Кеңшілік Мырзабеков таңдамалы 1 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Кеңшілік Мырзабеков
Мырзабеков К. Таңдамалы. ІІ томдық. І-том. – Астана: Фолиант, 2012. – 480 б. Бұл кітапта ақынның сырлы сезімге толы өлеңдері жинақталған. Автордың шалқар шабытпен жазылған мөлдір жырлары жүректі баурап қана қоймай, көңілдің нәзік қалтарысына бойлай түседі. Кеңшілік Мырзабеков өлең үнімен көл-көсір сыр ақтарып, оқушысын ізгілікке, мөлдіреген тазалыққа үндейді. Талғамы биік оқырман автордың айрықша қолтаңбасын аңдайтыны анық. ISBN 978-601-292-614-9 (ортақ) УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз 7-5 М 91 ISBN 978-601-292-615-6 М 91 © Мырзабеков К., 2012 © «Фолиант» баспасы, 2012 УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз 7-5 азастан Республикасы Мәдениет және апарат министрлігі Апарат және мра ат комитетіні «Әдебиетті әлеуметтік ма ызды т!рлерін басып шы ару» ба дарламасы бойынша шы арылды ISBN 978-601-292-615-6
- * Ақ қар жапқан даланы аңсадым да, Кеткім келді алысқа, малшы ауылға. Күлтеленіп тұр ма екен күрең арша Орғыл қызыл құмдардың қамсауында? Күрең арша күлдіреп кешкі нұрмен, Егіліп бір жылаушы ед ескі қырмен. Қойлар теуіп елтірі еркек құмды, Айызым қанып қышырын естідім мен. Бәлкім соны аңсадым, бәлкім басқа, Барғым келді «Салқын тау», «Салқын тасқа». Атың салқын болғанмен, атпал құмым Қалпың басқа еді ғой, халқың басқа. Өліарасы әр айдың ылаңдатып, Қырбық қар мен қыламық қылаулатып. Сынық шана шиқылдап шөп тасушы ек, Ыңырантып інгенді ылаулатып. Бәлкім соны аңсадым, бәлкім бөлек, Бәлкім маған бөлек бір салқын керек. Салқын емес...
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Салқын ғой Алматы да, Шөпке бірге баратын қартым керек! Шөпке барам... Сары інген аман ба екен? Буаз ба екен биыл да, шабан ба екен? Ақкөз аяз секілді ақи шалым Биыл бірақ жол бастап барар ма екен? Белі ауырып бадалып қалар ма екен? Қамыт-бауды қайтадан тартып жатып Басын шайқап аларып қарар ма екен?!. 1969 ж., қаңтар * Ақ шаңдай артта шұбап қалған жылдар, Ақшамдай іңіріме жалғандыңдар. Мехнаты жарық боп жанған жылдар, Махаббаты қарық боп қалған жылдар. Жылдар, жылдар... Артымда, алдымда жыл, Ширек сапар шиырлап қалдым қазір. Шабандарға бұйрық іс – бүлкіл аяң, Жараулардың жүйрігі алдымда жүр. Көрер жарық жыл болып жетеледі, Нелер налып, намысым от өреді. Жолдарымның жап-жақын төтелері Арман дейтін аруға некеледі.
ТАҢДАМАЛЫ Жүргем жолды өрде де, ылдида да, Күндер болды малтыққан, құлдилаған. Жалғыз ауыз жыр болып қалар ма екен Жаһұт дүнием мен талай жыл жинаған?! 1968 ж., қыркүйек ӘКЕНІ САҒЫНАМЫН Әкем дүние салды... Артында бір шаңырақ – бір үй қалды. «Сырқатым бар» деуші еді сыпайылап, Көзін жұмбай, тіріде кім иланды?.. Алтын нарқын кім сезген «кеш білем» деп, Ал асылдар ойлай ма «ескірем» деп? Төсек тартып қалды әкем талай рет, Ауырғанын ыңырсып естігем жоқ. Кім әкесін өлімге қия алады? Тұрды әкемнің қаңырап үй-орманы. Жемге кеткен қарлығаш қайта оралмай, Қызылшақа біз қалдық ұядағы. Біз қозы едік... Марқаймай кешігеміз, Қатты қорықтық тудық деп несіне егіз. Айналайын заңынан табиғаттың, Бір түп көде бар екен – несібеміз!
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Шөп тасыған таңменен бірге тұрып, Бір самаурын шай ішіп, бір кекіріп. Қашарымыз өлгенде қабақ шытпай, Қамыты сынса колхоздың жүрді өкініп. Жалап-жеген колхоздан кәні емес ең, Жалап-жеген қулармен және егес ең. Қайран әке, мінезің қызық еді, Бала емес ең, әрине, дана емес ең. Жалған бітті... Жарқ етті лағыл арың, Жарығыңа зәрумін, жанығамын. Сағынамын, әке, мен сағынамын, Әке болып қалыппын, не қыламын?!. 1970 ж. * Ән естілді, қоңыр кеш Қырды қымтап алған шақ. Кейде адамда көңіл хош, Өткен жайды толғансақ. ...Ән әуені есіліп, Сонау жонға жетті де. Жолпат ағай қосылып, Бірге шырқап кетті ме?.. Ойлады ма жас күнді Бар екен деп бір белгі,
ТАҢДАМАЛЫ Көзі шалып қос гүлді Еске алды сол күндерді. – Шіркін, сол бір қызық күн, Қарттықты бұл кім күтпек?.. Жеңгеңе осы қызықтым, Көрген сайын ынтық боп. Сонда осындай бір кеште Естіп едім сырлы әнді. Егіз гүлдей бірге өскен Бал махаббат жырланды. Ұқсап кетті-ау бұл соған, Тамып кетті-ау көзден жас. Он сегізде тұрса адам, Болса және қозғалмас. Түу...түу, мынау ойларым Жығар мені орына. ...Қайырмақ боп қойларын Қамшы салды торыға. АНА СӨЗІ Бозторғай онда таң атпай әнге басты да, Бейкүнә даусын төкті ғой аспан астына. Сәріде селеу арасын қалың шық жауып, Сәскеде сәуле балқытты-ай келіп тасты да.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Сағым да сосын ойнақтап шығып қыр белге, Сабырлы дала тұнды да тұрды гүлдерге. Соқаны салып, төскейді тілді күс қолдар Сар адырда әкем қой бағып, жайлап жүргенде. Бейбіт күн еді ол, мылтықтың даусы естілмей, Құс атқан жоқ-ау үркітіп көлден ешкім де. Көктемге салым егіз боп шыққан өскіндей Көбейе берді, көбейе берді қос гүл де. Жанарым әлі нұрға да толып болмаған, Жүрегім әлі қайда екен дейді сондағы ән. Келіншек еді сол көктем ғана жар сүйіп, Жас шыбық едім өмірге енді орнаған. Қайтесің, бірақ... Қарғысты қанша жаудырттық, Аналық үкім, адамдық арды жарлық қып. Сол соғыс талай жастықтың әрін жоғалтып, Бізге кеп түсті сол соғыс салған барлық жүк. Көтердік оны нәп-нәзік мынау белмен-ақ Қайғы мен қайрат екеуін қатар теңдеп ап. Ерлік пен ездік, өмір мен өлім айқасса, Өзгереді екен, ер болады екен ел ғажап. Майданға жарды шығарып сонда салған біз, Жасырар не бар, көз жасын сығып алғанбыз. Оралмай кетті, хабарсыз кетті кейбірі, Қалдырып кетті жүректе қалған арманға із.
ТАҢДАМАЛЫ Бейбіт күн үшін бердік қой бәрін үлес қып, Жүрдік қой әр күн әр үйден жоқтау жыр естіп. Өмірді жұтып қоярдай болған соғыспен Өмірді біздер өрбіту үшін күрестік. Бітті ғой соғыс. Кетті ғой жанға жара сап, Аз болған жоқ-ау адамға деген аласат. Өлмейді өмір... Аналар барда ақ сүтті Жоғалмайды екен, тоналмайды екен болашақ. Аспанда күн бар – туады нұрлы таңғы арай, Сарыарқа желі соғады енді жанға жай. Ал енді бізге соғыстың көрген зардабын Шыдауға шек жоқ, соққысын оның қарғамай. * Бозторғай шырқап тып-тыныш таңда серпілді үн, Келешек күндер келбетін көріп желпіндім. Аналық арман, аналық махаббатыммен Дүниеге дәйім тыныштық тілеп мен тұрмын. АНАР Бар ма екен сенің есіңде Балқаймақ күндер шайқаусыз? Бұлтиып бір зат төсіңде Булығып өсті байқаусыз.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Құрақтай қаулап қолаң шаш, Құралпы қатар қызғанған. Қынай бел қыпша, қалам қас, Қашқақтап өстің қыздардан. Омыраудың дауысын шығарып, Алқа мен шашбау тағынбай. Тал шыбық бойың бұралып, Тәнті етер қимыл табылмай. Томардан түскен шоққа ұқсап Томсарып көзің жанғанда Тай сезіміңе ноқта сап, Тулатпай ұстап алғанда, Жалғанда ешкім жоққа ұқсап, Тезекке бірге барғанда, Кезекпен әнге салғанда, Кезіккенімді білмеппін Қадір түн – қайран арманға! Қақпаша жағаң күн қағып, Қадалған түймең қатарлай. Кеудеңе кейде ұрланып Қарайтын едім бата алмай. Бойың да өсті булығып, Ойың да өсті булығып. Тамырын тартпай бәйшешек, Шыға ма жерге сурылып? ...Екінді құлай еңкуге Елгезек самал елпілдеп,
ТАҢДАМАЛЫ Жаға мен жеңнен жел гулеп, Жел тиген етек желпілдеп, Ақ тезек тердік, арқаға Алаша қапшық төркіндеп. Көденің түбі қараңдап, Кіреуке тартты нарт іңір. Жалқы аяқ жалқын талаурап, Жуасып жатты жалқы қыр. Қапшықты қозғап бар дене, Көтере берген сәтіңде Дар ете түсті әлдене, Күн қаққан жағаң, нәтінде... Секемсіз тұр ем алдыңда, Сескеніп менен қалдың ба? Айдындай төсің мөлт етті, Қос шабақ көлге шолп етті Оралып өскен балдырға. Он екі мүшең кетіктей, Қымсындың неге алдымда? Айыпты тозған көйлек пе, Айымыз басқа тағдыр ма?!. ...Одан соң талай жыл өтті, Аулыңа талай бардым да. Сәбиіңді көрдім алдыңда, Аңқитып төсіңді иітіп,
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Разы боп сонда отырдың Айымыз басқа тағдырға. 1969 ж., 17 ақпан АПА, СЕН ЕРТЕ ҚАРТАЙМА Апа, сен ерте қартайма, Қарқара жаулық салынып, Апа, сен ерте қартайма, Қара шалыңды ойлап сағынып. Сағынба деп те айта алман Отасқан отыз жылыңды. Қара шаңырағың шайқалған Қара шал кеткен күніңді. Күнде ойлай беріп қайтесің, Бақыты жансын бұл күнде. Тағдырдың көрдің тәйкесін, Бүгін де көрдің, шігін де. Бесікпен мені белге орап Соғыс жылдары шығырдан Қайтқанда, сәби жол қарап, Жүрегің соған жылынған. Атаңның әлде «тәубесі», Ақ пиғылы ма келіннің?.. Сол екі тілек тоғысқан, Әкемді әкелді соғыстан
ТАҢДАМАЛЫ Көретін жарық сәулесі Қарындас-інілерімнің. Ұлдар да тудың, қыз да ерді Соңыңнан сенің «апалап». Сен өсірдің ғой біздерді, Өсірді жарқын махаббат. Қаншамыз кеттік жер тартқан, Қаншамыз аман-сау қалдық. Басыңа тартқан ақ шаңқан Аналық туың – ақ жаулық. Қара шал тілсіз кетті ғой, Тосылмас жерден тосылар, Тағдырдың кейде өші бар. Сонда бір жалғыз сөйлемге Екеуің де зар болдыңдар, Сағынта қалса сол жылдар Қара шалыңды есіңе ал! * Асқынып ағатын бұлағың Бастығып қалған ба, шырағым? Басылмай келіп ем құмарым, Басыңа жеттім де құладым. Баяғы ағысың қайда асау, Булығып жатыр ма, бар ма сау?!.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Қара жер қайнарға тоймас-ау, Қайнарлар ағыссыз қалмас-ау. Көлдері қол бұлғап талай қыр, Төсінен шақырды талай нұр. Сабылып сабырсыз келгенде Саябыр жатқаның қалай бұл?.. Басылмай келіп ем құмарым, Басыңа жеттім де құладым. Мен сенен сусындау орнына Сені мен суарып, жыладым... 1969 ж., қыркүйек АУА Есіңде бар ма ел қонған мезгіл жайлауға? Көде мен көкпек көз жауын алып сайларда, Табаның жерге тұра алмаушы еді тайғанап Сәскенің сәруар сәулесі қырды шайғанда. Жібектей жұмсақ ауасын айтсай бәрінен, Және де соны сімірсең-ау бір сәріден. Санаңды үрлеп үр жаңа еткен кезінде Алқоңыр-шабыт оянар еді әріден.
ТАҢДАМАЛЫ БАҚЫТ Қарағым деймін, қайда әлгі бақыт, қайда арман Басымызға біздің бала жылдарда айналған?.. Бұлдырап ұшып буалдыр кеште кетті ме Қолға ілікпейтін суыртпақ сәуле сайлардан?.. Балалық бақыт, басқа да бақыт басыңда тұрса дәл кәзір, Адам емес, сен «ақ сайтанмын» де әзәзіл. Бақыт дейтін батпақ емес қой, бауырым-ау, Бақытты сүйсең, батпаққа батпай таза жүр. Балалық – бақыт. Басқа да бақыт бар, сірә. Бақыт қона ма бәрімізге бірдей қоңсыға? Шыдау керек пе, жылау керек пе, білмеймін, Махаббат жасы төге салатын тамшы ма?.. БАЛТА Алғаусыз жүзің даттанып, Мұқалғанбысың, мәрт темір? Қып-қызыл отқа қақталып, Қунамайсың ба, қарт темір? Жасамыс темір жүйеңді Жиденің шоғы балқытса, Қасиетің мен киеңді Қара төс пенен қарт ұста. 2-144
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Жасығаныңнан ұғынып, Тамырыңды балға тап басса, Шойырылған темір буыны Сытырлап, сынып жатпас па? Суға емес, желге сусындап, Қарылған темір қанса бір. Жапырағы талдың сусылдап, Жапырып соған салса бір. Бұлттар жел қуған жөңкіліп кетті алыс, Енді болмайды тоқырап, тоқталыс. Анау ақ бұлттар – тулап түсетін найзағай Немесе ашудан атылған ақ барыс. Туған төбеге төге алмай кеткен соң, Атылып майып болу да мақтаныш. Біздің ауыл ар жағы – көкпеңбек қыр, Ізгі жауын себелеп көктем кеп тұр. Қаулап қырға шашадан көк мелдеп тұр, Қорық болмай әне бір шалғын табан Өріске өткен көп малға өткел боп тұр. Тұяқ тимей бұл жерге шығушы еді Сал бидайық шайқалып көкпеңбек кіл. Менің әкем мазасыз қорықшы еді, Орып болмай сол жерді кеткен дегбір.
ТАҢДАМАЛЫ Қылаң жорға қылпылдап астындағы Ой мен қырды ойқастап өткенде бір, Қорықшының дауысына кәнігі мал Шашау шықпай қырды асып кеткенде бір, Салт ат мініп шалғынның ортасында Тұрсаң, шіркін, ауасы неткен жеңіл?! Біздің ауыл ар жағы – көкпеңбек қыр, Ізгі жауын себелеп көктем кеп тұр. Шаңдақ қырға шашадан көк мелдеп тұр, Қорық болмай әне бір шалғын табан Өріске өткен көп малға өткел боп тұр. ...Қорық көрген құнандар көп келмейді, Құлын-тайға қайырусыз өкпем кеп тұр. * Жағалауда құба тал, Тал арасы жалбыз ғой. Суат жаққа құдаша Келе жатыр, жалғыз ғой... Ақ балтыры қозғалса, Ақ көйлегін жел қаққан. Оң аяғын созғанша Сол аяғын шаң қапқан. Қас пен көздің арасы, Ақшам ба, әлде іңір ме? Бейсеубет бір, шамасы, Қонақ бар-ау үйінде.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Жағалауға көз салдым, Жақындады бойжеткен. Биыл осы жаз салқын, Тоңазыдым көйлекшең. Қадала қарап тұр едім, Қай жақтан...біреу қабаққа Қарсыдан шығып қылт етті, Жүрегім менің бүлк етті... ...Жағаның желі жалбыздың Жас иісін маған үрлеп тұр. * Жаманатқа жоламан, жаманатқа, Жазығым жоқ, сен маған жала жаппа! Алтын жүзік қолыңа салу үшін Мен біреуді оқталман тонамаққа. Жүзік салмай өтерсің көп болғанда, Қанағатсыз көңілде тоқтам бар ма? Адам бар ма бізден бай, бізден жомарт Бір ауыз жыр көңілге дәт болғанда?.. Кім біледі боларын қалай-қалай, Көңіл зауқы соқпайды қалай қарай. Қазына – кеудем, қорқамын көздің құрты Түсіп кетсе үңгір деп абайламай. 1969 ж., 19 шілде
ТАҢДАМАЛЫ ЖЕЛ Сәскеде соққан желдердің Кешке де мүмкін тынбауы. Кешігіп соқса кезінен Әсте де мүмкін тумауы. Лап етіп жалын тіліндей Өте де шыққан өткір жел, Сандуғаштардың үніндей Сан алуан жұпар төктіңдер! Табиғат заңы керемет, Тазалаушысы жердің – жел. Текемет-қырды, не керек, Қағып та сілкіп бердіңдер. Жел тұрып еді жасанып, Көлдерім шалқып ақты ғой. Төбемде тұрған маса бұлт Табанын жалтыратты ғой. Тек сені бізге, еспе жел, Табиғат дәйім кез қылғын. Жел соққан кеш пен сәскелер – Бақытты шағы мезгілдің. * Кешегі қанды майданда Хабар-ошарсыз кеткендер
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Қайтып келер ме еді бір?! Туған ауылдарын, Тума бауырларын Табысып көрер ме еді бір?! Жыламау мүмкін емес, Бәрі де жылар еді, Бәрі де сұрар еді От-судан аман ба деп Туған жердің құба белі. Біз игерген тыңды айтар едік, Су келген құмды айтар едік. Көрсетіп бау-бақшаларды, Көрсетіп Қапшағайларды, Қаратау, Теміртауларды, Аралап бір қайтар едік. Туған жер, уыс топырақ, Бір сәттік көркің үшін де Он өліп, он тірілсең де, Пида ғой жан менен тән. Ұмытылмас бірақ Қайран Отан, қайран Отан! * Көкжиекке бір ымырт қонды келіп, Жарық дүние тағы бір күнді ұрлатты. Жалқын сәуле жарығы жонды бөліп, Сәл қозғалған селеулер діріл қақты.
ТАҢДАМАЛЫ Бозторғайлар шырқаған талықсып үн, Қоңыр қырлар қайтадан қалғыды енді. Қайтсін дала, қарсы алды таныс түнін, Тағы асыға күтеді таңғы желді. Күннің нұрын іңір кеп жасқаса әрі, Байтақ дала бей-жай-ау белі мүлдем. ...Ымырт пенен таң алды астасады Жұлдыз туып жұлдыздар сөнуімен. * Көктемнің кезі... Көлдерге құйған қар суы, Бал-құрақ қамыс қозғалып кетсе – бал шуы, Бойыңды кейде дір еткізеді, дүние-ай, Байқатпай ғана аяулы сезім шаншуы. Денеңде қалған, тереңде қалған сол бір мұң, Ояуы сөнген, бояуы семген солғын мұң. Тап өзі шығар, қайдан білесің, қарағым, Көзімнен тамбай, көңілімде қалған мөлдірдің. Тағы да көктем, тағы да, тағы шаншыды, ә?.. Ескі ауруға ұқсап ұстайтын кезі бар, сірә! Көңілімде қалған мөлдірім бе, әлде кезінде Тама алмай бекер, тат болып қалған тамшы ма? Дірілдеп жатқан көзіме түссе таң шығы, Дүрмек көктемнің құлаққа келсе шаң-шұңы, Бойымды менің дір еткізеді, дүние-ай, Тамырыма тұнған аяулы сезім талшығы.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ КӨЛ ЖАҒАСЫНДА Кешкілікте көлден самал соқты ғой, Шабандап есіп, сараң соқты ғой, Тыншу мезгілде тыпыршып тұрмын, Самал бола алмай, амал жоқтық-ай! Жағасы көлдің бозқонақ, өлең, Қоғасы көлдің қозғалады әрең. Лап етіп жанып, лып етіп сөніп, Лықсиды жүрек, бозбала денем! Кемерді шайып толқын келеді, Төбемнен қою бір түн келеді. Тұр өңір тыныш, жүрегімде ұрыс, Шаттықтан шалқып күлкім келеді... * Қорланға ғашық болған есіл Естай, Көңілінің қаңтарылған көші жастай. Ойлаушы ем: «Қолы жетпей Қорланына Жер басып жүрді екен деп несіне Естай». Ойлаушы ем: «Ақылға тіл төселдірген Тағдырға жібермес деп есеңді сен». Ойлаушы ем: «Мен егер де Естай болсам, Қорланға қосылам деп есен жүрсем».
ТАҢДАМАЛЫ Ойлаушы ем және ойлаушы ем: «Жақсы көрсе, Қорланға артық па деп басты берсе». Қайырлап қалады деп ойламаушы ем, Қос желкен қыр соңына тасқын ерсе. Ертістің ар жағында алаңдаған, Естайға ақындығы талан болған. Ыстығы махаббаттың ішке түсіп, Мұң болып сыртқа шығып аман қалған. Махаббат бір дерт емес пе еді, қарағым?! Өрті емес пе еді назырқану менен наланың?! Енді ушықса емі болмас бұл ауру, Аузын тырнап ала көрме жараның... Махаббат бір көл емес пе еді, қарағым?! Ақ қайраны мен емес пе едім жағаның?! Хош, хош, енді қайырламай қайраңға, Қара суға жүзіп кеткен шабағым. Өліара мезгіл… Он алты жаста едік біз, Өліара өтсе, өруге жүрген елікпіз. Сансыз табандар сарсылған дүние, сені біз Тауыса алмаспыз, «армансыз кезсек» дедік біз.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Жалғыз да жарым жорытпай жайық жапанға, Тұяғы барлар туған соң тыныш жатар ма?! Қырық құбылып Құралай ертең өткен соң, Құлындай ойнап шығамыз біз де сапарға. Түнеріп аспан, томсарған бұлттар қарсы алып, Жауар ма екен ебіл де себіл тамшы ағып?! Жасамыс аспан жаңа бір ұрпақ келгенде, Жасаурап алып жылайды, әйтеуір, жар салып. Көк сағымдарға жетердей-ақпын жүгірсем, Көгіме қарай көтерілсеңші, Күнім, сен. Көзімді қарып, сезімді жанып, тұр, міне, Бұл көктем жерге келмегендей-ақ бұрын-соң. Алқынып асығыс, аптыққан демін баса алмай, Өрге асып кетсе өзендер таудан асардай. Марқаюы бар, қартаюы жоқ дүние, Табиғат заңын тоқтатам қалай қош алмай?! Өліара мезгіл, өте ғой енді тезірек, Жолыңды ашты жаңа бір маусым кезі кеп. Безініп тумай, сезініп туып барлығын, Бүлкілдеп тұрған бір «пәле» екенсің, Бүйірімде жатқан бір «пәле» екенсің, о, жүрек! * Он бестен он алтыға жеткен кезім, Өндірдей өлкем де өзім, көктем де өзім.
ТАҢДАМАЛЫ Жүйткіген жүйрік сезім – өкпек желім, Масаты мақпал майса, көк пен жерім! Мен – көктем, мезгіл – көктем, маңай – көктем, Күн шығып көк өзектен арай төккен. Жасамыс жиде, талдың жапырағы Жасарды талай қурап, талай кепкен. Сағымды көкжиекке дала күрмеп, Жапырақ жанданады самал үрлеп. Жапырақ шайқалғанда, саусағымен Шертеді шабытымның шанағын кеп. Кеудемнің табиғатқа қосқан әні, Сар желіп, шаужайына қосшы алады. Күй-дүние, күйтті көңіл дос болады, Көктем боп көктем өмір басталады. * Қау етіп құныс тамыр, бел көгеріп, Қаз-үйрек қазоты өскен көлге қонып. Көз ұшы – қара қырдан қайырамыз, Қозы-лақ көкке құмар желдеп өріп. Артынан ақ жаңбырдың – олжалы қыр. Ауылдың бер жағы қыр, ар жағы қыр. Қан күрең нәлге бояп нау бұлттарын Адырда алаурап тұр маржан іңір.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Іңірдің шалығымен солықтаған Қыр жатыр соңғы сәуле болып тәмам. Жел тұрса қорым жақтан қыздармен бір Қозы-лақ қайыруға барып қалам. Қарсыда қарауытып төбе жатты – Көмбесі ескі атыз бен көне жаптың. Бәтима, Балғима кеп шақырған соң, Бүгін де қозы-лаққа келе жаттым. Мен – көктем, мезгіл – көктем, маңай – көктем, Мелдеген көкжиектен арай кеткен. Барады іңір іріп түнге айналып, Қоңыр бұлт қоламтадай қалайы еріткен. Қалғандай қараңғымен сағынысып, Жапалық жартық түнді жарып ұшып. Қыздардың көйлегінің етегіндей Көңілім келе жатыр алып-ұшып. 1969 ж., қаңтар ОН СЕГІЗ ЖАСАР ҚҰРАЛАЙ Он сегіз жасар қыз едің Он сегіз жасар өрімдей. Ойда жоқта бой түзедің, Қайда жүр едің көрінбей?.. Махаббат дейтін ауылға Салған жоқ па едің ат-көлік?
ТАҢДАМАЛЫ Мап-майда жазғы жауынға Көрген жоқ па едің тап болып? Қараған көзді қандырмай, Жандырмай кетпес қалқа қыз. Қанатымызды талдырмай, Қасыңа жақын қондырмай, Қосылар ма екен ортамыз?.. Он сегіз жасар құралай, Салқының түссе – өрерсің. Ызғарына да шыдамай, Ызғытып тұрып желерсің. Ылдидан ырғып, белге өтіп, Ылғи да, ылғи желдетіп, Туған жеріңнің жүргенде Төбелеріне төрлетіп, Құмай қуса – құсасыз, Тап бола көрме төбетке Жіліншігіңе жел бекіп. 1969ж., 7 маусым * Саған, апа, сағынып хат жазайын, Сағынышым сарғайған мақтадайын. Сарғайған зат лап етіп жанып кетсе, Шақпақ көңілім шағынып шаққан уайым.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Жүрегімді жылуы жібіткенде, Уайымнан да жанамын, үміттен де. Жанып жүріп бір күні өшіп қалсам, Күлім ұшып кетер деп күдіктенбе! Өшпейді, апа, оттарым жанып жүрген, Жанбай жатып жалынға қарылдым мен. Қалай жану қасиетін білгендіктен, Сағындым мен, сағындым, сағындым мен! Соңғы салқындар созылып тұрып сіңірдей, Шарт сынды бұтақ шағырмақтарға ілінбей. Жаз келді, міне, жапырағын жайқап сол терек, Желкілдейді енді өткен-кеткені білінбей. Аяз да өтті, сәуле де жетті алаулап, Айығып кетті нала мен наздан анау бақ. ...Көрші бұтақтың омырылып түскен орнынан Қып-қызыл кеште қызыл нұр тұрды талаурап. Сіздің ауыл аспанында Әлде жаңбыр, әлде қар. Қалың тұман қас-қағымда Түсті ме екен жолды орар?.. Сіздің ауыл ат байлай ма Белдеуіне боз үйдің?..
ТАҢДАМАЛЫ Бойжеткендер қатты ойнай ма Қылын бұрап сезімнің?.. Ауылыңды сұрай-сұрай, Елден естіп тапқасын, Білдіріп кеп ұяң шырай, Байла, қалқам, ат басын. Сәті түсіп жол болмаса – Ата-енеңнен именіп, Жұрттан бұрын, ең болмаса, Көрпеше сал үйге еніп...
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ ТАҢ Бозала таңда бозторғай әлі шыр етпей, Тып-тыныш дала тұмшанып шыққа сүмектей, Жылыстап алып, жарығы налып жұлдыздың Қалтырайды кеп баяу бір соққан жүректей. Ұйықтаған бұлттар ұйтқыған желмен жайылып, Тазарады аспан нұрына талғақ шайынып. Сейілмей салқын соныға түсіп топ жылқы, Қотанда қойлар күйісін соңғы қайырып. Бозторғай ұшып, үлгірді сәтте сайрап та, Қарашықтай құс қайда жүр өзі, қай жақта? Табиғат – уыз, шайқалып кетті шелегі, Әлден-ақ кейін айналып кетті қаймаққа.
АВТОБУСТА ҚАСЫМДА ОТЫРҒАН ҚЫЗҒА Қыз отырды қасымда қарақаттай, Маған жазым жабысқан жарақаттай, Әлде менен қымсынып отыр ма екен, Әлде мені қомсынып отыр ма екен, Көбелектей көкті іздеп маза таппай. Ұшқысы кеп отыр-ау айналайын, – Бар, ұша ғой, бағыңды байламайын. Бір көбелек қонды ғой қолымызға, Қазір бізге, қарағым, сол да уайым… Бір уайым жетпей ме басымызға? (Бір уайым шығар-ау осы қыз да). Бір адамдай қудық қой бірталайын Көбелекті қуатын жасымызда. – Ұш, қарағым, жарыққа үйір болма, Қырық қадам шықтың ғой қиыр жолға. Биік, төмен ұшқанның пайдасы жоқ, Бақ келмейді және де сиынғанға.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Ұлан дала, кездеспей ұшан белде, Кездестік-ау кездейсоқ қысаң жерде. Тілім менің қырқылып отыр, қалқам, Саған енді серік боп ұшам деуге, Саған енді ынтық боп құшам деуге. Шын ұшқың кеп отыр ма, айналайын, Бар, ұша ғой, бағыңды байламайын. Оттан-судан аман жүр алыс жолда, Көбелек деп мен сені ойламайын. * Ақ төбетке әр мезгіл ас құй, апа, Аңға салдық, қалды ма қасқыр ілмей? Арлан төбет көкжалға тік қияда Аңдап тұрып қадалған тас бүйідей. Ауыз салған жерінде ақ мойнағым Тапжылмастан кірпігін қақпай қалып, Қанталаған көздері шоқтай жанып, Қапталына қара күш боп байланып Қасқыр алған... Құмайдан қалған тұяқ, Өтіп кеткен күндері – жалған қиял. Қартайды ғой ғұмырға болмай құса, Келте өмірге көңілі толмайды сәл. Жанар алды тартқан соң көмескілеу, Жон ескілеу, баяғы жол ескілеу.
ТАҢДАМАЛЫ Маңқ етпейтін маубасар маңғаз төбет Қасқар алды дегенге сенбес біреу. Сенбес біреу... Сенгендер тамсанар да, Кәрі төбет қозғалар қансонарда. Енді қасқыр алмайды ол... Жолдан қайтсам, Шықса болды алдымнан арсалаңдап. АПАМ Майысып алтыбақан тепкен апам, Дауысы алты қырға жеткен апам. Толысып қызыл күрең тобылғыдай, Жат жұртқа жаратылып кеткен апам. Біздің үй қонған кезде жел бетіне Келісіп кәмшат бөркің келбетіңе, Толықсып шығушы едің, әттең, сенің Жете алмай жүрген кезің он жетіге. Камзолың қара барқын пүліш еді, Сом теңге сөлкебайың күміс еді, Сен әлі бейхабар ең бөгде сөзден, Біздің үй бөгде сөзден тыныш еді. Көгілдір балапандай көркің, кейпің, Қолаң шаш қыр арқаңа төркіндейтін.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Төгілтіп қос етегін қоя берген Желбіршек жібек көйлек желпілдейтін. Жүзіндей ұстараның сезіміңнен, Сескендік бозбаладан көзі күлген. Мінезің майдай еріп, қайран елік, Үрке алмай жүрдің бірақ өз үйіңнен. Сақылдап қайнағанда қара шәйнек, Шай құйдың әрі әсерлеп, әрі әсемдеп. Жарықтық, жайсаң әкем отыратын Сен барда артық айтпай баға сөйлеп. Он жеті таяқ тастам арман екен, Желдетіп жақын келіп қалған екен. Сол жылы саған біреу сөз салғанда Жер шұқып төмен қарап қалған әкем. Жер шұқып төмен қарап қалған әкем, Ұста еді бір құрдасы, зорлап әкеп Бір апта соқтырып ап жиһаз-жасау, Ту қойын тартты алдына таңдап әкеп. Жіптіктей жүрісіңе алаңдамай, Болмады бар-жоғыңды бағамдамай. Дәм-тұзың көтеріліп бір-ақ күнде, Сен кеттің алды-артыңа қарайламай. Майысып алтыбақан тепкен апам, Дауысы алты қырға жеткен апам.
ТАҢДАМАЛЫ Толысып қызыл күрең тобылғыдай, Жат жұртқа жаратылып кеткен апам. Қайда екен алты-ай бақан...айхай бақан, Армансыз тебе алдың ба, қайран апам? Тербетіп алтыбақан, Тел өскен жарқын апам, Көрем де сіздің үйден жиен қызды, Кей-кейде әкем жайлы ойға батам. АУЫЛҒА ҚАЙТҚАНДА Мектептен бірге қайтқан ақ сары қыз, Әжімсіз ашық еді аспанымыз. Әлдилеп әз көңілді сәби сезім, Домалап өрге қарай тастарымыз. Қайтқанда мінгесіп ап, атпал қырға Әбзелі шекетулі мақпал жорға Біздегі көңілдей боп шайқалатын Баурына шып еткізіп сап қалғанда. Сен онда алда отырдың тізгін тартып, Жел қағып етегіңді қыжым барқыт. Мен онда артта отырдым ерден ұстап, Кездейсоқ қуанатын көзім тартып. Күн қақан күрең жалы күлтеленіп, Жорғамыз қарашыл мал үркек еді.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Даланың қау-көдесі қураған кез, Қаңбаққа қаптап кеткен қыр кемері. Күзгі күн күңгірт нұрын нарау сеуіп, Аспанға әлсін-әлсін қараушы едік. Жорғаның басы қатты, тізгін бермес, Сен бірақ тебінуші ең маған сеніп. Бір сезім басыма кеп буланады, Жүрегім өрекпиді тулағалы. ...Кенеттен күрең жорға үркіп кетіп, Жосықсыз жолсызбенен туралады. Тарпаң ат тарпып тұяқ сілтегенде Арқасы бір биіктеп, бір төмендеп. Бос тартпа, ер мойынға кетіп қалып, Құйғытып келе жатыр қыр кемерлеп. Біз сонда әлденеге құмар ма едік, Әйтпесе аман-сау қап жылар ма едік? ...Ерсі ғой, ерсі-ау, әттең, ерде отырып Тізгінді мен ұстасам құлар ма едік?.. БАҚ Қабағың кіреукелеу солғын, аға, Жүзіңнен мұң көргендей болдым, аға. Кермеңнен кетіп қалса бабы болмай, Бақ деген кейи көрме Керқұлаңа.
ТАҢДАМАЛЫ Ол рас, шандоз еді, жүйрік еді, Шаң тимей шаршы топта құйғып еді. Ол сенің бір өзіңдік олжаң болды, Ол сенің бір өзіңдік сыйлық еді. Бейшара құлынынан құрық көрген, Кезің жоқ ерік берген, ырық берген. Сан рет оралғанда сүлік термен, Таң асып кезі бар ма тұрып көрген? Сен оны суардың ба тұнық көлден, Сен оны түлік-ау деп ойладың ба Тұқымы жер бетінде туып та өнген? ...Керқұла ат Кендебайға бақ болған ғой, Дүйім жұрт бақытына тап болған ғой. Иесін тастамаған тар кезеңде, Қонған бақ, қорғаны боп ап қалған ғой.
Мейлі ол Керқұла бақ, Құлагер бақ Болып-ақ әлдекімге жолығар-ақ. Жалқының жүйрігі боп шаба берсе, Шылбырын кетеді үзіп түбі бірақ... БІР ШАҢЫРАҚ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА I Бейшара кемпір ән салған: – Домбырам басы дың-дың-ау, Фашистер өлсін мың-мың-ау,
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Ақ түңдігімнің желбауын Жел үзіп кетсе сұмдық-ау. Бозала таңда шығырға Барарда шалы ыңылдап: – Домбырам басы баяғы Сұңғыла терме деуші еді, Қарашығымның жігерін Құм қыла көрме деуші еді. Баптаған өзім ақ кетпен Байыппен салса тасқа өткен, Қарағай сабын қапыда Сындыра көрме деуші еді. Үмітсіз сайтан болғай деп Сүр сақтап жылда соғымнан, Жалғызым келіп қалғай деп Қонаққа бермей қорынған. – Келер-ау ертең бір хабар Қаладан, мүмкін, шықты деп. Келіншекке ұқсап ұл табар Кемпір де күнде күпті боп. Аспанның ашық ажары Тартқанда күңгірт күн ауып, Жүрегі шалдың сазады, Сырқырап, сыздап бір ауық. Көңілге күдік, «гәп» алып, Шығырын ерте доғарып,
ТАҢДАМАЛЫ Қоңыр өгізбен қайтқанда, Қоңырқай назын айтқанда, Япырмай, жалғыз қарлығаш Қанатыменен қағады, Шырғалап шалды оралып. Тірліктің тіні, беу, үміт Бебеулеп сонда оянды-ау. Көкжиек қырлар егіліп, Қып-қызыл нұрға боялды-ау. ІІ Сұмдық-ай, сұмдық, сұмдық-ай, Үзілді желбау бір күні. Маңдайын ұрды сол кемпір: – Қойма, ажал, тірі, мені де ал, Енді өлтір деймін, енді өлтір. – Сан ұлым сайда қалғанда Маңдайын ұрған мен бе едім?! Осынау қысқа жалғанда Аз ба еді менің көргенім?! Артымда қалған кезімде Атан құлатқан желдерім ‒ Саябыр тауып кезіккен Самалым еді ол менің. Соны да маған көпсінсең, Әдіра қалсын, әй, дүние, Кереметің мен кермегің.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Сұмдық-ай, сұмдық, сұмдық-ай, Үзілді желбау, сынды сап. Сөзіне дария шашалмай, Жиналған жұрттың алдында Жығылмай тұрған туға ұқсап Жалғыз сөз айтты: «Адамдар, Бола ма бізде бір нысап». ІІІ Қайғының дерті қатты ұрған, Шайқалған бұл бір шаңырақ. Қазаны қаспақ, қақ тұрған Қалды ғой, қалды-ау қаңырап. Қазақтың қара шаңырақты Шайқалғанменен, құлатпау Қасиетін сақтап шал бақты, Кемпір де соны ұнатты-ау. Ағайын-тума ағылып, Қайран ел келіп жұбатты-ау. Үзілген желбау жалғанбай, Жалғайтын оны қол болмай, Қайғының дерті – қара бұлт Құлатты-ау, ақыр құлатты-ау. Ажалы келген жандардың Артынан өлу жоқ дейтін. Түбінде тамыр қалғанның Зәузаты кейін көктейтін.
ТАҢДАМАЛЫ * Өлімнің бәрі бірдей ме? Жо-жо-жоқ, оған қарсымын. Мен өлсем ертең гүлдейді Тамырым мен менің талшығым. ІV Ей, сонау қырғын соғысты Көрмегендер мен көргендер, Қиянат пенен қылмысты Қарғаңдар, әлі тергеңдер. Құлаған шаңырақ аты өшсе, Қураған сүйек аты өшсе, Тағы да соғысқұмарлар Қиқулар еді әтешше. Сан адам бүгін, расында, Салюттерменен желпінсін. Мәңгілік оттың қасында Мұрагер солдат, сен тұрсың! Шығырын салған шал менен Диірменін тартқан кемпірдің Қабіріне келіп таңменен Топырақ салып мен тұрмын. Біз – мынау Ұлы Жеңістің Жөргегінде өскен балғындар. Қау етіп қаптап жер үстін Өртеңге өскен шалғындар!
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Бас иеміз саған, соғыстың Тауқыметін тартқан тағдырлар! * Жазға салым жер жіпсіп бу шығады, Жауыр қырға жауқазын гүл шығады. Ала баспақ албарда оқыра боп, Тай-жабағы тебіндеп ту шығады. Таң алдында тобарсып қара қатқақ, Томырық жел тоқтады қанағаттап. Боз тушаны бәйек боп күйттейді апам, Ерте қашқан жануар дара лақтап. Екі лақты боз туша жарыта алмай, Ашқарақтар емеді жағы талмай. Солқылдатып сорғанда сорлы ананың Емшегінен қалай жүр қаны тамбай? Дәрмені аздау ананың дәті қандай, Емізеді аянып, жатып алмай. Ана байғұс оттап ап жарытпай жүр, Бала байғұс ашқарақ отыға алмай. Арық туша аяғын шаққа алып жүр, Сарқыт қалмай сауыры қақталып жүр. Ананы ана аяйтын әдет қайда? Апам бір күн саууға оқталып жүр. 1969 ж., 5 маусым
ТАҢДАМАЛЫ ЖИЫРМА БЕС Жолдас жиырма бес, Саған не дейін?.. Сенің жолыңды қайтіп бөгейін? Дәм-тұз жарасқан тату күндерді Егер тіл жетсе, айтып көрейін. Жолдас жиырма бес, сенсің – аяулым, Үш жүз алпыс бес, сенсің – ояу күн. Түрін аңғарттың сансыз бояудың, Жігін айырттың шаттық, қаяудың. Басқа не керек, асқақ асулар, Бар ғой алдымда ширек ғасырлар. Кейде ойлайсың: «Сиреп кетті ме Ширек ғасырға сыймас жасындар?» Жоқ, жоқ, – деймін мен ойдан кенет бір, Заман шұғыласы заңды, демек, бұл: Сан мың жиырма бес жасын жарқылы Мынау дүниені нұрға бөлеп тұр. ЗАМАНДАСҚА СЫР Табиғат құдіретінен жаралып тән, Астынан бір аспанның ауа жұтқан. Ей, адам, сен досымсың кім де болсаң, Еңбекпен ертелі-кеш алабұртқан.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Ағымнан жарыламын саған бүгін, Тура айтсам, тауып айтсам, маған жүгін. Заманның құдірет-күші сол дер едім – Адамның бір-біріне адалдығын. Дүниенің дариядай мол ағысын Топшылап, тоқсан ойлап шоламысың. Замандас қар талдырып, бас ауыртқан Заманның жаз дидарлы қабағы үшін. Енді ұят қара жерді қанға бояу, Бақыт қой әрбір атқан таңды аялау. Дәл кәзір ақ ниетті әрбір адам Дүниеге сергек қарап, болмақ ояу. Сен мейлі қырда шопан, құмда мұрап, Диқансың, қызыл бидай, қырманын бақ. Адамның игілігін жасап жүрсең, Күзетіп бейбіт күнді тұрғаның хақ. * (Зинураға) Күнім шыққан сәскеге, мезгіл шаңқан, ...Сені сүйеді екенмін, сездім, қалқам. Мені сүйсең, «жоқ-барға» мойындамай, Уайымдамай, уақытша төзгін, қалқам. Төзгін, қалқам, шалғайда, шетте жүріп, Сағынышқа сарғайма, көп беріліп,
ТАҢДАМАЛЫ Назырқасаң босатып буынымды, Өкпек желдей жеткіз бір өкпелі үміт. Өкпек желдей есілген сендегі үміт – Өрге сүйреп шаршаған мендігі жүк. Бөліп жұтқан бөлменің ауасындай Арқалаймыз екеуміз теңге бөліп. Тағдыр бізге жазылып қойған жырдай, Салдың ірге қанатын жайған жылдай. Қолаң желдей қазымыр үміттерің Қоймайды екен қазылтып ойландырмай. Маған талай үмітті кез қыл, қалқам, ...Сені сүйеді екенмін, сездім, қалқам. Мені сүйсең, бір ауыз тәтті жырдың Толғағына бір ауық төзгін, қалқам. ҚАЙРАҚ Хас қайрақтың да тас нәті, Қанжарың болса – жанып ал. Қайысың болса – таспа тіл, Қайыңың болса – қабық ал. Қайрағың барда қылпымай Темірің қайда қалады? Алмастың жүзі шырпыдай, Аударып салсаң жанады. 4-144
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Қарқара жақтың тасы ма, Қаратау жақтың тасы ма, Алатау жақтың тасы ма, Қай темірмен де ашына Қайрақтың тасы асыл, ә?.. Қай жақтың тасы болсаң да, Қара темірлерді қунатып, Қара темірлерді асыра! Жарылған жартастан туған қайрағым, Қажалып, қақ бөлінсең де жасыма! ҚАРА ТЕҢІЗ Зіп-зілдей денем, сүйегім сыздап, сынық па, Жығылғандаймын жұдырық пенен сырыққа. Қажыдым, білем, қай жаққа барып дем алам, Тынығар жер жоқ, жуынар көл жоқ жуықта. О, таптым, таптым! Қырымға барам, Қырымға, Шипалы жер деп жұрт айтып жүр ғой шынында. Малтимын, шіркін, Қара теңіздің суында, Балқимын, шіркін, Қара теңіздің құмында. Теңізден қайтам тобылғыдай боп, гүл емес, Мақтанар едім: «Қақталдым ғой деп, міне, дос». Қара теңізім, қарайтшы мені, қарайтшы, Қаралық маған, қаралық саған мін емес.
ТАҢДАМАЛЫ Қай жақтан алдың шипасын күллі көлдің сен? Қай жақтан алдың жәннатын күллі желдің сен? Білген екен ғой, құбылаңнан келіп сұғынып, Түріктер неге мекендеп алған деп жүрсем? Қайырлы теңіз, басқаға да жет, бізге де. Жүзді ғой сенде пәлен де пәлен жүз кеме. Құрымдай сенде халық та қазір көп шығар, Бір барам саған, Бара алмай қалсам, іздеме! КЕШЕУ КҮЗДЕ Тағы да, міне, кешеу күз, Тағы да тұман, боз қырау. Қабағы қату, мешел құз, Оңдың-ау, орман, тоздың-ау. Қаланың үстін кешеден Туырлық бұлттар тұр тұтып. «Жауады-ау, сірә» деседі ел, Күзгі де болса, нұр күтіп... Ойлаймын: «Қара суық қой Далада, қырда деп қазір. Қойшылар, шіркін, жігіт қой, Азаннан бері атта жүр». Аспанның сұсты түрі тым, Бұлт ауып кетсе деп жүр ме?
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Жаңбыр боп шөпті жібітіп, Бір жауып кетсе деп жүр ме? Жүр ме әлде ойлап сол адам Қызылды-жасыл қаланы. Кіндік жіппенен ораған Қия алмай жүр ме даланы?.. Әлде ол әнеу бір күнгі Тырнаның дауысын жүр ме ойлап? Кешегі алау гүл – қырды Кешкен күндерін нұр жайнап. Менің де көңілім ұйтқиды Жалаңаш, жайдақ баққа кеп. ...Қабығында әне шық тұрды, Күн жаумай жылап ақ терек. * Көбеген қозым, көк шығып Отығып кеткен боларсың. Тоқырап жетіп тоқшылық, Опынып біткен боларсың. Бозқонақ басын кеш шалып, Кейіндеу ордың көк көде. Не керек, енді еске алып, Салқын да тиді өкпеңе. Ере алмай қалып отарға, Байқамай қойшы кешқұрым.
ТАҢДАМАЛЫ Жамылып түнді, жапанда Қасқыр дауысын да естідің... Қабынбай қалған сол өкпе, Жарылмай қалған сол жүрек. Кездейсоқтық пен кенетке Қарыздар болмас орны жоқ. Марқайған қозым, бұл күнде Кеудеңде бар-ау бұла күш. Қабақта қалған кірбіңді Кетті ғой шайып қуаныш. Жасыл да жайсаң жайлау –төр, Жалпағын басып жүрсің ғой. Өткеніңді тек ойлай гөр Өкінбей және күрсінбей. Ойлай гөр... Ерінің күмпілдеп Енеңді еміп пе едің сен? Қатал да болса – бір міндет, Көгенді көріп пе едің сен?! * Көдесі семіп, көлдері солып күзде бір, Тұнжырап тұрар шақ болады ғой түзде өмір. Қоныстан безіп, өрісті өзгертіп, жай іздеп, Құс болып кетсек, қайтер еді егер біз де бір?!
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ «Көгерер-ау» деп сартап боп қалған сары қыр, Көктемді күтіп қарайлаймыз ғой тағы бір. Отыққан жері Отан боп кетер оларға, Құс болып кетсек, Отанның орны толар ма?! * «Көктоғайда» ауыл... Көрші қыстап Сіздің үй менен біздің үй бірге, Аяқ-табақты аралас ұстап, Тату да тәтті, құтты боп ірге... Құлындай ғана шағыңда сенің Тұлымдай ғана шашың бар еді-ау. Қатар ойнаған қарындас едің, Әлі бір гүлің ашылмап еді-ау. Сенің де апаң қолы ашық адам, Менің де апам төгіліп, тасып. Ақжарқын көңіл жарасып әман, Ас түсіретін таласып асып. Сіздің үй менің сыңайымменен Бәйек болатын бірге жүгіріп. Біздің үй сенің шырайыңменен Ашсаң – алақан, жұмсаң – жұдырық. Еліктей орғып жасқанамыз біз Биік көңілдер баурайына. Немене, біздің қас-қабағымыз Біздің үйлердің ауа райы ма?
ТАҢДАМАЛЫ Қар жауды бір күн, Айтары жоқ-ау. Айнала аппақ көз нұрын алған. Сырғанық теуіп, қайтарда жаяу Тоңғанымды мен сездіріп алғам. Екі ұшық ойдың бір көгеніміз, Бар сияқты еді бүркегеніміз. Бар сияқты еді бір қызығымыз, Бір қызығымыз – бір көреріміз. Әттең-ай, әттең, ерте кеп көктем, Ажырап кетті іргелеріміз. ҚОСЫЛҒАН ҚОС АЙДЫН Айнакөл мен Қаракөл – медиен белдің қос меңі, Суыңа көптен шомылмай суыса ізім, кеш мені. Жыртқанда көлдің жиегін отарын әкем құмға айдап, Есімде қапты біздің үй екінді ауа көшкені. Қол созым жерде қос айдын біріне-бірі жарасып, Толқыны тайдай тулайтын толағай көлдер таласып. Көктемгі мезгіл – көк дүние, сыланған шақта сылқым жер Көз емес, мынау егіз көл – көздегі мойыл қарашық. Қарашық көлдер қалғымай, күндіз де ояу, түнде ояу, Жататын еді жарықтық жазира белге жарасып.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Мойылдай көлге малтимыз әлсін де әлсін жүгіріп, Шілдеде суы қара тас, қаңтарда қатпай жылымық. Шәрбат па деп те ойлайсың, шарап па деп те ойлайсың, Аңсарың ауып бір жұтсаң аузыңнан суың шұбырып. Арасы көлдің жыртылып, арпа мен бидай өсті ғой, Жалбыз бен қияқ қырқылып, қой баққан ауыл көшті ғой. Құм жақта жүрген қойшылар қып-қызыл қырман қызғанда Қарашық көлге бір ұшық ақ боп түспе десті ғой. Аман-сау қалды егіз көл, Шайқалмай қалды тұнық су. Қасиетті қандай, пай-пай-пай, Ылдида жатқан ұлық су?! Ышқынып тасып сол көктем, қосылып кетті қос айдын, Тың жыртқан жылы табысты қырық дос түгіл қырық су. КӨШУ (баллада) Арбаға ақ тары артып жиырма бес пұт, Арда жер иіген кез. Қырға көштік. Талма жел теріскейден соқты үздігіп, Сайлардың сабатынан ылғал есті. Сар қамыс, сояу қамыс бас алмаған, Бас алып көк құрағын шаша алмаған. Саусақтың саласындай сабау қамыс, Сабағы шашбауланып жасанбаған.
ТАҢДАМАЛЫ Қол созым қоға көлдер құстар қонған Күршектің күпшегіндей ысталмаған. Жағадан апыл-ғұпыл көшкенде ауыл Омырауы алқа-салқа қыстау қалған. Алысқа шығармай-ақ үнін жатық, Шым-шымдап баяу ғана шымырлатып, Жеңешем жарқ-жұрқ етіп ақ тамағы, Келеді «Бір баланы» ыңылдатып. Шоқалақ соққан сайын қырдың жолы Қамыты бірде кейін, бірде ілгері Қара өгіз жұлып жейді жолдың шөбін Бір толмай көмейіне қырдың көгі. Артқы арба мен отырған майланбаған, Алысқа барамыз деп ойланбағам. Таңғы шақ. Тынық ауа, торғын көкте Тек қана бозторғайлар сайрандаған. Өгізі алғы арбаның мұқыл кәрі, Өзі бір күй талғайтын күтім малы. Жеңешем шыбыртқысын көтергенде Жүрісін жеделдетті, тыпырлады. Жеңешем желең отыр белін түйіп, Өткен жел өңменінен өңін сүйіп. Ойлаймын: «Қайран көкем қосылған-ау Қалтқысыз көңіл қосып, теңін сүйіп».
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Жеңешем жалғыздыққа елге қарсы, Жанына шақырғанда мен бе қарсы? Арбаны тіркеп қойып тік отырмыз Айналған алдымыздан желге қарсы. Ауылдан шықсақ та ерте жол өнбеді, Жеңешем жалтақ-жалтақ елеңдеді. – Кенжем-ау, көзім тартып келе жатыр, Көкеңнен хабар-ошар келер, – деді. Басқарма «Шөл егінге барасың» деп, Жеңешем қасына ерткен қарасын деп. Кеше де айтып кетті ол: «Тұқымды алып, Сәскеде қос басында боласың», – деп. Жеңешем ала өгізді төпеледі, Ала өгіз қыр арқасын көтереді. Алмаса қайыс тіліп көнтері арқа, Қамшымен қаққанына етене еді. Жел тынды Салқын сабат үрлей тұрмай, Зауалын зауза күннің күрмей тұрмай. Өгіздер ілбіп басып, жеңгем отыр: – Ұят-ай, ұят болды-ау, түннен тұрмай. Көтеріп жердің түйдек уыс шаңын, Көтеріп көк бестінің құйысқанын, Кезеніп жетіп келді салт атты адам, Кезеріп тыңдап тұрдық ұрысқанын.
ТАҢДАМАЛЫ – Күн-түні біз шабамыз күнқақпай боп, Топырақ кеуіп кетті тулақтай боп. Ырғалып-жырғаласың сен екеуің, Мынаның қарысуын тіл қатпай тек. Сықырлап былғары ері тақымдағы, Бір кезде арбамызға жақындады. Жеңешем бет жыртқан жоқ, кешіккен соң Кінәсін үнсіз ғана мақұлдады. – Әй, бала, ештеме жоқ жасқанатын, Сенен кем бе басқа ұл, басқа қатын? Бар, күркеңді тіге бер қосқа барып, Сендейінде жігіттер тас жаратын. Жеңгеңменен екеуміз қыстауға анау Тұқым жинап қайтамыз кешке жақын!.. ...Жан-жағымда иен қыр, дала жатыр, Жеңгем маған жәудіреп қарады ақыр. Ала өгізді атты адам жетекке алып Иесіз жатқан қыстауға бара жатыр. * Күлдім, ойнадым кезінде, Бір күн ойладым: «Сезімге Кеудем жүргенде күмбірлеп Құл боп кетпейін, құрғыр», – деп. Сосын сескеніп, сақтанып, Судай тазарып, сүттей ақталып.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Жұртқа сыртынан сұқтанып, Жанасып кетуге шақ қалып. Жүрдім, қайтейін, заң солай, Жүрек жұлқынып шаршады-ай. Кеше көз қырын салмайтын Қыздар құлпырып қаршадай, Қарайды о жаққа, бұ жаққа «Түспейміз» дегендей тұзаққа. «Біздер қонған құстармыз, Сендер ұшыңдар ұзаққа», – Деймін, деймін де тынамын, Кей күні шыңылдап құлағым. Кей күн өрекпіп жүрегім Өртім сөнгендей жүремін. – Бұл не, білсеңдер айтыңдар бір емін! ҚҰМДАҒЫ АРШАЛАР (баллада) Сықыр да сықыр сары аяз, Сына алмай сыздап тұр аспан. Қақтаған аптап ала жаз Қақаған қысқа ұласқан. Қылаумен өскен қар биыл, Бұрқасын боран жоқ әлі. Қырдағы ауыл малға үйір Қырық-елу түтін шамалы. Өзеннің арғы бетінде Өзектен өтсең, орғыл құм.
ТАҢДАМАЛЫ Шетіне шалғай жетуге Салт атпен үш күн жол жүргін... Ақтылы қойы колхоздың Алпыстай отар боп қалар. Қыстайды құмды, сан көздің Себебі солай көп қарар. Ал мынау ауыл шап-шағын, Көшесі жазда оспа құм. Қыс болса кешіп омбыны, Сүйреткен шана-шаңғыны, Қораштау болар басқаға, Біз үшін құйттай астана. Әнеки, қыштан өрілген Қызыл үй – мектеп-интернат. Тағылымы соның дедім мен – Тағдырымды өссем ерте аңдап. ...«Жаңа жыл ертең» дегенде Жүгіріп жапа-тармағай, Бала біткен елеңдеп, Қуанып, толқып әрқалай... Интернат іші гуілдеп, Ерсілі-қарсылы, у да шу. Ересек біздер күбірлеп, Құрушы ек сұхбат, сырласу. Құлайды-ау ертең құм жақтан Қырық-елу шана ат-көлік.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Шанасын бәрі сырлатқан Сәйгүліктері ақ көбік. Бәйгеге келе жатқандай Бәсеке бәрі шетінен, Малынып тонға мақпалдай, Қан тамып күрең бетінен. Қай үйге бұрар ат басын Атағы-даңқы барлары. Сол үйдің барып қақпасын Ашады-ау және баллары. Өңкей бір аға қойшылар Өргізген төлді мыңғыртып. Біреуін бірі қамшылар, Қолтықтарына су бүркіп. – Әбзелің мынау үр жаңа, Әубәкір жасап берген бе? – Нарқына берсең бір қара, Кім қой дейді осы сенлдерге? Әзіл мен қалжың ішінен Шындықтың шоғы жылт етіп, Табылмай тұрмас кісіден Бір кеміс пенен бір кетік. Құр ұстап қойға мінбеген, Бәрінде бір-бір қынулы ат. Құлайды орғыл құмменен Ор қоян шана зуылдап.
ТАҢДАМАЛЫ Жаңа жыл тойын мектепте Балаларымен қарсы алып, Бой көтеріп бір кетпекке Артынан айтар тамсанып. Жиналу әдет-дәстүрге Айналған бір кез болатын. Күллі ауыл, кәрі-жас бірге Ёлкаға кешке баратын. Айтпақшы, барлық шананың Бөктерген бір түп баршасы, Шыршасы жоқ қой даланың, Бар бірақ құмның аршасы. Қызыл да жасыл күреңсе Күн нұры тисе құлпырған. Кеберіп құмдар түнерсе, Көгеріп арша бұлқынған. Көктемде кейде сарғаяр, Қаңтарда кейде көгерер. Бояуда бейбақ бар ма амал Құнарын берсе жер егер? Әрбір түп анау, қаншасы Өсті екен сазға, тастаққа. Әйтеуір, құмның аршасы Әкелген бір-ақ мақсатқа.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Жұрттағы ой: «Ертең кімдікі Ёлка боп тұрмақ ортада?» Бірақ ол сонау құмдікі, Атауы жалқы картада. * Мектеп директорына Ентелей кіріп үш кісі, Жармасып жатыр қолына Келгендей қысып құшқысы. Жүйріктеу сөзге Оңғар қарт Отырған жұртқа бір бүйір Иығын қозғап, қомдап ап: «Қарағым, – деді, – жыл биыл... Жыл биыл жақсы болып тұр, Кеп қалдық тағы жиналып. Жиырма жыл бойы көріп кіл Қия алмай жүрген қиналып Қызылдың бір түп аршасын Қиып-ақ ағаң түсірді»... Деді де, қағып шақшасын Шалғынбай қартқа ұсынды. Шақшаны кейін шорт қағып, Шамданып қалған сыңайлы. Шалекең жұртқа оқталып: «Қыстағым құмның шұрайы, – Деді ол, – қалқам, ұға бер. Өрісім аты – «Арша орман» Құр дөненім мен құлагер
ТАҢДАМАЛЫ Қалыңына өтіп қарсаңнан Мен де бір арша қиып ем, Атты адамдай-ау ұзыны. Шықпайтын ба еді жиіден Ағаштың түзік, түзуі?» Сол сәтте сөзге сараңдау Абдырап қалған Сағымбай «Менің де аршам биік, дәу Жұп-жуан Торғай талындай» Дегенде бар жұрт күлкіге Қыран да топан көміліп, Сағымбай сыртқа сілкіне Шықты да кетті шегініп. Жиналып қалды бар қойшы, Ішінде және Қабдіраш. Аршасын мақтап әрқайсысы, Ал, даулас келіп, салғылас. «Жә, – деді жаймен директор, – Рахмет пейіл-пиғылға. Орны бар бірақ ерек бір Сияпаттың да, сыйдың да. Оқуда үздік кілең бес, Ортада үлгі-беделі Бастап бір ылғи жүрер көш, Жас болса да ойы келелі Бар еді бізде бір бала». Директор үнсіз. Жұрт жым-жырт. 5-144
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Дау айтар оған кім дара, Жөні бар іске «құп», «құлдық». Қай әке қазір төбесі Қуанар көкке жеткендей, Үміттің ұшқыр елесі Бәрін де баурап өткендей. Бәрі де қазір аршасын Қондыратындай кең залға. Қас-қағым сәтте сонша сын, Сонысы қиын жалғанда. Жаутаңдап бәрі қарайды, Жанарларында шық тұнып, Күпініп келген талайды Үміт пен күдік күпті ғып. «Ол ма, ол...– деді директор, – Келген жоқ, білем, арша оған». Тез ұқты бәрі, демек, бұл – Жесірдің ұлы Аңсаған. Ешкімді ешкім қаумалап, Ешкімді ешкім сүйген жоқ. «Қайырлы болсын» саудалап, Қағытқан да жоқ, ілген жоқ. Ойлайды бәрі үнсіз қап: «Орнында қалған оңалды-ау».
ТАҢДАМАЛЫ Ескірген жара бір сыздап, Бір сыздап барып жамалды-ау... «Әкесі жиен, жиеншар», «Бір жылғы төл ем» деп біреу, Көзіне жас ап бірер шал, Жалғызға тілеп көп тілеу. Сол күні келген бір арша Әкесіз ұлға арналған. Жарқырап ёлка алауша Аршасы құмның жанданған. Есіңде бар ма, Аңсаған? Сонда айтып ем ғой мен саған: «Құмдағы жасыл аршалар, Құмдағы асыл аршалар, Жалғасқан жастық мәңгілік Япыр-ай, осылар шығар!». ҚЫРМАН БАСЫНДА Елу тоғызыншы жылы қырманға барғаным есімде, Тайынша жетектеп тырбаңдағаным есімде. Қайрағым да жоқ, орағым да жоқ қолымда, Күн құлап кеткен бесінде Құрдан-құр барғаным есімде. Кешке жақын дала салқын, Орып алған егістік қарабарқын.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Жанымда Хайдолла бар, Хайдолла қара нар-тын. Сарғайған сабанның торсықтай дәні тырсылдап, Белі шойырылса да, Хайдакең бау тізгіндеп жүр ырсылдап. Күн қағып әбден бозарып кеткен көйлектен Тобылғы майдай тамады тамшы шым-шымдап. Орақ аяқталған, Күз таяп қалған. Бармақтай дәнді көріп Хайдолла тояттаған. Нан турап жеген соң ұйыған ащы айранға, – Шаршадым, – деді сабанға құлап Хайдолла. – Нан бар ғой, – дейді, – нан бар ғой, – дейді ол күбірлеп, Қашпай қалған қашары жайлы ойлауда… Кешке жақын дала салқын, Орып алған егістік қарабарқын. Жанымда Хайдолла отыр – Қырманның қарауылы, ...Екіндіге еңкейді дала күні. * Пендеге біткен дүние, Байлық па, бақ па – бәрібір, Көзіңнен бір күн ұшады – Тағдырдың берік заңы бұл. Көзіңнен бір күн ұшады Артына әсте бұрылмай,
ТАҢДАМАЛЫ Тарқаған базар шуындай Көзіңнен бір күн ұшады. Қоңыр суына қош айтпай, Кеуденің дертін босатпай, Сазарып қалған сулардың Қиналып ұшқан қуындай. Зердеге біткен дүние, Қайғы ма, сор ма – бірібір. Кәдесі болса халқыңның, Салмағын басар алтынның – Тағдырдың тастай заңы бұл! Уа, тағдыр, осы заңыңнан Тоқсан да тоғыз айналам! Тоқсан да тоғыз ойланам. Қасиетті заңның қармысын Қалайша, қалай қайыра алам?! * Салт атқа мініп, сар желіп қырда қайтар ем, Шалқақтап жүріп «Айнамкөзді» айтар ем. Шекетулі ерде отырар едім шайқалып, Сүріне білмес су жорға болса байталым. Сарғайған дала, сазды әйет құмы бұрқылдап, Сар жайлауда анау сері өзен ақса сылқылдап, Құр-құрлап қырдан қайырып қайтсам құлын-тай, Әр көде басы дуадақ ұшса пыр-пырлап.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Тайпалған жорғам, майталман жорғам жараса, Қайқаңдау жолмен қыраттан, белден әрі асам. Сағынышымды сейілтер ме екен сол кезде Сары адырларға көз майын тауысып қарасам?! СЕВАН Бір қанып ішіп, суына түсіп көрмей біз, Аузымыз жеңіл, тоспа да болса, көл дейміз. Мойылдай дейміз, моншақтай дейміз, мең дейміз, Біз де бір аққу, айдынды көлге шөлдейміз. Қайсыбір көлдер бетінде барлық ашуы, Қайсыбір көлдер шымырлап түбі тасыды. Ал туласын-ақ, толқынның бәрі бір ме екен, Жылымы да бар, жуасы да бар, жасығы. Қайсыбір көлдер құлазып қырда қалғыған, Қайсыбір көлдер құйын түртсе де салды ұран. Қайсыбір көлдер жазықта жатыр, Севанға Арарат абай, Арарат қамқор тау бұған. Қарауылы боп қаншама ғасыр күзеткен, Севанның көлін кемемен жүзіп біз өткен. Қалғымайтын тау мұз болып қатып қалыпты Табанынан да, арқасынан да сыз өткен. Шөлдер де келген айлап та жылдап, аптаған, Жаулар да келген тасына дейін таптаған.
ТАҢДАМАЛЫ Армян халқы қарашығындай көзінің, Севанды бірақ шайқамай, төкпей сақтаған. Құр атқа мінген адамдай болып бой бүгін, Севанға жүзіп құрдық-ау серуен, беу, бүгін! ...Он ғасыр көрсін, жүз ғасыр көрсін, бұл көлдің Суынан таза, суынан жаспын деу қиын. ТАБИҒАТ Нөпір де нөпір ой бұлты қалың, Нөсерлеп бүгін тынам ба?! Немесе түсіп торғын тұманым, Малынамын ба мұнарға?! Көктем сыңайы күз нышаны ма, Өкінішті ме әлде өлара?! Бұлтымнан өлкем сыз құшады ма, Бәйшешекке әлде тола ма?! Нәзік бұлттардың нұрларын күтіп, Нөсерлер аңсап тұрғанда Тұман түседі тұланын тұтып, Қырауын жауып қырларға. Қорғасын бұлтым торлаған кейде, Тұрғанда қар боп жетер деп, Жұп-жұмсақ тамшы сорғалар бетке Самалдан жазғы бетер боп. Табиғатыма таң қалам мен де Ақын емес пе екем деп.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ ТАЛ БЕСІК ТУРАЛЫ БАЛЛАДА Көргенде сені сәмбі тал Қабағы жанып тұрғандай. Есіме түсті Сәбіл шал Және де және бір жағдай... Есіме түсті ерке өзен Құрдымға қарай жөңкілген. Бұйым ба оған бел, кезең, Бір рет ырғып серпілген? Жазыққа тіреп табанын, Шымырлап ағар толқыны – Мойнына салған даланың Мойылдай бұйра елтірі. Жағасы жасыл тал, орман, Хош жұпар иіс атырап. Үп ете қалған самалдан Үркетін жәудір жапырақ. Есіме түсті төрт қанат Тұрмысы – әбеқоңыр үй. Бір-екі құлын ноқталап, Жылқысыз тұрмас желі ылғи. Есіме түсті тал бесік, Тал құрық пенен тал уық. Жағалау кезіп, жар кешіп, Жүгірген ұлы тал мініп.
ТАҢДАМАЛЫ Есіме түсті тал күршек, Есіме түсті тал оқтау. Тал шанасы да бар деуші ед Жетегі ғана шолақтау... Есіме түсті көк өрім Қабығын талдың жонғанда Балауса балғын дененің Бойынан сөлі тамғанда. Тарамыс жіптей тарқатқан Тоқсан да бұрап, сан иіп, Тал шебері еді ол, жан-жақтан Жататын жұрты ағылып. ...Бір күні тоқсан шақырым Сабылып сонау дуаннан, Сүліктей етіп атының Қан сорпа терін шығарған. Келді бір кемтар жолаушы, Бір аяқ шолақ, қол молақ. – Ал, әлей болсын! – шал даусы, – Жүр еді ұлым жол қарап... Дегенде кемтар атынан Қарғыды жерге бір ырғып. – Ақсақал, – деді, – отырам, Келіп ем бір зат ырым ғып.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ – Отырам, – деді, – асықпай, Көзінде оттай нұр жанып. Жалғанға жаңа ғашықтай Наласыз, мұңсыз бір кәріп... – Бейшара-ай, – деді шал іштей, – Қайтсін-ай, – деді кемпірі. Көз қарақ болған таныс қой Мүгедектердің әр түрі. Қырық алтыншы жыл. Қырық күн. Шілденің кемел кезі еді. Тобылғы, дүзген, шіліктің Өртеніп тұрған өзегі. Тек қана өзен бойлаған Құба тал нарттай тұр қунап. Үп еткен желмен ойнаған Жапырағы желпіп, суды ырғап. Жайғасып кемтар, есіктің Жақтау жағына қарады. Иілген талдан бесіктің Тұр әне иін – шабағы. – Ақсақал, сізге сұрау боп Отырмын, сірә! – деп алды. – Жарымжан мынау – бір әулет Не арты соның, не алды.
ТАҢДАМАЛЫ Дегенде демі іркіліп, Қарт оған: – Тәйірі, тек! – деді. – Үмітсіз шайтан... Жігіттің Болады қырық көктемі! Жалғыз көз қарттың қолымен Жасалып тағы бір бесік, Үміттің алыс жолымен Жолаушы тартқан тілдесіп... Жылады кемтар: – Жалғыз ем, Ақталар ма деп бұл батаң, Мен перзент көрсем, алдымен Осы жерге әкеп аунатам. ...Көріпті перзент. Көгеріп Кетіпті сол бір көсеге. Құбыласы тегіс теңеліп, Бақ қонған бопты пешене. Бір өзен бойы су-нәрін Жүрсе де күнде бір еміп, Топыраққа сонау ұлдарын Аунатқан жоқ ол бір келіп. Аунатқан жоқ ол, дегенмен, Аяулы оған сол бесік. Тербетті оны өлеңмен Түндерде небір ән қосып.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ – Жасап ем жастан сан бесік, – Депті қарт кейін өлерде. – Тек бесік жырын ән қосып, Айтыңдар мені көмерде»... Төбеде жүзген бұлттарға Төменнен қарап сұқтанба! Жел тұрса зеңген жан-жаққа Салмағы бұлттың салмақ па?.. Жетелеп жүрген жол бәлкім, Тағдырың шығар жел бәлкім. Суымнан ұшқан бу едің, Шығарсаңдаршы жер даңқын. Бармаған жерің жоқ шығар, Баспаған тауың жоқ шығар. Бір күні жерге құлайсың, Талмай-ақ жүзген топшылар. Жауасың жерге бір күні, Қақ болып сосын іркіліп, Сіңесің құмға су болып, Шығасың гүл боп құлпырып. Бұлттар-ай деймін ер көңіл, Жылайсың бір күн боркемік.
ТАҢДАМАЛЫ Бұйрық заң сүйреп бәріміз Құлаймыз қара жерге бұл. Табиғат тең қып жаратқан Төбеде жүзген сен де бір, Төменде жүрген мен де бір. ТОБЫЛҒЫ САЙҒА БАРҒАНДА Дүр етіп лезде бүр жарған кезде дүзген, тал, Тобылғы сайға торыңды сайлап қызбен бар. Қолаң шағыр мен қоламта күлгін көкпектің Арасында аршын тұяқтар тиген іздер бар. Тұяқтар теуіп тастаған таспа топырақ Қияқтар көміп, аңқасы кеуіп жатып ап, Шаңқай түсте шекесі шып-шып қызғанда Қалқалайды кеп қызғаншақ түйежапырақ. Тобылғы сайға, торыңды сайлап бар сонда, Жарауы жетсе, Топайдай торың алшаңдар. Ізге ұя салған жапырақтан бір құс пыр етіп, Жазатайымда қайтер ең құлап қалсаңдар?! ТҮС Ұйқым сергек. Мен қазір көп түс көрем, Жорытар ем жүрегім дауаласа. Торғайдан суыт шығып, Тосынға кеп түстенем, Ұясына асыққан бал араша.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ ...Төбешігі Тосынның тау екен деймін, Таудан өтіп кетейін, тәуекел деймін. Тау артына тығылып қоныпты ауыл, Таудан асу, әрине, көлікке ауыр... «Шөміштөбе» басына жұртты иіріп, Нұрқан ақын сөйлеп тұр мұрт шиырып. Арқам кеңіп жөнейді, содан ба әлде, Кеудемді ашам саябыр сараң желге, «Жауса деймін жарықтық бұлт бұйырып». Күн жаумайды, шаң құрғақ, ауа құрғақ, Шәйі сағым шайқайды даланы ырғап. Өртеңге өскен Қаракөл қамысына Қараймын да, жазамын қаламымды ап. Жыр тумайды, зіл дене құрысады, Жырау ақын «жырла» деп ұрысады. «Қарағайдың әуелі шанағын қақ, Арқаң бар ма ед, жөнелсей, ал, ағындап»... Дейді маған Нұрекең, қиналамын, (Қиын екен қинағаны сыйлы адамың). Қорықпай-үрікпей түсемін қара терге, Құдіретің бар, Ақындық, иланамын!
ТАҢДАМАЛЫ ХАНТӘҢІРІ Аспан тіреп тұрған шың, Асқақтыққа туғансың. Ақша бұлтың желпілдеп, Алыстан қол бұлғарсың. Әжіміңде мұң бар шың, Етегіңде гүл бар шың. Өз бұлтыңмен шыланып, Өз күніңмен құрғарсың. Ұлылығың сол сенің, Кішілігің және сол. Қабақ шытсаң, еңселім, Әне нөсер, әне сел. Ту сыртыңнан толықсып, Ашық қабақ ай туған, Күлім қабақ күн туған. Аңыздарда айтылған Алыпқа ұқсас түр-тұлғаң. Мыңқ етпеген мықты шың, Жалғызбысың, жұппысың? Шығысында шыңтардың Шалқақ тұрған ықпысың?
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ ІҢГӘ Іңгә, іңгә, іңгә, іңгә, іңгәла, Іңгәлай ғой, іңгәлай ғой, бір бала. Жарық дүние кілтін ашқан жалғыз үн – Адамзатқа сол ғой ортақ тіл ғана. Іңгә, іңгә... Іңгәлай ғой, шаранам, Тербетеді, ұйықтатады жан анаң. Тербеу деген басталғаны қозғалыс – Секундтарды, минуттарды санаған. Іңгә, іңгә... Іңгәлай ғой, бейкүнәм, Анаң сені әлдилейді айтып ән. Ән басталды дегеніңше, саған да Сана бітті, бергені ғой ой – қылаң... Іңгә, іңгә... Іңгәлай ғой, бөбегім, Кермек дәмді келте айтатын өлеңің. Түсінерсің, күрсінерсің, ұғарсың, Іңгәлаудың, үһілеудің себебін.
АҚ ШИЛЕР Құм Тосын жаққа құларда Қол бұлғаушы еді ақ шилер. Малынып мұхит мұнарға, Толқындаушы еді ақ шилер. Алтынмен аптап күн нұры, Жарқылдаушы еді жел қағып. Сайрайтын жоқ-ты бұлбұлы Өздері сыңсып, толғанып. Табиғат берген тілменен Үнсіз де түнсіз тебіреніп. Сусыған қызыл құмменен Тұратын толқып, еміреніп. Көрдім мен құмның шилерін Желкілдеп қунап тұрғанда. Қозғалып бірге билейді Қарауыл төбе құмдар да. Аршын да, аршын құм іші Дастарқан дерсің жайған бір.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Қанаты құмның, дұрысы, Қаға алмай тұрған қайран бір. Құмдағы қыруар өскіннің Сыңары сирек сұңғағы. Бар екен сенде, кеш білдім, Жоқ деуші ед сенде гүл жағы. Қас-қағым сәтте қабығың Терідей түлеп жаңарып, Жалғыз-ақ талсың, тамырың Жап-жайқын құмға таралып. «Жап-жайқын мұхит бетінде Жұптасқан желкен – керуендер. Соққан бір дауыл өтінде Селдіреп қала көрмеңдер». Және де солай тіледім Табиғат пейілі кең ғой деп. Қауышып есен жүремін, Пенделік оймен сенбей кеп. Қаз-қалпың қоңыр құмыңнан Аумай да, көшпей еш жаққа. Қызықпайсың-ау құбылған Тауға да, тасқа, асқаққа. Құмыңның қалды жыры боп, (Болсақ қой сендей баршамыз).
ТАҢДАМАЛЫ О, құмның шиі, бір түнеп Кетті екен саған қанша құс? * Аман ба туған топырақ, Аман ба Ақшығанағым? Ақ деген сөзден жарқырап, Жеткендей жақсы хабарың. Жүйкемді күллі босатып, Мен сені неге сағынам?.. Сенде өткен дәурен – жас уақыт Сәулесіне әлі табынам. Жұмыр жер неге кең деме, Қасиетті қырлар көп-ақ қой. Азамат туған жерге де Аз ғана күндік қонақ қой. Әйтпесе, біздің бәріміз Жүрмес пе ек туған төбеде. Жұмыр жер – кеме, жанымыз, Жанымыз бірге кемеде. Шыр етіп түскен уыс құм Қасиетті болар себебі – Алғашқы деммен туыстың Алғаш сол сүйді денені.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Қайғысыз, қамсыз күндердің Қайығында сонда жүзерсің. Кіршіксіз, кірсіз гүл көрдің, Үзбессің, мүмкін үзерсің. Кімде де бар ғой нала, наз, Күндер бар жолың болмайтын. Сондайда бірақ адам аз Туған жерді іздеп бармайтын. Сондайда бірақ көп пенде Тек өзім ғана сүйем деп, Сен аунап өскен бөктерді Тұрады жалғыз иемдеп. Әттең-ай, сонда тіл болып, Сөйлеп бір кетсе әлгі қыр. Білер ед бейбақ шын берік, Туған жер сүйер жалғыз ұл Жалғыз ол емес екенін. Сүюдің сан мың бар заңы, Сүюге оның жетерін, «Сүйем» деп айту арзаны. Туған жер, саған қаталап, Кім қалай сүйсе өз еркі. Мендегі сендік махаббат – Жанардың нұры – көз өрті, Жүректің жыры – сөз өрті.
ТАҢДАМАЛЫ ҒАНИ АҒА Қара тас түнді шақпақша шағып қақ жарып, Алтынның түсі секілді бейне ақ жарық.. Аспаннан бір сәт тұрады дейді нұр сеуіп, Тілегің қабыл, көрсең бір соны бақ жанып. Қасиетті нұрдың белгісіз қашан жауары, Қызыл іңірдің тарқаған соң ба зауалы, Қоп-қою түннің торлаған тұс па қамалы, Қаққанша қасты қанатын жайған сол нұрдан Адалдық тіле, адалдық қана дауалы! Сипатын нұрдың суреттей алмай тілменен, Салыстыра алмай Айменен, яки Күнменен. Айтатын жұрттар: «Төбесінде айлап тұрса да, Бірде-бір тілек тілемейді, – деп, – білмеген». Айтатын және біреулер «мынау қай таң» деп, «Қап» деген сөзді қадір түн өте айтар деп. Ей, халқым менің, аңтарылушы ең аспанға, Қадір түн түгіл, боп шықты көкте сайтан жоқ. Сен оны білдің, біле де жүріп алдандың, Сол емес пе деп жұлдызға да аққан таң қалдың. Қасыңда бірақ Қадір түн туып қаншама, Жарығы болып үзіліп жатты жалғанның. Қадір түндердің қонысы қара жер екен, Өрісі – халқы, өсірген орта елі екен.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ О, тоба, тоба! Менде де біраз болыпты-ау Шарапат түндер, шұғыласы болған мерекем! Наразы туып, нарқын біліп ең халқыңның, Ширек ғасырға сыя алмадың ба, шарқ ұрдың. Қамба қазғанда қара топырақтан кезіккен Сәулесіне ұқсап сіңдің бе бізге алтынның?! Беу, Ғани аға! Сен де бір Қадір түн едің, «Ұзақтау жан» деп үзіліп тұрып тіледім. Сәулесі сіңсе сәулетті келешектерге, Өтірік екен «Өзекті жанға бір өлім». ДӘМЕТЕМІН, МАХАББАТ Шын ләззат күтемін тағы сенен, Шын рақат күтемін тағы сенен. Дүр сілкініп жүрегім дір етті ғой, Дәметемін, махаббат, әлі сенен. Лебің самал желпитін жел боп жетсең, Көңілім қалар тағы да келмей кетсең. Қайтейін мен дәметпей, бұрында бір Дәметкізіп, дәнеңе бермей кетсең. ЕКІ ҚАЗ Көліме былтыр ерте қонып ең, екі қаз, Көлімнің бетін күлімсіреткен екі қаз,
ТАҢДАМАЛЫ Кешіктіңдер ғой, сыңайы салқын аспанның, Жылым сулардың болғаныменен беті жаз. Кешігіп биыл талықсып ұшып келгенде Тәнті етер сыйлық таба алмай жүрмін сендерге. Көк құрақтарын көп орып едік өткен жаз, Қарсы алар ма екен жатырқап жайдақ көлдер де? Көк аспаныңның кеңістігіне тайғанап, Аққуларменен араласып кел ай қабақ. Жалаңаш көлдерді айналып өтіп қаңқылда, Қаңқылдаңдаршы, қонысым менің қайдалап. * (Ғ. Қайырбековке) Екі-үш үй көшті ме екен Дүбірдегі, Екі ши өсті ме екен түбірлері?.. Желпініп бір өте ме қырат-қырды Жәннат леп, жұп-жұмсақ жел іңірдегі?.. Жалғыз бұлт көкжиекте қосақталмай, Жалғыздық жан жүйесін босатқандай. Жібісе желпи соққан қияңқы жел, Шайқай ма шалғындағы шашақтардай?.. Елгезек есіле ме ерке бұлақ, Еңістен көсіле ме ерте құлап?.. Ертерек тілі шыққан бұлақтардың Бал мезгіл балалығы келте бірақ.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Шайқалып шарбы бұлттар сейіле ме, Шайпау жел ауады екен ойы неге?.. Екі-үш үй төбесіне бұлт айналып, Иіп бір берер аспан пейілі – ене. Екі-үш үй қарақұрым туырлығы, Тұр ма екен тарқатылмай уық жібі?.. Жүр ме екен бәйек болып бәйбіше – әже Пісіріп соңғы сауған иіндіні?.. ...Екі-үш үй көшті ме екен Дүбірдегі, Екі ши өсті ме екен түбірлері?.. Көшкенде өскен шығар, қараша қос Қайда екен бірді-екілі жүгірмегі?.. Жайқалып алуан тамыр гүл ашқанда, Шайқалып бала бұлақ қыр асқанда, Найқалып өскен шидің ортасынан Шаншыла ұшса бір құс ніл аспанға... * Жарқыным-ау, махаббат өрт екен ғой, Мерт етердей адамды дерт екен ғой. Он жетіде үйлену ерте екен ғой, Жарқыным-ау, махаббат жалқы екен ғой. Жарқыным-ау, махаббат жалқы екен ғой, Шын ғашықтар зар болу салты екен ғой. Он жетіде қол жетпеу ойлағанға Махаббаттың мәңгілік нарқы екен ғой.
ТАҢДАМАЛЫ Жарқыным-ау, махаббат мұң екен ғой, У екен ғой не зәмзәм су екен ғой. Он жеті жас өзі емес махаббаттың, Маңайында естілген шуы екен ғой. Шуылымен, шуымен алдамаған Ақ махаббат бары рас, шын екен ғой. ЖАСТЫҚ Көктемгі бір өзеннің тасқынымысың Көбігін көкке ататұғын көкек айында. Жаз алыс... Аптабы сорып бастығу үшін Жастық-ау, болсашы уайым бөтен ойыңда. Жағаңда жап-жасыл құрақ, қурай да балдай, Құсың жоқ шырқатпайтұғын, қондырмайтұғын. Елесің кетерде жоқ та, туғанда бардай, Жастық-ау, уақыт па едің қол бұлғайтұғын?.. ЖЕҢІС ЖЫРЫ (Өтежанға) Қозатын «қоға» десе намысымыз, Өртеңнің орнындағы қамысымыз. Жел тұрсын, самал соқсын, бұл маңайда Бірінші шыққан біздің дауысымыз.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Жел жоқта қамыс басы майда құрақ, Үкідей үлпілдейді ойланып ап. Сабағын қағыстырып табыстырған Қолаң жел – қойдай жуас қайда бірақ?! Дауылы соқпай жатып байқалған соң, Дауысы шықпай қайтсін шайқалған соң? Ерлік сол – жел өтінде тұрсаң-дағы Еркелеп шындығыңды айта алған соң. * Жылдар қалай зымырайды, ағажан, Шапшып аққан суларға ұқсап сағадан. Самайыңа ақ кіреді аңдатпай Суық қолдай жас күніңді тонаған. Бірте-бірте көздегі үміт мұнары Сейіледі, кеудеңе кеп тұнады. Құйттай жүрек құйын мінез, құрғырым, Тыпыршиды, қанадан тыс ұрады. Қанат бұлғап қайтқан құстай төбемнен, Күн өтеді...Көлеңкесін көрем мен. Мені анау жыл қытықтайтын қыз даусы Қарт әншінің әуеніндей көнерген. Көз алдымда керуен көлбеп дәл мына, Көнерген де, жаңарған көп орнына.. Қысқа жіптей келмесең де күрмеуге, Қайран жастық, орның сенің толды ма?!
ТАҢДАМАЛЫ ЗАМАНМЕН ДИАЛОГ Адам кейде албырт та алаңғасар, Айдай жолда қияс бір қадам басар. Адам – кеуде жоқ шығар жарақатсыз, Қияс қадам кейде бір жараңды ашар. «Әмән нашар болғам ба, әмәнда осал» Деген бір ой сезімге қамал жасар. Өзіңді өзің алдымен жегідей жеп, Ақтарылғың келеді Заманға сәл. – Жолдас Заман, Мен саған Замандаспын, Сан мүдіріп, сүрініп қадам бастым. Зымырансың, жылдамсың, кешір мені, Мен сенімен зымырап аға алмаспын. Ырза емеспін өйткені кей күніме, Мырза емеспін өйткені ой гүліне. Кеше мені бір шаттық шарықтатып, Бүгін бір мұң көгендеп қойды, міне. Күйбең тірлік шеңберге сыймай кейде, Кеткеніммен, шаңырақ, үй-жай менде. Алдымдағы күндерге асықсам да, Қарайлаймын артыма қимай кейде. Өкінемін. Өлердей сан соғамын, Өкінішке қасарсып қарсы ағамын. Жолдас Заман, бойымнан зая кетті Саған берер қанша күш, қанша жалын.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Қуанамын жүрегім жарылардай, Қуаныштың кеудемде таңы бардай. Жолдас Заман, келеді таңым менің, Таланттыдай талантсыз таныла алмай. Өкініш пен қуаныш... Бұларға мен «Өзімсіңдер» деп ылғи ұрандап ем. Мен солармен жүргенде қоян-қолтық, Жолдас Заман, өзгермей тұрар ма әлем?.. Жолдас Заман! Сондықтан мына мен де Болармын бір күйкі жан, сірә, пенде. Кеудемдегі жарам сол, сенен бөлек Болған күндер, құнын сен сұра, терге! – Жоқ, Замандас, шын жылап, шын қуансаң, Сезіміңді өзіңе ту қыла алсаң, Өмір бойы игеріп үлгіре алмас Жүрегіңді таусылмас тың қыла алсаң, Жаңа Адамсың, сен мәңгі жас Адамсың Армандайтын Азамзат – күллі жайсаң. Соны аңғардым мен сенің лебізіңнен, Мықты адамдар уақыттан, тегі бізден. Сан заманды есейтіп келесіңдер Қуаныш, қайғы сөлін емізумен. 1977 жыл
ТАҢДАМАЛЫ КЕЛІН Ауыл арты айдын көл – қардың суы, Қар суына қосылған жаңбыр суы. Тұщы суға барады қыз-келіншек, Табанына шашырап шалғын шығы. Кешке қарай көкжиек күреңітіп, Қою бұлтты балқытып тұр ерітіп. Боз жусанның түбінен тіп-тік ұшып, Бір бозторғай аспанда жүр елітіп. Ауытқыған ауамен бозторғайға Көп қадалды бір кемпір, көз талмай ма? Кенет ұшқан құстардың қанатындай Келер болса, жақсылық кез таңдай ма? Құдіретімен тұрған кез көктем буып, Күн сәулесі алтын зер боп төгіліп. Қайта оралды әлгі құс, қайран дүние, Келмейді, әттең, бұлдырап кеткен үміт! Көмейінен торғайдың төгілген үн Әкеледі көзге жас, көңілге мұң. Майдан біткен, мазасыз кемпір күткен, «Махаббатын ән қылып менің де ұлым... Менің де ұлым оралар, орнында бар, Орнында бар болған соң орман толар. Мен де қайта көктермін жапырақ шашып, Жапырылып жапанда қалған томар».
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Күтті кемпір екі жыл, үшінші жыл, Күтті келін көп естіп қысыр сыбыр. Екеуі де сұрайды әлдекімнен: «Құсымызды кенеттен ұшыршы бір». ...Суға барған көп әйел шалқып әні, Кешке жақын көл жақтан жел тұрады. Қараша үйдің шығып ап қолдауына Қадалып тұр сол жаққа кемпір әлі. Көл маңайы көп жұрттың шуын құшып, Ерте түсті шалғынға бүгінгі шық. – Келін, бүгін көлге сен бармаушы ма ең, Жалғыз қалдың, кетті ғой іңір түсіп. Және де айтты: – Қыздардан жай қалдың ба, Әлде бүгін бір жаққа ойландың ба? – Келіні тұр таранып, шашын өріп, Керегеге ілулі айна алдында. Абыройын қалдырып аманатқа, Жардан артық жоғалған жара боп па?!. Кемпір де дал барғанын айна алдына Жори алмай жақсылық, жаманатқа. – Көңілінің шашбауы көтеріліп, Көлге қарай асығып жетеді жұрт. Қайда асығам, қашанғы күзетемін, Бұл босаға мен үшін бекер үміт. Иінағашы салдырлап иықтағы, Қараңғыда көл жаққа жуықтады.
ТАҢДАМАЛЫ Жабамын деп түндікті жатты кемпір, Құлап түсті бір дәуіт уықтағы. Келер күні тұрып па келін ерте Қолы үйренген қашарын еміренте, Еміренте сауғанда елжіреді Ене емшек секілді көңіл дерте. Содан кейін кір жуып, шай қайнатты, Білек түріп шайқады бал қаймақты. Бұзауы бар қашар да май береді, Қысыр қалу, япыр-ай, қандай қатты?! Көрші жинап, көп жұрттың батасын ап, Келін айтты: – Келгем жоқ жат асырап, Тайып тұрар тағы да мен емеспін Алып ұшқан нәпсімен шатасып ап. Мүлкін де алмай бұл үйден, малын да алмай, Кейде орнында тұрмайтын лағылдардай Кетті келін, кетерде енесіне Еңіреді «Кетті деп бағым жанбай». Қыз-келіншек күлкісі сараласып, Көлден қайтты жарысып, жағаласып. Жалғыз кемпір келеді жұрт соңында Ақ жаулыққа ақ самай араласып. Жалғыз кемпір келеді... Қайран көңіл Артта қалған жылдарға ала қашып. 7-144
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ «Келіншек пе екен, қыз ба екен, Иман жүзді екен, ізгі екен. Таң алды түскен сонар ма, Бір жүріп өткен із бе екен? Махаббат атты құрлықта Бақытты ма екен, мұңлық па? Тәрк боп кеткен жоқ па екен, Тағдыр дейтұғын бұйрыққа. Ғашықтық өртке малынып, Асықтық дертке шалынып, Көрген жоқ па екен қамығып, Кеткен жоқ па екен жаңылып?.. Апыр-ау, анау алма бет, Қарақат көз бен шие ерін Тәтті ұйықтап жатқан таңда кеп Қонатын жері-ау киенің» Деп қалдым, досым, деп қалдым, (Дерсің сен тағы: «Айт, айтқыш».) Саған да сондай тап болсын Сұлулық дейтін Жайтартқыш. 1977 ж., 7 қараша Көргеннің бәрін кеудеге қамап, шегендеп, Көздегі нұрды ақылға матап, көгендеп, Жиырма бестегі жабырқай ма екен жас ақын «Күндерде бір күн бізге де қарттық келер» деп.
ТАҢДАМАЛЫ Қайғыру неге?.. Қайғырмаймын мен өз басым, Қарттық та жақсы басыңнан күнің озғасын. Бас жаққа қойған белгің де тозсын өлген соң, Жас шақта жазған бір шумақ жырың тозбасын! ҚҰРАҚ ЖЫРЫ Көл жиектеп желкілдейтін көк құрақ, Жел иектеп селкілдейтін көк құрақ., Өсе-өсе қамыс болдың сен, міне, Өсе-өсе жігіт болдым мен, міне. Ей, жас құрақ, біздегі сәл айырма, Адамға тән...Мен айтпай-ақ пайымда. Біздің жыр да сендерге ұқсас, тек қана Әр дауыспен айтылған бір қайырма. * Мен тал көрдім, солқ-солқ еткен құба тал, Ми далады ыққан қойдай бір отар. Қайдан ғана қаулап өсіп шықты екен, Қақтаған күн қалай ғана шыдатар? Сұңғақ екен сылап бойын керілген, Жел қозғаса еңкеюге ерінген. «Беу, бейшара-ай, бірдей ғой, – деп ойлаймын, Маңдайыңа біткен бағың сорыңмен». Сол ойымды және өзімнен жасырдым, Сарайымды аша алмадым, ашындым. Бірте-бірте селдіредің, заң солай – Жапандағы жалғыз қалған жасыл мұң.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Бозбала күн қабағынан қан тамған, Бозбала күн бастан өтіп жалтарған. Яки қурап, яки жаңқа боп кетпей, Уақыт, сенің есен қалған балтаңнан, Айналайын бір топ талдан түздегі Бір арманның қалған түбір іздері. Тап осылай қалса болды кейінге Мың шумақтың бір шумақ жыр тізбегі. * Мен – жастық, мен – жиырма бес, менің күнім Құрлықтар құдіреті боп көрін бүгін. Құлпыртқан туған елді қызуымның Уақыт, сен берерсің көрімдігін. Сондықтан өз үніңмен, өз деміңмен Төре бол, тура қарап көз – көңілмен. Әр ұрпақ жастығының ара өлшемін Уақыт, сарала өзің безбеніңмен. Бейбіт күн, биік арман – қос мұратым, Парасат күші арқылы паш қылатын. Уақыт мойындаған әлдеқашан Қоғамның коммунистік жас қуатын. Мен – солмын. Қуаты жас, сана сергек, Көкті орап, жер қопардым дара сермеп. Дүниені сан таңданттым, сан таңғалттым, Айтпадым «Мен сиқырдың баласы ем» деп.
ТАҢДАМАЛЫ Қиялдың шиырланған қиян көгі, Ғасырым, көркің – жастық күй-әндері. Бір айдын «Революция – Коммунизм» – Планета жастығының құяр жері. Сан алуан әр халықтың тіл мен түрі, Бірақ та әділ ойдың бір төркіні. Әне, әне, Африка жастығының Бет алды сол айдынға мың толқыны. Мен де ағыс, шөлін басып талай құмның Ақтым да, алғы күнге қарай білдім. Мен – жастық, мен – жиырма бес, коммунистік Алғашқы толқынымын сол айдынның. * Менің бір тұтам өмірім Тартсам созылар тарамыс болсашы, Бірде бай, бірде жұтаң көңілім Жүйткіп жазылар қаламұш болсашы. Көп менің жүрген жолдарым Кеңістік көп іздеп, кербез көл іздеп. Мен – қарлығаш. Қайда ұшпадым, қайда қонбадым Бауырыма басқан балапан талмайтын жем іздеп?! МІНЕЗ Адамның сорлы міні – мінезсіздік, Сананың солғындығы – мінезсіздік. Ерлік те, еркелік те – бәрі мінез, Болмаса тым есерлік, тым ессіздік.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Мінездан табады адам дос та, жау да, Табады кейде бейнет, басқа сауда. Мінезсіз мінсіздерден мінезділер Бақытсыз болған емес ешқашанда. Ей, досым! Жүз шайысып қалысармыз, Тобық қағып, аяқ та шалысармыз. «Ер шекіспей бекіспес» деген қазақ, Мінезің болса болды, табысармыз! * Нөсерлеп өтті жаңбыр, Аспанды күркіретті. Көкжиек ала шабыр, Астарын жыртып өтті. Қара оттың түбі балқып, Булығып тұр жетілмей. Жусаған үйір жылқы Жусаннан үркетіндей. Жазылып жайылмайды, Жаңбырға жалдап алып. Қайық жел қайырлайды Жазықтан жонға барып. Боз бие дара мүсін, Топ малдан биік тұрды. Теуіп қап жабағысын, Құлынына иіп тұрды.
ТАҢДАМАЛЫ НҰРҚАН МЕН ХАЙРОЛЛА Нұрқан – ақын, Хайролла – төкпе жырау, Егіз шекті екеулеп жеккен ылау. Хайроллаға жыр туса хабар келген: – Жет Торғайға тезірек, жет, жаным-ау. Колхоз бенен қаланың арасы алшақ, Көлігі жоқ көп жұртқа қарасар шақ.. Жол жүрер күн, жаз бойы қаңтарулы Қарағайға жанасып жара саусақ. Басып-басып қалғанда сағасынан, Шалқып бір күй шығады шарасынан. Шекке тиіп кетер деп қорқып отыр Жазым қолдың Хайролла жарасынан. Атын ерттеп асығып қамшылайды, Айдау жолдың бойынан шаң шұбайды. Ашудастай ащы айран бойға сіңіп, Кекірген соң кеңсірік қаңсымайды. Көкжиекке күлдіреп күн құлаған, Көздің майын тауысып тұр бір адам. Қызыл толқын ішінде қайық болып Жалғыз қара көрінді бұлдыраған. Бір-ақ елі маңдайды баққа бөлеп, Бақыт келсе байлайтын қақпа керек. Келе жатыр ақынға бір жақсылық Қызыл толқын ішінен аққан ерек.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Нұрқан үйі – шымтезек қабырғасы, Өтті осында жас шағы, жалын жасы. Қанатымен осы үйде желпіді оны Қайран өлең, қанатты қарлығашы. Құйып кеткен құрдымға қайран жасын Сезген ақын сезімге қайралғасын. Селдетіп бір сәуірдей құйып өтіп, Шөлдеп көріп сағынған Хайролласын. Аударып ап ерінен, еміреніп Егіз туған баурындай айналғасын. Қозы іңірде көгеннен жамыратып Көтереді Хайролла қайран даусын! Келген адам қи ойып, сақпан атып, Ақын жыры бойына от таратып, Ескі әріппен жазылған қолжазбаны Ежіктейді ай жатып, апта жатып. – Зәру жырға зарығып жұтап едік, Жапырағы бар желпі, – деп, – бұта болып, Хайролланы қонаққа шақырады ел, Ол кетеді өңденіп сыпа болып. Сәтен көйлек жуылып, құты кіріп, Саптама етік аяқтан сыпырылып, Дастарқанның басында, қасында ақын Төкпе жырау төгеді құтырынып.
ТАҢДАМАЛЫ Оймақтай көлдің жиегі, Аққу құс ұшып киелі, Қырын бұрып қанатын, Қыл мойынға иеді. Қарасудан жыртылып, Дара тұлға құлпырып, Буынсыз бел майысса – Қос қанаты қайысша Қайта-қайта созылып, Қоғажайға тиеді. Әуей желге ілессе, Әсіре әуен біресе Жіңішкеріп жібектей, Тарайды осы түбекке. Он алты жас... Алыс ауыл. Апрель. Бұзылған жол. Өкпек шығар нәті жел. Ақшам. Іңір. Көз байланып барады, Бір бозбала қақпа айналып барады. Ойлайды ол: «Сұп-сұр қақпа мына дәу Қырсық болды-ау, ұят шығар сығалау». Ойлайды ол: «Сылтау етіп сәл затты, Ең болмаса, күл төгуге шығар-ау». Ойлайды ол: «Бүгін айдың нешесі», Соғады өкпек кеткендейін есесі! Қараңғыда қақырайды қатқан тоң, Құйттай ауыл әлдеқашан жатқанмен, Шуылдайды интернаттың көшесі.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Он алты жас... Алыс ауыл. Апрель. Тәтті ұйқыда, қатты ұйқыда жатыр ел. Сұр қақпаның ауласынан сөнді шам, Ойлайды енді ереңгі кеш сәтін ол. Сен де ойлашы, он бес-жиырма жыл бұрын Мұндай қорлық көрген жоқ па ең, «құлдығым»?.. 1977 ж., 8 наурыз ОН ЖЫЛ ҒОЙ... «Япыр-ай, содан бері он жыл уақыт» Дедім де, демім шықпай қалдым қатып. Ғұмырдың кештім екен қанша жолын, Арбасын тіршіліктің салдырлатып. Он жыл ғой, он күн емес, он ай емес, (Он жылды елестету оңай емес). Тағдырдың заңы қалай тастай қатты, Кешегі тамашамның талайы елес. Он жыл ғой, мен он орақ ормасам да, Сапарда сара болмас жол қашанда. Жүрдім мен қатарымның алды-артында, Сан рет бұрылдым да оңға, солға... Он жыл ғой, он ылди ма, он асу ма, (Даурықпан жеттім деп бір дара шыңға.) Жақсыға жақын жүрдім жанасуға, Жарадым жол серікке, қарасынға.
ТАҢДАМАЛЫ Өз ойым, өз бетіммен, міне, он жыл Келемін дүние – көкпар додасында. Он жылғы тәжірибе, тәлімім бар, Тағдырым, таланымды таң асырма! Заманым, енді мені баласынба! 1976 ж., 22 тамыз ОРАМАЛ Әр апта сайын әйелдер жуған орамал Тазарды деген, тәйірі, бір сөз ғой жорамал. Теріңнің иісі түбіттей қайта бұрқырап, Әтірдің иісі сәлден-ақ кейін жоғалар. Сағыныш, сенім шын махаббаттың тезі ғой, Орамал берсе, ойлансын деген кезі ғой. Кім тоқып берсе, орамал соның көзі де, Кім көп сүртінсе, орамал соның өзі ғой. Ескерткіш белгі, сүртін сен мейлі, сүртінбе, Ол орамалды маңдайға біткен мүлкім де. Тағдырдың заңы талақ боп кетсе, әйелдер, Тер иісін жуып тазартуларың мүмкін бе?.. СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ Көктемгі аспанның жаңғырып дауысы бір күні, Көз жауын алып құлпырар сосын қыр гүлі. Хабарын алып жеттің бе жаңа маусымның, Соңғы қоңырау – он жеті жастың күркірі.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Балалық шақтың оятып күллі өлкесін, Балауса ойдың қасытып кенет желкесін. Қимастық шақтың қып-қызыл жібін үзгендей, Қимастық үні, не деген ғана еркесің?! Ертең-ақ, ертең толқындарымен тербеп кеп, Теңіздей өмір төріне қарай төрлетпек. Құлақтың бірақ құрышында қалар мәңгілік Сол қоңырау үні, сол бір топ бала, сол мектеп. Сол қоңырау үні үмітпен бастап жол басын, Арманға қосып алысқа тартар арнасын. Сан қоңырауларды күмбірлетерсің, дауысы тек Он жеті жастың тазалығынан танбасын! * Таңғы шықтай тал түбіне ұйыған, Тағдыр білер, қайда барып бұйырам?.. Өзегіңді жарып шыққан, әйтеуір, Ей, табиғат, бір өзіңе сиынам. Құмға сіңір, мекенім жер лайым, Көлге жеткіз, меруерт боп тұнайын. Ей, табиғат, сен анасың, бір тамшың Зая кетсе, жалғыз саған уайым. Тамшы туар, шырағданың, шырайың, Аман болсын қара Жерің, Күн, Айың! Мен – балаңмын, сені біреу мүсіркеп, Аяр болса, жалғыз саған уайым.
ТАҢДАМАЛЫ ТЕЛЕФОНДА Төлеу аға, телефонмен сөйлестік, Сөйлестік те, екі түрлі ой кештік... Жүрегіңнің естіп тұрмын дүрсілін, Кей сөзіңді кейде естімей, кейде естіп. Бір сөз жетіп, бір сөз кетіп ауаға, Тар будкада жан ұшырдым, беу, аға! Сен үздігіп, мен үзіліп айтқан сөз Сағынышқа, жарайтындай дауаға. – Ел аман ба, әжем қалай, қыс қалай? – Дегенімде ойым зулап ұшқаны-ай… Ойым зулап, Ақшығанақ адырдың Жүрді үстінде, Жүрекке ыстық тұстары-ай. Жүрекке ыстық жыңғыл төбе, арша бел, Тобылғы сай қиып әкеп, қамшы өрер. Ағажан-ай, аязында ақпанның Ай жарықта шөп тасуға барса егер… Деп ойладым, сен ойладың, мүмкін мен Оның бәрін ұмытты ма деп, кім білген?.. ...Интернаттың сары шанасы есімде Шөпке, отынға барар кезек бір-бірден. Көз алдымнан соның бәрі бір минут Зымырады-ай бір қуаныш, бір мұң боп. ...Тарс еткіздім телефонның тұтқасын Ей, Сағыныш, сиқырыңды білдім деп.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ ТОБЫҚ Құдаша қыз маған бір тобық берген, Сұраған соң тобығын тауып бергем. – Не қалайсыз, – деген ол меселімді Қайтара алмай тұрса да қауіптенген. Сақтасам да қаншама үміт қылып, Тыншыққанмын ішімнен тынып тұрып, – Іңкәріңіз сіздікі, – деген маған Базары өтіп кеткенін біліп тұрып. Жанбаған соң көзінің әр шоғына, Қанбаған соң сөзінің кәусарына, Сақинасын сұрап ем, сақинасы Симай қалды тар болып саусағыма. Құдашаға мен де бір тобық бергем, Сұраған соң ол дағы тауып берген. – Не қайлайсыз, – дегем мен үміттеніп, Қалағанын айтуға қауіпенген. Ән қалаған алдарқап алаңдауға, «Құдашаны» қайырып тәмәмдағам. Тәмәмдамай қайтейін, іңкәр дүние Оған да арман, айта алмай маған да арман. ҮМІТ Сенерім жалғыз сен ғана Кеудемнің қоңыр күмбірі. Сәбиім болып жол қара, Бармақтай бағың бір күні
ТАҢДАМАЛЫ Жарқ етіп саған жолығар Тал түсте бір таң туғандай. Таңдайың сенің толы бал, Маңдайы оның нұр болғай. «Бәтір-ау, біздер мұнша уақ Табыспай қайда жүрдік» деп, Жанарларыңды бір шылап Жаңа бір жайсаң тірлік боп, Уыздай ұйып жөнелер Бәрі кеп бұрау күйіне. Дәл айтсам бар ғой мен егер Бұл – үміт дейтін дүние. ШЕШЕМНІҢ БІР ХАТЫ ...Сен кеткен соң кешкісін суға бардым, Сол шау өзен жататын қырда қалғып. – Суға неге келдің, – деп тулап алды, Су қараңғы топас бір толқын келіп, Толқып тұрған кеудемнен тырнап алды. Жаулығыммен жасырып, жарқабақта Жалғыз тұрып жанарды сулап алдым. – Иініңе иінағаш неге салдың, Сезілген бе жоқтығы қара шалдың? Қос ұл қайда, қараға қосып ең ғой Бөліп беріп текемет, алашаңды. Қайда дейді келіндер мың майысып, Құрақ болып жүретін құрдай ұшып.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Тірі ұлдарың тұрғанда жалғыз жүрген Қияңқысың немесе қимайысың. Арықтау деп аяды, сөкті мені, Парықтау жоқ, баяғы көк мінезі. Жарықтау боп тұрды іңір жалқын қырда, Солықтап кеп самал жел өтті кезіп. Мен келемін, сендерді ойлап келем, Ойларымды сендерге арнап келем. Екі шелек – екі отау, Екі отауды Бір ағашпен көтеріп жалғап келем...
АДАМ БІР КЕЙДЕ... Адам бір кейде сарқылған сынды Сезімнен дағы, ойдан да. Денеңде тұтас салқын қан сынды Ақпайтын судай сайларда. Адам бір кейде суалған сынды Шуағынан да, нұрдан да. Денеңді жайлап мұң алған сынды, Малынып санаң мұнарға. Адам бір кейде жалыққан сынды Жақсы үміттен де, қиялдан. Үміттің көзі қарыққан сынды Қарай да қарай ұялған. Адам бір кейде жабыққан сынды Думанынан да, тойынан. Ұтылған сынды, әрі ұтқан сынды Баянсыз шақтан байыған. Ал кейде кенет Аплатон сынды, Аяғы Жерде тұрғанда Сезімі сәуле,
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Ақылы таң сынды Сәулелерімен салады түрен, Болмыстық тылсым – Тыңдарға. ӘЖЕМІЗДІҢ АЙТҚАНЫ Бәріміздің әжеміз бәрімізге бүй деген: – Күннің нұрын, құлыным, пейіліңе құй, – деген. Бәріміздің әжеміз бәрімізге бүй деген: – Жақсылардың ақылын зейініңе құй, – деген. Бәріміздің әжеміз бәрімізге бүй деген: – Ілім қуу, қарағым, құдық қазу инемен. Бәріміздің әжеміз бәрімізге бүй деген: – Адамшылық, қарағым, адамзатқа сый, – деген. Бәріміздің әжеміз айтқан бізге ортақ гәп – Біреумізге кешірек, біреумізге ерте аздап. Елдің қамын ойлаған, Жердің қамын ойлаған Әжемізді сыйласақ, Қалай ғана ел азбақ, Қалай ғана жер тозбақ?! АҚ КӨЙЛЕК Қаладан маған әкелген көкем ақ көйлек, Жұп-жұқа сәтен, өзіме ғана шақ көйлек. Ойлайтын едім, дәл мұндай мата жоқ қой деп, Киер ем күнде… Ауылда, әттең, көп той жоқ.
ТАҢДАМАЛЫ Түймесі қандай, тігісі қандай жап-жатық, Қақпақша жаға қондырған сырма зер қатып. Айтқа бір кидім, тойға бір кидім анада, Мектепке киіп барамын күзде – ең бақыт. Көйлегім менің көңілімдей аппақ қылаусыз, Жамауы да жоқ, жасауы да жоқ құраусыз. Ызадан бірде жарылып кете жаздадым, Киіп апты інім, қияңқы неме, сұраусыз. Көйлегім менің өзіме ғана өлшенген, Киер ем күнде ұяламын тек жеңешемнен. Үйде адам жоқта барамын айна алдына Бозбала болып қалдым-ау деймін, сенсең мен! Алтыншы біткен, Жетінші класс баласы Бозбала болса, бар оған кімнің таласы? Көршінің қызы көз астыменен қарайды, Көйлегім шығар көз жауын алған, шамасы. ...Жазды күн еді... Жағалай қонған көлді ауыл, Шаңқай түс еді, аңызақ соққан талма бір. Қаңырық түтеп, шаңытып келген шөпшіміз Алдыға шай кеп, ала бергенде сәл дамыл Шар ете қалды жер ошақ жақтан жеңешем, Тағы бір әйел, тағы бір дауыс ересен. Жамырай шығып «ойбай да ойбай» деп қалды, Деп қалды-дағы сең соққандай боп тоқталды.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ – Қайда әлгі құрық? Қайда әлгі сырық? – дегенше, Қара жер төсін қақ жарып шыққан еменше, Шуда да шуда, буда да буда түтіні Қаратпай бетті сатырлап жанған селеуше, Үйіріліп соғып, ирелең қаққан айдаһар, Табаны жерде, кекілін көкте ойната, Жұтарын жұтып, жұтпасын сілкіп демімен, Бір үйірім құйын жолының бәрін жайрата Қап-қара бұлттай қанаты келіп тигенде, Жүгіріп шықтым, жүрегім соғып үйден де. Жеңешем маған айқайлап қалды бір демде, – Белдеуге кірді...көйлегіңді де ілгем де… – Көйлегім! – дедім, кеудемді жүрек бір тепті, – Көйлегім! – дедім маңдайдан терім бұрқ етті. ...Көйлегім менің, ақ сәтен аппақ көйлегім Қап-қара топас құйынмен қалай бір кетті?.. Көйлегім менің, көңілімдей аппақ қылаусыз, Көйлегім менің, жамаусыз әлі құраусыз. Көйлегім таза, көңілімдей аппақ мүлкімді, Жоғалтам қалай, жіберем қалай сұраусыз?.. Қара бет құйын құлдилап төмен жөңкіліп, Соңынан мен де өшкенше өкпем ентігіп, Жеткізбей маған көңілімдей аппақ көйлегім, Бозбала болдым, Балалық көңілім мертігіп…
ТАҢДАМАЛЫ АЛАТАУ БӨКТЕРІ Алатау бөктері – Толған алма ағаш. Алатау көктемі – Ылғи қарбалас. Алатау бұлағы – Бұйра, бұла су. Алатау шынары – Шыңға бір асу. Алатау нөсері – Наркескен найзағай. Шалғын өседі, Судырлап, ғажап-ай... Самалы еседі, Сергек желпініп. Сау желіп көшеді Бұлттары жөңкіліп. Маңғаз шыңдардың Мақпал шапаны. Мойыл нулары Ойға батады. Ойға батады Алып тұлғамен. Тулап жатады Сулар жылғамен. Шыңдары мәңгілік – Асқақ ақ отау.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Сұлулық сандығы – Алатау, Алатау! БАЛА ЕДІК БІЗ Бала едік біз елде өскен, Жар жағалап көл кешкен. Тұлымымызды күн сүйіп, Тұсауымызды жел кескен. Соғыстан кейін шыр етіп, Өркенбіз өртең жерге өскен. Тың көтерген жыл трактор Тіркемесіне мінгескен, Бала едік біз елде өскен. Бала едік біз елде өскен, Қой жайып қырат, дөң кешкен. Жаңбырда жазда қойы ығып, Заматта жазым сел кешкен. Ғарышты адам айналған Асқанда біздер он бестен. Қиялымыздың тұсауын Ғасырлық ғажап – сол кескен, Бала едік біз елде өскен. Бала едік біз елде өскен, Шалғын мен сортаң, сор кешкен. «Тағдырымыздың еншісі Тыныштық болса сол» дескен. Тірліктің басқа талқысы Тай-құлын, тәйірі, қолда өскен.
ТАҢДАМАЛЫ Жетпісімен ғасырдың Осындай оймен тілдескен, Бала едік біз елде өскен. Он жеті жасқа толғанда Далаға қарай ынтығып, Қалаға қарай жол кешкен, Бала едік біз елде өскен. Бала едік біз елде өскен, Тағдырдан тәлкек көрместен, Заманмен еркін тілдескен, Қоғамыменен бірге өскен, Уақытпен сыры үндескен, Бала едік біз елде өскен. БОЗША ТАЛ Табанында тесік өкпе тозса қар, Жазғытұрым жылайды екен бозша тал. Жаңбыры жоқ көк аспанға телміріп, Сағымы жоқ көкжиекке көз сатар. Алты ай қыстан қақ тілініп қабығы, Дің – өзектен білеуленіп тамыры, Белін бұрап бозша талдың өтеді Атан жығар азулы жел әмірі. Бұтақтары күрт сынадай күлдіреп, Қабықтары көк етіндей үлбіреп, Жылап тұрып жасар сонда бозша тал, Тірлік – тыныс, тірлік – қимыл, тірлік – еп.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Бұл – Өліара. Бұл бір мысал – қас қағым, Содан кейін иіп берер аспаның. Көкжиекке дала күрмеп көк сағым, Бозша талдың көрерсің бүр ашқанын. Беу, Махаббат! Бозша талың болайық, Өліараның сынауына шыдайық. Тал екеш тал жылап тұрып күрессе, Күресейік Махаббатқа лайық! БІР БӨЛМЕДЕ Бір аға ақын үйінде Төрінде – Ғабдол Сланов. Бір-екі ақын бүйірде Сыбанып, сөзге сұранып, Көңілді бір сәт үй-іші, Кернеген әзіл сөз екен. Ақындар әбден тынысы Кеңейіп алған кез екен. ...Бір кезде асау жыр кетті Толқынын төгіп, лақтырып. Жаңағы дуды, дүрмекті Су сепкен өрттей сап қылып. Жарықтық, жырдың қуаты-ай, Жарықтық, сөздің сиқыры-ай,
ТАҢДАМАЛЫ Төрт қабырғаға құп-құйттай Қалайша сыйып тұр бұлай?! – Жыр үшін, – деді аға ақын, Орнынан Ғабдол тік тұрды. Желпіп бір жырдың қанаты Биіктік сырын ұқтырды. Сонда мен жырдың – жалынның Қызуы шарпып шоқтандым, Мейірімі, нұры тәңірдің Осы емес пе екен деп қалдым. Жырдан соң бәрі жымда-жырт, Шала сөз, тынды шала дау. Өзімен-өзі мына жұрт Есікке сонда қарады-ау. – Бұл бала кім ед, төрлей ғой, – Дегенде Ғабдол Сланов, Жырды мен келіп бөлгендей Қарадым жерге ұялып. Тұрып мен сонда есікте Кірердей жерге қысылғам, Аяғын шешпей мешітке Кеткендей еніп мұсылман. * Екі ауылдың ортасы жалғыз төбе, Өзен бойы көк құрақ, жалбыз, беде. Жасақ ертпей жаныңа, жыңғылдардың Жықпылымен келмейсің жалғыз неге?
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Жалғыз неге келмейсің көп именбей? Біздің жаққа кеттің ғой көңіл бөлмей. Жалғыз болып жүрмін мен, жәудір тамшым Жапырағымнан жәудіреп төгілгендей. Зәмзәм құяр сен менің құмырамсың, Зәмзәмімнен бір жұтсаң құнығарсың. Кездесуге апталап келмей кетсең, Кермек суға көлденең ұрынарсың. Қосылмаған зәрулер кемде-кем бе?.. Ғашықтықтың ауруы меңдегенде, Түтінін де қызғанам екі ауылдың Қолтықтасып төбеде көлбегенде. ЖАҢЫЛШАҚ Жаңылшақжан, жазық маңдай жаз сипат, Құрғымыз кеп қиылушы ек наз сұқбат. Тоқталған көз, оқталған сөз көп еді, Атқан оқтай аялдамай жөнеді, Айдарыңнан жастық желі аз сипап. Бойжеткен шақ ерте айналды басыңнан, Күнің толмай гүлің тұрды ашылған. Бірақ сенің бал дәуренің аумады Жарқ еткенде жазым қылған жасыннан. Жібек мінез қасиетіңдей, киеңдей, Көптің сөзі түртті бірақ түлендей. Беу, сұлулық, сен де адамға сормысың, Сиқыр болсаң көзге шыққан сүйелдей.
ТАҢДАМАЛЫ Қос бұрымың Торғай менен Тобылдай, Көрген адам кеткісі жоқ шомылмай. Жалт қарасаң жараламай жібермес, Жанарың бар атқан мірдің оғындай. Әй өзің де өртенгің кеп жүр ме едің, Шоқ ерніңді сонша неге үрледің? Сол ерінге білмедің бе талайдың «Мылқау бір түн жалынсын» деп жүргенін? Тәттілікті үйретпеген тәнге сен, Тәнің сенің у да десем, бал десем, Жарар еді-ау, жарасарын білген соң, Астамшылық жасадың ба әлде сен. Тағат, төзім кең маңдайда о да тұр, Жо-жоқ сенде сұлулыққа тең ақыл. Таразының басып кеткен бір басын, О, махаббат, о, махаббат, о, қапыл! ЖОҒАЛҒАН АҚША – Дәркенжан, – деді жан көкем, – Дәркенжан, – деді. – Әу, – дедім. Апыр-ай не боп қалды екен, Дірілдей шықты сәл демім. Көкем ғой біздің бір емес, Иесі екі шаңырақтың. Сұм соғыс кеше, сұм елес Қалтқысы етіп қармақтың
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Әулетімізді арбапты, Әйтсе де жұта алмапты, Көкемді бізге «сыйлапты», Көкеме «сыйлап» балдақты. Бір әулет бес-он баламыз, Көкем ғой біздің панамыз. Тұлдырсыз дағы емеспіз, Тұғырсыз дағы емеспіз, Жетім біз және демеспіз, Жетіліп ертең кеткен соң, Көкеме серік боламыз! Сол көкем менің – жан көкем, Не айтпақ болып қалды екен. Жалт қарай бердім жүзіне, Жабырқау ойы бар ма екен?! Жо-жо-жоқ, көкем көңілді, Өзіне-өзі сенімді, Иінін бүгін тік ұстап, Басқаша маған көрінді, Басқармаға ұқсап көрінді. Сенекке ілген селдір ау, Торынан тамшы үзіліп, Босаға жақта бір бұрау Ақ балық жатты тізіліп. «Бұл дағы біздің несібе – Көкемнің маңдай тері-ау» деп, Жалғыздығымен есіме Соңына ерген бір әулет Есіме сол сәт түскенмен,
ТАҢДАМАЛЫ Қолымда, әттең, жоқ қайрат. Көкемді аяп іштей мен Көрсетуші едім сыртқа айбат. Сол кезде көкем қалтадан Бір бума ақша суырды. – Сендер деп, қалқам, мал табам, – Деді де, сәл-пәл кідірді... Қып-қызыл қағаз жұтынып, Қып-қызыл шоқ боп қозғандай. Көкем де шырт-шырт түкіріп, Санайды келіп көзді арбай. – Беріп еді колхоз еңбеккүн, Еңбегің жерде қалған ба?! Мен үшін көкем жер-көктің Ең үлкен Ері жалғанда. – Уполминзагқа қарыз ем, Мә, он сом, – деді, – ал, заула! Қып-қызыл қағаз – қызыл шоқ Қолымды қарып кеткендей. Құйындай менің ізім жоқ Құмдауыт жаға бетті өрлей, Үстімде сырма көк шапан, Қалтамда қызыл он сомдық. Бұл байлық жұртта жоққа тән, Ентігім қатты, еңсем тік. Зауладым дейсің зымырап, Бататын күнмен жарысып, Қақпаны қақтым бір уақ Өкпені қолға ала ұшып. Қақпаны қақтым...Қалт тоқтап, Қалтамды қалдым қармалап.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Жүрегім қалды сәт тоқтап, Ақша жоқ, ақша, ал, ғажап!.. Ақша жоқ, ақша, жоқ он сом, Ал, көке, енді маған сен, Тапқаныңды біз шашайық, Жоғымызды бар ғып жамаушы ең. Ұяттан жанып, қызынып, Қылғынуға да шақ қалдым. «Япыр-ай, – дедім кіжініп, – Ақшаны ойлап тапқан кім?..» Бір тілім қағаз қарыз боп, Қамыт боп сәби мойныма, Жолымды әрі-бері іздеп, Жыладым үйге қайрыла. Жан көкем даусы құлақта: «Сендер деп, қалқам, мал табам». ...Өзіне жайлы жырақта Туыпты жаңа Ай шалқадан * Туыпты жаңа Ай қырынан Сынған бір семсер шетіндей. Шаңытады аспан шытынап, Осынау көлдің бетіндей. Ауыл шеті. Аулақта Ымырт та түсіп келеді... Құмарым болмай қол допқа, Қабағым тарта береді.
ТАҢДАМАЛЫ – Кетемін, – дедім үйге мен, Командир Жеңіс «жоқ» деді. Шапанымды алдым, кимелеп Қақпаға бергі шеттегі. Былтырғы сырма көк шапан, Биыл да кигем үстіме. Төзімді киім басқадан, Киемін үш-төрт қыс, міне... Көнетоз киім болғасын, Қақпаны қоям белгілеп Еңбеккүн көкем алғасын, Кимеспін деймін енді көп. – Кетемін, – дедім, тез іле, – Кетпейсің, – деді командир. – Командир болсаң өзіңе, Мен солдат емес, әрмен жүр. Итеріп қалдым. Шалт адам Шалқая беріп керілген. Мен ұстап қалдым қалтадан, Ол ұстап қалды өңірден. Мен дағы қалдым сілкісіп, Командир болмақ мәрт адам. Екі ашу келіп жұлқысып, Дар етті шапан қалтадан. Шоқ ыршып түскен секілді, Қып-қызыл қағаз түсті ыршып. Көк мұзға төсеп бетімді Құладым мен де тіл қыршып. 9-144
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Құладым дағы, жыладым, Жыладым дейсің селкілдеп. Жалынып Жеңіс сұрады: – Тұрсайшы, тұршы, бол, тұр, – деп. Жоғалған ақшаны уыстап, Бойымнан балқып от еріп. Адалдық туын тік ұстап, Жығылып жаттым көтеріп. ЖҰМБАҚ ЗАҢ Оң қабағыңмен қарайсың маған, Сол қабағыңмен қарайсың маған Оңға басса деп ойлары. Талай мақтаған, талай сынаған, Жекіріп алып жағдай сұраған Жанашырымсың қайдағы?! Мерт бола жаздап айға атылсам мен, Майып боп құлап ойда тұрсам мен, Жанұшырасың сен неге? Көрсеткім келмей, қайратым семген, Көзімді бүркеп, ойда отым сөнген, Жанұшырамын мен неге?! Бөлек құрсақтан, бөлек құндақтан, Бөлек толғатқан, бөлек дәм татқан, Адамның неге жаны бір? Түйсінгенменен, түсіне алмайтын Түсіне алмасаң, кісіні алдайтын Болмыстың жұмбақ заңы бұл!
ТАҢДАМАЛЫ ҚАП, ҚАЛАЙ? Жастықтың беймаза күндері Бастықты. Дауылы сиреді. Басталды басқа өмір. Күйбеңі Секілді құмырсқа илеуі. Әттең-ай, әттең-ай, әттең-ай, Тез өткен сонау бір шақ қалай? – Қош, Жастық, – дегенде тұрдым мен Құп-қу боп шүберек, мақтадай. Әттең-ай, әттең-ай, әттең-ай, Кенеттен сарғайған көк тоғай. Көркіңнен көз жазып қалғанмын, Қап, қалай, қап, қалай, қап, қалай? 1977 ж., 9 наурыз ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ КӨШЕСІ Үлде мен бүлдедей бүркеніп бау-баққа, У-шу қаладан іргесін салып аулаққа, Көкорай Көктөбе бауырында, Қасым Аманжолов көшесі жатыр тау жақта. Кеше кешіп жүргенде ақын қиялға, Тыншу, тар көшеге Қасым сияр ма? Есіп-егіліп, тасып төгіліп жырдың рухы Сілтідей тындырып сілтер ед қиянға. Нөсер болған соң құймай тынбайды, ә, Ақын болған соң күй-жай таңдай ма?
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Қасым келді ғой, жасын болды ғой болуы, Жарығын шашты ғой жақынға, шалғайға. Үлде мен бүлдедей бүркеніп бау-баққа, У-шу қаладан іргесін салып аулаққа. Көкорай Көктөбе бауырында Қасым Аманжолов көшесі жатыр тау жақта. Таудың бұлағы қунап, құлдырап, Баудың құрағы шулап сылдырап, Қасым жырына жеткізе алмайды, Бәрі жабылып, жабылып жыр құрап. КИІЗ ҮЙ Күздің бір салқын кешінде Лыпасыз дала қалтырап. Беті ауған жаққа бесінде Безеді қаңбақ тамтырап. Кіреуке күңгірт аспаннан Күлтілдеп тамып марғау нұр. Жонынан жаздай таспа алған Жалаңаш жайдақ қалды-ау қыр... Ауыздығымен алысып, Екінді ауа жел тұрса, Екпіндеп келіп жарысып, Жағаға соққан толқынша, Кіндігін жердің суырып, Кетердей және елірсе.
ТАҢДАМАЛЫ Қойшының үйі буынып, Не лаж етпек, сеніңше?.. Жабындысы жоқ жапанда Жұлынған сондай жел көрсең, Қорықпай-ақ қой одан да, Қаттырақ соқсын, дем бер сен. Моп-момын, маңғаз күйінде, Мыңқ етпей бәрін өткерген. Қойшының қоңыр үйінде Дауылды, желді көп көргем. ...Кереге сәл-пәл ырғалып, Шайқалып кетсе бір уық. Шаңырақтан шешем құрды алып, Жалғайтын еді жүгіріп. Қарыстай құрға көлденең Қайқайтып сосын жүк тиер. – Қайтеді, тәйірі, жел деген, Қара жер сенен мықты, – дер Соғады сыртта долы күй, Күшеніп келіп, күпті боп... Құйысқаны берік қоңыр үй Табанын жерге тік тіреп. Апталап дауыл ұрғанда, Иіні түсіп еңкеймей, Табаны жерде тұрғанда Тапжылмайтұғын Антейдей.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ * Көлдерім, көк жайлауларым, Сағынып сендерді ойладым. Ырғайлы белдерді ойладым, Ырғалған көлдерді ойладым. Ыңыршағы айналып жатқан Ыраңды жерлерді ойладым. Құйысқанын көтеріп соққан Ылаңды желдерді ойладым. Шық сіңген қара оттарыңнан Қара мал күйіс қайырған, Мүк сіңген қабақтарыңнан Мүңкіп бір иіс жайылған Құйқалы қырларды ойладым. Қоғажай нуларға қонған, Мамажай мамыр құстарым, Сәскелік шулардан аман Сәтінде қолымда ұстадым, Момын құс сендерді ойладым. Кірпігім айқасып кетті Көбірек ойланып тұрып, Сағыныш шаршатқаның ба?.. Анау жыл қой бағып жүріп, Осылай тұратын едім Астана аңсатқанында... КҮДІК Ерке қалқам, еркін қалқам, жан қалқам, Елдің бәрі бір өзіңе болған таң.
ТАҢДАМАЛЫ Сұлулықтың сиқырына сендегі Сұқтанамын, сескенемін, мен қорқам. Ал сен болсаң, әлі көзсіз батырсың, Жүрек ойы – қас-қағым сәт, қапыл сын. Оны бірақ ойлайды ма он жеті, Он жеті тек сезімдерін сапырсын. Сапыр да, жүз сезіміңнің селіне, Сұлулық бір жастық шақтың желі де. Өз желіңнен көтерілген дауылмен Өр теңізге жетелеші мені де. МӨР Мен сені ұмытпаймын, Мерекетай, Үйіңнен арылмайтын береке ұдай. Сен бізбен асық ойнап, күрке тігіп, Бірақ та ойнамадың неге топай? Мен сені ұмытпаймын, Мерекетай, Бір үйдің бозтайлағы ең еркетотай. Сен енді қыздарменен суға кеттің Асып ап иінағашқа тең тобатай. Мен сені ұмытпаймын, Мерекетай, Толыстың Торғайда өскен төре талдай. Талайлар тамсанатын «Бәрекелді-ай, Қай үйге қонар, – деп, – бұл қараторғай». Мен сені ұмытпаймын, Мерекетай, Оқталдым сөз айтқым кеп неге талай?..
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Жанарың жарқ еткенде айбалтадай Жүрекке тие жаздап қалған талай. Жеңіспен бірге туған Мереке қыз, Екеуміз ай-күні бір тел екенбіз. Амал жоқ, оянбаған махаббатқа Елесін балалықтың мөр етеміз. ӨЗЕНДЕР Көктем... Көлдер ұлғайып қырды асып кетіпті, Белдер ырғалып гүл басып кетіпті. Дүние дін аман. Төбеде шөкім бұлт та жоқ, Шалғында шашырап жылаған Жетім шық та жоқ. Бейбіт бір күнге Сүйінші сұраған баладай, Сәскеде сағым жүгірді, Сіңірдей созылған қайың, қарағай Ақиық аспан-ау, Жұтады лағыл нұрыңды. Жарым көңілдей жасамыс ағаш та Жапырақ жарады, жарықтық! Тобыл да тасиды, Ойыл да тасиды, Тасиды Талас та Арнасын қарық қып, Алқабын су шықса, арық қып.
ТАҢДАМАЛЫ Өзендер шалқиды шабыты бір келген мезгілде Шалшық сулардың шауқатын бетіне салық қып. Мен де тасимын, Сен де тасисың, Бәріміз тасимыз Табиғат берген қауқармен. Мен – қапыл өзенмін, Сен – бақыл өзенсің. Мен келте көктемде Тулап ағамын. Кемерді бұзып, Жеткен жерімді Суға маламын. Сен баяу ағасың, Жайлап ағасың, Өзіңді-өзің іркіп ағасың, Кілкіп ағасың. Он рет ойлап ағасың Суыңды шашау шығармай, Кемерді бойлап ағасың. Саған күнә ма Таңдайы кепкенге тамшы сыйласаң? Өзіңнің көктемің келгенде қуанбай, Өзіңнің жазың өткенде суалмай, Қайда барасың, Қайда барасың Құрдымға құймасаң?
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ ӨЛІАРА НАЙЗАҒАЙЫ Наурыз бенен өліарасы сәуірдің Сілкінетін кезі көктем – дәуірдің. Қоңыр төске қонар кезі ауылдың, Қунар кезі көктем күткен қауымның. Сәби таңның сәулесімен жылт еткен, Қаулар кезі қызғалдақтың қылт еткен. Саумал кезі – шарасында сулардың, Самал кезі – жел қанаты үлп еткен. Сондай шақта, сонау ауыл сыртында Шырқ айналған жаңа маусым бұлтында, Бір найзағай келе жатты тұтанып, Көк аспанның көк етін бір жыртуға. Көк көлдердің селт еткізіп өзін бір, Көк белдердің ашқызуға көзін бір. Көк жасылдау, бояуы аздау дүниеде Оянсын деп басқа бояу – сезім дүр, Өртенуге қияды екен өзін бір. Содан кейін кемел көктем құлпырар, Сансыз бұлақ өзді-өзінше бұлқынар. Қыршын жасын пір тұлғасын жер көміп, Өлара өтер... Өлкемізге гүл тұнар... * Сабаңа түсіп кей шақта, Санаңа түсіп күллі жүк,
ТАҢДАМАЛЫ Зауқың да шаппай еш затқа, Аулаққа қашар нұрлы үміт. Сіркең де суды көтермей, Сезім де тумай сібірлеп. Өз тәнің бейне бөтендей, Жүрегің ғана дірілдеп Жорғалап, жүйткіп шаба алмай, Жүйкеңді бір жүк иықтап, Қатты ұйықтап қалған адамдай Көрпесін қымтап, тұйықтап. Сағынып думан шақты құр Марғау да мақау мынау ой. Күрсіне де алмай қатты бір, Түршіге де алмай тұла бой. Жүретін кезің зәуде бір Бола ма, бауырым, басыңда? Болмай ма, айтшы, әлде бұл, Әлде бұл біздің ғасырда?.. Мен өзім мұндай шақтарға, Ара да тұра кезігем. Тағдыр бір сілкіп қаққанда Тазарған жандай сезінем. СОНАУ ЖЫЛҒЫ ІҢІР Он екі перне қарағай Сөйлейтін еді сұңқылдап.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Сөйлеген кезде сұңқылдап Қиссасын әкем айтатын. Қайырған аттай құр-құрлап Күйлердің басы қайтатын. Дүниеде барын байқатып, Самалға дауысын шайқатып, Созатын еді шайлатып... Созатын еді көңіл сәл, Салқындау сазды ой батып... Буынсыз саусақ ойнатып, Сүйексіз көмей сайратып, Отырған кезде қара шал Қараша үй алдын тойлатып Жер ошақ жақта апам жүр Кеш сауған сүтін қайнатып. ...Бара жатты сол кезде Томсарып толық ай батып. ТАЛАН Машинасы, тракторы жоқ тегі, Біздің ауыл темір жолдан шеткері. Біз көрген зат қарт ұстаның көрігі, Төрт кластық алыс ауыл мектебі. Дүние – жұмбақ, біз әлі де баламыз, Дүние бізге әлі ертек, әлі аңыз. Шал-шауқан сау, әйелдер сау, кемтар боп Ал соғыстан қайтқан әке, ағамыз.
ТАҢДАМАЛЫ Соғыс дейді, айтпайды ғой ел текке, Еріккеннен қан төге ме ер текке. Неге бұлар сап-сау болып келмеген Ертөстіктей біз естіген ертекте. Жауды жеңсін. Біз жеңісті қалаймыз, «Жар астында жау» десе, жалт қараймыз. Жауыздықтың білмей жатып не екенін, Сол бір сөзге елеңдедік талай біз. Ұлы өмірдің әліппесін замана, Жаңа ұсынған бәрі жұмбақ санаға. Мектеп барды тың көтерген жылы сол Соғыс біткен жылы туған бала да.. ...Сол ауылға темір жолдан шеткері, Темір тұлпар лек-лек жеткені. Қазақ жері тың көтерген құтты жыл – Мың тоғыз жүз елу төрттің көктемі. Тың көтерген жылы біздің санаға Сәуле шаша бастады ғой замана. Тумай жатып ғасырдың қос бақыты Тап келген біз таландымыз, талан, ә!. * Таудан тұрған бұлт жаумай тына ма, Жасауыл-жел айдап, аумай тына ма? Қайырлы көктемнің найзағай, нөсері – Жомарт жаздарға сияпат, сыбаға!
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Найзағай ойнайды, ойқастап от шашып, Тына қап... Бұлттарды сынап ап, тоқырап, тоқтасып, Құлап құбылаға барады қызыл күн Шапақ сәулесін кіреуке тот басып. Таудың мұнары төмен жылысып, Қарағай қалтырап, қалқып бу ұшып. Тауға төгіліп, тасқа соғылып, сүбесі сөгіліп, Беу бұлттар-ай... Бұл жақтан кетеді-ау суысып... ТОҒАН Торғай тасып, «Ұрыөткелден» өтерде Сонау жылы сасқан екем бекерге. Апыл-ғұпыл шыға келсем адырға, Арғы иінде тоған жатыр көтерме. Өзенді енді өтем-ау деп айналып, Шабдар атты салып қап ем сайланып, Жолың болғыр, жол қысқарды-ау дедім де, Неге салған, тұрмын соны ойланып. «Сарыөзекке» су шықсын деп салған ба, Қаракөлге ну шықсын деп салған ба? Торғай-өзен құюшы еді құрдымға, Су қадірін жұрт ұқсын деп салған ба? Жайқын жазық, су қаптаған бар аймақ, Тұрып қалдым жан-жағыма қарайлап Және ойлаймын қапыл келіп өзенге Тоған болмай, қойып кетсем не болмақ?..
ТАҢДАМАЛЫ Қашан салған, кім салғызған бұл тоған, Құрдым анау – арадары бір табан. Жақын салған, батыл салған өзенді Тұсадың деп ұрыспас-ау жұрт оған. ТӨЛЕУТАЙДЫҢ ТӨРТ ҚЫЗЫ Соғыс бітіп, солдат келіп жатқан кез, Ел мейрамға, ен мейрамға батқан кез. Бізге көрші Төлеутайдың төрт қызы Бойжеткен кез шеттерінен боп кербез. Он сегіз бен жиырма бестің арасы, Төртеуінің тетелес жас шамасы. Бірін-бірі жетілмей ме жетелеп Қатар өскен қыз баланың санасы?.. Әрі соғыс, бес жыл көрген қайғы да Ерте оятып есейтпеске қойды ма?.. Жұрт айтатын: «Кетпей ме енді, қашанғы Төлеутайдың мінбек бұлар мойнына». Ал Төлеутай: – Оттамасын ел түге, Не істесе де өздерінің еркіне... Жетем, – дейтін, – төрт ботамды төбеме Көтерем деп соғыста айтқан сертіме. – Балаң нешеу? – десе, Төкең мақтанып, Төртеу деуге тұрады ылғи оқталып. Кейде бірақ өкінетін өлердей: – Төртеуі де нашар бала, – деп қалып.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Құнықпаған, құмартпаған түсімге, Ағаш ұста, мықты Төкең ісінде. Сондықтан да төрт бойжеткен әзірге Төрт көнетоз бөз көйлектің ішінде. Төкең кейде трофей ішіп лепіріп, Соғысты айтып демінен бір от ұрып, Келген кезде кемпіріне кейитін: – Біздің Ұлдай қалды ғой, – деп, – отырып. Одан соңғы Ұлжаны мен Ұлмекен, Біп-биязы, мінезі жоқ бір бөтен. Жаутаң-жаутаң қарайды апаларына, Бақты байлап, жол ашпай сол жүр ме екен?.. Кенже қызы, сайтан алғыр, Ұлбала, Сайтан алғыр, қарайды бір ұрлана. Әке-шеше, апалардан сытылып, «Ақсүйекке» сол кетеді түн бола. Сайтан алғыр, қылығы оның құйындай, Қарамайды-ау, қадалмай да қиылмай. Төлеутайдың шаңырағына кенже қыз Табиғаттың тартқан оқшау сыйындай. Төрт-бес рет құда келді бұл үйге, Тілек айтып сөз келгенде иінге, Келді бәрі, кетті бәрі, дәмесі Кенже қыз боп бүлкілдеген бүйірде. Үлкен қызға қалды отызың жуық кеп, Ортаншылар жігіттерді жіліктеп
ТАҢДАМАЛЫ Санағанмен, жиырма мен отыздың Ортасында жібі түзу жігіт жоқ. Біреу шолақ, біреу молақ, бірі ақсақ, Күйеу іздеп қызға әдет жоқ қыр аспақ. Жегідей жеп бітті Төкең кемпірін, Абысын-ажын сөзге келсе тілі ащы-ақ. ...Жер ошақтан тік-тік түтін көкті іреп, Мамыражай тағы бір кеш жетті кеп. Сол кезде ауыл, бүкіл ауыл шу етті: – Төлеутайдың қызы қашып кетті, – деп. – Қай қыз екен? – Кімге қашқан?.. – О, тәңірі-ай... Ата-анадан кеткені ме бата алмай? – Ойбай, әлгі Ақсайдағы шолақ қол, Әйелі өлген Сапарбай ше, Сапарбай... – Беу, бейшара-ай, бағын босқа байлапты, Бай алмаса қайтсін енді бейбақты. Біреу күліп, біреулері мүсіркеп, Қызыл сөзді қыздырмалап ел жатты. Жай түскендей Төкең сонда үйіне, Қамшыны алып кемпіріне үйіре: – Қараң батқыр, батыр қараларыңды, – Деді ол алғаш қыздарына күйіне. Құс мылтығын керегеге асулы Ала ұмтылды: – Кім, кім мені басынды?.. 10-144
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Сүйегіме таңба салған екенсің, Жалғыз оқпен жоқ етейін басыңды!.. Басынғанның өлейін мен қолынан, Ұрттап қана ішейін мен қанынан. Ауыл сырты – Ақсай жаққа жүгірді ол, Бүкіл ауыл жүгірді оның соңынан... Көп ұзамай Ұлжан менен Ұлмекен, Кетті олар да басқа жұртқа бір бөтен. «Күйеулері жарымжан» деп жатты ел, Бұл ойлады: «Бәрін тағдыр, бақ білер, Білер өзі кімнен төмен, кімге тең». Кетті үшеуі бір-біріне ұласа, Соңғыларға шамданған жоқ бұл аса. Басу айтып уататын болды енді Кемпірі мен кенже қызы жыласа. Келер жылы күйеуімен келді Ұлдай, Қолдарында ұлдары бар балғындай. «Сүйегіне таңба салған» қызының Сүйіп ұлын Төкең мейірін қандырды-ай... Ғайып болып қапа көңіл бұлтаңы, Қос күйеуін қарсы ап жатты бұл тағы. Күбірледі: «Күйеулерім соғысқа Берді, берсе аяқ-қолын намыс па? Ал, әйтпесе, жігіттердің сұлтаны». Ал, айтпақшы, сайтан алғыр, кенже қыз, – Әке, енді бағым байлай көрмеңіз, Оқимын, – деп кетіп еді қалаға, Оралғанын естімедік елге біз.
ТАҢДАМАЛЫ * (Серікке) Шалғындар әбден орылып, орны қалған мезгілде Шашадан шыққа малынып, қоңыр қырларды кездің бе? Тозбаған жердің топырағы жатыр ма екен бозарып, Туған жеріңді осы сәт сағынғаныңды сездің бе?! «Айнакөл» жақтан алқынып, жел соққан кезде бір бұла «Жалғыз жиденің» бұтағын сілкілеп барып тынды ма? Шиырлап әкең кеткен соң алақандай бір сор құмды, Құйындап көп жыл өткен соң табаның басып тұрды ма? Арасында сен тұрдың ба күп-күрең тобылғылардың, Баяғы таныс бозторғай берді ме шырқап сұңғыла. Табаның басып тұрды ма қапшықпен апаң қи терген, Кебісі тозған үйкелген, үр жаңа жап-жас қырды да? Жанарың ғашық тұрды ма қадалып күздің кешіне, Көзіңнен бұл-бұл ұшқандай балалық түсіп есіңе. Қанаты қатқан қос үйрек қол созым көлге қош айтып, Қатарласа ұшты есіле, қарадың неге тесіле?!. 1968 ж. ЫҢҒАЙ-АУ Ыңғай да, ыңғай, ыңғай ән, Ырғағың сенің кімге аян?.. Шымшыған үні шымбайдан Сыздаған іштен мұңды айдап, Артыңда қалған күнді ойлап, Айтылмай қалған сырды ойлап,
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Қозыға теліп өзіңді, Керек-ақ болып бір Баян, Қуантып құнан сезімді Қуғандай қырдан ор қоян Ыңыранып бастап, ырғалып Рабайда біреу айтпаса, Ынтықтыра ма мұндай ән?! Ыңғай да, ыңғай, ыңғай ән, Сусыған қызыл құмдай ән. Сағынған кезде сарғайып Бойыңды басқан мұңдай ән. Бұйырған белдің шөбіндей Бұйырған пәлен мың бояу Бұйығы көңіл еміндей Булыққан сезім жүрді ояу. ...Ыңғай да, ыңғай, ыңғайға, Ынтықса салып тынбай ма? Көп жылға көңіл жасарып, Көп ойдан әлпет қасарып, Салғым кеп отыр «Ыңғайға». Шашбауын бірақ көтеріп, Шығандап шығар үн қайда?!. 1968 ж.
АДАЛДЫҚ ПЕН АРБАУ – Махаббат суый ма екен? – Суыйды екен, Зардабы да зарығып сүюге тең. Қайғысы да жүйкеңді жеген құрттай, Тұла бойың оған да ииді екен. Суынғаны шын себеп болғаны ғой, Берген серттен біреуі танғаны ғой. Әлдебіреу біреуін алдады ғой, Соған сорлы-ай алданып қалғаны ғой. Әлде бірі әуелден әсіре ме, Әсіренің өрледі тасы неге? Әлде бірі білмейтін бейшара ма, Махаббаттың бағасы, бәсі неде?! Біреуінен, әйтеуір, себеп біреу, Не жетпеді деу қиын, не жетті деу. Әлде оны сүйді де, тартып алды Бұдан гөрі көзсіздеу, өжет біреу. Бір-ақ себеп және де біреуінен, Бір жүректің шықты ақау жүрегінен.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Оны енді жаңарту мүмкін емес Ешбір мораль, ақылдың түренімен. «Біреуінде қалды ғой бар зардабы, Біреуі ғой шынымен алданғаны» Дейміз ғой біз, ал сонда айтыңдаршы, Қорлағаны қайсысы, қорланғаны? Махаббатта болмайды қорлау, зорлау, Қақпан құру болмайды, тормен қармау. Алданғаны – шын сүйген бақыттысы, Махаббатта сүйгендер сормаңдайлау. Махаббаттың бұл емес суынғаны, (Заңдылық қой, заңдылық мұның бәрі). Бірі мүмкін әйелдің сүюі де, Бірі мүмкін еркектің қырындауы. Махаббаттың сол деп біл суынғаны, Бірі сотта «сүйем» деп шырылдауы, Бірі – сонда аяққа жығылғаны, Заңдылық қой заңдылық мұның бәрі: Бірі мұның – әйелдің ащы айласы, Алданбасқа еркек те буынғаны. * Адам ата Хауа анаға жолыққан, Жолыққан да, бірін-бірі дәл ұққан. О, ғажайып, қас қағымда қалайша Бірі аталық, бірі аналық танытқан?!
ТАҢДАМАЛЫ Махаббаттың жоқ еді ғой заңы онда, Жоқ еді ғой әулет, ру, қоғам да. Жоқ еді ғой күлу, сүю, күйіну, Атақ-даңқ, өсек-ғайбат, жалаң да. Жоқ еді ғой төсек түгіл, тәнде лыпа, Жоқ еді ғой жолдар түскен жон-қырқа. Жоқ еді ғой бақыт кешу жұптасып Бірін-бірі талықсыта, талдырта... Сонда қалай, туғаны ма жоқтан бар? Жоқ, жоқ, бұған мен сенбеймін, тоқтаңдар! Болмаса егер Махаббаттың құнары, Олар қалай бір-бірінен тапқан нәр? Білмесе егер ынтығуды, сүюді, Неге олар бір-біріне иілді. Ақылдан да сезім бұрын тумай ма, Ал Махаббат – сезім сөзі, иінді. Демек, демек, Адам ата, Хауа ана Жетпесе де киінетін санаға, Болды оларда оттай ыстық Махаббат Айы-күнін жаза алмаған Замана. Бізге жеткен аңыз ба әлде сәл оғаш, Екі ынтықтың кездесуі – жалаңаш, Сезім кейін жасанды ғой ақылмен, Киім киіп, тән көркейту шамалас. Одан бері өтті талай сан ғасыр, Бәрі ескірді.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Тек Махаббат – мәңгі асыл. Ей, бүгінгі Адам ата, Хауа ана, Бір-біріңнен жан жасырма, тән жасыр! * Адамзаттың әулетіміз – бәріміз, Жер – кемеде бірге біздің жанымыз. Адам ата, Хауа анадан таралған Әуел баста нәсіліміз, қанымыз. Адамзаттың әулетіміз біріміз, Туу, өлу – ортақ біздің заңымыз. Бөлек біздің тілегіміз, тіліміз, Жүрегіміз, түсі бірдей қанымыз. Адамзаттың әулетіміз бәріміз, Сол әулетке жалғасамыз әлі біз. Бірдей біздің шығатұғын жанымыз. Біз бірдейміз, біз біргеміз, о, ғажап! Бізге бақыт, бізге рахат, тән азап. Бірдей еткен Табиғат қой, анамыз, Анамызды етпейікші, зәрезап! АДАМЗАТТЫҢ ӨНЕРІ Өтеді уақыт. Тағдырдың болмақ жазғаны, Қағида заң ғой адамнан уақыт озбағы. Уақыттың жалын қаламыз сипап бәріміз,
ТАҢДАМАЛЫ Уақыт па? Уақыт – алтынның буы, көз жауы. Алтынның буы. Буымен алғаш мас қылар, Айналтып біраз апиын болып басқа ұрар. Айналымға да келтірмей сосын ләззаты, Алтынның түсі айбатыменен састырар. Алтынның буы – уақыттың нағыз теңеуі, Шебер ғой өмір, шебердің біздер шебері. Алтынның буын заманға зерлеп өтетін О, адамзаттың тіршілік деген өнері. * Ақын болу Абай болу емес тек, Ол – мұрамыз, мұрат емес теңеспек. Мұрамызды сақтай алсақ мұнтаздай, Абай – тірі. Айдарынан жел еспек. Абай тілі – біздер жазып жүрген тіл, Бір сөзімен бірде жылап, күлген тіл. Осы тілмен Абайды да, бізді де Әлдилейді Зере сынды бір кемпір. Рас, бізден Абай мұңы бөлек ед, Сол мұң шығар оны ойлантқан керемет. Біздің заман көксегені – Абайдың, (Адамға тек мұңсызбын деу не керек?)
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Біздің заман жасампаз да, жақсы да, Біздің заман жойды тапты, тақты да. Біз де Абайдай ренжиміз адамға, Біздің мұнда қоғамға тек жоқ кінә. Абай мұңы өз халқының мұңы еді, Ал біздің мұң – адамзаттың тілегі. Адамзаттың ақ тілеуі сан рет Қыл көпірде тұрған жоқ па бір елі?!. «Абайдың да заманынан күрделі Бұл заманда айту керек жыр нені?» Десек тағы, адам барда ұлы Абай Замандарға зымырайды ілгері. Абай тілі, сен де қоса зымыра, Салқындама, солғындама, суыма! Қашан, қайда туса да ақын мас болсын Ана тілі – алтынының буына! * Ақындықтан қорықпаймын, қиын емес, Ұйқастыру, сөз құрау бұйым емес. Тілдік қорым жетеді, орамдымын, Тілім менің татусыз, сұйық емес. Он жеті жыл ауылда, қырда өскенмін, Абай, Нұрхан жырымен тілдескенмін... Жесірлердің жоқтауын естігенмін, Жеңгейлермен тілдесіп, үндескенмін.
ТАҢДАМАЛЫ Қалада мен ұмытқам жоқ ана тілін, Ана тілі болды нан табатыным. Тағдырыма ырзамын, талай талант Алды мені астына қанатының. Өмір көрдім, замандас, бір адамдай, Болды талай басымда бұралаң жай. Заманыма ырзамын, қайтер едім, Тыпыршысам түнекте ұлы Абайдай?.. Тыпыршытпай өсіріп заман мені, – Қабағыңды қалтқысыз бағам, – деді. Қоғамыма ырзамын, тапсыз, тақсыз Толып жатыр талантты қаламгері. Талант болсаң – тартыссыз жазбауың хақ, Заманыңның сауалын қозғауың хақ. Жұрт көрмеген көріністі көруің хақ, Көргеннен соң көзіңді жазбауың хақ. Көргеніңнен көшірме жасамау хақ Фотоаппарат секілді тез қабылдап. Мұның бәрі, жарайды, келсін қолдан, Шеберліктен өзіндік еншіңді алған, Суреткер деп, ақын деп таныды елің, Ал енді ойла, қай тұсың кемшін қалған?.. Білімнің де жетіпсің биігіне, Бастауы не, білеміз иіні не? Тақырыпты білеміз игеруді, Қосуды да білеміз, қиыны не?!
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Мен білемін бұларды, бұлар басқа, Мен іздеген құдірет, құмар басқа. Сол заманда шырқауға шыққан Абай Бүгін туса, биікке шыға алмас па?! БАЛАЛЫҚ ШАҚПЕН ЖОЛЫҒУ Түсімде түнде балалық шақпен жолықтым, Жорытқым келді, жоруға өзім қорықтым. ...Баяғы біздің құм шетіндегі қыстауға Қаршадай бала қорықпай жалғыз келіппін. Қыстауда жан жоқ. Қалыпты қыстау қаңырап, Қыстаудың көңін басыпты саңырауқұлақ. Қыстаудың шымын қарлығаш шұрық тесік қып, Салыпты ұя, ұшып жүр содан жамырап. Іргесін үйдің індікеш қаптап кетіпті, Терезесіне өрмекші торын тоқыпты. Қышпенен өрген мұржаның тозаң, ысынан Танауым менің таныды таныс тотықты. Шаңыраққа салған Тосынның қызыл жидесі Морт сына жаздап, мертігіп біткен шүйдесі. Ойлаймын іштей: «Жиденің бар ма киесі, Әйтпесе мынау қыстаудың бар ма иесі?..» Жиденің анау шытынап біткен жерінен, Суалған малға шарана төлдей теліген Уызға құмар уылжып үш-төрт көк тамыр «Табиғат заңы – тіршілік» дейді демімен.
ТАҢДАМАЛЫ Зым-зия інге ысқырып жылан зу етті, Шым ұя, міне...Балапан бір топ шу етті. Түсім ғой менің, сәбилік жүрек зу етті, Ересек денем орнында ұстап жүректі... Оянып кеттім. Оянып кетсем, түс бәрі, Жоруға келмес көріністер көбі ұшқары. «Түсіңде қорықсаң, қуанасың» деп жатушы ед, Жориын енді. Өңімде болғай ұшпағы. БЕУ, БОЗТОРҒАЙ! Беу, бозторғай! Шырқайсың баяғыдай, Көмейіңнің көріпкел ояуын-ай! Көк көдеге байланған кіндігіңнен Аяулым-ай, мен сені аядым-ай... Аяйтыным – алысқа ұшпайсың-ау, Сар даланы сарғайып қыстайсың-ау. Аяйтыным – аяулым құйттайсың-ау, Тағдырыңның кәрінен ықпайсың-ау. Аяйтыным – аяулым нәзіксің ғой, Демалсаңшы бір ауық, қажыпсың ғой. Ауытқып, толқып ұшқанмен кең далаға, Аумайтұғын сен Темірқазықсың ғой.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Аяйтыным – қорығың, қорғаның аз, Бір сәт тыным таппайсың болғалы жаз. Шындықты айтқан адамдай шырылдайсың, Шырқап жүріп батасың сорға біраз. Беу, бозторғай! Шырқайсың баяғыдай Дауысыңның бабын-ай, бояуын-ай. Баяғыдай шырқағым келген кезде Еске түсер елесің, аяулым-ай. Беу, бозторғай, шырқай бер, шырылдай бер, Дауысыңды сен даланың сырындай көр. Дала өзгерсе өзгерер, қала болар, Сен өзгерме, сен, сен, сен құбылмай көр! БОЗ БИЕ НЕМЕСЕ ТЫҢ ЖЫРТҚАН ЖЫЛ Нағашы ауылымның арасы бізден бір-ақ қыр, Қозы-лағымыз қосылған шүйгін қырат бұл. Тың жыртқан жылы төбенің түбіт көдесін Тарап әкетті тарақ табанды трактор. Айызы қанып айбалта – темір тілгілеп, Сақталған сүрдей шым топырақтарын сүргілеп. Құрым іңірде қылт ете қалып құйрығы «ХТЗ»-лар қытықтап қырды жүрді көп… Қуанды қарттар жанардан жасы мөлдіреп, «Көде өскен жерге көк бидай шығар болды»деп.
ТАҢДАМАЛЫ Боз бие біздің түн жамылып кеп сол жерден Көденің тамырын кірш-кірш шайнады соңғы рет. Қартаң мал еді, әкеме біткен артық бақ. Тарпаң мал еді, қасқырды өлтірген тарпып қап. Қаңтардан өзін асырып шығып аман-сау, Құлын туатын жылқы көбейтіп, жал жұптап. Саумалына алғаш ақырған айранды ұйытқы ғып, Сәуірдің қымызын ашытады апам күйтті ғып. Жыл сайын ерте туатын жануарды әкеме Қайын жұрты мінгізген екен киіт қылып. Жыртылған жерге көп қадап тұрып көз нұрын. Құлын-тай шағын, ойына оралтты өз күнін. ...Қар қалың түсіп, титықтап қыстай тебіннен Осы жерге кеп туыпты енесі боз құлын. Боз құлын тай боп, құнан да шықты бесті боп, Жал жұптап жылда үйіріне үйір қосты көп. Туған төбеге жығылып жетпей боз бие Құлындамасын талай да талай естіп ек… Боз бие біздің қырға өруші еді желдесе, Қыр беруші еді құнары тасып селдесе. Апам айтатын: «Иімейді – деп, – бұ жануар, Көдесін қырдың бір мезгіл қажап келмесе». Ақылды жануар соңғы рет келіп сол түні Таныс көденің тамырын иіскеп толқыды. Ылғал құм ішінде іркілдеп жатты тамшылар Ұзатқан қыздың жылағанындай төркіні. 11-144
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Тамырын тартып, қау етіп қырға көк шықты, Сабағын дәннің себелеп жаңбыр көпсітті. Қыр жақтан бірақ көденің иісі сезілмей, Тұшынбай тілі, боз биені сол өксітті. Есті мал қырға – егіске барып түскен жоқ, Қыр жақты кетті көкпеңбек барқын түс меңдеп. Көз қарып қырға қараған сайын биеде Көдеге талғақ келе жатты бір күш меңдеп. Орылып егін аңыз боп әбден қалған соң, Аңсатқан сезім бойынан еркін алған соң, Боз бие қырға түн жамылып тағы келді де, Масақ дәміне мекіреніп әбден қанған соң, Былай деді оған бірге еріп жүрген қара айғыр: – Көденің дәмін татқан жоқ па едік талай жыл. Қара оттың өті жарылды ғой деп келгенде Тілімізді бір тұщындырмағаны қалай бұл?.. Түн құшағында түнеріп жатты байтақ қыр, Боз бие басын сүлесоқ қана шайқап тұр. Астары мынау аударылып қалған тың жерге Ащы көденің шықпай қалғанын байқап тұр… 1969 ж. * Бұлдырап қалған балалық шақтың елесі, Түсіме неге көп кіріп кеттің сен осы?! Түн ұйқым менің бөлінген кейбір кездерде Төтеннен келіп, боласың маған төреші.
ТАҢДАМАЛЫ Төреші болып басымнан өткен жылдардың, Жасаған өзім, жасырған жұрттан сырлардың, Шиелеп өзім, шеше алмай жүрген шырмаудың Бағасын беріп, байыбын айтпай ұрландың. Дейсің сен маған: «Ақкөңіл бала-ау, бейкүнәм, Жасытқан сені жасаған сенің қай күнәң?.. Кінәң көп сенің, күнәң жоқ сенің бірақ та, Басыңды шайқап кетесің жоқ боп бейкүмән». Білемін, білем, төреші менің елесім, Бәріне де айғақ күнәлі менің емесім. Жүрегімді мен алдағым келмей, сондықтан Жүрек пен мидың келемін көріп егесін. Өзіңнен қалған өзгермей қалған мінезі, Жүректің бірақ сүре алар ма өмір бір өзі, Миға ырық берсем, болмыстың бәрін билеп ап, Болғысы келер ұлық та өзі, ұлы өзі. Кешір сен мені, кешір сен мені, тәтті елес, Күнәм да болса, кінәм да болса, текке емес. Жүрек пен мидың ынтымағы үшін күресте Жүрегі барлар жеңісім менің жоқ демес. Біреуі, міне, үлкені және өзіңсің, Аян кеп берген аяулы менің кезімсің. Адалдық болса жүрек пен мидың жемісі, Балалық шақтың тәтті елесіндей сезілсін.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ БІР БІЛГЕНІМ Білмеуші ем, өмір сондай күрделі екен, Күрмеуіне кездеспей жүрген екем. Арман деген алыста – әріде екен, Жалған деген жаныңда – іргеде екен. Арман менен жалғанның арасында Туады екен тартыс та, таласың да. Балалықтың аулынан асқан соң-ақ Сұрыпталар жауың да, жанашыр да. Жауың көп пе, жанашыр досың көп пе?! (Досым көп деп кетпесін есің текке). Дос ұстағың келсе егер, заңдылық сол – Болмысыңмен берілме есіл-дертке! Болмысыңды бірақ та бүркелеме, Болмысыңда жоғыңды білтелеме. Күрделі деп өмірден күдер үзбе, Батыр болып кетесің үрке келе... «Күрт-күрт үзбей шиесін, күрмеулерін, Күшім аз деп кіжінбе кімнен менің?!» Күшімізді табиғат тең жаратқан Іс-әрекет әр түрлі – бір білгенім... Бір білгенім – бәріміз аман жүріп Заман жасап, өтеміз қоғам құрып. Бір білгенім – күрделі, күрмеулі өмір, Күрделі өмір жүр бізді Адам қылып.
ТАҢДАМАЛЫ ҒАЙЫПТАН ТАЙЫП Екеуің егер ғайыптан тайып жолықсаң, Ғашық боп қалсаң және де содан қорықсаң. Кездескің келіп, жүздескің келіп тарықсаң, Және де соған мүмкіндік болмай зарықсаң. Ғайыптан тайып бір бақыт басқа айналса, Қонғысы келіп, қона алмай және ойланса... Екеуіңнің де ең асыл сезімдеріңді Басқа бір жандар қанжығасына байласа. Қиялы ғажап қиямет-қайым күн кешсең, Бөлек-ақ жүріп, бөліп бір ойды тілдессең, Төлеген де емес, Бекежан да емес, басқасың, Олардай болсаң бұл күннің нарқын білмес те ең... Бас бәйгесі үшін тікпеген басын палуандай, Біріңнен бірің шәрбат та татпай, бал да алмай. Бақыт боп баста кездеспеген соң, заң солай – Өтуің керек басқаларға енді сор болмай. Бірақ та, бірақ...Махаббат – сұрақ мәңгілік, Жұмбағын шешкен жүрегі жеткен нар жігіт. Ғайыптан тайып жұмбағын шешсең не істер ең, Ғайыптан тайып айнала ма өңге түс деген?.. ДИАЛОГ Өмір мен Өлім ойда жоқ жерде жолыққан, Әрине Өмір зәресі қалмай қорыққан.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Әрине Өлім миықтан күліп қағытқан: – Қаққанда түспей кеттім деуші едің тобықтан. Қалайша бүгін қалғансың, досым, қапыда, Таңба ғой мұның ақылың, айлаң, атыңа. Кесімнен ерте кезіккеніңе аң-таңмын Көбелекке ұқсап көзсіздік жасап отыма. Қуқыл ғой өңің, сынық қой тіпті сыңайың, Иықтан басқан мезгілсіз бұл не уайым?! Қулығың асса-ақ құлпырып қызыл түлкідей Қуақы күліп шыға келуші ең ылайым... Соныңның бәрі заматта қалай сап болған, «Сақтансаң, сақтар...», жөн дейтін ең ғой сақтанған. Қалайша қажып, қалайша қалғып кеткенсің, Білмейтін бе едің қалмайтынымды қапталдан? Білмейтін бе едің мен саған егіз өрімдей Елестеп, бірақ еңсеммен басып көрінбей, Санаңды сенің сабасына әкеп салушы ем, Тәубаңның сенің топсасы болып темірдей. Сонда да мені сұп-суық көрдің, жат көрдің, Кездейсоқ талай кезігіп қалып жалт бердің. Сытылып кетсең, «асырдым айла» дедің де, Шырмалып қалсаң, астында қалдың «әттеңнің. Жазығым менің,жазығым сонда не саған, Ажалын жұрттың мен бе екен қолдан жасаған? Екеуміз-дағы өлшеміміз уақыттың, Біреуін жарық, біреуін түнек қоршаған.
ТАҢДАМАЛЫ Осының бәрін біле де жүріп алдадың, Өзіңді-өзің алдадың, жарық жалғаным! Өмірдің Өлім иығына қарай асылды «Тас түскен жерге», ал қалай екен салмағым?! Сол кезде Өмір құлын да даусы шыңғырып, Қылша мойынға түскендей келіп қыл құрық. – Құтқаршы, – деді, – құтқаршы, – деді, – соңғы рет, Өзінен-өзі жыларман болып қиылып. Қиғылық атып қиылып Өмір сөйледі, (Ақ көңіл бар ма Өмірдей аппақ жейделі?) Өмірдей қызу, Өмірдей жылу от бар ма, Тартқанмен қуқыл, болғанмен сұп-сұр кейде өңі. – Алдаған жоқпын, адалмын, Өлім, саған мен, Күйдірсең дағы күйелемеші табаңмен. Табаларыңа тап болмау үшін күрестім Тіршілікте мен залалдарменен, зауалмен. Ессіздер менен ездерге кеуде көтердім, (Сезімсіздерге дәрменсіз мен де екенмін). Арамзаларды алдыңа жықсам деуші едім, Япырай, қалай итжығыс болып кетермін?! Соларды жеңіп, соларды жығу үшін мен Өзімнің кейде беделімді де түсіргем. Сондықтан сенің алдыңда бекер шалқайып, Алдыңда кейде бекерден-бекер кішіргем. Әйтпесе, нем бар, шалқайып сендей егізге, Әр өмір сені келеді бір күн өзі іздеп.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Ал, кәне, мені, ал, кәне, мені бауырыңа Баса ғой мені, баса ғой «қоңыр қозым» деп. Құлын да даусы шыңғырып шыққан әлгі Өмір, Сабырлы күйге ауыса берді сәл де бір. Өлім де сонда езуін тартып, мырс етті, Өмірді Өлім аяғаны ма әлде бұл, Өмірден Өлім жеңілгені ме әлде бұл?!.. 1982 ж., 2 қаңтар * Дүние зыр-зыр Көзден бұл-бұл Дем арасы ұшар ма? Қағып шылбыр, Уақыт құрғыр Келмей ме екен тұсауға? Өткен-кеткен, Көп селдеткен Сарқыла ма сезім-сел? Көп індеткен, Көп күнге өткен Ал, өкпеле, өзің сен! Өкпеле де, От денеңе Сабыр күзет қойып қой.
ТАҢДАМАЛЫ Көктемеңе «Кет» деме тек, Қоштаса біл кейітпей. Тауға бас ұр, Тасқа бас ұр, Дауысыңды асыр, даурықпа! Ұлан-асыр, Ұлы ғасыр, Ұлысың ғой, һәм ұмытпа! ДЫБЫС НЕМЕСЕ НҰРҒИСА ТІЛЕНДИЕВ ТУРАЛЫ ЖЫР Меніңше, бұл адам «Дың» еткен дыбыстан жаралған. «Дың» еткен дыбыстан – Туатын «үп» еткен самалдан. Тырс еткен тамшыдан – Тырс еткен жасыңнан жанардан, Сарт та сұрт найзағай жасылдан. Іңгәдан, Үһіден – Жыласа мұңды адам. Қуанса туатын дыбыстан – Күлкіден. Аққудың сұңқылы, Бозторғай шырылы, Қыранның саңқылы, Ұлардың шуылы –
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Осының бәрі бар бойыңда, не керек, Адамсың, ағажан, керемет! Дыбыс қой қайғының үрейі, Дыбыс қой бақыттың реңі, Дыбыссыз соқпайды адамның жүрегі. Ақын да дыбысқа табынар, Атом да дыбыспен жарылар. Завод та, Құрылыс та, Затың да, шегең де Дыбыспен салынар, Дыбыспен қағылар. Бойыңда дүниенің дыбысы, Дүниенің дыбысы – Мөлдір үн, мөлдір ән, Тартшы, аға, қайда әлгі Ахмет Жұбанов сыйлаған домбыраң?! Қырық бес жыл ұстаған, Құп-құйттай күреңсал домбыраң Қырық бес жыл басыңа қыстаған Бағың ба, киең бе құдірет, Тартшы, аға, тағы да, тағы да бір рет. Бір рет, Бір рет, Тек біреу. Өнердің құдіреті біреуде, Бір рет жандыру, сөндіру, от күреу. Бір бала, Бір бала,
ТАҢДАМАЛЫ Сол бала өзіңсің – Ахмет Жұбанов таныған, тентектеу, тектілеу. Ағажан, түсінем, Қырық бес жыл дыбысты «құраулап», Қырық бес жыл дыбыстан сыр аулап, Жыламай жыларда, Күле алмай күлерде Өзіңнен гөрі сен Өзгенің жүрегін жиі аңдап, Өмір сүру оңай ма Дыбыспен қияладап? Дыбыстың қиялын Шындыққа жалғастыр. Жүректің дыбысын Жүрекке алмастыр. Оңай ма?! Ағажан, түсінем, Тартшы, аға, қайда әлгі Ахмет Жұбанов сыйлаған домбыраң?! Тартшы, аға, Есімнен тандыра! Алқалы ел жиналсын алдыңа. Алдыңа жинап ап халқыңды Тойда да, Дауда да – Бәрінде, бәрінде, бәрінде Дыбыспен жинайды дағды да. «Дың» еткен дыбыстан жаралған жан аға, Қайда әлгі киелі домбыраң,
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Шанағын сабала, Сабала, Сабала, Сабала дыбысты, Дыбысты бағындыр, Дыбыстан тұрады шежіре – замана! Дыбыстың иірімі арқылы Айтамыз барлығын Немере, Шөбере, Шөпшекке, балаға. Жан аға, жаныңды аяма, Аянба! (Аяну болды ма?!) Қолыңда не нәрсе, Таяқ па?.. Таянба! Мә, саған домбыра! ЕРТЕК Ерте, ерте... Ерте, ерте, ертеде Жер бетінде болыпты бір жертөле. Жертөледе тұрыпты бір жас жігіт Тері киіп, құрақ төсеп көрпеге. Мерген екен – көз мерген де, қол мерген, Талай аңды алды-артына өңгерген. Асқандығын теңестірер пенде жоқ, Шапшаңдығын салыстырған желдермен.
ТАҢДАМАЛЫ Ауа таза, аспан ашық, кең әлем, Бар табиғат соған шипа, соған ем. Атса құлап, қуса жеткен керемет, Жұмысы жоқ жүйке жейтін санамен. Сол, сол мерген, тап сол мерген бір күні Көріпті бір қырдан қызыл түлкіні. Қыл садақтың зымырапты жебесі, Түлкі бірақ құламапты...күлкілі. Қызыл түлкі қайқаң етіп құламай, Құйрық бұлғап мерген алдын бір орай Орғып, орғып жөнеліпті, шыдамай Жігіт көзін ашыпты алғаш шырадай. Жігіт көзін ашыпты алғаш шырадай, Ойлапты алғаш: «Кетті қалай құламай?» Қызыл түлкі қылығы мен қулығы Санасына қадалыпты сынадай. «Дүние – түлкі» дейді қазақ, ойдан бұл Айта салған емес шығар байлам құр. Ер жігітті есіркеп ап, дүние-ау, Есінен бір танатындай ойландыр. * Ертелі-кеш ертеңімді ойлаймын Қандай рахат, кездесер деп қандай мұң. Қандай рахат, болса дағы қандай мұң, Қарсы алудан қаймықпаймын, танбаймын.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Қарсы аламын. Тағдыр ма, әлде талан ба, Рахат пен мұң екі бет қой медальға. Рахат пен мұң жат болмаса екен тек Адамзаттың қоғамында адамға. Сонда, сонда Мұңның рахат кезі бар, Рахаттың да артар салмақ, тезі бар. Рахатыңның сыйла бәрін ертеңге, Қайғы-мұңның бәрін-бәрін өзің ал. ЖАҚЫНДАСУ Кең заманда қоғамда кемелденген Жақындасу жақсылық ел-елдермен. Дәстүрлерді дәстүрлер дамытады, Өнер өріс алады өнерлерден. Салт-саналар бір-бірін жаңғыртады, Жас қалалар көркейтіп жон-қырқаны. Өмір сүру заңы ортақ жер бетінде, Ғарышқа да ортақ қой жолдың қамы. Ауамыздың жұтатын құрамы бір, Суымыздың құны бір, сұрауы бір. Жақындасу сондықтан керек бізге, Жақындасу – уақыттың сынағы бұл. Жақындаса аламыз қайтіп, қалай?! Жақындасу тайсалмай, тайқақтамай,
ТАҢДАМАЛЫ Жақындасу жан беріп, жан аяспай, Сертті бұзып, уәдені қайта аттамай Жақындасу заманға зіл келтірмей, Жақындасу қоғамға кір келтірмей, Туған ана – Отанды кірбің етпей, Туған ана тіліңе тіл келтірмей, Жақындассаң жақындас тап осылай, (Ылдым-жылдым жақындық жарасы жәй). Жақындасқан талайлар жазым болған, Қасиетіне халқының жаны ашымай. Кең заманда қоғамда кемелденген, Жақындасу жақсылық ел-елдермен. Төрткіл дүние туысып кетсе егерде, Көкке менің тиер-ау төбем жерден. 1981 ж., 4 мамыр ЖОЛДА Қайқиған қырдың қарсаңы-ау деймін, Сар кідір өгіз шаршады-ау деймін. Бір білем, шүйге біріккен жиде Желкесін, сірә, жаншады-ау деймін. Жаздың бір жолы қиын шағында, Ырдуан арба ыңырсығанда Үргедек шіркей үйір боп қонып Өгіздің ылғал құйымшағына.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Шілденің шыбын-шіркейі шалдуар, Құйрығын қағып үркеді жануар. Шалқайып кетіп шыңылтыр аспан, Сәулесін сәске бүркеді сәруар. Жалғыз аяқ жол қосығындай – Жараған өгіз арқасы қырдай. Тобарсып таңдай, сілекей селдеп, Аптапта кепкен аңқасы құмдай. Аңқасы құмдай, айызы қанбай – Кеберсіп қалған қызыл құмдардай. Келеді өгіз кешеден бері Үзіле де алмай, үздіге де алмай. Көз сүзе қарап айналамызға, Өгіздің жайын ойланамыз ба? Май толы барлық ыдысты шандып, Белтемірден ап байлағанымызда: «Қақсал ғой жануар қара өгіз шыдар, Майымыз да аман баратын шығар. Басқарма бізді бастан бір сипап, Арқамыздан да қағатын шығар». Көңілдей сағым көлбеңдейді алдан, Сағымнан да асып серуендейді арман. Көңілің – самал, көлігің – шабан, Тымырсық ауа, жел келмейді алдан. Сірке кірпіктің қарашығы аунап, Қарайды өгіз дала шығынға...
ТАҢДАМАЛЫ Шабына бір кез шынашақтай жәндік Албаты тиіп аласұрғанда Шыдамды жануар шайқалып қалып, Шолақтау мүйізі қайқайып барып, Молақтау құйрық шабына тиіп, Науадай бітім найқалып барып, Жұлқынған кезде шайқалып қамыт, Жөнелді өгіз тайпалып алып. Күтпеген жерден қыра-сай келіп, Даланың жолы ұрады-ай келіп. Қыл арқан бас жіп тарта да тарта, Қанады қолым қынадай болып. – Қарғиық, – дедім, – майыпқа адам Кездесуші еді ғайыптан әман. Қайызғақ шаңға күрп ете түсіп, Қозғалмай қалдым тайып бұғанам. Бауырына ап мойнын, мөңкіп те, мөңкіп, Керуендей белі керіліп-керкіп. Кетпендей тұяқ кенеттен тиіп, Көк соқта құмды тебініп кертіп. Қайырылмай тартып құлаған бізге Жөнелді өгіз қыр, адыр түзге. Әбдіра арба аударылғанда Шатқаяқтап кеп құлады өгіз де. Құлады өгіз де талма түс кезде, Қырық адым жерден тағдырын сезбей. 12-144
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Бәріне төзген көнтері жануар Шынашақтай жәндік кәріне төзбей. Қалдық біз жүрек ұрғылағанда Басымыз зеңіп, бір құлағандай. «Аман қалдық» деп айғайлай да алмай, Солқылдап сонда бір жылай да алмай... ЖҮЙРІК ТІРЛІК Өтеді өмір. Барлығын да көрерсің, Өкінерсің, бекінерсің, көнерсің. Жығыларсың, жүгінерсің, жеңерсің, Жарысарсың: озып, қалып келерсің. Өтеді өмір. Барлығын да көрерсің, Балдай ләззат, удай азап шегерсің. Талай гүлдеп. Талай жүдеп семерсің, Бірден емес, бірте-бірте өлерсің. Өтеді өмір. Барлығын да көрерсің, Көре-көре дүниеге сенерсің. Көзің жетер: өзіңе-өзің дұшпансың, Өзіңе-өзің демеушің мен жебеушің. Көзің жетер, көзің жетер бір күні Өзіңе-өзі жеткізбейді тірлігің.
ТАҢДАМАЛЫ Жүйрік тірлік, жеткізбесең жеткізбе, Ұрпағыма іліксін тек шылбырың! 1981 ж., 17 тамыз ҚАРЛЫҒАШ ДӘУРЕН Қарағым, біздің баста да Қарлығаш дәурен көп тұрмас. Қанатсыз қалсақ, масқара, Қанаты барлар жақтырмас. Көнбей-ақ желдің иіне, Қонбай-ақ жапан түздерге. Ұшайық, байтақ дүние Жеткізер болса біздерге. Бар шығар біздің жолда да Ылдилар менен ылайлар. Қиын ғой ұшу сонда да Жете алмаймын деп кім ойлар? Бар шығар шөлде бізге бір Жалтақтап жүрген жүргінші. Терілмей қалған түзде бір, Мұрныңды жарар гүл иісі. Жапан далада жаз болар Жалғыз үйлерге жетейік. Шаңыраққа қону аз болар, Ұя да салып кетейік.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Қол бұлғап бізге әр жақта, Сағынтып қалған екенбіз. Бұрылмай қалай кетерміз, Бір қонбай қалай өтерміз? Манадан ұшқан жеріміз Қозы көш қана секілді. Мезгіл ме, мезгілдеріміз – Еңкейіп кеткен екінді. Қонбай-ақ желдің иіне, Қонбай-ақ жапан түздерге. Ұша берейік, дүние Жеткізер болса біздерге. Қарағым, бізді баста да, Қарлығаш дәурен көп тұрмас. Құласақ жер ғой баспана, Жер бізді көкке лақтырмас. КЕЛДІ ШЕШЕМ АЛПЫСҚА Келді шешем алпысқа, Мен қырыққа тақаумын. Шешем елде – алыста Мен қалада. Отаумын. Қара шаңырақ орнында Отыр шешем қалқайып. Үлкені елде, мен мұнда, «Қос қараға» марқайып.
ТАҢДАМАЛЫ «Қос қарасы» – екі отау, Бір-бірінен тұр бөлек. «Тағдыр бөледі екен-ау, Өсірсең де бір бөлеп...» «Ауылдағы ұл уайым – Ылғи алыс сапарда». Қаладағы ұл уайым – Қосылды ма қатарға? Ауылдағы ұл уайым – Ел басқарар қалпы жоқ. Қаладағы ұл уайым – Дақпырты бар, даңқы жоқ. Деп ойлайтын күн артта Қалды кәзір «о, тәуба!» Немере көп, бірақ та Екі бөлек отауда. Екі уайым, екі үміт Түсіп талай шарпысқа. Кетті ұлдары жетіліп, Келді шешем алпысқа. Келді шешем алпысқа, Бара жатыр жүдеп тым. ...Немерелер әр тұста Тамырындай жүректің. 1982 ж., 3 қаңтар
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ КЕЛЕДІ БІР КҮН МАХАББАТ Ерте ме, кеш пе, келеді бір күн Махаббат, Болмысыңды да жеңеді бір күн Махаббат! Көктемгі нөсер, мүмкін ол – күзгі ақ жауын, Сездірсе болды қалғаныңды әбден қаталап. Сезінсең болды – әжім жүзіңе өң кіріп, Сезінсең болды – сезімдеріңе сең жүріп. Сезінсең болды – жүрегіңе алмай сәл күдік, Махаббат сол ғой – қас қағым сәттік мәңгілік. Келер ол мүмкін – түсі аппақ қырау қар болар, Ериді қар да, несі бар одан қорғанар. Табиғатыңның тілеуіменен туса егер Табиғатыңа табиғат өзі жар болар. Ерте ме, кеш пе, ертең бе, әлде бүгін бе, Басыңа келмей кетпейді ол түптің түбінде. Бозөкпе бала, әй, махаббат іздеп жүгірме, Боз шулан ағай, Махаббат жоқ деп түңілме! КЕЛЕДІ ӨСІП БІР БАЛА Алыс та алыс, алыс бір түкпір ауылда, Қырық-отыз түтін қарға тамырлы қауымда. Әдеті-салты қазақтың қалпы кәдімгі, Қысы да, жазы ниеті шаруа қамында.
ТАҢДАМАЛЫ Ауданнан алыс, облыстан да одағай, Бір жағы құмайт, бір жағы шөлейт жадағай. Бір жағы қорым, бір жағы құрдым үрейлі, Қысы да қапыл, жазы да жазым жағалай. Қонысы оңды, малдары қоңды сонда да. Жетеді бәрі, жетпейтін еркек қол ғана. Ересек еркек шетінен тегіс жарымжан, Ал біздер болсақ… Ал біздер әзір – ерқара. Мектепке бардық. Елу бірінші жыл биыл, Бітік боп өскен егін бірінші жыл биыл. «Келмей ме көкем?!.» Есімде сұрақ қойғаным Жеңгеме қарап менің бірінші – бір бүйір. Келмей ме көкем?! Келетін болса, келмей ме, Намыстан жанып кете жаздаймын мен кейде. Шолақ басқарма байлайды атын белдеуге, Шіптадан сусын құя бастайды жеңгем де… Алыс та алыс, алыс бір сондай түкпірде, Соғыстан соңғы тірілікпенен жұп бірге. Келеді өсіп, келеді өсіп бір бала, – Түбінде, – дейді, – түбінде, – дейді ол, – түптің бе?!.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ МАМА ҚАЗ НЕМЕСЕ МАРИЯМ ХАКІМЖАНОВА ТУРАЛЫ ЖЫР Мама қаздай Мариям апай – мамамыздай Біздердің, Ақын жыры – ана сүті – Әлдилеген санамыздай Біздердің. Айналайын тегіңізден түзде өскен түбіріндей дүзгеннің, Айналайын есіңізден адаспаған арасында қиыр-шиыр іздердің. Айналайын апатайым, тағдырыңды түсінем, Ақындықтың аруағы үшін алаң болмай пенделіктің ісімен. Кішілерден кіші болған кездеріңді түсінем, Алыптардан именбей-ақ қатар тұрып, қатар айтқан сөздеріңді түсінем. Мама қаздай керуен бастап, ұшқан ұзақ сапарың, Ақын құс қой, ақын апа, Біледі жұрт ұшу заңы қаталын. Ұшпаған соң ойлайды жұрт: «Ұшу деген рахат!» Ұшып көрсін, құлап көрсін, Аямайық! Алсын сосын дүрілдеген атағын. Ақын құс қой, айтшы, апатай, басына бақ қона салған кенеттен, Жылы жақта жүре ме екен жанын күтіп қыста ол? Алтын құс па, айтшы, апатай, Басына бақ қона салған кенеттен, Астына тақ сала салған
ТАҢДАМАЛЫ әлдекімдер көпшік етіп себеппен. Жоқ, әрине! Олай емес, олай емес, емес екен, о, тоба! Баққа, таққа әуелден-ақ жоламапсыз, жолама! Табиғатың талант берсе, тағдыр берер Заманың, Келсе өзі, қонса өзі, қарсы алмасқа бола ма?! Әдетіңіз бізді кейде еркелете қамшылау, Сәл лепірту, сәл тұқырту, сәл мадақтап, сәл сынау. Әттең, апа-ай, ақынсың ғой, әкім болсаң егерде Қара қылды қақ бөлетін әділ қазы жансың-ау. Мама қаздай Мариям апай – мамамыздай Біздердің, Біз, ақындар, сәл лепірсек – түсетұғын сабамыздай Біздердің. Ардақты апа, аман-сау бол, жүзін көрші жүздердің. Біреулермен салыстырсам, бір күні Басып кеткен ізіңді де іздермін. МӘҢГІ ТОЛҒАҚ Адам қызық. Пенде ғой адам деген, Күресесің өзіңнің санаңменен. Күрмелесің өзіңнің мінезіңмен, Құрмет тұтар қоғамың бағаңменен. Баға деген – бағыңның алғышарты, Бағалады-ау дей көрме жалқы-жарты.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Жалқы-жарты бағалау – жарым ырыс Азаматқа болсын да халқы тәнті. Халқың сүйсе, халқыңды сен сүйгенің, Еңбегіңе береді еншіңді елің. Қоғамыңмен санасып, кешірерсің Халқыңның сен кешпеген кей сүрлеуін. Ол кінә емес. Қоғамның дамуында Өткен-кеткен орнымен жаңғыруда. Өкініш жоқ өткенге, тек өкініш Болмасын де болашақ тағдырында. Жатпай-тұрмай соны ойла, сонда ғана Бізге де аға боласың, елге де аға. Халқы бір күн төбеге көтергенде Басы айналған «бақытты» пенде ғана. Пенде болма, Ел қамын ойлағанда Және айналып кетпеңіз пайғамбарға. Адам – пенде, Халқының сүйіктісі Көктен түсті дейсіз-ау қай жалғанда? Сүйіктісі халықтың өз ұлы ғой, Сүйгізетін санасы, сезімі ғой. Азамат та ана ғой, Халқын сүю – Мәңгі толғақ, толғаққа төзуі ғой.
ТАҢДАМАЛЫ МАХАББАТ МҰҢЫ (Қайрат Байбосыновқа) «Қарғам-ау, сен қалайсың мен дегенде» Дегенде ән бүлкілдеп кең көмейде. Баяғы бір махаббат мұңыменен Пай-пай-пай! Періштедей пенде кейде. Бұл әннің шыққан кезі, заманы ескі, Ал кәзір қоғам басқа, сана да өсті. Ескі әннің ескірмеген мұңы бірақ, Ескіру махаббаттың заңы емес-ті. Ә, бәсе! Сол екен ғой баяғы мұң, Жүргені бойымызда бояуының. Ә, бәсе! «Қайрат қайдан қағып алған» Деуші едім «баяғының қаяу үнін…» Қайрат-ау, «Қарғам-ауға» салғанда сен Мәңгілік мұңы өзгермес жалған кешем. Кетердей махаббаттың мұңы өзгеріп, Егерде «Қарғам-аудай» ән бар десем. «Қарғам-ау, сен қалайсың мен дегенде» Деп алып деміңді бір демдегенде Махаббат мұңын көрген Адам болса, Қарайды төбесінен пенделерге. 1981 ж., 10 мамыр
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ МАХАББАТ ТЕЗІ Әуелде сені ойлаған жоқпын сүйем деп, Игеріп мені әкетеді-ау деп иемдеп. Жүйкемді бұлай алар-ау, – демей жүгендеп, Жігіттік шаққа болар-ау, – дегем бір ермек. Ойымның тегіс ойранын сәтте шығардың, Құрдымына әкеп сүңгіттің мені құмардың. Азабыңды да, ғазалыңды да құп алдым, Мұхитын кештім Махаббат деген мұнардың. Есімнен танған еске алсам кейбір шағымды Уысыма ұстап тұрғандай құйттай лағылды, Және де содан айрылып қалар адамдай Және де соған салатын едім жанымды. Жанымды салып, Жанымда болған кезіңде Теңемес едім жұмақтың оған өзін де. Еш адам сенбес тәттілік бар ед тәніңде, Еш адам көрмес пәк қылық бар ед көзіңде. Еш адам сезбес еркіндігіңе кез келдім, Еш адам төзбес тентектігіме тез болдың. «Сүйемін» дедің, сен дағы маған сөз бердің, Сүйетінімді мен сонда ғана сезгенмін. Тең тартып едік тасындай Тағдыр безбеннің Тауқыметтерге тәтті еді-ау бірге төзген күн. Салмағың, жаным, жеңілдеп неге өзгердің?!.
ТАҢДАМАЛЫ Махаббат – күрес, Әрекеті емес ездердің. Жеңілдегенің – жеңілгенің бе, жарығым, Уәдеңнен тайып, шегінгенің бе, жарығым, Тегеурініне төзе алмай темір тездердің? Мертіге жаздап, мерт бола жаздап кенеттен, Қаламын аман қалтылдап құйттай себеппен. Соққанда дауыл солқылдап басын жерге ұрып, Айрылмай қалған айыр бұтақтай теректен. Қаламын аман. Қорқамын жаман соңынан, Бір күні бірде «шарт сынам-ау» деп торығам. Сақ болып біраз, сақтанып біраз жүрем де, Сап етіп тағы кездейсоқ кепке жолығам. Қаламын аман. Қорқамын жаман тағы да, Кездесер себеп, кезігер салдар бағыма. Тірлігім менің сан жеткен күні таусылар Тіршіліктегі себеп пен салдар санына. «Мынау – бақытты, мынау – бақытсыз» Деуге болмайды пайым-парықсыз. Дүмеп жатпайды тойың дамылсыз, Думан болмайды уайым-налусыз.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Тойдың барлығы бақыт тойы емес, Бір сәт көрген мұң мәңгі сор емес. Бақыт – мәңгілік емес татулық, Қайғы – мәңгілік емес төбелес. Біреу бақытты жылап тынса да, Біреу бақытсыз күліп тұрса да. Бақыт біреуге өткен бір күні, Бүгін басына жұмақ туса да. Түсі қайғының түндей қара ма, Түсі бақыттың таңдай бола ма? Солай сіңгенмен шартты санаға, Бұлай деуіміз нақты баға ма? ...Жоқ, жоқ, әрине, нақты баға емес, Бақыт кей-кейде тәтті бал емес. Қайғы дегенің қара тұз емес, Нақты теңеулер сәтті, дәл емес. Бірақ екеуі егіз, бары рас, Бірі-бірімен бақталас, жаны қас. Жалқы жүрекке жұп боп ұялап, Бірі-біріне тәкаппар, танымас. Жұмыр баспенен көріп екеуін, Кезіп келеміз дүние мекенін. Адам адамға тіріде айта алмас Кімнің бақытты, Кімнің бақытсыз екенін… 1981 ж., 2 мамыр
ТАҢДАМАЛЫ Өмір – түйткіл. Жаңа-жаңа аңғардым, Көбі-көбі алдамшы екен арманның. Көбі-көбі көбік екен сезімнің, Көбі-көбі рас екен жалғанның. Олай деген дүниең кейде былайлау, Тұнық деген дүниең кейде ылайлау. Ұлағат па деп қалғаның ұрандау, О, ғажайып, сонда да бұл Ұлы өмір Таразысын тең таратады, біле-біл. Таразының тастарымыз, орныңды Біле білу, нағыз өнер, міне, бұл. Өтеді де кетеді екен уақыт, Жылағанды алдарқатып, жұбатып. Мейманасы тасқандарды жылатып, Тауды тас қып, тозаңға оны уатып, Өтеді де кетеді екен уақыт. Бәрі өткінші – Балдай бақыт, удай мұң, Мен сондықтан сағым-бақыт қумаймын, Мен сондықтан сұм-қайғыңа қыңбаймын. Сыбағама тартса өмір қайсысын, Сыйдай көрем, сыртқа теуіп тұрмаймын.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Алаламан адамға тән еншіні Емес олар ешкім жекеменшігі. Балдай уақыт – удай мұңның уызы, Көздің жасы – бір дүние туысы, Біл, жүректің перзенттері, дұрысы. 1981 ж., 13 қыркүйек САРЫ АЛА ЖАПЫРАҚ Күз келді тағы, саудырап сары жапырақ, Сары ала сәуле сарғайды күллі атырап. Кешегі анау – желегі жалау көк терек Сып-сида болды қаққанша қасты қапыда-ақ. Мезгілдің лебі демімен кеше үрлеген, Көк терек еді көзімді қарып гүлдеген. Мезгілдің көркін мезгілдің желі «тонауын» Түйсігім жетіп түсіне алмаушы ем мүлде мен… Күз келген сайын келуші ем терек түбіне, Теректің жүдеу қараушы ем аяп түріне. Табиғаттың бұл қаталдығының «тіліне», Таба алмай жауап өтем бе деуші ем тіріде… О, таптым, таптым! Жалғыз-ақ екен жауабы, Топыраққа жапырақ тыңайтқыш екен дауалы.
ТАҢДАМАЛЫ Сары ала күзде саудырап жатқан жапырақ – Жүрегің сазып сағынтқан көктем хабары. 1981 ж. СЕБЕП (баллада) Ашхабадта жерді сілкіп зардап жұт, Қас-қағымда қалды сол жыл зарлап жұрт. Көрші үйлерге тұтас келген апаттан Тұтам өмір қалғанына таң қалдық. Екі көрші үй ортасында ортақ бақ, Қалың баққа өте алмайтын өрт аптап. Мәулетті әулет – екеуі де өскен үй, Демалатын бақ ішінде жер баптап. Екі әулеттің ең үлкені – қарт ана, Жетпісте еді. Екі үйге ортақ ортада. Ең кішісі – екінші үйде жеті айлық, Іңгәлайтын дауысынан бал тама. Қақпасы бір, бақшасы бір есікте, Ортақ ана алдын бірі кесіп пе?.. Таласатын екі әулеттің баласы Тербетуге ортадағы бесікке. 13-144
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Бір кіндіктен тумаса да екі әулет, Бір босаға кеткендей бір отау боп. Жұрт айтатын «Шын татулық осы-ау»деп, «Бір шаңырақ қой, екеу деген аты-ау» деп. Түрікменнің бір әшмүңке көк шайын, Ал немесе бір кездеме батсайы Бірі әкелсе, «сен іш, сен ки» десетін, Есептемей тиын-тебен, ақшаны. Бір-біріне көздің іңкәр нұрымен, Ымыраласқан, ынтымақпен жібіген. Баянды бұл татулық ед не деген, Байланғандай жүректің қыл жібімен?! Таңғажайып, таңғы түстей тәтті өмір, Кім ойлаған сап болар деп сәтте бір. Сол күні апат – алай-түлей Ашхабад, Алай-түлей от оранып жатты өңір. Екі көрші үй солқ еткенде сол алап Қақ жарылды жапырылып, домалап. Оның несін...Оның несін айтамыз, Қос шаңырақты жұтты көзсіз жаманат. Жо-жоқ, тоқта! Табиғатқа таң қалма, Кездейсоқтық себебіндей заң бар ма?! Жетпістегі ана кетті баққа ұшып, Бала жатты мәуелі бақ – албарда.
ТАҢДАМАЛЫ Аруақтай ана жеңіл болғаны-ау, Періштедей бала жеңіл болғаны-ау. Алапат күш лақтырғанда екеуін Бір алақан аман алып қалған-ау. Қағып қалған бәлкім бақта жапырақ, Қағып қалған бәлкім туған топырақ. Сыртқа екеуін терезеден лақтырса, Баласы мен әкесі деу мақұл-ақ. ...Қатал тағдыр кәріне ана қасарған, Жетпісінде белді буып жасарған. Тамырына қан жүгірген ал сәби Уызына тойып қайта шашалған. Аңыз емес, ертек емес, бұл – шындық, Мұндай шындық болмасын деп күрсіндік. Ашхабадта алты ұлдың әкесі – Сол «сәбиге» кездесіп қол ұмсындық. 1981 ж. СЕЗІМ Сезімімді сергелдеңге түсірдім, Сезінуден ұшықтым да, ұшындым. Сезімімнен ұшық алдым, тұшындым, Сезім, сенің құлыңмын да, құсыңмын, Сезім, сені жаңа-жаңа түсіндім.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Кейде баймын, кейде саған қысырмын, (Қысыр қалған кездерімде қысылдым). Мәрт кезінде мерт кезі бар мысыңның, Кейде сақсың сауысқаннан бетер сен, Сезім, сені жаңа-жаңа түсіндім. Кейде от қып, кейде күл ғып ұшырдым, Кейде тікен, кейде гүл ғып ұсындым. Айырмасы нәсілің мен түсіңнің Айғағы емес нәпсің менен ісіңнің. Сезім, сені жаңа-жаңа түсіндім, Түсінгеннен өз-өзімнен қысылдым, Қара тер боп суындым да ысындым. * Сен қайдасың, мен қайдамын бұл күнде? (Мүмкін сенің келмес оны білгің де…) Жүрегіңде гүлмін, яки тікенмін, Кездессең де басы алтын бір дүлдүлге. Жүрегіңде гүлмін, яки тікенмін, Жүрегіңе біткем, бірге бітермін. Шешімі жоқ сауалың боп мен сенің Жүйкеңді әбден жұқартармын, түтермін. Сен қайдасың, мен қайдамын, белгісіз, Оттай дүние опасызы-ай болды сыз. Махаббатқа естен танып, ес жисаң, Тірілгенмен, тірі өліксіз енді сіз.
ТАҢДАМАЛЫ СУ ЖОРҒА УАҚЫТ Уақыт желіп жортып, желіп жортып, Жылдардың біраз-біраз белін көрдік. Өмір кейде айдардан желін «желпіп», Талай-талай көрсетер «тегін» қорлық. Жә, тәйірі, оқасы жоқ, оның бәрі – Нар көтерер жүктер ғой жолындағы. Ештеңе емес жігіттің сүрінгені, Ештеңе емес адасып, жаңылғаны. Арамтер деп ойлама оның бәрін, Оның бәрі – соқпағың, соңыңдағың. Сол соқпақты қайтадан қайталасаң, Әне, сонда болғаны сорың қалың. Қайталамау керек-ақ, қайталамау, Байқа, әке, Байқа, ата, Байқа бала-ау! Үзеңгілескен ұрпақтың ырқын алып, Су жорға уақыт шайқайды-ау. Шайқалады-ау... ТӘУЕЛДІ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ Махаббат деген – жүрек пен мидың «шаруасы», Жүрек пен мидың бағасыз сиқыр саудасы.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Келеді бітпей, келеді жүріп мәңгілік Мәңгілік бітпес бітімнің басы, дау басы. Махаббат іздеп өтеміз біздің бәріміз, Маңдайға жазған тағдырымыз сол, заңымыз. Махаббат болып айналып бойда қанымыз, Махаббат болып тататын татар дәміміз. Алмасып жатыр, ауысып жатыр күнбе-күн, Махаббат шығар жылағаның да күлгенің. Махаббат шығар жинаған дүние тірнегің, Махаббат шығар тәтті үміт күтіп жүргенің. Осының бәрін Махаббат еді демей-ақ, Махаббатты іштей тәтті бір түстей аялап. Махаббат іздеп өтеміз біздер мәңгілік, Қалғандай оған, мінеки, міне, таяу-ақ. Мәңгілік іздеп, мәңгілік үзбес күдерді, Махаббат бізге салған бір бұғау шідерді. Махаббатқа адам тәуелсіз қалған кезінде Сыпырып таста адамдық, ардан жүгенді. Махаббат, сенің сәулеңді көргім келеді, Сәулеңді көрген әуелгің болғым келеді. Тәнім мен жаным, санам мен ойым тәуелсіз, Махаббат, сенің тәуелдің болғым келеді. 1981 ж., 11 сәуір
ТАҢДАМАЛЫ ТЕМІРҚАЗЫҚ Өле-өлгенше тигенше жерге басым, Менің темірқазығым сен боласың. Бағдарымның бір сәтке бұлжысаң-ақ, Тайып мен де кетемін, таң қаласың... Мен жердемін, әрине, көктесің сен, Көкте туып, жұлдызсың көкке сіңген. Мен жердемін ауытқып толқығанмен, Жаңылмаймын сәулеңнен дөп түсірген. Мен ауытқып толқысам – сәл адасау, Сен ауытқып тумасаң – қара басу. Жеті қат көк, жекен су, Жерде бірі, Қандай ғажап, сенісу, араласу! 1981ж., 25 сәуір ТУ ТУРАЛЫ ЖЫР Туыңды көтер, туыңды көтер, туыңды! Туыңды көтер, таптатпау үшін тұғырды. Неліктен ерлер көтеріп туын жығылды, Неліктен елдер астына тудың жиылды? Осыны ойла… Туыңды көтер жоғары, Туыңды көтер салтанаттарда саналы. Жарыста озсаң, аласың қызыл жалауша, Туменен түстес галстук балаң тағады.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Тулары бірге адам мен адам табысса, Неліктен туды теңейміз ар мен намысқа? Жеңіспен алған жерлерге неге қадаймыз, Неліктен оны жібереміз біз ғарышқа? Жүректе шындық. Шыққанда шындық жүректен, Жүректі және теңейміз туға дір еткен? Неліктен туды көтерген әлем құлдары Шынжыры бір сәт босаған кезде білектен. Адамзат – болмыс, Жаралған күрес – қайнардан Революция қаны ғой мәңгі айналған. Неліктен біздің революция тулары Жүректің ісін, жүректің түсін байланған? Отаның – біреу, Жүрегің – біреу, Ту – біреу. Сондықтан жөн ғой «жүректен туым туды» деу. «Туыңдай берік бол!» дейміз біздер сондықтан, Рахат қой тудай желбіреп, жану, үлбіреу. Туыңдай берік, туыңдай нәзік бола алсаң, Туыңды ұстау аманат саған, саған сән! Туыңды көтер, туыңды көтер, туыңды, Өз Отаның мен өз жүрегіңнен жаралсаң! * Ұстараның жүзінде жүрсін, жаным, Бойжеткендей кінәмшіл қымсынғаның.
ТАҢДАМАЛЫ Қысылғаның ұнайды, қымсынғаның, Қымсынуда білемін тылсым барын. От шарпыған қанатын көбелегім, Көбелегім, «көзсізсің» демек едім. Көріпкелі болады көзсіздің де Табиғат пен тағдырдың жебегенін. Көріпкелі болады көзсіздің де, Аман қалдық сан рет ессіз мүлде. О, Махаббат-тәңірім, өзің сақта, Сені, сені берген жоқ ешкім бізге. Кінәланба, қорланба, қапаланба, Өкінгенмен онысыз опа бар ма? Тек махаббат сыйлайды ортақ өмір Бірер мезгіл, бірер сәт екі адамға. ...Туса перзент, дүниеден өтсе бір ұл, Бір қуан да, артыңа өксіп, бұрыл. Найза ұшында, жүзінде ұстараның Өтер-кетер, қайтейік, өстіп ғұмыр. ШӨПКЕ БАРУ Құбатөбел әкемнің күрең аты Сүрінбейтін жануар сірә қапы. Шана жегіп шаңытқан сары аязда Шөпке бару – дүниенің рахаты.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Сары аязда ай сүттей болса жарық, Сары адырда түн аппақ шамша жанып, Қопа қалса бір жақта қамсауланып, Қорым қалса бір жақта қоршауланып. Қопа менен қорымнан өткенімше, Маған уақыт соншалық көп көрінсе. Мен күпіге қымтанып, кіріп кетсем, Күбір-күбір ал әкем жеткенінше... Әкем атты доғарып «келдік» десе, Шыбыртқысын қолға ұстап мен бүктесем. Мая қайсы? Мұхиттай аппақ дүние, Күртік қарға күрпілдеп мелдіктесең. Әкем қарын маяның ойып жатып, Ат-шананың шанағын жайып жатып, Шотаяқты ұстатса, әкемді аяп, Қабырғама құйттай бір уайым батып. Шотаяқты салғанда шөпке сосын Бір солқ етіп жөтелсең өкпе тұсың, Танауыңнан шөп иісі миға тарап, Көктемдегі сезесің көкпек иісін. Еске түсіп шөпші ауыл жазды күнгі, Киіз үйді ойлайсың боз құрымды. Шөмелеші шал менен сол үйдегі Ерте ағытқан ойлайсың боз құлынды.
ТАҢДАМАЛЫ Сол кезде әкең: – Тарт, – дейді, – қыл арқанды, Тауып алып шанадан бұрау талды. Бар күшіңді сен дағы саласың-ай, Бойды билеп тәтті ұйқы тұрар таңғы. Сосын ырғып мінесің шөп үстіне, Міне, осында рахат, тегіс дүние! Келе жатқан секілді кеме үстінде Ұмытасың ылдиды, еңісті де. Манағы ептеп әкеңді аяушылық Таңғы аяздай санаңнан баяу сынып, Жайбарақат ғажап бір күй кешесің, Шөп аумасын білесің, шанаң сынып. Мас боласың шөп иісі бойға тарап, Жұлдыз санап жатасың, айға қарап. Қорым-қопа үрейін жоның сезіп, Қалғисың кеп ертегі, ой қамалап... 1981 ж., 26 маусым ШЫНДЫҚ – ЖҮРЕК Шындық – сұмдық қаталсың да қаттысың, Шындық – сұмдық ащысың да тәттісің. Тусың – шындық. Символсың сен, шарттысың, Шынсың – шындық, Сондықтан да нақтысың.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Шындық іздеу, шындық табу мәңгі арман, Адамзатқа мәңгі мұрат сол болған. Шындық үшін адамды адам алдаған, Алдаған да, алдай алмай алданған. Шындық күшін шама-күш жоқ өлшеуге, Оны жүрек соғуымен мөлшерле! Шындық – сәуле, көре алмауың да мүмкін Шындық үшін құрбан болып өлсең де. Шындық – жүрек, соғуынан танисың, Дана – жүрек, сен алдында сәбисің. Жүрегіңді қолыңа ұстай алмайтын Табиғаттың заңы тастай, налисың... ШЫРМАЛА БЕРМЕ, ШЫРМАЛА! Талабы таудай, тағдыры түйткіл бір бала, Тағдырға, тәйірі, шырмала берме, шырмала! Болған соң тірлік кездеспей тұрмас мұң-нала, Болаттай болса, мұң-нала сынақ, сын ғана. Болаттай болсаң, сындарға төтеп берерсің, Тіршілік – парыз. Парызыңды өтеп көрерсің. Талап пен Тағдыр арасы десек екі оттың, Азамат болсаң, өшірмей, өшпей жеңерсің! Талап пен Тағдыр бақ пенен сордай тайталас, Есімі бөлек, есігі бірге, байқап аш.
ТАҢДАМАЛЫ Тайталас етпей, тату да ету еркіңде, Егіздеріңе ет жүрегіңді айқара аш. Егіздеріңе Заманның жүгін арқалат, Нар жүгін ғана көтере алады нар талап. Тағдырың сонда таланың сенің секілді, Табысса солар, Махаббат та сол, Мархаббат! Талабың – нарқың, өзіндік сана иірім. Тағдырың – халқың, халқыңды сенің сүюің. Өзіңді өзің өзгертерсің де жасарсың, Халқыңды жасау білесің, бауырым, қиынын. Тағдырды қолдан жасаймын деудің қиыны – Мінеки, бауырым, талай жер, талап иіні. Иінің талса, иіліп халқың демер-ау, Бойыңнан биік секіре алмайсың, түйіні. Талабы таудай, тағдыры түйткіл бір бала, Тағдырға енді шырмала, берме, шырмала… * Япыр-ай, біздер тірлікте қандай қаталмыз. Қағысамыз да, шабысамыз да жатамыз. Даулассақ, жеңсек, Жауласақ, жықсақ мәз болып, Жеңілсек егер, жығылсақ егер қапамыз. Сен жеңдің дейік. Жарайды, ал мен жығылдым.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Керісінше болса, онда мен сенен мығыммын. Ал сонда осы пайдасы бар ма жеңістің Абыройы үшін Адамзат тұрған тұғырдың? Япыр-ай, біздер жұмсақпыз, қандай мейірбан, Жығылсақ егер тағдырдан, тентек зайырдан. ...Біреуді жеңсем пенделік қой деп ойлаймын, Жеңілу түгіл, жеңістен ауыз шайылған.
АДАМ ЕРКІ Адам еркі тағдырдың ырқында ма, Тағдыр қысып, қымқырып, қымтуда ма? Нала-мұңы жұғатын сыртында ма? Бақыт-бағы кілттеулі құлпында ма? Нала-мұңы неліктен бізге үйірсек? Бақыты ғой аңсайтын біз күйінсек. Тағдыр дейміз сапарды бір қиыр шет, Тағдыр дейміз талқыны бір бүйір сот. Тағдыр,тағдыр... Кейде ол күндей жарық, Жүрегіңді жүргені бірге айналып. Бірге күліп өзіңмен, бірге ойланып, Міне, осылай жүресің тағдырыңнан Бір мұқалып, жұқарып, бір қайралып. Дей алмаймын біз оның ырқындамыз, Айтайын ба, айтайын, сыр тыңдаңыз: Найзағайдай жарқылдап ойнағанбыз Төніп келген тағдырдың бұлтында біз. 14-144
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Тағдыр – тәлкек, жасқанып бұқпаласаң, Тағдыр – талқы, талқыға тік қарасаң, Бұқпалау мен тік қарау – жүрек ісі, Жүрек ісі бола ма құптамасаң?! * Ақ көңілімнен әуелден таяқ жеуші едім, Сонда да бірақ «болмаймын арам» деуші едім. Қиналған болса, кіммен де болса бөліскем Көңілімнің құйттай кебегі менен кеусенін. Санымды талай соқтырған кейбір «соққандар», Сонда да самғап кеткен жоқ асып көп таулар. Мен болсам біраз барымның бәрін шашып ап, Қиналдым талай қиын боп жасау жоқтан бар. Сонда да бар ғой, мен дағы көштен қалғам жоқ Аяңымда да, ілбуімде де жалған жоқ. Ақ көңілімнен әлі де таяқ жеп жүрмін, Бір мінімде де жалғандық бірақ болған жоқ. АҚШЫҒАНАҚ Шығанақ десе шығанақ, Құп-құйттай мүйіс – шым қайрақ, Күн нұрыменен бірге ойнап, Жататын еді-ау жарықтық Бір жағын Тосын құм жайлап, Бір жағын жазық қыр жайлап.
ТАҢДАМАЛЫ Азғантай ауыл анталап, Алдымнан ылғи шығатын. Көзімнің алдын қалқалап Кіреуке мұнар тұратын. Жолбасшы досым көлікті Қорымға қарай бұратын. Санам да сол сәт тыңайып, Сағым да бір сәт сынатын... Анау бір ылди анау сай, Бөлек пе, құрғыр, ауасы-ай? Балалық дәурен, балауса ай, Бір ғана сәтке оралшы-ай.... АЛМАСУ Қайғырма, қалқам, беліңді енді бу бекем, Қазаға қабір қара жер деген қу мекен. Суытпай қоймас...Қырық күн қара жамылдың, Сыңсыды дауыс: «Сорлы боп неге туды екем». Құйқа тамырды шымыр да шымыр қасыған Қайғыдан туған, қасіреттен туған асық ән. Жоқтаған кезде, жоғалтқан кезде туған ба Адамның бақыт айналып кетіп басынан? Сыңсыды дауыс. Сыңсытты созып сорлы әйел, Үздігіп үні үзіліп барып қалды-ай ол. Қыршындай жігіт қиылып түссе көгінен, Қайыспай қалай шыдасын мынау қайран ел?..
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Уыздай әйел уысында жүрген алтыннан Айрылып қалып, маңдайын соғып шарқ ұрған. Мереке, бақыт мезгілсіз шақта мерт болды, Арыстан – арман айына қарай талпынған. Қайғылы қаза осы деп пе едің ел көрген, Бұдан да бұрын мерт болған арман жерленген. Талайлар қалған қанағат тілеп тіріге, Талайлар қалған салауат сұрап өлгеннен. Япырмай, бірақ санам да менің шырмалған, Талдырмаш әйел талықсып, талып сұрланған, Өлер-ақ деп ем, тірі екен, тірі... Кейін мен Жайлаудан көрдім, шығырдан және қырманнан. Сиыр фермаға сүт алып келіп арбамен, Ілесіп соған ілігімізге барған ем. Жолшыбай соған жолаушы біреу кезігіп, Қаралы жанды қажағаны үшін қарғап ем... Қарғаппын бекер, қарғысым менің өтпеді, Күйеуге шықты ол...Елес боп қалды өткені. Сендер де қайта алмасады екенсіңдер ғой, О, адамзаттың ызғарлы қысы, көктемі!
ТАҢДАМАЛЫ * Алыс-алыс, алыс қалды... Туған ауыл қалды алыс... Сағыныш та сейілгендей балалықтай алданыш. Сары жотада біз иіскеген селдірепті боз жусан, Сары қопада сыбызғыдай сидиыпты сары қамыс. Саумал көлдер сабасынан ортайыпты, ашыпты, Сағым белдер ажарынан әр тайыпты, жасыпты. Сары даланы көктеп-шандып асфальт жолдар басыпты, Көк «Волгалар», сұр «Волгалар» қаусырыпты қашықты. Жә, несі бар, көл орнында көлбеп жатыр көк егін, Бел орнында – Байқоңыр. Ел алдында көтеріп тұр қазағымның беделін. Өзі көктеп, өзі өрнектеп құлпыртатын бұл дала Көріп жатыр, көрсін енді шебер қолдар «өнерін». Сонда қалай? Туған ауыл алыс дейміз неге біз? Алыстаған ауыл емес, ауырлаған денеміз. Қазір, сірә, ауыл үшін ауырмайды баяғыдай жанымыз, Ал, әйтпесе, сол орнында туған құйттай төбеміз. Алыс-алыс, алыстаса туған ауыл санаңда, Туған жерді түрленттің деп кейимісің заманға. Жер өзгерер, ел өзгерер...Сен өзгерді екен деп, Махаббатын өзгерте ме әлдилеген анаң да?
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ АРАЛТӨБЕ Алакөлде Аралтөбе Неге жалғыз, неге оқшау? Жалғыз қалар Адам-пенде, Төбе бірақ оған тең бе? Әттең, сыры көмексі-ау... Неге айрылған жотадан? Жау бөлді ме, Жел бөлді ме, Бөлді ме әлде басқа зіл?.. Алакөлде Аралтөбе – Мәңгі жаңа, мәңгі көне Тірі ескерткіш – тас дәуір. Қайырлаған кеме емес пе, Майып болған дене емес пе Мұз құрсаған заманда? Кеме болса тұрқы мықты, Дене болса рухы мықты Айналғаны аралға. Алакөлде Аралтөбе Жалғыз деме, бар жүзіп. Айдындағы Жер елшісі Ол мәңгінің көне елшісі,
ТАҢДАМАЛЫ Мәңгілікпен арамызға Түсірмейік мәңгі жік! АРҚАЛДЫ Арқалды – ар жағы құм, бер жағы қыр, Жолаушы құм жағында болған ығыр. Жотаға шыққан бетте айқай салып: «Арқаның басы ғой деп алдағы бұл». Жотаға шыға сала бұлақ тапса, Алакөл ар жағында сылаң қақса, Зарығып туған жерге тисе табан, Адамға рақат бар ма бұдан басқа?! Дәл сондай рақат кешіп көрмегесін, Сағыну қиын туған жердің төсін. Махаббат – арып-ашып сүйе білу, Топырақ, жер киесін, ел мүддесін. ...Жас Шоқан Қашқар жақтан қажып өтіп, Жотаға жеткен осы тәжім етіп, Таяғын қадай салған шығар, бәлкім, – Арқаның алды ғой, – деп қазық етіп. Көк мұнар көлді көріп одан әрі, Көкшенің түсті ме еске жағалауы? Тұрды ма ес жия алмай сағыныштан, Көзінен жас боп тамып жан алауы.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Сол ма екен «Арқа алда» деп айқай салған, Басқа ма, кім айтқанын қайдам...қайдам?.. Сағынған Сарыарқаны біреу шығар, Жер атын дәстүр жоқ қой ойдан қойған. АТАҚ Баяғыда көп қазақ Мекке барған, Шығындалған, шашылған, көп тоналған. Байлық шашып қажылық атақ алған, Атақ болған ақылы жеткен арман. Қол тапсырып, иіліп, хатым етіп, Айырбасқа мал-мүлік, заты кетіп, Атақ алып қайтыпты, дүйім елдің Байлығы мен атағын сатып өтіп. Қажы болып басына сәлде салып, Сәл қартайып келді ме, сәл жасарып? Келді ме әлде атаққа сәл масайып, Келді ме әлде ақылға сауда салып? Келді ме әлде Меккесіз пана жоқ деп, Дін бар жерде жазғыру, жала жоқ деп. Келді ме әлде Меккеден басы айналып, Бар шашқаны бақ-дәулет, қаражат боп. Ол арасын біз қазір білмейміз ғой, Басты улаған бір пәле дін дейміз ғой. Атақ болса жеткен жер ақылымыз, Дінге сенген дүмшемен бірдейміз ғой.
ТАҢДАМАЛЫ ӘУЕ ПОРТЫНДА Боз жусанның түбірі әлі кетпеген, Көк бетонды илеп әлі төкпеген, Туған жердің құйттай әуе портынан Қазір, қазір көтерілем көкке мен. Қазір, қазір көтерілем көкке мен, Қарлығаштай құйттай самолетпенен. Туған жерім төбесіне көтеріп, Қала берер менен төмен...төп-төмен. Қала берер менен төмен...төп-төмен, Жүрегімді жылытып бір отпенен. Мен ұшамын, мен кетемін дәм айдап, Тағдыр жазған сапарымды шектемен. Тағдыр жазған сапарымды шектемен, О, туған жер, келем бірақ, көп келем. Кейде налып, кейде талып келермін, Қарлығаштай самолетпен, көкпенен Қарлығаштай самолетпен, көкпенен, Сағынған сәт жаңылыспай деп келем. Алақандай құйттай әуе портыңмен Қағып алсаң, Басқа бақыт жоқ дер ем.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ * Бар дүниенің бастауы – Жан-дүниеңді жасытпа. Бәрі өтеді қас қағым, Ұмытуға асықпа. Жәбірленбе, жеріме, Жетер жебеп оттай нұр. Егінің мен еліңе Бір түйір дән баптай жүр, Бір шырқар ән сақтай жүр.
ТАҢДАМАЛЫ БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫМЕН ҚОШТАСУ Айтшы, қайысты ма қабырғаң? Қалай екен хас батырдан айырылған?! Қайысты ма қабырғаң, Қалай екен айырылған – Дүбірлеген дабылдан, Дәуірлеген айбыннан. Намыстанса – найзағай, Найзағайы жай буған. Еркелесе еліне, Құлашы кең жайылған. Тек дұшпанға оқ атқан, Достары үшін ой қуған. Қара нөсер үйіріп, Құйып-құйып алатын. Ну ормандай бұйығып, Күрт түйіліп қалатын. От пен судан жаралған, Отаны үшін жанатын, Бірақ аман қалатын, Биік шыңға қанатын От жалатып қағатын. Соғыс салған жарасын, Жолбарыстай жалайтын. Алдарқатып санасын, Жазылғанға санайтын. Ол – солдаты сананың, Ол – солдаттың серісі, Өрісі мен жеңісі,
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Шегінісі, еңісі, Тегі менен тең ісі Болды бақыт елі үшін. Ол сен үшін, мен үшін, Арнады бар жеңісін. Жанарында сөніп бітпей, жанып кеткен мұңы бар, Ақ қағазға жазып бітпей, алып кеткен сыры бар, Арманы бар Ер үшін, Айтшы, халқым, қайысты ма қабырғаң, Қалай екен хас батырдан айырылған? Айтшы, халқым, айтшы, халқым, жарылшы бір ағыңнан Батыр туған халықпыз ғой тұлпарлардың жалында, Батыр туған халықпыз ғой революция – дабылда, Батыр туған халықпыз ғой оттта, суда, дауылда, От-жалынды майдандар мен бейбіт күннің бабында. Айтшы, халқым, Бауыржаның – бауыр етің, батырың ед ол қандай? Орны қандай жүрегіңде, кейпі қандай келешекке қалғандай? Келер ғасыр келбетіне, қарар ма екен таңданып, Мылтық атқан соңғы комбат...аңыз болып қалғандай. Мылтық атқан соңғы комбат, Соғыс көрген соңғы солдат, Аңыз болып қала ма?! Сол аңыздың бас Батыры – Бауыржандай бауыр етің бола ма?! Айтшы, халқым, енді соғыс болмайтыны рас қой, Енді рас қой, атыспаймыз окоптар мен обада, Енді рас қой, Бауыржан да екінші рет тумасы, Әлден аңыз...Бауыржанның тумысы мен тұлғасы. Музей мүлкі күні ертең-ақ – Бауыржанның қылыш салған қынабы Ертең елес – Волоколам тас жолы мен
ТАҢДАМАЛЫ Жуалының жылғасы Соғыс – шындық, Жеңіс – шындық, Ерлік – шындық, ендеше, Ерлік жасау мүмкін емес Ер еліне сенбесе. Айтшы, халқым, күні ертең-ақ келер ұрпақ сағынбай ма Баукеңді?! Шындық – ерлік, Ерлік – шындық шөліркетсе, шөлдесе. БАЯҒЫ БАҚҚА Баяғы баққа барайық бүгін, Баяғыны еске алайық, күнім. Жеңілдер ме екен, жеңілдер ме екен Көп айып, мінім, көп айып, мінім... Баяғы терек, баяғы бұтақ Тұр ма екен, қалқам, бояуы жұтап? Тағдырдың желі кеткен жоқ па екен Байламын үзіп, баянын отап? Баяғы шықтар, баяғы мүктер – Байлаған бізді аяулы жіптер. Қимастықпенен бір-бірімізге Аялау менен аяуды жүктер. Баяғы түбір болғанда шынар, Баяғы гүлдер солған да шығар. Өткеннің бәрін, кеткеннің бәрін Табиғат дейтін жалған жасырар.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Сен менен бірақ жасырма түкті, Сені ойлай-ойлай басым қатыпты. Сенімен өткен бір минутымды Айырбастаман ғасырға тіпті. Баяғы баққа келсеңші бүгін, Баяғы мені көрсеңші бүгін. Өсіпті баққа еккен шыбығым – Махаббатыма кеткен шығыным, Келсеңші, соны көрсеңші, күнім! * Бетегеден биікпін, жусаннан аласамын, Бұған бірақ қалай мен жарасамын? Болашақтың қамы үшін төзейін-ақ, Болмысымнан бөлек пе болашағым? Болмысымнан бөлекке үйлесем бе, Өзім алдап өзімді күй кешем бе? Сый бергенім сияқты қорыққаннан, Үйленгенім сияқты сүймесем де. Болмысымнан бөлектің не керегі, Болмысымды шектейді ол, шегереді. Бәрін-бәрін бойыма өлшеп берген, О, табиғат, не деген шебер еді?.. Болмысымның көгендес көгенегі, Тыңдайыншы, жүрегім не дер еді? Күбірлейді, мінеки, құлағыма:
ТАҢДАМАЛЫ «Болмысыңнан бөлектің не керегі, Болмысыңды шектейді ол, шегереді». «Бетегеден биікпін, жусаннан аласамын» Бұған бірақ қалай мен жарасамын? Болмысымды түсінбей бұйрық берген Мінездегі мініммен таласамын. БІРЖАН – САРА Біржан – Сара, Біржан – Сара, Біржан – Сара бір адам. Бірдей адам. Бірдей ақын. Бір дәуірде жылаған. Сол дәуірдің ызасынан бір-бірімен айтысқан, Бір-бірімен айтысқан да, бір-біріне бауыр басып құлаған. Бірдей адам. Бірдей ақын. Бір дәуірге өкпелеп, Келгені ғой дәуде болса дәуірменен бетпе-бет. Қайдан білсін, дәуірді бір жеңеміз деп ойлайды-ау. Жырдан басқа, Сырдан басқа, Мұңнан басқа Маңайында жоқ көмек. Намыс-қайрақ, Салды қайрап, Қайралса да өтпеді-ау.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Қайран дүлдүл, Қайран бұлбұл, Жараспайтын өкпе, дау. Заманына өкпелесе, орны бөлек ол өкпе, Сонда олар Поштабайға, Жиенқұлға өкпелеуі керек пе? Содан, содан екеуі де Заманына қапа болып, Нала болып кеткені-ау... Бірдей адам. Бірдей ақын. Нала-мұңы бір болған. Бірдейлердің қашаннан да жандануы, жаралауы бір болған. Екеуі де сом алтын ғой. Сыналған да шыңдалған. Шыңдалғанда шындық қалған, Шындығында мұң қалған. Бірдей адам. Бірдей ақын. Біреуі еркек, бірі әйел, Әйелді еркек іздеп келген, Сақ қараған, сынай ел: Ақын Сара айтып салған, Айтып салған Біржан да, Айтып салу – азаматтық, таза мәрттік сыңайы ол. Бірдей адам. Бірдей ақын. Бірдей түйсік-түйіні. Іспейтұғын алқымдары, түспейтұғын иіні. Бірдей екен Поштабайдан көрген Біржан қорлығы, Бірдей екен Сара тартқан Жиенқұлдың күйігі. Бірдей адам. Бірдей ақын. Жыртқандары бір намыс, Арғын-Найман бірге туған – аралары бір қарыс.
ТАҢДАМАЛЫ Жаралары жүрегінде, жараларын жалаған. Іштей ұлып ілбішіндей, ыңыранғандай бір барыс. Бір заманның Біржаны ғой, бір заманның Сарасы, Бір заманның ырғағы ғой сыры, мұңы, наласы. Айтысқан жоқ Біржан – Сара, Аңырап адал сыр айтты. Ақындықтың адалдығы – ұлылығы, шамасы. Біржан – Сара, Біржан – Сара, Біржан – Сара бір адам. Аңырап келіп, жамырап келіп, бауыр басып құлаған. Періштенің қанатындай шындық жеңіп сол күні, Біле білсе, Арғын-Найман арылды-ау бір күнәдан. Біржан – Сара – Жыр мен сана, Сыр мен сана, Мұң – сана. Мұндай сана қалай төзсін, Қалай көнсін Тығырыққа, тұмшаға? Сәулесі бар саналарды замандарға Періште де, пір сана, Біржан – Сара сондай-сәуле, Кер заманда, Тар заманда, Зар заманда туса да. 15-144
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ * Былтырғы ағаш қайтадан биыл көгерді, Жапырағы көктеп, бұтағы түгел теңелді. Айналасында көбелек қаптай жөнелді, Жаратылыс-ай, көрмедім сендей шеберді?! Менің де биыл былтырғы жарам жазылды, Жүзімнен сынық сейілттім мұңды, әжімді. Келістіруі-ай кешегі менен қазірді, Жаратылыс-ай, көрмедім сендей уәжімді?! Адам мен ағаш сонда да бірақ бір емес, Адамның көңілі көктеген ағаш бүрі емес. Жазылған жара, қайдан білесің, сол шығар, Бақыт дегенің, бақыт дегенің мұң емес. БІЛЕСІҢДЕР ҒОЙ БӘРІҢ ДЕ! Білесіңдер ғой, білесіңдер ғой бәрің де, Жүрегі құрғыр көнгісі бар ма әмірге?! Басыңда бар ғой, басыңда бар ғой бәріңнің Жүрегі құрғыр төзгісі бар ма зәбірге?! Басыңда бар ғой, басыңда бар ғой бәріңнің, Жүрегі құрғыр қырында жүрер «тәңірдің». «Тәңірдің» қыры – өмір тықыры емес пе, Жүрегі құрғыр қынында жүрер өмірдің. Басыңда бар ғой, басыңда бар ғой бәріңнің, Жүректі алдап жүйкеңе талай бағындың.
ТАҢДАМАЛЫ Айдаудан асқан табылар талай қиянат, Алдаудан асқан айласы бар ма зәбірдің?.. Су етсе сезім – суырып алған жүрегің, Ду етсе бетің – жылуы жанған жүрегің. Мұхиттан асып, ғарышқа ұшқан заманда Миыңның құрал-мүлігі болған жүрегің. Жүректі жалдап, жүйкені жалғап рақатқа, Жетіп те жүрміз жеп-жеңіл даңқ-атаққа. Бұл құйттай жүрек ақылдың тартып жазасын Жарылып жатыр, ұшырап жатыр апатқа. * Бір көкек биыл сұңқылдап көктем шықпастан, Зарыға жүріп, сыңарын тауып жұптасқан. Екеуі сосын көрінбей кеткен біраз күн Ұядан шықпай үпілдірік пен мүк басқан. Зарыға жүріп жалғаған жырды шырқамай, Ғайып боп көзден жоғалған кезде бірталай, Сұңқылы бөлек көкектің даусын іздесем, Қаңырап маған қалғандай болар бұл тоғай. Сұңқылдап жүріп сыңарын тапқан сол көкек, Мезгілдік міндет, мезгілдік парыз болды өтеп. ...Ұлы бол мейлің, құлы бол мейлің мезгілдің, Зая боп үнің кетпесе екен желге тек!
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ ДАУА (баллада) Кейуана өлді. Ешкімі де жоқ артында. Кеңсайдан құйттай қазылды қабір марқұмға. Топырақ салдық. Үйіне келдік, көршілер Ұмытпай ас-су беретін дәстүр-салтында. Пенсиясынан жырымдап жиған тиынды Жұмсадық шашпай, өзіне бәрі бұйырды. Көрші біткен мүсіркеп, қолы ашылып, Жетісін, қырқын өткізер қаржы жиылды. Ниеті ауып үлкен де кіші жұмыла, Жүгірді істің ыңғайы менен ығына. Үлкендер жағы «сауап қой» дейді күбірлеп, Сауапты сыйлау – қарттықтың қатал сыры да. Жігіттер жағы мекемеде әрбір беделді, Бірінен-бірі көрсетті асып «өнерді». Дүкеннің кейде сөрелеріне түспейтін Азық-түлікке кемпірдің үйі кенелді. Әйелдер жағы үйіріліп қалып ұршықтай, Айналып бәрі ас үйден ұзап жүр шықпай. Дастарқан жайып, көңіл айтуға отырдық, Көңілмен кеңіп кемпірдің үйі қушықтай.
ТАҢДАМАЛЫ Шынында өзі шындық қой айтып жүрерлік, Көршінің хақын өтеу де қазір бір ерлік. Шөлмектерді ашып, «Иманды болсын марқұм» деп, Толтыра құйып тартып та, тартып жібердік. Япыр-ай дейміз, көршілер бүгін жарады, ә! Адам мен адам араласпаса бола ма? Кетеміз ерте, келеміз кешке қарбалас, Қарбалас емес қарекет бар ма қалада? Талай жыл бойы тұрса да бірге орамда, Тіс жарып бір сыр айтпапты кемпір адамға. – Туысы бар ма? Хабарламаппыз табанда, Үлгіріп келіп бір уыс топырақ саларға. – Ешкімі де жоқ, ешкімі де жоқ, білем мен, Әкелеріміз бұлармен біздің бір елден, – Әйел дауысты жұқалтаң жігіт шіңк етіп, Әдемі сөйлеп, әдейі ғана шіренген. – Мүмкін емес, – деді завторг жігіт Жорабай, – Мүмкін емес, – деді шегелеп сөзін тағадай. – Возможно, – деді замнач жігіт сыпайы, – – Возможно бәрі... Бас шұлғып қалдық жағалай. – Возможно, – деді ол, – туысы болса, болсын ал, Алыста шығар, аурушаң шығар, кем шығар. Советтік өмір салтымен қызмет көрсеттік, Советтік семья бір мүшесіне несі бар?
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ – Иә, иә, – дедік, – Дұрыс-ақ, – дедік, – Тым дұрыс. Дымымыз шықпай қалыппыз тегіс тым-тырыс, Сол, сол-ақ екен, Жорабай әлгі жұлқынсын, – Массың ба! – дедік, – Отырсай тыныш, нақұрыс. Ішкенде мұндай білмеуші ек бары бұрқағын, Білетініміз – жұмыртқадан жүн қырқатын. Білетініміз – пәленбай кілем үйінен Шығарса сыртқа, көздердің жауын құртатын. Білетініміз – бір жылда үш-төрт машина Ауысып ылғи тұратын еді астында. Білетініміз – қарамай үлкен-жасына, Болмаса бастық, сөйлейтін еді басына. Масайып алған морт мінез сынбай тынар ма, – Возможнаң қалай?.. – алды ол замды сұрауға, – Қарға тамырлы туыссыз қазақ болмасын, Білмейтін бұл кім?.. – қарады ол бізге, – милау ма?.. – Тек, – деді біреу, – Тәйт, – деді біреу түршігіп. Біреулер кейіп, біреулер күйіп, күрсініп. Біреулер сәл-пәл миығын тартып күле алмай, Қас қағым сәтте құбыла қалды тіршілік. Күйіп-піскенмен Жорабайды жұрт қайда аяу, Сол кезде біреу сыбырлады оған майдалау:
ТАҢДАМАЛЫ – Замнач қой бұл, Тәкең ғой біздің қадірлі, Қара басқыр-ай, танымайтын ба ең, ойбай-ау... Сол кезде Жөкең төбеден таспен ұрғандай, Орнынан тұрды ырғала жаздап, ырғалмай. Сол кезде Тәкең: – Дәстүрлі салтты білмейтін Қызметкер, – деді, – дөрекі, – деді, – бұл қандай?.. Кемпірдің солай тарқадық алып сауабын, Жорабай қазір беріп жүр сотқа жауабын. ...Әділсің, Өмір! Әдемі сәтін туғызған Біреуге сауап, біреуге жауап – дауаның. ЕБІНІҢ ЖЕЛІ Ерітші, еріт, Ебінің желі, Емдеші қане, деміңмен деме. Жел-құзымды алып көңілімдегі, Көтерші көкке, желіңмен жебе! Бітірші маған жел-қанат демде, Берші бір сәтке қиял-ғаламды. Қанатымды тез қомдап ап мен де Кезейін сендей қиян даламды. Сілкінейін де, серпілейін де, Үйірілейінші, жел дүлейін де.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Ебі желіндей ебіл де себіл Сүйгім келеді елді менің де! Ебінің желі лүп етті, Төбеден жүзіп бұлт өтті. Күнгейге шарпып нұр тепті, Беткейде бұлақ бүлк етті. Ебінің желі лүп етті, Лүп еткізгендей жүректі. Қызыққа толы түн өтті, Қалғандай қармап бір отты. Ебінің желі, Ебінің желі, Ебі жел, Таңдайын қағып тамсанады екен тегіңе ел. Жеңіл емессің сен еліктейтұғын серілер, Аруларға ұқсап әдетің де жоқ керілер. Жылылығыңды жұмақтың нұры депті ғой, Салқындығыңды жұмбақтың бірі депті ғой. Бірақ та қазір болжамның күні өтті ғой, Ғалымдар айтсын, айтатын кезі жетті ғой. Ғалымдар рас, қуатын-күшін өлшер де, Жатқызар оны миллион аттық мөлшерге. Ебінің желі жансыз жел десе сенбеймін, Ғылымға-дағы, ғалымдарға да сенсем де.
ТАҢДАМАЛЫ Ебінің желі таулардың мүмкін тынысы, Ырысы мүмкін, толғанда шашқан уысы. Қасиетті мұндай берді деп қалай айтарсың Таулардың жансыз қолаттары мен қуысы. Ебінің желі-ай, сипатпай өтіп жалыңнан, Қақпадан шығып, қоңыр төс іздеп сабылған. Мен туған дала – Торғайға дейін жетесің, Аңсатқан сезім айырмай мені арыннан. Суысаң – суы, жылысаң – жылы мезгілдей, Саябыр тауып, селсоқтығыңды сездірмей. Ебінің желі-ай, сағыныш лебі секілді Қашықтықтарды қаусыра берші көзге ілмей. ЕКІ АБЫСЫН Екі абысын алпыстан кеткен асып Бұйдаласып, бірге өскен ноқталасып. Бір әулеттің тілегін бірге тілеп, Бақа тірес болмаған, бақталасып. Кіндіктеліп бір әулет көгеніне, Бірге көрді жаңаны, көнені де, Бір әулеттің тағдыры арқылы олар Қарайды енді кең дүние көлеміне. Кең дүниенің тарылып, кеңейгенін, Татар дәмнің жалғасып көбейгенін, Көрді бірге бақтарды бастан тайған, Ішкен ірің болған-ды, жеген желім.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ «Елу жылда ел жаңа» деген рас, Ат тұяғын тай басар, ел арымас, Жігіттері серкедей сере құлаш. Сол қайнаға, сол қайын, со бір боздақ Қабырғаны, түссе еске, сөге жаздап, Сөге жаздап сөге алмай кетті, бірақ Өтер уақыт, жараның орнын жазбақ. Екі абысын – Өткенннің бәрі ішінде, Бергісін де біледі, әрісін де. Ішке бүккен бір сырды бұл екеуі Іштен шыққан айтпайды бала үшін де. Бірі – ағаның әйелі, бірі – інінің, Білдірмейді өткенннің жымын, жігін. Кеше отттай шарпысқан абысындар – Бәйбішесі байыпты бүгінгінің. Бірі қазір қалада, бірі ауылда, Екеуі де екі үйдің ылауында. Қор болады кей-кейде күйіп-пісіп Келін менен баланың шылауында. Бірі ауылдан ет пенен май жіберіп, Бірі алма не үнді шай жіберіп, Екі абысын алмасып сәлем-сауқат, Отырады өткенге ой жіберіп.
ТАҢДАМАЛЫ Көгенделіп, бір әулет көгеніне, Өтті-ай дүние, дегенше «әне, міне» Бір әулеттің әзірге сыйластығы Екеуінің сыбаға-сәлемі ме?.. Екі абысын алпыстан кеткен асып Бұйдаласып бірге өскен, ноқталасып... Әлгіні ойлап қалады тызалақтап, Табандарын алғандай шоққа басып. Тамыр жайған емендей екі абысын, Күйіп-пісіп бір әулет атағы үшін, Өмір сүріп жүргенін білмейді олар Отбасынан басталған Отан үшін. ЖАЛБЫЗ ТУРАЛЫ ЖЫР Екеуміз сол көктемді сағынармыз, Сағыныш – сары бояу, қанығармыз. Сарыөзек сайға шығып, қайда құрып Кетті екен, қаймағы іріп сары жалбыз? Қаймақтай қайран жалбыз көз суырып, Көп еді соған құмар ессіз үміт. Әрлі еді, әсерлі еді, әдемі еді, Мен содан аман қалдым тез суынып.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ ЖАЛҒЫЗ КЕЛІНШЕК Балабақшаға барады жалғыз келіншек, Баласын күнде алады жалғыз келіншек. Сәбиі кешке томпиып ерте ұйықтайды, Томсарып өзі қалады жалғыз келіншек. Қаланың үйі – қарауытқан төрт қабырға, Көшені әбден тыныштық басқан шағында, Тылсым бір күш кеп басады мұны иықтан, Қашады ұйқы, қалмайды дегбір жанында. Ұйқыдан тәтті тұрғысы келіп, тұра алмай, Тұрады ертең буыны құрып бұраудай. Жұмыста мұның сыртынан сөздер борайды: – Бейшара-ау, – дейді, – беті-аузы неге бұлаудай?... Сыбырдың бәрін сезеді ол да сыртымен, Жалғызбастыға жабысқақ ғайбат ілкіден. Жұмыс бабында жымиып қойған болады, Көздегі мұңды көмгісі келіп күлкімен. Көздегі мұңын көмгісі келер күлкімен, Іштегі құмай арбасып сыртқы түлкімен, Өткен қызықты ойлайды ынты-шынтымен Алдында бар ма?.. Жиырылар жаман кірпіден. Өзегін өртеп өткендей болар бір уыт, Өткендей болар жүректің қылын суырып. ...У тиген жерде сабағы қалған үгіліп, Тамыры тірі келеді бір гүл тіріліп.
ТАҢДАМАЛЫ ЖЕР АТТАРЫ Қара Торғай – Сары Торғай, Қошалақ құм – Қарақұм. Сары Тосын сары атандай Ботасындай Балақұм. Түйемойнақ, Ақшығанақ – Қарт Торғайдың қанаты. Ешкіқырған – Қазасалған... Қандай-қандай жер аты! Көнген бейнет, көрген қызық, Келген бұйрық, кешкен тірлік – Бәр-бәрінің мандаты. Кәсібін де, нәсібін де Жалғыз сөзбен танытқан. Қалт кетпеген, Мүлт кетпеген, Жібермеген сәл қапы. Неткен халық, Не қылған ел, Маңдай термен, Құса-шермен, Махаббатқа мәңгі шөлмен, Ата жаумен аңдысумен, Атамекен – Жерге жазған тағдырын. Неткен халық, Не қылған ел, Қуанса да, Жыласа да, Тұла бойын мұң алса да,
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Отанынан жасырмаған барлығын. Жері жомарт, Елі де мәрт, Революция бораздасын Тартты Торғай далада, Ал Ыбырай Алтын сарай салғызған жоқ, Салды сарай санаға! Ал Иманов, Ал Жанкелдин Жанталасқан жандар ма екен жаны үшін?! Жан ұшырса, Сағы сынса, Ал немесе бағы туса, Тек халқының қамы үшін. Торғай алыс, Торғай шалғай – Құйттай Торғай картада. Әлібилер елден алыс, Жыртты намыс Тарих дейтін аренада, Туған жерден алыс шалғай ортада. Торғай түкпір, Торғай қиян, Бір жағында құрдымы бар, Бір жағында Бетпақ жатыр Бет бақтырмай мың жылдар. Сол өлкеге қоныс тепкен Көзсіз батыр бабамыз.
ТАҢДАМАЛЫ ...«Жүрек жұтқан» бабалардың Жас ұрпағы бүгінгі. Құрдымдарды құрғатты да, Құлпыртты ғой тыңыңды. Боксит таулар Байқоңырлар шұғыласы боп құбылды. Торғай алыс, Торғай шалғай, Құйттай Торғай кешегі. Ұлы Торғай, Жақын Торғай Жүрегіме бүгінгі! Сендегі әрбір жердің аты – Бабалардың махаббаты, Бізге қалған аманаты, Тілде қалған тірі ескерткіш, Тірі жеткен туынды! ЖОҢҒАР ҚАҚПАСЫ Әнеки, Жоңғар қақпасы, Тіреген қос тау қос қолдап. Таулардың талай алқасы Қарайды көкке аспандап. Барлықтың тауы, Тоқта тау, (Бекер ат жерге қойған ба?) Барлық көл келіп тоқтады-ау, Барлық ел тоқтап байламға.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Немесе жаудың бар күші Тоқтаған шығар тоқырап. Тоқтатқан халық қарғысы, Немесе кие топырақ. Немесе намыс, не қайрат, Немесе аққан қанды жас. Қақпаға қарай атойлап, Қиылып талай қалды бас. Әйтеуір, қақпа аузында Төгілгені рас қызыл қан. Аққан да шығар қан-жылға, Қақпа да, мүмкін, бұзылған. Бұзылып қақпа бекінген, Мүжіліп тастар, жетілген. Шекарадағы тіршілік – Қыл суырғандай өтіңнен. Халықтың жаны ұшында Болған бұл қақпа жан алқым. Заманның бейбіт тұсында Ұмытпау керек соны әркім. ЖҮРЕК Бәріміз де Адамбыз жүрегі бар, Кермек дәмін тірліктің білер, ұғар. Бірі бірақ шын күліп, шын жылайды, Жүре күліп, біреуі жүре жылар.
ТАҢДАМАЛЫ Барлық жүрек соғады бірдей бірақ, Бірақ, бірақ бермейді бірдей қуат. Бірдей ысып, суынар барлық жүрек, Барлық жүрек тұтпайды бірдей мұрат. Түсі бірдей, түрі де, көлемі де, Ісі бірдей игерер денені де. Біреулерге езіліп ет жүрегің, Жібімейді біреуге, себебі не?.. Алпыс алты тамырдың бәрін бірдей Әдіптеген тіршілік «тәңіріндей». Тілсіз жүрек, бірақ та сол жүректің Бәрімізге әмір жоқ әміріндей. Ақыл ісін жүрекке артамыз да, Жүрек жара қуанып, қорқамыз да, Жұдырықтай жүректі додаға сап Өтеміз Өмір деген ортамызда. * ...Қара бұлтты үйіріп, селмен ұрып, Дауылымен түйіліп желмен ұрып, Тағдыр мені тезіне салып алып, Жібергісі келді бір «пенде» ғылып. Бұлт артында білдім мен шуақ барын, Дауыл ғой деп дәмемді құлатпадым. Сырғақтамай, сырғымай қарсы алғанмын Тағдырымның сыбаға, сынақтарын. 16-144
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Қарсы алмасқа жоқ ешбір айла-шарғым, Тағдырымнан қашанда қайда асармын? Тағдыр, саған мың да бір рақмет, Өкіндірдің, өксіттің, ойға салдың. КЕРЕКУМЕН КЕЗДЕСУ Баянауыл басында бұлт бар ма, Керекудің көгінде мұнар бар ма?! Қалқаман мен Мамыр көл қосыла алмай, Орны жатыр. Баяғы құмар бар ма?! Шідерті мен Шілікті арасынан Тұз тасыған түйеге сыңар бар ма?! Махаббатқа «Қорландай» қойса ескерткіш, Машақатын көрген кім, сұрау бар ма?! «Мен кедеймін, адастым, кім жазықты?» Деп бозбала жанымен жылау бар ма?! Тағы да бір бозбала тау-тас кезіп, Табанынан таусылып шыдау бар ма?! Қара Ертістің суындай арқаланып, Төгіп-төгіп алатын жырау бар ма?! Сері бар ма Шәкендей, бала бар ма Қабдікәрім ақындай қуанғанда?! Жә, жетеді тізбей-ақ осылар да Осынау топырақ аруағы бір аунауға.
ТАҢДАМАЛЫ Бар, әрине. Бәрі бар. Бәрі орнында, Бірі кейін, біреуі топ алдында. Соған орай сыйы бар заманның да, Соған орай салмағы бағаңның да. Қосылмаса көл шығар қосылмаған, Ынтызарлық үлгісі ол ғасырға аян. Махаббаттың мұңына мәңгі ескерткіш Қалқаман мен Мамыр көл, жасыл Баян. Осы өңірде тұз жалап, суын ішкен Сыңар түйе аумайды өң мен түстен. Елестейді ол өркеші мұнара боп, Пароход боп боздайды енді Ертістен. Сол бір түйе енді елес...Ант атқандай, Еңбегіне куәлік, мандат қалмай. Екібастұз жылуын Орал тау мен Европаға ең алғаш сол тартқандай. Ол шөлдеген, ол білген, ол аңсаған, Сүрлеу салып жасампаз, заман, саған. Пирамида тасынан түрі бөлек, Эйфель мұнарасынан биігірек, Ең алғашқы кірпішті сол тасыған, Сараыарқада салынған канал саған... Қол жетпеген шын ғашық адамына, Жеткізбеген Қорлан ба, заманы ма?!
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Ол да білген бар мұңын кеткен айтып, «Келер ұрпақ қарар деп қабағыма». Бас ескерткіш – жүректе Естай әні, Тас ескерткіш әлі жоқ, болады да... «Мен кедеймін неліктен, кім жазықты?» Деген ақын мұң жұтты, у да жұтты. Соның бәлкім арманы орындалған, Гүл-қауызда тас көмір бүр жарыпты. Тау-тас кезген бозбала далаға ынтық, Қуанышын ғұлама қабағы іркіп, Менделеев кестесін Сарыарқа ғып, Махаббаттан тұрар ед алабұртып. О, жарықтық кең заман, неткен рақат?.. Кен мұхиты – Кереку жатқан жалпақ. Екібастұз жылуы енді бүгін Еуразияға табиғи оттан да ортақ. Онда Баян басының бұлты да ортақ, Керекудің көгінде мұнар да ортақ. Топырағынан алынған тас көмірдей, Топырағымен жабылған мұңы да ортақ. Онда мұңға малынған жыры да ортақ, Мұңнан бақыт жасаған ұлы да ортақ. Дос елдерге жарық та, жылу да ортақ, ГРЭС-тердің, ГЭС-тердің атауы ортақ, Алыптардың даңқы мен атағы ортақ. Бәрі, бәрі, бәрі жұп, бәрі де ортақ, Жұп емес туған жерге тек Махаббат!
ТАҢДАМАЛЫ * Көктемгі қара жаңбырлар, қашан жауасыңдар, Қырлардың көгін өсіріп, көңілін ашар дауасыңдар. Қара жер қатаяр еді, аспанның нұры Жасыл шалғындарменен жасауламасаңдар. Сіркесі су көтермей сонар даламыз, Сендер сіркірегенше алаң боламыз. Ұлан далаға көк, жасыл шалғындар шықпаса, Қайрақ қырларға қажалып, тәмамдаламыз. Беу, аспан, Жердің әділ жанары, жылап тынасың сұстансаң, Жалқы тақиям, қиналам апшып, қысқарсаң. Жердің әділ жанары, сен жыламас та едің, Көзіңе түспесе табанымнан ұшқан шаң. Айлап жаумадыңдар, айлап жоқ болдыңдар, Аңсап сағындық, қай жаққа тоқталдыңдар? Жерден ұшқан шаң аспанның көзін ашытқанда Жерге ыршып төгіліп, қаймақ боп қондыңдар. Жарықтық тамшылар жерге сүйсініп жеткесін, Топырақ қалай түрленіп тіршілік етпесін. Ақын аспанымыз иіп тұрғанда, Абай болайық, исініп кетпесін. 1969 ж., 22 наурыз
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ ҚҰДЫҚ Торғай, сенде құдықтар көп Шыңыраудан су тартқан. Қара жердің жүрегінен Қасиетімен қыл тартқан. Қапырық түтеп шөлдегенде Кәусарыңнан бір тартқан Жас сәбидей қуанушы еді, Жаңа шыққан құндақтан. Шеменіңде тағдыр жатқан, Шыңырауында талшық жатқан, Тамшысында сыр жатқан, Торғай, сенің құдықтарың Аумайды бір жұмбақтан. Кейде құмақ, Кейде қырдан, Кейде жырақ, Құм-шағылдан Саған жолым тірелер. Келем саған мен қаталап, Мейіріміңмен сен боталап, Екеумізді тең махаббат Мөлдіретіп жіберер. Екеумізде бірдей шөл бар, Бір кәусар бар, Бірін-бірі қандырар, Бір-біріне махаббаттай
ТАҢДАМАЛЫ Мәңгі ынтық, Мәңгі іңкәр, Мәңгі зар. ҚЫРЫҚ БІРІНШІ ЖЫЛҒЫ КЕЛІНШЕК НЕМЕСЕ ЖАЗУШЫ ШЕРХАН МҰРТАЗАЕВҚА СЫР Сол келіншек сенің жеңгең, менің шешем еді ғой, Сенің барың, менің барым көңіліне сеп еді ғой. Сен аяушы ең, мен аяушы ем, ол аяйтын біздерді, Бұл сезімді кеудемізден өмір көсеп еді ғой. Бұл сезімді кеудемізден өмір көсеп, жылындық, Аяулы өмір аяй білсе, тәтті екенін ұғындық. Енді, міне, өтті бәрі, әттең, ғұмыр өтеді-ау, Ал, әйтпесе, қайғы да жоқ, бақыт та жоқ ғұмырлық. Енді, міне, өтті бәрі...Үшеуміз де жетілдік. Сенен, менен, одан-дағы кетті, әрине, жетімдік. Екі еркекпіз, бір әйелміз – үш ұрпақпыз және де Аяп өскен бірін-бірі кешсек-тағы не тірлік. Ол, әрине, шашы қудай, бетіне әжім түсті ерте, Сенің-дағы балалығың бір жалт еткен түспен тең. Мен кеңшілік күндерде өстім, еркіндігім құспен тең, Әке көрмей, көке көрмей алғаныммен іштен дем. Сен алдыңда жеңгеңді аяп, артыңдағы ініні, Ал ол болса біздерді аяп жібіді де, иіді.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Өзіңді аяп тұрғандарды аяу екен, қиыны, Үштік одақ едік біздер – аяулы өмір түйіні. Қаяу көрген, аяй білген үштік одақ біз едік, Қайырым үшін, мейірім үшін саппен санат түзедік. Енді, міне, өтті бәрі...Ғұмыр шіркін өтеді-ау, Қаяу көңіл, аяулы өмір біткенінде мұзы еріп. Бәлкім біздер көп қиындық көріп өскен соңғымыз, Өткенді ойлап келеді, рас, соңғысы да болғымыз. Адамзатты мәңгі десек, табиғатқа теңесек, Не болады еріп кетсе мәңгі мұхит – мәңгі мұз? ...Бір келіншек, бір бозбала, бір ерқара – ер бала, Бірі – кемпір, бірі – азамат, енді бірі болды аға! Енді, міне, бәрі бүтін, ғұмыр да әзір тұр жетіп, Өтіпті өмір... Кетік көңіл... Бататыны сол ғана. * Қырық жаста келіншек, қырық жаста. Қырық жаста әйелде ғұмыр басқа. Қырау, қылау, бозқырау шалығына Бұл жаста әйел үсімес, ұрынбас та... Бұл жаста әйел болғанмен қанша нәзік, Үйренеді сәл тоңып, сәл тоңазып. Қол байлаған тірліктен мойны босап, Азаяды зіл батпан арқада жүк.
ТАҢДАМАЛЫ Қыз бойжетіп, ұлы да тұр ержетіп, Төрт құбыла қалғандай түгел бекіп. Әкесі енді дүниені дүрмек етіп, Баяғыдай жүрмейді түнделетіп... Жүрек емдеп немесе бүйрек емдеп, Үйден ұзап шықпайды күйбелеңдеп. Ал бұл болса дені сау, бойы сергек, Мезі етеді бір сарын үйдегі ермек. Той-думанға, қонаққа бара қалса, Жүзінен нұр тарқамай, тарағанша, Би билейді дөңгелеп, ән айтады Шаршағанша, әуені жарағанша... Бұл жаста әйел ынжық та ұяң емес, Бұл жаста әйел шындық қой, қиял емес, Бойжеткендей ішінен бір булықса, Болмысы ғой...болмысы зиян емес. Бұл жаста әйел ойнаған қолда алтындай, Алтын құрғыр арбаусыз болмайтындай. Қорқады өзін біреулер арбайтындай, Қорқады өзін біреулер қорлайтындай, Қорқады өзі. Қорқады, қорықса да, Көзге түспей, әйтеуір, қалмайтындай...
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ КІНДІК ҚАН Шыр етіп түсіп шарана Шашалып барып жұтты ауа. Түскендей сынап бағана Сылқ ете түсті жүкті ана. Тоғыз ай, тоғыз күн күткен Бір-ақ дем екен бар медет, Жанарға сонда нұр біткен Әлдебір ғажап әл демеп. Шашалып сәби, жұтты ауа Басталғандай енді еркі. Қуанды көптен күпті ана Жылағанына перзенті. Қуанды әке аптығып, Албыртып жатты ана да. Қамданып тойға жатты жұрт, Қамсызы – құйттай шарана. Кіндікті кесіп, ал, міне, Көтеріп алды басқа ана. Бәрі де бір сәт...Мәңгіге Тамғаны кіндік қан ғана.
ТАҢДАМАЛЫ МАҚАНШЫ МӘНЕРЛЕРІ (Қабдеш Жұмәділовке) Таулардың тарланы екен Тарбағатай, Мінезі маң-маң екен Тарбағатай, Қолаты қорған екен Тарбағатай, Пай-пай, пай, оң қанаты-ай, сол қанаты-ай! Тұрқына тұғыры сай Тарбағатай, Тұрпатқа ғұмыры сай Тарбағатай, Ызғарға жылуы сай Тарбағатай, Пай-пай, пай, Ебі желі емге қат-ай! Шыңдары қиыр-шиыр Тарбағатай, Шежіре ию-қию Тарбағатай, Асуың қиын-қиын...асу қиын, Тағдырын түсіндім ғой енді, ағатай! * Махаббат болды ма өзі, болып па еді? (Махаббат демеңіздер желікпелі.) Махаббат болса – болды, Онда оңды – Мәңгі ме, минуттік пе, кемітпе оны. Өйткені бір сәті де, мәңгісі де, Жүректің жүгінгенде заңды ісіне, Бағың боп, Сорың боп та айналады Кішкентай тағдырыңның «тәңірісіне».
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ * Менің бүкіл өлеңім Отан жайлы, Отан берген бойымда от ойнайды. Отан – жүрек, жүректен нәр алмаған Отықпайды ешқашан, отаймайды. Отан – жүрек. Жүректің әр дірілі – Соққаны емес тамырдың, тағдыр үні. Отан – жүрек, жүректің иесі – біз, Біздің қолда мықтылық мәңгілігі. ӨЛШЕМ Бәрі өлшеулі. Деміңе дейін өлшеулі, Тағдырдың салдар-себіне дейін өлшеулі. Жаялық-құндақ, тал бесігің де өлшенген, Жастанар құйттай жеріңе дейін өлшеулі. Өлшейміз бәрін. Алысты шырқау жақынмен, Жынысты-нуды жадағай-жайдақ тақырмен. Гүлдерді оқпен салыстырамыз, атоммен, Ақымақтықты салыстырамыз ақылмен. Емшектің сүтін анаң де берген мөлшерлеп, Мөлшердің бәрін атамаймыз ба өлшем деп. «Көздің де жасы таусылады екен» дейтұғын Соғыстан ұлы қайтпаған кемпір кемсеңдеп.
ТАҢДАМАЛЫ Салыстыру да, Салғастыру да – Бәрі өлшем. Таусылу, туу. Бітпейді өлшем өле-өлсең. – Біткені, – дейді тайғанап кетсе табаның, – Жеткені, – дейді жүлдыздай жансаң егер сен. Сүріну де өлшем, жүгіру де өлшем, жүру де, (Көнген ғой пенде өлшеулі өмір сүруге.) Өткелек өмір өрмекші құры секілді, Салмағын соның болса ғой өлшеп білуге. Өмір жылдам атқан оқтай зымырар, Көңіл – құбылаң. Құбыласына жығылар. Біз – пендеміз өз билігін өзі әлі Ұстай алмай от пен суға ұрынар. Пайғамбар жоқ, дін-шарғысы тозды оның, Баса алмады ол ақыл-ойдың безбенін. Бірақ әлі адамдардың көп көрем Өз көңіліне өзі иілген кездерін... Отанды сүй. Отқа түс от лауласа, Ал егерде, егерде от болмаса, Сүйгеніңді Отанды көрсетем деп Жасай көрме, жарқыным, тек далбаса. Кім анасын сүйем деп айқайлайды, Сыйлағаны үшін кім той тойлайды?
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Сыйлағанын, сүйгенін анасына Айта алмайды айқайлап, айта алмайды. Отан – ана... Сүйе бер, сүй үнсіз-ақ, Сол махаббат – мәңгілік жылу-шуақ. Отан-анаң алады түбі сынап, Түбің шикі болмасын... Түбі, шырақ! * Отанды сүю, өзіңді сүю – бір ұғым, Отаннан тарар тамырың менен түбірің. Отаның сонда жүрегің болып шықпай ма, Өзіңнен артық кім білмек жүрек дірілін?.. Отаның, демек, өзіңнің кұйттай жүрегің, Жүрегің қақса, сенің де заңды жүдеуің. Жарыла жүрек, қуанар кезің болса да, Қабынып жүрек, қорқа көрмесін – тілеуім. Қуану, қорқу тұрар ма бірақ алмаспай, Отаның – анаң, төзіміне адам нанбастай. Ауырса анаң, таба алсаң емін болғаны – Еш жақтан сондай балгер де іздеп, бал да ашпай... ОТАНШЫЛ СЕЗІМ Үлкен Отан, Ұлы Отан, Балалық шақтан сезінген, Сүйгеннен бауырың езілген.
ТАҢДАМАЛЫ Балалық шақтан бері біз – Отанның құйттай төліміз. Бір ауыз танбай сөзінен, Бір елі таймай көзінен, Бірге өсіп келе жатырмыз Отанның Біздер өзімен. Бар ұрпақ солай, әр ұрпақ Отанға берер отттарын. Отанға төлер тапқанын, Отаннан алар жоқтарын... Үлкен Отан, Ұлы Отан – Ұлы тау, яки ұлы таң. Шыңына бір шығарар, Шұғыласына бір орар Әр ұрпақтың соқпағын. Отанмен атам жолықты Сардарға, мүмкін, ергенде. Өз әкем, мүмкін, ауылда Алғашқы туды көргенде Немесе сонау Берлинге Сол туды ұстап келгенде. Отаншыл сезім ешқашан Қарамайды әсте көр-жерге, Бөлектегенге, бөлгенге, Көнбейді ол әсте құлдыққа, Қорықпайды ажал төнгенде, Өлмейді ол сен өлгенде! ...Қырықыншы жылдар соңының Сөніп бір жанған жарығы,
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ Отаншыл сезім от болып Біздерге қалай дарыды? Аштықты біздер білмейміз, Соғысты біздер көрмедік. Терезе жұртпен тең болып, Теңеді біздер өссек те, Есерлікке ерік бермедік. Жеңістің гүлі – Біздерміз Өртеңге өскен өң беріп. Ғарышқа қарап талпындық Аяулы ана – Жер болып. Отаншыл сезім біздерге, Балалық шақтан дарыған. Айрылған әйел жарынан... Зәрезап едік зарынан. Зарлай да жүріп сол әйел Түйетін талқан тарыдан, Түспейтін ұршық қолынан, Сүйріктей саусақ кетпеннің Сар мейіз еді сабынан, Ұялап қалған сары су Қақсайтын еді қарынан. Сонда да «колхоз шаруасы, Қалды-ау деп бітпей» налыған. Бір ғажап мейірім болмысы Білінуші еді бабынан. Садаға еді сайтан сөз Беттегі иман, арынан. Бір үзіп берсе нанынан, Шықпайтын едік жанынан. Отаншыл сезім...Біздерге Балалық шақтан бақ қонған.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру