Аш бала еді көшелер
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Сәкен Иманасов
Сәкен Иманасов Аш бала еді көшелер Аш бала еді көшелер, Аржағына ел қонып. Алқынады деседі ел, Аңдығаны мен болып. Жаман атқа жал бітіп, Жампозбын деп қалды ма Асап жатыр карбытып, Ас қойып ек алдына. Қарап жүрген кісіде Несі барын кім білген. Қайырымсыз ісіне Қайран болып жүрмін мен. Тұлдыр өсіп, тұл өсіп, Көзіне күн елестеп, Көшімізге ілесіп Келе жатыр емес пе ед!... Шет қақпадық жат көріп, Барлығын да жүр естіп. Қайғы-мұңын қақ бөліп, Олжамыздан үлестік. Heгe бүгін албытты, Алды-артына қарамай. Атасынан хандықты Тартып алар баладай?! Жарлы байып кешегі,
Жабығына жел қонып. Алқынып жүр деседі, Аңдығаны мен болып. Елдігің де ерсілеу, ерлігің де, Еркелеймін, ағайын, енді кімге? Түбі неге соғар деп, бұл қылықтың, Күңірене беремін мен бүгінде. Ұлығың да сұйылып, сыйқыңды алып, Қылығың да барады қиқымдалып. Көптен бері осыған күйінем деп, Бір оянған емеспін ұйқым қанып. Өз алдына қанағат, нысап қалып, Мінезің де барады ұсақталып. Азаматтың қорғадың қай намысын, Пайдалысын бір күндік құшаққа алып. Көпе-көрнеу елемей өр көңілді, Есірігің ебі жоқ ерге күлді: Зейіндіге - бүгінгі ар болды азап, Кейінгіге - кімің бар берген үлгі? Туа сала кәпір-ұл санап ру, Іздемей-ақ бір-бірін табады қу. Иттігін де, не керек, қоймады әлі, Ойлағаны - шендіге жаға білу. Елдігің де ерсілеу, ерлігің де, Еркелеймін, елім деп, енді кімге? Жылмандаған,күніге мыңды алдаған Жылпостарға тиіп тұр төр бүгінде. Тимеді деп түңілмес бүгін есе,
Көкірегім көл еді күні кеше. Ызғар дарып, барады мұз-қар қарып, Қызға алданып,қайтадан жібімесе!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру