Мазмұнға өту
Home

Іргелі ғылым орталығы. Қазыналы қарашаңырақ

Аман Жанғожин, Ермағанбет Лұқпан

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Іргелі ғылым орталығы. Қазыналы қарашаңырақ

Іргелі ғылым орталығы. Қазыналы қарашаңырақ. Аман Жанғожин, Ермағанбет Лұқпан

Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталған соң Қарағанды өңірін игеруді ғылыми негізде жүргізу қолға алынды. Егер бұған дейін кен алу, өндіру жұмыстары алға қойылған тапсырма мен міндеттерді орындау мақсатында ғана еш ғылыми негізге сүйенбей, тек Отан игілігі үшін мол көмір шығару қажет деген жалпы ұран аясында жүргізіліп келсе, ендігі жерде жер асты мол байлығын жөн-жосықсыз, жүйесіз қопарып ала берудің реті жоғы белгілі болды. Соған орай Қарағанды өңірінде көмір саласының арнайы ғылыми-зерттеу институтын ашу қажеттігі туындаған. Бұл жалғыз көмір өндіру саласына ғана қатысты болып қойған жоқ. Халық шаруашылығының басқа да саласын ғылыми негізге үйлестіру қажет болды. Соған қоса өндірістің жаңа құрылымдарының өмірге келуіне орай, Қарағандыда жергілікті маман кадрларды, оның ішінде көмір өндірісі, техника саласының орта буын кадрларын даярлау қажеттігі туындаған.

Міне, осындай игі іске түбегейлі бетбұрыс жасауға Ұлы Отан соғысы Жеңіспен аяқталған соң ғана мүмкіңдік туған еді. Бұл жөнінде Қазақстан қалаларының тарихына арналған «Қарағаңды» (1989) кітабыңда былай делінген: «Қазақстан мен Орта Азия көмір өнеркәсібінің дамуы Орталық Қазақстанда жоғары өнімді жаңа технологиялық жүйелер белгілеу, газы көп, жарылыс әрі өрт қаупі күшті көмір қабаттарын игеру жағдайында кен жұмыстарын қауіпсіз жүргізу әдістерін және бұл жұмыстарға қажетті құралдар жасау мәселелерін шешетін өзіндік ғылыми-зерттеу базасын ұйымдастыруды қажет етті». Иә, мәселенің соншалықты маңыздылығына байланысты 1945 жылдың соңында-ақ Қарағандыда Макеевка ғылыми-зерттеу институтының (МакНИИ) ғылыми-техникалық станциясы ашылған болатын. Ал осы негізде 1946 жылы жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі Шығыс ғылыми-зерттеу институтының (ВостНИИ) Қарағанды бөлімшесі құрылады. Ал, 1947 жылы Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институтының Қарағанды бөлімшесі өмірге келді. Міне, көріп отырғанымыздай, ендігі жерде барлық жұмысты ғылыми негізге сүйене жүзеге асыру, еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселесіне баса көңіл бөліне бастады.

Елуінші жылдар Қарағандының шын мәнісінде ғылым мен білім орталығына айналуының негізі қаланған жылдар болды. Соның ішінде шоқтығы биіктерге қысқаша тоқталсақ, Қарағанды шежіресіндегі мына жайларды айналып өтуге болмайды. 1952 жылы Бүкілодақтық көмір ғылыми- зерттеу институты мен Шығыс ғылыми-зерттеу институты жергілікті бөлімшелері негізінде Қарағаңды көмір ғылыми-зерттеу институты (КНИУИ) өмірге келді. Оның басшысы болып болашақ академик Ә. Сағынов тағайындалды. Келесі жылы оның құрамына С.Макаровтың арнаулы конструкторлық- тәжірибелік бюросы қосылды. Институт ғалымдарының өнідіріспен біте қайнаса еңбектенуі нәтижесіз болмады. Сөйтіп лавалардан алынатын өнімдерді арттыра түсуге мүмкіндік ашылды. Ал, 1958 жылы Көмір және кен машиналарын жобалау институты құрылды. Олар шығарған Қарағанды - 7/15 проходка комбайны екі мәрте дүниежүзілік рекордтың Қарағанды топырағында дүниеге келуіне себепші болса, комбайнды жасаушы топ (Г.Қосжанов.Б.Бреннер, А.Шманов, Н.Юдин) 1967 жылы СССР Мемлекеттік сыйлығын иеленген. Кейін ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары өндіріске талай жаңалық пен өнімді техникаларды енгізді. Сол арқылы Қарағанды кенішіңде еңбек өнімділігі еселей артқан болатын.

Қарағанды өңіріндегі жұмысты ғылыми негізге бұруда ҚазКСР Ғылым Академиясының қосқан үлесінің мол болғанын ұмытуға болмайды. Жоғарыда аталған игі істер 1949 жылғы маусымда Орталық Қазақстанды дамытудың мәселелерін арқау еткен республика Ғылым Академиясының Қарағандыда өткен көшпелі сессиясынан соң жедеғабыл қолға алынған шаралар еді.

Ендігі жерде Қарағандыға тек көмірдің орталығы ретінде ғана қарамай осы өңірде химия және металлургия саласын дамыту қажеттігі де күн тәртібіне қойылды. Шапшаң дамып келе жатқан осы саланың жұмысын ғылыми үйлестіру мақсатында 1958 жылы ҚазССР ҒА-ның Химия-металлургия институты құрылды. Оның алғашқы директоры И.Әзербаев, ал 1960 жылдан белгілі ғалым Е.Бөкетов болды. Жаңа институттың ғылыми зерттеулерінің басты бағыты -Балқаш кен-металлургия комбинатында мыс балқытуды оттегін қолдана отырып күрт арттыру және шикізатты кешенді пайдалану, Қазақстанның темір кендері мен ферроқорытпа шикізаттарын кешенді пайдалану, соның ішінде қоңыр темір мен марганец рудаларын металлургиялық жолмен айыру технологиясының негіздерін физикалық-химиялық жағынан зерттеу болды. Алғашқы еңбек 1969 жылы СССР Мемлекеттік сыйлығымен аталып өтілді. Институтты 1972 жылдан ҒА корреспондент-мүшесі Ж.Әбішев басқарды, қазір осы мекеме сол ғалымның атымен ; аталады.

Оқиға желісі мен шешім

Аймақтың өзіндік ерекшеліктеріне байланысты Қарағандыға медицина саласының қауырт дамуы да осы елуінші жылдар еді. Жер асты шахталарында еңбек ету, өндірістің түрлі саласының дамуы кәсіптік ауруларды туындатты. Соған орай 1958 жылы Қарағандыға Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар институты құрылды. Қарағанды өңірін ғылыми негізде дамыту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Мәселен 1958 жылдың қарашасында тағы да академик Қ.Сәтбаевтың басшылығымен Қарағанды халық шаруашылығы кеңесі және Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің ғылыми-техникалық комитеті бірлесіп шақырған ҚазССР ҒА бірлескен сессиясы өтіп, оның жұмысына Мәскеу, Ленинград, Свердловск, Алматы және басқа қалалардың ғалымдары қатысты. Сессияда көмір өнеркәсібін, түсті және қара металлургияны, химия өнеркәсібін дамыту, аймақты сумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланған еді.

Осылайша Қарағанды көмір, қара металлургия және химия саласы ғалымдарының басын біріктірген іргелі ғылыми орталық ретінде сол елуінші жылдары таныла бастады. Қаланың жыл сайын қарқынды өсуі, түрлі салаларда мамандарға деген сұранымның артуы білім саласын да жаңа деңгейге көтеруді талап етті. Төртінші бесжылдықта барша Қазақстан тәрізді Қарағаңдыға да жалпыға ортақ 7 жылдық білім беруді енгізу ісі аяқталды. Тек 1952 жылы Қарағандыда 24 мектеп салынып, пайдалануға беріледі. Онда 5000-нан астам оқушы оқыды.

Барша еліміздегідей Қарағандыда да 1957-58 оқу жылдарынан білім берудің жаңа кезеңі басталады. Осы оқу жылында қаладағы 82 күндізгі және 2 кешкі мектептерде барлығы 47880 оқушы оқыған. Мұғалім кадрларды даярлауда Қарағанды мұғалімдер институтының атқарған еңбегі зор. Ол 1938 жылы ашылған еді, 1952 жылы Қарағанды педагогика институты болып қайта құрылды. 1958 жылы институтта 107 оқытушы қызмет етсе, соның 22-сінің ғылыми дәрежесі болды. Ал, соғыс қарсаңында мұғалімдер институтында 2-ақ ғылым кандидаты болған.

Қарағанды медицина институты да 1950 жылдың қыркүйегінде ашылған. Оның алғашқы оқытушылары қатарында кейін Орталық Қазақстандағы денсаулық сақтау саласының ірі мамандары атанған П.Поспелов, Х.Мақажанов, Ф.Курганская, А.Тимофеевич, Л.Богацкая, Г.Галиакбарова және басқалар болған. 1955 жылдың жазында Қарағанды мединститутының тұңғыш түлектері дәрігер мамандығын алып шықты. Үлкен өмірге жолдама алған 94 жас дәрігердің 15-і қазақ еді.

Бүгінде Қарағанды техникалық университеті деген атпен белгілі Қарағанды кен институты да 1953 жылдың 12 маусымында ашылған. Оқу орнының тұңғыш ректоры Д.Нұрмұхамедов болды. 1958 жылы осы оқу орнын 158 адам бітірген, алғаш инженер мамандығын алған осы жастардың 41-і қазақ.

Отызыншы жылдары ашылған Қарағанды кен техникумы мен Қарағанды медицина училищесі шоғырына, 1950 жылы индустриалды техникум, педагогикалық училище, 1952 жылы музыка училищесі қосылды. Соғыстан кейінгі кезеңде, елуінші жылдары кешегі шахтерлер қаласы Қарағанды осылайша ғылым мен білімнің қарашаңырағына айналған болатын.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙