Осман Амин. Жамаладдин Афғани
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Осман Амин — «Осман Амин. Жамаладдин Афғани». /uploads/a5b2d4ac-aa03-5ba2-85e8-b53038f125fc/cover.png
ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА
ЖАМАЛАДДИН АФҒАНИ
(Аударған Д. Шәуенов)
Бүкіл дүние жүзін жаулап алу мақсатында болған француз патшасы Наполеонның Мысыр еліне жасаған шабуылынан кейін ислам әлемі үшін жаңа бір дәуірдің басталғаны анық болды. Ислам әлемі өз дінін бұрынғыдай уағыздай алмады. Сонымен қатар дәл осы сәтті пайдаланып, христиан миссионерлері өз дінін халыққа барынша күш салып уағыздай бастады. Олар әсіресе қоғамдағы жастардың ислам дініне деген көзқарастарын теріс жағына қарай бұруға тырысты.
Бұл әрекеттерді байқаған ислам әлемі және Араб халқы ислам дінін қорғауға әрекет жасай бастады. Ислам әлемі халыққа дінді түсіндіру үшін жаңа бір тәсілдерді қолдануы керек болды.
Исламды жаңа тәсілдермен түсіндіруде алғашқы болып атағы шыққан Жамаладдин Афғани болды. Ол - XIX ғасырдың ең атақты Шығыс ойшылы. Жамаладдин Афғани кез келген нәрсені әдеби, көркем және өте түсінікті халде түсіндіретін ойшылдардың бірі болды. Оның көркем мінезі, ой - тұжырымдарының жоғары дәрежеде болуы көшбасшылық қасиетті иемденуінің негізгі себебі болды. Әрі ұлы ойшыл, әрі діни реформатор, әрі саяси көшбасшы болған Афғани ислам әлемінде маңызды орынды алды. Замандас болған білімді адамдар Афғанидің тумысынан ерекше қасиеттері болғандығын айтады.
Атақты ойшыл Мухаммед Абдухтың айтуынша, алғырлық пен жомарттық көрсету керек кездерде алғашқы болып Афғани қол көтереді екен. Сонымен қатар мал-мүлік пен атақ-даңққа еш қызықпайтын, бүкіл өмірін ислам әлеміне қызмет етуге сарп еткен ұлы адамдардың бірі болған.
Түріктер, ирандықтар, үнділер және ауғандықтар Жамаладдин Афғаниді өз жерлесі ретінде санайды. Дегенмен, Афғани есімі Ауғанстаннан шыққан деген мағынаны білдіруі оның сол елден шыққандығына дәлел бола алады. Шындығында Жамаладдин Батысқа да, Шығысқа да бөтен болмады.
Афғани 18 жасынан бастап ислам ілімдерін, философияны және басқа да ілімдерді зерттей бастаған. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасау мақсатында Иранға, Ауғанстанға, Үндістанға және Батысқа барып, кейінірек қажылық мақсатында Меккеге барып, көптеген саяхаттар жасады.
Афғани 1869 жылы Ауғанстаннан кетіп, Үндістанға барды. Ол жерде аз уақыт болып, Стамбулға бет алды. Стамбулда оны жақсы қарсы алды. Дегенмен, оның жаңаша ой -тұжырымдары көптеген талас-тартысқа әкеліп соқты. Стамбулдан кетіп, Мысыр еліне барды. Мысырда да оны, оның көзқарастарын көптеген дін адамдары жақтырмады. Соңында Мысырдан да қуылды. Мысырдан кетіп, Үндістанға қайта барды. Ол жерде «Материалистерді терістеу» деген еңбегін жазды. Одан өз пікірлерінің газет бетіне шығуын мақсат етіп, Парижге барды. Көп ұзамай ағылшындар оның ой - тұжырымдары жазылған газеттердің Мысыр мен Үндістанға таралуына тыйым салды. Афғани мұнымен тоқтамай, оз идеяларын халыққа тарата берді. Ресейге барып, ол жерде 4 жыл өмір сүрді. Ол жерден де қуылып, Иран Шахының қол астында қызмет етті. Өмірінің соңына таяу Афғаниді Осман империясының султаны өз қарамағына шақырды. Жамаладдин Афғани 1897 жылы қайтыс болды.
Афғанидің ой - тұжырымдары көне грек ойшылдарының ішінде Сократтың көзқарастарына ұқсас келеді. Оның өмірі мен көзқарасы үш түрлі принципке байланысты. Олар руханият, діни төзімділік және ахлақтық түсінік.
Оның рухани әлемінің ерекшелігі дүниелік ләззаттардан бас тартуды, жомарттықты және рухани мәселелерді әрдайым есінен шығармауды негізге алады.
Аббас әл - Аккадтың айтуынша, Афғани мұсылмандар арасында жасалған материализм насихатына қарсы тұрып, матерализмнің кемшіліктерін тез арада ашып берген. «Материалистерді терістеу» атты еңбек те жазған.
Афғани тарихты материалистік тұрғыдан түсіндіріп, жазуға тырысқан кертартпа адамдарға қарсы логикалық түрде жазылған көптеген мысалдарға толы жауаптар жазып материалистердің үндерінің өшуіне үлкен ықпалын тигізген.
Діни төзімділік Афғанидің көптеген еңбектері және діннің қоғам ішіндегі функциялары туралы көзқарастары ішінде айтылған. «Дін көптеген ұлттарды ортаға шығарған және адамзат үшін шынайы бақыттың қайнар көзі», - дейді Афғани.
Афғанидің жоғарғы ахлақтық түсінігі, батыстығы әлсіздерді қанау түсінігіне қарсы көптеген айыптардың айтылуына себепкер болған. Яғни Афғанидің мінез - құлқы шынайы мұсылманға лайық қасиеттердің бірі еді. Ол қай жерде болмасын ислам дінін ақылға түсінікті етіп түсіндіре білген. Мысалы, батыста көп ұсталатын Жабрия мазхабына қарсы Афғани көптеген дәлелдер мен мысалдар айтқан. Афғанидің ойынша, исламдағы қаза және тағдыр түсінігі мен Жабрия мазхабының ұстанымы арасында үлкен айырмашылық бар. Афғанидің ойынша, исламдағы қаза мен тағдыр - адамның үкім беру қабілетін арттыратын, рухани күш-қуат беретін бір сенім.
Басқа елдердің басшылығынан құтқару мақсатында барлық мұсылмандарды бір халифаның қол астында болуын өзіне мақсат еткен Жамаладдин Афғани, ислам әлемдегі саяси мәселелерді шешуші маңызды адамдардың бірі болды. Афғани батыс елінің шығыс мемлекеттеріне қол сала бастаған және бүкіл ислам әлемін жоюға тырысқан уақытында халықтың басын көтеріп өз дінін, жерін сақтап қалуын мақсат етіп және ол үшін халықтың бірігуі керектігін, батыс елдерінің техника жағынан дамыған сырларына қол жеткізу керектігін айтты.
Афғанидің ойынша, ислам әлемінің өзін сақтап қалуы үшін ислам құқығы мен заңдарының бүкіл мұсылман елдерінде толық орындалып отыруы керектігін және діні басқа болған бөтен елдермен ешқандай қарым-қатынасқа түспеу керектігін айтты. Сонымен қатар Афғани, Аббасидтердің құлдырауының негізгі себептері ғылыми-зерттеу жұмыстарының тоқтап қалуы, діни тәрбиенің және бұрыннан жасалып келе жатқан ижтихатты (ижтихат ислам ғалымдарының Құран мен Сүннетке сүйене отырып үкім шығаруы) шетке сырып тастағандығының нәтижесі екендігін естен шығармау керектігін айтып отырған.
Ал батыстықтар ислам елдерін қолға түсіру үшін жан-тәнімен кірісіп, ең алдымен діни бірлестігіне іріткі сала отырып ислам әлемінің ішкі түсініспеушіліктерінің көбеюіне себеп болатын жолдарды іздеді.
Дегенмен, Афғани бауырластық сезімін діни бірлестікке айырбастау ниетінде емес еді. Ол ислам елдерінің бір - бірінен тәуелсіз әрі бір сенім негізінде өмір сүруін қалаған еді.
Афғани өзінің «Әл - Вуска» атты еңбегінде ұлтшылдық турасында былай дейді: «Өз ұлты мен халқын сүю, құрметтеу және қорғау әрбір адамның міндеті». Ал отан сатқыны турасында айтқаны: «Өз отанын, ұлтын, жерін ақшаға сатқан және отанның ішкі сырларын дұшпанға жеткізіп отырған адам нағыз отан сатқыны. Отан - баға жетпес құндылық. Өз отанының дұшпан аяғының астында тапталып жатқанын көре тура, еш мән бермеген адам - нағыз сатқын».
Дегенмен, күш-қуаты және қаруы жағынан мықты елден әлсіз елдің жеңілісі ұят болып есептелмейді.
Өз отанын сатып, дұшпанына бастарын иген адамдардың іс-әрекеттері ұят болып есептеледі.
Афғанидің ойынша, батыстықтар Шығыста бауырластық сезімін, ұлттық тәрбиесін және Шығыс мәдениетін жою үшін неше түрлі тәсілдерді қолдана отырып, шығыстықтардың өз елдеріндегі түрлі көркемдікті, пазылдықты, мән берілетін барлық нәрселерден бас тартуын мақсат етті; араб, парсы және үнді тілінде жазылған ешбір еңбегін қалдырмай, тарихында жеңіске жеткен ешбір соғысты есіне ала алмайтындай және өз ана тілін ұмыттырып, шығыстықтарды соншалықты төмендетуге тырысты.
Афғани өз тілі болмаған халықтың ел бола алмайтындығын, өздеріне тән әдебиеттері болмаған халықтың тілі туралы сөз етілмейтіндігін, өз ішінен шыққан білім адамы болмаған халықтың тарихы жазылмайтындығын айтқан.
Афғани 9 наурызда 1897 жылы Стамбулда қайтыс болды. Оның қысқа өмірі қуғын-сүргінге, қиыншылыққа толы болды. Бірақ осы аз ғана өмірі керемет түсініктер мен көзқарастарға толы, мұсылмандар үшін қазіргі таңға дейін айтылатын әсерлі бір өмір болғандығы рас.
Оның ерекшелігі ішкі және сыртқы қысымдардан еш мүлтіксіз шығып кете алатын алғырлығы мен бостандық сезімі еді. Барлық нәрсеге мән беріп қарау оның табиғатына тән құбылыс болатын.
Жамаладдин Афғани есімі және оның қалдырған мурасы бүкіл мұсылман халқының жүрегінде өшпес бір естелік іспетті. Мұстафа Абдуразақтың айтуынша, Жамаладдин Афғани жаңа Шығыс тарихында алғашқы шийттердің бірі және де ислам Ренессансының атасы болып есептеледі.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру