Айтыс шежіресі
Kitap.kz
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Айтыс шежіресі
«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН
ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫ
ШЕЖІРЕЛІК ДАСТАНДАР
Пайғамбар мекен еткен Мединеден,
Солар да өтіп кеткен бұл дүниеден.
Жамағат, құлақ салып тыңдасаңыз,
Азырақ сөз сөйлейін шежіреден.
– Той болса өлең айтар жігіт пен қыз
Сөзімді менің айтқан тыңдасаңыз.
Алдыңа ақын болсаң сала айтайын,
Кім екен біз қазақтың арғы атамыз?
– Атамыз Әнес деген сахаба екен,
10. Көп жолдас пайғамбармен болған екен.
Жолдас боп пайғамбармен бір жүргенде,
Көп бата Мұхаммедтен алған екен.
– Аспанда бір жұлдыз бар жылы ұстаған,
Бере көр ием тауып қоныс маған.
Мұхаммед Хақ пайғамбар өлгенінде,
Сүйегін кімдер жуып, кім ұстаған?
– Сүйегін Сыдық ұстап, Омар жуған,
Құмғанмен ибн Қапас суын құйған.
Құдайдың арыстаны хазірет Әлі,
20. Тұсында иман айтып қарап тұрған.
– Дүниеде айтқан жақсы, иә, Рахмен,
Жақсы екен бұл жалғанда нәпсі тыйған.
Хауа мен Адам ата қосылғанда,
Некесін сол пақырдың кімдер қиған?
– Құдай-ау, айналайын бір өзің біл,
Пендеңнің кеудесіне салмашы зіл.
Хауа мен Адам ата қосылғанда,
Некесін қиған дейді Жебірейіл.
– Ендеше мен сұрайын, сен жауап бер,
30. Құрметпен өлгенге ел тәуап етер.
Алдыңа ақын болсаң сала айтайын,
Әнестен соңғы аталар болар кімдер?
– Атамыз Әнестен соң Мәлік болар,
Өлгенде иманды адам нұрға толар.
Пенденің жақсы-жаман қылмыстары,
Тартқандай таразыға сонда толар.
Атамыз Мәліктен соң Сақыл Жапар,
Біл дағы атаң атын кеудеңе сал.
Білмеген ата жайын надан дейді,
40. Білмесең ұғып мұны ақылыңа ал.
Сақылдың бел баласы Ақшолпан-ды,
Жаратып Құдай артық бақ қонған-ды.
Туыпты Қырғыз, Қытай Ақшолпаннан,
Жаратқан өстіп Тәңірім түрлі жанды.
Айтады Қытай ұлы Аламан деп,
Көп ұрпақ Аламаннан тараған деп.
Дүние айналғандай құр қыдырып,
Әркімге жапа, опа балаған көп.
Баласы Аламанның Алаш екен, 50. Жеріне тегі жаттар талас екен.
Ұрпағын бұл Алаштың өлең қылсам,
Жейілқан мен Сейілқан баласы екен.
Таралған Жейілқаннан сегіз арыс,
Түрікпен – сегіз арыс кеткен алыс.
Мен дағы білгенімді теріп айтам,
Білмеген тойда өлең бойға намыс.
Үлкендер жөнді білген көп айтады,
Надандар түк білмесе нені айтады.
Ашық емес бір дәлел айтар болсам, 60. Майқы би жиен ұлы деп айтады.
Өзбек Майқы бимен жиен екен,
Бай өткен арғы атасы түгел екен.
Бірін тамда, біреуін көшпенді қып,
Жаратқан тірліктерін Ием екен.
Баласы Өзбектің Ноғай екен,
Пендеге әрне қылса оңай екен.
Араз боп Сүфианмен тамда қалған,
Намысы бұл Ноғайдың солай екен.
Сүфиан бар малымен көшіп кеткен, 70. Айтысып Өзбекпен сөзге жеткен.
Атасы пайғамбардан бата алыпты,
Тиіпті содан байлық құдіретпен.
Баласы Сүфианның Қазақ, Созақ,
Алдында имансыздың тұрған тұзақ.
Намазды ерте тұрып оқымасаң,
Көрерсің ақыретте қиын азап.
Созақтың Қарақалпақ баласы екен,
Арқардың жүрген жері даласы екен.
Мен білген аталарды түгел айтсам, 80. Бәрінен біздің қазақ сарасы екен.
Келеді екі елуге ердің жасы,
Көп айтқан өтірікті жанның қасы.
Ақарыс, Бекарыс пен Жанарыс деп,
Бар екен бұл қазақтың үш баласы.
Баласы Ақарыстың Үйсін дейді,
Кейбіреу айтқан сөзді түйсінбейді.
Ақиқат жолы үшін әділ жүрсек,
Дұшпандар көре алмаған өлсін дейді.
Баласы Бекарыстың Алшын, Жаппас, 90. Өлеңші бір айтқан соң дамыл таппас.
Жел сөзді қоя бермей тұрамысың,
Болмайды бекер сөзің мал менен бас.
Баласы Жанарыстың Арғын, Найман,
Жарандар, істің бәрі бір Құдайдан.
Туысқан ағайынды алтау екен,
Қоңырат, Қыпшақ, Керей, Уақ болған.
Найманның жалғыз ұлы Қытай биді,
Әр істің ақылды адам жөнін түйді.
Әйелі Қытай бидің жесір қалып, 100. Алланың ақыретте нұры тиді.
Әйелі Қытай бидің қалған жесір,
Баласыз кім алады оны дерсіз.
“Найманның жас келінін аламыз” деп,
Арғынның көп баласы салды кесір.
Құдайдың құдіретіне енді қара,
Қалмаған Найман шалда жалғыз бала.
“Арғынның баласына қимаймын” деп,
Әперген қатын алып Найман шалға.
Қарашы бұл келіннің асыл затын, 110. Әперген атасына бір жас қатын.
Сол әйелден бір бала туған екен,
Қойыпты Сүгірші деп оның атын.
Сүгірші Төлегетай, Терістаңбалы,
Туыпты Сүгіршіден соның бәрі.
Саржомарт бұрыннан Ергенекті,
Бәрінің кенжесі екен Бағаналы.
Жарболды жалшы екен жылқы айдаған,
Сонымен Сүгіршіден тоғыз туған.
Ұрпағы Төлегетайдың жаннан асқан, 120. Шын әлім әділдіктің жолын қуған.
Білмейді адам сөзді ішке сақтай,
Өлең қып мен айтайын жиған таңдай.
Туысқан болар тегіс төртеу екен,
Дөртуыл, Қаракерей, Садыр, Матай.
Баласы Қаракерей Байыс, Байсиық,
Көп құлын Құдай сүйіп жаратыпты.
Ахмет Қыржименен бір туысқан,
Сол үшін бір мөлшерде жер тиіпті.
Байыстың баласы екен Мұрын, Сыбан, 130. Мұрынның аты шыққан бұрынтынан.
Мұңайтпас, Тума менен төртеу екен,
Байжігіт жиен екен туған қыздан.
Меңлібай, Төбет пенен Қарамолда,
Қызыл тіл сөзге жорға оңға-солға.
Жаңбыршы, Жанымқұлмен бір туысқан,
Бесеуі Байсиықтың туды сонда.
Жігітке өтірік сөз өлгенмен тең,
Айырылған жұбайынан болады кем.
Көпшілік, сабыр етіп тыңдасаңдар, 140. Матайдың балаларын айтайын мен.
Матайдың бір баласы Аталық-ты,
Қожадан жылап жүріп бата алыпты.
Қаптағай, Кенжеменен бір туысып,
Матайдың үш баласы атаныпты.
Баласы Қаптағайдың Қарасары,
Жігіттің жақсы болсын алған жары.
Көлдей, Жүлдей үшеуі бір туысқан,
Атасын мен білмеймін одан ары.
Әр сөздің мәнін білер ақылы көп, 150. Тік тұрған әділдікке болады-ау бек.
Күректай, Сұртай, Тортай бұл үшеуі,
Кенженің айтылад үш баласы деп.
Баласы Тортайдың Қодас, Тілес,
Өлеңді әркім айтар ертелі-кеш.
Бақыменен үшеуі бірге туған,
Бақының қулық сөзін адам білмес.
Баласы Күреңтайдың Шошыға жалғыз,
Өтерін жақсы өмірдің болжамаймыз.
Шошығаның әйелінен төртеу екен, 160. Айтайын, оның атын тыңдасаңыз.
Өтеп би, Төгес пенен Көдес, Тоғас,
Бітеді еңбек етсе мал менен бас.
Сөз бермес ауыздыға шешен екен
Баласы Өтеп бидің Сарышуаш.
Дәм татар құдық қазған мөлдір судан,
Сал болар өлең айтып, ата қуған.
Мен білген ата жөнін теріп айтсам,
Сұртайдан Байғазы мен Шығай туған.
Баласы Аталықтың Жақсыболат, 170. Еліңде жақсы болса, алтын қанат.
Туысқан ағайынды төртеу екен –
Ақболат, Бекболат пен Құттыболат.
Баласы Ақболаттың Андас, Тәуке,
Өлеңді ақын адам айтар жеке.
Топ жарып той болғанда өлең айтсаң,
Жігітке о да болса бір мереке.
Баласы Жақсыболат Еменалы-ай,
Жараспас аттың басы орай болмай.
Баласы Бекболаттың Қайнар екен, 180. Таралған Аталықтан бәрі солай.
Баласы Құттыболат – Құтым, Шағыр,
Жөн білген аз да болса о да тәуір.
Аралас ел ортасы жақсы орын,
Табиғат жетсе қазаң еткін сабыр.
Көпшілік, мына сөзге құлағың сал,
Ескеріп білгің келсе үйреніп ал.
Бір қатыннан Есболат, Күшік туған,
Осылай айтады екен бұрынғылар.
Баласы Күшік бидің Сатыбалды, 190. Жақсы өлсе артында сөзі қалды.
Екеуі қонақ бимен бір туысып,
Осылай хикаят боп аты қалды.
Шағырдан Итемген мен Меңіс екен,
Баласы төрт Қызайдың тегіс екен.
Шағыр өліп, Қызайды Қойшы аға алып,
Одан туған Бегімбет, Дербіс екен.
Құтымның Шеру екен бел баласы,
Келеді екі елуге ердің жасы.
Жігіттер, жатсаң-тұрсаң ақыл ойла, 200. Адамның қор болмасын ғазиз басы.
Меңістің бір баласы Тайырберді,
Құдайым аямастан бағын берді.
Туыпты бір өзінен тоғыз бала,
Айтайын білгенімше жайын енді.
Құттымбет, Құдайназар, Құттықадам,
Байназар, тағы жатыр Сексен бабам.
Қасболат, Тоқсан мен Жанбай, Тынбай
Дамытқан барлығын да Алла Тағалам.
Тағы да Меңіс ұлы Тілеуберді, 210. Дүниеге біреу кетіп, біреу келді.
Кең алқап, табиғатта жасап жүрген
Жандардан қарап тұрсаң кім өлмейді?!
Есенғұл, Оразаймен туған Жұбай,
Жанғабыл жалғыз туған жатыр былай.
Өзім білген атаны теріп айтсам,
Жаратқан бәрімізді жалғыз Құдай.
Жанғабылдан Жолболды, туды Тортай,
Жүр бәрі көптігімен жерге сыймай.
Есіркеп, Жарылқаппен төртеу екен, 220. Тәңірім жаратыпты бәрін сондай.
Баласы Құдайназар – Солтанкелді,
Айдайтын шын жүйрік бар соққан желді.
Үшеуі әкесінен жетім қалып,
Ағасы Жолымбет пен Есенкелді.
Баласы Солтанкелді тоғыз болған,
Біреуі-біреуінен артып туған.
Сүймейді жақсы адам арам сөзді,
Турашыл – әділдіктің жолын қуған.
Итқара, Көбес пенен Сәменбетті, 230. Таусылса дәм-тұзымыз ажал жетті.
Кең дүние – табиғат алдыда тұр,
Табасың бақытыңды қусаң дертті.
Қарымбай, Қонысбай мен Тұрдығұлды,
Құдайым кей адамды мұңлы қылды.
Қожабек пен Малтабар, Шаңыл болып,
Барлығы осылардың бірге туды.
Көп бұрын дүние сапты осы бабам,
Өткерген бастарынан қилы заман.
Доспердің шежіресін тыңдасаңыз, 240. Аяғы осы арада болды тамам.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру