Ақ көйлекпен шығып ең
Айтуар Өтегенов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Бұл жинақ ақынның жастық, достық, махаббат тақырыптарына арналған алғашқы өлеңдерінен құралған. Қанаты қатаймаса да ұясынан ерте ұшуға талпынған балапан тәрізді балаң жырлар - онсегіз бен жиырма бестің арасындағы бозбаланың әлі ешнәрсеге былғана қоймаған мөлдір сезімін, адал махаббатын паш етіп тұрғандай. Өлеңдердің біразы еш жерде жарияланбай қойын дәптерде қалып қойғандар, кейбірі бұрынғы жинақтарда аяусыз түзетілі
Айтуар ӨТЕГЕН
Алматы
УДК 821. 512.122-1
ББК 84 (5 Қаз)-5
Ө-76
Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
“Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып
шығару” бағдарламасы бойынша жарық көрді.
ӨТЕГЕН А. АҚ КӨЙЛЕКПЕН ШЫҒЫП ЕҢ: поэзия/ А. Өтеген– Алматы: ХанТәңірі, 2014.–286 б. ІSBN 978-601-03-0236-5 Бұл жинақ ақынның жастық, достық, махаббат тақырыптарына арналған алғашқы өлеңдерінен құралған. Қанаты қатаймаса да ұясынан ерте ұшуға талпынған балапан тәрізді балаң жырлар - онсегіз бен жиырма бестің арасындағы бозбаланың әлі ешнәрсеге былғана қоймаған мөлдір сезімін, адал махаббатын паш етіп тұрғандай. Өлеңдердің біразы еш жерде жарияланбай қойын дәптерде қалып қойғандар, кейбірі бұрынғы жинақтарда аяусыз түзетіліп, мүлдем өзге өлең болып шыққандар еді. Автор енді сол түзетілген өлеңдерді де қағазға түскен алғашқы қалпында оқырманға ұсынғанды жөн көрді. УДК 821. 512. 122-1 ББК 84 (5 Қаз)-5
© «ХанТәңірі», 2014
ІSBN 978-601-03-0236-5
Ө-76
Өтегенов Айтуар Оспанұлы (14.10.1946 ж.т. Атырау облысы, Ембі (қазіргі Жылыой) ауд., Аққиізтоғай ауылы) – ақын. Қазақстан Жазушылар Одағының, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының құрметті азаматы..М а ң ғ ы с т а у облысы «Жыл адамы-2011» байқауының жыл журналисі. «Тұңғыш» (1978), «Ақкөйлек» (1980), «Ақсұқсыр» (1994), «Арманым саған ауған» (1998), «Қарашүңгіл – қаракөзім тұңғиық» (2000), «Адыраспан» (2003), «Ата Қазақ» (2011), «Мұнайы мол Маңғыстау» (2011), «Мұнай-дәулет, мұнай-сәулет, мұнай-жыр» (2013), Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы сериясымен «Айтуар Өтегенов» (2013) атты жыр және проза жинақтары шыққан. Әр жылдары жарық көрген «Бір нәзік сәуле», «Атырау айдыны», «Жыр – моншақ», «Жыр арқауы – Пір Бекет», «Жылыой қаламгерлері», «Азаматтық парыз», «Ақкетігім -– арқауы ән-жырымның», т.б. ұжымдық жинақтарға бір топ өлеңдері мен очерктері енген. Ол – «Маңғыстау» энциклопедиясының (бірінші шығарылуы), «Бейнеу» өлке танытқыш кітабының авторларының бірі. Форт– Шевченко қаласының 150 жылдығына арналған және Шотан батыр, Досан батыр, Абыл ақынның халықтық Асына арналған ақындар мүшәйраларының бас жүлдегері. «Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы» 50 томдығының (2013) құрастырушысы, әрі жауапты шығарушысы болды. Еліміз әлі еркіндік алмаған сонау тоталитарлық кезең заманында-ақ Маңғыстау өлкесінің өткен шежіре-тарихына терең үңіле білген ол «Ақсұқсыр», «Қалындық», «Ақшолпан», «Құла ат қасіреті», «Тобанияз толғаулары», «Шөжеп сұлу», «Ән», «Ант», «Алланың
сүйген құлы боп…», «Шерқала», «Ақмыштағы кәрі ағаш», «Булыойық», т.б. балладаларымен оқырмандарды елең еткізіп, зор сүйіспеншілікке бөленді. Ұмыт қалған тарих қойнауынан сырлар тартуға, сөйтіп, тәуелсіздігіміздің Туын жоғары ұстай білуге өзге де жас қаламгерлерді жетелеп, тәрбиелеп, Атырау, Маңғыстау облыстары және республика журналистикасы мен әдебиетінің дамуына өз үлесін қосты. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еліміздегі тәуелсіздікті нығайту жолындағы реформаторлық сара саясатын қолдап, «Қазақстан – 2030» бағдарламасын кеңінен насихаттайтын жалынды публицистикалар, мақалалар және көркемдігі жоғары «Барыс мінез халықпыз» атты топтама өлеңдерін жазды. ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін (1976), Алматы Жоғары партия мектебін (1982) бітірген. Еңбек жолын Ембі (қазіргі Жылыой) ауданының «Коммунизм таңы» кеңшарында (қазіргі «Жаңа таң» ЖШС) көмекші шопан, механизаторлықтан бастап, Құлсары мұнай кәсіпшілігінде, Құлсары автотранспорт кәсіпорнында жөндеуші болып еңбек етті. Әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, Ембі аудандық «Ембі» («Кең Жылой») газетінде әдеби қызметкер, аудандық радио торабының ұйымдастырушыредакторы, экономика бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, Ембі аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарды. 1985 жылы Маңғыстау облысындағы жаңадан ашылған Бейнеу аудандық «Ленин жолы» («Рауан») газетіне редакторлыққа шақырылып, кейін баламалық негіздерде халық депутаттары Бейнеу аудандық кеңесіне төраға, аудандық мәслихатқа хатшы болып
сайланды. Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары, Маңғыстау облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында бас маман, «Отан» партиясының Маңғыстау облыстық филиалында кеңесші қызметтерін атқарды. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұртшылықпен байланыс тобының жетекшісі болды. Ол «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне жыл» мерекелік медалімен, Ел Президенті Н.Назарбаевтың «Алғыс» хатымен, Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеттің, Атырау, Маңғыстау облыстарының, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Бірінші бөлім
ОН СЕГІЗІМ – ОТ ДЕМІМ,
ЖИЫРМА БЕСІМ –КӨКТЕМІМ
ӨЗІМЕ
Айтуар!
Күтіп тұр алда сені анық бір сын,
Адамдар талантыңды танып білсін.
Жүректен бастау алған жас жырыңда,
Жастықтың оты лаулап жанып тұрсын.
Айып па мен өзімнен үміттенсем,
(О, өлең тас жүректі жібіткен сен).
Ағыңнан жарылдағы ақтарып бер,
Көп сырын балдәуреннің бүгіп келсең...
ӘЖЕ (Өтеген әулетінің отанасы болған Жиде Бимағамбетқызының әруағына) Жүрегімде сен жүрсің, Жалын әже, өр әже. «Баласы ғой кемпірдің», – Деген үлкен дәреже. Құшағың нұр әкелді, Еміренсең маған көп. Сенің балаң – әкемді, Атап кеттім «ағам», – деп. Кернеп шаттық санамды, Еркін өсіп еркелеп. Сенің келінің – анамды, Атап кеттім «жеңге», – деп. Анам деуге келісем, Өсірдің қол тигізбей. Балам дедің мені сен, Басқа адамға сүйгізбей. Өтті уақыт, сан жылдар... Түссең еске кейде сен. Мен әкеммен қалжыңдап, Құрдастарша сөйлесем.
ОН СЕГІЗДІҢ ОТ ДЕМІ
Он сегіз мезгіл екен,
Арнадан тасып, толар.
Он сегіз мезгіл екен,
Өртене ғашық болар.
Он сегіз мезгіл екен,
Жалп етіп сөнбейтұғын.
Он сегіз мезгіл екен,
Өзгеге көнбейтұғын.
Он сегіз мезгіл екен,
Дастан-жыр тыңдап бағар.
Он сегіз мезгіл екен,
Досты да мыңдап табар.
Жаратпас дамылды аса,
Жарысса жүлде алады.
«Дауасы» табылмаса,
Он сегіз «жынданады».
СЕРТ
Қылыш бол алмас жүзді, асыл жігіт,
Түсірер қас жауының басын жұлып.
Біздерге жасық болу жараспайды,
Исатай,
Досан жерін басып жүріп.
Жалын бол лапылдаған, асыл жігіт,
Өнеріңмен Қаратау тасын жібіт.
Күй болып күмбірлемеу жараспайды,
Құрманғазы,
Есір жерін басып жүріп.
Өмірдің өр шыңына ғашық жігіт,
Буырқанған теңіздей тасып жүріп.
Отты жыр жазбау әсте жараспайды,
Махамбет,
Абыл жерін басып жүріп.
Бабалардың үнінде өктем дыбыс,
Бостандықты аңсаған неткен тыныс.
Асылдарды алға алып бара алмасақ,
Масылдарды көбейтпей онда өмірден,
Ертерек кеткен дұрыс!
ҰРЫСПА, МАҒАН
Жастық деген:
Ай мұңдасы
әм сырласы екен ғой,
Той жиынның ән-жыр басы екен ғой.
Иран бақтың бұлбұл сазы екен ғой,
Пәк көңілдің әзіл-назы екен ғой.
Байқамаса күйдіретін өрт екен,
Қол алысқан секемі жоқ серт екен.
Сондықтан да тұрамын да ертемен,
Нұр өмірді әрлеу үшін тер төгем.
Кей кездерде қарсы ұмтылсам қылышқа,
Қосағасы,
«Албыртсың»– деп ұрыспа!
ЖОЛЫМ БОЛЫП...
Қыздар, қыздар,
Тағатымды ұрлаған,
Қара көзің таусылмайтын жыр маған,
Қара көзің сыр ұқтырмай тұрмаған.
Қайсың асқан сұлусыңдар, айтсаңшы,
Әлі еш қыз ұнамай-ақ жүр маған.
Әлі еш қыз от тастаған жоқ маған,
Айтыңдаршы,
Ару қыздар, ақ марал.
Құшағыма кім енеді айым боп.
Жолым болып қайсыңыздан бақ табам.
АНА ТІЛЕГІ
Балам,
Балам,
Көз нұрым, қарашығым,
Анашың жиды өзіңе бар асылын.
Қараймын саған таудай үмітпенен,
Атыңа сүйсінемін жігіт деген.
Алыс кетсең бар бейнең алдыма кеп,
Жүремін сен «ауырып қалды ма», деп.
Таңда да орап жатып жаулығымды,
Ойлаймын, балам, есен – саулығыңды.
Алдыңнан табылсыншы керегің тек,
Дәмелімін немере көремін, деп.
Бір келін,
Алып соны ойыма мен,
Жүрмін ғой дайындалып тойыңа мен...
МЕЗГІЛ
Бойымда күш-қайратым жанады есіп,
Көңілім «жігіт» десең қалады өсіп.
Жүргенімде өзімді есейдім деп,
Біреулер отырады-ау «бала» десіп.
Жігітпін...
Жігітпін мен, бала емеспін,
/Он сегізім, сын тақпас саған ешкім/,
Күміс күнім көгімнен күліп шығып,
Жаныма құштарлықтың самалы есті.
Асаумын...
Амалым жоқ ұрынбайтын.
Жүректен жырымды айтып, сырымды айтып.
Қыздар-ау, әзілдесем айып етпе,
Мезгілім бұл сендерге қырындайтын.
ІШТЕЙ СЫР ШЕРТЕМ МЕН...
Жүрекке өртенген,
Бір өпкен дару ма?
Іштей сыр шертем мен,
Қасымда аруға.
Бұрымын өремін,
Көтерем еңсені.
Тұтыға беремін:
«Мен сені...
Мен сені...
Мен сені...».
Бақытым аңсаған,
Жанымда ай маңдай.
«Мен саған...
Мен саған...
Мен саған...»
Қойдым-ау айта алмай.
Кешті бір өткізем,
Тұра алман. Онсыз ба?
Қалай сыр жеткізем,
Сол қызға,
Сол қызға,
Сол қызға!
ЖЕҢГЕ ӘЗІЛІ
Көрмегелі еркеңді,
Болды-ау жүзі бір айдың.
Сылқыс жігіт, өзіңді,
(Болу керек төзімді),
Жүдеткен бе, шырайлым.
Нәзік халық болады,
Қыз дегенің қайным-ай,
Шын берілсе сертінен,
(Күймей өсек өртіне),
Шығатұғын айнымай.
Аты аталса қалқаңның,
Жанарыңның жайнауын.
Үйленсейші тезірек,
(Қыз жүргенде өзі кеп),
Келіп-ақ жүр тойлағым.
ЖҮРМЕСПІН ДЫРДУМЕН...
Кезімде жүзіндей алмастың,
Мұқалмас шабылса тасқа да.
Мезгілсіз мен ерте солмаспын,
Жүрмеспін дырдумен босқа, аға.
Қынынан тым ерте суырылып,
Қайраққа тым ерте жанылған.
Отқа да тым ерте қурылып,
Ағалар көп менде
Тым ерте танылған.,
Жарасар думанды жыр жасқа,
Жалын бар кеудемде маздаған.
Ал маған, бұл тағдыр бұл жаста,
Бір ерлік істеуді жазбаған...
ҚАШАН...
Көкірегімде өрекпиді мол ағын,
Буырқанам, бір тасып, бір толамын.
Аппақ арман жеткізесің сен қашан,
Қашан Шоқан,
Қашан Саттар боламын.
Он сегізге биыл шығар жасым бар,
Аз өмірде тапқан досым, қасым бар.
Он сегізде жарқылдады-ау,
Мен кепіл
Әлгі асылдар, жасыңдар.
Олар, олар ат үстінен түспеген,
Сұңқарлар ғой аузымен құс тістеген.
Ал менің ше,
Ұялмастан айтардай,
Бір ісім жоқ істеген.
Көкірегімде өрекпиді мол ағын,
Мен осылай буырқанып, толамын.
Аппақ арман, жеткізесің сен қашан,
Қашан Шоқан,
Қашан Саттар боламын.
ҒАШЫҚТЫҢ БУЫ...
Әніміз сай, жыр да сай,
Бірге ер жеттік құрдас-ай!
Көктемнің көркем бағында,
Берейікші бір жасай.
Бұл шақта неткен қан қызба,
Өрекпіп жүрек сан қызға.
Сұлулық пен ерлікке,
Соншама ғашық жанбыз ба?
Бойыма сезім тарап бір,
Сыпырдым бәрін жарақтың.
/Ғашықтың буы бар жерде,
Жүруі жөнсіз шараптың/.
Жігіттік неткен «дерт» еді,
Құмарлық сырын шертеді.
Жан досым, амал қылмасаң,
Он сегіз мені өртеді.
БІР ӨЗІҢДІ... Бір өзіңді теңедім, Сүйдіретін Гүлге мен. /Сенен басқа неге бұл, Сұлу барын білмегем/. Бір өзіңді теңедім, Күйдіретін Күнге мен. /Сенен басқа неге бұл, Жылу барын білмегем/. Бал күлкіңе теңедім, Ләззатын жер көктің. /Сенен басқа неге бұл Шаттық барын көрмеппін/ . Алданыппын бекерге, Деген ойлар жалғасты... Бірақ теңеу жетер ме Махаббатқа алғашқы. *** Еріктен тыс, еріктен, Қарай берем класта. Мен өзіңе неліктен Ғашықтығым рас па? Түсінбеймін өзім де, Ынтығамын неге тым? Үзілістің кезінде, Бірге тұрғым келетін. Алма бетің жанады, Ерітеді тәнді не. Сахнада саласың, Тамылжытып әнді де.
Мүмкін мені баураған, Сол әдемі ән бе еді? Қос бұлақтан аумаған, Бұрымың да сәнді еді. Қылығың да сәнді еді, Қыз Жібексің аумаған, Талай естен танар ма. Мүмкін мені баураған, Оты мол қос жанар ма? Арман қуып аңсаған, Нұр сәулеге бөленем... Өкінішім – Мен саған Бола алмадым Төлеген. *** Армандап келем: Кеудеме алау жақсам-ау,– деп, Жұлдыздай жарық ақсам-ау, – деп. Отаным үшін... Боран тәрізді, Ажалдың аузын жапсам-ау,– деп. Ай қабақ ару құшсам-ау, – деп, Ләззат-шарап ішсем-ау,– деп. Зерлі аспан кеңістігіне, Еркін бір самғап ұшсам-ау, – деп. Арманға әсте Гүл жастық деген маусым бай. Аққудың әуез даусындай. Түспеспін енді биіктен, Арманым менің таусылмай.
*** Бақытым-ау, Сәтінде сен жолыққан, Терең деген теңізің де келмес еді тобықтан. Өр қиялым аспанменен жатар еді таласа, Тауларың да көңілімнен болар еді аласа. Ақ жүзіңнен көмескі боп қалар еді Айың да... Әнге салып тұрар еді ақ балтырлы қайыңдар. Сырлы күй боп кетер еді маңайдағы үн біткен, Ашар еді қауыздарын бақтардағы гүл біткен. Кездеспей-ақ, келесің ғой, Асыл бақыт тек әттең, Басыма кеп қонарыңды күтіп жүрмін тағатпен. ШАҚЫРАМЫН Мен бүгін ерекшемін, өзгешемін, Басқаны шаттанудан сезбес едім. Асыл дос! Бірге болшы меніменен, Мен бүгін жиырма жаспен кездесемін. Дәл бүгін домбырадан күй төгілсін, Дәл бүгін жүрегімнен сый төгілсін. Асыл дос! Бірге болшы біздің үйде, Көмейден ән төгілсін, би төгілсін. Кеудемнен қиял деген қақты кептер, Мендегі нұрлы өмірге бақ тілеп бер. Асыл дос! Бірге болшы меніменен, Айтылсын, ақтарылсын ақ тілектер!
КӨЗДЕР
Көздер, көздер, түпсіз тұнық сырсыңдар,
Мөлдірлікпен баурап жанды тұрсыңдар.
Бұлқынсын деп бір өртеніп, бір күйіп,
Кетесіңдер жүректерге нұр құйып.
Жапа шеккен жолаушыдай елсізбен,
Көздер, көздер, жабырқаумын сенсіз мен.
Жалынсыңдар, ызғарсыңдар кей көздер,
Бота көздер,
Қара көздер,
Қой көздер.
Күлкіні де, қайғыны да ұқтырып,
Қалар кейде кірпіктерге шық тұрып.
Кей сырды да айта алмаған сөзбенен,
Жеткіземіз біздер осы көзбенен.
ҚЫЗ ҚИЯЛЫ
Өткен бойда жанап сіз,
Еседі бір жақсы леп.
Күтейінші тағатсыз,
Тереземді қақшы кеп.
Ашылады күлкім де,
Көңілімде де кеңіген.
Бірге болып бұл түнде,
Қыдырайын сенімен.
Таңның жұтып арайын,
Қолқаласаң өтініп.
Шәмші әндерін салайын,
Құшағыңда отырып.
Кетіппін ғой қиялдап,
Келсең, саған ердім мен.
Болмай енді ұялшақ,
Сүйгізейін ернімнен...
МЕКТЕП БІТІРУ КЕШІНДЕ
Адам үшін...
Жыр-өмірге алғашқы қадам үшін.
Жастығымыз үшін...
Он жыл бірге гүлдеген достығымыз үшін.
Арманымыз үшін...
Қыз-жігіт болғанымыз үшін,
Кәмелетке толғанымыз үшін.
Бір өзгеше күйге еніп
Ән шырқадық, биледік.
Асқақтадық, шалқыдық,
Жарасымды, жарасымды әр қылық,
От сезімге малындық та, балқыдық.
Өйткені ертең шар тарапқа кетеміз,
Бір ұяда тату едік өте біз.
Тау бұлағы тосқауылсыз ақпай ма,
Біз іздеген арман қайда, бақ қайда?
Айтыңдаршы!
Ей, адамдар,
Жауап берер қайсың барсың?
ДАЛА ӨСИЕТІ
Құздардан құлдилап құлаңдар,
Биікке самғауды сұраңдар.
Ей, жастық, мұзбалақ қырандар,
Кеудемде сендерге арнаған,
Әлі ешкім айтпаған бір ән бар.
Нөсердей толассыз құйыңдар,
Найзағай отындай қиыңдар.
Ей, жастық, қуатты құйындар,
Кеудемде сендерге арнаған,
Әлі ешкім тартпаған күйім бар.
Мөп-мөлдір бұлақтан қаныңдар,
Теңізден маржандар алыңдар.
Ей, жастық, ып-ыстық жалындар,
Кеудемде сендерге арнаған,
Әлі ешкім татпаған балым бар.
Мен сені сұңқар ғып ұшырам,
Мен сені тұлпар ғып өсірем.
Мас болсаң жас қой деп кешірем,
Кешірмен...
Қалсаң сен өмірдің көшінен,
Атыңды біржола өшірем.
САҒЫМ
Шыжып тұрған шілденің,
Тапа-тал түс шағында.
Дала деген бір керім,
Бөленеді сағымға.
Ақ толқында тербеліп,
Барлық нәрсе билейді.
Және олардың жерге елі,
Аяқтары тимейді.
Тұлпар мініп қусаңда,
Шұбатылған шашағы,
Сүріндіріп жусанға,
Арбайды да қашады.
Қиялындай баланың,
Сағым – арман, ақ құсым.
Бұларды сен даланың,
Құдыреті деп түсін.
КӨГІЛДІР КӨКТЕМ... Көгілдір аспан, Көгілдір теңіз, Айналам бәрі көгілдір, Сүйеді самал, сыйпайды беттен жеңіл нұр. Тасиды көңіл / бастауы биік болғасын/, Деп келем іштей, өмір-бақыт, өмір-жыр. Көк шалғынға аунап.../бұл дәурен бастан өтер-ау/, Ақ шәйі көйлек көгілдір тартты, көкем-ау! Көгілдір көйлек көлеңдеп сезім биледі, Көктемнің көркі көгілдірлігінде екен-ау. Келеміз әсте бақыттың құнын сезіп біз, /Мұратты жанның мақсатын алдан кезіккіз/. Көктем кезіндегі көгілдір көркем әлемді, Қол ұстасып кете берсек кезіп біз. *** Көгілдір дүние, Айнала бәрі көгілдір, Өрекпігендей, аптығып алға көңіл бір. Көгілдір нүкте – ақ жолақ сызды ақ лайнер, Көгілдір құсым, әсем әніңді төгілдір. Арманшыл жігіт, сапардан орал жеңіс боп, Көгілдір бояу бозаң тартқанша сөгіс жоқ. Бүр жаруы, көктеуі керек сезімнің, Аспан да, жер де тегіс көк. Шадыман шақта, төгілші сәуле, төгіл нұр, Қарттарыңда да жасарып қалсын көңіл бір. Жұпар иіс қырмызы қырды ораған, Көктемнің түсі, сұлулық түсі-көгілдір. Өмір – бақыт, өмір – жыр, Білсеңіз және Туымның түсі көгілдір.
*** Көгілдір түс, Гүл көктемнің нәрі ме, Көгілдірге боялады бәрі де, Тау реңі-көгілдір, Жарасады Бау реңі – көгілдір, Қала сәні. Көгілдір – мұнара да Аспанмен таласады, Қарашы, әне, Сенбесең қарашы әне. Жан бітіріп, Беретін суретке әр, Әйтеуір бұл көктемде Құдырет бар!!! МАЙ ТАҢЫ-АЙ! Шіркін, әсем май таңы-ай, Гүлге оранған, әне, қыр. Көктем сайын қайталай, Жасау құрар дала бұл. Жарқыраған самала, Өнері мол біз күткен. Қалаға емес, далаға, Құмартады қыз біткен. Татып алма аузыңа, Ішімдіктен қаш мейлі. Қызыққан гүл қауызына, Бір сені Бәрібір жұрт мас дейді, Мас дейді.
*** Жүректің қылын шертетін, Неге отсың әнді бастамай, Серпілтіп топты тастамай, Есейіп кеткен ерте тым, Күлімкөз қарындастар-ай! Жарқырап әне ашық ай, Кеудесін кере ашты аспан. Ұғысқан, үнсіз достасқан, Қалмасын көңіл тасымай, Бүгінгі кеште бас қосқан. Аяма өнер асылын, Қарттарыңның да бұл күні, Қағылмай кетсін кірпігі. Тыңдасын өлкем жас үнін, Көбейтіңдерші күлкіні. Сымбатты сәнмен өте бір, Толсыншы көлдер қаздарға, Толсыншы жүрек наздарға. Көктемнің қандай екенін, Ұғындырайықшы жаздарға.
*** Жүріп келем шыңдарым көп аспаған, Сапарым бар ұзақ жолға бастаған, Қол бұлғаған асқақ ән. Қырандарша самғап биік түлегім, Келген әсте ұл едім, Кең дүние, есігіңді аш маған. Бұла күші бұлшық етте ойнаған, Қызығыңа, шаттығыңа тоймаған. Жаңа бүршік жарған Гүлің болар ем, Құпияңа құштар едім, алаң ем, Кең дүние, құшағыңды жай маған. Шығам соған, шыңдарым көп аспаған, Жігерім бар ұзақ жолға бастаған. Кең дүние, саған кінә тақпайтын Ақ бетіңе қара күйе жақпайтын, Сапарымда адал жанды дос табам.
ЖАСТЫҚ ЖЫРЫ
Ей, өмір,
Сырыңа әлі-ақ қанығамын,
Өзіңнен бақыт қана танығаным,
Демеймін, қамығамын, жабығамын.
Жігерім-шар қайраққа жанығаным,
Ән бар болса жүректі дір еткізер,
Ол-менің әнім.
Менің әнім –
Дүние қорек қылған,
Жер-Ананы думанға бөлеп тұрған,
Таңғы шықтай мөлдіреп ерек тұнған.
Соным үшін жастық деп аялайды,
Соным үшін өзгеден ерек тұлғам.
Күтсін алдан ор қазған, тор қамаған,
Демен әсте қаймығып, «қорқам одан».
/Мақсаты жоқ түн кезіп жорта ма адам/.
Мың батпанын арманның арқалағам,
Соным үшін шарпысып от көздерден,
Менің тойым базары тарқамаған.
Дауысы сәл айқындау естілді ме,
Менің тойым жібермес ешкімді де –
Күмбір-күмбір күйіңді төгілдірмей,
Шай құйдырмай қыздарға көгілдірдей.
Мергенге оғын жүзіктен өткіздірмей,
Жүйріктерді көмбеге жеткіздірмей.
Ақын болса шырайлы жыр естірмей,
Палуанды алқада күрестірмей,
Сөйтіп бәрін сынақтан өткізіп ап,
Жеңімпазға бәйгені үлестірмей.
Менің тойым – Осылай ән болады, Қызықтырар, қызғантар сән болады. Батырлық пен сұлулық таңдағаны, Жігіт емес, бұл кезде жанбағаның. Олай болса ей, өмір, Жастық деген, Дүниенің сөнбейтін Мәңгі Алауы. *** Білем, өмір көктемі, күзі барын, Гүл көктемде мыналар қызығарым: Жылқышының құтқармайтын құрығы, Арулардың толқынданған бұрымы. Егіншінің жер өңдеген кетпені, Ақ жаңбырдың нөсерлетіп төккені. Шешек атқан даланың қызғалдағы, Қыр төсінде соқпақты із қалғаны, Сыланғаны, аққудың шомылғаны, Тоғайдағы тораңғы, тобылғы әні. Қырандардың қызылға шүйілгені, Қара шанақ құлақ күйіндегі.
ЖИЫРМА БЕСПЕН СЫРЛАСУ Ей, жиырма бес, қош келдің, Ақтарайын сырға сыр, Қайтайықшы гүл теріп, меніменен қырға жүр. –Не тындырып, не қойдың маған дейін, – дейсің бе, Үйлендіріп достарды қолым тимей жүр қазір. Бақыт болып тек қана, қуаныш боп көз алдым, Жиындарда, тойларды шалқып тұрып сөз алдым. Ішіп алып биледім ұстап сұлу белінен, Өзім думан әйтеуір, өзім ғана базармын. – Қандай, қандай жүректен жұрт сүйсінер жыр естісең? – Алқа топтың алдында күш сынастым, күрестім, Шыдай алмай намысқа шатасып та қалдым мен... – Менен басқа қоя қой, естімесін мұны ешкім. Бозбала емес ду құмар, ақыл ойың еңселі, Дырдуды қой, ей жігіт, ер етемін мен сені. – Лапылдайтын, жанатын нағыз, нағыз кезім бұл, Мен дайынмын, жиырма бес , Не істесең де өзің біл! *** Шымырлатып мөлдір сезім бұлағын, Сүрінсем де қарсы ап өмір сынағын. Жиырма төрттің өрін артқа қалдырып, Талайлардың жүрек отын жандырып, Жиырма беске шығамын. Біреулерге ұнамай, Біреулерге ұнадым. Болашаққа сенім артып тұрса күн, Енді сірә, қуа алмаспын құр сағым.
Білем және білем және ағаның: «Бұздық талай асау сезім, тоғанын, Сенің әлі өз дауысты жоқ әнің». Деп келіп бір, деп келіп бір ұрсарын, Ренжітпе мені алау, нұр шағым. Жүрегіме бір сәуле құй тек менің, Бақыт гүліөр кеудеме еккенім. Белгісіздеу болып еді келгенің, Жиырма бесім балауса гүл, көктемім. Белгісіздеу болса және кеткенің, Онда менің көз тартпайды өрмегім, Балым емес, боп кеткенің кермегім. Өзің жайлы қалмаса есте бір қызықОнда менің, Онда менің... Өлгенім! *** -Шапшаңдықпен деп келесің жолды ұтам, Жүрісіңе мына досың болды таң. Асығамыз кабинада қайда біз, Ентелейміз неге алға оу, Мұқан! Ұнатушы ең қалжың сөзді, әзілді, Артатынсың, базынаңды, назыңды. Кеңесейік өмір жайлы азырақ, Екіленбей жайлап басшы «газыңды». Көңілді өтер әрбір алау кешіміз, Дұрыс жандар сияқтымыз есіміз. Мақтанарлық, ескерткіш боп қалардай, Айтшы досым, не бітірдік осы біз? -Жиырма бесте арды қолдан төккізбей,
Ісімізді жүрген жақсы сөккізбей. Ұялмастан ауыз барып айтарлық, Әлі ештеңе тындыра алған жоқпыз ғой. Қайрат барда бойға сыймай тасыған, Орынсыз-ақ, мыс-қоладай жасыған. Ізімізді мынау дала бетіне, /Сұрадың ғой айтайын/ Өшпестей ғып, қалдырсам деп асығам. – Бұл пікірге досым, мен де қосылам. *** Сайыс бар ма? Сәйгүлігін баптайды, Қалай қайрат бір жұлқыспай тоқтайды. Жиырма бестер дамылдауды білмейді, Жиырма бестер түнде де ұйықтап жатпайды. Жүрек деген алып-ұшып соғады, Толқындардай ұрған жартас, жағаны. Жиырма бестер шырқау биік шыңды асып, Жиырма бестер жұлдыз болып ағады. Жиырма бесте табар адам мұратын, /Осы шақ қой үй-тұрмыста құратын/. Жиырма бестер біле білсек өмірге, Көрік беріп, Желік беріп тұратын.
ӨКПЕЛЕМЕН БАЙЛЫҒЫМ
САРҚЫЛҒАНҒА
«Бір тойым болатыны сөзсіз менің...»
Т.Айбергенов
Ұқсататын Айыма,
Ғашығым бар,
Асығыңдар, тойыма,
Асығыңдар!..
Демеңіздер бөсуін, ей, мынаның,
Сезген жоқпын мен әзір қайғы барын.
Бақытымды үйіме енгізерде,
Достарым,ағыл-тегіл той қыламын.
Той қыламын,
Күмбірлі күй төккізем,
Мың бұралтып қыздарды билеткізем.
Керек десең жазыққа ат шаптырып,
Жігіттерге көкпар да сүйреткізем.
Шалқып жатсын әлемге тарап күй-ән,
Ұшып жатсын аспаға борап қиял.
Аққайнар ақ көбігін бұрқыратып,
Ішпейтіндер ауызына шарап құям.
Өкпелемен байлығым сарқылғанға,
Айналдырам ол кештің артын таңға.
Менің көңілім, сәулеммен бітсін десең,
Жарқылдаңдар,
Достарым жарқылдаңдар.
Мен өзімде сол кештің күйі болам,
Бал шаттықты жанарға құйып алам.
Осы сәтте мен тұңғыш сәулешімді,
Жасқанбай жұрт көзінше сүйіп алам.
Әлде мен құр қиялмен тасыдым ба,
Теңемесін жұрт мені жасық ұлға.
Шындықты ұққың келсе ей, достарым,
Асығыңдар,
Тойыма асығыңдар!
Ұқсататын Айыма,
Ғашығым бар!!!
МЕЗГІЛІНДЕ ҮЗУ КЕРЕК
ГҮЛДІ ДЕ
Бара жаттым,
Сәулешіммен қыр асып,
Махаббатым жайлы нәзік сыр ашып.
Еріндерден шырын ішіп қоямыз,
Біздер қашан бұл сусынға тоямыз.
Жүрегімнің тұнық көлін шайқаған,
Сәулем, менің, тамылжытып айтады ән.
Сазды әуенді ұйып, үнсіз тыңдаймын,
Тыңдаймында сенімімді шыңдаймын.
Деймін оған: «Серуендей берсек-ау,
Қырдың қызыл қызғалдағын терсек-ау».
Дейді ол да: «Болсам нағыз қимасың,
Үлбіреген көктем гүлін сыйлашы!».
Елемедік өзге сырды сезіп түк,
Жүре бердік.
Бір топ гүлге кезіктік,
Жанарында бақыттылық нұр тұнып,
Гүлге еліктеп, ақ сәулешім құлпырып.
«Маған арнап әдемісін үз», – деді,
Баурап жанды бара жатты қыз демі.
Өтінішті орындау боп аңсарым,
Гүл сабағын ұстай берді саусағым.
Мейрімі мол, елжіреген жүрекпен,
Кенет денем, мұздай болып дір етті:
– Тіршіліктің аяқталмай бал әні,
Өмірінен ерте солып қалады.
Дегенімде, – үзбейікші гүлді біз.
Күміс үнмен сыңғыр етіп күлді қыз:
– Гүл дегенің үзу үшін жаралған,
– Жоқ сәулешім, қатыгез жан бола алман.
– Жасық па едің?..
Келіп көрші күзде сен,
Қурап қалар мезгілінде үзбесең...
...Мына жайды қалай ғана қыз білген,
Білмегенмін...
Қызыл гүлді үздім мен...
Екінші бөлім
ДОСЫМ, САҒАН, СЫР АЙТАМ,
СЫРЫМ БҰЛ ДЕП ЖЫР АЙТАМ.
Ортасында тілек-назым құпталған,
Достар, достар, құшақ жайып шықты алдан.
Шын достықтың орны өмірде ерекше,
Достар үшін жан беремін керексе...
*** Досым, Сыр шертесің бе, Баяғы қайда қылық?! Жайлаудың кең төсінде, Шабатын тайға мініп. Жанарға жас тұндырып, Асауды бас білдіріп. Сулықпен алысатын, Құспенен жарысатын. Беттерді сүйдіретін, Ару Жем толқынына. Табанды күйдіретін, Жағаның жал құмына. Арайлы дала таңын, Пәктікпен ұғатынбыз. Мама қаз балапанын, Аулауға шығатынбыз. Жүрегің алау жанған, Кеттің сен алшақ менен. Қайда сол балауса арман, Жылқышы болсақ деген.
1946 –ДА ТУҒАНДАР…
Мың тоғыз жүз қырық алтыда туғандар,
Бір сыр айтам, мойын бұра тыңдаңдар.
Шат өмірге күліп келген думандар,
Қайғы бұлтын қаралы елден қуғандар,
Қасіретті жуғандар,
Құрдастарым бір сыр айтам тыңдаңдар.
Соғыс бітті...
Солдат елге оралды,
Оралды да жас құрғатты жанарды.
Әке менен Ананы табыстырды сағыныш,
Сағыныштан құмар қалай қанар-ды.
Біздер солай,
Күрсіну, аңсаудан тек жаралдық,
Ел қорғаған ерлердің төлеуі боп оралдық.
Үзілмеген үміттің сәулесінен нәр алдық.
Батырлардың рухы болу керек біздерде,
Олар үшін бақыт құс қону керек біздерге.
Теңіздердей бұрқанып толу керек біздерге,
Сан асқарлар, сан шыңдар көну керек біздерге.
Арыстанша алысып тап солардың өзіндей,
Қажет кезде әдемі өлу керек біздерге.
Құрдастарым,
Бір мезгілде туғандар,
Шат өмірге күліп келген думандар,
Қайғы бұлтын қаралы елден қуғандар,
Қасіретті жуғандар,
Бұл сырымды сәл ойлана тыңдаңдар!!!
ҰЛ мен ҚЫЗ
немесе әкем Оспан Өтегенұлы
айтқан әңгімеден кейінгі ой
– Адамдар бар жаны ізгі,
Халықтық боп кететін.
Туғызған не аңызды,
Ақбөбек – қыз,
Бекет – ұл.
Не кездеспес адымға,
Аттар кезде, көкешім.
Жүрсін әркез жадыңда,
Осы екі...
Екі есім.
Әлсіздерге бірі оның –
Үміт берді, дем берді.
Жігіттерді бірі оның –
Жүрегімен меңгерді.
Ұлы оның дәрі ойлап,
Ара түсті кеселге.
Қызы оның – арай нақ,
Көрік болды осы елге.
Айтқанымды екі етпе,
Ұғынып ал, жарығым.
Шын ғашықтар – Бөбекке,
Жәбірленген – Бекетке,
Сыйынады әлі күн...
Алдыңда әлі түнегің,
Алдыңда әлі жарығың.
Алдыңда әлі тілеуің,
Алдыңда әлі бал үнің.
Жарығым!..
Деген-ді әкем сонау жыл,
Тербеп Сана, Арымды.
Содан бері жарау жыр,
Мазалайды жанымды.
Өзге ойым – қарау бір,
Жазалайды жанымды.
Және желпіп алау нұр,
Тазалайды жанымды.
Мен Бабамның,
Тас қашап,
Жазған сырын ашпасам,
Құмға көміп тастасам.
Онда мені, туған жер,
Ұлым деме ешқашан!
ҮМІТ пен КҮДІК
Үмітпен қарайтындар көп,
Күдіктілер одан көп.
Жүрген жанмын: «Өз гүлімді тағам» – деп.
.Жүрген жанмын: «Маржан іздеп табам» – деп.
Арзаныңа сірә мойын бұрмадым,
Көтермедім құр даурықпа құрғақ үн.
Арамдықтан қашып жүріп деп едім:
«Адалдыққа жақын болсам бір қадым».
Досым күлсін, мейлі тулап кейісін,
Солға қарай бас ап қашты кей ісім.
Оңға басып жүрер шақта жөнделіп,
Тартты етектен пенделік-ай, пенделік.
(Бұл адамға берген бе екен деп қалам,
Жақсылық пен жамандықты тең бөліп).
Ардақтайды танып, біліп ел ерін,
(Арым ғана менің жалғыз сенерім).
Маған артқан үміт пенен күдіктің,
Білмей келем қайсысының жеңерін.
«АДАМ ТЕГІ МАЙМЫЛ» – ДЕЙДІ...
Нанба мейлі, наныңдар,
Танба мейлі, таныңдар,
«Адам тегі маймыл» – дейді ғалымдар.
Ғалымдардарға таңым бар.
Тебіренем, толғанамын ұдайы,
Бұл сұмдыққа қалай төзем, шыдайым,
Бір мақұлық...
Ортақ үлес алып жатса қанымнан.
Бұл пікірді қайтып алың ғалымдар.
Десең нанам: «Жер –Анадан нәр алған,
О, бастан –ақ Адам болып жаралғам.
Жүрегіміз дана жүрек болыпты,
Дана жүрек толықты да, молықты,
Кеудемізде шешек атып соны арман.
О, бастан –ақ Адам болып жаралғам.
Арым таза соныменен баймын да,
Із боп қалған шаттығым да, қайғым да.
Қулығы мол, сұмдығы мол адамдар,
Айналыпты маймылға,
Айналыпты маймылға!!!» –
Десең наным...
ҰШЫРДЫҢ ӨЗ ҰЯҢНАН...
(Жұмақшам Өтегенұлына)
Жан аға,
Мен саған қарыздармын,
Көп әлі өтелмеген өзіңе парыздарым.
Әкеме іні болып,
Мен саған бала болдым,
Көңілің маған деген далиған дала болды.
Бірінде мен өрістен ауылға ат мініп келдім,
Жылқышы болдың-ей, – деп қолыма құрық бердің.
Бұл күні оны ұмытып, қалайша жайғасамын,
Ерге өзі отырды, – деп сен шалқып той жасадың.
Ұшырдың өз ұяңнан жетіскен қыран қылып,
Сондықтан маңғаздана маңайға тұрам күліп.
Жан аға!
Сен сыйладың,
Өзге адам бас иетін,
Болса бір қасиетім.
АЛҒАШҚЫ СЫНАҚ
Мендегі жас көңілде,
Гүлдеп жатса бақ әсем.
Ғашықтықты өмірге,
Үйреткенсің аға сен.
Адал сырым бұл менің,
Балаң көңіл бұлқыған.
Ұстадың да:
«Мін!» – дедің,
Бір асауды жылқыдан.
Көктем еді, көк еді,
Жайған кілем жасаудай.
Босансам, деп тебеді,
Бұғалықты асау тай.
Асау сырын білуге,
Құмартсам да шынымен.
Бірден барып мінуге,
Жүрексініп ем.
«Жалынышты адамға,
Жасық болма оңбаған.
Арғы-бергі бабамда,
Көрсетпе істі болмаған.
Бір адам жоқ даламда,
Жылқы малын сүймеген.
Мін, асауға одан да,
Жүген, құрық тимеген!»-
Деген соң сен, жайлаудың,
Бөгет болмай жар-құмы.
Тұрған асау байлаулы,
Мен мінгенде қарғыды...
Өмір жанды бетінен,
Жібермейді сынамай.
Сыннан алғаш өтіп ем,
Көз алдыңда құламай.
Мендегі жас көңілде,
Гүлдеп жатса бақ әсем.
Батылдықты өмірге,
Үйреткенсің, аға, сен!
ДАЛА ҚАСИЕТІ Дала, Дала! Неткен ыстық осы есім, Бал бақыттың, думан тойдың көшесін, Көргің келсе, О шеті мен бұ шетін, Тауларды асып, теңіздерді кешесің. Дала, Дала! Шахталар мен заводттар, Құс жолындай шоғырланған сан оттар. Зіркілдеген ауырауыр составтар, Дәуір жүгін алға сүйреп баратқан. Дала, Дала! Желбіреген көп тулар, Жігіт-қызы арман қуған, бақ қуған. Үлбіреген қырқа толы қызғалдақ, Сусыл қағып, ұшып өткен аққулар. Дала, Дала! Шұғыласы мол таңдар, (Миллиард пұт сияр қамба-қалтаң бар). Маңғыстауға мұнара боп шаншылып, Аспанға атқан фонтандар. *** Шұрқырап кеп тоқпақ жалды бір асау, Бұғалықты сүйретсе. Бұрқырап кеп көк шалғынға құласа-ау, Қарғып мініп жылқышы, Бас білдіріп үйретсе.
Тақымында ойнақтатса, билетсе – Дала қаным тулайды. Алқа топта шырқап тұрып бір жігіт, Домбырамен жыр ессе. Қолпаштаса оны өзгелер дүрлігіп, Сосын шығып күрессе. Өшіргендей бәстесінің ай-күнін, Бас жүлдесін алып жатса бәйгінің, Дала қаным тулайды. Шауып шығып, жолаушыны соқпаған, Намысымен азаматтық, кісілік. Жатқан болса өз үйіне түсіріп. Құдайындай сыйлап әлгі қонағын, Айтып жатса өкпе-назын, талабын. Дала қаным тулайды. Ал далада отсыз адам тумайды. *** – Тұлпар мініп шапқым келер, жан аға? – Себебі сен, туып өстің далада. – Жұлдыз болып аққым келер, жан аға? – Жұлдыз – сәуле құйып өстің санаңа. – Қырандарша қанатымды қақсам деймін, жан аға? – Биіктерге ұмтылу тән балаға. – Жүрегіме алау отын жақсам деймін, жан аға? – Ошақ шоғын көріп өстің далада. – Раушан гүлдер таққым келер, жан аға? – Қызғалдақтар теріп өстің далада. – Ақ жанымды қонағыма жайып салам, жан аға? – Бір сен емес, Бәріде сол, туған ұлдың далада.
ДАЛА мен БАЛА
Ей, жусан кеуделі дархан далам, сен жайлы бір ұлың
көңіл көншіместік көрсетті. Бір ұлың қадір-қасиетіңді
түсіндірді. Ол Москва – Алматы жүрдек жолаушылар
пойызының үстінде еді.
– Туһ!..
Жалықтым, неткен шексіз сары дала.
– Шамасы сіз білмейсіз-ау, тебірене толғана.
– Тұншықтырар ойласаңыз, сүреңсіз де, сиықсыз.
– Тыңдап онда көрмегенсіз, дала күйін ұйып сіз.
Бағаламай қадірі мен қасиетін жерінің,
Бұдан кейін үнсіз қалды, үнсіз қалды серігім.
Қалада өскен шуды көріп,
Тосырқаған жанары,
Менсінбей-ақ келе жатты мына дархан даланы.
Серігімнің бар қимылын болмысымен сынай кеп,
Сұрақ қойдым былай деп:
– Қалар едің қайсысын:
Жоқтық пенен барлықтың,
Кеңдік пенен тарлықтың.
Алтын менен қоланың,
Ой толғайтын шежіресі көп даланың.
Деді ол сосын:
– Түсінбедім сенің жұмбақ сөзіңді,
Дала дейсің,
Не бар сонда бауырарлықтай сезімді.
Тас төбеңді шыжытатын саясы жоқ аптабын,
Келіп отыр не мақсатпен мақтағың.
Оятатын, өсіретін ақылыңды, санаңды,
Айтсаңызшы онандағы, шіркін, менің қаламды.
Бөленгендей құшағына ой – сезім,
Ол осылай биіктетіп қойды өзін.
Намыс қысып дедім менде:
– Бері қара, тыңда онда:
Арман үшін жігер керек жетелеген шыңдарға,
Көру үшін, қиырларға тігу үшін көзіңді,
Адам деген болу керек, ауырларға төзімді.
Сондықтанда ұлын дала, жасымас қып шыңдайды,
Қуанышты қадірлеуге және беред мұң-қайғы.
Байлығындай қойнындағы зерек етіп зейінін,
Байтақ дала дәл өзіндей кең қылады пейілін.
Ала білсең қазынасын, шығарады там-тұмдап,
Ал оларың «қара», «сары», және де «ақ алтындар».
Шаршап келе жатқаныңда, баяу айтып жол әнін,
Кескестейтін «болыңыз деп құрметті қонағым».
Үй иесіне көрсете біл көкірегіңде отыңды,
Құдайындай қадірлейді ол, сұрамайды атыңды.
Серуендеп көріңізші, қызғалдақты жотаны,
Жусандары өмір жайлы сырлар шертіп жатады.
Құмар болсаң сен өмірге, ғашық болсаң аңсаған,
Мынадай деп ән айтады, басын изеп ол саған:
«Түсініңдер, тірлік жайлы қызық хисса толғаймын,
Аптаптарға мен неліктен, өзгелердей солмаймын.
Себебі оның, Дала – Анам, еркелеткен, билеткен,
Бірақ онша тотай қылмай, төзімділікке үйреткен.
Өзге шөпке мүсіркеймін, дәл осылай жатып паң,
Тіл үйірер дәмім де бар, жүзім аздап тотыққан.
Дала–Ананың ұлы болам, десеңіздер адамдар,
Үйреніңдер, менің осы өміршеңдігіме қараңдар!».
Солай құрбым үңілсеңіз, құпиясын ұқтырып,
Топырағы да сездіреді қайсарлық пен мықтылық.
Дала деген үнсіз жатқан, көрегендік, даналық,
Мастанбайды дүниеге әкелсе де сан алып.
Бірақ, енді, алыптарға мүмкін емес таңғалмау,
Сондықтанда дала ұлдары боп келеді аңғалдау. Сондықтанда достарына нөсеріндей көлгөсір, Қастарына шөлдеріндей ашпас еді емге сыр. Ұмытуға болмайды оны, жетсін мейлі санамыз, Дала біздің, Ақ сүт беріп аймалаған анамыз. Дегенімде үнсіз қалды, әлгі жолдас алдымда, Уа, дала қасиетіңді түсіндіре алдым ба?! ...Үшінші күн, мен купеде тербелумен келемін, Айналайын, асыл анам, Неткен сонша ыстық едің, Неткен сонша кең едің!!! *** Ойнақ салар төріңе, Құйыны бар даланың. Жеткізбейтін желіңе, Киігі бар даланың, Мен бір ұлы боламын. Құс қанаты күйетін, Аптабы бар даланың. Сан сыр ішке түйетін, Соқпағы бар даланың, Мен бір ұлы боламын. Сусындайтын әрдайым, Көлі де бар даланың, Жабысатын таңдайың, Шөлі де бар даланың, Мен бір ұлы боламын. Күндік емес жолының, Айлығы бар даланың. Сан қызыққа толы бұл, Байлығы бар даланың, Мен бір ұлы боламын.
*** Намысшыл, бәйге десе қан қызатын, Бұл бабам, баптап мінген жалғыз атын. Аты болса байлықты көксемеген, Қайғырмаған жоқтыққа өкшелеген. Ат үстінде намысшыл арлы болған, Түзде сері, үйінде жарлы болған. Сынайтын жігіт бағын бәйге болған, Ат мінбесе бабама қайғы болған. Арманы сондықтанда бір ат болған, Бір ат міну бабама мұрат болған.
ЖАЙДАРЫ МІНЕЗІҢ
(«Арыс жағасында» әнінің ырғағымен)
Бойында Ембінің,
Кездестім мен күнім.
Жүректер сонда жырлап тек,
Жағада тұрмап па ек.
Қ-сы:
Жайдары мінезің,
Арманым бір өзің.
Батты, әне, баяу күн,
Сен жоқсың, аяулым.
Жанарың нұр төгіп,
Кеудеме жыр толып.
Тұрып ем, сәулем, түн тымық,
Өзіңе ынтығып.
Бардым мен тағыда,
Сол жерге сағына.
Біз тұрған бойлап жағаны,
Ерке Жем ағады.
ШІЛДЕ
Ақшағыл бастырмайды қызып кеткен,
Балқырдай күн көзінен шыжып бөктер.
Астынан аяғыңның көтеріліп,
Құйындар мазақ етер,
Бұзық неткен.
Көк шалғын,
Қызғалдақтар қурап қалған,
Тақырлар айнымайды тулақтардан.
Жылқының бөгелектеп есі кеткен,
Көктемді аңсап,
Аунаған, қунап қалған.
Неткен өңсіз жылғалар көбі кепсе,
Неткен өңсіз беткейдің шөбі кетсе.
Бұлт шыға кеп ғайыптан осындайда,
Шіркін-ай...
Бір ақ жауын төгіп өтсе,
Төгіп өтсе...
*** - Айым қайда, ол неге тумайды,– деп, Көлеңкені көңілімнен қумайды, – деп. Жүрегім орман болып шулайды кеп, Жүрегім толқын болып тулайды – кеп. Гүлденсін өмірімнің көгалы, – деп, Мен шығатын асулар көп әлі, – деп. Мақсатым орындалған жоқ әлі,– деп. Жүрегім соғады кеп, Соғады кеп.
*** Кеудеде нөпір толқын тасып ізгі, Тағы бір жыл есейтіп жасымызды. Онжетінің өріне шыққан кезде, Қайырдық шалқасынан шашымызды. Бұрынғыдан толысып толғанбыз ба, Жігіттік жайлауына қонғанбыз ба. Сол жылы... Ғашық болдың асыл досым, Жанымменен мен ғашық болған қызға. Батырлардай майдан сап ұрыспадық, Кектеспедік, серттесіп, тұрыспадық. «Қайсымызды сүйсе қыз, сол барсын»- деп, Жүріп жатты дос көңіл дұрысталып. Бірт төсектен және біз өретін ек, Талай сырды екіге бөлетін ек. Әттең, әттең екіге бөлінбейтін, Сол аруды шын жақсы көретін ек. Түн болып... Не таң болып ата алмадым, Достық-ай жібіңді үзіп өте алмадым. Балаң сырды арманға ақтаруға, Мен сенен бата алмадым, Сен менен бата алмадың. ...Тағыда қуа алмадық түріп кекті, Бір ыза ішімізді бүріп кетті. Бірімізге біріміз қимай жүрген, Сол сұлу өзге жанмен жүріп кетті...
ЖЕТСЕ ӨМІРІМ....
(Мұқанға)
Дос едік,
Құрдас едік,
Сырлас едік,
Жүретінбіз жүректе нұрға сеніп.
Сұм дағдыр-ай,
Сені дос кім ойлаған,
Қалар деп жиырма сегіз жылда сөніп.
Бірге ысып, бірге мұздап алағызған,
Жанымызға нәр алдық даламыздан.
Өлімді мазақ қылып жүрген кезде,
Жауыз-ай,
Сені ап кетті арамыздан.
Алғы күннен арманды, үмітті едік,
Көз салмаушы ек еш жанға күдіктеніп.
Сенбедім,
Сенбедім мен
Күтіп жүрдім,
Қағар-ау, деп есікті күліп келіп.
Ұйықтасам-ақ түсімде сені көрдім,
Қиялдасам ішінде сені көрдім.
Үйге достар жиналған кездерде де,
Жан досым-ай, бос тұрар сенің орның.
Төрт мезгілдің құмы мен қары көміп,
Жатқан досым,
Кетсейші тағы келіп.
Саған ғашық,
Сен ғашық болған қыздар,
Жүр біреудің сүйікті жары болып.
Келіп тұрмын басыңа көрісуге,
Келесің бе жан досым келісімге.
Жетсе өмірім,
Игі істер тындырайын,
Өзім үшін және дос,
Сен үшін де.
АЛҒАШҚЫ СЕЗІМ
Жүрек сырға тасып-толып,
Деді досым бір күні:
-Гүл -Аруға ғашық болып,
Ұмыттым мен күлкіні.
Айтшы досым,
Сүю деген,
Мазалау ма сезімді.
Айтшы досым,
Сүю деген,
Жазалау ма өзіңді.
Арнап соған бар жырымды,
Теңестірем араймен.
Айтшы оған жан сырымды,
Жеткіземін қалай мен?
Ол қараса гүл атамын,
/Онсыз семіп қалар ма ем/.
Класта да ұнатамын,
Бір тұруды Жанармен...
деді Марат.
Жанар, сені,
Жан досымнан қызғандым.
Қалай көріп қанар сені,
Төбедегі қызған күн.
Бір құшаққа сиярым-ау,
Достар мені ұғар шын.
Бәлкім балаң қиялымды,
Сен тербеткен шығарсың.
Көргім келмес көзі мұңды,
Бұл дүниеде жанды мен.
Оятқан сыр сезімімді,
Сен едің-ау алдымен.
Ортамызда гүл аттың да,
Бірге ойнадың, білмедің.
Іштей ғана ұнаттым да,
Іштей ғана гүлдедім.
Сондықтан дос «қиянатын»,
Кешіргім мен келмеді.
Пәк сезімін күй алатын,
Өшіргім де келмеді.
Сені ойлаған күндеріммен,
Қаралағым келмеді.
Дос жүрегін шын берілген,
Жаралағым келмеді.
Ол дегенде /қимасам да/
Бал-бал жанды гүл өңің.
Жас жанымды қинасам да:
«Сапарларың сәтті болсын,
Армандарың тәтті болсын»-,
Деген тілек тіледім.
Қидым сені мен досыма,
Махаббатым,
Гүл атқан.
Бақытты ғой қосылса адам,
Бірін-бірі ұнатқан.
Өр қиялым дала кезді,
Берген сертке бекеммін.
Қайтер екем,
Бала кезді, қара көзді,
Ұмыта алар ма екенмін?!
ДОСЫМ БАР... Бір досым бар қызқырқынға батыл тым, Бір досым бар кені тұнған ақылдың. Бір досым бар момындау да, қайратты, Бір досым бар әлжуаз да, айбатты. Бірі күйші, қандырар жан сусынды, Бірі қиқар, шымшып алар қу тілді. Бірі тұйық, оңайлықпен алынбас, Енді бірі, енді бірі қалжыңбас. Мен олардың жүректерін сан ұқтым, Демес едім олар барда жалықтым. Мен солардың бәріменен данамын, Мен солардың бәріменен алыппын. *** Өпіремдеу тыныстайтын әр демін, Керек жерде аямайтын жәрдемін. Менен гөрі думанқойлау, серілеу, Бала күннен сырлас досым бар менің. Рас жаны ұлы еңбектен қашпайды, Өзгелердей абыржып та саспайды. Асауларды ұстағанда құлақтан, Тыпырлатпай тастайды. Қысқа айтқанда іс келеді қолынан, Жас жігерін өткірлікке жаныған. Жанарымен өртеп қыздар жүрегін, Той-жиында отырады салып ән. Бірге өскен тай жалына жармаса, Берсін деймін сапарымыз жалғаса. Досым менің жақсы жігіт тек әттең, Кей кездерде өзімшілдеу болмаса.
*** Алдымда менің арайлап атқан ақ таң бар, Достарым мені кінәлаң, мейлі мақтаңдар. Асыға күткен арманым болсын сол күндер, Жүректің мөлдір сезімін ғана сақтаңдар. Зымырап кейде уақыт шіркін ақса тым, Мерейің өсіп орындалсыншы мақсатың. Адамға деген бір пайдалы ісіңмен, Кезсінші сенің әлемді бүкіл жақсы атың. *** Ортасында тілек-назым құпталған, Достар, достар, құшақ жайып шықты алдан. Шын достықтың орны өмірде ерекше, Достар үшін жан беремін керексе. Күлкі ғана өмір сәнін бар қылмақ, Достар, достар, қарсы алады жарқылдап. Армандаймыз жасасақ деп бір Аңыз, Сырласқанша біз асығып тұрамыз. Жалғыз үйде зерікпестен жатты кім, Достар менің көңілді күй, шаттығым. Достар, менің көкте күнім балқыған, Достар, достар, шалқыр теңіз шалқыған. ***
Бірін-бірі адамдардың түсінетін кезі көп,
Шын бақыттың тани білер, көре білер көзі боп.
Асығамыз жылынуға, лапылдатып үрлеуге,
Байқаусызда қалсақ болды бір жанардан сезіп от.
Бірін-бірі адамдардың түсінбейтін кезі көп,
Шаттық пенен қуаныштан кететұғын мезі боп.
Асығамыз сусынуға, өшіруге жалынды,
Бір жанардан жүрсек дағы, жылынатын сезіп от.
Адамдағы алабұртқан, аласұрған көңіл-ай,
Бір қалыпты болмайды екен неге ұдай.
Өте шығар бір адасып, бір жол тауып жүргенде,
Сабындай-ақ қамшының,
Келтесің ғой, өмір-ай!
АЙТШЫ МАҒАН...
Айтшы маған аспандағы ақ бұлттар,
Өн бойында адалдық бар, пәктік бар.
Шарлайсыңдар, кезесіңдер, сезесің,
Қай елдерде сүйініш пен шаттық бар.
Көңілімді пәк сезімге бай қылар,
Шын ғашықпын, емеспін мен жай құмар.
Айтшы маған ақ бұлттары Әбудің,
Қай елдерде күйініш пен қайғы бар.
Ұғындырып жер мен көктің арасын,
Суретті ансамбльдей жарасып,
Жауап бермей сұрағыма үн-түнсіз,
Ақ бұлттар-ау, ақ бұлттар,
Қайда кетіп барасың?
*** Соғады жүрек, соғады жүрек жаспын деп, Махаббаттың бал-шарабына маспын деп. Күннен де ыстық қызуым мол кеудемде, Кеудемде менің тасқын көп. Есігім ашық достарым, келіп қақсаңдар, Шуағым да мол жүрегім отын жақсаңдар. Шаттық бар менің думанды тойлы кеудемде, Кеудемде менің жақсы ән бар. Күндерім көп қой алдымнан тынбай бақ күткен, Армансыз күнім, алаңсыз күнім жоқ тіптен. Қарсы алам ылғи арайлап атқан таңды мен, Адамға деген адалдықпен, пәктікпен. *** Қамалды да бұзып жарып өтердей, Толқынына ағызып-ақ кетердей. Көктемеде тасып едің Ару Жем, Арнаңнан бір асып едің Ару Жем. Асау едің, кейпің жоқ момақан, /Мен осындай албырттықты жаратам/. Басылуды, білмейтіндей жасуды, Жарға соғып жатыр едің ашулы. Қоңыр күзде боп қалыпсың байсалды, Осы көрініс маған мұңлы ой салды. ...Адамның да салар бәрін жайратып, Қайтады ғой кәрілікте қайраты.
МАХАББАТ
Әлі өмірдің белесіне шықпадым,
Махаббаттан екі-ақ нәрсе ұққаным:
Дәмі мүлдем тәтті екен,
Заңы мүлдем қатты екен.
АЙТА АЛМАН
Достар да көп жалғандығы байқалған,
Қыздар да көп көңілімді қайтарған.
Сонда да мен махаббатты, достықты,
Баянсыз деп айта алман.
ЕСЕЮ
Бірге ойнадық, бір төсекте жаттық қой,
Өмір дәмін, дос-ау, бірге таттық қой.
Он сегіз жас қара сирақ біздерге,
Алып келді жігіттік пен шаттық той.
ӨМІР СӘНІ
Жаратылған толқындардан, ағыстан,
Қызғаныштан аласұрған, қағысқан.
Өмір-сарай сәулетіне сән берер,
Жүректер мен жүректер ғой табысқан.
ІЗДЕЙМІН НЕГЕ...
«Келініңді түсіруге әзірлен,
Үйленемін»,-дей алмаймын қазір мен.
Қандай жақсы,қандай жақсы бойдақтық,
Көрген қызды қағытатын әзілмен.
Жеңешежан,
Сондада іздеп бір жанды,
Түніменен көз ілмен...
ҚҰЛПЫТАСТАҒЫ ЖАЗУ
Ей, адамзат!
Күліп келіп, бұл өмірден күліп кет,
Не себепті келгеніңді біліп кет.
Әділдікке биік күмбез орнатып,
Жауыздықты қанжарыңмен тіліп кет.
ҰСЫНЫС
– Көздеріңнен ерекше нұр аламын, жаным,
Сенсіз қалай мен өмір сүре аламын, жаным.
Іздегенде күнім боп табыласың ба, жаным,
Жүрегіме гүлім боп тағыласың ба, жаным.
Қиын шақта қасымда бар боласың ба, жаным,
Маған өмірлік жар боласың ба, жаным.
Сертіңді бер!!!
–Сөздерің балқытты ғой,
Сендім, саған, Ерім.
Қай жаққа апарсаң да,
Ердім саған, Ерім.
Еркімді де,
Сертімді де,
Бердім саған, Ерім.
Бердім саған, Ерім!!!
БАҚЫТ
Бақыт деген бір биікке ұмтыламын құмартып,
/Ол биігің тұр әзірге тым алыстан мұнартып/.
Шығам соған, шығам соған, отырмаймын телміріп,
Демен әсте: «Бақытым-ау, өзің үйге кел кіріп».
Толқын болып ұстатпайтын дауыл соққан жапырып,
Тұрсын бақыт арманым боп алыстарға шақырып.
Таппай қойман дүниеден
Айтшы: қайда мекенің?
Сенсіз өмір қажеті не,
Мен сені іздеп кетемін,
Мен сені іздеп кетемін.
ЖАҒА ЖАЙДА Махаббатың гүл атса, Мөлдір болып арыңыз. Көңіл нұрға құмартса, Жағажайға барыңыз. Аршын төсте қос алма, Әп-әдемі бұлтылдар. Дейсің неден жасалған, Құралай көз сылқымдар. Әсем әуен күлкіден Төгіледі. Ал тыңда. Аққу болып сілкінген, Көміледі толқынға. Деп таңданба, бұл неге? Жастың көңілін жас ұғар. Жаға жайда Шілдеде, Сұлулық галереясы бар. *** Кеудемде менің: Жайнаңдар шоқ болып, Төстегі жарқылдар, Ойнаңдар ақ көбік, Ақ көбік толқындар. Атыңдар тербетіп, Гүлдерді таң нұрлар, Жатыңдар селдетіп, Селдетіп жаңбырлар Тіл бітіп тастарға, Орнаңдар ақ шыңдар. Фонтандар аспанға,
Аспанға шапшыңдар, Алмайын жоғалтып, Көрмейін тапшылық, Гүлдеңдер адалдық, Гүлдеңдер жақсылық. *** Сағындырды, аңсатты, Самал желді, құба түн. Сағындырды аңсатты, Жайлау, сенің шұбатың. Ойымды ауыл бөлетін, Келсемдағы неше мен. Жарқын жеңгем беретін, Сол шұбатты кесемен. Сағындырды, аңсатты, Собалақ нан бір үзім. Сағындырды, аңсатты, Жайлау, сенің қымызың. Себебі оның қырқаға, Гүл өскенде қырмызы. Қымыз емес сыр маған, Құятұғын қыр қызы. Сағындырды, аңсатты, Сылаңдаған су сағым. Сағындырды, аңсатты, Жайлау, сенің жусаның. Менсінбестен дауласам, Балдан тәтті суатың. Жусаныңа аунасам, Арта түсер қуатым.
АЛҒАШҚЫ ҚАР ҚЫЗЫҒЫ Жолдың үсті Жердің үсті Ақ жамылған тек қана, Ұшып жатқан, Түсіп жатқан ақ түбіт пе, мақта ма? Алма беті бал-бұл жанған топ бала, Соғып жатыр аққала. Жас жігіттің мойнына Бір бойжеткен бал қылық, /Риза өзі ойынына/ Жіберді әне қар тығып. Жүректерді дәл осындай ақ сезімге толтырып, О, дүние, Мәңгілікке пәк күйіңде қал тұрып... *** Маған ыстық бұйрат құмдар, шағылдар, Маған ыстық ұстатпайтын сағымдар. Не ойлайды екен қаладағы мен жайлы, Дала ұлдары Мұқандар мен Сағындар. Жоқ ұлыңда өзің жайлы ой бөтен, Алып ұшам саған ылғи ей, мекен. Олар мені жөнді, жөнсіз кінәлап, Оны қойшы, тайқып жүрген, - дей ме екен. Айыпта дос, айыптама әйтеуір, Қинайды ғой мені осы жай тегі. Ұстасам деп, ұстасам деп жалынан, Бір арманды қуып жүрсем қайтемін...
ТУҒАН КҮНДІ ТОЙЛАМАЙМЫН
Мейлі сана наданға,
Мейлі теңе жаманына одан да.
Туған күн де, өлген күнде біреу-ақ,
Адамда.
Жөн-ау деймін мәнді ұққан,
Деңдер мейлі: «болдық таң».
Мен өзім
Туған күнді тойламаймын сондықтан.
Қарашы!
Мол болатын қуанышы, жарасы.
Ғұмыр деген –
Туған күн мен өлген күннің арасы.
Ана болған талайларға бұл мекен,
Мекенімді жеткенше әлім гүлдетем.
Туған күнді тойлай берсін тойлайтын,
Ал өзім –
Бір келем де,
Дүниеден бір кетем.
ДОСҚА НАЗ І Бала кезде бірге ойнадық талай біз, Құпия емес, арман болған арай қыз. Ал бүгінде бірімізге біріміз, О, өмір-ай, Сынай-барлай қараймыз. Уақыт шіркін, жылжиды алға, тоқтамас, Мөлдір көзде болмаушы еді өкпе наз... Ал бүгінде білмегенсіп жүрсек те, Тұрмыста да, жұмыста да бақталас. Енді досым не десеңде өзің біл, Жасты ойласақ толған кемел кезің бұл. Соның бәрі деп білемін меніңше, Ылайланғаны сонау мөлдір сезімнің. ІІ Ұқпадық па бұл өмірдің сырын біз, Тек шаттықтың шырқаушы едік жырын біз, Бәке, Сәке – деп жатымыз қазірде, «Әй», – дейтін ек, «ей» – дейтін ек бұрын біз, Ұқпадық па ұзақтығын қаншалық, Атқызушы ек аппақ таңды ән салып. Құшақтасып сәл шаттықтың өзіне, Жатушы едік маңыз беріп соншалық. Өзге нәрсе көңіліңді бөледі, Ұмыт қалып балаң достық өлеңі. Ал бүгінде көңілің босап тұрса да, Қайғыға да, Шаттыққа, Байсалды боп көрінгің-ақ келеді.
ТУҒАН ЖҰРТҚА ТАҒЗЫМ
Ескі жұрт, саған бас ұрып,
Тербеттім жанды сезіммен,
Сағыныш тамды көзімнен.
Әкемнен таяқ жеген жер,
Бошалап кетіп бозінген.
Желіні толып бойынан,
Жеті күн асып айынан.
Қиған соң қилы тамырын,
Қансырап барып қайыған.
Бозінген боздап қорада,
Тұратын ниеті-далада.
Солардың бәрі санаға,
Құйылып самсап бұлақтай,
Сәуле боп жарқыл қағады, ә!
Келгенмін соны сағына,
Қызыл орамалды қыз болып,
Қол бұлғап... жайлап жүз-көрік.
Солардың бәрі, солардың,
Арбайтын алыс сағым, ә!
Туған жер барда ескен леп,
Кеудеде қалай от сөнбек?!
/Өзіңде туып өскен көп/
Келдім мен саған жеті аунап,
Күш -қуат алып кетсем деп...
*** Мейірім төгіп нұр саулап, Күн сәулесі тарала. Босап қысқы құрсаудан, Жатыр балқып Жер – Ана. Сұлу мүсін бейнені, Ынтықтырған, іздеткен. Жел желпіген көйлегін, Күлімдейді қыз көктем. Бозторғайлар ән салып, Бүр жарыпты бауымыз. Күткен аңсап қаншалық, Келді міне, Наурыз. Құтты болсын халайық, Ұлы күні ұлыстың. Қане қарсы алайық, Басы болсын нұр істің. *** Келетін жасқа келгенбіз, Толатын жасқа толғанбыз. Алатын кезде алғанбыз, Беретін кезде бергенбіз. Жанатын кезде жанғанбыз, Ләззатына өмір қанғанбыз... Атамыз енді... Немереге қорғанбыз. Әже боп бүгін Айтады ақыл келінге, Біздерге арман болған қыз...
ҚЫЗ ҰЗАТУ
Қырдың қызыл қызғалдағы тәрізді,
Құлпырса қыз арайланар таң ізгі.
Бойжеткен соң қыздың жолы жіңішке,
Ауыл – аймақ аңдып жүрер әр ізді.
Үйінде қыз қол салдырмас асау тай,
Еркелікпен жүрер аяқ баса алмай.
Деп жатады ел ісмер қолдан шыққанды:
«Қызға жиған жасаудай».
Ұйыпты ел қызды ауылда сүттей боп,
Небір даулар қыз алысып бітпей ме?!
Ел мадақтар салтанат пен сәніңді:
«Қыз жинаған жүктей» – деп.
Өмір сәні қыз бұрым боп өрілер,
Қалар бәрі шақтың сонау ерінер.
Қыз кеткен соң, қыз кеткен соң өз үйің,
Қаңырап бір бос қалғандай көрінер.
Жүре алмайсың ақ ботаңды аңсамай,
Іздейсің сен бауыр етті қаншама ай.
Өз қолыңмен өзге ұяға бересің,
Қайтесің сен өмірдегі заң солай.
Қыз баланы кәмелетке толтыру,
Әдет – ғұрып, салт – сананы, жолды ұғу,
Міндеті әке сүйгеніне ұзатып,
Бойжеткен соң құтты орнына қондыру!
ҚҰЛПЫРАДЫ ҚҰЛСАРЫ
(Жылыой ауданының 80 жылдығығына)
Бүгін, бүгін Құлсарының нұр шағы,
Сексен жылдық желкілдейді жыр сәні.
Қарашүңгіл – кәрі атасы жебеген,
Құлпырады қызыл - жасыл Құлсары.
Басып өткен бұл өмірде нық қадам,
Құлсарыдан кімдер, кімдер шықпаған?!
Өтебаев,
Өтесінов,
Мұқашев,
Мұнай – газдың аталары – мықты адам.
Көз тартады мұнаралар қырдағы,
От – моншағы нұр төгетін – сырлары.
Әлем бүгін атын білген ұлдары –
Ұзақбайы,
Балтабегі,
Нұрланы.
Қаламастан бұл өмірдің жеңілін,
Аямастан төгілгенін терінің.
Туын көкке желбірете білді олар,
Тәуелсіз Қазақ Елінің.
Бұларменен алаулады жалын жыр,
Бұларменен танымым бір, қаным бір.
Соғыстан соң ашқан дүние есігін,
Құрдастарым бұл.
Дала сәні қызыл -сары гүл болар,
Асыл ғана қан базарда пұл болар.
Жаңа -жаңа тәй -тәй басқан ел үшін,
Мұнай әнін әсем шырқай білді олар.
Көтере де білді және сынды олар,
Шын ұландар қиын сәтте шыңдалар.
Бұл шежіре талай әлі тыңдалар.
24.01.09.
ТОСТ
Құдағилар,
Құдалар!
Достасуға келдім мен,
Басымызға тағы бір бас қосуға келдім мен.
Оң аяқпен қызыңыз келін болып аттайтын,
Өкілімін елдің мен.
Жету үшін сіздерге арғымақтай арқырап,
Желмаядай желдім мен.
Төбе би боп отырмын төбесінде төрдің мен.
Татулықтың жемісін,
Туыстықтың жемісін,
Талай рет тердім мен.
Жас отаудың құрылған жаққызатын шырағын,
Асқар таудың баурынан аққызатын бұлағын,
Қос жүректің қосылған айтқызатын шын әнін,
Күмбірлеген күйлердің тартқызатын шынарын,
Көтеретін көңілді құдашалар сынағын,
Таныстырар көліне қос аққудың сыңарын,
Табыстырар екі елді елшімін мен – құдамын.
Ей, құдағи, құдағи,
Кемсең - кемсең жылама,
Қуаныш бұл, орынсыз көздің жасын бұлама.
Қимастықпен бір қарап ұясына қызыңыз,
Ұшқалы тұр ұшқалы қиясына қызыңыз.
Құшқалы тұр сүйгенін, азаматын, арысын,
Куә қылып құрбысын, көршілерін, танысын.
Өзгерткелі тұр және балалықтың қонысын,
Алалықшы тойшылар , алалықшы сол үшін,
Екі жастың алдағы ұзақ – ұзақ жолы үшін!!!
ҰЛЫМА
Өмір- ағын сырынан не білесің,
Асықпа, әлі төзімді кеміресің.
Өмір – айқас,
Сен оны думан деме,
Не жеңесің,
Немесе жеңілесің.
(Думан болса думан тек саған балам,
Кейде алғыс,
Кейде сөгіс маған, маған.
Босқа келіп кетеді дүниеге,
Ғашық отын өмірдің жаға алмаған).
Жүрегіңнен іңкәрлік жыр естіріп,
Байқатпай-ақ әркіммен күрестіріп.
Қақпақыл ғып ойнатып, ойландырып,
Толқынына кетеді ілестіріп.
Бақ дегенің түк емес басқа қонса,
Бола көрме сол шақта асқақ онша.
Ең соңғы әлің біткенше күресе біл,
Лақтырып жағаға тастағанша.
Жеңімпаз боп келсе егер күлімдегің,
Жасымағын ешқашан түңілмегін.
Қалқып жүрмей бетінде дарияның,
Дұрыс ұлым тереңге үңілгенің.
Әуелесін биікке арман – арың,
Мәуелесін бағыңда алмаларың.
Сезім деген кінәмшіл, дұрыс ұлым,
Жүректерге қара дақ салмағаның.
Сапарласың сатқын боп, күймелесің,
Ұзақ жолда сан-сапат күйге енесің.
Өмір – ұстаз, зердеңе жазғаныңды,
Үйретесің және өзің үйренесің.
Ақтарсам деп ой келді саған бүгін,
Көңіл сырын жасырмай саған күнім.
Алдыңда әлі
Сорыңда,
Бақытыңда,
Жоғалмасын тек ұлым,
Адамдығың!!!
ЖОҒАЛТҚАНЫҢ ӨЗІҢДІ
(Немерем Қабидошқа)
Алдыңда жар,
Бар үңгір,
Жұтар,
Мейлің темірсің.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңмен өмір сүр.
Еріп кетпе дүрмекке,
Тосар тағдыр небір сын.
Өзге тілді құрметте,
Өз тіліңмен өмір сүр.
Бақшаңдағы гүліңді
Солдырма,
Бол төзімді.
Жоғалтсаң өз тіліңді,
Жоғалтқаның өзіңді.
* * *
(немерем Ферузаға)
Ләззатқа бөлеп дәйім бал күлкің,
Тұруға ерте, жүруге ерте талпындың.
Өскеніңде, өскеніңде, құлыным,
Қамын ойлар аруы бол халқыңның.
Құйттай ғана балапаны ұяның,
Жанарыңа тек жақсылық құя біл.
Дүниенің сен білмейтін сыры көп,
Шарықтасын шартарапқа қиялың.
*** Біреу бақыт санайды – Сұлумен сұхбат құрғанын. Біреу бақыт санайды – Жарты тиын жырғанын. Біреу бақыт санайды – Тойғанына құр қарын. ...Ал мен бақыт санаймын, Достарымның күліп қарсы ап тұрғанын. *** Біреу тілек тілейді, Өз отым ғана жансын,– деп. Өзге ошақ оты сөнсін,– деп. Біреу тілек тілейді, Қара бұлт көктен төнсін,– деп. Біреу тілек тілейді, Дегеніме жұрт көнсін,– деп. Ал мен тілек тілеймін, Дос шаңырағы шайқалмай, Шаттыққа іші толсын,– деп. *** Біреу армандайды, Көп бөлмелі үй салсам,– деп. Біреу армандайды, Машина сатып алсам, – деп. Біреу армандайды, Сыраға шіркін, қансам,– деп. Ал мен армандаймын, Алау боп айқын жансам,– деп.
*** Кемшіліктер көп менде, Әлжуаздау бір жан ем. Ән білмегендіктен де, Өзіме-өзім ырза емен. Өнер дарып біткенге, Табиғат-ау мырза ма ең. Күй білмегендіктен де, Өзіме-өзім ырза емен. Шымырлаған қайнардың, Түбі болмағасын. Жиын менен тойлардың, Гүлі болмағасын. Болмысым-ау өзіңе, Шағымым мен назым бұл. Ал өлең деп шимайды, Кім болса сол жазып жүр. *** Сәкеннің сымбаттылығы, Бейімбеттің қымбат қылығы. Қасымның оттылығы, Махамбеттің өткір үні. Мұхтардың даналығы, Жамбылдың саналы үні. Шоқанның тәкаппарлығы, Жырымда болса деп ем, Осылардың барлығы.
*** Бұл табиғат: Шуағынан от алатын, Біреуге жүрек берген. Тауды да қопаратын, Біреуге білек берген. Жарақты қол бастайтын, Біреуді көсем қылған. Әр сөзі алмастай тым, Біреуді шешен қылған. Қадірлеп күтпесе де, Біреуге көрік берген. Ой-ақыл бітпесе де, Біреуге желік берген. Бұзылмай шырын гүлі, Бақыт боп жолықтырып. Адамдар бірін-бірі, Жүреді толықтырып. *** Гүлдердің нәзік болып өсетіні, Мәпелеп аймалағандықтан. Қылыштың қара тасты қақ жарып кесетіні, Қайрағандықтан. Болаттың иіліп, майысатыны, Жасығандықтан. Теңіз толқындарының сайысатыны, Тасығандықтан. Темірдің тым алыстан жарқырайтыны, Алтын жалатқандықтан. Тұлпарлардың кемеде арқырайтыны, Жаратқандықтан.
Үшінші бөлім
АҚ КӨЙЛЕКПЕН ШЫҒЫП ЕҢ ,
СОНДА СЕНІҢ ПӘКТІГІҢДІ ҰҒЫП ЕМ . . .
Әлі өмірдің белесіне шықпадым,
Махаббаттан екі-ақ нәрсе ұққаным:
Дәмі мүлдем тәтті екен,
Заңы мүлдем қатты екен.
ӨКПЕЛЕМЕН... Арманымды күні-түн, Көз алдымнан көлбетем. Қиялдаған жігітің, Басқа ма екен, мен бе екен. Түсіме күнде енгенің, Бір өзіңде сән – көрік. Жүрегімде сен менің, Жатталғансың ән болып. Өкпелемен мен саған, Сүймесең де, сүйсең де. Албырт жаным аңсаған, Небір әсем күй сенде. *** Шырқағанда шалқып тұрып, сен Шәмшінің сазды әнін, Менің денем балқып тұрып, еріп кете жаздадым. Залдың іші тына қалған, ұйытыпты асау ән, Шіркін, шіркін, міне, арман, Іздегенім осы-ау ән. Сол ән ғана көңілімді баурап менің алды ғой, Сол ән ғана жүрегімде арман болып қалды ғой.
БІР ӨЛЕҢНІҢ ӨҢДЕЛГЕН ҮШ НҰСҚАСЫ
(Алғашқы нұсқа)
Балаң жігіт қонақ қызбен оңаша бөлмеде бірге қонып
шығады. Сол сәттегі жігіттің алай-түлей сезімі арада
біраз күн өткеннен кейін өлең тудырды...
Сезімнің ұрып толқыны,
Гүлдеткен мені нұр болдың.
Кездескен сәттей сол түні,
Келеді ылғи бір болғым.
Екен бе сырым бұл ғана,
Телміре саған қараппын.
Мас болдым балғын тұлғаңа,
Ішкендей буын шараптың.
Екеуміз болған бөлмеге,
Күмбірлеп кірген күйме едің.
Батылым барып мен неге,
Мен неге сонда сүймедім.
Айта алмаған сөзім көп,
Қызарып таңда аттты ғой.
Дегендей: «сүйші өзің кеп»,
Шөліркеп ернің жатты ғой.
Содан бері жыл өтті,
Қоясың кейде үндемей.
Жарқын бейнең жүдетті,
Ойлаймын күндіз-түн демей.
Жиналған қыздар ішінде,
Бейнеңде сенің көп бөлек.
Сол жасықтық үшінде,
Жүресің бе әлде өкпелеп.
(Екінші нұсқа)
Он сегіз жастағы балаң жігіттің бал сезімін автор
отыз жасында одан әрі тереңдете мөлдірете түскісі кеп
былайша өңдеді. Өңдеген жоқ, алғашқы өлеңді аяусыз
белінен қызыл сиямен екі сызды да қайта жазып шықты.
Сезімнің тоғы, толқыны
Ұрғылап.
Жүрек солқылы,
Басылмай, жібек шашылмай.
Бір жаттық сәулем есте ме,
Тәңірден тілеп таптырмас
Оңаша бөлме сол түні.
Қол созым жерде толықсып,
Жатқан қыз мені жөн ұқшы!
(Жігітке қыз жолықса,
Осындай шақта жолықсын)
Түскеніме жанға жарының,
Өртеніп күйіп барамын.
Бойдағы қанды тастарды,
Іңкәрлік деген шарабың,
Ес-түсссіз мені мас қылды.
Басқандай көрік өр төсің,
Шыжғырып шыдам ерітесің.
Кетерме есім ауысып,
Төзімді болдым тауысып.
Бұрынғылардың жолы – деп
Көтерсем бе екен көрпесін.
Қол соза жаздап қалдымда,
Алқына демді алдымда,
Орныма қайта құладым,
Малшынып терге бұладым.
Ұяттан лаулап жандым да.
Бағынбай бірі, бағынып,
Сан ойлар жатыр ағылып.
Өзімді өзім тілдеймін,
Қыз ойы қандай білмеймін:
«Тағылық, – деп, – бұл тағылық»
Сан ойлар жатыр ағылып...
Қамады деймін ол неге,
Қонақ қызбен бір бөлмеге?
Аппақ қар жауып ақпанда,
Ақ көрпе шатыр жапқанда.
Қу жеңгем... жо-жоқ, ақ жеңгем,
Құр-р-ған қақпан ба?
Мәрттікке шіркін ұсау бақ,
Төсектен қанша түс аунап.
–Кезеніп шыққан көк белге,
Аңшы емеспін ғой құс аулап –
Деп басып іштей өзімді,
Сезімді қойдым тұсаулап.
...Бірақта жоқпан көз ілген,
Соғысып шықты сезімдер.
Сезбедің бе, сездің бе,
Ермін бе, әлде езбін бе,
Қол созым жерде түнеген,
Жауабын қалқам өзің бер?!
Қол созым жер
(Үшінші нұсқа)
Автор тағы бірде қолжазбалардың арасынан осы өлеңді
тауып алып (дәл жыл мезгілі есінде жоқ) қырнай түскісі
келді ме, олпы-солпы артық тұстары бар деп ойлады ма,
тағы да қол тигізді. Бұрынғы тақырыпсыз өлеңге енді «Қол
созым жер» деп тақырып қойды.
Сезімнің тоғы, толқыны
Ұрғылап.
Жүрек солқылы,
Басылмай,
Мәрмәр тасындай.
Сен жаттың еркем толықсып,
Қол созым жерде сол түні...
Қол созым жерде...лала гүл,
(Алаулап, лаулап барамын)
Жігіт боп қалған баламын.
Тамырда қаным тастырды,
Есімді алды. Мас қылды,
Іңкәрлік деген шарабың.
Басқандай көрік өр төсің,
Деміңмен бір сыр шертесің.
Бір ерлік есіп кейпімнен,
Деймін мен іштей деймін мен:
«Бұрынғылардың жолы деп,
Көтерсем бе екен көрпесін».
Қол созым жерде... лала гүл,
Жігіт боп қалған баламын.
(Түскені-ау жанға жарының,)
Еркімді алып от төсек,
Қол созып жаздап қаламын...
Аппақ қар жауып ақпанда,
Ақ көрпе шатыр жапқанда.
Қамады екен ол неге,
Қонақ қызбен бір бөлмеге?
Қу жеңгем...жо-жоқ ақ жеңгем,
Құр-р-ған қақпан ба?
...Батылдық жетпей түн соңы,
Ұласып кетті ақ таңда...
Жүрекке бір нұр септіңде
Көрінбедің көп күнге.
Көремін жиі түсімде,
Сол жасықтық үшінде,
Өкпелеп әлде кеттің бе?
Араға мезгіл салып, автор осы өлеңге жиі-жиі шұқшиып
неге өзгерту-өңдеулер енгізе береді екен. Өйткені өлеңге
кейіпкер болып оңаша бөлмеге бір қонған қонақ қыз қазір
ақынның сүйікті жары.
Бір кезде белінен бір тартқан алғашқы өлең жолдары
балаңдығына қарамастан қазір оның көңілін көбірек
мазалайды. Өйткені ол қайта келмес жалын жастықтың өз
дауысы, өз үні болатын.
*** Армансың сен, армансың, Айсың маған көктегі. Алғансың сен, алғансың, Асылым боп тек менің. Қайтем, жүрек ынтығып, Қайтем, көңіл ауса егер. Қара көзге нұр тұнып, Шыдамымды тауса бер. Илансаң да өзің біл, Иланбасаң өзің біл. Иманымдай сөзім бұл, Менде азғана төзім жүр.
*** Адам сырын мен көзден-ақ түсінем, Күлім көздер отыр небір жәудіреп. Осы кеште сол көздердің ішінен, Ықыласым біреуіне ауды көп. Тапқан жоқпын шығатұғын жол әлі, Шарықтайды көк аспанды ой талмай. Ол да отыр жалт-жұлт етіп жанары, Атайын деп, бір нәзік сыр айта алмай. Қанша ділмар, қанша шешен болсаң да, Махаббатта айтылар сөз, тіл басқа. Отың болып, маздап келіп жансаң да, Қандай қиын балаң сезім алғашқы, ә?! *** Түсінсең-ау: Сені құрбым көгімдегі Күн етем. Сені құрбым, көңілімдегі Гүл етем. Ех, дариға, соны ғана білсем-ау, Жүрегіңде тулап жүрген кім екен? Кездескендер ақ пейілді болса адам, Жүректерге мен достықтан жол салам. Кім болса да бақытты ғой сол жігіт, Елес берген өмірің боп ол саған. *** Жүрші, біраз қыдырайық, қалқашым, Саған деген сағынышым тарқасын. Мен қасыңда келе жатқан жоқпын ба, Неден жаным, қорқасың?
Мен сен үшін шыға аламын майданға, Мен сені іздеп таба аламын қайдан да. «Сүйем деші...» Ұяласың сен неден, Аспандағы айдан ба? Тұрсың қазір малынып кеп арайға, Тек өтінем, ұялмашы, жарай ма? Тек өтінем, қиялдашы, жарай ма? Зерлі аспанда жымыңдаған жұлдыздар, Куә болған талайға. *** Қиялымды қиырларға самғатып, Ой-толқынға сан шығамын, сан батып. Менің үшін томсарғаның қайғым да, Менің үшін күлгеніңде бар бақыт. Еркім болса аласұрған мына мен, Сені құшып, тыншыр едім, тынар ем... Неткен жан ең баурарлықтай сезімді, Қарап едім. Жанарыңда тұр әлем. *** Мына жанар тылсым ғой, жанар емес, япыр-ау, Көріп тұрып күрсінбей болар емес, япыр-ау. Төңкерілген қос күмбез сиқырлаған өзіне, Төсіңдегі қос анар, анар емес, япыр-ау. Дұрыстығын тек қана айтыңдаршы, ағайын, Жанып тұрған бұл қызға қандай теңеу табайын. Онсыз менің көңілім құлазыған құмды өлке, Онсыз менің көгімде күлімдеген жоқ Айым.
ТЕК ҚИЯЛДА...
Ұяң жігіт сүйсе өртеніп бір қызды,
Жәудір көзді,
Қолаң шашты,
Нұр жүзді.
«Әйелзатта одан сұлу жоқ»,– десе,
Теңесе оған аспандағы жұлдызды.
Жанарында жарқылдаған сыр тұнар,
Арманына аққу тектес ұмтылар.
Сол жас жігіт, сол сұлуға тек қана,
Ғашық болса аласұрып сыртынан.
Бір үмітпен жетелесе алға күн,
Бірақ қызға айта алмаса арманын.
Қармағына сәтін таппай түсірер,
Өкініштен шайнай берсе бармағын.
Тек қиялмен аймаласса, тілдессе,
Тек қиялда ұсынса оған гүл десте.
Тек қиялда көктөбеге бір шығып,
Тек қиялда жұлдыз санап күн кешсе.
Айтшы құрбым керек оның не істеуі,
Жөн –ақ болар,
Бұл жұмбақты шешкенің...
ЕСІМДЕ ТЕК...
Көкірегімді кернетіп күйге керім,
Есімде тек ес-түссіз билегенім,
Ынтыққаным, бірақ та сүймегенім.
Есімде тек: «Қайтайық – деген сөзің,–
Жеңгем іздеп қалады үйде менің».
Есімде тек тұрғаным үй алдында,
Жаныңа нұр білмеймін құя алдым ба?
Таңыма бір қол соқып қиялымда
Есімде тек сөккенім өзімді-өзім:
«Жасықпын ба осы мен, ұяңмын ба?»
Есімде тек қалғаны бітіп демім,
Мейлің, мейлің, жігерсіз жігіт дегін.
/Сөз айтар деп сол бойда күтіп пе едің?/
Есімде тек жанымды мазалады
Үміт пен күдік менің.
Есімде тек /бұндайда өтер қызық,
Тоғандарды тасқындар кетер бұзып/.
Есімде тек, иә, иә жүгіргенің,
Бір сүйіп ап бетімнен шөп еткізіп...
Тағы есімде:
«Мені сүй деп қыз қашан тосыпты ернін,
Тек қиялмен ләззатты кешіп бердің.
Батылдықтың еншісі-бақыттылық,
Бақытсыздық үлесі кешіккеннің,–
Деген сөзің соңынан мен құшқанда,–
Мәселенің бәрін мен шешіп бердім».
КЕЗБЕ БОП КЕТЕМ
Мәңгі мұз құрлық–
Антрактиданы қақаған,
Ерітейін жүрегімнің отымен.
Жол табайын Ай-Шолпанға да апарар,
Ерші, жаным өтінем.
Ғайып боп кетсең
Жатпаймын тау деп, теңіз деп,
Бір сен боп қана арманым менен аңсарым.
Кезбе боп кетем, айналып шығам сені іздеп,
Жер Шарын,
Қайғырмай-ақ, ақ үмітіммен саспай-ақ,
Басып өтем миллион шақырым жолды көп.
Саяхатымда жаңа Америка ашпай-ақ,
Өзіңді тапсам болды тек.
Махаббатымның беріктігіне сене бер,
Жүректе жатыр, айтылар саған талай сыр.
Ғайып боп кетсем мен егер,
Іздеуге өзің қалайсың?..
АҚ КӨЙЛЕКПЕН ШЫҒЫП ЕҢ... Көктем келіп жатқан кезде бақ гүлдеп, Ынтығасың көкке қанат қаққың кеп. Ақ көйлекпен аққудай боп шықтың сен, Айтқаның ба, «жаным таза, пәкпін» деп. Шын бақытты жанардан-ақ оқырлық, Көк шалғынға құшақтаса отырдық. Дір еткізіп, от денемді бір сезім, Кенет мені билеп кетті батылдық... Онан соң да, онан соң да сүйгенім, Еркімді алып талай рет биледің. Кездесуге шыққанменен сен бірақ, Енді қайтып ақ көлекті кимедің... Ақ көйлегің қол бұлғаған арман ба, Бақытым-ау бар екенсің жалғанда. Өзің бе деп елеңдеймін әлі мен, Ақ көйлекті қыз жалт ете қалғанда. *** Екеуден екеу, Оңаша бөлме, Сезім деген тамаша көлге. Күмп ете түстік, Көл суы ыстық. Өртене құштық... Келеміз енді бір батып, Бір шығып. Жағаға жетуге құлшынып...
*** Қызғанасың, сен мені қызғанасың, От боласың, кей-кейде мұз боласың. Шашын талдап ес-түссіз жұлардайсың, Көрсең тұрған қасымда қыз баласын. Қызғанасың, сен мені қызғанасың. Қызғанамын, мен сені қызғанамын, Шоқ боламын, кей-кейде мұз боламын. Қарақұсын оюға бармын мен де, Саған күліп сөйлеген бозбаланың. Қызғанамын, мен де сол қызғанамын. Бұның бәрі көп күдік үйгендіктен, Бұның бәрі бөтен ой түйгендіктен. Бұның бәрі мен білсем ең әуелі, Ес-түссіз сүйгендіктен, Иә, иә, сүйгендіктен. *** Сол тойда, Кездестім алғашқы рет, Тәтті ойымның сен кеттің жалғасы боп. Пікіріміз, сөзіміз сәйкес келіп, Жүректің қыл пернесін дәл басып ек. Іште тұнып айтылмай көп арманым, Іздедім. Сол кештен соң көре алмадым. Кеткен ұщып суықтан жылы жаққа, Жыл құсындай қайтадан оралмадың...
*** Ақтарсам деп өзіңе лағылын сырдың, Мен жүрек әміріне бағынып жүрмін. Келіскен түгіл, керіскен шақтарымды да, Сағынып жүрмін. Берген серттен мәңгілік өзгермей бір, Сағыныштың отына төзгендеймін. Мен тіпті сені шын сүйетіндігімді де, Дәл қазір сезгендеймін, Осы шақта неге әттең, кез келмеймін. Аңсауменен әзірге өтейін де, Сарғайып барып мұратқа жетейін бе? Жоқ, әлде, бәрін де қойып өзің жаққа, Тартып-ақ, кетейін бе? Айтшы жаным, не етейін мен?
САҒЫНДЫМ ҒОЙ Үйірімді ағысы бар толқынды, Сағындым ғой, сенің әсем күлкіңді. Сағындым ғой, бақыт таңын әкелген, Сағындым ғой, Сағындым ғой сол түнді. Сағындым ғой, ақ жүзіңді нұрланған, Екеумізді бақыт күтіп тұрды алдан. Сағындым ғой, Сағындым ғой сол кезді, Оңашада бөтен көзден ұрланған. *** Білмеймін... Өңім бе екен, түсім бе екен, Баурадың кереметтей күшіңменен. Сен әлде алмасың ба желінбеген, Сен әлде шарапсың ба ішілмеген. Білмеймін... Өңім бе екен, түсім бе екен, Баурадың кереметтей күшіңменен. Сен әлде аққусың ба аспандағы, Еш мерген атып әлі түсірмеген. Сен әлде бұлақсың ба тасқын атып, Ағатын арнасымен тас құлатып. Базарың бар, әйтеуір ажарың бар, Жігітті ессіз-түссіз мас қылатын.
*** Көрдім сені өзгенің, Қолтығында барасың. Тырнап кеттің, сезбедің, Жүрегімнің жарасын. Сыртқа сыр боп жайылмас, Іңкәр гүлдің солғаны. Қандай қайғы айырбас, Махаббатта болғаны. *** Асықпашы, Асықпашы, Асықпа, Асығыстық жараспайды ғашыққа. Мендегі өртті, сендегі өртті, сәулешім, Сөндіре алмас-ау, Ақ Жайық суын шашып та. Жүрек – жалын, Аспан – жалын, Түн – жалын, Тамашалап туған жердің қыр-жалын. Таң атқанша қыдырамыз жүр, жаным, Қасымда болсаң, қасымда болсаң сен менің, Бұл тағдырыма ырзамын. Толқынды қара, Ақ Жайық неткен өр еді, «Қылмысымызды» да Ақ Жайық қана көреді. Есімізді алып жалындай түссін біздегі от,
Өрт сөндірушінің ғашыққа, Керегі жоқ қой керегі. Сезімнен іңкәр құтыла алмаймыз қашып та, Мұндай сәттер табылмайджы ғашыққа. Қарсы аламыз таңның нұрлы шапағын, Асықпа сен, Асықпашы, Асықпа! *** Көзіңдегі сырды үнсіз, Ұғушы едім. Шақырғанда кірбіңсіз, Шығушы едің. Екеуміз де бал құрақ, Балауса едік. Атқан таңға албырап, Қараушы едік. Ажырассақ сағынып, Қалушы едік. Ақ жүректе ақ үміт Жанушы еді... Сол күндерден қалды іздер, Жосылып-ақ. Тынышталдық ал біздер, Қосылып ап.
МЕНІҢ КЛЕОПАТРАМ
Арнадан асып сыймаған,
Жүректе жатыр әндерім.
Жаныма гүл сыйлаған,
Ізбасар ұл сыйлаған,
Сен – Клеопатрам менің.
Жара - мұңымды кірпіктен,
Ұғып біліп.
Даралығымды кіндіктен,
Ұмыттырып.
Жіберген,
Иә, сен Клеопатрамсың,
Күліп тұрып.
ӘКЕ КҮДІГІ
– Алғашқы махаббатың оянды ма?
– Оянды...
(Қызымның альбомынан)
Алай-дүлей боп кеткені ішімнің,
«Асыл досым өзіңе альбом ұсындым»,–
Деп жазылған көк дәптерді ашып қап,
Ұрыдай-ақ өз-өзімнен қысылдым.
Ашуымды әлде ақылға жеңдірсем,
Әлі сәби, әлі сәби деп жүрсем.
Не болғаның, не болғаның қызым-ау,
Осы бастан біреулерге телмірсең.
– «Махаббатың оянды ма?
– Оянды...»
Жаным, мынау, шырқау емес жай әнді.
Дедім іштей, (не дейін мен не дейін):
«Болсын енді баянды».
СЕН-МЕНІҢ ШАҺАРИЗАДАМСЫҢ
– Бұл сырды айтам жүрегімнің үнімен,
Сезім отқа өртенердің бірі мен.
Білсең жаным,
Шаһаризадамсың, сен менің,
Ғажап-ғажап сыр шертетін түнімен.
Таптым сені, табарымды біліп ем,
Бүршік атқан алма бақтың гүлінен.
Әумесерлеу, бірақ адал жанымды,
Аялашы шын ғашықтың тілімен.
Жұмбағына бұл өмірдің кімнің жеткен зейіні,
Тұп-тұнық деп ұғынамын маған деген пейілің.
Менен асқан бақытты адам болмас жердің бетінде,
«Мәртебелі Патшам, десең күліп қана, –Ей, Ұлы!»...
–Ей, Ұлы, Бақытты Патшам!
Болып шықпай жол торитын қарақшым,
Болып шықпай шарапшыл,
Болсаң егер тәңірім.
/Ер әйелге болу керек тәңірі/
Ал тәңірдің екі етілмес әмірі.
Айтсаң болды
Арманыңды алып ұшар алысқа,
Құсың болам – Самұрық.
Гауһар тасты жүзік ек...
Тақпақ болған ер жігіттің жүзі кеп.
Сол гауһардың иесі сен, өзіңе
Шаһаризададан артық етем қызмет.
Тек қана... Бақыт үркек ұшып кетер қона алмай, Қонбаған соң мұң ұялар жанарға-ай. Көп әйелдер Шаһаризада бола алмай, Көп еркектер Әмір – Патша бола алмай. Өз патшасын тапқан ханым бақытты, Қарақшыға тоналмай... *** Ынтызар отым едің, Таңым бар қозасына әлі суы құйылмағанына. Бөтенсің. Өкінемін, Сенің бал-шырыныңның өзіме бұйырмағынына. Тағдырдан өтінесің, Таңың бар кеудедегі жанған от сөйбейтініне. Бөтенмін. Өкінесің. Сол дәурен – бал дәуреннің қайта бір келмейтініне.
ЕСКЕ АЛДЫМ...
Біз кездестік.
Кезді өткенді ой талай,
«Өзгеріпсің», осы сөзді,
Бердік іштей қайталай.
«Мұндай жігіт боларыңды білсем мен»,
Сөзің неткен сыйқырлы еді, сайтанай.
Өзімді де дей алмаймын мақұлмын,
Бір кездегі болдың рас «ақылдым».
«Қанша мезгіл көріспедік» дедің де,
Вальске кеп шақырдың.
«Түсінбедің, сені рас сүйгенмін»,
«Ғашықтықтың өртіне де күйгенмін».
Сұрағыңа жауап беріп жатырмын:
– Бойдақсың ба?
– Жоқ, бір қызға үйлендім.
Сұқтанғанын елемедің жастардың,
«Кеш түсіндім, әттең – дедің, – кеш қалдым».
Ал мен болсам (билеп жүріп) сол сәтте,
Ұлым менен сүйіктімді еске алдым.
*** Аппақ әлем... Айналамыз ақ бояу, Ақ бояуда бізден өзге жоқтай-ау. Қос жүректің кетті шаңын тазартып, Ешбір әсер жүрекке өтпес соқпай-ау. Соғады да, соғады да аптығыс, Дейді жүрек: «Арманыңды қатты құш». Ақ күміс қар үстінде біз келеміз, Сезімдердің пәктігі де ақ күміс. Алақанға қонған ақ қар еріп тұр. Қарап едім, Жанарыңда көрік – нұр. Ақ сәулесін шашырата қарайды, Төбемізден сұлулыққа жерік күн. Алақанға қонған ақ қар еріп тұр. Қарап едім, Жанарыңда көрік – нұр. «Бақыттыға кезігеді, қар гүлі», – Дейді халық, Қайтайықшы теріп гүл.
ПАРСЫ САЗДАРЫНАН /С.Есениннен/ Сергей Есениннің лирикасы адам сезімін сиқырлап, ғаламат күйге түсіреді. Өлеңдері қазақ тіліне аударылып, бірнеше рет кітап болып шықты. Оның шығармалары оқыған сайын мені де бөлек сезімге бөлейді. Ғ.Қайырбеков, Қ.Мырзалиев ағаларымның жеріне жеткізген көркем аудармаларына қарамастан ұлы ақынның «Парсы саздары» атты ұялас өлеңдерінің біразын мен де өзімше қазақша сөйлеткім келгені... *** Ескі жарам жүректегі шеменім, Жазыларын байқағам. Оның емі / болмаса да дегенім /, Тегеранның гүлдері мен шайхана. Шайханашы иығы да зор мына, Атақ пен даңқы тұрар сай. Арақ пен шарап орнына, Құяды маған күрең шай. Қожайын, сыйла барыңмен, Жазылсын жанның жарасы. Астынан перде жалынмен, Тегін бе қыздың қарасы. Қыз ғұмыр мына сіздерде, Байлаулы иттей аңдарсыз. Сүйісер жастар біздерде, Ақшасыз және қанжарсыз.
Мен ұнатқан орасан бір, Үшін Ару гүл өңі. Мә, шәлісі Хорасанның, Мә, Шираздың кілемі. Шәйіңді әкел, ағат менен, Кетпеді әсте Гүлдеймін. Өзім үшін жауап берем, Ал сен үшін...білмеймін. Шыныма сырдың сізге өзі, Бақшаңда маған есік бар. Күлімдеп перде астынан, Тұрғанда қарап қыз көзі, Айта алам мұны кесіп дәл! *** Бірді екі етер адамдарға байқаған, Иесінен шайхана. Деп сұрадым: «парсыша мен Лалаға, Қалай нәзік ғашықпын, – деп,– айта алам?» Дүниені жел секілді шайқаған Иесінен шайхана: Деп сұрадым: «Әдемі қыз Лалаға, Сүйгізші,– деп, – қалай ыммен айта алам?» Сұрадым мен, сұрадым мен тағы да, Жүрегімнің әміріне бағына: Қалай айтам әдемі қыз Лалаға, «Жаралғансың – деген сөзді – бағыма». Деді әлгі адам сұрағыма төзбеген: Гүл-махаббат айтылмайды сөзбенен. Айтылады, айтылады тек қана, Жарқ-жұрқ еткен көзбенен.
Айтарым сол және осы бар шыным, Сүю сөзін аударуға қарсымын. Сүю деген жинақталған гүл нәрі, Еріндерде еріп кетер бал шырын. Махаббаттан құтылмайсың қашқанмен, Барарың сол қайғырғанмен, тасқанмен. «Сен менікі» деген сөзді тек қана, Айта алады бет пердені ашқан қол. *** Шаганэ, менің Шаганэм! Айтуға жырдың қандайын, Далалық жанмен мен дайын. Елімде тербер ән дәйім, Шаганэ, менің Шаганэм! Солтүстік жақтың ұлымын, Желпіген самал тұлымын. Бермеймін Рязань сый-назын, Болса да сұлу Ширазың. Даламнан алған жирен түс, Егін, шашымды тербеймін. Қолыңмен сипа, өр мейлің, Өзіңнен өзге көрмеймін. Толқындаған егін жайды ай асты, Менің бұйра шаштарымнан ұғын, біл. Әзіліммен орап жатам, бүгін күл, Оятпашы елестерін сонау күннің бұлыңғыр. Толқынданған егін жайды ай асты. Шаганэжан, жаным менің Шаганэм, Арнағандай саған ән, Арнағанмын бір қызға. Ойлайтыны мен болармын тым қызба... Шаганэжан, жаным менің Шаганэм!
*** Дедің сен: «Саади әйелдің, Төсінен өзге сүймеген», Тоқтай тұр жаным /әй, өлдім/, Оны да мен үйренем. Әндеттің тағы: «Қыздары, Ефрат жақтың-бейне гүл». Бай болсақ егер біз дағы, Болар ед өзге сөйлемің. Қуаныш маған жаға ма? Жұлар ем гүлдің бәрін мен. Шаганэ, жаным Шаганэ, Асып кетпеу үшін әріңнен. Сүймесең мені келмес ең, Айтпа сен ойдың жоқ емін. Ақын боп тудым ендеше, Ақынша сені өбемін. *** Босфорда болу жазбаған, Болмад деп және сөкпеңіз. Көгілдір оты маздаған, Жанарың сенің-көк теңіз. Бағдатқа және бармадым, Керуенмен жібек тасыған, Тізеңде сенің -арманым, Дем алсам-ау деп асығам. Жаныма, менің денеме, Бермесе деймін ит өлім. Парсының қызы, келе ме, Қиялдағы елді бір көргің? Мықты еді неткен жаратқан, /Толмай ма сірә, тақымың/.
Телмірте саған қаратқан, Ресейдің мықты ақынын. Еліктірдің гүлге ұқсап, Сен шақырдың, жолдамын. Аймалады жұп-жұмсақ, Аққу қанат қолдарың. Күндерге өткен өкінбен, Белгісіз не күн тумағы. Бір нәрсе айтшы, өтінем, Көңілді елің туралы. Келсем де сені ұнатып, Тағдыр неткен көп әсем. Бір нәрсе айтшы жұбатып, Алыста қалған аруды, Сағынсын жаны демесең. *** Алқызыл нұр шашқан әсем өлкеде, Гүлдер үнсіз ғашық жырын шерте ме. Хайям айтқан бір әнді айтшы, аяулым, Жаным мұңлы бір нәрсеге қаяулы. Гүлдер үнсіз ғашық жырын шерте ме. Шираз үстін көмкереді ай нұры, Ал жұлдыздар бүркей ме екен қайғыны. Ұнамайды осы дәстүр еш маған, Гүл қыздарды перде астында ұстаған, Шираз үстін көмкереді ай нұры. Әлде тәнін отты лептен қорғай ма, Кетпейін деп, кетпейін деп, тез еріп. Әлде Ерді құпиямен арбай ма, Перде астында ләззат ерін кезеріп.
Дос болмашы қымбаттым, сол пердемен,
Ұғынып ал осы ойды жан тербеген.
Өмір қысқа және бізге табиғат.
Сүйісуге ұзақ мерзім бермеген.
Ұғынып ал осы сөзді
Жан жүйеңді тербеген.
Ажарсыздың да жұрт сүйсінер құлқы бар,
Тамаша ғой бетке біткен шіркін әр.
Жаратылыс берген әрді тұмшалау,
Бұл күнә ғой,
Бұл күнә ғой, бұл-күнә.
Гүлдер үнсіз ғашық жырын шерте ме,
Болмау керек жүректерде қаяу-мүң.
Түс көремін, өзгеше әлем ояумын,
Ақын Хайям шерте алмаған әуенді,
Мен шертемін өзіңе арнап, аяулым,
Гүлдер үнсіз ғашық жырын шерте ме?!
ӨЗІҢ ЕДІҢ...
Әні: Айтқали Жайымовтікі
Қызғалдақтар гүл атқанда бақтағы,
Өзің едің өмірімнің ақ таңы.
Өзің едің қуанышым, бақытым,
Өзің едің жас жанымның тапқаны.
Бал күлкіңнен жанға ләззат алғаным,
Сен жүргенде нұрлы еді бар маңым.
Өзің едің жүректегі әнімде,
Өзің едің, өзің едің арманым.
Алау отын жүрегіңнің жақты кім,
Ұғасың ба көңілімнің ақтығын.
Өзің едің өмірімнің гүлі де,
Өзің едің, өзің едің шаттығым.
АТЫРАУ ЖАСТАРЫНЫҢ ЖЫРЫ
Әні: Айтқали Жайымовтікі
Атырау сенен тыныс, жыр аламын,
Жайқалттық сұр далада гүл алаңын.
Армандай қолын бұлғап шақырады,
Оттары самаладай мұнараның.
Қ-сы:
Бақыттың тәтті балы,
Фонтан боп атқылады.
Бұл дала дастан – аңыз,
Бұл дала – аққу әні.
Атырау асыл әнім, ғашық әнім,
Сапардан оралғанша асығамын.
Бойдағы ұқсатамын қуатыма,
Көктемгі Ақ Жайықтың тасығанын.
Атырау армандас көп өр төсіңде,
Ұл-қызың құдыретіне елтесің бе.
Сан ұлтты мақсаты бір табыстырған,
Айналдың ұлы достық өлкесіне.
ЖАУЫНГЕРДІҢ ХАТТАРЫ-АЙ
Әні: Амангелді Орақовтікі
Туған жердің бар тынысын өңгерген,
Жауынгерге сапар шеккен хаттар-ай!
Самал болып жүректерге дем берген,
Ұшыңдаршы, ұшыңдаршы тоқтамай!
Ауылдың ақ таңы боп,
Қыздардың аттары боп.
Достықтың оттары боп,
Көңілдің ақ қары боп.
Көктемгі бау үні боп,
Шілденің жауыны боп,
Ұшыңдаршы!
Жүректегі сағынышты аунатып,
Жауынгердің жазған жарқын хаттар-ай!
Жігер отын, жалын отын лаулатып,
Туған жерге жетіңдерші тоқтамай!
Сарқылмас қуаныш боп,
Бойдағы бұла күш боп,
Зулаған жылы ағыс боп,
Қырағы көздері боп,
Аяулы сөздері боп,
Аңсаудың бұлағы боп,
Махаббат шырағы боп,
Жетіңдерші!
АРМАНСЫҢ СЕН АРМАНСЫҢ
Әні: Ғалымжан Сағынбаевтікі
Қалған шақта кездесе,
Ұшқын атар көзіңде.
Ал мен болсам өзгеше,
Бөленемін сезімге.
Қ –сы:
Армансың сен армансың,
Айсың маған көктегі.
Алғансың сен алғансың,
Асылым боп тек менің.
Төсіңдегі қос алма,
Әп -әдемі бұлтылдар.
Деймін неден жасалған,
Есімді алған құрғырлар.
Қарай берші осылай,
Көңілімді қайтармай.
Аспандағы асыл ай,
Жүрмін сырды айта алмай.
АЖАРЫМСЫҢ, АҚКЕТІК
Әні: Бақытжан Еламановтікі
Бір өзіңде шежірем бар, салтым бар,
Ақ желкендер көк айдында жалтылдар.
Ғашықтардай бірін-бірі сағынған,
Жағалауға асығады толқындар.
Қ –сы:
Ажарымсың, Ақкетік,
Базарымсың, Ақкетік.
Достарға кең пейілі,
Наз әнімсің Ақкетік.
Бір өзіңде жыр кені бар, алтын бар,
Келген адам достық жайлы ән тыңдар.
Шағалалар арулардай қалықтап,
Қанаттары, қанаттары жарқылдар.
Аттың басын талай адам тіреген,
Сая баққа жұпар иіс гүл егем.
Ең алғашқы астанасы өзіңсің,
Маңғыстаудай түбегімнің түлеген.
Төртінші бөлім
КҮЗЕТЕМІН, СЕНІ , ОТАН !
Қырық бірдей күн туса саған, Отан,
Жалмамақ боп бақыттың байтақ әнін.
Махаббатпен кіршіксіз балаңа тән,
Жарқ етем, – деп көгіңде айта аламын.
КҮЗЕТЕМІН, СЕНІ ОТАН! /Жас жауынгер жазбаларынан/ 1. СӘУЛЕЛІ ДОСТЫҚ МЕНДЕГІ ТІЛЕК Кек пенен ызаны оқ қылып ататын, Солдаттар майданда қансырап жататын. Ыңырсып, күрмеліп әрең тіл қататын, Соғыстың апатын, Көргем жоқ. /Көру үшін де өмірге келгем жоқ/. Бірақ, мен жауыздық, тағылық ісімен, Тарихта қалдырған өшпейтін ізімен. Естумен, аяғы, қолы жоқ кісіден, Түсінем. О, менің киелі мекенім, Соғыстың құнының не екенін. Қайтадан сол өртің жанбасын, Жүректер шаттықты толғасын. Сұм қайғы басқа кеп қонбасын, Армандар солмасын, - Деп ұлың тапжылмай қырағы, Ей, Отан, күзетінде тұрады. *** Қырық бірдей күн туса саған, Отан, Жалмамақ боп бақыттың байтақ әнін, Махаббатпен кіршіксіз балаңа тән, Жарқ етем, – деп көгіңде айта аламын. Кемерінен жігерім жатыр асып, Кеудем менің тұрады дауылдан тек. Ондай сәтте солдаттар Матросов,
Командирлер кетеді Бауыржан боп. Ерлік оты жанарда жанады шын, Мен жанымды дүлейге сынаттырам. Танктің табанына Отан үшін, Гранат қып жүректі лақтырам *** Опасыз боп кетсем, досым, Шалыс басып жаңылыс. Жүрегіңді кек кернесін, Шап басымды, мә, қылыш. *** Ей, адамзат! Райхан гүлдер солмасын, Бақыт құсын қондыратын қолға шын. Жыламасын жарын күткен жас ана, Құламасын алтын діңгек – босаға. Атында да, затында жоқ ұсқын, Кім тілейді алапатын соғыстың. Сәні неде, мәні неде дүниенің, Ару жүзі тартып жатса көгіс кіл. О, жендеттер! Сенбе мейлі, сен мейлі, Біз ешкімді тонағымыз келмейді. Жер шарының түкпіріне тым алыс, Күн сәулесі түссе бізге қуаныш. Атында да, затында да жоқ ұсқын,
Кім тілейді алапатын соғыстың. ...Ал соғыста шегінбеймін бір адым, Бірақ менің бейбіт өмір жыр-әнім. Бірақ менің туысқандық мұратым. *** Жауыңнан еш ығыспа, Қорқынышты тіпті ұмыт. Солдаттарға ұрыспа, Ең керегі – мықтылық. Жауыңмен еш ұғыспа, Арыңды ойла Отандық. Солдаттарға ұрыста, Ең керегі – қаталдық. Құлата алмас тауыңды, Оны осал деп ойлама. Жеңу үшін жауыңды, Керек және айла да. Командирдің бұйрығы, Аманаты Отанның. Сондықтан да сыйлы ол, Сондықтан да қатал тым. Жараланып ауырмен, Қалсаң да жау торыңда. Болсаң нағыз жауынгер, Сол бұйрықты орында. Тосып өлім – «сыйлықты», Қиын-қиын жол жатсын. Орындасаң бұйрықты, Міне, сонда солдатсың.
*** Малмау үшін арулар, Қайта жасқа кірпігін, Болдырмауға жарылған, Бомбалардың зіркілін, Күзеттемін! Мұқалмауға көңілдер, Қапасында тор сымның. Көз жасы боп егілген, Деген оймен құрысын мұң, Күзеттемін! Гүл егуге алаңға, Бұлт шалмауға аспанды. Адам менен адамға, Жасатпауға қастандық, Күзеттемін! 2. САМҒАДЫМ КӨККЕ ӨЗІҢДЕ ТҮЛЕП Бақытты тартып алар қиядағы, Асыл арман кеудеме ұялады. Менің орным – мұнайлы мұнаралар, Менің орным – театр, би алаңы. Менің орным – домнаның от демінде, Менің орным – армандар мектебінде. Менің орным – комбайн кабинасы, Менің орным – жайлаудың нақ төрінде. Бұрыс кеткен қатемді түзет, сына, Ей, ағалар! Бас ием ізет қыла. Менің орным – бортында «Союздардың», Менің орным – Шекара – күзет мына.
*** Жүрмесемде даңқ пенен атақ ап, Киелі Отан, балаң сыннан өте алад. Жүрегімде – сыймай жатқан сағыныш, Жүрегімде – қимай кеткен махаббат. Әсем неткен күліп атқан таң шағы, /Менің жаным бір бақытты аңсады/. Зер төгемін болып Отан, Қадыр жыр, Аймалаймын болып сені Шәмші әні. Қымбат маған гүлге тамған күміс шық, Қымбат маған арадағы туыстық. Жүрегіме қаным болып тараған, Қазақстан атың сенің тым ыстық. *** Кіріскем жоқ әзір мен күз қамына, Сенбес едім жүрегім мұздарына. Мен ғашықпын – өр тұлға ұлдарыңа, Мен ғашықпын қыпша бел қыздарыңа. Жүземін де, көп сырға қанамын не, Оранса ақ сәулеге дала мүлде. Мен ғашықпын –ақ боран қуатына, Мен ғашықпын – хош иіс лала гүлге. Сары аязды үскірік қыста мына, Орап алам жүрегім ыстығына. Ғашық болсын дәл мендей Ғашық болмау, Жастар үшін кешілмес күшті күнә. Жүрек жатыр кеудемді өртеп менің, Ол өзі сүйер білер тентек керім. Бұл жүрекпен сен үшін, аяулы Отан, Жанымды да қиюға серт еткенмін.
*** Отанымның жауына ор қазам, – деп, Тарихтың жарқын бетін жазам, – деп, Лақылдаған оққа ұшты, жас дәурен, Лапылдаған отқа түсті, жас дәурен. Демейтұғын күшім бітіп таусылды ой, Жастық деген батыл болар маусым ғой. Замандас–ау, осы шақта, Бір лапылдап көрмесең, Қарыздарсың аяулы Отан, елге, сен! 3. АҢСАДЫ СЕНІ, САҒЫНДЫ ЖҮРЕК Аңсаймын қырды желпіп бір самал өткенде, Аңсаймын сырды құрбыға шертер көктемде. Кездескендердің бәрін де құшсам деп жүрмін, Жатсыну деген жоқ менде. Бозторғай көкте бар әуенімен қайталап, Шарықтап тұрып, сазды бір әнді айтады-ақ. О, шіркін, дала, Жазығыңда бір желпінбей, Жазира көңілім қалайша мынау жай табад. ***
Шықпай жатып ауылдан-ақ, жол бастап, Қобыз-кеудем сағынышқа толды асқақ. Түсінді ме менің мөлдір сырымды, Кетті бір дос солдат жайлы ән бастап. Сезім жайлы бұл нәзік ән, асқақ ән, Бақытты етті мені өзгеше басқадан. Адам жанын түсінетін достар-ай, Қайда жүрсем сендерді естен тастаман. Вокзал басы абыр-сабыр көп халық, Қоштасу сәт зымыраумен жетті ағып. Поезд жүрді. Қимастықпен қол бұлғап, Жас жарым мен достар қалды топталып... *** Ұйқыда бар әлем, Мен жалғыз ояумын. Заматта барар ем, Алыссың, аяулым. Шалқитын теңіз боп, Сол таңдар атсын да. Бұл түнде мені іздеп, Сен де әлде жатсың ба? Жүрегім от дер ем, Ұнатқан үшін бе. Өзіңді көп көрем, Көп көрем түсімде. Керемет көркің де, Сәулесі жанса айдың. Таусылып еркім де, Аңсаймын, аңсаймын. Қанша айлар өтпеді,
Жаныммен бірсің бе. Бір көрсем деп мені, Аяулым, жүрсің бе? *** Күтіп бірге жылдағы жыл құсымен, Болып жүр ме жаныңның күлкісі кем. Толып жүр ме жүрегің сағынышқа, Нөсер тілеп жаумаған бұлт ішінен. Қызыл нұрға боялған таң шағында, Аңсадың ба сен мені, аңсадың ба? Жалғыздықтың азабын көңілге орап, Жүрегіңді батырдың қанша мұңға. Қырға шығып гүл терген кездеріңде, Іздедің бе, сен мені іздедің бе? Жарқын бейнең күн болып күлімдейді, Өтіп жатқан күндердің тізбегінде.
ӘН Ойын, қырын, адырын, Құшқың келіп жүресің. Досым, елдің қадірің, Алыс жүрсең білесің. Өзге өңірден ерекше, Сұлу болар таңы да. Құмартасың керексе, Аунасам деп шаңына. Айтар болсам жасырмай, Оның сыры, мәні бар. Әр жүректің асылдай, Туған жерге әні бар. Жүрегіммен енді ұққан, Хабар күтіп күнбе-күн. Шекарада сондықтан, Сақшы болу-міндетім.
Бесінші бөлім
ОЙ тамшылары,
АРЫМДЫ қамшылады
Өмір заңын түсінем,
Тіршілікке ілесіп.
Улы газдар ішінен,
Келе жатыр гүл өсіп,
О, ғажап!
*** Біреулерге баю деген арман, ә?! Сыймайсың-ау кейде адам арнаңа. Сатылады бұл дүниеде бәрі де, Ауа, Ауа, Сатылмайтын сен ғана. Небір ойлар тулап жатыр санамда, Қанағат жоқ Неге, Неге адамда. Ауа, өзің тірлік беріп келесің, Онсегіз мың ғаламға. Керек, керек дүние сырын шын ұғу, Ылайламай жаратылыс тұнығын. Өркениетке жеткізген де сол еді, Адамзатты құртатын да – құнығу. Кей істерді түсіне алмай жатам-ау, Жүрегімнен лапылдайды от-алау. Көзбен көріп, Қолға ұстауға болса егер, Бұл адамдар ауаны да сатады –ау!!!
*** Себезгілегенде таңнан нұр, Шығарып әсем жаннан жыр. Мінезіңмен, ісіңмен, Айналаңды таңғалдыр. Қарамас ешкім бұған жай, Шарасынан көз шығардай, Тамсануменен бәріде, Әп-сәтте қалсын ұға алмай...
*** Мидағы– Клеткалар ақпараттар жинағы. Ашылуда құпиясы дүниенің, Алла берген сый бәрі. Жер –Анамыз екен құттай шар ғана, Түкпірі жоқ бүгін адам бармаған. Басқарылар бәрі –бәрі бір қолдан, Бұрын болған біреулерге арма – ән. Кең ғой десем, бұл дүние тар екен, Қуаныштан қайғысы көп, зар екен. Бірақ бәрін бітістіріп жіберер, Ақыл, Сана, Берекем. Демей адам: «Құшағыма сыймады», Артылса да өзгелерге қимады. Қызғаныштан, мешкейліктен ада бір, Басқарса екен барлар ғана иманы. *** Ақыннан ақыл сұра ма, Білседағы Айтпайды ақыл сірәда. Одан да сұра: Келсе егер гүл боп өрілгің, Түніне тылсым берілгің. Шарапқа қызған қандай,– деп, Тұмсықты бұзған қандай,– деп. Айтады саған бір-ақ сөз: «Көреді бәрін маңдай»,– деп.
*** – Сұлулық – Дүниені ұстап тұр,– Деп едім. Астына алды ол қыспақтың: – Казинода сатылатын салдақы Сол сұлуды құшпақ кім? Келдідағы одан әрі талдағым: – Дүниені ұстап тұрған Сонда кім, Сұлулыққа құмартқан, Қайда қалмақ арманым?– Дедім тағы. – Дүниені ұстап тұрған – Өсектер, Өсек болып торын құрған– Есептер. Есеппенен айналады Жер шары, Түкте емес сұлулыққа аңсарың.– Дегені. ...Өмір сенің тылсымың Неткен көп еді... *** Өмірден көргені кіл азап Болса да, Мұңаймай бұ қазақ Келеді, Үмітін үзбеумен, Бақытын іздеумен. Сол бақыт – әрі нұр, әрі ізгі, Арбайды ақ сағым тәрізді.
Қусам да жеткізбей қашады, Тұлпармен шұбалған шашағы. Ырзығым мол екен, Төгілген көл екен. Әйтеуір Достарым ырза боп кетеді, ...сол маған жетеді... *** Коммунизм... Ол идея күйреді, Капитализм... Елді қайта биледі. Коммнистер – ел тірегі бұрынғы, Шыға келді буржуой боп жырынды. Меншік, Меншік, Меншік үшін қырқысу. Жағаларды жыртысу. Абыр-сабыр, әркімде бір жанбағыс, Әр қоғамда, өзіндір бар дағдарыс. Оқиғалар... Таңдандырды тап мені, «Коммунизм идеясы» тәтті еді. Барлығы тең қоғамда, Тап күресі жоқ онда. Қабілетіңе, еңбегіңе қарайтын, Маған, Саған, Оған да. Асты-үстіне түсіп жатқан дүние, О-о, Кең Алла!
*** Дала, Дала, Ұлы дала, Кең дала, Ұлылығың түсінетін мен балаң. Бар қымбатым, Махаббатым, Мұрат-мүддем Сен ғана. О, байтағым Толғана алмас сен жайлы, Сезімі жоқ жан ғана... *** Өмірден көргені кіл азап, Сондада өлмеген бұ қазақ. *** Түсті де сәуле Қараңғылықты қақ жарып, Дүние болды жап-жарық. Ал ол сәуле, Ол сәуле, Сәулесі еді – Дінімнің. Сәулесі еді –Ілімнің. Бұған дейін Әлемді, Қараңғылық қаусырған. Менің айқай-даусымнан, Жаңғырықтар шықты тек қана,
Тау-шыңнан. ...Қауызын жарған Гүлімнің. Тасқа қашалған Тілімнің. Тарихын, Жазбалардан танимын. «Қазақтың түбі...» Осы бір сауал мазалап, Келмей жүр менің әлі ұйқым... *** Өмір заңын түсінем, Тіршілікке ілесіп. Улы газдар ішінен, Келе жатыр гүл өсіп, О, ғажап! *** Пәк адамға ғайыптан, (Дәлелім мол сүйенер). Тағылады айыптар, Жағылады күйелер. Ел мықтысын «жазалау» – «Зікіршілер жиыны». Ол күйені тазалау, Қиындардың қиыны. Өтірік-шын амалдап, Кездер болды есірген. Депутатты жамандап, Әкімдерді кетірген... Осылайша әңгүдік, Айлаларын асырды.
Ойбайлауды «ән» қылып, Киелерді қашырды. Малұғындық әрекет, Болып алды жиі өнер. Ұрса деймін соларды, Маңғыстаулық киелер. *** Өмірде Не болмайды дейсің: Шығуын шығып биікке, Басы айналып, құлайтындар да болады. Жаны ашып, сол бір күйікке, Жылайтындар да болады. Бар кемшілікті үйіп кеп, Табалап сені, Сынайтындар да болады... *** Ей, Шаханов! Аруақпен алыспа киесі ұрар, Құмырысқамен белдеспес түйе сірә. Сенбесеңіз жүгінелік Құранға, Пайғамбар мен Патшаларды Жібереді бір Алла! Сол патшалар бірегейі - Шыңғысхан, Тайпаларды бір-бірімен қырылысқан. Мемлекетке ұйытуға жіберген,
Мол дарынмен және асқақ жігермен. «Қанішер,– деп Ұлы Ханды,– қатал-ақ», Аптыққаныңмен. «Жазушы, – деп, – жетіжүздің жетеуі-ақ», Шаптыққаныңмен. Өзгелердің «енелерін» ұратын, Сен бәрібір бола алмайсың «ұлы ақын». *** Оралар ма өткен күн, Гүл майсалы көктемнің Кезі еді. Тасып жатты, Арнасынан асып жатты, Әшейінде моп-момақан Жем өзені. Ақсәулеме ғашықпын мен, Кездесуге асықтым мен. Тағат таппай күтетінін оның да Ішім сезеді... *** Өзінше бір патшалық қой су асты, Итбалықтар момын, әрі жуасты. Жуасқа үйір қай кезде де қиянат, Жанарында қалыпты мұң ұялап... Жағалауда жатыр оның қаңқасы, Батады ғой жанға осы...
*** Бір арманмен шектелмей, (Бұ несі екен білмеймін). Гүл жайнаған көктемнен, Аппақ ақ қар іздеймін. Бала күнгі құрбыммен, Ойнағым кеп қуыспақ. Сол ақ қарды тұрдым мен, Салғым келіп уыстап, Мойынға... *** Қарама маған тесіліп, Сөйлей алмаймын есіліп... Жолаушыдай пойызынан кешіккен, Ылғи да жүрем кешігіп. Алдап кетер үміттің, Несі үміт!.. *** Бәтіңкі, Бәтіңкі, Бәтіңкі, Тері ғой дейміз біз затыңды. Лақтырып өзіңді АҚШ-тық патшаға. Ирандық журналист шығарған атыңды. Шөп басы осылай желменен ырғалды, Әйтеуір сен жайлы ғажайып жыр қалды. Хрущев көкеміз ООН-ның мінберін, Өзіңмен ұрғанды.
Намысын елінің қорғамай тұра алмай, Әріптесім сілтеді сені өткір құралдай. Мен болсам отырмын , Шыбын да ұра алмай... *** Таусылмайтын қызығы, Дейді аңыздың үзігі... Басқарыпты ғаламды, Сүлейменнің жүзігі. Өлі менен тірінің, Қолында екен тізімі. Үзілмеген бағында Пейіштің алма, жүзімі. Жақсы менен жаманның, Бұзылмаған сызығы. ...Сыртта ызғырық күз үні. Керек болды мағанда, Сүлейменнің жүзігі... *** Гүлдәуреннің бақшасында гүл атып, Бір-біріңді шын беріле ұнатып, Қозы менен Баян болып сүйдіңдер, Қол ұстасып бір өтуге түйдіңдер. Көкіректе армандарың айға асып, Төрде күліп отырсыңдар жайғасып. Сендер тіккен жас отаудың уығын, Достарың жүр ақ ниетпен байласып. Сол отаудың шаңырағы шайқалмай, Жүректерде кірбің кірі байқалмай. Бақытты боп өтсін деумен, Жемісі мол алма ағаштай, Гүлдер шашып кетсін деумен,
Өмірдің бар мол қызығын,
Тек сіздерден көбсінбеумен.
Қос көгершін көкке қанат қақты деп,
Біз тілейміз ақ жүрекпен ақ тілек.
29 03 96
ҚИЫП ТҮСЕР ҚЫЛЫШЫМ
«Абыл –зергер, Қашаған – ұста,
Абылекеме кім жетсін...»
Қашаған Күржіманұлы
Запыранын өмірдің,
Талай-талай асаған.
Жасы сексен жасаған,
Өлең сөздің ұстасы,
Уа, бабам Қашаған!
Айтсам сөздің дұрысын:
Қиып түсер –қылышым,
Есіп ішер – ырысым,
Базарымның – пұлысың,
Қазағымның дүрісің,
Ұқсамайтын жүрісің,
Ірілерден –ірісің,
Өзгелердің татиды,
Мың ісіне бір ісің,
Маңғыстаудың бағына,
Туған жансың жыр үшін.
Қол жетпейтін өресің,
Тектілікте – Төресің,
Мұз жаратын кемесің,
Зырқыраған жебесің,
Бай-манаптар көріпті,
Сенен ғана көресін.
Мақтап едің оңдыра,
Қасиетті домбыра,
Сазды әуенге толды да,
Үйіп-төкті мол мұра.
Сәукелесі үкілі,
Салтанат қыз мықыны...
Есқалидай сұпыны –
Буындырды үкімің,
Бәрі-бәрі жырланды,
Кейбір беттер нұрланды,
Кейбір беттер сұрланды
Келген кезде ұтыры.
Ашулансаң – топансың,
Жарамсаққа – қаталсың,
Айтысуға өзіңмен,
Қай жаужүрек баталсын.
Бағдарым –Темірқазық ең,
Сыпыра жырау көзі ме ең,
Қазтуғанның сөзі ме ең?!
Шыдаған сынға төзім ең.
Табыстыңдар сұңқарлар,
Жыр менен күйге іңкәрлар,
Ақтауда Құрманғазымен.
Өжетсің – ау, өжетсің,
Кейде арынды тежепсің,
«Өлең сөздің зергері –
Абылыма не жетсін?!» –
Деп кетіпсің Дүлділім,
Кішірейіп ағаға,
Мырза болып бағаға.
«Жабыспаңдар – депсің-ау,
Шуылдақтар жағама»
Қысың өтсін, жаз өтсін,
«Жібек емес бөз өтсін»
Дейтін мынау заманда,
Өр мінезді Қашеке,
Ер мінезді Қашеке, Жарлы, бірақ арлыға, Көл мінезді Қашеке, Дүниеқоңыз барлыға, Шөл мінезді Қашеке, Бізге аса қажетсің! Айтар болсақ өзіңше: «Өлең сөздің ұстасы – Қашекеме не жетсін!!!» *** Деп жүріп: Алау маздаттым, Сырларын жүрек қозғаппын. Өзімді-өзім япыр-ау, Жоғалтып ала жаздаппын. Деп жүріп: Арай күн бұлай, Қалмас-ау деп тұнжырай. Құрметтей де білмеппін, Өзімді-өзім сұмдық-ай?! Мәуелесін деп көп гүлдер, Нөсер-жыр лекіп төктім мен. Жарқырап шыққан жауһазды, Әркім-ақ таныр деппін мен. Сезімдерімді-нұрлы екпін, Келгені рас гүлдеткім. Іші тар кейбір жандардың, Қақпаны барын білмеппін. Кемшілігімді кеш білген, Сынадымдағы кештім мен. Сөгіс пен ұрыс естуге, Қақым жоқ енді ешкімнен.
САРҒАЙҒАН ДӘПТЕР БЕТТЕРІНЕН: АЙ Баяу жүзген аспандағы, Аспандағы ай мына, Ортақ болған о, адамзат шаттығыңа, қайғыңа. Қалың бұлтты ысырғандай, күлім көзі жарық етіп, Менің айым туар екен, Туар екен қай күні, ә?! Төгіп сонда шұғылысын, Шұғыласын нұр себер, Екі ғашық балқып түнде, от құшақта жүрсе егер. Бірін күндіз, Бірін түнде, о, табиғат егіз қып, Жасаған ба күн мен айды, бұл әлемде бір шебер. *** Жанарыңда достық отын маздайтын, Жүректегі ұғушы едік назды айқын. Үйлендің де бір сұлуға, сен мүлде, Болдың хатта жазбайтын. Жүрек сырын айтпай қалмас тағы тіл, Хат жазуға жоқ па әлде уақытың. Ұмыта ма әлде осылай достарын, Тапқан адам бақытын. Қыздар жайлы көп айтатын сыр қалып, Тұрмыс жайлы бір қуанып, бір налып. Қалдық па біз, Қалдық па біз досым-ау, Шыныменен бір құшаққа шырмалып.
ХАТ Ақпаның да, Шуақты жазыңда бар, Хатыңда әзілің де, назың да бар. Тұратын еркелігің бірге атылып, Хатыңда жанарың бар нұрға тұнық. Әкелер жанға ләззат бұл күнде бал, Хатыңда сыңғырлаған күлкің де бар. ...Мендегі жас жүректі бағындырған, Сол хатың келмей кейде сағындырған. ЕҢ СҰЛУ АЙ Ару Май! Табиғатта ең сұлу ай, әдемі ай, (Достық күнін таңдай білген адам-ай). Қыраттарға, хош иісті бақтарға, Өтіп көрші көзіңді бір қадамай. Тыншымайсың жүрегіңе от орап, Гүл атады сенде нәзік махаббат. Осалсың ғой, Осалсың ғой бұл кезде, Болсаң да асқан сезіміңе қатал-ақ. Жасарып тұр бар дүние көкпеңбек, Құмартасың «мақсатыма жетсем», – деп. Кешіресің, кешіресің жастардың, Мұндай кезде қызбалығын «көктем», – деп. Өтіп көрші көзіңді бір қадамай, (Ашық жанды, ғашық жүрек адам-ай). Махаббат бар, Нәзіктік бар, Пәктік бар, Табиғатта ең сұлу ай, әдемі ай – Ару Май!!!
*** Қызғалдақтар, Қыр төсінде қаптаған, Сезімсіз жан сені батып таптаған. Сезімсіз жан сені өңіріне тақпаған, Қызғалдақтар, Қыр төсінде қаптаған. Қызғалдақтар, Сен бар жерде ғашық бар, Сен жатасың сезім сырын ашып дәл. Сен жатасың жүрек қылын басып дәл, Қызғалдақтар, Сен бар жерде ғашық бар. Қызғалдақтар, Қыр төсінде жанатын, Сұлулыққа, нәзіктікке мол атың. Жүректерге сағыныш боп толатын, Қызғалдақтар, Қыр төсінде жанатын. *** Тербетті де сезімнің күйі балғын, Мен алғаш қыз ернінен сүйіп алдым. Махаббат оты ма едің, жас жүректің, Махаббат шыңы ма едің биік ардың. Қағып қиял қанатын биікке тым, Өртеніп баратқандай күйіп бетім. Менің тұнық көңілімді шайқап өткен, О, қаракөз, сен неткен сүйікті едің.
ҮЙЛЕНГЕН ДОСҚА Бара қалсам үйіне мен, әзіл айтпай тұрмас көп, Бара қалсам үйіне мен, қарсы алатын құрдас деп. Ақ көңілі жұбайлардың ақтарылмай қалды ма, Тамағы да, шарабы да дайын тұрар алдамда. «Түссем-ау, деп, тойыңа бір, келген сайын ойдамын, Үйленесің енді қашан, жалғыз басты бойдағым. Біздер құсап қосылып ап (әзіліміз десек те), Жатпайсың ба тыныш тауып, дөңбекшімей төсекте». Дейді де ол наз айтқандай, нәркес көзбен арайлы, Шаттанып кеп, күлімсіреп жан досыма қарайды. Қызығамын осы бір сәт жарастыққа, наздыққа, (Бізде сәулем хат арқылы, талай назды жаздық та). Жас жұбайлар, ылғида алдан күн күлетін болсыншы, Жүректерің қуанышқа, шын бақытқа толсыншы. ӘКЕ СӨЗІ Жолдар, Жолдар қилы-қилы бұралған, Қандай жолдар сені күтіп тұр алдан. Өмір деген, өмір деген балам-ау, Сан жолдардың қоспасынан құралған. Жолдар, жолдар қилы-қилы шатқалаң, Жолда жатқан оңай бақыт жоқ, балам. Орта жолда белестерден аса алмай, Жете алмайды мақсатына, тоқтаған. Алда құшақ жайып жатса гүл өңір, Адам үшін қайғыра біл, күле біл. Жол үстінде кездесесің бәріне, Кейде тәтті, Кейде ащы бұл өмір.
СОЛДАТ СӘЛЕМІ
Кеудені кернер ән болсын,
Деп жүретін біз барда.
Сәлем айт, менен жан досым,
Ауылда қалған қыздарға.
Жырламай жүрек тұрмасын,
Теңіздей тасы сен кейде.
Сәлем де менен құрдасым,
Әзілқой, жарқын жеңгейге.
Қаламын айтпай несіне.
Сағыныш шыңдар солдатты.
Түсіріп бақты есіме,
Сәулешім хатын жолдапты.
Сезімді қалар бүгіп кім,
Көңілмен менде құшамын.
«Баураған сол бір жігіттің,
Сағындым, депті, құшағын».
Өтеді уақыт жолсызда,
Өтеді күндер тоқтамай.
Барып тұр, досым, сол қызға,
Жүрсінші мені жоқтамай.
АНА Аналарды құрметте дос, ана деген ұлы есім, Бар тірліктің сол анадан жаралғанын білесің. Жетпейді оның бергеніне, бар байлығың, үлесің, Аналарды құрметте дос, ана деген ұлы есім. Аналарға бас иіп өт, кездескенде ең кемі, Мен айтпай-ақ қояйыншы, мейрімінен өңгені. Ардақтаңдар , о, достарым, ардақтаңдар ананы, «Маңдайыма кірсін дейтін, саған кірген шөңгені». Жүрегі оның кешірімді, ізгілікке толы ғой, Сыйпайтұғын маңдайыңнан, сол ананың қолы ғой. Қамыңды ойлап жүреді-ау, ол есейгенде сен үшін, Күдікке де, сенімге де толып ой. ОЛАР ӘЛІ КҮТЕДІ Онда өртеніп бататын күн алқызыл, Талай жанға соғыс сөнбес салды ізін. Әлі күтіп, әлі күтіп жүр ана, Сол майданнан оралмаған жалғызын. Соғыс деген, соғыс деген жат есім, Соғыс десе бір түршігіп кетесің. Әлі күтіп, әлі күтіп жүр жігіт, Сол майданнан оралмаған әкесін. Кетеді әсте көңіл шерін қозғап дәл, Сол майданнан оралмаған боздақтар. Небір жаңа тарихтың бетіне, Сол боздақтар, ұмытылмас жазды аттар. Қалың тұман баспау үшін үй үстін, «Ұрпақтарым, деп, алаңсыз сүйіссін», Сол ерлердің жарқын таңын жан қиған, Сен, жауынгер, күзетуге тиіссің.
*** Мен соғыстың қара түнек, кескінін, Есейген соң, тек әкемнен естідім. Винтовкасын кезеніп жас жауынгер, Оқ пен оттың арасында кешті күн. Мен соғыстың қара түнек, кескінін, Есейген соң, тек анамнан естідім. Ауылдағы жарын күткен жас қыздың. Кек аралас жанарынан есті мұң. Балада да, анада да бір тілек, Жүріпті олар, жеңіс тілеп, нұр тілеп. Мен бірінде көргенім жоқ солардың, Өсіп келем бейбіт күнмен бір түлеп. *** Жаңылхан Жұмырқызына Жан анам, Аяулы анам, Асыл анам, Мен қалай сезімді бұл жасыра алам. Бұл балаң – асау әлі арындаған, Бұл балаң – тасқын әлі тасымаған. Жастықтың күмбірлетіп күйін алып, Маздаған махаббаттың сыйын алып. Бұл балаң – жүреді үнсіз көбіне-көп, Бәр-бәрін кеудесіне құйып алып. Өмір – теңіз толқынын кешіп келем, Бұл балаң сапарынан кешікпеген. Жан ана, менің үшін алаң болма, Өзге емес, өз жолыммен өсіп келем.
ДАМАН БАТЫРЛАРЫНА
Иә, олар –
Қырағы көз көрегендер,
Жүрегін пәк сезімге бөлегендер.
Иә, олар –
Уссуридің жағасында,
Ел үшін өз өмірін төлегендер.
Жүрекке қызыл жалын орағандар,
Өлімге қаймықпай тік қарағандар.
Бір күнін бір ғасырға балағандар,
Елімнің қажетіне жарағандар.
Мөп-мөлдір толы арманға жаны керім,
Құшпағандар әлі де жар лебін.
Осын-ау, бір жыл келген дүниеге,
Құрдастарым бәрі де, бәрі менің.
Осылар атқан сайын күліп таңдар,
Ерекше ләззатты сыр ұққандар.
Ей, адамдар, ақ жүрек азаматтар,
Ұмытпаңдар,
Оларды ұмытпаңдар!!!
Алтыншы бөлім
МАҢҒЫСТАУ ЖАЙЛЫ ЖЫР
Көмілулі сырың көп,
Маңғыстауым – Бесігім,
Сол сырларды ашуға талаптансам несі мін.
Жетегімен шабыттың артық кеткен тұстарға,
Бекет-Ата, өзіңнен
Өтінемін кешірім!..
ЖЫР ОҚИМЫН ТАСЫҢНАН...
О, Маңғыстау, жасырған,
Құпияң мол неткен бұл?
Жыр оқимын тасыңнан,
Қына басқан көктеңбел.
Өткен өмір айқаста,
Істеп кеткен дегенін.
Қой таста да, ай таста,
Таңбасы бар жебенің.
Мәңгілік боп ұраны,
Жоғалмастан нұр әрі.
Мавзолейлер, мазарлар,
Айдалада тұр әлі.
Небір тарих жатыр-ау,
Сынып, мұрты кертіліп.
Жеті жұрт кеп, япырау,
Кеткен дейді жеті жұрт.
Тұлғасына тұнған әр,
Сұрақ қоям шыңдарға.
Мына қорым кім болар,
Сақтар әлде,
Оғыздар ма,
Ғұндар ма?
ЕСТЕ ЖОҚ ЕСКІ ЗАМАНДА...
Бұл Түбек пе,
Бұл Түбек,
Есте жоқ ескі заманда гүлденген-ді дүркіреп,
Аспанынан тек қана Нұр жауатын сіркіреп.
Барыстары арс еткен орманы ну жайқалар,
Көздей тұнық көлдері дауылға әзер шайқалар.
Тым өр еді өңірді мекендеген тайпалар.
Адырнаны тартатын құлаштап кеп шіреніп,
Арындап кеп жортатын Көк теңізге тіреліп.
Күлсе – жаздай жадырап,
Ашуланса... түнеріп.
Сән-салтанат сарайлы алтын қақпа қалалар,
Қалалардан жан-жаққа бұрым жолдар таралар.
Шын-Машыннан сап түзеп керуендер оралар.
Көк теңіздің айдыны құс базарын жиятын,
Жейхун дария аптығып балдай суын құятын,
Бәрі-бәрі Түбектің құшағына сиятын.
360 әулие жұртты ауызына қаратқан,
Дәріс алу үшін ел ағылды әрбір тараптан.
Салды сөйтіп оң көзін бұл өлкеге Жаратқан!
Әлқисса, Ұлы Жаратушының ықыласына бөленген
Түбек осылай мыңдаған аңы, мыңғырған малы бар Мың
қыстау елі атанған-ды. Дүниеде басталуы бар нәрсенің
аяқталуы да болады ғой. Тым астамдық танытып Көкте
жалғыз Жаратушы бар екенін естен шығарған өлкені
Тәңір ие шөміштен қыса қойып еді, дүние жалған ақ
сағымға айналып жүре берді...
Бұл фәниде ашылмайтын бар ма сыр,
Жасырса да қатпарына сан ғасыр.
Тәңірінің төккен ашу, кәрінен,
Жейхундария бұрып кетті арнасын.
Ну ормандар қуарып, көмір-борға айналды,
Айна көлдер суалып, ойдым сорға айналды.
Үккен Үстірт кемерін Көк теңіз де тартылды,
Дуға бөлеп жататын жағадағы әр күнді.
Шөлді аймақта тек қана кепкен адам аңқасы,
Қала берді құлазып, қалалардың қаңқасы.
Естілмеді мақамды Машайықтар үні де,
Солды сөйтіп бұл жерде Даналықтар Гүлі де.
Қолай қоныс өзіне Ну іздеген жайқалар,
Батыс жақтан Шығысқа жөңкілді енді тайпалар.
Қойсаңызшы мына енді өмір атты – Ұршықты,
Асып-асып, жер асып Алтай таудан бір шықты.
«Алда, – деді сонда да, – Біздер әлі тойлар Күн».
Мойындамай көріңіз қайсарлығын Дайлардың .
Осылай құлазып қалған Маңғыстаудың ойындағы
аң-құсқа ұзақ жыл бойы Шер атты арыстан патшалық
етті. Сонымен бірге Жалған есімді қыран бүркіт өмір
сүрді. Ол жыл сайын бір жұмыртқа басып, балапан
шыққан соң жем іздеп алысқа кететін. Қыран жем
іздеп жүрген кезде ағайынды жеті Қарақұс аңдып
жүріп оның балапанын өлтіріп, етін өздері жейтін де,
ажалын Шерге жабатын. Көптің аты көп. Жалғыз қыран
қайғыдан көз жасын көл қылып жүріп-жүріп келер
жылы жұмыртқасын қайта басатын.
Бір жылы ақ үлпе үрпек бас балапанына жем іздеп тағы
аттанды. Бұл жолы нар тәуекелге бел буған. Мерзімінен
ерте келіп, балапанына араша түсіп, Шермен жекпе-жек
алысу еді... Көз жасы жаңбырша жауған Жалған бауыр
еті балапанына жеткенше асығып келе жатты. Ақтау
мен Қаратаудың сұлбалары көрінді. Әлденеге елеңдеулі
жортып бара жатқан Шерге көзі түсті. “Балапаныма
бара жатыр”, – деп ойлағын ол Шердің төбесінен қара
бұлттай төнуге қанатын қомдап ыңғайлана берген-ді.
Кенет Ақтау мен Қаратаудың дәл ортасындағы қыратқа
салған өз ұясын жанары шалып қалды. О, Сұмдық!
Жеті қарақұс бауыр еті балапанын жұлғылап жабылып
жеп жатыр. Жалғанның қаны қайнады. Сұмдығына
найза бойламас қарақұстар бар пәлені Шерге жауып,
қастандық жасап жүргендерін енді түсінді. Жалғанның
қызыл көзі өшпенділіктен отша жанды. Сонау биіктен
ұяда қызылға үймелеген ағайынды жеті қарақұсқа
оқша сорғалады. Екпінінен дауыл тұрып, ысылдаған
дауыс бүкіл Маңғыстау түбегін жаңғырықтырды. Сол
күйінде жеті қарақұстың үстіне болат тырнақтарын
бүруге ыңғайлап, қос қанатын жайып, бәрін астына ала
құлады...
Ақтау мен Қаратау үш күн бойы ақ тұманға оранып,
ешнәрсені көрсетпей тұрды. Жортып келе жатқан
Шер төбесінен ескен суылдан шошып кетіп жалт
қараса, сорғалап ағып бара жатқан Жалған қыран екен.
Таңданыстан кілт тұрып қалған. Иә, Шер де сол таңдана
қараған күйінде, Жалған да жеті қарақұсты астына ала
құлаған күйінде тасқа айналып жүре берді...
Шер дүниенің жалғандығын ұқтырып тұрған Жалған
төбеге түсіне алмай әлі таңдана қарайды. Ал Шердің
табанының астында бір кезде өркөкірек тайпалар
құрғақшылықтан үркіп үдере көшіп иесіз қалдырған
алтын қақпалы, қымбат қазыналы Қаланың қалдығы
жатыр. Сондықтан да Шер мен Қала бірігіп, Шерқала
атанып кеткен.
Құпия сыр шертеді бұл жердегі әр атау,
Алып пирамидалар – Ақтау менен Қаратау.
Ал Сфинкс – Шерқала көз ілмейді күзеттен,
Кездерді де елемей табанынан сыз өткен.
Не керемет ғажапты басып жатыр тас табан,
Үңгір-қақпа тұр онда жер астына бастаған.
Не біледі отбасы шуылдақтар шулаған,
Оны қазар археолог әлі-әлі тумаған.
Ашпасын деп оны ешкім сиқырлаған дүлеймен,
Қазына бар астында тыққан патша Сүлеймен.
Әлқисса, Сүлеймен демекші, он сегіз мың ғаламды
өзіне бағындырып, адамзат түгіл жан-жануар мен
өсімдіктер атаулының тілін білген Сүлеймен патшаның
әкесі Дәуіт пайғамбар бірде намаз оқып тұрып, оң
жағына бұрылса, он бес ұлы, сол жағына бұрылса, он
бес ұлы әкесімен бірге сәждеге басын қойып жатыр
екен. Сонда Дәуіттің көңіліне «отыз ұлым отыз рулы ел
екен-ау» деген күпірлік ой ұялай қалғанын сезе қойған
Жаратушы әлгі пайғамбардың отыз ұлын ертесіне
бір күнде алып, Дәуітті қайғы жұтқызып, жалғыз
қалдырыпты.
Уақыт өте райынан қайтқан Жаратушы сүйікті
құлы Дәуітке аян беріп: – Уа, Дәуіт, сабаңа түсіпсің,
айт қалауыңды, отыз ұлыңды сол күйінде қайырып
берейін бе, әлде отыз ұлға татыр бір ұл берейін бе, –
деген екен. Сонда Дәуіт: – Жаратушы ием, құлыңыздың
астамшылығын кешіре гөр, ажалы жеткен отыз ұлды
қайта сұрап не қылайын, сол отызына татитын біреуін
берсеңіз ризамын, – деп сақалын көз жасына бұлайды.
Сол отыз ұлдың өтеуіне берілген Сүлеймен патшаның
оқиғасын құдіреті күшті Алла Тағала Маңғыстау өлкесі
үшін тағы бір қайталаған-ды.
Шер мен Жалған тасқа айналған соң бұл өңірге
қоныс теппек болған жеті ел-жұрт дүркіреп көшіп
келіп, байыз, береке таба алмай, кейін қайтадан
дүркірей көшіп кеткен. Алла бұрынғы Дай тайпасының
соңғы ұрпақтарын өз ата жұртына қайта қайыруға, 360
әулиенің орнына елді дін жолына уағыздап, бірлікке,
берекеге, әділдікке ұйытып тірісінде Пір атанатын Бір
Әулие тудыруға, қирап қалған қақпасы алтын ежелгі
ондаған қалалардың орнына бір жақұт Қала салдыруға,
арнасын бұрған Жейхун өзенінің өтеуіне жер астындағы
мұнай дариясының көзін ашуға, солардың бәрін Жадтан
Хатқа түсіретін бір ақын дүниеге келтіруге әмір етті.
Қызыл-жасыл құлпырған Дүниенің барлығы,
Келешекке ұмтылған бір Алланың Жарлығы.
Мейірім нұр шуағы көктен жерге сіркірер,
Алтай таудан Батысқа жөңкілді енді Түркілер.
Қалың орман ішінде кім қызықпас қайыңға,
Қалың түркі ішінде бар еді сол Дайың да.
Қиыр-қиыр, қиырға жетеледі жол алдан,
Шыңғысханның ең мықты сарбаздары боп алған.
Парақтасаң тарихты шығар Шыннан із келіп,
Араласқан және қан Ханзадаға қыз беріп.
Қырқысып та, жұлқысып (дәстүр осы талайдан),
Ұлы Таққа отырды мұрагер боп Адай хан.
О, заман-ай, заман-ай, туыс таққа таласқан,
Көйлек сынды ауысып төнді оған да қара аспан.
Алды-артына қарамай бұзып жарып сең құмды,
Қайдасың деп ата жұрт енді Адайлар жөңкілді.
Жайсаң көлге құятын еміп суын телегей,
Қала берді артында асау өзен Жеменей.
Маңғыстау тұр алдында қайырлаған кемедей,
Қорамсаққа салынған әр шыңдары жебедей.
Қиындықтың көкесін көрді олар не түрлі,
Ер Құдайке Шуға кеп суға көшін кетірді.
Өмір-өлім белдесіп небір күйлер ойналды,
Сауран атты қаланы бірнеше рет айналды.
– Алда, – деді сонда да, – алда бақыт, алда Ырыс,
Ырыс үшін бәрі де төкті қанды, салды ұрыс.
Тұлпарының тұяғы дүрліктіріп Даланы,
Жомарт мырза Бас ханның сыбағасын қалады.
Қалаған соң, әрине, қалайда оны алады.
Арылмайтын туыстық аға-іні, жеңге боп,
Ат суарды, о, олар кең арналы Жемге кеп.
Ел келген соң не қызыққа толды жер,
Жеменейдей жайлы қоныс болды Жем.
Артта Алтай, артта Сауран , Шу қалды,
...360 әулиеге татитұғын Бір Әулие осы Жемде
туған-ды.
(Бұл жерде де қала болған таңдандырған сән-тұлға,
Сауытыңды, шашбауыңды соққан күміс-алтыннан).
Ұлғайтқанды ұлы арнасын сол күні,
Жарға соғып Ару Жемнің толқыны.
Төкті сәуле аямастан жерге күн,
Нұрға жуып жас сәбидің жөргегін.
Сызылдырып естімеген бір әнді,
Жеті Аққу шомылды да, сыланды.
—Бекет болсын, – деді, – бала есімі,
Бір қария ашып қалып Құранды...
Маңғыстауға мейірімі қайта түскен Алланың әмірі
толық орындалды. Бекет-Ата Жем өзені бойында
дүниеге келе тұра назарын Маңғыстауға салып, елін
бұрынғы ата-қонысына тұрақтандыруға жұмыстанды.
Жем бойында, Бейнеуде, Оғыландыда жер астынан
қашап, айтулы мешіт-медреселер салды, оған бұрынғы
әулие-әмбиелердің
киесін,
қадір-қасиетін
қайта
дарытты. Дін ілімінің ең жоғары сатысын меңгеріп,
бір елдің Пірі атанып, Ұранына айналды. Ежелгі
қалалардың төлеуі – әсем Ақтау бұл күнде әлемнің
қай-қай шаһарларымен де сұлулық таластыра алады.
Ал Жейхундарияның орнына ағызылған мұнай өзені
– Қазақ Елінің қазынасына құйылар мол байлыққа
айналып отыр.
Иә, Маңғыстау қайта түлегелі тұр. Тек Тәңір Ие түсін
суытып, назарын өзге жаққа бұрып әкетпесін деңіз.
Ал, ақын... Жадтан хатқа түсіретін бір ақын... мүмкін
арамызда елеусіздеу жүрген болар, мүмкін дүниеге енді
келер...
ҚҰЛПЫТАС
жанындағы толғаныс
Қандай қиын ұл болмай оты молдау,
Құл болып жазмышқа тіс батыра алмау.
Кімге керек жай кезде білгішсініп,
Едіреңдеу,
Шолтаңдау,
Одыраңдау.
Қандай қиын (қалтада диплом бар)
Құлпытастан тарихты оқи алмау,
Оқи алмау, зердеге тоқи алмау...
Сипаймын араб әрпін бар болғаны,
“Осында, – деп, – бабамның арман-бағы”.
Төбе астында көміліп қорғандары,
Белгісіз боп лапылдап жанғандары,
Белгісіз боп ашыққан, тоңғандары,
Белгісіз боп тойлаған, толғанғаны.
Соның бәрін аршитын төбе астынан,
Сиқым мынау адасқан жолаушыдай
Ормандағы.
Сан ғасыр тұр арада ошақ басқа,
Уақыт – сырға жұқпайды тосат босқа.
Сол тосаттан тазалап алыңдар – деп,
Кетсе бабам жырларын қашап тасқа –
Қасиет қой!
Сол қасиет құпиясын ұға алмаған,
Қасірет қой,
Замандас, қасірет қой!!!
СУЫН АЙҒЫР, БАРСЫҢ БА?
Каспий теңізінде су жылқысы – суын өмір сүреді. Ол
бір ғасырда бір рет жағаға шығады. Осы сәтте... биеге
кісінесе... одан теңдесі жоқ тұлпар туады.
(Ел аузындағы аңыздан).
Каспий жатыр толқын ұрып айлағын,
Қиялдандым, бір ғажап ой ойладым.
Ойладым да, айлы түнде жағаға,
Жібек жалды боз биені байладым.
Байладым да, аулақ барып жаттым мен,
Кімге қонып, ұшпаған-ды бақ кімнен...
Күмбір-күмбір кісінердей әлгі айғыр,
Пайда болып ақ толқын мен ақ түннен.
“Қашыр болып азып кеткен жылқымды,
Асылдатсам деген ой ап ырқымды,
Келіп едім.
Суын Айғыр, қайдасың?”
Деп жүрегім айқайлады, бұлқынды.
Бір ғасырда судан шығар бір рет,
Жалынамын, о, құдірет, құдірет!
Әкем айтқан “биыл жылың шығар дәл”.
Әкеп тұрмын сұлу байтал – сурет.
Іңкәр керек су астында саған да,
Тұлпар керек құс тістейтін маған да.
Тұлпарлықты ұғындырсам, – деп едім,
Тұлпары жоқ заманға.
Келіп едім сұлулыққа сусап бір,
Жерік едім жұпарына гүл шақтың...
Таң білінді
(Бермей суын құланды),
Ал боз бие жусап тұр.
Өтірік пе айтқан аңыз... шықпады-ау!
Шықпағаны (қиын мұны құптамау).
Машиналар заманында тұлпардың,
Қадірсізін Суын Айғыр ұққан-ау!..
БОЗ ДАЛАМ
Боз інген дауыс – боз далам,
Ботасын іздеп боздаған.
Баз біреу көңілін толқытып,
Баз біреу шерін қозғаған.
Боз жусан иіс – боз далам,
Бозторғай әуен маздаған.
Боз селеу биік гүл атып,
Боз саулық егіз қоздаған.
Бойжеткен қылық – боз далам,
Айтатын ерке наз маған.
Байлығын шүлен таратып,
Бар кенін әлі қазбаған.
Боз қоян жымды – боз далам,
Таптаса табан тозбаған.
Бөріден қорғар үйірін,
Боз айғыр сынды азынаған.
Бұлдырық түсті – боз далам,
Бүркітке жем бола жаздаған.
Қайғың мол мынау ғаламда,
Шаттығың да бар аздаған.
Бозбала мінез – боз далам,
Сырың көп ешкім жазбаған.
Азап-мұңыңа таң қалып,
Азаттығыңа мәз болам,
О, боз далам, боз далам!
ЕРЕКШЕ ШӨЛІМЕНЕН...
Маңғыстаудың (айтпаймын текке мұны),
Сүйсе, өртеп сүйеді көкте күні.
“Іреңсіз де, сүреңсіз дала” – деген,
“Таптырмайды саялар пана”– деген,
Ұлы Кобзарь, саған мен өкпелімін.
Ескерткіші неткен көп өткенінің,
(Өспеген аңызаққа текке гүлі).
Бұл өлкеден орманды-ну іздеген,
Бұл өлкеден Днепр – су іздеген,
Тарас ата, саған мен өкпелімін.
Тағдыр оны ешкімге телімеген,
Келіспеймін дегенге өлі дене.
Әлсіздерге бермеген оң қабағын,
Тоқу білген көңілге толған ағын.
Бұл дала ғой ерекше желіменен,
Бұл дала ғой ерекше шөліменен.
ЖЕР АТАУЫ – ШЕЖІРЕМ
Шыңыраулар,
Қыземшекті шоқылар,
Аттарыңнан талай сырлар оқылар...
Тамшалы –
Жаным сенің бал дәміңді аңсады.
Өрмелі –
Үстіртімнің әдіптелген ернегі.
Көгесем –
Көкейімнен кетпей жүрсің неге сен?
Оғыландым –
Келмейді уыз қасиетіңді төгіп алғым.
Бекет-Ата мекені – киелі жер,
Сенен тілер іздеген жоғын әркім.
Таушығым –
Сазы бөлек дауысының.
Күйкенұшқан, Манашы –
Өткенімнің сүртілмеген санасы.
Айрақты –
Ұмытам ба сендей шерлі аймақты.
Ер Қонайдың үйігі –
Кірлетпейтін намысымның биігі.
Бейнеуім, Сам құмым –
«Жібек жолы» даңғылым.
Тасастау, Қайнарым,
Сарқасқа, Тайланым –
Қызып ішер қымызым, қаймағым.
“Қырғыным” –
Жүректе жазылмас бір мұңым.
Қаражар, Қазыбек –
Қаласың жанымның еркесі, назы боп.
Ақмешіт,
Ақкиізтоғайым –
Сендерсіз жоқ күнім, жоқ айым...
Керек пе, бәріңе бұлақ боп ағайын,
Керек пе, бәріңе жүрек боп соғайын!...
АҚСҰҚСЫР (поэма) Аяулы анам Жаңылханға арнаймын. Автор. І Аңнан оралған Алдасай мерген иығындағы қояны мен қырғауылын босағаға лақтыра салып, лашығына кіріп келді. Жеңгелей алған айдай сұлу келіншегі Ақсұқсыр қаннен-қаперсіз ұйқы құшағында екен. Шәйі көйлегінің етегі тізеден сәл жоғары түріліп кетіпті. Ай сәулесімен шағылысып, арайлана түскен, күн тимеген аппақ ақ балтыр. Алдасай енді түсінді, өзін түзден үйге жеткенше асықтыратын осы балтыр екен ғой. Ыстық дем... Қайратты қолдың уытынан келіншек оянып кетті. –Не болды сонша, ұят-та-ғы... –Ақсұқсыр... –Ә-әу!.. Мерген жігіт келіншегін жаңа көргендей: – Балтырың, әп-п-ақ ек-ен ғой?! Енді Ақсұқсыр наздана жымиды. Күйеуіне еркелеген сыңай танытты: –Бұл балтырға... талайлар қызыққан... Осы сәтте қызылға шүйілген бүркітше төніп қалған Алдасай кілт кідірді. Көкірегіне біреу найза сұғып алғандай. Басқа тепкен ыстық қан суынып жүре берді. –Талайлар қызыққан дедің бе, а-а?! Ақсұқсыр ерінің аңсар сәтін пайдаланып, ерке қылық танытам деп бүлдіріп алғанын енді сезді.
–Талайлар қызыққан. Менен өзге тағы кімдердің көз құрты болып жүрсің, ей, сен?! Келіншек үнсіз. Аузынан абайламай шыққан сөз үшін тілін тістеген. –Мен, Алдасай, жеңгелей алған қатыным Ақсұқсырды талақ етем. Талақ! Талақ! –Батыр, сәл сабыр ет! “Ашу – дұшпан, ақыл – дос”. Құрсағымда сырлы зерендей дөңгеленіп ұлың өсіп келеді. –Мен сенен ұл сұрағаным жоқ, ат сауырында келген күң! Ақсұқсыр селк етті. Аңшы жігіт лашығынан атып шығып, беймәлім жаққа жүре берді. Бірақ аңғал батыр кейін өзінің ұрпағы сол құрсақта қалған ұл арқылы ғана жалғасатынын, сөйтіп Ақсұқсырға мәңгі қарыздар болып қалатынын білген жоқ. ІІ Алдасайдың лашығынан Ақсұқсырдың да қосын бөлектегеніне үшінші күн. Келіншек былайша көз жасын бұлады: Маңдайға жазмыш жазылды, Қайтемін озмыш болмаса-ай. Айтқан бір ерке назымды, Көтере алмадың, Алдасай. Саудаға салып басымды, Жаралап жанды дертті еттің. Қызы едім бекзат асылдың, Таңбалап сүйек, морт кеттің. Шерім көп айта бастасам, Жомарт боп қалар мұң-мүддем. Ойламап едім ешқашан, Тұтқынға түскен күңмін,– деп.
Кім айтар мені Сұқсыр – деп
Ханшасы қалмақ – лала гүл.
Мәз болма
Төсіме шықтым , – деп,
Қылдым,– деп және талағым.
Ерсілеусіңдер, Адайлар,
Кеткенде бойда қызып қан.
Қайта айтам, өл, ә, талайлар,
Ақ балтырыма қызыққан.
Қызыққан хан да, батыр да,
Жүрегін көсеп, от қарып.
Ақсұқсыр деген атым да,
Сондықтан шыққан мақталып.
Түсіріп құнын бағамның,
Қызғаншақ жансың сенбеген.
Нақ сүйері болғам ағаңның,
Ат қойған абзал жеңгең ем.
Өлгенде Жомарт көзіме,
Есімнен тандым жас ұрып.
Әмеңгерлікпен өзіңе,
Тиген-ді отағасылық.
Қайтемін сырды жасырып:
“Ақ жеңгем, сені төбеме,
Көтеріп өтем”, – дегенің
Асылық болды, асылық.
Маңдайға жазмыш жазылды,
Қайтемін озмыш болмаса-ай.
Айтқан бір ерке назымды,
Көтере алмадың, Алдасай!
Ақсұқсыр осыны айтып болып, қалың ойға батты. Өткен өмірі көз алдына келді... ІІІ ...Қалмақтың Қонтайшысының қызы болатын. Ерке өсті. Ешкім маңдайынан шерткен жоқ. Қазақтармен болған бір жаугершілік ұрыста қолға түсті. Қасақана қазақтар қалмақтың сүт бетіндегі қаймақтары – ең сұлу қыздарын моншақтай етіп жіпке тізіп, елдеріне алып жүрді. Әрқайсысы әр батырдың қанжығасына байланды. Ал бұны қол басы ханға тарту етпек болды. Тұтқын болғанмен, балиғатқа жетіп қалған қыз емес пе? “Ханға бұйырсам, мүмкін ханым болармын”, – деп өзін жұбатты. Әрі шешесі Айкөркем қазақтың қызы болатын. Жаугершілікте қалмақтардың қолына түскен. “Нағашыларың – жақсы жұрт, қызым. Әкең жауықты деп сен жауықпа”, – дейтін. Енді қызы шешесінің кебін киіп келеді. Аумалы-төкпелі заман-ай! Сондықтан да сескене қойған жоқ. Бірақ бұны жүрек жұтқан Жомарт деген батыр ханнан қалап алды: Алысқа салған өресін, Қасына жинап Бай,мырза, батыр, төресін. Тақта отыр ханы қазақтың. Еңсегей бойлы Ер Есім. – Хан ием, – деді бір жігіт, Келісті сымбат дүр жігіт. Дауысқа шыққан жалт қарап, Өзгелер қалды дүрлігіп. – Ә, Жомартжан, сен бе едің, Бұл жеңісте мол болмақ үлесің мен еңбегің.
Қалауыңды айт, – деді хан,
Ең қадірлі, ең сыйлы қонағымсың сен менің.
– Хан ием!
Маған сыйға берсеңіз:
Ақбоз атты мінбей бер,
Ақсауытты кимей бер,
Ақсемсерді шаппай бер,
Ақсұқсырды сүймей бер,
Ер дос болса, гүлдейді ел...
Сый ішінде осылардан жоқ асыл,
Жомарт болса, асырды тым бағасын.
«Ханның сыйын сұрағаны сор маңдай», –
Деп өзгелер ұстап қалды жағасын.
Тым қызбалау жас жігітке обал-ақ,
Хан дегенің – тез жарылар қағанақ.
«Итім құрсын сары майдан дәме еткен», –
Жатар ма екен кеудеден бас домалап.
«Хан сыбаға, сұрап тұрған сыбаға,
Мына жігіт оны, сірә, ұға ма?
Бәрінен де ең қымбаты – Ақсұқсыр,
Не деп жауап бермек керек бұған, ә?!»
Жері жоқ-ты бұрын сөзден тосылған,
Жері жоқ-ты бұрын жаудан шошынған.
“Мына жігіт несін маған бұлдап тұр”,
Ойға батты, ойға батты Есім хан.
Есім хан Жомартқа көзін алмай ұзақ қарады. Оң
қолын жүрегінің тұсына басып, сәл иіліп жігіт тұр.
Келісті тұлға. «Хан сыбағасын сұрауға қалай батылы
жеткен. Ақсауыт, ақсемсер, ақбоз ат, Ақсұқсыр.
Осылардың біреуін сыйға ала алса, тақиясына тар
келіп пе бұл шіркіннің. Әлгілердің бәрі қараға емес,
ханға ғана лайық емес пе? Анау басты домалатып
түсірсе, не істер еді?! Жоқ. Болмайды. Онда менің қол
астымдағы халық екіге жарылады. Айбыным әлсірейді.
Азан шақырып қойған Аталық атын өзгертіп халықтың Жомарт атауы тегін емес. Дегені-ақ болсын. Әлі талай кәдеге жарар...» Жебелерді жауға қарай боратқан, Сен едің-ау, ел мырзасы, қиын кезде қол артқан. Сұрағыңның бәрі де асыл, Асыл саған лайық, Бердім,– деді ол,– тілегіңді, Жомартжан! ІY Жомарттың он екі қанат ақ боз үйі елдің игі жайсаңдарына толы. Үй сыртындағы кермеде ақбоз ат байлаулы, төрде кереге басында ақсауыт пен ақсемсер ілулі. Тек Ақсұқсыр ғана көрінбейді. Кенет Жомарт есік алдындағы жігітке ым қақты. Қыз әкелінді. Сәукеленің үстінен төмен түсірілген ақ шәлі перде тағдыры қалай болатыны белгісіз тұтқын қыздың албыраған алма бетін онша жарытып жасыра алмапты. Сабаудай ұзын кірпік көздің аясын жауып жіберді де қайта көтерілген жоқ. Отырғандарға иіліп иба білдірді. –Ей, Сұлу! – деді Жомарт тұтқын қызға қарап: –Ей, Сұлу! Әлгі ісіммен жасап сәл-пәл астамдық, Ұғынсам да боп кетерін қастандық. Хан алдында қалауымды сұрадым, Беру үшін бір өзіңе бостандық. Қазір, міне, осы сәттен азатсың, Тек кішкене өзіңе айтар аз-ақ сыр. Ел-жұртыңа барғаннан соң ұғындыр, Кім екенін қазақтың. Анау тұрған:
Ақсауытты – киесің,
Ақсемсерді – ілесің,
Ақбоз атқа мінесің,
Ел-жұртыңа жүресің.
Ел-жұртыңа барған соң
Бақытты өмір сүресің.
Әумин!
Қап-қара, мойыл көзді жауып қалған сабаудай ұзын
кірпік көтерілді. Жанары мөлт етіп жасқа толды, екі
тамшы жарыса мөлдіреп, алма беттің ұшына келіп
қалды. Төрде молдас құрып отырған, басына азат құсын
қондырған, жүзінен мейірім лебі ескен адамға қарады.
Ат жақ, қыр мұрын, қап-қара қияқ мұрт, сонау самайдан
жіңішкеленіп келіп, иек тұсына қоюлана түскен қап-
қара шоқша сақал. Қара торы жүзінде қан жүгіріп
тұр. Нұрлы жанарда кім-кімге де жетерлік мейірім
бар. Сұлу бұл оқиғаның не өңі, не түсі екеніне сенбей
тұрғандай. Тұтқындықтан кейінгі Еркіндік адамды
есінен айырады екен. Қыздың жанары төрде отырған
Құдіреттің жанарымен түйісіп қалды. Қыз кірпігін
бұрын қақты. “Мына жанардың аясында жүрген әйелде
арман болмас”. Ақсұқсыр дауыстап жібердім бе деп селт
етіп еді, жоқ, ішкі үні екен. Әлгі үн қалайда бұлқынып
сыртқа шыққысы келді.
– Мырзам! – Ақ желектің астынан сыбызғыдай
сызылған әсем дауыс естілді. Алдында әміршім дегелі
тұрған. Мына сөздің ауызға қалай оралғанын білмей
қалды.
– Мырзам!
Сіздей жомарт, сіздей дархан мырзаның,
Шын көңіліне ырзамын.
Көкірегімді өртеп жатыр бір жалын.
Ол – күңдіктің жаулығы еді тартылған,
Келмеген соң құтқарушым артымнан.
Әр ісіңнен парасатың ашылып,
Тым биіктеп бара жатыр өр тұлғаң.
Кегі болса жібермейтін кектіден,
Текті едім. Жолығыппын тектімен.
Ерік бердің, бас иемін еркіммен,
Тек өзіңді құтқарушым деп білем.
Өз еркіммен бас имес ем тексізге,
Қажет емес азсыз ба, әлде көпсіз бе?
Ақсауыт та,
Ақсемсер де,
Ақбоз да
Және бейбақ – Сұқсыр да
Жарасады тек Сізге!
...Ақсұқсыр бұл ерлігіне, бұл еркіндігіне, тым
ашықтығына соңынан өзі таң қалды. Енді бір сәт
кідірсе, әлгі нұрлы жанардың сәулесінен мәңгілік
айрылып қалатындай қорықты. Еліне барғанда кім
құшақ жайып қарсы ала қояр дейсің? “Қайтып келген
қыз жаман, қайта шапқан жау жаман”. Жоқ, не де
болса, Ақсұқсырдың нағашы жұртында қалғаны жөн.
Құдайдың басқа салғанын көре жатар.
Ауыл молдасы ертесіне Ақсұқсыр мен Жомартқа
неке суын ішкізді. Ішкізіп тұрып: “Ерінің айтқанын екі
етпеуге, жар төсегіне адал болуға, ошағының үш бұтын
аман ұстауға уәде бер”, – деді. Берді.
Екі әйелдің үстіне үшінші болып түстім деген жоқ.
Бақытты өмір кешті. Бәрі де ерге байланысты екен.
Бұлар күндестік танытпады. Шіркін, сол Жомартпен
отасқан кезі Ақсұқсырдың ең бақытты, ең ләззатты, ең
балдәурен шағы екен ғой. Жомарт десе бүкіл ел ішкен
асын жерге қоятын. Өзгелерге айтылған сәлемдемесі
екі етілмей орындалатын. Халықты жарлы, бай деп
бөлмейтін. Әсіресе қаріп-қасірлерге қайырымды еді. Жомарт аты сол жарлы-жақыбайларды жарылқағаннан шыққан еді. Ақсұқсырдың отауында кенеттен ауырып, дүние салды. Жомарттың жылы өткен соң “аға өлсе, жеңге мұра” деп оны қайнысы Алдасайға атастырған. Жомартқа некесін қиған молда бұған да неке қиып, су ішкізді. “Қайран, дүние-ай. Бәрі алдамшы екен ғой. Енді, міне, еш жазығы жоқ бір ауыз сөзі үшін әңгүдік Алдасай, бір бет Алдасай, сынса бір сынатын Алдасай талақ етті. Неке төсегіме, адалдығыма бір алла куә. Уһ!” Көпшігі көз жасына толып жатып ұйықтап кетті. Y Қатынына ашуланған күйімен, Үшінші күн кеткеніне үйінен. Үшінші күн аң қашпады алдынан, Іс болмады ешбір адам сүйінер. Бес қаруы өн бойына сайма-сай, Ақсұқсыры еді көңіл айнасы-ай. Енді, міне, басқа теуіп бақытын, Айдалада аң іздеп жүр Алдасай. Із кескеннен ала-көбең таң шыға, Жүгіргенмен қара терге малшына. Бұған деген барлық нәрсе қырсығып, Қанданбады қанжыға... Әлқисса, Алдасай бір бұлақтың басына келіп, жартас көлеңкесінде отырып былай деп өксіді: Бұрып арна, ағысымды, Маған Алла бақ ұсынды.
Өзгеге оным көзін сүзіп,
Таптап кетті намысымды.
Сол болатын асыл әнім,
Қалай, сірә, жасырамын.
Қорлаттырар басымнан сөз,
Қалай және асырамын.
Білмегенмін ес-түсімді,
Бәрін бірақ кеш түсіндім.
Солай-солай бұл Алдасай,
Айтты – бітті, кесті – үзілді.
Айтар болсам мырза атынан:
Қызығатын бір затым – қыз,
Бір затым – аң.
Ішімді өртеп бара жатыр,
Ішімді өртеп бір запыран.
Уһ!..
Осы сәтте бұлаққа бір топ құлан үйірі келіп қалған
еді. Алдындағы аламан айғыр адам иісін сезіп кілт
тоқтады. Артында келе жатқан сауыры жылтыраған,
семіз, сұлу байтал айғырға сүйкеніп қасынғысы
келді. Байталдың әлгі қылығына Алдасайдың жыны
қозды. “Ұрғашылардың бәрі бір тектес”. Садағынан
көздеместен-ақ жебе тартты. Сұлу байтал шыңғыра
кісінеп барып, құлап түсті.
Үріккен
құлан
үйірі
аулақ
кетті.
Қынынан
қандауырын суырып алып бауыздау тамағын орып
жіберген Алдасай ызалана тіл қатты:
Семіздің емі – пышақ,
Сұлудың емі – құшақ.
YІ Төртінші күні Ақсұқсырды ауыл ақсақалы шақыртты. Құр сүлдері ғана бар оны екі келіншек екі жағынан қолтықтап алып жүрді. Топ адамдардың ішінде бір кезде Жомартпен, ал ол дүниеден өткен соң Алдасаймен некесін қиған молда да отыр екен. – Шырағым, күнәкәрсің, – деді бұған ауыл ақсақалы. – Күнәкәрсің. Жалаңаш тәніңді жарқыратып еркек аңсағаның үшін сені отағасың Алдасай талақ етті. Біз ата жолымен сені енді қайын ағаң Шылымға атастырғалы отырмыз. Шылым – бай да емес, би де емес, батыр да емес, аңшы мерген де емес, мал біткен момын шаруагер ғана болатын. – Айтумыс ұлы Шылым, – деді молда қолына көзеге құйған, құран сөзімен үшкірген неке суын ұстап тұрып,– жесір келінің Ақсұқсырмен некелесуге ризамысың? – Ризамын, ризамын, әмбие, – деді Шылым шоқша сақалын саусағымен тарамдап. Айдай сұлуды құдіретті құданың қолына ұстата салғанына сенер-сенбесін білмей сасқалақтады. – Жеменей келіні Ақсұқсыр! Айтумысұлы Шылыммен отасуға ризамысың? Ақсұқсыр аузын жыбырлатты. Оны екі жағында тұрған келіншектің бірі қағып алып, “риза, риза”, – деді. Тағдыр тәлкегіне түскен жесір жас келіншек осы сәтте Аллатағалаға іштей жалбарынып тұрды: Жар бола гөр бейбаққа, Жаратқан ием бір өзің. Кей уақта, тіпті кей уақта,
Санайтын асыл, ірі өзін.
Жан болдым жиі адасқақ,
Қабағым мұңлы қатумын.
Үшінші рет отаспақ,
Отағасыммен тату қыл.
Сәуірде, тылсым жаңбырда,
Өседі көктеп лала гүл.
Болашақ барар таң нұрға,
Бауыры бүтін Ана қыл!
Күнәмді, бәрін, білемін,
Жаратқан Алла күңіңмін.
Өзге жоқ сізден тілегім,
Түтінін түзе Шылымның...
Әлқисса, Аллатағала еңірегенде етегі толған, өмірден
тауы шағылған бейбағының тілегін орындады. Отбасы
берекелі болды. Шылымға арыстай үш ұл тауып берді.
Шаруасы шалқыған Шылымның екі езуі екі құлағында.
Бұрынғы бәйбішесін үлкен ұлымен бөлек жіберген.
...Заман өтті. Ақсұқсырдың Жомарттан, Алдасайдан,
Шылымнан тапқан бес ұлы осы ағайынды үш жігіттің де
аттарын аспандатқан бес рулы ел болды. Ал Ақсұқсыр
(қазақтардың қойған есімі Ақсұлу) солардың ортақ
абзал Анасы. Мерейлерін өсіргісі келген кезде олар
өзгелерге осы Адайдың анасы атанған Ақсұқсырдың
оқиғасын айтып мақтанады...
ДОС ПАРЫЗЫ
(Поэма)
Түрікпенадай тіней қызы асыл әжем
Бимағанбетқызы Жидеге ескерткіш.
Автор
Даналығым – алпыстағы әкемнен,
Балалығым – он бестегі шешемнен.
Қадыр Мырза-Әлі
1. Сөз басы
Түрікпен досым Дүрді, сен,
Айтшы білсең (білгіш ең),
Жау болмаған біздің халық дос болған,
Қонақасы жеген талай қостардан,
Аяқ-қолға түскен біздің бір кісен.
Түсіміз бір күн аптабы қақтаған,
Ісіміз бір тұлпар ұстап баптаған.
Даламыз біз – кең көсілген иенбіз,
Бірімізге нағашымыз, жиенбіз.
Айдап салса аттан салдық тек қана.
Сөз сөйлетіп обаларды тыңдатса,
Шертер еді-ау небір сырды қымбат сан...
Аңқау, адал қос халықтың арасын,
От салумен қансыратты жарасын,
Хорезм шах,
Бұқар ханы,
Сұм патша.
Досым Дүрді, көптен көрмей аңсаған,
Зерттелместен жатыр тарих қаншама?!
Бабалардың достығының куәсі,
Бір әңгіме айтып берем мен саған.
Тыңда, досым, қажет нәрсе бұл саған.
2. Мұз астына кеткен көш
Астамдықтан болды ма лай сезім,
Алар деп кім ойлаған бұлай кегін.
Мұз үстінде абайсыз суға кетті,
Мал-жаны, бар көшімен Құдайкенің.
(Толған ба сұм ажалдың қу өзегі,
Дейді жұрт – “сол өңірге ну өседі”.
Улап-шулап қалың көш батқан өзен –
Сонан соң атаныпты Шу өзені).
Бұрын-бұрын Құдайке қандай еді,
Аймағына ататын таңдай еді.
Өзі батыр, өзі би, бір өзінің
Болатұғын
Он бес ұл,
Төрт әйелі.
Құс тістеген ауызбен арман қайда,
Бәрі-бәрі бұлдырап қалғандай ма?
Ел тірегі – азамат ай маңдайлы,
Қас-қағымда айналды сормаңдайға.
“Төрт әйел – бірі нәзік, бірі ұяң ед,
Он бес ұл – келешегім, риям ед.
Зарлады сақал жұлып, зарлады шал –
Баянсыз, тұрлауы жоқ дүния”, – деп.
– Тұр, аға, басың көтер, елің келді, –
Деп жылады інісі Келімберді.
Жоқтауымен жаңғыртып кең даланы,
Әже келді,
Қыз келді,
Келін келді...
Ошағы өшіп, суалып ырысы бір,
(Болар бәлкім тағдырдың бір ісі бұл).
Жетпістен асқан кезде Құдайке шал,
Қолына қарап қалды інісінің.
“Алға салған билеген сезімді ұдай,
Сонау, сонау жігіттік кезім бір-ай!” –
Күрсінеді осылай бейшара шал,
Кешегі деп санайтын өзін Құдай. 3. Келін тілегі
“Бекітем, – деп, – қотаным, кең іргемді”,
Жорықтан оралған-ды Келімберді.
Еріне сыр аңғарта сағынғандай,
Баршын сұлу наздана керілген-ді...
Бәйбіше еріне тым батымды еді...
Ләззатқа қанған соң: – Батыр, – деді.
Өз қызығың өзіңде, ал қайнаға –
Түніменен дөңбекшіп жатыр, – деді.
Бәйбіше ойын солай жеткізгені,
Әлі алда базынасы, өткізбегі...
– Тәйт әрі, не қауқар бар кәрі шалда,
Төрінен көрі жақын жетпістегі.
– Жоқ, Батыр, қате олай ойлағаның,
Базына емес және де жай ғана бұл.
Ұрпақ сүйер әлі де бұл өмірден,
Бойында қуаты бар қайнағаның...
– Кәрілігің дауасыз ғаріп, ғаріп,
Қаңсып қалған метейдей жарық-жарық.
Қайдан білдің сен өзің айтшы, кәне, –
Деп күлді Келімберді қарқ-қарқ.
– “Қазаны басқаның
Қайғысы басқа”, – деген,
Әйел-балаң жаныңда таспа дер ем.
Өтпеу керек ұрпақсыз дүниеден,
Ол да бір кез ер болған асқақ ерен.
Батыр, ойлан, өзіңнен әлі өтінем,
Өтінемін осы үйдің әулетімен.
Тым тереңде көп жатар көбіктеніп,
Үміттенем қайнағаның кіші дәретінен... 4. Тосын байлам
Ертесіне, ие, ертесіне,
Сәлем бере ауылдың серкесіне.
Ақсақал, қарасақал, түбіт мұрттар,
Отырды ақбоз үйде кең көсіле.
– Уа! – деді бір кезде қарттың бірі, –
Кетсін солай көңілдің, дерттің кірі.
Құдайкеміз ағайын ортасында,
Бірақ көріп жатқаны жаттың күні.
Осы елден бір қыз таңдап алғаны жөн,
Бір атадан бір ұрпақ қалғаны жөн.
Сол қызды ризашылықпен ата-анасы,
Қойнына Құдайкенің салғаны жөн.
– Дұрыс!
– Дұрыс! – шу етті отырғандар,
Жауға талай жебе боп атылғандар.
Су түбінен талайды шығарып ап,
Су түбіне талайды батырғандар.
– Таңда қызды!
– Кім болмақ қалыңдығың?
– Қай сұлуды дер едің: “жаным, гүлім”,
Келімберді құдаға санап бермек,
Қалың малын бүгін...
Бір күрсініп Құдайке
Сақалын саусағымен салалады,
Салалады...
Жанарына шық тұрып балалады:
– Тұстастарым, інілер, балаларым,
Келмейді бір-біріңді алалағым.
Бір кезде болмад менен асқан ешкім,
Ал қазір қыз таңдайтын жаста емеспін.
Құлаған шаңырағымды көтерсеңдер,
Ие бола алмастай бос та емеспін.
Рахмет, бердіңдер қалауымды,
Көтерген деп бір кезде жалауымды.
Бір әйелді әйтеуір жылыта алам,
Айтсам егер іштегі алауымды.
Қайғысы жоқ бәріңіз байсыңыздар,
Сендер үшін соқпай-ақ қойсын ызғар.
Таңдағаным сол болсын, соны алайын,
Қәне, маған қыз берер қайсыңыз бар?
Келімберді:
– Ағам айтқан бәрің де байсыңыздар,
Осы елдің бетке ұстары – Айсыңыздар.
Қалың малын екі есе айдатамын,
Желіге жетпіс бие байлатамын.
Отыз күн ойнатамын,
Қырық күн тойлатамын,
Қыз берер қайсыңыз бар?..
Кімде қыз бар әркімге аян еді,
Әрқайсысы өзінше Баян еді,
Құдайке “Бәленшенің қызы”, – десе,
Бәрі оны көндіруге даяр еді.
Көктем менен қосылу күз дегенің,
Осы сәттің әркім де іздеді емін.
Бірақ, бірақ амал не, өз қолымен,
Дей алмады ешкім де “қыз беремін”...
Шешілер деп кім күткен бұлай керім,
Қайтаруға жиналып тағдыр кегін.
Қамшымен жер шұқылап кеткендерді,
Селк еткізді дауысы Құдайкенің:
–Жә!..
Қайтемін бір қызды қимасаңдар,
Бұлай болмас еді ғой сыйласаңдар.
Өзім табам шығатын жолымды да,
Қайғыма қайғы қосып қинасаңдар.
Жара бітпес қара су бүріккенмен,
Мен үрікпен, ал сендер үріккенмен.
Досым бар – аты оның Қожанәпес,
Қыз алам сол досымнан – түрікпеннен.
Қиямет-қайымдағы досым еді,
Тар тағдыр табыстырып қосып еді.
Бір берсе, қызын маған сол береді,
Құда түс, Келімберді,
Өтінішім осы менің!!!
5. Гөзел сұлу
Әлқисса, Келімберді Құдайке ағасының айшылық
алыстағы түрікпен досына құдалар аттандырды. Бір
кезде Құдайке қолға түскен Қожанәпесті кепілдікке
алып, ажалына ара түсіп, астына ат мінгізіп, еліне
қайтарған болатын.
“Құдайке, қарызымды тірі жүрсем, бір өтермін”, –
деген сонда досы аттанып бара жатып.
“Еліңе аман-есен жет. Үйлен. Қатының қыз туса,
ұлыма құда түсем”, – деген Құдайке де әзілдеп.
Борыштың аты борыш. Құдалар енді түрікпен
жамағайынының қызын баласына емес, Құдайкенің
өзіне айттыра бара жатыр. Өйткені басын әдемі бастап,
аяғын қожыратып жіберген еліне өкпелі Құдайкенің
қалауы солай. “Бар болса көре алмайтын, жоқ болса
бере алмайтын” ағайын осы.
Қазақ досының елінен келген қонақты Қожанәпес
құрақ ұшып бір күн күтті, ешкім бұйымтайын айтпады,
екі күн күтті, ешкім бұйымтайын айтпады. Үшінші күні
Қожанәпес: “Е-е, қонақтарым, бұйымтайларың болса,
айта отырыңдар, Құдайке досымның отбасы аман ба?”
– деді. Қонақтардың да күткені осы сұрақ болатын. Сыр
түйіні ағытылды.
Қожанәпес үнсіз отырып қалды, өңі қуқылданып
кетті. Көп отырды. Сосын “шаруаларыңның жауабын
үш күннен кейін аласыңдар” деді де, тұрып жүре берді.
Содан бір күн өтті, бұларды елеген ешкім болмады,
екі күн өтті, бұларды елеген ешкім болмады, үшінші
күні Қожанәпес келді: “Уа, құдалар, құдай алдында
берген уәдемді жұтпаймын, Құдайкенің басына іс
түскен екен, бауыр еті – баламды оның түтінін түтетіп,
орнын оңалтуға көндірдім. Тек бір тілегім бар. Қызым
Гөзелден туған ұрпақ өз қарымына менің де қарымымды
қосып атаса болғаны. Қызымның көші анау төбенің
бауырында бара жатқан, ал аттаныңдар”, – деді.
6. Сөз соңы
Солай, досым,
Жал бітеді арықтаса жалдыға,
Кермек жұтқан көп асайды балды да.
Арқасында қиын кезгі достықтың,
Жүре берді сөнген ошақ
Қайта лаулап жанды да.
Солай, досым,
Өмір көлін кешеміз,
Бірде қайтып, бірде қайтпай есеміз.
Екі ұл тапты жетпістегі әкемнен,
Он бестегі жап-жас Гөзел шешеміз.
Жанды талай, сөнді талай сан арман,
Ұшқын атып, жалын атып жанардан.
“Түрікпенадай” аталады қазірде,
Өнген ұрпақ, өскен ұрпақ солардан.
Солай, досым,
Түсіміз бір күн аптабы қақтаған,
Ісіміз бір тұлпар ұстап баптаған.
Даламыз біз – кең көсілген иенбіз,
Бірімізге нағашымыз, жиенбіз,
Айдап салса аттан салдық тек қана.
ШЕРҚАЛА
Шерқала – қалалардың арыстаны,
Болды ма көне ғасыр, сол тұстағы? –
Жауапсыз ол сұрақты көміп кеткен,
Тарихтың, табиғаттың тартыстары.
Ғафу Қайырбеков.
Ұйып үлгермей
Уыз қалпында төгіліп қалған.
Содан сыр бермей,
Сан ғасыр топырағына көміліп қалған.
Шерқала – Троям менің,
Менің Троям.
Баба қала, аш көзіңді, тұр, оян,
Басып қалсаң сайрап жүре беретін,
Қаратауың, Ақтауың тәрізді ғой рояль,
Күй тіліңді қалай бассам екен-ау,
Құпияңды қалай ашсам екен-ау.
Шырт ұйқыда ұйықтап жатқан мекен-ау!
Кетпен ап қолға ақтардым бар ғой, ақтардым,
Ұшығы шығып іздеген талай жоқтардың.
Мәдени-ғұрпын суырып алам тереңнен,
Каспийліктер,
Дайлар,
Алан-
Сақтардың.
О, Шер - қала!
Шерің әлі күзетіп тұр сол кездегі әр ізді,
Египеттің Сфинксі тәрізді.
Қалаң қайда, қалаң қайда, ал қалаң?
(Мұп-мұздай тер шым-шым шықты арқадан).
Сұрау салдым Ақмыш атты бұлақтан,
Бұлақтағы сусылдаған құрақтан.
Таудан, тастан, күннен, бұлттан тау асқан,
Керуен сарай бағанындай баяғы,
Анау кәрі ағаштан.
Сауалыма, сауалыма жоқ бірақ,
Ешқайсы да жақ ашқан,
– Сыр тартайын, – деп ем, – әсем Гүл, сізден?
Үндемеді...
О, табиғат, сонша мылқау, тілсіз бе ең?
Кенет, кенет...
Мазалаған өн бойымды күнұзын,
Құлағыма келді менің бір ызың:
“Табиғатта мылқаулық жоқ,
Болар оны түсінбейтін кереңдік.
Биіктік пен Тереңдік,
Ездік пенен Өрендік.
Сұлулық пен Зұлымдық.
Ал сұлулық – самала,
Әйелге де, далаға да, қалаға,
Қасірет боп жабысқан,
(Обал-обал, обал, ә?)
Ел мен елдер сол үшін,
Атысқан да шабысқан,
Бағы жанып бірінің,
Біреуінің бағы ұшқан...”
Деп тұрғандай бір ызың,
Бір ызың бар құлағымда күнұзын.
Алдым қолға құмыраның сынығын:
– О, бастауым,
О, мөлдірім,
Тұнығым.
Қыпша бел қыз суға барса сені алып,
Ынтық жігіт қарына ілген құрығын.
Бұлақ басы оңашада
Дейді қыз:
“Әкем сезсе, құрыдым ғой, құрыдым”.
Жігіт айтар деп білетін Ер өзін:
“Сенің үшін біздің үйде төр әзір.
Ақ отауға келін қылып түсірем,
Керуен сап келгеннен соң Хорезм”.
Қашан, сірә, болар екен сыр аян,
Арыстаным, аш көзіңді, тұр, оян.
Зерделі бір, төкпей-шашпай қазатын,
Қазатын да, хас тарихын жазатын,
Археологын күтіп жатқан Троям!
АҚМЫШТАҒЫ КӘРІ АҒАШ
Алыптықты көргің келсе,
Осы ағашты көр мықты.
Шор-шор бұтақ, терең тамыр орнықты.
Найзағайдың жебесіне шыдаған,
Көріп зорлық, қорлықты.
Жеткен бізге өлмей-өшпей дін аман,
Ұғындырып ерлікті.
(...Саяхатшысымақ біреу таңдана,
Таңданғаны өз алдына, паңдана.
“Тарас еккен бұны да”, – деп кергіпті.
Осындайға буырқанбай, күймей гөр,
Шындық суға суарылған,
Өтірікті сүймейді ел.
Туған жердің топырағынан жаралған,
Бұлағынан нәр алған,
Мәңгі жаса, Бәйтерегім, билей бер).
Бұтағына талай қыран жұмыртқасын шайқаған,
Бұл бәйтерек сұлап барып,
Тік тұрыпты қайтадан.
Айдаһардың елестетер кескінін,
(Және оның ысылын да естідім),
Жіті көзге байқаған.
Ақмыштағы алақандай осы бір,
Оазистің жұпарынан жұтамын.
Қызыл қала, қызыл іңір, тұт әнін,
Көкірегіне қондырып,
Мүмкін Тарас еккен болар,
Кетіктегі бағына,
(Нулы, сулы Украинасын сағына),
Кесіп алып осы ағаштың бұтағын.
Кеуде кере, кеуде кере, осы бір.
Оазистің жұпарынан жұтамын,
...Сақтай алмай асылдарды кетті есе,
Бірге көктер жасыл алқап көктесе.
Бәйтерегім, тамызық боп бір пешке,
Абайсызда кетпесе екен,
Кетпесе...
ҚАРАҒИЯ
Бұдан миллион жылдар бұрын Маңғыстау өңірі
Тетис атты алып мұхиттың түбі болған деседі. Қарақия
– теңіз деңгейінен 130 метр төмен жатқан терең қазан
шұңқыр.
Қымызынан босаған,
Күбі десең өзің біл.
Уақыт жалмап, асаған,
Бір кезгі алып Тетистің,
Түбі десең өзің біл.
Әйтеуір бұл бір қылын,
Шертіп қалар сезімнің.
Бұйырған дәмдей азанда,
Алтын, Жауһар, сазан да...
Барлық асыл құйылған,
Қарақия – Қазанға.
Болса зейін түсінбек,
Зердесінде жас адам.
Бұл түбекті мүсіндеп,
Тетис өзі қашаған...
Ойлаған-ды кім бұлай,
Сәттерінде нұр жауар.
Өзен түгіл, көл түгіл,
Мұхитқа да сұмдық-ай,
Туады деп бір зауал.
Еткен соң ба жер тарлық,
Сөйтіп семіп шалқарлық.
Мұхит суын – мол мұнай,
Балықтарын – Арқар ғып,
Жіберіпті дейді аңыз,
Сенбе мейлі, сеніңіз,
Еркіңізде бұйдаңыз,
Естіледі әйтеуір
“Дүние жалған” күй нағыз.
Үнсіз қалдық, беу, неге,
Өткен шақты ойлап бір.
Тым асқанды тәубеге,
Келтіретін аймақ бұл.
БУЛЫОЙЫҚ
Маңғыстау түбегінде Булыойық атты жерасты үңгірі бар. Тереңдігі 200-300 метрдей. Үш қабатты алып киіз үй тәрізді күмбездерден тұратын бұл жұмбақ үңгірдің түбінде көздің жасындай мөп-мөлдір су жатыр. Үңгірдің сырттағы аузында қой тастан қашалған астау тұр. Қай заманда болса да, әйтеуір адамға қызмет еткені осыдан ұғынылады. І Булыойық – Маңғыстауда жұмбақ үңгір, Жұмбақ үңгір құпиясын тыңдағым бір. Келген еді, Амал не, жақпар тастар, Сұлық жатыр сыр шертпей күңгір-күңгір. Күңгір-күңгір сырлары ағытылса, Жүре берер еді ғой нұрланып жыр... ІІ Арда сүтін ешкімге емізбеген, Шөл дала, Қашық ақжал теңіз деген. Абайсызда үстінен түсті үңгірдің, Хатшы, Тілші, Директор шөп іздеген. Жатыр үңгір құпиясы ашылмаған, Қабырғасын мүк басқан жасылдаған. Иланарлық, Сонау бір сәби кезде,
Мекен еткен десе егер осында Адам.
Болжам да дерек те мол, ағат та бар:
– Мұнда әр ғасыр керуені қонақтаған,
– Қарақшы да түнеген жалақтаған,
– Батыр қонған жауға елін тонатпаған, –
Жолаушылар дейді шай сораптаған.
Сыртта ыстық күйетін құс қанаты,
Ал үңгірден еседі сабат-самал.
– Тылсым сырға тек қана ұққан қанар,
Өмір үлесін жығылған, жыққан да алар.
Талай заман өтті ғой, бұл үңгірде,
Бай – алтынын,
Сұлулар – сырғаларын,
Ал ғұлама кітабын тыққан болар.
– Үзілгенше ақырғы алатын дем,
Сәуле іздеген адамдар қара түннен.
Дәл осындай үңгірден басталыпты,
Сүлеймен патша кенішіне баратын жол...
– Дәл осындай... дәл осы... дәл осы жер,
Бір сыр ұқтым ертегі елесінен.
Кенет тілші орнынан атып тұрып,
Өзеуреді, – Дәл осы, дәл осы жер!
– Не осы жер, айтсаңшы не осы жер?
– Ертегіге елтіп жаста ерке өстік,
Естеріңде бар ма батыр Ертөстік?
Шалқұйрықпен жер астына түскені,
Жер үстінен мәңгі күдер үзгені.
Сонда... сонда...
Ебін тауып жылан Бапы елінен,
Туған жердің төсіне,
Шыққан жері осы жер.
Жарық дүние қадырын,
Ұққан жері – осы жер!
Деді хатшы:
– Дұрыс байлам, шырағым,
Сүйсінтеді құпияға құмарың.
Ертегіде арманы бар халықтың,
Сондықтан ол – асылың мен тұмарың.
Табиғаттың көп қой салған өрнегі,
Жаралғалы көрмед дейсің Жер нені.
Мына үңгір де
Болар соның жарасы,
Бәлкім тыныс саласы.
Дүниенің жұмбағы мол шешілмес,
Байырқап бір қарашы...
– Дәл таптыңыз, –
Деді Тілші шаттықпен тән балаға, –
Пікіріңіз ұғынықты санаға.
Жер Ананың тыныс алар Танауы –
Үңгіріңіз – үңгір емес,
Жан Аға,
Пікіріңіз құйылып тұр санаға.
Ұлы Танау –
Жерімде ата мекен.
Болғанын айқай салып, атап өтем.
Булыойықтан,
Жазда есіп сабат-самал,
Ал қыста бу бұрқырап жатады екен.
Ей, Адамдар, нұр ұшқан іззетіңнен,
Қиянаттың талайы түзетілген.
Жер Анамыз тұншығып қалмауы үшін,
Бітемей,
Тонамай,
Құлатпай,
Күзетіңдер үңгірді, күзетіңдер!
ІІІ ...Ал директор үнсіз қалған манадан, Ойын айтты белін буып, қалаған: – Бұл үңгірдің түбінде, Жеткен аман бүгінге, Су жатыр. Көз жасындай тұп-тұнық, Арулықты, зәрулікті ұқтырып. Бос сөздерге жем қылмалық уақытты, “Сол суды ішкен адам болар бақытты”, – Деп естігем, Жүр, үңгірге түселік. Түселік те Әлгі судан ішелік. ...Жүрегінде жанып тұрған жалын жыр, Жолаушылар бір әсерге малынды. Жеңді оларды құпияға құштарлық, Жетеледі тылсымына ал, Үңгір... Шөжеп сұлу Даттау күпір әруағын өлгеннің, Мақтау күпір мырзалығын бергеннің. Бір-біріне оқ кезеді садақтан, Екі әйелі батыр Тәңірбергеннің. Екеуі де қызы еді тектінің, Екеуі де сұлу еді жоқ міні. Екеуі де бір-бірінен ассам деп, Бір тарқатып, бір өрген-ді кек тінін. Жеткен сөздер мынадай сыр шертеді, Екеуі де еркек үшін өрт еді. Бәйбішесі болса да сәл байсалды, Ал тоқалы тым өр еді, ерке еді. Сол еркелік, сол еркелік, еркелік, Бал денесін өрекпітті өртеніп.
Ел таңырқар жасатты оған бір тойды,
Енді содан аз ғана сыр шертелік:
Бұл өмірден көп еді оның алмағы,
Тоқал атын жою еді арманы.
Бекбике ме, салуалы бәйбіше,
Ал Шөжептің тоқал аты қалмады.
...Үш күн бойы қалың елді тойлатты,
Үш күн бойы он боз бие байлатты.
Үш күн бойы боз бала, бойжеткенге,
Алтыбақан ойнатты.
Қамшы астында сабы күрең тобылғы,
Боз биенің ақ сүтіне шомылды.
Сосын шығып қалың жұрттың алдына:
Кешір, – деді, – менің мұны-онымды.
Мен бір бақта жұпар атқан гүл едім,
Үзілдім де, бірақ қайта түледім.
Тоқал деген кемсік аттан құтқарып,
Бәйбіше деп атасаңдар – тілегім.
Тәңірберген болып өтсін тәңірім,
Соған ғана енді қалған өмірім.
Орындаймын, екі етпеймін ешқашан,
Оның айтқан әмірін...
Деді халық Шөжеп сөзін құптасып:
(Қазы асап, дөнен қымыз жұтқасын).
– Дұрыс, Шөжеп, Тәңірберген үшін сен,
Қыз Жібексің,
Гүлбаршынсың,
Құртқасың.
Бақыт сыйлар болсын саған алда күн,
Тек кермексіз өмірің сүр, бал татып.
“Ханым” деуге лайықсың бүгіннен,
Әлгі анау... қалды атың...
Той тарқады, той тарқады, тарқады,
Сыйға алып бір тай, бір-бір марқаны.
– Жаппар Құдай тілегімді берді, – деп,
Шөжеп сұлу кеңге салды арқаны.
Әркімдерде әртүрлі ғой ой шұбар,
Жылқышы бар, түйеші бар, қойшы бар.
“Қайдан келе жатсың?” деген сауалға,
Былай депті (әлгі бетпақ) тойшылар:
– Талай қызық, талай шұжық көргенмін,
Болмау керек еш өкпесі ерге елдің.
Ерке тоқалы еріккеннен той жасап,
Батыр Тәңірбергеннің...
Содан келем, ха-ха-ха!
ӘН Атам Өтегеннің аруағына бағыштадым Бұл ауыл Бесқала асқан қалашыларды ұзақ күтті. Еш хабар болмады. Күдіктенушілер де көбейді. – Аман-есен болса игі еді. – Жолда ұры-қарыға тоналмай дегендей... Күздің кенеттен суытқанынан қауіптенген ауыл ақсақалы Қалмырза тосын байлам жасады. – Ертең таң рауандап келе жатқанда қыстауға көшеміз. Жинақталыңдар. Аман ердің аты шығады, – деген. Шағын ауыл көш қамына кірісті. “Жер жөргектей боп бітті алашұбар, Құс та қайта бастады даласынан. Екі ай өтті, несі екен кешіккені, Кешіккені, Япыр-ау, қалашылар? Жау алардай міні жоқ жарағында, Жігіттері татитын дара мыңға. Келе жатар соңынан, Ертең ерте, Көштің басын түзеңдер Қарақұмға”. Сыйлайды ауыл сыйынып жақсы атаны, Беделі асып шырқаған жақсы атағы. Бірі жарын, Бірі ұлын күтсе-дағы, Шешті осылай ауылдың ақсақалы. ...Елден ерте сол таңда тұрды келін, Шелегін ап желіге жүрді келін.
Кенет, кенет боз інген бауырынан,
Ұққандай бір алапат сырды керім.
Түндігін ата жатқан ақбоз үйдің,
Шалқасынан айқара түрді келін...
Тосын оқиға болды. Жұрт не істерін білмей
аңтарылды. Кешегі атаның рәсімі бойынша көш басын
Қарақұмға түзеуі керек еді. Ал мынау... Ақсақалдың
ақбоз үйінің түндігі сыпырылудың орнына ашылып
қалды...
Ақсақал орнынан тұрып дәрет-суын алып, таңғы
намазға бас қойғалы жатқанда, кенет түндік жаңа туған
әсем айдың қиығындай болып сәулеленді.
Ақсақал ақ боз үйден сыртқа шықты. Өзінің үйінен
өзге үйлердің бірінің түндігі сыпырылып, бірінің
уықтары алынғалы жатыр. Ал...
Желі жақтан шелек толы сүтін алып келе жатқан жас
келінге көзі түсті.
Шелегін жерге қойып Келін Атаға иіліп сәлем етті.
Сосын сояудай қара кірпік көтерілмей біраз тұрып,
аялы жанарын жарқ еткізіп:
–Ата! – деді.
–Иә, балам!
–Ата, бүгін, иә, бүгін көшпей-ақ еру болсаңыз.
Өйткені қалашылар... балаңыз келе жатыр.
–Оны қайдан білдің?
–Ба-ла-ңыздың жаңа ғана салған әнін естідім...
Ақсақалдың миығына күлкі үйірілді. Кенже келінінің
батылдығына, әрі жақсы ырымыны риза болды. Сосын
түйелерді қомдап жатқан жігіттерге:
–Бүгін еруміз, қалашыларды күтелік, – деді.
Бастамасын мейлі елдің әскерін,
Күйеуінде болмайтын-ды әсте мін.
Ақбоз інген бауырында тұрғанда,
Рас,
Рас,
Естіді үнін жас Келін.
Соның даусы, соның даусы, дәл соның,
Мүмкін емес, мүмкін емес жаңсақ үн.
Келіп-ақ тұр сөзі де анық құлаққа:
“Сәулем, сені, сәулем, сені аңсадым!”
Көп ішінде жалғыз өзі қылаң-ды,
Шөп ішінде дара өсетін ыраң-ды.
Жиын-тойда домбыраны ап үкілі,
Жиі айтатын, жиі айтатын бұл әнді.
Сәске болды, жоқ қалашы, қалашы,
“Көш тоқтатқан”... көбейді елдің таласы.
Қысылайын деді енді жас келін:
“Менің ерім, ал олардың баласы,
Менің ғана сол әнді
Естуімді қарашы”.
“Бай қызы еді шашбау, моншақ тағынған,
Жарлы Атасы болды соған жағынған.
Ерке келін көшті жолдан қалдырды,
Сағынған соң, байын әбден сағынған”.
Деген сөздер шығып жатты әр тұстан,
Ағайын ғой бірін күндеп, тартысқан,
Түс кезі еді, кенет керуен көрінді,
Сонау-сонау түлкісі мол Ор тұстан...
Таппай жүрген азаматтар мігірді,
“Қалашы” деп бәрі солай жүгірді.
Ал жас келін жанарынан бақыт жасын бір сығып,
Амалсыздан ақбоз үйде кідірді.
Көптен күткен қалашылармен қауышып, ауыл мәре-
сәре болды.
–Бүгін көшкелі жатыр едік!
–Егер көшсек, орнымызды сипап қалады екенсіңдер!
–Айтпақшы, көшті тоқтатқан Жиде келін.
–Иә, сол.
–Қалай?
–Ол... келін... таң сәріде түйе сауып жатып күйеуінің
дау-сын естіпті.
–Дұрыс. Ауылға жеткіміз келіп, түнімен қонбай
жүрдік. Таң алдында бәрімізді ұйқы қысты. Сонда ұйқы
ашар болсын деп ән салғанмын.
–Даусыңды әйелің түстік жерден естіген сенде арман
бар ма, жігітім!
ТОБАНИЯЗ 1. Тобанияздың ұрпаққа үні “Балықшының байлығы Етек-жеңі кепкенше, Егіншінің байлығы Ендігі жыл жеткенше” . Мал мен жерді тел емуді өзім бастап кеткенмін, Аусарыда әлі де ізі жатыр кетпеннің. Құмыққан ба шөп басып, жаптарымның арнасы, Аты ғана қалыпты – “Тобанияз жармасы”. “Хас сұлуды қаралысында сынама, Хас батырды жаралысында сынама”. Сынама бізді жас ұрпақ, сынама бізді, сынама, Зұлмат дәуірдің шын сырын алмай да қалдық, ұға да. Енеңді ұрайын тағдырдың Жазмышы солай болған соң, Үзілді қатпай бұғана. Әлихан сынды, Ахмет сынды асыл ойлар да өр тіпті, Қарақұрттың шырмауына оралды да мертікті. Мертікті бәрі, (кетпе оған бірақ мұңайып), Оңғалбаев, Мыңбаев, Көбеев және Жұбаев. Бәрі де оның алдаспан еді, нарқасқа еді кешегі, Тағдырдың ісі – “адам ойлайды, алла шешеді”. Борады сосын біз жайлы Қатыннан бетер үкіметшілер өсегі. “Арқаға ауыр жүк батса, нар да қашар жауырдан, Жайылымды жерге бақпаса, Аруана қашар сауыннан”. Революционер едік өр кеуде жаңа заман орнатпақ, Опат болдық бәріміз сол революция – Дауылдан.
Қойсайшы бақты, шіркін-ай, бүкіл Алшын кеп, Бас иді маған “Қарадан шыққан хансың”, – деп. “Ісің әділ, бағытың түзу, баста алға”, – Деген соң халқым, мектептер аштым жастарға. Округ үлкен қамтыған дұрыс жан-жақты, Қорғайтын елді әскер де құрдым салт атты. “Хас сұлуды қаралысында сынама, Хас батырды жаралысында сынама”. Зұлмат дәуірдің шын сырын алмай да қалдық ұға да, Бірақ та, бірақ батқанымыз жоқ күнәға. Енеңді ұрайын тағдырдың Жазмышы солай болған соң, Үзілді қатпай бұғана. Сынама бізді, жас ұрпақ, Сынама бізді, Сынама!!!
2. Генерал Толстовтың өкініш өксігі
“ОГПУ-НКВД
органдары
атаман
Толстовтың
1920 жылы қашқанда Маңғыстауда қалдырып кеткен
алтынын іздеуді 1958 жылдардың орта кезіне дейін
жалғастырумен келді... Екі арба толы қазына – іздеп
тапқан алақанның қышуы қанатындай-ақ несібе ғой”.
(газеттен)
Сертім мынау:
Жігерімді құм еткен жасымаған,
(Болмас, сірә, өтетін қасым одан).
Тағдыр жазып, Ресейге барар болсам,
Алдымен Әлниязовтың басын алам.
Адымымды алшаңдап асқақ бастым,
Асқақтығын көңілдің тоқтатпаспын.
Армиямды тоз-тоз қып Әлниязов,
Сасқаннан алтынымды тастап қаштым.
Дәуірдің құбылмалы сазын аңғар,
Ей, ұрпағым, өсиет, базынам бар:
Кетіктегі мүйістен... бәлен аршын...
Жерге менің көмілген қазынам бар...
Аласұрам, кеземін ой әлемін,
Баласынан кім нені аяр еді...
Тағдыр жазып Ресейге барар болсам,
Әлгі Адайдың
Басын шауып, музейге қояр едім!
Ех, шіркін, сонда ғана армансыз боп,
Кегім қайтып қанға бір тояр едім!
(Атаманның бұл өксік арманын кейін оның коммунист
қандасы Голощекин орындап берді). 3. Жала мен жаза
“...Әзір бізде Адай округінде онсыз атком ештеңе
істей алмайтын Адайдың князі Әлниязов барда, әзір
иеліктерінде сан мыңдаған малы бар, қалың бұқараны
тұншықтырып, округтің іс жүзіндегі қожайыны болып
табылатындар өмір сүріп отырғанда, жарлы-жақыбайды
көтеру мен оны езгіден азат ету туралы сөз болуы да
мүмкін емес...”
(Голощекин. ҮІ Бүкілқазақтық
партия Конференциясы.
Қызылорда, 1927ж.).
Халқыма төрт түлігін баға білген,
Шімірікпей кінәні таға берген.
Қаны қатқан қанқұйлы Голощекин,
Тобекеңе осылай “баға” берген.
Бұ дүниелік жан үшін,
О дүниелік иман үшін,
Қазекемнің сан тұяқ жиғаны шын.
“Мал алғаның қазақтан жан алғаның”, – Дейтұғын Тобекеңнің қиналысын, Кім ұғады, япыр-ау, кім ұғады. Лайланды ғұрпымның тұнық әні, Бір сөз үшін үш әріп иелері, “Сен жаусың” деп атуға құнығады. Тәңір куә жарлы үшін ақтығына, Сарп етпек күшін оның шаттығына. Деп жүргенде “еліме ес жиғызам”, Голощекин осылай тақты “кінә”. “Болашақтан мол бақыт күтіп өтем, Мектеп ашам, Әскер құрам, Егінді бітік етем”, – Деп жүргенде хатшының жала сөзі, Тобекеңе кесілген үкім екен... “Қазақ ССР-інің ПП ОГПУ-1 жанындағы үлкен “үштік” “Әлниязовтың контрреволюциялық ұйымының” 21 мүшесін ең жоғары жаза – атуға кесті және 15 адамды он жылдық мерзімге... концлагерьге айдады. (архив материалдарынан) Үкім екен... кесілді ату жаза, Боздақтарды Маңғыстау көп тұтты аза. Ең соңында бұрқ етті көтеріліс боп, Дәуір желі үрлеген сөнбей қоза. Үстірттің ернеуіндей құламалы, Төзім тозды, ізделді бір амалы. Мылтық алды жарлы да, жақыбай да, Жала, Жала, Жалаға шыдамады. Осылайша, “Әлниязовтың ісінің” соңының Адай
көтерілісіне қалай ұласқанын Кеңес өкіметінің өзі де
білмей қалған-ды...
ҚАШАҒАН МЕН АРАЛБАЙ
Баласы өліп, бал қызығы оралмай,
Құяңы ұстап жайлауына бара алмай.
Айрақтыда аласа үйдің ішінде,
Жатыр еді қам көңілді Аралбай.
Зор тұлғасын сом болаттан жасаған,
Ширатардай қам көңілді босаған.
Осы сәтте жүдеу ақын үстіне,
Кіріп келді жігерлі ақын Қашаған.
Үндемеді,
Көңіл айту мұратты,
Елемеуі қалай осы сын шақты?
Қолына алып домбырасын Аралбай,
Қашағанға мұң шақты:
“Тұяғы сынған тұлпармын,
Қанаты сынған сұңқармын!..”
Ағытты ақын өкпесін,
Ағытты сырын іңкәр бір.
Арманы оның көп еді,
Болмады әсте дегені.
Ағытты шемер-шеменін:
“Көңілім шатты күнінде,
Аралбай едім халқыма.
Әлдилеп сүйген жалғызым,
Қайырылмай кетті-ау артына...”
Аяқтап жырын Аралбай,
Қайтадан келді баяғы,
Қамкөңілді қалпына.
Ащыдан тұрған тек қана,
Екі ақынның да өмірі.
Жұбату айтты баппенен,
Домбыра сазды қоңыр үн:
“Замандасым Аралбай,
Білмей қалдым балаңды-ай...
Тұяғы бүтін тұлпар жоқ,
Қанаты бүтін сұңқар жоқ.
Болаттан бекем бол, жаным...”
Нөсерлете төкті кеп,
Қашаған да арманын.
Жасағанға не жазған.
Шындықты айтты бір ғана.
Қашағанға жыр жазған,
Қимапты ғой бір бала.
Тұр, Аралбай, орныңнан,
Мойныңды бұр, бер қара.
Шығар перзент алдыңнан,
Әкім үшін – билік те,
Ақын үшін жыр ғана!..
Осыдан кейін Аралбай төсегінен тұрып, ұсталық,
етікшілік, құлпытас қашау тәрізді кәсібімен айналысып,
жырын жырлап кетіпті.
АБЫЛ МЕН БАЛДАЙ ҚЫЗ
Басын иген бай, батыр, ақымағың,
Маңғыстау ақиығы – Абыл ақын.
Айтыста жеңіліпті Балдай қыздан, –
Бұлбұлынан далалық сахнаның.
Бір емес, жеңіліпті бірнеше рет,
Жүректерден шалқыған үндесіп от.
“Қызыл тілдің қылышы дүр ақынның”, –
Таңданыпты қалың жұрт:
– “Бұл несі?”, – деп!
“Жазайыншы дертімнің сыздатқанын,
Қалмау үшін тамырда мұздап қаным”, –
Деді ме екен,
Ұзатылып кеткен қызды,
Жеңіліпті тағы бір іздеп барып.
Кей сөз – бақыт,
Кей сөзден басы кетер,
Ақын өмір – дария тасып өтер.
Он сегізде бүр жарған Балдай қызға,
Өйткені: кексе жырау ғашық екен.
Сол ғой жанын түсініп, ұғатын да,
Тұңғиықтан сол алып шығатын да.
Шын ғашықтың алдында жеңілу – шарт,
Лебізіне елтіген шын ақынға.
“Отырған қарсы алдымда Балдайымыз,
Бал татыр жесе шекер таңдайымыз”.
Ақын жүрек қашанда ғашық болғыш,
Біздің де болар ондай-ондайымыз.
АРҒЫМАҚТЫҢ ТҰЯҒЫ ҚАЗҒАН ЖЕРЛЕР
Жауына семсер ұстап шапқылаған,
Бабам-ай,
Қулық-сұмдық пәк күнәдан.
Арғымағың тұяғы қазған жерден,
Қазірде
Фонтан,
Фонтан атқылаған.
Қарақшыдан, жауыңнан ықпағаның,
Әлі күнге таңданып, сұқтанамын.
Бірақ, баба,
Далаңның қойынында,
Білмедің жиһаз барын, тықпа барын.
Жайлау іздеу, серілік – негізгі әнің,
Кей тұста арықтады семіз халің.
Білмей өттің астында табаныңның,
Атыраудан өзге де “теңіз” барын.
Намысқа, арға шапқан әр қадамы,
Қозатын жиын десе арқалары.
Жанады алау болып бұл күндері,
Ата мекен – Маңғыстау жарты аралым.
Назар салар бір нүкте картадағы.
ШИПАГЕР ДАЛА
Дертім болса алған жанның мазасын,
Жүректердің шер боп қатқан назасын.
Туған жерім,
Бұлағыңа қайнаған,
Бір сүңгітіп аласың да жазасың,
– Құдіретін-ай шымырлаған қайнардың,
– Қасиетіңнен, туған өлкем, айналдым, –
Деп жатады дауа тапқан ұлдарың.
Мен түсінсем,
Топырағыңа жыр дарып,
Тегін емес маңғазданса қырларың.
Қоңыр далам, сахнамсың күй төгер,
Қоңыр далам, отқа қақта, үйте бер.
Өзің маған үйіп-төгіп зейнетті,
Өзің маған арқалатып бейнетті,
Өзің және емдейтұғын шипагер.
ШӨЛ КЕМЕСІ
Түйе,
Түйе,
Иір мойын түйелер,
Сен ғылымсың бір арнаға жүйелер.
Ботаң өліп боз далада қайғы буған шағыңда,
Алпыс екі тамырыңды идіріпті күй өнер.
Жанар оты сағыныш боп маздаумен,
Орта жолда құздан құлай жаздаумен.
Мейлі Қырым, мейлі Қытай асырсын,
Туған жерге оралыпсың боздаумен.
Саған артып өмір жайлы толғаған,
Үміт әнін, аттаныпты алға адам.
Әуе жолы, темір жолдар жоқ кезде,
Түйе жолдар ел мен елді жалғаған.
Жүк қалмаған көшкен, қонған беткейде,
(Керуендер сап түзеген өтпей ме?)
Мадақтаған саған сенген адамдар,
Түйе демей, “шөл кемесі” деп кейде.
Санаспадың жақын жерің, қашығың,
Деген жоқсың: “қажыдым да жасыдым”.
Расында:
Атыраудың тұңғыш мұнарасын да,
Арбаға сап тасыдың.
Енді менің дәлелім мол сүйенер,
Сен ғылымсың бір арнаға жүйелер.
Бүгін, міне, составтарға маңғаздана қарайсың,
(Дәуір жүгін бердің соған, жарайсың).
Түйе,
Түйе,
Иір мойын түйелер.
ҚОЙ мен ҚОЙШЫ
Шіліңгір шілде ішінде,
Күн тиіп азап тартасың.
Ішкізер ем-дом үшін де,
Қара қойдың сорпасын.
Қара құрт шақса уытын,
Тағы да сорпа қайтарар.
Шомылып соған, жігітім,
Шыдамсыз жаның жай табар.
Тұра алмай қалсаң шойырылып,
Жел тиіп желкем беліңе.
Сол қойшы қойын сойдырып,
Орайды жылы теріге.
Жайлауда ауырып қалдың ба,
Ойламас әсте арам ой.
Жайылып жүрген алдыңда,
Қойшының емі – қара қой.
Сәулесі күннің мол мұнда,
Қара қой ғажап дара ғой!
АТБЕГІ
Кез болатын қол босаған орақтан,
Кез болатын көңілге нұр таратқан.
Елдің Ұлы мерекесі. Бәйгеде,
Атқа шаптым, Құдабай қарт жаратқан.
Болатұғын ол қарт нағыз атбегі,
Мақсатында өз дініне қатты еді.
Сондықтан да жаратқаны жүлде алар,
Жолы болғыш, сәтті еді.
– Сынға түстің, маған серік, қосшы дер,
Аттың басын тежеп ұста,
Тек көмбеде бос жібер.
Бурыл айғыр – Тайбурылдай бабында,
Бойында жоқ ащы тер.
Емес менің тасқаным не асқаным,
Менсінбейтін кезінде айғыр басқаны.
Екі тезек болатұғын ішінде,
Мана оны да тастады.
Жассың әлі,
Желкеніңді желкілдетпес қай ауыл,
Бүге тұрам айтпай сөзім байлауын.
Бір қиқуды сезіп тұрған тұлпарыңа қарашы,
Жануар-ай, жанарының жайнауын...
Бұл бурылдың жанында өтті көп кешім,
Сезем және еңбегім еш кетпесін.
Еш уақытта тұлпарларға қамшы ұрма,
Етігіңмен қыса көрме өкпесін.
Ортасына түстің дода-дүлейдің,
Жоламасын маңайыңа үрей-мұң.
Тұлпар мінген тұрымтайдай тұлымдым,
Ал шап, енді,
Сүрінбеуіңді тілеймін, –
Деген едің сапар тілеп,
Қайран менің Атбегім,
Жайшылықта мейірімді едің, ал мақсатта
қатты едің.
Келер жылы, аяулы ата, өзіңді,
Сұр жебемен аяуы жоқ атты өлім.
Дәуірлеген мезгіл екен аз уақ,
(Бұндай кезде өнерпаздың жатар әрбір назы ұнап).
Сол бәйгеде бурыл айғыр көмбеге,
Өзгелерден дара келді азынап.
Ауылдастың кетті көңілі аспандап,
(Адам қандай бақытты еді сезім-толқын тасқанда).
Ал, Құдекең “Тфа-тфа, тіл тимесін”, – дей берді,
Жалын тарап бурылдың.
Жанарынан жас парлап.
Содан кейін айта алмадық асқақ ән,
Содан кейін мақтануға жасқанам.
Тайбурылға басқа бала отырды,
Жаратты да басқа адам.
Содан кейін бурыл бағы жанбады,
Шабысына ешкім көңілі қанбады.
Атбегі қарт дүниеден өтті де,
Батты әркімге тұлпардың,
Тұғыр болып қалғаны.
Содан бері көп күн шықты көгімде,
(Бір жебеуші керек екен тегінде).
Жыр бәйгеде құр қап жүрмін жүлдеден,
Бір атбегім табылмай-ақ менің де.
ҰРЫ ТІС
– Ұнататын бұрын ойын, шабысты,
Оттамайды, қазір іші қабысты,
Құнан шығар кезінде бұл құлаға,
Бір жамандат жабысты,
Бітіміне іштей көңілім толатын,
Құйрық-жалы төгілген, бейне мақпал қара түн.
Бүкіл табын жылқыны алдырмайтын қасқырға,
Қалыбайкөк айғырдың бел баласы болатын.
Бар айтарым, Құдеке,
Бар айтарым осы енді,
Еңбегіңді жемеспін, кетірмеспін есеңді.
Қан қатқандай ішіне оңалтпайтын жас малды,
Тауып берсең дауасын осы антұрған кеселдің.
Жылқы десе биік ұстар еңсені,
Атбегі қарт, оған қоса емші еді.
– Олай болса, Жұмақшамжан, көрелік,
Деп, ағама құнан жақты меңзеді.
– Атасын да емдегенмін аттатпайтын
қасқырды, –
Сөйлей жүріп, жылқышыға құнан аузын аштырды.
Көп күн болған қалғанына от-судан,
Ал құнанның жанарында жас тұрды.
– Анау тісті көрдің бе,
Өсіп таңдай жарған-ды,
Ұры тіс ол, оттатпайтын сол малды.
Оның емі – дереу қағып тастаған,
Әкел шапқы, балғаңды...
...Содан кейін құла құнан,
Терін төкті кездерінде терлейтін,
Өрге ұмтылды кездерінде өрлейтін.
Айғырлардың бірі болды атақты,
Өз үйірін бөрілерге бермейтін.
Зерделер бар тек жақсылық жиятын,
Кеуделер бар үлкен жүрек сиятын.
Содан кейін болып алды Ағам да,
Ұры тісті қағатын,
Киеңкіні қиятын.
ҚАРА ЖОРҒА
Шілденің тамған кезі болатын-ды,
(Ажалға қандай тылсым ара тұрды).
Кенет, кенет дүрлігіп жылқылы ауыл,
Кекілі күлтеленген,
Асау құлын желіге оратылды.
Болар, бәлкім, тәңірі құптамаған,
Түсінеді мән-жайды ұққан адам.
Жеткенше құлын кетті шейіт болып,
Ақ боз үйден жүгіріп шыққан Ағам...
Деуші едік: айуан не түсінеді,
Тағдырдың кез келтірмес ісі нені.
О дүниелік құлынын ұғып ене,
Жанұшыра шұрқырап кісінеді.
Есті-ақ екен, демесең нәті мал-ды,
Адаспайтын түндерде не тұманды.
Құлынының тұяғы тиген жерге,
Жалын жайып жануар жатып алды.
Қайғылы осы көрініс нықтайды ойды,
Айғырдың да кәрінен ықпай қойды.
Үш күн бойы су ішпей, оттамастан,
Кісінеумен желіден шықпай қойды.
“Тағдырыңа қалайша толғанбайын,
Толғанбайын, қолда өскен сормаңдайым.
Сормаңдайым сен емес бұл жалғанда,
Талай ана осылай болған дәйім.
Тұлпарлар да, тұғыр да туды мұнда,
Қиқулатар дүбірді, дуды мұнда.
Жемтік болды бөріге абайсызда,
Тұңғышың –
Құлындаған қулығыңда.
Кімдерді елітпеген жарау көрік,
Мақпал қара құлынға тақау келіп.
Сұқтанатын бір көздер,
Екіншің де –
Өлді солай ауырып “сақау” болып.
Құлын мүше жетілген шақта, сірә,
Арқасына талай ер батпасына,
Сенбеп едім.
Үшіншің уыз кезде,
Оратылды, міне, енді ноқтасына.
Қиын мұндай мұңлықты ұғып тұру,
Ұғып тұру, үн-түнсіз бұғып тұру.
Төрт аяғы тең жорға қарағым-ай,
Керек саған қайғыны ұмыттыру”, –
Деді де ағам, ер-тұрман түгендеді,
Түгендеді,
Қара жорға биені жүгендеді.
Әбзелдерге жинаған бар асылды,
Өмілдірік құйысқан жарасымды.
Күні бойы қыдыртып жүрді-жүрді,
Түнге қарай қаңтарып, таң асырды...
Су төгілмес тайпалған сауырынан,
Қара жорға жарады бауырынан.
Жал-құйрығы төгіліп мүсінделді,
Арылғандай қайғының ауырынан.
Ең сұлу түс дүниеде қара ма екен,
Көздері де жарқырап жанады екен.
Билегендей секілді кербез жүріс,
Кербез жүріс мұндай да болады екен.
Ұмытқандай кешегі бар азапты,
Алған жөн деп өмірден алашақты.
Бір айдан соң бағыты тойлы ауыл боп,
Ағамның тақымында,
Жайқалып бара жатты...
...Осы сырдан ерекше дәріс ұғам,
(Кім бөлісер қайғыны, қол ұсынар?!)...
Содан бері бас бәйге алады ылғи,
Қара бие жорғалар жарысынан.
МАХАББАТ МАҚАМДАРЫ
1. Кілт
О, Махаббат!
Кім жазбайды сен жайлы,
Сен жайлы сыр әрбір жүрек толғайды.
Біреуінде – бақыт балы – тәттілік,
Біреуінде – зар қайғы.
Бұл махаббат – түпсіз терең мол арна,
Терең тамыр ойлаңызшы, солар ма?
Махаббаттың туындысы, жемісі,
Семирамида бағы мен
Пирамидалар да.
Негіз осы байырқаса, барласа,
Сақ болған жөн дақ түсірмей арға аса.
Не болар ек, не болар ек, адамзат,
Ең асыл зат – бұл махаббат болмаса...
2. Табыттан табылған өлең
Адам дос боп, адам және жауықты,
Дәуір өткен талай-талай қауіпті...
Археологтар Египеттен ежелгі,
Нефертити табытын да тауыпты.
Көрді ме, әлде көрмеді ме жан азап,
Білмейміз біз (дәстүрі де және жат).
Сұлу әйел мүрдесінің үстінде,
Өлең жатты тасқа жазған
О, ғажап:
“Тыныс алам сенің тәтті деміңнен,
Қуанамын күн шыққандай сен көрінсең көгімнен.
Тілегім сол – есту сенің үніңді,
Солтүстіктен ескен жібек желіндей.
Сенсіз маған тамақ батпас, қарным аш,
Рухыңмен тыныстармын кең құлаш.
Талай заман өтсе-дағы бәрібір,
Саған деген махаббатым мәңгі жас”.
Асыл жырды зердесізге сөккізбей,
Асыл тасты күл-қоқысқа төккізбей.
Нефертити атты арудың есімін,
Махаббат қой бізге осылай жеткізген.
Бір сауалды алдарыңа тоса алам:
– Нефертити атты аруды жасаған.
Фараон ба аты әйгілі Эхнатон,
Мүсінші ме әлде тасқа қашаған?
Жауап іздеп соған өзге күйге енем,
Пар ат жеккен жүрген сәнді күймемен.
Сол мүсінші сол сұлуды, меніңше,
Фараоннан кем сүймеген.
Дәл шертпесең қыл пернені басты сын,
Таба білсең бұл қазына айқышын.
Кім екенін ғашық жырдың авторы –
Айтар еді-ау, Нефертити тас мүсін...
3. Сәулет сыры
Баспаған жер болмасын, – деп – табаным,
Қай жерде өлді қаһарлы күш – Қағаның.
Белгісіз ол,
Ал Сұлулық тұр асқақ –
Мавзолейі Яссауи Бабаның.
Бір сөз айтам сол Мавзолей хақында,
(Түркістанда болғаным бар жақында).
Ғасырлардан озу сыры ғасырға,
Орнатылған ескерткіш бұл –
Ақынға.
Боз жусанды далам менің көделі,
Жатты бәрін қасіреттің көтеріп.
Бұл даланы ұстау үшін кісендеп,
Керек болған Ақындардың беделі.
Қойша иіріп бейбіт жұртты сан қырған,
Ету үшін өзіне бас, мал құрбан.
Атышулы Ақсақ Темір қатыгез,
Шебер жиып, Даңқ үшін салдырған.
Бір арнадан бастау алар мың арна,
(Даңқ құмар Әмір оны ұғар ма?)
Ал сәулетші бір сұлуға ғашық боп,
Соған арнап соқты сәулет-шығарма.
Әсемсің ғой құпияңмен, өмір сен,
Төгілесің құмарлық боп төгілсең.
Жауыздықтан туған нәрсе – тым келте,
Махаббаттан туған нәрсе – өміршең.
Қайғы дайын бергендерге қастаса,
Бақыт дайын білгендерге достаса.
Талай хандар жерленсе де осында,
Түсінеді ел сәулет сырын басқаша.
...Солай, досым, Сұлулықты Зұлымдық,
Жеңбек емес ешқашан,
Ешқашан!
4. Көкетай мен Асалы
Күлкісі әсем сазы дерсің сырнайдың,
Ару жүзі сәулесіндей нұрлы айдың.
Сүмбіл шашы толарсағын қағатын,
Бұл өлкеде қызы бопты бір байдың.
– Көкетайым,
Еркем,
Арым,
Көкешім!
Жұрт алдында мерейлі еткен әкесін, –
Дейтін Әке, – салтанатын асырып,
Ұзатамын сұлтанға қидырып ақ некесін.
– Жарқыраған күндізім,
Маңдайдағы жұлдызым,
Бағым,
Гүлім,
Құндызым!
Теңгермеймін ізіне өзгелердің мың қызын, –
Дейтін шеше өзге теңеу таба алмай,
Сүйіп, құшып Көкетайдың нұр жүзін
Көкетай қыз сәні екен сол елдің,
Көкетай қыз әні екен сол елдің.
Бәріне де салмапты қыз көз қырын,
“Жар етемін”, – дегеннің,
Сол кезде айтса нанбас еді бір кісі,
(Солай болса қайтпек жүрек бұлқысы).
Жорға мінген жас сұлтанға емес ол,
Ғашық болды Асалыға жылқышы.
...Шақ жетіпті түнеретін басқа бұлт,
Жүрген жігіт ер-тұрманын жастанып.
Көкетайын қос атпенен бір түні,
Елсіз шыңға қашты алып.
Екі ғашық түнді етті баспана...
Бай келіні түндік ашты жасқана.
Сосын ауыл дүр сілкінді кенеттен,
Жалшыға жар бай қызы,
Болу неткен масқара?
Желбіреткен жақсы жырдың желегін,
Ғашықтықтың қосылу ғой тек емі.
Дала төсін дүбірлетіп тұяқтар,
Өмір қашып, өлім қуып келеді.
Екі ғашық махаббатын желкен ғып,
Зымырайды бақытына ертеңдік.
Шырқырайды Жауыздықтан қорғалап,
Сұлулық пен Көркемдік.
Екі ғашық құтылам деп қашады,
Жақын қалды жауыздықтың жасағы.
“Көкетайым, сен құтылшы”, – деді де,
Аттың басы кейін бұрды Асалы.
– Біздер үшін біткен бе өмір көктемі,
Қылышкер ең...
Бірақ олар көп тегі.
Осы айқаста, Арысым-ау, мерт болсаң,
Маған да өмір жоқ тегі, –
Деді сұлу жанарынан жас тамып,
Ал жылқышы жалтармады жасқанып.
Қарсы шапты қуғыншылар тобына,
Көру үшін өмір алдан тосқанын.
Күй тартқанда тұлпар тұяқ дүсірлі,
Ат бауырына үш жігітті түсірді...
Топ басшысы сұлтан қанға қарайып,
Терісіне сыймай қатты ісінді.
Біреуге ерлік,
Біреуге ұрлық жасатар,
Бұл өмірдің асатар,
Сыбағасы таусылғаны сол болды,
Асалы үшін от шашты да бесатар.
Қызыл көрген құзғындардай үймелеп,
Ат-матымен кетті қызды сүйрелеп.
Көкетайдың жүрегінен бір шыққан,
Асалының жүрегінен тиген оқ.
Жанар ма енді қайта мынау өшкен от,
Тіккен талай шәйі орамал кестелеп.
Асалысы қалды артында,
Ал бұған,
Қайда апарып, не істемек.
Бақытсыз ба шын ғашықтар ежелден,
Қосыла алмай Баянына Қозы өлген.
Не істеп еді сол сәтінде қыз Баян?
Ал Көкетай шырқау керек қандай ән?
“Қаптаған жау шат-шадыман жан-жағым,
Мен де жетем саған қазір, жан-жарым”, –
Деп Көкетай камзолының астынан,
Суырып ап,
Салды өзіне қанжарын...
Сүйгені үшін бірін-бірі үздігіп,
Заңның қатал от алауы шыжғырып.
Қала берді қос төмпек боп далада,
Он сегізге жетер-жетпес қыз-жігіт.
...Бұл өмірдің көп қой тартыс, шатағы,
Біреу өлсе, біреу туып жатады.
Көкетайдың сіңлісіне үйленіп,
Жас сұлтанның шықты абырой-атағы.
Зорлықшыға жақпайды екен қаралық,
Зауал болып төнеді екен қара бұлт.
Қайтып келе жатқанда бір жорықтан,
Сол сұлтанды шағып апты қарақұрт.
Сыйпай алмай Көкетайдың бұрымын,
Ызасына салған елге бүлігін.
Қарақұрт боп келіпті де бармақтай,
Оған да ажал салған солай құрығын.
Бұл өмірдің көп тағы да мазағы,
Асқандарға тарттыратын жазаны.
Қос ғашықтың қабірінің тұсы екен,
Сұлтанның да өлген жері –
Ғажабы.
Мықтылық-ай,
Ал інісі сұлтанның,
Атышулы қас шеберді алдырды.
Тас қашатып талай белді талдырды.
Сөйтіп оған бұл өмірде теңдессіз,
Бір мавзолей салдырды.
Жүргенменен қожайыны кісімсіп,
Деген оймен: “зерделілер түсінсін”.
Қос ғашықтың махаббатын ал оған,
Өрнектеді, барын салып мүсінші.
Қос ғашықтың махаббатын қашады,
Атып кеткен жауыздықтың жасағы...
Халық естен сұлтан атын шығарып,
Атап кетті мазарды –
Көкетай мен Асалы.
Жыр ғып өткен жоқпын тегін оны мен,
(Ай далада асқақ күмбез көріп ем). Соғып берді махаббатқа ескерткіш, Уақыт өзі Жауыздықтың қолымен. *** Кеудеде нөпір толқын тасып ізгі, Тағы бір жыл есейтіп жасымызды. Он жетінің өріне шыққан кезде, Қайырдық шалқасынан шашымызды. Бұрынғыдан толысып, толғанбыз ба, Жігіттік жайлауына қонғанбыз ба. Сол жылы... Ғашық болдың, асыл досым, Жаныммен мен ғашық болған қызға. Рас, біздер майдан сап ұрыспадық, Батырлардай серттесіп тұрыспадық. Қос жүрек те ынтығып сол сұлуға, Сол сұлуға төрт жанар нұр ұшты алып. Бір төсектен және біз өретін ек, Талай сырды екіге бөлетін ек. Әттең, әттең, екіге бөлінбейтін, Сол аруды шын жақсы көретін ек. Түн болып... не таң болып ата алмадым, Достық-ай, жібіңді үзіп өте алмадым. Балаң сырды Арманға ақтаруға, Мен сенен бата алмадым, Сен менен бата алмадың. ...Тағы да қуа алмадық түріп кекті, Бір ыза ішімізді бүріп кетті. Бірімізге-біріміз қимай жүрген, Сол сұлу өзге жанмен жүріп кетті.
СЫРЫҢДЫ АШ ҰЛЫҢА
Мен де саған бөтен емес, бел бала,
Бұл жерде өмір сүре алады Ер ғана.
Сырыңды ашшы, сен ұлыңнан бүкпеші,
Шерқала!
Бір кезде Шер,
Қазір енді Көр қала.
Алтын-күміс,
Жібек нарға арта ма,
Бал жасайтын шырын қосып тортаға.
Қасыңдағы Қызылқала қыз мінез,
Самал желпіп арқаңа.
Тұратұғын қан базарың тарқамай,
Шерқаланы мен іздеймін картадан.
Бірақ, бірақ таба алмаймын, таппаймын,
Жүрегімде шешілмес шер, жатты-ай мұң.
Сол тарихты іш-бауырым елжіреп
Жоқтаймын.
Қыш құмыра сынықтары көзіме
Басылады оттай бір.
Құлақ тосам
Дауыстарға, үндерге
Мекен болдың екен, сірә, кімдерге?
Сәйгүлігін аш күзендей бүгілтіп
Кімдер екен жортқан талдай түндерде?
Білмей қалай тоқмейілсіп жата алам
Тарихымды іргемде?
О, Шерқала, Шерқала!
Мен де саған бөтен емес, бел бала.
Бұл жерде өмір сүре алады Ер ғана.
Сырыңды ашшы, сен ұлыңнан бүкпеші
Бір кезде Шер,
Қазір бірақ Көр қала!
АҚСҰҚСЫРДЫҢ ЕЛІНДЕ
Өтті бастан талай-талай дауылдар,
Өтті бастан талай-талай жауындар.
Даласында, даласында қалмақтың,
Аман-есен жүрсіңдер ме, бауырлар.
От демінен мұз таулары еріген,
Достарына орын берген төрінен.
Сәлем сізге, сәлем сізге, ағайын,
Күн сәулетті Қазақстан Елінен.
Қарсы шаптық тұрса дағы құз алдан,
Қатар жайлап өрісіміз ұзарған.
Шайқасып ап, шайнасып ап соңынан,
Бір-бірінен татулыққа қыз алған.
Шалқып жатқан кең даламыз, иенбіз,
Бірімізге нағашымыз, жиенбіз.
Ақсұқсырлар ана болған қазаққа,
Деп келдім мен қалмақтан бір сүйем қыз.
Біздер жайлы шертілген-ді сан дастан,
Кім қалайды өшіргенді жанбастан.
Жаңа заман туыстығы нығайып,
Ескі заман ұмытылсын шаң басқан.
Кең даламыз бәріміз де, иенбіз,
Мен де сенен Ақсұқсырдай сүйем қыз.
Құшағыңды аш қазағыңа, қалмағым,
Туысқанбыз, нағашымыз, жиенбіз.
ТОМИРИС ЕМЕС, ТАҢЫРЫС
Геродот дейді:
– Томирис!
Мен болсам деймін:
– Таңырыс!
Таңырыс салған сан ұрыс.
Ен дала кезген еркіндік үшін бәрі де,
Бәрі де соның көрмеуі үшін жәбір іс.
Келбеті айдай
Пәтшайы өң,
Байы өлген жесір патша әйел.
Жар төсек аңсап берілмей ғашық патшаға,
Не керек артық жарасын жазар тапса ем.
Темір қыз – деп те,
Тұмар қыз – деп те айтып жүр.
Қиялдың құсы сан тұсқа барып қайтып жүр.
Кир патша басын қан толы салған торсыққа,
Әйтеуір сол жыл бағы асқан Дайдың жойқын жыл.
“Таң болып атсын
Әкелсін елге мол Ырыс,
Жорықта жүрсек жабылмас жарқын жолымыз”, –
Депті әке Ұстаз Хафиз, (грекше Спаргапис)
Осыдан шыққан, Тәңірге тілек есім бұл.
Бар сыры осы, (мінеки, түйін шешілдің).
Өзгеше болып дыбыс пен ырғақ, тіл, екпін,
Өзінше жазған саяхатшылары гректің.
Ұғуға мұны қажет те емес көп нәрсе,
Қазақы сезім, лүпілі керек жүректің.
Құс жолы болып жосылған көкте Тәңір із,
Жұлдыздар – адам кезінде салған сан ұрыс.
Ырым ғып қойған бабамыз ұл-қыз аттарын,
Әкелсін бізге күн сайын атар таң Ырыс!!!
АҒАМЕН СҰХБАТТАРДАН
(Әбіш Кекілбаевқа) 1. Диалог
Деді Ағам:
– Анау Темірқазық,
Анау Жетіқарақшы,
Анау Ақбозат, Көкбозат!
Білсең, інім, аспанда да, жерде де,
Байланысқан біз білмейтін көп ғажап.
Дедім мен де:
– Анау Үркер...
Кімді іздейді сабылып,
Ынтығады аласұрып, сағынып.
Жетіқарақшы алып қашқан қызының,
Тілейді ме гүлдегенін бағының.
Тыншымайды, көк аспанды кезеді,
Қыз-гүлінің оралмасын сезеді.
Сезген сайын, сезген сайын қуады,
Өртеніп ой өзегі.
Бұ не ғажап аспанда да жүргінші ел,
Бұ не ғажап аспанда да сүргін сел.
Қарақшыдан қалар едім қызды алып,
Көкбоз атты жетектеп,
Ақбоз атқа бір мінсем!..
Деді Ағам:
– Әртүрлі өмір әр пендеге дарыған,
Бір жүректе мейірім мол,
Бірі аяз боп қарыған.
Аспан кейін (қақты арқамнан) әуелі
Арылалық жердің қарақшыларынан...
2. Сыр
– Өлкеміз күй мен жыр кені,
Сыйқырлап кеткен сыр кені.
Жазсақ деп соны талпынған
Мені де қаққан бір Пері,
Сені де қаққан бір Пері.
Иектейді олар жалқыны,
Сыр ашар солар арқылы.
Ұстатқан қалам маған да,
Ұстатқан қалам саған да,
Сол Перінің салқыны.
Құйылсын құттың нұры – сел,
Дүниеге керек дұрыс Ем.
Өз орнын таппай жүргеннің
Бірі мен, інім,
Бірі – сен.
Ұялаған шақта басқа –
Арман,
Жырақтап топтан, достардан.
Менде де, інім, бір кезде,
Дәл сендей
Қап-қара бұйра шаш болған,
Қап-қара бұйра шаш болған...
– Деп Ағам бір сәт қалды үнсіз,
Желімен толқып салқын күз.
Тулады шашы көк бурыл,
Бұзбадық оның қалпын біз.
Бұзуға сірә, батпадық.
Жанары тұрды шоқтанып.
Жанында аға тоғыз балл,
Бір дауыл тулап жатты анық.
Ұғылмас Дана тылсымы
Жалғанса дедім сыр сымы.
Айтты оған бір гәп мен білсем,
Күйкеннің сонау тұмсығы...
ЕР ДОСАН
Бейнесі Ер Досанның қол бастаған,
Тәрізді қиып түсер алмас маған.
Елі үшін жан мен тәнін беретұғын,
Өтпеген жігіттерде нарқасқа одан.
Тағдырдың сыйы бөлек алыптарға,
Керек-ақ батыр перзент халықтарға.
Өзіңсің, О, Ер Досан, жер жүзіне,
Адайдың кім екенін танытқан да.
Даланың ұлылығын таныттың сен,
Бағасын еркіндіктің сан ұқтың сен.
Құлдық кісен бұғауын тас-талқан ғып,
Ұл болғың келді сенің анық білсем.
Көзімнің қарасы мен ағы сынды,
Иса-Досан құптаймын шабысыңды.
“Басымды кес, – дедің сен, – мейлі, жендет,
Таптатпаймын бірақ ар-намысымды”.
Дедің тағы:
– Мастанбасын Ақпатша құр тағына,
Мақтанбасын қыз-дамбал жыртарына.
Елі үшін, ары үшін жан беретін,
Сенемін мен келешек ұрпағыма.
Неге елімнің аспанда бұлты қалың?
Менің де бар сүйіктім, ынтығарым.
Сенемін мен қазақтың қатындары,
Менен де асқан намысшыл ұл туарын.
Сенемін мен сол ұлдар өсеріне,
Сенемін мен дәрі боп кеселіне.
Біздің арман айналып ақиқатқа,
Бар нәрсені ақылмен шешеріне.
Туған жерде табылар бейіт маған,
Ақылсыз деп кінәлар кей ұқпаған.
Мен емеспін жан үшін жалбарынар,
Құрбан болам, ел үшін шейіт болам.
Жасықтарды ешкім де асыл демес,
Ал асылды ешкім де масыл демес.
Жеңілгенмен мен саған бағынбаймын,
Неғып тұрсың, әй, жендет, басымды кес!..
Өзің де алмас,
Сөзің де алмас, еңіреген батыр баба,
Өмір көркі мәрттікте, ақылда ма?
Өлдің солай ерлікті ту ғып ұстап,
Қас жауыңды өртеумен ызасына,
Ал мұң тастап ақынға, жақынға да.
О, Ер Досан! Арымның биігі едің,
Түсіме кіріп жүрсің жиі менің.
Ұрпағыңның бірінің –
Өзіңдей мәрттігіне сүйінемін,
Ал бірінің –
Күні үшін көтбергіштігіне күйінемін.
ӘБІЛХАЙЫР ХАННЫҢ ҚҰНЫН АЛУҒА
АТТАНАРДАҒЫ АЙБАС БАТЫРДЫҢ БАТА
СҰРАУЫ
Шопан Ата,
Масат Ата,
Қараман Ата,
Шақпақ Ата,
Қарашүңгіл әулие,
Ұшқан Ата!
Қосай Ата,
Жомарт Ата,
Аталар, Ата, Ата!
Сартап болды жамбасым жата-жата,
Түс айырдан туылған мен бір бота.
Аттанайын алысқа – арманыма,
Сол ботаңа ақ ниет берші бата.
Мен бота едім елтіген дала-күйге,
Елеусіздеу ұстаған қараша үйге,
Жамау жыртық кигізіп.
Көз тиіп кетпесін деп, сөз тиіп кетпесін деп,
Әжем ғана еміреніп дара сүйген.
Бойымда сай асынған бес қаруым,
Атастырған бесікте өсті аруым.
Бесті тұлпар кермеде арқырайды,
Бөрліктірмек қалыңдық кешкі ауылын.
Келген жоқ әлі тағдыр қырын маған,
Сұлулар жоқ мен жаққа бұрылмаған.
Бір ерлікпен танытып өзімді-өзім,
Содан кейін қайынға ұрын барам...
Жезде боп келетұғын тегі маған,
Қазақта шыққан асқар көгі ұнаған,
Барақтан Әбілқайыр хан иемнің,
Қас батырдай қасқайып кегін алам.
Кегін алам,
Айттым мен кегін алам,
Жазықты болды жездем не күнәдан?
Ханына қол жұмасаған ел оңбайды,
Сол иттің қабырғасын сөгіп алам.
Абыройын-сақалын кесіп алам.
Кесіп алам, қыл шылбыр есіп алам.
Бұлқып-бұлқып бойымда тулайды қан,
Жұлқып-жұлқып...
Күш-жігер жасымаған.
Бас хан өлді. Барақтан жазымы анық,
Құныкерлік,
Қайын жұрт,
Базыналық.
Құқайымды көрсетем көздеріне,
Бопайыма кигізем тәжін алып.
Келген жоқ-ты әлі өмір қырын маған,
Сұлулар жоқ көз тікпей бұрылмаған.
Барақты масқаралап келген күні,
Досымды ертіп, қайныма ұрын барам.
Сартап болды жамбасым жата-жата,
Түс айырдан туылған мен – нар бота.
Ал, аттандым алысқа – құн алуға,
Сол үшін де шын ниет берші бата –
Шопан Ата,
Масат Ата,
Қараман Ата,
Шақпақ Ата,
Қарашүңгіл әулие,
Ұшқан Ата,
Қосай Ата,
Жомарт Ата,
Аталар, Ата, ата!!!
Аталарға жалбарынып Шотан батыр, Қонай батыр,
Айбас батыр Орта жүзге аттанады. Жас тоқалының
ыстық төсегіндегі Барақ сұлтанды Айбасқа ағалары
“Қараға хан тұқымының қанын жүктеу жазбаған” деп
өлтіртпейді. Бірақ “өлімнен де күшті масқаралау осы”,
– деп жас Айбас батырға сұлтанның сақалын күзетеді.
Барақтың Орта жүзге хан сайлануға дәмеленіп жүрген
кезі екен. Батырлар Әбілқайырды өлтірген кезде
басынан Барақ алып кеткен тәжді Бопай ханымның
үйіне қайтарып әкеледі. Сол тәж қазақтың ең соңғы
ханы – Жәңгірге дейін жетті...
ҚАРАТӨБЕ
(Қаратөбе – Маңғыстау халқының тарихынан
ерекше орын алатын жер. 1998 жылы осы жерде Шотан
батыр, Абыл ақын, Досан батыр аруақтарына арналып
ас берілді.)
Қаратөбе,
Қаратөбе,
Қаратөбе!
Маңғыстауда ерекше дара төбе.
Біздер үшін қасиетті киелісің,
Дем беретін әр кезде сүйенішім.
Сенде ақыным, батырым Абыл, Досан,
Сан ой келер басыма дамылдасам.
Сенде алғашқы адайлық болған сиаз ,
Сол сиязда Хан болған Тобанияз.
Сырға толы әр тасы бұл араның,
“Қаратөбе” жазылар романым.
Маңғыстауды Адайға киелі мекен жер еткен,
Көшіріп Мұңалжарынан, Жем, Сағыз, Қобда,
Електен:
Атағозы батырдың найзасының ісі дер,
Лабақ-дүлей батырдың түнеріңкі сұсы дер.
Қожамбеттей палуан білегінің күші дер,
Шотан мінген шұбар ат тұяғының ұшы дер.
Осыдан-ақ бұл халық көп нәрсені түсінер.
Бұл мекенде алда да өтер небір кісілер,
Бұл мекенде алда да небір шарбат ішілер.
Шотан мінген шұбардай құйрық жалы төгілген,
Бұл мекенде алда да талай тұлпар кісінер.
Ұрпақ үшін алысып, сый қалдырған маған мол,
Баба рухы тұрғанда адаспайтын табам жол.
Халық болып ұйыған Тобекеңді Хан сайлап,
Қасиетті, киелі Қаратөбем аман бол,
Қаратөбем аман бол!!!
ЖҮРЕТІН-ДІ ҮШ АҚЫН
(Әбдібек Жаманбаев, Уәйіс Қайралапов,
Қаржаубай Жылқыбаевтың рухтарына)
Армандары ақ бұлттарды құшатын,
Мейірімдері ақ кептер боп ұшатын.
Бір кездері көшесінде Бейнеудің,
Жүретін-ді қол ұстасып үш ақын.
Үшеуі де білімі мол, мықты адам,
Әрбір сөзін тыңдаушысы құптаған.
Үшеуі де жыр кені еді, бірақ та,
Еш баспадан кітаптары шықпаған.
Шәкірттерге ақ таң еді ататын,
(Мезгіл кепті күндері де бататын).
Семсер тілмен, семсер тілмен, шіркін-ай,
Бірін-бірі сойып салып жататын.
Тез танитын жастар болса талапты,
Бойларында жомарттық та мол-ақ-ты.
Үшеуі де Омар һайам тәрізді,
Жырлағанды ұнататын шарапты.
Үшеуі де айтатынын айта алды,
Жыр бәйгеде оздыра алды байталды.
Ай астында Алтыбақан тербетіп,
Өз халқына Ақбөбегін қайтарды.
Не дүлділін шерте білді күйлердің,
Түндіктерін желпілдетіп үйлердің.
Мұраларын ұрпақтарға сыйлады,
Ақындардың, батырлардың, билердің.
Үшеуі де білімі мол, мықты адам,
Әрбір сөзін тыңдаушысы құптаған.
Үшеуі де жыр кені еді, бірақ та,
Еш баспадан кітаптары шықпаған.
Армандары ақ бұлттарды құшатын,
Мейірімдері ақ кептер боп ұшатын.
Бір кездері көшесінде Бейнеудің,
Жүруші еді әзілдесіп үш ақын.
Өмір жолы... сүрініп көп, тайып көп,
Бұрқанатын Атырау боп, Жайық боп.
Естілмейді дауыстары самбырлап,
Қайда кеткен сол үш ақын ғайып боп?
Кемшіліктер тауып біздің кей істен,
Келіп кетіп жүрсіңдер ме пейіштен?
Сыртымыздан желеп-жебеп жүретін,
Тәрізденіп ақ қанатты Періште!
Бұдан соң да талай жылдар, күн өтер,
Жырларыңды көкірекке түнетер,
Өлеңдерің өлтірмейді сіздерді,
Әбекем-ау, Қаржекем-ау, Уәкем!!!
ҚАРАКІСІ
Аты оның әйгілі Қаракісі,
Қаракісі өзгеден дара кісі.
Дара тұлға,
Дара мінез,
Дара ісімен,
Кім-кімнің де өмірде қалады ізі.
Жан болыпты анадан дара туған,
Біртуарлар осылай жаратылған.
“Қаракісі келеді” деген кезде,
Жұбаныпты бесікте бала атынан.
Мәрттіктен де кей адам қайғы шегер,
Шығара алмас бойынан жай кісі өнер.
Ол келгенде сүрлерін сақтап жүрген,
Қазанға салады екен бәйбішелер.
Кім-кімге де тең ауа, аспан, күні,
Депті біреу “жаралған тастан мұны”.
Өзін зор деп түсінген мырзалардың,
Болыпты белін басар астамдығы.
Досын қамдап, жүретін жауын шатып,
Түндіктерді желпінтер дауылдатып.
Алатұғын өзіне қорлық көрген,
Қойшы-қолаң, әлсіздің дауын сатып.
Жетістігі –
Теңдік үшін үмітін үзбейтіні,
Бура, үлекті бір қолмен тіздейтіні.
Кемістігі – досты да, дұшпанды да,
Ағайынның ішінен іздейтіні.
Қырсықпасқа және де қырсығатын,
Иілмейтін морт етіп бір сынатын.
Кейде төгіп мейірін балапанға,
Кейде уысқа түскенін бір сығатын.
Жүрген шақта елдікке қосып үлес,
Осы мінез танытты досына ілез.
Осы мінез атағын аспандатып,
Түбіне оның жеткен де осы мінез.
Қылпып тұрған жүзіндей ұстараның,
Қиып түсер жерінен ұстағанын.
Тарихта қалды ол бірі болып,
Адайдағы атақты үш Қараның .
Жетінші бөлім
МАҢҒЫСТАУДЫҢ ОЙЫНДА
БАР – ОҒЫЛАНДЫ,
АРУ ЖЕМНІҢ БОЙЫНДА
БАР – АҚМЕШІТ...
Мединада – Мұхаммед,
Түркістанда – Қожа-Ахмет,
Маңғыстауда – Пір Бекет!
Тілегімді қабыл ет!!!
ТІЛЕДІМ ТІЛЕК...
Мединада – Мұхаммед,
Түркістанда – Қожа-Ахмет,
Маңғыстауда – Пір Бекет!
Салтанат-сәнді Ауыл ек,
Достыққа құшақ Бауыр ек.
Қастыққа дүлей Дауыл ек
Жалбарынам қол жайып,
Тілегімді қабыл ет!
Асқақ-асқақ Арманым,
Білсем де Дүние жалғанын.
Мұхаммедтің Үмбеті,
Мен бір Құлы Алланың.
Ұнатпайтын мақтауды,
Жаратпайтын боқтауды.
Адал ниет, пәк сезім,
Жүрегімде сақтаулы.
Бергендер сертке тұра алсын,
Құдай – Біреу, Құран – Шын.
Үш әулием, үш Пірім,
Мұсылманға – Ұрансың,
Мойынға тағар тұмарсың.
Менде бұрқап ішкі леп,
Құштарлық сезім күштірек.
Тілейтінім ал енді,
Бар болғаны үш тілек:
Бірінші:
Үзілген бодан ноқтасы,
Еркіндіктің қақпасы.
Түркілер алтын бесігі –
Ұлы Даламды сақташы.
Алтындар,– дейді,– көшеді,
Далада аң-құс төсегі.
Далада байлық-қазына,
Далада Бидай өседі.
Екінші:
Исі бар жұпар Гүлімнің,
Дінімнің және Ділімнің.
БҰҰ-да сөйлер көсемдер,
Шұрайын шығар Тілімнің.
Өзге жұрт, шіркін, тамсансын,
Алыстап кетсе аңсар сыр.
Домбыра-шанақ күмбірлеп,
Күміс көмейлер ән салсын.
Үшінші:
Алып жүр қырттар жағамнан,
Сескенбей тұлпар-тағамнан.
Барады жастар жасық боп,
Рухымды қайтар жоғалған.
Кештік қой күнді жасқақтап,
Жараспас енді бас бақпақ.
Бойымда жүрсін әрдайым,
Ұлттық Намыс асқақтап.
Жайнамазын жайған бар,
Дін жолынан тайған бар.
Қазаққа Қожа жіберген,
Өзің едің ғой, Пайғамбар!
Таусылмас айтсам мың күн жыр,
Тағы да дүркін-дүркін бір.
Өзіңнің адал Үмбетің
Қазақты шаңнан сілкіндір!
Мединада – Мұхаммед,
Түркістанда – Қожа-Ахмет,
Маңғыстауда – Пір Бекет!
Тілегенім үш тілек,
Тілегімді қабыл ет!!!
АЛЛАНЫҢ СҮЙГЕН ҚҰЛЫ БОП...
“Біле білсең шапағаты барларың,
Сүйген құлы боларың Һақ алланың”.
(Құран. 3-сүре, 141-аят.)
Бекет бала
Медреседе шәкірт еді үлгілі.
(Болған жоқ-ты әлі, әлі қазағының қасиеті, дүлділі)
Сабақтан соң... бос кезде
Шәкірттерін жинады Ұстаз бір күні.
Салқын түскен мезгіл күзгі маусым-ды,
Есіктерін талай үйлер қаусырды.
Деді ұстаз: «...отын теріп келіңдер,
Медреседе ертеңгі отын таусылды».
Торғайлардай дүр ете ұшқан топтала,
Тоғайлыққа кетті еніп көп бала.
Қарсы алдында қарағай ма, қайың ба,
Жұлды, шапты, жоқ ешқайсы тоқтаған.
Сиреп қалды әлгі тоғай қап-қалың,
Тонаттырып көк бұтағын-мақпалын.
Мақтанышпен ұстазының алдына,
Төгіп жатты шәкірттер
Шапқаны мен тапқанын.
Отырғанда бәрі ұяға кеп қонып,
Мақтаныштың сөзі ауызға кептеліп.
Бәрі келген, бәрі келген тек қана,
Шыққаны ғой Бекет бала жоқ болып.
–Қайда?
–Қайда?
–Бекет бала қайда жүр?
–Мүмкін білмей адасумен сайда жүр.
–Далалық қой отын мәнін түсінбей,
Тезек теріп жайылымдағы қойда жүр.
Айтып жатты әртүрлі сөз әр талап,
Әрқайсында алысқа ұшпақ бар қанат.
Осы кезде
Қу томар мен қу томаштан тұратын,
Келді Бекет бір арқа отын арқалап...
– Балам, неге кешіктің? – деп сұрады Ұстаз. – Сенімен
бірге кеткен өзге шәкірттер отындық ағаштарын мана
әкелді...
– Ұлағатты Ұстазым! – деді Бекет бала қолын
жүрегінің тұсына қойып иіліп тұрып. – Ұлағатты
Ұстазым, шөпшек пен томаш теруден үлгеріп келгенім
осы...
Бекеттің сөзіне шәкірттер ду күлді.
– Тоғайдағы қарағай, қайың, тал-теректі көрмегені
ғой...
– Жә, балаларым, сабыр етіңдер, мен Бекетпен
әңгіме-дүкен құрып отырмын, – деп шәкірттерінің
шуылын тыныштандырған Ұстаз сауалдасып отырған
балаға қайта бұрылды.
– Иә, мына құрбыларың айтқандай, тоғайлықтағы
самсап өскен ағаштардың бұтақтары жетпеді ме?
– О, Ұлағатты Ұстазым! – деді Бекет. – Ол ағаштарды
отауды білдім, бірақ қолым бара бергенде көк жапырақ
жайған әлгі бұтақтардың жанарларынан жас парлап:
– Біздің өмірімізді көктей солдырмаңыз, аяңыз,
мейірімді адамзат, – деп тұрды. Тірлік иелерін өз
қолыммен өлтіруге қимай, бойында жаны жоқ қуарған
томашаларды ғана отындыққа терем деп кешігіп
қалдым.
Ұстаз ләм-мим деместен Бекет баланың жауабына
көңілі толған сезіммен орнына отыруға ишара жасады.
Бүгін, міне,
Сезе білген Бекет бала далалық,
Жоғалды да мейірімділік, даналық.
Теңіз кеуіп, орман біткен оталып,
Айуандықпен жатыр бәрі тоналып.
Көркім қайда бұзылмаған қаймағы?
Тонап біткен қайдағы мен жайдағы.
Тонап біткен, қазіргі елім атауы –
“Экологиялық апат аймағы”.
Запыранды төкпей, сірә, тоқтаман,
Көп күнәдан қалай адам ақталар?
Қасиетті қайран Бекет-Атам-ай,
Жапырақты жұлуға да батпаған.
Адамзатқа алда апат, қауіп тұр,
Шомылмасақ Алла Нұры жауып бір.
Тілейтінім сенен, Ұлы Әулием,
Ұрпағыңның жанын жаман кеселден
Сауықтыр!!!
Хақ алдында жалбарыншы, Ардағым,
Мынау еді есіл-дертім, Арманым:
“Өмір сүру жұмыр жердің үстінде,
Біз де сүйген құлы болып Алланың”.
АНТ (Суын құлын хикаясы) 1. Боз бие. Суын айғыр. Қара құлын Жыртатұғын намысқой өз ұлтының жыртысын, Түгендейтін көзбенен малдарының түр-түсін. Түрікменнің Жәуміті, Қазекемнің Адайы, Қатар жайды бір жылы жағалауға жылқысын. Бұл теңіз ғой екі елді телқоңырдай емізген, Дейтін екі ел бақталас: “өздеріңнен неміз кем?!” Екі байдың жылқысы қатар жатты сол жылы, Ада атты қолтықта сұғыныңқы теңізге. Талай бастан ғаламат, адам сенбес өтті іс, Бұл дүниеде жыртылып, жамалған да көп тігіс. Бір көріпкел әулие әлгі-әлгі байларға, “Судан суын шығар кез осы көктем”, – депті-міс. Жылқыларын жағадан ұзатпады екі Бай, Жағалаудың ну шалғын биыл тіпті отын-ай. “Суын айғыр шапқаннан туады тек қас тұлпар”, Кімнің бағы үстем боп жанар екен, япыр-ай! Жауапты істің салмағын кім қалады сезінбей, Жылқышылар күзетті кезектесіп, көз ілмей. Суын айғыр шығатын түнді асыға күтті олар, Төзім болмас, сірә да, аңсап күткен төзімдей. ...Қияқтанған Ай сұлу сүттей жарық түн еді, Қабыл болып бір байдың көктен күткен тілегі. (Айта алмаймын оны мен сол байыңыз кім еді) Суын айғыр күмбірлеп кісінеген сәтінде, Биелер мен байталдар дүр сілкініп түледі. Ақ толқындар ақ шулан, ақ көбігін шашады, Күміс – құйрық, алтын – жал және жібек – шашағы.
Суын айғыр келді де боз биеге артылды, Бұл кезде ұйықтап кеткен-ді жылқышылар жасағы... Әлқисса, бұдан кейін аңыз былай дейді. Түрікмен байы ертесіне қасына жасы тоқсанға келген сыншы, әрі сейіс ақсақалды ертіп қосқа келіпті: – Иә, біліштерім , суын айғыр жанасты ма? – деп сұрайды сыншы жылқышылардан. –Көз ілмей күзетудеміз, бірақ суын шығар емес. –Ұйқы дұшпан болады, біліштерім... Сыншы осыны айтып, үйірлерді аралауға кіріседі. Балауса көк құрақты күрт-күрт үзіп тұрған боз биенің жанына келіп тоқтайды. Боз биенің алдына бір, артына бір шығады. Сосын: “Көзден таса қылмаңдар, суын тұлпар осының ішінде”,– дейді де, өз жөніне кете береді. –Боз бие ерекше күтімде болсын, оның амандығына бастарыңмен жауап бересіңдер,– дейді Бай да жылқышыларына. Бұдан былай судың мөлдірін, әрі тұщысын боз бие ішті. Жердің отына боз бие жайылды, жемді боз бие жеді, жал-құйрығы жұма сайын таралды, қыста жібек жабу жабылды. Көктем шыға құлындады. Жылқышылар қосына сыншы мен Бай тағы келді. Боз биенің бауырында мөлдір қара құлын ойнақтап жүр. Жүнінің түгі мақпалша құлпырады. “Иісі түрікменді ауызына қарататын болашақ дүлділ, ақалтеке тұқымының асыл қанын тағы бір жаңғыртатын осы жануар”, – деп тебіренеді сыншы. Бір жұма өте сыншы тағы да келді. Келе боз биенің қасына барды. Мөлдір қара құлын ойнақтап жүр. Бірақ... Сыншы өз көзіне өзі сенбеді. Өткендегі дүлділ шығар құлын тәрізді емес. Әлде тоқсан жас көз жанарына
кіреуке түсірді ме екен?
–Құлын басқа, тұлпардан айырылыппыз.
–Мүмкін емес, біз құлынды көзден таса етпей
бағудамыз.
–Қазақтар келген жоқ па еді?
–Жоқ.
Сыншы атқа мінді де, көршілес қазақ ауылдарына
тартты. Жоқ қараған болып, жылқы табындарын
аралады. Кенет... көзі бір боз биеге түсті. Өз ауылының
боз биесінен айнымайды-ау, айнымайды. Бауырында
мөлдір қара құлын ойнақ салады. Әр қар басқан сайын
қарабауыр, көкбуырылданып түлеп, ең соңында ақбоз
айғыр болып арқырағалы тұрған тұлпар құлынды көрді,
таныды. Сол. Дәл сол. Япыр-ай, бұл қазақтар қапысын
қалай тапқан? Енелеріне қалай телінген? “Мынау біздің
түрікмен малы, суын айғырдың тұқымы, іздеген жоғым
осы”, – деді.
Сыншының бұл сауалын қазақтар келеке қылды.
–Су жылқысы суын ертегіде ғана айтылады. Сізді
пері еліктеген болар. Жүріңіз, Бекет әулиеден дұғалық
алып берелік. Мойныңа бойтұмар етіп тағып жүр. Ха-
ха-ха!
–Жын қаққан болар.
–Алжыған кезде адам сәбидей болады.
–Ха-ха-ха-а-а!
–Отағасы, ол құлын, өзіміздің қолтума бәйге
Ақтанкер айғырдың баласы. Көр де тұр, ертең сол
атасындай болып шыға келеді.
Сыншының іші удай ашыды. Қазақтар сөзге қонақ
берер емес. Маубас жылқышылардың суынның судан
шыққанын да, ақбоз биеге шапқанын да көрмеген, тіпті
көз алдындағы құлынды ауыстырып кетуін де сезбеуін
қарашы. Өң бе, түс пе? Запыран ойын, көрген-білгенін
Байға айтты. Бай орнынан атып тұрып айқай салды.
– Аттан! Шабыңдар қазақтарды, құлынды үйірді
айдап әкеліңдер!
Аттанса екі елдің арасы қантөгіс болады. Бір қантөгіс
кеше ғана басылған. Сыншы ақсақал Байға кеңес айтты:
– Қантөгіс халқыңа сын. Олармен анттасайық.
Антқа шылқыған бай Қожаназардың сұлу, жас тоқалы
Ақшолпаннан туған алты жасар оғыланды ұстасын,
– делік. Бір құлын үшін қазақтар оған бара қоймас.
Малымызды қайырар.
Мұны естіген соң қазақтар да ақиып тұра келді.
– Анттасамыз!
– Құлын өзіміздікі. Өз енесінің бауырында. Бұл не
басынғандық.
– Қожаназар байдың асыл тұяғы Қошан баланы
антқа ұстаймыз...
Іс насырға шапты. Түрікмендер талабы: “Не қантөгіс,
не анттасып, құдай алдында өздерін ақтап алсын”.
Қазақтар уәжі: “Анттасақ анттасамыз”.
2. Бекет Ата байламы
Сұлулардың мықынындай мықыны,
Кекіліне тағар сәндеп үкіні.
Көшпелілер үшін қымбат бәрінен,
Қас тұлпардың тұқымы.
Көкейімнен көмкерілген сырғы жыр,
(Қатпарларың неткен көп ед нұр-ғұмыр).
Екі елдің намыс-ары боп шықты,
Сырты түк-түк
Қарны жыныс
Бір құлын.
Бір құлынға бола екі ел дауласқан,
Бір құлынға бола екі ел жауласқан.
Сосын қыз ап татуласқан, қайтесің,
Мінездері болса солай, әу бастан.
Жүре алмайсың сонда да елді аңсамай,
Қызықтырмас өзге елдегі сән-сарай.
Сөз асырмау бастан жөнсіз, қайтесің,
Даладағы жазылмаған заң солай.
Күннің нұры күлімдеген – Гүлдікі,
Ләззатың төсектегі – Түндікі.
Дүниеге келмей жатып сынға түскен тағдыры,
Сонда, сонда...
Мынау құлын кімдікі?
Бұл адамның көзі жіті, болжампаз ғой санасы,
Бала Мұхаммедті де өлтірмек боп іздеу сапты
қарашы
Өмір заңы (оққа ілігер қай кезде де Дарасы)
Ал осы ғой,
Ал осы ғой,
Ал осы.
Мұндай сәтте үзілген жөн тек мықтының жұлыны,
Сонда ғана кек қайтады шығып ырым-жырымы.
Боз биенің бауырында ойнаған сол құлындай,
Қожаназар – Ақшолпанның оққа ілінбек құлыны.
Бекет-Ата қалың ойда, түйіліңкі қабағы,
Ойлануда күтсе-дағы мешіттегі сабағы.
Бір құлын бұл...
Бір құлынның әрі кетсе құны да –
Бір тай-жабағы.
Істің мәнін ақылға сап, безбендеп көр, қарап көр,
Боп тұрғандай қазақ жағы айыпкер де,
Түрікмен жағы талапкер.
“Жауластырмақ жаушыдан да, бітістірмек елшіден”,
Жаппар ием, пендеңізге осы тұста қанат бер.
Екі жақты табыстыру, осы істің қиыны,
Қайткенде де шешкен дұрыс ши байланған түйінін.
Ант үстінде мәмлегер болуға Ата бел буды,
Бір Аллаға сыйынып.
3. Тілек
Анттасу Маңғыстау өңіріндегі атақты 360 әулиенің
бірі Қараман Атаның басында өтуі тиіс. Қараман
Ата, Қошқар Ата, Масат Ата, Шақпақ Ата... киелі де,
қасиетті Аталар мекені болған Маңғыстау өңірінде екі
елді бітістірер, не кетістірер тағы бір ұлы жиын болғалы
тұр. Тірілердің мынау дүние жалғандағы пақыршылық
әрекеттеріне өлілер патшалығының әулие-әмбиелері
риза ма екен? Қараман Ата әулие әруағы “өлімде
де тыныш жатқызбадың”– деп ертең құмырсқадай
қаптаған қалың жұрттың алдында бұлқан-талқан
ашуланып, күн көзін жабатын қара бұлт болып түнерсе
немесе қара жер топырағын суырып, тойымсыз көздерге
тықпалаған дауыл болып соқса... онда екінші жақтың,
яғни айыпкер саналатын жақтың бел омыртқасының
үзілгені. Қалай болғанда да Ант күні Аруақ көңіліне
кіді алмай: “Ұрпақтарым, өз қал-қарекеттеріңді өздерің
шешіңдер, бір жабағыға бола, біріңнің жағаңа бірің
жармасқандарың не, ол ақылгөйлер жасар іс емес,
ұят, ұят”, – деп жайма шуақ қабақ танытып, шалдуар
балалардың асыққа таласқанына қызыға қараған әкедей
болып жатуы керек.
Бекет Ата Қараман Атаның басына үш рет келді.
Сырт кісі келу-кету сапарын ғана жіпке тізді, бірақ
оның әр келісінің сыр-құпиясын аңғара алмады. Оны
Бекеттің бір өзі ғана білді..................................
Әйтеуір, үшеуінде де Баба жер асты ғибадатханасында
жападан жалғыз ұзақ болды...
4. Құрбандық
Кесілді үкім ая мейлі, аяма,
Нағыз шындық бермейді ғой бояла.
Шашын жайған жатты Ақшолпан талықсып,
Садақаға ұлын қимақ қай Ана?
Еркін өскен ерке тоқал пәк, салқам,
Талайлардың жүрегіне шоқ салған.
Қошан бала мінген кезде қара атқа,
Талып жатты, талып жатты Ақшолпан.
Солдыруға кім қияды Гүлді өскен,
(Дәл осылай біздің қазақ күн кешкен).
Қоштасқанда ағайындар аңырап,
Жымың қақты көзін қысып күндестер.
Шыққаннан соң береді күн қысқара,
Болған болса Ант басында іс қара.
Екі “құлын” – құрбандыққа шалынбақ,
Тым қатыгез неткен жандар, масқара?!
5. Аруақ ашу танытпады
Қараман Ата қауымының басы қаптаған қарақұрым
халыққа толды. Жүздері суық, қабақтары қатыңқы,
өмірде күлкі дегеннің не екенін білмей өткен жандардай.
Екі жақ бір-біріне қара бұлттай төніп тұр. Қылыштар
әзірге қынында тұрғанымен, әп-сәтте лыпып, жарқ етуге
дайын-ақ. Істің ушыққанын тілеп жүргендер қаншама?
Бірақ адамдардың қабақтары түнеріңкі болғанымен
аспандағы алтын күннің қабағы жадыраңқы, жайма
шуақ еді. Лып етер жел де жоқ, әншейіндегі аяқ астынан
көтеріліп лаң салатын тентек құйындардың да қарасы
өшкен. Әруақ оқыс мінез танытпады. Екі жақтың
ділмарлары жүрелесе отыра қалып, бие сауым мезгіл
қызыл тілдің майын тамызып салғыласты. Ортада –
кекілін, құйрығын қара матамен түйген қара арғымақ
үстінде қара киім киген, бұл фәниге қылдай қиянаты
жоқ Қошан сәби. Қара тоқымды, қара бас ердің қасына
қара жүген қаңтарылған. Қошан баланың оң қолында
кәдімгі етік тігетін, ағаш сапты ілмек қармақты біз.
Қара құрмен ноқталанып, қара қазыққа байланған, екі
аяқты адамдардың не істегелі жатқанынан еш хабарсыз,
даудың басы – қара құлын.
Айтыс шарықтау шегіне жеткен кезде Бекет Ата
Қараман Ата бейітіне қарап тізерледі де: – Уа, әруақ,
қара болсақ қара атты, біз болсақ бізді ат! – деп
айқайлады.
Осы сәтте Қошанның қолындағы біз ортасынан
қақ жарылып, қара ат құлап бара жатты. Оңтайда
тұрған бір жігіт Қошанды жерге құлатпай ат үстінен
көтеріп алып кетті... Екінші жігіт құлаған қара аттың
тамағынан қанжарымен шалып жіберді. Осының бәрі
қас-қағым сәтте, ешкім есін жиып үлгере алмайтындай
кезде болған еді. Көпшілік қауымның әруақтың құдірет
күшіне тәнті болып, құлшылық етуге ғана шамасы
жетті.
– Әруақ қара атты ғана атып, татулыққа, бітімшілікке
шақырды. Бір құлынға бола ел ішін ала тайдай
бөрліктіргеніміз
болмас,
Қараман-Ата
басында
жарықтық Қожаназардың қара арғымағының етінен
ауыз тиіп, сорпасын ішіп, бата жасасып, туысқан болып
тарасалық, – деді Бекет Ата түрікмендерге қолын
ұсынып.
Бұл уәжге талапкер жақтың көнбеске еш лажы
қалмады. Сөйтіп Бекет Ата екі елдің арасында қантөгіс
болдырмай, бейбіт татулықты сақтап қалды.
Айтушылар Бекет Ата үш күн бойы Қараман-
Атадан тілдесуді тілек етіпті. Үшінші күні Қараман-
Ата әруағымен тілдесіп, жоғарыдағыдай байламға
келіскен екен дейді. Ал әлгі суын құлын тұқымы
адай жылқыларынан қуса жететін, қашса құтылатын
ұзақ жолда шаршау мен шалдығуды білмейтін талай
тұлпарларды шығарыпты.
6. Қателессем кешірім өтінемін
Қиыстырып қиялдан жаздым мен де шығарма,
Мұның үлкен мәні бар түсінерге, ұғарға.
Биесі еді ол қай байдың, айта алмаймын дәл басып,
Біледі оны
Ер Бекет,
Қараман-Ата,
Бір Алла!
Көмілулі сырың көп, Маңғыстауым-Бесігім,
Сол сырларды ашуға талаптансам несі мін.
Жетегімен шабыттың артық кеткен тұстарға,
Бекет-Ата, өзіңнен
Өтінемін кешірім.
АРУ ЖЕМНІҢ ЖАҒАСЫНДА АҚМЕШІТ...
(Бекет Атаның 260 жылдығына)
Ару Жем – ау,
Ару Жем –
Жан дертіме дәру Жем!
Менің Мысыр Шәрімсің.
Намысымсың, Арымсың.
Дәмі аузымнан кетпеген,
Менің, менің алғашқы,
Гүл махаббат – балымсың.
Жүректегі жалынсың,
Ұмытылмас әнімсің.
Қажеттерім өзіңнен,
Табылмасын, табылсын.
Жарылайын ағымнан,
Менде, менде жүрек бар,
Өзіңді аңсап сағынған.
Менде, менде тілек бар,
Нұр арманға бағынған.
Сүңгігенмін, жүзгенмін қасиетті суыңа,
Бекет Атам шомылған.
Шынымды айтсам егерде,
Мінім де бар аздаған,
Тереңіңе тұңғиық кетіп қала жаздағам.
Осы тұстан о, ғажап,
(Етем оған мінажат),
Тұратұғын тек қана жаһұт пенен лағылдан,
«Алтын Адам» табылған.
(Қасиетіңді туған жер жөндеп жырлай алмасам,
Шапалақпен аяусыз тартып жібер жағымнан).
Ару Жем-ау,
Ару Жем –
Жан дертіме дәру Жем!
Тудың небір алыпты,
Соның бірі – Пір Бекет оқытсам деп халықты.
Сенің, сенің ең әсем ақ қайраңды жағаңнан,
Ақмешітін салыпты...
О, Ақмешіт,
Ақмешіт!
Сен айшықта тегімді,
Сенде жатыр бақ-несіп.
Сен тербеткен елімді,
Аялаған ақ бесік...
...91-дің күзінде етуге бір мінажат, келіп едім
басыңа,
Балдызымды,
Бажамды
Және асыл жарымды ертіп алып қасыма.
Қасиетті мешітің төмпек болып құлаған,
Мұны көріп талайлар көз жастарын бұлаған.
Қасиетсіз заманда қасірет шегер бұл адам.
Құлап жатқан сайғақты тіктеп қайта шаншыдым.
Айтсам егер бүкпесіз осы менің бар шыным:
Желмен сыбдыр сыңсыды тоғайлықта құба тал:
«Ұмытылу шағында қасиеті мол бұл атаң».
Қаптап өрді үстіңнен судан қайтқан бір отар.
Ұшты бір топ пыр етіп қарабауыр-бұлдырық.
«Қуырдақтар кетті-ау» – деп қойды бажам күлдіріп.
Кәрі болар шамасы қара жылан қып-қысқа,
Сумаң қағып асықты көп қауымнан бір тұсқа.
«Аруақтар көрінер жылан болып» – деуші еді,
Әлі ұмытар емеспін, әлі ұмытар мен соны.
Қуанғанда ұмытып, қайғырғанда еске алар,
Бұл адамдар беу, сені.
Күн көзіне мүжіліп сайғақ ағаш қуарған,
Баяғыда айырылған топырағың құнардан.
Атыздардың бойдағы бар ылғалы суалған.
Жібек жолы ең бір кезгі жұрнақта жоқ ізіңнен,
Мұңаяды үн-түнсіз күмбез тамдар мүжілген.
Осы кезде о, ғажап, ұшып өтті төбемнен,
Бір топ аққу тізілген.
(Жалғанар деп түйдім мен жібек жібім үзілген),
Құлап жатқан сайғақты қара жерге шаншып ем,
Бойлап жүре берген-ді,
Жанарымда қуаныш ойнап жүре берген-ді.
Тік шаншылған сайғаққа ақ орамал байладық,
Ақ тудай ол желбіреп, көңілімізді жайладық...
...Тағы келдім.
Ақмешіт келтірілген қалпына,
Күмбіздері күн сүйген салтыма сай, салтыма.
Пірдің ата-анасын қос күмбез ғып шалқытқан,
Кең Жылойдың әкімі Төкен неткен алтын, ә?!
Төкен аға басынан көп оқиға, көп қызық,
Мұқалмастан өткізіп.
Ата үшін нұр істі тастаған ғой орындап,
Бұрық-сарық еткізіп.
«Иман жүзді жігіттер тосты қайыр-қолдарын,
Мен тек қана оларға нұсқап бергем жолдарын» –
Дейді ағам күлімдеп нұр жүзімен жайдары.
Шынында да ағаның тым бөлек-ау тойнағы.
Жасағанды астамдық алғызбайтын жағадан,
Оның кесек мінезін түсінбейді көп адам.
Ей, ағайын, айтарым ісіңе адал, мият бол,
Тұңғыш меценаты қазақтың–
Жомарт бабам сияқты ол.
Пірім Бекет мешіті – берер бәрін тілесең,
Өсіріңдер бұл жерге хош иісті гүл әсем.
Аттарынды бәріңнің атай алмай барамын,
Жылойлық жомарт жігіттер,
Ата қолдап әрдайым, ақ жүрекпен жүр есен !!!
ӨЗЕН БОЙЫ КӨП ТОҒАЙ...
Аманбайтоғай,
Жыңғылтоғай,
Ақкиізтоғай,
Шоқпартоғай...
Тоғай, тоғай көп тоғай.
Тартам алға біріне де тоқтамай.
Туған жер бұл – Бекет Пірім және Мен,
Жем бойында мен білмейтін жоқ маңай.
Бекет бала туған күні бұл жерге,
Барлық нұрын төккен дейді сүт сәулелі аппақ Ай.
Жағасында табыстырып ғашықты,
Ару Жемім қуаныштан тасыпты.
Тасыпты да арнасынан асыпты.
Жан-жағына құлашын кең жайыпты,
Жайыпты да маңын сумен шайыпты.
Жайқалыпты содан кейін көп тоғай,
Тоғайларды аралаймын тоқтамай.
...Өмірге өмір жалғасты,
Көрегендік былай бопты алғашқы.
Көңіл көншіп тоқталар,
Кеткендерден жоқ хабар.
Ақталынбай ел үміт,
Сол жорықта қалыпты ерлер жеңіліп.
Сонда ерлерді сынай кеп,
Бекет бала жұбатыпты былай деп:
«Жортуылшы
Аман да келер жорықтан,
Жаман да келер жорықтан.
Шегірткеден сірә да,
Егін екпес қорыққан.
Үмітсіздік белгісі,
Болашақтан торыққан.
Жоғалмайды жортқан із,
Тағдырыңа өкпеліп бізге кінә артпаңыз.
Жыртығыңды бүтіндер,
.Кездің қашан келерін, өзім айтам күтіңдер!» –
Дегенде әлгі Бүлдіршін,
Тоқтаған-ды үлкендер дейді аңыз кім білсін?!
Жем бойының жағалауы оба кіл,
Обалардан көп құпия табамын.
Аратөбе – «Алтын Адам» жатқан жер,
Талай судай адам қаны аққан жер.
Бір мысқалы тимесе де қолына,
Қабірдегі сол алтынмен мақтанды ел...
Өлең құрап отырмадым жоқтан мен,
Топырағың тең ғой сенің мақпалмен.
Оған куә баба қорым – Бақашы,
Бақашыда жатыр рас талайлардың бабасы.
Жер дауында депті менің бір әкем:
«Анау тұрған Бақашы,
Арқамды соған тақашы».
...Меңдекешім,
Қабиболлам,
Аманқосым,
Қонашым,
Мұқан және Өтегенім,
Аман менен Бүркіттей,
Шықты сенен талай ақын Ақтангер.
Жүректері тылсым іздеп жалындар,
Ұмытпаңдар, жерлестерім таныңдар,
Шықты сенен
Қуанғали,
Боқай сынды,
Ғұламалар, ғалымдар.
Отан үшін бұлдамаған терлерін,
Шықты сенен көп-көп Еңбек Ерлері:
Әкелерім Нұрмағамбет, Әбді және Ақашым.
Жеңгелерім Сәли менен Жанбөпе,
Ақылына көркі сай жалын болып жанды өте.
Қалды артында ескерілмей көп іздер,
Міне, қазақ әйелдері дегізген.
Абзал аға Кісенбай, ал құрдасым Аманжол,
Малбегілер қиындықтан табар жол.
Өрнектейтін әрқайсысын әсем-әсем жыр керек,
Назар, Әбдір, Әбділдамыз бір бөлек.
Тұрдығали, Есенгелді және Келтір тәрізді,
Аға-іні тұлғалары тұрды ерек.
Бақашы бар,
Бақа бар.
Қазыбек пен Жанбике,
Жота-жота, жоталар,
Бәрі біздің аталар.
Алтынтапқан, Қаражар,
Түстігінде Сарқасқанының жалдары ...
Бәрі-бәрі мықты болған талғамы,
Жайлаған жер біздің ауыл шалдары...
Имандылыққа халқы ұйып,
Ұғынған соң хат танып.
Ару Жемін шексіз сүйіп,
Пір Бекетім,
Жыр Бекетім,
Ұлысқа ұран – Әулием,
Маңғыстауға бара жатты аттанып ...
Ақмешіт маңында дүниеге келген ақындар:
Меңдекеш
Сатыбалдиев,
Қабиболла
Сыдиқов,
Аманқос Ершуов, Қонаш Қалдыоразов, Мұқан Мақуов,
Өтеген Оралбаев, Аман Жанкеев, Бүркіт Базарбаев, т.б.
Социалистік Еңбек Ерлері:
Нұрмағамбет Арқабаев, Әбді Дүйсенбеков, Ақаш
Мұқамбаев, Сәли Шәкірова, Жанбөпе Мергенбаева,
Аманжол Кенжеғариев, т.б.
Ел басқаруға еңбегі сіңген азаматтардың ауызыма
түскендерінің бір тобы:
Әбділда Оразбаев, Назар Ершуов, Әбдір Биманов,
Тұрдығали Мәмбетов, Есенгелді Нұршаев, Келтір
Шәненов, т.б.
АМАНБАЙ AТА, КЕШІР МЕНІ
1964 жылдың күзінде Құлсары поселкесінен Абай
атындағы орта мектепті бітірген соң, Алматы қаласына
барып,
зоотехникалық-малдәрігерлік
институтына
түсе алмай ауылға келсем, біздің үй Жем бойындағы
Алтынтапқан жайлауында отыр екен. Келе «Коммунизм
таңы» кеңшарына көмекші шопан болып орналастым.
Кәкем Оспан (әкемді осылай атайтынмын) отарды
таңертең өргізіп, түске дейін жайып келеді де, мен
түсқайта суатқа айдайтынмын. Бірде кәкем өрісте қонып
отырған қарақұстың жанынан өтіп бара жатқанда,
қарақұс кенеттен жалп етіп ұшып, астындағы асаулау
аты үркіп кетеді де, абайсыз отырғандықтан атынан
құлап түседі. Бірақ жүгенінен айрылмай, шығып кеткен
қолын мойнына асып алып, атына өзі мініп ауылға
келеді.
Ол мені Қазыбектегі ферма орталығына жұмсап:
«ферма меңгерушісі Әбдірге жағдайды айтып, машина
сұрап, сынық салатын Қайшыбай қартты алып кел» –
деді. Мен әлгі кәкемді жығатын үркек асау атқа міне
сап қамшы бастым. Алтынтапқан мен Қазыбектің
арасы жиырма шақырымнан кем емес. Жастайымнан
тай-құнандарға бас білдірген, аламан бәйгеге шауып
«бәйге бала» атанған мен бар ашуымды әкемді құлатып
қолын шығарған шабдар аттан алып, қамшылап шауып
келемін. Қара терге малшынған ат теңселіп келеді.
Алтынтапқан жалынан төмен құлаған кезде жолдағы
Аманбай тоғайынан ши тартып жүрген кісіні көрдім.
Қасында түйесі жайылып жүр. Тұсынан өте берген
мені қолын бұлғап шақырса да мен оған қарамай өз
жөніммен шаба бердім. Асығыс едім. Сөйткенше
болмай «Аманбай жертөлесі» аталатын шұңқырдың
жанына келіп қалғанмын. Жертөле жанынан өтетін жол
тақтайдай тегіс болатын. Қырық-елу қадамдай жерден
осы тұста жағасы жарқабақтау болып келетін Жем өзені
сылдырап ағып жатыр. Жаз мезгілінде үзіліп, бөлек-
бөлек қарасуларға айналатын өзеннің арнасы бұл тұста
үзілмейді.
Әлгі жертөленің дәл тұсына келгенде шауып келе
жатқан атым сүрініп кетті де омақаса құлады. Ол
жерде сүрінетін де ешнәрсе жоқ еді. Мен құламай
аттың үстінде отырып қалдым. Ат тұмсығымен жер
сүзді де мінер қапталға аунап түсті. Ердің үстінде
отырып қалғандықтан сол аяғым аттың астында қалды.
Аттың бар салмағы аяғыма түсіп ауырсынып кеттім.
Аяғым аттың астында қалғандықтан ат тұрған соң
барып тұрдым. Бірақ жүгеннен айрылып қалған едім.
Шідерлемесең тұсауымен де ұстатпайтын қашаған
шабдар сілкініп-сілкініп жіберіп, әлгі ши тартып
жүрген адамға қарай жүрді. Ол алдынан шыққанымен
оған да ұстатпай кетті.
– Салаумағалайкүм аға, – дедім. Бірақ ол кісі
сәлемімді алудың орнына жақсылап тұрып шешемді
бір боқтап алды да: «Не болғанын біліп тұрсың ба?
Әулиенің тұсынан неге шауып өтесің. Сені құлатқан
Аманбай әулиенің әруағы» – деді де өз жөніне жүре
берді. Мен өз жөніммен атымның соңына ердім. Бір
кезде жүген шұбатылып кетті де талға оратылып қалды.
Атымды ұстап мініп алып, қайта шапқанмын...
Есейгенде еске түскен сол өрескел оқиға үшін Аманбай атаның әруағынан кешірім сұраймын. Кейін білсем әлгі жертөле атаның жайлаудан қыстаққа көшкен елден қалып, бір жыл қыстап шыққан баспанасы екен. Жаз шыға ел жайлауға қайта келсе Аманбай атамыз оларды қызыл шырайлы күйінде күліп қарсы алыпты. Жалғыз өзі қыста нені азық қылғанын ешкім білмейді. Басындағы сайғақ ағашта қызыл-жасылды шүберек, орамалдар жалаудай желбіреп тұратын. Ол әрі-бері өткен жолаушылардың, не сырқатынан арылуға келіп түнеген адамдардың Аманбайға деген ықыласниеттерінің белгісі болатын... Кешір мені Аманбай! Ол кезде мен жас едім, Қайратыма мас едім. Мақтағанмен дос едім, Боқтағанмен қас едім. Құлағымда әсем үн: «Бақыт көлін кешемін, Жұмбағыңды шешемін. Жалбарынбай ешкімге, Өзім өз боп өсемін» – Дейтінмін. Қиял – жеміс жейтінмін. Елігіп те желігіп, Ләззатына кей түннің. Кезім жоқ-ты жасқанған, Тылсым күш кеп аспаннан, Көкке алып кетердей, Ерекше боп басқаңнан, Жүретінмін. Періште өмір сүретінмін, Пенделерге күлетінмін,
Менсінбей.
Ал бүгінде мазақтаймын өзімді,
Ар алдында азаптаймын өзімді,
Деп: «Сол періште сенсің бе, ей?!»
...Жерге түстім
Тал бесік боп тербетер,
Адам үшін барлық қызық жерде екен...
Бағындырар өмір қатал заңына,
Өткен күндер енді ұстатпас сағым, ә?!
Білмейтіндер қарсы жүзіп опат боп,
Білетіндер ұтады екен бағына.
Ешкім мәңгі отыра алмас патша боп,
Дүниенің тағына.
Қалса болды өзге Есімді ұнатып,
Кете берер сені тақтан құлатып,
Кете берер аямастан жылатып.
Сосын сола береді,
Тұрған бағың гүл атып.
...Дүниенің жалғандығын түсінбей,
Жатамыз ғой, жатамыз.
Бұл өмірге тәй-тәй басқан ботамыз.
Ұрпақтары бөскендіктен тек қана,
Болғандардың кейбірінің аты аңыз.
Биліктегі қатыгездік Патша атын шығарған.
Ойланамын, ойланғанмен мен осыны ұға алман.
Биліктегі жұмсақтығың елді еркіне жіберген,
Бұған, бұған жылар ма едің, күлер ме ең?!
«Құлды жіберсең еркіне,
Күнде тышар бөркіңе».
Сана-сезім биік болып, деп ойлаймын бүгін мен,
Дұрыс болар, дұрыс болар заңға ғана жүгінген.
Өмір заңы туамыз да, өлеміз,
Нәпсімізді бірақ әлі билей алмай келеміз.
Байлық қана адамзатты шығара алмас ұшпаққа,
Табиғатпен үндес болу
Сізді жалғыз Жем бойына қыстатқан.
...Бас қатырып не қыламын,
Бәрі пенде өз жемсауын күйткеннің,
Сіз тәрізді әулиелер бірен-саран өйткені.
Кешір мені, Аманбай!
«КІНӘЛІ ОҒАН ЗАМАНЫҢ...»
(Қайшыбай жездеммен әзіл)
Қайшекемнің көрік үйі бар еді,
Құрқылтайдың ұясындай тар еді.
Жем өзені баяу ғана ағатын,
Арғы беті жазықтау,
Бергі беті жар еді.
Ойнайтынбыз жар басында топ бала,
Бірге жүріп барлық қиын шақта да.
Таласып кеп басқан кезде көрікті,
Қара көмір жанатын-ды шоқтана...
...Неге олай істегенімді білмеймін, мектеп директоры
Құрманғали ағай беретін тарих сабағынан шыққаннан
кейін үйге келіп көрік баса отырып Қайшыбай
жездеммен әзілдескім келді...
Тұрысын да, жүрісін де сынай кеп,
Айттым оған былай деп:
– Ескіліктің қалдығысыз жездеке,
Құрманғали ағай айтты: «Құдай жоқ».
Жинап алып жылға жетер азықты,
Мұхаммедің бұл Құранды
Шыңырауда жазыпты,–
Деген едім.
Ақтарыла көңіл-сана бұлағы,
Жездем сонда ағыл-тегіл жылады.
Жылады да өзіне-өзі күбірлеп:
–Ұрпағым-ай,
Ұрпағым-ай адасқан,
Ешкім де жоқ пікіріммен санасқан.
Құдайсыздар бағы жанып бүгінде,
Ал біздерге төніп-ақ тұр қара аспан.
Қарағым-ай,
Қарағым-ай,
Қарағым,
Кінәлі оған заманың.
Жоқ қой менің оған істер амалым.
Кешір Алла, кешіре гөр мейірімді,
Білместігін баланың...
Дәл осылай жалбарынды жездем болса мен үшін,
Тарылмауға болашақта өрісім.
Жылағанын көріп қарттың еңкілдеп,
Деп түсіндім:
«Жеңісім бұл,
Жеңісім».
...Ол оқиға ұмытылды, қиырларға ұштым мен,
Талай дауға, қиындыққа түстім мен.
Жатты айтылып қисынды да, қисынсыз,
Өсек-аяң үстімнен.
Бірақ, бірақ өмір-көштен қалмадым,
Орындалды көп-көп жақсы арманым.
Мұның бәрі маған, маған оң көзі,
Түскендігі Алланың.
Айта алмаймын қатал тағдыр кесімін,
Және ешкімге тигізбедім кесірім.
Шүкірмін ғой, үбірлі де шүбірлі,
Сұрағаны арқасында Алладан,
Менің үшін асыл жездем кешірім.
Құлыңыздың балаң кезгі
білместігін кешір, Алла!
ҰЛ МЕН ҚЫЗ
немесе әкем айтқан әңгімеден кейінгі ой
– Адамдар бар жаны ізгі,
Халықтық боп кететін.
Туғызған не аңызды,
Ақбөбек – қыз.
Бекет – ұл.
Не кездеспес адымға,
Аттар кезде, көкешім.
Жүрсін әркез жадыңда,
Осы екі...
Екі есім.
Әлсіздерге бірі оның –
Үміт берді, дем берді.
Жігіттерді бірі оның –
Жүрегімен меңгерді.
Ұлы оның дәрі ойлап,
Ара түсті кеселге.
Қызы оның – арай нақ,
Көрік болды осы елге.
Айтқанымды екі етпе,
Ұғынып ал, жарығым.
Шын ғашықтар – Бөбекке,
Жәбірленген – Бекетке,
Сыйынады әлі күн...
Алдыңда әлі түнегің,
Алдыңда әлі жарығың.
Алдыңда әлі тілеуің,
Алдыңда әлі бал үнің.
Жарығым!..
Деген-ді әкем сонау жыл,
Тербеп Сана, Арымды.
Содан бері жарау жыр,
Мазалайды жанымды.
Өзге ойым – қарау бір,
Жазалайды жанымды.
Және желпіп алау нұр,
Тазалайды жанымды.
Мен Бабамның,
Тас қашап,
Жазған сырын ашпасам,
Құмға көміп тастасам.
Онда мені, туған жер,
Ұлым деме ешқашан!
АҚБОРАН. ОТАР. АМАНДЫҚ
1985 жылдың ақпаны. Қарақұм. Каникул кезінде
ақ боранмен арпалысып, қоғам малын апаттан сақтап
қалу жолында жан қиған Алматы зоотехникалық-
малдәрігерлік институтының студенті Амандық Есбаев
туралы сөз. Ол осы ерлігі үшін қаза болғаннан кейін
“Құрмет белгісі” орденімен марапатталды.
Жеке мүдде, дейміз және қоғамдық,
Осы екеуі – сынға салып Адамды.
Келбетіңді кескіндейді сондықтан,
Коллектившіл еді біздің Амандық.
Білетін-ді қайсарлықтың не екенін,
Білетін-ді жайсаңдықтың не екенін.
Білетін-ді аярлықтың не екенін,
Мақсат үшін даярлықтың не екенін.
Алматыдан аңсап әсте келген-ді.
Қарақұмын – мекенін.
“...Сағындым ғой жусан өскен төбеңді,
Шалқымайсың неге енді,
Ұлың келді чемпион боп бокстан...”, –
Деген-ді.
...Асау ақпан ақ бораны оқыстан,
Соқты дағы,
Басып кетті аула, қотан, көгенді...
Оралмаған отар үшін тыпыршып,
Дей берді Ана:
“Амандығым бөгелді ғой, бөгелді...”
Ал Амандық – кең даланың боздағы,
Безбендеді қоғам малын, өз жанын.
(Қойды тастап тартып кетсе ауылға,
Өлмес еді, болар еді-ау олжалы).
Жазда жайнар бүлдіргенді, аршалы,
Терең сай да қабақ түйіп қарсы алды.
Қайырам деп қайыртпаған отарды,
Шаршады әбден, шаршады ол, шаршады.
Бірінші күн ақ боранмен алысты,
Екінші күн ақ боранмен алысты.
Үшінші күн, үшінші күн студент,
Құлап түсті талықсып...
Төртінші күн тапты үсіген денесін,
Іздеушілер жалын жүрек арыстың...
Күн де күлді қабақ түйіп бұртиған,
(Бұл өмірдің жалғандығын кім тыйған).
Жұлып жатты жып-жинақы ал отар,
Жусан басын қар астынан қылтиған...
...Сол жылы қыстан шетінемей аман шыққан әлгі
отардың әр 100 саулығынан 115-тен қозы өрді. Ал ол
қозылар қазір мыңғырған бірнеше отар құрады.
АНА ШАПАЛАҒЫ Ұлы композитор Құрманғазы демократиялық бағыттағы көзқарасы үшін ұсталып абақтыға айдалғалы жатқанда анасы Алқа қоштасуға келеді. Аяулы ананы көргенде арыс азаматтың көзіне жас моншақтары іркілді. Жау алдында жасығанына намыстанған ер ана: «ұл тудым деп жүрсем, жасық құл туған екенмін ғой» деп ұлының жағынан шапалақпен тартып-тартып жібереді. Сондағы Құрманғазының іштей толғанысы: Жасып тұрған шағымда, Қайраттандырған. Сасып тұрған шағымда, Айбаттандырған – Сенің шапалағың, Қайран шешем! Көзіме жас іркілсе – сені аяғаным-ды, Аңсағаным еркіндігімді, баяғы әнімді. Туар, – деп, – қару ұстар қашан күнім. Жаралады-ау жаныңды осалдығым. Жаныды жігерімді – Шарт еткен шапалағың. Танытты бұл өмірде – Кім болмақ атар оғым. Жат маған батпақ-елес, Шарықтар шабытыма енді ешкім тоқта демес. Қайғырма, қайран ана, қанжар ұл жарып шығар, Қап түбінде жатпақ емес. Есейдім бір күнде мен, Құл болман міңгірлеген. Халқымның қамын жейтін, Күй болам күмбірлеген.
От құйып ой-санама,
Жандырып өткен жағымды.
Ұмытпан еш, жан ана,
Шапалағыңды –
Жасып тұрған шағымда,
Қайраттандырған.
Сасып тұрған шағымда,
Айбаттандырған.
ӨКІНІШ
Салған мені ақжелкенді Арманға,
Туған жерге – Жем бойына барғанда.
Түсті есіме бір елесі бал күннің,
О, несі екен,
О, несі екен,
Бәрі ұмыт боп қалғанда?
Кім-кімге де артар өмір мол жүгі,
Алтыншыда оқитынмын сол жылы.
Бір аруана сатып алды біздің үй,
Түркменстан жаққа бастар – жол жыры.
Жасырмастан жас парлаған көзі мұң,
(Кім түсінер хайуанның сезімін).
Жерсінбеді Жемнің суын, мол отын,
Темір кісен қажытса да төзімін.
Тұсау – темір. Жел бұйдасы – темірден,
Азуға сап талай оны кемірген.
(Міз бақпаған бірақ әлгі темірлер).
Сәл босанса қашатұғын шығысқа,
Құтылсам деп мына тосын өңірден,
Жоқ боп шықты, әлгі аруана бір күні,
(Дүрбелеңге салып бізді құрғырың).
Шешем шықты аруананы іздеуге,
Мен де шықтым мойныма іліп дүрбіні.
Жағаладық ұзақ күнге Жем бойын,
Жем бойында тоғайлықтың өн бойын.
Бақашыдан, Шыңдауылдан әрі астық,
Аруана жоқ тоғайларда кең қойын.
Болған шақта, болған шақта кешкі ымырт,
Жатты алдымда ескі атыздар... ескі жұрт.
Бір кездерде болса болар, ал қазір,
Қалған бәрі, қалған бәрі ескіріп.
Кенет маған деді шешем:
– Тоқта, ұлым!
Осы жұртта береке мен тоқтығың.
Сен туған жер – мына жатқан ескі жұрт,
Туған жерсіз бәсің төмен, жоқ құның.
Аунашы, ұлым, жеті мәрте жұртыңа,
Жасың ұзақ, биік болар шоқтығың.
Аң-таң тұрдым...
Болды өзгеше сөйлемім,
Басыма да келді одыраң ой менің.
– Мына жұрт па?
Не бар дейсің осында,
Ондай діндар ырымды, ана, қой, – дедім.
“Білгендігің емес, ұлым, бұл бірақ.
Туған жерге махаббатсыз,
Жаның жүрер құлдырап.
Кішіреймес едің жұртқа еңкейсең”, –
Депті ару Жем сонда ағып сылдырап.
Ұғынбаппын, оны мына мен – маубас,
(Ұғынуға керек боп па молдау жас).
Тағы келдім, тағы келдім сол жұртқа,
Ағалық пен Балалығым, ал, даулас!
Жем суынан қанбастан кеп ішемін.
Ақ шағылға – құмына да түсемін.
Туған жерге деген ыстық махаббат,
Сонау,
Сонау Аруанаға үздірткен де кісенін!
Өзгешелеу көңілімде бүгінгі ән,
(Кінәлі өзім көбін кештеу ұғынған).
Жүргендігім жыр-көштің ең соңында,
Сәби кезде сол жұртқа,
Аунамағандығымнан!
ӘЖЕ Жүрегімде сен жүрсің, Жалын әже, өр әже. Баласы ғой кемпірдің, – Деген үлкен дәреже. Құшағың нұр әкелді, Еміренсең маған көп. Сенің балаң – әкемді, Атап кеттім ағам, – деп. Кернеп шаттық санамды, Еркін өсіп еркелеп. Сенің келінің – анамды, Атап кеттім жеңге, – деп. Анам деуге келісем, Өсірдің қол тигізбей. Балам дедің мені сен, Басқа адамға сүйгізбей. Өтті уақыт, сан жылдар... Түссең еске кейде сен. Мен әкеммен қалжыңдап, Құрдастарша сөйлесем. *** Жан аға, Мен саған қарыздармын, Көп әлі өтелмеген өзіңе парыздарым. Әкеме іні болып, Мен саған бала болдым, Көңілің маған деген далиған дала болды. Бірінде мен өрістен ауылға ат мініп келдім, Жылқышы болдың-ей, – деп қолыма құрық бердің. Бұл күні оны ұмытып, қалайша жайғасамын,
Ерге өзі отырды, – деп сен шалқып той жасадың.
Ұшырдың өз ұяңнан жетіскен қыран қылып,
Сондықтан маңғаздана маңайға тұрам күліп.
Жан аға! Сен сыйладың,
Өзге адам бас иетін,
Болса бір қасиетім.
ШОПАН МОНОЛОГЫ
Тақымымда ақ боз атым,
Ауызымда – өлеңім.
Жастан кеткем шоқ басатын,
Қой өргізіп келемін.
Берілмейді атыма мән,
Менсінбейді оқыған.
Мен – малшымын оқымаған,
Бірақ бәрін тоқыған.
Менсінбеген менсінбесін,
Түгел менің ұпайым.
Қиындықтар келсін, келсін,
Көрем өмір құқайын.
Қорықпадым кәрінен де,
...Шенеунігің ұрғам ба?!
Мен сыйлымын бәрінен де,
Қолымда ырыс тұрғанда.
Жан беремін, жан аламын,
Мақсат үшін түнімен.
Мына жердің саналамын,
Асыраушысының бірінен.
Мен даламнан бөлектеніп,
Ұзамаспын алысқа.
Ұшатындар кезек келіп,
Ұша берсін ғарышқа.
Сөндірмесе, сөндірмесе,
Болды дүние жарығын.
Сағынышпен мөлдір кесе,
Олар да,
Жерге қайта оралады бәрібір!
Жерге қайта оралады бәрібір!
ҚҰЛСАРЫ
Орбитаға ұшырған,
Аспанымсың, Құлсары.
Ақ ниетін ұсынған,
Достарымсың, Құлсары.
Менің тәтті балдырған,
Жас шағымсың, Құлсары.
Кеудеме арман жандырған,
Аңсарымсың, Құлсары.
Небір хат-сыр салынған,
Жәшігімсің, Құлсары.
Жетсем-ау деп сағынған,
Ғашығымсың, Құлсары.
Ақыл беріп қайтарар,
Данамсың сен, Құлсары.
Көңілім балқып жай табар,
Анамсың сен, Құлсары.
О, Құлсары, Құлсары,
Жанның сәні, жыр сәні.
Би билеп жүр көшеңде,
Жастығымның нұр шағы.
Қасиетің мол сенің,
Жанға қуат, дәрі-бал.
Маған қажет нәрсенің,
Сенде, сенде бәрі бар.
ДӘРІБАЙ ҚАУЫМЫ
БАСЫНДАҒЫ ОЙ
О, Дәрібай,
О, Дәрібай,
Дәрібай!
Текті адамның тұқымысың,
Әрі мырза, әрі батыр, әрі бай.
Жомарт бабам сенен кейін өкпелепті деп бізге,
“Ұрпақтарым ұсақтапты торғай шоқыр тарыдай”.
Айтар болсам перзентің боп сыр төге,
Бәріңе де мекен бопты бір төбе.
Жатырсыңдар, жатырсыңдар тып-тыныш,
Бір төбеде мәңгі сапар бір кеме.
Болсам егер шын сырымды баяндар,
Жапа шексем саған ұшам қанатымды жаям да.
Баба деймін, әке деймін, аға деймін... мен солай...
Қарсы-ап мені.
Ертесіне мына сөзді кіргізеді аянға:
“Аман жүрсін деп тілеуші ек қайда да,
Тағдырменен еш уақытта ойнама!
Ерте әлі қосылуға біздерге,
Тындырмаған істерің көп, ей, Бала!
Тағдырменен еш уақытта ойнама!”
...Дейді әке, дейді аға, дейді ана.
Осы сәтте, осы сәтте түнерген,
Ап-ашық боп шыға келер айнала.
Мұңлы ауыл, жырлы ауыл – Дәрібай,
Жеттік біз де бостандыққа арымай.
Ұлы бабам Жомарт сынды ұл туар,
Бір келінді талғақ қыл,
Әрі мырза, әрі батыр, әрі бай,
О, Дәрібай!
О, Дәрібай,
Дәрібай!
АДЫРАСПАН
“Ассаламағалейкүм, адыраспан,
Мені сізге жіберді Омар-Оспан”.
Дені сауға шөңгесің қадірі жоқ,
Ал ауруға дәрісің қадірі асқан.
Ал ауруға дәрісің қадірі асқан,
Жаралылар жарқылдап жадырасқан.
Нусыз жерде өсетін, сусыз жерде,
Неткен шөпсің, киелі адыраспан.
Өмір-дария толқынын жүзіп көрген,
Білер сырды тұратын үзіктерден.
Көктем еді сол жылы бала қызға,
Сенен моншақ әдемі тізіп бергем.
Жігіт болсаң өмірден қасқиып өт,
Жас болсақ та әр іске тас түйін ек.
Тағы бірде, иә, иә, тағы бірде,
Дедім: – Кәке, мынаны таспих ет!
– Арманыңды алыстан ізде, балам,
Не нәрсе де піседі күзде, балам.
Адыраспан киелі, – деді кәкем, –
Киеліні орынсыз үзбе, балам...
Толып тұрсын Үстірттің даласында,
Әр түрлі ой бар әркімнің санасында.
Бір сен ғана дәрусің, адыраспан,
Апатты аймақ даламның жарасына.
МАЗМҰНЫ Бірінші бөлім.................................................................6 Он сегізім - от демім, жиырма бесім-көктемім..............................................................6 Өзіме...............................................................................6 Әже................................................................................7 Онсегіздің от демі........................................................8 Серт...............................................................................9 Ұрыспа, маған.............................................................10 Жолым болып..............................................................10 Ана тілегі.....................................................................11 Мезгіл...........................................................................11 Іштей сыр шертем мен...............................................12 Жеңге әзілі...................................................................13 Жүрмеспін дырдумен.................................................13 Қашан...........................................................................14 Ғашықтың буы...........................................................15 Бір өзіңді......................................................................16 Еріктен тыс, ерікте.......................................................16 Армандап келем..........................................................17 Бақытым-ау..................................................................18 Шақырамын.................................................................18 Көздер...........................................................................19 Қыз қиялы....................................................................19 Мектеп бітіру кешінде.................................................20 Дала өсиеті..................................................................21 Сағым...........................................................................22 Көгілдір көктем...........................................................23 Көгілдір дүние.............................................................23 Көгілдір түс................................................................24 Май таңы-ай!...............................................................24
Жүректің қылын шертетін..........................................25 Жүріп келем шыңдарым көп аспаған..........................26 Жастық жыры.............................................................27 Білем, өмір көктемі, күзі барын....................................28 Жиырма беспен сырласу.............................................29 Шымырлатып мөлдір сезім бұлағын..........................29 – Шапшаңдықпен деп келесің жолды ұтам...............30 Сайыс бар ма?.............................................................31 Өкпелемен байлығым сарқылғанға............................32 Мезгілінде үзу керек гүлді де..................................34 Екінші бөлім................................................................... Досым, саған, сыр айтам, сырым бұл деп жыр айтам.............................................................36 Досым,..........................................................................37 1946 –да туғандар........................................................38 Ұл мен қыз..................................................................39 Үміт пен күдік..............................................................41 «Адам тегі маймыл» - дейді..........................................42 Ұшырдың өз ұяңнан....................................................43 Алғашқы сынақ...........................................................44 Дала қасиеті.................................................................46 Шұрқырап кеп тоқпақ жалды бір асау.........................46 Тұлпар мініп шапқым келер, жан аға?........................47 Дала мен бала.............................................................48 Ойнақ салар төріңе......................................................50 Намысшыл, бәйге десе қан қызатын............................51 Жайдары мінезің.........................................................52 Шілде............................................................................53 Айым қайда, ол неге тумайды,- деп,.........................53 Жетсе өмірім...............................................................55 Алғашқы сезім............................................................56 Досым бар...................................................................58 Өпіремдеу тыныстайтын әр демін.............................58
Алдымда менің арайлап атқан ақ таң бар.....................59 Ортасында тілек-назым құпталған............................59 Бірін-бірі адамдардың түсінетін кезі көп....................60 Айтшы маған...............................................................60 Соғады жүрек, соғады жүрек жаспын деп................61 Қамалды да бұзып жарып өтердей.............................61 Махаббат......................................................................62 Айта алман..................................................................62 Есею............................................................................62 Өмір сәні.....................................................................63 Іздеймін неге..............................................................63 Құлпытастағы жазу....................................................63 Ұсыныс........................................................................64 Бақыт............................................................................64 Жаға жайда..................................................................65 Кеудемде менің...........................................................65 Сағындырды, аңсатты................................................66 Алғашқы қар қызығы..................................................67 Маған ыстық бұйрат құмдар, шағылдар.....................67 Туған күнді тойламаймын..........................................68 Досқа наз.....................................................................69 Туған жұртқа тағзым..................................................70 Мейірім төгіп нұр саулап............................................71 Келетін жасқа келгенбіз..............................................71 Қыз ұзату......................................................................72 Құлпырады құлсары...................................................73 Тост..............................................................................74 Ұлыма..........................................................................75 Жоғалтқаның өзіңді (немерем Қабидошқа) (немерем Ферузаға)....................................................77 Біреу бақыт санайды .................................................78 Біреу тілек тілейді.......................................................78 Біреу армандайды.......................................................78
Кемшіліктер көп менде...............................................79 Сәкеннің сымбаттылығы............................................79 Бұл табиғат..................................................................80 Гүлдердің нәзік болып өсетіні .....................................................................................80 Үшінші бөлім.................................................................. Ақ көйлекпен шығып ең, сонда сенің пәктігіңді ұғып ем.....................................................81 Өкпелемен...................................................................82 Шырқағанда шалқып тұрып, сен шәмшінің сазды әнін..................................................82 Бір өлеңнің өңделген үш нұсқасы (алғашқы нұсқа)..........................................................83 (екінші нұсқа)..............................................................84 Қол созым жер (үшінші нұсқа)....................................86 Армансың сен, армансың............................................87 Адам сырын мен көзден-ақ түсінем...........................88 Түсінсең-ау...................................................................88 Жүрші, біраз қыдырайық, қалқашым.........................88 Қиялымды қиырларға самғатып...............................89 Мына жанар тылсым ғой, жанар емес, япыр-ау...............................................................89 Тек қиялда....................................................................90 Есімде тек...................................................................91 Кезбе боп кетем............................................................92 Ақ көйлекпен шығып ең............................................93 Екеуден екеу................................................................93 Қызғанасың, сен мені қызғанасың.............................94 Сол тойда.....................................................................94 Ақтарсам деп өзіңе лағылын сырдың.........................95 Сағындым ғой.............................................................96 Білмеймін.....................................................................96 Көрдім сені өзгенің......................................................97
Асықпашы....................................................................97 Көзіңдегі сырды үнсіз.................................................98 Менің Клеопатрам......................................................99 Әке күдігі.....................................................................99 Сен-менің Шаһаризадамсың....................................100 Ынтызар отым едің..................................................101 Еске алдым................................................................102 Аппақ әлем................................................................103 Парсы саздарынан....................................................104 Ескі жарам жүректегі шеменім................................104 Бірді екі етер адамдарға байқаған.............................105 Шаганэ, менің шаганэм!............................................106 Дедің сен: «саади әйелдің..........................................107 Босфорда болу жазбаған...........................................107 Алқызыл нұр шашқан әсем өлкеде..........................108 Өзің едің....................................................................109 Атырау жастарының жыры.....................................110 Жауынгердің хаттары-ай..........................................111 Армансың сен, Армансың.........................................112 Ажарымсың, Ақкетік................................................113 ......................................................................................... Төртінші бөлім............................................................... Күзетемін, сені , Отан !............................................114 Сәулелі достық мендегі тілек...................................115 Қырық бірдей күн туса саған, Отан........................115 Опасыз боп кетсем, досым.........................................116 Ей, адамзат! ..............................................................116 Жауыңнан еш ығыспа................................................117 Малмау үшін арулар..................................................118 Самғадым көкке өзіңде түлеп...................................118 Жүрмесемде даңқ пенен атақ ап.............................119 Кіріскем жоқ әзір мен күз қамына..............................119 Отанымның жауына ор қазам, - деп........................120
3. Аңсады сені, сағынды жүрек................................120 Шықпай жатып ауылдан-ақ, жол бастап..................121 Ұйқыда бар әлем......................................................121 Күтіп бірге жылдағы жыл құсымен.........................122 Ән..............................................................................123 ......................................................................................... Бесінші бөлім.................................................................. Ой тамшылары, арымды қамшылады.......................124 Біреулерге баю деген арман, ә?!..............................125 Себезгілегенде таңнан нұр......................................125 Мидағы......................................................................126 Ақыннан ақыл сұра ма.............................................126 Сұлулық ...................................................................127 Өмірден көргені кіл азап..........................................127 Коммунизм................................................................128 Дала...........................................................................129 Түсті де сәуле ...........................................................129 Өмір заңын түсінем..................................................130 Пәк адамға ғайыптан.................................................130 Өмірде........................................................................131 Ей, Шаханов!.............................................................131 Оралар ма өткен күн.................................................132 Өзінше бір патшалық қой су асты..........................132 Бір арманмен шектелмей..........................................133 Қарама маған тесіліп.................................................133 Бәтіңкі........................................................................133 Таусылмайтын қызығы.............................................134 Гүлдәуреннің бақшасында гүл атып........................134 Қиып түсер қылышым..............................................135 Деп жүріп...................................................................137 Сарғайған дәптер беттерінен Ай..............................................................................138 Жанарыңда достық отын маздайтын......................138
Хат.............................................................................139 Ең сұлу ай.................................................................139 Қызғалдақтар............................................................140 Тербетті де сезімнің күйі балғын............................140 Үйленген досқа.........................................................141 Әке сөзі......................................................................141 Солдат сәлемі............................................................142 Ана.............................................................................143 Олар әлі күтеді..........................................................143 Мен соғыстың қара түнек кескінін...........................144 Жаңылхан Жұмырқызына........................................144 Даман батырларына..................................................145 ......................................................................................... Алтыншы бөлім.............................................................. Маңғыстау жайлы жыр............................................146 Жыр оқимын тасыңнан.............................................147 Есте жоқ ескі заманда.................................................148 Қызыл-жасыл құлпырған Дүниенің барлығы.......152 Құлпытас жанындағы толғаныс...............................154 Суын Айғыр, барсың ба?.........................................155 Боз далам...................................................................156 Ерекше шөліменен....................................................157 Жер атауы шежірем...................................................158 Ақсұр (поэма)............................................................160 Дос парызы (поэма)...................................................172 Шерқала.....................................................................179 Ақмыштағы кәрі ағаш..............................................182 Қарағия.......................................................................184 Булыойық...................................................................186 Ән..............................................................................192 Тобанияз.......................................................................... 1.Тобанияздың ұрпаққа үні.....................................196 2.Генерал Толстовтың өкініш өксігі..........................197
3.Жала мен жаза.......................................................198 Қашаған мен Аралбай...............................................200 Абыл мен Балдай қыз...............................................202 Арғымақтың тұяғы қазған жерлер............................203 Шипагер дала...........................................................204 Шөл кемесі................................................................205 ҚОЙ мен ҚОЙШЫ....................................................206 Атбегі..........................................................................207 Ұры тіс......................................................................209 Қара жорға.................................................................211 Махаббат мақамдары..................................................... 1.Кілт.........................................................................213 2.Табыттан табылған өлең.......................................213 3.Сәулет сыры...........................................................214 4.Көкетай мен Асалы.................................................215 Сырыңды аш ұлыңа...................................................220 Ақсұқсырдың елінде.................................................221 Томирис емес, Таңырыс............................................222 Ағамен сұхбаттардан................................................223 Ер Досан....................................................................225 Әбілхайыр ханның құнын алуға аттанардағы Айбас батырдың бата сұрауы....................................................227 Қаратөбе.....................................................................230 Жүретін-ді үш ақын.................................................232 Қаракісі......................................................................234 ......................................................................................... Жетінші бөлім................................................................. Маңғыстаудың ойында.............................................236 Тіледім тілек..............................................................237 Алланың сүйген құлы боп.......................................239 Ант (суын құлын хикаясы)........................................242 Ару жемнің жағасында Ақмешіт..............................251 Өзен бойы көп тоғай...................................................254
Аманбай Ата, кешір мені.........................................257 Кінәлі оған заманың..................................................261 Ұл мен қыз................................................................263 Ақборан. Отар. Амандық..........................................265 Ана шапалағы............................................................267 Өкініш........................................................................269 Әже............................................................................271 Шопан монологы......................................................272 Құлсары......................................................................273 Дәрібай қауымы басындағы ой...............................274 Адыраспан.................................................................275
Айтуар ӨТЕГЕН
Редакторы Әлсейіт Оспан
Қате түзеуші Қазына Нұрмаханова
Көркемдеуші редакторы Асия Жумадуллаева
Техникалық сарапшы Нүркен Сүйеубеков
ИБ №9
Басуға 29.07.2014ж. қол қойылды.
Пішімі 84х108 1/32. Офсеттік басылым.
Қаріп түрі “MM Mekteptіk”. Көлем 15,0 шартты баспа табақ.
Таралымы 2000 дана.
Тапсырыс №9
“ҚАЗақпарат”баспа корпорациясының баспаханасы
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру