TELEGEI

Home

Халық күйлерінің аңыздары

Бабалар сөзі

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Халық күйлерінің аңыздары

«Бабалар сөзі» сериясының 84-томына ҚР БҒМ Орталық ғылыми кітапханасы мен М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының сирек қорларында сақтаулы қолжазбалар мен түрлі жинақтардан алынған күй аңыздар енді.

«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН

КҮЙ АҢЫЗДАР

1. «Шақыру»

(І нұсқа) Есте жоқ ескі заманда ен даланы еркін жайлап, мұңсыз-қамсыз ғұмыр кешкен ел күтпеген бір нәубетке тап болады. Ел шетінен білінген қалың жылан ордасы көзіне көрінген мал-жанға шабуыл жасап, қырып-жоя бастапты. Небір ақ орда үйлерді сақиналап орап алатын жыландар күтірлете сыққанда күл-талқан етеді екен. Алып жыландардың қыспағына түскен атан түйелердің өзі танауынан қаны дірдектеп, аяқ серпуге шамасы келмепті. Мұндай сұмдықтан дүрліккен қалың ел шошынып, бас сауғалай қашады. Тау-тасты, үңгір-оқапты паналайды. Бірақ, жылан нөпірінен сонда да құтыла алмайды. Әсіресе, осынау ордалы жыландардың көсемі – қос мүйізді айдаһар тірі жанға сауға таптырмайды. Оның қос мүйізі дем тартып, уытын шашқанда адамдардың еті ағып түсіп, саудыраған қу сүйектері қалады екен. Әбден айласы таусылған адамдар құрып бітетін болған соң, Тәңіріге жалбарынып көмек сұрайды. Адамдардың зары Тәңірінің құлағына жетсе керек, кешікпей көктен белгі білінеді. Алдымен, аспаннан жолақ жасап жарық сәуле көрінеді. Сонсоң, сол жарық сәулені жол етіп, қос өркеш түйеге теріс қарап мінген Нұртөлі атты бала түседі. Баланың қолында аққу мойын қара қобыз болса керек, небір сиқырлы саз шығарып, күй төге келеді. Жер бетінен күйдің сарыны естілуі мұң екен, қаптаған ордалы жылан шиыршық атуын қойып, сілтідей тынады. Бұрынғы қан құмар обыр мінезін ұмытып, күйдің дауысын ұйып тыңдағандай болады. Осы кезде көктен түскен Нұртөлі қобызын сарнатқан қалпы Қаратеңізді бетке алып жүре береді. Оның соңынан күйді үздіге тыңдаған жыландар да қалмай жылжып, теңіз тұңғиығына бірге кіреді. Сөйтіп, ен даланы еркін жайлаған халық иықтарынан ауыр жүк түскендей көңілдерін демдеп, қайтадан мұңсыз-қамсыз күйлерімен қауышады. Адамдарға араша түскен Нұртөлі күні бүгінге дейін Қаратеңіздің астында тоқтатпастан күй төгіп отырса керек. Ал, мүйізді аждаһа бастаған жыландар ордасы қобыздың сазды сарынын жалықпай тыңдауда көрінеді. Нұртөлі қобыз күйін тоқтатпауға тиісті. Егер қобыз көмейінен күй сарыны үзілсе, жыландар ордасы қайтадан жер бетіне шығып, тіршілік атаулыға қырғын таптырмақ. Нұртөлінің жыландарды күймен шақырып, соңынан ерткен сыйқырлы сазын естіген бір құйма құлақ қобызшы кейін «Шақыру» күйі деп жұртқа жайса керек.

2. «Тауқұдірет»

Есте жоқ ескі заманда домбырада жалғыз ғана ішек, тауқұдіретте жалғыз ғана қанат болыпты. Тауқұдіреттің жалғыз қанаты еркегінің оң жағына, ұрғашысының сол жағына бітеді екен. Домбыра не істерін білмей іштен тынады. Тауқұдірет болса күндіз-түні Тәңірге мұңын шағып, қалықтап ұша алатын қос қанат сұрап, «құдірет-ау, құдірет» деп жалбарынумен болыпты. Күндердің бір күнінде тауқұдіреттің аталығына бір ой келеді, «бүйтіп зарлап жүре бергенше, талпынып тірлік етіп көрейік» дейді де, аналық тауқұдіретпен қолдасып ұшуды ойлайды. Бірінде – оң қанат, екіншісінде – сол қанат, екі тауқұдірет бір-бірімен қолдасып, қанаттарын кере серпеді. Сол кезде жерден бауырлары көтеріліп, қалықтай ұшып жөнеледі. Жер беті дөңгеленіп төменде қалады. Қос тауқұдіреттің қанаттарын жел сүйемелдеп, көк жүзінде рақаттана самғайды. Сонда көңілдері шаттанған қос тауқұдірет қуаныштарын жасыра алмай «құдірет-ау, құдірет, мұныңа да шүкіршілік!» деп Тәңірге ризашылықтарын білдіріпті. Кейін бұл тауқұдіреттерден туған балапандарға тәңірі қос қанат дарытып еді дейді. Осы оқиғадан құлағдар домбырашы «Қос қанат бірігіп еді – ұшты, егер домбырада қос ішек болса ше?» дейді де, екінші ішек тағып көреді. Сонсоң, қос ішекті домбырасын тартып көрсе, ғажайып үн шығады дейді. Домбырашының қуанышында шек болмайды. Тіптен, риза болғандығы сонша, ең алғашқы күйін тауқұдіретке арнайды. Тауқұдіреттің алғашқыда қалай қиналғанын, «құдірет-ау, құдірет» деп Тәңірге қалай жалбарынғанын, сонсоң, қолдаса ұшып көкке самғағанын күй тіліне салады. Шынында да, бұл күйді тыңдап отырғанда, көсіп шертетін тұстары «Құдірет-ау, құдірет» деп сөйлеп қоя бергендей әсер етеді.

3. «Шұбар киік»

(І нұсқа) Ертеде, құралайды көзен ататын бір аңшы болыпты. Тәңірінің бұйыртқан несібесін түзден теріп жеп, аң аулап күн көреді екен. Күндердің бір күнінде сағым шалған сары далада өзегі талып, өкпесі өшіп аң аулап келе жатса, бетегелі белде жайылып жүрген жалғыз шұбар киікті көреді. Иіс шалдырмау үшін ық жағын алып, сайды жалдап, беткейді құлдап, садақ тартым жерге келеді. Баспалап қараса, желіні жер сызған ешкі екен. Аң деген көздің құрты, аңшы сол жерде «сенде жазық жоқ, менде азық жоқ» деп, садағын кезенеді. «Түз тағысы табиғатпен тілдес» деген емес пе, бір қатердің төнгенін сезген шұбар киік селт етіп басын көтерсе, садағын кезеп тұрған сұр мергенді көреді. Оқтан жүйрік емес, енді қашып құтылмасын білген шұбар киік көзі мөлдіреп аңшыға қарайды да, жалбарына тіл қатады.

– Ей, Сұрмерген, жаныма сауға сұраймын. Әлі бауыр көтеріп үлгермеген егіз лағым бар еді. Сол панасыз лақтарымды аңсап, жүрегім елжіреп, желінім дертіп келемін. Мені атпа. Тілімді алсаң, «атқан оғың жерге түспесін» деп батамды берер едім. Сонда сен ұшқан құс пен жүгірген аңды құтқармас несібелі аңшы боласың. Өле-өлгенше тарықпай өтесің! Жаныма сауға сұраймын, атпа! – дейді.

Аңшы бұл сөзді тыңдамайды. Күнімен табанынан таусылып, дала кезген аңшы бұл киіктен айырылса, үйіне құр қол баратындай болады да, садағын тартып жібереді. Сонда киелі киік аңшының көз алдына шұбар тасқа айналыпты дейді.

Осыдан кейін Сұрмергеннің жолы болмайтын болыпты.
Бұл оқиғаны естіген домбырашы «Шұбар киік» деп күй тартқан екен.

4.«Шұбар киік»

(ІІ нұсқа) Ертеде несібесін түзден терген бір аңшы болыпты. Бір күні аң аулап жүріп, шұбар киікке ұшырасады. Жас лақтаған, желіні жер сызған киік екен, бірақ, аң деген көзің құрты емес пе, аңшы «сенде жазық жоқ, менде азық жоқ» дейді де, садағын кезенеді.

Осы кезде шұбар киікке тіл бітіп:

– Ей, Сұрмерген, мені атпа. Әлі бауырын көтермеген егіз лағым бар еді. Жүрегім елжіреп, желінім дертіп келеді. Сен маған мұрсат бер, сол лақтарымды тойғыза бір емізіп, соңғы рет бауырыма алып, мауқымды басқан соң өзіңе қайтып келейін, – дейді.

Аңшы ойланып қалады. Нанбайын десе адамша сөйлеп тұр, нанайын десе басқа кепіл болар ештеңе жоқ.

– Мен сені атпай жіберер едім, бірақ, қайтып келетініңе кім кепіл болады? – дейді аңшы.

Осы сөздің айтылуы мұң екен, аспан шарт етіп, найзағай жарқ етіп, жерге Мұхаммед пайғамбар түседі де:

– Мен кепіл боламын! – дейді.

Мұнан соң аңшы киікті босатады. Кепілдікке келген Мұхаммед пайғамбар жанында, енді аңшы лақтарын емізуге кеткен киіктің қайтып оралуын күтеді. Арада біраз уақыт өтеді. Күт батуға айналады. Сол кезде аңшы таңырқап, Мұхаммед пайғамбарға тіл қатады:

– Сіз мені бұйырған ризығымнан қақтыңыз-ау, киік опасыз болды! – депті. Сонда Мұхаммед:

– Сабыр ет, аңшым, он сегіз мың ғаламда мені ешкім алдаған емес! – депті.

Осы сөзді Мұхаммедтің айтқаны сол екен, таңы жарқырап шұбар киік те жетіпті дейді.

Бұл оқиғаны естіген күйші домбырасына келтіріп күй тартса керек.

5. «Жорға аю»

(І нұсқа) Таудың тарлан тағысы аю бірде баласын ертіп етекке түседі. Етекте күркіреп ағып жатқан ақ жал толқынды өзен бар екен. Аюдың қонжығы өзен ағысын қызықтап жарқабақтан қарап тұрғанда құлап кетіпті. Арыны қатты тау суы қорбаңдаған қонжықты жаңқа құрлы көрмей, қақпақылдап ала жөнеледі. Көз алдында ақ көбікпен араласып, бір батып, бір шығып ағып бара жатқан баласын қимай аю жанталасады. Құтқаратын дәрмені жоқ, су ішінде қараңдаған баласынан көз алмай жар жағалап жүгіре береді. Бауырын бұтақ жырып, табанын тас тіледі. Бірақ, баласына деген аналық сезімі сүлдерін сүйрелеп, қонжығынан қалыспай жүгіре береді. Осы бір жағдайды көзі көрген күйші домбыра мен сыбызғыға күй етіп салған екен.

Мынау сондағы аюдың жорғалай балпаңдап жүгіргендегісі екен дейді.

6. «Қызылқан»

(І нұсқа) Көктемде ұшып келіп, күз түсе жылы жаққа қайтатын жыл құстарының ылғи алдын бастап, қарқара тарта ұшып отыратын Қызылқан атты бір құс болыпты дейді. Қызылқан өзінің соңындағы мың сан құсты небір қанат талар шөлден, топшы талар белден өткеріп, оты-суы мол өлкеге бастап келіп жүреді екен. Бірде, моншақтай тізіліп, жылы жақты сағалап келе жатқан қалың құс қарлы боранға ұрынып, жойдасыз шығынға ұшырапты. Сонда, соңынан ерген ұяластарының ауыр халіне күйзелген Қызылқан мұңын шағып Тәңірге барады. Тәңірі Қызылқанның шағымын тыңдап болып: «Е-е, түз тағысын табиғатпен тілдес етпей болмайды екен. Жарайды, мен сендерге адаспай ұшу үшін аспаннан жол салып берейін!» – деп, көк жүзіне ақ белдеу жол салып береді. Аспандағы ақ белдеу құс жолының пайда болу себебі содан болса керек. Ұрпағының қамын ойлап, Тәңірімен тілдескен Қызылқан атты құсқа арнап сыбызғышы күй шығарған.

7. «Балжыңгер»

(І нұсқа) Ертеректе байлық-берекесі шалқыған, сән-салтанаты келіскен Байсары деген бай өтіпті. Мекені Өр Алтайдың салқын сабат аясына біткен Марқакөлдің шүйгін жағасы болса керек. «Бірі кем дүние» деген емес пе, Байсарыда тұяқ жалғар, шаңырағына ие болар ұл болмапты. Бірақ, оның есесіне ақылына көркі сай, жұрт аузына ілінген Айымкүл есімді жалғыз қызы бар екен. Жоққа жүйрік жеткен бе, Байсары бай барға қанағат етіп, жалғыз қызы Айымкүлдің тілеуін тілеп, бетінен қақпай өсіріпті. Жылжып жылдар, сырғып күндер өтіп жатады. Айымкүл айдай толысып бой жетеді. Байсарының ақылына көркі сай қызы туралы тамылжыған тәтті сөз аяқ жетер жерге жайылады. Содан өзіне теңдес өмірлік жар іздеген небір нәнталап жігіттер қыз көруге Байсарының үйіне күн құрғатпай ағылып келіп-кетіп жатады. Батыры бар, байы бар, шешені мен көсем бар, бірінен-бірі мойын оздырған қыз көрушілер Айымкүлді көріп, көңілдері толып, сөз сала бастайды. Осы кезде Байсары дал болады. Бірінен-бірі иық асырған өңшең мықтыларға не деп уәж айтарын білмей қиналады. Жалғызын құтты орнына қондырып, көңіл орнықтыруды ниет қылған Байсары енді қартайғанда дұшпанымды көбейтіп, артыма зиянымды тигізбесем неғылсын деп уайым етеді. Мұның бәрін іштей ұғып жүрген Айымкүл әкесіне сөз салады: «Ұям үйде болғанмен, өрісім түзде болған соң шара бар ма?! Шара болмағандықтан да, табиғаттың дегеніне көніп, перзенттік өтінішімді білдіруге бел будым. Әкем маған күйеу таңдап қиналмай-ақ, ерікті өзіме берсе екен. Маған атақ-даңқ та, байлық-береке де, сұлулық-салтанат да таңсық емес. Оның бәрі бір басыма бұйырған. Сондықтан, әкем аяқ жетер жерге жар салып, хан-қара, би-төре демей, күйеу таңдар тойын жасап берсе екен», – дейді. Байсары жалғыз қызының бұл тілегіне қарсы болмайды: «Тәңірі маған ұл бермеді. Бірақ, ұлдан кем емес қыз берді. Оған да шүкірана! Айымкүлім бой жетіп, перзенттік еншісін сұраған екен, бердім ұлықсатымды! Аяқ жетер жерге жар салыңдар! Күйеу таңдар тойға қамданыңдар!» – деп ризалығын білдіреді. Содан күйеу таңдар тойдың межелі күні де келіп жетеді. Марқакөлдің жағасына жер қайысқандай жұрт жиналады. Тойға киіз туырлықты жалпақ қазақты былай қойғанда, Ұрым мен Қырымнан, Бағдат пен Мысырдан, Шын мен Машыннан, Үнді мен Хорасаннан үміткерлер келген. Бірінен-бірі асып түскен сән-салтанат көз тұндырады. Бір мезгілде кернейлер тартылып, дауылпаз қағылып, ортаға әлекедей жаланған жаршылар шығады. Жұртшылыққа алқа-қотан жасатып, еңселілеу орынға алтын тақта қойдырып, Айымкүлге жол ашады. Көрген жанның көңілін үйіріп, көлде жүзген аққудай сызып келіп тақтаға отырған Айымкүл баста деп белгі береді. Жаршылар саңқылдай жөнеледі.

– Уа, халайық, халайық! Ай мен күндей Айымкүлге қарайық. Ұрым мен Қырымнан, Бағдат пен Мысырдан, Шын мен Машыннан, Хорасан мен Үндіден келген қонақ бар. Ен даланың еркін өскен жігіттері және бар. Барлығында бір мақсат – айдай сұлу Айымкүлдің сынынан сүрінбей өту. Бір ғана шарт бар, әркім өзін, елі мен жерін таныстырып, ең басты қасиетін айтып өтсін!

Жаршылардың хабарынан кейін үміткерлер бірінен соң бірі ортаға шығып, қойылған шарт бойынша өздерін таныстырып, ең басты қасиеттерін айта бастайды. Бірі, жеті атасынан бері ел билеген әулеттен шыққанын айтады. Екіншісі, төрт түлік малына жер қайысқан бай екенін тілге тиек етеді. Үшіншісі, алтыны мен күмісін түйеге теңдесе алды-арты түстік жерге созылатын керуен болатынын көлденең тартады. Келесісі, бұл дүниеде қарсыласы жоқ батырлығын айтып кеуде қағады. Енді бірі, жеті қат жер астының, жеті жұрттың тілін білетін ғұлама екенін ескертеді. Тіптен, тағы біреуі қара суды теріс ағыза алатын сиқыр өнерін меңгергенін айтып өтеді... Айымкүл әрқайсысына ізет көрсетіп қойып, айтылған сөздерді іштей бір сын ғып отырады. Бір мезгілде қарапайым киінген, есік пен төрдей кер ат мінген бір жас жігіт ортаға шығады. Күнұзынғы сән-салтанатқа көзі үйренген жұрт гу ете қалады. Батырлар менсінбеген, байлар теңсінбеген шырай танытады.

– Ен даланың төсінде еркін өскен елім бар. Сол елдің қатардағы қарапайым бір перзентімін. Есімім – Қастер. Жау алмайтын, жұт шалмайтын дәулетім бар, ол – мен үшін ойланбай жанын қиятын достарым. Қашсам құтылатын, қусам жететін қанатым бар, ол – астыма мінген пырағым – Балжыңгер! – дейді жас жігіт.

Айымкүл ойланып қалады. Ойлана отырып: «Рас-ау, мал өлер, дүние тозар. Сол өлер мал, тозар дүниені қаперіне ілмей, достарын мақтан еткен пейілі қандай кең еді, жүрегі қандай ақ еді!» – деп іштей күбірлейді. Жай ғана күбірлеп қоймайды, назары тоқтаған осы бір кер атты жігітті сынамақ болады. Сынына толса, тағдырдың жазуы осы шығар деп тәуекел етпек. Сол жерде Айымкүл ақ орамал көтеріп, жұртшылықтан сауға сұрап, кер ат мінген Қастерге шарт қояды: «Сөзің ұнады, жігітім. Енді ісіңді сынағым келеді. Алайда, сынаушы жалғыз мен болсам әділдікке қиянат келтірер едім. Сондықтан істің сыны екеуімізге бірдей ортақ болсын. Мен қазір, осынау қауымның көз алдында алтын оқалы, жез түймелі күдері тон тігуге кірісемін. Күдері тон толық тігіліп біткенше астыңдағы кер атпен Марқакөлді айналып шығасың. Егер үлгерсең, мен сендікпін!» – дейді. «Уәде – серт, мақтан – дерт» деген, сол жерде екі жақ та сертке тәу етіседі. Қастер кер аттың айыл-тартпасын тартып, үзеңгіге аяқ салады, Айымкүл ине-жібін қолына алады... Содан Балжыңгерге қамшы басқан Қастер Марқакөлді көбелей шауып жөнеледі. Аспантаудың аңғарына сұғына кірген айна көлді айналып шығу оңай болмайды. Із түспеген шалғынды кешіп, сыңсыған орманнан өтеді. Көлге төне біткен құз-жартастарды басып, қарлы шыңдардан асады. Қара қорыс батпақтарды жалдап, арқырап аққан ақ жал тоқынды өзендерден өтеді. Шыға шықса қарлы боранға оранып, ойға түссе қара тұманға тап болады. Мұның бәрі аздай-ақ, орман-тоғай, тау-тастың арасынан ақырып аю шығады, шабынып жолбарыс кезігеді, күркіреген қабыланмен беттеседі... Осының бәрінде де Қастер мінген Балжыңгер нағыз ерге серік пырақ екенін көрсетеді. Көлді көбелеп, қияны жебелеп, қуса жетіп, қашса құтылып, шапқан сайын ширыға түседі. Содан, күн мен түннен жаңылып, батысы-шығыс, шығысы-батыс болғандай бір мезгілде көз ұшынан Байсарының ауылы көрінеді. Шалғынға шашқан жұмыртқадай ағарып, алқа қотан қонған ауылдың қарасы көрінгенде Балжыңгердің белі көтеріліп, созыла шабады. Сол бетінде жұлдыздай ағып келіп, Қастер тізгін тартқанда, Айымкүлдің қадап үлгермеген соңғы түймесі қалса керек.

– Сыныма толдың, Қастер. Егер, сенің сыныңа мен толсам, тойыңды жасай бер! – дейді Айымкүл.

– Сен де сыныма толдың, Айымкүл! Қадалмай қалған жалғыз түйме – ердің басшы, әйелдің қосшы екенін мегзегенің деп білемін! – дейді Қастер.

Сол жерде жиналған жұртқа Айымкүл тіл қатады:

– Ардақты ағайын! Алыстан келген қадірлі қонақтар! Қысқа жіптей күрмеуге келмейтін қыз дәуренімнің қызығына куә болдыңыздар. Ең алдымен кіндік қаным тамған туған жердің атынан, сонан соң алтын бесік елімнің атынан алғыс айтамын. Жеңдім деп желігудің, жеңілдім деп жасудың қисыны жоқ. Мен – жалғыз, сіздер – көпсіздер. Бәріңді бірдей құрметтесем де, біріңді ғана таңдағанымды айтқым келеді. Тағдырымды кер ат мінген Қастерге тапсырдым... «Тойдан – тобықтай белгі» деген, барлықтарыңызға қалы кілем, нар түйе, тай тұяқ бастаған үш тоғыздан сый тартамын. Бәсекелес емес, бауырлас болып тарасаңыздар екен! – дейді Айымкүл.

Айымкүл мен Қастердің сынына да, сырына да жұрт көңілі толып, риза болады. Екі жастың көңіл қосуы ұлан-асыр тойға ұласады... Осы оқиғаға куә болып, ер жігіттің даңқын шығарған Балжыңгердей пырақты көзімен көрген күйші «Балжыңгер» атты күй шығарады. Ел ішіне «Балжыңгер» күйінің үш нұсқасы кеңінен тараған. Күйді жете меңгерген, аңызын да жақсы білетін домбырашылар бұл үш нұсқаны бір күй етіп тартады. Күйді тарту барысында мынау «Балжыңгердің аяғы», мынау «Балжыңгердің шабысы», мынау «Балжыңгердің желісі» деп, күйдің сарынын тараулап, жіктеп отырады. «Балжыңгер» күйінің аңызы ғана емес, әуен-сазы да драмалы тартысты бейнелейді. Бірде мамырлап, бірде ширығып отыратын күй сарыны адам сезімінің күрделі сырына бойлағандай.

8. «Нар идірген»

(І нұсқа) Ертеде бір кедей шал мен оның ақылына көркі сай жалғыз қызы болады. Кедейліктен басқа міні жоқ, ұжымдары жарасқан, төңірегіне сыйлы жандар екен. Жар дегендегі жалғыз нарын сауып тамақ, мініп көлік етсе керек. Соның арқасында ешкімге көзін сүзіп тіленбей, барды қанағат етіп күн көреді. Күндердің бір күнінде сауып отырған бекбатша нардың жас ботасы қос кіндік болып ауырып өледі. Ботасын жоқтап сарнаған нар сүтін бойына тартып, иімейтін болады. Сөйтіп, түйе сүтін жалғыз қорегі еткен әкелі-балалы кедей мүлде ас-сусыз қалады. Әсіресе, қарт әке жалғыз қызының жаутаңдаған жүзіне қарап, еш қайраны болмай қатты қапаланады. Сонда ақылды қызы жұбату айтып: «Әке, уайымдай беріп қайтесіз, Құдайдың бір жақсылығы бар шығар, шыдай тұрайық» – дейді екен. Әрине, қанша сабыр сақтағанмен, шыдам тамақ бола ма?! Бір күні әбден шарасы таусылған ақылды қыз әкесіне тіл қатады:

– Әке, қыз болып жаралған соң, жатағым төріңіз болғанмен, өрісім түзден ғой. Маған ақ батаңызды беріңіз де, халқыңызға хабар салыңыз. Біздің бекбатша нар тек қана ботасындай боздатып күй тартқан адамның алдында йіуге тиісті. Кімде-кім өнерін асырып, нарды иіте алса, мені сол өнерпазға қосыңыз, – депті.

Әкесі қызының сөзін жерде қалдырмай, аяқ жетер жерге жар салады. Ел іші өнерпазсыз болған ба, сұлу қыздан дәмелі күйшілер төңіректен ағылып келе бастайды. Жұрттың етек-жеңі жиналып болды-ау дегенде, төрешілер сайланып шығып, күйшілердің өнерін сынауға кіріседі. Небір саусағынан саз төгілген дәулескер күйшілер сай-сүйегіңді сырқыратар сарындарды судай сапырады. Бірақ, ботасын жоқтап, көзінің жасы мөлтілдеген бекбатша нар меңірейген қалпы тұрып алады. Тартылмаған күй, шертілмеген мұң қалмайды. Көбелері сөгілгенше күй төккен өнерпаздардың әбден мысы құрып, бірінен соң бірі шеттей береді. Бекбатша нар мұның ешқайсысын шыбынның ызыңы құрлы көрместен түнерген қалпы тұрып алады. Содан, күйшілердің ішінде іріктеліп-сұрыпталып бір қарт, бір жас домбырашы қалса керек. Кезек қарт күйшіге беріледі. Өзі де бір, күй күйдіріп, сарын сүрлегендей жан екен дейді, нардың алдына қаққан қазықтай болып отырып алады да: «Ал, қарағым, білегіңді түрініп, көнегіңді оңтайлай бер!» – дейді қызға. Сонан соң, қу тақтай, екі ішекті бауырына басып, шерткенде алыс бір қиырдан ботаның боздаған үні естілгендей болады. Алғашқыда елестей елең еткізген сарын бірте-бірте айқындалып, енді бір сәтте ботаның өзі үкідей үлпілдеп, баладай елпілдеп келіп қалғандай әсер береді. Осы сәтті күткен қарт күйші одан сайын қағына тартып, біресе ілме, біресе шалма қағысқа салса, енді бірде тебеген қағыспен тарпып-тарпып жібергенде домбыра шанағы «көс, көс!» деп сөйлеп қоя береді. Сонда күн ұзын мелшиіп тұрған нардың тұла бойы шымырлап, алпыс екі тамыры босап, емшегі дертіп қоя береді. Малының сыры иесіне мәлім, нардың ағыл-тегіл иіп бара жатқанын алдымен қыз сезеді де, көнекті көтере түскен қалпы түйенің емшегін қатты қысып, кернеп келген сүтті үрпінен шығармай қояды. Мұның себебі, қыздың көңілі қарттың соңында кезек күтіп отырған жас күйші жігітте еді дейді. Түйенің емшегін уыстай қысып, иінін тоқтатқаны жігіттің кезегіне іріккендегі қулығы болса керек. Қарт күйші мұны бірден сезеді де: «Пах, күйім келіскенмен, күнім өтіп кеткен екен ғой!» – деп, кезекті жас жігітке береді. Жігіт домбыраны тарта жөнелгенде, қыз алақанын керіп, уысына сыймай бара жатқан нардың емшегін босатып қоя береді. Ақ саумал көнектің бүйірін тесіп жіберердей саулап жөнеледі. Бұл кезде, осы гәптің бәрін аңғарып, біліп отырған жас күйші іштей намыстанып, бір жағы қызға деген сезімін білдіргісі келіп «Күйдім-жандым» деген күйге салған екен. Күй бітіп, нар ағыл-тегіл иіп, жұрт мәре-сәре болысады. Сонда төрешілер жағы отырып жаңағы қарт күйшіге: «Төрелікке өкпе-наз, күдік-күмән болмағаны керек, күйім келісті дегеніңді түсіндік, күнім өтті дегеніңнің мәнісі қалай?» – дейді. Қарт күйші: «Оның мәнісі, түйені иіткен менің күйім еді, бірақ қыздың көңілі өзінің теңінде болды да, иіп келген сүтті іркіп қалды. Осы айтқанымның ақиқат екенін білгілеріңіз келсе, мына жас жігіт екеуміз әлгі күйлерімізді қайта тартқан қалпы екі бағытқа жүрейік. Сонда мына тұрған жануар кімге «ботам» деп ергенін көресіздер», – деген екен. Бұл шарт төрешілердің көңіліне қонып, қос күйшіні қайта сынға салады. Сонда, айтқанындай бекбатша нар қарт күйшінің шалғайын иіскеп, соңынан ере беріпті. Қыз бетін басып ұялады, жұрт аңырып қалады. Сонда қайтып оралған қарт күйші: «Уа, ағайын, мен бүгін өзім қартайсам да күйімнің қартаймағанын көріп бір жасап қалдым. Тосылмаңдар, «тең теңімен, тезек қабымен көрікті» деген, екі жастың бақытын тілейік!» – деген екен. Сөйтіп, кедей шал мен қызының басына бас қосылып, күйеу бала үшеуі ұжымдары жарасқан қалпы, ештемеден тарықпай, келісті ғұмыр кешіпті дейді.

9. «Қос мүйізді Ескендір»

Әйгілі Ескендір патшаның басында қос мүйізі болса керек. Бірақ, мұны тірі жан білмейді екен. Себебі, шашын алдырған сайын сол шашын алған адамның басын шаптыртып тастап отырыпты. Мұның мәнісі, Ескендірге түсінде бір әулие аян беріп: «Егер, шашыңды алушыдан басқа адам мүйізіңнің бар екенін білсе, сол күні жарық жалғанмен қоштасасың!» – деп ескертіпті дейді. Осыдан кейін-ақ сақтық жасап, шашын алдыртқан адамының басын кестірте берген ғой. Осылайша Ескендір төңірегінде қолының ебі барлар сирейді. Бір күні шаш алу кезегі патшаның жақсы көретін жақынына келсе керек. Сонда Ескендір сол жақынына шашын алдырып болып былай депті: «Шарт бойынша менің мүйізімді көрген адам бұ дүниемен қоштасуға тиісті еді. Бірақ, мен саған тиіспеймін. Шашымды тек қана өзіңе алдыртып тұрамын. Тек, есіңде болсын, мүйізімнің бар екенін екінші адам білген күні басың кесіледі». Осыдан кейін-ақ шаштараздан маза кетеді. Алдымен, Ескендірдің қос мүйізі жатса түсінен, тұрса есінен кетпей есі шығып жүреді. Бара-бара бұған еті үйреніп, енді өзі ғана білетін жаңалықты жұртқа айтқысы келген бір сезім билейді. Бірақ, айтайын десе жанынан қорқады, айтпайын десе ішіне толған құпия сыр шыдатпайды. Ақыры, амалы таусылғандықтан патша сарайындағы жеті жұрттың тілін білетін тәуіпке келіп, өзінің дертті болғанын айтады. Тәуіп болса, әрі-бері қарағаннан кейін: «Дертің ауыр болғанмен, емі жеңіл. Ішіңе толған бір құпия сыр бар екен. Сол сырды сыртқа шығару үшін елсіз-күнсіз бір жерге барып, басыңды ойға қарат та, ішіңе толған сөзді айтуың қажет. Жай айтпайсың, әрине, аузыңнан сілекейің шұбырып, ішің ортайғанша қайталайсың. Тек, даусыңды ешкім естімейтін болсын. Біреу-міреу естісе басыңа қатер!» – дейді. Шаштараз тәуіптің айтқанын бұлжытпай орындайды. Елсіз-күнсіз жердегі бір құрғаған құдықты тауып алып, басын сол құдыққа салбырата түсіреді де. «Ескендірдің басында қос мүйіз бар! Ескендірдің басында қос мүйіз бар!..» – деп, жанын жегідей жеген сөзді іші ортайғанша қайталайды. Осылайша, айына екі рет елсіздегі құдыққа келіп, ішіне толған сөзін қайталап, дертін жеңілдетіп жүреді. Жақынының аузы беріктігіне патша да риза, күтпеген кеселден оңай құтылып жүргеніне шаштараз да риза болып жүріп жатады ғой. Күндердің бір күнінде, шаштараз барып жүретін құр құдықтың басына әлдеқайдан келе жатқан керуен тоқтайды. Ел кезген керуеншілердің ішінде неше түрлі қабілеттің адамдары болатын әдет емес пе. Мына керуеншілердің ішінде де жұрттан асқан бір сыбызғышы бар еді дейді. Сол сыбызғышы ерігіп отырып құр құдықтың түбіне қарайды да, онда өсіп тұрған қамысты көреді. Бұл қамыс, әлгі дертті шаштараздың аузынан ақтарылған сілекейден нәр алып өссе керек. Сол жерде, сыбызғышы жігіт құдыққа қарғып түседі де, бір сабақ қамысты жұлып алып, сыбызғы жасайды. Ескендір патша құпиясы осы жерде кереметін көрсетеді. Керуенші жігіт сыбызғысын ойнатайын десе, сыбызғысы «Ескендірдің басында қос мүйіз бар!» деп адамша сөйлеп қоя береді. Керуенші жігіт өз құлағына өзі сенбей, сыбызғыны қайта ойнатып көрсе, жаңағы сөз тағы да қайталанады. Сол жерде басқа керуеншілер де мұндай ғажапқа таң қалса, екіншілері әлемге даңқы әйгілі патшаның сыртынан ғайбат сөз айтылғандай секем алысады. Тағдырдың бұйрығы бойынша, құпиясы жария болған Ескендір сол күні жарық жалғанмен мәңгілікке қоштасып еді дейді. Бұл оқиға керуенші жігіттің сыбызғысы арқылы дүниенің төрт бұрышына күй болып тараса керек.

10. «Бегім бер»

(І нұсқа) Ел аузында «Жанкент жеті рет күйреп, жеті рет көтерілген» деген сөз бар. Соның бірі, Шаншар ханның ханымы Бегім-анаға қатысты айтылады. Шаншар хан Жанкенттің әміршісі болып тұрған күндердің бірінде нөкерлерін ертіп, сейіл-серуен құрып, аң аулауға шығыпты дейді. Шаһардан ұзаңқырап шыққанда ханның есіне садақ ұштайтын егеудің сарайда қалып қойғаны түседі. Оған өкініп жататын хан ба, көзіне көрінген нөкерінің бірін «бар, жылдам алып кел» деп жұмсап жібереді. Хан сарайына тіке шауып келген нөкердің суыт жүрісінен сарайдағылардың бірі тіксініп, бірі секем алғандай болады. Сыртқа Бегім-ана да шығады. Сонда ханымның ерекше жаралған көрік-келбетіне қайран қалған нөкер есінен танып, аттан ауып түссе керек. Содан бас көтеріп, есін жиғанша біраз уақыт өтеді. Одан кейін мән-жайды айтып, егеуді алып, ханға кешігіп жетеді. Шаншар хан нөкерден неге кешіккенін сұраған екен, ол болған жайды бүкпесіз айтып беріпті. Сол жерде хан тарс ашуланып, аттың басын кері бұрады. Нөкерді жеті қабат зынданға тастады. Бегім-анаға сенімсіздік білдіріп, оның оң қолы мен бұрымын шорт кестіріп тастайды. Сол кезде Бегім-ананың аузы дуалы әулие әкесі тірі еді дейді. Бұл оқиға сол кісіге жетеді де, дереу Жанкентке келеді. Әулие қарт Шаншар ханға: «Уа, Шаншар хан, шындық екеуміздің бірімізге зауал келтірсін. Мен сол шындықты білгелі келдім. Егер қызымда күнә болса, сенікі жөн. Ал, күнәсіз болса, ертеңге дейін қолы мен шашы орнына келсін де, өзің зауалын тарт!» депті де сырт айналып кетіп қалыпты. Әулиенің қатал шарты бүкіл шаһар халқын үрейлендіреді. Ертеңінде үрейлі жұрт Бегім-ананың сарайына келсе, ақ білегі жарқырап, қолаң шашы салбырап орнында тұр дейді. Ал, жазықсыз нөкер өзінен-өзі жеті қабат зынданның сыртына шығып қалған екен. Сол жылы сары ала күз түсе Жанкент шаһарына адам ойламаған зауал келіп, улы жыландар қаптап, жұртшылық дүрліге қашуға мәжбүр болып еді дейді. Осы оқиғаны бір өнерпаз күй тіліне көшіріп, ұрпаққа аманат етіп қалдырса керек. Бегім-ана – тарихта болған адам. Сырдарияның төменгі сағасына жақын маңдағы Арал теңізінің түбегінде Бегім-ана мұнарасы /бейіті/ күні бүгінге дейін күңгірлеп тұр. Зерттеушілердің анықтауында мұнара ІX-XІ ғасырда салынған. Бұл кезең түрік-оғыз тайпалары шаңырағын көтерген Салжұқ мемлекетінің заманына жатады. Түрік-оғызының қынық тайпасын билеген Тұқақтың баласы Салжұқ мемлекет басына келген соң, ислам дініне мойын ұсынған. Мұның өзі Сыр бойында моншақтай тізілген қалаларын қыстап, жазға қарай желпіне көшіп жүретін тәңірілік наным-сенімдегі тайпалардың елеулі қарсылығын тудырған. Салжұқтардың 985 жылы Жент қаласын тастап, Нұрата тауына қоныс аударуы Бегім-ана аңызының астарындағы тарихи шындық сорабын аңғартады. Салжұқтың өзі осы Жент қаласында өлген. Салжұқтың ұрпағы Санжар сұлтанның /1118-1157/ тұсында қыпшақ-қимақ одағының қайы деп аталатын тайпасы Жентті қиратып, Сыр бойына тәңірілік рухтағы қалпын қайта орнықтырған. Енді, аңыз бен ақиқаттың үндестігіне қараңыз, аңыздағы Шаншар хан –өмірдегі Санжар сұлтан екені ден қойғызады. Ал, аңыздағы Жанкентке қаптайтын ордалы жылан – қайы тайпасы. Өйткені, монғол тілінде «қайы» деген сөз «жылан» деген мағына береді. Сондай-ақ, Кіші жүздің Жетіру тайпалық бірлестігінің құрамындағы Табын руының бір бұтағы Бегім деп аталатыны да осындайда еске түседі.

11. «Бегім бер»

(ІІ нұсқа) Баяғыда бір жесір кемпір болыпты. Не малы, не жаны жоқ кемпір қартайған қара басын сақтау үшін бегі /алмұрттың бір түрі/ теріп күн көрсе керек. Күзге қарай әбден толысып піскен бегіні көптеп теріп, баптап кептіріп, келер жылғы терімге дейін талғажау етеді екен. Сол әдетпен сүрлеп, кептіріп қойған кемпірдің екі қап бегін бірде ұрылар алып қашыпты. Күнелтіп отырған жалғыз ғана тағамын көз алдында алып кетіп бара жатқанын көрген кемпір: «Ойбай, бегім бер, бегім бер!» деп дауыстайды. Сайланып келген ұрылар қартайған кемпірге жеткізе ме, әне-міне дегенше көзден таса болады. Жесір кемпір қатты налып, осындай күйге түсірген Тәңіріне мұңын шағып, зарлапты. Кемпірдің зарын естіген бір күйші тебірене толқып сыбызғыға салған екен дейді.

12. «Жетім бала»

Ертеде, жаугершілігі мол заман болса керек. Бірде, қаннен-қаперсіз бейбіт жатқан ауылды жау шауып, ойранын шығарады. Ойда жоқта басталған аласапыранда бір балажан ана есейіп қалған жалғыз баласын қазанның астына жасырып үлгереді. Ауылдың қарсыласқандары ажал тауып, қолға түскендері пенде болып, жаудың айдауына кетеді. Содан, қазан астында жасырынып аман қалған бала шаң-шұң басылған соң орнынан тұрып, ойраны шыққан ауылын көреді, тірідей айырылған анасын жоқтайды. «Айналайын, Құдай-ау!» деп зар төгеді (Осы тұста домбыра «Айналайын құдай-ай!» деген сөздің буын ырғағымен үндес қайғылы сарын шығарады). Тағдырдың тауқыметінен қашып құтыла ала ма, жетім бала жатағынан түңілген құлындай болып, есіз жұртты артқа тастап, беті ауған жаққа жүріп кетеді. Қанша жүргені белгісіз, күндердің бір күнінде ерні шөлден кезеріп, әбден титықтаған шағында көз ұшынан қарайған аттылы көрінеді. Жай аттылы емес, соңына ерткен тазысы бар, қолына қондырған қаршығасы бар, қанжығаға байлаған дабылы бар Қошан сері деген аңшы болса керек. Құлазып келе жатқан жетім бала жүгіре дауыстап: «Ағажан-ау, ағажан, атыңның басын тарта тұр!» – деп шақырады (Осы тұста домбыра «Ағажан-ау, ағажан, атыңның басын тарта тұр!» деген сөздің буын ырғағымен үндес қайғылы сарын шығарады). Сол сәт аңшының алдынан құсы қалың отырған көл көрініп, қолындағы қаршығасы тіленіп ұшып жөнеледі. Қаршығасы кеткен соң, құстың қызығымен балаға қарай алмай, дабылын дүңкілдетіп, аңшы да шаба жөнеледі. (Осы тұста домбыраның үні соғылған дабылдың дүңкіліне, шапқан аттың дүбіріне ұқсап кетеді). Жетім бала екі өкпесін қолына алып жүгіріп көлге жетсе, аңшы атын көл жағасына қаңтарып тастап, өзі қамыс арасына түскен қаз-үйректі жинауға кетіпті дейді. Жапан түзді жаяу кезіп жаны қиналған бала аттың тұсауын шешіп, қарғып мінеді де жүріп кетеді. Қошан сері қаз-үйрегін арқалап, қамыстан шықса аты жоқ. Төңірегіне қараса, көз ұшында желе жортып кетіп бара жатқан баланы көреді. Дүние кезек деген емес пе, енді баланың соңынан жүгірген аңшы: «Балажан-ау, балажан, аттың басын тарта тұр!» – деп дауыстайды. (Осы тұста домбыра «Балажан-ау, балажан, аттың басын тарта тұр!» деген сөздің буын ырғағымен шертіледі). Бала болса, қайтып оралсам қандай ниеттегі адам екенін кім білген, тағы да тентіреп далада қалармын, оның үстіне мендей емес қой, қолында қаршығасы, соңында тазысы бар, деп ойлайды да, тоқтамай жүре береді. Сол бетінде қара үзіп, шығандай ұзап барып, бір тақырға іркілген қақтың басына келгенде тізгін таратды. Аттан түсіп, атының ауыздығын алып, суармақшы болады. Осы сәт күрс еткен мылтық дауысы естіледі де, суарып тұрған аты жалп етіп құлайды. Жетім бала жанына араша болған атының басын құшақтап, еңіреп қоя береді. Сонда үстінде жарғағы, қолдарында мылтығы бар қос мерген келіп баланы жұбатады. «Әттеген-ай, жаңылған екенбіз! Шырағым, құлан ататын мергендер едік. Мына тақырдың қағына құланнан басқа ұшқан құс, жүгірген аң келмеуші еді. Біз байқамай жазым еттік», – деп қос мерген өкініш білдіреді. Сол жерде жөн сұрасып, жайды біліскен соң қос мерген балаға: «Алаңдар ешкімің жоқ екен. Біздің елдің байының баласы жоқ еді, балшықтан кісі жасай алмай отыр. Сол кісіге бала боласың», – дейді. Жетім баланың бұлданар жайының жоқ екені белгілі, қос мергеннің сөзіне құлақ асып, ауылына еріп келеді. Айтқандай, баласы жоқ бай жетім баланы зор қуанышпен бауырына басып бала етіп, ұлан-асыр той жасайды. Сонымен, күндер жылжып өте береді. Бойы өсіп, бұғанасы қата бастаған бала жүре тапқан әкесінің үйір-үйір жылқысына бас-көз болып, жылқышылардың қосағасы болады. Күндердің бір күнінде жетім бала жылқышылардың жайын білуге келе жатса, тау арасынан түгі жетіліп үлгермеген тып-тықыр бір құлынды көреді. Бала құлынды қосқа алып келіп, бағуға кіріседі. Кешікпей-ақ, тықыр құлын тез жетіліп, ат болады. Жай ат емес, желсе желдей есетін, шапса құстай ұшатын тұлпар болып өседі. Бір күні бала атын мініп, әкесіне көрсету үшін үйіне келіп, атын белдеуге байлап жатқанда пысқырып қалады. Сонда бай үйінің түндігі құйын соққандай желп ете түсіп еді дейді. Бай үйге кірген баласынан: «Шырағым, мынауың неғылған ат, мұндай жылқы бізде жоқ еді ғой», – депті. Бала мән-жайды айтады. Бай: «Е, дұрыс-ақ, мінетін атыңды тапқан екенсің», – деп оң шырай танытады. Бала осы бір сәтті пайдаланып, көптен көкейінде жүрген ойын айтады. «Әке, – дейді бала, – тумасам да туғандай көріп, бауырыңызға бастыңыз. Ол үшін алдыңызда мәңгі қарыздармын. Алайда, қазақ «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» демей ме? Ұлықсат етсеңіз, туған жерімді көргім келеді». Ержеткен азаматты зорлап ұстап бола ма, бай қаншалықты балаға бауыр басып, қимағанымен, ақылға жеңдіріп ақ батасын беріп, ұлықсат етеді. Бала қуанышы қойнына сыймай жолға шығады. Былай шыға тақыр атына қамшыны басып, талай бел-белестен өтеді. Бір мезгілде тізгін тартып артына қараса, көз ұшында жалпылдап бай әкесі қуып келеді дейді. Сөйтсе, бауыр басқан баласы енді қайтып келмей ме деп қимай, тұлпарына мініп, соңынан ере шыққан екен. Сонда баланың да жүрегі елжіреп: «Сағың сынар қайт, әке!» – деп дауыстайды. Осы тұста домбыра «Сағың сынар, қайт, әке!» деген сөздің буын ырғағын сұңқылдай қайталап тұрып алады. Баланың алған бетінен қайтпайтынына көзі жеткен бай: «Қайтейін, қайыр қош, алдыңнан жарылқасын!» – деп, көзінің жасын іркіп, кері қайтады. Жетім бала сол жүргеннен мол жүріп отырып, күндердің бір күнінде тау қойнауынан бұрқырап ағып жатқан бұлаққа тап болады. Бұлақты өрлеп келе жатып, көңілі тасыған бала әнге салады (Осы тұста домбыра үні жан сергітер әсем сазға ойысады). Кешікпей-ақ, жетім бала бұлақтың бастау қайнарына жақындап келсе, оның әсем әнін елти тыңдап бір қыз тұр дейді. Жөн сұрасып, тілдесе келе бала қызды ұнатып қалады. Сол жерде бала: «Маған өмірлік жар болсаң, алдыма мінгізіп алып кетер едім», – дейді. Сонда қыз: «Әніңді естідім, тегін жүректен шықпайтын ән екен, атыңды көрдім, қашса құтылып, қуса жететін ат екен. Тағдырдың жазуы осы шығар, айтқаның болсын», – деген екен. Сөйтіп, көңілдері жарасқан екі жас тықыр атқа мінгесіп жолға шығады. Сол уақытта қыздың артында қалып бара жатқан шешесі мен Ер Көбен деген бір ағасы бар еді дейді. Шешесі күндік жерден жыланның күйсегенін біліп, иісін сезетін қазық аяқ қара кемпір болса керек. Су алуға кеткен қызының кешіккенінен секем алып, тың тыңдап жібереді де, болған жайды біледі. Сол-ақ екен, аттанды салып: «Ер Көбен, әлгі жүзіқара жалғыз қыз көлденеңді көк аттыға мінгесіп, күндік жерде кетіп барады, жылдам жете гөр!» – деп, байбалам салады. Ер Көбен де намысқа басып, тұлпарына мініп, қуып береді. Келесі күні дегенде қараларын көреді. Сонда Ер Көбен: «Қашпа, батыр, қашпа, тоқта, батыр, тоқта!» – деп дауыстайды (Осы тұста домбыра «Қашпа, батыр, қашпа, тоқта, батыр, тоқта!» деген сөздің буын ырғағына ойысады). Сол жерде жанындағы жетім балаға қыз: «Біз мінгесіп қашып құтыла алмаймыз, мені түсіріп кет. Ағамның алдынан зорлықпен ілескендей болып шығайын да, «асқар таудай пана болған ағам-ай» деп, құшақ жайып жылаған болайын. Біраз бөгелер, сонда қара үзіп, ұзап кет», – дейді. Бұған жетім бала: «Е, мен неге қашайын, зорлық-қиянатым жоқ. Ағаң ет пен сүйектен жаратылған адам шығар, мән-жайды айтармыз», – деп көнбейді. Алайда, олай болмай шығады. Ашу буып келе жатқан Ер Көбен тықыр атты бір айналып өтеді де: «Ой, әттеген-ай, кінә сенен емес, қарындасымнан болған екен. Сен ісің ақ болған соң қашпаған екенсің. Әйтпесе, атың қуса жететін, қашса құтылатын жануар екен. Енді өткен іске өкінбей, маған ер. Атыңның төрт тұяғына төрт табақ жамбы берейін», – дейді. Жетім бала: «Алтының маған ат болар ма, ат болса да тықыр атымдай болар ма?!» деп ермейді. «Ендеше өзің біл, мен саған «қыз алып қаш» дегенім жоқ», – деп, Ер Көбен қарындасын мінгестіріп жүріп кетеді. Жетім бала болса: «Берген жомарт емес, алған жомарт. Мен көрдім, ол ерді, сен жеңдің. Қайсымыздың ісіміз ақ екені бір тәңірге аян!» – деп жетім бала қала береді. Содан, есіз далада ер-тұрманын арқалап жалғыз қалған жетім бала тағдырына мұңын шағып, зар төгеді (Осы тұста домбыра ерекше мұңды сазға ойысады). Есіз далада ұзақ еңіреп, сілесі қатқан жетім балаға бір мезгілде ой келеді. «Қой, мен бүйтіп езіле бергенмен іс бітпес. Әрі жаяу-жалпы қалып, әрі жазықсыз жапа шегіп, сүйгенімнен айырылғаным жараспас. Бір амалын қарастырайын», – деп орнынан тұрады да, Ер Көбеннің ауылын бетке алып жүріп кетеді. Сол бетінде тоқтамай жүріп отырып, түннің бір уақытында ауыл іргесінде жусап жатқан Ер Көбен жылқысының үстінен шығады. Ақырын көз үйретіп қараса, ағаш саясында бір жылқышы қалғып тұр дейді. Жетім бала еппен басып келеді де, шылбырын тұзақтап жылқышының мойына салып, ағаш бұтағынан асырып тартып тұра қалады. Сонан соң: «Жан керек болса шыныңды айт, жылқы ішіндегі ең жарамдысын ата!» – дейді. Шыбын жанын сауғалаған жылқышы: «Айтайын, айтайын! Ер Көбеннің жұма сайын бәйгеден келетін егіз күрең аты бар. Бірін кеше қинап мінген екен, үйінің жанында таңасып тұр. Екіншісі – мына менің астымдағы ат. Шыным осы!» – дейді жылқышы. Мұнан әрі жетім бала шылбырды ағаш бұтағына орай тартып, жылқышыны байлап тастайды да, оның астындағы атына мініп алады. Сол бетінде өзін ұнатқан қыздың ауылына келіп, қыз үйінің тұсынан кешегі бұлақ басында айтқан әніне салады (Осы тұста домбыра үні әсем сазға ойысады). Әнді естіген қыз бұл әннің кешегі бұлақ басында жетім бала салған ән екенін бірден таниды. Таниды да ойға қалады. «Бұл келіп тұрған жетім бала болар. Жетім де болса сертке берік екен. Сол сертінде тұрған соң, есебін тауып егіз күреңнің бірін қолға түсірген ғой. Қолға түсірген соң маған ат басын бұрып, белгі беріп тұрғаны болар, тәуекел!» – деп, қыз еппен киініп, затын салған қоржынын қарына іліп, сыртқа шығады. Сыртқа шыққан соң алаңсыз болайын деп, есікке қамыттай қара құлып салады. Сонан соң таң асып тұрған күрең атқа мінеді. Мұның бәрін көз жазбай бағып тұрған жетім бала қызға келіп: «Тағдыр жолымызды оңғарсын! Сен жылқыға барып, айдап кете бер. Мен ағаңмен қоштасып қайтайын!» – дейді. Қыз мұны жөн көреді. Жетім бала Ер Көбеннің үйінің тұсына келіп: «Ау, Ер Көбен, Ер Көбен! Сен ер екенсің. Кеше қарындасыңды қалыңсыз бергің келмей алып кетіп едің. Бүгін егіз күреңді мінгізіп, бір табын жылқыны алдымызға салып бердің. Мәрттігіңде шек жоқ екен, тәңірі жарылқасын!» – деп дауыстайды. Мұны естігенде Ер Көбен: «Өй, мынау не дейді ей!» – деп, орнынан тұра жүгіргенде құлыптаулы есікке соғылып, шалқасынан түседі.

Мұны естіген жетім бала: «Ұрит соқ-соқ!» – деп іштей күліп жүріп кетеді. Осылайша жетім бала мол жасауымен сүйгенін алып, туған жеріне жетіп, ел болып кетіп еді дейді.

13. «Ақсақ қаз»

(І нұсқа) Көктем туа жер ананың тас емшегі жібіп, төс емшегі иіген кезде жыл құсының шұбап келіп, дала төсін думанға бөлейтін әдеті. Салқын сабат көлге, жасыл жайлау белге ынтыға жеткен мың сан құс кешікпей-ақ ұя салып, жұмыртқа төгеді. Ұрпағын өргізіп, табиғаттың аялы алақанында мәре-сәре күй кешеді. Осы әдетпен, жыл сайын қалың шеру құс керуеніне ілесіп келіп-кетіп жүретін қос қоңыр қаз болады екен. Әрине, оның бірі – ата қаз, екіншісі – ене қаз. Келер жолына көзі қанық қос қаздың аңсап келіп қанат бүгетін айна көлі болса керек. Сол көлдің көк майса құрағын орып жеп, салқын шымына бауырын төсеп, ерке самалына қанатын керіп рақаттанады. Әсіресе, ақ үрпек балапандары апыл-тапыл аяқ басып, үпір-шүпір үйіріліп, құлдыраңдап соңдарынан ергенде қос қаздың көкірегін шаттық кернеп, қоңыр үнін қосарлай созып өмір әніне салады екен. Мұндайда қос қаздың саңқ-саңқ еткен әсем үні сай-саланы қыдыра жаңғыртып, дүние дидарына құлақ түргізгендей ерекше естіледі. Жел тынып, көл беті айнадай жалтырап, гүлқұлақтар сыбдырын қойып – қос қаздың әсем үніне маужырап мүлгігендей қалып танытады. Күндердің бір күнінде қос қоңыр қаздың шаттық күйі, өмір әні дала кезген сұр мергеннің құлағына шалынады. Тіс қаққан сұрмерген сайды сағалап, көлді жағалап, қамысты паналап келеді де, қаннен қаперсіз жүрген қос қазға садақ тартады. Қапысыз тартылған садақтан жұлқына шыққан жебе жолындағы гүлқұлақтың басын шала заулап келіп, ене қаздың қақ жілігін шорт үзеді. Шошына шыққан ащы үні маужыр көлді селк еткізгендей, қанат біткен дүрлігіп көкке көтеріледі. Ақ қанат балапандар үрпиісіп, жаралы анасының бауырына тығылады. Сонда жаралы қаз ақ үрпек балапандарын құтқару үшін қанатымен жер сабап, жалғыз аяғын жанталаса серпіп, бауырлай жылжып келеді де суға ілігеді. Сол бетінде қанын шұбыртып көл ортасындағы аралға балапандарын бастап жөнеледі. Мысы құрып, санын соққан сұр мерген жағалауда қалады. Жалғыз аяқ-жарым жан болып қалған қоңыр қаздың ендігі өмірі қасіретке толады. Бұрынғыдай балапандарын өргізіп, отын қандырып мамырлап қайтар күн жоқ. Жаз жайлаудың ең бір қызықты күндерін сұлық жатумен өткізеді. Аштан өліп бара жатқан соң, мойыны жетер шөбін орған болады. Суға түсіп сыланбаған соң, желге желпініп таранбаған соң бой жүні қобырап, қауырсыны ыдырай бастайды. Ол да ештеңе емес екен. Күн өткен сайын балапандары қара қанат болып, сирақтары серейіп, мойындары сорайып ата қазбен бірге ұзап жайылатынды шығарады. Қоңыр қаз төсімен жер сүзе жылжып, балапандарына ілеспек болады. Бірақ дәрмен жоқ. Мұндайда көкірегі шерге толып, көлдің аясын күңіренте зар төгеді. Ене қаздың сұңқылдаған қайғылы үні төңірегін мұңға бөлеп, көл беті уайымнан қабаршып жатқандай болады. Осымен күндер заулап өтіп жатады. Көлдің суы салқындап, қоңыр күз түседі. Құстар сап түзеп, топтаса ұшып, жылы жаққа қайтуға қамданады. Бұл кезде ене қаздың балапандары да ұлы дүрмекке ілесіп, анасына қош-қош айтқандай айнала ұшады. Сонда, қанатымен жер сабап, ақсаңдай ұмтылған ене қаз бауырын көтере алмай, үйірінен айырылып қала береді. Жай қалмайды, өксігін баса алмай сұңқылдап, қасірет шерін төгеді.

Ақсақ қаздың осы халі күйге айналған.

14. «Сау қаз»

Бұл күйдің аңызы «Ақсақ қаз» күйінің аңызына жалғас айтылып, күйдің өзі де жалғас тартылады. ...Сонымен, сұр мергеннің оғынан жаралы болып, үйірімен бірге жылы жаққа ұшып кете алмай, ене қаз есіз аралда зарлап жалғыз қалады. Бауырына басқан балапандарынан айырылып, қанаттас серігі ата қаздан көз жазып, қасірет шерін төгеді. Сап түзеп, моншақтай тізілген ұялас қаздардың соңынан телміре қарайды. Қос қанатын кере серпіп ұшпақ болады. Бірақ, бауырымен жер соғып, дәрмені таусыла сұңқылдайды. Осындай шақта ту сыртынан саңқ еткен ата қаздың үні естіледі. Балапандарын қалың құстың легіне қосқан ата қаз қанаттас серігін қимай қайта оралған екен. Ене қаздың ет жүрегі елжіреп, сыңсып жылағандай үн шығарады. Ата қазға жұп-жұмыр мойнын созып, иығына иек сүйейді. Ата қаз болса кеудесімен демеп, қанатымен желпіп, өзіне ілестірмек болып әлек. Амал қанша, ақсақ қазда дәрмен жоқ. Қанатымен жер сабап, қамыға сұңқылдайды. Дәрмені таусылған ата қаз да аһ ұрып, қош-қошын айтуға мәжбүр болады. Өмірлік серігінен тірідей айырылып, зар төге алыстай береді... Осы көріністі күйші домбыраға түсіріп, қос қаздың сезім күйін, тағдыр талайын қос ішекпен сөйлеткен екен.

15. «Бөкен жарғақ»

(І нұсқа) Ертеде ағайынды екі жігіт болыпты. Әкелерінен жастай айырылып, шешесі үшеуі өмір сүреді екен. Алаңдары болмай өскен ағайынды екі жігіт жастайынан аң аулауды кәсіп етіпті. Бойлары өсіп, бұғаналары қата бастаған кезде бұлардың аңшылығы төңірегін тәнті ететін болыпты. Әсіресе, түздің бөкен сияқты көп кездесетін аңын аулауға машықтанғаны сонша, үстілеріне бөкен терісінен тіккен жарғақтарын киіп алып, түз тағысымен араласып жүріп қалағанын атады екен. Күндердің бір күнінде, ағайынды екі жігіт тізе қосып, әдеттегідей бөкен аулауға шығады. Ен далада сынаптай сырғып жүрген бөкеннің бұрылып келіп су ішер орындарының болатыны белгілі. Сондай бір бұлақтың басына ертерек келген екі жігіт атуға ұрымтал орынға бекінбек болады. Сонда ағасы інісіне ақыл береді: «Екеуміз бұлақтың екі қабағын ала жайғасайық. Қаталап келіп суға бас қойған бөкенді екі жағынан қақпалап атсақ қарық боламыз», – дейді. Інісі ағасының айтқанына көніп, көрсеткен жеріне бекінеді. Түс мезгілі болып, күн тас төбеге көтеріліп, тірі жанның аңқасын кептіргендей ыстық көтерілген кезде мүйізі жарқ етіп, бөкеннің шолғыншы текесі көрінеді. Іле даланың шаңын шүйкедей созып, артынан кимелей кеуделеген ешкі-лақтары жетеді. Сол бетінде қалың киік айналы астаудай жарқырап жатқан бұлаққа бас қояды ғой. Осы кезде, ұрымтал сәт келген шығар деп, ағасы садақ тартады. Дүр етіп кері серпілген бөкеннің келесі шетінен уәде бойынша інісі де оқ жаудырады. Талай бөкен оққа ұшады. Аң қызығы ағайынды екі жігіттің делебесін қоздырып, одан сайын құныға атады. Сөйтіп, екі ортада ұйлыға жөңкілген бөкеннің тұяғынан қалың шаң көтеріледі. Әлден уақытта аман қалған бөкендер шаң арасынан сытылып шығып, түзге бет алады. Әлі де болса шаң арасында ұйлыққан бірер бөкенді атып алып қалмақшы болған ағайынды екі жігіт қалың киікті өкшелей қуып, садақ тартады. Бір мезгілде ағайынды жігіттердің үлкені шаң арасынан бөкеннің ойқастаған сүлдерін көргендей болады. Қылт еткенді құтқармай атып машықтанған жігіт садағын құлаштай керіп тартып жібереді. Бұл жолы да атқаны қапы кетпейді, көздегенін мұрттай ұшырады. Сол бетінде бауыздап ала қояйын деп жүгіріп келсе, бөкен деп атқаны өзінің жалғыз інісі екен дейді. Сол жерде бауырының басын құшып жылаған жігіттің зары кейін ел ішінде «Бөкен жарғақ» деген күй болып тараса керек.

16. «Жамал-ай!»

Ертеде бір байдың қызына есігінде жүрген қойшының баласы ғашық болыпты. Жастайынан бірге өскен жарлының баласын байдың қызы да ұнатады екен. Ер жетіп, бой жете келе екі жастың бір-біріне деген сезімі тіптен арта түседі. Бұл жағдай бір күні байға белгілі болып, бай тас-талқаны шыға ашуланады да, кедейді басқа жаққа көшіріп жібереді. Енді қайтып ауылының маңынан жүрсе жазаламақшы болады.

Сонда жүрек сезімін жасыра алмаған қойшының баласы:
Қасың сұлу қағаздың сиясындай,
Мойның ұзын тоғайдың миясындай.
Қайтсем саған қолымды жеткіземін,

Жатқан жерің сұңқардың ұясындай.
Жамал-ай, Жамал-ай,
Болар ма екен амал-ай!
деп өлең етіп әнге салып, күй етіп сыбызғыға салған екен.

17. «Тепеңкөк»

(І нұсқа) Тепеңкөк әу баста бір байдың қойға салған шабан аты екен. Мың салса бір баспайтын шабандығына бола Тепеңкөк атанса керек. Күндердің бір күнінде тақымында жүрген Тепеңкөкке жұрттан асқан бір сыншының көзі түседі. Сыншы Тепеңкөктің алды-артына шығып, сұқтана қарап тұрып: «Апыр-ай, осы заманның жылқысы азды ма деп жүрсем, жоқ, менің көзім тозған екен ғой. Мына жануар бүйірімді қыздырсаң, бәйгеден келем деп тұр ғой!» – дейді. Бұл сөзді естіген қойшы: «Бәрекелді, қойға да жете алмайтын Тепеңкөкке қайдағы бәйге!» – деп күледі. Сыншы сол бетінде ат басын байдың үйіне тірейді. Сөз арасында сыншы: «Байеке, қырық жылда бір туатын ерен жүйрікті қор қылып, қойға салып қойғаныңыз қалай?» – деп сұрайды байдан. Бай бұл сөзді көңіліне алып, сыншы келеке етіп отыр-ау деген оймен: «Шын жүйріктің қырық жылда бір туатыны рас болса, сол қырық жылда ортаймайтын дәулетім бар. Менен жүйрік жылқы көргің келсе, қырық жылдан кейін кел!» – деп, қырыс қабақ танытады. Сонда сыншы: «Байеке, көңіліңізге алмаңыз, мен шынымды айтып отырмын. Шыққыр көзім шықпаса, қойшының астындағы Тепеңкөк алдына қара салмас жүйріктің өзі. Тек, бабын білмей жүрсіздер. Тепеңкөк бүйірі қызбай шаппайтын, арқасы қозбай арындамайтын ат. Сол үшін, бәйгеге қосарда екі қоржын басы құм теңдеп алу керек. Әрі-бері шапқан соң құлағының түбінен тер білінер. Тер білінген соң-ақ Тепеңкөктің бауыры жазылып, созыла шабуға тиіс. Сол кезде қоржын түбін өткір кездікпен тіліп жіберіп, құмын төксе, сонан соң аруағын көтере ұрандап, айқайға салып отырса, Тепеңкөк сақпанның оғындай заулар еді!» – дейді. Сыншының айтқан сөзіне бай құлақ асып, бәйгеге қосады. Жай қоспайды, аяққаптай ала қоржынға құм теңдеп қосады. Айтқанындай, сол жолы Тепеңкөк небір желаяқ жүйріктерге шаң қаптырып, жалғыз қара болып бәйгеден келіпті. Осыдан кейін бабы табылған Тепеңкөк бәйгенің алдын бермейтін болыпты дейді. Мына күй сол Тепеңкөктің шабысын келтірген, арасында ат үстіндегі баланың ұрандаған айқайын білдіретін күй екен.

18. «Хан жұбату»

Ертеде халқына қайырымды бір хан болыпты. Халқына қайырымды болған соң, ханға төңірегіндегілер де құрметпен қарайды екен. Ханның бар үміт-тілегіндей жалғыз ұлы болса керек. Сол жалғыз ұлы енді есейіп, ат жалын тартып міне бастаған шағында қайтыс болады. Жалғыз ұлдың мезгілсіз қазасы ханды қатты қайғыға батырып, көз жасы көкірегін жуады. Ақылы құмдай шашылып, қасірет шеккен ханды жұбату үшін аяқ жетер жерден небір ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен келіп, көңіл айтады. Қайғыны ақылға жеңдіруін өтініп, сабырға шақырады. Бірақ, хан қайғыдан езіліп, тірідей солып, басын көтермей жатып алады. Сол кезде, ел ішінде жұрттан асқан бір сыбызғышы болады екен. Ханның басындағы азалы халді естіп, арнайы ордаға келеді. Ел болып иіліп, жұрт болып жиылып, ханның қайғысына ортақтасып жатқанда мен де шет қалмайын деп ойлайды. Сөйтіп, ханға келіп, сәлем беріп, басу сөз айтады. Хан сол қалпы, сәлемге жауап қатпастан, іштей мүжіліп, өзімен-өзі болып, меңірейіп жатып алады. Сыбызғышы сәлемінің өтпегенін көңіліне алмайды. Төмендеу жайғасып отырады да, құтысынан сыбызғысын шығарып, асықпай сарната жөнеледі. Бұрын-соңды тартылмаған тың сарын естір құлақты елеңдетіп, ғажайып сазымен баурай жөнеледі. Сыбызғы үні ұзақ сарнап, уілдей өксіп, уһілей күрсініп, шер-шеменнің бәрін дыбысқа айналдырып жібергендей боздап келіп тоқтайды. Сонда хан төсектен басын көтеріп, сыбызғышымен амандасып, жоғары шығып отыруын өтініп еді дейді. Сыбызғышы төрге шығып жайғасқанда, ханның қас-қабағын бағып жүргендер күйшінің иығына шапан жабады. Міне, ханның қайғысын серпіп, басын көтерткен осынау күй ел ішінде «Хан жұбату» болып тараған екен.

19. «Кербез қыз»

(І нұсқа) Ертеректе бір өнерпаз жігіт болса керек. Ол кезде жігіттің жақсысы жылқы бағып, жүйрік мінеді. Күндердің бір күнінде, сол өнерпаз жігіт саяқ шыққан жылқыларын іздеп жүріп, бір ауылға кез болады. Сол ауылда шеткерірек тігілген ақ боз үй бар екен. Үй сыртынан ат байлар мама ағаш көзге шалынған соң, кісі түсетін «қонағуар үй» боларсың деп ат басын бұрады. Жігіттің ойлағанындай, үй төңірегі тап-тұйнақтай, аяққа шалынып жатқан мүлкі жоқ. Оймышталған сықырлауықты жара ашып үйге кіріп келсе оң жақта бір бойжеткен кесте тігіп отырса керек. Жігіт сәлем береді. Қыз лып етіп орнынан тұрып, сыпайы ғана амандасып, төрге көрпе салады. Жігіт төрге озып, қамшысын сыртына тастап, жайғасқан соң, қысқа-қайырым тілмен жөнін айтады. Қыз: «Е, жоқ іздеп шаршаған екенсіз ғой, сусын, дәм қамдайын, жайғасып отыра беріңіз», – дейді де шығып кетеді. Жігіт үй ішіне бажайлап көз салса, жүк аяққа сүйеулі бір сары домбыра тұр дейді. Құлықсыздау қол созып, жай ғана дыңғырлата бастайды. Жол соқты болып келген жігіттің құнығып тартуға зауқы жоқ, әшейін ермек еткен сыңайы байқалады. Мұны сол үйдің бойжеткені біресе қымыз әкеліп, біресе жастық тастап жүріп байқайды. Жай байқап қоймайды «домбыраның берекесін кетірді-ау» дегендей жымиып өтеді.

– Құрбым күлкі шақырардай қандай қылығымды байқадың? – деп жігіт сыр тарта сауал қояды.

Қыз күлкісін тыйып, кербез қалпымен:

– Жоға, сіздей, елдің шеті, желдің өтінде жүрген жігіттен мін іздеу үйде отырған бізге жараспас. Мін іздегенмен табылмас. Жәй әшейін, сайрап тұрған домбыраның тілінің күрмеліп қалғанына күлгенім ғой, – деп сөзінің соңын әзілге бұрады.

Кербез қыздың қылығына сай есті сөзі, күмістей сыңғырлаған үні бей-жай отырған жігіттің жан дүниесін баурап, дүр сілкінткендей болады. «Аталы сөзге арсыз ғана дау айтады» деген бар. Есті жігіт қыз сөзіне іштей ұйып, еңсесін түзейді де:

– Ә, домбыра тілін түсінер құлақ болса, сөйлетіп көрейін, – дейді де бір күйді бастай жөнеледі.

Қыз сыпайы ғана тізе бүгіп, қос жанары мөлдіреп, кірпік қақпай күйге ден қояды. Уыз өңі құбылып, ақ маңдайы керіліп, күйді беріле тыңдаған сыңай байқалады.

Күй тартылып бітеді. Қыздың мамық төсі дірілдеп, жеңіл ғана күрсінеді де:

– Апыр-ай, бұрын естімеген сыры мол күй екен, – дейді.

Сонда жігіт:

– Құрбым, күйді тартушы мен болғанмен, тартқызған өзің, сенің кербез қылығың. Осы дидарласуымыздың бір белгісі деп біл. Күйдің аты «Кербез қыз» болсын, – деген екен. Сөйтіп, екі жастың көңілін жарастырған күй «Кербез қыз» деген атпен жұртқа жайылған.

20. «Кербез қыз»

(ІІ нұсқа) Бір байдың алақанына салып аялап өсірген жалғыз қызы болыпты. Жалғыз да болса жүзге татитындай ақылына көркі сай болып өскен екен. «Қыз өссе елдің көркі» деген рас, бай қызының ақыл-көркі аңызға айналып, төңірегіндегі аяқ жетер жерден арнайы ат сабылтып келушілер көбейді. Малына сенген байлар, әліне сенген батырлар сөз салады. Жалғыз перзенті болған соң, бай қызының қас-қабағына қарап, өмірлік жар таңдау еркін өзіне береді. Ал, қыз болса анау-мынауға көңілі толмаған сыңай танытып, «теңім емес» деген жауаппен тойтарып тастай береді. Сонымен, күндер зулап, жылдар жылжып өтіп жатады. «Кербез қыз» атанған бай қызының көңілінен шығар ешкім кезіге қоймайды. Әрине, бұл жағдай алдымен ата-анасын алаңдатып, кербез қыздан жеңгелері арқылы шешесі «не ойлағаны бар екен?» деп сыр тартады. Сонда қыз: «Ертеңімді ойламай кергіп жүрген жайым жоқ. Бірақ, көрінгеннің етегінен ұстамай, көңілім құлаған біреуге тағдырымды тапсырсам ба деп едім. Ата-анама ризамын, жарық дүние сыйлады, әлпештеп өсірді, еркімді өзіме берді, соның арқасында ел ішіне «Кербез қыз» атым жайылды. Ендігі ойым, менің осы кербездігімді кім де кім сыбызғы тілінде жеткізе алса, жанымды түсінетініне көзім жетіп, соған барар едім» дейді. Қыз ниеті ел ішінде тез тарайды. Осыдан кейін-ақ бай ауылына жорға мінген бай да емес, найза ұстаған батыр да емес, енді небір нәнталап сыбызғышылар ағылып келе бастайды. Кербез қызға көпке дейін бірде-бір сыбызғышы ұнамайды. «Жай тақпақ, белгілі сарын» деп жақтырмай қайтара береді. Содан күндердің күнінде кедейқолдылау киінген қарапайым бір жігіт келіп, «Кербез қыздың көңілін өсірейін, кербездігін сыбызғыма көшірейін» деп күй тартады. Кедей жігіттің күйі қыз көңілінен шығып, екеуі көңіл қосады. Бұған қыздың ата-анасы да риза болып, ұлан асыр той жасайды.

Сонда тартылған осы «Кербез қыз» күйі еді дейді.

21. «Кербез қыз»

(ІІІ нұсқа) Бір байдың үш ұлының ортасында бұлғақтап өскен жалғыз қызы болыпты. Қыздың бір аяғының туа біткен сылтымасы болса керек. Бірақ, әке дәулетіне шалқып, үш ағасына арқа сүйеп өскен қыз көкірегін көтеріңкі ұстайды екен дейді. Тіптен, аяғының сылтымасын білдірткісі келмей, кербезсінген қылығына қарап, төңірегі «кербез қыз» деп атап кеткен екен. Кербез қыздың басы жас, бойы жеңіл кезінде қыз «теңім емес» деп талай жігіттің меселін қайтарады. Осыменен жүргенде қыз біраз уақыттың өткенін байқамай да қалады. Қыз ғұмыры қызғалдақтай келте ғой, қатарының көбі бас құрап, шаңырақ құрып кеткенде, байдың қызы енді оң жақта отырып қалған кәрі қыз атана бастайды. Арада тағы да біраз жыл өтеді. Күндердің бір күнінде бұл ауылға бір жігіт келеді. Ауыл-аймақты сөз етіп отырып, байдың кербез қызының әлі ұзатылмағанын естиді. Сөйтсе, бұл жігіттің де бір кездері кербез қызға көңілі кетіп, сөз айтқан екен ғой. Ол кезде көкірегін көтеріп жүретін байдың қызы бұ жігітті «теңім емес» деп, маңына жолатпай жіберіпті. Сол кезде қыздың әлі оң жақта отырғанын естіген жігіт ойға қалады: «Апыр-ай, бір кездері жастық сезімімді өзіне аударып, түн ұйқымды қашырған ғашығым еді. Бірақ, менің дәулетімді қорашсынып, меселімді қайтарып еді. Шын бақыттың кілті байлықта емес екенін енді білді ме екен?» – деп толғанады. Толғаныс үстінде отырып, сол сезімін күйге түсіреді. Күйдің бас-аяғын тиянақтап қолын жаттықтырған соң, ауылдың бір өнерпаз жігітіне қолқа салады: «Осы күйімді кербез қызға айнытпай жеткізгейсің. Күйді түсініп, мән-жайыңды сұрай жатса, жасырмай айтарсың», – дейді. Уәдеге берік өнерпаз жігіт кешікпей-ақ кербез қыздың алдына барып, сәлем күйді тартады. Күй құлыншақтай құлдыраңдап мұңсыз-қамсыз әуенмен басталады да, келесі бір орамында қос ішектің асты-үсті қатар үн қатып, қайнаған өмірдің бір қуаныш, бір қайғы сарынына ойысқандай болады. Мұнан әрі күйшінің қолы сағақтан қайтып, бел буынға жеткенде әлде бір өкінішті өксік алқымнан алып, сығымдап тұрып алғандай әсер береді... Осы кезде кербез қыз «болды, тоқтат» дегендей белгі беріп, күйді үзіп тастайды. Сәлем күйді кімнің жолдағанын сұрап біледі. Сонан соң, өңі бұзылып, қамыға жүдеп көз жасын мөлдіретіп сығып-сығып алады. Әлден уақытта бойын жинап, еңсесін түзеп: «Қайтейін, тағдырдың жазуы сол да, мен кербезсіп жүріп, қадірімді білетін нағыз азаматты байқамай қалыппын, бағалай алмаппын», – деп өкінішін білдірген екен.

Кейін осы күй ел ішіне «Кербез қыз» деген атпен тарап кетсе керек.

22. «Сал жігіт»

Бұл күйдің аңызы «Кербез қыз» күйінің бірінші аңызына жалғаса айтылады. Ол аңыз бойынша, қыз қылығы мен ақыл-парасатына риза болған жігіт «өзіңе бір белгі болсын» деп «Кербез қыз» күйін тартады ғой. Сөйтсе, кербез қыз өзінің ақыл-парасаты мен көз тартар көркіне қоса дәулескер күйші де екен дейді. Сол жерде өнерпаз жігіттің ықыласын аяқсыз қалдырғысы келмеген қыз: «Ықыласыңа дән ризамын. Халқымыз «Сыйға – сый, сыраға – бал» деуші еді ғой. Менен де бір белгі болсын, «Кербез қыз» күйінің жауабы», – деп, «Сал жігіт» күйін тартқан екен.

23. «Қос келіншек»

(І нұсқа) Бір байдың мәпелеп өсірген егіз ұлы болады. Ата-ананың тілегіне сай егіз ұлдың екеуі де жұрт аузына іліккендей азамат болып өссе керек. Қай істе де екеуінің жұбы жазылмай, біріне-бірі сүйеу болып, бірін-бірі толықтырып, көрер көзді қуантып жүреді екен. Бір күні бай отырып: «Бұл екеуінің кіндігін Құдай бір етіп жаратқанда, менің айырғаным болмас, екеуіне егіз қызы бар үйге құда түсейін», – дейді. Сол оймен бойжеткен егіз қызы бар үй іздеп құлағдар болып жүреді. Ел іші болған соң әртүрлі гәп кездесе бермей ме, бір үйден егіз ұл туғанда келесі үйден егіз қыз неге тумасын? Кешікпей-ақ, бойжеткен егіз қызы бар үй белгілі болады да, бай құлшына қимылдап құда түседі. Екі жақтың да ықылас-ниеттері жарасып, құйрық-бауыр жесісіп, төс қағыстырған құда болысады. Содан уәделі мерзім жетіп, қос келіншек ақ тілеумен босаға аттайды, келін болып түседі. Бір басы екеу болып, екі басы төртеу болып, тілегі орындалған бай неден аянсын, аяқ жетер жерге жар салып, ұлан-асыр той жасайды. Бірақ, бәрі де жазудан ғой, той қызып, ел мәре-сәре болып жатқанда «аттандай» шауып жаушы келеді. Ел шетіне қарақұрым қаскөй жаудың киліге кіргенін хабарлайды. Сонда отау үйде мәз-мейрам болып отырған егіз жігіт жұбын жазбастан атқа қонады. Тас-түйін болып бекініп, қатыгез жаудың алдын алу үшін ағайынға ұран салып, қол бастап шығады. Ал, қос келіншек болса әлгінде ғана шырқап отырған шаттық әнін мұңды зарға ұластырып, Тәңірге жалбарынады. Ақ тілеумен қосылған асыл азаматтарының аман-есен оралуын, жаудың беті қайтып, ел ішіне қайтадан тыныштық орнауын тілек етеді. Естіген жанның жүрегін елжіреткен қос келіншектің осынау зарлы тілегін кейін бір өнерпаз домбыра тіліне түсірген екен. Сол күйі «Қос келіншек» деген атпен жұртқа жайылған. «Қос келіншек» күйі – тел бұраумен тартылатын санаулы ғана күйлердің бірі. Домбыраның астыңғы және үстіңгі ішектері бір дыбысқа келтіріліп тартылғанда, шынында да үміт-тілегі бір егіз келіншектің қатар шыққан мұң сырындай әсер береді.

24. «Кәрібоз бен Салторы»

Ертеректе жүйрік атты жазбай танитын сыншы, атбегі болыпты. Оның өзімен бірге қартайған Кәрібоз деген жүйрігі болса керек. Кәрібоздың даңқы құнан күнінен шығып, қашан арса-арса болып қартайғанға дейін небір егелескен жарыста алдына қара салмайды екен. Тіптен, Кәрібоздың даңқы дүрілдеп тұрған кезде талай тойдың бас бәйгесін шаппай-ақ алып жүріпті. Бірақ, мәңгіні Құдай жаратқан ба, Кәрібоз да әбден шегіне жете қартаяды. «Өміріме серік болып, талай қызық күндерді бірге өткізген пырағым едің ғой» деп, иесі Кәрібозды бос қоя береді. Ақтылы қой, алалы жылқы баққан ел іші жүйріксіз бола ма, сол кезде Салторы деген бір аттың атағы шыға бастайды. Жүйрік атқа марапат көп, Салторының бітім-қасиеті жұрт аузынан түспейтін болады. Әсіресе, Салторының шыға шабатын ұшқырлығы, сол бетінде алдына тұяқтыны шығармастан мәреге жеке-дара келетіні ел ішіне аңыз болып тарайды. Күндердің бір күнінде ұлан-асыр той болады. Той иесі ат жарысының бас бәйгесіне қырық тай тігемін деп, дәмелі жұртты қызықтыра жар салады. Ұлы дүбір бәйгеге Салторы бастаған небір жал-құйрығы сүзілген жүйріктер келеді. Мұндай дүбірлі шақты талай көрген Кәрібоз сол күні бір бөлек мінез шығарып, өзінен-өзі тықыршып, үй желкесіндегі ат байлар мама ағашты шырқ айналып, жер тарпып тұрып алады. Бұған иесі онша мән бермейді. «Жануарым, әбден алжып, үйкүшік болдың-ау енді!» дейді де қояды. Осының бәрін көріп, байқап жүретін бір тазша бала болады екен. Өзі де бір, жыланның күйсегенін білетін зерек болса керек. Сол тазша бала Кәрібоздың иесінің жанына келеді де: «Ақсақал, Кәрібоздың әлі де бір шабарлығы бар екен, тіленіп тұр ғой, обалына қалмаңыз. Егер, тілімді алсаңыз бас бәйгенің қырық тайы өрісіңізді толтырады. Кәрібоздың шын жүйрікке лайық ең соңғы өнерін көресіз. Ал, тілімді алмасаңыз, осы үйден өз сүйегіңізді Кәрібозға артып шығарады», – дейді. Мына сөзді естігенде шалдың зәресі ұшып кетеді. «Қой, осы баланың аузына Құдай сөз салып тұрған шығар» дейді де, Кәрібозға тазша баланы мінгізіп қоя береді. Ұлы дүбір бәйге де басталып кетеді. Әдеттегідей, Салторы суырылып алға шығады. Сол бетінде алдына қара салмай, созыла сілтеп келе жатады. Салторының шабысы көрген жанның айызын қандырғандай еді дейді. Ал, Кәрібоз болса, ә дегенде кәрілігін жеңе алмай кібіртіктеп барып, бірте-бірте бауыр жазады. Содан көмбенің қарасы көрінгенше Салторының артында арқан бойы келе жатады. Кешікпей-ақ, көмбенің қарасы көрініп, ат қосқан елдің ұрандаған дауысы естіледі. Сол кезде қырқылжың тартқан Кәрібоздың белі көтеріліп, делебесі қозып, Салторыны тықсыра түседі. Салторымен жесісіп келе жатқан Кәрібоздың үстіндегі тазша бала:

«Алыспан да салыспан,
Салторыдан қалыспан,
Салторыдан қалыссам
Байдың тайын алыспан,

Бұл Кәрібоз әлі де
Қалған емес жарыстан!» –

деп, қамшыны басады ғой. Кәрібоз ышқына шауып, көсіле сілтегенде Салторыны тұсаған аттай артына қалдырып, көмбеге оқ бойы бұрын келеді. Келген бетте пышаққа ілінген екен. Кәрібозды білетін халық мұны да қас жүйрікке тән қасиетке балап, ырым көріп, етін бір-бір жапырақтан пышақ үстінен бөлісіп әкетеді. «Кәрібоз бен Салторы» күйі үш буынға бөлініп тартылады. Күйдің басын «мынау Салторының шабысы» деп, күйдің ортасын «мынау – Кәрібоздың шабысы» деп, күйдің аяғын «мынау – Кәрібозға тазша баланың қамшы басқан жері» деп тартады домбырашылар. Ел ішінде бұл күйдің аңызы бір болғанымен, тартуға келгенде екі бөліп «мынау – Кәрібоз күй», «ал, мынау – Салторы күй» деп, бөлек-бөлек тартатын дәстүр де бар.

25. «Ақ Ертіс»

Орта жүз Керей ішіндегі он екі ата Абақтың бір бұтағы – Жантекей деп аталады. Жантекейлер өсіп-өнген іргелі ел. Ол жөнінде ел ішінде «Бір Жантекей ауса бүкіл Абақ-Керейге сыймайды, бүкіл Абақ-Керей ауса, бір Жантекейге сіңіп кетеді» деген сөз бар. Мұнысы, Жантекейлер санының көптігін айтқаны. Міне, осы Жантекей елінің ішінде елдің қадірлі бір адамына әңдігер ас беріліпті дейді. Аяқ жетер жерге сауын айтылып, Қара Ертістің батыс қапталынан құятын бір өзеннің шүйгін алқабында ас беру белгіленеді. Межелі күн де келіп жетеді. Көшпелі елдің қуаныш пен қайғыны бөліп көтерісетін қашанғы әдеті ғой, ас беретін алқап ақтылы қой, алалы жылқыға толады. Әр үйден, әр ауылдан арнайы әкелінген еміздікті қара сабалардың сары қымызы быжылдап, өзен жағасындағы салқын шымға қаз-қатар бауыр басады. Әрине, ас пен тойдың өкпе-назсыз өтпейтін әдеті тағы бар. Осы аста Абақтың ноқта ағасы – Ителі елінің бір адамы «маған арнайы үй тігілмеді» деп, жатып ашуланады. Ноқта ағасы руларға өзгеден бөлектеу құрмет көрсетіліп, алдымен жол беріліп, төрелігіне тоқтайтын дәстүрдің бары рас. Сол дәстүр Ителінің адамына көңілдегідей болып жасалмаған ғой. Содан бұрқ еткен ашу оңайлықпен басыла ма, Ителінің адамы ашу үстінде өзен жағасында қаздай тізілген қара сабаларды бір-бір төңкеріп, қымыздың бәрін суға ағызып жіберсе керек. Асқа әкелінген қымыздың көптігі сондай, өзен арнасы көтеріліп, ақ толқын көбік шашып еді дейді. Содан бері Қара Ертістің бұл сағасын Ақ Ертіс деп атайтын болыпты. Осы оқиғаны асқа қатысқан бір өнерпаз күй тіліне түсіріп, оны «Ақ Ертіс» деп атаған екен. Күні бүгінге дейін Ителі руы Монғол Халық Республикасының Баян-Өлгий аймағындағы Қобда алабын, Ақ Ертіс бойын мекендейді. Ителі өз ішінде Ақбақты, Күйік, Бесшал болып үш атаға бөлінеді. Ұрандары – Бұқарбай, Күйік пен Бесшал ұрпағы осы ғасырдың 30-50 жылдарындағы аласапыран ауыртпалықта Еуропаға ауып кетті. Бірақ, ата жұртында қызық дәуреннің белгісіндей болып күй қалды. «Ақ Ертіс» күйінің ел ішінде айтылатын екінші бір аңызы бар. Бұл аңыз бойынша, төрт түлік малды тіршілік тірегі еткен ел Ақ Ертістің қос қапталына кезек аунап көшіп, мұңсыз-қамсыз ғұмыр кешеді екен дейді. Яғни, өзеннің бір беті қыстау, бір беті жайлау болған ғой. Бір жыл көктем ерте белгі беріп, қар аяқ астынан күрт еріп, Ақ Ертістің суы көтеріліп кетеді де, қалың ел жайлауға шығып үлгере алмай қалады. Қыс бойы аяқты малдың тебінінде болған қыстау маңының өрісіне қамалуға мәжбүр болады. Сол жылы төрт түлік мал қоң жинай алмай біраз шығын болып, елдің берекесі кетіңкіресе керек. Ел бейғам болмасын, Ақ Ертістің де ақ өркеш толқыны болатынын ұмытпасын деген ниетпен бір өнерпаз «Ақ Ертіс» күйін шығарыпты дейді.

Бұл күйді ел ішінде «Ертіс толқыны» деп тартатындар да бар.

26. «Қара атты мен торы атты»

Арғы, алыс заманда қазақ даласында барымта-сырымта деген болмапты. Ол кезде жауды алыстан күтіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған заман екен. Тіптен, алалы жылқыны барымталау былай тұрсын, біреудің жалғыз атын ұрлаған адамның жанын қиып жіберген қатал тәртіп болған. Беріде ғой, халық ханынан айырылып, хан тағынан айырылған соң, «Үлкені жоқ ауылдың жастары дуана» дегендей, қазекем өзді-өзін түртпектеп, барымта-сырымтаны әуезе етіп алғаны. Осындай ауыл-үйі аңдысып, барымта-сырымта қабындап тұрған кезде бір ауылдың қарттары екінші бір ауылдың ерулікке шақыруынан қайтып келе жатса, сайтандай сақ етіп ұрылар кездеседі де, қаукерік қарттарды топылдатып аударып тастап, аттарын ала жөнеліпті. Осы жағдайдың үстіне басқа жақтан жолаушылап келе жатқан бір қара атты, бір торы атты жігіт тап болады. Көз алдарында қарттарға жасалған зорлықты көрген қара атты мен торы атты бөгеліп тұрмастан, тақым қаға ұмтылып, ұрыларымен сарт-сұрт ұрысып кетеді. Қара атты мен торы атты екеуі де өз күштеріне сенген жігіттер болса керек, әрі-бері қағысқан соң-ақ басымдық көрсетіп, қарттардың мінген атын алып қалады. Жай алып қалмайды, құрық тиіп елірген аттарды қоғамдап, ұстап береді. Шалдар кәукілдесіп, қос жігітке алғыстарын жаудырады. Қара атты мен торы атты қош айтысып жөндеріне кетеді. Сонда көрген түстей болған жағдайдан абдырап қалған қарттар, аттарына мініп, өздеріне-өздері келген соң, «ау, әлгі екі жігітті құрғақ алғысқа тойдырып қоя бергеніміз ұят болды-ау, тым болмаса аты-жөндерін сұрап қалайықшы, өздері алты сай етіп бөрік киген екен, керей жігіттері болар» дейді де, соңдарынан қуғыншы жібереді. Қуғыншы астындағы атын қамшылай түсіп, «Қара атты мен торы атты, тоқта, керей, тоқта!» деп дауыстай шауыпты дейді. Осы оқиғаны қарттардың ішіндегі бір өнерпазы кейін ауылға келген соң күйге салып тартса керек. Қазақтың күйшілік дәстүрінде бұл сияқты күй атауын әуен-ырғаққа салып тартатын күйлер көп. «Қара атты мен торы атты» күйінде де «қара атты мен торы атты, тоқта, керей, тоқта!» деген сөздер күй ырғағына бағынып, адамша сөйлейді. Адамша сөйлей отырып, әуен-сазымен бүкіл оқиғаның жанды суретін елестетеді.

27. «Аңшының зары»

Аңшылықты кәсіп қылған екі ағайынды жігіт әлдебір себеппен елден кетіп, бір таудың шатқалын мекендейді. Күндердің бір күнінде екеуі екі қырқада аң аулап жүргенде, ағасы бір құлан атып алады. Атып алған құланның етін қапқа салып, терісін күнге дегдітіп отырғанда аспанды аяқ астынан бұлт торлап, қалың нөсер бұршақ құйып кетеді. Аңшы құлан терісін тастың бір қуысына күркелеп, соны паналауға мәжбүр болады. Міне, осы бір шақта, бір қырқаға шыға келген інісінің көз ұшында құлан көсіліп жатқандай болады. Ойланбастан садақ тартқан інісі, құланды бауыздап ала қояйын деп келсе, өліп жатқан өзінің ағасы болып шығады. Ағасын келмеске жөнелткен бейбақ ауыр қайғыға душар болып, еңіреп жүріп, ағасын арқалап қосына қайтады. Бірден қосқа әкелуге батылы бармай, сүйекті жақын бір жерге жайғастырып, ағасының қосына келеді. Алдынан шыққан жеңгесі қайнысын қаннен-қаперсіз қарсы алады. «Кешіктіңдер ғой, ағаң қайда?» деген сұраққа, қайнысы айтарға жауап таппай, жоқ сылтау айтып қосына кіреді. Сол кезде керегеде тұрған қоңыр домбыра қолына түсіп, бір мұңды күй шертеді. Сезімтал жеңгесі: «Ойпырым-ай! Мына күйің бұрын соңды естілмеген зар ғой! Сен не сұмдықты бастап отырсың! Осы, ағаңнан айырылып қалып отырғаннан саумысың?» – депті. Сонда аңшының қолынан домбыра түсіп кеткен екен деп аңыз қылады.

28. «Қорамжан»

(І нұсқа) «Қорамжан» жесір әйелдің жар дегенде жалғыз ұлы екен. Байдың түйесін бағып жүріп, қыстың бір боранды күні адасып, үсіп өліпті. Сондағы қайғылы хабарды естігенде, шешесінің:

«Жалғыз қалған сорлы анаң,
Қайғы мен зарға жаралған.
Ажалың болды бораннан,
Айналайын Қорамжан,

Сорлап қалдым – Қорамжан!
Зарлап қалдым – Қорамжан», –
деп айтқан жоқтауынан туған күй екен.

29. «Қорамжан күйі»

(ІІ нұсқа) Қорамжан бір кемпірдің жалғыз баласы екен. Қорамжанның «Тепеңкөк» деген жүйрік аты бар екен. Қорамжан алыстағы бір елден қыз айттырып, соған ұрын барып, қалыңдық ойнап жатады. Түнде сол Қорамжан жатқан ауылдың жылқысына жау тиіп, аттандаған айғай естіледі. Қорамжан да аттанды естіп орнынан тұрмақ болғанда, қасындағы қалыңдығы «шаппа, қума» деп қолқа қылады. Қорамжан болмай қаруын алып, Тепеңкөкке мініп, айғай шыққан жаққа қарай жөнейді. Алдыңғы қуғыншыларды қуып жетеді. Бірақ ұзап кеткен жау қарасы көрінбейді. Тепеңкөк бүйірі қызбай, еті терлемей жақсы шаппайды екен. Қорамжан атымның бүйірі қызып тез шапсын, жауға тез жетейін деп екі қап құм теңдеп алып, жауды қуып кетеді. Тепеңкөк терлей бастағанда, қаптағы құмды төге бастайды. Сөйтіп, бүйірі қызған Тепеңкөкпен құйындатып, ұзап кеткен жауға Қорамжан сәтте жетіп келеді. Оны көрген жау батыры жарда бұғып отырып Қорамжанды атып түсіреді. Қорамжан оққа ұшып өледі. Осыны күйшілер «Қорамжанның шешесінің жоқтауы», жас оң жақта қалған «қалыңдығының жоқтауы», «Тепеңкөктің шабысы» деп, домбыраға тартады. Мұны «Қорамжан күйі» дейді.

30. «Бозайғыр»

(І нұсқа) Бұл күйді ертеде «Алатау асқан боз тарлан» деп те шерткен екен бабаларымыз, – дейді Бағаналы ақсақал. Тұлғасы кесек жануар бір топ жылқымен бірге жоғалады. Жыл уағына дейін іздеу салынып, табылмаған айғырды «қолды болдыға» жорып қояды. Сонымен жыл уағынан асқанда ел жайлауға қонып жайғасқан күндердің бірінде, биенің екі сауымынан кейін алыстан бір боз жылқы құйындатып келе жатады. Желі басынан көз тіккен жылқы иесі: «Я, пірім-ау! Мынау не жылқы болды екен? Тұлғасы тым кесек қой», – деп тамашалап тұрады. Сөйтсе әлгі көзден ғайып, көңілден ұмыт бола бастаған Бозайғыр болып шығады. Бозайғыр кісінеп кеп, жер тартып желі басына көлденең тұра қалады. Жал-құйрықтан айрылған, көк шолақ болып өзгерген. Басында ноқтаның жұрнағы ғана қалған. Көзінен қанды жас парлайды жануардың. «Құрулаған» иесі де жылап көріседі.

31. «Бозайғыр»

(ІІ нұсқа) Өткен заманда бір байдың жылқыларының ішінде боз айғыры бар екен. Боз айғыр жылқылардан ұзап алысқа кетпей, шет жағында жүретін. Бір күні жылқыны ұрылар айдап кетеді. Бозайғыр үйірімен бірге ұрылардың қолында үш күн болып, төртінші күні өздерін айдап келе жатқан адамдардың бөтен екенін сезіп, ауылға қарай қашып, үйге келеді. Бозайғырдың үйірінен бұлайша бөлініп келуінің тегін емесін сезген байдың баласы, айғырды жүгендеп, жылқының соңынан қуады. Жылқыға жетіп, алдын орап үйірді кейін қарай қайырады. Ұрылар балаға жан-жақтан лап қойып ортаға алмақшы болғанда, Бозайғыр үстіндегі баланы бір шетке алып шығады. Бала ұрыларға бір бүйірден тиісіп, бір-екеуін құлатады. Ұрылар баланы тірідей ұстап алып, жәбірлегісі келеді. Бірақ, олардың бұл ойына бала да, Бозайғыр да көнбей, ұрылардың тағы екеуін құлатып, кейін қарай бет бұрғанда, ұстай алмасына көздері жеткен ұрылар садағымен баланы атып санынан жаралайды. Бала жаралы санын белбеумен таңып алып, ұрыларға өшіге қайта тиісіп, өзі аттан түсіп, жүруге шамасы келмей қансырап жатады да, атты қоя береді. Бозайғыр босанған бойда ауылға тартады. Бозайғырды көрген бай қамығып: «Балам өлген екен, енді не болса да ізіне түсіп іздейін» деп айғырға мінгенде, Бозайғыр байға бас бермей, тауда қалған балаға қарай ала жөнеледі. Келсе, шынында бала өліпті. Баласының өліміне қайғырып, жылап-еңіреп бай далада отырғанда қасында тұрған Бозайғыр оқыранып қоя берді. «Тағы да ұрылар келіп қалған екен», – деп бай зәресі кетіп, орнынан ұшып тұрса, бір салт атты жалғыз жолаушы екен. Ерінің қасында домбырасы бар. Әлгі жолаушыға бай болған жағдайды түгел баяндайды. Сонда жолаушы:

– Шіркін, жануарым-ай! Ат болса осындай, ер болса сенің балаңдай болсын. «Жақсы ат ер сүйегін далаға тастамайды» деген осы да. Балаңның ерлігіне астындағы аты сай екен. «Жақсы ат жаман жігітті де ер етеді» деген бар ғой. Мына жануар дәл соған сай келеді екен, – деп қолына домбырасын алып бір күйді тарта беріпті.

Күй күңірене барып аяқталғанда күйзеліп отырған бай:

– Замандас! Мына тартқаның қайғылы саз болды ғой? Атын не дейсіз? – депті. Сонда күйші:

– Жануар мына тұрған Бозайғырға разы болып, соған арнап тарттым, өйткені, бұл айғыр болмаса, сенің балаң қайда қалар еді, сен балаңды қайдан табар едің? – депті.

Осыдан бастап бұл күй ел арасында «Бозайғыр» атанып, таралған көрінеді.

32. «Бозайғыр»

(ІІІ нұсқа) Ертеде тау бөктерінде жатқан жылқыларды ұрылар айдап кетулі. Жылқы ішінде Бозайғыр бар екен. Ол үйірден ұзап алысқа кетпей, шет жағында жайылып жүрсе керек. Ұрылар жылқыларды қуғанда Бозайғырды да үйірімен қоса әкеткен. Жолда үш күн болып, төртінші күні жердің, оны айдап келе жатқан адамдардың бөтен екенін сезген Бозайғыр айнала пысқырынып, ауылына қашып келеді. Бозайғырдың үйірінен бұлайша бөлініп келуі тегін емес екенін білген байдың баласы, айғырды жүгендеп, ерттеп, қару-жарағын асынып, жылқының соңынан қуады. Жылқыға жетіп, алдын орап үйірді кейін қайырады. Мұны көрген қарақшылар жан-жақтан қаумалап баланы ортаға алып, қолға түсіріп, қорламақшы болады. Бірақ олардың бұл ойын түк шықпайды. Өйткені, бала Бозайғырмен бір шетке шығып, ұрыларға тұтқиылдан тиісіп, екеуін құлатады. Қызып алған айғырмен қайта шауып, қарақшылардың тағы екеуін түсіріп, ауылға қарай жылқымен бет бұрғанда, баланың енді ұстатпайтынына көздері жеткен ұрылардың тірі қалғаны, оны білтелі мылтықпен атып, санынан жаралайды. Оқ тиген бала бұрынғыдан да бетер өшігіп, тұла бойын ыза кернеп, жаралы санын қыл белбеумен қатты таңып, қарақшыларға қайта тиіседі. Олардың қалғандарын құлатып, жылқыны айдап ауылға қайтады. Жолшыбай бір төбенің етегіне жетіп, ілгері жүруге шамасы келмей қансырап, атынан жығылады. Боз айғыр әрі-бері оқыранып, баланың қасынан кете алмай, ақыры болмаған соң ауылға тартады. Баланың әкесі Бозайғырды көріп, «балам өлген екен, енді не болса да іздейін» деп жолға шығады. Бозайғыр иесіне бас бермей, тауда қалған балаға қарай оны ала жөнеледі. Келсе, шынында да бала өліпті. Баласының өліміне әкесі қатты қайғырып, жылап-еңіреп отырғанда қасында тұрған бозайғыр оқыранып, кісінейді. Тағы да ұрылар келіп қалған екен деп, бай зәресі кетіп орнынан ұшып тұрса, ерінің қасына ілген домбрасы бар, салт атты жалғыз жүргінші екен. Жолаушы баланың жанына келіп, әкесіне көңіл айтады. Бай болған жағдайды оған түгел баяндайды. Сонда жолаушы:

– Шіркін, жануарым-ай! Ат болса осындай, ер болса сенің балаңдай болсын! «Жақсы ат ер сүйегін далаға тастамайды» деген осы да. Балаңа астындағы аты сай екен. Жақсы ат ерге қанат бітіреді деген. Мына жағдай дәл соған келеді, – деп, домбырасын алып, бір күйді тартыпты. Күй күңірене барып аяқталғанда баланың әкесі:

– Замандас! Мына тартқан қайғылы сазыңыздың аты қалай? – деп сұрағанда домбырашы:

– Бауырым, мына тұрған Бозайғырға разы болып, соған арнап тарқан күйім еді, атын «Бозайғыр» қойдым. Бұл айғыр болмаса, балаң қайда қалар еді, сен оның сүйегін қайдан табар едің? – депті.

33. «Бозайғыр»

(ІҮ нұсқа) Қазақ даласында үлкен жұт болады, даладағы жылқы малы көп қырылады, көп жылқыдан жалғыз бозайғыр қалады. Көкке тойғаннан кейін үйір іздейді. Бозайғыр әуелі қатты желіп, соңынан шоқытып бар күшімен ағызып таудың басына келіп, шығады да жан-жағына қарап тұрып, пәрменімен кісінейді, кісінеп-кісінеп болып аяғында бір түрлі үнмен қоңыраудай сылдыратып үзілтіп-үзілтіп кеп тоқтайды, сонда осы Бозайғырдың кісінеген үні адамға бір аянышты әсер ететін еді. Қазақ халқының өмірінің арқауы болған төрт түлік малы, оның ішінде жылқысын халық өте қадірлеген ғой. Міне Бозайғыр күйі жұттың әсерінен туған.

34. «Бел асар»

Бұл күйді бір ұры шерткен екен. Нөкерлеріне жылқыны айдатып жіберіп, жол-жөнекей бір үйге кіріп, сусындап отырып, ілулі тұрған үкілі домбыраны алып бір күй шертеді де, аттанып кетеді. Домбыраның иесі қыз, қонақ аттанысымен: «Мына күйшінің тартқан күйі «Бел асар» дейді. Ол неғылса да ұры. Жылқыны бел асырып жіберіп, өзі жәй жолаушы болып сусындап алдап отыр» деген екен. Сол қыздың тапқырлығы бойынша ел болып ұрының ізіне түсіп, жылқыны құтқарып, ұрыны қолға түсіріпті.

35. «Ақсақ құлан»

(І нұсқа)

– Саруалының арығы деген жерде үйір-үйір құлан жатыр, – деген хабарды естіп Жошы ханның жалғыз ұлы өзінің құралайды көзге атқан мергендерімен жолға шығыпты. Ханның ұлы құланды көргеннен кейін, үстіне қызыл шекпен киіп, қолына қаруын алып, ордалы құланмен жалғыз айқаспақшы болып, басқаларға тоқтау салады. Басқа қу шоқайлы сұр мергендер сай-сайдың тасасымен бет-бетіне аң аулап кетеді. Сол кезде үйір ішінен ханның баласына қарсы шапқан жалғыз құлан жер тартып, пысқырып ханның баласын айнала шауып ойқастап өткендей болады. Жер бетін қара түнек тұман басады. Мергендер бір-бірінен адасады. Сөйтіп жүргенде, бір құдіретті өктем дауыс: «Қу шоқайлыдан қаша жүрің, қызыл шекпендінің үстін баса жүрің!» – деп жар салып өтеді. Осы өктем үннен кейін лезде қараңғы түнек сейіліп, жер беті жап-жарық болып шыға келеді. Енді мергендер келіп қараса, ойнақ салған құлан да жоқ, онымен айқасқан ханның баласы да жоқ. Мергендердің тапқаны ханның баласының жалғыз шынашағы екен. Сол шынашақты алып, олар аулына қайтады.

Хан өзінің баласының оралмағанына күйініп қаһарына мініп, елге жарлық айтады:

– Менің балам аман-есен оралатын болсын! Баламның суық хабарын естімейтін болайын. Кімде-кім «өлді» деген хабар айтса, көмейіне қорғасын құйғызамын. Баламның бір хабарын естімейінше, азық-түлік беру тоқтатылсын, – деп хабарлап, бүк түсіп жатып алады. Хабаршы болып ханның алдына баруға жан шықпайды. Сөйтіп, қалың ел қатты торығып, күйзеліп тұрғанда Кербұқа деген домбырашы шығып:

– Баласының өлімін домбырамен мен естіртейін, – деп дүйім жұртты өзіне қаратады. Ханның босағасына келіп, тізелеп отырып бір күй бастайды. Бұл күйі құланның жүрісі мен айбар шеккен сәтін суреттейді. Екінші күйін шалады. Бұл күйде хан баласының қаза болғаны анық айтылады. Сонда мұны түсінген хан басын көтеріп:

– Сенің мына күйің «Балаң өлді, Жошы хан» деп тұр ғой, – деп тіл қатады. Сонда Кербұқа:

– Ей, тақсыр! Балаңыздың өлгендігін өз аузыңыздан естіп отырмын, – депті. Сонда, хан қатты қапаланып: – Қап, мен сөзден жығылдым. Қорғасынды домбыраның көмейіне құйыңдар! Домбырашыны айдаһар алдына апарып тастаңдар! Жылан жұтсын, – деп бұйырған екен. Домбырашы жыланның алдында да күй тартады. Жылан күйге балқып, бауырын жазып, тұмсығымен, жұдырықтай алтынды күйшінің алдына домалатып әкеп тастайды. Кербұқа өлімнен құтылып, еңіреген елдің батасын алып, олжаға батып, жөніне кетеді.

36. «Ақсақ құлан»

(ІІ нұсқа) Жошы ханның маңдайына біткен жалғыз ұлы құлан аулауға құмар екен дейді. «Құлан аулау қоян аулау емес, қауіп-қатері көп» деп хан оны аңға жалғыз жібермейді екен. Күндердің күнінде ханзада әкесінен ұрланып, аңға бір өзі шығып кетеді, бір жерлерге келгенде жайылып жүрген бір үйір құланды көреді. Қуанғаннан екі көзі жайнап, қорамсағынан сұр жебесін суырып алады да, жазықсыз жануарларды қынадай қырады. Қырудың қызығына түсіп кеткен ол, оғының таусылғанын да білмей қалады, ханзаданың қауқарсыз халін сезген көсем құлан оны қос өкпеден қос аяқтап теуіп айдалада өлтіріп кетеді. Ұлы хабар-ошарсыз кеткен соң, бір сұмдықты білген хан жаманатты естуге дәті бармай былай деп жар салады: «Кімде кім баламның өлгенін есіттірер болса, аузына қорғасын ерітіп құямын». Мұндай сөзді естіген соң жаман хабарды барып айтуға кімнің батылы жетсін! Ешкім тіл қатып, тіс жармайды. Бір күні тақта отырған ханның алдына қызметшісі жүгіріп келеді: «Алдияр тақсыр, ханзаданың хабарын білем деп есік алдына бір кісі келіп тұр» дейді ол. Хан: «Кірсін!» деп әмір етеді. Ішке қолында домбырасы бар бір кісі енеді. Хан: «Жолаушым, білгеніңді жасырмай түгел айт!» – дейді. Сонда күйші қолына домбырасын алып: «Менің білгенімді екі шек пен бір тиек айтып береді», – деп күмбірлетіп жөнеледі. Күйдің алғашқы шумақтарынан шапқан аттың тұяқ дүбірі естілгендей болады. Көзінің қарашығындай жалғызы үй жанына кеп қалды ма деп жүрегі тулап қоя береді. Ханның жүзіне қан жүгіріп шырайлана түседі. Бірақ осы мезетте үстіңгі шектен жан дүниеңді әлем-тапырық еткен орны толмас өкініш пен қайғының сұмдық сарыны құлаққа келген еді. Домбыра адамша жылап, адамша егілді. Хан қабағын демде қара бұлт жайлап, еңсесі түсіп қоя береді. Қол созған жақсы үміті көзден ғайып боп, көңілін қапалықтың ауыр мұңы басады. Ендігі сәтте күйші құланды көрген ханзаданың қуана салған әнін, ажал алып зуылдай ұшқан сұр жебенің дыбысын, өлімнен қашқан аңдардың тұяқ дүбірін суреттегенде, ханның ойы отызға бөлінеді. Күй тілін түсінуді бұған несін жазды екен тәңірі! Күй шарықтап шырқау шегіне жетті – кенет арындаған екпін кілт үзілді де, домбыра көмейінен жан тәсілім еткен жанның ақырғы демі естілгендей болды. Ханның өңі сазарып қоя берді де, орынан атып тұрды. Екі көзіне қан толып, бармағын тістелей берді. Күйші бұл кезде бастапқы қаралы тақырыпқа қайта оралып, күй екпіні әлсіреп, қайраты кеміп, дүниеден көшіп бара жатқан пенденің жете алмай кеткен арманын айтып, жанары сөніп бара жатқандай еді. Хан жас жуған жүзін екі алақанымен басып отырып қалды. Бірақ есін тез жинап алды да, өз әмірін екі етпей орындамақшы боп: «Жалғыз ұлымның жапанда мерт болғанын естірттің, жазаңды ал ендеше», – дейді де, – «жақсыны да, жаманды да айтпасын, осымен өмір бақи үні өшсін» деп домбыраның көмейіне балқыған қорғасын құйдырады.

37. «Айрауықтың ащы күйі»

Ұлы жүзде Тайлақ деген кісі өтіпті. Тайлақ батыр асқан сыбызғышы адам болыпты. Тайлақ батыр «Айрауықтың ащы күйін» өзінің Шекер мен Барақ дейтін екі ұлына арнап шығарған деседі. Тайлақ батыр сексенге келіп әбден қартайған кезінде жылқысын жау шауып кетеді. Шекер мен Барақ атты екі баласы қарт әкесін үйде қалдырып, жау соңынан қуады. Сол жолда Шекерге оқ тиіп, қаза табады. Барақ жылқыдан айрылып, жаралы қайтқанда үй сыртында төбеде отырып, күні бұрын осы оқиғаны, жаны сезіп, күңіреніп тартқан күйі екен. Бұл күйді жиналған елі-жұртына тарту арқылы үйде отырған келініне естіртеді. Сонда үйде отырған келіні: «Әкем тартар күй емес, өзім естір күй емес, сақта Құдай, сақтай гөр!» – деп үйден шыға алмай отырып қалады деп аңыз қылады.

38. «Тепеңкөк»

(ІІ нұсқа) Астындағы жалғыз атынан басқа маңдайында әке де, шеше де, бауыр да, туыс та, мал-мүлік те жоқ бір кедей жігіт бір ұлан-асыр тойда тепеңкөк жүйрігін бәйгеге қосады. Бәйгеден келер аттардың жолын тосып, ол дөң басына шығып отырады да, домбырасын шерте жөнеледі: «Терлігінен тер кешпеген Тепеңкөгім, алыс жолдан алқынбай жет мәреге. Ешкімім жоқ шабысыңды қостайтұғын қиқулап, дем беретін демің біткен сәтінде. Тек өзіңде бар үмітім! Домбырамның үні жетсе құлағыңа, бәлкім ұшқыр қанат бітер тұяғыңа». Күй сарынын естіген Тепеңкөктің бойына тың күш құйылып, не байлардың саңлақ сәйгүліктерін шаң қаптырып, жарыста жалғыз қара боп келген екен дейді.

39. «Тепеңкөк»

(ІІІ нұсқа)

– Өткен заманда, бір кедейдің жалғыз көк тұлпары болыпты. Өзі жуас, бірақ жүйрік болса керек. Кедей онымен аңға шығып, күнелтіс өтеді екен. Аңда жүргенде қасқыр, түлкілерді тұлпармен қуып, соғып ала береді. Тұлпардың бір қасиеті, тері шықпаса, шаба алмайтын болған. «Аттың сыры иесіне мәлім» дегендей, аңға шығардың алдында екі қанжығасына екі дорба құмды өңгеріп алып, әрлі-берлі аяңдатып, желдіртіп, көк тұлпардың терін шығарып алады екен.

Бір күні елде үлкен той болып, соған жер-жерден әнші-күйшілер, ақындар, палуандар, бай-билер сәйгүлік жүйрік аттарымен келеді. Той басталып, ойындар өтіп, кезек аттардың жарысына қалады. Бәйгіге дайындалған сәйүліктер көп екен. Бәрі де бірінші жүлдеден үміткер. Осы жарысқа көк тұлпарды да қосайыншы деп, тұлпардың иесі, ат айдаушы келгенше көк тұлпардың терін шығару үшін, қанжығасына құм өңгеріп, тұлпардың тепеңдетіп жортып жүреді. Көп кешікпей ат шабыс басталады. Бірінші болып көк тұлпар келеді. Бәйгі алғаннан кейін тұлпардың иесі, атына разы болып, жарыс алдынада тепеңдетіп, жортқанын есіне түсіріп, «Тепеңкөк» – деп күй тартыпты.

40. «Тепеңкөк»

(ІҮ нұсқа) Ертеде бір кедейдің мал дегенде жалғыз көк аты болыпты. Өзі бәйгеге қосқанда алдына қара салмайтын жүйрік екен. Бірақ бір қасиеті, тері шықпаса мүлдем шаба алмайды, ол жақсылап тері шықса қандай жарыс болса да алдын бермейді. Аттың сыры иесіне мәлім демекші, сол елде үлкен ас болып, асқа жан-жақтан небір сәйгүліктер келулі. Аста ат шабыс, жамбы ату, балуан күрестері белгіленіп, озғандарына жүлде тағайындалады. Бұл асқа әлгі кедей де келеді. Көк тұлпарын жарысқа қосу үшін иесі бәйге басталмас бұрын қанжығасына екі дорба құмды өңгеріп, әрлі-берлі желдіртіп, терін шығарып тепеңдетіп келе жатқанда, елдегі бір домбырашы көріп, аттың сұлулығына, жүрісіне көңілі толып «шу, жануар, тепең көк» деп күй тартыпты. Содан бұл күй ел арасында «Тепеңкөк» атанып кеткен.

41. «Тепеңкөк»

(Ү нұсқа) Ертеде бір ханның қойшысы бар екен. Сол қойшы ханның жалғыз баласымен бір жаққа барып келе жатса, өзеннің жағасында жылқының басы жатыр екен. Сонда қойшы: «Мені Толыбай сыншының баласы деп кім айтады, сені көкорақ тұлпар деп кім айтады?» – деп жылқының басын құшақтап жылайды. Осы уақиға жайын ханның баласы әкесіне айтып келеді. Мұны естіген хан қойшыны шақырып алып: «Сен сыншы болсаң, менің бес жүз жылқымның ішінен шабатын тұлпар бар ма, айқындап бер», – дейді. Қойшы ханның жылқыларын аралап, ешбір жылқыға көңілі толмай, ханға: «Сіздің жылқыларыңыздың ішінде шабатын тұлпар жоқ», – дейді. Хан қойшыға қаражатын, керек-жарағын беріп, тұлпар тауып келуін сұрайды. Қойшы шаһардан-шаһар кезіп, базарларды түгел аралап, ешбір тұлпар таба алмай, бір қойшыдан жауыр, жүні түскен қотыр тайды сатып алып ханға келеді. Хан қойшыға: «Бір айдан кейін болатын бір бәйге бар, соған осы тайды қосасың», – деп бұйырады. Қойшы «мақұл» деп, тайды бір табын жылқыға қосып жібереді. Асқа он күн қалғанда ханның баласы үйірге барып қараса, әлі сол қалпында, жауыр арық тайды қойшы мініп жүр екен. Қойшыдан: «Ханның бәйгеге қосатын тұлпарын мініп жүргенің қалай?» – десе, ол: «Ханның бес жүз жылқысының ішінде осыдан басқа ұшығына шығатын жылқы көрмедім», – дейді. Содан бәйге болып, тепеңкөк бәйгені алып келеді. Сонда қойшы Тепеңкөкті:

Кекіліңе болайын күлтеленген жібектей,
Сауырыңа болайын, түбі түскен шелектей, – деп еркелеткен екен.

42. «Нар идірген»

(ІІ нұсқа) Баяғыда бір шал мен оның жалғыз қызы болыпты. Олардың күн көретіні де жалғыз нар екен: ішсе асы, мінсе көлігі. Күндердің күнінде сауып отырған түйесінің ботасы өліп қап, қызы мен әкесі ас-сусыз қалады. Үйлерінде үнем жоқ, аштан өлуге айналады, шал не істерін білмей қатты қапаланады. Ақылды қызы оны жұбатып: «Әке, қайғыра берме, Құдайдың бір жақсылығы бар шығар, шыдай тұрайық», – дейді екен. Сол айтқан сөзін естігендей күн сәскеге көтеріле кедейдің үйіне екі жолаушы келіп түсіпті. Келген ақсақал қарт кісі де, жанындағы жас жігіт те домбырашы болып шығады. Қыздың әкесі өзегі талып, өлімнің аз-ақ алдында отырған жайын қонақтарына айтып беріпті. Қарт домбырашы екі сөзге келмей «қызыңды маған қисаң, нарыңды ботасыз-ақ иітіп беремін», – деген. Бұл сөзді әкесі қызына келіп айтады. Сонда қызы: «Бетін қайтарма, әке. Әуелі түйені идірсін, қалғанын көре жатармыз» дейді. Күйші қызға: «Қарағым, көнегіңді алып барып, желінін ұстап дайын отыр» деп, домбырасының құлақ күйін келтіреді. Сосын түйенің жанына барып тарта жөнелгенде, домбыра «қос, қос» деп сөйлеп қоя береді. Бір кезде қыз түйе иіп, емшегіне сүт келе бастағанын байқайды, бірақ шалға тигісі келмеген ол, сүті ағып кетпесін деп үрпісін саусағымен қысып ұстап отырады. «Қалай?» деп ымдаған қарияға әлі сүт келген жоқ деп ымдайды, қыздың жайын қабағынан ұққан жігіт домбырасын алып, енді ол тарта жөнеледі. Сол кезде сүт қысқан желінді қоя беріп еді, сүт көнекке сауылдап төгіле бастады. Қарт домбырашы бұған аң-таң қалады. Отағасы өзінің берген уәдесін орындап нарды иіткен жігітке қызын береді. Сол түйенің сүтін азық етіп, әкесі, қызы, күйеу баласы үшеуі ештемеден тарықпай көзін сатып ешкімге телмірмей, көңілі де, қарыны да тоқ болып өтіпті деседі.

43. «Нар идірген»

(ІІІ нұсқа) Ертеде бір кемпір-шал қызымен елден безіп, аң жортпас, құс ұшпас бір құла даланы мекендеп өмір өткізіпті. Олардың күнкөрісі жалғыз нары екен. Жылдарда бір жыл қуаңшылық жүріп, даланың шөбі қурағандықтан, бір үйлі ғаріптің, бетіне қарап отырған нарының ботасы өліп, нар жүдеп-жадап, суалып кетіпті. Үркердей үш жанның талшығы құрып, тағдырына қауіп төніп, қасірет-қайғыда қалыпты. Бір күндері бір шал мен бір жігіт осы араға пайда болған екен. Жүргіншілер бұлардың мұң-зарын ұққан соң, әлгі шал жанындағы жігіт арқылы кемпір-шалға:

– Егер қарымжыға қызын берсе, қазір қара нарды домбырамен иітіп берем! – деген екен.

Бұл сөз сорлы кемпір-шалдың қайғысын ауырлата түсіпті. Қыздарын бейсауат біреуге қолынан жетелете салғанға шыдамапты. Зерделі қыз әке-шешесінің ойын аңғарып:

– Тағдыр басқа салса мақұлмын, – деп шалға күй шерттірген екен. Үй ішінен бебеулеген күй үнін естіген даладағы қара нар орнынан тұрыпты. Қыз ыдыс-аяқ жақтағы шелекті ала жүріп, шалға лесіп келген жігітке ым қағады. Ол тысқа шықса қара нар рас иіген екен. Қыз нардың қос емшегін тас қып қысып тұрып, ере шыққан жігітке өз жүрек сырын жанарынан төккен жаспен аңғартып, өзіне көмек сұрапты. Шалға қор болып бара жатқанына қорланып, жалын атқан жүрегі өзіне үміт артып тұрғанын аңғарған жігіт шапшаң басып үйге кіреді де, шын жүрегі өзі деп тұрған қыз көңілінің кілті болған зарлы, мұңлы бір күйді шертеді. Сонда қыз шелегіне сүт бұлақ болып ағады. Қыздың көз жасы да тоқтаусыз сорғалайды. Осы кезде кемпір-шал да риза болып қызын жігітке атап, ақ батасын берген екен. «Нар идірген» сондағы жігіт шерткен күй дейді.

44. «Нар идірген»

(ІҮ нұсқа) Ертеде бір кедейдің мал дегенде жалғыз түйесі болыпты. Жазғытұрым түйесі боталап, екі күннен кейін ботасы өліпті. Ботасыз қалған жануар иімей, желіні сыздап, күңірене боздайды. Бұл жағдай кедейдің жанына қатты батады. Қарт жалғыз қызымен ақылдасады. Сонда қызы әкесіне:

– Сіз елге хабар салыңыз? Кімде-кім осы маяны иітсе, сол кісіге мен тұрмысқа шығамын, – депті. Мұны естіген адамдар, түйені домбыраның күйімен ғана иітуге болатынын әңгіме етеді. Талай домбырашылар маяны иітуге келеді, бірақ мая иімейді. Нардың оқиғасы сол өңірге тегіс тарайды. Хабар жеткен жердегі домбырашылар қыздан үміткер болып, өздерінің өнер күштерін сынамақшы оймен жан-жақтан келе береді. Осындай топтың ішінде түрліше жастағы домбырашылар болады.

Шарт бойынша маяны кім иітсе, қыз сол кісіге тұрмысқа шығуы керек. Қыз маяны құдықтың басына әкеліп, бұйдасын мойнына іледі де, шелегін қолына алып, саууға даяр тұрады. Үш домбырашы келісіп, бірінші кезекті жасы үлкен шалға береді. Шал домбыраның үнін түйенің боздағанындай күңіренте тартқанда, маяның алпыс екі тамыры шымырлап иій бастайды. Мұны сезген қыз нардың емшегін қатты қысып тұра береді де ортасынан аса бергенде:

– Иімеді! Домбыраны келесіге беріңіз, – дейді қыз шалға. Бұл шалға бармау үшін қыздың істеген әрекеті екен. Сөйтіп, шалдың тартқан күйі «Нар идірген» өмірге осылай келулі.

Екінші кезекті алған жігіт домбыраны күңіренте тартады. Қыз өз ісін сол жерде отырғандарға сездірмес үшін, күй біраз тартылғаннан кейін маяның емшегін босатып сауа беріпті. Сөйтіп қызды жігіт алатын болады. Үшінші домбырашы балаға кезек жетпейді. Бұған қатты қапаланған бала, қыздан айырылған өкінішіне арнап «Күйдім, жандым» деген күй тартыпты. Осылайша үш домбырашы күйлерін тартып болғаннан соң, өзі өнеріне сенімі мол шал қызға қарап:

– Шырағым! Маяны иіткен мен едім, сіз зорлық жасап отырсыз. Егер осы айтқанымды бекер десеңіз, біз әлгіде тартқан күйлерімізді тартып үшеуміз үш бағытқа кетелік. Осы тұрған жануар кімге «ботам» деп еміреніп ерер екен, – дейді.

Қыз маяны иіткен кім екенін біле тұрса да, шалдың талабын орындауға мәжбүр болады. Айтқандай-ақ, мая шалдың артынан қалмай, шапанын иіскелеп ере беріпті. Мұны көрген халық маяны кім иіткенін біледі. Бұл жағдайды жұртшылық тегіс көрген соң шал қайта келіп қызға:

– Қарағым, бұдан былай өтірікке үйір болма, қалаған қосағыңмен бірге қартай, – деп шын батасын беріп, қызды жігітке қосып кетіпті.

Халық күйі «Нар идірген», немесе, кейбір жерлерде «Өрелі мая» деп аталатын күйдің шығу тарихы осылай болған.

45. «Аққабынның толқыны»

(І нұсқа) Керей руынан шыққан Мұса деген бір кісі қызын күйеуге ұзатарда қалың малына қосып, «мінгізгенім» деп Бурылат деген атын да береді. Жыл өткен соң Мұса қызын көріп қайтайын деп жекжатының аулына келе жатқан екен дейді. Ауылдың қарасын көрген соң, қолына сыбызғысын алып, «Аққабынның толқыны» деген күйді тартқан екен. Дәм-тұзы бөтен жерге бұйырған Бурылат шалғайдан сыбызғы үнін естігенде құлағын қайшылап, кісінеп қоя береді. Жайылып жүрген үйірінен жалғыз бөлініп шығып, ауылды айналып шаба беріпті. Жастайынан сыбызғы күйін естіп өскен Бурылаттың бұл мінезін қыз «әкем келе жатыр» екен дегенге жориды. Айтса айтқандай, қыр басына қылт етіп шыға келіп, ауылға құлаған атты кісі әкесі болып шығады.

46. «Аққабынның толқыны»

(ІІ нұсқа) «Аққабынның толқыны» атты күйдің аңызында Бұхтарма атты өзеннің жағасында тұрған, Керей руындағы тамаша сыбызғышы Мұса туралы айтылады. Ол өзінің жалғыз қызын «Марқакөл» көлінің жағасында тұратын бір қазаққа күйеуге ұзатып, оның жасауына өзінің сүйікті атын береді. Жат жерде ақылды жануар сенделіп жүреді. Бір күні Мұса қызының жағдайын білуге «Марқакөлге» бара жатып жолшыбай «Аққабынның толқыны» атты күйін ойнағанда, жасауға берген Мұсаның аты үйірінен бөлініп шығып, кісінеп ауылды айналып шауып жүреді. Иесіне шын берілген ат, Мұса ауылға келгенінен тыным таппады. Мұсаның ойнаған сыбызғысының үніне дағдыланып қалған ат, иесінің дауысын он шақырым жерден естіп білді. Асыл мінезді жануардың тынышсыздануын білетін Мұсаның қызы мұны көргенде үй ішіне: «Сірә, менің әкем келе жатқан болар, біздің аттың ойнақшып айнала шабуы тегін емес», – дейді.

47. «Аққу»

(І нұсқа) Баяғы өткен заманда бір жарлы кемпір өмір сүріпті. Оның бар байлығы – жетім сәбилер – немере ұлы мен немере қызы болыпты. Оның ойлағаны соларды бағып өсіру болған. Кемпір көрші ауылдың байының сиырын сауып, кірін жуып, тамағын пісіріп болмашы ғана еңбек ақысын алып отырған. Немерелері де байдың жұмысын істейді: бала қозы бағады, қыз шай қайнатып, анау-мынаусын істейді. Осылайша олар үйтіп-бүйтіп өмір көре береді, тағдырға тағар кінәсі де болмайды. Бір күні ойламаған, күтпеген жерден оларға пәле тап болады. Бай аулына жау шауып, ел бір түн ішінде сапырылысып басқа жаққа көшіп кетеді, аласапыран кезінде жұртта абайсызда бала-шағасы мен кемпір қалып қояды. Оның үстіне көзге түртсе көргісіз дауылды, ала құйын соғады. Таң ата дауыл басылады, жұртта қалған сорлы бейшаралар аң-таң қалады. Олардың ішейін десе асы, баспанасы тағы жоқ. Жұртта жетім болып қалған сорлылар егіліп тек жылай береді. Баланың әкесінен қалған аң ататын мылтығынан және оның екі сұрағынан (ашасынан) басқа олардың дымы болмайтын. Ақыры, алдында балаларын ертіп кемпір, басы ауған жаққа жүре береді. Күні бойы жүріп-жүріп, күн батуға таянғанда әбден діңкелері құрып шаршаған олар, бір-біріне жантая жатып, үлкен көлдің жағасында ұйықтап кетеді. Таң сәріде ұйқылы-ояу жатқан бала бір әдемі дауыс естиді. Ояна келсе, төбесінде айнала ұшып, қонғалы жүрген аққуларды көреді. Бала әлден кейін аққулардың көлге қонғанын сезеді. Бала қуанғаннан әндетеді. Бар деген үйінің қымбат мүлкі – мылтығын алып бала көздеп атып жібереді, бірақ кербез құсқа оның оғы тимей кетеді. Аққулар ұшып кетеді, жолы болмай қамыққан бала көл жағасында қала береді. «Үшеуіміз де енді аштан өлеміз ғой» деп ойлайды ол. Біраз уақыттан кейін осы арадан қашық емес тау мен орман арасындағы көлде аққулар паналайды деген аңшылардың сөзі баланың есіне түседі. Әжесіне осыны айтып, оны қарындасына қалдырып, қолына мылтығын алып, аққулар ұшып кеткен жаққа қарай жүріп кетеді. Жүгіріп келе жатып бала әндетеді:

Барар жерің Балқан тау,
О да біздің көрген тау!

Әбден шалдыққан бала қараңғы түсе, Балқан тауының басына шығып, тұңғиықта жалтыраған көлді көреді. Қалың шөпті қақ жарып жоғары қарай тырмысып, бала көлдің жағасына келіп, тәтті ұйқыға сүңгіп кетеді. Ертеңгісін бала тағы да көл үстінде айналып ұшып жүрген аққуларды көреді. Міне, аққу суға қонды. Ешбір қауіпсіз тұмсығын қанатының астына тығып аққудың ұйықтап кеткенін бала бақылайды. Бала аққуды атып тигізеді. Осы кезде баланы күте-күте зарығып, оның әжесі мен қарындасы жылайды. Бұл кезде атып алған аққуын арқалап, бала да өзінің әжесі мен қарындасына келеді. Оны көріп қуанғандығынан көңілді ән шырқайды. Олар аққудың етін жеп, тәтті ұйқыға шомып кетеді. Ертеңгісін үшеуі көңілденіп, тынығып алғанан кейін жолға шығады. Кешке қарай олар қатерлі, қауіпті түнде бұларды далаға тастап, көшіп кеткен ауылға келіп қосылып, бұрынғысындай өмір сүре береді. Бала тек мерген болмаған, әкесінен қонған дарынды, жақсы күйші де болған көрінеді дейді. Еліне келіп «Аққу» атты күйін ол қобызда ойнап береді.

48. «Аққу»

(ІІ нұсқа) Қап тауы деген дүниедегі ең үлкен тау болады екен. Бергі бетіне қыс түссе, ар жағы жайма-шуақ жаз болғандықтан, әлемдегі жылылықты аңсайтын құс атаулы солай қарай арқан тартып ұшатын көрінеді. Солардың қатарында аққу деген киелі құс та бар екен. Қанаты бүтін, топшысы берік, өзі тың болса, сол Қап тауынан әрі асады екен де, ақсақ, қауырсыны қатпаған, әлсіз болса, бергі жағында қалып қояды екен. Кейбірі неше рет өрлеп, неше рет төмендеп, кейде баяу, кейде жылдам ұшып, әрең асады дейді. Сондағы Қап тауын айналып ұшып жүрген аққудың таудан әрең асқандағы күйі мынау... (Соңында күйші өзін Қап тауына балап, домбыраны аққу қылып, иығынан асырып тастайды.) ... Сол жолда аққуды бидайық құс қуады. Аққу қашып барып суға түсіп, әрі қарай жүзіп барып, қанатын керіп сілкінеді...

49. «Аққудың зары»

Ертеде бір сұлу қыз бен күйші жігіт бір-біріне ғашық болыпты. Күндердің күнінде жігіт алыс сапарға аттанады. Аман-есен оралып, қыздың ауылына келсе, ол осыдан сәл бұрын қайтыс болған екен. Ел-жұрты сүйегін ауыл шетіндегі көлдің қасындағы төбенің басына жерлейді. Жігіт сол жерге барып, домбырасымен қалыңдығын жоқтап, күні бойы зарлана күй тартады. Көлдің ортасында кішкене арал бар көрінеді. Сол аралды аққулар мекендейді екен. Көл маңындағылар аққу жұмыртқалаған кезде үнемі салға мініп барып жұмыртқасын алып кетіп отырыпты. Жігіт сүйгенін жоқтап мұңайып отырса, балапандарынан айырылып сұңқылдап, тынымсыз ұшып жүрген жалғыз аққуды көреді.

– Бұл дүниеде ұшқан құс, жүгірген аңның бәрі де мұңды, бәрі де зарлы екен ғой, – деп әлгі күйші жігіт аққудың зарын күйге қосып тартқан екен...

50. «Қоңыр бұқа»

Халық аңызында ерте уақытта бір ауылдың өзен жағасында жайылып жүрген бір қора сиырларын жау қуып кетеді. Сол сиырлардың арасында көк бұқа болады. Сол көк бұқа жанына ешкімді жолатпайтын сүзеген болады. Сондықтан да ішінде осы бұқа жүрген бір қора сиыр бойлай басқа малдардан бөлек жайылады екен. Бір күні жем іздеп ашыққан қасқырлар осы бір қора сиырға шабуыл жасайды. Көк бұқа қасқырлармен арпалысып, әзірге ауылдан кісілер келгенше бірде-бір сиырды қасқырларға жегізбей қорғайды. Міне, көк бұқа тынышсыздана бастайды да, басын қорқынышты көтеріп алып, ауыл жаққа қарап, ауаны искелейді. Өз үйірін еш уақытта ауылдан еш адам іздеп келмейтінін сезген көк бұқа үйірін туған ауылына алып келеді.

51. «Шал бүркіт»

Ертеде бір қазақтың жанында жақсы көретін, қасқыр мен түлкіге найзағайдай түсетін аңшы бүркіті болыпты. Ол көп жыл өмір сүріп, ақырында қартайып аңшылыққа жарамайды. Оның қанат жүні сиреп, құйрығының қауырсындары түсіп, ұша алмай, ұшса қайтып жерге қона алмай қатты қиыншылық көреді. Бір күні аспанда өте жоғары самғап ұшып, содан жерге жақындап келіп, жалбарына аянышты ысқырық үн шығарады да, бірақ қонбайды. Ол солай әбден күш-қуаты біткенше ұшып тастай құлдырап жерге түседі. Құстардың қалықтап түсуіне көмектесетін құйрық қауырсынынан жұрдай болған қарт бүркіт өлімге душар болады. Оның аянышты шаңқылын естіген иесі үйінен жүгіріп шығады. Өлім халінде жатқан бүркітке ол ешқандай айла көмек көрсете алмайды, бірақ көп уақытқа дейін есінен де шығармайды.

52. «Жетім қыз»

(І нұсқа) Ертеде бір өзеннің жағасында жетім қыз бен бала болыпты. Ол қыз қайықты жақсы еседі екен. Сол маңдағы балалар бұларға келіп қайықпен ойнап серуендейді екен. Бір күні қыз таудан жүзім жинауға кеткенде үйде қалған бала апасының жоғын пайдаланып қайыққа мініп жүзеді. Бірақ ол қайықты есе білмейтін. Ойламаған жерден қатты дауыл жел тұрып қайық үлкен толқынның арасында аударылады, бала суға кетеді. Жанында қалған жалғыз інісінің суға кетіп өлгенін естіген қыз зарлап жылайды.

53. «Жетім қыз»

(ІІ нұсқа) Ертеде бір байдың ауылында өте сұлу қыз бойжетіпті. Әлгіні көрген адам көңілі кетіп, үйленуге құмартады екен де, сөз салады екен. Сонда қыз:

– Мен – әке-шешесі жоқ жетім қызбын, – деп қана жауап береді екен.

Мына сөзді естігендер: «Ой, жетім екен ғой!» – деп ынтықтық райынан айнып, қайтып кете береді екен.

Сондағы қыздың:

– Оу, жетім қыз, жетім қыз,

Көрген жанды ынтықтырды бетің, қыз.
Әкесі жоқ жетім қыздың
Кәдесі жоқ.
Шешесі жоқ жетім қыздың

Некесі жоқ.
Ағасы жоқ жетім қыздың
Бағасы жоқ.
Інісі жоқ жетім қыздың

Тынысы жоқ.
Өз-өзіңмен жетіл, қыз,
Сүйгеніңмен кетіл, қыз! –
деп мұңайып, арман қып тартқаны екен...

54. «Бұлғын – Сусар»

Бұрын елден асқан бір күйші аң-құстармен күй арқылы тілдесіп, сөйлесе береді екен. Оны «аңның тілін білген, құстың үнін түсінген» деп жұрт аса ардақтайтын көрінеді. Бірде әлгі күйші тоғай аралайды. Бір-бірімен таласып жатқан бұлғын мен сусар мұны көре сала тұра қашыпты. Жігіт сонда домбырасын ала салып күй шертіпті. Әлден уақытта әлгі екі аң кілт тоқтап, бір-біріне еркелей жақындап, ойнақтап, күйдің ырғағымен билеп ала жөнеледі. Сондағы сол екі аңды достастырған күй екен...

55. «Жеті атан – Ерке атан»

... Бір бай болыпты. Ол кедейленеді. Күндердің күнінде өледі. Артында азын-аулақ мүлкі, бір ұлы және бір түйесі қалыпты. Сол түйе боталайды. Әлгі ұл ботаны сатамын деп жетелеп жүреді. Сөйтіп жүргенде бір байдың қызы есігінің алдына шығып:

– Әй, жігітім, андағы ботаңды сатасың ба? – дейді.

– Сатам, – дейді жігіт.

Сөйтіп, қыз ботаны сатып алып, жеті жасқа келгенше асырап бағады. Тіл үйретеді, адамның тілін білдіреді. Қыз білгіш екен. Түйенің өсе келе қасиетті болатынын алдын ала байқайды. Түйе өте зор, алып атан болған екен. Оны ел «түйенің пілі», ал қыз «Ерке атан» деп кетеді. Енді қызға біреу дарияның ар жағынан келіп құда түседі. Қызды ұзатар күн келеді. Отыз күй ойын, қырық күн тойын жасайтын болады. Бай қызға қалау салады:

– Қызым, нарға не арттырайын? – дейді.

Қыз айтады:

– Не арттырушы едіңіз, өзіңіз біліңіз, байсыз ғой. Артқы еліңіз күйінгендей, алдыңғы еліңіз сүйінгендей арттырыңыз, – дейді. Сонда бай жеті атанға жүк арттырады. Қыз өзі асыраған әлгі Ерке атанға келіп:

– Сен «қалып барамын» деме. Мен дарияның ар жағына өтті-ау дегенде маған қарай қаш. Қаш та қуып жет. Мен өтіп болғанша сен де жетесің. Сенің соңыңнан қуады. Қуғанда да қара жорғамен қуады. Ол жеткенше сен судан өт, – дейді. Сонымен қызды ұзатады. Жеті атанға «алдыңғы елім сүйінсін, артқы елім күйінсін» деп жасау-жабдық артады.

Олар ұзап кеткенде, әлгі Ерке атан қашады. Соңынан қара жорғамен қуады.
Ерке атан судан өтіп кетеді. Қара жорға барып суға тіреледі де қалады.

Ерке атан аман-есен судың арғы бетіне өткен соң, қыз жүктің бәрін бір Ерке атанға арттырып, жеті атанды қайыра судан өткізіп, соңындағы еліне айдатып жібереді. Сондағы жеті атанның жүгін жалғыз өзі көтеріп, Ерке атанның жолдың жиегіндегі жантақты шалып жеп, желіп бара жатқаны дейді.

56. «Жаңылтпаш сайқал» (бәдік күй)

Ертеде бір қыз бен жігіт домбыра тартысады. Бірін-бірі жеңе алмайды. Бірінің күйін бірі қайыра тартып ұзақ жауаптасады. Ақыры қыздың күйі артыла бастайды. Сонда жігіт:

– Мен бір «Жаңылтпаш сайқал» деген күй тартамын. Соны қайталасаң жеңесің, – деп күй тартады. Тартқанда саусағымен «сенікі анау, менікі мынау» деп көрсетіп тартады. (Бұл өзі ұят күй ғой.) Қыз жұрттың көзінше әлгінің қол қимылын қайталай алмайтын болған соң, домбыраны тастап, бетін басып шығып кетіпті.

57. «Сұр теке»

Баяғыда бір мерген болыпты. Бір күні баласын аңға ертіп шығады. Баласына:

– Сен мына ну тоғай, қалың қурайдың ар жағына өтіп, аң болса бері айда, – дейді.

Бала тапсырманы орындау үшін тонын теріс айландырып киіп, тоғайды аралап, қалың қурайдың арасымен келе жатқанда, аңдып отырған әкесі «теке екен» деп атып жібереді. Жетіп келсе, баласы өліп жатады.

Сонда: Қалың қурай, сұр теке,
Мені алмадың, қу теке, –
деп зар еңіреп тартқан күйі екен...

58. «Мұңлық – Зарлық»

Ертеде, қылышынан қан тамған қаһарлы ханның жалғыз қызы бойжеткенде бір кедей жігітке ғашық болып, көңіл қосып жүреді екен. Мұны біліп қойған хан жігітті дарға астырады. Жігіт өлгеннен кейін қыз мезгіліне жетпей бір ұл, бір қыз табады. Көп көзінен, ел сөзінен сескенген хан жаман атқа қалмаудың амалын іздеп, қос бүлдіршіннің көзін жоюды астыртын Мыстан кемпірге тапсырады. Мыстан кемпір өмірге жаңа ғана келген сәбилерді көз көрмес, құлақ естімес жерге апарып, биік өскен жап-жасыл ағаштың басына қызды шығысқа, ұлды батысқа қаратып іліп кетеді. Нәрестелердің көз жасы тамған ағаш бұтақтары суалып, қуара бастайды. Қос жүрек соғуын тоқтатқанда, бәйтерек те өсуін доғарады. Ел ішіндегі өсек сөз, өтірік-өкпеге шыдамаған патшаның қызы егізін іздеп жолға шығады. Бармаған жер, баспаған тауы қалмайды. Күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер, арманмен айлар, жылаумен жылдар өтеді. Қатты шаршап, діңкесі қатқан қыз әбден қурап, қабығы түсіп, шіруге айналған биік ағаштың түбіне келіп қисаяды. Ұйықтап кеткен соң, оны бір сүйкімді саз, сиқырлы әуен оятады. Құлақ түріп, тың тыңдаса, «ән салып» тұрған қасындағы биік ағаш екен. Қыз күндіз қос бүлдіршінін іздеп, түнде осы «әнші» ағаштың түбіне келіп, неше түрлі әуез естіп, көңіл жұбатып, тынығып жүреді. Бір күні айналаға көз салмақ болған қыз ағаштың басына шығамын деп оны құлатып алады. Бірақ көп ұзамай самал соғып, «әнші» ағаш қайта зарлай жөнеледі. Қыз оның құпясын білмек болып, тексереді. Ағаш жуан түбінен басына дейін қуыс екен. Жіңішке басының екі жағында бұтақтан бұтаққа керіліп қалған ішектерді көреді. Бұл – қыздың екі баласынан қалған жұрнақ еді. Батыс жағындағы ішек бостау, ал шығыс жағындағы ішек қатты тартылыпты. Егізінің өлімінен хабары жоқ қыз, енді ағаш неге ән салатынын түсінеді де, өзі де қуыс ағаш жасап алып, манағы екі ішекті соған тағады. Шертіп көрсе, үні жүрегіне жақын, жанына жайлы естіледі. Қыз байғұс бостау тартылған ішекке үні мұңды шығатындықтан, «ұлым – Мұңлық», ал ащы, тым зарлы шығатындықтан, қатты тартылған ішекке «қызым - Зарлық» деп ат қойып, күндіз-түні қолынан тастамай күй шығарып, ел кезіп, егізін іздеп кеткен екен...

59. «Сал күрең»

Ел ішінде әйгілі бір күйшінің жүйрік күрең аты бәйгенің алдын бермейтін көрінеді. Қазақ-қырғыз бас қосқан үлкен аста бүкіл сыншылар барлық тұлпарды сыннан өткізе келіп, күрең аттың қасына тоқтайды:

– Қамыс құлақ, қой жұтқыншақ, үңгір сағақ, қуыс қолтық, құлан жал, бәйгені өзге алмас, сен аларсың, күрең сал, – деп бағалапты.

Бірақ ат күзетушінің көзін ала бере қаскөй біреу күрең аттың табанына шеге қағып жібереді. Күйші шегені суырып тастап, бәрібір бәйгеге қосады. Топ ішінен ақсаңдай басып шыққан күрең атқа қарап жұрт:

– Әй, ақсақ атты бәйгеге қосқан қай ақымақ! – деп шулайды. Күйші ерегескенде үндемейді. Денесі қыза келе аяғының ауырғанын ұмытқан күрең сәйгүліктердің бірінен соң бірінен озып, ақыры бірінші болып келеді.

Бірақ мәреге жеткен соң-ақ, аяғын баса алмай, сал болып, жүруден қалады. Күйшінің күреңнің сау күнін армандап, сал күреңнің жүрісін салып тартқаны екен...

60. «Жиренше шешен»

(І нұсқа)
Жиреншенің жары Қарашаш қайтыс болады. Әз Жәнібек хан Жиреншеге:

– Әкесі өлген қалай болады? – дейді.

– Әкесі өлгені – асқар тауы құлағаны, – депті.

– Шешесі өлген қалай болады?

– Сарқылмас бұлағының суалғаны.

– Ағасы өлген қалай болады?

– Оң қанаты қайырылғаны.

– Інісі өлген қалай болады?

– Сол қанаты қайырылғаны.

– Апа-қарындасы өлген қандай болады?

– Өрісі тартылғаны.

– Қатыны өлген қандай болады?

– Аһ, дариға! Қарашашым өлген екен ғой, – деп күңіреніпті де, тұрмыстағы қызына барып, шешесінің өлімін күймен естіртіпті. Қарашашты жоқтап күй тартыпты...

61. «Жиренше шешен»

(ІІ нұсқа) Атақты Жиренше алыста жүргенде, жат жұртта ауырып қайтыс болады. Қара тілдің шешені Жиреншенің еліне сөз тауып, жөн біліп естіртуге ешкімнің батылы бармайды екен. Сол ауылда жалғыз жетім бала бар екен:

– Жиренше шешеннің өлімін үй-ішіне мен естіртемін, – деп Жиреншенің ауылына жетіп, үйіне кіріп келеді. Кіріп келсе, төрде бір сұлу қыз отырады.

– Сіз кімі боласыз Жиренше шешеннің? – дейді.

– Мен Жиреншенің қызы Қарлығашпын, – дейді.

– Олай болса, тыңда, – деп жетім бала домбыраны теріс бұрауға салып, «әкең өлді, қарындас» дегізіп, бір зарлы күйді тарта жөнеліпті.

Қабырғасы қайысқан Қарлығаштың көңілін жұбатпақ болып, жетім бала домбыраны оң бұрауға түзеп, сабырлы салмақты тарта келе, өзінің де жетімдігі есіне түсіп кетіп, зарлап қоя бергені дейді.

62. «Батырдың арман күйі»

Қалмақтардың ауылын шауып, малын тартып алып, жылқыларын айдап келе жатқан батырдың алдынан біреу шығып:

– Уа, батыр, осынша жылқыны өзің бағасың ба, балаңа бақтырасың ба? – деп сұрапты.

Сонда батырдың баласының жоқтығы есіне түсіп, күйініп тартқаны дейді.

63. «Алып қара құс»

Баяғыда кемпір мен шал мал бағыпты. Тоғыз ұлы бірінен соң бірі ес біле бастағанда шетіней береді екен. Оныншы ұлы дүниеге келгенде, шілдехананың үстіне құдайы қонақ келіп қоныпты. Қонақ кетерінде:

– Сіздің балаларыңыздың иесі алып қара құс. Сол иесіне жетпей, тіл-көзден өледі екен. Бұл ауылдан жыраққа кетіңдер. Ұлыңыз ер жеткен соң ораласыздар, – дейді.

Кеткен соң «қонақ – қыдыр, айтқаны жөн болар» деп кемпір мен шал бір түнде көшіп, бір тоғайдың шетіне барып үйлерін тігіп, сонда өмір сүре бастайды. Бала үш-төрт жасқа келеді. Күндердің күнінде шал аңға шығып, жебесіне еш нәрсе ілінбей арып-ашып қайтып келе жатса, аспаннан бір алып қара құс көрінеді. Тырнағына қыстырған қызарғаны бар. Мұны көріп шал:

– Дәу де болса, сен еліктің лағын әкетіп бара жатсың ғой, – деп көздеп тұрып үш мәрте атады. Сонда құс қалықтап барып үлкен дарияның ар жағына құлайды. Шал олжаға кенелдім деп масаттанып, сал жасап дарияның ар жағына әрең өтіп, құсқа жетіп барса, қасында сұлап өзінің баласы жатады. Тасқа ұрылған алып қара құста жан жоқ.

Шал жылап-еңіреп, етегі жасқа толып отырғанда, құсқа жан да, тіл де бітіпті:

– Ей, аңшы, сенің ұлдарыңның көктегі иесі мен едім. Тоғыз ұлыңды елің өлтірді. Соңғы ұлыңды өзің өлтірдің. Мен оны адасып келе жатқан жерінен алып келе жатыр ем. Сен оны көктегі иесінен айырдың, – деп өледі.

Сонда барып шалдың есіне баяғы құдайы қонақтың сөзі түседі де, бармағын тістейді. Баласын шекпеніне орап үйіне оралады. Үйінде бәйбішесі жоқ екен. Баланы күндегі жататын орнына жатқызып қойып, домбырасын қолына алып, теріс бұрап отырғанда кемпірі кіріп келеді:

– Ой, құдай-ай, аспаннан алып қара құс көріп, балама бірдеңе болды ма деп өкпемді қолыма алып жүгіріп келмеймін бе? Сен нағып қабағыңды түйіп отырсың? «Таңғы нәсіп тәңірден», «Өлмегенге өлі балық жолығар». Елден, жұрттан айналайын, сәлемдеме беріп жіберді, – дегенде, шал «Балаң өлді, бәйбіше» деп естірту күйін тартқан екен.

Күйді тыңдап бола бере кемпірі:

– Әй, шал, сен мұндай күйді тартпаушы едің. Мынауың суық хабар айтып тұр ғой, – деп, жүгіріп барып шалдың шекпенін көтеріп қалғанда, ұзыннан түскен ұлы сұлық жатыр екен. Сонда қарғап-сілеп, шалдың домбырасын қолынан жұлып алып, «Құлыным!», «Құлыным!» деп зарлап, солқылдап, өксіп күй тарта жөнеледі...

... Кемпірдің күйі тым зарлы, зәрлі, ащы болып, шал да шыдай алмай домбыраны қолына қайыра алып, «Ойбай, ботам!» деп егіле тартады да, соңынан «Жылама, қатын, жылама» деп жұбату күйін шертеді. ... Сөйтіп, кемпір мен шал баланың өлігін көтеріп елге оралыпты. (Ескерту: Тағы бір нұсқасында күй соңында бала тіріліп, көзін ашып алыпты, – делінеді.)

64. «Кенесары – Наурызбай»

Орыс әскерімен белдесуге күш жию үшін:
Қамауда жатып хал болмас,
Қасыңа қалың ел қонбас, –

деп, Кенесары соңынан ерген елімен, батырларымен Ілені кесіп өтіп, Шу бойын өрлей көшпеді ме? Сонан Қордайда шапырашты Тойшыбек батырдың ауылына тоқтайды ғой. Атағы жер жарған Кенесары, Наурызбай келді деген соң, ұлы жүз елі қалмай жиналады. Күні-түні Кененің ауылын босатпайды. Дулаттың батыры Сыпатай да, шапыраштының ерлері Саурық, Сұраншы да, қоңыраттан шыққан Байзақ та, төре Рүстем де қалмай келеді. Кенесары екі күн ұдай ешбір адаммен сөйлеспей, маңдайын ұстап, ауыр ойланып, төмен қарап отырып алды. Рүстем төре де, Сыпатай батыр да Кенесары отырған ақбоз үйдің алдынан анадай жерден түсіп, «алдиярлап» қолын қусырып, рұқсат сұраудан басқа бір ауыз тіл қата алмаған. Келгендердің бәрімен Наурызбай ғана сөйлескен. Сонда 19 жасар жас батыр Сұраншы атының басын Кенесары отырған үйге тіреп тұрып, есіктің маңдайшасын көтеріп, былай депті:

– Хан бетін басып, басын тұқыртып, неге төмен қарай береді? Біз ұялшақ қатын көргелі келгеніміз жоқ, ондай қатындар ауылымызда жеткілікті, біз ел бастаған, жау жасқаған батырды көргелі келдік, – депті. Сонда Кенесары басын жұлып алып:

– Уа, ерім екенсің ғой, атыңнан түсіп, жоғары шық, – депті.

Сұраншыға оң тізесін беріпті. Сонан кейін барып Сыпатай, Рүстемдер де «алдиярлап» үйге кірген екен. Бірақ Кенесары олардың бірде-бірімен жылы сөйлеспей, өзінің үйіне баса-көктеп кірген ер жігіттермен ашылып сөйлесіпті. Он жеті жасар Байсейіт батыр да атымен құйғытып шауып келіп, Кенесарының отырған үйінің дәл табалдырығының алдына тоқтапты. Әкесі Тойшыбек:

– Бұл не бейбастылық, сен ханды басынамысың? – деп шыға келіп ұрысқан екен, Байсейіт кимелеп:

– Мен хан деп келгем жоқ, батыр деп келдім, батырдан батыр қорықпайды, – деп үйге кіре беріпті. Кенесары бұған да оң тізесінен орын берген.

Кенесарыға еріп келген өңкей батырларға Жетісудың кілең айбынды ерлері қосылып, Алатауды сілкінткендей бір қалың қайратты қол құралады...

65. «Бесік күй»

Бір күйші-батыр жортып келе жатса, алдынан жау шауып кеткен жұрттан жалғыз қараша үй шығады. Әлгі үйге жақындаса, іңгәлап шырылдап жатқан баланың үні естіледі. Жақын келіп үйге кірсе, бесікті құшақтаған күйі бір әйел өліп жатыр екен. Анасын жерлеп болғанша бесіктегі бала шырылдап жылауын қоймайды. Сонда күйші-батыр айдалада жалғыз қалған бесіктегі баланы тербетіп тартқан күйі екен...

66. «Сарбарпы бұлбұл»

(І нұсқа) Сарбарпы – адамның құсқа айналған түрі екен дейді. Баяғыда елден асқан оқымысты адам болыпты. Көктің де, жердің де, судың да, оттың да, құстың да құпиясын біліпті. Бірақ, адамзатқа ешбір пайда келтірмепті. Сондықтан, Алла тағала оны құсқа айналдырып жіберіпті.

66. «Сарбарпы бұлбұл»

(ІІ нұсқа) Баяғыда Сарбарпы аталған сайрауық құс болыпты. Өте сұлу Сарбарпы сайрағанда ұшқан құс қонып, жүгірген аң тоқтап, естіген адам ұйып тыңдайды екен. Сондай қасиеттерін – сұлулығын да, сайрауықтығын қызғанған құрлықтағы жылан атаулы бұлбұлдың балапандарын жеп қоя беріпті. Сарбарпы енді ұясын судың жағасына салады. Мұнда су жылан тыныштық бермепті. Көкте қырғи, жерде жылан тұқымын құрта берген соң зар еңірей сайрапты. Оның сайрағанын су тартылып, күн тұтылып, тау шайқалып, дауыл көтеріліпті. Бірақ ешбір аң немесе құс жәрдем жасамапты. Сонда бір аңшы көріп, естіп, Сарбарпы бұлбұлды әлгі озбырлықтан құтқарыпты. Өзінің үйіне әкеліп, төрінде бағыпты. Содан бастап Сарбарпы бұлбұл адамның айнымас досы, жыршы құсы болыпты...

67. «Нұрғазарын бұлбұл»

Баяғыда Махмұд деген елден асқан әділетті патша болыпты. Оның Асан, Үсен, Хасан деген үш ұлы бар екен. Күндердің күнінде Махмұд түс көреді, түсінде ғажайып құс көреді. Әлгі құс жер мен көктің ортасы, көк перілер шаһарында, тордың ішінде тұрады. Соны қолына түсіруді армандап, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылады. Тіпті, тағынан безіп, көшедегі күлге аунап жатып қалады. Содан Асан мен Үсен әке арманын орындап келуге жолға шығады. Ең кішісі Хасан да сұранады. Әкесі әрең жібереді. Хасан екі ағасын қуып жетеді. Үшеуі келе жатып үш айрыққа тап болады. Сол жерде тас бар екен, тастағы жазуда бірінші жол – «барса келер», екінші жол – «келер келмес», үшінші жол – «барса келмес» деп жазылыпты. Хасан жасы кіші болғандықтан үшінші жолға түсіпті. Әуелі Гүлбаһрам перінің шаһарына келеді. Мыстан кемпір бар екен, ол Хасанды киікке айналдырып жібереді, бірақ Гүлбаһрам оны қайта адамға айналдырып, өзі ғашық болып елу күн, елу түн бірге болады да Хасанды қимай жолға салады. Жылдар жүріп биік таудың басына шыққанда, алып ағаш кезігеді. Ағаш басында екі басты Самұрық құстың ұясы бар екен, ұяда балапандары жатады. Сол ұяның астында дем алып жатса, жеті басты айдаһар өрмелеп келе жатады. Хасан қорықпай жеті басты жеті жаққа ұшырып, тыныш демала береді. Әлден уақта күн тұтылып, дауыл тұрып, ағаш ырғалады. Сөйтсе, Самұрық ұшып келіп қонған екен. Хасанды көріп өлтірейін дегенде, балапандары араша болады.

– Сен жоқта бізді жеті басты айдаһар жеп кетуші еді, оны өлтірген сол адам, – дейді.

Самұрық Хасанды қасына алады. Жөн сұрасады. Мән-жайды білген соң:

– Е... е, Хасан, жолың ұзақ. Жеті дарияның ар жағында, көк перісі –Ғайнижамалдың шаһарында ол құс. Пері, жын, диюдың бәрі сонда. Олар тек адам етімен қоректенеді. Сен оған бара алмайсың, барғанмен аман оралмайсың, кері қайт, – дейді.

Хасан көнбейді. Амал жоқ, Самұрық жетпіс киіктің етін алып, жетпіс мес су алып, арқасына Хасанды мінгізіп, жеті дарияның ар жағына қарай ұшты дейді. Әр дариядан он күнде өтеді екен. Самұрық күніне бір киіктің етін жеп, бір мес суды ішеді екен. Ең соңғы күні Хасан киік етін түсіріп алады да, өз санынан ет кесіп береді. Жетпісінші күні Ғайнижамал перінің шаһарына жетеді. Келсе, перілердің бәрі ұйқыда екен. Ғайнижамал да ұйқыда. Тек Нұрғазарын бұлбұл ғана ояу. Күлсе, көмейінен гүл төгіледі екен. Хасан жөнін айтып зарлайды. Нұрғазарынға:

– Жүрші әкеме, әкем сенсіз өлетін болды, мен әкемнің алдындағы перзенттік парызымды өтеу үшін сонша азаптан өтіп келдім, сөзімді жерге тастай көрме, – дейді.

Нұрғазарын бұлбұл адамша сайрағанда тілінен бал тамады екен, ақылы адамзаттан артық екен, тек денесі құс екен. Онда да басы лағыл, көзі алтын, кеудесі күміс, қанаты жауһар, құйрығы зүбәржат, әр қауырсыны күн нұрымен шағылысып, көздің жауын алады екен.

Хасанға айтады:

– Жарайды. Сен маған ұнадың. Тек менің айтқанымды орында. Әуелі ұйықтап жатқанда Ғайнижамалға қосыл. Мен некелеріңді қиямын. Өз жүзігіңді оған сал, оның жүзігін өзіңе сал, – дейді.

Хасан айтқанын істеді. Нұрғазарынды алып Самұрыққа келді. Самұрық Хасанға айтты:

– Алпыс тоғызыншы күні сен соңғы киікті түсіріп алдың. Сонда маған ненің етін бердің? Сондай тәтті, сондай қуатты болды, – деді.

Хасан айтты:

– Өз санымнан кесіп бердім, – деді.

Самұрық екеуін алып ұшты. Ұясына әкелді. Келген соң:

– Сен маған жақсы дос болдың. Өз етіңді кесіп бердің. Мен саған бір қанатымды беремін. Осыған мініп еліңе жетесің, – деді.

Хасан Нұрғазарынды алып ұшты. Жер перісі Гүлбаһрамға келді. Гүлбаһрам жақсылап қарсы алды. Бір оқ берді.

– Осы оқпен сені киікке айналдырған мыстан періні атып өлтіріп кел, әйтпесе кете алмаймыз, – деді.

Хасан барып Мыстан кемпірді көздемей атты, оқ өзі қуалап жүріп зәлімнің табанынан кіріп, миынан бір-ақ шықты. Сөйтіп, өлді. Гүлбаһрам далада жүрген киіктердің бәрін адамға айналдырып, тіл бітірді. Бәрін де әлгі мыстан оқып тастаған екен. Бәрі де батыр екен. Хасанға ерді. Қалың қол болды. Еліне тартты. Жолда азып-тозып жүрген екі ағасын көрді. Азаптан құтқарды. Бірақ жолда Асан мен Үсен арамдық ойлады. Хасанды құдыққа құлатып, таспен басып кете барды. Елге келгенде бір күнде аспаннан адам жауды. Сөйтсе, Ғайнижамал мен оның пері, дию, жындары екен. Махмұдқа жолықты. «Нұрғазарынды ұрлаған адамды көрсет» деді. Үсенді шақырды.

– Сен қалай алдың Нұрғазарынды? – деді Ғайни пері. Үсен айтты:

– Атпен барып едім, сіздер түгел ұйықтап жатыр екенсіңдер, ала қаштым, – деді.

Асанды шақырды:

– Желмаямен барсам, перілер ұйықтап жатыр екен. Ала қаштым, – деді.

Ғайнижамал сенбеді. Нұрғазарын бұлбұлға «сайра» деді. Бұл құстың адамша сөйлейтінін Үсен мен Асан білмеді. Нұрғазарын барлық оқиғаны бастан аяқ сайрап берді. Ғайнижамал Үсен мен Асанның басын алды. Өзінің Махмұд патшаға келін болғанын біліп ұялды. Бір күннің ішінде Хасанды алып келтірді. Оң жағында жер перісі Гүлбаһрам, сол жағында көк перісі Ғайнижамал, екеуін де қатын қылған Хасан көп кешікпей әкесі ұсынған таққа отырып, әділ патша болды. Аңыздағы Хасанның ақыл-парасатына тамсанған күйші, «ұл туса, Хасандай боп тусын» деп осы күйді тартыпты.

68. «Жалғыз көзді әулие»

Баяғы өткен заманда бір асқан байдың бар жылқысын жау барымталап алып кетіпті. Бай не істерін білмей қайғырып жүргенде, бір әйел жолығыпты:

– Бай-еке, жылқыларыңның жартысын берсең, мен малыңды түгел қайтарып әкелем, – деген екен. Бай бұл талапты қабыл алыпты.

Ал әйелдің сондағы күйеуі жалғыз көзді әулие екен. Соның жалғыз қара айғыры болыпты. Күйеуін сол қара айғырына мінгізіп, алдына үлкен қарағайды бүрімен өңгертіп, арқанмен таңып, жаудың кеткен ізімен жетелей жөнеліпті. Жылқыларды айдап бара жатқан жаудың шеті көрінгенде, әйел қара айғырдың жүгенін сыпырып қоя берген екен. Жылқыларды көрген қара айғыр жауға қарай кісіней азынап шаба жөнеледі. Қара айғырдың шабысы арқасын қоздырған, делебесін оятқан жалғыз көзді әулие қаһарланып жауға жете бергенде, «Тоқта! Тоқта деймін!» деп айғай салыпты. Азынап шапқан қара айғырды, үстіндегі алпамсадай жалғыз көзді әулиені, алдына өңгеріп алған дәу қарағайды көрген жау «бір сұмдық келе жатыр екен» деп, айдаған жылқыларын тастай салып, жан-жаққа қашып кетіпті. Жалғыз көзді әулие болса, жауды жеңіп, аман-есен аулына қарай қуана шауыпты.

69. «Бөкен жарғақ»

(ІІ нұсқа) Баяғыда бір елге оба тарап, оның үстіне ақ сүйек жұт болып, ел түгел қырылып, тек бір жігіт қарындасымен ғана аман қалған екен. Жігіт аң аулап, қарындасы екеуі аңның терісін киіп, етін азық етіп күнелтіп жүріпті. Шіліңгір шілденің бір күнінде ыстықтамас үшін бөкен терісінен киген киімнің жүнін сыртына қаратып киіп алған жігіт күндегі бөкен аулайтын бөкен жалаққа тартыпты. Ол Бөкен жалақтың маңына таяп барып бөкен аңдып бүк түсіп жатады. Осы кезде тағы бір аңшы жігіт бөкен ауламақ болып осы маңайға келеді де, бүк түсіп жатқан бөкенді көріп атып қалады. Аңшы жігіт оны бауыздап алмақ болып жүгіріп жетіп келсе, бөкен емес бір жігіттің жайрап жатқанын көреді. Оқыс жазаға жаны ашып кеткен жігіт мұңайып ойға кетеді. «Бұл жігіт те мен секілді жалғыз ба екен, әлде серігі барма екен? Егер серігі болса іздеп келер» деп тосып отырады. Ертеңінде бір қыз келіп жігіттің өлігін көріп зар еңіреп жылайды. Мұны анадайдан көріп отырған жігіт, қыздың жанына келіп:

– Ағаңды бөкен деп мен атып едім, әдейі атқам жоқ. Мен де жалғызбын, адам баласын көрмей далада жүргеніме талай жыл болды. Адам екенін білсем, бүйтер ме едім! Ағаңның өліміне мен де арманда қалып бармағымды шайнадым. Бақиға жол алған оралмайды. Ағаң үшін кегімді алам десең, міне құрал, мені ат та кегіңді ал. Мен де оның соңынан кетейін, бұл өкініштің куәсі болып артымызда сен қал! – деп жігіт қолындағы қаруын ұсынады.

Көп жылап іші-бауыры езілген қыз, ақылы сабасына түскен соң жігітті өлтіруге қимайды да, жігітпен бірге өмір сүруді жөн көреді және жігітке: «Менің өксік атқан зарымды тарихқа қалдырар өнерің бар ма?» дейді. Жігіт: «бар» дейді де ұзақ толғанып алған соң, домбыраға қыздың оқыс өлген ағасын жоқтап зарлап жылаған қасіретін «Әттең, бөкен жарғақ-ай! Әттең, бөкен жарғақ-ай!» деген күйге айналдырып шертеді екен.

Халық күйі «Бөкен жарғақ» осылай шығыпты.

70. «Жалғыз жігіт»

(І нұсқа) Бір жылы Ертіс өзені өткел бермей Қара айғыр деген жерден ел тосылып, төрт түлік мал неше күн иіріліп күйісі кетеді. Ел ағалары бұлай ширыға бермей ел мен малды судың аржағына өткізуді ақылдасады да, адамды да, малды да қырқарлап өткізе бастайды. Осы арпалыста астында шолақ торы байталы бар бір жетім жігіт, елден қалмайын деп, байталымен суға түсіп кетеді. Аласұрған ақ бурыл толқын, арық байталы мен жалғыз жігітті ала жөнеледі. Сонда жалғыз жігіт өзінің қылығына өкініп: Ат сал! Ат сал елім! Ат сал! – деп зар қаққанымен, аранын ашқан ажалға кім бара қойсын, сонда астында көк байталы бар Бейілбай деген тағы бір жарлы жігіт, зар қаққан құрбыласын құтқаруға, «көк байтал жаның үшін жүзерсің» деп, байталымен суға күп береді. Асау толқын Бейілбайды да ала жөнеледі. Әйтеуір лақтырылған шалмаулардың бірі түсіп, ол зорға құтқарылады. Бірақ әлгі жігіт сол беті суға кетеді. Бейілбай мен Қамади жалғыздық пен жарлылықтан туған мына ойға кейінгілердің есінде жүрсін деп «Жалғыз жігіт» күйін шығарады.

71. «Жалғыз жігіт»

(ІІ нұсқа) Ертеде ешбір туыс-туғаны жоқ бір жалқы жігіт болған екен. Жалғыздық мұңын ешкімге айта алмағандықтан домбыра мен сыбызғыны ермек етіп, ішкі дертін шығарады екен. Ол шерткен күйлерінде ылғи бір зардың сарыны білініп тұратындықтан, ел де бара-бара көп тыңдайтын болыпты. Әйтсе де, олар мұңлы-зарлы күйдің нендей күйініштен туғанын білмек болып, жігіттен:

– Бұл немене деген күй? – деп сұрағанда, жігіт:

– Өзім де білмеймін, – деп құтылады екен. Бірақ ол күй шерткенін қоймапты. Ел іздеп келіп тыңдауын тоқтатпапты. Кейін келе ел оның осындай атсыз көп күйлерін тыңдай беріп, ақыры «Жалғыз жігіттің күйі» немесе «Жалғыз жігіт» деп атап кетіпті.

– Мұңлы-зарлы бұл күйлерді ел бірден-бірге таратып кетіпті. Күндердің бірінде бір байдың күйге құмар қызы естіп, әлгі күйші жігітке ғашық болыпты. Уақыт өте келе қыздың ғашық екенін білген жігіт, жалғыз деп кемсітпей ғашық болған қызға ынтық болыпты. Бұл оның жалғыздық мұңына тағы бір қасірет болып қосылыпты. Қызға сөйлесуге жалғыздығы, байға сөйлесуге кедейлігі тұсау болған соң, ол тағы домбыра, сыбызғысымен сол арманын күйге айналдырып, шерлі жүрегінен «Делдал» деген күй шығарыпты.

72. «Көк төбет»

(І нұсқа) Бір қойшы бір байдың қойын талай жыл бағып, тышқақ лағын да ит-құсқа бермепті. Өзі өрісте ұйқыдан, түнде күлкіден де ексе емес екен. Мұның сыры күндіз-түні қасынан қалмайтын көк төбетінде екен. Көк төбет қасқырды қойып, аюға да айбарлы екен. Бұған дән риза болған қойшы, кезеңде отырып, «Көк төбет» деген сыбызғы күйін шығарған екен.

73. «Көк төбет»

(ІІ нұсқа) Ел аузындағы аңыздарда «Көк төбет» күйінің шығуы әртүрлі айтылады. Соның бірі, Алтайды мекендеген Зуқа батырдың ауыл маңына бөтен адам бастырмайтын, атты адамның дыбысын күншілік жерден сезетін, құнан өгіздей көк төбеті бар екен. Зуқаға қатты өшескен үкімет Зуқаның мықты жігіттерінің алысқа, жортуылға аттанып кеткенін, жақын мезгілде қайтып оралмайтынын білген соң Зуқаны ұстауға шерік аттандырған. Осы кезде оның көк төбеті үш күн жатпай үрген. Итте тіл жоқ, болмаса ол, бір хауіптің болатынын сезген. Ұдайы үш күн, үш түн үрген ит, үшінші күн таңға жақын дауысы қарылып, жағы талып, үні өшкен екен. Дәл осы кезде Зуқа таң намазын оқуға қамданады. Күндіз қарауылдап, қараңғы түсе ауылды қоршап алған шеріктер дәл осы сәтте оның үйіне басып кіреді. Зуқа не мылтық алып атысуға, не қашып шығуға үлгірмей қалады да, тек қолына түскен кереге басында ілулі тұрған кісенмен мықтысынып алдымен кірген екі шерікті ұрып өлтіреді. Бірақ, мұздай қарулынған көп шерік оны осы арада атып жібереді. Дайын тұрғандар жалма-жан басын алып, зыта жөнеледі. Осы оқиғадан бұрын да талай рет Зуқаны ұстауға келген әскерлерді көк төбет алдын ала біліп үргеннен кейін, адамдар дайындық көріп, жаудың сазайын тарттырып, өздері аман қалған. Бұл реткі көк төбеттің үш күн үргенін ескермеген Зуқа ауылы арманда қалыпты, осыны ел есіне салған бір күйші «Көк төбет» күйін шерткен екен.

74. «Ыңыршақты боз»

Жалғыз боз атынан басқа ешбір көлігі жоқ бір кедей болыпты. Оның жайшылықта бұтартар, көшкенде жүкартар көлігі де осы аты екен. Ол бір күні бар-жоғын боз атына артып, көшіп бара жатса, бір ауылда қалың адам жиналып ас беріп, бәйге қосып, дыр-думан болып жатыпты. Олардың тұсынан әлгі адам боз атын жетектеп өтіп бара жатқанда, боз аты бір күрсініп қалған екен, тарту арқаны үзіліп кетіпті. Мұны көрген әлгі кедей: «е, жануар-ай, ішіңде өнерің бар екен ғой, сенің де қарызыңнан бір құтылайын» деп жүгін сол жерге түсіріп тастап, аттың ыңыршағын алмастан, бәйге болып жатқан ауылға барыпты, оған ешкім қарап та қоймапты. Тек аттарды айдайтын кезде кедей: «Атымның арқасы жайдақ мінуге келмейді, ыңыршағымен балам мініп барады», – депті де қалың жүйріктердің соңынан ілестіріп жіберіпті. Бәйге келеді-ау деген мезгілде аты барлар да, басқалар да кезеңге шығып, шаң көрінген жаққа қараумен болады. Бірі ана ат келеді десе, бірі мына ат келеді деп тұрғанда, жалғыз шыққан боз ат екені анық болады. Аздан соң басқа аттардан көш бұрын ыңыршағын сүйретіп боз ат келген екен. Үстіндегі баласы жығылып, ыңыршағымен келген атқа, жол бойынша екінші бәйге беріліпті. Осыдан бастап, бұл кедейдің күйсіз көлігі – боз атқа арналып «Ыңыршақты боз» деген күй шығарылған екен.

75. «Алшаң қоңыр»

Базарқұл Байынқара деген кісі болыпты. Ол киімді тым сәндеп киетін сәнқой, атты таңдап, баптап мінетін мырза екен. Бір жолы бір ауылда үлкен той болып, тойдың дыр-думанын анадайдағы дөң басына шығып, тамашалап тұрған ел ағалары, топ арасынан өзімен аты құп жарасқан, атқа отырысы мен дене бітімі келіскен бір жігітке таңырқасып қалады. Бұлардың өзін сөз қып тұрғанын аңғармаған әлгі жігіт қоңыр атты алшаң бастырып көлденеңдей өте берген екен. Мәми Бейсі қасындағыларға:

– Әке-ау, керейден де мұндай келісті азамат, осындай әдемі ат шығады екен-ау?! – депті.

Мұны өз құлағымен естіп Бейсімен бірге таңырқаған бір күйші, әлгі жігіттің қоңыр атының алшаңдай басқан әсем жүрісіне «Алшаң қоңыр» деген күй арнаған екен.

76. «Көк дөнен»

Мұңғұл мен қазақ арасының дау-шары бір кездері асқынып соғысқа айналыпты. Бұл соғысқа көк дөненін мініп, бала Жәнібек те шығады. Хан Абылай мұны көрсе де, бетінен қақпапты. Сұрапыл соғыс бастала сала-ақ, қарсы жақтың күші басым келіп, Абылай жақ ығысып қашқан екен. Қалың айғай-сүрен, у да шудың ішінде жүрген Жәнібек бір кезде Абылайдың артта қалып қойғанын аңғарып, жау жаққа қайта ұмтылыпты да, Абылайды ұтылап, қаумалап жүрген жауға араласып кетіпті. Жаудың бірталайын жер құштырып, бетін бір қайтарып жіберіп, Абылайға келіп, көк дөненін көлденең тартып:

– Қашып құтылыңыз, жаумен мен айқасамын! – депті. Абылай намыс көріп, көк дөненге мінгісі келмепті. Сонда Жәнібек ызаланып:

– Басыңды жауыңа алдырғанша, өзім алайын! – деп қылышын суырып алған екен. Абылай амалсыз көк дөненге мініпті. Жәнібек Абылайдың атымен қайта соғысқа шығып, жауды қанға тоғытып, бетін қайтарыпты.

Жаудың беті қайтқан соң Жәнібек бір кезеңге шығып, атын қаңтарып тастап, демалайын деп ұйықтап қалады. Қайтып барған Абылай тобының ішіндегі керейдің бір шалы, Жәнібектің қайтып келмегенін біліп, іздеп шығады. Шал Жәнібек жатқан маңға келгенде атын қаңтарып тастап ұйқыда жатқан Жәнібекті көреді. Шал Жәнібекті оятып, ахуалды оған айтады да, топқа бастап кетеді. Бұл кезде ордадан Абылай да «көк дөненін берген баланы қайта көремін» деп қузау салып жатқан кезі екен. Осы кездің үстіне Қабанбай келіп ханға үш талап қойған екен. Сондағы үш талабы мынау екен: оң тізесінен орын беру; ол болмаса, асық жіліктің басын ұстатып бала қылып алу; ол да болмаса, қолында ұстап туын беру. Сонда Абылай тұрып:

– Оң тіземе отырғызып уәзір етсем, халық не дейді? Ал асық жіліктің басын ұстатып бала қылып алғаныммен кісі баласы кісіге бала бола ма? Ең дұрысы ешкімнің таласы жоқ, туымды берейін, – деп Жәнібекке қолындағы туын берген екен. (Осы туды Жәнібектің үшінші немересі Зарыққан сақтап келген)

Бұл аңыз елге тарап, ханды жаудан құтқарып кеткен көк дөненді домбырашылар күй етіп, «Жәнібектің көк дөнені» деп шерткен. Осы күй шертілсе болғаны, ел әруақты батыр Жәнібектің ерліктерін еске алады.

77. «Ала айғыр»

Ерте уақытта жылқылы бір бай болыпты. Оның жылқысында бітімі бөлек бір айғыры бар екен. Бір жылы қарашада осы айғыры із-тозсыз жоғалып, бай тұс-тұсқа жоқшы аттандырды. Жоқшылар қанша сандалса да, бәрі байдың алдына құр оралыпты. Сөйтіп жүргенде аяқ астынан әлгі жоғалған ала айғыр өзі жылқыға келіп, бай мен жылқышыларды қайран қалдырыпты.

Арқа-басы бүтін, қайта оралған айғырын көрген бай жылқышыларына:

– Ала айғыр үйірін қалай айдаса, сендер де ол жүрген бағытпен жылқыны айдаңдар, ол хайуан да болса қыстың қатаң боларын сезіп, өз үйіріне жер шалып келген секілді, – дейді.

Айтса, айтқандай болып шығады. Ала айғыр өз үйірін айдайды. Жылқышылар да барлық жылқыны оның соңынан салады. Олар осы жүріспен айлық жол жүріп, іздесе табылмайтын бір түңкелі иен далаға барып тиянақтайды. Жылқышылар бір қысты осы жерде өткізіп, жылқысы аман-есен жазғытұрым бай аулына келеді. Қыс орасан қатты болғандықтан, басқа жердегі байлардың жылқылары түгел жұтап қалған екен. Қуанышқа бөленген байдың ауылы ақасарбас сойып той жасапты. Сол тойда бір домбырашы елдің ала айғырға алғысын бейнелеп «Ала айғыр» күйін шерткен екен.

78. «Мұңлы қыз»

(І нұсқа) Бұрын бір жетім қыз болыпты. Бір күні таңғы алаң-елеңде біреудің тепкілеуімен қыз шырт ұйқыдан шошып ояныпты. Орнынан ұшып тұрып қараса, өгей шешесі екен. Қорқып, дірілдеп тұрған бишара қызға өшіге қараған өгей шешесі:

– Жатамысың, мынаған толтырып бүлдірген теріп кел! – деп аяғымен қауға шелекті қызға қарай теуіп жіберіпті. Қыз шелекті алып тауға кетіпті.

Қыздың әкесі көшетін болған соң, бір күн бұрын жоғалып кеткен екі сиырын іздеп кетіп, сол сиырларын тауып, ертемен үйіне келсе, әйелінің үйін жығып көліктерге артып-тартып жатқанының үстінен түседі. Келе сала көш қамымен болып көшті жүргізеді. Балалары көп болғандықтан әлгі қызын да жоқтамайды. Олар жаңа қонысқа қонып су әкелуге қамданғанда, шелектің біреуі жоқ болып шығады. Сонан өгей шешенің қылығын білетін қыз әкесі зар илеп жұртқа шабады. Ал қызы әлгі шелекті түс ауғанда әрең толтырып, аш қарын сүйретіліп үйіне келсе, күлі шашылып жұрты жатыпты. Қыз мұны көріп өгей шешенің қылығын ойлап, өз шешесін сағынып еңіреп жылап отырғанда, астындағы атын қара тер қып әкесі жетіп, аттан домалай түсіп қызын құшақтап, екеуі бірдей егіліп жылайды. Бір қауымнан кейін әкесі: «Жүр, балам, кетейік» дегенде, жетім қыз жылап тұрып:

– Бармайыншы, әкем-ай, күн көрсетпейді шешем-ай! – деген екен.

Бұны естіген елдің қызға жаны ашыпты.. Бір домбырашы осыдан «Мұңлы қыз» деген күй шығарыпты.

79. «Мұңлы қыз»

(ІІ нұсқа) Қол, аяғы кемтар қыз жастайынан кемтарлықтың бейнетін көріп бұйығы болып өседі. Өзі теңдес балалар қозы жайып, күрке тігіп, өзен бойлай жүгіріп көбелек қуып дегендей балалықтың базарының ортасында жүріп, өскенде тауда кемтар қыз оның біріне де ілесе алмай қапада өмір сүреді. Балалықтың базарына ілсе алмаудан басталған қайғы өскен сайын өсе түспесе ортаймайды. Өз теңдес қыз-бозбаланың бірі тұрмысқа шығып, бірі тұрмыс құрып, өз алдында түтін түтетіп, бала өсіріп отырғанда кемтар қыз баяғы сол күйі от басынан ұзап шыға алмайды, мұңнан сейілмейді. Сол қыздың құрбыларына қызықтай қарап, өз мұңына қапалануын көрсеткен күй деседі.

80. «Мұңлы қыз»

(ІІІ нұсқа) Бір байдың алпыс жасқа келгенде жастай отасқан бәйбішесі дүние салып шалқыған дәулетті, жиһазы келіскен үйі иен қалады. Бай төсек жаңғырту үшін бір кедейдің балам дегенде жалғыз қызына құдалық сөйлеседі. «Шал-екең алмайды, мал-екең алады», – дегендей, байдың қалың малға атаған ақтылы қой, алалы жылқысын қимаған қыз әкесі жалғыз қызын байға тоқалдыққа береді. Әкенің қатігездігіне өзегі өртеніп, заманының әділетсіздігіне күйінген қыз ұзатыла жатып: «Қаракер атты тоқтығы-ай, жалынан ұзын шоқтығы-ай. Мені малға сатқаны әділеттің жоқтығы-ай», – деп зарлаған екен. Қыз ұзатуға жиылып, қыз зарын естіп тұрған көпшілік «О, мұңлы, сорлы-ай!» – деп өкініседі. О баста қыз ұзату салтанатын күйге қоспақ болған күйші адамның іш-бауырын елжіреткен мына қайғылы халге іштей елжіреп, қыз зарына арнап, «Мұңлы қыз» күйін шертіпті.

81. «Мұңлы қыз»

(ІҮ нұсқа) Ертеде өз заманында даңқы асқан керейдің бір байы қайтыс болады да, байдың асына ат аяғы жетер жердегі аяқ артар жалғыз аты бар кедей-кепсектен бастап, ұлы кәрінің бәрі жиылады. Асқа өзен бойын жағалата өңшең ақбоз үй тігіліп, қатар-қатар жер ошақ қазылады, қоралы қой, үйірлі жылқы сойылып, қымыз сел боп ағады. Аста бүткіл керейге байлығын танытуға талпынған байдың балалары дәулеттерін аямайды. Бірінші болып келген аттың бәйгесіне ат басындай алтынға қоса, тоғыз ақбас атан жетектетіп, атанға бір қыз мінгізіп беретіндіктері туралы бір жыл бұрын сарын айтады. Осы сарын бойынша бірінші атқа жоғарыдағы сыйлықтарын береді. Ат бәйгесіне тігілген жетім қыздың зарына байланысты «Мұңлы қыз» күйі осылай шығыпты деседі.

82. «Беген»

Қосар атпен келіп белдеуге түскен жігітті даяшылар ықылас білдіріп ордаға бастайды. Ордада жатқан бай есіктен имене сәлем берген жас жігіттің бас-аяғына одырая көз салып:

– Иә, кім боласың? Жол болғай, – дейді қырылдаған дауыспен.

– Тақсыр алты алашқа Қарынбай атанған, тайлағы сансыз, тайы таңбасыз, қойы енсіз Бегеннің баласымын, – дейді.

Бегеннің аты шығысымен басын көтеріп құрмет білдірген бай, өзіне зор Бегеннің аты аталғанда, бейтаныс қонағына жалт ете түседі. Жігіт белдеуге байлаған бір атты «әкемнің сізге сәлемдемесі» деген соң, жігітке бай оңаша үй тіктіріп, бірнеше күн күтеді. Қонақ жігіт асқан домбырашы екен де, бай қызының домбырашы атағын естіп келген екен. Жігіт бай қызына өнерімен жағып қалады. Бірақ қу қыз жігітті бағып, сынаумен болады. Бір күні бай қызы жігіттің ұйықтап жатқан үйіне келсе, жігіттің аяғы көрпеден шығып жатыр екен. Аяғының әр жеріндегі шақай бауы қиған мойыл көк бунақтарынан оның Бегеннің баласы емесін аңғарып, ендігі жерде бұрынғыдай рай байқатпайды. Ақыры жігіт қайтуға ыңғайланғанда, бұйымтай сұрай келген байға:

– Әкем мені лайық көрсе құда болсам, отауы мен еншісін, күңін қоса бір-ақ жолда әкеліп салып, қалың малын айдап қайтса деген еді, – дейді.

Мал дегенде аңсары ауып, Бекеннің жер қайысқан малының жарымын айдап алуға індіні кеткен бай:

– Ойбай-ау, ол не дегені, Бегеннің лебізін қалай ғана жерде қалдырайын, баламның бас-аяғын бүтіндеп, тоғанақтарыңмен жолға салайын, бірнеше күн аялда, балам, – дейді.

Сезікті қыз әкесіне өз ойын айтып қыңқылдай береді. Бұған көнбеген бай ақыры арттырып, тарттырып қызын ұзатады. Салт бойынша қыздың шешесі ілесе жүреді. Айшылық жолдан асып кеткен соң, жігіт қалыңдығына:

– Бегеннің есігіндегі бір жетім едім, бас құрауды қанша армандасам да қалыңсыз маған қыз қайда, ақыры осы бір әдіспен бір қарпып қалмақ болып өзіңді алып келемін, – деп шынын айтады.

Бұны естіген қыз көш басшыға:

– Тоғанақты түсіріңдер! – деп бұйырады. Отауды тіктірген соң, қыз домбырасын қолына алып, бір сұмдық күйді шерте бастайды. Күй тілімен қыздың ішкі ой дүниесін жігіт те аңғарады. Сонда қыз өзінің өкінішін домбыра тілімен:

Келіп едім Бегенге,
Бай Беген бар дегенге.
Тайлағы сансыз, қойы енсіз,
Тайы таңбасыз дегенге.

Қош, аман бол, ата-екем,
Қош, аман бол, апа-екем.
Енді маған сай қайда,
Түсіп кетем тереңге.

Енді маған сай қайда,
Енді маған сай қайда,
Бай Бегенге қыз беріп,
Қалың малды көп айда! –

деген сөздер айтылады. Қыздың шешесі істің нағына көзі жетіп, ертесі күйеу баласын шақыртып:

– Бегенге сәлем айт, келер жылы осы уақытта қалың малын айдап алуға кісі жіберемін! – деп жол ортадан қайтып кетеді.

Сондағы қыздың шерткен күйі кейін келе, ел ішіне қызды өкіндірген де, байды армандатқан да Беген деп «Беген» күйі атауымен тараған екен.

83. «Сары бел»

(І нұсқа) Бір ауылда жасы тоқсаннан асқан бір қария болыпты. Ауыл адамдары бұл қарияны қадір тұтып, үнемі алдына барып аман-сәлем жасап, амандық сұрап тұрады екен.

Бір жолы ауыл ағалары барып көңілін сұрап:

– Ақсақал, хал-жайыңыз қалай? – дегенде, төсегінде жантайып жатқан ол басын көтеріп:

– Е, қарғаларым-ай,

Кәрілік келіп қалды кезіменен,
Қарайды келін жаман көзіменен.
Қолындағы көсеумен ұрмаса да,

Ұрғандай боп кетеді сөзіменен, – депті де, төсегінің іргесінде сүйеулі тұрған домбырасын алып:

– Жастықтың жалыны қайтқан, кәріліктің қарымы батқан, сарғайып сары белде отырғаным. Ал тыңдаңдар, – депті де домбырасынан бір түрлі мұңлы, күмбірлі күй төгіпті. Сонан «Сары бел» атты күй тарапты.

Бұл күйді кей білетіндер Отарбай Дүйсекеұлының қартайғанда шығарған күйі деседі.

84. «Сары бел»

(ІІ нұсқа) Байлардың жемқорлығын өткір тілімен шенеп, сыбызғыдағы күйімен әжуа-сықақ еткен сыбызғышыны елдің игі жақсылары бірігіп алып, көзін құртпақ болады. Оған тұс-тұсынан қысым жасап, тілін тигізіп, тікенегін қадайды. Ел ішін аралап сыбызғы тартып, әзіл-сықақ айтуды қойып, қаршадай қара күркесінде, бала-шағасының қасында, отынының басында көңілді өмір сүруіне тосқауыл жасап, басқан ізін бағатын аңдушы қояды. Осынау қапас өмірден құтылуды армандаған сыбызғышы таңы рауандап ататын, күні күліп бататын, адамдары ала-құла бай мен кедей болып бөлінбейтін, зәбір-жапасы жоқ елді іздеп жолға шығады. Әділдіктің ордасын іздеп талай елді аралайды, талай жолды басады, талай белден асады. Бірақ ондай елді таба алмай арман тауы шағылған сыбызғышы арып-шаршап, қара күркесіне қарай қайта оралады. Қайда барса да, еңіреген елді, шерменде болып сорлап, қапас өмірде қан жұтқан кедейді көреді. Бостандықта өмір сүруді армандаған сыбызғышы ұзақ жол жүріп, еліне бет алып келе жатады да, көлбеп жатқан құба белге келіп, сыбызғысын тартып отырып қаза болады. Ел арасында жүрген тағы бір сыбызғышы жігіт жол жүріп келе жатып, құба белде сыбызғысын сүйеу етіп қаза болған жігітке тап болады. Жігіт аттан түсіп қайтыс болған жігітті сол жерге жерлейді. Оның кейіп-кескінінен шаршағандықтан, арманына жете алмаған мұң мен зардың белгісін көреді. Жол-жөнекей ауыр жайға, өкінішті оқиғаға тап болған сыбызғышы жігіт айнала ойлана көз жүгіртеді. Шегі жоқ, шеті жоқ дала. Дала төсінен тіршіліктің жөнкіген дүрбелеңі де, қызған өмір әні де көрінбейді. Тек о жағы мен бұл жағы тұманданып көрініп ыстық демін ішіне тартып жатқан, мынау сияқты қаншама қыршын жасты қапас құшағына алған төңірек сарғыштанып, зілденіп көрінеді. Дәл мына қалпымен жаңбыр жаумаған, шуақ көрмеген, қайғыдан басқаны білмейтін керенаудай сезіледі. Осы тылсым тіршілікке ішқұса болып қайғырған сыбызғышы сары белде отырып, қаза болған сыбызғышыға арнап «Сары бел» күйін тартады.

85. «Көк бұқа»

Мұңғұл-қазақ жауласып тұрған шақтарда, мұңғұл елі қазақтың бір ауылының мал-жанын барымтаға алып кетіпті. Осы барымтаға айдалған малдың ішінде бір қора сиыр кетіпті. Келесі көктемдердің бірінде әлгі бір қора сиырды бір көк бұқа қайта айдап келіпті. Бақса, көк бұқа барымтаға кеткен сиырлардың біреуінің ішінде бұзау кеткен екен. Жануар мұңғұл жеріне барып туып, бұзауынан бұқаша болғанға дейін ол жерді жерсінбей жүріпті де, өзі құнан бұқаға айналған көктемде бір қора сиырды айдап ежелгі мекеніне жеткен екен. «Көк бұқа» күйі осыдан пайда болыпты.

86. «Балжыңгер»

(ІІ нұсқа) Кезінде байлығы басынан асқан бір мұңғұл болыпты. Оның жүйрік желмаясы, ісімер бір қызы болыпты. Атқұмар мұңғұл байы сол өңірде Балжың дегенде бір жүйрік ат бар дегенді естиді. Осы атты қолыма түсірсем деп ойлаған бай, Балжыңды шақыртып алып, Желмая мен кер атты үш күндік жолға бәйгеге қосады. Бәйге келгенше әлгі қызына бір кісілік киімді тігіп үлгертпек болады. Егер қыз киімді бітіре алмаса, бәйгеден желмая келмей, кер ат келсе, бай Балжыңға қызын бермек, ал желмая озып, қыз киімді үлгертіп кетсе, кер атты бай алмақ болып келіседі. Келісімнен кейін жарыс басталып кетеді. Сонымен, «бәйге келеді» дегенде хабаршы байға кер аттың келе жатқанын, желмаяның жолда шөгіп қалғанын жеткізеді. Ендігі сенімін қызынан күткен бай бәйге жетісімен киімнің бір түймесі қалғанын естіп сасқалақтайды. Сонда Балжың өзінің ұтқанына көзі жетіп:

– Менің атым Балжың кер,

Білмеген адам қалжың дер.
Түйме бауы бітпепті,

Былжырамай қызыңды бер, – деп айғайлап шыға келеді. Ақыр көп болып байдың күш көрсеткеніне қаратпай, Балжыңға байдың қызын алып берген екен. Осы кер аттың ерекшелігін сол кездегі аралас отыратын мұңғұл-қазақ ішіндегі Байжігіт күй етіп шерткен екен.

87. «Балжыңгер»

(ІІІ нұсқа) Бұрын Марқакөл жағасын мекен еткен, дәулеті асқан бір бай болыпты. Ол қайда жүйрік бар десе, кейде алдап, кейде зорлап алмай қоймайтын озбыр да екен. Күндердің бірінде бай «Салдаман деген кедейде бір ат бар, ол атқа бұл жалғанда ат жете алмайды» деген ел дақпыртын естіп, қалай да осы атты қолына түсіруге аңсары ауыпты. Бай Салдаманды атымен шақыртып жұқалаған екен. Салдаман да қу іші сезгендей «кедейлік бағыма біткен әдеттегі жәй ат» депті. Бай Салдаманға:

– Айналасы алты күндік көлді ет пісірім уақытта айналып кел. Егер ет пісірім уақытта келе алмасаң, атыңа алтын ер салып өзім мінем, келе алсаң саған бір тоғызға жығынды боламын, – деп уәде беріпті. Салдаман атқа сеніп жолға шығыпты. Бай шіне келе қуанып ордаға кіріп, есе сөйлеп, «қанат бітсе де ет пысқанша аттың жете алмайтындығына» көзі жетіп, еттің көбігін алуға бұйрық бергенше даладан аттың қарасы көрінген хабар келеді. Бұл хабардан шошынған бай далаға шықса ат тұяқтары жер ойып, ұшқан құстай екпіндеп келе жатыпты. Сонда өзегіне өрт түскен бай отыра кетеді. Бірақ, айтқанынан қайта алмай амалсыз бір тоғызын беріпті. «Балжыңгер» деген күй осыдан қалған екен.

88. «Майдажал–Телқоңыр»

Алтай бетінде бұрын өткен бір жылқылы бай болған екен. Оның бір түнде екі биесі құлындап, бірінің енесін қасқыр жеп, құлыны қарағанның түбіне кіріп аман қалыпты. Енді біреуі құлынын емізіп тұрады. Содан бұл жетім құлынды тірі қалған биеге теліп, екі құлын бір биені еміп өседі. Ат сыншылары екі құлынды жақсы ат болады дейді екен. Бұл құлынның бірін «Телқоңыр», бірін «Майдажал» деп атапты. Бай көшкенде екі баласына екі құлынды мінгізіп қойып, екеуінің жүрісін күйге қосады екен. «Майдажал», «Телқоңыр» күйі осыдан қалған екен.

89. «Бұлдыр тау»

Ертеде бір ауылдан өзінің сүйген қызын алып қашып келе жатқан жігіт, жол-жөнекей бір үйге сусындауға түседі. Олар түскен үйдің есігі ғашықтардың беталысына қарап тігілген болса керек. Жігіт есіктен сонау көз ұшында бұлдырап көрініп тұрған өз елі мен жерін көріп, арттағы қуғыншылардан құтылып, аман-сау сол бұлдыр тауға жетсем деген арманмен, жүкте сүйеулі тұрған домбыраны алып: «Бұлдыр, бұлдыр, бұлдыр тау, саған қашан жетем-ау, шу-шу жаным» деп күй шерткен екен. Мұны түсінген қыз да көзіне жас алыпты. Екі ғашықтың бірдей күйзелісін көрген үй иелері «бұ не күй?» – деп сұрағанда жігіт: «Бұлдыр тау» деген күй», – дейді.

90. «Бозінген»

(І нұсқа) Көктемнің шуағын көріп, қойы төлдеп, қара шаңырақты салар жалғыз інгендері боталап қарық болып отырған үйге, түнерген жәй бұлтындай жауыз шапқыншылар лап қояды. Шапқыншылар үйді ойрандап, өрістегі малға тап береді. Осы қуғын ішінде қыр асып қана жайылып тұрған бозінген де кетеді. Бозінген басы-көзге сабаланып, зорлықпен жетекте бара жатып, өзінің артта қалған ақ ботасын қимай зар илеп боздап, тостағандай жанарынан жас сорғалайды. Осылайша зар илеп бара жатқан бозінген бір қолдан босай қалған орайда сытылып кейініне қашады. Қуғыншылар қанша қуғанымен жете алмай, ақыры күдер үзеді. Неше күндік жолды зар еңіреп ботасына жеткен інгеннің сүлдері қалған екен. Сонда боздап тұрған бота да інгеннің алдынан жүгіріп табысады.

91. «Бозінген»

(ІІ нұсқа) Қазақтың бақташылық өмірінен туған ғажап ертегілердің бірі – «Бозінген» сюжеті. «Мұндағы Бағланбай малының құты болған Бозінгенді тумады деп, бір шал мен кемпірге бақтырады. Бозінген басы алтын, құйрығы күміс бота туғанда, кемпір мен шал інгенді бір керуеншілерге сатып жіберіп, ботасын алып қалады. Қысқа ғана ертегінің көп жері ботасын жоқтап жылаған Бозінгеннің зарлы даусына құрылған. Бағланбайдың екі баласы Бозінгеннің даусын танып, оны ботасына қосады. Бозінгеннің жоқтауы:

Жаралғаннан жасымнан,
Күйіп, жанып сабылдым.
Тартып беру бала үшін,
Үстіме кілем жамылдым.

Көрер күнім бар ма екен,
Мен ботамды сағындым.

Бұдан әрі өзі жат қолына түскен Бозінген ұшқан құстардан, түнде жортқан жапалақтан ботасының дерегін сұрайды. Иесі түйені құтқарып, ботасына алып келе жатқанда да Бозінген оны көруге асығып, адамша мұңданып, көз жасын төгеді.

92. «Бозінген күйі»

(ІІІ нұсқа) Ерте уақытта бір үлкен жұт болады. Елде жөнді мал қалмайды. Бүкіл ауылды жұттан қалған жалғыз бір бозінген асырайды. Көпшіліктің күн көріп отырған бозінгені бір күні иімей қалады, жан сақтап отырған халық қатты сасады. Содан соң, пәлен жерде бір асқан күйші бар екенін естіп, кісі жіберіп, соны алдырады. Егер күйші бозінгенді идіріп берсе, сол ауылда бір сұлу қыз бар екен, соны бермек болады. Күйші домбырасын күйлеп, ағызып тарта жөнеледі. Күйге құлақ салған бозінген иіп қоя береді. Бермек болған қыз түйенің сүт аға бастаған емшегін ұстай алады. Сол арада күйші жап-жас қызды көріп қалады. Бірақ ол жұрттың ұйғарындысына рахмет айтып, рұхсат етеді.

93. «Алакөз аттың жүрісі»

Ертеде Қобда жерінде атақты жүйрік Құбақан кер ат бер дегені естіген байлар ұрыларын аттандырып, осы атты әкелуге жібергенмен кейбірі бос оралыпты, кейбірі ұсталып қалыпты. Ең ақыры бір ұры ұрлап әкелгенімен, Қобданың ұрылары қайта ұрлап әкетеді. Өстіп үш алдырып, үш алдыртқан соң, төртінші рет ұрылар аттың кірпігін жұлып, бір жылдай үйден шығармай бағады. Жыл уағында алып шыққан ат құбақан торылығы болмаса, кірпігі ағарып шығып, шарасы алайған көрер көзге ерсі ат болады. Осы жыл дабыралы ас болады. Осы аста не бір майталман жорға-жүйріктен озып шығыпты. Сонда Қобдадан келген ұрылардың ішінде біреуі өз аттарын танымай, ала көз атқа көзі түсіп, домбыраға оның жүрісін, шабысын күй етіп қосады.

94. «Шыңырау»

(І нұсқа) Зәулім құз жартасқа ұя салған қыран өзінен ұрпақ көрмей шерлі өтеді. Жылдағы тапқан жалғыз жұмыртқасын ордалы жылан жылда жарып тұқымын құртып кетеді. Бір жылы тағы да жұмыртқаға өрмелеп келе жатқан сұр шұбардың үстінен тап болған ызалы қандыкөз қыран өткір тұяқтарымен құлақ-шекеден қатты серпіп, зәулім құздан зындан шыңырауға қарай лақтырып жібереді. Осыдан кейін ұяда бір күні шұңғыл көз, ақ үрпек балапан пайда болады. Жұмыртқа жарып жарық дүниеге көз салған балапанын аялап өсіріп, кең әлемге қанат қақтыру үшін алыс-алыс сапарлар шегіп жем тартады. Тянь-Шань асып, Алтай кетіп, Алатау шарлауға тура келеді. Осындай бір алыс сапардан жем тартып келе жатқанда, шыңырау түбінен құзға қарай өрмелеген аждаһар-жыланның бейнесі көз алдына елестеп, қыран өз ұясына жетуге жан ұшыра талпынады. Биік-биік құздарды артқа тастап самғап келе жатқанда, үстінен қалың нөсер жаңбыр құйылады. Көзінен тамшылаған ыстық жас жаңбырмен бірге тамшылайды.

95. «Шыңырау»

(ІІ нұсқа) Ертеде оңайға өткел бермейтін Көкжал деген өзеннің екі жағалауында Байбол, Тауасар деп аталатын екі ауыл болыпты. Байболдың кіші келіні Гүлбике енесіне ақыл салғаннан кейін, ауылдағы жылқышы баланы шақырып:

– Сен, Тауасар ауылына бар, күйеу жігіт Әзілбек ұрын келіп кеткелі осы ауылдың есігін ашқан жоқ. Бала өзі келеді деп отырсақ, күз келіп, көші-қон болып кететін түрі бар. Сен, бар да күйеу баланы шақырып кел! – жұмсайды.

Жылқышы бала тау асып, тас басып, өткелден ат жалдап өтіп, әзер дегенде Тауасар ауылына барады. Жылқышы бала Әзілбекке биебау басынан кезігіп, келген бұйымтайын оған оңашалап жеткізеді. Онысызда сағынышпен сарғайып жүрген Әзілбек бұл хабарға қуанады да, қайын жұртына кешікпей баратынын айтады. Әнші, биші, күйшілердің бір тобын ертіп, Байболдың кіші ауылына Әзілбектер келгенде, ауыл той болып жатқан секілді әбігер екен. Қонақтардың алдынан шығып ат ұстаған даяшылар бірінен соң бірі келіп, қонақтардың атын алып, ілтипат көрсетеді. Арнайы орналастырылған үйлерге жайғасқан күйеу жігіт және оның серіктері ауыл азаматтарының «Той бастар», «Күй басы» деген күйлерін тыңдайды. Әзілбектің өнерлі серіктері әр алуан өнерлерін көрсетіп, ауылды думанға бөлейді. Олар осылай отырғанда, үкілі камшат бөркін шекесіне салған бір топ қыздың ортасында Әзілбектің қалыңдығы Назигүл де топ ортаға келеді.

Жастардың ән-сазы күн батарға дейін толастамайды. Кешкі қызықты да Гүлбике алдын ала орайластырып қояды. Екі-екіден жұптасып, әріптесін тақымдап қуып айтысқандар таңның қалай атып, күннің қалай батқанын сезбей де қалады. Осылай өткен сауық кештер мен қызықты күндердің неше аунап түскенін білгендер болмапты.

Бір күні сәске мөлшерінде шайға отырған Әзілбек Гүлбикеге иіліп келіп:

– Біз қайтайық, ауылдан аттанғанымызға бірнеше күн болыпты, – дейді. Күйеу жігіттің ойын біле қойған Гүлбике де қонақтардың қайту талабын үлкен шешесіне жеткізіпті. Сонда көп ойланып алғаннан кейін, қарт ана Гүлбикеге тесіле қарап отырып:

– Суы құрғыр ағаш басына шығап, сабасынан асып жатыр дейді ғой, балалар абай болсын! – деген екен. Гүлбике күйеуді жолдастарымен аттандыру қамына кірісіпті.

«Тіл астында тіл бар» дегендейін, неше түнге созылған әзілдердің соңы айтылып, бірін-бірі қимаған жүректердің белгісі – кестелі орамалдар қолдан-қолға өтіпті.

Олардың осындай аттанар кезінде, Әзілбектің кенже балдызы келіп, бір домбыра ұсынған екен. Бұл домбыра тоғыз түрлі ағаштан қиылып жасалыпты. Үп еткен салқын самал тигенде екі шегінен сазды үн шығады екен. Олар аттанғанда, тұрып қалған жеңгесі қайта айналып үйге кіргенде, Назигүлдің өзінің төсегінің үстінде отырғанын көріп: «Жатып, тынықшы», –деп Назигүлді төсегіне жатқызып, шымылдықты түсіріп қояды. Мамық төсекке жата сала көзі ілініп кеткен қыз «Алла!» деп ұшып түрегеледі. Оның шошып оянғанын білген жеңгесі «не болды?» деп қасына барғанда, қыз:

– Бір жаман түс көрдім, түсімде Әзілбек екеуіміз бір биік шыңға шығып бара жатыр едік, бір алып айдаһар жолымызды бөгеді. Алдымен оны, артынан мені жұтты. Содан шошып кеттім, – дейді жеңгесіне үрейлене қарап.

Олар дәл осылай сөйлесіп отырғанда бағана Әзілбектер кеткен жақтан аттан сап айқайлаған дауыс бүкіл даланы жаңғырықтырып, жайын отырған ауылды елең еткізеді. Мұны естіген Назигүл мен Гүлбике жүгіріп далаға шыға келсе, Әзілбектің Бәйгеторысына мінген ақ жейделі бала шыр-шыр етіп келе жатады.

– Ой, не болды?..

– Әзілбектің аты су ортасында жығылып... сұраулар мен үздік-үздік жауаптар Назигүлге анық ұғылмады.

Онсызда дымы құрып әрең тұрған арудың бойы бір ғажап қорқынышты жалынға шарпылғандай дір етеді де, не болғанын өзі де сезбей, белдеуде тұрған сандал торыға қона кетіп ұмтылады. Оның артынан дүркірей шапқан ауыл адамдары келгенде, Сандалторы бір боз талға байлаулы тұр екен. Маңында жан көрінбепті. Тек өзеннің қан жұтып, құтырынып алған асау толқыны айбар шегіп жатыр екен.

Өзеннің екі жағындағы ел екі бірдей есілінен айрылып зар еңірейді. Күн бесігіне дейін атты-жаяулар өзеннің екі жағын көп қарап, түк таппай тарығыпты. Ақыры жеті дөңбекті сал етіп, екі өнерпазды «Қан иірім» деген жерге дейін қарауға шығарыпты. Бұл екеуі асау толқынмен жағаласып, ақыры тастан-тасқа соғылып быт-шыты шыққан салдан, екі дөңбекке жармасып, «Қан иірімге» жетіпті. Олар иірімдегі бүркіт ұясынан бір нәрсенің елбең еткенін көріп қалыпты. Қиынның ала қанат қыранын аумен алатын бұл екеуі өмір бойы бүркіт ұясынан осындай жәндік байқамаған екен. Олар бұған қайран қалады. Мына екі өнерпазға бір ғажап елес көрінеді. Суға иіліп тұрған боз талға Сандалкерді іле салған Назигүл асау ағынға ашына қарап тұрғанда, қанды толқын арасынан Әзілбек елестеп, өзін суға атады. Ол сұрапыл толқын соңынан жағаласып, «Қан иірімге» келгенде, бауыры Әзілбекке берген домбыра», иірімді бір айналып барып жағаға шығады. Қыз толқынды жарып барып домбыраны алады да, асау ойдың езгісінен талықсып кетіп, бүркіттің ұясынан бір-ақ шығады. Ол соңында тұрып «Қан иірімнің» түбін бір көргісі келеді. Тасқа жабысып тұрған екі адамның: «Қарағым, бері кел, құлап кетесің», – деп тұрғанын Назигүл естіген жоқ. Көз жасы құрғаған қатулы қабағын түйіп тұрып, туған ел, өскен жеріне қош айтып, тоғыз түрлі ағаштан қюлап жасалған домбыраны үйіріп лақтырып жібереді де, қарын иірімге ыршиды. Оның қызыл сәтен көйлегі көбелектей көлбеп барып, су бетіне қона бергенде, рақымсыз тылсым күш оны лып еткізіп жалмай салады!.. Домбыраны жел аударып кетіп жағаға түсіреді. Домбыраның күйін қойып, өзін жасап жүрген екі өнерпаз осыдан кейін көп ойланып, ғашықтардың арманына, қиуасыздығына кез болған бақытсыздығына толы «Шыңырау» деген күйді шерткен дейді.

«Шыңырау» күйі елге осылай тарап кетіпті.
Осыдан соң бұрынғы Көкжал өзені «Шыңырау» өзені деп атаныпты.

96. «Шыңырау»

(ІІІ нұсқа) Күз жетіп құстар қайтқанда Шыңырау деген торғай да қайтады. Ол жол ортада бір мұхитқа тап болып, шексіз мұхиттың үстінен ұшқанда, қанаты талып, судың бетіне шыққан қамыс бастарына, сал сияқты нәрселерге қонып дамылдапты. Мұхиттың ортасына жеткенде қонуға қамыс жоқ, ұша берейін десе дәрмені жоқ шырылдап тұрған екен. Бір күйші осы жан шырылын күйге түсіріп, күй атын «Шыңырау» деп атаған екен.

97. «Шыңырау»

( ІҮ нұсқа) Бір торғай бір ағаштың басына ұя салып жұмырқаласа, әр жылы жылан жеп тоқтатпапты. Әбден запы болған торғай, жұмыртқасына өрмелеп келе жатқан торғайды көріп, қайтерін білмей шырылдаған екен. Мұны көрген күйші осы шырылдан «Шыңырау» атты осы күйді тудырыпты.

98. «Шыңырау»

(Ү нұсқа) Самұрық дейтін құс болған екен. Ол үнемі мұхиттың ортасындағы бір үлкен бәйтерекке балапандап, балапандарына жем тасығанда, бір ретте бірер айлық жемін әкеліп тастап кетеді екен. Самұрық тұяғына бес киіктен, он тұяғына он киік іліп әкеледі екен. Ол бір жолы жем әкеле жатып, теңізден өтерде қанаты талып, бірде төмендеп, бірде көтеріле беріпті. Жемді тастайын десе қимай, тастамайын десе дәрмені кетіп шырылдайды екен. «Шыңырау» күйі сол самұрықтың зары екен дейді.

99. «Шыңырау»

(ҮІ нұсқа) Шыңсысай өктемдігі заманында, халық мылтық тапсырудың қыл бұраулы қысымына ұшырапты. Осындай жан түршігерлік қысымда үкімет бір азаматты, әншейінде тас бірдемелерді тастап жібергенде, бір-екі минутқа дейін дүңгірлеп дауысы естіліп тұратын шыңырау құдыққа сүйреп апарады да, тамам халықты жиып алып, шешесінің зарлағанына қарамай: «кімде-кім үкіметке қарсы шықса осылай өлтіріледі!» – деп осы құдыққа тастайды. Кейін осы аянышты жағдайды Шақабай шалап деген адам «Шыңырау» деп күймен бейнелеген деседі.

100. «Шыңырау»

(ҮІІ нұсқа) Бұрын осы дүниеде бір үлкен көл болған екен. Оның ар жақ-бер жағы көз жеткісіз, әрі түпсіз шыңырау екен. Сондықтан жұрт оны «Шыңырау көлі» деп атасып кетеді екен. Осы көлден күзде жылы үйекке қайтатын самұрық деген алып құстың өзі әзер ұшып өткенде балапандарын алып өтуге дәрмені жоқ самұрықтың зары төрт әуенмен шертілетін күй болған.

101. «Шыңырау»

(ҮІІІ нұсқа) Бір торғай өзінің екі жұмыртқасына иен далада қалған бір жұмыртқаны әкеліп қосады. Үш жұмыртқаны бірдей басып, уақыты жеткенде үш балапан шығарады. Әлгі тауып әкелген жұмыртқадан сүрепеті өз балапанынан бір басқа балапан шығады. Торғай «Қызылшақа ғой, біраз есейсін байқайық» деп аялдай-аялдай жүріп, бір жолы жем іздеп кетіп оралса, бір балапанының ақ үрпек жүні дода болып жатқанын көреді. Бақса, әлгі бөтен балапанының аузы қан екен. Бірақ, бұған тағы сенбей, тағы бір жолы келсе, екінші балапанын да додасын шығарып жеп алып отырған екен. Онымен тынбай өзіне тап беріпті. Сөйтсе, ол қаршығаның балапаны екен. Сонда торғайдың екі балапанынан айырылғанына, өзінің қас жауын, өзі бағып жетілдіргеніне өкініп опық жеп зарлаған «Шыңырау» деген күй болған дейді аңыздардың бірі.

102. «Тайшынның тарғыл бұқасы»

Моңғол-қазақ жауласқан кезде, Тайшын деген сиыршыны атып кетеді. Иесіз қалған малды қазақтар айдап кетеді. Ертесі айдап келген сиырлар жоқ болып шығады. «Күншілік жерден әкелген мал ешқайда кетпес» деген оймен ізін шалса бір қора сиырды тарғыл бұқа қайырып ауылына таятып қалғанын көреді. «Еңбексіз малды қайта әкелгенмен мал болмас» деп қуғыншылар қайырмайды, десе де, тарғыл бұқаның қасиетін ел көп сөз қылады. Осы оқиғадан «Тайшынның тарғыл бұқасы» деген күй шығады.

103. «Қозыкүрең»

Ертеде бір бай жылқышыларына әр жылы табан ет, маңдай терің бір жабағы тай деп белгіленген екен. Бай бір жолы жылқыға шығып, жылқыларын сырттай тамашалап жүреді. Сонда қасында аралатып жүрген жалшысы өзінің жылдық ақысын сұрап қалады. Бай оған айғыр үйірінің шетінде тұрған өлі жүні түспеген бір күрең тайды көрсетеді де, соны ақыңа бергенім дейді. Айлар ауысып, жылдар жылжып күрең тай ат болған да, бір ауылда үлкен бір той болып, 300 ат бәйгеге қосылады. Бәйге келгенде бірінші болып қоян сүйек күрең ат келеді. Оны көрген бай аттың иесін, тегін қузай келе өзінің кезінде жалшыға берген жаман жабағысы екенін біледі. Сонда бай өз айғырының тұқымы екенін айтып дау шығарады, жалшыға күш көрсетеді. Жиылған барлық ұлық бұған белгілі кесім айтпайды. Әділетсіздікке күйген жалшы, кезінде табан ет, маңдай терім үшін өзі берген деп шыжықтайды. Сонда көлденең адам ретінде араға біреу түсіп жалшыға: «Бұл жолғы бәйге өзіңдікі, ал, талас болып отырған осы атқа кім жүз жылқы берсе сол алсын» – деген екен. Отырғандар дуылдасып келісе алмай отырғанда, есік жақта бір азамат домбырадан күмбірлетіп күй шертеді. Үй іші тына қалып, ершімді күйден бүгінгі жүлделі жүйріктің көсіле шапқан шабысын бір көргендей болады. Күйші домбырасын бәсеңдетіп барып: «Мен екі жүз жылқы атадым. Мына күй бүгінгі Қозыкүреңнің шабысы, мұным – жүз жылқы, енді басынан ұрып жүз жылқы санап беремін», – деп кеуде ұрады. Ақыры, осы бір жомарт салдың пиғылына риза болған жалшы «Атымның атағы тарихқа күй болып қалғаны үшін елуін алайын, міне, атың», – деп салға атты беріпті.

104. «Байшыбырдың күйі – арман»

Ертеректе аң аулап, күн көретін Байшыбыр деген адам болған. Ол жар дегенде жалғыз ұлы ғана бар, басқа жарлы адам екен. Қақпан салып шиті мылтығымен аң-құс атып күнелтіп жүріпті. Мергеннің қосының маңын да суырдың іні бар екен. Індегі бір жуан суыр қалай аңдыса да, мергенге атқыза қоймапты. Бір күні мерген аңнан қайтып келе жатса, әлгі аңдып алдырмай жүрген суыры іннің аузында отырыпты. Атып алудың орайы енді келген екен деп білген мерген отыра қалып тартып жіберіпті. Жүгіре келсе, атқаны суыр емес, өзінің саржарғақ тонын киіп іннің аузында әкесін тосып ойнап отырған жалғыз ұлы болып шығады. Қанша өкіріп, бақырып өз басын өзі тоқпақтағанмен оққа ұшқан бала тірілер ме?! Осыдан «Арман» күйі қалған екен.

105. «Бүркіттің күйі»

Ертеде Алтай тауын мекендеген атақты құсбегі Тілей деген адам өткен. Өзіне әуелде жалғыз кері биесінен басқа мал бітпеген кедей адам болыпты. Міністен құлындамай жүрген сол биесі бір жылы ішті көрініпті. Иесі жануардын аман-есен құлындатып алайын деп желіні жетіле бастағанда, жылуатты шөптесін жерге қайырып қарап жүріпті. Бір күні ауа райы аяқ астынан бұзылып, кері биеден көз жазып қалыпты. Таба алмай дағдарған иесі таңертең ізімен қуалап келе жатса, биесі қалың тобылғы арасында құлындап, еркек күрең құлынды емізіп тұрыпты. Қуанышы қойнына сыймаған Тілекең биесін жетелеп енді қайтайын дей бергенде, бір құстың зәу теректің басынан пышақтаған дауысы естіліпті. Қараса, бір бүркіт отырады. Теректің түбіне барып кері биенің шуын берейін деп ағаш басына іліп көтерсе бүркіт қималдамапты, тас лақтырса да қозмалмапты. Анықтап қараса, қанатына қалың мұз қатып ұша алмағандай көрініпті. Бұл тәңірдің маған берген киелі құсы болмасын, ала кетіп, күрең құлынмен бірге мәпелеп бағайын деп, бүркітті ұстап алып, тонына орап, үйіне әкеліп бағады. Құсты үш жыл ұдайы бағып, күзде қайырып, түлкіге салса, үш жыл бойы түлкі алмай қойыпты. Құсбегі сонда да қоя беруге қимапты. Күрең құлынмен бірге бағып, бірге кәртейтейін, түлкі алмаса да, бағып қағайын деп баға береді. Бір күні Тілейдің үйіне алыстан жолаушылап келе жатқан ақ сақалды бір адам келіп қонақ болады. Әңгіме үстінде әлгі адамға бүркіттің жағдайын баяндаған екен, жолаушы бүркіттің күміс құймалы томағасын тартып, жемсауын, тегеурінін, сан етін ұстап көріп:

– Сенің бұл құсың Нарынның сары шегірі екен. Мұның алдына құс өтпейді. Асқан қыран. Бірақ, қазір құстың әлі екі түлеуі кем екен. Енді үш түлетіп, қар бір жауғанда аңға шық, көзіне не көрінсе, соны алар. Қыстай қынадай қырып алады да, ел жайлауға шыға құсты өз бетіне қоя бер. Күзде өзі қайтып келеді. Құсың нағыз жау жүректің өзі екен. Бұл түспейтін жан иесі болмайды. Сақ болмасаң, ашуы қайтпағанда адамға түсер. Құсты өлгеніңше қолыңнан шығарма. Күрең атты осы құсты алып жүруге мінсең болады. Бұл сенің шаңырағыңа қонған «бақыт құсы», – дейді екен.

Жолаушының айтуы бойнша Тілей сары шегірдің басына күміс құймалы томаға кидіріп, үш қайырып, түлкіге салған екен. Көзіне көрінгенін құтқармайды. Жазда құсын суырдың етімен бағып семіртіп, түлетіп, күрең атына мініп, аңға шыққанда қасқыр, түлкі, арқар, құлжа дегендерді қырып салыпты. Сонымен Тілей тез байып, қорасына қой, өрісіне жылқы салыпты. Келер жылы ел жайлауға шыққанда, құсын қоя берсе, күзде қайтып келеді екен. Сөйтіп, Тілейдің сары құсы шаңырағына қонып кеткен үйге ырыздық еніп, дәулет бітіпті. Бір күні Тілей құсын қолына қондырып, күрең атына мініп, қағушысын ойға тастап өзі бір биікке шыққан екен. Сарышегірі «қоя бер» деп тілепті. Томағасын тартқан бүркіт лақтырған зақпының тасындай зымырап көкке шығып, бір уақытта бір қыраттың астына қарай түйіліп оқша жөнеліпті. Артынан шауып жетсе, Сарышегір бір тайыншадай қасқырдың арланына түскен екен. Бұрын талай қасқырды алдырып жүрседе дәл мынадай жойқын көкжалды Тілей көрмепті. Сарышегір бір аяғымен таңнан алып, енді бір аяғымен кеуілжірін ноқталай ұстап, бүктеп астына басқанда, қасқырдың езуінен түйреп кірген бір тегеурінін қасқыр шайнап жіберген екен. Сонда долы қасқырды онан ары бүре түсіп, Тілейге де бермей, кеудесін тесіп жіберіп шыңғырта тартып қасқырдың өкпесін жұлып алады. Сонан соң бүркіт тік көтеріліп аспанға шығып көрінбей кетеді Әдетте, иесі келгенде олжасын тастап, бір шетте отыратын Сарышегірдің мына мінезіне қайран қалған Тілей, екі көзін аспаннан алмай қарап тұрады. Таңырқайды. Бір заманда құс зеңгір көктен Тілейдің өзіне тіке қарай зымырайды. Бұрын қапысыз қыранның аяғын шайнатып алғанына ашуының басылмай келе жатқанын көрген Тілей әлгі жолаушының «ашуы қайтпаса адам алар» деген сөзін есіне алып, қатты қауіптенеді. Зымыраған бүркітке құлақ түріп, көз тіге күрең аты кісінеп, жер тарпып шиыршық атады. Сонда:

– Әй! әй! Кәрі жолдасым, қыраным, қилы құсым, кәкә! – деп екі қолын бүркітіне созғанда, қыран сәл тайып барып бір төбеге қонады. Тілей бүркітін үйіне әкеліп, аяғын емдеп сылап-сипап, ашуын басып, әбден сауықтырып, арада бірнеше айды өткізіп, арқар алдырайын деп аңға тағы да шығыпты. Бір төбеге шыққанда бүркіт тіленіп ұшып бір қыратты асып зымырап кеткен екен. Тілей артынан шауып жотаға шықса сайдың басынан аузына дейін алты арқарды, тақыр шаптан бір-бір есіп тастап, біреуінің тамағынан сығып, басына қонып отырыпты. Қыранына бір кесек қызыл жұтқызып, томағасын кигізіп отырғызып қойып, өзі арқарларын бауыздап союға кіріскенде қыран тағыда ұшамын деп тіленіпті. Көкте бір айналып топшысын жазып, шабыттанып жадырап қайтсын деп томағасын тартып қоя беріп, өзі арқаларды союға кірісіп кеткен екен. Алты арқарды сою аз жұмыс па, кеш батып, көз байланыпты, бірақ, қыраны қайта оралмапты. Кейде, Сарышегірдің Тілейден бұрын үйге барып алатын әдеті де болады екен. Үйге төте тартқан болуы керек деп қайтып келсе, құсы келмепті. Қайта атына міне шапқан Тілей, бір жотаға шығып, «кә-кәласа» ештеме көрінбепті. Бір заманда төменгі бір адам баспайтын шатқалдан жарық-жұрық еткен сағым, будақталған шаң шығыпты. Бүркіті келмегеніне алаң болып, түнімен көз ілмеген Тілей, ертесі ерте тұрып, әлгі жерге келсе, қалың бүргенді жапырып, құлдап кеткен ізге жолығады. Ізбен тағы да жүрсе, анадай да жарқыраған бір үлкен нәрсе жатады. Қараса айдаһар екен. Сарышегір айдаһарды басынан ұстаған екен. А, дегенде оның көзін шоқып шығарып жіберіпті де, содан дәу айдағар, дүниені талқан қылып осы жерге келгенде, төбесін тесіп жібергендіктен миы шашылып, өлген екен, Құстың тұла бойы жарақаттаныпты. Осыдан соң, Тілей қатты ауырып жатып қалыпты. Ауруының ау жәйін түйген Тілей, туыс-туған, көрші-қолаңдарын шақырып алып:

– Бұл аурудан жазылмаспын. Мен өлгеннен кейін Сарышегірімді қоя беріңдер. Енді оның бабын ешкім білмейді. Өзімді ауылдың батыс жағындағы жазыққа қойып, айнала қорған жасаңдар, күрең атымды да қоя беріп, жылыма сойып, ас беріңдер. Күрең ат сойылған күні, Сарышегір де келіп қалар. Күрең аттың бір жақ қазысын соған беріңдер! – деп өсиет қалдырыпты.

– Айтып айтпай, Тілей қайтыс болыпты. Жыл уағы толғанда, Тілейдің күрең атын асына сойып жатқанда, Сарышегір аспанда пайда болып, Тілейдің шаңырағын үш айналып, онан соң Тілейдің бейітіне келіп қонған екен. «Күрең аттың қазысын өзіміз жемей, алжыған бүркітке береміз бе» деп есер біреулер аттың жарым өкпесін лақтырып берген екен, Бүркіт өкпені іліп алып, ауылды бір айналып ұшып, қиян көкке самғап шығып кетіпті, бір уақытта, ысылдаған дауыс шығып, бүркіт оқтай заулаған беті өзін Тілейдің бейітіне бір-ақ ұрып, күл талқан болған екен. Сөйтіп, Тілейдің Сары құсы өзімен бір қорғанда қалыпты. Міне, осы осы хикмет оқиға ел арасында аңыз болып таралып, күні бүгінге дейін сыбызғыдан аңырап, домбырадан төгіліп, «Бүркіт күйі» аталып келеді.

106. «Құр ойнақ»

Құр ойнақ күйінің таралуы туралы кәриялар екі түрлі әңгіме айтады. Қайсысы рас, қайсысы өтірік, ол беймәлім. Бірақ, екі әңгімеде «құр» деген ойыншыл құс туралы. Бірінші әңгіме: Құр деген құс ойынға әуес екен. Топтала жүріп, ойнының қызығына бір еніп алса, таңның атқанын, күннің батқанын білмесе керек. Құрдың осы ойын құмарлығына таң қалған күйші «Құр ойнақ» күйін шығарыпты. Екінші әңгіме: Тобымен жүріп кешке дейін ойнайтын құрдың ойынына қызыққан байдың бір баласы үйде де көріп отыру үшін оның ойнайтын жеріне тұзақ құрады. Сүйтіп, құрды бір-бірден ұстап, үйіне әкеле береді. Бірақ, ешбірі қолға үйренбей өле береді. Ұстаған құрдың бәрі өліп, ұсталмаған жалғыз ақ құр қалады. Бала оны да ұстап үйіне алып келеді. Ол қолға тез үйренеді. Жемін жеп алғаннан кейін, байлап қойған жерінде ойнап отыра береді. Осыған таң қалған ауыл арасының күйшісі «Құр ойнақ» деп атапты бұл күйін.

107. «Арман»

(І нұсқа) Ерте замандарда Асан деген баланың жеті жасында әкесі қайтыс болып, анасы Жаңыл екеуі жетім қалады. Күн көрістің қиындығынан анасы Жаңыл сол елдегі Тахир деген ханның аңға шығатын иттерінің күтушісі болады. Ал, Асан болса кішкентайынан ханның қозысын бағады. Осылайша талай жылдар өтеді. Ауыр жұмыс Асанның анасы Жаңылды әбден қажытады. Оңашада бір мұңды әуенге салып:

Ит өмірде итшілеп,
Итпен бірге үйшігім.
Иттің де бар иесі,
Иттен де жаман біздің күн.

Ит өмірден құтылып,
Жарылқайтын күн туып.
Жақсылық көрер ел барма,
Бәйшешегі құлпырып,

Кедейліктен жаман жоқ,
Кентай құрлы бағам жоқ.
Басар тау барар панам жоқ,
Бізді ескерер адам жоқ,

Егілсін зарлап мұңлы күй, Одан басқа шарам жоқ, – деп ылғи да әндетіп отырады. Естігенін ұмытпайтын қағылез болып өседі. Хан сарайында болып жатқан сауық-сайранда шырқалған ән, тартылған күй көкірегіне тоқыла береді. Ұзақты күн қой соңында жүрсе де қарап жүрмей, қурайдан әдемі үнді сыбызғы жасап алады. Ол сыбызғымен өзінің естіген ән-күйлерін тартып үйренеді. Асан тартқан сыбызғының тамаша сазына егіз лағы бар елік келіп, үнемі билеп асыр салып ойнайды екен. Олар сыбызғы сазына үйренгені сондай Асаннан да қорықпайды, еттері үйреніп бауыр басады. Күндерде бір күн мұны естіп білген Тахир ханның ерке баласы егіз лақты «елікті маған ұстап бер» деп Асанды қатты қинайды. Қамшының астына алып сабаса да, Асан лақтарды ұстап бермейді. Әбден долданған хан баласы бұл жайды әкесіне айтады. Тахир хан Асан мен Жаңылды шақыртып алып: «Ертең елікті лақтарымен алып келіңдер. Менің сарайымда билеп тұратын болсын. Орындамасаңдар бастарыңды аламын», – дейді. Тахир ханның қаһарынан зәрелері ұшып қорыққанынан Жаңыл мен Асан елікті егіз лағымен хан сарайына әкеліп береді. Хан сарайдағы сыбызғышыны шақырып сыбызғы тартады. Бірақ еліктің лақтары билемей, мелшиіп тұра береді. Ашуланған хан бұл сыбызғышының басын алдырады да, екінші сыбызғышыны алдырады. Еліктер ол сыбызғышының тартқанына да қозғалмай тұра береді. Әбден қаһарына мінген хан, үшінші сыбызғышыны шақыртады. Жанынан түңілген сыбызғышы Асанның сыбызғысының сиқыры бар деп, соны сұратып алады. Еліктер оған да селк етпейді, сол баяғы мелшиген қалпы, сілейіп тұра береді. Хан бұл сыбызғышының да басын алғызады. Сол елде ұзақ жасаған кәрі сыбызғышы бар екен. «Солай да, солай! Хан еліктің лағын билете алмаған сыбызғышылардың басын алып жатыр» дегесін қаусап отырса да, амалсыз әрең басып, ханға келеді. «Тақсыр хан, бұл еліктің лағын билетер сыбызғының сарынын білсе, сол Асан деген бала біледі, соның өзін алдыртыңыз», – дейді. Кәрі адамның сөзін кері қайтара алмай хан Асанды алдыртады да, қолына сыбызғысын ұстатады. Асан не бір сұлу сазды күйлерді, таңғажайып сырлы үнмен құйқылжыта тартқанда еліктің лағы билеп ала жөнеледі. Сыбызғының әдемі сазына өзі де елітіп, беріле ұйып тыңдайды. Асанның өнеріне риза болған хан: «Мен, кәрімді төксем жоқ қылам, мейірімім түссе, жарылқаймын! Қане айт! Не тілегің бар?» – дейді Асанға. Асан ханға басын иіп, рахметін айтады да: «Маған ештеңе де керек емес, менің анам Жаңылға, өзіме бас бостандығымызды берсеңіз, елікті лақтарымен босатсаңыз болды. Тілегім осы», – дейді. Тахир хан дүйім елдің алдында берген уәдесін кері жұта алмай, Асанның тілегін орындайды. Ғасырлар бойы сыбызғыда тартылып келе жатқан сұлу сазды «Арман» күйінің тарихы осылайша баяндалады.

108. «Сырым сазы»

Сырым батыр, сөзге шешен, би ақын, күйші, елдің елдігін, халықтың бостандығын армандаған бүкіл саналы өмірін соның жолында күреспен өткізеді. Сырым туралы ел жадында әдемі аңыздар, қызықты сөздер көп болған. Солардың бірі былай айтылады: Сырымның арғы атасының аты Шопан екен. Жорықта жауға жалғыз шауып, ылғи жеңіске жететін оны басқалары күндейтін көрінеді. Күндерде бір күндері қалың әскер шөлге тап болып, оларды бұдан құтқарудың амалын ойлаған Шопан жапан түзде, жапан даладан шыңырау құдық қазады да бір тайды бітеу сойып, оның терісінен үлкен мес жасайды. Сосын қасындағыларға қарап: «Ал, жігіттер, енді біреулерің құдықтың ішіне түсіп, меске су толтырып тұрыңдар. Біз мына жақтан мал мен жанды суара берейік» дейді. Сол екен, мұның көзін құртудың сағатын күтіп аңдумен жүрген біреулер: «Міне сәті енді түсті» деп қуанып кетеді. Сөйтіп, әлгілердің бәрі бірдей: «Ойбай-ау, Шопан жан-ау, оған жүрегі барып өзіңнен басқа кім түседі» деп шулап қоя береді. Оны қалғандары да қостайды. Сөйтіп, Шопан құдықтың түбіне түседі. Мал мен жанды әбден суарып қандырады. Енді оның арқан тартып, құдықтан шығар кезінде сырттағы тұрғандар бірін-бірі азғырып Шопанда құдық түбіне қалдырып кетуге келіседі. Мұны сезген Шопан құдық түбінен дауыстап: «Ал, жігіттер, мені тастап кетіп бара жатсыңдар, ендеше ағайындарға сәлем айтыңдар, мен шығарда әйелім ауыр қалып еді, ұл туса атын Дат қойсын» дейді. «Шопан жау қолынан қаза тапты» деп елге жалған хабар әкелген әлгі қаскөйлер Шопанның құдық түбінде тұрып айтқан сөзін көзін жұмғалы жатқанда бізге айтқан аманат арызы еді» деп жеткізеді. Сонымен, дүниеге ұл келеді, оның атын ағайын Дат қояды, Даттан Сырым туады. Сырым сазы күйі көне сазға құралған, өзіндік табиғаты бөлек әдемі күй, күйде Сырымның жорықтары суреттеледі.

109. «Қазақ пен қалмақтың күйі»

Қазақ пен қалмақ арасындағы жаугершілігі көп заманда екі елді егестірген мәселенің түйіні ұдайы найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен ғана шешіліп отырмаған. Найзадан өтімді сөзге тоқтаған, қылыштан өткір уәжді тыңдаған кез де аз болмаса керек. Бірде екі жақтың әскері сеңдей сіресіп, мұздай қаруланып келіп, үлкен бір қан төгіс шайқас басталғандай екен. Сонда елдің қамын ойлап белі бүгілген бір қарт тұрып: «Уа, ағайын! Арадағы түйін-түйткілді қан төкпей шешейік!» деп сөз бастайды. Сол кезде тіресіп келген екі ел әскерінің ішінде бірінен-бірі асқан дәулескер қос күйші бар екен. Сол екі күйшіні күй сайысына түсіріп, қай жағы жеңсе, сол жағының талабын орындауға уәде етіседі. Сонда қамалдай қаумалаған қалың әскердің ортпсына ақ киіз жайылып, үстіне қос күйші шығарылады. Алғашқы кезекті қазақ күйшісі алып тартқан екен.

Екінші кезек қалмақ күйшісіне тиеді.

Күй біткенде екі жақтың түнеріп тұрған әскері соғыспақ ниеттерін ұмытып кеткен екен дейді.

110. «Қағытпа»

Өзі күйші, өзі сері бір жігіт жұрт қарағандай жорға атын жоғалтып, іздеп жүріп бір ауылға тап болады. Бейтаныс ауыл болған соң үй таңдап жүрсін бе, шеткерірек тігілген бір үйге ат басын бұрады. Сәлем беріп үйге кіріп келсе, бойжеткен қызы бар үй екен. Төрге жайғасып, аман-саулық сұрасады. Үйдің үлкендері көрші ауылға қонақтап кетсе керек. Үйге қонақ келген соң бойжеткен қыз кіріп-шығып дәм қамдайды. «Сырт көз – сыншы» деген емеспе, жас қыздың қылық-қимылын бағып отырған сері жігіт бойжеткеннің шалбарының балағында шоқ түсіп күйдірген ойықты көзі шалып қалады. Шалбар ойымынан қыз балтыры ағарып көрініп, көз арбайды. Сонда, мырс етіп күлген сері жігіт іргеде сүйеулі тұрған домбыраны ала салып, бір тосын сарында шертеді. Домбыра үні сылқ-сылқ күліп, әлдебір сөзді қоймай қайталағандай болады. Бойжеткен қыз ши ішінен құлақ түріп тыңдаса, «жалаң бұттан жалт-жұлт, жалаң бұттан жалт-жұлт» деп сөйлеп отырғандай әсер береді. Жігіттің нені меңзеп тартып отырғанын сезген қыз «қап, мына көлденеңді көк аттыға келеке болдым-ау, берген асты ішіп жөнімен келіп, жөнімен кетпей ме!» деп іштей намыстанады. Бірақ сыр бермейді, кіріп-шығып дәм қамдап дастархан жаяды. Ал, сері жігіт болса, домбыра тіліне оралған әзіл сарынды қызықтап, сұңқылдай қайталап қоймайды. Жігіттің мұнысына әбден намыстанып, шыдай алмаған қыз бір айлы сәтте: «Бәрекелді, тәрізі күйші ауылдың баласы болдыңыз-ау, мынауыңыз бұрын естімеген сарын екен. Кәне, мен қайталап көрейінші, былай тарттыңыз ба?» деп, домбыраны қолына алған беті сарынын өзгертпестен басқаша сөйлетіп, қарымта жауап қайтарады. Сонда қыз тартқан домбырада «Жөніңе жүр, жолаушы, жөніңе жүр, жолаушы!» деген қарымта жауап естіледі. Қыздың зілсіз қарымтасын жігіт те жазбай танып, өнеріне сүйсінген екен дейді. Сөйтіп, бұл күй қыз бен жігіттің қалжыңын бейнелейтін болғандықтан, ел ішіне «Қағытпа» деген атпен тарап кетсе керек. Күй сарыны бір орам әзіл сөздің буынын қайталауға құрылғандықтан тартуға оңай, содан да болуы керек. Ойын-тойда екі жар болып отырған жастар «Қағытпа» күйін жиі тартып, бір-бірін тың сөздің ырғағымен қағытып, сонсоң бір-біріне күй тілінде не деп әзілдегенін жорытып, мәз-мәйрам болысып жатады. Мұндайда домбырашының емеурін еткен сөзі күйі сарынының буынына сыймаса, күйді құбылта байытып, соны ырғақ қосып, түрленте шертетін де дәстүр бар, мұның өзі тартушы мен тыңдаушының күй тілінде түсінуін шыңдап, өнердің өрісін ұзартатын дәстүр.

111. «Ноғайлының зары»

Орманбет би өлген күн,
Он сан ноғай бүлген күн.
Айқай, айқай, айқай күн,
Айқайлап жауға тиген күн.

Қара ноғай босып көшкенде, оның Орманбет би деген үлкен басшы ақсақалы дүние салады. Сонда: «Ақылгөйсіз, басшысыз қалған ендігі күніміз не болады?» деп қайғырған халықтың мұңын Қарт ноғай деген күйшісі күй етіп тарса керек.

112. «Бұлды құс»

Қанша тырбанса да, еңбегі еш, тұзы сор болған, тіршілігі барған сайын кері кеткен бір кедей жігіт, ауыл-үйін тәрік етіп, өзінің бақытын іздеп жолға шығады. Келе жатып қақпанға түскен бір суырға кездеседі. Затында жүрегі жұмсақ, мейірбан пақыр, қақпанның езуін ашады да суырды босатып қоя береді. Сол кезде тылсымның күшімен суырға тіл бітіп адамша сөйлеп береді. Ол: «Ей адамзат, сен маған үлкен жақсылық қылдың. Бағыма орай сен кездеспегенде, бүгін менің терім тұздалып айырға керілер еді. Біле-білсең, мен суырлардың патшасы Айдананың үлкен ұлымын. Екеуміз кәзір жердің астына түсеміз. Менің әкемнің алдына барамыз. Сол кезде менің әкем жақсылығыңның өтеуіне осылардың ішінен «қалағаныңды ал, қалағаныңша ал» деп бүкіл қазына-мүлікті ашып тастайды, жер қайысқан малын аралатады. Бірақ сен оның ешқайсысын алма. Бұлды құсты сұра. Ол құсты қайдан білесің десе, білсем болды емес пе, тақсыр, қалағаным осы деп сұрап тұрып ал», – дейді. Жігіт суырдың айтқанын істеп, Бұлды құсты сұрап алып қайтады. Бұл құстың кереметі – ол кәдімгі арпа бидай, тары жеп алтын саңғиды екен. Сөйтіп белшеден батқан қарыздан құтылып, өзін ғана емес, рулы елін де дәулетті, бақытты қылған екен.

113. «Бегім салы»

Бір орта жастан асқан адам мен, бір жас жігіт жол жүріп келе жатады. Екеуінің де тіршілігі құбатөбел, мінген көліктері шардақ екен. Күн түске тырмысқан шақта бір белден асып түскен жолаушылар қайран қалып тұрып қалады. Алдарында мал тұяғы тимеген, шүйгін жайлау, көк саздың қақ ортасында тоғыз қанат оқ орда тігулі тұр. Мінезі жеңілтектеу жас жігіт «апыр-ай, бұл кімнің ауылы екен, бұл жерге ешкім қонбаушы еді ғой» дей бергенде көргені көп қарасақал: «Сабыр ет балам, бұл тегін үй емес, не де болса, барып көрейік», – дейді. Екеуі де қазақы ескі әдетпен аттан түсіп, аттарын жетелеп ауылға жаяу келеді. Үйдің тұсына келгенде ересегі: «Шөлдедік, сусын келтіріңіз», – дейді. Сол сәтте сықырлауық айқара ашылып, ішінен бір жан иесі шығады. Бір қолында көн шелекке құйылған қой сүтінің айраны, екінші қолында сүйретпе толы қысырақтың қымызы екен. Асығыс қимылдайтын жас жігіт көн шелекті қағып алады да мұздай айранды басына бір-ақ көтереді. Ал ересек асықпай сүйретпенің аузын шешіп, қойнынан тостаған алып, соған құйып бір тостаған қымыз ішеді. Сонда сусын алып шыққан үйдің иесі жас жігіттің бетіне қарап тұрып: «Сабырсыз неме! Қойлы болады екенсің», – дейді де, үлкен адамға бұрылып, «Ал, сіздің жылқыңыз көп болады екен», – дейді. Былай шыққаннан кейін жігіт жолсерігінен: «Бұ не керемет, мына тұрған үй не, үйдің иесі кім?» деп сұрайды. Серігі – «үндеме, құдай жарылқады, бізге Бегімсалдың өзі жолықты», – дейді. Көп ұзамай осы екі адам жер қайысқан мал иесі болып шығады.

114. «Жетіген»

Ерте заманда бір көпті көрген көне көз қарттың жеті ұлы болыпты. Жетеуі де елге қорған, жұртқа пана болғандай атпал азаматтар еді дейді. Ол бір, жаугершілігі көп, тынышсыз заман болса керек. Күндердің бір күнінде алаөкпе болып жаушы жетіп, ел шетіне дұшпан әскерінің тұяқ іліктіргенін хабарлайды. Содан, көне көз қарттың жеті ұлы мұздай сауыт құрсанып, жаудың алдын алуға аттанады. Сайланып келген жаудың жасағы мықты, жарағы берік болатын әдеті. Дұшпан жасағымен арада қанды шайқас басталады. Ел ішінен қол жинап, жауға қарсы шыққан жеті жігіт иықтаса жүріп ұрыс салып, жойқын ерліктер көрсетеді. Жаудың бетін қайтарады. Бірақ, шығынсыз соғыс болған ба, осы шайқаста ағайынды жеті жігіт те ерлікпен қаза табады. Қаралы хабар қарт әкеге жетеді. Жеті боздағынан бірдей айырылған қарттың қайғысында шек болмайды. Еш жұбаныш таппай, жаны мүжіле береді. Арада күндер, айлар өтсе де жеті ұлының қылық-қасиеті санасында жаңғырып, жанын жегідей жеумен болады. Әбден шарасы таусылып, шыдамы үзілген қарт күндердің күнінде бір аспап жасайды да, жеті ұлының рухына арнап жеті ішек тағады. Сонсоң, әр баласының қылық қасиетін елестетіп отырып жеті күй шығарады. Сол жеті күйді перзентіндей тербеп, қалған өміріне жұбаныш етіп өтеді. Жетіген аспабы осылайша дүниеге келсе керек. Ал, қарттың жеті ұлына арнап шығарған жеті күйі ел ішіне «Қарағым», «Қанат сынар», «От сөнер», «Бақыт көшті», «Күн тұтылды», «Құса», «Шамырқан» деген атпен тарап еді дейді.

115. «Қос ішек»

Ертеде бір аңшы жігіт болыпты, – деп айтылады «Қос ішек» күйінің аңызы. – Сол аңшы жігіт биік таудың қиясын, қалың қарағайдың арасын тұрақ еткен бұғы-маралды аулап, кәсіп етсе керек. Бірде жолы болып, биік таудың қиын қиясынан теңбіл марал атып алады да, маралды етекке түсіру үшін ішек-қарнын ақтармалап алып тастайды. Содан, арада айлар өткенде, аңшы жігіт аң атуға ұрымтал жер еді ғой деп, баяғы теңбіл маралды атқан жерге соқса, құлағына бір ызыңдаған дауыс естіледі дейді. Барлап қараса, өткенде атқан маралдың ішегін қарға-құзғын іліп ұшқан болу керек, қарағайдың бұтағына қос тін болып керіліп қалғанын көреді. Ызыңдаған дыбыстың сол ішектен шығып тұрғанын аңғарады. Қарағайдың бұтақтарына керіле кепкен ішекті сәл ғана жел тербесе ызыңдап, жанға жайлы дыбыс шығарады. Оның өзі бірде уілдеп, бірде сарнап, енді бірде сыңсып жылағандай болып, аңшы жігітті алуан түрлі күйге түсіреді. Сол жерде аңшы жігіт «қой мына қос ішекке тіл бітейін деп тұр екен, бір амал жасайын» – деп, ішекті үйге алып келеді де, бір аспап жасап, соған қос ішекті тағады. Содан тартып көрсе, шынында да қос ішекке тіл біткендей сұңқылдап қоя береді. Бұл үн аңшы жігіттің ғана жанын жадыратып қоймайды, тыңдаған жанның бәрін ұйытады. Осылайша домбыра көптің сүйіп тыңдайтын аспабына айналады.

116. «Ақсақ құла»

(І нұсқа) Ертеде біреудің құла тұлпары болыпты. Сол тұлпардың тұқымын көбейтемін деп, тұлпардың қасына бие қосып, екеуін теңіздің ортасындағы адам жүрмейтін аралға апарып тастапты. Тұлпар қасқырға да, адамға да алдырмайды екен. Арада біраз жылдар өтіп, тұлпардың тұяғы көбейіп, бір үйір жылқыға жетеді. Осы тұлпардың аралда деген хабарын естіген ұрылар Құланы үйірімен алып кетпекші болып аралға барады. Әуелден мінезі тентек, оның үстіне көп жылдан бері адам көрмей жатырқап қалған тұлпар ұрыларды көре сала шабуылға шығады. Алдына келгенін тістеп, артына келгенін теуіп, ұрыларды жолатпайды. Айғырмен арпалысып, әбден шаршаған ұрылар алдырмайтынына көздері жетіп, тұлпарды амалсыздан садақпен атады. Оқ құланың аяғынан тиіп, ақсатады. Жараланған Ақсақ құла бұрынғыдан да қатуланып, ұрыларды тапауға шығады. Әлсіреген қарақшылар бір шұңқырға түсіп жан сақтамақшы болады. Мұны көріп ашуланған Ақсақ құла айғыр өзінен өрбіген бір үйір тұқымын бастап ұрылардың үстінен тапап өтіп, оларды жаншып кетеді. Сөйтіп, тұлпар үйірімен жауын талқандап, тыныш өмір сүріпті, – деседі.

117. «Шұбар ат»

Ертеде Мәмбетәлі деген жігіт бір күні нағашысының ауылына қыдырып бара жатып, жолшыбай шұбаған көшке кездеседі. Мәмбетәлі көш бастаушы қарттан амандық сұрасып, өзінің беталыс жолын айтады. Бұлар да сол бағытқа қоныс аударып келеді екен. Біраз жүрген соң, көштің жетегінде келе жатқан ала бие құлындайды. Сонда қарт:

– Шырағым! Жолдан қосылған қонақ едің, мына бие де далада құлындады, жолымыз болар, саған берген сыйым болсын, – деп, шұбар құлынды Мәмбетәліге беріпті. Мәмбетәлі жас құлынды шапанына орап, нағашысының үйіне алып келеді де, аз ғана уақыт бағып, үйірге қосып жібереді.

Арада біраз жылдар өткенде Мәмбетәлінің мініп жүрген аты орға құлап мертігіпті. Енді жаяу қалған Мәмбетәлі нағашысының жылқысына келіп, таңдаған жылқысына құрық салады. Бірақ құрық бұрыннан өзіне белгілі кербез торыға дарымай, шұбардың мойнына түсе береді. Ақыры Мәмбетәлі Шұбар атты үйіне әкеліп үйретеді. Шұбармен аңға шығып, талай рет қасқыр, түлкілерді соғып алады. Баяғы жолда туған құлын бұл күндегі Шұбар ат, оны, әрине, Мәмбетәлі бәйгеге шабады деп ойламайды, жарыстарға да қоспайды. Бір күні көрші ауылда той болып, оған Мәмбетәлі де барады. Тойға шабатын аттарды көріп, «Шұбарды да сынайыншы» деген оймен Мәмбетәлі жүйріктердің қатарына Шұбарды байлап, өзі шеткері тұрады. Бәйгіге қатысатын сәйгүліктерді көруге келге сыншы:

– Осы жарыстың жүлдесін анау тұрған шұбар алады. Өзі кәрі ат екен. Ең болмаса, өлерімнің шағында бір рет топқа түспедім-ау, деп тұрған сияқты. Сол жануардың жанын қинамай-ақ байрағын беріңдер, – дейді.

Бұрын бірінші орын алып дәніккен, осы жолғыдан да үміткер билер сыншының бұл айтқанын жақтырмайды. Ат айдаушы бәйгіге шабатын сәйгүліктерді бөлек шығарып, ертең таңда көмбеден жіберілетінін хабарлайды. Мәмбетәлі сол жерден Есен деген баланы Шұбарға мінгізіп, топқа қосып жібереді. Таңғы салқынмен қаз-қатар жіберілген аттар ілгері қарай лап қойғанда, шұбар ең соңында қалады. Жол ұзаған сайын жүйріктердің аралары ұзап, бір-бірінен алшақтай түседі. Арттағы Шұбар біраз шапқан соң денесі қызып, бауырын жаза бастайды. Алдындағыларды біртіндеп қуып жетіп, ілгері аса береді. Осылайша Есен соңғы қарақшыға келіп: «Алда кім бар?» деп сұрайды.

– Бірінші болып бара жатқан Ақбақай мен Қаракер жаңа ғана өтті, – дейді қарақшы.

Мұны естіген Есен Шұбармен ілгері ұмтылады. Қызып алған Шұбар жер танабын қуырып, Ақбақай мен Қаракерді ілезде қуып жетеді. Біраз тізгінін тежеп, қатарласа шауып, ел қарасы көрінген шамада Шұбар жеке алға шығып, құлдырай жөнеледі. Сөйтіп, Ақбақай мен Қаракерден бір төбе ұзап алға кетеді. Аттардың келуін асыға күткен халық көз ұшынан көрінген жалғыз қараны: «мынау келе жатқан, бұрын жарыстың алдын бермейтін Ақбақай ғой» деп тұрғанда, шұбар ат болып шығады. Шұбардың бірінші келгеніне сыншыдан басқа адам сенбейді. Әсіресе, Ақбақайдың иесі би:

– Шұбар көмбеге бармай, жолдан қосылған, сондықтан бәйгі менікі, – деп жеңістік бермей тұрғанда ат айдаушы келеді. Халық оны ортаға алып: «Шұбар атты көмбеден көрдің бе?» – деп сұрайды. Сонда ат айдаушы:

– Барлық ат бірге кеткенде шұбар ең соңында қалып қойған еді, – дейді. Мұнан соң ылажы қалмаған билер шұбар аттың бәйгісіне қарсылық ете алмайды. Мәмбетәлі бәйгіні алып Есенге береді де, өзі үйіне қайтады. Сол шұбар аттың шабысына жиналған ел разы болады. Әсіресе, осы жиынның ішінде болған бір домбырашы шұбарға көңілі толып: «Қараның бір аты, бидің мың атына тұрады», – деп, «Шұбар ат» күйін шығарыпты.

118. «Сары өзен»

(І нұсқа) Бір байдың қызын ұзатқанда қыздың мал-мүлік жасауына қосып бір кедейдің домбырашы жалғыз қызын күң ретінде шаңыраққа мінгізіп береді. Бай билігіне қарсы тұрар дәрмен жоқ, ата салтын бұзарға қақысы жоқ, сорлы қыз жылай-жылай күңдікке кетеді. Қыздың «қамқорым, сүйенішім» дейтіні жалғыз ағасы екен. Күңдікке аттанып бара жатқан қарындасымен жылап қоштасып тұрып:

– Тәңір салған тауқыметті көрмеске лажымыз жоқ. Екеуіміздің бір жүргенімізді де көп көрген екен. Бірақ «кебенек киген келеді» дегендей әлде де үмітім бар. Барған еліңнің игі жақсылары бас қосып отырған бір сәтті пайдаланып ұялмай, именбей рұқсат сұра да «Сары өзен» деген күй шертіп бер. Сәті болса осыдан ыңғай білінер. Күйді туған жерің «Сары өзенге» арна, зарыңды қос. Жан тебірентер күй шығару қолыңнан келеді, – дейді ағасы. Қыз күң атанады да жат ел, жат жерге барады. Көргені мехнат болады. Байдың отымен кіріп, күлімен шығады. Сары уайым, бітімі жоқ көп күйбең, жігерін жегідей жеп, жүрегін мұңға толтырады. Өстіп жүрген қапастағы күндердің бірінде, ол елдің игі жақсыларының басы қосылып, бай үйіне жиылады. Өзінің мұң-зарын, туған жерге деген сағынышын екі ішекті домбырада сөйлетіп қойған қыз, рұқсат сұрап игі жақсылар отырған үйге кіреді. Сары қымызды суша сапырып күні бойы ішсе де тойымдық таппай бөртіп отырған игі жақсылар қыздың жаңа күйімді шертіп берейін дегенін естіп елең етіседі.

Қыз күйін шерте жөнелгенде күңнің өнеріне таңданған игі жақсылар бас шұлғысып, тұс-тұстан қолпаштап даурығысып қалады. Күйді тыңдап болғаннан кейін қыздан кімнің күйі екендігін сұрайды. Сонда қыз: «Тағдыр маған тумай жатып мехнат сыйлады. Етегіне жармасып әке артына ергем жоқ, ана сүтін тоя емгем жоқ, қос бәйтерегімнен жастай айырылып, жетім қалдым. Бай есігінде күн кештім. Енді көзімді ашып, жан-жағыма қарап отырғанда көріп отырғаным мынау. Шаңыраққа мініп кеп күң атандым. Артымда көз жасымен өңірін жуып жалғыз ағам қалды, бірге өскен мұңдас құрбыларым қалды, мөлдір суын сіміре ішіп, кірімді жуған «Сары өзен» қалды. Осыларды ойласам, өзегім өртеніп қайғы басады. Өзегімді сары уайым жайлады, соларға деген сағынышым еді. Күй атын «Сары өзен» атадым», – дейді.

Игі жақсылар қыздың өнеріне разы болып күңдіктен босатып еліне қайтарды.

119. «Ертіс толқыны»

Мал шаруашылығымен күн өткізген қазақ халқының Ертіс бойын мекендейтін бір тобы құнарлы өлкені құтты қонысқа балап, ұзақ жылдарын сол арада өткізеді. Ертіс бойының шөбі құнарлы, суаты мол болғандықтан одан алыстап кете алмай, күнгейін қыстап, теріскейін күзеп-жайлап дегендей күндерді өткізе береді. Күзеу мен жайлау өзеннің бір жақ аңғарында, қыстау бір жақ аңғарында болады да екеуін бөле ағып Ертіс жатады. Ертіс – енді, суы ауқымды өзен. Қыстаудан жайлауға бару үшін өзен суы тасымай тұрғанда өтіп алмаса, ұсақ мал түгіл атты кісіге жол бермейді. Жыл сайын бір мезгілде көшіп дағдыланып алған ауылдар бір жылы күтпеген жерден қиыншылыққа тап болады. Ел бейқам отырғанда жаз ерте шығып, сай-саланың қары еріп, өзен арнасынан асып-тасып кетеді де, дүйім ел өткел таба алмай қамалып қыстау жақ арнаны жайлап қалады. Қыстаулық өріс қанша дегенімен тарлық істейді де жер көңілдегідей көктемейді, тебіндеген көкті мал жеп тауысады. Мал жаздан да жарасымдық семіздік ала алмайды. Бұл аздай-ақ, сол жылы қыс қатты болып, қар қалың түседі. Осылайша ию-қиюы сәйкеседі де ел-жұрт көптеген малын жұтатып алады. Малдың жұтауын, жайлауға өте алмай қалғанын ел өзіміздің бейғамдығымыздан болды демейді. Ертістің толқынынан болды, – дейді. Қыруар шығынға ұшыратқан Ертістің ақ өркеш толқындарын күйге қосады.

120. «Телқоңыр»

(І нұсқа) Қазақпен моңғол жауласып тұрған ерте кезде екі жетім бала болыпты. Екі жетімнің үлкені ештемемен шатағы жоқ жуас екен де, кішісі пысық, ән құмар, әрнеге әуес, домбырашы екен. Талапты жастың той-томалаққа барып өз өнерін көрсетуіне қолы қысқалық ете беріпті. Ауылдас бардам адамдардан бірер тайдың терін сұраса да алмайды екен. Бір күні ол ағасына:

– Біз бүйтіп жүре бермейік, үйде көміліп отырғанша, Алтайдың арғы бетіне барып, бұтартар тауып келейік! депті. Ағасы да бұған мақұл болып, екеуі Алтайдың арғы бетіне жол алыпты. Екі жаяу жол бойы ел қыдыра ұзақ жүріп он бес күн дегенде, Саржайлауда жатқан қалқа еліне барыпты. Олар бір төбенің басына шыға келсе, құнан шаптырым жерде жазыққа қатар тігулі екі үй тұрады. Үйдің бірі алты қанат ақ боз үй де, енді бірі отау үй екен. Екі үйдің ортасына тартылған кермеде екі жылқы байлаулы тұрады. Екеуі әлгі жылқыны алуға торуылдап, көз байланар шақта ағасын әлгі төбеде қалдырып, інісі үй маңына барса, кермеде басына шылдырмақты ноқта салынған, аяғы ақ кісенмен кісенделген бір-бірінен айыра танығысыз, қамыс құлақ, алма мойын екі қоңыр ат байлаулы тұрады. Кісендеулі атты алып кету мүмкін болмағандықтан, інісі ақыры ағасын ертіп отау үйге жайын ел аралап жүрген адам бейнесінде баруға жақындайды. Олар үй сыртына келіп жабықтан баспалап қараса, үй ішінде екі бойжеткен қыз «Телқоңырдың жүрісі олай емес» деп, таласып отырғанын көреді. Үйде бас көтерер үлкен адамның жоқ екенін білген екеуі, не болса да осы қыздармен тілдесейік, тел қоңырды қолға түсірудің орайы туылар ма екен деген үмітпен: «Ассалаумағалайкум!» деп үйге кіріп келеді. Сонда от басында отырған қыз аңырып отырып қалады да, біреуі қолындағы домбырасын жүкке сүйей салып, қазан жақтағы сырлы сүйек төсекке шығып отырады. Екеуі ибағатпен төрден орын алады, үсті-басы жұтаң, жүздері жүдеу екі бозбалаға сәнді киінген кербез қыздар көз қырын сала қоймайды. Сөз тартып жауап ала алмаған екі бозбаланың бірі жүкте сүйеулі тұрған үкілі домбыраны қолына алып құйқылжыта жөнеледі. Қыз күй сарынына іштей қатты ынтығып, ұйып тыңдап қалады. Әсем күй көңіл көбелегін қалықтатқан қос бойжеткен, ақыры, қос бозбаланы іштей ұнатып қонақ етеді. Олардан: «Ертесі аттануды, осы түнді күймен аттыруды» өтінеді. Бұған жігіттер мақұлдық береді, таң шеті сөгіле бастағанда екі қыздың көзі ұйқыға кетеді. Осы сәтті тосқан екі бала кереге басында ілулі тұрған кісеннің кілтін алады да, кермедегі Телқоңырды босатып алып, ноқтасымен жайдақ мініп Алтайдың бергі бетіне бір-ақ тартады. Қыздар тәтті ұйқы құшағында қала береді.

Отау үйдің қасындағы үлкен үйде ат иесі ақ сақалды шал бар еді. Байлығы мен салтанаты асып тұрса да, ұл баласы болмаған шалдың бар бақыты екі қызы мен тайынан баптап өсірген тел қоңыр аты екен. Шалдың ендігі арманы осы тете өскен қызын тел қоңырға мінгізіп, тете өскен екі жігітке қосу болатын. Сондықтан, шал қыздарына құда түсе келгендерге: «Осы шартым орындалса, қыздарымды қалыңсыз беремін», – деп сөз береді. Бірақ, мұндай жер шыға қоймайды. Ағайынды жігіттер келген кезде шал қыздарына бөлек үй тіктіріп, өз алдарына сауық құрдырып қойған екен. Қыздар кейде тел қоңырмен саятқа шығып тұрса керек. Осы күні шал ерте намазға шыққанда, кермеде жаратулы тұратын тел қоңырды көре алмайды, үйге бейсауыт екі баланың келгенінен хабар тапқан шал:

– Е, Телқоңыр барар жеріне барып болған екен, бұйрығы болса кетпес, бұйырмаса келмес, алдырар күні жаздырар деген осы, енді Телқоңырды ұры әкеткенін елге дабыра етпей, хабарын үйден тосыңдар. «Сабыр түбі сары алтын», екі қызым қолымда тұрса, Телқоңыр қайта айналып қазығын табар, – деп бойын кеңге салып жата береді.

Жел тақым балалар желдей ескен жүйріктерімен ара қонып ауылына келіп те үлгеріпті. Сол кезде атақты бір байдың асы берілетін болып, төңіректің төрт бұрышына сауын айттырып «Он атқа бәйге беремін, бас бәйгенің ауыздығына ат байлап, шабандозына асылдан шапан жабамын» деп хабар таратады. Екі жігіт тел қоңырларын осы бәйгеге қосуға баптайды. Күншілік жерге айдалған бәйгенің келетін уағы болып, ел төбеге топталып жолға телмірумен болады. Бір кезде қатар шыққан екі қара көрінеді. Әркім әр түрлі жорып, ел іші гулесіп жатады. Осыдан кейін байлар мен билер тел қоңырға ер-азаматтың құнын беріп сатып алмақ болады. Бірақ, екі жетім тел қоңыр:

– Телқоңыр басымызға келген қонақ, нағашымыздың бәсіресі, сата алмаймыз, – дейді. Сөйтіп, қоңырдың бәйгесімен қорасына қой, өрісіне жылқы сала бастайды. Өстіп жүргенде ұлы той болып айтулы ат бәйгесі болады екен, бас бәйгесіне бес жүз қой атапты деген хабар таралады. Даяшы жігіттер оларды алдарынан шығып шеткері бір үйге түсіреді. Олар бәйгенің ертең айдалатынын айтады. Бірақ, тел қоңыр мама ағашқа да тыныш тұрмайды. Екі жігіт аттарының бұл қылығына қайран қалады, ауаша байламақ болып шешіп алғанда, Телқоңыр оларды сүзе сүйреп, ауыл ортасындағы үлкен ақ боз үйдің белдеуіне бір-ақ барып тоқтайды. Төр алдын құралай отырғандарға құймалы сырлы тегенедегі сары қымызды шыбар қайыңнан жасалған қос басты ағаш шығырықты ожаумен көтере-көтере сапырып құйып отырған қара торы жігіт қана бір-бір шыныдан қымыз ұсынады. Отырғандардың ішінен аласа бойлы біреу жантайған қалпы басын көтерместен, есіктен кіріп-шығып жүрген той басқарушыға:

– Мына екеуі қай атаның билері екен менімен дастарқанас болатын, білгім келіп отыр? – дейді кекесінді пішінмен мысқылай сөйлеп. Сонда үйдің қақ төрінде отырған орта бойлы би басын көтеріп:

– Киімі жаман болғанымен кеспірі түзу жігіттер екен, қайдан білесің, өнері ішіндегі біреу ме? Дәм айдап дастарханымызға келеген шығар, оларға да кезек беріңдер! Көрсетсін өнері болса, – дейді кезекпен ән шырқап, домбыра шертіп сыбызғы тартып отырған өнерпаздарға қарап. Қолдан-қолға өтіп отырған домбыра ең соңында екі жігітке де тиіпті. «Қолыма домбыра бір тисе» деп бағанадан шыдамы таусылып отырған жігіт домбыраны құлақ күйіне келтіріп алып, бірде құйғытып, бірде шымырлата баяулатып, бірде шалқыта әуелетіп күйге басқанда, отырғандар дән риза болып, оларға қымыз ұсынып «бәрекелді» айтыпты. Күмбірлете әуелеткенде бағанадан ел аңысын аңдап төсекте жатқан ақ мақтадай кәрия:

– Ой, қайран тел қоңырым-ай, қайта айналып қазығыңды тапқан екенсің ғой, Құдай айдап белдеуіме қайта байланған екен ғой! – деп басын жастықтан жұлып алыпты. Сонда отырғандар:

Тегінде, Телқоңырды екі бала алып кетіпті деген сөз бар еді ғой, мына екеуі солар болар болып жүрмесін. Айтыңдаршы растарыңды, өздерің қай ауылдан не ғып жүрген азаматсыңдар? – деп енді екеуінің жөнін сұрауға көшіпті. Өздерінің Телқоңырды қалай алып кеткені жайындағы бар болмысты баяндап, кәриядан кешірім сұрайды. Сонда кәрия:

– «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген екен атаң қазақ, кештім күнәларыңды. Осы ауылға неге келгендеріңді де біліп отырмын, тілеген тілеуім орындалды. Үлкен қызымды үлкеніңе, кішіңе кіші қызымды атастырып, ақ батамды бердім сендерге, той үстіне той болсын! – деп, алақанын жайып батасын берген екен. Міне осы күй қазірге дейін осылай «Телқоңыр» атанып келеді.

121. «Телқоңыр»

(ІІ нұсқа) Дәулеті шалқыған, елге беделі артқан бір ұлықтың төскейді жайлаған қаптаған қалың жылқысының ішінде мәпелеген қоңыр тұлпары болыпты. Қоңыр ат қамыс құлақ, тік бақай, бөкен қабақ, сіңірлі, алыс адымды зор денелі аттың сұлуы атанады. Ұлық қоңыр жүйрікті кермеге байлап сылап-сипап, мәпелеп күтуші қойып, түнде күзеттіріп бақтырады. Тұлпарды ауыл арасында емес, ел ішінде бас қосатын ұлы дүрмекке ғана мініп, ру-руды қамтыған үлкен тойларда бәйгеге қосады. Ел ішінде жылқыға арнап тартылып жүрген күйлердің бірде-бірін қоңырдың жүйріктігіне тең көрмеген ұлық: «Қоңыр аттың жүрісін күйге түсірген домбырашы болса атан түйе жетектетіп, ат мінгізіп, киіт кигіземін», – деп бүкіл елге жария шашады. Талай күйді тамылжыта шерткен күйшілер хал-қадарінше күй шығарады. Бірақ күйшілердің ойланып-толғанып шығарған күйлері ұлық көңілінен шықпайды. Ел ішіне аңызға айналған бұл оқиғаға құлақ құрышы қанған көршілес рудың ұлығы қоңыр жүйрікті ұрлап алмақ болады. Бір қу жігіттің қасына асқан шебер домбырашы қосып, қоңыр жүйрікті ұрлап әкелуге аттандырады. Ұзақ жол жүріп шаршаған екеуі ел шетіне келгенмен мақсаттарына жете алмай дал болады. «Онда не бар дейсің тәйірі! Аламыз да қайтамыз», – деген ойлар құр үміттің бұлаңы болады да шығады. Ұлық ордасының қасындағы кермеге байлаған қоңыр жүйрік күндіз-түні күзетулі. Күндіз күтуші басы-қасынан ұзамайды. Түнде қой күзеткен қыз-келіншектер айнала қоршап алақанда ұстайды. Қу жігіт пен домбырашы әлденеше күн торып ала алмайтындарына көзі жетеді. Қасындағы төмен қарап мұңайып отырған домбырашыға қу жігіт өзінің ойлап тапқан әдісін айтады.

– Бөтен ел бөтен жерде бүйтіп не марқаба табамыз. Ел жатып, қыз-келіншектер қой күзетіп шыққан кезде сен ауылдың ар жағында дөңге шығып домбыраңды шерте бер. Ет-жүректі елжіретіп сезімді баурап алатын тәтті күйге құмартқан қыз-келіншектер сенің қасыңа баруы мүмкін. Жолымыз болып, олар сені қоршаса, әдемі күйлермен айналдыр. Осы кезде мен күзетсіз қалған қоңырды жетектеп алып шығайын. Екеуі осыған келіседі де, ел ұйқыға кеткенде бөлінеді. Қой күзетіп қысыр әңгімемен таңның атуын күткен қыз-келіншектер күтпеген жерден төгіле шығып бойды тербеп алған домбыра үніне құлақ түреді. Бірінен соң бірі үзіліс таппай шертілген күй даусына елегізген қыз-келіншектер жарыса тұрып, домбырашының қасына барады. Домбырашы: «Көршілес ауылдың жігітімін, жол қарап шығып ем, жолым болмай торыққан соң домбырамен сырласып отырмын», – дейді де күйді шерте береді. Қолайлы сәтті пайдаланған қу жігіт еппен келіп кермеде байлаулы тұрған қоңыр жүйрікті жетекке алып межелі жерге тартады. «Енді алып үлгерген шығарсың», – деп топшылаған күйші домбырасын қолына ап, қыздармен қош айтысып жолға түседі. Манадан тәтті күйден нәр алған қыз-келіншектер оралса, кермедегі қоңыр жүйрік жоқ. Маужыраған тыныш түнде ұзақ ұйқыда жатқан ұлық та, ауыл адамдары да «қоңыр жүйрік жоқ», – деп айнала жүгіріп шулаған қыздардың дауысымен оянады. «Қайтып айырылдыңдар?» – деген сұрауына қыздар болған оқиғаны айтып береді.

– Домбырашы қандай күй шертті? – дейді ұлық.

– Домбырашы мынадай күй шертті, – деп күйді ұғып алған бір қыз шерте жөнеледі.

Алып қашқан ат жүрісін, сұлу шабысын суреттеген күй тыңдаушыларды баурап алады. Беріле тыңдап егіліп тұрған ұлық күй біте бергенде басын көтереді де зор үнмен: «Қоңыр аттың шабысы мен сұлулығын аумаған қалпында қос шекте ойнатқан домбырашы бар ма еді бұл елде?! Бар болса баяғыдан қайда жүрген ол. Бұл елдің күйшісі емес. Көршілес руда бәлен деген төренің асқан шебер домбырашысы бар деуші еді. Мынау соның күйі. Атты ұрлатқан сол төре. Талай рет сұратқанда бермеп едім, егескен екен», – депті де отыра кетіпті. Ұлық күйініп аз отырады да сенімді екі жігітін шақырып алып:

– Атқа қоныңдар да сол төреге барыңдар. Ат басындай жамбы төреге сәлемдемем. Қолекі тапсырып сәлем беріңдер. Қоңыр жүйрікті сұрамаңдар, берсе алмаңдар, – дейді.

Төре екі жігітті құрметті қонақ етіп, ұлықтың сәлемдемесін қуана алады. Екі жігіт жүрерде төре бұйымтайларын сұраса олар: «Ұлығымыз сәлем деді», – дегеннен басқа ештеңе айтпады. Өш-араздығы, алым-берімі жоқ, бірақ қоңыр жүйріктің қолды болғанына қынжылмай сәлем жолдаған ұлыққа риза болған төре, қоңыр жүйріктің қасына одан аумайтын тағы бір қоңырды қосып береді де: «Ұлықтарыңа сәлем де! Айыбымды кешкен екен, мен де аяғына жығылдым. Егіздей көрінетін екі қоңыр екеуімізде тұрмай біріне-бірі сән беріп сонда тұрсын!» – деп қос қоңырды жетектетеді. Сөйтіп, бір қоңыр ат екеу болып оралады да ұлықтың ордасының қасындағы кермеге байланады. Бір-бірінен аумайтын қос қоңырдың пішініне, сымбатына, жүйріктігіне құмартқан күйшілер «Телқоңыр» күйін шығарады.

122. «Кербез қыз»

(ІY нұсқа) Бір байдың жалғыз өскен ерке тотай қызы болыпты. Өмір тақыршылдығын көрмеген. Мол дүниенің кең ортасында шалқып өскен қыздың сұлулығына кербездігі сай келіпті-мыс. Сұлу қызға дүйім елдің талай байының кербезсіген ұлдары ел ішінің сұлуы атанған жігіттері сөз айтқанымен талай байының кербезсіген ұлдары ел ішінің сұлуы атанған жігіттері сөз айтқанымен қыз оның бірде-біріне ықтиярлық бермейді. Теңім емес деген жауап қайырады. Сөйтіп жүріп қыздың жасы бірталайға келеді. Ол сонда да ешкімді ұнатпайды. Қыздың бұл қылығына «қызым отырып қала ма» деп шешесі қауіптенеді де, қыздың жеңгелерін жұмсап сырын сұрайды. Сонда қыз: «Мен бір үйдің жалғыз қызымын, әке-шешем барын менің алдыма тосты, тотыдай тарап өсірді. Соның арқасында кербез қыз атандым. Менің осы кербездігімді кім сыбызғыда тартады, теңім сол, соған барамын», – дейді. Қыздың сөзі ауыздан-ауызға тарап елге жайылады. Енді қызға жорға мінген үкілі жігіттер емес, сыбызғышы жігіттер келе бастайды. Қыз олардың да, ешбірінің күйін жақтырмайды. Сөйтіп жүргенде бір күні жалбыр шапанды сыбызғышы жігіт келіп: «Сенің кербездігің менің мына күйімнен артық қандай еді?!» – деп күйін тартады. Кедей жігіттің күйіне риза болған қыз соған қосылатынын білдіреді. Әке-шешесі отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, қызын сүйген жігітіне қосып аттандырады. Сондағы жігіттің тартқан күйі осы «Кербез қыз» күйі екен дейді.

123. «Кербез қыз»

(Y нұсқа) Құба жонда жылқы бағып жүрген жылқышы жігіт жақын маңдағы ауылдардың біріне қыдырып барса, үйде тұлғасы көз тартып, көңілді баурарлықтай, ақ тістері тізілген, алма мойны үзілген, қос бұрымы өкшесін соққан бір қыз отырады. Қыздың көркіне мінезі сай. Жылқышы жігіттің аман-сәлеміне ашық-жарқын үнмен жауап қайтарады да, орнынан тұрып, от жаға бастайды. Жігіт төр алдына жайғасып, отырады да, жүкке сүйеулі тұрған домбыраны алып, ақырын ғана шерте отырып, екі көзін қыздан аудармайды. Қыздың мүсіні қандай сұлу болса, қимылы да сондай сұлу. Кербез қимылдап от тамызып, шәйнек асады, қолына түйір кіршік жуытпайды, ыдыс-аяғы да мұнтаздай. Дастархан дайындап тұрған қыз жігіттің шертіп отырған бірдің басы, бірдің аяғы араласқан берекесіз күйін естіп мырс етіп күліп жібереді. Мұны көзі шалған жігіт талғамсыз шертіп отырған домбырасын қоя салып қыздан:

– Неге күлдің, құрбым? Мазағың болдым-ау, – деп өкінеді.

– Қыран ғана мекендеген асқар тауда жүрген жігіт талғампаз болмас па еді. Қайран домбыраның қор болып, сөйлей алмай, не айтарын біле алмай тілі күрмеліп отырғанына жаным ашығаны да. Сіздей жігітті неге қорлайын? – дейді әзілдеп.

Қыз сөзінен ұтылған жігіт білегін түріп, домбырасын көктейді де, жаңа бір күйді шертіп ала жөнеледі. Жігіттің тартқан күйін қыз ұйып тыңдап, күй аяқталғанша қозғалмастан мелшиіп тұрып қалады. Күйді бітіп қыздың шын беріле тыңдаған мына тұрысына разы болған жігіт: – Күй сырын ұққан адам сендей-ақ болар! Сыртың сұлу, қимылың кербез бе десем, нағыз сұлулық пен кербездік ішіңде екен. Сол кербездігіңе тартқан сыйым осы күй «Кербез қыз» күйі болсын, – депті.

124. «Бұланжігіт»

Бұланжігіт басында күйші емес екен. Ол талапты, батыр боламын, елді жаудан қорғаймын деген ойы бар, жігерлі жас жігіт екен. Бір кезде Абылай хан қалмақтан барымта алдыруға батырларды жинап, екі жүздей кісіні іріктеп, ауылдың сыртындағы дөңде кеңес құрып отырады. Сол кезде, жиырма жас шамасында Бұланжігіт Абылайға келіп, осы жорыққа баруына рұхсат сұрайды. Абылай рұхсат етеді. Аздан соң, ауылдан желек бүркенген бір жас келіншек шығып, отырған топтың шетіне таяп келеді. Оны көрген Абылай келіншектің айтатын арызы бар шығар деп біреуді жібереді. Келіншек жіберген кісісі арқылы, Абылайға арызын айтады:

– Ханға айтыңыз: осы жолға Бұланжігітті жібермесін, егер жіберсе, ол аман қайтпайды, мерт болады. Мен ол туралы жаман түс көрдім, менің тілімді алмай кетті, – деп келіншек қайтып кетеді.

Ол Бұланжігіттің сол жылы түскен келіншегі екен. Хабаршы келіншектің арызын айтып келген соң, Абылай Бұланжігітке:

– Осы жолға сен бармай-ақ қой, кейінгі жорықта барарсың, – дейді.

Бұланжігіт әйелдің тілін алып, «желкілдеген тудан, жер қайысқан қолдан, кезенген жолдан» қалғанымнан өлгенім артық деп, көнбей, сол қолмен бірге аттанып кетеді. Батырлар Алатаудың асып, қолмақтың жылқысына қас қарая тиіп, айдап шығады. Алдарына салып алған жылқыны айдаушыларға қудырып жіберіп, іріктеліп бірнеше батырлар арттарынан келе жатқан қуғыншыларды бөгеуге қалады. Сол тосқауылшылардың ішінде Бұланжігіт те болады. Бұлар қуғыншылардың беттерін басқа жаққа бұрмақ болып, бытырай әр жаққа бет алып, қаша соғысып жүргенде, асу аузындағы қазылған орға кез келіп, Бұланжігіт орға түсіп қалады. Басқалары жылқыны алып, құтылып кетеді. Бұланжігітті қалмақтар байлап алып, ханға әкеп тапсырады. Бұланжігітті аяғына кісен салып, түнде керегеге керіп байлап, күндіз кісенімен бие сауғыздырып, құдық аршыттырып, су тасыттырып қояды. Абылай артынан іздетпей, Бұланжігіт бір жыл қалмақ қолында азапта болады. Қалмақтың ханының Қаракөзайым деген бір сұлу, есті қызы бар екен. Бір күні Қаракөзайым қолға түскен қазақтың батырын көрейін деп келсе, ыстықта Бұланжігіт кісенімен жүріп, бие сауғызып, асау құлындармен алысып жүр екен. Бір жыл бейнет көргеніне қажып, жасымай жүргеніне таңырқап, әрі жастыға жаны ашып, әрі сүйіп аяйды. Түн болғанда керегеге таңулы тұрған Бұланжігітке қыз келіп: – Сені босатсам қайтер едің? – дейді. Бұланжігіт: – Бос кетпей, еліңнен жылқы алып кетер едім, – дейді. Қыз: – Жылқы алсаң және қолға түсесің, өйткені, екі ел әлі барымта қайтарысқан жоқ. Сондықтан, ел арасында қарауыл бар. Мен сені босатайын, астыңа ат берейін, жылқы алмай, жамбызбалап еліңе қайт. Жігіт болсаң бір іздеп табарсың, – дейді. Сөйтіп, қыз Бұланжігітті босатып, белдеудегі суытып қойған бір бәйге атты әкеп беріп, амандасып қала береді. Содан Бұланжігіт қыздың айтқанын істеп, көзге түспей, шекарадан өтеді. Бұл ел жайлаудан жаңа қайтқан кез болады. Бұланжігіт ессіз жайлаудағы ата-бабаларының молаларына келіп дұға етіп отырғанда, бір жас қабырға, ол қабырдың басына шаншылған қарқараға көзі түседі. Ол өзінің келіншегінің қарқарасы екенін таниды. Сол жерде оның көңлі босайды. Келіншегінің жорыққа барма дегені, келіншегін жақсы көретіні, қолға түсіп азап шеккені, артынан Абылайдың іздетпеуі ұласып келіп, одан бір зар шығарады. Моланың басында зарлай отырады. Сол зарын мұңлы үнмен сарын етіп шығарады. Сөйтіп, Бұланжігіт батырлықты тастап, сыбызғышы-күйші болған екен. «Бұланжігіт күйі» деген сондағы әйелі қойылған қабырдың басында айтқан зары екен деп, домбырашылар тартатын еді.

125. «Ақсақ Темір мен домбырашы»

Атақты Ақсақ Темір бір ауылға келгенде, сол жердегі домбырашылар түгел жиналыпты. Домбырашылар түрлі күйді шертіп, тәтті әуендерді төгілдіре тартса керек. Солардың бәрін таратып жіберіп, тартқан күйлеріне өте риза болып, Ақсақ Темір бір күйшіні алып қалыпты. Ақсақ Темір күйшіден:

– Сенің атың кім? – деп сұрапты.

– Менің атым Дәулет! – депті күйші. Ақсақ Темір:

– Шіркін-ай, Дәулет те соқыр бола ма екен? – десе керек. Сонда Дәулет жұлып алғандай:

– Тақсыр-ау, Дәулет соқыр болмаса, Ақсақтың үйіне барар ма еді! – депті.

126. «Жалғыз жігіт»

(ІІІ нұсқа)

Ертеректе бір кедейдің баласы болыпты, сол кедей жігіт әкесімен бірге байдың малын бағып, жалшысы болады. Байдың да, кедейдің де жалғыз-жалғыздан ғана ұлдары болса керек. Ақ патшаның әскеріне қызмет ету үшін, бай өз баласының орнына кедейдің баласын әскерге жіберетін болып кедейге айтқаны:

– Сенің балаң менің баламның орнына барып келсін. Балаң келгенше менің қорамның шетінде отырып малымды бағып, отынымды жарып, бірді-жарым сауынды сиырымды сауып, ескі-құсқымды киіп жаныңды бағып отыра бер. Балам аман-есен оралып келіп жатса, мен саған берген дүниелерімді сұрамаймын, – депті. Амалсыз кедейдің баласы байдың баласының орнына кете барады. Сондағы жігіттің әке-шешесімен, қарындасымен қоштасқан күйі.

127. «Майдажал»

Ертеде бір бай болыпты, байдың мыңғырған көп жылқысының ішінен не жорға, не жүйрік шықпапты. Содан ақ ордасын жайлауға тігіп қойып, қалың құлынды үйге келер жолды айналдыра желі тартып бие байлапты. Оның ойы: «Келе жатқан сыншылар, құлындарды сынап өтіп үйге келгенде, өз сынын айтады» деген үміт. Сөйтіп жүргенде бір сыншы бала құлындарды жағалап келе жатып, бір құлынды екі-үш айналып шығып әрі қарап, бері қарап, сәлем беріп үйге кіреді. Сонда бай: «Сен бір құлынға ұзақ қарадың ғой, жүйрік пе, әлде жорға ма?» деп сұрапты. Сонда бала: «Жүйрік шығады» деген екен. «Олай болса, сол құлынды сен өзің бағып-бапта» депті бай балаға. Бала өзі баптап өсірген құлынын, ат болғанда үлкен бір тойдағы ат жарысқа қосыпты, аты сол бәйгеден жеке-дара озып келген екен. Шапқанда аттың сұйық жалы желге желкілдеп келе жатса керек, сол атқа арнап сыбызғышылар күй шығарып, атын «Майдажал» қойған деседі.

128. «Қыз алып қашқан»

Жалғыз қызы бар бір бай мен жалғыз ұлы бар бай екеуі құда болады. «Екі жарты бір бүтін болсын, сән-салтанаты келіскен түтін болсын! Біреуіміз келінім демейік, біреуіміз күйеуім демейік. Екеуміздің ортамыздағы, екеумізге ортақ отау болсын», – деп келіседі. Берік сөз байласқан екі байдың бесікте құдалық сөйлескеннен кейінгі қарым-қатынасы күн өткен сайын нығая береді. Екі бай іргелес жайлап, іргелес қонып, екі ауылдың ортасына дәнекер боп тігілетін сәнді отауды асыға күтеді. Қыз бен бала бірге ойнап, біте қайнасып өседі. Сәби жүрек бірінің-біріне құдалық жолымен таңылғанын да сезбейді. Олар күні ертеңгі бір-бірінен бөлінбес бір бүтін болғандықтан емес, балалық жетелеуімен ойын қызығына ерумен де тату өседі. Ұл ер жетіп, қыз бой жеткеннен кейін аралары алыстай бастайды. Қолаң шашты салиқалы қыз жігіт жүрегін баурап, жүрегіне от тастағанымен, қыз жігітті сүймейді. Жігіттің ештемеге икемі жоқ дөрекі қимылы, шөп басып сындырмайтын еріншектігі, дүңк мінезі қыз сезімін аулақтата береді. Бірақ бесіктен құда боп, қысқа арқан, тар тұсау сап қойғанын естіген жігітті қыздың жақтыртпағанымен шаруасы да болмайды. «Отау қамытшылығы бітіп, той дайындығы әзір болса, ақ төсіңді аймалармын» дейді де, жүре береді. Бай да қыз жайын естігенде, «балалықтың әсері де» деп етегін жимайды. «Аруақ жолын сыйламай, ата жолын бұзып, ақ басты ана мен ақ сақалды әкенің қолынан шығып, қайда барады дейсің» деген тұжырымға келеді. Өстіп құда да тыныш, құдағи да тыныш жатқан бір күні той істеу қамытшылығы бітіп, ақ отау әзір болған күні «қыз қашып кетіпті» деген суық хабар дүңк ете түседі. Байдың тоғышар ұлын ұнатпаған қыз жылқышы жігітке ереді де тайып тұрады. Қашып келе жатқан қыз бен жігіт ауылдан алыстағаннан кейін бұтаның арасын паналайды. Осы кезде қыз жігітке өзінің сырын айтады: «Дәулеті мен әулеті сай, салулы төсек, тігулі үй дайын бай баласынан неге қаштым? Оның себебі, ол – тоғышар. Бір күн мал шетіне шығып көрген жоқ, оның қолынан келер де жоқ. Шоқпардай үкі тағып, күмістеген белбеу буынып, жорға мініп жортқанды ғана біледі. Сен еңбекке құштарсың, еңбектің балын жеген өмір – нағыз өмір. Екіншіден, сен – сыбызғышысың. Өнер өлмейді. Сондықтан сені сүйдім. Осы жүрісімізді сыбызғыға қосшы, асықпай тыңдайын», – дейді. Жігіт сыбызғысын тарта жөнеледі, қыз бойы балқып тыңдайды. «Қыз қашып кетті» деген хабарды естігеннен кейін екі жақ бірігіп тұс-тұсқа қуғыншы аттандырады. Ат сабылтып, үзеңгі қағыстырып келе жатқан бір топ қуғыншы сыбызғы даусын естиді де, шілік ішінде сайрандап отырған қыз бен жігітті қолға түсіреді. Ашу кернеген топ жігітті өлмеші қып сабап, сол жерге тастайды да, қызды өңгеріп ауылға алып келеді. Жігіттің қыз тілегі бойынша тартқан күйі «Қыз алып қашқан» атанады.

129. «Қалажан қашқан»

Ертеде біреудің Қалажан деген келіншегі болады. Қалажан көрікті, сымбатты болса керек. Ол тұрмысқа шыққанан кейін қосағына көңілі толмай, ауыл арасынының Кит деген жігітімен күйеуінен жасырын көңілдес болады. Қалажанның күйеуі үйде жоқта Кит келіп-кетіп жүріп екеуінің көңілі одан әрмен жақындаса береді. Ақыры екеуі қашуға келісіп, келісімді күні Кит келсе, Қалажанның күйеуі тағы да жоқ екен дейді. Киттің жетектей келген атына Қалажан мініп, Кит өз атына мініп қашады. Екеуі ауылдан шыға бере үйге жеткен күйеуі қашып бара жатқан екеуін көреді де, есік алдындағы бақанды ала сап арттарынан қуады. Қашып бара жатқан жолдарында әжептәуір терең өзен бар екен. Егер өзеннен аман-есен өтіп кетсе, онда бұларды ұстай алмайды. Екеуі өзенге келеді де тіреліп қалады. Не де болса өту керек болады. Қалажан атына қамшы басады да өзенге түсіп кетеді. Аты малтып отырып аман-есен ар жаққа өтіп, артына қараса, Кит әлі тұр екен. «Қуғыншы кеп қалды, тез өт», – деп дауыстайды. Бірақ Кит өтуге батпайды. Өстіп тұрғанда қуғыншы келіп Китті ұстап алады. Жүрексіз Кит Қалажанның күйеуіне де күш көрсетіп, қарсыласа алмайды. Күйеуінен безіп, қолынан ұстап ере қашқаны Киттің әлсіздігін көрген Қалажан іштей күйіп, қайта өтіп келеді де, қолы байлаулы жатқан Китке қарап: «Абыройымды айрандай төгіп, жылы орнымды суытып ере қашқаным Кит пе десем, Ит екен ғой», – деп бетіне түкіріпті. Қалажанның күйеуі сыбызғышы екен, менсінбей қашқан әйеліне арнап осы күйді тартып, «Қалажан қашқан» атапты да: «Аңсағаның Кит болса арам өлерсің, осыңмен-ақ кете бар», – ауылына қайтқан дейді.

130. «Арбиян-қоңыр»

Арбиян қазақ қызына үйленгеннен кейін, бір балалы болады. Баласы көз тартарлықтай көріктеніп өсіп келе жатқан кезінде, бір күні Арбиян аң аулауға кетеді. Осы кезде суға міне құлап жатқан қарағайдың үстінде жүгіріп ойнап жүрген баласының аяғы тайып кетіп суға кетіп өледі. Арбиян аңнан келгеннен кейін баласының қайтыс болғанын естіп бүк түсіп отыра қалады да, сыбызғысын алдырып, қоңырлата тарта жөнеледі. Бұл күй әйеліне жұбатуы және ұлының өліміне деген еңіреген зарын білдіргені екен дейді.

131. «Ойбай, бегім бер!»

Бай баласы мен кедей баласы серіктесіп бек теруге шығады. Ішер ас пен мінер көлікке қысылып көрмеген бай баласы ер-тұрманы келіскен атқа мініп шығады да, аяқ артары жоқ кедей баласы жаяу шығады. Бірақ бай баласы артынан еріп жаяу салпақтап, болдырып келе жатқан кедей баласына байлығы мен салтанатын көрсеткендей ат үстінде шалқалай отырып, оны мінгестіріп те алмайды. Туғаннан тақыршылық азабын көріп өскен кедей баласы аттылы бай баласынан қалыспай жүріп отырып бек теретін жерге де жетеді. Туғаннан шөп басын сындырып көрмеген бай баласы маңдытып бек тере алмайды, кедей баласы одан әлдеқайда артық бек теріп алады. Даяр тұрған бекті теріп алудан ерінген бай баласы кедей баласының дорбасындағы бекке көзін сүзіп қарайды, соны олжалаудың амалын қарастырады. Бек теріп болғаннан кейін екі бала келген ізімен қайтады. Залым бай баласы кедей баласының бегін алудың жолын ойлап, дорбадағы бегін көтеріп жаяу келе жатқан кедей баласының бірде соңынан еріп, бірде қатарласып аяңдайды да отырады. Жол ортасынан асқан кезде жаяу баламен қатарласып келе жатқан бай баласының бегін іліп алады да, атын тебініп қап, шаба жөнеледі. Біршама жер жүріп шаршаған кедей баласы оның артынан «Ойбай, бегім бер», – деп айқайлай қуады. Аттылы жаяуға қайдан жеткізсін. Бай баласы бекті сол күйі алып қашып кетеді. Кедей баласының: «Ойбай, бегім бер», – деп айғайлағанын естіген күйші бала зарын бейнелеп, осы күйді шерткен екен дейді.

132. «Тоқта баяу»

Әке мен шешеден жастай айрылған екі бала байдың қозысын жайып, тезегін теріп, қалған-құтқанын жеп, ескісін киіп күн көреді. Халық аузындағы қай дастан, қай әңгіме-аңызда болсын байлар қатыгез болады. Олар үшін бір баланың қарны ашып, киімі жыртылып, көз жасының сел боп ағуы бір тоқтының маңырағанындай әсер етпеген. Керісінше, тоқты-серкеш маңыраса жүрегіне шаншу боп қадалып, қолына қамшы ұстатқан. Екі жетім де байдың осы қатыгездігін көріп, жігері құм боп өседі. Өлі таяқ өршіл жүректі өкпедей езіп, жас өмірді жасық өмірге айналдырады. Шілденің аптап ыстығында байдың ауылы көшеді. Баяғы әдетімен бай екі жетімге қозыны тағы да жаяу айдатады. Көш жеткен күндік жолда қозы айдаған екі бала әбден шаршайды. Ересегі буыны құрып, табаны таусылғанын інісіне білдірмесе де, інісі шаршағанын жасыра алмайды. Шөлден діңкесі құрыған кішісі қозы айдаған ағасына ілесе алмай жылайды, жылап келе жатып «тоқта баяу», «тоқта баяу», – деп жалынады. Баланың сол жалынышын сыбызғышы сыбызғыда осылай тартқан екен.

133. «Қос келіншек»

(ІІ нұсқа) Бір бай өзінің екі ұлына елдегі қыздарды түгелдей таңдап жүріп, баламның теңі осы болар-ау деген екі қызды келін ғып түсіреді. Байдың қос келіні де байдың өзі дәрежелес дәулетті адамдардың қызы болады. Жасынан өмір тауқыметін көрмеген қос келіннің дене бітімі, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы да бір-бірінен аумайды, бір қалыпқа соққандай, бір анадан туып, бірдей тәрбие алған адамның баласындай болып сәйкеседі. Қос келін қимыл-әрекеттерімен, ашық-жарқыдығымен байдың салтанатын толықтырып, сәніне-сән, абыройына атақ қосады. Қос келінді көрген әркім-ақ таңдай қағып тамсанады, аузының суы құрып мақтап қызығады, сүйсіне қарайды. Бір-бірінен бөлінбестей ұқсас қос келінді таңдап тапқан байдың тапқыштығына дән риза болады. Дүйім елдің назарын аударған қос келін боз балалардың да жүрегіне шоқ тастап, сезімін қытықтайды. Қос келінге деген ынтызары ауған бозбалалардың сонда да жолы болмайды. Күндіз жолығып, тіл қатудың орайы келгенмен, түн жастап жолығудың сәті түспейді. Сезімнің ыстық лебімен жүрегін жалын шарпып келіндеріне деген бөтен қолдың созылып, жат құшақтың ашылуынан күдіктенген бай, қабаған ит ұстайды. Қабаған ит есіктердің құлыбы, келіндердің күзетшісі іспетті болады. Күндіз атты кісіні аттатпайтын иттер түнде ауыл маңына ешкімді де жолатпайды. Қос келіншекке созған қолы жетпеген жігіттер олардың сұлулығын мақтап және оларға деген арман-сағынышын білдіріп, «Қос келіншек» күйін шығарыпты.

134. «Жорға аю»

(ІІ нұсқа) Бір аю аралға апан салған екен. Бірде ол қонжықтарына жем іздеп тауға шығып кетіпті. Сол уақытта нөсер жаңбыр жауып, сел жүреді. Тасқын су аюдың апанын құлатып, күшіктерін шайып әкетеді. Судың бетінде қалқып кетіп бара жатқан қонжықтарын көрген аю таудан жорғалап түсіп, оларды құтқарып алып қалады. Содан аю жорға боп шыққан екен дейді.

Бұл күй сондағы аюдың жүрісін бейнелейді.

135. «Қызылқан»

(ІІ нұсқа) Жылда көктемде, солтүстікке құс келетін уақытта, көп құс шөлден жол таба алмай, қырылып қалады екен. Содан құс әміршісі – Қызылқан деген қаз жаратушы тәңірге барып, аспаннан жол салып беруін өтінеді. Тәңірі құстарға аспаннан жол салып береді. Осы күнгі аспандағы құс жолы содан қалған екен деседі.

136. «Жаралы ақ бөкен»

Құралайды көзінен атқан мерген жігіт аң аулауға шығады. Не кезіксе құтқармайтын, нені атып алам деп аттанса соны қанжығалап келетін мерген бұл жолы ақ бөкен атып әкелу ниетімен шығады екен. Ол жол-жөнекей кезіккен басқа аңдардың ешбіріне оқ шығармай неше күн сарылып тек ақ бөкен іздейді. Ақ бөкеннің терісі саудагерлер үшін табылмайтын қазына, қалта толтырар байлық болса керек-ті. Жігіт неше күн сарылып іздеп жүріп жонда жайылып жүрген бір топ ақ бөкенге тап болады. Қанжығам майланды, табан терім ақталды деп ойлаған мерген баспалап келіп ақ бөкеннің біреуін нысанаға алып, өлер жерің осы деп басып қалады. Бөкендер үрке жөнеліп қыратты асып кетеді. Мергеннің жықтым-ау деп атқан ақ бөкен де ақсаңдай басып топ бөкеннің артынан еріп, қашып қырқаны асып кетеді. Жігіт артынан қуса да бөкенге жете алмайды, жаралы ақ бөкен өлімнен құтылып кетеді. Мергеннің оғы қалт тиюін бөкеннің киесінен деп ойлаған күйші, ақсақ бөкеннің жүрісін қосы осы күйді тартыпты-мыс.

137. «Өрелі көк»

Ертеде бір кедей бай аулында болатын бәйгеге жүйрік көк атын қосуға келеді. Түнде өрелеп қоя берген атын әлдекімдер ұрлап кетіпті. Таңертең кедей байғұс ауыл адамдарынан «Өрелі көк көрдіңдер ме?» деп сұрастырса, ешкім көрдік деп айтпапты. Сонда маңдайға басқан жалғыз атынан айырылған әлгі байғұс қолына сыбызғысын алып зарлапты. Сол бір кедей зарын халық «Өрелі көк» күйі деп атап кетіпті.

138. «Өрелі кер»

(І нұсқа) Бай есігінде күн көрген бір кедей жігіттің шапса да, жорғаласа да алдына ат салмаған кері аты болады. Мал мен дәулет бермесе де, елге атағын жайған әрі жүйрік, әрі жорға ат берген тәңірге жігіт іштей риза. Қайда думан, қайда той болады, қайда бәйге мен жорға жарысы болады, сол топ алдымен кері атқа көз сүзе қарап, сәйгүлік деп осыны айт десіп таңданады. «Ер қанаты ат» дегендей, кедей жігіттің маңдайына біткен жалғыз атқа көзінің құрты түскен талай бай мен әкім қолқа салады. Жігіт оның ешқайсысына көнбейді. Жігіттің бұл «сараңдығына» ішқұса болған әкімнің бірі тартып алуға бел буады да: «Шаңырағын шағып, өзін шабыңдар да, кері атты тартып әкеліңдер», – деп үкім береді де, бір топ сойылсоғарларын аттандырады. Шаш ал десе, бас алған сойылсоғарлар іргелі жаумен шайқасып, ел кегін қайырардай-ақ қаһарланып, атқа қонады. Келе жатқан сойылсоғарлардың хабарын естіген біреу қалыңдығына ұрын келіп жатқан кер аттың иесіне суық хабарды жеткізеді. Әкімнің сойылсоғар ұрдажықтарына қарсы тұрар дәрмені жоқ жалғыз жігіт, тек қашып құтылуды ойлайды. Әділеттігі жоқ қараң заманның надан биінен құтылудың басқа жолын таба алмай дал болады. Тарыққан жігіт атын іздеп шықса, бекітіп қойған аты жоқ. Ауыл маңындағы сай-саланы тінтіп, өрелі керін іздеп діңкесі құрыған жігіт қойшыға кезігіп:

– Ой, қойшы-ау?! Өрелі кер көрдің бе, өрелі кер көрдің бе? – дейді жалынышты үнмен. Қой соңына түсіп ұзақты күн далада жүрсе де қойдан басқаға назарын салмаған қойшы:

– Ой, жезде-еке-ау! Өрелі кер көргем жоқ, өрелі кер көргем жоқ, – дейді ағынан жарылып. Өрелі керін таба алмай дал боп жүрген жігіттің алып ұшқан көңіліне: «Үй деймін! Өрелі кер мұнда тұр, өрелі кер мұнда тұр», – деп дауыстаған қалыңдығының үні сабыр береді. Сөйтіп, жаяу жүгіре-жүгіре тұралап шаршап, алқына ентіккен жігіт екі етегін қайырған күйі атына келсе, үркіп аты ұстатпайды. Сонда «так-так жаным, так-так» деп атын шыр айнала жүгірген екен.

Жігіт атын ұстап алады. Қуғыншылардың будақ-будақ шаңы көрініп, таяп қалғандықтан, жігіт атының өресін алуға да сабыр қылмай қалыңдығын мінгестіріп, өрелі кермен қашады. Шапса алдына ұшқан құс түсірмейтін кер ат қуғыншыларға жеткізбей аман құтылады. Жау қарасы алыстаған соң жігіт пен қалыңдық аттан түсіп деп алып, аттың өресін босатып қайтадан ілгері құйғытып, еліне келеді. Өрелі кердің осы жүрісіне риза болған күйші «Өрелі кер» күйін шығарады.

139. «Өрелі кер»

(ІІ нұсқа) Бір байдың өріс тола жылқысын жау айдап кетеді. Жаудың шапқыншылары қалың жылқыны қораға айдап келгенде байдың көзі ең алдымен қамыс құлақ кер атқа түседі. Бай жал-құйрығы сүзілген, басқа жылқылардан зор кер атты ұстатады да, шідерлеп бөлек баққызады. Күндердің күнінде кер аттың аяғындағы шідердің бір тиегі ағытылып кетеді де, кер ат өресімен қалады. Өрелі кер ат қалың жылқы үйіріне келеді де, жылқыларды бастап еліне жетеді. Жау қолында кеткен қалың жылқысын неше рет шапқыншы жіберіп ала алмаған бай кер атқа риза болады да, ел ішіндегі күйшілерді жиып кер ат туралы күй шығаруды тапсырады. Күйшілер күй атын «Өрелі кер» деп қояды да, жаңа күй шығарады.

140. «Өрелі кер»

(ІІІ нұсқа) Байдың жылқысын шауып алған бай кері атты шідерлеп бөлек бақтырады. Жылқы соңынан қуа келген жылқышылар жылқыны тартып алғаннан кейін кер аттың жоқ екенін біледі. Сөйтіп, екі жігітті байдың ауылын торып, кер атты алып келуге жібереді. Екі жігіт ел ішінің адамы боп ел қыдыра жүріп, байдың ауылының малын байқастап кері аттың шідерлеулі тұрғанын көреді де, ымырт жабыла атқа келеді. Кер атты жүгендеп, енді шідерін ағыта бергенде байдың қуғыншылары шу көтеріп, бұларға қарай құйғытып келе жатады. Шідерді ағытуға шамалары келмей сасқалақтаған екі жігіт шідердің бір тиегін ағытады да, өрелі керге мінгесе қашады. Өрелі кер өресімен шапқанда қуғыншыларға жеткізбейді. «Өрелі кер» күйі осыған байланысты шығарылыпты деген аңыз бар.

141. «Бейжін сары»

Ертеде малмен ғана күн өткізген қазақ халқы тіршілікке қажетті басқадай заттарды алу үшін басқа елдермен сауда-саттық жасап тұрған. Басқа елдерге малдардың даяр өнімдерін бергенде ол елдерден әртүрлі бұл шай, қант сияқты заттар алған. Сондай сауда-саттық жүргізген қалаларының бірі Бейжін (Пекин) болса керек. Бейжінге дейін түйемен барып қайтатын болған. Сауда-саттық жасау ниетімен аттанған бір топ керуен талай шөлді, талай белді басып ұзақ жол жүреді. Адамдар да қажиды, мал да қажиды, бөтен жерді жерсінбеген мал жол-жөнекей бірлеп-екілеп өліп те отырады. Қажыған керуен жол ортасынан астық-ау деген мөлшерде тағы тынығады. Керуеншілер түйені матап-байлап, жүктерін жиып тастайды да, өздері ұйықтайды. Керуеншілер жол бойында артына жиі-жиі қарап, ұзақ жолды боздаумен өткізген сары атанды «осы қашып кетуі мүмкін» деп ойлайды да, жүгімен қойып, мұрындығынан қазандай тасқа байлап тастайды. Түн ортасы болған мезетте сары атан байлаған тасты тісімен көтеріп, жүгімен қашады. Өскен жерін сағынған сары атан осылайша туған жеріне келеді. Түйе екеш түйенің туған жерге деген сағынышына таңданған сыбызғышы осы күйді шығарыпты.

142. «Ат келді»

Бір тойда тұс-тұстан келген халық атпен бірге бәйгеге Көгалай дегеннің көк аты қосылады. Көк ат ұзақтан келген екен де, той істеген елдің ешкімі оның сырын білмейді. Сондықтан оған назар да аудармайды. Қазақта тойдың сәні жүйрік пен жорға болғаны мәлім. Ат кеткеннен кейін қайтып оралғанға дейінгі әңгіме тек ат туралы болады. Біреу ананы, біреу мынаны айтып елпілдеген халық еліре сөйлеп алдыңғы аттың кімнің аты екенін білмейді, бірақ көк ат екенін толық айырып, сыбызғымен «көк ат келеді, көк ат келеді» деп күй шертіледі. Көмбеге бірінші боп Көгалайдың көк аты келеді де, сыбызғышының күйі «Ат келді» аталады.

143. «Жеті атым»

Өзі кедей, өзі сыбызғышы Делдал деген адам болыпты. Делдалдың бірінен-бірі өтетін жүйрік жеті аты болады. Бір күні жеті ат ұры қолына түседі де, жеті жүйрікті ұрылар алып кетеді. Жеті атын іздеп шыққан Делдал бүкіл елді араласа да, жеті атын таба алмайды, қай жақтан келген ұрыларға қолды болғанын да білмей тарығады. Жүре-жүре дымы құрыған Делдал иен далада жалғыз торығып отырады да, беліне қыстырған қурай сыбызғысын қолына алып, өзінің осы өкінішті қалін сыбызғыға түсіреді. Тағы да ел аралап аттарын іздейді, енді сыбызғысын тартып, жаңа күйін көпшілікке естірте жүріп іздейді. Ел аралап бейсауат жүрген, сыбызғыдағы зарлы күйін тоқтатпай тартып, торығып жүрген Делдалдың әрекетіне таң болған төре сырын білу үшін шақыртып алып, жайын сұрайды. Делдал барлық жағдайды айтады. Сыбызғышының мүсәпір халін көріп жаны ашыған, өнеріне рахмет айтқан төре жан-жаққа кісі аттандырып оның атын ұрлағандарды тауып әкелуді бұйырады. Жан-жаққа аттанғандар елді аралап жүріп жеті атын ұрлаған ұрыны тауып, атпен қоса алып келеді. Төре жеті атты Делдалға қайтарып береді. Сол Делдалдың жеті атын іздеп жүргендегі күйі «Жеті атым» деген күй екен.

144. «Күй сандық»

Жаугершілік заманында бір ақсақал адам торғауыттардың қолына түседі. Торғауыттар оны ауылына әкеліп, аяқ-қолына кісен салып тастайды. Сол кезде ауылға бір сыбызғышы келеді. Ауыл адамдары жиналып, сыбызғы тыңдайды. Сыбызғышы «Күй сандық» күйін тартқанда тұтқын шал: «Мен осы күйге билейтін едім», – дейді. Кісенді шешіп, шалды билетеді. Шал шебер биші екен. Оның өнеріне сүйсінген торғауыттар басына бостандық береді және алтын тон сыйлайды. «Күй сандық» торғауыттардың би күйі екен.

145. «Жаяу дел-дал»

Ертеде бір сыбызғышы бай болыпты. Сыбызғының назды қоңыр үнін ести-ести жылқылары да сыбызғы даусына әбден үйреніп алыпты. Бай сыбызғы тартқанда өрісте жатқан жылқылары шұрқырап қораға келеді екен. Күндердің бір күнінде ұрылар тобы келеді де, байдың жылқысын айдап кетеді. Бай ұры айдап кеткен жылқыларының ізіне түсіп артынан қуады. Бірақ көзіне ештеңе шалына қоймайды. Жылқысының қарасын көре алмай торыққан бай бір төбенің басына шығып алады да дағдысына басып, сыбызғысын тартады. Ұры қолында иіріліп айдалып бара жатқан жылқы сыбызғы даусын естіп ұрылардың қайыруына бой бермей, қайырыла қашып сыбызғы тартып отырған байдың қасына келеді. Таң-тамаша болған ұрылар жылқының соңынан қуа келсе, қалың жылқы байды қоршап тұрғанын көреді. Ашуланған ұрылар байдың қолын байлап тастайды да, сыбызғысын бөліп лақтырып жіберіп, жылқыны айдап жүре береді. Қолы байлаулы бай жүріп отырып үйіне келіп, дел-дал боп отырып осы күйді тартыпты-мыс.

146. «Ақсақ қаз»

(ІІ нұсқа) Жазғы жасыл жайлаудың көз құртын тартар сәнінің бірі – көл жағалай, өзенді бойлай жүретін, жайлау төсін думанға бөлеген қаз болса керек. Ақ қанат балапандарын артынан ертіп, өзіне тән үнімен өмір әнін шырқаған бір топ қазға ат мініп, ел қыдырудан басқа шаруасы жоқ мергенсымақ жігіттің көзі түседі. Ол бейғам жүрген қаздың шырқын бұзып, шырапатын шығаруды ермек санайды, ерлік көреді. Қазды атып олжалауды армандаған жігіт, бір күні мылтығын алады да көл жағалай бірі ұшып, бірі қонып өз қызығына масаттанып жүрген қаздарға бет түзейді. Қамыс жиегін паналай келген мергенсымақ қазға оғым дариды-ау деген межелі жерге тоқтайды да, бір топ балапанын артынан ерткен ене қазды қаруылға алады. Балапандарының тәй-тәй жүрісін қызықтап тұрған қаздың тұрысы жігіт дегбірін қоздырады. Мылтық даусы тарс ете түседі де, ойында қуаныштан басқа ештеме жоқ ене қаз қанатын қағып-қағып жіберіп, ұшарға дәрмені жоқ екенін білгеннен кейін көлге түсіп жүзе жөнеледі. Жаңа ғана қанатын қомдап жүрген балапандар шулай ұшып аралға өтіп кетеді. Ене қаз да аралға ілінеді. Қазды қанжығасына байламаса да, оғы тигеніне масаттанған жігіт атына мініп, ауылға тартады. Балапандарын ертіп аралды мекендеген, ұшарға дәрмені жоқ ақсақ қаз уайыммен солады. Күн артына күн келіп, күз болады. Құс қайтады. Барлық құс сәнді сап құрып, ән маржанын төгілтіп, оңтүстікке бет алғанда, бейшара болған ақсақ қаз ғана мұң мен зарын төгіп үйірінен айырылып аралда қала береді. Күйші ақсақ қаздың осы мұңын күйге қосқан екен дейді.

147. «Ақсақ қаз»

(ІІІ нұсқа) Баяғы өткен заманда шал мен кемпір болады. Олардың ақсақ қазы бар екен. Мал дегенде жалғыз өгізі болады. Кедейшілік, жоқшылықтан әбден жауыр болады. «Ұлынабалы-Ысынабалы» деген жер екен, жаугершілік кеп қалып көшіп жатқан ел екен. Жау кеп қалып, жалғыз өгізіне қараша үйін, керекті мүлкін артып, шал кетейін десе, кемпірі мен қызы қалады, кемпірі мен қызын алайын десе, баспанасы қалады. Сонымен, жансауғалап, өгізге мініп шал кетіп қалады. Жұртта қалған қызы: «Енді көрген күніміз не болады, беу-беу, құдай-ай?» – деп жылап жатқан кезі... Осы кезде бір тылсым күш көк бұқа ретінде келіп, кемпірдің көз алдында тұрады. Кемпір сол зарымен көк бұқаға отырған сәтте жау да төніп қалады. Бірақ көк бұқа ешбір жеткізбестен кемпірді аман-есен шал мен қызына қосқан екен.

148. «Еркеатан күйі»

(І нұсқа) Баяғыда бір шал мен кемпір болған екен. Олардың Еркетай деген жалғыз қызы бар екен. Еркетайдың ботасынан өзі ақ ірімшік беріп, еркелетіп, үйретіп асыраған тайлағы бар екен. Еркетай оған Еркеатан деп ат қойған екен. Еркетай Еркеатанның шудасына маржан тізіп, айдарына, екі өркешіне үкі тағып, басына сылдырмақты ноқта кигізіп, жібектен өріп бұйда таққан екен. Қыз оны көзінен таса қылмай бағып жүреді екен. Еркетай Еркеатанымен ойнап, ермек етеді екен. Шал мен кемпір елсізде отырады екен. Бір күні қыз үйінде кесте тігіп, алданып отырып қалыпты. Әлден уақытта Еркетайдың Еркеатаны есіне түсіп, далаға шықса, көз көрімде Еркеатан көрінбейді. Қыз қарап таба алмай, жез өкшелі кебісін қолына алып, алдындағы таудың басына жүгіріп шығады. Сол кезде суға жығылып жатқан Еркеатанын көріп қасына келеді. Бірақ батбаққа батып қалған Еркеатанды қыз тұрғыза алмайды. Қайта жүгіріп тауға шығып, әкесіне: – Еркеатан суға жығылды, арқан әкел, әке-ке! – деп, қыз айғайлайды. Алыстағы әкесі ести қоймайды. Сөйтіп тұрғанда қыздың көзіне қара атты, торы атты екі жолаушы түседі. Енді қыз соларға: – Қара атты мен торы атты, тоқта, тоқта! – деп айғайлайды. Міне, қыздың осы айғайлап айтқанын домбырашылар күй етіп тартады. Мұны «Еркеатан күйі» дейді.

149. «Еркеатан»

(ІІ нұсқа) Баяғыда шал мен кемпір болады. Олардың жалғыз қызы, мал дегенде, боталаған түйесі бар екен. Қыз бала ерке атанға бауыр басып, әбден үйренісіп кетеді. Күндердің күнінде қыз бой жетіп, оған құда түсіп, қыз ұзату рәсімі басталады. Ол уақытта қызға: «Не қалайсын?» – дейді екен. Сонда қыз: «Кішкентайдан бірге өскен ерке атанды қалаймын», – дейді. Бірақ, әкесі «малымның басы» дей ме, әйтеуір, атанды қимайды. Сонымен, қыз әке-шешесін, елін, жұртын тастап сыңсуға салып кете барады. Қызға әбден үйреніп, бауыр басқан ерке атан қыздың көшінің артынан жүгіріп бара жатып дарияға түсіп кетеді. Сүйікті жануарына жаны ашыған қыз: «Әке-ке-ау, әке-ке-ау, ерке атан кетті, қайтейін», – деп жылайды.

150. «Ортеке»

Аңшы Құламерген таутекені көп атқан екен. Құламергеннің анасы баласы әрбір саяттан қайтқан сайын бір жапырақ етті кесіп қыл арқанға кигізіп қояды екен. Күндердің күнінде арқан етке толады. Сол күні оған түсінде аян болады. Таутекенің киесі қыз бейнесінде келіп «О, ана, сенің балаң неге бізді сонша есепсіз қырады? Тәңір оның ісіне ырза емес. Адам өзінің керегінен артық алуға қақысы жоқ. Құламергенге сәлем айтыңыз, оның шелегі толды. Енді бір тамшы қан төксе қарғысқа ұшырайды», – дейді. Шошып оянған анасы баласына: «Қарағым, сен арқан үстіне шықтың, ендігі жердегі саят жақсылыққа апармайды. Садағыңның бауын шешіп, аңшылықты тоқтат енді», – дейді. Алайда, таутекенің терісін саудагерлерге сатып, пайдаға құнығып алған Құламерген анасының айтқан сөзіне құлақ аспай, тағы да аңшылыққа шығады. Сол күні күн бұлт болады. Тау ішіне кірген Құламерген бірде-бір текені таба алмайды. Әбден шаршап шөлдеген аңшы бір тастың тасасына от жағып, шай-су ішпек болады. Осы кезде жанынан бұрын көрмеген сүттей аппақ, мүйізі алтын бір теке көлденеңдеп өте береді. Әккі Құламерген садағын жұлып алып, қандыауызға жебені салып жіберіп, шірей тартып жібереді. Жалп етіп құлаған текені дереу бауыздап жіберіп, етін мүшелеп бұзады. Терісін тұздап орап, бір асым етті қазанға салып демалуға отырады. Сол отырған бойы қалғып ұйықтап кетеді. Бір уақытта дүрс еткен әлдебір дыбыстан шошып оянады. Қараса, бағанағы өзі бұтарлап тастаған ақ теке түк болмағандай, оққа ұшпағандай, сойылмағандай қарсы алдында бүп-бүтін тұр екен. Көзінен от шашқан теке қатты қорыққан Құламергенді үш рет айналып басынан бір қарғиды да жайылып кете береді. Ертеңіне Құламергеннің аты үйіне бос қайтады. Аңшының анасы атты ары-бері айналып қайран қалады. Ертоқым бүтін, қару-жарғы аман, тек Құламергеннің өзі жоқ. Білгір әйел атты зерлей қарап жүріп оның бауырының күйгендігін байқайды. Байқайды да: «Балам арасанға түскен екен» деп жорамалдайды (арасан – қайнап жатқан ыстық бұлақ). Атқа мінген ана өзі білетін арасандарды аралап жүріп біреуінің ішінен әбден пісіп, сүйегі езіліп кеткен баласының мәйітін табады. Осы хикаяны естіген бір домбырашы: «Бұдан былай аңшылар жөн-жосықты бұзбасын, керегінен артық алмасын» – деп, осы өнеге күйді шығарған екен.

151. «Кәрібоз»

Бұрын біреудің Кәрібоз деген жүйрігі болыпты. Кәрібоз құнанынан бастап қартайғанға дейін рулы елдің ішінде болған ірілі-ауқты барлық тойда алдына ат салмаған жүйрік аталады. Кәрібозды көріп талай той иесі бәйгесін шаппай беріпті. Кәрібоз қартайып, алжыған шағында Салторының атағы жайылады. Салторы көмбеден ат шыққан жерде-ақ, суырылып алдына шығып, сол күй шаңын көрсетпестен көш бойы бұрын келеді екен. Кәрібоз қырық жасқа келіп, жүрісінен жаңылып, қырқылжың тартқанда бір үлкен той болып, бәйгеге Салторы қосылады. Сағымдай сылаңдап, шұлғып басып, ауыздықпен алысып кетіп бара жатқан бәйге аттарын көрген Кәрібоз өрістену шапқан күйі иесінің үйіне келеді де жабыққа басын салып, тықыршып тұрып алады. «Қасиетті жануарым алжыған екен», – деп ойлаған иесі Кәрібоздың тықыршығына төзе алмай: «Тағы бір шауып келгісі келіп тұр ма?» дейді де жүгендеп, бір баласын мінгізіп, бәйгеге кеткен қалың аттың соңынан қоя береді. Үйден шыға құйғыт жөнелген Кәрібоз ілезімде-ақ бәйге аттарды қуып жетіп, қатарға қосылады. Аттар межелі жерге барғаннан кейін қайтарылады. Салторы дағдылы әдетімен ә дегеннен-ақ оқ бойы атылып шығып, көпке дейін алдына ат салмайды. Осы сәтте:

– Мен бекерге жарыспан.

Мен қалғам жоқ жарыстан.
Алыспан да, салыспан.
Салторыдан қалыспан, –

деп Кәрібоз да топ ортада келе жатыпты. Қыза шыққан Кәрібоздың қадамы қарыштай түседі. Сөйтіп көмбелі жерге Кәрібоз Салторыдан бұрын келеді де, келе сап пышаққа ілінеді. Тойға жиналғандар «Қасиетті жылқы еді», – деп Кәрібоздың етін бір-бір жапырақтан бөліп алады.

152. «Майдажал»

Қазанғап деген адамға мыңдап жылқы бітсе де, соншама жылқының ішінен небір жүйрік, небір жорға бітпепті. «Ат шаппайды, бап шабады. Қаз мойынды жүйрігі, жол жұмсатар жорғасы жоқ. Барға бағымы, малға қыры жоқ адам», – деседі екен қариялар Қазанғап туралы. Қариялардың айтқанына іштей күйінген, әрі алдына жан салмас жорға мен жүйрікті армандаған Қазанғап уайымдайды да қояды екен. Сөйтіп жүргенде бір күні оған «Ел мені мал танымайды деп сөгеді. Мал танитындарды әкеп таңдатайын, қалың жылқының ішінен бірі болмаса, бірі табылар» деген ой келеді де, ат таниды-ау деген білгіш атаулыны ертіп кеп, жылқысын жиып бір-бірден көрсетеді. Бірақ қанша адамға көрсетсе де, жорға мен жүйрік шықпайды. Қазанғап шынымен-ақ жорға мен жүйрікті маңдайыма жазбаған екен деп, торығып отырған бір күні ауылға жалбыр шапанды жігіт келе қалады. Бай үйінен орта құрсақ тамақ ішкен жігіт бай әдейілеп сұрамаған соң, нендей шаруамен келгенін де, қайдан келгенін де айтпайды. Тысқа шыққан баймен ере шығып желі басына барады. Мама бие, жалды айғырлар мен желідегі құлындарға тесіле қарап тұрған жігіт бір мезетте байдан бөлініп шығып, желінің орта шенінде байлаулы тұрған сары құлынның қасына барып, ар жақ, бергі жағына шығып, көп қарайды да, байдың қасына келеді. Жалбыр шапанды жігіттің бұл әрекетіне таңданған бай одан құлынға неге қарағанын сұрайды. Сонда жігіт: «Жорғаның жорғасы болатын жануар екен», – дейді. Бай қуанып кетеді де, жігітті үйіне ертіп келеді, қойын сойып құрметті қонағы болдырады, құлынның жорға болатын қандай белгілері барын, күту жолдарын сұрайды. Жігіт барлығын да асықпай отырып айтып береді. Бай сары құлынды сол күннен бастап жігіттің айтуы бойынша баптап бағады. Сары құлын тай болғанда майда жалы жер сызады, құнанынан бастап, өле-өлгеніне дейін алдына шаң түсірмеген жорға болады. Қазанғап жорғасын «Малдажал» атайды. Майдажалдың жорғалауына таңданған домбырашы оны мақтап осы күйді шығарады.

153. «Жалқы жігіт»

Қоралы жылқы біткен жалғыз жігіт жылқысын бағып жүргенде, тосыннан келген жау жылқысымен қоса өзін де қолға түсіреді. Жау қолынан құтылаудың амалын таппай, торыққан жігіт жаудан жылқысын аралатуды өтінеді. Жаулар жанына бірнеше бақылаушы ертіп беріп, жылқысын аралауға ұлықсат береді. Қолы байлаулы жаяу жігіт жылқыларын аралап жүріп, өткен өмірін ойлап толғанғандағы толғанысы екен дейді. Бұл күй жалғыз ұлы жау қолына түскенін естігенде шешесі мен келіншегінің зарлауы да бар мұнда.

154. «Жетігеннің жетеуі»

Жұрт әртүрлі ауруға, аштыққа жиі-жиі ұшырап отырған өткен заманда қаһарлы қыстың қақаған аязды күндерінің бірінде жұттан мал қырылып, ел қатты күйзеледі. Сол заманда өмір сүрген бір қарияның жеті ұлы болыпты. Көп қайғысының бір шеті қарияның шаңырағына да жетеді. Балалары бірінен соң бірі дүние салады, қайғы басқан қария кепкен қу ағашты ойып, аспап жасайды. Әр баласы қайтыс болған сайын аспаптың бетіне жылқы қылынан бір ішек тағып, сазды мұңға толы жоқтау әнін салады. Осы жеті түрлі әуенді шығарып, әр баласының мінез-құлқын, жүріс-тұрысын суреттегендей болады. Үлкен ұлы Қани қайтыс болғанда шал «Қарағым» деген күйін шертеді. Екінші баласы Төреалымға – «Қанат сынар», үшінші баласы Жайкелдіге – «Құмарым», төртінші Бекенге – «От сөнер», бесінші Қауасқа – «Бақыт көшті», алтыншы баласы Жұлзарға – «Күн тұтылды» деген күйлерді арнайды. Қарт ең кіші баласы Қияс қайтыс болғанда ақырғы, жетінші ішегін тағып, ұзақ тартылатын соңғы күйін шертеді. Шалдың балаларына арнап шығарған жеті күйі одан әрі дамытылып, ел арасына «Жетігеннің жетеуі» деген атпен тарап кетеді.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙