Намыс гвардиясы. II нұсқа
Мұхтар Әуезов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...
НАМЫС ГВАРДИЯСЫ
Пьеса
(екінші нұсқа)
Үш перделі, алты суретті
қаһармандық драманың екінші нұсқасы
Қатынасатындар
Панфилов Иван Васильевич.
Намысұлы Бақытжан — батальон командирі.
Григорьев — дивизия комиссары.
Ғалиев Мейрам — политрук.
Қайсар Айбаров — автоматчик.
Нина — партизан өлкесінен келген қыз.
Жанбозов Сабыр — рота командирі.
Валя — медсестра.
Фогель — неміс дивизиясының командирі.
Курц — неміс полкінің командирі.
Штольберг — неміс штабының бастығы.
Доктор, санитарлар, адъютанттар, командирлер,
қызыл әскерлер, неміс солдаттары.
Оқиға 1941 жылы, күз айларында, Москва түбінде болады.
І ПЕРДЕ
ПРОЛОГ
Сахнаның қақ ортасында мәңгілік от маздап тұр. Оның екі жағынан төгілген
шымылдық ту секілді біріне-бірі иіледі. Кенереден жіберілгені үш тармақ
прожектордың екеуі сол мәңгілік оттың екі жағында, құрметті
қарауылда тұрған екі солдаттың бетіне, енді бірі алыстан келе жатқан
солдаттың бетіне түседі. Басына каска киіп, автомат асынған ол мәңгілік
отына жете бере тоқтайды.
Солдат.
Ей, адамзат!..
Ей, отандастар!..
Армандастар!..
Замандастар!..
Бәріңе айтар сырымыз бар,
Бәріңе айтар жырымыз бар.
Көкірекке тоқыңыздар,
Мәңгі маздар отымыз бар!..
Ей, ұрпақтар!
Сендер де мәңгі маздатыңдар!
Сендер де мәңгі ұмытпаңдар!
"Ұмытпаңдар, ұмытпаңдар
Құрбан болған батырларды!
Лаулап жанып жүректерде,
Өлгендердің оты қалды.
Өлгендердің атақ-даңқы
Найзағай боп шатырласын!
Өлгендердің махаббаты
Мәңгі-бақи лапылдасын!
Батпасын күн қан жамылып,
Атсын әр кез күліп таңдар.
Ей, тірілер, ей, тірілер!
Өлгендерді ұмытпаңдар!"
Бірінші сурет
Алыста қарсыласқан қатты соғыс жүріп жатыр. Біздің жауынгерлер соғыса шегініп келеді. "Шегініңдер! Шегініңдер!" деген дауыс естіледі. Сахна көлденеңінен тартылған траншея. Шегінушілер ауық-ауық автоматтардан оқ төге шегініп, сол орға түсіп кетіп жатыр. Сахнаның оң жағынан "Тоқтатыңдар!" деген өктем дауыс естіледі. Траншеяның зал жағымен Қайсар келе жатыр. Ол автоматын сүйретіп зорға келеді. Арғы бетке шыға келген Жанбозов көрінеді. Ол Қайсарды көре сала аңырып қалады.
Жанбозов. Қайсар! Сенің қолың сынып қалған ба?
Қайсар (булыға). Жоқ, шегіне-шегіне сағым сынды.
Жанбозов (суық түспен). Тоқтат, ондай сөзді!
Қайсаp. Жоқ, сіздер шегінуді тоқтатыңыздар! Мен мына жерді танып келемін. Бұл Москваның жері, Москваның... (Еңіреген күйі етпетінен түседі.) Жанбозов. Ой, ез неме! Қатындар құсап жылағаны несі-ей, мынаның! Жаның барында, тұр жылдам! (Автоматын кезейді.) Қайсаp. Мұнан да қатын болғанның өзі жақсы, жолдас командир. (Тұра бастайды. Осы кезде сырттан Намысұлының дауысы естіледі.) Намысұлы. Тоқтатыңдар! (Жоғарыға шыға келіп.) Жолдас Жанбозов, шығар қоршаудан шықтық, шегінер жерімізге шегіндік. Тірліктегі ең соңғы қорғанымыз да, өлсек көмілер көріміз де осы белестер. Жанбозов! Сенің ротаңның ең соңғы қорғайтын қорғанысы осы өткел, ие бол! (Бинокльмен алысқа қарайды.)
Жанбозов. Айбаров! Сенің ең соңғы қорғайтының осы траншея. Ие бол!
Әрі асып кетеді. Қайсар Намысұлының қасына жетіп барады.
Қайсаp. Бақытжан аға! А, кешіріңіз, жолдас комбат! Анық па? Анық шегінбейміз бе? Намысұлы. Артымызда Москва, енді қайда, қайда ғана шегінбексің? (Жүріп кетеді. Соғыс саябырлайды.) Қайсар (шаттанып траншеяға секіріп түседі). Уһ, ар байғұс аман қалды-ау, әйтеуір. (Ойланып.) Соның құрметіне айтып жіберетін Мейрам ағайдың кешегі өлеңі қалай еді? (Автоматын домбыра қылып ақырын әндетеді.)
Біз құрбан, туған елім, сен аман бол,
Асқар тау, бетегелі бел, аман бол,
Қанымдай қасиетті суың қымбат,
Айдын көл шалқып жатқан, сен аман бол!..
(Әнінің аяқ жағына Жанбозов келіп қосылады.)
Ел десек, елемеуші ек жауған оқты,
Белдескен басушы едік талай топты.
Москва, сен емес пе ең біздің ана,
Ана үшін болмаймыз ба айтқан тоқты.
Намысұлы шығып жақындайды.
Намысұлы. Па, серілердің серпер жерін тапқанын. Жау қырам деп қыра алмай, ерлер отыр ұялмай. Жауды қуып келудің орнына қашып келгенге мәзбіз-ау, сірә?
Қайсаp. Бас көрікті!
Жанбозов. Әй, батыр-ай, осы жолы көрікті баса алмай қалдық қой деймін. Комбатымыз төбеден дәл ұрды ғой. Намысұлы (бинокльмен алысқа қарап тұр). Кеудеден жан кеткендей әннен сән кетіп тұр-ау, бауырлар! Сонау Москваның үстінде ашық аспан бетіне бедер салған жұдырықтай қара түтіндерді көрдіңдер ме?
Жанбозов. Көріп тұрмыз-ау...
Намысұлы. Көрсең, ол не?
Жанбозов. Не деуге болады? Жан анаңа, ғазиз анаңа тиген тепкі дермісің?..
Намысұлы. Ендеше, сол тепкі біздің кекті жанысын. Мұқалмас, өшпес кекті жанысын! Қайсаp. Жанып-ақ, жаланып-ақ ұрып жүрген жоқпыз ба осы. Құрсауын үзіп, қоршауын бұзып-ақ келдік қой. Намысұлы. Бұзып-ақ келдің! Қайда келдің? Шегінгеніңе шелиемісің? Москваға жеткенге мәзбісің?
Қайсар. Әй, енді кім шегінсе де атармын-ау.
Намысұлы. Қайнар қаның, қайнар. Бірақ әлі қайнап піскен жоқсың, жалғыз сен емес, тіпті, біздің бар батальон әлі піскен жоқ. Бәріміз де әлі шикіміз. Батальон жайын ойласам, жігерім құм болады. Жаудың қоршауын бұзып шыққанымыз өзімізге әлдеқандай көрініп еді, ойласам, олай емес екен.
Жанбозов. Енді қалай?
Намысұлы (сырттан біреуді көргендей). Оны кейін естірсің, бара тұрыңдар! (Қайсар мен Жанбозов кетеді, қасында Григорьев пен адъютанты бар Панфилов келе жатыр.) Панфилов (сахнаға шыға бере траншеяның кемерін ұстап көріп). Мына қорғандар жауынгерлерді желдің өтінен де қорғай алмас! (Өзіне қарай беттеген Намысұлын көріп.) Намыс! Жайынды естідім, баяндамай-ақ қой! Айтшы! Тайғақтың асуындай осы кесір асуда ер кім болды, ез кім болды? Соны тани білдің бе?
Григорьев. Осылардың ері көп, езі аз болған-ау деймін.
Панфилов. Сен неге үндемейсің?
Намысұлы. Ерлікті таңдап алу да, ездікті таңбалап беру де қиын ғой, жолдас генерал. Біз осы екеуінің бірінен шығып, біріне жете алмай, аралықта жүрмесек.
Панфилов. Дұрыс, мақтанбасаңыз мақұл.
Григорьев. Әрине, әсіресе жаралы жолдасын жау қолына тастай қашқан қорқағы бар командирдің мақтанбауы сыпайы.
Панфилов. Жә, Ғалиевті жау қолына тастай қашқан "батырды" шақыртшы.
Намысұлы. Жолдас генерал! Ол біздің арамыздан кеткен-ді.
Панфилов. Қайда?
Намысұлы. Ол атылды.
Панфилов. Атылды?
Григорьев. Кім атты?!
Намысұлы. Сол жазалары үшін біз аттық.
Панфилов. Аттық?! Рұқсат еткен кім?
Намысұлы. Рұқсат еткен де, атқан да мен өзім.
Панфилов. Мен өзім? Саған мұндай правоны берген кім?
Намысұлы. Неміс қоршауында бар совет үкіметі бір өзім болдым, енді қайтейін.
Панфилов. Сенің осыныңда ағаттық бар ма, жоқ па, өзің не дейсің?!
Намысұлы. Жолдас генерал, оған ешқандай шәк-шүбәм жоқ, ағат емес.
Григорьев. Сонда сен өз бетіңмен ата бермекпісің?
Намысұлы. Ондай ез, намыссыз, қорқақты ату керек, әлі де атамын!
Григорьев. Сөйтесің бе сен? Алды-артыңа қарамай, тап беріп, тарс жарылып отырсаң, армия не болмақ? Ала мінез қаптамай ма, егінді басқан арам шөптей?
Намысұлы. Арам шөп?!
Григорьев. Иә!
Намысұлы. Ондай арам шөпті жұлатын да тастайтын еді ғой.
Григорьев. Жұлынуы ғажап емес.
Намысұлы. Онда менің атым арам шөп екен, жұлыңыз да тастаңыз. (Айналып кетпек болады.) Григорьев (ақырып). Тоқта! Бұл нендей тәртіп? Кімнің алдында тұрғаныңды білемісің?
Панфилов. Кешке штабқа кел.
Григорьев (Намысұлына жақындайды). Ашумен емес, ақылмен кел, бар! (Намысұлы кетеді, Григорьевтің көзі ол кеткен жақта.) Бұл не, жолдас генерал? Панфилов (бинокльмен алысқа қарай тұрып сөйлейді). Бұл біздегі әлі түлеп болмаған түлектей жас батальон. Мына мінез, мына қылық соның айғағы. Григорьев. Біз піспеген, жас деген сөзді әрқашан да айтамыз, пісіретін күніміз бар ма, жоқ па? Панфилов. Иә, иә, біздің төселген тәрбиеміз қайда? Толықси толған тәжірибеміз қандай? Егерде оларымыз өз басымыздан аспайтын мардымсыз бірдеңе болса, мардамсу неменеге керек?
Григорьев. Соның жауабын табайықшы.
Панфилов. Оның жауабы сол: мұнан былайғы біздің бүкіл дивизияның таразысы сол жас батальонымыз болады. Сол батальон еңіреген ер, балғын батальон болғанда ғана дивизия деген жеріне жетті, биік белге шықты дерміз, серт осы ғана. Тек, ол тілекке жету үшін командирі сай болсын.
Григорьев. Намысұлы сай емес пе?
Панфилов. Сіз оны әлі де командир болып қалсын деймісіз?
Григорьев. Сізше қалай?
Панфилов. Ол орнынан алынуы керек сияқты.
Григорьев. Онда Намысұлының жаңағы өзіміз айыптаған мінезінен біздің айырмамыз қайсы?
Панфилов. Сіз енді аяй бастадыңыз ба оны?
Григорьев. Оны аясам, сізді де аяғаным. Өйткені сізге сондай батыр командирлер ғана серік бола алады. Панфилов. Ойлану керек. Жә, жүріңіз. Қоршаудан келген жауынгерлердің жайын көрейік. (Бұлар кетеді, блиндаждан Қайсар мен Жанбозов көрінеді. Сырттан Намысұлы келеді.)
Жанбозов. Иә, жәй-күйді білдіңіз бе?
Қайсаp. He аңғардыңыз?
Hамысұлы. Аңғар жайсыз, біз кінәлі секілдіміз.
Жанбозов. Қалайша?
Намысұлы. Қорытылуы жетпеген қорғасындай қалпымыз, шемендей басып жатыр. Қайсаp. Қорытылмаған қорғасыны несі, қайнаған болаттай-ақ ұрып жүрген жоқпыз ба осы? Жанбозов. Майдандағы барлық батальон дәл біздің батальондай соғысса, біздер ендігі Берлинге де жететін едік.
Намысұлы. Тәжірибеміз де, тәртібіміз де кем, көп нәрседен кендеміз.
Қайсаp. Тіпті тәртібіміз де ешкімнен кем емес.
Намысұлы. Сенің осыңның өзі тәртіпсіздік емес пе?
Қайсар. Мен не жаздым?
Намысұлы Командир емессің, политрук емессің, қымыздың қызу кеңесінде отырғандай кие-кие жөнелесің, бұл не?
Қайсар. Бас көрікті! Ал қойдық, жанжалы құрысын.
Намысұлы (ақырып). Смирно! Қара тұрысын. Кр-у-го-м, ша-гом-арш! (Қайсар оның айтқанын орындап кете барады. Намыс Жанбозовқа ашулы көзбен қарап аз тұрады да, өзін-өзі күшпен тежеп.) Егер осыдан Мейрам жау қолында тірі қалған болса, менен аяуды да, соғыс сотынан қорқуды да күтпе! (Жүріп кетеді.)
Жанбозов. Жолдас комбат...
Намысұлы. Жаралы жолдасын жау қолына тастайтын сондай қорқақтың ротасында взвод командирі болып жүру – сенің ездігің. Жүр, генерал сенің ротаңа қарай беттеп келеді. (Екеуі кетеді. Сахна аз уақыт бос. Аздан соң, жаралы Мейрамды сүйемелдеп Нина келеді.) Мейрам (жан-жағына қарап). Қауіпсіз жерге жеткен секілдіміз, сонау бір ағашқа отырып демалайықшы. Нина. Майдан шебінен өттік, бірақ қауіпсіз жерге әлі жеткеніміз жоқ. Шыдаңыз. Мейрам. Майдан шебінен өтсек, уәделі жерімізге де жетіппіз ғой. Енді айтыңызшы, мен кімге қарыздармын, сіз кімсіз осы?
Нина. Мыңдаған, жүздеген қарындастың бірі деп білсеңіз жетпей ме?
Мейрам. Жөніңізді неге айтпайсыз?
Нина. Өзіңіз де әлі айтқан жоқсыз ғой.
Мейрам. Мен сіз айтпағандықтан іркілемін.
Нина. Әлде мен сізге шпион, сайқал болып көрінермін, солай ма?
Мейрам. Бұл не дегеніңіз?
Нина. Жау қолында қалған командирді құтқарған болып, өзі өткелі жүрген шпион болсам ғажап па? Мейрам. Айтпайтын түріңіз бар екен, айтпассыз. Бірақ, кім де болсаңыз, тірлікте сізден зор қарыздар жаным болмас. Тек білмегенім үлкен арман болар да қалар! (Бұлар сахнаның орта тұсына жеткен кезде, Намысұлы мен Қайсар келіп тұра қалады.) Нина. Өлімнен өзім құтқарып әкелген ердің жөнін білмеуім маған да арман болар.
Мейрам. Ұмытшақ екенсіз, мен атымның Мейрам екенін айттым ғой.
Намысұлы. Мейрам! (Тани кетіп, тұра ұмтылады.)
Қайсар. Мейрам, ағатай!
Мейрам. Бақытжан аға! (Екеуі сүйіседі.) Қайсарым! Батыр бауырым!
Намысұлы. Бауырым-ау, бар ма едің, тірі ме едің? Қайсар, шақыр санитарларды! (Қайсар кетеді.) Сенен айрылғалы алай-түлей күйге түсіп, жүрегім тілім-тілім еді. Ал, сөйлеші... мынауың кім?
Мейрам. Осы кісі мені құтқарып келген.
Намысұлы. Сіз кім едіңіз?
Нина. Мен советтің жәй бір қызымын.
Мейрам. Қарыздарым да, жөнін білмеген жұмбағым да осы кісі.
Намысұлы. Жұмбағым? Сіз қалай кездестіңіз, қайдан келе жатыр едіңіз?
Нина. Мен дивизия штабын іздеп келемін.
Намысұлы. Қай дивизияның?
Нина. Сіздер қай дивизияның адамы едіңіздер?
Намысұлы. Маған сұрау бермей, жауап берсең қайтеді, қарындас. Қай дивизияны іздеп жүрсіз? Нина. Іздеген дивизиям сіздің дивизия болар. Мені штабқа тезірек жеткізсеңіз қайтеді? Намысұлы. Ол тілегіңіз орындалады. Мынадай комбат жолдасымызды аман алып келгеніңіз үшін, бәріміз де сізге борыштымыз. Бірақ жөніңізді айтпай жұмбақ тастап кеткеніңізге қайранбыз, оны жасырмаймын.
Нина (күліп). Сіз тым турашыл екенсіз.
Намысұлы. Күйінгенім мен сүйінгенім бәрі де тілімнің ұшында жүретін кісі едім. Нина. Ол жақсы сипат, бірақ әр мінездің әр алуан кезі бар ғой. Егер менің орнымда болсаңыз, мүмкін сіз де мен тәрізді жұмбақ боларсыз. Намысұлы (күлімсіреп). Ынтықтыра біледі екенсіз, қарындас, бара ғой. (Адъютантына). Мына кісіні штабқа сен алып бар. Немене аузың ашылып, көзің жұмылып кеткен... (Күбірлеп.) Көзің мәңгі жұмылып кетпесін. (Картаға үңіледі.)
Нина. Қош болыңыз, аңғал досым. Менің атым Нина, ұмытпаңыз.
Мейрам. Нина! Сізді мәңгі ұмытпаспын, Нина. Бірақ аңғал атандырған айыбымды білсем екен. Нина. Оны білу үшін тез жазылыңыз. (Адъютантқа.) Мен тәртіпке келіп алайын, кішкене мұрсат беріңіз. (Шеткері барып, тарана бастайды. Мейрам онан көз алмай күрсінеді.)
Намысұлы. Е, не болды сонша?
Мейрам. Ағып өткен жұлдыз ба қалай, көзді еріксіз тарта береді.
Намысұлы. Көзің тұнжырап-ақ қалған екен.
Мейрам (күлімсіреп). Өз көзіңіз де түлкіге шүйілген қыранның көзіне ұқсап кетті-ау, деймін.
Намысұлы. Қашан?
Мейрам. Жаңа сол қыз алдыңыздан өте берген шақта.
Намысұлы (күліп). Е, сен арыстай болып арқасына мініп келгенің аз болғандай, енді қызғанайын деп пе едің? (Осы кезде Қайсар мен Жанбозов жетіп келеді.) Жанбозов. Бәсе, сені ажал жеңді дегенге сенбеп ем, келші бері. (Ол ұмтылып келіп құшақтай бере, Мейрамның жаралы аяғына соқтығады.)
Мейрам. Ой, аяғым... аяғым! (Нина ұшып келеді.)
Нина. Жолдас, сізде көз бар ма?
Жанбозов. Ғапу етіңіз! (Жалт қарайды.) Ақыным-ау, сенің жаралы аяғың үшін жаны торғай болып шырылдаған бұл кім еді?
Мейрам. Кім екенін даусынан-ақ таныған жоқсың ба?
Жанбозов (қадала түсіп). Жоқ, тани алмадым, бұл кім еді?
Мейрам. Аярлығы жоқ, адал жанның даусын қалай танымадың?
Жанбозов. Сен ақындығыңа басып кеттің, оған менің миым жетпейді, онан да бетіңді әкел. (Құшақтап сүйіп.) Шынымен топырақ астында тыпырлауға да келмей қалсаң, жыламас едім, қорланар ем. Мейрам. Қайран Сабырым-ай, бір жылда туған қадірлес құрбым-ай, сен болмасаң менің өліміме өкпені кім айтады?
Адъютант. Генерал келе жатыр.
Намысұлы. Тұрыңдар! (Мейрамнан басқалары атып тұрады.)
Панфилов (сөйлей келеді). Жолдас Намысұлы! Осындай толасты пайдаланып, қорғандарды нығайтып алыңдар. (Мейрамды көре сала қуанышты үнмен.) Мынау кім? Мейрам!
Мейрам. Сәлеметсіз бе, жолдас генерал! Жолдас комиссар!
Панфилов. О, жолдас Ғалиев! Жоққа саналған батальон аман келді, өлді деген сен тірі келдің, қандай жақсы!
Григорьев.Ал, сөйлеші, қайда қалдың? Қалай келдің? Кім жеткізді? Мейрам. Мен басып қалған топырақ астынан қыбырлап жер бетіне шыққан едім, қанша уақыт өткенін білмеймін, сәтімен мына бір қыз кездесті де, ұзақ бейнетпен сол алып келді.
Панфилов. Жараң ауыр емес пе?
Мейрам. Онша ауыр емес.
Нина (Қайсарға күбірлеп). Генерал Панфилов осы ма?
Қайсар. Осы, жоқ, білмеймін, білсем де айтпаймын.
Адъютант. Иван Васильевич, Валя келе жатыр.
Қасында екі санитарка бар Валя келеді.
Валя. Папа! (Ұмтылып келіп әкесін құшақтай алады.) Папа!
Панфилов (Валяның маңдайынан бір сүйеді де, бетін Намысұлы тұрған жаққа бұрып, арқасынан бір қағады). Сен енді медсестрасың. Валя (Намысұлының алдына барып). Жолдас ата лейтенант! Сіздің шақыртуыңызбен келген медсестра Панфилова. Намысұлы. Мынау жаралы кіші лейтенант Ғалиевті тезінен санбатқа жеткізіңдер.
Валя (санитарларға әмір етеді). Көтеріңіздер!
Григорьев. Валя, көріспегенімізге көп болды ғой осы!
Панфилов. Мұның өзі папасын көп сағынбайтын болу керек, іздемейді де.
Валя. Сағынғанмен қайтейін, соғыс.
Панфилов. Дұрыс айтасың, соғыста кім папасының қасында жүр! Мына Ғалиевті менің қолыма тез жазып беріңіздер. Осы тана менің сізден өтінетінім, жолдас медсестра.
Валя. Құп, жолдас генерал! (Мейрамды әкетеді.)
Нина. Сәлеметсіз бе, жолдас генерал!
Панфилов (жалт қарап). Сіз кім едіңіз?
Нина. Иван Васильевич, мүмкін болса, сізге оңаша айтарым бар еді.
Панфилов (оңашарақ барып). Ал, айтыңыз.
Нина. Мен сізге жау қолына өзіңіз қалдырып кеткен Руза деревнясындағы Захар досыңыздың, онан арты ормандарда жатқан партизандардың сәлемін әкелдім.
Панфилов (барлап қарап). Захар? Ол кім?
Нина. Ол менің әкем, басқаның кім екенің өзіңізден сұраңыз.
Панфилов. Өзімнен қалай?
Нина. Онда Чапаевтың жорықтарынан сұраңыз.
Панфилов. Атыңыз кім?
Нина. Ескі атымды ұмыттым, жаңа атымды сіз айтыңыз. (Панфилов оның екі жарылып маңдайына түсіп тұрған шашының сол жақтағы шоғын қайырады да, көзіне қарайды.)
Нина (күлімсіреп). Жаңылып тұрған қолыңыз ба, ойыңыз ба?
Панфилов маңдай шаштың оң жақтағысын қайырып қарайды да, мөлдір қара меңді көреді. Панфилов. 0, менің Нина дейтін өжет партизан қызым сен бе едің? (Қол алысып.) Менің ол қарт досымның халі қалай, жақсы ма? Нина. Ар жақтан келгенім кеше ғана еді, үмітінен басқа жақсы халін көре алмадым.
Панфилов. Өз халің қандай?
Нина. Чапаев атындағы партизандардың сіздерге ұшырған тұңғыш қарлығашымын, халім қанатсыз болса, бұлай алысқа ұша алмас едім ғой. Панфилов. Қызым, сен мені қатты қуандырдың, ендігі әңгіме штабта болсын. Машинаға отыра бер, мен де кешікпеспін. (Нина мен адъютанты кетеді. Панфилов Намысұлына жақындап.) Жә, жолдас Намысұлы! Өлді деген Ғалиев тірі келді, ал сіз өлімге бұйырған адамның қылмыс жағдайы не болмақ? Намысұлы. Меніңше, Ғалиевтің жағдайы өзгергенімен, қылмыс жағдайы өзгерген жоқ, жолдас генерал.
Григорьев. Сіздің осы қыңырлық жағдайыңыздың өзгеретін күні бар ма? Намысұлы. Менде ешқандай қыңырлық жоқ, сондықтан өзгеретін де түгім жоқ, жолдас комиссар.
Григорьев. Жолдас генерал! Кешіріңіз, мен Намысұлын танымай келіппін. Панфилов. Сенің жеке басында алғырлық та, ерлік те бар. Сені жауынгерлердің де қатты сүйетінін жаңа көріп келдік. Әсіресе, қоршауда қалған ауыр күндерде де, сен олардың көңіл күйін таба біліпсің. Бірақ, сонымен қатар батальонның болашағына келтіретін ұрыншақ, ағаттықтарың да бар. Сол себепті сен батальон командирлігінен алынасың! (Қасындағыларға иек қағып.) Жүріңдер! (Олар кете береді.)
Қайсар (ақырын ғана). Ба-с кө-рік-ті.
ШЫМЫЛДЫҚ
Екінші сурет
Дивизияның штабы. Перде ашылғанда Панфилов, Григорьев екеуі картаға қарап ой Үстінде отыр. Панфилов. Москва... Москва... Қайнар күн, қысылшаң сағат жетті, міне, жолдас комиссар. Жау бүгін Москваға қарай жұлқынуда, әлі мұнан да қатты жұлқынады. Ондай тасқын апатқа қарсы қояр менің барлық тосқауылым да, қарсы соғар барлық қайратым да, жұмсайтын барлық айла-тәсілдерім де осылар. Қалай, ажалдың мұндай шахматы сізге ұнай ма?
Григорьев. Жоқ, ұнамайды.
Панфилов. Неге?
Григорьев. Айла-тәсілдеріңіздің бәрі де тамаша. Әсіресе, артиллерияны алға шығарып танкісімен жекпе-жек соғыстырмақ болған жаңа тәсіліңізге қатты сүйсіндім. Бірақ генерал Фогельдің тыңайып алған танк дивизиясы біздің қарсымызға келіп тағы түсті. Бұл сапар екі жағына "СС"-тың екі полкін ала түсті. Полк болғанда қандай, Москваның көшелеріндегі соғысқа арналып, бақайшақтарына дейін моторланған нағыз дүлейлер. Біздің бір ғана дивизия үшін бұл аса ауыр, жолдас генерал, ауыр. Панфилов. Иә, жеңіл емес. Европаны таптаумен жемсауын темір крестерге толтырған генерал Фогельдің Москваға бірінші болып көруге ант еткен күні кешегі күн. Біздің міндет — оларды қалайда осы жерде қаусату.
Григорьев. Ол үшін корпустан көмек сұраңыз. (Телефонға беттейді.) Панфилов. Көмек сұралар да, алынар, бірақ бұл мақсатқа жетудің кілті көмекте емес, сіздердің қолдарыңызда, жолдас комиссар.
Григорьев (телефонды ала беріп тоқтайды). Қалайша?
Панфилов. Жауды Москваға жеткізбей қаусата, шағын құрал дәл қазір солдаттардың қолында емес, жүрегінде. Ол жүректі жауға қарсы жұмсай алатын сіздер, комиссарлар, саяси қызметкерлер! Осы хал, Отанымыздағы осы намыс жауынгердің санасына түгел жетсе — жеңдік, жетпесе — жеңілдік, екінің бірі. Григорьев. Ол жетуде, әлі де жеткіземіз. (Телефонды алады.) "Оралды" бер! Бұл кім? "Орал" керек... Сөйлеп тұрған "Волга". Сіздердегі саяси қызметкерлер қайда? Бәрі де алдыңғы шептерде ме? Жақсы. Қазір біз де аттанамыз, әзір тұрыңыз! (Телефонды қояды.) Мен кеттім, жолдас генерал! Панфилов. Барыңызшы. Жауынгерлердің жүрегіне ез мың өлгенде, ердің бір-ақ өлетінін жеткізе біліңіздерші. Клочковтардың бүгінгі ұшқындай ерлігінен ертең өрт қаулар ма екен, барыңыздаршы. А, кішкене! Сол Намысұлын қайтеміз?
Григорьев. Меніңше, оны әзір қоя тұрған жөн. (Кетуге ыңғайланады.) Панфилов. Онда тоқтаңыз! Біз осы жөнінде де өзіміз ұғысып алайық. Намысұлы туралы сіздің нақты ойыңыз немене осы?
Григорьев. Мен оның ерлігіне, тапқырлығына шәк қылмаймын.
Панфилов. Солдаттар арасындағы беделіне де шәгіңіз болмас?
Григорьев. Отан да. Бірақ командир болу үшін әскерлік тәртібі мен тәжірибесі жеткілікті емес. Сол себепті ғана қарсымын. Ұсақ ұлттардан шыққан мұндай ер адам бізде аз. Сондықтан біздер оның жайын жауапты түрде қатты ойланып, сақтай пайдалануымыз керек. Егер оны осыдан тағы сүріндіріп алсақ, қайта көтеріп алу қиын. Өйткені ол майыса білмейтін болат сияқты, бір сынса, қатты сынатын мәрт адам. Панфилов. Оның бойындағы қасиеттерді өте дұрыс байқағансыз. Бірақ мен сізге бір құпия сыр айтайын: оның қорқақты атуы сүріну емес — сілкіну. Бүкіл батальонды сілкіндіру. Ол жағдайдың әмірі. Мен мұны солай түсінемін де, мұндай арыстан адамды мынау қатерлі шақта жаумен алыстырмай ұстап отыру қылмыс деп білемін. (Адъютантына.) "Талғарды" жалға! Григорьев. Олай болса, өзіңіз арыла сөйлесіңіз. Егер ұрысты басқаруға қазір қосатын болсаңыз, өз көмегіңізге алыңыз. Панфилов. Болды, байлау сол. Сіз тез оралғайсыз. (Григорьев кетеді. Панфилов телефонды алып.) "Талғарды" бер! Сөйлеп тұрған "Алатау". Артиллерия алдыңғы шепке жетті ме? Енді, снаряд үздіксіз жеткізіліп тұрсын! Дұрыс. Қай батальонды қоршамақ? Оның оң жағындағы қай батальон еді? Бар пейіліңді соған сал... Жоқ, резервтің кезін өзім айтамын, мақұл, бар. Сол жерге жетісімен маған хабар ет. (Телефонды қояды, сылдырды естіп қайта алады.) Иә, апырай, не дейсіз? Тағы да Клочковтар ма айқасып жатқан. Бұл жолы қиратқаны нешеу дейсіз? Он жеті! Ғажап... ғажап... иә, ол бір жігіт... бірақ сіз алданып қалмаңыз, бар күшін бірден лақ еткізетін немістер де ақымақ емес, бұл алдыңғы толқыны ғана болар. Сіз кейінгі ауыр толқынға, Москваға тікелей түйілген соңғы соққыға әзір тұрыңыз. Кешікпей ол да басталар. Резервті салар кезіңіз сол. Кешікпей өзім де қасыңызға жетермін. Оған дейін үрдіс хабарды үзбеңіз. (Телефонды қояды. Адъютант келеді.)
Адъютант. Жолдас генерал! Аға лейтенант Намысұлы келіп тұр.
Панфилов. Келсін. (Адъютант кетеді. Намысұлы келеді.)
Намысұлы. Жолдас генерал, сіздің шақыруыңыз бойынша келдім.
Панфилов. Отыр, Намысым, отыр... Алдымен саған бір ерлік хабарды айтайын. Өзіңнің досың политрук Клочков бастаған азғана топ мана таңертең жаудың он төрт танкісін қиратып еді, жаңағы бір кезде жау шабуылын күшейткен екен, он жеті танкісінен тағы айрылыпты.
Намысұлы. Бұл бүкіл армияның үмітіне от беретін ерлік екен.
Панфилов. Сенің кешегі тың ерлігің де менің үмітімді ақтай бастады. Бірақ сенің бөліміңдегі бар жүректер, барлық бастағы ой бір өзіңнің ойындай толғанса, барлық білек бір өзіңнің білегіндей қайрат серпіп, бірдей ұрса деуші едім. Сенің алдындағы үлкен сын осы екенін ұғынып жеттің бе?
Намысұлы (атып түрегеліп). Жолдас генерал!
Панфилов. Отыр.
Намысұлы (қайта отырады). Иван Васильевич, сіз маған үлкен қамқор командирдің де, туған әкенің де айтатын сөзін айттыңыз. Бұл шынайы сөзіңіздің орайына, маған да бір шыншыл жауапты айтуға рұқсат етіңіз.
Панфилов. Айт, екеуіміз сырлас болмай, береке болмайды.
Намысұлы. Ендеше, мен Отанымның жауына қарсы осы майданға не алып келдім, немен келдім? Партияның таза тәрбиесін алып келдім, жауға деген жиреніш, Отанды сүйген жүректі ғана әкелдім. Жауынгер халық бола тұра, жүз жыл бойы қолына қару алуға правосы болмай келген елімнің намысын әкелдім. Әскери білім, ысылған тәжірибе әкелгенім жоқ қой. Панфилов. Оны кім түгендеп әкеліпті? Бәріміз де осы соғыстың әр сағатынан, әр қыспағынан оқып-тоқып келе жатқан жоқпыз ба? Намысұлы. Бәсе, ендігі ойым: әкелмегенім есеп емес. Өлсем де соны табуым керек, жетуім шарт. Менің сыным сол болу керек деймін. Панфилов. Ол сенің ғана сының емес, менің де сыным. Сен жетесің, мен жеткіземін. Ең керекті қасиет — жаңағы өз айтқандарың, ол сенің өз бойында бар. Ал, тәжірибе мен тәртіп жолдан табылады, жүре табылады. Оны сен табасың, мен тапқызамын. Ол үшін сен батальоныңа қайта командир боласың.
Намысұлы. Қайтадан?! Қалайша?
Панфилов. Біз сырласып болдық. Енді бұйрықты тыңда! (Сөйлей түрегеледі. Намысұлы атып тұрады.) Мезгіл ауыр, хал қатер. Қазіргі осы жүріп жатқан соғыстан бастап, бізге үлкен соққы түйілді. Бүгінгі, ертеңгі күндер жаудың бізді басып-жаншып Москваға өтпек күні. Сенің батальоның сол зор қатердің алдында тұр. Мың жүректің бір жерден соғатын кезі жеткені осы. Не дейсің осыған? Намысұлы. Москва үшін жаным құрбан деуден басқа айтарым жоқ, жолдас генерал. Панфилов. Үстіңнен жау өткізбей, батальон рубежін не болса да, ертең кешке дейін ұстап тұра аламысың? Есінде болсын, саған жаудың бір полкі шабуыл жасауы мүмкін. Өйткені сенің батальоның өткелде жатыр. Намысұлы (ұзақ ойланып). Онда, өткізбеймін деп айта алмаймын. Бірақ бір адым шегінбеске ант етемін! Панфилов. Қолыңды әкел! Олар өтпейді ендеше! (Қол алысады). Бүгіннен бастап, сен өз қарамағымдасың. Ерлігің ел-жұртың мақтан етерліктей болсын, сондай бақыт тілеймін. Қош! (Намысұлы кетеді. Панфилов оны есікке дейін шығарып салып, ауыз үйде әлдекімдерді көргендей болып.) А, сендер де жеттіңдер ме, келіңдер! Бері жүріңдер! (Нина, Мейрам, Қайсар келеді.) Иә, жөнелуге әзірсіңдер ме?
Мейрам. Әзірміз, жолдас генерал.
Панфилов. Басқаларың қайда?
Мейрам. Сыртта тұр.
Панфилов. Жасыратыны жоқ, бұл жорықтарыңның жүгі ауыр, жолы қиын, айтатындарың жоқ па?
Мейрам. Өзіңізде болмаса, бізде жоқ.
Панфилов (ойланып). Мен айтарымды айтып болған секілдімін. Москвадан қалған қан ғана — қан, Москвадан қалған жан ғана — жан. Анасын сүйген әр жүректің Москва үшін оқ боп атылып, бомба боп жарылар шағы жетті. Сендерге де, сендер бара жатқан партизан бауырларға да ендігі айтарым сол ғана.
Мейрам. Сәлеміңіздің оларға Оған әміріндей болып жететініне сеніңіз. Панфилов. Мен саған әрқашан да сенемін. Соңғы бір айтарым, қайтар жолда мына Нинаның әкесі Захар қартқа соғып, Фотельдің жай-күйін біле келіңдер. Айбаров, саған айрықша міндет: сол Фогельдің штабынан бір "тіл" әкелесің.
Қайсар. Е, ол оңай ғой.
Панфилов. Оңай емес, қиын. Сен тағы да фашистердің өлексесін әкеліп жүрме.
Қайсар. Осы сапар маған да сеніңізші.
Панфилов. Жарайды. Нина! Бар аманатты мыналарға, бұларды саған тапсырдым. Бұлардың амандығы үшін, барлық айла-тәсіліңді аяма! (Мейрамға.) Сендер мұнан күдіктене бермей, жүрегін тыңдай біліңдер.
Қайсар. Ол тыңдауды Мейрам ағай міндетіне алған.
Панфилов. Ол не сөз?
Қайсар (абыржып). Нинаның алдындағы борышына шашы жетпейді дегенім ғой.
Нина. Өзің алтынды Алтайдың талай қызына борыштарсың-ау, ә, бауырым?
Қайсаp. Оның рас, тәтежан. Кейде сол қыздардың шолақ айдарын да сағынамын. Панфилов. Сағын, сағын... Сағынарыңның бары жақсы. Осы сапар үшеуің біріңді-бірің сағынатындай болып келіндер. (Нинаның қолын қысып.) Әкеңе менен алғыс айт, үлкен достық сәлем айт. Жасымасын. Қайта көрісетін күн енді алыс емес деп айтты де, қош! (Қайсарға жақындап.) Қолыңа түскен фашистерді (қолын сығымдап) сенің бүйте салатының болатын, құдай үшін осы сапар тірі әкел! Қайсар. Мен айтқанымнан қайтпаймын. Тірі әкелемін дедім, амал жоқ, фашист болса да тірі әкелемін. Панфилов. Алдын ала рақмет саған. (Қолын Мейрамның иығына салып.) Сен автоматпен қаламды қабат жұмсап, немістерді өзіңе қатты өшіктіріп алдың, сақ бол! Мейрам. Менің оларға деген өшпенділігім мұнан сегіз жыл бұрын рейхстаг өртенген күннен бастап тұтанған-ды.
Панфилов (күлімсіреп). Сегіз жылға бір-ақ сарт еттің-ау.
Нина (өзіне). Қиырдан қиырға ұратын нажағай секілді.
Панфилов (қолын қысып). Сәт сапар!
Мейрам. Қош болыңыз!
Бұлар кетеді. Панфилов солар кеткен жаққа қарап ойда тұр, телефон сылдырлайды.
Адъютант (тыңдай сала). Қазір! Жолдас генерал!
Панфилов (телефонда). Мен тыңдап тұрмын. Не хал, тез айтшы, не дейсің? Әлі де шегініп бара ма?.. Өз халдерің қалай? Амал не, резервті салыңдар. Бірақ арты бүйіріңнен қысып кетпесін! Сақ, берік бол! (Телефонды қойып, картаға келеді.) Иә, хал ауырлады, Талғар полкінің қатарындағы көрші дивизия шегініп кетті, біздің сол жағымыздан қауіп қатты түйілді. (Григорьев кіріп келеді.) Григорьев. Иван Васильевич! Корпус командованиесі сол жақтағы дивизияның шегінуі бізге зор қатер төндіргенін ескертеді.
Панфилов. Не істе дейді?
Григорьев. Шегініңдер дейді.
Панфилов. Қандай қатердің төнгенін де, олардың шегініңдер дейтінін де, шегінер жердің қалмағанын да біліп отырмын. Саяси қызметкерлеріңіз аттанды ма?
Григорьев. Тегіс аттанды. Қазір алдыңғы шепке өзім де барамын.
Дежурный. Жолдас комиссар, сізді телефон күтіп тұр.
Григорьев. Берер нақты жауабымыз не болмақ?
Панфилов. Қатердің ауырлай түскенін ескерткендеріне алғыс айтыңыз, басқа жауабымыз әзір жоқ.
Григорьев. Олардың күткен жауабы бұл емес қой.
Панфилов. Менің олардан күткен бұйрығым да бұл емес. (Ашынып.) Түсінесіз бе, жолдас комиссар, бұл емес, бұл емес. Григорьев. Сіз өзіңіз үшін сол дивизияңызға төнген қатерден де ауыр, зор қатер жасап тұрсыз, жолдас генерал. Панфилов. Қате! Ол не? Сіз оны жақсы білсеңіз, мынаны айтыңызшы! Отанымыз дүниеде теңдесі жоқ алып бола тұра біздер, ұятынан бет өртенетін мұндай өкініші мол күйінішті күйге қалай түстік?
Григорьев. Оның жауабын ертең тарих береді.
Панфилов. Онда тарихтың жүгін арқалап әуреленбеңіз.
Григорьев (шіміркеніп). Сіз шаршапсыз, жолдас генерал.
Панфилов. Көмейіңізге түсіндім. Иә, дәл айттыңыз, шегіне-шегіне шаршадым, жолдас комиссар. Қолбасшыға оны да айта барыңыз. (Григорьев басын бір шайқайды да, тез кетеді. Сыртта соғыс сарыны үдей түседі. Панфилов жалғыз ауыр қиналуда.) Шегіну! Тағы да шегіну! Қайда? Москва ма ендігі жауға таптатарымыз? Қайда, қайда біздегі намыс? (Отыра кетеді. Денесі мұздағандай бірте-бірте бүрісе түседі. Сыртта соғыс сарыны үдеп барады. Оны елейтін емес, бір нысанадан көз алмай қатып қалған. Анда-санда күбірлейді.) Намыс! Намыс! (Осы кезде Валя кіріп келеді.)
Валя (көңілді кірсе де әкесінің көңіл-күйін тез сезе қалады). Папа! Па-па!
Панфилов (оған қарамастан қол созып). Кел, келші, қызым!
Валя (әкесінің алдына келіп тізерлеп отыра кетеді). Уақытыңызды алмаймын ба, папа? Балалардан, мамамнан хат келіп, соны сізге әкеліп едім.
Панфилов. Не дейді, аман ба екен?
Валя. Аман. Бар уайымдары сізден хат бармағаны көрінеді.
Панфилов. Ол рас. Мен үшін сен жазшы. Қазір, міне сені сүйгендей, бәрін де сүйдім деп айтты де, бар.
Валя. Папа, сіз бүгін...
Панфилов. Сен менің балам ғана емес, жауынгер серігім де болдың, Валя, Валюта! Азаматтық тірліктің ең зор сын таразысына жеттік, сәт сапар, сын қатаңдап келеді. Сен соны түсіне біл. Өз орнында тастай берік бола біл! Ұқтың ба, осыны? Валя. Ұқтым, папа, сен де өз орныңда сондай берік бол! Берік бол! (Әкесінің маңдайынан сүйеді.) Григорьев (қайта келеді). Иван Васильевич, командование бізге қалайда шегіну керек деп тапты. Панфилов. Шегін десе, оның жауабы да айтылған еді ғой. (Ашумен.) Сіз оны неге айтпадыңыз?
Валя. Папа!
Панфилов (зілмен). Валя! Сен әлі кеткен жоқ па едің? (Валя шыға жөнеледі.)
Григорьев. Сіздің соғыс сотының алдында тұрғаныңызды көргім келмейді, сол себепті айта алмадым. Панфилов. Соғыс сотынан қорықпаңыз. Бүгін осында майдан қолбасшысы Рокоссовский жолдастың өзі келмек. Оның мені қолдайтынына сенемін. (Телефоншы ұсынып тұрған трубканы алып.) Иә, мен тыңдап тұрмын, не дейсіз? Он тоғыз танкі! (Қуанышты). Манағы Клочков бастаған жиырма сегіз бе? Он төрт... он жеті... он тоғыз... Бір күнде елу танкіні қиратқан жиырма сегіз-ақ адам. Ал, жиырма бес жыл армияда болсаңыз да, осындай ерлікті естіп пе едіңіз? А, сіз ғана емес, мұндай ерлікті елдердің жыр дастаны да, тарихы да естіген жоқ. Осы ерлік біздің дивизияның үстінде енді тудай толқитын болсын. Өзгеше атой осы болсын. Мен қазір, міне, сіздерге қарай шықтым. (Телефонды қоя салып, Григорьевке шаттана қарайды.) Ал, жолдас комиссар!.. Айнымас жауап сол: дивизия шегінбейді. Иә, дивизия шегінбейді!
ШЫМЫЛДЫҚ
ІІ ПЕРДЕ
Үшінші сурет
Сыртта, алысырақта соғыс сарыны. Батальонның команда пунктінің
қасы. Жоғарыда немістің құлап түскен самолеті жатыр.
Перде ашылғанда жаралы Намысұлын доктор мен Валя алып келе жатады.
Намысұлы. Жә, осы жер де жетеді, тез ораңдар. Тез!.. Тез!.. Жолдас адъютант, менің жаралы екенімді генералға хабарлаушы болма, ұқтың ба?
Адъютант. Ұқтым, жолдас командир. (Кетеді.)
Доктор. Кәні, мына жерге жантайыңыз. (Қарай бастайды.)
Намысұлы. Соғыс үдеп барады, тездетіңізші.
Доктор. Әй, мына жара сізді соғысқа жібере қояр ма екен, қан көп қой!
Намысұлы. Қан ештеме емес, сүйегім аман. Тез байлаңыз!
Доктор. Сүйек! Сүйек! Досым-ау, денеңізде оқ тұр ғой.
Намысұлы. Оқ тұрса, алыңыз да тастаңыз! Доктор. Алыңыз да тастаңыз. Ол сіздің наганыңыздағы оқ емес. Валя, жарасын мықтап байлаңдар да, санбатқа апарыңдар.
Намысұлы. Бұл жерде пышағыңыз өтпей ме?
Доктор. Достым, мүмкін еместі айтпаңыз.
Намысұлы. Мен ешқайда бармаймын. Не деп барамын? Бүгін не болды, не болғалы тұр? Кешегі жиырма сегіздің қайсысы қаным ақты, жаралымын деп майданды тастады? Солардың асыл қаны, намыс қаны ақпай өлді деймісің? Сөзді қойыңыз да, оқты тез алыңыз.
Доктор. Менің бұл жерде операция жасауға правом жоқ, оған сіз түсініңіз. Намысұлы. Сіздің правоңызды қорғайтын қолхат берейін, сонда сіз мен өлсем де құтыласыз, жасай беріңіз.
Валя. Ағай, бұл жерде операция жасау өте қауіпті, қансырап қаласыз. Намысұлы. Жоқ! (Тістеніп.) Жара ма екен осы неме? Тұла бойынан саулап аққан өз қанын өзі кешіп, ажалға қарсы ақырып ұмтылған жоқ па еді, кешегі менің бауырым Қожабергенов Асқар. (Осы кезде Нина келеді.) А, Нина! Міне, менің емім де келді. Мен енді лезде жазыламын, әкелші қолыңды! Нина. Бақытжан аға, сіз жаралысыз ба? (Қолынан ұстай алады.) Мен сізге оқ дарымас деуші едім. Намысұлы. Дарығанмен қазір қалып қоятын бірдеңе. Өз жөніңді айтшы, өзгелер қайда? Маған неге көрінбейді? Мейрам, Қайсар, қайдасыңдар?
Нина. Бақытжан аға! Олар бұл жерде жоқ.
Намысұлы. Не дейсің? (Басын көтеріп алады.) Олар қайда?
Нина. Қайсар екі барлаушымен бөлініп кеткен еді, білмеймін. Ал, Мейрам?.. Есіл Мейрам!.. (Айта алмай қалады.)
Намысұлы. Сен қыз, не сұмдық айтқалы келесің, қайда, өлді ме?
Валя. Ағай, сабыр етіңізші, жатыңызшы, қайда барасыз?
Нина. Сіз әуелі жараңызды байлатыңызшы.
Намысұлы. Бұл сыртқы жара, сен іш жарасын әкеліп тұрсың. Айт, жаныңның барында. Өлі ме, тірі ме?
Нина. Ол тірі, бірақ немістердің қолында қалды.
Намысұлы. Не дейсің? Тірідей қолға түскен біздің Мейрам ба? Анық па? Анық болса, ондай езді несіне тірі деп тұрсың? Нина. Ол ез емес, оның қасиетін танып келдім, оны мен қадірлеймін, сіз аяңыз.
Намысұлы. Аяңыз! Не қылған аяу, не қылған қадір?
Нина. Өтінемін, айтпаңыз олай. Егер ол өлсе, сіз оның қанын қасиет тұтарсыз, мен оның қабірін құшармын. Намысұлы (аз ойланып). Апырмай, жан сөзі ғой мынауың. Жағалай жұмбақ. Бұл не? Шынымен-ақ екеуінен бірдей айрылғаным ба? Доктор, енді қашан?
Доктор. Жоқ, мен бұл жерде ала алмаймын.
Намысұлы. Мына күйіктің үстінде мен енді неден болса да тайынбаймын. Аласыз ба, жоқ па? (Наганын суырып алады.)
Нина. Тоқтаңызшы. (Қолынан ұстай алады.)
Валя. Бұныңыз не, жолдас комбат! Сіз осындай ма едіңіз?
Намысұлы. Қоя бер қолымды. (Докторға.) Сіз түсінесіз бе, жоқ па?
Валя. Алып көрсеңіз қайтеді?
Доктор. Жоқ, қансырап қалады, ала алмаймын.
Намысұлы. Ал, ақырғы рет өтінемін сізден. Жан күйігін түсіне біліңіз. Жалынамын, алыңыз, доктор, өтінемін сізден. Доктор. Ай, мен сіздей адамды көрсем... Қыздар, көмектесіп жіберіңдер. Валя, аспаптар, бинт, дәрілер... Намысұлы. Ой, рақмет сізге. (Жайланып жатады. Сырттан Қайсардың бірінші суреттегі әні естіледі.)
Нина (сырттан біреуді көргендей). Қайсар! Бақытжан аға, әне Қайсар!
Намысұлы. Қайсар!
Қайсар (бір немісті екі аяғынан беліне салып, сүйретіп келе жатады). Жоқ, мен Қайсар емес. Алтайдың көкжалымын, немістің қабанын алып қашқан.
Намысұлы. Тым болмаса сен келші, келші бері!
Қайсар. Жолдас командир! Не болған сізге?
Намысұлы. Ештеңе емес, сен дайындала бер. Қазір тұрам да, сен екеуіміз майданға кіреміз. Доктор. Ал, біз кірісеміз. Бірақ мұнан кейін сенің тиыштық алуың аса керек, болмаса қансырайсың, достым. Намысұлы. Достым, мен де сізге айтайын. Дененің мұндай сырт жарасы түгіл, шығып кеткен белін өзі салып жіберіп, соғысқа кіріп, қырғын да салған әнеукүні біздің бір жігіт.
Доктор. Әнеукүні? Ол не қылған жігіт?
Валя. Мүмкін емес, ағай, оныңыз кім?
Намысұлы. Ол мына Қайсардың ағасы, біздің Ер Тарғын деген жігіт. Және сол күні қандай қырғын салғанын мына Қайсардан сұраңдар.
Қайсар. Бас көрікті!
Доктор. Кішкене қырындаңыз.
Намысұлы (ауырсынғанын әр уақытта сездіргісі келмейді). Сен "тіл" әкелмей, өлексе әкелгенбісің тағы? Қайсаp. Қойыңызшы, жоқ сұмдықты айтпай. Тап осы жолы орамалға орап-ақ әкелдім.
Намысұлы. Тұншығып өлді ғой, орамалын алсаңшы.
Қайсаp. Оған да өлуші ме еді? (Немістің аузына тыққан орамалды алады.) Ал, тыныға тұр.Өзі де қабанның ішіндегі бір қабыланы.
Намысұлы. Ал, бұл қабыланды қалай соқтың, соны айтшы.
Қайсаp. Қабандардың жымын аңдып жатқан жолбарыстай бұлардың үй күзетшісін жайратып тастап, өздерінің келер жолын аңдып жатыр едік, дес бергенде, үшеуінің масаңдау болып келгені. Ең артындағысы мына пақыр екен... Алдыңғы екеуі үйге кіріп, бұл есікке енді жеткен кезде атылдым да, жұлып түсірдім. Сонан кейін басынан құс ұшырғаным жоқ. Жалғыз-ақ, баж еткен соң, үн қатпа деп өкпеден бір-ақ нұқыдым. Онан басқаның бәрі аса сыпайы болды.
Намысұлы. Сыпайы екенсің, сүйреп әкелдің ғой?
Қайсap. Е, қабан жетекке жүруші ме еді, мойныма мінгізейін десем, бала қылдың деп өкпелер дедім.
Намысұлы. Жеткенше сүйреп келдің бе?
Қайсаp. Иә!
Намысұлы. Ендеше, оның өліп қалды.
Қайсаp. Ә? (Немістің қасына барып.) Ей, тұршы, кісіні шошытпай. (Қозғайды, неміс қозғалмайды.) Ойбай, мынау шын өліп қалған ба? Жолдас доктор, мынау итті көріп бере көріңіз?
Намысұлы. Өлген немеңе доктор не істейді, тіле құдайдан.
Қайсар. Ойбай, доктор, мынаны тірілте көр. Генералға тірі әкелем деген сертім бар еді, енді қайттім? Уа, қай құдайдан тілейін сенің жаныңды, иттің ғана баласы-ау? Ақсарбас айтқаныма сен болмайсың. Немістің құдайы қайсысы болатын еді, білетіндерің бар ма?
Намысұлы. "Майн гот!" деп тіле.
Қайсаp. Иттердің құдайының да құдай сиқы жоқ екен ғой. Аты неткен жаман еді!
Намысұлы. Қой, жаман да болса, құдай ғой, жалбарынып тілеп көр. Қайсар. Қап! Жолдас доктор, құдай үшін мынаны қарап беріңіз. Тек тілге келтірсеңіз болғаны. (Доктор немістің білегін ұстап байқайды. Аздан соң неміс қыбырлағандай болады. Қайcap қуанып.) Жоқ, жоқ, жаны бар екен. Иә, сәт, иә, сәт, бүгінше тірі болшы! Әкеңді ертең өзім-ақ танытамын.
Доктор. Қозғама, кішкене жатсын.
Қайсаp. Үһ! Жаным жаңа жай тапты ғой.
Доктор (Намысұлына). Достым, тіл ал. Біз айналып келгенше қозғалмай жата тұр. Валя, мен келгенше мына кісіні ешқайда жіберме. Намысұлы. Жолдас доктор, қолыңызды әкеліңізші! (Қол алысады.) Мен амалсыздан тасырлық еттім, кешіріңіз. Рақмет сізге. Доктор. Сізге де рақмет, бірақ неміспен соғысуды күшейтіңіз. Ал медицинамен соғысушы болмаңыз.
Намысұлы. Мақұл, қош болыңыз. (Доктор кетеді.)
Нина. Қайсар-ау, мынауың қашан тұрады?
Қайсар. Ол бүгін тұрады ғой, ал Мейрам екеуің не әкелдіңдер? Соны айтшы?
Намысұлы. Мейрам деймісің? Не болғанын білмеуші ме едің Мейрамның?
Қайсар. Отан не болды? Қайда өзі?! Нина!
Намысұлы. Сұрама, сұрама! Ол енді бізге жоқ.
Қайсap. He дейсіз?
Hамысұлы. Ол тұтқында қалған.
Қайсар. Қалайша? (Нинаға.) Екеуің бірге кетпеп пе едіңдер? Сен қалайша құтылдың? Намысұлы (басын көтере бастайды). Бірге кеткен? Бұл қалай? Сен неғып қолға түспедің?
Нина. Мен де түскен едім.
Намысұлы. Жаным-ау, мынау не дейді? Онда сен қалай құтылдың?
Қайсар. Сенің жұлдызың неден ыстық болды неміске?
Нина. Қайсар, тоқта! Айыптамақпысың мені?
Намысұлы. Қылыш үстінде серт жоқ, сұлу қыз. Кінәламай, күдіктенбей қайтеді? Нина. Иә, сенбейсіздер, сенбесеңіздер де айтайын. Мені Мейрамның өзі құтқарды. Иә... иә, өзі құтқарды. Оның фашистер алдындағы бар сөзі, бар қимылы көз алдымда менің. Кіршіксіз, ақ қарға жаңа тамған алқызыл қандай, бусанып тұр көз алдымда. Ол ажал аузында тұрса да соншалық сабырлы ер, соншалық тапқыр, дана болып көрінді. Ол мені білмейтін кісі болып, бөліп жіберді өзінен. Сонда мен не естідім оның аузынан? Мәңгілікке есімнен кетпес сөздер естідім. Немістің сол қысым тергеуінде тұрып, кеңшілікте, бірге жүрген жолымызда тазалықпен іркіп жүрген, айтпай жүрген сырын ашты. Жүрегінің, жан жүзіне айтылмаған, қасиетті сыры екен ол. Москва үшін жан қиятынын айтып, өзінің адамшылық білім тәрбиесімен Москваға қаншалықты қарыздар екенін айтып келіп, немістерге түсініксіз, маған айқын бір сырын ашты. Ол сыры мені сүйетіндігі екен. Ең алғаш айтқаны, мүмкін ең соңғы айтқаны болар ол. Соны ести тұра, мен амалсыздан амандыққа, тірлікке кеттім! Не жүрекпен кеттім! Бірақ оның бұйрығы мен үшін Отан бұйрығы еді. Мен кеттім! Сүлдерім кетті. (Жылап жібереді.)
Қайсаp. Бұл не деген таңғажайып?
Намысұлы (ойланып). Иә, сыры жырдай! Неткен бөлек сыр еді! Көңіл ойды қақ жарғандай... Не өзгеше бөлек жақсы жансың, Нина! Не қиын терең сырлысың да, қырлысың. Екеуіне де қызығам да қиналам.
Нина. Айықпаңыз күдіктен. Күндер солай, ол сіздің правоңыз.
Намысұлы. Жә, болды. Адъютант, бері кел! Соғыс не боп жатыр? Айтшы!
Адъютант. Сіз жаралысыз ғой, жолдас командир.
Намысұлы. Жара бітті, мен әл жидым, айта бер. Батальон жайы қандай?
Адъютант. Жолдас командир, бір толқын шабуыл тойтарылған еді, екінші үлкен толқын тағы білінді. Қарсы соққан тосқауылдың ең қысылшаң шағы жетті. Намысұлы. Қайсар! Соғысқа әзірлен! (Адъютантқа.) Сен мынау немісті штабқа тез жеткіздір!
Валя. Жолдас капитан! Сіз қайда бармақсыз?
Намысұлы. Енді үндеме, жаным.
Нина. Бақытжан аға! Мен сізбен бірге барып, Мейрам үшін жауға оқ төккім келеді, рұқсат етіңіз.
Намысұлы. Жоқ, етілмейді.
Нина. Сонда ғана біле аласыз менің кім екенімді, өтінемін. (Намысұлы үнсіз қадалады.)
Қайсар (жақтырмай). Бас көрікті!
Нина. Есіңізде болсын, Мейрамның кегін менсіз ала алмайсыз. Тек, мына немістен айрылып қалмаңыздар.
Намысұлы. Қайсар! Адъютанттың автоматын Нинаға әкеліп бер.
Қайсар (кетіп бара жатып өзі күңкілдейді). Бас көрікті! Өзімізді жазым етсе ғой... (Тез барып бір автоматты әкеледі де, Нинаға береді.)
Валя. Ал, мен!
Намысұлы. Сен өз командиріңнің бұйрығын орында.
Валя (Намысұлының алдына тұра қалады). Онда мен сізді жібермеймін. Сіз қайда барсаңыз, сонда барамын. Намысұлы. Жоқ, саған рұқсат жоқ, кеттік, достарым. (Нина мен Қайсар оны екі жағынан демеп әкетеді.) Валя. Өзі жарадар, соғыстың қайнар шағына кез келді-ау? Басқара алар ма екен, қаптап келеді. (Соғыс сарыны үдей түседі. Осы кезде Панфилов адъютантымен шыға келеді.)
Панфилов. Жарадар болып кетіп қалды? Қайда?
Валя. Соғысқа.
Адъютант. Намысұлы жарасын елемей сізге хабарламауды бұйырыпты.
Валя. Елемейтін жара емес еді, қансырап қалуы да мүмкін.
Панфилов. Ендеше, ол соғысты қалай басқарады? Қасыңа санитарлар ерт те, алып кел бері. Адъютант. Апыр-ай, қазір қауіпті ғой, жауып тұрған оқтың астына қалай барады? Валя. Қорықпаңыз, қалай баруды өзім білемін, жолдас генерал, бұйрығыңызды орындауға рұқсат етіңіз.
Панфилов. Рұқсат, тез бар. (Валя тез кетеді.)
Адъютант. Апыр-ай, Валяны ажалға көре тұра жібердіңіз-ау, Иван Васильевич?
Панфилов (анадайдан Григорьев келеді). Жолдас комиссар, немістің тылынан Нина әкелген соңғы хабар анық бола бастады. Көрдіңіз бе? Үлкен соққы дәл осы араға түйіліп келеді. Григорьев. Мен бар полкті аралап өттім, тапжылмай, тайсалмай ұрып жатыр бәрі де. Бүгін бар кеудені кернеген жалғыз ғана кек, жалғыз ғана ашу, жалғыз ғана ұран бар. Ол — кешегі жиырма сегіз батырдың еткен ерлігі. Панфилов. Алар болсын солар кегін, ақтар болсын солар үлгісін. Бүгінгі өрбір снаряд жиырма сегіз деп ұшатын болсын. Міне, осыған бәрі де, бәрі де әзір болсын! Ал, Сіздің өзіңізден айрықша жеке тілек, сіздер солдаттардың жүрегін бомба етіп жұмсай білдіңіздер, сол үшін наградаға ұсынылмаған бірде-бір саяси қызметкер қалмасыншы. Адъютант. Жолдас генерал, көкте самолеті, жерде танкісі, оған ілесе жаяу әскері тағы қаптап кетті. Панфилов (биноклъмен қарап тұр). Алдыңғы толқындары соққыға ұшыраған, мықты қаусаған. Кердің бе, селдірей бастапты. Батальонның оғы мен оты ұтымды, сондықтан да олар өзінен басым күшті бастырмай тұр. Сол үшін төкті жау мынау резервін.
Григорьев. Артқылары тақап қалды-ау? (Соғысқа кетеді.) Панфилов. Өктеп келеді, қалың келеді. Тосар жерге жетіпті, әкел телефонды. (Телефонды алып.) "Алматыны" бер. Жолдас "Алматы!" Артиллерияның бар батареясынан төгіңіз, аяма оқты! (Биноклъмен әлі қарап тұр.) Бой бермей, кернеп келеді танкісі. Қашан, қашан әлгі артиллериясы! (Алыстан да, жақыннан да артиллерияның қою үні күркірейді.) Ә, бәсе, үн қатты, бастады ма?
Нина (сахнаға шыға бере құлап). Жолдас генерал, Иван Васильевич!
Панфилов. Бұл кім? (Тез барып.) Нина! Сен жаралысың ғой!
Нина. Жарам онша емес, бір қаңғырған оқ тіземді жалап кетті.
Панфилов. Қайдан жүрсің? (Сүйеп отырғызады да, жарасын қарай бастайды.)
Нина. Иван Васильевич, мұныңыз қалай? Мен шыдаймын, санитарлар келеді ғой. Панфилов. Олар қашан келмек? Үндеме, мен де жаман санитар емеспін. (Таңып жатып.) Жараң жеңіл, қорықпа. Ал айта бер енді. Нина. Намысұлы сізге жіберді. Батальонда шығын көп, жарадар көп. Жау қалыңдап кетті. Сізге сәлем айтты. Сертіме берікпін. Тек "шегін" деген бұйрық бере көрмесін, берсе де шегінбеймін, соны айт деді сізге.
Панфилов. Өзі де соғысып жатыр ма? Қайтсын дегенім қайда? Жарасы қандай? Нина. Жарасы дейсіз бе? Сол жарасы қазір жанын жаныған секілді. Денесінен оқ өтпестей болатқа тиіп, майырылып жерге түскендей көрінеді". Сондай өрт, сондай намыс, сондай ашумен түйілген жанды көрдім. Әрбір үні жиырма сегіз деп ұрандайды, әрбір оғын жиырма сегіз деп шығандайды. (Панфилов жараны таңып болады.)
Панфилов. Батальон жайы қандай екен, ә? (Сыртқа қарайды.) Нина. Батальоны дәл өзіндей. Тұтасқан қалың өрттей шарпып ұрып тұр жауды бетке. Ой, Иван Васильевич, ол қазіргі сағатта сондайлық батыр, сондайлық нұрлы. Панфилов. Жиырма сегіз біреу ғана емес екенін жаулар да білсін бүгін. (Адъютантқа.) Чупровты бер! (Телефонда.) Жолдас полковник, Намысұлының батальоны жаудың резервін де ұстап тұр. Жетті кезі, салыңыз енді резервті, шапшаң салыңыз, тез!
Нина. Иван Васильевич, соғыс қазір қандай?
Панфилов. Естіген, көзбен көргендей бола ма? Кел, көр. (Сүйемелдеп тұрғызады.) Қара, көрдің бе? Жаудың алды тоқтаған жоқ па? Нина (Панфиловқа сүйене тұрып, биноклъмен қарайды). О, жау жаңағыдай емес, жамсапты ғой. Панфилов. Дұрыс, жаңа ғана оңдала бастады. Артиллерия батальонға мықтап қосты тізесін. Нина. Байқайсыз ба, алдыңғы қираған танктерден артқылары өте алмай жатқан жоқ па осы?
Панфилов. Өте алмаған емес, соңғылары тегіс тоқырай бастаған жоқ па?
Нина. Тіпті, кейінгілер бұрыла бастады ғой?
Панфилов. Бұрылу тұрсын, қашуға айналды. А-а, біздің резерв те жеткен екен ғой! Нина. Иван Васильевич, жау қаша бастады. Жаңағы менің айтқаным рас емес пе? Мынау нағыз батырдың ісі емес пе? Ол осындай жақсы. Бірақ бар айыбы — маған әлі сенбейді. Панфилов. Ол асау, бірақ сен шыда. Анаған қарасаңшы, шыдаған жүректің алдында болаттың да майырылып жатқанын көрмеймісің? (Күледі, осы кезде күн кешкірген, қар жауа бастайды. Соғыс сарыны үзіле бастаған.) Панфилов. Тек оның полкі тана емес, біздің дивизия бүгін бұрын-соңды болмаған қатты соғыс жүргізсе де, адым шегінген жоқ. Енді біз шабуылға да шығамыз. Бірақ кім бар, кім жоқ? Осы батальонға салмақ бәрінен де көп түсті ғой, қандай қазасы бар? Қайда бұл Намысұлы? Неғып келмей жатыр? (Сырттан біреулерді көргендей болып.) Мыналар кім?
Нина. Санитарлар ғой, жаралыларды әкеле жатқан.
Панфилов. Жаралылар! Кім екен?
Ілгері жүре бастайды. барлығы да ілгері жылжиды, алдынан жаралыларды носилкаға салып әкеле жатқан санитарлар өтіп жатады.
Григорьев (сөйлесе кіреді). Тез, тез жеткізіңдер.
Панфилов. Мынау Айбаров қой, жарасы қандай?
Қайсар (санитарларға). Тоқта! Жолдас генерал, менің жарам ауыр емес.
Панфилов. Сен мұнда қайдан келдің? Өзіңе берілген бұйрық қайда?
Қайсар. Жолдас генерал, бұйрығыңыз орындалды. Әкелген офицерім штабыңызда.
Панфилов. Жарайсың, Алтайдың алғыр қыраны, бар, бар да тез жазылып шық.
Қайсар. Жазылуым тұр ғой, оны қойыңызшы. Қалай, бүгін біз жиырма сегіздің кегін ала алдық па, жоқ па осы? Панфилов. Алып болғанымыз жоқ, бастадық дейік. Ерлік айнымаса, кек кетпек емес. Жау қалың еді бүгін, өзің қобалжыдың ба, жоқ па? Қайсаp. Қалың дейсіз бе? Білгенім жоқ. Тірісін санаған кім бар, мен өлісін ғана санадым. Панфилов (күліп). Ә, мұның жауап-ақ! Бар енді, тез жазылып кел. (Оны әкетеді.) Тағы кімдер жаралы екен, шақыршы Намысұлын!
Бұл кезде Валя мен бір санитар Намысұлын сүйемелдеп келеді.
Валя. Намысұлы мұнда, жолдас генерал.
Панфилов. Не дейді? Намысым, сен тағы жарадар болдың ба?
Намысұлы. Жолдас генерал, ең алдымен сізге алғысымды айтуға рұқсат етіңіз. Сіз артиллерия мен резервті дер кезінде, дәл кезінде беріп, батальонға абырой алып бердіңіз. Аман алып қалдыңыз, рақмет сізге. Панфилов. Өңіңде тамшы қан қалмапты ғой, Намысым. (Маңдайынан сүйеді.) Сендерді өсірген халықты сүйгенім, Отанымыздың намысын сүйгенім! Өлінің қазасын, тірінің жарасын ақтар күн алдымызда алыс емес, Намысым! Сол абыройдың бір иесі сенсің! Тек жараң қандай, соның жайын айтшы маған. Намысұлы. Иван Васильевич, менің қаным Москва жарасын емдесе, арман бар ма? Жарам бұйым емес!
Жарасы жанына батса да, қайсарлана түседі.
ШЫМЫЛДЫҚ
Төртінші сурет
Неміс дивизиясының штабы тұрған үй. Перде ашылғанда штаб бастығы Штольберг. Штольберг честь беріп, ұшып тұра келеді. Фогель (мысқыл түрде). Отырыңыз, дивизия штабының начальнигі, құрметті офицер Штольберг. Мен сіздің қорлық хабарыңызға қанықпын. Жіберген мәлімдемең мезгілін мұндай тауып бармас. Иә, иә, мен корпус командованиесінде отырғанымда дәл барды. Және армияның бас штабының екі үлкен генералының көзінше жеткіздіңіз. Жеткіздіңіз де, менің тілімді кесіп, үнімді өшірдіңіз. Айнала бергенде, ту сыртымнан оқ аттыңыз. Иә, иә, солай еттіңіз, мырзам. Штольберг. Мәртебелі командирім, өзіңізге мәлім ғой. Соғыс хабарын іркер шамам бар ма еді менің? Фогель. Білем, білем. Шараңыз жоқ, біздерді шарасыздық әлден қамапты. Дивизия — ол да шарасыздықтан қорлық күнге көніпті. Менің дивизиям Европаның талай елінде, Польшада, Францияда, Грецияда, тағы талай майдандарда жайдай жарып өткен, неше айлар бойы Россия елін де тапап-жаншып, алда келе жатқан дивизия не күйге жетті? Москваның Кремліне ең алдымен кіруге ант еткен де біз едік. Бүгін ең алдымен беті қайтқан, қашқан, қашқын дивизия біз болдық па? Шақырдыңыз ба манағы мен бұйырған полк командирін?
Штольберг. Шақырттым, келді.
Фогель. Келтіртіңіз мұнда.
Штольберг кнопкені бір басып қалады, солдат келеді.
Штольберг. Курц мырза мұнда келсін. (Солдат кетеді, аздан соң полк командирі Курц келеді.) Фогель (шұғыл өзгерген, монтаны баяу кісіше сөйлейді). А, Курц мырза, келіңіз, келіңіз. Отырыңыз, менің қарсыма отырыңыз. Ал, көңіл-күйіңіз жақсы ма, деніңіз сау ма?
Курц. Шүкірлік, рақмет, зор мәртебелі командирім.
Фогель. Әкеңізден хат-хабар үзілмей келіп тұра ма, халі қалай екен? Поляктардан тартып алған жібек фабрикасының жұмысы тәуір жүріп келе жатыр еді ғой, ә? Әлі де жаман болмас?
Курц. Рақмет сізге, жаман емес көрінеді.
Фогель. Жаман болуы мүмкін емес. Өйткені сіздің өтінішіңіз бойынша, Украинаның мұжықтарынан бірнеше жүз жұмысшы да берілді ғой. Табысы қазір көбейген болар?
Курц. Рақмет сізге, жаман емес көрінеді.
Фогель. Әкеңіз сіздің ер. Ал, бір жиырма сегіз адамды басып өте алмай, елу танкіні орыстарға қаусаттырған сізді кім дейміз? Осы сұмдық мерезін бүкіл дивизияға жайған сізді кім дейміз? Ол қылмыстарыңыз аз болғандай орыстардың кеше ғана жасаған шабуылына бүгін ең алдымен бас иіп, бетімізге қара таңба басқызған сізді кім дейміз? Сол жеген жеміңізді ақтағаныңыз осы ма? Курц. Жүз жорықтағы қайратым, сіздің бастауыңызбен көзіңізше өткен қайратым, бір-ақ күнде басқа тебілмек пе? Жоқ, жоқ, ол мүмкін емес.
Фогель. Сіз сонымен ақталмақсыз ба?
Курц. Сіз ақтамағанмен, толық ұғынып білсе, мені бас командованиенің өзі ақтайды.
Фогель. А, сіз бас командованиені қорқақтардың қорғаны көресіз бе? Курц. Мені жазалаңыз, бірақ қорқақ деп, офицерлік арымды жараламаңыз. Ол мен емес. Сондықтан да ақтайды мені бас командование. Фогель. Ендеше, сол бас командование барды біліп ұғынды. Мәлім етейін, сіздің қасиетті әрекетіңіз майдан командованиесі түгіл, фюрердің өз штабына дейін жетті.
Курц. Ендеше, мен сонда ақталам.
Фогель. Рас, сіз ақталасыз. Бірақ кім ақтайды, немен ақтайды? Мен ақтаймын. Міне, былай ақтаймын. (Атып салады. Курц құлап түседі, Штольбергке.) Алып кетсін! (Курцті алып кетеді. Фогель Штольбергке.) Жаңағының полкін тойтарған, біздің дивизияларды бастырмай тұрған жаудың күші қандай, анықтадыңыз ба?
Штольберг. Тағы да сол генерал Панфиловтың дивизиясы.
Фогель. Бір-ақ дивизия ма? Неткен қорлық! Соның солдаттары мен офицерлерінің бірсыпырасы азиаттар емес пе?
Штольберг. Азиат болғанда, қаза... қазақ дей ме, немене?
Фогель. Солардың өз тілінде листовка жіберілді ме, орындадыңыз ба?
Штольберг. Әзір орындай алмай тұрмын, мәртебелі командир.
Фогель. Неге?
Штольберг. Қазақ тілінде жазатын кісі қолға түспей жүр.
Фогель. Біреу түсті дегеніңіз қайда?
Штольберг. Оның көрмеген азабы жоқ, бірақ көнбей қойды.
Фогель. Көнбей қойды? Неге көнбейді, неге көндірмейсіз? Командир болса кәріңіз өтпейді, кәрі-құртаң кемпір, шалдарға ғана қаһармансыз ба, немене осы? Штольберг (ызаланып). Мен оның жүрегін суырып алып, итке салатын едім, өзіңіз ғой керекке жаратқанша өлтірме деген. Фогель. Маған келтіріңіз. (Штольберг кнопкені екі рет басып қалады, екі солдат жетіп келеді.)
Штольберг. Тұтқынды келтіріңіз! (Солдаттар кетеді.) Фогель. Үш жылдан бері талай даңқты жорықтардың жемісін бірге татысқан менің қарт досым, Штольберг мырза! Сіз мына бір сырыңызды жасырмай айтыңызшы. Менің байқауымша, Курцті атқан оғым сізге де қадалған сияқты, бұл қалай?
Штольберг. Менің қиналуда екенім рас. Бірақ оған кінәлі сіздің оғыңыз емес.
Фогель. Енді не?
Штольберг. Сол оқты өз қолыңызбен жұмсаған қылығыңыз.
Фогель. Солай ма? Сіз мұндай үкімді менен күтпеп пе едіңіз?
Штольберг. Мен мұны сіз түгілі, немістің жай генералдарынан да күткен емеспін. Өйткені ол әлсіздіктің белгісі. Фогель. Онда менен мұнан былай сіз де сақтанғайсыз. (Осы кезде жаңағы солдаттар өңінде ауыр азап белгісі бар, үсті жүдеу Мейрамды алып келеді.) Отырыңыз! Сіз азиатсыз ғой, ә?
Мейрам. Иә!
Фогель. Қазақсыз ғой?
Мейрам. Иә, қазақпын.
Фогель. Ендеше, өз туған халқыңызға, қазіргі мынау майданда жүрген қазақ бауырларыңызға не үшін жаныңыз ашымайды?
Мейрам. Ашымайды деуге дәлеліңіз не?
Фогель. Дәлелім мынау! Мына листовканы неге қазақшаға аудармайсыз?
Мейрам. Мен сол жан ашығандықтан аудармаймын ғой деймін.
Фогель. Сіздің жаныңыздың ашығаны — бауырларыңызды қанға батыру ма?
Мейрам. Елі үшін ер өз қанына да батады.
Фогель. Сіздің елмен соғысқан кім? Сіздің Отаныңыз анау алыс Азияда жатыр, оған біз бардық па?
Мейрам. Бармаймын деп жүрген сіздер жоқ, жете алмай жатырсыздар ғой. Фогель. Міне, сіздің және орыс генералының айдауында жүрген қазақ солдаттарының қатесі осы. Біздің жұмысымыз жоқ сіздің Отаныңызда.
Мейрам (күліп). Олар сіздің бұл сөзіңізге күлсе қайтесіз?
Фогель. Неге, не үшін күледі?
Мейрам. Атақты генерал болсаңыз да, жиырма бес жыл артта қалыпсыз, сол үшін. Фогель. Сіздердің өздеріңізден басқаның бәрін желке жақтарыңыздан көретіндеріңізді мен де білем. Біз туралы, әсіресе, біздің шығыс халқына арнаған ұранымыз туралы түк білмейсіздер.
Мейрам. Ол қандай ұран?
Фогель. Сіздің ел мұсылман еді ғой, ә?
Мейрам. Ол да әлгі жиырма бес жылдың ар жағында жатқан жай. Сонда да айта беріңіз. Фогель. Біздің фюрер бүкіл дүниедегі мұсылман халқына достық жариялап отыр, одан да түк білмейсіздер.
Мейрам. Бұл сіздің фюреріңіздің жаңалығы ма еді?
Фогель. Енді кімдікі?
Мейрам. Мұны мұнан отыз жыл бұрын сіздердің патшаларыңыз ІІ Вильгельм де жариялап еді ғой.
Фогель. Вильгельм!
Штольберг. Сіз ол туралы не білуші едіңіз? (Бір солдат келіп Штольбергті шақырып әкетеді.) Мейрам. Ол кісінің мен, мұнайы көп, порттары көп шығыс елдеріне ерекше мейірімі түсіп, ынтық боп аралап, Мысырға барғанын білемін. Онда монтаны сопы шапанын киіп, Мұхаммед пайғамбар салған ғазауат сәлдесін басына салып, өзін ислам дінінің қорғанымын деп, жар салғанын білемін. Өз суретінің астына құраннан аят, пайғамбардан хадис жазып, дүниеге таратқанын да білемін. Одан беріде, сіздің фюреріңіз бен Муссолини екеуі де, жаңағы сіз айтқандай, өздерін мұсылманшылықтың биік қорғанымыз деп жариялағанын және білемін. Фогель. О, сіз бәрін білетін тарихшы екенсіз, тек шындықты ғана білмейді екенсіз, шындықты. Мейрам. Сізше бұл бекер ме? Онда сол "қамқор, қорғандығын" әлем алдында ақтап, "қамқор" қанаттарыңызды алдымен Албанияға жайып, оған сол қанаттан от пен ажал төккендеріңізді де бекер дерсіз. Сол "қамқор" қанатын Ливияға жайып, одан да оқ пен ажал төгіп тұрғандарыңызды да бекер дерсіз. Сол "қамқор" қанатын Мысырға да созып, от пен ажалын төккелі төніп тұрғандарыңызды да бекер дерсіз. Осының бәрі сіздің мұсылман "достарыңыз" еді-ау? Фогель. Біздер жаңа дүние орнатушылармыз. Ескі дүние өртелмей, жаңа дүние орнатылмайды. Тарихтың бәрін білгенде, өрттің оттан ғана шығатынын қалай білмейсіз? Мейрам. Білем. Ол ғана емес, сіздердің сол мақсатпен бүкіл жер шарына от төгіп, ажал шашатын "қамқор" қанаттарыңызды жаймақсыздар, оны да білемін. Мен сіздердің "Дранг нах остен" деген, шығысқа ұмтылған армандарыңыздың өрмекшінің шыбынға ұмтылған арман, ынтықтығы екенін де білемін, осы ма еді сіздің менен білмегіңіз. Фогель. Болдың ғой. Ал енді мен саған айтайын, сенің осы сөздерің өзіңді ажалдан анық құтқарды.
Мейрам (кекетіп). Рақмет.
Фогель. Сендей адам бізге өте қымбат. Не тілегенің болады, ол үшін қазір мынаны қазақшаға аударасың.
Мейрам. Қателеспеңіз. Мен азғын емеспін.
Фогель. Сен сыйлағанды біл. Біз орыс тұтқындармен бұлай еш уақытта сөйлескен емеспіз. Сен аударасың, мен аудартамын.
Мейрам. Мен аудармаймын, сіз аударта алмайсыз.
Фогель. "СС"-тың батырларының қолына берсем, қалай аударғаныңызды өзіңіз де білмей қаларсыз. Мейрам. Бере беріңіз. Менің еліме әкеле жатқан бостандығыңыз "СС"-тың темір бұғауы екенін айтпасаңыз да білемін.
Фогель. Ақырғы рет айтамын. Өлемісіз, жоқ, көнемісіз?
Мейрам. Көнгенім — өлгенім болар. Азамат ажалын шақырдым басыма. (Штольберг кіріп келеді.)
Штольберг. Хайль Гитлер!
Фогель (көңілсіздеу). Хайль! Не болып қалды?
Штольберг. Барлау мәліметтеріне қарағанда, орыстардың қарсымыздағы армиясы мен желкеміздегі партизандары бізді таң ата қыспаққа алмақ.
Фогель. Қайдағы партизан?
Штольберг. Олардың қалың тобы осы түннің ішінде желкеміздегі орманға келіп кірген секілді. Сол партизандар мен армияны байланыстырғандардың бірі өзіңіздің жалған досыңыз Захардың қызы да, екіншісі алдыңызда тұр.
Фогель (Мейрам мен Штольбергке кезек қарап). Анық па?
Штольберг. Оның анықтығына айғағым, осыдан екі сағат бұрын партизандар Захар досыңызды ұрлап әкетіпті.
Мейрам (естіп қалып). А, оның қызы қайда? Нина қайда? Нина?
Штольберг. Сен оны білмейтін, танымайтын едің ғой.
Мейрам (қабырғадағы сағатқа қарап). Сағат таңғы алтыға бес минут қалыпты. Енді бір бес минуттен кейін ол қызды сіздер де танисыздар.
Штольберг. Мынау есінен адаса бастапты.
Фогель. Сен қай жердегі партизандардан келдің?
Мейрам. Енді екі сағаттан кейін осы жерден табылатын партизандардан келдім. Олардың қазір қайда екенін штабыңыздың бастығы дәл айтып тұр. Фогель(өш көзі Мейрамда, тістене сөйлейді). Бұған қазаның ең ауыр, ең жаңа түрін табыңыз, қазір табыңыз. Мен мұны сізге айтып тұрмын, Штольберг мырза! Штольберг. Естіп тұрмын, ойлап та тұрмын. Ату, асу, отқа жағу, оның бәрі сізге ескі көрініп кеткенін де сезіп тұрмын. Фогель. Сіз жаңағы хабарды анықтатыңыз, анықтап қана қоймай, егер рас болса, партизандарды орманымен қоса жоқ етіңіз? Барыңыз! (Штольберг кетеді, телефон сылдырлайды. Фогель телефонды алып.) Айта беріңіз. Не дейсіз? Сендерге шегін деп бұйырған кім? Қоршауда қалатын менің штабым ба? Үніңді өшір де, бір адым да шегінбе! Бұйрық сол! (Телефонды тастай салады.) Иә, бұйрық сол! (Ауыр ойда.) Бұл не? Бір түннің ішінде бәрі бірдей қалай қат-қабаттап кетті бұл? Курцті атқан оғыммен өз үкімімді де айтқаным ба? Жоқ. Ол еш уақытта бола қоймас. Жүрегім неге дірілдейді? (Телефон сылдырлайды, телефонды алып.) Иә, мен тыңдап тұрмын. Бұл қайдан? (Шаттанып, сақия қалады.) Хайль Гитлер! Рақмет, рақмет. Жетсе, жетіп үлгірсе болды. Одан артының барлығына басыммен кепілмін. (Телефонды қоя сала, асығыс киінеді.) Штольберг! (Штольберг жетіп келеді.) Корпустан хабар жетті, қорқақтың орнын ер басады, селдіреген жерлерге селдей күш төгіледі. Корпус көмегі жөнеліпті осылай. Солар жетіп үлгіргенше тапжылмай, тайсалмай тұруымыз керек. Орыстар ма Фогельдің болат дивизиясын қоршайтын?! Ол болған емес, болмайды... Ха-ха-ха! Штольберг. Хайль Гитлер! Фогель. Хайль Гитлер!!
Қайсар бастаған бір топ автоматтарын кезеп кіріп келеді.
Қайсар. Мырзалар, қолдарыңызды көтере түсіңіздер.
Штольберг сасқалақтап тұрып қалады. Фогель қолын көтере бере қаша жөнеледі, қарсы алдынан Мейрам бастаған топ шыға келеді.
Мейрам. Кеш қалдыңыз!
Кенет алыстан уралаған дауыстар естіледі. Дауыс бірте-бірте күшейе түседі. Фогель үрейленіп, қолын көтерген күйі шегіне береді. Мейрам наганын кезеніп жақындай түседі.
ШЫМЫЛДЫҚ
ІІІ ПЕРДЕ
Бесінші сурет
Сахна сол бөлме. Бірақ енді Мейрам Фогельден жауап алып отыр. Жауаптың соңғы кезі. Есік жақта Қайсар тұр. Мейрам. Осы бөлменің ішінде олай да тергесіп, бұлай да тергесіп, сіз екеуіміз көп ырғастық-ау, генерал Фогель. Сіз мені тергеуден бастап, ақырында өзіңізге үкім айтатын сәтке жеттіңіз. Жә, енді қысқартайық. Сіз не тілейсіз, не таңдайсыз, кесімін өзіңіз айтыңыз. Фогель. Мен сізден ештеңе тілемеймін. Жаңағы жауаптан басқа айтарым тағы жоқ. Мейрам. Сіздің жауабыңыз осындай қысқа болса, менің үкімім де қысқа. Ендеше, байлайық па соған? (Фогель үндемейді.) Мен сізден жауап күтемін. Фогель. Менен жауап күтпестен бұрын, өзіңізге өзіңіз дұрыс сұрау беріп көрдіңіз бе? Немістің тұтқын генералын өлтіру не тірі қалдыру правосы бар ма екен өзіңізде? Мейрам. Сол праволарды маған беретін сіздің дәл осы арадағы мінезіңіз болмақшы. Қатаң мінез ұстасаңыз, қатал үкімге менің қолымды қазір шешкенім деп біліңіз. Фогель. Менің байқауымша, сіз тарихшы, ақын секілдісіз. Мысықтан қорыққан жолбарысты ешбір елдің тарихынан яки әдебиетінен оқып көрдіңіз бе? Қайсаp. Рұқсат етіңізші. Өзін жолбарыс көретін немені мысықтың тырнағына ілінген тышқан қып жіберейін. Мейрам. Сіз ажалды талай жанға жұмсай білген адамсыз. Тірлікті не құнмен арашалап қалуды да сіз жақсы білесіз. (Сөйлей түрегеледі.) Енді сіз сонау екі ағаштың басына қалай асылуды да жақсы білесіз. Үкіміңізді мана өзіңіз айтқансыз. Енді сол үкімді орындаңыз. Фогель (үрейленіп атып тұрады). Өтінемін, мені дивизия штабына жіберсеңіз екен. Мейрам (суық жымиып). Сіздің ендігі барар жеріңіз өзіңіз айтқан манағы қарғалардың көмейі. (Фогель қалтырай түседі.) Қайсар. Е, мынау жаңа ғана ешкіні көрген қасқырдай еді. Енді қасқырды көрген ешкінің өзі болып кетті ғой.
Мейрам (жиіркене қарап). Әкетіңдерші!
Намысұлы (кіріп келіп). Жә, не дейді мына генералың? Шақырмастан неге келдік дейді.
Мейрам. Жалған намысы жіберер емес, бізді қазақ деп әлі де қорсынады. Намысұлы. Ә-ә, тәкаббарлық тоны да бар екен ғой. Бензині таусылып, моторы күйреп, теңкиіп қалған өздерінің танкісіндей қампиған сырты ғой. Жарайды, біз мұның өзімізге керек шындығын сол тонын жыртпай-ақ суырып ала білеміз. Барсын, апарыңдар! Фогель (Намысұлына мөлтеңдеп). Капитан мырза! Мені өлтіртпеуіңізді өтінемін.
Намысұлы. Өтінбесті өтінесіз. Ол мінез сіздің штабыңызда қалған, барыңыз! Қайсаp. Мөлтеңде, мөлтеңдей түс. Талайың әлі еңкілдерсіңдер. (Екі солдат оны айдап алып кетеді.) Намысұлы. Е, тұтқын генералды қорқыттық та, күш айттық, ал майданда қандай күш аттық? Осы жорықта біздің батальон тағы да баяу соқты ма, қалай болды осы? (Оймен жүріп кетеді.) Қайсар. Қайдағы баяу? Штабының шаңырағын ортасына түсіріп, генералына дейін інінде басқан біз емес пе осы? Тұқырта бермеңізші! Намысұлы. Қайсарым-ай! Серпе бересің-ау сен де. Иван Васильевич бізді не деді екен осы жолы? Тым құрыса соны біліп айтсайшы. (Оймен алысып жүр.) Ex, Жанбозов! Тағы да сен қаяу салдың-ау?.. (Кенет басқа ойға түсіп, Қайсарға сыбырлап, оны сыртқа жібереді.) Мейрам, сен бері келші. (Екеуі пештің аржағына барады.) Сен осы, келгелі Нинаны көрдің бе?
Мейрам. Жоқ, қайда өзі? Қашан көрер екем?
Намысұлы. Сенің көруің қажет! Сол өзі...
Қайсар Нинаны жетектеп келіп теріс отырғызады. Нина түсінбей аң-таң. Қайсар Мейрамды оған қарсы отырғызады.
Қайсар. Ал, таныс болыңыздар! (Намысұлының қасына барады.)
Нина. Мейрам!
Мейрам. Нина!
Намысұлы. Тоқта, мынау қайтер екен?
Қайсар. Ал, көптен бергі күдігіңіздің ашылатын сәті келді.
Нина. Сенейін бе, сенбейін бе? Анық сіз өзіңіз, Мейрам?
Мейрам. Мен де сізді қайта көрем деп ойлап па едім?
Нина (ендігі сөздерін жанып сөнгендей, сөніп жанғандай, күліп тұрып жылап, жылап тұрып күліп жіберіп айтады). Сізден айрылғаннан бері ақылым сенбесе де, жүрегім әлденеден сізді тағы бір көресің деуші еді де тұрушы еді. Енді міне... (Күліп жіберіп.) Айта алмай да тұрмын... Түу, не десем екен? Міне, бәрі де сол! (Жылап жібереді.) Мейрам (шашынан сипап). Нина, аяулы Нина! Сіз аман кетіп бара жатқанда, мен сол оттың ортасында өртеніп жанып, күл болып кетсем де, өмірімнің қақ жартысы сізбен бірге құтылып, жарқырай жайнап, аман кетіп бара жатқандай көрдім де, үміт те, дәрмен де тауып едім.
Намысұлы. Мыналарың не деседі, жаным-ау!
Қайсаp. Міне, от дариясынан өтіп табысқан Сейфүлмәлік — Жамалың. (Мейрам Нинаны сүюге ыңғайланады). Қайсар. Бас көрікті! (Нина ұялып, ата жөнеледі. Есікке жеткен кезде қарсы алдынан жәшік көтерген Валя келеді.)
Валя. Мынаны Сіздің тапсырғаныңыз абзал.
Нина Валяның қолындағы жәшікті алып қайта келеді.
Нина. Мейрам! Иван Васильевичтің сізге арнап жіберген сәлемдемесі.
Валя. Сіз бүгін Мейрамнан басқаның бәрін ұмыттыңыз-ау.
Нина. Өзгені ұмытсақ та, ел сәлемі, ел сағынышы... (Мейрам екеуі ашып, ішінен алма, вино, қазы-қарта шығара бастайды). Мейрам. Бақытжан ата! Мынаны қараңыз. (Бір қызыл алманы қолына алып.) Алматының саялы, сәнді, сағынышты бағынан келген. (Алманы иіскеп.) Иісін, иісін ғана көрсеңші! Ана жүрегінің лебі дермісің, не болмаса Алатаудың таңғы лебі, бау-бақшалы даласының кешкі самалы дермісің?
Қайсаp. Жүректі қозғадыңыз-ау.
Намысұлы. Сен өлең айтып барасың ғой.
Нина. Онда айта түсіңізші.
Қайсар. Домбыра! (Жәшіктің ішінен шыққан қызыл жалаулы домбыраны алып.) Мына тамашаны қараңыздар! Намысұлы (домбыраны қолына алып). Ел сәлемі неткен ыстық еді! Тартшы, Қайсарым! Нина. Айта түс те, тарта түсші! Мейрам. Тым болмаса, ұйқасын тапшы.
Намысұлы. Осыдан ақындық та шығып кетуі мүмкін, жаны ақын ғой.
Қайсар.
Алыңыздар елдің асыл алмасын,
Ел сәлемі ер жүректі жалғасын.
Қиядағы, қиырдағы топ қыран
Тағы талай, талай самғасын!
Ар жағын сіз жалғап әкетіңіз.
Мейрам.
Қайсарыма тізгін бер,
Өлең шіркін, қайдасың!
Қайсаp. Тоқта, тоқта, енді өзіме қоя бер.
Қалған ұйқас бар болса,
Қайсар өзі қармасын.
(Виноны қолына алады.)
Талайы әлі табылар,
Мынаны ішіп алғасын, алғасын.
Келіңдер!
Намысұлы. Ал, келіңдер, мұның да көңілі қалмасын! (Бәрі де ішеді.) Сен жаңа ұйқасты таптың, бірақ үйлесті көрген жоқсың. Шырқау барып, алыста жүрдің. Ауызға түспес өлең тақ қасында тұрған жоқ па? (Мейрам мен Нинаны нұсқап.) Осылардың жаңағы кездесуінің өзі қандай? Бал-бұл жанып, балдай оралысқан жоқ па, біріне-бірі?
Қайсар. Оныңыз рас, өзгеше болды. Бірақ...
Намысұлы. Е, ендеше, соған орай бір нәрсе тапсаңшы.
Нина. Ағай, сіз бүгін қандайсыз осы? Қандай жақсы өзгергенсіз? Әсіресе, мен туралы өзгергенсіз. Жасыра алмаймын, қуанамын да қайранмын.
Намысұлы. Үндемеңіз, менің өзім де қайранмын. Табыңдар орайын. Қайсар. Ендеше, оның орайы мынау болмас па? Біз айтпағанды ел тудырып еді ғой. Ақырын "Екі жирен" әнін бастайды, бұған бәрі қосылады, осы кезде Панфилов келеді. Панфилов (әнін тоқтатып түрегелгендерге). Бөлмеңдерші, айта беріңдерші. (Мейрамды келіп бір қолымен құшақтайды.) Үлкен рақмет саған. Енді сен де қосыл. (Тағы да өлең айтылады.)
Намысұлы. Иван Васильевич, сіз енді шешініңіз.
Қайсар. Ал енді соғыста сіздердің бәріңіз де командирсіздер, қазір осы стол басында мен командир болайыншы.
Панфилов. Бола ғой, бол!
Нина. Мүмкін, Валя екеумізді де командир дерсің?
Валя. Мұның көзіне өзінен басқаның бәрі командир.
Қайсаp. Басқаны білмеймін, сен екеуіңді генералдай көретінім рас.
Панфилов. Ол неліктен?
Қайсаp. Бірінің әкесі, екіншісінің тағы бірдеңесі...
Намысұлы. Сен қылжақты қой.
Қайсаp. Кешіріңіз!
Панфилов. Командир адам солдатынан кешірім сұрамас болар.
Қайсар. Онда бұйрықты тыңдаңыздар! (Ішімдік құйылған ыдысын қолына алып.) Сіздер мұны: дәрежені талғамайтын, жанын аямайтын, намысымыздай батыл, арымыздай биік, жанымыздай мөлдір достықтың үлгісін көрсеткен Нина үшін! Оның бақытты келешегі үшін алыңыздар! Бірінші бұйрық сол.
Намысұлы. Міне, бұл нағыз командирдің бұйрығы.
Панфилов. Жолдас командир! Бұйрығыңызға бір қосымша айтуға бола ма?
Қайсар. Айтып көріңіз.
Панфилов. Біздің бүгінгі талқандағанымыз жаудың Москваға жеткен елу бір дивизиясының біреуі ғана. Сондықтан да бүгінгі күн біздер үшін аса қадірлі.
Қайсар. Онда сол үшін көтерейік.
Панфилов. Осы тұңғыш жеңістің ішінде, менің бір кездегі командирім Чапаевтың атындағы партизандардың да үлесі бар. Солардың жалынын әкеп, отымызды үдетіп жіберген сендер үшін, Мейрам мен Нина! (Бәрі де ішеді.) Қайсаp. Міне, нағыз генералдың сөзі. Қане, іше отырып жеп, жей отырып ішіңіздер! Панфилов (Мейрамға). "Барса келместен" келген сен үшін бәріміз де қуаныштымыз. Ал енді жеке-дара өзгеше қуанғандарымыз да бар. Сен осыны аңғардың ба?
Нина. Иван Васильевич, не айтқалы келесіз, менің рұқсатым жоқ. Панфилов. Сіздің рұқсатыңыз болмаса, менің айтпаймын деген сертім де жоқ-ты. (Мейрамға.) Сен тұтқында қалып, өзі келген күндерде мынау Нина маған бір емес, он рет сені жоқтап, жасын төкті.
Нина. Он рет! Иван Васильевич, бекер, жала мұныңыз.
Панфилов. Сенбе бұл сөзіне. Өзі ешнәрсе айтты ма саған?
Мейрам. Айтпаса да, менің көңілім алғысқа толы.
Панфилов. Бәсе, ендеше бір сыр, бір шындық сұрауға рұқсат па?
Мейрам. Рұқсат.
Панфилов. Сен неміс штабында, қатты қысым тергеу үстінде Нинаны сыртыңмен атып, ішіңмен сүйіп, сол сүйгеніңді немістерге білдірмей, мұның өзіне ғана сездіріп қалғаның рас па? Нина сені солай деп мақтанып келді.
Намысұлы. Мынау шын сұрарлық сыр екен, айтшы, ей?
Нина. Мейрам, айтпаңыз!
Панфилов. Мен Нинаның өтірігін де, шынын да қазір тегіс білуім керек. Мұның әкесі Захар емес, әзірше менмін, айт!
Мейрам. Апырай, қинадыңыз-ау, не дегенімді ұмытып та қалыппын.
Валя. Немістің офицерінен жасырмағаныңызды бізден жасырасыз ба, айтыңыз?
Панфилов. Айт, артында тағы бір сыр тұр.
Мейрам. Ендеше, Нина сол алғашқы жолы шынын айтып келген болар.
Панфилов. Ә, дұрыс. Олай болса, тағы бір сыр бар. Сен қалып, Нина келгелі мына Бақытжан ағаң не ойлады екен, сол жайын бұл айтты ма? Намысұлы (тұра келіп). Иван Васильевич, олай болса, мұны айтуды өзіме беріңіз. Мен Нина туралы күмәндана жүріп қызығып, қызыға жүріп күмәнданып, алай-түлей күйде едім. Ол ескі сырым еді. Жаңа мыналардың түрін көргеннен бері ұялам да қуанам. Енді бақсам, бұлар жайы — қарлы суық жартас құздан жоғарылап ұшып, биік мөлдір көк аспанда алтын күннің шұғыласын құшып, ақ қанаттарымен жанасып, сүйкесіп табысқан ақсұңқардың кездесуіндей көрінді... Міне, бұл менің жаңа сырым, Иван Васильевич. Панфилов. О, мынау қандай сұлу теңеу айтты. Бұл үшін, Нина, Мейрам, мұның бар айып, бар кінәсін кешпеске шараларың жоқ. (Жұрт күлісіп, тұра бастайды.)
Нина. Атай, сіз қандай жақсы едіңіз!
Намысұлы. Ендеше, жақсы ағаң сені жақсы көңілімен бір сүйсін, келші! (Сүйіп, арқасынан қағады.) Қайсар. Бас көрікті! (Панфиловқа жақындап.) Жолдас генерал! Біздің Нина партизандардан бір ән үйреніп келіпті. Өзі партизандардың сағынышындай ыстық ән. Соны тыңдап көрсек қайтеді?
Панфилов. Нина, сен бір жақсы ән біледі дейді, соны айтып берші.
Намысұлы. Қайсар, қосыл!
Қайсар. Мен әзірмін ғой. (Нина бастайды. Бәрі қосылады. Ән аяқталады.)
Панфилов (Қайсарға). Сен әнді онша жақсы айта алмасаң да, тани біледі екенсің-ау. Бәріңе де рақмет. Намысұлы. Иван Васильевич, сіз бәріміздің бар сырымызды айтқыздыңыз ғой. Енді сізден бір сыр сұрауға бола ма?
Панфилов. Неге болмайды?
Намысұлы. Бүгінгі шабуыл жорықта біздің батальон басқалардан кем соқты ма, дәлі қалай шықты?
Панфилов. Өз көңіліңе қалай, күдігің бар ма?
Намысұлы. Аздап бар.
Панфилов. Ендеше, сол өз көңілің таразы.
Намысұлы. Бәсе, тағы солай. Бірақ ендігінің мәнін ұқпай, қиналып жүрмін, неліктен? Панфилов. Сен батальоныңмен табан аудармай, тапжылмай тұрып ұруға төселдің, ал ұмтылып ұруға әлі жаттыққан жоқсың. Сен өзің күрестің бар әдісін білемісің?
Намысұлы. Қай күрестің?
Панфилов. Әлгі өздеріңнің, қазақ пен қырғыздың жақсы күресін айтам, ол өзі аса қызық...
Намысұлы. Е, оны білем ғой!
Панфилов. Білсең, екі түрлі жығыс бар емес пе еді? Біреу бар – өзі қайрат етпей, шаптан тіреп жатып алып, анау омырау еткенде ғана қапысын тауып арқалап соғатын. Ал енді біреуі — екпіндеп, батыл қимылдап, ұмтыла барып шалатын, жамбасқа алатын. Сен шаптан тіреп, арқалап соғуға жақсы едің, шалуға келгенде әлі олақ болып тұрсың. Міне, батальонның жайы осы.
Намысұлы. Ендеше, мен бар ой, бар қайратымды шалуға салармын. Панфилов. Дұрыс айтасың, біз бар дивизиямызбен сол қимылға шықтық. Бірақ шалып алып өзі шалқасынан түсетіндер де болатын, оны да ойла.
Намысұлы. Келсе екен, тезірек келсе екен сондай бір сын.
Панфилов. Ол тілеген сының бірімізге емес, бәрімізге, бүкіл дивизиямызға келді.
Намысұлы. Қандай?
Панфилов. Ол қарсымызда тұрған жау группасын қоршау. Жаудың сондай қалың күшін қоршау үшін қарсы алдынан шабуыл жасау біздің дивизияға жүктелді. Егерде біз кесек қимылдап, бар назары мен жарағын өзімізге аударып алмасақ, жаудың қоршатпауы мүмкін. Сондықтан біздің маңдайдан соққан соққымыз жаудың күре тамырын үзетін болуы керек. Ол күре тамыр өздеріңе белгілі Руза деревнясы.
Нина (қуанып). Біздің Руза ма?
Панфилов. Иә, сіздің Руза. (Намысұлына.) Жаудың сол күре тамырын үзуге қалайсың?
Намысұлы. Егер өзіңіз сенсеңіз.
Панфилов. Мен саған енді кәміл сенемін. Оған өзіңнің мен танып болған жақсы қасиеттерің кепіл! Батальоныңды бастап өткен жолдарың, кешіп келген кешулерің кепіл. Мұның бәріне: ғасырлар бойы сарапқа түсіп, талай сында талмай шыққан ұлы орыс халқының құралы кепіл! Оған, шыдамы таудай, шыңдаған сайын шымырлай түсетін өз еліңнің намысы кепіл. Ел намысы кегіңді жаныса, бұл сыннан шырқап өтетініңе мен кепіл. Кейін қоштасармыз. Қазір сол шабуылдың тәсілдерін қағаз бетіне түсір де, маған алып кел.
Ол есікке беттеген кезде Григорьев келеді.
Григорьев. Иван Васильевич! Қайдасыз? (Келе құшақтай алады.) Мен зор бақыт хабарын әкелдім сізге. Сіздерге, достар, ұлы Отанымыз біздерге арнаулы үлкен сый беріпті. (Сөйлей жүріп жағалай құшақтайды.) Құтты болсын, құтты болсын!
Панфилов. Нендей?
Григорьев. Біздер бүгіннен бастап гвардеецтерміз. Дивизиямыз 8-гвардия дивизиясы аталады. (Бәрі де қуанышты. Әсіресе Қайсар. Ол "уралап" маңайындағыларды кезек-кезек ұршықтай үйіреді. Григорьев әлі сөйлеуде.) Ол ғана емес, гвардия атағын алған бірнеше дивизияның ішінен біздің дивизия ерекше бағаланып, Қызыл Ту ордені қоса беріліпті. Намысұлы (Панфиловтың алдына тұра қалады). Мен басқаратын батальон гвардия атағын ақтайтынына ант етемін, жолдас генерал! Ел дәстүрі бойынша гвардиялық туыңызға татар байғазым сол.
Панфилов (қол алысып). Рақмет, Намысым! Бәріңе де рақмет.
Валя. Папа! Сіз тіпті лезде жасарып кеттіңіз ғой. (Бетінен сүйеді.) Қараңыздаршы! Менің папам нағыз гвардеец емес пе? Қайсар. Жасарып кеткендігі сондай, мен тіпті ғашық бола бастадым, бұл не керемет?
Валя (алысқа аңсай қарап). Ах, мамам! Сен папамды қазір бір көрер ме едің? Панфилов. Қуаныңдар! Жаулана қуаныңдар, достарым, бауырларым, ұлдарым мен қыздарым! Сендермен бірге мен де қуанам, қуана тұрып басқаны айтам. Ұшқыннан өрт қаулағандай бұл қуаныш баянды. Ендігі мұрат сол ғана. (Григорьевке.) Штабқа барайық. Қош болыңдар, гвардеецтер! Григорьев, Валя үшеуі кетеді. Намысұлы солардың соңынан кете берген кезде Жанбозов кіріп келеді. Жанбозов. Жолдас командир! Сіздің шақыртуыңыз бойынша келіп тұрған лейтенант Жанбозов!
Намысұлы. Мен қазір ораламын.
Панфилов кетеді.
Жанбозов (қалтасынан бірнеше конверт алып, Мейрамға береді). Сен енді ел жүрегін тыңда! (Нина алыстан қарай қалады.) Қайсар (оның назарын хаттан аударғысы келгендей). Сіз жаңағы бір әнді маған әлі де үйрете түсіңізші. (Мейрам хаттардың ішінен біреуін таңдап алып, ішінен оқи бастайды. Нина көзін Мейрамнан алмастан ақырын әндетеді. Қайсар қосылады. Намысұлы екпінді келеді, ән кенет тоқталады.) Намысұлы. Нина! (Картасын алып, стол үстіне жая бастайды.) Сенің қарындастығыңды маған көрсетер шақ жетті. Міне, Руза деревнясы. Міне, оның қат-қабат қорғаны. Айқын көріну үшін ақ қағазға түсірейін. (Қағаз бетіне әр түрлі белгілер, сызықтар сала бастайды.) Маған ең алдымен керегі мынау "Шайтан сайы" жақ шекті қорғаны. Сол қорғанға ұрланып жетудің жолы қайсы? Сен маған соны айтып бер. Нина. Сіздер "Шайтан сайы" атандырған бұл шатқал, қиғашталып келіп мына бір төбешікке тіреледі. Ол төбешік — қазір ажалдың ұясы. Отан баратын жол жоқ. Намысұлы. Менің кезегенім сол ажалдың ұясы. Ол алынбай ілгері басу — қырғын табу.
Жанбозов. Нағыз қырғын табу — сол төбені алу болар.
Намысұлы. Мұнымен не айтпақсың?
Жанбозов. Немістер біздің бір ғана Дубосеково төбесін алу үшін елу танкісін қиратса, бұл төбе үшін біз де сонан кем қирамаспыз. Намысұлы. Мен бірде-бір танкі, бірде-бір артиллерия, бірде-бір самолет жұмсамастан, сол төбені сенің взводыңмен алсам деп тұрмын. Жанбозов. Біріншіден, ол мүмкін емес, екіншіден, мен взводтың емес, рота командирімін.
Намысұлы. Менің соғыста қателесуім мүмкін, сөзде жаңылған емеспін.
Жанбозов. Түсінбедім.
Намысұлы. Кейін бәріне де түсінерсің. (Мейрамға.) Сен не айтасың?
Мейрам. Меніңше, оған баратын жалғыз ғана жол — сол "Шайтан сайының" өзі.
Нина. Ол сай түгелінен жаудың қолында той?
Намысұлы. Бола берсін, біздің бір жойқын топ ұрланып барып сол сайға неге түспейді?
Қайсар. Мысалы, Қайсар Айбаров бастаған топ.
Намысұлы. Иә, Айбаровтар сайға түсіп алып, сол ажал ұясын желкеден неге ұрмайды?
Нина. Ол үшін жаудың тылына өту керек қой.
Мейрам. Өткенде сезікті болмас үшін, сайдың арғы басынан түсетін болып тереңдеп өтпесе болмайды.
Намысұлы. Арғы басы қанша жер?
Қайсар. Ол сай менің осыдан екі ай бұрын талай шарлап, талай өлшеген жерім, мөлшері жиырма километрден аспайды.
Нина (күлімсіреп). Қанша шарласаң да, дәл өлшемепсің.
Намысұлы. Дәлі қанша?
Нина. Он жеті километр.
Қайсар. Онда тіпті жақсы.
Намысұлы. Жақсы болса, бар. Қасыңа осы ротадан он жеті жау жүректі іріктеп ал да, әзірлен!
Қайсар. Ол он жетіні маған кім береді?
Намысұлы. Мен беремін. Тек мынаны ескер. Сендер қалың күштей көрініп жауға үрей салу үшін қарудың әр түрінен оқ төгесіңдер. Ол үшін миномет, қол пулеметі, танкі ататын мылтық сияқты қаруларды да аласыңдар. Адамдарың сол құралдарға сай болсын.
Қайсар (Мейрамға қарап). Кімдерді алатыныма сіз көмектесіңіз. Намысұлы. Жолдас Жанбозов! Мен сенен марқұм Бозжановтан батыр командир шығарамын ба деп едім, шығара алмадым. Сен шегінудегі шеберлігіңді шабуылда көрсете алмадың. Сол себепті сен рота командирлігінен алынасың да, бұрынғы взвод командирлігі орныңа қайта барасың.
Қайсар (ақырын ғана). Бас көрікті!
Намысұлы. Жолдас Ғалиев! Бүгіннен бастап ол ротаның командирі сенсің. Ал, Нина қарындас! Қашан Руза деревнясы алынғанша менің кеңесшімсің. Бірінші берер кеңесің Айбаровтың тобын ертең кешке қай тұстан өткізудің жайы, оны кейін кеңесеміз. (Жағалай қарап.) Қалай, бәріңе де түсінікті ме?
Жанбозовтан басқа үшеуі үн қатады.
Үшеуі. Түсінікті.
Намысұлы. Сен немене, түсінбей қалдың ба?
Жанбозов. Жоқ, мен де түсініп тұрмын.
Намысұлы. Мен сенің түсінгеніңді емес, мансабыңмен қоса құлағаныңды көріп тұрмын. Менің фашистерден кейін қас жауым мансапқорлар екенін ұмытпа!
Жанбозов. Кешіріңіз, комбат. Мен...
Намысұлы. Жоқ, ондай жалған сөзге сенген емеспін, көзді жеткізу үшін сен взводтың емес, бөлімшенің ғана командирісің. Түсінікті ме?
Жанбозов. Түсінікті.
Намысұлы. Енді маған түсінікті. (Қайсарға жақындап.) Қайсар! Мойныма қарыз етпей алда тұрған қауіпті жасырмай айтайын. Егерде ол "ажал төбені" басып ала қалсаңдар, жаудың біздің батальонға арнаған оқ пен оты түгелінен сендердің үстеріңе төгіледі. Отан қарсы жұмсар ең зор құралың — өзіңнің жүрегің. Сол ажалдың аузына өзіңмен бірге түсетін серіктеріңнің жүрегі.
Нина. Бақытжан аға! Неткен... (Сөзін толық айта алмай отыра кетеді.) Намысұлы. Бұл сапар сенің жүрегіңе өшпес от беретін өлінің қазасы, тірінің жарасы. Солар не деп үн қатады. Соған құлақ сал, соған ғана жүрек тік! Тіксіне тік кекке толы жүректі! Саған бүгін жау зеңбірегінің үнінен де басымдап, ар жағадан бөбектер шырқырап үн қатады. Саған бүгін айуан тепкісінде жатқан қалың елің "құтқар, балам, ұмтыл!" деп, үзілместей үн қатады. Соған ғана тік кекке толы жүректі. Осыны ғана тілейді өлінің қазасы, тірінің жарасы. Осы ғана Отанымыздың ендігі бұйрығы! Қайсар (жалауды қолына алып). Сол "ажал ұясының" төбесіне тігер менің туым еліміздің осы сағынышы болсын. (Жалауды сүйеді).
ШЫМЫЛДЫҚ
Алтыншы сурет
Таң белгісі білінген кез. Басына қызыл жалау тігілген "ажал ұясы" үшін қызу айқас жүріп жатыр. Сүрені қатты ұрып жатқан соғыс сұрапылы әлденені айтып бажылдасқан неміс үндерін жөнді естіртпейді. Аздан соң Қайсардың дауысы саңқылдайды. Қайсар. Төк оқты, төгіңдер аямай! Бірде-бірі құтылмасын. Қасиетті Отаным! Адал құрбаның бола алсақ, ақтаушы да өзің бол. Осы шоқтай тобымыздан қалтырар қол, жігерсіз жүрек білінсе, әділ, қатал қазасы да өзің бол! Төк... төге түс! Біраздан соң жау отының бұларға аударылғаны анық сезіледі. Сахнада биіктен зуыл қағып, ысқырып оқтар өтіп жатқаны сезіледі. Оқта-текте прожектор қараңғыланған сахнаны жарқыратып жіберіп, қайта сөніп тұрады. Сол жарыққа ілесе сахна үстінен зуыл қағып, ағып өтіп, алысқа түсіп жатқан снаряд миналарының үні білінеді. Ерлер әзір аман, қатты соғыс үстінде. Әр кезде үздік-үздік дауыстары естіледі.
- Карпат! Аржағыңнан бір танк келіп қалды. Ұмтыл, тез! Бастырма ілгері. Солай ұр! Жігітсің, Кавказ! Алтай, ар жағында келе жатыр. Ал, сақтан. Памир, қайдасың? Шыда, бауырым, шыдаңдар. Әне, біздің құдайлар да күркірей бастады. (Қараңғылық түсіп, оқ жауып тұр, сахнаға шыға бере танктер жанып жатыр. Жалғыз Қайсардың айғайы шығады.) Қайран достар, бауырлар! (Әр тесікте тұрған құралмен кезек-кезек атады. Осы кезде әр шеттен жау қарасы көріне бастайды.) О, ақымақтар, оғымның таусылғанын біліп, мені қолға тірідей түсірмек. Тапқан екенсіңдер қолға тірідей түсетін езді. Бұлар көп, мен жалғыз. Қай жақтағысын ала өлсем екен! (Оғы таусылған автоматты екеуіне кезек кезеп, кезек бұқтырып тұрады, окопқа жасырынады.)
Бірінші неміс. Ей, русь, сдавайса!
Екінші неміс (жер тепкілеп). Сдавайса!
Қайсар екі қолын көтере түрегеледі. Белінде екі, аузында бір гранат.
Қайсар (аузындағысын жұлып алып лақтырады). Мә, сен иттерге сдавайса!
Белдегі гранаттарын жұлып алып, екінші жақтағыларға лақтырады. Ол окоптан шыға берген кезде, арт жағынан бір неміс ту сыртынан келіп, бас салады. Екеуі алыса түседі. Қайсардың "өй, әкеңді" деген сөзі ғана естіледі. Кезек жығылыспен, домалап келіп екеуі окоптың ішіне түседі. Аздан соң немісті қылғындырып өлтіріп, наганын алып тұра берген кезде, екінші бір неміс офицері келіп қалып, оны атып жібереді. Құлап бара жатып өзі де атып қалады, неміс ұшып түседі де, жылжып кетуге ыңғайланады. Қайсар жаралы, бар күшін жинап, ұмтыла беріп автоматымен офицерді басқа салып жібереді. Офицер өледі, өзі де құлап түседі.
Дауыс.
Ұмытпаңдар, ұмытпаңдар,
Ей, адамзат, аққан қанды.
Мәңгі-бақи ұмытпаңдар
Құрбан болған батырларды!
Бірнеше неміс қаша атысып өтеді. Соларды қуа шыққан Мейрам тобы немістерді
қуып кетеді де, өзі Қайсардың өлігіне тап болады.
Мейрам. Қайсар! Есіл Қайсарым, бауырым! (Үстіне құлап түседі, қайта басын көтеріп.) Ерліктің шың биігін алып тұрып өлді-ау, қайран Қайсарым! Құлатпаспын туыңды!
Қайсарды көтеріп әкетеді. Сол кезде алыстан қарудың барлық түрінен
оқ төккен күшті шабуылдың сарыны сезіледі. Ура салған Намысұлының
айғайы естіледі. Селдей қаптаған қалың топты бастап Намысұлы шығады.
Намысұлы. Батальон! Алға! Алға! (Іркілместен қаптап өтеді, кейінгі жақтан медсестра міндетінде жүрген Нина мен Валя жүгіріп келеді.) Валя. Ой, Нина, ана тамашаға қара! Дүниенің ең қызығы жауды дүркірете қуған екен ғой. Әне, өрттен қашқан тағылардай жөңкулерін қарашы. Қызық емес пе?!
Нина. Ол қызықты мен Мейрамдар осы шепке жеткен кезден бастап көрудемін.
Валя. Білем. Сенің көзіңе жау қамалына бұрын жеткеннің бәрі Мейрам.
Нина. Соғыс үні өше қалды ғой, не болды?
Валя. Алынар қамал алынды, ұлы мұрат орындалды. Мына келе жатқан кім? (Нина келе жатқан Мейрамды көріп тура жүгіреді. Оның көңіл-күйін аңғармастан бара құшақтай алып сүйеді.) Мен сені көріп тұрдым, жеңістерің құтты болсын.
Тағы сүйеді, Намысұлы шыға келеді.
Намысұлы. А, сүйісер көбейсін. Сәукелесі мен отауы ғана жетпей тұр екен.
Мейрам (көңілсіздеу). Жолдас командир, бұйрығыңыз орындалды.
Намысұлы. Мен саған сүю туралы ешқандай бұйрық бергенім жоқ. Қолдарың тимей-ақ жүр екен, пақырлар.
Нина. Жолдас капитан! Мұның бір себебі бар еді, айтуға рұқсат етсеңіз... Намысұлы. Жә, себепсіз болса да сүю жазықты емес, ол үшін қысылмай-ақ қой. (Мейрамға сескене қарап.) Мейрам! Қабатың тым қасіретті, не болып еді, жарқыным?
Нина (шошынып). Қасірет!
Намысұлы. Мен көріп тұрмын, мынаның кеудесін кернеген қасірет тіліне дейін байлапты. Нина (Намысұлына бір қарайды да, көзін Мейрамның көзінен алмастан жақындайды). Мейрам... Мейрам... (Қаттырақ.) Мейрам!... (Мейрам үндемейді.) Намысұлы (зілденіп). Жолдас аға лейтенант Ғалиев! Мен сенен жауап күтіп тұрмын. (Мейрам онда да үн қатпайды. Осы кезде бірнеше жауынгер автоматтарына салып Қайсарды алып келе жатады.) Бұл кім еді? (Жетіп барып тани кетеді де, бар даусымен.) Қайсар! (Теңселіп барып, тұрып қалады.)
Дауыс.
Өлгендердің атақ-даңқы
Найзағай боп шатырласын.
Өлгендердің махаббаты
Мәңгі-бақи лапылдасын!
Жауынгерлер Қайсардың денесін жерге қояды.
Намысұлы (өзін-өзі күшпен тежеп қатуланып алады да, Қайсардың қасына келеді. Үнсіз тізесін бүгіп, жарасын сүйеді). Жараңды сүйдім, жан бауырым, қимас қыран бауырым. Сенің жараң кешілмес кек болып орнасын біздің жүрекке! Ызаға, әділ ашуға толы жүрекке толсын, Қайсарым! Тамшы қаным қалғанша жадымдасың сен менің, жолыңдамын мен сенің. Намысыммен ант еттім, Қайсарым. Нина. Асыл, тым асыл еді-ау, Қайсар! (Екі тізесімен отыра кетеді. Панфилов пен Григорьев келе жатады.)
Намысұлы (атып тұрып). Жолдас генерал!
Панфилов. Баяндамай-ақ қой, бәрін де көріп, біліп тұрмын. Ерлігіңе сүйініп келіп едім, қайғыңды көріп күйінудемін. Күйіне тұра бұйырамын! Полк командирлігін қолыңа ал да, баста жойқын шабуылды. Намыс гвардиясының бүгінгі оғы қарудың барлық түрінен бірдей төгіліп алынар болсын Қайсар кегі. (Намысұлы аңырып қалады.) Григорьев. Сен осы сәттен бастап полк командирісің. Дивизион командирі сенің бұйрығыңды күтіп тұр, бар! Адъютант. Жолдас полк командирі, мұнда келіңіз! (Панфилов пен Григорьев Қайсарға жақындайды. Намысұлы сахна шетінде тұрған адъютанттың қолындағы телефонды алады.) Намысұлы. Жолдас майор! Мен капитан Намысұлы! Рақмет... Онда тыңдаңыз! Менің бірінші бұйрығым сол: бүгінгі ұшар снарядтың барлығы Намыс гвардиясы деп ұшар болсын, қазір бастаңыз, қазір! (Мұнан кейінгі сөзі естілмейді.) Панфилов (Қайсарға жақындайды). Айбаров Қайсар! Өшпес даңқтың иесі, батыр Қайсар! Елінің мақтаны, барша адамның дос бауыры, Қайсар! Бүгінгі замандастарының, ертеңгі ұрпақтарының үлгісі, Қайсар! Мен саған айтар алғысымды жаудың қанымен Москвадан Берлинге дейін, рейхстагтың күмбезіне дейін жазамын.
Бәрі де. Берлинге дейін!
Сол кезде бар қарудың үні естіледі. Солдаттар Қайсардың денесін көтереді. Сол кезде катюшаның нажағайы жарқылдайды. Панфилов, Григорьев екеуі Намысұлын ортаға ала биікке қарай көтеріле береді. Қайсардың денесін көтерген топты бастаған Мейрам сол нажағайдың ішінде кетіп бара жатқандай.
Дауыс.
Батпасын күн қан жамылып,
Күлім қағып атсын таңдар!
Ей, тірілер, ей, тірілер!
Өлгендерді ұмытпаңдар!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру