Пұртекел
Бейімбет Майлин
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Бейімбет Майлиннің әр жанрдағы өнімді еңбегі өз дәуірінің шындығын ашық көрсетті. Елдің, соның ішінде ауыл адамының санасындағы өзгерулер мен жаңаруларды, халық бастан кешкен оқиғаларды, әлеуметтік өмірдің шытырман қайшылықтарын шебер суреттеді. Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-салт болм...
(Протокол)
(әңгіме)
Сақылдаған сары аяз, далаға шықсаң бетті қарып кетеді! Есік, терезе сіресе қатқан мұз. Боқбасар күрең атын қақпалап суарып келіп, пешке арқасын қалап жылынып отыр.
— Қатын-әй, отынды жақшы! Үйдің іші азынап кетіпті ғой, — деді.
— Неңді жақ дейсің, сорлы. Жаздай теріп алған тезек әлдеқашан бітті. Жалғыз аттан қалған саңылтыр не отын боп жарысын... Сенен басқа жұрт ылаулап ағашты қырып әкеп маздатып отыр...
— Қой, жұрттай менің беделім жоқ, тамыр, танысым жоқ. Біліп қалса, пұртекелмен басымды шірітер...
"Пұртекел" деген сөзді Қаншайымның бірінші естуі еді. Сондықтан байының ағаш ұрлауға барғысы келмеген соң айта салған сылтауы екен деп түсінді.
Терезе тық-тық...
— Бұ кім? Қатын, есік таба алмай жүрген біреу шығар, есік ашшы!
Үйге суықты азынатып, шатырлатып екі-үш адам кіріп келді.
— Боқбасар үйде ме?
— Мен мұнда, — деп Боқбасар түрегелді.
Ауылнай екен. Жанында бір орысы бар.
— Қане, шамыңды жақ, үйіңді тінтеміз...
Боқбасар да, Қаншайым да дір-р... ете қалды.
— Ойбай, не жаздық?!..
— Әңгімені қой.
Жалпылдақ шамды қолға алып жүріп тінтпеген жерін қалдырмады. Жалғыз-ақ тапқаны Боқбасардың жас қайыңнан істеген шоқпары... Үйге келген жастау орыс сұлу мұртты ширатып жіберіп, тарғыл кінегені1 ашып жаза бастады.
— Жаным-ау, бұларың не?
— Бұл — пұртекел. Қазынаның ағашын ұрлапсың.
— Ойбай, бір бұрау сындырған болсам кәпір өтейін.
— Ендеше шоқпарды қайдан алдың?
— Шоқпар Мырқымбайдікі. Түнеугүні күзенге шығам деп сұрап алып едім.
* * * Пұртекел істесе де, Боқбасарға тимей кеткен соң Қаншайым онша қарғай қоймады. Бірақ Боқбасар артының зілді болатынын ойлап қауіптеніп жүрді.
Қыс өтті.
Жалғыз күрең атты Сағымбайдың соқасына қоса жетіп жер жыртып жүргенде, ойламаған жерден ауылнай сап ете қалды.
— Мына пәбескені2 аласың, туар айдың онына сотқа бару керек.
— Е, жұмысты қалдырып қалай барам?
— Бармасаң ұстап түрмеге жабады.
Боқбасар шошып кетті. Не туралы екенін, неден жазықты болғанын әрі-бері жалынып сұрап еді, ауылнай айналып та қараған жоқ.
— Басымды қатырма, — деп атына мініп, тартып жүре берді.
— "Сотқа баратын болсаң, жұмысым тоқтап қалады, басқа адам аламын" деп Сағымбай соқадан шығарып жіберді.
Айдың 10-жаңасында күрең атқа мініп, күпісін бөктеріп алып, Боқбасар қалаға асты.
Ауылдық кеңес сайлауы.
Жиылған жұрт ауылнайдың жылдық ісінен есеп алып жатыр.
— Ел шаруаларына келтірген нендей пайдаң бар, — деп сұрау берді.
Ауылнай мүдірейін деді. Тер моншақтап ақты.
— Үшкелге балаларын жіберттім... Қысқасы шаруаларға қолдан келген көмегімді көрсеттім.
— Маған сөз бер, — деді біреу.
Бұл Боқбасар еді:
— Қысты күні әбиезшікті әкеліп, үйімді тінтіп, ағаш кестің деп нақақтан пұртекел істеді. Ағашты лаулап кескен Сапарбектің үйіне қонып, жеген қазысына мәз болып кетті. Жұмыс уақытында сотқа шақыртып, соның әлегінен егінсіз қалдым. Бұдан да сот рақымды екен. "Жұмыс кезінде бекер келген екенсіз" деді. Кедейге көрсеткен үзірі осы ма?
Ауылнай үндей алмай қалды.
Жиылған өкілдер ауылнайдың ісін нашар деп тапты.
Кейбір кеміс шыққан жерлері сезіліп, "сотқа берілсін" деп қаулы қылынды.
Боқбасар үйге келіп, арқасын сүйей отырып:
— Қатын, — деді.
— Немене?
— Былтырғы пұртекелді білесің бе?
— Әлгі ауылнайдың тінтейтіні ме?
— Дүние кезек деген осы екен, бүгін жиналған жұрт бұзықтығын мойнына қойып, ауылнайдың өзіне пұртекел істеді.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру