TELEGEI

Home

Баянғали Әлімжанов 13-том

Баянғали Әлімжанов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Баянғали Әлімжанов 13-том

Ақын, жазушы, драматург, жыршы, манасшы Баянғали Әлімжановтың бұдан бұрын - 2015-2016ж. - он екі томдық шығармалар жинағы жарық көрген болатын. Оның сан қырлы еңбегі табиғи жалғасып, енді он алты томға айналып отыр. Шығармалар жинағының он үшінші томына кейінгі жылдары жазылған жаңа пьесалары мен киноповесі, зерттеу, мақала, сұхбаттары топтастырылған. Қазіргі заман тақырыбына арналған комедиялары

Баянғали
Әлімжанов

ШЫҒАРМАЛАРЫ

ХІІІ том

Әй, әртістер – ай!

Пьесалар, мақалалар, сұхбаттар
Нұр-Сұлтан 2019

ӘӨЖ 821.512/122

КБЖ 84 Қаз-44

Ә 55

Баянғали Әлімжанов. ШЫҒАРМАЛАРЫ. - Нұр-Сұлтан, 2019

ІSBN 978-601-302-125-6

Т.13: Әй, әртістер – ай! – 2019. – 336 б.

ІSBN 978-601-7804-73-2

Ақын,
жазушы,
драматург,
жыршы,

манасшы
Баянғали
Әлімжановтың бұдан бұрын \ 2015-2016ж.\ он екі томдық шығармалар
жинағы жарық көрген болатын. Оның сан қырлы еңбегі табиғи

жалғасып, енді он алты томға айналып отыр. Шығармалар жинағының
он үшінші томына кейінгі жылдары жазылған жаңа пьесалары мен
киноповесі, зерттеу, мақала, сұхбаттары топтастырылған. Қазіргі
заман тақырыбына арналған комедиялары да, балаларға арналған

пьеса да қызық, тартымды. Оларға өзек болған оқиғалар да өзгеше,
кейіпкерлері де ерекше, күлкіге қарық қылып, ойға батырады. Ал
«Батыр болмақ сойдан-дүр» атты батырларға арналған еңбегі ата

– бабалар аңыздарымен қоса, әлем халықтарының да тартымды

хикаяларын қамтыған, дерегі де, берері де мол дүние.

ӘӨЖ 821.512/122

КБЖ 84 Қаз-44

ІSBN 978-601-7804-73-2

© Б. Әлімжанов, 2019

ПЬЕСАЛАР Әй, әртістер – ай! Екі актілі, төрт көріністі комедия Қатысушылар: Әйткен – әртіс. 25-те. Қызбала – әртіс. 21-де. Тойтан – режиссер. 40-тарда. Нәркес – Тойтанның әйелі, әртіс. 35-терде. Шайхан – психиатр дәрігер. 40-тарда. Элеонора – кәсіпкер әйел, өнер жанкүйері, 40-тарда. Робин Гуд – қияли. 40-тарда. Зорро – қияли. 40-тарда. Бірінші акт Бірінші көрініс Театр сахнасы. Қызбала мен Әйткен Шекспирдің «Отеллосына» дайындық үстінде. Қағаздарына қарап, рөлдің сөздерін іштерінен оқып, қолдарын сермеп, арлы-берлі жүр. Қызбала: \Қағаздан басын көтеріп:\ Иә, не жаңалық? Әйткен: Кеше той басқарып... Қызбала: Ал? Әйткен: Мені көрген бетте той иесі жеңгей: «Біздің тойымыз – ешкімге ұқсамайтын, ерекше той болуы керек! Өйткені біз ерекше адамдармыз! Қонақтың бәрі елиті!» – деді. «Біз елитіміз! Бредпіз!» – деп шегелеп қойды.

Қызбала: Не деген кәррәмәт! Әйткен: Элита, бренд дегені екен ғой! Қызбала: Хи-хи-хи! Әйткен: Содан кейін жеңгей: «Бір мың бір адам шақырып отыр­ мыз! Жүз бір жұлдыз келеді! Бәрі бірдей ән салуы міндетті емес! Той­ да жүрсе болды. Ставкаларын береміз! Бұл тойда пәленше, түгенше деген жұлдыздардың өзіне кезек тимей қалыпты деген аты керек!» – деді нығарлап ... Қызбала: Мәссаған! Әйткен: Сонымен, той басталды. Аққудай боп екі жас жарасып – ақ тұр. Амал не, қалыңдық жартылай жалаңаш. Білегі, мойны былай тұрып, иығы, қолтығы ашық-шашық, көкірегі үңірейіп, төсі көрініп тұр. Арқасы беліне дейін жап-жалаңаш! Жалаңаш жонын жалтыра­ тып тұрған жас келінге қарауға да ұялады екенсің! Қызбала: Ұят-ай! Қой деген адам жоқ па? Әйткен: Онда ешкімнің жұмысы жоқ! Бір дөкей бастық кел­ ген екен, бәрі соның асты-үстіне түсіп әлек. Той иесі әлгі дөкейге бір арғымақ сыйлады. Жылқышы атты жетектеп алып кірді ғой ресторанға! Әлгі дөкей тізгінінен ұстай бергені сол еді, ат кісінеп қоя берді. Кісінегенде де күлдірлетті ғой! Микрофонға кісінеген атты кім көрген – даусының жаңғырығынан ресторан құлайды екен деп зәреміз ұшты. Қызбала: Содан ? Әйткен: Дөкей риза! Ол риза болғасын бәрі де мәз! Ух, ақыры атты әкетті – ау! Бір кезде той иесі ағамыз келіп тұр елпілдеп. «Бол, тез, тағы да кісінетіңдер!» – дейді. Сөйтсек, ана дөкей атты мақтап, кісінегені қандай керемет депті! Қызбала: Ал? Сен қайттің? Әйткен: Қайтуші ем...Ағаймен бірге сыртқа шығып, жылқышыға атты кісінет деймін. Анау қайтіп кісінетемін деп аң-таң. Сонан, той иесі атты ары айналдырды, бері айналдырды. «Кісіне!»-деп жалынды, ұрысты – ат оны түсінбеді! Түсінбегесін – кісінемеді! Ағамыз бір кез­ де маған кісіне деп қарап тұр! «Неге кісінеуім керек ?» – дедім. «Сен әртіссің ғой, мен ақшаңды төледім ғой, кісіней салсайшы!» – дейді! Қызбала: А-ха-ха! Күлдір-күлдір кісінетіп... Ох, сенің ат болып кісінеп тұрғаның қандай күлкілі! Әйткен: «Кісінемеймін! Өйткені мен кісімін!» – дедім. Ама­ лы құрыған ағамыз аттың жанына тұра қалып, өзі кісінеп қоя берді! Кісінегенде де ішін тарта ышқынып, айнытпай келістірді – мен оның аузына микрофонды тосып тұрдым. Сол кезде әйелі кеп қалды. Ұрсып, қойғызады екен деп тұрсам... Бір кезде қосыла кісінеп қоя берді! Ду­

этпен кісінеген жылқыны кім көрген! Ух, ақыры қойды-ау бір кезде! Қызбала: Масқара ғой! Маскарад! Әйткен: Біз сияқты гениальный әртістер, маскарадты басқарат! Қызбала: Өй, кішкене шиыр, әзірге әригинәлни болсаң да жетіп жатыр! Әйткен: Сен қимасаң қима! Бірақ, Чезаре Ломброзоның «Ге­ ниальность и умопомешательство» деген кітабын оқығаннан кейін, өзімнің гениальный екеніме көзім жетті. Өйткені, ол аса дарынды адамдар қияли, біртүрлілеу болады деген екен. Мен енді, өзің көріп жүрсің ғой, шынында да біртүрлі емеспін бе? О-о, менің әпенделіктерімнің өзі бір кітап болатын шығар! Қызбала: Хи-хи-хи! Әйткен: Биылғы Жаңа жылда...бір жерде Аяз Ата болдым. Дәл басталатын кезде қарасам...сақалым үйде қалып қойыпты! Мәссаған! Кім саған аяқ астынан бір құшақ сақал тауып бере қояды! Жаман састым! Қызбала: Алдар Көсе Аяз Ата бола салмадың ба? Әйткен: Қайдағы...Содан, шықпай тығылып біраз отырдым. Ақшақарым барын салып-ақ жатыр. Бір кезде: «Дед  Мороз! Дед Мороз!» – деп хормен айғайлауға кірісті. Амал жоқ, дорбамды мой­ ныма асып алып, шыға бергенде, ғайыптан бір ой сақ ете қалды. Дереу Ақшақар – Снегурочканың бір бұрымын жұлып алып, аузымұрнымды бір орап жабыстырып, қалғанын салбыратып қоя бердім. Жұрт ду күлді. Күлгесін бітті ғой, қалғанын қатырамыз ғой. «Ориги­ нально!» – деп, қолды соқты жұртшылық! Қызбала: Міне, саған тым данышпандықтың керегі не? Тамаша тамада болсаң да жетіп жатқан жоқ па? Әйткен: Өстіп өлтіресіңдер ғой таланттарды! Қызбала: Жә, Әйткен, сөзді қойып, іске көшейік. Кел, Отелло мен Дездемонаның сахнасын пысықтап қояйықшы. Қазір Тойтан ағай төбемізді тесіп жүрмесін. Әйткен: Қайсын? Қызбала: Қызғаныш сәтін... Әйткен: Жақсы...қазір...Міне, міне, рөлдің рухы келе жатыр оя­ нып...охо-хо-хо, Әтеллі – Әйткен...кәне, Дездемонаның әкесін таныт­ шы бір! \Арлы-берлі жүріп, шабыт шақырып:\ Айтпақшы, Дездемо­ на – Қызбала, кім ана кеше...сенімен селпиге түсіп, инстаграмға сап қойған саппас? Жабыса қапсыңдар...біртүрлі ! Қызбала: Қойшы сен де! Қазір кім-кіммен селпиге түспей жатыр? Әйткен: Сонда да! Жігіттер де мазақтап бітті! Сен Отелло, Отел­ ло деп өкіріп жүргенде, селпидегі селтиген сүмелек Дездемонаңды...

тойыс, Қызбалаңды әтелге, одан ары шетелге алып кетпесін дейді! Жыныма тиіп бітті, әсіресе...әне біреу... Қызбала: Қайсы бірін айтайын, ей! Әйткен: Әне біреу сүмсиген сүмелек... Иығыңа иығын тақап түскенді айтамын... Қызбала: Е-е, иыққа иық тақағанда тұрған не бар екен!? Әйткен: Тақалған соң бітті ғой...Кім білсін, сүйіскен де шығарсыңдар?! Қызбала: Өйдөйт! Тақалғанның бәрімен ауыз жаласа кететін мен немене, сен деп пе едің!? Сенің селпилерің тіпті сұмдық қой! Қарауға қорқамыз! А-а! Тоқта, бәлем! Анау оң иығыңа басын қойып түскен жирен шашты шаталағың кім? Сол иығыңа жабысып қалған сары шашты сапалағың кім? Арқаңа асылып, құшақтап қатып қалған жал­ быр шашты жапалағың кім?! Әйткен: Өй, өй, Қызбала, сен өйтіп қызбаланба! Олар жай әншейін... Қызбала: Ә, жай әншейін бе? Әйткен: Иә, оған бола күйдірме кісіні...Сенің де маңайыңда үйіріліп жүрген жоқ па... Қызбала: Иә... Инстаграм тола ғашықтар...Қызық болғанда, бәрімен жүріп кеп кетсем бе екен? Вариант деген болу керек қой, бы­ лайша айтқанда...Таңдап, салыстырып көрсек, бізге кім қой деп жа­ тыр, ә?! Еркек пен әйел тең ғой, заң бойынша! Гендер-рр! Ал, мына бір топ жігіт-тендер-рр! Топырлатып таңдай бер! Бұған не дейсің, Отелло, Әтелләшкә!? Әйткен: Не дегенде...енді...не дейін? Мұныңыз нелеу ...он жерден жұлдыз болсаң да! Қызбала: А, нелеу ме екен? Ал, сізге бірнеше қызбен қатар жүріп, таңдауға болғанда, бізге неге болмайды, ә? Әйткен: Енді, біз еркекпіз ғой...табиғаттың заңы дегендей... Қайдағыны айтпа! Тоқта, тоқта...Маған бір ой ғайыптан ұшып кеп, қона қалғаны! Қызбала: Осы саған – ақ ғайыптан ұшып кеп қона салады екен! Әйткен: Менің ғайыбым айтады...Ең ақылды, парасатты қыздар қайда? Айта қойшы, қане? Қызбала: Әрине, театрда! Әйткен: Театрда? Жо-жоқ, театрда ойлаудан гөрі, ойнау басым! Қызбала: Онда, әрине әнші жұлдыздар! Әйткен: Атай көрме! Олардың кемеңгерлігі көкейінде емес, көмекейінде! Қызбала: Ә-ә, таптым! Тележүргізушілерден ақылды кім бар дейсің қазір!

Әйткен: Олар тақырыпты ашудан гөрі, өздерін танытуды көбірек ойлайды! Қызбала: Енді кім қалды сонда? А-а, киноәртістер! Әйткен: Иә, оларда ептеп бірдеңе бар. Бірақ, есіңде болсын, олар жазушының жазып берген сөзін сөйлеп, режиссердің көрсеткен рөлін ойнайтынын ұмытпаңыз! Қызбала: Ал, жарайды...сонда сенің ғайыбың кімді керемет са­ найды екен? Әйткен: Кітапханашы қыздар! Қызбала: Кітәби қыз! Кітаптағы қыз! Әйткен: Иә, кітап оқитын қыздың жан-дүниесі қандай көркем! Табиғи, қарапайым, елтең-селтеңде жұмыстары жоқ! Әнеки! Сүйсең – кітапханашы қыздарды сүй! Мың кітапты құшақтап, оқығандай боласың! Қызбала: Ах, солай ма? Жә, кім ол, әлгі кітаби қызың? Әйткен: Көп оқыған, ойлы қыз! Өнерді керемет түсінеді! Қызбала: Солай де! Қызға көп ақылдың керегі не, айласы бол­ са болды емес пе? Бұл заман оқымайтындардың заманы, демек, көп оқыса, артта қалған, ескіліктің адамы болғаны да! Ойлы дегенше, қияли десеңші! Қазіргі іскерлік заманында адамға, әсіресе, әйел за­ тына көп ойдың қажеті жоқ! Көп ой қуалай берсең, не сұм боласың, не жын боласың! Әйткен: Бірақ, енді спектакльдерді, рөлдерді талдағанда... Талғамына таң қалдым! Қызбала: Немене? Сен онымен спектакльдерді талдадың ба? Қайда? Қашан? Бәлкім, таң атқанша талғамдарыңды таластырған шығарсыңдар?! Әйткен: Жо-жоқ...Тіпті, мен оны көрген де жоқпын. Бар болғаны, ол маған ватсапқа хат жазыпты. Бірақ, хаттары сондай керемет! Жаныңды тебірентеді! Мына қарашы! \ соткадан оқиды:\ «Өмір-сахна, ал адамдар – әртіс деген бар ғой. Иә, бәріміз де әртіс болып, бір-бір рөл ойнаймыз. Бірақ, еріктіміз бе? Әркімнің режиссері бар! Ол қалай бұрса, солай жүреміз. Ал, режиссерің самодур болса қайтесің? Жынды болса ше?» Міне, қалай жазады! Қызбала: Бар бәле хат жазудан басталады ғой әдетте! Әйткен: Сын пікірлерін қарашы...ойып түсіреді. «Сіздер, әртістер, рөлдің сөзін дұрыс айта алмайсыңдар. Пьесаның текстінен шығып кетіп, өздеріңше соғып жібересіңдер. Оларың олпы-солпы, нашар! Сөздің мағнасын ғана емес, ырғақ, әуенін де әлсіретіп жібергендіктен, рөлдеріңіз солғындап шығады», – дейді. Ал!?

Қызбала: Ал! Көрерміз, әлі, Әтелләтәйім! Әйткен: Әтеллі – әтәйің, әтелләтәйің! Әңгімені қалай айнал­ дырып жібердің, ә? Әбден әккі болып кеткенсің бе? Мен сенен ана селпидегі селтиген сүмелек кім деп сұраған сияқты едім, а, Дездемо­ на – Қызбала!? Қызбала: Қойшы енді! Айттым ғой, мен оны дұрыс танымаймын да...көп жанкүйердің бірі шығар! Әйткен: Жанкүйер – манкүйер...Бәленің бәрі осы жан күйгеннен басталады! Байқа, Қызбала, менің жанымды күйдіре берме! Сол кез­ де екпіндеп Тойтан келіп қалады. Тойтан: Ал, қане, жиырма бірінші ғасырдың Отелло мен Дездемо­ насы! Дайынбыз ба рөлге?!\ Әйткен мен Қызбала тез естерін жиып, дайынбыз дегендей қолдарымен ымдайды.\ Дайын болсақ, кеттік! Екеуі театр сахнасында репетицияға кіріседі.. Отелло – Әйткен ашулы, толғаныс үстінде Дездемона – Қызбаланы іздеп, аласұрып жүр. Әйткен: Дездемона! Дездемона! Қайдасың ?! Қызбала: \ Дездемона ролінде. Есі шығып жүгіріп келеді.\ Мен мындамын! Әйткен: Сен қайда жүрсің? Қызбала: Қайда жүргені несі? Әйткен: Кіммен жүрдің деймін?! Қызбала: Ешкіммен жүргем жоқ! Әйткен: Селпидегі селтеңбай кім, Айт шыныңды, Дездемона! Қызбала: Неге менің күйдіресің, Қайдағы бір сөзге бола? Әйткен: Отеллоңды сүйсең шындап, Жалғыз көше кезбе, бала! Қызбала: Қызғанышың – қара шыбын, Ызыңдаған көзге қона! Әйткен: Алданбаймын қулығыңа, Алданса да өзге бала, Айт, қанеки, жаның барда, Қайда болдың, Дездемона!? \Қызбаланы ұстап алып, кеңірдегінен қысып, ашумен шындап буындыра бастайды.\ Кіммен болдың?!\Жаны алқымына таялған Қызбала – Дездемона ышқына бұлқынады. Әйткеннің шындап бара жатқанын байқап қалған Тойтан тұра ұмтылып, Әйткен – Отеллоның қолына жармасып, алысады. «Өй, Өтеллі! Әй, әкеңнің,

Әйткен! Жібер! Босат деймін! Есіңді жи!» – деп, жанұшыра айқайлайды. Қызбала да бұлқынып, ақыры Тойтанның көмегімен әрең дегенде босап шығады.\ Қызбала: У-ух! Өй, мұның не? Жаным көзіме көрінді ғой! Жындымысың өзің !? Тойтан: \Әйткеннің ұятқа қалғанына қуанып, құбылып:\ Тура айтасың! Мынауың байлаусыз жындының өзі! Байқа, Қызбала, сақ бол мынадан! Өмірде деймін дағы...Ал театр сахнасында...Театр сах­ насына мұндай психикасы тұрақсыз, аумалы-төкпелі әумесер әртісті жолатуға болмайды! Аластау керек! Аулақ, аулақ бізден! Өнерден аулақ! Әйткен: Тойтеке, олай қатты кетпеңіз! Мен кішкене...Отеллоның образына былай... шынайы... нетіңкіреп... кетіңкіреп қалғаным бол­ маса, дені сау, ақыл-есі бүтін адаммын! Тойтан: Саусың, ия? Әйткен: Сап – саумын! Тойтан: Атаңның басы саусың! Сау болсаң, былай шықшы! \ Оңашалап бұрышқа қарай алып барып, бәсеңдеу дауыспен:\ Әй, саған не керек сонша? Жұмыс бергіздім. Жатақхана бергіздім! Енді не жетпейді саған? Жаныңды күтіп, жіптіктей болып жүре бермейсің бе? Әлде, геройларды ойнағанға, героймын деп қалдың ба? Әйткен: Сонда маған не істе дейсіз? Тойтан: Ордаңдама...Орныңа қоюым оп-оңай! Әйткен: Мен ордаңдап не бүлдірдім сонша? Тойтан: \ Көзімен тамағын уқалап, өзімен-өзі бір шетте тұрған Қызбаланы көрсетіп:\ Араға түспе! Бөгет болмай зыт! Әйткен: А-а, солай ма, ағасы! Оныңыз бола қоймас! \ Орғи басып ортаға шығып, айқай салады: \ Оныңыз бола қоймас! Тойтан: \ Бұл да қиқулап, ортаға шығып:\ Олай болса, сау екеніңді дәлелде бізге! Әйткен: Мақұл! Бірақ, қайтіп дәлелдеймін? Тойтан: Қазір психиатрға бар да, тексеріліп, сау деген қағаз алып кел! Әйткен: Психиатр? Жындыхана ма? Қойыңыз, бармаймын онда! Тойтан: Барасың! Барғанда да шауып барасың! Жақсылықпен бармасаң, шақырттырамыз! Шақыртуға бармасаңқашқын атанып шыға келесің. Оның арты – қуғын –сүргін, пиф-паф! Құдай сақтасын! Одан да бара ғой, бар! Дені сау деген қағаз алып келсең, мен бүгінгі тосын жағдай, яғни, Қызбаланы қызғаныштан қылқындырып тастай жаздағаның туралы ешкімге ештеме демеуге сөз беремін. Ал егер де бұл айтқанымды істемесең, онда театр әкімшілігіне ресми қағаз жа­

зып, бар жағдайды баяндауыма тура келеді. Өйткені, Қызбаладай ая­ улы жанның үлбіреген аппақ тамағын сендей қояншықтың бақандай қолына сеніп тапсыру үшін денің сау екендігіне біздің көзіміз әбден жетуі керек! Келістік пе осыған ?! Міне, Қызбала да келісіп тұр! \ Әйткен Қызбалаға сұраулы жүзбен аңтарыла қарап, үнсіз тұрып қалады.\ Қызбала: Дәлелде десе – дәлелде! Әйткен: Қайтіп? Қызбала: Дені сау деген дәкүмент әкел! Әйткен: Қызық! Дені сау маған дені сау еместер дені сау деген қағаз беруі керек екен! Сонда ғана менің сүйгенім менің денім сау екеніне сенеді екен! Әй, махаббат қағазға қарамайды ғой! Әлде, мені сүйетінің өтірік пе? Қызбала: Сүюін сүйемін, бірақ денің сау болмаса – тимеймін! Әйткен: Ах, солай ма?! Жарайды онда, мен барып: «Әригинәлни әртіс Әйткеннің дені сау! Оның бар жазығы – ол гениәлни!» деген күректей қағаз алып келіп, қабырғаға керіп тұрып іліп қояйын! \ шамырқанып, шапшаң басып кете береді.\ Тойтан: Иә, сөйт! Сөйте ғой кәрр-рәмәтім! Әйткен жалт бұрылып, екпіндеп Қызбалаға жетіп келеді. Әйткен: Кезбемона...Қызбала! Сен шынымен менің денім сау екеніне сенбейсің бе? Қызбала: \ Тамағын сипалап:\ Тамағым әлі ауырып тұр... Кеңірдегімді жұлып ала жаздадың ғой. Әйткен: Қызғаныштан күйіп кеттім ғой...күйдіріп жіберген өзің! Кісі сүйгендіктен күйеді ғой! Қызбала: Сүйсең – сүй, бірақ құр босқа қызғанып күйме! Бұдан былай кеңірдегіме тиме! Негізі, дәрігерге барып келгенің дұрыс! Сау боларсың деп үміттенемін! Айтпақшы, көрінген көк көйлекке көңілі кете бермейді деген күректей қағаз ап келсең, тіпті тамаша болар еді! Чао! Әйткен: Сао! \ширығып, шығып кетеді. Сахнада оңаша қалған соң, Тойтан Қызбаланы Дездемона рөліне дайындай бастайды. Тойтан: Негізі, дарыны бар бала! Бірақ, шалығы да бар ма деп қорқамын! Біртүрлі...қуыңқырап кететін сияқты кейде... Байқа! \ Қызбала оның сөзіне рай бермей, бұрылып кетеді.\ Тәк, тәк! Дезде­ мона, Қызбала! Сен жалпы Шекспирді түсінесің бе өзі? Қызбала: Енді, түсінгенде...ептеп хабарымыз бар. Академияда оқытқан. Тойтан: Мәссаған! Академияда оқытыпты...Мына әртісті қараңдар, Шекспирден ептеп хабары бар! Хабарың болатындай ол

саған товар емес қой, әй, қыз-з-қызз-з -қызғалдақ! Қызбала: Қызғалдақ емес, Қызбала! Тойтан: Бөлме сөзімді! Қызбала...қызғалдақ... қымыздық...бәрі бір бізге. Сенің атың ешқандай рөл ойнамайды. Режиссер үшін сен әртіссің, бітті! Бір деп қой! Екіншіден, сен жаңа ғана студенттік ортадан келіп отырсың. Ол жерде ептеп еркіндік бар. Бірақ, театр тайраңдағанды көтермейді. Режиссер Тойтан көтермейді. Тойтан мен театр темірдей тәртіпті сүйеді. Түсіндің бе? Қызбала: \ көп мағналы мысқылмен:\ Түсіндім! Диктатура десеңізші! Тойтан: Тирания! Театр ешкімнің қиқаңын көтермейді! Театрда Тойтан ғана қойқаңдай алады! Неге? Өйткені, Тойтан – режиссер! Ал, режиссер дегеніміз – бастық! Ол тиран болу керек! Әйтпесе, әртістер бетімен кетеді. Тоқ етері, оқуды жаңа бітіріп келген жап-жас әртіске мұндай үлкен рөлді, басқа басқа, Дездемонаның рөлін екінің бірі сеніп тапсыра бермейді! Уот, соның қадірін білу керек! Қызбала: Рахмет! Сеніміңізді ақтауға тырысамын! Тойтан: Көрерміз...қалай ақтағаныңды. Ал, онда былай... Қазір жиырма бірінші ғасыр. Демек, біз классиктерді де жаңа заманға лайықтап қоюмыз керек. Батыл эксперименттерге баруымыз керек. Ұқтың ба? Қызбала: Ұғатын да сияқтымын, ұқпайтын да сияқтымын! Тойтан: Немене дейсің? Ал, түсіндірші қане...Нені ұғасың, нені ұқпайсың? Қызбала: Классиканы бүгінгі күнге жақындатып қою керек дегеніңіз көкейге қонады. Ал бірақ, қалай интерпретация жасаймыз? Міне, гәп сонда! \ Осы кезде Тойтанды іздеп келіп қалған Нәркес шымылдықтың тасасына тығылып, тыңдап тұрады.\ Тойтан: Иә, гәп сонда! Бірақ, Тойтандай майталман қолына қайта алғанда, Шекспирің де шайқалмай ма?! Мен спектакльді бүгінгі заманға кірістіріп жібермекпін. Яғни, оқиға орта ғасырларда емес, дәл бүгін өтіп жатқандай болып көрінуі тиіс. Қызбала: А-а! Қызық екен... Тойтан: Қызығы алда...Менің спектакльмде орта ғасырлық қорғандар да, қару-жарақ, сауыт-сайман да, керек десеңіз, көйлеккөншек те болмайды. Бәрін де қазіргі кездегідей етіп бейнелейміз. Кейіпкерлердің бәрі костюм – шалбармен, тіпті, джинси, кроссов­ камен жүре береді. Отелло көзіне қара көзілдірік тағып, қара трико киіп жүрсе ғажап емес пе? Ал мини юбкамен жүрген Дездемонаны қызғанбай көрсін !?

Қызбала: Апырмай, нелеу емес пе? Тойтан: Нелеу емес! Керек десеңіз, Отелло кемемен келгенде, Дездемона жағада бикинимен күтіп алса – нағыз шик-модерн! Қызбала: Бикинимен? Дездемона бикинимен ...! Қалай ? Тойтан: А несі бар екен? Дездемона суға шомылмап па? Жалпы, жаңа спектакль елді елең еткізу керек! Елең еткізу үшін онда ерекше бірдеме болуы керек! Дұрыс па, жоқ па? Қызбала: Иә, солайы солай ғой... Тойтан: Олай болса, Отеллоны өртей түсу үшін, ол үйге кіріп кел­ генде, сен жалаңаш болуың керек! Қызбала: Жалаңаш?! Тойтан: Иә! Тыр жалаңаш! Қызбала: Қа-қа-қалайша? Тойтан: Солайша! Қызбала: Мен сізді түсінбей тұрмын! Тойтан: Аңқаусыма өйтіп! Сен бәрін де тура түсініп тұрсың! Не­ мене, өмірі шешініп көрмегендей қылымси қалыпсың ғой! Көзіңе елестетіп көрші, жалаңаш Отеллоның жалаңаш Дездемонаны құшақтап қатып қалғанын... Қандай керемет көрініс! Көрермен естен танбаса, Тойтан емес, пойтан болып кетейін! Қызбала: Мейлі! Мен бірақ шешінбеймін! Тойтан: Не дедің? Мен не естіп тұрмын осы, а-а? Қызбала: Мен шешінбеймін дедім! Тойтан: Шешінесің! Шешінгенде де әдемілеп тұрып шешінесің! Рөлдің талабы осындай! Театрдың бұлжымас қағидасы – әртістер режиссердің айтқанын екі етпей орындауға, сөзсіз бағынуға міндетті! Қызбала: Бірақ, мұндай ұятсыз бұйрығыңызды орындай алмаймын! Тойтан: Неге ұятсыз болады, әй? Бүкіл дүние жүзі шешініп жатқанда, сен өзіңше ұятты бола қапсың ғой! Қызбала: Дүнижүзінде жұмысым жоқ. Мен қазақтың қызымын, ал біздің театр – қазақ театры! Тойтан: Театр ешқандай қазақ-мазақты білмейді! Өнерде ұлт жоқ! Қызбала: Мәссаған! Мұныңыз сұмдық екен! Тойтан: Сұмдық емес, шындық! Нағыз үлкен өнер жалпы адамзатқа қызмет етуге тиіс. Ал жалпы адамзаттық деңгейден та­ былу үшін, артта қалып қоймай, жаңалық атаулыны үйрену керек. Қазіргі заманғы өнердің ең басты жаңалығы – перде атаулыны сыпы­ рып тастап, жалаңаш шындықты бейнелеу. Ал киім де перденің бір түрі! Біз де оны сыпырып тастауымыз керек!

Қызбала: Жоқ! Бұл ұятсыздық! Азғындық! Тойтан: Азғандық емес, озғандық! Озық елдердің үлгісінде Дездемонаның жаңа, жалаңаш бейнесін жасайтын болсаң – дүниежүзілік фестивальдердің Гран-приі сенікі! Мегажұлдызға ай­ налып, әлемдік журналдардың жылтырақ мұқабасында жалтырап тұрасың! Жалаңаш қарыныңа жаһанды жалт қаратсаң: «Міне! Қазақ қызы дарынымен де, қарынымен де дүниені табындырды!»- деп, бір жыртылып қалмаймыз ба?! Қызбала: Онда қандай мағына бар?! Маған өйтіп арымды төгіп, артымды ашып алған Гран-при – Срам-придің керегі жоқ! Тойтан: Мейлің! Бірақ, мен қалай айтсам, солай болады! Жалаңаш Дездемонаны шығарасың сахнаға! Қызбала: Шығармаймын! Тойтан: Шығарасың! Қызбала: Шықпаймын! Тойтан: Шығасың! Қызбала: Шықпаймын! Тойтан: Жә, жетті! Мен де үш айттым, сен де үш қайтардың! Ендігісін көріп алдық! Ерегескенде, тап сені шешіндірмесем, шемішке шағып кетейін! Қызбала: Онда шемішкеңізді қуыра беріңіз! Тойтан: А-а? Қызбала: Ертең Нәркес апайдан бір шелек шемішке беріп жіберемін! \Бұрылып, қасақана билей басып кетеді.\ Тойтан: Тұра тұр, бикешім! Қиқаңдама Тойтанға, Ал, Тойтаным, қойқаңда, Алтайы түлкі алдыңда, Тоят таңда, той таңда! Сол кезде шымылдықтың тасасынан Нәркес шыға келеді. Нәркес: \ жымия күліп:\ Ой, Тойтеке, Тойтеке! Тойтан: \ Шошыңқырап:\ Өй, осы сенің күлкің-ай...Түбі сен мені күліп өлтіретін шығарсың? Нәркес: Ой, Тойтеке, қой теке! Күлмегенде жылайын ба? Бетімді тырнап, шашымды жұлайын ба?\ сылқылдап тұрып күледі.\ Ой, Той­ теке, қой теке, сен қандай қандай күлкілісің, ә! Тойтан: \Қосыла күліп:\ Күлкің керемет! Заразительный смех де­ ген осы! Нәркес: \ Күлкісін тоқтата алмай: \ Күлгенде...күлмегенде... Шекспирді оқыс пир, тіпті, кекс пир етіп шығарғанды көріп едік! Ал,

сенің Шекспирің нағыз Секс- пир болайын деп тұр ғой!
Тойтан: \ Күрт көңілсізденіп:\ Мұнымен не айтпақсың?
Нәркес: Шешінген Шекспир! Хи-хи-хи!
Тойтан: Е-е, несі бар екен? Эксперимент!

Нәркес: Сексперимент десеңші одан да! Сонда не, сен айтты екен
деп, жұрт шетінен шешіне бермек пе?!
Тойтан: Сен мені аңдып, бәрін тыңдап тұрдың ба?
Нәркес: Әйел айдағыны көріп, сайдағыны естиді!

Тойтан: Енді ол театр, өнер ғой...
Нәркес: Иә, білеміз... қыз шешіндіргеннің қандай өнер екенін!
Тойтан: Нәркес! Сен өзің де әртіссің, түсінуің керек!
Нәркес: Тойтеке, Тойтеке, бәрін де түсініп тұрмын! Тек мына бір

жерін ашып айтшы. Сен Дездемонаны шешіндіргің келіп тұр ма, жоқ
әлде Қызбаланы шешіндіргің келіп тұр ма?
Тойтан: Өй, сен де бір...Әрине, Дездемонаны! Ол сахнадағы об­
раз ғой!

Нәркес: Онда...образ ғана болса... Дездемонаны маған беріп, мені

– ақ шешіндіре салмайсыз ба?

Тойтан: Жо-жоқ! Ол қызық емес!
Нәркес: А-а, мен қызық емеспін бе? Қызығың Қызбала ма?
Тойтан: Түу, Нәркес!
Нәркес: Нәркес емес, шәлкеспін!

Тойтан: Болмайды ол! Шешім қабылданып қойды! Айттым, бітті!
Нәркес: Солай де! Өзгертуге болмайтын шешім – жаман шешім
депті бұрынғылар. Ал, мен қалай айтсам солай болады деген –
самодурлықтың бірінші белгісі емес пе?

Тойтан: Самодурлық емес, табандылық!
Нәркес: Тойтеке, шындап сөйлесейікші....Сен соңғы кез­
де тым талапшыл боламын деп жүріп, самодур болып барасың.
Шығармашылық ізденіс жақсы ғой, бірақ сахнада киім шешкеннің

несі жаңалық, несі өнер? Өнер жан-дүниеде, ой-санада емес пе?
Тойтан: Дұрыс айтасың! Бірақ, сол жан-дүниені қалай көрсетеміз
сахнада? Мен осының жаңа бір жолдарын іздеп, жанымды жеп
жүрген жоқпын ба?

Нәркес: Сондағы тапқаның осы ма?
Тойтан: Ол жаңашылдықтың бір формасы!
Нәркес: Адырам қалсын ондай жаңашылдық! Сен жаңалық аша­
мын деп жүріп, жүйке ауруына шалдыққаннан саумысың өзі?! Есіл-

дертің есірік елеске ауып кеткен сияқты!
Тойтан: Елес емес...Есіл арман!
Нәркес: Ал, айтшы арманыңды?

Тойтан: Ох, арман, арман! Арман көп қой адамда! Маған ман­ тия...мантия маэстро керек! Нәркес: Ә-ә?! Масқара! Мания величия боп қалдың ба әлден?! Өй, бишара! Тойтан: Жә, сонша не боп қалды?! Бірдеңені қиялдап, қол созып жүрген жаман ба? Нәркес: Маған мынаны түсіндірші... Мұнда қандай мағына бар? Тойтан: Ол үлкен әңгіме, ұзақ жыр! Оны түсіне қоюың екіталай! Нәркес: Әй, Тойтан, қойқаңдама! Менің күлкім бітіп келе жа­ тыр! Күлкінің ар жағынан түрпі келе жатыр! Ал, менің түрпім түртіп жіберсе, құртып жіберетінін өзің де жақсы білесің ғой! Тойтан: Тоқта, тоқта, Нәркесжан, сабыр ете тұр.Үйге жетіп алайық! Театр сахнасында масқара қыла көрме! Нәркес: \ Қолымен жол көрсетіп:\ Онда түс алдыма, айда қайқай! \ Тойтан томпаңдап тартады. Нәркес қуалап әкетеді.\ Ой, Тойтеке, қой теке! Жаман ойды жой теке! Екінші көрініс Жындыхана. Бас дәрігердің кеңсесі. Жеңіл ырғақты музыка ойнап тұр. Шайхан өзімен-өзі әндетіп, билеп жүр. О-хо-хо! Йо-хо-хо! Табыңдар маған жындыны, Меланхолик мұңдыны, Жарығынан жалғанның, Жақсы емес пе оларға, Жындыхананың мың күні! О-хо-хо! Йо-хо-хо! Қайдасыңдар, қанеки, Дуаланған дүңгәна, Қияли мен құлғана, Қояншық пен айкезбе, Бәріңдікі бір ауру, Бойды буған жын ғана! Жын ғана! О-хо-хо! Йо-хо-хо! Жалмай берсем дейтұғын, Біріңдікі қара жын, Ала берсем дейтұғын,

Біріңдікі ала жын, Жұрттан қалай асам деп, Жанталасқан дара жын! О – хо-хо! Йо-хо-хо! Жындарыңды қағатын, Жөнге жылдам салатын, Жындыларын жаһанның, Жұп-жуас қып бағатын, Кең ақылды кем қылып, Милау қылып алатын, Жынды әлемнің жалмауыз, Падишасы мен ғана! Мен ғана! О-хо-хо! Йо-хо-хо! Әйткен кіріп келгенде Шайхан бірінші ыржиып тұрып күледі. Әйткен де күледі. Шайхан: \қабағын түйіп:\ Сен неменеңе жетісіп күліп тұрсың, әй? Әйткен: Сіз күлгесін күліп жатырмын дағы... Сізге күлген сон­ дай жарасады! Неге ылғи күліп жүрмейсіз? Шайхан: Сен немене, маған мән үйретейін деп пе едің... бір шаригің кем болып алып... Әйткен: Менің бір шаригім кем емес. Артық болуы мүмкін, бірақ кем емес! Шайхан: Артық болса – тожы аурусың! Бәрібір ненәрмәлни де­ ген сөз! Әйткен: Осы ненәрмәлни, ненәрмәлни деп қоймайсыңдар. Ал сонда нәрмални деген не өзі? Кім оны бізге өлшеп берген? Шайхан: Нормада жұмысың қанша? Одан да өзіңнің ненәрмәлнилығыңды мойындап, нәрмәлни жауап бер! \Әртістің ісін ақтарып отырып, шұқшия оқып: \ Венаңды неге кестің? Әйткен: Қайдағы вена? Мен кескем жоқ ешқашан! Шайхан: Соқ өтірікті! Міне, мында жазылған – мектепте оқып жүргенде бір қызға ғашық болып, ана қыз қарамағасын, өлемін деп қолының күре тамырын өткір ұстарамен осып жіберген деп... Әйткен: Ә-ә, ол псих...тойыс, психиатр мені дұрыс түсінбеген ғой! Ол менен ғашық қызың бар ма деп сұрады. Мен бар дедім де, қызға шығарған өлеңімді оқып бердім.

Міне, былай: Сүймей қойсаң нетер едім, Елден жырақ кетер едім, Волга-Донда бір сені ойлап, Каналды да салар едім, Қолыма лом, қайланы алып Беломорды қазар едім, Колыма мен Лена бойлап Магаданға барар едім! Байкал – Амур темір жолын Бір сен үшін тартар едім, Аляскада айға қарап Серенада айтар едім! Бір сені іздеп кетер едім, Мұхитқа да жетер едім, Сенаны да кешер едім, Венаны да кесер едім, Темзаны да тіліп өтіп Тескентауды тесер едім, Занзибардың жағасында Каннибалға бөсер едім, Жанымды көп қинай бермей Тие салсаң, өсер едім! Шайхан: Браво! \қолын соғады.\ Әйткен: Ол менің өлеңімнің өңін айналдырып, өтірік жазып жіберіпті! Шайхан: Ол сізге тағы не деді? Әйткен: Ол кісі қорқынышты түстер көресің бе деп сұрады. «Көргенде мен көрейін. Бірақ, түсімді тыңдайтын адам жоқ!» – деп, ағымнан жарылайын. «Ал, ендеше, емін-еркін айта ғой түстеріңді!» – деді бейілденіп. «Сіз бір түс тыңдайтын жақсы адам екенсіз!» – деп, ал қоя берейін түсімде көрген не бір таңғажайыптар мен сұмдықтарды! Ол рахаттана тыңдай берді, ол тыңдаған сайын мен де соға бердім, соға бердім. Сөйтсем, өз ыңғайына келтіріп жаза беріпті ғой қасқаң! Шайхан: Тәк! Тәк, ал қазір қандай түстер көресіз? Әйткен: Әр түрлі. Шайхан: Әр түрлі болғанда...Түсі...түсі қандай түсіңнің? Әйткен: Түстің түсі?! Шайхан: Өй, түсің қашып кетті ғой өзі!

Әйткен: Кешіріңіз... Түстің түсі дегеніңізді түсінбедім. Шайхан: Түсінбейтін түгі де жоқ – түсіңнің түсі қандай деп сұрап тұрмын! Ой, кеще! Ақ пен қара ғана ма, жоқ қызыл-жасыл-сарықоңыр-күлгін түстер де көресің бе? Әйткен: Енді ...бір түсті түс деген бола ма екен! Өмір қандай көп бояулы болса, түс те сондай болады да! Шайхан: Тәк, тәк, түрлі-түсті түстер көреді деп жазып қояйын! Цветной түстер көру – өте қауіпті психикалық дерттің белгісі! Пси­ хоанализ теориясы бойынша! \саусағын шошайтып:\ Фрейдизм! Әйткен: Брейдизм?! Ол не – бренд пе әлде бред пе? Шайхан: Фрейд, Фрейд! Эф, эф, Фрейд! Зигмунд Фрейд! Психоанализдің атасы! Біздің жолбасшы ұстазымыз, адам психикасының аналитигі! Әйткен: Идолымыз десеңізші... Сонда, құдай жаратқан адамдардың сан алуан тағдырын тас құдайларыңыздың теориясы­ на тоғыта бересіздер ме? Ал менің ғайыбым айтады, адамның жандүниесі ешқандай теорияға сыймайды дейді! Жалпы, сіз құдайға сенесіз бе? Шайхан: Мен ғылымға, оның ішінде психоанализ теориясына сенемін! Әйткен: Сонда, құдайға сенетін маған құдайға сенбейтін сіз қалай анықтама бермексіз? Қайсымыздың деніміз сау екен өзі? Менің жа­ ным – иманды, демек – сау! Ал мына сіздің саулығыңызға күмәнім бар! Шайхан: Сен немене, біздің бәріміздің шатырымыз шайқалған деп тұрсың ба!? Әйткен: Иә! Ана жақтан да, мына жақтан да жел соғып жатқанда, әлсіз пенденің шатыры шайқалмақ түгілі, шалбары да ұшып кетіп жатқан жоқ па? Анау идея керемет, мынау идея тамаша, қаптаған да­ нышпан ...сансыз сұрақ... сана-сезіміңді арбап, қайсына сенеріңді, қайсына ереріңді білмей, қалбалақтап қалдық емес пе? Шайхан: Жә! Ылғи шатыры шайқалғандармен сөйлесе берсең, өзіңнің де шатырың шайқалмай қоя ма? Әйткен: Жоқ, бұл бір жағынан қарағанда! Екінші жағынан қарағанда, біздің шатырымыз шайқалмаған! Біздің шатырымыз өте биік, әдемі! Біз оны одан сайын әшекейлеп, керемет қылып көрсету үшін бүкіл күшімізді салып жатырмыз! Шайхан: Оның несі жаман!? Әйткен: Бірақ біз подвалымызда не болып жатқанын білмейміз. Біздің подвалда жұмысымыз жоқ! Шатырды ұстап тұратын фунда­ мент, подвал, қабырғалар екені есімізден шығып кеткен! Шатырың

шайқалмау үшін фундамент, қабырғаларың мықты болуы керек қой! Шайхан: Қысқарт! Әңгіме онда емес, әңгіме қағазда! Қағаз бойынша, жынды сенсің! Сондықтан, мені қойып, өз жайыңды ойлағаның жөн! Көрген түстеріңнің түсіне қарағанда, сен жай жын­ ды емес, түрлі-түсті, яғни қызылкөз жындысың! Әйткен: Мұның бәрі өтірік! Қиялдамайтын, қияли түс көрмейтін кісі бола ма екен? Соның бәрін тізбелеп, теория жасай берсек, түгіміз қалмас, сірә! Сіздің теорияңыздан да, түс түлкінің боғы деген аталарымыздың бір ауыз сөзі артық !? Шайхан: Түлкі ме, кірпі ме – бізге бәрі бір! Біз аталарыңа емес, қағазға сенеміз! Міне, мында бәрі жазылып, мөр басылып, қол қойылған! Сені ұстамасы бар, бақылауға алу керек деген! Психоана­ лиз теориясы бойынша! Әйткен: Не дейді? Мен сап-саумын! Ақыл-есім бүтін, ар-иманым бойымда! Андағының бәрі өтірік, жала! Сендер өздерің аурусыңдар шеттеріңнен! Шайхан: Әй, сау болсаң неге айқайлайсың? Бүйтіп күйіп-піскеніңе қарағанда күйгелек, жүйкесі жұқарған жан екенің айдан анық! Әйткен: Енді, өтірікпен күйдіріп тұрсаңдар, күйіп –піспегенде қайнап піседі деп пе едіңдер? Кез-келген адамға нахақтан нахақ жала жапсаңдар, жынданбағанда қайтеді?! \Әйткеннің даусы қатты шыға берген соң, қара перде киген екі дәу қызметкер, қолдарында усмири­ тельный рубашкалары бар, алақ-жұлақ етіп, жүгіре басып келеді. Шайхан оларға тұра тұрыңдар дегендей белгі береді қолымен. Екеуі басылып, босағада аңдып тұрады.\ Шайхан: \ салқын, ресми сізге көшіп:\ Сіз неге екпіндеп, еркін сөйлейсіз? Әйткен: Е-е, еркін сөйлемегенде, мәнекен құсап мөлиіп тұрайын ба? Менің арқам бар! Шайхан: Ол не арқа деген? Әйткен: Арқа деген...Ол аруақ, былайша айтқанда.... Шайхан: Во-во-во! Мінеки, жазып қоямыз – арқасында жыны бар! Яғни, жын - ды! Өзің де мойындап тұрсың ғой ! Әйткен: Жыны жоқ адам бола ма екен? Байқауымша, мына сіздің де жыныңыз ұстап жүреді үнемі... Шайхан: Ылғи жындылармен бірге жұмыс істеп жүрсең, жының ұстамағанда, жаның жадырайды деп пе едің? Тәк, ол басқа әңгіме. Ал қазір сіздің шаруаңызды бітірейік ... Сіз кімді жақсы көресіз? Әйткен: Кімі несі? Ата-анамды, бауырларымды... Шайхан: Тоқта, тоқта! Нақты кесіп айт – ең жақсы көретін адамыңыз кім?

Әйткен: Кім болушы еді...ата-анам, бауырларым... Шайхан: Тоқта, тоқта, топырлатпа! Біреуін ғана айтәкеңді жақсы көресің бе, әлде шешеңді жақсы көресің бе? Әйткен: Екеуін де бірдей жақсы көремін! Шайхан: Жоқ, дені сау кісі екі адамды бірдей жақсы көре алмай­ ды, психоанализ теориясы бойынша. Біреуін айт қане! Әкең артық па, шешең артық па?! Әйткен: Апырмай...енді...әрқайсының өз орны бар ғой... Шайхан: Міне, мен сол орындарын сұрап тұрмын! Жарайды, мы­ сал үшін үйлерің лапылдап жанып жатса... Әйткен: Астапыралла! Шайхан: Сол өрттің ішінде әке-шешең қалып қойып, шырылдап сені көмекке шақырып жатса...сен бірінші кімді алып шығар едің... Әйткен: Әрине, анамды алып шығамын! Шайхан: Міне, түсінікті! Сонда байғұс әкең тірідей күйіп, күлге айналып қала берсе де мейлі екен ғой саған, ә! Әйткен: Жоға, не деп тұрсыз! Біздің шал өзі-ақ бұзып-жарып шығады! Шайхан: Өйтіп күлкіге айналдырма! Түсінікті! Шешесіне қарағанда, әкесін онша жақсы көрмейді екен, шамасы, бала күнінде қатаң болып, тәртіпке көп шақырса керек! Сондықтан да бұның бала кездегі реніші ішінде беріш боп қатып қалып, кейінгі психикалық ауытқуларына себеп болған деп жаза қояйын! Әйткен: Жоқ, мұныңыз тіпті қисынға келмейді! Мұныңыз қыпқызыл қиянат! Мен әкемді шешемнен кем жақсы көрмеймін! Шайхан: Мейлің! Не десең о де! Бірақ, әлгі өрттегі әрекетің – психоаналитикалық факт! Подсознание! Өзіңіз түсініп, сезінбеуіңіз де мүмкін, ал бірақ ар жағыңызда әкеңізді тірідей өртеп жіберіп, күліне күле қарап тұрғыңыз келетіні ақиқат...психоанализ теориясы бойынша! Әйткен: Ойбай-ай, қалай күйдіресіздер кісіні! Шайхан: Тәк... содан кейін кімді жақсы көресіз? Әйткен: Айттым ғой жаңа, бауырларымды жақсы көремін деп... Шайхан: \Ана екі дәуге қарап:\ Міне, көріп тұрсыздар ғой, естіп тұрсыздар ғой! Бауырларын жақсы көреді! Ал басқаларды, соның ішінде бізді де, сіздерді де жақсы көрмейді! Тіпті, жек көруі де әбден мүмкін! Өйткені біз бұның бауырлары емеспіз! Біздің ауылымыз, ру­ ымыз басқа! Знәшит, рушыл, трайбалист деп жазып қояйын! Әйткен: Мен руымды білемін, бірақ рушыл емеспін! Мен туған халқымды жақсы көремін! Шайхан: Тәк, знәшит националист !

Әйткен: Өз ұлтын сүюұлтшылдық емес қой! Шайхан: Ұлтшылдық болғанда қандай! Әйткен: Мен өз халқыммен бірге, бүкіл адамзатты жақсы көремін! Шайхан: Түсінікті! Синдром космополитизма! \жазып қояды.\ Жалпы, сіз өне бойы толған жын, қалыпқа сыймайтын ерекше қызық обьекті екенсіз, психоанализ теориясы бойынша! Сондықтан, сізді асықпай, жан-жақты зерттеуіміз керек болып тұр! Зерттеу үшін сіз біздің қолымызда болуыңыз керек! Демек, сізді жүйке ауруларын емдейтін ауруханаға жатқызамыз! Әйткен: Жоқ, мен бұған қарсымын! Мен жынды емеспін! Шайхан: Бұл жерде тек жындылар жатады деп кім айтты сізге? Менің қоластымда тек жындылар ғана емес, ақылы аздар мен ...ақылойы ...қалай айтсам екен...әлсіреген...тәк, тәк, тоқ етері, слабоум­ ный...кем ақылдар толып жатыр. Бері қараңыз, әншейінде ақыл – ойы асып-тасып жүргендер бізге келген соң әп-әдемі, моп-момақан кем ақылға айналады. Әйткен: Мұныңыз сұмдық екен! Бұл адам баласын қорлау! Барып тұрған қылмыс! Шайхан : Жоқ, ешқандай да зорлық-зомбылық көрсетіп, жәбіржапа шеккізбейміз! Бәрі де заңды тәртіппен, ерікті түрде жүзеге аса­ ды. Тиісті ем-домын жасап, қажетті дәрі-дәрмегін береміз – болды! Өзіміздің кәсіби әдіс-тәсілдерімізбен бірнеше күннің ішінде санасезімі тым сергек серкелерді милау қалыпқа түсіреміз! Ол қалыптан ешкім де шыға алмайды! Шыққысы да келмейді! Бір кереметі, әлгі милаулар мені көрген сайын: «Аса құрметті бас дәрігер! Сізге мың рахмет! Бәрі де сіздің арқаңыз! Сіз бізді жараттыңыз! Әкеміз де, шешеміз де сіз! Сіз болмасаңыз біз қайтер едік!» – деп, жібектей есіліп, жіптіктей болып тұрады. Өзіңіз де көресіз! Бұл жындыхананың тіршілігі бір керемет қызық тіршілік! Әйткен: Иә, қазір жұрт ақылды, парасатты адамдардан гөрі, әртүрлі әңгүдіктердің – придуроктардың – тірлігіне қатты қызығады! Оларды кинодан көрсетеді, герой жасайды. Егер де өздерінің де шаты­ ры шайқалмаса, онда қызықпас еді ғой! Жалпы, адамзаттың тарихы, әдебиет пен өнер тарихы – жындылардың тарихы. Мәселен, Парис Менелайдың әйелі Еленаны алып қашпаса, Троя соғысы болмас еді, Илиада жазылмас еді. Отелло қызғаныштан, яғни пендешілік ашумен Дездемонаны буындырып тастамаса, атақты трагедия болмас еді, ә?! Кез-келген керемет деген шығарманы ал, бәрі де солай – пендешілік сезімдерге, адамның ақымақшылықпен жасаған жындылықтарына, шектен шыққан әрекеттеріне құрылған. Былай қарасаң, адамзат қарапайым ғана шындыққа, әділдікке жүгініп, ақылмен, сабырмен

дұрыс өмір сүруге тиіс сияқты! Бірақ, ондай адамдарда түк қызық жоқ қой! Сондықтан, жасасын пенделік, әпенделік, жындылық! Ал, жынды адамдар дегеніміз – оригинальный, гениальный адамдар! Шайхан: Әй, заржақ, есалаң, кеңкелес, қояншық, қияли, жынды, әумесер, әңгүдік, айкезбе, ауыш, айналма, ақ жын, көк жын, мәжнүн, суми, көк ми, омби-домби-зомби, көгала, дүндік, дүлей, дүңгәнә, милау! Мен сені қоғамнан аластап, жындыханаға жаптырып тастай­ мын. Түрмеден шығуға үміт бар, ал жындыханадан өле-өлгенше құтылмайсың! Біз сен түгілі академиктерді де, жазушыларды да жындыға санап, біржола қамап тастағанбыз! Бұрынғыда жындарға билігін жүргізген тақ Сүлеймен патша ғана! Ал мен – жындылардың бүгінгі патшасымын! Менің қоластымда кім жоқ дейсіз! \ Әндете би­ леп:\ О-хо-хо! Ио-хо-хо! Алты Абылай, бес Абай, Төрт Толстой, үш Пушкин, Наполеон, Конфуций, Кутузов пен Кукушкин! Пиаф пенен Пьеха, Отыз шақты от ару, Монро, Бордо, Гарбо мен Пугачева, Ротару! Арыстандай айбатты, Робин Гуд та торда отыр, Жолбарыстай қайратты Зорро деген зор да отыр! Әйткен: Сұрауы бар судың да, Бересің жауапкөр де тұр! Шайхан: Мұнымен не айтқың келіп тұр?! Әйткен: Екеуміз бірдейміз-екі жарты бір бүтінбіз! Менің ғайыбым айтады, психтар болмаса, психиатрлар да болмас еді! Сен менің арқамда нан жеп отырсың, сондықтан маған рахмет айт! Екеуміз бірбірімізге байланып қалғанбыз! Мені қамап, аңдып отырған сен де азат емессің! Жындыхана – сенің өз орның! Шайхан: Міне, сенің өстіп ұстап кететін жының бар! Демек, пси­ хоанализ теориясы бойынша, сен қоғамға қауіпті адамсың! Жын­ дыхана сені ғайыбыңмен қосып, айыбыңды мойындатып, кәйібіңді келтірмей қоймас! Ең бастысы – сен еркін ойлайтын тәуелсіз жан екенсің! Ал бізге ондайлардың керегі жоқ! Бізге милаулар керек!

Сондықтан...\Екі дәуге бұйырады\ Ұстаңдар мынаны!
Әйткен: Көрерміз әлі, жындыханаға кімнің лайық екенін! \Қашып
шығады.\
\ Қолдарында усмирительный рубашка, екі қарауыл мен Шайхан

үшеуі тұра қуады.\
Үшінші көрініс
Театр сахнасында Қызбала рөлдің сөзі жазылған дәптерін қайта-
қайта ішінен оқып, образға кіріп, дайындалып жүр.

Әлем-жәлем киінген, барынша жасаруға тырысып, бес батпан
боянған дәу денелі Элеонора жетеді. Шөмеледей шашы дудар-дудар
болып, бұрқырап, алып-ұшып келіп, сахнаны шыр айналып шығады.
Рөлге дайындалып, қолдарын сермеп, арлы-берлі тербеліп жүрген

Қызбалаға кекесінмен көз жүгіртіп өтеді. Қызбала оны байқамай,
ернін жыбырлатып, бетін құбылтып, рөлін оқи береді.
Элеонора: Маған әртіс Әйткен керек! \ Қызбала естімей, көзін
жұмып, қолын созып, алға ақырын жүре береді\ Әртіс Әйткенді

қайдан табуға болады? \ Қызбала жауап бермеген соң, жыны
ұстаңқырап, оның жолына тұра қалады. Қызбала оны ақырын
итеріп тастап өте бермек болғанда, Элеонора тапжылмай бөгеп
тұрып алады. Қабырғаға тірелгендей болған Қызбала көзін ашып,

оған қадала қарайды. Екеуі бетпе-бет, тақасып тұрады.\ Маған
әртіс Әйткен керек!
Қызбала: \ қитығып:\ Менің өзіме де керек!
Элеонора: Ол қайда?

Қызбала: Жындыханада!
Элеонора: Жындыханада?! Онда не, кездесу өткізіп жатыр ма?
Қызбала: Иә! Бенефис!
Элеонора: Қап! Білмей қалғанымды қарашы!

Қызбала: Білгенде қайтер едіңіз?
Элеонора: Барып қатысушы едім!
Қызбала: Көрермен болып па, кейіпкер болып па?
Элеонора: Маған бәрібір! Әртіс Әйткенге қарап отырсам болды!

Шіркін, қасында тұрсам ғой! Қолынан ұстасам ғой! Суретке түссем
ғой...менде басқа арман болмас еді!
Қызбала: А-а! Түсінікті!
Элеонора: Не түсінікті?

Қызбала: Жо-жоқ, түсініксіз! Шынында да түк түсініксіз!
Сол кезде жүгіре басып Әйткен келіп қалады. Қызбаланы
құшақтауға ыңғайланып, құшағын жаяды. Қызбала құшақтатпай,

лып етіп бұрылып кетеді. Әйткен: \ ауа қармап:\ Ах, Дездемона! Қызбала: Иә, қалай...жындыханадан аман-сау келдің бе? Әйткен: Өй, бар болсын! Қызбала: Қағаз алдың ба әйтеуір? Әйткен: Қағаз ба? Қағаз келеді, иә...келе жатыр... Қызбала: Жә! Іздегенің қағаз болса, міне, бір то-ом кітап келіп қалған сияқты! \ Әйткеннен көзін ала-алмай, өліп-өшіп тұрған Эле­ онораны елеусіздеу ғана көзімен көрсетеді. Әйткен оған бұрылады.\ Әйткен: Ә-ә, сәлеметсіз бе! Элеонора: О-о, сәләмат, сәламат! Ой, Әйткен, Әйтешя! Мен сені қанша іздедім! Таптым-ау ақыры! \Екпіндеп келіп, абдырап қалған Әйткенді бас салып құшақтай алады. Әйткен әуелде сасыңқырап қалып, әлсіз қарсылық білдіреді. Қызбала қызық көріп, үп-үлкен әйелдің ерсі қылықтарын қалт жібермей қадағалап тұрады. Элео­ нора аш белінен қос қолдап қысқан күйі Әйткенді тік көтеріп алып, екі бетінен аяусыз шолпылдатып сүйіп-сүйіп алады.\ Енді айрыл­ маймын сенен!\ Әйткенді жерге түсіріп:\ Сен дегенде күндіз күлкі, түнде ұйқы жоқ қой менде! Мен сенің талантыңа тәнтімін! Табына­ мын саған! Сен менің көмірімсің...а-а, тойыс кумирімсің! Сен рөлге беріліп ойнаған кезде, мен есімнен танып қаламын ғой! Шіркін, білсең ғой, өзіңді қалай жақсы көретінімді! Мен сенің өнеріңе ғашықпын! \ Зорға есін жиған Әйткен әрлі – берлі теңселіп жүреді. Қызбала Элеонораға байқатпай оның қимылдарын қайталап, мазақтап, ды­ быссыз сылқ-сылқ күледі.\ Келші, бір суретке түсейікші жақсылап! \ Әйткенді жетелеп жүріп, селфи жасайды.\ Инстаграмға сап қоямын! Тоқтай тұр, енді былай бір түсейік...енді былай...Кумир, тойыс, көмір мен көмірше деп жазып қойсам, қатып кетпей ме! Хаха-ха!\ Зор даусымен қарқылдап күледі.\ Әйткен: \Зорға тілге келіп:\ Сіз кітапханада істейсіз бе? \ Элеоно­ ра оған көзі атыздай болып қарайды.\ Кітапханашысыз ба? Элеонора: Сен не деп тұрсың? Кітапханашы болатындай менің басыма не күн туыпты? Мен бизнес вумен Элеонорамын! Әйткен мен Қызбала қосарлана: «О-о! Солай ма?!» десіп, қосыла күледі сақылдап. Элеонора: Неге сонша мәз болдыңдар, а-а? Менің бір жерім ашы­ лып қалған жоқ па? \ Өзінөзі айналдыра бір қарайды.\ Қызбала: Жоқ, бәрі дұрыс! Біз жай....әншейін... Элеонора: Ә, жай болса жарайды.\ Әйткенді қолынан сүйрелеп:\ Кел, енді мына жерде...шымылдықты құшақтап түсейік. Сен қыз бізді баса қойшы қатырып. \ Соткасын ұсынады.\

Қызбала: \ Сотканы ала беріп:\ Шымылдыққа орап алыңызшы өзін! Элеонора: Во! Ид-дея! Кел, Әйткенжан, екеуміз жартылай шымылдыққа оранып, жабысып тұрып түсейікші бір-бірімізге! Қандай керемет сурет болады! Театр әртісімен театр шымылдығын жартылай жамылып, жабысып тұрған жұмбақ суретімді көрген жұрттың іші жарылып кететін шығар! \Әйткенді белінен ұстап, шымылдық жамылған өзіне қарай бейімдеп, тартпақшы бола­ ды. Әйткен қарсылық танытып, лып етіп оның қолынан шығып кетеді. Құшағы босап, ауа мен шымылдықты қармап қалған дәу әйел кәдімгідей ренжиді.\ Ой, Әйткен, сен немене, менен қашып тұрсың ба? Чо, зазвездился зараза?! Әйткен: Жоқ, қашып тұрған жоқпын! Бірақ, ыңғайсыз ғой...бы­ лай, адам құсап түсе берейік те! Элеонора: Адам құсап?! Ал, мен немене, адамға ұқсамаймын ба? Мен сені қалай күшті жақсы көремін, ал сен болсаң, мені тіпті де жақсы көрмейді екенсің! Әйткен: Жақсы көргенде...жақсы көреміз ғой енді...Өнер сүйген қауымды біз де жақсы көреміз! Элеонора: Олар басқа, мен басқамын! Мені ерекше жақсы көруің керек! Әйткен: Иә, жақсы көреміз ғой, апай... Элеонора: Апай!? Қайдағы апай!? Апай деуші болма ендігәрі. Эля, Элочка де! Мен сіздің өнеріңізге сондай ғашықпын! Мен сізге спонсор боламын! Про-дюс-сер боламын да, сіздің өнеріңіздің күллі әлемге көрінуіне жағдай жасаймын! Мега – мега – мега супер звезда бола­ сыз! Бұған қалай қарайсыз, Әйткенжан ?! \ Әйткен қысылыңқырап, не істерін білмей есі шығады.\ Өй, Әйткен, Әйткенжан! Сен маған тіпті көңіл бөлмейсің ғой өзі! Айттым ғой, зазвездился деп! Ох, падла! Ал, ендеше, мен де сені жақсы көрмеймін! Ал, қайтесің, жек көремін! Ибәй, сахнада сәнді көрінгенге кәдімгідей жақсы көріп жүрсем... сен де кісінің қадірін білмейтін бір итім екенсің ғой! \ Әйткен мен Қызбала үп-үлкен кісінің мың құбылған қылығына не дерін білмей, үнсіз таңданып тұра береді.\ Ал, ендеше, мен кеттім! \ Екпіндей ба­ сып, шыға беріп, бұрылып:\ Бірақ, көп ұзамай қайтып келемін! Сонда алдымнан жүгіріп шығатын бол! Әйтпесе, көресің! \ Элеонора кеткен соң, Әйткен басын шайқап, әрлі-берлі жүреді.\ Әйткен: Міне саған танымалдылық! Осындай да болады екен-ау! Қызбала: Несі бар? Өнерді әркім өзінше сүйеді! Апайдың көңілін қалдырмағаның жөн! \ Элеонора болып:\ Мен сіздің өнеріңізге сон­ дай ғашықпын! Спонсор боламын! Про-дюс-сер боламын! Мега-ме­

га-мега звезда жасап шығарамын! Әйткен: Қойшы сен де, қылжақтамай! Қызбала: Мен қылжақтап тұрған жоқпын! Шынын айтып тұрмын! Өнеріңе ғана емес, өзіңе де ғашық екені көрініп тұрған жоқ па? Ессіз махаббат жасқа қарамайды! Алып жіберсең қайтеді? Әйткен: Қойшы, әй! Қызбала: Жоқ, несі бар? Дайын байлық, спонс-сор, про-дюс-сер! Әйткен: Қойшы, қайдағыны айтпай! Қызбала: Қайдағыны емес, ойдағыны айтып тұрмын! Енді келгенінде, мойнына асыла кетейін деп тұрсың ғой! \ Бұртиғансып, кетеді.\ Әйткен оңаша қалған соң, жан-жағына ұрлана қарап алып, кітапханашы қызға телефон соғады. Әйткен: Әлө! Әлө! Сәлеметсіз бе? Бұл сіз бе? Бұл мен ғой...мен, әригинәлни әртіс Әйткен! Неге үндемейсіз? Әлгі өзіңіз хат жазып жүрген сүйікті әртісіңіз Әйткен! Ә-ә, енді таныдыңыз ба? Даусыңыз біртүрлі алыстан естілетін сияқты... бірақ, үніңіз таза, күмістей сыңғырлап-ақ тұр! Үні таза жандардың жүзі жарқын, жаны сұлу болады! Апырмай, мұндай да әуезді, сиқырлы дауыс болады екен! Мен сіздің хаттарыңызды сүйсініп оқимын. Бәлкім, сіздей шешен тілмен жауап жаза алмаған шығармын. Сондықтан, кеудеме толып кеткен сезімді тікелей жеткізуге асықпын! Ал, енді қашан, қалай кез­ дессек екен?! Ертең кешке біздің спектакльге келіңіз! Содан кейін кездесерміз! Иә дедіңіз бе?! Апырмай, сіздің иәңіз қандай ғажап! Сірә, сізде жоқ деген сөз жоқ сияқты! Иә дейсіз бе тағы! Иә дегенді қалай керемет, бір сиқырлы сазбен айттыңыз! Иә! Жақсы, ертеңге дейін! \ телефонды сөндіріп:\ Иә! Иә! Иә дейді! Қызбала келіп қалады. Әйткен әлгі әдемі күйден әрең айығып, ештеңе сездірмеуге тырысып бағады.. Қызбала: Иә, Әйткен Әтеллі, айтпақшы, әлгі оқымысты кітапханашың хабарласып тұра ма? Әйткен: Иә, хат жазып тұрады! Бірақ, телефоны ауысып кеткен бе, нөмірі басқа! Қызбала: Е-е, қазіргі қыздар шпион сияқты ғой, бірнеше нөмір ұстайды. Жарайды, нөмірін қайтесің, көңілін айтсаңшы. Не деп жа­ зыпты данышпаның? Әйткен: Менің рөлдерім туралы тамаша ойларын жазыпты. \ Әйткен соткадан кітапханашы қыздың хатын дауыстап, құбылтып оқиды\. «Өнердің бір жағы шындық болса, бір жағы өтірік. Өзегі, нәрі шындық. Ал, сол шындықты жеткізудің неше түрлі амал, әдістері кейде өтірікке ұрындыруы мүмкін. Жағымды кейіпкер, жағымсыз кейіпкер деп бөлесіздер. Осының өзі дұрыс па? Жағымды, мінсіз

герой плакат, уақытша ұран сияқты. Ал адасып барып жол тапқан адамның жан арпалысы анағұрлым шынайы, әсерлі емес пе?» Міне, қалай айтады шындықты! Қызбала: Солай де! Әйткен: Былай дейді: «Адам театрға ой еркіндігін, сезім тебіренісін, көркем сөздің әуезін іздеп келеді. Бірақ, кейде таба ал­ май, құлазып қайтады. Сізде сондай еркіндік, толғаныс, шешен тіл бар! Сіз ойнаған рөлдер бізді балқытып жібереді. Сіз ешкімге ұқсамайсыз! Сіз әригинәлнисіз! Тіпті, қойылымның қалыбына сый­ май кетесіз кейде. Өнерде бұл жақсы. Ал өмірде жарға соқтыруы мүмкін. Сондықтан, бүкіл рухани қайратыңыз бен айбатыңызды өнерге жұмсаңыз! Өмірде сабырлы болсаңыз, сізге жан жетпейді!» Қызбала: Мә-ә, мынауың тереңдеп барады ғой! Кездесуге шақырмадың ба? Әйткен: Шақырғанда...шақырдым бірнеше рет! Қызбала: Ах, Дон Жуан! Байқа! Әйткен: Жо-жоқ, Қызбала, сен қызғанба! Мен жай... талғампаз көрермен ретінде спектакльге шақырдым. Қызбала: Ал? Келді ме? Көрдің бе өзін? Әйткен: Соның келген, келмегенін білмей дал болып жүрмін. Біресе келемін дейді...Біресе келдім, залда отырмын дейді, бірақ көрінбейді! Қызбала: Охо! Көзге көрінбейтін кітаптағы кәниз-зәктар сияқты кәр-рәмәт болды ғой! Бәлкім, сені әбден ынтықтырып өлтірейін деген әккі түлкі боп жүрмесін! Әлде, кітапқа тесіліп, телміріп жүргенде, оқу өтіп кеткен бір бәле ме екен? Байқа, миыңды айналдырып, басыңды байлап алмасын! Әйткен: Жоға, о не дегенің жаным! Менікі жай әуестік қой! Қызбала: Әуестік соңы әуейілік деген...Өзің де білесің, мен көнбеймін ондай қиқаңға! Шиқаныңды шығарамын! \ Бұртиғансып кетеді. Оңаша қалған Әйткен телефонын алып, кітапханашы қызға звондайды.\ Әйткен: Әлө! Әлө! Бұл мен ғой...әригинәлни әртіс Әйткен! О, менің кітәби асылым, кітапханадағы ғашығым, кітаптағы құпиядай, тереңде жатсың жасырын! Жарқырап жарыққа шығатын күн болар ма?! Осы кезде аяқ тықыры естіліп, алыстан әлдекімді іздеп келе жатқан Шайхан көрінеді. Артында беттеріне перде киген екі қара киімді қарауылы бар. Оларды көзі шалып қалған бойда, Әйткен те­ лефонын сөндіре салып, зытып отырады. Шайхан мен екі қарауыл келіп, жан-жақтарын тіміскілеп, іздей бастайды.\

Шайхан: Мұқият қараңдар! Мен сезіп тұрмын, ол осы маңда!
Жындыларға жақындаған сайын, менің жон арқам шымырлап, шаш­
тарыма дейін жыбырлап кетеді! Әр қуысына дейін үңіліп, театрдың
түгін қоймай ақтарып шығыңдар! Табыңдар қалайда! Өйткені, бұл

жындының жөні бөлек! \ Үшеуі тіміскілеп, Әйткенді іздей береді.
Шайхан қарқылдап күліп, қалшылдап билейді.\
О-хо-хо! Йо-хо-хо!
Табыңдар маған жындыны,

Меланхолик мұңдыны,
Жарығынан жалғанның,
Жақсы емес пе оларға,
Жындыхананың мың күні!

О-хо-хо! Йо-хо-хо!
Қайдасыңдар, қанеки,
Дуаланған дүңгәна,
Қияли мен құлғана,

Қояншық пен айкезбе,
Бәріңдікі бір ауру,
Бойды буған жын ғана! Жын ғана!
О-хо-хо! Йо-хо-хо!

Жалмай берсем дейтұғын,
Біріңдікі қара жын,
Ала берсем дейтұғын,
Біріңдікі ала жын,

Жұрттан қалай асам деп,
Жанталасқан дара жын!
О – хо-хо! Йо-хо-хо!
Жындарыңды қағатын,

Жөнге жылдам салатын,
Жындыларын жаһанның,
Жұп-жуас қып бағатын,
Кең ақылды кем қылып,

Милау қылып алатын,
Жынды әлемнің жалмауыз,
Падишасы мен ғана! Мен ғана!
О-хо-хо! Йо-хо-хо!

\Үшеуі билеп, тінткілеп, кетеді.\

Екінші акт
Бірінші көрініс
Қызбаланың гримеркасы. Қызбала бет-аузын әрлеп отыр. Алып –
ұшып Әйткен кіріп келеді.

Әйткен: Қызбала! Ойбай, Қызбала!
Қызбала: Не боп қалды?
Әйткен: Кеп қалды аналар!
Қызбала: Кімдер?

Әйткен: Қарауылдар! Жындыханадан!
Қызбала: Жындыханадан?
Әйткен: Мені іздеп келді олар! \ Сырттан тықыр естіледі.\ Тез
жасыр мені, Қызбала!

Қызбала: Бәлкім, кітапханаға барарсың? Көп кітаптың ішіне
кіріп кетсең, адам таппас!
Әйткен: Қойшы енді сен де...ойнайтын уақытты тапқан екенсің!
Бол, тез енді!

Қызбала: \ Шкафты ашып:\ Мында отыра тұр! \Әйткен үлкен,
кең шкафтың ішіне тығылады.\
Элеонора кіріп келеді.
Элеонора: Әйткен бар ма?

Қызбала: Әйткен менің қалтама салып жүретін ойыншығым ба,
немене ?
Элеонора: Өзің кесір сөйлейсің ғой! Мен бар болғаны Әйткенді
сұрап тұрмын!

Қызбала: Неге сұрайсыз менен? Неге соңымыздан қалмайсыз?
Әлде Әйткенді біржолата жекешелендіріп алып па едіңіз?!
Элеонора: Қызбаланба, Қызбала!
Қызбала: Тәк...Тәтешкі! Төтіңкі, төтіңкі! Тура түсініп алыңыз!

Сізге Әйткен жоқ! Қанша тыраштансаңыз да, миллиондап ақша
төксеңіз де, ол сізге пысқырып та қарамайды! Ұқтыңыз ба?
Элеонора: А-а!? Не дейсің? О-о, сорлы басым! Неге мұнша
тұзым жеңіл болды екен?! Әттең, дүние-ай, не дейін енді?! Сендер

мені түсінбедіңдер! Ой, Әйткен, Әйткенжан! И-ии...\егіліп жылай­
ды, бірақ онысы қызық, күлкілі шығады.\ Мен сені туған бауырымдай
жақсы көремін ғой! И-ии! Уф, жүрегім-ай!
Қызбала:\ Әуелі сасқалақтап, қысылып:\ Ой, апай, әпкетай!

Қойыңызшы! Сізге не болды сонша?!
Элеонора: Не болушы еді маған? Күйдіріп біттіңдер ғой! Уф-ф!
И-ии, жүрегім-ай!

Қызбала: \ Рөл ойнап, өтірік қосыла жылайды:\ И-ии! Уф-ф, жүрегім-ай! Әй, Әйтеке – ай, Таутеке-ай! Элеонора: \ Екеуі қосылып біраз жылап алғасын, басылып, Қызбаланы жұбата бастайды:\ Қой, қоя ғой, жарығым! Мен жыла­ сам жылайын, сен жыламашы! Тек сендер, жастар, жыламаңдаршы! И-ии! Уф-ф, жүрегім-ай! Қызбала: Уф, менің де жүрегім-ай! Элеонора:\ Ес жиғасын:\ Әйткен қайда? Қызбала: Жүрген сахна жақта. Элеонора: Мен оны іздеп келейін! Қызбала: Иә, сөйтіңіз! Бір айналып келерсіз! Элеонора кетеді. Қызбала шкафтың есігін аша бергенде, есік тықылдайды. Қуғыншылар кеп қалған екен деп, Әйткен шкафқа қайта кіріп кетеді. Қызбала қорқа-қорқа есікті ашса –Тойтан. Қызбала \қуанып\: Ой, ағай! Сіз екенсіз ғой! Қандай жақсы бол­ ды! Тойтан: \ Оны өзінше жорып, қуанып:\ Жақсы болды... иә! Бұдан да жақсы болады! Мен басшылықпен сөйлестім. Олар да сенің...той­ ыс, Дездемонаның шешінуін құптап отыр! Қызбала: Не дейсіз? Қалайша құптайды олар? Немене, сондай бұйрық шығарып берді ме? Тойтан: Жо-жоқ, енді, ондай бұйрықты ешбір бастық шығармайды, әрине. Бірақ, қарсы емес. Ал, тиым салынбаған нәрсенің бәріне рұқсат деген сөз! Рұқсат, рұқсат, рұқсат! Тойтан қоразданып, Қызбалаға қырындай бастайды. Сол кезде Нәркестің даусы шығады. Нәркес: Тойтеке, Тойтеке! Қай тесікке кіріп кеттің, әй? \ дәл есіктің түбіне кеп қалады: \ Ой, Тойтеке, қойтеке! Қайда кіріп кетсең де, сирағыңнан ұстап, суырып алмай қоймаспын! \Тойтанның зәресі ұшып, Қызбалаға жаутаңдап қарайды. Еңкейіп, үстелдің астына кіріп кете жаздайды. Қызбала оны шкафқа тығып қояды. Нәркес келеді.\ Нәркес: Қызбала, ой, Қызбала! Тойтекеңді көрген жоқсың ба? Қызбала: Тойтан ағай ма? Жоқ, көргем жоқ!\ Қолымен шкафты нұсқап қояды. Нәркес түсініп, шкафты саусағымен шертіп-шертіп қояды. Әдейі әңгіме айтып, Тойтан енді қайтер екен деп, күтіп отырады..\ Нәркес: Иә, әлгі Әйткеніңіз...Әйтекеңіз қалай? Бірдеме дейтін түрі бар ма? Қызбала: Не деуі керек еді? Нәркес: Енді, былай...не ғой...үйленем демей ме?

Қызбала: Демейді, ал! Дей алмай жүр...әзірге! Әуейілеу боп, әуе қармап, кәдімгідей кәллә таңдап жүр! Нәркес: Кәлләсі несі? Қызбала: Көп кітап оқыған, ақыл, білім тоқыған кәрр-рәмәт кәллә керек дейді! Нәркес: Кәлләні қайтеді, ей? Оқу өтіп кеткен кәл-лә пәл-лә бола­ ды демейсің бе ? Қызбала: Оны қағудан қалды. Дуа тиген диуанадай, дала кезіп кете беретін болды! Нәркес: Ап-пырмай, ә! Біздікі Той – теке... Сіздікі Ай – теке...Та­ уып көр қайда қай теке! Сол кезде Әйткенді іздеп келе жатқан Шайхан мен екі қарауылдың дүбірілері естіледі. «Қайда? Қайда әлгі қашқын әртіс?», Байқаңдар, бір жерден сытылып шығып кетпесін!» «Саспаңыз! Детдомнан қашып құтылса да, дурдомнан қашып құтылған адам жоқ тарих­ та!» – деген қаһарлы дауыстары тіпті қатты шығады.Дабыл қағылып, дауыл тұрғандай болады. Қызбала Нәркеске үндемей оты­ ра беріңіз деп, ымдайды. Шайхан мен екі қарауыл кіріп келеді.Жан –жағына асықпай көз салып, Қызбала мен Нәркеске тіктеп қараған Шайхан шайқалып қалады. Екі қарауылға «шыға тұрыңдар!» деген­ дей қолымен белгі береді. \ Шайхан: Сыртта күте тұрыңдар. \ Олар кеткен соң, Нәркеске қызыға қарап, сызылып:\ Сіз әртіссіз ғой, ә? Нәркес: Солай сияқты! Шайхан: Дәп солай! Мен сізді жақсы білемін. Сіздің есіміңіз Нәркес емес пе?! Нәркес: \сәл толқып:\ А-а, сіз мені қайдан білесіз? Шайхан: Мен сіздің ойыныңызды көргем! Нәркес: А-а! Сізге ұнады ма? Шайхан: \ әдейі баяулатып:\ Ұнағанда...былай ғой...\ Нәркес оған телміріп, қатып қалады.\ Ұнаған деген жай сөз ғой... Керемет! Тама­ ша! Сұмдық ойнадыңыз! Иә, иә, дәп солай...Сұмдық! Нәркес: Рас айтасыз ба? Шынымен сондай әсер етті ме? Шайхан: Иә! Естен тандырдыңыз ғой бүкіл елді! Нәркес: \ ренішпен:\ Ал менің күйеуіме онша ұнаған жоқ! Түгімді қоймай сынап тастады! Шайхан: Ә-ә, солай ма? Оған бола таусылмаңыз. Күйеу дегенің бір ақылға сыймайтын нәрсе ғой. Күйдіргі! Көбісі \ шекесін саусағымен шұқып қояды:\ мындай болады! Шетінен қызғаншақ, іші тар келеді. Әсіресе, әдемі әйелдердің, аса дарынды әртіс әйелдердің күйеулері дүндік болады!

Нәркес: Сөзіңіздің жаны бар! Дүңгәнә өңкей! Шайхан: Шіркін, соларды менің қолыма берсе, жеке бір дурдомға топтап қояр едім! Айтпақшы, мен жоғары категориялы психиатр дәрігермін. Есімім Шайхан! Нәркес: Танысқаныма қуаныштымын! Шайхан: Қуанышты болсаңыз, келіңіз, құшақтасайық! \ Құшағын жайып, жақындап келеді.\ Нәркес: Қойыңыз, ойбай! Ұят-тағы! Шайхан: Несі ұят? Әлде, менің сөзім жақпай ма сізге? Нәркес: Сөзіңіз жағуын жағады...тіліңіз майда екен! Бірақ мұныңызды біздің Тойтекең естіп қойса, майда тіліңіздің қайда қалғанын білмей қаласыз! Шайхан: Көзсіз қызғаншақтық! Өзімшілдік! Түсінікті! Нәркес: Иә, иә! Оған қоса, қайтсем бүкіл әлемдік атақ-даңққа бөленіп, атымды тарихта қалдырам деп, күні-түні ұйқы – күлкі көрмей, уайымға батады! Шайхан: Ахау, бикем, жар-жар! Солай деңіз! Олай болса, сіздің Тойтекеңіздің диагнозы өте қауіпті! Ма-ния-я величи-ия! Нәркес: Мания величия? Құрыды десейші...Мұның қандай емі бар? Шайхан: Мұның емі жоқ! Оның уақытша болса да жаны жай та­ уып, тыныш ұйықтауы үшін ертеден кешке дейін сен кереметсің деп мақтай беру керек! Нәркес: Кереметсің дегенді керек те қылмайды қазір! Әбден той­ ып біткені сондай, ол сөз құлағына да кірмейді! Шайхан: Аха! Түсінікті! Онда асқынып кеткен! Оның бір-ақ жолы бар! Нәркес: Айтыңызшы тезірек! Шайхан: Біздің жындыханаға жатқызу керек! Бітті! Ешкімге зия­ нын тигізбей, өз ұлылығына өзі мас болып отырады! Нәркес: Апырай, басқа жолы жоқ па? Үйде, қолдан емдеуге кел­ мей ме? Шайхан: Атай көрмеңіз! Диагнозы өте қауіпті! Бірақ, сіз қам жемеңіз...бізде рахат... дәріні беріп-беріп қойсақ, тыныш ұйқтайды. Ең бастысы, сіздің еркіндігіңізге бөгет болмайды! Нәркес: Астапыралла, не деп кеттіңіз! Шайхан: Шошымаңыз! Біз сізді жалғызсыратпай, қасыңызға кеп отырамыз! Айлы түнде жұптасып ән саламыз! Нәркес: Ап-пырмай, ә! Сонда қалай, сіз көзіңіз түскен көрікті келіншектердің күйеулерін жындыханаға қамап қойып, өздерін ай­ налдыра бересіз бе?

Шайхан: Дәп солай! Сіз бізді тура түсіндіңіз, Нәркесжан! Нәркес: Ал егер оған көнбесе ше? Шайхан: Көнбесе...өзін де жындыханаға жатқызып қоямыз. Төртбес укол мен бір уыс дәріден кейін қолға қонады! Ха-ха-ха! Нәркес: \ Шошынғанын сездірмеуге тырысып, түк түсінбеген бола қалып:| Оп-пырмай, ә? Оп-оңай екен, ә?! Олар сөйлескен сайын, шкаф дірілдей бастайды. Қызбала: О-о, әзілдеріңіз жарасып барады ғой! \ Шкафты ақырын қағып – қағып қояды. Шкаф дірілдейді.\ Нәркес жеңгей қандай құлпырып, жасарып кеттіңіз! Сірә, жындылардың жан жы­ луы сіздің де жүрегіңізді жадыратып жіберген тәрізді! Нәркес: \ Шаттанып, жорта қылымсып:\ Қойшы, Қызбалажан, рас айтасың ба? Мұныңды Тойтекең естіп қойса, талып қалып жүрмесін! Қызбала: Я болмаса таяқпен, салып қалып жүрмесін! Шайхан: Салып көрсін...Саусағымен шертіп көрсін... жындыханаға бір-ақ тығайын ол қояншықты! Қызбала: Тойтекеңнің қояншық екенін қайдан біле қойдыңыз, бас дәрігер мырза? Шайхан: Әйелдің көзіндегі мұңы байының жынды екенін әйгілеп тұрады! Ха-ха-ха ?! Нәркес: Ап-пыр-май! Сонда сіз кісінің түріне қарап-ақ жынды, сауын айыра бересіз бе?! Шайхан: Айырғанда қандай! Тіпті, менің көзіме адамдардың бәрі сырқат болып көрінеді. Міне, міне, сізден де бірнеше мания, фобияның белгілерін көріп тұрмын! Ия, дәл солай! Нәркес: Не солай? Шайхан : Сіз менің болашақ пациентімсіз! Қызбала: Адамдарға эксперимент жасап, мінездеме беруге бола ма екен?! Шайхан: Мен кездескен адамдардың бәріне өзімнің пациенттерім ретінде қараймын! Тіпті, қонақта бірге болған адамдарға да мінездеме беріп, белгілі бір психологиялық типтерге жатқызуға тырысамын. Байқағанымның бәрін психоанализ теориясының қалыбына салып кеп жіберіп, адамдарды сорттап, қандай ауруға, қандай манияға жа­ татынын хаттап-шоттап отырамын! Әрі-беріден соң, жанама яки тікелей сұрақтар қойып, психологиялық эксперименттер жасап, жау­ абына қарай қорытынды шығарамын. Қызбала: Оу, ағай, адам теорияға сыймайды ғой! Оның белгілі бір жағдайлардағы әрекеттері мінез-құлқына, көңіл-күйіне, жандүниесіне байланысты. Ең бастысы, құдай қалай бастаса, солай іс

қылады емес пе! Шайхан: Міне, сіздің де қай психотипке жататыныңыз белгілі болып қалды! Сіз өне – бойын қорқыныш буған, өз қолынан ірі ісәрекет келмейтін, жауапкершіліктен қашып, бәрін құдайға жауып құтылатын жалтақ, үрейқуық пендесіз! Қызбала: \Намыстанып:\ Байқап сөйлеңіз! Жұрттың бәрін таңбалап, өз қораңызға қамауға қандай хақыңыз бар?! Шайхан: Болғанда қандай! Өйткені, мен жындыхана бастығымын! Шынымды айтсам, бүкіл әлем – жындыхана сияқты болып көрінеді маған! Бүкіл адамзат жынданып кеткен! Шіркін, барлығы менің қол астымда отырса қандай керемет! Мен жынданған әлемнің патшасы болсам! Паһ-паһ-паһ! Міне, нағыз патшалық! Қызбала: Сіз қандай қорқынышты адамсыз! Шайхан: Ха-ха-ха! \ Қызбалаға тесірейе қарап:\ Жанталасқан дүниеде бір-біріңді алдап, жылтыраққа алданып, мансап, билікке та­ ласып жатқан сендер қорқыныштысыңдар ма, әлде, сондай жынды­ ларды тәртіпке салған мен қорқыныштымын ба?! Қызбала: Олай қарамаңызшы, құдай үшін! Шайхан: Не, көзім ұнамай ма сізге? Қызбала: Ұнамайды! Өңменімнен өтіп барады! Шайхан: Өйткені сіз маған ұнайсыз! Мен сізді бір көргеннен құлап қалдым! Нәркес: \ Күліп:\ Сіз бір көрген қыз-келіншектің бәріне құлай бересіз бе, не? Шайхан: Иә! Олар ұнай береді, мен құлай беремін! Әлемдегі әдемі әйелдің бәрі менікі болуы керек! Нәркес : Өйдөйт! Шайхан: Ал менікі болу үшін, әдемі әйелдердің бәрі жындануға тиісті! Менің жындыханамда жұп-жуас болып отырса – бітті шаруа, менікі деген сөз! Қызбала: Сонда сіз немене, сау әйелдерді сүйе алмайсыз ба? Әлде, сау әйелдер сізді сүймей ме? Шайхан: Сау әйел деген бар ма өзі? Болса қайда екен, қане? \ Нәркесті саусағымен нұсқап:\ Мынау ма сау әйелің? Ха-ха-ха! Нәркес: Сіз не деп тұрсыз, ә? Менің есім дұрыс, ақылым бүтін! Шайхан: Ха-ха-ха! Қараңдар мынаған! Есі дұрыс, ақылы бүтін! Ха-ха-ха! Әй, бір көрген кісіге жан жарыңды жамандап отырғаның жындылық емей немене? Әйелің бар, еркегің бар, біреу келіп мақтап қойса, майдай еріп, қолқ ете түсетіндерің не? Жылы сөз айтса, жалп ете қалатындарың қалай? \ Нәркес назаланып, үндей алмай қалады.\ Ал, шындық сөзін айтып, бір ауыз сынаса, өз бауырыңды да иттің

етінен жек көріп кететіндерің жындылықтың көкесі емес пе? А-а, бұған не дейсіздер, менің құрметті пациенттерім?! Ха-ха-ха! Мен білетін бір-ақ сау адам бар! Ол кім деп ойлайсыздар, қане? \Нәркес пен Қызбала үнсіз.. \Ол – сіз!\ Қызбалаға тесірейе қарайды.\ Қызбала: Мен?! Қалайша? Шайхан: Солайша! Сондықтан, мен сізді тез арада жындандыру­ ым керек! Қызбала: Неге? Не үшін? Шайхан: Психтардың сорт-сорты көп қой! Бәрін емдеу керек! Со­ ларды емдеймін деп жүріп, өзім де соларға қосылуға жақын қалдым! Менің нәзік жаным дертті!\ Әндете билеп:\ О-хо-хо! Йо-хо-хо! Қызбала, ой, Қызбала, Оның емі сіз ғана, Мынау жынды әлемде, Жынданбаған біз ғана, Қызбала, ой, Қызбала! О-хо-хо! Йо-хо-хо!, Айтқан тілді аласың, Біздің үйге барасың, Айтқан тілді алмасаң, Жаман болып қаласың, Қол ұстассаң менімен, Шын бақытты табасың, Жындыхана – әлемнің, Падишасы боласың, Қызбала, ой, Қызбала! О-хо-хо! Йо-хо-хо! Бидің ырғағымен бұралаңдап, Қызбаланы қолынан ұстап, сүйрелей бергенде, Әйткен шкафтан ақырып атып шығады. Әйткен: Қысқарт, қане! О-хо-хо! Йо-хо-хо! \ Шайханмен төбелесе кетеді. Екеуі қойғыласып, алысып-жұлысып, айқай-шу болады. Қызбала мен Нәркес үрпиіп, бір шетте қарап тұрады.Әйткеннен жығылып қалып, жерде домалап жатқан Шайхан қалтасынан ысқырғышын алып, қатты шырылдатып ысқырады. Іле-шала қара киімді, беттеріне перде жамылған екі қарауыл жетіп келеді. Әйткенді ұстай бергенде, ол лып етіп шкафқа кіріп кетеді. Екі қарауыл тұра ұмтылып, шкафқа қолдарын тығып жіберіп, тыпырла­ тып Тойтанды суырып алып шығады. Ай-шайға қаратпай Тойтанға усмирительный рубашканы кигізе бастайды. Нәркес ойбайлап,

ара түспек болғанда, орнынан тұрып, қайтадан қоқилана қалған Шайхан қалтасынан укол салатын шприц-инені алып шығып, оны қорқытып, дыбысын өшіреді. Қызбала дымы шықпай, бақылап тұра береді. Қап киген Тойтан: Тоқтаңдар! Тоқтатыңдар! –деп, өкіріпбақырып, сәл тыпырлап барып, Шайханның уколынан қорқып, ты­ нышталады. Шайхан қоразданып, қарауылдарға шкафты нұсқайды. Екеуі шкафты тағы ақтарып, қарсыласып, арпалысқанына қарамай Әйткенді айқайлатып суырып алып шығады.\ Шайхан: Ұсталдың ба, әп, бала! Енді бітті сәбізің! \ Ұзын, жуан шприцін қынабынан суырып, көкке көтеріп, жалақтата бұлғап, қорқытып тұрады.\ О-хо-хо! Йо-хо-хо! \Сол кезде Қызбала оқша атылып, оның қолын қағып жібереді. Инесі жерге ұшып түседі. Бәрі бір-біріне қарап, қайтерін білмей, аңдысып тұрғанда, Әйткенді іздеп жүрген Элеонора жетеді дуылдатып. Шайханды көрген бет­ те бас салады.\ Элеонора: Ах, падла! Зараза! Сен енді мында келдің бе? Шайхан долданған дәу әйелден қорқып, бұрышқа қарай қашқалақтайды. Элеонора: Бұл баяғыда менің бизнесімді тартып алған! Мені псих, ауру деп, дурдомға жатқызып қойған. Бірақ, мені қамауда ұстайтын еркек туған жоқ әлі! Мен бұлардың қарауылдарын алдапсулап, араққа дәрі қосып беріп, ұйқтатып тастап, тайып тұрғанмын ! Қызбала: Бұл сіздің Әйткеніңізді жындыханаға қамағалы келіп тұр! Элеонора: Не? Не дейсің? Әйткен, Әйтешя захотел? Ұғып ал, пад­ ла, егер де Әйткенге, менің Әйткеніме тиісетін болсаң, бүкіл ісіңді қопартып, соттатып жіберемін! Талай сап-сау адамдарды ауру деп өтірік актілеп едің, енді біз сені актілейміз! \ Қарауылдарға тесіле қарап:\ Тоқта, тоқта! Сен Зорро емессің бе? \ Бас салып, пердесін сыпырып алады:\ О, Зор-ро, Зоррикито, Зорбайжан! \ Сасқалақтаған Зорроның есін жидырмастан:\ Мен Эля, Элеонорамын ғой! Таны­ май қалдың ба, шынымен? А, иә, арада қанша жыл өтті! Өмір бізді өзгертпей қоя ма? Оның үстіне...мына пәлекет те...\ Өзінің басындағы шөмеледей дудар-дудар паригін сыпырып алады. Әп-әдемі шашы жарасып, мүлде өзгеріп шыға келеді:\ Мінекей! Зорро: О-о! Эля, Эллочка! \Қолынан ұстап, қуанып:\ Мен сенімен кездесетініме сендім! Екеуміздің айлы түнде, жындыхана ауласында сырласқан бақытты кездерімізді ұмыту мүмкін бе?! Шайхан: \Есін жиып, бақырып:\ Тоқтат! Тоқтатыңдар! Махаббат отменяется! Махаббат дегеніміз де жындылықтың бір түрі! Психоа­ нализ теориясы бойынша! Жынды болмаса, бір адам екінші адамға

қайтіп сағыздай жабыса қалады!? Сондықтан, сендердің орындарың
жындыхананың түбінде! \ Екінші қарауылға:\ Ұста мына екеуін!
Сал уколды! \ Шайхан қаһарланып, саусағымен Элеонораны нұсқап
тұрғанда, екі қарауыл оны бас салып, ұстап алып, усмирительный

рубашка кигізе қояды.\
Шайхан: Әй, әй! Мен бас дәрігермін! Бас дәрігермін!
\Айқайлап, тыпырлай бергенде, Робин Гуд жерде жатқан ұзын,
дәу шприцті алып, оның құйрығына бір укол бере салады.\

Робин Гуд: Сен енді бас дәрігер емессің! Мас дәрігерсің!
Зорро: Моп-момақан милау болуыңызбен!
Шайхан: О, Зорро!? \ Робин Гуд та бетін ашады.\ Робин Гуд?!
Сендер мұнда қайдан жүрсіңдер? Мен сендерді әбден дәрілеп тастап

едім ғой!
Зорро: \ Қарқылдап күледі. Робин Гуд қосыла күледі:\ Бізді шы­
нымен жынды, ақымақ көресіз бе? Сенің дәрілеріңді ішкен жоқпыз!
Робин Гуд: Жинап, жинап, қарауылдарыңа бердік! Енді олар жа­

тады жындыханада...өзіңмен бірге... мәжнүн болып!
Шайхан: Ал, жақсы! Енді кете бермейсіңдер ме үйлеріңе? Менде
не әкелеріңнің құны бар!?
Робин Гуд: Сен науқастардың ақшасын жеп, ұрлық жолмен

байыдың әбден!
Зорро: Сен сап-сау адамдарды жындыханаға жатқызып, дәрімен
уландырып, ауруға айналдырдың!
Робин Гуд: Кемеңгерді кеңкелес қылдың!

Зорро: Сұлуларды алдап-сулап, зорладың!
Робин Гуд: Енді өзің кем ақыл байғұссың! Көр енді, сана
құлдығының қандай болатынын!..
Зорро: Жұртқа көрсеткен азабыңды өзің тарт!

Робин Гуд: Жындылардың арасына тығып жіберсек, өздері – ақ
табады жайыңды!
Шайханды Робин Гуд, Тойтанды Зорро сүйрелеп алып кетуге
ыңғайланады.Әлсіз қарсылық көрсетпек болған Шайханды Элеонора

артынан итермелеп қояды.
Тойтан: \ Тыпырлап: \ Тоқтаңдар! Мен қарсымын!
Зорро: Қысқарт! Айда, жүр былай!
Робин Гуд: Әйтпесе, саған да бір ине жалынсын!

Тойтан: Әй, менің сендерге түк қатысым жоқ! Мен режиссер Той­
тан Қойқаңовпын!
Зорро: Тойтан Қойқаңов! Енді Тойпаң Байпаңов боласың!
Робин Гуд: Онда сенен де зор не бір режиссерлер отыр! Олар енді

сені дрессировать, тойыс, режиссеровать етеді! \ Тойтан булығып,

тыпырлайды.\ Қиқаңдама, Қойқаңов, шиқаныңды шығарамын! \ Укол салуға оқталып, инесін көтере береді. Тойтанның үрейі ұшып, сылқ етіп құлай бергенде, Нәркес араларына килігіп, Тойтанды құлатпай, құшақтай алып, арашалай бастайды.\ Нәркес: Тоқтаңдар !Тоқтай тұрыңдар! Тойтекемді өзіме беріңдер! \ Тойтан орғып кетіп, Зорроға жабыса қалады.\ Мен оған жындыхананың қандай болатынын көрсетемін! Зорро: Е, жарайды, ала беріңіз! Бізге сіздің жындының керегі де жоқ! \Тойтанды Нәркеске қарай итеріп жібереді. \ Тойтан: \ Зорроға жабысып, айырылғысы келмей:\ Сеньор Зор­ ро! Мистер Робин Гуд! Мені қалдырмай ала кетіңдер! Мұның көк перісі ұстағанда, біздің үй жындыханадан да жаман! Төрт қабырғаға қамалып, қорлығына көнгенше, сендермен кең дүниені кезіп кеткенім жақсы! Зорро: О, амиго! Вилкоммен! Робин Гуд: \ Тойтанды ортаға алып:\ Бізді Шервуд күтуде! Шер­ вуд! Тойтан: Зер гут! Нәркес: Зер гут атаңның басы! Мен саған зер гутты көрсетейін! Әй, Зорро, неше жерден зор болсаң да, сорыңды қайнатамын қазір! Әй, Робин Гуд, жақсылықпен жаныңды күт! Зорро: О, синьорина! Айтқаныңызға құлдық! Робин Гуд: Ма-мақұл, мисссис ... леди...веди...көди-сөди... Тек шыңғырмаңызшы! Мә, мінеки! \ Тойтанды Нәркеске қарай итеріңкіреп жіберіп, Зорро екеуі Шайханды ала жөнеледі.Шайхан қылжиып, ұйқылы – ояу халде сүйретіліп, айтқандарына көніп, ай­ дауларына жүре береді.\ Нәркес: Ой, рахмет! Әркімнің өз жындысы өзіне! \ Амалы құрыған Тойтан әйелінің иығына басын сүйеп, кіріптар болып тұрады. Қозғалақтап, қаптан босат дегендей болады. Бірақ, Нәркес оны қаптан шығармай, сол күйі қосаяқтап секіртіп, алдына салып айдап әкете береді.\ Тәйт, Тойтеке, әйт Тойтеке! Ой, Тойтеке, қой теке! Элеонора: \ Шайханды итермелеп, Зорроға көмектеседі.\ О, Зорро, Зорро, Зоррикито! Зорбайжан! \Әртістерге бұрылып:\ Жарайсыңдар! \ Шыға берген Нәркес Тойтанды тежеп, Элеонораның сөзін тыңдағысы келіп бөгеледі.\ Әйткен-Әйтешя жаным! Қазір бәрі де әртіс. Негізі, әртіс деген әдемі сөз. Өтірік кісі болып көрінгеннен де, шын әртіс болып жүрген артық! Мен сіздерді жақсы көремін! Келіп тұрамын сіздердің ойындарыңызға! Жалғыз келмеймін! Бүкіл жындыларымды алып келемін! Негізінде, ең әсершіл көрермендер – жындылар! Өйткені, олардың жүйкесі жұқа, өте сезімтал келеді. Не

болса соған күліп, не болса соған жылай салады! Рахат! Тіпті, қайтіп әсер етеміз деп бастарың қатпайды! Сезім қылын бір рет шертіп жіберсеңдер, бітті – браво, овация! Өйткені, сыбырлап қана айтай­ ын, жындыны жынды ғана түсінеді! Хи-хи-хи! Чао! \Барлығы қосыла күліп, тарай бастайды. Нәркес Тойтанды алып кетеді. Зорро, Робин Гуд Шайханды сүйрелеп, Элеонора итермелеп кетеді. \ Қызбала оларды шығарып салған болып, бірге шығып кетеді. Барлығы кеткен кезде, Әйткеннің телефоны шырылдайды.\ Әйткен: Әлө! Әлө! Иә, тыңдап тұрмын...Қысылмай айта беріңіз... Кеше сізді кездестіре алмағаныма өте өкініштімін! Спектакль бойы залға жалтақтап қараумен болдым. Көрермендердің арасында сіз отыр-ау деп, көзім талғанша қарадым әбден! Бірақ, бұрын көрмеген соң амал не, таба алмадым! Қанша звондасам да, телефоныңыз сөніп тұрды. Кейіннен хатыңызды алған соң ғана көңілім орнына түсті. Әдемі жазыпсыз...Көп сөзге жоқпын, жазғанды жақсы көремін депсіз. Ал, мен керісінше, жазуға онша емеспін. Есесіне, ауызша сөзге қоя берсеңіз, күпілдеткенде түбін түсіремін! Жарайды, сіздің жазған бір ауыз лебізіңіз неге тұрады! Сондықтан, реніш жоқ! Дегенмен, кезде­ суден неге сонша қашқалақтай беретініңізді түсінбей дал боламын! \ Ышқынып:\ Ә-ә, не дейсіз! Келіп тұрмын дейсіз бе? Қайдасыз, қане, мен алдыңыздан шығып қарсы алайын?! Сахнада? Мына біздің үлкен сахнадасыз ба? Келе жатырмын? Қайда? Гримеркаға? Ойбай, мұнда келуге болмайды!? Неге деп сіз сұрамаңыз, мен айтпайын! Мұнда келуге мүлде болмайды! \ Қызбала кеп қалады. Әйткен одан сайын сасқалақтап: \ Қазір, сәл күте тұрыңызшы...мен сізге қайта звондай­ ын! Қызбала: Иә, әригинәлни әртіс Әйткен, тым шайқалып кетіпсің, жайшылық па? Әйткен: Жайшылық емес...қайшылық! Қызбала: Ол қайдан келген қайшылық?!Айшылық алыс жолдан ба? Әлде, ғайыптан келді ме? Әйткен: Жо-жоқ...жай, әншейін...телефонның әңгімесі ғой... Қызбала: Е-е, сол ма еді! Телефон деп айтпайсың ба бірден! Жа­ райды, телефон болса...мен әртістерге барып келейін...сен алаңсыз сөйлесіп ала ғой! \ Әйткенге жымия қарап, шығып кетеді. \ Әйткен: \ Абдырап, жан-жағына қарап алып, телефон соғады.| Әлө, әлө! Бұл мен ғой! Қай жердесіз? Мен сіздің алдыңыздан шығайын! Керегі жоқ? Неге? Өзім келемін дейсіз бе? Ә-ә...не ғой... нелеу болмай ма дегенім ғой...Мен барайын да өзім ...қайда екеніңізді айтсаңыз болды, құстай ұшып жетемін ғой...Ә-ә, кеп қалдыңыз ба, есік алдына...\ Есі шығып, есікке бара бергенде, Қызбала кіріп келеді.

Әйткен одан сайын сасады.\ А-а, сен екенсің ғой! Қызбала: Иә, менмін! Ал сен басқа біреуді күтіп пе едің, әригинәлни әртіс Әйткен! Әйткен: \Сасқалақтағанын білдірмеуге тырысып:\ Жоқ...иә... жай, әншейін... Қызбала: Дені сау адам жай әншейін күтуші ме еді? Жарайды, саспа, бірге күтейік! Кім біледі, бұл да жын болып, сені қағып кетіп жүрмесін! Әйткен: Иә... енді...былай... не ғой...сенікі дұрыс! Бір тілші келем деп еді...сұхбат алуға! Қызбала: О-о, қандай тамаша! Бірақ, сұқпытыңа қарағанда, сұхбат беретін кісіге ұқсамайсың онша! Айтпақшы, әлгі тілшіңіз... ұл ма, қыз ба? Әйткен: Мен қайдан білейін оны! Жорналшының жынысында жұмысым қанша? Тілші ме, тілші – бітті! Келген соң көрерміз кім екенін! Қызбала: \ Асықпай жайғасып алып:\ Ғайыбың ештеме демей ме? Әйткен: Қойшы, ей, Қызбала! Қызбала: Ал, жарайды мен үндемей сотка шұқылап отырған болайын, сен жорналшымен жосылта бер! \ Теріс бұрылып, сотка­ сын шұқылап бірдемелер жаза бастайды.\ Әу, Әйтеке, ! Әлгі руха­ ни ғашығың...кітапханашы қыздың: «Қазір қисыннан гөрі қисаңдау қызық көрінеді!» – дегені тура! Әйткен: \ Аң-таң болып:\ Өй, сен мұны қайдан білесің? Ойпыр­ май, тура, иә... Қызбала: «Сырласудың орнын ырбаңдасу басты» – дегені ше? Менің ғайыбым айтады... Әйткен: Әй, қайдағы ғайып? Қызбала: Сенде ғайып болғанда, менде болмай ма екен? Сол, менің ғайыбым айтады, кітапханашы қызың былай жазды дейді: \ тебіреніп:\ «Қазіргі театр көрерменнің рухани сырласы бола алды ма? Адамдар театрдан жан азығын таба ала ма? Бүгінгі спектакль­ дер қажыған жанға қуат беріп, құлазыған көңілді нұрландыра ма? Жүдеген жандар театрдан рухани сауығып кетудің орнына, одан сай­ ын езіліп қайтса, қандай жаман! Бір өзі бүкіл көрерменді ұйытып, күлдірсе шаттандырып, ойына ой қосатын рухы күшті әртістер бар ма? Бар! Мен үшін ол тек қана сіз! Мен театрға сізді ғана іздеп келемін!» Әйткен: \ Әуелі аузын ашып қалады. Артынша қатқылданып:\ А-а, тоқта, тоқта, қу Қызбала! Сен менің телефонымды репетиция

кезінде ашып, оқып алғансың ғой! Ұят емес пе? Қызбала: Өйдөйт! Біреудің телефонын ақтарып, қарайтындай не бопты! \ Байқатпай, телефонын басып, смс жібереді.\ Әйткен: \ Телефонына зың-ң етіп смс келген соң, шыдай алмай ашып оқуға оқтала береді:\ Қазір, мына хат кеп қалды... Қызбала: Тоқтай тұршы...Менің ғайыбым айтады...Былай деп жазып па? «Өнеріңізге ғашық нәзік жан отты айналған көбелектей болып, өзіңізді айналып жүр, айналып жүр. Бірақ, кездесуге бата ал­ май, алыстан ғана сүйініп, оттан ыстық сәлем жолдайды!» Әйткен: \ Телефонын қарап жіберіп:\ Әй, дәл түстің! Тіпті, сөзбесөз тура айтып тұрсың! Бұл не деген ғаламат?! Қызбала: Ойлан, тап қане! Ал, тыңдай бер! Кітапханашы қызың былай деп жазды ма саған! «Сіз шынайы дарынсыз! Сіздің жан толқыныңыз бүкіл көрерменді қозғайтындай қуатты. Мен сізбен бірге толқып, ой теңізіне батамын. Мен сіздің өнеріңізге ғашықпын!» \ Беріліп, шындап, сай-сүйегін ерітіп айтады. Әйткен аң-таң. Есі шығып, Қызбалаға бір, айналаға бір қарайды. Бұрыш-бұрышты, еденді, төбені қарайды. Есікті ашып қарайды. Қызбала басын шайқап, қарап отыр.\ Әйткен: \ Алып-ұшып, алқынып: \Ол жоқ! Жер – көкте жоқ! Қайда ғайып боп кетті? Жаңа ғана келіп тұрмын деген! Қызбала: Кімді айтып тұрсың, Әйткен? Әлгі тілшіні ме? Әйткен: Жоқ! Тілші дейді ғой...Кітапханашы қызды...өмірлік ғашығымды айтып тұрмын! Әлде, сенен ұялып қашып кетті ме екен?! Қызбала: Ол бар! Тек қана сен оны көрмей тұрсың! Әйткен: А-а?! Бар дейсің бе? Қайда қане, бар болса...бар болғыр... Қызбала: Ол осында. Мен оны көріп тұрмын! Әйткен: Ал мен неге оны көрмей тұрмын?! Қызбала: Сенің көзің байланған! Басың айналған! Жаның жат ду­ амен жайланған! Әйткен: А-а! Енді ұқтым! Сен оны да шкафқа тығып қойған екенсің ғой! Маған сюрприз жасайын деп! Сюр-при – из! \ Толқып, ақырын шкафты ашады. Қарайды. Ешкім жоқ.Жан-жағын тінте қарайды. Жоқ.\ Ал, қайда қане? Қызбала: Сен сәл күте тұр! Мен қазір оны тауып берейін. Менсіз оны таба алмайсың. Өйткені мен оны сен таба алмайтын тереңге тығып қойдым! Арманың сол кітап кемірген кемеңгер қыз болса, амал қанша! Араларыңа килігіп, бөгет болмайын! Қош бол, қымбатты досым! Әйткен: Кешір мені, Қызбала! Сен өте жақсы адамсың! Саған мың рахмет! Бірақ, амал не, қоштасуға, дос болып қалуға тура келеді! Қызбала: Иә, амал не! Жүрекке әмір жүрмейді деген! \ Екеуі бір-

бірін қимай-қимай қоштасады. Қызбала шығып кетеді.\ \Әйткен жалғыз. Ой үстінде, толқып, сенделіп жүреді. Құлағына әлдебір әуен талып жеткендей болады. Ол соған елтігендей тербеліп тұрады. Кенет әдемі киінген бір сұлу қыз кіріп келеді. Бетіне жеңіл перде – вуаль жапқан. Көзінде – қара көзілдірік. Әуен сап тиылады.\ Әйткен: \ Ақырын жақындап, толқып тұрады. Қызда үн жоқ.\ Сіз...сіз-з ... Сағындырып жеттіңіз-ау ақыры! \ Қызда үн жоқ, тас мүсіндей қатып қалған:\ Сіз қандай кереметсіз! Сөзіңіз қандай ғажап! Мені сіздей түсініп, сіздей бағалаған ешкім жоқ! Достарым да, әріптестерім де! Қызбала: Қызбала ше? Әйткен: Қызбала ма... Қызбала мұзбала ғой! Ол сынауға ше­ бер! Тіпті, мақтай қалса да жеріне жеткізіп, қуанта алмайды! Ал, сіз мақтағанда дәл тауып айтасыз! Қызбала: Сонда қалай, сіз шыншыл достарыңызды көпірген мадақ сөзге айырбастай саласыз ба? Әйткен: Ә-ә, иә...енді...былай...Адам өзін қадірлеп, бағалай білген жандарды жақсы көреді ғой! Мен де сізге ғашық болып қалдым! \ Құшақтай алады.Қыз да құшақтайды. \ Қызбала: \ Сәлден соң босап шығып:\ Шынымен мені жақсы көресіз бе? Әйткен: Иә! Қызбала: Ал, Қызбала қайтеді? Әйткен: Қайткені несі? Оған да біреу табылар! Қызбала: \сылқылдап күліп:\ Ой, Әйтеке, таутеке! Әтеллә, Әтешкә! \ Пердесін ашып, паригін, көзәйнегін алады – Қызбала!\ Әйткен:\ Сасқалақтап:\ Өй, Қызбала! Сен мұнда қайдан жүрсің?! Әлгі кітапханашы қыз қайда! Қызбала: Ол жоқ! Мен оны жұтып қойдым! Әйткен: Ох, анаконда! Қызбала: Кітаптан келген қыз кітапқа қайта кіріп кетті! Әйткен: Түк түсінсем бұйырмасын! Кітаптан келген қыз! Кітапқа кіріп кеткен қыз! Қызбала: Түсінбейтін несі бар! Кітапханашы қыз жоқ! Болған да емес! Әйткен: А-а-а! Не дейсің? Қалайша жоқ? Ал маған жазған жүрекжарды хаттары ше? Ондай аяулы жанның болмауы мүмкін емес! Қызбала: Оны мен ойлап таптым! Әйткен: Ап-пырмай, ә? Қызбала: Саған деген жанашырлық сөздерімді құлағыңа да ілмеген

соң, сенің жанкүйерің – кітапханашы қыз болып жаза бастадым! Сы­ нымды да айттым, шынымды да айттым! Жан-жүрегіммен айттым! Сен оны дұрыс қабылдап, дұрыс түсіндің! Әттең, не керек, жаныңдағы маған емес, танымайтын кітапханашы қызға ғашық болдың! Әйткен: Қызбала!!! Қызбала: Қызбала жоқ! Мұзбала де!\ Бұрылып, кетуге ыңғайланады.\ Әйткен: Қызбала! Тоқташы, Қызбала, жаным! Қызбала: Қош бол, Әйткен! Мен кеттім! Әйткен: Қайда?! Қызбала: Кітапханаға! Әйткен: Тоқта! Мені де ала кет! Қызбала: Сен онда не істейсің! Әйткен: Кітап оқимын! Қызбала: Жақсы кітап көп қой. Қайсы бірін оқырсың? Әйткен: Сенің кітабыңды оқимын! Сенімен бірге өмір кітабын оқимын! Қызбала: Оқысақ оқиық..Тек қана көңіліңе тоқи алсаң болғаны! Әйткен: Қызбала! Кітапханашы қыз!\ \Толқып, Қызбаланы құшақтай алады.\ Қызбала: Құшақтайды\. Оқырман Отелло, ақылгөй Әйткен! 3.11. 2006 ж. - 26.09.2017ж.

Бақытсыз болғың келмесе...
Екі актілі, тоғыз көріністі драма.
Қатысушылар:
Жазира – мұғалима, 23-те.

Бейбіт – ағасы, құрылысшы, 28-де.
Отар – өсекші жігіт, 28-де.
Бибінұр – Отардың анасы, 58-де.
Бегендік – мектеп директоры, 50-де.

Қызғалдақ – әйелі, 50-де.
Тұяқбай – тергеуші – 55-те.
Редактор – Интернеттегі сайттың бас редакторы. 40-та.
Тоты-Тотаня – Жазираның құрбысы, мұғалима, 25-те.

Бота – Жазираның жігіті. 27-де.
Өкіл – білім басқармасының лауазымды қызметкері, 35-тердегі
ер адам.
Мұғалима – тәжірибелі, беделді педагог, 58-де.

Бірінші акт
Бірінші көрініс
Көше. Қолында гүлі бар Бота Жазирамен кездеседі. Көңілді.
Бота: Сәлем бердік, үздік мұғалім, үлгілі ұстаз!

Жазира: Сәлем, сәлем, өнегелі оқушы!
Бота: Аламанда арындап, жарып шыққан Жазира! Жұлдыздай
көкте жарқырап, жанып шыққан Жазира!
Жазира: Пай-пай-пай! Ұшып кетуге шақ қалдым ғой!

Бота: Несі бар? Ұшсаң – ұш! Ұшатын күнің бүгін!
Жазира: Ұшу қиын емес! Бірақ, қонатын жерімді таппай қалсам
қайтемін?!
Бота: Мен тұрғанда қорықпа. Өзім-ақ қондырып аламын!

Алақаныма!
Жазира: Алақай! Алақай! А, бірақ...қолың талып, алақаның ауы­
рып кеткенде, аудара салмайсың ба?

Бота: Облысымыздың бетке ұстар мұғалімін аялай алмасақ, азаматтығымыз қане? Және де ол аяулы Жазиражаным болса, ақ құсым болып қолыма қонса, менің алақанымнан бақытты алақан бола ма?! Жазира: Сондай аялы алақанға қону үшін ұшуға да болады! \ Әндете билеп:\ Ақ көгершін, көгершін, Қалай, қалай ұшасың, Міне былай, міне былай, Міне былай ұшамын! Бота: Менің аппақ көгершінім! Келші...қоншы алақаныма! Жазира: Сабыр, сабыр, құсбегім! Бота: Жә, жә, жә! Сабыр десең, сабыр, қазір десең – қазір! Әй, жарайсың Жазиражан! Озып шыққаның ғажап болды! Дос бар, дұшпан бар дегендей...Бұл үлкен абырой оңайлықпен келген жоқ... өзің де білесің! Жазира: Иә, несін айтасың! Бірақ, қызық... Менің көңіл күйім құбыла береді. Кейде көктем, кейде күз! Үздік атанғаныма қуансам да, қалып қойған құрбыларымнан қысыламын біртүрлі! Бота: Біреу жеңіп, біреу жеңілу – жарыстың ...тіпті, бүкіл өмірдің заңы емес пе! Оған несіне басыңды ауыртасың?! Жазира: Солай да шығар, бәлкім. Бірақ, осынша шаттанып жүрсем де, мына бір өлең ойыма орала береді. Керемет болып Кетем деп асып, Жұлқынсаң жұрттың Кеудесін басып, Жапанда жалғыз Жабырқап жүрме Басыңа тиіп Берекең қашып. Шапқының сенің Біреудің құны, Шаттығың сенің Біреудің мұңы, Біріңді-бірің Жылатып жеңу Осы ма, досым, Өмірдің сыры!

Біреуді жеңсең Шығад дейт атың Адамға адам Емес пе жақын? Біреуді жеңіп Үстемдік құрар Бір құдай берген Бар ма еді хақың?! Адамды адам Өзіндей көрсін, Кеудесін кермей Көңілін бөлсін, Жетелі болсаң Жетерсің ойлап Жеңген де сенсің, Жеңілген сенсің! Бота: Ой, ақындар да айта береді! Оларға сенсең, бұл дүниенің бар бәйгесінен құр қаласың! Одан да жерге түсейік, Жазира жаным! Не болса да, жарық дүниеде жеңіп жүргенге, жұрт алдында жарқырап желіп жүргенге не жетсін! Сол үшін қалай күрескенімізді айтсаңшы! Жазира: Иә !\ Екеуі қол ұстасып, ілгері жүре береді.\ Бота: Бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ...өзің де білесің...Осы­ лай да осылай, үздіктерді анықтау үшін, СМС арқылы дауыс беріледі екен, соған дауыс жинау керек деген сенің бір ауыз сөзіңнен кейін, атойлап атқа қондық қой! Жазира: Рахмет, рахмет, Бота! Мені қолдап дауыс бергендердің бәріне рахмет! Жерлестерім, жолдас, жораларым, туған-туыстарым дүрк көтеріліп, бір-бірін кеу-кеулеп, қаптатып жіберді дауысты! Бота: Мамамды айтсайшы...Саған дауыс бергіземін деп, бүкіл та­ ныстарын тік тұрғызды ғой! Кемпір, шал, бала-шаға деген жоқ. СМС жібере алатындардың бәріне ондап, тіпті, жүздеп жібертті! Жібере алмайтындарға жібере алатындарың жазып беріп, солардың атынан жіберіңдер деп, қадап тапсырды! Қадағалап салғызды! Енді қайтсін... Жай келіннен гөрі үздік мұғалім келін артық емес пе?! Жазира: Ой, қандай керемет мамамыз! Бота: Мен де қарап қалған жоқпын. Біздің фирманың қызметкерлері түгел саған берді дауыстарын. Әр қызметкер дос-жаран, туған –ту­ ыстарымен қосылып, кем дегенде он дауыстан беруге міндеттелді! Міне, өстіп, арифметикалық...тіпті геометриялық прогрессиямен көбейді ғой сенің дауыстарың!

Жазира: Ой, Бота, Боташым, ботақаным! Қандай тапқырсың сен! Бота: Бір сен үшін ғой...Әйтпесе, қайдағы тапқырлық дейсің? Дауыс берудің қалыптасқан қағидасы! Жүлде алудың жаңылмайтын жолы! Онсыз жеңіс жоқ! Дауыс беру, қол жинау дегенде, намысқа шауып, жанып кетеміз ғой енді! Жазира: Иә, солайы солай, селяви! О, міне, үйге де кеп қалдық! Кіріп, шай іш дегім-ақ келіп тұрса да, осы жерден қайтасың...амал жоқ! Бота: Қайтеміз енді...қайтамыз дағы...Арқаңда ағаң тұрғанда, амал жоқ, әрине! Бірақ, сіздің үйге сызылып кіріп, ойып тұрып орын алатын күн де алыс емес шығар деп ойлаймын! Жазира: Иә, мен де солай ойлаймын! Оған дейін сабыр ете тұрасың енді, қайтесің! Чао! \Билей басып кете береді.\ Бота: Сао, сау бол! Екінші көрініс Бейбіт пен Жазираның пәтері. Бейбіт ұялы телефонымен сөйлесіп, арлы-берлі жүр. Бейбіт: Иә, иә...дұрыс айтасыз...Сізбен сөйлескен сайын ойымыз бір жерден шығады! Тіпті, көрмесек те, жақын туыстай болып бара­ мыз – ау! Иә, иә, балалар ортақ, ниет бірге! Менің де бар тілегім сол – екі жас бақытты болса екен! Басқа қазақпайшылықтың түкке де керегі жоқ! Иә, енді ...салт-дәстүріміздің жақсы жақтары бар ғой... жарайды енді... иә, иә. Ол жағын өздеріңіз біле жатарсыздар...Ең жақсысы, біз сізден, сіз бізден түк те дәметпей, тап-таза көңілмен табыссақ, ғажап болмай ма?! Менің ойым осы! Жалғыз қарындасымды сіз балам деп алыңыз, мен ризашылығыммен аманаттап тапсырайын! Ал, ендеше, хабарды өзіңізден күтеміз...Екі апта дейсіз бе? Жарайды, жарайды... айтқаныңыз болсын! Асыға күтеміз! Рахмет, рахмет! Сау болыңыз! Шаттана дауыстап, гүл құшақтаған Жазира кіреді. Жазира: Сүйінші, Бейбіт, сүйінші! Гран-При! \ Айнала билейді:\ Қарындасың Жазира жас мұғалімдердің облыстық байқауында үздік ұстаз атанып, Бас жүлдеге ие болды ғой! Бейбіт:\Телефонын сөндіріп, Жазираны құттықтайды.\ О-о! Құтты болсын, Жазиражан! Мерейің өсе берсін! Жазира: Рахмет, Бейбіт аға! Қызық! Сені аға деген қызық естіледі екен! Мейлі! Үлгілі ұстаз, өнегелі тәрбиеші атанған күні сені тым болмаса бір рет аға дейінші! Бейбіт: Саған қалай айтсаң да жарасады ғой, тай-құлындай тебісіп өскен тетелесім!

Жазира: Тетелестің төбесі көкке төрт елі жетпей тұрғанда, торт әперетін шығарсың! Бейбіт: Жеңімпазға не жесе де жарасады! Торттың төресін әкеп берейін! \ Жазираға мейірлене қарап:\ Торт демекші... Бағың жансын, қарындасым! Ботаның мамасы сөйлесті жаңа. Екі аптадан кейін келеміз...алдыңнан өтуге деді! Жазира: \ Мұңайып:\ Папам мен мамам болғанда ғой! Бейбіт: \ Бір күрсініп:\ Ал, кеттім, тортқа. Бұрылып шыға бергенде, елтең-селтең етіп Тоты-Тотаня келеді. Тоты-Тотаня: Сәлем бердік! Бейбіт: О, сәлем, Тоты – Тотаня! Төрлет! Тортқа тура томп ете түстің! \ Бас бармағын көрсетіп, шыға береді.\ Тоты-Тотаня: Браво, Бика - Биканато! Чикалаты барын әкел! Ой, Жазиня, Жазираньо! Жеңісің құтты болсын!\ Ернін Жазираға қарай шүртитіп, ауаны шөп-шөп сүйеді.\ Бүкіл интернет шулап жатыр! Гүл құшақтап түскен суретіңді шығарып қойыпты! Керемет! Жазира: Не дейсің? Қалай жылдам шығара қойған! Тоты-Тотаня: Мұғалімдер арасындағы облыстық конкурстың жеңімпазы, үздік ұстаз, үлгілі мұғалім атағын жеңіп алған Жази­ ра Жарқынбекованың жұлдызы жарқырай берсін! – деп, бақандай әріптермен баттитып тұрып жазып тастапты! Жазира: Шын айтасың ба?! Тоты-Тотаня: Хи-хи-хи! Шын болғанда қандай! Негізі, мен те­ леден де интернетке көбірек сенемін! Хи-хи-хи! Жаңалықтарды да жазады, не бір керемет өсектерді де жазады! Ой, рахаттанамын ғой! Жақсы боп жүргендердің ит терісін басына қаптағанда, жан-е-ем кіреді! Жазира: Оның несі жақсы? Тоты-Тотаня: Мен бірінші коменттерді оқимын! Кез-келген материалдың өзінен де коменті қызық! Нағыз демократия, сөз бостандығы деген сол! Күні-түні оқи берсем де, жалықпаймын! Үйде де, жұмыста да, тіпті, қонақта да комент оқимын да отырамын! Өзім де өкіртіп жазып тұрамын! Жазира: Қандай тақырыптарға жазасың, Тотаня? Тоты-Тотаня: Талант тақырып таңдамайды! Кез келген мәселеге үн қосып отыру – менің кәсібім! Үндемей қалсам, ішім жарылып кетуі мүмкін! Жазира: Иә, Тоты – Тотаня деп бекер атамаған ғой сені! Бірақ та, өзің білмейтін, танымайтын адамдар жөнінде бірдеңе айтудың өзі қисынсыз емес пе?

Тоты-Тотаня: Бізде қисын деген болмайды. Қисынсыздық – біздің басты қағидамыз! Жазира: Мисыздық десеңші... Тоты-Тотаня: Онда мидың керегі жоқ! Онда бәрі кәңкіретні, нақпа-нақ! Ақ пен қарабітті! Басқа түс жоқ! Сөздері қысқа, нұсқа. Маған сол ұнайды. Ұзақ сөйлемдерді онша қақпаймын. Аяғына жет­ кенше басында не айтылғанын ұмытып қаламын! Бізге дайын, нақты сөз керек! Керек кезінде көшіріп ала қоюға ыңғайлы! Жазира: Дайын кірпіш сияқты десейші...Клише, штамп! Тас маңдайларға таптырмайтын құрал! Жарайды, әзіл ғой! Бірақ, маған досың ретінде шыныңды айтшы, түсіндірші сен: Жұртты осынша өсектеп, ғайбаттағанда не табасың? Тоты-Тотаня: Ойбай, әлі күнге білмей жүрсің бе? Ол дегенің ке­ ремет кәйіп қой ! Жазира: Ал жауап берем-ау деп қорқпайсың ба? Тоты-Тотаня: Жоқ! Оны кім тексеріп, іздеп жатыр? Ешқайда тіркелмей-ақ, өтірік атпен ойыңа келгенді бұрқырата бересің! Мыса­ лы мен бірде Мутант, бірде Путант болып жаза беремін. \ Телефонын қосып, интернетке шыға бастайды.\ Тоқтай қал, міне қазір көресің өзің де! Жол бойы байланыс болмай, қол үзіп қалғаныма біраз боп қалды, не жаңалықтар бар екен...қазір...міне, қарап жіберейік! Міне, үздік мұғалім, жеңімпаз туралы жұрт не деп жатыр екен?! Міне, міне, жарқ етіп Жазирашка шыға келді! \ Жазира да әуестеніп, бірге қарайды.\ Интернеттің рахаты осы! Суретті қара, гүлге оранып тұрғаны қандай! Қалай жарасады, ә-ә! Ал, қазір комменттерді оқып көрейік! \ Әуестеніп, әрлі-берлі жүріп кетеді. Жазира қызықса да, оның соңынан жүрмей, орнында тұрып қалады.\ Жазира: Ал, қане оқып көрші, жұртшылық не дейді екен?! Тоты-Тотаня: Міне, Жазирашка, біраз кісілер комент жазыпты! Ой қатырыпты енді жазғанда да! \ Комменттерді аузын толтыра, айызы қанып оқи бастайды.\ Жеңісің құтты болсын, Жазира! Міне, нағыз үлгілі мұғалім! Өй, қойыңдаршы, ей! Кім болса соны мақтай бермей...Бұдан да мықты мұғалімдер толып жатқан жоқ па?! Мынаның қалай алғанына қайранмын! Қазыларға бірдеме берген ғой! Охо! Қыздың қазыға қандай пара беретіні белгілі ғой! Ха-ха-ха! Масқара! Хи-хи-хи! Ұятсыз десейші барып тұрған!\ Сұлқ түскен Жазираға қарап:\ Қалай, қалай сілтейді, көрдің бе? \ Тағы оқиды:\

Қазіргі жастардың ұятты ұрғаны бар ма?\ Тағы Жазираға қарап:\ Рас қой, енді, нағыз шындық! Ұят дегеннің атын да естімей –ақ өстік, естігіміз де келмейтіні өтірік пе?! \ Тағы оқиды:\ Бұл қыз тіпті бір байдан шыққан тәрізді! Тексеріп көрсеңдер, та­ лай теріс қылықтары ашылар еді! \ Басын көтеріп, Жазираға бұртия қарап:\ Мә, Жазирашка, мұндай қызықты менен қалай жасырып келгенсің?! Дос болып жүріп... Жазира: \ Төбесінен жай түскендей, әрең тілге келіп:\ Не дейді? Сұмдық-ай, бұл жалған! Қып-қызыл жала ғой! Тоты-Тотаня: \ Шабыттанып, ары қарай оқиды\. Қой, өтірік болар! Тұрмыс құрмаған делінген әңкетінде! Әңкеті аңқыта береді! Байдан шықпаса да, сайдан шыққан болар-ау! Күлімдегені тым көз тартып тұр екен! Жоқ, сендер білмейсіңдер! Мен білемін! Бір жігітпен жүріп-жүріп, аяғында жігіті тастап кетіпті! \ Жазираға қарап: \ Ал, бұл да өтірік жала ма? Жоқ, өтірік емес қой, мен білемін ғой! Жазира: Сүйгеніме кінәлімін бе? Махаббат -әр кімнің жеке сыры, оны әйгілеуге бола ма екен?! Тоты-Тотаня: Тоқта, тоқта, сөзді бөлме! Қызығы енді басталды! \ Ары қарай екіленіп оқи береді:\ Е-е, жүріп, жүріп тастап кетсе, белгілі болды! Байдан шыққанмен бірдей емес пе! Иә! Бейресми түрде солай! Сұмдық-ай! Сиқырланып, күлгені жаман еді! Сайқал болып шықты бұл да! \ Жазираға қарап: \ Бұған не дейсің, үздік ағартушы, үлгілі мұғалім, өнегелі тәрбиеші ?! Жазира көз жасына тұншығып үндей алмай қалады. Сол кезде торт көтеріп, шаттанып Бейбіт келеді. Бейбіт: Ал, қане, үздік мұғалімдер! Тортқа тарпа бас салыңдар! Шок-ко – ладын шоқып же, бис-квитін кесіп же, бүгін жеңіс күндерің, мерейлерің өсіп же! Жазира: \Жыларман болып:\ Бұл өтірік! Қап-қара жала! Тоты-Тотаня: \ Тортты түртіп көріп, саусағын жалап:\ О-о! Қандай тәтті! Бейбіт: \ Тортты оған ұстата салып:\ Жазира, Жазиражан! Не боп қалды? Жазира: Сұмдық! Масқара! \ Екі қолымен басын қыса ұстап, сенделіп, арлы-берлі жүреді. Құлағы шулап, айналаның бәрі: «Мәссаған! Сұмдық-ай! Масқара!

Қызық-ай, шыжық-ай!» деген даңғыр-дұңғыр қаңқуға, қарққарқ күлкі мен даңғаза музыкаға толып кеткендей болады. Басы айналыңқырап, жан-жағын қаракөлеңке басуға айналады. Есі шыққан Бейбіт Жазира мен Тоты-Тотаняға кезек жүгіріп, жұмбақ жағдайдың шешуін іздегендей болады. Тоты – Тотаня екі қолын сермеп, ернін сүйреңдетіп, Бейбітке әлденелерді жантала­ са түсіндіре бастайды. Жағдайды енді түсінген Бейбіттің қаны қайнап, тордағы ашынған жолбарыстай аласұрады. Даңғыр-дұңғыр қаңқу, қарқ-қарқ күлкі, даңғаза музыка қайта күшейіп, айналаны қараңғылық басуға айналады. \ Үшінші көрініс Мектепке асығыс бара жатқан Жазира мен Тоты-Тотаняны Бота тосып алады. Көңілсіздеу: «Сәлем! Сәлем!» десіп, сәлемдеседі. Жазира: \ Ботаға:\ Танысып қойыңдар. Менің құрбым Тоты – То­ таня, мұғалима! Бота, менің досым! Бота: \ сыпайы жымиып:\ Танысқаныма қуаныштымын! Тоты – Тотаня: Мен де өте қуаныштымын! Негізі сізді Бота – Бо­ таня десек жарасатын сияқты! Бота: Батаня демесеңіздер болды, әйтеуір! Интернетке жазып жіберіңіздер, жұрт біраз талқылап, рахаттанып қалсын! Тоты – Тотаня: Иә, интернетте талай қызықтар болып жатыр! Бота: Таңғажайып қызықтар! Тоты – Тотаня! Паһ, шіркін, қандай тамаша! Жазира: Жарайды, Тотаня, Ботаня, кейінірек сөйлесерміз! Қазір мектепке асығып барамыз. Директор шақыртып жатыр екен ! Тоты-Тотаня: Иә, иә, дәу-у деректірдің дәл өзі шақыртып жатыр! Жазирашты дәу-у деректір ағай күтіп отырғанда, біпбітти Ботя -Бо­ таня күте тұрады да! Сылқ-сылқ күледі. Екі қыз жүгіре басып кеткенде, Бота біртүрлі ыңғайсыз күйде қалады. Бота: \ Кекетіп:\ Асығыспыз! Деректір! Деректір, әрине, ке­ рек -тір! Әлгі ТотыТотаняның күлкісі қандай жаман еді? Артында қандай дерек тұр?! Дерек тұр, деректірді қандай сырға бөлеп тұр?! Төртінші көрініс Бейбіт пен Жазираның пәтері. Бейбіт ой үстінде отырғанда, Жазира мен Тотаня келеді. Бейбіт: А-а, барып келдіңдер ме? Иә, не хал?

Жазира: Мектепте директор құттықтады. Ол кісі тілегін айтып жатқанда, кейбір мұғалімдер бірін-бірі түрткілеп, мысқылдай күліп тұрғанын көрдім. Ой, жердің астына кіріп кете жаздадым! \ Бейбіт күйзеліп, Тотаня әуестеніп тыңдайды.\ Бүкіл мектеп бір түрлі қарайтын сияқты маған! Көшеге шықсам, жұрттың бәрі күлетін сияқты сыртымнан. Интернетке суреттерімді қаптатып салып қойыпты. Ин­ стаграммада, сайттарда толып жүр. Тілдеп жатыр шетінен! Қазіргі мұғалімдердің сиқы осы ма деп сауал тастап, соған неше түрліні бұрқыратып жазып жатыр! Мен енді қайттім? Қай тесікке тығылып, қайда барып күн көремін?! \ Бейбіт шарасыздықтан басын шайқап, жұдырығын түйіп, кіжінеді. Тотаня басын изей түсіп, телефонын шұқылап әуре.\ Өлетін болдым, Бейбіт! Бейбіт: Бұл бәлені қоздырып отырған біреулер бар! Соларды тау­ ып, сазайын беру керек! Жазира: Одан маған не пайда, не қайыр? Бейбіт: Порталдың бас редакторына телефон соғып, айта бастап едім, тіпті сөйлеспейді де! Жұрттың пікіріне біз жауапты емеспіз! – деп, бет бақтырмайды. Онда, жазған кім екенін айтыңыз десем, оны өзіміз де білмейміз дейді. Тым болмаса, қай адрестен келгенін білуге болады ғой, поштасын беріңіз маған десем, бұл біздің міндетіміз емес, бітті!-деп, телефонды тастай салды! Енді не істерімді білмей отырмын? Тоты-Тотаня: Мұның бәрі өтірік деп, жоққа шығарып жауап жазып едім, тіпті құтырып кетті. Айтпаған бәлелері жоқ! Тілдері қандай ащы десейші! Нанбасаң, міне, тыңдап көр!\ Аузын толты­ рып, мәнерлеп, айызы қанып, оқи бастайды.\ Жазира жақсы мұғалім, жақсы қыз, тұрмыста болмаған! Ай­ тып тұрғандарыңның бәрі жалған, жала! \Жазираға:\ Бұл менің жазғаным! Мына жынды жауапты қарашы: Тұрмыста болмағанмен, жұмыста болған шығар! \ Жазираға қарап, күледі.\ Ой, қатырады-ай бұлар! Өсекшілердің тілдері қандай өткір десейші! Оқығанда, рахаттанасың пірәмі!\ Ары қарай оқиды.\ Жап-жақсы қызға жала жаппаңдар! Өтірік, өсектерің кімге дәрі?! Оның қайдан шыққанында жұмыстарың қанша?\ Жазираға:\ Бұл менің жазғаным! Жауабын қара! Жұмысымыз болғанда қандай! Әркімде жұмысымыз болуы біздің өмірлік жұмысымыз! Біреудің сүйегін мүжіп, кемігін шайнағаннан артық рахат бар ма!? Көбік сөз кімге дәрі, дәлелдерің болса, айтыңдар! \Жазираға:\ Бұл менің жазғаным! Оған да тоқтайтын түрлері жоқ. Міне, тыңдап көр! Дәлел керек болса, дәмдеп, дәлдеп тұрып келтіріп береміз!

Дәлел толып жатыр! Қайсыбірін айтайын-ау, ай-хой!
Қай қыз қайдан шыққанын мойындаушы еді!
Бетіне қарасаң бәрі әп-әдемі, түк көрмегендей...
Өтірік демегенде, қай бетімен рас дейді!

Жарайды, Жазира, сен де белгілі болдың! Байбаламды қой да,
байыңа қайта қосыл!
Бай емес, байсымағыңа қосыл десейші! Жүріп, жүріп тастап кет­
кен жігіті бай емес, байсымақ болады да! Хо-хо-хо!

Сонда Жазира жайсымақ болды ғой! Хи-хи-хи!
Байыңа қосылмасаң, сайыңда сайран құра бер!
Қарабет! Қазіргі қыздардың бәрі қағынған! \Жазираға:\ Міне,
көрдің бе!

Жазира: Сен неменеге мәз болып жүрсің, Тотаня?
Тоты-Тотаня: Ә-ә, мен бе? Мен жай, әншейін...қызық қой енді
...Міне, мына қарашы, екеуміздің суретімізді де салып қойыпты.
Қатқан сурет! Мен сенен әдемі болып шығыппын, Жазираш, ренжіме!

Шынында да, менің көзім үлкендеу, әдемілеу екен ғой! \ Үндемей
телефонға үңіліп қалады.\
Жазира: Иә, аузың да үлкен! \ Сынай қарап:\ Коменттерді неге
оқымайсың?

Тоты-Тотаня: Ә-ә, әлі ешкім ештеңе жаза қоймапты.\ Асығыс со­
ткасын өшіреді: \ Көзім талып кетті ғой, құрғыр!
Жазира: Солай ма шынымен? Қане, мен де бір қарап жіберейінші...
\Соткасын ашып, қарап жіберіп:\ Мә-ә, мында тұнып тұр ғой ко­

мент дегенің! Қане, қане, оқып көрейік!
Мә-ә! Мыналар кім, әй! Шарап ішіп, шалқып, байсырап, балқып
тұр ғой өздері!
Бұл– аты-шулы жалғаншыл мұғалима Жазира! Жанындағысы –

жан құрбысы Тоты-Тотаня!
Тотаня десе Тотаня екен, тотиған тұрысы қандай жаман!
Шалшыққа аунаған тауық құсап...
Күлге аунай салып та жұмыртқалай беретін шіби сияқты ма деп

қалдым...
Жоқ, мұндайды қазақ жүнін жұлған тауықтай дейді...
Қазіргі тілмен айтқанда, цыплята –табака!
Пау шіркін, қалай дәл тауып айттың! Жазирасы –окарашка, Тота­

нясы – табака!
Тоты-Тотаня: \ Коменттерді біресе бетін басып, біресе секеңдеп,
біресе кекеңдеп: «Ой! Ойбай-ай! Бетім-ай!» деп тыңдап тұрады.\
Шынымен табакаға ұқсаймын ба?

Жазира: Қайдан білейін? Мен сені табаға салып қуырып көріппін

бе? Одан да тыңда ары қарай.
Тауықта бір түйір болса да ми бар екен. Өйткені, тырықтығын
жүнімен жауып жүреді ғой. Ал мына Тотаня дегеніңнің соған да
ақылы жетпепті. Тыртиып қалғанын жасырудың орнына, жыртитып

қойған не деген жексұрын!
Жазирасы жайдақтаған, Тотанясы тайлақтаған мектептің соры
қалың екен!
Тотаняның шын аты Тоты, попугай деген сөз емес пе? Өз ойы жоқ,

біреу не айтса соны бақылдап қайталай беретін попугай! \ Тоты-
Тотаняға тесіле қарап:\ Ал, қалай екен интернет пікірі?
Тоты-Тотаня: Өй, бұлар да лағып кетеді кейде! Қуғанда да, қуады
енді!

Жазира: Меніңше, бәрі шын сияқты. Адамға ой салады-ау кей­
де! Бұрын помпадурлар болған! Қазір – попугайлар! Әлдекімдердің
айтқанына сеніп, айтағына еріп, әркімнің сөзін қайталаумен қалт-
құлт етіп келеміз-ау, әйтеуір!

Бүгін біреу былай айтса, солай жалт беріп, ертең басқа біреу
басқаша айтса, соған жалп ете қалатынымыз өтірік пе?
Бейбіт: Қыздардың мұндай мойындауы қандай ғажап! Жалпы,
бүкіл қоғамға қатысы бар пікір!

Жазира: Тоқта, тоқта! Бұл сурет қайдан пайда бола қалды? Тота­
ня, сен салдың ба? Сенен басқа ешкімде жоқ еді ғой!
Тоты – Тотаня: Иә!
Жазира: Неге?

Тоты – Тотаня: Сендей танымал мұғалиманың жан құрбысы
екенімді жұртқа бір көрсетіп, мақтанғым келді!
Жазира: Қашан түсіп едік?
Тоты – Тотаня: Студент кездегі, соңғы курста оқып жүргендегі

сурет қой. Екеуміз бір тойда түскенбіз. Қолымыздағы фужерде таза
жүзімнің шарабы. Өрескел ештеңе де жоқ!
Жазира: Бірақ, дәл мына айғай-шудың үстінде отқа май құя
түскендей болды-ау!

Тоты – Тотаня: Мен ол жағын ойламаппын!
Жазира: Ойласаң Тотаня боласың ба?
Тоты – Тотаня: Жә, жә, Жазирашка, Жазирано, мына қызықты
қара! Мектеп директоры Бегендік Сүйіндіков өз пікірін білдіріпті!

Міне, тыңдаңдар!
Қайдағы – жайдағы өсек сөзбен біздің әріптесімізге күйе жаққанды
қойыңыздар! Біз мектебіміздің мақтанышы, үлгілі жас мұғалімді
жазықсыз жаладан жанымызды салып қорғаймыз! Қолдаймыз! – депті.

Бейбіт: Уай, азамат! Жарайсың!

Жазира: Рахмет, ағайға! Тоты – Тотаня: Мә-ә, мына қараңдар, қаптап кетіпті коменттер: \Құйқылжытып, құтыртып оқиды: \ Мектеп директоры Бегендік Сүйіндіков ұятсыз мұғалім Жазира Жарқынбекованы қолдап отыр! Жанымызды салып қорғаймыз депті! Ұятсызды шыр-пыр болып қорғағанына қарағанда, өзі де ұятсызау, шамасы! Балықшы балықшыны алыстан таниды деген! Е-е, бір бәлесі бар да! Жайдан-жай жанын салмайды ғой! Бірдеме берген шығар директорға! Иә, бастықтардың бәрі парақор ғой қазір! Көмейін толтырған шығар! Жоға, жас қызда ондай ақша қайдан болсын! Басқа амалын тапқан да! Ә-ә-ә? Анау болды ғой?! Болғанда қандай! Солай! Дәл солай! Бұл арсыз бетпақ Жазира Жарқынбекова ана жүргіш директор Бегендік Сүйіндіковтың ашы­ насы! Мәссаған! Міне, әңгіме қайда жатыр! Жазираның жап-жас басымен үлкен беделге ие болуы да, облыстың үздік ұстазы атануы да тегіннен тегін емес! Оны мектеп директоры Бегендік Сүйіндіков қолдап, көтермелеп отырған! Жайдан-жай емес, әрине! Міне, былық-шылық қайда жатыр! Әй, тоқтаңдар! Бұл директорың неше жаста өзі? Елуде! Бала-шағасы бар емес пе? Бар! Бірақ, құмарлық оған қарата ма?! Бәйбішесі өзімен қатарлы. Жас иіс керек – тағы кәрі текеге! Ал, енді не болар екен? Не болушы еді? Біраз иіскеп, құмары басылған соң, қуып шығады байғұс қызды. Немесе, тоқалдыққа ала салады! Тіпті, бәйбішені балаларымен қалдырып, тоқалдың соңынан кетеді қаңғып! Әнеки! Кәнеки? Әй, бұл бұзылған деректір Бегендіктің қыздай алған қосағы Қызғалдақты қызғаншақ деуші еді ғой. Ол қайда қарап отыр? Білмей қалды ма екен, бишара? Шіркін, біреу оған осының бәрін жеткізіп, көзін ашса ғой... Қызықтың көкесі қызталақ қатынның қызылшыл байын қызғанып, қырғын салғанында емес пе?! Бейбіт: Жә! Жетті! Тоқтат жүректі айнытпай! Ұятсыздар! Арсыз­ дар!\ Тоты-Тотаняның телефонын жұлып алып, сөндіріп, қайтып

береді.\ Тоты-Тотаня: \ Шошыңқырап:\ Менің жазығым не? Мұндай батырлығыңды осыны жазып жатқандарға көрсет одан да! \ Бұртиып шығып кетеді.\ Жазира мен Бейбіт сең соққандай болып қала береді. Бесінші көрініс Бота: \ телефонмен сөйлесіп тұр.\ Иә, ма, сондай бір ыңғайсыз жағдай ... Көрдім интернеттен, түгел оқыдым. Сұмдық! Бұның бәрі жала! Ә-ә... Ойланғанда...Тексергенде...Міне, қазір Жазира келеді кездесуге. Иә, өзім де анық-қанығына жеткенше жан таппай тұрмын. Жо-жоқ, атай көрмеңіз, ондайы жоқ сияқты да! Сенгенде...сенемін, иә. Жақсы көрген кісіге сенбегенде... Түу, ма, қойыңызшы сіз де... Алданып қалма, алданып қалма деп ...Адамға сенбейтін боп кеттім осы күні...Иә, мам, жарайды енді... Жазираны жақсы көретінім рас! Өзіңізге де ұнап қалғаны сондай, Жазира, Жазираш деп аузыңыздан тастамайтын болып едіңіз ...Тура қызым сияқты...армандаған келінім осы, тез әкел де түсір үйге деп қоймаушы едіңіз... Немене? Бір түрлі болып қалдым?! Ой, осы сіз –ақ бір түрлі бола салады екенсіз...Ана қыз андай, мына қыз мындай...ананың әкесі ұнамай қалады, мынаның шешесі ұнамай қалады...Енді сізге кім керек, ма?! Ал, қойдым, ма, ренжімеші тек...Қан қысымын... жүрегіңді байқашы. Мақұл, иә, мақұл...сіз қалай айтсаңыз солай болады! Иә, айта беріңіз, тыңдап тұрмын...иә, иә...иә. Жарайды енді, көрейік ой­ ланып... Ақылдасайық... Иә, иә, ақылдасайық! Жақсы, ма, ештеңені уайымдамаңыз, бәрі жақсы болады! \Телефонын сөндіріп, арлыберлі теңселіп, күйініп жүреді. \ Бір түрлі! Бір түрлі! Маған дегенде бәрі бір түрлі боп қалады әйтеуір! Біресе қыздар бір түрлі, біресе мамам бір түрлі! Содан кейін мен де бір түрлі! Сөйтіп, ақырында әр түрлі боп кетеміз! Өй, бүйтіп қыз таңдағаны бар болсын! Одан да бесікте жатқанда атастырып қойса ғой, мынау сенікі деп...Бітті, шаруа! Бір-ақ түрлі болар еді! Ал біз міне жүрміз, келіндікке кәндиләт кәр-рәмәттардың ортасында ...неше түрлі болып! Жазира келеді. Екеуі көңілсіздеу амандасады. Бота: Жазира, бұл қалай? Жазира: Сұрағың қызық қой өзі! Бота: Сенің жауабың да оңып тұрған жоқ! Жазира: Е-е, қай бір оңған дүние бар дейсің қазір! Бота: Жә! Қырсықпай жөніңді айтсаңшы?

Жазира: Қайдағы жөн? Жұрт жынданып жатқанда, жөн дейді ғой... Бота: Өй, өзің шыны құсап шытыр-шытыр етесің ғой... мұндай мінезің жоқ сияқты еді! Тоқта, тоқта, былай қарашы қане, \Жазира­ ны оңға бір, солға бір бұрып, басын шайқап қарайды:\ енді былай! Е-е, бәсе! Бұрын қалай байқамағанмын...Өзің шәйнек құсап жыл­ тырап кетіпсің әбден. Шәйнек болғанда да, өмірі бір қайнамайтын, тұмсығы сорайып, шкафта жылтырап тұруды ғана білетін бір сұпсуық шәйнек болады ғой...тура сол сияқтысың әй! Жазира: Мен шәйнек болсам, сен шаң – тозаң сияқтысың! \ Екеуі теріс айналып кетеді.\ Бота: \ Сәл үнсіздіктен кейін:\ Сен өзің осыны қаламап па едің? Жұрттың аузына ілінуге, көзіне түсуге құмар болып едің ғой! Ал, мә, көр енді! Көзге түскен, сөз болған қандай екен! Жазира: Иә. Дауыс беру арқылы болған конкурстың бәрі өтірік екенін кеш түсіндім, әттең! Бота: СМС жинау дегенің жұртты ақымақ қылып, қалтасын қағып, пайда табудың жолы емес пе? Сендердің қалай дауыс бергендерің емес, біздің қалай санағанымыз шешеді деген ғой көсемдер баяғыда. Бәрінен де мына сұмдықты айтсаңшы! Қайдан шыға келгенін ұқпай да қалдық қой! Мамам да бәрін оқып, біліп отыр. Қатты ренжіді... Бейбіттен де ұялып отыр. Көпшіліктің сөзінен де шошынып, не істерін білмей сенделіп қалды. Өзің де білесің ғой, ол кісі өте сезімтал, әсершіл. Мына сұмдықты естігенде жүрегі қысып, қаны тасып, сырқаттанып та қалыпты. Қысқасы, құдалық-мұдалықты қоя тұрайық дейді. Мына әңгіме бір жағына шыққанша, аңысын аңдағанды мен де мақұлдаймын. Жазира: Сонда қалай, алдағы аптада алдынан өтуге келмейтін болды ма? Бота: Иә, әзірге солай...Сен тым қатты уайымдама, уақытша нәрсе ғой бәрі...Қашан келетінін үлкендер өздері айта жатар. Жазира: Е-е, солай де...Байқайық де...Бұта баққан бозторғай дегенді естуші едік, бұтаға бұққан Ботаны да көрдік! Дұрыс, Ботаня, мамасының бітти ботақаны, қаңқу сөзден қашқандарың әбден дұрыс! Бота: Мен ештеңе білмеймін. Жел болмаса шөптің басы қимылдамайды деген. Жазира: Солай де! Тағы не айтарың бар ?! Бота: Артынан сөз еріп, аты шыққан қызды ақ тілекпен ақ босағамнан қалай аттатпақпын дейді анам! Өсегі бірге келіп, өзегімді

өртемей ме өмір бойы дейді, ал?! Елдің аузына қақпақ боламын ба? Кімнің аузын жабамын ертең дейді, ал? Жазира: Ал сен не дейсің? Бота: Мен не деймін? Не деуім керек? Осынша жұрт жайдан-жай айтпайды ғой! Бірдемені білгесін айтады! Жазира: Сен не деп тұрсың, Бота!? Бота: Маған айғайлама, Жазира! Мықты болсаң, жап аузын аналардың! Дәлелде кінәсіз екеніңді! Жазира: Ах, солай де! Әттең! Сүйсең бұлай демес едің! Сүйген адам сүйгеніне қалтқысыз сенеді! Сүйгенін ешқашан да алдамайды! Ал саған дәлел керек! Дәкүмент керек жоқ па әйтеуір?! Полиция­ дан...жо-жоқ, нотариустан...мөр бастырып алайын ба? Мүмкін, қол жинап әкелсем қайтеді қауымнан? «Құрметті азамат Бота! Сіздің сүйгеніңіз Жазираның жазықсыз жалаға ұшырағанын растаймыз! Оның түк жазығы жоқ, сүттен ақ, судан таза екендігіне сенім білдіріп, қолымызды қойып, мөрімізді басамыз!» деген күректей қағаз ба саған керегі? Бота: Мейлің! Еркің білсін! Қалай былықсаң, солай тазарып ал! Тек менің басымды ауыртпа! Чао! \ Шұғыл бұрылып, шапшаң басып кетеді.\ Жазира үнсіз, мұңайып қала береді. Алтыншы көрініс Мектепте жиналыс. Облыстық оқу бөлімінің өкілі, мұғалима, мектеп директоры Бегендік Сүйіндіков жағалай жайғасқан. Ақырын басып Жазира келеді, оның соңынан жүгіре басып Тоты – Тотаня кіреді.Телефонмен біреумен сөйлесіп келеді. Тоты – Тотаня: Міне, жиналыс басталғалы жатыр! Иә, иә, дәл со­ лай! \телефонын сөндіріп, бір шеттен жайғасады.\ Бегендік: Құрметті мұғалімдер! Біз бүгін әріптесіміз Жазира Жарқынбекова турасындағы әлеуметтік желілердегі айқай-шудың аққарасын анықтауға жиналып отырмыз. Бұл әңгімеге облыстық білім басқармасының лауазымды өкілі арнайы келді. Өкіл: Бүкіл жұртшылық шулап кетті. Біз мұндай бұқаралық сипат алып кеткен іске жауапкершілікпен қарауға тиіспіз! Мұғалима: Жұрт шулады екен деп, жазықсыз жанды жазалаған жөн емес! Адамның жеке басында жұмысымыз қанша? Өкіл: Әңгіме адам туралы болып тұрған жоқ! Әңгіме мұғалім ту­ ралы!

Мұғалима: Қызық екен! Сонда қалай, мұғалім адам емес пе? Өкіл: \ Сасқалақтаңқырап:\ Жоқ...неге... адамы адам ғой, бірақ... \Қайтадан қатайып:\ Бірақ, ол алдымен мұғалім! Қоғамдық қызмет өкілі! Бала тәрбиесіне жауапты! Демек, ол өзін сондай талапқа сай ұстай білуі керек! Тек жақсы болып көрінуге міндетті! Содан кейін мейлі...адам бола ма, мадам бола ма, бізге бәрі бір! Мұғалима: Сонда қалай, мұғалімді күйелегісі келгендер аузына келгенін анда-мында жаза берсе, шетінен жазалай бермекпіз бе? Өкіл: Жоқ! Әуелі талқылап, ақ-қарасын айырып алайық! Жазалауға үлгереміз ғой қашан да! Сол үшін келіп отырмыз ғой осында. Ал, қане, бос сөзді доғарып, нақты іске көшейік! Жазира Жарқынбекова, сізден бірінші сұрағымыз және басты сұрағымыз: «Ащы тіл» порталында жазылған жәйттер рас па? Тоқ етерін айтыңыз – неше проценті шындық? Жазира: Өтірік! Нөл проценті шындық! Өкіл: Ол сіздің көзіңізбен қарағанда... яғни, субьективті пікір!Ал біздің көзімізбен қарағанда, яғни, обьективті пікір бойынша, фиф­ ти-фифти! Елу де елу! Ұзақ жылдар бойғы қоғамдық өмір, жұмыс тәжірибесі көрсетіп отырғандай, кез-келген қайшылықты оқиға, күрделі жәйттердің, даулы пікірталастардың жартысы ақ болса, жар­ тысы қара болып шығады! Мұны халқымыз «жел болмаса шөптің басы қимылдамайды» деген данышпандық мақалымен баяғыда ай­ тып қойған! Мұғалима: Қазіргілер желді де өздері шығара береді! \ Жиналғандар қысыла күледі.\ Соған елігіп, ана жақтан бір жел соқса, желп етіп, мына жақтан бір жел шықса, елп етіп, желөкпе болып кеттік қой өзі. Жел қуғаннан басқа жұмыс құрып қалып па? Өкіл: Жә, жә! Жел аяғы құйын! Құйын соқса қиын! Іске көшейік. Жазира Жарқынбекова, сіздің орныңызда кез-келген адам бәрін де жоққа шығарып, осылай деуі заңды! Бірақ, біздің орнымыздағы кез-келген адамның сізден осы жағдайлардың мән-жайын сұрауы да заңды. Сондықтан, бізге бүкпесіз жауап беріңіз. Мәселенің мәнжайын анықтауға көмектесіңіз. Келістік пе? Жазира: Маған да шындық керек! Өкіл: Ендеше...Апырмай, қай жағынан бастасақ екен? Айтуға да ауыз бармайды...Бірақ, амал жоқ, айтуым керек...Жеңілдеуінен ба­ стайыншы...Ана құрбыңызбен...әлгі, тыртиған қыз ше, анау...Цыпля­ татабака деген... Жазира: Ол табака емес, Тоты – Тотаня! Тоты-Тотаня: Яғни, мен! Өкіл: Иә, иә, дәл өзі! Сол Тоты – Тотанямен қай жерде, кімдермен

шарап ішіп, секеңдеп жүрсіздер?! Жазира: Бұл біздің студенттік шағымызда түскен суретіміз. Бокалдағы шарап емес, жүзім шырыны! Өкіл: Шырын – мырын шырмауық! Оған кім сенеді? Сіздер, мұғалімдер, ұрпақ тәрбиешісіздер. Жастарға жүріс-тұрыстарыңызбен, қылықтарыңызбен үлгі-өнеге болудың орнына, бокал ұстап жырти­ ып тұрғандарың жараспайды! Бұл барып тұрған ұятсыздық! Мұғалима: Сонда қалай, мұғалім тойға бара қалса, би билесе, қолына бокал ұстаса бітті, ұятсыз боп шыға келе ме? Немесе, жаны­ на ер адам келіп, сөйлесе қалса, масқара болғаны ма? Осының бәрін бәле қуған біреулер аңдып тұрып, суретке түсіріп, интернетке сала қойса бітті, артынан итше үріп шыға келуіміз керек пе?! Өйтіп, бір жақты байлам жасауға болмайды! Өкіл: Жарайды, мұны қоя тұрайық. Ал, ана байдан шыққан деген не сөз? Бұған не дейсіз, қане? Жазира: \ Ашынып:\ Ағай, сіз қызық екенсіз ғой! Мен тұрмысқа шыққан емеспін! Өкіл: Сендердің қайдан шыққандарыңды кім біліпті! Айтқаның рас болса, дәлелде! Жазира: Нені дәлелдеймін? Қайтіп дәлелдемекпін?! Өкіл: Біріншіден, байдан шықпағаныңды дәлелде! Екіншіден, сайдан шықпағаныңды, қысқасы, ешқайдан шықпағаныңды дәлелде! Жазира: \ Жыларман болып:\ Аға! Мұның бәрі жалған! Жала! Өкіл: Жала болса, дәлелде! Дәлелсіз ақпын дегеніңе ешкім де сенбейді! Мен де сенбеймін! Жазира: \Күйзеліп:\ Ойпырмай, енді қайттім? Ақпын десем сенбейсіздер...Сонда қалай, сіздер сену үшін, қарамын деуім керек пе? Өкіл: О-ох! Онда сөз бар ма!? Қарамын десең бітті! Ешқандай дәлелсіз-ақ сенеміз! Тіпті, айтпасаң да, солай болса екен деп, сенгіміз келіп тұрады! Мұғалима: Сендерге дауа болмас! Өкіл: Жарайды, мұны жаба тұрайық. Ал, енді ең ауыр әңгімеге келейік. Бұл сөз жалғыз Жазира Жарқынбековаға ғана емес, мектеп директоры Бегендік Сүйіндіковке де қатысты. \ Барлығы қозғалақтап, әуестене қалады. Осы кезде сырттан елеусіз ғана келген Қызғалдақ ашық есіктің қалқасында бой тасалап, тыңдап тұрады.\ Ащы бол­ са да, шындық керек. Ашығын айтыңызшы, Жазира, сіздің директор Бегендікпен ашына болғаныңыз рас па?! \ Төбесінен жай түскендей болған Жазира бір сәт есінен айырылып, үндей алмай, бетін басып сенделіп қалады. Өкіл екпіндей түседі:\\ Рас болса, қашаннан бері?

Қайда, қалай кездесіп жүрсіздер? Сіз өзіңізден жиырма жеті жас үлкен, әкеңіздей мектеп директорын өз еркіңізбен сүйдіңіз бе, жоқ әлде, директор сізді қызмет бабын пайдаланып, ашыналыққа мәжбүрледі ме? Неге үндемейсіз? Тез жауап беріңіз қане! \ Жұртшылық сілтідей тынып, Жазираға қарайды. Бегендік тас боп қатып қалғандай. Қызғалдақ сілейіп тыңдап тұр.\ Жазира: \ Әрең-әрең өзін қолға алып:\ Ағай, мұндай сөзге аузыңыз қалай барады? Өкіл: Ақ болсаң, дәлелде! Дәлелің, дәлелің бар ма? Жазира: Аққа құдай жақ деген... Мұғалима: Өкіл шырағым, сенің денің сау ма? Қайдағы дәлел, қандай дәлел? Мен Жазираның да, Бегендіктің де ар-ұятына сенемін! \Құйындатып Қызғалдақ кіріп келеді.\ Қызғалдақ: Ал мен сенбеймін! Өтірік! Бәрі өтірік! Ұятсыздар! Арсыз бұзылғандар! Алдайды өстіп ылғи! Жұртшылық кенеттен айқайлап кіріп келген бейтаныс әйелден шошынып, үрпиіп қалады. Бегендік бірінші есін жиып, басу айтуға тырысады. Бегендік: Қызғалдақ, сен мұнда қайдан жүрсің? Қызғалдақ: Сендерді...бұзылғандарды іздеп жүрмін! Жетті маған хабарларың...желмен бірге! Желкелеріңді қиямын енді! Бегендік: Жә, қысқарт! Үйдегің аздай, енді жұмысқа, жиналысқа келетіндей халге жеттің бе? Доғар бассыздықты! Қайт үйге! Қызғалдақ: Қайтпаймын, ал, қайтесің! Сенің жұмысың бітпейтін бір жиналыс! Менің жұмысым – сені зарыға күткен қиналыс! Сөйтсем, сенің жиналысың – зиналы-ыіс екен ғой, лағанат! Бегендік: \ салмақпен:\ Жә, жетер! Тоқтат енді Қызғалдақ! Мені тілдесең тілдей бер, естімей жүрген сөзім бе? Бірақ, біреудің көзінің ағы мен қарасы, қыз балаға обал жасама! Күйдірме жазықсыз! Құрметті қауым, мен, мектеп директоры Бегендік Сүйіндіков, мұғалима Жазира Жарқынбековаға қатысты осы әңгіменің өсек, ғайбат екенін ресми түрде мәлімдеймін! Жазира білікті мұғалім және жақсы адам. Ата-анасы жол апатынан қаза болып, ағасы Бейбіт екеуі жастайынан жетім қалған. Ағасы еңбекке ерте араласқан, қазір мы­ нау деген \бас бармағын көрсетеді\ маман құрылысшы! Қызғалдақ: Қайнағаңды мақтайын дедің бе, қайыршы! Бегендік: Мақтаса мақтайтындай-ақ азамат! Маңдай терімен тапқан-таянғанын аямай, жалғыз қарындасын оқытып шығарды. Жетім қалдық деп шашылып қалмай, өсіп келе жатқандарына рахмет! Ертең өркенін жайғалы отырған үйге от тастағандарды заң жүзінде жауапқа тартып, жазалау керек! Мен жалақорларды сотқа беремін!

Өкіл: Байқауымша, мәселе ушығып, беті жаман болып барады. Жазираны жақсылықпен басқа жаққа ауыстырып жібере қойсақ қайтеді? Бәрімізге де жақсы болар еді сонда! Бегендік: Неге? Өсек-аяңға бола білдей бір мұғалімді мектептен қуып жібергеніміз ұят емес пе? Қызғалдақ: Ұят дейсің, ә? Ұяттан садаға кет! Қимай отырсың ғой қымбатыңды? Жабысып қалған екенсіңдер! Бәлем, көрсетермін мен саған! Бегендік: Қызғалдақ, сен енді осымен қоя ғой! Жақсылықпен үйге қайт, балаларға қара! Қызғалдақ: Қырдағы қызғалдағың едім. Қолыңдағы қадірлің едім. Қызыл түлкіге қызығып, қуып кете барғаның ба? Сондағы тапқаның мына салдақы ма? Жүзіқара! Бетің қызармай, қалай тұрсың, әй, жұрттың алдында? Көрсетейін мен саған! \ Жазираға тарпа бас салады. Есі шыққан Жазира жанталасып, өкілдің ар­ тына тығылады. Қызғаныштан қаны қайнаған Қызғалдақ жолына бөгет болған өкілді жағасынан алып, жұлқып лақтырып жібереді. Шошынған өкіл мен мұғалима қашып құтылады.Жазираға қолы жеткен Қызғалдақ онымен арпалысады.\ Қолыма түстің бе, қаншық! Тоты-Тотаня соткасын алып, видикке түсіре бастайды. Жазира: \ Алысып жүріп: \ Қойыңыз, апай! Мұныңыз не? Қызғалдақ: Мұным солай! Бай бермек оңай деп пе едің?! \ Ашынған әйел ұяң қызды еңсеріп, сабауға айналғанда, Бегендік ара­ ша түсіп, Қызғалдақты құшақтап, айырып алады. Долданған әйел бұлқынып, айбат шегіп жатқанда, мұнша қорлықтан күйінген Жа­ зира бетін басып, солқылдап жылап жіберіп, шығып кетеді. Аспанға шапшып, күйеуінің қолынан босай алмаған Қызғалдақ кенет тоқтай қалып, тілдеуге көшеді.\ А-а, солай де, Бегендік! Жаның ашып кетті ме ашынаңа? \ Бегендік оны босатады.\ Тоты – Тотаня:\ Телефонға түсіріп жатып:\ Мә-ә, масқара ви­ дик! Бүкіл интернет қырылатын болды! Қызғалдақ: Мә, саған қырылған, салдақы! \ Шап беріп телефонын жұлып алып, қорқып қаша жөнелген Тоты – Тотаняны шапалақпен құйрықтан тартып-тартып жібереді. Тоты-Тотаня ойбайлап зытады. Қызғалдақ телефонды өшіріп, әлі құрып, Бегендіктің қолына сүйеніп, сылқ ете түседі:\ Ой, Бегендігім! Өмірлік жанжарым! Сүйгенім! Бес баламның әкесі! Солай ма едің дүние жалған! Бір қаншыққа айырбастап жібергеніңе жылай-жылай көнермінау, қайтейін. Бірақ, жеме-жемге келгенде, маған емес, оған...оған... болысқаныңа қалай төзермін?! Менен артық көргенің бе шынымен? Жазығым – жақсыңды асырып, жаманыңды жасырғаным ба?! Бес

бала тауып берген менен не жамандық көрдің? Мына салдақыдан не опа таптың? Бегендік: Өтірік! Өтірік деймін! Әй, ақымақ! Мақұлық! Соқыр қызғанышыңмен тас масқара қылдың ғой елдің алдында! Енді қай бетімізбен қараймыз жұртқа?! Қызғалдақ: Жұртты қайтесің? Маған...менің бетіме қарай алсаң болғаны да! Бегендік күйініп, қолын бір-ақ сілтейді. Қызғалдақ жынды адам­ ша сақылдай күледі. Артынша солқылдап жылайды. Бегендік ауыр күрсініп, оны құшақтап, басынан сипайды. Жетінші көрініс Бейбіт пен Жазира өз пәтерлерінде әңгімелесіп отыр. Жазира ағасына жан сырын ақтарып, болған жәйттің бәрін айтып береді. Жазира: Міне, осындай жағдай...Жынды ғып жіберді әбден. Айна­ ласы үш-төрт күннің ішінде өрттей қаулап, күйдіріп өлтіретін болды. Бүкіл интернетте қаптап жүр. Гуглда, Ютубта, инстаграммада...Тотаня екеуміздің суретіміздің астына: Қазіргі қазақ мұғалімдерінің сиқы осы ма? Бұлардан тәрбие алған ұрпақ не болады?! – деп, айқайлатып жа­ зып қойыпты. Енді оған ие бола алмайсың! Бұрынғысы аздай, бүкіл мемлекетіміздің мұғалімдері жабылып, әкемді танытып жатыр. Тіпті кейбір мұғалім достарым : Атың шығып кетті. Ата-аналардан ұят болды! Мектептің атына кір келді! Оқушылар да мазақтап, анекдот шығарып, сыртыңнан саусақтарымен шұқып көрсетіп, күлетін болып алды. Енді не істейміз?! – дейді! Бейбіт: Қап! Бұл бір бәле болды ғой! Енді қайттік? \ Үндемей отырады екеуі.\ Айтпақшы, органда істейтін құда балаға ақылдасып едім. Ол өз каналдары арқылы осыны бастап жазған оңбағанның аты-жөнін тауып берді ақыры! Жазира: \селқос:\ Иә, кім деген ит екен? Бейбіт:\ Телефонын ашып:\ Міне. Отар Күйебаев деген біреу. Жазира: \ Ышқынып, ытқып тұрып:\ Отар?! Отар Күйебаев?! Не деп тұрсың? Анық сол ма? Солай ма? Бейбіт: Сен оны танисың ба? Жазира: Ол біздің мектепте мұғалім болған. Нағыз өсекші, сүмелектің өзі еді.Жұртты бір-біріне шағыстырып, қырылыстырып жүретін жексұрындығын білген соң, бүкіл мұғалімдер одан теріс ай­ налып, ақыры, жұмыстан кетіп тынған. Бейбіт: Ал, сенде не әкесінің құны бар? Жазира: Маған әуелде жылы шырай танытып, жақын тартып

жүрді. Оның иттігін білмейтін кезде, мен де әріптес замандасым болғасын жылы сөйлесіп жүрдім. Бірте-бірте сөз айта бастады. Бірақ, мен оны жауапсыз қалдырдым! Соңымнан қалмай, өлердегі сөзін ай­ тып айналдырды. Мен оған көнбедім. Тіпті қоймағасын, сүймеймін деп ашық айттым. Соған өшігіп, өсекпен кек қайтарған түрі ғой тексіздің! Бейбіт: Солай де!\Әлденеге бекініп, бірақ Жазираға ештеңе сездірмеуге тырысып, сабырмен.\ Жарайды, сабыр! Уақыт-емші көрсетер бәрін де! Сегізінші көрініс Отардың пәтері. Отар компьютерге шұқшиып, бірдемелерді қуалап оқып, арасында бірдемелерді жазып отыр. Қанына қарайған Бейбіт Отардың пәтерін тауып келеді. Қоңырауды басады. Отар: \ Елеңдеп: \ Бұл кім? Бейбіт: Бұл Отар Күйебаевтың пәтері ме? Отар: Иә. Бейбіт: Кіруге рұхсат па? Отар: Сіз кім боласыз? Бейбіт: Мен қалалық су басқармасынанмын. Ыстық су мен суық судың құбырларын, есептегіштерін тексеруім керек еді ... Отар: Ә-ә, көріңіз! \ Есікті ашады.\ Бейбіт: \ Ішке кіріп, жан-жағына қарап, ауаны иіскеп-иіскеп қояды:\ Жаңа үйге кіргенсіздер ме? Отар: Иә. Оны қайдан білдіңіз? Бейбіт: Иісінен... Мүңкіп тұр ғой ...Қалай алдыңыз? Ипотека, кре­ дит? Отар: Алдық қой, әйтеуір... Бейбіт: \ Құбырларды қараған болып, үйді аралап, ешкім жоқ екенін тексеріп шығады.\ Қалай, еш жерден су ақпай ма? Отар: Жоқ, ондай бәледен аман сияқты! Бейбіт: Төбелерінен тамшылатып, жұрттың жүйкесіне тимейсіз бе? Отар: \ Сәл күмілжіңкіреп: \ О не дегеніңіз?! Бейбіт: Жай, әншейін айтамын дағы. Осы күні кісілер бір-бірінің жүйкесіне ойнап, қанын ішкенді жақсы көретін болып кетті емес пе, ә? Отар: Енді... ол былай...не ғой...әр нәрсенің себебі бар ғой... Бейбіт: Себебі болса, салдары да болады!

Отар: А-а?
Бейбіт: Сіз Отар Күйебаевсыз ба?
Отар: Иә!
Бейбіт: Шынымен Отар Күйебаевсыз ба?!

Отар: Иә, шынымен Отар Күйебаевпын! Оны қайтейін деп едің?
Бейбіт: Бүйтейін деп едім! \ Қапыда сарт еткізіп ұрып жібереді.
Ұшып түсіп, есі ауып қалған Отарды сілкілеп-сілкілеп, тізерлетіп
отырғызып қойып, қалтасынан жіп-удавка алып шығып, мойнына

салып, желкесінен басып тұрады. Қысып-қысып қойғанда, Отардың
үрейі ұшып кетеді.\
Отар: Тоқта, тоқтай тұршы... Сен кімсің? Тонаушы болсаң, ба­
рымды ал, тек қасық қанымды қи!

Бейбіт: Барымды ал дейді! Сенің арам дүниең кімге дәрі? Пасық
неме, сасық қаныңды ағызамын қазір! Мен сенен кегімді алғалы
келдім!
Отар: Не үшін өшігіп жүрсің маған? Айтып өлтірші не болса да!

Бейбіт: Асықпа! Өзің ойлап көр, мен саған не үшін кектенуім
мүмкін, ә?
Отар: Біреулер жалдап жіберген шығар...
Бейбіт: Охо! Айта түс қане, неге жалдайды?

Отар: Қара пиар ұйымдастырды деп...
Бейбіт: А-а, дәл солай! Егер де кім, не үшін жалдағанын дәл
тапсаң, ерніңді ойып аламын да, өзіңді тірі қалдырамын! Өмір бойы
жүресің аузың ырбиып!

Отар: Тендерге таласқан Тереңқұдық компаниясы шығар?
Бейбіт: Мүмкін! Ал, олар саған не үшін өшігеді?
Отар: Мен оларға қарсы науқан ашып, көптеген сын мақалалар
жариялағанмын.

Бейбіт: Сын болғанда да, жала жапқан шығарсың?
Отар: Онсыз болмайды ғой. Біздің жұмыс солай.
Бейбіт: Содан?
Отар: Содан сол...Олардың үстінен тексеріс көбейіп, ақыры,

бізбен таласпақ түгілі, бастарымен қайғы болып кетті.
Бейбіт: Ах, солай де! Ақысына қожайындарың не берді саған?
Отар: Оның сізге қатысы жоқ!
Бейбіт: Болғанда қандай! Айт, қане, жылдам!

Отар: Енді...Қолы қимылдағанның аузы қимылдар дегендей...
Бейбіт: Мына пәтеріңді солар берді ғой, ә? Айт қане, жаның ба­
рында!
Отар: Ә-ә, иә!

Бейбіт: Пәлеқорлықпен пәтер алып, жалақорлықпен жанын

баққан сендей жандайшаптың жоқтауын бір-ақ асырсам, сауап бола ма, жоқ па?! \ Буындырып, буындырып қояды.\ Отар: Бі-бі-білмеймін! Ойбай, білмеймін! Бі-білетінім, кі-кісі өлтіруқоғамның алдында қы-қы-қылмыс, құдайдың алдында кү-күкүнә! Бейбіт: Күнә дейді-ай мынау! Күнәнің не екені кісінің ойына өлерінде түсетіні несі екен? Ал, айтшы қане, күнәнің көбі қайдан? Отар: Оны мен қайдан білейін? Бейбіт: Неге білмейсің? Пәле қуғанды білгенде, күнәні неге білмейсің? Бол, тез айт! Пендені көп күнәға батыратын не нәрсе?! Айтсаң, тірі қаласың, айта алмасаң кеңірдегіңнен қыса саламын! Отар: \ Қырылдап:\ Құ-құ-құлқын! Құрып қалғыр қу құлқын! Бейбіт: Құлқынның құлы деген бар, иә! Бірақ, таппадың! Бол, айт, тағы не бар! Отар: Нәпсі! Тойымсыз, арсыз нәпсі! Бейбіт: Мұның да рас. Бірақ, бәрі бір таппадың! Отар: Опасыздық! Бейбіт: Оттапсың! Опасыздық –ауыр күнә, бірақ ол жиі бола бермейді ғой! Адамды сәт сайын, үздіксіз үлкенді-кішілі күнәға ба­ тырып тұратын не? Бол, қане! Отар: Бі-бі-білмеймін! Бейбіт: Білесің! Бірақ, айтқың келмей тұр! Мойындағың келмейді иттігіңді! Олай болса, о дүниеге кетеріңде біліп кет! Тіл! Мына іріген аузыңның ішіндегі шіріген тілің! Отар: Иә, иә, тіл екен ғой! Ойбай-ай, ойбай! Шоқ түскір тілім, ақыры түбіме жетіп тынатын болдың ба?! Бейбіт: Жазираны не үшін жамандадың? Отар: А-а? Не дейсің? Оның саған қандай қатысы бар? Бейбіт: Менің атым Бейбіт, Жазираның ағасымын. Мен құрылыста істеймін. Мына сен тұрып жатқан үйді де біз салғанбыз. Итке үйшік салған екенбіз ғой. Қане, есіңе түсіріп көрші, осы үйді салған құрылысшыларға рахмет айтып көрдің бе? Жә, сенің арам аузыңнан алғыс шыға қоймас...Қане, шыныңды айт, Жазирада қай әкеңнің құны бар еді?! Отар: Мен оған ғашық болдым! Бейбіт: Жап аузыңды! Ғашық! Махаббат деген қасиетті сөзді алу­ шы болма андағы былық аузыңа! Отар: Жоқ, рас мен оны сүйіп едім. Бейбіт: Оттапсың! Отар: Ол мені түсінбеді! Менің сезімімді аяқасты қылды! Мен соған ерегесіп, өшімді алу үшін масқаралап жаздым!

Бейбіт: Солай де, иттің баласы! Отар: Тоқташы, тоқтай тұршы. Сен де мені жігітше бір түсініп көрші. Бейбіт: Жоқ, мен сені түсінбеймін! Түсіне алмаймын! Сонда не­ мене, бір қызға ғашық болдың екен, ал! Оған сөз айттың екен, ал! Ол сені сүймейді екен, ал! Саған иә демеді екен, ал! Сонда немене, соған өшігіп, жауласып, жамандап, мазақ қылуың керек пе?! Әй, есің дұрыс па өзі сен иттің? Біреуді сүю, сүймеу әркімнің өз еркі емес пе?! Адам құсап ғашық болдың ба, адам құсап қоштаса да білу керек қой! Отар: Қоштаса алмадым...қоштаса алмаймын да! Қимаймын мен Жазираны! Әлі де ойланар, маған қайтып оралар деп үміттенемін. Жаманаты шығып, ешкім қарамай қойса, мені есіне алар деп ойла­ дым... Бейбіт: Әй, сенің есің дұрыс па өзі? Не сандырақтап тұрсың? Сенің мұндай өсегің жас қыздың ар – намысына тиіп, ел алдында масқаралайтынын ойладың ба? Отар: Ә-ә, жоқ! Менің бар ойымды ғашықтық билеп алды! Бейбіт: Оттапсың! Мен саған қарындасымды қорлаттырып қойып, қарап отырады деп пе едің? Құлағыңды кесіп, аузыңа тығамын қазір! Сөйтіп, суретке түсіріп, сайтыңа сап қоямын. Отар: Ойбай, көке, қойдым! Қойдым, көке! Бейбіт: Қойсаң, бүкіл шатпағыңды жоятын бол! Отар: Жойдым, ойбай, жоямын, көке! Бейбіт: Қызға қырық үйден тиым дейтін бұрынғылар. Қазір қызға қырық үйден қорған керек. Қорқау заманның қараңғы, қалтарысты көшелеріне қыздарын қаңғыртып қоя беріп, қорқақ қоғам қалтырап қарап отыр. Сонда кім қамқор, кім қорған қыздарымызға?! Қолына түссе қорлап, қызықтауға құмартып отырған ағашкалар ма? Қарындасымның ар-намысы үшін сен итті қазір буындырып тастай­ мын! Арам қаныңа былғанғым да, айналаны былғағым да келмейді. Бүкіл былық-шылығыңды ішіңде қалдырып, бітеудей өлтіремін! \ Буындырады.Отардың дыбысы шықпай, талықсып кете бергенде, кілт сыртылдап, есік ашылып, сырттан Бибінұр кіреді. Бейбіт шошыңқырап, Отарды буындырып тұрған жібін сәл босатады. Бибінұр әуелде ештеме түсінбей, екеуіне қарап тұрады. Бейбіттің Отардың желкесінен мытып тұрғанын көріп, аң-таң болады.\ Бибінұр: Сәлеметсіз бе, қарағым? Бейбіт: \Сасқалақтап қалса да, сездірмеуге тырысып:\ Сәл-сәлсәлемет...

Отар: \ Есін жиып: \ Мама, сенсің бе шынымен? Бибінұр: Иә, балам, менмін! Сен не істеп жатсың? Мойныңа мас­ саж жасатып жатсың ба? Бейбіт: Иә, иә, массаж! Ұйыған арам қаны көп екен, біраз ағызу керек болып тұр...Ал, сіз кім боласыз? Бибінұр: Мен бе...мен Отардың анасымын...Есімім Бибінұр. Бейбіт: Анасы? Мынандай сүмелектің де анасы бар екен-ау! Әй, сен де анадан тудың ба шынымен?! Ажалың жоқ екен! \ Мойнынан удавканы алады.\ Енеңнен екі тудың бүгін! Анаңның аяғын құшақтап, табанын жала! Бәлкім, арам аузың тазарып, өсек, ғайбаттан тиылар ма екенсің?! \ Бұрылып кете беріп, қаны қайнап кетіп:\ Әй, қайдам... Мә, саған, әкеңнің аузын...!\ Қайырылып келіп, сүмірейіп отырған Отардың аузынан қайқайтып тұрып бір тебеді. Отар сылқ түсіп, талып қалады. Бейбіт тағы ұмтыла бергенде, Бибінұр ойбайлап, баласын құшақтай құлайды. Қаһарына мінген Бейбіт кілт бұрылып, сол екпінімен шығып кетеді.\ Бибінұр: \ Ессіз жатқан баласын сілкілеп:\ Ойбай-ай, ой­ бай! Құдай-ай, сақтай гөр! Отар! Отар құлыным, тірімісің?! \ Сасқалақтаған күйі соткасын алып, збандай бастайды:\ Әлө, әлө! Іскөрәя, іскөрәй! Пәлетсая, пәлетсай! Екінші акт Бірінші көрініс Тергеушінің бөлмесі. Телефон шырылдайды. Тергеуші: \ Телефонды көтеріп:\ Иә! Детектив майор Тұяқбай Ізбасаров тыңдап тұр! Жоқ, Сыйақбай Көзбасаров емес! Немене, тергеуші атаулы тек жұрттан сыйақы алып, көз бояй беретін алаяқ дегелі тұрсыз ба? Тұяқбай Ізбасаров, Із-ба-сар-ов! Иә, атасының ізін басатын тұяғы болсын деп әжем қойған! Немене, тергеуші майордың атаәжесі болмайды деп пе едің? Е-е, шырағым, палитсай да адамның баласы, оның да құдайдан үміті бар! Ол сөйлесіп бола бергенде, бас редактор келеді. Редактор: Сәлеметсіз бе? Тергеуші: \ Телефонды тыңдап отырып, бас изеп, қолымен ишара жасап, орындықты нұсқайды. Редактор жайғасады. \ Жақсы! Арыз жазыңыз! Жоқ, былай ағайыншылықпен сөйлесіп, сенің жауларыңды тәртіпке шақырып жүруге уақыт жоқ! Не? Қорқытып беріңіз? Мен немене, сендерге жұртты қорқытып беретін құбыжықпын ба? Арыз

жазып әкелсеңіз, тексереміз! Болды, басқа әңгіме жоқ! \ телефонды қоя салады. Редакторға:\ Міне, көптің тілін тауып көр! Үп-үлкен кісі... Біреумен ерегесіп қалған...Соның бүкіл қылмысын айтып берейін, бірақ, мен айтты демей әкесін таныта ғой дейді! Өзі тасада тұрып, біреудің қолымен от көсеп, күйдіре қоймақ... Ал, күлесің бе, жылайсың ба? Иә, сіз қандай шаруамен жүрсіз? Редактор: \Қалтасынан повестка алып береді:\ Сіздердің шақыртуларыңызбен...Мен «Ащы тіл» порталының бас редакторымын! Тергеуші: О-о, өте қуаныштымын бас редактор мырза! Өте қуаныштымын! Редактор: Неге? Қармағын шортан қапқан балықшыдан бетер шаттанғаныңызға жол болсын! Тергеуші: О не дегеніңіз! Қайдағы қармақ, қайдағы шортан! Мен сіздің осындай әп-әдемі, мәдениетті кісі болғаныңызға қуанып тұрмын! Редактор: Ә-ә?! Тергеуші: Иә! Неге екені белгісіз, редактор дегендер менің көзіме бір пәлеқор сияқты болып елестейді! Редактор: Сіздің көзіңізге адам біткеннің бәрі қылмыскер болып көрінетін шығар – ау! Тергеуші: Енді...ол былай ғой...Ылғи қылмыскерлердің ісімен айналысып, былық-шылықты қопара берген соң, кісінің көзіне айналаның бәрі солай болып көрінуі заңды.Тіпті, осы күнгі қылмыскерлердің сырт кейпі де әп-әдемі болып, әтірлері аңқып тұрады! Бірақ, бір кішкене түрткілеп көрсең, ар жағы мүң-ң-ңк-кіп шыға келеді! Редактор: Былықты қолдан жаға салатын кездеріңіз де аз емес қой! Неге екенін білмеймін, сіздерді көрген сайын баяғы Алаш арыстарына жала жауып, жазықсыз көзін жойған жендеттер елестейді көзіме! Міне, мені де заң күшін пайдаланып шақыртып алып, қанша уақытымды бостан-босқа кетіріп отырсыз! Тергеуші: Біріншіден, біз ол жендеттердің жауыздығына жауапты емеспіз! Екіншіден, сіздер Алаш арыстары емессіздер! Өзіңіз ойланып көріңізші...Олардың істері қандай еді! Ал, сіздер не істеп жүрсіздер? Ә-ә?! Редактор: Жә, ол жағын қайтесіз? Өреңіз жететін өз шаруаңызды білсеңізші! Сіздердің де оңып тұрғандарыңыз шамалы ғой! Тергеуші: Өре дегеннен шығады... Біз туралы жазғандарыңызға қарасақ, елімізде бір дені сау полицай жоқ сияқты! Шетінен парақор, имансыз, ақымақ, ұрда-жық дүлейлер! Жоқ, шырағым! Елін сүйген

ерлер қайда да, қашан да болған, бар, және болады да! Редактор: Кешіріңіз, бірақ халық сіздерді жайдан жай дубак демейді ғой! Тергеуші: Біз дубак болсақ, сіздер мудаксыздар! Әрине, бізді жамандай салуға аса көп ақылдың керегі жоқ! Өйткені, біз қан-жыны араласқан қара өмірдің қайнаған ортасында жүрміз! Бір жағыңнан болмаса, бір жағыңнан бірдеме жұқпай тұра ма? Жәбірленушіге де, жәбірлеушіге де жақпайсың! Біреу тізең батты дейді, біреу аянып қалдың дейді, амалың қане?! Бірақ, біз керекпіз бәрі бір! Қоғамға, заманға, адамдарға керекпіз! Бізсіз күндерің жоқ! Кім күреседі қылмыспен, кім тазалайды былықты? Біз! Сол былыққа белшеден бататын да біз! Ал сіз тап-таза бола қалып, төрелік айтқанда сондайсыз! Таза жерде, жұрттың аузын аңқитып, әтіріңді аңқытып, әдемі сөйлеп, елдің қамын жейтін жанашыры болып көрініп, жақсы атты болу қандай рахат, ә?! Редактор: Жә, өнбейтін дауды қуып қайтеміз. Іске көшейік. Мені неге шақырдыңыздар? Тергеуші: Жақсы. Сіздің порталыңызда жарияланған кейбір пікірлерге байланысты түсінік алуымыз керек! Редактор: \ Тіксініп:\ Ал, айтыңыз. Тағы қандай сынымыз жақпай қалды екен... \ Қолымен төбені нұсқайды.\ ана жаққа! Тергеуші: Бұл жолы ондай ештеңе жоқ! Саспаңыз! Протокол мен портал үшін емес, өзіңізге ғана айтайын, сіздердің кейбір қоғамдықсаяси мәселелер жөніндегі шыншыл да сыншыл сөздеріңіз біздің де көкейімізге қонады! Редактор: Рахмет, сөз бостандығының жанашыры! Тергеуші: Жоқ, күлкісі жоқ! Сөз бостандығы, шыншыл пікірталас керек! Онсыз қоғам дамымайды! Бірақ... Редактор: Не бірақ? Тергеуші: Кел, екеуміз кәдімгі ақыл-есі бүтін адамша бір сөйлесіп көрейікші. Протокол мен портал үшін емес! Міне, қараңыз: Авторлардың пікірлеріне портал жауап бермейді деп жазасыздар! Редактор: Солай! Барлық дамыған демократиялық елдерде солай! Бұл сөз бостандығы! Тергеуші: Жақсы. Ал, мисалы, мен сіздерді атыс алаңына жинап алып, беттеріңізге бір –бір перде кигізіп, қолдарыңызға бір-бір оқтаулы автомат беріп, атыстырып қойсам, қайтер едіңіздер? «Қорқпаңыздар! Оңды-солды қыра беріңіздер! Сіздерді ешкім танып-біліп жатқан жоқ! Танып-білмесе болды, тасадан ата беріңіздер! Қырылғандардың құны сұраусыз! Және, атысушылардың оғынан қаза болғандар үшін мен де жауап бермеймін!»- десем, қалай қарар едіңіздер?!

Редактор: Мұныңыз сандырақ! Экстремизм! Тергеуші: Ал, сіздікі не сонда? Нағыз рухани экстремизм емес пе?! Сөз деген де оқ! Олай болса, тасадан адамдарды атқылап, өмірін улауға сендерге кім право берді!? Редактор: Ақсақал, кешіріп қойыңыз! Бірақ, сізбен жұмбақ ойнап отыруға зауқым жоқ! Тергеуші: Ал, жақсы, тоқ етеріне келсек, әңгіме былай. Бейбіт Жарқынбеков деген жас құрылысшы жігіт Отар Күйгенбаев деген азаматтың үйіне келіп, өлімші қылып сабап, екі тісін қағып алған! Жәбірленуші мен оның анасы Бибінұр полицияға арыз берген. Міне, осы мәселемен басым қатып отырып, кенет сізбен сөйлескім келіп кетті. Екеулеп басты кінәліні табу оңай секілді көрінді маған! Редактор: А-а? Оған менің қандай қатысым бар? Басты кінәлі онсыз да белгілі емес пе? Кім біреудің үйіне келіп, қол көтерсе, сол жауап береді дағы! Тергеуші: Қисыныңыз қисын-ақ! Бірақ... Мен егер сіз ойлағандай дубак болсам, басымды қатырмай, Бейбітті бас салып камераға бір-ақ тығып, ісін сотқа өткізе салар едім. Бірақ... Ақ адал жұмысын істеп, тып-тыныш өмір сүріп жатқан оп-оңды азаматты осындай ессіз қадам жасауға итермелеген не? Момын жанды монстрға айналдырған кім? Ашынған адам қан төкпесіне кім кепіл? Мен осыны білгім келді! Ақыры басты кінәліні таптым! Редактор: Ал, кім екен? Тергеуші: Сіз! Редактор: Әзіліңіз шығар? Тергеуші: Жоқ, шыным! Редактор: Айып етпеңіз...Полицайлардың ойлау жүйесін дені сау адамдар түсіне бермейді! Мұндай қортынды шығаруыңызға не себеп? Тергеуші: Индукция, дедукция...Шерлок Холмс! Өтірікке өріс берген – сіз! Жалаға жол ашқан да сіз! Бықсықты бұқараға таратып, көбейтіп, өршітіп отырған да сіз! Мен сіздің ақпарат тарату ісіңіз туралы жеке тексеру жүргізіп, адамдардың ар-намысына тиетін сөздерді насихаттап, жеке бас араздығын қоздырып отырғаныңызды нақты дәлелдеп, сотқа арнайы хаттама түсіремін! Егер де сіз және сіз сияқтылар интернетке жариялап, жол ашпаса, өсекші, ғайбатшылар өз бықсығына өзі тұншығып, үйінде сасып жатар еді. Он күнәнің тоғызы тілден. Қаңқу қан бұзады деген аталарымыз. Ал, қазіргі заманда қаңқу қантөгіске соқтыруы мүмкін! Әр сөзді айтарыңда, ойланып ал! Сөз бостандығы деген – аузыңа келгенді айтып, ойыңа келгенді оттай бер деген сөз емес қой! Сіз маған мынаны

түсіндіріңізші: Ауыздарыңызға келгенді жазып, тіліңізді әр жерге бір жүгіртіп, көрінгенді қаралағанда қандай мағна бар? Соларды жариялап, елдің ынтымағын бұзғанда көздеген мақсаттарыңыз не? Редактор: Оқырман көбейеді, рейтингіміз артады. Тергеуші: Тұра тұр! Протокол мен портал үшін емес! Қазір бір көзге көрінбейтін өте әккі жаулар бізді бір-бірімізге айдап салып, араздастырып жатқан сияқты. Бізді уландырып, шағыстырып, жындандырып жатқандай болып көрінеді маған. Біздің көбіміз солардың арбауына түсіп, айтағына еріп, арпылдасып, арпалысып жатырмыз-ау деп қорқамын! Ал, сіздер сондай аурулардың алдын алудың орнына, араздық отына май құйып жүрген сияқтысыздар! Ойланыңыз, мықтап ойланыңыз, бауырым! Бауырыңды мұқатқанға мәз болмай, астарына, ар жағына үңіл! Әй, айтқысы, жазғысы келіп бара жатса, жалған атпен жасырынбай, өз атымен ашық неге жазбайды, ә?! Сіздер тым болмаса соны неге қадағаламайсыздар?! Кімнің кімге не айтқанын, кімді кімнің атқанын білсін халық! Өкінішке орай, жұрттың көбі тасадан, жасырын оқ атқанды қалайды. Ал сіздер жаман сөзге жол ашып, жағдай жасап отырғандарыңды ұғасыңдар ма? Түбі жақсылыққа апармайды мұның! Жаны жараланған жұрттың нала, қарғысы соғады-ау деп қорықпайсыңдар ма? Редактор: Өркениетті елдердің даму жолын, сөз бостандығын түсінбейсіз-ау, тергеуші мырза! Сіз немене, пікір еркіндігіне қарсысыз ба? Тергеуші: Жоқ, мен сөз бостандығына қарсы емеспін, балағаттау бостандығына қарсымын! Еркін пікірлерге қарсы емеспін, адамның бетіне түкіргенге қарсымын! Ашық ойға қарсы емеспін, сасық ойға қарсымын! Адам өз ойын ашық түрде, өз атынан, байсалды түрде, әдеппен айтуға тиісті! Керек десеңіз, міндетті! Ал, ашу-ызаның уын төгіп, біреудің ар-намысына тиіп, өшпенділік тудырып, ел арасын бүлдіретін кісімшіктердің жалған атпен жасырынып, тасадан оқ атуына біз бүкіл ел болып жол бермеуіміз керек! Протокол мен портал үшін емес! Мына сендер интернетті қоқыс пен былықтың қорыс батпағына айналдырып жібердіңдер. Әсіре мақтау да, былапыт боқтау да сонда! Мұндай былық-шылыққа кімнің жолағысы келеді дейсің! Біздің тергеушілердің бәрі де бұл істі тексеруден бас тартып, айласын асырып, амалын тауып, маған қарай ысыра салды. Өсекаяңға кәрі – құртаң үйір келеді деген шығар, кім білсін! Редактор: Солайы солай сияқты! Ғажап! Осы жолы бастықтарыңыздың басы дұрыс істеп кеткен. Өсек-аяңға сонша мән беретініңізді дәл білген екен! Тергеуші: Сол өсек-аяңның нәтижесінде арыстай бір азамат темір

торда отыр! Тағы бірі ауруханада ауыр халде жатыр! Кісі өлімі бола жаздаған! Сіздіңше, бұған да мән берілмеуі керек пе? Протокол мен портал үшін емес! Асықпаңдар...Осы қоздатып отырған араздық отына өздерің күйіп, жаман сөздердің қоқысына өздерің көмілесіңдер түбінде! Бері қараңыз....Қазақтың алауыздығын күшейте беріңдер, бірін-бірі иттің етінен жек көріп, өзара бет жыртысумен өтсін өмірлері деген екен отаршылдардың бір ақылгөйі! Сол саясатты біреулер әлі күнге жүргізіп келе жатыр – ау деп қорқамын! Біз сонда өзімізді өзіміз билей алмайтын болғанымыз ба? Біздің ой-санамызды интернет билей ме? Жоқ әлде оның ар жағындағы белгісіз бір күштер миымызды шыр айналдырып, жанымызды уландырып, жынымызды қайнатып, бір-бірімізбен қырылыстырып қойып қарап отыр ма? Редактор: Апырай, мұныңыз бір ойланатын мәселе екен! Тергеуші: Иә, ойланған жөн! Редактор: Бірақ, біз қазақты сынасақ, жанымыз ашығасын, қылығына ашынғасын түзелер ме екен деп сынаймыз! Оны да бір ойлап қойыңыз! Тергеуші: Дұрыс-ақ! Ал, қане ойлап көрейік! Қаншама заманнан бері үлкен-кіші жабылып, күні – түні қазақты жамандай берген соң, жаман бола түспегенде қайтеді? Үлкенді-кіші оқыған атаулы байғұс қазақтың жанын жерден алып, жерге салып, тепкілейді келіп, ұлттық намысын езгілейді келіп! Әй, қазақтың жанында нелерің бар, өз жандарыңды жөндеп алсаңдаршы! Жоқ, қит етсе «қазақ бір-бірін көре алмайды, аяқтан шалады, үйтеді, бүйтеді» деп, дүние пәлені кеңпейіл халқымыздың басына үйіп-төгуге үйір болып алдық қой әбден! Басқа жұрттарда іштарлық, алауыздық жоқ сияқты, барлық пәлені біздің қазақ приватизациялап алған сияқты көретін болғанымыз өтірік пе? Тіпті, біз бір-бірімізбен ең алғаш кездескенде – ақ: «Е-е, сен де бір итім шығарсың? Қай жерімнен, қашан қабар екенсің, сыртымнан қашан үрер екенсің?» – деп, жамандық ойлап тұратын сияқтымыз. Қалай ойласаң, солай болады дейді ғой данышпандар. Ал, өйтіп бықсып жүргенше, аңқылдап неге жүрмейміз? Болмашы нәрседен сүрініп кетсек немесе біреумен шәй десіп қалсақ болды, қияметтік қиянат көргеннен жаман қараспанды төндіріп, қол жинап, алашапқын болып шыға келетініміз өтірік пе? «Міне, біз осындай оңбаған халықпыз!» деп, бүкіл қазақтың ұлттық намысын тепкілейміз ғой, ә?! Әй, ұятаяттан жұрдай екі кісі боқтасып қалған екен, оған қазақ халқының қандай қатысы бар? Неге олардың былығына бүкіл қазақты байлап беруіміз керек? Міне, сол кезде сендер шығасыңдар отқа май құйып! Ал, немене, қазақ баласы бір-бірінен жақсылық көрмеп пе? Ағайынға астындағы атын түсіп берген де, ауылдасына аузындағысын жырып

берген де, малын, жанын бауырынан аямаған да осы қазақ емес пе еді? Осыны қатардағы тергеуші, сіздерше айтқанда, салдафон палитсай, поганый мент мен түсінгенде, зиялы редактор басыңмен сенің қалай түсінбейтініңе таң қаламын! Бұдан шығатын қорытынды: Не сен зиялы атын жамылған қиялысың, немесе арам пиғыл риялысың, әлде ел жағдайын таразылай білмейтін топассың! Ең жаманы, басқа елдің мүддесіне қызмет етіп жүрген сатқынсың яки жасырынған айлалы жаусың! Редактор: Ақсақал, байқап сөйлеңіз! Мен туған халқымның патриотымын! Тергеуші: Патриот! Өй-дөйт! Өсек-аяңға өріс ашып, нәжіс пен қоқысты сапырып, дүниені сасытып отырған сен патриот болсаң, жетіскен екенбіз! Ойлап, сараптап көрші, қазақтың ұл-қыздарының азаматтығын, қайырымдылығын, бауырмалдығын, жақсылығын үлгі қылатын, бұқараға жар салатын қандай сайттарың бар?! Редактор: Өй, ондайың кімге керек қазір? Жақсылықты жазсаң ешкім де оқымайды! Негатив керек бізге! Тергеуші: Солайы солай –ау! Ойлап көріңіз, мына өсектің түпкі мақсаты екеу сияқты: Біріншіден, қазақ қызын қаралау! Сол арқылы жастарды араздастырып, бір-біріне сенімін жоғалту! Қазақтар азыптозып барады, енді мүлде құриды деген ойды сыналап сәби саналарға ұялату, сол арқылы болашақтан күдер үздіру! Қыздың жанын кім түсінген? Қызға күйе жағып, ащы сөз айту – оны өлтіргенмен бірдей! Екіншіден, жалпы мұғалімдер қауымын жексұрын қылып көрсету! Абыройына нұқсан келген ұстаздарға ата-аналар сенбейді! Атааналар мен мұғалімдер арасында түсініспеушілік, араздық болса, ұлттың татулығы бұзылады деген сөз! Ал, мұғалімін сыйламай өскен балалар елін де сүймейді! Яғни, болашақтың өзегіне жегі құрт түседі осылай! Міне, бәленің түпкі мәні қайда жатыр! Редактор: Мұның бәрін қайдан білесіз? Сіз бір сирек тергеуші екенсіз! Тергеуші: Индукция, дедукция! Шерлок Холмс! Біз енді аздап кітап оқыған ұрпақтың өкіліміз! Редактор: Сіздің генерал болатын жөніңіз бар екен! Тергеуші: Даналық-халықта! Мен елдің ішінде көп жүріп, көп істерге араластым. Есіңде болсын, сенің біреудің жанын улаған сөзің ертең өз жаныңды улайды! Біреуді күйдірген сөзің ертең өзіңді өртейді! Жаман сөз естіген адам ашынбай ма екен? Қорланып, күйінбей ме? Ашынғасын, саған менен де жаман болсын деп қарғамай ма? Ізгі ниетпен тату-тәтті ел болудың орнына, бір-біріңді ғайбаттап күйдіріп, аямай қарғап-сілеп қай ұшпаққа шығасыңдар?

Соны ойлағандарың бар ма? Қиянатшыл, ғайбатшыл пенделердің құсығын қопарып, таңдайына татып, тамсана сөз ғып отырған кісілердің қоқыс ақтарып, тамақтың қалдықтарын жеген қаңғыбас азғыннан несі артық?! Өзгенің тағдырын тамашалаған адамның өз тағдыры да талқыға түспей қоймайды! Не өзінің, не балаларының алдынан шығады! Соны неге ойламайсыңдар?! Редактор бірдеңе деуге оқтала бергенде, Тоты – Тотаня келеді. Сәлемдеседі. Тергеуші: Келіңіз, келіңіз, қане! Сіз кім боласыз? Тоты – Тотаня: Мен Тоты – Тотанямын! Тергеуші: То-та -ня?! Пәмиләңіз бе, әлде әкеңіздің аты ма, Тотаня деген?! Тоты – Тотаня: Жоқ, достарым еркелетіп...қазіргі заманғы модыға сай түрлендіріп атап кеткен ғой. Әйтпесе, Тоты деген деген бір түрлі ...ескіліктің иісі шығып тұрады. Және, тоқ-тоқ еткен шолақ ат жараспайды маған! Ал, Тоты – Тотаня деген қандай әуезді әрі ұлттық колориті де сақталған! Тергеуші: Охо! Түсінікті! \ Әндетіп: \ Пәп-пугәй, пәп-пу-гәй, пәп-пу-геллә деген сияқты! Тоты – Тотаня: Тоты – Тотаня – Тотанелло деген одан әлдеқайда музыкально емес пе? Нағыз шикмодерн! Тергеуші: Шик–шик-пшик! Жә, іске көшейік. Сұрақ: Сіз Жазира Жарқынбековаға қатысты дау-дамай қызып тұрған кезде, күмәнді суреттеріңізді жариялап жібердіңіз. Сонда қандай мақсат көздедіңіз? Тоты – Тотаня: Ешқандай да мақсат көздегем жоқ! Тергеуші: Не ойладыңыз деймін? ТотыТотаня: Ештеңе де ойлағам жоқ! Жалпы, ой дегеніңіз менің бір ең ұнатпайтын нәрсем! Тергеуші: А-а?! Сонда қалай, ештеңе ойламайсыз ба? Тоты – Тотаня: Керегі не басты қатырып? Көп ойлай берсем, философтар құсап, маңдайым қыржиып, тыржиып қалмай ма? Бетім мыж-мыж әжім болып кетсе ше? Ой, ужас! Шашым түсіп, басым қасқайып қалса қайтем? Тергеуші: Қорқпаңыз! Ақыл-ой адам келбетін көркейтіп тұрады! ТотыТотаня: Фу! Жалпы, ақыл туралы сөз басталса, ішім пысып кетеді! Бізге аса көп ақылдың қажеті жоқ! Біз барды бар дейміз! Жоқты жоқ дейміз! Басқаны білмейміз! Тергеуші: Аралық ұғым, аралас ұғым дегенді білмейсіз бе шынымен? Тоты – Тотаня: Білмейміз! Білгіміз де келмейді! Оған басты ауыртып керегі не?

Тергеуші: М-мм... сонда өмірдің түсі де екеу-ақ па сіз үшін? ТотыТотаня: Иә! Ақ пен қара – екі түс! Анық! Бар! Міне, біз осыны білеміз! Тергеуші: Өмір тек ақ пен қарадан тұрмайды ғой... Тоты – Тотаня: Сіз үшін солай шығар. Ал біз басқа түсті көрмейміз де, түсінбейміз де! Тергеуші: Дальтониксіз бе сонда? Тоты – Тотаня: Жоқ! Көзіміз – калейдоскоп! Көп түсті көреді! Әсіресе, асыл тастар мен сәнді киімдердің түстерін дәл таниды! Тергеуші: Ақыл – ой дальтонигі болдыңыз ғой! ТотыТотаня: Пшик! Ақ пен қара, жақсы мен жаман, бар мен жоқ, дос пен қас, аш пен тоқ...қысқа, нұсқа, анық түсініктер...Шорт кесіп, тақ еткізгенді жақсы көреміз. Тергеуші: Жә, жарайды! Ісімізге қайта келейік. Сізге менің сұрағым түсінікті ме? Тоты – Тотаня: Не сұрап едіңіз ...ұмытып қалдым. Тергеуші: Әлгі ашық – шашық, шарап ішіп тұрған суретті не үшін салдыңыз деймін? Тоты – Тотаня: А-а, сол ма? Қызық үшін салдым! Тергеуші: Қызықтың ар жағында бұзық жатқан жоқ па? Тоты – Тотаня: Қисынсыз, қисық сұрақ екен. Адам суретті интернетке не үшін салады? Жұрт көрсін, тамашаласын, лайк бассын деп салады. Тергеуші: Лайкты емес, бойыңа лайықты ойласаң етті! Тоты – Тотаня: Лайк деген кәйіп! Тергеуші: Өй, бүйткен лайыгың да, кәйібің де... Айыбыңды ойла одан да! Тоты – Тотаня: Қойыңыз, көке! Қайдағы айып, ай-күннің аманында? Тергеуші: Құрбыңды жан-жақтан жамандап жазып жатқанда, одан сайын отқа май құйып, жастық шақтағы ашық-шашық суретті сала қойғаныңыз үлкен айыпқа саналады! Адамгершілік тұрғысынан ғана емес, заң жүзінде де жауапқа тартылуыңыз мүмкін! Тоты – Тотаня: Жауапқа?! Ме-ен? Не үшін? Тергеуші: Араздықты өршітіп, қылмысқа себепкер болғаныңыз үшін! Тоты – Тотаня: Қайдағы қылмыс? Қайдағы себепкер? Мұның бәрі жай ғана қызық емес пе? Мұндай пәлені қайдан тауып алдыңыз? Тергеуші: Индукция, дедукция! Шерлок Холмс! Сіздің суретіңізден кейін Жазираға жабылған жала мүлде басқа сипат алып, жалпы көпшілік байғұс қызды өршелене жамандауға көшті! Яғни, сіз жалақорға жәрдемдестіңіз! Қызық үшін деп жүріп, қылмыстық

жағдайды қоздыра түстіңіз! Тоты – Тотаня: А-а, солай ма? Онда шынында қызық болған екен! Маған бәрі жай әншейін ойын сияқты көрініп еді! Тергеуші: Біреудің тағдыры біреуге ойын сияқты! Сұмдық қой, ә, шырағым! Біреуге қатысты бірдеме білсеңдер немесе естісеңдер, дереу әйгілеуге, анда-мында жазуға неге сонша құмар болдыңдар? Тоты – Тотаня: Бөліскіміз келеді де көпшілікпен...достармен. Үндемей қалсақ, ішіміз жарылып кетуі мүмкін! Тергеуші: Бөлісемін деп бүлдіріп жүргендеріңді де білмейсіңдерау, ә? Тоты – Тотаня: Нені бүлдіріппіз сонша? Біздің сөзімізден біреу өліп қап па? Көрсетіңізші қане, өсектен өлгеннің моласын?! Тергеуші: Ойпырмай, саған дауа болмас! Өсек өшпенділік тудырады, оның арты адамдардың араздығын тудырады! Дүниені былғап, қылмысқа апарып соғады жала сөз! Тоты-Тотаня: Жала, жала деп қоймайсыз...Жала емес, шын болса қайтесіз? Мен әрбір жазылған сөзге сенемін! Жайдан жай жазбайды ғой. Жазған адамдар да бірдеме біледі ғой! Тергеуші: Мәссаған! Сонда сіз Жазираға жабылған жаланы шындық деп санайсыз ба? Тоты – Тотаня: Жо-жоқ, толық шындық деуге болмас. Дегенмен, қызық қой енді... Тергеуші: Қызық! Саған бәрі қызық! Директор Бегендік Сүйіндіковтың қызғаншақ әйелі Қызғалдақты да әдейі шақырып алып, құрбыңыз Жазираға қызық үшін айдап салдыңыз ба? Тоты – Тотаня: Ой, несін айтасыз...Қызықтың көкесі ғой ол дегенің! Ондай қызықтан құр қалуға бола ма? Ә-ә, жоқ, иә...Не ғой... Түу, мен не деп кеттім өзі? Оны қайдан біліп қойдыңыз? Тергеуші: Индукция, дедукция! Шерлок Холмс! Сіз досыңыз Жазира туралы интернетке неге жаздыңыз? Тоты-Тотаня: Енді, былай ғой...мен оны жамандап жазған жоқпын. Бар болғаны, білгенімді жаздым. Тергеуші: Көрген, білген, естігендеріңді еністәгірәммәға еңкілдетіп сала беретіндерің не? Тоты-Тотаня: Қызық қой енді! Жұртпен бөлісу керек! Тергеуші: Бөлісетін нәрсе бар, бөліспейтін нәрсе бар емес пе? Біреудің бақытсыздығын қызықтап бақытты боламын дейсіңдер ме? Тоты – Тотаня: Ой, ағай, оның бәріне бас қатыра берсек, жынды боп кететін шығармыз? Тергеуші: Бәлкім, бас қатырмайтындарың жындылық шығар? О, қуғынбай! Мектеп директорының Жазираны қорғаймыз дегенін де

жазып жіберген сіз емессіз бе? Тоты – Тотаня: Онда тұрған не бар? Қайта құрбымды бүкіл мектеп болып қорғап жатқанын білсін дедім! Тергеуші: Білсін дедіңіз бе, күлсін дедіңіз бе – ол арасын әлі тексеріп көру керек! Бір ғана нәрсе айқын – сіз Жазираны шарпыған өсек өрті өрши түссе екен, күйдіре түссе екен, Жазира осыдан қарабет атанып, елге қарай алмай қарасын батырса екен деп тіледіңіз және сол үшін аянбай әрекет еттіңіз! Тоты – Тотаня: Мұныңыз тіпті қызық екен! Тергеуші: Индукция, дедукция! Оны алдай алмайсыз! Сондықтан, бұлталақтамай тура жауап беріңіз – не үшін істедіңіз мұның бәрін? Тоты – Тотаня: Жай, әншейін...Қызық болғасын... Тергеуші: Бәлкім, қызғаныштан шығар, ә? Тоты – Тотаня: Қойыңыз, қайдағыны айтпай! Тергеуші: Қайдағыны емес, ойдағыны айтып тұрмын! Жазира жұмыста үнемі алда болды. Оның еңбектегі табысына ішіңіз күйіп жүргенде, ол бір жақсы жігітке тұрмысқа шығатын болды. Сіз қызғаныштан жарылып кете жаздадыңыз. Сөйтіп жүргенде, мына өсек-аяң бұрқ ете қалды. Сіз қуана-қуана отқа май құя түстіңіз! Солай ма, Тоты-Тотаня?! Тоты – Тотаня: Жоқ, ағай! Олай емес! Мүлдем олай емес! Тергеуші: Ал, онда қалай? Тоты – Тотаня: Қалай екенін өзім де білмеймін...Шын айтамын, ағай! Мен ештеңе де ойлаған жоқпын. Маған бәрі жай әншейін қызық көрінді! Тергеуші: Ах, солай де! Қызық де! Сонда, жан құрбыңның масқараға ұшырағаны саған қызық болып көрінгені ме? Апырмай, сен индукция, дедукцияға да сыймайтын үндік, дүндік болдың ғой! Сендейлерді Шерлок Холмс та кездестірмеген шығар-ау! Енді сол үшін жауап беруге тура келеді. Тоты – Тотаня: Қызық екен! Сонда мен не үшін жауап беруге тиіспін? Тергеуші: Қызғалдақты шақырып алып, Жазираны мүлде қаралау үшін істеген ісіңіз үшін! Адамдарды араздастырып, бір-біріне айдап салғаныңыз үшін қылмыстық жауапқа тартыласыз! Сотталып кетуіңіз де мүмкін! Қалай, қызық енді басталды-ау деймін, ә? Тоты – Тотаня: Ә-ә, бұл онша қызық емес екен! Осы кезде тергеушіге Бибінұр келеді.Сәлемдеседі. Редактор, Тоты-Тотаня үлкен кісіге орын беріп, бір шетке барып, үнсіз тыңдап тұрады. Тергеуші Бибінұрмен сөйлеседі. Тергеуші: Иә, сіз кім боласыз?

Бибінұр: Мен жәбірленуші Отар Күйгенбаевтың анасы боламын! Тергеуші: Жәбірленуші дейсіз бе!? Бибінұр: Иә, енді кім дейміз? Әлгі жауызды аяусыз жазаға тартыңыз! Тергеуші: Сізді түсінемін. Бірақ... Бибінұр: Не бірақ? Осы бірақ, сұрақ дегеннен зәрем ұшады! Тергеуші: Бірақ, сұрақсыз біздің жұмыс жүрмейді! Бибінұр: Ойбай-ау, қандай бірақ, қайдағы сұрақ? Мен өз көзіммен көрдім ғой. Әлгі Бейбіт деген банды баламның түгін қоймай ұрыпсоғып, допша домалатып кете барды. Соның заң бойынша әділ жазасын беріңіздер деймін! Тергеуші: Шынымен әділін іздеп кеп отырсыз ба? Бибінұр: Бұл жерге әділін іздеп келмегенде, әзілдеп кеп отыр дейсіз бе? Әлде, мұным қате ме? Онда әділдікті басқа жерден іздейтін шығармыз! Тергеуші: Жоқ, дұрыс –ақ әділдік іздеуіңіз. Жұрттың бәрі іздейді әділдікті! Бірақ... Бибінұр: Әнеки! Тағы да бірақ! Тергеуші: Иә, бірақ, сол әділдік өздеріне қарсы не тиімсіз болып шықса, онда ойбайға басып шыға келеді! Бибінұр: Жұртта жұмысымыз жоқ! Менің ісім – әділ! Соны тура тексеріп, ақ-қарасын айырып беріңіз сотқа! Осы кезде тергеушіге Жазира келеді. Тергеуші кіріңіз дегендей қолымен ымдайды. Жазира Бибінұрдың сөзін тыңдап тұрады. Тергеуші: О жағынан қам жемеңіз! Айырамыз ақ-қарасын! Сол үшін сізге қоятын бір сұрағым бар. Бұрын-соңды кездеспеген, бейтаныс Бейбіт Отарды үйіне әдейі іздеп келіп, не үшін ұрды деген сұраққа жауап іздеп көрдіңіз бе? Бәлкім, балаңыздың бір жазығы болған шығар? Бибінұр: Ойбай, сіз не деп кеттіңіз өзі? Өз үйінде тып-тыныш отырған кісінің қандай жазығы болуы мүмкін? Әлгі Бейбіт деген пәле...іздеп кеп ұрынған! Атын қарашы өзінің...Бейбіт! Айтақ! Бейбітшіліктен садаға кеткір! Жазира: Менің ағам Бейбіт десе бейбіт! Нағыз момынның өзі! Бибінұр: Ә-ә, ол қаныпезер сенің ағаң ба еді? Жазира: Иә, менің ағам! Қаныпезер емес, қайырымды адам! Бибінұр: Адырам қал! Ағам-м, адам-м дейді ғой ұялмай! Біреудің үйіне баса – көктеп келіп, қанжоса қылған қарақшы қайтіп қайырымды адам болмақшы?! Жазира: Біз сізді түсінеміз. Сіз анасыз! Сіз перзентіңізге шаң жуытпайсыз! Бірақ, Отар сіз ойлағандай емес! Ол барып тұрған

оңбаған! Бибінұр: Тіліңді тарта сөйле, қарағым! Қара күйе жақпа біреуге, өзің былығып қаларсың! Жазира: Не дейсіз? Мен бе қара күйе жағып отырған? Нағыз жалақор, бәлеқор, өсекші, өтірікші сіздің балаңыз Отар! Ол мені бүкіл елге қара бет қылып жала жауып, жар салғанын сіз шынымен білмейсіз бе? Әлде, білмеген болып отырсыз ба? Бибінұр: Жала жапқаны несі? Шырағым, сен не деп кеттің өзі? Тергеуші: Оның мәнісі былай. Сіздің ұлыңыз Отар Күйгенбаев мына қызымыз \ Жазираны нұсқайды:\ Жазира Жарқынбекованы жамандап, интернетке не бір ғайбат сөздерді жазған. Оны мына ініміз \редакторды нұсқайды\ «Ащы тіл» порталына жариялап, дүйім елге таратып жіберген! Жазира: \ Редактордың жанына ұшып жетіп барып:\ А-а, сіз бе едіңіз редактор ?! Мұныңыз қалай? Мен сізге не жаздым, аға?! Редактор: \ Сасқалақтағанын сездірмеуге тырысып:\Жоқ! Еш жазығыңыз жоқ! Мен тіпті сізді танымаймын да! Жазира: Танымасаңыз, неге осынша қыр соңыма түсіп, қаралап жатырсыз? Редактор: Мен емес...ол жұртшылық...Қоғамдық пікір! Жазира: Менің жеке басымда қоғамның қандай шаруасы бар? Сіздің не жұмысыңыз бар? Мен енді қайттім, аға? Қалай өмір сүремін!? Айтыңызшы, қане! Аға, басыңыздан, зәузатыңыздан өсек-аяң кетпесін! \ Бибінұрға бұрылып:\ Менің ағам жазықты болса– ағамның қолы сынсын! Сіздің балаңыз жазықты болса – тілі байлансын! Бұдан былай жаман сөз жаза алмайтындай болып, екі қолы семіп қалсын! Бибінұр: \Шошынып:\ Астапыралла! Сүбіханалла! Жә, жетті, тоқтат! Сабыр ет, қарағым, адам баласын қарғама! Обалына қаласың! Жазира: Мені бүкіл елге қарабет қылған оңбаған иттерге нәлет, қарғыс жаудырмағанда, алғыс айтады деп едіңіз?! Бибінұр: Қарағым-ай, қайтейін енді! Жаныңа қатты батып, ашынған екенсің! Бірақ, сабыр ет, қарғысыңды қайтып ал! Жазира: Сіздің ұлыңыз өсек-аяңын қайтып ала алса, мен де қайтып алайын, апа! Бибінұр: \ Күрт сынып, мұңайып, үнсіз отырып қалады. Сәлден кейін басын көтеріп:\ Бізді апа дейсіңдер, аппақ болып жүрген соң. Біз де жас болдық, несін айтасың! Күнәһар пендеміз ғой бәріміз де! Осы күні кез келген кісіден біреуге қиянат, жамандық жасадың ба деп сұрап көрші. Бәрі де сүттен ақ, судан таза болып шыға келеді. Қателіктерім болса да, қасақана біреуге қиянат жасадым демейді. Ал,

бір-бірін ғайбаттап, сыртынан сөз қылған қиянат емей немене?! Біз де көп пенденің біріміз ғой, өсек-аяңға сұмдық үйір болдық бір кезде. Күйеуім екеуміздің жұмыстан тыс уақыттағы негізгі кәсібіміз – неше түрлі әңгімені көйітіп, әркімді сөз қылу болатын. Қайсымыздың өсегіміз қызық болар екен деп, екеуміз жарысқандай болушы едік. Бір шайды өсексіз ішіп, бір сәтті өсексіз өткізбедік. Көз көрген былай тұрыпты-ау, кез-келген кісіні жіліктеп талдап, бақайшағына дейін шағып түгендеп бітпей, тыныш ұйқтай алмайтын едік. Тіпті, өмірімізөсек, өсегіміз-өмір болып кеткен сияқты еді. Біз өсек айту үшін өмір сүретін сияқты едік. Осы Отар бала күнінен біздің қызыл сөз, қысыр әңгімемізді аузының суы құрып тыңдап өсті. Құмар болғаны сондай, сөзге араласып, әңгіме айта бастады. Мектепте болған жайларды жайып салатын, жолдастарын, мұғалімдерді жамандағанда, алдына жан салмайтын. Әкесі мақтап қоятын, балам өзім сияқты сөзге үйір, шешен болады деп. Өзі нағыз домалақ арыз жазғыш болды. Талайды қан қақсатты ғой, несін айтасың! Кім қандай қылмыс жасады, кім ажырасып кетті, кім пыш деп қойды, кім кіш деп қойды, бәрі соның миында рет-ретімен тізіліп тұратын. Бықсымаса жүре алмайтын! Біреудің атын айтсаң болды, сол туралы өсек-ғайбатты қап-қабымен ақтара салатын. Сөйтіп жүріп, жиырма бес жыл отасқаннан кейін, бірақ күнде, басқа қалаға бір жас әйелмен кетті де қалды! Екі баламен қала бердім. Сүйтіп, өзім сүйген өсектің астында енді өзім қалайын! Жан-жағыңнан неше түрлі улы сөз қадалғанда, жаның күйеді екен! Апырмай, талайды сөзбен атып едік, алдымыздан шықты-ау ақыры! Тарттым-ау жан азабын! Қайтейін, жыладым-сықтадым, сабыр қылдым, тоқтадым, тәубаға келдім. Имандылық жолына түсіп, намазға жығылдым, ораза ұстадым. Арсыз өсектен арылып, ағардым, аппақ апа болдым! Осы күні таразылап, сараптаймын кейде. Біз, негізі, жаман адам болған жоқпыз. Бар айыбымыз, жақынды да, жатты да сөз қылмасақ жүре алмайтын едік. Көп достарымыз, туыстарымыз ұрыспайкеріспей-ақ, бізден алыстап, араласпай кетті. Бәленің бәрі-тілден! Сол ренжіткен адамдарымыз қайырылып келген жоқ. Кезінде түк те түсінбеппіз, тіпті, ойланып та көрмеппіз – біздің тіліміз тиген кісілердің де жаны күйіп, назаланған екен ғой! Солардың қарғыс-наласы шығар, күйеуім сол кеткеннен кейін көп ұзамай, әлгі жас әйелімен бірге өртеніп өлді! Түнде мас болып, ұйқтап жатқанда, шылымның шоғынан өрт шығыпты. Талайды сөзбен күйдіріп еді, ақыры, алдынан шықты-ау, – деп ойлаймын кейде. Ең қиыны, мына балам Отар да сөзге үйір, ғайбатқа құмар болып өсті. Міне, соның жемісі, өзің де көріп отырсың! Бар сырымды жайып салдым,

ендігісін өзің біл, қарағым! Жазықсыз жәбір көрген кісінің қарғысы қапы кетпейді деуші еді, қайтейін...Қолыңнан келсе, кешір ақымақты, назаңа қалдырма! Қайтейін...Іштен шыққан шұбар жылан болғасын...қайтейін! \Ана жүрегі қарс айырыла күрсінеді. Барлығы үнсіз ойға батады..\ Тергеуші: Иә...Бұл да бір ойланатын мәселе...Дені дұрыс деген адамдардан сұрап көріңіз...Біреуге қиянат жасадыңыз ба, жамандық істедіңіз бе? – деп. Жо-оқ! Алла сақтасын дейді бәрі де! Негізі, рас айтады. Қылмыскерлерді айтпағанда, жай адамдар ешкімге қастық қылып, үйін тонап, оқ атып, арыз жазып, аяғынан шалып жатқан жоқ қой. Бірақ, біздің сорымыз сол, біз бірдеме деп қоямыз ғой! Бірімізді біріміз жамандамасақ, жүре алмаймыз ғой! Біздің қолымыздан келетіні – өсек! Өміріміздің өзегі де – өсек! Қолымыздан келетін қастығымыз да – өсек! Міне, сол бір ауыз сөз үшін жақын деген адам­ дар жат болып, достар қастасып кетіп жатқан жоқ па?! Ал, біреуден жаманшылық көрдіңіз бе деп сұрап көріңізші...Боз­ дап қоя береді шетінен! Көрмеген қиянаттары жоқ екен! Олардың сөзіне сенсең, басқа жандардың барлығы, тіпті, бүкіл адамзат атау­ лы тек осыған қиянат жасау үшін жүрген сияқты! Сондағы көрген жаманшылығы не дейсіз ғой! Жанына жара салған жаман сөз естіген! Сол бір ауыз сөзді қастандық санап, өмірі бойы өштесіп кете барған! Яғни, қандай қорытынды шығарамыз? Индукция, дедукция! Адамға жаман сөз айтпаңыз! Сыртынан ғайбаттамаңыз! Ғайбаттасаңыз, ол адамның сізді өмір бойы иттің етінен жек көріп кетуіне мен кепіл! Шер­ лок Холмс кепіл! Бақытсыз болғың келмесе, жаман ой ойлама, жаман сөз сөйлеме, жаман іс істеме! Бақытсыз болғың келсе, басқаларды ғайбатта! Өзегіңді өкінішпен өртегің келсе, өзгелерді өсекте! Индук­ ция, дедукция! Жекеден жалпы, жалпыдан жеке қортынды шығару! Шерлок Холмстың доктор Ватсонға айтқаны бар ғой. «Сіз бәрін де дұрыс байқадыңыз, бірақ байламыңыз қате! Сіз плюс қоюдың орнына минус қойдыңыз!» – деген! Осыған бір ой жүгіртіп қойсаңыз, жаман болмас еді! Жә, ағайындар, бұған оңашада бас ауыртып көрерсіздер... Ал, қазір не істейміз? Бір-бірімізді сотқа сүйреп, су түбіне жібереміз бе, әлде, жағаға шығуға жәрдем береміз бе? \ Бәрі таңдана қарайды оған.\ Таңданатын дәнеңе жоқ. Әңгіме былай. Отардың екі тісін қағып алғаны үшін...иә, заң тілімен айтқанда, ұрып-соғып, денесіне зақым келтіргені үшін, Бейбіт екі жылдан бес жылға дейін сотталуы мүмкін. Бірақ, ол мұны қарындасының ар-намысын қорғау үшін, ашу үстінде істегені ескеріліп, жазасы жеңілдетіледі деп ойлаймын. А, бірақ, Отардың өзі де сотталып кетуі ғажап емес! Бибінұр: Не дейсіз? Не деп тұрсыз сіз? Неге, не үшін сотталмақ Отаржан?

Тергеуші: Адамға жала жапқаны үшін! Бибінұр: Жоқ, мен бұған келіспеймін! Жәбір көрген кісі қайтіп сотталмақ? Тергеуші: Сотталғанда қандай! Бізде бәрі де бола береді! Міне, мына қыз...Жазира Жарқынбекова...арыз жазды. Жұртқа жария­ лап, жазықсыз қаралап, ар-намысымды аяққа таптағаны үшін Отар Күйгенбаевты заң жүзінде жауапқа тартуларыңызды сұраймын дейді! Ал, біз не істеуіміз керек? Біз заң бойынша, әуелі бұзақылығы үшін Бейбітті соттаймыз! Содан кейін, жалақорлығы мен адамды қорлағаны үшін оның жанына Отарды отырғызамыз! Менің ойымша, намысқор Бейбіт зонада Отарды біржолата опыратын шығар ! Бибінұр: Ойбай, құрсын, пәлесінен аулақ! Енді қайттік? Тергеуші: Қайткені несі? От жаққан өздерің, күйетін де өздерің! Және, мен тергеуші ретінде өз тарапымнан сотқа «Ащы тіл» порталының редакторын заң жүзінде жауапқа тартып, қатаң жазалауға ұсыныс түсіремін! Дәлел, айғақ жеткілікті! Редактор: Мұныңыз шектен шыққандық! Тергеуші: Жә! Шерлок Холмс! Индукция, дедукция! Сіздерге бір керемет жол бар! \ Бәрі: «Ә-ә? Айтыңыз! Қандай жол?» -деседі.\ Атам қазақтың жолы! Татулық, кешірім, мәміле жолы! Бәрің де арыздарыңды қайтып алып, бір-біріңді кешіріп, татулықпен тарай қойыңдар! Редактор: \ Шошынады. Ойға батады:\ Иә, бұл бір оқыс жағдай болды-ау! \ Бір шешімге келіп:\ Құрметті тергеуші Тұяқбай Ізбасаров! Сіздің сөзіңізге тоқтадым! Ащы сөз порталын осы сәттен бастап жа­ бамыз! Бұдан былай, бір де бір адам лақап атпен пікір жаза алмайтын болады! Жоқ, тіркелмей-ақ кіруге, керек нәрселерін оқуға болады жал­ пы көпшілікке! Бірақ, пікір жазу үшін аты-жөнін, адресін көрсетуге міндетті! Ой еркіндігіне, сөз бостандығына шектеу қойылмайды! Қоғамдық, саяси, рухани мәселелер жайында шындық сөз бен сын пікірлерге қашан да жол ашық! Бірақ, оның өзі мәдениетті түрде айтылуға тиісті. Дөрекі, анайы пікірлер жарияланбайды! Адамның жеке басын кемсітетін ешқандай да материалдар қабылданбайды және жарияланбайды! Ал, біреудің ар-ожданына тиіп, балағаттаған кісілер сотқа беріліп, жауапқа тартылады! Жазықсыз жалаға ұшыраған мұғалім Жазира Жарқынбекова мен мектеп директоры Бегендіктен ресми түрде, көпшіліктің алдында кешірім сұраймыз! Бибінұр: Иә! Иә! Кешірім! Кешулік болсын! Тоты – Тотаня: Соттан аулақ! Мен темір торда отыра алмаймын! Бүрге мен қандаладан жаман қорқамын...ибәй-әй!

Тергеуші: Олай болса, осы тату-тәтті күйде тарай қойыңыздар! Анда – санда индукция, дедукцияны естеріңізге бір алып тұрыңыздар! \ Барлығы тарайды.Жазира да кете беріп, бөгеледі.\ Жазира: \ Тергеушіге: \ Мен де сізге шын сырымды ақтарып ай­ тайыншы. Мен бұрын адамдарға тек қана жақсылық тілеуші едім. Ал, қазір тілей алмаймын! Менде қазір адамдарға деген мейірім жоқ! Көңілім ешкімге, ештеңеге селт етпейді! Менде бір үлкен өшпенділік бар! Мені өсектеп, күйдірген кісілер де масқара болса екен, өсекаяңға қалса екен, жан азабын тартса екен! Күні-түні ойлайтыным да, тілейтінім де осы! Тергеуші: Қара ниет өсекшілерге бола өмірден түңілудің қажеті жоқ! Өсекке мән бермеу керек! Мән берсең, семіре береді. Күшейе береді. Мән бермесең, жеңіп шығасың! Жазира: Қалай мән бермейсің? Бүкіл жұрт мазақ қылып, қаралап жатса, қайтіп күймейсің?!Мен тіпті өсектен де қорқпаймын! Мен сол өсекке сенетін елден қорқамын! Кеткім келеді... Көргім келмейді ешқайсын! Неге біз осындаймыз? Мен туған халқын сүйген қазақтың қарапайым қызы едім! Бетіме түкіріп, итше талайтындай не жаз­ дым?! Міне, кешірім сұрады! Жазықсыз деді, жала деді! Осымен бәрі біте салатындай...Қалай оп-оңай, ә?! Қанша уақыт абалап, талқыға сап табалап, қоғам болып қаралап, қарабет атандырып еді. Енді: «Кешіріңіз, біз жаңылып кетіппіз, сіз жазықсыз екенсіз ғой, пардон!» – дейді! Ал мен қайтемін? Қайтіп өмір сүремін әрі қарай?! Тілімтілім болған жүрегімді қайтемін? Дым болмағандай қайқайып жүре берейін бе? Жүре алмаймын олай, менің ішімде әлдене үзіліп кетті! Кеткім келеді басқа бір тап-таза жаққа. Көз көрмейтін, сөз жетпейтін жерге... Тергеуші: Сабыр, сабыр, қарағым! Ақылға кел! Ешқашан елге өкпелеме, жерді тепкілеме! Сүрініп кетсең Түңілме Қайта түрегел, Сілкініп тастап Серпіліп алға жүре бер, Сенен де бұрын Бұдан да ауыр салмақты Көтеріп кеткен Ерлердің барын біледі ел. Жығылып қалсаң Тұрдым де жерге бір аунап,

Тырнадан үлгі ал, Төбеңнен ұшқан тыраулап, Сарала жапырағы Саудырап түсіп жатқанда Көктемін күтіп Күлмей ме кейде қырау бақ? Жаныңды жесе Күйзеліс, уайым жегідей, Өзіңді өзің Езгілей берме тірідей, Қарысып неге Қасқайып қатып қалмайсың, Аяғын шайнап Қақпаннан шыққан бөрідей. Басыңды көтер Жігерді қайрап мін атқа, Үргісі келген иттердің бәрін шулат та, Тәуекел етіп Көтеріп тағдыр жазғанын Тарта бер тура Өшпейтін үміт-шыраққа! Жазира ақырындап алға жүре бастайды. Қаракөлеңке түседі. Шәу-шәу етіп бір ит үреді. Жазира селк ете қалып, сәл тоқтай беріп, тағы жүреді. Шәуілдеген итке тағы екі-үш ит қосылып үреді. Жазира сескене басып, ақырындап жүре береді. Шәуілдеген ит­ терге абалаған иттер қосылады. Жазира тоқтамайды. Біртіндеп қараңғылық басады. Иттердің даусы күшейіп, бір-бірімен ырылда­ сып, абалай береді. Бір кезде қараңғылық сөгіліп, сәуле түсе бастай­ ды. Үрген дауыстар бәсеңдеп, алыстай береді. Дүние жап-жарық болып кетеді. Иттер қыңсылап, бірте-бірте мүлде тиылады. Алды­ нан жарқырап ағасы Бейбіт шығады. Жазира жап-жарық дүниеде аққудай боп жарасып бара жатады Соңы. 25.09.2016ж. – 16.02.2017ж.

Балқан байдың айымдары
Екі актілі, алты көріністі комедия
Қатысушылар:
Балқан – 35-те. Ер келбетті, кәсіпкер жігіт.

Бағила – 34-те. Әйелі. Әдемі, тұлғалы, салмақты жан.
Жеңіскүл – 28-де. Сұлу. Момын, аңғалдау ауыл қызы.
Маржан – 28-де. Сұлу. Ақылды, әрнәрсені сынап-міней беретін
қыз.

Аина – 28-де. Сұлу. Шыншыл, шапшаң, қызба мінезді ерке қыз.
Бірінші акт
Бірінші көрініс.
Балқан: \ Көшеде әндетіп келе жатыр:\

Батырға мал көп деген, серіге қыз,
Сұлуға керемет боп көрінеміз,
Өмірді дүрілдетіп, дәурен сүріп,
Төрінде керімдердің керілеміз!

Аялайды ән сені,
Аңсай бермек жан сені,
Ай сұлу мен күн сұлу,
Мені сүйіп қалса еді,

Назарларын назданып,
Маған ғана салса еді,
Қызық қуған, қыз қуған,
Біз боламыз сал-сері!

Сал-сері!
Жастықтың жалынымен қызып жүрміз,
Махаббат теңізінде жүзіп жүрміз,
Жандырып жұлдыздарды, қу қыздарды,

Жүректің дәптеріне тізіп жүрміз!

Аялайды ән сені, Аңсай бермек жан сені, Ай сұлу мен күн сұлу, Мені сүйіп қалса еді, Назарларын назданып, Маған ғана салса еді, Қызық қуған, қыз қуған, Біз боламыз сал-сері! Сал-сері! \ Жеңіскүлдің пәтерінің есігін қағады. Жеңіскүл есік ашып, Балқан балпаңдап кіреді. Керіліп, құшағын жаяды. Жеңіскүл әдеп сақтап, бөгеліп тұрады.\ Балқан: Менің атым Балқан, Тоқ болғасын қалтам, Қыз-қырқынды таңдап, Басам балпаң, балпаң, Беттен алып байды, Болма бұлқан – талқан, Бұғалықтап үйреткем, Не бір қызды тарпаң, Көнбесең де осы, Көнсең де осы, қалқам! Жеңіскүл: \ Құшақтай алады:\ Күнім сол! Балқан: Жеңісім менің! Гүлім менің! Жеңіскүлім – жеміс гүлім! \ Төрге шығып, шалқасынан түсіп жатады. \ Жеңіскүл: Жаным сол! \ Әдеппен жанына тізе бүгеді.\ Балқан: Үндемей ғана әп-әдемі боп отырғаның қандай ғажап! Бір жұмбақ, таңғажайып дүниясың! Осылай жарасып жүрсең – міне, көретінің осы! \ Құшақтап, қолына көтеріп, шыр айналдыра билейді.\ Ал, бетімен кетіп, бетіме келетін болсаң ... \ Лақтырып жібереді. Жеңіскүл ойбайлап, жеңіл қимылмен домалап тұрады. Балқан оның қимылына сүйсіне әрі таңғала қарап, қол соғады.\ Жеңіскүл: Басым айналып кетті ғой... Балқан: Бақыттан болар? Негізі, мен жолап кеткен қыздардың бәрінің бақыттан басы айналып кетеді! Жеңіскүл: Қойыңызшы! Балқан: Бақыттысың ба менімен? \ Жеңіскүл үндемейді.\ Айтсаңшы енді? Жеңіскүл: Айтуға ұялам!

Балқан: Ұялғаның қандай жақсы! Қай уақытта да осылай ұялып қарсы алатын бол! Тіпті...мен біраз уақыт хабарласпай кетсем де! Жеңіскүл: Ә-ә ? Балқан: Мисалы...мен жүріп кетсем...Жалпы, жадыңа жазып қой, мен жүріп-тұрғанды жақсы көретін жайсаң жігітпін! Иә, бірер апта жүріп кетсем... Жеңіскүл: Кіммен жүріп кетесіз? Қайда жүріп кетесіз? Балқан: Тоқтай қал! Мишығыңа мықтап тоқып ал – менің ең жек көретін сұрақтарым: Қайда? Қашан? Қанша? Ұқтың ба? Жеңіскүл: Ұқпадым! Балқан: Тәк...Кәлләңызға кәллиграфиямен жазып қойыңыз! Қайда, яғни, қайда барасыз? Бұл сұрақты қоятын болсаң, қайда кеткеніңді білмей қаласың! Ұқтың ба? Жеңіскүл: Ұқ-ұқ-ұққандаймын! Балқан: Ұққандаймын емес, ұқ-ты-ымм де? Жеңіскүл: Бұқтым! Балқан: Е-е, жарайды, бұққасын – ұғасың, ұққасын – бұғасың ғой! Екіншіден, ешқашан да менің жүйкемді қашан деген қайшы сөзбен қиқалақтап, қажаушы болма! Жеңіскүл: Ма-ма-мақұл! Бірақ, онша қақпадым? Балқан: Қашан келесіз деп сұрамайтын бол! Қайда жүремін, қашан келемін – оны өзім білемін! Енді қақтың ба? Жеңіскүл: Қаққанда қандай! Қаттым да қалдым! Балқан: Енді, ең қиын сұраққа келейік! Ешқашан қанша деп сұраушы болма! Қанша деген сөзді естісем, қалшылдап кетемін! Жеңіскүл: Қаншада ақым қанша! Балқан: Өзің қандай әйбатсың, ақылыңа қонса! Жеңіскүл: Иә! Қанша кітап оқисыз, қанша кино көрдіңіз, қанша тамақ ішесіз, қанша уақыт демаласыз деп ешқашан да сұрамаймын! Балқан: Ей, доғар! Ең басты қаншаны аузыңа алмайсың ғой тіпті! Жеңіскүл: Қылша мойным талша, Қақпай тұрмын онша? Қинайтындай мұнша, Ол не бәле сонша? Балқан: Ол ма, ол – ақша! Жеңіскүл: Ақша?! Балқан: Иә, ақша ше кәдімгі, ақша! Жеңіскүл: Оған қаншаның қандай қатысы бар? Балқан: Болғанда қандай! Қанша ақша таптыңыз, қанша ақша әкелдіңіз, қанша ақша бересіз деген сұмырай сөздерді сүп – сүйкімді аузыңнан шығармайтын бол! О кей?!

Жеңіскүл: О кей, дөкей көке! Қанша демей-ақ, керек соманы ай­ тып сұрай берсем бола ма? Балқан: А-а? Соманы мамаң үйретті ме? Жеңіскүл: Мамам үйреткен жоқ, заман үйретті! Балқан: Ха-ха-ха! Бұдан былай есіңде болсын...Жеңіскүл – По­ беда – Виктория! Мен ағынға қарсы жүзетін адаммын! Сондықтан, маған тиетін болсаң, заман, қоғам, мамам деген ұғымдарды біржолата ұмытып, амандығыңды ойлайтын бол! Жеңіскүл: Иә, аман, сау болайық, жаным! Балқан: Жалпы, амандық, саулықтан артық ештеңе жоқ! Сенің есіміңді Жеңіскүл деп қойғанда, күйеуін жеңсін деп қоймаған шығар?! Білесің бе неге бұлай қойғанын? Жеңіскүл: Енді...жеңістің құрметіне...жеңіске жетсін деп... Балқан: Ноу! Негізі, сенің атыңды Жеңіскүл, Жеңіс -байының жеңісі, Гүл – байының гүлі болсын деп қойған! Яғни, менің Жеңіскүлім – менің жеңісім, моя Победа, май Виктория! Қандай жа­ расып тұр, ә? Шынында да, мен тұрғанда, қайдағы жеңіс саған, ә!? Жеңіскүл: Иә! Сіз жеңіске жете беріңіз! Балқан: Пах, шіркін! Жеңіскүл : Сіздің жеңісіңіз біздің жемісіміз ғой! Балқан: Жә! Мен жеміс жеп, шай ішкенді жақсы көремін! Жеңіскүл: О-о, мен де жақсы көремін! Шүйіркелесіп отырып, шай ішкенге не жетсін! Балқан: Өй, шүйкебасым менің! Кім сенімен шүйіркелесейін деп жатыр? Мен шай ішіп отырғанда, сен менің желкемде тұрып, желпуішпен желпіп тұрасың! Жеңіскүл: Сізді желпу біз үшін мәртебе ғой! Бірақ, менің де сізбен шынтақ түйістіріп отырып, шай ішкім келеді! Бәлкім, былай етерміз. Балқан: Қалай? Жеңіскүл: Өзіңізді өзіңіз желпісеңіз деймін ! Балқан: Мен не, саған, өзін -өзі желпитін желмін бе, желдеткішпін бе? Жеңіскүл: Желпуішті алдыңызға бекітіп қойып, басыңызды шапқан аттай шайқап отырсаңыз болмай ма? Балқан: Ха-ха-ха! Осымен қоя ғой! Жеңіскүл: Неге? Балқан: Негізі, неге деген шегедей сөзді де ұмытқаның жақсы! Қойдай қоңыр, жанға жайлы жар боламын десең, мен қой дегенде, қоя ғой! Жеңіскүл: Нені қоя қояйын? Балқан: Нені болса да! Мен қой дегенде, жым бол! Жүріп келе

жатсаң, жата қал, күліп келе жатсаң, қата қал! Жеңіскүл: Ой-хой! Балқан: Ойхой емес, қой, қой! Негізі, мен жақсы адаммын, мейірбанды баймын! Сені жайдан-жай бас салып, сабай бермеймін! Жеңіскүл: Жайдан – жай сабай бермеймін? Сонда қалай, кейде сабап тұрасыз ба? Балқан: Жоқ, мен тұтқиылдан бас салып, томпылдатып сабай беретін сәбәшкі сабаз емеспін. Бізге әскерде үйреткен – қарауылда тұрған кезде, келе жатқан бейтаныс субьектіні әуелі: Тоқта! Атамын! – деп ескертеміз. Ұқтың ба? Жеңіскүл: Ұқпаса ше? Балқан: Ұқпаса, бір рет көкке атамыз! Жеңіскүл: Оған да тоқтамаса? Балқан: Атамыз да тастаймыз! Жеңіскүл: Кәшмәр! Балқан: Уот, менің қой дегенім – көкке атқаным деп біл! Жеңіскүл: Ал, қоймасам ше? Балқан: Қоймасаң, кәшмәр – мәшмәр, кәші-мәші боласың! Жеңіскүл: Қойдым, ойбай, қойдым! Балқан: Міне! Қой дегенде қоя қойған әйел – қойлы әйел болады, қойны құтты әйел болады! Негізі, ұзақ өмір сүрудің ең бірінші әдісі – қой дегенде қоя қойған! Жеңіскүл: Тағы қандай тәсілдерін білесіз...ұзақ өмір сүрудің? Балқан: Еріңнің, яғни, менің бетіме жел боп келмейсің. Мен отырған жерде сүйреңдеп сөйлемейсің, үндемей ғана, әп-әдемі боп отырасың. Негізі, әйел үндемегенде әдемі! Көшеде келе жатқанда, алдыма түспей, сәл –сәл кейіндеу жүресің. Менен бұрын есіктен кірмейсің! Жеңіскүл: Мақ-құл! Бірақ, басқа жұрт бізді бір надан екен деп қалмай ма? Балқан: Дей берсін! Атам қазақтың жолында еркек қашанда алда жүрген! Ал европалықтардың заңында ерлері әйелге жол беріп, май­ ысып тұрады. Сол заңдарын бізге енгізіп, елімізді есінен тандырып қойған жоқ па!? Ұқтың ба? Жеңіскүл: Ұққанда қандай! Маған ұнайды мұндай ерлігіңіз! Балқан: Мен бірнеше күн ішіп, ішіп, жүдеп-жадап келгенде, сен құшақ жайып қарсы аласың! \ Жеңіскүл құшағын жаяды.\ Мен жорықтан келген жаралы батырлар сияқты сенің иығыңа басымды сүйеп, қор ете түсемін. \ Жеңіскүлдің құшағына құлап, иығына басын сүйей береді.\ Жеңіскүл: Жаным сол!

Балқан: Сені мені көтеріп апарып, шешіндіріп, шомылдырып, , аппақ қылып мамық төсекке жатқызып қоясың! Ұйқтап жатқанда, мәпелеп, сақалмұртымды қырып, тырнағымды әдемілеп алып қоясың! Жеңіскүл: Күнім сол! Балқан: Мен оянғанда, иығыма басыңды қойып, тойған қозыдай томпиып, тәп-тәтті болып жатасың! Сонда, мен сені сүйіп, сүйіп ала­ мын! Жеңіскүл: Мен де! Балқан: Сендей қыздар қазір сирек қой! Сен нағыз ер-азаматқа жар болуға лайық жансың! Жеңіскүл: Шын айтасыз ба? Балқан: Иә! Мен сені сол үшін жақсы көремін! Жеңіскүл: Мен де сені сүйемін, Балқан! Балқаным, балпаңым! Балқан: Балапаным! Менің жеңісім! Победа! Виктория! \ Құшақтайды.\ Қараңғылық түседі. Екінші көрініс Балқан: \ Көшеде әндетіп келе жатыр:\ Аялайды ән сені, Аңсай бермек жан сені, Ай сұлу мен күн сұлу, Мені сүйіп қалса еді, Назарларын назданып, Маған ғана салса еді, Қызық қуған, қыз қуған, Біз боламыз сал-сері! Сал-сері! \ Балқан Маржанның есігін қағады. Маржан ашады. Құшағын жайған Балқанға мұрнын шүйіріп, жігіт құшақтай бергенде: «Фуу!» – деп, сытылып кетіп, сынай қарап тұрады. Балқан: Маржан, Маржан, Маржаным! Өзіңе арнап мал-жанын, Тар жолдан да тайсалмай, Келді міне, Тарзаның! Маржан: Шынымен сондай жақсы көресің бе мені? Балқан: Жақсы көретінім сондай...Жалғандағы сұлу қыздардың бәрін сен екен деп қаламын!

Маржан: Мен екен деп, байқамай ауыстырып алып жүрмеңіз! Балқан: Байқамайтын бала деп пе ең Балқанды? Балпаңдауды білгенде, бал таңдауды білетін шығармыз! Маржан: Балға мәз боп жүргенде, обалға қалып жүрмеңіз! Балқан: Сенің пікірілерің-ай осы! Бір түйеге жүк болғандай! Маржан: Түйініне тісің батпай, түйсіксіз түйеге аудара салдың ба, балпағым! Балқан: Ха-ха-ха! Қыздардың әр пікіріне басты ауыртып, қияли болғанша, қайыспайтын қара нарға арта салған артық емес пе! Негізі, менің колл-л -лекциямдағы көк көйл-лектілердің ең көр-ркемдерінің ең көр-рнектісі – өзіңсің! Маржан: Фу-у! Жетістірдіңіз! Коллекцияңыз ...тұтас бір коллек­ тив пе, немене? Балқан: Колхоз! Маржан: Колхозззз! Балқан: Ызылдап кеттің ғой...ыза болайын дедің бе, зиялы қыз? Қазірден бастап біліп қойғаның абзал, мен ызыңдағанға төзе алмай­ мын! Маржан: Жә, жә! Әлгі колхозыңыздың қай жағына қосасыз мені? Мен төрағалықтан басқаға көне алмайтын шығармын! Балқан: Көнбегенде қайда барасың! Төрағаның орны бос емес! Сен соның екінші орынбасары боласың! Маржан: Фу-у! Екінші орынбасар?! Тіпті бірінші орынбасарлық та бұйырмай ма бізге? Балқан: Ха-ха-ха! Екінші орынбасардың жауапкершілігі аз! Ештемеге басың қатпайды! Рахат дәурен сүресің! Күллі әлемді қыдыртып, жарқ-жұрқ сауық-сайран құрғызып, шетелдік әтелдерге кіргізіп, әуеде жүргізіп қойсам қайтесің?! Маржан: Фу-у! Балқан: Ал, онда саған қандай өмір ұнайды? Елтең, селтең ел кезіп, желік қуып, жел мініп, желкен керіп, жер түбіне жеткің келе ме? Маржан: Фу! Желөкпе емеспін ондай! Су кешкенді суқаным сүймейді! Балқан: Охо! Отбасын ойлайтын орнықты жан екенсің ғой онда! Маржан: Ошағыңды күзетіп отыра алмаймын, оған ренжіме! Балқан: Аха! Карр-р-риера керек саған! Маржан: Қызмет те қызықтырмайды! Біреуге бағынышты болып, біреуге жалынышты болып, жалтақтап жан баққанды жаным жек көреді! Балқан: Онда бәлкім, қолыңды жылы суға малып қойсам?!

Маржан: Оның несі жақсы? Омалып... Балқан: Қап! Қалай тапсам екен қалауыңды, қалқатай?! Қарамасаң басқаға, Қызығарсың бәлкім, Қалтаң тола ақшаға?! Маржан: Өмірдің мәні онда емес қой! Балқан: А-а?! Солай ма? Олай болса, бұлай...алай...қалай?! Маржан: Не қалай? Балқан: Қалай тапсам екен бабыңды? Бәлкім, ресторан, дискоте­ ка, түнгі клубтарды шарлап кетеміз бе? Маржан: \ Мұрнын шүйіріп: \ Фу-у! Балқан: Не фу? Неғылған фу? Анау да фу, мынау да фу! Фу емес бірдеңе бар ма өзі сен үшін!? Маржан: Фу-у, фу-у, фу-у! Балқан: Қу бикешті де, су бикешті де көріп едік! Фу бикешті бірінші рет көріп тұрмын! Жә, сен фу фу болсаң, мен қу фумын! Сон­ да, саған мына өмірде ұнайтын бірдеме бар ма өзі? Маржан: Жоқ, неге...ұнағанда...әуелі ұнайтын сияқты бәрі де... Бірақ, бәрінің кемшілік, мінін тез көремін де, жеріп шыға келемін! Кейде тіпті өзімді де ұнатпай, өзімнен өзім безіп кеткім келетін кездерім болады! Балқан: Өзіңнен өзің қашып құтылмайсың деген! Тым сыншыл, міншіл болғанның түбі күншілдік сияқты! Маржан: Фу-у! Штамп сөздер жалықтырды! Балқан: Штамп болса да, шындығы осы! Әркімді, әр нәрсені сы­ нап, мінеп, мұрын шүйіре бергеннің несі жақсы? Маржан: Сынап, мінейін демеймін, бірақ, ұнамаса қайтемін? Балқан: Ал, ашып айтшы қане...Саған ұнамайтын нәрселерді біле жүрейік... Маржан: Фу, фу, фу! Балқан: Не фу, фу? Футбол, фуфайка, кун-фу, мун-фу...Сонда, шынымен ештемені, еш кімді жақсы көрмейсің бе? Маржан: Сізді ғана жақсы көремін шынымен! Балқан: Мен де сені жақсы көремін, фу бикеш! Фуфу Маржан, фу Маржан! Тоғыз бала ту, Маржан! Қараңғылық түседі. Үшінші көрініс. Балқан: \ көшеде әндетіп келе жатыр:\ Аялайды ән сені, Аңсай бермек жан сені,

Ай сұлу мен күн сұлу,
Мені сүйіп қалса еді,
Назарларын назданып,
Маған ғана салса еді,

Қызық қуған, қыз қуған,
Біз боламыз сал-сері!
Сал-сері!
\ Аинаның есігін қағады. Аина есік ашқан бойда, Балқанның мой­

нына асыла кетеді. \
Аина: О-о, Балқаным, Бал-қағаным!
Балқан: Айна, Айна, ай жаным!
Аина: \ Шоршып кетіп:\ Айна емес, Аина! Аи-и – ина!

Балқан: А-и-и! Ма-а-ии! Аи-ина! Мейлі, сағыздай созсаң да, түбі
Ай, Айна ғой!
Аина: Жоқ! Айна емес, Аина! Міне, тыңдап көрші, қандай әуезді!
А -и -ина!

Балқан: Иә, керемет! Бірақ, ауылға барғасын, бәрібір, Айна
боласың!
Аина: Болмаймын! Бола алмаймын Айна! Аина боп қаламын!
Тіпті ауылды да аи-ила – ға айналдырып жіберемін!

Балқан: Онда, мен бай емес, баи-и-ина болатын шығармын ?!
Аина: Идея! Аи-иладағы Аи-инаның баи-инасы! Лайк!
Балқан: Аи-ина, баи-ина! Әй, әй, Айна, ай жаным!
Саған құрбан мал-жаным!

Бұзып-жарып кеп тұрмын,
Бұл заманның бар заңын!
Аина: \ Еркелеп:\ О-о! Бал – хан! Бал – қа – ған! Мені шынымен
жақсы көресің бе ?

Балқан: Бәрінен сені жақсы көремін!
Аина: Не-е? Бәрің не айтып тұрған?
Балқан: Сенің рейтингің бәрінен де жоғары деймін!
Аина: Бәрі дегенді қой!

Балқан: Жәй, әншейін, сөздің мәтелі ғой! Бәрінен, яғни, бүкіл
әлемнен де сені жақсы көремін дегенім ғой!
Аина: Ал, рейтингің не айтып тұрған? Немене, махаббатқа да ка­
стинг жариялап па едің?!

Балқан: Иә...Жоқ...не ...былай ғой...допинг тестен өтіп, шопинг
кестесіне шықтың дегенім ғой!
Аина: А, солай ма? Байқа! Мен сені өртеп жіберемін! Мен
сені ешкіммен бөлісе алмаймын! Маған тұтас махаббат керек!

Қазақпайщинаға мен көне алмаймын!
Балқан: Есіңде ме, ең алғаш кездескеніміз!?
Аина: Иә! Театрға барып едік қой!
Балқан: Театрда спектакль біткенше қол ұстасып отырдық.

Саусағыңа саусағым тиген сайын, оттай лаулап, өртеніп кете
жаздағанымды ұмыта алармын ба?! Мен театрда бұрын-соңды ондай
күйді басымнан кешіп көрген емеспін!
Аина: Иә! Мен де! Ғажап болып еді!

Балқан: Ал, Аина, Аина, айта қой қалауыңды!
Аина: Мен жиырма бірінші ғасырдың қызымын! Қызық, әдемі
өмір сүргім келеді!
Балқан: Қызық, әдемі өмір деген не сеніңше?

Аина: Әдемі өмір деген...Әдемі өмір! Блеск! Шик!
Балқан: Жалт – жұлт, жарқыл – жұрқыл! Жырқыл – жылтыр –
жыртыл!
Аина: Сендер оны түсінбейсіңдер! Мен отбасы, ошақ қасында

отырғым келмейді! Әлемді аралап жүргім келеді!
Балқан: Бірақ, әлем саған отбасы бола алмайтынын ойладың ба?
Әлем отбасынан басталады!
Аина: Мүмкін! Бірақ бұл отбасына байланып қал деген сөз емес

шығар!
Балқан: Сонда қалай, жел айдаған қаңбақтай қаңғи бермексің бе?
Аина: Аяғым жеткенше жүріп, аузым жеткенше сөйлеп, қолым
жеткеннің бәрін алғым келеді!

Балқан: Әй, мұндай ниетіңмен сен сірә, байға да тимессің!
Аина: Неге тимеймін? Теңім табылса, тигенде мен тиейін!
Балқан: Тие ғой, қарсылық жоқ! Бірақ, мұндай көзқарасыңмен
сені кім алады?!

Аина: Міне, көрдің бе, қандай артта қалғансың! Қазір, жұрттың
көбі сен сияқты, әйелдерді әлі де ерлерден кем санайды. Мен бұған
қарсымын! Мен әйелдерді ерлермен теңестіріп, тіпті, ептеп, асырып
қоюды шынымен ойлап жүрмін!

Балқан: Қой, сен тіпті қуып кеттің! Әйелдердің еркектерден пра­
восы аз деп кім айтты? Қайта, тым көп право беріп қойғандықтан,
сендер, әйелдер бетімен кеткен жоқсыңдар ма?
Аина: Бетімен кетіп не бүлдірдік сонша?

Балқан: Бүлдіргенде қандай! Ұлтты аздырып-тоздыру үшін
отбасының ұйтқысы, ошақтың берекесі әйелді атқа мінгізіп, жауапты
жұмысқа жегіп, офисті басқартып қойсаң –бітті деген екен бір қара
ниет данышпандар.

Аина: Өйдөйт!

Балқан: Әйелдің бағы – ана болу, ұрпақ өсіру! Аина: Дау жоқ! Бірақ, бала бағып, үйде отыруға міндетті емес! Балқан: Пай-пай! Сен сонда үйде отыра алмайтын қаңбақ қатын болмақсың ба? Аина: Жарайды, тамақ істеп, ыдыс-аяқ жуғанға көнуге болады. Ептеп, ептеп үйреніп те кетерміз! Бірақ, кір жуу дегенді айтпа маған! Біреудің кір – қоңын...бр-рр, жумақ түгілі, мен өз көйлегімді жуып көрмеген ақсаусақ, нәзік қызбын! Балқан: Сонда қалай, мен жуамын ба кірді? Аина: Е-е, несі бар екен? Өз киімдеріңді, өз әйеліңнің көйлеккөншегін шая салсаң, қолың сынып қалмас! Қолдарың да добалдай! Тіпті, байқап бұрамасаң, менің модный, үлбіреген көйлектерімді жыртып жіберуің де мүмкін-ау! Балқан: Апырмай, Айнажан, саған шешең не үйреткен сонда? Аина: О-о, менің мамам маған бәрін үйретті! Ол алтын адам, көресің әлі! Мені әлпештеп, еркелетіп бақты! Гүлдей нәзік қылып, аялап өсірді! Оқытты, тәрбиеледі! Қолыма сыпырғыш ұстатқан емес! Ыдыс-аяқ жуғызған жоқ! Балқан: Иә, қазір қыз тәрбиесі де өзгеріп кетті! Бұрын бір үйдің келіні боласың, азаматтың әйелі боласың деп үйретуші еді шешелері. Аина: Қазір оған кім көнеді? Біз барған жерімізді билеп, төстегіміз келеді! Біз байға бағынғымыз келмейді! Бізге айтқанымызға көніп, айдауымызға жүретін жігіт керек! Балқан: Ә, солай ма? Ондай жігітті арнайы зауыттан жасатып алмасаңдар, өмірі таба алмайсыңдар! Аина: Біз жігітіміздің өзімізді еркелеткенін, алақанында ұстағанын қалаймыз! Балқан: Ә-ә, алақан ба? Міне, міне алақаным! Кел, келе ғой, аяулы Аина! \ Әдейі жалпақбайдың рөліне кіріп, алақанын Аинаның табаны­ на төсейді. Аина оның алақанына шығып тұрады. Балқан оны көтеріп, мойнына мінгізіп, шыр айнала жүреді. Елпілдеп, асты-үстіне түседі: \ Қалағаныңды айта ғой, Аина?! Ләпбай, Аина! Құлдығың болайын, Аина! Садағаң кетейін, Аина! Мен сенің өмір бойы бал айыңмын, мәңгілік малайыңмын, Аина! \ Аина мәз болып, шетелдің бір әуенін шаттана ыңылдайды, салтантпен екі қолын көкке көтеріп, билейді. Балқан оның ыңғайына қарай майыса береді.\ Қалаған жағыңа бұра ғой, Аина! Айтқаныңа көнбесем, қақ төбемнен ұра ғой, Аина! \ Аина Балқанның басын барабан қылып соғады. Балқанның жыны ұстап кетіп, Аинаны лақтырып кеп жібереді. Аина акробатша майысып, домалап түсіп, бүктетілген күйі бір шетте жатып қалады.\ Аина: \ Ауырсынған болып, керіле тұрады:\ Бар қорқытқаның осы

ма? Балқан: Ер-азамат шыдайтын жерге дейін ғана шыдайды! Еркектің жынына тимегендерің жақсы! Аина: \ Әдейі ойнақыланып:\ Ал, тисек ше? Не қыласың, ә? Ал, тиемін жыныңа! Ал, ойнаймын нербіңе! Ал, ішемін қаныңды! Айт­ шы, сонда маған неғыласың? Балқан: \ Күлкіге айналдырып:\ Жоныңнан таспа тіліп, тұз сеуіп қоямын! Аина: Тіліп көр! Ертең езуіңді тіліп береді! Заң біз жақта! Айналай­ ын алтын заң арыстандай ерлерді мысықтай мыстандардың алдында мыштай ғып қойған жоқ па! Хи-хи-хи! Байғұс байсымақтарым –ай, тулап, тулап қоясыңдар! Қайда барасыңдар?! Басқа түк те келмейді қолдарыңнан! Балқан: Оны көрерміз әлі, Аина! Аина: Әділ заңға, нәзік жанға тәуелді болып, тәп-тәртіпті, тәптәтті болып жүрген ерлерден айналайын! \ Балқанды қолынан ұстап, үйіре айналдыра билейді.\ Балқан: Айнал, айнал, айнала бер, айнала бер! Басың айналып, құлап қалғаныңды байқамай қалма, бірақ! Ғашығың жүрсе қасыңда, Асылық қылып, тасыма, Жұлдыз боп тіпті кетсең де, Еріңнің шықпа басына! Еліңнің шықпа басына! \ Құшақтайды. Қараңғылық түседі.\ Төртінші көрініс Балқан кеткеннен кейін, Аина өз пәтерінде жалғыз өзі сотка шұқылап отыр. Бір кезде зың-ң етіп телефонға хабар кеп түседі. Тағы да зың. Аина өз телефонын ашып қарайды, түк те жоқ. Аң-таң болып тұрғанда, тағы да зыңылдап бірнеше хабар бірінен кейін бірі қаптап кетеді. Аина жан-жағына қарайды. Анадай жерде жатқан бір телефонды көреді. Ақырын алып, қарайды. Аина: Е-е! Бал-ханым, Балқағаным, балпағым! Телефонын ұмытып кетіпті! А-ха! Білдім, білдім! Мені көргенде, есінен танған ғой! \ Телефон тағы зың-зың ете қалады.\ Мәссаған, неғылған пошта! Тоқтаусыз ағылып жатқан хат-хабар! Қызық! Кімдер жазып жатыр екен? Не жазады екен сонша? Ашып көрсем бе екен? Жо-жоқ, тоқта! Біреудің телефонын ашуға болмайды! Бұл тәрбиесіздік! Өзі іздеп келгенше жатсын зыңылдап! \ Телефонды

қоймақ бола бергенде, тағы зыңылдайды.\ Түу, мына біреудің зыңылы тіпті ерекше! Көз қиығымды ғана салып көрсем қайтеді? Тоқта, Балқан маған бөтен емес қой! Менің де правом бар шығарау! \Телефонды ақырын ашып, сығалайды. Сығалаған сайын көзі аларып, есі шығып, бір кезде телефонды түгел ашып, хабар­ ларды оқи бастайды.\ Мә-ә-ә! Мәссаған! Мына қара! Масқара! \ Құлағына күңгірлеп, хат авторларының дауысы келгендей бо­ лады.\ «Балқаным, балпаңым! Балдай тәтті балпағым, Сені ой­ лаумен сарғайып, Атады менің әр таңым!» Жеңіскүл! Өлеңдетіп жіберіпті, әй? Тағы не дейді? «Балқаным, алақаныңды сағындым! Қашан келесіз?! Өзіңіздің жемісіңіз, гүліңіз!» – дейді. Қарай гөр! Келтірермін мен саған! Тоқта, ойбай! Мына біреуі тағы шықты ғой: «Ешкімді, ештеңені ұнатпаушы едім! Сынап, міней беруші едім! Сіз келіп, барлық түсінігімді өзгертіп жібердіңіз! Сіз менің өмірге деген махаббатымды ояттыңыз! Мен сізді шексіз сүйемін, Балқан жаным! Өзіңнің Фу бикешің! Маржаның!» Қалай – қалай сілтейді, Фу бикеш – Қу бикешСу бикеш! Байсыраған ту бикеш! Мен тұрғанда сендерге Балқан да жоқ, бай да жоқ! Талқан да жоқ, май да жоқ! Ту талақай қылып, тас-талқандарыңды шығарармын, бәлем! Аинамен ойнағыларың келген екен, ал, көрейік онда! \ Тоқтап, өзін-өзі қолға алуға тырысып, терең тыныс алып, жаттығулар жасап, қайраттанады. Балқанның телефонына қарап тұрып, өз телефонына қыздардың номерлерін жазып ала­ ды. Телефон соғады. Толқып, күтеді. Телефоннан Жеңіскүл жауап береді.\ Жеңіскүл: \ Телефондағы дауыс:\ Иә! Аина: Алло! \ сөйлеуге дәті бармай:\ Алло! Жеңіскүл: Иә, мен тыңдап тұрмын! Аина: Алло! Алло! Жеңіскүл: Айта беріңіз! Мен жақсы естіп тұрмын! Аина: Сіз...сіз Жеңіскүлсіз бе? Жеңіскүл: Иә, мен Жеңіскүлмін! Ал сіз кім боласыз? Аина: Оны кейін біле жатарсыз! Мен сізбен сөйлесуім керек. Балқан туралы! Жеңіскүл: Балқан! Оған не боп қалды? Аман ба өзі? Аина: Аман. Ондайларға не болушы еді? Жеңіскүл: Зәрем кетті ғой! Аман болса болды. Айта беріңіз. Аина: Айтсам...Сізге балпаң... Бізге қалқам...Тағы біреуге талтаңталтаң. Балқанның қайда, қашан, не істеп жүргенін білесіз бе өзіңіз? Жеңіскүл: Білмеймін...Білгім де келмейді. Қайда, қашан, не істеп жүрсің деген сұрақтар менің сөздік қорымда мүлде жоқ!

Аина: Өй, біткен екенсің онда....басың айналып. Онда кездесейік, мен бәрін де тәптіштеп тұрып түсіндірейін. Жеңіскүл: Жақсы! Айтқан уақытыңызда, айтқан жеріңізден та­ былайын! Аина: Адресті смс-пен жіберемін қазір! Жеңіскүл: Жақсы!\ телефонды қояды.\ Аина: Ал керек болса! Мынауың ессіз ғашық сияқты Балқанға! Менен де жақсы көре ме сонда? Жо-оқ! Дәл мендей ешкім де сүймейді Балқанды! Сүйе алмайды! Менен артық сүю мүмкін емес деп жүрсем, ол менің махаббатымды мазақ қылып, тайраңдап жүр екен ғой! Жоқ, мен бұған көне алмаймын! Көрсетемін көкесін көзіне! Көрсетемін! \ Қызғаныш пен реніштен қаны қайнап, жаны күйзеліп жүреді әрлі – берлі. Маржанға телефон соғады.\ Маржан: \ Телефондағы дауыс:\ Иә! \ Аина үнсіз :\ Иә, тыңдап тұрмын! Әлө, әлө! Айта беріңіз... Аина: Әлө! Сіз Маржансыз ба? Маржан: Иә, Маржанбыз! Ал, сіз кім боласыз? Аина: Біз бе...біз інжуміз! Маржан: Інжу, маржан секілді-ай... Аина: Ондай ән қайда, ондай әнді ұғатын жан қайда қазір? Жігіттер Тарзан, інжу – маржандар арзан болған заман ғой?! Сіз Балқанмен көптен жүресіз бе? Маржан: Фу, не деп тұрсыз? Түсінбедім... Аина: Сіз бәрін де түсініп тұрсыз...Бұлтақтамай, турасын айтыңыз қане! Маржан: Сіз өзі тергеуші сияқтысыз ғой! Мен сізді неге түсінуім керек? Неге тура жауап беруім керек? Аина: Түсінбесеңіз, түсіндіріп жіберейін! Балқан деген балпақ сізді де, бізді де, Жеңіскүлді де алдап соғып жүрген алаяқ! Оңбаған! Ит! Егер де оның кім екенін, не істеп жүргенін білгіңіз келсе, дереу маған жетіңіз! Маржан: Ал егер білгім келмесе ше? Аина: Мейліңіз! Сіздің білгіңіз келмесе де, біздің білгіміз келіп тұр! Біз Жеңіскүл екеуміз бүгін оны буындырып тұрып, бәрін де біліп аламыз! Маржан: Мен ойланайын! Аина: Ойлансаң да, ойланбасаң да сол! Адресті жазып жіберемін! Келсең келдің, келмесең қалдың! Чао! \ телефонды сөндіріп, смс жаза бастайды.\

Екінші акт Бірінші көрініс Жеңіскүл Аинамен кездесуге келе жатыр. Жан-жағына жалтақтап, үрпиіңкіреп, әрең-әрең келеді. Аинаның үйіне жақындай бергенде, алыстан келе жатқан Маржанды көріп, сасқалақтап, тасаға тығылып қалады. Маржан Аинамен кездесуге келе жатыр. Басын қақитып, мұрнын шүйіріп алған. Қандай шайқасқа да әзір, тас-түйін. Еркін басып келіп, есіктің қоңырауын басып, басып жібереді. Екінші көрініс Аина өз пәтерінде Маржан мен Жеңіскүлді күтіп жүр. Толқиды. Телефонға бір, есікке бір алақтайды. Қоңырау шырылдайды. Аина серпіліп, терең тыныс алып, есікті ашады. Маржан кіреді. Екеуі бас изегенсіп, сәлемнің ырымын жасап, бір-біріне сынай қарап, аңдысып, айнала жүреді. Сол кезде қоңырау шырылдайды. Аина есік ашады. Жеңіскүл келеді. Үш қыз сөзді қалай бастарын білмей, үнсіздік ор­ найды. Аина: Тәк, қыздар... \ толқығанын сездірмеуге тырысып, Маржанға: \ Сен кімсің? Маржан: \ Фу! – дегенді дыбыссыз, ернімен білдіріп:\ Өзің кімсің? \ Екеуі егесіп, көзбен шарпысып тұрғанда, Жеңіскүл безектеп кетеді.\ Жеңіскүл: Мен...мен Жеңіскүлмін! Аина: Хихи-хи! Жеңіскүл? Қазақпайщина! Маржан: Жеміскүл деу керек еді! Жемісін жігіттер жеп тұрсын деп! Аина: Жә! Мен Аина! Маржан: Фу! Айна – Файна! Фуфайна! Аина: Ал, сен кімсің? Маржан: Маржан! Аина: Марджанио! Марджиния! Ноу, жобаға да келмейді! Жеңіскүл: Мал – жан десейші одан да! Мал – жан – қартайғанда малжаң-малжаң! Аина: Сен кімсің, Марджанетто? Маржан: Мен –менмін! Аина: Сен сен екеніңді көріп тұрмын! Балқанның кімісің деп сұрап тұрмын мен сенен!?

Маржан: Сұрайтын сен кімсің? Сұрағыңа жауап беретін мен кіммін?! Жеңіскүл: Жә, қыздар, ерегеспей жөнге көшейік те! Бәріміздің сырымыз да, мұңымыз да бір ғой! Аина: \ Бәсеңсіп, сәл мұңайып:\ Иә, қыздар, жағдай осындай! Балқанның біздің аузымызды аңқитып алдап жүргенін мен жаңа білдім! Маржан: Фу! Алдаса сендерді алдаған шығар! Мені алдап жүрген жоқ! Ол мені шын сүйетініне сенемін! Жеңіскүл: Мен де сенемін! Аина: Сенемін?! Бәрін көріп, біліп тұрып та сене бересіңдер ме сендер?! Сондықтан ғой, отызға келгенше өтпей жүргендерің! Маржан: Отыз емес, жиырма сегіз! Сенің де жетісіп тұрғаның шамалы ғой! Өткіш болсаң, баяғыда кетпес пе едің...отыз беске дейін омалмай! Аина: Байқап сөйле! Мен де жиырма сегіздемін! Жеңіскүл: Мә-ә, құрдас екенбіз бәріміз! Енді бір секірсек, отызға да кеп қалармыз! Маржан: \ фу дегенді дыбыссыз, ернімен білдіріп:\ Бірақ, Аина қазірдің өзінде отыз бесте сияқты...бізден гөрі кекселеу көрінеді ғой, ә, Жеңіскүл? \ Жеңіскүл үнсіз көзін жыпылықтады.\ Аина: Балжырама! Жөнді әтір себе алмай жүріп, сөйлейсің ғой кеп? Маржан: Иә, әтірмізге не боп қапты? Аина: Иісмайың ...енді былай, нелеу екен.... Маржан: Нелеу екен ...иісмайым? Мұрныңды жарып бара ма? Аина: Ну-у...ниче...саған жарап жатыр! Маржан: Жарай ма, жарамай ма, оны сенен сұрамаспын! Ал, біле білсең, бұл француз әтірін маған Балқан әдейілеп Парижден әкеліп берген! Ішің күйсе, тұз жала! Аина: Тұз емес, мен саған қан жалатармын қазір! Маржан: \ Қолын шығарып, Аинаның тұмсығына тақайды:\ Мә-ә! Аина оның қолын бұрап жібереді. Маржан домалап түсіп, бір тебеді. Екеуі қиқуласып, шыңғырысып, алысып, жұлыса кетеді. Жеңіскүл қорқа-қорқа, арашалағысы келіп, бірақ, бата алмай қашқалақтап жүріп, олар алқынып, әбден шаршады-ау дегенде ақырын келіп, айырады екеуін. Шаршаған қыздар араша бере сала­ ды. Сол кезде Аинаға Балқан звондайды. Аина: Әлө! Балханым, Балқағаным! Иә, телефоның менде! Қазір келемін дейсің бе? Иә, жақсы, күтемін! \ Телефонды сөндіріп:\ Келе жатыр!

Қыздар үсті-бастарын жөндеп, үрпиісіп қалады. Аина: \ Оларды жігерлендіріп, іске кіріседі.\ Ал, қане, әскери дайындық! Торға түсті деген осы! Қалғаны өз қолымызда! Кек ала­ тын сәт туды, қыздар! Маржан: Алаяқтың сыбағасын беруге мен дайынмын! Жеңіскүл: Мен де дайынмын! Аина: Онда жоспар мынадай! \ Екі қыздың құлағына сыбырлай­ ды. Ана екеуі мақұлдап, бастарын изеп, жұдырықтарын сермеп, қол алысып, арлы-берлі серпіліп жүреді. Аина шөлмектегі шарапқа дәрі қосып, шайқап, шайқап қояды.\ Сол кезде қоңырау шарылдайды. Қыздар шошынып қалады. Аина екі қызды жасырып қояды да, есікті ашады. Әндетіп Балқан келеді. Аялайды ән сені, Аңсай бермек жан сені, Ай сұлу мен күн сұлу, Мені сүйіп қалса еді, Назарларын назданып, Маған ғана салса еді, Қызық қуған, қыз қуған, Біз боламыз сал-сері! Сал-сері! Аина Балқанды қарсы алады. Түк білмегендей болып, әдемі әңгімелеседі. Қылымсып, қалжыңдасады. Шарап ішкізеді. Аина: Бал – ханым, Балқағаным! Мені жақсы көресің бе? Балқан: Иә! Бәрінен де сені жақсы көремін! Аина: Ол кімдер...бәрі дегенің?! Балқан: Олар ма...олар да бір керемет қыздар! Аина: Ах, солай де! Сонда, менің рейтингім қандай? Балқан: Сенің рейтингің бірінші! Бәрінен де жоғары! Сөйлеп отырып Балқан ұйқтап кетеді. Аина: Ау-у, қыздар! Бері келіңдер! Аю кетті ұйқыға! Маржан мен Жеңіскүл ақырын басып келеді. Жерге құлап, жа­ тып қалған Балқанды Жеңіскүл көтеріп, астына көрпе төсейді. Маржан мен Аина әуелде аң-таң болып қарап тұрады. Жеңіскүл Балқанның басына жастық қойып, жанында жарасып отыра кет­ кенде, екеуінің қаны қайнап шыға келеді. Аина: Мәссаған! Қарай гөр мынаны ! Маржан: Бұл не деген із-зет! Мұндай құрметке лайық емес бұл ит! Ортада шалқасынан жатқан Балқанды үшеуі үш жағынан

қоршап, жақындай бастайды. Қандары қайнайды. Аина мен Мар­ жан скотчпен Балқанның қол-аяғын байлап тастайды. Аина: Ох, падла! Алдап жүрген екен ғой! Маржан: Алданып жүрген екенбіз ғой! Тарттыру керек...сазайын! Аина: Уо! Тарттырып жіберейік! Жеңіскүл: Тарттырғыны несі? Аина: Құлағын кесіп алайық! Маржан: Құлағының жазығы не? Аина: Мұрынын кесеміз бе әлде? Маржан: Мұрында нең бар? Аина: Құлағын кесіп құнтитып, мұрынын кесіп шұнтитып қоя берсек...Қай қыз қарар екен, бәлем? Өзі-ақ жалынып бізге келмей ме? Жеңіскүл: Ойбай, обал болады ғой! Маржан: Біздің обалымызға қарап па еді? Аяйтын дәнеңе жоқ! Аина: Онда бар ғой... Біржолата піштіріп тастау керек! Маржан: Міне, идея! Керемет идея бердің сен қыз! Жарайсың! Жеңіскүл: Ойбай, не дейді? Қалай? Қайтіп? Маржан: Солай, сөйтіп! Аина: Қырқ еткізіп қия саламыз – бітті! Маржан: Мұндай үлкен істі бастау құрметіне идеяның авторы ие болсын! Аина: Жоқ! Үшеуміз бірдей істейміз, бірдей жауапты боламыз! Маржан: Онда кеттік! Жеңіскүл: Уф, жүрегім –ай! Маржан: Ой жүрегің бар болсын сенің, жүрегің! Басында ойлау керек еді жүректі! Алданарда жүрегің қайда болып еді-ай! Аина: Бізді құртқан сол жүрек қой! Қане, жүр алға! Әйтпесе, жүрегіңді бірге кесіп тастаймыз! Жеңіскүл өзін-өзі қолға алып, қыздарға қосылады. Қайшыларын шақылдатып, пышақтарын жарқылдатып, үшеуі жан-жағынан жақындай береді. Балқан алаңсыз ұйқыны соғып жа­ тыр. Жақындай бергенде Жеңіскүл шыдай алмай, шегіншектеп кетеді. Қаһарына мініп, қандары қарайып келе жатқан ана екеуі кілт тоқтап, оған жалт қарайды. Аина: Тағы не боп қалды саған? Жеңіскүл: Шынымен... нетеміз бе? Аина: Иә! Жеңіскүл: Ал... сосын нетеміз? Аина: Неткені несі? Маржан: Хи-хи-хи! Ай, да, браво!

Жеңіскүл: Тоқтаңдар! Қойыңдар енді! Бұдан не пайда? Одан да тату-тәтті бөліп алайық та! Маржан: Нені бөліп аламыз? Аина: Қалай...бөліп аламыз? Жеңіскүл: Балқанды бөліп аламыз! \ Маржан мен Аина аң-таң .\ Үшеуміз бөлеміз де аламыз! Маржан: Үшке бөліп? Аина: Үшке? Түк түсінсем бұйырмасын! Жеңіскүл: Түсінбейтін несі бар? Үшеуміз де тиіп алайық! Заңды түрде! Бітті! Проблеманың бәрі әдемі шешімін табады! Маржан: Өй-буй бишара! Байсырап біткен екенсің, байғұс! Ал, мына мәселені \ саусағымен жүрегін шұқиды:\ қайда қоямыз? Қалай шешеміз, ә? Айтыңдаршы қане, білгіш болсаңдар? Жеңіскүл мен Аина да бір сәтке жүректерін ұстап, үнсіз ойла­ нып қалады. Аина: Қыздар, тоқтаңдаршы...Қаным қайнайды! Қызғанамын! Бірақ, жүрегім қимайды! Маржан: Мен де сондай күйдемін! Жеңіскүл: Мен де! Аина: Бізді бұған байлап қойған не сиқыр? Маржан: Білмеймін! Әжептәуір ақылым бар сияқты еді. Бірақ, осыны түсіне алмай-ақ қойдым. Жеңіскүл: Балқанды көргенде, бар ақылым жоқ болып кетеді! Аина: Мен де есімнен тана жаздаймын! Маржан: Мен кішкентайымнан сыншыл болып өстім. Неге екенін білмеймін, кез-келген нәрсенің кемшілігін көремін де тұрамын. Жұрт жабыла бірдемені мақтап жатса, сынап – мінеп шыға келемін. Сол мінезімнің зардабын да тарттым талай. Бірақ, қоя алмадым. Мектеп бітірер –бітірместен қаншама жігіттер сөз айтып, соңымнан жүгірді. Көңілім қаламады ешкімді. Бірі анандай, бірі мынандай дегендей. Фуу! Бір де бірі менің идеалыма ұқсамайды! Институт бітірер жылы бір жақсы дос жігітім сөз салды. Үш рет келді алдыма...Өлердегі сөзін айтты! Көңілім соқпады. Өкпелеп кетті. Қазір үйлі-баранды, балалы – шағалы. Кейде, оңаша жалғыз қалғанда өкінемін! Әлі өкінемін! Қыздар үнсіз, күрсінеді. Аина: Менің бала күннен жақсы көрген ертегім «Золушка» бола­ тын. Күл тасып жүрген кедей қыздың ханзадаға кездесіп, ханшайым болып шыға келгеніне әрі таңданып, әрі естен тана қызығушы едім. Керемет көретінмін, сондай болсам деп армандайтынмын. Менің де ақ боз атты ханзадам алдымнан шыға келіп, бақытқа бөлейтін шақты өліп-өшіп аңсайтынмын. Амал не, кездескен жігіттердің бірде – бірі

қиялдағы ханзада бола алмады. Ал мен одан төмендерге қарағым
келмеді. Сөйтіп жүріп уақыт өтіп, отызға таяп қалғанымды байқамай
да қалдым!
Маржан: Аина, сен маған ренжіме. Отыз бес дегеніме.

Қызғаныштан қыздар не демейді? Әйтпесе, сен тура он сегіздей
көрінесің!
Жеңіскүл: Иә, талшыбықтай бұралып-ақ тұрсың!
Аина: Рахмет, қыздар! Сендер де уылжып тұрсыңдар! Бірақ, одан

не пайда?!
Жә, содан Балқанды бір көргенннен –ақ, менің аңсаған ақ боз атты
ханзадам осы деп ойладым.
Маржан: Менің де көзім байланып, кемшілігін көрмей қалдым

ғой!
Жеңіскүл: О-о, бұл бөлекше, бәрінен де ерекше! Бұрын сөз
айтқан жігіттер бір түрлі былжырақ, жасанды көрініп, жалған
сөйлеп тұратын. Сол үшін ұнатпайтынмын. Ал Балқан бір көргеннен

бүркіттей бүріп алды ғой!
Аина: Сөйтіп сарғайып жүріп тапқан сабазың жатыр міне ...бы­
рылдап!
Маржан: Фу, бұлардың бәрі бырылдайды!

Жеңіскүл: Қорылдайды!
Аина: Шорылдайды! Сонда біз армандаған ақ боз атты ханзада­
лар қайда?!
Маржан: Сірә, ол өтірік болу керек! Жақсы қиял, әдемі ертегі

ғана!
Жеңіскүл: Кімді сүйсең – сол ханзада! Өзің ханшайым бола алсаң,
сүйгенің ханзада болады!
Маржан: Осы ауылбай дұрыс айтатын сияқты! Алыстағы ақ боз

атты ханзаданы армандап, адасқанша, қорылдаса да, шорылдаса да
қасыңдағы қара қазаққа тиіп алған артық па деп ойлаймын кейде!
Сол кезде Балқан оянады.
Балқан: \Әуелде түкке түсінбей, тулайды. Өктем сөйлеп,

бұйырады.\ Ой, басым-м! Су-у! Су! Әй, Аина! Келтір маған суды!
Аина: \ Бір жағынан келіп, сүйкеніп:\ Сұлулардың ортасында су­
дырлатып жүріп, сусамырдай сусап кеттіңіз бе, сударь ?!
Маржан: \ Балқан Аинаға басын сүйеп отырғанда, екінші

жағынан келіп сүйкеніп: \ Су керек пе, фу керек пе, судырым ?
Жеңіскүл: \ Балқан абдырап отырғанда, бір кесе су алып келіп
ұсынады.\ Күнім сол, іше ғой!
Балқан:\ Суды сіміріп салып, «Ух!» деп есін жиып, жан-жағына

қарайды.

Жағдайды түсінген соң, әуенін кілт өзгертіп, әндете сөйлейді. | О, жақсы болды ғой, өзім де бастарыңды қосып, бір таныстырайын деп жүр едім! Аина: Өзіміз-ақ танысып, білісіп алдық! Ал, енді өзің таңда! Не осы жерде мәңгі қаласың! Маржан: Не бізді аласың! Балқан: Мен алмаймын дегем жоқ! Маржан: Аламын деп алдадың! Балқан: Алдағам жоқ! Мен алуын аламын, бірақ сендер...өздерің тимейсіңдер ғой! Тие алмайсыңдар ! Аина: Неге? Маржан: Сонда қалай, қайсымызды алмақсың? Балқан: Бәріңді...бәріңді де аламын! Аина: Айтасың-ау! Балқан: Несі бар? Бірің шекер, бірің бал, бірің бәйбіше, бірің тоқал! Маржан: Ах, қандай нахал! Аина: Тоқалыңа қақал! Балқан: Басқа амал жоқ! Менің әйелім бар! Бес балам бар! Үш қыз шыңғырып жіберіп, үш жаққа кетеді. Естерін жиып, қайта қоршайды. Аина: Мәссаған! Үшеуміз аздай, енді әйелің шықты ма? Маржан: Шақыр онда жылдам! Балқан: Кімді? Маржан: Әйеліңді! Әйеліңді осында шақыр! Бәріміз жиналып, сені талқылаймыз! Аина: Айт, жаның барында нөмірін! Көресің қазір! Қаныңды ішеді қатының! Балқан: Әй, әй, әйәйлар-ай! Дос едік қой...Әйелді әуре ғып қайтесіңдер!? Мүмкін, өзіміз-ақ кесіп-пішерміз! Маржан: Фу-у, айттың – ау сенде! Онда мейлің...Өзіміз-ақ кесеміз де пішеміз! Аина: Жатасың осында...қашан қансырап өлгенше! Маржан мен Аина шындап, қайшыларын шықылдатып, Балқанды түрткілей бастайды. Әрі ұялып, әрі Балқаннан именіп, бір шетте үндемей тұрған Жеңіскүл жан-жағына алақтап, қолына іліккен үлкен жастықты алып, екі қыздың артынан ақырын келіп, бастарынан жастықпен періп, періп жібереді. Екі қыз оқыста ойбай салып, екі жаққа дома­ лап түседі. Маржан ұшып тұрады, Аина қозғалмай жатып қалады. Маржан: Фу, сен де! Болашақ байыңа болысып, көзге түсіп

қалмақсың ғой! Сүйікті тоқал болмақсың ғой! Жеңіскүл абдырап, үндей алмай тұрғанда, Аина атып тұрып, ту сыртынан бас салып, алып соғады. Ойбайлатып жатқызып қойып, қарнынан, санынан шымшып-шымшып алады. Қайшысын кеңірдегіне тақайды. Аина: Мә, саған, падла! Крыса! Маржан: Кесіп жібер! Бақталастың басын жұту керек! Аина: А-а, тапқан екенсің ақымақты! Мұны көрге, мені түрмеге жіберіп, өзің төрге шыға қоймақсың ба? \ Ұшып тұрып, Балқанға жетіп келіп, жынданған адам құсап, көзін алартып, қиқулап, қайшысын кеңірдегіне кезей береді.\ Мә, ендеше! Саған да жоқ, маған да жоқ! Жеңіскүл жүгіріп келіп, оның қолынан ұстай алады. Аина онымен тартысып тұрғанда, Маржан араға түседі. Маржан: Жә, сабыр, қыздар! Ақылмен шешейік бәрін. Келсін ана кісі... Аина мен Жеңіскүл тоқтайды. Балқан: Әй, әй, әйәйлар-ай! Басқа басқа, тек әйеліме айта көрмеңдерші! Аина: А-а! Солай ма, бәлем? Маржан: Сен деген Балқан балпаң, талтаң-талтаң емес пе едің? Қатының есіңе түскенде, қалтаң-қалтаң ете қалдың ғой! Балқан: Ой-бой! Бұл заманда әйелінен қорықпайтын еркек – ескіліктің сарқыншағы! Феодализм! Жеңіскүл: Апай сондай аю ма, не? Балқан: Аюың не? Ақырғанда арыстан, жапырғанда жолбарыс! Жұлып-жұлып тастайды, жұлым-жұлымыңды шығарады! Сендердің жандарыңа келіп, жан бағып жүргенім де содан ғой! Аина: Ах, падла! Маржан: Фу-у! Бізге кеп ерсініп, еркінсіп жүргеніңе қарап, сені семсер мінез сері екен деп жүрсек... Аина: Фальшивка! Маскарад! Балқан: Жә, маскарадты масқара қылмаңдар! Келісімге келіп, ақылмен шешейік! Маржан: Ақыл! Ақыл! Аина: Әй, ақылыңды аузыңа тық! Не әйеліңнің телефонын бересің, не қаласың осында! Қайшысын кеңірдегіне тақайды. Амалы құрыған Балқан сотка­ сын ашып, Бағиланың телефонын көрсетеді.. Маржан: \ Телефонына жазып алып, Бағилаға звондай бастай­ ды.Балқан басын шайқайды. Екі қыздың есіл-дерті Маржанның

қолындағы телефонда. Бастары түйісіп, сондай ұйымшыл болып көрінеді.\ Әлөу?! Балқанның әйелісіз бе? Бұл кім дейсіз бе? Кім десек екен, ә? Апырмай, біздейлерді қалай деуші еді...тіпті аузым бармайды...Аа? Не дейсіз? Байтал дейсіз бе?! Аина: \ Телефонға жармасып:\ Байтал емес, байталаспыз! Енді ұқтың ба? Маржан: Байталас, байталас! Бай деген бір жанталас! Аина: \ телефонды жұлып алып:\ Байталас! Әй, байталас, жақсылап тыңдап ал, әңгіме бар...Өте маңызды әңгіме! Бай керек болса, тезірек кел! Келмесең – Балқанның талқанын шығарамыз! Пішеміз де тастаймыз! А-а, солай ма? Онда, жылдам жететін бол! Адресті жіберем қазір смс-пен! \ Телефонмен смс – жібереді.\ Міне, қызық енді басталды! Жаны шығып кете жаздады! Тиіспей тұра тұрыңдаршы дейді! Жеңіскүл: Ойбай, қыздар, құрыдық қой онда?! Аина: Не құрыдық? Неге құруымыз керек? Жеңіскүл: Ана кісі келсе...әкемізді танытатын шығар...Ұят-ай! Аина: Хи-хи-хи! Ұят-ай? Әй, мынаны қараңдар, бет моншағы үзіле қалыпты! Біреудің байын аймалағанда ұятың қайда қалып еді? Маржан: Фу, Аина, сен де айта береді екенсің... Жеңіскүл: Мен оны жақсы көрдім! Және әйелі барын білген жоқпын! Балқан: Қыздар, бір қызық айтайын ба сендерге? Маржан: Сенің – ақ осы қызығың бітпейді екен! Жеңіскүл: Ал, айта ғой! Балқан: Айтсам...сендер, қыздар, жігіттерді түк те түсінбейсіңдер! Аина: Түсінетін не бар екен оларда? Балқан: Сендер өздеріңнің ойларыңдағы жігіттің образымен өлшейсіңдер бәрін! Бір-бір қиялдарың бар, қиялдағы бейнелерің бар. Ал, нақты еркектің қандай болатынын білмейсіңдер! Аина: Білгіміз де келмейді! Балқан: Жоқ, сонда да бір сәт ойланып көріңдерші....Өмірдегі қайшылықтың бәрі содан! Егер де сендер нақты жігітті түсінсеңдер, қаншама мәселе өз-өзінен шешімін табар еді. Оның орнына, сендер өмірдегі жігіт пен қиялдағы бейнені салыстырып, үйлестіргілерің келіп, ит әлек болып, тіпті, ит болып ырылдасып кетесіңдер! Оның орнына, өмірдегі жігітті бүкіл артықшылық, кемшілігімен тірі адам ретінде қабылдап, соның барына риза болсаңдар, керемет бақытты болар едіңдер! Оның орнына, жандарыңдағы тірі адамды қиялдағы идеалға қарай зорлап тартып, ондай болмай қалса, ойбай алдандым деп, зарлап жүргендерің! Не деген қызық едіңдер, әй, әйәйлар-әй!

Маржан: Өй, қойшы! Жігіттердің бәрі өтірікші! Мен өмірімде бірінші рет керемет жақсы көріп едім! Шынымен сеніп едім! Ол да өтірік болып шықты! Сен неге мені алдадың, Балқан?! Балқан: Мен сені алдаған жоқпын, Маржан! Мен сені шынымен жақсы көрдім! Әлі де жақсы көремін! Маржан: Қалай, қалай сайрайсың әй! Тіпті, бетің шылп етпейді ғой! Балқан: Мен шынымды айтып тұрмын, Маржан! Маржан: Шыныңды айтып тұрсың?! Сенің шындығыңның өзі бір сұмдық екен! Балқан: Иә, солай! Сұмдық, бірақ шындық! Мен сені өте жақсы көремін! Менің жүрегімде сенің орның бөлек! \ Екеуінің сөзін құлақтарын түріп тыңдап тұрған Аина мен Жеңіскүл шыдамай баж ете қалады.\ Аина: Шындық? Мен саған көрсетемін шындықтың қандай бола­ тынын! Жеңіскүл: Маған да сүйдеп едіңіз ғой! Балқан: Не деп едім? Жеңіскүл: Орның ерекше, бөлек дегенсіз! Балқан: Иә, рас! Айтқаным да рас, менің жүрегімдегі сенің орның ерекше бөлек екені де рас! Аина: Ах, солай де! Ал сонда мен қайда қалдым?! Балқан: Ешқайда қалған жоқсың! Менің жүрегімдегі сенің орның тіпті бөлек! Аина: Орның бөлек! Ха-ха-ха! Қараңдар, қыздар! Мұның жүрегіндегі менің орным бөлек! \ Маржанды сұқ саусағымен нұсқап: \ Сенің орның бөлек! \ Жеңіскүлге:\ Сенің де орның бөлек! Әй, Балпақ, талпақ! Сенің бүйткен жүрегің не бәле, әй? Ол өзі жүрек емес, шексіз, шетсіз созыла беретін бірдеме болды ғой! Балқан: Менің жүрегім сондай кең! Бәрің де сиясыңдар, жанда­ рым! Мен бәріңді де сүйемін! Аина: Өтірік! Шын сүйсең, бүйтпес едің! Балқан: Шын сүйемін! Рас айтамын! Сендер қалай сүйсем де лайық жансыңдар! Маржан: Қалайша бірнеше қызды бірден сүюге болады, ә? Біздің жүрегімізге неге бір-ақ адам сияды? Біз неге бір-ақ жігітті жақсы көріп, өліп – өшіп қаламыз? Балқан: Ол заңды! Егер сендер бірнеше жігітті бірден жақсы көрсеңдер, не болады? Аина: Ал, несі бар екен? Ерегескенде, ертең –ақ ғашық бола сала­ мыз! Жүріп кетеміз біраз жігітпен!

Балқан: Жүріп кете аласыз. Бірақ, ғашық бола алмайсыз! Және,
ол сендер үшін жақсы ат емес!
Аина: Ал сендерге жақсы ат па сонда?
Балқан: Жақсы ат болғанда қандай! Ол – мақтаныш! Ол

табиғаттың заңдылығы!
Маржан: Балқан, шыныңды айтшы, қайсымызды жақсы көресің?
Балқан: Бәріңді де жақсы көремін!
Аина: Қалай?! Айтпа маған бәрі деген сөзді!

Маржан: Сен не бәлесің? Түсіндірші бізге...
Балқан: Сендер бәрібір түсінбейсіңдер!
Аина: Тырысып көрейік, ал...
Балқан: Мен – еркекпін!

Үш қыз бірдей «Ах! Ох!» деседі.
Аина: Еркек екенмін деп, барлық қыздарды сүйе бересің бе, не?
Балқан: Жоқ, әрине! Барлығын емес...Бірақ, көңіліме ұнаған
қыздарды сүйе бергім келеді!

Аина: Ах, оңбаған опасыз! Олай болса, мен неге бә – ә- рін сүйе
бермеймін? Немене, сенің правоң болғанда, менің правом жоқ па?
Балқан: Әрине, жоқ!
Аина: Не жоқ?

Балқан: Сенің, яғни қыздардың правосы жоқ! Ал менің, яғни
жігіттің правосы бар!
Аина: Қарай гөр, әй, мына күйдіргіні! Кісінің қанын қайнатып...
Кім беріпті саған ондай правоны?

Балқан: Табиғат! Табиғат солай жаратқан! Қыздардың соры – сол
табиғаттың заңына бой сұнбай, қарсы шығуларында!
Маржан: Қандай әділетсіз табиғат!
Аина: Табиғат та, жамиғат та бізге қарсы!

Маржан: Шариғат та қарсы!
Жеңіскүл: Мейлі...мен көнемін бәріне де!
Аина: Қысқарт!
Жеңіскүл: Негізі, табиғатқа қарсы шығып жүрген біз өзіміз ғой!

Аина: Лақпай отыр!
Маржан: Бір жағынан алғанда, осы қазақпайдыкі дұрыс сияқты
көрінеді...
Аина: Қай жағынан алсаң да мен қарсымын! Қарсы бола беремін!

Балқан:
Сендер
жігіттің
жанын...еркектің

табиғатын
түсінбейсіңдер.Жігітті түсіну үшін жігіт болу керек! Былай ғой,
қыздар...Ер мен әйел тең болады дейсіңдер...Жарайды, заң жүзінде
тең болсын. Бірақ, табиғат заңы бойынша ешқашан да тең болмайды

ғой! Соны қалай түсінбейтіндеріңе таңғаламын!

Аина: Соқ, шіркін! Феодальщина! Архаизм! Артта қалғандық! Маржан: Фу-у! Бүкіл өркениеттің даму тарихында ер мен әйелді теңестіру жолында қаншама істер атқарылды! Ал, сен соның бәрін бір-ақ сызып тастағың келе ме, Балқан бай! Балқан: Бері қараңдаршы, қыздар! Өркениетте неміз бар, өз үйімізді жөндеп алайық та! Ер мен әйел тең дейсіңдер...Мысал үшін, мен төрт күнде төрт әйелмен махаббат болып, төрт бала таптыра ала­ мын ба? Аина: Өйдөйт! Қарай гөр мұны! Маржан: Ну, теоретический да! Жеңіскүл: Иә, таптыра аласыз! Балқан: Ал сендер төрт күнде төрт жігітпен махаббат болып, төртеуінен төрт бала таба аласыңдар ма? Жеңіскүл: Жоға, ойбай! Маңыма да жолатпаймын...Масқара-ай! Аина: Өй, қойшы әй, сен де қайдағыны айтып... Балқан: Қыздар, мысал үшін деймін...мисалы...теоретический... Маржан: Фу! Болмайтын нәрсені несіне сұрайсыз! Аина: Елдің бәріне белгілі нәрсеге бола басты ауыртып... Балқан: Елдің бәріне белгілі болғанымен, елдің бәрі мән бермей жүрген нәрсе ғой...Сондықтан, кесіп жауап беріңдер – иә мә, жоқ па?! Маржан: Жоқ! Аина: Әрине, жоқ! Жеңіскүл: Табиғат бермеген нәрсе...Мүмкін емес қой! Балқан: Олай болса, ер мен әйел ешқашан да тең болмайды деген осы! Табиғат солай жаратқан! Осыны түсінген кезде, осыған көнген кезде, бастарыңды қатырып жүрген көптеген мәселелерің өз-өзінен шешімін табады. Бұрынғы нағыз қазақ қоғамында әйелдің ерін қызғануы, сотқа сүйреуі, ажырасу деген болмаған! Қазір неше түрлі бәленің көбейіп тұрғаны да сол табиғат заңын бұзғандықтан! Үш қыз үш жаққа кетіп, сенделіп, ойланып жүреді. Аина: \ Бір айналып келіп:\ Жә, дала философы Балқан бай – балпаңбай! Мұнымен не айтқың келеді? Маржан: Қыздарға мән үйреткің келе ме? Біздің өз мәніміз, өз сәніміз өзімізге ұнайды! Аина: Сондықтан, мұндай пәлсапаңды әйеліңе апарып бер! Ал, бізге қонбайды! Біз сенің тәртібіңе бағынудан кеткенбіз! Балқан: Табиғат адамды әуелден дұрыс жаратқан! Бірақ, адамзат қоғамы табиғат заңын бұзып, түп-түзу тіршілікті төңкеріп қойған! Сендер, қазіргі заманның қыз-қырқындары, сол төңкерілген дүниеде тәрбие алып, теріс өскенсіңдер! Баяғы совет кезінде жазылған заңға тәуелділіктен құтыла алмай отырғанымыз шындық! Ал, ол заң біздің

ұлтымызға қасақана қарсы жазылған! Төрт әйел алуға рұқсат беретін
аталарымыздың даңғыл жолын бір көк көйлекпен шектей салған жоқ
па? Оның ар жағында қазақтар өсіп, көбейіп кетпесін деп, шектеп
қоюды көздеген зұлым саясат жатыр! Әр елдің өз заңы болуы керек,

әр ел өз жолымен жүруі керек!
Аина: Өйдөйт, қайда кетті қиялың! Қазір оған кім көнсін?!
Балқан: Көнесің! Көндіреміз!
Аина: Көрерміз!

Балқан: Көргіш болсаң, ақылыңа салып көр! Тентіреп, көрінген
көк көйлектің соңында күнәға батып жүргеннен де, төрт әйелді алып
қойып, тып-тыныш шалқайып жатқан артық емес пе?!
Жеңіскүл: Ал, онда маған түсіндіріңізші – біз сонда не істеуіміз

керек?
Балқан: Біз енді сол бұзылған табиғи тепе-теңдікті қалпына
келтіруіміз керек!
Маржан: Ол үшін не істеуіміз керек ?

Балқан: Ол үшін сендер түгел маған тиюлерің керек!
Аина: Айтақ! Аузы-мұрның қисаймайды ғой, тіпті, әй, бетсіз!
Балқан: Мен бетсіз боп не істедім?
Аина: Ох, оңбаған опасыз! Саған дауа болмас!

Балқан: Қыздармен оптом жүргенді опасыздық деп есептемеймін!
Ол табиғи сұрыптау!
Аина: Сұрыптау емес, сұрқиялық десеңші сұмырай !
Маржан: Жә, сабыр! Шыныңды айтшы, Балқан, сен мені аламын

деп едің ғой! Неге алдадың?
Балқан: Мен алдаған жоқпын! Аламын десем, аламын!
Маржан: Аласың, иә?! Мені де аласың, оны да аласың, мұны да
аласың...

Балқан: Дұрыс айтасың! Рет-ретіңмен, кезегіңмен дегендей...
Маржан: Фу-у! \ бұрылып кетеді.\
Жеңіскүл: Мені неге алдадыңыз? Мен сізге шын сеніп едім!
Балқан: Сенгенің жөн! Өмір бойы сене бер! Мен сені алдаған

жоқпын! Есіңе алшы...Жеңісім... Победа.... Виктория! Мен сені
аламын дегенде, бәйбіше қылып аламын дедім бе?
Жеңіскүл: Ә-ә... жо-жоқ...есімде жоқ...
Балқан: Міне, көрдің бе...мен сені аламын дегенде, нешінші әйел

болатыныңды айтқан жоқпын! Демек, мен сені алдаған жоқпын, о
кей!
Жеңіскүл: О кей!
Балқан: Саспа, сенің пайың түгел!

Жеңіскүл: Күнім сол!

Аина: Байсыз өтсем де, мен біреуге тоқал бола алмаймын! Тоқал ешкі құсап, бұғып өмір сүре алмаймын! Бола алмаймын! Есіктің қоңырауы шар-шар ете қалады. Бұлар шошынып, сасады. Балқан басын теріс бұрып, қимылсыз жатады. Маржан мен Аина бір-біріне қарайды. Жеңіскүл ақырын –ақырын шегініп, бұрышқа тығылады. Қоңырау зәрелерін алып, тағы шар –шар етеді. Маржан ерегесіп, еңсесін тіктеп, қайқайып алады. Аина «ки-ай» -деп, тыныс алып, ширығып, шамырқанып есікті ашады. Ақырын басып Бағила кіреді. Үнсіз жан-жағын бір шолып, қыздарды барлай бір қарап шығады. Маржан кекірейіп, танауын көтереді. Аина неғыласың дегендей тік қарап, бедірейе қалады. Жеңіскүл ұялыңқырап, иіліңкіреп, басын изеп сәлемдеседі. Бағила «сәлеметсіз бе?» дегенді «сәлміс» дегендей күбірлей сала­ ды. Қыздар да «сымыс» дегендей болады. Бағила жан-жағына бір қарап алып, тура Балқанға қарай тартады. Жанына тізерлеп отыра кетіп, шашынан сипап, бері қаратып алып, құшақтай алады. Балқан да Бағилаға мейірленіп, басын бұлғаңдатып қояды. Қырғынға дай­ ындалып тұрған қыздар ауыздарын ашып қалған. Жеңіскүл тіпті аузын ашқан күйі, бұрыштан бері қарай шығып, жақындап келеді. Бағила: \ Балқанды аялап:\ Амансың ба...әйтеуір? Балқан: Е-е, аманмын, бәйбіше! Аина: Аман...аман әзірше! Балқан: Мына тоқал-поқалдар жабылып мені кесейін деп жатқанда, неғып кешігіп жүрсің?! Байыңды кестіріп қойып, қарап отырасың ба? Бағила: Кешіріңіз...Ести сала, жеткенім осы болды! Мен тұрғанда саспаңыз! Кесіп көрсін... өздерін кескілеп тастайын! Атамнан қалған ақ қанжарыңды ала келдім! \ Сөмкесінен қынаптағы қанжарды алып шығып, жарқ еткізіп суырып алып, жалақтатып-жалақтатып қояды. Жарқ-жұрқ еткен ақ қанжарды көргенде, қыздар шошынып, үрпиіп қалады. Жеңіскүл: \ Шыдай алмай:\ Апай, кешіріңіз! Біз енді...байқамай... білместікпен...нетіп... Бағила: Иә, нетіп? Жеңіскүл: Балқанды жақсы көріп...Сіздің барыңызды білмедік, кешіріңіз! Маржан: Ол бізге әйелім бар деп айтқан жоқ! Аина: Басқа ғашықтарым бар деп те айтқан жоқ! Тек сені ғана, сені ғана сүйемін деп, алдап соқты ғой алаяқ! Бағила: Жә, кешіргенде де, кешірмегенде де, ештеңе өзгермейді! Болары болып, бояуы сіңген соң, несіне күйіп-пісеміз? «Бақсыны

байым бар деме, айғырды малым бар деме!» – деуші еді аталарымыз. Алдағы тіршілікті ақылдасайық. Ал, енді не істейміз? Аина: Соны өзіміз де білмей күйіп тұрмыз ғой... Маржан: \ Фу – дегенді үнсіз, ернімен білдіріп:\ Ақылдассақ ақылдасайық, содан бірдеме шықса.... Жеңіскүл: Сіз қалай айтсаңыз, солай болады ғой! Бағила: Сендердің алдарыңда екі жол тұр! Не үшеуің де біздің Балқанға тоқал болып шығасыңдар, не мақал болып шығасыңдар! Аина: Бізді билеп барасыз ғой әлден...Бес биенің сабасындай боп алып... Бағила: Бес баланың анасымыз, шүкіршілік! Қылтиған сендерден не пайда? Тезірек байға тиіп, балпайып шыға келіңдер! Әйелдің ер­ мен теңесетін, тіпті асып түсетін бір ғана сәті бар. Ол – ана болғанда! Бүкіл әлемнің барлық ерлері жиылып ана бола алмайды! Адамзаттың ертеңгі өсер күні де анаға байланысты! Бірақ, атасыз ана бола ма? Бірінсіз бірі жоқ. Әр нәрсе өз орнында керемет! Жаратушы ғажап үйлестіріп жаратқан табиғатты адамзат өз қолымен бұзумен келеді ғой, әттең! Балқан: Кердең қағып, жер теппе, Жаныңды жынға өрттетпе, Алтын сандық – әйелде, Сандықтың кілті – еркекте! Бағила: Ал, байталдар...байталастар, байқау басталды! Байы­ ма тоқалды өзім таңдап әперемін! Қайсың бірінші, қайсың екінші, қайсың үшінші, қане?! Өмір бойы осы нөмірмен жүріп тұрып, осы кезекпен жатып – тұратын боласыңдар! Аина: Нөміріңді теміріңе тақ! Кім көнеді мұндайыңа?! Бағила: Көнгенде қандай! Көнбейтінің бар, біреудің байымен көңілдес болып нең бар еді? Қыздар үндей алмай, ұялыңқырап қалады. Балқан: Болдыңдар ма осымен? \ Өктем, бұйырып:\ Болсаңдар, босатыңдар мені! Қане, жылдам! \ Жеңіскүл қайшыны Бағилаға ұсына береді. Бағила оны алмай, Балқанды байлаған скотчты ата­ дан қалған ақ қанжармен қиып, босатады.\ Бағила: \ Жеңіскүлге:\ Сен менің көмекшім болатын бір жақсы бала екенсің! Жеңіскүл жымыңдайды. Аина мен Маржан оны көзбен атады. Балқан: \ Қатуланып, Бағиладан қанжарын алып, қынабына салып, беліне тағады:\ Ал, қане...Ойын бітті! Сапқа тұрыңдар!\ Бағила мен қыздар абдырап, таласып – тармасып сапқа тұрады.\ Түзеліңдер! Тік тұр! Бірінші, екінші деп санаңдар!

Қыздар:\
жарыса,
ерегескендей:\
Бірінші!

Бірінші!
Бірінші!Бірінші!
Балқан: Тоқтат! Рет-ретімен санаңдар!
Қыздар: Бірінші! Бірінші!

Балқан: Жарайды! Әр қайсың өз орныңда бірінші бола беріңдер!
Кімнің нешінші екенін өзім білемін! Ал, түзел! Алға!
Қыздар тізіліп, әскери тәртіппен Балқанды айнала жүреді.
Балқан түрегелмек болады да, басы айналып, қайта құлайды.

Бағила мен Жеңіскүл жан-жағынан келіп, қамқор болып бағады.
Жеңіскүл су әкеліп, Бағила орамалмен желпиді.Балқан басын
көтеріп, ақ көрпенің үстінде отырады.
Бағила үнсіз келіп, көрпенің алдыңғы бір ұшынан ұстайды.

Жеңіскүл ақырын, жасқана басып келіп, алдыңғы екінші шетінен
ұстайды.
Маржан мен Аина бір-біріне қарап, артқы екі шетінен ұстайды.
Төртеуі ақырын көтере бастайды. Көтеріп алып, ақырын, бөлмені

айнала жүреді. Балқан ақ киізде отырған хан сияқтанып, масатта­
нып отырады.
Оны көтергендеріне намыстанған Аина мен Маржанның ке­
нет жындары ұстап кетіп, олар Балқан отырған ақ көрпені артқа

қарай, екі жаққа кере тартады. Бағила мен Жеңіскүл шатқаяқтап
шегіне беріп, бойларын жиып, өздеріне қарай тартып тұра қалады.
Төртеуі Балқанды көкпардай жұлқылайды. Арлы-берлі жұлқылап-
жұлқылап, сілікпесін шығарады.

Бір кезде ашуға булыққан Маржан мен Аина көрпені тастап
жібереді. Төрт қыздың төбесінде салтанат құрып отырған Балқан
құлап түсіп, домалап кетеді. Орнынан тұра алмай, тізерлеп, әп-
сәтте бишара болып қалады. Маржан мен Аина қиястанып: Ал,

бізге неғыласың!? – дегендей, кекірейіп, алыстан қарап тұрады.
Бағила байсалды қалпынан жазбай, Жеңіскүлге қабағымен ымдай­
ды. Жеңіскүл орындық әкеліп, Балқанды сүйемелдеп, отырғызады.
Таққа мінгендей болған Балқан қайтадан айбарланып шыға келеді.

Оң жағына Бағила, сол жағына Жеңіскүл билей басып келіп, тұра
қалады.
Маржан мен Аина ызаға булығып, біресе алыстап, біресе
жақындап, айнала жүре береді, жүре береді...

Соңы
13.10.2017ж.- 4.04.2018ж.

Қарыз бен Қаспақ
Екі актілі, бес көріністі комедия
Қатысушылар:
Қаспақ – жас маман, 25-те.

Баспақ – құрдасы, жұмыссыз жас маман.
Оспақ – құрдасы.
Тостақ – кәсіпкер. 45-терде.
Сәукен – саудагер әйел – 45-терде.

Дәмелі – бұрынғы банкир әйел.- 45-терде.
Құдағи – 60-тарда.
Көрші шал – 75 –те.
Кемпірі – 70-те.

Бірінші акт
Бірінші көрініс
Жер жаңғыртқан қиқу, тасыр-тұсыр қуғын. Баспақ көшеде
қашып келе жатыр. Оны қуып келе жатқан Тостақ, Сәукен,

Дәмелінің айқайлары аспанды кернейді.
Тостақ: Әй, Баспақ! Баспақ! Тоқта! Тоқта деймін!
Сәукен: Қашпа, Баспақ! Қашпа деймін!
Дәмелі: Баспақжан! Баспақтай! Тоқтай ғой енді!

Тостақ: Тоқта, жақсылықпен!
Сәукен: Жердің тесігіне кіріп кетсең де суырып аламын!
Тостақ: Көкке ұшып кетсең де құтылмайсың!
Дәмелі: Бәлеге қаласың! Тоқта, одан да!

Баспақ орғып, орғып, қуғыншылардың ырсылдап, қисалаңдап
жүгіргендерін мазақтап, озыңқырап барып тосып алады. Барлығы
ентігін басып, тоқтап, алыстан сөйлесе бастайды.
Тостақ: Әй, Баспақ! Саспақ жаман!

Дәмелі: Қашпақ одан да жаман!
Сәукен: Қарыз –з! Қ-қарыз-зз-ымды қайт-тарр!
Дәмелі: Қайтармасаң, күн жоқ саған!
Баспақ: Немен қайтарам? Қалай қайтарам?

Дәмелі: Алғанда неге ойламадың?

Тостақ: Сотқа берем! Баспақ: Соттамақ түгілі, оттасаң да жоқ! Тостақ: Өй, осы сендерді-ай! Жоқ, жоқ деп жылайсыңдар да жүресіңдер! Сәукен: Бар деп бір айтпайсыңдар ғой! Баспақ: Жоқ нәрсені бар дегенмен, бар бола салмайды ғой! Дәмелі: Болады! Неге болмасын! Сөзге айналдырып тұрып, үшеуі Баспақтың жан-жағынан қоршай бастайды. Ұстамақ болғанда, Баспақ ұстатпай, секіріп, домалап, сытылып кетеді. Үшеуі ауа қармалап, сүрініп, жығылып: «Қап, бәлем, Баспақ! Тұра тұр, Баспақ!» – деп, қайтадан қаумалай бастайды. Баспақ: Ал, Баспақ! Қашпақ болсаң зымыра! Қоршауды бұзып өтіп, бір қалтарыс қуысқа зып береді. Қуғыншылар алақтап, жан-жақтан іздей бастайды. 2 – көрініс Жанұшырған Баспақ бір пәтерге қашып кіреді. Бұл – Қаспақ екеуі бірге тұратын пәтер. Оны Қаспақ таңдана қарсы алады. Баспақ: \ Алқынып, алас ұрып:\ Ойбай, тез мені жасыр! Қаспақ: \ Қылжақтап:\ Әй, сәлем қайда? Үлкен кісілерді сыйла­ уды әкең үйретпесе, мен үйрете қояйын! Сонымен, бірінші сабақты бастаймыз... Баспақ: Қайдағы сабақ? Мен қашып келдім! Қуғыншылар қаптап келе жатыр! Қаспақ: Қайдағы қуғыншы? Неғылған қуғыншы? Баспақ: Мені қуып келе жатқан қуғыншы? Қаспақ: А-а, сені ме? Мейлі, сені қуса қуа берсін! Мені қумаса болды! Баспақ: Ой, осы...қылжағың қалмайды екен? Тез жасыр мені! Қаспақ: Жасыр? Қайда жасырам? Қалтама тығам ба? Баспақ: Неғылсаң о ғыл, тек жасыр! Қаспақ: Жақсы! Бірақ, аға деп айт! Баспақ: Кетші, әй, бар! Түйдей құрдасты аға деп... Қаспақ: Қайдағы құрдас?! Сен бала, былай...ағаларыңмен байқап сөйлес... Мен сенен бақандай қырық күн үлкен екенімді есіңнен шығарма! Баспақ: Қырық күн деген не ол?! Қаспақ: Әй, қырық күн деген қыруар ғұмыр емес пе? Қырық күнде мені қырқымнан шығарып, әп-әдемі қылып киіндіріп, бетімнен иіскеген. Мен кәдімгідей кісі болып, жұртқа көрінуге жарап қалғанда,

сен аузы-мұрның қан болып, жарық дүниеге жаңа-жаңа тырбалаңдап шығып жатқансың! Баспақ: Оттапсың! Қаспақ: Оттағанды көресің қазір! Бар, онда, қайқай! Қай-қай! Сырттан қуғыншылардың қиқуы естіледі. Сәукен: Әй, Тостақ, тоқта! Бері кел! Баспақ осында! Осы үйде Қаспақ екеуі бірге тұрады! Дәмелі: Баспақ пен Қаспақ құрдас! Сәукен: Бірін Баспақ, бірін Қаспақ деп атап кеткен де өздері! Қаспақтың есігін қағады. Тостақ: Қаспақ! Әй, Қаспақ! Аш! Аш, қане! Сәукен: Бізге Баспақ керек! Дәмелі: Шығарып бер жылдам! Баспақ: \ Бұлардың қиқуын қорқа-қорқа тыңдап алып :\ Әй, Қаспақ, болды енді! Құрдасың құрып кетсін демесең, жасыр жақсылап! Қаспақ: Аға деп айт! Баспақ: Айтпаймын! Қаспақ: Онда мейлің...Құрдастың болмас елдігі деген...Қазір қарызқойлардың қолына беремін де, қызығыңа қарап тұрамын! Баспақ: Ой, ит-ай! Ал, аға десем ше? Қаспақ: О, онда әңгіме басқаша! Аға деген жаға, інілерге пана! Онда қамқорың, қорғаның боламын! Тіпті, анда-санда тлипоныңа тиын сап тұрамын! Баспақ: Ал, мейлі, мына пәледен құтқарсаң болды! Аға дейін, ал! Қаспақ: Жоқ, олай емес! Былай, дұрыстап, аға, ағатай деп айт! Баспақ: Ал, аға, а-ға-тай! Қаспақ: О-о, міне қатып кетті! Осы айтқаныңнан қайтпа, енді! Өмір бойы ағалап өтетін бол! Баспақ: Ма-ма-құл! Қаспақ: Мақұл, ағеке де! Баспақ: Ба-ба – бақұл, ағе-ке! Қаспақ: Бақұлдасатындай өлейін деп жатсың ба? Мақұл де! Баспақ: Мақұл, ағе-ке! Қаспақ: Бұдан былай, бетіме қарап сөйлеме! Алдымнан кесіп өтпейтін бол! Көшенің арғы бетінде кетіп бара жатсаң, көлігіңді тоқтатып, жаяу келіп сәлем бер! Былай, дұрыстап, екі қолдап, иіліп... Аға, ағажан, ағатай деп алда, көңілімді аула! Ағаңның ықыласы түссе – жаның қалуы әбден мүмкін! \ Айғай күшейе түседі: Баспақ! Қаспақ!\ Баспақ: Енді қайттік ?

Қаспақ: Жат та, қата қал! Дымың шықпасын! Ес-түссіз жата бер! Қан тасып, жүрек қаққылап, жығылдың да қалдың! Ұқтың ба? Баспақ: Б-б-бұқтым! \ серейіп жата қалады.\ Қаспақ: \ Бір қолымен телефонын шұқылап, қоңырау шала жүріп, есікті ашады. Үйге топырлап, таласып-тармасып кірген қаһарлы топқа қолымен «ақырын» -дегендей белгі беріп, сұлап жатқан Баспақты көрсетеді. Бәрі аңтарылып тұрып қалады.\ Әл-лө! Же­ дел жәрдем!? Тез жетіңіздер, лөктір! Жағдай қиын, лөктір!.. Менің досым Баспақ ес-түссіз жатыр!.. Білмеймін ... Әйтеуір, есіктен кірді де, жығылды!.. Жүгіріп, алқынып келді. Бірдемеден қорқып, толқып кеткен сияқты!.. Инсульт пе деп қорқып тұрмын, лөктір!.. Жобасы, біреулер қуып, ұрып-соғып, тонамақшы болған сияқты!?... Жоқ, полицияға звондаған жоқпын... Керек болса, айтамыз. Әлгі қуып жүрген тонаушы, қарақшылар видеобақылауға түсіп қалуы мүмкін. Табамыз, керек болса!.. Иә, күтеміз, тез жетіңіздер, лөктір! \ Теле­ фонын сөндіріп, қуғыншыларға тесірейе қарап:\ Ә-ә, тоқта, тоқта! Сіздер емес пе мұны қорқытып, қуып жүрген?! Тостақ: Әй, шырағым! Сен не деп тұрсың өзі? Қайда бұрып барасың? Сәукен: Күллі жұртты қан қақсатқан алаяқты қараңдар! Жұрттың есі шығып жүрсе, жатыр рахаттанып! Өй, қайыршы, кеңірдегіңді су­ ырып алайын ба осы! Қаспақ: Ақырын, ақырын...Сабыр, сабыр...Бірдеме боп кетсе, қиын болады....Бәріңізге де қиын болады! Сіздерден көреді! \ Үшеуі де шошып кетіп, шоршып түседі.\ Дәмелі: Әбеу, көтек! Ит те болса аман болсын! \ Тостақ пен Сәукенді қолымен ишара қылып, бөгейді. Сәл үнсіздіктен кейін:\ Күлесің бе, жылайсың ба, соңғы кезде мен осы иттің амандығын тілейтін болдым! Сәукен: Өй, адырам қал! Тілектен садаға кетсін! Тостақ: Арам қатсын, маған десе! Дәмелі: Е-е, бұл арам қатса, ақшаңды кім қайтарады деп жүрсіңдер?\ Ана екеуі: «Солай ма?» «Ой, онысы бар екен ғой!» де­ гендей қолдарын сермейді\.\ Қаспақ: Ал, жақсылықпен, тыныш қана тарқай қойыңыздар. Әйтпесе, мынау бірдеме боп қалса, қарыз түгілі арызға ілініп кетіп жүрерсіңдер. Бәлесінен аулақ, барыңыздар. Мен де қазір жедел жәрдемге тапсырып, аман-сауында құтылайын деп отырмын. Тостақ: Әй, мына итің шынында да тырқиып қалса қайтеміз? Сәукен: Осыдан өліп көрсін...Көрінен суырып аламын! Көк тиы­ нымды жібермеймін!

Дәмелі: Мына жатысы жайдан – жай емес! Мен бірдеме білсем, кететін кісінің жатысы! Сәукен: Сен жас кезіңде лөктірде істеп едің ғой. Көрші тамырын ұстап... жүрегін тыңдап... тілін қарап... Дәмелі: Аппаратым жоқ, мен не білемін? Үзіліп кетсе, бәлесінен аулақ! Сәукен: Қорықсаң, өзім-ақ ұстап көремін. Менің әжем емші болған. Науқастың тамырын ұстап – ақ, сырқатын айтып беретін. \ Баспақтың тамырын ұстап, көреді.\ Соғысы жақсы емес, дүрс-дүрс етіп, атқақтап тұр, ойбай! Жаны шығайын деп жатқан сияқты! Тостақ: Ә, не дейді, әй? \ Звондайды:\ Әлө! Басекеңе айт, әлгі Баспақ байғұс өлгелі жатыр екен! Кредиті қанша еді? Қарап жіберіп, заңдастырып, қамдастырып қойыңдар! Форс-мажор? Форс мажор! А-а, не дейді? Оны неге басында ойластырмағансыңдар?! Қап, әттең! \ Телефонын сөндіреді.Үшеуі бір-біріне бақырая қарап, үнсіз үрейленіп, ақырын жылжып, жылыстап кетеді. \ Қаспақ: \ Олар кетісімен, өзіне өзі:\ О-о, ид-дея! \ Баспаққа:\ Бұларға не істеп қойып едің? Баспақ: \ Орнынан тұрып:\Қарыз алып едім! Қаспақ: Алсаң, қайтармайсың ба? Баспақ: Қайтаруға қауқарым жоқ! Қаспақ: Онда неге алдың басында? Баспақ: Қажет болған соң алдым! Қаспақ: Соншалықты көп қарызсың ба? Баспақ: Басымнан асады! Қаспақ: Басыңнан асырғанша, басыңмен неге ойламадың? Баспақ: Бір жөні болар деп! Қаспақ: Әй, сен қай жеріңмен ойлайсың осы? Ит сүйекті жұтарда артына қарап алады екен, ертең түсе ме, түспей ме деп! Баспақ: Мен үретін ит емеспін! Мен кіретін ит, яғни, кред – итпін! Қаспақ: Тышқан ініне кіре алмай жүріп, құйрығына қалжуыр байлапты дегендей, кредитте нең бар! Баспақ: Әдемі киініп, жақсы машина мініп, жұрт қатарлы жарқырап жүргіміз келді. Оның несі айып? Қаспақ: Айып емес, лайық! Бірақ, көрпеңе қарай көсіл. Талтаңдасаң талтаңда, ақшаң болса қалтаңда! Қалай қайтарамын деп ойламадың ба? Баспақ: Енді...Жұрттың бәрі кредит алып – ақ, жап-жақсы болып жүр ғой... Қаспақ: Жә, іске көшейік...Қанша қарызсың? Баспақ: Ойбай, көп...Сұмдық көп!

Қаспақ: Көп болғанда, қанша? Көрейік те есептеп.
Баспақ: Дәл есебін өзім де білмеймін...
Қаспақ: Сонда...саппас-ау, санамай ала бердің бе?
Баспақ: Санағанда...санадым ғой. Бірақ, аяғында сан жетпес бо­

лып кетті!
Қаспақ: Сан емес, сана жетпес десейші!
Баспақ: Қарыздың қысқаны бір сәрі. Өсімі өлтіріп барады.
Қаспақ: Кесімі аздай, өсімің не, әй ?

Баспақ: Қазір өсімсіз ешкім бермейді қарызды!
Қаспақ: Неше банктен алдың?
Баспақ: Бірнешеу! Әсіресе, ең соңғысы тым үлкен! Былтыр жазда
Жерорта теңізіне демалысқа барып едім!

Қаспақ: Не дейді? Кредит алып, көрөртке барып жүрсің бе?!? Ой,
ташбаш!
Баспақ: Жұрттан қалмайық деп...Немене, сонда бізге демалуға
болмай ма?

Қаспақ: Жоқ, бара бер! Бірақ, қарызданып қалай демалуға бо­
лады? Белшеңнен қарызға батып тұрып, қалай ұйқың ұйқы, күлкің
күлкі болады, әй?
Баспақ: Күлмегенде күйіп кетейік пе? Күйіне бергенше, көңіл

көтеру керек деп жатыр ғой қазір...Жылды қалай бастасаң, солай
өтеді деген соң, Жаңа жылда аспанға от шашып, фейерверк аттым
биыл!
Қаспақ: Ойпырмай, саған дауа болмас! Ауаны улап, айнала­

ны былғадың – бір! Екіншіден, қанша ақшаны әп-сәтте аттың да
жібердің!
Баспақ: Саспа, Қаспағым, өмір деген от шашудай қас-қағым!
Сондықтан, оны жарқыратып, қайнатып өткізу керек! Қарыздың

ақшасын аяймыз ба? Аспанға шашпағанда, астымызға басып
отырайық па?
Қаспақ: Әй, сен ...қарызданып...атып...шашып жүрсің бе?
Баспақ: Е-е, қарызданбағанда ... Атамнан қалған мал бар деп

едің!?
Қаспақ: Қап! Не істейін енді? Талайды көріп едім, бірақ дәп
мұндайды көргем жоқ! Күштінің арты диірмен тартады дейтін атала­
рымыз. Ал, қазіргілердікі фейерверк атады! Ол не үшін !?

Баспақ: Қызық болсын деп...Жұрт таңғалсын, есінен тансын
деп...
Қаспақ: Ал, жұрт таңғалды да тарады! Одан не пайда?
Баспақ: Солайы солай-ау, бірақ қызық!

Қаспақ: Құтырық! Жалт-жұлт еткен жарнама – жын!

Баспақ: Кейде бізді не құтыртып бара жатқанын өзім де түсінбей қаламын! Ал, қызықтың шыжығы бар! Қаспақ: Шыжығы? Баспақ: Быж-ж, быж-ж! Жаңа жылда...аулада... жұрт жиналып, отшашуды тамашалап тұрған! Тарсылдатып атып жатыр едім, бір кезде біреу «ойбай» салды. Әйелдің даусы! Мұндай ащы болар ма! Қаспақ: Хм! Ойбайдың тәттісі болушы ма еді? Баспақ: Жоқ, мынау тіпті бөлек ойбай! Сөйтсек...әлгі отшашудың біреуі қисайып құлап кетіп, ұшқыны тура көпшілікке қарай ұшқан ғой! Сөйтіп, әлгі әйелдің басына тиген! Қаспақ: Ал? Баспақ: Тура төбе құйқасына түскен! Содан, құйқасы бырысыптырысып, күйе бастаған! Қаспақ: Мәссаған! Баспақ: Өзі де бір дәу әйел екен...Құйқасы тура құнан қойдың құйқасындай ...Бүкіл ауланы үйтілген қойдың исі алып кетті! Уысуыс қар сеуіп, зорға сөндіріп алдық! Қаспақ: Содан? Баспақ: Содан сорлатты мені! Сотқа берем деп, соткаға түсіріп, әктілей бастады! Әке, көке, әпкетай-жәпкетай деп әрең аман қалдым! Бірақ, құйқасына... шипасына...ұйпа-тұйпасына... төрт жүз доллар төледім! Қаспақ: Ой, қуғынбай! Баспақ: Жоқ, онша қуғынбай емеспін. Бізде де бас бар, есеп бар. Мәселен, мен көлік алғанда... Қаспақ: Сен көлік алдың ба ?! Онда нең бар, күніңді көре алмай жүріп!? Баспақ: Немене, жаяу жүруім керек пе? Жұрттың бәрі мініп жатқанда... Қаспақ: Әй, міне бер...маған десең екеуін мін! Бірақ, қарыз бол­ ма! Баспақ: Қойшы, әй, сен де...ақылгөйсімей...Мен бірдеме білсем, қарызсыз өмір жоқ! Адамдардың бәрі біріне қарыз. Қарыздар! Сондықтан, қарыздан қорқып керегі жоқ, берсе, ала беру керек! Ме­ нен қайтпаса, құдайдан қайтар деп, жүре бер! Жә, бері қарашы... Маған Тостақ деген жамағайынымыз ескілеу бір көлігін арзан­ дау бағаға ала ғой деді. Жүруге жарап тұр, әлі он жылға шыдайды, басқаға беруге қимаймын, жақыным болғасын, саған ғана арзанға беремін деді. Ақшам жоқ деп едім, қолхат жаз да ала бер, кейін берерсің, жас күніңде жаяу жүрмей, шалқып жүр деді. Тәкси болып, пайдаға батасың деді! Алдым да міндім!

Қаспақ: Ал? Содан? Баспақ: Содан, сол...Салдаман екен, бір айдан соң салдырлап, сынды да қалды! Енді Тостақ ақшасын даулап, артымнан қуып жүр! Қаспақ: Неге беріп құтылмадың? Баспақ: Немді беремін? Қаспақ: Бере алмасаң, неге алдың? Баспақ: Бір жөні болар деп... Қаспақ: Е-е, өтпей тұрған көлігін итере салған ғой! Баспақ: Ол тіпті ескі көлігінің ақшасын доллармен есептеп, кешіктірген уақытым үшін процентке қойды! Қаспақ: Шотшик! Баспақ: Иә, шотшик! Осы шотшик-потшик мені құртқан! Ана саудагер Сәукен... Арзан, жылтырақ, өтпей тұрған заттарын маған қарызға берді. «Саған мүлде арзанға беремін! Мұндай арзан баға – тек саған ғана! Ауылға апарып, сатып-сатып, қарық боласың!» – деп, жатып қалған заттарын алдап-сулап алғызды ғой. Қаспақ: Ой, есалаң! Неге аласың ондайды ? Баспақ: Алмасыма қойды ма? Майда тілімен арбағанда, басым айналып, ала бердім, ала бердім. Сөйтсем, ол да шотшикке қойыпты! Доллармен! Қаспақ: Әй, Баспағым, Баспағым! Қақпағасын бастарың, Әркімге бір алданып, Шоқ басуың қас-қағым! Баспақ: Амал қанша, қай бір жетіскеннен батты дейсің қарызға! Жетпеген соң, керек болған соң кіріп кеттік қой көзді жұмып. Ал мынау Дәмелі деген –барып тұрған өсімқор. Процентпен ақша берді қарызға. Доллармен! Процентін де доллармен есептеген! Содан, теңге құлдыраған жоқ па? Сол оқсатты мені! Қаспақ: Тәк! Тоқ етері – не істейміз? Қалай құтыламыз бұдан? Баспақ: Өзің бірдеме қылмасаң, менің басым мүлде қақпай қалды. Әй, аға, ағатай, осыдан құтқарсаң, дөләңді беремін! Қаспақ: Өлә, дөлә, долана! Әй, дорақ, неңді бересің, әй? Баспақ: Барымды аямаймын! Қаспақ: Хе-хе-хе! Бірақ, ақылды адамдар өздері-ақ ретін келтіріп, тіпті, моладан да дөлә ала біледі! Баспақ: Ал! Қаспақ: Қарыздан құтылудың үш жолы бар! Баспақ: Қандай? Айтшы тез, Қаспақ! Қаспақ: Қасеке, Қасеке де! Баспақ: Қасеке, Қасеке!

Қаспақ: Бірінші және ең керемет жолы – қарыз алмау! Шамаң келсе, ешкімнен, ешқашан қарыз алма! Баспақ: Өй, қу тірлік оған қарата ма! Қаспақ: Қара нан жесең де, қарызсыз жесең – бақыттысың! Баспақ: Жә! Ал, екінші жолы қандай? Қаспақ: Амалсыз қарыз алғандай болсаң, шамаңа қарай шақтап ал! Және өсімсіз ал, ешқашан да шотшикке кіруші болма! Ең басты­ сы, уағымен қайтара біл! Баспақ: Өй, сен де бір...Бірдеме үйретеді екен десем... Қаспақ: Ал, үшінші жолы – күшті жол! Қарыздан да, бүкіл қиындық атаулыдан да ың-жыңсыз бір-ақ құтылатын жол! Баспақ: Бол, айтшы сол жолыңды! Қаспақ: Өлә, дөлә, мола! Долана, молаға қарай домала! Баспақ: Не? Немене? Сонда-а... Қаспақ: Иә, енді саған өлу ғана қалды! Баспақ: Астапыралла! Қаспақ: Жан керек екен, ә?! Баспақ: Кімге керек жоқ дейсің... Қаспақ: Ах-ха! Олай болса, өтірік өлу керек саған! Баспақ: А-а! Не дейді, ойбай! Қаспақ: Қысқасы, не өлесің, не қарызын бересің! Қайсы келеді қолыңнан, қане? Меніңше, тып-тыныш өле салғаның жөн! Баспақ: Ал, содан кейін? Қаспақ: Содан кейін, бәрі белгілі...Ел болып ептеп жылап – сықтап, азырақ мақтап, қараңды ақтап, аттандырып жібереміз...ана жаққа! Бүкіл күнәларың да, қарыздарың да капут болады...кешу! Баспақ: Ал содан кейін? Қаспақ: Содан кейін сол! Барлық қарыздан құтылып, тап-таза бо­ лып қайта туасың! Баспақ: Пах! Кер-ремет! Қаспақ: Олай болса, тырп етпей серейіп жатуыңды біл! Қалғанын Қасекең, мына Қаспақ ағатайың өзі қатырады! \ Баспақты жатқызады. Телефон соға бастайды.\ Әлө! Әлө! Бұл мен ғой, Қаспағың! Бір тайталас бастадым! Тез арада жеткейсің, Бәрін шешер қас-қағым! Қас-қағым! \ Телефонынан музыка қосып, әндетіп, айнала билеп жүреді. Сәлден кейін жедел жәрдемнің сире­ насы естіліп, у-шу болып кетеді. Қаракөлеңке түседі. Жүгіре басып дәрігер келеді. Қаспақ оны қолтықтап, бірдемелерді айтып, Баспаққа қарай бастай береді. Сол кезде шам сөніп, қараңғылық басады.\

Екінші акт
Бірінші көрініс
Қаспақ пен Баспақтың пәтері. Баспақтың «қазасы» жайлы ха­
барды естіген жақын туыс, жолдас-жора келіп, кетіп жатыр.

Құдағи келеді. Қаспақ бәрін қабылдап, дым білдірмей сөйлесіп,
батаға әкелген қаражаттарын бір дәптерге тізіп жазып, ақшаны
қойны-қонышына сүңгітіп жатыр.
Құдағи: .\ Батаға ақша береді:\ Қырық мың...Құдағи атым бар

ғой...
Қаспақ: Қабыл болсын!
Құдағи: Жақсы кісі еді! Ақшадан басқаға иттігі жоқ еді! Жап-
жас...жиырма бесте жанып тұрған кезі. Қиятын емес, тіпті...

Қаспақ: Әттең, амал қанша!
Құдағи: Е-е, дүние-ай, несін айтасың! Біз құда болғалы не заман!
Қаршадайынан білемін ғой... Бұл бишара жас та болса, не көрмеді!
Әке-шешесі ауылдан ұзап шықпаған момындар...Қолдағы малға қарап

қалды. Күнкөрістен артыққа қауқары жоқ. Басекеңнің, Баспақжанның
әупірімдеп бітірген оқуы іске аспай қалды – жұмыс жоқ деп еш жер­
ге алмай қойды. Қазіргі жастар қалаға қашып жатқан жоқ па? Со­
лардан қалмаймын деп кетті бұл да... Не үй жоқ, не күй жоқ, жүрді

қаңғырып. Оның не істеп жүргенін кім біліпті? Әйтеуір, анда-санда
құйындай бір соғып кететін... Кәсіпкер болдым, жұмысыма керек
деп бізден қарызға ақша сұрайтын. Әуелде, құда ғой деп, ұялғаннан
аузымыздан жырып, бірдеңе берген болдық. Басекең дәнігіп, тіпті,

құнығып алды. Содан, қарасын көрсек, қабағымыз қарс жабылып,
талағымыз тарс айырылатын болды! Мұндай боларын кім ойлаған?
Қаспақ: Қанша қарыз болды Басекең?
Құдағи: Бәрін қосқанда жүз мың!

Қаспақ: Охо! Бірақ, кетер құда кетті, құдағи! Енді не істейміз?
Құдағи: Не істегені несі?
Қаспақ: Қарызды қайтеміз, қарызды? Оны кім қайтарады?
Құдағи: Қайтарғанда ...не ғой енді...

Қаспақ: Қайтарғанда да, қайтармағанда да қайтпайды енді! Ертең
жаназада құдаңызды жағадан алып, даулаймын десеңіз еркіңіз!
Құдағи: Астапыралла! Ондай сұмдықты айтпа! Қазақ емеспіз бе!
Кешулік, кешулік болсын!

\ Тостақ келеді. Құдағи кетеді.\
Тостақ: \ Шартиып:\ Дә-әә! Тә-ә-кк!

Қаспақ: Кә-ә-кк?
Тостақ: Қап-п! Мынаның қылғанын қарашы!
Қаспақ: Неғыпты сонша? Тыныш өлуге де рұқсат жоқ па кісіге?
Тостақ: Жоқ! Қайдағы тыныштық? Сонша қарызды арқалап,

қайқайып тартып отырмақ па?
Қаспақ: Енді, оған қандай амал бар? Кешіру керек бәрін де!
Тостақ: Кешкенде...Кешпегенде...Сонда мен арқа етім арша, бор­
бай етім борша болып тапқан табысымды жатыпішер біреуге беруім

керек пе?
Қаспақ: Апырмай, енді, ағайын, туыс емессіздер ме?
Тостақ: Ағайын болғанда да...Алыстан қосылады деген аты ғана.
Әйтпесе, айдаладағы біреу.

Қаспақ: Иә, ақша тұрғанда, қайдағы ағайын!?
Тостақ: Баспаққа бола басты қатырмай-ақ қой! Оның арғы ата­
сы Қасқат, Қасқаттан Жақсат, Жақсаттан Мақсат, Мақсаттан Басқақ,
Басқақтан Қоспақ, Қоспақтан Баспақ туады. Ал мен, Тостақ, бұларға

арғы атамыз Аспаптан қосыламын! Аспаптан Баспаққа дейін алпыс
алты ата бар шығар!
Қаспақ: Шынында да алыстау екен! Дегенмен, түбі бірге түтпейді
деген де бар ғой!

Тостақ:
Түткенде
...түтпегенде...Тым
болмаса,

алғанын
қайтарсаңдар...қалғанын кешірейін!
Қаспақ: Ал, көрейік...айтыңызшы алғаны мен қалғанын.
Тостақ: Басқасын былай қойғанда, бұған мен мәшинәмді де

бердім.
Қаспақ: Мәшинә деп тұрғаныңыз ескі драндулет пе? Тәрәләйкәні
несіне бердіңіз?
Тостақ: Тәкси болып, күн көрісін айырсын, тиын-тебен тапсын

деп бердім!
Қаспақ: Бірақ, салдаман мәшинә санаулы уақыттан кейін, салдыр-
гүлдір етіп, сынды да қалды!
Тостақ: Оған мен кінәлі емеспін! Ұқсатып міне алмаған

олақтығынан көрсін!
Қаспақ: Оқсаттыңыз! Баспақты қан-қақсаттыңыз! Әрең-әрең
күнін көріп жүрген ағайыныңыздың мойнына мәшинәңізді арта
салдыңыз! Процентімен!

Тостақ: Әне! Кісіге жақсылық қылсаң да жақпайсың!
Қаспақ: Жақсылық қылсаң, бүтін қыл деген...Енді, кешіргеннен
басқа жол жоқ!
Тостақ: Қап! Кешкенде...кешпегенде...Жарайды, екі доңғалағын

тауып берсеңдер, екі доңғалағын кешірейін!

Қаспақ: Екі доңғалақ...екі дөңгелек...Қатырасыз-ау, Тостеке! Тостақ: Қатырғанда да...қатқанда да... Осы кезде Дәмелі сөйлей келеді. Дәмелі: Апырмай, мұндай болады деп кім ойлаған! Қайран Баспақжан – ай, Басекең – ай !Ақ көңіл еді...аңқау еді, аңқылдақ. Ешкімді алдамайтын. \ Тостаққа қарап:\ Жұртқа сондай сенетін. Біреу алдайды деп ойламайтын. Тостақ: \ Қысылыңқырап:\ Ия, Алаштың азаматы еді! Қатарының алды еді! Бірегей еді! Бергенінен берері көп еді...Аларын алып, берерін беріп болмай неге кетті екен? Қаспақ: Оу, майталмандарым! Мәйітті мақтағанда майын тамызасыңдар – ау! Сендер өлген кісіні мақтағанда бар ғой, тірі кісінің өлгісі келіп кетеді! Мұндай мадақ сөздерді Баспаққа қимай, тіпті ішіміз де күйіп барады! Ал, шынына келгенде, осының бәрін тірісінде айтсаңдар, Баспақ өлмеуші еді! Тостақ: \ ұялыңқырап:\ Жә, болары болды, қайтеміз. Мен бір шұғыл жиналысқа баруым керек еді, бір айналып келермін.\ Кетеді.\ Дәмелі: \ Тостақтың сыртынан жұдырығын түйіп:\ Баспақтың түбіне жеткен осы ит! Қаспақ: Жә, сіздің қанша қарызыңыз бар? Дәмелі: Екі мың доллар! Екі мың әмрикәнскәй доллар! Қаспақ: Пой, пой, пой! Сонша соманы қалай беріп жүрсіз ?! Дәмелі: Берейін деп берді дейсің бе? Бермесіме қоймады ғой! Қаспақ: Ап-пырмай! Алданып қалған екенсіз дә! Дәмелі: Алданғанда...аңқитып соқты... Қаспақ: Ал? Дәмелі: Алғанда... Қаспақ: Алғаны, кәңкіретні алғаны қанша? Дәмелі: Алты жүз доллар! Екі жылғы өсімімен екі мың доллар болды! Қаспақ: Ойпырмай! Ешкіні білуші едік, егізден табатын. Сіздің долларыңыз доңыз сияқты екен....сегізден табатын! Дәмелі: Доңыз десең де, қоңыз десең де мейлі! Қу құлқынын ой­ ламайтын кім бар екен осы күні! Қаспақ: Ойлағанда да, шектен шықпау керек! Кең болсаң, кем болмайсың деген! Қарызды кешіргеннен басқа амал жоқ! Дәмелі: Кешкенде...Кешпегенде...Жә, олай болса...жақсы бала еді, бір ширегін кешейін! Қаспақ: Ширегіңіз...ширек қой! Сіздей тәте сирек қой! Бірақ, мұныңыз көп түйнек қой! Дәмелі: Апырмай, ә! Мейлі онда, үштен бірін ап тастайын!

Қаспақ: Үштен бірін алғанда да, бір мың үш жүз отыз үш доллар! Әмрикәнски! Мүмкін емес! Дәмелі: Қап, әттегене, ай! Мына қайыршының қарызымды қайтарғанша жүре тұрмай, арам қатқанын қарашы! Тіпті ретсіз кетіп отыр, атаңа нәлет! Қаспақ: Қайтесіз енді! Солай боп қалды! Дәмелі: Бопты онда! Жартысын кештім! Қаспақ: Жартысы жартылық емес қой! Бақандай мың доллар! Оны сізге кім береді? Дәмелі: Кім бергені несі, әй? Қаспақ: Кететін Баспақ кетіп қалды! Енде сізге ешкім де жауапты емес! Қуып барып, қылкөпірде кеңірдегінен аламын демесеңіз... Дәмелі: Артында туыстары бар емес пе? Қаспақ: Бар болғанда, біреудің қарызына біреу жауапты емес, заң бойынша! Сондықтан, сіздің ақшаңыз ақыретке кетті дей беріңіз! Дәмелі: Ойбай-ай, ойбай...енді қайттім? Өсімі құрсын, тіпті, өз ақшамнан айырылып қалатын болдым ғой! Әй, Қаспақжан, ақылың бар ғой, осы өсімінің бәрін өшіріп тастайын, ана қолымнан алған алты жүз долларымды қайтарсаңдар болды! Соған да мақұлмын! Қаспақ: Мақұлы мен де мақұлмын! Бірақ, тақырмын! Дәмелі: Тақылдамай, тап жылдам! Қаспақ: Таппаймын, тәте, таба алмаймын! Дәмелі: Онда мен сотқа беремін! Қаспақ: Бере беріңіз! Кімді бересіз, не деп бересіз сотқа? Дәмелі: Қап, әттегене, ай! Қаспақ: Одан да былай етейік! Ертеңге дейін батадан бірдеме түсіп қалар, содан қағыстырып үш жүз долларыңызды тауып берейін! Қалған үш жүз долларыңызды батаның есебіне жазып қояйын! Дәмелі: Қап! Ибәй-әй, ибәй-әй! Амал қанша! Мейлің, енді, солайақ болсын! \ Кете береді. Осы кезде буда, буда ала сөмкесін көтеріп, самбыр­ лап Сәукен келеді.\ Сәукен: Әй, Қаспақ, Қаспақпай! Бермен қара қас қақпай! Қаспақ: Бұл не? Сәукен: Бұл ма, бұлқып-қызыл пұл! Батаға әкелген мата – шата, орамал-сорамал, жыртыс-мыртыс, шәй-пәй, тәтті-пәтті, шәкәләт – мәкәләт, кәмпит-сәмпит, бірәндік-сірәндік, мөмпәси – көмпәси, мор­ мелат – сормелат, бапыли-сапыли! Қаспақ: Ой, апай, бапылдап, сапылдап кеттіңіз ғой? Мұны қайтемін? Сәукен: Е-е, қазақтың ырым-жырымы көп қой, бір кәдеге жарап

кетер... Қаспақ: Ырым – жырым деп жүріп, жырым-жырым боп біттік! Жат жұрттық саудагерлер: «Қашан қазақтардың құдалығы не дұғалығы болар екен?» деп, аспай-саспай күтіп отырады-ау! Тіпті, осы қазақтар тезірек өлсе екен, көбірек өлсе екен деп, тілеп отырма­ сына кім кепіл? Соларға жем болып, мазақ болып, түкке жарамайтын, түртіп қалсаң жыртылып қалатын үлбіреген шүберектерге, сасық, зи­ янды нәрселерге неге құмар болдық екен! Жол – жоба, кәде – сәде деп, көди-сөдиге неге маталдық сонша?! Сәукен: Көп сөзді қайтесің, қане, хаттап-шоттап қабылдап, қағазыңа жазып қой мынаны! Қаспақ: Ал, қане көрейік! \ Сәукеннің сөмкесін ақтара салады да, әкелген заттарын шетінен қарай бастайды.\ Тү-үу, мүңкіп кетті ғой! Осынша сасық нәрсені қалай әкеп жүрсіз? Міне, мына шәйпәйіңіз де, тәтті – пәттілеріңіз де жарамайды. Сертификаты жоқ! Қоспасы көп! Зиянды! Капут! ОТК-ден өтпей қалды! Сәукен: Өй, ӨТК-ің өтіңмен кетсін! Кім оны қарап жатыр? Дұғада көпшілікке жарай береді! Қаспақ: Жоқ, жарамайды! Ішіне не қосылғаны белгісіз, күмәнді нәрселерді жегізіп, халықты уландыруға хақымыз жоқ! Сәукен: Мұндай заттарды біз шығарған жоқпыз! Бізге әкеп береді. Оптом алып, топтап сата береміз! Соның арқасында көштен қалмай, күн көріп отырмыз! Оны сатпай, арам қатайық па? Қаспақ: Бірақ, өз халқыңызға өзіңіз зиянды заттар сатып жатқаныңызды неге ойламайсыз? Сәукен: Сасықты сатқан мен сабаз ба, сатып алған сен сабаз ба?! Қаспақ: Сатқызған сабаз! Самал ескен сардаланы сасытқанның бәрін де сотқа тарту керек! Сәукен: Жә, қолыңнан келмеске аузыңды ауыртып қайтесің! Одан да мына батаны қабылдап ал! Анау-мынау емес, бақандай елу мың теңгенің нәрсесін әкеп тұрмын! Қаспақ: Иә, қарық қылдыңыз! Өз бағасына баға қосып, көпірткеніңіз осы ма? Мұндай нәрселерді пайдаланбақ түгілі, қолға ұстаудың өзі қауіпті. Химия-симия, микроб-сикроб дегендей. Мұнда не бәле жоқ дейсің! Тоқ етері, сасық, зиянды, түкке қажеті жоқ кәкіршүкір нәрселермен жасалған бата қабылданбайды! ОТК отказ береді! Сәукен: \ Ұялғансып, заттарын қайтадан сөмкесіне тоғытып, аузын байлап жатып:\ Әй, қойшы сен де, төндіре бермей...Осы мен сатқан нәрседен өлген кісіні көрген жоқпын. Қаспақ: Кім біледі? Кетіп жатыр ғой не бір қыршындар! Бәлкім, осы заттармен келген бәлелер біртіндеп құртып жатқан шығар! Мұны

тексеріп жатқан ешкім жоқ! Тым болмаса, халық өзін-өзі қорғап, сақтанып, мұндай қауіпті нәрселерді алмай қою керек қой! Сәукен: Алмай қайда барады! Жаман екенін көріп, біліп тұрып алады! Өйткені, арзан! Ал, қайтесің!? Қаспақ: Ех, әттең! Халықтың мұқтаждығын пайдаланып, ар­ зан, жылтырақ бұйыммен көзін арбап, тәтті сөзбен өзін алдап соғып отырсыңдар ғой! Мына Баспаққа берген қарызыңыз да сондай зат­ тар! Ұялмай ақшасын талап етіп, ақыры құртып тындыңыздар! Сәукен: Мен туыс болған соң, қарызды он – ақ процентпен бердім! Егер, жиырма процентпен бергенде, бұдан да жаман болатын еді! Қаспақ: Туыс болсаңыз, онда осы қарызыңызды кешіп неге жібермейсіз? Сәукен: Кешкенде, ия, кешеміз ғой енді ептеп...Бірақ, қалғанын түгел тауып беремін деп, сен маған кепілдік бер! Қаспақ: Қалғаны қанша болады? Сәукен: Қазір қағып жіберейік оны!\ Телефонының калькулято­ рын басып, басып: \ Тәк, Қаспақтай, бері қара! Баспақжан маған басаяғы үш мың доллар қарыз! Қаспақ: Мәссаған! Соның бәрін тауармен ала берген бе? Сәукен: Ия! Оның қызығы бар. Тостақтан алған көлігін жөндетпек болып, ақша іздеді емес пе? Содан, менен тауар алды. Ауылға апарып сатып, пайдасына көлігін жөндемекші болған. Қаспақ: Содан бірдеме шықты ма? Сәукен: Жоға! Сата алмай, қарызға беріп, аяғы құн-жұн болып кетті. Қаспақ: Ал, сіз туысыңыздың қиналып жүргенін көріп тұрып, шотшикке қойдыңыз ба ?! Сәукен: Оған мен жазықты емеспін. Ақ қар, көк мұзда, базарда біреу үшін бозарып тұрыппын ба? Менің нәрсемді алғаны рас, енде­ ше қайтарсын! Қаспақ: Жә, берген товарыңыздың қаншасы сіздің қосқан наварыңыз? Сәукен: Ол енді құпия! Кәмершеская тайна! Қаспақ: Қаншасын кешесіз, қысқасы? Сәукен: Екі мыңын ертең тауып берсең, бір мыңын кешірейін! Туыс қой, қанша айтқанмен! Қаспақ: Екі мың? Оны кім береді сізге? Сәукен: Енді, ел-жұрт бар емес пе? Батадан жиналмай ма? Қаспақ: Дұрыс айтасыз! Табылған ақыл! Сіз екі мың доллармен бата жасай қойыңыз да, парызыңыздан құтыла қойыңыз! Біз оны сізге қайтарып беріп, қарызымыздан құтыла қояйық!

Сәукен: Тапқан екенсің ақымақты! Қаспақ: А-а, сіз ақылдысыз ба! Қазір не көп, ақыл көп! Бірақ, ақша жоқ! Болмайды да! Сәукен: Апырмай, Қаспақжан-ай, бір амалын тапсайшы енді! Қаспақ: Қандай амал? Қайдан табам? Сәукен: Қап! Енді қайттік? Қаспақ: Қайткенде...Былай болсын. Сіз қарызыңыздың бәрін кешіріп жіберіңіз! Ал, мен сізді екі де, үш те емес, тұп-тура бес мың доллар бата жасады деп жазып қояйын! Бірақ, қорықпаңыз, сіз қосымша ештеңе бермейсіз! Ал, мен сізді жұртқа жарнамалап, жақсы атыңызды жалғанға жаямын! Сәукен тәтемізге жететін жомарт жан жоқ! Алыпсатарлар мен алпауыттардың ішінде бәрінен асқаны осы деп жер-көкке әйгілеймін! Молдалардың батасын алып беремін! Сонда, анау бақталас ағайынның аузына құм құйылмай ма?! Міне, көзге түсетін жеріңіз осы! Реті кеп тұрғанда, көрініп қалыңыз! Сәукен: Апырмай, Қаспақжан, сен шынында бір көреген кісі екенсің! Бірақ, біртүрлі неғып тұрмын...Жартысын кешсем жетпей ме? Қаспақ: Жартысы деген не сөз? Жартылай ғана жақсы атты бола­ сыз! Ана Дәмелі де кешті қарызының жартысын! Сіз енді ол емессіз ғой! Сау-у-дагер Сәу-у-кен атыңыз бар ғой! Сәукен: А-а, анау өсімқор неме сөйтті ме? Онда мен оған көрсетейіін! Айтқаның болсын! Тек баттитып тұрып жазып қой! Көрсін, білсін бәрі...кімнің кім екенін! Қаспақ: \ Дәптерге ұқыптап жаза бастайды:\ Айтсаңыз болды, Сәукен тәте! Міне, бәрінен асып түсетініңізді тағы бір дәлелдедіңіз! Жә, жақсы! Жарайсыздар! Ел екенімізді, ер екенімізді ең болмаса осылай бір көрсетіп қояйық та! Жақсы, жақсы! Ал, ертеңге дейін! \ Сәукен кетеді. Қаспақ серейіп жатқан Баспақтың жанына келеді.\ Тұр, әй, Баспақ! Башмақ! Басмач! Тұра ғой! \ Баспақ ұйқтап жата береді.\ Әй, мынау шынымен неғып кеткеннен сау ма? Тіріл жаның барында!\ Баспақ былқ етпейді.\ Өй, мынау жалажансар бірдеме ғой өзі...Ә, жарайды, онда мен сені біржолата дұрыстап өлтіре салайын! Әлгі укол қайда, укол? \ Өтірік қарманған болады. Баспақ ытқып тұрып, басын көтеріп, отырады. \ Ал, шегінетін жер жоқ! Кел, есебіңді тыңда! Баспақ: Есің дұрыс па? Есебің не? Қаспақ: Есебім де, есім де тұп-тура! Міне, бері қара! Жамағайының Тостақ қарызының өсімін кешуге келісті әйтеуір! Бата жасағаным болсын дейді! Баспақ: Өсімін қайтіп қиды екен? Оның дүниеқоңыз екенін бүкіл

ел біледі! Қаспақ: Ел дүрлігіп, келіп жатыр... Баспақ: Енді, қадіріміз бар дағы! Айналайын халқыма рахмет! Жылағандарын естігенде, қосыла жылап жібере жаздадым ғой! \ Кемсеңдеп:\ Кісі қимайды екен! Қаспақ: Атып тұрып, құшақтасып, қосыла еңіреп жібермедің бе? Әй, керемет қызық болатын еді! Баспағым-ай деп мөңіреп тұрсаң... өзіңді-өзің жоқтап! Баспақ: \ Қосыла күліп:\ Кетші-әй, сен де! Қаспақ: Тәк, тәк! Құдағиың қырық мың берді! Баспақ: Құдағи ма, құдағи...Әбден әккі болып алған! Көрінетін жерін біледі! Қаспақ: Нағашың жиырма жеті мың! Баспақ: Неге жиырма жеті мың? Қаспақ: Негізі отыз мың берген, бір қойдың құны деп! Үш мыңына мен шылым алдым! Он проценті – шәпкі ғой! Баспақ: Шәпкі? Не шәпкі? Қаспақ: Кәдімгі шәпкі ше, шәпкі! Откат! Баспақ: Қайдағы откат? Батадан откат алғанды қай атаңнан көріп едің? Қаспақ: Откат болмаса, подкат болады! Заман солай, заң солай! Қарыздың өтеуіне өлікті сойып, көзін ойып, жүрегін кесіп, бүйрегін тесіп алып жатқанда, шәпкіге бола шат-шәлекей болып қайтесің! Баспақ: Ох, сендерге дауа болмас! Қаспақ: Оны өзіңе айт, алдымен өзіңді жөндеп ал! Баспақ: Жә, қойдым, Қасеке! Сонда, әлгі нағашым қойдың құны деді ме ? Қаспақ: Иә! Баспақ: Қойы несі, әй? Тым болмаса таймен келмей ме? Баяғыда оның әкесі өлгенде, менің әкем бие апарған! Қаспақ: Қап! Әкең де өзің сияқты ақымақ болған екен ғой! Баспақ: Жоқ! Әкем ақымақ емес, ақкөңіл болған! Өзім сияқты аңқылдақ еді, жарықтық! Қаспақ: Аңқылдаған пақырларым, таңқылдаған тақырларым-ай! Баспақ: Мүңкіп жүргеннен де, аңқып жүрген жақсы ғой! Қаспақ: Аңқып, шалқып жүріп, ақырында қалқып, қаңғып кетпесеңдер болды! Жә, анау Аңқабай досың екі мың теңге берді. Баспақ: Аңқаштың әкелгені сол-ақ па? Ұят жоқ екен ғой! Қаспақ: Ұят бары бар ғой, бірақ, ақша жоқ қой! Баспақ: Жылай береді осылар... Қаспақ: Жыласа да, жыламаса да, құдалық пен дұғалық жұрттың

дымын қалдырмайтын болды! Баспақ: Әй, қойшы! Қарным ашып тұр! Айран бар ма? Қаспақ: Саған тамақ жеуге болмайды! Баспақ: Неге? Қаспақ: Енді...сен несің ғой... Баспақ: Немін? Қаспақ: Тірі емессің ғой ... Баспақ: Қалай тірі емеспін? Қаспақ: Солай! Баспақ: Өй, сен де...Бол, бірдеме бер, шегім шұрылдап, қарным қабысып қалды! Қаспақ: Болмайды! Тамақ жесең, туалетке жүгіресің, бәрін бүлдіресің! Мә, қандай масқара – жұрт келіп, көңіл айтып жатқанда, сен туалеттен шығып келе жатсаң... Қой, одан да, тыныш жат. Шыдай тұр, ертең бітеді бәрі... Баспақ: Біткенде...шынымен құтыламын ба бәрінен? Қаспақ: Мүмкіндік бар! Баспақ: Қылжағыңды қойшы, әй! Қаспақ: Жә! Қарызын кешкендері бар, азайтқандары бар, түскен ақша бар, бәрін қосқанда, жобасы жақындап қалды. Қалғанын көмгеннен кейін келетіндер беріп қалар деп дәмеленіп отырмыз! Баспақ: Көмгенің не, әй? Кәлләң кетіп қалған жоқ па? Қаспақ: Өлгеннен кейін көмбегенде, көрмеге қояды деп пе едің?! Баспақ: Кет, үй, кет! Мен бұған көнбеймін! Қаспақ: Көнбегенде қайда барасың? Баспақ: Қой, ондайды! Қайтадан тірілтіп ал, амалын тауып? Қаспақ: Қалай тірілтемін? Қайтіп? Ақшаның бәрін жиып алдық, елге қай бетіңмен қарайсың? Баспақ: Сонда мені... шынымен...жөнелтіп жібермексің бе? Қаспақ: Жөнелмесең болмайтын сияқты...Әуелде ойда жоқ еді, енді қайттік? Баспақ: Қайткені несі? Қателесіп кетіппіз, есінен танған екен, тірі екен, бір ажалдан қалыпты дегендей бір амалын тап! Қаспақ: Табуын таптық дейік...Ал, мына жұрттың қарызын қалай қайтарасың? Тіпті, қарызбен бірге батаның ақшасын дауласа қайтесің? Баспақ: Дауламайды! Дауласа – кейін ештеңе әкелмей-ақ қойыңдар дерміз! Қаспақ: Қалай, қалай? Кейінің не, әй? Баспақ: Кейін шындап неғып кеткенде, ештеңе әкелмей-ақ қойсын!

Қаспақ: Неғып кеткенде?
Баспақ: Мен шындап өлгенде деймін!
Қаспақ: Оған көнсе жақсы!
Баспақ: Неге көнбейді, әй? Өлгенде қиғанын тіріде қимайтын не

деген адамдар өзі!Өлтірген өзің, енді өзің тірілтіп ал !
Қаспақ: Тіріліп көр! Түтіп жейді!
Баспақ: Енді қайттік?
Қаспақ: Қайттік, қайттік? Қайтып келгеннен де қайтып кеткенің

оңай сияқты!
Баспақ: Әй, қайтқаның не? Кеткенің не?
Қаспақ: Кетпей көр, не болар екенсің?
Баспақ: Кетші, әй, сен де! Сонда, мені біржола зытырайын деп

тұрмысың?
Қаспақ: Зытыруды емес, құтылуды ойлап тұрмын! Жә! Көрейік,
нар тәуекел!
Баспақ: Иә, тәуекел!

Қаспақ: Бірақ, жағдай ушығып бара жатса, қайтадан жата қал!
Баспақ: Жата қалайын! \ Жата қалады\
Қаспақ: Ес-түссіз қата қал!
Баспақ: Қата қалайын! \ Қата қалады.\

\ Осы кезде сүріне-қабына бір шал мен кемпір кіріп келеді. Кемпір
дауыстап жылай бергенде, Қаспақ оны құшақтай алған болып, ау­
зын иығымен баса қояды. Кемпірдің дыбысы өшеді. Қаспақ жіберсе,
қайтадан боздай бастайды. Қаспақ тағы қыса қояды. Кемпірдің

дыбысы өшеді. Ұзағырақ ұстап барып, босатқанда, тұншыға
жаздаған кемпірдің жылауға шамасы келмей, «аһылап-үһілеп, бір
шетте тұрған шалының жанына барады.\
Шал: Жақсы бала еді. Қашан көрсе де, күліп амандасатын.

Кемпір: Қарызды да күліп тұрып сұрайтын!
Шал: Өй, тыныш отыр бүлдірмей!
Кемпір: Енді не бүлінеді деп едің? Жұрттың бәрі біліп отыр.
Қаспақ: Мәссаған! Сіздерге де қарыз ба Баспағым?

Кемпір: Болғанда қандай!
Шал: Көрші хақысы дегесін...Қысылып тұрмын дегесін...Пенсия­
дан жырымдап жиырма мыңды жылай-жылай беріп едім...Жыл өтті,
жым-жылас!

Қаспақ: Ата, жағдайды көріп тұрсыз! Үлкен адамсыздар, кеңшілік
қылып, кешірерсіздер!
Шал: Кемпір кешсе, мен кештім!
Кемпір: Кешкенде...Кешпегенде...Енді қайттік?

Осы кезде ақ халатты, аузы-басын маскамен- ақ дәкемен

тұмшалап алған дәрігер келе қалады. Ол серейіп жатқан Баспақты қарап жіберіп, жүрегін тыңдайды.Төбесін тоқылдатады. Бір кез­ де табанын қытықтай бастайды. Баспақ сықылықтап күліп, атып тұрады! Шал шошып, шоршып түседі. Кемпір үн-түнсіз құлай кетеді. Шал талып қалған кемпірінің қол-аяғын уқалап әуре. Дәрігер тамы­ рын ұстап, үпілеп-сүпілеп, есін жиғызады. Кемпір: \ Әлі де сөйлей алмай, кемсеңдеп, булығып::\ Ңң-ң! Мм-м! \ Баспақты нұсқайды қолымен.\ Үү-у-х! Шал: Ту-ух! \ Дәрігерге, Баспақты нұсқап:\ Мынаған не болды деп сұрап жатыр!? Дәрігер: Е-е, Баспақ па? Баспаққа не болушы еді ...Қатты уай­ ымдап, жаны күйзеліп, қаны қоюланып, жүрмей қалған. Ғылым тілінде, стресс... Қазақша – іс тірес, іш тірес, мыс тірес, күш тірес! Күлкі витамин, жазып жіберді бірден! Міне, өмірде күліп жүру ке­ рек! Қателіктеріңді кешіріп...иә, арыз, қарыздарыңды кешіріп, бірбіріңнің жандарыңды қинамай, көңілді жүрсеңдер, өлмейсіңдер! \ Кемпір кеңкілдеп күліп жібереді. Барған сайын үдетіп, күлкісін тия алмай селкілдейді. Шалын қытықтай бастайды. Шал да шықылықтап, сықылықтай бастайды. Оларға дәрігер, Қаспақ, Баспақ қосылады. Бәрі бірге күледі. Дәрігер кемпір-шалға ақырын шығып кете беріңіздер, Баспақты емдеймін дегенді ымдап көрсетіп, есікке қарай бастайды. Кемпір – шал күле – күле, сүрініп-қабынып, бір – біріне сүйеніп, шығып кетеді. Үшеуі күліп қала береді.\ Екінші көрініс Саудагер Сәукен бұлқан-талқан болып, көшеде телефонмен сөйлесіп келе жатыр. Сәукен: Әлө, әлө! Дәмелі? Дәмелісің бе, деймін? Не? Мен сенен ештеме де дәметіп тұрған жоқпын! Маған Дәмелі керек! Қайдағы Дәмелі болушы еді? Кәдімгі бұрынғы банкир, қазіргі өсімқор Дәмеліге соғып тұрмын! Ростовщица! А-а, бұл полицай ма? Қап! \ телефонын сөндіріп, қайта звондайды.\ Әлө! Дәмелі! Ой, Дәмеш, Дәмешжан! Масқара! Сұмдық! Ана сұмырай тіріліп кетіпті! Иә, иә, әлгі Баспақты айтам! Тірі екен! Тездетіп барып, кеңірдектен алмасақ, қағыламыз бәрінен! Міне, мен ұштым солай қарай! Тостаққа... ватсапқа... тастай сал! Үшінші көрініс Пәтерге құйындатып құдағи келеді. Қаспақ қасқайып қарсы ала­

ды. Құдағидың екпінінен шошыған Баспақ дәрігерді тасалап, есіктің артына тығылады. Құдағи: Қайда әлгі қайыршы? Қаспақ: Қайдағы қайыршы? Қай қайыршыны айтып тұрсыз? Құдағи: Әлгі қайыршы құданы айтып тұрмын! Қане, көрсетші көзіме! Берші қолыма! Қаспақ: Оу, құдағи! Құдағи, кеше тіпті құдаңызды қимай егіліп отыр едіңіз...Бүгін не боп қалды? Құдағи: Не болушы еді? Елде жоқ сұмдықты бастап, бұл Баспақ біткен екен әбден! Қарыздан қашса да құтылмайды! Қаспақ: Баспақ деп басып барасыз...кеше ғана басеке, басекем деп отыр едіңіз... Құдағи: Е-е қайдан білейін. Байғұс, шынымен өліп қалған екен деп, әспеттеген түрім ғой. Әйтпесе, Баспаққа басеке болу қайда! Бастық болса, басеке болса, бәсеке де, бәс те жоқ! Қаспақ: \ басын қасып, ойланып қалады.\ Тәк, тәк, тәк...Демек, Баспақ болмай, бастық болса, әңгіме де басқаша болады деңізші! Құдағи: Әрине! Басекеңе қарыз бермейтін және берген қарызын қайта сұрайтын кімнің басы екеу дейсің! Баспақ бастық болсын­ шы, осы қуып жүрген жұрт бәсірең деп, базарлығың, байғазың деп, жолың, жөн-жобаң деп, қаражатпен бастырып тастар еді! Қаспақ: Солай ма? Құдағи: Солай! Ал, қазір күнін әрең көріп жүрген Баспаққа қаспақ та жоқ! Қаспақ: \ Шапшаң сырт айналып: \ Уо! Ид-дея! Қарыздан құтылудың тағы бір жолы бар! Ол – бастық болу! Тіпті, бастық бола алмасаң...тәк...тәк, тәк! \Дәрігерді қолтықтап, шығарып салған бо­ лып, құлағына сыбырлайды. Анау басын изеп, кете береді.\ Құдағи: \ Қайта оралған Қаспаққа :\ Батаның ақшасын қайтарып бер! Қаспақ: Оны Баспаққа бердіңіз ғой! Құдағи: Баспаққа емес, батаға бердім! Қаспақ: Баспақтың батасына бердіңіз ғой! Құдағи: Мен өлген Баспаққа бердім! Тірі Баспаққа міндетті емеспін! Қаспақ: Өлгенде қиғаныңды тірісінде қимайсың ба? Сол үшін өле жаздады емес пе? Құдағи: Мейлі! Тірі кісі өз тірлігін өзі істесін! Менің ақшамды қайтар! Қаспақ: Алмай-ақ қойсаңызшы! Жағдайды көріп тұрсыз! Құдағиии деген атыңыз бар! Тізімге жазып қойдық! Кейін құр қол келе

берсеңіз де болады!
Құдағи: Кейінің не айтып тұрған?
Қаспақ: Кейін...Баспақ шынымен неғып кетсе, нетесіз...ә, жоқ...
нетпей – ақ қоясыз дегенім ғой!

Құдағи: Нетпей – ақ қоямын?
Қаспақ: Кейін, бір замандарда Баспақ шынымен тырқиып қалса,
бата жасамай-ақ қоясыз! Міне, тізімге жазып қойдық – бітті! Бұл
тарихи дәкүмент! Бердіңіз – болды! Тіпті, өлгенде беретініңізді

тірісінде беріп қойғаныз қатып кетті!
Құдағи: Тірі адамға бата жасағанды қай атаңнан көріп едің, әй!
Қаспақ: Өстіп өлтіресіңдер ғой кісіні! Сендер бірдеме беру
үшін, міндетті түрде өлу керек пе?! Ал, мейлің, ақшаң жоқ! Кетті

жұмсалып...жанармайға, анандайға, мынандайға...
Осы кезде дауылдатып Сәукен, іле –шала даңғырлап Дәмелі,
тарсылдатып Тостақ келеді.Олар ай-шайға қаратпай, Баспақты
құшақтап, ортаға алады.

Сәукен: Алақай!
Тостақ: Кер-ремет !
Дәмелі: Жарайсың, аз-замат!
Сәукен: Баспақжан, аман қалғаның қандай жақсы болды!

Қалғанын реттерміз біртіндеп!
Дәмелі: Иә, аман болшы, айналайын! Бас аман болса, ақша табы­
лар!
Тостақ: Несін айтасың! Сондай қуаныштымын! Қарызымыз

қайтпай кететін болды-ау деп қорқып едік!
Сәукен: Иә, біз де қимай қалып едік! Енді қайтарады ғой бәрін де!
Дәмелі: Қайтарғанда қандай! Қайда алып кетеді дейсің!
Қаспақ: Әй, жаңа ғана кешіп едіңдер ғой!

Тостақ: Біз өлген адамды кешірдік!
Қаспақ: \ Баспаққа:\ Басқа амал қалған жоқ, Баспақ! Саған
қайтадан өлу керек! Кел, өзім дұрыстап өлтіріп тастайын сені!
Баспақ: \ Кәдімгідей ренжіп:\ Өй, қойшы сендерді... Жаңа

кешірілді, сонымен бітті! Мен енді мойындамаймын!
Тостақ: Міне! Қолхатың менде! Тіріде құтылмайсың!
Дәмелі: Міне! Міне, қарыз алдым, қайтарамын деген қолхатың!
Сәукен: Мінекей! \ Үшеуі үш жағынан қолхаттарымен желпіп,

төне бастағанда, Баспақ бас сауғалап, Қаспақты паналайды.\
Қаспақ: \ Осы кезде Қаспақтың телефоны шырылдайды.
Құлағына тақап, саусағын сермеп, жұртқа: «Қане, тыныш!» деп
белгі беріп, өте маңызды кісіні тыңдап тұрғандай кейіп таныта­

ды.\ Иә, иә! Түсіндім...Құп болады!\ Телефонды сөндіріп:\ Ойбай,

Осекең келе жатыр! Қане, сымдай тартылып тұра қалыңдар! Тостақ: Кім ол Осекең деген! Қаспақ: Оспақ Тастақович! Тостақ: Оспақ Тастақович? Сәукен: Бәрімізді сымдай тартатын кім ол соншама ? Дәмелі: Ойбай, дымың ішіңде болсын! І-ні-сі! Сәукен: Інісі? Тостақ: Кімнің інісі? Дәмелі: Асқақ Басқақовичтің інісі! Тостақ: А-а? Сәукен: Ә-ә! Қаспақ басқаларға байқатпай, Баспаққа қолымен белгі береді. Баспақ серейіп жата қалады. Оспақ: \ Түнеріп кіріп келіп, жан – жағына зілдене қарайды. Жиналғандар қоғадай жапырылып, қысылыңқырап тұрады. Қаспақ ақырын келіп, құшақтасады. Оспақ күңірене бастайды:\ Не болды менің Баспағыма? Неге өлді? Неден өлді? Кім өлтірді оны? Қаспақ: Тостақ! Баспақты құртқан Тостақ! Оспақ: Тостақ? Ол кім? Қайда? Көзіме көрсетші! Қолыма берші! Мен ол Тостақты Баспақтың жастығына жастап, тасқамалдың төбесінен тастаққа тастап жіберейін! Қаспақ: Міне, мынау Тостақ деген! \ Тостақты нұсқап, қолынан тартып, Оспаққа ұстатады. Тостақтың көзі тостағандай болып, тартыншақтаса да, тырп ете алмай, Оспақтың жетегіне көне береді. \ Қарызын даулап, жүйкесін жеп, қанын тасытып құртқан осы! Оспақ: \ Қаһарланып:\ Әй, Тостақ! Постыңды сайлап, тостыңды дайындай бер! Тостақ: Біз бөтен емеспіз ғой, Оспақ Тастақович! Мінеки! Баспақ Қоспақтан, Қоспақ, Тастақ, Асқақ Басқақтан, Басқақ... Оспақ: Қысқасы...қысқасы... Тостақ: Қысқасы міне! Аспап! Бір деп қой! Аспаптан Қасқат, Қасқаттан Жақсат, Жақсаттан Мақсат, Мақсаттан Басқақ, Басқақтан Қоспақ, Тастақ, Асқақ туады. Қоспақтан Баспақ, Тастақтан Оспақ ту­ ады. Ал мен, Тостақ сендерге Аспаптан қосыламын! Қаспақ: Тостеке, Тостеке, кешелі -бері Баспақты тым алыста­ тып тұр едіңіз, табан астынан жақындатып жібердіңіз бе, қалай? Баспақпен алпыс алты атадан қосыламыз дегеніңіз есімде. Алпыс атаны қысқартып жібердіңіз бе қолма-қол? Тостақ: Е-е, Қаспақжан, шежіренің бір қасиеті сонда! Қажетіне қарай алыстап, жақындап тұрады! Әйтеуір, бір Аспаптан тарағанымыз анық!

Қаспақ: Қандай шебер шежіре! Олай болса, Баспақтың қарызын
кештім деген сөзіңіз қазір қай атаның тұсында тұр?
Тостақ: Айтқан сөз атылған оқ! Міне, Оспақ Тастақовичтің ал­
дында айтқаным айтқан! Кештім қарызымды Баспақжанға! Тіпті,

сыйлыққа бердім сол көлікті! Ағайын адамдар бір-бірін тірісінде
сыйлап, сүйемелдеп, көтермелеп жүруі керек! Солай емес пе, Оспақ
Тостақович!?
Оспақ: Әлбетте солай! Біз мұны ескереміз, Тостақ Аспапович!

Тостақ: Ескерсеңіз болды!
Оспақ: Ескертуімді де ұмытпассыз!
Тостақ: Әлбетте, әлбетте! Ескертуіңіз естен кетпес! Бірақ,
ескілікті ескеріп, есіркеп тұрсаңыз болды!

Оспақ: Әрине! Ескереміз де, есіркейміз де!
Тостақ: Маған осы бір ауыз сөзіңіз – өмірлік азық!
Қаспақ: Олай болса, Тостеке, ағайыныңыздан қолхат алғаныңыз
қалай?

Тостақ: Қайдағы қолхат, Қаспақжан? Мынау ма? \ Қағазды
қалтасынан алып, Қаспақтың қолына береді:\ Бұл жай анықтама
қағаз. Мә, өзің оқып көр де, өртей сал!
Қаспақ: Е, бәсе! \Қағазға көз жүгірткен болып, жыртып,

жыртып, ауаға үрлеп ұшырып жібереді.\ Араздық осымен кетсін,
қарызың осымен бітсін!
Тостақ: Оспағым мен Баспағым аман болсын!
Қаспақ: \ Сәукен мен Дәмеліге бұрылып:\ Бәріңнің де бастарың

аман болсын!
Сәукен: Иә, бастың амандығынан садаға! Оспақжан, сенің жолың
үшін Баспақжанның барлық қарызын кештім! \ Оспақ қостағанын
білдіріп, басын изейді.\

Дәмелі: Мен де кештім қарызды! Сені бір көргенімнің көрімдігі,
Оспақжан!
Оспақ: Ох-хо! Көрімдік беретіндей, мен күйеу бала болдым ба?
Дәмелі: Сүйеу болсаң жетеді бізге, Оспақжан!

Бәрі жан-жағынан қаумалап, Оспақты ортаға алып, әндетіп,
әспеттеп әкетеді.
Оспақ біздің досымыз,
Қалай боп тұр осымыз,

Біз Баспақты кешірдік,
Сіз де бізді кешіңіз!
Айыбымыз дайын,
Ақылменен шешіңіз,

Қас-қабағың бағамыз,

Досыңызға қосыңыз!
Қолтықтап апарып, таққа отырғызғандай бір орындыққа
отырғызып, бастарын иіп, қолдарын қусырып, тағымен қоса
көтеріп алып кетеді. Бір шетте елеусіз қалған Қаспақ Баспақты

шақырады.
Қаспақ: Бас-па-ақ! Баспақтай! Ку-ку-ку!
Баспақ: \Керіле басып келеді:\ Не-е-ме-не?!
Қаспақ: Баспақтай! Қызық болып жатыр! Қарызы бардың

барлығы қарыздарын кешті де жіберді!
Баспақ: \Кергіп:\ Солай болуы керек қой!
Қаспақ: Тіпті, банктердің өзі кредиттерін форс-мажор деп, көзді-
ашып жұмғанша жапты да тастады! Міне, ғажап!

Баспақ: Һмм! Ғажап емес, мазақ де!
Қаспақ: Мейлі, не болса да қарыздан таза құтылдың!
Баспақ: Иә, құтылдым!
Қаспақ: Құтқарған кім екен Баспақты?

Баспақ: Оспақ Тастақович! Сол кісінің бауыры болғандықтан ғой
бәрі де!
Қаспақ: Дұрыс-ақ! Ал, бірақ, осының бәрін ойлап тапқан, іске
асырған Қаспақ ағатайыңызға риза шығарсыз, Баспақтай?

Баспақ: Әй, Қаспақ! Сен мені бұдан былай Баспақ деп
басынғаныңды қой!
Қаспақ: Е-е! Ех-хе!
Баспақ: Ехе-мехе! Бұдан былай сен мені Баспақ Қоспақович деп,

басыңа көтеріп, маған бас ұратын бол!
Қаспақ: О-хо-хо! Баспақ Қоспақович! Ал, сонда, Қаспақ аға,
Қасеке дегенің қайда қалды?
Баспақ: Әй, Қаспақ, қысқарт! Маған аға болудан бас тарт! Енді

Баспақ сенен аспақ! Өйткені, оның туыстары Асқақ пен Оспақ!
Қаспақ: Мәссаған! \ Телефон соғып, Оспақты шақырады.\ Оспақ
Тастақович! Осеке! Осаға! Тез келіп кетші! \Оспақ келеді.\
Баспақ: \ Құшағын жайып:\ Оспақ Тастақович! Осекем! Осағам!

Оспақ: \ Құшақтап:\ Баспағым, Басекем, Босағам!
Қаспақ: Танысып қой, Баспақ! Бұл менің досым Оспақ!
Баспақ: А-а? Досың?
Қаспақ: Иә, құлын-тайдай тебісіп, құрт пен майды бөлісіп өскен

досым!
Баспақ: Оп-пырмай! Масқара! Сонда қалай, Оспақ Тастақович
Асқақ Басқақовичтің інісі емес пе?
Қаспақ: Әрине, жоқ!

Баспақ: Менің де туысым емес пе?

Қаспақ: Амал қанша, солай – селяви!
Оспақ: Негізі, ауызға сот жоқ! Айта берейік те, кім тексеріп жа­
тыр! Тіпті, бізге де бірдеме тиіп қалуы мүмкін!
Баспақ: Пай-пай-пах! Бұл маған да ұнайды! Енді ме, енді мен

талайдың шәпкісін шыр айналдырармын! Мен – Баспақ Қоспақович,
ано-оу Асқақ Басқақовичтің інісі Оспақ Тастақовичтің бауырымын
десем бітті, қатып кетпей ме?
Оспақ: Қатқанда қандай!

Қаспақ: Есіңді жи, Баспақ,
Орныңды біл, Оспақ,
Кім сендерді өйтіп,
Санатына қоспақ?

Ақылға сап, байқа,
Бұл жай әзіл – оспақ!
Ойластырған оны,
Қасыңдағы Қаспақ!

Мықты болсаң, қане,
Менен тапқыр дос тап!
\\Баспақ пен Оспақ қосыла күледі.\
Қайдағыны бастап,

Қарызданған Баспақ,
Болған кезде қашқақ,
Қатырды оны Қаспақ,
Мұның бәрі ойын,

Әзіл менен оспақ,
Шарап емес, шұбатқа,
Толы болсын тостақ!
Сүйеу болып жүріңдер

Бір-біріңді қостап!
Соңы
6.09.2018ж. – 11.02.2019ж.

Алпамыс батыр мен алып монстр
Балаларға арналған ертегі –пьеса.
Қатысушылар:
Баян ата – 70 жаста, ата.

Тайбек – немересі, 7 жаста.
Доскен – көрші бала, 7 жаста.
Сайраш – көрші қыз, 7 жаста.
Ойыншықтар:

Алпамыс батыр
Шұбар ат
Дағзилла- таудай динозавр.
Кең-Кеңке – алып горилла.

Кең-Кеңкенің баласы
Алып монстр – құбыжық.
Мыстан- жәдігөй, саудагер әйел.
Қорқаулар, әртүрлі жантүршігерлік жәндіктер, қорқынышты

кесерткелер-динозаврлар, тиранозаврлар, қанатты кесерткелер,
қылыш, айбалта, шоқпар, садақ, автоматтармен қаруланған жа­
уынгерлер..
Бірінші акт

Бірінші көрініс
Базар. Әдемі келіншектің бейнесіне еніп, сәнді киінген мыстан
ойыншық сатып тұр.Әндетеді.
Мыстан: Ойыншық, ойыншық, ойыншық!

Ойдан, қырдан жиылған,
Қызыл, жасыл ойыншық,
Қынаменен боялған,
Қынай белін буынған,

Оюнчуқ, оюнчуқ, оюнчуқ!
Желпілдеп Доскен келеді. Жалт-жұлт еткен сан бояулы
ойыншықтарға қызығып, есі шығып, әрқайсын бір ұстап көреді.

Алып монстр -құбыжық, тиранозавр, қаптаған қорқаулар
мен жыртқыш аңдар, әртүрлі жантүршігерлік жәндіктер,
қорқынышты кесерткелер-динозаврлар, қанатты кесерткелер,
қылыш, айбалта, шоқпар, садақ, автоматтармен қаруланған жа­

уынгерлер – түрлі-түсті ірілі – ұсақты ойыншықтар жылтырап,
көзді алдайды.
Мыстан: О, балақай, балақай!
Келіп қапсың...Алақай!

Қорықпастан ұстай бер,
Емес қой бұл қалақай! \ Ойыншықтарды ұстатып, алдаусыра­
тып жүріп:\
Атың кім, шалопай?!

Доскен: Доскен!
Мыстан: Қандай жақсы, Доскен,
Дөкей болып өскен,
Саған арзан беремін,

Ойыншығыңды таңда,
Көкейіңді тескен! \Доскен ұялғансып, қысылғандай болады.\
Достарың да бар шығар,
Күштімін деп бөскен?!

Доскен: Иә, бар ондайлар...
Мыстан: Олардан асқың келе ме? Бәрінен күшті болғың келе ме?
Доскен: Иә!
Мыстан: Онда мына Алып монстрды ал! \ Алып монстр

ойыншықты қолына күштеп ұстатады.\ Қарашы, қандай әйбәт!
Доскен: \ күмілжіп:\ Әйбәт, әйбәт, әй-әй! Әп- пәй, әп-пәй,
әпкетай...Бірақ, ақшам жетпейді!
Мыстан: Ақшаң аздау-у...һмм! Ақылың бар ма?

Доскен: Жеті қап ақылым бар!
Мыстан: Охо! Ақыл деген қаппен санайтын кәртөшке ме? Күріш
пе? Сарымсақ па, сәбіз бе? Бәлкім, сағыз шығар? Ақылыңның жеті
қап екенін қайдан білдің?

Доскен: Әкем жыл сайын бір қап ақыл қосылып отырады деген!
Мен жетіге келдім, яғни, ақылым жеті қап болды!
Мыстан: Оп-пырмай! Әкеңнің ақалы неше қап екен, ә ?! Жарай­
ды, жеті қап ақшадан жеті қап ақыл артық! Ал, жеті қап ақылың бар

екені шын болса, ала ғой мына ойыншықтарды!
Доскен: Әпкетай, әп-пәй...
Мыстан: Тұрсың айла таппай!
Доскен: Тәт-тәт-тәт-те-тәй...

Мыстан: Титтей тиын жетпей, кіттәй кәлләң қатып кетті ме?

Доскен: Тәт-тәт-тәт-те-тәй... Әп-әпәп-ке -тәй... Мыстан: Саған бұл ойыншықтар шынымен ұнай ма? Доскен: Иә! Қатты ұнайды! Мыстан: Ұнаса болды! Ал онда! Бәрін ал! \ Жиып-теріп, үлкен қатты қағаз қорапқа сала бастайды.\ Ақшасына қысылма! Барыңды берсең болды! Қалғаны қарызға! Қайтарарсың ақырындап! \ Мысқылдап, рахаттанып:\ Тіпті, өмір бойы маған қарыз болып жүрсең, қатып кетер еді! Доскен: Әп-пәй, ләппәй! \ Бар ақшасын береді.\ Рахмет сізге! Мыстан: \ Ақшаны қалтасына тыға салып:\ Қарызыңды ұмытпасаң болды! Доскен: Бұл жақсылығыңызды ұмытпаймын! Қайтарамын! Мыстан: Өкінбейсің, саспа! Бұлар жай ойыншық емес! Сиқырлы ойыншық! Доскен: А-а? Сиқырлы?! Мыстан: Иә, сиқырлы! Бұлар саған керек кезінде көмекке келеді! Саған күш береді! Доскен: Күш береді?! Мыстан: Сен бұлардың көмегімен бәрінен де күшті боласың! Достарыңнан асып кетесің! Доскен: Ол үшін мен не істеуім керек?! Мыстан: Ол үшін...сен бұл ойыншықтарды өт-те жақсы көруің керек! Доскен: Мен өт-те жақсы көремін, тәт-те-тәй ! Мыстан: Жақсы көрсең, ылғи да жаныңда болсын! Тамақ ішкенде, бірге отырсын! Ұйқтағанда, бірге алып жат! Уақыты кел­ генде, өздері-ақ саған тіл қатады! Доскен: А-а? Сонда бұлар сөйлей ме? Мыстан: Сайрайды! Тек айтқандарын екі етуші болма\ Қорапты Доскеннің қолына ұстатып:\ Қорықпа ешкімнен! Керек кезінде мен өзім саған көмекке келемін! Ал, бар, бара ғой достарыңа! Доскен: Әп-пәй, ләп-пәй, әпкетай! \Қуанып, қорапты көтеріп, жүгіре басып жөнеледі.\ Мыстан: \ Оның соңынан қарап тұрып:\ Жеті қа-ап ақылым бар дейді! Қолында қағаз қорап, мойнында мыңдаған қарыз... Үй-бәй, бетім-ай, би-шә-рә-әй! Соған да мәз! Хи-хи-хи! Ха-ха-ха! \ Құбылып, жынды биді билейді:\ Қарыз берген кісіні, Ақымақ деп ойлама, Аңғалдарды арбаған, Ойыншықпен алдаған,

Мына бізбен ойнама! Ойнама! Ойлама! Ойнама! \Кетеді.\ Екінші көрініс Тайбек пен Сайраш құмның үстінде ойнап отыр. Тайбек үлкен Дағзилласын бір шетке қояды. Сайраш Кең-Кеңкені бір шетке қояды. Жүгіре басып : «Ур-ря! И-иес!» -деп айқайлап, Доскен келеді. Ол үлкен картон қорап тола ойыншықты ортаға ақтара салады. Алып монстр -құбыжық, тиранозавр, қаптаған қорқаулар мен жыртқыш аңдар, әртүрлі жантүршігерлік жәндіктер, қорқынышты кесерт­ келер-динозаврлар, қанатты кесерткелер, қылыш, айбалта, шоқпар, садақ, автоматтармен қаруланған жауынгерлер – түрлі-түсті ірілі – ұсақты ойыншықтар жылтырап, көзді алдап, сәнімен арбайды. Балалар әуелде әуестеніп, ұстап көреді. Доскен: \ Айнала билеп, бармағын шошайтады:\ Иес! Ие-есс! Сайраш: Фу! Қайдағы иес? И-иіс! Доскен: И-иіс емес, и-иес! Сайраш: И-иес емес, и-иісс! Иісі қандай жаман! \ қолындағы қорқауды құмға тастай салады.\ Тайбек: Сап-сасық! \ Жыртқышты лақтырып жібереді.\ Сайраш: Бұларды неге сатып аласың? Зиянды екенін білмейсің бе? Доскен: Жоқ, сатып алғам жоқ! Тауып алдым! Сайраш: Тауып алдың? Қайдан? Доскен: Көрші үйдің артынан...Құмнан! Тайбек: Сен біреулердің тастап кеткен жаман ойыншықтарын теріп әкелдің бе? Бар, лақтыр алған жеріңе! Атам біреудің нәрсесін алуға болмайды дейд! Доскен:\ қырсығып. \ Мен ұрлап алғам жоқ, тауып алдым! Ойнағым келеді, ойнаймын ! Ол ойыншықтарын жинап алып, алыстау отырып, бөлек ойнауға кіріседі. Балалар ойыншықтарын арлы-берлі шапқылатып, қиқулап, ша­ быстырып ойнайды. Тайбек Дағзилла болып, Сайраш Кең – Кеңке болып ақырып қояды. Доскен құбыжықтарын қаптатып, Дағзилла мен Кең-Кеңкені жан-жағынан қоршап тастайды. Осы кезде Баян ата келіп, бір шетте балаларды бақылап тұрады. Доскен: \ Ойыншықтарын кезек –кезек көтеріп:\ Менің ойыншықтарым бәрінен күшті!

Сайраш: Жоқ! Кең – Кеңке күшті! Тайбек: Дағзилла күшті! Доскен: \ Кекетіп:\ Кең-Кеңке...Кеңкелес пе, не? Сайраш: Өзің кеңкелессің! КеңКеңке – Кинг-Конг сияқты го­ рилла! Кеңкілдеп күле беретін көңілді жануар! Доскен: Ал, Дағзилла деген не сұмдық? Тайбек: Дағ – тау, зилла – зілдей деген сөз! Годзилла сияқты! Одан күшті ешкім жоқ! Доскен: Жоқ! Сендер түк те білмейсіңдер! Бәрінен де менің қорқынышты кесерткелерім – динозаврларым, тиранозаврларым, айдаһарларым, қорқау жыртқыштарым күшті! Олар жабыла кетсе, бәріңді де жеп қояды! Тайбек: \ Ойыншығын көтеріп, Доскен мен ойыншықтарына қарсы айбат шегіп:\ Жоқ! Бәрінен Дағзилла күшті! Сайраш: \ Кең – Кеңкемен айбарланып:\ Кең-Кеңке күшті! Доскен: \ Құбыжықтарын көтеріп, қарсы атойлап:\ Жоқ! Менің қорқауларым күшті! Баян ата: \ Бір-біріне айбат шегіп тұрған балалардың арасына түсіп:\ Әй, әй, балақайлар, алақайлар! Ақырын, ақырын! Балалар атаны көріп, одан сайын қызбаланып кетеді. Тайбек: Ата, айтшы! Бәрінен Дағзилла күшті ғой! Сайраш: Кең –Кеңке күшті! Доскен: Жоқ, менің монстрларым күшті! Тайбек: Ата, айтшы! Кім күшті!?\ Доскен мен Сайраш та жары­ са шулап: «Кім күшті? Кім күшті?» – деседі.\ Баян ата: \Қолын көтеріп, балаларды тыныштандырады:\ Тоқтаңдар! Тынышталыңдар! Кім күшті ?! Бәрінен де Алпамыс ба­ тыр күшті! Оның жанында сендердің құбыжықтарың түк емес! Тайбек: Қалай? Доскен, Сайраш:\ шу ете түседі.\Қалайша!? Баян ата: Солайша! \ рахаттанып.\ Алпамысқа атса – мылтық өтпейді, шапса – қылыш кеспейді, отқа салса – жанбайды, суға салса – батпайды! Қылышын оң жағына бір сілтесе он мың, сол жағына бір сілтесе сан мың жауды баудай түсіреді! Тайбек: О-о! Алпамыс батыр! Сайраш: О-о! Алпамыс күшті! Доскен: А-а! Мен түсіндім! Ал-па – мыс – а – лып монс – тр! Оның программасы сондай ! Баян ата: \ күліп:\ Жоқ! Ол монстр емес! Онда ешкімнің ешқандай программасы жоқ! Алпамыс батырды тәңірім солай жаратқан! Оны ешкім өзгерте алмайды! \Балалар ауыздарын ашып: Ох-хо! –деседі.\

Алпамыс батырдың астында желден жүйрік Шұбар аты бар! Ол өте айлалы, төзімді! Мыңдаған жылқының ішінен ат таңдауға барған Алпамыстың алдынан Шұбар ат қайта, қайта шыға беріпті. Ашуланған Алпамыс оны құйрықтан алып, айналдырып-айналдырып, аспанға лақтырып жібереді. Сонда Шұбар ат ұшып келіп, аяғымен тақ түсе қалыпты. Сөйтіп, екеуі дос болып кетіпті. Әне, көрдіңдер ме, Алпа­ мыс батыр қандай күшті болған! Тайбек: Иә! Алпамыс батыр бәрінен күшті! \Алпамыс! Алпамыс! – деп, шаттана шуылдасады балалар.\ Баян ата: \Балаларға қосыла, ойнақыланып:\ Алпамыс! Алпамыс! Сайраш: Біз Алпамыс батырды көргіміз келеді! Тайбек: Шіркін, ол қазір Шұбар атымен шауып келіп, бізбен ой­ наса ғой! Баян ата: Шындап тілесеңдер, ол келеді әлі! Сендермен ой­ найды талай! \Баян ата қиялға беріліп.\ Шіркін! Қайдағы бір құбыжықтармен ойнағанша, туған жерін жаудан қорғаған батырлар­ мен неге ойнамайсыңдар?! Балалар: Ойнайық! Ойнайық! Баян ата: Әр елдің өз ойыншығы болуы керек! Тайбек: Иә! Бірақ біз ондай ойыншықтарды қайдан аламыз?! Баян ата: \ қуақылана күліп: \ Батырларды шындап жақсы көріп шақырсаңдар, олар өздері келеді сендерге! Тайбек: Кел, кел, Алпамыс батыр! \ «Кел, кел, Алпамыс батыр! Кел, кел, Шұбар ат!» – деп, қосыла айқайлайды балалар. Олардың дауысы көкжиекке дейін жетіп, ауланы жаңғыртады. Бірақ, Алпа­ мыс келмейді.\ Сайраш: Баян ата, Баян ата! Қайда Алпамыс? Доскен: Қайда Шұбар ат? Тайбек: Біз қанша шақырсақ та келмеді ғой! Баян ата: Алпамыс батыр келеді! Сендерге шын керек болғанда келеді ол! Қане, тағы да бір шақырып көрейік! Алпамыс! Алпамыс! Балалар: \ қосыла ұрандап:\ Алпамыс! Алпамыс! Алпамыс! \ Ат дүбірі естілгендей болады.\ Баян ата: Міне, келді Алпамыс! \ Балалар оған таңдана қарайды. Баян ата қойнынан қайыңнан әдемілеп жонып жасаған атты­ лы батырдың мүсінін алып шығып, балаларға көрсетеді. Тайбекке береді. Тайбек оны алақанына салып, айналдыра, сүйсіне қарайды. Балалардың есі шығып, ауыздарының суы құриды. Шұбар атқа мінген батыр шынында да өте сымбатты, келбетті еді. Отты жанарынан қайраты мен айбаты көрініп тұр. Сауыт-сайманы мен қару-жарағы күн сәулесімен құбылып ойнап, көз тартады. Шұбар

аттың күміс ер-тұрманы мен жүгені де келіскен.\
Тайбек: \қуанып: \ Ата, рахмет!
Баян ата: Ал, балақайлар, балапандар! Тату-тәтті ойнаңдар!
Жақсы ойыншықтармен ойнасаңдар, жақсы адам боласыңдар! \

Кетеді. Тайбек атасын шығарып салады. Сол кезде Доскен жүгіріп
барып, Алпамыс батырды қолына алып айналдыра қарап тұрады.
Тайбек атасын шығарып салып келіп, ойыншығына қолын созады.
Доскен оны бергісі келмей, қашуға айналады.\

Тайбек: Доскен, әкел ойыншығымды!
Доскен: Сен мұны маған бер, Тайбек!
Тайбек: Неге саған беруім керек?
Доскен: Ол маған ұнайды!

Тайбек: Жоқ! Оны маған атам жасап берген! Керек болса, сен де
өз атаңа жасатып ал! Әкел, қане!
Доскен: Тоқта, Тайбек, тоқта! Сен маған Алпамыс батырды сат!
Тайбек: Жоқ! Алпамыс батыр сатылмайды!

Доскен: Онда менің көп ойыншықтарыма айырбастайық!
Тайбек: Алпамыс батыр ешнәрсеге айырбасталмайды!
Доскен: Мен саған көп динозаврлар мен қорқау жыртқыштарды
беремін!

Тайбек: Әй, Доскен, әкел енді, болды!
Доскен: Ал, бермеймін! Бітті! Ол менікі! \ Айнала қашады:\
Менікі! Менікі!
Тайбек: Сенікі емес, менікі! Алпамыс батыр менікі!\ Тұра қуып,

ұстаса кетеді. Екуі алысып, жұлысып, төбелесе кетеді.Бір шетте
шошыңқыраған Сайраш Кең-Кеңкені көтеріп, үнсіз бақылап отыр.
Ақыры Тайбек жеңіп, ойыншығын тартып алады. Көкке көтеріп: \
Менің Алпамысым!

Доскен: \ызаланып, долданып:\ Көрерміз! Тұра тұрыңдар, бәлем!
\ Алып монстрын көтеріп:\ Менің монстрларым сені Алпамысыңмен
қосып жеп қояды! \ Құбыжығын көтеріп, бір шетте арлы-берлі ай­
нала жүреді. Тайбек пен Сайраш одан алыстау барып, құмда ойнап

отырады.
Сол кезде бір шеттен сып етіп мыстан шыға келеді. Доскенге
тақалып келіп, көзімен арбап, тілімен алдай бастайды.\
Мыстан: \ ысылдап, сыбырлайды: \Қайтпа, қайтпа Доскен!

Құбыжықтарыңды шақыр көмекке! \Алып монстрды қолына алып,
айналдырып:\ Шақыр-р-р! Шақыр-р-р-р! Ү-үпп! Сү-үпп! Үпит-т!
Сүпит-т!
\ Сол кезде бір шеттен баяу ысқырып жел соғып өтіп, айналаны

жеңіл мұнар басқандай болады.Мыстан алып монстрды Доскенге

ұстата салып, бір шетке лып етіп, көрінбей кетеді. Тайбек пен Сай­ раш аңтарылып, жан-жағына қарайды.\ Доскен: \селкілдеп билей бастайды.\ Құбыжығым, қаптап кел, Қорқауларды бастап кел, Алпамыспен алысып, Ат-матымен таптап бер! Қаптап кел! Қаптап кел! Алып монстр:\ Осы сәтте Доскеннің қолындағы ойыншыққа тіл бітіп, сиқырлы дауыспен арбай бастайды: \ О, досым менің! Сен шынымен шақырсаң, мен саған келемін көмекке! Беремін сазайын бұлардың! Ол үшін сен мені иіскеуің керек! \ Доскен құбыжықты иіскелей бастайды.\ Иә, иіске, иіскелей түс! Менің иісім сенің өнбойыңа тарасын! Доскен: \ Құшырлана иіскелеп, құбыжықтың сасық иісін жұта береді. Бір кезде басы айналып, көз алды тұманданып, дүние шыр айналып, құйын соғады. Селкілдеп, жын ұрғандай шыңғыра билеп:\ Ах-ха-ха! Хо-хо-хо! Құбыжығым, қорқауым, Қара құрттай қаптап кел, Қара бұлттай құрсап кел! Алып монстр: \ Қорқынышты дауыспен ысылдай сөйлеп: \ Иіске! Иіске! Иіскей түс! Улан, улан! Міне, мен келе жатырмын! Ол барған сайын күшейіп, үлкейіп, үйіре соғады. Балалар қорқып, шыңғырып, құмға жабысып жата кетеді. Дүние шыр ай­ налып, айналаны қараңғылық басып, жыртқыш құбыжықтардың қорқынышты дауыстары күшейе түседі. Жын шақырып, қалшылдаған Доскен әлдебір қорқынышты бейнеге ұқсай бастай­ ды. Оның ойыншықтарына жан бітіп, бәрі де үлкен, қорқынышты құбыжықтарға айналып, Тайбек пен Сайрашты қоршап алады. Ба­ лалар: «Ата! Ата!» – деп, шыңғырып жібереді. Олардың даусымен бірге, қараңғылық серпіледі. Доскеннің ойыншықтары шынымен құбыжық жыртқыштар болып кетіпті, олар қаһар төгіп, Тайбек пен Сайрашты қоршап тұр. Доскеннің өзі де түсініксіз бір бейнеге айналып кеткен. Екі бала қорқып, оларға таңдана қарап тұрады. Сайраш Кең-Кеңкені кеудесіне қысып алған, ал Тайбек Алпамыс батыр мен Дағзилласын екі қолына ұстап алған. Доскен: \ Өзгеше дауыспен: \ Ал, бәлем! Енді сазайларыңды тартасыңдар! Жан керек болса, маған бағынып, ойыншықтарыңды беріңдер! Қане, жылдам! \ Тайбек пен Сайраш ойыншықтарын қимай, Доскенге бағынғысы келмей қиналып тұрады. Бірақ, тақап келіп, тұмсықтарымен, тарбиған тырнақтарымен түрткілей бастаған құбыжықтардан қорқып, бұрышқа тығылып, шыңғырып жібереді. Сол кезде Доскен батыл басып келіп, Сайраштың Кең-Кеңкесі мен

Тайбектің Дағзилласын қолдарынан жұлып, жұлып алады. Масаттанып, ойыншықтарды көкке көтеріп, шаттана айқайлайды:\ Алақай! Алақай! Мен Дағзилла мен КеңКеңкені өз құбыжықтарыма қосып аламын! Ал, Тайбек, енді Ал­ памыс батырды бері әпкел! \ Тайбек Алпамысын бергісі келмей, кеудесіне қыса түседі.\ Әкел деймін қане! Әйтпесе, мыналарға жегіземін сені! \Доскен Тайбекті бас салып, ойыншығын тартып алмақ болып, алыса кетеді. Екеуі алыса бергенде, ойыншық жерге ұшып түседі. Оны Алып монстр қағып жібергенде, ұшып кеткен Ал­ памыс батыр жоқ болып кетеді. Алып монстр Доскенмен ұстасып тұрған Тайбекті арқасынан бір ұрғанда, бала талып, құлап қалады. Доскен шалқақтап, арлы-берлі жүріп, ойыншық Алпамысты іздей бастайды. Барлық құбыжықтар жабыла іздеп, таба алмайды.Олар Алпамысты іздеп жүргенде, Дағзилла, Кең-Кеңке мен оның бала­ сы да тіріліп, үлкен жәндікке айналады. Сол кезде әлдеқайдан сып етіп келе қалған Мыстан бір шетте елеусіз тұра қалып, қолындағы ойыншық құбыжыққа: «У-у-ф-фф!! Су-уф-фф» – деп, дем салып, Кең-Кеңкенің баласына қарай домалатып жібереді. Айналаны тұман басқандай болып, әлгі ойыншық алып қанатты айдахарға айналады да, ақырып, ысылдап, ортада шыр айналады. Барлығы үрейленіп, селтиіп тұрғанда, алып айдаһар КеңКеңкенің баласын көтеріп ала қашып, көрінбей кетеді. Сайраштың жанындағы Кең-Кеңке есі шығып, екі алақанымен өз кеудесін ұрғылап, өкіріп, теңселіп тұрғанда, Мыстан ақырын келіп, оны қолтықтап, бір шетке қарай алып шығады. Мыстан: Қорықпа, Кең-Кеңке! Мен білемін балаңды қайда әкеткенін! Жүр, менімен! Кең-Кеңке: Құп болады! Баламды тауып берсеңіз, мен сіздің мәңгілік досыңызбын! Мыстан: Дағзилла досың да бірге жүрсін! Үшеулесек, жау­ ды жеңіп, кішкентай Кең-Кеңкені құтқарып аламыз! \Дағзилла қорбаңдап, олардың жанына келе бергенде, абайсызда Мыстанның бақайын башпайымен басып кетеді.\ Мыстан: \ойбай салып, бір домалап түседі.\ Ойбай! Бақайым! Бақайым! Дағзилла: Ой-бой, қап! Апайымның бақайын байқамай басып кеттім-ау! Кейде өстіп байқамай қалатыным бар! Мыстан: \ Ауырсынып, аяғын сипалап:\ Байқау керек! Бұдан бы­ лай аяғыңды байқап басатын бол! Ал, кеттік! \ Екеуін ертіп кетеді.\ Қорғансыз қалған балаларды қорқаулар мен құбыжықтар, жыртқыш аңдар қоршай бастайды. Балалар төбенің басы­

на шығып, бір-біріне жабысып, үрейленіп тұрғанда, монстр
ойыншықтар көбейіп, жердің жүзін қаптап кетеді. Көздерінен от
шашып, тістерін сақылдатып, балаларға жақындап келеді. Зәрелері
кеткен балалар жанұшырып : «Ата!Ата!» -деп айқайлайды.

Сол кезде жер-көкті жаңғырықтырып, қатты кісінеген аттың
даусы естіледі. Іле-шала даланы дүбірлетіп шауып келе жатқан
аттың шаңы да көрінеді. Шаң арасынан Шұбар ат шыға келіп,
құбыжықтардың ортасын қақ жарып, шырқ айналып тұра қалады.

Алдынан кеп қалған бірнеше құбыжықты болат тұяқтарымен
тарпып, арттан келгендерін теуіп- теуіп жіберіп, тырапай асы­
рады. Үстіндегі батыр ұзын алмас қылышын үйіре сілтеп қалғанда
құбыжықтардың біразы баудай түседі.

Тайбек: О-о! Алпамыс! Алпамыс батыр келді! Мен оны таныдым!
Сайраш: Астында Шұбар аты! Мен де таныдым!
Тайбек: Алпамыс батыр!
Сайраш: Алпамыс батыр! Бізді мына құбыжықтардан құтқара

гөр!
Алпамыс: Қорықпаңдар, балалар, балақайлар! Хай-хай!
Алпамыс батыр қиқулай ұран салып, алдаспанын оңды-солды
зуылдата сермегенде, құбыжықтар қоғадай жапырылып, жер­

ге жабысып жата қалады. Үндері өшіп, қайтадан кішкентай
ойыншықтарға айналады. Тайбек пен Сайраш оларды жиып-теріп,
қорапқа қамап тастайды.
Тайбек: Рахмет! Рахмет саған, Алпамыс батыр!

Сайраш: Рахмет! Рахмет саған, Шұбар ат!
Алпамыс: О-о, балаларым! Құлындарым! Мен сендердің
аталарыңмын! Сендерді қашанда қорғап, желеп-жебеп жүру – менің
парызым!

Тайбек: Дағзилла Мыстанмен бірге құбыжықтардың соңынан
кетті. Ол алданып, жауларға қосылып кетсе – жаман болады!
Алпамыс: Дағзилла дегенің әлгі тау сияқты дәу ме?
Тайбек: Иә! Ол аңғал, бірақ адал!

Сайраш: Кең-Кеңкенің баласын да алып кетті. Кең-Кеңке де
соларға қосылып кетсе қайтеміз?
Алпамыс: Кең-Кеңке дегенің әлгі өз кеудесін өзі соғып жүретін
маймыл ма? Талай жаумен соғысып көрсем де, маймылмен соғысып

көрмеппін!
Тайбек: Оларды қайтару керек!
Алпамыс: Жарайды, көрерміз! Олар қайда кетуі мүмкін?
Тайбек: Бетпақ даладағы ескі қорғанға барады! Ол жер ежелден

құбыжықтардың мекені деп атам айтқан!

Алпамыс: Бетпақ даладағы ескі қорған де!? Онда не тұрыс?
Тарттық ескі қорғанға! \ Алпамыс батыр аттанады\
Тайбек: Аттан! Аттан, Алпамыс батыр!
Сайраш: Әйт, шүу, жануар, Шұбар атым!

Тайбек пен Сайраш қол бұлғап, Алпамысты шығарып салып
тұрғанда, Доскен ұрлана басып барып, қораптың аузын ашып
жібереді. Құбыжықтар сыртқа шығып, қайтадан сиқырлы бейне­
лерге айналып, ырылдап, шуылдап, балаларды қоршай бастайды.

Қорқып, шыңғырған қорғансыз Тайбек пен Сайраш бұрыш-бұрышқа
қашып, тығылмақшы болады. Бірақ, жан-жақтан қаптаған
құбыжықтар оларды қоршап алады.
Кенет Алып монстр Доскенді мінгізіп ала қашады. Бір айналып

келіп, Тайбекті тырнағына іліп ала жөнеледі.Қорқып, ойбайлаған
Сайрашты қорқау бас салып, көтеріп ала қашады. Барлық
құбыжықтар шуылдап, жер көшкендей дүңгірлетіп, шаңдатып,
тұмандатып, солардың соңынан кетеді.

Екінші акт.
Бірінші көрініс
Айдала. Жалғыз жартас. Дара бәйтерек. Шуылдаған бір дауыс
естіледі. Қанатты, үлкен аждаһа бәйтеректің түбінде, жартастың

жанында маймылдың баласын орап алып, тұншықтырып, өлтіргелі
жатыр.Бала маймыл қарсыласып бағады, бірақ айдаһар әл бермей,
бірте-бірте буындырып, өлтіруге айналады.
Сол кезде шапқан аттың дүрсілі естіліп, Шұбар атымен Алпа­

мыс батыр келіп қалады.Бәйтеректің түбіндегі арпалысты көреді
де, көп ойланбастан садағын қолына алып, ұзын, өткір жебесін са­
лып, көздеп тұрып аждаһаны атып жібереді. Жебе алып жыланға
тура қадалып, ұшырып әкетеді. Аман қалған бала маймыл жерге

түсіп, Алпамысқа басын иіп, алғыс айтады.
Кең-Кеңкенің баласы: Рахмет саған, Алпамыс батыр! Сен мені
бір ажалдан алып қалдың! Біз саған мәңгі – бақи қарыздармыз!\ Ол
Алпамысты құшақтайды.\

Алпамыс: \ Құшақтасып:\ Талаймен дос болсам да, маймылмен
бірінші рет төс қағысып тұрмын! Әлгі кеңкілдек әкең қайда?
Кең-Кеңкенің баласы: Ол мені іздеп келе жатқан шығар! Қырға
шығып, қарап келейін! \ Ол кетеді. Алпамыс бәйтеректің түбіне

шалқасынан жата қалып, ұйқтайды.\
Осы кезде Кең-Кеңке мен Мыстан келеді.

Мыстан: \ Емпеңдеп, алға шығып, Алпамысты айнала жүріп, сиқырлы дауыспен арбай сөйлейді:\ Міне, мына сұмдықты қара! Жатысының жаманын-ай! Қанға тоймаған жауыз! Алпамыс емес, нағыз албасты бұл! Сенің балаң қайда? Мынау оны сойып, жеп алып, рахаттанып жатқан жоқ па? Не қарап тұрсың, жылдам жой көзін! Оя­ нып кетсе, әл бермейді ешкімге! Мыстанның сиқырлы тіліне ерген Кең-Кеңке ұйқтап жатқан Алпамысқа төніп келіп, қадала қарап тұрып, қаһарланып, кеңк-кеңк етіп өз кеудесін өзі ұрады. Жартасты бір-ақ ырғап көтеріп алып, ұйқыдағы батырды бастан бір-ақ ұрғалы, салмақтап тұрады. Сол кезде баласы кеп қалады. «Тоқта! Тиме оған!» – деп, ышқына дауыстаған бала маймыл жет­ кенше, Кең-Кеңке жартасты Алпамыстың басына тастап жібереді. Үйдей қара тас тәтті ұйқыда жатқан батырды басып қалады. Жанұшырып жеткен баласы Кең-Кеңкені құшақтап, жылап қоя береді. Мыстан зытып, жоқ болады.\ Кең-Кеңкенің баласы: Бекер өлтірдің оны! Ол мені өлімнен құтқарып қалып еді! Ол әкесіне болған оқиғаны маймылша ымдап, ырғып, секіріп, бей­ нелеп айтып береді. Кең-Кеңке қатты өкініп, жерге отыра қалады. Өз басын өзі тоқпақтап, өкіре жылайды. Сол кезде үйдей қара тас қозғалғандай болады. Кең-Кеңке мен баласы оған қадала қарай қалады. «Әуп!» деген дауыс шығады да, үйдей қара тас аударылып түседі. Ұйқысы қанған Алпамыс керіліп-созылып, басын көтеріп отыра­ ды. Шекесін сипап-сипап қояды. Кең-Кеңкенің баласы лып етіп оның жанына келеді. Алпамыс: \ Бала маймылға қарап:\ Шекем ісіңкіреп тұрған сияқты. Қарашы! \ Маса шағып кеткен бе? Осы масалардың да жүрмейтін жері жоқ! \ Кең-Кеңкенің баласы үңіле қарап, қолымен сипап көріп, басын шайқап, таңдайын қағып, көзін ашып –жұмады. Алпамыстың шекесіне бір, әкесіне бір, үйдей тасқа бір қарап, бетін басып, әкесі құсап, кеңк-кеңк күліп, өз кеудесін өзі дүңк-дүңк соғады. Алпамыс еңкілдеп отырған Кең-Кеңкені көріп:\ Әй, неге еңкілдеп отырсың? \ Кең-Кеңке ұялып, сасқалақтап қалса да, сыр бермеуге тырысып, кеңкілдеп күліп жібереді.\ Еңкілдегеннен кеңкілдегенің жақсы екен, Кең – Кеңке! Осы кезде ақырған қорқынышты дауыс шығады. Жерді солқылдата басып, алып Дағзила келеді. Жанында –Мыстан. Қолын сермеп, сыпылдап, әлдене деп сөйлеп келе жатыр. Жобасы -Мы­

стан Дағзилланы да Алпамыс батырға қарсы қайрап, алып кел­
ген. Жақындай бергенде, Алпамысқа көрінбей, жалт беріп, жоқ
болып кетеді. Дағзилла жер-көктің үрейін ұшыра ақырып, ұзын,
жуан құйрығын үйіре айналдырады. Кең-Кеңке ара түспек болып,

қолын көтеріп тұра ұмтылғанымен, ашудан ештеңе көрмей кет­
кен Дағзилла құйрығымен Кең-Кеңкені де, Алпамысты да қағып
жібереді. Кең-Кеңке анадай жерге ұшып кетіп, талып қалады. Ба­
ласы оның басын көтеріп, сүйемелдеп әлек. Бірақ, Алпамыс бір до­

малап түседі де, түк болмағандай аяғына тақ тұрады.
Дағзилла «Уф» деп, от бүркіп жібереді. Аппақ жалын Алпамы­
сты орап өтеді. Бірақ, Алпамыс қыңқ етпей, оттың ішінен аман-сау
шыға келді.

Алпамыс: Туһ! Бір жылынып, рахаттанып қалдым ғой!\ Дағзилла
басын шайқап, оған маңқиып, таңдана қарайды.\ Ер болсаң, енді
менің өртіме шыдап көр!
Алпамыс батыр алмас қылышын жарқылдатып, арыстан­

дай ақырып, тұра ұмтылады. Дағзилла оған үйдей жартасты
лақтырады. Алпамыс қылышын жалт еткізіп, Дағзилланың
лақтырған үйдей қара тасын шауып жібереді. Қара тас қақ бөлініп,
екі жаққа ұшып кетеді.Сол бетінде ашуланған Алпамыс Дағзилланың

қарағайдай тарам-тарам болып тарбиған қыр арқасынан қырқа
шауып -шауып жібереді. Бірақ, қылышы өтпейді.\
Дағзилла: \қарқ-қарқ күліп:\ Ой, рахат-ай! Арқам қышып жүр еді!
Сен жақсы қасиды екенсің! Тағы да қаси түсші!

Алпамыс алмас қылышымен құбыжықтың қыр арқасын арлы-
берлі осып-осып өтеді. Дағзилла рахаттанып, оған разы болып, ба­
тыр шапқан сайын, басын шұлғи береді.\
Алпамыс: \ Тоқтап:\ Әй, Дағзилла! Неменеңе рахаттанып, мәз

боласың? Досың Тайбекті ұмыттың ба? Сен неменеге кеңк-кеңк
етесің, Кең-Кеңке! Бұлар Тайбек пен Сайрашты құлдыққа салғалы
жүр. Ал, сендер соларға қосылып, ұялмастан нағыз достарыңа қарсы
шығып жүрсіңдер!

Дағзилла мен Кең-Кеңке ұялып, үндей алмай, ауыр күрсінеді.
Дағзилла: Мен байқамай қалыппын!
Кең-Кеңке: Сенің бір байқайтын кезің бола ма, осы?
Дағзилла: Білмеймін! Мен неге өстіп байқамай қаламын, ә?

Алпамыс: Өйткені, сенің басың қазандай! Бірақ, ішінде ми жоқ!
Миың болса, Мыстанның алдауына көніп, айдауына жүрер ме едің?
Ол сендерді милау қылып, өзіне малай қылып алмақшы ғой!
Дағзилла: Рас, рас айтасың, Алпамыс! Мыстан мені майда

тілімен мақтап-мақтап, мас қылып тастады. Алпамыс батыр досың

Кең-Кеңке мен баласын өлтіргелі жатыр, тез барып құтқарып ал деді. Оңдырмай алдап соққан екен! Оны байқамай қалыппын! Мен қалай байқамай қаламын, ә? Алпамыс: Енді байқа! Кең-Кеңке: Балалар қайда, Алпамыс батыр?! Алпамыс: Ескі қорғанда! Кең-Кеңке: Онда не тұрыс? Алпамыс: Ал, аттандық! Әйт, шүу, жануар, Шұбар атым! Алпамыс батыр Шұбар атымен дүбірлетіп шаба жөнеледі. Дағзилла жер жаңғырта ақырып, жерді солқылдата басып, кете береді.Кең-Кеңке ашулана пысылдап, , екі қолымен кеудесін соғады. Оның баласы да әкесінің жанына тұра қалып, ашу шақырып, пысыл­ дап, екі қолымен кеудесін соққылайды. Кенет, екеуі бір-біріне қарап қалады да, кеңкілдеп күліп жібереді. Кеңк – кеңк етіп, бір-бірін қолдарымен көрсетіп, «сен былай еттің ғой!» дегендей, пысылдап, кеуделерін соғып, кеңкілдеп, бірін-бірі әзілдей келекелеп күледі! Күлекүле кете береді! Екінші көрініс Ескі қорған. Қаракөлеңке, үңгір сияқты бір қуыста Тайбек пен Сайраш қамауда отыр. Мыстан мен Доскен жүгіре басып келеді. Олар Тайбек пен Сай­ рашты өздеріне қаратып алмақшы болып азғырады. Алдап, арбай­ ды. Мыстан: Балайқандарым! Малайқандарым! Қалай халдарың? Қарындарың ашқан жоқ па? Доскен: Менің қарным тоқ! Мен монстрлармен бірге неше түрлі тәтті-пәттілерді соғып алдым! Түрлі-түсті суларға тойып алдым! Сайраш: Мақтанба! Оның бәрі настық! Денсаулыққа зиян! Доскен: Аштық пайдалы деп кім айтты? Тайбек: Сасықтан да ашыққан жақсы! Доскен: Сендер өйтіп қырсықпаңдар! Бізден басқа ешкім де сен­ дерге көмектеспейді! Кімге сеніп отырсыңдар?! Тайбек: Алпамыс батыр құтқарады бізді! Доскен: Алпамыс батыр сендерді қайтеді? Оның басқа жұмысы жоқ па, немене? Сайраш: Алпамыс батыр – біздің атамыз! Ол біз үшін аянбайды! Мыстан: Алпамыс батыр – өткен шақ! Ескіліктің сарқыншағы! Доскен: Ал, монстрлар – мода! Мыстан: Бостан-босқа Алпамысқа сенбеңдер! Ол енді келмейді!

Тайбек: Алпамыс келеді! Атам айтқан!
Мыстан: Атаң айта береді! Алдайды сендерді!
Тайбек: Жоқ! Атам алдамайды! Сен алдайсың!
Сайраш: Сен алдаушы алаяқсың!

Тайбек: Сиқыршы жәдігөйсің!
Сайраш: Мыстансың! Біз саған сенбейміз!
Тайбек: Сендерге ермейміз!
Сайраш: Алпамысты бермейміз!

Тайбек: Алпамыс біздің атамыз!
Сайраш: Атамызға сенеміз!
Тайбек: Атамызды сатпаймыз!
Сайраш: Үміттерін ақтаймыз!

Мыстан: \ашуға булығып, шашын жалбыратып, тырнақтарын
жалақтатып, дірілдеп, қалшылдап:\ Ах, оңбағандар! Солай ма?
Олай болса, мен сендерге көрсетейін қазір!
Осы кезде ат дүбірі естіліп, қиқулап, ұран салып, Алпамыс ескі

қорғанға кіріп келеді. Мыстан мыштай болып, Алпамысқа көрінбеуге
тырысып, екі баланы қолынан сүйрелей қашады. Доскен оларды ар­
тынан итермелеп, барлығы бір бұрышқа тығылады.
Алып монстр мен тиранозавр, қорқаулар, қарулы әскер Алпамысқа

қарсы шығып, жабылады. Соғысады.
Мыстан: Сендер Алып монстр деп ұран салыңдар! Қане, қатты
айқайлаңдар! Олар жеңсе, сендерге жақсы болады! Көп ойыншық
беремін сендерге! Қане, былай: Алып монстр, Алып монстр!

Доскен: Алып монстр! Алып монстр!
Осы кезде Алып монстр бастаған құбыжықтар мен әскерлер
арқаланып, жабылып, Алпамысты атынан құлатады.
Тайбек: Алпамыс, тұр! Алпамыс, тұр!

Сайраш: Алпамыс, тұр! Алпамыс тұр! \ Мыстан мен Доскен
қосылып: «Алып монстр! Алып монстр!» деп қиқулайды. Тайбек
пен Сайраш: «Алпамыс, тұр!Алпамыс, тұр! Алпамыс! Алпамыс!
Алпамыс!» деп ұрандайды.Оларға бір кезде әуеден, даладан көп

дауыс қосылып кеткендей болып, жер-көктің бәрі «Алпамыс! Ал­
памыс!» деген ұранға толып кетеді. Қаптаған жаулармен арпалы­
сып жатқан Алпамыс батыр бұл ұраннан күш алып, дұшпандарын
лақтырып, лақтырып жібереді. Қылышын оңға, солға ысқырта

сілтеп, жауды жапырып тастайды. Алып монстрмен жекпе-жек
шайқасады. Желкесінен алып, айналдыра үйіріп, лақтырып жібереді.
Ол жоқ болып кетеді. Қалған қорқаулар мен әскерлер қашып, ескі
қорғанның қуыс-қуысына тығылады.Алпамыс оларды қуып кет­

кенде, , Мыстан:: «Үф-ф, сүф-ф! Үпит, сүпит!» -деп, Тайбек, Сай­

раш, Доскен үшеуін сиқырлап, айтқанына көндіріп, қорғанның бір
қараңғы қуысына тығып қояды.Өзі құбылып, шашын төгілтіп, сұлу
қыз кейпіне енеді.\
Мыстан: Алпамысты жеңе алмасақ,

Жабылып қару-жарақпен,
Алдап-сулап құлатамыз,
Улап арақ-шараппен!
Мыстан қолына бір құмыра шарап пен пиала ұстайды. Құмыраға

бірдеме қосып: «Үф-ф! Сү-үф-ф! Үпит! Сүпит!» – деп, дуалайды..
Сөйтіп, жауды қуып тастап, қайтып келген Алпамыс батырды
қылымсып қарсы алады.
Мыстан: Сусадың ба, батыр,

Тарықтың ба?
Сұлу қыздың сыйына,
Зарықтың ба?
Ерлігіне ризамыз,

Серіміздің,
Оң қолынан сусын іш,
Пері қыздың!
Мыстан айласын асырып, Алпамысты арбап алады. Алпамыс

жан-жағына бір қарап, жаудың жеңілгенін көріп, қызға ықыласпен
қарап, көңілденеді. Сауыт-сайманын шешіп тастап, еркін отыра­
ды. Қыздың сиқырлана ұсынған пиаласын қолына алып, қағып сала­
ды. Ішкен бойда шалқасынан түседі. Ес-түссіз ұйқтап қалады.

Алпамыс ұйқтап жатқанда, жаулары оны өлтірмекші болады.
Алып монстрдың бастауымен, құбыжықтар мен жауынгерлер жан

– жағынан ақырын басып, қаптап келіп, қоршап алып, жабылып,

қылышпен, айбалтамен шапқылайды. Бірақ, ұйқыдағы Алпамыс
батырға олардың бар күшін салып, құлаштап шапқан айбалта,
қылыштары өтпейді. Батыр тіпті оны сезбестен, ұйқтай береді.
Әлгілердің өткір қаруларының болат жүздері майырылып, саптары

майысып, сынып, мүлдем жарамсыз болып қалады.
Алып монстр ашуға булығып, енді оны мылтықпен атқылауға
бұйрық береді. Олардың оғы ұйқыдағы батырға тиіп, серпіліп, кері
қарай ұшып, атқандардың өзіне тиіп, ұшырып түсіреді.

Жаулары енді Алпамысты тұншықтырып өлтірмекші болып,
суға тастайды. Бірақ, Алпамыс суға батпайды.
Әбден ызаланған жаулары оны таудай ғып үйілген ағаштың
үстіне жатқызып, аямай өртейді. Қу ағаш лаулап жанып, қып-

қызыл шоқ болады.
Сол кезде ақырып, Кең-Кеңке келіп қалады. Ол құбыжықтармен

шайқасады. Қаптаған қорқауларды жеңе алмай, қалжырап, жеңіле
бастағанда, Дағзилланың ақырған даусы естіледі. Дағзилла келген
бетте, ұртындағы суды бүркіп, отқа себеді. От сөніп, шоқ ішінен
Алпамыс шыға келеді. Дағзила Кең-Кеңкемен бірге құбыжықтармен

соғысады. Теке тіресіп, бірін –бірі жеңе алмай тұрады.
Кісінеп, шұбар ат келеді. Алпамыс атына қарғып мініп,
құбыжықтармен айқасады. Оң келгенін оң, сол келгенін жағына
сұлатып тастайды.

Дағзилла: Әй, Алпамыс, Алпамыс! Сен былай тұршы! Мен
бұларды үрлей салайын! От – жалынды бүркіп, бүркіп жіберсем,
дымдары қалмай жанады да кетеді!
Алпамыс: Үрлей саласың... Жандырып жібересің! Тоқтат! Бала­

ларды бірге күйдіресің!
Дағзилла: А-а?! Мен байқамай қалдым! Әне, ылғи өстіп байқамай
қаламын! Енді қайттім?
Алпамыс: Аяғыңмен айыра соқ! Құйрығыңмен қайыра соқ!

Дағзилла мен Кең-Кеңкенің соққыларына, Алпамыстың ысқырған
қылышына шыдай алмай, құбыжықтар өкіріп- бақырып, тұра
қашып, аулаққа барып, алқынып, қорқып тұрады.
Алпамыс Алып монстрмен жекпе-жек шайқасқа шығады. Екіге

бөлінген топ: «Алпамыс! Алпамыс!», «Алып монстр! Алып монстр!»

– деп қиқулайды. Ақырында «Алпамыс! Алпамыс!» деген ұран күшейе

түседі. Алпамыс батыр Алып монстрды жеңіп, кеңірдегінен қысып
тұрып, құлағынан бұрап-бұрап жібергенде, ол қайтадан кішірейіп,
ойыншық қалпына түседі. Сол кезде құбыжықтардың бәрі де
қайтадан кішкентай ойыншықтарға айналады. Қорғанның қуысынан

жүгіре шыққан Тайбек пен Сайраш оларды қорапқа қайта қамап, тас
қылып бекітіп тастайды. Доскен бұрышта сілейіп тұрады. Алпамыс
батыр қорапты Мыстанның қолына ұстата салады.
Алпамыс: \ Мыстанды қуалап:\ Қайдан келсең, сонда кет!

Қалай келсең, солай кет! \Мыстан қашқалақтап, бұлтарып,
кеткісі келмей, Доскенге жақындап, айналсоқтап, бір қолының
ұшынан ұстап, өзіне қарай үйіріп, тартып әкетуге тырысады.\
Бәле-бәтер, қауіп-қатер,

Сасығыңның барлығын,
Жиып ала –теріп ала кет! \ Доскен әрі-сәрі болып, теңселіп ба­
рып, бір кезде қолын тартып алып, қашқалақтап барып, Тайбек пен
Сайраштың ортасына барып тұрады. Екі дос көршілерін құшақтап,

өздеріне тартады. Мыстан оның соңынан қалмай, жақындай
түседі.Сол кезде Доскен жүгіре басып, Алпамыс батырдың тасасы­
на тығылады.\

Аулақ, аулақ, елден кет, Атамекен жерден кет, Алас, алас, пәлекет! Мыстан Алпамыстан сескеніп, жақындай алмай, алыстан арбап тұрады. Сол кезде Дағзилла Мыстанды қағып жібереді. Мыстан бір қорап ойыншықтарымен қоса ұшып кетіп, мүлде жоқ болып кетеді. Дағзилла: Байқамай қалдым! Мен неге өстіп байқамай қаламын, ә?! Кең –Кеңке: \ Кеңк-кеңк күліп:\ Әй, Дағзилла! Бұл жолы дәл байқадың, әй! Жарайсың! \Кеңкілдеп, өз кеудесін өзі соғып –соғып қояды. Жүгіре басып Кең-Кеңкенің баласы келеді. Ол да қуанып, әкесімен қосылып, кеудесін соғып, кеңк-кеңк етеді.Тайбек пен Сай­ рашты арқасынан қағып, бәрі мәз болады.Бір кезде бала маймыл Доскенді де арқасынан қағып-қағып қояды. Доскен ұялып, кешірім сұрап, басын иеді. Балалар бұртиып, теріс қарайды. Сол кезде Алпа­ мыс батыр келіп, оларды қол алыстырып, татуластырады. Тайбек пен Сайраш Доскенді кешіреді. Барлығы қол ұстасып, тату –тәтті жарасып, әндетіп, билейді.\ Алпамыс: Бала, бала, балдырған Өмір отын жандырған, Күн нұрындай күлімдеп Көз мейірін қандырған. Ерте, ерте, ертені Аңыз қылған, ән қылған, Кел, ертегі тыңдайық Ата-бабаң қалдырған! \ Алпамысқа барылдап Дағзилла, кеңкілдеп Кең-Кеңке қосылып қояды.\ Балалар: Байтақ жатқан даласы Батыр болған бабасы, Білім қуған, ой қуған Мен – қазақтың баласы! Әжеміздің әнінде Еліміздің жыры бар, Атамыздың күйінде Даламыздың сыры бар! Соңы. 18.04.2017ж – 9.11.2018ж.

Капитан Катана
Киноповесть
Басты рөлдер:
Катана – Полиция капитаны Оспан Тақанов, 35-терде. Ұзын бой­

лы, сымбатты, спортшы, әнші, қолмерген.
Шахмаран – Қылмыстық топтың серкесі, 45-терде, ірі денелі,
келбетті кісі. Жайшылықта салмақты, айлалы, қу. Ішіп алса, көп
сөйлейді, мақтаншақ. Самодур. Маньяк.

Әділов – Әріп, полиция аға лейтенанты. 35-терде. Катананың
әріптесі. Қазанбас, жалпақ қазақ. Еңбегі де бар, қазақпайшылығы,
аңғалдығы да бар. Бірақ, принципті мәселелерде ол да табанды, ба­
тыл офицер. Жайбасар, палуан. Өз жұмысын біледі.

Ботаев – Облыстық Ішкі істер басқармасының тергеу бөлімінің
бастығы, полиция полковнигі. 50-лерде. Байсалды, көргені мол, бу­
рыл шашты, кең маңдайлы, келбетті кісі.
Торпеда – Шахмаранның қолшоқпары, 30-да. Зор денелі, бұлшық

еттері бұлтылдаған атлет. Топастау, ұр да жық. Иесі айтса, қандай
істен де тайынбайтын қаһарлы қарақшы. Маньяк.
Куәгер: – 30-да, жылпос, Шахмаранның барып кел, шауып келінде
жүрген жігіт. Қылмыстық іске араласпаған, бірақ, солардың ішінде,

жиындарында жиі болатын, ішіп-жегеніне мәз бейбақ. Сөзінде бәтуа
жоқ, айлакер.
Эпизодтағы рөлдер:
Қаһарман – полиция капитаны, 35-терде. Қаһарман офицер.

Анар – Катананың шешесі, мейірбанды кісі. 60-тарда.
Гүлнәз – Катананың әйелі, 30-да. Отбасының ұйтқысы, сабырлы,
ақылды жан.
Қыңыр шал – Әріптің қайын атасы, 70-де. Сыншыл, өткір сөзді

қиқар шал.
Жансұлу – Әріптің әйелі, 30-да. Ұқыпты әйел.
Балалар – Катананың балалары. 6-10 жастың арасында.
Балалар – Әріптің балалары. 6-10 жастың аралығында.

Ақсақал – 70-де, көрші қария. Әділдікті, ел тыныштығын ойлай­
тын жан.

Шал – 70-де, көрші қария, орыс. Әділдікті ойлайтын, жақсылыққа
жақсылық дейтін жан.
Қосымбай – мұғалім, Шахмаранның тұтқыны. 30-да.
Сая – 28-де, Қосымбайдың әйелі, мұғалима. Көрікті кісі.

Қызы – 6-да.
Бейтаныс – 45-де. Сөзшең, аңғал-саңғал қазақ.
Адвокат әйел – 35-де.
Жігіттер- 2-3, Торпеданың қолшоқпарлары, 23-28-де.

Фотограф – 50-де.
Айнаш – қыз, 20-да.
Шарманка – саудагер, кәсіпкер әйел, 45-де.
1-Күзетші – ресторан күзетшісі.

2-Күзетші – ресторан күзетшісі.
1-Полицей- Катананың әріптестері.
2- Полицей –Катананың әріптестері.
Нұсқаушы – ату ісінің шебері. 45-терде.

Қаңғыбас – бұрынғы дәрігер – психиатр.
Дос – Катананың студенттік шақтағы досы, финпол қызметкері.
Құрбандық – бейтаныс, 45-терде.
Жалпы көріністер:

Полицейлер- 5-6.
Жедел жәрдем қызметкерлері- 3-4.
Терроршы
Шахмаранның қарулы тобы. 5-7.

Жер астындағы еріксіздер. 5-7.
Студенттер – 6.
Қаһарман дос
Полиция бөлімі. Капитан Катана мен досы Қаһарман кеңседе

әңгімелесіп отыр.
Қаһарман: Жақсы, ол шаруаны тағы да ақылдасармыз. Бүгінгі
жұмыс аяқталды. Бір демалып қайтайықшы!
Катана: Шаршап жүрсің -ау! Соңғы кезде тым әбігер болып

барасың...
Қаһарман: Бәріне үлгергің келеді. Бірақ, амал не, уақыт жете
бермейді. Тіпті, балаларды ойнатуға да мұршам болмайды! Зулап
бара жатқан өмір! Отыздан асып барамыз...не бітірдік?

Катана: Мені де осы бір сұрақ жиі мазалайды. Ех, шіркін!

Қаһарман: Ех, шіркін...Ендеше жүр, шырқайық бір! \ Есікке бет­
теп, шыға береді.\
Катана: \ Бір қағаздарды сейфке салуға ыңғайлана беріп:\ Қазір,
досым, қазір!

Қаһарман: Иә, бізде маңызды емес қағаз бар ма? Тез шығатын
бол! Мен сыртта күтемін!
Капитан Катана қағаздарды сейфке сала беріп, бір-екеуіне көзі
түсіп кетіп, ақтармалап тұрып қалады.

Қаһарман сыртқа шығады. Көшенің арғы бетінде бір топ адам
әлденеге әуестеніп, топтанып тұрған сияқты. Ол секем алып, солай
қарай беттей береді...
Осы кезде көшеде оқыс оқиға басталады.

Жанкешті содыр полиция бөліміне қарай беттеп келеді. Ол шаһид
белбеуін байлап алған.
Адамдар үрейленген. Абыр-сабыр, жанталас.
Шаһид беліндегі бомбаны жаруға ыңғайлана береді.

Қаһарман оған оқша атылып, жерге алып соғып, денесімен жауып
жата қалады.
Гүрс еткен жарылыс!
Катана қағаздарды сейфке салып, кілтін жабады. Есікке беттей

бергенде, гүрс еткен жарылыс даусын естиді. Пистолетін суырып
алып, сыртқа оқша
атылады.
Көшеде у-шу. Жанталасқан көпшілік, полицейлер. Қызыл қанға

боялған Қаһарман терроршымен қатар жатыр...Сұмдық көрініс.
Катана досына қарай тұра жүгіреді.
Қасіретті сәт...
Арада біраз уақыт өтеді. Капитан Катана Тараздағы Қаһарманның

ескерткішінің жанында тұр. Ауыр ой үстінде...
Лөкет пышақ
Кешкі дала.
Қуғын. Үш кісі бір кісіні қуып келеді.

Бейшара бар күшін сала жүгіріп, алқынып қалған.
Қуғыншылардың екеуі де әрең дем алып келеді.
Бірақ, Торпеда ширақ. Оның қолында үлкен лөкет пышақ. Өткір
болат күнге шағылысып, өлім сәулесін төгетіндей.

Бейшара алқынып, тоқтайды. Енді жүгіруге халі жоқ.
Торпеда алқынса да, одан анағұрлым тың. Ол екпіндеген күйі
пышағын жалақтата сермеп, құрбандығына бас салады.

Бейшара ақтық күшін жинап, қорғануға тырысады. Пышақты қағып тастауға тырысады. Тебеді. Бірақ Торпеда еппен жалтарып, төменнен жоғары қарай бір-ақ тартып, пышағын оның денесіне сұғып алады. Өткір құрыш еңгезердей кісіні тесіп өтіп, арқасынан бір-ақ шығады. Шөпке қан ағады. Құрбандық қырылдайды. Торпе­ да пышағын суырып алып, құтырынып, асқан қатігездікпен рахатта­ нып, тағы да бірнеше рет сұғып-сұғып жібереді. Бейшара етпетінен құлайды. Үш қанішер оған жыртқыш көзбен қарайды. Торпеда денені ау­ дарып, тесіле қарап, өлгеніне көзі жеткен соң, пышағын шөпке сүртеді. Жауынгерлік фильм кейіпкерлеріндей масаттана қойқаңдап, пышағын белбеуіне ілінген қынына салтанатпен салады. Сол кезде алыстан шаң көрінеді. Келе жатқан машинаның шаңы. Қарақшылар әбігерленіп, анадай жерде тұрған машиналарына қарай тұра жүгіреді. Міне салып, жөнеледі. Адам денесі далада қала береді. Бір кезде қозғала бастайды. Ыңырсиды. Аунап түседі. Бір тал шөпті жұлып алады. Қиналып жа­ тып, қатып қалады. Өлгендер ештеңе айтпай ма? Айдала. Полиция машиналары, жедел жәрдем қаптап тұр. Капи­ тан Катана опергруппамен, дәрігерлер бір жерде үймелеп тұр. Жерде өлген кісі жатыр. Етпетінен жатқан күйі жантәсілім еткен. Пышақ іздері көрінеді. Ауыр жарақаттан қансырап өлген тәрізді. Оң қолын бір жағына созып, кезеген күйі қатып қалған. Қолында бір тал шөптің сабағы бар. Ұшы төмен қарай сынған, жерге тіреліп, қадалып тұр. Бірақ оған ешкім назар аудармайды! Әділов: Иә! Өлгендер ештеңе айта алмайды! Амал жоқ, эксперти­ за нәтижесін күтуге тура келеді! Катана оған бір қарап қояды. Үнсіз. Созылған қолдың бағытына қарайды. Сыртылдатып суретке түсіріп жатқан фотографқа жақындап келіп, созылған қол, кезелген шөп сабағының бағытын, көкжиекке дейін, үнсіз қолымен нұсқайды. Фотограф басын изеп, суретке түсіреді. Катана әлденені ойлағандай сәл тұрады. Мәйітке, керіліп жатқан далаға, көкжиекке тесіле қарайды. Айдала, бір белгі жоқ. Қолдың созылған бағыты адырларға барып тірелетіндей. Катана шұғыл бір шешімге келгендей, шапшаң басып машинаға отырып, қырларға қарай тарта жөнеледі.

Жұртшылық оның соңынан таңдана бір қарап, жұмыстарын істей береді. Суретке түсіріп болып, мәйітті қара қапқа салып, зембілмен көтеріп әкетіп, жедел жәрдем көлігіне салады. Катана қырға шығып, арғы жаққа қадала қарайды. Ештеңе көрінбейді. Тек бір қырға жалғасып, созыла берген тағы бір қырлар. Ойға батып тұрады. Қайтадан кері жүріп, із қуалап, жолға келеді. Машина дөңгелегінің іздерін көреді. Фотографты алып келіп, суретке түсіртеді. Сынған шөп Полиция бөлімі. Әдеттегі жұмыс күні. Машинала келіп, кетіп жа­ тыр. Полицейлер анда, мында шапшаң басып бара жатыр. Тіршілік шуылы. Катана шапшаң басып бөлмесіне кіреді. Оның қолында бір құшақ фотосуреттер. Оның соңынан алқынып Әділов келеді. Катана Әріппен бірге қылмыс орнынан түсірілген суреттерді қарай бастайды. Әсіресе, қолын созған күйі қатып қалған кісінің суретіне қадала қарайды. Катана: Маған мына кісінің созылған қолы маза бермей қойды. Ол бізге әлдебір жұмбақ нысананы нұсқап тұрған сияқты! Әділов: Қойшы қиялдай бермей! Мидай далада қайдағы нысана! Катана: Сонда да...Созылған қолы тегін емес! Әділов: Кім білсін! Жан бермек оңай ма? Катана: Қолындағы шөптің сабағына не дейсің? Әділов: Енді ...жанталасып жатып, жұлып алған шығар? Катана: Жанталасып жұлса, умаждап жұлып алар еді ғой. Ол бір тал шөптің сабағын әдейілеп жұлып, нұсқап көрсетіп тұрған жоқ па? Әділов: Қисынға келеді... Дегенмен, айдаладағы мәйіттің созылған қолындағы шөпке бола бас қатырудың ешбір жөні жоқ деп білемін. Бері қара! Егер де ол бір бағытты көрсеткісі келсе, жай ғана сұқ саусағымен нұсқай салмай ма? Көзге көріну, көрінбеуі екіталай шөпте не жұмысы бар? Оның үстіне, созылған қолдың бағытымен біраз жерге барып та келдің ғой. Қыр астында қырдан басқа не көрдің?! Катана: Оның рас! Бірақ, бәрібір бірдеңе бар секілді бұл жерде! Әділов: Жә...бір тал шөпке бола басты қатырмайық. Мен кеттім шаруамен! Катана: Мұқият болыңдар!\ Әріп кетеді.Катана суретке қадала қарап отырады. Өзімен өзі күбірлеп сөйлейді .\ Бәлкім, ол жан тап­

сырарда шөпті әдейі алған шығар қолына. Тергеушінің назарын аударуға деген әрекет! Иә, келеді қисынға! Тоқта, тоқта... Жел бол­ маса шөптің басы қимылдамайды деген атам қазақ... Ал неге сына­ ды шөп? \ Суретке тесіле қарап:\ Мына шөп, бәлкім, әдейі төменге қарата сындырылған? Неге жерге қадалып тұр? Ол нені нұсқап тұр? Шерлок Холмс! «И вниз!» Демек, төменге қаратып тұр! Төменде не болуы мүмкін? Сай! Шұңқыр! Айдалаға шұңқыр қайдан келеді? Су жырған жыра? Немесе, қолдан қазылған шұңқыр!? Шахта, подвал!? Не болса да, жер астында дегені ме ?! Басын шайқап, тағы да суретке қарап отырады. Жындылар Шахмаран мен Торпеда Х. ресторанында әңгімелесіп отыр. Шахмаран:\ Қоқыс жәшігін қопарып жүрген қаңғыбастың суретін көрсетіп:\ Мына қаңғыбасты қара! Торпеда: Көрдім. Шахмаран: Ал оның кім екенін білесің бе? Торпеда: Жоқ! Бірақ, бұл бейшараның сізге жақпай қалғанын сезіп тұрмын! Шахмаран: Жақпай қалған деген жай сөз! Ол жыныма тиген. Ол дәрігер, жындыханада психотерапевт болып жұмыс істеген! Торпеда: Ах, солай ма! Шахмаран: Оны мұндай қылған мен! Торпеда: Оған күмән жоқ! Тек қана сіз мұны қалай жүзеге асырдыңыз? Шахмаран: Әуелі мен оны сатып алдым. Ол мені ауруханадан шығарды. Әйтпесе, өле-өлгенше сонда жататын едім. Торпеда: Қоғамға қауіпті тұлға ретінде ме? Шахмаран: Ха-ха-ха! Бәріміз де қауіптіміз! Содан, маған ой келді: Бір күні ол мені тағы да сонда тығып жібергісі келсе, немесе, ақша талап етсе қайттім? Ондай дәрігердің керегі не? Сөйттім де, түбіне жеттім! Торпеда: Қалай ? Шахмаран: Әуелі әйелін ақшамен аздырып алдым! Содан кейін, оны күйеуіне айдап салдым. Ажырасып кетсең, алтынмен аптап, күміспен күптеймін дедім. Көкайыл неме күйеуінің психтармен ар­ палысып, әбден жұқарған жүйкесін жеп бітірді! Ол ішіп-ішіп, қаңғып кетті! Торпеда: Ал әйелін қайттіңіз? Шахмаран: Керек еді ол маған! Ақымақ! Оны қойшы, іске

көшейік! Қазір бұл қаңғыбас біздің аулаға келгіштеп кетті. Менен күдіктеніп жүр ме, әлде бір нәрсе ойлап жүр ме? Оны жер асты патшалығына аттандырып жіберу керек! Сол жақта психологиялық тәжірибелерін жүргізе берсін! Торпеда: Оның орны сол жақта! Қаңғыбас Көшеде әлгі суреттегі қаңғыбас келе жатыр. Орта жастарда, тың. Асықпай аяңдап, қуыс-қуыстарды тінткілей қарап келеді. Оның соңынан Торпеда мен бір жігіт аңдып келе жатыр. Қаңғыбас биік үйлердің қалтарысындағы қоқыс жәшігіне келіп, жан-жағына ұрлана қарап қойып, қоқыс пакеттерін ақтара бастайды. Сол кезде Торпеда келіп қалады. Ту сыртынан келіп, кекесінмен қарап тұрады. Торпеда: Иә, қалай, қалдық таптың ба? Қаңғыбас шошып кетеді. Бажырайып, үнсіз қарайды. Торпеда: Қорықпа! Қаңғып қалдың ба далада? Қатының ғой қуып шыққан. Иә, қазіргі қатындар қағынған...қит етсе қаңғыртып жібереді...Заң солар жағында. Бұрын әйелдерді еркектерден қорғау керек деуші едік. Енді, еркектерді әйелдерден қорғайтын заң шығару керек шығар, ә? Қалай ойлайсың, қаңғыбасым? Қаңғыбас: Иә, иә... Тура айтасың, басеке! Қатыным үйімді, дүниемүлкімді, балдарымды...бәрін алып қойды! Торпеда: Жә, осылай жүресің бе қоқыс ақтарып? Мен саған бір тыныш жұмыс тауып берейін. Қонатын жерің, тамағың, бәрі дайын... Басың қатпайды, тек жатып ішуіңді біл. Жүр, кеттік! Қаңғыбас қалбалақтап, Торпедаға ілесе береді. Торпеда оны қалтарыста тұрған қара машинаға әкеліп, артқы орындыққа отырғызады. Нан мен су береді. Қаңғыбас қарбыта жеп, қылқылдатып ішеді. Сәлден кейін қылжиып, ұйқтап қалады. Торпеда оның иісінен жиіркене мұрнын тыржитып, алдыңғы орындыққа отырады. Жігітке жүр деп белгі береді. Машина кете береді. Торпеда телефон соғады. Торпеда: Товар дайын...Біз жолға шықтық....Иә, әдеттегідей... сәлден кейін алып келемін...Иә, иә, түсіндім! Бір көшелермен бұралаңдап жүріп, Х. ресторанының ту сыртынан келіп тоқтайды. Ресторанның астындағы елеусіздеу гараждың есігі дыбыссыз ашылады. Кіреді.Тоқтайды. Жоғарыдан Шахмаран түседі. Торпеда лып етіп шығып, оны қарсы алады. Шахмаран машинаға таяп келіп, қаңғыбасқа көз тастайды. Шахмаран: Жарап жатыр...Көшені қаңғыбастардан тазартып жүргенімізді ескеріп, бізге бір орден беретін де кездері болды-ау, ә!

Гаражды басына көтере күледі. Торпеда қосыла күледі... Шахмаран: Енді сенің анау асау кластасыңды да...әлгі әйелі сұлу немені...сонда жіберу керек! Торпеда: Айтсаңыз болды... Қаһарлана басын изейді... Алғашқы қортындылар Полковник Ботаевтың кабинетінде жұмыс барысы бойынша жи­ налыс жүріп жатыр. Офицерлер полковниктің сөзін мұқият тыңдап, әлденелерді қойын дәптерлеріне түртіп алып жатыр. Жиналыс аяқталып, офицерлер тарай бергенде, полковник Катананы тоқтатады. Ботаев: Капитан Тақанов! Отыр! Иә, істің бағыты қалай болып тұр? Катана: Өлген кісінің кім екенін анықтадық. Ол қырық бес жаста, институтта математикадан сабақ берген. Тергеу деректері бойынша, вокзалда кісі тасып жүрген. Қанішерлер жолаушы болып, оны жал­ дап, далаға алып шыққан тәрізді. Сол жақта оны өлтіріп, көлігін мініп кеткен. Ол өте ақылды адам болған және өлерінде бізге бір белгілер қалдырып үлгерген. Әзірге, жұмбақ көп. Ботаев: Адамдардың із-тозсыз жоғалып кетуінің де осылармен байланысы бар сияқты. Жоғалған кісілердің бір де бірі табылмауы қалай? Катана: Тіпті, бір дерек, із жоқ. Іздеп жатырмыз, әзірге қандай да бір қортынды жасауға ертерек. Мен де бұл құпия кісі өлімдері мен адамдардың жоғалып кетуі өзара байланысты деп ойлаймын. Оның артында көп сұмдық жатқан сияқты. Барлық құрбандар әлдебір қылмыстарға куә болған немесе бәз біреулерге жазықты болған! Сондықтан, қылмыскерлер олардың көзін жойған! Ботаев: Капитан Тақанов, осы бағытта тергеуді тезірек жүргізуді сізге тапсырамын! Катана: Құп болады, жолдас полковник! Капитан Катана ширақ басып кетеді. Қыңыр шал Катана анасымен, әйелімен Әділовтың үйіне қонаққа келеді. Ол үйде Әділовтың қайын атасы – Қыңыр шал бар екен. Дастархан басында. Анар, Катана, Қыңыр шал, Әріп төртеуі оты­ рады.

Гүлнәз Әділовтың келіншегімен ас үйде шүйіркелесіп, шаруаға
көмектесіп жүр.
Катананың балалары Әділовтың балаларымен шуылдасып ойнап
жүр.

Әділов: Бұл кісі менің қайын атам. Ауылдан келді.
Қыңыр шал: Біз Майқайыңнанбыз! Сіздер қай жерден боласыз­
дар?
Анар: Түбіміз Баяннан. Бірақ, өмір бойы қаладамыз. Қалалық бо­

лып кеттік қой қазір. Ауылды, елді сағынамыз.
Қыңыр шал: Е-е...Заман солай, әркімнің өз жолы бар. Біз енді
ауылға, далаға тамыр жайып, кіндігіміз байланып қалған нағыз
қазақтармыз.

Осы кезде балалар қиқулап, бірін-бірі қуалап, кеп қалады.
Әділовтың үлкен ұлының қолында әкесінің пистолеті. Кезеніп, бәрін
қорқытып қояды.
Анар: Әй, байқаңдар, балалар. Атылып кетпесін!

Әділов: Жоға, қорықпаңдар! Оғы жоқ! Магазиндерін балдардың
қолы жетпейтін жерге тығып қойғамын!
Гүлнәз: Әке көрген оқ жонар деген осы!
Жансұлу: Өскенде папам сияқты полицей боламын дейді!

Қыңыр шал: Кет, ойбай, қайдағыны айтпай! Полицейі бар бол­
сын, бар болғыр!
Бәрі ду күледі.
Жансұлу: Түу, папа! Полицейден сонша көңіліңіз қалған ба, немене!

Қыңыр шал: Оны мен айтайын саған, қызым...
Ол жөткірініп, сөйлеуге ыңғайлана бергенде, Әріп Катанаға көзін
қысып қалады.
Әділов: Оспан, бір ән салып жіберші!

Катана ән салады.
Полицейдің әні
1.Әңгіме көп ел ішінде біз жайлы,
Өз әлінше әркім бізді сынайды,

Ұлын ойлап, ұзақ таңға көз ілмей,
Анамыздың ет жүрегі сыздайды.
Ер жігіттер туған елін сүйеді,
Шыбын жанын шүберекке түйеді,

Қараңғыда қарақшылар атқан оқ,
Анамыздың жүрегіне тиеді.

Қайырмасы:
Арайланып аймағымның ай – күні,
Аластаймыз қай қайдағы қайғыны,
Біз боламыз халқымыздың қорғаны,

Біз боламыз еліміздің айбыны!
Азаматтар ерлік жолды таңдайды,
Ар-намысқа қара таңба салмайды,
Біз жүреміз көрінбейтін майданда,

Жолға қарап жан жарымыз сарғайды!
2.Талай жағдай мың құбылған тұрмыста,
Кездеседі, келсең біздің жұмысқа,
Біз болмасақ, оққа тосып кеудесін,

Кім тосқауыл болар еді қылмысқа?!
Солай, досым, түсін мейлің түсінбе,
Жауап беру керек әр кім ісіне,
Дүниені тазартпақ боп жүреміз,

Қайнап жатқан тіршіліктің ішінде!
Қайырмасы:
Гүлнәз бен Әділовтың келіншегі Жансұлу да, асыр салып жүрген
балалар да бірге отырып тыңдайды. Қонақтар қол соғады.

Қыңыр шал: Иә ...Әнді жақсы айтады екенсің, капитан бала!
Бандыларды да осылай ұстасаң ғой!
Катана: \ Әзілге айналдырып:\ Ұстап жатырмыз ғой енді...
Қыңыр шал: Иә...Ұстап жатсыңдар...ұстап жатсыңдар! Бірақ,

нағыз ұстайтындарды ұстап жатқан жоқсыңдар!
Катана: О не дегеніңіз, ақсақал?!
Қыңыр шал: Бүй дегеніміз!
Әділов: Ал, басталды енді...

Қыңыр шал: Сендер погон тағып, наган атқанға мәзсіңдер!
Әділов: Бүйте берсеңіз, ертең жұмыстан шығып кетемін!
Қыңыр шал: Кеткенде қайда барасың? Бала-шағаңды қайтіп
асырайсың? Ұры боласың ба?

Әділов: Иә, бәріміз де сол бала-шаға қамы үшін жүрміз ғой!
Шіркін-ай, тезірек пенсияға шығып алсам екен...

Қыңыр шал: Әнеки! Ойлағандарың қара бастарыңның қамы! Елді, әділетті ойлап жатқан қайсың барсың, қане?! Қу құлқынның құлы болып бара жатқан жоқсыңдар ма, шырақтарым?! Жақсылап ақша берсе, қанішерді де босатып жібересіңдер! Түгі жоқ байғұстардың түймедейін түйедей қылып, түрмеге тығасыңдар! Содан кейін кім сендерді жақсы көреді!? Катана: \ Қаны қызыңқырап, дауыс көтеріп:\ Ақсақал! Күйдірмеңіз олай! Бізге оңай деп кім айтты? Күн демей, түн де­ мей, шапқылап жүргенімізде жұмыстарыңыз жоқ! Әйтеуір, по­ лицай жаман...Сонда немене сендерге бізден де қылмыскерлер жақын ба? Қыңыр шал: Жә, қысқарт! Атаңа адыраңдайсың...қолыңа түскен кісілерге не істемейсің! Бір ауыз сын айтқан адамды жау көретіндерің не? Кемшіліктерің толып жатыр. Өтірікпен ұзаққа бармайсыңдар! Шындықтан қашпау керек! Катана: Шындықтың да шындығы бар! Ақсақал, үлкен адамсыз... олай демеңіз...ұят болады... Қыңыр шал: Ұят болады!? Әй, сендер ұят деген сөзді біледі екенсіңдер ғой әйтеуір! Әй, бері қара! Бір үйлі жанды қырып тастаған қанішерге де беретіндерің де бес-он жыл, бір үйір жылқы ұрлаған конокрадқа беретіндерің де бес-он жыл! Сонда, кімге қанша жыл беру керектігін анықтайтын кім өзі? Катана: Оған мен жауапты емеспін! Заң бар! Қыңыр шал: Ал маған кейде сол заңдарды қылмыскерлердің өзі немесе көзі жазған сияқты көрінеді! Катана: Мәссаған! Мұныңыз тіпті масқара! Қыңыр шал: Масқара емес, маскарад! Міне, бері қара! Бірнеше қылмыс жасаған кісіні соттағанда, «путем поглощения наказания» деп, бір-ақ мерзімді бересіңдер. Мәселен...мисал үшін, мен біреуді өлтірдім дейік. Одан соң біреуді зорладым дейік. Одан соң бір ба­ зарды түгел өртеп жібердім дейік. Мисалы... Одан соң бір банкты тонадым дейік. Мисалы...Одан соң біреудің бизнесін тартып алдым дейік. Одан соң, мисалы...киллер жалдап, біреуді өлтірттім дейік. Мисалы, сонда мені қаншаға соттайсыңдар, ә? Ең ауыр жаза, кісі өлтірген үшін, жиырма жыл берсе, жеңілдеу жазаның бәрі жойылып кетеді екен, заң бойынша! Демек, қалған қылмыстың бәрі сутегін... қосымша сыйлық, бонус сияқты...мисалы... Заң бойынша! Қандай рахат заң! Топтап нәрсе алған сияқты, топтап қылмыс жасаған анағұрлым тиімді екен ғой! Анар: Мынауыңыз сұмдық екен! Қыңыр шал: Сұмдық, бірақ шындық! Демек, заңды түзеу керек!

Яғни, адам неше қылмыс жасаса, барлық қылмысының мерзімін қосып беру керек! Катана: Мұныңыз рас, ақсақал. Бірақ, оған біз жауапты емеспіз! Қыңыр шал: Жауаптысың! Біз үшін бәріне погоны барлар жау­ апты! Катана: Заң солай! Қыңыр шал: Олай болса өзгертіңдер ондай заңды! Катана: Дұрыс айтасыз, ақсақал! Заңның олқы тұстары көп. Ол бізге де қолбайлау болып отыр. Қыңыр шал: Әнеки... Қолдарыңнан түк те келмейді...Жұлдыз таққандарыңа мәзсіңдер... Катана: Ақсақал, байқап сөйлеңіз...Менің әкем отыз жыл полици­ яда қызмет істеді. Момын халықты қорқау қасқырлардан қорғаумен өтті өмірі. Ақыры, полковник әкем тасадан оқ атқан қанқұйлы жауыздардың қолынан қаза тапты! Қыңыр шал: Иманды болсын! Катана: Әкем нағыз баяғының батырларынша қаза тапты! Жай кетпей, жастығын ала кетті! Анар: Қансырап жатып, екі қарақшының біреуін атып өлтіріп, екіншісін жаралап үлгеріпті! Қыңыр шал: Жарықтық әкелерің жақсы еді ғой! Катана: Білгішсініп, өйт, бүйт деген опоңай. Мықты болсаңыз, қайнаған тіршіліктің, былық-шылықтың, қан мен жынның ішінде жүріп көріңіз. Қайтер екенсіз, не дер екенсіз! Бәріміз шетімізден әпәдемі болып, ақылгөй болып жүргіміз келеді. Анар: Сабыр, балам, сабыр! Әріп: Жоқ, айтсын...Айт, айта түс! Катана: Ал сонда, әділет үшін кім күреседі? Кім тазалайды мына былықтың бәрін? Айтыңызшы, ақсақал, ақылыңыз жетсе! Біз қоғамға керекпіз бе, жоқ па?! Жоқ десеңіз, погонымды қазір сыпы­ рып берейін қолыңызға! Қыңыр шал: Жә, шырағым. Мен айтсам, жаным ашығасын, күйгесін айтамын. Катана: Рас, кемшілігіміз де көп шығар. Бірақ, елін сүйген ерлер де бар, адал, ақылды, шыншыл мамандар да бар! Қыңыр шал: Е-е, болсын, болсын...Біз тілекшіміз. Жақсы болса екен деп айтамыз. Әйтеуір, аман болыңдар, қарақтарым! Жансұлу: \ Шай әкеледі:\ Иә, әңгімелесіп болдыңыздар ма? Енді тату-тәтті шай ішеміз! \ Гүлнәз оған шай құюға көмектеседі. Бәрі рахаттанып шай ішеді. Ақыры жақсы тарайды.\

Гір мен тир Ертеңінде, полиция бөлімінде. Катана жұмысында сәл үзіліс жа­ сап, кеңсесінде екі пұттық \32 кг.\ гірді көтеріп ойнап тұр. Білегін жұлқымай бүгіп, бицепспен бірнеше рет көтереді. Осы кезде кеңсеге Әділов кіріп келеді. Ол оған да көтер деп нұсқайды. Әділов қозғап көріп, ерініп, қоя салады. Әділов: Өй, қойшы, ерініп тұрмын! Сен де бір жалықпайды екенсің! Катана: \ Гірді көтеріп-көтеріп қойып:\ Онда жүр, тарсылдатып келейік! Тирге қарай келе жатқанда, Әділов өз -өзінен әбігерленеді. Әділов: Катана, сен бара бер...мен қазір...Кеше құрт қосқан сорпа­ ны көбірек ішіп қойдым ба....ішім бұраңқырап тұрғаны... Катана мырс етіп, қайқайып кете береді. Әділов туалет іздеп кетеді. Катана тирге келеді. Нұсқаушымен жылы амандасып, сәлем, сәлем деседі. Қарулардың түрін қарап, көздеп, қолына алып салмақтап көреді. Бұрқырап Әділов келеді. Әділов: Сәлем! Ал, қане, кел, бәлем, көрейін мен сені! Алақанына түкіріп, ысқылап, пистолетін алмақшы болады. Жоқ! Әрі-бері қойны-қонышын қарайды – жоқ! Катана: Тағы не боп қалды? Әділов: Ойбай, мен құрыдым! \Катана мен нұсқаушы сұраулы жүзбен қарайды.\ Пистолетім жоқ! Катана: Мәссаған! \ Күлкісін әрең тежеп:\ Мүмкін...анда? Әділов үн-түнсіз, көзі бақырайып зытады. Катана мен нұсқаушы үнсіз бас шайқап қала береді. Әділов ыңқылдап келіп, туалетті қарайды. Пистолеті кобурасы­ мен есіктегі ілгіште ілулі тұр екен. Қуанып, қайтып келеді. Катана мен нұсқаушы сылқылдап тұрып күліп алады. Катана мен Әріп пистолеттен нысана атады. Әріп қос қолдап, асықпай көздеп атады. Катана көздемей, қолымен нұсқап, тез-тез, тарс-тарс атады. Инструктор нысананы тексеріп, ұпайын санайды. Бір магазинді түгел атады. Инструктор нысанаға үлкейткіш бинокль­ мен қарап, ұпай санын дауыстап айтады. Инструктор: Аға лейтенант Әділов 70! Капитан Тақанов 88 ұпай! Ол жымиып күледі.

Катана: О-о! Әділов: Жоқ, тоқта! Бір магазинді толық босатып, сегіз оқ атқанда, қалай сексен сегіз ұпай алғаныңды түсінбеймін! Катана: \ күледі:\ Ұйқтарыңда басың қатсын, қазанбас! Әділов басын шайқап, ернін жыбырлатып, санап тұр... Тұтқындағы мұғалім Қосымбай мұғалім жұмыстан соң мектептен шығып, үйіне келе жатыр. Оның шығуын аңдып, анадай жердегі автотұрақта, көп машинаның арасында елеусіздеу тұрған қара машинада күтіп отырған Торпеда шопырына «соңынан жүр» – дегендей белгі береді. Қосымбай бір қалтарыстау көшеден өте бергенде, Торпеда оны кездейсоқ кездескен кісідей тосып алады. Торпеда: О-о, Қосымбай! Шынымен сенбісің!? Міне, кездесу деп осыны айт! Екеуі құшақтасады. Қосымбай: Мәссаған! Болды қызық! Қанша болды сені көрмегелі?! Иә, ауыл, ел аман ба? Қашан келдің? Торпеда: Аманшылық. Мен де біраздан бері осында, қаладамын. Жүр, кеттік, бір шырқайық...бала күнді еске алып! Торпеда оны анадай жерде тұрған машинасына бастап әкеледі. Екеуі артқы орындыққа қатарласа жайғасқан соң, Торпеда бір пакетті ашып, бір бөтелке виски мен су, түрлі тағамдарды алып шығады. Қоңыр терезелері жабық машинаның ішінде не болып жатқаны сыртқа көрінбейді. Торпеда: \ Екі стақанға виски құйып:\ Кел, досым, аман-сау кездескеніміз үшін! \ тартып жібереді. Қосымбай да ішіп сала­ ды. Екеуі де тамақтан жейді. Қосымбай су ішеді. Торпеда ішпейді. Сәлден кейін Қосымбай қылжиып, ұйқтап қалады. Торпеда шопырға үнсіз ымдап, телефон соғады. \ Әлө...Тапсырмаңыз орындалды. То­ вар дайын...Иә, иә, әдеттегідей, жолыққанша... \Машина ақырын қозғалып, көп машианың ішінде елеусіз кете береді.\ Ауладағы шахмат Кешке қарай Катана үйіне келеді. Машинадан түсіп, кәдімгі көп қабатты үйдегі өз подьезіне беттейді. Беседкада екі зейнеткер шахмат ойнап отыр. Катана: \ізетпен сәлем береді.\ Сәлем, ақсақалдар!

Орыс шал: Сәлем, қымбаттым! Ақсақал шахматына қарап отырып, басын изейді. Катана подьезге кіріп кетеді. Ақсақал: \ Жүріс жасап болғасын:\ Бұл кім ? Шал: Капитан Тақанов... Оспан. Бірақ оны капитан Катана деп атап кеткен! Ақсақал : Катана жапонша семсер емес пе? Неге Катана? Неге жапонша? Шал: Себебі, оның ақылы самурайдың семсеріндей өткір және қол-аяғының соққылары кесіп түседі! Және ол өз жолына адал саму­ рай сияқты, заңға берілген! Оны жұрттың бәрі сыйлайды! Мен өзім ол үшін жанымды қиюға дайынмын! Ақсақал: О-о, бұл тым артық сөз емес пе! Шал: Не үшін дейсің ғой...Бір жолы менің ұлымды кісі өлтірдің деп кінәлады. Ол бұрын сотталған...төбелес үшін...жастықта не бол­ майды енді. Екі жылын отырып келді, құрылыста жұмыс істеп, ты­ ныш жүріп жатты. Ептеп тиын-тебенін жинады. Үйлену тойына ғой енді. Сол кездебац! Оперлар сау ете түсіп, ұлымды байлап алды! Кісі өлтірдің, дейді! Ұлым шырылдап, ант-су ішеді: «Әкетай, кінәлі емеспін! Мен қан жүктегем жоқ!» Есімізден танып қалдық! Ақылға кеп, Катанаға бардым. Солай да солай, көмектес, ақ-қарасын айырып бер дедім. Ол айырып берді! Ақсақал: Жараған екен, азамат! Шал: Ең қиыны, өлген кісінің пәтерінен менің ұлымның саусақ іздері бар арақ шөлмегі мен оның шылымының қалдығы табылған! Ақсақал: Мәссаған! Бұл ешкім бұлтарып кете алмайтын айғақ емес пе! Шал: Қызығы сонда, Катана шөлмек пен шылым қалдығының қылмыс орнына әдейі тасталғанын дәлелдеп берді! Бітті, балам­ ды босатты! Кейіннен шөлмек пен шылым қалдығын әкеп тастаған нағыз қанішерді де тапты ғой! Ақсақал: Иә, сирек байқампаздық! Шал: Ең бастысы, қандай кәсіби шеберлік, қандай адамгершілік десеңші! Ақсақал: Иә-ә! Ал, сіздің жүрісіңіз... Шал: Қазір, қазір...біз жүреміз...Бірақ, қалай? Қариялар шахмат тақтасына төне түседі. Ақсақал: Бәлкім...атпен жүріс жасаймыз, ә? Шал: Сіз не деп тұрсыз? Ақсақал: Сол ғой баяғы...Егер де ол заңға соншалық берілген болса...

Шал: Тіпті күмәнің болмасын!
Ақсақал: Демек, оған сенуге болады ғой?
Шал: Өзімнен артық сенемін!
Ақсақал: Онда неге оған Шахмаранның қылмыстары жөнінде

айтпаймыз?!
Шал: Керемет болар еді! Ол қанішердің өз жауыздықтары үшін
жауап беретін кезі келді!
Ақсақал: Менің де ойым сол!

Шал: Біз ғана емес, бәрі де сол! Бірақ, ләм деуге қорқады!
Ақсақал: Қашанғы қорқып-үркіп, шыдауға болады! Ол шектен
шығып кетті.
Шал: Тіпті бар ғой, ол үшін ешқандай өлшем жоқ сияқты. Әбден

асып-тасып бітті!
Ақсақал: Онда қалай, үйіне барамыз ба? Әлде, шақырып алып
сөйлесеміз бе?
Шал: Ойлану керек...Кел, партияны аяқтайық, сосын көреміз!

Ақсақал: Жақсы! Негізінде, мен тең ойынға да келісемін. Егер де
қаласаң, әрине...
Шал: Көрерміз...кімнің бірінші ұсынатынын!
Олар ойынды жалғастыра береді.

Үйде
Катана үйге кіреді. Зайыбы жылы жүзбен қарсы алады. Балалары
шұрқырай жүгіреді. Катана балаларын құшақтап, иіскеп, көтеріп
алады. Балалары таласа-тармаса балдырлайды. Катана оларға

қосылып, бала құсап балдырлап сөйлейді. Үйдің іші шаттық даусы­
на толады. Зайыбы үнсіз қуанып, оларға мейірлене қарап тұрады.
Бір кезде Катананың да оған көзі түсіп кетіп, жақсы көріп, жүзі
нұрланып, көзінен ұшқын атады. Балалары екеуін қоса құшақтап,

бір-бірімен бастарын түйістіреді. Бәрі бақытты, қуанышты күй
кешеді.
Осы кезде ішкі бөлмеден анасы шығып, ақырын басып келеді. Ба­
лаларына қарап, риза болып: «Шүкір, алла!» – дейді күбірлеп.

Төрде әкесінің полиция полковнигі мундирімен түскен портреті
ілулі тұрады. Катана оған бір қарап қояды.
Бәрі қуанып, жарасып, енді дастархан басына жиналып, тамақ
іше бергенде, Катананың телефоны шырылдайды. Анасы мен әйелі

секем алып, алаңдап қалады. Балалар да біртүрлі болып, телефонға
бір, әкелеріне бір жаутаңдайды. Катана сабырмен тыңдап, салмақты
жауап береді: «Жақсы! Қазір келемін!».

Анар: Тағы да жұмыс па? Е-ей, балапаным-ай, қайтейін...Бар
болғыр, полицияның оқуына жолама деп қанша қақсадым...Тілімді
алдың ба?
Катана ол кісінің сөзін жүрдім-бардым тыңдап, жинала бастайды.

Гүлнәз: Тым болмаса, тамағыңызды ішіп шығыңызшы!
Катана тез-тез тамақ ішеді. Балалары үрпиіңкіреп, оған қарап
отыр.
Анар: Әне, бала-шағаңмен жайланып тамақ ішу де жоқ... Әке

жолын қуамын деп, таңдап алғаның осы ғой, амал қанша?! Әкеңнің
басын жұтқаны аздай, енді саған да маза бермейтін болды ғой бұл
мелитсия! Кеше әкеңнің, бүгін сенің жолыңа қараумен өтті өмірім!
Құдай-ай, өзің сақтай гөр балапанымды!

Катана тамағын ішіп болып, анасын құшақтап, арқасынан қағып,
жұбатып қояды.
Катана: Жарайды, енді, мама! Жұмыстың аты жұмыс! Қазір ба­
рамын да келемін! Алдағы демалыс күндері бәріміз Баянауылға ба­

рамыз!
Балалар: «Алақай! Баянауылға барамыз!» – десіп, шуласып, асыр
салады. Анасы да сәл жадырап: «Бұйырса!» – дейді күбірлеп. Әйелі
Катананы жылы жүзбен шығарып салады.

Партияның жалғасы
Катана үйден шығып, машинасына беттей бергенде, екі қария
оған қол бұлғайды. Катана оларға жақында келіп, қолымен асығыс
екенін көрсетеді.

Шал: Балам, тоқтай тұр...Тағы асығыс па?
Катана: Жұмыс сондай...
Ақсақал: Бірақ, біздің сөзіміз сенің жұмысыңа пайдасын тигізуі
мүмкін...

Шал: Сен Шахмаран туралы естіп пе ең?
Катана: Кәсіпкер? Естіген сияқтымын...
Шал: Ол банды! Жауыз!
Ақсақал: Бір көргенге жақсы кісі сияқты. Әсіресе, халайыққа

жақсы атты болып көріне біледі. Ал онымен жақын араласқан
жандардың айтуынша, ол осы заманғы бір ерекше құбыжық. Біз
тек бергі жағын ғана білеміз! Ал оның жауыздық істері ар жағында,
тереңде жатыр!

Шал: Жай бақылап көріңдерші, ол өзі-ақ көрсетеді қандай екенін!
Катана: Рахмет! Бұл сөзді ескереміз!
Машинаға қарай тез – тез басып жүреді. Машинамен кетеді.

Судағы мәйіт Катана Ертіс жағасына келеді. Оны Әділов қарсы алады. Су бетіндегі мәйітті көрсетеді. Ісініп кеткен мәйіт әлденеге ілініп, Ертістің толқындарымен қалқып тұр. Екеуі үнсіз қарайды жан-жаққа... Кешкі уақыт. Айналаны үрей басып тұрғандай... Әділов: Балалар шомылып жүрсе...Кенет мәйіт шыға келген! Сұмдық-ай десеңші! Олар бізге звондаған! Ә, міне, келе жатыр! Полиция мен жедел жәрдем машинасы келеді. Криминалистер мәйітті судан алып шығады. Қарайды. Суретке түсіреді. Бұл кісіні де үлкен пышақпен өлтірген екен. Оны тескілеп, кескілеп тастаған екен. Катана мен Әділов бір-біріне сұраулы жүзбен қарайды. Катана: Мұны да өткендегі мұғалім сияқты өлтірген – ау деймін! Сондай соққылар, сол пышақ! Әділов басын изейді. Катана: Байқауымша, мұны өлтіріп, суға тастағалы бірнеше күн өткен. Ал енді ойлан, тап! Күн батып барады... Ояну Қосымбай қиналып оянады. Ақырын көзін ашады. Жан-жағына қарайды. Әлсіз жарық. Қаракөлеңке, түсініксіз кеңістік – ол ештеңе түсіне алар емес. Есі шығады. Оның жанына қаңғыбас – психиатр – дәрігер келеді. Қаңғыбас: Әй, сен тірімісің? Қосымбай: Мен қайдамын? Маған не болды? Қаңғыбас: Оны өзің білесің... Қосымбай: Тоқта...басым сынып барады...Жұмыстан кейін үйге келе жаттым...басқасы есімде жоқ! Қаңғыбас: Мен де мұнда қалай келгенімді білмеймін! Бізге бір пәлені...ғылымның жетістігін берген сияқты! Қосымбай: Ал қазір біз қайдамыз? Қаңғыбас: Көріп тұрсың ғой...осындамыз! Ақырындап бұлардың қасына бірнеше кісі жинала бастайды. Бәрі де әбден жүдеген, киімдері тозған, тірі өліктерге ұқсайды. Олар

Қосымбайға оты сөнуге айналған өлі көздерін шарасынан шығара адырайтып, тесіле қарайды. Қосымбай қорыққанынан түрегеледі. Басы айналып тұрса да, күшін жинап, жан-жағына қарайды. Көзі үйреніп, ол бүкіл кеңістікті көреді. Қаракөлеңке қуыстар тарам-та­ рам. Тас үйшік, үңгірлер. Темір есіктер. Шалажансар кііслер. Қаңғыбас: Мен мұнда жақында келдім. Басқалармен салыстырғанда, әзірге тыңмын! Қайда екенімізді ешкім де білмейді! Ешкім де бізбен сөйлескен емес! Не үшін, не жаздық – білмейміз! Күнде жоғарыдан нан, су және әлдебір тамақтың қалдықтарын та­ стайды! Бітті, жат та соға бер! Қосымбай: \ Басын қыса ұстап.\ Не деп тұрсың? Мені үйде күтіп отыр ғой! Қызым жылайтын болды! Не демекпін оларға? Қаңғыбас: Ал сен мазаланба! Сен енді қайтып оларды көрмейтін шығарсың! Қосымбай: \ Қаны қайнап, айқайлап:\ Жо-оқ! Жоқ! Мен қарсымын! Мен үйге қайтуым керек! \ Жоғарыға қарап, секіріп:\ Әй, әй, сендер! Естимісіңдер! Ашыңдар! Жіберіңдер мені! Сендерге не керек менен? Естисіңдер ме? \ Еденге құлап түсіп, шарасыз ашумен жұдырығымен жер соғады.\ Мен үйге қайтқым келеді! Үйге! Барлығы қосылып, қырылдаған дауыстарымен : Үйге! Үйге! Үйге! – деп қайталайды. Олардың үндері қаракөлеңке қуыстардан жаңғырып, ауада қалқып тұрғандай... Шахмаран Катана ақсақалдардың Шахмаран жайлы айтқан ақпарларын тексеріп, оның жеке ісін тексере бастайды. Ол Шахмаранның бос уақытын көбінесе өзінің меншікті шағын, бірақ жоғары дәрежелі Х. ресторанында өтікізетінін анықтады. Екі қабатты үйге ұқсайтын бұл ресторан үлкен, шулы жолдардан аулақта, қалың ағаштардың көлеңкесінде жасырынып тұратын. Бір күні кешке ол Шахмаранды сырттай бақылап көрмек үшін Х. ресторанына баруға жиналды. Полиция формасын орнына, джинси костюм, шалбар киді. Тиесілі қаруы – Макаров пистолетін кобура­ сымен сол жақ қолтығының астына жасырып, иығына асып алды. Үшінші запас магазинді жеңіндегі жасырын қалтаға салып қойды. Джинси шалбарындағы жасырын, елеусіз қалталарын тексеріп байқады, ал онда әртүрлі кішкентай бәкі, егеу, ашқыштар бар еді. Беліне тақау тұста, сол жағындағы қоржын-қалтада кішкентай бра­

унинг жасырылған. Бойын түзеп, айнаға бір қарап, өзін өзі тексеріп қарады. Ештеңе де байқалмайды. Қабағын қаһарлана түйген болып, іле-шала жымиып күлді де, шығып жүре берді. Катана Х. ресторанына елеусіздеу кірді. Оның түрі бокалын қағыстырып қойып, әңгімені сапыратын әдеттегі еркектерге ұқсап – ақ тұр. Бұл жерде оның қызметі жайлы ешкім де білмейтін. Ол ақырын ғана залға келді. Жалғыз өзі елеусіз ғана Шахмаранды бақылауға келген болатын. Ресторанға кірген бетте ол айрықша әбігерді байқады. Даяшы­ лар арлы-берлі әдеттегіден өзгеше шапқылап, жалт-жұлт еткен табақтармен неше түрлі әуес тағамдарды тасып әуре. Олардың түріне қарап, Шахмаранның осында екенін Катана бірден түсінді. Шахмаран залдың ортасында салтанат құрып отыр екен. Оның маңында бірнеше кісі үйіріле қалған. Екі еркек – Торпеда мен Куәгер, және екі сұлу әйел. Бәрі де қызып алған. Өздерін тым еркін ұстап, тіпті, ара-тұра әдепсіздік танытып қояды. Залда олардан басқа бірнеше ғана кісі бар. Сірә, көпшілік бұлармен кездесіп қалудан қашқақтайтын тәрізді. Улп-шулап отырған топ Катананың келгенін байқаған да жоқ. Катана өзін күтіп отырған Әділовтың үстеліне келіп жайғасты. Көз алдау үшін жүгіре жеткен даяшыға бірдемелерді тапсырды да, екеуі әңгімелескен болып отырып, әлгі топты бақылай бастады. Олар ішіп-жеп, дарақылана даурығысып отырды. Шахмаран өз кісілеріне қарата сөйлегенімен, оның даңғырлаған дауысы бүкіл ре­ сторанды басына көтерді. Шахмаран: Сонымен, біз неге бағынамыз? Бәрі: Заңға! Шахмаран: Біздің заң қандай ? Бәрі: Сіз қалай айтсаңыз, солай болады! Шахмаран: Әне! Мен қалай айтсам, солай болады! Заң дегенімізмен! Ал мен бүгін былай деймін! Барлығы оған қарап, қата қалды. Масаң боп қалған Шахмаран не істеп, не қойғанына есеп бермейді. Шахмаран: \ Куәгерге тиіседі:\ Мына сен...Сені адам қылған мен! Қаңғып жүрген жеріңнен жұмысқа алып, киіндіріп, тойындырып едім! Жақсылықты білмейтін итсің! Куәгер: Білеміз ғой енді, білеміз, Шахмаран аға! Шахмаран: Атаңның басы білесің! Дұрыстап білетін бол ағаңның жақсылығын! Әйтпесе, бір бәлеге қалуың оп-оңай! Ха-ха-ха! Бәрі хормен қарқылдап күледі. Қыздар жабайы дауыспен

шыңғырады.
Куәгер: Білгенде...енді қайттім?
Шахмаран: Ә, міне, бұл туралы ойлану керек! Мықтап ойлан!
Торпеда: Әй, иттің баласы, и басыңды Шахаңа! \ Куәгерді жел­

кеден алып, Шахмаранға қарай басын игізеді. Кері айналдырып,
құйрықтан қайқайтып тұрып бір тебеді. Куәгер бір домалап түседі.
Бәрі ду күледі.\
Торпеда: Шахмаран ағамыздың жақсылығын білмегендердің

көретіні осы!
Шахмаран: | Қол соғып:\ Браво, Торпеда, браво! Сол үшін!
Куәгер ренжіп қалса да, қипақтап, үстелді жағалап, бір шеттен
отырады. Ызасын жасыруға тырысып, жұртпен бірге ішеді.

Катана оған ерекше назар аударады.
Арақтың буымен шалқыған Шахмаран бұрынғыдан да масая түсті.
Ол шашып-төгіп ішіп-жеп, қалғып-шұлғи бастады. Екі қыз оны екі
жағынан сүйемелдеп, құшақтап, аймалап қояды. Олар оның бабын

табамыз деп әлек болып жатқанда, Торпеда Куәгерге тиісе бастады.
Торпеда: Сен шефты жақсы көресің бе?
Куәгер: Оны жақсы көрмейтін кісі бар ма?
Торпеда: Сен оған бәрін беруге дайынсың ба?

Куәгер: Жанымды беруге бармын!
Торпеда: Сенің пасық жаның кімге дәрі? Сен оған әнәні бергенің
дұрыс!
Куәгер: Әнәні ?

Торпеда: Сол әнәні...сүйгеніңді!
Куәгер: Ә-ә, ұқпадым?
Торпеда: Өзіңнің сұлу қатыныңды бер!
Куәгер: Не деп тұрсың? Қалай...әйелімді?

Торпеда: Өзің айттың ғой...тіпті өмірімді қиямын деп !
Куәгер: Ол енді өмір! Ал бұл әйел!
Торпеда: Сонда, сеніңше, әйел өмірден қымбат па?
Куәгер: \ Бұлталақтап:\ Жоқ, әрине! Бірақ, әйел – қара түнек қой!

Торпеда: Онда, қараңғыда бер де құтыл! Әлде, аяйсың ба,
зәнталақ?
Куәгер: Жоқ, аямаймын! Бірақ, ол көне қойса?
Торпеда: Одан кім сұрайын деп жатыр? Сен қазір шефке бар да,

әйеліңді сыйлап жібер! Бітті! Қалғанын өзім қатырамын!
Куәгер: Ә-ә...Ал егер алмаса ше? Сенің қатыныңды қайтемін деп,
ренжіп қалмай ма? Мүмкін, жас қыз керек шығар, ә?
Торпеда: Сен әлі түсінген жоқсың ба? Шеф жаңа неге ұрысты

саған? Оған сенің әйелің ұнайды! Ол сұлу ғой!

Куәгер: Қойшы...Жай ғана ғой... Торпеда: Жә, жетті! Шефке өзің барасың ба, әлде сүйреп апарай­ ын ба?! Куәгер: \ Шахмаранды нұсқап: \ Оны мазалауға болмайды! Торпеда мойнын бұрып қараса, удай мас Шахмаран басын үстелге сүйеп, сандырақтап жатыр екен. Қыздар оны екі жағынан құшақтап отыр. Торпеда: Жарайды, бұл жөнінде әлі сөйлесеміз!!\ Шахмаранға жақындайды.\ Шахмаран: \ Өксіп:\ Неге мені ешкім түсінбейді? Мен бүкіл әлемді билегім келеді! Мен бәрін, бәрін, бәрін иеленгім келеді...Неге маған бөгет жасайды? Мұның несі жаман?\ Бір қолымен қызды сипа­ лайды: \ Барлық сұлу қатындар тек қана мендік болуы керек! Барлық әйелдерді маған беріңдер! Торпеда: Иә, шеф. Таяуда біраз сұлулар сіздікі болады! \ Торпеда Куәгерге көзін қысып, қолын бұлғап өз жігіттерін шақырады. Екі жігіт жеңіл басып, дыбыссыз жетіп келіп, Торпеда мен Куәгер төртеуі Шахмаранды абайлап көтеріп, ақырын алып кетеді. Катана мен Әділов оларды көзбен ұзатып салады. Екеуі ресто­ ранды елеусіз зерттеп, қарай бастайды. Түзге отырғанды сылтау қылып, төменге түсіп, есік, тесіктерді мұқият тексереді. Ғимараттың түкпіріне қарай апаратын бір ұзынша, құпиялау дәлізді көреді. Олар оны бойлап жүре бергенде, қайдан шыққаны белгісіз бір қарауыл аяқ астынан пайда бола кетті. Бірақ, Катананың көз қиығы дәліздің түбіндегі есіктің ақырын жабылғанын шалып қалады. Ол әдейі со­ лай қарай жүре бергенде, қарауыл олай қарай баруға болмайды деп ымдап, жолын бөгейді. Катана мен Әділов жымиып күліп, адасып кеттік, кешіріңіз дегенді ыммен білдіріп, кері қайтады. Қарауыл оларға күле қарап, қала береді. Құтқарыңдар! Катана мен Әріп полиция машинасымен қалада келе жатыр. Форма киген. Түрлерінен жұмыс жайын ойлап, бастары қатып келе жатқаны байқалады. Кенет рациядан кезекшінің дауысы естіледі. Кезекші офицер: Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Бәріңе! Бәріңе! Торайғыров көшесі, 25-үйде әйелге шабуыл жасалды! Сол ауданға жақын жүрген кім бар? Шұғыл шара қолданыңыз! Катана: Бірінші! Бірінші! Мен бесіншімін! Біз таяу жердеміз!

Қабыл алдым! \ Машинаны шұғыл, ысқырта бұрып, басқа жаққа қарай тарта жөнеледі : \ Торайғыров, 25-ке бара жатырмын! Пәтердің номерін айтыңыз! Кезекш: Пәтер номері белгісіз! Аулада сізді бізге телефон соққан көршілері қарсы алады! Қалай түсіндіңіз? Катана: Түсіндім! Кеп қалдық! Байланыс бітті! Олар көп қабатты үйлердің ауласына кіреді. Машинадан түсе бергенде, тұрғын үйдің подьезінен айғайлай сөйлеп бір толықша, орта жастағы ер кісі жүгіріп шығады. Бейтаныс: Әй! Әй, полицай! Тоқтаңдар! Ойбай, құтқарыңдар! Тез келіңдер мұнда! Екеуі соған қарай тұра жүгіреді. Әділов: Не боп қалды? Сонша ойбайлап... Бейтаныс: Ойбай, сұмдық! Ал, тыңдай беріңдер...Жаңа ғана үйімде жайланып шайымды ішіп отыр едім...Қолдың сүті...қаймағы бір елі...әйелім қызылкүреңдетіп құйып беріп...Біздің әйелдің шай­ ындай шай жоқ...Баянауылдың қызы ғой... Әділов: \ аптығып :\ Содан? Бейтаныс: Содан...терлеп-тепшіп, тоғызыншы кесені орталай бергенімде... Әділов: Тоқ етерін айтыңызшы, ағатай! Бейтаныс: Тоқ етері сол...Мен жаман шайқор адаммын. Әкеме тартқам...Әкем жарықтық бір самауырды жалғыз таусып қоятын! Ой, қызық кісі еді, несін айтасың! Әкеміздің әңгімелері бір кітап! Әділ: Өй, әкеңді... қоя тұр...Не боп қалды? Бейтаныс: Тоқтай тұршы, ей, тықақтамай! Қай жеріне келіп едім...ұмытып қалдым әне... Катана: \ Бейтаныстың даусын салып:\ Тоғызыншы кесені орта­ лай бергеніңізде... Бейтаныс: Иә, тоғызыншы кесені орталай бергенімде, қою сүттің қаспағына шашалып қалып, ваннаға кірдім. Сол жерде құлағыма: «Помогите! Спасите!» -деген қыздың жанұшырған даусы естілді! Абайлап байқасам, ванныйдың тұрбасынан естіліп тұр! Байқауымша, жоғарғы жақта, біреуді не өлтіріп жатыр...не зорлап жатыр! Содан, звондадым палитсайға! Катана: Осыны айтпайсыз ба манадан бері? Ал, қайда? Кеттік... Бейтаныс: Үстінде! Үшеуі жоғарыға тұра жүгіреді. Бес қабатты ескі каркас үй, лифт жоқ. Алда Катана, артында екеуі. Үшінші қабатқа жеткен соң, бейтаныс алқынып бір тоқтайды: Бейтаныс: Мынау біздің пәтер! Аналар жоғарыда! Не төртінші,

не бесінші қабатта! Ал, енді сақ болыңдар! Есікті ашқан бетте атып жібермесін! Не бірдемемен бастан беріп қалмасын! Байқаңдар! Ол сөйлеп, ақырындап артта қалыңқырай береді. Катана мен Әділов сақсына басып, төртінші қабаттағы, бейтаныстың пәтерінің үстіндегі пәтердің қоңырауын басады. Тым-тырыс. Тағы басып, тастүйін болып, аңдып тұрады. Есік ашылмайды. Бесінші қабаттағы пәтерге келеді. Есікті сұлу жас әйел ашады. Полицейлерді көріп, шошыңқырап қалады.\ Катана: Сіз айқайлап көмекке шақырған қыздың даусын естімедіңіз бе? Әйел: Жоқ! Катана: Помогите! Спасите! деген дауысты мүлде естіген жоқсыз ба? Осы жақтан, жоғарыдан шыққан сияқты дейді мына көршіңіз! Әйел:\ күліп жіберіп:\ А-а! Біздің үйде ол! Бері кел, қызым! \ Ішкі бөлмеден бес-алты жасар қыз бала шығады.\ Мен оны шомылды­ рып, шашын жумақшы болсам, ол көзіме су кіреді деп бақырады. Содан мен оны күштеп, шашын жудым. Ал оның ойлап тапқанын қарамайсыздар ма! «Помогите! Спасите!» -деп үйді басына көтерді! Кешіріңіздер! Бәрі де күліп жібереді. Қыз: Ой, қандай қызық болды! Мені мамамнан құтқаруға поли­ ция келді! Катана: Иә, қызым, өте қызық болды! Папаң келген соң, тағы да полицияға бір күлетін болдыңдар! Қыз: \ күрт мұңайып:\ Папам келмейді! Бәрі үндемей қалады. Әйел: Папасы келмегелі екі ай болды! Таңертең жұмысқа кетті де, қайтып оралған жоқ! Катана: Іздеу салдыңыздар ма? Әйел: Иә! Бірден полицияға арыз бердік. Іздеп – ақ жатыр...Бірақ, хабар-ошар жоқ. Тура жер астына түсіп кеткендей... Катана: \өзінеөзі:\ Тағы да жердің асты! \ әйелге:\ Үміт үзбеңіздер. Бәлкім, бір күні келіп қалар! Қыз: Иә, папам тірі! Полицей аға, папамды тауып әкеліңізші! \ жыламсырап:\ Мен оны сағындым! Әйел де көзіне жас алып, қызын құшақтай алады. Катана: Табамын, қызым! Бәрі де толқып, ойға батады. Әйел: Менің күйеуім география пәнінің мұғалімі. Біз бірге жұмыс істейміз. Осыдан біраз бұрын бір кәсіпкер маған бірнеше рет теле­ фон соғып, қорқытуға айналды. «Сізді сыртыңыздан көріп, ғашық

болып қалдым! Егер мені сүйсең, өмірің алтынға айналады !»- дейді. Күйеуім Қосымбайға да, бірге ішіп отырғанда : «Сен маған әйеліңді сат! Ақысына ат басындай алтын беремін!»- депті. Қосымбай оны­ мен төбелесе жаздаған екен, жанындағы жандайшаптары арашалап алыпты. Катана: Аты-жөні есіңізде жоқ па? Әйел: Оның атын айтып еді күйеуім...ұмытып қалдым. Катана: Бұл өте маңызды! Есіңізге түсіруге тырысып көріңізші! Әйел: Бір ордалы жәндіктердің патшасы деген мағына береді де­ ген сияқты еді. Катана: Ордалы ... Ордалы... тышқан ...ордалы жылан... Әйел: Жылан патшасы! Иә, иә, еміс-еміс есімде... Катана: Жылан патшасы! «Мың бір түн!» Мәлике – Маран! Шахмаран! Шахмаран емес пе? Әйел: Жобасы келетін сияқты...бірақ, анық есімде жоқ! Катана: Күйеуіңіз жоғалғалы бері күдікті ешкім мазалаған жоқ па? Әйел: Жоқ...Бірақ...бірнеше рет белгісіз ер адам телефон соқты... күйеуімді сұрады...және халіңіз қалай, қандай да бір көмек керек жоқ па деді орағытып! Мен жаман қорқамын кейде! Солардан келді-ау, не болса да! Катана: Қорықпаңыз! Іздейміз, табамыз! Қандай да бір күдікті нәрсе байқасаңыз, маған телефон соғыңыз! Телефон номерін береді. Олар кетеді. Әйел рахмет айтып, шығарып салады. Қыз қолын бұлғайды. Төбелес Катана мен Әділов спорт киімімен Ертіс жағасында келе жатыр. Жарыса жүгіреді. Әділов бірінші жүгіріп кеткенімен, Катана оны қуып жетіп, ұстап алады. Әділов тез алқынып қалады. Әділов: Мен қашуды білмеймін ғой! Менің ісім – ұстау! Катана: Ұстау үшін қуып жету керек! Қосыла күледі. Катана: Мен іздестіріп көрдім. Сөйтсем, мына Шахмаран Шонта­ ев жындыханада есепте тұр екен! Оның дені сау емес! Әділов: Ал онда қалай байып жүр? Санатқа қалай қосылған? Катана: Фантасмагория! Бірақ, біздің заманда бәрі де мүмкін. Ақшасы барды ешкім де ол қандай адам деп сұрамайды! Ол ебін та­ уып жындыханадан шығып, кәсіп қылған, байып алған. Кейде ақылесі ауытқығандар өткір, өтімді болады. Оның кәсібі – алыпсатарлық.

Бірақ, кесек сауда, ірі партиялармен! Әділов: Иә, таза нәрсе емес! Осындайларды қалай шығарады екен бостандыққа? Адамдардың зәресін ұшырып! Катана: Амал қанша... Екеуі жаттыға бастайды. Катана «көлеңкесімен шайқас» өткізеді. Ауаға қол, аяғымен жыл­ дам, күшті соққылар жасайды. Әділов оның аяқпен айнала тепкен ауыр соққысына алақанын тосқан болып, соңғы сәтте қолын тартып алады. Бет-аузын күлкілі құбылтады. Әділов күрестің әдістерін, ауырту тәсілдерін көрсетеді. Бірін бірі арқалап жүреді. Мәз болып күліп, шаттанады. Кенет айқай-шу, топырлаған аяқ дыбысы естіледі. Бір топ жас жігіттер қызылкеңірдек болып дауласып жатыр екен. Катана шапшаң бұрылып, оларды бақылай бастайды. Олар алты кісі-үшке үш. Қызды қыздымен төбелес басталып кетеді. Топтасқан төбелес. Ұзын бойлы, шымыр денелі спортшы жігіт біреуін ұрып жығады. Катана мен Әділов оларды арашалауға тұра ұмтылады. Катана: \ қатты дауыстап:\ Тоқтат! Мен полиция капитанымын! Сендерді ата-аналарың қалаға сыра ішіп, төбелесуге жіберіп пе еді?! Қане, тоқтатыңдар! Әйтпесе, жындарыңды қағып аламын! Бұзақылар сасып қалады. Бірақ, әлі де жындары басылмай, елеу­ реп тұр. Әділов: Қойыңдар! Беріліңдер, оңбағандар! Бірақ атлет жігіт Әділовтың бетіне таңдана қарап алады да, күтпеген жерден оны тұмсықтан бір-ақ ұрады. Құлап түскен Әділов қайта ұшып тұрады. Бет-аузы быт-шыт болған екен. Төбелеске кіріп кетеді. Катана екі бұзықпен бір-ақ төбелеседі. Екеуін екі теуіп, сұлатып салады. Олар созалаңдай тұрып, айнала қаша жүріп, төбелестерін жалғастыра береді. Әділов әлгі ұзын бойлы, спортшы жігітті қуалап жүр. Спортшы мұның құлаштай соққан қаһарлы, қуатты соққыларын дарытпай, бұлтарып кете береді. Ызаға булыққан Әділовтың қимылы сөкет, күлкілі көрінеді. Бір-біріне өшіккен дұшпандар өзара төбелестерін де жалғастырып, полицейлерге де қарсы шығып, айқай-шумен қым-қуыт майдан қылып жібереді. Спортшыны қуып жете алмаған Әділов бір-біріне жабысып, тастай қатып қалған екі дұшпанды көреді. Ол әуелі біреуін, содан кейін екіншісін бар күшімен мытып ұстай алады. Жігіттер тырп ете алмай, беріледі.

Катана спортшыға таяп келеді. Жігіт кикбоксер тәрізді. Жақсы төбелесетіні көрініп тұр. Ол Ката­ наны салып, салып жібереді. Катана оның соққыларына әуелі оң қолымен, содан кейін сол қолымен қатты блок қойып, қайтарады. Спортшының қолы ауырып қалады. Катана көз ілеспес жылдамдықпен оның денесінен бір ұрып, талдырып тастайды. Қалғандары сол сәтте тыныштала қалып, аулақтап тұрады. Катана спортшы мен төбелесті бастаушының қолдарына кісен са­ лады. Катана: \ бәріне:\ Ал сендер бара беріңдер. Бәрі бір тауып аламыз. Төбелескендерің үшін, полицияға қарсыласқандарың үшін, қоғамдық орында ішкендерің үшін...Сендерді зонаға тығып жіберемін! Менің жыныма тимегендерің жөн! Төбелесті бастаушы:\ Жынданып:\ Бізді қорқытпа өйтіп! Қама! Отырғыз! Көзімізді құрт! Бұдан басқа қолыңыздан не келеді, аға? Катана ойланып қалады. Әділов: Жап аузыңда, жалмауыз! Бұзақылар бас иіп, жақындап келеді. Талқы басталады. Сұңғақ спортшы ақылды екен студент екен. Спортшы: Аға, біз студентпіз! Сәл нәрсеге керісіп, төбелесіп қалдық! Бізді кешіріңізші! Жібере салыңызшы, аға! Студенттер: \ жарыса:\ Кешіріңізші, аға! Босатыңызшы бізді! Әділов: Мәссаған – жібере сал! Түрмеге отырып, біраз ойланғандарың жөн! Катана: Жақсы, отырғызарсың. Екі жылдан бес жылға дейін береді. Амнистияға жатпайды. Қатал әрі қате статья! Ал содан кейін не болады бұларға? Сол жөнінде ойладың ба? Әділов:\ оған таңдана қарайды:\ Ойлайтын не бар? Біздің жұмысымыз – бас алып ұстап, сотқа беру! Қалғанын солар шешпей ме?! Катана: Сенікі де жөн, Әділов! Бірақ, ойлап көрейікші. Жай төбелес үшін бәрін соттай берсек, бостандықта бір де бір еркек қалмайды деп ойлаймын. Және де мынадай жастарды қанқұйлы қылмыскерлермен қалайша бір қатарға қоясың? Рецидивистермен бірге қалай отырғызасың? Олар бір-екі айда бастарын айналдырып, өздерінің қолбаласы етіп алмай ма? Оған жол беруге болмайды! Әділов: Бірақ, бұл біздің қолымызда емес қой! Катана: Жөн айтасың. Бірақ, кейде біз де жақсылық істей аламыз ғой!

Әділов: Егер де жақсылық болса, мен келісемін! Катана: Күмәнің болмасын, жақсылық! Әйтеуір, бауырлары­ мызды түрмеге жібергеннен гөрі жақсы! Қане, бері қараңдар! Бірбіріңмен татуласып, енді қайталамаймыз деп уәде берсеңдер, боса­ тып жіберемін! Студенттер: \хормен:\ Уәде береміз, аға! Рахмет! \Катана кісенді шешеді. Студенттер қиқулап, қол соғады : \ Рахмет! Әділов: Жоқ, тоқтаңдар! \ Спортшыға мұрнын көрсетіп:\ Ал мына мұрын үшін кім жауап береді? Катана: Жә, Әріп, құйрықтан бір теп те, қоя бер! Катана спортшыға көзін қысып қояды. Анау түсіндім дегендей, көзін жыпық еткізеді. Әділов спортшыны теппекші болады. Анау мойынсұнып, бұрылып, әдейілеп көрсетіп, еңкейіп, артын тосып, көзінің қиығымен Әділовты бақылап қояды. Катана алысырақтан аңғал досына күле қарайды. Бүкіл топ демін ішінен алып, жазалау сәтін күтіп тұр. Әділов оң аяғын көтеріп, арлы-берлі ырғап, күш жинай бастайды. Бәрінің көзі сонда. Әділов студентті қайқайтып тұрып құйрықтан теуіп кеп жібереді. Бірақ анау асқан ептілікпен бір жағына бұлт ете қалады. Әділовтың аяғы ауаны теуіп, ол өз екпінімен ұшып түседі. Бәрі қарқылдап күледі. Қаны қайнаған Әділов атып тұрады. Студенттер ытырыла жөнеліп, қарқылдап күлген бойы зытады. Тұра қуған Әділов сәлден кейін алқынып, тоқтап қалады. Катана күлкісін әрең тиып, оның жанына келеді. Катана: Байырғылар айтқан ғой: Жүгір! Қашанда жүгір! Адилов: \ алқынып: \ Енеңді ұрайындар... Қатырып кеткенін қарашы! Катана шегі қата күледі. Әділов те күліп жібереді. Зұлым куәгер Катана кабинетінде. Компьютер арқылы Куәгер туралы материал­ дар іздейді. Оның фотосын қарайды. Әділов те компьютер ақтарып отыр. Катана: Әріп, сен Шахмаран мен Торпедаға қатысты не бар, жи­ нашы бәрін! Ал мен кеттім...біздің Куәгерді ұстауға! Катана Х. ресторанын бақылайды. Бір кезде Куәгер шығады. Ол Катананы көре салып, машинасымен қашады. Катана оны

қуады. Орман шетінде оның жанармайы таусылып, тоқтайды. Полицияға беріледі. Ішіңкіреп алғаны көрініп тұр. Оның қашқаны да сол – шоферлық куәлігінен айырылып қаламын ба деп қорыққан! Катана: \Куәлігін көрсетіп:\ Аға тергеуші капитан Тақанов! Сізбен сөйлесуіміз керек болып тұр! Куәгер тақылдап қалған, ысқаяқ жігіт екен, қолды-аяққа тұрмай, тілін безеп, әрнені айтып, құйрығын ұстатпай бұлтыңдай береді. Куә: Мен туған полицияма көрген –білгенімді ағымнан жарылып айтып беруге бармын! Катана: Онда сіз бізге күдікті Шахмаран Шонтаев туралы білетіндеріңізді жасырмай айтып беріңіз! Куә: Шахмаран туралы!? О-о, бұл оңай шаруа емес! Катана: Жақсы. Онда менімен бірге жүріңіз. Екеуі машинаға отырып, жүреді. Орманды, әдемі жерлермен келе жатады. Бір кезде куә тоқта деп, белгі береді. Куә: Тоқтаңыз, капитан! Осы жерде, орман ішінде сөйлесейік! Бірақ, менің бір шартым бар! Катана: Айтыңыз шартыңызды... Куә: Екеуміз де телефондарымызды машинада қалдырып кетейік. Менің сізге айтатын сөзімді диктофонға жазып алмауыңызды қалаймын! Катана: \ сәл ойланып:\ Жақсы! Онда, бәлкім, қағазға жазып, қол қойып берерсіз! \ Ішкі қалтасынан жылтырақ қаламсап алып, куәгерге алыстан көрсетеді.\ Куә: Жо-жоқ! Мен ешқандай қағазға да қол қоймаймын! Тек шындықты ауызша айтып берейін! Менен аулақ! Катана қаламын сырт-сырт еткізіп, сыртқы төс қалтасына қыстырып қояды. Машинаны жолдан бұрып, орман ішіне кіріңкіреп тоқтайды... Полиция бөлімінде Полиция бөліміне Катана Куәгерді алып келеді. Күнделікті полицейлердің тірлігі – сапырылысып, біреу келіп, біреу кетіп жатыр. Катана куәні әдейі көпшілік көрсін деп, асықпай, топтың ішімен жүреді. Полицейлермен қол бұлғап амандасады. Бетаузы көкпеңбек, қанталап, ісіп кеткен куәні қарсы кездескен Әріп пен полицейлер мүсіркеп, Катанаға таңдана қарайды. Катана оны өзінің бөлмесіне, тергеу бөліміне алып келеді. Әріп пен бірнеше офицерлер бірге келеді. Куә: \ Бет-аузы көкпеңбек, көзі, мұрны ісіп, қанталап кеткен.

Айқайлап, жұртты қаратуға тырысып, даурыға сөйлейді:\ Маған бастықты, адвокатты шақырыңдар! Мені полиция ұрып-соғып тастады! Әріп оған бір, Катанаға бір сұраулы жүзбен қарайды. Катана: Қазір, қазір... Бәрі де келеді. Әріп, сен барып шақырып келші...барлық жауапты адамдарды! Әріп басын шайқап, түк түсінбеген күйі кетеді. Катана куәгердің кісенін шешіп, үстелден қағаз бен қалам алып береді. Куәгер пышылдап отырып, арызын жаза береді. Әріп полковник Ботаевтың кабинетіне барады. Не болғанын түсіне алмай басы қатады... Полковник Ботаев адвокат әйелді алып, Катананың жұмыс бөлмесіне келеді.Олар әбден таяқ жеген куәнің түріне байыптап қарап алады. Барлығы оның жарақаттарын мұқият қарап жатқанда, Катана компьютерге шұқшиып, әлденелерді шұқылап отырады. Ком­ пьютер мен үстелдің тасасынан оның не істеп жатқаны ешкімге де көрінбейді. Ботаев: Иә, не болды? Куә қақсап қоя береді. Куә: Аса мәртебелі полковник мырза! Ардақты адвокат! Тергеуші капитан Тақанов бір қылмыскерге қатысты ақпар бересің деп, маған қоқан-лоққы жасап, әбден қинады. Мен өтірік куәлік бермейтін болған соң, орманға алып барып, аяусыз соққының астына алды. Ау­ зыма зорлап арақ құйды! Адвокат: Капитан Тақанов, сіз бұған не дейсіз? Катана:\ Компьютерден тұрып:\ Бұл жалған! Жала! Бөлімге келе жатқанда, орман ішінде тоқтатты. Сол жерде аяқ астынан өзін-өзі ая­ усыз соққылай бастады. Адвокат: Бұл сөзіңіздің растығын дәлелдей аласыз ба? Ақылға сыймайтын іс екен. Куәлеріңіз бар ма? Катана: Орманда қандай куә болушы еді? Куә: \көгерген бет-аузын көрсетіп:\ Міне менің куәлерім! Айғағым! Адвокат: Иә, бұл бір қиын жағдай, капитан Тақанов! Полицияның күдіктілерге қысым жасайтыны өтірік пе? Демек, мына кісіні де сіз ұрған шығарсыз! Катана: Сіздер неге менің, полиция қызметкерінің айтқанына сенбей, өтірікші күдіктінің айтқанына сенесіздер? Неге ылғи поли­ цияны кінәлағыларыңыз келіп тұрады?! Ботаев: Капитан Тақановтың қаншама жыл қызмет істеп жүріп, ондай заңсыз іс-әрекетке бармағанына мен кепілмін! Адвокат: Бастығы әрі аға офицер ретінде сіздің Тақановты бұлай

қорғауыңыз құрметке лайық, жолдас Ботаев! Алайда, сіздің орманда болмағаныңызды ескерсек, бұл жерге куәлігіңіз жүре қояр ма екен?! Мен мына кісінің дене жарақаттарына дәрігерлік сараптама жасатып, заң бойынша Тақановты жауапқа тартуды талап етемін! Катана: Ал, жақсы, онда бері қарауларыңызды өтінемін! \ Компьютерді көпшілікке қарай бұрып, түймесін басып қалады. Ор­ ман ішіндегі оқиғаның бейнекөрінісі сол қалпында көрсетіле бастайды. ...Орман іші. Куәгер таза ауаны рахаттана жұтады. Куә: Ух, қандай керемет! Жұпар иісінай! Табиғат қандай таптаза! Ал адамдардың іші-сырты бірдей былық! Солай ма, кап-капкапитан! Қап, әттең, қап, қапыда кететін болдым-ау! \ Ол кенеттен өзін-өзі жұдырықтай бастайды.\ Катана: Тоқтаңыз! Сізге не болды? Куә: Бізге не болды? Полицияның қолына түскен біз байғұсқа не болушы еді? Ұрып-соғып, істемеген істі мойындатасыңдар! Жала жабасыңдар! Жалған куәлік бергізесіңдер! Міне, мені де күштеп, сабап жатсың ғой! \ Өзін-өзі құлаштап-құлаштап, бокстап-бокстап бет-аузына жұдырығымен төмпештейді келіп! Арасында айқайлап қояды: \ Қап, қап, капитан! Қой, қой енді! Ұрма, ұрма деймін! Ах, оңбаған, орманға сол үшін әкелген екенсің ғой! Ах, ох! Қап, қап, ка­ питан! Ой, ой, ой! Қой деймін! Қап, қап, капут капитан!... ...Компьютерден мына көріністі көргенде, әуелде аң-таң болған жұрт өзін-өзі аяусыз тоқпақтап, айқайлап жатқан кісіні көргенде, еріксіз қарқылдап күліп жібереді. \ Куә: \ ышқынып, бетін басады:\ Ах! \ Куә орындығында тыпырлап, құлап түседі. Манадан бері үнсіз бақылап тұрған Әріп оны желкесінен сығымдаңқырап, көтеріп отырғызады.\ Ботаев: \ өте риза кейіппен:\ Жарайсың, Тақанов! Сені жайданжай Катана деп атамаған екен! Адвокат: Бәрі де түсінікті болды! Капитан Тақанов, орынсыз күдіктенгенім үшін сізден кешірім сұраймын! Катана басын изейді. Бәрі кетеді. Катана куәгерді дұрыстап тергей бастайды. Катана: Ал, куәгер мырза...Тоқ етері, міне, арызың жатыр! Жалған арыз! Міне, бейнеролигің тұр. Осы үшін де бірер жыл арқалап кете баратыныңды біліп отырсың ғой! Куәгер: Қорқытпа олай, капитан! Катана: Ең қиыны, мына бейнеролигің интернетке шығып кет­ се...Масқара! Жұрт не дейді? Әйелің не дейді! Елдің бетіне қалай қарайсыңдар? Бәрінен де балаларыңа қиын болады-ау! Сабаққа

барған сайын бүкіл мектеп : «Қап, қап, капитан!»- деп, өздерін – өздері бет-аузына пергілеп, мазақтап отырса... Куәгер: Ал, жарайды! Не керек саған? Катана: Өзің де білесің...Маған Шахмаран туралы барлық білетініңді бүкпесіз айтып бересің! Куәгер: Сонда, интернетке салмайсың ба? Катана: Салмаймын! Тіпті, мына арызыңды да жылы жауып қоямын! Куәгер: Жақсы! Мен бар білгенімді айтып берейін, бірақ, бір де бір жерде менің атым аталмайтын болсын! Осыған уәде бересің бе? Катана: Жақсы! Бірақ, сенің айтқандарыңның мәні болса ғана! Куәгер: О-о! Саспаңыз! Не бір сұмдыққа кенелесіз қазір! Катана: Ал, онда бастаймыз ба? Куәгер: Бастасақ бастайық...Шахмаранның сұмдығы ар жағында жатыр! Ол былай, тыныш қалпында, нәрмәлни. Көптің көзінше мақтап қойсаң, тіпті жақсы! Мол сыйлық та беруі мүмкін! Бірақ, шамына тиіп кетсең, ол құтырынып кетеді! Шахмаран өте шамшыл кісі. Шек­ тен тыс күдікшіл. Ол сөзін талқылап, пікір таластырғанның бәрін дұшпандық санайды! Біреудің қарағаны, біреудің күлкісі ұнамай қалса, бітті, жау! Ол бәрін де өз адресіне қабылдайды! Ал бетіне қарсы келгенді, тіпті, туысы болса да, дал-далын шығарып, құртып жіберуге бар! Бір сөзбен айтқанда, монстр маньяк, құбыжық! Оған ұнамаған кісілер із-тозсыз жоғалып кетеді! Катана: Ал, Торпеданы қалай ұстауға болады? Куәгер: Торпеда қашанда қару алып жүреді. Заңсыз! Катана:\ үнсіз басын изейді.\ Жарайды, боссың! Бара бер! \Куәгер кетуге ыңғайланады. \ Хабарласып тұрайық...керек болса! Куәгер зытады. Аңду Жұмыстан кейін Сая тыныш шолақ көшемен үйіне келе жатыр. Оның соңында орта бойлы бір еркек келеді. Ол әйелді аулақтан, елеусіздеу ғана бақылайтын сияқты. Сая бір кезде әлденеден секем алады. Өз-өзінен үрейленіп, берекесі қашады. Ол ақырын бұрылып, еркекті көреді. Сыр бермеуге тырысып, тезірек жүре бастайды. Бейтаныс кісі өзімен өзі келе жатқан сияқты. Бірақ, әйелді көзінен таса қылмай, аяғын шапшаңырақ басуға айналады. Сая толқиды. Қорқады. Тезірек өз үйіне, шулы аулаға жетуге ты­

рысады. Аулаға жетеді. Балалар ойнап жүр екен. Кемпір-шалдар орындықта әңгімелесіп отыр. Бейбіт тіршілік кешіп жатқан аулаға келген соң, әйел сабырын та­ бады. Ол ауланың дәл ортасында кілт тоқтап тұра қалып, телефон соққан болады. Еркекті жанынан өткізіп жібереді. Анау амалсыздан оның жанынан, бет-жүзін көрсетпеуге тыры­ сып, басқа жаққа қарағансып өтеді. Сая өз қулығына мәз болады. Бейтаныс ауланы кесіп өткенше тоқтап тұрады. Ол үйдің бұрышын айналып, көрінбей кеткен кезде, әйел өз подьезіне қарай жүгіре басып жөнеледі. Күтпеген жерден бейтаныс қайта оралады. Сая өз подьезіне кіре беріп, көзінің қиығымен еркектің өзін аңдып тұрғанын байқап қалады. Ол мұның соңынан қарап тұр екен. Сая пәтеріне кірген бетте Катанаға телефон соғады. Сая: Алло! Сәлем! Катана: Сәлем! Сая: Мені аңдып жүрген сияқты! Міне, қазір, жұмыстан кейін, үйге келе жатырмын. Үйдің маңында біреуді байқап қалдым! Ол маған күдікті боп көрінді! Өйткені, мен оны сәл бұрын, жолда да көріп едім! Катана: Түрі қандай оның? Сая: Дәл айта алмаймын! Орта бойлы, елеусіздеу біреу...Бірақ, ол мені аңдып жүрді! Жалғыз бұл емес...Күндіз маған баяғы теле­ фон соғып жүрген ер адам қоңырау шалды. Уақытты жалғыз қалай өткізетінімді сұрастырып, ішіңіз пыспай ма деді. Содан кейін күйеуге деген сағынышты басып, Ертісте қайықпен серуендеуге шақырды! Мен телефонды сөндіріп тастадым! Катана: Түсінікті! Ең бастысы, сақ болыңыз! Сабыр сақтап, бәрін бізге айтып отырыңыз! Біз сырттай бақылау қоямыз! Яғни, сізді біздің қызметкерлер сырттай бағып, қорғайтын болады! Сая: Рахмет! Бауыр Кешке үйге келгенде, Катананы әйелі үнсіз қарсы алады. Қанша білдірмеуге тырысқанымен, жүзінде мұң бар екені аңғарылады. Ештеңе айтпайды. Катана аң-таң болып, сұраулы жүзбен анасына қарайды. Анар: Келіннің інісі істі болып жатқанын естіген шығарсың.

Катана: Иә! Не істеп жүр өзі? Анар: Жеп қойған сияқты... Катана: Әй, ол да бір... Анар: Жегенде, онша жемеген! Мына заманда жесең де бәле, жемесең де бәле ғой! Катана: Тек жүрсең тоқ жүресің деген аталарымыз! Ана: Сен оған көмектес! Бірдеме ғып, мына бәледен құтқар! Катана: Қалай құтқарамын? Қылмысы мойнында тұрса... Ана: Әйеліңнің көңілі үшін құтқар! Бауырын уайымдап, жүдеп бітті. Ыстығыңа күйіп, суығыңа тоңып, от басы, ошақ қасын ұстап отырған айналайын келінімнің бір ауыртпалығын көтере алмасаң, азаматтығың қайсы? Катана: Мәссаған! Мен не істеуім керек? Заңнан аттап өт дейсіз бе сонда? Ана: О, құдай ай! Құдды әкең құсап қақиып, қата қалғанды қойшы осы! Заңды ептеп былай иіңкіреп жіберуге болмай ма...әйеліңнің көңілі үшін?! Катана: Егер де әр бір полицай сүйгенінің көңілі үшін заңды еп­ теп бұрыңқырай берсе не болады? Ана: Білемін, бәрін де түсінемін, балам! Бірақ, жан жарыңа бір пайдаң тимесе, әділеттік пе? Катана: Дұрыс қой, мама! Бірақ, мынау істің жайы мұлде басқа! Анар: Е-е, мейлі! Не болса да көріп ал! Келінімді ренжітпе! Гүлнәз ақырын басып келіп, әңгімені тыңдап тұрады. Үнсіз егіліп жылайды. Анар: Бауыр қиын ғой! Катана: Бауыр, бауыр... Осы біздің бар өміріміз бауыр мен өкпеден тұратын сияқты! Анар: Сенікі дұрыс, балам! Бірақ, бірдеме ғып көмектес! Катана: Білмеймін не істерімді? Ешкім оған зорлап жегізген жоқ қой! Ит екеш ит те сүйекті жұтарда артына қарап алады екен...Ертең түсе ме, түспей ме деп! Әйелі үнсіз егіліп жылайды. Анасы жұбатып отырып, қосыла көзін сығады. Үрпиіп, үрпиіп балалары отыр. Олар да шешелерін құшақтап, әкелеріне айыптай қарайды. Катана шыдай алмай күрсінеді...Телефон соғады. Катана: Әлө! Сәлем! ...Жақсы. Ертең кездесу керек, әңгіме бар! Жақсы! \ Телефонын сөндіреді.\ Жарайды, сабыр! Бұл менің студенттік кез­ ден досым. Ол сол салада жұмыс істейді. Ертең кездесіп, сөйлесемін! Көрерміз не болса да!

Бәрі де қуанып кетеді. Анар мен Гүлнәз жылағанын қойып, жылы жүзбен Катанаға алғыстарын білдіреді. Балалары шаттанып, әкелерімен асық ойнауға кіріседі. Келісім Катана мен Әділов спортзалда. Полицейлермен бірге қолма қол ұрыс тәсілдерін жетілдіріп, жаттығып жүр. Полицейлер самбоның әдістерін меңгеріп, қол мен аяқ соққыларының тәсілдерін жетілдіре түсуде. Біреулері тік түрегеп жүріп жаттықса, біреулері партерде алысып жатыр. Айғай, шудан құлақ тұнады. Катананың досы кіріп келіп, жауынгерлерге әуестене қарап тұрады. Катана оның алдынан шығады. Екеуі шешінетін бөлмеге бара жатып сөйлеседі. Досы киімін ауыстырып шыққасын, жаттығуға кіріседі. Катана­ мен қойғыласып, күреседі. Катана оны шалқасынан түсіреді. Мойны­ нан қылқындырып жатып, сөйлейді. Катана: Менің мұндайды ұнатпайтынымды білесің. Бірақ, амал қанша? Қолыңнан келсе, құтқар! Друг: Иә, балдызға болыспасаң, басыңнан бұлт кетпейді! Ох, мен сені түсінемін! Әйел – заңнан да айлалы, соттан да қорқынышты! Мен сенің отбасыңда тыныштық болуы үшін барымды саламын! \ Катананы аударып түсіреді.\ Катана: Рахмет! \ Бірін-бірі мықтап қысып ұстайды.\ Друг: Жарайды, біз өзіміз ғой. Бірақ, балдызыңа айтып қой, ол жақта бірдеме керек болып жатса, бәрін де қыңқ етпей орындайтын болсын! Катана үнсіз басын изеп, досын жамбасқа салып лақтырады. Оған бұл әңгіме ұнамайды, бірақ, амалсыздан көніп бағады. Осы кезде досы ебін тауып оның қолын бұрап, ауырту әдісін жасайды. Катана алақанымен кілемді қағады. Досы босатады. Екеуі қол алысады. Тұтқындағы Торпеда Куәгердің айтуымен Катана Торпеданың ізіне түседі. Торпеда ресторан Х-тен шығып, машинасына отыра бергенде Катана мен Әділов тоқтатады. Катана: \ Куәлігін көрсетіп:\ Полиция капитаны Тақанов! Сіздің документтеріңіз? Торпеда: \ Таңданып: \ Не боп қалды, басеке? Сіз мені біреумен

шатастырып тұрған шығарсыз? Катана: Документ тексеру ғой... Торпеда: Ә, менде бәрі дұп-дұрыс! Ол документтерін көрсетеді. Катана: \ Документтерге көз жүгіртіп:\ Қаруың бар ма ? Торпеда: \ Абдырап:\ О не дегеніңіз? Қайдағы қару? Катана: Оны қазір көреміз! Әділов екеуі кузовты тексереді. Күдікті ештеңе жоқ. Ката­ на багажникті қолымен көрсетеді. Торпеданың бұрынғысынан да сасқалақтап қалады. Торпеда: Мүмкін, келісерміз, ә, басеке? Үнсіз багажникті ашқызады. Ақтарып қарап, қынапқа салынған үлкен лөкет пышақты тауып алады. Катана: Сенікі ме? Торпеда: Жоқ...Иә...Басеке, қазіргі кезде бұл да қару боп па? Бұл жай мал союға...ет бұзуға...өзіңіз де білесіз...Одан да мен сіздерді осы пышақпен сойған жылқының етіне тойғызайын! Катана: Сен әуелі осы пышақпен сойған кісілер үшін жауап беріп ал! Сіз тұтқындалдыңыз! Торпеда полицияның талабына бағынған кейіп танытады. Әділов оның қолынан ұстап, қастарында тұрған полиция машинасына қарай алып жүреді. Катана тоқтап, оларды алға жіберіп, соңдарынан жүреді. Кенет Торпеда қолынан ұстап келе жатқан Әділовты сарт еткізіп періп жібереді. Әділов талып түседі. Артта келе жатқан Катана қашпақ болған Торпеданы тарпа бас салып, ұстап алады. Аяусыз шайқас ба­ сталады. Ақырында, Катана Торпеданы иектен бір ұрып, сұлатып са­ лады. Әділовтің белбеуінен кісенді алып, Торпедаға салады. Әділов есін жиып, орнынан тұрады. Екеулеп теңселіп, тәлтіректеген Торпе­ даны машинаға тығып жібереді. Катана: Күдіктіні ұстағанда, бірінші кезекте оны тырп ете алмай­ тындай қылып, кісендеп тастаңдар деп қанша айтуға болады сендерге! Әділов: Мен осыны ойлауын ойлаймын! Бірақ, керек кезінде ылғи есімнен шығып кетеді! Катана: Өй, қазанбасым, аман бол әйтеуір! Олар оны полиция бөліміне әкетеді. Мойындау Торпеданы полиция бөліміне әкеліп, камераға тығып жібереді. Катана оны тергеп, алғашқы показаниесін алады. Әділов протокол толтырады. Катана: Қалай, содыр сойқан, секіріп болдың ба?

Торпеда: Секіріп бастан аспайсың! Катана: Ал сен секірдің...Жұрттың басынан! Айт, қане, мына пышақпен қаншасын сойдың? Торпеда: Ой, басеке, санағам жоқ! Әсіресе қыста...күн сайын бес-алтаудан...Соғым операциясы...өзің де білесің...қазақтар үшін аңшылық маусымы сияқты ғой! Катана: Қысқарт! Мен сенімен ойнап тұрғам жоқ! Торпеда: Мен рас айтамын, басеке. Төбелестім, талай тұмсықты бұздым. Бірақ, малдан басқа, ешкімді сойған емеспін! Катана: Жарайды, бүгінге жетеді! Отыр да ойлан, мүмкін, есіңе түсер. Шын жүректен кінәсін мойындау жазаны жеңілдетеді. Мә, әзірге мынаған қолыңды қой! \ Қағазды Әділовтен алып, Торпедаға ұсынады.\ Торпеда: \ Мұқият оқып: \ Жақсы, басеке, мен машинадан алынған пышақтың менікі екеніне қол қоямын. Бірақ, мал союға арналған пышақты алып жүрудің қылмыс екенін білмегендігімді де ресми түрде мәлімдеймін! Олай болса, барлық малшыларды отырғызу керек! Катана: Жақсы, қосып жаз да, мен айнып қалмай тұрғанда, тезірек қол қой! Торпеда жазып, қол қояды. Катана: Бітті, әзірге отыр тұр! Әділов екеуі кете береді. Темір есіктер «дүң-ң!» -деп, гуілдеп жа­ былады. Катана жеңіл күрсінеді. Қуанышты. Өзара көмек Катананың телефоны шырылдайды. Катана: Иә! Сәлем! Халың қалай? Жарайды, жақсы. Дегенің бол­ сын... Кеттім! Қоңырау соғып, кездесуге шақырған – жас күнгі досы, финпол қызметкері. Олар Ертіс жағасында кездесіп, әңгімелесіп жүреді. Бұлттар қалқып барады. Су сылдырлайды. Орман шулайды. Дос: Сен мені дұрыс түсін. Дәл осылай, бірнеше күннен кейін, сенен бір шаруаны өтініп келемін деп ойлаған жоқ едім. Катана: Жарайды, айта бер! Дос: Торпеданы босатуға көмектесу керек! Катана: Өй, денің сау ма өзі? Ол қанішер, банды ғой!

Дос: Білем. Меніңше, оның орны түрмеде. Бірақ, амал қанша, ол жайында өте бір ықпалды кісілер өтініп отыр. Және де оның қанішер екенін бұлтартпай дәлелдейтін айғақтың да әзірге жоқ екені белгілі. Катана: Отыра тұрсын, бәрін дәлелдеймін! Дос: Есің дұрыс па, Катана! Меңдуана жегеннен саумысың? Құтқар, бітті, басқаны білмеймін! Немене, сенің жемқор балдызыңды былықтан алып шығу маған оңай болды деймісің? Катана: Иә, балдызым үшін саған ризамын! Әйелім бақытты. Анам риза. Балалар шат. Бірақ, менің жаным сыздайды...Жарайды, мен саған қарыздармын! Бірақ, түсінші...Нағыз қанішерді ұсақ ұрыға айырбасқа бере алмаймын! Өлтірсең де осы! Өкпелеме, досым! Дос: Ах, сен заңға әбден берілгенсің! Принципшілсің?! Адалсың, иә?! Катана: Жә, жарайды...Мен де періште емеспін! Әділдікті қанша жақсы көрсем де, кей-кейде бәз біреулер үшін шегінуге тура келеді... Заңды да бұзып, ұсақ-түйек қателіктерге, тіпті қылмысқа да, көз жұматын кезім бар. Бірақ, шегінуге, аттауға болмайтын нәрселер бар! Дос: Мінеки! Демек, өзара көмек заңынан шегінуге болмайды ғой! Катана: Өзара көмек? Біз кімге көмектесеміз? Бір бірімізге ме? Бәлкім, өзара көмегіміз жауыздарға көмектесу боп жүрмесін? Дос: Күлейін бе, жылайын ба? Жоқ, мына полиция мундиріндегі философқа қараңыздаршы?! Ха-ха-ха! Өз адамын құтқаратын кез­ де, достар керек еді! Ал жұмысын бітіріп алған соң, өзара көмектің керегі болмай қалыпты!? Бірақ, есіңде болсын, адалдар ақырында жалғыз қалады! Егер де сен ешкімге көмектеспесең, түбінде ешкімге керексіз болып қаласың! Катана: Жә, жетті! Қысқарт! Қайталап айтамын, мен жақсылықты білемін! Егер қажет болса, мен саған көмектесуге дайынмын! Бірақ мына қанішерді ешқашан босатпаймын! Оның мойнында кісінің қаны бар! Ешқашан қанішерге ара түспеңдер! Қанішерге көмектесу – бірге кісі өлтіргенмен бірдей! Мен осылай деп есептеймін! Друг: Ох, Катана, Катана! Самурай –сұмырай! \ кетеді.\ Катана үнсіз қалады. Бұлттар қалқып барады. Су сылдырлайды. Орман шулайды. Шақыру Катана кабинетінде интернеттен әлдене іздеп отыр. Әділов те ком­ пьютер қарап отыр. Катанаға Куәгер телефон соғады. Куәгер: Капитан мырза! Бұл мен...Шахмаран Шонтаев сізбен

кездескісі келеді!
Катана: Шынымен бе?! Оған не керек ?
Куәгер: Сізбен бетпе бет сөйлескісі келеді! Бүгін жұмыстан кейін
катерге келіңіз!

Катана: Жарайды! Сағат алтыда келемін! \ Телефонды сөндіріп,
Әділовке:\ Шахмаран катерге шақырады.
Әділов: Бұл психопатқа не керек екен ?
Катана: Білмеймін, бірақ жобалаймын! Сақтан, аттан! Байқайтын

бол!
Әділов: Құп! Сенімді екі жігітті алып, сол жақта қарауылда бола­
мын! Өзің де сақ бол!
Акуланың араны

Катана Ертіс жағалап, катерге келе жатыр.
Катерде оны сәнді киінген Шахмаран күліп қарсы алады.
Шахмаран: Сәлем!
Катана: Сәлем!

Шахмаран: Ә, сен осындай екенсің ғой, капитан Катана! \
Қолымен ишара жасап, дастарханға шақырады. Екеуі отырып,
табиғатқа сүйсіне қарайды. Ертіс баяу ағып жатыр. \
Шахмаран: Бірден іске көшейік. Менің кісімді жібер! Кім екенін

сен білесің!
Катана: Ол қылмыс жасады! Енді заң бойынша жауап беруге
тиісті!
Шахмаран: Мен сияқты ерекше жандарға заң тар ғой!

Катана: Бірақ сіз заңды бұзбай-ақ ысқырып өмір сүре аласыз ғой!
Шахмаран: Заңға бойсұнған азамат болу! Монтиған, зиянсыз
момақан!
Бұл маған жараспайды! Мен сияқты буырқанған жанға тәртіп ше­

караларын сындыру қажет! Басқаларға болмайтын нәрселерді өзің
істеп көру – рахаттың рахаты емес пе!?
Катана: Бұл қылмыс болса ше? Жауап беру керек!
Шахмаран: Мен заңсыздыққа, жаза тартпайтыныма сенемін!

Дүниені әділетсіздік билейді! Мен өз үлесімді жұлып аламын! Кел,
ән салғыш полицай, жақсылықпен келісейік! Сен менің жігітімді
босатасың, ал мен саған ат басындай алтын сыйлаймын!
Катана: Пара бермексің? Полицияны, әділетті сатып алмақсың...

Шахмаран: Ал оның несі жаман? Жас жігітті түрмеден
құтқарамын. Біздің даңқты әділет қорғау органдарының кеуіп тұрған
ауыздарын майлаймын! Бұл деген игілікті іс емес пе!

Катана: Бұл қылмыс! Шахмаран: Сен не, маған ақыл үйретпексің бе, самурай? Әуелі өзіңді жөндеп ал! Қарашы, бұл өмірде қолың неге жетті? Енді менің табысыммен салыстырып көр! Катана: Сенің қылмыстық жолмен жиғаның – жетістік емес! Шахмаран: Ха-ха-ха! Ал сен полицейлік жалақың мен погондағы темір-терсегіңді жетістік санайсың ба? Сен ақымақсың, әкең де ақымақ болған! Катана: Қысқарт, зәнталақ! Сасық тіліңді әкемнің аруағына тигізуші болма! Шахмаран: Несі бар екен? Оны принципшіл, ымырасыз болған дейді? Бұл қай жағынан қарауға байланысты...Қырсық болған ғой, сондықтан оның жазасын беріп, атып тастаған! Катана: \ Ашуланып, жағадан ала кетеді:\ Енді бірдеңе десең, кеңірдегіңді жұлып аламын! Шахмаран: Қуанар едім! Бірақ, бұл заңсыздық қой! Катана: Жарайды! Сіз әлі заң бойынша жауап бересіз! Шахмаран: Сабыр ет, капитан! Заң –түйе, бұйдасын қалай бұрсаң, солай жүреді! Кел, бәстесейік, кімді кім жеңер екен. Міне, біздің кісі шынын айтты, сіздер видеоға түсіріп, куәландырып, заңдастырып алдыңдар. Ал ертең ол сіздер күштеп, зорлап, жасамаған қылмысты мойнына алуға мәжбүр етті дейді! Бітті, оны қамаудан босатып жібереді! Қалай, бәс тігеміз бе? Ат басындай ал­ тын қоямын! Катана: Тоғызды аласың! Шахмаран: Ол қандай тоғыз? Катана: Уақыты келгенде білесің! Шахмаран: Ок! Кездескенше! Катана: Кездескенше! Катана кетеді. Шахмаранның жігіттері оған ызалы көздерімен қарайды. Олар оны тарпа бас салуға дайын. Бірақ Шахмаран басын шайқайды. Олар өздерін -өздері әрең ұстап тұр. Катана оның бәрін сезеді. Бірақ ол сабырлы қалыпта кете береді. Іштей шайқасқа дайын, тас-түйін. Ол катерден түскенде, оны жағалауда, алыстан, Әділов пен жай киім киген екі жігіт бақылап тұрады. Катер Ертіс толқынымен ырғала билеп тұр...

Сытылып кеткен қылмыскер Ертеңіне Катана жұмысқа келе жатса, есік алдында Торпеда емін -еркін кетіп бара жатыр. Торпеда: Сәлем, басеке! Катана: Сә-ә-ә-лем! Сен мұнда неге жүрсің? Торпеда: Жүруге хақым жоқ па? Катана: Әрине, жоқ! Торпеда: Қателесесіз, капитан! Еліміздің әділ заңы мені кінәсіз деп тапты. Сен маған жала жауып, қайдағы-жайдағыны күштеп мойындаттың! Ал оның бәрін әділ заң жоққа шығарып, азаматқа азаттық берді! Катана: Иә, енді қайда барасың? Торпеда: Қайда барғым келсе, сонда барамын! Дүние кең ғой! Кездескенше, капитан! Ол әдемі қара машинаға беттейді. Катана соңынан ызалана қарап тұрады. Бір зор денелі спортшы жас жігіт машинаның есігін ашып тұрады. Саспай отырады. Жігіт есігін құрметпен жабады. Машина жылжып кеткенше, Катана соңынан алай-дүлей сезіммен қарап тұрады. Машина кетісімен, шапшаң басып полковник Ботаевтың кабинетіне келеді. Бастық Полковник оны сабырмен қарсы алады. Ботаев: Білем, білем неге келгеніңді. Мен де оңып отырғам жоқ. Катана: \ қызбаланып:\ Не болды сонымен? Неге мына қылмыскер сытылып кетті? Ботаев: Жә, жә, сабыр! Катана: \ саябырсып:\ Иә, сабыр! Әкем де солай дейтін. Ботаев: Иә, әкең біздің ұстазымыз еді! Мен де жас күнімде отқасуға көзді жұмып қойып кететінмін! «Сақтандырып отырмасақ, біздің жастар не өздері күйіп кетеді, не біреуді өртеп жібереді! Ақыл мен сабыр қайрат, жігеріңе басшы болсын!» деп, тежеп отыратын бізді! Катана: Бірақ, мына жағдай мүлде түсініксіз! Ботаев: Бір белгісіз үлкен күштер араласып, суырып алып отыр! Катана: Апырмай, ол пышақтың өзінікі екенін мойындап, қол қойып еді ғой! Ботаев: Бас тартып шыға келді, қайтесің. Маған тергеушілер қысым жасап, күштеп мойындатты деп арыз берген! Пышақ менікі

емес, оны әдейі маған жала жабу үшін өздері салып қойған деп жал­ тарып кетті. Қас қылғанда, саусағының ізі де жоқ екен. Сүртіп қойған ғой. Былай қарағанда, бәрі заңды! Катана: Ал, енді не істейміз? Ботаев: Олардың әр қадамын бақылап отырыңдар! Төзім мен бақылау – тергеушінің ең басты көмекшілері! Катана: Қашанғы төзуге болады? Неге қылмыскерлердің өз сөздерін, кез келген уақытта, өз пайдасына қарай өзгертуге право­ сы бар? Сөйтіп, үнемі құтылып кете береді! Олардың өтірік айтып тұрғанын бәрі де біліп тұрып, түк істей алмайтыны қалай?! Ботаев : Мұның рас. Бірақ, амал қанша, заң солай! Катана: Олай болса ондай заңды өзгерту керек қой! Ботаев: Әй, қайран жастық-ай! Жалындысың...қайтейін...Біз де талай тулап-тулап басылғанбыз кезінде! Катана: Сонда қалай, мынау осылай құтылып кете бермек пе? Ботаев: Жоқ! Ол құтылуға тиіс емес! Анық көзің жетсе, бұлтартпай ұста! Катана: \ Қуаттанып, жігерленіп:\ Құп болады! Ширақ басып шығып кетеді. Полковник Ботаев оның соңынан толғана қарап қала береді. Ұрлау Торпеда кешкілік, іңірде, мектептен шыққан Саямен ұшыраса кетеді. Баяғы Қосымбаймен кездескен жерде, кездейсоқ кездестірген бола қалады. Торпеда: \ лепіріп :\ О-о! Сая! Шынымен сенбісің? Сая да күйеуінің кластасымен кездескеніне қуанған сияқты. Бірақ, ұстамды. Сая: Сәлем! Торпеда: Халдарың қалай? Қосымбай қалай? Сая мұңайып, орамалымен көзін сүртеді. Торпеда: Не боп қалды? Амансыңдар ма өзі? Сая:\ терең күрсініп:\ Ой, сұрама...Мен тіпті не дерімді білмеймін? Торпеда: Жоқ, сен менен ештеңені жасырмай айтып бер! Мен мектептес досым Қосымбай үшін бәріне дайынмын! Жүр, кеттік! Жолда айтып берерсің! Ол Саяның жеңіл қарсылығын байқамаған болып, қолынан ұстап, машинаға отырғызады. Машина жүріп кетеді.

Сырттай бақылаушы оларды аңдып, жүріп отырып, Катанаға те­
лефон соғып, жағдайды баяндайды.
1-полицей: Оны бір ер адам қарсы алды! Ол соның машинасымен
кетті!

Катана: Көзден таса қылмаңдар! Байланыста бол! Адресін хабар­
ла! Біз сендер жаққа шыға береміз!
1-полицей: Құп!
Сырттай бақылаушы олардың соңынан жүре береді.

Торпеда Х. ресторанына келеді.
Сырттай бақылаушы оларды бақылап тұрады.
Торпеда мен Сая ресторанға кіреді.
1-полицей: \ Катанаға звондап:\ Олар Х ресторанына кірді.

Маньяктың махаббаты
Торпеда Саяны Х. ресторанына алып келеді. Мәртебелі
меймандарға арналған кабинаға кіріп, үстөлге отырады.
Катана мен Әділов және екі полицей Х. ресторанына шұғыл

жетеді.
Катана Саяға телефон соғады. Телефон байланыс аясынан тыс.
Даяшы үстөлге түрлі тағамдар әкеліп қояды.
Жеңіл музыка ойнап тұр.

Торпеда ішімдік ұсынады. Сая әуелде бас тартады. Торпеда
қыстайды.
Сая аздап шарап ішеді.
Осы кезде кездейсоқ келген жанға ұқсап, ресторанға Шахмаран

келеді. Ол ішіңкіреп алған, қызулау. Торпеда оның алдынан құрақ
ұшып жүгіріп шығып, дастарханға шақырады. Саямен таныстырады.
Торпеда: Шәке, мына кісі теңдесі жоқ сұлу Сая! Сая, бұл Шахма­
ран аға! Өте құрметті, белгілі адам!\ Бокалға виски құяды.\

Шахмаран: \ виски құйған бокалды алып :\ Мен мұндай кездесуге
өте қуаныштымын! Әлемдегі ең әдемі әйел үшін!
Ішеді. Торпеда елеусіз ғана тайып тұрып, екеуін оңаша қалдырады.
Шахмаран әуелде Саяға қызмет жасап, құрмет көрсетеді. Қызыңқырап

алған соң, ашықтан-ашық айналдыра бастайды.
Шахмаран: Сіз қайталанбас сұлусыз! Мен қырық бес жасқа кел­
генше сіздей сүйкімді әйелзатын мүлде көрген емеспін!
Сая Шахмаранның екпінінен секем алып, қалай құтылуды ойлай­

ды. Бірақ, сыр бермеуге тырысып, түрінен ештеңе сездірмейді.
Сая: Рахмет!
Шахмаран: Сізге жаным ашиды! Бірақ, амал қанша, өмір солай!

Болашақты ойлау керек! Сая: Мен күйеуімнен күдер үзбеймін...күтемін! Шахмаран: Қайдағы күйеу?! Егер ол осы уаққа дейін оралма­ са, демек, ешқашан оралмайды! Сірә, ол өз бақытын...анау жақта... тапса керек!\ Ол оның қарсылығына қарамай, қолынан ұстайды:\ Оны ұмытыңыз! Өмір сүру керек! Міне, менмін ендігі өмірің! Кел, дос болайық, махаббат болайық! \қолынан сүйеді:\ Сіздің өміріңізді жұмаққа айналдырамын! Алдымен, ат басындай алтын сыйлаймын! Полицейлер ресторанға кіреді. Қызып алған Шахмаран Саяны құшақтап, сүюге тырысады. То­ сын жағдайдан сасып қалған әйел алғашқыда сыпайы ғана қарсылық танытып, сабырға шақырады. Бірақ, Шахмаран оның белінен күштеп құшақтап, аймалап сүюге айналады. Әйел бар күшін салып қорғанып бағады. Сая: Қойыңыз! Тоқтатыңыз! Екеуі алысып, жұлыса бастайды. Құтырынған Шахмаран әйелді диванға жығып салып, нәзік тамағынан ашқарақтана сорып, шешіндіруге тырысады. Осы кезде Катана кіріп келеді. Шахмаранды желкесінен алып, креслоға лақтырып жібереді. Сая қорыққанынан есінен тана жаздайды. Әділов оған су беріп, ес жиғызып, машинаға алып кетеді. Есін жиып алған Шахмаран Катананы таниды. Қанша масаң болса да, полицейлерді көргенде, сауыққандай болады. Шахмаран: Жазығым не, самурай ? Катана: Әйелді ұрлап әкеліп, зорламақ болғаныңыз үшін... Шахмаран: Өй, қойшы, сен де...Қане, дәлелің бар ма? Сот саған емес, маған сенеді! Катана: Оның күйеуі қайда? Шахмаран: Не, байын мен жұтып қойыппын ба? Катана: Байғұс әйелдің соңынан неге қалмайсыз? Шахмаран: Сенің жұмысың қанша? Катана: Жауап бер! Әйтпесе, бүкіл тобыңмен қоса тұтқындаймын! Шахмаран: Ол өзі келді. Басы бос, сұлу қатын. Оған менен артық кім керек? Катана: Оның күйеуі, баласы бар! Шахмаран: Оның мұнда қатысы қанша? Ол сұлу...Мен де сұлу... Ол маған керек. Мен оған керекпін! Бітті! Бұл үшін ешкімді сотта­ майтын шығар, ә? Сондықтан, қайқай қане, капитан Катана! Катана: Біреудің әйелін қайтесің? Шахмаран: О-о, мен әйелдің қызығын білемін! Қарашы өзің! Ол

қандай керемет! Байғұс неме менің әйелімнен де асқан сұлуды дәті барып қалай иемденіп жүр! Катана: Ал, сонда не? Сол үшін біреудің отбасын ойрандап, оны алмақсың ба? Шахмаран: Өйтіп шектен шығып керегі не, капитан! Махаббат иірімдерін білмейтіндей! Ойнап-күліп, ләззатқа батқан соң, екі жаққа жүзіп кете бермейміз бе!! Катана: Мен саған қорғансыз әйелді басындырып қоймаймын! Шахмаран: Сен неге соңымнан қалмайсың? Жеке басыңның кегі бар ма? Мен сенің әкеңді өлтірдім бе?! Катана: Иә, сен жеке басымның жауы емессің! Әкемнің қанын да төккен жоқсың! Бірақ, сен қылмыскер, жауызсың! Ал сені жауапқа тарту – менің парызым! Шахмаран: Мені бәрі жақсы көріп, сыйлайды! Ал сен не үшін жек көресің? Катана: Иә, мен кісі өлтіргендерді, зорлықшыларды, жемқорларды жек көремін! Барлық заңды, заңсыз жолдармен олардың жауыздықтарын қиып отырамын! Шахмаран: Тұра тұр, кімді кім қиятынын көрерміз әлі! Катана: Көрерміз ! Кетеді. Шахмаран вискиді аузына ақтара салады. Қорланған қыз Іңір. Катана жұмыстан кейін үйіне келеді. Машинасын тұраққа қойғалы жатқанда, әйелі телефон соғады. Катана: Иә, Гүлнәз, міне, келдім. Машинаны қояйын. Қазір үйде болам. Машинаны қойып, түседі. Керіліп-созылып, турникке қарай жүреді. Турникке тартылады. Тартылып, басын турниктен асырып тұрған күйінде көзі қарсыдағы он екі қабат үйдің шатырына түсіп кетеді. Онда қараңдап біреу жүр. Жүрісі күдікті, ұрланып, жан-жағына үрке қарап қояды. Катана сезіктене қалады. Көлеңкені сәл бақылап тұрып, по­ дьезге қарай тұра жүгіреді. Лифтімен он екінші этажға көтеріледі. Шатырдың қақпағы ашық екен. Ол басқышпен ақырын шатырға көтеріледі. Үйде көңілді Гүлнәз дастархан жасап жатыр. Қуанған балалар әкелерін тағатсыздана күтіп, оған өз әңгімелерін айтқанша асығуда. Анасы Анар да солармен бірге күтіп отыр. Он екі қабат үйдің төбесінде қыз отыр.

Жай отырған жоқ.
Секіріп өлейін деп отыр.
Катана қызға ту сыртынан ақырын жақындап келеді. Дыбысын
шығармауға тырысып, шошытып алмайын деп, аса сақтықпен аяғын

санап басады.
Қыз ырғалып, ырғалып қояды. Катана оған қарай ырғуға дайын­
далады.
Әлденеден сезіктенгендей қыз артына қарайды. Катана қабырғаға

жабысып, қата қалады.
Қыз қайта бұрылып, төменге көз тастайды. Бейбіт қала көшесінде
адмдар кетіп барады. Машиналар ағылып жатыр. Қайнаған өмірдің
қызда жұмысы жоқ .

Катана ақырын-ақырын жақындап келіп, енді секіруге ыңғайлана
берген қызды бір-ақ ырғып бас салып, жұлып алады. Төбенің шетінен
аулақ, ортаға қарай алып барады.
Қапыда қолға түскен қыз долданып, айқайлап, бұлқына бастайды.

Айнаш: Жібер!Жібер! Босат! \ Катанамен жан аямай алысады.
Катана оны тас қылып құшақтап алып, жібермейді.\ Мен өмір сүргім
келмейді! Менің өлгім келеді! \Еңіреп тұрып жылайды.\
Катана: \Аласұрып, жанталаса жұлқынған қызбен арпалысып:\

Тоқта! Тоқта, сабыр ет, қарындасым! Өле салу оп-оңай! Өмір сүру
қиын! Тоқта, ақылға кел! Бәрін де жеңуге болады!
Айнаш:\ айқайлап: \ Қарындасым дейсің бе... Аға болсаң, осы
күнге дейін қайда болдың? Бізді зорлап, қорлап жатқанда сендер

қайда болдыңдар, адырам қалғыр ағалар-ы-ыммм?! Айтпаңдар маған
қарындас деп...ағамын деп...Естігім келмейді ондай өтірік сөзді!
Олар да әуелде қарындасым деп алдап-сулаған...
Катана: Жә...жақсы...Тек сабыр етші! Ақылға келші?

Айнаш: Қайдағы сабыр? Қайдағы ақыл?! Мен енді қайтіп өмір
сүремін, ағатай-й-й!
\ Өксіп, өксіп, басылуға айналады. Катана оны ұстап отырады.
Қараңғылық түсе бастайды. Қараңғы түнде қалада, биік тас үйлердің

үстінде қыздың жылаған даусы тұншығып естіледі.\
Күткенде
Үйдегілер Катананы дегбірсіздене күтеді. Анар ман Гүлнәз кезек-
кезек телефон соғып, ала алмайды. Байланыс жоқ. Қайта-қайта тере­

зеге телміреді.
Балалар дастархан басында ұйқтап қалады. Гүлнәз оларды ақырын
төсектеріне жатқызады.

Уайымдай бастайды. Анар: Е-е, балам...Біз де осылай күтетінбіз жас күнімізде. Ең алғаш қосылған жылдары...Түн баласы ұйқтай алмаймын...Бір күні елден атам келді...Түнде терезеден қара түнге телміріп отыр едім. Таң намазына оянған атам келіп қалды. «Е-е, балам...Айғырды малым бар деме, бақсыны байым бар деме! Аман болсын деп, аллаға тапсыр да, балдардың қасында тыныш ұйқтай бер!» – деді. Жарықтықтың сол бір ауыз сөзі маған ем болды. Саған да айтарым сол, қарағым! Гүлнәз мұңая бір жымиып қояды. Осы кезде есіктің қоңырауы шылдырлайды. Гүлнәз жүгіре басып кеп, есік ашады. Катана бір бейтаныс қызды алып кіреді. Бәрі де есі шығып, аң-таң болады. Катана оны үнсіз ваннаға кіргізіп жібереді. Анасы мен әйеліне қайтып келеді. Катана: Мама! Гүлнәз! Мұның жүйкесі жұқарған! Трагедия! Жылы сөйлесіп көріңдерші! Олар үнсіз бас изейді.. Қыз беті-қолын жуып, тез шығады. Гүлнәз оны күтіп алып, жылы жүзбен дастархан басына алып келеді. Кешкі астың үстінде қызбен әңгімелеседі. Анар: Атың кім, қызым? Айнаш: Айнаш. Анар: Қай жерденсің? Айнаш: Ақсудан. Анар: Қалаға қашан келдің? Қалай келдің? Айнаш: Мен оқуға келгем. Кешкісін Х. ресторанында жұмыс істедім. Катананың көзі жарқ ете қалады. Бірақ, сыр бермейді. Айнаш: Мен онда көп болғам жоқ. Кеше қожайын...Шахмаран... мені қорлады...\ ақырын жылайды:\ Зорлады! Бөлмеге қамап қойды. «Қашатын болсаң, яки, біреуге оттап қойсаң, жер астына тастай­ мын! Өлгенше сонда қаласың!» – деді. Мен бірақ ебін тауып, қашып кеттім! Тебіреніп, жандары ашыған Анар мен Гүлнәз қызбен бірге жы­ лайды. Катана тістеніп, жұдырығын түйеді. Көмек

Ертеңіне Катана Айнашты полиция бөліміне алып келеді. Каби­ нетте Айнаш зорлау фактісі бойынша арыз жазады. Катана: Солай, Айнаш, біз қылмыстық іс қозғаймыз. Кінәлілерді заң бойынша жауапқа тартамыз. Олар бәріне де жауап береді! Ал әзірге жол табуға тырысайық...\ Телефон соғады:\ Әлө! Салют, Шар­ манка! Халың қалай? Шарманка: \ Шағын дүкенде отыр:\ О-о, кіммен сөйлесіп тұрмын? Катана, шынымен сенбісің?! Мен ептеп...әуелі құдай, со­ сын сенің арқаңда...тіпә, тіпә! Өзің қалайсың? Катана: Норм! Бері қара, Шарманка, маған көмегің керек! Шарманка: Сенен аяғанымды ит жесін! Катана: Бір қызды жұмыс пен жатақханаға тұрғызу керек! Сен оны өзіңе қабылдай аласың ба? Шарманка: Саған қажет болса, қабылдаймын! Катана: Онда ол саған жарты сағаттан соң барады. Сен бәрін де тастай қыл! Шарманка: Күтемін! Қатырамын! Катана: Рахмет!\ телефонын сөндіріп, қағазға адрес, аты-жөнін жазып, Айнашқа береді:\ Міне, мына адреспен бар да, дүкеннің иесін тауып ал. Ол саған көмектеседі. Әзірше сонда тұрып, жұмыс істей бер, ар жағын көрерміз! Мықты бол, айналайын, бәрі де жақсы болады! Айнаш: Рахмет, аға! \ толқып, кетеді .\ Саудагер Шарманка Айнашты дабдырлап, құшағын жая қарсы алады. Өзінің жеке меншік, шағын, ұядай жатақханасының бір жақсы бөлмесіне орналастырады. Шарманка: Айналайын, қанша тұрам десең, тұра бер! Саған бір жақсы жұмыс беремін! Қамқор боламын! Сенің шатырың керемет! Ол, бәлкім, анау шығар… \ көзін қулана қысып қояды.\ Айнаш: Қалай...анау шығар? Шарманка: Саған жабысып қалған жоқ па? Айнаш: О не дегеніңіз! Ол менің аталас ағам! Шарманка: Ой, кешір жаным, ақымақ мылжыңды! Мен жай айтамын...Әдетте, еркектер әйелдер үшін ештемені де жайдан жай істемейді ғой! Содан, ойлап қалғаным...Қайтерсің енді, өмір солай! Айнаш: Ол өте қайырымды адам! Шарманка: Иә! Және мінезі крө-өтөй! Саған ғана айтайын, егер де сенің ағаң болмағанда, мен мына дүкен мен тағы бірдемелерді ие­

ленбек түгілі, қаңғып қалар ма едім! Айнаш: Иә? Ол сізге де көмектесті ме? Шарманка: Мен табысты сауда жасай бастағанда, біреу мені қысуға айналды. Ол базарда беделді болатын, менің ісімді тар­ тып алғысы келді. Мен полицияға арыз бердім. Бағыма қарай, бұл іспен Оспан Тақанов айналысты. Ол тез арада істі талдап, әлгінің менің правомды аяқ асты етіп отырғанын анықтады да, оған бәрін түсіндірді. Бірақ, анау шегінгісі келмей, маған содырлық таны­ та берді. Мен Тақановқа жылап бардым. Содан...Ертеңіне Катана базарға келді де, әлгі қабанның контейнеріне құйындай соғып кіріп барды. Кеңірдегінен ұстап, тік көтеріп алды. Ана байғұстың көзі ша­ расынан шығып кетті. Қырылдап қалды...Ал жұмыскерлері қалшиып қатып қалған...Үн жоқ, дым жоқ. Катана айтты: Ал, оңбаған неме, мына әйелге маза бересің бе, жоқ па? Әлде, бұзылған жаныңды шығарайын ба?» Анау жанұшырып бас шұлғыды, Катана оны жерге түсірді. Байғұс, әрең дем алады. Катана оның есін жиғызбастан: «Алғаныңның бәрін дереу қайтарып бер. Содан кейін, аулақ жүретін бол! Әйтпесе, теріңді тірідей сыпырып аламын!» Ой, мен қалай ризамын оған! Айнаш: Ал, содан кейін? Шарманка: Содан кейін тыныш болдым. Аянбай жұмыс істедім, бизнесімді дамытып, біраз нәрсеге қол жеткіздім. Міне, соның бір жемісі –саудагерлерге арналған мына жатақхана! Солай, мен сенің ағаңа өтелместей қарыздармын, сондықтан сен үшін бірдеме істей алсам, тек қана қуанамын! Айнаш: \ Көзіне жас алып, ақырын:\ Рахмет, тәте! Шарманка көз жасын әзер тежеп, оған тебірене қарайды. Шақырту Катана мен Әділов кабинетте. Катана гір көтереді. Әділов санай­ ды. Катана: \ Гірді бұрышқа қойып, тыныс алып:\ Сағат қанша? Әділов: Бес минутсыз он! Сен біреуді күтіп отырсың ба? Катана: Иә! Шахмаран Шонтаевтың өзін! Әділов: \ Ысқырып:\ Ол келе ме? Катана: Тиісті! Ол мені біледі! Мен оны заңды түрде шақырдым. Повестканы тапсырып, қолын қойдырып алған. Егер келмесе, тіпті жақсы. Қолын қайырып, кісендеп тығамын СИЗО-ға! Әділов: Бірақ, арты жаман боп кетпесін... Катана: Несі бар...көрерміз...кім кімді!

Осы кезде Шахмаран Катананың бөлмесіне кіреді. Оның қолында - повестка. Шахмаран: Сәлем! Катана: Сәлем! Отырыңыз! Шахмаран: \ Повестканы беріп:\ Міне, мен қандай заңға бойсұнған кісімін! Жазығым не, самурай? Катана: Азаматша Айнаш Сәкеновадан арыз түсті. Ол сізді өзін зорлады деп айыптап, жазалауды талап етеді! Шахмаран: Мәссаған ! Катана: Одан басқа, тағы бір арыз түсті. Мұғалима Сая сізді күйеуінің жоғалып кетуіне қатысы бар деп, және өзін зорламақ бол­ ды деп айыптайды! Шахмаран: Бұл сандырақ қой! Катана: Сіз бұған не дейсіз? Шахмаран: Бұл өтірік және жала! Мен сізге заң өкілі ретінде рес­ ми түрде мәлімдеймін: Ешкімді зорлағам жоқ, мазалағам жоқ және көзін жойғам жоқ! Өз сөзімді соттың алдында ант беріп қайталауға дайынмын! Катана: Онда неге екі бірдей әйел сізді айыптап отыр! Шахмаран: Бұл келісім! Немесе бәсекелестерімнің ісі! Дұшпанның! Бері қараңыз, капитан, сізде маған қарсы ешқандай айғақ, дәлел жоқ қой?! Ал, арыздар? Әсершіл әйәйлар біздің заманда не жазбайды дейсің? Оларға үнемі маньяктар елестейді және әрбір ерекше еркек олардың көзіне зорлықшыл болып көрінеді! Бәлкім... олар мені жақсы көрген шығар...мен оларға онша назар аудара қоймаған соң ...өштерін алу үшін, капитан Катанаға бір қағазды до­ малата салған! Хо-хо-хо! Әйелдің жаны – қараңғы қалтарыс! Катана: Жарайды, сіздің сөзіңізді іске тіркеп қоямыз! \ Повесткаға қол қойып береді:\ Сіз боссыз! Сау болыңыз! Шахмаран: Сау бол! Катана мен Әділов өз-өзінен мастанып, кердеңдеген кәсіпкерді кекесінді көзбен шығарып салады. Осы кезде Катананың студент кездегі досы кіріп келеді. Дос: Сәлем! Катана: Сәлем! Төрлет, отыр! Дос: \ отырады:\ Мен сенімен сөйлесуге келдім! Катана ептеп тіксініп, бойын жиып алады. Әділовке қарайды. Ол орнынан еріне тұрып, ыңылдап әндеткен күйі шығып кетеді. Катана: \ мазасызднып:\ Ал? Дос: Мен саған алғыс айтқалы келдім! Катана: Алғыс айтқалы? Не үшін? Мен тағы да ұрыс естимін бе

деп қорқып едім! Дос: Жоқ, шынымен! Бері қара! Айнаш үшін рахмет саған! Катана: Айнаш үшін? Сен оны қайдан білесің? Дос: Ол өзі айтып берді! Катана: Иә, ол нені айтты саған? Дос: Сен оны өлімнен құтқарып, жұмысқа, жатақханаға тұрғызғаныңды... Катана: Ә, солай ма! Дос: Әңгіме мынада. Ол менің немере қарындасым! Катана: Ой, тағдыр-ай! Дос: Бірақ оны қай өлімнен құтқарғаныңды түсінбедім! Ол егжейтегжейін айтқысы келмеді, тіпті сұрамауымды өтінді. Қызық болды өзі. Жақында ол біздің үйге келді. Альбом көріп отырып, екеуміздің бірге түскен суретімізді көрмей ме! Менен сұрайды...сен туралы. Мен айттым, досым деп! Ол тебіреніп, толқып тұрып, саған қарыздар екенін айтып берді! Міне, саған рахмет айта келдім! Катана: Жақсы, келгеніңе рахмет! Әйтпесе...айтарлықтай ештеңе жоқ...Мен керек кезде керек жерге кездейсоқ кеп қалдым да, қиналып тұрған жанға қол ұшын бердім! Ал жаны нәзік бойжеткен­ дер өте әсершіл ғой, менің көмегім оған өлімнен құтқарғандай бо­ лып көрінген шығар! Бірақ, көмектесе алғаныма, ал оның досымның қарындасы боп шыққанына өте қуаныштымын! Өмір солай! Дос: Иә! Өмір солай, ал біз оны түсінбейміз! Рахмет, досым! Екеуі құшақтасады. Жымысқылық Шахмаран өзінің ресторанында, подвалда Торпедамен бильярд ойнап жүр. Сөйлеседі. Шахмаран: Мына Катана бізді шындап қолға алған сияқты. Ол төбемізден семсердей төніп тұр! Не істерімді білмеймін! Торпеда: Бәлкім оны ...былай? Шахмаран: Қалай...былай? Торпеда: Төбеден тық... не сыртынан пық десе?! Шахмаран: Ақымақ болма! Біз көзге түсіп қалдық. Егер де оған бірдеңе болса, бірден бізден көреді. Ал полицейлер жолдасының кегін бізден алатын болса, күліміз көкке ұшты дей бер! Торпеда: Ал, енді қайтеміз? Шахмаран: Тыныш жату керек! Ал мен бұл тарпаң самурайды басқаша ауыздықтауға тырысамын! Торпеда: Жақсы, қалай айтсаңыз...

Шахмаран: Жер асты патшалығында не хал? Торпеда: Кейбіреулер кетіп қалды! Шахмаран: Қайда кетуші еді? Торпеда: Жер астынан жер астына! Басқа қайда дейсіз? Шахмаран: Олардың қатарын толықтыру керек! Тек қана ыңшыңсыз! Торпеда: Бұл оңай болмай тұр! Бірақ, тәртібі ұнамай жүрген бір оңбағандар бар! Шахмаран: Несі ұнамай жүр? Торпеда: Біз туралы жақсы сөз айтпай, өсек таратып жүреді. Ал, ана біреуді мен рахаттанып тұрып сонда жіберер едім. Әрине, тек сіздің рұхсатыңыз болса. Шахмаран: Сен әнәні айтып тұрсың ба? Торпеда: Иә! Оның сенімсіз болғаны түк емес. Ол сатқын екен! Мені ұстап берген сол екені күмәнсіз! Шахмаран: Рас па? Торпеда: Анық! Есіңізде ме...ресторанда біз оған кішкене қалжыңдап едік қой...Оның көзіндегі өшпенділікті көрсеңіз! Шахмаран: Амал не! Жақсылықты білмеген жамандыққа жолығар! Сатқындар мен өсекшілердің орны жер астында! Менің көрімді қазам десе, енді өз көрін қазсын! Ал, кіріс! Тек тырс етпе! Торпеда: Қам жемеңіз! Осында шақырып алыңыз...сіз шақырсаңыз далбақтап шауып келеді! Қалғанын маған жіберіңіз. Шахмаран: Ал, қане! Телефон соғады. Шешім Полковник Ботаев капитан Тақановты шақырады. Катана: \ сақсына кіреді:\ Шақырдыңыз ба, жолдас полковник! Ботаев: Отыр, отыр...әңгіме бар. Мына Шахмаран бізді өте қызықтырды. Өткендегі кісі өлтірулер, зорлау, кісі жоғалудың бәрі соның бандысының жұмысы деген сенің версияң көкейге қонады. Оның ресторанын, тас қамал үйін тексеріп көрсе ғой! Бірақ, бізде қазір оның қылмыстарын бұлтартпай дәлелдейтін айғақ, фактілер жоқ. Бір де бір прокурор тінтуге, ондай белгілі адамды тұтқындауға санкция бермейтіні хақ. Катана: Иә, ол көз бояуды біледі! Ботаев: Амал қанша, қазір көзбояушылық мода ғой! Ол көзді ше­ бер бояғаны сонша, кейбіреулер...жоғарыда...оған сеніп қалған! Сол қамқоршылары оны мазаламауымызды талап етіп отыр!

Катана: Солай ма! Ботаев: Мен сені бұл істі тергеуден шеттетуге мәжбүрмін! Катана: \ Бұрқ етіп, зығырданы қайнап, :\ Не? Бұл қалай? Олардың қылмыскер, жауыз екендігін бәрі біледі! Қолдары қанға малынған! Міне, біз енді барлық құпияны ашқалы тұрғанда...мәссаған! Ботаев: Сабыр! Сабыр, балам! Сенің әкең, біздің ұстазымыз со­ лай дейтін! Катана:\ Сәл басылып:\ Кешіріңіз...Бірақ, бұған қалай төзуге бо­ лады? Сонда, маньяктардың қанды тобы емін-еркін тайраңдап, өз жауыздықтарын жалғастыра бермек пе?! Ботаев: Ойлан, капитан! Ойлан да қимылда! \ Ақырын сыбырлап:\ Мен сенің жұмыс бабымен жолда жүргеніңді сылтауратып, бұйрыққа тек дүйсенбі күні таңертең қол қоямын. Бүгін жұма, жұмыс аяғы бо­ лып қалды. Сонда, сенің үш түн уақытың бар ғой! Ізден, бұлтартпай ұстаудың амалын тап! Біз байланыста болып, сенің хабарыңды күтеміз! Катана: Құп! Катана полковниктің кбинетінен ұшып шығады. Сол сәтте теле­ фоны шырылдайды. Ол коридормен келе жатып сөйлеседі. Телефон шалған Куәгер. Куәгер: Басеке! Мені жаңа Шахмаран шақырды. Жайдан-жай емес-ау! Олар әлденені сезіп қойған сияқты. Бармауға болмайды, онда олар мені біржолата құртады. Олардан құтылу жоқ. Барып көрейін. Бірақ, қорқамын. Мені бақылауыңызды өтінемін. Адресті Ватсаппен жіберермін сізге!. Катана: Жақсы. Тіпті, дұрыс болды. Қорықпа, бәрі де бақылауда! Із кесу Катана Әділов пен екі полицейді алып, жолға шығады. Ват­ саппен хабар түседі. Адресті көрген Катана үнсіз басын изеп, Х. ресторанының жанына келеді. Кешкі уақыт. Бұлар ресторанның маңында, жан-жақтан жасырын аңдып тұрады. Күдікті ештеңе байқалмайды. Катана:\ Куәгерге телефон шалады.\ М-м! Байланыс жоқ! Мұнда бір бәле бар! Сол кезде ресторанның сыртқы есігінен Шахмаран, Торпеда және бірнеше жігіт шығады. Олар машиналарына отырып, кетеді. Поли­ цейлер оларды көзбен шығарып салады. Катана: Кіру керек! Кісі жоғалды! Әділов: Бізде санкция жоқ қой!

Полицейлер бір біріне қарап, бастарын шайқайды. Катана: Иә, прокурордың санкциясы жоқ! Тәуекелдің ісі. Бірақ, кейде әділдік үшін заңды бұзуға тура келеді! Бар құпия – осы ресторанның астында екені анық! Егер жеңсек-ура! Жеңілсек, пого­ нымызды сыпырып алуы мүмкін! Сендерге бұйрық бергім келмейді! Бірақ, мен сонда барамын! Жігіттер, не дейсіңдер? Полицейлер ақырын бас изейді. Әділов: Ал біз қалай кіреміз? Катана: Кіреміз! Қонақ болып! Подвалда Олар ресторанға ішіңкіреп алған қонақтар болып кіруді ұйғарды. Әділов өтірік мас бола қалып, оны екі жолдасы қолтығынан сүйеп, алып жүреді. Ол барқырап ән салады: «Сүймесең сүйме қайтейін, Сүйетін адам табылар!» Күзетші оларға әуестене бір қарап, бірақ кіре берісте қызмет тәртібімен салқын қарсы алады. Катана күзетшінің көңілін аулайды. Катана: Салем, бауыр! Алаңдама! Біз мұнда өзіміз ғой. Қазір оның басын жуып, құлақ-тамақ-мұрынын тазалап берсек, дыңдай\ бас бармағын көрсетіп:\ болады! Таң атқанша караокеде ән сала­ мыз! \ Ойнақылана, Әділовты мазақтап:\ «Сүймесең сүйме, қайтейін, Сүйетін адам табылар!» Күзетші мұндай қызық қонақтарды тамашалап, көңілденіп қалады. Ол күліп, «дәретхана ана жақта!» дегендей, қолымен төменді нұсқайды! Әлі де өз рөлдерінен шықпай, олар төменге түседі. Ол жерде бойларын жиып алып, жан-жақтарын тінте қарап, гаражға қарай апаратын ұзынша дәлізді табады. Дыбыссыз, шапшаң басып, гараж жаққа беттейді. Кенет алдарынан қарулы күзетші шыға келеді. Шақырылмаған қонақтарды көрген бойда, рациямен дабылдатуға ыңғайлана береді. Катана жай отындай жылдамдықпен оның тамағына нукитэ \ найзақол\ соққысын жасап, талдырып түсіреді. Екі полицей дереу оның қолына кісен салып, аузын скотчпен тар­ тып тастайды. Бір шетке сүйреп, бағанның тасасына тастайды. Гаражға кіреді. Қарайды. Ізейді. Күдікті ештеңе таппайды.

Дабыл Осы кезде бұларды ресторанға кіреберісте қарсы алған бірінші күзетші көңілді қонақтардың көп бөгелгенінен секем алып, төменге түседі. Онда ешкім жоғына қайран қалған ол дәлізбен ілгері жүріп, екінші, байлаулы күзетшіні тауып алады. Дереу Торпедаға телефон соғады. Күзетші: Ойбай, бәле болды! Тез арада көмек керек! Белгісіз бір топ гаражға кіріп кетті! Торпеда: \ Машинасын шұғыл бұрып:\ Олар нешеу? Қарулары бар ма? Күзетші: Төртеу! Қаруларын байқамадым! Торпеда: Түсінікті! Пистолет қой. Ақырын бақылап, есіктерді бекітіп таста! Ешкімді шығарма! Басыңмен жауап бересің! Күзетші: Құп! Ұқтым! Торпеда Шахмаранға телефон соғады. Торпеда: Аттан! Гаражға біреулер кіріпті! Шахмаран: \ машинасын шұғыл бұрып:\ Не-е? Не деп тұрсың? Бұл қалай? Бәрін де соғыс дабылымен көтеріңдер! Тірідей жерге қағып жіберіңдер! \газды басыңқырап, зулай жөнеледі.\ Торпеда: Құп! Бәріне де дабыл беріп, аттандырамын! Жігіттеріне телефон соға бастайды. Төменде! Катана жолдастарымен бұрыш жақтан бір ерекше бетон бөлмені көреді. Бұлар құпия бөлмеге кірмекші болады. Қалың, мықты темір есіктің құлпы мықты. Катана басын шайқап, қалтасынан бір уыс темір-терсек алып шығады. Өңшең отвертка, отмычка, егеу, ара сияқты заттар. Әділов: \Басын шайқап:\ Өй, сен ұры сияқтысың! Катана:\ Күліп:\ Заңды! Отмычкамен біраз әуреленіп, кілтті ашады. Сақтанып, пистолеттерін кезеніп, ішке кіреді. Машинаның ескі дөңгелектері, ескі шелектер, арқандар, тақтайлар жатыр. Бөтен ештеңе байқалмайды. Бұлар аң-таң болып тұрады. Катана: Әріп, сынған шөптің басы жерге қадалып, төменді көрсетіп тұрғаны есіңде ме? Әділов: \ Таңданып, басын шұлғиды.\ Иә, иә! Бірақ, төменде бе­ тоннан басқа ештеңе жоқ қой! Катана: Ай да, Шерлок Холмс! «И вниз!» Келіңдер, кәне! Жер

асты патшалығын іздеп көрейік! Жер астына кіретін тесікті табады. Терең шұңқыр қарауытып көрінеді. Катана телефон соғып, ОМОН шақыртады. Шахмаранның жер асты патшалығы Подвалда қазылған шұңқыр...Аузы бір апан сияқты ғана.... Арғы жағы құрдым...Ішінде қаншама адамдар....Құлдықта. Өлгені өледі, қалғаны қалады...Жарық дүниеге шығу жоқ....Тұйық жерасты патшалығына кіретін тесік біреу-ақ, шығатын есік жоқ.... Бұлар өстіп тұрғанда, Шахмаран бастаған қарақшылардың қалың тобы келіп қалады. Катана телефонмен шақырған шұғыл топ келгенше, қарақшылар бұларды аңдып, қоршап алады. Атысқа дайындалады. Әділов тапаншасын кезене беріп, затворын тартады. Күдіктеніп, ашып қарайды. Магазині жоқ! Сасқалақтап, қалталарын, кобурасын қарайды – оғы жоқ! Әділов: Катана! Артық магазинің бар ма? Катана: Немене?! Әділов: Оғымды ұмытып кетіппін! Катана оған таңдана қарайды. Әділов: Үйде қалып қойыпты! Катана: \ Дыбыссыз күледі:\ Есің дұрыс па, әй?! Әділов: Балалар алып қоймасын деп, тығып қойғам... Әй, әкең... осыдан сендерді ме?! Катана басын шайқап, қалтасынан бір магазин алып, Әділовке лақтырады. Катана: Басқа жоқ...Осыны жеткіз! Тек дәл көздеп ат! Әділов қалбалақтап, қағып алып, пистолетін оқтап, дайындалып тұрады. Подвалда атыс басталады. Блоктарды паналап, жата қалып, аңдысып атысады. Тұтқиылдан оқ жаудырып, бұлар екі қарақшыны жаралайды. Бұлардың да бір жолдасы жараланады. Жаулар қыса бастағанда, Катана мен Әділов жер астына түсіп кетеді. Жер астында тарам-тарам қуыстар, лабиринт сияқты жан шаққа кеткен. Бұларды көріп, көптеген адам улап-шулап, қоршап алады. Алба-жұлба, жүдеу, адам сиқы жоқ, тірі өлік сияқты. Полиция екенін білген соң, шуылдап, бұл жерден азат етулерін өтіне бастайды. Олардың ішінде Қаңғыбас, Қосымбай және Куәгер жүр.

Қосымбайдың сақал-мұрты өсіп, қаңғыбасқа ұқсап қалыпты. Куәгер
жаңа ғана түскендіктен, әлі еш өзгермеген.
Осы кезде қарақшылар төбеден оқ жаудырады. Бұлар лаби­
ринттерге бөлініп, бөлініп, кіріп кетеді. Қарақшылар топ-тобымен

төменге түседі.
Аңдысып, әбден атысады.
Әділов жараланады. Катана атысады.
Катана пистолетін ақырғы магазинмен оқтайды.

Ақырында, қарулы қол – ОМОН-да келіп қалады. Олар сырттағы
қарақшыларды тұтқынға алады.
Ал, жер астына түскен басшылары – екі қарақшымен, бір
қалтарыста, бекініп алып, Катанамен атысады. Катана біреуін атып,

жаралайды..
Тыныштық. Аңдысып тұрады.
Катана: Шахмаран мырза, қоштасарда айтып кетіңізші, мұның
бәрін не үшін істедіңіз? Қандай мағна бар мұнда?

Шахмаран: Олар маған ұнамай қалды! Бөгет болды! Кім маған
жер бетінде жексұрын болса, жер астына кетуге тиіс! Мен өз
қалауымша өмір сүргім келді де, ойыма келгенін істедім!
Катана: Сіз маньяксыз!

Шахмаран: Ха-ха-ха! Жер бетінде билік бермеп едіңдер, жер
астында патшалық құрдым!
Торпеда: Шахмаранның жер асты патшалығы! Керемет емес пе!
Катана: Енді жер астында қаласыңдар!

Аңдысып, атысып жүреді. Торпедамен қалтарыста бетпе-бет келіп
қалып, аянбай төбелеседі. Ақыры онымен қарысып, тіресіп тұрғанда,
Қосымбай артынан келіп, таспен Торпеданы бастан береді. Анау өліп
түседі.

Катана Шахмаранмен аңдысып, атысады. Тоқтайды.
Шахмаран тасада тығылып тұрып, Катананы көздеп атады.
Ол Катананың оң иығына тигізеді. Жараланған Катана айқайлап
жіберіп, құлап түседі. Пистолетін түсіріп алады. Қолы жансыз сал­

бырап қалады.
Шахмаран тағы бірнеше рет атады. Оқтары Катананың алдындағы
бетонға тиіп, ыршып кетеді. Ол лабиринттің түбіне қарай жылжып
қашады.

Шахмаран бәрін көріп тұрады. Ол жақындап келеді. Катана енді
сау қолын қанша созғанмен, пистолетіне жете алмайды.
Шахмаран: Мен саған ат басындай алтын беремін деп едім! Сен
бас тартқансың! Бәлкім, енді алатын шығарсың, ә ?!

Шахмаран пистолетін шыр айналдырып ойнайды.

Катана: \ Байқатпай ғана сол қолымен белінің сол жағына
ұқыптап жасырылған кішкентай браунингін алып шығады.\ Ал мен
саған тоғыздық уәде қылғам! Тоғыз грамм қорғасын!
Сол қолымен қақ маңдайдан басып салады. Шахмаран өліп түседі.

Катана күрсіне дем алады. Осы кезед бірнеше ОМОН-шылар
төменге түсіп келеді.
Олар жер астынан ондаған кісіні құтқарады.
Әділовты госпитальға жібереді.

Тұтқындағылардың ішінде бес этажды үйдегі кішкентай қыздың
әкесі Қосымбай бар.
Кездесу
Жарасын таңып, оң қолын мойнына асып алған Катана

Қосымбайды полицейдің машинасымен үйіне алып келеді.
Әке, шеше мен қызының кездесуі...Жан тебірентерлік сәт.
Демалыс
Қуанышқа бөленген Катана ақыры балаларымен, зайыбы және

анасымен Баянауылға демалуға аттанады. Әділов пен Жансұлу да
балаларын алып, бірге келе жатыр. Олар табиғаттың таңғажайып
жерлерін аралап, орманды таулардың ортасында, көл жағасында
демалмақшы.

Кенет Катананың телефоны шырылдап қоя береді. У-шу, мәз-
мәйрам болып келе жатқан бәрінің үні өшіп, әлденені күткендей
қатып қалады.
Катана телефонын қолына құлықсыздау, ақырын алады. Телефон

тынымсыз қатты, өктем шырылдайды.
Катана жауап береді. Әлдекім бірдеме айтып жатыр, Катана : «Иә,
жолдас полковник!» – деп, қысқа жауап қайырып, басын изей береді.
Барлығы оның бет-жүзіне телміріп отыр.

Кенет Катана жадырай күледі. «Рахмет, жолдас полковник!» – деп,
әңгімені аяқтайды. Бәрі де оған үміттеніп қарайды.
Катана:
Полковник

Ботаев...Істі
табысты
аяқтауымызбен
құттықтап, бізге

\ Әділовке қарайды:\ алғыс жариялап жатыр!
Бәрі қуанып, шуылдап, құттықтайды. Баянауылдың сұлу
табиғатына сүйсіне қарайды.
Соңы

29.06.- 25.08. 2017ж.

Батыр болмақ сойдан дүр... Мен бала күнімнен батырларды керемет жақсы көріп өстім. Атадан қалған аңызбен бірге уақыт, кеңістікте арлы-берлі ұшып кете беретінмін. Бала қиялымда батырлар құла дүзде, үнемі жорықта жүретіндей көрінетін. «Батырға мұздан төсек, бұлттан шатыр!» – дейді Шәкір Әбенов. Және тек қана әділет үшін алысатын жақсы жандар. Мәрт, жомарт. Қаһарлы да мейірбан. Шаршап, шалдығуды, ауру – сырқауды, қартаюды, қажуды білмейтін ерекше бір рух иелері. «Батыр болмақ сойдан дүр» деп жырлаған бабаларымыз. Әу бастан батыр болып жаралған, тұқым, тегінен жалғасқан, неше атасынан бері батыр болып, бірінен бірі асқан ерлердің шежіре, тарихы бар. Нағыз батырлардың болмыс, бітімі басқа адамдардан бөлек. Ол ержүрек, аса күшті, қайратты, жігерлі, епті, шапшаң, яғни, өз заманындағы соғыстың барлық айла, тәсілдерін меңгерген, қорқып, үркуді білмейтін соғыс маманы. Соғыса білмейтін, жауды жеңе алмайтын адам, мың жерден ержүрек болса да, батыр бола алмайды. Қанша айла, тәсілді меңгерген, қара күші көп, бірақ қорқақ кісі батыр бола алмайды. Ең бастысы, батырдың батырлық рухы, аруағы болады. Аруақсыз батыр – батыр емес! Батырдың аруағы асып, айбынданған шағында, жаудың мысын басып, құтын қашырып жібереді. Қапыда қолға түсіп, Тайшықтың зынданында қорлық көріп жатқан Алпамыс батырға Ғайып ерен қырық шілтен көмекке келеді. «Зарпынан таулар күйіп, тас жанған» Қобыланды батыр құрдасы Қараманның тіліне еріп, тыныш жатқан Көбіктінің еліне шапқыншылық жасағанда, аруақтар ренжіп, оны тастап кетеді. Сонда, қолға түскен аруақсыз Қобыландыны Қарлыға қаңбақ құрлы көрмей, қолтығына қысып алып, көтеріп апарып қапасқа тастай салады. Ал, кейіннен еліне жау тигенін сезіп, аруағы қайта оралған Қобыландыны Қарлыға көтеріп сыртқа шығармақ болғанда, орнынан қозғай алмай қиналады. Манаспен соғыспақ болған бір қалмақ батыры оның түрін көргенде, зәресі қалмай: «Білегінен сап кетіп, Жүрегінен қап кетіп» өз-өзінен өліп қалған ғой! «Кірпігі жалын, көзі шоқ» Манастың аруағы басып кеткен! Эпоста Манастың аруағын аспандата жырлайды. «Қара шұбар қабылан, Қапталында шабынды, Көсеу құйрық көк арыстан, Оң жағында қамынды!» дейді. «Ободогу булуттун, Салкынынан

бүткөндөй, Ай алдында дайранын, Толкунунан бүткөндөй, Асмандагы ай, күннің, Жаркылынан бүткөндөй!» деп, ғарыштық құбылыс ретінде суреттейді. «Кіші жүздегі, баяғы ноғайлы заманындағы Қарасай батырдың бейіті тұрған жерден кейінгі заманда патшаның отаршыл әскерлері өте алмай қиналады. Әр бәлеге ұшырап, әбден амалдары таусылғанда, олардың да бір білетін кісілері: «Бөгеп тұрған мына бейітте жатқан батырдың аруағы! Оның күшін қайтару үшін басына доңыз сойыңдар!» депті. Солай еткенде, батырдың аруағы қайтып, әскер әлгі бейіттің тұсынан өткен екен!» – деп, қаны қызып айтып еді ақын, ақтөбелік Жақсылық Айжанов. Тама Есет батыр өмірден озарында: «Құдай кешірер, күнбатысқа басымды емес, аяғымды қаратып жерлеңдер! Ата жауды жеріме кіргізбей, табаныммен тіреп жатайын!» – деп аманат еткен. Аталарымыздың аруағы жаумен алысып, ұрпағын қорғап тұр! Керей ер Жәнібек бірде майданда ат ойнатып, жекпе-жекке шығады. Қарсы шыққан қалмақ нояны жан баласын шыдатпаған қаһарлы батыр екен. Керей ер Жәнібекке жақындап келе бергенде, өз-өзінен құты қашып, дірілдеп, соғыспастан тұра қашыпты. Батыры қашқан соң қалғандары қоса қашқан. Былай шығып, естерін жинаған соң, нояннан сұрайды ғой себебін! Сонда қалмақ: «Әлгі қазақ батырының екі иығында екі көкбөрі арандай аузын ашып, атылғалы тұр екен, үрей, құтым ұшып кетті! Қара тер басып, не болғанымды білмей кеттім!» – деген екен. Мұны жазушы Жәди Шәкенұлы жинаған аңыздардан оқып едім. Мәшһүр Жүсіп жазған аңызда, бір соғыста нояндар Абылай ханға елші жіберіп: «Қантөгіс екі жаққа да керегі жоқ! Одан да келісімге келейік те серттесейік! Сіздің жақтың ең мықты батыры біздің батырмен жекпе-жекке шықсын да, жеңген жақ барлық дүниемалды алсын, ал жеңілген жақ дымсыз қайтсын!» деп шарт қояды. Осыған серттесіп, шешуші жекпе-жекті ертеңге белгілейді. Абылай хан мен Бөгембай батыр ақсақалдармен, қолбасшылармен ақылдаса отырып, арғын руынан шыққан жас батыр Жәнібек Шақшақұлын таңдайды. Бұл оның әлі көзге түсе қоймаған кезі болатын. Ал қалмақтардың батыры бірде өзіне қарсы шапқан адам жегіш жолбарыспен айқасып, оны құйрығынан ұстап алып, мысық құсатып ауада шыр айналдырып, басын жерге соғып өлтірген дүлей еді. Өзінің осы батырмен қауіпті айқасқа түсетінін білгенде Жәнібек түнімен дөңбекшіп, таңға жақын талып ұйықтап кеткен кезде түс көреді. Жоңғармен шайқасқа түскен екен дейді, жаудың батыры найзамен түйреп, Жәнібекті атынан ұшырып түсіріп, кеудесіне мініп

алып, тамағына қылышын тақапты. Жәнібектің оң жақ емшегін бір айдаһар, сол жақ емшегін басқа бір айдаһар еміп жатыр екен. Батыр оянып кетсе, үсті-басын мұздай тер жауып кетіпті. Ол қорыққаннан алды-артына қарамай, қаша жөнелгісі келеді. Қашпас бұрын ханның шатырына кіріп, өзінің кететіні туралы айтып кетуді жөн санайды. Абылай хан ұйықтамай, мұның келетінін сезіп, күтіп отыр екен. Ол өзінің түсін айтып: «О, алдияр, менің кетуіме рұқсат бер, тым құрыса бас құрап, отау тігіп те үлгермедім, егер мен шейіт болсам, артымда ізімді жалғар ұрпағым да жоқ!»- деп, кетуге рұқсат сұрайды. Абылай хан батырды сабырға шақырып, атшысына Шарышпен шайқасқа шығарда өзіне Бөгенбай батыр сыйлаған Нарқызыл атты әкелуді тапсырады. Атшы Нарқызылды әкелген кезде, Абылай хан Аллаға сыйынып: «Ия, Алла! Нарқызыл атты Жәнібектің түс садақасына атадым!Бір өзің жар бола гөр, Жәнібектің түсін мен қалай жорысам, солай болуға нәсіп ете көр!» – деп тілеп, дұға жасайды. Хан өзінің атын сойып, етін қосынға таратып беруге бұйырады. Содан кейін Жәнібекке : «Түсіңде сені жоңғар жеңсе, өңіңде сен оны жеңесің! Егер сенің оң кеудеңді айдаһар еміп жатса, ұлдан көрген немерең айдаһар сияқты күшті батыр болады! Егер сол жақ кеудеңді айдаһар еміп жатса, қыздан туған жиенің айдаһар сияқты батыр болады! Ұлдан анадай, қыздан мынадай өсейін деп тұрып, сен қалайша ертең өле қалмақсың? Бар да майданға кіре бер!» – дейді. Абылайдың сөзінен кейін аруақтанған Жәнібек жекпе-жекке шығып, дұшпанына қаһарлана ұмтылады. Найзамен бір соққанда жоңғардың батыры атынан ұшып түсіпті. Жәнібек жаудың кеудесіне мініп алып, оның тамағына қылыш тақай бергенде, жоңғар оны тоқтатып, қапалана тіл қатады: «Тоқтай тұр! Мен өлімнен қорықпаймын, бірақ, мені тыңда! Сен көрген түсті мен де көріп едім, түсімде сені алып едім! Сорыма қарай, менің түс жорушым түсімді дұрыс жорып бере алмады, ал сенің түс жорушыңның аруағы күшті, ақылы зор болғандықтан, ол сенің пайдаңа жорып жіберді! Сондықтан да сен мені алып кеттің-ау !» дейді. Жәнібек батыр осындай батыр жігітті өлтіруге қимай, тірі қалдырып, дос болып, ұлысына да тиіспейді. Басқа нояндар келісім бойынша өздерінің мүліктерін Абылай ханға беріп, ол өзінің ордасына мол олжамен, үлкен даңқпен оралады. Олжабай батыр айдалада ұйқтап жатса, бір сарыбас жылан қойнықонышын түгел аралайды деп жазады тағы да Мәшһүр Жүсіп атамыз. Батыр оянып кетсе, жылан жоқ, бір ақсақал отыр дейді жанында. «Мен сенің тағдыр, талайыңмын. Жауға Олжабайлап шап! Сарыбас жылан болып, оқ бойы алдыңда ұшып отырамын. Өзің түгілі, сенің

атыңды атаған адамды да қолдап отырамын!» депті. Олжабай батыр ту көрсе аруағы көтеріліп, шабады екен. Соны білетін Абылай хан арғындар қол жиып, соғысқалы келгенде, туын көтермеген ғой. Желкілдеген ту көзіне түспеген соң, Олжабайдың аруағы көтерілмей, соғысқысы келмей қалыпты. Кенесарыны қолға түсірген соң, қырғыздар қатты толқиды. Бір тобы: «Бір туған қазақтың ханын өлтірмейік, ел болайық!» деседі. Бірақ, қазақпен соғыста туысқандары өлген қырғыздар қанға қан аламыз деп қасарысады. Сөйтіп тұрғанда, бір қырғыз Кенесарыны шауып жібермек болып, қылышын көтергенде, сол күйінде қатып қалады. Оған да қарамай, екінші бір қырғыз ханның басын шауып жіберіпті. Содан, ханды өлтірен әлгі қырғыз үйіне барған бетте жан тапсырыпты, бала-шағасы да тегіс өліп қалыпты! Бұл аңыздарды Мәшһүр Жүсіп атамыз жазып қалдырған. Ақжолтай Ағыбай батырдың анасы, тарақты Байғозы батырдың қызы Қойсана айдалада көшіп келе жатса, алты қарақшы кез болыпты. Қойсананың аяғы ауыр екен. Құрсағында – Ағыбай. Әлгілер жалғыз әйелді тонап алмақ болып, қоршай бастайды. Қойсана жан-жақтан анталаған ұрыларға қарсы тұрып, алтауын сойылмен алты-ақ ұрып домалатып тастапты. Сонда, бір аунап тұрған ұрылар райларынан қайтып, жайына кеткен екен. Былай шыға бере: «Бізді ұрып жыққан ана әйелдің ішіндегі баланың аруағы ғой!» – десіпті. Әкем Тақан бала күнімізде айтып отыратын: Ағыбайдың жолы ашық, ақ болады екен. Не бір мықтылар бір жаққа аттанғанда, Ағыбайды шақырады екен, егер Ағыбай бірге аттанса, жолы болады екен! Көтібар батыр: «Менің асымда аты бәйгеден келген кісіге бәйгесіне қосып, мына қанжарым мен терлігімді беріңдер!» деп, өсиет қылыпты. Аста ақжолтай Ағыбайдың аты озып, қанжар мен терлікті алады. Кенесары Көтібардың аруақты кісі екенін білгендіктен, құрдасы Ағыбайдан қанжар мен терлікті: «Маған берсін!» -деп, сұратыпты дейді аңыз. Сонда Ағыбай: «Бір кездік пен бір желдікті маған қимай ма?» – деп, бермей қалыпты. Аруағы биік ерлерді қазақ елі қашанда ардақтай білген. Аруақ бар, жоқ деген талас пікірлердің өзі негізсіз. Еншалла, бәріміз де мұсылманбыз .Екі дүниенің жаратушы иесінің жаратқан нәрселерін бар деп білмек парыз. Адам жаны Алланың аманаты, ал оны қалай жаратты, қандай қасиет берді – ол жаратушыға ғана аян. Адамды жаратқан соң, құдай оған рух үрлеп, жан бітірді дейді діни кітаптарда. Осы рух – аруақ бір мағналы сөздер. Демек, рух, аруақ – алладан! Күнәға жазбасын, ойлап көрсек, қанша адамды

жаратса, алла тағала соның бәріне қайталанбас жан, рух берген
сияқты. Өзі сүйген, назары түскен құлдарына айрықша қасиетті рух
дарытып, ерекше міндет жүктегендей болып көрінеді. Яғни, аруақты
адамдар жаратушының өзіне ғана аян тапсырмасын орындаушы

сүйікті құлдары десек болатындай. Ал, алла сүйген жандарды
сыйлау сауапты іс болса керек. Бұл құдайға ортақ қосу, ширкке
жатпайды. Ширк деп екінші бір затты құдайға теңеп, құдай санап,
табынуды айтады. Ал, алланың жаратқан нәрселерін, әсіресе, ерекше

қасиет беріп жаратқан аруақты жандарын қадірлеу, ардақтаудың
жөні бөлек. Жыр, аңыздарда қандай әулие, батырлардың бәрі де
жаратушыға сиынып, медет тілейді. Алла тағаланың әлемді басқару
жолында пайғамбарлар, әулие-әнбиелер мен қасиетті адамдардың,

аруақтардың біз білмейтін құпия орны, рөлі, миссиясы бар сияқты.
Алла сүйген аруақтар адамды желеп, жебеп тұрса, ол да бір алланың
жазуы деп білеміз!
Батырлық мінез

Батырлардың мінезі де басқаша. Ірі, кесек. Намысқор- «қоянды
қамыс, ерді намыс өлтіреді» – деп, намыс үшін қан төгіп, жанын
қиюдан тайынбаған. Жеке басының намысы бір басқа, рудың, бір
қауым елдің намысын қорғағаны өз алдына, бүкіл қазақ халқының,

алаш елінің, ұлтының намысы үшін жанын пида қылған ұлы
батырлар тарихымызда көптеп саналады. Досқа дархан, жауға
қаһар. Қылышын жайдан –жай суырмайды, суырса –қандамай қынға
салмайды. Аңғал, сенгіш, бірақ алданғанын білсе алдаған адамды

алдаспанмен қақ бөледі.
«Егескен жерде шарт кетпей,
Шаппаған нәмәрт оңар ма?» – деген Махамбет.
Қаһарына мінгенде, ханға да, қараға да қарамай, қайырылмай

шабатын болған. Батырлардың мәрт әрі морт мінезін білген хан
мен билер оларды ақылмен, айламен ұстап отырған, орынды жеріне
жұмсаған.
Жапонның батыры әрі философы Миямото Мусаси: Дух огня –

ярость! – дейді. Үлкен болсын, кіші болсын, оттың аты от.
Батырлар көзсіз ерліктерге барған, қалың қолдан қайтпаған,
жасанған жауға жалғыз шапқан. Олардың жанқиярлық ерлігі бір-бір
аңыз, бір-бір дастан.

Батырдың батырлығы майданда сыналған. Онда басқа әңгіме жоқ

– не жеңеді, не өледі! Екінің бірі. Басын ажалға байлап барған.

Батыр ерлігінің ең биік мәні – ел үшін, туған жер үшін, әділеттік

үшін жасаған ерлігі. Әркіммен соғысып, біреуді өлтірген немесе біреудің қолынан өлгеннің бәрі батыр атанбаған. Тарих ел мен жерді қорғап, ел намысы мен азаттығы үшін қасық қанын аямай, майданда ересен ерлік жасап, құрбан болғандарды ғана батыр деп ардақтаған! Бір соғыста Абылай ханның астындағы аты өліп, жаяу қалған ханды қалмақтар қоршай бастайды. Сонда, керей Ер Жәнібек батыр оған өзінің көк дөненін мінгізеді. «Сен қайтесің?» – дейді хан. «Халқымызға қазір сіздей хан керек! Мен өлсем, тағы бір батыр туар!» – деп, ханды ажалдан құтқарып жібереді. Өзі де соғыса жүріп, қоршауды бұзып құтылады. Хан – қазақ елінің басы, мемлекеттің ұйтқысы екендігін анық түсінген Ер Жәнібек елдікті сақтап қалу жолында жанқиярлық ерлік жасап, биік саналылық пен күшті рухты көрсетіп отыр. Батырға хан үшін жанын қию – халық үшін жанын қиюмен бірдей . Ел үшін жан қию, ел қорғап шейіт болу – батыр өмірінің ең жоғарғы мәні! Тіпті, ардақты батырлар ғана емес, қатардағы жауынгерлер де ел тағдыры сынға түскен қан майданда қаза тапса, шейіт саналып, құрметке бөленген. Оның барлық күнәлары кешіріліп, жұмаққа барады деп саналған. Ағайын алдында айыбы болса, тіпті, тіршілікте жасаған қателік, қылмысына дейін қанымен жуылып кеткен. Күнәмді тәңір кешпес, кешер бірақ, Жауында жан берген соң алты алашым! – деп күңіренген, қалың жаудың қоршауында, қансырап жатқан батыр Баян, ақтық демі шығарда.\Мағжан Жұмабаев.\ Батырлар өлімнен мүлде қорықпаған! Қорықса, қорқынышын жеңген! Балта керей Тұрсынбай батыр айдалада ұйқтап жатса, білектей қара жылан өн бойын аралап, бас жағына келеді. Тұрсынбай батыр аузын ашып, аңдып жата береді. Жылан аузынан жылжып өте бергенде, қауып тістеп алғанда жылан үшке бөлінеді – басы мен құйрығы екі жаққа түсіп қалып, ортасын батыр жұтып қояды! «Қорыққасын жұттым, қорықпасам, жыланды жұтып нем бар!» – дейді екен. «Қорыққаныңа болайын!» – деп жазады жарықтық Мәшһүр Жүсіп атамыз. Батырлар ажалға да асықпаған, бірақ қанды шайқаста қаза болуды ерлік санаған! «Өлсек – шәйітпіз, өлтірсек – бәйітпіз!» деген аталарымыз! «Әзірейілге де жан керек шығар, өстіп айламен алмаса, біздей адамға бетпе-бет келу қайда?!» – депті бәсентиін Малайсары батыр жан тапсырарда. Сонда, ол өлімнен қорқып тұрған жоқ, өлім менен

қорқады деп тұр! Олжабай батыр қартайып, өз ажалынан өлген екен. Сонда өкініпті дейді. - Соғыста кісі өлтірмеген соң өз ажалымнан өлгелі жатырмын. Кісі өлтірсем ғой, мен де соғыста жаудан өлер едім ғой! – деп армандапты. Жауды жапырып жеңіп жүргенде найзасын тік қадамай, қалыбы шаншады екен, солай шанышқан адамы атынан ауып түсіп, көпке дейін қатарға қосылмай қалады екен деп жазады Мәшһүр Жүсіп атамыз. Ақын Ғабиден Құлахметовтың Айдос батыр туралы айтқан әңгімесі де есімде. Өз ауылында, ту сыртынан атылған оқ тиіп, жараланып, құлап бара жатып, ырғайдан ұстап тұрып айтқан екен дейді: Ырғайтының бойында, Ырғай ма екен, тал ма екен? Қапияда қай дұшпан, Қайратымды алды екен? Түзде өлмей үйде өлген, Ерден сорлы бар ма екен!? – деп, күңіреніп өткен екен. Қалмақстанға, Жангар жырына арналған Халықаралық жыршыжыраулар фестиваліне барғанда, сахнада ілінген суреттен көзім шалып қалған қалмақ батырларының жорық жырының бір жолы есімде қалыпты: «Жизни наши вручаем острию копья!» – дейді қалмағың! Қазақтың алғадайлары туралы әңгімені ақын Ғабиден Құлахметов айтып еді. Алғадай –ажалға басын байлап, жекпе-жекке баратын жас өрен. Тіпті, жаназасын шығартып, құранын оқып, ақырет көйлегін киініп аттанады екен. Жапонның камикадзе – смертниктері сияқты. Алғадайдың міндеті – жекпе-жекке шыққан жаудың аса күшті батырының әдіс-тәсілдерін кейін шығатын батырларға көрсету, тіпті, ұзағырақ айқасып, әлсірету болған. Ол заманда біреудің жалғыз ұлы болса, ол әлі үйленбеген болса, тұқым құриды деп, жорыққа алмайды екен. Қанжығалы Нияз Жантай батыр – Батыр Баян қаза табатын атақты «Қанды жорықта» жау қоршауында қалады. Қырғын шайқастан кейін, қансырап жатып, жанындағы екі ұлы – Мырзакелді мен Тоқашқа айтады: «Қазір ақтық күшімді жұмсап, садағыма соңғы жебені салып, жауға қарай атамын. Жау жебеден жалтарып, қақ жарылғанда, біреуің Сарғасқа атпен сол ашылған жолмен ағып өтіп, құтылып кетіңдер. Ал енді біреуің менімен қаласың, бірге шайқасып өлеміз!» -дейді. Сонда ағасы Мырзакелді: «Менің артымда балалар

бар ғой, ал бауырым әлі үй болған жоқ, тұяқсыз кетпесін! Тоқаш аман құтылып, ұрпағын өсірсін!» – деп, інісіне жол беріпті. Жантай батыр Тоқашты жүйрік атына мінгізіп, соңғы жебесін шірей тартады. Батырдың жебесінен жалтарған қалмақ қолы қақ жарылғанда, қоршау ашылып, жебемен бірге ұшқан тұлпар сол жерден ағып өте шығады. Жантай батыр үлкен ұлы Мырзакелдімен бірге ерлікпен шайқасып, қаза болады. Тоқаш аман құтылып, ұрпағы өсіп-өніп, қазір Тоқаш деген рулы ел болып отыр. Мырзакелдінің артында қалған баласы Жанболат би болған. Бұл аңызды маған ақын, Ерейментаулық Сайлау Жылқыбаев айтып еді. Фирдоусидың Шахнама, Рүстем-Дастанындағы Рүстем арғы аталарынан бері батыр, ел қорғаны болған. Патшалыққа таласпаған. Патшалық ата өсиетімен бірге туған бауыры мен соның ұрпақтарына мұра болып қалған. Бірақ, шаһтардың өзі батырмен санасып отырған. Бір күні шах Кәштасып батыр баласы Аспандиярды \ Исфендияр\ : «Атақты Рүстем батырды байлап алып кел! Сонда ғана саған тағымды беремін!» – деп аттандырады. Бірі өліп, бірі қалсын деген. Бір-бірінің атақ-даңқына қанық екі батыр кездескен соң, сыйласады. Сонда Рүстем: «Шахтың әмірін екі етпеймін, алдына өзім барайын!» – дейді. «Жоқ, мен сені байлап апаруым керек! Қолаяғыңды байлат, барған соң өзім босатамын!» – дейді Аспандияр. «Тіріде кісіге қол-аяғымды байлатпаймын!» – дейді қарт Рүстем. «Байлатасың! Байлаймын!» – дейді жас Аспандияр. Содан, екеуі соғысады. Аспандиярдың сауытынан оқ өтпейді. Ал ол Рүстемді де, тұлпар аты Рақышты да өлімші етіп жаралайды. Ақыры Рүстем Аспандиярды жеңу үшін самұрықтан ақыл сұрайды. Бірақ, самұрық Рүстемге: «Кім де кім Аспандиярдың қанын төксе, көп ұзамай өзі де өледі! Мен сондықтан одан досымның кегін алмай жүрмін!»- деп ескертеді. Сонда Рүстем: «Мейлі, ертең өлсем ризамын! Тек қана әбден қорлығы өткен Аспандиярды жастанып жатсам болды!»- деп, тәуекел етеді. Аспандиярды өлтіріп, көп ұзамай өзі де қаза болады. Ал, түсініп көр батырларды, батыр болып көр! Жай адам батырмен дос бола алмайды, өйткені оның серті ауыр. Европа елдерінің бірінде бір король бір топ жауынгерді әлдебір қылмысы үшін жазалауға бұйырады. Сонда батырлардың басшысы соңғы тілегін айтыпты: Менің басымды шапқаннан кейін, денем орнынан тұрып, достарымды жағалай жүгіріп кетсе, жетіп жығылған жеріне дейін тұрған жігіттерімді жазадан босатасыз ба? – дейді. Мұндай сұмдықты көрмек түгілі, естімеген король де, оның айналасы да айран-асыр болып, сенбейді, бірақ, қызық үшін келіседі. Содан, әлгі батырдың төрт жауынгер досын бір қатарға, арасы бір қадамнан,

тізіп қояды. Батыр соларға қарап, тізесін бүгіп, ыңғайланып отырады да, жендет оның басын жаңғырыққа қойып, өткір айбалтамен желкеден бір-ақ шабады. Басы домалап кеткенде, денесі орнынан атыла ұмтылып, жүгірген бойы төрт жолдасын орай өтіп барып жығылады. Ол заманда айтылғын сөзде тұру – серт, өлім жазасына кесілген әлгі төртеуіне де король азаттық береді. Арқалық батырды Әжі төре дүрбіттерге байлап береді. Жолда бір қалмақ ауылына қонады. Сол жерде Арқалықтың досы, қалмақ батыры Қарамерген тұрады екен. Ол шеріктерден Арқалықты кепілге сұрап алады. Тұтқындағы жаудың батырын кепілге алу – басын бәйгеге тігумен бірдей. Қарамергеннің үйінде тынығып, қол-аяғы бос жатқан Арқалық түнде қашып кетуге оқталады. Тұрса, Қарамергеннің әйелі күйеуіне сөйлеп жатыр екен: Арқалық қашып кетсе, неғыласың, Қазақтың қалмайсың ба шоғын ұстап!? – дейді. Оған Қарамерген: Арқалық қашып кетсе жолы болсын, Досымның өзім барам орынына! – деп жауап береді. Сонда, қашуға дайын тұрған Арқалық : Ойладым жүрегімнен жұлмайын деп, Көңілімді жамандыққа бұрмайын деп, Мұны естіп шешіндім де, қайта жаттым, Қатынға ерді таба қылмайын деп! Ертеңііне жау дүрбіттің түйесіне теңделіп, тұтқынға кете барады! Ал, батырлармен дос болып көр! Наурызбай төре батыр жайшылықта жаймашуақ, мейірлі жан болыпты. Ал қаһарына мінгенде, бетіне ешкім келе алмайды екен. Суан Сатай батыр қайырымды мінезімен белгілі болыпты. Кейде айдалада ұйықтап жатқан қалмақ нояндарының үстінен түседі ғой. Сатай батыр оны ақырын оятып алып: «Кімсің, неғып жүрген жансың?» деп сұрайды. Содан кейін: «Дұшпан болма, қонақ бол!» деп ақылын айтады! Кейде осындай сөздерден кейін қалмақ шынымен де өзінің дұшпандық ниетінен қайтып, бейбіт тарап кететін болған. Ал егер ол достықтан бас тартса, Сатай батыр онымен жекпе-жекке шығады. Әбден ашуына мінгенше жартылай шайқасып жүреді. Ал жағдай ушығып, қаһарына мінгенде, Сатай батырдың күші еселеніп, ол жауын аямай кескілеп жоқ қылады екен! Отаршылдармен аяусыз жалғыз соғысқан Күреңтай батырды күндердің бір күні, бір жорықтан келе жатқанда бес-алты қуғыншы аңдып жүріп, айдалада қоршап алады. Қоршағанда да қызық, Күреңтай батыр үлкен дәретке отыра бергенде, байқатпай жетіп келіп, төбесінен төніп тұра қалады. Сонда, Күреңтай күлді дейді.

– Неге күлесің, қазір өлесің! – дейді өңшең қарулы, жас жігіттер тепсініп. – Талай жауды алған батырларды көріп едім, тышып отырған кісіні жеңіп алған ерлерді бірінші рет көргеніме күліп отырмын! – депті. – Әй, мынау не дейді-әй! Ал, тышып ал да, шықшы былай, әуселеңді көрейік! – дейді шамданып, намыстанып қалған дала дүлейлері. Күреңтай асықпай жайланып алады да, атына бір-ақ ырғып, ұрандап майданға шығады. Әлгі бес-алты жігітті ә дегенше сойылмен ұрып жығып, аттарын алып кете береді.\ Асқар Жағыпарұлының айтқан әңгімесі.\ Біздің елде жүз жасаған Өмірхан Тоқтаров ақсақалдың өз аузынан естіп едім. – Мен Күреңтай батырды сексен бес жасында көрдім. Денесі сом, тіп-тік болатын. Есік алдында отыр еді, бір сүзеген дөкей көк қошқар балаларды сүзіп, жұрттың зәресін ұшырып, мазалай берді. Бір кезде Күреңтай батырдың жанына келіп, сүзуге оқтала бергенде, қария мүйізінен ұстап, сілкіп қалғанда, қошқар сылқ ете түсті. Сөйтсек, сексен бестегі батыр бір сілкіп қалғанда қошқардың жуан мойнын үзіп жіберген екен! Ал, жас кезінде қандай болғанын болжай бер! – деп еді Өмірхан атамыз. Шапырашты Қастек батыр туралы аңызды ақын Оразалы Досбосынов Қырғызстанға айтысқа барғанымызда, Бішкекте айтып беріп еді. Соңғы кездесуіміз екен ғой. Қастек он төрт жаста екен, ағайындарымен бірге жылқы бағып, арасында биік төбеге шығып, даланы шола қарап отырады. Бір кезде жау кеп қалады. Қастек жау көзіне түспеген артындағы бауырын ауылға қауіп төнгенін хабарлауға жіберіп, ал өзі торы тайына мініп, қалың әскердің алдынан шығады. Егер оның өзі де қашатын болса, жоңғарлар соңынан қуып жетіп, ауылды аңдаусыз отырған жерінде басып алып, бүкіл руды түгел қырып тастар еді. Осыны ойлаған Қастек құлақтанған ағайындарының тез жиналып, далаға қашып кетуі үшін жауды тоқтата тұруға бел буады. Қонтайшы шеріктеріне жақындаған кезде өзінің торы тайын ойқастатып, кішкентай қисық қылышын бұлғап, айқайлап, жекпе-жекке шақырады. Жоңғарлар қалт тоқтайды. Сөйтіп, торы тай мініп, қолына кішкентай қылыш ұстаған он төрт жастағы бала мен үлкендігі есік пен төрдей мықты ат мінген, бес қаруын асынған тісқақты қалмақ батыры шайқасқа шығады. Бар даусымен айқайлай ұран салған ноян ұзын найзасымен бір соққанда-ақ баланың ту сыртынан шығарады да, оны өзінің басынан жоғары тік көтеріп алады. Қастек қалмақ найзасының ұшында қаны сорғалаған күйі өлімші халде ілініп тұрады.

- Әй, бала, тірісің бе? – деп сұрайды ноян. Қастек көзін әрең ашып, қан түкіріп, қарлыққан дауыспен: - Сен өзіңнің сайысың қандай екенін көрсеттің! Енді ырғағаныңды көрсет!-дейді. Ноянның есі шығып, қарқылдай күледі де, найзасын ырғапырғап жібереді. Қатты ырғағаны сондай, шаншылып тұрған Қастек найзаның бойымен сырғып келіп, ноянмен бетпе-бет кеп тұра қалады. - Ал, енді қалайсың?- дейді ноян балаға тақалып тұрып. - Міне, былаймын! – деп, қансыраған Қастек батыр ақтық күшін жинап, кішкентай қылышымен ноянды бауыздап жібереді де, сол бойда үзіліп кетеді. Өз түменінің алдында баланың қолынан жантәсілім еткен қолбасшы да жерге гүрс етіп құлайды. Не болғанын ұға алмай қалған жоңғарлар қалшиып тұрып қалады. Естерін жиған соң, екі батырға бірдей құрмет көрсетіп, төбенің басына жерлеп, соғыспай, өз ордаларына қайтып кетіпті. Батырлық мінез – аса күшті, айрықша мінез. Адай Тобанияз батырды қызылдар қолға түсіріп, түрмеде, таң алдында тергеушіге әкеледі. Тергеуші әйел екен. «Мен қатынға жауап бермеймін!» – дейді, ажал аузында тұрған батыр. «Міне, бұл сенің адайлығың, надандығың!- дейді әйел тергеуші шамданып. – Совет өкіметі мен партия ер мен әйелді теңестірді!» «Ер мен әйел ешқашан тең болмайды! – дейді Тобанияз батыр. – Өзің айтшы, сен қатарынан төрт түнде төрт еркекпен жатып, төрт бала таба аласың ба?» Тергеуші әйел ыршып түседі. «Жоқ, әрине!» «Ал, мен, құдай берсе, қатарынан төрт түнде төрт әйелмен жатып, төрт бала таптыра аламын! Міне, ер мен әйелдің ешқашан тең болмайтыны сондықтан!» – деп сөзін бір түйіндеген Тобанияз батыр темір торлы терезеден жарқырап шығып келе жатқан күн сәулесіне қарап тұрып: «Сенің бәлшебегің мына күнді тоқтата ала ма? Тоқтата алмайды! Олай болса, мен бәлшебекке емес, күнге сенемін!» деп, мәңгілікке күңіреніп кете барған екен. Бұл әңгімені маған өткен ғасырдың сексенінші жылдары жазушы Маршал Әбдіхалықов ағамыз айтып еді. Ал, жеңіп көр батырларды! Батырлар өледі, бірақ жеңілмейді! Ерлердің мәрттігі. Мұхаммед \с.ғ.с.\ пайғамбар ағасы Хамза батырды соғыста найза лақтырып өлтірген кісіні кешірген. Әзірет Әлі, Ғали қаһарманды біздің бала күнімізде бұрынғылар Ғазіреті Ғалы, тіпті, кейде Қалы деп те айтатын. Неге? Бәлкім, айрықша құрметтеп, сыйлағандықтан болар? Қасиетті адамдардың

атын тікелей атамай, өзгертіңкіреп, құбылтып айтудың да бір сыры бар шығар... Әсіресе, ертегіші Алтын апамыз Қалы, Қалы деп атайтын аңыз айтқанда. Аталарының атын тікелей атамайтын қазақы салтты ұстағаны ма екен? Бір күні алланың арыстаны Ғали қаһарман пайғамбарымызға келіп: «Күшім тасыған кезде, жердің тұтқасы қолыма тисе, шыр айналдырар едім!» – депті. Пайғамбар жұмсақ жымиып: «Сабыр!» – депті. Ғали аттанып кетіп, келе жатса, жолда алдынан бір ақсақал кездеседі. Иығындағы дорбасын жерге қойып, Ғалимен азды-көпті әңгімелеседі. Жүрерінде: «Балам, ана дорбаны әперіп жіберші! Белім еңкейтпей тұрғаны!» – дейді. Ғали қамшысының ұшымен іліп алайын десе, дорба алдырмайды. Саусағымен іліп алып тартса, қозғалмайды. Қаһарына мінген батыр шеңгелдеп алып тартқанда, Дүлділ аты тізесіне дейін жерге кіріп кетеді, бірақ, дорба қозғалмайды. Сонда әлгі қария: «Әй, балам-ай, сені әуре қылдым-ау!» – деп, дорбаны өзі іліп алып жүре берді дейді. Айран-асыр болған қаһарман пайғамбарымызға келіп, болған жәйтті айтады. Сонда пайғамбарымыз: «Алла тағала жердің тұтқасын қолыңа беріп еді, неге шыр айналдырмадың?!» – депті. Қаһарман тәуба қылған екен. Ғазіреті Ғалимен күресетін Дариға қызды әкеміздің Сары анамыз дегені де есімде. Ол кісілердің айтуынша, Әзірет Әлінің бойы да, көлденеңі де қырық кез екен. Дариғаның бойы да, көлденеңі де сексен кез екен. Екеуі күресіп, аллаға сиынған Ғали Дариғаны көтеріп алып, жерге алып соғарда қыз: «Затым әйел болса да, намысымды аяғыңа баспа, дос-дұшпанға таба қылып, табаныңа салып қорлама!» – деп, сол жерде иман келтірген ғой! Батыр қыздың тілегін орындап, жерге жықпай, аяғымен қоя салған екен. Содан, екеуінің некесі қиылып, Мәди туған. Сол Мәди өскен соң, әкесін іздеп келеді. Бірбірін танымаған соң, амал не, екеуі белдесіп қалады. Сонда, күресіп жүргені өз әкесі екенін білген Мәди қатты ұялып, айдалаға қашқан ғой. «Әкеме күш көрсетіп, белінен ұстадым, енді бетіне қайтіп қараймын? Мені жасыра көр!» – деп, аллаға сиынады. Жер жарылып, Мәди жер астына түсіп кетеді. Ақырзаман болғанда, көктен Айса түсіп, жерден Мәди шығады дейтін сол Мәди. Айкөл Манасты «Манас Великодушный» дейді орысша. Көкетай ханның асына шақырмаған Боқмұрынға қаһарланған Манас хабаршы болып келген жайма кекіл жас Айдарды атынан жұлып алып, басын кесейін деп тұрғанда, : «Асу едің, асыршы Манас, Теңіз едің, кешірші Манас, Жұмыртқадан ақ едім, Бір ұядан тақ едім!» – дейді. Сонда: «Жалғызды шапқан оңа ма?» – деп, Манас оны босатып жіберген.

«Халқым десе қырғызды, Қара қытай, манжудан, Ажыратып алсын де!» деген қарт Қошойдың сөзіне тоқтап, жеке басының өкпесін былай тастап, қырғыз халқы үшін басын бәйгеге тігіп, асқа келіп, қырғызды басынып тұрған дұшпанды жөнге салады. Саладин, Салахетдиннің атасының заманында христиандар мұсылмандардың бір қаласын басып алып, бейбіт тұрғындарға дейін түгел қырған екен. Арада ондаған жылдар өткен соң Салахетдин бастаған мұсылмандар ол қаланы қайтарып алған. Жауды жеңіп, қалаға кіргеннен кейін, христиандар: «Баяғы кегін қайтарып, түгел қыратын шығар!?» – деп ойлайды. Салахетдин бір де бір христианға зәбір жасамай, түгел босатып, еркіне қоя беріпті. Мұсылмандардың мұндай мәрттігі мен адамгершілігіне Европа есінен танған көрінеді. Атымтай жомарт пен Наушаруан ғаділ әлденеден араздасып, қатты өштеседі. Бір күні сахарада екеуі кездесіп қалады. Атымтай жомарттың белінде қылышы бар, ал Наушаруан ғаділ қарусыз екен. Атымтай жомарт қас дұшпанын шауып өлтірмек болып, қылышын суырып алады. Сонда Наушаруан ғаділ: - Иа, Атымтай жомарт! Сені адамзаттың жомарты деуші еді, сол рас болса, қылышыңды маған берші! – депті. Атымтай жомарт қылышын бермесе, жомарттығына сын, берсе, дұшпаны өзін шауып тастайды. Сонда ол: - Иа, Наушаруан ғаділ! Сені адамзаттың ғаділі деуші еді! Бұл қылышты әділдікпен ұстарсың! – деп, қайраулы қылышын берген екен. Сол жерде бір-бірінің қадірін түсінген екі абзал адам араздығын қойып, достасып кеткен екен. Кенесары хан басын алмақ болғанда, жаны алқымына келген атығай Арыстанбай ақын дат, тақсыр деп, ең соңғы сөзін сұраған: Кенеке, жақын көрсең алашыңмын, Жек көрсең де өзіңнің қарашыңмын, Атаңа алты қатын алып берген, Атығай, Қарауылдың баласымын! – дегенде, Кенекең босатып қоя берген екен. Ер Тарғын кезегін беріп тұрғанда, оның ерлігін сыйлаған Қарт Қожақ батырдың өзін де, Тарлан атын да атпай, жүз алпыс кез доғал оғымен Тарғынның қорамсақтағы бүкіл жебелерін күл талқан қылып уатып жібереді. Сонда оның мәрттігін түсінген Тарғын Ақжүністі тастап жүре бермей ме? Сонда алпыс бес жастағы Қарт Қожақ Ақжүністің ақылды сөзіне тоқтап: Барыңыз! Менен озған дәурен екеуіңе құт болсын! – деп, екеуін қосып қоя береді ғой! Адамгершіліктің, ерлік, мәрттіктің асқақ бір көрінісі осы!

Соғыс тәсілдері Батырлар батыр екенмін деп, қарулы қалың жауға қиқулап, бас-көз жоқ шапқылай бермеген. Аңысын аңдап, алды-артын барлап, ақыл, айламен айқасқан. Сонау араб даласында сайыпқыран Салахетдин арыстан жүректі король Ричард Плантагенет басқарған кресшілерді құмда сандалтып, сансыратып барып соққаннан кейін, атақты батыр король бітімге келіп, крес жорықтары аяқталған.. Кенесары атамыз патшаның отаршыл әскерін тиіп қашып соғысып, титықтатып құртқан. Жүйрік мінген жігіттерге «әне жетеміз, міне жетеміз» – деп, тынымсыз қуған аттылы, арбалы, зеңбіректі патша әскері ұшы-қиыры жоқ далада әбден қалжыраған. Батырлар оларды дем алдырмастан, енді ұйқтай бергенде қиқулай тиіп, шошытып, сілесін қатырған. Кенесарының соғыс тактикасына европалықтардың өзі таң қалып жазған. Атпен құйғытып жүріп соғысқан аталарымыздың белгілі бір тактикалық жүйесі, қалыптасқан әдіс – тәсілдері, амал – айласы болған. Соның бірі, атпен ағызып келіп, жау батырын найзамен сайып өту. Батырдың күші мен найзаның үшкірлігіне аттың ұшқырлығы мен салмағын қоссаңыз, қаһарлы қару – болат найзаның соққысы сұрапыл болған. Қандай мықты дұшпан болса да атынан ұшып кеткен. Ал соққан батыр атының екпінімен ағызып өте шыққан, бөгеліп, бұрылып тұруға мұрша да жоқ, өйткені, басқа жаулары ту сыртынан бас салуы мүмкін. Сонда, жерде жығылып қалып, қайта тұрғалы жатқан жаудың басын әлгі найза сайған ердің соңынан аңысын аңдап келген екінші батыр өткір қылышпен кесіп өткен! Бұл жағдай, әсіресе, Манас жырында көп суреттеледі. Қырғын соғыста әуелі: Кабылан Манас баатырың, Аккула менен зыргытып, Мадыканга жетти эми, Көкбуканын үстүнөн Көмө сайып өттү эми. Улаккандын эр Сыргак, Мадыкандын Көкбука, Башын кесип кетти эми... Қырғын соғыста жан шыдатпаған, жалмауыздай жалғыз көзді Мадықанды қырғыздар осылайша айла, тәсілмен жеңеді. Мадықан аттан түскенде, Қоңырбай бастаған қытай, қалмақ жауынгерлері оны құтқарып алмақ болып лап қояды. Сонда Манас, Алмамбет, Шуақ, Сырғақтар олармен шайқасып, жаяу қалған алыпқа жібермей, жолын бөгейді. Сол кезде:

Ошол чакта зор Бакай, Канболот кылыч колго алып, Айкырып мурун жетти эми, Жеткен жерден Мадынын Башын кесип өттү эми. Бұл жауды алудың ұжымдық әрекеті! Тіпті, алып жаумен бірі бетпе-бет келіп, жанқиярлықпен аянбай шайқасып жатқанда, екіншісі жаудың ту сыртынан келіп, соғып өтіп, мерт қылған сәттері де аз емес. Байқасаңыз, батырлардың бәрі де «кесіп өткен », «кесіп кеткен». Себебі, қан майданда бөгеліп, бір орында тұру жоқ, тек атпен ағызып өте шығады, қиқулап, арлы-берлі құйғытып, ойран салады. Көшпенділердің ат үстіндегі соғыс тәсілдері дегенде, тағы бір назар аударатын нәрсе – дұшпан жауынгері найзамен соғып өткенде, атынан құлап бара жатқан, немесе, тіпті атынан құлап түскен батырды жолдастары жанұшыра жетіп келіп, сүйемелдеп, көтеріп, атына қайта мінгізіп, қорғаштап, қан майданнан аман алып шығатын сәттері де көп. Мұндай жәйттер Манас жырында айрықша көп суреттеледі. Жекпе-жек соғыстарда да батырлардың әртүрлі әдіс, тәсілдері болған. Абылай ханның сүйегін зерттеген көрнекті антрополог Оразақ Смағұлов айтады. Абылай хан орта бойлы, шапшаң адам болған. Бір жазбаларда жасы ұлғайған шағында да ханның қимылы ширақ екені жазылыпты. Сүйегіне қарап, оң қолының білезігінде \ кисть руки\ екі кісінің күші болған дейді. Себебі, адам білезігінің сіңірі сүйекке берік жабыса бітеді екен. Ал Абылайдың қол жіліншігінде\ жілігінде\ тесік бар екен, сіңірі сол тесікке кіріп, орала біткен дейді ғалым. Міне, оның табиғи білезік күші содан. Әуелде Абылайдай айбынды батыр ханды орта бойлыға қимасақ та, \ Көзімізге батырлар алып болып елестейді ғой.\ ғалымның аталы сөзіне тоқтадық. Тым алып адамдар –аномалия дейді ғалым. Және атқа да ауыр болады. Абылайдың Шарышпен жекпе-жегі жайлы барлық аңыздарда, тарихи жырларда Шарыштың аса күшті, алып, жойқын батыр болғаны айтылады. Соғыстың от-жалынында шыныққан, ат үстіндегі ұрыстың әдіс-тәсілдерін әбден меңгерген жантүршігерлік қаһарлы қаһарманды жас Абылайдың көзді ашып жұмғанша жайратып салуының бір себебі оның аса шапшаңдығында жатыр-ау! Шарыш бар күшімен найзамен ұрғанда, Абылай бір жағына бұлт етіп жалтарып кетіп, алып күш иесі қайта бұрылып үлгергенше, көк желкеден сарт еткізіп шауып жіберген ғой!

Осы орайда жапон самурайлары еске түседі. Бір самурай екінші самурайды жекпе-жекте өлтіреді. Өлген самурайдың баласы кек алайын десе, ана дұшпаны тым күшті, әдісқой. Жекпе – жекте жеңе алмасын білген соң, ойға батады. Бетпе бет келмей, қапыда ту сыртынан соғар болса, ар-намысына сын – мәңгілік масқараға қалады. Әкесінің аруағына кір келтіреді. Содан, ойлап-ойлап, семсерлесудің жаңа әдісі – иаи – дзюцуды ойлап табады. Оның мәні: Семсерді суырған бетте бір немесе екі-ақ сілтеп, қарсыласын шауып үлгеру! Сөйтіп, әлгі құныкерімен жекпе-жекке шығады. Шайқас басталған сәтте, семсерін қынабынан суырған бетте жас жігіт әккі самурайды әкесінің өткір семсерімен бір-ақ тартып жіберіп, қақ бөліп тастайды. Абылайдың шапшаңдығы осы иаи –дзюцу әдісін есіме түсірді. Әрине, ең бастысы, Абылайдың аруағының күштілігі! Антрополог ағамызға әзілдеп: «Сіздің ғылыми тұжырымдарыңызға дау жоқ! Бірақ, сүйекте аруақ жоқ қой!» – дедім. Шынында да, аруақ көтерілген соң, аруағы асқан соң Абылайдың күшіне күш қосылып, таудай Шарышты жеңіп кеткен! Арқалық батыр қалмақ батырымен жекпе – жек соғысқанда: Найзаны о да салды, мен де салдым, Менен бұрын бұғанамнан көсіп алды, Екеумізге бір өлім болды ғой деп, Қанжарыммен милықтан беріп қалдым! – дейді. Талдап көрсек, жекпе жекте екеуі найзаласқан, сонда қалмақтың найзасы бұрын тиген, сол сәтте Арқалық батыр басқаша әдіске көшкен. Найзасы жауға тимей, мүлт кеткен соң, ол жауына өте жақындап келген! Жақындаған бетте қанжармен бастан бір-ақ періп, өлтіріп жіберген. Шауып немесе тартып жібермеген, періп жіберген, демек, жанталасқан қанды шайқас кезінде қанжарды көтеріп, құлаштай шабуға мұрша жоқта, дұшпанға тіпті тақалып келген сәтте, қанжармен милықтан ұрып жіберген. Каратеде милықтан жұдырықпен ұрып, өлтіріп жіберетін соққы бар, ал қанжар тигенде не болады?! Сонда, Арқалық қоян қолтық айқасқа кіргенде, найзасын тастай салып, қанжарын суырып алды ма, жоқ әлде, қанжары оған дейін қолында болды ма, ол арасы жұмбақ?! Келесі қалмақ батырымен соғысқаны жырда былай суреттеледі: Қанжарын қолындағы жұлып алдым, Шапқалы қол көтеріп ұмтылғанда! Көкжал ат қандай шапшаң сырт айналды, Сындырдық салысумен көк найзаны,

Өзінің қанжарымен шаптым басқа, Қан шапшып, тітіректеп құсып қалды! Үңіле қарасақ, Арқалық батырдың бір тәсілін байқаймыз. Ол атты дұшпанға мейлінше жақын келіп, қылыш, қанжармен бастан бір-ақ беретін болған! Реалистік жырдан ат үстіндегі жекпе – жек шайқастың біраз әдістәсілдері айқын аңғарылады. Ақыры, Арқалық өзінің осы әдісінен өзі опық жей жаздайды. Қалмақ тұтқынынан досы Жұбай екеуі жалғыз атқа мінгесіп қашып келе жатып, айдалада жалғыз атты қалмақты көреді. Әлгінің атын аударып ала қояйын деп, Жұбайды тасада қалдырып, қалмаққа жетіп келеді де, қанжармен бір-ақ ұрмақ болады! Сөйтсе, қалмақ: Атының басын іркіп тұра қалды, Адам деп мені ойына құрамады, Шап беріп жауырыннан, жұлып алып, Көлденең ер қасына бүге салды! Жетелеп көгала атты жүріп кетті, Алдына мені өңгеріп селкілдетті, Ердің ері тақымға басад деуші ед, Басыма келді ғой деп күлдім кекті! Сонда қалмақ тоқтап, Арқалықпен сөйлеседі. Қоңқа деген қалмақтың батыры екен, Арқалықтың ерлігін естіп, сырттай сыйлап жүреді екен. Ақыры, қан төгісе жаздаған екі батыр қанды көйлек дос болып, Қоңқа батыр Арқалыққа астындағы атын түсіп береді! Батырларды мәрттігі бір төбе, ал ат үстіндегі соғыс тәсілі бір бөлек әңгіме. Демек, батырлар тек атпен құйғытып келіп, найза салысып, сойыл қағысып, қылышпен шабысып, ағызып өте шыға бермеген. Ат үстінде бетпе бет келіп, тақасып, тіресіп тұрып шайқасқан. Сонда, айласы асқаны қылыш, қанжармен бұрын ұрып жіберген, күші асқаны атынан жұлып алып, өңгеріп жүре берген немесе өлтіріп, лақтырып тастаған. Қазақтың аударыспақ, сайыс, көкпар тартуы – ат үстіндегі қолма-қол шайқасқа дайындық, жаттығу іспетті. Студент кезімізде Фридрих Энгельстің диалектикалық материализмдегі санның сапаға айналуы туралы қағиданы түсіндірген бір мысалы есімде қалыпты. Егер де бір мамлюк Наполеонның бір жауынгерімен бетпе бет шайқасса, жеңіп кетеді екен. Ал екі француз жауынгері қосылса, үш мамлюкке төтеп берген. Үш француз солдаты бес мамлюкті жеңеді. Міне, санның сапаға айналуының бір мысалы, – дейді зерттеуші. Демек, түбі қыпшақ мамлюктер ата-бабаларының батырлық жолын жалғастырып,

жаумен ашық айқаста бетпе – бет келіп, жекпе-жек соғысқанды жақсы көрген және алдына жан салмайтын болған! Ал, ұйымдасып соғысқанда, от қарулы француз әскеріне төтеп бере алмаған! Осы орайда ойыма студент кезімде оқыған бір орыс ғалымының жазғаны түседі. «Бетпе бет келіп, жекпе-жек шайқасса, орташа қазақ жауынгері орташа орыс жауынгерін жеңіп кете береді, – дейді әлгі орыс ғалымы. – Бірақ, әскермен әскер соғысқанда, дала әскерін орыс әскері оп-оңай қиратып тастайды!» Бұл түсінікті, от қаруға қарсы қылыш, найзалы атты әскердің амалы жоқ қой! Дегенмен, мылтық пен зеңбірекке дейінгі арғы дәуірде көшпенділердің атты әскерімен ашық далада соғысуға орыстың да, бүкіл Европаның да әскері тәуекел ете алмай, қамалға тығылып, қорғанумен болғанын да еске ала кеткен жөн. Қылыш Батырлардың бес қаруы сай болған. Бес қаруға, негізінде, қылыш, найза, садақ, айбалта, шоқпар жататын сияқты. Бұған қанжар, семсер, ақберен мылтық \ кейінгі дәуірде\ кіре береді. Қылышты аса ардақтап, қасиетті қаруға санаған көшпенділер Алдаспан, Наркескен, Зұлпықар, Ақболат, Ақ алмас, Шарболат деп ат қойған. Семсер, ақинек \акинак.\, қанжар, сапы, кездік тағы басқа да қару түрлері өз орнында, әртүрлі мақсатта қолданылған. «Салса кеткен білінбей» деп, өткірлігін айтқан. Катана – Самурайлардың семсері. Семсер жүзі 400 қабат құрыш. Соның әр қабатын жеке-жеке суарады екен. «Манаста» бар: Темірге сайса өтсин деп, Тоқтолбой кирип кетсин деп, Бөри тил қылып болотту, Бөтөн, бөтөн суулаткан, – дейди. Қылышты суреттегенде: Көрігіне шыдамай Көк бұқалар сойылған, Көміріне шыдамай, Көңкү токой жойылған, Түн ішінде суырса Өрт өңдөнүп қызарған, Ұрысты күні ұзарған, Тауға салса тас кескен, Жауға салса бас кескен! – дейді. Алпамыс батыр қалмақтармен соғысқанда:

Ақ қанжарын суырып, Заманасын қуырып, Ат-матымен қалмақты, Екі бөліп тастады! – дейді. Қылышпен бір тартқанда сауыт, сайман киген батырды атымен қоса қақ бөліп шауып тастау үшін қандай күш, қандай әдіс керек екенін бір ойлап көріңіз! Темір сауытты, тұтас адам мен атты есіп жібергенде кесіп түскен болаттың жүзі қандай сұмдық өткір болған! Шоқан жазып алған жырда, Манас Жолайды қылышпен бір тартқанда, қақ бөліп, қылышы жерге кіріп кеткен екен. Ақ алмасты қолға алды \ Қобыланды батыр.\ Осы ақ алмас, шарболат бәрі де қылыштың сипаттамасы. Жапондар семсерді киелі, қасиетті санаған. Самурайдың жаны іспетті. Семсерін мақтаса, самурай өте риза болып, қуанған. Семсерін даттаған яки сыйламаған кісіні сөзге келместен, шауып тастаған. Орта ғасырларда жапонның екі мықты шеберінің семсерін салыстыру үшін, өзенге шаншып қояды. Ағып келе жатқан жапырақ бірінің жүзінен айналып кеткен. Өткірлігінен. Бұл – агрессияны қайтару! Екіншісінің жүзіне сумен ағып келген жапырақ тура келіп, қақ бөлініп түскен. Өткірлігінен. Бұл-агрессорды қақ бөліп тастау! Қылыштасу – үлкен өнер болған. Қылышкер адамдар басқа қаруды көп ұстамаған. Жай оғындай жалтылдатып, ысқырта қылыш сілтегенде-ақ, жаудың үрей-құтын ұшырып жіберетін болған. Бішкекте, бір айтысқа барғанымда, қырғыздың айтыс ақыны Абылда Нұрғалиев айтып еді: Наурызбай жекпе-жекте қырғыздың ең мықты деген он төрт батырын өлтірген екен. Жан шыдатпаған көрінеді. Екі қолына екі қылыш ұстап, машина сияқты турапты дейді. Амалдары құрыған қырғыз жауынгерлері оның астындағы жансерік аты – Ақауызды атып өлтірген. Сонда да бой бермей, басқа атқа мініп шапқан. Кенесары қолға түскенде, ашумен өзі барып қолға түскен, әйтпесе оны ешкім де соғыста жеңіп, байлап алмаған. Көшпенділер қару-жарақтың әшекейіне емес, сапасына қатты мән берген. Алтын балдақты, жылтырақ қылыштан гөрі, суы қатты, жасуды білмейтін, тасты да кесіп түсетін асыл құрыш – қара қылышты артық санаған. Рим империясының билеушілері әбден асып-тасып, қаруларын алтындатқан екен. Алтын қару жылтырақ, әдемілігімен көзді алдағанымен, нағыз құрыш қару сияқты бола алмайтыны белгілі. Мәңгілік Римнің құлауының бір себебі осында деседі зерттеушілер.

Найза Аттылы жауынгердің қолындағы болат найза – от қаруға дейінгі заманда ең күшті қарудың бірі болған. Наурызбай төренің оң қолында төрт кісінің күші болған деп жазады Ілияс Есенберлин. Найзагер. Атпен ағызып келіп, дұшпанын оң қолына ұстаған найзамен ұрғанда, аттың үстінен іліп әкетіп, тік көтеріп алады екен. Найзасының ұшына жау мінгізген, Еменалы керейде ер Жабайды айт!- деген Тәтіқараның өлең жолдарындағы суретті көзге елестетіп көріңіз! Жауды найзамен шаншып, іліп алып, көтеріп тұр емес пе Жабай батыр! Оған қанша күш керек екенін жобалай беріңіз! Тіпті болмаса, бір айыр шөпті көтеріп байқаңыз! Ақыл қалмас қашқанда, Дегбір қалмас сасқанда, Баяндай ерде көргем жоқ, Бұрылып жауды шанышқанда! \ Тәтіқара.\ Бұл қаша соғысу тәсілі. Найзасын найзағайдай ойнататын, Жас барыс бәсентиін сары Малай. \Мағжан Жұмабаев. «Батыр Баян»\ Малайсары батырдың найзамен соғысқан қалпын көзге елестетіп көріңіз! Махамбет батыр атпен құйғыта шауып келе жатып, түйенің төрт жаққа тастаған төрт құмалағын найзамен түйреп алады екен. Асқан ептілік, шапшаңдық, дәлдік керек бұған. Махамбет етпетінен жерде жатып, үстінен басқан төрт адамды «Һауп!» деп бір сілкініп, лақтырып тастап, тұрып жүре береді екен. Бұл әңгімені ақын Мақсұт Неталиевтен жас кезімде естіп едім. «Ер Тәуке» жырында керейдің батыры Жекебайды: Астында көк бесті аты ойнақтайды, Еш нәрсе мал ашуы ойлатпайды, Қолында алты қырлы найзасы бар, Кез келсе түйреп тастап, бойлатпайды! – деп суреттейді. Назар аударыңыз, қандай жанталас, шайқас үстінде де Жекебай батыр жылқысын қуып әкетіп бара жатқан тобықтыларды бойлатпай шаншып, атынан аудара берген! Бұл қазақтардың өзара соғысына тән нәрсе. Ру аралық қақтығыстарда ілуде бірде ашумен яки қатадан болмаса, кісі өлтірмеген. Оны мақсат етпеген. Мақсаттары аттан түсіру болған. Оның ең қалыптасқан тәсілі найзамен іліп тастау, сойылмен яки шоқпармен тізеден, тобықтан, қолдың қарынан, шынтақтан ұрып құлату. Бастан, шекеден немесе қарағұстан қақ қайың сойылмен құлаштап ұратын болса, кісінің тірі қалуы неғайбыл.

Садақ, жақ Садақ күрделі, күшті қару. Оны арнайы тілінген ағаштан қос қабаттап, иіп, кептіріп жасайтын болған. Серпінді болуы үшін орта тұсынан кері қарай иіп апарып, екі жағынан бірдей қайтадан қайтара иген. Сонда, созып, керіп тартқанда серпіліс күші анағұрлым артқан. Садақты туыстас түрік тілдерінде сағайдақ деп те айтады. Ал, жақ деп, ағаштан ие салған қарапайым түрін айтса керек. Қайқылау, аса жуан емес ағаш бұтағын одан ары майыстырып, тарта байласа болды, тез атуға ыңғайлы жақ дайын. Жақ деген атаудың өзі жаққа ұқсап иілген имек түріне қарап айтылған сияқты. Садақтың түр-түрі болған. Алысқа, күшпен ататын садақ ұзын, қатты болған, мықты батырлар құлаштап созып тартқан. Ұзын оқты Ондан сұлтан дегенде, садақ тартқандағы құлашы да, соған орай оғы да ұзын болғанын айтса керек. Құлашы ұзын болса, бойы да ұзын деген сөз! Бір-ақ сөзбен батыр сұлтанның тұтас портретін бейнелеп берген. Тез ататын кішірек садақтар болған. Ат үстінде, жақын жерден атуға өте ыңғайлы жасалған. Қысқа, икемді садақты тез тартуға аса көп күш жұмсалмайды, оның жебесі де тым алысқа ұшпайды, бірақ, таяу жерден атса, болат жебе сауытты тесіп өтіп, жауды өлтіруге немесе жаралауға жарап жатыр. Жеңіл қаруланған ұшқыр әскер жаудың мұздай қаруланған ауыр қолына тақап келіп, бірақ тіке араласпай, көлденеңдей шауып бара жатып, тез-тез тартып-тартып жіберіп, ағып өте шығатын болған. Осылайша оқ жаудырып, жаудың берекесін қашырып, қатарын бұзып, біразын өлтіріп, жаралап барып, қолма-қол соғысқа кіретін. Қазір зерттеушілер жазады: Үлкен садақтың адырнасын созып тарту үшін жиырма килограмм күш жұмсау керек екен. Сонда жебе жеті жүз метрге дейін ұшады екен. Бұл мықты спортшылардың өлшемі, көрсеткіші. Ал, аса күшті батырлардың садағы бұдан да қатты болып, жебесі одан да алысқа кетуі әбден мүмкін. Алпамыстың тартқан садағын кім салмақтап, ұшқан оғын кім өлшеп көрді дейсің? Жебенің ұштары да әртүрлі. Сауытбұзар, көбебұзар, қозы жауырын жебелер. Шыңғыс хан әскерлерінде жебенің ұшы ауаның күшімен өз осінен айналатын да түрлері болыпты. Сонда, адырнадан атылған жебе қазіргі заманғы мылтықтың ұңғысынан \ нарезной ствол \ шыққан оқ сияқты өз осінде зырылдай айналып ұшып, нысанаға дәл тиеді. «Қорқыт ата кітабындағы» \ «Дәдәм Қорқыт»\ Бамсы Бәйрек туралы әпсананың Алпамыс батыр жырының түп-тамыры екенін

Әлкей Марғұлан атамыз айтып кеткен. Шынында да, жыр оқиғасының өзегі де, Бамсы – Алп Бамсы – Алпамса – Алпамыс – бәрі ұқсап тұр. Жау тұтқынында болып, ұзақ жылғы азапты жолдан соң еліне еліне әрең оралған Бамсы Бәйрек – Алпамыс зайыбына таласып жатқан батырлардың үстінен түседі. Әйелі ақылды адам екен, әбден амалы таусылғанда: «Кімде кім ерімнің садағын тартып, атқан оғын нысанаға дөп тигізсе, соған тиемін!» – деп, айла қылыпты. Ешкім де батырдың садағын тарта алмайды. Сонда, Бамсы Бәйрек – Алпамыс садағын алып, өзі атты дейді. Батырдың аман келгенін елі сонда бір-ақ білді дейді. Гомердің әйгілі кейіпкері Одиссей көп жыл амалсыз жиһан кезіп, арып-ашып Итакаға оралғанда, біраз батырлар оның әйелі Пенелопаны алмақшы болып таласып жатыр екен. Амалы құрыған Пенелопа: «Кімде кім Одиссейдің садағын тартып, нысанаға жебесін дәл тигізсе, соған тиемін!» – дейді. Бұл оның соңғы айласы еді. Одиссей батырдың адырнасы қатты садағын ешкім тарта алмайды. Қаңғыбас болып, елеусіз келген Одиссей баласы Телемахқа ғана өзінің кім екенін білдіреді. Садақты алып, нысанаға оғын дөп тигізіп, жауларын жеңіп шығады. Шекті Көтібар батыр садағын табанымен шіреп тартады екен. Қолмен тартқаннан да көп күш жұмсалып, садақ неғұрлым көбірек иіледі, қаттырақ серпіледі. Сонда көбебұзар оғы анағұрлым алысқа ұшады, тигенін тесіп өтеді. Майданда от шашқандай оқ шашатын, Сырттаны бәсентиін ер Сырымбет! – деп жазады Мағжан Жұмабаев «Батыр Баянда». Сонда, оқты от шашқандай шашуды қалай түсінеміз? Үсті-үстіне төпеп, жылдам атса да, оқ шашқанға келмейді. Ойлап қарасақ, бұл жолдар батырлар жырындағы: Қорамсаққа қол салды, Бір салғанда мол салды! – дегенмен үйлесіп жатыр. Ал, жарайды, қол салғаны түсінікті, мол салғаны қалай? Көркем бейнелеу, ұйқастыру ғана ма? Бәлкім, мол салғаны – жебені уыстап алғаны шығар? Уыстап алып, уыстап атуы да мүмкін-ау! Әбден ысылған, қан майдандарда шыныққан батыр, садақшының әдіс, айласы да сан алуан болса керек. Корейлердің Жумонг туралы киносына кездейсоқ көзім түсіп кеткенде, Жумонг қорамсағынан үш жебені бірден суырып, бір-ақ атқанын көріп қалдым. Үш жебені адырнаның ортасына, яғни, бір нүктеге тіреп тартқанда, жебенің ұштары бірбірінен әжептәуір алшақтау, үш жаққа қарай бағытталды. Тартып

жібергенде, үш нысана – үш тұлыпқа қадалды. Міне саған, мол салған! Корейдің батыры білген тәсілді өмір бойы ат үстінде садақ тартумен өткен көшпенділердің батыры білмеді дейсің бе?! Қырғын соғыс, жанталаста, жау қаптап кеткенде жебені жаңбырдай жаудыру үшін «қорамсаққа қол салған, бір салғанда мол салған!» «от шашқандай оқ шашқан»! Қорамсақ пен қатар қылшан да айтылады. Орыстар бізден алып колчан деп кеткен. «Қылшанымды сары жүн оққа толтырып» деген де жыр жолдары есте. Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен, Атқан оғы Еділ, Жайық тең өткен! \ Махамбет.\ – дегенде, поэтикалық әсірелеуден әсерлене отырып, Исатайдың ұшқан оғының соңынан бір ой жүгіртіп көріңіз! Садағының кірісін, Сары алтынға малдырған. \Махамбет.\ Кірістен оғы кетеді, Қалмаққа таман жетеді. \ Ер Тарғын\. Тазқараның тайлық жүн, Күшігеннің қойлық жүн, Садағына қондырған! \ Қазақтың ескі жырларынан.\ Мойнынан шаңырақтай жағын алып, Шіреніп дәл жүректен тартты зұлым! \ «Арқалық батыр» жыры.\ Садақтың үлкендігін, үлкен садақтан ұшқан жебенің күшін көзге елестетіп көріңіз! Бір жапон садақшысы –садақ ату өнерінің \ кю дзюцу\ шебері түнде тау ішінде келе жатса, алдындағы жартастан өзіне атылғалы тұрған жолбарысты көріп қалады. Жалма жан айбарланып, садағын шірей тартып жібереді. Дыбыс жоқ. Таңертең барып қараса, жолбарыстың ізі де жоқ, ал өзінің түнде атқан жебесі жартасқа жартылай кіріп кеткен екен! Дух рассекает камень – рух тас жарады деп жазады даналар. Даланың айтулы мергендері аңызға айналған. Мергендікті қазақтар жоғары бағалаған. Мергендерді ату әдісіне қарай көз мерген, қол мерген деп атаған. Құралайды көзге атқан деп ардақтаған. Асқан мерген Вильгельм Телль амалсыздан баласының төбесіне қойған алманы садақпен атып түсірген! Робин Гуд нысананың дәл ортасына қадалған бәсекелесінің жебесін өзінің өткір жебесімен қақ жарған! Қазақ аңызында бір мерген су ішіп тұрған құланды, жебесінің ұшына жаңғақ қадап, қақ шекеден көздеп атқан. Басына жаңғақ – жебе тигенде, ауырсынған құлан алдыңғы аяғымен шекесін

сипаламай ма? Сол кезде мерген екінші жебені тартып жіберіп, құланның аяғын басына бір-ақ қадапты! «Құланның қасуына – мергеннің басуы» деген мәтел содан қалған сияқты! Қобыланды ай астындағы алтын жамбыны атып түсірген. Ер Төстік жебесін тоғыз кетпеннен өткізген. Ер Тәуке қолмерген болған. Әнші, жазушы Жәнібек Кәрменов айтып еді. Киіз үйде, төрде отырған Тәуке шидің артында тықырлатып жүрген тышқанды көрмей-ақ, дыбысына қарап, винчестерін сілтеп қалғанда, қағып түсіреді екен. Амангелді көздегенін қалт жібермейтін көз мерген болған, Кейкі кезегенін қағып түсетін қолмерген болған дейді. Сауыт – сайман Садақ пен қылыш, найзаның заманында батырлар үшін сауытсайман – қамал-қорған сияқты болған. Басындағы дулығаның өзі сан түрлі, ұшқыр жебеге, құрыш найзаға, шойын шоқпарға төтеп бере алатындай аса берік әрі батырға айбар беріп, ажарын кіргізетіндей көркем болған. Толған айдай нұрланып, Дулыға кидім өкінбен! – деп, Доспамбет жырау тегін айтпаса керек. Қобыланды батыр жырында: Үстіне керек жалаңқат, Беліне керек шарболат! – деп жырлайды. Мұндағы жалаңқат – сауыттың жеңіл, берік бір түрі ме? Болса, қандай? Сауыттың ақ сауыт, көк сауыт, шарайна, тоғыз қабат торғауыт, кіреуке деген түрлері болған. Жеңсіз берен киінген – дейді ескі жырларда. Жеңі жоқ сауыт жеңіл әрі қару-жарақ сермеуге ыңғайлы болады. Аймауыт – аса бағалы, сирек, жарқыраған тұтас болат сауыт. Ер Тарғын Домбауылмен жекпе-жекке шыққанда, кезегін сұрап алған қалмақ батыры садағын сықырлата тартып, атты дейді. Тоғыз қабат торғауыт, Сегізінен өтеді, Тоғызыншыға жетеді, Бұдан да өтіп кетер еді, Жібермеді бұл оқты, Сиынып жүрген Тарғынның, Бітуәже бабасы! Кезегін алған соң, енді Тарғын атады:

Тоғыз қабат торғауыт,
Сегізінен өтеді,
Тоғызыншыға жетеді,
Оған тоқтар қайрат па,

Бұдан да өтіп кетеді,
Бір төбеге жетеді,
Төбені төңкере тастап кетеді! – деп жырлаған аталарымыз.
Садағын қалай, қандай күшпен толғай бір тартты екен Ер Тарғын!

Бадана көзді бек сауыт,
Беркітіп соққан ер Дәуіт.\ Батырлар жыры. Қобыланды батыр.\
Металлдан жасалған сауыт, сайман берік, мықты, бірақ ауыр
болған. Батырлардың сауыт, сайманын жай адамдардың киіп жүруі

де, көтеріп жүруі де оңай болмаған. Тікелей шайқасқа кіргенше,
сауытты шешіп, аттың артына бөктеріп, немесе қосалқы атқа артып
жүретін болса керек. Кенесары ханның ұлы Сыздық батыр төрені
Жамбыл атамыз: Артына сауыт бөктерген! – деп жырлайтыны еске

түседі.
Алпамыспен соғыспақ болып, қуғанда, қалмақтың алып күшті
батыры Қараман Шұбар атқа жете алмай қор болған соң, үстіндегі
сауыт, сайманын түгел шешіп тастап, «жеңілденіп алды да, енді

шап деп қинады!» Содан, сауыт, саймансыз келген қалмақтың сақа
батырын жасөспірім Алпамыс дырдай қылып сойып өлтіреді.
Бір қызық жәйт – осынша темірді үнемі көтеріп жүрген
батырлардың бұлшық еттері ұдайы жаттығу үстінде болғаны анық.

Сонша салмақты көтеріп, аттан түспей жүрген ерлердің әбден
шынығып, шымыр, аса күшті болуы да заңды емес пе?!
Қош бадана торғой көз,
Табылғы жақса шоқ өтпес,

Жазайыл атса оқ өтпөс! \ Манас.\ Жазайыл – жеңіл зеңбірек.
Сарала туы салбырап,
Сауытының шашағы,
Тұс-тұсынан саудырап! \ Ер Тарғын.\

Гомердің «Илиадасында» Ахиллестің сауытына ешбір қару
өтпейді, өйткені оны ұста құдай Гефест соғып берген. Торяның
батыры Гектор Ахиллмен жекпе-жек соғысқанда, оның сауытын бұза
алмай қор болады ғой.

Алпамыстың да сауыт, сайманы осал болмаған. Тіпті, Алпамысқа
сауытсыз да:
Атса мылтық өтпейді,
Шапса қылыш кеспейді,

Суға салса батпайды,

Отқа салса күймейді! Ахиллесті де сәби күнінде анасы, құдай әйел қасиетті өзеннің суына батырып алады. Оған ешбір қару өтпейтін болады. Тек анасы суға батырғанда ұстап тұрған өкшесінен ғана өтеді екен. Ақыры, Троя патшасы Приамның баласы Парис оны сол өкшесінен атып өлтіреді. Ал осы Алпамыс пен Ахиллестің мұндай қасиеттерін эпостық әсірелеу, қиял-ғажайып көркем образ деп қабылдаймыз ғой негізі. Бірақ, бір сәтке басқаша қарап көрсек ше? Көне қытайдың цигун гимнастикасын меңгерген кісілер өткір құрыш найзаның ұшын тамағына тіреп тұрып, итеріп, найзаның сабын майыстырғанын экраннан талай көрдік. Сонда, оның тамағына найза өтпейді. Сынған шынының үстіне жатады – жараланбайды, қылышпен кескілесе, терісіне сызат та түспейді. Тіпті, сауыт кигендей болатын бір тәсілі бар екен. Ол бойынша, адам өзінің ішкі энергиясы – циді дамыта келе, денесін сыртынан қоршап, сауыт сияқты киіндіріп қояды екен. Сонда, циден сауыт киген кісінің төбесіне биіктен кірпіш құлап кетсе, әлгінің басына түк те болмайды. Ал кірпіш темірге соғылғандай, күлпара болып, шашылып қалады екен. Демек, қарапайым қытай жігіттері ыждаһатты жаттығудың нәтижесінде осындай дәрежеге жеткенде, атадан асып туған Алпамыс пен Ахиллестің туа бітті қасиеті барлығына, олардың да құпия өнерге ие болғандығына неге сенбеске?! «Арыстандай ақырып, аруағын шақырғанда» батырлар ішкі қуатын оятып, күшейе түскен ғой! Фирдоусидың «Шахнама» – Рүстем – Дастанында Рүстем мен шаһ Кәштасыптың баласы Аспандияр батыр соғысады. Сонда, Аспандиярдың сауытынан да оқ өтпейді екен. Өзіне де оқ, қару өтпейді. Ақыры, Рүстем, самұрықтың ақылымен, қасиетті ағаштан оқ жасап, астамсыған Аспандиярды көзінен атып өлтіреді. Сонда, оқ өтпейтін, қылыш кеспейтін, найза теспейтін сауытсаймандар шынымен болды ма екен, әлде бұл шығармашылық қиял, сондай батырды аңсаған халықтық арман ғана ма? Бәлкім, негізінде бір шындық жатқан шығар?! Қалай болғанда да, керемет! Қолма-қол ұрыста қалқанның орны бөлек болған. Қалқан – ағаш, тері, болаттан, ерте замандарда қоладан, мыстан жасалған. Епті, шебер батырдың қолындағы қалқан – жауған жебе мен соққылардан қорғайтын тұтас бір қамал сияқты. Қалқан ұстап, қысқа семсермен қаруланған көне эллин жауынгері мен ұзын, өткір құрыш семсермен қаруланған жапон самурайын электрондық вариантта соғыстырып көргенде, қалқаны бар жауынгер жеңіп кетті! Сауыт сайманға, қалқанға үнемі темір табыла бермеуі де мүмкін.

Сонда, ағаштан және өгіздің қалың, мықты терісінен жасаған. Әрине, ондай сауыт, қалқандар қылыш, найзаның тікелей соққысына төтеп бере алмаса да, алыстан атылған жебеден, тайып тиген қылыш, найзадан кәдімгідей қорғайтын болған. Несін айтасың, менің: Қай жаққа кетіп барасың, Кіреуке киген сырттаның, Күртке киген сынығы! – деген өлеңім де бар. Сақпан, айбалта, гүрзі, \күрзі\ Дәуіт пайғамбар сақпанын үйіре сілтеп келіп, шиыра тартып жібергенде, атылып ұшқан тасы таудай алып Голиафқа дәл тиіп, жан баласынан жеңіліп көрмеген палуан тіл тартпай кеткен ғой! Сақ етер тиді саныма, Сақсырым толды қаныма! – дейді Доспамбет жырау, ажалмен арпалысып жатып. Сақ етері не, сақсыры қайсы? Сақ етер – садақ оғы ма, әлде, қамшының ұшына темір шоқпар байлаған дойыр ма? Немесе, темір шынжырдың ұшына темір шоқпар байлаған, сілтейтін сабы бар гүрзі ме? Не болса да, өте жылдам тиетін, сақ ете түсетін және тиген жерін ойып не сойып түсетін аса күшті қару. Тіпті, кез келген кесек темірге арқан таға салып, үйіре сілтейтін қаруға айналдыруға болады екен. Қолында еш қаруы болмай қалғанда, үзеңгіні таралғысымен ағытып алып, қасқыр соққан, жау түсірген ерлер болған. Жаңылмасам, Ғабиден Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романында Аман көкжал қасқырмен құрқол бетпе-бет келгенде, үзеңгісін таралғысымен ағытып алып, тұмсығынан ұрып, соғып алады. Тобыршықты әндіген, Толғай да тартар ма екенбіз?! – деп армандайды Ақтамберді жырау. Толғай тартқанына қарағанда садақ па, сақпан ба, болмаса, дойыр, гүрзі ме? Тобыршағы биік жай салып, Дұшпан аттым, өкінбен! – дейді Доспамбет жырау. Аттым дейді. Бұл да бір жұмбақ, бірақ, айызын қандырып толғай тартып жіберетін қаһарлы қару болса керек. Айбалта аса күшті, ауыр қару болып саналған. Қалқаны мықты, сауыты қалың жауды аямай, құлаштап соғуға арналған. Тебінгінің астынан Ала балта суырысып, Тепсінісіп келгенде, Тең атаның ұлы едің, Дәрежеңді артық етсе, тәңірі етті! \ Шалкиіз жырау\

Қамшы Ұзын қамшы – бичті құлаштай сілтеп, сілтеп жібергенде, шатыршұтыр еткенін кинодан талай көрдік. Оны қамшының ұшы өріміне соғылғаннан шығатын дыбыс деп ойлайтынбыз. Бала күнімізде қызық көріп, кішкентай қамшымызды арлы-берлі сермеп, шартылдатып ойнайтынбыз. Сөйтсек, ана бичтің шартылы басқа екен ғой. Бір жерден оқыдым: Бичті арлы, берлі сілтеп жібергенде, ұзын өрімінің ұшы зуылдап ұшқандағы жылдамдығы дыбыс жылдамдығынан асып кетеді екен! Міне, саған қамшының құдіреті! Ал, дыбыстан ұшқыр ұшақтар дыбыс белдеуінен өткен кезде \преодоление звукового барьера\ алапат дыбыс шығады дейді ғалымдар. Егер де сондай ұшақ дыбыс белдеуінен қаланың үстінде өтер болса, барлық үйлердің әйнектері шашылып қалады екен. Яғни, бич-қамшының шартылы – қайыстың қайысқа тигендігінен емес, қамшының ұшы дыбыс белдеуінен өткендігінен! Ал оның нысанаға тигендегі күшін ойша жобалай беріңіз! Байырғы көшпенді қамшыгерлердің жалғыз қамшымен жауға шауып, жайратып тастауының басты себебі – осы қамшының найзағайдай жылдамдығында. Ол жылдамдыққа қамшының ұшына байланған салмақты қорғасынның соққысында! Бірде бір суық қаруды ондай жылдамдықпен сілтеу мүмкін емес! «Қолымда бір қамшым бар айбалтадай, Жауға шап батыр болсаң Наймантайдай» дегенде, осындай бір құпиясын меңзеп тұр емес пе? Ақселеу Сейдімбеков ағамыздың атасы, Байғозының әкесі Наймантай батырдың жасанған жауға, найза, қылыш, айбалтамен мұздай қаруланған көк темірлі көп әскерге қамшымен қарсы шығуында үлкен сыр, көшпенді бабаларымыздың әскери әдіс, айласы жатыр. Наймантайдың айбалтадай қамшысы – қысқа, жеңіл қамшы емес, кәдімгі дойыр болуы керек. Дойыр – жуан, ұзын сапты, өрімі қайыс қана емес, тіпті шынжыр болуы да мүмкін. Оның басында темір шоқпары болады. Сондай қарумен бойы да, қолы да ұзын, күшті кісі құлаштап, үйіріп, ысқырта тартқанда, не жан қояды? Анау темір шоқпардың салмағы ғана емес, жылдамдығы аса қауіпті ғой! Иә, шынында да, ауыл арасындағы барымта емес, қазақ, қалмақтың қан майданында мұздай қаруланған, жасанған жауға жалаң қайыс қамшымен шабатындай Наймантайды жын ұрып па? Неше батыр болса да, көк темірлі – қылыш, найзалы, қалқан, сауытты қалың қолға қасқайып қарсы бару үшін түкті жүрек пен мықты білек қана емес, ақыл, айла, әдіс, тәсіл керек екенін батыр бабаларымыз әбден жақсы білген. Білгендіктен, қамшысы айбалтадай болған, бәлкім, айбалта болған! Ұзын, мықты, он екі өрім қамшының ұшына алмастай өткір,

құрыштан соғылған шағын, ыңғайлы айбалтаның жүзі \клинок\ бекітілмегеніне кім кепіл? Көзге елестетіп көрейік, ұзын қамшыны үйіре сілтегенде, оның ұшындағы құрыш айбалта ауаны ысқыра тілгілеп, дыбыстан асқан жылдамдықпен, физиканың заңы бойынша тура жүзімен тигенде, кісі түгілі, темірді де кесіп өтпей ме? Және қылыш, найзадан анағұрлым жылдам болғандықтан, оған жан шыдай ма? Әрине, ондай қамшыны екінің бірі құлаштай сермеп, дәл сілтей алмайды. Ол үшін арнайы жаттыққан батыр болу керек, Наймантай болу керек! Иманжүсіптің қамшымен бір тартқан адамы тіл тартпай кетеді екен. «Қолымда бір қамшым бар сәліңгірдей» – демей ме Аманғали. «Чокусунда чогу бар, Өзөгинин ичинде, Көк коргосун огу бар!» – деп суреттейді қамшыны «Манас» жырында. Он екіден өрген бүлдүрсін, Ұрса құлақ тұндырсын, Дөнен аттың терісін, Өрім қылған бүлдүрсін, Құнан өгіз терісін, Өзек қылған бүлдүрсін, Тел бұзаудың терісін, Бүлдірге қылған бүлдүрсін, Қонақ қылмас сараңды, Қайқаңдатқан бүлдүрсін, Көз салмаған қатынды, Көзелім дегізген бүлдүрсін, Тіл алмаған қатынды, Тілінен сүйдірген бүлдүрсін, Қол бермеген қатынды, Құшақтатқан бүлдүрсін... Бұл сөзді айтып болған соң, Бүлдүрсінмен Ер Манас, Сонда тұрған кәуірді, Жағын айыра шапты дейт... – деп суреттейді. \Манас, Шоқан жазып алған нұсқасы.\ Соғысқа аттанып бара жатқанда, Ақтөбеде Нұрпейіс ата Байғанин өз қолымен жауынгер Хакім Бекішевке қамшы беріпті. «Осы қамшымен бір фашисті өлтіретін бол!» – деп аманаттап берген екен. Мен ол қамшыны өз көзіммен көрдім. Хакім аға Сәбит Мұқановтың музейіне тапсыруға алып келгенде көрсетті. Өрімнің ұшына бөлек байланған төртбұрышты зілдей қорғасыны бар. Баяғының

қамшыгерлері қамшының ұшына қорғасын өріп жібереді екен, бір тартқанда өгіздің терісін тіліп түсіреді екен дегенді аңыздардан естіп, ескі жырлардан оқып едік. Хакең ақын атамыздың аманатын орындап, бір неміс офицерін осы қамшымен бір тартқанда, сеспей қатырыпты. Қамшының ұшындағы қорғасын жаудың бүйрегін тесіп жіберген екен Ақтөбелік шекті Бәдір Нұғыманов ақсақал айтушы еді: Қамшының ең ыңғайлы сабы – иесінің білегінің ұзындығындай болады. Яғни, шынтақ пен білезікке дейінгі аралық. Ал қамшының өрімі одан бір тұтам ғана ұзын болуы керек. Міне, осындай қамшы сілтеуге өте ыңғайлы әрі ең жоғары жылдамдыққа жеткізеді дейтін. Казактардың атақты нагайкасы – ноғайка, яғни ноғай қамшысы деген сөзден шыққан тәрізді. Қамшының түрі көп. Салт атты айтулы кісілер, сал-серілер сәнге ұстайтын жіңішке, жеңіл қамшылар болған. Алты өрім, сегіз өрім, тоғыз өрім, он екі өрім деп кете береді. Әрқайсының орны бөлек. Тіпті, өрген қайысына қарай, қуаты да әртүрлі. Он екі өрім дырау қамшылар ұрыс, төбелеске арнайы лайықталған. Басына жұмыр темір байланған дойыр – қаһарлы қару. Арқан Қыл арқан – көшпенділердің айнымас серігі. Жылқының құйрығынан есілген қыл арқан өте мықты болған. Әрі қорғаны – айдалада ұйқтағанда, батырлар жатқан жерін қыл арқанмен қоршап қояды екен. Сонда, жын-пері жоламайды деген ырым болған. Ең бастысы, қыл арқаннан жылан, бүйі сияқты қауіпті жәндіктер өте алмаған. Арқанның тікірейіп тұратын қылшықтары олардың денесін түрпідей тиіп, тітіркендіріп, бездіріп жіберген. Қыл арқан өте ыңғайлы, мықты құрал. Жігіттер жылқыны, аңды жүйрік атпен қуып келе жатып, құлаштай лақтырған қыл арқанды дәл мойнынан түсіріп, іліп алып, үзеңгісін шірей тартқанда, түз тағысы тұншығып, әлі құрып тұра қалады екен. Арқанды соғыста да орнымен, өте тиімді пайдалана білген. Жаудың қандай бір алып, күшті батырын артынан аңдып келіп, мойнына арқан салып, сүйреп әкеткен. Қобыланды батыр қызылбастың қырық кез Қызыл Ер деген алып батырын қырық құлаш арқанмен аяғынан іліп алып, тау-тасқа сүйретіп өлтіреді. Американың киноларында арқан – лассоны шебер пайдаланған ковбойлар мен үндістерге талай сүйсініп едік қой бала кезімізде. Қыл арқанмен тағы құланды да, қаһарлы жауды да құтқармай байлап алған

аталарымыздың ептілігі мен ерлігін естен шығармауымыз керек-ақ. Тіпті, арқан бойы деген қашықтық өлшемі де бар ғой. Оны ат үстінен құлаштай лақтырған қыл арқанның жететін жері деп жобалау керек. Ағаш қарулар Ер жігіттің қолында кәдімгі ағаш таяқтың өзі қаруға айналады. Шығыс жекпе-жектері туралы жазбаларда «Жол жиегінде жатқан ағаштың сынған бұтағы да батырдың қолына түссе, қару болып кетеді. Тіпті, өткір семсерге таяқпен қарсы тұрып-ақ, жеңіп кеткен ерлер болған», – деседі. Жапонның он жетінші ғасырдағы атақты батыры һәм ойшылы Миямото Мусаси алпыс бес рет жекпе-жекке шығып, бәрінде жеңіске жеткен екен. Алпыс бір жасында қайтыс болған. Ол заманда алпыс жас ұзақ ғұмыр, кәрілік болған. Және, семсерлесудің шеберінің өз ажалынан өлуі тіпті сирек жағдай. Миямото Мусасидің артында философиялық еңбегі, қанатты сөздері баға жетпес мұра болып қалған. Бірде даңқты батырмен жекпе жек шайқаспаққа Мусо Гонноскэ деген жас самурай келеді. Семсерлесуде Мусаси жеңеді, бірақ, жас жігітті өлімге қимай, тірі жібереді. Намыстанып, күйінген Мусо Гонноскэ айдалаға кетіп, тау-таста жалғыз тұрып, ақыры ұзындығы тұп-тура бір метрлік таяқпен соғысудың әдіс-тәсілдерін ойлап шығарып, айтулы батырға айналады. Миямото Мусасиді қайта іздеп келіп, семсерге қарсы таяқпен соғысып, ақыры атақты қарт батырды жеңіп шығады. Бірақ, бұл да өлтірмей, дос болып тарайды. Алпамыс батыр тұтқыннан қайтқанда, түрін жасырып, диуана болып келеді ғой. Сонда, қоста кездескен бес мырза оған тиіседі. Қой десе де қоймағасын, Алпамыс: Қолындағы сотамен Әрқайсысын бір салды! Асаменен басқа ұрды, Тұра алмастай тас қылды, Бір ұрғанды көтермей, Бесеуі де мырзаның, Жанын хаққа тапсырды! Сойыл, әрине, ерте замандардан бері көшпенділердің айнымас қаруы болған десек те, қылыш, найзаның азайған, тіпті, тиым салынған кезінде алға шыққан тәрізді. Әрі металлдан жасалған қарулар қат болған. Ал, сойыл кез келген үйдің белдеуінде тұрған. Далалық өмірдің таптырмас қаруы. Көне Жапонияда билік шаруаларға темір қару-жарақ ұстауға тиым салған ғой. Көтерілістен

қауіптенген. Сол кезде рухы күшті, азаттық сүйгіш ерлер қарусыз соғысудың түрлі айла, тәсілдерін ойлап тапқан. Дзюдзюцу, каратэ сияқты жауынгерлік өнер түрлерінің шығу тарихы солай. Жалаңаш қол мен аяқты ғана емес, бүкіл денелерін жанды қаруға айналдырған жапондықтар да, қытай, корейліктер де ағаш қаруларды \ посох – аса, тонфа, нунтяку т.б.\ керемет пайдалана білген. Ағаштан жасалған заттарды қару деп қудалау қиын. Қазақтың сойыл соғуында да сондай бір терең сыр бар сияқты. Ақ патша үкіметі таяққа тиым сала алмаған ғой. Ер жігіттің қолында ақтабан сойыл қаһарлы қару болып, аңызға айналған. Ал, сойылмен қара қылышты отаршыл патша әсерлеріне қарсы шауып, ат ойнатқан қазақ жігіттерінің жүрек жұтқан көзсіз ерлігі де құрметке лайық. Сойыл – көбіне без қайыңнан жасалады. Қабығын аршып, әбден кептіреді. Қақ қайың қатты, мықты болады. Қақтығыстарда сынбайды. Сойылсоғарлардың әртүрлі әдіс – амалдары, айла-тәсілдері болған. Ұзын ақтабан сойыл – ат үстіндегі соғыста таптырмайтын құрал. Үйіре сілтеп, талмау жерден – тобықтан, тізеден, қардан, шынтақтан, білектен бір-ақ тартқанда, қарсыласының жаны көзіне көрініп, аттан сыпырылып түседі екен. Қазіргі тілмен айтсақ – «болевой шок», әлгі травматикалық тапаншамен атқаннан да жаман. «Абай жолында» Мұхтар Әуезов тобықты Бесбесбайдың барымтада уақтың батыры Бостанмен бетпе-бет келіп, бір-бір рет сойыл қағысып өткенде, Бесбесбайдың қолы сырқырап кеткенін, мына сойыл тура тисе оңдырмас деп қауіптенген Бесбесбайдың айласын асырып, Бостанды қақ сойылмен қолының қарынан салып жіберетінін суреттейді. Содан, Бостанның бір қолы семіп қалады. Шебер, әккі сойылсоғарлар қандай да мықты қарсыластарын тізеден, тобықтан дәлдеп ұрып, домалатып түсіре берген. Негізі, қазақтың сойылмен соғысуы, сойылсоғарлардың әдістәсілдері теңдесі жоқ жауынгерлік өнер деп санауға толық негіз бар. Шығыста таяқпен, тіпті шыбықпен шайқасатын да жауынгерлік өнер түрлері бар. Оларда да негізгі соққылар адамның жанды жерлеріне – сүйекке нұқып жасалады. Ал, сары даланың сойылсоғарларының да қардан, тізеден, тобықтан қағып өткенде, қарсыласын өлтіруді емес, аттан түсіруді, талдырып тастауды ғана ойлап соғатыны шынында да ерекше құбылыс. Өкпеге қиса да, өлімге қимайтын қазақтың жандүниесі соғысынан да көрініп тұрған жоқ па? Нағыз сойыл жіңішке без қайыңнан жасалады. Без, яғни түп жағы сойылдың басы – соққы беретін бөлігі. Қабығын аршып, әбден кептірген соң, әркім өзінің бойына, құлашына қарай, үйіре сілтеуге ыңғайлы етіп қиып жасайды. Біздің «Қазақфильмнің» киноларында

барымташылар оңды-солды сермей беретін ұзынша таяқты сойыл деуге келмейді. Ұзын, ақтабан сойыл деп жазатын еді ғой ағаларымыз. Бала күнімде туған жерім – Бұлақбасы ауылында, қазір молда, ол кезде милиционер, журналист Мұса Абдосов ағамыздың үйінен көргенмін. Сойылдың бас жағы кішкене шоқпар сияқты, жуантық, жұмыр келеді. Без қайыңнан алады. Мұндай сойылмен қасқыр соққанда, талмау жерден тигізсе, тырапай асыратын болған. Қапыда қарақұстан тисе, кісі тіл тартпай кетеді. Бірақ, қазақтар ру арасындағы қандай қаһарлы қақтығыста да адамды бастан ұрмайтын болған. Егер байқасаңыздар, барымта мен қақтығыстарда қазақтар бастарына дулыға я болмаса тымақ кимеген. Неге? Себебі, бір-бірін бастан ұрмайтын, ұрғызбайтын дала заңы, жазылмаған ерлік кодексі болған. Сондай қақтығыстарда, алда-жалда кісі өлімі бола қалса, оның арты құн дауына ұласып, үлкен әңгімеге айналып, ұрпақтан ұрпаққа кеткен. Шоқпар да қайыңнан жасалады, басы жуан, жұмыр келеді. Ағаштың түп жағынан жасалады, әжептәуір салмағы бар. Қос қолдап, ауыр соққы беруге арналған қаһарлы қару. Басына темір қағып, тіпті күшейте түскен. Сапарғали Бегалин атамыздың «Тайатқан тауынан табылыпты» деген повесін бала күнімізде оқып едік, сонда, жолбарыс аулаушы ержүрек аңшылар басына темір қағылған жұмырбас шоқпармен жолбарысты соғып алады. Мықты жігіт соққанда, шоқпар тиген жерін қиратып, ойып жіберетін болған. Қалмақ батыры Көбіктінің шоқпары: «Ат басындай тас шоқпар» – деп те суреттеледі. \ «Қобыланды батыр».\ Келтек –қайыңнан жасалады. Шапанның жеңіне тығып жүруге де ыңғайлы. Жаяу төбелестің таптырмайтын құралы. Соғыста қолданбайды. Мақсаты қарсыласын ұрып өлтіру емес, талдырып жығу. Қолдың қарынан, шынтақтан, тізеден ұрып құлатады. Біздің Кеңащы ауылында тың игеру басталғанда, аннан-мыннан келген целинниктердің өктемдігіне төзбей, Бәйізден \ Файзитдин\ деген татар ағамыз бір күні төбелесе кетеді. Бірнешеуін ұрып тастайды. Артынан олар бір машина болып Кеңащыға қаптап келеді. Жұртты қорқытып, ұрып-соғып, қысады. «Бәйізденді тауып беріңдер» дейді. Сол кезде Қожыкен шал келеді. «Бұларың не, қойыңдар!» десе, «Эй, старик, пошел ты на...» деп, біреуі қойып қалады. Қожыкен қарияның шапанының ұзын жеңіне тыққан қайың келтегі бар екен. Әбден кепкен қақ ағаш, қатты келтегін шығарып алып, кірісті дейді майданға. Келтегін бастан ұратын адам құсап көтеріп қалса, аналар жасқанып, басын қолымен қорғаштай береді. Сол кезде тізеден, шынтақтан, тобықтан бір-ақ ұрады. Баяғы сойыл

соғарлардың ат үстіндегі соғыс тәсілі – тізе мен тобықтан салып жіберсе, қан қақсап, кісі аттан домалай береді екен ғой! Қожыкен қария да сөйтіп бір машина дөкей-дөкей целинникті жалғыз өзі Кеңащының көшесінде домалатып тастаған екен. Бұл да аңызға айналған өмірдің бір шындығы! Күш пен қуат Палуанның бәрі батыр болмайды, бола алмайды. Сол сияқты, батырда палуанның күші болуы шарт емес. Бірақ, батырлығы мен палуандығы бірдей болса, ондай батырлар жау шыдатпаған, мың сан қолға жалғыз шауып, қырып кете берген. Шұбар атты құйрықтан алып лақтырған Алпамыстың күші қандай! Алты мың қолға жалғыз шапқан Ер Тарғын! Қара қыпшақ Қобыланды батыр Қажымұқан палуанның он екінші атасы. Қобыландының түкті жүрегі мен Қажымұқанның мықты білегі қосылғанда, қандай болғанын жобалай беріңіз! Бірде Балуан Шолақ өзімен күреспек болып іздеп келе жатқан бір палуанмен бір ауылда кездесіп қалады. Сырын ашпай, өзін: «Балуан Шолақтың шәкіртімін! – деп қоя салады. Әлгі палуан атқа қонғанда, Балуан Шолақ оның саптама етігінің басын бармағымен сығып жібереді. Бақайы езіліп кете жаздап, бақырып жіберген әлгі палуан: «Шәкірті мұндай болса, Балуан Шолақтың өзі қандай болғаны?!» -деп, ойланып, райынан қайтып, еліне кетіп қалған екен. Ауыл жігіттері қызық үшін мойнына қыл арқан салып, екі жаққа табандап тартқанда, домбырасының ырғағын бұзбастан шертіп, әнін асқақтата шырқай берген Балуан Шолақтың күшіне қалай риза болмайсыз! Мұны жазушы, этнограф Естай Мырзахметов айызы қана әңгімелуші еді. Күш көрсетудің \силовой трюк\ неше түрін көріп, естісек те, мұндай түрін еш жерден, ешкімнен кездестірмедік. Бірде Қажымұқан мен Балуан Шолақ кездескен екен. Даңқты інісінің күшін сынағысы келген Балуан Шолақ Қажымұқанның белінен қысып ұстап, ырғап-ырғап, үйіріп алмақ болғанда, орнынан қозғалта алмапты. Содан, ағасына күш көрсеткісі келмей, құрметтеген Қажымұқанға Балуан Шолақ «Байқап көр!» дегендей мойнынан ұстатады. Қажымұқан қысып көріп: «Мен дүниежүзінің не бір мықты палуандарының мойнын бұрап көріп едім. Бірақ, мұндай мойынды ұстап көрген жоқпын! Бұл мойын ба, шойын ба?» – деп, ағасын мақтаған екен. Қажымұқан Париждің аренасына түйе мініп шығады. Түйеден түсіп, халыққа сәлем берген соң, түйені көтеріп алып кетеді!

Жапонның дзю-дзюцу күресінің шебері Саракики Джиндофу Қажымұқанмен күрескенде секіріп келіп, атамызды кеңірдектен салып өтіпті. Саусағы темірдей екен, солай соққанда, адамның кеңірдегін жұлып әкетеді екен. Қажекеңнің мойын бұлшық еті қалың, сіңірлі, аса мықты болғандықтан ала алмапты. Қаһарланған Қажымұқан оны алып соғып, темірдей қолымен мойынын бір-ақ қайырып, өлтіріп жіберген ғой! Қажымұқан Бішкектің базарында салмағы екі центнердей болатын құнажынды бір қолымен арқасынан шеңгелдей уыстап көтеріп алып, салмақтап-салмақтап, жерге қоя салыпты. Қолдың, білектің, саусақтың күшін жобалай беріңіз! Бала күнімде әке-шешемнен естіген бір керемет қызық әңгімем – Қайдар палуан туралы. – Соғыстан бұрын, Бірсуатта тұрамыз. Бір күні кешке үйге бір кісі қонаққа келді. Қайдар палуан екен, ел аралап, өнер көрсетіп жүр екен. Палуан дегесін қызығып қараймыз келіп, денесі ірі, сом болғанымен, ондай толық, дәу емес! Ас ішіп, әңгімелесіп отырғанда, Әбиқын кіріп келеді. – Әбиқын деген орыс, пекарнидің бастығы болатын, – деп, анам Бәтима сөзді жалғап әкетеді. – Ұзын бойлы, дәу, жуан кісі еді. – Оның қасында Қайдар палуан аласалау, денесі де шағындау болып көрінді! Толықтығы да ондай емес! Әкемнің осы сөзіне ой жүгіртсем, ол кездегі ауыл қазағының ұғымында палуан деген жуан, таудай болуы заңды. Ал, Қайдар палуан ол кезде жараған аттай, спорттық бабында болған сыңайлы. Әбиқын Қайдар палуанның келгенін естіп, әдейі іздеп келген көрінеді. Өзі дәу, қараптан қарап күші тасып жүретін кісі, бір сынап көрмек болған сияқты. – Кел, күресіп көрейік! – дейді Қайдар палуанға. Қайдар палуан сол отырған күйі: – Жарайды, онда кел де, екі қолыңмен менің кеңірдегімнен қыс бар күшіңмен! – дейді. Әбиқын күректей қолдарымен Қайдарды кеңірдектен қысады-ай келіп. Қайдар былқ етпей отыра береді. Әбиқын қып-қызыл боп долданып, одан сайын күшін салып бағады. «Болдың ба?» – дейді сол кезде Қайдар. Әбиқын басын изейді. Сол кезде Қайдар палуан мойнын бір жағына шұғыл бұрып қалғанда, таудай Әбиқын анадай жерге ұшып түсті дейді! Кетерінде екеуі қол алыспай ма – бір жағы қоштасып, бір жағы достасып дегендей. Сонда, Қайдар палуан қолын қысып жібергенде, Әбиқынның тырнағының көбесінен қаны шығып кетті дейді! – Енді ертеңінде жиналған халыққа күшін көрсетуге шыққанда, үйдегідей емес, еңселеніп, дәу болып кетті. Бұлшық еттері білем-

білем болып бұлтылдап ойнап, өзгеріп кетті! – деген әке-шешемнің даусы күні бүгінге дейін құлағымда. Атыспақ керек пе, алыспақ керек пе? – дейді қазақ ертегілерінде алыптар. Сонда: Атыспақ атамнан қалған, алыспақ керек! – дейді. Алысуда нағыз ерлердің білек күші, қайраты сынға түседі. Қазірде бокстың, каратенің, таэквондоның бір ұрып яки бір теуіп құлатқанын кинодан көріп, әсерленіп өскен ұрпақ жекпе жек төбелесте де тек солай болады екен деп ойлайды. Олай емес, бірақ! Соққы дәл тисе ғана, бір қаққанда ұрып жығады. Оған шеберлік керек, бірақ, қарсылас та шебер болса, ол соққыны дарытпайды. Алғаш Мәскеуде жауынгерлік жекпе жек түрлерінің бәрінің басын қосып, абсолюттік біріншілік өткізгенде, жұрттың бәрі каратешілер жеңеді деп жобалапты. Бірақ, жарыс нәтижесінде палуандар, самбошылар, дзюдошылар жеңіп шығыпты. Себебі, жан алысып, жан беріскен жекпе жек кезінде, бір – екі қағысқаннан кейін, қарсыластар ұстаса кетеді екен. Ұстасып, күрескенде палуандар басым түсіп отырған. Қарсыластарын алып соғып, бұрап тастаған! Рас, бұл жерде каратені өмірлік серік еткен нағыз қас шеберлер болса, әрине, онда бір-ақ соққымен өлтіріп те жіберер ме еді, кім білсін?! Бірақ, әлгі жарыстағы жалпы есеп нені көрсететінін де ескеруіміз керек. Ал көшпенділердің соғысында жаяу төбелес көп кездесе бермейді. Себебі түсінікті – ат үстінде соғысады. Алайда, бұған қарап, көшпенді жауынгерлерді аттан түскенде соғыса білмеген деуге болмайды. Найза майысып, қылыш қайысып, қару-жарақсыз, қара жаяу қалғанда батырлар қолма – қол соғысқа да қаймықпай кіріскен. Сонда, алыспақ басталған. Әлі жетіп, әдісін тауып, айласы асқаны дұшпанын алып соққан. Шахнамеде Рүстем батыр Сухраппен жекпе жек соғысады. Жас Сухраптың күші басым түсіп, Рүстемді алып соғады. Оның өз баласы екенін білмеген Рүстем қанжармен ішін жарып жібереді. Алпамыс батырдың бала күнінде бір қойып қалған балалары тіл тартпай кетеді екен. Қалмақтың батыры Қараманды жұдырықпен мұштады дейді – ұрды дегені. Мыстан кемпірді жұдырықпен аузына бір ұрып, сеспей қатырады. Манас жырында қытай әскерлерінің Қанжарқол балуандары көп айтылады. Түсінігінде қолымен қатты заттарды ұрып жаттықан әскер делінген. Иманжүсіптің күшін сынамақшы болған бір бай көкпарға құнажын тартады. Жобалап көріңіз, тіпті кішкентай құнажын болса да, салмағы қанша боларын. Соны Иманжүсіп ат үстінен еңкейіп көтеріп, өңгеріп әкеткен ғой! Иманжүсіпті Қажымұқанның төбесінен қарайды екен деседі. Бойы

екі метрден асса керек. Өйткені, Қажымұқанның бойын бір деректе 1 м. 86 см. екінші бір деректе 1 м. 94см. болған деп көрсетеді. Қоянды жәрмеңкесінде Иманжүсіп Қажымұқанға ашуланып, қамшымен жонарқасынан бір тартыпты. Сонда Қажекең ат үстінде отырған ашулы ағасын құшақтай алып, кешірім сұрапты. Кейін жұрт сұрамай ма: «Сіз Қажымұқан басыңызбен Иманжүсіптен сонша қорққаныңыз ба?» – деп. - Ағамыз ғой! – депті палуан. Екеуі де қыпшақ, Иманжүсіптің жасы көп үлкен. – Иманжүсіп қамшымен бір тартқанда, кісі тіл тартпай кететін. Мен Қажымұқандығымнан аман қалдым! – депті сөзін жалғап. – Егер де жерде күрессек, мен алып кетермін-ау, ал ат үстінде Иманжүсіп мені тымақша үйіреді! Иманжүсіптің құрдасы Балуан Шолақты біреулер азғырып, екі арысты бір-біріне айдап салмақшы болады. Екі батыр қазақтың бірі өліп, бірі қалсын деген айла жатыр-ау астарында. Бір күні базарда тұсынан өтіп бара жатқан Иманжүсіптің атының құйрығынан Балуан Шолақ бір қолымен тұтамдап ұстап, табандап тартып тұра қалады. Ат тоқтап, тырп ете алмай қалады. Иманжүсіп атын қамшымен бір тартқанда, тыпырлап алға тартқан ат Балуан Шолақты бірнеше адым жерге сүйреп апарып, сұлқ тоқтайды. Сөйтсе, Балуанның тіреуіне шыдамай, көн етігінің табаны тігісінен сөгіліп сыпырылып қалған екен. Сонда Иманжүсіп: «Алауыз болмайық! Біз онсыз да азбыз ғой!» – депті. Екі батыр құшақтасып, дос болып тараған екен. Біздің Кеңащыда тұрған керей Рақым ата аласа бойлы кісі болатын, көзін көрдік. Өзі аңшы. Бір жолы бір қасқырды қуып, соғып алмақ болып, екпіндеп кеп қалғанда, аты үркіп, сыпырлып түскен бе, жоқ, қасқыр қарсы атылып, жерге алып түскен бе, әйтеуір, құлап қалған ғой! Сонда, жерге жай түспей, қасқырдың үстіне міне түсіп, екі құлағынан тас қылып ұстаған күйі айырылмай қойған екен. Құлағынан бұраған күйі әбден діңкелетіп, ақыры, айласын тауып, әлгі қасқырды алып тыныпты! Бірде оған Степняктан келген бір дәу орыс күресейік деп қоймапты. Содан, ұстаса кеткенде, Рақым ата екі қолымен әлгінің екі бүйірінен қыса шеңгелдеп ұстап, табандап тартады. Терісін уыстап, жымырып, қысып алған ғой! Анау орыс қанша алып болса да, шыдай алмай, жаны көзіне көрінгесін, «болдым, күреспеймін, қойдым» деген екен! Кейіннен шығыс жауынгерлік өнерлері жайындағы кітаптардан оқысам, корейлердің куксуль деген күресінде «щипковый захват» деген әдіс бар екен! Сол сәтте осы әңгіме есіме түсіп, Кеңащыдағы керейдің шалы корейдің күресін білді ме екен, жоқ, әлде, байырғы қазақ күресінде де осындай әдіс болды ма екен?!» деген бір ойға

қалдым. Нұрхан Ахметбековтың «Ұры Қарға» жырында қашып жүрген Қарға қараңғы түнде бір моланы паналайды. Сол кезде бір атты кісі келіп түсіп, күмбезге кіреді. Оны қорқытып, атын алмақ болған Қарға көр ішінде аузынан от шашып\ сіріңкенің жаңа шыққан кезі екен, сіріңкенің шиін тұтатып, аузына тыққан ғой!\, жантүршігерлік дауыстар шығарады. Қорқады деген кісі оны көрден суырып алады: «Ұстап ап сирағымнан алды тартып, Саусағы сирағыма кетті батып!» «Егер де көрқап болсаң, басыңды алам!» – дегенде, Қарға жансауға сұрап, шынын айтады. Сөйтсе, әлгі кісі Кенесарының серігі, атақты Төлек Жәуке батыр екен! Сонда, ұры Қарғаны тірідей сирағынан ұстап, көрден суырып алған Жәукенің саусақ күші нендей күш! Қазақтарда арнайы гимнастикалық жаттығулар болған ба? Керіліп, созылу – қазақтардың ең жақсы көретін жаттығуы. Қобыланды батыр ұйқысынан оянып, керілгенде, Көбіктінің тоғыз қабат торының сегіз қабатын үзіп жіберген ғой! Балуандар арнайы тас көтерген, тер төге қимылдап жаттыққан. Кең даламыздың әр қиырындағы сын тастар – соның айғағы. Бірақ, денсаулық үшін пайдасы бар емдік жаттығулар неге жоқ деген сұрақ тууы заңды! Себебі, көп гимнастиканы атпен салт жүру алмастыратын болған! Қазір медицина ғылымы ат терапиясын таптырмайтын ем санайды. Ал ат үстінен түспеген көшпенді бабаларымыз күні бойы жаттығуда болған ғой! Қытайдың емдік гимнастикасында «Бүкіл денені сілкілеу» деген жаттығу бар. Ат үстінде отырғандай қалыпта бір минут, яғни 160 рет денеңді селкілдетіп, сілкілеуің керек. Бүкіл денеге пайдалы дейді. Ал күні бойы ат үстіндегі адамның сары аяңмен бүлкілдеп, сар желіспен селкілдеуін, шоқытып, шауып кеткендегі сілкінуін жобалай беріңіз! Бүкіл ағза, дене құрылыс, бұлшық еттерге бұдан артық қандай жаттығу керек! Бала күнімізде, ауылда, бірер апта аттан түспей жүрсек, бүкіл денеміз темірдей болып кететін. Қажымұқан қырғызға барғанда қырғыздың атақты алыбы Қожамқұл палуанмен кездеседі. Ол елу екінші размерлі етік киеді екен. Қара күшін халық аңыз қылады. Тамаша көргісі келген жұрт қазақ пен қырғыздың екі даңқты палуанын күрестірмек болады. Сонда, жасы кіші Қожамқұл палуан Қажымұқан ағасымен белдеспей, жолын беріп, құрмет көрсеткен екен. Қажымұқан риза болып, алған бәйгесін түгел жұртқа таратып беріпті. Қажымұқанның жиені Қайдар палуан: «Қажекеңмен жайшылықта нағашы-жиен болып ойнап, алысып – жұлыса беруші едік. Бірақ, кілемге шыққанда бізді шақ келтірмейтін. Аруақтанып кететін!» – дейді екен.

Жапонның көне замандағы карате шебері Мацумуро Сокон бір елге келеді. Онда бір алып денелі каратеші, күшті ұста бар екен. Ол Мацумуроның даңқын біледі. Ары-бері сынап қарайды да, оның өзінен асып тұрған түгі де жоқ екенін сезініп, жекпе-жекке шақырады. Ертесіне таң ата екеуі орманда кездеседі. Өзіне өзі сеніп, күші тасып келген ұста Мацумуро Соконды көргенде, шошып кетеді. Бұл кешегіден мүлде басқа адам! Оның ішкі қуатын сезініп, қорқып кетсе де, намысқа тырысып, бар рух күшін жинап, «Ки-ай!» – деп қиқырып қиқу салады. Оның даусының күштілігі сондай, ағаштардың жапырағы ұшып кетеді. Бірақ, Мацумуро селт етпей, салқын сабырмен ұстаға қадала қараған күйі тұра береді. Ұста тағы бір ақырғанда, оның даусы Мацумуроға соғылып, жаңғырып кері қайтқандай болады да, үстібасын қара тер басып кеткен дәу ұста өз-өзінен шалқасынан түседі. «Мен жеңілдім! Масқара болдым! Қолыңнан өлтіріп кет!» – дейді ол. «Жоқ! – дейді, Мацумуро. – Сен кеше дұрыс байқадың. Мен бір кісілермен ұрсып қалып, соның ұятынан рухым әлсіреп, жанымды қоярға жер таппай келіп едім. Ал, мен де сенің өте күшті екеніңді сынап білдім де, бүгінгі жекпе-жектің құны – өмір мен өлім екенін ұқтым. Сен мені жеңіп, атағыңды шығарғың келді, ал мен сені жеңіп, аман қалуды ойладым! Екеуміздің мақсатымыз бен бәсіміз екі түрлісен атақ үшін, мен өмір үшін шықтым шайқасқа! Менің мақсатым биік, артық еді, сондықтан да, мен сенен өлшеусіз күшті болдым! Тұр, орныңнан!» – деп, аман жіберген екен. Атақты алып Әбілсейіт Айханов Монғолияға барғанда, белдескеннің бәрін алып ұрып, шыдатпай бара жатқан соң, монғолдың атақты түйе палуаны шығыпты кілемге. Жасы үлкен, сақа кісімен белдесіп, ырғасып көрген соң, Әбілсейіт әлгі палуанды тік көтеріп алыпты. Монғолдар сілтідей тынады – бетке ұстар аға палуандарын мына жас қазақ жерге алып ұрар ма екен?! Сонда, қазақтың мәрт ұлы жасы үлкен кісіні жықпай, көтеріп әкеліп, кілем төріне түсіреді. Ағаның сағын сындырмаған көргенді қазақ балуанына монғолдар тік тұрып қол соғып, құрмет көрсеткен екен. Майк Тайсон мен Майкл Спинкс жекпе – жекке шығатын күні Тайсон әлденеге ашуланып, қаны қайнап кеткен сәтте, күрзідей жұдырығымен қабырғаны бір ұрады. Оның соққысы өте күшті, бір тоннадай екені белгілі. Кірпіш қабырғаны тесіп өткен шойын жұдырығы келесі бөлмеден бір-ақ шығады. Сөйтсе, екі чемпионның киім ауыстыратын бөлмелері қатар екен. Шешуші айқасқа дайындалып, онсыз да Тайсоннан қауіптеніп, толғанып отырған Спинкс қабырғаны қиратып, шыға келген жуан жұдырықты көргенде, шошып кетеді. Ол жұдырықтың өзі төбелесейін деп отырған

Тайсондыкі екенін білгенде, шаруасы бітеді. Рингте ә дегенде, екі минуттың шамасында нокаутқа кетіп, жеңіліп тынғаны да содан болар. Әйтпесе, ол да айтулы шебер, олимпиада чемпионы болған, кәсібилер арасындағы әлем чемпионы ғой! Сол Тайсоныңыз Токиода Джеймс Бастер Дугластан жеңіліп қалды. Джеймс Бастер Дуглас алып боксшы болған, бірақ, жуас екен. Рингте кереметтей табысқа жетпеген, ауызға да онша іліне қоймаған. Тіпті, жеңіп тұрып, мінезінің жұмсақтығынан жеңісті қолдан беріп қоятын көрінеді. Бірақ та, заңды түрде әлем чемпиондығына үміткер болып, Тайсонмен түседі. Бокс мамандары мен сарапшылары да, жанкүйерлер де Тайсон Дугласты допша қағып, тапап тастайды деп сенген. Алайда, момын жігіт жігер танытып, қаһарлы қарсыласынан қаймықпай шайқасып, оныншы раундта бүкіл дүниежүзінің былғары қолғап шеберлерін дірілдеткен дүлей Тайсонды ұрып жығып, нокаутпен жеңіп, әлем чемпионы атанды. Бокс әлемін есінен тандырып, аса ауыр салмақтағы қалыптасқан иерархияның астын үстіне келтірген сенсация бұл! Сөйтсе, Джеймстің анасы батыр мінезді жан екен. Ауырып, дүниеден өтерінде ұлына: «Сенің осы айқаста жеңіп шығып, әлем чемпионы болғаныңды қалаймын! Жеңетін бол!» – деп, аманаттап кеткен көрінеді. Анасы қайтқаннан кейін, бір ай өтер, өтпесте жекпе-жекке шыққан Джеймс Бастер Дугласпен бірге, Токио төріндегі шаршы алаңда анасының аруағы да бірге айқасып, жеңіп шыққан секілді! Американың атақты боксшысы, ауыр салмақтағы әлемнің теңдессіз чемпионы Джо Луисты неміс боксшысы Макс Шмеллинг алғашқы жекпе – жекте он екінші раундта нокаутқа түсірген. Араға уақыт салып, қарымта кездесу өткізеді. Қос құрылық, бүкіл әлем көз тіккен айқаста Джо Луис Макс Шмеллингті ә дегеннен соққының астына алып, бірінші раундта оңдырмай ұрып жығады. Жә, сонымен егесіп, өліспей беріспейтін екі шайқас өткізген екі алып өмірлік дос болып кеткен ғой! Кейіннен кәсібі өрге домалап, бай болған Макс Шмеллинг тұрмыс жағдайы төмен боксшыларға, соның ішінде кезінде миллиондаған доллар табыс тапса да, жарысты қойған соң, кедейшілікке ұшыраған Джо Луисқа ақшалай көп көмек көрсетіп тұрыпты. Тіпті, Джо қайтыс болғанда, оның жаназасын атқаруға да қаржы бөлген. Мәрт Макс алғыс арқалап, жүз жасаған. Жапондық каратэ шебері Итосудың үйіне бір ұры түспекші болады. Есікті тықырлатып, кілтін аша алмай жатқанда, Итосу үйде екен, есікті жұдырығымен бір ұрып теседі де, ұрының қолын қысқаштай саусақтарымен қысып алып, ішке қарай тартады. Жан даусы шыққан ұрыға: «Енді тынышталып, бағынбасаң, осы тесіктен

өзіңді тұтасымен суырып аламын!»- дегенде, анау қорыққанынан бағынған екен. Жапондық Годзю рю \твердо-мягкий стиль \ каратэнің шебері Ямагути Гогэн соғыс кезінде қытайлықтардың қолына тұтқынға түседі. Оның каратэ шебері екенін білген соң, қытайлар оған жолбарыспен жекпе жек шайқасуды ұсынады. Егер жеңсең, босатамыз – дейді. Таң алдында жолбарыс қамалған үлкен бамбук тордың ішіне Ямагутиды кіргізіп жібереді. Оның лақап аты Кот – Мысық екен. Шапшаңдығы үшін солай атаған. Жолбарыс кісіні көргенде арылдап, атылуға дайындалып, шиырыла бергенде, Мысық Ямагути секіріп келіп, қақ маңдайдан бір-ақ ұрады. Жолбарыс сеспей қатады. Қытай жауынгерлері сөзінде тұрып, Ямагутиді құрметпен шығарып салады. Ал, жолбарысты соққан Қамбар батырға қалай қайран қалмассың! Арғы – бергі тарихтағы бір айтулы балуан – көне эллин заманындағы Милон Кротонский, яғни, Кротондық Милон. Оның даңқы ежелгі Олимпиада ойындарында шыққан. Олимпиада ойындарының тарихында оның жетістігіне жеткен балуан жоқ. Милон алты Олимпиадада чемпион болып, жиырма төрт жыл бойына алдына жан салмаған! Ойлап қараңыз, бұл күрес, яғни, бір Олимпиадада бір ғана алтын медаль алуға болады! Бірнеше медель алуға болатын жеңіл атлетика, суға жүзу болса, бір басқа! Өз басым, алты бірдей Олимпиаданың чемпионы болған Милон балуанның жетістігі барлық Олимпиадашылардың арасындағы ең үздік көрсеткіш деп ойлаймын. Ол бұған қалай жеткен?! Милон жаңа туған бұзауды көтеріп жаттығып, күн сайын стадионды айнала жүгіреді екен. Бұзау өсе береді, Милонның күші көбейе береді. Бірер жылда бұзау бұқа болады, ал Милон бұқаны бұзау құрлы көрмей көтеріп жүгіре береді! Бұқа көтеріп жүгірген балуан күрескенде тірі адамды шақ келтіре ме?! Көне замандағы темір Самсонның күші аңыз болып, Библияда айтылады. Сонда оның күші шашында екенін айламен сұрап білген сұлу әйелі батыр ұйқтап жатқанда шашын қырып тастап, сиқырлы күшінен айырылған Самсонды жаулары байлап алады ғой. Уақыт өте келе шашы қайта өскен соң, күші толысқан Самсон шынжырын жұлқып қалғанда, оны байлап қойған тас қабырғалардың бәрі қирап, батыр да, оның жаулары да қаза болады. Он тоғызыншы ғасырдың аяғында осы көне заманғы Самсонның атын қойған Самсон деген жас жігіт болады. Өзі әлжуаздау болып өседі. Қайткенде күшті боламын деп талаптанған ол жасөспірім кезінен бастап жаттыға бастайды. Оның ең басты әдісі – бір қапқа әуелі ағаштың үгіндісін толтырады. Қапты арлы-берлі көтеріп, лақтырып, ақ тер, көк тер болып жаттыға

береді. Келесі күні бір уыс ағаш үгіндісін алып тастап, орнына бір уыс құм салып жаттығады. Сөйте, сөйте бір қап ағаш үгіндісінің орнын бір қап құм басады. Самсон оны шырқ үйіріп ойнайды. Енді күн сайын бір уыс құмды алып тастап, орнына бір уыс темір бытыра \ дробь\ салып жаттығады. Ақырында, бір қап темірді қақпақыл ғып ойнайтындай күшті болады. Ол Темір Самсон аталып, талай таңғажайып трюктер жасап, күшті атлеттердің тарихына өз атын өшпестей қылып жазып кеткен алып. Салмақты біртіндеп арттырып, үздіксіз жаттыға беру арқылы жетістіктерге жеткен спортшылар аз емес. У-шу, кунфудың жаттықтырушылары шәкірттерін биіктерге бірте-бірте, бірақ үздіксіз баулыған. Қытай даоларының – даналарының ілімі өмірдің барлық саласын, соның ішінде жауынгерлік өнерді де қамтиды. Қытайдың атақты палуаны Ван Цзыпинь басын төмен салып, екі аяғын жоғары қаратып, бір саусағының ұшында тұрады екен. Ішкі қуат – цидің әрі әбден шыныққан бұлшық ет, сіңірдің күшін жобалай беріңіз! Жұрт айтты мұның өзі бұзық деді, Күресі адам білмес қызық деді, Тойында Тоқсанбайдың бір палуанды, Талдырған жіліншігін үзіп деді! \ Ілияс Жансүгіров. «Құлагер» поэмасы.\ Сонда, аяқтан бұрай шалғанда, сындырып жіберетін болған-ау! Ғабиден Құлахметовтың атасы Көкбөрі атанған Құлахмет батыр мүлде жас кезінде бір күреске түседі. Қарсы сақа палуан жасөспірім Құлахметпен ұстасқан кезде, темірдей саусақтарын оның бұғанасына сұғып жіберіп, қысып алып, арлы-берлі сүйреген ғой. Бұғана сүйегін сындыра жаздап, жанын көзіне көрсеткенде, қиқулаған дауыстан, намыстан қаны қайнаған Құлахмет қаһарланып, әлгі дәуді көтеріп алып соққан екен! Назар салатын жәйт, күрестің мұндай жантүршігерлік әдістерін қазақ балуандары білген және керек жерінде қолданған! Әсіресе, жат елдердің палуандарымен белдескенде, қан майданда жаумен жекпе-жек алысқанда бар күшін, айла, амалын аямай жұмсаған! Өйтпесе қапыда кетеді! Қайтесің, ол ерлердің күресі, еріккеннің ермегі емес! Жарықтық, жазушы Оразбек Сәрсенбаевтың 1980-жылдары жарияланған Қайыпберді балуан туралы повесін, аты «Қайыпберді қайтып оралыпты» болу керек, оқығаным есімде. Повестің кейіпкері маған өте ұнады да, сол жайында Оразбек ағамызбен әңгімелесіп қалдық. Орекең разы болып, бір жымиып алды да: - Оның прототипі Жұмабай деген палуан кісі. Біздің Сыр бойында өмір сүрген, бертінде қайтыс болды. Ол намысқой, аса күшті адам

болған. Әсіресе, келімсектермен көп төбелесіп, асып –тасқан кеуделерін басып қоятын! Қалың топпен жалғыз өзі шайқаса беретін, артынан қуған үш милиционерді үш аяқты мотоциклімен қоса көтеріп лақтырып жібергені де бар! Ақыры сотталып кетті! – деп, ол кезде кітапқа жазуға болмайтын біраз оқиғаларын айтып берді.- Сотталып, темірдей қатал түрмеде жүргенінде, бір күні бір бетон дуал құлайды. Жұрт жабылып, әлгіні көтере алмай жатқанда, Жұмабай жалғыз өзі бір-ақ жұлқып, орнына қойған екен. Жұрт оның күшіне сүйсініп, аңыз ғып әкетеді. Сотталғандар аса құрметтеп, маңына топтасып, аузына қарай бастайды. Көп ұзамай оны түрмедегілердің басшысы, пахан шақыртады. Алып денелі, күші тасқан орыс екен. Қасындағылар үңірейтіп көр қазып қойған, құлағанын көме салуға дайын тұр! - Сен күшті екенсің! – дейді пахан. – Бірақ, бұл жерде бір-ақ пахан болуы керек! Түрмеде тек біреуімізге ғана орын бар! Сондықтан, жекпе-жекке шығамыз! Әуелі мен ұрамын, аман қалсаң сен ұрасың! Кім құласа, көр соныкі! Сірә, оқиға қарауылдардың көзінен таса жерде болса керек. Тіпті, қарауылдар қылмыскерлердің бірі өліп, бірі қалсын деп, мұндай есеп айырысуларға көз жұма салатын да шығар. Сонымен, екі дәу шығады шайқасқа. Шарт бойынша, әуелі Жұмабай қасқая қарап тұрады да, әлгі дәу пахан күректей қолымен, шоқпардай жұдырығымен құлақ шекеден қайқайтып салып жібергенде, көзінің оты жарқ ете түсіп, басы айналған Жұмабай тәлтіректеп кетеді. Құласа бітті, қасындағылар көрге тыға салатынын білгендіктен, бар күш-жігерін жұмсап, құламай қалады. Соққанынан ешкім сау қалмаған дәу пахан басын шайқап, кезегін беріп, қарсы қарап тұрады. Жұмабай палуан қаһарланып, құлаштап тұрып қолдың қырымен құлақ шекеден тартып жібергенде, паханның төбе қақпағы ұшып кетіп, тіл тартпай өліп түскен екен! Дайын тұрған топ оның алып денесін көрге тыға салып, көміп тастапты. Бұдан кейін бетіне ешкім қарсы келмеген Жұмабай мерзімін өтеп, аман-есен елге оралған. «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеп жүрген кезімде, 1980-жылдары, бір ақсақалдан хат келді. «Мәдидің бір ерлігі» деп ат қойыпты. Былай дейді: Қарқаралы базарында бір алып күшті орыс көпшілікке жар салып, бәс тігеді. - Шартым мынадай: Қазақтың мықтылары ортаға шығып, маған төбесінен ұрғызсын! Құламай қалса, 25 сом ақша беремін! Құлап қалса, түк те жоқ! – дейді. Бірер мықты жігітті ұрып жығып, мазақтап, мейманасы тасып тұрғанда, ортаға Мәди шығады. Ол әлгі палуан

орысқа қарсы шарт қояды. «Сен ұрғанда құламай қалсам, ақшаңды алмаймын! Бірақ, төбеңнен қамшымен бір тартқызасың!» -дейді. Дәу келіседі де, Мәдиді шойындай жуан жұдырығымен төбеден ұрады. Мәди шайқалақтап қалса да, құламайды. Кезегін алған Мәди қамшымен қақ төбеден үйіре тартып жібергенде, палуан орыстың төбесін тесіп жіберген екен, тіл тартпай кетіпті. Шығыс жекпе-жектерін зерделесеңіз, шапшаңдық пен қара күшке қоса, ішкі қуат – энергияны дамытып, қолдануға айрықша мән береді. Жапонша – ки, қытайша ци, үнділерше – прана дейтін ішкі қуат сырын біздің аталарымыз да білген. Жекпе-жек өнерін әбден меңгерген асқан шеберлер, тіпті, адамға қол тигізбей-ақ, алыстан соққы беріп, талдырып тастайтын болған. Бұл – әлгі айтқан ішкі энергияны атып жіберуге байланысты. Қазақтар мұны аруақ күші деп атаған. Қаһарына мініп, аруақтанған батырлардың күші еселеніп, жаудың мысын басып, жапырып жіберуі тегін емес. Ертеректе бір газеттен оқыған аңызда бір батыр атамыз \ Жобасы, Бақай сияқты.\ жасы ұлғайған шағында елге шапқан жауға қарсы қол бастап ұрысқа шығады. Қарсы жақтың батыры, бұл да қазақ, бетпе-бет, жекпе-жек келіп, сайыспақ болғанда, әлгі атамыз қарусыз екен, қолын сілтеп қалғанда, жас батыр қатты соққыдан атынан ұшып түседі! Ал, шындығында аралары қол жететін жер емес, қарт батырдың қолы жас батырға тимеген! Ары қарай жас батыр: Жеңілдім, аға, тоқтадым! Сіздің батырлығыңызды сынағалы келіп едім! – деп кешірім сұрайды. Сонда ана кісі: Олай болса, тұра ғой орныңнан! – деп, қолын береді. Жас батыр оның қолынан ұстап, орнынан тұрып, татуласады. Сонда, «қолының ұшы от болып күйіп тұр екен!» – дейді! Шығыс жекпежек өнерінде айтылатын цигун, астральный каратэ сияқты өнермен байланыс бар ма, жоқ па, ол өз алдына әңгіме! Батырлардың батырлығында ашылмаған көп құпия, талай жұмбақ сырлар жатыр-ау ! Батырлардың жан жары мен қанаты Батырлардың асыл жарларын халық аңыз қылып, жас ұрпаққа үлгі-өнеге етіп, асқақтата жырлаған. Алпамыстың Гүлбаршыны, Қобыландының Құртқасы, Манастың Қаныкейі, Қамбардың Назымы және басқа да тарихи, эпостық әйелдер мен аналардың образы барша елге белгілі, аяулы, ардақты. Ақылына көркі сай, ер мінезді, жарына адал, туған ел мен туған жердің патриоты ретінде суреттелетін әйел, жар, ана бейнелерінен халықтық идеал танылады, әйелге тән асыл қасиеттер мен мінездер мейлінше сүйіспеншілікпен суреттеледі.

Мұндай биік бейнелер халқымызбен бірге өшпей жасай береді деп
сенеміз.
Ер қанаты – ат деген атам қазақ. Батырлардың жан серік
тұлпарларын халқымыз әспеттеп жырға қосқан, аңыз қылып

ардақтаған.
Аттаныс, жорықтарда жауынгер көшпенділер атқа айрықша мән
берген. «Атқа салдым терлікті, Дұшпанға қылдым ерлікті!» – деген.
Кейде бес қаруы сай, күші басым батырды одан дәрежесі төмендеу,

бірақ астындағы аты келіскен батыр жеңіп кететін болған!
Айқай, сүрең төнгенде, қаптап дұшпан келгенде батырлар
астындағы атына сенген. Иесінің көңіл – күйін сезініп, қалауын
қапысыз табатын соғыс аттары қандай қанды қырғындардан, қара

бұлттай қоршаған қалың жаудың ортасынан аман алып шығатын.
Керісінше, жалтақтау, майданға көп түсіп көрмеген аттар иесін
жауды қалдырып немесе жарға жығатын болған. Астындағы атының
нашарлығынан сағы сынып, бағы қайтқан батырлардың қаза тауып,

арманда кеткені аз емес.
Аты мықты, жүйрік болса, жігіттер қалың жаумен қаша жүріп
соғысып, қаусата соққы да беріп, аман, сау құтылып кете берген.
Күлтегін Алып Шалшы арғымақпен

Сан ғасыр сеңгірінен орғып өткен,
Қобыланды Тайбуырылды тебініп қап
Қазанның қамалынан қарғып өткен,
Зынданнан суырып ап Алпамысты

Байшұбар жау заманын тар ғып өткен,
Шыдамай шабысына жер жарылып
Шалқұйрық ер Төстікпен ағып өткен,
Абылай Бөкең берген Нарқызылмен

Шарыштың шойын басын қағып өткен,
Құйғытса Қубас атпен ер Қабанбай
Аумаған қауға тиген қалың өрттен,
Көсілтіп Кенесары Көкбуырылмен

Қазақты бодан қылмай, бар ғып өткен,
Сүліктей қаракермен Иманжүсіп
Бір өзі бір селоны дірілдеткен,
Құлагер серке санды, сері мінез

Сергітіп сар даланы дүрілдеткен,
Қанат қып қазанатты қазақ елі
Жалғасқан бергі бетпен, арғы бетпен,
Жарықтық бабаларым өз тарихын

Тұлпардың тұяғымен жазып өткен!!!

\ Баянғали Әлімжанов. «Қазақ пен қазанат».\
Оқырманға ескерту: Батырлар, палуандар жайлы, айта
берсе, әңгіме көп. Есте жүрген дүниелердің қағазға түскені бар,
кітаптарда жарияланғаны бар десек те, біреу білсе, біреу білмес,

бір керегі тиіп қалар деген оймен, қайтадан бір айтып шыққанды
жөн көрдім. Білгенін, жиған-тергенін атадан балаға, ауыздан
ауызға жеткізіп отыратын көне жыршылық дәстүр, орысша
айтқанда, сказительдердің салтымен, әр жерде шашылып жатқан

асыл қазынаны жинақтап, ой елегінен өткізіп, қорытып, жүйелеп,
топтастырып қойғым келді. Әр кітапты қайта ақтарып, тексеріп
отыруға уақыт жете бермейді, сондықтан, жадымызда жазылып
қалған кейбір өлеңдерде бірер сөздің ауысып кетуі бек мүмкін.

Бірақ, мағынасы тура, сондықтан аздаған алшақтықтар болса,
жазғырмассыздар, жақсы оқырмандарым!

8. 03.2017ж.- 28.10.2018ж.

Мақалалар, естеліктер, сұхбаттар Мойын мен таным Ертеректе «Мойындауды мойындамау» деген бір қызық өлең жаздым. Жан – жағын жайпап Теңіздей шайқап Жайындай, сірә, Досым кеп, деді: «Поэ-зия – ны Пайымдайсың ба?» Тентек су тепкен Келтек сұрағын Төтеден қойды: «Сен осы менің Ақындығымды Мойындайсың ба?!» Ақкөңіл ақын Мақтанбақ ептеп, Ойындаөлең, Қалыпқа түсіп Қағида болған Пайымдауменен, Мойындамасам Мойнымды үзер Түрі бар ... Бірақ, Ақылға қонбас Біреуді біреу Мойындау деген! Тоқ етері, кейіпкерім «Ешкімді ешқашан мойындамаймын!» дейді. Екеуі қызылкеңірдек болады. Әңгіме мойындау деген сөз бен мойындау деген ұғымда. Қазақ айтады: «Ана кісі қатесін мойындапты!», немесе: «Жиналыс оның кінәсін мойындатыпты!», тіпті: «Сот айыбын мойнына қойып беріпті!» әйтпесе: «Өзі шынын айтып, қылмысын мойнына алыпты!» дейді. Тіпті, бірдемеге ренжісіп, бірінен – бірі кешірім сұрағанда да:

«Қателігімді мойындаймын, кешір!» – демей ме?! Ал, енді халық арасында: «Біреуді біреу мойындайды екен!», «Әнді, суретті, күйді мойындапты!» немесе: «Ақындығын мойындаймын!» деп ешқашан айтпайды. Айтып, жазып жүрген оқымыстыларымыз. Бұл сөз қашаннан бастап қалыпты ұғымға айналып, қоғамдық санаға қай кезде еніп кеткенін дөп басып айту қиын. Түп-тамыры орыстың «Признание» деген көп мәнді сөзінен тура аударылып келгені анық. «Признание» сөзінің мағынасы: признать вину -кінәсін мойындау, признать виновным – кінәлі деп тану, «Не признал» – тани алмай қалдым деп кете береді. Ал, бізге керегі – признание, признать таланта, признанный поэт – деген мағналық тіркестер. Міне, бар бәле осы жерде тұр. Бұл сөздің мағнасы – тану, талантты тану, танылған ақын емес пе?! Әу баста осы «признание таланта» – «признание вины» мен бірдей аударылып, бәрі де мойындау болып шыға келген! Солай қабылданып, солай қалыптасқан! Осы мойындау, мойындаймын, мойындамаймын, мойындатамын деген дойырлау сөздің өзі эстетикаға, поэзия, ән-күй, өнер сияқты нәзік, мөлдір әлемге, мәдениетке мүлде үйлеспейтіні үнемі сезіліп-ақ тұрады. «Мен сенің өнеріңді мойындаймын!» деген сөзде қорлық бар, біреуге мойынсұнып, малай болып тұрған сияқты. Кейде қаламгерлер: «Мойындалған ақын», «Оның поэзиясын мойындаймын!» – деп, жеке өз басын игені аздай, «Бүкіл халық мойындаған!» деп, елдің мойнына мінгізіп қоятыны тағы бар. Ау, өнер туындысын адам жан-жүрегі тебіреніп, толғанып, ақылсанасымен ойланып қабылдамай ма? Мойынның қандай қатысы бар? Мойында таным, талғам жоқ қой! Бұл аздай, әлдебір жұлдыздарымыз шетелге барып, сәтті өнер көрсетіп, құрметке бөленіп келсе: «Әнеки, қараңдар! Оны қалың шетел мойындады ғой!» – деп, шетелдің мойнына мінгендей болатынымыз өтірік пе? Тіпті, одан да сорақысы: «Шетел бізді еріксіз мойындады! Мойындауға мәжбүр болды!» деп, мойнын бұрап, қайырып, зорлық көрсетіп қоятынымызға не жорық?! Шетел әдептілігінің, өресі биіктігінің арқасында біздің ұл-қыздарымыздың талантына тәнті болды, ризашылық білдіріп, құрмет көрсетті, талантын таныды десек, біз де биіктей түспейміз бе! Ал, енді, әлгіндей «шетел бізді еріксіз мойындады!» деген сияқты асылыққа, астамшылыққа толы пікірлерді сол шетелдіктер оқып не ести қалса, сені одан кейін құрметтей қояр ма екен?! Кім білсін... Бәлкім, күлетін шығар?! Сонымен, тоқ етері: Талантты таниық, ардақтайық, қадірлейік, құрметтейік! Мойындатамын деп бір-біріміздің мойнымызды бұрап, мазасын алмайық, адасқан ұғымнан арылайық! Мойынға мінбей-ақ, ақыл-ойды қозғап, жүрекке жол табайық!

Өтірік аңыз кімге дәрі?
Өткенде бір режиссермен кездесіп қалдым. Ұлты басқа,
театрландырылған көріністерді қоюмен айналысады екен.

- Не бір аса үлкен шараларда театрландырылған көріністерді

қойдым, – деді. – Ал, театрландырылған көрініс әсерлі болу үшін
әдемі аңыз керек! Қазақ аңыздарынан сахналық образ жасайтын
аңызды ары ақтарып, бері ақтарып таба алмадық!

- Қазақтар театральщинаны білмеген! Аталарымыздың аңызы

сахна үшін айтылмаған ғой! – дедім.
Сөйтсем:

- Біз содан кейін әдемі аңыздарды ойлап шығаруға кірістік! \

придумали!\ – деп қарап отыр!

- Ол өтірік қой! Сіздер өтірік аңыз ойлап тауып, рухани қылмыс

жасап отырсыздар! Ойдан шығарған өтірікті шын аңыз ретінде
ұсынып, халықты алдап, жас ұрпақты адастырып отырсыздар!

- Ежелгі аңыздарды да әуелде біреулер ойлап шығарды емес пе ?!

Келе-келе халықтық болып кеткен ғой! Біздің ойлап тапқанымыз да
солай болады! – дейді жүзі жанбай.
Ал, керек болса!

- Жоқ! Нағыз аңыз ойдан шығарылмайды! Оның тарихи негізі

бар! Тамыры – шындық, өзегі – өмір! Онда үлкен ой бар! Олардың
қасиеті де сонда!
Бұл әңгіменің тоқ етері: Мифологиялық образдарды, тарихи
аңыздардың маңыз-мазмұнын бұрмалаушылық біздің елге де енгенін

көпшілік көріп-біліп жүргелі қай заман! Оның ең өрескел көрінісі

– «Көшпенділер» фильмі, шығып жатқан өтірік кітаптар, өтірік

ескерткіштер.
Ал, осы қолдан жасалып жатқан өтірік аңыздар
жұртымызға індеттей таралып жатыр. Оған неге жол ашық?
Қазақ халқына қолдан аңыз жасап беріп, жасанды көріністермен

көзді алдап, көңілді адастыратын тұтас бір астыртын жүйе бар
сияқты.
Пәлен миллиондап ақша шашып, қолдан аңыз, өтірік әдемілік
жасайтын, көз бояйтын театрландырылған көріністерге кім құмар?

Неге құмар?
Кейде маған біздің қоғамдық өмірдің өзі театрландырылған
көрініс сияқты болып көрінеді.
Өтірік аңыз қалай жасалады? Әуелі бір-екі тарихи дерек,

аңыздың сарынын алады да, соған ойдан құрап-сұраған өтіріктерін жабыстырады. Сөйтіп, өтірік-шыны аралас, «театральщинаға» лайықталаған, идеологиялық жағынан жып-жылмағай жасанды дүниені жұртшылыққа жолдайды. Әлгі режиссер не дейді, құлақ асыңыз: «Қазақстан Барысы» жобасының ашылуында қазақтан балуандар туралы тарихи аңыз таппаған! Бәлкім, дала балуандарының шынайы бейнесін көрсеткілері келмеген! Әйтеуір, өздерінше әдемі аңыз ойлап таба қойыпты. Қарахан мен Айша Бибіге байланыстыра қойып, ойдан бір балуан бейнесін шығарып, өтірік оқиға құрастырып, керекті көріністерін жасай салған. Оған атқамінері бар, азаматы бар, дөкей-дөкей қазақтар алданып, қол соғып қабыл алған. Ал, өтірік аңыздың халқымыздың рухани әлемін бүлдіріп, жас ұрпақты адастыратынына мән бермеген. Ақын бауырымыз Бақыт Беделхан айтады: «Ер Төстік» мультфильмінде түсірушілер халық ертегісінің даналық мағнасын, астарлы сырын аяқ асты етіп, өрескел бұрмалаған, қиянат жасаған. Ертегіде шаңыраққа ілінген төстік арқылы нұр болып келетін Төстікті мультфильмде Ерназар айдаладан тауып алып: «Семіз бала екен!» – деп, асып жегісі келеді. Бұл не деген сорақылық! – деп, қаны қайнаған ақын фильмді шығарушылардың ең дөкейін өткір тілімен дырдай қылыпты! Бірақ, амалың қане, өтірік аңыздар өріп келеді. «Каzakh tv» деген телеарнаның «Охотники за легендами» деген хабары бар екен. Бір күні Шарын шатқалы туралы аңызын көрдім. Онда не дейді? Бір қойшы ер жігітке бір сиқыршы қыз ғашық болып қалады-мыс. Бірақ жігіт оған қарамай, өзінің сүйген қызына үйленеді. Соған кектенген сиқыршы қыз жігіттің ауылына келіп, алып құсқа айналады да, төбелерінен тас жаудырады. Сөйтіп, бүкіл адамдар қаза болып, ауыл тастың астында қалады-мыс. Міне, Шарын шатқалы солай пайда болыпты-мыс, яғни, Шарынның таңғажайып қорған сияқты жартастары сиқыршының тастарының астында қалған қазақ ауылы екен деп, қисынысыз өтірікті соғады. Екінші бір хабарында Үлкен Алматы көлі туралы былай дейді: Ертеде апалы-сіңлілі үш қыз болған-мыс. Батырғали деген жігіт \ ескі аңыздарда мұндай ат кездесе қояр ма екен!\ қара жынмен соғысады. Жынды да өлтіреді, өзі де өледі. Сонда, үш қыз да оған ғашық екен, үш жақтан жылайды. Солардың көз жасынан көл пайда болыпты-мыс. Осы бетпен кете берсе, осы ретпен соға берсе, келер ұрпақ жер-суымыздың шын тарихын таба алмай қала ма деп қорқамын! Ал, осындай не тартымды оқиғасы, тарихи, мифологиялық негізі, көркемдік қасиеті жоқ жасанды аңызсымақтарды бүкіл республикаға

ұялмай-қызармай таратып жатқан кім? Тараттырып, өтірік айтуға жол беріп қойған кім? Арғы жағын тексеріп, өтірік аңыздардың қайдан шыққанын тауып, анық-қанығына жетер кім бар? Біз, тәуелсіз қазақ елінің азаматтары, қасиетті руханиятымызды, асыл мұраларымызды бүлдіру әрекеттеріне неге жол береміз? Тағы бір келеңсіз құбылыс – қазақ аңыздарын өзге тілдерге, әсіресе, орыс тіліне аударып, таратушылар көбіне-көп көне қазынаның өңін айналдырып, өзге жұрттың ұғым-түсінігіне, дүниетанымына бейімдеп, өңдеп, жөндеп жібереді – бір. Екіншіден, сан ғасырлық халық қазынасын жинап, құрастырып, жүйелеп, аударып берген абырой – атағын азсына ма, кім білсін, қазақ аңыздарының авторы ретінде өздерін көрсетіп қоятыны тағы бар. Сонда, атабабаларымыздың мыңдаған жыл тарихы бар, атадан балаға аманат етіп қалдырған асыл мұрасын бір адам жазған болып шыға келмек пе? Оның үстіне, қалың қазаққа баяғыдан мәлім дүниелерді орыс тілді бауырларымыз өзге жұрттарға өздері ашқан жаңалық сияқты көрсетіп, жар салатындары да шындық! Ал осындай өтірік аңыздарды құлшына насихаттап жатқан қазақ телеарналары нағыз қазақ аңыздарына келгенде неге құлықсыз? Осы мәселемен бірталай телеарналарда беделді қызмет атқарып жүрген, ұлттық намысы бар, саналы, білікті деген тележурналистермен сөйлестім. Арнайы жоба дайындап апардым. Ол міне: ЖОБА: Атадан қалған аңызым Қазақ халқының тарихи оқиғаларға негізделген аңыз әңгімелерін қалың жұртшылыққа жүйелеп айтып шығу қажет. Қазір көпшілік жастарымыздың атадан қалған асыл сөзді, ежелгінің есті сырларын, хандарға, би, батыр, ақын-жырауларға қатысты аса көркем әрі рухани қуатты аңыздарды біле бермейтіні анық. Ал, сан ғасырлар бойы атадан балаға өнеге, өсиет ретінде ауызша айтылып жеткен, бүгінде кітапқа басылып, ұлттық қазынамызға айналған ұланғайыр дүниені қайтадан жаңғыртып, экран мен эфир арқылы елге таратудың мәні зор. Ұлттық ізгі тәрбие, отан сүйгіштік, адамгершілік, ерлік, мәрттік сынды асыл қасиеттер – бәрі де осы ата – бабаларымыздың танымдық әрі тағлымдық тарихи аңыздарында тұнып тұр. Әр хабардың ұзақтығы – 5-10 минут. Аптасына екі рет шығады. Екі рет қайталанады. Ертедегі көшпенділер заманының рухын сездіретін декорация

мен жақсы жарық керек. Сахнада – жалғыз жыршы \ сказитель\. Ұлттық киімде. Ол аңызға жан бітіріп, көрерменді қызықтырып айта алатындай қуатты болуы керек. Басқа ештеменің – қосымша сурет, бейнематериал, артық шығын, бос әуренің қажеті жоқ. Бар мәселе – аңыздың мазмұны мен рухани қуатында және жыршының айтып жеткізе білуінде. Осылайша, қазақтың сан ғасырлық аңыздарын, тарихи әңгімелерін, шешендік сөздерін жүйелі түрде, әр дәуірге, әр тарихи тұлғаның төңірегіне топтастыра отырып, сүзіп шықсақ, бұлұлттық құндылықтарымызды насихаттаудың үлкен бір шарасы болар еді! Обалы не керек, біраз бауырларым қуана құптады. Қолдарынан келгенше жол ашуға тырысты. «Білім және мәдениет» арнасынан бірер хабарда қазақша, орысша аңыз айттық, айналып кетейін «Шалқар» радиосы бірнеше хабар жасады. Бірақ, бүкіл республикаға, дүйім қазаққа, әсіресе жас ұрпаққа жететіндей жүйелі жоба жүзеге асқан жоқ! Неге? Себебі, нағыз қазақ аңыздарында ұлттық рух бар, батыр көшпенділердің аруағы бар! Оны шығарғылары келмейтін, олардан қорқатын бір топтар бар – ау, сірә! Сонау тоқсаныншы жылдардан бері батырлар жырын, толғау, термелерді жеке хабар қылып шығарайық дегенімде де тура осылай болған. Тіпті, тоталитарлық совет заманында жұма сайын шығып тұрған «Халық қазынасы», «Терме» хабарларының тәуелсіз Қазақстанда шықпай қалуы ақылға сыймайтын іс қой. Осының соңында қанша жүрдім. Үлкен-кіші демедім, қолым жеткен, сөзімді тыңдайтын жерлерге дейін бардым. Мен үшін емес, ел үшін керек қой деп дәлелдеп бақтым. «Иә, дұрыс екен! Ойланайық! Көрейік!» – деп, шығарып салады, мықтаса, бір-екі хабар жасайды, сонымен бітті шаруа! Ал тәуелсіз қазақ мемлекетінің ұлттық арналарынан атабабаларымыздың жыр-толғау-термелері мен аңыздары күнде сөйлеп, жас ұрпақтың құлағына құйылып жатса, керемет емес пе! Түйіп айтарым, айналайын ағайын, өтірік аңыздардан абай болыңыздар, балалар мен немере-шөберелерге аталарымыздың шынайы асыл сөздерін үйретуден жалықпаңыздар! 2016 ж.

Бүгінгі драматургия? Бүгінгі драматургия туралы бірдеме айту үшін алдымен бүкіл драматургтердің не жазғанын түгел оқып, білу керек. Ал оқымай, білмей тұрып анау бар, мынау жоқ дегеніміз жөнге сыймайды, жауапсыздық болады. Бірақ, драматургтің не жазғанын оқымақ түгілі, театрларда қойылып жатқан дүниелердің өзін көруге уақыт таба бермейтініміз де жасырын емес. Сондықтан, «Қазақ әдебиетінің» сөйлеңіз деген сөзін жерге тастай алмағандықтан, бірер ойларымды ортаға салсам, мұны бір кесіп-пішіп айтылған пікір деп санамай, ортақ іске қатысты ой қозғау деп қабылдаңыздар. Мені алаңдататын бір жағдай, біздің қазіргі драматургиямыз бүгінгі күн тақырыбын қаншалықты көтеріп отыр? Капиталистік формацияға өтіп, мүлде жаңа жағдайда өмір сүріп жатқан қоғам мен адамды көркем бейнелейтін шынайы шығармаларды театр сахнасына ұсына алдық па? Жоқ деген сөз жақсы емес, мұндай бағыттағы ізденістер бар, және аз емес. Алайда, бүгінгі көрермен, әсіресе жас көрермен театрға іздеп келіп көретін, бір-біріне қызыға әңгімелейтін қандай дүниелер бар? Көрерменнің сана-сезіміне қозғау салып, ойландыратын, тіпті, керек десеңіз, жан-дүниесін сілкіндіріп, Сұлтанмахмұт атамыз айтқандай, «қарайған қанын тазартатын» шыншыл шығармаларды драматургтеріміз жаза алмай жүр ме, әлде театрларымыз қоя алмай жүр ме? Жастардың арасында пікірталас тудырған, өмірлік мәні бар сұрақтарды алға тартқан қандай туындыны атай аламыз? Бүгінгі заман кейіпкерлері қандай, олар бұрынғы канондарға сия ма, симай ма деген ой да мазалайды. Қағидаға айналған жағымды кейіпкер, жағымсыз кейіпкер деген штамптың өзі жалықтырған жоқ па? Бәлкім, бүкіл әлемнің киноларынан андай-мұндайдың бәрін көріп, біліп қойған бүгінгі талабы қатты көрерменнің ендігі жерде социалистік реализм эстетикасының ескі өлшемдерімен пішілген монумент геройларға қызықпауы заңды да шығар. Екінші бір үлкен мәселе – мектеп оқушыларына, жасөспірімдерге арналған пьесалардың аздығы, тіпті, жоқтығы. Балаларға арналған шығармалар баршылық. Сахнада қойылып жатыр. Бала көрерменнің спектакль тамашалағанын көргеннің өзі бір қызық екен. Бірер жыл бұрын Астанадағы Жастар театры Сая Қасымбектің Наурыз туралы пьесасын қойды. Екі немеремді алып бардым. Төрт жүз орындық оқушылар сарайы лық толған. Содан спектакль басталып кетті. Демін ішіне алып отырған өңшең алты – жеті жасар балалар бір кезде спектакльге араласа бастады. Ұнатқан кейіпкерлеріне қауіп

төне бастағанда: «Әй, әй, қоңыз! Байқа! Байқа, алдап тұр!» – деп дауыстап жібереді. Бір кезде Наурыз келіп, монологын айта бастаған сәтте, оның дұшпаны Боран сыртынан келіп аңдып тұрады. Ал қызық болды! Төрт жүз бала: «Наурыз!Наурыз! Әне! Әне, артыңда боран тұр! Әне, боран!» деп, қызылкеңірдек болып, Оқушылар сарайын басына көтерсін! Наурыз монологын айтайын десе ешкім тыңдап жатқан жоқ, бүкіл бала ана дұшпан Боранды қуғылары кеп қиқулайды-ай кеп! Озбыр күш – Боранның қиянатына шыдамаған сәби жүректердің шынайы қарсылығы қандай! Оны оятқан өнер қандай! Ал енді бір парадоксті қараңыз – балабақша мен бастауыш кластарға арналған пьесалар баршылық та, жоғары клас оқушыларына арналған дүниелер жоқтың қасы. Адам болып қалыптаса бастайтын, балалықтан бозбалалыққа, бойжеткенге айнала бастайтын жасөспірім шақ неге өнер көзінен таса қала береді? Он үш пен он жеті жас арасындағы жасөспірімдерге арналған бірде бір пьеса, бір де бір спектакль есімде жоқ. Сонда қалай, жас ұрпақ мектеп бітіргенше театрдан мүлде қол үзіп қалатын болса, оларды өскенде қуып әкелесің бе? Санасезімдегі «пробелды» қайтесің? Студенттер туралы не бар, қане? Ал, ең белсенді оқырман да, көрермен де жастар екенін ескерсек, жастардың рухани әлемін байытып, болашақ үлкен, ізгі адам болып қалыптасуына ықпал ететін көркем дүниелер керек-ау! «Қазіргі жастарды қызықтыру үшін таң қалдыру керек! Аға, сіз бізді таңғалдырдыңыз!» – деп еді, Солтүстік Қазақстанда, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханаға он екі томдық шығармаларымды сыйға тартқан кездесуде студент қыздар. Жастардың осы бір риясыз сөзі мені өте қуантты әрі ой салды. Шынында да, мұндай тұтас бір эстетикалық талап, қазіргі жастардың тілегі бүгінгі әдебиет, өнерге, соның ішінде драматургияға да қатысты емес пе?! Ал, бірақ, мұның екінші жағы тағы бар. Таңғалдырамын деп таңқылдап, қызықтырамын деп бұзыңқырап кетуге де болмас. Қалай болғанда да, еліміз қиын да қызықты, сан алуан шығармашылық ізденістердің игілік, жемісін күтеді. 15.03.2017ж.

Дүркіреп өткен дүлділ Дүрбелең замандарда қазақ даласын дүркіретіп өткен дүлділдер аз болмаған. Бүгінде бұйығы құба белдерге қарап тұрып, солардың дүбірлері құлағымызға келгендей күй кеше беретініміз неліктен? Неге біз көкке көшіп кеткен көкбөрілердің дәуірін сағына береміз?! Біз ғана емес, келешек ұрпақтар да аңызға айналған аталарымыздың аруағын, табиғи таза тегін, үзілмеген тамырын аңсай беретін шығар! Халық өзінің өткен тарихын, өр ұлдарының ерлік істері мен өмірлі өнерін есте сақтап, ұрпақтан ұрпаққа аманаттап қалдырып отырған. Аттары ауыздан ауызға көшіп, аңызға айналған атақты алыптар осылайша халық тарихынан өшпес орнын алған. Сегіз Сері де сондай аңызға айналған сан қырлы тұлға. Халық осал адамды аңыз қылмайды. Жоқтан бар жасамайды. Аңызға айналу үшін белгілі бір тарихи адамның ерекше бір қасиеті немесе асқан ерлігі, елді елең еткізген, тіпті, естен тандырған бір ісі болуы керек. Мұхаммед – Қанафия Баһрамұлы Шақшақовтың ондай қасиеті болған. Және бір емес, бірнешеу. Оның Сегіз Сері аталуының өзі-ақ көп нәрсені айтқызбай-ақ анықтап тұрған жоқ па? Сегіз қырлы, бір сырлы деген ұғымға басқа бір қырынан қарап көрсек. Қазақ дархан халық, көңілі түскен кісіні көтермелеуге, асыра бағалауға іштарлық қылмайды. Азды-көпті дәрежеде әр өнердің, әр кәсіптің басын шалған кісілерді де сегіз қырлы, бір сырлы деп, әспеттеп отырады. Сондықтан, осы күні не көп, кішкентай сегіз серілер көп. Ал, шынтуайтына келгенде, сол өнердің бәрін де жоғары дәрежеде игеріп, бүкіл халықтық, ұлттық, адамзаттық деңгейге көтерген нағыз хас таланттар қашанда сирек болған. Міне, Сегіз Сері сондай өзгеше дарын иесі, серілердің серісі атанған ақиық, асқақ тұлға! Ақтөбелік ақсақал, тарих пәнінің оқытушысы, шектінің шежіре қариясы Бәдір Нұғыманұлы Сегіз Серіні өте жақсы көруші еді! Жер көкке сыйғызбай, аңқылдай әспеттеп, саңқылдай суреттейтін. - Баяғыда совет үкіметі мен компартия жан-жақты жарасымды дамыған жарқын тұлғаны қалыптастыру керек деген ұран көтеріп еді. Ал, ондай жетпіс өнерді меңгерген, жан-жақты жетілген жеке дара тұлғалар қазақ даласында бұрыннан болған. Солардың бірегейі осы Сегіз Сері! Адам баласының мүмкіндігінің қаншалықты екенін көрсететін, сан қырлы өнерді аса шебер меңгерген ақын, әнші, сазгер, жыршы, балуан, батыр, азаттық жолындағы күрескер

тұлғаның аңызға айналып, қазақ аспанында ұшып жүруінің өзі әрі заңды, әрі керемет құбылыс! Біз ендігі жас ұрпаққа Сегіз Серіні және сол сияқты даламыздың дара да дана тұлғаларын үлгі, өнеге ретінде оқытуымыз керек қой! Соған жете мән бермей, бөгет болып жүрген тағы өзіміз! – деп, жарқын-жарқын сөйлеуші еді жарықтық! Табиғаты ерекше, дарыны айрықша адамдарды озық елдер төбесіне көтеріп, тарих төріне шығарады, ұлттық мақтаныш тұтады. Ал, біз жан-жақты талантты Сегіз Сері атамызды не тарихымызға, не санамызға сыйғыза алмай әлек болып жүргеніміз біртүрлі ұяттау емес пе?! Өмірі мен өнері аңызға бергісіз, аңызы алысқа мегзейтін алып тұлғаны бүкіл қазақ елі болып ардақтайтын кезіміз әлдеқашан жеткен жоқ па?! Сегіз серіні тану, мұраларын зерттеу бүгінде қалыптасып, жолға салынғаны анық. Шығармаларын жинақтау, деректерді зерделеу, музыкалық мұрасын насихаттау қолға алынғаны құптарлық жәйт. Алайда, әлі де ашылмаған құпия, шешілмеген жұмбақ, күрделі мәселе көп. Соның ең бір қарама-қайшы екі жағына тоқталмай кете алмаймыз, өйткені, бұл әңгіме Сегіз Сері танушылардың да, танымаушылардың да алдында жардай болып жатып алатыны сөзсіз. Оны аттап та, айналып та өтемін десеңіз, ақиқаттан алшақтап кетесіз. Бірінші үлкен мәселе – Сегіз Серіні сүйетіндердің оған жөнжосықсыз, жеткілікті дәлелсіз көп нәрсені тели беруі. Яғни, бүгінде Сегіз Серінің мұрасы деп жүрген дүниелердің ішінде қоспалар аз емес. Ой жүгіртіп қарасақ, тарихи тұлғалардың қай-қайсына болсын, уақыт өте келе неше түрлі қоспалар жамала беретін жағдайлар баршылық. Тарихи тұлғалардың, әсіресе, кешегі кеңестік дәуірде өмір сүрген жандардың айналасындағы саяси саудалар, неше түрлі қитұрқылардың біразы ғылымға мәлім болса, біразы әлі жабулы қазан күйінде жабулы жатыр. Әрине, ол үшін тұлғаның жазығы жоқ, бірақ сол тұлғаны көтеру немес төмендету мақсатындағы саяси сұрқиялықтар мен қулық-сұмдықтар қандай жиіркенішті! Өткен тарихқа қатысты ондай келеңсіздіктерді ашып көрсетіп, түзетіп отыру парыз. Қолдан жасалған қосымшалар, өз мүддесіне сай «қисынға келтіріп жіберу, иіңкіреп жіберу, жалғаңқырап жіберу» сияқты ұсақ қулықтар бүгінде кәдімгі ғылыми стильге айналып кеткені ешкімге де құпия емес.Тіпті, пәтуаласып, келісіп, өткен тарихқа өкім шығара қою, өтірік кітап шығарып, кітап болғанда да құрап – сұрап толтырып, кірпіштей қылып қампайтып шығару, оны шындық деп жұртқа насихаттап, күштеп таңу, өтірік зират тауып, өтірік ескерткіш тұрғызу да белең алған құбылыс. Бұл – ұлтымыздың атына ұят

жағдай. Олардан арылуымыз керек, мейлінше аулақ болуымыз керек. Келер ұрпақ өтірікті кешірмейді! Сегіз Сері мұраларына да қолдан қосылған, үлкен ақындыққа лайық емес боркемік өлеңдер ешкімге де абырой әпермейді. Қайткенде оның мұрасын көбейтеміз деп, көрінген нәрсені қоса беру – қисынсыздық. Асылдың аты асыл, ол аз болса да қымбат екенін естен шығармайық! Және бір күмәнді нәрсе, барған жерінің, әсіресе, бүкіл батыс өлкесінің көптеген өлең, жырын, ән, күйін Сегіз Сері шығарған деп, жөн-жосықсыз қосып ала беру – ешқандай шындыққа да, әділеттілікке де сыймайды. Оларды сараптап, сыннан өткізіп, тағы да тексеріп, артығынан тазарту керек. Бірақ, сонымен бірге, нағыз асылды қоса лақтырып жібермейік, абай болайық! Мұны айтып отырғаным, Сегіз Серіні тарихта болмаған, қолдан жасалған аңыз ғана деп бұра тартушылар да бар. Тіпті, қаулы шығарып, уақыт қойнауынан тіріліп келіп, елімен табысқан тұлғаны жоққа шығарып, жойып жібергісі келгендер де болған. Сондағы ең басты уәждері – бір де бір архивте Сегіз Серінің аты жоқ! Ол туралы нақты тарихи документ жоқ – мыс! Осы бір қисынсыздық пен қисық түсінікке қаным қызып, кезінде аталарымызға, айрықша Сегіз Серіге арнап жазған «Аңыз бен архив және аспан» деген өлеңімді, сәл қысқартып, келтірудің орайы бар-ау! Ғалымдардың қай-қашанғы ұраны: “Ғылым-тарих архивтерден тұрады!” Біз теріске шығармаймыз архивті Зерттеулердің таптырмайтын құралы, Бір сұрақ бар мазалайтын бірақ та Документті кімдер, қалай құрады?!.. Дұшпан жазған дәкүментті дәлел ғып Атаң айтқан аңызыңды ұрады, Ал бірақ та даламыздың тарихы Архив емес, аңыз, жырдан тұрады, Қай қағазға сияр екен жазғанмен Ел қазақтың жүрегінің шуағы, Тар қапас пен тас құрсауда тұншығып Өткендердің өшіп кеткен шырағы?! Тас таңбадай зейінінің тарихы, Даладай кең пейілінің тарихы, Бар әлемді бауырына сыйдырған, Біздің тарих-мейірімнің тарихы!...

Бұл өмірдің бар мұраты ду ма екен? Шуылдақтар нені біліп қуды екен? Хатқа түскен тарих қана тарих та Қалған өмір желмен ұшқан бу ма екен?.. Басқыншының жер жарады дақпырты, Жаныңды жер бір тынбайтын жақ құрты, Тарихыңның тиянағы болмақ па Қанды қылыш әпесердің рапырты? Жоққа қалай шығарасың атаңды Болмады деп патша берген паспырты?! Ақиқат деп құлай берсек құжатқа Қиялымыз бара қоймас ұзаққа, Крес қоя салмақпыз ба канторда Аты-жөні тіркелмеген қазаққа? Тұнған тарих қасиетті даламыз, Ақ сүтімен бірге берген анамыз, Тарих қалай жазылады дегенге Тағы да бір ой жүгіртсін санаңыз, Аңыз, жырмен ұрпағына аманат Өз тарихын айтып кеткен бабамыз, Аяқ асты шаң-тозаңға алданбай Тарих десең-аспан жаққа қараңыз! Солай, бауырлар, орыстардың да, басқа жат жұрттардың да архивінде аталарымыздың аты болмаса болмай-ақ қойсын! Туған халқының есінде болса, жетіп жатқан жоқ па?! Сол сияқты, Сегіз Сері де қазақтың өзі жазған тарихында бар! Оны ешкім де жоққа шығара алмайды! Ата-тегі бар, артында ұрпағы бар, туып, өскен, жатқан жері Гүлтөбе Маманайы орнында тұрған адам қалайша жоқ болады?! Архивте аты жоқ деп, кім өз атасын жоққа шығарып жатыр екен?! Тағы бір қызық сұрақ, Сегіз Сері қанша өлең, ән, жыр шығарды екен? Оның көбі уақыт желімен бірге ұшып, тарих қойнауына мәңгіге кеткен. Біз ол мұраны ешқашан да түгендей алмаймыз, түгел біле алмаймыз! Уақыттың қатал заңы осы. Бірақ, асылдың сынығы да асыл деген, інжу-маржандай сақталған, бізге жеткен жауһарлары, гәуһар тастары айрықша бағалы деп білеміз. Сегіз сері қазақ халқының рухани әлемінде жарқырап жасай бермек!

Хорға қонған қоңыр қаз Біржан сал әндерінің концерті болады екен дегенде, елең ете қалдық. - Онда тұрған не бар, Біржан әндері елімізде күнде шырқалып жатқан жоқ па?! – дерсіз. Иә, Біржан салдың әндері бір жарым ғасырдан астам уақыт бойы үзбей айтылып келеді. Радиода, теледидарда, концерттерде, конкурс, фестивальдарда Біржан әндері ұдайы, күн сайын шырқалып, ұлтымыздың рухани байлығына айналды. Алайда, мына концерт шынында да ерекше концерт! Әуелі, бағдарламадағы ақпарат бойынша баяндасақ, Астана қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының камералық хоры (көркемдік жетекшісі және дирижеры – Гүлмира Құттыбадамова), «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы – (көркемдік жетекші Шолпан Қорғанбек) және жеке орындаушылар – ҚР еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышева, халықаралық байқаулардың лауреаты Данияр Мұқан мен Жақсыгелді Маясаров 2 ақпан күні Біржан салдың шығармашылығына арналған «Айбозым» концертін ұсынды. Концерт «Қазақстан» Орталық Концерт залының камералық залында өтті. Кеш бағдарламасында Біржан салдың «Бурылтай», «Жанбота» «Көкек», «Ғашығым», «Айтпай», «Ақ жорғажан», «Он саусақ», «Алқаракөк», «Жамбас сипар», «Бірлән», «Жонып алды», «Жалғыз арша» және «Теміртас» әндері орындалды. Өткен жылғы желтоқсан айында Елбасы жарлығымен Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданы Біржан сал ауданы болып аталды. Мына концерт те сол қуанышпен үндескен өнер шашуындай! Біржан сал әндерін қазақтың дарынды, даңқты әншілерінің қаншама буыны асқақтата салды десеңізші! Өзін қазақтың дәстүрлі әншілік өнерінің заңды өкілі санайтын өрелі әншілердің Біржанға соқпағаны, өз мүмкіндіктерін Біржан әндерімен сынап көрмегендері кемде-кем шығар. Абайды оқымаған кісі нағыз қазақ ақыны бола алмайтыны сияқты, Біржанды білмеген адам да нағыз қазақ әншісі бола алмайды. Бірақ, бір мезетте ұл-қызы аралас қырық әнші қосылып, хормен, ешқандай музыкалық аспаптың сүйемелдеуінсіз, әрқайсысы әр дауыспен айтқанын бірінші рет көрдік! Бас дирижер Гүлмира Құттыбадамованың түбі Біржан сал ауданы, Құдықағаш ауылынан. Әкесі Қази атақты дәрігер, хирург болды.

Атасы Салық молда Тілегенұлы дін қайраткері, емші, елге әйгілі әулие. Осындай текті атаның шөбересі Гүлмира өнер қайраткері болып қызмет атқарып келеді. Абыройлы. Ал мына концертінің орны тіпті бөлек! Оған халықтық дәстүрлі ән өнерін сүйетін қалың көрермен тік тұрып қол соқты! Жүрек жарды ақ тілектерін қалтқысыз ақтарып айтты. Серік Ибраев, профессор, медицина ғылымдарының докторы: Әр ән – бір-бір спектакль сияқты әсер етті! Қапаш Құлышева, әнші: Әуелде домбырамен ән салып тұрып, оны хормен қалай үндестіремін деп толқыдым. Қосылып айта келе, осыған байланып қалғандай болдым! Серік Тоқпанов, профессор, медицина ғылымдарының докторы : Хордағы дауыстардың бірі нәзік уілдеп, бірі күмбірлеп, үйлесім тауып жеткізген сиқырлы әуеннің жұмбақ сырларын айқын сезіне отырып, мен рухани ләззат алдым! Бұл үлкен еңбек, оны халқымызға кеңінен насихаттау керек! Көкшетауға, Біржан сал ауданына апарып қойса, тамаша болар еді! Серік Негимов, профессор, филология ғылымдарының докторы : Біржан сал текті елден, көрікті жерден шыққан тұлға! Арғы атасы Бертіс би, бергі атасы Қожағұлдың өзі бір-бір тарих! Біржанның әні, дауысы Көкшетаудың табиғатын көркейте түскендей! Ал, бүгінгі хордың жаңғыртқан әні байтақ даламыздың барлық қиырына жете беруіне тілектеспін! Марат Нәбиев, техника ғылымдарының кандидаты, кәсіпкер, меценат: Көп дауыстың үндесуінен Біржан әндерінің нәзік иірімдері, жаңа қырлары ашыла түскендей болды! Алған әсеріміз керемет! Баян Нәбиева, кәсіпкер: Дирижер Гүлмира Құттыбадамова бұл әндерді өз жан дүниесіне сіңіріп, жаңғыртып қайта тудырып отыр! Мұндай нағыз өнердің шығар биігі алда екеніне сенемін! Сапура Төлекова, ән кешіне бір топ мұғалімдерін бастап келген, ұлтжандылығымен танымал, Астана қаласы, 76-мектеплицейінің директоры: Халық композиторларының туындыларына жаңаша көзқарас танытқан камералық хор баршамызды тәнті етті. Бұқараға ұлт мұрасын дәріптеудің тың жолын көрсетті. Біржан салдың әндерімен қоса оның ізбасарларының әндерін де қалың көремен ыстық ықыласпен қабылдады. Қазақ әнінің құдіретіне сүйсіндік. Иә, көрермен рас айтады. Ақан серінің «Қараторғайы», Үкілі Ыбырайдың «Қалдырғаны», Жаяу Мұсаның «Ақ сисасы», Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішіндесі» хордың орындауында өзгеше әсерге бөледі. Біржанның әншілігі, ерекше дауысы да аңызға айналғаны шындық.

Бүркіттінің басынан шырқаған әні жаздың тұнық түндерінде он – он бес шақырым жердегі Степняк пен Намазғұлға дейін жетеді екен дейді ел. Ақан серінің өзі айтқан ғой: «Жердегі әнімен аспандағы құсты атып түсіретін Біржан ағамыздың даусына дауыс жетер ме екен!» Біржан атамыз бір әнінде: «Созады Біржан даусын қоңыр қаздай!» дейді. Қоңыр қаз дегенге, оның даусы қоңыр екен деп қалмаңыз! Қаз қоңыр болғанмен, даусы саңқылдаған ашық, өзге құстардан асқақ, өте биік болады! Біржан әндері – қазақ музыка әлеміне ерекше әсер еткен қуатты құбылыс. Оның шығармалары басқа өнер туындыларында да (кино, опера, драма, т.б.) кеңінен қолданылған. Әйгілі «БіржанСара» операсында Біржан әуендері тұнып тұр. Өткен ғасырдың 70-жылдары шыққан «Алые маки Иссыккуля» деген атақты қырғыз киносында Теміртас әнінің лейтмотив ретінде алынып, бас кейіпкер Қарабалтаның рөліндегі асқан дарынды әртіс һәм суретші Сүйменқұл Чоқморовтың үлкен толғаныс үстінде, қырғыздардың ортасында нақышына келтіре орындауы кезінде елеулі мәдени оқиға болды. Әртістің рөлді ойнап отырғанын, ал кадр сыртында әнді орындаған – академик Өмірзақ Айтбаев екенін кейін білдік. Сол кезде, 197080 жылдары Біржанның «Теміртасы» әдеби, мәдени ортада өте кең таралды. Жұрттың көбі толқығанда «Ал, дүние, өтеріңді біліп едім» – деп тебіренетін, қиналғанда «Бұл күнде арық қойдан бағам төмен!» – деп күңіренетін! Мына концерт те «Теміртаспен» аяқталды. Үкілі бөрік киіп, үкілі домбырасын күмбірлетіп, жеке шырқаған әншінің даусына үйреніп қалған халайыққа хормен айтылған «Теміртас» та ерекше әсер етті. Қазақтың ұл-қыздары аман болса, әлі де аталарымыздың әндерін ата жолымен, үлгі-үрдіспен шырқай береді деп сенеміз. Сонымен бірге, дәстүрлі өнерді түрлендіріп, жаңғырта берудің де жөні бар – ау! Сөз түйінін көрермен ортасында таудай болып отырған қазақтың ұлттық батырының жүрекжарды ақ тілегімен түйіндесек дейміз. Тоқтар Әубәкіров, қазақтың тұңғыш ғарышкері: Дәстүрлі қазақ әндерін камералық хордың орындауы – үлкен еңбек. Мен бүгін Біржан салдың әндерін тыңдағанда, ғарышқа қайта ұшқандай болдым! Бұл –қазақ мәдениетіндегі жаңалық! Даладай дархан, таудай заңғар Шыңғыс Айтматовтың есімін біз бала күнімізден естіп өстік. Қазақ тіліне аударылған «Тау мен дала хикаяларын» сүйсіне оқығанбыз. Ол кісінің Мұхтар Әуезовтен бата алғанын және небәрі 35 жасында

Кеңес Одағының ең жоғары сыйлығы болып саналатын Лениндік сыйлықты алғанын естігенбіз. Ең жоғарғы сыйлықты жас кезінде алу ол кездері мүмкін емес болатын. Сол сыйлықтың берілуіне Мұхтар Әуезов ағамыз себепкер болған деп, ел аңыз қылатын. Жазушының «Жәмила» атты алғашқы повесін сыншы Қалжан Нұрмаханов қазақ тіліне аударып, «Лениншіл жас» газетіне шығарды. Бұл шығарманы да оқыдық. Жалпы алғанда, Шыңғыс ағамыздың шығрмалары өте бөлекше. Онда мәңгілік тақырыптар және қырғыз халқының өмірі мен тағдыры баяндалады. Сонымен қатар қазақ даласының және қазақ азаматтарының тағдырын да қоса жырлаған. Мәселен «И дольше века длится день» шығармасын алсаңыз, қазақтың Сарыөзек деген жері туралы айтылады. Романның бас кейіпкері – Едіге қазақ болып келеді. Сөйтіп қазақ халқын осылайша жырлап, өмір бойы Мұхтар Әуезовке ризашылығын айтып өткен. Шыңғыс ағамыздың өзі бірде былай деген екен: «Мен өзім шетелдік іс-сапарларға шыққанда екі адамның есімін жиі ауызға аламын. Оның бірі – Манас болса, екіншісі – Мұхтар Әуезов». Жалпы Манасқа қатысты ол кісінің жасаған еңбектерінің жөні бір бөлек. Бір кездесуде мен ол кісінің өз аузынан естіген мына сөзі есіме түсіп отыр. 1952 жылы орталық тарапынан «Манас жыры – ескіліктің сарқыншағы, феодалистік, пантюркистік сарындағы шығарма, советтік идеологияға жат дүние!» деген айып тағылып, қырғыз халқының басына қара түнек төнеді. Сол уақытта Бішкекте үлкен жиын болады. Сол жиында М.Әуезов сөйлеп, «Манастың» халықтық тарихи жыр екенін дәлелдеп, оның біріккен тұтас нұсқасын жасайық деген ұсыныс айтқан екен. Сондағы ойы қырғыз әдебиетінің асыл қазынасын кеңестік идеологиялық қысымнан аман алып қалу екен. Бүкіл қырғыз халқы сол кезде Мұхтар Әуезовке аса зор ризашылығын білдіріпті. Осы оқиғаның ізімен мен «Манас пен Мұхтар Әуезов» деген поэма жаздым. Шыңғыс ағамыз тіл мен мәдениеттің үлкен тұлғасы. Қырғыз халқының жазушысы деп саналғанымен, қазақтың да мақтанышы екенін айта кеткеніміз жөн. Шыңғыс ағамыздың әкесі Төреқұлдың шешесі қазақтың қызы. Қай жағынан келсек те, Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов бауырлас қос халықтың ірі тұлғалары болып саналады. Мен Шыңғыс ағамыздың көзін көрдім. 1980 – ші жылдары Қазақстан Жазушылар одағындағы бір үлкен жиынға қатысып, сөз сөйледі. Бір жазушылар: «Көркем шығарма қалай жазылады?» – деп, біртүрлілеу сұрақ қойды. Ол кісі байсалды, сабырлы қалпынан

жазбай: «Оны мен де білмеймін!» – деді. Арғы жағында терең сыр жатыр емес пе! 1995 жылы Алматыда, Қазақстан Ғылым академиясында қазаққырғыз зиялы қауымы мен ғалымдары бас қосып, теңдессіз, телегей теңіз «Манас» эпосының мың жылдығына арналған Халықаралық ғылыми конференция өтті. Ғылыми баяндамалардың арасында сөз маған беріліп, мен «Манас батырдың Көкетайдың асына келуін» айттым. Шыңғыс ағамыз жыр аяқталған соң менің қолымды алып: «Саған шоң рахмет!» – деді. Кейіннен естідім, жырдың қызған кезінде, жанында отырған Зейнолла Қабдолов ағамыздан: «Бұл кісі қазақ па, қырғыз ба?!» – деп сұрапты. Соңғы рет мен Шыңғыс ағаны 2006 жылы Бішкекте өткен Әлем халықтары эпостарының Бірінші дүниежүзілік фестивалінде көрдім. Ол кісі жиынның модераторы болды. «Слово и небо» деп аталған толғаулы сөзін сөйледі. Бішкектің орталық алаңында, қалың қырғыздың алдында мен «Манас» жырын айттым. Сонда, Шыңғыс Айтматов Сейіт Қасқабасовтан: «Бұл кісі шынымен қазақ па?» деп сұрапты. Ағамыз сол кезде де маған ризашылығын білдірді. Бірге суретке де түсіп едік, түбі бір табылып қалар. Мен ол кісіні байсалды, мол жаратылған, даладай дархан, таудай заңғар қалпында есімде сақтап қалдым. Кейіннен Бішкекке жол түскенде, Ата бейіттегі зиратына барып, құран оқыдым... Парызын адал өтеген... Жетпісінші жылдардың бас кезінде «Жұлдыз» журналының сын бөліміне, Сағат Әшімбаевқа мақала апарғаным есімде. Соның қателерін түзетіп отырғанмын. Мұқаң, Мұқағали Мақатаев кіріп келді. Қажыған. Жанары шаршаңқы. Мәскеудегі оқуын тастап келген кезі екен. Ұшып тұрып, сәлем бердім. Қолымды алып: – Қайда оқисың? – деп сұрады. – КазГУ-де, филфакта, – дедім. – Ә-ә, оқи бер! – деді. Бір қызығы, жасы кіші Сағат аға Мұқағали ағамен тең дәрежеде сөйлесіп, әдеби, адамшылық әңгіменің арнасын кеңейтіп жіберді. Біраздан соң Әбділда Тәжібаевтың сол күндерде «Лениншіл жасқа» шыққан интервьюін көрсетті. – Мында сіз туралы да айтыпты! – Не депті? Ұлы ақын деп пе?! – деді Мұқаң. Сағат аға газеттен Әбекеңнің Мұқаң туралы әрі қимай, әрі

ренжіңкіреп айтқан қысқа сөзін оқып берді. Таудай Мұқаң үнсіз тыңдап, сәл теңселіп тұрды да: – Қарау шал... сыраға ақша бермей ме?.. – деп, бұрылып шығып кете барды... Сағат ағамыз Мұқаң туралы, ақындар мен әдебиет туралы сырлы әңгімелер айтты. Әдетінше, шабыттанып, сөзді түйдек-түйдегімен төгіп-төгіп жіберіп, арасында кілт тоқтай қалып, шекесін саусағымен тіреп отырып, екінші бір ойды қозғай жөнеледі. Қызық еді, терең, жүйрік еді. Мен ол кісімен ең алғаш осы «Жұлдыз» журналының редакциясында танысып едім. Онда шешендік сөздер туралы зерттеу мақаламды алып келгенмін. Бізге үлкен кісі болып көрінетін, аты белгілі сыншы ағамыз сол кезде жиырма алты жаста ғана екен-ау! Мақаламды аударып-төңкеріп, шолып шығып: – Шешендік сөздерді зерттеп жүргенің жақсы екен! Алайда, бізге қазір бүгінгі әдебиет жайлы сын мақалалар керек. Әуелі, бірер рецензиялар жазып көрсең қайтеді? – деді. Мен мақұл көрдім. Ол кісі маған бір жаңа кітапты атап, осыны тауып ал да, талдап жазып әкел деді. Сөйтіп, мен рецензия, әдеби сын мақалалар жаза бастадым. Кейіннен, үшінші курста ол кісі бізге сабақ берді. Ағылып сөйлегенде қиядағыны шолып, қиырды шарлап кететін. Қазақтан бастап, орыс әдебиетіне ойысып, одан әрі әлем әдебиетінің арғыбергі таңғажайып үлгілерін саралап шығатын. Сол кездегі жаңа ағымдармен, әсіресе, советтік идеология теріс бағалап, жат санаған күрделі, қайшылықты дүниелермен таныстыратын бізді. – Әй, оларда склад мышления басқа ғой! Оларды оқып, білу керек қой! – дейтін қызбаланып, әлденеге кіжініп. Өзінің де ойлау жүйесі өзгеше, эрудициясы ерекше болатын. Біз үшін бір жаңа ағым, жаңа құбылыс еді. Студенттер қарапайым, бауырмал ұстаздың маңына үйіріліп, жақсы көретін. Жарықтық, жанып тұрған от еді, жанының жарық сәулесі жазған еңбектері арқылы алдағы ұрпақ санасына түсіп тұрады деп ойлаймын. Біз оқу бітіретін жылы Сағат Әшімбаев «Жұлдыз» журналынан «Лениншіл жас» газетіне редактордың орынбасары болып жұмысқа ауысты. Ол кезде «Лениншіл жастың» таралымы мол, беделі зор болатын. Нағыз халықтық газетке өлең, әңгімелері, мақалалары шыққан адам – ерекше құрметке ие болып, көптің аузына ілініп, санатқа кіретін. Бесінші курсты бітіретін жылы менің де қазақ әдебиетіндегі детективтік шығармалар туралы бір әдеби сын мақалам – «Детектив дидары» деген атпен көл-көсір болып шыға келді! Оны жариялаған ұстазым, редактордың орынбасары Сағат

Әшімбаев ағамыз! Алшайып атқа мінгендей болып қалдым! Сол жылы оқу бітіргесін, ол кісі мені «Лениншіл жасқа» қызметке алды. Бала күнімнен аңыздай көрген аяулы газетімнің дыраудай тілшісі болу дегенің өмірімдегі керемет оқиғалардың бірі! Келген бетте Қасым Аманжоловтың «Өзім туралысы» мен Мұқағали Мақатаевтың «Реквиемін» сабақтастыра қараған көлемді мақаламды өз қолымен жариялағаны да айрықша есімде. Газетте істеп жүрген кезде бірнеше рет Сағат ағаның үйінде де болып, Шәрбәну тәтеміздің қолынан дәм татып, ұстаз ағаның шалқар әңгімесін тыңдадым. Ол кісінің кітапханасы керемет бай еді, бірнеше мың кітаптар – әлем, орыс, қазақ әдебиетінің озық үлгіліері сап түзеп, санаңа қозғау салып, самсап тұратын. - Біздің әдебиет мықты ма, сіздің әдебиет мықты ма? – деп орыс пен қазақ жазушысы пікір таластырған көрінеді, – деген еді бірде. – Біз мықтымыз, – дейді орыс жазушысы. Сонда қазақ жазушысы: Сендер барлық жақсыларыңды жалғанға жариялап мықты болып жүрсіңдер, ал біз бар асылдарымызды жауып тастасақ та мықты болып отырмыз! – депті. Жарықтық, Алаш арыстары туралы әңгіме қозғап, ұзағынан толғайтын. Ақындармен, әдебиетшілермен кездесіп қалғанда, маған «Батыр Баянды» оқытатын. Тіпті, студент күнімде, марқұм Жарасқан Әбдірашев бар, бір топ ақынды университеттің төртінші корпусының алдында, талтүсте, жапырағы жайқалған теректің түбінде тобымен тұрғызып қойып: - Ал, ақындар, тыңдаңдар Мағжанды! – деп, маған «Батыр Баянды» жатқа айтқызып еді. Ол кісі туралы сөз болғанда, осы күні «Парыз бен қарыз» телехабарлар циклы алдымен ауызға ілінеді. Сол хабарларда қозғалған ойларды ағамыз оған дейін де ауызекі айтып жүретін. Ондағы асыл ойлары жазған кітаптарының беттерінде інжу-маржандай шашылып жатыр. Сүзіп ала білгенге қат-қабат қазына! Сағат Әшімбаевтың бүкіл саналы ғұмыры, бар шығармашылығы туған халқының алдындағы парызын сезініп, қарызын өтеуге арналған! Р.S. Таяуда «Егемен Қазақстаннан» Бағашар Тұрсынбайұлының «Әшімбаев формуласы» деген жақсы мақаласын оқыдым. Сонда, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде Сағат Әшімбаевтың қандай қысым көргенін жазыпты. Жарықтық ұстазымыз өз кеңсесінің терезесінен алаңдағы оқиғаны телекамераға түсіртіп алып, пленканың бәрін тықтырып тастаған деген әңгіме сол кездерде-ақ

ақын-жазушылардың, журналистердің арасында таралып кеткен болатын. Сол сақталып қалған бейнекөріністер кейіннен тарихи маңызды дерекке айналған. Енді мақаланың мына бір тұсына назар аударайық: «Тура сол қысылтаяң шақта Сағат Әшімбаевтың басына төнген қауіптен біреу қорғаса, біреу қуанды. Сағат өзі сәт-сапар тілеп, қолдау көрсеткен екі інісі «Парыз бен қарыз» хабарынан кейін үстінен арыз жазып, жоғарыға шағымданыпты. Онсыз да қайтақайта Орталық комитеттің жиналысына түсіп жүрген Әшімбаев үшін бұл оңай соққы болмағаны анық. Осы оқиғаны айтқан Болат Қазиев ол «інілерінің» атын атамауды жөн көріпті. Көлбай Адырбекұлы да қазбаламапты. Бізге де керегі шамалы. Әйтеуір, олар­дың есімін жақсы білетін жанның барын білемін. Ең алдымен, ұстаз алдында, ұлт алдында қарабет болу тіпті «оңай» екенін есте сақтауға жақсы. Сағат Әшім­баевты «Алашорданың көзқарасын насихаттаушы», «ұлтын әсіре көтермелеуші» деп қудалап (жо­ ғарыдағы арыз негізінде), біраз әурелеген. «Алтын қордағы» «Бес ғасыр жырлайды» хабарының бі­разын ұлтшылдықтың сарыны бар деп қырқып тастапты. Содан жиналыстан-жиналыс, тергеудентергеу болып, әбден қалжыратқан. Бірақ оған бола жеңіле салған Сағат болмапты.» Осы жайында таратып жазған Болат Қазиевтың да мақаласын ертеректе бір жинақтан оқығаным бар еді, қай жинақ екені қазір есте жоқ. Бұл жерде «ұлтын әсіре көтермелеуші» деп қудалау көрген ұстазым Сағат ағамен мені тағдырдың тағы бір түйістіріп өткені жүрек толқытады. Ұлтшылдықтың сарыны бар деп, біразы қырқылып тасталған Алтын қордағы төрт бөлімнен тұратын үш сағаттық «Бес ғасыр жырлайды» – менің авторлық хабарым болатын! Оның сценарийшісі де, жүргізушісі де, тіпті, ішіндегі жыршыларының бірі де мен едім! Әйгілі үш томдық «Бес ғасыр жырлайды» кітабы жарыққа шыққанда, сондағы ескі жырларды қазіргі жыршы-жырауларға қайта жаңғыртып жырлатып, теледидар арқылы халыққа насихаттсақ, сөйтіп ұлтымыздың рухын көтеруге кішкентай болса да үлес қоссақ деген ниетпен түсіріп, шығарып едік. Оған қазақ даласының түкпіртүкпірінен қаншама жыршы-жыраулар қатысып, шалқыта жырлап еді. Үлкен ғалым, ақын, жазушылар тебірене сөйлеп, елдік пен ерлік жырларының сырына үңіліп, қалың көпшілікке таралып жатқанына қуанған болатын. Енді, міне, жоғарыдағы деректерді оқығанда, кешегі Желтоқсанда балаларымызбен бірге бабаларымыздың рухы да азаттық күресіне шыққан екен-ау, қазағым, халқым деп еңіреген ер Сағат ағамыздың жанында болған екен-ау деп, толқығанымды

жасыра алмаймын.
Ел үшін жасалған жақсы істің бәріне риясыз қуанып, құлшына
қолдайтын керемет рухани қасиеттің иесі, жарықтық ұстаз ағамыз
жаны қысылып, тағдыры қыл үстінде тұрған кезде де, өзіне айып

болып тағылған «Бес ғасыр жырлайдыны» бүкіл қазаққа қайта
жырлатқаным үшін маған ренжімеген шығар-ау! Ішінен тіпті мендей
тентек шәкіртіне риза болып, бір марқайып қалды ма екен?! Кім
білсін...

2016-2017ж.
Асқар Тоқпанов
Асқар Тоқпанов ағамыздың бірер лекциясына қатысқаным есімде.
Көркем сөз оқу туралы болды-ау деймін.

Кейін де көріп жүрдік. Бір жолғы бір ауыз сөзі есімде қалыпты.

- Саурық батыр, Андас би мен Құртқа тәуіп бірге келе жатып,

ақын Сүйінбайға кездесіп қалады. Сонда:

- Қане, Сүйінбай, осы үшеумізді бір ауыз өлеңге сыйғызып айтшы!

– деседі.

Сүйінбай табан астында:

- Қазақтың бас тәуібі Құртқа болар,

Андастың айтқан сөзі нұсқа болар,
Атадан асып туған Саурық батыр,
Қазақ пенен қырғызға тұтқа болар! – деген екен.
Құртқа тәуіп заманында атақты емші болыпты, жүз жиырма жыл

жасаған екен!
Асекең: «Қазақта ең ауыр сөз көргенсіз деген сөз!» – дейтін.
Қабылиса – Қабан жырауды, Ескелді, Балпық билерді де ерекше
құрметтеп атайтын.

Асекеңнің қолындағы таяғының өзі қызық десетін көргендер.
Біреулермен ерегесеп, сөз аяғы төбелеске тақағанда, таяғының
сабын бұраңқырап жіберіп, суырып алады екен. Сөйтсе, таяғы
қынап, ал ішінде кәдімгі болат шпага бар екен! Зуылдата сермеп-

сермеп жібергенде, семсердің ысқырған даусынан-ақ әлгі Асекеңмен
жанжалдасып тұрған «жаугерлердің» жүні жығылып, заматта
жуасып, аяғы өкпе-назды жуысумен тарайды екен.
Қызық адам еді ғой, жарықтық Асекең!

15.12.2017ж.

Жақыпбеков Жақыпбеков деген фамилияны өткен ғасырдың 70-жылдары естіп, білдік. Себебі, ол кісінің зайыбы Үміт біздің Абай мектебінде мұғалім болып жұмыс істеді. Сонда жап-жас мұғалиманы жұрт сыртынан «Жақыпбековтың әйелі!» десетін, кәдімгідей мән беріп. Ал, Жақыпбеков біздің Еңбекшілдер ауданында комсомолдың бірінші хатшысы екен. Бала күніміз, бізге хатшы ма, атшы ма – бәрі бір. Әйтеуір жақсы болса болды. Міне, сол кезде: «Ана мектепке Жақыпбеков келіпті! Мына жиында Жақыпбеков сөйлепті! Өйтіңдер депті, бүйтіңдер депті! Ананы өкіртіпті, мынаны мақтапты! »- деген хабарлар дүңк-дүңк естіліп, біздің мектепте Жақыпбеков деген сөз аупарткомның бірінші хатшысы, арыстандай Алпысбай Жақыповтан кейін көп айтылып жүретін. Жақыпов пен Жақыпбеков, бірі партияның, бірі комсомолдың аудандық комитетін басқарды. Жақыпов, Жақыпбеков жадымызда жатталып қалғаны да осылай ұйқасып тұрғанынан болса керек. Әйтпесе, мектеп оқушысы мен Амангелді Жақыпбековпен жүздесіп, таныспақ түгілі, тіпті сыртынан көрген де емеспін. Әлқисса, содан арада біраз жылдар өтті. Жаңылмасам, 1985 жылы болуы керек, Алматыда республикалық телевизиялық айтыстар өтті. Әр облыс жеке – жеке команда болып қатысып, бір-бірімен сайысқа түсті. Онда айтыстың түр-түрі қамтылып, әрі арасына жыр-терме қосылып, сегіз өнерпаздан құралған командалар бір қызық тамаша өнер мерекесін жасап еді. Біздің Көкшетау облысының командасы Торғай облысының командасымен жарысқа түсетін болды. Мен ол кезде «Жұлдыз» журналында қызмет істеймін әрі республикалық қазақ теледидарында «Халық қазынасы» бағдарламасын жүргіземін. Әр облыстан келген өнерпаз жыршы-термешілерді айтыстан бөлек жеке хабарға жазып аламын. Сонымен, еліміздің өнерпаздары келіп жатқан соң, ақын ініміз Ерік Асқаров екеуміз жанымыз қалмай алдарынан шығып, жандарында жүрдік. Міне, сонда Амангелді Жақыпбеков ағамызбен алғаш рет жүздесіп, танысып, білісіп едік. Ол кісі облыстық мәдениет басқармасын басқарады. Көкше өнерпаздарын ұйымдастырып, сол кездегі жалпақ тілмен айтқанда, «партия мен үкіметтің тапсырмасымен басқарып», айтысқа алып келген екен. Асқар таудай Көкен Шәкеев ағамызбен бірге Кәрім Ілиясов, Иран Ильяшев, Жұмабай Есекеев, Сайран Мағзұмов, Бисара Мәкенова, Күләш Рахымжанова, Құдайберлі Мырзабеков, мәдениет қызметкері Күміс Біләлова сынды Көкшенің кереметтері келгенде, бүкіл ел көшіп келгендей қуанып едік. Сол сапардан кейін Амангелді

ағамызбен сөзіміз жарасып, сыйласып кеттік. Арада біраз жылдар өткен соң, мен Алматыдан елге көшіп келдім. Сол кездерде Амангелді Бәйкенұлымен жиірек кездесіп жүрдік. Бір жолы біздің ауданға ақын ағамыз Қадыр Мырзалиевпен бірге келді. Ол кезде Әбекең облыс әкімінің орынбасары болып қызмет істейтін. Аудан әкім Қызыр Жұмабаев бастаған аудан азаматтары қадірлі қонақты құрметтеп қарсы алып, кездесу өткізіп, әңгіме-дүкен құрғанымыз есімде. Амангелді ағамызбен азды-көпті сөйлесіп, пікір алысып жүргенде байқағанымол кісі білуге құмар болатын. Арғы-бергіні түгендеп, іздеп, ой жүгіртіп тұратын. Көкшенің жерін сүйетін, туған елдің тарихын білген үстіне біле түссем дейтін. Тұлғалы, өнер мен мәдениетке, елдік мұраттарға жақын азамат болатын. Бір жылы Естай Мырзахметов ағамыз бастап, бір топ көкшелік азаматтар облыстық филармонияға Рамазан Елебаевтың атын беру жөнінде мәселе көтеріп, облыс әкіміне хат жазды. Оған мен де қол қойып, қолдадым. Қолдағанда, Есағаң мені алға ұстап: «Майданда қыршын кеткен, «Жас қазақ» әні қазақ жауынгерлерінің гимні болған аяулы атаңнын аты үшін күрес!» – деп, майданға салды да жіберді. Сонда саяси технология деген бәлемен бетпе-бет келіп көрдім. Айта берсек, ол көп әңгіме, ескі сөзді қозғап, ел ішінде дау-дамай тудырып керегі не? Тоқ етері, Рамазан Елебаев есімі филармонияға берілмейтін болды да, соның ызасымен мен «Жас қазақ» деген пьеса жазып, кітабыма енгіздім, «Көкшетау» журналы жариялады. Ал, сол күндерде Амангелді Бәйкенұлы Рамазан Елебаев есімін есте қалдыру мәселесіне ерекше белсене араласып, бізді қолдады. Ұмытпасам, тіл басқармасын басқарып жүрген кезі. Мен сонда ол кісінің саяси билік сферасында әбден пісіп жетілген, су асты ағыстарын жақсы білетін тәжірибелі қызметкер екенін байқадым. Ол кісінің қолдауы, орынды пікірлері бізге кәдімгідей ой салып еді. Сонымен, Рамазан Елебаевқа қатысты әңгімелесіп болған соң, мен кете бергенде: - Баянғали, мені машинаңмен бір жерге жеткізіп саласың ба? Шопыр сұранып кетіп еді!-деді. - Е-е, жүріңіз, аға! Мәдениеттің машинасына мың рет мінгенде, бір рет апарып салмайтын не бопты? – деп, әзілдесіп, тартып кетттік. Әбекең көңілденіп, әңгіме айтып отырып, біраз жүргесін бір көшеден бұрғызды, бірақ баратын жерін таппай қалды. Сөйтсек, жаңылысып басқа жаққа шығып кеткен екен. Жолды қайта іздеп тапты. - Сенен ұят болды-ау! – деп, кәдімгідей ыңғайсызданып қалды.

- Аға, қысылмаңыз! Тал түсте адасу бастықтарға тән нәрсе ғой! – дедім әзілдеп. Көздерін жұмып алып, қарқылдап тұрып әбден күлді. Күлсе шындап, қатты күлуші еді ғой, амандасқанда да қолды қатты қысатын. Егесте кеткен есеміз қайтқандай, қосыла күліп, қош айтыстық. Рахметін жаудырып қала берді. Соңғы кездесуіміз екен-ау!... 21 сәуір, 2017ж. Астана. Қайырбек ағайдың қайсарлығы Қайырбек Оспанов ағамыз Көкше өңірінің, әсіресе, біздің Еңбекшілдер ауданының айтулы азаматы еді. Абай атындағы қазақ орта мектебі жабылып қала жаздаған кездер де болған. Сонда мектепті жабылудан аман сақтап қалуға ат салысқан азаматтардың ішінде шешуші рөл атқарған осы Қайырбек Оспанов десіп, еліміз әлі күнге аңыз қылады. Біздің бала күнімізде Абай атындағы қазақ орта мектебінің ел ішіндегі атақ-даңқы зор болатын. Әр кластың өзі а, б деген сияқты, бірнешеуден болатын. Бүкіл Еңбекшілдер ауданының балалары сегізжылдықты бітірген соң, аудан орталығы Степняк қаласындағы жалғыз қазақ орта мектебіне сай-саладан құйылғандай ауыл-ауылдан жиналатын. Ол кездің оқушылары да бізге, өзіміз кішкентай бала болған соң ба, дөкей-дөкей, көп болып көрінетін. Мұғалімдері де аңыздың адамдары сияқты еді. 1969 жылы Степняктағы Бірінші Май сегізжылдық мектебін бітіргеннен кейін, біз де Абай мектебіне келдік. Сол кездегі ескі мектеп бізге оттай ыстық көрінеді. Иісі бөлек, аурасының өзі қандай керемет еді! Баяғы қазақылықпен байланысып жатқан бір құпия бар сияқты сезілетін. Әлі күнге сол мектепті бекер бұзды-ау деп ойлаймын! Қайыржан Көпенова апай Абай мектебінде қазақ әдебиетінен сабақ берді. КазГУ-де Тұрсынбек Кәкішевпен бірге оқыпты. Үміт Есімсейітова апай химия пәнінен сабақ берді, әрі екі жыл біздің класс жетекшіміз болды. Математик Әбдуов Рамазан, географ Әбдікәрімова Майра, тарихшы Ниязова Күлбарам, физик Ахметов Досымбек, директор Сұлтанов Әндіржан және басқа да мұғалімдеріміздің әрқайсысы бір-бір тұлға, ірі адамдар еді. Көктемдей көңілді көрінген, Көзінен мейірі төгілген, Мың алғыс өзіңе, мұғалім,

Мектепке мәңгілік берілген, Мұғалім, мұғалім, мұғалім! Бірақ, біз оқып жүрген кезде, Қайырбек ағайдың қайда қызмет істегенін білмейтінбіз, тіпті, аты-жөнін де естіген емеспіз. Білетініміз Майра апай болды. Қайырбек ағайдың зайыбы Майра Әбдікәрімова апай бізге география пәнінен сабақ берді. Ол кісі аға-апаларымызды оқытқан, ұзақ жылдар мұғалім болып істеген тәжірибелі, беделді кісі болатын. Түр-тұлғасы да келіскен, келбетті, айбынды апайымыз мектеп өмірінің алдыңғы шебінде жүретін, дау-дамайлы оқиғалардың тұсында атойлап алға шығатын. Ал, Қайырбек ағаймен біздің танысып, білісіп, жақынырақ араласқан кезіміз – біз елге көшіп келген кез. 1987-98 жылдар. Бұл кезде ағай Абай мектебінде директор болатын. Сөйлесе келе сыйласып, араласып кеттік. Ол кісі өткір, зерделі жан еді, елдің өткен-кеткенін түгендеп жүретін, тарихтан да хабары мол болатын. Нағыздың өзі дейтін ел азаматы, жазулы хатпен тең, дария тектес қариясы еді. Кейіннен ел шежіресін жинақтап, бірнеше кітап шығарды, зайыбы Майра апайымыз екеуі ел тарихына елеңдеп, Еңбекшілдер ауданының, алтынды қала Степняктың тарихын түгендеп, іздеп жүретін. Әсіресе, ана тілі, ұрпақ тәрбиесіне қатысты жиындарда жиі сөйлеп, жат пиғылдарға қарсы қаймықпай айбат шегіп, қайрат көрсететін. Менің апам Сұлушаштың айтқан әңгімесі құлағымда. Сұлушаш 1951 жылы туған, 1968 жылы Абай мектебін бітіріп, Көкшетауға, пединститутқа, физматқа оқуға түсті. Оны бітіріп келген соң сол Абай мектебіне жұмысқа тұрды да, сол жерден пенсияға бір-ақ шықты. - Қайырбек ағай директор болып тұрған кезде, бір жылдары біздің мектеп жабылуға айналды. Жұрттың бәрі балаларын орыс мектебіне беретін болды. Бастауыш кластарда оқитын бала саны толмай қалды. Әне жабылады, міне жабылады деген үрей билей бастады. Сол кезде Қайырбек ағай қатты қайраттанды. Бармаған жері, баспаған тауы жоқ, жоғарыдағы басшылардың бәріне түсіндіріп, кейбіреуімен қызылкеңірдек болып дауласып жүріп, билік тарапынан төнген қауіптің бетін қайтарғандай болды. Ол кісі қазақ тілі дегенде жанып кететін. Бет-жүзі қызарып, дауысы саңқылдап, қыза-қыза келгенде қаны қайнап, күре тамыры білеулене шығып : «Мен тұрғанда Абай мектебі жабылмайды! Жаба алмайсыңдар! Осыдан жауып көріңдер! Через мой труп!» -деп, қиқылдап, телефонды лақтырып тастайтын. Бірақ, мектепте оқитын бала болмаса, жабылмағанда қайтеді?! Міне, сонда ағайдың өзі бас болып, бәріміз үй-үйді аралап үгіт-насихат жүргізіп, мектепке бала жинадық. Өз қазағымызды өзіміз өз баласын өз жерінде өз ана тілінде оқытуға кейде әрең-әрең көндіріп, көбінесе

көндіре алмай, жігеріміз құм болып, жерге қараған кездеріміз аз емес. Амалың қанша, заманның ағымы солай болды. Ертең мектеп бітірген соң, жоғарғы оқу орындарында оқу орысша, қызмет, жұмыс орысша, қазақ тілінің керегі жоқ деген саясаттың салқыны ғой. Тіпті, кейде бір кластың тағдыры бір балаға қарап қалған кездер де болды. Егер де баланың саны толмаса, орыс тілді бастықтар қуана-қуана қазақ мектебін жаба салып, басты қатырған бір проблемадан оп-оңай құтылар еді. Міне, сондай тар кезең, тайғақ кешуде Қайырбек ағай табандылық танытып, ана тіліміз үшін, аудандағы жалғыз қазақ орта мектебі үшін аянбай айқасты. Ол кісі сөзі өтетін, өзін сыйлайтын азаматтардың, ағайын-туыс, құда –құдандалдың есігіне барып, бір баласын қазақ мектебіне беруге көндіріп келетін. Тіпті, көне қоймаған ағайынға қаны қайнағанда: «Әй, бір бала өліп те қалады ғой, қазақ мектебінен аяйсың ба?! «- деп, өлердегі сөзін айтып, алып келген кездері де болған! Сөйтіп, тағдыры қыл үстінде тұрған қазақ мектебі тағы бір жылға аман қалатын! Осылай қалт-құлт етіп жүріп, аман-есен тәуелсіздік заманына да жеттік. Ана тіліміз мемлекеттік тіл болып, жастардың беті оңға бұрылып, мектебіміздің оқушылары көбеюге айналды! Енді еліміздегі Абай мектебі өркендей береді деген сенімдеміз! Қайырбек Оспановтың басқа-басқа, ана тілі дегенде, қазақ мектебі дегенде қажымас күрескерлікпен қасқырдай қарысып қалған қайтпас қайсарлығы қандай да болсын құрметке лайық. Әрі барша қазақ баласына өшпес өнеге! Қайырбек ағамыз бен Майра апайымыздың айтқан бір қызық әңгімесі есімде. Жас күндерінде бір тойға, құдалыққа барса керек. Әбден шырқап, түнімен тойлайды. Таңертең шаршап-шалдығып, ұйқысын аша алмай жатқан апайға : - Тұр, сиырды сау! Мал өретін уақыт болды! – дейді Қайрекең. - Қораға баратын хал жоқ! Өзің табынға қоса сал! – дейді Майрекең. - Саумай қалай жібереміз? Желіні сыздап, кешке дейін обал болады ғой! – дейді Қайрекең. - Немене, сиырға обал болғанда, маған обал емес пе? Басымды көтере алмай жатсам... – дейді Майрекең, сиырға жаның ашығанда, маған неге ашымайды дегендей өкпелеп. - Сауу керек сиырды! – деп нығарлай бастайды айтқанын істетіп үйренген директор. - Олай болса, сиырды осында алып кел! Сауып берейін! – дейді, апай да өз айтқанынан қайтпай. Келісімге қол жеткен соң, не тұрыс, Қайырбек ағай сиырды жетектеп үйге алып келеді. Майра апай төсекте отырып сауып

береді! Сөйтіп, ағамыз табынға қосады апарып! Үлкен кісілердің жастық кездегі қызық әңгімесіне әбден күліп едік! «Керейдің қызы кергісе, күйеуіне сиырды спальныйға алдырып сауады ғой!» – деп, Қайрекеңді қалжыңмен қажап та қоюшы едік. Бір жолы аудандағы бір жиынға келіп, сөйлеуге тиісті еді, келмей қалды. «Тығыз жұмыспен Көкшетауға шақыртып, сонда кеттім!» – деп сәлем айтыпты. Кейіннен, ол күні көліктің реті болмай, Көкшетауға да бара алмай қалғанын естіп қалдық. Көп ұзамай, Абай мектебінде менімен кездесу болды. Сонда сөз арасында Абай мектебін, ана тілін жырлап келіп, бүкіл мұғалімдер мен оқушылардың алдында: Мектеп жайын қайткенде жайлы етемін, , Деп жортқан жолы қиыр Қайрекеңнің, Жапқызбай сақтап қалған бұл мектепті, Білеміз Қайрекеңнің ойлы екенін, Жиынға келмей қалды өткен жолы, Кім білсін, Қайрекеңнің қайда екенін, Ақыры, Көкшеге де бармай қалып, Жанында жатқан екен Майрекеңнің!- деп әзілдеп едім. Қайырбек ағай әдетінше шашын артқа сілкіп тастап, қып-қызыл боп рахаттана бір күліп еді – ау! Осы күні ойлап отырсам, ол да бір қайталанбас дәурен екен ғой! Жарықтық Қайырбек ағамыз сексен алты жасында өмірден озды. Апаймен алпыс жылға жуық отасып, немере, шөбере сүйіп өтті. Артында жазған кітаптары, із, белгі қалды. Абай мектебі қалды. Аңыз болып ерлігі қалды! 17-24 мамыр. 2017жыл. Берлин сапары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт Министрлігінің қолдауымен, Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасы ұйымдастырған «Жаһандық әлемдегі замануи Қазақстан» атты Қазақстан мәдениеті мен әдебиетінің Халықаралық форумы Германияның астанасы Берлин қаласында биік деңгейде өтті. 14 қараша күні қазақ елшілігінде болдық, елші Болат Нүсіпов және елшілік қызметкерлерімен кездестік. Елшінің әңгімесінен бір түйгеніміз – елшіліктің тікелей араласуымен қазақ кітаптарын неміс тіліне аудару ісі жанданып келеді екен. Күні бүгінге дейін жиырма бес кітап аударылыпты. Бұған қалай риза болмайсың! Германияның ең үлкен, 13 этажды, 11 миллион кітап қоры, жүздеген жыл тарихы бар ең үлкен, ежелгі Берлин Мемлекеттік кітапханасында

Қазақ кітабы орталығы ашылды. 200 қазақ кітабы сыйға берілді. 15 қараша күні Форумда және 16 қараша күні кітапханада Қазақстан делегациясының барлық мүшелерімен бірге, мен де сөз сөйледім, он шақты кітабымды кітапханаға сыйға тарттым. Кітапханада менің үш кітабымның – «Сказ столетнего степняка» атты орыс тілінде жазылған романым мен орыс, қазақ, неміс және ағылшын тілдерінде жарық көрген «Доброжелательный Аскар» атты ертегі кітабым және «Әлем әуендері» атты жыр жинағымның тұсаукесері болды. Үш кітаптың да неміс халқына қатысы бар, кейіпкерлері қазақ, орыс және немістер. Жиында қазақша, арасында орысша сөйледім. Сонда айтқан сөздің арнасы былай болды. - Давным давно, лет пятьдесят назад, в школе, мы с радостью, вдохновенно пели песню «Белый голубь мира» – «Ақ көгершін»- «Вайсе Фриденстаубе» на русском, казахском и немецком языках. До сих пор помню строки: Ел тілегін алып ұш, Мұхиттың арғы жағына, Қара бұлтты жарып ұш, Адамзаттың бағына! Этот образ голуби мира навсегда сохранился в наших душах. Благородное стремление к миру и дружбе между народами, желание счастья для всех людей всегда были сутью всей прогрессивной литературы и культуры человечества. Истинное икусство слова всегда пробуждало добрые чувства, способствовало взаимопониманию и взаимоуважению между людьми разных национальностей и вероисповеданий. Наше детство было тесно связано с чтением– мы были просто влюблены в книгу. Читали в основном на родном – казахском, а так же на русском языках. И нам посчастливилось прочесть массу книг мировой литературы, наряду с казахскими. И вот тут я хочу подчеркнуть: когда человек читает литературу про другие народы, то узнает их поближе, начинает понимать их душу и образ мышления, культуру, этику и испытывает некое родство с героями, выходцами из этих народов. Это и есть шаг к дружбе, начало сближения и взаимопонимания представителей разных народов. Пробуждать добрые чувства и мысли, побуждать к дружбе и миру между людьми, между народами – есть высший смысл литературы и культуры. Это тем более актуально в наш двадцать первый век. Мы, поэты и писатели, должны сами осознать, и донести до наших читателей, что мы земляне, что у нас одна колыбель – матушка земля, и это

единственный ковчег всего человечества в безбрежном океане космоса! И мы, все народы мира, должны стараться беречь ее вместе! На этот форум в Германии я принес свои книги, которые имеют непосредственное отношение к сказанному. Только что увидел свет моя книга, написанная на русском языке «Сказ столетнего степняка». Роман -сказание о казахско-русско-немецкой войне и дружбе. Эпиграф гласит: «История войны должна научить нас миру, а история вражды – дружбе.» В этой книге говорится о межнациональных отношениях, о перипетиях судьбы и об истории трех добрых соседей – казаха, русского и немца. Книга «Доброжелательный Аскар» сказка о казахском мальчике, который считает своим другом всех сказочных героев. Добрый мальчик из аула спасает Золотую рыбку, оживляет Стойкого оловянного солдатика. Он подружился с гусыней Акка, Снежной королевой, встречается с Бременскими музыкантами, дружит и переврет самого барона Мюнхгаузена! Он дружит с героями сказок Пушкина, Ханс Кристиана Андерсена, братьев Гримм, Сельмы Лагерлеф и других. В книге «Әлем әуендері» – «Напевы мира» собраны мои стихи, посвященных разным народам мира. Здесь есть английский, американский, русский, французский, японский, бразильский, украинский, татарский, кыргызский, ингушский, монгольский и немецкие напевы. Особо хочу обратить внимание, находясь впервые в Берлине, на песню о любви казахского джигита, коневода и немецкой девушки красавицы, переселенной в Казахстан в годы репрессии. Буду рад, если своим творчеством я смогу внести маленькую лепту в дело сближения, взаимопонимания и взаимоуважения народов. - Мен Берлинге, Германияға тұңғыш рет келіп тұрмын. Бұл біздің мемлекетіміздің барлық елдермен достық саясатының нәтижесі. Мен туған еліме, ел азаматтарына ризашылығымды білдіремін. Әдебиет, өнер адамзатқа ізгі тілек арнайды, халықтарды жақындастыра түседі. Бір ғана Гете, Лермонтов, Абай үлгісі қандай! – дей келіп, жазушы Қалмұқан Исабаев ағамыздың Қазақстанда Гетенің, Германияда Абайдың атына көше беріп, құрмет көрсету жолындағы еңбегін атап өттім. Гетенің атақты өлеңінің қазақша, орысша аудармасын және немісше түпнұсқасын оқып бердім. Жиынға қатысушылардың өтініші бойынша «Қазақтың мен де ақкөңіл баласымын» деген өлеңімді оқып, «Манас» жырынан үзінді айтып бердім. Қазақ, орыс, немістер риза болып, қол соқты. - Менің атам Әлімжан Бірінші Дүниежүзілік соғыс кезінде орыс патшасының жарлығымен майданға алынып, қара жұмыста болған. Әкем Тақан Екінші Дүниежүзілік соғыста Совет Армиясының

құрамында болып, үш рет жараланған. Берлинге дейін келген. Оның қолында қаруы – автоматы болған. Енді, міне, солардың ұрпағы мен де жетпіс үш жылдан кейін Берлинге келіп тұрмын. Әкем қарумен келсе, мен Берлинге кітап алып келдім! Мен енді әкемнің аруағына: «Әке, мен неміс халқымен достыққа қол қойдым!» деп айта аламын! Біз, ақын-жазушылар барлық адам баласына, бүкіл дүниежүзі халықтарына достық, ізгілікке бастайтын жақсы сөзімізді айтып, жазып, жеткізуіміз керек! – дедім. Берлинді аралап, саяхаттадық. Бранденбург қақпасын, Рейхстагты, Берлин қабырғасын, Холокост құрбандары ескерткішін, Кайзер Вильгельмнің соғыста қираған шіркеуінің ескерткіш ретінде сақталған қабырғаларын, тағы да басқа тарихи жерлерді көрдік. Мұстафа Шоқайдың зиратына барып, құран оқыдық. Берлин сапарынан үлкен әсермен оралдық. Жарасбай Сүлейменов – 70 Басқа мемлекеттерде қалай екенін кім білсін, біздің Қазақстанның әр өңірінде туған жердің жоғын жоқтап, барын түгендеп отыратын тұлғалар болады. Көбінесе ондай азаматтар облыстық газеттердің, кітапхана, музейлердің төңірегіне топтасады. Олар сол жердің, сол елдің көз-құлағы, қазына, шежіресі іспетті. Солтүстік елінің сондай азаматтарының бірі – Жарасбай Сүлейменов. Сырт көзге сыпайы, момын көрінетін Жәкеңнің қалам қуаты мен қайраткерлік істері құрметке лайық. Ол кісі аса көп көзге түспей-ақ, азан-қазан даңғазадан аулақ жүріп-ақ, талай істі тындыра біледі. Алпысқа толған мерейтойында құттықтап, өлең жазып едім. Жарасбай қойған атыңды, Жарасып жүрсін елмен деп. Көзіңнен танып тереңдік, Жасыңнан сізге сенген көп. Сабырмен кірдің санатқа, Қақпай-ақ кеуде мен-мендеп. Алпыстағы асқарың Оңайлықпен келген жоқ. Қазақ деп соққан жүрегі Жорғасы сөздің Жарасбай, Депутаттың геройы, Керейдің ең жуасы.

Бір қолыңда мандатың, Бір қолыңда қаламың, Бір жағында газетің, Бір жағында жорналың, Ниетің бастап дұрысқа Оңынан болсын қадамың. Аман-сау аға, жасай бер, Жыршысы болып даланың! Сол мерейтой үстінде тағы бір көңіл толқытарлық әңгімеге куә болдым. Солтүстіктің аяулы қызы, дарынды қарындасымыз, әртіс Күнсұлу Тұрғынбекқызы тебірене сөйлеп, бір үлкен сөз айтып еді. Қаршадайынан әкеден жетім қалған қызға Жәкең өмірдің бір белестерінде сүйеніш болып, аялы алақанымен маңдайынан сипаған екен. «Әкелік қамқорлығыңызға рахмет!» – деді, ер мінезді ерке қыз, күн сәулелі Күнсұлу . Жайшылықта біле бермейміз, жақсылықтың осылай жарқ ете қалып, жаныңды жылытатын шақтары болады! Мәжіліс депутаты болып жүрген кезінде, Жарасбай ағамызға бір ауыр мәселені айттым. Талайдың қабырғасына батып жүрген, еліміздің болашағына қатерлі жағдай – сырттан, әсіресе, қытайдан келіп жатқан заттардың адам денсаулығына зияндылығы туралы. Бұл жөнінде небір патриотпын, ұлт жанашырымын деген азаматтарға айтудай-ақ айтып жүрмін. Бірақ, бәрі де шарасыздық танытады. Неге екенін әлі күнге түсінбеймін, осы қытайдың зиянды заттарынан келетін қауіп-қатерді елдің бәрі біле тұра, тиым салынбайды. Көбіне, жабулы қазан жабулы күйінде қалады. Орысты сынағанда ерекше шабыттанып кететін әсіре ұлтшылдардың өзі қытай қатері туралы көп айта бермейді. Ал бұл қауіп әншейін қауесет емес, нақты төніп келе жатқан, апатпен пара-пар алапат. Оның алдын алып, әрекет жасамасақ, сақтанбасақ, қорғана білмесек, бүкіл халқымызға қатер төнуі әбден мүмкін. Арзан, жылтырақ, сапасыз заттардың сасық иісінің өзі адам денсаулығына қауіпті у емес деп кім айта алады? Сондай сасық ойыншықтардың, киімдердің, ыдыс-аяқтардың, тұрмыстық заттардың, тағамдардың, жеміс –жидектердің қандай қоспалардан тұратынын кім тексеріп, біліп жатыр? Олар денсаулыққа қалай, қандай жолдармен әсер етеді? Бүгін жеген тәттісі, ойнаған ойыншығы жас өркенге зиянды әсерін тигізіп, ертең аурушаң қылып, тіпті, тұқымыңды тұздай құртпасына кім кепіл? Осыны ойлап жатқан, күресіп жатқан жан бар ма? Тиісті

органдар қайда қарап отыр? Міне, осы жайларды Жәкеңе қаным қызып, ақтара салдым. Ол кісі қағазына әлденелерді түрткілеп, ойланып қалған. Біраз уқыт өткен соң «Хабар» телеарнасынан қытайдың сасық ойыншық, жылтырақ заттары мен арзан жемістерінің зиянын сараптаған бір хабарды көзім шалып қалды. Аяғына дейін көріп, тыңдадым. Мәселені орынды көтеріп, орнықты сөйлеген тілшілер нақты фактілермен дәлелдеп, көпшілікке ой саларлық жәйттерді жайып салды. Сөйтіп отырғанда экранға жарқ етіп Жарасбай ағамыз шыға келді. «Бір сайлаушым осыны аманат етіп еді!» – деп, биязы ғана жымиып қойды. Мені меңзеп тұр, сайлаушысы болмасам да! Сөйтсек, осы мәселе жайында үкіметке депутаттық сауал жолдап, істің мән-жайын егжей-тегжейлі зерттеп, қоғам назарын аудару үшін жасап жүргені екен. Одан шешуші нәтиже болды ма, болмады ма, нақтылап айту қиын, бірақ, ұлттық қауіпсіздікке қатысы бар мәселені республикалық деңгейде көтеріп, қауым елдің, тиісті орындардың назарын аудартқаны анық. Мұның өзі халықаралық қарым-қатынасқа, әсіресе Қытай сияқты алпауыт елге қатысты түйткілді, даулы әрі қиын әңгіме. Әншейінде айғайлап, көзге түсе қоятын көп қайраткерлер бұдан қашқақтап жүргенде, момын Жарасбай Сүлейменовтың ұлт қауіпсіздігі, болашағы үшін шырылдап, шырқырап күреске шыққаны көп нәрсені аңғартса керек. Адамды құр сөзіне қарап емес, істеген ісіне, ел үшін жасаған еңбегіне қарап бағалау керек деген жалпыға ортақ жазылмаған қағида бар ғой. Талайдан бері көріп, біліп жүрген қаламгер, қайраткер ағамыздың жазған кітаптары, мақалалары бір төбе болса, туған жер, туған ел үшін қолынан келгенінше тындырып жүрген жұмыстары бір төбе. Облыстық газеттің басшысы ретінде өңір тынысын, өткені мен бүгінін жазуға қаламгерлерді топтастырып отырғаны тағы бар. Бұған қоса, «Солтүстік Қазақстан» газетінің шежіресін жасап, тарихын түгендеп, арғы түбінен бастап, күні бүгінге дейін редакцияда жұмыс істеп, халқына қаламымен қызмет қылған өңір журналистерінің есімдерін бірнеше үлкен кітапқа тізіп, жасаған еңбектерін жарқыратып жаздырып қойғанына қалай риза болмайсың?! Ал, «Мағжан» журналын шығарудағы табанды еңбегі неге тұрады?! Әлі есімде, Жарасбай ағамыз жабылып қалған журналды қолға алып, қайтадан шығарғанда, Астанада, Ұлттық академиялық кітапханада тұсаукесерін жасады. Сонда, Кәкімбек Салықов, Бекет Тұрғараев, Серік Негимов және басқа да зиялы қауым өкілдері ризашылықтарын білдіріп, Солтүстік аймағында «Мағжан» журналының шығып тұруы – тіліміз бен әдебиетіміздің өркендей түсуіне тікелей ықпал ететін

рухани дүние ретінде үлкен мән берген болатын. Айта берсек, әңгіме көп. Тағы бір жәйтті ортаға сала кетейін. Жарқырап шығып келе жатқанында жол апатынан жастай қаза болған айтыс ақыны Назгүл Өтенованың мұрасы туралы туысқандары мәселе көтергенде, мен Жәкеңе хабарласып, Солтүстіктің ерте өшкен ерке ақын қызының есімін есте қалдыру, артында қалған жырларын жинастырып, жариялау ісіне ат салысуын өтіндім. Жәкең Назгүлдің атын жақсы біледі екен, білек сыбана кірісіп, газетте бірнеше рет өлеңдерін, естелік мақалаларды жариялап, қызу қолдады. Нәтижесінде, ақын қызды еске алу кештері өткізіліп, кітабы жарыққа шықты. Жалпы, бұл кісінің құлағына әлдебір жақсы жаңалық хабар шалынса, әсіресе, Солтүстікке, Қызылжар өңіріне, оның түлектеріне қатысты болса, жалпақ елге жариялауға асығып тұратынын байқап жүрмін. Қызылжарым, Қызылжарым деген даусы жаңғырып, кең далаға жетіп тұр! Ардақты Жарасбай аға, жетпіс жас құтты болсын! Аман, сау, аппақ Ақжәми жеңгемізбен жарасып, балалардың, немере-шөберелердің қызығына бөленіп, абыроймен алға баса беріңіздер! 20.- 29.03. 2019ж. Кітап жолы Кітапхана – киелі ұғым. Қатпар-қатпар қазына жиналған, ауасы да, аурасы да өзгеше жерге келгенде әлдебір рухани тазалық әлеміне кіргендей боласың. Кітапханашылар жарқын жүзді, еңбекқор халық. Ең ақылды, ең әдемі, ең білімді, ең әдепті қыздар – кітапханашылар сияқты. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың атына заты сай. Қаншама шаруалар жасалып жатыр, бірін білсек, бірін біле бермейміз. Сондықтан, өзім көрген, куә болған, тіпті, тікелей араласқан істер жөнінде айтқаным абзал болар. Кітапханада қашанда жүріп жатқан рухани тіршілік Үмітхан Дәуренбекқызы Мұңалбаева басшылыққа келгелі тіпті жанданып, қайнап кетті. Кітапханада күнде жиын, бір емес, бірнешеуі қатар өтіп жатады. Мұның бәрі кітап әлемінен сыр шертуге, насихаттауға арналған игілікті мәдени шаралар. Осында өткен Әлем кітапханашыларының форумына, тағы басқа да айтулы жиындарға жер жүзінен не бір ығай-сығай жиылды. Кітапхана ісінің білгірлері, даңқты ақын, жазушылар, танымал ғалымдар, табанды басшылар, аузымен құс тістеген небір тарланбоздар топ-тобымен келді. Бір жағы үлкен мерей, бір жағынан

үлкен сын. Салмағы ауыр, мәні зор игі шараларды Үмітхан бастаған кітапханашы қыздарымыз үнемі абыроймен атқарып шыға білді. Өзім көріп, қатысқан бір үлкен оқиға – Ұлттық академиялық кітапхананың жанынан Балалар кітапханасының ашылуы. Мен бұл іске айрықша қуанып, құлшына қолдадым. Кітаптарымды сыйға тарттым. Балалармен кездесу өткіздім. Компьютер мен смартфонға құмар болып бара жатқан балаларды кітапқа қызықтырып, оқытуға деген кітапханашылардың ниетіне, халқымыздың болашағын ойлағандарына өте риза болдым. Ұлттық кітапханада өмірден озған көрнекті тұлғалардың оқу залдарын ашуға да Үмітхан үлкен мән беріп, жанашырлықпен кірісті. Әдебиет алыптарының жиған кітаптарын, жазған еңбектерін, құнды мұраларын жинап алып, сақтап қойып, халық игілігіне айналдырып отырған адамға қалай риза болмассың! Ал, айтуға оңай болғанмен, шындығында бұл өте көп қуатты, уақытты талап ететін қиын да қызықты жұмыс. Ғұлама ұстазымыз Тұрсынбек Кәкішев атындағы ғалымдар залын ашу барысында кітапхана басшысы мен қызметкерлерінің қаншалықты күш, жігер жұмсағандығына өзіміз де куә болғанбыз. Жарайды, бұл өз елімізде, өз кітапханамызда болған шаруа ғой. Ал, енді, шетел асып барып, әлем кітапханаларында қазақ кітабының орталықтарын ашып жүрген Үмітхан және оның командасының сан тарау жемісті жолдары жаһан картасында сайрап жатыр! Түймедейді түйедей етіп, көпіртіп мақтаудың көбігі түптүбінде жарылып, түк те қалмайтыны белгілі. Көрмес – түйені де көрмес дегендей, айналадан түйір жақсылық таппай, даттай беру де адастырады. Ал, қисынсыз мақтау мен қисық-қыңыр даттауға қарамай, адамның абырой биігін, нағыз бағасын анықтайтын бір-ақ нәрсе бар. Ол – адамның еңбегі. Әсіресе, ел үшін, ұлт мерейі үшін жасаған еңбек. Кітапханашы қыздардың директор Үмітханның басшылығымен атқарған істері – ірі қимыл, үлкен еңбек. Қазақтың жұдырықтай қыздары, басқа өмір жүктері аздай, қазақтың қалыңқалың кітаптарын қоржын-қоржынға толтырып алып, алыс-алыс жерлерге арқалап барып, жиһан кезіп жүргенін көргенде, көкірегі ояу, көзі ашық адамның білекке – білек, тілекке тілек қоспай қалуы мүмкін емес. Мен кітап сапарымен Парижге, Берлинге бардым, осының бәрін көзбен көрдім. Мемлекеттік идеяны жүзеге асырудағы кітапханашылардың қажырлы еңбегінің нәтижесінде қазір дүние жүзінің қырыққа жуық елінде, сан ғасырлық тарихы, миллиондаған кітап қоры бар аса бай, атақты, мемлекеттік мәртебесі жоғары кітапханаларда

қазақ кітабының орталықтары ашылды. Қазақ кітабы шетелдің шекарасынан өтіп, төріне озды, асыл рухани қазына ретінде танылды. Әрі басшы, әрі ғалым Үмітхан Дәуренбекқызының кітапхана тарихы мен мәдениеті, бүгінгі заманғы кітапхана жұмысының қырсыры мен әдіс-тәсілдері туралы жазған кітабы оқып, тоқыған білімі мен мол еңбек тәжірибесінің ұштасуының нәтижесі. Қазақтың қайсар, жігерлі, батыл, қайраткер қызы деген бағаны Үмітхан Дәуренбекқызы өзінің ақыл-ой, рухани күш – қуатын елдік іске аямай жұмсай жүріп жеңіп алған. Оның еңбегі – үлкен құрметке лайық еңбек! Жаңылмай ата жолынан, Олжалы болып оңынан, Асудан асу аса бер, Кітабың түспей қолыңнан! 10-11.01. 2019ж. Ерік Асқаров Ерік екеуміз алғаш танысқаннан бір-бірімізді жақын тартып, жарасып кеттік. Бізді өлең, өнер жақындастырды. Еліміз, жеріміз бір. Ерік Батыр Баянның ұрпағы, Мағжанның жерлесі екен. Ал, мен Мағжанның Батыр Баян поэмасын 1976 жылдан бері жатқа айтып келе жатырмын. Әңгімеміз әуелден сол туралы болды. Ол кезде Мағжанның ақталмаған кезі, бірақ әдеби ортада, оңаша сырласуларда алаш арыстарының аты мен еңбегіне қызығушылық пен құрмет айрықша болатын. Ағаларымыз бізге олар жайлы сыр толғап, санамызға сіңіре беретін. Біз де білгенімізді бір-бірімізден жасырмай, кейде күбірлеп, кейде дүбірлетіп айтып жүретінбіз. Ерік 1980 жылдары қазақ телевидениесінде, әдеби-музыкалық хабарлар редакциясында редактор болып қызмет атқарды. Ол кезде Жүрсін Ерман бас редактор, ақын Темірше Сарыбаев редактор, Шырын Ағышева, Жеңіс Мұқатаев режиссер, тағы басқа да қызжігіттер бар, редакция жұмысы қайнап жататын. Басы Камал Смайылов, Сұлтан Оразалин, Рафаэль Жұмабаев ағаларымыз болып, осы азаматтар Халық қазынасы, Терме хабарларына үлкен мән беріп, мықтап кірісе бастаған. Ол кезде телеайтыстың да жаңадан басталып, қызу қарқын ала бастаған кезі. Мені «Халық қазынасын» жүргізуге шақырды. «Жұлдыз» журналында жұмыс істеймін, арасында келіп, хабар жүргіземін. Әйгілі «Бес ғасыр жырлайды» циклының да түсірілгені осы кездер. 1984 жылы, бір күні бір жыршының хабарын жүргізуге шақырды.

Келсем, әлгі жыршы әлдебір себеппен келмейтін болыпты. Ерік жүр есі шығып. Сөйтсем, телевидениенің ішкі заңдары да қызық екен. Студияны заказ беріп, алған редакция хабарды жазбаса, айып төлейді екен. Бір кезде Ерік маған келіп: «Таптым!» – дейді қуанып. «Нені таптың?» -деймін, түгін түсінбей. «Қазір сіздің айтуыңызда «Манасты» жазып жібереміз!» «Өй, мен оған дайын емеспін!» – деп, шошып кеттім мен. «Мейлі! Бір сағат уақыт бар! Бірдеме шығар! Тіпті, шықпай жатса, творческий брак деп, сізге жаба саламыз! Сонда, бізге штраф салмайды!» – деп күледі інім. Тоқ етері, мені үгіттеп, ақыры, Манас айттым. Сөйтіп, «Манас қазақ жерінде» деген 25 минуттық хабар жарыққа шықты. Оны эфирден берген күні, Алматыға Қырғыздың академиялық театры келіп жатыр екен. Хабарды көріп, әбден риза болған Қырғыздың еңбек сіңірген әртісі, қомызшы Асанбек Қыдырназаров «Социалистік Қазақстан» газетіне «Алатаудай алғыс айтамыз» деген ақ тілегін жариялап, қызық болған! Бір күні Ерік маған Біржан сал туралы пьесасын оқып берді. Ол кезде жиырма бестердегі кезі, сондай үлкен, күрделі тақырыпқа барып жүр. Кейіннен ол драмасы Көкшетауда, Шахмет Құсайынов атындағы облыстық театрда қойылды. Еріктің ең алғаш айтысқа шыққаны – 1985 жылы Жеңістің қырық жылдығына арналған Алматы облыстық айтысы. Алматыда тұратын ақындар қала аудандарының атынан түстік. Оның ең алғашқы айтысқан ақыны – ақсақал ағамыз Мыңбай Рәшев. Мәкең сол кездің өзінде елудің үстіндегі үлкен кісі. Даусы жақсы, әнші, жыршылығы бар, әртістігі және бар, пері атанған, сері атанған Мыңбай ақын шабыттанып, дауылдатып, домбырасын оңды-солды қағып, тіпті, шегін шерткені былай тұрсын, домбырасын алдына қойып, шанағын қос алақанымен тақылдата қағып-қағып жіберіп, соғыс туралы жазған жырларынан, әсіресе Бауыржан мен Мәлік туралы біраз толғап өтті. Жұрт дуылдап – ақ жатыр. Сонда Ерік: Оу, аға, айта берсең артасың ғой, Тебесің, алдан келсе, тарпасың ғой, Домбыра мен құсатып шертуші еді, Сен оны барабан ғып тартасың ғой! – дегені. Жұрт қыран-топан болды. Бір қызығы, Ерік өзі жөнді домбыра тарта алмайды ғой! Сөйтіп отырып, сөзін қара! Мәкең: Айтыста айғырлығың ұстаса да, Әдепсіз болма, Ерік, жөніңе көш!- деді. Сонда Ерік іліп алып, жастық арынмен бет-жүзіне қарамай: Бұл ағам ширайды екен қайта келсе, Өлеңі табылады айта берсе,

Айтыста айғырлығым ұстар еді, Алдыма ағам келмей, байтал келсе! – деп қарап отыр. Жұрт әбден күлді. Сонда, Мәкең оны домбыра тарта алмайтынын ілгек қылды. Оған Ерік: Күйшінің күйшілігі домбырада, Ақынның ақындығы өлеңінде! – деп, тағы тауып кетті. Сөйтіп, Ерік жеңіп, келесі айналымға өтті. Арада ширек ғасырдай уақыт өткенде, Мыңбай ағамызбен кездесіп, әңгімелесіп қалдық. Қашанда көңілді жүретін Мәкең сол айтысты еске алып: «Әй, сонда Ерік мені жеңіп кетіп еді!» – деп, ағынан жарылып, қарап тұр. Тіпті, айтысып едім-ау, ол менен озып кетті-ау деген қыжылдың, іштарлықтың ізі де жоқ! Сонда менің есіме Еріктің бір сөзі түсе қалды. Сол айтыстан кейін, бір он бес жыл өткен соң ба екен, қырықтың қырқасына шығып, ақыл тоқтатып, толысып, өткен-кеткенді ой таразысына тарта бастаған кезі болса керек. - Сол айтыста: Әдепсіз болма, Ерік, жөніңе көш! – деп, Мыңбай ағам мені жеңіп кеткен екен ғой! – деп еді. Осыны Мәкеңе айтып едім, кәдімгідей тебіреніп қалды. Қайтерсің, қайран өмір, қайран ақындар... Сол айтыстың финалында екеуміз айтыстық. Баянғали: Дей көрме, беу, ағайын, неге келдің, Желкілдеп сахнаға келе бердің, Ағайын, елі-жұртым, қолдамасаң, Мен шіркін жанбай жатып сөнер ме едім?! Басқалардың беделін Басайын деп келгем жоқ. Өзгелерден абыройым Асайын деп келгем жоқ. Өздеріңе жыр-шашу Шашайын деп келгенмін. Меніменен айтысып, Нағыз ақын осында Жүлде алсын деп келгенмін. Мені көріп кейінгі Жасөспірім жас бала Үлгі алсын деп келгенмін! Тоған болған ойларды

Бұздырғалы келгенмін. Суып қалған қандарды Қыздырғалы келгенмін! Кеудемдегі жалыным Сөнбесін деп келгенмін. Қазағымның киелі Айтыс дейтін өнері Өлмесін деп келгенмін! Ерік: Бір әке, бір шешенің баласындай, Екеуміз жүруші едік таласып-ай, Ініңе бәйгеден де аға қымбат, Қайтейін құр беталды таласып-ай. Талайды ілер жерден ілдім деймін, Кеудемді мен бастырмай жүрмін деймін, Айтыста аға болып өзің келдің, Байеке, ағалығың білдір деймін! Содан, екеуміз құшақтасып, жарасып тарап едік. 1987 жылы Ташкентте Қазақстан – Өзбекстан ақындарының айтысы өткенін мен ауылда, Кеңащыда жүргенде радиодан естідім. Өзбекстандық ақын, өзіміздің қазақ бауырымыз да жақсы ақын екен, Ерікпен жауаптасып, жарысып-ақ жатыр. Содан есімде қалғаны, Еріктің: «Тарихтың ізі жатыр тастарында, Тәшкенде жазып еді ақын Мағжан, Әйгілі Батыр Баян дастанын да!» – деген. Қарсыласын қағытып, әрі астарлап: «Ақ орда орнатқандай мәз боласың, Қойшының қоңыр үйін құрғаныңа!» -деді. Оған қарсылас ақын да қалыспай, Үшаралдың киіз үйі осы ғой деді ме, әлде, Үшаралдың үйлері бізге жетпейді деді ме, әйтеуір Үшаралды қосып, жауап берді. Сонда Ерік іліп алып: «Түседі бір үй саған күшке неге, Үй түгіл палатка жоқ Үшаралда, Киіз үй фабрикасы Үштөбеде!» – деп, қолмақол тауып айтып, жеңіп кетті. 1989 жылы Алматыда өткен алғашқы Наурыз айтыста Ерік, Әзімбек және басқа да жас айтыс ақындары жарқ етіп көзге түсті, жақсы өнер көрсетті, айтыс жанкүйерлеріне кеңінен танылды. Ерік пен Әзімбектің айтысы елең еткізді. Екеуінің сахнаға қол ұстасып бірге шығып, қалың елдің алдында жарасып тұрған сәті – қазақ ақындар айтысына қуатты жас толқынның келгендігін әйгілеген бір тамаша, қайталанбас көрініс екен ғой!

Өлеңді әсем әуенмен әдемілеп, төгілтіп, тыңдаушыға ерекше әсер
беріп айтатын Әзімбек домбырасын бабына келтіріп, сәнімен тарта
бастағаннан-ақ, жұртшылық қол соғып, делебесі қозып, қиқулап
жіберетін. Ол талай айтыста топ жарып, бәйге алды, айтысқа

өзіндік өзгеше ырғақ, сұлу әуен әкелді, сахнаның сәні болды. Ал,
домбыра тарта алмайтын, әншілігі де жоқ Ерікке осындай ақынмен
қатар шығудың өзі оңай емес қой. Бірақ, Ерік сөздің қуатымен,
өлеңнің күшімен алатын! Жұртты аузына жырының оттылығымен,

өткірлігімен, ойының ұшқырлығымен, сөзінің саяси, қоғамдық
салмағымен қарататын. Әселханмен айтысып отырып, амандық –
саулық сұрағанда: Магнит толқыны көп Алматыда,
Әселхан, көктем қалай әсер етті! – деп, экологиялық жағдайды

қозғай кетеді.
Сұрасаң Алматыда жаңалық сол,
Олжасты аман-есен құлаттық қой! – деп, сайлаудың әділетсіздігін
қағытып өтеді.

Дұшпаны не десе де, о десінші,
Жайнатып Димаш ағам салған қала! – деп, Қонаевтың халқына
сіңірген еңбегін ашып айтып, жұртты орнынан тұрғызған болатын.
Ол кезде Колбиннің билікте отырған кезі, мұндай әңгімелер көп

алдында, баспасөзде айтылмайтын. Саяси тақырыптарға батыл
барған алғашқы ақындардың бірі Ерік қырағылық танытып, түйінді
тұстарды дәл тауып айта білетіндігімен ерекшеленіп еді. 1991 жылы
АҚШ-тың Иракқа шабуыл жасағанын сынай келіп:

Мастанып көп ракета ұшырғанға,
Байқаймын, Буш көкеңіз ұшынған ба...
Иа, Алла, өзің жар бол мұсылманға!
...Бұл жақта біз тұрғанда батпас еді,

Горбачев бір сыйлыққа сатқаны ғой! – деп, саяси озбырлық,
қитұрқылықтарды ашық та батыл сынап, ой қозғайтын. Ол кез СССР-
дің кезі, Горбачев билікте отыр. Ерік осылай ащы шындықтарды
айтқанда, біраз кісілер тыңдауға да шошып, жылыстап кетіп те

қалатын.
1991 жылдың қақаған қаңтарында Көкшетауда Абылайханның
280 жылдығын Көкшетау жастарының «Темірқазық» ұйымы
республикалық айтыспен бастап жіберді. Албырттықпен, жастық

арынмен періп кеткендердің басшысы – ақын ініміз Құдайберлі
Мырзабеков. Не обком, не облаткоммен келіспеген. Ол кезде еліміз
тәуелсіздік алған жоқ еді, партия-совет күшінде, батырларды айта
бастағанмен хандарды әйгілеуге әлі де бара қоймаған кез болатын.

Жастарды жалғыз-ақ Көкшетау қалатком төрағасы Серікжан Қасымов

қолдады. Шақырылған біраз айтулы ақындар да жағдайға қарады ма, әйтеуір келмей қалды. Ештемеге қарамай борандатып Сәкен аға Жүнісов, Жүрсін аға Ерманов пен Ерік келді. Атасын жырлап, ағасын қолдап, сол қолын бұлғап Серік \Құсанбаев\ келді. Жетісудан жер тепкілеп Айтақын \ Бұлғақов\ жетті, жанында Жапар деген ақын бар. Көкшеден Құдайберлі екеуміз шықтық. Сөйтіп, бар болғаны алтыақ ақын Абылайханның тойын үш күнге созылған айтыспен бастап жібердік. Әрқайсымыз бірнеше реттен айтысып, үш күн жырладық. Әбден шаршасақ та, көңіл шат. Сонда Ерік айтыс үстінде: Асында Абылайдың шабамыз деп, Қасына Абылайдың бармайықшы! – деп бір күлдірген. Жұрт ақындарды қолдап, дүрк көтерілді, ағылып айтулы азаматтар келді. Ақырында, ел басшылары халықпен санасып, жазда Абылайға ас берілді. Міне, сол айтыста да Ерік көсіле жырлап, шешіле сөйлеп, асыл аталарымызды, тарихты терең қозғап еді. Екеуміздің айтысымызды сол кезде араб әрпімен шығатын «Шалқар» газетіне Уақап Қыдырханов ағамыз, «Оқжетпес» газетіне Нұрқан Ысқақов ағамыз жариялады. Менің «Алаш пен Манас» атты айтыс кітабыма да, он екі томдық шығармалар жинағымның 6томына басылды. Бір қызық сәт – Ерік бір ақынмен айтысып жатқанда, сарт -сұрт еткен қатты дыбыстар естілді. Сөйтсек, электр жүйесінің бір тетіктері күйіп кеткен екен. Жұрт кәдімгідей елеңдеп қалғанда, Ерік аспайсаспай: Мына жақтан сарт еткізіп атқанын-ай, Халқымды атқан оқтан сақта құдай, Аруағы Абылайдың қолдаған соң, Әйтеуір мимо кетіп жатқанын – ай! – деп, бір серпілтіп, айтысты ары қарай жалғастыра берген еді. Негізі, асықпай, саспай, әр сөзін шегелеп, қара өлеңнің төрт аяғын тең бастырып, қадап айтатын еді ғой, жарықтық! Оның қолма-қол суырып салмалық, яғни импровизаторлық дарыны да ерекше болатын, айтысқанда жазба өлеңде қалыптасқан машығымен өлеңінің ырғақ, ұйқасын мүлтіксіз түсіретін. Ерік табиғатынан ақын, қазақ поэзиясының көрнекті, ірі өкілі. Ол бала күнінен өлең жазған. Әкесі Мұхамедхафиз де ақын, білікті, оқыған кісі болған. Бала Ерікке Мағжан жырларын таныстырған, Алаш арыстары туралы сыр шертіп, дүниетанымын мықтап қалыптастырған. Тарихтан, әдебиеттен, батырлар жайлы тарихи аңыздардан нәр алған, ұлағатты ұлт ұстаздарынан сабақ алған, қазақтың небір айтулы азаматтарымен аралас-құралас, сыйлас болған, небір тамаша өлең-жырлар мен драмалық шығармалар жазып

қалдырған Ерік Асқаровтың өзі де Алаштың нар тұлғасына айналды. Ескерту: Келтіріліген өлеңдер есімде қалғандары, сәл ғана өзгешеліктер болуы мүмкін, бірақ, негізі дұрыс. 21.01.-15. 03. 2019ж. Орысша төгілткен жырау Амантай Өтегеновтың орыс тіліндегі жырларынан қазақ екені көрініп тұратын. Оның қалай, қайтіп орысша жазып кеткенін білмеймін, негізінде оны қос тілді қаламгер десек, артық болмас. Амантай қазақша ағылып сөйлейтін, орысша төгілтіп жазатын. Ол өз өлеңдерін оқығанда екпіндеп, ырғақтап соғатын. Оны тыңдап отырып, бір жолы: «Сен орысша жазатын жырау екенсің ғой!» – дегенімде, жүзі нұрланып, қуана күліп еді. Қазақ әдебиетін орыс тіліне аударуда оның еңбегі зор. Небір жырларды да, роман, повесть, әңгімелерді де келістіріп аударғаны жұрт жадында. Оның көркем шығармаларды қазақ тілінен орыс тіліне аудару шеберлігі ел аузында аңыз. Ерекшелігі һәм артықшылығы – екі тілді бірдей, еркін білетін ол жолма – жол аудармаға тәуелді болмай, ана тілімізден тікелей аударатын. Төл әдебиетіміздің туындыларын толық түсініп, үлкен жанашырлықпен жасаған Амантай аудармаларының шоқтығы биік екендігін ақын-жазушылар жақсы біледі. Қазақ әдебиетінің өрісін орыс тілі арқылы кеңейткен көрнекті қаламгердің қадірі бөлек еді. Оның ой-өрісі, ақыл-парасаты биік болатын. Әдеби туындылардың көркемдік астарын, ерекшелігін өзінше танып, біліп, өзгеше бағалайтын. Күтпеген жерден шығып, көшелі сөзімен, жан-жақты бағасымен ойландырып тастайтын. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында, Алматыда жүргенінде біреулер жазатайым Амантайды атқан ғой. Атқанда да, жай бытыра емес, басқа емес, кәдімгі жауынгерлік макаров пистолетімен ішінен атыпты. Шек – қарыны шүрқ-шұрқ тесіліп, қызыл қанға батқан қазақтың дарынды азаматын құдай сақтаған. Атқан оқтан аман қалған Амантай қажырлы, қайсар жан екенін сонда танытқан. Тірі қалып, ірі еңбектер жасады. Өткен жылдың күзінде Тама Есет батырдың 350 жылдық тойына Ақтөбеге барғанда, екеуміз телефонмен ұзақ сөйлесіп едік. Жүрегі ауырып, ауруханада жатыр екен. Сексенінші жылдары менің «Жеңіліс» деген әңгімемді «Қазақ әдебиетінен» оқып, өз қалауымен орысшаға аударып, маған әкеліп берген. Бір тиын ақы-пұл деген сөз жоқ. Оның осындай достық пейіліне, шығармашылық ықыласына

қалай риза болмассың! Сол аударманы бертінде архивімнен тауып
алып, он екі томдық шығармалар жинағыма қосқанымды айтып едім,
қуанып қалды. Ыстық лебізін білдірді. Өзінің таңдаулы өлеңдерін,
шығармаларын бірнеше том етіп жинақтап, дайындап қойғанын

айтты. Арқа-жарқа болып, амандық, саулық тілесіп қоштасып едік.
Амал қанша, тағдыр сызығы жеткен екен, Амантай досымыз иманды
болсын, артының қайыры болсын! Дайындап, жинақтап кеткен асыл
рухани мұрасы – шығармаларын жарыққа шығарып, халқының

қазынасына қосу парыз.
«Қаптан шыққан қара қыз» неге
«Супер Серкешке» айналды?
Ғабит Мүсірепов атындағы Жас­өспірімдер мен балалар театры

жақында белгілі ақын Баянғали Әлімжанның «Қаптан шыққан қара
қыз» пьесасының желісінде «Супер Серкеш» атты спек­такльді
қойды.
Сахналаған режиссер – Жанат Хаджиев. Қойылымға көңілі

толған көрермен де, көңілі толмағандар да бар. Ал бұған автордың
өзі не дейді? Спектакльден соң көкейімізді маза­лаған көп сауалды
Баянғали Әлімжанға қойған едік.

– Баянғали мырза, «Супер Серкеш» спектакліне көңіліңіз

толды ма? Толса, қай жағынан?

– Екі күнгі премьераның қызу әсе­рімен көңілім көкке көтеріліп,

фейс­буктағы парақшама: «Ғабең театрында менің «Қаптан шыққан
қара қыз» атты комедиям «Супер Серкеш» деген атпен қойылды.
Қырғын қызық болды, күткенімнен де асып түсті.
Көмкерген күлкіменен көп парызды,

Қол соқты әртістерге достар ізгі.
Супер Жанат Хаджиев «Қара қызды»,
Жарқыратты сахнада от тәрізді.
Осындай өнерпаздар тұрған кезде,

ТЮЗ-дан асқан театр жоқ тәрізді!» – деп жазып жібердім. Шыным
осы! Режиссер Жанат Хаджиевтің шеберлігі мен артистердің
жалынды ойыны сәтті үйлесіпті. Спектакльдің суретшісі де келіскен
екен.

– Спектакль жылтыраққа әуес, жа­ғым­паздық дерттеген

бүгінгі қоғамның келбетін көрсетуге тиіс еді. Бірақ қойы­лымнан
ойлы шығарманы, жүрек ауыртар мұңды байқай алмадық.
Керісінше, арзан күлкіге көбірек ауып кеткендей. Әлде, біз
қателесеміз бе?

– Көрермендер қатарында отырған, жасы тоқсанды алқымдап қалса да, қарағайдай тіп-тік қазыналы қария Жақия Кәкішұлы (Тұрсынбек Кәкі­шевтің туған інісі) алғашқы сахналар­дан кейін-ақ, шалдың немересіндей қызға ұятсыз қылық көрсеткен сах­насында: «Мынау нағыз трагикомедия ғой!» – деп, дауыстап жіберді. Жаңа ғана мәз болып, күліп отырған ақсақалдың аузынан еріксіз шығып кеткен осы бір сөзі мен үшін аса жоғары бағадай сезілді. Өз шығармамды өзім талдағаным жөн болмас, бірақ, сіз сұрақ қойғасын айтпасқа амал жоқ. Әуелде, көрермен бір көңілін көтеріп, рахаттанып күлетін жеп-жеңіл комедия жазғым келді. Өйт­кені, сіз айтқандай астарлы, шыншыл, өткір дүниелерді қазір қазақ театрлары аса хош көре бермейді. Дұрысы, оларға да талап бар, сұрау бар. Ар жағын айтқызбай түсінерсің. Мәселен, он-он бес жыл «Қазақы сайлау» деген са­тиралық комедия жаздым. Еш театр қоймайтынын біле тұра, көркем пьеса ретінде жазып, кітабыма басып қойдым. Айтуым керек болды, қысқасы. Енді осы жолы ешкімнің басын ауырт­пай­тын, көрерменге өте қызықты бо­латын дүние жазбақшы болдым. Бірақ жаза келе көркем шығарма өз жолына түсіп алды да, талай дүниелер туып, талай қатпар қозғалып кетті. Ой дегенде, қай ойды айтайын? Әр образда, әр сахнада тұнып тұр ғой, көре білген, сүзіп ала білген адамға аз жүк емес. Қазыналы қарт болып, қақ төріңде отыратын атаң қап түбінде масқара боп жатқаны аз ба? Ауылға барып, сауна мен саунада сабындайтын сұлу сұрап отырғаны сізді ойландырмай ма? Ол жай шал емес, бастық шал! Қарамағындағы қызмет­керіне билігін бұлдап, бикешке жұмсап отырғаны ше? Немесе қалағанымды сатып аламын деген байбатшаның жо­лын бір шолып көріңіз. Сондай қорқау­ лардың ортасында шырылдаған бейбақ қыздың тағдырын қайда қоясыз? Әуелде мәртебе көрген облыс аруы атағынан енді қашып құтыла алмай, өз махаббаты үшін арпалысқанын қайда қоясыз? Ал қазіргі Қозы-Көрпештері көшіп кеткен заманның Тазы – Серкешінің бір өзі неге тұрады? Оның адал махаббаты мен ақша жолындағы амал-айласының астары тіпті бөлек әңгіме ғой. Қызды алып қашып кел­генде, зар еңіреген бейбақты көндіруге бар амалдарын жұмсап, ата жолын, салт-дәстүрді алға тартып, маймаң қақ­қан апа мен жеңгенің, енді сол қыздан құтылу керек болған сәтте қолма-қол құбыла қалған «хамелеондығы» сіз айтып отырған «жылтыраққа әуес, жағымпаздық дерттеген бүгінгі қоғам келбетінің» көрінісі емей не? Қаптан шыққан қара қыздың гротескілік бей­несіне бір назар аударып көріңізші. Оның тағдырында да бүгінгі өмірдің ащы-тұщы жиынтық сәулесі көрініп тұрған жоқ па? Азуын айға білеген Айбатша Байбатшаевты, өзін қапқа салып әкелген алпауытты ақыры амалын тауып, қапқа

тығып жібергені неге тұрады? «Мен қапқа Меңсұлу боп түсіп, қара қыз болып шықтым. Мені қара қыз қылған сендерсіңдер!» деп бүкіл ерлер қауымына, қоғамға қарата күйіне айтқан сөзінде аз нәрсе жатқан жоқ тәрізді. Тіпті мистер планеты, мен деген миллионерді мақтаумен миын майлап-майлап, маймыл қылып жүгіртіп қойғаны тіпті бөлек әңгіме. – Рас, «Супер Серкештің» көтерген жүгі жеңіл емес. Алайда бұл спектакльден Леонид Гайдайдың «Кавхаз тұтқыны» кинокомедиясынан үзінді көргендей болдық. Вицин – Моргунов – Никулин үштігі спектакльге неге қажет болды? – Комедияны жаза бастағанда, бұл жөнінде мүлдем ойлаған жоқ едім. Тоқетерін айтқанда, кейіннен осы қапқа салып қыз алып қашудың ұқсай­тынын байқадым. Бірақ ұқсастық осы ғана және ол сыртқы ұқсастық. Бүкіл ішкі мазмұны мүлде бөлек, қазақ өмірінен жинақталған дүние. Осы ұқсастықты тап басқан режиссер Жанат Хаджиев спектакльдің өн бойында әйгілі фильмнің белгілі сарындарын еске салып отырса, ол да өзінше бөлек, ерекше сахналық шешім деп қарау керек. Қызық, тартымды болып шық­қан. Ал артистердің де әйгілі үш тұлғаға ұқсатып ойнауы – тапқырлық дер едім. Ұқсатып тұр, бірақ, қайталау жоқ қой. Өйткені, біздің үш – кейіпкеріміз мүлде бөлек тұлғалар. Аттарына назар ауда­рыңыз – Доңғал, Аңғал, Саңғал. «Даусынан дүрбіт үркіп, жоңғар сасқан, торғауыт толқып, қалмақ қашқан дулығалы Доғалаң батырдың дойман тұқымы Доңғал палуан» мен асылдар­дың сынығы, тұлпарлардың тұяғы Аңғал, Саңғалдардың бүгінгі тірлігі, сиқы қандай деп бір ой жүгіртіп қойса­ңыз болады. – Жалпы, сіз режиссер Жанат Хад­жиевтің шешімімен келісесіз бе? – Ол кісі өте көп еңбектенген. Тіпті бұл шығармаға әуел назар аударып, осы театр сахнасына алып келген де, шы­ғарған да сол кісі. Менімен біраз пікір алмасып, пьесаға бірталай өзгерістер де енгіздік. Қазақ сахнасының тарлан­бо­зы өз атына лайық көркем дүние жаса­ ған. Қалың көрерменнің рахаттана күліп, «күліп отырып, ойландық!» – деп алғы­сын білдіруі де тегін болмас. Спек­такльдің басындағы казиноның ойын алаңы, ілулі тұрған жүз долларлық банкноттың астынан ең соңында ата-бабаларымыздың суреті, домбыра мен бесік шығуы да тегін емес. Немесе адал махаббаты мен ақша, мансаптың арасында сенделіп қалған жігіттің арғы тағдыры не болады деген сауалға жауап іздеп көрсек те, біраз жерге барып қайтуға болады. Өзіңіз тарата беріңіз арғы ойды. – О баста «Супер Серкеш» пьесасын жазуыңызға не себепкер болды?

– Өзіне өзі күле білген халық – күшті халық. Ол қиындықтарды

да жеңе біледі. Халқым оқысын, көрсін, күлсін, ойлансын деген
ниетпен осы шығарма жазылды. Мен оған жаным­ның бөлшегін,
жүрегімнің нұрын, ақы­лымның қуатын бердім, ол тірі, жанды дүние.
Сондықтан да, қара қыздың қаптан шығып, халықпен қауышқанына

қуаныштымын!

Әңгімелескен Гүлзина Бектас.
«Айқын» газеті, 18 қараша, 2016ж.

Баянғали ӘЛІМЖАНОВ: Бірсарындылықты ұната қоймаймын... Ақын, драматург, жазушы, сатирик, айтыс ақыны, жыршы, манасшы, кинорежиссер, актер, әдебиет пен өнер зерттеушісі, сыншы секілді бір басына сан түрлі өнерді тоғыстырған Баянғали Әлімжанов ағамызбен әдебиет әлемі жайында кең отырып әңгімелескен едік. – Аға, мен сізді бәйге тілеп тұратын тұлпардай көз алдыма елестетуші едім. Қазір дулы ортадан көп көрінбейсіз… – Рахмет, айналайын! Көп көрінбеймін деп айта алмаймын. Сол қалың елдің ортасында ғұмыр кешіп келемін. Астанада тұрамын. – Биыл он екі томдығыңыз шығып, соны елордадағы Ұлттық академиялық кітап­ханаға тапсырдыңыз. Әңгімені содан өрбітсек… – Менің шығармашылығым сан-салалы жанрды қамтиды. Соның бәрін жинап, дәмді деген дүниелерімнің басын бір құрастырып қойсам деген ой болды. Өзімнің ұрпағым үшін де керекті кітап болар деп санаймын. Соның ішінен оқырман іздегендерін алар, қажет болмаса кітапханада тұрар. Сөйтіп, осындай талаппен он екі томға тәуекел еттім. Идея да жоқ жерден келді. 2015 жылы «Фолиант» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен үш томдығым жарық көрді. Ол екі мың данамен елдегі кітап­ханаларға тарады. Соған қосымша төртінші томнан он екі томға дейінгі туындыларымды тіркей қойдым. Оның бәрі өз қаржыммен Көкшетау­ дағы «Келешек» баспасында басылды. Анау айтқандай, тиражы көп емес, санаулы ғана. Әрине, кітап шығару оңай жұмыс емес. Он екі томдығыма жазғандарымның бәрі енді дей алмаймын. Сахнада 216 рет айтысқа шығыппын. Соның кітапқа 40-қа жуығын енгіздім. Жас күнімде жазған сын мақалалар мен рецензия­лардың 2-3-еуі ғана кірді. Қалған дүниелердің ешқайсысы енбеді. Солардың бәрін қосып, нығыздасам, әлі де 4-5 томдықты жинайтын еңбегім бар екен. Бірақ осы томдыққа өз көңілімнен шыққан көркем шығармаларымды қос­тым. Бұл бір біткен іс болып, көңілім жайланып, тамаша әсерде жүрмін. Кейде менің ақылым айран-асыр болады. Тәуелсіз мемлекетпіз. Сөйтіп отырып, қазақтың теледидары халқымыз­дың аңызы мен жырына жол ашпай отыр­ғанына қайран қалам. Сіз телеэкраннан ақындардың өлең оқығанын көрдіңіз бе? Құдай-ау, мықты ақындар толып жүр ғой. Олар сізден ешқандай ақы сұрамайды. Солардың

өлең оқуына да жол жабық. Ертеден кешке дейін бітпейтін шоу. «Шоу» деген сөз жүйкеме тиеді. Содан балалар түк ойланбай өседі – Бәрі қайырлы болсын, аға! Он екі томдықпен шық­қан кітаптардың түсі де әртүрлі екен. Оның сыры бар ма? – Жарық дүниенің өзі алуан қырымен әдемі емес пе?! Бірсарындылықты онша ұната қоймаймын. Шығармашылығымның өзі көп мазмұнды болғандықтан, әр жинаққа бөлек түс арнадым. Маған осы ұнады. – Жалпы, жазу өнері бір тылсым күшке ие секілді. Ол адамға қалай қонады деп ойлайсыз? – Айталық, француздың бір сыншысы «жазылған шығарма адамның өмірбаянынан туады» деген теориялық ой айтқан. Оның пікірін Джойс деген жазушы жоққа шығарып: «Көркем шығармаға биографияның түк қатысы жоқ. Ол басқаша жаратылады. Оның жаратылысы бөлек» деп ой сабақтаған. Шындығында, өнер қайдан туады? Ақылдан ба, жүректен бе? Соның бәрі үйлесіп, жаннан туатын секілді. Жаратушы құдай адам жанына рухын үрлейді. Жан қайдан келеді? Біз мұсылманбыз. Жан Алланың аманаты дейміз. Дәлірек айтқанда, осының бәрі Алладан деп есептеңіз. Алла адамға жан беріп, дарын сыйлаған. Соны әрмен қарай дамыту, көркейту адамның ақыл-санасына, біліміне байланысты. Бейнелегенде, өте бір күрделі дүние. Өнердің өзі екі түрге бөлінеді. Оны рахмани және сайтани өнер деп айтамыз. Біз кейде әлемдік классик деп әуелетіп, жарты құдайдай табынып жүрген кейбір жазушыларымыз ешбір дінге сенбейді. Дінсіз десек болады. Ал құдайсыз пенде Аллаға сенген иманды адамға жол сілтеп, қандай өнеге көрсетеді? Оларды біз қопақардай классик деп қадірлейміз. Қазір шайтанды жазып, мистикалық дүниелерге қалам тербейтіндер шықты. О дүниеге ой жүгіртетіндер молайды. Өзге елдің әдебиетіндегі «Құдай іздеу» сарындары бізге де жетті. Он сегіз мың ғаламды Алла жаратты. Құранда: «Аллаға дәлел іздеме, көмескіге иман келтіресің» дейді. Сондықтан осындай философиялық ойлар мені жиі мазалайды. Біз көп жағдайда кешегі кеңес әдебиетінің сынықтарымен келе жатырмыз. Социа­лизм идеологиясынан толық құтылған жоқпыз. Ақындардың ішкі рухани азаттығы күшті. Бірақ оның ақыл өресі мен сана сезімі қандай деңгейге жетті?! Кезінде Сталин қаламгерлерді басқару үшін әдебиетке погон енгізуді ойластырған. Біздің көзқарасымызда әлі осы әдет бар. Атақ үшін, марапатқа таласамыз. Әдебиет рингтегі бокс емес. «Ананы ұрып жықсам, атағым шығады» деген. Нағыз таланттың өз әлемі болады. Ол қаншалықты бай,

қаншалықты күрделі, қаншалықты көркем! Бүгінде әдебиетте имансыз кейіпкерлерді бейнелеу көбейді. Соны ізденіс, өнер деп бағалайтындар пайда болды. Мен оны қош көрмеймін. Адам бойынан асыл қасиет іздеймін – Мүмкін, оқырманның талғамы өзгеріп кеткен болар… – Олай ойламаймын. Әдебиеттің мақсаты – ізгілік іздеу, ізгілікке бастау, ізгілікке шақыру. Жалынды ақын Сұлтанмахмұтша айтқанда, «қарайған қанымызды тазартуға қызмет етуіміз» қажет. Біздің шығармамызды оқыған оқырманның кішкене болса да жан дүниесі нұрланып, оған рухани қуат бере алсақ, қаламгердің миссиясының орындалғаны деп ойлаймын. Әдебиет осылай болуға тиісті дегенді жазбайды, болған нәрсені жазады. Тағдырдың әр тарау жолы адамды сан азапқа түсіреді. Содан ол қалай шықты, қалай жол тапты, түптің түбінде адам болып, имандылық қасиетін сақтады ма деген ойлар жазушыны үнемі қалың ойға батырады. Әдебиет адам бойынан осындай асыл қасиеттер із­дейді. Әрине, өмірде бәрі қа­ лыпты болмайды. Кейбір жазушылар ізденгеннің жолы осы екен деп, пенденің қараңғылық жағын қазып, жыртқыштық сезімдерін оятуды көздейді. Оның бәрі саясатпен, астармен жасалады. Ғасырлар бойы сақталған халықтың құндылығын, отбасы дәстүрін бұзу үшін барады деп есептеймін. Біз осындай кесірлікті үндеген туындыларға қарсы қандай дүние бере аламыз? Бүгінгі жас буын өз ана тілінде кітап оқып, өз ана тілінде тәрбие алып, рухани жағынан қалыптасқан кемел азамат бола ма? Соған қалай ықпал жасаймыз? Осы ой мені қатты толғандырады. Ұлттық тәрбие балаға кішкентайынан берілу керек. Өткен ғасырдың 90-жылдардың басынан күнкөрістің қамымен кеттік. Ауқаттылары байлығымызды қалай молайтамыз, әлемге даңқымды қалай шығарамыз деп дақпырттың соңына түсті. Сол кездегі балалар қазір ержетті. Енді олардың санасын өзгерту мүмкін емес. Біздің қазақтың мұсылмандығы керемет болған. Діни фанатизмді айтып отырған жоқпын. Бабаларымыз бір Құдайға сенген. Ешкімнің ала жібін аттамаған, өтірік айтпаған, ұрлық жасамаған. Енді қатып қалған діни фанаттардан қадам басып жүре алмаймыз. – Сол сананы өзгертуді өзіңіз бастап, балалар әде­бие­тіне қалам тербепсіз… – Балғындарға арнап өлеңдер жаздым. Оның өз себебі бар. Балабақшаға барып жүр­ген немерелерімнің үйге жат­тауға берген өлеңдерін өзім түсінбейтін болдым. Ойы да, ұйқасы да, көркемдігі де келісіп тұрған жоқ. Төрт жол төрт жаққа кеткен. Сосын балаларға арнап шағын дүниелер жазуды қолға алдым. Аяғында үлкен бір кітап болды. Қатты қуандым. «Әліппе өлең» деген әліппе жаздым.

Керекуде тұратын Назымбек Дүкенбай деген композитор соған музыка шығарыпты. Жаңылтпаштар мен оқиғалы өлеңдерге қалам тербедім. Балалар балабақшада немесе мектепте ана тілінде өлең оқығанда, оны жан дүние­сімен сезініп, түсініп оқу керек. Сонда оны сүйіп оқиды. Оған қойылатын талап та қатаң болса деймін. Бастауыш сыныптардың кітаптарындағы қазақ тілінде жазылған сөз түсініксіз болмағаны жөн. Бірде-бір артық сөзді қолдануға болмайды. Сонда бала өзінің ана тіліне құштар болады. – Өзіңіз жазу өнеріне қалай келдіңіз? – 4-сыныпта оқып жүргенде жазушы болам деп ойладым. Көктемнің көкөрім шағы. Табиғат бусанып, оянып жатқан кез. Малақайымды шешіп тастап, мектептен үйге келе жатырмын. Әне жерде Біржан сал атамыздың зираты. Келесі беткейі – ауыл. Содан кеудемді шаттық сезімі кернеп, біртүрлі толғаныс күйін кештім. Мүмкін, сол кезде менің бойымдағы алғашқы ақындықтың оянғаны шығар деп ойлаймын. Бірақ оған мән бермедім. Былдырлап бірдеңе жазғаным есімде. Кенен жырдың ортасында өссем де, ақындықты қатты қумадым. Жазушы болуға қызықтым. Бала күнімнен Мұхтар, Сәбит, Ғабит ағаларымның кітаптарын көп оқыдым. Әлем әдебиетінің інжу-маржандарымен сусын­дадым. Әсіресе, ертегілер мен аңыздарға құмар болдым. Кітап маған қасиетті дүние көрінді. Мен үшін адамның төресі жазушы саналды. Орта мектепті тәмамдап, Алматыға арман қуып келдім. ҚазМУ-дың қазақ филология факультетін бітірдім. Сол кездегі «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналында жұмыс істедім. Мен үшін шығармашылық жолымда күтпеген бұрылыс болды. Кәдімгідей салмақты, байсалды психологиялық, лирикалық проза жазамын деп ойлайтын едім. Бірде телеарнадан орыстардың әзіл хабарын көрдім. Өзім әзіл сөзге бейіммін. Соны көріп отырып, ойды ой түртті. «Қиқыматтың хикая­лары» деген повесім өмірге келді. Жазып отырып, шегім қатып күлемін. «Қазақ әдебиеті» газеті жариялады. Жұртшылық дән риза болды. Одан кейін «Қарасай батырдың тұқымының толғауы» жазылды. Мұның бәрі кеңес заманында жарық көрді. Менің бағытымда, жүріп келе жатқан жолымда ондай шығарма жазам деген ой жоқ болатын. Мұнда да көп нәрсе айтылады. Күлкінің астарын көріп, біліп-таныған сыншы сирек. Күліп отырып ойымды астарлап жеткіздім. Бірде Мұхтар Мағауин: «Бір сөйлемінде талай дүниенің жүгі жатыр ғой» деп баға берді. Белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішев газетке мақала жазды. Орыс тілінде де кітап жаздым. Абылай хан бабамды қатты жақсы көремін. Әбден бойыма сіңіп кеткен. Басқа ұлттар мен орыстілді қазақтарға асыл текті бабамыздың ерлігін білсін деген ниетпен «Аблай хан и его

батыры» атты хикаят жарық көрді. – Мектепті орысша оқыдыңыз ба? – Жоқ, қазақы ауылда өскен, мектепті ана тілінде оқыған баламын. Бірақ мектепте орыс тілінен диктант жазғанда «5» алатынмын. Мұзафар Әлімбаев ағамыз алпысқа толғанда, «Огни Алатау» газеті маған тапсырыс беріп, орысша мақала жазып берген едім. 1984 жылы Мұхтар Мағауин Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанда, «Казахстанская правда» басылымына «Аласапыран» романы туралы рецензия жаздым. Сонда Ахмеди Ысқақов деген кісі менің мақаламды оқып: «Мына баланың орысша ой орамдары бөлек екен» деп айтты деп Мұқаң риза болған еді. Сөйтіп, Абылай хан бабамыз туралы хикаятты «Көкшетау» журналы басты. Кейін кітап болып шықты. Оқырмандарым ол жайында жылы пікірлерін білдірді. Одан кейін «Разрешите жить!» атты повесть жарыққа шықты. Сол кітапты Зоя Алексеевна деген зейнеткер мұғалима оқып, маған хабарласты. «Мен сіздің кітабыңызды оқып, толқыдым. Сіздей жазушымен танысқаныма қуаныштымын. Сіз өз шығармаңыз арқылы әлемдегі ұяты мен ақыл-есін жоғалтқан адамдарға үн қатып отырсыз» деп жоғары бағалады. – «Паң Нұрмағамбет» атты киностудия ашып, кино да түсірдіңіз… – Әйгілі италиялық режиссер Феллини: «Әрбір адамның іштей көретін өз киносы бар» деп айтады екен. Киноны елестетпейтін пенде жоқ. Шындығында, кино – құдіретті өнер. Осы ғажайып өнер арқылы имандылықты насихаттағым келді. Сол оймен киноға келдім. Төрт көркем, алты де­ректі фильм түсірдім. Бүгін­гі қазақ кинолары ұлттық бояуын жоғалтып барады. «Аран» деген фильмді туған жерім Степняк қаласында он мың долларға түсірдім. Оның оқиғасы өмірдің өзінен алынды. Әрине, кино өндірісі ұжымдық еңбекті талап етеді. Оған көп қаржы қажет. Мен жалғыз өзіммін. Өзім режиссер, өзім сценарист, өзім актермін. Әрі өзім шопырмын, жүкшімін. Имандай шынымды айтқанда, оны патриоттық сезімнен туған дүние деп санаймын. Титтей болса да қазағыма пайдасы тисе екен деп ойладым. «Айхан» деген фильм­де өмірдің түрлі теперішін көрген боксшының тағдырын бейнеледім. Әр туындыға мақсатты түрде сүбелі, сереқазы секілді ой тастайтын ұлттық бояуларды енгізіп отырдым. Мәселен, «Аранда» Біржанның «Теміртасы», Әбікен Хасеновтің «Қоңыры», «Айханда» Қасым Аманжоловтың «Өзім туралысы», Мұқағалидың өлеңі, «Асау толқында» Мәшһүр Жүсіп атамыздың нақылын қос­ тым. Мен содан бір пайда көрейін деп ойлаған емеспін. Бірақ соны рухани ерлігім деп бағалаймын. Айқын Нұр­қатов туралы үш бөлімді

құрайтын деректі фильм жасадым. Тұрсынбек Кәкішев ағамыздың
көзі тірісінде үйінде отырып, екі сағаттық әңгімесін жазып алдым.
Айталық, қазір сол кісілердің көзі кетті. Енді соның бәрі құнды
мұраға айналды.

Драмалық шығармаларым да бір төбе. Жиырмаға жуық пьеса
жазылды. Алғашқы «Құдалық» деген туындым Көкшетау театрында
қатарынан он жыл жүрді. «Қожанасыр», «Қайран кемпір-шалдар-
ай!», «Еркегі бар болғыр», «Қазақы сайлау», «Қаптан шыққан

қара қыз» секілді комедияларым ел театрларының сахналарында
қойылды. «Жас қазақ», «Ойран» деген драма да жұртшылыққа
ұсынылды. Бүгінгі таңда маған ғаламтор деген жақсы болды. Соған
өзім жырлаған дастандарым мен толғауларымды салып қоямын.

Тыңдармандар содан естіп, алғысын білдіріп жатады.

– Аға, маған бір қызық ой келді. Егер мен бір телеарнаның

басшылығында отырсам, сізді соған шақырып, бір хабар ашып,
халқымыз­дың бай ауыз әдебиетін  насихаттауға күш салар
едім… Оны неге телеарнаға шығармайсыз? Қазақ телеарнасы
халқымыздың жырына қашан жол ашады?!

– Ой, айналайын, мен осы мәселені айтып, «менмін» деген талай

азаматқа бардым. Ұлттың жанашырымын, патриотымын деген
кісілерге айттым. Кеңес заманында «Халық қазынасы» деген арнайы
хабарлар дайындап, батырлар жыры мен термелерді көрерменге
ұсынатын. Сөйтіп, жұртшылық одан рухани нәр алатын. Қазір соның

бәрі жоғалды. «Атадан қалған аңызым» деп аталған бір циклды хабар
ашайын деп біраз төрелерге айтып көрдім. Бәрі «ойыңыз дұрыс
екен» дейді. Бірақ нәтижесі жоқ. Күніне телеарнадан 5-10 минут,
тіпті аптасына бір рет аңыз жырлар мен дастандарды беріп отыратын

болсақ, анау ескі дәуірдегі аталардың сөзі жаңғырып, бізге жетер
еді. Ол тіпті үлкендер мен жастардың жүрегіне барып қонар еді.
Халқымызға қуат береді. Артық қаржыны да талап етпейді. Кейде
менің ақылым айран-асыр болады. Тәуелсіз мемлекетпіз. Сөйтіп

отырып, қазақтың теледидары халқымыздың аңызы мен жырына
жол ашпай отыр­ғанына қайран қалам. Сіз телеэкраннан ақындардың
өлең оқығанын көрдіңіз бе? Құдай-ау, мықты ақындар толып жүр
ғой. Олар сізден ешқандай ақы сұрамайды. Солардың өлең оқуына

да жол жабық. Ертеден кешке дейін бітпейтін шоу. «Шоу» деген
сөз жүйкеме тиеді. Содан балалар түк ойланбай өседі. Соның бәрі
қазақ руханиятына көңіл бөлмеушілік, мән бермеушілік, еліміздің
рухани әлемін адас­тыруға, соған бөгет болуға, соны теріс жолға

салып жіберуге құштар ынталы күштер бар ма деп ойлаймын. Біздің
азаматтар соларға елігіп, рухани құндылықтардан адасып қалды ма

деп қорқамын. Қаламгерлер оларға танымалдылық жаса деп отырған жоқ. Бірақ біздің сөзіміз халыққа жету керек қой! – Әңгімеңізге рахмет! Азамат ЕСЕНЖОЛ «Астана ақшамы», 2017ж. БАЯНҒАЛИ ӘЛІМЖАНОВ: “ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАЛЫ ЭФИРДЕН ЖЫРШЫЛАРДЫ КӨРСЕТПЕЙТІН БОЛДЫ” Бұл кісіні қазіргінің “Біржан салы” деп атайды. Жыршыжыраулығы бір төбе әрі Қазақстандағы жалғыз “Манасшы”. Оған Құдай бар талантты аямай бере салған, бағы мен бабы қатар келіскен бақытты жан, өмірді шексіз сүйетін ақын. Ол – азулы айтыскер, драматург, жазушы, сатирик, кинорежиссер, тележүргізуші, сыншы, Қырғызстан Композиторлар одағы мен Мәдениет министрлігінің А.Малдыбаев атындағы Халықаралық сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, “Ерен еңбегі үшін” медалінің иегері Баянғали Әлімжанов. - Баянғали аға, Ақтөбеге қош келдіңіз! Еліміздегі бірден-бір “манасшы”, жыршы-жырау екеніңізді білеміз. Өзіміз қазір төрт шумақ өлеңді әрең жаттап айтамыз. Кітапханада жастармен кездесуде қаншама өлең-жыр оқыдыңыз. Бұл жоғарыдан берілген қасиет пе әлде есте сақтау қабілетін дамытатын әдіс-тәсілдер бола ма? - Бір сөзбен айтқанда, әуелі жыр адамға қону керек. Сосын кезкелген жыр адамға қона бермейді. Байқасаңыз, жыршылардың да репертуары бар. Қазақта не көп, өлең-жыр көп. Оның бәрін бірдей жаттап алу мүмкін емес, жадыңа қонбайды да. Солардың ішінде өзіңе ерекше әсер еткен, санаңа сіңіп кеткен өлеңдер болады. Алдымен бірнеше қайталап оқып, есіңе сақтайсың. Бірте-бірте қаныңа, жаныңа сіңіп кетеді. Мысалы, “Батыр Баянды” ең алғаш оқығанда жан-дүнием бір төңкеріліп түскендей болды. 70-ші жылдары Мағжанның өлеңін оқымақ түгілі, атын айтуға болмайтын кез. Содан қайталап оқып, қайталап көшіріп, студенттердің арасында айтып жүріп, өзімнің жырым сияқты сіңді. “Тыңдаушысыз сөз жетім” дейді. Тыңдаушылар алдында сол жырларды дембіл-дембіл айтып тұрмасаң, көмескі тартып қалады. Есте сақтау қабілетің жоғары бола берсін. Оған қарап тұрған дүние жоқ. Адамға эмоциялық тұрғыдан

қатты әсер еткен жыр ғана қонады. - Қазіргі таңда еліміздегі жыршылық дәстүрдің даму деңгейі қандай? - Қазір Құдайға шүкір. Ең әуелі “Сыр елі – жыр елі” деп Сыр бойын ауызға аламыз. Қызылордадағы Қорқыт ата университетінде жырауларды кәсіби деңгейде оқытатын арнайы факультет ашылған. Оған мұрындық болған замандасымыз, белгілі жырау – Алмас Алматов. Өзі ұстаз, өзі ғалым. Басқа қалаларда ашыла қоймады. Енді Атырау, Маңғыстау, Ақтау, осы Ақтөбеде жыршылық дәстүрді сақтап қалған бірен-сараң адамдар бар. Біздің Арқада да жырды жанына серік еткен аздаған кісілер бар. Бірен-сараң деп отырсыз ғой, сол кісілердің теледидар-радио хабарларына қатысып не болмаса халық алдында өнер көрсетіп, кеңінен танылып жүргенін байқамадық... - Ал ол былай. Сен бір жанды тақырыпқа ойыстырып әкеттің ғой. Кешегі Кеңес одағының заманында “Халық қазынасы”, “Терме” деген хабарлар циклы болды. Соған еліміздің түкпір-түкпірінен жыршыжырауларды шақыртып, студияда жыр айтқызып, мүмкіндігімізше таратып жүрдік. “Бес ғасыр жырлайды” деген де хабар шығардық. Ал енді өз алдымызға тәуелсіз ел болған кезде жырымыз эфирге шықпай қалды. Мен бұл саясатты түсінбеймін. Талай рет мықтымықты азаматтардың алдына барып, “Халық қазынасын” қайта жаңғыртайық” деп өтініш айттым. Анау-мынау деп сылтауратып әлі жүр. Неге екенін, кімге керек екенін білмеймін. Әйтеуір бұл хабарлар эфирге шықпай қойды. Анда-санда “Алматы”, “Білім және мәдениеттен” там-тұмдап үзіп береді. Тіпті болмаған соң, “Халық аңыздары” деген хабар жасайық” деп ұсыныс тастадым. Бәрі жақсылап қарсы алып, мақұлдап шығарып салады. Әр жағы мүлгіген тыныштық. - Шымбайыңызға батып жүргені көрініп тұр. Түбі шығарар деген үміттеміз. Ал, өзіңіздің қандай үлкен жаңалықтарыңыз бар? Ең үлкен жаңалығым – 12 томдық шығармалар жинағымды шығардым. Менің шығармашылығым сала-сала ғой. Өлең-жыр өзі бір күні құйылып келгенде ұстап қалып, қағазға түсіріп, артынша пісіресің дегендей. Ол бір сала жазылып жатыр. Бірнеше жаңа пьесалар жазып бітірдім. Прозалық шығармалар, мақалалар жаздым. Орыс тілінде де жазып жатқан шығармаларым бар. Мақсат қуып, пәлен том қыламын немесе пәлен санға жеткіземін деген жоспарым

жоқ. Күнде еңбек етіп, қағазға түсіріп, жұмыс істеп жатқан жағдайым бар. Өнер – халықтыкі. Мен өмірі бастық болмаған, мансап қумаған адаммын. Таза шығармашылықпен айналысып келемін. - Сізге Құдайдың өзі талантты аямай бере салған, бабы мен бағы қатар шапқан жансыз ғой. Сан қырлы Баянғалисыз. Айтыңызшы, сізге қай Баянғали жақын? – “Бұрын әкім еді, қазір депутат” деген сияқты, мені де “бұрын айтыс ақыны еді, қазір жыршы боп кетті”, “бұрын жыршы еді, қазір манасшы боп кетті” деп айтады (күліп). Олай емес қой. Бұның бәрі – менің әлемім, менің рухани қазынам. Тереңірек үңіліп қарасам, Құдай мені әуелі ақын етіп жаратты ма деп ойлаймын. Ақындықпен бәрі үйлесетін сияқты боп көрінеді. Өйткені киноға сценарий жазсам да, ақынның көзімен қараймын, жазушылықта да солай. Бірақ “ең бастысы мынау” деп дөп басып айта алмаймын. “Әкеңді жақсы көресің бе, шешеңді жақсы көресің бе” деген сияқты бұл бір күрделі сұрақ. Кейде орысша құйылып келгенде, орысша жазамын. Ал, бірақ ол шығармаларды қазақшаға аудара алмаймын.

- Жыршылық дәстүрдің қазіргі күйіне ептеп қанықтық. Ал енді

аға буын ретінде жас ақындардың өлеңіне қандай баға бересіз?

– Көпшіліктің алдына шықса, “ой, фәни жалған”, “қамшының

сабындай қысқа ғұмыр” деп тұрады. Шалдар айтсын, үлкен кісілер
айтсын, жастарға не жорық?! Жандарым-ау, әуелі өмірді сүріп
алсаңдаршы. Той-жиында да солай сөйлеп тұрады. Өмір бар жерде
өлім бар. Ол –заңдылық. Ал, бірақ жап-жас балалар сары уайымға

салынып тұрғанда, жаның ашиды тура. Ертең жастары ұлғайғанда
қандай өлең жазады? “Әрбір жұтқан демге де қыл шүкірлік, Әрбір
татқан дәмге де қыл шүкірлік, Күнге шүкір, шүкір және түнге де,
Тіршіліктің әр сәтіне шүкірлік”. Шүкірлік – Аллаға рахмет деген

сөз. Солай емес пе?!

- Бір сұхбатыңызда “менің екі арманым болды: футболшы

болу және жазушы болу” депсіз. Кейде “бәрін қойып, футболшы
болуым керек еді” дейтін кездеріңіз болады ма?

- Бала кезімдегі ең үлкен екі арманым болатын. Футболды

қызығып, жақсы ойнадым. Әй, бірақ футболшы бола алмайтын едім.
Өйткені оқуы екі бөлек, бәрібір әдебиетті қуатын едім. Әрі осыған
байланысты жеке басымызда трагедиялық жағдай да болды. Бұл
жөнінде мен “Бақыттың бір үлесі” деген әңгімемде жаздым. Әлі

күнге немерелеріммен футбол ойнаймын. Қыстыгүні сырғанақ жасап,

сырғанақ теуіп ойнаймыз. Өңкей 10-12 жасар балалардың арасында 63 жастағы мен де жүгіріп футбол ойнаймын. Ол бір қайталанбас қызықты шақ, тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. - Үйдегі апай туралы айтыңызшы... - Апайыңды неменеге сұрайсың?! (күледі-ред.) Жақында “Өмірлік менің серігім” деген өлең жаздым, ұлым Нұрлан әнін шығарды. Сол әнде бәрі айтылған. Бұл бір ғажап адам, шынын айтқанда. Қара шаруаның адамы. Жұрт әйеліне жұмыс істете алмай жатқанда, біз тоқтата алмаймыз. Әкесі, қайын атамыз еңбекқор адам еді. Малсақ болды. Сол кісіге тартқан шығар. Алматыда қызмет істеп жүргенде шешем ауырып, ауылға көшіп бардық. Араларына біраз жыл салып әуелі шешем, сосын әкем қайтты. Сол кезде айтыстан бір қалмадым. Атасын өзі жуындырып, батасын алып, өз қолымен жөнелтті. Жасымыз ұлғайған соң ба, әйелімізді көп мақтайтын болдық қой (күліп). Көп айтпаушы едік. Төрт балам бар. Бұйырған бірер “жамандарым” бар. Қарап отырсаң, Алла тағала өмірді керемет жаратқан ғой. Адам баласы соны түсінбей, бүлдіреміз. “Жүрегіңе сыйғыза алсаң болғаны, күллі ғалам саған сыйға берілген”. Солай ғой?! Мәшһүр Жүсіп атаңның өлеңі бар: “Тілей бер бір Құдайдан өз бағыңды, басқаның хақысына көңіл бөлме” дейді. Осыны қазір небір экстрасенстер, психологтар жаңалық ашқандай айтып жүр. Күпіршілік қылмай, асылық айтпай, өзгенің бағын қызғанбай, өз бағыңды қадірлей алсаң, өте жеңіл жүресің. Сөздің тоқ етері – осы. Асығыс болсаңыз да, уақыт тауып сұқбат бергеніңізге рахмет! Гүлсаян Ыбырай 23.11.2019ж.

“МАҒАН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЕРКІНДІГІМ ҰНАЙДЫ” Ақын, жазушы, драматург, жыршы, манасшы Баянғали Әлімжановты Қызылжар жұртшылығына таныстырудың өзі артық. Жуырда редакция ұжымымен кездесіп, жарық көрген туындылары, қазіргі әдебиеттің, соның ішінде поэзияның жай-күйі туралы айтқан әңгімесін назарларыңызға ұсынып отырмыз. - Баянғали аға, әңгімемізді жуырда Мәскеудегі “Художественная литература” баспасынан жарық көрген “Сказ столетнего степняка” атты кітабыңыз жайында бастасақ. Максим Горький негізін салған, кезінде Әлем әдебиетінің таңдаулы 200 томдық кітапханасын шығарған даңқты баспадан екінің бірі өз туындысын шығара алмайтыны белгілі. Сіз бұған қалай қол жеткіздіңіз? - Баспаның директоры, жазушы, академик, Ресей Жазушылар Одағының хатшысы Георгий Владимирович Пряхинмен Астанадағы Халықаралық форумда жүздестім. Ол кісі менің орыс тілінде жазған, Қазақстанда шыққан кітаптарымды оқып, риза болғанын айтты. Сөйтіп, Мәскеуден бір-ақ шығарды. Тіпті, өз жүрек қалауымен жылы лебізді алғысөз жазыпты. Мен дәстүрлі гуманистік орыс мәдениетінің бүгінгі ірі өкілінің достық пейіліне, биік өресіне қайран қалдым әрі өте риза болдым. Себебі, «Сказ столетнего степняка» – қазақ-орыснеміс соғысы мен достығы туралы роман-хикая. Яғни, қазақ пен орыстың, орыс пен немістің, қазақ пен немістің соғысы мен жауласуы туралы! Және, қаншама қантөгіс, аласапыран замандардан өткен, қилы-қилы тарих, тағдырды кешкен халықтардың достығы туралы! Аса күрделі, қайшылықты ұлтаралық қарым-қатынастардың қатпарқатпар сырлары қозғалады. Қазақ халқының ақ патша империясы мен қызыл империяның отаршылдық саясатынан көрген қиянат, қорлығы айтылады. Романның жалпы мазмұны – жүз жасаған қарапайым дала қариясы жиырмасыншы ғасыр бойына көрген-баққанын таразылап, ой елегінен өткізіп, ұрпақтарына өсиет, аманат ретінде айтып береді. Оның тағдыры мен қазақтың жүз жылдық тарихы астасып жатыр. 1916 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістен бастап, 1932 жылғы аштық, саяси қуғын-сүргін, Екінші дүниежүзілік соғыс, Хрущевтің жылымығы мен Тың игеру, одан кейінгі тоқырау жылдарындағы қазақ халқын тұқырту, орыстандыру саясаты, дініміз бен тілімізді сақтау жолындағы момын халқымыздың санқилы күрес тарихы баяндалып,

тәуелсіздік алған жаңа дәуірге келіп бір-ақ тіреледі. Романның эпиграфы: «Соғыс тарихы бізді бейбітшілікке, дұшпандық тарихыдостыққа үйретуге тиіс.» Міне, осындай шырылдаған шындықты Мәскеуден басып шығарып, орыс жұртына оқуға таратып отырған орыс жазушысы Георгий Пряхиннің дүниетаным кеңдігін, қандай тұлға екенін пайымдай беріңіз! - Кітап туралы республикалық, облыстық баспасөз беттерінде, ғаламтордағы әлеуметтік желілерде жақсы лебіздер айтылып жатыр... - Қарапайым ауыл мұғалімі Тәстембек Смағұлов: «Мына кітабыңыз балаларға жүз жылдық тарихымыздың дап-дайын, тартымды оқулығы сияқты екен!» – деді. Романды аударып жатқан белгілі жазушы Нұрлан Қами: «Бұл болашаққа арналған шығарма! Жас ұрпаққа қарата жазылған, көп нәрсені сыйғызған ішті дүние!» -деді. Шынында да, қазіргі балалар бұрынғы, арғы тарихты ертегі сияқты көреді, тіпті, күні кешегі күндердің өзі оларға әлдебір елес сияқты бұлдыр, белгісіз дүние.. Ал, тарихты білмей тұлға болып қалыптасу мүмкін емес. Бір қызығы, сүйсіне оқып жатқан орыс оқырмандарым аз емес. Қорған қаласынан жас орыс оқырманым Михаил Нестеров : «Книгу вашу прочитал. Купил 3 книги, себе и папе с братом. Очень поучительно и познавательно. Прочитал за два вечера. Многие факты просто не знал, много нового открыл для себя. Спасибо вам! Дай бог вам добра и здоровья на долгие долгие годы!!!» – деп жазыпты. Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық кітапханасы ктіапты талқылап, оқырмандар конференциясын өткізді. Сондағы пікірлерді Галина Савенкова былай түйіндейді: «Каждый читатель, библиотекарь поделился своим мнением о прочитанном. Замечательная книга! Она никого не может оставить равнодушным, захватывает с первых страниц и не отпускает до конца – оторваться не возможно! Читается на одном дыхании, затрагивая чувства людей. Это история нашей страны глазами очевидца. Исторические факты глазами очевидца, что может быть лучше! Яркая, патриотическая книга, читая её понимаешь, как нужно любить Родину, так как любил главный герой книги! Прочитайте, не пожалеете!» Сол жиынның қортындысы тіпті қызық! : «Сказ столетнего степняка» предложено включить в учебные программы школ и вузов.» – деп жазды «Казахстанская правда» газеті. Бұл ұсынысқа Біржан сал ауданының әкімі Ермек Нұғыманов : «Керемет туынды, мектеп бағдарламасына қосу керектігін қолдаймыз және оны жүзеге асырамыз.» – деп, қуана үн қосады.

- Кітаптың таралымы қалай? Әсіресе, орыс оқырмандарына қанша дана кітап таралды екен деген сауал көпшіліктің көкейінде тұрғаны құпия емес... - Бұл кітапқа енген шығармалар, әрине, әуелі туған елімізде жеке – жеке кітап болып жарық көрді. Мысалы, «Аблай хан иего батыры» повесім Астанадағы атақты «Фолиант» баспасынан 5000 дана болып басылып шықты. Ал, мәскеулік «Художественная литература» баспасынан 1000 дана болып басылып шыққан кітаптын жартысынан астамы өзіміздің елге әкелінді. Қалғаны Ресейдің кітапханаларына, кітап дүкендеріне түсті. Алда бірнеше мың тиражбен Ресейдің әдеби журналдарының бірі жариялауды жоспарлап отыр. Оған қоса, орыс тілінде шыққан «Разрешите жить!», «Аблай хан и его батыры», «Мальчик, победивший Джалмауз» атты кітаптарымның электрондық нұсқалары интернеттегі әйгілі «Литрес» жүйесі бойынша дүнижүзіндегі орыс тілді оқырмандарға емін-еркін таралуда. Ғаламтордағы «Руслит», «Куллиб», «Майбук», «Букскриптор» және басқа да ондаған әдеби кітапханаларда, портал, сайттарда ең айтулы шығармалармен бірге тұр, мыңдаған адам оқып жатыр. Кітаптың таралымына, оқылуына қатысты өмірде болған тағы бір нақты оқиғаны айта кетейін. Алматы сән жане дизайн колледжінің әдебиет пәні оқытушысы Гүлзия Саясатқызы Ауқашова орыс тілінде білім алатын бір топтың студенттеріне менің «Разрешите жить!» повесімді оқуға береді. Бұл шығарма әділетсіз соғыстың әділетсүйгіш мүгедегінің «әлем билеушілеріне» жанайқайы: ол дүниедегі қиянат, зорлық, зұлымдық атаулы адам баласының ұят пен әділдік сезімін жоғалтқаннан болады деп санайды. Сөйтіп, күштілердің ұяты мен әділет сезімін оятатын фантастикалық қару ойлап тауып, қиянатқа қарсы күреседі. Студенттер қызыға оқып, қолдан-қолға өткізіп, ақыры ұялы телефонға көшіреміз деп екіге бөліп тастапты. Жұлымжұлым болған кітап бір топтан екінші топқа ауысады. Ақырында ата-аналарының қолына көшіп, қайта оралмайды. Бір күні басқа бір топтың студенттері: «Апай, сізде американдық па, жапондық па, итальяндық па, француз ба, әйтеуір бір шетелдік жазушының жақсы кітабының орысша аудармасы бар екен ғой, бізге де оқуға беріңізші!» – деп сұрайды. - Жоқ, ешқандай шетелдік емес, қазақ қаламгерінің шығармасыдеп түсіндірдім де, кейіннен уақыт тауып шығарманы мазмұндап бердім! – дейді, өресі биік, өрісі кең ұстаз Гүлзия Саясатқызы. – Шығармадан өзім алған әсердің шәкірттерімнің көкейіне де орныққанына қуандым. Әлемдік, жаhандық, адамзаттық ортақ ізгілік

жолындағы қайтпас-қайсар рухты күрескердің еш бір ұлтқа жат емес, қайта өз бауырындай жақындығына, оқырманды баурап, оларды да адами, ізгілік туын желбіретуге тәрбиелейтініне куә болдым. Мұндай оқырмандарымның ізгі тілектеріне өте қуаныштымын. - Төрт тілде – қазақ, орыс, ағылшын, неміс тілінде жарық көрген «Мейірімді Асқар» деген ертегіңізді де өзге жұрт өкілдері аса қызыға оқып жатыр деп естиміз... - «Доброжелательный Аскар» деген атпен орысша жазылған бұл ертегіні республикалық «Дружные ребята» газеті алты номерінде үзбей жариялады. Интернетте толып тұр. Балалар әдебиетінің озық үлгілерімен қатар «Руслит» интернет кітаханасында тұр. «Мейірімді Асқар» деген атпен қазақ тіліне Жадыра Шамұратова қарындасымыз аударды. Бұл ертегінің кейіпкері Асқар деген дала қариясы ғажайыптың күшімен жеті жасар балаға айналып, балалық шағында оқыған әлем халықтары ертегілерінің ізгі ниетті кейіпкерлерімен кездеседі. Алдар Көсенің тақиясының көмегімен Алтын балықты құтқарып алады, Акка қазбен, Бремен музыканттарымен, Қар Ханшайымымен дос болады, барон Мюнхгаузеннің өзін өтіріктен жеңіп, Қалайы солдатты тірілтіп алады. Сонда оның бар қаруы – мейірімділігі! Оған ертегі әлемі де ізгі ниетпен үн қосып, үйлесім табады! - Жалпы, бірнеше туындыңызды орыс тілінде жазуыңыздың себебі неде? - Мен бұл туындыларды қалай орыс тілінде жазғанымды кейде өзім де түсінбей қаламын. Ойланып, толғанып жүргенде, орыс тілінде құйылып келіп, орыс тілінде туды. Әрине, неше қайта оқып, қырнап, жонып, иін қандырап, ойдағыдай шығарғанша әбден терім төгілді. Бір қызық, шығармашылық жағдай. Енді оны өзім қазақ тіліне аудара алмаймын. Ал, орыс тілінде жазғандағы мақсатым – халқымыздың тағдыр, тарихын, тартқан азабын, ерлік рухын, арман, мұңын орыс тілі арқылы орыстарға, орыс тілділерге, арысы бүкіл әлемге айтып жеткізгім келді! Оқыған адам қазақтың дәстүрлі аңызын, мифологиясын, дүниетанымын табады, тани түседі деп ойлаймын. Мәселен, орыс тілінде жазған алғашқы көркем шығармам – «Абылай хан и его батыры» балалар мен жасөспірімдерге арналған повесть-аңыз. Ол Шоқан, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім және басқа да ардақты аталарымыз жазып, айтып беріп кеткен қазақ халқының тарихи, мифологиялық аңыздарына негізделген. Мен қаймағы бұзылмаған қазақ аңыздарын сан ғасыр бойы аталарымыз қалай

айтып келсе, сол күйінде орыс тілді әлемге жеткізгім келді. Өйткені, біздің қазақ аңыздары, әсіресе, тарихи аңыздар киноға түскенде, өзге тілдерге аударылғанда адам танымастай болып өзгеріп кетеді. Дұрыс түсінбей ме, әлде өз дүниетанымдарына, керек десеңіз, саясатына бейімдей ме, неге екенін кім білсін, әйтеуір өзге ұлт өкілдері біздің аңыздарды аударғанда, кітапқа басқанда, экранға шығарғанда мүлде өңін айналдырып жібереді. Осындай жәйттер жаныма батып, қаным қызып жүретін, ақыры, осы олқылықтың орнын толтырғым келіп, орыс тілінде кітап жаздым. Бұл қадамға үлкен тәуекел керек. Мен – қазақ ақынымын, ана тілім – қазақ тілі. Ал, Пушкиннің, Толстойдың тілінде көркем шығарма жазу оңай деп кім айтады? Бір қызық жағдай, академик, жазушы Пряхин кітапты баспаға дайындау барысында Мәскеуден звондады. - Мне нравится ваш роман. Есть очень сильные места! Но где-то надо и поправить. Вот вы пишете: «Столетний самоходный старец, слегка опирающийся на крепкую березовую палку, да еще не сильно выживший с умавсе таки редкость.» А ведь с ума сходят, выживают из ума! – деді. Мен ол кісіге: – Лишь бы был ум, а там с него, или из него –не важно! – дедім. Академик күліп жіберді. Кейіннен қатырып алғысөз жазыпты. - Орыс тілінде жазамын деп жүріп, қазақша жазуды ұмытып кеткен жоқсыз ба? - Осы романды жазу кезінде он екі томдық шығармалар жинағымды дайындап шығардым. Біраз өлең, поэмалар, балаларға арналған дүниелер, балам Нұрланның әндеріне өлеңдер жаздым. «Әлем әуендері» атты өлеңдер жинағым әлем халықтарының өзімді қызықтырған оқиға, құбылыс, адамдары жайлы. Бауырлас қырғыздарға арналған жырларымды, қырғыз ақындарымен айтыстарымды, мақала, сұхбаттарымды «Қырғызым, бірге туғаным» деген атпен жеке кітап етіп бастырдым. Таяуда «Түгел түрік баласы» деген шағын кітапша шығардым. Мұнда барлық түрік халықтарын жырға қостым. Одан өзге кеше ғана “Батыр болмақ сойдан дүр” атты кітабымның да жарыққа шыққанын айта кетейін. Мұнда батырлардың аруағы, ерлік рухы, мәрт мінезі, соғыс тәсілдері, күшқуаты, ата-бабаларымыз қолданған найза, қамшы, қылыш сияқты қару түрлерінің жасалуы мен қолданылу әдістер сөз болады. Осы күнге дейін жиған-терген, жанымызға бөлеп, жадымызда сақтаған қазынаның біразы осы.

– Сіздің көптеген өлеңдеріңіз бен поэмаларыңыз бар. Әнге жазылған сөздеріңіз, сатиралық шығармаларыңыз бір төбе. Енді осының бәрін әдебиетсүйер жұртшылыққа паш ететін жеке шығармашылық кешіңізді беруді ойлап жүрген жоқсыз ба? - Айтып отырғаныңыз орынды. Шынынды да, елу жылдықтан кейін арнайы дайындалып, кеш өткізіп көрмеппін. Мұндай шаралардың, ең бірінші, ұйымдастыру жағы қиын болады. Ол үшін жауапты мекеме басшыларымен келісіп, бағдарламасын ұтымды ойластыру керек. Оның бәрін өзім ұйымдастырып жүргенді жаным сүймейді. Мен таза шығармашылықтың адамымын. Оны атақмансапқа айырбастаған емеспін. Алпыс бес жыл ғұмырымда бір мекемені басқарып көрмеппін. Маған өзімнің шығармашылық еркіндігім ұнайды. Жазған дүниелеріме қызығушылар тарапынан кездесу кештерін өткізу туралы ұсыныс түсіп жатса қуана – қуана келісемін. Мектептер мен кітапханалар жиі шақырып жатады. Таяуда ғана өзімнің туған жерім –Біржан сал ауданының әкімдігі мен оқу бөлімі, мектептер “Баянғали оқуларын” жүйелі түрде өткізіп, дәстүрге айналдыруды шындап қолға алыпты. Олар аудан көлемінде байқау ұйымдастырып, оқушылар менің жырларымды жатқа айтудан сайысқа түсіпті. Тіпті, басқа ұлт өкілдері де өлеңдерімді жатқа оқыды. Қуанып қалдым. Жазған дүниең жас ұрпақтың керегіне жарап жатса, қаламгер үшін нағыз жетістік деген осы емес пе? Ал енді осы сұрағыңа орай бір ортақ әңгімені қозғай кетейін. Негізінде, ақынжазушылармен кездесу кештері шығармашылық сырласу кеші болуы керек. Автор оқырмандарымен өз шығармашылығы туралы кеңінен әңгімелессе жақсы болар еді. Қазіргі шығармашылық кездесулер, тұсаукесерлер, әдеби кештер көбінесе автордың адамшылық тұлғасы, қызық мінездері, достары, отбасы, барған сапарлары, әуесқойлығы, қоғамдық белсенділігі, қайраткерлігі туралы болады да, кітаптар талданбай, талқыланбай, тасада қалып қояды. «Ақындықтың өлшемі өлең ғана, Қолдан келсе жазып көр, терең, дана...» – деген өлеңім де бар. Қаламгердің қадір-қасиеті – қаламынан туған дүниелерінде болса керек. Ал оның мансабы, лауазымы, қоғамдық статусының шығармашылыққа түк қатысы жоқ екендігін, талантты өзгелерден ерекшелеп тұратын нәрсе – сол таланттың туындысы екенін естен шығарып аламыз. Автордың кешінде оның шығармалары оқылып, талданып, талқыланып, пікір таласына түсіп, әділ бағалануы керек! Сондықтан, бірсарынды, даңғаза тұсаукесерлерден гөрі, оқырмандар конференцияларын өткізу анағұрлым маңызды әрі қызықты болар еді деп ойлаймын. Ондай жиындарда кітапты оқымаған адамдарға сөз беріп қажеті жоқ! Әйтпесе, бір кітабы түгілі, бір жол өлеңін

оқымаған автор туралы көсемсіп сөйлеудің өзі күлкілі емес пе?! – Бір өлеңіңізде: “Аңсаған адамдардың жарасымын, Арнаған туған елге бар асылын, Қиялы көп болғанмен, зияны жоқ, Қазақтың мен де ақкөңіл баласымын!”, – деп жырлапсыз. Өзіңіз де оқыған шығарсыз, жуырда белгілі математик Асқар Жұмаділдәев “қазаққа қиялы ұшқыр ақыннан гөрі, технократтар жетіспейді”, – деді. Бұған еліміздің белгілі зиялы қауым өкілдерінің, ақын-жазушыларының өз айтарлары бар. Сіз қандай пікірдесіз? - Оған бола даурығудың қажеті жоқ. Бір жағынан, Асқардың сөзінің жаны бар. “Қазақ ақын халық” деп, қолымыздан келсін, келмесін, түгел сөз қуып кетсек болмайды. Елге, ұлтқа технократ та, бәрі де керек. Ал, енді академик, математиктің бүкіл қазақ поэзиясына өкім шығарып, ақындардың тақырыбы шектеулі, аясы тар деген пікірі – мүлде қисынсыз. Асқар Жұмаділдаев бір сөзінде Абайдан басқа ақындарды оқымаймын, керек те қылмаймын деген. Ол өз еркі, өз өресі. Бірақ, оқымай, білмей пікір айту – ғалым адамға, алаштың азаматына жараса қоймас. Жә, тіпті, айтса айта берсін, тап содан өлеңге келіп, кетер ештеңе де жоқ. Өлең жазылады, адам баласы барда поэзия жасай береді. Осындай одағай пікірлерге қатысты бір нәрсеге баса назар аударғым келеді. Осы күні қоғам, көпшілік дұрыс, парасатты сөз айтқан адамға селт етпейді. Біреуге тиісіп сөйлегендерді көтере мақтап, қолпаштай жөнеледі. Қайтсем елді елең еткіземін деп есіре, екпіндеп сөйлеу, қисық, қыңыр пікір айту, әдепсіз, ашулы сөздермен біреулердің жүйкесіне тиіп, жұртты дүрліктіру үшін жалған ақпараттар тарату, бақай есеп көздеген күмәнді жаңалықтар ашу, ескінің кегін қуып, өткендердің араздығын, өсек-аяңын қайтадан өршіту, адамдардың, ұлттардың арасына өшпенділік отын жағуға тырысу сияқты небір айла-шарғылар, құйтырқы амалдар қаптап кеткенін көпшілік біліп те, көріп те отыр. Өкінішке орай, ақыл, сабырмен ақ-қарасын айырудың орнына, әзәзілдің тіліне еріп, еліріп кететіндер аз ба? Ұшқары сөз ұшпаққа шығармайды, ұшқалақтанып жардан ұшып кетпеңдер. Даналар ондай қисық, қыңыр, күйдіргі жаланы мән бермесең жеңесің деген. Оның орнына, өре түрегеліп, күресемін деп әлгінің отын одан сайын лаулатып, насихаттап кететініміз қалай? Мән бермейтін нәрсеге мән бермеу керек, бітті, – өзінен-өзі қалады! Тағы бір қызық нәрсе – біреу әлденені сынап, жаман десе, ойбай, солай екен деп, әркімнің айтқанына құлай беретіндер, жалпы жұртшылықта ғана емес, тіпті, оқыған, зиялы қауымның ішінде де аз емес. Дүниеге, әр құбылысқа өзінің емес, өзгенің көзімен қарап, өзгенің көңілімен бағалау, соның пікіріне байлану – парасаттылыққа жатпайды. Біреуге ұнамаған нәрсе

шынымен жаман деп кім айтты? Жыланды көп адам жақсы көрмейді, ал оның уынан аса пайдалы дәрілер жасалады ғой! Немесе, ара да, шыбын да ызыңдап ұшады. Бірақ, бал арасы гүлге қонып, бал береді! Шыбынның неге құмар екенін, қайда қонатынын білесіз. Ертеде, «Ботагөз» әлде «Амангелді» киносынан көрген бір сәт есімнен кетпейді. Даламызға келген патша генерал-губернаторына қазақ атқамінерлері зерлі аяқпен қымыз ұсынады. Ұлттық сусынымыз деп, мақтап, мақтанып береді. Орыс генералы бал қымыздан бір ұрттап: «Фу, кислятина какая!» – деп, сырлы аяқты қайтып беріп, бұрылып, түкіріп тастайды! Ал, отаршыл генералға ұнамады екен деп, қане, кім қымызды жамандар екен! Қымыз қымыз болып қалды ғой! Өлең де сол сияқты! «Өлмес рухын өлеңіне тапсырып, Келешекке көше берер көшпенді!» және: Компьютер көрсеткенде ғажапты, Жетпей оған ақыл тартар азапты, Шахматтан Каспаровты жеңгенмен, Өлең сөзде жеңе алмайды қазақты. Файылында сар даланың әні жоқ, Қара өлеңнің қаймағының дәмі жоқ, Миллиондап жасағанмен вариант Дәл қазақтай оның дархан жаны жоқ! – деген өлең жолдарым есіме түсіп отыр. Сондықтан, математиктер неше жерден «екі жерде екі төрт» десе де, ақындар «екі жерде екі – төрт» демей, асқақ жырларын қияға самғата берері анық! – Қазіргі қазақ поэзиясына деген көзқарасыңыз қандай? – Бүкіл қазақ поэзиясы жөнінде пікір айту үшін барлық ақындардың шығармаларын оқу керек. Жастар поэзиясы туралы да солай. Біз қазір шашылып қалдық. Әдебиеттің есігін кім көрінген қағып жүр. Көп шығармалар кезінде бағасын ала алмады. Қаламгерлер жанында жазып жүрген танысын, бірге жүрген жолдасын ғана оқиды. Шыны керек, кімнің не жазып, қандай тақырып қозғап жүргенін де біле бермейміз. Атағы дардай деген ақындардың шығармашылығынан бейхабармыз. Өйткені, өлеңнің насихаты жоқ, оларды талдап, талқылап жатқан сыншылар да шамалы. Қазірде әдебиет жөнінде әңгіме бола қалса, баяғыда жасалған белгілі бір тізім бар. Сол тізімге енгендер кереметтер сияқты. Бұл да нақты көрсеткіш емес. Тасада қалып қойып жатқан дарындар аз ба? “Мені бағаламады, бағамды алмадым, жақсы пікір естімедім, мен туралы жазылмады, атақ алмадым” деп ренжуге де болмайды. Өйткені, ақын болып

жаралғаннан кейін, бойдағы өнерді халыққа қалтқысыз беру керек. Егер де біреудің бағасын, мақтауын күтетін болсақ ол өнерге адалдық болып саналмайды. Әдебиетте, өлеңде көшбасшы болмайды. “Талант – Құдайдан” деген сөз бар. Алла дарынды біреуге аз, біреуге көп береді. Әйгілі Мәшһүр Жүсіп атамыз: “Тілей бер бір Құдайдан өз бағыңды, Басқаның хақысына көңіл бөлме”, – дейді. Атамыздың бұл сөзін өлең өлкесіне қадам басқан жастарға қаратып айтқым келеді. Өлең туады. Күшеніп жазылған өлең өлең емес. Қазіргі қазақ поэзиясында алаңдайтын дүниелер аз емес. Жастардың көбі қайғымұңға, өкінішке бейім. Өмір жолын жаңа бастап жатып, өткінші жалғанға өкпе артады. Олардың туындыларында зарлы мотив жиі кездеседі. Тіпті, әндердің өзі кейде зар сияқты естіледі. Ондай ақындарды бүгінгі адамдардың оқымайтыны, домбырамен әнсымақ, термесымақ бірдемелерді сарнатып, зарлап жүргендерді тыңдамайтыны – жаны түршігеді! Өнер жанды тырнамауы керек, жанға шипа болып, рухты ширықтыруы керек қой! Қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің көбі өмірге құштар болып, сүйіп өткен. Өмір жолын жаңа бастаған жап-жас адамдардың қайда болсын, тіпті, тойда да: «Бес күн жалған», «Қамшының сабындай қысқа ғұмыр», «Ертең бәріміз де өлеміз» – деп көсемсіп тұрғандарын көргенде, айқай салғым келеді. Ау, қарақтарым, онсыз да белгілі, ақиқат нәрсені еске салып, елді естен тандыра беріп не керек! Күйректік, күйгелектік, саруайымшылдық мұсылмандыққа, имандылыққа үйлеспейді. Осынша зарлап, бастарыңа не көрінді? Жұрт тойға жиналып, көңіл көтеріп, бір сәт серпілгісі келеді, ал, асабасы бар, ақыны бар, әншісі бар, өстіп сарнап тұрғанда, қандай халде болады? Өрімдей жастар зарлай бермей, әуелі адам құсап өмір сүрсеңдерші! Оларды тыңдаудың да, оқудың да қажеті жоқ, соны айтып, жазып жүргендердің көпшілігі жұртқа негатив тастайды да, өздері сайрандап жүре береді! Ақиқат нәрсе – пәни мен бақи арасын – маңдайға жазылған ғұмыр жолын адам құсап жүріп өтейік те, ар жағын бір аллаға тапсырайық! Ал, біздің жиырма екідегі тепсе темір үзетін жігіттеріміз «өмір-жалған» деп, егіліп жатқанда, сексен екідегі бір ағылшын қариясы Килиманджаро шыңына өрмелеп шыққан! Мен соның рухани ерлігіне риза болып, «Қария мен қарлы шың» деген жыр жазғанмын! Реті келгенде айта кетейін, қазіргі ақындар, жас жазушылар, тілшілер болсын, тіл мәселесін айта береді. Біздің тіліміз орнықты. Енді қорқудың қажеті жоқ. Мен оқу бітірген жылы ұстазым “математика мен физиканы игергені үшін” деп мақтау қағаз берді. Көп адамдар филолог болам деген талабыма қарсы шығып, “Қазақ

тілінің болашағы жоқ”, – деді. Шешем марқұм “Баянғалидің бетінен қақпаңдар” дегеннен кейін арманыма бір табан жақындай түстім. Алматыға барған соң тынысым ашылды. Ұлтына жаны ашитын адам ендігі жерде қазақтың қазақ болып қалуын, тәуелсіздігінің баянды болуын ойлауы керек. Құр сөз қуып, әрнәрсеге даурыға бергенше, ұлт қауіпсіздігін, халықтың денсаулығын ойлауымыз керек. Осы ретте мен шетелдерден, соның ішінде көрші Қытайдан келіп жатқан заттардың сапасы, халқымыздың денсаулығына деген зияны алаңдатады. Сапасыз, түрлі химиялық бояулар қосылған зиянды заттарды тұтынған ұлттың, сасық, зиянды ойыншықтарымен ойнаған ұрпақтың болашағы не болады? Осыған мемлекеттік, ұлттық масштабта мән беруіміз керек. Бұған бір жағынан кінәлі өзіміз. Дүкенде самсап тұрған дүниелерді арзан деп, жерімізге қаптатып жібердік, сатып алуға да, бір-бірімізге жегізуге де, сыйлауға да құмармыз. Күмәнді, арзан, қауіпті, түкке тұрмайтын жылтырақ нәрселерді дастарханымызға қойып, уланғанша, жолжоралғы деп сыйлап, бір-бірімізді алдап-сулағанша, бір-бірімізге ештеме бермей-ақ, ақ көңілімізбен адал сыйласып, қалтқысыз дос болсақ қайтеді?! – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан Нұргүл ОҚАШЕВА.

Баянғали деген екен... Құты мен қалта Астанада, Ұлттық кітапханада Тұрсынбек Кәкішевтің кабинеті ашылғанда, Тұрсын Жұртбаев дастархан басында ғалым-ұстазды еске алып, біраз әңгіме айта келіп: - Тұрсекеңнің бір әдемі құтысы болушы еді. Шалбарының арт қалтасында...мына кәдімгі көт қалтасы бар ғой...сонда жүретін. Бізді көргенде көт қалтасынан құтысын алып шығып, жүз грамм құйып беруші еді! – депті. Сонда Баянғали: - Тұрсекең сіз сияқты күйеулерге көт қалтасынан құйып беретін! Біз сияқты бауырларына төс қалтасынан беретін!- деген екен. Селпи Астанадағы №76 мектеп – лицейінің директоры Сафура Төлекова – қазақ тілі мен өнерінің жанашыры, ұлтжанды басшы. Жастардың басын қосып, «Ғасыр» театрын ашқан режиссер, әртіс Берікхан Төкенов бастаған өнерпаздарға қамқорлық көрсетіп, алғашқы қойылымдарын мектеп сахнасында қоюға көмектесіпті. Спектакльден кейін директор әртістер мен көрермендерді, атааналарды суретке, селфиге түсірсе керек. Мектепке немерелерімен келген Баянғали директор қарындасына: «Алаштың алтын сарысы» – деп ат беріп, фейсбукта әзілдеп былай деген екен: Сафуражан түсіргенде селпиге, Көңіл шіркін шалқиды екен әр күйде, Селпилетіп селтеңдеу де ыңғайсыз, Амалсыздан қайта бердік ерте үйге! Сөйтсе, Сафура Сейдуәлиқызы Төлектегі: Мектептегі әрбір шараға қуана-қуана қолдау көрсетесіз... Алла разы болсын, аға! – деп жауап жазыпты. Сонда ақын: Сафуражан, қабыл болсын тілегің, Аппақ қандай сенің нәзік жүрегің, Саған айтар тағы жылы сөзім бар, Ол құпия... өзім ғана білемін! Сафура: Бір күні айтып қоясыз ғой)))) Баянғали :

Мектебімен, ана тілмен жаны бір,
Өнерлімен өрісі бір, әні бір,
Сұңғыла қыз, айтпасам да бір сәтте,
Өзің сезіп қоясың-ау, бәрібір!

Сафура: Жайшылықта лайк басып өте шығатын едіңіз... Бүгінгі
қойылымнан әсеріңіз керемет болған сияқты))) Пікір ғана емес,
өлеңдетіп жатырсыз...
Сіздердей ақылшы, жанашыр ағалар барда, бізге қарап отыруға

жол жоқ!
Баянғали:
Лайк бастым сүйінгесін ісіңе,
Сүйінуге әбден лайық кісіге,

Айып етпе, дәл осылай сүйініп,
Өлең айтып кірсем бір күн түсіңе!
Сафура: Супер!!! Ақын болып кетсем бе екен?))) Айтыс жасап
жіберетін...

Баянғали:
Айтыс деген жарасқанмен ақынға,
Үйлеспейді көңілі өте жақынға,
Айтысқыш пен тартысқыштар аз емес,

Біздер үнсіз тілдесейік, мақұл ма?! – деген екен.
Сонда Сафура: Келістік! – деп жауап беріпті.
Лақ қаққан ақын
Ақын Мейірхан Ақдәулетов бірде машина жүргізіп келе жатып,

жол үстінде бір лақты қағып кетіпті. Содан кейін рөлге отырмайтын
болған екен. Мұны естігенде Баянғали:

- Лаққан ақынды көріп едік, лақ қаққан ақынды бірінші рет көрдік!

– деген екен.

Пәпкі мен шәпкі
1999-жылы Көкшетауда әнші, сазгер, ақын Иран Ильяшевтың 60
жасқа толған мерейтойында жергілікті әкімшілік өкілдері айқасқа
ағамызға құттықтау папкасын сыйлап, шапан жауыпты. Сонда

Баянғали:
Әкімдер Ирекеңе пәпкі берді,
Оған қоса шапан мен шәпкі берді,
Шәпкімен ағамызды алдап, сулап,

Басыңды жалтыратпай жапшы деді! – деген екен.

Переворот в русской грамматике Одна читательница, прочитав повесть «Разрешите жить!» Баянгали Алимжанова, написанную на русском языке, звонит автору. - Оригинально! Интересно! Ничего похожего не читала! Мне кажется, что это новый поворот в литературе! –восторженно начинает она. - О-о! – обрадовался поэт. - Но там есть вещи, несовместимые с русским языком! – продолжает она. - Ну, тогда мне кажется, что это переворот в русской грамматике! - Вот вы пишете: «Он принес неожиданный, странный бандероль.» А дело в том, что слово бандероль – женского рода! - Ничего страшного! – отвечает Баянгали, пишущий в основном на родном казахском языке, в котором нет родов. – Если бандероль от мужчины и принес мужчина, значит, должен быть мужского рода! Читательница смеется, но не отступает. - Вот ваш герой знакомится с милой женщиной в двухместном люкс вагоне скорого поезда: «Такая милая, редкая имя врезалась в мою память и осталась навеки – Жанмила Токанато!» Ошибочка! Ведь слово имя – среднего рода! - Ну, вы даете! – возражает поэт. – Как может быть имя женщины среднего рода !? Имя настоящей женщины – всегда женского рода! - Резонно! – засмеялась читательница. Лаконизм Читатель-филолог задает вопрос поэту, писателю Баянгали Алимжанову. - Я на одном дыхании прочел вашу повесть «Разрешите жить!». Как вам удалось достичь такого лаконизма?! - Я просто мало слов знаю по русски! – ответил акын. Төрт А Бірде Баянғали досы Қорғанбек Аманжоловты шығарып салып тұрса, аялдамаға 4а деген автобус келеді. Қорғанбек 40-шы автобусты күтіп тұр екен. 4а-ның а-сы о сияқты жазылған екен. «Міне, 40 келді!» десе, күпілдеп сөйлеп тұрған Қорекең байқамай, мінгелі жатыр дейді. Сонда Баянғали:

Қырықты күткен Қорғашты, Отырғызып төрт а-ға, Адастырып жіберсем, Аңыз болар ортаға, Алпыс бесте ақындар, Адасудан қорқа ма, Тыныш қана томпаңдап, Үйге қарай тарта ма?! – деген екен. Таразы мен гроза Жазушы Әкім Тарази 85 жасқа толғанда, Баянғали: Әкім аға, құтты болсын сексен бес, Өмір алда, әлі талай өткел кеш, Біз үшін де өмір сүр деп өзіңе, Аманатын артқан шығар өткен дос, Жүзге дейін жүру керек тоқтамай, Сексен беске аман-есен жеткен көш! Әкім Тарази, Ақылға таразы, Драматург Роза, Режисерге гроза! – деген екен. Лишь бы был! Когда в Москве, в издательстве «Художественная литература» готовили к изданию книгу Баянгали Алимжанова «Сказ столетнего степняка», директор издательства, писатель, академик, Секретарь Союза писателей России Георгий Владимирович Пряхин, по дружески подредактировавший произведения истинно казахского поэта, написанных на русском языке, звонит и говорит автору: - Мне нравится ваш роман. Есть очень сильные места! Но гдето надо и поправить. Вот вы пишете: «Столетний самоходный старец, слегка опирающийся на крепкую березовую палку, да еще не сильно выживший с умавсе таки редкость.» Но ведь с ума сходят, а выживают из ума! На что Баянгали отвечает: - Лишь бы был ум, а там с него, или из него – не важно! Академик засмеялся находчивости акына и написал восторженное

предисловие «Двуречие Баяна». Бұралаң жол «Батыр болмақ сойдан-дүр...» – деген кітабын жауынгерлерге оқыту туралы сөйлесуге Баянғали мәжіліс депутаты, генераллейтенант Абай Тасболатовқа келеді. Тәртіп бойынша рұқсатнама алу керек, тексеретіні тағы бар, бір есіктен бір есікке өтіп, ақын ат шаптырым ғимаратты айналып біраз жүреді. Ақыры кіріп, генерал ағасымен амандасқаннан кейін: Үкімет жолы бұралаң, Депутат жолы шұбалаң, Жолап кетсең билікке, Бітпейтін бір шырғалаң, Бейбіт күнде мұндаймыз, Қайтеміз туса зобалаң?! – деген екен. Джентльмен Однажды акын Баянгали Алимжанов ехал в поезде. У него было нижнее место. В купе были двое женщин, русские, и одна из них, молодая, здоровая, очень крупная, под метр девяносто ростом, около полторы центнера весом, собиралась залезть на свое место наверху. Когда она начала подниматься, аж полки заскрипели! Тут устроившийся на нижней полке Баянгали говорит: - А почему вы не попросите меня уступить вам место? Она обрадовалась такому предложению, быстренько попросила и акын уступил свое нижнее место этой огромной прекрасной даме. - Ой, спасибо! Вы настоящий джентльмен! – говорит она радостно. - Лучше спать над вами, чем под вами! – сказал акын. Все рассмеялись и дружно ехали дальше. Перевод Русскоязычный поэт Орынбай Жанайдаров переводил стихи и поэмы Баянгали Алимжанова на русский язык. В стихотворение «Океан и обида» он вписал эпиграфом слова Роберта Блая. - Вот Блай...Таким образом я усиливаю твои стихи! – пошутил Ореке. - Не надо меня усиливать, а надо просто точно переводить! У тебя Блай, у меня – Кудай! \ Бог\ – ответил акын.

Барар жерің балкон
Фейсбукта ақындар Серік Ақсұңқарұлы мен Тыныштықбек
Әбдікәкімұлының балконда отырған суреті жарияланыпты. «Шаған
қамап кеткен басбұзарлар!» – деп әзіл жазып қойыпты. Сонда

Баянғали:
Қатын деген Нарком,
Ақын деген картон,
Бас жазарың болса,

Барар жерің балкон!
Қамап кетіп бір қыз,
Отыр екі жұлдыз,
Балкон қандай бақытты,

Сыйған қазақ-қырғыз! – деген екен.

Баянғали
Әлімжанов

ШЫҒАРМАЛАРЫ

ХІІІ том

Әй, әртістер – ай!
Пьесалар, мақалалар, сұхбаттар
Редакторы С. Досымбекова
Корректоры Ш. Бекболатов

Техникалық редакторы Л.Маашева
Басып шығаруға 03.09.2019ж. қол қойылды
Пішіні 60х84 1\16. Қағазы офсеттік.
Офсеттік басылыс. Шартты баспа табағы 20.9

Таралымы келісім бойынша.
«Сотниченко Е.В.» ЖК баспаханасында басылып шықты
Нұр-Сұлтан қ, М.Әуезов көш., 46/1, 105. Тел. +7 /7172/ 46 71 29

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙