Өлеңдер жинағы. IV
Ілияс Жансүгіров
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Ілияс Жансүгіровтың кез келген шығармасы ақын дарынын, ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасын көрсетеді. Тақырып өрісі кең, көп қырлы шығармашылығы – өнімді еңбектің нәтижесі. Кез келген туындысы елдің тұрмыс-тіршілігі, халық тағдыры тақырыптарына арналады. Қуатты суреткерлік дарыны шығармаларының бояуын...
ӨЛЕҢДЕР ЖИНАҒЫ
(1931- 1937)
ОКТЯБРЬ ЕКПІНІ
(Ленин поезы)
Тарихтың жүрдек арбасы
Ұшады даңғыл жолменен;
Трактор,балға,пулемет
Қарулы қалың қолменен.
Паровозшы - партия Алысып
«Он,» мен,«Сол» менен.
Айнала жау,Жол қиын
Тарихтың алды өргелең!
Октябрьден жөн тартып
Жол жүргелі жыл қанша? - Он торт!
Он торт! Он торт жыл Он торт!
Он торт станса! Жол қиын,
Жау жан-жақта
Ысқырады жыланша.
Поезд саулап келеді,
Ашып көзді жұмғанша.
Басылады, Қалады
Алдындағы өр, белең.
Жаншылады, Қалады
Жолындағы көлденең.
Екпіні жел соққандай,
Ебелектер - ербелең
Етеді де қалады.
«Оң» деген мен «Сол» деген.
− Он төрт!
Майдан жылдары
Барады қалып кейінде.
Шірік, Осал, Су жүрек
Шыдамай екпін желіне,
Қалтырайды қырық аяқ
Келгенде бұлтақ өріне.
− Ойбай, өлдік!
Ақырын!
− Сақта, Құдай!
Я, пірім! Көзіне көр көріне.
Қыңсылайды әр жақтан
Мазаны алып шегіне,
Октябрьдің екпіні
Омырауласа өріне, Таяқ тығып,
Тас тастап, Дейтіндер бар:
«Сені ме!»
− Айда!
Айда!Қорқақтар
Жетті құлар жеріне.
Қалтырайды қоркақтар;
− Тыныштық жоқ! Күй қайда?
Жылайды бай, кулактар:
— «Құлатады қай сайға?!» Құла!
Құла! Құрығандар! Жыла! Жыла!
Құдайға! Паровозшы - партия Екпіндет!
Сал айғайға! Мотор мінген қалың қол Көтермеле,
Күш сайла! Балғаны ал, баса соқ!
Тракторды ал, майла! Қаламды,
Ерлер, ал қайра! Мылтықты
Ерлер, абайла! Зырқырат!
Заулат! Отарба! Ілгері қарай
Айда! Айда! Лениннің жүрдек поезы
Ұшады даңғыл жолменен.
Трактор, Балға,
Пулемет Қарулы қалың қолменен,
Паровозшы - партия Алысып
«Оң» мен
«Сол» менен; Айнала - жау,
Жол - қиын. Тарихтың алды өргелең,
Ленин туын тік ұстап
Дөңгелен! Тарих, Дөңгелен!
1931 жыл, қараша.
«ЕҢБЕКШІ ҚАЗАҚ»
«Еңбекші қазақ» он жасар
Октябрьдің ұлысың.
Октябрьдің әскері,
Партияның тілісін.
Тіл дегеннің мәнісі
Большевиктер бастаған,
Күрескен көптің үнісің
Кешегі отар орнына
Құрылған Қазақстанмен
Бірге сенің туысың.
Ұдайынан он жылдай,
Сол жаңа елді жасауға
Күрескен ердің бірісің.
− Кеңестен ауыл!
− Байға шап!
− Кәнпеске!
− Жер бөлінсін!
Деген ұранды аттандап,
Қыздырған сен қыр ішін.
Шанышқан сен, білеміз,
Жіктің піш - піш сыбысын.
− Ал колхоздас! Өнерлен!
− Байдың тобы құрысын!
− Тозық тұрмыс жоғалсын
− Ескі ауылдың орнына
Жаңа өмірлер құрылсын!
Бүгінгі айғай осы ұран
Айнымай сал осыдан
Бағалы сенің бұл ісің.
Ардақты жаңа тарихтың
Аяулы бір жеріне
Жазылады сенің жұмысың.
Еңбекшінің көзісің,
Партияның қаруы,
Қараңғы елдің нұрысың,!
Мыңдаған тілшің әскерің,
Қаламың қару құрышың.
Өркенің - қырық мың оқушың,
Жазушың қызыл кылышың,
− Майданда!
− Сілте!
− Айғайла!
− Тартыс Ленин туы үшін!
− Ұрандат!
− Баста!
− Орында
Партияның ұлы ісін!
Өйткені сенің міндетің.
Октябрьдің ұлысың!
Тойлап бүгін елің шат
Сол ұлының туысың.
Еңбекші қазақ бүгінде
− «Еңбекші қазақ» ұлым деп,
Ардақтап ұстап сүйеді,
Күреске туған тұңғышың!
1931 жыл.
«ЖАҢА ТҰРМЫС»
ТАМА ЕДІК, МАЛ ЕДІК
Келдім міне ауылға,
Ауыл жиын қоныпты.
Қонғанының мәнісі
Ауыл колхоз болыпты.
Колхозының есімін
«Жаңа тұрмыс» қойыпты.
Жұлдыз - жұлдыз қараша үй
Шиі қияқтан тоқыған,
Ауыл ада болыпты
Намаз бенен сопыдан.
Ұқтырды шал мән - жайын
Кетпен 5аптап отырған:
− Осы отырған ауылдар,
Біз, шырағым, «Тама» едік.
Қарақайдың бойында
Бірталай ел бар едік.
Жайғанымыз мал еді,
Өзіміз де мал едік.
Мал дейтұғын мал бар ма?
Кедей малға жарып па еді?
Байларымыз «көнпіс» боп
Малын біздер алып та ек.
Былтыр колхоз болуға
Қаулымызға салып та ек.
ІРГЕ АУДАРДЫҚ
− Жаңа қонып жатырсыз,
Қайда сіздің Қарақай?
− Қарақайды қой, балам,
Болды ғой ту - талақай.
Мақта колхоз болуға
Осы арадан жай алған.
Осы отырған жүз он үй
Әр атаның баласы.
Мұның бәрі бір колхоз,
Ішінде жоқ аласы.
Әр атасы құрыған,
Бір колхоздың баласы.
Мынау жерге орнайды
Бұл колхоздың қаласы.
Мынау тасып жатқандар
Сол қаланың ағашы.
Мынау арық, әне школ
Екеуінің арасы.
Бақша болмақ, жай болмақ,
Анау тіккен қазықтар.
Одан арғы гектарлар
Мақта егетін жазықтар.
Қолда, балам, кетпен бар,
«Нормалаған азық бар...»
Шал осыған келгенде
Саптап болды кетпенін.
Басқа шытын шорт байлап,
Салды иыққа шекпенін,
Салды иыққа кетпенін,
«Ал, балам, мен кеткенім».
ТӘРТІП
Шалмен бірге келгенде,
Құралыпты кетпендер.
Қара қайыс, қон иық,
Өңшең. бейнет шеккендер.
Шығып жатыр бір өңкей,
Атын «әтмет» еткендер.
«Әтмет» соғып тұрғаны
Басындағы бригад.
«Маған әтмет соқтың ба?»
Деп әлгі құдияд.
«Мұнша неге кешіктің?
Отағасы, бұл ұят...»
Деп еді, шал қызарды.
Айтты сонау кетпенді:
«Сап іздедім, саптадым,
Соған уакыт кеткен - ді...»
Бұрын неге саптамай,
Кімге айтасың өкпеңді...
Әлгі шалды састырып
Біраз қысты бригад.
Қасындағы жігіттер
Әлгі шалға жымияд,
Отағасы жеңілді,
Кешіккені тірі ұят!
Шалдың өзі «шал» емес,
Түскен кісі істерге.
Аты менен түйесін,
Қосқан кісі күштерге.
Колхоз болған ауылда
Істемеген тістер ме?
Сондықтан шал қысылады.
Шал ұйымда, шеңберде.
Шал сондықтан қысылады
Сәл кешігіп келгенге.
Жаңа жұмыс кезінде
«Кетпен саптап...» дегенге.
ЖАРЫС
Жиылғандар жұмысқа,
Екіден төрт бөлінді.
Төрт топ былай шыққанда,
Қырық кетпен көрінді.
− Ал жүріңдер, арыққа!
Бөліп берем «жеріңді!»
Деді дағы бригад,
Саржа салды арыққа.
Кім көп жақсы істесе,
Сол түседі нарыққа.
Жазып тұрам жұмысты
«Табель» менен «тарифқа».
Бөліп - бөліп алысты,
− Ал түселік жарысқа!
− Ал құлашта!
− Ал таста!
− Ал анадан қалыспа!
Күн астында көп кетпен
Жалт - жұлт етіп шағылыса.
Кешкі жұмыс тындым боп,
Шықты кетпен арықтан.
Екпінді істеп бәйге алды,
Бұл жұмысқа нар шыққан.
«Әтметкіге» ұрылды,
Екінші боп шал шыққан.
КОЛХОЗ ҚАТЫНДАРЫ
Колхоз ауыл қонған жер
Көгеріпті пүліштей.
Қараша үйдің жанында
Жайылған дән күріштей.
Ақтап отыр қатындар
Керілдеспей, сүріспей.
Тазалауға тұқымды
Жиылған жан- жақтағы.
Тазаланған тұқымға
Толтырылған қап - қабы.
Бәсекемен, бәйгемен
Екшеп отыр мақтаны.
Осы отырған қатындар
Бұрын кілем тоқыған.
Бір колхоздың үйірі
Осы топ - топ отырған,
Мақтасының тұқымы
Тазарады қоқымнан.
Салаң - салбыр кимешек,
Сәлде күндік басында.
Оқа, маржан, сүйек, тас
Үйген мықтап бастыра.
«Іс базарлы, жеңгейлер!»
Деймін келіп қасына.
Келген маған таңырқап,
Сәл кідірді тоқталып.
Екшеп жатқан тұқымын
Уыстап ем оқталып;
Қара қатын қайрақтай
Жау желіндей соқты анық:
− «Неменеге аңырып
Қалдыңдар, әу, қатындар,
Алашаның ар жағын,
Арманырақ тартыңдар.
Тазарғанын солай төк,
Былғанышын жақынға ал!..»
Қолдар тағы қойылды,
Бұлар неткен бір ауыз?
Жып - жып етіп саусақтар,
Қалдырмайды бір қауыз.
Мылжың, кесел ішінен
Кермедім бір қу ауыз...
Я, осындай ұйымы,
Бүйтсе жұмыс бітпес пе?
Бір колхозға қатын боп
Іс бастаған ниеттеске...
«Аулағырақ шет кісі!
Іске мешайт.етпеске!»
Деуден бұрын өзіме,
Дедім: «табан жалтырат!»
Сен сықылды «өкілдер»
Көбейсе, істен қалдырады,
Кеткенімше болмады
Келіп қалды бригад.
ЕКПІНДІ ЖЕҢГЕЙЛЕР
Бригадпен сөйлестім,
Бригадир Хадиша:
Қайдан колхоз боламыз.
Қатын біткен шәниса.
Бітпегенде несі бар,
Осынша қол жабылса?
Бұл тазалап жатқаны
Мақта дәні шиті ғой.
Қоқыр - соқыр, шөп - шары
Сол шитінің биті ғой.
Мақта дәні осы ғой,
Дән - диқанның құты ғой.
Осыны ерте тапсырмай,
Берді жаңа басқарма,
Жер жыртумен қарбалас
Істі бұлай бастар ма?
Біздер түстік жарысқа
Істеп - істеп тастарға.
Бол, жолдастар, жылдамдат,
Қыздыралық жұмысты!
Тракторлар аңызға
Кеше келді кірісті.
Кіріскен соң. қоя ма,
Дайындадық күрішті.
Жұмыстағы қатындар
Жетпістен көп, сексен - ді.
Кел, ей, Күлтай екпінді!
Жарыссаң, ал өкшеңді
Көтер кәне! Сен дағы
Жинаңқыра бөксеңді!
Бөлек - бөлек бригад,
Өзді - өзінің қосы бар.
Сіңбіруге мұрша жоқ.
Деуге жай жоқ «тосып ал!»
«Қатын жарыс» колхозда
Екпінділер осылар.
«БАЛА МАЙДАН»
Бала жоқ па дер біреу,
Бала деген өріп жүр.
Балалардың шешесі
Тегіс тұқым теріп жүр,
Балалар да «бригад»
Бақташыға еріп жүр.
Жұмыс тағы анаға
Өңгерілген бала жоқ.
Бала бағып үйінде
Отырған жан және жоқ.
Балаларды қозыша
Бақпауына шара жоқ.
Балаларды тапқан бар,
Бірақ баққан ана жоқ.
Бір ауылдағы ұл - қызға
Бір - бір - ақ жан ана боп,
Бала «колхоздасыпты»
Өңшең «жаңа Тама» боп.
Жазғы ауылдың жері кең,
Жазғы туған төл қызық.
Жаңа отыққан қозыдай
Жайып, айдап өргізіп.
Алыс емес лөктір де,
Тұрады екен көргізіп.
Өгей емес, өз ана.
Біріне емшек емізіп,
Біріне нан жегізіп,
Біріне «мәм - мәм» дегізіп.
«Жаңа тұрмыс» бесігі
Бала майдан бір қызық.
ЖЕҢІЛГЕН ЖАЛҚАУ
− Ырысалды, сен неге
Есінейсің маужырап?
Ұйқың шала болды ма,
Жусаңқырап, байырқап...
Тиесіңді бітіріп,
Іш шайыңды шаңырқап...
Ырысалды күңк етті,
Қабағы сәл бұзылып:
− Бұдан артық қайтпек ек?
Белдеріміз үзіліп...
Ойбай белім... бүйірім...
Өлер болдық сүзіліп...
Кетті кеулеп самбырлап,
Біреу түртіп қалды да,
− Қой, абысын, толғатпа!
− Қой, жеңеше, қалғыма!
− Қалдың, келін, жарыстан
− Қара, әй, қатын, алдыңа!.
− Осы жұмыс түк емес,
Адамға тек құнттаған...
Бәріміз де қатынбыз
Байдың қойын құрттаған...
Қора күзет, қой құрттау...
Сөйтіп айран ұрттаған...
− Айтшы, тұқым тазалау
Қой құрттаудан қиын ба?
− Қиын түгіл түк емес
Біз сықылды жиынға,
− Масыл болу жарай ма
Кіргеннен соң ұйымға...
Міне осындай кеу - кеуден
Ырысалды жеңілді.
Тек, тағы бір керілді,
Тек, айтпады «білімді».
Бір сыбанып білекті,
Бір желдетті өңірді...
Болса мұндай ішінде,
Алады екен қау - қауға.
Тиеді екен түйдектеп
Жатып ішер жалқауға.
Жағдай қалмай барады
Жалқаулық пен малтауға...
БІЗ ЖҰМЫСШЫ! БІЗ КОЛХОЗ!
Осы колхоз аулымыз
«Тама» дейтін рудан.
Руласып, жауласып,
Өмір өткен шулыған.
Сол шулыған шақпағы,
Бай билігі құрыған.
Ескі өмірі Таманың
Жай түскендей бұзылған,
Тама тозып, таптасып,
Мақта колхоз құрылған.
Колхоз қырда жаңа ауыл,
Туған Ленин туынан.
Тек көбейсін осындай,
Еңбекке бел буынған.
− Біз жұмысшы!
− Біз колхоз!
Алсын қырды бұл ұран.
Сол ұраннан серпілсін
Жүректегі жылы қан!..
1931 жыл.
ШОШҚА
(Молда ыңқылдап ауырып жатады, шошқа шығады)
Шошқа:
Ассалаумағалайкум, молда тақсыр
Ауырып қалыпсың - ау жолда, тақсыр?
Шайтаны дәретіңнен күшті болса
Дұға оқы, істе тағызым, тұмар жапсыр.
Молда:
Оғалайкуммұссалам, доңызым - ай,
Сәлемшім сау - саламат болыңыз - ай,
Дәретке тұрмағалы үш күн болды,
Ажалдың азабы көп, жолы ұзын - ай.
Шошқа:
Жатыр деп есіткен соң көр аузында,
Қоштасып қалайын деп жол аузында,
Кеп тұрмын көңіліңді сұрағалы,
Достым ең салдырмаған ел аузына.
Молда:
Е, шошқам,
Алла жазса керем білем,
Алланың аманатын берем білем,
Таянып заманақыр келе жатыр,
Жазылмай аурудан өлем білем...
Шошқа:
Өлсең өл, керегің жоқ енді сенің,
Өлгенше жұртты сорып, елді жедің.
Жамандап осы құрлы өле - өлгенше
Батшағар, мен осынша неңді жедім?
Молда:
Бірадар, менен арман жүрсең деймін,
Күніңді пиғылыңнан көрсең деймін,
Ешкімге рауаят айтар хал жоқ,
Жөніме енді тыныш өлсем деймін.
Шошқа:
Мен едім жазығым жоқ момын айуан,
«Арам» деп мені сендер жұртқа жайған.
Жазықсыз ет, сүтімді арам етіп,
Айт кәне, күнім бар ма тышқан сойған?
Молда:
Құранда сені харам дейтіні рас,
Басқаның мұсылманнан жейтіні рас...
Шошқа:
Неліктен құран мені арам деген?
Деп тұрмын осы арамның себебін аш!
Молда:
Бұ жерін айтқан білем пайғамбарым,
Жарқыным, аулақ кетші, нашар халім.
Шошқа:
Беріп кет теңдігімді о дүниеге,
Нан соғар, мені осынша жамандадың.
Молда:
Дейтіні сені нәжіс шөп жемейсің.
Шошқа:
Қайта айтшы?
Мына сөзді сен не дейсің?
Мен қалай былғаныштан сау болайын.
Қадірлеп өзге малдай жемдемейсің...
Молда:
Апырым - ай, неткен жансың ұрып кеткен,
Болдың - ау «жау жағадан, бөрі етектен».
«Шошқа арам, түгіменен түгел арам»
Дегенді шариғатта сызып кеткен.
Шошқа:
А, зәлім, мені осылай ет деп пе едім?
Тегінде тендік алмай кетпек пе едім?
Аятпен арамдайтын қан ішкем жоқ,
Ит пенен молдадай мен ет жеп пе едім!
Молда:
Семізсің, семізіңнен борсылдаған,
Даусың және жаман қорсылдаған.
Шошқа:
Молда да мендей семіз болмай ма екен?
Даусым ба шариғатқа бойсұнбаған?
Молда:
Бірадар, халім нашар, мазамды алма,
Маған да кешіктірме ажалды Алла.
Шошқа:
Жоқ, молда, айтарыңды айтып аттан,
Мен қалай түсер екем қазандарға?
Молда:
Бірадар, халім ауыр, тыншымды алма,
Маза бер құлағыма, қорсылдама.
(Агроном шығады)
Агроном:
Жүр бері, шариғатын шайнап жесін,
Молдамен есті шошқа былшылдар ма?
Шошқа:
Жә, жолдас, күйемін - ау бұ сықылды
Құрғылар рауаяттар біз тұқымды.
Арам деп еңбекшіге жек көргізіп,
Жойған ғой граждандық құқығымды.
Агроном:
Қой, шошқа, өткен іске ызаланба,
Қара боп өткен күнге назаланба.
Жастанып құрандарын өлсін молда...
Бар, жылдам, колхозға кір тазалан да.
Шошқа:
Сонда да қоя берші бір түртейін,
Бір түртіп бүйірінен өкіртейін,
Құрғырды Құдайынан бұрын алып,
Ертерек қыл көпірден секіртейін.
(Молдаға мән береді. Молда атып тұрып қалтырап.)
Молда:
Лайлаһа, иллала, Алла, Алла, Алла...
Шошқа:
Кәне, айтшы, арам деген о қай молда?
Молда:
Мен өзім... пәтуасын көргенім жоқ,
Солай деп айтушы еді Торғай молда.
(Молданы шошқа түртіп, шегіндіріп шығарып жібереді)
Шошқа:
Молда еді маған жала жабыстырған,
Арам деп әлденемен салыстырған.
Агроном:
Оны қой, сенен жақсы жануар жоқ,
Мен сені елге - жұртқа таныстырам.
Шошқа:
Агроном, бәрекелді, сөйтші мені,
Танысын мені анықтап колхоз елі.
Молда мен мұсылманның өсегінен
Менсінбей сүйкімсіз боп өлдім тегі.
Агроном:
Колхозшы! Бер кел бері, мұны таны.
Колхозшы:
Таныс қой, айтасыз ба, сіз мынаны?
Білемін жануарды баяғыдан.
Молданың, мұсылманның арам малы.
Агроном:
Молданың ол айтқаны қарам болды.
Шошқа:
Тек ақымақ қылған олар надандарды.
Қазіргі социалистік дәуірімізде,
Деп тұрмын - «колхоздың мен адал малы!»
Агроном:
Ал, малдан бұ байғұсты, сөзді созба,
Балалат, қалба салат, сал ауызға.
Колхозшы:
Малдандым, бағам - қағам, балалатам.
Байғұсым, алдыма түс, тарт колхозға!
(Шошқаны айдап шығып кетеді.)
ЖҰМЫСҚА
БАРЫС ҚАЙ ЖАҚ?
Ауылдан шыққан алтаумыз,
Аяндай басып келеміз.
Кейде атандай адымдап,
Аттай кейде желеміз.
Жол - көрмеген жаңа жол.
Жаңадан жаңа көреміз.
Жаздың күні жарқырап,
Жыбырлады құмырсқа.
Сол құмырсқа сықылды
Жатқандар ек бұрышта,
Болмасқа енді құмырсқа,
Шыққандар ек жұмысқа...
ТҮЙЕКЕШ
Ауыл қайда, алыста,
Бірқатар күн шыққалы.
Сексеуілді Балқашта,
Теріскенді Мықтағы.
Селеу, қамыс, ши, шеңгел,
Онда қоян бұққаны.
Сол қояндай күнелтіп,
Сол құмда мал сауушы ек;
Жүн, теріге нан іздеп,
Ақшом болып алушы ек;
Қыста сорпа, жазда айран
Табылса жан бағушы ек.
Сол тірлікте жан күйттеп,
Тозғындаған кедей ек.
Мал жоқ, дән жоқ, лаж жоқ...
Бай екені келмей ме ек,
«Көлік сізден, күш бізден,
Марқабат қыл!» - демей ме ек?
КҮШ БІЗДІКІ, TІC СІЗДІКІ
Ыңыранып ол онда,
Жаутаң - жаутаң еткізе;
Осы қылған қайырының
Толғағын тым жеткізе;
Кейде кекеп, кейде атып,
Сүйектен сөз өткізе;
Беруші еді түйесін,
Біздер тапқан табыстың
Үштен бірі біздікі,
Біз сияқты байғұстың
Онда күйі осы еді
Біз өткізген жаз, қыстың.
Біз кембағал, жарымжан,
Батып еңбек жанға да,
Отырушы ек біз аштан,
Бай астығы қамбада.
Құмырсқадай дән тасып,
Жегізуші ек қарғаға.
КІМ БІЗ
Өзен қайнап су тиді,
Теріскен, ши, қау бозға.
Сонау түйе «иесі»
Түскен күнде тоз - тозға,
Түйекештер топтасып
Қалдық кіріп колхозға.
Сол колхозға біздерден
Бірқатар жан құралды,
Қанша кісі? Қанша мал?
Қат - шот қылдық бұларды.
Көлік мұнша, күш мұнша...
Оған жоспар шығарды...
КОЛХОЗ ҚАЗАНЫ ҮШІН
Санай - санай келгенде,
Сайдауыттай алты жан
Артылдық біз жұмыстан,
Отырмасын артылған
Десті колхоз қаулы қып,
«Кетсін колхоз атынан».
Қалтамызға нан салып,
Қолға берді жолдама.
Жолдаманы алған соң
Міндік қос - қос жорғаға,
Жорға - біздің екі аяқ,
Біздің байлық қол ғана.
ЖӨН ОСЫЛАЙ
Жолдамада айтқаны:
Жалданады заводқа.
Қазір қалың құрылыс,
Қазір халық қауыртта.
«Орналассын тезірек,
Жандарын бос ауыртпа»,
Деп партия жоғарғы,
Дерективте деп еді.
Жаңа жолға, заводқа,
«Керек депті», - дер еді.
Барса солар жұмысқа,
«Енеді депті», - деп еді.
Бізге бұл сөз зор қуат,
Біз бұл сөзге сенеміз.
Езген ескі өмірді,
Біріккен соң жеңеміз.
Ауылдан шыққан алтаумыз,
Аяндай басып келеміз.
ЕҢБЕККЕ
Қыздырғандай біздерді
Сонау поезд қылтылдап.
Шақырғандай біздерді
Сонау моржа бұрқырап.
Қайнағандай бізбенен
Сонау совхоз бұрқылдап.
Шықса қыза жазғы күн,
Жыбырлайды құмырсқа.
Сол құмырсқа өмірі де
Қол сілтеп тұр тұрмысқа.
Біз заводқа, еңбекке
Шықкандармыз жұмысқа.
1931 жыл.
ЭКСКАВАТОР
Тастың талқаны ұшты,
Таудың талқаны шықты.
Міне біреу неткен мықты!
Өйткені:
Темір бура жеккені.
Аузы жерді қапса,
Азуы жерді шапса,
Тасты тұздай кемірсе,
Тауды мұздай жемірсе,
Ырғалса,
Сықыр, сықыр, сықыр...
Қозғалса,
Шықыр, шықыр, шықыр,
Опырса,
Күтір, күтір, күтір...
Шайнаса,
Қытыр, қытыр, қытыр...
Күйсесе,
Күрс, күрс, күрс...
Жолдас - ау, Бұ неткен күш?
Бұл асыл құрыш.
Алып күш...
− Тауды таусап
Батыр, батыр, батыр;
Тасты асап
Қатыр, қатыр, қатыр,
Мұның аты?
− Экскаватор...
Істеп жатыр,
Бес жылдыққа
Күштеп жатыр.
1931 жыл.
ЭЛЕВАТОР
Бала:
Кеудесі кең,
Жегені жем,
Батырың.
Бойы зәулім,
Аты кім?
Аға:
Элеватор
Мұның аты..
Кең қамба,
Бұл бір алып.
Социалдық
Дән қазына.
Құйып астық,
Толтырып лық
Сақтайды.
Жауын жаумай,
Тышқан, торғай
Шақпайды.
Бала:
Ұқтым, аға.
Ата мұра
Көрдей ұра
Бітсін, ура!
Біржола...
Елеп жатыр...
Біздің қазына.
Элеватор
Біздің қамба,
Жүр, аға.
1931 жыл.
ТРАКТОРШЫҒА
Бағанадай балтырлы інім,
Трактордай сүйекті ұл.
Жазғы күндей жарқын күнім,
Еңбек ері, жүректі ұл.
Жаяу - жалпы жүрген бауыр,
Бүгін мінді машина.
Сендерменен жаңарды ауыл,
Қуанбалық несіне.
Машина күш майлап, сайлап,
Салдың, жерді аударды.
Қыздырды ерлер, қырда айғайлап,
Большевиктік майданды.
Кең даланы кестің, піштің,
Түсті қырға үлкен күш.
Дала өзгерді, дала көшті,
Дала ұлы төңкеріс.
Сендер біздің өнер қуған,
Тракторда... ұлы істе.
Сендер біздің жаңа туған,
Социалдық өрісте.
Қыздыр, қыздыр! Ал қимылда!
Teп темірді! Текпінде!
Аудар қырды! Шыңда, шыңда!
Тік даланы! Гектірле!
Бұз даланы күшіңменен,
Болсын талқан ескі аңыз.
Трактордың тісіменен
Құрсын қоңыз - бай жауыз.
Жаңғырт жерді машинаңмен,
Жаңарт елді, жампозым;
Жерге сонау сен төңкерген
Сепсін тұқым колхозың.
Түйе мінген талпақ мұрын,
Міндің бүгін машина,
Текпінді, інім, Екпінді, інім!
Жер шыдамас күшіне!
1931 жыл.
ТАНЫҢДАР
Қара, бүгін далаға,
Қара бүгін жер қандай?
Кешегі күн тулақ па?
Жерлеріңді таныңдар.
Қара, бүгін далаға,
Қара, бүгін ел қандай?
Кешегі бай кулак па?
Ерлеріңді таныңдар.
Қара бүгін далаға,
Қара, бүгін ер қандай?
Кешегі құл тымақ па?
Ерлеріңді таныңдар.
ЖАҢА ЖАҚ
Аударылып асты - үсті,
Астан - кестен болған жақ.
Шен, знакты қожасыз,
Кеңесті кең құрған жақ.
Еңбекшісі топтасып,
Енбексізін қуған жақ.
Капиталдық, бектіктің,
Тамырына балтаны
Ұңғылата ұрған жақ!
СОЛТҮСТІК- ШЫҒЫСЫҢ
Қазақстан жерінің,
Солтүстігі - шығысы.
Қарағанды, Қарсақпай,
Екібас, Спасс, Қоңырат,
Көмір - металл комбинат
Кен - қазына жынысы.
Ақжар, Риддер, Алқабек
Алтай - алтын, қорғасын,
Цинкі, қола, күмісі.
Соның бәрін қаусыра,
Отарбаның жүрісі
Сол байлықтың үстіне:
Арқа малдың қонысы,
Ертіс егін ырысы.
ОҢТҮСТІГІҢ
Қазақстан жерінің,
Оңтүстігі құбыласы.
Қорғасын, мыс, таусағыз,
Қаратаудың жалғасы.
Арасар, дәрі, асыл тас,
Алатаудың жырасы.
Мақта, кендір, майқурай,
Өнерлі егіз ұясы.
Сол байлықтың үстіне:
Сыр, Жетісу мал баққан,
Қалың егін шудасы.
БАТЫСЫҢ
Қазақстан батысы
Былқылдаған май балық.
Арал, Каспий жатысы,
Қайнап біткен бөрге тас,
Химияның қатысы!
Май мұнайдың фонтаны
Көкке шапшып атысы!
Қандырмап па дүниені
Ембі қауға тартысы.
Сол байлықтың үстіне
Малдың жайы Ақжайық.
Жайықта егін орасан,
Міне, жоспар айтысы.
ҰЙЫСҚАН ЕҢБЕК
Кеше мұндай жер ме еді?
Бүгін еңбек майданы.
Кеше мұндай ел ме еді?
Бүгін колхоз айнала.
Қол қойғаны - еңбегі,
Социалдық тұрмысты
Соғуға күші кернеді.
Таптасты да тұтасты
Шапты жауын жерледі,
Жаңадан жаңа тудырып,
Жоспардан жоспарға өрледі.
Социалдық еңбекпен,
Терледі колхоз, терледі...
МАЛ, ЕГІН, ЗАВОДТАРЫ
Даладағы дәулетің
Жүз жүздеген совхоздар.
Қайнады қыр, мыңғырды,
Біреуі егін, бірі мал.
Қор құйылды далаға,
Миллион- миллион сомалар,
Жазды құлаш жаңа өмір
Социалдық шаруалар.
Бүгінгі күн бұлардың.
Осындағы ерлердің
Ел мен жұрты қолын ал!
ЖОЛШЫЛАР
Ерлер салып бітірдің
Түрксіб, қазақ жолдарын.
Тағы - тағы салмақсың,
Бұл жолдардың оңдарын.
Жаңа завод - фабрик
Тамыры еңбек орданың.
Сол жолдарға тиелер
Жерден алған тондарың.
Дүрілдет. Қайнат! Жұмысты,
Жұмысыңмен мықталсын!
Социалдық қорғаның!
КӨМІРШІЛЕР
Қазақстан дәулеті
Қарағанды дүкені.
Қарағанды одақтың
Дүкенінің үлкені.
Сондағы еңбек ерлері
Бүгінгі күн қарқындат!
Бүйіріне шахтаның
Батыра сал керкіні!
Бұрқыратсын көмірді
Білегінің серпіні!
МАЙШЫЛАР
Ембідегі ерлер - ау,
Құтты болсын мерекең
Ел алдына кел бері - ау,
Жоспарыңды орында,
Көтеріл де, сермел - ау.
Қопарылсын мұнайлар,
Ақтарылсын кендер - ау.
Социалдық еңбектің
Қаһарманы сендер - ау...
КЕНШІЛЕР
Ақтөбедегі ерлер - ау,
Сал ұранды, қайдасың!
Заводыңды тез жүргіз!
Дөңгелегің айналсын.
Химияңның қазаны
Шымыр - шымыр қайнасын.
Сол қайнаған қазандар,
Социалдық өмірдің
Дөңгелегін майласын!
КОЛХОЗШЫЛАР
Колхоз, қаһармандары!
Сал қаланды жинала.
Жинал бүгін далаға,
Шық қолыңа ту ала.
Бай - жуанды жанышта,
Құйыршықты қуала.
Берекелі мал жина,
Пішеніңді маяла.
Егін айда, ал жина!
Миллион - миллион қолдарсың!
Қолдарыңмен сендердің
Көгерді ғой қу дала!
ЕКПІҢДІЛЕР
Сәлем! Еңбек ерлері!
Еңбекшілер, күшті ерлер.
Социалдық жарысқа
Әу десіп кеп түскендер!
Еңбегімен бәйге алған,
Ел танысын күшті ерлер!
Дүрілдет! Қайнат! Қимылда!
Екпінділер! Іскерлер!
1931 жыл.
СЕП, СЕП, СЕП!
(Колхоз жастарының алмалап айтуына)
Бозбала:
Жеке - жеке құлданып,
Жеген бізді бай құрсын.
Қыз бала:
Ауылым колхоз болған соң,
Қаңғырсын бай, қаңғырсын.
Бозбала:
Большевиктер, басшылар
Бастап егін салдырсын.
Қыз бала:
Социалистік еңбегім
Жер мерейін қандырсын.
Екеуі бірге:
Сеп, сеп, колхоз, Сеп, колхоз!
Большевикше ек, колхоз!
Бозбала:
Ленин туын жоғары
Тіккен ауыл қай ауыл?
Қыз бала:
Ескі ауылды қиратқан
Біздің колхоз жаңа ауыл.
Бозбала:
Жаңа жерге - жаңа ірге
Теуіп жатқан қай ауыл?
Қыз бала:
Көлігі көп машина,
Біздің колхоз - қала ауыл.
Екеуі бірге:
Сеп, сеп, ауыл, Сеп,ауыл!
Тракторды жек, ауыл!
Бозбала:
Жоспарымыз жасаулы,
Орындауды жеделдет!
Қыз бала:
Бес миллион, бес жүз мың
Гектарыңды кемелдет!
Бозбала:
Ленинше сеп!
Ленинше ек!
Екпін! Қарқын!
Кел өрлет!
Қыз бала:
«Бес жылдықты төрт жылда!»
Большевиктік біздің серт!
Екеуі бірге:
Сеп, сеп астық! Сеп астық!
Бес жылдықтың жемі астық!
1932 жыл.
КӨТЕРМЕ
Еңбекші қазақ ерлері,
Партия, басшың салды ұран:
Көтермеге кел бері!
Еңбекші қазақ ерлері,
Мемлекетке міндетті
Борышыңды бер бері!
Қалың колхоз еңбекші!
Жоспарыңды тез атқар.
Сонда колхоз жеңбекші.
Жерде бір дән қалмасын!
Бай - кулак, қу, құйыршықтар,
Іріткісін салмасын!
Іс еңбекте, күш көпте!
Көп еңбекші қимылда,
Ұрышарды істікте!
Еңбекші қазақ ерлері,
Озғандарың қалғанды
Көтермеге кел бері!
КАВКАЗ
Кап тауы- Кавказ тауы ертедегі
Жын қайнап, дәу мекендеп, ұшқан пері.
Сықылды Сайфіл Мәлік, Хасен, Мәлік
Ерлері ертегінің жүрген жері.
Қойқаптың емес пе еді жолы қиын,
Дария, асқар, теңіз, орман құйын.
Айдаһар, маймыл патша, жады кемпір,
Жай - жайын, алып дәулер, жындар жиын.
Сол Қойқап мынау Кавказ көлбеп жатқан,
Батыстан Шығыс беттеп өрлеп жатқан.
Қос теңіз, бас - аяғын қойнына алып,
Құшақтап ертеңді - кеш тербеп жатқан.
Төменде Қара теңіз баурын сөккен.
Өрінде Каспий теңіз айдын төккен.
«Қоспаймын екеуіңді» дегендейін,
Қос теңіз ортасына Кавказ шөккен.
Дегендей «аса алмайсың» көкке өрлеген,
Дегендей «баса алмайсың» кеуде керген.
Тек аунап арпалысып теңіз жатыр,
Сүйкеніп Кавказға ұдай соққан желмен.
Басында екі теңіз әлде бір ме?
Айтар ма білім билік бұл пікірге?
Вулкан қайнап, су тасып төгілгенде,
Қалды ма Каспий аунап бір түкпірде?
Қалай да үлкен ойран болған бұрын,
Біз емес тексеретін түбін мұның.
Біздікі - жер сұлуын мадақтау ғой:
− Сұлу не? - Қара теңіз, Кавказ, Қырым. .
Кавказдың сұлулығы биігі ме?
Басына қардың мәңгі үйілу ме?
«Шын, құзды, тағы жортқан, меңіреу Кавказ»
Деген сөз шын мәністе сүйіну ме?
Кавказдың көркемдігі әлде өзге
Кувшинмен су тасыған қара көз бе?
«Тау сұлу тұманымен, бүркітімен,
Тасымен, ағашымен...»
− Сол да сөз бе?
Сұлу ма Қара теңіз суыменен?
Шағала, дауылымен, қуыменен,
Арпылдап жел толқытса тауды қауып,
Ұдайы жатқан теңіз шуыменен?
Сұлу ма Каспий лай, батпағымен,
Аунақшып күндіз - түні жатқанымен?
Тыншымай жазда cap жел, қыста қызыл,
Құп - қу құм, сортаң да жаға жақтарымен?
Каспийдің сұлулығы сұрғылт құм ба?
Кавказдың сұлулығы зәулім шың ба?
Тағы боп адамы андай асау өскен
Болды ма сол ертегі жылдан - жылға...
Жоқ көрік, сұлу көркі олар емес,
Ол көрік бізге сұлу болар емес;
Лермонтов, Пушкин айтқан ол күндегі
Диюлар енді басқа қонар емес.
Жоқ, Кавказ сұлу емес меңіреу құзбен,
Мұзбенен, жын - перімен, жалмауызбен...
Сұлулық суындағы пароходта,
Поезбен, шында айдаған паровозбен.
Жоқ, Каспий сұлу емес былайында,
Өмір жоқ толқып жатқан құр айдында!
Каспийдің Кавказбенен көркемдігі
Бакуден қайнап жатқан мұнайында.
Каспийді қамап тұрған мұнаралар,
Мұнайдың мол теңізі бұл аралар.
Майлаған жердің жүзін жомарт Баку
Миллион қол мұнай қоймас бұрап алар.
Шалқиып Каспий жатыр өрді жауып,
Желінін Баку жатыр күрп - күрп сауып.
Каспийден Кавказ бойлап май ағызып,
Бакуді Батум емген ауық - ауық.
Кавказдың сұлулығы марганцымен,
Асыл тас алуан - алуан жер жынысымен,
Көк мұздан шығып, құздан құлаш ұрған
Ақырып асқарда ойнап салған сумен.
Тау көркем түрлі жеміс, мәуесімен,
Шипа су, дертке дауа ауасымен;
Сауығып талай дертті қайтып жатқан
Кавказ бай, курортымен, ЗГЭС - імен.
Ойнақтап тастан аққан асау Кура,
Бұл ма еді дәу көзінен аққан сора.
Отыр да Тбилистен ЗГЭС - ке түс,
Көресің Кура аққанын кімге бола.
Кура - өзен, құлап жатқан құздан, шыңнан,
Иесіз жылап жатқан талай жылдан.
Иесі шынайы еңбек келгеннен соң
Қара әне, тау тағысын қалай бұрған?
Көресің темір жолды кесіп өткен,
Құздарды туннельдетіп тесіп өткен;
Кавказдың шыңдарында электрлер
Жарқырап түн түсірмей, нұрын төккен.
Тағы андар, таутекелер жүрген шыңда,
Қиқулап автомобиль кезіп мұнда,
Тартылған шыңға, құзға сым темірлер
Кавказды үндістірлеп жылдан - жылға.
Мінеки Кура жатыр лайланып,
Тау жуып, тасты уатып, құм айдалып.
Қақ жарған Қазбектің емшек сүті,
Кавказды жатыр Кура шыр айналып.
Мінеки сол Кураны қойған қамап,
Жұмсаған киловат тап күшін санап.
Цементтеп тас бекітіп бөгеп алып,
Кавказға қайрат, қуат жатыр тарап.
Поезды электровоз сүйреп асып,
Барады миллион - миллион жүкті тасып.
Тауларды, Тбилисиді жарқыратып,
ЗГЭС тұр күні - түні нұрын шашып.
Кешегі Кавказ қайда ешкі баққан?
Қан кекті, қайсар, аусар, қанжар таққан
Қойқаптың күз шыңында ат ойнатып
Рулар у боп шағып, жау боп шапқан.
Дария, Тамаралар әлем сүйген,
Ертектер есіткен ел тегіс күйген;
Кұс болып көлге шомып, сайран еткен,
Перінің қызы қайда кебін киген?
Генерал, губернатор, ояз қайда?
Чиновник, қоқиланған қораз қайда?
Құшақтап алдына алып Тамараны,
Мүйізбен шарап ішкен князь қайда?
Кавказдың әлі сол ма қарлы басы?
Хан қайда? Қайда ол ажал мұнарасы?
Күржістан, Әзірстан, Ажарыстан...
Кавказды енді бүгін аралашы!
Мінесің, самұрық емес, аэроплан,
Электр тартқан сымдар, емес жылан,
Жүгірген андар емес, автобустар,
Тек жалғыз жоғарыда қалған тұман.
Көндіккен күшті еңбекке мұз бенен күз,
Ақырын сол құздардан өтер поезд.
Асқары социалдық колхоз Кавказ,
Трактор бетін тілген айғыз - айғыз...
Безелген мектеппенен барлық ауыл,
Серпілген қараңғылық қашанғы ауыр.
Мен дайын, лениншілмін! – деген бала
Міне, осы, ертедегі абрек Зауыр.
Кавказдың әсем дача, бау, саласы,
Мәуелі таза ауалы тау арасы.
Пионер лагерь - лагерь, комсомолдар,
Сап түзеп ұлы - қызы, бар баласы.
Келтелеп кертіп шашты, қырнап желке,
Ұл - қызға өңшең өрім толған өлке.
Өлкеде дию да жоқ, князь да жоқ,
Кавказдың Тамарасы комсомолка!
Кавказды жарқыратқан ЗГЭС күші.
Өзгерген ертедегі Қойқап түсі.
Кавказды электрлеп, ел арманын
Орындап отыр - Ленин ескерткіші!
1932 жыл.
ЕКПІН КҮЙІ
Біздің екпін
Біздің қайрат,
Біздің жігер,
Біздің болат,
Большевикше біздің іс.
Миллион қолда,
Миллион балға,
Екпіндетті, қарқындатты.
Миллион жігер,
Миллион күш.
Қызсын қатты,
Қатты қызсын,
Жер гүлденсін,
Тез үдесін,
Социалдық құрылыс.
Ал қимылдат!
Ал қарқындат!
Ал ұрандат!
Алмалат!
Ал жоспарлат!
Ал, даярлат!
Ал күрсілдет!
Балғалат!
Ал екпіндет!
Ал жеделдет!
Ал қимылдат!
Ал заулат!
Екпін! Екпін!
Тың омыраулат.
Ал жарыс та Ал жарыс!
Жалқауға орын,
Жатқанға нан,
Жоқ! Жоқ! Айда!
Құрсын қырсық!
Жау жойылсын
Қалтарыста,
Жалтарыс.
Ұлы сертті орындауға,
Миллион күш,
Миллион балға,
Табан тірек, арқа күш.
Өрлет! Өрлет!
Өрлет! Өрлет!
Соқ балғала
Ал үдет!
Қызсын еңбек!
Қызсын екпін!
Қызсын дүкен!
Дуылдат.
Ал екпіндет!
Өрлет! Өрлет!
Бітіруге биылғы серт!
Бес жылдықты төрт жылда - ақ!
Ал қимылдат!
Ал қарқындат!
Ал ұрандат, Алмалат!
Ал жоспарлат!
Ал даярлат!
Ал күрсілдет!
Балғалат!
1932 жыл.
БЕС ЖЫЛДЫҚТЫҢ ЕРЛЕРІ
(Өз әнімен)
Партияның дегенімен,
Бесжылдықтап іс жасап.
Екпіндеген еңбегімен,
Тау ақтарып, тас қашап.
Жатқандар кім десеңдер,
Бесжылдыктың ерлері.
Жер жүзіне көсемдер,
Бесжылдықтың ерлері.
Алтын Алтай кенін алып,
Керегіне жаратып.
Жер жүзіне ұран салып,
Күллі әлемді қаратып.
Жатқандар кім десеңдер,
Бесжылдықтың ерлері.
Жер жүзінде көсемдер,
Бесжылдықтың ерлері.
Екпіндетіп алыс пенен,
Жер - жексенін қашаған.
Содиалдық жарыспенен
Жаңа дүние жасаған.
Кім десеңдер, жұмысшылар,
Бесжылдықтың ерлері.
Октябрьдің екпіндісі
Бесжылдықтың ерлері.
1932 жыл.
СОЦИАЛДЫ КӨМЕК
(Калинин колхозының Іле колхозына көмегі)
Eгіc тақау қалды деп,
Партия ұран салды деп,
Қаулысы боп бәрінің.
Партияның дерегін
Тұқым, сайман керегін
100 процент дайындап
Бітірген кім? «Калинин».
Ол орыстың ауданы,
Талғар, Есік, Қаскелең,
Поселкелер мекені,
Алатаудың баурайы.
Ілеменен қойындас,
Іле қазақ ауданы,
Алматының маңайы.
Күш салғаны бұлардың
Үшінші егіс майданы.
«Калинин» іс бітірді.
Егіске әбден күтінді.
Мұрттарынан күлісіп,
Жарқырап тұр майданы.
«Калинин» елі өрледі.
Ер егіні мінеки:
Өз тұқымын дайындап,
Қасындағы Ілеге
Көмекке қол сермеді.
Колхоздары қаулы қып:
Социалдық көмегі!
Көтерейін кел! - дейді.
Мұқтаж, мешеу колхозға
Ортасынан шығарып
500 центнер бергені
Осылардың дүрмегі,
Социалдық көмегі
Өзге қалың колхозға
Үлгі емес пе өрнегі?
Бұрын быт - шыт болғанда,
Колхоз болмай тұрғанда
Әркім өзі «күн көрген»
Күн көргені құрысын
Кедей тозып тентіреп,
Жарлы байға жем берген.
Қолында жоқ мұқтажға
Татырды ма бір дәннен?
Өлсе де әркім тентіреп,
Біреуге біреу сатусыз
Бергенді әлі кім көрген?
Бүгін міне қараңдар,
Қолдасып түр қосылып.
«Іле» менен «Калинин»
Бүл одағын кім көрмес,
Бұл үлгісін кім алмас,
Ауыл, қыстақ, шәрінің.
Осылардың үлгісі
Болсын дейміз жұмысы
Колхоздардың бәрінің.
Үлгісімен, ісімен
Колхоз атын ақтады.
Атындағы ауданы
Қарт большевик кәрінің!
Eзгe тақау қалды деп,
Партия ұран салды деп,
Еңбекшілер тұтасты,
Социалды көмегі,
Еңбекшілер одағы,
Ауданға аудан ұласты.
Тұқым, көлік ауысты,
Егіске бел байласты.
Қол ұстасты, тұтасты,
Поселке, ауыл қайнасты.
Бригада қаулады,
Көтермелер қайнады,
Колхоз бен колхоз қолдасты.
Егер қимыл бұл болса,
Большевиктер бастаған,
Колхоз алмас қамал да
Әй, сірә де болмас-ты!
1932 жыл.
СОЦИАЛДЫ ҚАЗАҚСТАН
Тыңда, тыңда!
Ал - ло! Ал - ло!
Ал құлақ қой,
Толқыды әуе,
Ал бұрап қой.
Радионы!
Жалға жылдам,
Ал - ло! Ал - ло!
Екен қайдан?
Ал жаңалық!
Ал құлақ сал!
Ал жаңалық!
Ал құлақ сал!
Тыңда, халық!
Тыңда, халық!
Сөйлеп тұрған
Кәрі тарих!
Ал - ло! Ал - ло!
Ал миллион!
Тыңда мұны
Қырдан, ойдан.
Ал құлақ қой
Бұра! Бұра!
Сөз берілді
Колхоздарға!
КОЛХОЗ ҚАЛАСЫНАН
Ал - ло, ал - ло!
Радио азан,
«Ленин жолы»
Колхозы нан.
Тыңда азамат!
Мен колхоздан!
Біздер қайрат
Қамал бұзған.
Ескі өмірді
Біздер бұзған.
Жаңа өмірді
Біздер құрған.
Біздегі күш
Дүние аударды.
Біздің жұмыс
Социалды!
Соның бірі
Қоныстану.
Соның түбі
Байға шабу.
Біздің ауыл
Ірге аударды.
Ірге салды
Социалды.
Қала болдық
Біз осы жыл.
Социалдық
Кек шабулы!
Не көрдік біз?
Біз кім едік? .
Жылдар жүз, жүз
Қайда жүрдік?
Тында, қауым,
Соның жайын.
Тыңда, жолдас
Баяндайын.
АҢ ӨМІРДЕ
Қыста, күзде,
Қырда, құмда,
Шөлде, түзде,
Сайда, шыңда.
Қызылқұмда,
Шуда, Адайда,
Сарысуда, Әлдеқайда,
Қаңғып аулым
Телім - телім,
Тентіреп ел
Жүргендерін,
Мен білемін.
Білесіңдер
Мен жүргемін
Жүргенге ел.
Мыңдаған жыл
Қамалып жұрт,
Болыпты құл,
Бай менен жұт.
Желкемізге
Мініп мықтап,
Жүргеміз біз
Жылап - сықтап.
Өнімі жоқ,
Азабы ауыр.
Құлан, елік
Жайылғандай.
Тентіреумен
Өткен өмір.
Сол ма еді көрген?
Сол ма еді жеңіл?
Құрсын тұрмыс,
Нәлет! Нәлет!
Қайтып кермен,
Түу бәлекет!
ҚҰЛ ТҰРМЫСТА
Мен бір кеше
Кім болғамын?
Қөбінесе
Құл болғамын.
Киіз кепе
Жел уілдеп.
Сойын сірке
Тән дірілдеп.
Қалш - қалш етіп
Қарлы аязда.
Бір оңалмай
Қысы, жазда.
Қара лашық
Тігіп үйді.
Жер төсеніп,
Жағып қиды.
Бай жатқанда
Шулап мұрны.
Зар қаққанда
Біздей сорлы.
Тентірегем,
Жарымағам,
Сорлар менен
Арылмаған.
Балпаң - балпаң
Байлар ет жеп,
Қалтаң - қалтаң,
Кедей дерт жеп.
Мойнымызда
Бар ауырлық,
Мойнымызда
Бит пен құлдық.
Кешкен өмір
Жыл, айменен,
Өшкен көңіл
Жылауменен.
Құрсын тұрмыс
Нәлет! Нәлет!
Қайтып көрмен
Түу, бәлекет!
БІЗДІҢ АУЫЛ
Құтылуға
Қырық рудан
Қызық қоныстан,
Көк жұлыннан.
Құтылуға
Ел белсенді,
Ұмтылуға
Ел белсенді.
Қырдан, таудан
Қосылды ауыл.
Бытыраудан
Шошынды ауыл.
Колхоздасты,
Қайнады ауыл.
Қалаға бел
Байлады ауыл.
Трактормен
Айдады ауыл.
Радиомен
Сайрады ауыл.
Мектептермен
Жайнады ауыл.
Жастар спорт
Ойнады ауыл.
Паровозбен
Гүрледі ауыл.
Машинаны
Мінген ауыл.
Қарқын қимыл
Қаулады ауыл.
Завод болып
Заулады ауыл.
Ленин туын
Алған ауыл,
Ұлы ұранға
Салған ауыл.
Ленин жолын
Қуған ауыл.
Октябрьден
Туған ауыл.
Қала - колхоз
Болған ауыл.
Колхоз - қала
Толған ауыл.
Тартыс, күрес
Майдан ауыл.
Жауды жаншып,
Айдады ауыл.
Ұлы дүкен
Құрған ауыл,
Ірге аударды,
Жырғады ауыл.
Трактордай
Тепкіңді ауыл.
Электрдей
Екпінді ауыл.
Жаңа шаруа,
Жаңа қоғам,
Жаңа қала
Дала толған.
Жаса! Жаса!
Жана тұрмыс!
Жасап жатқан
Мың - миллион біз!
Пәлі! Пәлі!
Жаңа өмірім!
Ал - ло! Ал - ло!
Жаңа жырым.
ТЫҢДА! ТЫҢДА!
Ал - ло! Ал - ло!
Ал құлақ қой,
Толқыды әуе
Ал бұрап қой,
Радионы.
Жалға жылдам!
Ал - ло! Ал - ло!
Екен қайдан?
Ал жаңалық!
Ал құлақ сал!
Ал жаңалық!
Ал құлақ сал!
Ал - ло! Ал - ло!
Ал миллион!
Тыңда мұны
Қырдан, ойдан!
Ал үн келді!
Бұра! Бұра!
Сөз берілді
Жұмысшыға!
ҰЛЫ ӨНЕРДІҢ ОШАҒЫ
Ал - ло! Ал - ло!
Тыңда мені!
Сөйлеп тұрған
Еңбек ері!
Қазақстан
Жаңаланды.
Қазақстан
Социалды.
Қазақстан
Өнерленді.
Ашып жатыр
Неше кенді.
Қарағанды,
Қарсақпайлар,
Қоңырат,
Риддер,
Ащысайлар.
Кендір, кенеп,
Күріштері.
Мақта, қаушық...
Ірі істері.
Тағы талай
Өндірісі!
Талай гигант
Ірі күші.
Аэроплан
Көкті айырған.
Трактор
Жерді жарған.
Комбайыны
Күрілдеген!
Моторлары
Дүрілдеген.
Қаусырғаны
Жерді поезд.
Фабрик,завод
Қайнап құж - құж
Мың - мыңдаған
Рабочийлар...
Бар ма еді кеше
Кәне осылар?
Жаса! Жаса!
Жаңа елім.
Жаңа ел салған
Жаңа өмірім!
Пәлі! Пәлі!
Қайна еңбегім!
Социалды
Жер мен көгім!
ЕҢБЕК EPЛEPІ
Қазақстан
Қайнады ерге,
Социалды
Жайнады елге.
Ірге тепті
Жаңа жерге.
Қаула! Қаула!
Өрле! Өрле!
Бауырмалдық
Ұлт одағы.
Социалдық
Ел ошағы.
Одақтасты,
Күшін қосты.
Ұлы ұранға
Ісін қосты.
Ұлы еңбекке
Үлкен орда.
Қазақстан
Социалды.
Тымақтардан
Ерлер шықты.
Шын еңбекке
«Кел!» - деп шықты.
Социалды
Қаһармандары.
Құрылыстың
Балуандары.
Паровоздай
Қайратты ерлер.
Зеңбіректей
Айбатты ерлер.
Қызыл туды
Көкке өрлете.
Екпін көкке
Қол сермете.
Асқар тауды
Бұзған еңбек!
Жасар тауға
Қызған еңбек.
Тың қазынаны
Ашқан еңбек.
Аспан өрлеп!
Асқар тербеп!
Ескі өмірді
Талқан қыла,
Жаңа өмірді
Дарқан қыла,
Жаңа жоспар
Сызған ерлер.
Жаңа қуат
Қызған ерлер.
Жауды алқымнан
Алған ерлер.
Шын қарқынға
Салған ерлер.
Бұрқын - сарқын
Қайнады еңбек.
Жарқын - жарқын
Жайнады еңбек.
Жаса! Жаса!
Жаңа ерлерім!
Жасаушылар,
Миллиондерім!
ҰЛЫ ЖОСПАР
Біз өмірді
Жоспарлаймыз.
Жоспармен жау
Басқандаймыз.
Күресеміз,
Алысамыз.
Жоспарменен
Жарысамыз!
Қарқындаймыз
Жылдан - жылға.
Табысамыз
Мыңнан мыңға.
Тасқындаймыз
Шабуылға.
Асқындаймыз
Жылдан - жылға.
Түгендейміз
Ерте, кеште!
Адымдаймыз
Бестен беске!
Сарқырай бер
Сан трактор.
Жарқырай көр
Шам электр.
Маман техник,
Инженерлер.
Тез қимылда
Землемерлер.
Курс, мектеп,
Кеп школдер!
Қайна, қаула,
Кісіні бер!
Өнер - білім
Қарулана,
Машинаны
Қаруға ала,
Арықтарды
Қаздыралық!
Бөгеттерді
Бұздыралық!
Ағаштарды
Ектірелік!
Егіндерді
Септірелік!
Құс, малдарды
Молайтамыз!
Қырмандарды
Ұлғайтамыз!
Кесем Ленин
Нұсқауымен,
Партияның
Бастауымен.
Еңбек халық
Күшіменен.
Социалдық Ісіменен.
От шашамыз
Жау байларға,
Шабуылдап
Бар майданда!
Пәлі! Пәлі!
Қаула еңбегім!
Социалды, еркін елім.
СЕРТ
Ал - ло! Ал - ло!
Қайнады өмір!
Жаңа өмірмен,
Жайнады қыр!
Тауда балға,
Қыр трактор!
Желде радио,
Суда электр!
Кенде қашау,
Перпаратор!
Дала - колхоз
Қыбыр - қыбыр!
Миллион күш
Жапты дала.
Миллион күш
Соқты қала.
Бес бесжылдық
Ұлы план!
Алдымыздағы
Ендігі ұран:
Капиталдың
Қалдығынан
Ада болу
Осы ұран.
Социалдық
Жаңа қоғам!
Социалдық
Жаңа заман!
Социалдық
Жаңа дүние!
Бұл өмірде,
Мұндай күйде,
Жігерменен
Қан қайнасын!
Сөйлемеген
Тіл байлансын!
Қызбай қалған
Қан құрысын!
Жасармаған
Жан құрысын!
Қуанбаған
Өлсін жүрек;
Ондай қалам
Өлі сүйек!
ТЫҢДА! ТЫҢДА!
Ал - ло! Ал - ло!
Ал құлақ қой,
Толқыны әуе!
Ал бұрап қой
Радиоңды
Күшті күйден
Қайнат жырды.
Тыңда миллион
Салсын ұран!
Тартсын күйді!
Тартсын!
Төксін
Жігер жырды!
Ал халайық,
Ал құлақ сал!
Ал жаңалық!
Ал құлақ сал!
Тында, халық!
Тыңда, халық!
Сөйлеп тұрған
Кәрі тарих!
ЭЛЕКТР
Әлемді, жерді басты түн,
Жамылғыш жапты қараңғы.
Тау, дала, ауыл ұйқыда,
Мал қораға қамалды.
Тау тынысын ішке алып,
Айқара жапты далаңды.
Құрт - құмырсқа тың алып,
Інді - ініне қамалды.
Аспанды бір ақ нұр алды,
Ай кісесі жарқырап.
Алыста жалғыз ағын су
Асаусыды арқырап.
Көкте жұлдыз құнарсыз,
Ауырғандай қалтырап.
Көп кешікпей күн жауып,
Бұлт басты салбырап.
Жұлдыздың, айдың орнына,
Отынсыз, майсыз, түтінсіз
Жанды жерде шамшырақ.
1932 жыл.
ЕКПІНДІЛЕР МЕН ПРОГУЛЬЩИК
(Қолында сайман, үстінде шахта киімі бар
екі екпінді сахнада кетіп бара жатқанда
бір жағынан бөтелке ұстаған прогульщик шығады.)
Прогульщик:
Ей, екпіндім, мұнша неғып
Бүлінесің, терлейсің?
Самайыңнан терің ағып,
Жан рахатын білмейсің...
Екпіндінің біреуі:
Білеміз ғой рахатыңды,
Жатып арақ ішесің.
Сөйте - сөйте бұзық болып,
Тез - ақ торға түсесің.
Прогульщик:
«Жұмыс» дейсің, «жоспар» дейсің,
Ал не пайда табасың?
Кел, гуляйтті бір соғайық,
Мынау арақ, қанасың...
Екпіндінің біреуі:
Жоспар, жұмыс біздікі ғой,
Білмесең ол арасын.
Арақ қайдан? Ақша қайдан?
Нанды қайдан аласың?
Прогульщик:
Арақ алам саудагерден,
Тамақ алам пасктен.
Ақша аламын получкеде,
Нан аламын ларектен.
Екпіндінің біреуі:
Жоқ, жоқ, сені жұмысшылар
Қуылсын деп шулайды.
Тамақ та жоқ, арақ та жоқ,
Кеңірдегін қурайды.
Енді бір екпінді:
Прогульщик, пьянчикке
Жайлы жағдай бізде емес.
Аш көзіңді, ойла осыны,
Істемеген тістемес!
(Екпінділер шығып кетеді. Артынан прогульщик):
Ай! Ай! Тоқта!.. Маған мойнын
Тағы да бір бұрылсын.
Нан болмаса...
Бұл не керек?
Құрысын арақ, құрысын!
(Бөтелкені жерге ұрып, артынан шығып кетеді.)
1932 жыл.
КӨТЕРІЛІС
Қабат үйлі, қалың қала,
Қалың кісі, қатын - бала.
Өне бойы қызыл ала,
Басы - көзі жара - жара.
Тамтығы жоқ арқа, бастар,
Қолдарында мылтық, тастар.
Жалба жеңдер, жыртық ыштан,
Соқтығысқан, сығылысқан.
Сендей суда, Сендей мұзда.
Бір таралып, бір қосылып,
Бір ұйлығып, бір жосылып,
Адам қирап, қырылған жан,
Жан шыңғырып, соралап қан.
Мылтық тарс - тұрс Атылған оқ,
Түтін бұрқ - бұрқ, Шашылған от.
Қылыш жарқ - жұрк,
Қанжар шап - шұп.
Біреу орақ, Біреу шалғы,
Біреу пышақ, Біреу балға.
Көрінгенді тез сояды,
Көрінгенге өрт қояды.
Қылыш жарқ - жұрқ,
Жалын лап - лұп...
Қала осындай өртенеді,
Капиталға дерт енеді.
1932 жыл.
ҚАНДЫ ҚЫРАН
Әлемге қанды қыран жайды құшақ,
Қап - қара дауылдата бұлтқа құсап,
Темірден тегеуріні құрыш қанат,
Шақырып жүр төбеде пышақ! пышақ!..
Тұмшалап төңіректі алған тұман,
Құлаққа үн келеді ыңырсыған.
Білеміз қай ұядан ұшқандығын,
Қан қанат, у тегеурін, тісі жылан.
Сияқты әлде үстінде ұшатындай,
Көзіне түскен жанды қысатындай.
Жөтелсе зеңбіректің оғын бүркіп,
Оқ саңғып, үстіңе от құсатындай.
Айналып жүр төбеде қара қыран,
Қан жауар қаһарлана қабағынан.
Жыбырлап жер жүзінде жәндік жатыр,
Апырым - ай, қайтып аман қалар мұнан?
Жер жүзі - қала, дала қайнап өмір,
Біреуге сор, біреуге пайдалы өмір.
Қыранды қызықтырып, қызыл болып,
Астында қара қанат жайнады өмір.
Жер қорқақ түлкідейін, тышқандайын,
Ел қорқақ көктен қыран қысқан сайын.
Барады қауіп күшейіп күннен - күнге,
Төмендеп қыран жерге ұшқан сайын.
Бұл қыран ежелден - ақ қанды қыран,
Шеңгелді талай қанды салды қыран.
Қылғанға қызыл жемтік жердің жүзін
Мінеки 18 жыл бұрын бұдан.
Бұл қыран қаһарланып сонда түскен,
Жер жүзі кісі етін жеп, қанын ішкен.
Сарқырап халық қаны дария болып,
Дүние сасып кеткен у иістен.
Бұл қыран қанға бояп жерді бүрген,
Жемтіктен төрт жылдан соң көтерілген.
Төбеге бүгінгідей төнбеуші еді,
Даусын естімесем алыс үрген.
Сол қыран көрінеді тағы көкте.
Айналып жүре бермес көкте кеп те.
Түйіліп топшы қомдар құлауы хақ,
Оғындай зеңбіректің бір мезетте.
Жер шары күрес, майдан қиян - кескі,
Біреуді біреу жесті, біреу кесті.
Тарыққан тапты тартып тура жолға,
Бастаған күшті әскер бар бұл күресті.
Әне, анау азғантайлар оны жеген.
Әне, анау еңбекшілер миллиондаған,
Серпіліп сонау дүрмек шықты жауға,
Даусы:
− Азаттыққа!
− Маркс!
− Ленин!
Қалада, тауда, суда, қырда, құмда,
Күші әлі жер шарының жау жағында.
Жалғыз - ақ қызыл туы тігулі тұр,
Еркін ел - СССР - дің алаңында.
Жан - жақтан көтерілді айқай шуы,
Жан - тәнін жеген сайын жаудың уы.
Арманы - алыс умен азат болу,
Арманы - алдындағы Ленин туы!
Қызыл ту Маркс, Ленин жазған сөзін,
Тартқандай өз бауырына әлем жүзін.
Төбеден туға төніп түскелі жүр,
Қызыл ту қызықтырып қыран көзін.
Ту қызыл, оның жауы қыран құсы,
Жүргені қыран төніп тудың түсі.
Құйылып сатыр - күтір түсе қалып,
Келеді қызарғанды жеп қойғысы.
Біледі ол қызыл тудың өсетінін,
Әлемнің солай қарай көшетінін:
Тұтасып қызыл туды қолға алғанда,
Тағдырын қырандардың шешетінін.
Сондықтан айналады көкте қыран,
Түспекші қайда қызыл, қайда қоян.
Әлемнің үстіндегі қара бұлты,
Қан жауып қанатынан, соғар боран.
Әнеки, күншығысқа ол ұшты ма,
Қытайдың қызылына ауысты ма?
Миллион еңбекшіні бүре түсіп,
Оқсаңғып, қан қақырап, у құсты ма?
Талайды талай жерде алып жеген,
Сол қыран түсетіндей көктен төмен.
Қанталап екі көзі, СССР - ге
Ойы бар көп кешікпей түссем деген.
Еңбекші, көремісің қара бұлтты!
Қанатын жайып күннің көзін тұтты.
Жемтікке жұмсау үшін жерік болып,
Жұтқандай әсіресе біздің жұртты.
Әне жүр, еңбекшілер, болыңдар сақ!
Жасанып, бекін, күзет, еліңді бақ! '
Үстіңе жазатайым түсер болса,
Айбарлы қаруыңмен қыранды қақ! »
Қызғанда күшті еңбекпен ұлы жұмыс,
Күзетті жау жағына мықтау дұрыс.
Қызыл ту жер жүзіне тігілгенше,
Төбеден қанды қыран кетуі күш!
Оған өктиетұғын еңбек шуы,
Оған от өртейтұғын Ленин туы.
Жеңгенде жер шарында жұмысшылар
Жарқырап жерді көмер күннің нұры!
1932 жыл.
*∙*∙*
Сүйгендіктен мен сені,
Ар азабын тарттым көп,
Не тартпадым сен үшін
Болды өртеген отым көп.
Көп жылдары отына,
Жандым, жандым отын боп.
Толқимын да ойлаймын,
Сүюден тым тәтті жоқ.
Сүйдім, батты жаныма,
Сүюден тым қатты жоқ.
Қалдым ба екен болмаса,
Жалғыздықтан зәтте боп?
Әлде жүрек жұқарып,
Жадау тартар уақыты боп.
Жоқ, олардың бірі емес,
Жолықты жар тәтті боп...
1932 жыл.
БАҚЫТТЫМЫН
Улы өмірімді,
Сұр көңілімді
Талақ еттім, тастадым.
Нұрлы өмірге,
Гүл көңілге
Енді шыға бастадым.
Таңдап сүйіп,
Кеп жыл күйіп,
Бақ есігін ашқаным.
«Өмір қызық»
Деген сөзді
Бір өзіңмен растадым!
1932 жыл.
*∙*∙*
Сүйегімді босатқан,
Серігімсің жасатқан.
Сүйдім сені, өміріме,
Сөзім, антым - осы айтқан!
Жанымды сен жаңартқан,
Өмірімнен тазартқан.
Жүрегімсің шер тартқан.
Серігімсің қол артқан.
Мен сүйген соң сүйерсің,
Мен күйген соң, күйерсің,
Сүйгендіктен сыйлармын,
Сыйыңды өзің білерсің.
Ардақтармын сүйген соң,
Көңіліңе жіп салмаспын,
Өзгерермін біржола,
Мен бұрынғы болмаспын.
Ден қоярмын мен саған,
Білерсің де билерсің.
Сыйларсың да күтерсің,
«Би» осыған үйренсін!
1932 жыл.
ҚАРА ТЕҢІЗ
Ассалаумағалайкум, Қара теңіз,
Әкелді бізді сізге мінген поезд.
Дүниенің сен бір жатқан ұжмағысың,
Теңізің - меруерт, маржан, тауың - мейіз.
Атақты алып дария шалқып жатқан,
Тұнжырап Азияны салқындатқан.
Тепсініп телегейің қара ала боп,
Жынданып күнің екен толқып жатқан.
Жағаңды жүлгеледі поезд орғып,
Жатырсың алып дария, аунап, лоблып.
Ойнақшып арс - гүрс етіп тауды соғып,
Қойғандай мәңгі байлап тағдыр қор ғып...
Тау саған тебіренбес тигеніңмен,
Арсылдап құшақ жайып күйгеніңмен,
Күйігім күйігіңнен күшті болды - ау,
Мен саған келмегенге сүйгеніммен.
Көркем тау, әсем теңіз, сұлу сурет,
Саф ауа, дертке дауа, таза курорт...
Кетігі көңілімнің толмаған соң
Сықылды тамаша емес, талдырған дерт.
Егерде сәулемменен келсем мұнда,
Қыдырсақ мынау орман арасында.
Әнеки анау жақпар тасқа шығып,
Тұрашы мынау теңіз жағасында...
Сәулеммен келе жатсам мынау жолда,
Құшағын құшаққа алып, қолын қолға.
Ернінен еміреніп алсам сүйіп,
Дариядай шалқыр еді көңілім сонда...
Не керек, қалды кейін сүйген сәуле,
Сондықтан теңіз түрсіз, тау құр кеуде.
Сондықтан жаудырап тау, толқып теңіз,
Құрғырлар қылмаңдаршы көңілімді әуре
1932 жыл.
* * *
Қара бұйра ақ толқын
Атақты Қара теңізсің.
Азияның аузысың,
Күншығыстың көзісің.
Аунақшы, толқы, дария,
Тауденесің жегізсін!
Теңізді аунат асау жел
Алып күшті лебізсің!
Кавказ сенін анаң ғой,
Ем емшегін, емізсін!
Кавказ сенің жарың ғой,
Менде де сендей теңіз бар.
Оның аты - қара қан,
Сол теңізбен егізсің,
Толқы, толқы, ыстық қан.
Сенде де сол жел жүзсін,
Тула, жүрек, толқы, соқ!
Сүйген жаным жанда жоқ!
Жоқ жарымды жоқтатып,
Сәулем, сәулем дегізсін!
Сүйген бір сұлу Кавказын,
Құшағына ап, аялап,
Құшағына еніп тұр.
Сенің көңілің шат шығар,
Тілегіңді беріп тұр.
Бекер шығар, бәлкім, ол,
Әлде сенен жеріп тұр,
Сол себептен асқарды,
Мынау суық тастарды,
Теңіз тулап теуіп тұр.
Сол себепті бұлт жылап,
Теңіз өксіп қыңсылап,
Көзден жасын сеуіп тұр.
Олай болса, көңілім,
Сен қажымай берік тұр!
1932 жыл.
КҮН БАТАР
Маужырап күн еңкейді,
Ертіс кетті еңістеп,
Алтынданып, жарқылдап,
Су жыбырлап, жел жүріп.
Бетке салқын леп ұрып,
Қалды іңір салқындай.
Біздер мінген моторка,
Бық - бық етіп тартты өрге,
Суға малтып шалпылдап,
Қызыл күрең шапақтан,
Жаңа ай қасын жылмайтты,
Қуанышты айқындап.
Моторканың мойнында,
Суға төніп сүйеніп,
Тұрдың. көзің жалтылдап
Ақ маңдайың нұр шашып,
Ақ тамағың албырап,
Жұпар иісің аңқылдап...
Сонда жаным жалындап,
Жанды қаным лапылдап,
Суретіңді тарттым көңіліме,
Аппаратсыз фотограф,
Сонда тойды обыр көз,
Сонда қанды құмарым,
Сонда көңілім шалқыды-ай!
1932 жыл.
*∙*∙*
Алып Алтай ананың,
Ақ сүтіндей құт Ертіс,
Сен сұлусың тамаша,
Сені сұлу қып тұрған
Семей атты қалаша.
Қалашаны қақ жарып,
Жатыр өзен жанаса,
Алқынысып, сүйісіп,
Аралыңды аралап,
Біз ойнадық балаша.
Иық, аяқ тиісіп,
Айналаға қараса.
Ертісті күн алтындап,
Алтын өзен жалтылдап,
Барса еңкейіп аласа,
Нұрлы адамның шетінен.
Ай кездігі - cap кездік.
Әлде қыздың қасындай,
Күліп бізге қараса,
Жан жайылып дене еріп,
Құмарлық. от қамаса,
Сол аралдың ішінде,
Ерініңді әкелші,
Бал алайын, сүйейін,
Гүлге қонған араша,
Көңіл күйіп, қан тасып,
Өртенейін, жанайын
Жел желпісін аяса,
Сондағы ойлап жүрісті,
Ойлар басты тым күшті,
Бұл бір саған тиісті,
Ал арнадым, жараса...
1932 жыл.
КЕҢЕС
Отырмын көп ішінде мен де тыңдап,
Көңілім қырға шауып, ойға құлдап,
Музыка Ұлы Отанның күйін тартып,
Шешендер жұрт жігерін жатты шыңдап.
Сайрандап жауды алған ел шебін бұзып,
Думандап тойдай тобын, дүкен қызып,
Картасын қара жердің қайта жасап,
Тарихтың жаңа бетін жатты сызып.
«Аға» деп бір өкіл кеп қолымды алды,
Көрмеген болсам дағы қорынбады;
Жайраңдап күлген көзбен, сынық сөзбен
Қасымнан отыруға орын алды.
− Бар еді бір кісінің аманаты,
Мінеки ол кісінің жазған хаты;
«Тапсыр, деп өз қолына» сәлем айтты,
«Едім, деп, жолдасының жамағаты».
Деп маған хат шығарды қалтасынан,
Өкілсіп өзімізге марқамсынған.
Оқыдым өкіл берген хатын ашып,
Екен деп әлдеқандай танысымнан:
«Аманбыз, өзің дағы жүрімсің сау,
Көп болды көрмегелі, қайыным - ау,
Колхоздың «Кеңес» деген мүшесімін,
Хабарды толығырақ. айтар, мынау.
Хат беріп қасындағы тұрған жігіт,
Жіберген біздер сайлап өкіл қылып,
Түсірсең, Есімді еске Қайрақтыдан,
Есіңе түсермін - ау, болсам ұмыт...
Деп қысқа хат жазыпты латындатып,
«Нұршай» деп қол қойыпты атын да айтып.
Ойыма түсіре алмай аң - таң болдым,
Хат жазған қай қатын деп қақылдатып?
Хатты қайта оқыдым,
Оқыдым да ойланып,
Аңтарылып отырдым...
Нұршай кім? Есім деп,
Есім деп таң қаламын...
Естен шықса келсін деп,
Ойлай - ойлай табылды ол,
Бір мезгілде түсті ойға:
Қараңғы түні қашқан жол
Қайрақты атты тау еді;
Ақ пен қызыл атысқан
Елдің іші жау еді...
Таң сарғая біліне
Қайрақтыға іліндік...
Қажыған ат сүріне
Тау қойнына тығылдық.
Түні тынбай жол жүре
Шаршап әбден жығылдық.
Елсіз жерден өтуге
Күн барында дәт қылмай,
Күн батқан соң кетуге
Атты байлап бадалға,
Ер - тоқымды жастанып,
Жаттық ұйықтап самалда.
Ғали деген байдағы
Есім дейтін жасынан
Жігіт еді жалдағы.
Ел «ақ», «қызыл» дескенде
Есімді ұстап жазды бай
«Алаш» деген әскерге;
Жоқ сүйеніш тиянақ,
Тарыққанда тапқаны,
Тек тынысы қызыл жақ.
Тәуекелге қол артып,
Мініп байдан екі атқа
Кеткен еді жол тартып
Жетсек - ау деп қызылға.
Таң атқанда тығылдық
Қайрақтының құзына.
Жаттықтауда бекініп,
Құлазиды қоңыр тау,
Тек шақырады кекілік.
Бұлар қашып кеткен соң,
Бірдей мініп екі атты;
Ызасы әбден өткен соң
Жігіт жиып жабдықтап,
Ғали мінген атына
Іздің бетін анықтап,
«Бәлем қолға түсер» деп,
Шылбыр тағып мойнына
Алып қайтпақ кісендеп.
Жортуылдап ой - қырға,
Он шақты атты кеп кірген
Қайрақтының қойнына.
Ұстармыз деп Есімді,
Осы құзда жатып деп,
Қарауылдап бекінді.
Күн еңкейді ұяға,
Атқа мініп үшеуміз,
Шыға келдік қияға.
Жар астында жау тұрып,
Иек артпа бір жерден
Қоя берді ұмтылып.
Не болғанды білмедік,
Таласып тау асуға
Бетті түзеп «шүу» дедік.
Жау жабылды қосылып,
Мылтық тарс - тұрс атылды,
Келе жатырмыз жосылып,
Қамшы сарт - сұрт ұрылды.
Оқ тиді, әлде сүрінді...
Есім аты жығылды.
Қалды Есімді жау басып,
Қайрылуға мұрша жоқ,
Бардық кетіп, тауды асып...
Ағарып таң атқанда
Қызыл бізді қарсы алды;
Аттанған қол ақтарға.
Қосылған соң қызылға
Отрядпен қайтқан ек
Қайрақтының құзына.
Болғанда күн сәскерек
Таптық Есім сүйегін;
Кеткен екен кескілеп.
Қынжылып жан ауыра,
Қойып кеттік Есімді
Қайрақтының тауына.
Міне мынау, сол Нұршай,
Есім түсті есіме;
Өтіпті - ау жыл бірталай.
Сонда Нұршай кім еді?
Бостандыққа талпынған
Күңіренген күң еді.
Есіл Есім ер еді;
Есіміне еңіреп,
Көз алдыма келеді
Қап - қара бір түн еді;
Қайрақтының ішінде
Қақсаған бір үн еді.
Білеудейін көзі боп,
Жауға алдырып жолдасын
Бір сорлы адам өзі боп,
Нұршай жылай береді
Қарғап - сілеп Ғалиді;
Түнде «сарт - сұрт» желеді.
Сөйтіп екі ай өтті,
Алма пісіп ағашта
Алатұғын күн жетті.
Нұршай дағы толғатты,
Тұяғы боп Есімнің
Төлеуіне ұл тапты.
Есім уайым емес деп,
Қуандық біз балаға:
Атын қойып «Кеңес» деп.
Шілдехана күзетіп,
Қош айтысып Нұршайға
Қалған едік кетісіп.
Аңсап қашқан еліне
Жетіп, Нұршай жайланған,
Өлмейтұғын жеріне.
Соныменен мен қайда
Жүрмедім, көп өтті күн,
Ақты талай су сайда.
Онан бері біздің ел
Нелер белес аспады,
Аз ба майдан біз білер?
Ол майданда жау жеңіп
Алашты да, ақты да
Жер түбіне жіберіп,
Болысты айдап, биді айдап,
Елде Кеңес құрғамыз;
Қатыннан да би сайлап.
Жуандардан жерді алдық,
Кәмпескелеп Ғалиді
Елден айдап шығардық.
Қайрақтының баурына,
Түрксібті жүргіздік
Есім өлген тауына.
Жоспарланған жолға сап,
Ойын, қырын даланың
Колхоз атты ел жасап
Жатқанымыз мінеки.
Өзгерді өмір осындай
Елу емес, он жылда,
Жаңаланды ел мұнша!
Тағы қайта оқыдым,
Жазған хатын Нұршайдың,
Ол күнді ойлап отырмын.
− Колхоздарың күйлі ме?
Деп сұраймын өкілден,
Еңбекке мол тиді ме?
− Колхозымыз жақсы ғой,
Машина бар, мектеп бар,
Жылқы, сиыр, ешкі, қой...
− Нұршай өзі тын ба әлі?
Хат жазғаны қуантты...
Сенің атың кім әлі?
− Шешем сізге жазған хат,
Есім ұлы Кеңеспін
Өздеріңіз қойған ат...
Дегенде мен қызардым,
Дүрсілдеді жүрегім...
Сасып қалған шығармын.
Тасып кетті көңілім,
Жая бердім құшақты,
Өзімді өзім білмедім.
− Келші бері, қарағым!
Сүйдім қысып Кеңесті,
Қайта - қайта ойладым.
Қарасам да тоймадым.
О күн менен бүгінді
Қайта - қайта қарадым,
Бірталай жыл өтіпті,
Ескі дүние тозғындап,
Жаңа дүние жетіпті;
Кеңес әбден өсіпті.
Өскендігі - ел сайлап,
Топқа барсын десіпті.
Отыр топта марқайып,
«Комбайнда жүрмін» деп,
Қалыпты аузым аңқайып.
Көрді әлі бұрын кәне кім мұндайды?
Марқамсып Кеңес ұлы жымыңдайды.
«Тапсырған топқа айтуға мәселем бар»,
Деп тағы топ алдында сөз сұрайды.
Туған ұл жаңа өмірдің жұлдызы боп,
Мұндай қып өзге жақта туғызу жоқ.
Өмірден таза туып, тәрбие алған
Кеңестің мұндай талай ұл, қызы көп.
Сайрандап жау жеңген ер шебін бұзып,
Думандап топтарымен тарих сызып.
Астында ұлы ұранның Кеңес аспан,
Па шіркін, біздің, өмір қандай қызық!
1933 жыл.
ЖАЗ
І
Жарқырады жаңа жаз,
Сапырылды қыр, дала.
Дабыл, даң - дұң айнала,
Қырға қонды қалың қаз.
Екпінді ескек лапылдап,
Шашты жалын мұз, қарға.
Ақтарылды ұлы арна
Таудан тасқын сарқырап.
Далада ұлы төңкеріс,
Дала қайта жасалды.
Қуарған қыр жасарды,
Дала майдан, үлкен іс.
ІІ
Жаз дегенім - жаз емес,
Жаз дегенім - жаңа өмір.
Қырда қиқу - трактор,
Қырға қонған қаз емес.
Жел дегенім - жел емес,
Жел - еңбектің екпіні.
Тасқын - жұмыс текпіні,
Сең дегенім - сең емес.
Социалдық бұл жазда
Тасыды ауыл өзендей.
Жау жапырып, бөгелмей,
Құяды ауыл колхозға!
1934 жыл.
ШАТТЫҚ ЖЫРЫ
Шаттық жыр ағыл - тегіл, жаз қаламым,
Шат өмір шалқуыңа аз ба жаным!
Байғұс - ау, баяғы күн есіңде ме,
Қорлықпен құлап қала жаздағаның?
Тұзың сор, еңбегің еш болған күнде,
От көңілім осындай боп маздамадың.
Өлеңнің өнерінен өзен көрмей,
Шөліркеп, шұқанақты қазбаладың.
Білімнің бұлағы аққан заманында
Жарай ма, жосылта жыр жазбағаным?
Халқымның қуанышы қиқулады,
Ер көңілім, енді қашан қозғаламын.
Елімнің екі туған ерке шалы
Жамбыл да күйінде отыр бозбаланың.
Жан жаппай жақсы еңбекте жарысқанда,
Ұят - ау, осылардан озбағаным?
Алғанда халқым тауып күткен бақтың,
Қалайша қарыштамай күйбең қақтым?
Ақынның айқайы аспанды алмайтын ба,
Дабысы жарғанда жер біздің жақтың.
Байтақ ел, байсалды өлке - Қазақстан;
Біріміз - он бірінің ұлы одақтың.
Дәуірлеп, дәурен өрлеп тұрған елміз,
Азат боп түрмесінен қанды азаптың.
Таңынан тарихының толғаны осы
Ерікті ел қазақтың, ер қазақтың.
Елімнің шаттығынан шалқып жырым,
Мен де айдап өлеңімді өрге тарттым.
Отаны азаттықтың, адамзаттың!
Бай жерім, бақытты елім - ұлы одағым;
Табысқан туысқандай алуан халық
Астында бақыт тудың - балға, орақтың!
Ырысты, еркін, азат елім қандай,
Кең - байтақ, кең дәулетті жерім қандай!
Өлкемнің оңы мақта, солы қырман,
Бітетін біздің жерге егін қандай!
Өрбіткен алуан түрлі асыл тұқым,
Төгілген ойда, қырда төлім қандай!
Бал еткен малдың сүтін, аңның етін
Гүл, жұпар, күшті дәрі - шөбім қандай!
Алатау, Алтай, Арқа, Қаратаудан
Қазынам, халқым алған кеңім қандай!
Былқыған балығымен, байлығымен
Атырау, Арал, Балқаш көлім қандай!
Үсті ырыс, асты қазына Қазақстан,
Уа шіркін, өлкемдегі өмір қандай!
Біз бір бай ұлы одақтың, өлкесіміз
Бақытты елі осындай, жері сондай!
Уа, халқым, он жылында «Далаңды» айттым,
Ой, қырын, орман, тауын, салаңды айттым;
Ертіс, Сыр, Есіл, Жайық - ел қонысым,
Алатау, Алтай, Балқаш, Аралды айттым.
Ақтабан - шұбырынды, шулаған жұрт,
Қаратау, қансыратқан заманды айттым.
Би, болыс, ояз, ұлық билегенде
Қара күн, қараңғылық қамауды айттым.
Ақ жорық - «Алаш» жалау көтергенде
Халқыма қанша тиген залалды айттым.
Жауды айдап, жақсы өлкемді жасамаққа
Лениннен қазақ мандат алғанды айттым.
Шат көңіл, тарих атты шежіре шал
Құшақтап, құттықтаған баланды айттым.
Өлкем шат, өмірім қызық. екендігін
Сол кезде - ақ айналаға абайлаттым.
Өткен күн күл мен күннің базарыңдай,
Кан кешкен халық бар ма, қазағыңдай?
Хан заман - қараңғылық, ойран заман —
Түнерген Түркістанның маз арындай.
Қарғаймыз хан, патшаның қара күнін
Халықтың ауыр дерті, ажалыңдай.
Ерді - құл, әйелді - күн, елді - қор қып,
Артқан күн ажырығын жазалыдай.
Тартып ен талай қорлық, қайран жұртым,
Заманда абақтының азабындай!
Қалдырған қараңғының қамауында
Халқыма болды ма ауыр жаза мұңдай?
Бүл күнде елім азат, жерім абат,
Заманды көрді қашан қазақ мұндай?
Айта ма дені дұрыс адам ұлы,
Жетті деп бұл дәуірге қазақ оңай?
Кең далам, кемеліне келген далам,
Гүлденген шат-шадыман елмен далам!
Жадырап жаз өмірдің күні астында.
Жамырап, жайраңдасып өрген далам!
Артында қалды - ау талай қара күндер,
Аң болып, а құдайлап жүрген заман.
Бақытына бал аштырып, баксы ойнатып,
Тандағы тәңірімнен деп сенген заман.
Бак іздеп, желмаямен жер шалдыртып,
Асанның қайғысымен желген заман.
Ұшырап ұлы апатқа ойы, қыры
Өртеніп, жанып күл боп, сөнген далам.
Жасарған жақсы өмірдің жазы жайнап,
Көп заман күткен күнін көрген далам.
Шаттығын сол даланың желқайық қып,
Шалқы жыр, шалқы көңіл, тебірен қалам!
Шаттығым, мақтанышым, бақытты елім,
Атанған Қазақстан байтақ жерім.
Тобыңнан тойға ұласқан көрсін жан - жақ
Отанның шын ұлдарын, ел ерлерін!
Еркін ел, ерікті енбек ерлері деп
Отырсын омырауларда - орден Ленин.
Ырысы еңбегімнің, елім көркі,
Көмейі, күйі шаттық өлеңдердің;
Осылар жана заңын жариялап,
Көрсетсін әлемге елім кенелгенін.
Шығыста шын үлгісі біздің аймақ
Ерік алып, ел болайық - дегендердің.
Халқымның қуанышы қалтыратсын,
Қас дұшпан, қалған жаудың өлерменін.
Мойныма бұршақ салып еткен күнде
Осындай ел болуын тілегенмін.
Күніміз әлемді алсын жарқылдаған,
Үніміз жерді жарсын саңқылдаған.
Шуымыз шаттығымен шалқып кекке,
Туымыз тұрсын биік алтындаған.
Бақытты жаңа заман, жаңа заңым,
Халқымның адайлығын айқындаған.
Күшті отан, өнерлі өлке біз боламыз,
Қуанып досы, жауы қалтыраған.
Қалмасын халқымызда жалқау, надан,
Еңбегін ел ырысына сарп ұрмаған.
Шырқалсын шаттық үні әншілердің,
Ақыннан сөз қалмасын айтылмаған;
Төгілсін тәтті жырлар, күшті күйлері
Асыл сөз, аңқып лебіз, шалқыған ән.
Отанның ұлдарынан шыға берсін,
Үні деп бақытты елдің жан тыңдаған!
1934 жыл.
ҮЙГЕ KEЛEM
Аманмын, Еділдемін, жолым жайлы,
Тепшілеп теріп жүрмін Исатайды.
Келемін Астраханнан жоғары ерлеп,
Жеріне жолаушыға жету қайғы.
Пароход жүрдек, күшті өрге қарай,
Тартады пристаньға коп тұрмайды,
Қаласы Сталинград 1 алдымызда,
Пароход осы арада көп тоқтайды.
Үясы трактордың осында ғой,
Әнеки, заводтары бұрқылдайды.
Көреміз бәрін дағы жолдағының,
Бірер күн аз да болса өтті мейлі!..
Фатима, еркелетіп Азатымды,
Сүйіп қой, ағасы үшін Үмітайды!
1934 жыл.
Казіргі Волгоград
ҮМІТАЙ
Саусақайы салбырап,
Екі беті албырап,
Құлақайы құнысып,
Екі көзі жаудырап
Үмітім қайда жүр екен?
Ауызқайы шөмішін,
Екі меруерт аузында,
Иекейі елбіреп,
Бекейі жауқазын ба?
Үмітім қайда тұр екен?
Алдымдағы ағаштың
Алдым қолға алмасын,
Алма екен деп алғаным
Үмітайым болмасын?!
Асыл екі меруерт
Аузына салған кім?
Үмітайым тісі екен
Меруерт деп қалғаным.
1934 жыл.
СУЫҚ КҮН
Суық күн!
Ақша қармен жерді жапқан.
Суық күн!
Жұрт жүрегін қалтыратқан.
Суық күн!
Ұлы Отанның жүрегіне
Жау жендет жасырынып бір оқ, атқан.
Суық күн!
Сұмырайды көргенде жек:
Қатты ашу, мұзға айналды қайнаған кек
Қамығу қайратпенен боран болып,
Лағнет!
− Жау жендеті - ай! - демеген жоқ.
Суық күн!
Жарқылдайсың бүгін ашық,
Күміс қар, қызыл тулар нұрын шашып.
Мың тулар, миллиондар ерді еске алып,
Ысытып суық күнді алға бастық.
Суық күн!
Сескендірген бізді бір уақ,
Қарайған календарьда бір жапырақ.
Әлемге ұран болар, нұрландырар
Қып - қызыл тамшы қаннан ту жарқырап.
1935 жыл.
ҮМІТКЕ
Үмітім-ау, Үмітім,
Сағындым - ау күні - түн.
Кім қолында отырсың?
Көзімдегі жанарсың,
Қолымдағы құсымсың,
Қуандырған отымсың.
Жүрегімде ұшқынсың,
Білегімде күшімсің,
Қуанышым отысың.
Өмірімдегі үмітсің,
Күнім, саған кім жетсін!
Бұл хатты өзің оқырсың.
Жазған байғұс шерменде
Жолаушылап жүргенде,
Зарығып бір сүйгенге,
Суретіне телміріп
Сағынсын шал, сағынсын.
КЕҢЕС ЖАЛАУЫ
(«Челюскин» жорығының жылдығына)
Ұшқыр жыр,
Құстай ұмтыл,
Қанатын қақ!
Қақ, заула,
Шық аспанға,
Талпынып бақ!
Шықты жаз,
Бауырың жаз,
Ескек жырым!
Желдей ес,
Әлі де қыс
Мұз мұхит жақ.
Борап кар,
Тұрған шығар
Қыс жылынбай,
Ақ аю,
Боран гу-гу,
Үскірік - ай.
Боранды,
Мұз, тұманды
Елемей ұш.
Кеңестің
Мұзды кескен
Ұшқырындай.
Молоков
Сияқты боп,
Көкке шырқа.
Ал өрлет,
Мұхиттан өт,
Бұлтты қырқа.
Шыр айнал,
Былтырғы арал
Не күйде екен?
Мұз тұр ма,
Сең жатыр ма?
Жұртта жұрқа?
Сең мініп,
Шатыр тігіп,
Түтін салған,
Бар лагерь,
Бар ма лагерь
Шоғырланған?
Мұз мұртты
Шмидті
Көре алмайсың,
Өткен жыл
Ұшып лагерь
Кетіп қалған.
* * *
Биікке, Өрлеп көкке
Мұз теңізде,
Әне, анау
Тұрған жалау
Таныс бізге.
Балға, Орақ
Жылы ұшырап
Кезге түсер.
Көз жібер
Ол - СССР
Деген сөзге.
Мұхитта,
Дүлей жақта
Мұз қыстайды.
СССР
Өңшең, ұшқыр
Құс ұстайды.
Мұз, түнде,
Дүлей дүние
Ортасында,
Жұртым-ау,
Жалғыз жалау
Неге ұқсайды?
Жер, дүние
Топан күйде
Мұз құсады.
Жалмауыз
Капитал мұз
Сені қысады.
Меңіреу қыз —
Заңғар шың, құз.
СССР - дің Әне анау
Қызыл жалау өз нысаны!
Қар, сендей
Жеңілгендей
Қара жер қарт,
Дегендей
Кеудемді өрлей
Жолыңды тарт.
Керілді,
Керуендеді,
Аттанды өрге,
Қайнаған
Мұзды айырған
Ұлы қуат.
БІЗДІҢ БАҚША
Біз жатқан жердің шары өрге қарай,
Кең дала, терең теңіз, таулар талай.
Отаны ұлы Одақтың социалдық,
Ордасы көркем Мәскеу — Кеңес сарай.
Жер гүлдеп, ел түрленіп, өзен ақса,
Қол қайнап, күліп - ойнап істеп жатса,
Әлемнің алтыдан бір шенін алған,
Осы өлке тұтасымен біздің бақша.
Көркейіп, гүлденіп тұр Кеңес бағы,
Бейісте дәл осындай емес тағы!
Он беске толғанына той қып жатыр,
Бақшаның Қазақстан бір аймағы.
Қуанып, ту алып тұр біздің аймақ,
Қандаймыз, бүгін бізді көрсін жан - жақ!
«Іштен құрт, сырттан суық болмасын», - деп
Партия - ұлы бағбан бағып тұр бақ.
КҮЙГЕ
Күй, сені тәтті көрем жаным сүйіп,
Тыңдаймын тыным алмай,жанып, күйіп,
Өмірдің сырын ашып жүрегіме,
Музаның өміріне басымды иіп.
Алайық ескі күйдің бәрін жиып,
Жандырған ой-қиялды,қалың күйік,
Шерттіріп құнарлық.домбыраға,
Тербеліп ырғағына тамылжи ық.
ТҰЛПАРҒА
(Сәкенге)
Шырқа, шырқа, көкке өрле,
Қыран «Қызыл сұңқарым!»
Қуанамын бәйгеңе,
Тарпаң «Асау тұлпарым!»
Жас күніңмен жайсаң тай
Ұлы дуда жарыстың.
«Тар жолдарда» тайсалмай,
Жау қолында алыстың.
Жауға туды тулатып,
«Асығып тез аттандың».
Жұртын жауды қиратып,
Майдан сайын мақтандың.
Алуан әсем күйменен
Әндеттің «Сыр сандығын».
Тәтті ой, өткір тілменен
Кен даланы жарды үнің.
Қызыл желдей гулеткен
Сезді сенің қаламың.
Ұлы ұранға күй шерткен
«Домбырасы» даланың
«Қара жерді» шаршылап,
«Экспресс» ұшқанда,
«Қара айғырдай» аршындап,
Шаптың «Советстанда».
«Қызыл аты» қазақтың
Топты жара шапқанда;
Ақсақалы Одақтың
Саған үкі таққанда;
Айтылмаған ешкімге
Айтылғаны ойдағымның,
Сол қуаныш үстінде
Қиқулап бір қойғаным.
Шап, жүйрігім, тұлпарым,
Шапсаң қуант халқыңды.
Шырқа, қызыл сұңқарым,
Салшы көкте санқылды.
«Тұлпарымдай» ағынды,
«Аспандағы» - асыл сөз;
«Жолдастардай» жалынды
Жырларыңды жазушы тез!
Жырламасақ теңіздей,
Қуаныштың шегі жоқ.
Ардақталған өзіндей,
Қазақта ақын тегі жоқ.
ДОМБЫРА
Домбыра, сенде мін бар ма?
Мінсіз болсаң - тіл бар ма?
Тіл жоқ деуге бола ма
Тілден анық үн барда?
Домбыраның, күші мол
Көмейінде күй барда!
Сылдыр-сылдыр
Cap қамыстан
Төгілді жыр,
Өрді алыстан.
Келді жақын сең қағысқан,
Үн шыкқандай жолбарыстан.
Тұншыкқандай
Өлді арыстан,
Ат шапқандай
Жер қайысқан.
Сыңғырады әсем күй
Қоңыр Балқаш желімен.
Сылдырады қамыстай.
Бірде жуық жеделдеп,
Бірде сарын алыстай.
Бірде жерді су басты,
Сел қаптаған дыбыстай.
Бірде жерді шу басты,
Ұрандаған жарыстай.
Бірде адақтап ақты күй
Ағалаған дауыстай.
Ыңыранып қалды домбыра
Қамыстағы барыстай.
Күй шерінде шек тартты,
Үй найзасы қылтылдап,
Құлақ, түпте - жүректі
Қояр ма екен шаңышпай?
1936 жыл.
КҮЙ
Күйді қаққан саусақтан,
Шерткен күйлі ішектен,
Көкке серпіп кетті күй.
Алыстағы тұмандай
Көз ұшында бұлдырап,
Кейде саңқыл соқты күй
Тас бұлақтай сылдырап.
Кейде бұлтың қақты күй
Ойнақтаған құлындай
Құйрық атып құлдырап.
Жылы тиді денеге
Жібек желдей үлбіреп.
Кейде бал-бұл тіл шықты
Жас баладай былдырап.
Қыз жүрегі жылынып,
Сала берді өзінің
Жібегіңдей үлбіреп;
Қыз сарайы ашылды
Көңіл бұлты ыдырап.
Сөйтсе де керіп жатты анық
Қақты шалқып күй бірақ.
Бұл күйдің мұндай суретін
Ой құрықтап, тіл тауып
Айту тіпті қиынырақ!
1936 жыл.
ТОП АЛДЫНДА
Топ алдына шығайын
Жазыла жаз, қаламым!
Топқа ма әлде тойға ма
Топырласып жатқанда.
Жинал өлке жан-жақтан,
Серпіл көкке қызыл ту!
Сергіте дос көңілін,
Сескендіре жау жағын.
Соқ музыка, бас күйге,
Топтың көңілін серпе тарт,
Қуандыра қабағын.
Қуаныштың үстінде
Ұлы өлкенің кеңесі.
Тойдан тойға ұласқан,
Жылдан жылға масайрап,
Топтан топқа жол асқан;
Бес - бес белес, бел аттап,
Жол асқанда, мол асқан.
Ұлы майдан күресте
Ту астында топтасып.
Ұлы ұранды қолдасқан
Кен даланың кеңесі
Кеңінен бір толғауға
Бүгінгі күн топ ашқан.
* * *
Топ иесі қандай ел?
Ұлы майдан жолында
Талайды артқа тастап ел,
Талай өмірді өзгертіп,
Талай асқарды алған ел;
Талай тауды талқандап,
Талай жауды басқан ел.
Талай-талай той тойлап,
Талай кеңес ашқан ел.
Тағы ілгері өрлеуге,
Талай істі сөйлеуге
Тағы топты бастады ел.
Топ ажарын байқалық
Кімдер бар да, кімдер жоқ
Қуаныш топ, еркін топ,
Би, болысты сайлауға
Сүмең қағып жүрген жоқ.
Сақалдары сапсиып,
Қарындары шартиып
Мөр ұстаған билер жоқ.
Жез қарғылы құба арлан
Знак салған болыс жоқ.
Ел арқасын жауыр қып
Жұрт мойнына мінген жоқ.
Қасқырдайын ырсиып,
Қарақұрттай тырсиып
Топқа ақсақал кірген жоқ.
Қатын басын аша алмай,
Жесір зарлап, еңіреп,
Жетім жылап жүрген жоқ.
Жалшыны айдап ауылнай.
Аққа жарлы күйген жоқ.
Маңдайына жез қадап,
Шабармандар елді айдап,
Қоқаңдаған құрғыр жоқ.
Шар салысқан, ел тартыс,
Қарта, құман, жан алыс,
Би кесіктен тұлдыр жоқ.
Жемтігіне жарлының
Жалмаңдаған қорқау жоқ.
Талқан болды ол заман,
Тосқан туы жығылып
Тозғындады жүн-жүн боп.
Чиновник жоқ, тілмаш жоқ,
Бұл сұмдардан бірі жоқ.
Топ - жігердің қайнауы,
Еркін елдің сайлауы,
Топ ішінде күң, құл жоқ!
* * *
Топ ішінде кімдер бар?
Ол күндегі жылаған
Бүл күндегі күлген бар.
Қару алып, хат танып,
Машинаға аттанып
Өскен елдің ұлы көп
Оңын - солын білген бар.
Жаңа өмірдің зергері,
Ұлы еңбектің ерлері
Ұлы Отанын сүйген бар.
Ескі өмірді майдандап,
Қалың қамалды ойрандап
Жауға қатты тиген бар.
Көгертуге даласын,
Гүлдентуге қаласын
Жігер салып жүрген бар.
Көңілдерін өрге сап,
Топ үстіне топ жасап
Кеңесіңе кірген бар.
Топқа қайдан келген бар?
Атырау, Алтай, Алатау, Ертіс,
Жайық, Еділ бар; Нарын, Көкше,
Сыр, Баян, Арал, Балқаш көлі бар.
Топта судың басы бар,
Топта Қытай шегі бар.
Осы ортаның өлкесі
Кең дала, кең кеңесі,
Топта байтақ елі бар.
Шөлді көлге суарған,
Жер қазынасын шығарған
Топтың талай кеңі бар.
Колхоздарын құлпыртқан
Еңбек күннің ері бар.
Совхоздарын мыңғыртқан
Сарыарқаның белі бар;
Топ тұрпаты бұл сынды.
Абайлатар айдыны,
Дос пен дұшпан ұғынар.
Топта тағы кімдер бар?
Қасқия келіп отырған
Қарағанды батыр бар.
Алыбынан Алтайдың
Ақиықтар келіпті.
Топ алдында шарықтар;
Топ ішіне толыпты
Талай жігер, қайраттар.
Топ алдына тартылды
Талай жатқан байлықтар.
Риддер, Балқаш, Жезқазған
Топ дәулеті біз дейді
Талай-талай алыптар.
Топқа үйін тігіп тұр.
Толып жатқан комбинат,
Талай жаңа заводтар.
Топ алдында жасау боп
Жер жексені ашылды,
Топқа шашу шашылды:
Солтүстіктен астықтар,
Оңтүстіктен мамықтар.
Топқа табақ тартып тұр,
Арал, Балқаш - балықтар.
Мұның бәрін жеткізіп
Қуаныштың үстінде
Қуанған бір ақынға
Айта алмауға қауіп бар.
Топқа жаңа ел келді,
Тағы алдынан шығайын: —
Қош келіңіз,,
Қолыңызды беріңіз,
Шылбырыңызды алайын.
Топқа мініп келіпсіз:
Трактор мен комбайн —
Атыңызды ұстайын
МТС - ің ерлері,
Топты жердей қыртыста
Төнкер жердің мұрасын.
Сіз де келіп қалыпсыз
Жарқын жүзді, мүләйім,
Жер желінін сауған ер,
Ембіден жер мұнайын.
Жігері май, жері май
Топ төрін ал, ерім - ай,
Сені құрмет қылайын,
Құшақ жайып бәріне,
Мал иесі ерім деп,
Қош келдіңіз ерім деп
Қол қусырып тұрайын!
Жоғары шық жолдасым!
Сіз де келіп қалыпсыз
Шымкенттегі қорғасын.
Орнатқанда ортаға
Ұлы еңбектің ордасын;
Сөйле, кәне, тыңдалық,
Заводыңның олжасын,
Топ шашуы не болды?
Қанша құйдың қорғасын?
Топ алдында есеп бер —
К.әне неше тоннасың?
Қасқая соқ жалтармай,
Өз олжаңды айта алмай
Топтан ұят болмасын!
Түрксібтің ерлері!
Топ таңырқап тыңдасын.
Паровоздай ырсылда,
Поезындай күш алып,
Қалың топты қақ жарып,
Қарқындай соқ, бұрқылда!
Саған бұйрық берілген
Жүрісіңді жедел бас,
Күн кешікпе, түн тынба!
Ел алдында үлгілім,
Ал бәйгеңді дүлділім
Топ шуламай тың - тыңда!
Сенен шыққан ерлер көп
Паровоздар, деполар,
Топтың сөзі сенікі,
Не сөйлесең еркіңде!
* * *
Қарақтарым, келіңіз,
Қызғалдақтай балалар!
Топ қуанып тыңдасын,
Барабанды дүрсілдет
Өңшең қызыл жағалар!
Серт, тапсырма, сөз сөйле
Сүйсінейін сендерге,
Топ жасаған ағалар,
Мектебіміз қанша екен?
Қанша оқыған бала бар?
Оқытушы, сөз саған!
Оқымаған бар ма екен?
Кәне, қанша қалды екен,
Ағармаған қалалар?
Жазушылар, ақындар,
Сендерге де жақындар;
Ақын деген самар жақ,
Тойды бастап, топқа арнап
Қашаннан-ақ қақылдар.
Қалам алған жазушы,
Осы топтың аузында
Сендердің де атың бар.
Ұлы Отанның ері деп,
Ұлы ұранның жыры деп
Не жаздыңдар, айтыңдар!
Жазғаныңды, жақсыңды,
Топ алдына тартыңдар!
Осы ТОПТЫҢ ІШІІІДС
Алуан - алуан үлгі отыр
Қайсысын жаздың, оқыңдар!
Топ төгіп тұр олжаны,
Топтың сөзі:
− Жаз, кәне!
− Өрге тартып барамыз.
− Жаза алмасаң, жатыңдар!
Тағы - тағы бұл топқа
Кімдер келіп жатқан жоқ,
Қала менен даланың
Талайын тіл айтқан жоқ.
Бір күнде жау айдасқан,
Октябрьді жасасқан
Талай алмас қарттар көп,
Солар отыр топты ашып,
Тобы тойға ұласып,
Топ - қызыққа батқан топ.
Топ өлкенің жан - жағы
Өншең күре балуаны
Басқа жақта бар ма әлі
Қатын сөйлеп жатқан топ!
* * *
Ұлы күрес тобы бұл,
Ұлы майдан тойы бұл
Жауды жеңген паршалап.
Ұлы жолда қолдасқан,
Жылдан - жылға бел асқан,
Өрден - өрге өршелеп
Ұлы Отанның жұмысын,
Ұлы жолдың жүрісін
Осы топта өлшемек.
Ленин туы қолында
Топ басында большевик!
Солар бастап міне тұр,
Кең даланың кеңесін.
Бастап, асар тағы да
Бесжылдықтың белесін
Енбек тобы мінеки!
Ұлы жоспар - үлкен үй
Мықты орнатқан іргесін,
Қағып жатыр шегесін.
Өрнегін сал ұлы үйдің
Түрлесін ерлер, түрлесін!
Сол ерлердің бүгінде,
Мына ұлы дүбірде
Мыңын топтан көресің.
Осындай топ ал мас па
Көрген жаудың зәресін!
Жауға қарсы айбынды,
Елге басшы даңғылды
Сайласын топ, сайласын
Ұлы Отанның кеңесін
Үлкен үйдің иесін!
1937 жыл.
«ПРАВДАҒА»
Азаттықтың дабылы
Аты жақсы «Правда».
Әлемнің нұр маягі,
Ұр дабылды, ұранда!
Бак. Өмірдің нұрындай
Большевиктің қолында,
Тұрсын Ленин туындай,
Азаматтың жолында.
Нұрландырған қазақты
«Правдамыз», біз де шат.
Атың бізге ардақты
Халқым сүйген - хақиқат.
1937 жыл.
МАЙ ЖЫРЫ
Жер суы,
Майдың туы
Ұрандаған.
Топталған,
Жауға аттанған,
Құралданған.
Қызыл ту
Жер жүзін шу —
Дүбір қылған,
Жер жүзі жұмыскері, бірігіңдер!
Тұтқында —
Жау қолында
Ер қиналған.,
Зарықты,
Жарық күтті
Эрнест Тельман.
Майданға,
Шығаруға
Жау қолынан
Жер жүзі жұмыскері, бірігіңдер!
Ту қолда
Шық майданға,
Жинал, жан-жақ.
Оқ сайла,
Қылыш қайра
Жауыңа арнап.
Жер жүзі жұмыскері, бірігіңдер!
МІНЕ, МЕНДЕ АРМАН ЖОҚ
Мен қосылдым өзіңе,
Зарығып, сүйіп неше жыл.
Тоғыз жүз отыз екінші,
Жаңа өмірге кірген жыл.
Жаңа деген жас емес,
Жаңарған шын көңілім бұл.
Мен бір жүрген жан едім,
Жаным — ауру, көңілім — құл.
Жалғыз сен деп тіректі,
Саған жарып жүректі.
Бір қуанған уақытым бұл.
Сондықтан жан жасарып,
Жаңа өмірім басталып,
Сүйіп сүйген — туған жыл
* * *
Жаным, бір сүйген жанымсың,
Жүрегімсің, отымсың,
Жүректегі қанымсың.
Көксем қаны жүректің
Тасысын да, ағылсын.
Кетейін еріп, сорғалап,
Қуанып жүрек, жарылсын.
Мұз жүректі мен едім,
Оны еріткен жалынсың.
Бар тілегім, мұратым
Бір өзіңнен табылсын.
Қалдырып сені қалада,
Қасыңнан кетіп барамын.
Мені де деп сағынсын,
Сағыну деген дерт екен,
Ауырмасам нағылсын.
* * *
Жаным, бір сүйген күнімсің,
Құй сәулеңді көңіліме,
Жаным, бір сүйген гүлімсің.
Жаным, бір сүйген күнімсің,
Күн сәулеңді көңіліме
Салайын, — жан тірілсін.
Улы дене, өлік жан,
Бойға жылу жүгірсін.
Бір мұратқа жетуге
Қам істелік күн үшін.
Бақыты үшін біреудің
Байлап басын кім жүрсін.
Бақ есігін батыл боп,
Ашуға бел байладық,
Мейлі дүние бүлінсін.
Есімнен менің қалар ма?
Өткізгенім өзіңмен,
...үйдегі сегіз күн.
Бұл сегіз күн ішінде
Бал махаббат ішкізіп,
Бақыт жентін жегіздің,
Мінезіңмен мас етіп,
«Жаным! Жаным!» дегіздің.
Тіліңнің балы — аузымда,
Аузыңдағы лебіздің
Құлағымда үні тұр.
Ақ жастықта сөйлескен,
Ақырын сыбыр сөз сіздің,
Есімнен менің қалар ма?
Өткізгенім өзіңмен,
...үйдегі сегіз түн.
Міне, кетті бес минут,
Бесті соғып алтыға.
Сағат байғұс бір әділ,
Бірдей сөйлеп жалпыға,
Мен отырмын не күтіп,
Қалды сәулем артымда.
Алысқан асау жүрегім,
Алыстап енді барасың,
Басыл біраз қалпында.
Жоқ, салқындар емессің,
Қан қамаған жүрегім,
Салпылда да қалтылда.
Маған ауыр жүк болды-ау,
Сегіз күндей қызықтап,
Енді, міне, қайту да.
Вокзалдың буфетінде, 20-тамыз
СОНДАҒЫ СҮЙЕНГЕНІМ ҚАЙ ИЫҒЫҢ
Өзенімен, қаласымен Безенген күз.
Кеш еді, келе жатық өзенге біз.
Қайтуға өзенді өрлеп, арал көріп,
М...сыз шығалық деп, кезенгенбіз.
Осы күн — жүрек дүрсіл қаққан күні,
Ертістің езу тартып аққан күні.
Суда — сәуле, көкте - шапақ, жерде — электр,
Ертісте күн қуанып, батқан күні.
Сүйеніп иығымыз құшақтасып,
Аяқтар сүйкенісіп, бірге аттасып,
Айқасып білек белге, саусақ бірге,
Келеміз өзенді өрлеп бір-бір басып.
Ертістің ілбіп, өрлеп айырығын,
Сөз қылып, тоғай, аспан, су, қайығын,
Маужырап бұйра талды ерке арал, —
Сондағы сүйенгенім қай иығың?
Отырдық тірек етіп кескен түпті,
Жұлдыз, су, орман, әуе бізді күтті.
Баладай бал ерніңді сүйгенімде,
Бір сенен басқа өмірдің бәрі бітті.
Әне, анау әдемі өзен суы емес пе?
Шоқ шапақ алтын күннің буы емес пе?
«Мен сендік мәңгі жаным!» дегеніңе,
Ұлы өзен, бейуақ, жұлдыз куә емес пе.
Жүректен бір махаббат лебі соғып,
Бетіңе қызғылт қаның тұрды соғып.
Қан қайнап, тіл байланып, жүрек жанып,
«Жүр!» дедім қатты қысып сүйіп болып.
КИНОДА
Лыпылдап жүрді жүрек экранда,
Көрсетіп бар мәзірін көрген жанға,
Қолымды қолтығыңа қыса отырып,
Қызықтап экранға көз салғанда.
Машина зыр-зыр қағып жүріп кетті,
Міне, шыға шапты бірнеше атты.
Әнеки, есік ашып бір қыз кірді,
Әне-анау соқты тасқа толқып қапы.
Мінеки, терек тербеп дауыл соқты,
Әне бұлт, мынау жылқы, — жауынға ықты.
Осындай ұйқы-тұйқы сұлу сурет,
Сезбедім бірде-бірін не боп шықты?
Әуре еді ойым, көңілім бір сенімен,
Суреттің болмады ісім жүргенімен,
Суретің жүрегімде жатты жүріп,
Күш алып қолымдағы білегіңнен.
ЗИРАТТА
Жамылып иығына түбіт шәлі,
Кетерде көше кездің қимай әлі.
Тыншып бір топырақта жатыр екен,
Келгенде зираттағы жанның бәрі.
Әркімнің жүрдің оқып қабір тасын,
Қара жер, бізді өстіп жаңылтасың.
Зиратқа айырыларда неге келдің,
Беу, жаным, неге жанды ауыртасың.
Ойыма түсті сол кеш зираттағы,
Өлім — хақ, ол қандайды қиратпады.
Қабырдың қақ ортасын басып тұрып,
Сүйіскен сүйгеніңмен қибат1 тағы.
Болса да күн кешкіріп, бізге бейуақ,
Көрінді көрікті боп көзге жан-жақ.
Өмірге құшақтасып жүріп кеттік,
Жата бер, ескі дүние — киелі аруақ.
1929 жыл. Қыркүйек
ЖОЛДА
Қалқам, қарсы отырып,
Қарасалық көзге көз.
Көз кітабын оқиық,
Көз сөйлесін көзбе-көз.
Қала тұрсын өзге сөз.
Бір сен
Осы кезде от көңілім
Лапылдайды, жанады,
От көңілді өмірім
Өртке айналып барады —
Неге екенін білмеймін?
Жаңғырып жаным жасарып,
Жалғаннан ләззат алады,
Көзден ыстық жас ағып,
Қаным қайнап қабады —
Неге екенін білмеймін?
Жоқтағандай біреуді,
Жоққа жаным ауырып,
Жаным таппай тіреуді,
Мен бір жанмын жүдеулі —
Неге екенін білмеймін?
Егер түссең есіме,
Болсам да сергек күшімде,
Жасырамын несіне,
Әуремін өң-түсімде —
Неге екенін білмеймін?
ХАТ
Жаным, жаным,
Жаздым сәлем.
Келмеді хат,
Күттім сенен,
Бұл аманат кеткенменен.
Жазбағаның маған хатты,
Неғылғаның — жанға батты.
Ұйқым келмей қабақ қатты,
Маза бермей көп ойлатты.
Сол себепті ауыр халім,
Сол себепті құйын — қаным,
Сол себепті ауру жаным.
Не бар? Не бар?
Сенен тәтті,
Таттым қызық махаббатты,
Сағынғаннан жыр жырлаттым.
Сені, сені сағынғаным,
Сенсіз — әуре халім.
Сені ойласам ауырамын,
Сені көрсем сауығамын.
Гүлді күттім жылдан-жылға,
Гүл түспеді бақсыз қолға.
Көгерінсіз қалдым қырда,
Жалғыздықтың қорлығында,
Жалғыздыққа шарам бар ма?
Жар таппасаң, амал бар ма?
Ойын-күлкі — ол да арманда,
Ұйқы, тамақ — олардан да.
САҒЫНУ
Жан-жағыма қараймын,
Жалғызбын мен, жалғызбын.
Серігі бар талайдың,
Бар сүйгені әркімнің.
Жан жабырқау қиналам,
Қызғанам, жаным, өзгеден,
Бар бір кісім қимаған,
Алыста сол сүйгенім.
Көптен бері барғам жоқ,
Күйігімен өртендім.
Енді шыдар дәрмен жоқ,
Ойлай-ойлай дерттендім.
Жүруге енді қалмасқа,
Билет алып отырмын.
Көкіректі отқа,
Көз жасқа
Жылай-жылай толтырдым.
Енді кетем тұрмаймын,
Ертең-ақ бет түзермін.
Енді көрмей тұрмаймын,
Атсыншы таң — іздермін.
Сонау таныс қаланың,
Мешіттерін көремін.
Сонау таныс жағаның,
Көркін көрсем не дермін?
Көзім көрген сол қала
Жылы ұшырар өзіме, іздеген жан табар да,
Жолығамын өзіңмен.
Жолыққанда өзіңе,
Қарармын-ау көзіңе.
Тоярмын-ау нұрыңа,
Қанармын-ау сөзіңе.
1932 жыл
ХАТ
Есімде, жаным, сағынам,
Жақыным, жаным, Фатима.
Сағынғанның белгісі —
Қараймын қайта хатыңа.
Жаным тұтқын өзіңе,
Тілім тұтқын атыңа,
Шермендемін, шерлімін,
Жібімейді көңілім
Жақыныма, жатыма.
Бергі заман бірге өтті,
Бір қарасам артыма,
Мен сыйладым, сақтадым,
Сөз айтпадым батыра.
Достым дедім құрметтеп,
Есептеп, жәй татуға,
Бір қалыпты өмір жоқ,
Көңілімде жоқ пәтуа.
Әлде есірке, әлде сөк:
Барды жүрек батылға.
Міне, сенсең, дәл он үш жыл
Күйем, жанам отыңа.
* * *
Ойда бір сен... ойлаймын,
Өзімді санап жындыға.
Heтті маған? Не болды?
Білмеймін... жын ұрды ма?
Аласұрам, сағынам,
Ақылға дерт қонды ма?
Не қылсаң да кілт сенде,
Көңіл бөл мен сорлыңа.
* * *
Отыңа күйдім жүз отыз ай,
Күйген көңілім — көмір, тат.
Болмаған соң көңіл жай,
Бәрі — бөтен, өмір — жат.
Бұл — ақиқат, бұл — шыным,
Шындығына — ішем ант,
Ашылдым, айттым, өзің біл,
Аяғында жаздым хат.
Тілегім менің, жан сәулем,
Осы хатты қолыңа ал.
Оқы да, ойлан, бағала,
Деме мені жолығар.
Сені өмірімде көрмеске
Бел байлаған жолым бар.
Көрмей сөнсін сұм жүрек,
Сенен жанған шоғы бар.
Сені қалай көруге,
Шыдамай жүрек қорынар.
Қазан2 соққан көк егін,
Келді кезең орылар.
Ақылың бар, білемін,
Сезімің не, ол — жұмбақ.
Ақылымнан адасып,
Жүрек жұмсап, жаздым хат.
Өмірге үнсіз кетуге,
Көңіл көнбес, азғырмақ.
«Жүрек дерті менікі ғой», —
Дедім, — «Неге жазғырмақ?»
Мейірім етсе, аяса,
Жөндер жауап, жазар хат.
Егер аяу етпесе,
Айтар сөзі: —
Ақымақ!
* * *
Сенсең, сәулем білмеймін:
Мендегі осы қандай хал?
Сағым қуып, салпақтап,
Сарғайған жан — бір сандал.
Мұндай халдың аяғы:
Жауласар дос, даттасар.
Ақылға сал қазыла,
Ақылыңды айт, хатқа сал.
Егер жеңсең, сендірсең,
Бәлкім жүрек тоқтасар.
Мен жазықты, күйікті,
Сөз жоқ менде ақтасар.
Ая, саған жүдеумін,
Жақын — жаулар, жат — қашар.
Ол іздейді кісісін,
Кісісі - бір өзіңсің,
Өмірге сыр сақтасар.
Егер күлсең, сенбесең,
Онда күн жоқ сорлыңа
Жүрек жайлар, бақты ашар,
Онда маған тірі өлім.
Онда сөзге мұхтасар3,
Онда менің біткенім,
Жаңа-жаңа өткенім...
Хатты да сол отқа сал!
28-наурыз, 1930 жыл. Алматы
АЛДЫМДА СУРЕТІҢ ТҰР ОЙНАҢДАҒАН
А, жаным, жүр екенсің әлдеқайда?
Құйын ба, әлде көңілін, әлде жай ма?
Алысқа сенен ұзап жүріп кеттім,
Ойлаймын көрермін деп бірер айда...
* * *
Мінеки, мен келемін ұзын жолда...
Көк жасыл көркем сурет оңда, солда.
Көңілімді мұның бірі уламайды,
Ұзын жол, Мәскеу, Баку, Орынбор да. ***
Мінеки, келатқаным Қапказ жолы,
Пәселке, қалың ағаш, жері — соңы.
Бәріне зауқым жоқ, көңілім быж-тыж,
Сықылды табылмаған жүрек жолы.
* * *
Саяхат сияқты емес бұл жүрісім,
Болғаны дерт сияқты бір сен үшін.
Ташкенде қайтарымда көрсем деген
Сол енді бар үмітім, бар тынысым
* * *
Сағындым сені көрмей айдан бері
Жүдедім ойлай-ойлай жоқтап сені.
Бәрінен Тәшкен тартып тұрған сынды,
Асығып сол қалаға қайтам енді.
Кезінде келсем екен жайраңдаған,
Көзіңді көрсем екен жайнаңдаған.
Көз жанып, қос бетіңнен нұрың тамып.
Алдымда суретің тұр ойнаңдаған.
20-маусым,
Темір жол, Баку-Тбилиси
ҚАРА ТЕҢІЗ
Ассалаумағалайкум, Қаратеңіз,
Әкелді бізді сізге мінген пойыз.
Дүниенің сен бір жатқан ұжмағысың,
Теңізің — меруерт, маржан; тауың — мейіз.
* * *
Атақты алып дария шалқып жатқан,
Тұнжырап Азияны салқындатқан.
Тепсініп телегейің қара ала боп,
Жынданып күнің екен толқып жатқан.
* * *
Жағаңды жұлқылады пойыз орғып,
Жатырсың алып дария, аунап, лоблып.
Ойнақшып арс-ұрс етіп тауды соғып,
Қойғандай мәңгі байлап тағдыр қор ғып...
* * *
Тау саған тебіренбес тигеніңмен,
Арсылдап құшақ жайып күйгеніңмен.
Күйігің күйігімнен күшті болды-ау,
Мен саған келмегенге сүйгеніммен.
* * *
Көркем тау, әсем теңіз, сұлу сурет,
Саф ауа, дертке дауа, таза курорт...
Кетігі көңілімнің толмаған соң,
Сықылды тамаша емес, — талдырған дерт.
* * *
Сәулеммен келе жатсам мынау жолда,
Құшағын құшаққа алып, қолын қолға.
Ернінен еміреніп алсам сүйіп,
Дариядай шалқыр еді көңілім сонда...
* * *
Не керек, қалды кейін сүйген сәуле,
Сондықтан теңіз — түрсіз, тау — құр кеуде.
Сондықтан жәудіреп тау, толқып теңіз,
Құрғырлар, қылмаңдаршы көңілімді әуре!
25-маусым, 1932 жыл.
Қара теңіз жағасы, Батум жолы, пойыз
* * *
Қарала бұйра ақ толқын
Атақты Қара теңізсің.
Азияның аузысың,
Күншығыстың көзісің.
Аунақшы, толқы, дария,
Тау денесін жегізсін,
Теңізді аунат, асау жал, —
Алып күшті лебізсің!
Қапказ — сенің анаң ғой,
Жалма емшегін, емізсін.
Менде де сендей теңіз бар:
Оның аты — қара қан,
Сол теңізбен — егізсің.
Толқы, толқы, ыстық қан,
Сенде де сол жел жүзсін.
Тула, жүрек, толқын, соқ!
Сүйген жаным жанда жоқ,
Жоқ жарымды жоқтатып,
Сәулем, сәулем, дегізсін!
Сол Қапказды көңілім
Құшағына ап, аялап,
Құшағыңа еніп тұр.
Бір өзіңнен басқаның
Бәрінен де жеріп тұр.
Сол себептен асқарды,
Мынау суық тастарды,
Теңіз тулап теуіп тұр.
Сол себепті бұлт жылап,
Теңіз өксіп қыңсылап,
Көзден жасын сеуіп тұр.
Олай болса, көңілім,
Сен қажымай берік тұр!
* * *
Бар менің де сүйгенім,
Қалды бірақ алыста,
Сен жарыңа жақынсың,
Дейтін жерде «ал ұста!»
Ал, ұстасаң, ал ұста,
Қаусыра құш, қалыспа!
Ауна теңіз, лыпылда,
Сал, толқындар, жарысқа!
Дарияны аудар, дауыл соқ!
Құлашта, жел, қарышта!
Сүйгенімдей сұлуың,
Қалмапты ғой алыста.
Қасында-ақ тұр Қапқазың,
Жақын-ау сен байғұсқа.
* * *
Шашын айтсам сәулемнің —
Қапказыңның орманы,
Қасын айтсам сәулемнің —
Қапказдан ай туғаны.
Сәулем тісі меруерт —
Толқын тасқа ұрғаны.
Сол сәулемнің тұлғасы —
Тұтас Қапқаз тұлғасы.
Денесінің ақтығы —
Қапказының қарлары.
Өткірлігі, қайраты —
Қапказ ала қанжары.
Екі көздің жанары —
Электрдің жанғаны.
Дертке дауа сілекей —
Шекерлеген нарзаны.
Тәтті сылдыр күлкісі —
Асқарыңның бұлағы.
Махаббатпен мас етер —
Бейне Қапказ шарабы,
Дертке демі дауа ғой
Мендей жанға жаралы...
25-маусым. Батуми.
Теңіз жағасында
* * *
Өртенемін, жанамын,
Шын сағынып барамын.
Айтарға сөзім көп еді,
Әлде қайдан табамын.
Қаз, үйрек қонар көл қуып,
Іздеуге шықтым бел буып.
Ашықпен әуре әзіз бас,
Қаларсын қайда жел қуып.
Көгерер дала май айда,
Құс ойнар жасыл тоғайда.
Сүйдім, күйдім, өртендім,
Асықтық деген оңай ма...
Өзің бір жүрсің бір жақта,
Осылай заман тұрмақ па?
Елесіңді құшақтап,
Есім бір кетті бұл уақта.
Мен талайдан келгемін,
Талайға көңіл бергемін.
Махаббаттың тәттісін,
Жоқ екен ғой көргенім...
Мен шықсам да саятқа,
Тоймаған едім тоятқа.
Суық қаным, мұз жаным,
Жылындың-ау жана отқа...
12-мамыр, 1930 жыл. Ертіс үстінде
EPTІCTEH ХАТ
Саумын, әзір, сәулетай,
Сағындым да жаздым хат.
— Жүргенім — Ертіс өзені,
Мінгенім — «Алтай» бұрахат4.
Мүсәпір болдым, кез болдым,
Сағындырған саяхат.
Көрмеген жер, бөтен ел,
Көргенің бір рақат.
Жазылып жаңа келеді,
Жанға түскен жарақат.
Ертіс өрлеп келеміз,
Көңілім жайбарақат.
Сонымен өмірім қызықты,
Көңілімде жалғыз махаббат...
Төбем — аспан торғыннан,
Маужыраған кең майдан,
Астым — ағын толқыған,
Салдыр-күлдір су ойран,
Суда балық, көкте құс,
Бұлбұл әні тоғайдан —
Осы бір кезім жақсы кез,
Жаным, тәнім тыңайған.
Жатыр жосып нұр төгіп,
Ежелгі Ертіс енеміз.
Ағын айырып, су сөгіп
Ертіс өрлеп келеміз.
Бар сұлу жер Өскемен,
Қатпар-қатпар қойнау тау,
Алтын, күміс, қола, мыс,
Асыл жиып қойған тау.
Алтын қазан кең Рисор,
Қазылы қазына сойған тау.
Дария дүлей, — Ертіс ер,
Біздікі бір — қой малту,
Ақырын аяң, қу қалқу
«Алтай» атан еріне.
Иір-иір шыған су,
Ертіс жатыр төгіле,
Күндіз бұлтсыз, күн айық.
Маңай нұрға көміле,
Кеш бұлтсыз, ай жарық,
Бетке салқын леп үре.
Жалғыз шаршау жоқ ойда,
Қарай-қарай жағаға,
Тау да, қыр да, тоғай да,
Кезігеді қала да.
Көңіл де, көз де сонырқау,
Жаңадан жүзіп жанаға.
Жан болса да жабырқау,
Жадырамай қала ма...
Семейден кеше шығып ек,
Алдымызда Өскемен,
Пароход — өрге, су — төмен
Ерсілі-қарсылы көшкенін,
Жаратылыс жасарып,
Қыс кебінін шешкенің,
Осы хаттан көрерсін,
Көңілімнің өскенін.
Малақайлы матрос,
Жұмысшы, жүкші — «өзіміз».
Қаладан, судан алыс қой,
Әлі де қырда көбіміз.
Орысының аузында,
Өзіміздің сөзіміз.
«Жиырма бесті» шырқайды,
Кәдімгі көк көзіңіз.
Поселке, шіркеу, балықшы —
Аралап мұны келеміз.
Тымақты сонау халықты
Өлкеден сирек көреміз.
Ертістегі ел қайда,
Осыны ойлай береміз...
Ертіс мынау көрікті өзен,
Кімдікі екен бұл мекен?
Азаттық алған анау ел5,
Әлі де, бәлкім, құл ма екен?
Бытырап, биттеп, тімтініп,
Қырда, тауда жүр ме екен?
Әлде жұмыс бітіріп,
Қуанышты күн бе екен?
Шекпен киген тымақты ел,
Бұл өлкеде неге жоқ?
Әлде басып «тұрақты» ел,
Қағылған ба шеге боп.
Әлде қырда коллектив6,
Жатыр ма екен түзетіп?
Әлде оларға дерт пе екен:
Ертіс ішсе — іші өтіп?
Апырым-ау, қайда сонау ел,
Қайткенде де ол — жұмбақ,
Осы жұмбақ мазалар, —
Әйтпегенде күн-күн-ақ...
Саумын, әзір, сәулежан,
Сағындым да жазам хат.
Сапардамын, мінеки,
Сағындырған саяхат.
Көрмеген жер, бөтен ел,
Көргенің бір рақат.
Жай жазылып келеді,
Жанға түскен жарақат.
Ертіс өрлеп келеміз,
Көңілім жайбарақат.
Жанымдағы қуанышым —
Жалғыз саған махаббат.
Ойдағым — сен, сәулем-ай,
Сағындым да жаздым хат.
Отызыншы биыл жыл,
Жиырмада бүгін май.
Ертіс, «алтай» бұрахат.
КҮН БАТАР
Маужырап күн еңкейді,
Ертіс кетті еңістеп,
Алтынданып, жарқылдап,
Су жыбырлап, жел жүріп,
Бетке салқын леп ұрып,
Қалды іңір салқындап.
Біздер мінген маторке7,
Бық-бық етіп тартты өрге,
Суға малтып шалпылдап.
Қызыл-күрең шапақтап,
Жаңа ай қасын жылмайтты,
Қуанышты айқындап.
Маторкенің мойнында
Суға төніп, сүйеніп,
Тұрдың көзің жалтылдап,
Ақ маңдайың нұр шашып,
Ақ тамағың албырап,
Жұпар иісің аңқылдап...
Сонда жаным жалындап,
Жанды қаным лапылдап,
Суретіңді тарттым көңіліме,
Аппаратсыз потограп8.
Сонда тойды обыр көз,
Сонда қанды құмарым,
Бойым қызып шалқыдым,
Жанған оттай жалпылдап.
14-мамыр, 1932 жыл
КЕШІРЕК...
Өмірдің өрін өрмелеп,
Көңілдің өрін көрмеп ек.
Қайығында қалтылдап,
Өткелінде кешіп ек.
Теңізінде тербеліп,
Дауылында көшіп ек.
Орта белде кездесіп,
Бір көңіл, бір жан десіп,
Жүрек шерін шешіп ек.
Сүйісіп шын жүрекпен,
Өмірден бұл тілекпен,
Өтерміз-ау десіп ек,9
Сол сөзбенен келеміз,
Сөгер бізді «несі?» деп,
Не дегені не керек!
Саған жүдеп жүр жүрек,
Көзім қарай тесілед,
Өмір менен көңілде,
Біреу тойып секіред,
Біреу тоңып секіред,
Біреу бес күн есіред —
Мұның бірі бізде жоқ.
Бұлардікі қай қылық?
Дегендікі кесіред.
Көп толғадық біз сырды,
Көп сынадық өмірді,
Көп жыл, әлденеше рет.
Барады сүю тым күштеп,
«Жылдамырақ сүйіс!» — деп,
Тұр ғой бақыт елестеп...
Шын осылай шешілед!
Өзің жоқта жан — ауру,
Жаным — құйын, ой — лай,
Маужыраймын есінеп,
Жалғыз арман көңілде,
Өртеген от өмірде —
Кешірек, жаным, кешірек!
АЛЫП АЛТАЙ АНАНЫҢ
Алып Алтай ананың
Ақ сүтіндей құт Ертіс,
Сен сұлусың тамаша,
Сені сұлу қып тұрған
Семей атты қалаша.
Қалашаны қақ жарып,
Жатыр өзен жанаса.
Алқынысып, сүйісіп,
Аралыңды аралап,
Біз ойнадық балаша.
Иық, аяқ тиісіп,
Айналаға қараса.
Ертісті күн алтындап,
Алтын өзен жалтылдап,
Барса еңкейіп аласа,
Нұрлы ақшамның шетінен
Ай күліп бізге қараса.
Жан жайылып, дене еріп,
Құмарлық от қамаса.
Сол аралдың ішінде
Ерініңді әкелші,
Бал алайын, сүйейін,
Гүлге қонған араша.
Көңіл күйіп, қан тасып,
Өртенейін, жанайын,
Жел желпісін, аяса.
Сондағы ойлап жүрісті,
Ойлар басты тым күшті...
Бұл бір саған тиісті,
Ал арнадым, жараса...
26- тамыз
* * *
Сүйемін сені, сүйемін,
Сүйгендіктен бір сені,
Отыңа, міне, күйемін.
Сүюім — хақ, сөзім — шын,
Білмесең де, білсең де,
Әйтеуір, сүйіп өлемін.
1930 жыл
ОСЫНЫМ МЕНІҢ ҚАЙ ҚЫЛЫҚ?
Өмірдің осы өрінде,
Ер ортаның белінде
Айырылдым естен нағылып?
Соқпақтан жаза адымдап,
Байкал баспай бағамдап,
Нағылдым естен жаңылып?
Бір кісінің есіндей,
Деп жүргенде, шешілмей
Жүрекке түскен қай құрық?
Есті жүрек шешкенге,
Ақылдан да, естен де
Қалсам керек айырылып...
Бүгін кіммін? —
Баламын,
Әлде алжып барамын,
Әлде ақымақ адаммын —
Осыным менің қай қылық?
* * *
Жоқ, ес бүтін, денім сау,
Жүрек деген жынды асау,
Ол — адамда қасиет.
Ыстық жүрек торықса,
Іздеп жүріп жолықса,
Әне, сонда ұлы дерт.
Аспан ерте суалса,
Шілдеде шешек қуарса,
Кезіксе оған — үлкен серт.
Соғып тұрса жел зулай,
Қане, қалар қай қурай?
Болса да қанша ол берік?
Кезікті маған осы күн,
Өзің — қазы, өзің — би,
Мейлің ая, мейлің сөк!
1930 жыл, тамыз. Алматы
ЖЕТЕРМІЗ БЕ ТІЛЕККЕ?
Ақылдың аузын шарт байлап,
Қосылуға шарт байлап,
Бердік билік жүрекке.
Алдымызда асқар тұр,
Ауыр, ауыр тастар тұр,
Тұрмыз әзір түнекте.
Сол асқарды асқанша,
Сол тастарды басқанша,
Талай бейнет шегерміз.
Бәлкім тауда ұрынып,
Бәлкім тасқа сүрініп,
Құрмандық боп өлерміз.
* * *
Әлде жолды ашармыз,
Әлде асқарды асармыз,
Қосылармыз армансыз.
Бізге бақыт кез болып,
Иесі оның біз болып,
Қосылармыз алаңсыз...
* * *
Әңгіме боп ермекке,
Дос азайып көмбекке,
Жау көбейер ұрмаққа.
Шулатармыз талайды,
Істің алды қараңғы,
Ойлар ауыр кей уақта.
* * *
Кәдір қалмай тырнақтай,
Қырық кісі бір жақтай,
Қыңыр кісі біз болып.
Айналаның қылығы,
Бізге қоғам билігі,
Жарамызға тұз болып.
СҮЙЕУ ҚЫЛЫП КӨҢІЛІМЕ
Сүйеу қылып көңіліме,
Сүйдім сені өміріме.
Саған қояр сұрауым:
Сен де «сүйдім!» дедің бе?
* * *
Жүрегімді идірген,
Ғашығымсың күйдірген.
Мен разы өмірге,
Сүйген үшін сүйдірген. ***
Сүйегімді босатқан,
Серігімсің жасатқан.
Сүйдім сені өміріме,
Сөзім, антым — осы айтқан!
* * *
Жанымды сен жаңартқан,
У өмірімнен тазартқан,
Жүрегімсің шер тартқан,
Серігімсің қол артқан.
* * *
Мен сүйген соң сүйерсің,
Мен күйген соң күйерсің,
Сүйгендіктен сыйлармын,
Сыйыңды өзің білерсің!
* * *
Ардақтармын сүйген соң,
Көңіліңе жіп салмаспын,
Өзгерермін біржола,
Мен бұрынғы болмаспын.
* * *
Ден қоярмын мен саған,
Білерсің де билерсің,
Сыйларсың да күтерсің,
«Би» осыған үйренсін!
БАҚЫТТЫМЫН
Улы өмірімді,
Сұр көңілімді,
Талақ еттім, тастадым.
Нұрлы өмірге,
Гүл көңілге.
Енді шыға бастадым.
Таңдап сүйіп,
Көп жыл күйіп,
Бақ есігін ашқаным,
«Өмір қызық»
Деген сөзді,
Бір өзіңмен растадым!
4-қараша, 1932 жыл. Қонақ .үй
СҮЙГЕНДІКТЕН МЕН СЕНІ
Сүйгендіктен мен сені,
Ар азабын тарттым көп,
Не тартпадым сен үшін,
Болды өртеген отым көп.
Көп жылдары отыңа,
Жандым, жаным, отын боп
Тоқимын да ойлаймын,
Сүюден тым тәтті жоқ.
Сүйдім, батты жаныма,
Сүюден тым қатты жоқ.
Қалдым ба екен болмаса,
Жалғыздықтан зәтті боп?
Әлде жүрек жұқарып,
Жадау тартар уақыты боп.
Жоқ, олардың бірі емес,
Жолықты жар тәтті боп....
10-қараша, 1932
* * *
Неге шат бүгін көңілім қуанышты?
Мас болды әлде жүрек арақ ішті?
Тасқыңдап бүгін неге қан қуатым,
Бойыма жидым қалай кеткен күшті?
Қуаныш, қуат, сенім біті маған,
(«Кел, күтем» деген келіп телеграм).
Бақ пойызына билет алып,
Отырмын, бүрсүгіні сонда барам!
16-қараша. 1932 жыл.
«Жетісу» қонақүйі. Алматы
ПАТИМА!
Патима, жаным, Патима!
Жалғызбын деп, қуанышым,
Неге жаздың хатыңа?
Батты жанға сол сөзің,
Сүйенерге мен жалғыз,
Қалдым құлап бір өзім.
Сенен алған мынау хат,
Өзегімді өртеді-ау,
Менде неткен рақат?
* * *
Жүрегіммен алысам,
Жетем бе деп сәулеме,
Қайғы жұтам, қан құсам,
Қалдым, сәуле, әуреге...
МІНЕКИ БҮГІН КЕШКЕ ШЫҒАМ ЖОЛҒА
Мінеки, бүгін кешке шығам жолға,
Бір жарым сөтке жүріп барам онда.
Бүрсігүні сағат сегіз осы уақта,
Сәулемнің алам сүйіп қолын қолға.
Баршаға он сегізі демалыс күн,
Ол кетпес сабағына қуаныш күн.
Көргенше көңілім жарым, жаным тышсыз,
Тартам-ау әлі азапты ұдай үш күн.
* * *
Мінеки, бүгін кешке шығам жолға,
Жеткізер бүрсігүні пойыз онда.
«Бержабай ! Жылдамырақ апар мені»,
«Омскі, отыз жеті» дейтін домға!
Тұмағын бержабайдың селтеңдетіп,
Ескі арба, арық атын кикеңдетіп,
Патимам төсегінен тұрмастан-ақ,
Барармын ертемен-ау ертең жетіп...
16-қараша
ҮЙДЕ ҚАШАН БОЛАМЫН?
Аяздатып, мұздатып,
Жолға шықтым жолаушы.
Шыққаныммен бұл жолға,
Үйде қашан болам деп,
Болармын күн санаушы. ***
Өйткені жолдан мекенім,
Әлдеқайда қызықты.
Сияқтанып барады,
Қалдырған соң қалқамды,
Қызықты жан, қылықты.
* * *
Қырға құстай талпынып,
Көксеуші едім даланы,
Бұрынғы күн осы еді,
Әлде үйде қызық жоқ,
Әлде жаным жаралы?
* * *
Міне, бүгін жол жаман,
Көрінеді көңіліме,
Келмейді жүргім жолаушы,
Кейін қайтқым келеді,
Өзгеріс не өмірімде?
* * *
Өзіме аян өзгеріс!
Бұрын үйден зәтті боп,
Сырдаң тартқан күн біткен.
Қазір кейін тартады,
Түзден үйім тәтті боп.
* * *
Жаным менің жаутаңдап,
Тұрды жаңа жанымда.
Сырты тоңып суыққа,
Іші өртеніп қызыққа,
Тұрды пойыз алдында.
Кірсіз таза жанымен,
Мен дегені жүзінде.
Жүгіріп леп қанымен,
Жақындығы жалындап,
Жақсы қарап көзімен.
* * *
Қош, қош! Күйгізіп,
Қалды сәулем сүйгізіп,
Қайтты кейін қалаға.
Еркелетіп, бұралтып,
Сүйген сайын құмартып,
Ұқсатып жас балаға...
Бұлдыратып мәшине,
Алып кетті кейінге,
Қарап тұрдым артынан,
Айырылғаным өзіңнен,
Батты қатты жаныма,
Жанға сол күн жеңіл ме?
* * *
Міне, келем жол тартып,
Жолда, жаным, шер тартып,
Болар қашан оралым,
Толтыруға көңілді,
Қызықтауға өмірді.
Үйде қашан боламын?..
Мәскеу жолы.
28-қаңтар. 1933 жыл
ФАТИМАҒА
Бұл — жүрегім жыры ғой,
Бұл — жүрегім сыры ғой,
Мұны оқыма, өтінішім:
Бұл жазылған мен үшін.
Ілияс Жансүгіров
ЕРКЕТАЙ ҚОҢЫР ЖЕЛ
Еркетай қоңыр жел,
Еркеме соқсаң егерде,
Күрсінгендей сыбырла,
— Кімдікі десе, — үндеме...
Ойнақы тұнық бұлақша,
Жолықса еркем егерде,
Бетіне жастай сорғала,
— Кімдікі десе, — үндеме...
Жайдары шуақ күнікей,
Еркеме түссең егерде,
Күйдіре қарап себезде,
— Кімдікі десе, — үндеме...
Қараңғы жым-жырт тоғайшық,
Қойныңа еркем кіргенде,
Бұтақпен төсін қытықта,
— Кімдікі десе, — үндеме...
Ілияс Фатимаға, 1927 жыл
ЕЛЕСКЕ
Қара көзің мөлдіреп,
Қарама, жүректі өртейсің.
Елесіңе ішім елжіреп,
Жанымды улап дерттейсің.
Асау жүрек құр тулап,
Күзетеді, тосады.
Көрінбейсің мені улап,
Елесіңді елес құшады.
Сүйемін сені өңімде,
Құшамын тек түсімде.
Мендей сүйген өмірде,
Болды ма екен кісіде?
Күдіктімін осыған,
Жоқ болған да жоқ шығар.
Мен осыдан шошынам,
Суретің елес боп шығар.
Жалғыз лампы — жолдасым:
«Көңілің күңгірт болмасын»,
Дегендей ол тұр жанып.
Жаттым жалғыз жан қинап,
Мынау тұрған лампыдай,
Бір басылып, бір жанып.
Кейде көзім бұлдырап,
Кейде аламын кітапты,
Ұмытуға қам қылып.
Не құшу жоқ, ішу жоқ,
Махаббатың жеп қойды-ау,
Жалындап жан, қан суып.
Жатқанымда, жарқ етіп
Шыға келдің, жаным-ай.
Кеттім еріп, қан жылып.
Құшақтадың қаусырып,
Мен дәрменім таусылып,
Тиді ерніме бал жылып.
Балды гүлге жабысқан,
Арадайын алқымдап,
Қалдым сорып, бал сүйіп...
Әлде түсім? Әлде өңім?
Есептермін артынан,
Алсам егер хал жиып.
Сүйеніш деп көңіліме,
Өзіңді бір көруге,
Келіп едім қаңғырып.
Құмар едің аңсаған,
Қатты разы мен саған...
Қалды жаным жаңғырып...
ОСЫЛАЙ ДЕСЕ ЫРЗАМЫН
«...Сор, сор, жаным, қаттырақ,
Қаны шықсын тамақтың.
Жаны шықсын қанымен.
Мынау аққу төсімнің,
Мынау алма сағақтың.
Қой, ағытпа, қолыңды ал,
Түймесіне тимеші.
Қалсын бауы балақтың...
Онандағы сүйе бер.
Арсалаңдап қайтесін,
Мен осыған жоқ-ақпын...
Онан дағы іше бер,
Саған ғана сақталған
Махаббаттан арақпын!..»
Десе осылай ырза-ақпын.
КӨҢІЛІМ, НЕГЕ АЛАҢСЫҢ?
Көңілім, неге алаңсың?
Айтшы маған кімің жоқ?
Өмір бай ғой, кітап көп,
Тұрақтарсың, табарсың...
Көңілім, неге алаңсың?
Ол көңілің — өзге жоқ...
Өмір қызық, кітап көп,
Сонан ләззат аласын.
«Көңілім, неге алаңсың?
Ол алысқа кеткен жоқ,
Алдануға кітап көп...
Қызықтап жан жатарсың.
Көңілім, неге алаңсың?
Қара нешеу сағатты,
Ал қолыңа кітапты,
Бәлкім ұйықтап қаларсың.
ДЕСЕ
Сені күткен көп заман,
«Ал аймала, мә, төсім.
Мә, мойыным, тамағым,
Сүйемісің, не етесін?
Аяңқырап аймала,
Қан шығарып кетерсін...»
Дегенге бір келсеңші,
Өйткені мен өлдім-ғой.
Апырым-ай, тас екенсің!..
* * *
Сонан бері көре алмай,
Сағынып ем тым қатты.
Сағындырып күн өтті,
Зарықтырып жыл жатты.
Сәулем, менің жанымсың,
Жанымнан сен қымбатты.
Махаббаттың ауруы,
Жүдетті де жылатты.
Жан жүректің толқыны,
Жылатты да жырлатты.
Жылау, жырлау сен үшін,
Мен үшін ол тым тәтті!
* * *
«Жаным сәулем,
Болдым әуре,
Мен тыныштық көрмедім.
У дертіңнен
Сарғайдым мен,
Құр әуремін, өлмедім.
Сен жалғанның,
Барша жанның
Жұлдызысың, нұрысың.
Сені таппай,
Таңым атпай —
Қараңғы өмір құрысын!
Неге сезім,
Неге көзің
Жандырады жүректі?..
Саған батып,
«Заң» қиратып,
Білдіре алмай күн өтті.
Осы ұнай ма,
Осылай ма,
Сүю мұндай күшті ме?
Әлде жаным,
Әлде қаным
Өмір уын ішті ме?
Неге іздеймін
Бір өзіңнен
Алданышты, өмірді?..
Сені сүйдім,
Неге тудың,
Неге уладың көңілді?
Шыдамадым,
Жандым, жаздым:
— Шын сөзіңді, — дедім, — айт!
Шын жүдедім,
Болдым азғын
Күте-күте сенен хат
* * *
Сұм жалғаннан,
Жаннан, жардан
Тапқан ем.
Жанға жанған,
Жанға талған
«Бол деп қорған
Айтқан ем.
Соңды-бұрын іште сырым
Еш жасырын
Қалмаған,
Көңілімді,
Өмірімді —
Бар шынымды
Арнағам.
Өртеп арды,
Асау қанды,
Албырт жанды
Ноқталап,
Бекер сөз бен
Мекер көзден
Мен іздедім
Ақ тамақ...
Отты қанды,
Бар иманды,
Жайдым жанды
Алдына.
«Сенсің!» — дегем
Мен білмегем,
Неге іздегем,
Қаңғу ма?..
Ұшан-теңіз,
Кез болып күз,
Жамылып мұз
Суыған.
Үміт еткен,
Мен дәметкем
Жылы жан.
«Сағындым!», — деп,
Жалындым көп,
«Нағылдың?», - деп,
Үздігіп.
Жан суыған
Жауабыңнан
Азынаған
Ызғырық.
Сендіре алмай, —
Жылай-жылай
Неше жылдай
Жазған хат.
Ашылмай сыр,
Шашылмай нұр,
Көргенім — бір
Дипломат10.
Көңілден сыр,
Көзден жаңбыр
Жауды тасқа
Пенде боп.
Жаңа, жаңа
Болдым шала,
Шара, шама
Менде жоқ.
Шыны сүйгем,
Шыны күйгем,
Еткен емен
Бақ талап.
Күймек үшін
Сүйгенім шын,
Болғам сені
Сақтамақ.
Сүйдім, жаным,
Уға уландым,
Қош бол, жаным,
Қаңғырдым.
Сау бол, күнім,
Міне, айыбым —
Жан қайығын
Жарға ұрдым!
* * *
Жайдары жарық аспаным,
Жасылды бұлт — түнердің.
Жасыдым жаман сөгілдім,
Жабырқап шерді жібердім.
Жанымның жарқын жұлдызын
Сөндірген соң күйзелдім.
Жалғанда жалғыз тілегім
Кетті — кімге сүйендім.
Бұл халіме себепші
Болған құрғыр мынау хат.
Сүйгеннен не күйгеннен
Болған сынды бауыр жат.
Соққы көріп өмірден
Жасыды ма біржола?
Безіп тастай көңілден,
Қажыды ма улана?
Әлде қажып болған соң,
Айныды ма, азды ма!
Әлде шын дос болған соң,
Осы ақылын жазды ма?
Әлде көңілін еңсеріп,
Жүрек ісін жықты ма?
Сол себептен белсеніп,
Шын күреске шықты ма?
Қайтсе дағы қараңғы
Қалды маған бұл жауап.
Ер күресте, — заманғы,
Аулақ! Аулақ! — қай Аулақ?
* * *
Мен әуре едім дос іздеп,
Тауып едім шын сүйіп.
Айтып-айтпай не керек,
Тастапсың ғой бір түйіп.
Жүрегімді, сырымды,
Енді айтарға — орын жоқ...
Сен біл жалғыз мұңымды,
Қалғанымды сорлы боп.
Жазба депсің! Жазбайын,
Мүмкін бе еске алмауға?
Айтқаныңдай қош, сәулем,
Кеттім, міне, майданға.
20-желтоқсан, 1930 жыл. Мәскеу
СЕНІ
Мен шындап сүйгем жүрегімнен,
Күшейіп күндегі дерт күндегімнен.
Қарағам қабағыңа көңілің үшін,
Сыйлағам, қадіріңді біле білгем.
Мен сені сүйгендіктен жүрегімнен,
Сыйлаумен сырымды айтпай жүре білгем.
Шыдауға бұдан артық дәрменім жоқ,
Жүдедім күнде меңдеп, күндегімнен.
Тым ауыр, сені маған көрмей кету,
Ол кету өмір емес — тентірету.
Алдауға айуандық мақсат үшін,
Мен бе едім жігіттікпен сертке жету.
Осыны о басында-ақ айтқам саған,
Қолқаң сол еді, сенің берер маған.
Жаным деу — жүрегіме ортақтасу,
Жалғыз-ақ бір өзіңнен ләззат алам.
* * *
Қара бір көзің жаудырап,
Қара бір шашың саудырап,
Ақ жібектен көйлегің
Ақ етіңде судырап.
Іздеп сені келіп ем,
Ай сағынып, жыл жылап.
Қара көзің жарқырап,
Ақ жібек майдай жалтырап,
Алдыма алып балаша,
Иығымнан асылта,
Аш жүректі айқара аш,
Еркінірек отыршы,
Үлбіреп тұрған ерніңнен,
Сүйейін сорып қалтырап.
Қара бір көзің күлімдей,
Қарасаң жүрек дірілдеп,
Жетті тасып ыстық қан.
Махаббатты отты жан
Шауып аттай дүрілдеп.
Ақ төсіңді аймалап,
Ауызыңнан бал жалап,
Секер сорып «Гүлім» деп.
* * *
Айтқаның, беу, сәулем-ай,
Ақылың ба, аяу ма.
Аржағында айтатын,
Ауыр бір сөз таяу ма?
Аяныш па мен саған,
Мен сен үшін есалаң.
Менің сырым аян ба?
Ақыл сөзің салмағы
Мейлі тисін шоқпардай,
Айт, айт, жаным, аяма!
Ақылыңды аяған
Мен алайын, ал бірақ
Махаббатым алар ма?
Қой дегенге қояр ма?
ӨМІРДІҢ, СӘУЛЕМ, ТӘТТІСІ-АЙ
Өмір қызық тәтті екен,
Онда қызық мол екен.
«Онда қызық жоқ екен,
Өмір деген сор екен», —
Дегендер не айтты екен.
Өмір қызық екенін
Көрдім ғой мен көзіммен,
Көрдік бірге өзіңмен,
Өмірден құр безінген —
Үмітсіздік екенін.
Білдім кеше, бүгін де
Сөйлесіп күн батырған,
Сүйісіп таң атырған,
Аузыңнан бал татырған
Өмір — сенің үйің бе?
Өмірдің, сәулем, тәттісі-ай,
Өмір сұлу өзіңдей,
Өмір оны көзіндей,
Мінезіндей, сөзіндей...
...Өмірдің, сәулем, тәттісі-ай.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру