Мақпал - Сегіз оқиғасы
Kitap.kz
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Мақпал - Сегіз оқиғасы
«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН
ҒАШЫҚТЫҚ ДАСТАН
МАҚПАЛ – СЕГІЗ ОҚИҒАСЫ
(Қазан нұсқасы)
Әлқисса, сол жерде қыз жеңіліп қалып, жігітпенен тамыр болды. Бұ жігіт қазақта бала болып, әкесінің үйінің жылқысын бағып жүргенде Би Оспан дегеннің түнде кез келіп айтысып, тамыр болған жері. Уа бұл жігіт жылқыда жүріп, кешке таман қыздың үйіне жөнелді. Бұ жолаушылап қыздың үйінен сусын сұрады. Жігіт қыздың үйінің сыртынан өлең айтты. Қыз бұған қарсы өлең айтты. Сонда қыздың шешесі айтты: «Қой, жолаушыға сусын бер», – деп. Жолаушыны үйіне түсірді. Қыз бенен жігіттің тамыр болғанын шешесі білмейді екен. Қыз шешесі білмесін деп жігітке өтірік өлең айтқан екен. Сонда жігіт сусынын ішіп алып, жылқысына жөнелді. Тағы да күн батқан соң, қолына құрық алып қыздың аулына жөнелді. Өлең айтып келе жатқаннан қыз мұны тыңдап жатыр екен. Қыз жатқан жерінде өлеңді қоя берді. Сонда жігіттің айтып келген өлеңі:
Жігіт
– Қолыма қайда құрық, алайын ба,
Бір жүріп қыз Мақпалмен келейін бе?
Екі асар ердің жаны білді-ау дейді,
Артынан соғар салқын жел-дау дейді.
Күн бұлт, ай қараңғы, жаңбыр жауып,
Тұсына қыз Мақпалдың келді-ау дейді.
Сонда үйінде жатып қыздың айтқаны
– Жағалай Жайық бойын қыстайым ба,
Дертім жоқ, ескі ауруым ұстайым ба?
Келіпті үй артына біреу ұры,
10. Ұрыны әжеме айтып ұстайым ба?
Келеді мына жақтан жалғыз адам,
Етігінде ол кісінің томар бояу.
Өзің біл, қайтеріңді деп айтамын,
Бір келген заманында Сегіз надан.
Сол жерде жігіт түсіп, қыздың қасында жатты да және ертеңгісін жылқысына қайтады. Бұ жігіттің жылқыда өзімен (бірге) жылқы бақққан құрдасы бар екен. Құрдасы бұ жігітке өлеңді қоя берді, «қайдан келдің?» деп.
Сонда жігіттің айтқаны:
– Айтамын, айт дегенде, қайдан келдің,
Көп жылқы көгалалы байдан келдің.
Қабағың қатыңқы екен, жүзің-жүдеу,
Сегізжан, айналайын-ау, қайдан келдің-ау?
Әлқисса, тамыры үйін жығып көшейін деп жатыр екен, сонда құрдасына айтқан сөзі. Қыз жанынан келген құрдасы айтты:
– Айтамын айт дегенде, айдан келдім,
20. Көп жылқы көкалалы байдан келдім,
Сұрайсың оның несін, құрдасжан-ау,
Жау шауып, бүліп жатқан елден келдім.
Құрдасы
– Жайықтың арғы жағы, бергі жағы,
Қолында ер жігіттің алтын тағы.
Қылдың ғой оның несін сары уайым,
Есенкелді қарақалпақ қызы тағын.
Қолыңа қайың құрық алмаймысың,
Бір жүріп Мақпал қызбен қалмаймысың.
Қылдың ғой оның несін сары уайым,
30. Күз кетсең, жаз айналып келмеймісің?
Әлқисса (әнсіз әңгімесі), бұ қыз көшіп кетті. Жігіт жылқыда қалды. Бұ қызды Жабы деген күйеуге берген екен. Қыз еліне көшіп барған соң, күйеу келіп, қызды ұзатып алмақшы болды. Әлгі Сегіздің құлағына тиді. Жігіт қос атпен «Мақпалдың тойына жетейін» деп жөнелді. Бұ жігіт Мақпалдың еліне келіп жетіп, Мақпалдың жеңгесі сыртта жүр екен. Мақпалды ұзатқанына үш күн болған екен. Сонда жігіт Сегіз Мақпалдың жеңгесіне өлеңді қоя берді:
– Болғанда үш ай тоқсан мұз қатады,
Мақпалдың тойын қылып ұзатады.
Мақпалды ұзатты деп естігесін,
Сегіз сал қос атпенен түн қатады.
Жеңгесі
– Сұйылған су аяғы осы теңіз,
Өсімтал байдың малы табады егіз.
Кеткелі бикешжанға үш күн болды,
Келдің бе аман-есен салдау Сегіз?
Сегіз
– Жолында Бұхараның қара қақпан,
40. Барма екен ұқпағаннан пайда тапқан.
Қолыңа тәңір-аманат беріп едім,
Жеңеше, қане, бізге сұлу Мақпал-ау?
Жеңгесі
– Жолында Бұхараның ағаш қақпан-ау,
Күледі, ойнайды ғой ебін тапқан.
Сұрайсың оның несін, Сегізжан-ау,
Мақпалдың кеткен жолы мынау жатқан.
Сегіз
– Жолында Бұхараның бейіт еді,
Жеңеше, мына сөзің кейітеді.
Мақпалдың асқан жолын маған сілте,
50. Мақпалдың жолында өлсем шейіт еді.
Жеңгесі
Қамысы Сыр бойлықтың майда қамыс,
Қыз бикеш өмірінде болдың таныс.
Қайт десем, қайтпайсың ғой, бейбақ Сегіз,
Бикештің асқан жолы – Дәуқара алыс.
Мініп қой қаракөкке жөнеледі,
Қаракер жүрмей қалып бөгеледі.
Басына қаракердің ұра тастап,
Мініп қой Кер сүреге жөнеледі.
Мінгені Сегіз сердің қаракерді,
60. Білмейді шапса дағы алды өрді.
Басына той төбенің шыға салып,
Мақпалдың бұлдыраған көшін көрді.
– Көгеріп көрінеді көшің, Мақпал,
Мың қойдың қорасындай төсің, Мақпал.
Алғаның әлде жақсы, әлде жаман,
Біреуге қор болдың ғой, есіл Мақпал!
Басында қыз Мақпалдың бөркі бар ма,
Мақпалдың үйдегідей көркі бар ма.
Қыз байғұс итке берсең, ит алады,
Басында қыз Мақпалдың еркі бар ма?
Келеді ешкі маңырап лағына,
70. Келеді қозы маңырап бұлағына.
Сегіздің ертеңгілік ащы даусы
Шалынды қыз Мақпалдың құлағына.
Сол жерде Мақпалдың Сегіздің айтқан өлеңін естіп, қыз жігітке қарсы өлең айтқаны:
Айтамын айт дегенде, Балғын көлді,
Төңірегі Балғын көлдің шалғын еді.
Артымнан, Сегіз қарғам, даусың шықса,
Аттан ғой есім ауып қалғым келді.
Айтамын айт дегеннен Сегіз келді,
Жылқымыз Сегіз кеткен семіз келді.
Тарта тұр аттың басын, жан шешеке,
80. Құрытқан ынтызарым Сегіз келді.
Шешесі
– Жайықтың арғы жағы, бергі жағы,
Қолында ер жігіттің алтын тағы.
Ақ отау жапан түзде тігілген соң,
Қайтеміз, келіп қалса күйеу Жабы?
Және қыз шешесіне айтады: «бұ сөздің түбі өлім тағы» деп, түйесінің арқанын қиып, жүгін түсіріп, ақ отауды жапан түзге тікті. Сегіздің екі аты да болдырып, екі етігін қолына алып, жүгіріп келе жатқанын қыз Мақпал көріп, қолына бір торсық қымыз алып, Сегіздің қарсысына жүгірді. Сонда Сегіз Мақпалды көрген соң айтты:
– Айтамын, айт дегеннен әуелі мал,
Жайылған әуеліде қой деген мал.
Көңілің меніменен болса, Мақпал,
Шүмегін қыспа торсық аузыма сал.
Және жігіт Мақпалға айтты: «Мені отауға шейін көтеріп бар», – деді. Сонда қыз Мақпал жігітті көтеріп барғанда қыздың өлең айтқаны:
– Көгеріп көрінеді көлі құрғыр,
90. Болсаңшы мұнша алыс-ау жері құрғыр.
Сегізді намысымнан көтерем деп,
Барады екі үзіліп белі құрғыр.
Әлқисса, және жігіт пенен қыз Мақпал жапанда тіккен ақ отаудың ішінде жатқанда қыз Мақпалдың күйеуі Жабы келіп қалды. Сондағы Жабының айтқан өлеңі:
– Туады кер биеден торы қулық,
Түс көрдім бүгін түнде жаман сұмдық.
Ақ отау жапан түзде тігіліпті,
Енеке, болып қалды недей сұмдық?
Енесі
– Түймем бар тамағымда алты қатар,
Шешкенде бір қатарын таң да атар.
Сұрайсың оның несін, күйеужан-ау,
Мақпалдың қояншығы ұстап жатыр.
Жабы
– Түймем бар тамағымда алты қатар,
Шешкенде бір қатарын таңда атар.
Иланбаймын бұл сөзіңе мен, енеке,
Ішінде шымылдықтың екеу жатыр!
Енесі
– Айтамын, айт дегенде, анам десең,
Жел соқса құбыладан, панам десең.
Су алып кел қашқын судан, балам, деймін,
108. Мақпалды тәуір көріп, алам десең.
Әлқисса, сол жерде Мақпалдың күйеуін үш күндік жерге су алып келуге жіберіп, Сегіз бенен Мақпал қыз екеуі сол жерде жатып қалдылар. Және қыз Мақпалдың күйеуі үш күндік жерден су алып келіп, екі күн суға шомылдырып, Сегіз бенен күйеу екеуі құшақтасып тамыр болып, Сегізге бір тоғыз артып жібереді. Сол уақытта Мақпалдың біткен жері.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру