шындық жайында, көркемдік шындықтың негізі болып табылатын көркем образ жайында айтылды. Көркемдіктің бұлардан басқа тағы қандай шарттары бар? Жауап. Көркемдік үшін туындының оқырманға, көрерменге, тыңдарманға әсер ету кепілі болып табылатын шығармашылық ниеттің толық аяқталуы мен тепе-теңдігі де маңызды роль атқарады. Бұл дегеніміз – шығармада бейнеленген құбылыстарды оқырманның қаламгермен бірдей қабылдап, ойды бірдей түсініп, бағалауына қол жеткізу шеберлігі. Соған сәйкес, “көркемдік” ұғымымен шығармашылық еркіндік, сонылық, талғам, тұтастық сияқты түсініктер де тығыз байланысты. Басқаша айтқанда,

“көркемдік” ұғымы дегенде, шығарманың өнерге тән абзал мұраттар мен талаптарға сәйкес келуін түсіну қажет. Өнерге тән бұл мұрат-талаптар туындыны мазмұн мен пішінге қатысты бірегей тұтастық ретінде жасауға негіз қалайтын шығармашылық үрдісте ұдайы ұшырасып отыратын қарамақайшылықтардың сәтімен шешілуін меңзейді. Сұрақ. Шығармашылық үрдіс барысында кездесетін қарамақайшылықтар дегенді қалай түсінуге болады? Жауап. Шығармашылық жұмыстың алғашқы сатысында авторсуреткердің адами субьективті көзқарасы мен көркемдік шындыққа негіздей отырып, өзі жаңадан жасаған обьективті болмысты жеткізуге құштарлығы арасында қайшылық пайда болады. Яғни суреткер өзінің субьективті сезімін ірке отырып, оқырманға өзі бейнелеп отырған құбылысты мейлінше әсерлі жеткізуге ұмтылады. Біз діттеп отырған обьективтілік сипат – қандай да бір көркемдік әдістің, немесе тек пен түрдің ерекшелігі емес, туындыда автор көзқарасының көзге ұрып тұрмай, туындының өзінің көрінуін мақсат ететін негізгі талап. Көркемдік обьективтілік құпиясы қаламгердің өзіне әсер еткен өмір құбылысына қатысты шығармашылық ниетін жасыра білуінде жатыр. Яғни жазушы туындысына арқау еткен құбылысты өзіне мүлде қатыссыз бөгде құбылыс сипатында бейнелегенде ғана көркемдікке қол жеткізеді. Ішкі ниетті рухани дүние мен адами жадынан бөліп алып, образды әлемге көшіру таза артистік мүмкіндіктерге жол ашады: яғни шығармашылық жұмыс үшін аса қажетті шарт – ішкі толқынысты байыпты көзқараспен үйлестіру қажеттігі туындайды. Бұл тұста шығармашылық ниетте бүркемеленіп тұратын сан қилы беймәлім мүмкіндіктер (қажетті тұстарда жекелеген) мен өнердің түсініксіздеу болса да, көп мағынаға ие, аяқталған бірегей заттық болмысы арасындағы қайшылық күшіне енеді. Беймәлімдіктен нақтылыққа бағытталған бұл жолды жүріп өту үшін суреткер ұлан-ғайыр шығармашылық қиялын қалайда өз еркіне бағындыра алуы қажет. Арманшыл-дилетант, яки “поэтикалық жаратылыс” пен шынайы суреткер арасындағы айырмашылық та осы тұстан өрбиді. Яғни суреткердің қабілеті алуан бейнелі шығармашылық “қияли түс” әлемінен өзіне-өзі сын көзімен үңіле білуді, өзін-өзі шектей білуді, сан алуан образдар арасынан ең басты “алтын тінді” дәл танып, соны өрбіте білуді қажет ететін нақты іске өте білуінен танылады. Мұндай “алтын тін” жалпы сұлбасы айқындала бастаған басты кейіпкер бейнесі де, өлеңнің ырғақ дүниесінен бөлектене көрініп, өлеңге “мінез” бітіретін тармақ та, символдық астарлы тақырып-атау да болуы мүмкін. Мұның бәрі де ең басты көркемдік актіге, яғни ойдан шығаруды нақтылауға ықпал етеді. Сұрақ. Сонда қалай, әдеби шығармашылықтағы ең басты нәрсе “ойдан шығару” болғаны ма? Жауап. Көпшілік түсінігінде көркемдік ойдан шығару мәселесіне қатысты балаң түсінік әлі күнге дейін бар екені рас. Бұл түсінік бойынша, қаламгер өмірді зерттей жүріп, өмірлік заңдылықтарға тереңдей бойлай

жүріп, әуелі әлдебір идеяға ден қояды да, сол идеяны оқырманға бейнелеп жеткізуге қолайлы жағдайларды, мінездерді, әрекеттерді қарастырады. Образды ойлау мәселесін осыншалықты жеңіл түсіну оның өзіндік ерекшелігі жайындағы мүлде теріс пайымдауларға, бұрмалауға әкеп соқтырады. Шындығында, образды ойлау ақиқат өмірдің жанды болмысынан бастау алып, сол өмірде сәт сайын туып, өрбіп жататын алуан құбылыстарды бір-бірімен салыстырудан пайда болып, көркемдік тұрғыдан зерттеу нәтижесінде қалыптасқан әсерлерді, ойларды көрсетеді. Қалай болғанда да, қаламгердің ойдан шығарған бейнелері орасан тәжірибенің, көптеген бақылаулардың, адам болмысына психологиялық тұрғыдан дендей енудің, суреткерлік қырағылықтың жемісі болып табылады. Өзіндік ерекшелік, даралық қасиеттерімен көрінетін образдар арқылы көпшілікке тән, қажетті мәселелерді қамти білу қаламгерден ерен танымдық еңбекті, қиял ұшқырлығын, шығармашылық елестету қуатын қажетсінеді. Бір қарағанда қарама-қайшы нәрселер сияқты болғанымен, қаламгер өмірлік шындыққа дәл осы көркемдік ойдан шығару арқылы ғана қол жеткізеді. Себебі – оның кейіпкерлері де, ақиқат өмірдегі адамдар сияқты, әрекет етуге, сезінуге, ойлауға тиіс. Басқаша айтқанда, қаламгер өзінің ойдан шығарған әлемінде шынайы өмірдің мәніне тереңдей түседі, бейнелеу күші арқылы өзінің ойдан шығарған әлемінің шындық екеніне иландырады. Бұл тұрғыда суреткердің ойдан шығарғаны шындық өмірден кездейсоқ алынған әлдебір құбылыстардан гөрі мәнді де шынайы болып жататыны бар. Жекелеген өмірлік деректерге сүйенетін адамнан гөрі, өмірдің мәнді тұстарын іріктеп бейнелейтін ойдан шығарылған шындыққа сенген адам әлдеқайда ақылды да білімді болатыны анық. Сонымен, ақиқатты поэтикалық бейнелеудің аса қажетті шарты ретінде көркемдік ойдан шығару жайында айтылғандар бізді өнер мен әдебиеттің танымдық мүмкіндіктері туралы түсініктерге бастайды. Сұрақ. Олай болса, әңгімеміздің негізгі желісіне оралайық. Жауап. Көркемдік шындық – біртұтас ой арнасына шоғырланған көркем идеялар әлемі. Суреткердің өз туындысына қажетті мазмұндық материалды көсіп алатын нысанасы – бұл “басы да, аяғы да жоқ кәдімгі өмір”(А.А.Блок); Достоевский сөзімен айтқанда, ақиқат өмір әр уақытта “бөлшектенуге” ұмтылады; өзінен-өзі спонтанды түрде пайда болатын поэтикалық қиял жайында да осыны айтуға болады. Алайда көркем идея ойша пайымдау мен өмірдің жалаң деректері тоқайласқан тұста бірін-бірі шектеп, бірін-бірі айқындай отырып, алуан түрлі құбылыстар арасынан өмірлік жаңа ақиқаттың өзіндік дара бітімі сақталған, жинақы да бағдары айқын образын белгілеп, нақты бір тұтас дүниені танытады. Жаңадан пайда болған көркемдік шындықтың сырттан қарағанда бір ғана кесектен жаралғандай болып көрінетіндігі де сондықтан. Шынайы көркем туындының біртұтас әсемдік әлемі болып танылу сыры да сол себепті. Көркемдік әлемінде көлденең дүние болмайды, барлық қайшылық-кедергілер “басталуы мен аяқталуы”

жағынан жаңа бір өлшем деңгейіне көтеріледі. Сонымен бірге олар тақырыптық, сюжеттік, т.с.с. мәселелерге қатысты өздерінің ерекше мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өздерін төмендетуге ырық берместен, өзіндік дара бітімін де сақтап қалады. Яғни әркез авторлық идея жетегінде кете бермейді. Осыдан келіп, көркемдік талабы шығармашылық әрекеттің белгілі бір сатысында концептуалдық тұтастық пен “кездейсоқтық сипатын” сақтап қалған элементтердің ықтиярлы қосындысы арасындағы қарамақайшылықтарды шешуді керек етеді. Бұл қайшылықты суреткер шығармашылық үрдістің саналылығы мен өзіндігінің (непосредственный) ара қайшылығы сияқты субьективті тұрғыдан бастан өткереді. Көркемдікке қатысты бұл қайшылықтан сәтті шығудың жолы ойша белгіленген жоспардың образдық бітіміне, оның өзін-өзі дамыту қабілетіне сенім арту болып табылады. Өнердің образдық мәніне риясыз да ықыласты қатынаста болу – суреткердің адами этикасымен ұштасып жататын шығармашылық этиканың аса маңызды шарты. Суреткер образды “жетілдіру” барысында оны көлденең жәйттерден алшақ ұстап, көркем ойының таза күйінде жүзеге асуын саналы түрде қадағалап отырады. Кез-келген шынайы көркем туындыда ұдайы қаламгер назарында тұратын, көркем идеяны жеткізуге қайшы келмейтін “өзіндік шындық”, яғни көркемдік шындық болады. Шығармадағы көркемдік шындық, біріншіден, шығармадағы негізгі ойды бұрмаламауға, ойдан шығарудың шегін белгілеуге ықпал етеді. Екінші жағынан, көркемдік шындық жаратылыстың, адамның, қоғамның мәніне тереңдей үңілу мәселесімен байланысты. Ішкі көркемдік шындық пен өмірлік шындықтың үйлесімі көркем ойдың гносеологиялық құралдары болып табылатын ежелгі және орта ғасыр өнеріне тән қалыптасқан канондар немесе жаңа дәуір өнеріндегі көркемдік әдістер арқылы жүзеге асады. Демек, шынайы суреткер өзінің идея-образына бастанаяқ адал болып қана қалмай, яғни өзінің көркем әлемін жасап қана қоймай, сонымен бірге қоршаған ортаға да айқындық енгізеді. Сұрақ. Көркемдік шындықтың қалыптасуы туралы не айтуға болар еді? Жауап. Өмірді танып-білудің образды түрі болып табылатын өнер жекелеген адамдарға, оқиғаларға, нақты толғаныс-толқыныстарға тән ортақ заңдылықтарды көркемдік жинақтауға негізделеді. Әрине, қазіргі таңдағы күрделі үлгідегі образдылық сипаттары өнер туындыларына тән ерекшелік ретінде бірден қалыптаспағаны түсінікті. Көне дәуірлердегі, алғашқы қауымдық қоғамдағы өнер жекелеген оқиғаларға, әрекеттерге, адамдарға тікелей еліктеуімен ерекшеленеді. Әр алуан тарихи жәдігерлер арқылы бізге жетіп отырған ертедегі аңшылық саят, соғыс қимылдары, жер өңдеу сияқты әрекеттер бейнеленген көріністер өмірдің тікелей көшірмесі сипатында болды. Алайда, ең ерте кезеңдегі өнер туындыларының өзінен болған оқиға, әрекеттер мен адамдарды қаз-қалпында көшіріп беруден гөрі, солардың басым бөлігіне ортақ маңызды тұстарды ғана бейнелеуге ұмтылыс аңдалады.

Ал ежелгі дәуірдегі классикалық әдебиет үлгілерінен адамға қатысты қандай да бір оқиғалардың ішінен көпшілікке ортақ жағдайларды саналы түрде жинақтап көрсету үлгісі анық байқалады. Бұл мәселе теориялық тұрғыдан Аристотель еңбегінде тұжырымдалады. Оның пікірінше, “… поэзия тарихтан гөрі… философияшылдау: поэзия неғұрлым жалпы жайында, тарих – жеке жайында айтады” (Аристотель. Об искусстве поэзии. М., 1957, с.68.). Әрине, антикалық әдебиетте “жалпылық” дегенде нақтылы бір қоғамдық топтар мен бағыттарға тән ортақ сипаттарды бейнелеу жайы айтылмағаны түсінікті. Алайда аталмыш дәуір әдебиетіндегі образдардан сол кезеңдегі адамдар үшін неғұрлым маңызды мәселелерді қамтуға ұмтылыс танылады. “Өмір бейнесі” ретінде маңызды құбылысты, ортақ әрекетті, жинақы мінезді алу, әрине, адам ойының үздіксіз дамуының жемісі екені түсінікті. Соның дәлеліндей әдебиет дамуының кейінгі дәуірлерінде дүниеге келген озық туындылардан белгілі бір топтың, қоғамдық бағыттың белгі-сипаттарын бойына жинақтаған тип-бейнелер жиірек ұшыраса бастайды. Бұл орайда Қайта өрлеу дәуіріндегі Шекспир, XІX – XX ғасырлардағы Бальзак пен Диккенс, Пушкин мен Гоголь, Әуезов пен Айтматов туындыларындағы кейіпкерлерді еске алсақ та жеткілікті. Сонымен, көркем образдардың бірінші ерекшелігі оның бойындағы жанды нақтылықтың үйлесімі, яғни оқырманға, көрерменге, тыңдарманға эмоционалдық әсерлілігін, сонымен бірге оның идеялық және танымдық маңыздылығын анықтайтын жекелік сипат-қасиеттердің молдығы болып табылады. Бұл ерекшелік нақты образдарды әсерлі де шынайы, жан-жақты бейнелеу нәтижесінде іске асады. Көркем образдардың екінші маңызды ерекшелігі ретінде оның оқырман бойында әрқилы ой-сезімдерді тоғыстыруға қабілеттілігін атаған жөн. Образдардың бұл ерекшелігі туындыдағы көркемдік әлемді өзінің өмірлік тәжірибесі аясында қабылдайтын оқырманға мейлінше жақындатып, сол арқылы оның таным-түсінігін кеңейте, тереңдете түсуге, сонымен қатар оның сезімін де тәрбиелеуге қаншалықты ықпалды болуымен айқындалады. Сұрақ. Әлгінде айтылып кеткен “көркемдік әлемді өзінің өмірлік тәжірибесі аясында қабылдайтын оқырман” деген тіркестің мәнісі не? Жауап. Бір немесе бірнеше сөз түрлі оқырман санасында бір мезетте сан қилы әсер қалдырып, сана мен сезімді сәулелендіретін әр алуан образды көріністер туғызуға қабілетті. Мысалы, бір өлең сөзін алып көрелік. Сұрақ. Түсінікті. Жауап. Олай болса, көркем образға тән даралық пен жалпылықтың бірлігі жайындағы алғашқы түсініктер осындай. Енді образдың неғұрлым маңызды сипаттарын, яғни оған тән даралық нышандарының байлығы мен ондағы жалпылық белгілерінің ашылуын нақтылай түсейік. Көркем туындыдағы әр бөлшек жалпыға қатысты алғанда, өзін-өзі ақтауға және мазмұнды беру кезінде қажетті буынды құрауға тиіс. Қандай да бір құбылыс пен характерді бейнелеу барысында жекелік сипаттар мен белгілердің бәрі

қамтылуы шарт емес, тек берілген мазмұнға тән, туындының идеялықкөркемдік мақсатымен байланыстылары ғана іріктеліп алынуы қажет. Сонымен, суреткер бейнелеп отырған заттар мен адамдар бойындағы белгі-сипаттар нақты бір өмірлік контекстке қатысты ашылады. Бұл пікірді, әрине, суреттелмек құбылыстар мен мінездерді жүйелеу талаптары ретінде түсінуге болмайды. Әңгіме бейнеленген құбылыстардың жанды тұтастығы жайында, яғни әрбір бөлшектің туындыда көзделген негізгі идеялықкөркемдік мақсатқа тәуелділігіне байланысты. Шығармадағы әр бөлшек нақты бір құбылыс пен мінездердің шынайы мәнін ашу мақсатында мұқият іріктеліп, шындық өмірдің бейнелі суретін жасауға қызмет етуге тиіс. Олай болмаған жағдайда өнер өз мақсатына жете алмасы анық. Кейбір әдебиетшілердің образдылықты көрнекілік төңірегінде, “өмір көрінісін” құбылыстар мен адамдарды міндетті түрде көзге көрінетіндей етіп суреттеу деп түсінетіні де бар. Белгілі бір тұрғыдан бұл пікір жалпылама дұрыс болғанымен, “образ” ұғымының шынайы мәнін толық ашып бере алмайды. Себебі, лирикалық өлеңде ақын бейнелеген ой-сезім толқыныстарын, немесе эпикалық, драмалық шығармалардағы кейіпкер ойларын “көзге көрсетіп, қолға ұстату” мүмкін емес қой. Ал лирикалық поэзияның эстетикалық әсер ету ерекшелігі дәл осындай қасиеттерімен дараланатыны аян. Өмірдегі құбылыстарды әрекет, қозғалыс арқылы бейнелеу кейбір лирикалық жанрларға да жат болмағанымен, оған, негізінен, ой-сезімді эмоционалды бейнелеу тән. Сол себепті образдылықты еш уақытта да көрнекілікпен салыстыруға немесе теңестіруге болмайды. Сұрақ. Әдебиеттің өзге өнер түрлерінен басты ерекшелігі оның сөз арқылы жасалуында екендігі бәрімізге де белгілі. Ал әдебиеттегі сөздің күнделікті тірлікте қолданып жүрген сөздерден айырмашылығы бар ма? Жауап. Әдебиеттің ерекшелігі сөздің ерекшелігімен байланысты және бұл ерекшелік әдеби туындыларды сурет және мүсін туындыларымен салыстыра қарастырғанда анық танылады. Әрине, ән-әуез өнері сияқты уақыттық өнерге (временные искусства) жататын сөз өнері көрнекілік пен анықтық жағынан кеңістіктік өнер образдарымен бәсекелесе алмайды. Алайда оның басым жақтары да бар. Суретші мен мүсінші өзінің құралдары арқылы көзге көрінетін нәрсені ғана бейнелей алады. Адамдардың ішкі күйі, мінезі, олардың қарым-қатынасы және оларға суреткердің қарым-қатынасы белгілі бір сәтті ғана ұстап қалған түрлі кейіптер арқылы ғана ашылады. Қаламгер сөз көмегімен оқырманның немесе тыңдарманның қиялында адамдарды қоршаған сыртқы дүние туралы да, сонымен бірге олардың ішкі әлемі (ойы, сезімі, толғаныстары, құштарлықтары) туралы да жанды бейнелер туғыза алады. Бұл тұста суретші немесе мүсіншіден гөрі ол өзі бейнелеген құбылысты құрайтын жағдайларды бірінен бірін өрбіте отырып, тұтас суреттей алады. lлкі дәуірлерден қазіргі кезеңге дейінгі әдебиеттің тарихи дамуы оның қоғамдық өмірдің күрделі үрдістеріне, адамдар санасына, олардың қарымқатынастарына тереңдей бойлай алатындығын айқын дәлелдейді. Әуелде

ертедегі эпикалық туындыларда негізінен қаһарманның әрекеттері мен қайрат-жігері (мысалы, Геркулес жайындағы әңгімелер, түрлі халықтардың ежелгі қаһармандық эпостары) суреттеледі. Одан кейінгі классик қаламгерлер туындыларында адамдардың мінездері, олардың түрлі ісәрекеттерінің мән-жайы, адамдардың сан алуан және түрлі кейіптегі көріністерімен барынша жан-жақты суреттеледі. XІX ғасырда көптеген көрнекті қаламгерлер туындылары арқылы түрлі мінездер мен түрлі жағдайлар арасындағы, адам мен оны қоршаған дүние арасындағы қарымқатынастар мен байланыстар саласында ұлы жетістіктерге қол жетті. Өз дәуірімізге үңілер болсақ, өмірдің толымды бейнесін жасау барысында аталған екі жақтың (ішкі және сыртқы) қаншалықты дәрежеде бір-бірімен ұштасып бара жатқанын байқаймыз. Сезімді қозғауға бағытталған өнер түрлеріне қарағанда, ақыл мен сезімге бірдей ықпал ететін әдебиеттің басымдығы сөздік бейнелеу құралдарына сүйене отырып, құбылыстарды, оқиғаларды, адамдарды бейнелеу мүмкіндігінің айқындығы мен дәлдігінде жатыр. Себебі – сөзде дыбыс та, қимыл да, сурет те бар. Әдебиеттің бұл ерекшеліктері оның бейнелеу аясына шексіз мүмкіндік береді. Ол сыртқы дүниенің сан қилы көріністерін де, адамдардың әр алуан ішкі жай-күйін де қамти алады. Бұл пікірімізге ұлы қаламгерлердің мәңгілік туындылары дәлел. Сұрақ. Сонда әдебиет тілінің сөйлеу тілінен немесе қалыптасқан әдеби тілден ерекшелігі болғаны ма? Жауап. Әдебиет тілі туралы бұл айтылғандарға қарап, әрине, қаламгерлер өз туындысының мазмұнын тек жалаң сөзбен береді деуге болмайды. Бұл жаңсақ түсінік болар еді. Себебі – жалаң, жадағай сөз арқылы әдеби шығармалардың шынайы мазмұн-мәнін ашу мүмкін емес. Әдебиеттің мазмұнын бейнелі сөз құрайды. Әдебиет тілі – бұл сөздік образдар, яғни нақты бір адамдардың, оқиғалардың, жағдайлардың, сезімдердің, ойтолғаныстардың бейнелі сөз арқылы берілуі. Әдебиеттегі сөздік пішін тура мағынасындағы сөз емес: яғни қаламгер шығармасын туғызу үстінде “сөйлемейді” (немесе ”жазбайды”), сөзді ойнатады. Көркем сөз сөздік образдарды бірінен бірін өрбітеді; сөздің өзі әрекетке, “болмысқа” айналады. Соның нәтижесінде әдеби шығарма оқырманды көркем шындықпен бетпе-бет кезіктіреді; көркем шындықты түсіндіріп қана қоймай, оны “бастан өткеруге, сол өмірге араласуға” мәжбүр етеді. Әдеби туынды өте қарапайым да кішкентай сөздік образдардан құралған, өзіне ғана тән ерекше “образды” ойлардың күрделі жиынтығынан тұрады. Сөздік образдардың әрқайсысы оқырманның көз алдына қандай да бір жеке әрекетті, қозғалысты елестете отырып, солардың тұтастығы арқылы өмірлік үрдісті туып, дамып, шешімін тапқан күйінде көрсетеді. Демек, сөз өнері өзге өнер түрлерінен динамикалы сипатымен ерекшеленеді. Шығарманы құрайтын жекелеген әрекеттер мен қозғалыстардың әрқайсының өзіндік мәні болады: бұл – адамдар мен

заттардың сыртқы, обьективті қозғалыстары және ішкі, жан дүниедегі қозғалыс, сондай-ақ “сөйлеу қозғалыстары” – кейіпкерлер мен автор сөздері. Өзара байланыстағы осы қозғалыстардың тізбесінен шығарма сюжеті танылады. Оқу барысында сюжетке бойлау арқылы оқырман біртіндеп мазмұнның мәнін – әрекет пен тартысты, фабула мен дәлелдеулерді, тақырып пен идеяны аңдай бастайды. Сюжеттің өзі мағыналық-пішіндік категория, немесе шығарманың “ішкі пішіні” болып табылады. “lшкі пішінге” композиция да жатады. Тура мағынасындағы шығарма пішіні – көркем сөз, оқырманның оқу немесе тыңдау арқылы тікелей немесе жанама қабылдайтын бейнелі сөз тіркестерінің жүйелі тізбегі. Бірақ бұл, көркем сөз – таза пішіндік (формальды) құбылыс деген сөз емес; көркем сөз толығымен мағынаға ие, өйткені онда сюжет заттық бейнеге айналады, соның нәтижесінде шығарманың бүкіл мазмұны (мінездер, жағдайлар, тартыс, тақырып, идея) ашылады. Шығарма құрылысын, оның саналуан “қатпарлары” мен бөлшектерін қарастырған кезде, бұл бөлшектерді абстрактілі түрде ғана бөліп алуға болатынын түсіну қажет. Өйткені әрбір шығарма бөлшектеуге келмейтін жанды тұтастық болып табылады. Абстрактілік жүйеге сүйенетін шығарма талдау түрлі бөлшек, детальдарды жеке-жеке қарастырғанымен, ақыр соңында жоғарыда аталған тұтастықты тануға, оның мағыналық-пішіндік табиғатының бірлігін тануға әкелуге тиіс. Яғни бұл әдебиеттегі пішін мен мазмұн мәселесіне қатысты. Сұрақ. Әдебиет тілінің зерттелуі жайында не айтуға болар еді? Жауап. Ең ежелгі дәуірлердің өзінде мемлекет көркем әдебиет тілін өзінің тілдік саясатының нысаны еткен, бұл көркем шығармашылыққа бағытталған тілдік сыни ойларда да айқын көрінеді. Алайда көркем әдебиет тілінің динамикалы құрылымы мен оның эстетикалық мәнділік ретіндегі, әсіресе этикамен және гносеологиямен тығыз байланысты сөз өнері дамуы үшін өте маңызды ролін жекелеген сөз суреткерлерінің, сыншыларының, филологияның және қоғамның саналы түрде қабылдау деңгейі қоғамның, тіл мен әдебиеттің даму тарихының түрлі кезеңдерінде әрқилы болды. Жетістіктер мен идеяларға бай филологиялық тұрақты дәстүрлердің болуына қарамастан, XX ғасырдың 50-жылдарына шейін лингвистикада көркем әдебиет тілін танудың өзіндік әдістерін толық бағаламаушылық байқалды. Бұған керісінше, әдебиеттану ғылымы да лингвистика мүмкіндіктерін ескере бермеді. Сол себепті де көркем әдебиет тілін кең ауқымда зерттеу ісін ұйымдастырып, жүзеге асыруда қазіргі таңдағы филологияда лингвистер мен әдебиеттанушылардың ынтымақтаса жұмыс істеуі бірінші дәрежелі мәнге ие. Сұрақ. Көркем әдебиет тілі мен әдеби тіл ұғымдарының ара қатынасы қандай? Жауап. Бұл мәселе әлі күнге дейін әрқилы түсіндіріліп жүргені де белгілі. Бірқатар филологтар көркем әдебиет тілін әдеби тіл стильдерінің бірі ретінде, оның бұл топтағы ерекше орнын атай отырып, қарастырады. Әдеби тіл мен көркем әдебиет тілі арасындағы табиғи байланысқа ден қоя отырып,

бұл көзқарас сөз суреткерінің дара стиль (идиостиль) нормаларын оның өмір сүрген кезеңіндегі әдеби тіл нормаларына бағындыруға ынталы лингвистикалық нормативизм ықпалынан да алшақ кетпейді. Түсіндірме сөздіктер мен грамматикада, орфографиялық және орфоэпиялық сөздіктерде, т.б. құралдарда тіркелген әдеби тіл нормалары бар болғаны көркем әдебиет тіліне тән жаңа сападағы эстетикалық өлшемдердің “нөлдік нүктесі” ғана болып табылады. Әдеби тіл нормаларына сүйене отырып, көркем әдебиет тілі грамматика мен фонетиканың негізгі нормаларымен сөзсіз байланысты; ал сөздік қолданыстар, сөздердің орналасуы мен сөзжасам жағынан әдеби тілдің көптеген шектеулері мен ұйғарымдары қаламгердің “өзіне ғана бағынатын заңдылықтары” бойынша өзгерістерге ұшырап жатады. Әрине, бұл өзгерістер қаламгердің көркемдік танымы мен дәуірдің эстетикалық талаптары шеңберінде болатыны түсінікті. Терминологиялық көзқарас тұрғысынан жөнсіз болғанымен, көптеген қаламгерлер “әдеби тіл” туралы айтқан кезде көркем әдебиет тілін діттегені анық. Лингвистер белгілеген тілдік нормаларды күнделікті қолданыстағы түрліше сипатта, өзгермелі күйінде қабылдай отырып, сөз суреткерлері “әдеби тіл” ұғымынан қатаң нормалауға көне бермейтін; кей-кейде оңайшылықпен игеріле бермейтін (лингвистикалық мағынадағы) әдеби тілдің иірімдерін (бұған эстетикалық шеңбері шектеулі түрлі стильдік нақыштарды да қосуға болады) мейлінше меңгерген адамның өзіне де қиын соғатын аса күрделі “көркем әдебиет тілін” көреді. Көркем әдебиет тілі өзінің даму жолында өзіне әралуан классицистік және модернистік поэтика бірінен соң бірі таңуға ұмтылған шектеулерден біртіндеп сытылып шығып отырды. Қазіргі таңдағы әдебиет тілі сан алуан диалектілік, ауызекі сөйлеу тілдерімен қоса, жаргондарға да, сондай-ақ ғылым тілі мен фольклор тіліне де, шет тілдерінен енген жапсырмаларға да кеңінен “ашық”. Құрал таңдаудағы мұндай орасан еркіндік қазіргі қаламгерге сөз қорын сұрыптауда және тілдік стереотиптер мен қасаң қалыпты бұзып шығуда айрықша жауапкершілік жүктейтіні және бар. Көркем әдебиет тілі туралы айтқан кезде ескеретін мәселенің бірі – жазушы қолданысындағы қандай да бір тілдік бөлшек эстетикалық тұтастық құрауға ықпал етуі шарт екендігі. Себебі, көркем туынды тілі тек қана бейнелеп қоймайды, сонымен бірге суреткердің шығармашылық ынтасы мен оның идиостилі нәтижесінде жаңа сипат иеленеді. Әрине, бұған қарап, нақты бір көркем мәтінде оны құрайтын көркем әдебиет тілінің бөлшектерінің әрқайсысы әрқашан жаңа сипат, соған сай ерекше эстетикалық мән иеленеді деп кесіп айтуға да болмайды. Тілдік бірліктердің көркем мәтінде сан қырлы құбылыстарына қатысты әлі де филологияда ортақ қағидалар жоқ. Әрине, мұндай тілдік құбылыстарды көркем әдебиет тілінің ерекшелігіне қатысты жинақтап анықтауға, оларға нақты атау беруге ұмтылған әрекеттер болды. Бұл орайда “символ” (кең мағынада; В.В.Виноградов), “глосса” (бұл да; Р.О.Якобсон), “глоссема” (Л.П.Якубинский), “экспрессема” (В.П.Григорьев), “стилема”

(түрлі мәнде; Р.Р.Гельгардт, Х.Х.Махмудов, т.б.), т.с.с. терминдер ұсынылғаны белгілі, алайда бұлардың ешқайсы да тиянақты қолдау таба алмады. Осылайша, көркем әдебиет тілінің құрылымы өз бойына әдеби тілдің барлық деңгейіндегі кез-келген жеке құрылымдарды, сондай-ақ ауызекі сөйлеу тілін, диалектіні, т.с.с. қамтиды. Тіл мен сөйлеуді қарама-қарсы қоюшылық біртіндеп әлсірей береді. Себебі – жалпытілдік нормалар тұрғысынан “ауызекі сөйлеу деңгейінде” қалатын авторлық окказионализмдер немесе жазушы неологизмдері көркем әдебиет тілінде “тілдік деңгейге” көтеріле алады. Қысқасы, көркем әдебиет тілінің нормалары – тілге шығармашылық қатынас нормалары. Көркем әдебиет тілі (кейде поэтикалық тіл деп те қолданылады) – көркемдік қарым-қатынастың аса маңызды құралдарының бірі: ақиқатты сөздік-образдық жаңғырта бейнелеудің эстетикалық маңызды құралы ретінде қоғамда қызмет ететін тілдік жүйенің және ұлттық тілдің шығармашылық мүмкіндігін мейлінше толық көрсетеді. Көркем әдебиет тілі ұғымы әдеби тіл ұғымымен де, көркем сөйлеу ұғымымен де ыңғайлас мәнде қолданыла береді. Бұл лингвистикадағы тіл және сөйлеу ұғымдарына сәйкес келеді. Сұрақ. Әрбір шығарма – бөлшектеуге келмейтін тұтас дүние, ал шығарма талдау барысында оның құрамындағы түрлі бөлшектерді жеке-жеке қарастырғанымызбен, негізгі мақсат аталған тұтастықты тануға, яғни шығарманың мағыналық-пішіндік табиғатына тән бірлікті тануға бағытталады екен. Олай болса, шығарманың мағыналық-түрлік тұтастығы дегенде қандай тұтастықты айтамыз? Жауап. Әдебиеттің нысаны мен мақсаты қай кезде де өзара тығыз байланысты болатынын жоғарыда айтып кеттік. Әдебиеттің тарихи айқындалған міндеті, яғни адамның ішкі әлемінің әсемдігін қалыптастыруға қатысу және олардың өмірді жетілдіріп, ізгілендіру бағытындағы әрекеттеріне түрткі болу міндеті, қаламгердің адамға ең басты нысан ретінде қарауына себепкер болады және соған өзі бейнелегеннің бәрін де байланыстырады. Нысан мен мақсат арасындағы осындай байланыс, олардың өзара сабақтастығы жалпы әдебиетке де, сондай-ақ оның жеке туындыларына да ортақ сипаттар. Сол себепті де қаламгер бейнелеген нәрсенің бәрі авторлық түсінік пен бағалау дәрежесіне сәйкес әдеби шығарма мазмұнына көшеді. Әдеби шығарма мазмұны қашанда қаламгердің бейнелегені мен баяндағанының қосындысынан құралады. Шығармада осы бейнелеуші және айтушы бастаулардың өзара бірлескен әрекеттестігі болғанда ғана, оқырманның ойы мен сезімін байытуға қабілетті идеялық мазмұн туралы айтуға болады. Сонымен, бейнелеуші мен баяндаушы бастаулардың байланысы мен өзара әрекеті ғана көркем әдебиет мазмұны ұғымының мәніне бастайды. Мәселен, әдебиет нысаны туралы айтқанда, қаламгердің ақиқаттағы құбылыстар арасынан жалпыға мәндісін іріктеп алуының маңыздылығына

назар аударар болсақ, мазмұн жайында сөз еткенде, субьективті бастаудың маңызын да ескеру қажет. Сұрақ. Олай болса, мазмұн дегеніміздің өзі не? Жауап. Мазмұн мен пішін – бірімен-бірі ажыратып қарауға келмейтін ұғымдар. Яғни мазмұн – “шығармада не айтылды?”, пішін – “ол қалай айтылды?” деген сұрақтарға жауап іздейді. Кез-келген қарапайым сезімді немесе ойды жеткізу қажеттігі белгілі. Көбінесе бұл сөз арқылы іске асады. Мәселен, одағайларды алып көрелік. Олардың қай-қайсы да нақты бір сезімді, толқынысты жеткізеді. Олар арқылы біз сол сезімнің мәнін (қуану, ренжу, таңдану, шаршау, т.с.с.) түсіне аламыз. Тағы бір мысалға назар аударып көрелік. Ежелгі грек мифтерінде әділетті қазылық көзі таңулы, бір қолына – семсер, бір қолына – таразы ұстаған әйел-құдай Фемида бейнесінде суреттелген. Бұл әділ қазы ешкімнің бет-жүзіне қарамастан, олардың әрекеттерін дәл таразылап, кінәліні қатаң жазалайды дегенді танытады. Бұл мысалдағы таңғыш, семсер, таразы – мазмұнның негізгі сипаттарын білдіретін пішін. Мазмұн – әділ қазылық. Мазмұн неғұрлым күрделі болған сайын, оны білдіретін пішін де бай, алуан сипатты болуға тиіс. Бұған керісінше, пішін арқылы мазмұнның алуан қырын да тани аламыз. Жоғарыдағы жағдайда Фемиданың әділдігі, қаталдығы және дәлдігі мазмұн қырлары болып табылады. Өмірді сан қырымен, әрі мейлінше нақты бейнелеуге ұмтылатын өнердегі мазмұн мен пішін қатынасы айрықша маңызды. Өнер туындысының идеялық-тақырыптық мәні бәрінен бұрын кейіпкерлердің ара қатынасы арқылы танылады. Бұл қатынастар оқиғалар, яғни сюжет арқылы көрінеді. Оқиғаның даму сипатына қарай кейіпкерлердің тілі дараланады. Демек, мазмұн туындының барлық жақтары (мінездер, сюжет, тіл) арқылы беріліп, пішінге көшкендей әсер етеді. Бұған керісінше, кейіпкерлер сөзін, олардың әрекеттерін қадағалай отырып, біз шығарманың тақырыбы мен идеясына тереңдей бастаймыз. Бұл тұста пішін мазмұнға ауысқандай көрінеді. Шығарманы талдау кезінде пішін мен мазмұнды олардың өзара бірлігінде, байланысында, алмасуында түсінуге ұмтылу қажет. Жоғарыдағы мысал бойынша: әділ қазылық мәнін Фемиданың бейнесінде жинақталған нақты белгілер (таңғыш, семсер, таразы) арқылы түсінуге, сонымен қатар бұл белгілерді әділ қазылықтың маңызды нышандары (әділдік, қаталдық, турашылдық) ретінде түсінуге ұмтылу қажет. Мазмұн мен пішін барлық салада кездесетіні анық, алайда өнердегі мазмұн мен пішіннің ерекшелігі – оның образдылығында. Сұрақ. Бұл ерекшеліктің мәнін қалай түсінуге болады? Жауап. Н.Г.Чернышевский өнер мен әдебиетке тән көркем образдылықты, олардың ерекшеліктерін “өмір пішіні” деп атаған болатын. Демек, өмір пішіні, яғни образды пішін, ғылыми дерексіздіктер мен формулаларға, тұтас құбылыстар мен сипаттарды талдауға негізделетін

ұғымдық ойлауға қарағанда, қаламгер бейнелеген адамдар, құбылыстар, адамдардың ішкі күйлерін, үрдістерді, ой-сезімдерді жанды сипатта жинақтауға бейім. Бұлайша жинақтау өнер мен әдебиет нысанының жанды тұтастығына да, көркем шығармашылықтың басты міндетіне де сай келеді. Көркем шығармашылықтың негізгі діттегені – бейнеленген құбылыстың әсемдігін немесе сұрықсыздығын жанымен сезінуге, сол арқылы адамдардың рухани дүниесінің қалыптасып, жетіле түсуіне ықпал етуді көздейтіні мәлім. Көркем образдылық тым ерте дәуірлерде пайда болған тұстан бастап-ақ, өнердің шексіз мүмкіндігін белгілейтін басты сипаты болып қалыптасқаны аян. Сонымен, Н.Г.Чернышевский айтқан “өмір пішіні” дегеннің мәні неде? Бейнелеу пішіні немесе мазмұн ғана ма? Әлде мазмұн мен пішіннің идеялықкөркемдік тұтастығы ма? Әрине, көркем сөз өнерінде жинақталған “өмір пішіні” – қаламгер жаңғырта бейнелеген ақиқат өмірдің жанды суреті немесе сөздік бейнелеу құралдары арқылы берілген адамның сезім күйлері. Бұл суреттер, толқыныстар, ойлар мен сезімдер шығарманың образды тініне мазмұн мен пішіннің жанды тұтастығы ретінде, яғни олардың бір-бірімен ұштаса қабысуы ретінде көрінеді. Өнер мен әдебиеттің көркем образдылығы, “өмір пішіні” дегеніміз – мазмұндық және пішіндік бастаулардың тұтаса тоғысқан түйіні. Әдебиеттің пішіні – саналуан, әрқилы тілдік және композициялық құралдар. Сұрақ. Пішін мен мазмұн мәселесіне тереңдей үңілсек… Жауап. Әдебиеттегі пішін мен мазмұн – философиядағы пішін мен мазмұн категорияларына сүйене отырып, өз бойына әдеби туындының ішкі және сыртқы жақтары жайлы түсініктерді тоғыстырған әдебиеттану ұғымы. Әдебиеттегі пішін мен мазмұнды саралай қарастырғанда, әркез есте ұстайтын жәйттер бар: біріншіден, әңгіме ғылыми абстракциялыққа негізделетіні, яғни пішін мен мазмұн шындығында еш бөлшектенбейтіні. Себебі, пішін дегеніміз –мазмұнның қабылдану сипаты да, мазмұн дегеніміз – берілген пішіннің ішкі мәні. Ал әдеби туындының пішіндік (стиль, жанр, композиция, көркем тіл, ырғақ), мазмұндық (тақырып, фабула, конфликт, характерлер, жағдайлар, көркем идея, тенденция) немесе мазмұндық-пішіндік (сюжет) көріністері болып табылатын түрлі бөлшектері, жекелеген жақтары пішін мен мазмұнның біртұтас күйдегі шындығы болып табылады. Бұл – басқа мәселе. Екіншіден, пішін мен мазмұн ұғымдары барынша жинақталған философиялық категория болғандықтан, оларды нақты-дара құбылыстарды талдау барысында аса абайлай қолдану қажет. Бұл, әсіресе, өзінің мазмұндық-пішіндік тұтастығы тұрғысынан өзгені мүлде қайталамайтын, сол қасиетімен де маңызды саналатын бірегей бітімді көркем туындыларға қатысты. Мысалы, жалпы философиядағы мазмұнның бірінші, пішіннің екіншілігі жайындағы; пішіннің артта қалушылығы; пішін мен мазмұн арасындағы қарама-қайшылық туралы қағидалар жеке бір туындыны, әсіресе сол туындының бөлшектерін зерттеу кезінде сақталуы міндетті

өлшемдер бола алмайды. Өнер мен әдебиеттегі пішін мен мазмұн қарымқатынасындағы ерекшелік жалпы философиялық ұғымдарды әдебиеттануға көшіре салуға жол бермейді. Өйткені көркем туындының өмір сүруінің ең қажетті шартының өзі – пішін мен мазмұнның жарасымы болып табылады. Мұндай жарасым болмаған жағдайда әдеби туынды қалай да өзінің көркемдігінен айырылады. Сонымен қатар, мазмұнның “біріншілігі”, пішіннің “артта қалушылығы”, пішін мен мазмұнның “үйлеспеушілігі” мен “қарамақайшылығы” ұғымдарын жеке қаламгердің шығармашылығын, әдеби даму кезеңдерін және тұтастай дәуірлерін (әсіресе, өтпелі де шұғыл өзгеріске толы дәуірлерді) қарастырғанда қолдануға болады. Мұндай кезеңдердегі пішіннің мазмұннан кейіндеп қалуын бір қаламгер шығармашылығын жеке алып қарамай, әдеби даму үрдісі аясында қарастырғанда ғана аңдай аламыз. Сұрақ. Пішін мен мазмұнды жіктей қарастыру қажеттігі қалай пайда болды? Жауап. Әдебиеттегі пішін мен мазмұн ұғымдары арасына шек қою тек XVІІІ ғасыр мен XІX ғасырдың басында ғана, ең әуелі немістің классикалық эстетикасында жүзеге асты. Гегель мазмұн категориясын енгізіп қана қоймай, оған айқын сипаттама да берді. Бұл жағдай әдебиеттің табиғатын түсіндіруде орасан мәнді қадам болды, сонымен бірге бұл тұста пішін мен мазмұнды бірбірінен алшақтату қаупі де болды. XІX ғасыр әдебиеттануында мазмұн мәселелеріне баса назар аударылса, XX ғасырда керісінше, мазмұнды жеке алып зерттеу де кеңінен таралғанымен, әдебиетке пішіндік тұрғыдан үңілу басымырақ болды. Алайда әдебиеттегі пішін мен мазмұнға тән тұтастық сипаты оларды бір-біріне қатыссыз жеке-дара түсінудің мүмкіндігін жоққа шығарады. Егер зерттеуші мазмұнды жеке талдауға ұмтылған жағдайда, ол, өзі қаласын-қаламасын, мазмұнның орнына әдебиеттің нысанын, яғни әдебиеттегі игерілген болмысты сипаттауға ұрынары анық. Себебі әдебиет нысаны көркемдік пішіннің шеңберінде ғана мазмұнға айнала алады. Пішіннен бой тартқан жағдайда ешқандай да көркемдік мәні жоқ оқиғалардың (құбылыстардың, толқыныстардың) қарабайыр жиынтығын ғана тануға болады. Сондай-ақ, тек қана пішінді жеке алып талдауға ұмтылған зерттеуші пішіннің шынайы болмысын емес, әдебиеттің материалын ғана, бірінші кезекте тілді, адам сөзін талдауға ұрынары сөзсіз. Өйткені мазмұннан ауытқу әдеби пішінді қарабайыр тілдік (сөздік) фактілерден іздеуге мәжбүр етеді. Бұл – әдеби туындыны өз мақсатына байланысты ғана пайдаланатын лингвист, стилист, логиктер үшін қажетті шарттардың бірі, бірақ әдебиеттанушы үшін мүлде теріс жол. Сұрақ. Сонда әдебиеттанушы бұл мәселеге қай тұрғыдан келуі қажет? Жауап. Әдебиеттің пішіні біртұтас мазмұндық пішін ретінде қарастырылады да, ал мазмұн көркемдік пішін тұрғысынан қалыптасқан мазмұн ретінде ғана зерттелуі шарт. Әдебиетші бірде мазмұнға, енді бірде пішінге ерекше назар аударып отыратыны, әрине, түсінікті. Алайда ол бұл ұғымдардың шынайы мәнін толық танып-білу үшін пішін мен мазмұнның ара

қатынасын, өзара әсер-ықпалын, тұтастығын әркез есте сақтауы қажет. Десек те, мұндай тұтастықтың табиғатын қаншалықты дұрыс түсінген жағдайдың өзі зерттеудің жемісті болуының толық кепілі бола алмайды. Зерттеуші неғұрлым нақты сәттерді де әркез кеңінен ескеріп отыруы қажет. Сонымен, пішін нақты бір мазмұнға ғана тән пішін болып көрінеді. Алайда пішіннің де белгілі бір үлгіде көрінетін сәттері бар. Бұл тұста тектер, жанрлар, стильдер, композиция және көркем сөз типтерін, т.с.с. атауға болады. Жанр немесе көркем сөз типі жеке-дара феномен ретінде өмір сүрмейтіні, жекелеген шығармаларға тән ортақ белгілердің жинақталуы арқылы пайда болатыны түсінікті. Шын мәніндегі әдебиет туындысында пішіндердің әралуан “дайын” қырлары мен бөлшектері жаңғырып, жаңарып, өзгеге ұқсамайтын сипат иеленіп отырады. Мәселен, әрбір көркем туынды жанрлық, стильдік және т.с.с. “пішіндік” қарым-қатынастарда әрдайым бірегей сипатта болады. Қалай болғанда да, қаламгер әдебиетте қалыптасқан жанр, сөз типтері, стильдік тенденциялар, т.б. ішінен өз шығармашылығы үшін қолайлысын таңдап алатыны да заңдылық. Демек, кез-келген әдеби туындыда жалпы әдебиетте немесе белгілі бір аймақта, халықта, дәуірде, бағытта бұрыннан бар маңызды пішіндік белгілер мен элементтер бар. Онымен де қоймай, “дайын” күйінде алынған пішіндік белгілер өзінен-өзі нақты бір мазмұндылықты иемденетіні де анық. Қандай да бір әдеби түрді (поэма, роман, трагедия, т.б.) таңдай отырып, қаламгер тек “дайын” құрылымды ғана қажетіне жаратпайды, сонымен бірге белгілі бір дәрежеде “дайын ойды” да (жалпылық сипаттағы ой екені түсінікті, әрине), кәдеге асырады. Бұл кез-келген пішіндік сипаттарға қатысты. Осыдан келіп “мазмұнның пішінге ауысуы” (және керісінше) жайындағы философиялық белгілі қағиданың логикалық қана емес, тарихи, генетикалық мәні бар екенін аңғаруға болады. Қазіргі кезде жалпыға ортақ әдебиет пішіні саналатын жәйттер бір кезде мазмұн болған. Алғаш дүниеге келгенде көптеген жанрлық белгілер түрлік белгілер ретінде бірден көрінбей, пішіндік құбылыстар ретінде танылғаны, тек үздіксіз қайталану үрдісінде ғана тұрақтап қалғаны анық. Мәселен, италия Қайта өрлеуінің бастапқы кезеңінде пайда болған новелла бірден әдеби түр ретінде қабылданған жоқ. Тек қана жұртты қызықтырған оқиға жайындағы хабар, жаңалық сипатында көрінді. Итальян тілінде “novella” дегеніміздің өзі “жаңалық” деген сөз. Әрине, оның қандай да бір түрлік белгілері болғаны түсінікті, дегенмен тура сол тұста оған тән сюжеттік өткірлік пен ұшқырлық, ықшамдық, образдар қарапайымдылығы, т.с.с. белгілер оның жанрлық даралығын айқындайтын өзіндік пішіндік белгілер ретінде көріне алған жоқ. Басқаша айтқанда, бұлар мазмұннан әлі де ірге ажырата алмай жатты. Тек кейіннен ғана, әсіресе, Дж.Боккачоның “Декамеронынан” соң ғана новелла біздің түсінігіміздегі әдеби түр сипатында таныла бастады. Сұрақ. Пішіннің мазмұнға ұласуын қалай түсінуге болады? Жауап. Әдебиет тарихында “дайын” пішіннің мазмұнға ұласуы да кездеседі. Мәселен, қаламгер новелла түрін таңдаған жағдайда, аталмыш

түрге тән мазмұндық басты белгілер де оның шығармасына көшеді. Әдебиет пішінінің біршама тәуелсіздігі осы тұстан байқалады. Пішін мүмкіндіктерін асыра дәріптеушілердің (әдебиеттанудағы пішіншілдер) сүйенері де осы жағдай. Өз бойына адами, философиялық, әлеуметтік-тарихи идеяларды тоғыстырған мазмұн да белгілі бір дәрежеде өзіндік тәуелсіздікке ие. Қалай болғанда да, туындының мән-маңызы мазмұнда да, пішінде де емес, мазмұн мен пішіннің көркемдік тұтастығынан танылатын өзіндік ерекшелікте жатыр. Суреткер өмір тілінде, өмір суреткер тілінде сөйлеуге мүмкіндік алады, нәтижесінде шындық пен өнер үндестік табады. Бұған қарап пішін мен мазмұнның тұтастығы олардың даралық белгілерін жойып жібереді деуге мүлде болмайды. Бұлардың қай-қайсын да “жоқтан бар” жасау мүмкін емес. Мазмұнда да, пішінде де оларды қалыптастыратын негізгі бастаулар мен құралдар сақталып отырады. (Достоевский романдарын ондағы қаһармандардың идеялық ізденістерінсіз елестету мүмкін емес, тұрмыстық ұсақ-түйектерсіз А.Н.Островский драмалары да сондай). Алайда мазмұнның бұл белгілері өте қажетті болмауы да ықтимал, дегенмен өзіндік көркемдік шындықты жасау үшін қажетті “материал”, құрал екендігі айқын. Пішін жайында да (Достоевский кейіпкерлерінің ішкі диалогтары, Островский кейіпкерлерінің репликаларындағы нәзік сипаттар) осыны айтуға болады. Шығарма көркемдігінің “мәні” – шығарманың шынайылығы суреткер ойымен тұтастай ұштасып жатқанымен, жеке ой да немесе ойлар жүйесі де емес. Көркемдік “мәннің” ерекшелігі шынайы өмірден алшақтатып әкетуге бейім біржақты ойлауды жеңе білуде жатыр. Шынайы көркем туындыда өмір қаламгердің еркіне бағына отырып, өзінен-өзі өрбіп жатқандай әсер етеді. Мұндай шығармашылық шеберлік мазмұн мен пішіннің жанды тұтастығы нәтижесінде ғана жүзеге аспақ. Сұрақ. Демек, мазмұн мен пішін бір-бірінен бөле-жара қарастыруға келмейтін ұғымдар десек, жаңылмаймыз ғой?.. Жауап. В.Г.Белинскийдің: “пішінді мазмұннан бөліп қарау – мазмұнды жою, мазмұнды пішіннен бөліп қарау – пішінді жою” деген пікірі бар. Бұл пікірдің дұрыстығына оп-оңай көз жеткізуге болады. Мысалы, қарапайым баяндау арқылы ақын өлеңінде бейнеленгеннің жалпы айтпағын жеткізгенімізбен, ақын сезімімен жымдаса өрілген толқыныстардың, сезімнің, ойдың барынша әсерлі қуаты жойылатындығы сөзсіз. Көркем әдебиет туындыларындағы мазмұн мен пішін ұғымдарының салыстырмалы да өзара байланысты ұғымдар екендігін әрдайым есте тұту керек. Өйткені, көркем туындыда бір бөлшекке қатысты мазмұн ретінде қарастырылған нәрсе екінші бір бөлшекке қатысты пішін ретінде қарастырыла беретіні де бар. Әдебиеттегі идея түрлі композициялық тәсілдермен және көркем сөз құралдарымен берілетінінен хабардармыз. Өз кезегінде, бұлар жай ғана пішінді белгілемей, мазмұндық пішінді де көрсетеді. Бұл жағдайда оларға мазмұн мен пішін тұтастығы жайындағы қағида толығымен жүреді.

Осы тұста мазмұн мен пішіннің әдебиеттегі тектер мен түрлерге қатысына байланысты тағы бір жағдайды да айта кеткен орынды. Яғни мазмұн мен пішіннің өзіндік ерекшеліктеріне байланысты шығарма белгілі бір әдеби түрге (мысалы, эпикалық түрде эпос, повесть, роман, әңгіме, мысал, т.с.с.) тән болады. Қорыта айтқанда, пішін – бейнелеуші, мазмұн – бейнеленуші. Бейнеленуші мазмұн толық ашылу үшін бейнелеуші пішіннің алуан қырлылығы мен байлығы керек. Сонда ғана нақтылық пен айқындыққа қол жетеді.

ІІІ ТАРАУ

КӨРКЕМ ШЫҒАРМА

Тақырып және идея
Сюжет пен композиция
Көркем бейне
Көркем шығарма тілі

Өлең және өлең сөз

Алтыншы әңгіме
немесе
Тақырып және идея

Сұрақ. Біз осыған дейін филология жайында, әдебиет жайында біршама әңгіме қозғадық. Ал филология болу үшін – әдебиет, ал әдебиет болу үшін әдеби шығармалар болуы қажет екендігін ескерсек, “көркем шығарма дегеніміздің өзі не?” деген сауалға жауап іздеуге тура келеді. Шынында да көркем шығарма деп қандай дүниелерді танимыз? Әлде ойдан шығарылған қызғылықты оқиғаларға құрылған дүниелердің бәрі көркем шығарма болып табыла ма? Олай болмаған жағдайда әдеби шығарманың көркем дүние екендігін қандай белгілеріне қарап бағалауымыз керек? Жауап. Әдеби шығарма – сөз өнері болып табылатын әдебиеттің өмір сүру амалы. Бұл тұжырымды қалай түсінгеніміз абзал? Осы сұраққа жауап іздеп көрелік. Қандай да бір әдеби шығармадан біз шынайы өмірден алынған нақтылықты сезінеміз. Өйткені, әдеби шығарма қашанда өмірмен тығыз байланысты болады. Алайда, оны ақиқат өмірдің нақ өз бейнесі деп

қабылдауға болмайды, әдеби шығарма өмірдің бейнесі, көркем көрінісі болып табылады. Бұл тұста әдеби шығарманы өмір жайында әңгімелеуші деп қана түсіну қателікке ұрындыратынын, сонымен бірге әдеби шығарманың өзі де ерекше өмір болып табылатынын ұдайы ескеру қажет. Сұрақ. “Әдеби шығарманың өзі – ерекше өмір” дегенді қалай түсінген жөн? Жауап. Әдебиет жайында әңгімелеген тұста “өмір шындығын, оқиғалар мен құбылыстарды, баршаға ортақ ой-сезімдерді жекелеген адамдар мен оқиғалар арқылы жинақтап, бейнелі түрде көрсету – өнерге тән қасиет. Демек, әдебиеттегі өмір қаламгердің ой сүзгісінен екшеліп шыққан көркемдік әлемі болады да, соған орай әдебиеттегі адам көркем бейне болып шығады” деген пікір айтылған болатын. Осындағы “әдебиеттегі өмір” немесе “көркемдік әлемі” деген тіркестердің мәніне үңілер болсақ, әдеби шығарма мазмұнына қатысты айрықша бір мәселені аңғаруға мүмкіндік туады. Әдеби шығарма мазмұнын құрайтын мәселе нақты өмірден алынады, бірақ ол өмірдің қаз-қалпындағы көшірмесі емес. Яғни, әдебиеттегі өмір дегеніміз – өмірдің образы. Қандай көлемді шығарманың өзі өмірдің барлық жағын қамти алмайтыны, уақыт, кеңістік, әрекет жағынан шектеулі аяда қалатыны түсінікті. Демек, әдеби шығарманың өзі – образ. Бұл тұрғыдан әдеби шығарма – ұдайы қозғалыс үстінде болатын адамзат өмірінің қандай да бір шектеулі аядағы сәтінің көркем бейнесі. Сонымен қатар, әдеби шығарма – нақты зат. Яғни, оны қолмен ұстап, көзбен көруге, игілігімізге жаратуымызға мүмкіндік бар. Олай болса, бір әдеби шығарма басқа өнер туындысының дүниеге келуіне әсер етуі де заңдылық. Демек, әдеби шығарма, біріншіден, өмір образы; екіншіден, ақиқат өмірдегі нақты зат болып табылады. Біз әдеби шығарманы өнер туындысы ретінде сөз етіп отырғандықтан, оған тән ерекшеліктерге сол тұрғыдан назар аударалық. Сұрақ. Шынында да, әдеби шығармаға байланысты айтылған жоғарыдағы пікірлер философияға бейімделіп кеткен сияқты… Жауап. Өнер туындысының табиғаты жайында ой қозғаған кезде “Жаратылыс дегеніміздің өзі біртұтас нәрсе ме? Оған сай келетін бейне табу мүмкін бе? Оны нақты бір құбылыстар арқылы бейнелеуге бола ма?” деген үлгідегі философиялық сауалдарға соқпай өту мүмкін емес. Ал өмірдің қарама-қайшылықтарға толы екендігі мәлім. Өмір құбылыстары, адам әрекеттері неғұрлым шексіз де сан алуан болған сайын, олардың арасындағы қым-қиғаш байланыстарды тереңдей танып-білу де соғұрлым маңызды бола береді. Өнер туындысындағы адам өмірі де осынау күрделі қайшылықтарымен көрініс табады. Ақиқат өмірдегі адам болмысы қандай күрделі болса, әдеби шығармадағы адам бейнесі де соншалықты күрделі. Әдеби шығармада өмірдің барлық қырлары, уақыт пен кеңістік, жеке адам мен халық, тарихи дәуірлер мен мәдениеттер қарым-қатынасы, т.б. түгелдей көріне алады. Әдеби шығарманың өмірден орнын табуы үшін қаламгердің оны жазып шығуы ғана жеткіліксіз, сонымен бірге оны оқырманның қабылдауы да

қажет. Бұл мәселе де – “жазушы жазады, оқырман оқиды” деген үлгіде тым қарабайыр түсінуге болмайтын, бірімен-бірі тығыз байланысты күрделі үрдіс. Шын мәніндегі әдеби шығарманың ғұмыры қаламгер мен оқырман арасындағы жарасымға тәуелді. Сұрақ. “Қаламгер мен оқырман арасындағы жарасым” дегенді қалай түсінгеніміз дұрыс? Жауап. Қарапайым тілмен айтсақ, қаламгер өз шығармасында оқырманның көкейіндегі мәселелерді тереңнен қозғап, әдеби шығармада бейнеленген өмірді әр оқырман өз өміріндей етене қабылдап, “әдебиеттегі өмірге” жан-тәнімен араласып кететіндей, сана-сезіміне әсер ете алса ғана, аталмыш жарасым орнығады. Әдеби шығармаға байланысты айтылатын мәселелердің тағы бірі мазмұн мен пішіннің бірлігінен туындайды. Шынында да, әдеби шығарма мазмұнының онда баяндалған жағдайлар ғана болып табылмайтындығын дұрыс түсіну қажет. Мазмұн – ақиқат өмірді танып-білу мен сараптаудан, сонымен бірге бейнелеуден тұратын тұтастық. Өмірді танып-білу мен сараптау өзімен-өзі жеке-дара қалып қоймай, әдеби шығармада бейнеленген оқиғалардың, ісәрекеттердің, сезім күйлерінің өне бойында көрініс тауып отырады. Шығармадағы қандай да бір бөлшектің тек көркем сөз арқылы ғана өмір сүретіні белгілі. Көркем әдебиет пішіні – сөз. Ал кез-келген сөз көркемдік мән иеленуі үшін, оның хабарлаушылық қызмет шеңберінен шығып, сөздіккөркемдік тұтастыққа ұласуы шарт. Яғни әдеби шығармадағы әр сөз өмірлік шындықтың, кішкене болса да, көркем бейнесі болуға тиіс. Демек, әдеби шығарманың көркемдік пішіні дегеніміз – “жазғыштық техникасы” емес. Бұдан шығар қорытынды – біреу, яғни әдеби шығарма – қоршаған орта жайында және өз өмірі, өзінің жан-дүниесі жайында ойланудан, ақыр соңында ой сүзгісінде екшелген көркемдік әлемін сөз арқылы бейнелеуден тұратын біртұтас шығармашылық үрдіс нәтижесі. Қағазға түскен жазба дүниенің шынайы әдеби туынды екендігі ондағы сөздік-көркемдік қолданыстардың бір-бірінен бөле-жаруға келмейтін біртұтастығынан танылады. Шығармада артық-кем нәрсе болмағанда ғана, ол шынайы көркем дүние болып табылады. Әдеби шығарма – қаламгерді де, оқырманды да өзін қоршаған ортаны танып-білуге, адамдық болмысын дамытуға әсер ететін көркемдік дүниесі. Әрбір әдеби туынды өмірдің қандай да бір тұтас бейнесін (эпикалық, драмалық шығармалар) немесе қандай да бір тұтас сезім күйлерін (лирикалық шығармалар) қамтиды. Басқаша айтқанда, әдеби шығарма өмірлік құбылыстарды қамтуы жағынан өзінің көркем әлемі аясында қалады. Қандай көлемді шығарма болса да, суреттеу мерзімі, қаһармандары, мекені, т.с.с. тұрғысынан шектеулі мүмкіндік шеңберінде болады. Мысалы, “Абай жолы”. Сондай-ақ, белгілі бір көлемде шектелген туындыда халықтың даму жолындағы нақты бір кезеңге ғана тән адамдар, оқиғалар, сезім күйлері

бейнелене отырып, сол арқылы адам баласының өткеніне, бүгініне, ертеңіне қатысты аса маңызды ойлар, идеялардың көрініс табатыны да шындық. Шын мәніндегі әдеби туынды бір-бірінен өзіне ғана тән айрықша көркемдік әлемімен, мазмұнымен және сол мазмұнды бейнелейтін пішінімен (формасымен) дараланады. Шынайы көркем шығармадағы әр образ, әрбір бейнелі сөз, т.с.с. тұтас дүниені құрайтын бөлшектер болып табылады. Шығарма тұтастығының бұзылуы оның пафосына кері әсер етеді. Қажетті бөлшектердің бірінің жетіспеуі, яки артық болуы шығарма құндылығына нұқсан келтіреді, тіпті жоққа шығаруы да ықтимал. Сұрақ. “Шығарма шектеулі мүмкіндік шеңберінде болады” дегенде, шығарманың мүмкіндігін белгілейтін басты нәрсе не? Шығармадағы кейіпкерлер ме? Жауап. Жоқ. Өйткені кейіпкерлердің өзі шығарма мүмкіндігі шеңберінде болады. Демек, шығарманың тұтастық сипатын айқындайтын белгі – кейіпкер емес, шығармада көтерілген мәселелердің, айтылған идеяның тұтастығы болып табылады. Яғни шығармада қамтылған әрбір бөлшектің қажеттігі немесе артық-кемдігі де осы идея тұтастығына қатысты анықталады. Көркем шығарма идеясымен тығыз бірлікте қарастырылуға тиісті тақырып, проблема деген ұғымдар бар. Сұрақ. “Тақырып” деп шығарманың атауын айтпаймыз ба? Жауап. Шығармаға атау болып тұрған сөзді немесе сөз тіркесін тақырып деп білу – нағыз қарабайыр түсінік. Себебі, “тақырып” ұғымының мәні одан гөрі әлдеқайда кең. Мәселен, қазіргі кезеңнің өзінде “тақырып” деген термин екі түрлі мағынада қолданылады: 1) Шығармада бейнеленген өмірлік материал ұғымында; 2) Шығармада көтерілген негізгі қоғамдық проблема ұғымында. Бірінші анықтаманың да кей тұстарда дұрыс келетінін жоққа шығаруға болмайды. Алайда екінші анықтама “тақырып” ұғымының мәнін неғұрлым дәл береді. Оның сыры, біріншіден, бұл анықтама бойынша тақырыпты өмірлік материал деп қабылдай отырып, өмірлік материалды танып-білу шығармадағы бейнеленген құбылыстарды талдауға негізделеді. Екіншіден, тақырыпты шығарманың басты проблемасы деп түсінуге тақырып пен идеяның органикалық бірлігі себепкер болады. Көркем шығарманы тұтас дүние ретінде мұқият қарастырғанда ғана, тақырыпты дұрыс анықтауға қол жеткізуге болады. Суреттелген өмірлік шындықты жан-жақты танып алмайынша, шығармада көтерілген мәселелердің мәніне тереңдеп үңіле алмаймыз. Мәселелердің мәнін айқындау арқылы ғана шығарма тақырыбын нақты ажыратуға болады. Қандай шығармада болса да, қаламгер бейнелеген оқиғалар, жағдайлар, мінездер, ісәрекеттер, т.с.с. барлығы шығарманың бүкіл мазмұнын қамтитын ең негізгі проблеманы шешуге бағытталады. Әрине, қаламгер мақсаты өз шығармасында әлде бір проблемаларды көтерумен шектелмейді. Сонымен бірге сол проблемаларды шешу жолдарын да қарастырып, қоғамдық идеалдардан өрбитін ой-пікірлерін де аңғартады.

Сондықтан да шығарма тақырыбы оның негізгі идеясымен тығыз байланысты. Тақырып, проблема, идея – өзара тығыз байланыста тұрып, әдеби шығарманың көркемдік мазмұнын айқындайтын үш түрлі деңгей. Тақырып – шығарманың заттық болмысы болып табылатын бөлшек; теңей айтсақ, болашақ құрылыстың шикізаты; проблематика – осы “шикізат” – тақырыпты біртұтас көркемдік-эстетикалық құрылымға айналдырушы; идея – автордың дүниетанымдық сипаттағы тұжырым-бағаларынан өрбитін көркемдік тұтастықты қорытындылаушы деуге болады. Сұрақ. Тақырып, проблема, идея жайындағы пікірімізді нақтылай түссек… Жауап. Көркем шығарманың тақырыбы авторлық суреттеудің өзегіне алынып, шығармада көрініс тапқан ақиқат болмыстағы заттардың, құбылыстардың, оқиғалардың жиынтығы болып табылады. Әрбір көркем туындыда, әдетте, бір ғана тақырып көтерілмей, өзара байланысты бірнеше тақырыптардың тұтас жүйесі (тематика) көрінеді. Әдеби туындыны неғұрлым айқын түсіну үшін оның мазмұнын белгілейтін өмірлік өткір қарама-қайшылықтарға, яғни суреткердің өзіне де, оның кейіпкерлеріне де сюжеттік әрекеттер барысында шешуге тура келетін проблемаларға үңілу керек. Көркемдік бейнелеудің негізгі тақырыптарын (заттарын) белгілейтін тематикамен салыстырар болсақ, әдеби проблематика суреткердің өз шығармасы арқылы бастан өткеріп, ойша саралап, оқырманға бейнелі түрде ұсынып отырған өмірлік ақиқаттың көкейкесті қарама-қайшылықтары. Қаламгердің өз дәуіріндегі аса өткір мәселелерді туындысына тікелей (“Кому на Руси жить хорошо?”) немесе жанама (“Кім жазықты?”) атау етіп алуы жиі ұшырасады. Сондай-ақ проблема туынды атауында әлеуметтікфилософиялық қарама-қайшы мәнде көрінуі де (“Ақылдан азап”, ”Өлі жандар”) немесе бейнелі түрде символдық мәнде көрінуі де (“Қарсаңда”, ”Тұңғиықта”, ”Найзағай”) ықтимал. Проблеманың тағы бір ерекшелігі – оқырманның көркем туындыны қабылдау барысында оны өзі ойша дамытып әкетуіне қатысты. Сұрақ. Шығармадағы проблеманы оқырманның өзі қалай дамытуы мүмкін? Жауап. Жазушы өз туындысында көтеріліп отырған проблеманы ақырына дейін шешіп бермей, оқырманды ойландыру мақсатында саналы түрде соңғы жауапты ашық қалдыруы да мүмкін. Сондай-ақ, көркем мәтін шеңберінен шығып кететін сауалдарды ұсына отырып, жазушы кей жағдайларда өз жауабын айтуы да, немесе проблемаларды шешудің кейбір жолдарын меңзеп қана қоюы да ықтимал. Мұндай жағдайда проблеманың шешімін табу оқырман ықтиярында қалатыны түсінікті. Ал әдеби проблемалардың авторлық шешімдері өзара ұштаса келіп, туындыдағы көркем идеяларды құрайды. Идеялардың бұл жиынтығынан шығарманың идеялық-эстетикалық концепциясы шығады.

Проблематика автордың түпкі ойына сәйкес, шығарманың құрылымын айқындап, көркемдік детальден бастап шығарма атауына дейін қамтитын тақырыптық мазмұнды белгілесе, шығарма идеясы бейнеленген оқиғаларға, характерлерге, жағдайларға деген автордың көзқарасын (қарым-қатынасын) танытады. Сонымен қатар дүниетанымдық, философиялық сипаттағы пікірлерді көркем баяндау арқылы жинақтап, тематика мен проблематикаға да авторлық баға береді. Шынайы көркем туындыда проблематика тематикадан келіп шығады. Сұрақ. Сонымен, идея дегеніміз көркем шығармада көрініс тапқан барша құбылысқа қаламгердің көзқарасы, бағасы болып шықты ғой. Сонда автордың көзқарасы шығарманың қай тұсында айтылады? Жауап. Идеясыз шығарма жоқ. Идеялылық – өнер туындыларында бейнеленген оқиғалар мен характерлердің мән-маңызы жайында образ арқылы берілетін ой-пікір көрінісі. Кейбір идеялар автордың өз пікірі арқылы тікелей (көбінесе лирикада) немесе жағымды кейіпкердің сөзімен беріледі. Алайда шығарма идеясы мұндай жекелеген пікірлермен шектелмейді, оның мәні одан гөрі маңыздырақ. Кейде шығарма идеясы тақырып, сюжет, образдар арқылы нақты көрінуі де мүмкін. Мұндай ашық үлгідегі идеялар автордың өзінің идеялық позициясын саналы түрде көрсетуге ұмтылуынан шығады. Бұл сипаттағы, яғни өзінің көркемдік бағыттылығын ашық танытқан туындыларда біржақтылық басым болады. Ерен мәнді идеялар сюжеттің өн бойын тұтас қамтып жатады. Сюжетті құрайтын бөлшектерді негізгі идеядан тыс, жеке алып қарастырса, олардың мәні болмауы да әбден мүмкін. Шығарманың идеялылығы ондағы идеялардың санымен айқындалмайды, шығарманың тұтас мазмұнындағы алатын орнымен, маңыздылығымен, ауқымдылығымен өлшенеді. Көркем шығармада түрлі деңгейде көрініс табатын философиялық, әлеуметтік, діни, моральдық, гуманистік, педагогтік, т.с.с. идеялардың қандайы болса да, образдар арқылы, шығармадағы нақты қаһармандар қарым-қатынасы арқылы өнерге тән идеяға айнала алады. Өнерде, әсіресе, әлеуметтік идеялар маңызды роль атқарады. Автор өз туындысында әлеуметтік идеяларды бейнелеуді мақсат тұтпаса да, қарымды қаламгерлердің көркемдік дүниесінде бұл идеялардың болуы заңды құбылыс. Көркем шығарманың идеялылығы дегенде, негізінен, әлеуметтік идеяның басты назарда болатыны да сондықтан. Әдебиеттің әлеуметтік идеялылығы оның халықтық сипатынан танылады. Сұрақ. Идеясыз шығарма бола ма? Жауап. Нағыз өнерде идеяның болмауы мүмкін емес. Ал идеясыз шығарма болуы мүмкін. Сұрақ. “Идеясыз өнер болмайды, алайда идеясыз шығарма болуы мүмкін” деген пікір мүлде қисынсыз ғой?..

Жауап. “Идеясыздық” – шығармада қандай да бір идеяның жоқ болуы емес, қоғамдық-әлеуметтік идеялардың болмауы. Қысқасы, көркем идеялылық дегеніміз автордың өз шығармасына сырттан енгізе салған нәрсесі емес, шығарманы жазу арқылы өз туындысының өне бойында қамтып көрсеткен негізгі ой-пікірі. Бұл орайда ескеретін жәйттердің бірі мынау: шығарманы жазуға ниеттенген кезеңдегі ілкі идея оны жүзеге асыру барысында әр алуан өзгеріске ұшырауы әбден мүмкін. Өйткені, авторды өзі бейнелеп отырған өмірлік шындық логикасы “дұрыстап, тура жолға салып отырады”.

Жетінші әңгіме
немесе
Сюжет пен композиция

Жауап. Өмірдің тұтас көрінісін, адамдардың, оқиғалардың, жағдайлардың, ой-сезімдердің күрделі байланысын көркемдікке ұластыру алуан түрлі бейнелеу құралдары арқылы іске асады. Жазу машығына байланысты әр қаламгердің көркемдегіш құралдары әрқайсында өзінше қолданысқа түсіп, бір-біріне ұқсамай жататыны да белгілі. Дегенмен, әдебиеттің өзіндік болмысынан өрбіп жататын, барлық жазушыға тән ортақ жайлар да бар. Олар қандай ортақ жайлар? Біріншіден, барлық қаламгерге ортақ нәрсе – тіл. Тіл арқылы ой-сезімге әсер ететін сөздік образдар жасалады. Екіншіден, өмірден алынған құбылыстардың әдеби шығармада жаңа бейнеге ауысуы алдыңғы планға оқиғалар қозғалысынан (эпикалық, драмалық шығармаларда) немесе ой-сезім қозғалысынан (лирикалық шығармаларда) туындайтын сюжетті шығарады. Сюжетте жалпы адам болмысы, алуан-алуан тағдырлар, қарама-қайшылықтар мен қоғамдық тартыстардың мәні ашылады. Үшіншіден, идеялық-көркемдік ойды жүзеге асыру үшін бірде кейіпкерлер сөзіне, бірде суреттеуге, бірде авторлық баяндауға, бірде диалогқа немесе монологқа, бірде автордың лирикалық толғанысына, бірде кейіпкердің ақыл-өсиетіне, хаттарына, күнделіктеріне жүгіну қажеттігі әр шығарманың құрылымын анықтайды. Бұл әдебиет теориясында композиция деп аталады. Ақырында, төртіншіден, қаламгер атаулының шығармашылық ой-ниеті қашанда нақты бір әдебиеттің тегі мен түріне тікелей қатысты болатыны және бар. Әр қаламгер бұл айтылғандардың әрқайсысын өз шығармашылығында өзінше пайдаланады. Соған орай, бұлардың әр қаламгер шығармашылығында, тіпті бір ғана қаламгердің түрлі шығармаларында түрліше көрініс табуы заңды құбылыс.

Сұрақ. Көркем шығарманы жазу барысында қаламгер қолданатын көркемдік құралдардың әрқайсына арнайы тоқталып өтсек, артықшылық етпейтін сияқты. Әлгінде “сюжет оқиғалар қозғалысынан немесе ой-сезім қозғалысынан туындайды” дегенге саятын ой айтылып кетті. Ал, менің ойымша, сюжет дегеніміз – шығарма өзегіне алынған қызықты оқиға. Жауап. Сонда ешқандай оқиға суреттелмеген шығармаларды көркем шығарма санатына қоспаймыз ба? Сұрақ. “Сюжетсіз шығарма” деген түсінік бар емес пе? Жауап. Көркем шығарма еш уақытта сюжетсіз болмайды, ал фабуласыз шығарма болуы мүмкін. Мүмкін ғана емес, бұл – әдебиет тәжірибесінде бар құбылыс. Сұрақ. Қызық екен. Онда “фабула” дегеніміз не, “сюжет” дегеніміз не нәрсе? Жауап. Бұл терминдер көркем шығармадағы оқиғалар жиынтығын бейнелейді. Кейбір зерттеушілер “сюжет” пен ”фабуланы” синоним терминдер ретінде алса, екіншілері бір ғана “сюжет” терминімен шектеледі. Шындығында, сюжет пен фабула – бір мәселенің екі жағы. Бұлай қарастыру олардың сыртқы айырмашылықтарын ғана емес, ішкі терең мәнін де дұрыс түсінуге септігін тигізбек. Фабула терминін этимологиялық тұрғыдан түбірлейтін болсақ, латынның “әңгімелеу, баяндау” деген мағына беретін “fabularі” сөзінен шығады да, оның өзі “әңгіме, мысал” деген мәндегі “fabula” сөзінен өрбиді. Фабула – мазмұндап әңгімелеуге болатын нәрсе. Мәселен, шығармада суреттелетін оқиғаны қысқаша айтып шығу фабула болса, сюжет шығарманы оқу арқылы ғана танылады. “Фабула” сөзінің алғашқы мағынасы – “мысал”, ”ертегі”, ”хикая”, ”тарих” дегенге саяды. Біз шығарманы алғаш оқығанда оның жалпы фабулалық желісін тез қабылдаймыз. Ал сол шығарманы қайтадан оқитын болсақ, шығармадағы суреттелетін әрбір әрекеттің, оқиғаның, құбылыстың мәніне тереңдеп үңіле бастаймыз, соның нәтижесінде санамызда сюжет жайлы түсінік пайда болады. “Сюжет” нақты бір заттық мәнге ие бола алады. Яғни сюжет – авторлық мақсат та, фабула – сол мақсатқа жетудің құралы. Егер фабуланы әңгімелеп беруге болатын болса, сюжеттің көркемдік мәнін шығармада көрінетін авторлық баяндау ерекшеліктері ғана жеткізе алады. Сюжет пен фабуланың ара-жігін ажыратып қарастыру қажеттігі түрлі себептерден келіп туындайды. Мәселен, жазушы болған оқиғаны болған күйінде рет-ретімен баяндамауы да ықтимал. Бұл тұрғыда фабуланы “болған оқиға” деп, ал сюжетті “сол оқиғаның оқырманға көркемделіп жеткен түрі” деп айтуға да болады. Кейде жазушы пайдаланған даяр фабула сюжетке айналған кезде көркемдік өңдеуге ұшырайды. Біріншіден, мұндай даяр фабулалар өмірдегі нақты оқиғаларға негізделген шығармаларда жиі кездесуі мүмкін; екіншіден, бір жазушының жасаған фабуласы екінші жазушының шығармасында

мүлде жаңа сападағы сюжетке ұласып жатуы да ықтимал. Бір ғана фабула әр жазушының шеберлігіне байланысты әр түрлі сюжеттік сипатқа ие бола береді. Сюжет шығарма стилімен, көркем дүние құрылымының ортақ заңдылықтарымен тығыз байланысты. Демек, шығарманың көркемдік маңызы фабулаға емес, оның (яғни фабуланың) шығармашылықпен игерілген көркемдік сипатының сюжетте тереңдетіле бейнеленуіне қатысты. Шығарма сюжетінде өзара байланыстағы бірнеше фабула желісі қамтылуы да мүмкін. Сондай-ақ, шығарма сюжеті шығармада суреттелген оқиғалармен ғана шектелмей, автордың рухани әлеміндегі түрлі өзгерістерді, ой-сезім ағынын да қамтып отырады. Мысал ретінде лирикалық шегіністі айтуға болады. Сюжет пен фабуланың жігін ажырата түсіну арқылы көркем шығармадағы оқиғаның ізін қуалап оқып шығумен шектелмей, оның сырын, мән-маңызын тереңдей ұғынуға, авторлық ой мен сезімге бойлау арқылы оқырманның өзі де түрлі әсерді бастан өткеруге мүмкіндік алады. Сұрақ. Шығарманы оқып шыққан соң, екінші біреуге мазмұндап жеткізуге болатын оқиға желісі фабула екендігі түсінікті болды. Дегенмен, сюжетке қатысты әлі де нақтылай түсетін жәйттер бар сияқты?.. Жауап. Сюжет (француз тілінде “sujet” – “зат”) – эпикалық және драмалық, кейде лирикалық шығармаларда қозғалыс үстінде көрінетін оқиға барысы, әрекет дамуы. “Сюжет” терминін ең алғаш рет XVІІ ғасырда классицистер П.Корнель мен Н.Буало қолданды. Олар “сюжет” ұғымын Аристотель ізімен ежелгі дүние қаһармандарының (мысалы, Антигона, Креонт, Медея, Ясон, т.с.с.) өміріндегі оқиғалармен байланыстырды. Бұлардан бұрын рим жазушыларында түрлі әңгімелерді, кейіннен оларда суреттелген оқиғаларды “фабула” деп атау қалыптасқан. Көбіне-көп сюжет шығармадағы оқиғалар жүйесі ретінде көрінеді. Оның сыры сюжетті шығармалардың басым бөлігі аса маңызды қоғамдық конфликтілерді көркемдік тұрғыдан қарастырады және оларды қаламгер жасаған біртұтас өмір көрінісінің ішінде бейнелейді. Сюжетте қоғамдық тартысты қозғалыс үстінде, яғни дамуы, шешілуі, салдары арқылы көрсету қоғамдық даму тенденцияларын, оның заңдылықтарын түсінуге ықпал етеді. Осыған орай, шығармадағы сюжеттің алуан сипатты ролін дұрыс түсінуге қажетті кейбір негізгі сәттерді атап өткен жөн. Біріншіден, қаламгер тартыс мәніне дендей бойлауы арқылы сол конфликтіге қатысушы адамдардың жан-дүниесіне тереңдей үңіледі. Екіншіден, қаламгер өз шығармасының мазмұнын құрайтын конфликтілерге ақыл-ойымен де, сезімімен де бірдей өзі араласуына тура келеді. Сол арқылы оқиғалардың даму логикасында автордың өзі суреттеп отырған тартысқа деген бағасы, түсінігі, қоғамдық көзқарасы танылады; соның әсерінен қаламгер өзі қаласын-қаламасын, өз танымында маңызды деп бағалағанды оқырман санасына сіңіруге ұмтылады.

Үшіншіден, әрбір үлкен қаламгер өз дәуірі мен халқы үшін аса маңызды орын алатын тартысқа ғана назар аударады. Әрине, бұл айтылғандардан қаламгер өз дәуіріндегі оқиғаларды, тартысты ғана бейнелейді деген ұғым тумаса керек. Шығармаларға өзек болған қоғамдық тартыс өткен дәуірлерден де алынуы ықтимал. Алайда тартыстың түпкі мәні қаламгер өмір сүрген кезеңдегі қоғамдық талап-тілектермен орайласып жатады. Сюжет тарихи-әлеуметтік мәнге ие. Сондықтан сюжетті қарастыру кезінде, ең әуелі, шығарманың негізінде қандай қоғамдық тартыс жатқанын және оның қай тұрғыдан (позициядан) бейнеленетінін айқындап алу қажеттігі туындайды. Қоғамдық тартыс пен сюжетті сөз еткенде, олардың ара-қатынасын тым қарабайырландыруға немесе теңестіріп жіберуге болмайды. Бір ғана конфликтінің өзі түрлі сюжетте түрлі сипатта көрініп, түрлі мәнге ие болуы мүмкін. Сюжет құрылысында қаламгердің көркемдік шеберлігі айрықша маңызды. Сюжет өз міндетіне толық жету үшін, біріншіден, іштей тиянақталуы, яғни суреттелген тартыстың даму сипаттары, себеп-салдарлары толық ашылып көрсетілуі қажет. Екіншіден, оқырманды өзіне баурап алып, суреттелген оқиға дамуындағы әрбір эпизодтың, әрбір детальдің мәніне ойлана үңілдіруі қажет. Сюжеттің көркемдік тартымдылығына қол жеткізу үшін қаламгердің қолданатын құралдары сан қилы. Қаламгерлердің бірі оқырманды бірден баурап әкететін аса өткір жағдайларды таңдайды. Екінші бірі оқырмандар зейінін әуелі кейіпкерлердің тосын әрекеттеріне аударып алып, сол төңіректе, сол әрекеттердің себептері жайында ойландыра отырып, кейіпкер әрекеттерінің негізгі себептерінің мәні туралы ойландырып қояды. Мысалы, Ф.М.Достоевский шығармалары. Сюжетке тән бұл ерекшеліктер белгілі бір оқиғалар жүйесі суреттелетін шығармаларға қатысты. Мұндай шығармаларға драмалық шығармалардың бәрі және эпикалық шығармалардың басым бөлігі жатады. Өйткені, кей жағдайларда эпикалық шығармаларда табиғат көрінісі немесе сыртқы дүние әсерінен туған ой-сезім қозғалысы бейнеленіп, оқиғалар жүйесі болмауы да ықтимал. Ал лирикалық шығармаларда тартысқа толы оқиғалар болмайтыны белгілі. Алайда көзге ұратын оқиға жоқтығына қарап, ол дүниелерді сюжетсіз деуге болмайды. Мұндай туындыларда адамның ішкі жан-дүниесіндегі ой-сезім арпалысы, көңіл-күй өзгерісі түрлі сипатта көрсетіледі де, лирикалық туындылардағы сюжетті осы жан әлеміндегі түрлі құбылыстар, толқыныстар айқындайды. Сұрақ. Сюжеттің өзге көркемдік құралдарымен ара-қатынасы жайында не айтуға болады? Жауап. Қаламгер өзі бейнелеп отырған характерлер мен жағдайлар, адамдар арасындағы байланыстар мен қарама-қайшылықтардың шынайы сипатын ашып танытуда сюжеттің мүмкіндігіне сүйенеді. Осылардың бәрін

бейнелеу шығармада алға тартылған проблемалардың мәнін ашуға, идеяға ықпал етеді. Шығарма кейіпкерлерінің өзара қарым-қатынасы мен байланысы көркем туындыда түрлі сипатта болады. Бірақ түпкі мәні шығарманың негізгі идеясын ашуға бағытталады. Алайда бұдан образдар жүйесін бір қалыпта алуға болмайды. Сюжет желісіндегі образ-характерлер негізгі идеяға, негізгі оқиғаға байланысты бола отырып, өзіндік даралығын да сақтап қалуы шарт. Сұрақ. Сюжет шығарманы оқу арқылы ғана толық танылатын күрделі көркемдік тұтастық болып табылатынын түсіндік. Десек те, қандай тұтастықтың да түрлі бөлшектерден құралатыны және белгілі. Әлде сюжет бөлшектеуге келмейтін бірегей нәрсе ме? Жауап. Классикалық үлгідегі әдеби туындыларда күрделі де тұтастық сипатта көрінетін сюжет экспозиция, байланыс, әрекет дамуы, шарықтау шегі, шешілуі сияқты бөлшектерден тұрады. Кей шығармаларда пролог пен эпилог та кездеседі. Бұл бөлшектердің қай-қайсы да шығарма құрылымында өзіндік міндет атқарып, өзіндік мән иеленетіндіктен, олардың әрқайсысын жекелей қарастырған жөн. Көптеген шығармаларда қаламгер кейіпкерлердің шығармадағы өрбитін сюжет қарсаңындағы жағдайын, олардың мінез-әрекеттеріндегі қалыптасып үлгерген немесе қалыптаса бастаған кейбір белгілерді, олардың дамыпжетілуіне ықпал етуші кейбір факторлар жайында әңгімелейді. Мұның бәрі жазушыға өз кейіпкерінің шығармадағы тартыс кезіндегі іс-әрекеттерінің заңдылығын дәйектеу үшін қажет. Шығармадағы негізгі тартысқа дейінгі кейіпкерлердің қалыптасу деңгейін және олардың мінез-құлық, әрекеттерінің кейбір басты тұстарын суреттеу экспозиция деп аталады. Экспозиция міндеті – кейіпкерлердің шығармадағы кейінгі әрекеттерін дәйектеу, негіздеу болып табылады. Экспозиция үнемі шығарма басында кездесе бермей, кейде шығарма соңында да беріледі. Қалай болғанда да, экспозицияның міндеті біреу, ол – кейіпкерлер қалыптасқан ортамен таныстырып, олардың кейінгі әрекеттерінің заңдылығын дәйектеу. Драмалық шығармаларда экспозициялық мәліметтер кейде жеке бір кейіпкердің сөзі арқылы тікелей берілуі ықтимал, немесе оқырман яки көрермен санасында – автор көрсетіп отырған жағдай мен тартыстың өрбіпөрістеуі барысында жанама түрде пайда болуы да мүмкін. Кейінгі жағдай, көбінесе, драмалық шығарма өзегіндегі сюжетті болып өткен оқиға ретінде емес, дәл сол сәтте болып жатқан сипатта бейнелегенде орын алады. Мысалы, Гогольдің “Ревизор” комедиясы. Сюжеттің басқа да құрамдас бөлшектері сияқты, экспозицияны да шығарманың негізгі мазмұнымен тұтастықта қарастыру қажет. Солай еткенде ғана экспозицияны талдау туындыны дұрыс түсінуге, оқиғалардың мәні мен маңызын, кейіпкерлердің әрқайсысының өзіндік орнын дұрыс тануға әсерін тигізеді. Экспозицияны жеке алып қарастыру шығарма бітіміндегі оның шынайы маңызына нұқсан келтіреді.

Сұрақ. Экспозиция шығармада суреттелетін негізгі оқиғаға дейінгі жағдайларды таныстыруды мақсат етеді екен. Соған қарағанда, шығармада экспозицияның болуы міндетті емес сияқты ғой. Ал кез-келген көркем шығармада болуға тиісті сюжеттік бөлшектер қандай және олардың сюжет желісіндегі міндеттері неде? Жауап. Ақиқат өмірдегі сияқты, көркем шығармадағы оқиғалардың, құбылыстардың, ой-сезімдердің, т.с.с. бәрінің де басталуы, аяқталуы болуы шарт. Соған орай, әдеби шығармадағы сюжетті қарастырғанда, ең алдымен, байланыс және әрекет дамуын айқындау қажеттігі шығады. Олай болса, бұлар қандай бөлшектер? Енді соларға жекелей тоқталып көрелік. Байланыс – шығармадағы әрекеттердің дамуының басталуын, қарамақайшылықтардың туындауын бейнелеу. Қарама-қайшылықтардың туындауын ашу арқылы байланыс оқырманды шығарма тақырыбын дұрыс түсінуге бағыттайды. Әрекет дамуы шығарма мазмұнында аса үлкен мәнге ие. Оқиғаның басталуы байланыста негізделетінін жоғарыда айтып өттік, ал әрекет дамуында қаламгер суреттеп отырған адамдар арасындағы байланыстар мен қарама-қайшылықтар анықталады, адам мінезінің түрлі қырлары ашылады, кейіпкерлердің қалыптасуы мен өсу тарихы беріледі. Яғни байланыс оқырманды шығармадағы проблеманы түсінуге бағыттаса, әрекет дамуы сол проблеманың шешілуіндегі мүмкін жолдарды аңғартады. Шығармада суреттелген әрекет дамуының ең жоғарғы шиеленіс биігіне жеткен тұсы шарықтау шегі деп аталады. Шарықтау шегінің мазмұндық мәні шығармадағы проблеманың ең жоғарғы ұшығына келіп тірелуінде жатыр. Өмірдегі қандай да бір проблеманың шешімін табатыны сияқты, шығармадағы шарықтау шегіне жеткен проблемалар да көркемдік тұрғыдан шешімін табуды керек етеді. Сюжеттің келесі бір бөлшегі –шешілу шығармада бейнеленген тартыстарды тарқатады немесе оның алдағы шешімінің түрлі ықтимал жолдарын аңғартады. Сұрақ. Сюжеттің құрамдас бөлшектері қатарында жоғарыда пролог пен эпилог та аталды. Шығарма өзегіндегі әрекеттің басталуы мен шешілуі, сондай-ақ негізгі әрекет алдындағы жағдайлар қандай бөлшектер екенін таныдық. Сонда пролог пен эпилог басы артық бөлшектер емес пе? Жауап. Бұлар – кейбір шығармаларда ұшырасатын бөлшектер. Пролог – шығармадағы негізгі сюжет дамуына өзінше кіріспе іспетті. Алдағы әрекет дамуынан алдын-ала хабардар ете отырып, пролог шығармадағы әрекет, оқиғалардың алғашқы себептерін ашып көрсетеді. Бұл себептер кейде уақыт жағынан тым ертеде болуы да ықтимал. Қалай болғанда да, прологта баяндалған себептер белгілі бір дәрежеде шығармада өрістейтін оқиғалар мен жағдайлардың басты мәнін ашуға бағытталады. Эпилог – шығармада көрінген әрекет, оқиғалардың ең ақырғы шешімінің бейнеленуі. Эпилогты қаламгер шығарма шешімі кейіпкерлер әрекеттерінің даму бағытын, олардың кейінгі тағдырларын түпкілікті толық аңғарта алмады деп есептеген кезде көбірек пайдаланады. Сонымен қоса,

эпилог арқылы жазушы өзі бейнелеген жағдай туралы авторлық үкімін ерекше айқын сездіре алады. Міне, сюжеттің аса маңызды элементтері осындай. Алайда бұлардың бәрі бірдей барлық шығармада болуы шарт емес. Бірі болған жағдайда бірінің болмауы әбден мүмкін. Сұрақ. Қаламгер өз шығармасында суреттелуге тиісті оқиғаның немесе құбылыстың жалпы жобасын, яғни нені (тақырып) жазатынын, не үшін (идея) жазатынын белгілеп алды делік. Сонда ол шығарманы неден бастау керек? Немен аяқтау керек? Ол қандай бөліктерден тұрады? Оқырманға ең алдымен және содан кейін нені айту керек? Баяндауды нешінші жақтан қолданған оңтайлы? Жауап. Бұлар – жазушы алдында композицияға қатысты туындайтын сауалдар. Олай болса, композиция дегеніміз не? Соған жауап беріп көрелік. Анықтамадан бастар болсақ, латын тілінде “орналастыру, құрастыру, біріктіру” деген мағына беретін “composіtіo” сөзінен шыққан композиция– көркемдік түрлердің орналасуы және ара қатынасы, яғни шығарманың мазмұны мен жанрынан өрбитін туынды құрылысы. Композиция шығарманы біртұтас дүниеге айналдыруға ықпал етеді. Композиция пішіндік (формалық) бөлшектерді тұтастырып, идеяға бағындырады. Композиция қағидалары – эстетикалық таным қорытындысы; олар ақиқаттың тереңде жатқан өзара байланысын танытады. Композиция өзіндік мазмұнға ие, оның құралдары мен тәсілдері суреттелген құбылысты қайта жаңғыртып, мәнін тереңдетеді. Бұларды және жеке-жеке емес, біртұтас композициялық ұстаным негізінде шешуге тура келеді. Кейбір ғалымдар мұндай ұстанымды “архитектоника” деп атайды. Бұл сөз гректің “архитектура – сәулет өнері” деген сөзінен туындайды. Сұрақ. Көркем шығармаға сәулет өнерінің қандай қатысы бар? Жауап. Белгілі бір дәрежеде жазушылар да сәулетшілер сияқты, олар да болашақ туындысының жоба-жоспарын алдын-ала белгілейді. Сәулетшіден айырмашылығы – сол жобаны жүзеге асыратын да өзі. Сол себепті шығармашылық жұмыс үрдісінде алдын-ала жоспарланған жоба өзгеріске ұшырауы да мүмкін. Мысалы, А.С.Пушкиннің “Евгений Онегин” поэмасындағы Татьянаға байланысты жоспарлағаны мен шығармадағы өзгеріс. Бұл тұста архитектоника мен композицияға қатысты тағы бір мәселені аңғара аламыз. Архитектоника алдын-ала түйсіну арқылы пайда болса, ең жақсы композициялық шешімнің өзі алдын-ала жасалған “есепқисапқа” көне берместен, шығармашылық үрдісте ғана толық шешімін табады. Себебі жазу үстінде қаламгер алдында түрлі мүмкіндіктер ашылады. Ең алғашқы мүмкіндік баяндау үлгісін таңдауға қатысты. Оған конфликт іріктеу қосылады. Конфликт түзуге қатысты қалыптасқан үлгі ретінде экспозиция, байланыс, әрекет дамуы, шарықтау шегі және шешілуі сияқты бөліктерді атайтынымыз белгілі. Алайда қандай да бір көркем шығарманы аталған бес

бөлшекке мүшелеп тастауға болмайды. Композицияны талдап тану одан әлдеқайда күрделі де қызықты. Өйткені аталған бөлшектер өзара алмасып келуі де, ара-жігі білінбей, тұтасып келуі де мүмкін. Шығармадағы әрекет дамуы түрлі композициялық ырғақта (баяу, жедел) көрініс тауып, шарықтау шегі бірнеше тұста ұшырасуы да ықтимал. Тіпті шарықтау шегі мен шешім ұштасып кетуі де мүмкін. Мысалы, “Ревизордағы” мылқау сахна. Композиция – шығарманың сюжеттік-баяндаушылық жағымен қоса, оның образдық бітімін, характерлер сипатын да қамтитын ұғым. Әдеби қаһарман белгілі бір дәрежеде өзге кейіпкерлермен композициялық салыстырулар жасау арқылы да ашылады. Әдебиеттің түрлі тектері мен түрлеріне қатысты композиция заңдарының айырмашылықтары болуы да тосын жәйт емес. Мәселен, поэзиялық шығармаларда композиция бөлшектерінің қатарына өлең, шумақ та жатады. Драматургияда басты роль диалогқа тиесілі болады да, сипаттау мен мінездеулер қысқа ремаркаларға сыйғызылады. Сондай-ақ романның фабулалық желісі әңгімеден әлдеқайда күрделі болатыны түсінікті. Бірақ, қалай болғанда да, кез келген жанрдағы туындыда шынайы көркемдік тереңдік композиция құрылымына сөз араласқанда ғана игерілмек. Ал көркем шығармадағы сөз дегеніміз – автордың дара тілі, өзіндік стиль машығы. Көркемдік талаптың ең маңызды шарттарының бірі – композициялық тәсілдердің тілдік тәсілдермен тығыз ұштасуы. Композицияның ішкі міндетіне көркем ой мен сезімнің үздіксіз қозғалысын реттеу жатады. Ол үшін композицияның әрбір бөлшегі бірбірімен тығыз байланыста болуы шарт. Композициялық тұтастық пен сол тұтастықты құрайтын бөлшектер арасындағы байланыс қана көркем композиция кемелдігінің белгісі. Сұрақ. Композициялық бөлшектер дегеніміз қандай бөлшектер? Әрқайсына жекелей сипаттама беріп өту де артық болмас еді. Жауап. Эпикалық шығармалардың құрылымында жиі кездесетін композициялық бөлшектің бірі – лирикалық шегініс. Лирикалық шегіністің эпикалық дүниеге тән болуының себебі неде дейтін болсақ, драмалық шығармаларда автор сөзіне орын жоқ, ал лирика дегеніміздің өзі автордың көңіл-күйінің саналуан көрінісі. Лирикалық шегініс – эпикалық шығарма авторының ойы мен сезімінің шығармада тікелей көрінуі. Лирикалық шегіністің жиі кездесетін кейбір үлгілері мен олардың композициялық мәніне назар аударып көрелік; 1) Кейде лирикалық шегініс арқылы жазушы кейіпкерлер мен олардың әрекеттеріндегі өзінің бағалауынша ең маңызды деген тұстарға оқырман назарын аударуға, әсерлілігін арттыруға ұмтылады. 2) Кейде бір кейіпкерге бағытталған лирикалық шегініс басқа бір кейіпкердің ой-сезімімен астасып жатуы мүмкін, бірақ оқырман бұл үлгідегі лирикалық шегіністі де авторлық ой мен сезімнің көрінісі деп қабылдайтыны белгілі.

3) Кейде автор лирикалық шегіністі өз шығармасының сипаты мен міндетін хабарлау мақсатында пайдаланады. Шығарма мазмұнын тереңдету, кеңейту мақсатында немесе оның идеялық мәнін аңғарту үшін қолданылатын композициялық тәсілдердің бірі – оқшау (кірме) эпизодтар. Оқшау (кірме) эпизодтар деп шығармада баяндалатын негізгі оқиғаға тікелей қатысы жоқ көріністерді аталады. Кейде оқшау эпизодтар да, лирикалық шегініс сияқты, шығарманың идеясын, пафосын түсіндіру үшін пайдаланылады. Композициялық бөлшектердің бірі болып табылатын көркемдік ишаралау (художественное обрамление) – суреттеліп отырған құбылыстар мен мінездердің мәнін мейлінше аша түсу үшін жазушының кейде өзі бейнелейтін құбылыстар мен мінездерге кейбір сипаттарымен ұқсас, жақын боп келетін суреттер мен сәттерді бейнелеуі. Мысал ретінде Л.Толстойдың “Қажымұратындағы” ошағанға байланысты сәтті алуға болады. Сондай-ақ кейбір шығармаларда көркемдік ишаралау бейнеленіп отырған кейіпкердің шын болмысын тікелей ашуға бағытталады. Жазушы алда болатын оқиғаны барынша терең түсіндіру үшін оны алдын-ала соған іштей ұқсас көріністер арқылы аңғартатын тәсілді де қолданады. Бұл – көркемдік аңдату (художественное предварение) болып табылады. Шынайы көркем туындыда табиғат көрінісі (пейзаж) де, тұрмыстық бұйымдар (интерьер) да композициялық тұрғыдан маңызды роль атқарады. Пейзаж – шығармада табиғат көрінісінің бейнеленуі. Біз бұл тұста пейзажды табиғат көрінісін бірегей суреттеуге арналған шығармаларға қатысты алып отырған жоқпыз. Әңгіме қандай да бір көркем шығармадағы өзге де көркемдік құралдармен қатар өзіне тән көркемдік-идеялық мән атқаруға тиісті пейзаж туралы. Пейзаж шығарманың тұтас идеялық-көркемдік мәніне қызмет ету үшін де, сондай-ақ шығармадағы жекелеген көріністерге, оқиғаларға, кейіпкерлерге қатысты да қолданыла береді. Қалай болғанда да, пейзаж өзге де көркемдік құралдармен тығыз байланыста тұрып, әдеби шығарманың тұтас дүние болып шығуына әсер ететіні анық. Интерьер – шығарма кейіпкерлерінің тұрмыс-тіршілігіне қатысты түрлі заттар мен құрал-жабдықтардың бейнеленуі. Бұларды бейнелеу де, табиғат көріністерін суреттеу сияқты, шығарманың негізгі идеясын ашуда, кейіпкерлерді айшықтауда идеялық-көркемдік рольге ие. Интерьер, көбінесе тар ауқымда, яғни жекелеген кейіпкерлерге қатысты ғана қолданылады.

Сегізінші әңгіме
немесе
Көркем бейне

Сұрақ. Әдебиет жайын сөз еткен тұста образға “нақты өмірлік шындықтан алынып, суреткер санасында танымдық және шығармашылық үрдістер нәтижесінде жан-жақты екшелген және бейнелі сөз арқылы қайта жасалған әсерлі де көркем өмірлік шындық” деп сипаттама берілді. Ал, көп жағдайда “образ” ұғымын көркем шығармадағы қаһарманға қатысты қолданамыз ғой. Олай болса, осы анықтамада әлдебір тиянақсыздық бар сияқты. Өйткені, өмірлік шындық аясы қаһармандармен ғана шектеліп қалмайтыны белгілі емес пе? Жауап. Еске түсірер болсақ, сол тұста “көркем образ – өмірлік шындықты игеру мен қайтадан қорытып, жаңадан жасап шығарудың өнерге ғана тән ерекше тәсілін сипаттайтын эстетикалық категория. Сонымен бірге көркем шығармада жасалған алуан құбылыстарды да, көбінесе кейіпкерлер мен әдеби қаһарманды, “образ” деп атаймыз” деген де түсінік берілген болатын. Демек, “образ” ұғымын екі мәнде қарастыруға болады. Яғни, “образ” ұғымы 1) кең ауқымда алып қарасақ, шығармадағы көркем өмірлік шындық; 2) одан гөрі тарлау аяда алар болсақ, әдеби қаһарман деген мағынада қолданылады. Образдың екінші мәні қолданыста ұдайы жүретіндіктен, образ – көркем шығармадағы адам бейнесі ретінде көпшілік түсінігіне жақын тұрады. Біз де бұл тұста образдың екінші мәніне, яғни шығармадағы көркем бейне, әдеби қаһарман ұғымындағы ерекшеліктеріне назар аударғалы отырмыз. Соған орай осыған дейін айтылған кейбір мәселелерді қысқаша еске түсіріп өтелік: Әдебиеттің ең басты өлшемі – көркемдік. Әдебиеттегі өмір қаламгердің ой сүзгісінен екшеліп шыққан көркемдік әлемі, әдебиеттегі адам – көркем бейне. Көркемдік шарттарының ең қарапайым, әрі ең негізгісі – көркемдік шындық. Көркемдік шындық – қаламгер санасында екшеліп, әдеби туындыда көркем суретке айналған өмір шындығының бейнелі көрінісі. Көркемдік шындық көркем образ арқылы жасалады. Шынайы өмірде әрбір адам қандай маңызға ие болса, көркемдік әлемінде көркем бейне де, нақтылай айтқанда, әдеби қаһарман да сондай роль атқарады. Сұрақ. Олай болса, “әдеби қаһарман” дегеніміздің өзі нені білдіреді? Жауап. Әдеби қаһарман – сөз өнеріндегі адамның жан-жақты кейіпте көріну шарттарының бірі болып табылатын көркем бейне. “Әдеби қаһарман” термині екі мәнде қолданылады. 1) Шығарма кейіпкерінің айрықша жағдайын баса көрсетеді; яғни өзге персонаждармен салыстырғанда, ол бас кейіпкер болып есептеледі де, сол себепті де ол туындыдағы проблемалық-тематикалық салмақты көтереді. Қосалқы кейіпкерлерді бейнелеу барысында көбінесе дәстүрлі арнада қалатын қаламгер бас кейіпкер бойына өзінің көркемдік-жаңашылдық ізденіс-талаптарын да жинақтап көрсетуге ұмтылады. Сондай-ақ, кей жағдайларда “әдеби қаһарман” ұғымы шығарманың барлық кейіпкерлеріне қатысты да қолданылады.

2) “Әдеби қаһарман” ұғымы дегенде, адамның біртұтас бейнесі, яғни кескін-кейпі,ой-сезімі, әрекеті мен рухани әлемі жинақтала түсіндіріледі. Бұл орайда “әдеби қаһарман” ұғымы “характер” терминіне жақын келеді. Егер “әдеби қаһарман” ұғымын тарлау мағынада қарастырар болсақ, ол жеке адамның табиғи болмыс-бітімін, оның ішкі психологиялық күйінің бір бөлшегін білдіреді. Кейде оқырман күнделікті өмірдегі адам мен әдеби қаһарманды бірдей ұғым ретінде қабылдайтыны бар. Бұл жағдай, әсіресе, әдеби қаһарманның өмірдегі прототипі болғанда ерекше байқалады. Алайда, прототип пен әдеби қаһарман бір ұғым емес. Мәселен, М.Әуезовтің “Абай жолы” романындағы Құнанбайды тарихтан белгілі Құнанбайдың таза көшірмесі деп түсінуге болмайды. Өйткені, әдеби қаһарманда қаламгер концепциясы жинақталады да, соған орай көркем бейне жасалады. Әдеби қаһарманның бірегей бітімі мен мән-маңызы тек қана аталмыш туындының жалпы жүйесінде айқындалады. Әдеби қаһарманның мән-маңызы мен ерекшелігі “қаһарман – қаламгер” мәселесі аясында мейлінше толық танылады. Әдебиет теоретигі М.М.Бахтин пікірі бойынша, қаһарман мен қаламгер ара қатынасын екі жағдай белгілейді: 1) Автордың өз қаһарманына қатысты ұстанған позициясы. Бұл тұста авторлық позицияның анық көрінуі де, жасырын тұруы да мүмкін болатынын ұмытпау қажет. Авторлық позицияға байланысты кейіпкер халықтық қаһарманға айналуы да, керісінше, келемеж-кекесін нысанасына айналуы да мүмкін. 2) Шығарманың жанрлық табиғаты кейіпкер сипатына ықпал етеді. Мәселен, сатирада автордың өз қаһарманына көзқарасы психологиялық прозадағыдан басқаша болары түсінікті болса керек. Шығарма қаһарманының әрекет еркіндігі де қаламгердің көркемдік жүйесіне байланысты болатыны және бар. Сұрақ. Бұл пікірді таратыңқырап айтсақ… Жауап. Әдеби қаһарман, бір жағынан, шығармада айқындалған өзіндік бітіміне сәйкес әрекеттер жасауға, ой-сезімдерге берілуге толық құқылы. Кейбір жағдайларда қаһарманның қаламгер ырқынан шығып кететін тұстарын осыған байланысты түсіндіруге болады. Екінші жағынан, қаламгер мен қаһарманның идеялық мақсаттастығы, яғни қаһарманның рухани талпыныстарының, бұрқаныстарының қай-айсы да қаламгердің идеологиялық ізденістерінен өрбіп жатуы оны, қалай болғанда да, қаламгер дүниетанымы аясында әрекет етуге әсер етеді. Сұрақ. Әдебиет ұдайы өзгеру, даму үстінде болатыны аян. Сол өзгерістердің әдеби қаһарманға әсері бар ма? Жауап. Әдеби қаһарманды уақыт ағымына қарай қарастырар болсақ, әр дәуірдің өзіне ғана тән келбетін сол кезеңдерде жасалған әдеби қаһармандар бойынан таба аларымыз анық. Бұл жағдай әдеби қаһарман да тарихи даму кезеңдерін бастан өткеріп отыратынын аңдатады. Мысал ретінде ежелгі эпостардағы идеал-қаһармандар, классицизм дәуіріндегі қасаң өлшемдер қалыбына сыйғызылған тұрақты бейнелер, жан-дүниесі қайшылықтыой-

сезімдер шарпысуына толы романтизм әдебиетінің кейіпкерлері, әлеуметтіктарихи және психологиялық тұрғыдан жан-жақты ескерілген XІX – XX ғасырдағы реалистік романдардағы кейіпкерлер, қазіргі таңда белең ала бастаған антиқаһармандарды атауға болады. Сұрақ. Әдеби қаһармандарды жағымды, жағымсыз деп бөлу қандай ұстанымдарға негізделеді? Жауап. Табиғаты баға беруге бейім тұратын әдебиет сынында “жағымды” және “жағымсыз” қаһармандар деген түсініктің болғаны да шындық. Өйткені, қаһармандарды шартты түрде бұл үлгіде бөлу қаламгердің әлеуметтік және адамгершілік идеалдарын айқындауға қолайлы болды. Көбінесе, өз дәуірінің талабына дер кезінде үн қоса білген қаһарман образы туындының қоғамдық ықпал ету қуатын да, сонымен бірге оның оқырман ортасындағы өміршеңдік қабілетін де айқындайды. Әдеби қаһарманды оқырман қауымның қабылдауы арқылы ғана әдебиет пен өмірдің байланысы мейлінше анық көрінеді. Себебі, әдеби қаһарман өзі сияқты әрекет етіп, өзі сияқты ойланатын жаңа үлгідегі өмірлік типтерді қалыптастыруға да қабілетті. Бұл тұста Гетенің Вертері, Лермонтовтың Печорині, Чернышевскийдің Рахметовы сияқты қаһармандардың өз дәуірінде қоғамдық ортаға, адамдарға қаншалықты әсер еткенін дәлел етуге болады. Әдеби қаһарман адамды бейнелеудің авторлық көркемдік концепциясы ретінде жеке қаламгер шығармашылығына, әдеби ағым-бағыттарға, мектептерге, стильдерге тән негізгі идеялық-эстетикалық ұғым болып саналады. Дүниетанымдық дерексіз проблематика нақ осы әдеби қаһарман образы арқылы ғана психологиялық жағынан әбден ширығып, тез арада шешімін табуды талап ететін нақты оқиғаларға ұласады. Әдебиет теориясында әдеби қаһарманды өмірлік ақиқатпен ара қатынасына байланысты көркемдік-шығармашылық әдістер тұрғысынан қарастыру жолдары да қалыптасқан. Сонымен қатар, әдеби қаһармандардың идеялық жағынан мүдделес туындыларды топтастыруға мүмкіндік тудыратыны бар. Мәселен, әдебиеттануда “артық адам”, “кішкентай адам”, “жоғалған ұрпақ” жайындағы әдебиет деген сияқты ұғымдық қолданыстар кездеседі. Сондай-ақ, түрлі дәуірлерде түрлі елдер әдебиетінде жаңғырып көрініп тұратын әлемдік әдебиеттің Прометей, Фауст, Дон Жуан сияқты мәңгілік қаһармандары болатынын да ескерген жөн. Сұрақ. Айтылған пікірлерді осы тұста бір түйіндесек, шығармадағы кейіпкер де өмірдегі адам сияқты алуан қырымен көрінуі шарт қой. Алайда көркем шығарманы талдау барысында әдеби кейіпкерлер трагедиялық, юморлық, реалистік, комедиялық, сатиралық, фантастикалық, романтикалық, лирикалық, драмалық, т.с.с. бейнелер деп жіктей қарастырылып жатады. Көркем бейнелерді бұлайша жіктегенде қандай ұстанымдарға сүйену керек? Жауап. Көркем бейнелердің жоғарыда өзің айтқандай түрлерге бөлінетіні шын. Алайда бұл тұста олардың бір-бірімен байланысы, арақатынасы, кей тұстарда бірінен-бірі өрбіп жататыны ескерілмей қалды. Мәселен, бір ғана кейіпкерге әрі драмалық, әрі комедиялық, әрі сатиралық

бейне ретінде қарауға болады. Оның себебі аталмыш бейнеге қай тұрғыдан келуге байланысты. Өйткені, образ түрлерін 1) көркемдік әдіс жағынан романтикалық, реалистік; 2) әдеби тек тұрғысынан эпикалық, лирикалық, драмалық; 3) жасалу тәсілдері жағынан юморлық, сатиралық, фантастикалық, трагедиялық, комедиялық, қаһармандық, т.с.с. бейнелер деп бірнеше тұрғыдан жіктеуге болады. Көркемдік әдіс, әдеби тек, көркемдік тәсілдер мәселесін алдағы әңгімелерімізде арнайы сөз етеміз. Сұрақ. Олай болса, образдардың әрқайсына жекелей тоқталып, әуелі романтикалық және реалистік бейнелердің өзіндік ерекшеліктеріне назар аударып өткен дұрыс болар. Жауап. Образдар көркемдік әдіс тұрғысынан реалистік және романтикалық болып екіге бөлінеді. Романтикалық образ – ұлы мұраттарға құштар халықтың арманаңсарынан нәр алған қанатты қиялға негізделіп жасалған адам бейнесінің көнеден келе жатқан түрлерінің бірі. Мысалы, ертегілердегі Таусоғар, Көлтауысар, аңыздағы Асан қайғы, мифтегі Прометей, прозадағы Данко, т.с.с. Ал образдың анықтауышына негіз болып тұрған сөзге зер салар болсақ, романтика – өмірге көзқарастың бір түрі. Романтика негізінде күнделікті күйкі тірлікке қанағаттанбай, мүлде жаңа тұрпаттағы ғажап өмірді аңсаудан туған, терең мәнді асқақ идеалға құштарлық жатады. Аталмыш образдардың екінші түріне анықтауыш болған реалистік сөзі латын тілінде “заттық” деген мағына беретін “realіs” сөзінен туындайды. Бұлармен өзектес “реалия” деген де ұғым бар. Реалия – тура мағынасында “белгілі бір халықтың, елдің ғана тарихына, әдет-ғұрпына, тұрмыстіршілігіне, мәдениетіне тән, өзге халықтарда ұшыраспайтын нәрсе, ұғым, құбылыс” деген түсінік береді. Реалия сөзінен туындайтын “реализм, реалистік” деген ұғымдардың мәні кең ауқымда қолданылады. Олардың қатарында “шындық, шыншыл, шынайы, ақиқат” деген сияқты мағыналар да бар. Демек, өнер түрлеріне қатысты қалыптасқан реалистік образ ұғымы өмірлік шындыққа негізделген; эстетикалық-тәрбиелік мәні зор; қоғамдық сипаты айқын; өз бойына жалпылық және жалқылық белгілерді қатар дарытқан, сонымен бірге қоғамдық, көркемдік дамуға байланысты ұдайы өзгеру, жетілу үстінде көрінетін шыншыл бейне деген түсінікті білдіреді. Әдеби тек тұрғысынан образдар эпикалық, лирикалық, драмалық болып 3 топқа бөлінеді. Аталған образ түрлерінің қай-қайсы да адам болмысын жан-жақты танып, ашып көрсетуді мақсат етеді. Сол себепті образ бойында бүкіл адам баласына ортақ тылсым құбылыстардан бастап, өмірдің кейбір сәттері мен жеке адамға ғана тән сезімдік шарпысуларға дейін қамтыла береді. Әдеби тектердің әрқайсына тән ерекшеліктерге сәйкес, образ тұлғалауда қаламгер де сол тектерге тән тәсілдерді пайдаланады. Эпикалық тәсіл қаламгердің өзін қоршаған сыртқы дүниені бейнелеуі арқылы көрінеді. Лирикалық тәсіл

өмірдегі алуан құбылыстардан әсерленген ақын сезімінің көрінісі арқылы танылады. Драмалық тәсіл жоғарыда аталған тәсілдерге тән мүмкіндіктерді өз бойына қажетіне қарай тоғыстырып отырады. Эпикалық образ – жазушының авторлық баяндаулары мен әдеби қаһарманның өзінің сөздері, яғни кейіпкер сөзі арқылы жасалатын образ. Эпикалық шығармаларда өмірлік шындықты бейнелеу кезінде жазушы баяндау тәсілдерін де, кейіпкерлердің түрлі жағдайлардағы сөздерін де өз мақсатына орай еркін пайдалана алады. Бұл еркіндік эпикалық шығармаларда өмірді алуан қырынан алып көрсетуге шексіз мүмкіндік береді. Кейіпкер сөзі арқылы жазушы оның ішкі жан дүниесіндегі, санасезіміндегі, мінез-құлқындағы, т.б. өзіндік ерекшеліктерін көрсетеді. Ал авторлық баяндау арқылы жазушы кейіпкер сөзімен ашып беруге мүмкіндігі жетпеген жәйттердің бәрін де қамти алады. Бұл орайда әр кез есте болуға тиіс бір мәселе бар. Ол авторлық баяндаудың өз орнын тауып қолданылуына қатысты мәселе. Яғни шығармадағы авторлық баяндау көркем шығарманың негізгі идеясын ашуға қызмет етуі керек. Авторлық баяндаулар адамның ішкі дүниесіндегі құпия-қалтарыстарды, кейіпкердің әрқилы әрекеттерінің себебін, түпкі мәнін, салдарын танытуға мүмкіндік береді. Авторлық баяндаулар арқылы жазушы өз кейіпкерінің басында болып кеткен оқиғаларды да, оның ой-толғаныстары мен сезім-күйлерін де, сондай-ақ кейіпкердің өсу жолын да қажетінше суреттеуі ықтимал. Эпикалық туындыда жазушы шығармаға өзек болған жағдайларды олардың өзіндік даралығын, жанды бейнесін сақтай отырып, барлық қырынан көрсете алады. Соған орай эпикалық бейнелеуге тән принципті мүмкіндіктер ретінде авторлық баяндаулар мен кейіпкер сөзінің өзара үйлесе келіп, шығармада сөз болып отырған оқиғаларды жан-жақты ашып көрсету мүмкіндігін айта аламыз. Лирикалық образ – ақынның айналадағы түрлі құбылыстарға көзқарасына, әсерлеріне, ой-сезімдеріне негізделетін образ. Әрбір поэзиялық тундысында ақын белгілі бір сәттегі нақты бір құбылысқа байланысты туған әсерін бейнелейді. Жекелеген шығармаларында көрінген әсерлерін, көзқарасын, көңіл-күйін жинақтай келгенде, оның өмірге, адамға деген көзқарасы, ой-сезімдері айқындалады. Сонымен, эпиканың міндеті ақиқат өмірді мүмкіндігінше ашып көрсету болса, лириканың міндеті өмір құбылыстарының әсерінен туған адамның ойлары мен сезімдерін бейнелеу болып табылады. Драмалық образ – кейіпкердің өз сөздері мен іс-әрекеттері арқылы бейнеленетін образ. Драмалық образдың басты бір ерекшелігі оның сахнада сомдалуына қатысты. Драмалық образ жасау тәсілдері әдебиеттегі бейнелеу тәсілдерінің өзге түрлерінен ерекшеленеді. Образдардың бұл түрлерінің өзара ұқсастықтары мен айырмашылықтары бар. Мәселен, эпикалық және драмалық шығармалардың ұқсастығы құбылыстар мен характерлерді сырттай бейнелеуден туындайды. Айырмашылығы мынада: драмалық образдар кейіпкердің өз сөздері, іс-

әрекеттері арқылы ашылады, бірақ онда авторлық баяндау болмайды. Авторлық баяндаудың болмауы драмадағы бейнелеу тәсілдерін белгілі бір дәрежеде шектеуге ықпал етеді. Сондықтанда драматург өз туындысында өмірдегі аса маңызды тартысты (конфликт) алады да, өз қаһарманын осы тартыс ағымындағы іс-әрекеттері, сөздері арқылы тұлғалайды. Лирикалық және драмалық образдардың ұқсастығы олардың өз сөздері арқылы өзін-өзі танытуға бейімдігінде жатыр. Бірақ бұл – сыртқы ұқсастық. Себебі – драмалық образдардың әрқайсысы әртүрлі мінездерді бейнелейді. Автордың оларға көзқарасы шығарманы тұтас қарастырғанда ғана танылады. lс жүзінде, яғни шығарманы жазу барысында әдеби бейнелеу тәсілдері араласып, алмасып келе береді. Өйткені қаламгер образ тұлғалау кезінде эпикалық, лирикалық, драмалық тәсілдердің үшеуін де мақсатына орай пайдалануы мүмкін.

Тоғызыншы әңгіме
немесе
Көркем шығарма тілі

Сұрақ. Көркем шығарма жайында әңгімелеу барысында осыған дейін тақырып пен идея, сюжет пен композиция, әдеби қаһарман ұғымдарына тоқталдық. Көркем әдебиет жайында сөз қозғалғанда “шығарма түрі – сөз” деген пікір айтылып, түсінік берілгені де есте. Яғни ол тұста көркем әдебиет тілі жайына назар аударылып, оның өзіндік ерекшелігі, әдеби тілден айырмашылығы сараланған еді. Осы тұста тіл мәселесіне қатысты тағы бір сұрақтың ыңғайы келіп тұрғандай. Өйткені “әдебиет” ұғымы жалпылыққа бейім болса, “көркем шығарма” дегеніміз нақтылыққа, даралыққа бейім емес пе? Олай болса, “көркем шығарма тілі” деген түсініктің болуы да заңдылық болса керек қой?.. Жауап. Әрине. Әдеби туындыда көркем образ жасау құралы тіл боп табылады. Көркем шығарма тілі туралы әңгіме көркем сөз жайында ой бөлісуге жетелейді. Ендеше, “көркем сөз” дегеніміздің өзі не? Жоғарыдағы сұраққа жауап беру үшін, әуелі, осы “көркем сөз” ұғымының мәнін ажыратып алу қажет. Көркем сөз – әдеби шығарманың образды мазмұнын бейнелейтін тілдік түр. Образдың көркемдік бейнелілігі автор қолданған көркем әдебиет тіліне тән құралдардың нақты контекстегі дәлелділігімен айқындалады. Шығарма тілі сыртқы пішіні тұрғысынан сөздіктерде және грамматикада белгіленген жалпыхалықтық тілдік құралдардан, сондай-ақ жекелеген диалектілік фактілерден, сөйлеу тілі мен жаргондардан, іс қағаздары мен ғылыми зерттеулер тілінен ерекшеленбейді. Өйткені, кез келген тілдік деңгейдің шығармашылық сипаты оның көркем шығармадағы қызмет аясымен, мазмұнмәнімен айқындалады. Көркем сөз қаламгер ойын жүзеге асыру барысында тілдің эстетикалық (поэтикалық) қызметін үздіксіз пайдалануы қажет. Ал

бұл жағдай өзге сөйлеу түрлерінде кездейсоқ мәнге ие. Яғни көркем шығарма тілін құрайтын әрбір сөз – образдылық қызметшісі. Көркем сөзде тіл ақиқатты суреттеу құралы ретінде ғана емес, сонымен бірге бейнелеу нысаны ретінде де көрінеді. Мәселен, драмада кейіпкерлер сөзі сипаттаушылық қызмет атқарса, басқа жанрлардағы көркем сөзге тілдік құралдарды саналы түрде жаңғырта қолдану тән болып келеді. Бұл жағдай қолданыста бар немесе жаңадан пайда болған тілдік бөлшектерді іріктеу, үйлестіру, қолданудан бастап, барлық ұйымдастыру тәсілдерінде бірдей ұшырасады. Яғни көркем мәтін құрылымындағы көркем сөздің образдылығы сөздің тілдік жүйедегі нақты мағынасынан бастап,сол сөздің шығарма композициясымен сюжетінен өрбитін мәтінішілік байланыстарға да тікелей қатысты болады. Көркем сөздің ерекшелігі дүниені рухани тұрғыдан меңгеруге тікелей байланысты. Адам баласының дүниені танып-білуге ынтасы пайда болған алғашқы сәттен бастап-ақ көркемдік таным өмір мен қоғамдағы мейлінше күрделі құбылыстарға бағытталғандықтан, белгіленген тілдік аяда ғана әректе ету арқылы мақсатына жетуге мүмкіндік болмайтыны белгілі болды. Демек, қалыпқа түскен әдеби тілдік нормалар әдебиеттің талап-тілегін толық қанағаттандыра алмайды. Сол себепті оған неғұрлым кең ауқымды қамтитын, еркін де өзгермелі тілдік құралдар жүйесі қажет. Сұрақ. Көркем шығарма тілі қаламгердің шығармасында сөзді өз қалауынша қолдана беруі емес, тілдік құралдардың жүйелі қолданысы деуге де келетін сыңайлы. Сонымен бірге қаламгердің тілдік қолданыстағы еркіндігіне де жол берілетіні сезіледі. Бұл біріне-бірі қайшы шығатын пікірлер емес пе? Жауап. Осы сұраққа байланысты көркем шығарма тіліне қатысты жағдайларды тарата айтып көрелік. Үздіксіз қозғалыс үстінде болатын өмірдің алуан қырын қамтитын әдебиеттің бейнелеу аясы қандай шексіз олса, әдебиеттің бейнелеу құралы – тілдің мүмкіндігі де сондай деңгейде. Дегенмен, ақиқатты адам санасына, сезім-қиялына сай дәрежеде жан-жақты көрсету үшін әдебиетке қажетті мүмкіндіктерге қаламгердің шығарма тіліне байланысты орасан еңбек сіңіруі арқылы ғана қол жетеді. Өйткені, шығарма мазмұнындағы шынайы көркемдік оны бейнелеуші құралдардың дәлдігі, әсерлілігі және үнемділігі нәтижесінде ашылады. Шығармадағы деректердің, ойлар мен сезімдердің сыртқы көрінісі – сөз. Ал әрбір деректің соңында оның әлеуметтік мәні, ойсезімнің ар жағында оның себебі тұратыны мәлім. Әрбір деректің астарындағы әлеуметтік өмір құбылысын барлық мән-маңызымен, айқын да толық бейнелеуді мақсат тұтқан көркем шығарма тілі мейлінше дәлдікке, айқындыққа, мұқият іріктелген сөздерге негізделуі шарт. Сұрақ. Әдебиеттегі көркем образдарды жасауға қандай да бір ерекше образды сөздердің немесе айрықша тілдік иірімдердің қатысы болмағаны ма? Ондай жағдайда көркем шығарма тілінің ақпарат құралдары тілінен айырмашылығы қайсы?

Жауап. Бұл орайда көркем шығарма тіліне қатысты бірнеше мәселеге назар аударуға тура келеді. Олардың қатарында тілдің көркем образ жасау құралы ретіндегі мәніне, кейіпкерлер тілінің түрлі сипаттарына, тілдің лексикалық ерекше қорларына, тілдің арнайы бейнелеуші құралдарына, тілдегі поэтикалық айшықтауларға, сондай-ақ, қаламгердің поэтикалық синтаксисі сияқты мәселелер тұрғанын ескерген орынды. Сұрақ. Олай болса, “тіл – көркем образ жасау құралы” деген мәселеден басталық. Жауап. Жоғарыдағы сұрақ барысында айтылғандай, көптеген шығармаларда әр алуан эпитеттер, теңеулер, метафоралар мен метонимиялар, сан қилы тілдік поэтикалық айшықтаулар, т.с.с. белгілі дәрежеде маңызды роль атқаратыны шындық. Алайда, бұлар әдеби шығармалардың бәрінде бірдей ұдайы кездесе бермейтіні де белгілі. Сондай-ақ, шығарманы құрайтын жалпы сөздік қордың арасында мұндай бейнелі сөздердің үлесі соншалықты қомақты бола алмайды. Бұл, әсіресе, көркем прозада ерекше байқалады. Шындығында, қоршаған ортаны, адамның жан-дүниесін, ой-сезімін әсерлі де иланымды бейнелеу тілдің кенен байлығын, орасан қуатын игерген қаламгердің ғана қолынан келеді. Тіл тылсымына тереңдей алған қаламгер ғана өзі бейнелеуге ұмтылған құбылысты неғұрлым дәл беретін сөзді немесе сөз тіркестерін таба алады. Демек, көркем сөз дегеніміз әшекейлі сөз емес, өзінің орнын тауып қолданылған сөз. Бұл орайда поэзия мен прозада тілдік қолданыстардың айырмашылығы болатынын да ескеру қажет. Өлеңдегі поэтикалық ой мейлінше сығымдалып берілетіндіктен, бір немесе бірнеше тармақта аса күрделі ойлар айтылып, көркем суреттер жасалып жатады. Ал көркем прозадағы сөз қолданысына тән дәлдік пен үнемділік сипаты поэзиядан гөрі бөлектеу болып келеді. Мәселен, прозада түрлі айшықтау құралдарынсыз-ақ, бір ғана деталь, штрих арқылы маңызды ойларды, әлеуметтік ахуалды, т.с.с. құбылыстарды ашып көрсетуге мүмкіндік бар. Сұрақ. Демек, “көркем сөз дегеніміз әдеби шығарма құрылымында өз орнын тауып қолданылып, бейнеленген өмірлік шындықтың мәнін ашуға қызмет ететін сөз” десек те, қателеспейтін сияқтымыз. Алайда, бұл қаламгердің өз қолданысындағы сөздерге ғана қатысты болып шықпай ма? Өйткені, көркем шығармада автор тілінен басқа кейіпкерлердің сөйлеу тілі де бар емес пе? Жауап. Ақиқат өмірде адамның жан-дүниесіндегі өзгерістер, белгілі бір сәттегі көңіл ауаны, білім деңгейі, көзқарасы, қысқасы, бүкіл болмысы оның сөзі, әрекеті арқылы танылатынын білеміз. Демек, сөз – адам жанының айнасы. Көркем шығармадағы кейіпкерлер сөзі де осындай маңыз иеленеді. Әрине, әр адамның даралығын оның әр сөзі немесе сөйлемі анықтай алмайтыны да аян. Дегенмен, әркімнің өзіндік тілі, жиі қолданатын “сүйікті” сөздері болатыны да шындық. Қалай болғанда да, қандай да бір тілдік бөлшектің адамды тануға септігі тиетінін жоққа шығаруға болмайды. Қаламгерлер өз кейіпкерін бейнелеу барысында сол кейіпкердің өзіне ғана тән даралығын айқындайтын сөздерді немесе сөйлемдерді пайдаланып

отырады. Алайда бұл жағдайлардың өзінде қаламгер өз кейіпкерінің “сүйікті” тілдік қолданыстарын мұқият пайдалануға ұмтылады. Өйткені, қандай сөз болса да, ол кейіпкердің көркем бейнесін жасауға қызмет етуі шарт. Хас қаламгерлер өз кейіпкерлерінің “сүйікті” тілдік қолдаыстарын өте шектеулі деңгейде ғана пайдаланатындықтан, ондай үлгідегі сөйлеу ерекшеліктерінің барлық кейіпкерден бірдей кездесе бермейтін сирек жағдай екендігін де есте тұту қажет. Себебі ақиқат өмірде де барлық адамның “сүйікті” сөздері болмайтыны белгілі. Демек, кейіпкерді даралауда “сүйікті” тілдік қолданыстардан басқа да тәсілдер жиі пайдаланылады. Ондай тәсілдердің қатарына оқырман назарына бірден түсе бермейтін тілдк ерекшеліктерді, яғни кейіпкердің сөйлеу тілінің синтаксистік құрылымы, оның сөздік құрамы, интонациясы, сондай-ақ мазмұн сияқты даралық белгілерін қоса аламыз. Кейіпкердің сөйлеу тілндегі даралықты неғұрлым айқындай түсу мақсатында қаламгер өз кейіпкерінің бойындағы ең негізгі қасиетін ашатын тілдік ерекшеліктерге баса назар аударады. ұл тұста шығарма кейіпкеріне тән өзге сипаттар кейінге ысырылуы немесе мүлдем көрсетілмеуі де ықтимал. Сұрақ. Кейіпкер сөзі оның даралық сипаттарын көрсетуге бағыталатынын таныдық. Бұл әдебиеттанудағы “даралау” ұғымымен сәйкес келетіні де түсінікті. Ал “даралау” ұғымы жүрген жерде “ жинақтау” да болмай ма? Жауап. Шынында да біз жоғарыда кейіпкер тілінің даралаушылық сипатына назар аударсақ, енді оның жинақтаушылық мәніне де үңіліп көрелік. Кейіпкерлер тілін даралау, бір жағынан, тілдік жинақтау құралы болып табылады. Себебі, жекелеген кейіпкерлер тілі белгілі бір әлеуметтік топқа, мәдени, қоғамдық ортаға жататын адамдардың тіліне тән ерекшеліктерді де сипаттайды. Әрине, бұл пікірді қаз-қалпында қабылдауға болмайтыны түсінікті болса керек. Бұл жерде біздің сүйенеріміз қандай да бір тілдік қолданыстың әлде бір әлеуметтік топ мүшелерінің барлығында бірдей қайталанып ұшырауы емес; олардың сөйлеу тілі құрылымындағы, лексикалық қорындағы, сөйлеу машығындағы жалпыға ортақ белгілер екендігін ескерген жөн. Кейіпкерлер тіліне тән жинақтаушылық және даралаушылық сипаттардың ара салмағын дұрыс тани білу қажет. Өйткені тіл, көркем сөз әдебиет туындыларындағы көркем образ жасау құралы және бейнелеу түрі болып табылады. Образ бойындағы даралық және жинақылық белгілерінің деңгейі нақ осы тіл арқылы танылатыны да сондықтан. Шығармада автор сөзі де айрықша орын иеленеді. Қаламгердің ішкі ойниетіне, діттеген мақсатына орай шығарманың бүкіл бітімінен аңдалып тұратын авторлық интонация кейіпкерлер тіліне де әсер етеді. Өйткені қаламгердің ішкі ой-сезімі араласпаған жағдайда кейіпкер сөзінде де оқырманға әсер ететін қуат болмас еді. Қалай болғанда да, кейіпкер сөзі қаламгер ойымен орайласып жатады. Алайда, бұған қарап, шығарма

кейіпкерлерінің бәрі автор сөзімен сөйлеп, автордың көзқарасын тікелей жақтап тұрады деген түйін жасауға болмайды. Қаламгер ойының кейіпкер тілінде көрінуі түрлі тәсілдермен іске асады. Қаламгердің қандай да бір кейіпкерге қарым-қатынасы автор ойы мен кейіпкер ойының ара қатынасы арқылы анықталады. Автор мен кейіпкер ойлары бір арнада тоғысар болса, кейіпкер сөзі қаламгер ойының көрінісіндей болып жататын тұстары да, сондай-ақ, кей тұстарда кейіпкер сөзі авторлық негізгі идеяға қарсы мәнде қолданылатыны да бар. Келесі бір сәттерде, әсіресе, бейнеленген құбылысқа авторлық көзқарасын тікелей білдіру мақсатында қаламгердің өзі де әңгімелеуші ретінде кейіпкерлердің біріне айналып кетіп жатады. Осыған ұқсас жағдайлардың бірі – автордың шығармада суреттелетін құбылыстарға қарым-қатынасын білдіретін әңгімеші кейіпкерді саналы түрде енгізуі. Бұл арқылы автор өз ойын мейлінше айқын сездіре алады. Сұрақ. Демек, әңгімелеуші кейіпкерлер – қаламгердің көркем шығармадағы сенімді өкілі деуге болады ғой?.. Жауап. Кейбір шығармаларда солай болғанымен, барлық уақытта бірдей осы үлгіде қолданылады деуге болмайды. Себебі шығармадағы әңгімелеуші кейіпкердің көзқарасы, әлеуметтік кейпі, мәдени деңгейі, психологиялық ойлау жүйесі қаламгермен мүлдем қабыспай тұратыны да жиі ұшырасады. Әңгімелеуші кейіпкерлерді ондай үлгіде алғанда қаламгер шығармадағы бейнеленген құбылыстарға басқа қырынан да қарап, баға беру мақсатын көздейді. Осы тұста кейіпкер тілінің тағы бір ерекшелігі айта кеткен де орынды болар. Ол – кейіпкер тілінің көркемдік бейнелеудің ерекше нысаны болып табылатындығы. Бұл орайда М.М.Бахтин “роман жанрындағы” туындыларға сүйене отырып, төмендегідей пікір түйіндейді: “Романдағы сөйлеуші адам мен оның сөзі – сөздік және көркемдік бейнелеуші нысан. Романдағы сөйлеуші адамның сөзі тек қана ойды жеткізіп немесе суреттеп қоймайды, сонымен бірге көркемдік тұрғыдан бейнелейді, және де – оның драмадан айырмашылығы – (авторлық) сөзбен бейнелейді”. Сұрақ. Шығарманы жазу барысында қаламгер тілдің лексикалық қорындағы сөздерді түгелдей пайдалана алады екен. Дегенмен, шығарманы құрайтын сөздердің қай-қайсы да қаламгер сұрыптауынан өтері анық. Сөз іріктеуде қаламгер нені басшылыққа алады? Жауап. Әдеби шығарма тілі немесе көркем сөз ерекше поэтикалық сөздерден құрылмайтынын, халықтың әдеби және сөйлеу тіліндегі сөздердің барлығы да көркем шығармадан орын алуға толық құқылы екенін айтып өттік қой. Ал халықтың тілдік қорындағы сөз байлығын шығармада ұтымды пайдалану қаламгерден үлкен жауапкершілік талап етеді. Себебі шығармадағы сөз әлдебір оқиға, құбылысты баяндауға ғана емес, оқырманды ойландырып, толғандыратын, дүниетанымын байытатын және адамгершілік ізгілікке баулитын көркем образдар жасауға қызмет етуі шарт. Бұл мақсатқа жеткізетін сөзді тауып қолдану – қиынның қиыны. Енді көркем дүниелерде жиі орын алатын әр алуан тілдік құбылыстардың кейбіріне назар

аудара отырып, олардың шығармадағы мәніне, мазмұндық қызметіне зер салып көрелік. Қаламгердің образ жасауға қажетті сөзді іріктеудегі тілдік ізденісі, әсіресе, синоним сөздер мен қолданыстарды сұрыптауынан айқын байқалады. Синонимдер өз ара мәндес ұғымдар мен құбылыстарды білдіретіндіктен, олардың қатарынан көркем шығармада бейнеленген ойды, сезімді, дерек, құбылысты мейлінше дәл беретін сөзді дұрыс тауып қолдану шығарма тілінің де әрі айқын, әрі әсерлі, әрі бейнелі шығуына ықпал етеді. Сонымен бірге синоним сөздерді қолдану шығарма тілін байытуға, қажетсіз қайталаулардан алшақтауға мүмкіндік береді. Қаламгердің поэтикалық тілінде антонимдер де қолданысқа түсіп жатады. Мағыналық жағынан қарама-қарсы сөздер болып табылатын антонимдер, көбінесе, шығармада біріне-бірі кереғар құбылыстарды көрсету, контрастылық әсерді ұлғайту мақсатында қолданылады. Сонымен қатар антонимдерді бір ғана құбылыстың өз ішіндегі қарама-қайшылықтарды бейнелеу мақсатында қолдану тәсілі де әдеби шығармаларда ұдайы ұшырасады. Әрине, синонимдер мен антонимдерді қолданумен қаламгердің тілдегі сөздерді өз шығармасының әсерлілік қуатын арттырудағы мүмкіндігі шектеліп қалмайды. Өйткені, тілдегі әр сөздің қандай да бір контекстік мағынаға байланысты сан алуан реңктер иелену қабілеті де мол екендігі аян. Қаламгерлер ақиқат өмір шындығын образды тұрғыдан бейнелеу құралдары ретінде тілдің лексикалық ерекше қорларына да ұдайы назар аударып отырады. Сұрақ. Тілдің лексикалық ерекше қорлары дегенде нені түсіну керек? Жауап. Бұл тұста көркем шығармаларда қаламгер мақсатына сәйкес түрлі дәрежеде қолданылатын архаизм, неологизм, диалектизм, варваризм, т.с.с. сөздерді түсінген жөн. Аталған үлгідегі сөздерге тіл теориясына, әдебиет теориясына қатысты еңбектерде жан-жақты сипаттама берілгендіктен, оларды қаламгер өз шығармасында қандай жағдайда, не үшін қолданатындығына ғана қысқаша тоқталайық. Архаизмдер, негізінен, көне дәуірлер оқиғаларын өзек еткен туындыларда сол кезеңнің тарихи тыныс-тіршілігін неғұрлым сенімді бейнелеу мақсатында қолданылады. Хас қаламгерлер архаизмдерді көркем туындыда пайдалануға өте мұқият қарайды. Себебі оларды шектен тыс қолдану шығарма тілін ауырлатып, бейнеленген құбылысты оқырманның түсінуіне қиындық келтіреді. Сондықтанда қаламгерлер қалың жұртшылыққа түсінікті архаизмдерді ғана қолдануға ұмтылады. Сондай-ақ, қаламгерлер архаизмдерді өз шығармасының поэтикалық тіліне айрықша салтанаттылық сипат дарыту мақсатында немесе жекелеген кейіпкерлерді бейнелеу кезінде тілге ирониялық реңк үстеу мақсатында да пайдаланатын сәттері бар. Шығармада көркемдік мән иеленетін сөздердің бір тобы – неологизмдер. Бұл тұста көркем шығармада неологизмдердің екі түрі, яғни 1) жалпыхалықтық тілдің сөздік құрамына еніп үлгерген және 2) қаламгердің

өзі туындатқан неологизмдер, кездесуі мүмкін екендігін ескеру қажет. Бірінші жағдайда неологизмдер ұлттық тіл қорындағы өзге де сөздермен бірдей қолданылады да, айрықша бір көркемдеу құралына айнала бермейді. Ал қаламгердің бейнелеп отырған құбылысты дәл айқындай алатын сөзді тілден таба алмай, өз ойынша сол құбылысты бейнелеуге мейлінше дәл келетін қажетті сөзді жаңадан жасауы басқа әңгіме. Мұндай жағдайда қаламгер неологизмі поэтикалық тілге тән көркемдік-бейнелеуші құралдардың бірі болып табылады. Халықтық тіл қазынасынан қажетті сөздің табылмауы сирек жәйт болғандықтан, жеке қаламгерлерге ғана тән неологизмдердің поэтикалық тілдегі үлесі де шектеулі болып келеді. Өйткені, аса қажеттілік тумаған жағдайда жаңа сөздер жасауға немесе танымал сөздердің өңін өзгертуге әсіре құмарлық еш уақытта да оң нәтиже бермейді. Диалектизмдер мен варваризмдер де көркем шығармада шектеулі шеңберде пайдаланылады. Көбінесе олар кейіпкер тілінде ғана ұшырасып, сөйлеушінің бейнесін ашуға қызмет етеді. Осы тұста варваризмдерге қатысты бірер жағдайға тоқтала кетуге болады. Варваризм сөздердің түрлері мен көркем шығармада қолданылу мүмкіндігі әр қилы болып келеді. Мәселен, варваризмдер авторлық қолданыста өте қажеттіліктен ғана кездесуі мүмкін. Өйткені қаламгер өзі бейнелемек құбылысты дәл сипаттайтын сөзді ана тілінің қорынан таба алмаған жағдайда ғана бөгде тілдің сөзіне ден қояды. Сұрақ. Тілдің лексикалық қорындағы сөздердің қай-қайсы да көркем шығармадан орын алуға құқылы. Бұл үшін олар шығарманың көркемдік мазмұнын ашуға қызмет етуі қажет екен. Ендігі сөз арнасын тілдің арнайы бейнелеуші құралдары жайына қарай бағыттайық. Жауап. Әдебиет тіліндегі көркемдік бейнелеу құралдарына эпитет, теңеу, метафора, гипербола, кейіптеу, аллегория, синекдоха, ирония, сарказм, перифраз сияқты тәсілдер жатады. Олар жайында әдебиеттану және тілтану теорияларына арналған еңбектерде кеңінен мағлұмат берілген. Сондықтанда олардың көркем шығармадағы қызметі, мән-маңызы төңірегінде ой бөліселік. Бұл құралдарды көркем шығармада бейнеленіп отырған заттың яки құбылыстың қандай да бір ерекше қасиетін нақты бір тұстарда даралап көрсету үшін қаламгер шығармашылық тұрғыдан мақсатты түрде пайдаланады. Астын сыза көрсеткен тұстарға зер салар болсақ, аталмыш құралдарды қолдануға қаламгердің айрықша ыждаһат қоюы қажеттігін байқаймыз. Ал көркемдік бейнелеу құралдарына деген ерекше шығармашылық қатынас – кейінгі дәуірлер талабы. Ерте дәуірлерге тән әдебиет мұраларынан, ауыз әдебиеті үлгілерінен жиі ұшырасатын тұрақты қолданыстар бұл пікірді растай түседі. Бұл кезеңдерде түрлі шығармаларда кездесетін ұқсас құбылыстардың, заттар мен адамдардың даралық белгілері ескеріле берместен, олардың бәріне де ортақ саналған, аса мәнді белгілері ғана көрсетіліп, мәселен, “ай десе аузы, күн десе көзі бар” деген сияқты үлгідегі дайын тіркестер қолданылғанын білеміз. Оның сыры халықтық көркемдік таным дамуының ерекшелігінде жатыр. Көркемдік дамудың

бастапқы кезеңінде халық түрлі заттар бойындағы сан алуан белгі, сипаттарды түгелдей қамти көрсетуді қажет ете берместен, аталмыш заттардың неғұрлым жиі аңдалатын қасиеттерін көрсетумен шектеліп отырған. Халық санасының ілгерілей дамуы, танымдық ізденістер жемісі қолданыстағы тілдің кемелденуіне де, сондай-ақ, уақыт озған сайын көркемдік бейнелеу құралдарының мүмкіндік аясының кеңеюіне де игі ықпал еткені аян. Қазіргі таңда қаламгер көркмедік бейнелеу құралдары жәрдемімен шығармада бейнеленген құбылыстың сан қилы сипат-белгілерін мейлінше кең ауқымда, өз мақсатына сәйкес алуан қырынан таныта алады. Сұрақ. Шығарма тілін сөз ету барысында тілдің лексикалық ерекше қорлары, көркемдік бейнелеу құралдары жайында айтылды. Шығармада кейде бір сөздің өзі бірнеше мәнде қызмет етіп жататын сәттері де бар ғой. Бұл жағдайды қалай түсіндіруге болады? Жауап. Тілдің баюына жаңа сөздердің пайда болуы мен көне сөздердің жаңғыруы ғана әсер етпейді. Сонымен бірге қолданыстағы сөздердің түрлі мән иеленуі де қомақты үлес қосады. Бұл орайда тілімізде ауыспалы мағынада қолданылатын сөздер – құбылтулар (троптар) маңызды роль атқарады. Қаламгердің өз шығармасында алуан үлгідегі троптарды пайдалануы – “әшекейлік” мақсаттан емес, нақты шығармашылық қажеттіліктен туындайтын жағдай. Себебі – шығармадағы қандай да бір троп түрі көркемдік тұрғыдан өзін-өзі ақтауы шарт. Үлкен қаламгерлердің қайқайсы да тропты өзі бейнелемек құбылыстың аса мәнді қасиетін айқын да көркем жеткізу үшін қолданады. Троптар әр түрлі құбылыстарға тән сипатбелгілердің ұқсастық-жақындықтарына негізделгенімен, бұл жақындықтардың өзі түрлі деңгейде болатыны түсінікті. Соған сәйкес троптар да бірнеше түрге бөлінеді. Олардың қатарында метафора, кейіптеу, аллегория, метонимия, синекдоха, гипербола, литота, ирония, сарказм, перифраз сияқты көркемдеу құралдары бар. Қысқасы, әңгіме барысында айтылған көркемдеу-бейнелеу құралдарының барлығы да шығармадағы өзге сөздермен, сөз тіркестерімен тығыз байланыста тұрып, қаламгердің өзі бейнелеп отырған құбылыстың аса маңызды жақтарын неғұрлым әсерлі көрсетуіне, сан қырлы ой-сезімдердің реңктерін ашуға, автордың позициясын танытуға септігін тигізеді. Сұрақ. Көркем шығарма тілі туралы әңгімеміз басталған тұста “қаламгердің поэтикалық синтаксисі” деген мәселе де айтылып кеткен еді. Бұл тіркестің мәнін айқындап өтетін сәт жеткен тәрізді?.. Жауап. Әр қаламгер тілінің синтаксистік құрылымы өзіндік ерекшелікке ие. Мұндай құрылымдық ерекшеліктердің пайда болуына себепкер жағдайлардың қатарына 1) қаламгер шығармашылығының жалпы сипатын, 2) нақты бейнелеу нысанасын және 3) шығарма арналған нақты бір оқырмандар қауымын жатқызуға болады. Енді осы жағдайлардың мәніне үңіліп көрелік.

1. Қаламгер шығармашылығының жалпы сипаты поэтикалық синтаксиске де белгілі дәрежеде ықпал етеді. Демек, поэтикалық тілдің синтаксистік құрылымы қаламгердің қарым-қабілетіне, дарын деңгейіне тікелей байланысты. Себебі шығарма тілінің құрылымы қаламгердің адамдар мен олардың іс-әрекеттерін бейнелеудегі жалпы ұстанымдарына байланысты жасалады. 2. Әрине, шығарма тілінің құрылымы барлық жағдайда бірдей үлгіде бола беруі шарт емес. Түрлі құбылыстарды, ой-толғаныстарды бейнелеу барысында қаламгер мейлінше алуан түрлі синтаксистік тіркестер, оралымдар, сөйлемдер құрылымын пайдаланатыны анық. Өйткені бір ғана синтаксистік құрылым арқылы мазмұн мен түрдің сәйкестігіне қол жеткізу, яғни сан қилы жағдайларды бейнелеу мүмкін емес. 3. Үшінші жағдайға, яғни оқырманды ескеру мәселесіне тоқталар болсақ, қандай қаламгер болса да өз шығармасының қалың жұртшылықтың игілігіне айналуын қалайды. Сондықтанда шын мәніндегі үлкен қаламгерлер арзанқол түрлік қулықтардан, өз туындысын саналы түрде күрделендіруден, сол арқылы шығармасына “әсірежұмбақ” дарыту сияқты тәсілдерден бой тартады. Әрине, шығарманы жазу барысында қаламгер қолданатын тілдік құралдар, тәсілдер аз емес. Ал поэтикалық синтаксис туралы сөз еткенде поэтикалық тілге тән айшықтаулар жайына, қысқаша болса да, тоқтала кеткен орынды. Поэтикалық тіл айшықтауларына риторикалық сауал, риторикалық жарлау мен лептеу, анафора, эпифора, түйісу, үстемелеу, параллелизм, шендестіру, эллипсис, инверсия сияқты көркемдеу тәсілдер енеді. Риторикалық сауал қандай да бір құбылысқа немесе проблемаға оқырман зейінін аудару мақсатында пайдаланылады. Риторикалық сауалға жауап беру шарт емес. Риторикалық жарлау мен лептеу осы үлгідегі қызмет атқарады. Қаламгер шығарманы баяндап келе жатып кенеттен оқырманға, кейіпкерге, заттар мен құбылыстарға қарата тіл қатуы ықтимал. Бұл әрекет те нақты бір жауапты қажетсінбей, тек оқырман назарын сауал арналған нысанаға ерекше аудару мақсатында қолданылады. Ал нақты бір затқа баса назар аударып, оған деген айрықша қатынас, көзқарас қалыптастыру риторикалық лептеу арқылы жүзеге асады. Кейде олар риторикалық обращениемен ұштаса келіп, ақын бейнелеген ой-сезімдердің әсерін одан әрі күшейте түседі. Тілдік айшықтаулар қатарына негізгі мағыналық ойды арқалаушы жекелеген сөздердің қайталанып отыруына негізделген синтаксистік құрылымдарды да қосуға болады. Ондай қайталаулардың қатарына сөйлемде, өлеңде немесе тармақта бастапқы сөздер мен сөз тіркестерінің қайталануын білдіретін анафораны, бұған керісінше қолданылатын эпифораны қосқан орынды. Сондай-ақ, бір тармақтың яки өлеңнің соңындағы сөздің немесе тіркестің келесі тармақтың яки өлеңнің басында қайталануын білдіретін түйісу де осы қатардан орын алуы заңдылық.

Үстемелеу (градация) деп бірінен соң бірі келетін сөздердің, тіркестердің кейінгісінің алдындағы мағынаны дамыта, тереңдете, кеңейте орналасуы айтылады. Поэтикалық үстемелеу де, қайталаулар сияқты, нақты бір ойсезімге, құбылысқа баса назар аударып, оған ерекше серпін, қуаттылық, әсерлілік дарыту масатында қолданылады. Параллелизм – синтаксистік құрылымы жағынан ұқсас келетін екі немесе одан да көп құбылысты қатарластыра бейнелеу. Қызметі жағынан параллелизм теңеуге жақын. Ал мағынасы қарама-қарсы сөздер мен сөз тіркестері арқылы түрлі құбылыстар арасындағы немесе бір ғана құбылыстың өз ішіндегі кереғарлықтарды бейнелеу үшін қолданылатын тілдік айшықтау түрі антитеза немесе шендестіру деп аталады. Сөйлемде жекелеген сөздерді, кейде тұтастай тіркестерді тастап кету эллипсис аталады да, қаламгер айшықтаудың бұл түрін айрықша толқу-толғаныс үстінде тұрған кейіпкерлер күйін көрсету үшін олардың сөйлеу тілінде жиі пайдаланады. Кейде сөзбен бейнелеуге тіл қуаты жетпейтіндей аса күрделі құбылысты оқырманның түйсікпен қабылдауына сенген жағдайда да қаламгер эллипсис тәсіліне жүгінеді. Қаламгердің поэтикалық синтаксисінде сөйлемдегі сөздердің қалыптан тыс орналасу ретін білдіретін инверсия құбылысы да өзіндік орынға ие. Негізгі мағыналық ойды арқалаған сөзді сөйлем құрылымында оқшаулай орналастыру арқылы қаламгер сол сөзге оқырманның ерекше зейінін аударуды көздейді. Қысқасы, әдебиетте өмірлік шындықтың көркем бейнесін жасау қаламгерлерден халықтың тілдік қазынасынан сүзіп алынып, қажет тұстарда сөз зергерлерінің өңдеуінен өткізілген сан қилы тілдік құралдарды мейлінше алуан қырынан шығармашылықпен пайдалануды талап етеді. Алайда, көркем шығарма тілінің маңызы мен оны талдап-тану әдістеріне қатысты пікірлерде әлі күнге дейін алшақтық сақталып келеді. Бұл орайда тіл мен сөйлеу ұғымдарын біріне-бірін қарсы қоюға бейім жалпы лингвистикадағы түрлі көзқарастар да едәуір роль атқаруда. Екінші жағынан, аталмыш алшақтықтың сақталуына себепкер жағдайлардың қатарына өнер туындыларындағы “технология” мен идеологияның қарым-қатынасын қарастыратын эстетикалық көзқарастардың әрқилылығын, поэтикалық тіл дамуына тән “ішкі заңдылықтарды” жеткілікті бағаламау немесе тым асыра бағалауды, сондай-ақ, көркем сөзді талдаудағы “имманенттік” (бір нәрсеге қатыстылық) тенденцияның ықпалдылығын және көркем шығарма тілінің ерекшеліктерін біртұтастықта жүйелі талдаудың қиындығын қосуға болады. Қазіргі таңда әдебиеттану мен тіл ғылымының жетістіктерін жинақтай отырып, шығарма тілін кешенді тұрғыдан талдап-тануға байланысты ізденістердің жүріп жатқанын да айта кеткен орынды.

Оныншы әңгіме
немесе

Өлең және өлең сөз

Сұрақ. Қай халықтың әдебиетінде де поэзиялық туындылардың алар орны айрықша. Поэзия дегенде ойымыз өлеңге ойысатыны да түсінікті. Сонда, өлең дегеніміздің өзі не? Жауап. Бұл сұраққа жауап беру үшін төмендегідей сұрақтарға жауап іздеуге тура келеді: 1) Өлеңнің прозадан айырмашылығы қандай? 2) Бір тілге немесе бір дәуірге тән өлеңнің басқа тілге немесе дәуірге тән өлеңнен айырмашылығы қандай? 3) Бір өлеңнің екінші өлеңнен айырмашылығы қандай? Бір қызығы осылардың ішіндегі ең қиыны – алғашқы сұрақ. Егер оны түрлі жастағы адамдарға қояр болсақ, мектеп жасына жетпеген балдырған: “Өлең қысқа-қысқа жолдармен жазылады”, оқушы: “Өлеңде ырғақ пен ұйқас болады”, студент: “Өлең – лирикалық қаһарманның сан қилы көңіл күйін танытатын ой-сезімдерді бейнелеген поэтикалық тілдің ерекше құрылымы” деп жауап берер еді. Айтылған үш пікір де дұрыс, ал соның ішінде өлең анықтамасына мейлінше жақын келетіні балдырғанның жауабы болып шығады. Сұрақ. Қызық екен?.. Жауап. Қызық болса да шындық. Өйткені біздің түсінігімізде қалыптасқан “өлең” ұғымының түп мағынасы грек тілінде “қатар, жол” деген мағына беретін “stіchos” латынның “бұрылыс” мағынасындағы “versus” сөздерімен өзектес. Енді “өлең дегеніміз не?” деген сұраққа жауап қарастыралық. Белгілі әдебиет теоретигі, академик З.Қабдолов: “… өлең - еркін сөйленетін жай сөздер тіркесі емес, ырғағы мен ұйқасы белгілі қалыпқа түскен, шумағы мен бунағына дейін белгілі тәртіпке бағынған нақысты сөздер тізбегі” деп тұжырым жасайды, және бір тұста “… поэзия дейтініміз – өлеңді шығармалар”(Сөз өнері. 254-255, 1982.) деген ой айтады. 1998 жылы жарық көрген “Әдебиеттану. Терминдер сөздігінде” “өлең” терминінің бірнеше мағыналық қолданысы көрсетілген. “Біріншісі - ән өлең, ән салып, ән шырқап айтатын өлең, яғни музыкалық өнер мен сөз өнеріне ортақ туынды. … Екіншісі – көбінесе жеңіл, ықшамды ғана әуенмен, мақаммен термелеп айтылатын өлеңдер, жырлар, яғни ауызша поэзияның туындысы. Үшіншісі – оқылатын, сөйлеп айтылатын өлең, яғни жазба поэзияның туындысы, әр алуан лирикалық шығармалар. Сонымен қатар, өлең деген сөзді кең мағынада алып, көлемі қысқалау келетін поэзиялық шығармалардың бәріне ортақ жалпылама атау ретінде қолдану да жиі кездеседі” (249-бет). Осы еңбектің “Өлеңші” терминіне анықтама берілген тұсында: “Өлең деп қазақ поэзиясында әнмен айтылатын өлеңді де (песня), белгілі бір әуеннің сүйемелімен айтылатын өлең-жырларды, тақпақтап айтылатын, оқылатын өлең сөзді де (стих) атай береді” (255) деген пікір кездеседі.

Өлеңге байланысты айтылған бұл пікірлердің дұрыстығына күмән жоқ. Дегенмен “өлең” терминіне байланысты нақтылай түсер жәйттер бар. Біріншіден, анықтамаларға негіз болып тұрған “өлең” сөзі “поэзиялық туынды” деген мағынада алынғанын аңғарамыз. Бұл тұрғыда ол орыс тіліндегі “стихотворение” деген түсінікпен мәндес келеді. Ал осы “стихотворение” сөзіне сөзжасам тұрғысынан талдай қарасақ, оның “стих” және “творение” деген сөздердің бірігуі арқылы жасалып, “өлең туынды” немесе “өлеңмен жазылған туынды” деген мағына беретінін байқаймыз. Бұл “өлең” терминінің жоғарыда көрсетілген мағыналардан басқа тағы бір мағыналық қолданыс иеленетінін аңғартады. “Ол қандай мағына?” деген сұраққа жауап іздер болсақ, гректің “stіchos” сөзінен өрбитін “стих” мәніндегі терминдік мағынасы болып шығады. Ал “стих” дегеніміз өлең емес, өлеңнің құрамдас бөлшегі. “Өлең дегеніміз не?” деген сұрақтың жауабын да, ең алдымен, осы мағыналық қолданысқа қатысты қарастырып, өлеңге негіз болатын бөлшекке назар аудару қажет. Ал өлең негізі өлең сөз (стих) болып табылады. Өлең сөз – өз ара байланысты, әрі шамалас бөліктерге бөлшектеуге келетін жүйелі көркем сөз. Шартты түрде алар болсақ, өлеңге қарсы мәндегі әдеби құбылыс проза екені түсінікті. Проза тілі де іштей бөлшектерге бөлінеді. Прозадағы дыбыстық-ырғақтық бөлшектерді колон дейміз. Ал өлең сөзге тән дыбыстық бөлшектерге шумақ, тармақ, бунақ, ырғақ жататыны белгілі. Прозамен салыстырғанда өлеңдегі дыбыстық бөлшектеудің екі түрлі ерекшелігі бар: 1) прозалық мәтінді мүшелеуде синтаксистік паузалар басты роль атқарса, өлеңдегі бөлшектеуші паузалардың синтаксистік паузалармен ұдайы сәйкес келуі шарт емес; 2) прозада бөлшектеуші паузалар белгілі бір дәрежеде еркіндікке мүмкіндік берсе, өлең сөздегі паузаларда жүйелілік қатаң сақталады. Аталмыш жүйелілікке тәуелді өлең бөлшектерін мәтіннің қағазға түскен көрінісінен де айқын көре аламыз. Осы тұста мәтіндегі синтаксистік және поэтикалық бөлшектеуші паузалардың сәйкессіздігін білдіретін жеке термин бар екенін де ескерте кеткен орынды. Ол – француз тілінде “тасымал” деген мағына білдіретін “enjambement” (“анжамбман”) деген термин сөз. Сұрақ. Әлгінде проза тіліне байланысты айтылып кеткен “колон” дегеніміз нені білдіреді? Жауап. Колон – грек тілінде “тән бөлшегі” деген мағына беретін “kolon” сөзінен пайда болған ұғым; яғни сөйлеу тіліндегі ырғақтықинтонациялық бірлік. Сәл басқаша айтқанда, колон – логикалық екпін біріктірген мәтін құрамындағы сөздердің тұтастығын пауза арқылы белгілейтін сөйлеу тактысы. Артикуляциялық тұрғыдан алғанда “тыныстау мүшелерімен” байланысты, яғни бір деммен айтылатын сөздер тобы. Мағыналық тұрғыдан алсақ, синтагма ұғымына жақын. Сөйлеу кезінде мәтінді колондарға дұрыс бөлшектей пайдалану, әсіресе, шешендік өнерінде аса маңызды роль атқарады.

Колон жайын осылайша қысқаша қайыра тұрып, негізгі әңгімемізге оралайық. Әдебиеттануда “өлең құрылысы” немесе “версификация” деген де түсінік бар. “Versus” сөзінен өрбитін “версификацияның” мағынасы “өлең құрастырушылық” дегенге саяды. Қалай болғанда да, өлең құрылысы дегенде өлең тіліндегі дыбыстық құрамды үйлестіру тәсілін түсінеміз. Сұрақ. Жоғарыда өлеңге берілген анықтаманы жіктей қарастырар болсақ, біріншіден, өлең сөз – өз ара байланысты бөліктерге бөлшектеуге келетін жүйелі көркем сөз екендігін; екіншіден, өлең сөз – шамалас бөліктерге бөлшектеуге келетін жүйелі көркем сөз екендігін байқаймыз. Олай болса, “өз ара байланысты бөліктер” деген тіркестің мәнін қалай түсінген абзал? Жауап. Прозалық мәтінді оқу кезінде негізгі мағыналық желіні қуалай оқу дағдысы басым болып тұратындықтан, сөйлем құрамындағы сөздердің бәрі бірдей қаз-қалпында жадымызда қала бермейді. Ал өлең оқығанда, әсіресе, ұйқасқа құрылған өлең оқу кезінде, әрбір тармақ соңында алдыңғы тармақтың соңғы сөзіне міндетті түрде оралып отырамыз. Басқаша айтқанда, прозадағы сөздер бірімен-бірі тізбектеле байланысса, өлең мәтініндегі сөздер “тізбектік” байланыспен қатар “сатылы” байланыс та жасап тұрады. Бұл жағдай прозаға қарағанда, өлең сөздегі әр сөздің өзара байланыстылық жүйесін ұлғайтады да, соған сәйкес өлеңдегі әр сөздің мағыналық жүгі де салмақтана түседі. Анықтамадағы екінші сыңардың, яғни “өзара шамалас бөліктер” деген тіркестің мәні неде? Бөліктердің өзара шамалас екендігін тану үшін қандай өлшемдерге сүйену қажет? Бұл сұрақтарға жауап беру әңгімеміздің бастауында өзімізге өзіміз қойған сауалдардың екіншісіне де жауап болып шығады. Сұрақ. Яғни “бір тілге немесе дәуірге тән өлеңнің басқа тілдегі немесе дәуірдегі өлеңнен айырмашылығы қандай?” деген сауал ғой… Жауап. Бір тілдегі (дәуірдегі) өлеңнің екінші тілдегі (дәуірдегі) өлеңнен ең басты айырмашылығы – тармақ өлшемінде. Көркем мәтіннің белгілі бір өлшемге негізделген тармақтарға бөлінуінің өзі, яғни синтаксистік мағынаға тәуелсіз паузалардың тармақ басында көтеріліп, соңына қарай бәсеңдейтін дауыс ырғағын туғызуы, оған өлеңге тән интонация дарытады. Сонымен бірге әр тармақ өзара шамалас қалыпты сақтау үшін қандай да бір реттілікке бағынады. Бұл реттілік дыбыс бөлшектері арқылы жүзеге асады. Өлең құрылысының қай жүйеге тән екендігі тармақ өлшемінің бірлігі ретінде қандай дыбыстық бөлшектің алынуына байланысты анықталады. Сұрақ. Тармақ өлшемінің бірлігіне қандай дыбыстық бөлшектер алынуы мүмкін? Жауап. Тармақ сөзбен, бунақпен, буынмен өлшенеді. Барлық тілдегі өлең тармағының негізгі өлшем бірлігі – буын. Буынның фонетикалық негізгі сипаттарына әуез, сан, екпін сияқты белгілері алынады да, соған орай өлең жүйелері метрикалық (квантитативті), силлабикалық, тоникалық, силлабо-

тоникалық болып сараланады. Енді осы өлең жүйелерінің ерекшеліктеріне назар салайық. Метрикалық немесе квантитативті жүйе – өлең жолдарының айтылу уақытының сәйкестігіне (изохронизм) негізделіп, тармақтағы дыбыстық өлшемдер буындардың созылыңқы немесе қысқа қайырылуы арқылы реттелетін өлең құрылысы. Бұл жүйе буындағы дауыстылардың созылыңқы немесе қысқа айтылуы сөз мағынасын өзгертуге ықпалды тілдерге тән. Метрикалық өлең жүйесінің мейлінше жарқын үлгілері антикалық өлең құрылысынан, араб және парсы поэзиясындағы аруздан, санскрит тіліндегі джатидан, сондай-ақ, фин және классикалық қытай өлеңі құрылысынан жақсы байқалады. Метрикалық өлең құрылысының негізіне алынатын өлшем –мора. Латын тілінде “уақыт аралығы, пауза” деген мағына беретін “мора” сөзі бұл жерде дыбысты айтуға кететін уақыттың ең кіші бірлігі болып табылады. Сондайақ, әдебиеттануда мора ұғымымен мәндес хронос протос деген де термин бар. Грек тілінде “chronos protos” бастапқы уақыт дегенді білдіреді. Екі терминнің де түп мағынасы антикалық өлең құрылысындағы қысқа буынның қалыптасқан айтылу ұзақтығын білдіреді, яғни өлеңдегі уақыт өлшемінің ең кіші бірлігін белгілейді. Сол себепті метрикалық өлең жүйесіндегі өзге өлшемдерге мора негіз болады. Мысалы, ұзақ буын – екі мораға, ямб – үш мораға, т.с.с. тең болады. Аталмыш өлең жүйесінің өзі таза метрикалық және силлабо-метрикалық болып, екі түрге бөлінетінін де ескеру керек. Таза метрикалық жүйеде негізгі өлшем такт болып табылады. Такт – моралар бірігуінен пайда болатын өлшем. Ал силлабо-метрикалық жүйеде такт құрамындағы буындардың позициясы ықпалды роль атқарады. Метрикалық өлең жүйесі алғаш б.д.д. VІІІ ғасырда ежелгі Грекияда пайда болып, б.д.д. ІІІ ғасырдан бастап латын әдебиетінде кеңінен дамығаны әдебиет тарихынан таныс. Бұл жүйе ежелгі үнді, қазіргі араб, парсы поэзиясында ұшырасады. Сұрақ. Метрикалық өлең жүйесінде буын құрамындағы дауыстылардың айтылу уақытына байланысты айырмашылық маңызды роль атқаратынын таныдық. Ал, “метрика” дегеніміздің өзі не? Жауап. Сөзбе-сөз алар болсақ, грек тіліндегі “metron” сөзінен шыққан “metrіke” – “өлшем” деген мағына береді. Әдебиеттануда “метрика” термині түрлі мәнде қолданылады: Біріншіден, өлең құрылысы, яғни өлең құрылысына тән қағидалар деген мағынада алынып, көбінесе, метрикалық өлең жүйесіне қатысты, ал кең тұрғыдан өлең жүйелерінің барлығына қатысты қолданыла береді. Екіншіден, өлең құрылысының заңдылықтары жайындағы ілім, яғни өлеңтану; Бұл жағдайда “метрика” термині, негізінен, өлеңтанудың алғашқы дәуірлеріне, яғни өлең құрылысын қалыптасқан қағидалар жинағына (мысалы, антикалық, араб, үнді метрикасы) телитін дәуірлерге қатысты; ал кеңінен алсақ, барлық дәуірлерге қатысты да қолданылады.

Үшіншіден, “метрика” термині өлеңтанудың бір саласы болып табылатын өлең тармақтарының құрылысына ғана қатысты түсіндіріледі. Бұл жағдайда дыбыстар үндестігі мен ұйқас мәселелері де өзге өлең өлшемдерімен қатар алына береді. Аталмыш мәндегі “метрика” термині қалыпты метрика, тарихи метрика, салыстырмалы метрика болып та жіктеледі. Төртіншіден, белгілі бір дәуірге, халыққа немесе ақынға тән поэзиялық өлең формаларының жүйесі деген мағынада қолданылады. Сұрақ. Сөз арнасын силлабикалық өлең жүйесіне бағыттайық… Жауап. Әр тілге тән өлеңдердің бір-бірінен айырмашылығы – тармақ өлшеміне байланысты болатынын, тармақ өлшемінің негізгі бірлігі – буын болып табылатынын жоғарыда айттық. Метрикалық өлең жүйесіндегі тармақты құрайтын буындардың бір-бірінен өзгешелігі буын құрамындағы дауыстылардың айтылуына (созылыңқы немесе қысқа) байланысты екеніне де тоқталып өттік. Грек тілінде “буын” деген мағына беретін “sіllabe” сөзінен бастау алатын силлабикалық өлең жүйесі де тармақтар құрамындағы буынға байланысты дараланады. Аталмыш екі жүйеге тән айырмашылықтың мәні мынада: метрикалық жүйедегі буын ерекшелігі дауыстылардың айтылуына қатысты болса, силлабикалық жүйеде өлең құрылысын буын саны (изосиллабизм) белгілейді. Соған сәйкес силлабикалық өлеңдер төрт буынды, бес буынды, т.с.с. болып ажыратылады. Сегіз буыннан асқан тармақтарда тармақты қысқа бөліктерге бөлетін цезура пайда болады. Латын тілінде “кесінді” деген мағынаны білдіретін цезура – қазақ өлеңіндегі бунақ ұғымына жақын. Силлабикалық өлең жүйесі, негізінен, сөзге түсірілетін екпіні тұрақты тілдерге тән болып келеді. Өлең құрылысы силлабикалық жүйеге негізделетін тілдер қатарына ведий, авеста, балтық жағалауы халықтарының тілдері және славян (әсіресе, серб, хорват, чех, болгар) тілдерін қамтитын үнді-европалық тілдердің шығыс тобын жатқызуға болады. Роман тілдерінде силлабикалық өлең жүйесінің пайда болуы латын тіліндегі қысқа және созылыңқы буындар арасындағы айырмашылық жоғалған тұстан басталады. Қазақ өлеңі де силлабикалық өлең жүйесіне жатады. Осы тұста айта кеткен жөн, біздің көздеген мақсатымыз әдебиеттануға байланысты негізгі ұғымдар жайында жалпы түсінік беру ғана болғандықтан, қазақ өлеңінің ерекшелігі жайында арнайы сөз етпейміз. Қазақ өлеңі жайында кеңінен мағлұмат алуға құштар талапкерлерге осы мәселе кең ауқымда, арнайы қарастырылатын еңбектерді, яғни З.Ахметов, З.Қабдолов, М.Базарбаев, т.б. да белгілі ғалым-әдебиетшілердің өлең теориясына арналған зерттеулерін оқуға кеңес береміз. Сұрақ. Өлең өлшемінің негізі болып табылатын буынның айтылуы жағынан, сандық есебі жағынан өлең жүйесіне әсерін қарастырып өттік. Ал тоникалық өлең жүйесіне буынның қай қыры ықпал етеді?

Жауап. Тоникалық өлең жүйесіндегі тармақ өлшемі екпін түсетін буын санымен есептеледі, ал тармақ құрамындағы екпін түспейтін буындар саны есепке алынбайды. Яғни тоникалық жүйедегі өлшем – екпін саны (изотонизм) болып табылады. Тоникалық өлең тармақтарындағы жалпы буын саны әр түрлі болғанымен, екпінді буын саны бірдей болуы шарт. Силлабикалық өлеңге қарағанда, аталмыш жүйедегі өлеңді прозадан ажырату едәуір қиындық келтіреді. Сол себепті де тоникалық өлеңдегі тармақтарды ажыратуда аллитерация мен ұйқас үлгісіндегі дыбыстар үйлесімі жиі пайдаланылады. Ал ұйқассыз тоникалық өлеңде тармақтардағы екпінді буын саны (изотонизм) қатаң сақталады да, ұйқасқа негізделген тоникалық өлеңде изотонизм заңдылығынан ауытқушылық кездесе береді. Егер екпінді буындар арасындағы екпінсіз буындар саны ала-құла болып келсе, онда тоникалық және силлабо-тоникалық өлең жүйелерінің ортасындағы өтпелі өлең түрлері пайда болады да, екпін түскен буындар иктілер сияқты, ал екпінсіз буындар икт аралық интервалдар сияқты әсер етіп, өлеңде ырғаққа негізделген метр өлшемі көрініс береді. Сұрақ. “Икт” деген сөздің мағынасы қандай? Жауап. Тоникалық және силлабо-тоникалық өлең жүйесіне қатысты “икт”, “икт аралық интервал”, “арсис”, “тезис” деген де терминдер ұшырасып тұрады. Тура мағынасында алар болсақ, латын тілінде “іctus” – “соққы, екпін”, грек тілінде “arsіs” – “көтерілу”, “thesіs” – “аяқтың төмен түсуі” деп аударылар еді. Өлең құрылысына қатысты алсақ, икт немесе арсис – өлеңде ырғақ екпіні түсетін күшті буынды; тезис өлең ырғағындағы әлсіз буынды білдіретін терминдер. “Икт аралық интервал” дегеніміз де тезиспен мәндес термин. Екпін мен буынға байланысты тоникалық өлең жүйесінің өз ішінен тағы бір түр бөлініп шығады, яғни екпінді және екпінсіз буындардың белгілі бір тәртіппен кезектесе келуіне негізделетін силлабо-тоникалық жүйе пайда болады. Бұл өлең жүйесінде арсис пен тезис арасы анық көрініп, басыңқы мәнді екпін түсетін буын, бағыныңқы мәнді екпінсіз буын атқарады. Әлсіз буынға екпіннің түсуі өте сирек кездесетін жағдай болса, күшті буынға екпін түсуіне қатысты ешбір шектеу болмайды. Аталмыш жүйеге тән белгілі өлең түрлері бар да, әр өлең түрінің өзіндік өлшемі және бар. Осыған байланысты бірер сөз. Иктілер мен икт аралық интервалдардың біркелкі қайталанып келуі бунақ деп аталады. Осы бунақ тұрғысынан силлабо-тоникалық өлеңдер қос буынды және үш буынды өлшемдегі топтарға бөлінеді. Қос буынды өлшемдік өлеңдерге хорей, ямб; үш буындыларға дактиль, амфибрахий, анапест жатады. Ал буын саны бірдей аталмыш өлең түрлері бір-бірінен екпін түскен буын арқылы ажыратылады. Мысалы, қос буынды ямб мен хорейді алайық. Ямб үлгісінде екпін екінші буынға, хорейде бірінші буынға түсіп отырады. Ал үш буынды өлең түрлеріне тоқталсақ, дактильдегі екпін – бірінші, амфибрахийда – екінші, анапесте үшінші буынға түсіп отырады. Силлабо-тоникалық өлең құрылысы көптеген тілдерде тоникалық және силлабикалық жүйелер аралығында тұрғандай қабылданатын өтпелі өлең

түрлерінің жасалуына да жол ашты. Бұл орайда логаэд, дольник, тактовик, ерікті өлең, т.с.с. түрлерді атауға болады. Сұрақ. “Бір өлеңнің екінші өлеңнен айырмашылығы қандай?” деген үшінші сұрақтың жауабы да өлең жүйелерін әңгімелеу барысында айтылып кеткен сыңайлы. Сондықтан айтылған жайға айналып соқпай-ақ, әңгімеміздің басында қойылған “Өлең дегеніміз не?” деген сұрақтың жауабын бір түйіндеп алу да артық болмайтын тәрізді. Жауап. Өлең – өлең сөзбен жазылған және лирикалық сипаты басым шағын көлемді әдеби туынды. Осы мағынасында өлең әр халықтың әдебиетінде түрлі жанрларда көрініс тапқан. Мысалы, сонет, ода, элегия, ғазал, бәйіт, рубаи, т.с.с. “Өлең” ұғымы XІX – XX ғасырларда нақты мазмұн иелене бастады. Яғни өлең сөз лириканың аса маңызды пішіні (форма) ретінде қабылданып үлгерді. Оның сыры өлең сөздің адамның ой-сезіміндегі сан алуан құбылыстарды бейнелеуге мейлінше бейімділігінде жатыр. Өлең сөз бен лиризм арасындағы байланыс тым әріден басталады. Белгілі бір ырғақ арқылы дыбыстық бөлшектерге бөлініп айтылатын өлең сөздің әсері тура сол үлгідегі сөйлемнің қара сөзбен айтылған сәттегі әсерінен мүлдем басқаша болатынын аңғару қиын емес. Мысалы, “Мен көрдім ұзын қайың құлағанын…” Өлең сөздің лирикалық құбылыстарды бейнелеуге бейімдігі нәтижесінде уақыт өте келе, “өлең” ұғымы лириканың әмбебап түрі ретінде санада қалыптасып кетті. Қазіргі таңда өлең мен лириканы бір ұғым деп түсінуіміздің сыры осында. Сұрақ. Шынында да өлең мен лирика бір ұғым емес пе? Жауап. Лирика – әдеби тектің бір түрін білдіретін сөз. Ал әдеби тек жайында кейінірек әңгімелейміз. Өлең – көркем сөз құрылымының белгілі бір тілдік-дыбыстық жүйесіне негізделген әдеби туынды. Бұл пікірімізге дәлел ретінде “лирикалық проза” немесе “прозадағы өлең” мәселесін алуға болады. Мұндай шығармаларға құрылымында өлеңге тән басты сипаттар, яғни көлемнің шағындығы, оқиғаға қарағанда сезімнің басымдығы, бейнелеу тәсілдерінде обьективтіліктен гөрі субьективтіліктің үстем болуы сияқты белгілер айрықша байқалатын әдеби туындылар жатады. Бұл шығармаларда өлшем, ырғақ, ұйқастардың сақталуы шарт емес. Әрине, өлең – ұзақ әңгімелеуге болатын мәселе. Әдебиеттануда өлең мәселесін әдеби туындының дыбыстық құрылымы тұрғысынан арнайы қарастыратын “Өлеңтану” деген сала да бар. Яғни өлеңтану әдеби туындыны өлең сөз (стих) тұрғысынан зерттеп, сөздер құрамындағы дыбыстар құрылымына баса назар аударады. Соған сәйкес, өлеңтанудың өзі іштей үш арнаға таралады да, 1) фоника дыбыстар үйлесімін, 2) метрика өлең тармақтары құрылымын және 3) строфика тармақтар үйлесімін қарастырады.

ІV ТАРАУ

ӘДЕБИ ДАМУ

Әдеби үрдіс
Әдеби тектер
Әдеби түрлер
Әдеби жанрлар

Стиль
Көркемдік әдіс және әдеби тәсіл
Әдеби ағым-бағыттар

Он бірінші әңгіме
немесе
Әдеби үрдіс

Сұрақ. Адамзат тарихы үлкенді-кішілі сан алуан оқиғаларға, қарамақайшылықтарға, күрес-тартыстарға толы екені баршаға мәлім. Осы жағдайлардың әдебиет дамуына әсері бар ма? Жауап. Көркем әдебиеттің бірде өрлеп, бірде тоқыраған көптеген ғасырлық тарихы бар. Әдебиет дамуы тарихында өрлеу мен тоқыраудың алма-кезек ауысып келіп отыруының сыры түрлі қоғамдық дәуірдегі әрқилы жағдайларға байланысты. Ал өнердің кеңінен қанат жаюы үшін шынайы адамдық қасиеттердің қалыптасып, дамуына оң ықпал тигізетін әлеуметтіктарихи негіз керек. Өнердің өркендеуіне қолайлы жалпы қажеттіліктерді ескере отырып, әдебиет дамуының заңдылықтарына қатысты кейбір мәселелерді зерделеп көрелік. Бұл орайда өнер туындыларының тарихи нақты даралықтары мен олардың тұрақты мәні туралы мәселеге соқпай кету мүмкін емес. Сондықтан әңгіме арнасын осы мәселе төңірегінде өрбітелік. Ұлттық дамудың әрқилы қоғамдық қарым-қатынастары мен ерекшеліктері, қалай болғанда да, өнер туындыларының мазмұны мен нақты тарихын белгілейді. Мысалы, хандық дәуір – жыраулар поэзиясы, Абылай – Бұқар, қоғамы мен Абай, т.с.с. Демек, тарихи дамудың түрлі кезеңдеріндегі қоғамдық таным аясының ұлғаюы әдебиетке өз ізін, сәулесін түсіреді. Бұл тұрғыда, яғни даму процесіндегі сабақтастық мәселесіне байланысты қарастырсақ, ғылыми-техникалық шығармашылық пен көркем шығармашылық арасында елеулі айырмашылық барын байқаймыз. Таным дамуы барысында ғылыми-техникалық өнімдер біртіндеп өз мәнінен айырылуы немесе жаңадан пайда болған өнімнің жекелеген бөлшектеріне

айналуы мүмкін. Ал шынайы өнер туындылары қай кезеңде жасалса да, қатар жасай бермек. Өнер туындыларының озық үлгілерінің мәңгілік маңызын жоғалтпауының бірнеше шарты (мәні) бар. Біріншіден, белгілі бір кезеңдегі ақиқат өмірдің және сол кезеңдегі нақты бір көркем туындыда көрініс тапқан адам санасы деңгейінің өзіндік ерекшелігі; екіншіден, уақыт жағынан айырмасына қарамастан, адам дамуының ортақтығы, яғни төменнен жоғарыға қарай өсу ерекшелігі. Әрбір тарихи дәуірдің қайталанбас өзіндік ерекшелігі болатыны сияқты, белгілі бір кезеңге тән адамдардың ой-сезімдері де тура сол сипатта, сол қалпында ешқашанда қайталанбайды. Жеке адам болмысы да сондай. Сондықтан да әрбір саналы адам баласы адамзаттың тарихынан маңызды орын алған барлық рухани игіліктерді өз бойына сіңіруге ұмтылады. Сұрақ. Әр ұрпақ өзінен бұрынғы білімді, тәжірибені игеру арқылы дамиды. Соған орай, адамзат дамуындағы сабақтастық әдебиетке де тән құбылыс десек, жаңылмаймыз ба? Жауап. Әдеби дамудағы сабақтастық дегенде, ескеретін жәйттер бар. Мәселен, әдебиеттегі идеялардың, көркем бейне – типтер мен бейнелеу құралдарының сабақтастығына қатысты сөз қозғағанда, олардың өзіндік ерекшеліктерін айыра білу қажет. Нақтылай айтқанда, идея сабақтастығын көзқарастары жағынан бір-біріне жақын қаламгерлерден байқасақ, бейнелеу құралдарының сабақтастығын түрлі идеялық бағыттағы қаламгерлерден де аңғаруға болады. Оның сыры әдеби суреттеу құралдары мен тәсілдерінің дамуындағы ішкі заңдылықтарға байланысты. Себебі – көркемдік құралтәсілдер (мысалы, тіл) түрлі идеялық мақсаттарға бірдей қызмет ете береді. Идея сабақтастығы әлеуметтік күштердің дамуындағы жалғастық көрінісі болып табылады. Бұл дегеніміз жаңа дәуірде бұрынғы ойидеялардың қаз-қалпында қайталануы емес, жаңа жағдайға байланысты жаңа түр иеленіп, бұрынғы идеяны тереңдете, толықтыра түсу екені түсінікті болса керек. Қаһармандардың белгілі бір типі қоршаған дүниедегі шындықтан келіп шығады. Бір-бірімен тығыз байланысып, бір-бірінен туындап, өрбіп жататын әдеби типтерді кез келген ұлт әдебиетінен көре аламыз. Мысал ретінде барлық халықтың әдебиетінде кездесетін күрескер қаһармандар немесе түрлі кейіптегі ұнамсыз бейнелерді айтуға болады. Қандай сипатта болса да, әдеби қаһарманның жаңа типі өзінен бұрын жасалған бейнелердің бойындағы маңызды белгілерді, қоғамдық мәнді қасиеттерді өз бойына дарыту, дамыту арқылы туады. Бұл көп жағдайда әдебиет дамуына ықпал етті. Идея сабақтастығы үздіксіз жалғасатын болса, әдеби типтер сабақтастығы кей тұстарда үзіліп қалып, араға уақыт салып жалғасуы да мүмкін. Белгілі бір тарихи жағдайда туған көптеген типтер қоғамдық өмір өзгерген тұстарда көркемдік сахнадан ығысуы немесе мүлдем кетуі ықтимал. Көркемдік бейнелеу құралдары сабақтастығының дамуында да өзіндік ерекшеліктер бар. Әр қаламгер өз туындысының мазмұнын ашу мақсатында

сан алуан тілдік тәсілдерді қолданады. Олардың идеядан басты бір айырмашылығы түрлі қоғамдық позиция ұстанған қаламгерлер туындыларында бірдей қолданыла беруінен шығады. Мыс., Абай – Шортанбай, Сәкен – Мағжан, т.с.с. Қалай болғанда да, кез келген жаңашыл ақынның өзі өзінен бұрынғы қаламгерлер қол жеткізген тәсілдерді игеру арқылы дамиды. Шығарманың көркемдік бөлшектеріне де осы сипат ортақ. Идеялық алшақтығына қарамастан, қаламгерлер поэтикалық құралдарды бірдей пайдаланады. Оның мәнісі ұлттық мәдениеттің ортақтығына байланысты. Оған дәлел ретінде барлық халықтың өлең үлгісін алуға болады. Сонымен, өнер мен әдебиет дамуындағы сабақтастық мәселесі әрбір қаламгердің қоғамдық қажеттіліктер арасынан өзі аса мәнді, маңызды, дәуірмен үндес деп таныған жағдайларына қатысты өрбиді. Нағыз өнер туындыларында бұрын қолданылған көркемдік бейнелеу құралдары өткенге оралу мақсатында емес, өз дәуіріне, келешек игілігіне пайдалану үшін қызмет етеді. Сұрақ. Олай болса, әдебиет дамуындағы сабақтастық мәселесі дәстүрге негізделеді деп тұжырымдауға бола ма? Жауап. Әдебиет дамуындағы дәстүр сабақтастығына баса назар аудару жаңашылдықты жоққа шығару болып табылмайды. Себебі, ұлы қаламгерлер көркемдік даму тәжірибесіне сүйене отырып, осы тәжірибенің қажетті тұстарын пайдалана отырып, өз туындыларында өздерінің жаңа пікірлерін жеткізеді. Өнердегі жаңашылдық жайын сөз еткенде, ғылыми ой дамуындағы тәрізді, өткен күндердің тәжірибелері жан-жақты игеріліп, сын сүзгісінен өтіп, толығып, байып, жаңа түрге еніп, жаңа көркемдік деңгейге көтеріліп отыратынын ұдайы есте сақтау қажет. Соған орай өткеннің озық дәстүрін жалғастырушылар көркемдік дамуға өзінің айрықша үлесін қосқан жаңашылдар болып табылады. Мысалы, Абайдың және М.Әуезовтің сыншыл реализмі. Қаламгердің жаңашылдығы мен оның өз алдындағы ізашарлармен арасындағы сабақтастық байланысын танып-білудің маңызы зор. Мұны танып-білмейінше, қандай да бір қаламгердің әдебиет тарихындағы орны мен әдеби үрдістегі ролін айқындау мүмкін емес. Сұрақ. Әдебиет тарихы дегенде әдебиеттің даму жолын діттейтініміз анық. Ал әдеби үрдіс ретінде нені тануымыз қажет? Жауап. Әдеби үрдіс мәселесін қарастыру көптеген күрделі проблемаларды шешуге ықпал етеді. Бұлардың негізгілері ретінде поэтикалық идеялар мен түрлердің бір-біріне ауысу (ұласу) заңдылықтарын, ескінің жаңаға орын беруін, соның әсерінен әдеби стильдердің, бағыттардың, ағымдар мен әдістердің, мектептердің, т.с.с. өзгеруін атауға болады. Қаламгерлер адам мен дүниені танып-білу ұстанымдарын өзгертуге ықпалды жаңа көркемдік жаңалықтарымен әдеби үрдіске араласады. Бұл жаңалықтар тақыр жерде жасалмайтыны да түсінікті. Әр қаламгер адамзаттың көркемдік дамуында жинақталған дәстүрлерге, өз халқының және әлемнің әдебиетін қамтитын әдеби үрдіске қатысушылардың, уақыт

жағынан замандас немесе мүлдем алшақ тұрған ізашарлардың тәжірибелеріне сүйенеді. Осыған орай әдеби үрдісті көркемдік идеялар күресі, нақтылай айтқанда, өз бойына өзі тақтан тайдырған ескінің жақсылықтарын дарытқан жаңа мен ескінің тартысы деуге болады. Сұрақ. Әдеби үрдіс қалайша көркемдік идеялар күресі болады? Оған дәлел бар ма? Жауап. Әрбір әдеби бағыт (ағым) өзінің көшбастаушылары мен теоретиктерін алға шығарып, солар арқылы әдебиет дамуындағы мәнінен айрылған ескіні ығыстырып, өздерінің жаңа шығармашылық ұстанымдарын ұсынады. Мәселен, XVІІ ғасырда Францияда барокко стилін ығыстыру арқылы классицизм ұстанымдары көркемдік сахнасына көтеріліп, поэтика өнерінде өзінің қағидаларын қалыптастырды. XІX ғасырдың бас кезінде романтиктер классицизм қағидаларының қай-қайсын да жоққа шығарып, “көркем ойдың қасаң қалыпқа сыймайтындығын” жария етті. Бұдан соң реалистер романтиктердің субьективизмін теріске шығарып, өмірді обьективті тұрғыдан, шынайы көркемдікпен бейнелеуді алға қойды. Бұл орайда бір бағыттың (ағымның, әдістің) өзінде де түрлі кезеңдер болып жататынын ескермеуге болмайды. Мысалы, бір ғана реализм әдісінің өзі ағартушы реализм, психологиялық реализм, сыншыл реализм, социалистік реализм сияқты сатыларды бастан өткерді. Сонымен қоса, өнер мен әдебиет тарихындағы көркемдік жаңалықтардың өзінен бұрынғыны мүлдем сызып тастамайтынын да есте тұту керек. Біріншіден, адамтанудың “ескі” ұстанымдары негізінде жасалған ұлы туындылар оқырмандардың жаңа буынына әсер-ықпалын жоғалтпастан, рухани қажетін өтей береді. Екіншіден, осы “ескі” ұстанымдардың өзі жаңа дәуірлерде де көркемдік заңды жалғасын тауып жатады. Мысалы: қазіргі поэзиядағы жыраулық дәстүр үлгісі немесе прозадағы мифтік, фольклорлық желілер, т.с.с. Үшіншіден, өзінен бұрынғылардың тәжірибесін қаншалықты сынға алғанымен, қаламгер олардың шығармашылығының қандай да бір жақтарын пайдаланып отырады. Мысалы, XІX ғасырдағы психологиялық реализм (Стендаль, Достоевский) жеңісіне жол ашқандар жеке адамның жан әлеміне тереңдей үңілген романтиктер екені анық. Қысқасы, жоғарыда айтып өткеніміздей, жаңалық дегеніміз – өз бойына соны сипат жинақтаған ескінің өзі. Әдеби үрдісті дұрыс түсінуде әлем әдебиетінің ұлттық әдеби үрдіске, ұлттық әдеби үрдістің әлемдік әдебиетке әсерін пайымдау да маңызды роль атқарады. Әдеби үрдіс, әсіресе, әдеби жанрлар тарихынан айрықша байқалады. Мәселен, роман дамуын қарастыратын болсақ, сол арқылы көркемдік әдістер мен бағыттардың (ағымдардың) алмасуын да байқай алар едік. Мысалы: М.Сервантестің “Дон Кихоты” Қайта өрлеу дәуіріне, Д.Дефоның ”Робинзон Крузосы” Ағарту кезеңіне, В.Гюгоның ”Париж Тәңіриясының Соборы” романтизм дәуіріне, О.де Бальзак, Ч.Диккенс, И.С.Тургенев, Ф.М.Достоевский романдары сыншыл реализм кезеңіне тән. Социализм

дәуірі М.Шолоховтың ”Тынық Донын”, М.Әуезовтің ”Абай жолын” тудырды. Бұл тұста баса назар аударатын мәселенің бірі – әдеби үрдістің түрлі елдерде ұқсас кезеңдерді бастан өткеріп, жанр, әдіс, стильдер дамуы сол кезеңдерді бейнелейтіндігі. Сұрақ. Әдеби үрдіске ғылыми тұрғыдан берілетін анықтама қандай? Жауап. “Әдеби үрдіс” – XX ғасырдың 20 – 30-жылдары шенінде пайда болса да, тек 60-жылдардан бастап қана кеңінен қолданысқа енген термин. Бұл ұғымның өзі XІX – XX ғасырлар бойында әдебиетті түсіну дәрежесіне қарай өзгермелі тарихи тұтастық ретінде қалыптаса бастады. Мәселен, XІX ғасырда “әдеби даму”, ”дәуірдің әдеби өмірі” деген үлгіде терминдік сипат алды. Біздің дәуірімізде әдеби үрдіс термині алғашында сында, әсіресе, әдеби шолуларда көрініс тапты. XX ғасырда ағымдағы әдеби үрдісті сараптау, сонымен қатар оған ықпал ету мәселелері баспасөздегі пікірталастардың, жазушылар жиындарының өзегіне айналды. Қазіргі таңда әдеби үрдіс дегенде нені түсінеміз дегенге келер болсақ, әдеби үрдіс – әдебиеттің әлемдік, аймақтық, ұлттық көлемдегі белгілі бір кезеңін, сондай-ақ тұтастай тарихын қамтитын туу, қалыптасу және дамуынан тұратын тарихи қозғалыстағы ағымы. Әдеби үрдіс өз бойына әрбір тарихи кезеңге тән әлеуметтік, идеологиялық, эстетикалық тұрғыдан түрлі деңгейдегі (яғни көркемдік құндылығы өте жоғары туындылардан бастап, қарабайыр әдеби шығармаларға дейін) көркем туындыларды, соған орай олардың қоғамдық өмірде тіршілік ету түрлерін де (форма бытования), яғни жарияланымдар, басылымдар, әдеби сын, оқырмандар хаты, т.с.с. тоғыстырады. Әдеби үрдіс, бір жағынан, эстетикалық, рухани-адамгершілік құндылықтардың жиынтығы, айнымас гуманистік концепциялардың ұлғаюы болып табылады. Әдеби үрдіс кейде белгілі бір кезең аралығында өзімен-өзі тұйықталған ұлттық немесе аймақтық сипатта болуы мүмкін. Мысалы, социалистік реализм. Әдеби үрдістің маңызды жақтарының бірі – көркем әдебиеттің өзге өнер салаларымен, сондай-ақ мәдени, тілдік, идеологиялық, қоғамдық құбылыстармен өзара тығыз байланыстылығы. Әсіресе, XІX ғасырдың өне бойында әдеби шығармашылық қоғамдық-саяси қозғалыстармен қоян-қолтық байланыста болды. Мысалы, Декабристер әдебиеті,, Париж Коммунасы (1871) әдебиеті, Чартистік әдебиет, т.с.с. Әдеби үрдіс қоғамдық-саяси көзқарастармен бірге, философиялық концепцияларды өзінше қабылдап, өзінше тұжырымдауға да қабілетті. Бұған мысал ретінде неміс романтиктеріндегі фихтешілдік пен шеллингшілдік сипаттарды келтіруге болады. Соңғы ғасырлардағы әдеби үрдіске тән басты сипаттар ретінде дәуірді әдеби тұрғыдан “танып-бағалауға ұмтылушылық” (әдеби шығармашылық бағдарламалар, әдеби манифестер) пен түрлі идеялық-көркемдік бағыттар мен ағымдардың күресін (романтиктердің классицистермен, реалистердің романтиктермен, т.с.с.) атауға болады. Сұрақ. Әдеби үрдісті арнайы қарастырудың қажеттілігі неде?

Жауап. Әдеби үрдіс – тарихи-әдеби талдаудың, яғни әдебиет тарихының аса маңызды нысаны. Егер классицистік және романтикалық эстетиканың ізін ала өрістеген биографиялық әдіс жақтаушылары тек қана іріктеліп алынған ұлы туындыларға, жауһар дүниелерге бағыт ұстанса, XІX ғасырдың екінші жартысынан бастап ғылыми әдебиеттану әдебиетті сұрыптап қана қарастыру қалыбынан шығып, әдеби туындыларды көркемдік деңгейі, идеологиялық бағыты, әлеуметтік өмір сүру ортасына қарамастан, бәрін тұтастай зерттеуге бет бұрды. Әдеби үрдісті ғылыми тұрғыдан игерудің аса маңызды кезеңі XX ғасырдың 20 –30-жылдарындағы филологтар еңбегіне қатысты. Бұл орайда В.М.Жирмунский, В.В.Виноградов, Ю.Н.Тыняновтардың пушкиндік дәуір туралы зерттеулерін, ұмытыла бастаған жазушыларға (мысалы, А.П.Скафтымовтың А.Н.Островский мен А.П.Чехов аралығындағы “драма” жайындағы еңбектері), “төменгі” немесе бұқаралық әдебиет өкілдеріне (В.Б.Шкловскийдің Матвей Комаров туралы жазғандары), т.с.с. арналған еңбектерді атауға болады Белгілі бір кезеңдегі әдеби үрдісті тұтастай қарастырудың маңыздылығы сонда: үлкен қаламгерлер тек өздерінің алдындағы танымал тұлғалардан ғана емес, “екінші деңгейдегі” авторлардан, бұқаралық әдебиеттен де “үйренуі” мүмкін. Дәлел ретінде Ф.М.Достоевскийге “бульварлық роман” жанрының, А.П.Чеховқа газет юмористикасының әсерін айтуға болады. Г.Н.Поспелов, М.Б.Храпченко сияқты кейінгі зерттеушілер әдебиеттануды “генералдар тарихына” айналдыруға да, сондай-ақ “танымал есімдерсіз” әдебиет тарихына айналдыруға да қарсы. Әлемдік деңгейдегі әдеби үрдіс қоғамдық-тарихи үрдістің бір бөлшегі болғандықтан, оған тікелей тәуелді екені анық. Қазіргі әдебиеттануға жүгінсек, әдеби үрдіс дегеніміз – мәдени-тарихи өмірдің бір тармағы. Демек, әдеби үрдісті жалпы мәдениеттен тыс қарауға болмайды. Себебі, әдеби үрдіс – мәдени үрдістің ажырамас бөлігі. Әдеби үрдіс адамзаттың мифологиялық ежелгі дәуір, ежелгі дәуір, орта ғасырлар, жаңа дәуір, ең жаңа дәуір сияқты қоғамдық даму белестерімен тығыз байланысты. Әдеби үрдістегі жаңалық нышандары қоғамдық-тарихи өмір өзгерістеріне қаламгерлердің үн қосуға, араласуға, қоғамдық санаға ықпал етуге құштарлығынан өрбіп жатады. Қысқасы, нақты бір тарихи кезеңде әдебиет, ең алдымен, сыртқы “күштердің” ықпалымен өзгеріске ұшырайды. Сонымен қатар, әдебиеттің дамуында әдеби дәстүрлер де маңызды роль атқарады. Бұл тұрғыда әдеби үрдістің өзіне ғана тән, бір-бірімен жалғасып жататын даму жолы бар екенін де байқаймыз. Көркемдік идея, түр, тақырыпты жалғастыру дәстүрі қаламгерлердің көзқарасынан туындап, қаншалықты маңызды болғанымен, әдебиет дамуында тек қосалқы мән иеленеді. Өмірге қарым-қатынастың әр кезде кездесетін тарихи идеялық-эмоционалдық түрлері (трагедиялық пен комедиялық, сатиралық пен патетикалық), жалпы адамзаттық адамгершілік

және философиялық проблемалар (ізгілік, ақиқат, сұлулық), өнердің “мәңгілік тақырыптары”, сондай-ақ ғасырлар бойына екшеліп жинақталған көркемдік түрлер (бірінші кезекте, жанрлық түрлер) әдеби үрдістің тіршілік етуіне қажетті “сабақтастық қорын” құрайды. Қандай да бір дәуірдің әдебиеті түрлі кезеңдерден тамыр тартқан тарихи-көркемдік бөлшектердің “жиынтығы” деуге келеді. Ондай бөлшектердің бірі сол кезеңге ғана тән, екіншісі өзінің алдындағы кезеңдерден, үшіншілері тым ерте дәуірлерден немесе архаикалық-мифологиялық дәуірлерден бастау алып жатады. Мәдени дәстүрлер кейде көркем шығармаға қаламгердің субьективті танымынан тыс, өздігінен келуі де ықтимал. Өйткені аса мәнді әдеби құбылыстар ғасырлар қойнауында пісіп-жетіліп, тарихи уақыт кеңістігінде еркін тірлік етеді. Әдеби үрдіс (ұлттық немесе әлемдік деңгейде болса да) бір-біріне әрі ұқсас, әрі ұқсамайтын әдеби кезеңдерден құралады. Әр дәуір өз бойына өткеннің тәжірибесін де, өзінің іздеп тапқанын да жинақтайды. Яғни ол адамзаттың ғасырлар бойына жасаған көркемдік байлығын да, оған өзі қосқан жаңалықты да қамтиды. Дәстүр мен жаңашылдық тұтастығы неғұрлым анық көрінген сайын, ол кезеңнің нәтижесі де әрі мол, әрі жемісті бола түспек. Мысалы, батыс европалық Қайта өрлеу дәуірі. Бұған керісінше, тек қана өткеннің дәстүрін қаз-қалпында сақтауға ұмтылған әдеби қозғалыстар (мысалы, эллинизм дәуіріндегі Александрияның мұражайлықфилологиялық мәдениеті), немесе дәстүрден бой тартқан “таза” жаңашылдар да (мысалы, футуризм) әлемдік әдеби үрдісте маңызды роль атқара алмағаны белгілі. Әдеби үрдістің келесі бір қыры түрлі халықтар мен ұлттарға, географиялық аудандар мен аймақтарға тән әдебиеттер арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар диалектикасына байланысты. Қазіргі әдебиеттану европоцентристік көзқарастарды ығыстыра отырып, барлық халықтар мен ұлттар әдебиетінің дамуындағы ұқсастықтың типологиялық сипаттарын да (кезеңдік-тарихилық негізде), сонымен бірге олардың сапалық тұрғыдағы алуан түрлілігін де ескеріп отырады. Себебі, әдеби үрдістің әлемдік деңгейдегі тарихи ортақ тенденциялары жекелеген әдебиеттерде түрліше көрініс табады. Әдеби үрдістегі “қайталанып отыратын” және ”қайталанбайтын” арасындағы байланыс қаншалықты көкейтесті болғанымен, түрлі халықтар мен аймақтар әдебиеттері арасындағы ортақтықтың бастау көзін олардың бірдейлігі емес, типологиялық ұқсастығы құрайды. Әдебиеттердің алуан түрлілігі – әлемдік мәдениеттің баға жетпес байлығы. Әлемдік әдебиет жолы қатарласа жүріп келе жатқан ұлттық, аймақтық әдебиеттердің әртүрлі жолдарынан құралады. Сонымен бірге, әдеби үрдістің ортақ тенденциялары да бар. Мысалы, сөз өнерінің синкреттік, яғни мифологиялық, фольклорлық шығармашылықтан бөлініп шығуы, көркем ойдың диалогтық сипатының күшеюі, жеке-дара авторлықтың қалыптасуы, жанрлық құрылымдардағы қалыпқа айналған таптаурын (канондық) бастаулардың әлсіреуі (халықтық эпостан романға бет түзеу), өмірді көркемдік тұрғыдан игеруде

психологиялық және әлеуметтік-тарихи нақтылықтың (реалистік) орын алуы, т.с.с. жайларды айтуға болады. Бұл орайда ұлт әдебиеттері арасындағы типологиялық ұқсастықтар мен әрқайсысының өзіндік ерекшеліктерін айқындаудың ғылыми мақсаттағы маңызы зор. Әдеби үрдістің ажырамас бір саласы – халықаралық әдебиеттер байланысы. Өзге ұлт тәжірибесін игеру – бір-біріне ұқсамайтын түрлі халықтар әдебиеттерінің қалыптасуындағы шешуші фактор. Ұлттық бейнесі беймәлім әдебиеттердің пайда болуы, әдебиеттегі космополиттік сипат жалаң еліктеушіліктен туған үстірт “сән қуушылық” болып қана шығады. Қазіргі ғылым әдебиеттердің байланысы мен әсер-ықпалын қай кездегіден де кең ауқымда қарастырады. Әдебиеттер байланысы дегеніміз тақырыптар, образдар, сарындар (мотивтер) мен сюжеттер ғана емес, сонымен бірге көркемдік идеялар, түр жасау ұстанымдары, жанрлар мен олардың жүйелері, шығармашылық бағдарламалар, т.с.с. болып табылады. Әдебиеттердің байланыс-ықпалы сырттан таңылмайды. Алайда әдебиеттер байланысы әдеби үрдіске қалайда ықпал етуге ұмтылмаса да, бәрібір әдеби шығармашылыққа белсенді әсер етіп отырады. Болмысы бөлек мәдениетті түсінуге құштарлық қашаннан бар құбылыс. Әдебиеттердің бір-біріне ықпалы тек нақты бір уақыттық тұрғыдан тұстас келуге де байланысты емес, тарихи дамудың ертеректегі кезеңдерінде бір ұлт әдебиетінде болып өткен әдеби құбылыс араға уақыт салып екінші бір ұлт әдебиетіне әсер ете беретіні тәжірибеден белгілі. Бұған XX ғасырдағы европа әдебиетіне тигізген Достоевский әсерін дәлел етуге болады. Әлеуметтік-тарихи өзгерістермен ұштасып жататын әдеби үрдіс өзара тығыз байланысты екі факторға бағытталады: 1) ұлттық-мәдени дәстүр және 2) басқа ұлт мәдениетінің әсері. Яғни әдеби үрдіс өз бойында “өзіндік” және сырттан дарыған “өзгелік” сипаттарды тоғыстырады. Демек, әр ұлт әдебиетінің жарасымдылығы мен байлығының бұлжымас шарты – басқаның жақсы жақтарын бойына сіңіру мен өз дәстүріне адалдық болып табылады.

Он екінші әңгіме
немесе
Әдеби тектер

Сұрақ. Жоғарыдағы әңгіме барысында әдеби үрдісті әдеби жанрлар тарихымен байланыстыра қарап, бір ғана роман дамуын тілге тиек ете отырып, әдеби жанрдың көркемдік әдістер мен ағым-бағыттардың алмасуы тұсындағы өзгерістерін шолып өттік. Сонда осы “жанр” дегеннің өзі қандай ұғым? Жауап. Жанр туралы айту үшін “әдеби тектер” мен “әдеби түрлер” жайында айқын түсінік болуы керек. Өйткені, әдебиеттегі “тек”, “түр”, “жанр” ұғымдары бірімен-бірі тығыз байланысты мәселелерді белгілейді. Алайда, қазіргі таңға дейін осы ұғымдардың жалпыға ортақ қалыптасқан

анықтама, шекарасы жоқ. Біреулер, сөздің түпкі мәніне сүйене отырып, “әдебиеттегі тек” дегеннің орнына ”жанрды” пайдаланып, оның түрлі қолданыстағы үлгілерін түр және сол түрлердің алуан түрлілігі деп таниды. Келесі біреулердің пікірінше, “тек” ұғымы ретінде бейнелеу тәсілдері, яғни эпикалық, лирикалық, драмалық тәсілдер түсініліп, ”түр” мағынасында эпикалық, лирикалық, драмалық әдебиеттің алуан формалары (роман, ода, комедия) қолданылады да, “жанр” ұғымы әдебиеттегі түрлердің әрқилы үлгілері (тарихи роман, сатиралық комедия, саяси ода) ретінде көрінеді. Сұрақ. Мұндай әр қилы пікірлердің болуының себебі неде? Жауап. Әдебиеттің дамуы, бір жағынан, әдеби туындылардың көбейіп, күрделеніп жататын түрлік және жанрлық формаларымен, екінші жағынан, әдеби әдістердің туып, алмасуымен де тығыз байланысты. Адамзаттың әдебиетке жүктеген міндеттерінің шешілу жолдарын айқындайтын, қазіргі уақытта пайдаланылып жүрген әдеби бейнелеу тәсілдері немесе эпикалық, лирикалық, драмалық тектері тым ерте дәуірлерде жасалған. Эпикалық тәсіл қаламгердің өзін қоршаған дүниені көркемдікпен жаңғыртуына негізделген. Лирикалық тәсіл өмірдің түрлі құбылыстарынан туындаған ой-сезімдерді ақынның тікелей бейнелеуіне бағытталады. Драмалық тәсіл алғашқы екеуінің мүмкіндіктерін өз бойына біріктіреді, яғни пьесадағы түрлі кейіпкерлердің мінездері өздерін-өздері тікелей көрсетуі арқылы ашылады. Аталған үш тәсілдің әдебиет тәжірибесінде өзара байланыстылығына және қаламгердің нақты қолданысындағы формалардың сан түрлілігіне қарамастан, аталмыш үш тектің негізгі ұстанымдары өзгеріссіз қалпында ғасырлар бойына әдебиет туындысының сипатын айқындап келеді. Әдебиет тектерінің бұл тұрақтылығын оңай түсіндіруге болады. Адам нақты бір қоғамдық жағдайларда дамиды, белгілі бір әрекеттер, ойлар мен толғаныстар арқылы өзін-өзі танытады; табиғатқа, бір-біріне, өзіне-өзі түрлі қарымқатынаста болады. Эпос, лирика, драма өзара ұштаса отырып, халықтар өмірінің тұтастай дәуірін қамтитын (мысалы, Гомердің “Илиадасы”, Шекспирдің ”Гамлеті”, М.Әуезовтің ”Абай жолы”) аса күрделі қоғамдық үрдістерді бейнелеуден бастап, бір ғана адамның толғаныс-толқыныстарын көрсетуге дейінгі (мысалы, Абай өлеңдері) адам санасы мен өмірді терең де жан-жақты суреттеуге шексіз мүмкіндіктер ашады. Әдебиеттің тектері немесе тәсілдері жеке-дара тұрып әдеби шығарманың формасы бола алмайды, олар тек бейнелеудің ортақ ұстанымдарын танытады. Бұл ұстанымдар әдеби даму процесінде туыпқалыптасып жататын эпикалық, лирикалық, драмалық формалар арқылы жүзеге асады. Эпикалық бейнелеу эпопеяда, мысалда, поэмада, балладада, әңгімеде, повесте, романда, очеркте, көркем мемуарларда іске асса, лирикалық тәсіл ода, элегия, сатира, эпиграммаларда қолданыс табады. Драманың жалпы ұстанымдары трагедия, комедия, драмада орын алды. Соған қоса, даму үрдісінде әдебиет тектеріне тән түрлі формалардың өзі іштей бөлініп кетеді. Мәселен, романның өзін әлеуметтік-психологиялық, философиялық, сатиралық, ғылыми-фантастикалық, тарихи, т.с.с. романдар

деп қарастыруға болады. Осы жағдайларға сүйене отырып, әдебиет теориясы тек, түр, жанр деген үш ұғымға назар аударады. Ұдайы даму үстіндегі әдебиеттің тектері мен түрлерін бөлудің ортақ ұстанымын ажырату оңай емес. Эпикалық, лирикалық, драмалық туындылардағы түрлердің алуан сипаттылығы адамдардың ұдайы дамып отыратын идеялық-танымдық талаптілектеріне сәйкес келеді. Десек те, қандай да бір түр мен жанрды жасауда шешуші рольді бейнелеу нысанына алынған нәрсенің сипаты белгілейді. Мәселен, қаһармандық және сатиралық поэмаларды алайық. Қаһармандық поэма халық өміріндегі аса маңызды оқиғалардың бірін бейнелеп, сол халықтың өкілінің қуаты мен ерлік қасиеттерін ашуға мақсат ұстанады. Мысалы, М.Жұмабаевтың “Батыр Баян” поэмасы. Сатиралық поэма, керісінше, өмірдегі келеңсіз құбылысты алып, оның сырын әшкерелеуге бағыт алады. Басқа да көркемдік түр элементтері сияқты, түр немесе жанр да мазмұнды ашу құралдарының бірі болып табылады. Алайда бұл мәселенің салмағын жеңілдетіп жіберуге әсте болмайды. Түр таңдау көп жағдайда қаламгердің қабілет-дарынына байланысты. Кейбір қаламгерлер әдеби шығармашылықтың барлық түріне де бірдей қабілетті болып, өз туындысы үшін қажетті түрді еркін таңдауы мүмкін. Мысалы, l.Жансүгіров шығармашылығында поэма да, роман да, фельетон да, өлең де кездеседі. Дегенмен көп жағдайда қаламгер дарыны бір ғана немесе жекелеген әдеби түрлер арқылы ғана жарқырай танылады. Б.Майлин шеберлігі прозалық және драмалық түрлерде жарқырай көрінеді. Сұрақ. Әдеби түрлердің әрқайсының өзіне ғана тән мазмұны болуы мүмкін бе? Жауап. Әдеби түрдің шығарма мазмұнына сәйкес келуіне қарап, қандай да бір түр белгілі бір мазмұнға ғана тән деуге болмайды. Бірдей жанрлар мен түрлерді әр түрлі идеялық бағыттағы қаламгерлер өзінің мақсатына орай әрқилы идеялық мақсаттарды шешу үшін қолдана береді. Мысалы, М.Жұмабаевтың “Батыр Баян”, С.Сейфуллиннің

”Көкшетау” поэмаларындағы Абылай хан бейнесі. Әлбетте, қандай да бір қаламгердің идеялық-көркемдік ерекшелігі оның туындысының түрі мен жанрына тән өзіндік сипатын белгілейді. Бірақ бұл ерекшелік қаламгер пайдаланған түр мен жанрға тән ортақ белгілерді мейлінше қоюландыра түседі. Себебі – жанрда әдеби құбылыстың құрылымдық-танымдық ерекшеліктеріне тікелей қатысы бар белгілер айқындалады. Шын мәнінде, ода, элегия, лирикалық поэма, тұрмыстық комедия, роман-эпопея, т.с.с. жанрларды айтқанда, біз әдеби туындының белгілі бір құрылым үлгісін ғана түсінбей, сонымен бірге ондағы өмірлік құбылысты бейнелеу сипатына тән ерекшеліктерді де түсінгеніміз орынды. Мәселен, тұрмыстық комедия мен элегияда, лирикалық поэма мен романэпопеяда бейнеленетін өмірлік шындықтардың ауқым-аясы да, суреттелу мүмкіндігі де түрлі деңгейде болатыны сөзсіз түсінікті.

Сұрақ. Қазіргі қазақ әдебиеті әлемдік әдебиет дамуына өз үлесін қосқан, көзі қарақты барша адам баласына танымал әдебиеттердің бірі. Алайда өзге елдер әдебиетінде әлдеқашан пайда болып, тіпті өзіндік дәстүрлері қалыптасқан жанрлар мен түрлердің кейбіреулері біздің әдебиетте әлі күнге дейін жоқ екендігі де рас. Осының сыры неде? Жауап. Бұл сұрақ әдеби түрлер мен жанрлардың нақты әлеуметтіктарихи сипаты жайында сөз қозғауды қажетсінеді. Сондықтан осы мәселеге де тоқталып өтелік. Өнер түрлерінің даралануы, сондай-ақ әдебиеттің өзінің үш текке бөлінуі – ұзақ тарихи даму нәтижесі. Көркем шығармашылықтың алғашқы сатысына синкреттік сипат, яғни тұтастық сипат тән. Бұл кезеңде әдебиеттің болашақ тектері бір-бірімен тұтасып, тығыз бірлікте ұшырасады. Мысалы, ауыз әдебиетінің үлгілері. Даму барысында синкреттік сипат мәнінен айырылып, өнердің жекелеген салаларына бөлінеді де, олардың өзі іштей тармақтала бастайды. Әдебиет те өзімізге белгілі үш текке бөлініп, уақыт өте келе сол тектерден алуан үлгідегі түрлер мен жанрлар даралана бастайды. Әрине, барлық халықтарда көркем шығармашылық бірыңғай ретпен, бірдей жүйемен дамымайтыны түсінікті. Қоғамдық қатынастардың өзіндік сипаты, өмір деңгейінің алуан түрлілігі әр халықтың ұлттық көркемдік дамуын айқындағаны анық. Жекелеген ұлттар әдебиетінде белгілі бір түрлер мен жанрлардың басым болып келуі қай кезде де ұлттық дамудың нақты қажеттілігінен өрбиді. Қандай да бір халықтың қоғамдық дамуындағы ұлттық-тарихи ерекшелік әдебиеттің тектері мен жанрлық сипаттарына да әсер етеді. Мысалы, қазақ әдебиеті тарихындағы жыраулық поэзия, шешендік өнер, XX ғасыр басындағы ағартушылық және ағартушылық-демократтық бағыт, т.с.с. Жекелеген әдеби туындының ұлттық-тарихи, өзіндік ерекшеліктері олардың жанрлық сипаттарының айрықша жақтарын да белгілейді. Сол себепті де әдебиеттің қандай да бір туындысының түрлік және жанрлық сипаттарын талдау әрқашанда қарастырылып отырған құбылыстың барлық күрделі жақтарын ескеруге, мейлінше нақтылыққа негізделуге тиіс. Түрлер мен жанрлардың тарихи дамуының жалпы заңдылықтары нақты қоғамдық қажеттіліктермен, адамдардың танымдық, адамгершілік, эстетикалық талаптілектерімен анықталады. Түрлер мен жанрлардың ықпалдылығы осы заңдылықтармен түсіндіріледі. Қай кезде де өнер туындысының шынайы таразысы – өмірдің өзі. Сұрақ. Әдеби тектер, түрлер, жанрлар бірінен-бірі өрбіп жататын ұғымдар екенін аңғардық. Енді осы мәселелерге жеке-жеке арнайы тоқталсақ… Жауап. Олай болса, әңгімені әдеби тектердің даму тарихына қысқаша шолу жасаудан басталық. Әдеби тектердің бөлініп шығуы алғашқы қауымдық құрылысқа тән көпшілік бірлесе орындайтын ырым-жоралғылық синкреттік әрекеттерден

(мысалы, бәдік), яғни көпшілік арасынан даралық сипаттардың айқындала бастаған тұсынан басталады да, эпоста халық өмірі, лирикада ішкі толғаныстолқыныстар, драмада адам болмысынан тыс құдірет иесі – жазмышпен тартыс арқылы көріне бастайды. Әрине, өнердің алғашқы жалпылық сипаты мен даралық белгісі бірден ара-жігін ажыратып әкетпегені де аян. Оған дәлел – көне грек трагедияларындағы кейіпкерлер мен хордың пікір алмасуы, кезектесе көрінуін атауға болады. Әдеби тектердің әрі қарай даму үрдісі біріне-бірі жалғасып жататын жанрлардың өзгерістері арқылы жүзеге асады (мысалы, эпос эпопея, идиллия, мысалдан роман, повесть, әңгімеге ұласты), сондай-ақ белгілі бір жанрдың нақты бір бағытпен байланысы (мысалы, классицизмде лириканың маңызы төмен болса, романтизмде ол өз мәніне толық ие болады) нәтижесінде, белгілі бір текке тән байырғы белгілердің сіңісуі (мысалы, лиро-эпостық дастандар, лирикалық және эпикалық драма пайда болды; эпос пен эпикалық, лирика мен лирикалық, драма мен драмалық сипаттардың тектік түр және тектік мазмұн ретінде саралануы көкейкесті бола бастады; бұл жағдай аталмыш ұғымдардың бір-бірімен біржақты тәуелділіктен құтылып, алуан үлгіде өзара үндестікте дамуына жол ашты). Әңгімелеу құрылымына қарай диалог, авторлық баяндау, төл сөз бен аңыздық желілерді бірдей тоғыстырған роман – қазіргі таңдағы эпикалық негіздегі көркемдік-эпикалық синтез көрінісі. Осыған ұқсас үлгі ретінде драмалық негіздегі кино-телесценарийді атауға болады. Ілкі синкретизммен ұласа келген әдеби тектердің ара-жігінің айырылуы мен даралануының ұзаққа созылған кезеңінен соң, ХХ ғасырдағы әдебиетте әдеби тектердің өзара жақындасуға ұмтылысы байқалды. Эпос, лирика, драманың әрқайсына жекежеке телініп келген ерекшеліктер ендігі жерде сөздік құрылымның жаңа үлгілеріне орын бере бастады. Яғни көркем ой-пікірдің субьектісі мен обьектісі арасындағы шарттылық шекарасы бұзылды. Мұның нышандары ішкі монологқа, аңыз-мифтерге, фольклорлық синкретизм дәстүрлеріне, ойқиял мен шындық арасындағы шекараны жоққа шығаруға бейім “ой ағымына”, т.с.с. құштарлықтан айқын көрінді. Сұрақ. Әдебиетті тектерге саралай қарастыру мәселесі қалай дүниеге келген? Жауап. Әдебиетті текке жіктеу дәстүрі Аристотельдің “Поэзия өнері туралы” трактатынан басталып, әдеби тектерді қалыпты поэтика (нормативная поэтика) рухына негіздей отырып саралауды ұстанған француз классицизмінде, сондай-ақ И.В.Гетеден Г.Гегельге дейін қамтитын неміс классикалық эстетикасында жалғасын тапты. Әдеби тектер ұғымына Ресейде В.Г.Белинский философиялық-логикалық және гносеологиялық тұрғыдан жаңа мазмұнда қарастырды. Ең алғаш рет ежелгі грек философы Аристотельдің “Поэзия өнері жайында” атты трактатында (б.д.д. ІV ғ.) белгіленген әдеби тектер теориясы дамудың ұзақ жолынан өтіп, сан қырлы ғылыми және философиялық тұрғыдан қарастырылды. Кей тұстарда бұл теория көркем шығарманың шын

мәніндегі алуан түрлілігін ашып көрсетуге қабілетсіз, тым бір жақты деп те сынға ұшырады. Алайда әдебиетті тектерге (топтастыру) бөлу идеясы күмән мен теріске шығарудың қатал сынағынан сүрінбей өтті. Себебі бұл мәселе Аристотельдің ойынан шығарған нәрсе емес, көне грек әдебиетіндегі көркемдік тәжірибелерді жинақтаудан келіп шыққан болатын. Көне грек әдебиетінде шығарманың үш типі өзінің ерекшеліктері мен өркендеуінің аса маңызды кезеңін айқын танытты. Неміс философы Г.Гегель еңбектерінде үш тек идеясы философиялықлогикалық жағынан негізделді. Гегель пікірі бойынша, эпос шығармашылықтың обьективті бастауына сәйкес келеді, лирика субьективтілікке, драма өз бойына обьективтілік пен субьективтілікті бірдей тоғыстырады. Басқаша айтқанда, эпикалық туындыларда оқиға, лирикада әсер, драмада әрекет басым болады. Сәл кейінірек Гегель тағы бір үштаған үлгісін ұсынады, яғни “лирика – грамматикалық І жақ пен “мен”, драма – ІІ жақ пен “сен”, эпос – ІІІ жақ пен “ол” дегенге сәйкес келеді. Егерде аталмыш “үштаған” мәселесін қаз-қалпында, тура мағынасында қабылдамай, ішкі мәніне көз жүгіртер болсақ, тек айырмашылықтарын дұрыс танып-білуге мүмкіндік берері анық. Яғни лирикада қаламгер дүниені өзінің жандүниесінен өткере отырып бейнелейді; эпоста адамдар мен қоршаған ортаны біршама арақашықтықтан сырттай бақылағандай баяндайды; драмада дүниені түрлі адамдардың пікірлесуі, сөз қақтығысы арқылы танытады. Гегель түсіндіруінде, үш тек идеясы даму мен танымның жалпы диалектикалық заңдарымен бірлікте алынып, кең ауқымдағы түсіндірушілік мән иеленді. Кейінгі әдебиет теоретиктері бұл мәселеге шығармашылық тұрғыдан келді. Мәселен, В.Г.Белинский XІX ғасырдағы Ресей әдебиетінде көріне бастаған түрлі әдеби тектердің өзара сабақтастығының себебін дәл танып, түрлі тектердің бір-бірімен ұштасып жатуынан классикалық үлгілердің бұзылуын емес, керісінше, заңды түрдегі даму үрдісін көре білді. Әдеби тектер теориясы тарихи поэтика саласында да өзінің негізгі мәнінде қабылданып, тереңдей зерттеу нысаны болды. Мәселен, А.Н.Веселовский фольклордан жеке шығармашылықтың бөлініп шығу заңдылықтарын зерттеу барысында эпикалық баяндаулар мен лирикалық үлгілердің ең ежелгі синкреттік (яғни сөздік-әуездік) поэзиядан, драманың халықтық әдет-ғұрыптардан басталғанын аңдап, олардың бөлініп шығу процесін байыптайды. ХХ ғасырда әдеби тектерді экзистенциалдық-психологиялық және формальды-құрылымдық тұрғыда түсіндірумен қатар (Швейцарияда – Э.Штайгер, АҚШ-та – К.Берк, т.б.), батыс сынында аталмыш категорияға (әдеби тек) теріс көзқарас та туды. Бұл көзқарас бойынша әдеби тек ұғымы эстетикаға догмалық рационализмнің сырттан таңған нәрсесі және бұл бірегей көркем дүниелерге қол жеткізуге жарамсыз деп саналды. Сонымен бірге кейбір бағыттарда, мысалы, Чикаголық “жаңа сын” мектебіне тән “неоаристотельшілдерде” (неоаристотелианцы) әдеби тек категориясы

біртуар туындының әдеби тек пен жанрдың ортақ заңдарымен ара қатысын белгілеуге (онсыз ешқандай сыни баға болуы мүмкін емес) мүмкіндік беретін эстетикалық пікірді жинақтаушы критерий кеңінен қолданылады. Қазіргі эстетикада да әдеби тектердің маңыздылығы мен тарихи өзгермелілігі проблемасы, олардың өнер жүйесіндегі орны жан-жақты жете зерттелуде. Сұрақ. Әдеби тек ұғымының шығу себебіне, ұғым ретінде пайда болу, даму жолына зер салдық. Олай болса, әдеби тек ұғымының анықтамасы қандай? Жауап. Әдеби тек – обьектіге немесе субьектіге қатысты танымдық бағыты мен өзінің сөздік қолданыс сипаттары типтері бойынша ұқсас келетін әдеби туындылар қатары; немесе көркемдік бейнелеу актісінің өзі. Яғни сөз заттық дүниені суреттейді, яки сөйлеушінің жай-күйін көрсетеді, не болмаса сөздік қарым-қатынас жасау процесін елестетеді. Дәстүрлі түрде әдеби тектер үшке бөлініп, әрқайсысы сөздің белгілі бір қызметіне (яғни репрезентативтік, эмотивтік, коммуникативтік) сай келеді де, оның эстетикалық ерекшелігін белгілейді: 1) эпос, болмысты белгілі бір ауқымда (көлемде), уақыт пен кеңістік аясында және оқиғалар шеңберінде (сюжеттілік) қамтиды; 2) лирика, жеке адамның ішкі дүниесін албырттығымен, әсершіл сезімінің қалыптасып, өзгеруімен, мұң-қиялымен, көңіл ауанымен, қайғы-қуанышымен, т.б. ашып көрсетеді; 3) драма, сөздік әрекеттерді эмоционалды-ерікті ұмтылысымен, әлеуметтік-психологиялық сипатымен, ішкі еркіндігімен және сыртқы шектеулілігімен, қысқасы, екі жақты экспрессивті-сюжеттік қатынастарымен танытады. Сол арқылы әдебиеттің бұл тегі өз бойында лирика мен эпостың сипаттарын ұштастырады. Әдеби тек категориясы бейнелеу, суреттеу (сөзбен) және сахналау (бейнелеу + суреттеу) өнерлеріндегі эстетикаға тән шектеулермен байланысты. Сонымен қатар субьекті мен обьектінің (және олардың өзара байланысы) жалпы гносеологиялық категорияларымен де байланысты. Бұл жағдай оны (әдеби текті) әдеби феномендер жүйесі мен типологиясында негізгі (орталық) етіп жасайды, және оларды түрлері мен жанрлары бойынша неғұрлым нақты жүйелеуде бастапқы мәселе етеді. Әдебиетті тек тұрғысынан бөлудің алғы шарты – көркемдік құралы ретіндегі сөздің полиморфтық (полиморфизм) сипаты, бұл орайда сөз өзінің пластикалық, экспрессивті және динамикалы қасиеттері жағынан бояу, дыбыс, қимылға жақын келеді. Әдеби тектер арасындағы айырмашылық олардың әрқайсысының өзге өнер түрлерімен таңдап (сәйкесіп) үндесу (синтез) қабілетімен анықталады. Бұл тұрғыда лирика музыкамен (әнәуезбен), драма пантомимомен (театрмен), эпос сурет және графикамен (кітаптағы иллюстрация) үйлесіп жатады. Әдебиеттің тек тұрғысынан үш жақтылық ерекшелігі жақ пен шаққа қатысты лингво-психологиялық категориялармен орайлас: Лирика – “мен” және ”осы шақ”, драма – ”сен” және ”келер шақ”, эпос – “ол” және ”өткен шақ”.

Сұрақ. Қаламгер бейнелеген өмір суреттерінде дүние мен адам ара қатынасын белгілейтін шығарма құрудың негізгі тәсілдері әдеби тектер болып табылатынын таныдық. Сәл басқаша айтқанда, әдеби тектерді әдеби көркем шығармашылықтың жинақы типі деуге де келеді екен. Ал әдеби тектерден әдеби түрлердің айырмашылығы неде? Жауап. Бұл сұрақтың жауабын да, әдеби тектердің әрқайсына тән түрлерді де келесі әңгіме барысында арнайы қарастырғанымыз дұрыс болар.

Он үшінші әңгіме
немесе
Әдеби түрлер

Жауап. Сонымен, бүгінгі әңгімемізді өткен жолғы сұрақ төңірегінде өрбітелік. Сұрақ әдеби түрлерге қатысты қойылған болатын. Жауапты қысқаша қайтаруға талаптанып көрелік. Ең алғаш европалық поэтикада Аристотель теориялық тұрғыдан қарастырып, жүйелеген әдеби түрлердің эстетикалық ұстанымдары мен құрылымдық жүйесі әдебиет дамуының түрлі кезеңдерінде тарихи өзгерістерге байланысты түрлі сипатта (мысалы, антикалық роман, Ағартушылық дәуірінің романы, сыншыл реализм романы, социалистік реализм романы) көрініп, соған сәйкес жаңа теориялық негіздеулер жасалды. Дәлел ретінде мерзімдік тұрғыдан түрлі кезеңдерді қамтитын Г.Лессинг, Н.Буало, Г.Гегель, Ф.Шиллер, В.Г.Белинский пікірлерін атауға болады. Әдеби түрлердің одан әрі типологиялық жүйеленуі әдеби жанрлар жүйесіне қатысты дамыды. Шындығына жүгінсек, теориялық тұрғыдан шекарасын ажыратудың қиындығынан кейде әдеби түр мен жанр ұғымдары бір-бірімен алмасып та кетеді. Жаңсақ түсініктердің пайда болуына кейбір терминдердің дыбыстық жағынан бірдей болып келуі де әсер етеді. Дәлел ретінде бір ғана “драма” сөзінің тек, түр, жанр ретінде қатар қолданыла беретінін келтіруге болады. Мысалы, “драма – оқиға, іс-әрекетті диалог арқылы бейнелеу” десек, тек мәнінде; О.Бөкейдің “Құлыным менің” драмасы десек, түр мәнінде; тарихи драма десек, жанр мәнінде қабылдау қажеттігі анық. Тұжыра айтқанда, әдеби түр – әдеби тек аясындағы поэтикалық құрылымның тұрақты типі. Әрбір әдеби тектің өзіне тән әдеби түрлері бар. Мысалы, эпостың негізгі түрлеріне – эпопея, роман, повесть, әңгіме, поэма, лирикаға – лирикалық өлең, лирикалық поэма, жыр, драмаға – трагедия, драма, комедия жатады. Сұрақ. Осы тұста тағы бір сұраққа назар аудару қажеттігі байқалатын тәрізді. Ол – әдеби түрлерді бір-бірінен ажыратуға негіз болатын белгілерге байланысты сұрақ. Мәселен, қара сөзбен жазылған повесть пен әңгімені екі түрге бөлген кезде, олардың қандай белгілеріне сүйенеміз? Басты белгі – шығарма көлемі ме?

Жауап. Шығарма түрін анықтауда белгілі бір тұстарда көлемнің де маңызды роль атқаратыны рас. Алайда шығарманың түрін анықтауда тек қана көлемге ден қою жаңсақтыққа ұрындырады. Сол себепті әдеби түрлердің бәріне болмаса да, кейбіріне назар аударып өту артықшылық етпесі анық. Сұрақ. Олай болса, эпикалық түрлерден басталық. Жауап. Эпостың негізгі түрлерін әлгінде атап өттік. Солардың бірі – тарихи тамыры әріден басталатын эпопея. Ұлыстар мен халықтардың ең алғаш қалыптаса бастаған көне дәуірінде бірқатар елдерде сол халықтардың тарихынан алынған елеулі де даңқты оқиғалар жайында баяндайтын қаһармандық жырлар жасала бастады. Бұл кезеңде халықтардың өмірі мен санасы белгілі бір дәрежеде оның өкілдерінің мүдде ортақтығымен сипатталып, халық шығармашылығының туындыларында көрініс тапты. Қаһармандық жырлардың басты өзегіне жалпыхалықтық маңызға ие оқиғалар мен құбылыстар алынды. Осындай жырлардың дамып, бір жүйеге түсуі негізінде ежелгі Грекияда “Илиада”, ”Одиссея” тәрізді ұлы эпопеялар жасалды. Классикалық эпопея адамзат тарихының белгілі бір кезеңінде ғана туып, өмір сүруі мүмкін болды. Оның мазмұны “адамзат қоғамының сәби кезеңіне” тән адамдардың мифологиялық танымымен ұштасып, сол кезеңдегі қоғамдық қарапайым қатынастардан өрбіп жатады. Эпопея өзегі – барша халық өмірі үшін аса маңызды өткен күндер оқиғасы. Қажетсіз тәптіштеулерден аулақ хикая түрінде ол болған оқиғалардың қаһармандық сипатын мейлінше таза бейнеде көрсетті. Өткенді баяндай отырып, бұл оқиға, бір жағынан, өзінің сол тұстағы мәнін де жоғалтпады; оқиғаның ақиқат екендігі тұтас күйінде де, жекелеген бөлшектер бейнесінде де күмән тудырмады, әңгімелеуші де, оның тыңдаушылары да оқиғаның ақиқаттығына да, оған деген өздерінің көзқарасының дұрыстығына да шәк келтірмеді. Бейнелеу өзегіне алынған оқиға ауқымы аса кең шеңберді қамтитын. Халық өмірінің бүкіл қыры орасан ұлыдан мейлінше кішкентайға шейін оқиғаны бейнелеу барысында ашылды; халықтың ой-санасы әрбір оқиғадан, қаһарманнан, деректерден айқын байқалады. Эпопея өз аясына кейіпкерлерді молынан қамтыды. Бұл халық өмірін мейлінше мол қамтуға деген қажеттіліктен туды. Эпопеяның бас қаһармандарына әрекет еркіндігі мен әрбір әрекеті үшін халық алдындағы жауапкершілік тән болады. Классикалық эпопеяны жоғарыдағы үлгідегі мазмұнына сәйкес, метафораға, күрделі эпитеттер мен теңеулерге бай тілі де даралап тұрады. Ежелгі грек жерінде туған классикалық эпопея үлгілері (”Илиада”, ”Одиссея”) өнер дамуының барлық дәуірлерінде өзінің байырғы қалпын сақтап қалды. Басқа халықтарда да дамудың балаң кезінде классикалық эпопея үлгілері дүниеге келді. Бұл орайда, әсіресе, үнді халқының “Махабхарата”, ”Рамаяна” эпостарын атап өткен дұрыс.

Классикалық эпопея үрдісін жалғастыруға ұмтылыс кейінгі дәуірлерде де кездесті. Мысалы, б.д.д. Вергилийдің “Энеида”, португал ақыны Камоэнстің ”Лузиада” (XVІ ғ.), итальян ақыны Торквато Тассоның ”Азат болған Иерусалим” (XVІ ғ.), неміс ақыны Клопштоктың ”Мессиада” (XVІІІ ғ.), т.б. атауға болады. Алайда бұлар классикалық эпопеяны қайта оралта алмағаны белгілі. Әрине, классикалық эпопея әдебиеттің дамуына үлес қоса алмады, оның көптеген сипаттары жаңа негізде, жаңа үлгіде дамымады деуге, әсте, болмайды. Классикалық эпопеяға тән түрлі белгілер қазір де кәдеге асуда. Эпопеяның жекелеген белгілері қандай да бір халық өмірінен аса маңызды орын алатын оқиғаны бейнелейтін және сол оқиғаға халық көзімен қарайтын ұлы жазушылардың шығармаларында жиі орын алып отырады. Бұған дәлел ретінде Л.Толстойдың “Соғыс және бейбітшілік”, М.Әуезовтің ”Абай жолы”, т.с.с. шығармаларды атай аламыз. Бірақ бұл жағдайларда оның өткенге жалаң еліктеу емес, керісінше, дамудың белгілі бір кезеңіндегі халық өмірін жаңарта, жаңғырта бейнелеу екендігін есте сақтау керек. Сұрақ. Бейнелеу аясы неғұрлым кең ауқымды қамтитын классикалық эпопеяның кейінгі дәуірлердегі заңды жалғасы ретінде роман келген жоқ па? Жауап. Жоғарыда айтып өткеніміздей, эпопея өзегіне жалпы халықтың өміріндегі аса маңызды оқиғалар алынады. Эпопеяға тән бұл сипат кейінгі дәуірлер еншісіндегі жекелеген көлемді туындыларда әредік ұшырасқанымен, олардың негізгі ерекшелігі болып табылмайды. Сол себепті романды эпопеяның заңда жалғасы деп тану да жаңсақтық болмақ. Сондайақ, эпопея мен роман арасында ешқандай сабақтастық жоқ деудің де қисыны келмейді. Сұрақ. Олай болса, әдеби түр ретінде “роман” қандай ерекшеліктерге ие? Жауап. Алғашында орта ғасырларда роман тілдерінде жазылған шығармалардың барлығы да “роман” деп аталған. Француз және неміс тілдеріндегі “roman” сөзінен бастау алатын “роман” сөзінің әдеби түр атауына ұласуы әдеби дамуға байланысты. Қазіргі таңда роман деп үлкен көлемдегі және прозалық үлгіде жазылған эпикалық туындыны айтамыз. Бүгінгі әдебиетте повесть, әңгімелермен қатар роман да маңызды орын иеленеді. Романда негізгі роль атқаратын жағдай оқиғаны жүйе-жүйесімен суреттеу де, яки әңгімелеу машығы да емес, сюжет болып табылады. Романда уақыт жағынан неғұрлым ұзақ мерзімді қамтитын оқиғаларды арқау ете отырып, адам өмірін ағымдағы сан алуан құбылыстармен тұтастықта, мейлінше жан-жақты көрсетуге мүмкіндік бар. Роман мүмкіндігінің ауқымы, әсіресе, әңгімемен салыстырғанда ерекше байқалады. Романның көлемдік мүмкіндігі оның бейнелеу сапасына да ықпал етеді. Яғни романда суреттелетін тартысты тармақтай өрбітіп, оқиғалар желісін ұзақ уақыт бойына кеңінен ширықтыра дамытуға да немесе құбылыстарды, қаһармандар әрекетін, оқиғалардың даму жолын нақты детальдар бойына жинақтап көрсетуге де болады. Роман ерекшеліктерінің бірі – оның адам мен

қоғам қарым-қатынасын, адамның дүниедегі орнын алуан қырынан қарастырып, барынша толық көрсетуге қабілеттілігі. Роман көлемі шығармаға түрлі хикаялар мен авторлық шегіністерді, хаттар мен күнделіктерді, бейнелі суреттер мен драмалық диалогтарды, поэзиялық түрлерді, т.с.с. бәрін де қамтуға мүмкіндік береді. Роман мазмұнының әр түрлі болып келуі оның түрлік тұрғыдан да алуан сипатта көрінуіне әсер етіп, мазмұнды ашуға қажетті әрқилы тәсілдерді молынан пайдалануға жол ашады. Ақиқат өмірді кең ауқымда бейнелейтін роман үшін хроникалы желідегі сюжеттер де, сондай-ақ, бір орталыққа шоғырланған (концентрические) сюжеттер де жат емес. Сұрақ. Аталған сюжет үлгілерінің ерекшелігі неде? Жауап. Хроникалы сюжет деп сан алуан оқиғаларды хроникалық реттілікпен, яғни уақыт жағынан бірінен бірін өрбіте бейнелейтін сюжеттерді айтамыз. Бір орталыққа шоғырланған сюжеттерде оқиғалар уақыт тұрғысынан ғана ұштасумен шектелмейді, сол оқиғалардың өзара байланыстылығы, олардың болуының түпкі себептері тереңнен дәлелдене көрінеді. Роман дамуының алғашқы кезеңдеріне тән шым-шытырық оқиғалар үлгісіндегі хроникалы сюжеттер антикалық, рыцарлық романдарда басым болды. Қазіргі романдар сюжетінде оқиғалардың сыртқы көрінісі ғана бейнеленбейді, сонымен бірге қаһарманның ішкі жан-дүниесіндегі даму “хроникасы” да ұдайы көрініс тауып отырады. Романға тән тұтастық қасиет ондағы суреттелген оқиғалар мен құбылыстардың, бейнелердің сюжеттік бірлігінен ғана танылмайды, сонымен қатар автордың ақиқат өмірге деген көзқарасы мен көркемдік бейнелеу тәсілдерінің бірлігінен де көрінеді. Мысалы, “Абай жолы” романындағы алуан тағдырлар, тұрмыс суреттері, қақтығыс-тартыстар, тарихи оқиғалар көрінісі, философиялық ой-толғамдардың қай-қайсы да автордың дүниетанымы, өмір заңдылықтары мен адам болмысының мәні жайындағы қаламгер түсінігі арқылы өзара байланысып, тұтасып жатады. Сұрақ. Эпопея мен романның екі әдеби түр екені түсінікті. Сондай-ақ романның эпопеядан кейін пайда болғаны да аңғарылады. Десек те, роман жайындағы сөз соңында оның тарихи даму жолына қысқаша шолу жасай өту де артық болмас еді. Жауап. Роман – тарихи даму жемісі. Құдайлар мен батырлардың әрекеттерін бейнелейтін қаһармандық эпостар адамзат дүниетанымының кеңеюіне байланысты біртіндеп әдебиеттегі жетекші ролінен айырыла бастады. Соған орай, кәдімгі адамның күнделікті өмірі мен тағдырын, ісәрекеттері мен мінез-құлқын, ой-арманын суреттеу алдыңғы орынға шықты да, уақыт талабы адам өміріне бағыт ұстанған роман жанрын дүниеге әкелді. Әрине, ежелгі дәуірлерде роман бірден маңызды орын иеленді десек, қателескен болар едік. Ол дәуірлерде романның қосалқы жанрлардың бірі болғаны анық. Ал, феодалдық және діни-аскеттік кедергілердің күйреуіне,

жеке адам еркіндігіне, оның ой азаттығына жол ашқан Қайта өрлеу дәуірі роман мүмкіндігінің мейлінше жан-жақты көрінуіне ерекше ықпал етті. Романның шын мәнінде өркендеуі XІX ғасыр еншісінде. Осы кезеңнен бастап романның түрлі жанрлары, яғни әлеуметтік, саяси, тарихи, философиялық, психологиялық, тұрмыстық, фантастикалық, детектив, т.с.с. романдар кеңінен қанат жайды. XІX ғасырда роман әдебиеттің өзге жанрларының жетістіктерін өз бойына дарыта отырып, кемелдене түсті. Өмірдің алуан жақтарын қамти көрсетуге, адам болмысының әлеуметтік қырларына сыншылдықпен үңілуге, қаһарманның ішкі әлеміне тереңдей бойлауға бет бұрды. Әсіресе, психологиялық роман бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жетті. Роман-эпопея туды. Қазіргі таңда да роман өзінің тарихи маңызын жоймаған әдеби түрлердің бірі екені белгілі. Сұрақ. “Повесть дегеніміз шағын көлемді роман” деген Белинский пікірі бар. Шындығында да солай ма? Жауап. Повестің романға біршама жақын келетін тұстары бар екені рас. Повесте де романдағы сияқты, қаһарманның сипаты, қоршаған орта, адам мен қоғам арасындағы қарым-қатынас эпикалық тұрғыдан кеңінен суреттеледі. Дегенмен роман мен повесть арасында айырмашылық бар. Бұл айырмашылық олардың ақиқат өмірді бейнелеудегі идеялық-эстетикалық даралығынан танылады. Романға қарағанда, повесте қамтылатын материал көлемі шағын болып келеді. Алайда, повесте қамтылған мәселе барлық қырынан дерлік мұқият қарастырылып, мейлінше айқын суреттеледі. Сонымен бірге, повесте автордың өзі бейнелеп отырған құбылыстарға, адамдар бейнесіне деген көзқарасы анағұрлым күшті сезіледі. Яғни повесте субьективтілік элемент басым танылады. Повесте, әңгімедегі сияқты, ауызша баяндауға тән белгілердің де сақталатыны бар. Сонымен бірге кейіпкердің дамуы, ортаның адамгершілік, әлеуметтік,экономикалық жағдайы, жеке адам мен қоғамның өзара байланысы да бейнеленеді. Сұрақ. Повесть қалай пайда болған? Жауап. Өзге де прозалық жанрлар сияқты, повестің де көнеден келе жатқан шығу тегі бар. Мәселен, повесть жеке адам тағдырына және барша қоғам үшін аса маңызды оқиғаларға баса назар аудару,түрлі дәуірлерге тән әдеби белгілерді өз бойына жинақтау сияқты сипаттарды ертегі мен аңыздардан алмасқан. Повесть бойында ауызша әңгімелер элементтері де, жылнамалар мен құжаттық жазбалар нышандары да ұшырасады. Ағымдағы оқиғаларға дер кезінде үн қосу, тарихи деректердің мәніне үңілу сипаттары да повестьке жат емес. Түйіндей айтқанда, повесть – ауызша әңгімелеу мен жазбаша баяндау дәстүрлерін, фантастика мен тарихи дәлдікті, ақиқат өмірді еркін бейнелеуге бейім ауызекі әңгіме түрі мен өмір шындығын поэтикалық жинақтау әдістерін өз бойына бірдей тоғыстырған әдеби түр. Сұрақ. Әңгіме бағытын “әңгімеге” бұрайық.

Жауап. “Әңгіме” термині әдебиеттануда әдеби түр және әдеби жанр ретінде екі мағынада қолданылады. Әңгімені осы екі мағынаға байланысты қарастырып көрелік. Біріншіден, әңгіме – біртұтас көркем оқиғаны баяндай бейнелеуге арналған, мәтін көлемі шағын әдеби түр. Демек, әңгімеге тән негізгі белгілер – оқиға бірлігі мен шағын көлем. Көлем дегенде, мәселе әңгіме жазылған парақ санына емес, қаламгердің бейнелеу тәсілдеріне қатысты. Қаламгер әңгіме жазу барысында бейнелеу құралдарының ең ықшам түрлерін үнемді қолдануға ұмытлады. Мысалы, повесть пен әңгіме өзегіне алынған бір ғана фабула көркем сюжетке айналған кезде повесте кең ауқымда, әңгімеде мейлінше шағын көлемде көрініс табады. Себебі повесте оқиға түрлі қырынан жан-жақты бейнеленеді де, әңгімеде қаламгер оқушы зейінінің ең маңызды мәселеден ауытқымауы үшін оқиға тұастығын сақтауға ұмтылады. Әңгімедегі оқиға тұтастығы қаламгер мақсатының бірлігінен туындайды. Нәтижесінде шығармадағы оқиға мен қаламгер ойының бірлігі әңгіме әсерінің тұтастығына ықпал етеді. Әдеби түр ретіндегі әңгіменің тарихи қалыптасқан екі жанры бар: біріншісі – әңгіме (жанр мағынасында), екіншісі – новелла. Әңгіме мен новелла арасында мызғымас шекара жоқ. Дегенмен, бұл жанрлардың ішкі құрылымында бір-біріне кереғар сипаттар бар. Бұл ерекшеліктерді ажырата білудің әңгіме мен новелла мәніне тереңдей дендеп, дұрыс түсінуге септігі тиері анық. Енді осы ерекшеліктерге тоқталып өтелік. Новеллаға өткір тартыс, драматизмге толы сюжет тән болып келеді де, көбінесе оқыс шешіммен аяқталып отырады. Бұған мысал ретінде Дж.Боккаччо, Ф.Саккетти, Маргарита Наваррская, Э.Т.А.Гофман, Э.А.По, П.Мериме туындыларын атауға болады. Новелладағы әрекет драматизмі автордың ой ағымындағы драматизммен, тартыс өткірлігі шығарманың өне бойында бірін-бірі жоққа шығарып жататын көзқарастардың алуан түрлілігімен байланысты. Ал жанр мағынасындағы әңгімеде сюжет те, ой да мүлде басқаша сипатта көрінеді. Әңгімедегі оқиға тұтастығы арқылы өмірлік мәңгілік заңдылықтар бейнеленеді. Новеллаға драматизм тән болса, әңгімеге көбінесе лиризм етене болып келеді. Қалай болғанда да әдеби түр ретінде әңгіме дүниені драмалық қайшылықтар мен лирикалық тұтастыққа бейімдей отырып, көркем бейнелеуге ұмтылады. Соған орай, новелла мен әңгіме жанры өзара тең дәрежеде бірін-бірі толықтырып отыратын өмірлік шындықты бейнелеу тәсілдері, бір әдеби түрдің екі жанры болып табылады. Сұрақ. Әдеби түрлер жайындағы әңгімеміздің басында “эпостың негізгі түрлеріне эпопея, роман, повесть, әңгіме, поэма; лирикаға – лирикалық өлең, лирикалық поэма жатады” деген пікір айтылды. Сонда поэма эпосқа да, лирикаға да тән әдеби түр болғаны ма? Жауап. Лирика мен эпос – әдеби тек, поэма – әдеби түр. Түр тектен өрбиді. Ал поэма әдеби түр ретінде эпосқа тән. Себебі – поэма (грек тілінде poіema, түбірі poіeo – “жасаймын, туындатамын”) – өлең сөзбен жазылған

сюжеттік желісінде әңгімелеу сипаты басым көлемді туынды. Эпикалық сюжетпен қатар таза лирикалық сюжетке құрылатын поэмалар да кездеседі. Бұл орайда оның романмен белгілі бір дәрежеде ұқсастығы бар. Айырмашылық – көбінесе романның проза тілінде, поэманың поэзия тілінде жазылуында. Ал поэзия тілі мен проза тілінің шығарма сипатына әсер ететіні жайында “Өлең және өлең сөз” жайындағы әңгімемізде азды-көпті әңгімелеп өткенбіз. Поэманың өлең сөзбен жазылатынына қарап оны лирикаға тели салуға болмайды. Шығармаға лирикалық сипат тән болса ғана, ол шығарма лирикалық поэма болып есептеледі. Поэмада көтерілген проблемалар, тақырып пен идея, сюжет пен композиция, қаһармандар жүйесі, т.с.с. барлығы да эпикалық кең тынысқа негізделеді. Сондай-ақ, қара сөзбен жазылған поэмалар бар екенін де ескерген жөн. Мысалы, Ғ.Мүсіреповтің “Кездеспей кеткен бір бейне” поэмасы. Әрине, эпосқа тән әдеби түрлер жоғарыда сөз болған эпопея, роман, повесть, әңгімелермен ғана шектелмейді, сонымен қоса олардың қатарына очерк, мысал, аңыз, ертегі, мифтер де енеді. Лирикалық түрлерге ода, сатира, элегия, баллада, идиллия, мадригал, сонет, т.с.с., драмалық түрлерге трагедия, комедия, драма жатады. Бұл түрлер жайында белгілі зерттеушілердің әдебиет теориясына арналған еңбектерінде жан-жақты мағлұмат берілгендіктен, сол еңбектерді оқуға кеңес береміз. Бүгінгі таңда бүкіл әдеби шығармалар үш тек бойынша топтастырылып, олардың әрқайсысы іштей дараланатын ерекше түрлерге тағы жіктеледі. Қазіргі кезеңдегі әдеби тектердің “эпос – лирика – драма” үлгісіндегі үш жақты жүйесі логикалық жақтан да, тарихилық жағынан да өмір мен өнер дамуының ортақ заңдылықтарына сәйкес келеді. Қазіргі кезеңде әдеби тектердің дамуы мен өзара байланыстылығы поэзияда, прозада, драматургияда қарқынды үрдіс алуда. Мәселен, драмада лиризмнің немесе эпикалық сипаттардың ұшырасуы жиі кездесетін құбылысқа айналды. Сол сияқты, әңгіме, повестерде эмоционалдықсубьективтік нышандардың күшеюі лирикалық проза мәселесін туғызды. Бұл құбылыстар әдеби тектер теориясының қағидаларына қайшы емес, керісінше, әдеби тектер жүйесінің іштей қозғалысын, олардың әрқайсысы проза, поэзия, драмада бірдей дамитындығын аңғартады. Нақты бір қаламгер шығармашылығындағы, яки әдеби дәуірлердегі көркемдік ізденістерге тән эпикалық, лирикалық, драмалық белгілердің қарым-қатынасын айқындау арқылы біз сөз өнерінің ішкі мәніне тереңдей түсеміз, оның шынайы өмірмен ара қатынасының сипатын кеңірек танимыз. Сұрақ. Сөз арасында поэзия, проза деген танымал сөздер де айтылып кетті. Қазіргі кезде бұл сөздердің қандай шығармаларды білдіретіні бәрімізге белгілі. Алайда лирика мен поэзияның, эпос пен прозаның ұғым ретінде бірбірінен айырмашылығы бар ма? Жауап. Әңгімені аталмыш терминдердің шығу төркінінен бастайық. Поэзияның түпкі тегі гректің poіesіs сөзінен бастау алады. Бұл сөздің өзі

“жасаймын, туындатамын” деген мағына беретін poіeo сөзінен өрбиді. Проза – латынның prosa сөзінен шыққан термин. “Prosa” сөзінің ар жағында “түзу, қарапайым” деген мағынадағы “prorsa” сөзі тұр. Енді термин ретіндегі сипаттамасына келейік. Поэзия мен проза – әдеби туындыдағы көркем сөздің орналасу тәртібінің екі типі. Көркем сөз қолданысындағы сыртқы ерекшелік, негізінен, ырғақ арқылы танылады. Поэзиялық шығармалар тілі өлең сөз жүйесіне тән ұстанымдар арқылы жасалады да, өлең құрылысы заңдылықтары бойынша айқын бөліктерге жіктеліп тұрады. Прозалық шығармалар тілі абзацтарға, сөйлемдерге және колондарға бөлінеді. Поэзиядағы ырғаққа қарағанда прозадағы ырғақ әлі де толық қарастырылмаған күрделі мәселелердің бірі болып табылады. Әдебиет тарихының алғашқы дәуірлерінде сөз өнерінің өзі поэзия деп аталған. Оның себебі алғашқы әдеби туындылардың бәрінің өлең сөзбен немесе ырғақтық-интонациялық жағынан өлеңге жақын келетін үлгіде жазылуында. Ал проза деп қара сөзбен жазылған (көркем сөз болуы шарт емес) шығармалардың бәрі, яғни философиялық, ғылыми, публицистикалық, ақпараттық, т.с.с. жазбалардың бәрі айтылғаны белгілі.

Он төртінші әңгіме
немесе
Әдеби жанрлар

Сұрақ. Әдебиеттануда қалыптасқан әдеби тектер, әдеби түрлер деп аталатын ұғымдардың қандай мәселелерді қамтитынын, не үшін қажет екендігін таныдық. Осы ұғымдармен қатар, “жанр” деген түсінік те бар емес пе? Жауап. Иә, әдебиеттануда көркем шығармаларға қатысты қолданылатын “жанр” деген де ұғым бар. Көркем шығарманың тарихи қалыптасып, даму үстінде болатын типі жанр деп аталады да, әр жанр өзіндік пішіндер (формалар) арқылы ерекшеленеді. Сұрақ. Мысалы?.. Жауап. Адамдардың рухани-шығармашылық әрекеті, жазу мәдениеті тұрақты жанрлық формалар арқылы көрінеді. Біздің жазғандарымыздың бәрі: күнделік, хат, оқушы шығармасы, баяндама, қабырға газетіндегі хабар, т.с.с. – белгілі бір заңдылықтар мен талаптарға сай нақты жанрлар. Себебі қандай да бір мәтінді жанрдан тыс жазу мүмкін емес. Мәселен, әлдебір құбылысқа қатысты ойыңызды, яки сезіміңізді ақ қағазға түсірдіңіз делік. Дәл сол сәтте әдеби тұрғыдан нақты бір мақсат қоймауыңыз да мүмкін. Десек те, сол үзінді сіздің ырқыңыздан тыс қандай да бір жанрдың үлгісі болып шығары сөзсіз. Әрине, бұл мысалға қарап, сіздің әлгі жазбаңыз көркем шығарма деуге де болмайды. Үзіндіде көркемдік жанр ретінде қабылдану үшін ой-пікірдің еркіндігі мен тереңдігі ойды жеткізудің шеберлікпен ұшталған дәлдігіне ұштасуы қажет.

Сұрақ. Бұл пікірге қарағанда, шеберлікпен жазылған әрбір туындыны жеке-жеке жанр деп тануға болатын сияқты… Жауап. Қалыптасқан жанрлық дәстүрлер қалам ұстағандардың бәріне дүниеге өзіндік көзқараспен қарауға мүмкіндік беретіні де анық, сонымен бірге олар әр авторға өзінің алдындағы көрнекті үлгілерді ескерте отырып, қатаң талап та қояды. Демек, жанр қаламгер ойына еркіндік бере отырып, сол жанрға тән дәстүрлі талаптарды сақтауды да міндеттейді. Жанрлардың өмір сүруінің ең басты екі шарты ретінде оның әдеби жадының беріктігі мен тарихи эволюциялық тұрғыдан үздіксіз дамуға бейімділігін атауға болады. Әртүрлі шығармалардың сыртқы бітімінде ұқсастық аз болуы мүмкін, алайда бұлардың арасында құрылымдық, өмірді қабылдау және бейнелеу тәсілдері жағынан байланыс болады. Оларды нақты бір жанрға телудегі негізгі ұстанар нысана да осы ерекшеліктен келіп шығады. Мысал ретінде әр кезеңдегі поэмаларды алуға болады. Жанрлық ортақ белгілер көзге бірден көрінбей, тек зерделей үңілу барысында ғана анықталуы да ықтимал. Мәселен, сатиралық, тарихи, авантюралық, т.с.с. романдардағы ортақ белгілер. Кейде ерте кезеңдерде жиі пайдаланылған кейбір жанрлардың араға көптеген уақыт салып жаңғырып, қайта оралып жататыны да бар. Дәлелге жүгінер болсақ, XІX ғасырдың бас кезінде біржола тоқталғандай болған ода жанры ХХ ғасыр басында тағы да әдеби үрдісте көрініс тапты. Мысалы, В.В.Маяковскийдің “Революцияға ода” атты шығармасы. Демек, жанрлар жойылмайды, тек белгілі бір тұстарда ығысуы мүмкін, бірақ әлдебір кезеңдерде заман талабы, әдеби даму логикасы қажет етсе, қайтадан оралып жатады. Жанрдың қайта оралуы автордың субьективті ынта-құштарлығына қатыссыз, “әдебиеттің жадында” сақталған үлгінің жаңғыруы болып табылады. Сұрақ. Көркем шығармаларды жанрларға бөлудің қажеттігі бар ма? Бәлкім, жанр шығарма көркемдігінің деңгейін анықтау үшін қолданылатын болар?.. Жауап. “Жанр” сөзі француз тілінен аударғанда “тек” деген мағына береді. Қазіргі таңда тек категорияларына жатқызылып жүрген эпос, лирика, драмаларды бұрынғы кезеңдерде жанр деп атаған. Бұдан “жанр” ұғымының ”түр” ұғымымен біршама мәндес екендігі байқалады. Шындығында әр жанр – ұдайы жетіліп, даму үстінде болатын жанды құбылыс. Барлық әдеби жанрлар бірлесе келіп, ақиқат өмірді шығармашылықпен жаңғырта жасаудағы көркем сөздің мол мүмкіндігін танытатын тұтас жүйені құрайды. Бұл жүйеде әрбір буынның өз орны бар. Сол себепті бір жанрды екіншісінен жоғары қоюға болмайды. Әдебиет дамуының қайсы бір кезеңдерінде қаламгерлер жанр проблемасына айрықша мән беріп, жанрлар теориясы жазу тәжірибесімен қоян-қолтық жүргені де белгілі. Мәселен, әдеби түрлердің бір-біріне тәуелділігі қатаң сақталған классицизм дәуірінде әрбір әдеби түр өзінің белгілі жүйесін сақтауға міндетті болды. Алайда жанрлар дамуы теориялық

қасаң қалыпқа көнбеді. Соған орай әлемдік әдебиет біртіндеп жанрларды “жоғары” немесе ”төмен” деп бөлудің орынсыздығын мойындап, олардың бір-біріне бағыныштылығынан бас тартты. Кейінгі кезеңдерде жанрлар жайы аз қозғалып, аз сөз болғанымен, оның дамуы тоқталған емес. Түрлі жанрлар арасында шығармашылық алмасулар қай кезеңде де болып тұрады. Бұл – әдебиет үшін табиғи да жемісті құбылыс. Көптеген шығармалар өз бойында түрлі жанрларға тән белгілерді ұштастырып отырады, әдеби түрлер арасындағы шекара қашанда ашық, дегенмен жанрлардың әрқайсысының негізгі даралық сипатын кез-келген уақытта анық көруге болады. Жанрлардың өзара ұштасу үрдісі әдебиеттің жаңару кезеңінде ерекше байқалады. Мәселен, XІX ғасырда орыс реализмінің қалыптасып, гүлденуі тұсында А.С.Пушкин қалыптан тыс жаңа жанр үлгісін – өлеңмен жазылған романды (“Евгений Онегин”) жасады. Дәл осы кезеңде прозаның әңгіме мен повесть, повесть пен роман араларының өзінде айқын шекара жоқ болатын. Сұрақ. Кейінгі кезеңдерде авторлар өз шығармаларына тақырыптан соң “роман”, ”повесть”, ”комедия”, т.с.с. деген үлгідегі анықтама беретін дәстүр қалыптастырды. Қаламгердің өз туындысына жанрлық анықтама беруі шарт па? Жауап. Шығарма жанрын қаламгердің алдын-ала ескертуі қазіргі оқырман үшін таңсық нәрсе емес. Кей тұстарда авторлық бұл анықтамалар көпшілік ұғымында қалыптасқан жанрлар туралы түсініктерден аулақтау түсіп жататыны да бар. Мысалы, Н.В.Гогольдің ”Өлі жандар” аталатын қара сөзбен жазылған шығармасына “поэма” деп анықтама беруі немесе А.П.Чеховтың ”Шағаланы” “комедия” деп атауы. Бұл жағдайларда не істеу керек? Ең бірінші, авторлық анықтама ғылыми-абстрактілі емес, шығармашылық-көркемдік сипатта болатынын, ондай анықтамалардың шығарманың көркем мәтінінің құрамына енетінін ескеру керек. Егер ондай шығармаларды таза ғылыми көзқараспен бағалар болсақ, “Өлі жандарды” сатиралық эпопея, ”Шағаланы” драма деп анықтау қажет болмақ. Алайда, бұл жағдай бізді автордың өз шығармасына берген анықтамасын назардан тыс қалдыруға мүмкіндік бермейді. Ал авторлық-шығармашылық және ғылыми анықтамаларды салыстыра ойлану нәтижесінде шығарманың шынайы болмысын дұрыс тануға болады. Негізінде, жанрлар теориясы бізге қандай да бір көркем туындыға “әңгіме”, ”трагедия”, ”памфлет” деген жапсырма беру үшін қажет емес. Міндет – шығарманы талдап тану барысында жазушының қалыптасқан жанрлық көркемдік сипаттарды қалай қолдана білгендігі мен өзінің жаңадан не қосқанын танып-білу үшін керек. Кейбір шығармаларда әртүрлі әдеби түрлерге тән белгілердің ұштасып жататындығын ажырата білуіміз қажет. Ең бастысы – жанр табиғатының сюжет өрбуінде, образдар жүйесінде, стильде, көркем жаратылыстың біртұтас, алуан мәндегі және қайталанбас үлгідегі көрінісін көре білу, сезіне білу.

Сұрақ. Жанр жайында біраз жайларға қаныққандаймыз. Десек те, жоғарыда әңгіме барысында айтылған “көркем шығарманың тарихи қалыптасып, даму үстінде болатын типі жанр деп аталады да, әр жанр өзіндік түрлер (формалар) арқылы ерекшеленеді” деген қысқа түсініктемеге кеңірек тоқталу артық болмайтын сияқты. Жауап. Француз тілінен аударғанда “тек, түр” деген мағына беретін genre сөзінен шығатын әдеби жанр дегеніміз – әдеби шығарманың тарихи қалыптасқан типі екенін айтқан болатынбыз. Ал жанр жайындағы теориялық ұғым қандай да бір дәуірдің, нақты бір ұлттық немесе әлемдік әдебиеттің шеңберіндегі шығармалардың кең ауқымдағы тобына тән сипаттарды жинақтайды. Бұл ұғымның мазмұны ұдайы өзгеріп, күрделеніп отыратындықтан, жанр теориясының әлі күнге дейін нақтыланбай келе жатқандығы да белгілі. Әрине, кей дәуірлерде жанрлардың ара-жігін айқын бөліп тастауға ұмтылушылық болғаны да белгілі. Мысалы, жоғарыда айтылған классицизм әдебиетіндегі жанрлардың “тазалық” ұстанымы. “Жанр” термині кейде әдеби түр терминімен бірдей қолданылып, ”түр” ретінде шығармалардың ең ірі топтары (мысалы, роман) аталады; алайда керісінше қолдану да жиі кездеседі. Мысалы, роман – жанр, тарихи роман – түр. Әдеби шығармаларды жанрларға бөлу тұтастай бір ұстанымдар жүйесіне негізделеді. Біріншіден, әдеби шығармалар әдеби тектер бойынша, яғни эпикалық, лирикалық, драмалық болып топтастырылады. Одан кейін бір тек аясындағы шығармалар тобы өздерінің негізгі эстетикалық сапақасиеттері бойынша комедиялық, трагедиялық, элегиялық, сатиралық, т.с.с. болып сараланады. Алайда бұлай бөлу, кейбір дәуірлерде (мысалы, антикалық дәуірде) оңай болғанымен, кейінгі кезеңдерде едәуір күрделі мәселеге айналды. Себебі кейінгі әдеби даму процесінде жанрлардың тоғысуы дәстүрге айналды. Мысалы, эпикалық поэмалармен қатар лирикалық поэма немесе, керісінше, эпикалық сатира (мысалы, Дж. Свифт, Вольтер, М.Е.Салтыков-Щедрин шығармашылығы) да дамыды. Сонымен бірге сан алуан лиро-эпикалық жанрлар пайда болды. Мәселен, романтизм дәуірінің поэмалары, очерк пен эссенің түрлі үлгілері, қазіргі әртүрлі өлең жанрлары. Екінші жағынан, Қайта өрлеу дәуірінен бастап әдебиетте тұтастай жанрлық желі – новелла, роман, сәл кейінірек түр мәніндегі драма сияқты үлгідегі “орта” жанрлар жаңадан пайда болды. Классицизм әдебиетіндегі “жоғары”, ”төмен” және ”аралас” жанрларға қарағанда, бұл жанрларда өмір күнделікті қалпындағы сан алуан қырымен игеріледі. Және де бұлардың қалыптасқан табиғи сыртқы формасы – проза болып табылады, сол себепті де олардың эстетикалық сапа-белгісін негізінен прозалық сипат айқындайды. Ал бұрынғы дәуірлердің бәрінде де туындының сыртқы формасы өлең болғанын білеміз. Сонымен, жанрларды жіктеудегі басты белгілер негізіне – шығарманың белгілі бір әдеби текке тән болуы, сондай-ақ басым көрінетін эстетикалық

сапа-белгісі алынады. Бірақ бұл да аздық ететіндіктен, үшінші ұстаным, яғни шығарманың көлемі мен соған сәйкес жалпы құрылымын тану ұстанымы қажет. Көлем көбінесе негізгі екі жағдайға – тек пен эстетикалық “үндестік” (тональность) мәселесіне тікелей қатысты. Лирика көлемі қашанда шақтаулы, драмада сахна талаптарына сәйкес қалыптасқан өлшем бар; екінші жағынан, қаһармандық пен трагедиялық кең тынысты қажетсінетіні және бар, ал асқақ патетика немесе элегиялық сарындардың мейлінше “кең құлаш жазуға” мүмкіндігі жоқ. Сонымен қатар, жанрлық өлшемдердің автор ойына байланысты өзінше даралық негіздемелері болады да, сол ой-жоспарға сәйкес прозалық эпостың үлкен (роман), орта (повесть) және кіші үлгілері (әңгіме) жасалады. Сұрақ. Жанрларды жіктеу кезінде басты ұстанымдар ретінде 1) шығарманың қалыптасқан әдеби тектердің біріне тән болуы, 2) шығарманың негізгі эстетикалық сапа-белгісі, 3) шығарманың көлемі мен жалпы құрылымы басшылыққа алынады екен. Олай болса, жанрлар мәселесіне қатысты ала-құла пікірлердің жиі кездесуі неліктен? Жауап. Жанрларды жіктеуге қатысты ұстанымдардың алуан түрлілігі мен өзара қиысуы жанр теориясында ұдайы пікір таласына негіз болып отырды. Мәселен, кейде “жанрдың өзі мазмұн категориясы ма, әлде пішін категориясы ма?” деген сауал көлденең тартылады. Вульгарлықсоциологиялық концепцияда жанрларды “феодалдық” және ”буржуазиялық” деп үзілді-кесілді бөліп тастаса да, пішіншілдер шығармаларды өлең, проза, диалог үлгісіндегі сырты белгілеріне ғана қарап, поэма, роман, драма деп бөледі де, оларды барлық дәуірлерге бірдей деп таниды. Алайда жанрлар теориясы әр кезде де бірдей бүкіл жанрлық жүйені қамти алмауы немесе нақты бір әдеби шығарманың аталмыш жүйедегі орнын нақтылай алмауы әбден ықтимал. Көбінесе бұл шарттылығы басым болып келетін жанрлық терминдерге көзсіз табынуға байланысты пайда болады. Мәселен, әрқилы әдеби құбылыстарды аңғартатын “антикалық роман”, ”рыцарлық роман” және ”роман” сияқты терминдердің қазіргі таңдағы мағыналары. Осылайша, кез-келген жанр (яғни біздің нақты бір жанрға тән бірқатар шығармаларды қағыс қалдыра отырып, өзіміз түйіндеген ортақ белгі – “бейнелеріміз”) дегеніміз – өзіндік композиция, образдылық, тілі, т.с.с. сәттерді ұштастырған түрдің ерекше сипаттарының нақты бірлігі. Қандай да дәуірде туса да, мазмұндық жағынан бір-біріне мүлде ұқсамайтын шығармаларды “новелла” деп бір ғана сөзбен атайтын себебіміз де сондықтан. Немесе әр дәуірде өмір сүрген Эсхил, У.Шекспир, Ф.Шиллер, Г.Ибсен, М.Әуезов шығармаларын бір ғана “трагедия” сапына қоятынымыз да сондықтан. Түрлі дәуірде жасалған немесе әртүрлі қаламгерлер жасаған және бір жанрға тән шығармаларға үлкенді-кішілі мәндегі өзгешеліктер етене болады. Десек те, шығарма типі ретіндегі жанр ғасырларды көктей өтіп, тарихи қалыптасқан тұрақты да берік түсінік. Әр жанр түрлі қасиетбелгілердің кездейсоқ жиынтығы емес, нақты да бай көркем мағына арқылы мейлінше жеткілікті игерілген пішіндік бөлшектердің жүйесі. Бұл дегеніміз –

өзінің архитектоникасы, сыртқы бейнесі, колоритінде нақтылы көркем мағынаны “заттандырып” (білдіріп) көрсетуге қабілетті пішін (форма). Жанрлық пішіннің мағыналылығын тіпті (“техникалық” деуге де болатын) сонет сияқты құбылыстан да көруге болады. Бұл жанр ренессанс әдебиетінде күрделі, кейде тіпті кереғар, бірақ қалайда толық аяқталған түйіні мен шешімі бар лирикалық ойлау көрінісі ретінде дүниеге келді. Сонеттің осындай мазмұндық жалпы даралығы жүздеген жылдар бойына өңделіп-жөнделіп, оның пішініне де “көшті”. Бұл пішін, “жалпылама” болса да, көп мағыналы мәнге ие. Әбден қалыптасқан бұл пішінге назар аудара отырып, ақын оны (пішінді) мағыналылығы үшін, күрделі де сан қатпарлы және аяқталған поэтикалық ойды жинақтаушы қабілеті үшін бағалайды. Әрбір жаңа сонеттің өзіндік қайталанбас мазмұны болатыны анық, алайда бұл мазмұн қалай болғанда да қалыптасқан мағыналық үлгіге сыйғызылады. Тағы бір мысал ретінде қазіргі психологиялық романды алып көрелік. Қазіргі психологиялық роман пішіні – кең ауқымды композициясымен, бейнелеу, суреттеу, баяндау, әңгімелеу, диалог, ішкі монологтардың өзара әрекетінен, автор сөзі және кейіпкерлердің төл сөздері мен төлеу сөздерінің алмасуымен, прозаға тән бейімделгіш ырғағымен, т.с.с. – ерекше бай және сан қырлы мағына иеленеді. Солай бола тұра, психолгоиялық романның жанрлық алуан түрлілігін айта отырып, тек қана тақырыптық белгілерімен шектелуге болмайды, “жан-дүние диалектикасын” (Н.Г.Чернышевский) бейнелеуге мүмкіндік беретін көркемдік құралдардың біртұтас жүйесін әркез есте тұту қажет. Әрине, әрбір қаламгер қайталанбас психологиялық бейнелер жасайды, алайда оларды жасауға қаламгерлердің бірнеше буынының (Ж.Ж.Руссо, Л.Стерн, И.В.Гете, М.Ю.Лермонтов, Л.Н.Толстой, Ф.М.Достоевский, У.Фолкнер, т.с.с.) тәжірибесі арқылы әбден жүйеленген жанрлық түр мүмкіндіктерін ашатыны анық. Яғни кез-келген қаламгер “жандүние диалектикасына” көркемдікпен тереңдей бойлаудың өзіне дейінгі тәжірибелерін шығармашылықпен пайдаланып отырады. Сұрақ. Әдебиетке байланысты сыни ойларда, ғылыми-зерттеу еңбектерде көркем шығармаға түрлі жанрлық айдар тағылып жататыны бар. Мәселен, әдебиетшілер романдардың бірін психологиялық, екінші бірін тарихи, енді бірін детектив, т.с.с. үлгіде жіктегенде нені басшылыққа алады? Жауап. Көптеген жанрлар өз ішінен де бірнеше түрлерге бөлініп жатады. Бұл тұста ол әртекті ұстанымдарды негізге алады. Мысалы, тақырып сипатының ортақтығына қарай тұрмыстық, тарихи, авантюралық, психологиялық, детектив, ғылыми-фантастикалық, т.с.с. романдар; бейнелеу (образдылық) сипаттарына қарай гротескілік, аллегориялық, бурлеск, фантастикалық, т.с.с. сатира; композиция типіне қарай сонет, рондо, триолет, ғазал, рубаи, хокку, танка, т.с.с. үлгісіндегі лирикалық өлең деген тәрізді үлгіде жіктеледі. Ақыр соңында жанрға байланысты аса маңызды проблема – оның тарихи және ұлттық сипаты. Мысалы, тарихи сипатына қарай ежелгі халықтық эпопея, қайта өрлеу, классицизм, қазіргі дәуірдегі эпикалық поэма;

ал ұлттық сипатына қарай халықтық эпопеяның өзі ежелгі гректің “гомерлік поэмасы”, ежелгі үндінің қаһармандық поэмасы, т.с.с. болып жіктеліп кетеді. Сұрақ. Пайда болу, жетілу, өзгеру, т.с.с. жағдайлар – өнер мен әдебиетте жиі кездесіп жататын құбылыс. Ал осындай өзгермелілік қасиет жанрға да тән сипат деуге бола ма? Жауап. Бұл сұрақтың жауабын дұрыс түсіну үшін жанрдың тарихи дамуы мәселесіне назар аудару қажет. Бұл – жанрлар теориясына қатысты күрделі мәселелердің бірі. Енді соның сырына үңіліп көрелік. Бір жағынан, жанр әрбір көрнекті қаламгер шығармашылығы арқылы жаңаша сипат иеленіп, үздіксіз өзгеріп тұрады. Жанр ғасырлар бойы қалыптасуы да немесе біршама ұзақ өмір сүріп, сөнуі де мүмкін. Мысалы, психологиялық роман жанры өнердің жаңа пәнін, яғни адамның күнделікті өмірінің бүкіл байлығын игеру үрдісінде жетілу үстінде. Бұл жанр шындығында XVІІІ ғасырдан бастап қана дамыды. XІX ғасырдағы европа әдебиетінде идиллия мен ода жанрлары біржола тоқтады деуге болады. Екінші жағынан, жанрға, қалай болғанда да, ерекше беріктік, өміршеңдік қасиет тән. Қалыптасқан түрлердің кәдеге аспай қалуы әдебиетте сирек ұшырасады. Көбіне-көп жанр жаңа түр иеленіп қайта оралып жатады; мәселен, түрлі дәуірлерге трагедияның жаңа тұрпатта қайта өрлеуі тән. Мысал жанры бүкіл әдебиет тарихында бар, XІV – XX ғасырлар аралығында новелланың алдыңғы лекте көрінуі бірнеше қайталанды, т.с.с. Жанрды көп жағдайда әр қаламгердің шығармашылығын айқындайтын әдеби шығарманың жалпыға ортақ түрі ретінде қарастыра отырып, әрбір жеке туындының қайталанбас өзіндік жанрлық өзгешелігін ескермеуге болмайды. Қандай да бір ірі әдебиетшінің шығармашылығын талдау кезінде оның жанрлық түрлерінің ерекшелігі жайында сауал алдан шығады. Сонымен бірге барлық жанрлық түрлердің типтік сипаттарының өзгеруі, дамуы дәл осы жекелеген жазушылар шығармашылығында жүзеге асады. Әрбір әдеби дәуір мен бағытқа үлкенді-кішілі жанр типтері тән. Мәселен, классицизмге трагедия, комедия, ода, эпикалық поэма; Ағартушылыққа – мещандық драма, сатиралық жанрлар, философиялық повесть; романтизмге – лирикалық поэма, драма, элегия, баллада, психологиялық және тарихи романдар тән. ХХ ғасыр әдебиетіне жанрлардың алуан түрлілігі тән. Егер XІX ғасырда бірнеше жетекші жанрлар (романның кейбір түрлері, лиро-эпикалық поэма, новелла, “орта” драма, лирикалық өлеңдердің бірнеше түрлері) басым болса, XX ғасырдың бірінші жартысында олармен қатар трагедияның жеке үлгілері (М.Метерлинк, Ю.А.Стриндберг, Л.Н.Андреев), трагикомедия, сатиралық комедия (Б.Шоу), жаңа сипаттағы эссе жанры (А.Франс, Э.Хемингуэй, А.Сент-Экзюпери), бұрын беймәлім кино-, радиожәне теледраматургия, т.с.с. маңызды роль атқарды. ХХ ғасыр ортасында жанр проблемасы модернистік эстетика өкілдерінің батыста роман мен драманың жанрлық құлдырауына байланысты жанрлық

нақтылық пен жанр түрлерінің даму заңдылықтарын жоққа шығаруға
ұмтылысына орай өткір сипат алды. Алайда бұл жанрдың әлемдік
әдебиеттегі мәнін жоққа шығара алмайды.

Он бесінші әңгіме
немесе
Стиль

Сұрақ. Әдебиеттануда “Стиль. Көркемдік әдіс. Әдеби бағыт, әдеби ағым” деген сөздер жиі ұшырасатыны белгілі. Қолданылу ыңғайына қарап, бұл сөздердің бір-біріне қандай да бір қатысы бар екендігін де тануға болады. Осы ұғымдарды өзара туыстырып тұрған қандай белгілер? Сол сияқты, олардың бір-бірінен өзгешелігін көрсететін белгілер қандай? Жауап. Қаламгерлер шығармашылығындағы ортақтық және даралық туралы мәселелер стиль және көркемдік әдіс аталатын әдеби-теориялық ұғымдарға бастайды. Этимологиялық жағынан алсақ, латын тілінде “жазуға арналған үшкір таяқша” деген мағына беретін “stіlus” сөзінен өрбитін “Стиль” деген ұғым әдебиеттануда да, тіл білімінде де кездеседі. Тіл білімінде стиль “тілдік бөлшектердің нақты бір атқаратын қызметіне сәйкес бірігуі, оларды іріктеу, қолдану тәсілдері, әдеби тілдің міндетінен өрбитін алуан түрлілігі” деген мәнді білдіреді. Әдебиеттану қырынан қарағанда, стиль – жазу машығы, яғни жазушының, жеке шығарманың, әдеби бағыттың, ұлт әдебиетінің өзіндік сипатын танытатын образдар жүйесінің, көркемдеу құралдарының тұрақты жиынтығы. Стильдің өзге поэтикалық категориялардан, әсіресе, көркемдік әдістен басты айырмашылығы – оның нақты жүзеге асқан үлгіде көрінуінде. Стильдік ерекшеліктер көркем шығарманың сыртқы пішінінен бастап, бүкіл болмысында көзге ұрып тұрады. Кең тұрғыда алып қарасақ, стиль – шығарманың тұтастығына негіз болып тұратын көркемдік пішіндердің құрылымдық ұстанымы. Бұл тұста әр дәуірге тән ортақ стильдердің де, сондай-ақ жеке қаламгерлер стилінің де болатынын есте сақтау қажет. “Стиль” ұғымы түрлі деңгейде, яғни белгілі бір дәуірдегі әдебиет дамуының ерекшеліктерінен бастап, әртүрлі әдеби бағыттар мен әдістердің (классицизм, романтизм, т.с.с.) ерекшеліктері, жеке қаламгер шығармашылығына тән ерекшеліктер, сондай-ақ жеке шығарманың ерекшеліктеріне дейінгі түсінікті қамтып, қолданыла береді. Стиль ұғымының ауқымы неғұрлым кең, жалпы болған сайын, оны талдау барысында оған тән айшық-белгілер саны да азая түседі. Себебі – кең ауқымдағы стильдің негізін құрайтын туындылар саны да көп болатындықтан, олардың бәріне ортақ болып келетін сипаттар ғана алынады.

Бұл орайда жекелеген туындылардың даралығын байқататын ерекшеліктер қаншалықты қызғылықты болса да, қағыс қалатыны анық. Бұл жағдайға керісінше, стиль ұғымы неғұрлым нақтылыққа, тар шеңберге бағытталған сайын, стильдік даралық белгілері де көбейе түседі. Сұрақ. Әдебиеттану еңбектерінде көпшілік қаламгерлерге ортақ стильден гөрі, жеке қаламгердің өзіндік стилін қарастыру жиі кездеседі. Соған орай, стиль ұғымын жеке қаламгерге тән ерекшелік ретінде қабылдау дағдысы кеңірек тараған. Осының сыры неде деп білген орынды? Жауап. Стильді бұл үлгіде танып-білудің мәні үлкен. Оның себебі, біріншіден, стильді жеке қаламгерге қатысты қарастыру әдебиет туындысын тереңдете танып-білуге, оның құрамдас бөліктерін өзара органикалық бірлікте және тығыз байланыста талдауға мүмкіндік береді; екіншіден, жеке стильдерді танып-білмейінше, қаламгерлердің басым бөлігіне ортақ, кең ауқымдағы стильді тану да мүмкін емес. Олай болса, қаламгер стилі немесе жеке шығарма стилі дегенде нені түсіну керек? Бұл сауалға мейлінше дұрыс жауап болып табылатын анықтама мынадай: стиль – әдеби шығарманың мазмұнын құрайтын көркемдік құрылымының (тіл, сюжет, композиция, т.с.с.) өзіндік даралық белгісі. Стильді шығарма мазмұнын құрайтын біртұтас көркемдік құрылымның идеялық-көркемдік даралығы деп түсіну жеке шығармадағы көркемдік ерекшеліктердің (қандай маңызды болса да) санына негізделмейді. Керісінше, көркемдік құралдардың өзара органикалық байланыстағы тұтас жүйе ретінде пішін арқылы мазмұнды бейнелеу даралығы болып табылады. Стиль даралығы, әсіресе, әр қаламгердің көркем тіл ерекшелігінен айқын байқалады. Мысал үшін бір тақырыптағы екі өлеңді салыстырып көру де жеткілікті. Әрине, стиль даралығын көркемдік пішінге қатысты басқа бөлшектерден де тануға болады. Мысал үшін түрлі жазушылардың портрет суреттеу тәсілдерін алуға болады. Кейіпкердің сыртқы келбетін бейнелей отырып, жазушы оның ішкі жан-дүниесін ашуға ұмтылады. Бұл – әдеби портреттің көпшілігіне тән қызмет. Алайда әр қаламгер өзінің шеберлік деңгейіне сай, адамды бейнелеудің бұл тәсілін өзі көздеген идеялықкөркемдік міндеттерді шешу үшін түрліше қолдана береді. Көркем тіл мен портреттік бейнеге қатысты стильдік даралық белгілері басқа көркемдік құралдарға да қатысты. Қалай болғанда да, бір жазушыға тән бұл ерекшеліктердің барлығы осы жүйедегі өзіндік даралықтарымен, қайталанбас қалпымен қарастырылуы шарт. Ал қандай да бір жазушының өзіне ғана тән жеке стилінің қалыптасуы – ұзаққа созылатын тарихи даму нәтижесі.

Он алтыншы әңгіме
немесе
Көркемдік әдіс және әдеби тәсіл

Сұрақ. Стильдің көркемдік әдістен айырмашылығы неде? Бәлкім, стиль қаламгер шығармашылығының өзіндік даралығын көрсететін белгілер де, әдіс көптеген қаламгерлер шығармашылығына ортақ белгілер шығар?.. Жауап. Жазушы стилі өзіндік даралыққа негізделетіні белгілі, алайда бұл стильдің өзі қаламгер ұстанған көркемдік әдіспен тығыз байланысты. Стиль ұғымы сияқты көркемдік әдіс туралы түсінік те жазушының жеке шығармашылық тәжірибесінен, сондай-ақ бір-біріне уақыт, идея, адамгершілік және эстетикалық таным тұрғысынан жақын қаламгерлер тобының тәжірибесінен келіп шығады. Аталған жағдайлардың екеуінде де көркемдік әдіс дегенде, қаламгерлердің дүниетанымымен, өмірлік концепцияларымен және олардың қоғамдық позицияларымен тығыз байланысты негізгі ұстанымдар, нақтылай айтқанда, ақиқат өмір құбылыстарын танып-бағалау, іріктеу, бейнелеу ұстанымдары ұғынылады. Көркемдік әдіс (грек тілінде methodos – зерттеу жолы) – суреткердің өзі танып-білген ақиқат дүниеге шығармашылық қарым-қатынасының жалпы ұстанымы, яғни ақиқат дүниені қайта жасауы. Сол себепті әдіс өзі қайта тудырған нақтылы дүниеден тыс өмір сүре алмайды. Осы мәнді білдіретін бұл категория тым ерте кездерде-ақ пайда болып, көбінесе “стиль” немесе басқа да атаулармен жасап келді. Әдебиеттану мен өнертануға қатысты эстетикалық категория боп қалыптасқан кезеңі 20-жылдармен тұспатұс келеді. Сұрақ. Көркемдік әдіс қалай пайда болады? Жауап. Көркемдік әдіс – әдебиеттану ғылымындағы маңызды ұғымдардың бірі. Ол көптеген қаламгерлер шығармашылығында қайталана отырып, өнердегі өмірді бейнелі суреттеудің ортақ ерекшеліктерін айқындап, сол арқылы бір немесе бірнеше елде әдеби ағым (бағыт) туындатады. Мысалы, реализм, романтизм, символизм, т.с.с. Өмірді көркем бейнелеу сипаты, ең алдымен, қаламгердің өмірді бейнелеу үшін таңдаған әдісінің негізінде айқындалады. Көркемдік әдіс нақтылы бір тарихи жағдайларда пайда болады. Яғни, қандай да бір көркемдік әдісті ұстанған суреткерлерді идеал жайындағы түсінік, сол идеалға сәйкес келетін (немесе керісінше) қаһармандар типі, соған орай туындайтын сюжет мәселелері біріктіреді. Қоғамдық-тарихи жағдайлардың алуан түрлілігі көркемдік әдістің де алуан түрін туғызады. Сол себепті бір уақыттың өзінде қаламгерлердің өнер міндеті туралы түсінігіне байланысты әр түрлі көркемдік әдістер қатар жасай береді. Реалистік әдіске өмірдің шынайы бейнесін мейлінше реальды сипатта көрсету тән болса, романтикалық әдісте суреткердің субьективті көзқарасынан өрбитін шарттылық сипаттар молынан ұшырасады. Көркемдік әдісті танып-білу арқылы өнер мен әдебиет дамуының заңдылықтарын және осы даму барысындағы жеке қаламгер шығармашылығының ролін дұрыс түсінуге мүмкіндік ашылады. Сұрақ. Көркем шығармашылықта стиль – даралық белгісі, әдіс – ортақтық белгісі деуге бола ма?

Жауап. Қазіргі әдебиеттанудағы стиль мәселесі көп жағдайда жекелеген жазушылардың қайталанбас даралықтары деген ойға саяр болса, әдіс ұғымы, керісінше, өмірді тану мен бейнелеудің көптеген қаламгерлер туындыларына ортақ белгі-сипаттары деген түсінікті көрсетеді. “Әдіс” туралы сөз қозғағанда, біздің ойымызға бірінші кезекте көпшілікке етене болып кеткен реализм, романтизм әдістері, олардың ішіндегі түрлі ағымдар оралады. Бұл дұрыс, алайда бұл түсінік жекелеген қаламгерлерге ғана тән әдістерді де жоққа шығармайды. Осы орайда “Қаламгер әдісі” дегеніміз ”стиль” ұғымын қайталап кетпей ме?” деген ойдың тууы да заңдылық. Олардың арасындағы айырмашылықты дұрыс тану үшін мына мәселелерді ажырата білген жөн: Стильдік ерекшеліктер көркемдік құралдар жүйесінде, олардың ішкі заңдылықтарынан өрбитін байланыстары мен өзара қарым-қатынастары арқылы көрінеді. Ал қаламгердің өзіндік көркемдік әдісі оның өмірлік материалды танып-бағалау, таңдау және бейнелеудегі өзіне ғана тән ұстанымдарынан келіп шығады. Демек, стиль мен әдіс – екі түрлі ұғым. Стильді қарастыру көркемдік құралдар жүйесін өзара байланысты заңдылықтар аясында зерттеу болып табылады. Көркемдік әдісті зерттеу – қаламгер шығармашылығындағы өмірдің идеялық-көркемдік концепция негіздерін зерттеу. Бұл концепция көркем бейнелердің заңды байланыстары мен өзара қарым-қатынастары арқылы танылады. Әдіс жазушының стилін айқындайды. Нақтылай түсер болсақ, әдіс – стильді туғызатын факторлардың бірі, яғни әдіс стильдік жүйені анықтайды, алайда стильмен тең тұра алмайды. Бұл жағдай, әсіресе, жазушыға тән әдісті статикалық сипатта, яғни оның шығармаларына тән негізгі сипаттарды іріктеп қарастырмай, жазушы дүниетанымының даму үрдісінде, ақиқатты танып-білудегі түрлі өзгерістегі қалыпта, ұдайы қозғалыста қарастырғанда айрықша байқалады. Жазушы шығармашылығында көркемдік әдістің маңызы зор. Ақиқат құбылыстарды дұрыс танып, бейнелеу үшін таңдап алынған ұстанымдар өмірлік шындықтың ішінен ең маңыздысын, ең қажеттісін шынайы суреттеуге сәйкес келсе, оның мән-маңызы тіптен арта түседі. Ал жазушы шығармашылығының өзегіне алынған ұстанымдар ақиқатты бұрмалауға, керітартпа көзқарастарды насихаттауға негізделсе, оның мән-маңызы да кері ықпалды болады. Жеке қаламгерге тән әдіс, сол өмірлік ақиқат құбылыстарды танып, бейнелеу ұстанымдарының (реалистік, романтикалық, натуралистік, т.с.с.) ұқсас түрін ұстанатын тұтас бір қаламгерлер тобының шығармашылығына да ортақ болып келеді. Қоғамдық сұраныстарға орай дүниеге келген көркемдік әдістердің бәрі әдеби дамудың теориялық жинақтауы болып шығады. Ғасырларды қамтитын көркем әдебиет тәжірибесі көркемдік бейнелеу ұстанымдары белгілі бір көркемдік әдістің шеңберінде тұйықталып қалмайтынына, үздіксіз даму үстінде болатынына айғақ. Бұл даму жазушының идеялық-көркемдік жаңалықтарымен қаншалықты байланысты

болса, сол жаңалықтардың теориялық тұрғыдан танылып, олардың маңызының анықталуына да соншалықты тығыз байланысты болады. Мысалы, Пушкин, Гоголь жазды, Белинский, Добролюбов талдады. Көркемдік әдістердің пайда болуы, дамуы және алмасуы әлеуметтіктарихи жағдайларға қатысты. Қандай да бір қоғамдық жағдайда пайда болған көркемдік әдіс өзінің даму барысында түрлі өзгерістерге ұшырайды, қоғамдық өмірдегі өзгерістерге сәйкес жаңа сипаттарға ие болады. Мысалы, осы күнге дейін бір ғана реализм әдісі ағартушы реализм, сыншыл реализм, социалистік реализм сияқты сатыларды бастан өткеріп отыр. Сұрақ. “Аталған реализм түрлерінің қайсысы әдебиет дамуында маңызды роль атқарды?” деген сауалға қандай жауап қайтаруға болар еді? Жауап. Қандай да бір көркемдік әдістің, бағыттар мен ағымдардың құндылығы олардың өмір шындығының заңдылықтарын танып, даму арнасын айқындау арқылы идеялық-көркемдік мазмұнның әсерлілігі мен қуатына ықпал ету қабілетімен анықталады. Сонымен бірге әдебиеттің даму тарихында кездескен түрлі әдістер мен ағымдардың жекелеген бағалы сипаттарының қазіргі дәуірдің эстетикалық талап-тілегінен өрбитін көркемдік әдістерге де сіңісіп кетуін, өзінің тарихи-көркемдік мәнін жоғалтпауын заңды құбылыс деп білген жөн. Мұндай әдістердің қатарына XІX ғасырда кең тараған романтизм мен реализм әдістерін жатқызуға болады. Сұрақ. Осы тұста әңгіме арнасын әдебиет дамуынан белгілі негізгі көркемдік әдістерге бағыттасақ, олардың ерекшеліктерін, тарихи даму жолын сөз ету барысында бұл мәселенің мәніне тереңірек үңілуге мүмкіндік туары анық. Сондықтан әңгіме желісін әдебиеттегі романтизм және реализм әдістеріне қарай бағыттап, алғашқы кезекте романтизм жайына тоқталсақ қалай болар еді? Жауап. Романтизм – Европаның көптеген елдерінің өнері мен әдебиетінде, сондай-ақ, америка әдебиетінде XVІІІ ғасырдың соңы мен XІX ғасырдың бірінші жартысында аса ірі бағыттардың бірі ретінде пайда болған және әлемдік сипат алып, кеңінен таралған көркемдік әдіс. “Жаңадан пайда бола бастаған бағытқа “романтизм” деген сөз қалайша атау болды?” деген сауалға жауап бере кетелік. XVІІІ ғасырда өмірде болуы мүмкін емес, тек кітаптарда ғана кездесетін, фантастикалық, қалыптан тыс, түсініксіз атаулының бәрі “романтикалық” делінді. XVІІІ ғасыр мен XІX ғасыр шенінде “романтизм” сөзі классицизмге қарама-қарсы жаңа әдеби бағытты белгілеген термин болып енді. Романтизм өзіне дейін бүкіл европа елдеріне жайылған ағартушылыққа қарсы қозғалыстардың ең жоғарғы нүктесіне айналды. Оның негізгі әлеуметтік-идеологиялық алғышарты – Ұлы француз революциясының нәтижелерінен, тіпті барлық өркениет атаулыдан түңілу болды. Алғашқы нышандары сентиментализм мен ілкіромантизмде аңдала бастаған буржуазиялық өмір салтын жақтырмаушылық, пасықтық пен

бірсарындылыққа, буржуазиялық қатынастардағы өзімшілдік пен сезімсіздікке қарсылық сарыны романтиктерде ерекше өткір сипат алды. Романтизм сол тұстағы буржуазиялық шындыққа деген көптеген қоғамдық топтардың наразылығын білдірді. Десек те, буржуазиялық шындыққа наразылық себептері мен сипаттары әр деңгейдегі әлеуметтік топтарда бірдей болған жоқ. Феодалдық аристократия мен реакцияшыл ұсақ буржуазия революциялық қозғалыстар мен қалыптаса бастаған буржуазиялық құрылысқа қарсыласа отырып, өткенді қалпына келтіруді, орта ғасырлық феодализмді қайта оралтуды аңсады. Ал қарапайым бұқара революциялық қантөгістердің ақтық нәтижесі XVІІІ ғасырдың ұлы ағартушылары уәде еткен ақыл-ойдың, азаттық пен әділдіктің жарқын патшалығының орнауына қол жеткізер деп күтті. Әлеуметтік түрлі топтардың 1789 – 1794 жылдардағы буржуазиялық революцияға деген осындай әрқилы көзқарастарына сәйкес романтизмнің даму бағыттары да алуан арнада көрінді. Сұрақ. Түсінікті. Енді осы романтизмдегі бағыттардың алуан сипатта дамығандығын айқынырақ тануымыз үшін солардың негізгілеріне тоқталып өткен де дұрыс болатын шығар. Жауап. Біріншіден, тарихи шындық “ақыл-ойға” бағынбайтын, құпиялар мен күтпеген жағдайларға толы, ал заманның дүниауи құрылымы (мироустройство) адам табиғаты мен оның азаттық аңсарына жат болып шықты. Европаның ең үлкен ойшылдары негіздеп, уағыздаған әлеуметтік, өндірістік, саяси және ғылыми прогрестің мүлде керісінше сипат иеленуі, яғни жаңа қарама-қайшылықтар мен бітіспес тартыстарды, рухани жұтаңдықты әкелуі, соның салдарынан туған сенімсіздік біртіндеп түпсіз пессимизмге ұласты. Адамзат өмірінің барлық жағын шарпыған бұл ахуал үмітсіздік, торығушылық, “әлемдік қасірет” ауанына ауысты. Бұған мысал ретінде Ф.Шатобриан, А.Мюссе, Дж.Байрон, А.Виньи, А.Ламартин, Дж.Леопарди қаһармандарына және Г.Гейне, т.б. лирикаларына тән “дәуір дертін” айтуға болады. Материалдық қатынастардың көзсіз үстемдігі, жазмыш ісінің ой-санаға сыйымсыздығы, күнделікті өмірдің ығыр қылған бірсарындылығынан торығу сияқты мәселелерді қозғаған “Зұлымдық жастанған” ”құбыжық дүние” тақырыбы романтикалық әдебиеттің бүкіл тарихын қамтып, әсіресе, Г.Клейст, Ф.Грильпарцер, Ц.Вернер тәрізді қаламгерлердің “жазмыш драмаларында” немесе ”жазмыш трагедияларында”, Байрон, К.Брентано, Э.Т.А.Гофман, Э.По шығармаларында ерекше айқын көрінді. Екіншіден, жедел дамып, жаңарып жатқан дүниеге, өмір ағынына, әлемдік тарихи үрдіске ортақтық сезімдері де, тұрмыстың көзден қалтарыс байлығы мен шексіз мүмкіндігін түйсіну де романтизмге тән сипат. Өмірді романтикалық түйсінудің айрықша белгілерінің бірі – адамның азат рухының құдіреттілігіне сену, бүкіл дүниені түбегейлі жаңартуға құштарлық. Қалың қауымды қамтыған айналадағы өмірге көңілі қалушылық, өркениет пен прогресс мүмкіндіктеріне сенімсіздікке қарама-қарсы

“шексіздікке”, абсолютті әмбебап идеалға деген романтикалық құштарлық қойылды. Романтиктер өмірді бөлшектей жетілдіруді емес, өмірдің бүкіл қайшылықтарын тұтастай шешуді армандады. Өзінен бұрынғы кейбір бағыттарда да байқалған идеал мен шындық өмір арасындағы айырмашылық романтизмде ерекше қуатқа, айрықша маңызға ие болғаны соншалықты, романтизмде дүниеге қатысты екі мән құрады. Бұл тұрғыда Англиядағы “көл мектебі” ақындары, Шатобриан, В.А.Жуковский сияқты кейбір романтиктер шығармашылығында өмірдегі ойға сыйымсыз тылсым күштердің үстемдігі, жазмышқа мойын ұсыну жайындағы пікірлер бой көрсетсе, Байрон, П.Б.Шелли, Ш.Петефи, А.Мицкевич, М.Ю.Лермонтов, т.б. романтиктер шығармашылығында өмірде үстемдік құрған зұлымдыққа наразылық пен күрес рухы анық байқалды. Кейбір романтиктерге өз кезеңінің шындығынан өткен дәуірлерге, немесе өмірге мүлдем жанаспайтын қиялдан туған арман патшалығына кету тән болды. Оның айқын үлгісі ретінде Новалистің “Генрих фон Офтердинген” романын атауға болады. Сұрақ. Айтылған пікірлерге қарағанда, романтизмге торығушылық, дәрменсіздік сипаттары тән сияқты әсер қалдырады екен. Шынында солай ма? Жауап. Романтизм де бір сәтте туып, қалыптасып кеткен құбылыс емес. Жаратылыстағы өзге де құбылыстар сияқты, романтизм де дамудың түрлі сатыларынан өткенін дұрыс пайымдау үшін оның даму жолына да тоқтала кеткенді жөн көрдік. Енді романтизмнің жаңашыл сипаттарына назар аударалық. Романтизмнің жарқын үлгілерінің бірі – прогресшіл романтизм. Прогресшіл романтизм мен оның жоғарғы үлгісі боп саналған революцияшыл романтизмнің туып, дамуы ХlХ ғасырдың бас кезінде Англиядағы Байрон, Шелли сияқты дарындар шығармашылығына қатысты. Прогресшіл романтизм Францияда 20-жылдардың соңына қарай Виктор Гюго бастаған романтик қаламгерлер тобының шығармашылық ізденістеріне байланысты пайда болса, Германияда Генрих Гейне, Италияда Джованни Берше, Габриель Россетти тәрізді жазушылар шығармашылығына байланысты дүниеге келді. Прогресшіл романтизм шығармаларында суреттелетін шарттылығы басым жағдайлар ақиқат өмірден өткен дәуірлерге немесе қиял патшалығына көшуді көрсетпейді. Керісінше, бұл шарттылықтар түрлі жолдар арқылы өмірдің шынайы бейнесін ашуға және сол өмір шындығына наразылықтың мәнін түсіндіруге жәрдемдеседі. Романтиктер дәуір тынысын ұлттық жағынан да, географиялық тұрғыдан да әсем үлгіде беруге ұмтылды. Прогресшіл романтиктер жағымды кейіпкерлер ретінде, негізінен, езуші қоғам шындығына қарсы тұрушы бүлікшілерді, қарсылық білдірушілерді бейнеледі. Революцияшыл романтизм үлгісіндегі кейбір шығармаларда жағымды қаһармандар ретінде барша адамзат азаттығы үшін күрескерлер алынады. Мысалы, “Азат болған Прометейдегі” Прометей, Шеллидің ”Ислам

көтерілісіндегі” Лаон мен Цитна бейнелері. Романтиктер халық шығармашылығын, орта ғасырлық әдебиет туындыларын кеңінен танытуда да көптеген істер тындырды. Олар өз халқының өзіндік өнерін насихаттаумен ғана шектелмей, өзге халықтардың көркем мұраларына да ұдайы назар аударып, әр мәдениеттің қайталанбас сипаттарын баса көрсетіп отырды. Романтизм дәуірінде көркем аударманың биікке көтерілуінің себебі де осында. Фольклорға ден қою арқылы романтиктер аңыздарды баллада жанрында жаңа сипатта пайдаланып отырды. Бұл үлгідегі балладаларды неміс романтиктері, Англиядағы “Көл мектебі” ақындары, В.А.Жуковский сәтті қолданды. Сонымен бірге революцияшыл романтизм өкілдері ауыз әдебиетіне сүйене отырып, ертегі-жырлардағы халықтың қанаушыларға қарсы күресін көрсететін шынайы мазмұнды, күрескерлік идеяны тануға ұмтылады да, сол арқылы халықтың қуатын, жарқын келешекке сенімін көрсетуге тырысады. Мәселен, Гейненің “Германия”, т.б. да туындыларынан аталмыш мазмұн мен идея анық көрінеді. Идеал мен ақиқаттың қарама-қарсылығының бір көрінісі ретінде Ф.Шлегель, К.В.Ф.Зольгер, Жан Поль, Л.Тик, Брентано, Мюссе, Г.Гейне шығармашылығына тән романтикалық ирония түрін де айтуға болады. Алғашында романтикалық ирония кез келген көзқарастың (мұның арасында “шексіздікке” ұмтылған романтикалық көзқарас та бар) шектеулілігін, кең мағынадағы өмір мен жаратылыстан басқа қандай да бір тарихи шындықтың шарттылығын, ақиқат болмыс пен эмпирикалық шындықтың шексіз мүмкіндіктерін салыстыруға келмейтінін мойындауды аңғартты. Біртіндеп романтикалық идеалдың ақиқат өмірде жүзеге аспайтынын, арман мен өмірдің әу бастан арасы алшақ жатқанын саналы түрде түсінуді байқатты. Өз қоғамының ағымдағы өмірін бір сарынды, әрі сұрықсыз деп бағалай отырып, романтиктер әдеттегіден тыс нәрселердің бәріне құштар болды. Оларды фантастика, халықтық аңыздар мен халық шығармашылығы, өткен дәуірлер тарихы, табиғаттың экзотикалық көріністері, алыстағы елдер мен халықтардың өмірі мен тұрмысы, әдет-ғұрпы қызықтырды. Күнделікті ағымдағы тірлікке олар асқақ рухты арман-құштарлықты, романтикалық махаббат концепциясын, өздері рухани өмірдің ең жоғарғы көрінісі деп есептеген өнер, дін, пәлсапаны қарсы қойды. Сұрақ. Ақиқат өмір шындығына асқақ қиялдан туған “жасанды” дүниені қарсы қойған романтиктер сол арқылы оң нәтижеге қол жеткізе алды ма? Жауап. Әрине. Нәтижесінде романтиктер адамның ішкі дүниесінің таңғажайып күрделілігін, тереңдігі мен қарама-қайшылығын, қысқасы адамның ішкі болмысының шексіздігін ашты. Олар үшін адам – шағын ғалам, микроғарыш. Романтиктерге тән дүниетанымның мәнді белгілері – күшті де жарқын сезімдерге, жан әлеміндегі құпия қозғалыстарға, санамен емес, түйсікпен ғана сезінуге болатын тылсымдарға құштарлық. Сонымен бірге романтизмге еркіндікті қорғау, жеке адамды бағалау мен дәріптеу, әр адам бойындағы бірегей қасиеттерге ерекше зейін қоюшылық пен дара адамды

дәріптеу тән. Жеке адамды мадақтау буржуазиялық қоғамдағы адамдардың даралық бітімін жоғалта бастаған тарихтың аяусыз қадамына деген қарсылықты, өзін-өзі қорғауға ұмтылушылықты танытады. Романтиктер ұлттық рух пен мәдениет ерекшеліктеріне, әртүрлі тарихи дәуірлердің өзіндік ерекшеліктеріне терең мән берді. Өнердің тарихилығы мен халықтығы – өнердегі романтикалық теория жетістіктерінің бірі. Романтизмдегі халықтық ұғымы, негізінен, уақыт пен мекенді дәл бейнелеу мәнінде қолданылды. Сұрақ. Романтизмнің ең ірі жаңалығы – тарихилық дедік. Ал осы тарихилық сипаты романтизмде қалай көрінді? Жауап. Романтик қаламгерлер шығармашылығына тән тәсілдердің бірі өмірді ұдайы қозғалыс үстінде, қарама-қайшылықтар күресі үстінде бейнелеу болса, бұл өткенді суреттеу барысында да үнемі көрініс тауып отырды. Романтиктерге тән ойлаудың тарихилық сипаты, әсіресе, дәл осы кезеңде дүниеге келген тарихи роман, тарихи драма жанрларында әрі айқын, әрі тұтастық сипатта көрінді. Бұл пікірге Ф.Купер, В.Скотт, Виньи, В.Гюго, А.Дюма шығармашылықтары дәлел бола алары сөзсіз. Нақты мекеннің, дәуірдің, ұлттың, тарихтың, жеке адамның алуан түрлілігі де романтиктер көзқарасында белгілі бір философиялық мәнге ие болды, яғни бұл біртұтас дүниенің байлығын тұтастай танып-білу деп бағаланды. Сұрақ. Әдебиет тарихында романтизмге дейін де үлкенді-кішілі ізденістер болғаны мәлім. Романтизм өзінің алдындағы ағым-бағыттардан қандай сипатымен дараланады? Жауап. Эстетика саласында романтиктер классицистер ұстанған “табиғатқа еліктеу” қағидасына ақиқат өмірді жаңғыртып бейнелеуге құқылы суреткердің шығармашылық белсенділігін қарсы қойды. Классицизм эстетикасы қалыптастырған қасаң қағидаларды мойындамай, романтиктер адам баласы жасаған көркемдік түрлерді қай ақынның да өз қалауынша еркін пайдалануын жақтады. Романтизм эстетикасының түп мәні төмендегі жайларға сайды: Суреткер көзге көрініп тұрған шындықтан гөрі әсем де әсерлі, шынайы, өзіндік айрықша әлемін жасайды. Өйткені, өнер өз бойына дүниенің ең жоғары құндылықтарын, терең мәнін жинақтауға қабілетті. Сондықтан да өнердің өзі – ең жоғарғы шындық болып табылады. Өнер туындысы тірі организм тектес, ал көркемдік пішін мазмұнның сыртқы бейнесі емес, оның тереңінен өніп шыққан, әрі онымен тығыз байланысты әлдене ретінде түсіндіріледі. Романтиктер суреткердің шығармашылық еркіндігін, ой-қиялын қызғыштай қорғап, эстетикалық нормаларды, өнердегі өлшеулілікті жоққа шығарады. Романтиктер пікірі бойынша, данышпан қағидаларға бағынбайды, ол оны өзі жасайды. Алайда бұған қарап, олар өздеріне тән жаңа романтикалық қағидалар мен заңдылықтарды қалыптастырған жоқ деуге болмайды. Сонымен бірге романтизм дәуірі әдеби жанрлардың жаңаруымен дараланады. Тарихи романдар, фантастикалық повестер, лиро-эпикалық поэмалардың тууы, лириканың айрықша өркендеуі – романтизм дәуірінің

еншісінде. Поэтикалық бейнелеу құралдары жағынан қарастырар болсақ, романтиктер өздері үшін ғажайып боп көрінгенді де, сұрықсыз көрінгенді де әсерлілік қуатын әлсіретпей жеткізуге себі тиетін көтеріңкі сарындағы сөздерді жасайтын тәсілдердің алуан түрін бірдей пайдаланды. Поэтикалық сөз мүмкіндігі көп мағыналылық, ассоциативтілік, метафораның молдығы, өлең өрнектеріндегі тың шешімдер нәтижесінде арта түсті. Романтизм теоретиктері әдебиеттің тектері мен түрлерінің алшақтығын насихаттады, өнер мен философия, діннің өзара байланыста болуын, етене араласуын жақтады, музыка мен бейнелеу өнерінің поэзиядағы бастауын атап көрсетті. Көркемдік бейнелеу ұстанымдары тұрғысынан романтиктер фантастикаға, сатиралық гротескіге, сыртқы пішіндегі ашық шарттылыққа іш тартып, күнделікті мен қалыптан тыс жайларды, қайғылы мен күлкіліні батыл араластырды. Әр елдің ұлттық тарихи даму ерекшеліктеріне қарай романтикқаламгерлер шығармашылығының да өзіндік даралық белгілері кездеседі. Сонымен қатар романтизм өкілдерінің шығармашылықтарына тән тұрақты сипаттар да бар. Романтизмнің мұндай ортақ белгілері ретінде оны тудырған тарихи жағдайды, әдіс ерекшеліктерін және қаһарман сипатын атауға болады. Европалық романтизмді дүниеге келтірген тарихи жағдай Ұлы француз революциясына байланысты өзгерістер кезеңі болғанын, соған байланысты романтик суреткерлер өз дәуіріндегі өзгерістерден қанаттанған жеке адам еркіндігі идеясын бойға дарытқанын жоғарыда айттық. Сонымен бірге олар ақша билік еткен қоғамдағы адамның қорғансыздығын да түсіне білді. Сол себепті де көптеген романтиктер дүниетанымында айналадағы дүние арасынан жол таба алмай абыржу, жеке адам тағдырының қасіреті (трагизм) жиі кездесті. Ал орыс романтизмінің туып, өркендеуіне айрықша әсер еткен оқиғалар 1812 жылғы Отан соғысы мен 1825 жылғы декабристер көтерілісі болды. Сұрақ. Романтизм әдісін өз шығармашылығында қолданған қаламгерлердің барлығын нақты бір көзқарастың жақтаушылары деуге бола ма? Жауап. Қоршаған дүниені жоққа шығару тенденциясы ортақ бола тұра, романтизм саяси-әлеуметтік көзқарас тұрғысынан тұтастыққа қол жеткізе алмады. Керісінше, романтиктердің қоғамға көзқарасы, қоғамдағы және өз дәуірінің тартыс-талқысы тұстарындағы позициясы бір-біріне мүлдем кереғар болып жатты. Бұл орайда олардың бойында революцияшыл (дұрысы бүлікшіл) көзқарастан керітартпа консервативтік көзқарасқа дейінгі сипаттар қатар ұшырасады. Осыған орай романтизмнің өзін керітартпа (реакциялық), сырттай қызықтаушы (созерцательный), либералдық (ымырашыл), прогрессивті, т.с.с. деп таратуға да болады. Байыбына барар болсақ, романтизмнің ілгерішіл яки керітартпа аталуы оның негізгі көркемдік әдісіне емес, қаламгердің әлеуметтік, философиялық немесе саяси көзқарасына қатысты. Себебі көркем шығармашылық мәселесі

жеке қаламгердің саяси немесе діни сенімдерінен әлдеқайда ауқымды мәнге ие. Бір жағынан, жеке адамға, оның қоршаған ортамен қарым-қатынасына деген айрықша құштарлық, екінші жағынан ақиқат өмірге идеалдық өмірді қарсы қою – романтизмнің негізгі тәсілдері болып келеді. Романтиксуреткер үшін шынайы жаратылысты қаз-қалпында бейнелеу шарт емес. Ол үшін сол өмір шындығына деген өз көзқарасын таныту, түптеп келгенде өзінің ойдан жасалған әлемін көрсету маңызды мән иеленеді. Көбіне-көп романтик-қаламгерлердің жасаған көркем әлемі қоршаған ортаны шындық өмірге қарама-қарсы сипатта көрсетеді. Өйткені ол өзі тудырған көркем әлем арқылы өзінің асқақ мұрат-идеалын, өзі жоққа шығарып отырған дүниенің ұнамсыздығын оқырманға жеткізуге, санасына сіңіруге ұмтылады. Дәл осындай мақсат көздеушілік романтикалық көркем туындының бүкіл құрылымына әсер етіп, оның субьективтілік сипатын айқындайды. Қандай да бір романтикалық туындыдағы оқиғалар автордың өзін айрықша қызықтырған қаһарманның қасиеттерін ашу үшін ғана қажет болды. Сұрақ. Сонда романтизм қаламгерлері үшін негізгі мақсат әдеби қаһарман сомдау болғаны ма? Жауап. Романтизм әдебиетке өз қаһарманын, нақтылай айтқанда, қаламгердің өзін қоршаған дүниеге көзқарасын танытатын көркем бейнені әкелді. Романтизм қаһарманының ерекшелігі қандай? Аса биік сезімдерден қуаттанған бұл қаһарманның айналадағы дүниеге қатысты әсері де, әрекеті де оқшау, ол өзгелер мойындаған қағидаларға қашан да қарсы тұрады. Сол себепті де ол басқалардан мойыны озық адам. Сонымен бірге бұл қаһарман қашан да жалғыз, соған сәйкес жалғыздық тақырыбы түрлі жанрларда, әсіресе, лирикада басты тақырыпқа айналды. Г.Гейненің “На севере диком стоит…”, М.Ю.Лермонтовтың ”Дубовый листок оторвался от ветки родимой…” өлеңдері айтылған пікірдің айқын дәлелі болары анық. М.Ю.Лермонтов кейіпкерлері, Дж.Байронның шығыстық поэмаларының кейіпкерлері де жалғыз жандар. Тіпті Байронның Каин, А.Мицкевичтің Конрад Валленрод сияқты бүлікшіл қаһармандары да жалғыз. Сонымен бірге бұлардың қай-қайсысы да – ерекше жағдайда ерекше әрекет, мінездерімен танылатын ерекше қаһармандар. Романтизм қаһармандары – қашан да тынымсыз, тентек, айрықша сезімтал, асқақ. Бүлікшілік пен ымырасыздық қасиеттерін бойға дарытқан романтикалық қаһармандар орыс романтизмінің алғашқы кезеңінің өкілдері болып табылатын декабрист ақындар К.Ф.Рылеев, А.А.БестужевМарлинский, В.К.Кюхельбекер шығармашылықтарында жарқын бейнеленді. Сұрақ. Жалпы алғанда романтизмнің әдебиет дамуына әсері болды ма? Қазіргі күні романтизм әдісі қолданыла ма? Жауап. Дара тұлғаға, адамның жан әлеміне айрықша құштарлық лирикалық және лиро-эпикалық жанрлардың гүлденуіне ықпал етті. Бірқатар елдерде дәл осы романтизм дәуірінде әлемге танылған ұлы ақындар шықты. Мәселен, Францияда Гюго, Польшада Мицкевич, Англияда Байрон,

Германияда Гейне, т.с.с. Сонымен бірге романтизмге тән адамның ішкі “меніне” тереңдей бойлауға талаптану ХlХ ғасырдағы Батыс әдебиетінде пайда болған психологиялық реализмге із аша бастады. XІX ғасырдың 40-жылдарынан бастап Европаның басты елдерінде өзінің тұғырлы орнын сыншыл реализмге бере бастағанымен, романтизм негізгі көркемдік әдіс ретінде әдебиет төрінен бірден ығысып кеткен жоқ. Тіпті сыншыл реализм нығайған тұстың өзінде романтизм белсенді позициясын бере қоймады. Мысалы, Францияда романтик В.Гюгоның “Отверженные”, ”Тоқсан үшінші жыл ” романдары реалист жазушылар О.де Бальзак пен Стендальдардың шығармашылық жолдары аяқталған тұста дүниеге келгені, М.Ю.Лермонтовтың романтикалық поэмалары өз тұсындағы өзге реалистік шығармалармен қатар жазылғаны мәлім. Романтизм тағдыры мұнымен де тәмәмдалған жоқ. Араға жылдар салып, мүлде жаңа тарихи жағдайларда қаламгерлер көркемдік бейнелеудің романтикалық тәсілдеріне жиі оралып отырды. Реалистік және романтикалық дүниелерді қатар жасаған Горький қоғамды өзгертуге құштар, асқақ бітімді кейіпкерлерін, күрес пафосын реалистік дүниелерінен гөрі өзінің романтикалық туындылары арқылы толық бере алды. Дәлел ретінде “Кейуана Изергильдегі” Данконы, ”Сұңқар туралы жыр” мен ”Дауылпаз туралы жырды” айтқан орынды. Қазіргі кезеңде романтизм тұтастай көркемдік бағытты құрай алмайды. Тек қана жекелеген қаламгерлер шығармашылығында романтизм сипаттары ұшырасады. Сондай-ақ, романтизм әсері кейінгі кезеңдердегі неоромантизм, символизм, экспрессионизм бағыттарында, сондай-ақ сюрреалистік поэзияда, т.с.с. авангардтық ағымдарда байқалып отырады. Сұрақ. Романтизммен салыстырғанда реализм әдебиет дамуында айрықша орын алатыны анық. Соның сыры неде? Жауап. Өнер мен әдебиет дамуына қатысты уақыт жағынан алғанда, романтизмнен кейін пайда болған көркемдік әдіс – реализм. Әдіс атауының өзі кейінгі латын тілінде ”заттық, шынайы” деген мағына беретін “realіs” сөзінен алынған. Әлем әдебиетінде кеңінен қанат жайған реализм тарихы алуан үлгідегі көркемдік ізденістерге аса бай. Өйткені реализм өзегінде жатқан ақиқат, шындық ұғымдарының өзі эстетикадағы түйінді мәселелердің бірі болып табылады. Осыған байланысты реализм туралы түсінік те суреткерлердің өмір шындығын шынайы бейнелеуге құштарлығы мен дүниетаным деңгейіне орай әдебиет дамуының түрлі кезеңдерінде өзгеріп отырды. Мысалы, француз классицизмінің теоретигі Н.Буало қаламгерлерді ақиқатты басшылыққа алуға, “табиғатқа еліктеуге” үндеді. Ал нақ осы классицизмге қарсы бағыттағы романтизм өкілі В.Гюго суреткерлерге “табиғатпен, ақиқатпен және өзінің шабытымен кеңесуді” ұсынады. Біріне-бірі қарсы екі бағыт өкілінің екеуі де “табиғат” пен “ақиқатты” жақтайды. Әдебиэстетикалық ойлар тарихынан реализмге байланысты түрлі пікірлерді келтіре

беруге болады. Дегенмен, қазіргі таңда “реализм” аясында нені түсінеміз?” деген сауалға жауап іздеп көрелік. Реализм – әдебиет пен өнерде өмірді ақиқат өмірдегі құбылыстар мәніне сәйкес келетін және өмірдің өзінен алынған шынайы фактілерді көркемдік жинақтау жолдары арқылы жасалатын образдармен бейнелеу әдісі. Әдебиеттің адамды және қоршаған дүниені тану құралы ретіндегі маңызына ден қоя отырып, реализм өмірді бүкіл қайшылықкереғарлықтарымен тұтас күйінде тереңдей танып-білуге ұмтылады. Соған сәйкес, суреткердің өмірді барлық қырынан қарастыруына мүмкіндік береді. Реализм өнері адамның қоршаған ортамен қарым-қатынасын, қоғамдық талаптардың адам тағдырына ықпалын, әлеуметтік жағдайлардың адамның жан-дүниесіне, мінез-құлқына әсерін, қоғамдық-әлеуметтік күштердің даму үрдісіндегі мән-маңызын көрсетеді. Кең мағынада алғанда, реализм категориясы нақты әдеби туындының ақиқат өмірге қатынасын анықтауға бағытталады. Бұл тұрғыда туынды авторының қандай да бір әдеби мектептің немесе бағыттың өкілі болуы шешуші мән атқара алмайды. Шынайы өнер, қалай болғанда да, белгілі бір деңгейде ақиқатты бейнелейтінін ескерсек, бұл орайда реализм ұғымы өмірлік шындық ұғымымен бірдей бағаланып, түрлі дәуір әдебиетіндегі әр текті құбылыстарға қатысты қолданыла береді. Демек, реализмді өмірлік шындық ретінде түсіну жалпы эстетикалық тұрғыдан маңызды болғанымен, әдебиеттануға қатысты алғанда нақтылық мәнге ие ұғымды бере алмайды. Сұрақ. Неге? Жауап. Теориялық жағынан нақтылай айтқанда, “реализм” термині ақиқат болмысты өмірлік шындық тұрғысынан жүйелі сипатта көрсетуге және адам мен қоршаған дүниені саналы түрде көркемдік тұрғыдан таныпбілуге ұмтылатын ұстанымдарға негізделген әдеби әдісті белгілейді. Сондай-ақ, әдебиеттануда “реализм” терминінің екі түрлі мәнде қолданылатынын да айта кеткен жөн. Оның біріншісі – өзіміз сөз етіп отырған көркемдік әдіс ретіндегі мағынасы да, екіншісі – әдеби бағыт ретінде XІX ғасырда қалыптасқан тарихи-нақты мәндегі мағынасы. Сұрақ. Реализм әдісі мен бағытының пайда болуы мен қалыптасу кезеңдері, сондай-ақ, аталмыш ұғымдардың өзара қарым-қатынасы жайындағы пікірлер де әрқилы. Кейбір зерттеушілер реалистік бейнелеу ұстанымдары ежелгі дәуірлерде дүниеге келіп, бүгінге дейін бірнеше тарихи кезеңді бастан өткерді деген ой айтады. Олардың жіктеуі бойынша, “антикалық реализм”, “Қайта өрлеу реализмі”, “ағартушы реализм”, “XІX ғасыр реализмі” “социалистік реализм” кезеңдері бар. Келесі пікір айтушылар реализмнің пайда болуын Қайта өрлеумен байланыстырса, үшінші бір топ реализм бастауын отбасылық-тұрмыстық және әлеуметтіктұрмыстық роман жанрын жарыққа шығарған XVІІІ ғасырмен сабақтастырады. Солардың арасында неғұрлым басымырақ көрінетін көзқарас тұрғысынан қарастырар болсақ, реализм бағыт ретінде европа әдебиетінде дүниені шыншылдықпен бейнелеу ұстанымы мейлінше кең

ауқымда әлеуметтік сипат иеленген XІX ғасырдың 30-жылдарында қалыптасты деген пікірге тоқталарымыз анық. Осы көзқарасқа сүйене отырып, реализм дамуының басты кезеңдеріне тән сипаттар ретінде қандай ерекшеліктерді көрсетуге болар еді? Жауап. Реализмнің романтизмнен кейін пайда болғанын жоғарыда айтып өткенбіз. Реализм мен романтизмнен басқа әдеби бағыттардың қайқайсы да әдеби үрдіске бірін-бірі теріске шығара отырып араласқаны өнер тарихынан мәлім. Романтизмнің өзі де өзінің алдындағы классицизммен күрес үстінде қалыптасқаны белгілі. XVІІІ ғасырдың соңы мен XІX ғасырдың бас кезінде әдебиетте салтанат құрған романтизм – реализмнің ізашары. Қалыптан тыс жағдайларды ала отырып, қиялдан туған айрықша әлем жасауға және асқақ құштарлықтарды бейнелеуге бағытталған романтизм әдісі өзінен бұрынғы сентиментализм, классицизм, т.с.с. бағыттарға қарағанда, адам болмысын алуан кейіпте, ішкі сезім байлығымен, қарамақайшылықтарымен ашып көрсетуге қабілетті болды. Сол себепті реализм романтизмге қарама-қарсы бағыт ретінде емес, керісінше, қоғамдық қатынастарды әшекейлей суреттеуге қарсы күресте романтизмнің жақтаушысы, көркем образдардың ұлттық және тарихи ерекшеліктерін сақтау қажеттігіне негізделген ұстанымдарын жалғастырушы ретінде дүниеге келді. XІX ғасырдың бірінші жартысында жарық көрген Бальзактың “Шегірен былғары”, Стендальдың “Парм мекені”, В.Гюго романдарындағы романтизм мен реализм элементтерінің ара жігін ажыратудың қиынға түсетіндігі де сондықтан. Сонымен бірге романтикалық сарындардың реалистік сипат иеленіп, әдеби шығармашылық тұрғыдағы әлеуметтік зерттеулердің тірегіне айналып жататын сәттері де аз емес. Мәселен, Стендальдың “Қызыл мен қара”, М.Ю.Лермонтовтың “Біздің заманымыздың қаһарманындағы” романтизм мен реализм ұштасуы осы үлгіде көрініс тапқан. Демек, реализм әдіс ретінде XVІІІ ғасырдың соңы мен XІX ғасырдың бас кезіндегі романтизммен қоян-қолтық ұштаса пайда болды деуге болады. Романтизм дәстүрінен арылған реализмнің өзіндік бағдарын айқындаған кезеңі XІX ғасырдың орта тұсына қарай басталды. Ресейде 20-30 жылдары А.С.Пушкиннің “Евгений Онегин”, “Борис Годунов”, “Капитан қызы”, А.С.Грибоедовтың “Ақылдан азабынан” бастау алып, И.А.Гончаров, И.С.Тургенев, Н.А.Некрасов, А.Н.Островский, т.б. шығармашылықтарымен, батыста Г.Флобер, У.Теккерей есімдерімен байланысты қанат жайды. Осы тұстағы шығармаларда әлеуметтік-сыншылдық сипаттың басым көрінуіне байланысты XІX ғасыр реализмін “сыншыл реализм” деп атау қалыптасқан. Алайда “сыншыл реализм” ұғымын тура мағынасында ғана қабылдау жаңсақтыққа ұрындырмақ. Себебі – барлық реалистік әдебиетке тән өмірді дәріптеу, келешекке сенім пафосы сыншыл реализм әдебиетіне де ортақ. XІX ғасыр реалистеріндегі жақсылыққа сенімділік автор позициясынан ғана емес, шешуші сәттерде қара басының қамынан азаматтық парызды жоғары қоюға әзір әдеби қаһармандар бітімінен де аңғарылады. “Сыншыл реализм” ұғымын тура мағынасында түсіну аталмыш кезеңдегі

реализм әдебиетінің тарихи-нақты маңызын, яғни оның сол дәуірдегі әлеуметтік міндеттермен байланысын аңғартқанымен, реалистік жауһар туындылардың философиялық мазмұны мен жалпы адамзаттық құндылығын толық таныта алмайды. Сұрақ. Демек, “сыншыл реализм” терминінің өзі, негізінен, сол кезең әдебиетіндегі әлеуметтік-идеялық көзқарасқа көбірек байланысты деуге болады ғой. Жауап. Шынында да солай. Мәселен, XІX ғасырдың екінші жартысында азаттық қозғалыстармен тығыз байланысты дамыған орыс әдебиетін алып көрелік. Орыс қаламгерлері адамды әлеуметтік және рухани қанаушылықтың қандай түріне де қарсы тұрды. Олардың қоғамдық қайшылықтар сырын тереңдей зерттеуі, рухани дүниедегі халықтан алшақ аристократизм мен эстеттік санаға қарсы бітіспес күреске шығуының себебі осында. Адамгершілік мәселелерін күн тәртібіне мейлінше өткір қоюы орыс әдебиетін, әсіресе, Л.Н.Толстой, Ф.М.Достоевский сияқты тұлғаларды әлемдік деңгейдегі әдеби үрдістің алғы шебіне шығарды. Олар әлем әдебиетін әлеуметтік-психологиялық роман құрылымының жаңа ұстанымдарымен және көркем баяндау бітімінде біте қайнасып жататын ауқымды моральдық мәселелермен, сондай-ақ, адамның ой әлеміндегі терең қатпарларды ашудың жаңа тәсілдерімен байытты. Қалай болғанда да, XІX ғасыр реализмге тән негізгі эстетикалық ұстанымдар мен типологиялық белгілерді түгелдей ашып берді. Әрине, классицизм, романтизм, символизм де өз дәуірінің шындығын бейнелеп, сол шындыққа өз көзқарасын білдіруге ұмтылғанын жоққа шығаруға болмайды. Алайда, реализмде көркемдіктің негізгі өлшемі өмірлік ақиқатқа адалдық болып қалыптасты. Дүниені реалистікпен бейнелеу абстрактілі шарттылыққа, аллегорияға негізделген жасандылықты немесе натуралистік тәптіштеулерді ығыстырып отыратындықтан, реалистік туындыдағы құбылыстар да, әдеби қаһармандар да өмірде бар шындық сияқты әсер ететіні жиі кездеседі. Реализмге бейнелеудегі шынайылық, өмірлік шындықты мейлінше өз қалпында алып, көркемдікпен жаңғырту тән. Бұған қарап, реализм әдісі көркемдік құралдарының өзге түрлерін пайдаланбайды деген ой түюге болмайды. Образдар мен оқиғалардың негізінде өмірлік шындық жатуын мақсат тұта отырып, реализм миф, символ, гротеск, аллегория, т.с.с. көркемдік бейнелеу тәсілдерін де ұдайы пайдаланып отырады. Бұл жағдайда реализмнің басты талабы – көркемдік тәсілдерінің адамды қоғамдық қатынастар аясында қарастыруға негізделген реалистік шығармашылық ұстанымдарынан өрістеп жатуы болып табылады. Реализм жекелеген детальдардың шынайылығымен қатар, адамдар мен қоғамдық жағдайларға да шындық негіздегі жинақтаушылық мән дарытуды талап етеді. Ал типтік сипат шағын бөлшектерді, жекелеген адамдарға тән нақты даралықтар арқылы, яғни заттар мен адамдарды дәл суреттеу, нақты бір әрекет орнын бейнелеу, тұрмыс пен әдет-ғұрыптарды, тарихи және уақыттық реалияларды сипаттау, жергілікті тұрғындардың, белгілі бір кәсіп

иелерінің, әлеуметтік топтардың сөйлеу тіліндегі ерекшеліктерді сақтау сияқты жағдайлардан құралады. Бұлардың барлығы да шығармада бейнеленген образдардың ақиқаттық сипат иеленуіне ықпал етеді. Ал шын мәніндегі реалистік образдар бойында типтік пен даралық қасиеттерінің ұштасып жататыны мәлім. Сұрақ. Әлгінде айтылып кеткен “реалия” деген сөз қандай мағына береді? Жауап. Тура мағынасында алар болсақ, “реалия” сөзі “белгілі бір халықтың, елдің ғана тарихына, әдет-ғұрпына, тұрмыс-тіршілігіне, мәдениетіне тән, өзге халықтарда ұшыраспайтын нәрсе, ұғым, құбылыс” деген түсінік береді. Кең ауқымда қолданылатын “реализм, реалистік” деген ұғымдардың да “реалия” сөзінен туындайтыны түсінікті болса керек. Ал негізгі әңгімемізге қайта оралар болсақ, реализмге қатысты күрделі мәселелердің бірі – өмірлік шындық пен көркемдік шындықтың арақатынасы. Өмірдегі заттың әдеби туындыда қаз-қалпында бейнеленуі қаншалықты маңызды болғанымен, реализм үшін басты шарт емес. Реализм үшін бейнеленген өмірлік шындықтың маңызы сол шындықты бейнелеудегі басты мұраттың қаншалықты жүзеге асқандығымен, яғни оқырманды өмірдің мәніне тереңдей үңілуге, қаламгер ұсынған идеялардың маңыздылығын ашуға ықпал ету дәрежесімен айқындалады. Реалистік әдебиетте қаһарманның жан дүниесі мен іс-әрекетінде оның өмір сүрген уақытының белгісі қалай да сақталады. Қаламгер өз кейіпкерінің әлеуметтік, адамгершілік, діни түсініктерін нақты қоғамдық жағдайлармен байланысты көрсетіп, уақыттың әлеуметтік-тұрмыстық белгілеріне баса назар аударып отырады. Десек те, реалистік өнерде қандай да бір жағдай кейіпкерлердің ішкі әлемін ашу мақсатында алынады. Реализмнің ең басты танымдық жетістігі – мінездер мен жеке адамдардың біртұтас жан дүниесін бейнелеу, түрлі адамдарға ортақ әрқилы сезім айшықтарын ашып көрсету; қысқасы, адамның ішкі болмысына тән нәрселердің бәрін қамтып суреттеу болып табылады. Реализмге қаламгердің жеке көзқарасы мен мүддесінен басым тұратын көркемдік обьективтілік сипат тән. Бұл ерекшелікке қарап, реалистқаламгерді өмір құбылысын сырттан бақылаушы ғана деп түсінуге болмайды. Реализмнің адамды ардақтаушылық сипаты реалистік туындының бүкіл бітіміндегі өмірді дәріптеуге құштарлығынан танылады. Реалистік туындыдағы трагедиялық шешімнің өзі оқырманды өмірге сеніммен қарауға үндейді. Реалист-қаламгердің міндеті өзінің ойын сырттан таңу емес, оқиғаны бейнелей отырып, оқырманды ойландырып-толғандыру, сол арқылы өмірді бағалай білуге үйрету. Реалистік өнерге ақиқатты даму үстінде қарастыру, өмірде, әлеуметтік қатынастарда пайда болған жаңа құбылыстардың сыр-сипатын дұрыс тани білу және образдар арқылы бейнелеу қасиеті тән. Бұл ерекшелік, әсіресе, XX ғасыр әдебиетінде ерекше көрінді.

Сұрақ. Өз әдебиетімізде болсын, әлемдік әдебиетте болсын, мифтік, фантастикалық желілер жиі ұшырасатын құбылысқа айналды. Осыған байланысты “XX ғасыр әдебиетінде реализм ықпалы әлсірей бастаған жоқ па?” деген сұрақ көңілге оралады. Жауап. Қазіргі қаламгерлер өмірлік шындықты бейнелеуде сыртқы ұқсастықты сақтай бермейтіні рас. Оның себебін қаламгер назарына ілігетін өмірлік материалдың орасан молдығынан іздеу керек. Ал өмірлік материалдың байлығы көркемдік пішіндердің де молаюына жол ашады. Мысалы, Дж.Голсуорси, Р.Роллан, Т.Манн, М.А.Шолохов, А.Н.Толстой шығармаларында обьективті баяндаулардың кейіпкерлер ойындағы психологиялық өзгерістерді мұқият суреттеу тәсілдерімен ұштасып жатуы, кей тұстарда символика элементтерінің кірігіп кетуі сияқты жәйттер, сондайақ, А.Франс, Г.Уэллс, К.Чапек, М.А.Булгаков шығармаларында фантастикалық белгілер ұшырасып жатады. Бұл ерекшеліктердің қай-қайсы да кейіпкерлердің жеке тірлігіне уақыт рухының, қоғам өміріндегі арынды дамудың әсерін мейлінше терең таныту мақсатында пайда болып отырған құбылыстар. Қазіргі таңда реализм әдебиетіндегі мазмұнның алуан түрлілігі мен күрделілігі жазу машығына байланысты сан қилы ізденістерге жол ашты. ХХ ғасыр реализміндегі түрлі тәсілдерді тоғыстырушылық қасиет сюжет құрылымынан да байқалады. Мәселен, сюжет желісінде түрлі дәуірлердің қиысып жатуы, түрлі халықтар мен елдердегі оқиғалардың, көне заман аңыздарының қазіргі құбылыстармен қатар өрістеуі сияқты сипаттардың Т.Манн, Л.Мештерхази, Г.Гарсия Маркес, Ш.Айтматовтардың реалистік шығармаларында қатар көрініс табуы – бүгінгі әдебиет үшін тосын нәрсе емес. Сол сияқты қазіргі реалистік әдебиетте әр алуан әдеби түрлер мен жанрлардың араласып келуі де таңсық емес. Мысалы, Б.Брехттің эпикалық драмасы, лирикалық-публицистикалық поэмалар, т.с.с. атауға болады. Проза мен поэзияның бір-біріне ықпал етуі, көркем әдебиетке құжаттық үлгілердің, баспасөз жанрларының енуі сияқты көріністер де бар. Алайда, қазіргі әдебиетте болып жатқан мұндай құбылыстарға қарап, реализм өз даму шегіне жетті деп қорытынды жасау ағаттық болмақ. Жаңадан пайда болып жатқан өмірлік күрделі құбылыстардың мәніне тереңдей бойлауға жәрдемдесетін көркемдік жинақтаудың жаңа түрлерін табу жолындағы ізденістерді реализм әдісіне жат нәрсе деп қабылдауға болмайды. Қаламгерлердің қалыптан тыс сарындарға, образдарға, тәсілдерге жүгінуін өмірлік ақиқаттан алшақтау деп бағаламай, ақиқат мәніне тереңдей беруге, өмірлік шындықтың тылсым сырларын ұғынуға ұмтылыс, тіпті көркемдік құралдарының сонылығымен оқырманның ой-сезіміне әсер етуге ұмтылыс деп бағалаған орынды. Өйткені реалист-суреткер қандай көркемдік құралды пайдаланса да, өз шығармасында өмірлік шындықтың сырын тереңдете ашуды мақсат етеді.

Сұрақ. Адам ойында дайын үлгіде тіркесіп жүретін сөздер болатыны мәлім. Мәселен, “әдіс” десек, оған ілесе “тәсіл” деген сөз тіл ұшына оралып тұратыны бар… Жауап. Бұл – “Көркемдік әдіс болғанда, тәсіл болмай ма?” деген сұрақ қой. Әдебиетте әдіс те, тәсіл де бар. Екеуі – екі бөлек ұғым. Әдеби тәсіл дегенде көркем баяндаудың сюжеттік-композициялық, жанрлық, стильдік, поэтикалық бітімін белгілейтін құрылымдық ұстанымдары айтылады. Әдебиеттану тәжірибесі әдеби тәсілдер мәселесінің қаламгер қолданысындағы жаңашылдыққа немесе қалыптасқан дәсүрлі үлгіні жаңа мақсатқа бейімдей пайдалану жолдарына қатысты сөз болатынын көрсетті. Бұл орайда қаламгер пайдаланған тәсілдердің ішінен жекелеген тәсілдерді бөліп алып қарастыру маңызды сипат иеленетінін байқаймыз. Мысалы, реалистік туынды сюжетіне фантастика мен гротеск элементтерінің енуі, “сана ағымы” тәсілдерінің ұштасуы, поэзия мен прозада көркем сөз құрылымын синтаксистік және ырғақтық тұрғыдан қалыптан тыс үлгіде қолдану, т.с.с. жәйттерді айтуға болады. Бір қаламгерге немесе белгілі бір дәуірге тән тәсілдемен қатар, дәстүрлі тәсілдер де бар. Қаламгерлер қай кезде де ондай дәстүрлі қолданыстарды мүмкіндігінше аз пайдалануға ұмтылады. Әдеби тәсілдерді көркемдік мақсатқа байланысты саналы түрде ұтымды да орынды пайдалану мазмұнның мәнін неғұрлым терең жеткізуге қызмет етуі шарт.

Он жетінші әңгіме
немесе
Әдеби ағым-бағыттар

Сұрақ. Әдеби дамуға байланысты әңгімелерді қысқаша түйіндер болсақ, “Әр дәуірде алдыңғы планға сол уақыттың жалпы сипатына неғұрлым сай келетін әдеби түрлер шыққанымен, әрқилы жанрлық түрлер де дамиды. Ақырында әдебиетте әртүрлі шығармашылық әдістер мен стильдер де тоғысады. Нақты бір әдіс пен стиль тұтас бір дәуірге немесе бағытқа тән болады; екінші жағынан, әрбір үлкен суреткер өзіне етене жақын шығармашылық бағыт шеңберінде өзіндік әдіс пен стилін туғызады” деген қорытынды жасауға болатын тәрізді. Осы сөйлем құрамында кездесетін ұғым, терминдердің бәріне дерлік тоқталған екенбіз. Дегенмен, әдебиеттегі бағыт мәселесіне де арнайы көңіл аудару қажеттігі сезіледі. Жауап. Әдебиеттануда көркемдік әдіс ұғымымен етене бағыт, ағым, стиль, әдеби мектеп, әдеби топ деген түсініктер де бар. Бұлардың барлығы да түптеп келгенде бірнеше суреткер шығармашылығына тән ортақ сипатбелгілерден туындайды. Ал ортақ белгілер дегенде, жазушының әлеуметтік, идеялық, позициялық тұрғыдағы ұқсастық мәселелерін түсінген жөн. Әдеби бағыт және ағым – көптеген жазушылардың, топтар мен мектептердің шығармашылығына тән рухани және эстетикалық

ұстанымдардың, сондай-ақ, осы ұстанымдардың өзара сәйкестігіне негізделген бағдарламалық-шығармашылық мақсаттардың, тақырыптардың, жанрлар мен стильдердің жиынтығы. Бұл терминдерді түрліше түсіндіріп, түрлі мағынада қолдану әлі де жиі кездесіп жүр. Кейде оларды бір-бірінің орнына қолданса, кейде ағымды әдеби мектеппен немесе топпен теңестіреді, бағытты көркемдік әдіспен немесе стильмен бірдей түсіну де ұшырасады. Осы тұста айта кеткен жөн, ағымдар мен бағыттардың күресі мен алмасуы кезінде әдеби үрдістердің негізгі заңдылықтары айрықша анық байқалады. Қысқа қайырар болсақ, бағыт көркемдік мазмұнның руханиэстетикалық терең мәнін белгілейді. Бұл үлгідегі көркемдік мазмұн мәденикөркемдік дәстүр бірлігінен, қаламгерлердің дүниетаным ұқсастығынан және олардың алдындағы өмірлік проблемалардың ортақтығынан, түптеп келгенде, дәуір тудырып отырған әлеуметтік, мәдени, тарихи жағдайлардың ұқсастығынан шығады. Дегенмен, бір бағыттағы әр қаламгердің дүниетанымы, проблемаға қарым-қатынасы, оларды шешу жолдары мен тәсілдеріне қатысты түсінігі, идеялық және көркемдік концепциялары әр түрлі болуы әбден мүмкін. Соған орай бағыттың әдеби мектептер мен топтардан айырмашылығы айқындалады. Әдеби мектептер мен топтардың мүшелерін идеялық-көркемдік таным бірлігі, яғни бағдарламалықэстетикалық тұтастық топтастырады. Ал бір бағытта бірнеше ағым, мектептің болуы ұшыраса береді. Демек, ағымдар бағыттың алуан түрлері болып табылады. Сұрақ. Осы орайда әдебиет дамуында өзіндік ерекшелігімен көрініп, өз белгісін қалдырған ағым, бағыттардың бір-екеуіне тоқтала кетудің артықшылығы болмас еді. Жауап. Олай болса, әлемдік әдебиетте мейлінше кең ауқымды қамтыған классицизм бағыты мен сентиментализм ағымы жайында әңгімелегеніміз дұрыс болар. “Классицизм” атауының түп негізі латын тілінде “үлгілі” деген мағына білдіретін “classіkus” cөзінен бастау алады. Ал классицизм дегеніміздің өзі – Европа өнері мен әдебиеті тарихында XVІІ ғасырдан басталып, XІX ғасырдың бас кезіне дейін ұласқан эстетикалық-көркемдік бағыт. Басты белгісі – антикалық өнер туындыларындағы пішіндер мен образдарды эстетикалық үлгі санау. Классицизм поэтикасының ілкі нышандары Кейінгі Қайта өрлеу дәуірінде Италия жерінде Л.Кастельветро, Ю.Ц.Скалигер поэтикаларында көріне бастағанымен, тұтас көркемдік жүйе ретінде XVІІ ғасырда Францияда қалыптасты. Сұрақ. Классицизмнің Италияда көріне бастап, Францияда қалыптасуының сыры неде? Жауап. Қандай да бір жаңа құбылыстың пайда болып, қалыптасуы үшін қоғамдық-әлеуметтік алғышарттар қажет. Ал классицизм бағытының XVІІ ғасырда Францияда кеңінен қанат жая көрінуінің себебі – бұл кезеңде

Францияда абсолютизм нығайып, мемлекеттік билік бір қолға шоғырланып, ұлттық тұтастық идеясы нығая бастаған болатын. Елдің қоғамдық өмірінде жаңа әлеуметтік топ – буржуазияның ықпалы арта түсті де, аталмыш әлеуметтік топқа абсолюттік монархия да, дворян қауымы да бірдей қатысты болды. Қоғамдық өмірде пайда болған жаңа талап-тілектер өнерге де жаңа талаптар қоя бастады. Нәтижесінде осыған дейін өнер әлемінде үстемдік еткен барокко стилімен күрес үстінде жаңа бағыт дүниеге келді. Бағыт өкілдерінің өз шығармаларында антикалық әдебиеттің озық үлгілерін өнеге етуіне байланысты кейіннен классицизм аталды. Классицизм поэзиясы мен поэтикасының бастаушысы Ф.Малерб болды. Оның тіл мен өлең сөз жүйесіне жасаған реформасын Француз академиясы бекітіп, реформаға жалпыға ортақ тілдік және әдеби қағидаларды жасау міндеті жүктелді. Алайда күрес үстінде қалыптасып, таныла бастаған француз классизмінің поэтикасы Н.Буалоның “Поэтикалық өнер” аталатын еңбегінде ғана жан-жақты жүйеленген сипатқа ие болды. Еңбекте XVІІ ғасырдағы француз әдебиетінің тәжірибелері жинақталып, қорытындыланды. Сонымен, классицизмге тән сипат – асқақ азаматтық тематика, шығармашылық нақты қағидалар мен ережелерді қатаң сақтау болып табылады. Көркемдік бағыт ретіндегі классицизмге өмірді идеал бейнелер арқылы, “өнегелі қалыпта” суреттеу сипаты тән. Классицизмнің антикалық дәуірге табынуы да осыдан келіп шығады, яғни классикалық үлгідегі ежелгі өмір классицизм дәстүріндегі туындыларда кемел де жарасымды өнер үлгісі ретінде көрінеді. Сол себепті классицистер антикалық миф бейнелеріне жиі оралады. Жоғарыда айтқанымыздай, классицистердің көркемдік бейнелеуіндегі шешуші ұстанымы антикалық үлгілерге еліктеу болды да, оған табиғатқа еліктеу және ақыл-ой дауысына бағыну ұстанымдары қосылды. Бұл жерде классицизм өкілдерінің табиғат дегенде барлық ақиқат құбылыстарды түсінетінін ескеру керек. Бұл ұстанымдар Қайта өрлеу дәуірінде қалыптасқан жақсы дәстүрлерді белгілі бір дәрежеде дамытқанымен, кемшіліктері де болмай қалған жоқ. Дәлел ретінде классицистер туындыларында кейіпкер мінездерін жан-жақты жанды сипатта көрсетуден гөрі, біржақтылық, схематизм орын алғанын айтуға болады. Сұрақ. Классицизм жайындағы бұл сипаттамалардың мәніне тереңірек көз жеткізу үшін әлі де тарқата баяндай түскен жөн болмас па екен?.. Жауап. Классицизм француз әдебиетінде айрықша өркендеді дедік қой. Француз классицизмінің ерекшеліктері, әсіресе, драматургияда айрықша байқалды. Классицизмнің өркендеуі XVІІ ғасырдағы француз драматургиясында П.Корнель, Ж.Расин, Ж.Б.Мольер, поэзияда Ж.Лафонтен шығармашылықтары арқылы жарқырай көрінді. Драмалық шығармалардың негізгі өзекті желісіне бүкіл ұлт мүддесін көздейтін мәселелер алынды.

Мысалы, Корнель трагедиялары, әсіресе, оның “Гораций” трагедиясы француз классицистік драматургиясының жарқын үлгісі болып саналады. Корнель мен Расин шығармашылығында көркемдік-идеялық шыңына көтерілген француз классицистік трагедияларының негізіне жеке адам мүддесі мен азаматтық парыз арасындағы қақтығыстар алынды. Өз кейіпкерлерінің жан дүниесіндегі қарама-қайшылықтарды көрсете отырып, Корнель мен Расин адамның ішкі әлемін бейнелеу тұрғысынан соны жаңалықтар жасады. Мәселен, Сид, Гораций, Цинна сияқты Корнель кейіпкерлері – ержүрек, қатал, өзін мемлекет мүддесіне арнаған жандар. Классицистер адамның жан-дүниесіне тереңдей үңілген трагедияларында сыртқы әрекетке мейлінше аз орын беріп, классицизм драматургиясында кеңінен таралған әйгілі “үш бірлік” ұстанымын, яғни уақыт, орын, әрекет бірлігін алға шығарды. Шын мәнінде әрекет бірлігінен басқа бірліктердің шартты талаптар екені түсінікті болса керек. Классицизм әдебиетінде үстемдік еткен “үш бірлік” ұстанымы өмірді көркем бейнелеу мүмкіндіктерінің аясын тарылтты. Бұл классицизм өкілдерінің шығармаларында қаһармандар таңдау, оқиға іріктеу мәселелеріне, тіліне кері әсер еткені де мәлім. Н.Буало 1674 жылы жарық көрген “Поэтикалық өнер” аталатын еңбегінде классицизмнің эстетикалық теориясын жасап, басқа елдерде классицизмнің қалыптасуына зор ықпал етті. Н.Буало бұл кітабында классицистердің ізденістері мен көркемдік тәжірибелерін жинақтай келе, бейнелеу өзегіне сарай маңындағылар мен “қадірменді қалалықтардың” қалауына сай оқиғалар алынып, көркемдік ұстанымдардың да осы “таңдаулылардың” талғамына сәйкес келуі қажеттігін көрсетті. Соған орай, бейнеленген құбылыстардың дұрыс-бұрыстығына баға беру де сарай маңындағылардың позициясынан өрбуі қажет деп түсіндірілді. Алайда, мәселенің мәні бұл қағидадан алшақтау жатқан тұстары да болды. Сұрақ. Нақтылай айтар болсақ?.. Жауап. Мәселе теориялық пікір мен нақты туындыдағы өмірлік шындық пен көркемдік шындықтың ара қатынасына байланысты. Өйткені, дәл осы Буалоның өзі шығармада өмірлік шындықты көрсету қажеттігін әркез ескертіп отырған. Ал классицизм теоретиктерінің “ақыл-ой дауысы”, ”ақылой сәулесі” деген терминдерінің өзі шығарманың жоғары мазмұндылығы мен бейнелеу пішіндерінің өмірлік шындыққа тәуелділігін, демек, пішіннің мазмұннан өрбитінін жоққа шығара алмайды. Бұл, әсіресе, кейінгі дәуірлердегі реалистік бейнелеу пішіндеріне қатысты анық байқалды. Классицизм Қайта өрлеуге тән ежелгі мұраларға табыну, ақыл-ойға сену, жарасымдылық пен өлшеулілікті идеал ету сияқты дәстүрлерді жалғастыра отырып, кей тұстарда оған мүлде қайшы сипатта да көрініп қалып отырды. Тіпті кейде өзімен бітіспес бағыт бароккоға да ұқсап кетеді. Сұрақ. Осы әңгімеміздің арасында бірнеше рет ұшырасқан “барокко” деген сөздің өнерге байланысты әлдебір құбылысты білдіретінін аңғардық. Сонда, “барокко” дегеніміздің өзі қандай құбылыс?

Жауап. Барокко – XVІ ғасырдың соңы мен XVІІ ғасырдың алғашқы жартысында Италияда, XVІІ ғасырда Испанияда, XVІІ ғасырдың ортасы мен XVІІІ ғасырдың алғашқы жартысында Ресейде болып өткен өнер мен әдебиеттегі стиль. “Барокко” терминінің шығу тегі нақты анық емес. Терминнің өзі XVІІІ ғасырда пішіні мейлінше күрделі, түсінуге қиын соғатын әдеби туындыларға қатысты кекесін мәнді атау ретінде қолданылған. Барокко әдебиеті ақиқат өмірге еліктеу ұстанымынан бастартып, өмірді бейнелеуге емес, белгіленген қағидалар бойынша жаңадан жасауға бағыт ұстанады. Барокко қаламгерлеріне тән сипат – күрделі көркемдік пішіндерге айрықша құштарлық. Барокко мәдениетінде бүкіл дүние өнер туындысы ретінде қабылданатындықтан, әдебиетте “әлем – кітап”, “әлем – театр” деген үлгідегі метафоралар кең таралды. Барокко өкілдері үшін ақиқат дүние – көз бояушы құбылыс (иллюзия) та, өмірдегі нәрселердің бәрі – дұрыстап түсіндіруді қажет ететін символдар мен аллегориялар болып табылады. Дүниені логикалық ойға түгелдей сыя бермейтін түрлі мәндегі символдардан тұратын кітап ретінде түсіну барокко эстетикасының негізгі ұстанымдарынан да танылды. Әдебиетте символдар мен аллегориялар молынан көрініс тапты. Барокко ақындары өлеңнің графикалық пішініне айрықша ден қойып, өлең тармақтарының орналасуы арқылы жүрек, жұлдыз сияқты суреттер жасауға машықтанды. Жазушылар туындының тосын бітімін оның бірегей қасиеті ретінде бағалап, түрліше түсіндіруге мүмкіндік беретін бұлдырлықты шығармаға қажетті негізгі сипаттар ретінде жоғары бағалады. Барокко стилінің танымал қаламгерлері қатарында испаниялық Л. де Гонгора, П.Кальдерон, италиялық Т.Тассо, Дж.Марино, германиялық Х.Я.Гриммельсхаузен, ресейлік Симеон Полоцкий бар. Сұрақ. Демек, бароккода ішкі мазмұннан гөрі, сыртқы пішін басым болған ғой. Олай болса, классицизмнің бароккоға ұқсап кетуі дегенді қалай түсінген дұрыс? Жауап. Қайта өрлеу өнерінде біртұтас жарасымдағы бірлікте көрінетін қоғам мен жеке адам, ақыл мен сезім, өркениет пен табиғат, т.с.с. ұғымдар классицизмде екі айырылады. Классицизм эстетикасы көркем туындыны қолдан жасалған дүние ретінде, яғни ақылмен ойластырылып, саналы түрде жасалған, логикалық жүйелілікпен орналастырылған дүние ретінде қарастырады. “Табиғатқа еліктеу” ұстанымын ұстанған классицистер Аристотель, Гораций ойларында негізделген антикалық поэтикадан алынған қағидаларды бұлжытпай ұстануды ең басты шарт деп есептеп, өмірлік материалды айрықша пішіндер арқылы логикалық түзілімге түскен нағыз өнер туындысына айналдыратын көркемдік пішін заңдылықтарын белгілейді. Олар “Натураның көркем кейіпке айналуы, табиғаттың ғажайып та ізгі бейнеге ұласуы ең жоғарға таным актісі болады, яғни өнердің міндеті – шынайы құбылыстың сыртқы бейнесінде жүйесіз болып көрінетін жаратылыстың идеалды заңдылықтарын ашып көрсету болуға тиіс” деп

есептейді. Классицистік пікірлер бойынша, “идеалды заңдылықтар биігін игерген ақыл-ой өмірдің жекелеген ерекшеліктері мен жанды сипаттағы алуан түрлілігін танып-білуде “жоғарғы өлшем” бастауы болуға тиіс. Эстетикалық құндылық дегеніміз – уақыт ырқына бағынбайтын, ешқашанда өзгерместен, мәңгі бір қалыпта сақталатын ұғымдар”. Сол себепті классицизм өкілдері қандай құбылыстан да әріден сақталып келе жатқан ең мәнді, ең тұрақты сипаттарды тауып бейнелеуге ұмтылады. Класссицизм теориясына ден қойсақ, “классикалық образ – баршаға үлгі болатын бейне”. Сондықтан да классицизм туындыларындағы образ даралық – жалпылыққа, уақытша – мәңгілікке, ақиқат – идеалға, тарих – мифке айналып кететін айрықша айна іспетті; сондықтан да классицистік ұғымдағы образ өмірдің күнделікті ағымынан жоғары тұратын ақыл-ой мен реттіліктің теңесуі. Бұл қасиет классицизм эстетикасы аса мән берген өнердің қоғамдықтәрбиелік міндетіне де сай келеді. Сұрақ. Көркемдік әдіс жайындағы әңгімемізде романтизм дәуірінде тарихи романдар, фантастикалық повестер, лиро-эпикалық поэмалардың ерекше өркендегені айтылған болатын. Классицизм дәуірінде әдеби түрлерге, жанрларға байланысты мұндай айрықша жағдайлар кездеспей ме? Жауап. Классицизм эстетикасы жанрлардың сатылы бағыныштылық жүйесін жасады. lріктелген жанрлар үстемдігін қатаң ұстанған классицизм эстетикасының қағидалары бойынша, трагедия, эпопея, ода “жоғарғы жанрлар” болып саналды да, олардың үлесіне мемлекет өмірін, тарихи оқиғаларды, мифологияны өзек ете отырып, билеуші монархтар, қолбасылар, діндарлар, мифология қаһармандарын басты кейіпкерлер етіп алуға мүмкіндік берілді. Ал қатарына комедия, сатира, мысал енетін “төменгі жанрлар” еншісіне қарапайым жандардың күнделікті тірлігін суреттеу тиді. Әр жанр өзінің қатаң шекарасын және нақты пішіндік белгілерін сақтауға тиісті болды, яғни асқақтық пен қарапайымның, қайғылы мен күлкілінің, қаһармандық пен әдеттегінінің араласып кетуіне ешқандай жол берілмейді. Классицизмнің жетекші жанры дәуірдің ең маңызды адами және қоғамдық проблемаларына бағытталған трагедия болды. Қоғамдық конфликтілер өз басының жеке құштарлығы мен азаматтық парыз арасынан таңдау жасауды қажетсінетін сын сәтінде тұрған қаһармандардың жандүниесіндегі арпалыстар арқылы көрінді. Осы коллизиядан адамның жеке тірлігі мен қоғамдық өмірінің ара-жігін екіге бөліп қарау тенденциясы анық танылады, соған орай қаһармандардың құрылымы да айқындалады. Сұрақ. Классицизм әдебиетіндегі қаһармандар құрылымына тән ерекшеліктердің басты белгілері қандай? Жауап. Тартыс азаматтық парыз бен жеке құштарлық арасындағы қайшылыққа негізделеді дедік қой. Яғни сын сағаты туған қаһарманның бойында екі “мен” пайда болады. Қоғамдық парызын жоғары санаған, ойлы да саналы “мен” кейіпкердің жеке мүддесіне қарсы тұрады. Ақыл-ойға бағынған “мен” өзінің ішкі дүниесіндегі қайшылықтарды жеңуге ұмтылады, өз ішіндегі екі ұдайлықтан

қажиды, өзінің идеалдық “меніне” сай болуға құштарланады. Классицизмнің алғашқы кезеңінде қаһарманның жан-дүниесіндегі тартыс өзегіне адамның жеке мүддесі мен мемлекет алдындағы парызы арасындағы қайшылық алынып, әдетте, қаһарманның саналы жігері жеңіске жетуімен аяқталып отырды. Дәлел ретінде П.Корнель трагедияларындағы қаһармандар қайшылығын алуға болады. Кейінірек мемлекет пен классизм өнерпаздарының арасы алыстай түскен сайын, шығармалардағы тартыстар да саяси мәнін әлсіретіп, этикалық сипат ала бастады. Бұл ерекшелік Ж.Расин шығармашылығынан айқын байқалады. Француз классицизміндегі “төменгі жанрлар” саналатын мысалдың дамуында Ж.Лафонтен, сатирада Н.Буало, комедияда Мольер айрықша роль атқарды. Кейінгі дәуірлерде кеңінен өркендеген реалистік бейнелеу тәсілдерінің алғашқы бастауы өз дәуірінің шындығын бейнелеуге бағыт ұстанған нақ осы “төменгі жанрларда” жатыр. Бұл, әсіресе, өз бойына әртүрлі идеялық-көркемдік ағымдар сипатын тоғыстырып, көп жағдайда әдебиеттің кейінгі дамуын да айқындаған Мольер шығармашылығына тән. Дәл осы Мольер шығармашылығы арқылы комедия “төменгі жанр” қыспағынан шығып, дәуірдің қоғамдық, адами және философиялық ең маңызды проблемаларын трагедиямен тең дәрежеде шешкен оның үздік пьесалары “жоғарғы комедия” атауын иеленді. Классицизм прозасына құштарлықтардың типтендірілуі, талдаушылық сипат, сөз қолданудағы дәлдік пен айқындық тән. Бұған Ф.Ларошфуко, Б.Паскаль, Ж.Лабрюйер сияқты моралистердің прозасы, Мари Мадлен Лафайеттің психологиялық романдары дәлел болады. Осы тұста айта кету керек, классицизм дамуының өзін екі кезеңге бөліп қарауға болады. Өйткені, классицизм бағыты XVІІ ғасырдың соңында құлдырай бастады да, Ағартушылық дәуірінде қайта өркендеді. Ағартушылық классицизм XVІІІ ғасыр бойына ағартушы реализммен қатар өмір сүріп, ғасыр соңына қарай тағы да салтанат құрған көркемдік бағытқа айналды. Сұрақ. XVІІІ ғасырда қайта өрлеген ағартушылық классицизмнің ерекшелігі жайында не айтуға болар еді? Жауап. XVІІ ғасырда Ағартушылықтың озық идеяларымен қанаттанған классицизм феодалдық дүние тәртіптерін мейлінше сынауға, адамның табиғи құқын қорғауға, еркіндікті дәріптеуге ден қойды. Сондай-ақ, оның басты ерекшеліктерінің бірі ұлт тарихына қатысты оқиғаларға айрықша ынта қоюы болып табылады. Ағартушылық классицизмнің Франциядағы аса ірі өкілдері Вольтер, Германияда И.В.Гете, И.Ф.Шиллер (90-жылдардағы шығармашылығы) болды. Сұрақ. Құлдырай бастаған классицизмнің Ағартушылық дәуірінде қайтадан өркендеуіне не себеп болды? Жауап. Ағартушыларға классицизм бағытындағы дүниеге де, өзіне де саналы көзбен қарайтын, қоғамдық және азаматтық парызға өзінің жеке мүддесін бағындыруға қабілетті адамдардың айқын позициясы, өркениет

пафосы, ақыл-ойға бағынған көркемдік шығармашылық концепциясы жақын келді. Алайда бұл кезеңдегі ағартушылық классицизмнің өзінің алдындағы ізашар бағыттан әлеуметтік-саяси бағдары өзгешелеу болды. Мысалы, Вольтер классицизм дәстүрлерін сақтай отырып, діни фанатизмге, абсолюттік қанаушылыққа қарсы күреске, азаттық пафосына толы трагедияларын жазды. Ағартушылық пен классицизмнің ұштаса көрінуінің тағы бір себебі бар. Классицизмнің мәнін айқындайтын басты ерекшелік, яғни ежелгі дүниеге алғашқы идеалды образдар әлемі ретінде табыну, Ағартушылық идеологияның да түп негізі болатын. Ағартушылар адам жаратылысының мәнін оның тұрмыс-тіршілігіндегі әлеуметтік жағдайлардан, яки тарихтан іздемей, антикалық классикада идеалды үлгіде көрінетін дерексіз адамдық жаратылыстан іздеді. Сұрақ. Классицизм француз әдебиетінде қалыптасқанымен, өзге елдер әдебиетінде де көрініс тапқан бағыт екенін білеміз. Ал оның басқа әдебиеттердегі орны жайында не айтуға болады? Жауап. Француз әдебиетінің әсерімен классицизм Европаның өзге елдерінде де дами бастағанына Англияда А.Поп, Дж.Аддисон, Италияда В.Альфьери, У.Фосколо, Германияда И.К.Готшед шығармалары дәлел. Алайда, Готшед шығармалары неміс әдебиетінде маңызды із қалдыра алмады. Әдебиет тарихынан “Веймар классицизмі” деген атпен танымал жаңа неміс классицизмі жаңа сипаттағы көркем құбылыс ретінде XVІІІ ғасырдың екінші жартысында ғана қалыптасты. Француз классицизмінен Веймар классицизмінің басты ерекшелігі алдыңғы планға адамгершілікэстетикалық проблемалардың шығуы деуге болады. Веймар классицизмінің негізін И.И.Винкельман қалағанымен, қанат жая өркендеуі И.В.Гете, Ф.Шиллер шығармашылығының Веймар кезеңінде болды. Бұлар антикалық үлгілерге сүйене отырып, жан-жақты үйлесімді дамыған жеке адамды тәрбиелейтін эстетикалық міндеттерді шешуге қабілетті жоғары стильдегі жаңа әдебиетті жасауға ұмтылды. Орыс классицизмі XVІІІ ғасырдың екінші ширегінде А.Д.Кантемир, В.К.Тредиаковский, М.В.Ломоносов шығармалары арқылы дүниеге келіп, ғасырдың екінші жартысында А.П.Сумароков, Д.И.Фонвизин, М.М.Херасков, В.А.Озеров, Я.Б.Княжнин, Г.Р.Державин шығармашылықтарында дамып-жетілді. Олардың шығармашылықтары ода мен эпопеядан бастап, мысал мен комедияға дейін барлық маңызды жанрларды қамтыды. Классицизм – Европаның көркемдік әлемінде ұзақ өмір сүре білген ағым. Әдебиетте XVІІ – XVІІІ ғасырларда кең ауқымда өрістеп, сәулет өнерінде XІX ғасырға дейін сақталды. Дегенмен, XVІІІ ғасырдың cоңы мен XІX ғасырдың басында классицизмнің шындық өмірмен байланысы алшақтай түсті де, шарттылықтың тар шеңберінде тұйықталып, көшбастаушылық мәнінен айырыла бастады. Осы тұста классицизм, әсіресе романтиктер тарапынан, өткір сынға ұшырады да, біртіндеп әдеби даму

процесінде өз орнын босатуға тура келді. Ұлы Француз революциясынан кейін классицизмнің орнына европа өнеріндегі үстем стиль болып романтизм орнықты. Сұрақ. Кез келген құбылыс өзінің соңында қандай да бір белгі қалдыратыны аян. Ал классицизмнің әдебиет дамуына қосқан үлесі қандай? Жауап. Әдебиеттің дамуында классицизмнің де оң ықпалы болғандығын жоққа шығаруға болмайды. Алдыңғы қатарлы қаламгерлер ұстанған классицизм ұстанымдары әдебиетті өмірге жақындата түсті. Тарихи шындықтың мәніне мүмкіндігінше тереңдей үңілуге ықпал етті. Өмір шындығына тереңдей бойлауға, сол шындықты шынайы көрсетуге ұмтылыс дарынды қаламгерлерді классицизмнің қасаң қағидаларынан кей тұстарда еркінен тыс бас тартуға әкелді. Мәселен, Мольер классицизм талаптарына өмірді шынайы бейнелеуге мүмкіндік беретін тұстарда ғана бағынып, кедергі болған жағдайда айналып кетіп отырады. Мысал ретінде оның әйгілі “Сараң” комедиясын алуға болады. Сұрақ. Әңгімеміздің басында ағым үлгісі ретінде сентиментализм қарастырылатыны айтылған болатын. Сентиментализмнің өмірге келуіне қандай жағдайлар себепкер болды? Жауап. Романтизм мен реализмнен бұрын классицизмді алмастырған ағым сентиментализм болды. Феодализммен күрес барысында прогрессивті роль атқарған буржуазия мен аристократия арасындағы күшейе түскен қарама-қайшылықтар жағдайында туған бұл жаңа ағымның барынша жарқырай көрінуі XVІІІ ғасырдың ортасында Англияда буржуазия өкімет билігін қолға алып, феодализм қалдықтарымен күресін жалғастырып жатқан кезеңге сай келді. Бұл кезеңде буржуазия белгілі бір дәрежеде қоғамдағы орташалардың мүддесін жақтап, олардың өмір салтындағы тұрақтылық пен қарапайым жандарға тән ізгілік сипаттарын аристократтар өміріне қарсы қойды. Әдеби өмірде бұл күрес топтық мүддемен шектелген классицизмді ығыстырып шықты. Классицистер ұстанған қоғамның жоғарғы топтарын “жоғарғы жанрларда” бейнелеу қағидасына сентименталистер күнделікті өмірдегі қарапайым жандарды бейнелеуді қарсы қойды. Нәтижесінде әдебиеттегі билік пен дәулет иелерінің орнына буржуазиялық-мещандық ортаның орташа адамы келді, әңгіме өзегіндегі кесек тарихи оқиғалардың орнын адамның жеке тірлігі басты. Қарапайым адамның жан сезімін, сүйініш-күйінішін қажет етпеген классицизмге қарсы сентиментализм басты назарын қарапайым адамның ішкі жан дүниесінің байлығына аударды. Өнер мен әдебиеттегі жаңа өзгерістердің әсерімен қарапайым адамдардың өз көңіл-күйіне сырттай қарап, ләззат алу қабілетінің ашылуы Европаның рухани өміріндегі маңызды оқиға болды. Жақыныңның мұңмұқтажына, қайғы-қасіретіне ортақтаса, көмектесе отырып, өз көңіліңнің қанағат табуына қол жеткізуге болатыны айқындалды. Өнер арқылы орныққан бұл идея этика әлемінде тұтастай революция жасады деуге болады. Жан дүниесі бай адамның қайырымдылық әрекеттер жасауы сырттан

таңылған әлде бір міндетті атқару үшін емес, өзінің табиғи болмысынан келіп шығатыны, кемеліне жеткен сезімталдық зұлымдық пен мейірімділіктің шекарасын өзі-ақ айыра алатындығы, сол себепті сырттан қандай да бір моральдық қағидаларды қалыптастырудың қажеттігі жоқ екендігі анықталды. Адамдар бойында сезімталдықты оятса, адамдар арасындағы және әлеуметтік қарым-қатынастардағы кез-келген әділетсіздікті жоюға болатындай көрінді. Соған сәйкес, өнер туындысының құндылығы оның адамды қаншалықты толқытып, жүрегін жібіте алатындығымен өлшенді. Осы көзқарастар негізінде сентиментализмнің көркемдік жүйесі қалыптасып шықты. Сұрақ. Сентиментализмнің көркемдік жүйесіне тән сипаттар ретінде қандай ерекшеліктерді танимыз? Жауап. Сентиментализм – XVІІІ ғасырдың екінші жартысында европа әдебиеті мен өнеріндегі ағым. Ағым атауының негізі француздың sentіmentalіsme, ағылшынның sentіmental – сезімтал, sentіment – сезім деген сөздерінен өрбиді. Бұл ағым европалық қоғамда ағартушылық рационализмнің құлдырауына байланысты туып, әсіресе, Англияда айрықша маңызды сипаттарымен танылды. Рационализм – “болмыстың негізі – ақыл-ой” деп түсіндіретін философиялық бағыт екенін де айта кетелік. Сентиментализм адамдық қасиеттің басты шарты – ақыл-ой емес, сезім деп мәлімдеді. Ағартушылық идеологиямен ара-жігі толық ажырай қоймаған сентиментализм ағымы адам болмысы хақында классицизмде қалыптасқан идеал үлгіге адал болып қалғанымен, идеал адамды жасау жолы “дүниені ақыл-ой арқылы қайтадан жасап шығу емес, адамның өз бойындағы табиғи сезімдерді жетілдіру және еркіне жіберу” деп таныды. Өзімен қатар өмір сүрген ілкіромантизмнен сентиментализмнің айырмашылығы ретінде оған “санадан тыс” әрекет, құбылыстардың жат екенін айтқан жөн. Сентименталистер көңіл ауанындағы алмағайып жағдайлардың, жан-дүниедегі буырқанған оқыс бұлқыныстардың қай-қайсын да ақылмен түсініп-білуге болатын жәйттер деп білді. Соған байланысты сентименталистер, ең алдымен, өз оқырманының сезімталдық қасиетін тәрбиелеуге ұмтылды. Олардың шығармаларында суреттелген өмір құбылысының жан дүниеге әсерін бейнелеу кейде сол құбылыстың өзін кейінге ығыстырып жіберуінің себебі де сондықтан. Аристократтық әдеби талғампаздық талаптарына қарсы сентименталистер тілді демократияландыруды, әдебиет тілін ауызекі сөйлеу тіліне жақындату мәселесін қойды. Сентиментализм дәстүріндегі ағартушылық әдебиеттің қаһармандары мейлінше даралана бейнеленіп, шығу тегі немесе көзқарасы тұрғысынан демократ болды. Қарапайым жандардың рухани бай дүниесі – сентиментализмнің қол жеткізген ең басты табыстары мен жаңалықтарының бірі. Сентиментализмнің бұл ұстанымдары, яғни қарапайым адамдарды күнделікті тірлік барысында бейнелеу, қарапайым адамның рухани дүниесінің байлығын ашу, әдебиет тілін халыққа жақындату, жаңа дәуірге сай жаңа үлгідегі әдебиетті негіздеуде ілгерішіл

қадам болды. Өмірлік шындықты бейнелеу аясы кеңейді, адамдар өмірінің ішкі мәніне тереңдей үңілуге жол ашылды. Әдеби шығармалар мазмұны жағынан да, түрі жағынан да көпшілікке түсінікті болып, жақындай түсті. Өзінің алдындағы классицизм сияқты сентиментализмде де дидактикалық мұраттар, тәрбиелеушілік міндеттер көзге ұрады. Алайда бұл дидактизмнің сипаты басқа. Мәселен, классицист қаламгерлер оқырманның ой-санасына әсер етуге, сол арқылы моральдық қағидаларды сақтау қажеттігіне көз жеткізуге ұмтылса, сентименталистер сезімге әсер етуді көздеді. Олар табиғат әсемдігінің, табиғат аясында оңаша қалудың сезімді тәрбиелеуде қуатты құралға айналатынына кәміл сеніп, отбасының жаймашуақ қуанышын суреттеп, діндар сезімдердің ықпалына жүгінді. Классицизм дәріптеген мемлекет ізгілігіне қайшы келетін, бірақ адамның көңілін қозғайтын, әрі оқырманның аяушылық сезімдерін оятып, сол арқылы олардың өз сезімталдығынан ләззат алатын түрлі жағдайларды бейнеледі. Сентиментализм әдебиетіндегі психологизм мен оның жеке адамға ықылас қоюы да өзінің тәрбиелік міндеттерінің шеңберінде шектеліп отырады. Өмірдегі әр адам өзінше қайталанбас даралық деген мәселе – сентименталистік ойлауға жат түсінік. Сентименталистік түсінік бойынша, өмірде болып өткен оқиғаның мәнділігі оның қайталанып келуінде жатады. Өйткені өзара ұқсас жағдайларда сезімталдығы кемел әр адам бірдей сезімді бастан өткереді. Мұндай жағдайда ұлы жазушылардың өздері “өнегелі” сезімталдық иелеріне, ал кітаптары сезімталдыққа үйрету оқулықтарына айналатыны да – табиғи құбылыс. Өз кезегінде оқырмандар өмірдегі алуан коллизияларды “кітап бойынша” бастан кешіруге, өздерінің сезімталдық қабілеттерін “кітаптағы” үлгімен өлшеуге ұмтылды. Сұрақ. Аталған ерекшеліктердің барлығы да сентименталистік әдебиеттің мазмұнына қатысты мәселелерден өрбіп жатыр. Сол мазмұнға сай пішіндік ерекшеліктер болды ма? Жауап. Сентиментализмнің сүйікті жанрлары – элегия, арнау, эпистолярлық роман, жол жазбалар, күнделіктер, т.с.с. қаһармандар мінәжатын мазмұндайтын уағыздаушылық сарыны басым жанрлар болды. Бұл пішіндер қоғамдағы түрлі топтардың өмірін кең қамтуға немесе кейіпкерлердің ой-сезімдерін, көңіл толғаныстарын тереңдете ашуға жәрдемдесті. Сентименталистік шығармалар қарапайым адамдарға арнап жазылып қана қойған жоқ, олардан өз идеалдары мен өздерінің бойындағы абзал қасиеттерді кідіртпей іске асыруды да талап етті. Осы ниеттеріне орай, сентименталистер өз шығармаларында бейнеленген идеалдарының күнделікті шындық өмірден алынғандығын көрсетуге құштар болды. Сол жолда әдебилікті де саналы түрде құрбан етуге барып, өз туындыларын шынайы құжат түрінде көрсетуге талаптанды. Мәселен, С.Ричардсонның “Памела, немесе Өтелген ізгілік”, “Кларисса”, Ж.-Ж.Руссоның “Юлия, немесе Жаңа Элоизасы” – хаттар жинағы, Л.Стерннің “Сентиментальды

саяхаты” – жол жазбалары, И.В.Гетенің “Жас Вертердің қайғысы” – хаттар мен күнделік монтажы үлгісінде жазылған. Мұндай құжаттық түрге ұмтылудың тағы бір сыры бар. Хат, жол жазбасы, күнделік жазулары дәл сол сәтте жүректен төгіліп шыққан сезім сияқты, көргендері мен түйгендерінің ізінше жазылғандай болып жасалады. Сентиментализм классиктері оқырмандарына әр кезде де алдын-ала жоспарсыз жазғандай әсер қалдыруға ұмтылады. Сол себепті композициялық түзулікті де, стилистикалық сұлулықты да ескере бермейді. Әрине, бұлай әсер етуге үлкен еңбекпен қол жеткізгені анық, бірақ шығармашылық үрдісті оқырманның дәл көз алдында болып жатқандай көрсетуге авторлар арнайы дайындалды. Соған сәйкес, сентименталистік әдебиетте әңгіме әр кезде әрекетке қатысушының, яки куәнің ауызымен айтылады. Сонымен қоса, әңгімешінің ойын бейнелеу міндетті түрде алғашқы орынға шығады. Сентименталистердің эпикалық туындыларында лирикалық элементтер басымдық алды. Өз кейіпкерлерінің ішкі әлеміне бойлай отырып, жазушылар жол-жоба нұсқау мақсатында әңгіме оқиғасына белсене араласып, бейнеленген мәселеге өз көзқарасын білдіріп, адамгершілік мәселенің дұрыс шешілуіне қажетті деген тұстарды ашып көрсетіп отырды. Сұрақ. Сентиментализмнің дүниеге келуі кімдердің шығармашылығына байланысты? Жауап. Табиғат аясындағы мамыражай тірлік, дүниеге мұңлылау көзбен қарау сияқты сентименталистік көңіл-күйдің ілкі нышандары Дж.Томсон, Э.Юнг, Т.Грей поэзиясында байқалды. 70 – 80-жылдардағы О.Голдсмит, У.Купер, Дж.Крабб сияқты кейінгі сентименталистер поэзиясында ауыл тақырыбы, дәлірек айтсақ, шаруалардың жаппай қайыршылануы, қаңыраған елді мекендер әлеуметтік, нақтылық сипат иеленді. Сентименталистік сарындар С.Ричардсонның психологиялық романдарынан да сезіледі, алайда аталмыш ағымның түбегейлі орнығуы Л.Стерн шығармашылығына байланысты. Ағымға атау болған сөз де оның 1768 жылы жарық көрген “Сентиментальды саяхат” романына қатысты. Голдсмит, кейінірек Т.Дж.Смолетт, т.б. негізін салған ағылшын сентиментализмінің басты белгілері – шат-шадыман халден де құр емес “сезімталдық”; ағартушылықтың ереже-қағидаларын пародиялап әшкерелеуге де мүмкіндік беретін ирония мен юмор; әсіресе, Стерн шығармашылығында айқын көрінетін сентименталистердің өз мүмкіндіктеріне шүбәлана қараушылық болып табылады. Сұрақ. Әңгіме арнасын аталмыш ағымның өзге елдер әдебиетіне таралуы жайына қарай бағыттасақ?.. Жауап. Европадағы мәдениеттердің өзара араласуы мен әдебиет дамуындағы типологиялық жақындық бұл елдерде сентиментализмнің жедел таралуына әсер етті. Германияда, әсіресе, революция қарсаңындағы Францияда сентиментализмнің демократиялық тенденциялары мейлінше батыл көрініс тапты. Мысал ретінде Ж.-Ж.Руссо шығармашылығын айтуға болады. Руссо шығармашылығы, әсіресе, оның “Жаңа Элоиза” атты

туындысы – европалық сентиментализмнің шыңы болып танылды. Сентиментализм өкілдері, мәселен, Ж.-Ж.Руссо “Мінәжат”, Д.Дидро “Жак – фаталист”, “Жиеншар Рамо” аталатын туындыларында, Г.Э.Лессинг драмалық шығармаларында кейіпкердің әлеуметтік ортаға, қоғамдық өмірге тәуелділігін ашып көрсетуге ұмтылды. Ресейдегі сентиментализмнің танымал өкілдері М.Н.Муравьев, Н.М.Карамзин, И.И.Дмитриев, В.В.Капнист, Н.А.Львов, жас В.А.Жуковский болды. Сентиментализм поэтикасына тән сипаттар А.Н.Радищев шығармашылығында да байқалды. Ресей жағдайында сентиментализмнің ағартушылық тенденциясы маңыздырақ болды да, дворяндық сипаты басым орыс сентиментализмінде белгілі бір дәрежеде ақылгөйлік сарын орын алды. Мәселен, Н.М.Карамзиннің “Орыс саяхатшысының хаттарында” дидактикалық мақсат ерекше байқалады. Орыс сентименталистері әдеби тілді жетілдіре отырып, ауызекі сөйлеу нормаларын да қалыс қалдырмастан, пайдаланып отырды. Сентиментализм бірқатар елдерде танылып үлгергенімен, тарихи даму үрдісі сентиментализмге тән сезімталдықтың дүниені өзгертушілік қабілетіне деген сенімнің біртіндеп сөнуіне әкелді. Сезімталдық қасиеті әлеуметтік және жеке адам жарасымы болудан гөрі, сезім иесінің оңашада рухани жандүниесінің іштей ләззаттанып, қиялдану тәсіліне айналды. Бұл үлгідегі тенденция Стерннің “Сентиментальды саяхатында” да, Руссоның кейінгі кітаптарында да байқалады. Жалпылай алып қарасақ, бұл эволюцияны “сентиментальды морализмнен” ”сентиментальды эстетизмге” бағыт алған жол түрінде белгілеуге болады. Сентиментализм прозасында шегіністер, кейіпкер сезімдерінің ньюанстарын суреттеу, адамгершілік төңірегіндегі ой-толғаныстар өте басым болып келеді де, сюжеттік желі арқауы біртіндеп әлсірей береді. Ал поэзияда дәл осы жағдайлар алдыңғы планға автор тұлғасын шығарып, классицизмде басым көрінген жанрлар жүйесінің күйреуге ұшырауына ықпал еткенімен, адам болмысын жаңа сипатта жан-жақты терең ашып бейнелеу үлгісі бола алмады. Өзін дүниеге келтірген дидактикалық міндеттермен арадағы үйлесімсіздіктің ұлғаюы XVІІІ ғасырдың 80 – 90-жылдары сентиментализмді әдеби бағыт ретінде тоқырауға алып келді. 1789 – 1794 жылдардағы Ұлы француз революциясынан соң сентиментализм романтикалық тенденцияларға орын босатты.

ОЙ – ТҮЙlН

Сұрақ. Әңгімелерімізді осы тұста бір түйіндеп алар болсақ, әдебиет – өнер түрі де, оны зерттейтін ғылым – әдебиеттану деп аталатынын танимыз. Осыған дейін әдебиет пен әдебиеттануға байланысты айтылған ой-пікірлер де соған орай өрістеп отырды. Ал әдебиеттің теориялық мәселелері арнайы оқу орындарында қандай пәндерде оқытылады? Жауап. Әдеби-теориялық мәселелер, негізінен, екі пәнде қарастырылады: оның алғашқысы – бірінші курста оқытылатын “Әдебиеттануға кіріспе” пәні де; екіншісі – соңғы курста жүретін “Әдебиет теориясы” пәні. “Бұл пәндердің бір-бірінен айырмашылығы қандай?” деген сұраққа жауап берер болсақ, Әдебиеттануға кіріспе – көркем әдебиеттің өзіндік сипаттарынан өрбитін ең басты әдеби-теориялық түсініктермен, жеке туындыларға тән ерекшеліктермен, әдеби дамудың ортақ заңдылықтарымен таныстыруды көздейтін пән. Бұл пәннің мақсаты – әдебиеттануға қатысты өзге пәндерді түсініп оқып, терең меңгеруге негіз салу. Осы мақсатқа байланысты “Әдебиеттануға кіріспе” пәнінде әдебиетке қатысты негізгі 3 мәселе қарастырылады. Олар: Әдебиеттің негізгі сипаттары; Көркем шығарма; Әдеби даму заңдылықтары. Қарастырылатын мәселелерді бұлайша топтастыру әдеби шығармашылық заңдылықтарын дұрыс түсіне білу үшін қажет. Біз де екеуара әңгімемізді осы үлгіде өрбіткенімізді байқаған боларсың. Ал “Әдебиет теориясы” пәнінің басты мақсаты отандық және әлемдік әдебиеттану ғылымындағы ең соңғы жетістіктерді ескере отырып, негізгі теориялық ұғымдардың мәнін тереңдете меңгертуді көздейді. Әдебиет тарихы, әдебиет сыны, эстетика, өнертану, лингво-стилистика, тарих, әлеуметтану, т.с.с. пәндерге сүйене отырып, көркем шығармашылықтың және әдебиеттің сөз өнері ретіндегі эстетикалық ерекшеліктерін, негізгі заңдылықтарын дұрыс тани білу, теориялық білімді іс жүзінде қолдана білу дағдыларын қалыптастыруға ұмтылады. Қазақ әдебиеттануында да теориялық мәселелерді талдап-таразылауға, түсіндіруге арналған үлкенді-кішілі еңбектер аз емес. Олардың қатарында А.Байтұрсынов, З.Ахметов, Қ.Жұмалиев, З.Қабдолов, Р.Нұрғалиев, М.Базарбаев, Н.Ғабдуллин, Т.Кәкішев, Т.Қожакеев, Ж.Дәдебаев, С.Мақпыров, З.Серікқалиев, Д.Ысқақов, М.Атымов, т.б. да белгілі әдебиет зерттеушілерінің еңбектерін көптеп атауға болады. Әдебиет төңірегінде өрбіткен әңгімелер барысында біз де танымал теоретиктердің ой-пікірлерін жолбасшылыққа алып отырдық. Сонымен бірге көркем әдебиет пен шығармашылыққа қатысты заңдылықтардың шынайы мәні әдебиетті тарихи тұрғыдан қарастыру арқылы ғана ашылатынын ұдайы ескеріп отыруға ұмтылдық. Сұрақ. Әдебиетті тарихи тұрғыдан қарастыру дегенде, нені түсінгеніміз абзал?

Жауап. Әдебиетті тарихи тұрғыдан қарастыру дегенде, ерекше ескеретін жағдайлар бар. Бұл жағдайлар әдебиеттің өзіндік ерекшеліктерінен туындайды. Мәселен, ғылым мен техникадағы жаңалықтар өзінен бұрынғы қағидаларды немесе формулаларды мүлдем жоққа шығаруы ықтимал. Өнердің заңдылығы мүлде басқаша. Өнердегі жаңа нәрсе өзінен бұрынғыны жоққа шығару арқылы емес, оны шығармашылықпен игере отырып, жетілдіре отырып жасалады. Уақыт жағынан кейін жасалған туынды өзінен бұрынғы дүниені жойып жібермейді, керісінше бірін-бірі толықтыра отырып, қатар өмір сүре береді. Оның сыры – шынайы өнер туындысының мәңгілік маңыздылығында, мәңгілік құндылығында. Сондықтан әдебиетке байланысты қандай да бір мәселені қарастырғанда, тарихи жағдайды ескеріп отыру – әдебиеттанушының басты міндеттерінің бірі.

ҚЫСҚАША АНЫҚТАМАЛЫҚ

 Анандавардхана (ІX ғ.), үнді философы. Ежелгі үнді поэтикасы мен эстетикасындағы негізгі ұғымдардың бірі – дхвани туралы ілімді қалыптастырушы. Әйгілі шығармасы “Дхваньялока” (“Дхвани нұры”) деп аталады.  Аппель Кароль (1857-1930), поляк ғалымы. И.А.Бодуэн де Куртенэ негіздеген Қазан лингвистикалық мектебінің өкілі.  Аристотель (б.д.д. 384-322 ж.ж.), ежелгі грек философы, антикалық әдебиет теориясын тұңғыш жүйелеуші, Платонның шәкірті, Александр Македонскийдің тәрбиелеушісі. Ғылымның барлық саласын дерлік қамтитын еңбектерінің қатарында поэзия (негізінен, трагедиялық және эпикалық поэзия) және риторика (“Поэтика”, “Риторика”) жайындағы трактаттары маңызды орын алады.  Аристофан (шамамен б.д.д. 445-385 ж.ж.), ежелгі грек комедия жазушысы, ежелгі аттикалық комедияның негізін қалаушылардың бірі. Аристофан қаламынан туған 44 пьесадан біздің дәуірімізге дейін жеткені – 11 шығарма. Олар: “Ахарняндықтар” (425), “Салт аттылар” (424), “Бұлттар” (423), “Соналар” (422), “Бейбітшілік” (421), “Құстар” (414), “Лисистрата” және “Фесмофорий мейрамындағы әйелдер” (411), “Көлбақалар” (405), “Халық жиналысындағы әйелдер” (392), “Плутос” (388).  Байрон Джордж Ноэл Гордон (1788-1824), ағылшын ақыны. Философиялық, лирикалық, саяси өлеңдерімен қатар, “Чайльд Гарольдтың мінәжаты”, “Шильон тұтқыны”, “Гяур”, “Корсар”, “Лара” поэмалары; “Ағылшын ақындары мен шотланд шолушылары”, “Беппо”, “Сот елесі”, “Қола ғасыр” сатиралық поэмалары; “Дон Жуан”(аяқталмаған) атты өлең сөзбен жазылған сатиралық эпопеясы; “Манфред”, “Каин”, “Марино Фальеро – Венециялық дож”, “Сарданапал”, “Екі Фоскари”, “Вернер” драмалары бар.  Бенфей Теодор (1809-1881), неміс тілтанушысы. Санскрит фонетикасы мен грамматикасын зерттеуші, салыстырмалы-тарихи әдістің жақтаушысы.  Берше Джованни (1783-1851), италия ақыны, “Златоустың ұлына әзілшыны аралас хаты” аталатын эстетикалық шығармасы, “Паргадан шыққан қашқындар”, “Фантастикалық түстер”, “Парга” поэмалары, романстары, сын еңбектері, аудармалары бар.  Бодуэн де Куртенэ Иван Александрович (Ян Игнаци Нечислав, 18451929), орыс және поляктың ірі тілтанушы ғалымы. Танымал еңбектері – “Фонетикалық альтернация теориясының тәжірибесі” (1895), “XІX ғасырдағы тіл білімі, немесе лингвистика” (1901), “Лингвистикалық ескертпелер және афоризмдер” (1903), “Тіл біліміне кіріспе” (1917).  Боккаччо Джованни (1313-1375), италиялық гуманист-жазушы. “Декамерон” новеллалар жинағын, “Диана аңшылығы”, “Филострато”,

“Тесеида”, “Махаббат елесі”, “Фьезоландық нимфалар” поэмаларын, “Альето, немесе флорентия нимфалары жайындағы комедия” деген қара сөзбен және өлең сөзбен жазылған пастораль, “Корбаччо немесе Махаббат лабиринті” аталатын прозамен жазылған аллегориялық сатира, “Филоколо” романын, “Фьямметта” повесін жазған. “Данте Алигьеридің өмірі” аталатын өмірбаяндық кітап, “Құдіретті комедияның” 17 өлеңіне түсініктеме, сондай-ақ, латын тілінде “Құдайлар генеалогиясы туралы” деген трактат, “Әйгілі әйелдер туралы”, “Танымал еркектердің қырсықтары туралы” деген еңбектері жарияланған.  Бопп Франц (1791-1867), неміс ғалымы, салыстырмалытарихи тіл білімінің негізін салушы. Ең негізгі еңбегі – үш томдық “Санскрит, зенд, армян, грек, латын, литва, көне славян, гот, неміс тілдерінің салыстырмалы грамматикасы” (1833-1852).  Брентано Клеменс (1778-1842), неміс жазушысы. Халықтың жырлары мен өлеңдерінен, балладаларынан құрастырылған “Баланың сиқырлы мүйізі” деген жинақтың, “Годви” романының, лирикалық өлеңдер, балладалар, ертегі, әңгімелердің авторы.  Бругман К. (1849-1919), неміс тілтанушысы. Негізгі еңбектері – “Үндіевропа тілдерінің морфологиялық зерттеулері” (Г.Остгофпен бірлесе, 1878), “Үнді-европа тілдерінің салыстырма грамматикасының негізі” (Б.Дельбрюкпен бірге, 1886-1900).  Буало, Буало-Депрео Никола (1636-1711), француз ақыны, сыншы, классицизм теоретигі. “Сатиралар”, “Жолдаулар” атты өлеңдердің, жырлардың, сонеттердің, эпитафия, эпиграммалардың, “Налой” аталатын поэманың авторы. Әйгілі шығармасы – 1674 жылы өлеңмен жазылған “Поэтикалық өнер” атты трактат.  Бхартрихари (ІV ғ.), ежелгі Үндістанның философы, логик, тілтанушы. Тіл категориясы мен логикалық категория арасындағы қарым-қатынасты зерттеген. Негізгі еңбектері – “Натьяшастра”, “Вакьяпадия”.  Веневитинов Дмитрий Владимирович (1805-1927), орыс ақыны. Махаббат элегияларының, философиялық және азаматтық лирикалардың, “Владимир Паренский” атты аяқталмаған романның, сондай-ақ, “Мерзляков мырзаның пікірлерін талдау”, “Евгений Онегин” туралы мақаланы талдау”, “Полевой мырзаға жауап”, “Ресейдегі ағартушылықтың жағдайы жайында”, т.с.с. философиялық және әдебисын мақалалардың авторы.  Веселовский Александр Николаевич (1838-1906), әдебиет теоретигі және тарихшысы. Магистрлік дисссертациясы – “Вилла Альберти. XІV-XV ғасырлардағы италия өміріндегі қоғамдық және әдеби өзгерістерді сипаттау үшін жаңа материалдар”, докторлық диссертациясы – “Соломон мен Китоврас жайындағы славян аңыздары және Морольф пен Мерлин жайындағы батыс аңыздары” деп аталады. Фольклордың “тарихи бастауы” теориясын жақтаған.

 Вико Джамбаттиста (1668-1744), италиялық философ, әлеуметтанушы, әдебиет теоретигі, ақын. “Ұлттың жалпы табиғаты жайындағы жаңа ілімге негіздемелер” аталатын философиялықэстетикалық шығармасы, “Автобиография” деген еңбегі белгілі.  Виламовиц-Меллендорф Ульрих фон (1848-1931), Германиядағы “жаңа филология” өкілі.  Винкельман Иоганн Иоахим (1717-1768), неміс ағартушысы, өнер тарихшысы және теоретигі. Неогуманизм жақтаушысы. Негізгі еңбегі – 1764 жылы жазылған “Ежелгі өнер тарихы”.  Виноградов Виктор Владимирович (1895-1969), белгілі филолог. Негізгі еңбектері – “Гоголь стилі жайындағы этюдтер” (1923), “Гоголь және натуралистік мектеп” (1925), “Анна Ахматова поэзиясы жайында” (1925), “Орыс натурализмінің эволюциясы: Гоголь және Достоевский” (1929), “Пушкин тілі” (1935), “Гоголь тілі” (1936), “Пушкин стилі” (1941), “Лермонтов прозасының стилі” (1941), “Орыс тілі: Сөз жайындағы грамматикалық ілім” (1947).  Вольф Фридрих Август (1759-1825), неміс филологы. Ғылымға “филология” деген терминді енгізген ғалым.  Востоков Александр Христофорович (1781-1864), орыс тілтанушысы. Негізгі еңбектері – “Славян тілі туралы ойлар” (1829), “Орыс грамматикасы” (1831), “Облыстық великорусс сөздігінің тәжірибесі” (1852), “Шіркеулік-славян тілінің сөздігі” (1858).  Вундт Вильгельм (1832-1920), неміс психологы, физиолог және философ-идеалист, тілтанушы. Экспериментальды психологияның негізін салушылардың бірі. Ең танымал еңбегі – 10 томдық “Халықтар психологиясы” (1900-20).  Гейне Генрих (шын есімі – Харри; 1797-1856), неміс ақыны, публицист, сыншы. Көптеген поэтикалық жинақтардың, өлеңдердің, “Жаңа көктем”, “1853-1854 жылдар өлеңдері”, т.с.с. өлеңдер циклдерінің, “Атта Тролль. Жазғы түндегі түс”, “Германия. Қысқы ертегі” аталатын сатиралық поэмалардың авторы. Проза саласында “Жол суреттері”, “Мойындау” және толық аяқталмаған “Фон Шнабелевопский мырзаның мемуарынан” повесі, “Бахерахтан шыққан Рабби” романы; драма саласында “Альманнзор”, “Вильям Ратклиф”; публицистикада “Француз істері”, “Людвиг Берн туралы. Ескерткіш”, “Лютеция” деген еңбектері бар. “Романтикалық мектеп”, “Германиядағы дін мен философия тарихына”, “Француз суреткерлері”, “Француз сахнасы жайында”, “Шекспирдің әйелдері мен қыздары” аталатын әдеби, философиялық-эстетикалық сын еңбектер жазған.  Гердер Иоганн Готфрид (1744-1803), неміс философы, ағартушыжазушы. Философия, эстетика бойынша еңбектері – “Ең жаңа неміс әдебиеті туралы. Фрагменттер”, “Тілдің шығуы жайында зерттеулер”, “Шекспир”, “Оссиан және ежелгі халықтардың жырлары туралы хаттардан үзінді”. Өлеңдері мен драмалары – “Брут”, “Филоктет”, “Эон

мен Эонис”, “Азат болған Прометей”. “Терпсихора” атты аудармалар жинағының, Сид жайындағы испан романстарын мазмұндайтын жинақтың авторы. Сонымен бірге “Халықтық жырлар”, “Жырлардағы халық даусы” деген жинақтар шығарған.  Голдсмит Оливер (1728-1774), ағылшын жазушысы. “Векфильд священнигі” сентиментальды романының, “Саяхатшы”, “Тастанды деревня” поэмаларының, “Ақкөңіл”, “Қателіктер түні немесе мақтаудан бетер қорлау” комедияларының, “Әлем азаматы” аталатын әлеуметтіктұрмыстық очерктер жинағының, көптеген әдеби-сын тракттаттардың авторы.  Гомер, ежелгі гректің аңызға айналған эпик ақыны. “Илиада”, “Одиссея” поэмаларының авторы деп саналады.  Гораций Флакк Квинт (б.д.д. 65-8 ж.ж.), рим ақыны. Моральдықфилософиялық тақырыпқа арналған бірінші кітапты, поэзия мәселесіне арналған екінші кітапты және ”Поэзия ғылымы” трактатын қамтитын “Жолдаулар” атты еңбегі классицизмнің негізіне алынған. Адамгершілік, философиялық тақырыптағы “Эподтар”, “Сатиралар”, “Одалар” аталатын кітаптардың авторы.  Горгий (шамамен б.д.д. 483-375 ж.ж.), ежелгі гректің софист-философы, шешен. Эмпедоклдың шәкірті. “Табиғат жайында немесе Жоқ жайында” деген трактаттың, “Еленаға мадақ” атты сөйлеу-жаттығуларының авторы.  Грей Томас (1716-1771), ағылшын ақыны. “Село бейітінде жазылған элегия” поэмасының, “Поэзия шеруі”, “Бард” деген одалардың авторы.  Гримм Якоб (1785-1863) және Вильгельм (1786-1859), неміс филологтары. “Балалардың және отбасының ертегілері”, “Неміс аңыздары” жинақтарының, “Көне неміс майстергезангы жайында” аталатын орта ғасырлық мәтіндердің, “Бейшара Генрих”, “Рейнеке – Лис”, “Раушан гүлзары” деген шығармалардың авторлары. “Герман қаһармандық аңыздары”, “Неміс мифологиясы” атты зерттеулер жариялаған.  Гумбольдт Вильгельм (1767-1835), тілді жүйе ретінде ең алғаш қарастырған белгілі неміс тілтанушысы, жалпы тіл білімінің негізін салушы және тілді тарихи тұрғыдан зерттеудің теориялық негіздерін жасаушы. Сонымен бірге, философия, әдебиеттану, классикалық филология, мемлекеттік құқық мәселелерімен де шұғылданған. Негізгі еңбектері – “Адамзат тілі құрылысының әр алуандығы туралы” (1827), “Ява аралындағы Кави тілі туралы” (1836).  Гюго Виктор Мари (1802-1885), француз жазушысы. Көптеген поэтикалық жинақтардың; “Кромвель” (алғысөзі – француз романтизмінің манифесті), “Эрнани”, “Марион Делорм”, “Король көңіл көтеруде”, “Лукреция Борджиа”, “Мария Тюдор”, “Анджело”, “Рюи Блаз”, “Бургграфтар” драмаларының; “Ган Исландец”, “Бюг Жаргаль”, “Париж Құдайанасының соборы”, “Аласталғандар”, “Теңіз

еңбеккерлері”, “Күліп жүретін адам”, “Тоқсан үшінші жыл” романдарының; “Бір қылмыстың тарихы” публицистикалық кітабының; “Кіші Наполеон” саяси памфлетінің, “lстер мен сөздер”, “Қуғынға дейін”, “Қуғын кезінде”, “Қуғыннан соң” деген мақалалар мен сөздер жинағының; “Уильям Шекспир”, т.б. да әдебиет пен өнер туралы еңбектердің авторы.  Данте Алигьери (1265-1321), италия ақыны. Қара сөзбен және өлең сөзбен жазылған автобиографиялық “Жаңа өмір” (1292) повесі, “Құдіретті комедия” (1307-21) поэмасы, Беатричені жырлайтын сонеттер, канцондар, латын тіліндегі аллегориялық эклогтар (1320), философиялық “Той-думан” (аяқталмаған; 1304-1307), “Халық тілі жайында” (латын тілінде; 1304-1307), саяси “Монархия жайында” (латын тілінде; 1312-13), “Жер мен су жайында” (латын тілінде; 1320), “Жолдаулар” (1304-1316) трактаттарын жазған.  Дельбрюк Б. (1842-1922), неміс тілтанушысы. Негізгі еңбектерінің қатарында “Тіл тануға кіріспе”, “Үнді-европа тілдерінің салыстырма грамматикасының негізі” (К.Бругманмен бірлесіп жазған) деген зерттеулері бар.  Джемс Уильям (1842-1910), америкалық психолог және философидеалист, прагматизмнің көрнекті өкілі. Негізгі еңбектері – “Психология ұстанымдары” (1890), “Діни тәжірибелердің алуан түрлілігі” (1902), “Прагматизм” (1907).  Дионисий Фракийский (б.д.д. 170-90 ж.ж.), Александрия мектебінің өкілі. Негізгі сөз таптарының грамматикалық категорияларын зерттеген.  Дю Белле Жоашен (1522-1560), француз ақыны. “Лирикалық өлеңдер” (1549) – одалар, “Олива” (1549-50), “Өкініш”, “Рим мұралары” (1558) – сонеттер, “Село ойындары” (1558) – эпиграмма, ода, элегиялар жинақтарының; “Француз тілін қорғау және дәріптеу” (1549) трактатының авторы.  Дюбо немесе Дюбуа Жак (1478-1555), француз филологы.  Жан Поль (шын есімі – Иоганн Пауль Фридрих Рихтер; 1763-1825), неміс жазушысы. Шығармалары – “Көрінбейтін өтірік” (аяқталмаған, 1793), “Геспер” (1795), “Ауэнтальдан шыққан көңілтоқ мұғалім Мария Вуцтың өмірі” (1793), “Зибенкэз” (1796-97), “Титан” (философиялық, 1800-03), “Арынды жылдар” (аяқталмаған, 1804-05), “Құйрықты жұлдыз, немесе Николай Маргграф” (аяқталмаған, 1820-22) романдарының; сатира, повесть, новеллалардың авторы. “Эстетикаға баула мектебі” (1804), “Левана, немесе Тәрбие жайындағы ілім” (1806) трактаттарын жазған.  Жуковский Василий Андреевич (1783-1852), орыс ақыны, аудармашы. Негізгі шығармалары – “Село бейіті” (1802), “Кеш” (1806), “Теңіз” (1822) элегиялары; “Людмила” (1808), “Светлана” (1808-1812), “Ұйқыдағы он екі ару” (1810-1817), “Орман патшасы”, “Балықшы”, “Рыцарь Тогенберг” (бәрі де - 1818), “Смальгольм қорғаны, немесе Иван

кеші” (1822), “Кубок” (1825-1831), “Епископты Құдайдың жазалауы”, “Ленора” (1831) балладалары; “Шильон тұтқыны” (1822), “Ундина” (1837), “Наль мен Дамаянти” (1844), “Рүстем мен Зораб” (1849), т.б. да өлеңмен жазылған повестер, поэмалар; “Марья тоғайы” (1809) повесі; “Одиссея” (1849) аудармасы; “Қоғамдағы қаламгер” (1808), “Мысал және Крылов мысалдары жайында” (1809), “Сатира және Кантемир сатирасы жайында” (1810) мақалалары; өлеңдер, әндер, романстар.  Зольгер Карл Вильгельм Фридрих (1780-1819), неміс эстетик-философы. “Философиялық диалогтар” (1817), “Эрвин. Әсемдік және өнер жайындағы төрт диалог”, т.б. да белгілі шығармалары бар.  Иероним (340-420 ж.ж.), христиан жазушысы. “Библияны” латын тіліне алғаш аударушы.  Каллимах (б.д.д. 310-240 ж.ж.), ежелгі грек ақыны және филолог. Египет сарайы маңында өмір сүріп, Александрия кітапханасын басқарған. “Гекала” аталатын эпиллий (шағын эпос), 4 кітаптан тұратын “Себептер” атты элегиялар, “Ямбылар” өлеңдер жинағын, эпиграммалар, гимндер жазған. Грек қаламгерлері мен олардың шығармаларын жинақтайтын бірінші каталог – “Кестелер” деген еңбек жазған.  Корнель Пьер (1606-1684), француз драматургі. Шығармалары – “Мелита, немесе жалған хаттар” (1629), “Жесір, немесе Жазаланған сатқын” (1631-32), “Сот галереясы, немесе Құрбы-қарсылас” (1632), “Субретка” (1633), “Король алаңы, немесе есалаң ғашық” (1633-34), “Суайт” (1644), “Суайттың жалғасы” (1645) аталатын өлең үлгісіндегі комедиялары; “Дон Санчо Арагонский” (1650) қаһармандық комедиясы; “Клитандр, немесе Азат болған бейкүнә” (1632), “Сид” (1637) трагикомедиялары; “Медея” (1639), “Гораций” (1641), “Цинна, немесе Августың мейірімі” (1643), “Азап шеккен Полиевкт” (1643), “Помпейдің өлімі” (1644), “Ираклий, немесе Шығыс әміршісі” (1647), “Никомед” (1651), “Пертарит” (1653), “Эдип” (1659), “Серторий” (1662), “Софонисба” (1663), “Отон” (1665), “Аттила – ғұндар патшасы” (1667), “Тит және Береника” (1677), “Парфяндар қолбасшысы Сурена” (1675) трагедиялары; “Поэтикалық қоспа” (1632) жинағы; “Ой-толғамдар” (1660) – драматургия туралы теориялық кітап.  “Көл мектебі” – У.Вордсворт, С.Т.Колридж, Р.Саути құрған ағылшын романтик-ақындарының тобы. Олардың идеялық және шығармашылық достастығы Англияның солтүстік-батысындағы көлді аймақты мекен еткен кездерінде, яғни XVІІІ ғасырдың соңы мен XІX ғасырдың бас кезінде қалыптасты. “Көл мектебі” өкілдері Ағартушылық идеалдарын теріске шығарып, ағылшын поэзиясында реформа жасады. Өлеңдерінде мөлдіреген арманшыл сезім, табиғатқа іңкәрлік, қарапайым жандарға сүйіспеншілік айқын көрінеді.

 Крабб Джордж (1754-1832), ағылшын ақыны. Дидактикалық сипаттаушылық сарындағы “Деревня” (1783) поэмасының, “Діндарлар тізімі” (1807), “Шағын мекен” (1810) повестерінің авторы.  Кроче Бенедетто (1866-1952), италиялық философ-идеалист, тарихшы, әдебиеттанушы, сыншы, публицист. Гегель дәстүріндегі Кроче философиясы – абсолютті идеализм. Негізгі еңбегі 1902-1917 жылдарда жазылған “Жан философиясы” деп аталады.  Купер Уильям (1731-1800), ағылшын ақыны. Сатиралар жинақтарының, “Тапсырма” (1785), т.б. да поэмалардың авторы.  Лакан Жак де (1901-1981), структуралық психоанализ ілімінің теоретигі. Францияда психоаналитикалық семиотиканың негізін салушы. “Тіл мен сөйлеудің психоанализдегі қызметі мен ауқымы” (1953) деген бағдарламалық еңбегі белгілі.  Лао цзы (шын есімі – Ли Эр, б.д.д. VІ-V ғ.ғ.), ежелгі қытай жеріндегі даосизмнің әйгілі өкілі. Негізгі еңбектерінің бірі – “Тарихи жазбалар”.  Лацарус Мориц (1824-1904), неміс философы. Г.Штейнтальмен бірлесіп, “Халық психологиясы және тіл білімі” атты журнал шығарған.  Леви-Строс Клод (1908 жылы туған), француз этнографы, антрополог және әлеуметтанушы, структурализм өкілі. Негізгі еңбектері – “Мифологикалар”, “Структуралық антропология”, “Маскалар жолы”.  Лессинг Готхольд Эфраим (1729-1781), неміс ағартушысы, философ, публицист, драматург, өнер теоретигі және сыншы. Негізгі еңбектерінің қатарында “Данышпан Натан” (1779) атты философиялық драмасы, “Адам тегін тәрбиелеу” (1780), “Лаокоон” (1766), “Гамбург драматургиясы” (1767-1769) деген ғылыми шығармалары бар.  Малерб Франсуа де (шамамен 1555-1628 ж.ж.), француз ақыны, классицизм теоретигі. “Ұлы Генрих корольге, Марсельді алуына орай” (1596), “Королеваға, Францияға сәтімен келуіне орай” (1600), “Король Генрихтің өміріне Жаңа көпірде қастандық жасалуына байланысты”, т.б. да одалардың, псалмдардың, сонеттердің авторы.  Мейе Антуан (1866-1936), француз тілтанушысы. Тіл білімі тарихындағы социологиялық бағыттың өкілі; үнді-европа салыстырмалы тіл білімінің маманы. 24 кітап, бес жүзге жуық ғылыми мақала жазған. Көрнекті еңбектері – “Үнді-европа тілдерін салыстыра зерттеуге кіріспе”, “Герман тобы тілдерінің негізгі ерекшеліктері”.  Мюссе Альфред де (1810-1857), француз жазушысы. “Испан және итальян ертегілері” (1830), “Креслодағы спектакль”(1832) деген поэтикалық жинақтардың; “Ролла” (1833), “Түндер” (1835-1837) поэмаларының, “Баспасөз туралы заң” (1835) атты сатиралық өлеңнің, “Ғасыр ұлының мінәжаты” (1836) романының, “Венеция түні” (1830), “Андреа дель Сарто” (1833), “Фантазио” (1834), “Махаббат – қылжақ емес” (1834), “Лорензаччо” (1834) пьесаларының, новеллалардың, әдебисын мақалалардың авторы.

 Надеждин Николай Иванович (1804-1856), орыс сыншысы, журналист. Көптеген әдеби-сын мақалалардың, соның ішінде “Отандық әдебиет жылнамасы”, “Орыс театры. Петербургке хат”, “Әсем өнердің қазіргі бағыты туралы” циклдеріндегі, “Европеизм және орыс сөз өнеріне қатысты халықтық” атты мақалалардың; “Тарихи шындық пен нақтылық жайында” (1837), “Орыс тіліндегі жергілікті ерекшеліктер жайында” (1841), т.б. да тарихи, жаратылыстану, этнографиялық тақырыптардағы еңбектердің авторы.  Ницше Фридрих (1844-1900), неміс философы, қазіргі иррационализмнің негізін салушылардың бірі. Басты еңбектері – “Адами, өте адами” (1878), “Көңілді ғылым” (1882), “Заратустра солай айтқан” (1883-1885), “lзгілік пен зұлымдықтың арғы жағында” (1886), “Антихристианин” (1888).  Новалис (шын есімі – Фридрих фон Харденберг; 1772-1801), неміс жазушысы, философ. Негізгі шығармалары – “Түнге гимн”, “Рухани жырлар” атты лирикалық циклді өлеңдер, “Генрих фон Офтердинген” романы, “Саистегі шәкірттер” повесі.  Овсянико-Куликовский Дмитрий Николаевич (1853-1920), орыс грамматисі. Тіл біліміндегі Харьков лингвистика мектебінің өкілдерінің бірі. Филологиядағы психологиялық бағытты жақтаушы.  Ориген (шамамен 185-253/254, қуғында жүргенде азаптап өлтірген), грек тілінде жазған көне христиан жазушысы, теолог ғалым, философ. Негізгі еңбектері – “Бастаулар жайында”, “Цельске қарсы” деген трактаттар.  Паллас П.С. Негізгі еңбегі – 272 тілге тән сөздерді қамтитын “Барлық тілдердің және диалектілік ерекшеліктердің салыстырма сөздігі” (17861791).  Панини (б.д.д. V-ІV ғ.ғ), ежелгі үнді филологы. Төрт мыңнан астам грамматикалық ережені қамтитын “Аштадхйайи” деген жинақ жазған.  Патанджали (б.д.д. ІІ ғ.), ежелгі үнді филологы. Үнді филологиясында түсіндірмелік бағытты негіздеушілердің бірі. Панинидің “Ережелер жинағын” түсіндірумен айналысқан. Бұл саладағы негізгі еңбегі – “Махабхашия”.  Петефи Шандор (1823-1849), венгер ақыны, революционер-демократ, 1848-49 жылдардағы Революция қайраткері. Негізгі шығармалары – “Село баласы” (1844), “Қаһарман Янош” (1844), “Пишта Силай” (1846), “Шалго” (1846), “Апостол” (1848) поэмалары, “Жолбарыс пен шибөрі” (1845) атты өлеңмен жазылған драма, “Баскесердің арқаны” (1846) аталатын өлеңмен жазылған роман.  Петрарка Франческо (1304-1374), итальян ақыны. “Канцоньере” (13271374) – сонет, канцон, секстин, баллада, мадригалдардан тұратын 2 бөлімді лирикалық өлеңдер кітабы; “Триумфтар” (1354), “Африка” (1339-1342), “Буколикалар” (1346-1356) поэмалары; “Оңашаланған өмір туралы” (1346-1366), “Монахтың бос уақыты туралы” (1347), “Кездейсоқ бақытқа қарсы құралдар туралы” (1358-1366) прозалық

трактаттары; “Дәрігерлерге қарсы инвективтер” (1352-1353), “Өзімнің және өзге адамдардың тәлімсіздігі туралы” (1367-1370) аталатын полемикалық шығармалары;, “Ұрпақтарға хат” (1374), “Менің құпиям, немесе Дүниеден безіну туралы әңгімелесу кітабы” (1342-1343), “Жолдаулар” (1325-1374) автобиографиялық прозалары, т.б. да туындылары белгілі.  Пирс Чарлз Сандерс (1839-1914), америкалық философ және логик, прагматизмнің негізін салушы. 1876 жылы жазылған “Біздің идеяларды қалай айқын етуге болады” деген мақаласында кейіннен “Пирс ұстанымы” аталып кеткен ұстанымды алғаш рет ұсынды.  Платон (б.д.д. 428/427 – 348/347 ж.ж.), ежелгі грек идеалист-философы, Сократтың шәкірті, обьективті иделизмнің негізін салушы, “Софист”, “Парменид”, “Теэтет”, “Мемлекет”, т.б. да 30-дан астам философиялық диалогтың авторы.  Пор-Рояль – Париж маңындағы монастырь. XVІІ ғасырда янсенизм ілімінің орталығы айналған. Франциядағы ағарту ісінің ірі ошағы болған. Түрлі оқулықтар құрастыруда үлкен роль атқарған. Әсіресе, Арно және Николь жазған логика оқулығы кеңінен таралды. Осы монастырьда әйгілі Паскаль өмір сүріп, еңбек еткен. Монастырь янсеншілермен күреске түскен иезуиттерді жақтаған Людовик XІV-нің бұйрығымен 1712 жылы өртелген.  Потебня Александр Афанасьевич (1835-1891), көрнекті орыс және украин филологы. Негізгі еңбектері – “Ой және тіл” (1862), 4 томдық “Орыс грамматикасы бойынша жазбалардан”, “Славян халықтық мифологиясындағы кейбір символдар туралы” (1860).  Продик Кеосский (б.д.д. V ғ.), ежелгі грек жерінен шыққан софистфилософ.  Протагор (шамамен б.д.д. 480-410 ж.ж.), ежелгі гректің Абдер мекенінен шыққан көрнекті софист-философ. Оның “Құдайлар туралы” деген еңбегі отқа жағылып, өзі құдайдан безгендігі үшін Афинадан қуылған. “Ақиқат” деген шығармасы да белгілі.  Раск Расмус Кристиан (1787-1832), даниялық филолог. Негізгі еңбектері – “Исланд тілінің шығу тарихы жайында” (1818), “Ежелгі солтүстік тілдері және неміс, исланд тілдерінің шығуы туралы зерттеулер”.  Ричардсон Сэмюэл (1689-1761), ағылшын жазушысы. “Памела, немесе Марапатталған ізгілік” (1740), “Кларисса” (1747-1748), “Сэр Чарльз Грандисонның хикаялары” деген танымал шығармалары бар.  Роде Эрвин (1845-1898), неміс филологы.  Россетти Данте Габриель (1828-1882), ағылшын ақыны, суретші. Негізгі шығармалары – “Өлеңдер” (1870) деген сонеттер жинағы, “Ақ кеме” тарихи балладасы, “Король қасіреті” пьесасы, “Ниневия масылы” (1856) философиялық поэмасы.

 Руссо Жан Жак (1712-1778), француз философы және жазушысы. Негізгі шығармалары – “Юлия, немесе Жаңа Элоиза” (1761) эпистолярлық романы; автобиографиялық “Мінәжат” (1766-1769), “Диалогтар: Жан Жакты Руссо айыптайды” (1775-1776), “Жалғыз қиялшылдың серуендері” (1782 ж. жарияланған) кітаптары; “Шарметтегі бақша” (1736), “Л’Этан мырзаға жолдау” (1749) өлеңдер жинағы; “Нарцисс” (1752), “Соғыс тұтқындары” (1782 ж. жар-н) комедиялары; “Деревня балгері” (1752), “Пигмалион” опералары; “Эмиль, немесе Тәрбие туралы” (1762), “Эмиль мен Софи, немесе Жалғыздар” (1780) педагогикалық трактаттары; “Француз музыкасы жайында хат” (1753), “Театр ғажайыптары жайында д’Аламберге хат” (1758) эстетикалық трактаттары; “Таудан хат” (1764) публицистикалық кітабы.  Сент-Беф Шарль Огюстен (1804-1869), француз сыншысы және ақыны. Негізгі шығармалары – “Жозеф Делормның өмірі, өлеңдері және ойпікірлері” (1829) өлеңдер кітабы; “Тәттіқұмарлық” (1834) романы; “Дүйсенбілік сұхбаттар” сериялы мақалалары; “XVІ ғасырдағы француз поэзиясы мен француз театрына тарихи және сыни шолу” (1828), “ПорРояль” (1840-1859), “Шатобриан және оның Империя кезеңіндегі әдеби тобы” (1861) кітабы.  Скалигер Юлий Цезарь (Жюль Сезар, 1484-1558), Қайта өрлеу дәуіріндегі француздық филолог-ғалым. Негізгі еңбегі – “Латын тілінің негіздері туралы” (1540).  Стерн Лоренс (1713-1768), ағылшын жазушысы. “Джентльмен Тристам Шендидің өмірі мен пікірлері” (1760-1767), “Франция мен Италияға сентиментальды саяхат” (1768), “Йориктің уағыздары” деген романдардың авторы.  Сюнь-цзы (шамамен 313-328 ж.ж.), ежелгі қытайдың материалистфилософы. Адам табиғаты, таным процесі, тәрбие жайындағы сыншыл ілімі қытай философиясының кейінгі даму жолына терең ықпал еткен.  Тайлор, немесе Тэйлор Эдуард Бернетт (1832-1917), ағылшын этнографы, алғашқы қауымдық мәдениет зерттеушісі.  Тассо Торквато (1544-1595), италия ақыны. “Аминта” (1573) пасторальдық драмасын, “Король Торрисмондо” (1587) трагедиясын, “Ринальдо” (1562), “Азат болған Иерусалим” (алғашқы атауы – “Гоффредо”, 1574-1575), “Дүние жаратылған жеті күн” (1594) поэмаларын, философиялық “Диалогтар” (1583), “Поэтикалық өнер туралы пікірлер” (1565-1566) трактаттарын жазған.  Тик Людвиг Иоганн (1773-1853), неміс жазушысы. “Етік киген мысық” (1797), “Көк Сақал” (1797), “Өңі айналған дүние” (1799) ертегі комедияларының; “Романтикалық поэмалар” (1799-1800) жинағының, “Вильям Ловель” (1795-1796), “Франц Штернбальдтың саяхаты” (1798) философиялық романдарының; “Севеннадағы бүліншілік” (1826), “Кішкентай ағаш шебері” (1836) тарихи повестерінің; “Арнасынан асқан

өмір” (1839), т.с.с. новеллалардың; “Петер Лебрехтің халық ертегілері” (1797) жинағының авторы.  Тодоров Цветан (т.ж. 1939), француз тілтанушысы. Линугвистикадағы структурализм жақтаушысы.  Томсон Джеймс (1700-1748), ағылшын ақыны. Ақылгөйлік сарындағы “Жыл мезгілдері” (1726-1730), аллегориялық “Дыр-думан ордасы” (1748) поэмаларының және классицистік трагедиялардың авторы.  Узенер Герман (1834-1905), Германиядағы “жаңа филология” өкілі.  Фосслер Карл (1872-1949), неміс филолог-ғалымы. Эстетикалық лингвистика мектебін қалыптастырушы. “Тіл біліміндегі позитивизм мен идеализм” (1904), “Тіл – шығармашылық және даму” (1906).  Фрейд Зигмунд (1856-1939), австриялық дәрігер-невропатолог және психиатр, кейіннен “фрейдизм” аталған психоанализ теориясы мен әдісін негіздеуші.  Хайдеггер Мартин (1889-1976), неміс экзистенциализмінің негізін салушылардың бірі. Негізгі еңбектері – “Болмыс пен уақыт” (1927), “Кант және метафизика проблемасы” (1929), “Метафизикаға кіріспе” (1953).  Шатобриан Франсуа Рене де (1768-1848), француз жазушысы. Негізгі шығармалары – “Атала, немесе Екі жабайының шөлдегі махаббаты” (1801), “Рене, немесе Құштарлық салдары” (1802) повестері, “Абенсераджелердің ақтық тарихы” (1810) новелласы, “Азап шегушілер” (1809), “Натчездер” (1826) прозалық эпопеялары, “Парижден Иерусалимге саяхат” (1811) кітабы, “Революциялар жайындағы тәжірибе” (1797), “Христиандық данышпаны” (1802) аталатын эстетикалық-философиялық трактаттар, автобиографиялық “Моладағы жазбалар” (1848-50 ж. жар-н) деген туындысы, “Бонапарт пен Бурбондар туралы” (1814) памфлеті.  Шекспир Уильям (1564-1616), ағылшын драматургы, ақын. “Венера мен Адонис” (1593), “Ардан айырылған Лукреция” (1594) поэмаларының және 154 сонеттің, әлемге әйгілі трагедиялар мен комедиялардың авторы.  Шелли Перси Биш (1792-1822), ағылшын ақыны. Негізгі шығармалары – “Королева Маб” (1813) философиялық-аллегориялық поэмасы, “Ислам көтерілісі” (алғашқы атауы – “Лаон мен Цитна”, 1817), “Юлиан мен Маддало” (1818) поэмалары, “Ченчи” (1819) трагедиясы, “Азат болған Прометей” (1820), “Эллада” (1821) лирикалық драмалары, “Эдип патша” (1820) сатиралық драмасы, “Батыс желіне ода” (1820) философиялық лирикасы, “Англия ерлеріне” азаматтық лирикасы, “Үнді серенадасы” (1822) махаббат лирикасы, “Поэзияны қорғау” (1822) эстетикалық трактаты.  Шлегель Фридрих (1772-1829), неміс мәдениет сыншысы және философ, тілтанушы, жазушы. А.В.Шлегельдің інісі. Әдебиет тарихы мен тіл біліміне байланысты көптеген еңбектер жазған. Негізгі шығармалары –

“Сын фрагменттері” (1797), “Фрагменттер” (1798, Новалиспен бірлесе), “Идеялар” (1800), “Поэзия жайында әңгіме”, “Мифология жайында сөз”, “Роман туралы хат” (1800), “Үнділердің тілі және даналығы” (1808) деген теориялық еңбектері; “Люцинда” (1799) романы, “Аларкос” (1802) драмасы.  Шлейермахер Фридрих Эрнст Даниэль (1768-1834), немістің протестант теологы, философ. Көзқарасында Спиноза, Кант, Фихте, Шеллинг илеялары ұштаса көрінеді. Негізгі еңбектері – “Дін жайындағы пікірлер” (1799), “Монологтар” (1810).  Шлейхер Август (1821-1868), танымал неміс тілтанушысы. Үнді-европа тілдерінің терең зерттеушісі, салыстырмалы-тарихи литуанистиканың негізін қалаушы. “Лингвистикалық салыстырмалы зерттеу”, “Неміс тілі”, “Дарвин теориясы және тіл білімі” деген танымал еңбектері бар.  Штейнталь Гейман (1823-1899), неміс тілтанушысы. Тіл ғылымындағы әлеуметтік психологизм теориясын негіздеуші. Белгілі еңбектері – “Тілдің шығуы” (1851), “Грамматика, логика, психология және оларға тән ұстанымдар мен өзара қарым-қатынастары” (1855), “Психология мен тіл біліміне кіріспе” (1881).  Шухардт Гуго (1842-1927), австриялық лингвист. “Заттар мен сөздер”, “Фонетика заңы туралы” аталатын еңбектері бар.  Щерба Лев Владимирович (1880-1944), белгілі орыс тілтанушысы, И.А.Бодуэн де Куртенэнің шәкірті. “Тілдік құбылыстардың үш жақты аспектісі және тіл біліміндегі эксперименттер туралы”, “Лексикографияның жалпы теориялық тәжірибесі”, “Орыс тіліндегі сөйлеу бөліктері туралы”, “Сапалық және сандық қатынастағы орыс дауыстылары”, “Француз тілінің фонетикасы”, т.с.с. көптеген іргелі еңбектердің авторы.  Эразм Роттердамский (әдеби лақап аты – Герхарда Герхардса, 14691536), нидерландиялық философ-гуманист, схоластикаға қарсы шыққан ғалым. Танымал еңбегі – “Ақымақтыққа мадақ” (1509).  Эрвас-и-Пандуро Лоренце (1735-1809), испандық монах. Негізгі еңбегі – “Танымал тілдердің каталогы және олардың өзара ұқсастығы мен айырмашылықтары туралы ескертпе” (1794).  Юнг Карл Густав (1875-1961), швейцариялық психолог, “аналитикалық психологияны” жасаушы. Негізгі еңбектері – “Метаморфозалар мен либидо символдары” (1912), “Психология типтері” (1921), “МЕН және санасыздық арасындағы қарым-қатынастар” (1928).  Юнг, немесе Янг Эдуард (1683-1765), ағылшын ақыны. “Шағым, немесе Өмір, өлім және ажалсыздық жайындағы түнгі ойлар” (1742-1745) деген діни-дидактикалық поэмасы, “Бірегей шығармашылық жайындағы ойлар” трактаты белгілі.

МАЗМҰНЫ

ОЙ – ТҮРТКl …………………………………………….……… 3 – 4

І ТАРАУ

Филология ғылымы ………………………………….………. 5 – 48
Бірінші әңгіме немесе
Филология жайында ой бөлісу …………………….……………. 5
Екінші әңгіме немесе

Лингвистика және әдебиет …………………………..………….. 15
Үшінші әңгіме немесе
Әдебиеттану және Поэтика ………………………….………….. 25

ІІ ТАРАУ

Көркем әдебиет ……………………………………………..…. 49 - 98
Төртінші әңгіме немесе
Қоғам. Ғылым және өнер ………………………………..………. 49
Бесінші әңгіме немесе

Өнер және әдебиет …………………………………………..……… 54

ІІІ ТАРАУ

Көркем шығарма ………………………………..…………… 99 - 144
Алтыншы әңгіме немесе
Тақырып және идея ……………………..………………………….. 99
Жетінші әңгіме немесе

Сюжет пен композиция ………..……………………………….. 106
Сегізінші әңгіме немесе
Көркем бейне ………………..………………………………………. 117
Тоғызыншы әңгіме немесе

Көркем шығарма тілі ……………………………………..………. 124
Оныншы әңгіме немесе
Өлең және өлең сөз ………………………………..……………… 136

ІV ТАРАУ

Әдеби даму ………………………………………..………….. 145 - 217
Он бірінші әңгіме немесе
Әдеби үрдіс ………………………………..………………………….. 145
Он екінші әңгіме немесе

Әдеби тектер …………………………………………………..……… 154
Он үшінші әңгіме немесе
Әдеби түрлер ……………………………..………………………….. 163
Он төртінші әңгіме немесе

Әдеби жанрлар …………………..………………………………….. 172
Он бесінші әңгіме немесе
Стиль ………………………………………….………………………… 180
Он алтыншы әңгіме немесе

Көркемдік әдіс және әдеби тәсіл .………………………….. 182
Он жетінші әңгіме немесе
Әдеби ағым-бағыттар ……………….……………………………. 202

ОЙ – ТҮЙlН ……………………..…………………………. 218 - 219

Қысқаша анықтамалық …..……………………………… 220 - 235

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙