Очерктер
Хамза Есенжанов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Хамза Есенжанов шығармалары – қазақ әдебиетінің қорын байытқан, шырғалаң дәуірдің болмысын шынайы суреттеген дүние. Заман келешегі үшін күрес жолын таңдаған, азаттық аңсаған ерлердің мұң-мұратын терең психологиялық иіріммен толғаған. Өтпелі дәуірде өмір сүрген азаматтардың ауыр да азапты тағдырын...
ОМАРДЫҢ ШӘКІРТТЕРІ
1
— Мына бала сізге қарай береді. Бір нәрсе сұрағысы келе ме қалай,— деді Хабекең ақырын ғана.
— Маған ғана емес, бәрімізге де танитын адамдай жымиып қояды. Рас, бір нәрсе сұрағысы келетін сияқты,— деймін мен.
Әлде өздері жөнінде әңгімелескенімізді сезе ме, әлде үнімізді байқағысы келе ме,— біз қаншама ақырын сөйлесек те бала жігіттер құлағын мықтап тоса қалады. Шет елдердің поезы өзгеше, самолеттің іші тәрізді шалқайып отыратын арқалы жұмсақ креслолы келеді. Біріккен Араб Республикасының вагондары да сондай екен. Тіпті ара қонып жететін Каирден Асуанға дейінгі 879 километр жолдың поезы да шалқайып отырып көз іліктіретін креслолы. Сапарлас жолдасым Шымкенттің теміржолшысы Хабибулла Бекеев: «Сізге қарай береді» деген бала-жігіт серігімен біздің алдымыздағы креслода отыр, Екеуінің де төбелері биік арқалықтан асар-аспас, желкесінде отырған бізге орындарынан көтеріле түсіп қарайды. Екеуінің де өңдері қара қошқыл, домалақ жүзді, бұйра шашты, көздері мойылдай. Сонымен бірге екеуінің бір-бірінен айырмашылығы да мол: бірі иықты, шаршы келген де, екіншісі таразы және бойшаң, Аласалау шаршы келген бала жігіттің шықшыты шығыңқы, қабағы қалыңдау. Көбіне-көп жымыңдаңқырап отырған осы шықшытты бала.
Елегізген жас жігіттердің назарын аудару үшін:
— Хабибулла, кешегі алған Кәләм шарифіңізді Көрсетіңізші,— дедім, араб сөздерін даралаңқырап сөйлеп.
— Біріне-бірі жалт қарасты да орындарынан ұшып тұра келіп:
— Муслим, Муслим?— деп екеуінің де кездері жайнай түсті.
Шамалаған ойының үстінен түсті білем, екеуі Хабибулланы қоршай қалды.
— Жүмһурият Қазақстан? Ғұмар. Муслим... Асуан?..— тағы да осы сияқты арабшасы аралас сөздерді жаудыра бастады.
Поезд келе жатқан бетке қолдарын шошайтып, аса лепті шыраймен әлде небір жүрек түкпірінде жатқан сырын ақтарғандай. Бұл өзгеше назар аударып бізбен сөйлесуге ынтызар жастардың жайын білу ниетімен кейініректе отырған Тұрсынды шақырдың. Тұрсын Есенгелдина Алматының шет тілдер институтын бітіріп, астананың орта дәрежелі оқу орындарында ағылшын тілінен сабақ беріп жүрген кісі еді. Ағылшын тілінде сұраған Тұрсынның сұрағына жас жігіттер жауап бере алмады. Монархия құлар алдында ғана дүниеге келген бұл жастарға ағылшын тілі аса қажет болмай қалса керек. Біздің тұйыққа тірелгенімізді көріп, вагонның екінші жақ терезесінің алдында отырған орта бойлы, толықша келген, көрікті мысырлық жігіт жәрдемдесті. Бұл Асуанда қызмет істейтін инженер екен. Инженер өз тілінде жастардың қайдан келе жатқанын, қай жерде тұратынын, не істейтінін сұрады да:
— Бұл жас жігіттер — Асуан құрылысында жұмыс істеп жүріп оқып, үйреніп, жаңа мамандыққа қол созған шәкірттер. Бұлардың ұстазы Совет Одағынан келген мұсылман қазақ Ғұмар дейтін адам көрінеді. Сіздерді сол Ғұмардың елінен келген адамдар емес пе екен деп сұрайды,— деді.
Біз толық етіп жөн-жосығымызды айтып бердік. Мұнан кейін екі бала бейне бір туыстарын тауып алғандай өте-мөте іш тартып, бізге жақындай түсті. Бойшаң, ашық жүзді қоңыр жігіттің аты-жөні бір шумақ — Ғабдур-Рахим Халфе Мухаммед Мұстафа екен, ал екіншісі — аласалау, иықты және шықшыттылау келген бала жігіттің аты жып-жинақты — Мухаммед-Ғали Саид. Жасы жиырма бірде, монтажшы слесарь. Аты-жөні ұзын жолдасы, екеуі бір жерде туған. Кена аймағынан екен. Әлемге әйгілі Асуан құрылысында істеп жатқан совет мамандарының ішінде қазақастандық Ғұмардың болуы және оның мына сияқты жас жігіттерді мамандыққа үйретіп, ұстаздың етуі қатты әсер етті. Қалайда Ғұмармен жолығудың жолын көздеп хат жаздым да, мына шәкірттерінен ұстазына табыс етуін өтіндім. Мухаммед-Ғали хатты жолдасына бермей қағып алды да қалтасына тықты. Сөйтті де екі езуі екі құлағында: «Қам жемеңіз, бәрін де өзім бітіремін!» деген шыраймен хат салған қалтасын сыртынан сипап-сипап қойды.
2
Адам ойын қиял көгіне жетектеген Мысыр! Ертегідей сұлу Ніл алқабы! Аңыз біткен, ертеңгі қойдай өріп, әлемге өрістеген жер! Ғайсадан төрт мың жыл бұрын арғы көне заманда өмірдің тылсым тілін ұққан — мысырлықтар! Геометрия мен астрономия ғылымын жөргектеп, көктегі жұлдыз санын есептеген, оның жүрісін тәй-тәйлеген ел! Ұлылығы мен сұлулығы таңдай қақтырған тәңірі үйлерін салушы Имхотеп инженерді туғызған халық! Қолөнері мен архитектура тілін меңгерген, сурет салу мен жазу-сызу нақышын тапқан жұрт! Төбесі көкті түртіп тұрған мәңгі жатар орын пирамида тамын салғызып, табытын саф алтыннан құйдырған пәрменді перғауындар мекені!.. Вагон терезесінен көз алдыма елестеген өткен заман бейнесі бүгінгімен өріле түседі. Темір жол Нілді жағалайды. Жағалау көк-жасыл өсімдікпен көмкерілген. Көк құрақ тәрізді ойдым-ойдым жерде жүгері қаулап тұр. Енді бір жерде қодыраңдап ескен бұхар тарысы. Ал, ойпаңдау поднос жазықта күріштің көк мақпалы. Ұлпа қардай үлбіреп, ақ желек атқан мақта алабы... Сан түрлі пальма ағаштары үлде мен бүлдеге оранған осындай қара-көк нәубетті алқапты әдейі әшекейлеу үшін тұрғандай сап түзеп тізіліп қалған. Соның ішінде құрма ағашы өзгеше — шаншылып өскен сида бойының қақ төбесінде бір шоқ үкі қадап қойғандай; ал онан төмен сегіз салалы, күмбез сағақты, сомдап соққан сырға сынды — желбау шашақтың басындағы ұйысқан құрманы сабағы зорға көтеріп тұр дерлік. Адам қолымен баптап өсірген көк-жасыл егістік пен тізілген жеміс ағаштарының бір шетінде қалтиған шығыр тұр. Оны аспай-саспай аяғын зорға басып, үй орнындай жерді әрең айналып жүрген шаңырақ мүйіз, арса-арса денелі көк өгіз. Көк өгіздің жанында жұқа ақбоз кенептен тіккен, етегі жерге тиетін көйлек-шапанды қара феллах. Қара феллах та сүйекті, көк өгіз де сүйекті, екеуі де ашаң, екеуі де шабан қимылды. Шығырмен шығарған су да шабан лықсып, сараң ағып жатыр. Атыздан-атызға жылап жететіндей. Көк өгіз бен қатқан қара феллахтан әрі жол жанында бірінен-бірі аласа, кертештенген атыз сияқты, тіркескен қара-қошқыл балалар. Олар да ақырын жылжып, су жолын бөгей бастаған шөке-шеңгені ысырғыштайды. Ұзынды-қысқалы бұл кішкентай феллахтардың үстінде де ұзын көйлек — галябия. Осы киім денені күннен қорғаумен қатар, жатса жамылғы ма қалай — әр жерде жапырағы етектей бұталардан құрған мосы — шошақтың түбінде дем алғандар да аз емес. Бұл Мысырдың басқа жерлерінен көбірек мешеулеп қалған Кена аймағының жол үстінен көрген сырт сипаттары. Ал, ана вагонда келе жатқан Ғабдұр-Рахим Халфе Мұхаммед Мұстафа мен Мұхаммед Ғали Саид тап осы аймақта туған. Бұлар атам заманғы жылжымас қалыптан бір адым да емес, екі адым да емес — көш ілгері кетуге айналған жүрдек заманның ұшқыр көлігіне іліккен сияқтанады. Олардың жайнаған жүздері мен ұшқын атқан көздері де қимыл-жігеріне лайық, шолақ жеңді, ашық жағалы жеп-жеңіл көйлектері мен ықшам шалбары да: «Енді ешкім тоқтата алмас!»— деп тұрғандай. Жері жемісті, суы ырысты, мәдениеті марқа, өнері өзгеше, Қаһиры (Каиры) мен Аль-Азхары мың жасты еңбеккер дана халықтың мың жылдық жолын бөгеген не?..
3
Қысы жоқ Мысыр елінің он екі айы бірдей жаз. Ең қоңыр салқын күндері 8 градус жылылықтан төмен түспейтін жері Александрия (Жер Орта теңізі жағалауы), ал, августың 11 күні Асуанда күннің ыстықтығы 46 градус екен. Қызғылт құмды жер бетінің түсі де қызғылт, аспаны ақбоз бұламықтанған шаңғылт. Түкірік жерге түспей ұшып кететін күйіп тұрған Кербаланың шөліндей таушықты, бұйра құмды, бұжыр бетті бір түбекте: жер қопарған бульдозер мен жүк көтерген тырна мойын крандар, құмырсқаша қаптаған самосвал мен үздіксіз жүгірген жүк машиналар, үйілген трубалар мен жұмыр бағаналар, ұйысқан сым шөмелелері мен табан темірлер, қарамай құйған бөшкелер мен бензинді цистерналар, қоршаған қоймалар, брезент бүркенген жүктер, тау тескіштер, тас бұрғылағыштар... Қаптаған адам, қора-қора техника асау Асуанның басына дулыға кигізіп, жуасытып, жөндем жермен жүргізіп, өлшеусіз күшін жаңа арнамен су ағызуға, электр қуатын өндіруге қосқан. Ұзындығы 500, ені 10 километр жерге Ніл дариясы жанынан қолмен жасаған дария шалқымақ. Соншалық жерде тоқсан түрлі тегершіктер электр күшімен зырылдап, түкпір-түкпірге жарық төгілмекші... Мысыр мен Судан елі кешікпей индустриялы, электрлі елдер қатарына іркілмей енбекші. Адам мен машина дариясының ішінен салынып жатқан, бітіп тұрған үйлер мен мектептер, клубтар мен балалар бақшалары, больница мен конторлардың арасынан Ғұмарды және оның вагонда кездескен шәкірттерін кездестіру оп-оңай іс көрінбеді... Асуан бөгетінен жиырма бес километр жерде Нілдің ең келісті бір иінінде жаңа қала тұр. Сол жерде Ніл аралы, дүниеде сирек кездесетін өсімдіктер бағы және асыл сулы бастау бар. Бұл — жер жүзінде бірінші курорт. Кешікпей осы демалыс аралына халық қалаулылары жан-жақтан ағылғалы жатыр.
Біз аялдаған «Қалапша» қонақ үйі сол жағада. Тастан салған көрнекті үй. Тас демекші, ағашша жонылатын бор тас, қаттылығымен қажетті шыңылтыр тас, сұлу көрік беретін қызыл тастарды табиғат Ніл жағасына тегіннен-тегін үйе салған. Тас қазу, тас жону, тас оймыштау өнерін туғызған осы тамаша тастар болса керек. Қаһир жанындағы Гизаға салға тиеп ағызып апарған сандық тастар осы Асуан байлығы. Мұнан Хеопс, Хефрен, Микориностердің зәулім пирамидалары, тұтас тіліп нақыштаған мұнара белгілер мен тәңірі үйлері (храмдар) тұрғызылған ғой... Қонақ үйдің дем алатын залында отырғанымызда кешкі сағат 6-да Мұхаммед-Ғали Саид жетіп келді. Бала ентігін басып, езуін жиғанша Ғұмар да есік ашты. Шетте жүрген ағайынның бір-біріне өзгеше үйір келетіні мәлім. Ғұмармен жөн сұрастық. ...— Қызылорданың Шиелі станциясында туып өстім. Училище бітіргеннен кейін комсомол жолдамасымен Братск электр станциясын салысуға аттандық. Онда және басқа құрылыстарда он жыл істеген соң осы Асуанға жол шектім. Мамандығым: электросварщик. Бригадирмін. Осындағы араб жастарынан жиырма бес жеткіншекті өз өнеріме жетілдіру, яки электрмен болат пісіру, электр станциясын салу техникасына үйрету. Ұлым бар, 9 жаста. Үшінші класта оқиды. Өзім екі жылға шарт жасасып келіп едім, бірақ осындағы басшы мамандар әлі де болуымды қалайды. Сірә, Асуанды біржола бітірісіп аттанатын шығармын. Атым: Омар, әкем аты — фамилиям — Жетібаев,— дейді орта бойлы, жігерлі пішінді, қара торы қазақ.
— Ал, ана Мұхаммед-Ғали Саид мұнан кейін не істемек?
— Асуаннан кейін не істейтінін өзі айтады.
— ...Өзімнің Кенама қайтамын. Сол жерде электр моторымен су шығарамын. Әкем жер алды. Әкеме жәрдем беремін. Күріш егеміз...— дейді Мұхаммед-Ғали.
Ұстазы Омар Жетібаевты бізбен жолықтырғанына, жылы шыраймен қарсы алып, жан-тәнімен жақсылық істеуге жанталасқан Мұхаммед-Ғали Саидке рақмет айтып, естелік ретінде бір-бірден значок сыйладық. Соның бірі біздің жақсы көретін бала Лениннің монтиған әдемі значогі еді. Мұхаммед-Ғали жымия түсті. Оның тап сол минутта не ойлағанын өзі біледі. Ал, біз: анау қиығы жоқ, төбесі ашық, бұрыштары жапырайған қораш үйлердің жыл өтпей түрі де, түсі де өзгерер-ақ. Жерсіз келген жетім феллах қолына тиген бір-екі феддан егісіне көл-көсір суды мотормен ытқытар да. Сөйтіп, артта қалған Кена аймағына Омардың шәкірттері Асуан күшімен жарығын жарқыратар-ақ деп ойладық. Бұл Ніл бойында жанған Ильич шамы ғой!
1970 ж.
ҰСТАЗ
Өзгелерден өңі бөлек екеу көше бойымен жоғары өрлеп келе жатты. Бірі — ақ сары, ата жасты адам. Екіншісі — бала. Бала да аппақ, ақ сары және өзі таразы бойшаң боларлық. Бұл баланың немере екені «мен мұндалап-ақ» тұр. Бала біткеннің әдеті емес пе — ол ақ сары кісіден әлденені сұрап қойып, өзі аяғымен тас теуіп келеді. Аяқ астында тас дейтін тас та жоқ, Алматының жалтыраған асфальтті көшесінде де, адам жүрер тротуарында да нағыз тас қайдан жатсын, бір әлдеқалай кездескен кесек тәрізді нәрсе ме қалай? Балаға жауап беріп келе жатқан адам жүзін жоғары көтеріп алып, таңырқағандай бірі биік, бірі аласа үйлерге кезек-кезек көз жіберді де сонсоң жылдар бойы дөңгейлетпей, үй біткеннің төбесінен қарап келген бойлауық ақ теректерге көз тоқтатып алып, көшенің екінші бетіндегі зәулім үйге, ол үйдің жарқыраған әйнекті етегіне түрлі жиһазбен безелген әйнектен арғы дүниеге қарағандай болды. Бұл көрініс «не ойлап, не сөйлесіп келе жатыр екен?» дейтін еріксіз ойға тіреді... Жақындаған сайын ата мен баланың әңгімесі анықтала түсті: баланың сылдыраған сөзі құлаққа айқын жетті.
— Аташка, біздің үйден терек биік, ана жаңа үй теректен де биік,— дейді бала.
— Иә,— дейді «аташкасы»,— растағандай.
— Келесі салынған үйлер мұнан да биік болады. Ал, ағаштар онан да аласа болып қалады...
Атасы тоқтап қалды, мені көріп езу тартты.
Сәлемдескеннен кейін:
— Сакештің мектебі шақырып, оқушыларға Лениншіл Жастар Одағының қалай құрылғанын әңгімелеп бердім,— деді ол, қайдан келе жатқанын баяндап.
Бұл адам белгілі қарт большевик және ғалым ұстаз Хамит Дәулетұлы Чурин еді. Ал, қасындағы бала — биыл мектепке барған жеті жастағы Сәкен дейтін оның немересі болатын.
— Әңгімеңізді мынау да тыңдады ма!— деп мен де езу тарттым, бала жөнінде не дер екен деп.
— Тыңдайды. Жиналысқа барамын десем болды: «Мен де барамын», — деп киіне бастайды. Әнеугүні жұмысшылармен кездескенде де бірге болды. Балаларға: «Менің Атам Ленин бабайды көрген»,— дейтін көрінеді.
— Айтар, айтар. Биік пен аласаны, көне мен жаңаны салыстырып келе жатқанын естідім.
«Менің атам Ленинді көрген»... Атасы бір емес бірнеше рет көрген ғой... Ойыма Хамит Дәулетұлының мұнан көп жыл бұрын жолдасына Ленинді көргенін әңгімелеп бергені түсіп кетті... «...Жұрттың көсемді ішінен тынып күткені, ал сахнаға шыға келгенде бүтін залдың ду қол ұрғаны, көз құйрығы күлімдей түсіп болды» дегендей сұқ қолын шошайта қалып төмен сілтеп, қобалжыған жұртты кілт тоқтата қойғаны ауызбен айтып жеткізерлік зат емес,— деп суреттейді жолдасына.— Ал, aп дегенде сондайлық жатық бастап, бірден-екі үнін де, сөзін де өрлете бергенін, шегелеп тастағандай әрі дәлелді, әрі мағыналы сөз жүйесімен жұртты селт еткізбей уысына сыйғызып алғанын сипаттап болмайды да. Ең кемі екі сағат сөйлеген шығар. Бірақ сол екі сағат баяндаманы жұрт екі минутта бітіргендей сезді-ау деймін... ...Бірінші рет дүниеге келген, бірінші жұмыскер мемлекетінің бұл бірінші жұмыс есебі еді ғой. Оған наразы адам — қарсы адам жоқ болғандықтан емес. Көсемнің болат сөзінің дәлелі ғой тыпыр еткізбеген. Әйтпесе ол залдың ішінде қарсы тараптың қарыспа адамдарынан өзге тәртіпке көнбейтін талай тентектер де отырды. Соның біреуі бір дыбыс шығара алған жоқ. Ол кез жон арқадан Юденич, оңтүстіктен Деникин, Сибирьден Колчак бас салып, аяғынан қаз-қаз тұра бастаған жас мемлекетті жоқ етуге тұс-тұстан оқ жаудырып жатқан кез ғой... ...Осындай шақта тап сол жиналыста кәдімгі меньшевиктердің, солшыл эсерлердің, Бунд партиясының, олардан басқа да анархистердің қалдықтары да отырыпты. Бұлар көсемнің баяндамасы бітісімен іштегі наразы ойын ақтара бастады. Әсіресе, Бундтың өкілі Фрумкина дейтін әйел көсемге бірден бас салды. Өзі де қара жыландай адам екен. Әрі жас, әрі көркем және сөзінен жалын шарпып тұрған бір бәле. Мұндай сөзден боран боратқыш сөйлегішті көрген емен...
— Ие, не айтты?
«...Совет өкіметі тек ЧК-аның күшімен тұр. Ленин сөз еркіндігі дегенді білмейді. Өзіне қарсы шыққан адамды тұтқындатып жатыр,— деп соқты қара жылан әйел». Ал, көсем оған: «Сөз еркіндігі жоқ дейсіз бе? Жоқ болса сіз қалай сөйлеп тұрсыз? Өзіңізді-өзіңіз шапалақпен жаққа тартып жіберумен бірдей ғой. Осыған да мен кінәлімін бе?» — деп күледі.
— Қатырған екен!— дейді тыңдап отырған жолдасы.
— Мартов та соны айтты. Бірақ ол Фрумкинадан гөрі сыпайырақ тілмен айтты. Міне, сондай кезеңде — қиын-қыстау шақтарда да Ленин бұқарашылдық дәстүрге шаң тигізген жоқ. Бір шоғыр ғана қарсы тарап емес, оның әділ жолын бар халық тегіс қолдайтынына оның көзі күні бұрын жеткен еді...
— ...Рақмет Хамит Дәулетұлы!— деді жолдасы...
Ленинді көргенін айтып беру — Ленин идеяларын үзбей насихаттаудың келісті түрі ғой. Хамит Дәулетұлының ұзақ өмірінің негізгі өзегі осы игі іспен өріліп жатқан сияқты. Ол бірінші Қазақ Атты полкының жас солдаты болып кіргеннен бастап саяси жұмысқа араласқан. Совет өкіметінің жұмысшы мен еңбекші шаруа өкіметі екенін сөзімен де, қаруымен де қорғауға үгітші! Төменгі партия — совет қызметінен Уездік партия комитетінің бірінші секретары, облыстық партия комитетінің жауапты қызметкері болып істеген шақтарда да сол үлкен идеяның жемісін көптің қолына ұстату — оның басты насихаты болды. Соңғы жиырма бес-отыз жылдың ішінде үзбей уағыздап келе жатқаны да сол жаңа ғылымның — өмірді Ленинше көркейтудің озат әдістерімен байланысты. Ол қазір ауыл шаруашылық институтының өндірісті ұйымдастыру және жоспарлау кафедрасын басқарушы ұстаз. Хамит Дәулетұлының шәкірттері қазір Қазақстанның барлық түкпір-түкпірінде толы. Олардың басым көпшілігі совхоздар мен колхоздардың білімді командирлері. Ал, кейбіреулері республиканың басшы қызметінде болса, облыстық партия комитетін басқарып жүргендер де бар...
Баланың берген сұрағына оралып:
— Мына Сәкешіңіз атасына сұрақ бере бастады деңіз!— деп қалдым.
— Иә. Қиын-қиын сұрақтар да береді. Бұлардың заманы біздің жас кезімімізден көп ілгері кетті ғой.
— Бұрын ағаштар биік еді, қазір ағаштан үйлер неге биік деп сұрай ма?
— Мұның сұрап келе жатқаны онан да әрі: келесі салынған үйлер онан да биік бола ма?— дейді...
Құлағын тосып келе жатқан бала:
— Таудан да биік үйлер сала ма?— деді.
Атасы күліп:
— Үйлер де биік болады. Өзіміз де биіктеп, биікке шыға береміз, Сәкеш. Самолетті көрдің ғой? Енді самолеттен де жоғары ұшатын космонавтар бар. Олардың корабльдері айға қонатын болды.
Бала тынып қалды. Маған: «Осы сары бала айдан да жоғары ұшамыз ба деп сұрамағай!»— деген ой келді... Жеті жастағы Сәкен жоғары дәрежелі мектептің табалдырығын аттағанда Хамит Дәулетұлы 80-ге келеді екен. Сонда:
— Аташкам да биіктеп барады!— дер-ақ Сәкеші.
1970 ж.
КӨЗДЕЙ КӨРІНІСТЕР
АРҚА ЕЛІ
Саяхат! Әсіресе, көне тарихты елдерге саяхат жасау — жерін көру, елін көру, түйе мойнақ иір ғасырлардың ізін енді кітаптан емес, өз көзіңмен шолып өту ғой. Сағат күндізгі 1-де атақты Бискайя құйылысынан да өттік. Аман өттік. Кәдімгі теңіздегі тар көпірден өткендей. «Иә, тоба!»—дегізетін тентек құйылыс! Үстінде сұрапыл дауыл соқпай қалмайтын, аптасында, айында кеме жұтпай тұрмайтын ежелгі түпсіз тартпа!.. «Эстония» кемесі (теплоход) үлкен судың төсінде ырғалып-теңселіп, ұсақ толқыннан кейде көрініп қалып, кейде оның тасасына түсіп кететін ақ шағала сияқты жылжиды, үстіндегі бізге кемеміз ірі көрінгенмен, бес тәулік бойы алыстағы Франция жағалауын жасырып келген мұхит қойнында көлденең көзге шағаладай-ақ шығар. Атақты Гавр портына 1961 жылдың 5 майында келіп түстік. Парижге дейін 220 километр жер, бұл жерді енді машинамен қысқартпақпыз. Жол Сена өзенінің бойымен жағалайды. Кәдімгі Арқа елі — Нормандия (Норд — арқа, ман — адам). Бір кезде жауынгер Вильгельм Англияны осы жермен келіп жаулап алған. Көне заманда, XІІІ ғасырдың басында салынған қала Гавр. Кейінірек Людовик он төртінші жаңартып, іргесін молайтқан теңіз жағасындағы сауда-саттық жүргізетін ірі порт. Ескі нормандар... Бұл да кәдімгі батырлық кездің — орта ғасырдың Гомері атанған Вальтер Скоттың көп жырлаған жауынгер нәсілдері, ер жүректі рыцарьлар шыққан тұқым. «Арыстан жүректі Ричард жортқан өлке осы екен ғой» деген ойлар оралады басыңа.
— Қаланың жүз сексен мың халқы бар, жиырма мың тонна товар тиеп жан-жаққа жөнелтіп отырады, кәсіпорындарынан мұнай тазартатын заводтары бар. Ал, көбінесе бұл өлкенің байлығы ауыл шаруашылығына байланысты, өйткені сүтті сиыр осы норман сиыры, норман сиырының сүтінен 440 түрлі ірімшік жасалады, бұл ірімшік Европа елдеріне шығарылады. Оның үстіне бұл өлкенің табиғаты мен ауа райы әдемі, қыстыгүні екі-үш рет қана қар көреміз, күннің суықтығы 3-4 градустан аспайды, алмасы көп, жемісі мол, алма шарабын жасайды. Овощ пен жеміс жыл бойы үзілмейді...— деп Владимир Яковлевич Резников деген гид қала мен Нормандияның байлығын тізіп жатыр.
Францияға барған саяхатшыны қарсылайтын білгіштердің көбі-ақ орыс екен. Парижді де орыс гиді аралатты және бәрі де көпті көрген, бірнеше тіл білетін адамдар екені байқалады. Сірә, революция тұсында ығысып кетіп, кейін тұрақтап қалып қойған жандар болуы мүмкін. Жер өңі гид айтқандай: кең алқапты Сена өзенінің бойы орманды, көк-жасыл құйқалы көрінеді. Қала мен қаланың аралығы біздің Ресей сияқты деревняға толы емес, жүйемен салынған ұсақ-ұсақ қыстақтар. Солардың төңірегі атыз-атызға бөлген қоршау-қоршау жер, ол жерлердің бірінде жоңышқа, бірінде тағы басқа екпелі шөп, ал кейбір табиғи еркек шөп бидайық тектес өсімдік өсетін жерлер. Осылардың ішінде еркін жайылып жүрген жалғыз-жалғыз сиыр. Сиырдың түсі өңкей қоңыр-қызыл, сүйегі ірі емес, орташа қазақы сиырдай-ақ, сырт қарауға әдемі ақ жағал, ал көздері қап-қара, тік кірпік, әрі ор және келте тұмсық. Былайша айтқанда бесенеден белгілі, норман сиырын бір көрген адам өмірі жаңылар емес. Сірә, өзгерте-өзгерте келіп тапқан құнды қараның сырт пішіні де елінің көзіне жылы түр тапқан ба, қалай!
— Руан тарихи астана! Ескі готика ту тіккен жер. Әлемге әйгілі Францияның әулие қызы Жанна Д'Арктың қабыры осында. Бұл Корнель мен Флобердің қаласы. Мынау солардың ескерткіші, ал анау готиканың жалындап тұратын көзге тартымды түрімен салынған әулие қыз Жанна Д'Арк соборы, мынау Жанна Д'Аркты жаққан Изер бульвары деп гид аттамайтын ақ тұсау тастағандай, сызықпен ғана белгілеген алаңдағы болмашы ойпатты көрсетті.
Француз халқы — ұлттың даңқын молайтқан ұлы мен қызының басына белгі қоя білген халық! Орта ғасырдың зұлым шіркеуі, билеуші топас көсемдері мен әзәзіл дұшпандарының тіліне еріп ұлт бостандығын, ұлт туын қолына ұстап, әскер басқарған өжет қызын жағып жібергені хақ. Бірақ оны халқы әулие деп атап, осы күнге дейін оның суретіне бас иетіні де хақ. Өйткені, ұлт мүддесі, Отан мүддесі бәрінен жоғары сезім. Ұлтын сүймесе болашағын сүйе алар ма! Басқалармен қол ұстасып адам баласын қошеметтеу дәрежесіне көтеріле алар ма! Ал, Отан соның ең биік мағынасы ғой! Европаның көп қалалары сияқты, Руан да ескі готикамен салынған, соборлары, ғасырлар бойы сақталып келген ескі үйлерімен қатар жаңа архитектура жеңіп келе жатқан қала екен. Оның өткені мен кеткенін, бүгінгісі мен ертеңін тізіп жазуға мүмкін де емес. Париж қаласына жеткенше, сол Нормандияның кейбір естен кетпейтін уақиғалары көзге елестеп кетеді. Әсіресе, ағылшын жазушысы Вольтер Скотт суреттеген нормандар мен орта ғасыры — оның ең бір нар өркеші батырлық пен азаматтықты дәріптейтін «Арыстан жүрек Ричард». Ерлік пен азаматтың әр заманда да алға ұстайтын қасиет қой. Ал, оған данышпандық қосылса! Жазушының ұлт шеңберінде қалмай, адамдық шеңберге көтерілуі де сол шығармада айқын елестейді. Ричард қаншама батыр, қаншама күш иесі, қаншама заманы бұйырған тілекке ұмтылса да оның жауы да өзіндей екенін Скотт көре білген данышпан жазушы. Дүлей ниетті арыстан жүрекке ақылды ер Салахеддин (Саладин) бөгет болуы жауынгершілік пен жаулап алушылыққа қойылған тосқауыл. Бұл қай заманда да өлмейтін тосқауыл, қай заманда да бір ел мәдениетін басқа елдің жұтып салуына бөгет барын ойлатумен келеді. Сол Скоттың данышпан қаламынан туған ерлер образының бірі — Анделис бекінісінде (замок) қалған Ричард бейнесі еді. Француз королі ескі кекпен жолда тұтқындап, арабиядан салығып қайтқан Арыстан жүрек сол бекіністе қаза тауып, мәңгі ұйықтап жатыр! Бірақ жазушының құдіреті оны мәңгі өлмейтін қызық жырдың ерекше тұлғасына айналдырып жіберді. Келмеске кеткен бір жиһанның ғасырлар үстінен қол созып тұрған биік мұнарасы етті. Нормандияда, Францияның басқа жерлерінде осындай белгілер бар, оны көзбен көру — тарихты көзбен көріп, қолмен ұстағанмен бірдей.
ПАРИЖГЕ КІРГЕНДЕ...
«Орта ғасырларда жырлаған жазушылар аз емес, бірақ ағылшын жазушысы Вальтер Скоттен (дәлірек айтсақ, Шотландияда туып өскен) артық жырлаған ешкім жоқ. Солай емес пе?»—деген сұрау келеді ойға.— Қалай болғанда да мың жылға созылған батыстағы бектер дәуірін өлмес етіп суреттеген Скоттың теңдесі жоқ. Оның өзін кейде он тоғызыншы ғасырдың басында өмір сүрді дерлік емес, сонау өзінен алты-жеті ғасыр бұрын өткен адамдар мен олардың өмірін көзімен көріп, бірге жасасып жүргендей бейнелеу — шын суреткерлік емес пе! Кейбір сыншылар «бүгінгіні жырла», «өткеннен бүгінгіні артық санаймын», «бүгінгіні жырламай өткенді қалқан етіп отыру қылмыс» деп қақсағанша, «өткенді бүгінгіге сабақ ете біл» деп те үйретсейші! Бұл да шолақ сынның бір қауызға ғана сыйып тұрғанын дәлелдейді-ақ. Ілгері де, кейін де, оңға да, солға да кетпенің кебі! Бірақ көркем ой өмірі тар қалыпқа сыйып көрген жоқ, ол адам баласының тынымсыз ізденуіндей шалқар, тынбай аққан ағыс, кең ағыс... Ал, тарихи тақырып ой алыптарының теңдессіз тұлғасына лайық шығарма туғызған тақырып. Бірақ өз заманының биігіне көз тіктірген, өз заманының арманына қол создырған тақырып. Шекспирдің де, Скоттың да, Пушкин мен Толстойдың да («Петр Первыйдың арабы о, «Борис Годунов», «Соғыс пен бейбітшілік», тағы басқалары) өткенді көз алдыңа елестетіні сол үшін ғой. Осыны көріңкіреу...» деген ойлар Парижге кіргенде де, кірген соң да қалмай қойды... Лувр. «Париждегі бас саяхаттың бірі Лувр музейі. Мұнда саяхатшылар адам баласының тарихындағы ең шебеp жасалған көркемөнер үлгісін көреді: Милос Венерасы сонда сақтаулы, Само-Фракийская Ника да сол музейдің төрінде, Леонардо да Винчи, Рафаэль, Рубенс, Караваджио және француз мектебінен шыққан асқан шеберлердің ең көрікті шығармалары сол Луврдың тарихи көріктілігін арттырып тұрған мұра,— деп хабарлады гид.— Ертең ертемен сонда барамыз. Алдымен, әрине, коммунарлар бейітіне бас иіп, Петр Лашез зиратына тоқтаймыз».
Бұл 1961 жылдың 6 май күні еді.
Лувр, Москва Кремлі тәрізді, бір кезде жауынгер нормандықтардан бекініс ретінде қорғанды сарай салынған (1200—1547 жылдарға дейін ұлғаюмен болған), көбінесе корольдер өз тұсын өзгертумен келген пайтахт орны Людовик он төртінші ескі Римге еліктеп Луврды мраморлы зәулім тіректермен (колоннада) аруақты етіп биіктеткен. Мұны, көбінесе Италия шеберлері жасаған екен. Ескі готикадан құтқарған да сол Италия шеберлepі. Готика демекші... о дүниенің ой жетпестей құдіретін көзге елестетіп, екі иықтан жаншып тастарлықтай, Зәулім ауыр, өлгенше нық соншама көп суреттерді үйіп-төгіп, жер дүниенің бәрі тек қана ғибадат ететін, үйдің үстіне телміріп тұрғандай ету үшін тапқан архитектура ғой готика дегеніңіз. Сондай ауыр пішінмен салған храмдардың іші де қара көлеңке, өйткені жарық түсетін саңылау жоқ, бәрі қабақ түйіп тұрғандай таспен бүркеулі, терезе-есік саңылауы аз, шытырман суретті шөлмектермен безелген. Қара көлеңке залдардағы күмбірлеген дыбыс шіркеудің сыртқы сазарған пішінімен үндескендей үрейлі сезім туғызарлық. Не заман «тәңірінің құдіретін» тек қана осындай «мәсжиделхарам» арқылы уағыздап ойды да, сананы да жаншып, адамның ілгерілеу жолын бөгеген орта ғасырдың ауыр зілінен босану оңайға да соқпаған еді. Бірақ адам қараңғыдан жарыққа, ауырдан жеңілге, таршылықтан кеңшілікке ұмтылумен ғана адам ғой. Сол тіршіліктің итермелеуімен ілгері жылжыған адам бірте-бірте орта ғасырдың тас тұншықтырған ауыр дінінен, оның зілдей шіркеуінен, оның бойды мезі қылған қаңғырынан, ұзын киімі мен қараңғы бұрышынан кеңге шыға бастайды. Жер тану, ел тану — алысқа аяқ басу туады. Алдымен географиялық жағдайы жеңіл Флоренцияда өзгеріс пайда болады. Көркем ой алыбы Данте туады. Марко Поло сияқты атақты жиһанкездер шығады. Ел мен ел сауда-саттық ісіне ендеп кіріседі, өзгеден үлгі алу, басқаның игі ісін пайдалану басталады. Үй салу өнері ілгерілейді, бұрынғы ауыр, қамал сияқты қапас замок, шіркеу кейіптес қалыптар ыңғайлы, жеңіл жарық, сұлу жайларға бет бұрады. Тұрмыстағы бұл жаңа өзгерістер рухани ілгерілеуге жол ашады. Суретте, өлеңде жаңа бағыт басталады — сонау өткен ескі грек тұрмысына, грек өнеріне еліктеу туады. Ой кеңіп, өнер шалқуға айналады. Ғылымда ірі жаңалық көрінеді, бұрынғы озық үй үшін отқа жағатын шіркеу заңы әлсірейді. Өмірдің бар саласында жаңару, өрлеу кезеңі дүниеге келеді. Мұны қайта туу — Возрождения деп атайды. Міне, осы өнер шалқуы, ескі грек шеберлерінен үйрену, оны дәріптеу заманы атақты Лувр музейінен, оның тіпті өз келбетінің өзгере беруінен анық байқалады. Сурет, сәулет өнерінің жаңа заманын дүниеге келтірген Леонардо да Винчидің, Рафаэльдің ескірмес мұрасы, көне грек өнерінің үлгілерімен қатар тұр. Лувр музейінде жалғыз ғана Италияның ұлы суретшілерінің әлемге үлгі болған еңбектері емес, Испанияның, Францияның және басқа Европа елдерінің атақты шеберлерінің өлмес мұралары орын алған. Мұра түрлі-түрлі. Көркем ой нақышы кейінгіге алдымен сөз арқылы (әдебиет шығармалары) жетсе, сурет, мүсін арқылы көзбен көріп, қолмен ұстайтын асыл бейнелер ерекше байлық қой. Әсіресе, Франция халқының ғылым мен білім, көркемөнер мен әдебиет, саясат пен заң және соғыс ісінде үздік орын алған қайраткерлеріне орнатқан ескерткіштері өзгелерді еліктіргендей. Соның ішінде Сен Жермен алаңындағы Бальзак ескерткіші, болмаса Пантеонда мәңгі ұйқыда жатқан Вальтер, Руссо, Золя, Гюго, Жан Жорес белгілері ұлт мақтанышын дәріптеудің ерекше түрі. Ал, биіктігі 47 метр Вандом колоннасы Аустерлице түбінде қолға түскен зеңбіректерден ғана ерітіп құйған мұнара. Оның төбесінде ескі Рим патшаларының торқасын (тога) жамылып тұрған Наполеон — дәріптеудің ең биігі болса керек.
Неге бұлай?
Бүгінгі тіршілікке рухани азық — халықтың бастан кешірген айбынды тарихы. Бұл тарих келешегіне де жол сілтете бермек. Виктор Гюгоның «Күлегеш адамы» мен «93-жыл» романдары болмаса ескі дәуірдің заманы өтіп, республиканың туу күресі көз алдыңа бұлдыр елестер еді. Ал, «Соғыс пен бейбітшілік» жазылмаса сол екі жиһан тартысының, мұжық Платон мен патша Александрға дейін әлемді тебіренткен ұлы дүркінді сезу де, білу де анағұрлым жарлы болары да даусыз ғой. Сонымен сансыз кітапханалары, жер жүзін таңдандырарлық музейлері (Версаль мен Лувр), Пантеоны, Эйфель мұнарасы, Вандом колоннасы; Наполеонның жеңіспен келгенде шеру тартып ақ арғымақпен көз алдында ат ойнатып өту үшін салдырған салтанат қақпасы (Триумфальная арка); қала ішін жарып өтетін бірінен-бірін әдемі етіп салған 33 көпірі бар Сена өзені сияқты өнер мұнарасы бар. Мариям Анасының соборы, Елисей алаңы, Опера бульвары, Мүгедектер үйі, атақты Сорбон университета, Шайо сарайы сияқты көркем жерлері мен үйлері бар француз астанасы — Париж әлемге белгілі мәдениет ошағы. Ол замандар бойы көруге, еліктеуге, саяхат жасауға ғана арналған қала болғаны мәлім. Өйткені, бұлар құр байлықтың ғана жемісі емес, адам ойының асқақтығын, өнердің ғажайып өрлегендігін, шеберліктің шексіздігін, көркем еңбектің аса зейнеттілігін көрсететін мұра. Алайда, жау жарағынан ерітіп құйдырған шойын мұнараның төбесінде ескі Рим патшаларындай әрі сұсты, әрі биікте тұрған жойқын қолбасшы алты әлемді тітіркенткені де мәлім. Жалғыз төңірегіндегі елдер емес, оның құдіреті сонау Мысыр елін өзіне қаратып, көне замандағы Ферғауындардың қалдырған небір айбынды мұнараларын сүйретіп әкеліп Париж көшесіне орнатқаны да бар. Жалғыз өнер мұрасын ғана емес, жеңілген елдердің дүние байлығы да жеңімпаздың қазынасын молайтқаны анық. Әсем алаңдардағы ақ мрамор мүсіндер, көркем көпірлер, көшедегі шүмектеп атып жатқан фонтандар, аспалы шам мен айналы магазиндер әлді мен әлсіздің қай дәрежеде келгеніне айғақ... Ескі Париждың осындай жағы да мол. Француз халқы — ұлы халық. Ол жалғыз ғана заманында құдіретін әлемге тегіс жайған Ұлы Карл мен Генрих, он төртінші Людовик пен Наполеон сияқты мемлекет басшылары мен жер күңіренткен қолбасшылар шығарып қана қойған жоқ, материалист философ Декартты, социализм идеясын үгіттеген Дени Дидро мен Жан Жак Руссоны, ескі бектер дәуірінің сыр-сипатын мінеген әдебиет алыптары — Мольер мен Вольтерді, Гюго мен Бальзакты тудырды. Пастер мен Кюри сынды ғалымдарды шығарды. Оның астанасы Париж де ұлы қала. Бұл қаланың ұлылығы екі мың жылдан астам жасында да, бес миллионнан астам халқының көптігінде де тұр. Алайда оның ұлы сипаты академиясы мен операсында, Сорбоннасы мен музейлерінде. Мұнан да ұлы бейне — бектер дәуірін құлатып берген 1789 жылғы ұлы революциясымен Бастилияны жоқ еткен әділдік көксеуінде, осының бәрінен де қымбаты шын бостандық, шын теңдікті орнату үшін Коммуна туын көтерген ерлігінде, екі жүз мың коммунарлары құрбан болса да болашаққа жол көрсеткен үздік қимылында. Солай, Париж ұлы қала! Ұлы қаланың түсініксіз жағы да мол. Алдымен тарихи дәстүрі таудай бұқарашыл елдің — сөз бостандығын, бас азаттығын, ой еркіндігін, билеу тәртібін өзгеше дәріптеп келген елдің үлкен Шарльдің1 тізгінді бір өзі ұстауына көнгені ғажап! Оның сайлау тәртібін бұзып, демократияшыл ұйымдарды бұрышқа тыққанына жол беруі ойландыратын жуастық. Бұл саясат мәселесі, әр елдің өз еркіндегі мәселе. Алайда көп билеген елдің, топ билеуіне бас июі... Жоқ, олай емес екен. Халықтың нағыз күшін, нағыз тазалығын, нағыз ұлылығын бір ұлы Париждің шет жағасынан көрдік.
СЕН-ДЕНИ
Америкада тұрқы ұзын, өзі жатаған, бедеу биедей құду бел, әдемі автомобильден аяқ алып жүргісіз, тіпті Нью-Йорктың басты авенюлерінде жылжудың өзі күш болса, Парижде машина одан да қалың ба деп қаласың. Әсіресе, қаланың ішіне кіре бергенде қаптап қарсы келе жатқан машина жол бермейді — қалың адамның ортасынан зорға жылжып сығылысып өткендей боласың — үлкен автобустар қаптаған қойдың арасындағы түйелер сияқты тіркесіп тұрып қалған.
— Басқа көшемен шықпай, жалғыз осы көшемен ағыла ма жұрт қала сыртына? Машина қандай көп,— дедім гидке есіттіріп.
Сөйлеуге ретін таппай шофермен французша тіл қағысып отырған гид сайрап жөнелді.
— Көше көп, көшеде машина да көп. Бір Париждің өзінде ғана жеңіл машина екі миллион деседі қазір, енді бірнеше жылдан кейін не болар! Ал, бүгін мына жұрттың түстен кейін қала сыртына шығып кететін шағы... Халықтың молшылығы дачада тұрады. Дача деген әрі ауасы таза, әрі у-шусыз демалатын жер емес пе! Әсіресе, біздің Париж сияқты халқы тығыз, техникасы мол жерде қала сырты өзгеше құнды. Оның үстіне май айы жердің құлпырып, ауаның мөлдіреп, адамға ерекше шаттық ендіретін ғажап кезі ғой.
— Чиновниктер ме дачада тұратындар?
— Жоқ, жалғыз чиновниктер ғана емес, қаланың барлық тұрғындары да: банкирі мен министрлері, ғалымдары мен адвокаттары, өндіріс қожалары мен инженерлері, актерлер мен жазушылары, дүкен иелері мен фабрика басқарушы администраторлары. Қайсысын санауға болады, кімнің машинасы болса, қырда дачасы болса, сол шығады.
— Жұмысшы халықтың дачасы болмаса?..
Гид тоқтап қалды да, бұған да жауап тапты.
— Рено заводында істейтіндердің көбінің дачасы да, машинасы да бар шығар...
— Онда істейтін жұмысшылар байып кетті ме?
— Қалай деуге болады. Баю деген қиын емес қой — пайда мол болса, оның үлесі де мол. Мысалы, Реноның 50 мың жұмыс істейтін азаматтары түскен пайданы тегіс үлеседі, заводтарын өздерінің сайлаған дирекциясы басқарады. Үкіметтің көзі ондағы жалғыз ғана комиссары, ол комиссардың басты міндеті үкімет қалтасына түсетін салық жүйесін бақылау.
— Реноның өзі қайда?
— Ымм, сіздер естімеген екенсіз. Рено герман нацистеріне жәрдемдесіп, кейін Францияны босатқанда қашып кетті де, оның бар мүлкін, бар заводын мемлекеттікі етті. Ал, мемлекеттік заводта істейтін барлық жұмыскерлер өндірісті өз қолына алып, өзі басқарып, өзі пайдасын тең бөлісіп отыр. Басқарып жүрген инженер-техниктердің жалақысы машинаға да, дачаға да жетер. Тіпті кім білсін, барлық жұмысшы біткеннің бәрі де түбі миллионер болып кетпеске кімнің көзі жеткен.
Бұл жаңалықты бұрын ести қоймаған біздің жігіттер таңырқағандай болды да, әңгіменің басқа мәселеге ауысқанын мақұлдады білем, гидтен қаланың көзге түсетін үйлерін, шіркеулері мен сарайларын, театр, кино орындарының жайын сұрап кетті. Гидтың сөзі шын екен. Рено заводтарының мемлекеттік болғаны да рас, ондағы істейтін жұмысшылардың пайдаға ортақ екені де шындық көрінеді. Бірақ бұл барлық жұмысшыға керекті нағыз социализм емес, өйткені Рено заводына миллиондаған жұмысшы табының кішкене бөлшегі ғана қожа, оның үстіне жаппай миллионер болып кете қоюға көп жағдай керек екені белгілі. Бұл оқиға ағылшынның тред'юнион басшыларының «аристократ жұмысшылар шығару» саясаты тәрізді, болмаса Американың Форды сияқты өз алдына, өзінше, кредит арқылы жұмысшыларына «тегіс ауқатты тұрмыс жасау» әрекетіндей болса керек. Мемлекеттік капитализмге көшу батыстың қай жерінде де төбе көрсетіп келе жатқан ағым. Мұның қанауды жоймайтыны, халық игілігі үшін байлық арттырмайтыны да шындық. Гид бір кезде Париж қаласының батыс елдері астанасына ұқсамайтынын, өзіндік өзгешелігі басым екенін айтып кетті. Гидтың айтуынша да, көзге көрініп тұрған сырт өзгешеліктің бірі: Париж халқының киімі. Киімнің сәнді түрі алдымен француздардың астанасынан шығатыны мәлім. Шолақ пальто, тар шалбар, қытып тіккен бешпет, дөңгелек қалпақ және әйел көйлегінің, шашты сәндеп жасаған (прическаның) алуан түрі басқаларға сол жерден тараса керек. Өйткені, жылына жеті миллион саяхатшы келіп кететін көрінеді. Бір ғана Версаль қаласына батыс елдерінен жылына үш мың қыз бен жігіт келіп некелесіп, жас жұбайлар бірінші апталарын саяхатта өткізеді екен. Осылар Париж модасын таратушылар шығар-ақ. Ал, Версаль сол Париждің жанында. Заманында корольдердің жаз сайрандайтын жері болған, бір кезде орманы қалың, қабаны мен киігі мол аң аулайтын орны екен. Қазір музей қала. Өзгешелік жалғыз сырт көріністен көрініп тұрса оны көру де, ұғу да оңай болар еді. Әңгіме халықтың ішкі рухани өзгешелігінде, рухани жаңаруында ғой. Әсіресе, тарихта ұлы өзгерістерге бас болып келе жатқан (ұлы француз революциясы, әлеуметтік теңдік жолында жаңа бағыт сілтеген Париж коммунасы сияқты ірі өзгерістер) француз халқының бүгінгі ілгерілеу жолын ұғу да қажет нәрсе еді. Гид айтқан: еңбекқұмар Париж, сайрандағыш Париж, ғибадатшыл Париждің түп-тұтқасы неде? Пластикалық бомбамен саяси басшыларды, саяси мекемелерді төңкеріп жататын кері кеткендер үстем бе? Әлде халық мүддесін қорғап, еңбек иесінің тең праволы өмір үшін жан беретін ерлер идеялы жетекші күштердің бірі ме?! Бұл Францияның тарихи дәстүрі десе боларлық ілгері жылжудың басты арнасы емес пе?! Әрине, мұндай сұрауларға сол француз өмірінің өзі жауап беретіні анық.
— Бір өзгешелігі астананың «қызыл белдеуі». Бұл да басқа елдердің астанасында жоқ. Үлкен Парижді қоршаған жиырмадан астам аудан — қаланың мэрлері (қаланың советтері) басқа-басқа болғандықтан өзіне-өзі қожа, өйткені демократия жолымен сайланып, демократия жолымен билейді. Оның үстіне сол аудан, қалалардың басым көпшілігін коммунистер және солшыл социалистер басқарады. Тұрғындары да нағыз еңбек ететін жұмысшы халық. «Қызыл белдеу» атанатыны да содан. Міне, осының бірі Сен-Дени. Сол Сен-Дениге барамыз дейді гид Резников.— Әңгіме демократияда. Американдықтар сияқты біздің ел тағы емес, түсі қара, болмаса сары деп ешкімді қудаламайды. Парижде кім жоқ: испандар да (көбі эмигрант), арабтар да осында, еврейлер тіпті көп. Жиырма мыңдай татарлар да бар. Ал, итальяндар француздарша араласып кеткен. Олардың жұмысшылары жаз кәсіп етіп ақша табуға келеді. Құрылысқа, жөндеу жұмысына аса маман. Әсіресе, біздің ана Эйфель мұнарасын жеті жылда бір сырлап беріп кететін сол итальяндықтар. Өнерлі ел, оның үстіне өңкей биікте жұмыс істеуге шебер келеді.
Гид шынында французданып кеткен орыс. Ресейден жас күнінде кетіп, Францияда университет бітірген адам екен. Жасы өзіміз шамалас. Білімі мол екені көрініп тұр. Тарихтан, көркемөнерден, әсіресе архитектураның жайынан терең-терең пікірлер айтады. Көп мағлұматтар береді. Орыс тілі ана тілі, бірақ француз тілі сол ана тілінен кем еместігі көрініп тұр. Бір кезде оқып үйреніп, ғылыми жұмысқа керекті материалдарды ежіктеп түсініп, жаттығып қалған француз тілі құлаққа аса жылы тие береді. Гид шофермен сөйлесе кеткенде сөздерінің денін ұғып қалуға талпынасың, өзің де кейде сөйлем құрастырып, келте-келте тіл қайырасың. Әдемі тіл ғой — үні де мұқамы да өзгеше, әрі жатық, әрі нәзік... Біздің бірінші Алматы сияқты, үлкен қаланың өзімен тұтасып жатқан Сен-Дени айтса айтқандай. Париждің көп қырының бір жағы сияқты. Үйлері аса биік емес, үш-төрт қатарлы. Шет жағында тіпті ап-аласа келген барақ тәрізді үйлер мен көруге жұпыны лашықтар да бар. Ал, үйлері аласа болғаннан кейін көшелері кең көрінеді — алаңдары жалпақ, көгерісі мол, болғанынша таза екен. Бәрінен де құндысы: ірі үйлі, қыбыры мол, шуылы күшті астананың тығырық орталығынан Сен-Дениге келгенде кең дүниеге шыққандай еркінірек тыныс ала бастадық. Орталықтағы біз түскен қонақ үйге барғанда тар көшесінен машина зорға бұрылып, зорға сығылысып өтуші еді, ал мұнда дарқан кеңшілікке еніп кеттік. Ауасы да жеп-жеңіл көрінді. Осы сыртқы пішініне лайық тұрғын халқының мінезі де, жүрісі де салихалы, өмір бабымен жүріп, арнасына асықпай ағылып жатқан тәрізді. Қала ортасындағыдай сәнді киім, асығыс жүріс, сауық-сайран иелері де байқалмайды. Жас баласын жетектеп көшенің гүл-бақшалы жерінде тыныстаған әйелдерден өзге жан аз. Етегі жер сыпырған қара көйлек, қара камзол және оның үстіне қара жібектен кимешек киіп топ-топ болып жүретін құба өңді манашкалар да жоқ. Көше-көшенің бұрышында, қонақ үйлер төңірегінде, шекесінен қарап, ұйтқымалы көз тастайтын жеңіл мінезді әйелдердің қарасы да көрінбейді. Шулаған газетшілер, сапырылысқан саудагерлер де бұл жерде сирек кездесетін сияқты. Мұнда тек қана қоп-қоңыр еңбек иесі тұратыны бірден көзге шалынды. Еменнің бұтағындай бір бүйір өсіп, сан ғасыр бойы Парижбен бой теңестіре алмай келе жатқан Сен-Дени о заманнан еңбек ұясы екен. Мұнда диірмен құралын жасайтын шеберлер мол болған, бері келе бояу шығаруды үйреніп, нан кәсібімен бірге мата тоқу ісін меңгерген, XVІІІ ғасырда мануфактура фабрикалары молайып, күрделі жұмысшы қаласына айналған. Бұл Францияның буржуазиялық ұлы революциясы кезінде сыртқы интервенттер мен ішкі ақ сүйектерге төтеп берген, бір ауызды, берік пролетариат ұйтқысы бар қала. Монархияны құлатып республика құраған да, халық трибуны Маратқа арқа сүйеу болған да осы Сен-Дени. 1870 жылы Пруссия басқыншыларына тойтарыс берген күштердің бірі осы қаланың халқы екен, өйткені Пруссия билеушілерімен мәмілеге келіп, сыртқы жаумен алысудың орнына ұлт мүддесін жау қолына берген генерал Тьерге қарсы көтерілген халық қозғалысында Сен-Дени азаматтары алдыңғы сапта болған. Келесі жылы марттың 18-інде пролетариат туын көтеріп шыққан 200 мың еңбекшінің бір бөлегі сенденилік және сол Тьер қолынан тегіс қаза тапқан екі жүз мың коммунардың көбі осы қаладан шыққан ерлер екен... Сен-Денидің осы күнгі даңқы да отан сүйгіш дәстүрі мен революциялық қимылында көрінеді. Париждің орталығында жоқ нәрселердің көбі көзге түседі. Алдымен тапшыл бауырмалдығы байқалып тұр. Ол — мұнан 95 жыл бұрын қанды балақ Тьердің қолынан жырылып шыққан коммунар Эжен Потьеге баспана болыпты. Ол — Потьенің жасырынып жүріп жазған пролетариат гимні «Интернациональды» музыкаға түсірген композитор Пьер Жейтерге бас көшесіне ескерткіш орнатқан! Онда — ғазиз өмірін соғысқа қарсы үгітке арнап бейбітшілік үшін жан берген атақты шешен Жан-Жорестің мүсіні тұр.
Ол — орталық алаңын — Иосиф Сталин деп атапты!
Үлкен көшесінің аты Сталинград!
Ол — 177 жыл бұрын монархияның моласын қазған әйгілі Робеспьерге құлпытас қойған! Ең бастысы: бұл қаланың (ауданның) 1892 жылдан бергі мәрі социалист; ал 1921 жылдан — коммунист. Сен-Денидің үлкен Парижден өзгешелігі осындай тарихи дәстүрі мен демократияшыл ісінде екен. Корольдер, графтар, болмаса соларға бара-бар даңқты адамдардың сарайларындай айбынды, әшекейлі үйлер мен белгілі ратушаларда орналасқан басқа мэрдей емес, Сен-Дени мэрінің кеңсесі де қаласына ұқсас көрінді. Сүйкімді салынған қос қабатты қоңырқай үйдің бірі. Біз оның ішіне еніп, мраморлы басқыштарына аяғымызды сала бергенде жұқа өңді, бала қимылды, сыпайы ғана жылы жүзді, мұғалім оң жақ коридордан шыға келді де, бізді бастап әкелген гидпен сөйлесе берді. Дала бұлағындай сылдыры жұмсақ, нәзік мұқамды француз тіліне тағы да құлағымды тоса бердім. Екеуінің сөзін суыртпақтап талдап, оймен ежіктеп үлгергенше жұқа өңді адам:
— Здравствуйте, товарищи,— деді бізге қарап.
Адам атаулының бәріне тән бір ыстық сезім бар. Ол: бөтен елде жүргенде сол халықтың уәкілі сенің ана тіліңде сұхбаттасуы. Сенің еліңді, тіліңді, мәдениетіңді — жан сүйетін бар қасиетіңді көкке көтеріп дәреже тұтқандай боласың. Ол адамға сен ең кіршіксіз мейірбандығыңды ұсынасың. Міне, әлгі мұғалім тәрізді жұқа өңді, жылы жүзді адамның бізбен орысша сәлемдескені туысқандық, достық құшағын жайып жібергендей әсер етті. Оның шынында да жұп-жұмсақ лебізіне сай нұрлы көзінен жақындық сыр төгіліп тұрғандай болды. Оның екінші сөзі ана тілінде жорғалады да, мұны біздің ер келбетті, жуан дауысты гидіміз:
— Ардақты Гагариннің Отанынан келген құрметті қонақтарды құшақ жайып қарсы аламыз. Қош келдіңіздер, достар — деді деп аударды.
Әрі қызық, әрі түсініксіз, әрі ғажайып, әрі ерсі өмірлі, бірақ ұлы ел, бұл астана, ұлы мәдениеттің иесі француз халқының екі-үш күннен бергі біз көрген, біз білген, біз естіген, сынаған, талдаған, ішке түйген жайлары мен мінез-құлық көріністері бірден басқа арнаға көшкендей болды. Біз өз адамымыздың құшағына еніп, жатырқау сезімінен біржола сейіле түстік. Бұл кісі Сен-Дени қаласының мэрі Огюст Жилло дейтін адам екен. Бұл қалаға 1921 жылдан атақты Морис Торез басшылық еткен екен де, ал 1944 жылдан бері өзгеше іскер жан, кішіпейілді алғыр коммунист Огюст Жилло мэр болып сайланумен келген. Мэр бізді шағын мекемесінің, шағын-шағын бөлмелеріне жайып салған плакат пен ұрандар, диаграммалар мен суреттерді көрсетіп, қаласының сан алуан жаңалықтары және істеліп жатқан істерімен таныстырып кетті. Сен-Дениде алты миллион Париж халқының жүз мыңы тұратын көрінеді. Тегістей өндіріс орындарында істейтін жұмысшы халық. Жалпы ағарту жайлы, мектеп пен денсаулық сақтау орындарының жұмысы, құрылыс және пәтер салу ісі туралы мағлұмат берді. Коммунист Жиллоның айтуынша қаласы жан-жақты өркендеп келе жатқан, тұрмыс мәдениеті гүлдене бастаған, хал-ауқаты арта түскен, жұмыссыздық жоқ, еңбекақы жақсыланған аудан көрінді. Тіпті босанатын әйелдерді босану мехнатын сездірмейтін медицина табыстарына сүйенген, нәрестені әдемі тәрбиелеуге кіріскен жер көрінді...
— Мынау біздің шет жерден келген ардақты адамдарымызды, қадірлі қонақтарымызды жазатын тақтамыз,— деді мэр қабырғадағы алтын бояумен әдіптеп сырлаған тақтаны көрсетіп.
Мына бос орынға адам баласының арманын іске асырған бірінші космос пионері Юрий Гагаринді жазамыз. Қиялдан да ұшқыр ракетаға мініп, көк әлеміне бірінші рет саяхат жасаған біздің екінші номерлі құрметті азаматымызды қонаққа шақырып отырмыз. Егер біздің өркөкірек президент Шарль де Голь рұқсат жарлығын берсе, бір күнде легендаға айналып кеткен советтің бұл ардақты ұлын да көріп, көрісеміз. Біздің жай осы сияқты, ардақты достар. Енді мына бір бөлмеге кіріп бір стакан шарап-дәм татыңыз. Күні ертең ашылғалы жатқан француз Компартиясының XVІ съезіне дайындап, терін қызыл тумен бөлеп, қабырғасын ұрандармен әшекейлеп қойған ұзынша залдың ішіне кірдік. Қарапайым стол, қарапайым отырғыш, жайған дастарқан үстінде де жүзім суынан өзге шарап жоқ. Оның орнына салқын минерал сулары бар. Атақты Париждің бір бұрышында «қызыл белдеу» қаланың бірінде, қанау дүниесін жоғалтып, еркін еңбек заманын жуықтатуға күш салып жатқан коммунистердің ісі — көркемөнер мен әдебиетке ғана бейне боларлық сәулетті іс.
— Де Голь тұра тұрсын! Француз коммунистері бұл бір өзі билеуге айналған диктатордың ісін әшкерелеуден, оны халыққа түсіндіре беруден, тек қана жұмысшы табы шын демократия құратынына көз жеткізе беруден бір елі кері шегінбейді. Біздің ісіміз халықтық іс,— деді сөз арасында мэр.
Оны бізге аударып берген гид «Біздің демократиямыз осындай. Сөзге, үгітке, пікір айтуға тыйым салмаймыз» дегендей тамсана түседі. Бір айға жуық жер жүзін Совет — Космос — Гагарин деген сөздер жауып кетіп еді. Бұл үш сөз эфирге де, газет бетінде де тегіс толып болған. Ал, Гагариннің суреті салынбаған, ілінбеген жер де болмас. «Жарайсың, жігітім!» деген сөз аузымыздан түспей қойған кез-ді. Бүгін мына Жиллоның сөзінен кейін де «Жарайсың, досым!» деген сөз көмейге тіреле берді. Ол сөз аяғында:
— Европа мәдениетін фашизм өртінен құтқарған совет елі — біздің құтқарушымыз. СССР — адам баласына шамшырақ. Тегіс бақытқа жетектейтін шам-шырақ!— деді.
Оған жауап белгілі қазақ жазушысы Сәбит Мұқановтың сөзі болды.
— ...Көктен сұрағанын жердегі Октябрьден алған Қазақ республикасы бүгін ен байлыққа ие; Ғылым академиясына, білім бұлағы ондаған институт, университет және мыңдаған мектепке ие; Академиялық опера театры мен драм театрына ие; жүздеген газет, журналға, мыңдаған кітапханаға ие; миллиондап басылып жатқан кітапқа ие! Мына алдарымызда отырған Хадиша Мырзалиева, Камиля Өтегенова, Ақлима Бисенова, Раушан Сатпаева — профессорларымыз, Зуһра Шариповна — экономист, София Жақиевна — дәрігер, мәдениетіміздің сан алуан саласында жемісті жұмыс істеп жатқан көрнекті адамдарымыз. Бір кезде мешеу қалған елдің білімді, даңқты қыздары бұлар. Ал еркін өмірге бөленген қазақ еңбекшілері француздың философтары мен жазушыларын өз тілінде оқиды. Мольердің өлмейтін пьесаларын өз сахнасында көріп отыр. Біздің үздік әншіміз Әміре Қашаубаев Париждің биік сахнасынан қазақ үнін жиһанға паш етті. Ең талантты жазушымыз М. Әуезовтің «Абай» романы француз халқымен қазақ мәдениетінің құшақтасуы,— деді ол.
Мұнан кейін: «Франция тарихын біз жақсы білетін едік, ал, мына кездесуіміз біздің бұл жөніндегі білімімізді арттыра түсті; тамаша елдің тамаша жері мен ұлы халқын өз көзімізбен көріп, оның сөзін өз құлағымызбен естігеніміз — өлшеусіз бақыт болып есептеледі. Жиһанға Бальзак, Гюго, Золя, Роллан, Барбюс және Арагондай ұлы жазушылар берген ұлы халықпен байланысты өркендете беруге біз дайын. Осы туысқандық, достықтың белгісі үшін біздің мына «Ақ Жайық» деген еңбегімізді қабыл аларсыз деп сенеміз. 1961 жыл 8 май» деп кітап бетіне жазып, сыйладық. Мэрия мекемесінен шығып, Жиллоның бастауымен бірнеше үйлерге кіріп шықтық. Ол үйлер осы күнгі біздің ең тәуір салып жатқан үйлерге тең екен. Аққа тәуекел, өзіміз айтып кірген үйдің бірі малярдың пәтері, бірі электр технигінің пәтері болып шықты. Бұлар үш бөлмелі өте жақсы салынған үйлер. Ішкі жабдығы да әдемі, оның үстіне ауқатты — жалақысы мол адамдардың пәтерлеріндей: телевизоры, радиоқабылдағышы, тоңазытқышы, жұмсақ диван, әдемі стол, орындықтары және қымбат төсек ағаштар (жұмсақ кровать, айналы шкаф гарнитуры) мен сәнделген. Жиллоның айтуынша маман жұмысшылар жақсы табысты. Жұмыссыздық пен пәтер тапшылығы шеттен келген жүмысшылар арасында ғана кездеседі екен. Енді бір үйге кіріп келгенімізде жап-жас әдемі келіншек еңіреп қоя берді. Анадай жерде еденде жорғалап жүрген жас бала анасына қосыла бақырды. Біз де не болғанын білмей кірген бойда тұрып қалдық. Жас әйелді құшақтап жұбата, әлденені баяндап бес минут шамасы сөз сөйлеген қала мэрі бір кез бізге езу тартты. Аң-таң болған сұлу келіншек енді жүзіндегі жасын сүртуді де білмей, сасып сөйлеп жатыр. Бірақ оның дауысы қуаныш пен күйініштің тез алмасуына ұшыраған сықылық пен ентіккен үннің аралас бір өзгеше түрі... Бақсақ: Алжир мен Франция жанжалды соғысқа еніп кетіп, талай жас француздың қаны төгіліп жатады екен. Ал, соғысқа баратын жандардың басым көпшілігі Сен-Дени тәрізді жұмысшы халықтың ұлдары. Қаза тапқан жанның үйіне қара хабарды бұл елдің әдеті бойынша қала мәрінің өзі жеткізіп, өзі көңіл айтатын көрінеді. Күтпеген жерден бір топ адамды ертіп Жиллоның өзі кіріп келгенде, жас келіншек «соғыстағы ерімнің қара хабарын есіттіре келген екен» деп түсініп еңіреп қоя берген. «Мынау біздің достар. Совет елінің азаматтары. Сеніңіз, олда-білде жаман хабар әкелгенім жоқ. Үй-жайыңызды көреміз деген соң еріп келдім» деп сендірсе де, ол өксігін баса алмай, не қуануға, не көрмеген адамдармен амандасуға шамасы келмей сасқан... Соғыстың апаты осындай халдерге де айғақ етті. Бірақ бұл түбі игі трагедия еді.
— Көріп көріскенше сау болыңыз достар!— деді Жилло бізді машинамызға мінгізіп, қаладан шығарып салып. — Совет халқына бізден жалынды сәлем!
Ол мұны тағы да орысша айтты.
Адам тілмен айтып жеткізе алмайтын бұл ыстық лебіз бойды шымырлатып жіберді. Көп заманнан бері бірге жүрген, сан сырласқан, аса жақын дос кейінде қалып бара жатқандай болды.
— Хош бол, дос!— дестік, біз тұс-тұстан.
Үлкен Францияның жерінде түрлі адам кездеседі. Ал, бұл қарапайым жанның ішіндегі ұлы адам сияқты. Ол солай! Ісіне, сөзіне қарағанда, әсіресе терең, жан-жақты үлкен мәдениет ішінде тәрбиеленген адамның лебізі осыны дәлелдейді.
Мұндай жандар ол елде өте көп.
Аз уақыт ішінде, көбінесе сырттай қарап, бөлшектеп біліп, үздік-үздік естіп, Парижден терген көздей көріністеріміз осы сияқты. 1966 ж.
ЖЕР МЕН СУ СИПАТТАРЫ
КӨКТЕМ
1
Елуінші көктем...
Көктем өзгеше нұр құйып тұр. Жаратылыс нұры!
Дала гүл-шешек атып тұр. Салтанатына көз тояр емес!
Қырдың қоңыр белдері сағымға бөленген. Бейне бір адам арманындай алыстан бұлдырайды!
Жеті өзен Балхашқа жүгірген. Қыс бойғы сағынышы қойнына сыймағандай асығыс!
Шие ағаш ақ кіреуке жамылған. Сары тұмақты қара өріктің жас аруындай сәнді!
Алматының ақ теректері көкке қол соза түскен. Қол жетпес Алатау шоқысына еліктеп есі кеткендей!
Түйе боздап, қой қоздап, қора да шу.
Көбелек пен құстар да сайда ду-ду!..
Адам қиялы аспанға шапшиды. Батыр ұшқышы енді Айды алты айналып келгендей!
Ер жігіт сонау Арал-Сорды бұрғылап жатыр. Қол құдіреті тереңнен мұнай бұлағын атқызғандай! Май дарқаны. Май екпіні. Май салтанаты. Үшеуі жиылып Алты Әлемді алшысынан тұрғызғандай! Еркін елдің ерікті ұлы Қызыл Байрағын көтерген. Өнерімен өзгеге өнеге бергендей!
2
Кеше... «Азалы ақ көрпесін сілке тастап» қаһарлы қыстан азат болған жердей, өмірде азаптап шаттыққа аяқ басып келеді.
Талай көктем есте...
Жел екпек. Күн көзін әлдене бүркегендей. Жерге жылу жетпейді. Ілбиген малдың тірсегі майысып, мойны басын зорға көтеріп тұрғандай. Аң аз. Нан қат. Жүдеу шәкірттің мектебі де азынап тұр. Қиығы електің көзіндей, су ағары құлақ тұндырады. Терезе хаққа тағат етіп тұрғандай жұмулы. Шүберек тығынын тентек жел түйіп қалғанда бір қолтық шаң-топырақ жалбыр Әліппеңнің бетін көміп өтеді. Класс іші шым үйдегі жер еденнің аз-ақ алдында. Сонда да жүгіре басып ертеңгі қоңыраудан қалмай жетесің. Үйдегі түскі көжеге ілбіп басып әрең жармасасың. Бұл алыстағы ауылда өткізген бірінші, екінші, үшінші көктемдердің сиқы еді. Атақты Алматының өзі де жайдақ өмірлі, ың-жыңсыз тұрмыстың қойнында қалғып-мүлгіп келген-ді. Көп көшесінде қой түнеп, жылқы үйездеп, жайласып жатып сиыр күйсейтін. Жапырайған үйлердің жатаған төбесінде қораздар азан шақырса, алда-алдалап тұрған құжыраларды солқылдатып жерде көк есек ентігетін. «Ақ шағала» мінгендей шалқайып, ат жеккендер қыбырлаған көк есектілердің төбесінен қарайтын. Қала іші шаң тұманын бүркенген тырна тізбекті көлік пен малға, базарына ағылған жанға толы болатын. Ресторан орнына Ашраундардың шайханасы, театр орнына — скамейкасы сықырлаған тар клубы ғана барды. Қаланың қалың интеллигенті... қос техникумның оқушылары еді.
3
Бүгін...
Мыс толғатып, жез туып,
Қарсақпайлар айғайлап,
Жаппай қаулап коллектив,
Эмбалардан май қайнап...
Қақырығы — қайма алтын
Түкірігі — түйме алтын
Қазақстан болды аймақ...
Бұл даланың мұнан қырық екі жыл бұрынғы сипаты болса, қазір онан он есе артық асылымыз бар, бірақ «Алтыны бар кісі айқайламайды» деп данышпан Сағди айтқандай, біз у-шусыз бойдағы бар асылымызды молайта береміз. Өйткені, Алты Әлем оны өз көзімен көріп, өз құлағымен есітіп отыр. Өрлеу шаттығы жүзімізден де көрініп тұр. Неге десеңіз — іші сыртымыз бірдей нұрлы. Мұнанда гөрі нұрланбақ. Алпысыншы көктемде адам айтса нанғысыз болар. Оған дәлел мол. Бір кезде арманды Абай Шыңғыс тауынан Семейіне зорға жетіп, онан өмірі бойы аса алмай, «Қайран сөзім қор болды Тобықтының езіне» деп налып еді. Қабағынан қайғы таңбасы арылмай, «Қартайдық, қайғы ойладық ұлғайды арман...» деумен өтіп еді. Қазір Абайдың теңдесі жоқ сөзі мен кемеңгер бейнесі Семейден Москваға, Москвадан Парижге жетті. Батыстың Меккесіндей болып келген Парижде — оның Сорбоннасы мен Лувр залдарында Абайдың өзі тұр. Сөйтіп, «Абай Жолы» жеткізген Айгерім үні Сена жағасынан шығып енді Ла-Манштан да өтіп барады. Ал, оның соңынан кәдімгі Аралдың Ақбаласы сапарға шықты.
Домбыра мен күй, ән мен би ше?
Қазақ әні Арқадан Алтайға, Алтайдан Қытайға ғана жеткен жоқ. Әміре мен Күләштан кейін Европаны тағы да шарлап кетті. Домбыра жалғыз ағаш үйдің жабдығында емес, бар жерде ілулі, бар жерде бабында. Екі шекті құдірет Құрманғазы мен Тәттімбеттің сазы мен ырғағы ұлы музыканттар сазымен теңдес екенін танытты. Дүниелік байлығымызбен қатар мұнан өзге де көркем ой, көркем үн қазынамыз көктемнен көктемге түрлену, құлпыру жолында. Канада еліндегі Жержүзілік Көрмеде қазақ қаракөлімен қатарласа Олжастың бұйра жыры да орнын алды. Тап осының өзі де іші-сыртымыз асылға толы екенін байқатады. «Қалдырған мұрасы жоқ, рухани байлығы сарқылған елдер тағылық қалпынан еш уақытта еңсесі көтерілмек емес» дейтін сәуегейлік-өсекке өмір өзі жауап берумен келеді. Октябрь оятқан сарқылмас халық жігері, халық даналығы өнерлі ұл-қызының санын жыл санап арттырумен келеді. Адамның ішкі ажарын көрсетер айнасы — өз жүзі. Мемлекет көркін астанасынан байқайсыз. Астана көркі — табиғи сұлулығы мен байлығы және терең тамырлы бастауы мол мәдениет. Біздің елуінші көктеміміз осындай шарттардың үшеуін де нақыштады. Жері байдың — елі бай. Табиғат байлығы адам еңбегіне жол беріп тұрғандай. Сондықтан да о заманнан бері жемісті еңбек, зейнетті өнер, табиғи байлық бірімен-бірі ұштасып жатыр.
Алматы
«Ақшалап бетін қар көміл,
Аспанның төсін арда еміп,
Анасындай алтын күн
Жел жіберіп бір желпіп,
Сел жіберіп бір жуып»—
тұрған Алатау баурайында. Жемісі мол, суы бал, ауасы тұнық Жетісу алқабында. Бұл — жер құты, дарқан қала. О заманнан бері көп жұрт көз тіккен алтын бесік. Бұл — Алматы қаласын атақты қалалардың деңіне жеткізерлік табиғат сыйлығы. Еркін еңбек ерікті сұлу қаласын, жал-құйрығын тараштаған жүйріктей, баптаумен келеді. Көркейген үстіне көркейтумен келеді. Бір кезде екі ғана техникумы бар қала қазір бар саладан білімді маман шығаратын сан институтына қоса Академия мен Университет туын көтерді. Сыңар клубтың орнына Драма мен Опера, жастар мен ұлттар театрларына ие; Мәдениет, Спорт сарайларына ие. Стадионы мен Медеу мұз айдыны, Көктөбесі мен әлпеншекті аспалы жолы бар. Достың сарайы мен Зәулім үйлер шапшымалы суы атқылаған кербез көшелердің бойлауық теректерімен бой таластырып кетті. Алматы — Алты Әлемнен қонақтары үздіксіз ағылған меймандос елдің мейірлі астанасына айналды... Бірақ, толысу тоқталмайды. Көркею толастамайды. Ілгерілеу тоқырамайды. Бұл — жаңа өмірдің заңы. Ерікті елдің өсу заңы. Әрі қажырлы, әрі сабырлы, талай тар кезеңдерді бастан кешіріп келе жатқан қаһарман халық ілгері өрлей бермекші. Дарынды елдің сұлу сөзі мен көркемөнері шартарапқа тегіс тарауы хақ. Рухани байлығымыз, мінсіз бақыт адам баласының еркіндік көксеген үніне дем беруі де даусыз.
ЖАЗ
1
Сейтқали Өтешев ақсақалдың үйі — кең үй. Сәнді үй, Жиһазы мол үй. Дастарқаны... ертедегі Қасым Жомарттың дастарқаны дерлік. Сөз бен сипаттау қиын, суретке түсіріп алып қарап отыратын ғана дастарқан... Ал, үйдің сыртында оқшаулау, қора-жайдың алдында құла жорға және торы жорға аттар байлаулы тұр. Ер-тоқымды. Ықшам ер-тоқым. Жонасын сүрікпен қаптаған әскери ер-тоқым. Қазақ болғаннан кейін және мал жайғаннан кейін ерлі аттардың тұруы заңды-ақ. Тіпті жорға аттардың тұруы да орынды, өйткені, Сейтекең «алпыста атқа секіріп міне алмайсың» дейтін жаста. Сондықтан секірмей-ақ ептеп мініп, жүрісі тыныш жорғамен жайқалтып жүрсе — ірімшікке май қондырғандай келісті. Ал, жорғалардан басқа, ана ақ кенеппен жабулап қойған су жаңа «Запорожец». Оның үстіне алдыңғы жылы келгенде көрген құду бел көк «Волга» тағы тұр ғой! Сонда...
Тікелеп сұрақ қоюға әдеп сақтап, әңгімені алысқа қарай бұра:
— Сейтеке, жерлеріңіз де ұшан-теңіз екен ғой! Баяғыда атпен қона-түстене жүріп аралайтын едік осы жерлерді. Қазір машинамен жүріп жарты күнде әрең деген де айналып шықтық,— деймін қос жорға, қос машина жайында бірдеңе дер ме екен деп.
Ақ сары болса да бет елібі әлі тоза қоймаған, шоқша ғана жирен сақалды Сейтекең сұм адам. Оның сұмдығы көзінің құйрығынан да көрініп тұр: «сөз төркініңді сезіп қойдым, машиналар мен аттарға қарай бересің, а?» деп жымиған шырай білдіреді.
— Ұшан-теңіз жер. Шұрайлы. Рас айтасыз. Атпен айналып шығу қайда: мына жағымыз — Ащысай, Шідерті, Сасықкөл, Қашарсойған, ал сонау Сайға дейін Қарамектепті басып, Сағаға құлап, Аңқатыны өрлеп, Алқакөлге — бізге жеткенше... бұған тек машина қажет. Aт мал жаюға ғана керек қой,— деп сөзіне қостау іздегендей бізге және колхоз председателі Молдашқа кезек-кезек көз тастайды. Сонсоң қаз бен үйрегі жыртылып айрылатын Шалқар көлінің бетіндей толы дастарқан үстіндегі тағамды ысырғыштап қойып: — Жер мен Суымызға сай дәулетіміз де шүкіршілік!— дейді.
...Жер мен Суымызға сай...
2
Бұл халық аузында жыр болып келген Жер мен Су ғой...
Кәдімгі:
Арқада бір жер бар еді,
Жібек самал саясы.
Саяда бір көл бар еді,
Алтын кесе аясы...
дегізіп ақынның жанын әлдилеген Көкшенің жері ойыңды да, бойыңды да қоса тербетпей ме! Болмаса:
Жемісі жерде мәуелеп,
Терегі көкке тәуелеп,
Тағысы таста ойнаса,
Қияда қыран әуелеп.
Андыздап ара бал сорып,
Шешегін шымшып көбелек...
бал мен жемісті алқапта өмір жүйесіндей тынбай жүгіріп, сегіз қарыс қар жауса он қарыс қамысы пана, жұт пен жоқшылықты білмеген Балхашқа жетуге асыққан Жетісу өңірін неге теңерсін! Теңдесі жоқ! Үлкен даланың барлық бұрышы бірдей әдемі, айнала қазына. Әсіресе, жүйрігін сылап-сипаған атпазшыдай ғылым тілімен баптап, нәубетін күн санап молайтып жатқан еңбек иесі дәулетке кенде болар ма! Сол үшін ғой не заманнан бері дарқан елдің дәулет құты болып келген жер мен суын бостандығымен тең көрген ер ұлдар:
Еділ үшін егестік,
Тептер үшін тебістік,
Жайық үшін жандастық,
Қиғаш үшін қырылдық...
деп, қызғыштай қорып, атамекен жері үшін жан бергенін жырлап, ат үстінде күрсінгені. Сондай сулардың бірі Көксу. Көксу да атақты су. Кәдімгі Жетісудың бірі. Аты түсіне лайық — ашудас сынды. Ағыны қатты, тау мен дөңді, қырат пен жазықты жарып өтіп, сан алқапты сусындаттырып жатқан зор дәулетке ем су. Берекесі мол су. Сол Көксудың бойында егінін зорға игеретін, малының санын ертеден кешке зорға санап шығатын шаруашылықтар бар. Соның бірі жеті геройлы Қоғалы колхозы. Бұл бір өлкеде бір өзі дерлік — дәннің, овощтың, еттің фабрикасы сияқты. Ал, Қаратал қойнауы ше? Қараталдың бергі бетінде, кішкене Мұқырының бойында, «Карл Маркс» колхозы бар. Бұл колхозды атақты Алдабергенов алдыңғы саптағы шаруашылықтың бірі етуге күш салып еді. Соған айналды да. Әр жерде бытырап жайылған өркеші жоқ арық түйедей жапырайған балшық үйлер жоғалып, оның орнына көшелеpі оқтай, қызыл қиықты, көк терезелі, қағазға салған суреттей жарқыраған аппақ үйлер тізіліп тұр. Бір бетінде еңселі мектеп, мәдениеттің сәнді сарайы, контор, аурухана, емхана сияқты жайлар жаңа өмірдің жаңа қалашығына көрік беріп тұрғандай. Айналасы қара-құраға толған ферма жабдықтары өзіне лайың дәулеттілігін паш еткендей. Бұл жемісті еңбек иелерінің бүгінгі салтанатты өмір сипаты көзімізбен көрген мұнан қырық бес жыл бұрынғы бір суреттерді көз алдыңа алып келеді... ...1929 жыл. Сентябрь. Комсомолдың алға жүгіртетін Жеңіл Кавалериясы есебіндеміз. Жетісу губкомы «Артель құрылысын үгіттеуге» тап осы Мұқырыдағы Малай-Сары ауданына жібергендей. Бастығымыз — студент пысық комсомол Мырзағали Әбдірахманов еді. Әр жерде сала-саланың бойында, үркердей шүлдіреп, бөлшек-бөлшек қонған шаруалардың басын қосып:
— ...Ағайындар, бір жерге жиылып қыстақ салып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып дегендей, қосылып еңбек етсеңдер, күш-көлік пен құрал-сайманды бірігіп пайдалансаңдар өмір сүру жеңіл болады. Жаңаша айтқанда мұны: артель дейді. Артельге өкімет жәрдемді тез және мол береді, өйткені көп алған қарыз соңынан өтеуге жеңіл. Ал, шөп шабатын машина, жер жыртатын темір сабан, тырма, фургон, сүттің қаймағын айыратын машина, үй салуға керекті: күйдірген кірпіш, төбені қиықтайтын бөрене, қаңылтыр, терезенің әйнегі мен кәшегі, не керек, ауқатты өмір сүруге қажет заттың бәрін алуға бір адамның шамасы келмейді. Сондықтан бірігу керек, ағайындар, біріксеңіздер бүтін мына Мұқыры алқабын бір күнде жыртып, бір күнде тырмалап беретін трактор алуға да болады,— деген Мырзағалиға таң-тамаша қарасып еді.
Біреулер:
— Ім, жақсы екен!..
— Иә, жақсы сөз. Байқап керу керек...
— Солай. Көру абзал. Басқа жерлер де осылай етсе — ойланатын нәрсе.
— Пайдалы нәрсеге, әрине, ұмтылады ғой жұрт. Тек қана соның пайдалы екеніне көз жетсін...
Өткел аузында іркіліп қалған керуендей тоқырап, алды-артын байқап, аңдап сөйлеп, біріне-бірі қараған азаматтар тоғытылып артельге жазыла қалмады. Көбіне-көп «басқалардың» жазылғанын күтті, «шын пайдалы екенін көзімен көріп», қолымен ұстағанды мақұлдады. Өзіміз де меңгеріп әкете қоятын «үгітші» емес екенімізді байқатып:
— Жазылыңыз, аға, жазылыңыз!— дей бердік...
Бір әкімшілік ауылды аралап жүріп зорға дегенде он бес-он алты үйдің басын қосқанбыз. Олардың көпшілігі бұрынғы «Қосшы» мүшесі — сіңірі шыққан кедей-батырақ болатын. Олардың ортаға салған құрал-саймандары да өте жұтаң, ал күш-көлігі: бес-алты арық ат пен екі-үш пар өгіз ғана болды ғой деймін... Бүгін сол Мұқырыдағы — кішкене артельден ескен — Карл Маркс атындағы колхоз Талдықорғанның егінді, малды, мәдениетті, геройлы шаруашылықтарының бірі...
3
Иә, Сейтекең айтқан: Жер мен Суына сай...
Байтақ республиканың батыс жағындағы бір шұрайлы жерде бұл қариенің колхозы. Балығы тайдай тулаған атақты Шалқар көліне құятын қос Аңқатының саласында. Бұл артельде тап сол Мұқырының бойындағы шаруашылықша басталған. Басында «Хан жұрты», сонсоң «Социализм» болып басталып, ал келе-келе «Қызыл Ту» колхозы аталған-ды. «Хан жұртына» ең алдымен коммунист Асан, салт аты мен салбыр қамшысынан өзге тұлдыры жоқ Сүлеймен, көз түрткі болып келген Құл дейтін атадан Мұқамбетсары, Мүти және осы Сейтқали ақсақал жазылған. Осылар сияқты бірнеше еңбек иелерінің бір ат, бір сиырынан құралып, соқасымен әрекет жасалып өмір ащысын көбірек татырса да, қажырлы еңбек үздіксіз ілгері жылжытты. Кем-кетігі мол қуаң жылдар, қол күшін, көлік санын азайтқан соғыс кезеңі артта қалды. Қазір «Қызыл Ту» мұртын балта кеспес, «ілу де біреу» дейтін атқа ие болды. Ілу де біреу! Орал облысында мұнан сүбелі шаруашылық жоқ! Облыс емес, республикада, тіпті... қыза-қыза келгенде, Советтер Одағында жә бірдің өзі, болмаса екінің бірі дерлік. «Қызыл Ту» күні кеше мемлекетке үш миллион пұт астық сатты. Жеті миллион екі жүз мың сом табыс тапты. Оның төрт миллион екі жүз мың сомын колхоз өз игілігіне жұмсау үшін ортақ қорға салды! Оның үстіне жиырма бес мың қой мен екі мың сиыр және толып жатқан жылқы мен түйе тағы бар! Биылғы қуаң жыл ғана мол табыс алғызбады... Сөйтіп, жері байдың — елі бай, айнала шалқыған дәулет! Алайда, ағыл-тегіл малды, көл-көсір астықты, жиюлы жиһазды, ақ жабулы машиналы еңбек иесінің басты байлығы рухани ажарлылығы. Кейінгі ізбасарлар орта және орталау мектептерде жаппай оқып, оны бітіргендері жоғарғы жерден агроном, зоотехник, дәрігер, мұғалім, инженер, құрылысшы болып оралса, Мәдениет сарайлары көркем ой тәрбиесіне бөлеп жатыр. Әдебиет жайлы бір кеңесте токарь Нұрсұлтанов қай кітапқа қандай сын жазылып келгенін, көркемдіктің басты шарты өмір шындығын көрсете білу екенін айтты. «Қызыл Ту» мәдениет үйін басқарушы жас жігіт — ақын, ал, оның жәрдемшісі — суретші екен. Сол сияқты Казталовка ауданында почта бөлімінде істейтін жас жігіт пен оныншы класта оқитын қыз бала Төлеген мен Қыз Жібек рольдерін тамаша орындап, өнерлі жастар екенін көрсетіп еді. Міне, Сейтекеңнің мол дастарқанды кең үйінде Жер мен Су көркі көз алдыңа елестей береді. Дәулеттілік, әсіресе, адамның рухани сұлулығы сипаттай беруді керексітеді.
1967 ж.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру