Туған жер
Жұбан Молдағалиев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Жұбан Молдағалиев - «Туған жер» классикалық туындысы.
1
Небір тау, небір қара орман,
Небір түз болсын қуарған –
Дүниеден өзге жаралған
Туған жер деген ұлы арман.
Ол үшін кім жоқ қуанған?
Ол үшін кім жоқ мұңайған?
Келесің іздеп қияннан –
Құдіреті күшті құдайдан.
Ол үшін жауға шаптық біз,
Жастық шақ өтті майданда.
Ол үшін азап тарттық біз,
Жеңіспен қайттық қайдан да.
Жыланды сондай жер еді,
Сағыныш, сәлем, қызғаныш,
Жырлағым соны келеді,
Жылдар жоқ, жол жоқ жырға алыс.
Өткені түссе ойыма,
Бүгіні жатыр алдымда.
Туыппын сол сай бойында,
Тосырқап, бәлки, қалдым да.
Жұбан деп әкем ат берген
Жұбаныш тілеп бір ауық.
Сол кезде тайқып жалт берген
Сора көз заман жылауық.
Жылау жоқ енді, Жыланды,
Жұртым деп саған оралдым.
Бүл толғау – жаңа жыр алды,
Алғашқы тарту, жоралғым.
Оқушым, сен де қабылда,
Сөйлесем «мен» деп сөкпе де.
Кеудеме кіріп дамылда,
Сырымды бүксем, өкпеле.
Өзіңсің менің «менім» де.
Өзіңсіз тұлмын, жетіммін.
Демім бар сенің деміңде,
Бір кесек жүрек етіңмін.
Жыланды, Тайпақ – сенікі,
Ұқпа тек Жұбан жері деп.
Сен тұрған мекен – менікі,
Жаныма үңіл бері кеп.
2
Аңызақ июнь, екінді,
Шөбі көк, жолы жирен бет.
Айдаһар тұрқы секілді
Жыланды жатыр иреңдеп.
Бұраң бел лаң жыланның
Белінен салған құрсаудай,
Бүргені сынды қыранның
Нар бөгет басып тұр сайды.
Канал бұл, ұзын саға бұл,
Өлеңті өзен дер басы.
Жағада жатқан ақ ауыл –
Атақты совхоз фермасы.
Сумаңдап сулы Жыланды
Көлдерге1 кіріп кетіпті.
Сусындап дала қыраны,
Киік те жайлау етіпті.
Теңіздей көкжал шабындық,
Турылып жатыр, шөл дер кім?
Аспанда ала шарбы бұлт
Көлеңкесіндей көлдердің.
Қасымда Қабаш қария –
Екеуміз бөгет үстінде.
Төменде кәусар дария,
Құлаш ұр, сүңгі – түс күнде.
Қазір де қарғып биіктен
Күмп бергім тіпті келеді.
Кетеді-ау үркіп киіктей
Қара көз қыздың шелегі.
Жоқ-ау, жоқ, достым, ол да емес,
Тоқтатқан мені – Қабекең.
Сол кісі құрған мол кеңес
Қиссадай екен, бап екен.
Ол дағы ертең кетеді,
Тұрғыны Россияның.
Бүл жер тек ата мекені,
Билейтін бірде қиялын.
Елестеп ескі, жаңалар,
Еміренген кәрі мұғалім.
«Көрем бе қайтып» және бар,
Сеземін жайын, ұғамын.
Еңселі, маңғаз, нарт ағай,
Шүйке мұрт, шоқша сақалды.
Ақ шашты аяз атадай,
Сірә, бір жетпіс тақалды.
Көзінде нұрлы жылу бар,
Қарайды дәйім күлімдеп.
Сөзі де сырлы шырын, бал,
Терілген кендей біріндеп...
Сүйеніп бөгет шетіне
Сөйлейді бастап өткенін.
Сонау бір отыз жетіде
Сарт ұрып көшіп кеткенін.
Кабеке, ол күн есімде:
Өз балаң сынды бозбала
Есіткен соны кешінде
Ботадай іштей боздаған.
Ол бала сенің Гүліңнен
Деген бе тірі айрылам?
Жас үміт кенет бүлінген,
Жас қанат оқыс майрылған.
Өтсе де ширек ғасыр бір,
Ойлайды кейде жасырын.
Келеді алға Асылгүл
Иісімен қолаң шашының.
Ақ бетін тосып бейкүнә,
Назданып тәтті күледі.
Араға түскен кей құдай
Алапат ол бір жыл еді...
Сол күнді көріп тұрғандай,
Қабекең енді ақталды.
Жас жанды қатты ұрғандай,
Дегендей содан дақ қалды.
– Солай ол, – деді Қабекең, –
Жыл еді отыз жетінші.
Әрқайда ізі бар екен,
Біріне сен де жетілші.
Сайқұдық еді орталық,
Жыланды мүлде елсіз-ді.
Жатқандай біреу жорта ғып,
Қыстаулар қирап жер сүзді.
Жақтағым келді дұрысын,
Қимадым және жұртымды.
Не керек, шалың, құрысын,
Газетке тартып бір тынды.
Сол екен, соным сор екен,
Соңыма күйе жабысты.
Іздесе, бәле мол екен,
Тұс-тұстан арыз шабысты.
«Ескіден қалған сарқыншақ,
Жақтайды халық жауларын.
Жаңадан қашқақ, тартыншақ,
Қоздырмақ ру дауларын.
Жыланды азды дегені –
Заманға жапқан жаласы.
Мектепке уын егеді,
Бөлесі – байдың баласы...»
Өсектің оты лаулай кеп,
Өртенер шағым жеткенде
«Ресей пана болғай» деп,
Бір кеште көшіп кеткем де.
Қашқаным – туған жер емес,
Озбырлық еді індеттей.
Елінен безген – ер емес,
Білем ғой оны міндеттей,
Жалақорларға жалтаңдап,
Татады жаным не тағам?
Басады олар талтаңдап,
Кім бар деп тағы, не табам.
Орынбор барып тоқтадым,
О баста мұнда оқығам.
Өткенмін білім соқпағын,
Ғибрат, өнер тоқығам.
Мұнда да аласапыран
Жоқ емес екен, бар екен.
Қайтем деп енді апырай,
Қысылды-ау, тағы Қабекең.
Мұнда да, ия, толғанғам,
Көз көріп, кейбір істерді.
Бейтаныс, бәлки, болғаннан –
Соныма ешкім түспеді.
Ресей жері, жарықтық,
Тағы да алды панаға.
Жылуға, досқа қарық қып,
Тағы да қосты балаға.
Кемеңгер Абай, білесің,
«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» деген.
Ұстаздық – еншім, үлесім,
Өлгенде қалмақ бұл менен...
Әттең тек, әттең Асылгүл
Күрт жүдеп, тауы шағылды...
Жұбаныш таппай жасып кіл
Аһ ұра берді, сағынды.
Сарғайып барып ақыры
Солды гүл, семіп үзілді.
Аяймын әлі пақырды
Таңғандай өзім құзырды...
Белімді сол жыл бір бүкті,
Жүгіндей тұтас ғасырдың.
Сендерден, шырақ, шындықты
Лажсыз сонда жасырдым.
«Мұғалім қандай дау болды?..
Мектептен неге шықтыңыз?..
Пәлендер қалай жау болды?..
Пір тұтып жүрдік тіпті біз...»
Жауап та тұңғыш таппадым,
«Шыққам жоқ, қуды» дейін бе?
Кімдер жау? Қалай жақтадым? –
Сыймай-ақ қойды зейінге.
Құрыса, бүкпей сырымды,
Талтүсте ашық кетпедім.
Сарп еткен жақсы жылымды
Қош айтпай қалды мектебім...
Қабеке, мұны соң ұқтым.
Кім берсін «жауға» қол ұшын.
Көлеңке көрсең қорықтың,
Көшкенсің үркіп сол үшін.
Батырды уақыт шынтағын,
Қорқақ деп кінә тақпаймын.
Болса да бірақ, сылтауың
Қашқынды қалай жақтаймын?..
3
Орамал алып қалтадан
Қабекең бетін сүртеді.
– Қажығыш екен қарт адам,
Бұлдырап көзім тұр тегі...
Не шықсын оңай қулықтан –
Қалай тез өксік басылар?
Жүректен қысып, булыққан
Жанарда ащы жасы бар.
Буыны және дірілдеп,
Көзбе-көз шөгіп қалғандай.
Мезгілден көп-көп бұрын кеп
Құрығыр қарттық шалғандай.
Жасырмақ неге жасын құр,
Жасықтық емес бұл аса.
Лайық, қайран Асылгүл
Ол түгіл өзге жыласа.
«Өзге» деп жұмбақ еткенім –
Баяғы бала құрбысы.
Ұмытпас тұңғыш көктемін
Махаббат атты жыр құсы.
Жыл құсы емес, жыр құсы, –
Қыс, жазы бірге – баянды.
Қырыққа келген бір кісі
«Гүлім» деп кейде оянды.
«Гүлім» деп баяу күбірлеп,
Қабаш қарт біраз тұрды да,
Сөйледі қайта күлімдеп,
Бір ойдан бір ой туды ма.
– Бір кезде біздің Жыланды
Бір ру – Құлдың жері еді.
Қан менен терге бұланды,
Жүзді ұрлап, бірді жебеді.
Бәленің басы Жабас бай –
Дау-жанжал жайып өрмегін,
Өріске, суға таласпай
Өткенін күннің көрмедім.
Трактор жүрген сонау көл
Шабындық емес, дозақ-ты.
Ол үшін талай тоналды ел,
Бас сынды байтақ, көз ақты.
Қырқысу түбі – құр құру,
Құл елін дәйім бүлдірді.
Бір емес, бүгін, қырық ру
Мекендеп отыр бұл жерді.
Жетпей жатқан жер де жоқ,
Егесіп жатқан ел де жоқ.
Шемендей қатқан шер де жоқ,
Қуарып жатқан бел де жоқ.
Құл түгіл, қырық рудың
Қонағы болдым аз күн мен.
Жартымыз – бүтін, бірім – мың –
Балаша шатпын, мәзбін мен...
Ғадет жоқ менде, қарағым,
Сынға сап болмай сыр айтқан.
Шұқшия жүріп қарадым
Жақыннан әрі жырақтан.
Әрине, біздің Ресей
Ежелден көп ұлт, сан халық.
Ұқсатам соған біресе,
Біресе қайта таң қалып...
Қабекең, қайран Қабекең!
Қабекең ғажап қазекең.
Шәлкемдеу кездің, шалекем,
Сәл-кем тек ізі бар екен.
Көзінде – туған жеріңнің
Көп қалған көне суреті.
«Жаңасы мынау!» деріңнің
Жыланды екен бір беті.
Ашқандай Американы
Абыржу бар-ау бір сенде,
Өмірдің мұндай нұр таңын
Қай-қайдан көріп жүрсең де.
Сен үшін бұл жер киелі,
Зираты ата-бабаның,
Дәм-тұзын татты сүйегің,
Шегірін көрді табаның.
Сен үшін бұл жер – жастық шақ
Торыққан, тоңған, күйген жер
Жыландай орап жас құшақ,
Елітіп ессіз сүйген жер.
Сарылтқан сені, сабылтқан
Дүниенің осы бұрышы.
Гүлі емес тіпті сағынтқан –
Киікоты, жусан иісі.
Көзсіз-ақ, осы иістен
Жыланды жерін танисың.
Тыныстап бір тың тыныспен,
Самалға, сәнге жарисың.
Адамға сірә әманда
Әдет-ау жұртын іздейтін,
Туса да жаңа заманда
«Мен-меннен» гөрі «біз» дейтін.
Мен болсам, байтақ Отанда
Өгей жер, халқым, сезбедім.
Өзіңнің өстім ортаңда,
Өз үйім болды кезгенім.
Оқиын, мейлі, Оралда,
Жүзейін Қара теңізде,
Жүрейін алыс орамда –
Кенелем ыстық лебізге.
Мінгізді Алатауына
«Жетісу – жердің жаннаты».
Жыриат бақша-бауына
Жетектеп келді Алматы.
Көргені дана Абайдың
Тобықты болса тіріде,
Менде бар көзі талайдың,
Жүз айыр қазақ тілі де.
Туа сап жырым Тайпақта,
Ән-күйге еріп азанда,
Орысша тарар байтаққа,
Татарша сөйлер Қазанда.
Бір тілім, иә, жүз болды,
Бір халқым туыс жүз халық.
Бір қолым және жүз қолды,
Шығады шырқау құзға алып.
Көргем жоқ күнін шолақтың,
Сүймеймін ісін олақтың.
Құдіретті Балға, Орақпын,
Қаһарман елмін, Одақпын.
Жырлаймын көркем Киевті,
Сені де,өзбек бағбан.
Кавказ да маған сүйікті,
Балтықты сонша сағынам.
Москва жайы бір бөлек,
Білмеймін оған не теңін.
Жаныммен оны бір бөлеп,
Өлгенше сүйіп етемін.
Мен үшін о да өлеңдей,
Өлеңсіз маған күн қараң.
Өлеңшіл жүйрік өрендей
Өнерлі менің гүл далам.
Жыланды болса, бүл мүйіс
Көргенде тұңғыш жарықты,
Топырағын төсеп бір уыс,
Мені де тосып алыпты.
Білмеймін өзге еңбегін,
Тәй-тәй да мұнда баспаппын.
Осы еді көптен келгенім,
Қаншама туыс, дос таптым!
Көне де жана дүниенің
Көз көрген бірі Қабекең.
Басымды мен де иемін,
Тебіренер жөнің бар екен.
Құл ғана емес, қыруар –
Дауқара, Беріш, Тана2 екен.
Жоқ екен тіпті рулар,
Тайпы елге тұтас бала екем.
Бір ру, ғафу, бар екен –
Даңқты Достық руы.
Бірегей екен, дана екен,
Бұл жырым соған ұлуғы.
4
Толастап қиял дауылы,
Бөгеттен төмен үңілем.
Аунақшып түскен ауылды
Көремін судың түбінен.
Астына басып шатырын,
Аспанға қарап «аяғы».
Ырғалып кейде ақырын
Ақ үйлер жатыр аялы.
Солармен самал бір істе –
Ойнайды шахмат – шатыраш.
Жасайды қызық жүріс те –
Бір шалғай, бірде шапыраш.
Бүктеліп сонда бір қалар
Сорайған сансыз баған да.
Борбайдан тізген торғайлар
Шашылып түсер табанда.
Төбесін шаншып төменге,
Кейде тік, кейде көлденең,
Жігіт боп, қыз боп көлеңдеп,
Көлеңке біткен көлбеген.
Бір батып солай, бір шығып.
Суретін беріп әр қилы,
Жарқабақ толы тіршілік
Түбінде судың шалқиды.
– Анау үй ферма мектебі,
Мынаусы – шопан шал үйі.
Клубы біз жақ шеттегі, –
Деп Қабаш судан таниды.
Бір ауық содан көз алмай
Құмарта қарап көп тұрды.
Ақыры үнсіз төзе алмай,
Ауыздап ойын, деп тынды.
– Орынбор жақта сол, бала,
Село көп сұлу, көл де көп.
Жыланды маған сонда да
Тұрғаны қазір бөгде боп.
Осынау жатқан суретті
Көргенім қашан қиялмен?!
Сабақта салып үйреттім,
Сорғалап ақты сияммен.
Сонысы-ақ маған ардақты,
Сонысын менмін бақыт дер.
«Мұғалім бізді алдапты»
Демейтін болды шәкірттер.
Түңілген кезім болған жоқ,
Толқыған күнім бар шығар.
Арманың жатса жалған боп,
Арынсыз қайтіп ар шыдар?
Болмаса жаның жаралы,
Оңалу оңай жай жүдеп.
«Ильич-ay, не боп барады?»
Демеді кейде қай жүрек?
Үлкен де ұзақ жол-сапар
Өтпейді, тегі, соқпақсыз.
Бір мезгіл өткел болса тар,
Қай жерде, қашан тоқтаппыз.
Қолға қол, жолға жол қосты,
Халқымыз ұқсап солдатқа.
Партия басшы, ол қосшы,
Өткінші кезең қалды артта.
Қарт ұстаз әлсіз күрсінді,
Бұ жолы кенет күлімдеп. –
Жыланды жайлы бір сырды
Тағы да тыңда, ұлым, – деп. –
Атанды бұлай неден бұл?
Дейсің бе жылан көптіктен?
Қаталап әлде кедей Құл,
Жыланған суын көп күткен.
Көбікті қармен дүр ағып,
Көбдіктей болып қуарып,
Көктемде батпақ-быламық,
Жататын жазда суалып...
Мағұлым, қартым, ол бізге,
Бесігім осы жер менің.
Су жетпей, талай сол кезде
Жуылмай қапты жөргегім.
Сонда да осы Жыланды
Өз анам, кіндік шеше емес
«Өзім» деп келген ұланды
Суыта алмас еш елес.
Өктемдік қылса табиғат,
Өкпем не қазақ жеріне?
Бабамыз қоныс танулы-ақ,
Қапы жоқ мекендерінде.
Бұрын да болды шалғыны,
Бұрын да болды жайлауы.
Бай үрді иттей қарғылы,
«Аллада» еді байлауы.
Бұрын да болды қызғалдақ,
Бұрын да жұлды қызға арнап.
Бұрын да қазақ қозғалды-ақ
Бір емес, жүз жыл жүз қолдап.
Бұрын да еңбек сыйлы еді,
Бұрын да халық милы еді.
Бұрын да қиял қилы еді,
Бұрын да жырын жиды елі.
Болмады, әттең, болмады
Октябрь таңы, жан нұры
Болмады жасыл орманы,
Орман мен канал жаңбыры.
Жаңбырсыз жылы жұтады,
Жұтады құлы, құтаны,
Болмады мұндай құт әні,
Болмады ғылым, кітабы.
Шіркін-ай, бір жүз жыл бұрын
Келсе ше Ұлы Октябрь!
Лениндей біздің күн нұрын
Берсе ше сонау шақта бір!
Құдай-ау, қайсы биіктен
Көрер ең сонда қазақты!
Шолпаннан киіт киіп мен
Жүрер ем, уақыт аз ақты.
Аз ақты – көпке татыды,
Қырық жылым, саған табынам.
Оздырдың жабы атымды
Европа майталманынан...
5
Кешкі күн қызыл алтындай
Алаулап күйіп барады.
Көкжиек – ертті жалқындай,
Көлеңке жерге тарады.
Шабақтар ойнап жамырап,
Шымырлап жатыр су беті,
Түбінде іңір мамырлап,
Серпілді ауыл суреті.
Серпілді, тұрды жаға да
Тік басып төртбақ «аяғын».
Таныс та, әрі жаңа да,
Жаңа үн және баяғы үн,
Самауыр буы бұрқылдап,
Пішенші жұртты тосады.
Естілсе айғай «құр-құрлап»,
Машина даусын қосады.
Шабындық жақта шым-шытыр,
Көл-көсір пішен, маялар.
Жыланды бойы сыңсып тұр –
«Май мен сүт, жал мен жая бар».
– Май мен сүт, жал мен жая бар
Дейді қарт, көлді нұсқайды. –
Шалғын бар, су бар, сая бар –
Болады қалай қыс қайғы!..
Ойпаңда енді жатырмыз,
Бөгеттен аздап қашықтап.
Кей жерлер әлі жалтыр су –
Жыланды жомарт тасыпты-ақ,
Шалқыса сайдың самалы,
Киікоты ойдан аңқиды.
Құшамыз туған даланы,
Тыңдаймыз үнін сан қилы.
Жетеді сол үн біресе
Асылгүл болып, ән болып,
Кетеді сол үн біресе
Бұлбұл боп, жазғы таң болып.
Анамыз болып бір өтті
Шақырып кешкі тамаққа.
Қос жүрек қатар дір етті,
Қос кірбің кірді қабаққа.
Біресе күліп сылқылдап
Жеңге боп алып барады.
Бұ жолы жүрек ұмтылды-ақ,
Бір кірбің дереу тарады.
«Ол күн, деп, қашан озғалы!»
Күбірлеп қалды бір ерін.
Қиял ма, жел ме, қозғалды –
Естілді тағы бірер үн.
Октябрь, күрес, салтанат.
Жар менен бала дауысы.
Шиқылдақ арба, қартаң ат –
Қуаныш, кейіс ауысты.
Ауысты жылдар жамырап,
Қоңырау, керней шулады.
Екінші қабақ жадырап,
Екінші жүрек тулады.
Сартылдап асық, топай боп,
Біресе ойнақ салады.
Қабекең «жердің оты-ай!» деп
Күрсініп демін алады.
Жұлдызға қарап жымыңдап,
Әткеншек тепкен жер осы.
Қиял боп біреу қылмыңдап,
«Әттең» деп кеткен жер осы.
Сары ши, торы тобылғы
Талайдың сырын тыңдаған.
Қаншама жүрек лоблыды,
Көрмеді нені бұл алаң?
Асықты бізбен қыз да оған,
Арқаннан қашқан тұсақтай
Ай барда бұл жер бозалаң,
Айсызда көзсіз құшақтай...
Лап етті оқыс айнала,
Қабекең аузын жиғанша.
Айнаға түсті сай-сала,
Әсемдік қанша, күй қанша!
Жұтқандай түнді, жыққандай
Жарқ еткен Ильич шамы екен.
Көзінен оты шыққандай
Аңырып отыр Қабекең.
Адырда жатқан аюдай
Нысана болып қалыппыз.
Ақжелең сылқым арудай
Айнамкөз нұрға қарық түз.
Жасырынбаққа түн қайда,
Онысыз ойын қызық па?
Қыз ойнақ орны мұндайда
Әткеншек салтын бұзып па?
Ауылдан сол сәт түйдектеп,
Ән кетті тобы түтілмей.
Ілініп тұрған түн көкте
Жыртылып кетті бүтіндей.
– Радио ма, жастар ма? –
Деп Қабаш құлақ тосады.
Әткеншек әлде бастар ма
Мұхиттың өлмес осы әні?!
Жырла да жырла, жаз, ақын,
Жыланды саған аманат!
Құлашты еркін жазатын,
Дариға, қазір заман-ақ!
Сеземін, жайлап көнерем,
Жүргем жоқ ойлап оны аса.
«Парижде туып, өлер ем,
Мәскеудей бір жер болмаса...
Солардай боп жүр маған да
Орынбор менен Жыланды.
Арман жоқ енді ағаңда,
Жабыққан көңіл жұбанды.
Осынау екі жердің де
Топырағы бірақ қалтамда –
Өлемін сүйген елімде
Келсе де ажал қай таңда...
Соны айтып Қабаш қозғалды,
Ақтарып тынды жүрегін.
«Қош» дейтін ғана сөз қалды,
Таң ата мен де жүремін.
Болса да алда жол қанша,
Ұмытпан, қартым,
тіріде.
Өліге сәлем жолданса,
Сәлем де Асылгүліңе.
Сол деп біл шырақ жанса үйден,
Бір сәтке ұмыт уақытты.
«Сен үшін ұл-қыз,
жар сүйген
Сол бала, деші, бақытты...»
6
Жыландым менің, Жыландым,
Саған да «қош» дер кез келді.
Жыландай қатып бұралдың –
Өзгерді о да, көз көрді.
Жыландым, туған Жыландым,
Сұлудай бұраң сыландың.
Мен де бір сенің жыраңмын.
Жыраңнан аққан жыр-әнмін.
Жырлаймын сенің атыңнан
Заманды, жақсы адамды,
Ракета болып атылған
Әткеншек тепкен алаңды.
Тасыса елде сол құрлы
Қуаныш, жеміс сел болып,
Соның бір мөлдір толқыны
Көрінбек маған сен болып.
Өлеңге қоссам мен сені,
Қоспаймын бай деп, байтақ деп
Теңіз көп, жер көп еңселі,
Тамшысың сен бір, Тайпақ, тек.
Солай деп біреу ойласа,
Есепке сені алмас та.
Сендейлер бірақ болмаса,
Жер-ана кетік қалмас па?
Саған да бір сөз, оқушым,
Дала да көп қой кермиық.
Жыланды, көріп отырсың,
Болған жоқ, болмақ жерұйық.
Өмірдің – таныс кітаптың
Оқысаң содан бір бетін,
Өзіңнен мен де сый таптым,
Өтемек дастан міндетін.
Жыландым менің, Жыландым,
Бұрын тек туған жер едің.
Отан да сенсің – иландым,
Барымды саған беремін.
Еске алам сені әр күні,
Жүрегім жырсыз жүдесе.
Жұмыр жер өзің арқылы
Жұбанға ыстық жүз есе.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру