Ұлттық саяси элита. Қызметі мен тағдыры (ХVIII-ХХ ғғ.)
Мәмбет Қойгелдиев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Кітапта қазақ саяси басқарушы тобының XVIII-XX ғасырдағы қалыптасу кезеңдері мен қызметі талдауға алынады. Авторлық зерттеу билер мен батырлардың (ХVIII-ХХ ғғ.), ұлттық мемлекеттікті қалпына келтіру ісіне ғұмырын арнаған Кенесары хан Қасымұлы, Исатай Тайманұлы, Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Тұр...
Мәмбет Қойгелдиев. Ұлттық саяси элита. Қызметі мен тағдыры (ХVІІІ-ХХ ғғ.)
І тарау. САЯСИ ЭЛИТА. ҚАЛЫПТАСУ БАРЫСЫ ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТІ
САЯСИ ЭЛИТАНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ КЕЗЕҢДЕРІ
Қазақ тарихында жете көңіл аударып, арнайы зерттеуге лайық мәселелердің бірі - ұлттық саяси элитаның түрлі кезеңдерде ел тағдырына байланысты ұстанған позициясы. Ал саяси жетекші топ қандай тарихи кезеңде болмасын ұстанымы тұрғысынан біркелкі, тұтас болған емес, сондай-ақ бұл - толық табиғи құбылыс. Олай болса, ұлттық саяси топ ішіндегі түрлі бағыт-бағдар ұстанған ағымдарының қызметінің негізінде қандай мүдде, себептердің жатқандығын анықтау тарихтану ғылымның бірден-бір міндеті болса керек. Бұл тақырыптың өзектілігі айқын, өйткені барлық тарихи кезеңдердегідей қазіргі уақытта да басқарушы топтың еліміздің бүгінгі және ертеңгі тағдырына тигізер ықпалы аз емес. "Элита" сөзі француз тілінде "қоғамның белгілі бір бөлігін құрайтын топтың ең көрнекті, таңдаулы өкілдері"1 деген мағына береді. Бұл анықтама "элита" деген ұғымның қоғамдағы түрлі топтардың қандай бөлігіне байланысты қолданылатындығынан анық хабар берсе керек. Бүгінгі гуманитарлық ғылым элитаны саяси, басқарушы, ғылыми, ғылыми-техникалық деп түрлі жіктерге бөледі. Біздің жұмысымызда сөз тек саяси жетекші топ жөнінде ғана болмақ. Ғылымда басқарушы топтың, яғни элитаның қызметін арнайы ғылыми талдауға алатын саланы "Элитология" деп атайды2. Бұл ғылым саласы қашан, қайда және неге байланысты пайда болғанын, пән ретінде оның ерекшелігін баяндау біздің міндетімізге жатпайтындығын ескерте отырып, сонымен бірге бұл тақырыптың тарих ғылымына да тікелей қатысы бар екендігін айтқан жөн. Отандық тарихтануда бұл мәселе бұрыннан қарастырылып келе жатқан тақырыптар қатарына жатады. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында А.Ф.Рязанов, М.Вяткин, Е.Бекмаханов3 сияқты ғалымдар бұл тақырыпқа іргелі монографиялық еңбектерін арнады, ал соңғы жылдары басқарушы топтың қызметі Ж.Қасымбаев, Т.Омарбеков, И.В.Ерофеева, М.Әбдіров4 сияқты жаңа буын тарихшылардың зерттеу нысанасына айналды. Деректік материалдардан қазақ саяси элитасының XVІІІ ғасырда, яғни Қазақстанның Ресей империясы құрамына енер қарсаңда әлеуметтік күш ретінде қалыптасып қалғандығын байқау қиын емес. Бұл ретте зерттеу еңбектеріне Ресей мұрағат қорларында сақтаулы әкімшілік орындарына тән құжаттар мен қазақ халқының тарих айту дәстүріне тән материалдар дерек көзі бола алады. Міне, осы аталған материалдарға сүйене отырып, XVІІІ ғасырдағы саяси элита көтерген жалпыұлттық мәселелердің ауқымын анықтауға толық мүмкіндік бар. Мәселен, Ресей империясы құрамына ену процесінің басталар қарсаңында ұлттық саяси топ қоғам алдына міндет етіп ең аз дегенде мынадай үш мәселені қойды. Олар, біріншіден, жалпыұлттық мемлекеттікті сақтау және оны нығайта түсу әрекеті еді. Әрине, бұл негізгі мәселеде қазақ ақсүйектерінің, әсіресе сұлтандардың жалпыұлттық дәрежедегі ортақ бір бәтуаға келе қоюы да жеңіл шаруа бола қоймағандығы анық. Ондай тұтастыққа Әбілқайыр хан, Жәнібек батыр бастаған топ Ресей сияқты қуатты мемлекеттің қолдауына сүйене отырып жетуден үміттенсе, Абылай хан, Төле би сияқты қайраткерлер саяси бірлікке жеткізетін жолды басқаша түсінді. Әбілқайыр опат болып, оны "өз қолымен аттандырған" Барақ сұлтан да жарық дүниеден өткен соң, Төле бидің тікелей қолдауымен Абылайдың Орта жүз бен ұлы жүздің билеушісі ретінде мойындалуы осы екінші бағыттағы әрекеттің көрінісі болатын. Бірақ Абылай ханның тым болмаса екі жүзді қосып, тұтас мемлекет құру әрекетінен де ештеме шыққан жоқ. Құр уайымнан әбден шаршап-шалдыққан ханның Түркістанға жетіп, Тәуке ханмен бірге өлген ұлы хандық тақтың орнында көз жұмуы тек символдық мәні бар оқиға ғана болатын. Ұлттық басқарушы элита көтеріп, белгілі дәрежеде шешуге ден қойған келесі мәселе халықтың белгілі бір бөлігін біртіндеп отырықшы тұрмысқа аудару қажеттілігі еді. "Төле бидің тарихы" сияқты деректік мәні зор тарихи жырда бұл мәселенің үш жүздің басы қосылған алқалы жиын талқысына түскендігі айтылып, бұл істі Төле бидің өзі қолға алып, жеті тоған қаздырып, халыққа отырықшы тұрмыстың көшпелі мал шаруашылығынан артықшылық жақтарын дәлелмен негіздеп бергендігі жөнінде баяндалады5. Қазақтың белгілі бір бөлігін отырықшы тұрмысқа аудару, сөйтіп егіншілік мәдениетін халық арасына кеңірек жаю Абылай ханның көп арманының бірі болды. Араға бірнеше жыл салып қайталап отырған жұт мал шаруашылығының табиғат құбылыстарына өте тәуелділігі және басқа жағдайлар қазақ элитасын отырықшы тұрмыстың пайдалы жақтарына тереңірек ден қоюға итермеледі. Бұл айтылғандармен қатар, қазақ этносының қалыптасу, ұю бесігі рөлін атқарған Сырдария және Жетісу өңірлері бұл аймақтағы қалалар мен елді мекендер көшпелі тұрмыстағы халықтың белгілі бір бөлігінің ылғи да отырықшы өмірге ойысуына ұйытқы болып келгендігі мәлім. Жалпы, бұл процестің дәстүрлі көшпелі мал шаруашылығымен айналысып келген жұрттың кедейленген тобының үнемі қайталанып тұрған шаруашылықтық дағдарыс нәтижесінде егіншілікке ден қоюы ерте замандардан үзіліссіз жүріп келе жатқан құбылыс екендігі мәлім. Жоңғар шапқыншылығы, "Ақтабан шұбырынды" көшпелі мал шаруашылығының осал жақтарын тағы да бір рет көрсетіп берді. Бір жақты көшпелі мал шаруашылығына негізделген экономикамен қуатты көрші мемлекеттердің тегеурінді шабуылына төтеп беру қиын еді. Ал егіншілік пен мал шаруашылығы өзара ұштасқан тұрақты экономикалық жүйеге көшу туралы мәселе қоюға қажет шарттар пісіп жетіле қойған жоқ-тын. "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан" соң саяси элитаның аса үлкен ден қойған ісі қазақ қоғамын ұлттық тұтастыққа үндеу және оған қол жеткізуге күш салу болды. Алдымен жоңғар шапқыншылығына тойтарыс беру ісінде, оның артын ала Ресей империясымен қатынас мазмұнын анықтау мәселесінде бұл мақсаттың саяси мәні айқындала түсті. Көрші мемлекет және қоғамдармен қақтығыс, атамекенді сырттан төнген қауіптен қорғау қажеттілігі басқарушы топтан, жалпы халықтан ішкі саяси бірлікті талап етті. Жеке сұлтан, би, батыр және ойшыл-жыраулар қызметінде бұл қоғамдық сұраныстың мәнін терең ұғыну ғана емес, сонымен бірге осы ортақ мүддеге саналы түрде нақты қызмет жасау да көрініс тапты. Сонымен, ХVІІІ ғасырдың 30-жылдары Ресей империясының құрамына біртіндеп ену жағдайында тұрған қазақ қоғамы жоғарыда аталған іргелі ұлттық мәселелерді біржола шешу кезеңінен өте қойған жоқ-тын. Ал алдымен Ресей империясы, сонан соң Кеңестер Одағы құрамында болған үш ғасырға жуық мерзімде қазақ саяси элитасының қызметі қандай жолдан өтті, енді қысқаша осы мәселеге тоқталып көрейік. Біз қарап отырған тақырыпқа байланысты бұл тарихи мерзім ішінде мынадай бес кезеңді аңғаруға болады. Бірінші кезең - шамамен 1731 жылдан бастап 1822 жылға шейінгі уақытты қамтиды. Оның негізгі сипаты: Ресейлік әкімшілік бұл тарихи мезгілде хандық билік түрінде көрінген қазақ мемлекеттігін мақсатты түрде әлсірету, іштей ыдырату саясатын ұстанды. "Царство внутри царства не должно быть!" Орыс патшасының Бөкей ордасына байланысты айтқан бұл пікірі жалпы қазақ мемлекеттігіне қатысты айтылған ой болатын. Сондай-ақ бұл ұстанымды патшалық биліктің жергілікті әкімдері басшылыққа алды. Жетісу облыстық переселен мекемесінің бастығы Велецкий жинақы түрде оны былайша білдірді: "в Семиречье слишком развито окраинное начало, противоположное государственному началу. Это начало формулировно в Семиречье: Семиречье для семиреков", т.е. для инородцев, тогда как оно, будучи состовной частью России, должно быть прежде всего для русских"6. Ресей әкімшілігіне бұл мақсатқа жетуде, яғни қазақ мемлекеттігін жою, сондай-ақ оның халықтың санасынан ұлттық мемлекеттік идеясын біржола өшіру әрекетіне қарсы тұрған негізгі күштердің бірі, әрине, қазақ басқарушы элитасы болатын. Сондықтан да патшалық биліктің көздеген мақсатына жету үшін қолданған әдістерінің бірі қазақ билеуші элитасын бөліп-жарып, оларды біріне-бірін қарсы қоя отырып, бірақ дара біреуін тым күшейтпеу саясаты болды. Ал қазақ басқарушы тобы үшін ХVІІІ ғасырдан бастап-ақ орыс әкімшілігіне, оның реформаларына деген қатынас ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Бұл мәселеге қатысты өзара қайшы екі ағымның қалыптасуы басқарушы элитаның бөлініп-жарылуымен аяқталды. Олардың арасындағы ымырасыз қарсылық тіптен адам өлімімен аяқталып отырды. Әбілқайыр ханның Барақ сұлтанның қолынан опат болуы (1748), Есім ханның Сырым батырдың адамдарының (1797), Жантөре ханның Қаратай сұлтанның адамдарының (1809) қолынан өлім табуы осы текетірестердің көрінісі болатын. Өз ретінде ресейлік әкімшілік осы кезеңде-ақ хандық билікке өзіне қызмет жасауға әзір немесе қызметімен көзге түсіп үлгірген сұлтандарды өткізуге тырысып, ал өзін еркін ұстап, мемлекеттік тәуелсіздік жөнінде ойлайтын жігерлі билеушілерді тежеп, кейінге ысырып отырды. Ресей үкіметінің бұл саясатын дәл басып байқаған белгілі зерттеуші А.Ф.Рязанов өз еңбегінде мынадай тұжырымға келеді: "Үкімет әрқашанда өте алаңдаушылық танытып, орданың басында Ресейге берілген адамдардың тұрғанын қалады. Орданың көне дәстүріне, яғни қазақ халқының өз құрылтайында өз хандарын сайлап алуына кедергі жасамай-ақ, бірақ үкімет ол сайлауларға аса үлкен көңіл аударып, хандық билікке сенімді әрі берілген қызметімен көзге түскен сұлтандарды өткізуге күш салды. Орыс билігін қабылдаған Әбілқайыр хан өмірден озған соң хандық қызметке әрқашанда үкіметке қолайлы кандидат өткізілді, ал қазақтардың съезі болса орыс әскер күшінің ықпалымен немесе ордадағы беделді адамдарды сатып алудың нәтижесінде үкімет белгілеген кандидатпен келісуге мәжбүр болды... Қазақ хандарын үкімет айтқанын көз жұмып орындай беретін, жауапкершілігі жоқ, ордадағы саясаттың қолшоқпары міндетін атқарушылар ретінде көргісі келеді. Ал Қаратай немесе Арынғазы сияқты дербес ұлттық саясат жүргізе алатын ықпалды да қуатты сұлтандар орыс үкіметіне тиімсіз еді, сондықтан да олар хандық билікке жіберілмеді"7. Дегенмен, бұл тарихи кезеңде, яғни ХVІІІ-ХІХ ғасырдың 20-жылдарына дейінгі уақытта қазақ қоғамында әлі де болса дәстүрлі басқару жүйесі, яғни жоғарыда хан, ал жергілікті жерлерде сұлтан және билер институттарынан тұрған бұрынғы жүйе сақталып қалды. Бірақ бұл билік жүйесінің нығая түсуіне негіз боларлық саяси және экономикалық алғышарттар жоқ-тын. Көшпелі, жартылай көшпелі тұрмысқа сүйенген мал шаруашылығы, қоғамдағы рулық-жүздік жүйе, билеуші топ -сұлтандар арасында билік үшін тынымсыз жүріп отырған күрес мемлекеттік басқару жүйесінің қалыптасып және нығая түсуіне кедергі жасайтын факторлар болатын. Ел ішінде қалыптасқан бұл жағдай өз ретінде сырттан төнген ықпалға жол ашып, қазақ қоғамына империялық басқару тәртібін енгізуге қажет жеңілдіктер туғызды. Патша үкіметі бұл алғашқы кезеңде халық арасында әлі де болса беделі бар хандық билікті жоюға бармады, бірақ оған түрлі шектеулер қойып, қайсыбір мәселелерде тіптен орыс үкіметінің нұсқауын орындайтын жасанды қуыршақ билік екендігін хандардың өздеріне де, халыққа да білдіріп отырды. Ресей үкіметі сонымен бірге өз билігі жағына шыққандарға алғашқы мезгілден бастап-ақ түрлі артықшылықтар беру, әскери шен үлестіру, түрлі сый-сыяпат көрсету сияқты шараларын кеңінен іске асырды. Мұндай марапат ең алдымен сұлтан тұқымдарына көрсетілді. Мәселен, орыс билігіне қалтқысыз қызметі үшін Әбілқайыр хан әулетінен бес сұлтан генерал әскери атағын алды. Бұл тізімнің басында Жәңгір Бөкейханов тұрды. Әуелде Кіші жүз жерінде жүргізілген бұл саясат кейінірек Орта және Ұлы жүз жерінде де өз жалғасын тапты. Орыс билігі жағына шығып, түрлі экспедицияларға лау (көлік) бергендерге, Кенесары қозғалысына және Қоқан әскеріне қарсы күресте орыс билігіне қолдау көрсеткендерге, Қытай әскери қолдарын Жетісудан ысыруға, орыс билігіне қарсы шығушыларды басып-жаншу ісінде белсенділік танытқандарға түрлі құрмет көрсетіліп, әскери атақтар берілді8. Мәселен, орыс билігі Жетісу жеріне келгенде, бұл өңірден Кенесары ханды ығыстыру ісінде нақты көмек көрсеткені үшін (Кенесары ханды өлтіріп) қырғыз манаптары Қажыбек Таштамбеков, Қалығұл Әлібеков және Асық Чалов 1847 жылы алтын және күміс медалдармен марапатталды9. Болыс басқарушы Ноғайбай Дәулетбақов 1864 жылы орыс отрядына көлік бергені үшін құрмет грамотасын, ал 1865 жылы Әулиеатаны алуға қатынасқаны үшін прапорщик әскери атағын алады10. Сұлтан Құтан Сұлтанбеков 1863 жылы Пішпек қамалын алуға қатысқаны үшін үлкен алтын медаль, Әулиеата бекінісін алуға қатысқаны үшін үлкен күміс медаль алады, ал 1867 жылы оған қырғыз бен ұлы жүз қазақтарының арасындағы даулы мәселелерді шешуге арналған Тоқмақ съезінде белсенділік танытып, Ресейдің мүддесін жақтағаны үшін прапорщик әскери атағы беріледі11. Оразалы Қожамжаров деген қазақ 1862 жылы Ұзынағаш шайқасына Ресей жағында қатысқаны үшін күміс медаль және мақтау грамотасын, 1864 жылы Әулиеата бекінісін алуға қатысқаны үшін 3-разрядтағы халат, сол жылы Түркістан және Шымкент бекіністерін алуға қатысқаны үшін әскери орден, ал 1865 жылы Ташкенді алуға қатысқаны үшін алтын қылышпен марапатталады12. Жетісулық қазақ Мәнке Боқтыбаев 1847 жылы Омбыдағы Батыс Сібір әкімшілігіне барып ұлы жүз қазақтары атынан Ресей бодандығын қабылдауға әзір екендігін білдіргені үшін алтын медаль, құрмет халатын және жүзік, 1861 жылы орыс әскери бөлімшесі жорығына атсалысқаны үшін құрмет грамотасын, ал 1864 жылы прапорщик атағын алады13. Оның үлкен інісі Дәуітәлі Боқтыбаев 1855 жылы орыс билігіне жасаған қызметі үшін құрмет халатын, ал 1856 жылы прапорщик атағын, кіші інісі Ахметжан Боқтыбаев 1864 жылы Әулиеата бекінісін алуға қатысқаны үшін күміс медаль алады. Хорунжий Танеке Дүйсетов орыс билігіне құлшына көрсеткен қызметі үшін 1852 жылы 22 қаңтарда алтын медальмен марапатталып, 1854 жылы орыс әскер бөлімшесіне Тентек және Ырғайлы өзендерін өтуге көмектескені үшін алғашқы офицерлік атағын алады. 1860 жылдары сұлтан Уәш Ақымбеков бастаған оннан астам қазақ билеушілері орыс әскер бөлімшесіне қытайлықтарға қарсы қимылда көрсеткен көмектері үшін түрлі медаль және сыйлықтармен марапатталады14. Орыс билігінің Жетісу жеріндегі алғашқы қадамына байланысты мұндай мысалдардың ұзын тізімін келтіре беруге болады. Бірақ қандай "мырзалықтың" да болмасын шегі бар екендігі мәлім. Көп ұзамай, яғни ХІХ ғасырдың 70-жылдары-ақ бұл марапаттау саясаты өзгеріске ұшырай бастайды. Міне, шамамен осы кезден бастап Жетісудағы орыс билігінің қызметінде түбегейлі өзгерістер байқалады. Ендігі уақытта өз мүмкіндігіне сене бастаған ресейлік әкімшілік жергілікті билеушілерді марапаттауды сиретіп, сый-сыяпат берген күнде де алтын-күміс медальдарды шектеп, олардың орнына түрлі разрядтағы халаттар беруге көшеді15. Сонымен басқарушы топ үшін алғашқы тарихи кезең немен аяқталды? Қазақ жеріндегі ұсақ та әлсіз мемлекеттік құрылымдар бір орталыққа бағынған қуатты жалпыұлттық мемлекеттік жүйеге өту мүмкіндігінен біржола айырылды. Билеуші топ ұлттық мемлекеттік үшін күресте өзін ұйымдасқан саяси күш ретінде таныта алмады. Қайта қазақ жеріне тереңдей еніп келе жатқан орыс билігінің күш-қуатын айқын сезе отырып, ұлттық билеуші топтың басым бөлігі жат билікке қызмет жасау арқылы өзінің беделін нығайта түсу жолына түсті. Саяси ықпалды топ тарихындағы келесі екінші кезең патша үкіметінің 1822 және 1824 жылдары Сібір (яғни Орта жүз) және Орынбор (яғни Кіші жүз) қазақтары үшін енгізген Ережелерінен бастап 1867-1868 жылдары бүкіл қазақ жерін қамтыған әкімшілік-басқару реформасы аралығындағы мерзімді қамтиды. Бұл тарихи кезеңде патша үкіметі хандық билікті шектеу және оның беделін түсіру саясатынан енді қазақ қоғамындағы дәстүрлі басқару жүйесін жою жолына түсті. Бұл ұстанымның нәтижесінде қазақ мемлекеттігінің институттары - хандық басқару, халық кеңесі, ру құрылтайлары заңдық құжаттар арқылы жойылып, ал олардың орнына тікелей орыс билігіне тәуелді жергілікті сұлтан-би саяси-әкімшілік басқару жүйесі орнады. Бұл іс жүзінде қазақ қоғамын ішкі саяси дербестігінен айыруға, яғни ұлттық мемлекеттікті біржола жоюға бағытталған қадам еді. Хандық биліктің жойылуы сұлтандар институтына да тиген соққы болатын. Бірақ бұл тарихи кезеңде негізгі мемлекеттік басқару буындары орыс шенеуніктерінен тұрған орыстық отарлық басқару жүйесін біржола орнатуға қажет саяси, экономикалық және басқа алғышарттардың қалыптаса қоймағандығын дәл түсінген патша үкіметі әзірге өзінің ұстаған бағытын жүргізуге мүмкіндік туғызатын сұлтандар институтын пайдалана тұруға мәжбүр болды. Сондықтан да билік орындары 1822 жылғы Ережені енгізе отырып сұлтандар тобын өзіне қарсы тұрған күшке айналдырудан қашып, бірақ оларды өзіне тәуелді әрі құлшына қызмет жасауға даяр әлеуметтік топқа айналдыруға жол ашатын шаралар қарастырды. Басқаша айтқанда, империялық орталық қазақ қоғамындағы сұлтандардан "асыранды қаз" жағдайындағы шенеуніктік топты көргісі келді, яғни "жергілікті элита - тәуелді элита" қағидасын ұстанды. Ескертетін жағдай, орыс билігі округтар мен болыстықтардың басына міндетті түрде сұлтандарды қойды. Бірақ бұл билік сұлтандық текке емес, патша әкімшілігі берген өкілдік құқыққа сүйенді. Аға сұлтан, болыс басқарушы сұлтандар және ауыл старшындары заң бойынша орыс билігінің "жергілікті шенеуніктері" санатына жатқызылды. Жаңа билік жүйесінде сайлау элементтері болғанымен, сайлаудың тек сыртқы көрінісі ғана сақталды, ал шын мәнісінде жергілікті билікке орыс әкімшілігі сұрыптауынан өткен сенімді адамдар ғана бара алатын еді. Басқаша айтқанда, ендігі уақытта қазақ қоғамындағы билік ескі дәстүрдегідей халық мойындаған жеке тұлға беделіне емес, орыс билігіне қызмет жасауға ықыласты қазақ шенеунігінің жоғарыдан бақылаулы қызметіне сүйенуге тиіс болды. Тура осы мезгілден бастап орталық және жергілікті билік орындары жүйесінде мынадай бір жағдай тамыр жая бастайды. Сұлтан -правительден (аға сұлтан) бастап болыс басқарушы сұлтан және ауыл старшыны қазақ қоғамының ішкі өмірінен, оның салты мен дәстүрінен мүлдем хабарсыз жоғарғы бастықтың көп жағдайда негізсіз нұсқауларын бұлжытпай орындай отыруға міндетті болды. Ал осы кезеңдегі Орынбор мен Омбыдағы әскери губернаторлардың, ұлы жүз жеріндегі приставтықтың қазақ қоғамының ішкі табиғи сұраныстарынан мәлімет жинап, оларды қанағаттандыру шараларын қарастырғандары кемде-кем еді. Тіптен олардың қайсыбіреулері, мәселен Орынбор әскери губернаторы П.Сухтелен "Қазақтарды отырықшы тұрмысқа өтуге зорлаудың қажеті жоқ, тіптен оларды көшпелі жағдайда ұстау тиімді, өйткені Ресейге олар біздің дән өнімдеріміз бен мануфактуралық бұйымдарымызды тұтынушы, сонымен бірге тері және басқа мал өнімдерін беретін көшпелі халық ретінде ғана пайдалы", - деген таза отаршыл мазмұндағы тұжырымды ұстанды16. Тура осы пікірді оның ізбасары В.А.Перовский де қолдады. Қазақ жерінде әскери бекіністер салуға үлкен көңіл аударған ол қазақтарға үй, отырықшы тұрмысқа қажет қоныс орындарын тұрғызуға таршылық жасады17. Әрине, аға сұлтандар орыс әкімдерінің қазақ жұртына байланысты ұстанған мұндай көзқарасынан хабарсыз еді деп айтуға болмайды. Аға сұлтандар жоғарғы биліктің ұстанымын білді, бірақ біле тұрып оның тапсырмаларын орындамасқа шарасы жоқ-тын, сонымен бірге әділетсіз, зиянды нұсқауларға қарсы қоя алатын әдіс-айласы да болмады. Өз ретінде қарапайым халық аға сұлтан және биліктің төменгі басқа буындарына өзіне жат, орыс билігі ретінде қарады. Патшалық биліктің сұлтандар институтын жоюға бағытталған әрекеті мұнымен шектелген жоқ. 1855 жылғы "О порядке избрания по Сибирской степи" атты ереже енді аға сұлтандық қызметке міндетті түрде төре тұқымынан шыққан кісі ғана сайланады деген талаптың күшін жойды18. Ал 1859 жылғы құл еңбегін пайдалануға тыйым салған жарлық сұлтандарды төлеңгіт ұстау, яғни қарулы жасақ жинау мүмкіндігінен айырды19. Міне, осы Ресей үкіметі тарапынан жүргізілген мақсатты шаралар сұлтандар тобының қазақ қоғамы алдындағы беделін түсірді. Өз ретінде бұл жағдай сұлтандардың қоғамдағы сол уақытқа дейінгі саяси ұйытқы күш ретіндегі рөліне әсерін тигізбей қоймады. 1822 және 1824 жылдардағы реформалық шаралар хан және сұлтандар тобының сыртқы елдермен байланыс мүмкіндігін біржола шектеп, олардың дүйім қазақ жұрты немесе оның белгілі бір бөлігінің атынан түрлі мазмұндағы қатынас жүргізу қызметін қысқартты. Тура осы мазмұндағы өзгерістер билер мен батырлар қызметін де қамтыды. 18-ғасырға тән билер мен батырлардың көрші елдермен саяси және сауда байланыста атқарған белсенді рөлі ендігі уақытта олардың қызмет ауқымынан біржола түсіп қалды. Сонымен бірге, енгізілген орыс ережесі бойынша ендігі уақытта билер сайланып, соңынан орыс әкімшілігінің бекітуінен өтетін болды. Сөйтіп қазақ қоғамындағы бидің жеке тұлға ретіндегі беделіне негізделген билік саласы өз күшін жоғалта бастайды. Жаңа басқару жүйесінде би бұрынғыдай тәуелсіз билік жүргізуші буын емес, жай орыс әкімшілігі ықпалындағы шенеунікке айналуға тиіс болды. Сонымен, 19 ғасырдың 20-жылдары және одан кейінгі мезгілде жүргізілген реформалық шаралар қазақ саяси басқарушы тобының ұлттың қоғамдық өмірінде алатын орнын түбегейлі өзгерістерге ұшыратты. Ендігі кезеңде саяси элита арасында өзара қарсы көзқарастағы екі ағым байқалды. Олардың бірі ресейлік отаршыл билік ұсынған ойын тәртібін қабыл алып, оған білек түрініп қызмет жасауға даярлығын байқатса, екіншісі дәстүрлі ұлттық билік жүйесіне басымдылық беріп, оны қажет болса қару күшімен қорғауға даяр екендігін іс жүзінде байқатты. Бұл тарихи кезеңнің қорытындылары: ұлттың саяси белсенді тобы ұлттық бостандық пен тәуелсіздікті қорғау ісінде қаншалықты жігер танытқанымен, шектеулі экономикалық мүмкіншіліктен асып кете алған жоқ, қару күші мен отарлау айласы анағұрлым басым империялық жүйе дегеніне жетті, халықтың қарсылығын күшпен басты. Ендігі уақытта сұлтан, батыр мен би сияқты ықпалды әлеуметтік топтардан тұрған ұлттық элита жалпыұлттық мәселелерді шешу ісінде өз рөлін жоғалтты. Келесі, үшінші кезең, 1867-1868 жылдары енгізілген әкімшілік-басқару реформасынан бастап патшалықты құлатқан 1917 жылғы революциялық өзгерістерге дейінгі аралықты қамтиды. Бұл тарихи кезеңнің негізгі сипаты: мемлекеттік дербестігінен айырылған қазақ қоғамы ендігі уақытта Ресей империясының провинциясына, шеткі аймағына айналды. Қазақ халқының қарсылығын басқан отаршыл әкімшілік қазақ жерін өз меншігі деп жариялады. Қазақ қоғамындағы түрлі әлеуметтік (сословиялық) айырмашылықтар жойылды, қазақ жұрты (оның ішінде феодалдық ақсүйектері де бар) село тұрғындары (сельские обыватели) санатына жатқызылды. Міне, осы арада қазақ саяси элитасының қоғам өмірінде алатын орнына тікелей ықпалы болған мынадай жағдайларға тоқталуға тура келеді. Біріншіден, 1867-1868 жылдары қазақ жерінде орнатылған әкімшілік-басқару жүйесі, яғни генерал-губернатор кеңсесінен бастап ауыл старшынына дейін бүтіндей ғасырлар бойы ішкі ресейлік тарихи шындық жағдайында қалыптасқан басқару жүйесі болатын. Ішкі Ресейлік мемлекеттік басқару жүйесінің төменгі буыны болған селолық немесе болыстық әкімшіліктің Заң жүзінде белгіленген статусы орыс селосында ғасырлар бойы қалыптасып, тамыр жайып қалған еді. Орыс селосындағы болыс старшыны өзінен жоғары тұрған сансыз көп әмір берушілер мен өзі тікелей тәуелді селолық сходтың (жиналыстың -М.Қ.) арасындағы үйлестіруші тұлға болатын. Анығырақ айтқанда оның қызмет ауқымы өте шектеулі-тін, болыс басқару қызметі ол үшін аса үлкен жүк болатын, сондықтан да ол бұл қызметті қайткен күнде де ұстап қалу үшін түрлі айла-шараға бармайтын. Сол сияқты кез келген орыс шаруасына да болыс старшынының қызмет ауқымы мен мүмкіндігі тайға таңға басқандай айқын еді. Сондықтан да әрбір жаңадан сайланған орыс селосындағы болыс басқарушысы өз орнын даяр және қалыптасқан жүйе арнасынан тауып отырды, ол үшін де және оның болысындағы тұрғындар үшін де бұл қалыпты жағдай-тын. Міне, осы орыс селолық басқару жүйесі қазақ топырағына сол күйінде көшірілді. Орыс тарихи шындығында қалыптасқан бұл басқару жүйесінің қазақ қоғамына сәйкес келуі немесе келмеуі "Ережені" даярлаған Дала комиссиясын аса қатты мазаламаған еді. Бұл арада ресми құжаттарда айтыла бермейтін ірі мақсаттар көзделгендігі де анық. Олардың ең негізгісі, әрине, қазақ қоғамының іргелі экономикалық, әлеуметтік және рухани негіздерін әлсірете отырып, оған Еділ бойы, Орал және Сібір халықтарына жасағанды жасап, біржола орыстандырып, шоқындырып жіберуге жол ашу болғандығы күмән тудырмаса керек. Енгізілген жаңа басқару жүйесіне байланысты енді осы жағдайға тоқталайық: 1. Жаңа басқару жүйесін енгізе отырып орыс әкімшілік орындары қазақ қоғамындағы рулық қатынастарды, сол тұстағы әкімшілік орындары пайдаланған ұғыммен айтар болсақ "рулық негізді" жоюды көздеді. Реформа авторларының түсінігі бойынша орыс билігінің қазақ қоғамына енер жолында көлденең тұрған негізгі кедергі осы рулық фактор, оның негізгі сыртқы көрінісі болған ру басылары мен рудың ықпалды байлар тобы еді. 2. Орыс билік орындарының қазақ қоғамына сайлау жүйесін енгізе отырып көздеген мақсаты да ру басылары мен қуатты саяси топтардың халыққа ықпалын әлсірету болатын. Патшалық билік өзінің бұл пиғылын, әсіресе, "1868 жылғы Дала облыстарын басқару жөніндегі уақытша Ережеде" ашық байқатты. Оның "V. О правах киргизов" аталатын тарауында "параграф 243. Киргизы пользуются общими правами, представленными всем сельским обывателям по их состоянию...," - деп көрсетілген еді20. Бұл іс жүзінде қазақ қоғамында осы уақытқа шейін болып келген сословиялық жіктеулерді жою, яғни сұлтан, би, батыр және басқа әлеуметтік категорияларды "ауыл тұрғындарына" теңгеру еді. Жаңа "Ереже" жобасы бойынша болыстық және ауылдық әкімшіліктердегі қызметкерлерді сайлау, салықты ауыл және жеке отбасыларына бөлу және басқа қоғамдық істерді атқару түгелдей бұрынғы ақсүйек, ықпалды топтарға емес, ауылдастар сайлаған елубасылары мен онбасылардың құзырына берілген-тін. Жаңа тәртіптің ең түйінді жері де осы тұс болатын. Орыс билігі қазақ бұқарасына ықпал үшін күресте белсенділікті өз қолына алуға тырысты. 3. Орыс билігі қазақ ауылына жаңа басқару жүйесін енгізе отырып, жергілікті халық арасынан өзіне әлеуметтік сүйеніш болатын жаңа саяси топты қалыптастырудан үміттенді. 4. Енгізілген басқару жүйесі, егер оған жұмсалған қаржы тұрғысынан келсек, мемлекет үшін өте арзан билік болатын. Екіншіден, 1867-1868 жылдардағы реформалық өзгерістер нәтижесінде сол мезгілге шейін казақ қоғамының ішкі өміріндегі жоғарғы билік сатысы болып келген приказдар жойылып, округтік басқару уездік басқарумен ауыстырылған болатын. Сонымен бірге бұрын приказдардың басында сұлтан - правитель, ал оның төрт мүшесінің екеуі орыс, екеуі қазақ шенеуніктерінен тұрған болса, ендігі уақытта бұл жағдай өзгеріске ұшырады. Жаңа уездік басқару буыны түгелімен орыс билігінің құзырына өтіп, қазақтарға басқару жүйесіндегі ең төменгі буын – болыстық және ауылдық билік қана қалдырылды. Уездік билікті қазақ сұлтандарынан біржола ала отырып, орыс билігі бұл шешімге негіз етіп мынадай екі себепті алды. Біріншіден, қазақ билеушілері жеткілікті дәрежеде орыс тілін түсіне алмайды, сондықтан да оларды уездік деңгейдегі билікке тарту дұрыс болмақ емес. Екіншіден, 1822-1867 жылдар аралығында приказдарды басқарған сұлтандар шоғыры көп жағдайда қазақ қоғамындағы ішкі ру аралық кикілжіңнің құралына айналып кетті. Бұл келтірілген аргументтер белгілі дәрежеде тым негізсіз де еместін. Дегенмен, қазақ саяси элитасын уездік және одан жоғарғы билікке жіберілмеуінің басқа да себептері бар еді. Олардың ең бастысы орыс билігінің мемлекет басқару ісінде қазақ саяси элитасына сенбеушілігіне байланысты еді. Сонымен бірге ішкі Ресейден орыс тұрғындарының мыңдап қазақ жеріне қоныс аударып жатқан жағдайында, жаңа құрылған орыс селоларын басқару ісін қазақтардың қолына беруді үкімет қош көрмеді. 1867-1868 жылдары енгізілген Уақытша Ереже бойынша облыстағы вице-губернаторлар жанындағы ерекше істер жөніндегі кіші шенеуніктердің және уезд бастықтарының кіші көмекшілерінің бірі қазақтардан тағайындалатын болды. Мәселен, 1875 жылғы Торғай облысына тән мәліметтер бойынша уезд бастықтарының көмекшілерінің бірі қазақтардан болған21:
Лауазымы, шені, аты-жөні
Діні
Жасы
Қызметке түскен жылы
Жалақысы Рубль
Торғай уезі бастығының аға көмекшісі, сұлтан А. Сейдалин
мұсылман
39
1855
1000
Торғай уезі бастығының кіші көмекшісі, подполковник сұлтан Жиһангеров
мұсылман
64
1846
400
Ырғыз уезі бастығының кіші көмекшісі би Есет Көтібаров
мұсылман
68
1861
400
Николаевск уезі бастығының кіші көмекшісі зауряд-хорунжий Асат Құламбаев
мұсылман
39
1870
400
Елек уезі бастығының кіші көмекшісі зауряд-хорунжий Беркінбаев
мұсылман
35
1860
400
Уезд бастығы көмекшілері қызметіне, әрине, қазақ қоғамы арасында беделді отбасылардан шақырылды. Мәселен, 1878 жылы осы облыстағы Торғай уезі бастығының кіші көмекшісінің қызметінен сұлтан Жиһангеров кеткен соң, оның орнына Алаш қозғалысы қайраткері Ахмет Бірімжановтың әкесі Қорғамбек Бірімжанов шақырылады22. Уезд бастығының көмекшісі қызметі қазақтар үшін осы мезгілдегі билік жүйесіндегі ең жоғарғы мансап болатын және ол орыс әкімшілігін қазақ ауылдарымен жалғастырушы буын міндетін атқарды. ХІХ ғасырдың 70-жылдары Торғай әскери губернаторы жоғарғы билік орындарына қазақтардан тағайындалатын уезд бастығының кіші көмекшілері санын өсіре түсу жөнінде ұсыныс жасайды. Бірақ бұл ұсыныс сұлтандық басқаруды қалпына келтірумен тең болар еді деген оймен қабылданбайды. Дегенмен, Қазақстан көлемінде жағдай әртүрлі болды. Мәселен, Жетісу облысының әскери губернаторы 1877 жылы 3 желтоқсанда Түркістан генерал-губернаторы жазған N10018-рапортында: "Должности младших помощников уездных начальников, из туземцев, устанавленные действующим в крае проектом положения, главным образом в видах облегчения уездным начальникам ближайшего ознакомления с подведомственным им киргизского населения, оказываются, в настоящее время безполезны, так как начальники уездов успели совершенно ознакомиться с бытом подведомого им кочевого населения. В виду этого, а также, приняв во внимание, что кроме этой бесполезности младших помощников из туземцев, часто оказывались вредным по своим интригам в пользу родовичей и злоупотреблением, чему были неоднократные примеры, имею честь покорнейше просить Ваше Высокопревосходительство об упразднении этих должностей, с тем, что на средство отпускаемые на младших помощников учредить должность бухгалтера ... - деп жазды23. Келесі жылғы 4 қаңтарда жазылған жауап хатында Түркістан генерал-губернаторы Жетісу әскери-губернаторының ұсынысын қабыл алып, уезд бастығының кіші көмекшісі қызметінің жойылғандығын хабарлайды24. Сондай-ақ бұл тәртіп жалпы Түркістан өлкесіне түгел таратылды25. Бұл, әрине, қазақ қоғамын басқару ісінде мол тәжірибе жинап үлгірген орыс әкімшілігінің Түркістан өлкесіне келгенде еркінсуінің көрінісі еді. Орыс әкімшілігі қазақ қоғамындағы ықпалды топты қаншама марапаттап, сырттай өзін оған достық пиғылдағы билік ретінде көрсетуге тырысқанымен, ал іс жүзінде қазақ саяси тобына еш уақытта да сенген емес. Бұл тарихи шындықты әу бастан-ақ орыс билігіне өзін жақын ұстап, оның сеніміне кіруге тырысқан жеке тұлғалардың өмірінен де айқын байқауға болады. Жетісу жерінде сондай орыс билігімен тығыз қатынас жасаған сұлтандардың бірі Тезек Абылайханов болды. 1847 жылы орыс билігін мойындаған Тезек төре 1850 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторының үкімімен Ұлы жүздің албан тайпасының аға сұлтаны болып бекітіліп, жылына 343 рубль күміс жалақы алып тұрды. Орыс билігіне үлкен ынтамен көрсеткен қызметі үшін ол 1858 жылы поручик, 1859 жылы капитан, 1861 жылы қоқандықтарды Жетісудан ығыстыру ісіндегі еңбегі үшін подполковник, ал 1863 жылы полковник әскери атағын иемденіп, 1863 жылы шілдеде Құсмұрынға жеткен қытай қолдарын қазақ жігіттерімен талқандап жеңіп, кейін қашырғаны үшін патшаның өзінің жарлығымен "За храбрость" деген жазуы бар алтын қылышпен марапатталады. 1851 жылдан бастап өмірінің соңына шейін Тезек төренің орыс билігі тарапынан алған түрлі сый-құрметінің тізімі өте ұзақ еді26. Осыншама алған атақ және құрметіне қарамастан Тезек төре Жетісудағы орыс билігінің "өз адамына" айнала алған жоқ-тын. Мәселен, 1869 жылы әскери губернатор Г.А.Колпаковский Түркістан генерал-губернаторы генерал-адъютант К.П.фон-Кауфманға ресми өтініш жазып Торғай, Орал, Ақмола және Семей облыстарындағы сияқты Жетісу облысында да әскери губернатордың жанынан ерекше тапсырмалар бойынша шенеунік қызметін белгілеп, оған орыс билігіне үлкен құлшыныспен қызмет жасап келе жатқан полковник Тезек Абылайхановты бекітуді сұрайды. Мұндай қадам, Г.А.Колпаковскийдің пікірі бойынша, жергілікті халықтың қалың ортасында болып жатқан өзгерістер мен әрекеттерді өз уақытында біліп отыру үшін және орыс билігіне сенімді қызметімен көзге түскен құрметті қазақтардың өзімшіл көңілін қанағаттандырып отыру үшін де қажет еді. Бірақ әскери губернатордың бұл орынды өтінішін генерал-губернатор қабылдамай тастайды. Жеке адам үшін қызмет орнын белгілеу тура емес деген уәж айтып, ал Тезек төре болса өз жұртына онсыз да ықпалды, оның үстіне оған патшаның жарлығымен өмірлік зейнетақы белгіленген, "Тезек үшін бұл жасалғандар аз емес" деген тұжырым жасайды27. Ташкентте билік құра отырып, өлкедегі белгілі тұлғалардың әрекет-қимылын қырағы бақылап отырған фон-Кауфман осы жауап хатында жаңа әкімшілік басқару жүйесі бойынша Тезек төре "адамдарының болыстықтар бойынша қалай бөлінгендігі жөнінде мәлімет жеткізуді" тапсырады28. Облыстық басқарма генерал-губернатордың тапсырмасын орындай отырып, оған мынадай мәлімет береді: "Сұлтан, полковник Тезек Абылайхановтың бұрынғы төленгіттерін оңтүстік Қапалды қайта құру Комиссиясы Алтын Емел және басқа болыстық ауылдарына бөліп, сөйтіп оларды жалайыр, қаңлы, суан, қоңыр бөрік және албан руларымен араластырды, қазір олар осы екі болыс құрамындағы азшылықты құрайды. Ал Тезек сұлтанның өзі болса Бейсенбі болыс басқаратын Алтын Емел болыстығының бір ауылымен бірге көшіп-қонып жүр. Соңғы кезде ол болыс басқарушысының ашық жауына айналған, сондықтан да Тезектің ықпалы тіптен өзі бірге көшіп жүрген болыс ауқымында да әбден әлсіз"29. Генерал-губернаторға арналған осы жауап хатқа әскери губернатор үшін қол қойған полковник Веселитский Тезек төренің сыртынан құпия бақылаушының қойылғанын, оның орыс қызметіндегі полковник Т.Абылайхановтың әрбір қадамын жіті бақылап отырғанын жасырмай айтқан30. Бұл келтірілген фактілер 1867-1868 жылдары жүргізілген әкімшілік-басқару реформасы нәтижесінде қазақ даласында орнаған тәртіп бойынша жалғыз Тезек Абылайханов емес, жалпы ықпалды ақсүйектер сыртынан қойылған бақылаудың, олардың жалпы саяси жағдайының көрінісі еді. Ресейлік билік тарапынан қазақ билеуші тобы мен саяси элитасына қатысты көрсетілген бұл сенімсіздік кейінгі жылдары әлсіреген жоқ, қайта қатая түсті. Оны біз сенатор Паленнің 1908-1909 жылдары жүргізген ревизия нәтижесі бойынша Жетісу облысына қатысты жасаған тұжырымдарынан да анық аңғара түсеміз. Пален қазақ коғамын жақсылар (байлар) мен қара бұқараға бөліп, бұл екі әлеуметтік топтың орыс билігіне қатынасына ерекше тоқталып, "жақсылар орыс қоныстарының құрылуына теріс пікірде, өйткені орыс шаруаларының жер алуы олардың мал шаруашылығын тарылта түсуде, ал қара бұқара болса орыс қоныстанушыларынан жерді жеке басқа тең бөлетін орыс қауымының не екенін түсіну үстінде, отырықшы егіншіліктің артықшылықтарын біліп, егіншілік қаруларын пайдалануды үйреніп отыр. Міне, осының бәрі жақсыларға таяу уақытта ескі тұрмыс пен қазақ бұқарасы үстінен жүргізіп отырған билігінен біржола айыратын заманның келе жатқанын сездіріп отыр," - деген ойды айтып, сондықтан да "жақсылар барлық үкімет орындарына шапқылап, қоныстанушыларға учаскілер бөлу барысында қазақтарға жасалған қиянат жөнінде шағымдар жаудыруда. Ал қара бұқара болса іштей отарлау қызметіне тілектестік білдіріп, болашақта крепостниктік тәуелділіктен азат болар күнінің туатындығын осы іспен байланыстырып отыр", - деп тұжырымдайды31. Міне, бұл келтірілген фактілерден орыс әкімшілігінің, біріншіден, Жетісу жерінде саналы және мақсатты түрде жеке ықпалды тұлғалардың беделін өсірмеу, тіптен мүмкін болса әлсірету, екіншіден қазақ бұқарасын билеуші топтың ықпалынан ажыратып алып, жаңа келіп қоныстанған орыс селоларының ықпалына аудару пиғылында болғандығын аңғарамыз. Басқаша айтқанда, Жетісу облыстық басқармасы жергілікті халықтың өз билігіне айнала алған жоқ, ондай мақсатты алдына қойған да емес. Облыстық басқарма төңірегін "бұратаналар" теңізі қоршаған отаршыл әкімшілік "аралын" еске салатын еді. Шамамен ХІХ ғасырдың соңғы ширегіне қарай Ресей үкіметінің Қазақстандағы саясатында мынадай өзгерістер байқалады. Қазақ қоғамын басқаруды жетілдіре түсу мақсатында отаршыл әкімшілік қазақтардың өздерінің арасынан басқару аппаратына қажет мамандар даярлау ісін қолға алады. Орысша білім және тәрбие алған қазақ жастары өз жұртының арасында орыс мемлекеті мен мәдениетінің мүддесін жүргізуші құралға айналуға тиіс болды. Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин сияқты тарихи тұлғалар белгілі дәрежеде осы мақсатқа қызмет жасады. Дегенмен, бұлардың өздері де көздерін жұмып, бастарын шұлғып отаршыл әкімшіліктің айтқанына көніп, айдауында жүретіндерге айналған жоқ-тын. Олардың көңіл-күйінде терең қайшылық байқалды. Бір жағынан олар еуропалық білім және мәдениетсіз қазақ жұртының ортағасырлық надандықтың шырмауынан шыға алмайтындығын жақсы түсінді. Сонымен бірге олардың тереңдеп еніп келе жатқан отарлық тәуелділік дәуірінің жағымсыз жақтарын аңғармасқа да шарасы жоқ еді. Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Ж.Шуақов және басқалардың орыс әкімшілігінің Қазақстанда жүргізген реформаларына үлкен күдікпен үрке қарауы осы көңіл-күйдің көрінісі болатын. ХІХ ғасырдың екінші жартысында, яғни 60-жылдардағы реформалардан соң өз күшіне сенген Ресей әкімшілігі сақтық атаулыны мансұқ етіп, қазақ қоғамын ашық отарлау және орыстандыру ісіне кірісіп кетті. Үкімет ішкі Ресейлік губерниялардан қазақ жеріне орыс шаруаларын жаппай қоныстандыру шарасын іске асыра отырып, қоныс аударушылардың жағдайын заңдық және экономикалық тұрғыдан негіздеп, нығайтып қана қойған жоқ, сонымен бірге олардың санасында өздері туралы қазақ жеріне алдыңғы, дамыған өркениеттің жетістіктерін жеткізуші, жарылқаушылар бейнесін қалыптастыруға күш салды. Патшалық биліктің, кейіннен большевиктердің осы мазмұндағы идеологиясы бойынша жергілікті халықтың өмірінде құрметтеуге тұрарлықтай соншалықты елеулі құндылықтар жоқ, сондықтан да ол өмір тез арада ресейлік талапқа сай реформалық өзгерістерге ұшырауға тиіс-тін. Осы түсінік ресейлік оқу орындарында білім ала бастаған қазақ жастарының санасына да енгізіле бастады. Бірақ оқудағы қазақ жастары бұл идеяны сол күйінде қабылдай қоймады. Үкіметтің аграрлық саясаты нәтижесінде жарамды қазақ жерлерінің жаппай қоныс аударушылардың пайдасына өте бастауы, соның нәтижесінде кедейленген жатақтардың көбейе түсуі жаңа қалыптасып келе жатқан ұлттық зиялылар тобын саясатпен кәсіби түрде шұғылдануға, ұлт-азаттық қозғалыс идеологиясын қалыптастыруға, ұлттық платформадағы саяси партияға бірігуге мәжбүр етті. Зиялылар тарихын зерттеген мамандардың есебі бойынша 1917 жылғы қазан революциясына шейін негізінен еуропалық, сондай-ақ бірлі-жарым шығыс жоғары оқу орындарын аяқтаған дипломы бар қазақ зиялыларының саны 120 адамнан, ал ресейлік орта арнаулы оқу орындарында білім алған мамандардың саны 700-ден асып жығылатын еді. Патшалық билік жаңа қалыптаса бастаған ұлттық элитамен екі жақты ойынға түсті. Бір жағынан ұлт зиялыларының өкілдері Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланса (Ә.Бөкейханов, А.Бірімжанов, А.Қалменов, Б.Қаратаев, Т.Нұрекенов, т.б.), екінші жағынан белсенді саяси қызметпен айналыса бастаған жеке қайраткерлер (Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Ақпаев, т.б.) саяси қуғын нысанасына айналды. Патшалық билік пен жаңа қалыптаса бастаған ұлт зиялылары арасындағы егес, қазақ қоғамында ресми билікке қарсы тұрған саяси оппозицияның қалыптасуымен аяқталды. Сондай-ақ ол ұлттық мемлекеттік дербестік және тәуелсіздік идеясын жаңа сапада қайтадан көтерді. 1917 жылдың соңына қарай өмірге келген Алашорда және Түркістан (Қоқан) Автономиясы үкіметтері ұлттық элитаның жігерлі еңбегінің нәтижесі ғана емес, сонымен бірге оның ұлт өмірін қайта жаңғыртудағы потенциалдық мүмкіндігінің көрінісі де болатын. Ұлттық саяси элита тарихындағы бұл кезеңнің тарихи ерекшелігі: саясат сахнасына ұлт тағдырын, заман ағымын уақыт сұранысына лайық теориялық дәрежеде қорыта алған, сондай-ақ онымен шектелмей ұлт өмірін жаңа талапқа сай мазмұнда қайта құруға (модернизация) ынталы да жігерлі саяси күш келді. Бірақ империялық күштер, яғни олардың оңшылдары мен солшылдары, ақтары мен қызылдары енді ғана бой көрсеткен ұлттық зиялы-элитаның ұсыныстарына құлақ аспақ түгілі, одан тезірек құтылуға тырысты. Сондай-ақ бұл ойды большевиктер іске асырды да. Өмір ағымы, Мұстафа Шоқайұлы айтқандай, Ресей сияқты империя жағдайында, тіптен ұлттық автономия түрінде де азаттық алу мүмкін емес екендігін көрсетіп берді. Империялық шындық өмірге әкелген зиялылардың мақсат-мүддесі, арман-тілегі өз заманына лайық биік, асқақ тұғырдан көрінді, сонымен бірге олардың саяси күш ретінде кемшілігі де (сенгіштігі, ресейлік демократияның соңынан ергіштігі, тәжірибесінің аздығы) сол ресейлік шындықтан туындап жатты. Қазақ зиялыларының алғашқы буынын өмірге әкелген ресейлік ұлы державалық мүдде енді өзіне қарсы тұрған ұлттық элитаның басын жұтты. "Ұлы мақсаттарды" көздеген революция халықты бақытқа оның саналы бөлігі ұлт зиялыларынсыз-ақ, элитасыз-ақ жеткізе алатындығына сенімді еді. Ресей империясында социалистік революция мен құрылыстың қисынсыздығын, болашағының күмәнді екендігін осыдан-ақ аңғаруға болатын еді. Ұлттық элита тарихындағы келесі бесінші кезең жетпіс жылдан астам уақыт өмір сүрген кеңестік билікке тұс келеді. Большевиктер мен олардың көсемдері Кеңестік биліктің алғашқы күндерінен-ақ Қазақстан мен Түркістанда таптық-партиялық мақсаттарды емес ұлт-азаттық мүдделерді көздеген элитаны жолықтырды. Сондай-ақ бұл элитаның халық арасында ықпалы айтарлықтай зор еді. Мұны аңғарған большевизм идеологтары алдымен бұл зиялылар тобын халықтан бөліп тастау, сонан соң барлығын жойып жіберуді көздеп, құйтырқы, иезуиттік әдістерге көшеді. Жергілікті партия съездері мен конференциялардың қарарларында ұлттық интеллигенциясының маңызды орны ашық мойындалғанымен, ал өмірде, саясатта оларды мемлекеттік және қоғамдық қызметтен ығыстырып тастау бағыты іске асырылды. Қазақ елінің қоғамдық мәселелерін тура шешуге байланысты А.Байтұрсынұлының В.Ленинге жолдаған ұсыныстары қабылданбады. Қазақ өмірінен бейхабар большевиктер қазақ қоғамының мәселелерін "буржуазиялық интеллигенттерге" қарағанда тереңірек түсінетіндіктеріне сенімді еді. Саяси билікке орнығып алған большевиктер енді алашордашыл зиялыларды ұлттың негізгі мүдделерінен алыс тұрған, "буржуазиялық ұлтшылдар" деп жариялады. Сөйтіп, халық пен оның саяси элитасының арасына Қытай қабырғасы орнатылды. 20-30 жылдары іске асырылған алашордашыл зиялыларды жою шаралары большевиктер партиясы идеологтарының үрейлі, лас саясатының логикалық жиынтығы еді. Мәселенің ауырлығы, тіптен Алаш зиялыларының атылып жойылуында, олардың идеясына тыйым салынуында емес-тін. Бұл трагедияның ұлт үшін соншалықты ауыр болғандығын оның мынадай салдарынан байқауға болады. Алаш зиялыларының соңында келе жатқан жас ұрпақ мәскеулік биліктің азаттық қозғалыстың басшыларын қалайша тұқыртып жойғанын, сондай-ақ олардың сіңірген еңбегі мен күрес тәжірибесін көпе-көрнеу жоққа шығарғанын көзімен көрді. Ендігі уақытта орталық биліктің айтқанына көнбеген күнде, сол алашордалықтардың кебін киетіндігін айқын түсінді. Сөйтіп большевиктік билік ұсынған "жаңа моральдық принциптерді" игеруге көшті. Олар ең алдымен мынаған сайды: коммунистік партияның халықтар тағдырында алатын "ұлы тарихи орнын" дәріптеп, орыс халқы мен оның мәдениетінің тарихи миссиясына үлкен құрметпен қарайтындығын (ұлы орыс мәдениеті бұған мұқтаж болмаса да) жұмыста, күнделікті өмірінде байқатып отыру ж.т. с.с. Мұндай ықпалға берілмегендер міндетті түрде саяси талқыға түсіп "ұлтшыл-уклонист", "пантүркішіл", "панисламшыл" жарияланды. Идеологиялық аппарат өзіне тиесілі революциялық энтузиазммен сол тарихи кезеңге дейін қалыптасқан "отаншылдық", "ұлтшылдық" сияқты табиғи құндылықтарды ығыстырып, олардың орнына "интернационализм", "тапшылдық" сияқты жасанды ұрандарды орнықтыруға күш салды. Ондағы мақсаты жас ұрпақты ішкі мазмұны жағынан ұлттық құндылықтармен үйлесе бермейтін коммунистік дінге аудару, ал түптеп келгенде біржола орыстануға жол ашу еді. Қорыта айтқанда, кеңестік билікке ұлттық мүддені тура бағалап, ол үшін күресе алатын ұлттық элитаның қажеті жоқ-тын. Оған керегі орталықтың түрлі директиваларын уақытында бұлжытпай орындап отыратын басқарушы кадрлар еді. Ф.Голощекин Қазақ өлкелік партия комитетінің 3-Пленумында ондай "жаңа типтегі" қызметкерлер қалыптасып келеді, "Қазақстанның болашағын анықтайтын осылар болады", - деп мәлімдеді. Мәскеу тағайындаған Қазақстанның бірінші басшысы тез арада "ұлтшыл-уклонист" С.Сәдуақасов, С.Қожанов, Ж.Мыңбаев, Н.Нұрмақов және басқаларды биліктен ысырып, олардың орнына "жаңа типтегі" кадрлардың алдыңғы легіндегі О.Исаев, І.Құрамысов, Е.Ерназаров және басқаларды тартты. Соның нәтижесінде қысқа мерзім ішінде байлар мүлкін тәркілеу, көшпелі қожалықтарды жедел түрде науқандық шаралар арқылы отырықшыландыру, жеке шаруа қожалықтарын күштеп ұжымдастыру сияқты күрделі әлеуметтік-экономикалық және саяси эксперименттер іске асырылды. Оның арты 2 млн. 200 мың адамның басын жұтқан аштыққа ұласты. Әрине, ұлттық элита, жалпы халық империялық-большевиктік зорлыққа қарсылық көрсетпеді деп тұжырым жасауға ешқандай да қисын жоқ. Алдымен жігерлі қарсылықты Мәскеуде басшылық қызметте жүрген Т.Рысқұлов пен С.Асфендияров бастаған зиялылар тобы көрсетті (1926 жылғы қарашада Мәскеуде болып өткен ұлт республикалары басшыларының кеңесі). Жергілікті басшылық арасында мұндай бағытты С.Сәдуақасов, Н.Нұрмақов, Ы.Мұстамбаев сияқты қайраткерлер жүргізді. Басқарушы элита көрсеткен қарсылық 20-жылдардың соңына қарай бүкіл Қазақстанды құшағына алған бұқара халықтың бас көтерулеріне ұласты. Тура осы мезгілде қалыптасып келе жатқан кеңестік партиялық номенклатура жаңа билік алдында "табанды" коммунист және интернационалшыл ретінде көрініп қалудан күш, жігерін аяған жоқ. Е.Ерназаров, О.Исаев, Ә.Жангелдин, І.Құрамысов және басқалар кеңестік реформаға қарсы бұқара халықтың бас көтерулерін жаншып басуға шыққан қарулы әскер қолдарының басында жүрді. Осы тарихи кезеңдегі ұлттық элитаның болмысына ой жүгірткенде Мұстафа Шоқайұлының бейнесі ерекше көз тартады. Қайсыбір зерттеушілер бұл ұлы қайраткердің еңбегін эмиграцияда жүріп, тәуелсіз басылым шығара алғандығымен ғана байланыстырады ("Яш Түркістан" журналы, 1929-1939-жж. Берлин). Солай екендігі де рас. Эмиграциядағы отандасымыз отарлық тәуелділік кезеңінде барлық Түркістандықтың жүрегінде жиналып қалған ой-арманын осы басылым арқылы еркін айта бастағаны анық. Бірақ Мұстафа Шоқайұлының бұдан да басқа сіңірген еңбегі аз емес. Солардың бірі - оның ұлт зиялыларының ғасыр басындағы қоғамдық-саяси қызметін ашық талдауға алғандығы. Мұндай жұмысты саяси қыспақта қалған азаттық қозғалыстың басқа көсемдері (мәселен, Ә.Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы) жасай алмайтын күйде еді. М.Шоқайұлының пікірінше, саяси күрес тәжірибесі аз ұлт зиялылары орыс демократиясына (мейлі ол оңшыл немесе солшыл болсын) сеніп және оның соңынан еріп алданды. Ендігі кезеңде азаттыққа жеткізетін жол Түркістандық азаттық күштердің бірлігі және олардың тыстан төнген империялық зорлыққа қарсы күресуші басқа күштермен ынтымақтастығына тәуелді еді. М.Шоқайұлының баға жеткісіз еңбегінің бірі, әрине, оның Кеңестік биліктің Түркістандағы отаршыл саясатын ымырасыз сынға алғандығы. Оны тура осы еңбегі үшін коммунистік идеология "Отанын сатқан опасыз" деп жариялады. Ал бүгін біз "Яш Түркістанның" кез келген бетін аша отырып М.Шоқайұлы сынының әділ екендігіне көз жеткізе аламыз. Өзінің қайсар, жігерлі еңбегі арқылы М.Шоқайұлы Түркістан зиялыларының еркін ойын білдіруші ірі тұлғаға айналып қана қойған жоқ, сонымен бірге Тұтас және Азат Түркістан идеясының жаңа тарихи кезеңдегі үні де бола білді. Егер бүгін Тұтас Түркістан идеясы әлі де болса тірі және Түркістандықтардың белгілі бір бөлігі өз болашағын осы идеямен байланыстыра қарайды десек, сол үшін біз ең алдымен Мұстафа Шоқайұлына қарыздармыз. Ұлттық кадрларды жүйелі түрде ылғи да саяси қудалауға алып, тазалап отыру, әсіресе, 1937-1938 жылдардағы оның ең белсенді және кемел бөлігін репрессиялау саясаты саяси элитаның азып-тозуына алып келді. Ал соғыстан кейінгі кезеңде Қазақстанда басшы кадрлардың "жаңа советтік генерациясы" қалыптасты. Біздің пікірімізше, оның қызметіне мынадай ортақ белгілер тән: 1. Алдыңғы, прогресшіл тәжірибе ретінде Ресей өмірінде іске асырылған шаралардың бәрі түгелдей Қазақстанға да жарамды, сондықтан да олар сол күйінде қабылдануға тиіс. Егер СОКП Орталық Комитетінің директивалық мазмұндағы қаулылары мен шешімдері қайсыбір ұлттық республикаларда, мәселен, көрші Өзбекстанда жергілікті ерекшеліктер мен мүдделерді есепке алу арқылы енгізіліп жатса, Қазақстанға келгенде олар ешқандай да ауытқусыз, тура сол Ресейдегідей күйде, мүмкін, одан да тезірек мезгілде іске асырылып жатты. Сондықтан да Қазақстан одақтас республикалардың ішінде Мәскеу үшін ең сенімді республикалардың біріне айналды, ал оның басшылары сталиндік кезеңнен кейінгі уақытта Кремль бөлмелерінде айтарлықтай үлкен сенімге ие болды. 2. Басым бөлігі диалектикалық және тарихи материализм, саяси экономия және СОКП тарихы көлемінде партиялық-саяси біліммен қаруланған кеңестік-партиялық номенклатура өз халқының Қазан (1917) революциясына дейінге жүріп өткен тарихи жолына, жиған тәжірибесіне тәкаппарлық танытып, менсінбей жоғарыдан қарады. Мәскеулік басшылар сияқты жаңа номенклатура да қазақ елінің нағыз тарихы Қазақстанға орыс переселендері көшіп келіп орналасқан уақыттан бергі кезеңде басталады, ал қазақ даласының "гүлденген өлкеге" айналуы социализм идеяларының іске асуы және СОКП қызметінің тікелей нәтижесі ретінде қабылдады. Кеңестік номенклатураның ұлттық рухани құндылықтарға қатынасы да осы мазмұнды болды. Отбасында еуропалық, орыс мәдениетінің құндылықтары дәріптеліп, ал шығыстық, ұлттық мәдениеттің құндылықтары исламның гуманистік принциптері күні өткен ортағасырлық, феодалдық мәдениеттің сарқыншақтары ретінде кейінге ысырылды. 3. "Тоқырау жылдары" атанған тарихи кезеңде кеңестік-партиялық номенклатура "коммунистік болашаққа" сенімсіз қарай бастайды. Социалистік дамудың ертеңінен үмітін үзе бастаған ол, енді жай қатардағы коммунистік номенклатураға біржола айналып, тоталитарлық тәртіп берген әлеуметтік артықшылықтар (ерекше дүкендер, медициналық қызмет, пәтерлер ж.с.с.) үшін күреске біржола араласып кеткен еді. Экономикада және басқа өмір салаларындағы кемшіліктер мен қиындықтардың себебін өз қызметінен іздемей, орталық басшылыққа аудара салу оның үйреншікті әдетіне айналады. Республикалық экологиялық дағдарыс, қазақ елінің өз атамекенінде азшылыққа айналуы, оның рухани мәдениеттің күйзеліске ұшырауы - осының бәрі де жаңа номенклатураның жанына батып, қаперіне де кіріп-шыққан емес-тін. Әрине, мұндай бағаны кеңес және партия қызметкерлеріне түгелдей бере салу әділеттік болмас еді. Бұл мәселеде нақтылық қажет. Элита арасында өз мүддесінен ұлт мүддесін жоғары қоя білген тұлғалар да болды. Олар аз болса да бар-тын. Кеңестік империяның ыдырауы ең алдымен орыстанған, коммунистік идеологияға терең бой алдырған партиялық-кеңестік номенклатураға өте жайсыз тиді, империямен бірге оның бар артықшылықтары мен болашақтан үміті де күйреді. Басқаша айтқанда, кеңестік империямен бірге оның төл перзенті кеңестік-партиялық номенклатура да қайтып оралмас жолға түсті. Дегенмен, өткен дәуірдің, бұрынғы саяси жүйенің ықпалы қоғамдық өмірден бірден жоқ болып кете қоймайтындығы мәлім. Бұл заңдылық белгілі дәрежеде саяси элита қызметіне де тән. Қоғамдық істе жүрген саяси топтың қайсыбір іс-әрекетінен кешегі партиялық-номенклатураға тән әдіс-айланың көрініс табуы, әрине, табиғи құбылыс болса керек. Бірақ жылдар өте оның болмысында, қам-қарекетінде нағыз ұлттық басқарушы элитаға тән қасиеттердің үстем алуы толық ықтимал, солай болуға да тиіс. Басқаша айтқанда, кешегі кеңестік-партиялық номенклатура өз орнын біртіндеп ұлттық басқарушы элитаға берері хақ. Олай болмайынша Қазақстан әлеуметтік қауымдастықта өз орны, тек өзіне ғана тиесілі дербес өсіп-өркендеу бағыты бар тәуелсіз мемлекетке айнала алмайды. Бұл пікірді, әсіресе, қоғамдық өміріміздің барлық саласын қамтып отырған реформалық өзгерістерге байланысты айтуға тиіспіз. Мәселен, патшалық және кеңестік жүйелер тұсында Қазақстанда іске асырылған реформалар еш уақытта қазақ қоғамының ішкі талаптарына сай жүргізілген емес. Оларды даярлау және іске асыру жолдары Петербург пен Мәскеудің отаршыл әкімшілігі кабинеттерінде пісіп жетілген, ал қазақ басқарушы тобының үлесіне тек оларды бұлжытпай орындап отыру ғана тиген.
* * * ХХ ғасырдың соңы, анығырақ айтқанда 1991 жыл әлем тарихындағы ірі империялардың бірі — Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ыдырау жылы болды. Яғни бұл мезгіл ыдырауға ұшыраған одақ кеңістігіндегі өздерінің саяси мемлекеттік тәуелсіздігін алған елдер үшін, әрине, жаңа тарихи кезеңнің басталғандығын айғақтайды. Ғылымда тарихи кезеңдерді анықтаудың өз өлшемдері (критерий) бар. Бұл арада негізгі өлшем ретінде империя құрамындағы ұлттардың мемлекеттік тәуелсіздігіне ие болуын алған жөн сияқты. Кеңестер Одағының ыдырауымен бір мезгілде әлемдік екі саяси жүйенің өзара қарсылық кезеңі де аяқталды. 1991 жылдан бастап социалистік атанған экономикалық және қоғамдық жүйе өз орнын жаңа нарықтық және демократиялық қатынастарға бере бастады. Қорыта айтқанда, 1991 жыл Қазақстан тарихында мүлдем жаңа тарихи кезеңнің басталуымен сипатталады. Енді осы тарихи кезеңнің негізгі ерекшеліктеріне тоқталып өтейік. Кейінгі ұрпақ 1991 жылдан бергі еліміздегі тарихи өзгерістерді талдауға алғанда, әрине, қоғамның экономикалық базасындағы, әлеуметтік құрылымындағы, рухани өміріндегі түбегейлі бетбұрыстарға үңіле қарайтын болады. Дегенмен, негізгі назар мемлекеттік құру ісіне, басқарушы элитаның осы жолдағы қол жеткізген табыстары мен жіберіп алған қателіктеріне аударылатын болады. Өйткені мемлекеттік мәселесі, оның шешілу деңгейі шешімін табуы басқарушы саяси элита қызметінің тура осы тарихи кезеңдегі басты өлшемі екендігі анық. Міне, осы тұрғыдан алғанда мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың, оның соңына ерген саяси басқарушы топтың жаңа сападағы мемлекет құру қызметі қазақ тарихының бұдан бұрынғы кезеңдерінің ешқайсысымен де салыстыруға келмейді. Өйткені Жәнібек пен Керей сұлтандардың (XVІІ ғ.), Қасым хан (XVІ ғ.) мен Тәуке ханның (ХVІІ-ХVІІІ ғғ.), Абылай ханның (ХVІІІ ғ.) тұсындағы хандық мемлекеттік құрылымдардың қазақ ұлты мен оның территориясының, мәдениеті мен ұлттық санасының қалыптасу процесінде үлкен рөл атқарғандығын айта отырып, сонымен бірге ол билік жүйелерінің қазақ қоғамының үдемелі экономикалық дамуын, территориялық тұтастығы мен саяси тәуелсіздігін қамтамасыз ете алмағандығын, соның нәтижесінде Қазақстанның екі жарым ғасырдан артық мерзім отарлық кіріптарлыққа ұшырағандығын мойындауға тура келеді. Сондай-ақ хандық билік мемлекеттіктің негізгі көріністері болып табылатын басқару аппаратын, оның шенеуніктерін, ұлттық әскер және басқа элементтерін қалыптастыру ісінде де әлжуаздық танытқандығы мәлім. ХVІІІ-ХХ ғасырларда қазақ халқы мемлекеттік билікке жатсына, жатырқай қарады. Өйткені мемлекеттік билік өзгенікі еді. Орыс мемлекеттік жүйесі қазақ халқының түпкілікті мүдделерімен санаспады, қазаққа бұратана, жат жұрт есебінде қарады. Кеңестік билік өзін халық билігі жариялап, мемлекет пен халық арасындағы бұрынғы алшақтықты жоюға тырысқанымен, көптеген мәселелерде (мәселен, өнеркәсіпті дамыту, кадр даярлау, дін, ұлттық салт-дәстүр, тіл т.б.) ол ұлыдержавалық ұстанымнан кете алмады. Міне, осы тарихи контексте Н.Ә.Назарбаев бастаған ұлттық саяси элитаның бүгінгі мемлекеттік құру қызметі, салыстырмалы түрде алғанда, тегіс жерде іргетасынан бастап шатырына дейін жаңадан үй салумен теңестіруге болады. Он жылдан сәл ғана артық мезгілде: 1. Тәуелсіз, әлемдік қауымдастық ресми түрде мойындаған қазақ мемлекеттігі өмірге келді. 2. Оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құрылған қарулы күштері, ұлттық ақшасы мен ұлттық банкі бар. 3. Елдің нарықтық қатынастарға негізделген, жылына 9-12 пайыз өсу жолында тұрған, тұрақтанған экономикасы бар. 4. Қазақ жерінде демократиялық принциптерге сүйенген мемлекеттік басқару жүйесі қалыптасып келеді. Қабылданған Конституция (1995 ж.) азаматтардың негізгі құқықтарын қамтамасыз етеді. 5. Қазақстан – көрші елдермен шекаралық қатынасын анықтап, өз ішіндегі түрлі ұлт өкілдері арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа қол жеткізген ел. Өтпелі тарихи кезеңдердегі қоғам өміріндегі өзгерістер билік басындағы жеке тұлғалардың қызметімен тығыз байланыста қаралатындығы белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлт тарихының аса жауапты да шешуші кезеңінде саяси билікпен бірге саяси жауапкершілікті де өз мойнына алып, асқан жауапкершілікпен қолындағы саяси билікті негізгі мақсатқа, яғни мемлекет құру ісіне жұмсай білді. Саяси лидер ретінде оның қызметіне баға берілгенде, осы негізгі өлшем есепке алынатын болады. Қорыта айтқанда, қазақ жерінде ұлттық мемлекет құру ісі тұңғыш рет өз шешімін тапты деп айтуға толық негіз бар. Ең кем дегенде соңғы үш ғасыр бойы бірнеше буын аға ұрпақтың ең таңдаулы өкілдері осы ұлы мақсат үшін тер төгіп күресіп келді. ХХ ғасырдың соңында және ХХІ ғасырдың бастапқы кезеңінде бұл тарихи мақсат өмірлік шындыққа айналды. Отан тарихында қазіргі заман аталатын бүгінгі тарихи кезеңнің ең басты ерекшелігі, міне, осы. Басқарушы топтың, ең алдымен елбасының қоғам өміріне жаңа сапа беру жолында тұрғандығын, сондай-ақ бұл істе отандық және әлемдік тәжірибені ұштастыра білуге ұмтылысы анық байқалады. Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздіктің он екі жылдығына арналған баяндамасында: "Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын ізденістерден кейін елге өтпелі кезеңде қандай модель керек екенін мен түпкілікті түсіндім. Мен оны былайша сипаттар едім: алдымен экономика, содан кейін саясат. Барынша ырықтанған, ашық және бәсекелі экономика. Қиын, алайда елге қажетті, бірақ шок туғызатын емес, реформаларды жүргізе алатын күшті, орталықтандырылған, халықтың алдында жауапты билік"32. Елбасының жасаған бұл тұжырымы үлкен азапты ізденістен соң жасалған негізгі тұжырым екендігі күмәнсіз. Елімізде өміршең экономикалық және мемлекеттік қоғамдық құрылым қалыптастыруға даярлықтың бар екендігінің көрінісі.
ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЭЛИТАНЫҢ ОТАРЛАУ САЯСАТЫНА ҚАРСЫЛЫҒЫ
Жазба заңдары, олардың іске асуын қамтамасыз етерлік тұрақты, жүйелі шенеуніктік мемлекеттік аппарат қоғамдық пікірді қалыптастыруға бағытталған отырықшы мәдениеттерге тән түрлі хабарламалық құралдардың мүлдем жоқ жағдайында рухани мәдениеті ауызекі дәстүрге негізделген көшпелілер қоғамында айтылған сөз ерекше мәнге ие болды. Ортағасырлық Майқы және Жиренше, "Ақтабан шұбырынды" дәуіріндегі Төле, Қаздауысты Қазыбек, Бұқар сияқты шешен, би, жыраулардың айтқан сөздерінің қоғамдық пікірді қалыптастырудағы аса үлкен орны, сондай-ақ олардың өздерінің тікелей саяси қызметпен айналысуы арасындағы байланыстың болуы кездейсоқ құбылыс емес-тін. Бұл – көшпелілер мәдениетіне тән қоғамдық қатынастар ерекшелігінен және оның өзіне ғана тиесілі әлеуметтік және рухани заңдылықтардан туындайтын шындық. Міне, осыған байланысты қазақ шешен, билерінің, ақын-жырауларының айтқан сөзіне, қалдырған мұрасына тек көркем сөз туындысы ретінде ғана емес, сонымен бірге қоғамдық ойдың үлгісі есебінде де қарау, сол тұрғыдан ғылыми талдау жасау - олардың табиғатынан туындайтын методологиялық қажеттілік. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ әдебиетінің алтын дәуірі ХХ ғасырдың бас кезіндегі Ахмет, Міржақып және Мағжан шығармалары да бұл талаптардан тыс қала алмайды. Өйткені бұл кезеңдегі шығармашылық иелерінің туындылары - көтерген қоғамдық жүгі жағынан Бұқар, Дулат, Абай сияқты түрлі тарихи кезеңдердегі ойшылдардың шығармалары мен логикалық жалғасы бар, пайда болған ортасы, соған сай атқарған қызметі тұрғысынан да өзара тығыз байланысты дүниелер. ХVІІІ ғасырдағы Бұқар жырау да, ХХ ғасырдың бас кезіндегі Ахмет, Міржақып, Мағжандар (революцияға дейінгі кезеңде) да негізінен феодалдық қатынастар үстемдік құрған қоғамының өкілдері. Айырмашылығы Бұқар жырау гүлдену шегіне жеткен феодалдық қатынастар жағдайында, кейінгілері өзін өзі ақтаудан қалған, оның үстіне капитализмнің ықпалымен ыдырау жолына түскен феодалдық қатынастар жағдайында, Бұқар жырау Қазақстанның Ресейге енді қосыла бастаған шағында, ал Ахмет, Міржақып, Мағжандар метрополия мен отар арасындағы қайшылықтар асқынған жағдайында ғұмыр кешті. Қазақ қоғамы тарихында өзара айырмашылығы бар бұл түрлі тарихи дәуірлердің аталған ойшылдардың шығармашылығына да әрқилы әсер еткенін мойындай отырып, сонымен бірге ортақ қоғамдық құбылыстардың идеялық өзектестікке де негіз болғандығы даусыз. Қазақ халқы тарихының күрделі кезеңіне тұтас келетін Қалқаманұлы Бұқар жыраудың (1668-1781) шығармашылығы да өз заманындай қайшылықты. Өзінен бұрынғы ақындық мектептердің озық үлгілеріне негізделген жырау толғауларына бұдан былайғы тарихи кезеңдерде қазақ ақын, ойшылдары үшін де дәстүрлі тақырыпқа айналған мынадай екі өзекті мәселені байқаймыз. Олар "Ақтабан шұбырынды" оқиғасынан кейін қазақ қоғамы алдына көлденең тартылған өзекті мәселелер — отарлық тәуелділікке ұшырау қаупі алдында бүкілхалықтық бірлік үшін күрес қажеттілігі және Ресеймен қатынастың бағыт-бағдары еді. Бұл екі мәселенің алғашқысына байланысты Бұқардың ұстанған және өзі жалынды насихатшысы болған позициясы көрнекті замандастары Төле және Қаздауысты Қазбек билердің ұстанған бағытынан алшақ емес, қайта олардың ортақ игі ниеттен және тілектен туғандығы айқын байқалып отырады. Бұл тұрғыдан "обаға жығар еріңді жалғыз аяқ қашпа жол" деп білген жырау қоғамдық ойда және позицияда ұлттық бірліктің алғашқы ірі жаршыларының бірі болды. Жырау өзінің тағы бір белгілі замандасы, қазақ жасақтарының қолбасшысы Бөгенбай батыр қызметін де бір рудың немесе жүздің шеңберімен шектемей, "еңбек қылған ел үшін, қазақтың абырой-арына сарып қылған бар күшін", - деп бағалады. Бұл қазақ қоғамдық ойының сапалы жаңа сатыға, яғни ұлттық тұтастықтың маңызын өз деңгейінде бағалау және ол үшін бүкілхалықтық көлемде күресу қажеттігін мәселе етіп қою сатысына көтерілгендігінің көрінісі болатын. Жырау шығармашылығының өз дәуіріндей күрделілігі мен қайшылығы патшалық Ресеймен қатынасты қозғайтын толғауларынан анық байқалды. Өйткені Бұқар өмір сүрген уақытта Ресей мен қазақ қоғамы арасындағы жаңа ғана басталған қатынастың жағымды жағы мен патшалық отарлау аппаратымен ілесе келген жағымсыз зиянды элементтердің араласа жүруі қоғамдық ойда да қайшылықты ағымдар туғызған-ды. Жырау толғаулары соған куә. Ресей сияқты қуатты мемлекетпен бейбіт, жылы қатынастың берер пайдасын жақсы түсінген ойшыл, Абылай ханға Ресей ұлы жұрт, "орыспен соғысып, басына мұнша көтерген жұртыңа жаулық сағынба" дейді. Сонымен бірге елінің болашағын ойламайтын парасат иесі жоқ. Патшалықтың отарлау саясаты қиын-қыстау заманда ел ақылшысы дәрежесіне көтерілген жыраудың көңіліне күдік салады. Мұның да табиғи құбылыс екендігін ешкім жоққа шығара алмас. Ханның өтініші бойынша Асан Қайғының "қилы-қилы заман болады, қарағай басын шортан шалады" деген астарлы афоризмінің шешімін айта келіп, жырау:
...Қарағай судан қашып,
Шөлге біткен бір дарақ.
Шортан шөлге шыдамсыз,
Балықтан шыққан бір қарақ,
Ойлама шортан ұшпас деп,
Қарағайға шықпас деп.
Күнбатыстан бір дұспан,
Ақырда келер сол тұстан.
Майлы май жағар ұртына,
Ел қамын жеген жақсыны
Сөйлетпей ұрар ұртына, -
дейді.
Әрине, патриархалдық-феодалдық қатынастар мен идеология үстемдік құрған заманда өмір сүрген жыраудың "ел қамын жеген жақсы" деп отырғаны хан мен оның соңына ерген билеуші шонжарлар екендігі даусыз. Дегенмен жыраудың айтпақ ойы басқа, яғни отарлау саясатының негізгі мұраты саяси бостандықтан, теңдіктен айыру екендігін жеткізу болса керек. Осы мақсатта бағындырушы қолданатын саяси әдістерді де көрсеткендей еді. Жырау жауабы іс жүзінде қазақ даласына тереңдей еніп келе жатқан патшалықтың отарлау саясатына, оның қазақ қоғамы үшін тиімсіз нәтижелеріне қарсы бағытталған қоғамдық ойдағы жаңа бағыт болатын. Ал осы Бұқар заманында отаршылдық саясат тек төбесін ғана көрсеткені болмаса, бет әлпетін әлі толық танытқан жоқ-тын. Бұқардың толғауында дөп басып, дәлелді айтудан гөрі жорамалдау, тұспалдау басым болуы да сондықтан. Дегенмен Қазақстандағы отарлау саясатының бет-бағдары осы тарихи кезеңнің өзінде-ақ анықтала бастаған-ды. Оның негізгі бағыттары — ішкі феодалдық өзара алауыздықты ұтымды пайдалана отырып, қазақ қоғамы көлемінде мемлекеттік бірліктің қалпына келуіне жол бермеу, саяси анархияны қолдау, сол арқылы қазақ қоғамын әлсірету. Тек осы қазақ қоғамын саяси әлсірету саясаты патша үкіметіне қазақ даласына кең түрде тереңдей енуге жол ашып берген еді. Бұл саясаттың астарын өмірінің соңына қарай жарым-жартылай түсіне бастаған, бірақ оны қайткен күнде де өзінің тар хандық мүддесіне пайдаланудан бәрібір бас тартпаған Әбілхайыр хан 1747 жылы Ресей патшасы Елизаветаға жолдаған хатында былай деп жазды: "Сию Кайсацкую Орду прежде моего подданства никто не знал и не нахаживал, но прежде всего всех сию дорогу проложил я, нижайший, а по мне и дети мои чин себе выслужили. Но мне год от годы высочайшая вашего и. в. милость и награждение убавляется, а кои нижние мои, те возвышаются, незнаю от чего". Ресейдің Қазақстанға қатысты саясатының қайнар басында тұрған И.И.Неплюев Әбілхайыр өлгеннен кейінгі кезеңде де хандық билікті астыртын ыдырату саясатын одан ары жүргізуді ұсынды. Ол сыртқы істер коллегиясына жолдаған хатында бұл міндетті іске асыру жолдары туралы: "А по крайне мере ныне для первого случая сим начать, чтобы они учинили выбор по старшинству и народному желанию, кому на место Абулхаирово ханом быть, высочайшемуся и.в. милости и апробации подвергнулись и сей метод до времени продолжить...", - дейді. Бұл арада егер хан помещиктік Ресейге қазақ даласын қолынан жетектеп әкеліп қосып, өзіне шен-шекпен алып, ұлы хан тағына отыруды көздесе, өз кезегінде патшалық ханның емеурінін жақсы түсінгенімен, бірақ өз мүддесінен бас тарта қоймағандығын, яғни алғашқы жылдардан-ақ қазақ қоғамының саяси тәуелсіздігін біржола жоюды көздегендігін байқау тіптен де қиын емес. ХVІІІ ғасырдың бел ортасында Неплюев ұсынған бұл стратегиялық әдіс кейіннен өз жалғасын тапты деп айту аз, ол Шортанбай ақын айтқандай, саяси "торға" айналды. Егер Бұқар жырау заманында отарлау саясаты қалыптасу кезеңінде болса, ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында, яғни Дулат Бабатайұлы (1802-1874) және Шортанбай Қанайұлы (1818-1881) сияқты қоғамдық ой өкілдері тұсында нақты жүйелі күшке айналып үлгерген еді. 1819 жылы Уәли ханның қайтыс болуына байланысты жазылған ресми документте мынадай деп көрсетілді: "Избрание нового хана до времени отклонить ...Ни в коем случае не должно допускать, чтобы султаны и старшины сами собою, без дозволения и без руководства, приступили к выбору хана". Ал 1822 және 1824 жылдары енгізілген уставтар бойынша Орта және Кіші жүз жерлерінде хандық билік біржола жойылды. Сөйтіп, қазақ қоғамындағы саяси биліктің бүтіндей орталық әкімшіліктің қолына өтуі патшалықтың қазақ жеріне өз билігін орнатты, қазақ-орыс шекара бойы бекініс қала қоныстардың түсуі, жаңа тәртіппен бірге халықты тонауға бағытталған сауданың, түрлі алым-салықтың құйтырқы әдістерінің келуі, патшаның "шекпеніне елін сатқан" жергілікті феодалдардың өз халқына қарсы жасаған әрекеттері — осының бәрі қоғамдық ойда "Зар заман" аталған ағымды туғызбай қоймады.
"ЗАР ЗАМАН" АҒЫМЫ өкілдері өз шығармашылығында қазақ қоғамының сол кездегі екі жауын айшықтап көрсетіп берді. Олар, біріншіден, қазақ даласын, оның мекен еткен елді билеп-төстеуді мақсат еткен самодержавиелік билік, онымен бірге ере келген, онсыз да алауыз қоғамды бөліп, жаруға қызмет еткен тәртіптер болса; екіншіден, сол жаңа билікпен ымыраға келіп, оның арзан, жалдамалы құлына айналып, түптеп келгенде, еңбекші бұқараны сыртқы жаумен бірге соруға ықыласты жергілікті бай, сұлтан, атқамінерлер еді.
Елден бірлік, береке кетсе, оған кім кінәлі? Дулат оның себебін ата жолы – тәуелсіздік үшін күрес жолынан тайқып, ендігі уақытта ел арасы дау-жанжалмен күн көруге ойысқан сұлтандардан көріп:
Қазіргі қазақ ұлығы,
Жаман иттен несі кем,
Жемтік көрсе, қан көрсе,
Айырылар мүлде есінен.
Сендер атқа мінген соң,
Тандыр болып суалды,
Шалқар көлдей несібем, -
дейді.
Ақынның тұжырымы бойынша, жақсы хандар кешегі Ресей империясы құрамына біржола енгенге дейін елдің саяси, мемлекеттік бүтіндігі үшін күрескендер, хандық биліктің басы бола алғандар. Демек жақсы хан - мемлекеттік тұтастық пен тәуелсіздікті сақтай алғандар. Ал мемлекеттік бірлік бар жерде саяси береке бар:
Қарағысыз ел мен жұрт,
Төрелік түскен дағыңа.
Ие болмай айырылдың
Атаңның алтын тағынан,
Қара толқын жау толды
Шығыс, батыс жағыңнан.
Бұл – феодалдық тәртіп үстемдік құрған отарлық езгі ене бастаған қоғамда өмір сүрген ойшылдың дүниетанымы. "Зар заман" мектебі ақындары жырлаған ойдың өзегі - орталық әкімшілік қолына біржола өткен жерді жоқтау. Дулат пен Шортанбай бұл пікірді белгілі дәрежеде билеуші топтар тұрғысынан білдіргенімен, олардың шығармашылығына тән жалпы халықтық мүддені, сол тарихи кезеңге тиесілі қоғамдық ойдағы үрдісті жоққа шығару қисынсыздық болар еді. В.Г.Белинский айтқандай, "әдебиет - халық танымы, одан оның өмірі, рухы айнада шағылғандай көрініс таппақ". Егер Шортанбай туған жер туралы: "Адыра қалғыр Сарыарқа, болмайын деді баянды"; Дулат бұқара халық туралы: "Хайуанмен тең саналдың, терідей болып тоналдың, жол таба алмай қиналдың"; Мұрат: "Үш қиянның арғы бойынан, жеті жұртың кеткен жер, қайырсыз болған неткен жер?!" - десе, бұл тұжырымдардың ар жағынан жерінен, ұлттық саяси еркіндігінен айырылып, жаңа кезде әлеуметтік, шаруашылық жағдайы бұрынғыдан да төмендеп, тығырыққа тіреліп, шығарға жол таба алмай, қиналған халықтың ауыр халін көреміз. Сонымен бірге Шортанбай, Дулат, Мұрат шығаршылығы арқылы халықтың жалпы ұлттық көлемде өзінің отарлық тәуелділік жағдайын сезінуі және түсінуі болатын. Шортанбай, Дулат, Мұрат шығармашылығында бұлыңғыр болса да сол кездегі отарға айналған Қазақстан үшін шарасыздықтың не екенін түсіну бар. Бұл – даусыз факті. Патша әкімшілігі – енді Бұқар заманындағыдай беймәлім, бұлыңғыр емес, көзбен көріп, жүрекпен сезінуге боларлық нақты, шындыққа айналған күш, оған күшпен қарсы тұру мүмкін емес. Тіптен қарсы тұрарлық елдің халі де жоқ; ауызбірлік кеткен, өзара алауыздық үстемдік алған, елдің атқамінер "жақсылары" сұлтандық, болыстыққа таласып, "алтын тұғыры ағашқа" айналып, "қан шықса, елін жұлмалар қасқырменен аралас" халге жеткен. Қолға қылыш, найза алып, атқа отырып, батырлық құрар, Мағжан айтқандай, "ер заманы" XVІІІ ғасыр өткен. Өз ретінде Шортанбай:
Енді еркіндік заман жоқ.
Дұшпанның құрған торы бар.
Ендігі жүрген жігіттің,
Маңдайында соры бар, -
Деп осы жағдайды нұсқады.
XІX ғасырдың алғашқы жартысы — Қазақстан үшін тарихи кезең, яғни шектеулі болса да саяси еркіндіктен біржола айырылып, отарлық ахуалдың, саяси тәуелділіктің дәм-тұзын тату кезеңіне қадам басу уақыты. Егер бұл уақытты белгілі бір дәрежеде өтпелі кезең ретінде алсақ, саяси дербестіктен отарлық тәуелділікке өтудің өзіне лайық рухани әлемі болатындығы мәлім. Яғни саяси тәуелділіктің бұғауы алқымына бата бастаған қоғамның рухани күйінің көтеріңкі болмайтындығы өзінен-өзі түсінікті. Міне, осындай жағдайда Дулат, Шортанбай, Мұрат шығармаларының негізгі міндеті көркем ой тілімен өлкедегі жаңа қалыптасқан саяси ахуалға сай қазақ жұртына ой салу, жаңа орныққан тәртіп түпкілікті үстемдік алған жағдайда болашақта қоғам ретінде жойылу қаупіне нұсқау болатын. Ғылымда "Зар заман" атанған бұл мектеп әдебиеттің гуманистік табиғатынан туындаған, халықтың санасына қозғау салып, саяси-әлеуметтік ахуалды түсінуге көмектескен шығармашылық әдіс те еді. Ресей империясының шет аймақтарындағы отарлау саясатын оның ішкі әлеуметтік-экономикалық және саяси құрылысынан бөліп қарауға болмайды. Мәселен, Ресейде бүкіл Еуропа көлемінде алып қарағанда крепостниктік тәртіптің ең анайы түрінің ұзақ уақыт салтанат құрғандығы және оның орыс қоғамының үдемелі дамуына кері әсерін тигізіп, терең із қалдырғаны мәлім. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда шарықтау шегіне жеткен бұл тәртіп отарлау процесінің сипаты мен бағыт бағдарына да өз ықпалын тигізбей қоймайды. Қазақстан сияқты жаңа өкілдерді игеруде ұлттық қанаудың, бағынышты етудің өте нәзік әрі құйтырқы әдістері қолданылды. Оның ең негізгі көріністерінің бірі, жоғарыда айтылғандай, қазақ қоғамындағы хандық биліктің, өзін-өзі басқарудың ең төменгі және қарапайым буындарының бәрінің жойылуы еді. Бұл мақсатына ол бар болғаны бас-аяғы жүз жылдан кем мерзім ішінде жетті және оның мынадай салдары болғанын білу артық емес. Ресейдің ішкі қоғамдық дамуында самодержавиелік билік қаншалықты кедергі болса, Қазақстан үшін де хандық биліктің прогрессивті саяси құрылыс бола қоймағандығы өзінен-өзі түсінікті. Дегенмен, өмір диалектикасы көрсетіп бергендей, ұлттық саяси тұтастық, тәуелсіздік болмаған жерде қоғамның саяси-экономикалық дамуы мешеу күйде, халықтың өзін-өзі тану санасының күйзеліске ұшырайтындығы даусыз. Қазақ халқы ХVІІІ ғасырда, одан кейінгі кезеңдерде де бір саяси орталыққа біріктіре алатын қуатты мемлекеттік бірлікке мұқтаж болды. Халық аңыз, жырларында Есім, Тәуке хандар билік құрған тарихи кезеңдердің дәріптелуінің бірден-бір себебі де ол кезеңдерде "қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған" жарасымдылық болғандықтан емес, (өйткені әлеуметтік әділетсіздік антагонистік қайшылықтарға негізделген қоғамдардың бәріне бірдей тән) мемлекеттік, саяси тұтастық болғандықтан; аласапыран, жер үшін талас, теңдік, еркіндік үшін арпалысқан күрес, қоғамаралық қарабайыр қатынастар үстемдік алып тұрғанда мемлекеттік бірлік қажеттігін бүкіл ел көлемінде ұғынудан еді. Моңғол, кейіннен жоңғар басқыншыларымен жүргізілген қорғаныс соғыстарының (мемлекетке ұйымдасқан қазақ халқының) тек үстемтаптық қана емес, белгілі дәрежеде жалпыхалықтық та мәселе болғандығын кім жоққа шығара алады? Басқаша айтқанда, ұлттық байланыстардың, сананың нығаюы мемлекеттік бірлікке тікелей тәуелді. Егер қазақ қоғамы рулық, жүздік айырмашылықтар деңгейінде ұзақ мерзім қалып қойған болса, оның да бірден-бір себебі - шаруашылықтың табиғи сипатымен бірге ұлттық-мемлекетік тұтастықтың болмауында еді. Міне, осыған байланысты патшалықтың саналы түрде қазақ қоғамының түрлі әлеуметтік топтары тарапынан ұлттық тұтастыққа ұмтылушылық тенденциясына қарсы "бөлшекте де билей бер!" саясатын жүргізу, объективті тұрғыдан ұлттық масштабта саяси бірлікті алыстата түсетін реакциялық әрекет болатын. Патшалықтың осы сипаттағы саясатын терең түсінген авторлардың бірі, белгілі тарихшы М.П.Вяткин: "Фактически это политика... была политикой поддержки анархии, государственного развала и значит, ослаблении казахских жузов... Только это политическое ослабление казахского общества и позволило царскому правительству развернуть широкое наступление на казахские жузы", - деп жазған еді. Ресейдегі ішкі қоғамдық крепостниктік тәртіптің отарлау саясатындағы келесі көрінісі мемлекеттің шет аймағына, соның ішінде Қазақстан жеріне өзінің ешқандай шектеусіз меншігін орнатуы болды. ХVІІІ ғасырдың 40-60-жылдарында-ақ үкіметтік актілер бойынша қазақтарды өмірлік қажет жайылым, өзен мен көлдерден айырудан басталған бұл саясат XІX ғасырда қазақ жерлерін патшалықтың иелігіне өткендігін жариялаумен (1822; 1868 жылдардағы заңдар) аяқталды. 1891 жылы өз күшіне енген "Далалық ережеден" мынандай бапты оқуға болар еді: "119. Земли, занимаемые кочевьями и все принадлежности сих земель, в том числе и леса признаются государственными". Басқаша айтқанда, қазақ жерлері шын мәніндегі мемлекетке біріккен орыс крепостниктерінің меншігіне айналды. Сонымен, ұзақ ғасырлар бойы орыс шаруаларының жерін түрлі жолдармен тартып алып, өз меншігіне айналдырып келген крепостник-помещиктер енді қазақ жерінің үстінен де сондай құқыққа ие болды. Столыпин реформалары тұсында (XX ғасырдың басы) бұл саясат өзінің шарықтау шегіне жетті. Ғалымдардың есебі бойынша, 1917 жылға дейін патша үкіметі шамамен 40 млн. десятина қазақ жерін ішкі Ресейден келіп қоныстанушы шаруа мен казактарға үлестірді. Бұл - жергілікті тұрғындардың үлесінде қалған 212 млн. десятина жермен салыстырғанда, егіншілікке қолайлы өзен, көл жағалаулары, яғни басым бөлігі шөл және жартылай шөлейт қазақ даласының ең құнарлы бөлігі. ХХ ғасырдың басында қалыптасқан бұл жағдай дәстүрлі қазақ шаруашылығының терең дағдарысқа ұшырауына негіз болған еді. Сондай-ақ бұл саясат рухани отарлау, шоқындыру, билеуші мен кіріптар арасындағы психологиялық стереотиптерді біртіндеп тереңдеп енгізумен қатар жүрді. Міне, осы факторлар ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамдық ойының азаттық қозғалысының жаңа сапаға көтерілуіне себеп болды және олар бүкілдүниежүзілік антиимпериалистік күрес барысында дамыды. Ол жөнінде В.И.Ленин: "Дүниежүзілік капитализм мен 1905 жылғы орыс қозғалысы Азияны біржолата оятты. Езілген ортағасырлық тоқырауда тағыланған жүздеген миллион халық оянып, жаңа өмірге, адамның ең қарапайым қақылары жолындағы, демократия жолындағы күреске ұмтылып отыр", - деп жазды. ЖАҢА ТАРИХИ КЕЗЕҢДЕ заман талабына лайық қазақ азаттық қозғалысының басына мүлдем жаңа әлеуметтік саяси күш - ұлттық интеллигенция келді. Ол өзіне ту етіп кезінде ұлы француз буржуазиялық революциясы көтерген БОСТАНДЫҚ, ТЕҢДІК, ТУЫСҚАНДЫҚ ұрандарын алды, ал ол мақсатқа жеткізетін жол - халықты ағарту, біріктіру деп түсінді. Сондықтан да ұлттық интеллигенцияның бұл буыны қоғамдық-саяси жұмыс пен ағартушылық қызметті тең алып жүрді; бұлардың екеуі де ең негізгі мақсат ұлттық дамуға, өркендеуге жұмсалуға тиіс болды. XX ғасырдың басында жаңа ғана пайда болған қазақ публицистикасының тез арада қатайып, нысанаға дәл тиіп жатуының да бірден-бір себебі соған байланысты еді. Ғасырдың басында қазақ интеллигенттерінің күшімен жаңа ғана бой көтерген баспасөз, орыс, татар баспаханаларында жарық көрген түрлі кітаптар алғашқы қадамдарынан бастап-ақ қысыр қиялдан, күйректіктен іргесін алыс салады. Керісінше, қазақ қоғамының өткен жолын аяусыз, қатаң саралап, әлеуметтік мерездерін сынап, мінеді. Бірі: "Өзге жұрттар ілгері басқанда, қазақ кері басқан. Ханы надан, халқы надан жұрт мықты мемлекеттің жанында өз алдына хан болып тұруға көп күш керек екен; ол күш алтыбақан алауыз қазақта болмаған", — десе (А.Байтұрсынов), екіншісі: "Бұрынғы хандарың да, бұрынғы билерің де осы күнгі атқа міндім деп жүрген өздеріңдей еді. Қазақтың бұрынғы басшыларында әділдік-береке болса, бұ күнде қазақ бұл күйде болар ма еді?" - деп, ащы шындықтың өзін айтты (Ә.Бөкейханов). Қазақ қоғамының әлеуметтік дертін байқап-тануда және оларды сынға алуда ғасыр басындағы қазақ ойшыл, жазушылары Абайдан үлгі алды, өздерін ұлы ақынның шәкірті санады. Бірақ:
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың", -
деген Абайдың сын мектебі Әлихан, Ахмет, Міржақыптарға қазақ қоғамын терең түсіндіріп, оның ішкі және сыртқы жауларын түстеу үшін ғана емес, ең алдымен оны түбегейлі өзгерту үшін де керек болатын. Бұқар, Шортанбай және Дулаттардың "Заман ақыр" сөздеріне малданып, білімді мен білімнен басқаның бәрі жалған деген кеңесіне "құлақ салып, баға бермей, қисайып" қыңырайған (Мағжан) жұртынан біржолата күдерін үзіп, "есер есірік болмасаң, тіршіліктен пайда жоқ", -деп түйген Абайдың өзі де ағартушылықтан асып, нақты әрекетке ден қоя алмады, осы тұрғыдан алғанда, ол қазақ қоғамдық ойындағы күйректіктің соңғы мектебі еді. Өз жағдайына сын көзбен қарау сапалы өзгеріске өтудің алғышарты, бірақ өту емес. Өту үшін жүйелі іс-әрекет, жігерлі күрес, мұқалмас талап керек. Бұл жаңа буынның, жаңа тарихи кезеңнің үлесіне тиген еді. Қазақ қоғамдық ойына Абайдың артын ала келген Ахмет, Міржақыптар Әбдірахманмен замандас "жаңа жолдың басшысы", қайғы-қасіретке бой алдырудан халықтың халінің өзгермесін терең түсінген, түсініп саналы іс-әрекетке бет алған ұрпақ болатын. Бұлар да ағартушылықтан бастады. Бірақ бұлардың ағартушылығы нақты іс-әрекетке негізделген, халыққа, оның болашағына кәміл сенген, сондықтан да алдымен оның өзін оятуды мақсат тұтқан ағартушылық болатын. Қазақ жұртының ұлттық санасын оятуды көздеген олардың бұл әрекеті тіптен шығарған газет-жұрналдарының да ("Серке", "Айқап", "Қазақ"), кітаптарының да ("Маса,", "Оян, қазақ", "Тұр, қазақ", т.б.) атынан анық байқалып тұрды. Кез келген әдебиеттің ең қасиетті борышы халқының арасына білім тарату, оны үдемелі даму жолына алып шығу болса, ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ көркем ойы бұл міндетін үлкен абыроймен орындай алды. Сондай-ақ мұндай ауыр жүкті көтеріп кете аларлық негізгі шарт азаматтық өресі биік таланттардың болуы десек, ондай таланттарды бұл тарихи кезеңдегі қазақ қоғамы да аз берген жоқ. Бұл тұрғыдан алғанда, ол нағыз қайта жаңғыру дәуірін бастан кешірді десек, ол асыра айтқандық болмайды. Нарманбет ақынның: "Талап етер күн туды, кел, ұйқыдан тұрайық!" (1905 ж.), Ахметтің: "Қазағым — елім, қайқайып белің, сынуға тұр таянып. Талауда малың, қамауда жаның, аш көзіңді оянып!..." - деген азаматтық пен ақындықтың тоғысқан жерінен қайнап шыққан жолдары олармен тұтас қазақ ақын-жазушыларының бәріне ортақ әлеуметтік сарын болатын. Отанын "сарғайған дертсіз ауру", "кең өлке келбет кетіп, мұнар басқан", деп қабылдаған Міржақып өзінің басқа оқыған замандастары сияқты бұл тұйықтан алып шығатын күш біліммен қаруланған жастар деп түсінген:
...Ия Алла! Талапкердің бақытын аш,
Ақ жүрек, пайдалы іспен атағын шаш.
Ұлтына қараңғыда қамаулы өткен
Жарқырап, жарық сәуле болғандай бас.
Мың ділдә білімдінің жалғыз сөзі,
Шаңырқап жұрттың бұған тұрған кезі.
Сен болып бақыт таңы нұр түсірсең,
Серпіліп қайғы бұлты кетер өзі.
Айнымай тұтқан жолың болсын мынау:
АЗАТТЫҚ, АҒАЙЫНДЫҚ, ТЕҢДІК сұрау,
Тайсалмай дұрыстыққа жанды қисаң,
Борышы адамдықтың сонда тұр-ау!
Бұл іс жүзінде ортағасырлық қатынастардан жаңа заманға бет бұрған халықтық қоғамдық мешеулік пен отарлық тәуелділіктегі халін өзінің төл әдебиеті арқылы қорытуы, сондай-ақ онымен шектелмей саналы түрде еркіндік, теңдік сияқты биік міндеттерді алдына мақсат етіп қою еді. Патшалық отарлау саясаты мен феодалдық тоқыраудың заңды нәтижесі есебінде қалыптасқан бұл рухани процесс соншалықты ауыр, азапты жүргенімен, қалай болғанда да ұлттық кемелдік жолындағы аса қажетті қадам болды. Құнарлы топыраққа Әлихан, Ахмет, Міржақыптар тастаған дән текке кеткен жоқ, көп ұзамай қазақ поэзиясындағы еркіндіктің тәңірісі Мағжанның күміс қоңырау үні естілді. Оның жарына арнаған мына жолдары жасандылықтан ада, өзінен жал бойы алда немесе үзеңгілес келе жатқан сол тарихи кезеңдегі қазақ оқығандарының қай-қайсысының болсын аузынан шыққандай оқылуы таңданыс тудырмаса керек;
Жол алыс, жақын үшін жаннан кештім,
Бауырдың халін көріп бейнет құштым,
Құшақта, сүй, күл, жыла, қайраттандыр,
Жан жарым, ұзақ, ауыр жолға түстім.
Немесе белсенді қайраткерлікке шақырған ұрандай оқылатын төменгі жолдар сары уайымнан саналы әрекетке көшудің айқын көрінісі еді:
Ұлт дегенде көпіріп,
Жарайсың, қаным, қайнадың,
Ұлт үшін жаным садаға,
Бекіндім басты, байландым.
Тырнақ астынан кір іздеген секемшілдерге бұл жолдардың кезінде "ұлтшылдықтың манифесіндей" көрінгені де бар. Ал түптеп келгенде, ақын халқын, оның мүддесін өз басынан жоғары қойса да, өзге халықтан жоғары қоюдың нышаны да жоқ. Тіптен ашығын айтар болсақ, бұл шумақтар өмірлік мұратын, соған апарар күрес жолын біржола таңдап алған күрескер азаматтың Отан-Ана алдында берген қасиетті антындай оқылатыны бар. Өз ретінде әлемдік поэзиядан көптеген табиғи ұқсастық келтіруге болар еді, біз солардың біреуінен-ақ үзінді берумен шектелейік. Жоғарыда келтірілген Мағжан жолдары ХІХ ғасырдағы мадияр ақыны Ш.Петефидің "Патриоттық жырын" еріксіз еске салып қана қоймайды, онымен тамырлас, тағдырлас, бір мақсаттағы рухани бауырлардың еркіндік үшін қызу күрес жолында жарыса айтқанындай оқылады:
Жаным менің — биік храм!
Сонда дағы бұл жанды
Қиямын мен өзіңе, Отан,
Қиратам да храмды.
(Аударған - М.Әлімбаев) Бұл арада ХХ ғасырдың басында қайта жаңғыруды басынан өткізген қазақ қоғамдық және көркем ойларының нәтижелерін тізіп жату мүмкін емес. Сондықтан да оқырманның назарын белгілі деген мынадай фактілерге аударарлық. 1916 жылғы патша жарлығына қарсы бүкіл-халықтық наразылық, 1917 жылғы төңкерістік сілкіністер кезіндегі барлық әлеуметтік топтар танытқан саяси белсенділік ең алдымен қазақ оқығандарының, ұлттық көркем ойдың ағартушылық қызметінің ең ірі нәтижелері болатын. Басқаша айтқанда, біз қарап отырған мезгіл революциялық өзгерістер алдындағы ағартушылық кезең еді. Сондай-ақ оның негізгі қорытындылары есебінде ұлттық сананың өсуін және отарлық езгідегі қазақ қоғамын саяси тәуелсіздікке алып шығуды өзінің мұраты етіп қойған "Алаш" партиясының пайда болуы екендігін айтпай өту мүмкін емес.
Өздерінің саяси күрестегі мақсатын Ахмет мына жолдарда дәл берген еді:
Құнсыз болып ереміз,
Жесір болып жеріміз,
"Жан менікі!"- дей алмай,
"Мал менікі!"- дей алмай,
Ит пен құсқа азық ек...
Мұны көріп көзіміз,
Бірігер деп сөзіміз.
Кен болар деп балшықты,
Көл болар деп шалшықты,
Біз үмітпен қазып ек...
Ақпан революциясынан кейін кеше ғана отарлық езгіге қарсы күресте саяси тұтастыққа ұмтылған қазақ қоғамы сол бірлікке жетпей жатып-ақ таптық теңдігіне сай қайта бітпестей екіге бөлініп кетті. Бұл іс жүзінде жаңа қуат ала бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың өзінің логикалық шешіміне жетпестен қоғамдық күрестің ең жоғары және күрделі түрі таптық күреске ұласуы болатын. Әлеуметтік таптық мүддеге байланысты жіктелу, әрине, интеллигенция арасында да жүрді. Бұл процесс сол кезеңге дейін ұлттық қозғалыстың басында келе жатқан интеллигенттер тобы қызметінің жалпы мағынасын төмендету және оларды ұлтқа қарсы қою әрекетіне ұласып отырды. Міржақып қоғамдық ойдағы осы тенденцияға қарсы шығып, негізсіз емес "Қайда едің?" өлеңін жариялады. Онда:
Кешегі қара күндерде,
Жұлдызсыз, айсыз түндерде
Жол таба алмай сенделіп,
Адасып Алаш жүргенде
Бұ күнгі көп көсемдер,
Сұраймын, сонда қайда едің?.. —
деген жолдар да бар еді.
Осы арада даулы бір мәселеге қысқаша тоқталуға тура келеді. Ахмет, Міржақып, Мағжан сияқты қазақ қаламгерлері, тіптен Әлиханның өзі де ұлы Қазан қарсаңындағы қазақ қоғамында таптық айырмашылық, таптық қанау барлығын жоққа шығарған емес, ол туралы еңбектер де жазды. Бірақ олар қазақ қоғамындағы таптық қайшылықтың орталық Ресейдегідей пісіп жетілгендігі, тіпті соған сай тапаралық қақтығысқа өту туралы тезисті қабылдай алмады; мұндай жағдай қазақ шындығында түзілген жоқ деп санады. Оның есесіне қазақ қоғамының саяси тұтастығы, мемлекеттік егемендігі ғана елдің өркендеуіне, өсуіне жағдай туғызады: сондықтан да бұл міндеттер күн тәртібінде бірінші кезекте тұруға тиісті деп түсінді. Соған байланысты олар қазақ бұқарасының большевиктер партиясының соңына еруін де адасу ретінде бағалады. Ахмет: "Аз күндікке алданып, аз нәрсеге жалданып, адасқанын Алаштың түзу жолға түсіру хақ!" - десе, Мағжан "Алаш" қозғалысының нәтижесіз аяқталуын сөнген үмітке, ұзаған сағымға бағалады.
...Қырға шықсаң,
Тілін ұқсаң, жел жылар.
Жер жыламас,
Жел жыламас, ел жылар.
Күні батып,
Қайғы батып, ел жылар...
Сол тарихи кезеңдегі көркем ойдың бұл бір қыры еді. Оған Ахмет те, Мағжан да кінәлі емес, олар бар болғаны өмірдің күрделі қайшылығын поэзия тілімен білдірушілер ғана болатын. Сондай-ақ барлық замандағыдай, бұл тарихи кезеңде де ақын жаны өзгелерден ерекше екі мәрте азап шекті. Алғаш рет сол күрделі қоғамдық шындықты қорыту барысында, екінші сол шындықты өз тілімен бергені үшін. Қоғамдық көзқарасы ұлт-азаттық идеология негізінде қалыптасқан қазақ ақын-жазушыларының өмір жолы Азамат соғысынан кейін де теп-тегіс бола қойған жоқ. 20-жылдардың өзінде "Алаш" қозғалысына атсалысқан қайраткерлерді белсенді қоғамдық-саяси қызметтен шеттету шаралары, олардың жаңа үкімет, билікпен арақатынасын шиеленістіре түскен болатын. Оның үстіне жаңа қуат ала бастаған әміршіл-әкімшіл зорлық аппаратының ұлт саясатындағы, қоғамдық қатынастардағы қателіктері олардың ішкі наразылығына май құя түскен шақтар да болды. А.Байтұрсыновтың партия құрамынан шығып қалуы, М.Дулатов сияқты ірі таланттың творчестволық тоқырауға ұшырауы соның айғағы еді. Бұл топтағы ақын-жазушылардың сол кезеңдегі көңіл күйін өз шығармашылығында неғұрлым толық әрі дәл берген Мағжан болды. Жас ұрпаққа арнаған өлеңінде: "Толқындар да толқып-толқып басылар" - деген ол "Батыр Баян", "Ертегі" сияқты түпсіз терең, шықтай мөлдір мұңға толы дүниелерін осы кезеңде жаратты. Бұл дүниелердің де мұншалық ауыр, мұңды сипатына ұлы ақын ешкімнің де алдында жауап беруге тиісті емес. Ол жауапты білгісі келгендер ақын өмір сүрген ортадан, заманнан іздеулері керек. Сонымен, жоғарыда ХVІІІ-ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ көркем ойында орын алған ағымдардың тарихи шындыққа қатынасы жөнінде айтылды. Әрине, бұл іргелі, үлкен мәселенің арнайы көлемді еңбектерді арнауды қажет ететіндігін біз толық ұғынамыз. Сондықтан да болашақта оның іргелі зерттеулер тақырыбына айналары хақ.
1 Словарь иностранных слов. М., 1988. С. 596.
2 Ашин Г.К. Основа элитологии. Курс лекций. Выпуск І. Алматы, 1996. С.230.
3 Рязанов А.Ф. Восстание Исатая Тайманова (1836-1838 гг.). Очерки по истории национального движения Казахстанского народа. Кзыл-Орда, 1972; Сорок лет борьбы за национальную независимость Казахского народа (1797-1838) // Труды общества изучения Казахстана (Киргизского края). Отдел истории и этнографии. Том VІІ. Вып. ІІ. Кзыл-Орда, 1926, С.349.; Вяткин М.П. К истории распада казахского союза // Материалы по истории Казахской ССР. Т.ІІ. Ч.2 (1741-1751 гг..). Под редакцией М.П.Вяткина. А-Ата, 1984; Соныкі. Батыр Сырым. М.-Л, 1947; Шахматов В.Ф. Внутренняя Орда и восстание Исатая Тайманова. А-Ата. 1946; Кенжалиев И. Тайманулы Исатай. А-Ата, 1977. 4 Касымбаев Ж.К. Государственные деятели казахских ханов. В ХVІІІ-первой четверти XІX вв. Хан Жанторе. (1759-1809). Алматы, 2001; Соныкі. Государственные деятели ХVІІІ-первой половине XІX вв. Жангир хан (1801-1845). Алматы, 2001; Омарбеков Т. XX ғасырдағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері. Алматы, 2001; Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз хана. Алматы, 2001; Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик. Алматы, 1999; Абдиров М.Ж. Завоевание Казахстана царской Россией и борьба казахского народа за независимость (из истории военно-казачьей колонизации края в конце ХVІ-в начале XX веков.) Астана, 2000; Соныкі. Шенді шекпен // Халық кеңесі, 1993, 8 мамыр.
5 Байболұлы Қазанқап. Төле би. Есім хан. Алматы, 1991. 234-23-бб.
6 ҚР ОММ, 19-қ, 1-т., 41-іс, 21-п.
7 Рязанов А.Ф. Сорок лет борьбы за национальную независимость Казахского народа ... С. 151.
8 ҚР ОММ, 44-қ, 1-т, 47-іс, 1-37-пп.
9 ҚР ОММ, 44-қ, 1-т, 47-іс, 1, 4-4 об. пп.
10 Сонда. 2-2 об. п.
11 Сонда. 3-3 об.п.
12 Сонда. 4-4 об.п.
13 Сонда.
14 Сонда. 7-13 пп.
15 Сонда. 512-іс, 16-18 об.пп.
16 Губернаторы Оренбургского края. Оренбургское книжное издательство, 1999. С. 194-195. 17 Сонда. 210-213-бб.; Султан Джан-Султан Чуваков. Действующее Положение об управлении в степных областях // Отан тарихы, 2002, № 4. С. 27. 18 Материалы по истории политического строя Казахстана. Т. 1. А-Ата, 1960. С. 186-187, 192. 19 Рахимбекова А.К. Имперский фактор и процесс разложения традиционного казахского общества. (1822-1417 гг.) Диссертация ...к.и.н. Алматы, 2002. С.79. 20 Материалы по истории политического строя Казахстана. Т.1. А-Ата, 1960. С. 339.
21 ҚР ОММ. 25-қ., 1-т., 1827-іс, 1-п.; Сонда. 5-т„ 24-іс, 1-4-п.п.
22 ҚР ОММ. 25-қ.,5-т., 24-іс, 1-4-п.п.
23 Адрес-календарь лиц, служащих в Оренбургской губернии, Тургайской области и Уфимско-Оренбургских учреждениях на 1875 г.; ҚР ОММ. 44-қ, 1-т., т.20. 30419-іс, 15-б.
24 Сонда. 4-10-бб. 25 Записки об устройстве управления Семиреченской области в составе Степного генерал-губернаторства. 1883. С. 28.
26 //Туркестанские ведомости, 1879, 14 августа, № 32.
27 ҚР ОММ, и-1, 20-қ, 2192-іс, 3 об. 4-п.
28 Сонда. 4-п.
29 Сонда. 5-5 об. п.
30 Сонда. 5 об. п.
31 Сонда. и-1-1., 27-т., 38-а іс, 30-30 об. п.
32 Назарбаев Н.Ә. Қазақстан: жаңару стратегиясы //Егемен Қазақстан, 2003. 14 желтоқсан.
ІІ тарау. XVІІІ ғасыр. "АҚТАБАН ШҰБЫРЫНДЫ" КЕЗЕҢІНДЕГІ САЯСИ ТОП
ТӨЛЕ БИ ӘЛІБЕКҰЛЫ ЖӘНЕ БИЛЕР ИНСТИТУТЫ
ХVІІІ ғасыр. Оның алғашқы жартысы қазақ халқының тарихында терең із қалдырған, қайшылыққа толы кезең болды. Ғасырдың бастапқы кезеңі феодалдық қазақ қоғамының саяси тұтастығымен, шаруашылығының біршама өсуімен сипатталса, көп ұзамай оны "Ақтабан шұбырынды" аталған саяси және экономикалық дағдарысқа, рухани күйзеліске толы жылдар ауыстырды. "Ақтабан шұбырынды" заманы халық санасына мысқалдап еніп, терең сіңіп, енді қайтып іргесі шайқалмастай көрінген ортағасырлық рулық, жүздік сананы уақыт тезіне салып, оны жаңа жалпыхалықтық, ұлттық сана және мүддемен алмастыру қажеттігін қойды, халықты еркіндік пен теңдікке бастаған, жігері мәңгі мұқалмас Бөгенбай, Тайлақ, Саңырық сияқты батырларды, халықтың рухани терең тебіренісі мен кемелдікке ұмтылысын танытқан "Елім-ай" сияқты әнді, Бұқар, Үмбетей, Ақтамберді сияқты ақын-жырауларды берді. Міне, осындай қазақ қоғамы үшін аса ауыр кезеңнің ірі тұлғаларының бірі - Әлібекұлы Төле би. Төле бидің қазақ елінің рухани жетілуіне, саяси тәуелсіздігі үшін жанкешті күресіне қосқан үлесін кейінгі ұрпақ құрметпен еске алуға әбден лайық. Соған қарамастан би туралы, оның атқарған қызметін көрсетуге арналған ғылыми еңбектер өте аз. Төле би туралы бізге жеткен жазба деректер көп емес, бірақ олар бар. Бұл ретте ауызға алдымен А.Левшиннің белгілі еңбегіндегі бірнеше жолдар, Ресей мұражайларында сақталған құжаттық материалдар оралады. Бұл деректердің маңызын мойындай отырып, дегенмен би қызметі туралы ең негізгі және көлемді материалдың халық жадында сақталғандығын айту абзал. Халық жады бізге Төле бидің өмірі мен сіңірген еңбегі туралы толық мәлімет бермесе де, біршама жүйелі, дәлелді түсінік жеткізген. Бұл орайда ел арасында сақталып келген деректердің негізінде "Төле бидің тарихы" сияқты ғылыми тұрғыдан құнды тарихи жырды кейінгі ұрпаққа жеткізген жырау Қазанғап Байболұлының еңбегі аса зор. Қазанғап қалдырған жыр жыраулар жырлаған шығармалардан мүлдем ерекше. Жырау өз шығармасында Әбдірайым — Жақыпбек, Әлімқұл, Әлдеке, Астай, Шалабек, Арғынбай, Мәуітбек, Тоспанар, Ботпай, Торта, Естай, Бекасыл, Қарамолда, Хасан, Ергөбек, Айқымбай, Жетібай, Батырбек, Әмір Сәмбет, Байтоқ, Ақмырза сияқты кәрі құлақ кісілердің деректерін пайдаланғанын баяндау барысында тиесілі жерінде көрсетіп отырды. Ал ол шежіре – тарихтардың біразы, жыраудың айтуына қарағанда, халық арасында жазба түрінде тараған. Бұл жағдай "Төле би тарихын" аса құнды тарихи дерек ретінде қарауға негіз береді. Сонымен бірге біз мақаламызда жазушы Мамытбек Қалдыбаевтың қолында сақтаулы ақын, шежіреші Ахат Құдайбердіұлы, Әбілбай Садықбаев, Рүстембек Керімбеков, Тұрсынәлі Оспанов, Тәліп Анарұлының материалдарын да пайдаландық. Төле би Әлібекұлы, халық арасында кең тараған аңыз-әңгімелердің көрсетуі бойынша, 1663 жылы Шу өзенінің бойы Жайсан жайлауында орта шаруалы Әлібек бидің отбасында дүниеге келеді. Әлібек тоғыз ағайынды, бауырлары малды, соның ішінде, әсіресе, Тоқпан атты інісі әжептәуір бай болған көрінеді. Сырттан келгендер "ауыл кімдікі?" десе, "Тоқпандікі" дегенді есіткен. Әлібек би қараша үй тігіп, аз ғана ешкі сауып, бөлектеу бір жотада тіршілік кешкен. Көп тыңдап, аз сөйлеген, бірақ бұрмай турасын айтқан адам болған. Төленің арғы атасы Құдайберді Есім хан заманында төбе би есебінде хан сыртта жүргенде ел басқарған. "Өнер алды - қызыл тіл" деп білген қоғамда әділ билік айту сыншылдық, шешендік қайсыбір шаңырақтарда ата кәсіпке айналған. Зерделі бала кәмелетке толмай-ақ қаршадайынан билік естіп, сөз астарын қуып, ата кәсіпке машықтана бастаған. Белгілі би Қаздауысты Қазыбектің ұлы Бекболат та бүкіл қазақ жұртына белгілі би болған. Қырғыз бен қазаққа бірдей мәлім аңызда Төлебай (қырғызда Толыбай) сыншының ұлы да сыншы. Жау қолында кіріптарлыққа ұшыраған бала тұлпардың қураған бас сүйегін бітімінен танып, "Осы қиын-қыстау заманда Төлебай сыншының баласы деп мені кім айтады", — деп еңірейді. Құдайбердіден соң Әлібек елдің қалауы бойынша би болады да, оның үйі күнделікті ел арасында туып отырған дау-жанжал мен зорлыққа үкім айтып, панасыздыққа қорған болар жерге айналады. Бала Төле жәбірлінің аққан көз жасын, шерлінің айтқан мұңы мен зарын естіп, малшылармен бірге мал бағып, бейнеттің не екенін көріп өседі. Дегенмен, әр мамандықты терең игеру үшін табиғи кабілеттілік керек десек, ол бейімділікті Төле өте ерте танытып, жастайынан билікке араласып, "Қойшы би", "Бала би"атанады. Төленің би ретінде қалыптасуы, белгілі дәрежеде, билерге қолайлы әлеуметтік-саяси жағдайда өтеді. Бұл кезең, яғни ХVІІ ғасырдың соңғы ширегі — ХVІІІ ғасырдың басы қазақ қоғамында билердің әлеуметтік-құқықтық салмағы арта түскен кезең еді. Оның негізгі екі себебі бар-тын. Біріншісі, таптық қанаудың күшеюі, соған байланысты феодалдық таптық қатынастардың одан ары шиеленісе түсуіне сай қоғамда сот қызметін атқарған билердің саяси рөлі жаңа сапаға көтерілген болса, екіншісі, ірі феодалдық топтардың, әсіресе, сұлтандардың билік үшін өзара күрес барысында хандық биліктің билерді өзінің әлеуметтік тірегіне айналдыруға ұмтылуы еді. Бұл екі бағытта да билердің әлеуметтік рөлінің бұрын болмаған дәрежеге көтерілуі Тәуке хан заманына тұс келеді. Билер феодалдық мемлекеттің құқықтық қатынасын бір жүйеге келтіруге тікелей атсалысып, ірі сұлтандар мен би шонжарлардың жікшілдік әрекетіне аз уақытқа болса да шек қоя білді. Соған байланысты қазақ қоғамын Тәуке хан билеген жылдар (1680-1718) халық жадына үш би (Төле, Қазыбек және Әйтеке), бір хан басқарған тарихи кезең болып енді. Көшпелі феодалдық қоғамдағы, әсіресе оның ерте және орта даму кезеңдеріндегі би қызметін бір жақты қарауға болмайды. Билер институты, әрине, алдымен феодалдық тәртіпке қызмет еткендігі даусыз. Сонымен бірге билеуші топ билер ықпалының қуатты болуы үшін билік орынға аракідік төменгі әлеуметтік топтардан шыққан, халық мойындаған адамдарды да тартуға мәжбүр болған. "Қой асығы деме, қолыңа жақса, сақа қой; кіші үйдің ұлы деме, жұртқа жақса, аға қой" деген мақал соған меңзейді. Еріксіз еңбекке негізделген қоғамға әділ би, әділ билік табу өте қиын іс болғандығы түсінікті, ал қалың ел ішінен олар кездесе қалған күнде оны халық жоғары бағалаған. Ол туралы Әйтеке би "Әділет - бізден, төрелік - көптің ақы" деген. Қазақ тарихында, халық жадында терең із қалдырған үш би бар. Олар — Әлібекұлы Төле би, Келдібекұлы Қазыбек би (1667-1763), Байбекұлы Әйтеке би (1682-1766). Бұл билерді халық, әрине, Тәуке ханның "Жеті жарғы" атты заңдар жинағын жасағаны үшін емес, қиын-қыстау заманда ел басына халық ретінде жойылып кету қаупі төнгенде бар билік қуаты мен талантын ел бірлігі мен тәуелсіздігіне сарқа жұмсағаны үшін жадында қалдырды. Бұл билердің қайсысы болмасын өз заманының адамы еді. Сондықтан да олардың түсінігі, көзқарасы, өмірлік позициясы да сол заман контекісінде қаралуға тиіс. Олардың, белгілі дәрежеде, билеуші топтардың еңбекші халықты басқару құралы болғандығы, өздерінің әлеуметтік жағдайы жағынан сол қанаушы топқа жататындығы да даусыз. Бірақ олардың қызметіндегі ең негізгі өзек — билеуші топ ортасынан шыға отырып, халықтың мүддесі мен мақсатын түсіну дәрежесіне көтерілгендігі, өз өмірін осындай мәртебелі іске арнағандығы. 1718 жылы жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес барысында қазақ, қырғыз және қарақалпақ елдерін өз билігіне біріктіре алған Тәуке хан өлген соң сұлтандар арасында тақ үшін жүрген күрестің барысында қазақ қоғамында саяси бытыраңқылық қайтадан үстемдік ала бастайды. Қазақ хандығының саяси жағдайын бағып отырған қалмақ ханы Қалдан Серен Цин империясымен уақытша болса да бітімге келіп, қазақтарға қарсы жорыққа даярланады. 1723 жылдың қысы қазақ еліне бұрын болмаған жұт ала келді. Жұттың ізін ала қазақ жеріне қалмақтар басып кірді. Сөйтіп, қазақ тарихында "Ақтабан шұбырынды" атанған тарихи кезең басталды. "Ақтабан шұбырынды" тарихының әлі ашылмаған беттері көп. Егер оларды халықтың өзі жадында сақтап келген деректер арқылы жүйелі түрде ақтара түссек, халықтың, оның әртүрлі әлеуметтік топтарының болашақ үшін азапты күресін көрсететін, сондай-ақ бүгінгі келер ұрпақтың назарына лайық көптеген жайларды кезіктіруге болады. Мысалы, "Ақтабан шұбырындының" алғашқы жылдары ел билеуші сұлтандардың өз жерінен басқа жұртқа ауа көшкен елдің тұрмыс-тіршілігін, басқыншыларға қарсы күресін ұйымдастыруда дәрменсіздік көрсетуіне байланысты, бұл жұмыстар түгелімен халықтың қалың ортасынан шыққан, ауыртпалықты терең түсініп, басқару жұмысын өз мойнына алған ел ақсақалдары мен билердің үлесіне тиеді. Олардың сол жылдары рухани күйзеліске ұшыраған халыққа бағыт беріп, бытыраңқылықты болдырмау мақсатында елге қайырылған үндеулері кең тарап, бұқара арасынан қолдау тауып отырған. Солардың бірі - ақын Топыштың айтқан сөзі:
Ұғып ал мына сөзді ақыл барың:
Жаратқан алла болсын сыйынарың.
Қатшылық неше күндік қонақ шығар,
Көре жүр күйсізіңді күйі барың.
...Төресі тұрған жерден тойып алып,
Ұмытпас тұрған жерін саңлақтысы.
Боларсың бірің артық, бірің кем де,
Біріңді бірің сүйе сүрінгенде.
Ынтымақ, ауызбірлік қып жүрсеңдер,
Арзисың аз да болса рулы елге.
...Алаштың адал жүрмек - ата жолы,
Тіліне нәпсі, шайтан ере көрме...1
Кез келген тарихи оқиғалардың негізгі қозғаушы күші халықпен бірге, сол оқиғалардың даму барысына тікелей ықпал жасап отыратын жеке тарихи тұлғалар екендігі белгілі. "Ақтабан шұбырынды" кезеңінде қазақ халқының дағдарысқа ұшыраған шаруашылығын, тұрмыс-тіршілігін, жоңғар басқыншылығына қарсы күресін ұйымдастыруда, жаңа көршілерімен қарым-қатынасын қалыптастыруда Төле би өзінің қайраткерлік қабілетімен ерекше көзге түседі. Жаңа қоныс, жаңа елде күнделікті туып отырған мәселелерді шешіп отыру үшін қазақ тайпа жүз басшыларының кеңесі өткізіліп тұрған. Ол туралы тарихи жырда: "Содан үш жүз болып жиылып, күнде кеңес құрылып" - делінеді2. Қазанғап жыраудың аталған шығармасында сол кеңестерде сөйлеген Төле ойлары мен ұсыныстарының негізгі желісі берілген. Төле би өз сөздерінде қазақтарды түрікмен, қарақалпақ, өзбек сияқты туыс халықтармен бейбіт, жылы қатынас жасауға, азын-аулақ болып отырған келісімсіз жайларға жол бермеуге, кешірімділік пен кеңдікке шақырады. Ал ол елдермен арадағы дау-жанжалға әділ билігімен араласып, сол үшін қарақалпақ, өзбек, түркімен халықтары арасында да жылы қабылданады. Төле бидің, әсіресе, қырғыз және қазақтардың өзара достық қатынаста болуына да қосқан елеулі үлесі бар. Тарихи жырда қырғыз биі Телегеймен достық, құдалық (өзі Телегейдің туысына үйленген) қатынаста болғаны айтылады. Төле өлгенге дейінгі кезеңде екі ел өте жақын араласқан, кейінірек болған кірбіңдерге жол берілмеген. Төле би жоңғар басқыншылармен күресте Ресей сияқты қуатты мемлекетпен одақ құру қажеттігін тура түсінген қазақ қоғамынан шыққан алғашқы қайраткерлердің қатарына жатады. 1733 жылы Төле бидің Ұлы жүздің көрнекті адамдары Қодар би, Сатай, Қангелді және Бөлек батырлармен бірігіп жазған хатын елшілер Аралбай мен Оразгелді Ресей патшасына тапсырады. Ол хатта Ұлы жүз қазақтарының басқа да қазақ жүздерімен бірге Ресей құрамына енуге әзір екендігі, ұлы орыс халқымен жан-жақты достық қатынаста болуды көздеп отырғандығы айтылады3. Белгілі тарихшы А.Левшиннің көрсетуі бойынша, ол бұл өтінішін 1749 жылы тағы да қайталаған. Шығыстан төнген қауіп жағдайында өз халқының болашағы үшін Ресеймен достық қатынастың маңызын өте жақсы түсінген Төле би өмірінің соңына дейін Орынбордағы жергілікті орыс әкімшілігімен байланысын үзбеген. Ол туралы Сенат мұрағатынан мынадай фактіні көруге болады. 1740 жылы 29 шілде күні Орынбор комиссиясының сол кездегі бастығы, генерал-лейтенант князь В.А.Урусов Сенат отырысында жасаған баяндамасында былай деп хабарлайды: "... из Ташкента от Толебия прислан некоторый ташкенец, называемый Катай, с письмами к Барак Салтану, а оный де Барак Салтан послал его к Джанабек батырю с письмом, акибь под Ташкент прикочевали от Галдан Чирина два Зайсанга калмыцкие и слышно де, что оные Зайсанги имеют намерение на них Барак Салтана и на Джанабека батыря, и на других со своими людьми нападете чинить, и ежели то правда, то какия ему в том меры принять, требуете указа". Одан ары Сенат секретары А.Красовскийге осы мағынадағы хабардың үкіметтік кабинетке түскен-түспегендігін анықтауды және ондай хабар түскен күнде оны князь Урусовтың мәліметімен бірге Міністірлер Кабинетінің қарауына жеткізуді тапсырады4. Бұл деректен Төле бидің орыс әкімшілігімен тұрақты байланыста болып, оған өлкедегі саяси жағдайды баяндап және ойрат басқыншыларына қарсы әскери көмек сұрап отырғандығын байқауға болады. 1741 жылы сұлтан Абылай Қалдан Сереннің арнайы жіберген адамдарының қолына түседі де, екі жылға жуық мерзім ойрат ханының тұтқынында болады. Сол кезеңдегі ойрат басқыншылырына қарсы күрестің ең белсенді ұйымдастырушыларының біріне айналған Абылайдың жау қолына түсуі қазақ басқарушы топтары арасында үлкен абыржу туғызады. Міне, осы тұста Төле би мен Әбілқайыр ханның өтініші бойынша Орынбор әкімшілігі Абылайды босатып алу мақсатында Жоңғар хандығына орыс-қазақ елшілігін ұйымдастырады5. Бұл келтірген фактілер Төле бидің сол кездері үлкен өріс ала бастаған орыс-қазақ қатынасының басында тұрған саяси тұлғалардың бірі екендігін көрсетсе керек. 1740 жылы Ұлы жүз ханы Жолбарыс өлгеннен кейін, Ташкенттегі билік 1749 жылға дейін толығымен Төле бидің қолына көшеді. Қазақ халқының Жетісу мен Сыр бойын өзінен қуатты жаудан біржола азат етуге әлі де даяр емес екендігін түсінген Төле би ойраттықтармен күш жинап алғанға дейін бейбіт қатынаста болуға тырысып, олардың талап еткен салығын өтеп отырады, сондай-ақ ойрат билеушісіне өз ұлы Жоланды аманатқа жібереді. Халық арасында жазба түрінде тараған Әбдірайым шежіресі бойынша, Жолан қалмақ ханы қолында екі мәрте, барлығы он төрт жылға жуық уақыт болған, ал Төленің тағы бір ұлы Қожабек қалмақтарға тұтқынға түсіп, оралмаған6. Шамамен 1744-1745 жылдары Қойгелді батыр, ру басшылары Тоқсанбай, Мәлік, Кетендердің басшылығымен наразы халық Қалдан Сереннің Шымкент жанында орда тіккен өкілі Баршаханды, оның көмекшісі Саңғалды өлтіреді. Бұл жағдай қалмақ ханының Ұлы жүз қазақтарына жазалау мақсатында шабуыл жасау қаупін туғызады. Бірақ ханның көп ұзамай (1745 ж.) қайтыс болуы, оның артын ала қалмақ хандығында басталған бұлғақ кезең бұл жоспарды іске асырмай тастайды. Тәуелсіздік үшін күрес, шаруашылық дағдарысынан құтылу қажеттілігі ХVІІІ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ қоғамы алдына саяси тұтастық мәселесін қайта-қайта қоюмен болды. Осы мәселеге байланысты аталған мерзімде қоғамның саяси өмірінде өзара қайшы екі ағымның қалыптасқаны анық байқалды. Олардың бірі, яғни Әбілмәмбет хан, Нияз батыр, Дәулетбай бай бастаған топ жоңғар қалмақтарына өз ұлдарын аманатқа жіберіп, жалпыұлттық қарсылық мүмкіндігін тарылта түсті. Екінші, яғни Әбілқайыр хан, Жәнібек батыр бастаған топ Ресей әкімшілігімен жылы қатынасқа қуат бере отырып, ұлттық тәуелсіздікке жетуден үміттенді. Міне, қоғамдық пікірдегі осы жарылыс жөнінде жоғарыда аталған майор К.Миллердің күнделік жұрналында Ұлы жүздің ықпалды биі Байтбайдың айтқан мынадай пікірі берілген: "Наши - де кайсаки ...ныне к калмыкам послали детей своих, а именно: Абулмаметхан - сына, Нияз батыр - сына, Давлетбай - сына, и другие старшины. Им бы-де надлежало милости ожидать от российской великой государыни, а то-де видно, что наши кайсаки разделилися надвое. А майор ему на то сказал, что время покажет, которым в подданстве российских монархов, и которым под ладением калмыкским быть, прибыльнее"7. Шамамен 20-30 жылдардың аралығында Сайрамға жақын маңдағы Састөбеде өткен үш жүз билеушілерінің кеңесі алғашқы бағыттың үстемдік құруымен аяқталды. Ел арасында кең тараған Еркөбік қарияның шежіресі бойынша, бұл кеңесте үш жүздің әрқайсысына тиесілі "енші жері" анықталады. Сонымен, қазақ тарихының Ұлы Октябрь революциясына дейінгі аралықты қамтыған феодалдық бытыраңқылық кезеңі басталды. Тарихта Састөбе кеңесі Есім хан заманынан бері, әсіресе, Тәуке хан тұсында дәстүрге айналған "Ақтабан шұбырындыға" дейін жыл сайын, ал оның тұсында және одан кейінгі жылдары аса маңызды мәселелерді қарау қажеттігіне байланысты шақырылып тұрған үш жүз билеушілерінің бас қосқан ең соңғы кеңесі ретінде қаралуға тиіс. Састөбе кеңесі - елдің саяси өмірінде бір кезеңнің аяқталып, өз ерекшілігі бар жаңа тарихи кезеңнің басталғанын білдіретін аса маңызды саяси оқиға. Төле би Састөбе кеңесіне қатынаспаған. Оған даярлық барысында Әбілқайыр, Әбілмәмбет сияқты хан, сұлтандармен негізгі мәселелер төңірегінде ортақ шешімге келе алмайтындығын түсінген би денсаулығы жоқтығын сылтауратып бармай, өз орнына Тастемір би бастаған Ұлы жүз өкілдігін жібереді. Ата қоныс Жетісу, Сыр бойының жау қолында қалуы, ал оны азат ету үшін жалпыхалықтық саяси бірлікке қолдың жетпеуі сол кездегі бүкіл Ұлы жүз тайпаларының ұйытқысы есебінде болған Төле биге жеңіл тиген жоқ еді. Осы тұста дәрменсіздікке жол берген Төле би Өтеген сияқты батырды жаңа қоныс іздеуге аттандырады. Састөбедегі кеңестен кейінгі Ұлы жүз билеушілерінің бас қосқан мәжілісінде сөйлеген сөзінде ол елдегі саяси жағдайға баға бере келіп, елдің бытыраңқылыққа ұшырауына кінәлі хандар екендігін айтады: "Кешегі Бұқара мен Хиуадан ата қонысқа әрең жетіп, енді етек-жеңімізді жиып ел боламыз ба деп бет түзегенде, Састөбеде өткен кеңес елге құт емес, жұт болып тиді. Үш жүзге бірігіп тұтас халыққа айнала алмадық. Кешегі кесапат "Ақтабан шұбырынды" заманы бізге сабақ болмады. Кіші жүз бен Орта жүз ұзап, бірі Еділ-Жайық, бірі Арқа асты. Әрқайсысының басында өз күйі мен тағының қамын ойлаған хандар тұр. Әбілқайыр түлкі сипат кісі еді, қайтып ол Кіші жүзді қоспас, ұрпағы да әке жолын қуар-ды. Абылай елді елге қосар еді, бірақ басқаларының шылбыры оның қолына түсер ме екен, ал оның ұрпағы да хан түбіне тартпай қоймас. Енді қазақ ымыраға келіп ел бола алады ма, сол қинайды жанымды"8, - дейді. Бұл арада қарап отырған тарихи кезеңде қазақ қоғамында бір орталыққа бағынған мемлекеттің қалыптасуына қажет шарттардың түзілген, түзілмегендігін талдау біздің міндетімізге кірмейді. Тек реті келгенде бұл жылдары жоңғар шапқыншылығына дейінгі мемлекеттік бірлікті қалпына келтіру үшін күрес нақты іс-әрекеттерден де өз көрінісін тапқандығына көңіл аударсақ дейміз. Бұл тарихи кезеңде Орта және Кіші жүз жерінде бір-біріне тәуелсіз өзара байланысы әлсіз хандықтар қалыптасқанымен, кеше ғана орталығы Түркістан болған тұтас саяси бірліктің өмір сүргендігі халық есінде әлі ізі суи қойған жоқ еді. Қаралы 1723 жылға дейін қазақ хандығы Ұлы жүз жерінде орналасып келді. Ал хандық жойылғаннан кейінгі кезеңде халық арасында Төле би босағасының "үлкен үй", "орда" атануы да кездейсоқтық емес-тін. Егер бұл ұғымдарды сол тарихи уақыттағы қоғамдық қатынастар контексінде түсінуге тырыссақ, олардың астарында Ұлы жүздің жолына меңзеу ғана емес, сонымен бірге Тәуке хан заманындағы төбе билік орнына нұсқау, ал жаңа саяси кезеңде оны ескі орталық хандық биліктің символдық көрінісі ретінде қабылдау жатқандығын байқаймыз. Бұл идеологиялық фактор қазақ хандары мен сұлтандарының жоғары билік үшін өзара күресіне кішкене болса да әсерін тигізбей қойған жоқ. Осы ғасырдың шамамен 40-жылдарының алғашқы жартысында Көкшетаудан Жәнібек батыр, Бұқар жырау, Қаздауысты Қазыбек сияқты көрнекті қайраткерлердің бастамасы бойынша Түркістанға қазақ билерінің ағасы Төлеге Абылай сұлтан бастаған делегацияның аттануын9 осы фактордың ықпалы есебінде қарауға негіз бар. Тарихи жыр делегацияның мақсаты бұдан былайғы "қазақ хандығының тұрағын" анықтау деп білдіреді. Қазақ саяси өмірінің ең белсенді саяси қайраткерлерінің кездесуіндегі ортақ негізгі тақырып ойрат езгісіне қарсы бүкіл халықтың бірлік мәселесі болғандығы күмән тудырмайды. Сұлтан мен бидің арақатынасының жылылығын, сондай-ақ осы негізгі мәселеге келгенде пікірлес екендігін айта келіп, тарихи жыр екі арада болған келіссөздің негізгі қорытындыларын ғана береді. Төле би саяси тәуелсіздік үшін қазақ қоғамының бірлігі қажет екендігін айтып, ойраттардан оңтүстік қазақ жерлерін біржола азат еткен уақытқа дейін хандық биліктің Көкшетауда болғандығын қолдайды. Абылай сұлтанның бұл келісінде алдына тағы да қандай мақсаттар қойғанын біз, әрине, білмейміз, бірақ Орта жүз қазақтарының шын мәніндегі билеушісіне айнала бастаған сұлтанның басқа хан, сұлтандармен күресте аса ықпалды Төле би де ішкі және жазба түрінде сақталып келген бұл дерек Абылай мен Төле бидің бір орталыққа бағынған мемлекет құру жолындағы әрекеті есебінде қабылдануы орынды сияқты. Сөз мемлекеттік бірлік туралы болғандықтан, Төле бидің мемлекеттік билік туралы бірер пікіріне тоқтала кетейік. Төле би феодалдық-патриархалдық қоғамдық қатынастар жағдайында өмір сүрген үстем тап өкілі. Сондықтан оның саяси билік туралы пікірі сол үстемдік құрушы феодалдар тобының таптық көзқарасын білдіреді. Төле би билік туралы: "Ежелден елдің бетін бір кісі билеуге ауыр, екі кісі билеуге аз. Дау-таластың себебі осыдан туындайды..." - дейді. Өкінішке орай, бізге бидің ойы толық күйінде жетпеген. Сонымен бірге бұл деректі ауыстыра алатындай үстем тап өкілінің аузынан шыққан басқа фактілік материалдың болмауы осы үзіндінің өзін талдауға итермелейтіндігі түсінікті. Сонымен, кеше ғана Тәуке ханның төбе биі болған Төленің ойы бойынша, саяси биліктің ең жетілген түрі - сұлтандардың емес, билердің кеңесіне сүйенген хандық билік. Дамыған феодалдық қатынастар жағдайында және сырттан төнген қауіп алдында барлық тайпа, жүздердің саяси бірлігін қамтамасыз ете алатын хандық билік қоғамдық қажеттілік, ал ол билік дербестікке ұмтылған сұлтандарға немесе өз малы мен жайылымынан басқаны азырақ ойлайтын шонжарларға емес, өзінің қоғамда алатын объективті орнына байланысты халыққа жақын тұрған билердің қолдауына сүйенгенде ғана баянды болмақ. Төле: "Елге бай құт емес, би құт. Қабырғадан қар жауса, атан менен нарға күш, ел шетіне жау келсе, батырлар мен биге күш"10, - дейді. Шын мәнінде, сырттан қауіп төнгенде, елді жауға қарсы шақыра алатын, ал іште әлеуметтік қатынастар шиеленіс ала бастаған жағдайда таптық шиеленісті бәсеңдете алатын да билер еді. Билер елдегі дамыған феодалдық қатынастарға заңдық сипат берген "Жеті жарғыны" жасауға атсалысып, ханның тікелей әлеуметтік тірегіне айналса, сыртқы саясатта да басқа елдермен қатынастың бет-бағдарын анықтап отырды. Оны біз Тайкелтір, Қазыбек сияқты билердің қалмақ хандығына елшілікке барып тұрғандығынан көреміз. "Ақтабан шұбырындыда" орталық хандық биліктің әлсіруіне байланысты билердің әлеуметтік-саяси рөлі бұрынғыдан да күшейе түсті. Билер жүз, тайпа аралық жер мен мал дауларын өздері шешіп отырды. Төле би, сондай-ақ "Әділ хан" мен "Әділ би" билігін насихаттаушы ретінде де көрінді. Биге сенсек, бұл екеуі - қоғамдық даму мен қоғамдық әділеттіліктің алғышарты. Ол "бастаушысы болмаса жалпақ жатқан ел ғаріп, тыңдаушысы болмаса ел ішінде ер ғаріп" - деп ең алдымен "әділ хан" мен "әділ бидің" қоғамдық рөліне меңзейді. Бұл, әрине, ортағасырлық монархистік қоғамдағы идеологияның өзіндік көрінісі еді. Феодалдық-патриархалдық тәртіпті нығайтуда хандық биліктің құралы болған би "арамның берекесі таудай" деп әділін ақтарыла айтса да, әлеуметтік қайшылыққа келгенде "ата-бабамызға момындық жаққан, момынның нәсібі артық, қудың құйрығы тұтам, ата жолымен жүрсеңдер, азбайсыңдар", - деп таптық ымыраға, феодалдық қанаудың күшейе түсуі жағдайында таптық көнбістікке шақырады. Бидің бұл көзқарасындағы қайшылықты феодалдық дәуірде бір-біріне қарсы, сонымен бірге өзара ықпалда болған үстемдік құрушы феодалдық-діни және халықтық мәдениеттің қатар өмір сүруімен түсіндіруге болады. Теориялық тұрғыдан мәселені бұлай қарау кез келген таптық қоғамдағы ұлттық мәдениетте әлеуметтік негізді екі мәдениеттің болатындығы туралы лениндік қағидадан туындайды. Дегенмен ХVІІІ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ қоғамында көрнекті саяси тұлға болған Төле бидің таптық көзқарасының шектілігін айта келіп, оның "Ақтабан шұбырынды", одан кейінгі кезеңдегі қызметінің де жалпыхалықтық мүддеге сай келгендігін мойындамасқа болмайды. Бидің бұл уақыттағы қоғамдық іс-әрекетінен, айтқан пікірінен негізінен екі бағытты байқауға болады. Оның бірі - шаруашылығы күйзеліске ұшыраған халықты отырықшылдыққа шақыру еді. Деректік материалдарды беру мәдениеті айтарлықтай жоғары Қазанғап жыраудың шығармасындағы Төле бидің тіршілік негізі малынан айырылып, тұйыққа тіреліп, күйзеліске ұшыраған халықты егіншілікпен айналысуға шақырған сөзінің қысқаша мағынасы мынаған саяды: "Менде қасірет молайды, халқым! ...Өзіңді жау шапты, қасиетті атамекен жеріңнен, ішсең тамағың, кисең киімің, мінсең пырағың, көшсең көлігің -малыңнан айырылдың. Қолында қалған жалғыз тоқымыңды басыңа жастанып, астыңа төсеп, үстіңе тартып "ақтоқым" атандың. "Жігіт адаспай жер танымайды, ер адаспай ел танымайды", - деген, бұл күнің мүмкін көзіңді ашар, оңың мен солыңды, артың мен алдыңды, жауың мен досыңды танытар! "Бекерден тәңірім безер, әлсіздің алқымын әркім езер", - деген, жасыма, қайраттан, елім, дұрыс жолға түс, жер емшегін ем, орнықты болсаң, қарның тойынар, киімің бүтінделер! Аяқты малға сенбе, мал бір жұттық... "Арпа-бидай - ас, алтын-күміс - тас", — деген. Қазыналы гауһар зеріңнен, төрт түлік жиған малыңнан күндердің күні келгенде бір үзім нан артық!.."11. Би тағы бірде:
Шығарсам арық қазып Сырдан бойлап,
Ел болсақ отырысты болар еді-ау,
Қыстасақ, Алатауды жазда жайлап.
Бір жағымыз қалалы диқан болсақ,
Көшпелі, бір жағымыз бие байлап.
Елдерден қатар жатқан үлгі алайық,
Болашақ келер ұрпақ қамын ойлап, -
дейді.
Одан ары Қазанғап жырау бидің өзі бастаған ел-жұрты көшпенділікті тастап, егіншілікке көшіп, жеті ірі арық қаздырғанын, олардың қазіргі уақытқа дейін белгісі бар екендігін әңгімелейді. Деректер "Ақтабан шұбырынды" жылдарынан кейінгі кезеңде қазақ халқының арасында отырықшылыққа көшіп, егіншілікпен айналысудың біршама өріс алғандығын айтады. Мысалы, белгілі фольклоршы, этнограф М.Ж.Көпеев Төле би заманында 22 наурызды жаңа жылдың басы ретінде (Наурыз мейрамы) қарсы алу, осы күннен бастап егіншілік қамына кірісудің қазақ арасында дәстүрге айналғандығын айта келіп: "Елді-жұртты оңға бастаймын, ілгері басуына, малы-басы өсуіне тілеулес боламын деушілер "айт" деген былшылдақты қойдырып, осы наурызды құрметтеп, ұлыстың ұлы күні атандырып, той-тамаша қылдыруға тырысуы керек. Үйсін Төле бидің заманында наурызнаманың қадір-құны астан-тойдан ілгері болады екен"12, - дейді. Төле бидің қоғамдық қызметінің келесі маңызды бағыты - ел бірлігі. Бізге белгілі деректердің арасында Төленің бұл еңбегін жоғары бағаламағаны жоқ десе де болады. Төле үшін бірлік - өз жауларымен, бақталастарымен күрес немесе халықтың назарын өзіне аудару құралы емес, әрқайсысы жеке билікке ұмтылған хан, сұлтандармен, ел еркіндігіне қол салған сыртқы жаумен күрес құралы, өмір мұраты. Төле би өзінің бұл ұстанған жолынан қоғамдық қызметін жаңа бастаған кезеңнен соңғы деміне дейін, қандай қиын-қыстау замандар болмасын, айныған жоқ. Төле жас кезінде қазақ арасында түгенбеген ру аралық дауда екі жақты бірдей айыптап былай дейді:
Ақты ақ деп бағалар,
О, игі асыл ағалар,
Әділ ме осы дауымыз,
Тұрған жоқ па жасырын
Тау астында жауымыз!
Ал кейіннен өзінің үзеңгілес би достарына: "Ей, Қаздауысты Қазыбек, қарағым, ей, Әйтеке, туыспайық, туысқан соң ұсақ сөзді қуыспайық", - дейді. Бидің бірлік туралы айтқан ойы оның замандас ақыны Бұқардың толғауларымен үндес. Бұқар:
Айнала алмай ат өлсін,
Айыра алмай жат өлсін.
Жат бойынан түңілсін,
Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз13, -
дейді.
Бұл үндестіктің, әрине, жай кездейсоқтық емес екендігі түсінікті. Саяси бірлік үшін күрес бұл кезеңдегі қазақ қоғамдық ойының ортақ тақырыбы, өзекті мәселесі. Төле бидің жоңғар басқыншыларымен күрес кезеңіндегі қазақ жүздерін ұйымдастырудағы қызметін қоғамның барлық әлеуметтік топтары, соның ішінде хан, сұлтандар, бай-шонжарлар да мойындаған. 80 жастағы (1978 ж.) қарт Ахат Құдайбердіұлы әкесінің қолында ілгеріден жеткен "Абылай ханның Төле биге сәлемі" атты қалың дәптердің болғандығын, өкінішке орай, оның өртеніп кеткенін айтады. Өлең және қара сөз түрінде жазылған бұл шығармада Абылай өзінің өмірде жеткен жетістіктері үшін Төлеге қарыздар екендігін, бидің қолында жүрген алты жыл ішінде көпті үйренгендігін айтып, оған ризашылығын білдірген. Төле би 1746 жылы Ташкент билігін тастап, Түркістанмен екі ортадағы Қаратас деген жерге келіп орныққанда 86 жаста еді. Би науқастанып жатқанда көңілін сұрай келген Жаңыл ақынның: "Жәке, қандай арманыңыз бар?", - деген сұрағына: "Шырағым, менде арман көп, соның бірі қырғыз-қазақтың бір туғандай ынтымақта болған кезінде өмірге келіп, енді арасы ашылып, ал қазақ болса шілдей бытырап тозып, енші үлескен күндері қайтып барамын", - деп жауап берген. Қазанғап шығармасындағы аңыз бойынша, Төле өзінің өтініші бойынша Жерұйық іздеп кеткен Өтеген батырды сарыла күтеді. Өйткені жер шарлап кеткен батырдан: "Төке, Алатаудың алқасындай жер қайда!" -деген сөзді естіп өлгісі келеді. Ғасырға жуық жасап (93 жасында қайтқан), Ақборқан атты жерде жарық дүниемен, елімен қоштасып жатқан би: "Елім, дүниеге келмек бар да, жүрмек жоқ деген. Жасаған тоқсан жылым тоғыз күндей болған жоқ... "Бұзылған елдің ішіне сор маңдай би кез болар" деген, менің аруағым риза болсын десең, татулығыңды бұзба..." — деп өтінеді. Туыс, жерлестері бидің сүйегін Ташкенттегі Шайхантәуірдегі (Бабырдың әкесі Юсупхан, XV-ХVІ ғасырларда өмір сүрген) мешіт түбіне қойған. Төле би есімі халық арасында өте кең тарап, оған замандастары да, кейінгі ұрпақтар да аса зор құрметпен қараған. Оны "Бала би", "Дана би", "Қарлығаш би" атағаны да соның көрінісі болса керек. Халық өз арасында ерте кезеңдерден келе жатқан аңыз-әңгімелерді Төле би төңірегіне топтап, әділ бидің жинақы образын жасауға да тырысқандығын жоққа шығаруға болмайды. Төлеге деген халық сүйіспеншілігінің негізгі сыры оның таптық қанау мен басқыншылық бірдей ел еңсесін басқан қиын-қыстау заманда сол қоғамдық қатынастар шеңберінде әділ билік үлгісін көрсетіп, халық жанына әділдік пен адалдықтың дәнін еге алуында еді. Халық әр уақытта, әсіресе, сын кезеңдерде өз арасынан өзінің ең ізгі мақсат-мүддесін, қоғамдық әділдік үстемдік құратын жарқын болашаққа деген мәңгі мұқалмас ұмтылысын өз ерлік еңбегімен, күресімен білдіре алған перзенттерін шығарып отырған. Бұл тұрғыдан келгенде Төле би -өзінен бұрынғы тарихи кезеңдерде өмір сүріп, халықтың рухани өсуіне үлкен ықпалын тигізген Майқы би, Асан Қайғы, Жиренше шешен сияқты ойшылдардың заңды жалғасы, негізін солар қалаған гуманистік дәстүрді жаңа тарихи жағдайда одан ары дамытушы. Төле би қызметінен біз Майқы бидің қара қылды қақ жарған әділдігін, Асан Қайғының ел берекесін ойлаған қамқорлығын, Жиреншенің қарапайым бейнет адамдарының мүддесін қорғауды ұмытпауға шақырған шешендік өнерін көргендей боламыз. Сонымен бірге Төле би қызметінде ең алдымен ол өмір сүрген заманның тыныс-тіршілігі өз көрінісін тапты, басқаша айтқанда, феодалдық бытыраңқылықтан ұлттық бірлікке бет алған халқының өмірлік қажет талап-тілегі жинақы түрде бедерленді. Сондықтан да Төле би тұлғасы біздер үшін айқын, оның әділдік пен адалдыққа, адамгершілік пен ізгілікке үндеген ойлары халықтың рухани қазынасына еніп, талай ұрпақтың әділеттік, Отан сүю сияқты қасиетті ұғым-түсініктерінің қалыптасуына қызмет етіп келді. Төле би "өз пайдасын әркім өзі ойлайды, ел пайдасын ер ойлайды" - деген. Оның өзі де қиын-қыстау тарихи кезеңде халқының болашағы үшін белсене күрескен ер еді.
ҚАЗДАУЫСТЫ ҚАЗЫБЕК БИДІҢ ОРЫС ӘКІМШІЛІГІМЕН АРАҚАТЫНАСЫ
Ірі саяси оқиғаларға толы ХVІІІ ғасырдағы қазақ қоғамында өзара және басқа жұртпен хат арқылы пікір алысу, түрлі байланыстар жасау мәдениеті сол заманға лайық деңгейде дамыған. Қазақ елінің қоғамдық тіршілігін ұйымдастырушы, басқарушы міндетін атқарған хандар, билер, батырлар Ресей губернаторларымен, Орта Азия ханы, бектерімен, Жоңғар қонтайшыларымен жер және түрлі саяси мәселелерге байланысты ылғи да хат алысып тұрған. Осы мақсатта олар арнайы хатшы ұстаған. Хатшы міндетін татар, Бұқар, Хиуа, сондай-ақ қазақ қоғамының өзінен шыққан, араб жазуынан сауаты бар адамдар атқарған. Жазылған хатты белгілі бір кісіге жеткізу міндеті негізінен батырларға жүктелген. Бұл арада батыр жай хат тасушы ғана емес, хатта айтылмаған көптеген жәйттерді түсіндіріп жеткізуші, басқаша айтқанда, елші де болған. Мәселен, орыс әкімшілігі мен қазақ билеушілері арасындағы байланыста осындай міндетті Хангелді, Сатай, Бөгенбай, Жәнібек сияқты белгілі ірі қайраткер-батырлар атқарған. ХVІІІ ғасырға тән мұрағаттық құжаттармен таныса отырып, бұл пікірдің дұрыстығына көз жеткізу қиын емес. Қазақ елінің тарихи жадынан құрметті орын алып, кезінде үлкен елшілік, билік қызметімен танылған Келдібекұлы Қазыбек би негізінен шешендік өнердің аса көрнекті өкілі ретінде белгілі. "Өнер алды - қызыл тіл" деп түсінген ортада Қазыбек бидің сөз өнерін ғажап меңгерген ұлы шешен болғандығы даусыз. Бірақ мәселенің түп-төркініне келер болсақ, шешендік өнері бидің негізгі үздік қыры емес-тін. Қиын-қыстау заманда бар өмірін өз халқының еркіндігі мен теңдігіне арнаған қайраткердің өмір жолын тек шешендік өнерімен шектеу ғылыми әділеттілік болмас еді. Шешендік өнері оның үлкен қоғамдық-саяси қызметіндегі қуатты құралы ғана болатын. Тура осы ойды Қазыбектің Төле би, Әйтеке би сияқты басқа да замандастарының өмір жолына байланысты айтуға болады. Олардың күресте өткен өмірінен хабар беретін тарихи деректер мәселеге осы тұрғыдан қарауға итермелейді. Орынбор облыстық архивіндегі губерниялық канцелярия қорында сақталып, біздің заманымызға жеткен Қазыбек бидің Орынбор генерал-губернаторы И.И.Неплюевке жолдаған екі хаты бұл пікірді растай түседі14. Өткеннен жеткен куәлік құжаттарды талдап түсінудің өз ерекшеліктері бар. Солардың бірі - әрбір құжат тек сол тарихи кезеңнің және ортаның қоғамдық және рухани болмысының құрамды бөлігі ретінде, яғни солармен тығыз байланыста қаралуға тиіс. Өйткені Гегель дәл басып көрсеткендей, әрбір тарихи дәуірдің өз бітім-болмысы бар, демек оның уақыт және өмір, еркіндік пен әділеттілік туралы өз ұғым-түсінігі болуы заңды. Міне, осыны есепке алмайынша, біз тарихи құжатты тура түсінбей, тіптен оған бүгінгі түсінік, өлшемдерімізбен ғана қарап, қате тұжырымдарға ұрынуымыз ықтимал. Біз әңгіме етіп отырған Қазыбек бидің екі хаты да - осындай талап тұрғысынан талдауды қажет ететін құжаттар. Сарғыш тартқан жай қағазға араб қарпімен жазылған хаттар сол кездегі Орынбор канцеляриясында қалыптасқан тәртіп бойынша орысшаға аударылған. Екі хаттың алғашқысын орыс тіліне аударған Емағұл (мүмкін, Смағұл. - М.Қ.) Гуляев. Ал екіншісінің соңында аудармашының аты-жөні жоқ, тек "перевел переводчик" деп қана қойылған. Жазу мәнеріне қарағанда, екеуін де бір адам аударғаны байқалады. Орысша мәтіндердің сапасы аудармашының қазақ тілін жетік білгендігін көрсетеді. Реті бойынша папкаға бірінші тігіліп, бетінің жоғарғы шетіне "112", "112 об" деген нөмірлер қойылған бірінші хаттың орысша аудармасы "От него же Казбек бия" деген сөйлемнен басталады. Хаттың Орынбор канцеляриясына жеткен уақыты туралы ешқандай белгі жоқ. Тек екінші хаттың мәтіні арқылы оның соңғысынан шамамен бір жыл бұрын жазылғандығын ажыратуға болады. Екінші хаттың бетіне "113 об" деген рет нөмірі қойылып, одан төмен хатқа мынадай қысқаша түсінік берілген: "Перевод с татарского письма, которое прислано от Казыбек бия, полученного от Тюкена Балтачева июня 13 дня 1745-году в Оренбурге. В нем же по переводу значит ниже сего"15. 1745 жылы қазақ қоғамы "Ақтабан шұбырындының" (1723) зардабынан біржола арыла қойған жоқ еді. Жау әлі де қуатты, ал елде саяси тұтастық жоқ, оның үстіне Жетісудан Ташкентке дейінгі аралық Жоңғар хандығына қарайтын. Міне, осындай ауыр ішкі және сыртқы жағдайда Ресей үкімет орындарымен саяси байланыстың мәні үлкен болды. Қазақ хандары мен сұлтандарының, Төле, Қазыбек билердің, Бөгенбай, Қабанбай, Малайсары батырлардың орыс әкімшілігіне жолдаған екі хатының екеуі де елдің сол кездегі саяси өміріне тікелей қатысты келелі мәселелерге байланысты жазылған. Бірінші хатта Қазыбек би Орынборға елде өткелі жатқан жиын туралы хабар береді. Сондай-ақ бұл қатардағы жиын емес, жеті хан, сұлтан, төре және басқа ел билеушілер бас қосып, толғағы жеткен ішкі және сыртқы саяси жағдайларды талдауға, солар бойынша тиісті шешім қабылдауға шақырылған үлкен кеңес. Біздің түсінігімізше, бидің бұл оқиға туралы Орынборға хабар берудегі түпкі мақсаты - орыс әкімшілігіне елдегі болып жатқан іргелі жаңалықтарды, соңынан кеңестің негізгі шешімдері туралы баяндап қана қоймай, сол арқылы, мүмкін болса, жоңғар шапқыншылығына қарсы Ресейдің қолдауын алу. Хатта "Төкен батырға елші қосып" қайтарыңыз деуі соны аңғартса керек. Сонымен бірге би Орынбормен екі арадағы жылы қатынасты жаратпайтындардың бар екенін ескертіп, генералдан қызметте жүрген Төкен (Дүкен болуы да мүмкін, хаттың түпнұсқасында "Дукан" деп жазылған. — М.Қ.) батырдың қауіпсіздігін қамтамасыз етерлік шара қолдануын өтінеді. Хаттың тілі сол тарихи кезеңге дейін қолжазба еңбектерде, іс қағаздарында қолданылып келген ортағасырлық түркі жазба тіліне жақын. Бұл жағдай XVІІІ ғасырдағы қазақ қоғамында ортағасырлық жазба мәдениетінің одан ары өз жалғасын тапқандығының көрінісі. Бидің Орынбор канцеляриясынан жиырма табақ қағаз сұрауы да соны айғақтай түседі. Оқырманның өткеннен жеткен бағалы деректік материалдармен түпнұсқа арқылы танысуды қалайтындығын ескере отырып, алдымен хаттың мәтінін өзгеріссіз күйінде, соңынан қазіргі қазақ тіліне аударылған нұсқасын келтіруді жөн көрдік. Екі жарым ғасырға жуық уақыт бұрын жазылған хаттың жақсы сақталғанына қарамастан, әріптердің өшіңкіреп қалуына байланысты, оның қайсыбір сөздерін оқу қиындау болғандығын айта кетуді қажет деп санаймыз. 1745 жылы жазылған екінші хат жоңғар қатынасының тағы да ширыға түсуіне байланысты елдің күпті көңілінен хабар бергендей. Қысқаша айтқанда, жағдай мынадай еді. 1744 жылдың күзінде Ташкент Қалдан Серен билігінен ортазиялық Абдулкарим бектің қолына өтеді16. Оның үстіне 1744 және 1745 жылдардың аралығында Ұлы жүздің Қойгелді, Тоқсанбай, Мәлік, Кетен сияқты батыр-билері бастаған көтерілісшілер Қалдан Сереннің Шымкент жанында орда тіккен өкілі Баршаханды, оның көмекшісі Саңғалды өлтіреді. Қазақстандағы іргесі шайқала бастаған билігін қалпына келтіру мақсатында Қалдан Серен қанды жорыққа дайындалуға кіріседі. Бұл жағдай қазақ қоғамында үлкен қобалжулық туғызып, белгілі дәрежеде билеуші топтарды Ресеймен арадағы достық қатынасты нығайта түсуге итермелейді. Сонымен бірге бұл кезең өз кезегінде Ресей мен Жоңғар хандығы арасындағы территориялық даудың жалғаса түскен, оған қосымша ойрат қолдарының Батыс Сібірдегі орыс бекіністеріне ауық-ауық жасап отырған шабуылдарының нәтижесінде екі мемлекеттің арасында қырғи қабақ қатынастардың орын алған кезі еді. Қазыбек бидің хатында осы айтылған саяси жағдайдың қысқа болғанымен, айтарлықтай анық көрініс тапқандығын аңғару қиын емес. Хаттың негізгі өзекті тақырыбы – Қазақстанның оңтүстігіндегі саяси жағдай, соған байланысты қазақ қоғамы мен Ресейдің арақатынасы. Хатта ірі саяси қайраткердің екі елдің арақатынасына байланысты ұстанған позициясында екі жақтылық жоқ, қайта ол өзара қатынастың маңызын және болашағын терең түсінген, мемлекетаралық дипломатиялық байланыстың сырларынан хабардар тәжірибелі адамның сыңайын танытады. Бұл арада арнайы сөз етуге лайық бір жай бар. Ол Қазыбек бидің қоғамдық қызметін тереңірек түсінуге көмектесетін, өте сирек кездесетін бұл құжаттың халық арасында сақталып келген деректік материалдардан алшақ емес, қайта олардың бірін-бірі өте орынды толықтыра түсетіндігі. Мәселен, халық арасында ауызекі және жазба түрінде сақталып келген деректер Қазыбек бидің қазақ-жоңғар қатынасында да белсенді рөл атқарып, жоңғар хандығына елшілік сапармен барып қайтқандығын айтады. Біз қарастырып отырған және одан бұрынғы тарихи кезеңдерде қазақ қоғамында елшілік қызметі негізінен билердің үлесіне тиген. Қазанғап ақынның "Төле бидің тарихы"17 атты жырында аса маңызды дерек бар. Онда бір қақтығыстан кейін тұтқын дауымен қалмаққа елші жіберу қажеттілігі туады. Бұл сапарға кім аттанады дегенде хан тағы жанында Билер кеңесін құрған үш бидің үшеуі де ыңғай білдіреді. Сонда біреу Қазыбек биге: "Айтыңызшы, арғымақтың басы күшті ме, жоқ белі күшті ме, жоқ құйрығы күшті ме?" - деп сұраумен қайырылғанда, жас жағынан үлкен Төле би: "Шырағым Қазыбек, жол бастауға аттың омырауы күшті, бірақ белі қызметті көп істейді, рұқсат сізге",18— деп жол береді. Қасына Қожабақтың ұлдары Қылыш пен Балта батырларды ертіп барған бұл сапарында ол тұтқын, жер дауына байланысты көп іс тындырып қайтады. Ол туралы жырда: "Қазыбек енді еліне жөнеледі, жиып ап жетім-жесір, не ерлерді. Сіздерді жоғыңды ал деп, ертіп келіп, қалмақтың жоғын тауып бұл да берді"19, - делінеді. Қазыбектің шешендік өнері қалмақ ханына үлкен әсер еткен. Қас батырды көргенде жау көңіліне қызғаныш ұялаған. Осы сапарда қалмақтар бидің жанындағы сіркелінің батырлары Қылыш пен Балтаның үзеңгісіне у жағып жіберіп, елге келген соң Қылыш өліп, Балта аман қалады. Қазанғап ақын арқылы бізге жеткен Әбдірейім шежіресі бойынша, Тәшкенге таяу маңда Қылыштың қыры, Балтаның көлі деген жер аттары болған20. Қазыбектің өзі де жырда аракідік Ер Қазыбек аталады. Бидің ер атануы осындай қауіпті сапарға байланысты екендігі анық.
БІРІНШІ ХАТ
"Иана биз Казубек биден инаралға суз будур: иети хан, куп туре, иурут бару бизларниң уштумизға килалар. Сузлашамиз, кингаш қиламиз тиб айталар. Имри бу Дукан батурға илчи кошуб илдам кайтаруб ибаргайсыз. Ол ханларның, тураларның, иурутның... кингашин, сузларин сиз иналарға Дукан қолуна хат беруп хизматунизға биз ибарурмыз. Бу Дукан батур падишаһ хизматун қиламиз тиб ики чуға чипкан бирмак болуп, ики аталыб минди. Иана игрми табақ қагаз биргайсиз. Иана биз кара кисек Казубек биден салам. Орунбор башлығы инаралға сузумиз будур: бизга бир кара тулки ибаргайсиз. Дукан батур қолуна беруп ибаргайсиз. Иана бу Дукан батурның сақлардай ғақл табғайзис Аниң учун подишаһның сузларин. Дукан батур яғшы айтадур. Кашлар сузин бу Дукан батур яғшы айтадур. Аниң учун бу Дукан батурның башын душманлардин сақлағұдай бир яғшы ғақл табғайсиз"21.
Қазіргі қазақ тіліндегі аудармасы: "Және біз, Қазыбек биден, генералға сөз бұл: жеті хан, көп төре, жұрт болып біздің үстімізге келмек. Пікір алысып, кеңес құрмақ. Енді мына Төкен батырға елші қосып, тезірек қайтарып жібергейсіз. Хан, төре, жұрттың айтқан пікірін, жасаған шешімін сізге, генералға Төкен батырдан хат арқылы жеткізерміз. Бұл Төкен батыр патшаға қызмет етемін деп екі шұға шекпен бермек болып екі ат алып мінді. Одан жиырма табақ қағаз беріп жібергейсіз. Және біз, қаракесек Қазыбек биден, сәлем. Орынбор бастығы генералға сөзіміз бұл: бізге бір қара түлкі жібергейсіз. Төкен батырдың қолына беріп жібергейсіз. Және бұл Төкен батырға дұшпандардың жамандық көңілі бар-дүр. Өйткені Төкен батыр патша сөзін бізге, біздің сөзімізді сіздерге жақсы жеткізіп жүр. Сондықтан да, генерал, бұл Төкен батырдың басын аман сақтардай бір жақсы амал тапқайсыз".
ЕКІНШІ ХАТ
"Биз қара кесек Қазубек би улүғ падишаһға баш... Иана Орунбор башлығы инаралға салам сузумиз будур: Бизлар падишаһның хизматиндамыз. Падишахның душманина душманмыз, дустина дустимиз. Бизларниң бурунги антимиз антдур, сузумиз бирдур. Иана сиз инаралниң билтур Дукан батурға берип ибарған хатуңиз бирла сиуңыз қолумизға килуб тиди. Бизлар яғшы куш курдук. Бизлар бу заманда ишутамиз, жонғар қалмақ Қалдан Чирин хан падишап иуртуна иаманлик қиладур тиб. Узумиз куз бирла курганмиз иукдкр. Иана... лау Ғабдулкарим бек игрми сан к... Ташкент қала устуна килди. Қалдан хан қалмақ иурту бирла уруш қилди тиб иатадур. Андан башқа узгариш ишутмаймиз. һар иурутлардан ишутсак сизларға хабар қилармыз. Хатни Дукан батурға бирдук"22.
Қазіргі қазақ тіліндегі аудармасы:
"Біз, қаракесек Қазыбек би, ұлы патшаға бас (идік). Және Орынбор бастығы генералға сәлем сөзіміз бұл: Біз патшаның қызметіндеміз. Патшаның дұшпанына дұшпан, досына доспыз. Біздің бұрынғы антымыз - ант, сөзіміз бір. Және сіз (дің), генералдың, былтыр Төкен батырдан беріп жіберген хатыңыз бен сыйлығыңыз қолымызға келіп тиді. Біз жақсы, хош көрдік. Біз бұл заманда жоңғар қалмақ Қалдан Серен хан патша жұртына жамандық жасап жүр деп есітеміз. Өзіміз көзімізбен көргеніміз жоқ. Және... лау Ғабдулкарим бек жиырма сан к... Ташкент қаласының үстіне келді. Қалдан ханның қалмақ жұртымен ұрысты деп айтады. Одан басқа жаңалық есіткеміз жоқ. Әртүрлі жұрттан жаңалық есітсек, сіздерге хабар қылармыз. Хатты Төкен батырға бердік".
НАУРЫЗБАЙ БАТЫР ҚҰТПАНБЕТҰЛЫ
ХVІІ ғасырдың соңы және ХVІІІ ғасырдың алғашқы ширегінде шығыс жағынан Цин империясының және солтүстік, солтүстік-батыс жағынан Ресей империясының қыспағына түскен Жоңғар хандығы таяу көршісі қазақ халқын дәстүрлі атамекенінен күшпен ығыстыра бастайды. Қалмақ ханзадасы Галдамамен жекпе-жекте мерт болған Жәңгір ханның ұлы Тәуке хан тұсында (Тәуке хан билік құрған кезең шамамен 1680-1718 жылдар аралығы) Жоңғар хандығы Орталық Азия кеңістігінде қуатты күшке айналып, осы мезгілде билік құрған Қалдан Башокту (1671-1697) мен Цэван-Рабдан (1697-1727) хандар тұсында қазақ-жоңғар шиеленісі өзінің шарықтау шегіне жетті. 1681 және 1683 жылдары Қалдан хан Жетісу, Әулиеата арқылы Сайрамға шейін жетеді. 1684 жылы Сайрам қаласы жоңғарлардың қиратуына ұшырады. Міне, осы кезден бастап ХVІІІ ғасырдың орта тұсына шейін, яғни жарты ғасырға жуық мезгіл құнарлы Жетісу өңірі қалмақтардың билігінде болды. Қазақ халқының жадында терең із қалдырған бұл тарихи кезеңнің маңызын Өтеген батыр туралы айтылған аңыз-жырлардан айқын көруге болады. Құтты атамекені Жетісудан айырылған елге Төле бидің тапсырмасы бойынша Өтеген батыр жаңа қоныс іздеп, бірақ оны таба алмайды. Жарық дүниеден аттанғалы жатқан қайраткерге Өтеген батыр: "Төке, талай-талай жерді көрдім, елді араладым, бірақ Алатаудың етегіндей құтты қонысты кездестірмедім"23, — деген мағынадағы ойды білдіреді. 1909 жылы Жетісу өңірінде болып, зерттеу жұмыстарын жүргізген П.П.Румянцев экспедициясының материалдарында: "В давние времена род Карасай жил в пределах нынешней Акмолинской области; по преданию могила Карасая находится на ур. Аиртау в Кокчетавском уезде"24, - деп көрсетіледі. Ел арасынан алынған бұл фактіге сүйеніп, Жетісу жұртының Қарасай батыр бастаған бөлігінің Көкшетау жеріне қоныс аударуы шамамен осы "Ақтабан шұбырынды" кезеңіне тән екендігі жөнінде жорамал жасауға болады. Тарих кейінгі ұрпаққа беретін сабағымен құнды. "Ақтабан шұбырынды" заманы - қазақ тарихының ең ауыр, қаралы тұстарының бірі. Демограф мамандардың есебі бойынша, осы жылдары халқымыз миллионнан артық бөлігінен айырылған. Халық өміріне осыншама ауыр тиген жалпыұлттық қасіреттің негізгі себептері жөнінде не айтуға болады? Біздің түсінігімізше, жоңғар хандығымен соғыста қазақтардың ойсырай жеңіліс табуының ең аз дегенде мынадай басты себептерін бөліп айтуға тиіспіз. Біріншіден, ХVІІІ ғасырда қазақ қоғамы басым түрде дәстүрлі көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Ал адамзаттың үлкен бөлігі машиналы өндіріске бет бұрған шақта біржақты көшпелі мал шаруашылығы үдемелі қоғамдық дамуды, яғни оның тәуелсіздігін қамтамасыз ете алмайтын еді. Тіптен қазақ-жоңғар соғыстарының негізінде классикалық көшпелі өмірдің терең дағдарысы жатыр. Бұл пікірдің шындықтан алыс емес екендігіне қазақ пен жоңғар халықтарының осы тарихи мезгілден былайғы тағдыры куә. ХVІІІ ғасырдың 50 жылдарының соңына қарай жоңғар хандығы тарих сахнасынан кетті, ал осы жүзжылдықтың 30-жылдарынан бастап қазақ қоғамы орыс империясының иіріміне тартылып, саяси дербестігінен айырылды. Өз ретінде, екіншіден, экономикалық мешеулік орталықтандырылған қуатты мемлекеттік жүйенің қалыптасуын қамтамасыз ете алған жоқ. Қазақ қоғамы басынан кешірген бұл ауыр жағдайды сол тұстағы басқарушы элита ұғына алмады десек, қателескен болар едік. "Ақтабан шұбырынды" оқиғасы қалыптасу барысын тездете түскен басқарушы саяси топ елдің ішкі және сыртқы саяси жағдайын дәл және тура түсіне отырып, біріншіден, ыдырау жолында тұрған жалпыұлттық мемлекеттікті қалпына келтіру және оны сақтау мәселесін; екіншіден, халықтың белгілі бір бөлігін біртіндеп отырықшы тұрмысқа аудару қажеттігін: үшіншіден, рулық-жүздік танымнан жалпыұлттық санаға, дүниетанымға өту, біртұтас ұлт ретінде әлемдік кеңістікте өз орнын алу мәселелерін қойды. Бұл аталған қоғамдық мәселелер, әрине, ХVІІІ ғасырда өз шешімін тапқан жоқ. Сондықтан да қазақ қоғамы осы мезгілден бастап ХХ ғасырдың соңғы он жылдығына дейін Ресей империясының құрамында отарлық тәуелділікте өмір сүруге мәжбүр болды. Міне, осы арада, қазірге дейін ресми тарихнама жете көңіл аудармай келген мынадай бір жағдайға тоқталуға тура келеді. ХV ғасырдың орта тұсынан бастап өзара текетіреске түскен қазақ және ойрат хандықтарының арасындағы тепе-теңдік неге кенеттен 1723 жылы жоңғарлардың пайдасына шешіле бастайды? Мәселе мынада. Жоңғар қалмақтары ХVІІ ғасырдың алғашқы жартысында-ақ он екі рет Мәскеу патшалығына ант береді. 1608 жылы 14 ақпанда орыс патшасы Василий Шуйский қалмақтардың өз еркімен Ресей құрамына енгендігін ресми түрде бекіте отырып, оларды "Қазақ ордасынан, Ноғайлардан және Алтан ханнан (батыс монғол) қорғап, сақтауға" уәде береді25. Осы мәселеге байланысты ресейлік тарихшы В.И.Колесник "Последнее великое кочевье" атты кітабында: "Если называть вещи своими именами, то царское правительство не возражало против того, чтобы калмыки отвоевали себе жизненное пространство у казахов, ногайцев и монголов, опираясь в этом на поддержку России и не претендуя в силу этой причины на русские земли",26– деген тұжырымға келеді. Ресей патшалығы ұстанған бұл саясат қандай нәтиже берді? Жоңғар хандары Цэван Рабдан мен Қалдан Серен билігі тұсында Ресей әкімшілігі Жоңғар хандығын қаруландыру жолына түсті. ХVІІІ ғасырдың алғашқы жылдарында қалмақ әскеріне мылтық құю және жасау ісімен Зеленовский, Иван Бильдега, И.Сорокин сияқты орыс шеберлері және басқа есімдері беймәлім жүзге жуық орыс тұтқындары, сондай-ақ мыңға жуық темір ұсталар айналысқан. Ал орыстардағы тұтқындықтан қалмақтарға ауысқан белгілі швед офицері Ренат қалмақ әскеріне түрлі көлемдегі 40-қа жуық зеңбірек құйып береді27. 1723 жылғы соғыста қазақ халқының жоңғар қалмақтарынан ауыр жеңіліс табуының негізгі себебін, міне, осы саясатпен байланыста қарау орынды болатын сияқты. Сонымен бірге медальдың екінші бетіне де көңіл аударған жөн. Тура осы тарихи мезгілде қарулы Жоңғар хандығының саяси белсенділігінің тым арта түсуі оның Цин империясының қаһарына ұшырауына алып келгендей әсер қалдырады. Басқаша айтқанда, бізге Жоңғар хандығының Орталық Азия кеңістігінде қуатты күшке айналуы, өз ретінде оның тез сөнуін жылдамдата түскендей көрінеді. Әрине, қазақ билеушілері бұл кезде бейқам жатты деуге болмайды. 1709-1711, 1713-1714, 1716-1717 жылдары болып өткен қазақ-жоңғар қақтығыстары қазақ қолдарының үлкен даярлығын байқатады. Ал 1717-1718 жылдары Тәуке хан Сібір губернаторы М.П.Гагаринге жоңғарларға қарсы қазақ-орыс одағын құруды ұсынады. Сібір әкімшілігі қалмақтарға қарсы соққы беруді қуаттағанымен, ондай одақ құруға бармайды. "Ақтабан шұбырынды" қарсаңында қазақ-жоңғар қатынасы төңірегінде қалыптасқан саяси жағдайды баяндай отырып, негізгі тақырыбымызға көшейік. Сонымен, қазақ-жоңғар соғысының белгілі тұлғасы Наурызбай Құттымбетұлының ерлігі, еліне сіңірген еңбегі жөнінде тарихи деректер не айтады? Батырдың тегі жөнінде шежірені бірнеше автордан кездестіреміз. Белгілі жазушы-жұрналшы Балғабек Қыдырбекұлы "Шапырашты Наурызбай" атты мақаласында "Қазақ совет энциклопедиясының" мәліметтеріне сүйеніп, батыр туралы: "Ұлы жүз, шапырашты тайпасының Төлеміс руынан. Қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Жалпақтас, Серіктас деген жерлерде тұрған", — деген мәліметті келтіріп, оған мынадай анықтаулар енгізеді: "Төлеміс Көрпеұлы - Наурызбайдың атасы, яғни Құттымбеттің әкесі. Сондықтан оның руы шапырашты тайпасының Асыл руынан деу керек болар. Замандастары — үйсін Төле би, Қаздауысты Қазыбек би, Кіші жүз Айтық (Әйтеке би)28. Б.Қыдырбекұлының бұл түзетуі тарихи шындыққа жақын. Өйткені Н.А.Аристов жазып алған шежіреде Шапыраштының бес ұлы болған. Олар Екей, Есқожа, Асыл, Шыбыл және Айқым29. Ақиық ақын Сүйінбай Аронұлы "Бірінші бабам сөйлейін Асылдан... Асылдан туған төртеуі... төртеуінің ішінде Теке менен Төлеміс",30— деген мәлімет береді. Ал осы Текеден Дәулетбай, Дәулетбайдан Ер Бөлек тарайды. Ол жөнінде Сүйінбай ақын: "Дәулетбайдан шыққан Ер Бөлек, ала бел аты астында, дулығасы басында, қалмақты шауып қоймаған", — дей келіп, одан ары оған "Ер Бөлектің қасында белгілі батыр Ер Сатай, қалмақпенен қас болған, қайратына мас болған",31 — деген баға береді. Келесі автор Тұрсынбай Бірімқұловтың айтуынша, Наурызбай Құттымбетұлы Шапыраштының Желді руының Асылынан тарайды. Асылдан Байбағыс, одан Батыр, одан Көрпе, одан Төлеміс, одан Серек, одан Көштай, одан Сүлеймен, одан Сиқымбай, одан Құттымбет32. Көріп отырғанымыздай, Т.Бірімқұловтың шежіресі толығырақ сияқты. Шамамен осы мазмұндағы шежірені инженер Асқар Селеубаевтың батыр ғұмырнамасына арналған "Басбатыр" атты мақаласынан да кездестіреміз33. Енді Наурызбай батырдың туған жылы жөнінде. "Қазақ совет энциклопедиясында" батыр туралы берілген мәліметте оның туған жылы -1706, ал қайтқан жылы - 1781, яғни ол 75 жыл өмір сүрген. Т.Бірімқұлов та осы даталармен келіскендей сыңай танытады. Ал Балғабек Қыдырбекұлы батырдың туған жылы ретінде 1708 жылды атайды. Бұдан байқайтынымыз, Наурызбай батырдың өмірге келген мезгілі шамамен XVІІІ ғасырдың алғашқы онжылдығы, анығырақ айтқанда — оның екінші жартысы. Біздің ойымызша, батырдың туған жылына байланысты айтылған бұл пікірлермен келісуге болады. Өйткені Наурызбай Құттымбетұлының, бізге мәлім деректерге қарағанда, XVІІІ ғасырдың 20 жылдарының соңындағы қазақ және жоңғар қолдарының арасындағы шешуші шайқастарға қатынасқандығы ешқандай да күмән тудырмаса керек. Жоғарыда аталған автор А.Селеубаев "Наурызбай батырдың бабалары Төлемістен бері құдай көгеніне береке дарытқан дәулетті ауыл еді. Наурызбайдың әкесі Құттымбет атамыздан бес бала: үлкені Құдайберген Долаңғарамен жекпе-жекте мерт болған. Содан кейінгі екі баласы Хангелді мен Жангелді де Іленің сол жағында өткен ұрыста өлген. Соңғы бауыры Қожағұл ұзақ өмір кешкен", — деген деректер келтіреді. Бұл келтірілген фактілерден Наурызбайдың батырлық дәстүрді берік ұстанған ортада өсіп, жетілгенін аңғару, әрине, қиын емес. Жалпы қазақ мемлекеттігінің қалыптасу кезеңінде өмірге келген батырлар институтының қоғам өміріндегі орны аса жоғары болды. Ел мойындаған батыр дәрежесіне (статусына) жету үшін жеке тұлғаның жалпы жұртқа жаққан қасиеттері, яғни кезекті шайқас алдында жаудың батырымен жекпе-жекте немесе шайқас барысында көзге түсер ерлігі, соғыс қимылында көрсеткен тапқырлығы және басқа елеулі істері болуы керек-тін. Жоғары қабілетті батырлар елдің ішкі және сыртқы саяси өміріне белсенді араласып отыруы үйреншікті табиғи құбылыс болатын. Қанжығалы Бөгенбай, алшын Тайлақ, ошақты Саңырық батырлар рулық мүддесі жалпыұлттық мүддеге ұласқан, сондықтан да өз қызметін бүкіл байтақ қазақ ұлтының тағдырымен байланыстырған тарихи тұлғалар болғандығы даусыз. Бұқар жырау Бөгенбай батырдың өлімін Абылай ханға естірте келіп:
Еңбек қылған ел үшін,
Жауда кеткен кек үшін,
Алаштың абырой-атына
Сарып қылған бар күшін...
Қарияң келіп жылап тұр,
Еңбегі сіңген ер үшін!34 —
дейді.
Наурызбай батыр өмір сүріп, еліне еңбек еткен заманда батырлықтың негізгі өлшемі батырдың өз руы мен тайпасын қорғау емес, жалпы қазақ елін, Отанын қорғау болды. Сондай-ақ Бұқар жырау толғауы мен Төле би кесімінде жалпыұлттық мүдде рулық, жүздік мүддеден жоғары қойылды. Бұқар жырау ауыз бірлігі кетіп, ел арасы алауыздыққа ұрынып, ең соңында Цинь әскерінің қырғынына ұшыраған қалмақ елінің трагедиялы тағдырын көлденең тартып, "Кіші қалмақ бүлерде... уағдадан жылысты, буыршындай тіздесті, жамандықты іздесті, бірін-бірі күндесті, жаулаған ханын қара оңбас, хан қисайса бөрі оңбас, ханын қалмақ жаулаған, сүйткен қалмақ оңбаған"35, — деген тұжырым жасайды. Бұқар жыраудың бұл айтқанына таңғалмасқа шарамыз жоқ. Өйткені ол жоңғар хандарының өз елінің болашағын болжай айтқан ойларымен қабысып жатыр. Мәселен, жоңғарлық Сейсен хан өз балаларына: "Мен өлген соң, топырағым кеппей жатып-ақ сендер надандықтарыңнан біріңді-бірің тыңдамай, біріңе-бірің бағынбай өзара қырқысып кетесіңдер-ау деп қауіптенем",36— дейді. Тура осыған жақын ойды Хо-Орлек, Қалдан қонтайшы, т.б. хандар да айтқан. Өкінішке орай, Наурызбай батырдың қол бастап, жаумен шайқасқа түскен күресін хронологиялық тұрғыдан баяндап шығу жеңіл-желпі шаруа емес. Болашақта, тарихшы-ғалымдардың мақсатты ізденісі нәтижесінде ондай мүмкіншіліктің тууы әбден ықтимал. Дегенмен, осы мәселеге қатысты өз тұжырымдарымды білдіре кетуді жөн санаймын. Өздеріңізге мәлім, "Ақтабан шұбырынды" оқиғасының басы — 1723 жыл. Бұдан кейінгі 3-4 жылда қазақтар жоңғарларға қарсы ұйымдасқан соққы бере алған жоқ. Шамамен, тек 1726 жылы біріккен жалпы қазақ қолы құрылып, оны Әбілқайыр хан басқарады. Міне, осы жоңғар әскеріне қарсы үш жүздің алғашқы ұйымдасқан біртұтас қолын Ұлы жүзден Саңырық, Орта жүзден Бөгенбай, Кіші жүзден Тайлақ батыр бастап шығады. Соған қарағанда, жоңғар әскеріне берілген алғашқы соққылар кезінде Наурызбай батыр әлі де болса жас. Жас жағынан Наурызбай батырдың Абылай ханмен тұстас болуы әбден ықтимал. Наурызбай батырдың белгілі тұлға ретінде ел аузына ілігуі жоңғар батырымен болған жекпе-жекте жеңіске жетуіне байланысты. Жалпы бұл тарихи кезеңде қол бастайтын батыр ретінде танылу, әрине, екі жақ шайқасқа түсер алдындағы жеке батырлардың жекпе-жегінде жеңіске жетуге көп тәуелді болған. Жаратылысынан алып денелі, батыр тұлғалы Наурызбайдың осындай ауыр сыннан өтіп, көпке танылуы таңданыс тудырмаса керек.
Бұқар жыраудың өздеріңізге мәлім толғауындағы:
...Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Шапырашты Наурызбай
Ту түбінде тұр еді.
Абылай хан осы күн,
Айбатты да, сұр еді, —
деген жолдар қалай болғанда да Абылай бастаған қазақ қолдарының жауы үшін қаһарлы күшке айналғандығын, осы жалпыұлттық жасақта Наурызбай батырдың Бөгенбай және Қабанбай сияқты бұған дейін әбден танылған тұлғалардың қатарына қосылғандығын айғақтайды. Деректік материалдардың көрсетуіне қарағанда, бұл шамамен ХVІІІ ғасырдың 30-40-жылдарына тұс келеді. Ал бұл Наурызбай батырдың кемеліне келген кезі болатын. Сүйінбай ақынның: "... Исі қазақ жиылса, Наурызбай білсін дер еді",37— деген сөзі батырдың тек қара күш иесі ғана емес, парасатты тұлға болғандығына нұсқайды. Деректер желісіне қарағанда, Наурызбай батыр - қазақ жері, соның ішінде өзінің атажұрты Жетісу түгел жаудан азат болғанша тер төгіп, еңбек еткен тұлға. Оның Жоңғар хандығы жойылғаннан кейінгі кезеңде қазақ жеріне басып кірген Цинь империясының әскер құрамаларын кейін қайтарған қазақ жасақтарына қолбасшылық жасағандығы жөнінде деректер де кездесіп қалады. Әрине, бір мақала көлемінде Наурызбай сияқты алып тұлғаның ерлік ісін түгел талдап шығу мүмкін емес. Сөзімді Бұқар жыраудың Наурызбай батырға арнаған мына бір жолдарымен аяқтағым келеді:
Ей, Наурызбай, Наурызбай!
Асылы едің Асылдың...
Жауға киер беренім,
Миуа ағашта берегім,
Еңкерістен жау келсе,
Бетіме ұстар керегім...
Арандай ашып ауызын
Серен (Қалдан. — М.Қ.) келсе сестеніп,
Аттана шабар керенім.
Өліспей тірі бітіспес,
Артықша туған өренім.
Жау қыспаққа алғанда,
Қазақты қанға малғанда,
Өткел бермес тереңім.
Майданның қанды өтінде,
Жасанған жау бетінде
Сені ылғи көремін...38 Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің "Тарих толқынында" атты еңбегінде: "Тарихи болашағына деген ғасырлар бойғы үмітсіздік ұлттық мінез-құлықты күйретіп, қадір-қасиетін шайды, қазақ халқының небір данышпан перзенттері мен көсемдері тарихтың қарғыс атқан тұзағында тұншықты, ұлттың амандығы үшін олар тарихтың тәлкегіне көнуге мәжбүр болды. Жиырмасыншы ғасырдың соңғы онжылдығында ғана қазақтар еңсесін көтеріп, арман болған азаттығымен қауышты",39 — деп жазды. Міне, осы өз тағдырымызға өзіміз ие болған еркіндік заманда Наурызбай Құттымбетұлы сияқты заңғар тұлғаларды еске алып, олардың ерен еңбегіне тиесілі баға беріп жатсақ, ол өсу жолында тұрғандығымыздың көрінісі болса керек.
ҰЛТТЫҚ САНА
1723 жылғы жоңғар қалмақтарының басқыншылығы, қазақтардың Түркістаннан айырылуы, атамекен жерін тастап шұбырындыға ұшырауы ұлттық санаға үлкен соққы болып тиді. Дегенмен халықтың ең таңдаулы, әрі белсенді күштері оны құтқарып қалуға ұмтылды. Топыш ақын өзінің "Ақтабан шұбырынды" толғауында:
Ұмытпа, қазақ, "Алаш" ұраныңды,
Ойыңнан үзбе, халқым, құраныңды.
Артыңа өлгендерің өсиет қыл –
Халық боп Қаратауда құралуды, -
деп, сол тарихи кезеңдегі қоғамдық санаға ортақ ең өзекті ойды білдірді. Қайрат-жігер көрсететін заманның келгенін бүкіл ұлт болып түсінді. Қалмақ шабуылына шейін қанжығалы жұртының биі болып келген Бөгенбай ендігі уақытта қолына қаруын алып, батыр сауытын киіп, қол бастап шығады. Әке-шешесінен, олардың дәулетінен айырылып, Түркістанның түбінде Сабалақ атанып мал бағып жүрген Абылай, тектілігін танытып қару асынып, жекпе-жекте қалмақ батырын түйреп, алдымен батырлыққа өтіп, сонан соң барып сұлтан ретінде танылады. Ақын "...қазақта Қаракерей Қабанбайдан асқан батыр жоқ. Үйсін Төле биден асқан би жоқ. Абылай заманында батыр атанбаған қазақ жоқ", - деп дәл айтты. "Ақтабан шұбырынды" тұсындағы халық санасындағы елеулі құбылыс - әрбір қарапайым қазақтың өзін белгілі бір рулық қауымға ғана емес, жалпы қазақ еліне тән екендігін терең ұғынуында еді. "Ақтабан шұбырынды" трагедиясы қандай жалпыұлттық сипат алған болса, жеке адам да өзінің басына түскен ауыртпалығының жағымды шешілу мүмкіндігін жалпы ұлттық дәрежедегі мақсатты әрекетпен байланыстырды. Өзге жұртқа жер ауып барып, терең күйзелісті басынан өткізген жас пен кәрінің санасында Отан, туған ошақ сияқты қасиетті ұғымдар терең орын тепті. Өз қызметі мен күресін бүкіл қазақ халқының тағдырымен байланыстырған Қанжығалы Бөгенбай, алшын Тайлақ, ошақты Саңырық батырлар рулық мүдде жалпыұлттық мүддеге ұласқан тарихи кезеңнің тұлғалары болатын. Бұқар жырау Бөгенбай батырдың өлімін Абылай ханға естірте келіп, батырдың өмір жолына мынадай баға береді:
Еңбек қылған ел үшін,
Жауда кеткен кек үшін,
Алаштың абырой-атына
Сарп қылған бар күшін,
Қарияң келіп жылап тұр,
Еңбегі сіңген ер үшін!
Егер батырлықтың негізгі өлшемі батырдың өз руы мен тайпасын қорғау емес, жалпы ұлтын, Отанын қорғау болса, жырау толғауы мен би кесімінде жалпыұлттық мүдде рулық, жүздік мүддеден жоғары қойыла бастайды. Бұқар жырау ауызбірлігі кетіп, ел арасы алауыздыққа ұрынып, ең соңында Цинь әскерінің қырғынына ұшыраған қалмақ елінің трагедиялы тағдырын көлденең тартып, "кіші калмақ бүлерде ...уағдадан жылысты, буыршындай тіздесті, жамандықты іздесті, бірін-бірі күндесті, жаулаған ханын қара оңбас, хан қисайса, бөрі оңбас, ханын қалмақ жаулаған, сүйткен қалмақ оңбаған", - деген тұжырым жасайды. Міне, бұл келтірілген рухани өмір фактілері халықтың ішкі өмірінде болып жатқан сапалы өзгерістердің көрінісі болатын. Қазақ елі түрлі ауыртпалықтарға қарамастан ұлттық ұю және кемелдену жолында тұрды. 1 "Ақтабан шұбырынды" оқиғасына байланысты өлеңдер. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қоры. 144-п. 6-дәптер, 4-5-бб. 2 Шақшақұлы ер Жәнібек. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар қоры (ҚР ҰҒА ОҒК). 724-п. 27-28-бб. 3 Казахско-русские отношения ХVІ-ХVІІІ вв. Алма-Ата, 1961. № 44-45 документы. С. 101-102. 4 Сенатский Архив. ІІ. Журналы и определения правительствующего сената. СПб., 1889. С.39-40. 5 Абылай туралы поэмалар мен аңыз әңгімелер жинағы. ҚР ҰҒА ОҒК. 65-п. 1-дәптер. 40-42-бб.
6 Төле бидің тарихы. ҚР ҰҒА ОҒК. 763 п. 72-б.
7 Феникс. 1996. №16. С. 245.
8 Сонда. 73-75-бб.
9 Абылай туралы поэмалар мен аңыз-әңгімелер жинағы. 1-дәптер. 32-35-бб.
10 Сейфуллин С. Қазақтың ескі қолжазбалары. Қызылорда, 1932.
11 Төле бидің тарихы. ҚР ҰҒА ОҒК қолжазбалар қоры. 763-п. 63,64, 84,85-бб.
12 Көпеев М.Ж. жинаған қазақтың ауыз әдебиеті, тарихи аңыздар, шежірелер жинағы. ҚР ҰҒА ОҒК. 1172 "а" п.
13 Бес ғасыр жырлайды. 106-б. 14 Орынбор облыстық архиві. 3-қ, 1-т., 8-іс. 112,112 об, 113,113 об, 114,114 об.
15 Сонда. 113-113 об. беттер.
16 Сонда. 38-б.
17 Төле бидің тарихы. ҚР ҰҒА ОҒК қолжазбалар қоры. 763-п.
18 Қазанғап Байболұлы. Төле би. Алматы, 1991. 213-б.
19 Сонда. 217-б.
20 Сонда.
21 Орынбор облыстық архиві. 3-қ, 1-т., 8-іс, 112-б.
22 Сонда. 113-б.
23 Румянцев П.П. Уезды Жетысу. Алматы, 2000. С. 213.
24 Русско-монгольские отношения. М., 1959. №3. С. 24.
25 Колесник В.И. Последнее великое кочевье. М., 2003. С. 50.
26 Сонда.
27 Златкин И.Е. История джунгарского ханства 1635-1758 гг. М., 1983. С. 219, 238, 240.
28 Қыдырбекұлы Б. Шапырашты Наурызбай //Егеменді Қазақстан. 1991, 16 ақпан. 29 Аристов Н.А. Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей. СПб, 1897. С. 396. 30 Сүйінбай ақынның қырғыздың атақты ақыны Арыстанбекпен айтысқаны. 54-55-бб.
31 Сонда.
32 Бірімқұлов Т. Шапырашты Наурызбай //Қазақ батырлары. 2003. №3 (56).
33 Селеубаев А. Бас батыр. //Қазақ батырлары. 2003. №4 (57).
34 Бес ғасыр жырлайды. 1-т. Алматы, 1984. 113-б.
35 Сонда, 105-б. 36 Калмыкские историко-литературные памятники в русском переводе. Элиста, 1969. С. 34-35. 37 Сүйінбай ақынның қырғыздың атақты ақыны Арыстанбекпен айтысқаны. 56-57-бб. 38 Бұл жолдар А.Селеубаевтың жоғарыда аталған "Бас батыр" атты мақаласынан алынды.
39 Назарбаев Н. Тарих толқынында. Алматы, 1999. 16-17-бб.
ІІІ тарау. ХІХ ҒАСЫР. ИМПЕРИЯЛЫҚ ҮСТЕМДІККЕ ҚАРСЫЛЫҚ
КЕНЕСАРЫ ҚАСЫМҰЛЫНЫҢ ҚОЗҒАЛЫСЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ БАСҚАРУШЫ ТОБЫНЫҢ БАҒЫТ-БАҒДАРЫ
Қазақстанның Ресей империясының құрамына ену мәселесі қазақ елі үшін тек жағымды құбылыс ретінде ғана бағаланды. Егер алдыңғысы қазақ халқының Ресей империясының құрамына енуі оған экономикалық және мәдени даму алып келді деп қараса, соңғысы бұл "игіліктерге" революциялық, социалистік перспективаны (болашақты) қоса атады. Басқа көзқарас, пікірге тіпті де орын қалған жоқ-тын. Мәселен, 1944 жылы 10 көкекте Москвада Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің хатшылары Маленков пен Андреевтің басшылығымен "Қазақ ССР тарихын" талқылауға арналған тарихшылардың кеңесі қабылдаған тезистері "Кіші халықтарды үлкендерінің жаулап немесе қосып алуының қай-қайсысы болмасын объективті - прогресшіл факт (отарлау - объективті - прогресшіл құбылыс)"1 , - деп көрсетілді. Кеңестік тарихнама отарлау процесінің зорлық-зомбылықсыз жүрмейтіндігін мойындай отырып, сонымен бірге "ұлт-азаттық қозғалыс көсемдерін дәріптеуге" үзілді-кесілді қарсы шықты. Міне, осы көзқарас тұрғысынан жазылған кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихының барлық басылымында Қазақстан Ресей құрамына түрлі себептерге байланысты өз еркімен енуге мәжбүр болды, ал бұл оқиға қазақ халқын отарлық тәуелділікке душар еткенімен, түптеп келгенде, феодалдық мешеуліктен прогресс жолына алып шықты деген тұжырым жасалынды. Пікірі бұл тұжырымға қайшы келген тарихшылар (Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов, П.Галузо, т.б.) қудаланды. Бұл айтылған тұжырымды Кеңес Одағы ауқымында орнықтыра отырып, кеңес идеологтары орыс отаршылдығына батыстық жаулап алушылықтан өзге мазмұн, яғни оған ағартушылық, өркениеттік сипат беруге тырысты. Ал тарихи шындық Ресей үкіметінің ХVІІІ-ХХ ғасырларда Қазақстанда классикалық үлгідегі отарлау саясатын жүргізгендігін көрсетеді. Оның мынадай белгілері мен ерекшеліктерін бөліп айту орынды: 1. Ресейдің шығысқа, Орталық Азияға жылжуына түрткі болған оның өнеркәсіптік дамуы, соған байланысты өнім өткізетін рынокқа, шикізат көздеріне, т.б. мұқтаждықтары еді. Бірақ Ресей бұл мәселелерді шешу үшін батыс мемлекеттері сияқты алысқа артынған жоқ, іргесіндегі экономикалық дамуда кенже қалған елдерді жаулап алуға кірісті. Сондықтан да Ресей үшін Қазақстан сияқты елдерді отарлау оның континентальдық территориясын одан әрі кеңейтумен бірдей болды. 2. Қазақстан жері империяның құрамына енді, сондай-ақ метрополияның әкімшілік басқару жүйесі оған да тарады. Ал осы Қазақстанға тараған Ресейдегі басқару жүйесі ол кезде (ХІХ ғасырдың 60-жылдары) әскери-феодалдық мазмұнда болды және ол қазақ губернияларын метрополиядан бөлек, арнайы дайындалған заңдар бойынша (1868, 1881, 1891, т.б.) басқарды. Бұл заңдар қазақтарды ең негізгі құқықтарынан айырды, біртіндеп орыс тіліне, христиан дініне, салт-дәстүріне көшіруді көздеді. Қазақ қоғамындағы барлық сословиелер (сұлтан, қожа, би, т.б.) село тұрғындарына теңгерілді. Қазақ ауылында мешіт салу үшін генерал-губернатордың рұқсаты керек болса, ал шіркеулер тұрғызуға мемлекеттің өзі мүдделілік танытып, қолдау көрсетіп отырды. 3. Қазақ губернияларын билеуге жіберілген генерал-гебернаторларды патшаның өзі бекітті және ол шексіз билікті иемденді. Қазақтар оларды "жарым патша" атады. 1868 жылы енгізілген Ереженің 7-бабы бойынша генерал-губернатор "саяси тұрғыдан сенімсіз зиянды бұратаналарды Ішкі істер министрінің келісімімен империяның белгіленген жеріне бес жылға шейінгі мерзімге жер аударуға" құқылы болды. 4. 1891 жылы 25 наурызда қабылданған Ережеде "көшпелілер иемденген жерлер, олардың бар байлығы, оның ішінде орманы мемлекеттің меншігі болып саналады" (119 және 120-баптар) деп көрсетілді. Бұл іс жүзінде қазақ жерлерін компескелеумен тең еді. Аталған бапқа "көшпелілер үшін артық болуы мүмкін жерлер Мемлекеттік мүлік міністірлігінің қарауына өтеді" деген қосымша енгізілді. Бұл қосымша отаршыл әкімшілікке ең құнарлы қазақ жерлерін артық деп жариялап, оларға ішкі Ресей губернияларынан орыс және басқа славян қоныс аударушыларын әкеліп орналастыруға мүмкіндік берді. 5. Қазақстанды отарлау ісіне әскери казактар, орыс помещиктері мен шаруалары, орыс қоғамының басқа да сословиелері белсенді атсалысты. Отарлаушы әкімшілік жаппай қоныс аудару процесіне, әсіресе ішкі губерниялардағы жерсіз шаруаларды кеңінен тартты, оларға түрлі жеңілдіктер жасады. Тек 1917 жылы қазан революциясы қарсаңында-ақ қазақ жерлерінің 16%-ы (45 млн. га) мұнда келіп орналасқан 1,0 миллионға жуық қоныс аударушыларға өтті. Өз еліндегі жоқшылықтан, помещиктік өктемділіктен, мемлекеттік биліктен қашқан орыс шаруалары Қазақстанға келіп, мұнда енді сол биліктің жергілікті тірегіне айналып, соған байланысты өздерінің аса маңызды мемлекеттік іс атқарып жатқандығын сезіне бастайды. Міне, осы билік пен қоныс аударып келушілер арасындағы өзара үнсіз түсінушілік орыстық отарлаудың өркениеттік, миссиялық (құтқарушы) сипаты жөніндегі доктринаның өмірге келуіне негіз болады. Патша үкіметі өлке халқы құрамында жедел түрде славяндық элементтерді көбейте отырып, түптеп келгенде, сол арқылы мұнда терең тамыр жайып, орыс үстемдігін біржола қамтамасыз етуді көздеді. 6. Ресей үкіметі қазақ еліне қатысты түрлі кемсітушіліктерге жол берді. Мәселен, қазақтардың орыстармен тең әскери білім алу, әскери қызметке шақырылу құқы болған жоқ. 1905 жылы қазақтарға берілген Мемлекеттік Думаға депутат сайлау құқы 1907 жылы 3 маусым заңы бойынша жойылды. 7. Патшалық биліктің (сонан соң кеңестік биліктің) Қазақстанда түрлі мезгілдерде жүргізген реформалары еш уақытта қазақ қоғамының ішкі сұраныстарына сай келген емес, керісінше Ресейдің мүддесіне сай мазмұнда сырттан, жоғарыдан танылды. Реформа жөніндегі идея, оның мазмұны мен іске асыру механизмдері ресейлік орталықтарда дайындалды, бұл іске бірде-бір қазақ тартылған емес. Сондықтан да патшалық биліктің Қазақстандағы реформалары қазақ қоғамы үшін пайдалы болған жоқ, өйткені олар ұлттық негізге сәйкес келген емес. Ресейлік реформаларды іске асыру әдістері бұйрық, зорлық, күштеу болды. Бұл, әсіресе, орыс билігінің тереңдей ену әрекетіне кезекті қарсылықтан соң анық байқалып отырды. Кенесары Қасымұлы бастаған азаттық соғысынан (1837-1847) соң жүргізілген 1867-1868 жылдардағы реформалардың мақсаты кез-келген азаттық үшін ұмтылысқа жол бермеу, оларды бесігінде тұншықтыру болды. Мұндай мемлекеттік саясат сол өзгерістерден кейін де қайталанып отырды. Қазақ басқарушы элитасы мен зиялыларын, қоғамның ауқатты бөлігін күшпен жою, ұлттық өмірдің дәстүрді негіздерін әлсірету — міне, бұл 1917-1919 жылдары ұлттық мемлекеттік автономия үшін азаттық қозғалысқа берген саяси биліктің жауап реакциясы. Міне, сондықтан да Ресей империясы құрамында болған кезеңдегі қазақ елінің қол жеткізген жетістіктері оған тым қымбатқа түсті. Экологиялық апат, халықтың бірнеше дүркін қырғын мен қуғын-сүргінді басынан кешіруі, мәдениеттің ұлттық негіздерінің әлсіреуі, ұлттық психологияның жағымсыз өзгерістерге ұшырауы - ресейлік реформаларға халықтың берген өтемінің толық емес құны, міне, осылар.
* * * ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы Кене хан бастаған азаттық қозғалыс "ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан" соң, араға ғасыр салып елдің елдігін көрсеткен ұлы оқиға болатын. Соған қарамастан ғылымда бұл тақырыптың жолының ауыр болғандығын аңғару қиын емес. Мәселені зерттеу ісін белгілі үш кезеңге, яғни патшалық билік тұсы, кеңестік билік кезеңі, сондай-ақ мемлекеттің тәуелсіздік алған жылдары деп бөліп алып қарар болсақ, онда Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыстың біршама тиянақты, әрі байсалды зерттеу жолына түсе бастауы патшалық билік заманына тұс келеді екен. 1870 жылы петерборлық "Вестник Европы" журналының бірнеше санында "Бунт киргизского султана Кенесары Касымова (1838-1847)" деген атпен патша шенеунігі Н.Середаның, ал 1888 жылы Ташкенде Е.Т.Смирновтың кіріспе сөзімен және осы кісінің аударуымен Сұлтан Ахмет Кенесариннің "Кенесары и Садык" атты еңбектері жарық көрді. Аталмыш қозғалысқа қатысты құжаттар жинағын жинап, бастыру ісі де осы мезгілде қолға алына бастады. 1908-1915 жылдар аралығында Ташкенде Ресей соғыс істері министрі А.Н.Куропаткиннің тапсыруымен полковник А.Г.Серебренников "Туркестанский край. Сборник материалов для истории его завоевания" деген атпен 14 томдық құжаттар жинағын бастырып шығарды. Осы көптомдықтың алғашқы бес томында Кенесары хан бастаған қозғалысқа қатысты 176 құжат жарық көреді. Егер осы алғашқы кезеңде дайындалған еңбектер болмаса бұл азаттық қозғалыстың шынайы ғылыми бейнесін жасау бізге қиынға соққан болар еді. Ұлт азаттық қозғалысы мәселесіне қырын қараған кеңестік билік тұсында Кенесары хан тақырыбын арқау еткен ғылыми зерттеу еңбектері де, көркем шығармалар да куғынға ұшырады. "Елдігің, бірлігің, игілігің кеткен заманда, етек-жеңін түріп, екіленіп шыққан ерді көксейсің. Қиялай қиқу шыққанда қаңтарыла кететін омыраулы басшыға құштарсың... Ел боламын, сілкінемін десеңдер екі тізгін, бір шылбырды қолына беретін кез келді... Алдыңғының сарқыны осы. Бұдан айырылсаң бойыңды жиғызбайды", -деп басталатын М. Әуезовтің "Хан Кене" пьесасы театр сахнасына жіберілмеді. Кезінде, яғни XІX ғасырда хан Кене бастаған қарсылыққа байланысты билеуші топтың арасында көрінген жарылыс кеңестік дәуірде енді шығармашылықтағы зиялылар арасында байқалды. 1934 жылы Казрайкомда өткен "Хан Кене" пьесасын талқылауда сөз алған, сондай-ақ осы пьеса үшін М.Әуезовпен жаға жыртысқан, кейіннен І.Есенберлин романына да байланысты теріс пікір білдірген "классик" жазушымыз: "Хан Кене" идеясы біздің мүддемізге қайшы. Ол қайтадан өңделмесе, пайдасынан зияны басым болмақ", - деп көрсетті. Е.Бекмахановтың 1947 жылғы жарық көрген белгілі еңбегі төңірегінде Қазақстанда өткен толассыз айтыс-тартысты былай қойғанда, Москвадағы Орталық Комитетте әлденеше рет және СССР Ғылым академиясы Тарих институтында (1948 жыл, ақпан) өткен талқылаулар бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда тек Кенесары хан жөніндегі тақырыптың ғана емес, жалпы ұлттық рухтың кіріптар жағдайынан хабар беретін ауыр оқиғалар болатын. Кене ханның көксеген арманы орындалып, азаттық алған соңғы 10 жылда бұл тақырыпқа да, қайсар тұлғаның ұлттық тарихымызда алатын орнына да көзқарас түбегейлі өзгеріске ұшырай бастады. Хан Кенеге арналған бұрынғы зерттеулермен қатар академик М.Қ.Қозыбаевтың (осы конференцияны өткізу идеясының басында тұрған), профессор Ж.Қасымбаевтың зерттеулері, жаңа құжаттық жинақтар жарық көрді. Жас Астанада Есілдің бойында өзгерген рухымыз бен мемлекеттік тәуелсіздігіміздің жинақы көрінісі іспетті болған Кене ханның ескерткіші бой көтерді. Тарихи танымымызда болып жатқан мұндай өзгерістердің басында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының өзінің тұрғандығын зиялы қауым жақсы түсінеді деп ойлаймын. Сонымен бірге Кене хан сияқты ұлы да біртуар тұлғаға, ол бастаған қозғалысқа арналған зерттеу жұмыстарының деңгейі бүгінгі рухани түлеу жолында тұрған еліміздің өскелең сұранысын қанағаттандыра алмайтындығын мойындауымыз қажет. Неге екені белгісіз, азаттық қозғалыс тарихы мен табиғаты ғылыми талдау ісі басым жағдайда тарих ғылымының ғана үлесі деген түсінік берік қалыптасқан. Бұл ретте, әсіресе, біздің философ, саясаттану, мәдениеттану, психолог және басқа да гуманитарлык бағыт, арнадағы әріптестеріміз құлшыныс көрсете алмай отыр. Әрине, бұл тақырып тым кең. Сондықтан да бізге негізгі мәселелерге тезистік тұрғыдан ғана тоқталып өтуге тура келеді. Кенесары Қасымұлы бастаған қарсылық жөнінде әңгімелегенде алдымен ауызға оралатын мәселе, әрине 1837-1847 жылдар аралығын қамтыған хан әскері мен Ресей әкімшілігі арасындағы қарулы қақтығыстың түп-төркіні, анығырақ айтқанда, құқықтық (заңдық) негізі жөнінде болмақ. Біз де бұл сауалды айналып өте алмаймыз. Мәселе бұл оқиғаның себеп-салдары тек сіз бен біздің хабардар болуымызға ғана саймайды, ол анағұрлым тереңде жатыр, яғни осы және одан кейінгі кезеңдерде де азаттық үшін күрес жолында мерт болған бабаларымыздың төгілген қаны мен көз жасы бізді бұл сауалға неғұрлым дәл де терең жауап беруге міндеттейді. Өйткені "тәуелсіздік" және "азаттық" деген ұғымдар салтанатты жиындар мен ғылыми форумдарда ғана айтылатын әдемі сөздер емес, олар қазақ халқының бүгіні мен болашағын, бітім-болмысын анықтайтын, түрлі замандарда өмір сүрген және сүретін барлық ұрпаққа бірдей ортақ ұғым, адамгершілік категориясы. Бұл сауалға әділ де объективті жауапты біз тек өз тарихи тәжірибемізге ғана емес, сондай-ақ жалпыазаматтық тәжірибеге сүйене отырып бере аламыз. Ал әлемдік тәжірибе нені көрсетеді? Ағылшын тарихшысы Эрик Хобсбаум 1875-1914 жылдар аралығын әлем тарихындағы "империялар ғасыры" атайды. Бұл ретте оның көптеген мәселеге қатысты тұжырымдары В.И.Лениннің пікірлерімен сабақтас келетіндігін айта кеткен абзал. Ал империалистік мемлекеттердің негізгі белгілерінің бірі өздерінің экономикалық және әскери артықшылықтарын пайдалана отырып басқа елдерді жаулап алып, өздеріне бағындыру болатын. Россияның Англия, Германия, Франция сияқты мемлекеттерден ерекшелігі сол, ол бұл процесті олардан ерте, яғни ХV ғасырда-ақ бастап кеткен-тін. Петр І-нің 1721 жылы Ресейді империя, өзін император жариялауы белгілі дәрежеде шындыққа айналған фактіге ресми сипат беруі еді. Міне, осы император Петр І-нің Ресейдің глобальды стратегиясындағы Қазақстанның орнын шығысқа ашылатын "есік және оның кілті" ретінде белгілеген болса, кейінгі XІX және ХХ ғасырларда Қазақстан "Орыс империясы тәжіндегі ең жарық бриллиантқа" айналды. Әсіресе, XІX ғасырдың алғашқы жартысында орыс-ағылшын бақталастығы барысында Россия, Орталық Азия хандықтары мен Қытай ортасында орналасқан Қазақстанның аса зор стратегиялық маңызы айқындала түскен-ді. Зерттеуші мамандар бұл мәселенің Россия экономикасы мен саудасына қатысты қырларын жете талдауға алған. Мен бұл арада назардан тыс қалып келген мәселенің мынандай қырларына тоқталмақпын. Ресей патшасы Николай І мен оның төңірегіндегі жоғары мәртебелі шенеуніктері, сондай-ақ Сібірдегі билік басшылары "жаңа басып алған жерлер неғұрлым көп болса, соғұрлым мемлекет те бай бола түседі, соғұрлым алым-салық көп жиналады" деген принципті басшылыққа алуымен бірге, жаңа жер мен елдерді өздеріне қарату арқылы саяси беделдерін өсіре түсіру жағын да ұмытқан емес. Император отбасы жаңа қосылған Солтүстік Кавказ және Қазақстан сияқты әсем де бай жерлерден өз үлесін ала отырып, өздерінің табиғи құқығын қорғаған Имам Шәміл және Кенесары хан сияқты қайсар тұлғаларын және олардың ержүрек серіктерінің сағын сындыру арқылы да өз мүмкіндігі мен күшін танытып, ішкі және сыртқы бақталастарының алдында күмәнді бедел жинауға тырысты. Бұған қосымша, империяның ішкі өмірінде беделі төмен мемлекеттік аппарат, әсіресе оның жоғарғы буыны абыройды басқа елдердің еркіндігін басып-жаншу арқылы табудан үміттенді. Ал табиғи байлығы мол жаңа жұмақ өлкені халқымен қоса бағындыру аса үлкен шығынды қажет етпейтін еді. Орталық билікпен жұлдызы жараспай келген казактар (казачество) отарлау ісіне білек түре кірісіп, үкіметтің отарланушы халықтың есебінен жасаған қолдау шараларына сүйеніп, өздерін империялық мемлекет пен ұлттың еркін орындаушы күш есебінде көрсетуге тырысты. Осы арада мынандай бір мәселеге назар аударғым келеді. Россияның Қазақстанға, жалпы Түркістан өңіріне енуі тек экономикалық отарлау бағытында ғана емес, сонымен бірге өркениеттік отарлау сипатында жүрді. Россия өзін барлық жағынан да үстем еуропалық мәдениетті жаңа территория, халықтарға таратушы ретінде сезінді, ал жергілікті халықтың өміріне, әсіресе оның әдет-ғұрпына, қалыптасқан құқық жүйесіне құрметпен қарауға ынталылық танытқан жоқ, тіптен оларға қазақ қоғамының ішіне тереңдеп енуге мүмкіндік бермейтін кедергі есебінде қарады. Орыс зерттеушілерінің пікіріне илансақ, ресейлік басқарушы элита мұндай позицияны тіптен өзінің ішкі өмірін реттеу ісінде де ұстанған. Белгілі орыс философы Н.Я.Данилевский "Россия и Европа" атты еңбегінде орыс өмірі Еуропаға еліктеушілікке толы екендігін айтып: "2. Заимствование разных иностранных учреждений и пересадка их на русскую почву с мыслью, что хорошее в одном месте должно быть и везде хорошо. 3. Взгляд как на внутренние, так и внешние отношение и вопросы русской жизни с иностранной, европейской точки зрения; рассматривания их в европейские очки... причем нередко то, что должно быть нам казаться окруженным лучами самого блистательного света, является совершенным мраком и темнотою, и наоборот", - деп жазды2. Қазақ қоғамының өміріне де байланысты шамамен осындай бағыт-бағдар ұстанған орыс билеуші тобы алғашқы реформалық шараларын жүргізе отырып, мынандай түсінікте болды: саяси кіріптарлыққа ұшыраған халықтың дәстүрлі басқару және құқық жүйесін қалай болғанда да ысырып тастап, оның орнына отарлаушыға қолайлы басқару және құқық жүйесін енгізбей, отарлау процесі баянды бола алмақ емес. 1822 жылы Орта жүзде, ал 1824 жылы Кіші жүзде енгізілген Ережелер, олардың артын ала қазақ жерінде ашылған россиялық округтік және шекаралық басқару мекемелері, олармен қатар әскери бекіністердің орнауы — міне, осы шаралардың бәрі қазақ қоғамына еніп келе жатқан түбегейлі өркениеттік өзгерістердің көрінісі болатын. Міне, осы тұрғыдан алғанда Кенесары заманында және оның артын ала Қазақстан мен Батыс Түркістан көлемінде екі өркениеттің, яғни жергілікті мұсылмандық - түркілік және православиелік - славяндық мәдениеттердің өзара тоғысу процесі жүргендігін, ал бұл жолығысуда мемлекеттік билік тарапынан теперіш көрген жергілікті мәдениет өрісінің тарыла түскендігін байқаймыз. Кенесары хан бастаған қарулы қарсылық сөзсіз осы Ресей тарапынан жасалған отарлық, өркениеттік басқыншылыққа берілген табиғи жауап болатын. Егер бұл қарсылықты жалпы империялық, географиялық және мерзімдік кеңістікте алар болсақ, онда Кене хан қозғалысы, әрине кезінде, яғни ХV-ХVІІІ ғасырларда болып өткен Сібірдегі Көшім хан, Татарстандағы Сүйімбике ханым, Башқұртстандағы Батырша және Салауат Юлаев бастаған қарсылықтардың логикалық жалғасы ретінде қабылдануға толық құқылы. Бірақ, әрине Сүйімбике ханым мен Батырша заманындағы Ресеймен Кене хан заманындағы Ресейдің тәжірибесі мен мүмкіндігін салыстыруға келмейтіндігі өзінен-өзі түсінікті болса керек. Тіптен қазақ қоғамы ауқымында мерзімдік тұрғыдан алғанда да Кене хан қозғалысының толық негізді құбылыс екендігіне жеңіл көз жеткізе аламыз. ХVІІІ ғасырдағы Абылай хан тұсында енді ғана қалыптаса бастаған орыс-қазақ қатынасы ХІХ ғасырдың 30-40 жылдары түбегейлі өзгеріске ұшырап үлгерген-ді. Бұл арақатынастың Абылай заманындағы ерекшелігін Бұқар жырау ханға арнаған толғауында:
...Күнбатыстан бір дұспан,
Ақыр да келер сол тұстан.
Сары май жағар мұртына,
Ел қамын жеген жақсыны
Сөйлетпей ұрар ұртына, — деген мазмұндағы болжау айтады. Бұқар заманында отаршылдық саясат тек төбесін ғана көрсеткені болмаса, бет әлпетін әлі толық таныта қойған жоқ-тын. Сондықтан да жыраудың толғауында дәл басып, дәлелді кесіп айтудан гөрі тұспалдап айту басымырақ. Кенесары заманында, яғни ХІХ ғасырдың 20-30 жылдары Ресейдің отарлық шаралары толық бой көрсетіп, елдің еңсесін басқан нақты өмірлік фактіге айналған еді. Бұл жағдайды Шортанбай ақын:
Енді еркіндік заман жоқ,
Дұшпанның құрған торы бар.
Ендігі жүрген жігіттің
Маңдайында соры бар, -
деген жолдар арқылы білдірді. Қазақ сахарасының кемел ойшылының өз заманына байланысты жасаған бұл тұжырымымен келіспеске лажың жоқ. Кенесары хан Ресей патшасына жолдаған алғашқы хаттарының бірінде императорды атасы Абылай хан заманында екі ел арасында орын алған бейбіт қатынасқа және шекара есебінде қабылданған межеге қайта оралуға шақырды. "...Сіздің арғы бабаларыңыз, ал бізде менің атам Абылай патшалық құрған уақытта, - деп жазды ол император Николай І-ге, - халық бейбіт және тыныш жағдайда өмір сүрді, оны ешкім бұзған емес. Екі жақта өзара сауда жасады; біздің жұртымызға ешқандай да салық салынған жоқ. Ал одан кейінгі мезгілде бәрі өзгерді, біздің халқымыздан салық жинала бастады, оған басқа да түрлі таршылықтар жасалынды. Бұрынғы жасалынған бейбіт келісімді бұзып, Сіздің төменгі қарауыңыздағы басшыларыңыз бүкіл қазақ халқы Ресей бодандығына қарады деп жалған көрсетті, соның нәтижесінде менің Абылай атама қарасты жерлерде сегіз дуан орнады. Бұл біздің халқымыз үшін өте қайғылы жағдай, әсіресе оған салықтың салынуы өкінішті-ақ. Сондықтан да біздің бүтін қазақ халқымыз таршылық көрмей, тыныш, рахатта өмір сүрсе екен деп, ұлы мәртебелім, Сізге өтініш айтуға өзімді бақытты санап, біздің халқымызды сол бұрынғы күйінде қалдырып, даламызда орналасқан сегіз округтік дуандар мен өзге де мекемелеріңізді жоюыңызды сұраймын"3. Келесі Батыс Сібір генерал-губернаторына жолдаған хатында ол "...менің тілегім екі иелік халқының тыньш өмір сүргені, ал Сіз болсаңыз мені бодандығыңыздағы жұртты иемденесің деп айыптағыңыз бар. Мен болсам, керісінше, Сіз менің атам Абылай ханға тиесілі жерлерде округтік дуандар орнатып, қазақ халқынан салық жинайсыз деймін. Демек, Сіз бізді тықсырып отырсыз, соған біз налимыз және Сіздің билігіңізде салық төлеп өмір сүргіміз келмейді. Мәселен, егер Ресейді өзге патшалық басқарса қандай күйде болар едіңіз, олай болса, Сіз де бір сәт біздің жағдайға еніп көріңіз", - деп көрсетті. Зерттеу жұмыстарында Кене хан қозғалысына қатысты толық ашылмаған бұлыңғыр бір мәселе бар. Ол Кенесары ханның біраз жұртты зорлықпен өзімен бірге алып жүргендігіне және көтерілісті қолдамаған ауылдарды шапқанына байланысты. Көтеріліс барысында орын алған мұндай оқиғаларға қандай баға беруге болады? Біріншіден, бұл мәселеге қатысты тұжырымды мүмкін болғанша сол заманға тиесілі ұғым-түсінік аясында, сондай-ақ отарлаушы жақ пен оған қарсылық көрсетушілер арасындағы егестің ұшығуы барысында қалыптасқан нақты жағдайды есепке ала отырып жасаған жөн. Олай етпейінше, біз кезінде М.Әуезовтің "Хан Кенесі" мен І.Есенберлиннің "Қаһарына" байланысты Ғ.Мүсірепов жіберген қателікті қайталауға ұрынамыз. Бұл арада біз Кене жіберген қателіктің бәрін де қалай болғанда да ақтау жағында емеспіз. Түптеп келгенде, тарихи шындықтан биік нәрсе болуға тиіс емес. Бұл арада мәселе мынада. Кене хан өз уақытында қазақ халқының басым бөлігі өз ханы мойындаған Абылай ханның тікелей немересі ретінде орыс патшасының ешқандай келісімсіз-ақ өз еркімен хандық билікті жойып (1822 жылғы Ереже), округтық приказ сияқты басқару жүйесін енгізуіне ашық қарсылық көрсетуге өзін құқылы санады. Патшадан приказдық билікті жойып, қазақтардан алым-салық жинауды тоқтатып, Абылай хан заманындағы екеу ара шекараны мойындауды сұрады. Егер қазіргі тілмен айтар болсақ, бұл Абылай хан мұрагерінің патшалық әкімшіліктен ұлттық территориялық тұтастық пен мемлекеттің тәуелсіздігін сыйлауды талап етудің өзі болатын. Басқа ештеңе де емес. Ал қайраткер тұлға көтеретін бұдан үлкен жүктің болуы мүмкін бе? Біздің түсінігімізше, мүмкін емес. Абылай хан заманынан ХХ ғасырдың бас кезіндегі Алаш қозғалысына шейінгі кезеңде ұлттық мемлекет мәселесін мұндай биік дәрежеде қойып, ол үшін өз ғұмырын арнаған дара тұлға Кенесары Қасымұлы және оның сарбаздары екендігін мойындайтын уақыт келді. Кезінде кеңестік тарихнама Ресей үкіметіне Қазақстандағы хандық билікті жою құқын бере отырып, қазақ қоғамының мемлекеттігін қорғау құқын мойындамай, өзінің империалистік басқыншылықты қолдау жолына түскендігін аңғармай қалды. Екіншіден, бытыраңқы, өзінің күнделікті тіршілігіне мықтап байлаулы, үлкен саясаттан алыс жатқан қарапайым халықты жалпыұлттық қарсылыққа күшпен тарту тек Кене хан қозғалысына ғана тән құбылыс емес. Осы мазмұндағы көріністерді, мәселен, Солтүстік Кавказдағы Шәміл бастаған қозғалыстан да байқаймыз. Шәміл көтерілісін зерттеушілердің бірі В.Дегоев "Имам Шамиль: пророк, властитель, воин" атты еңбегінде: "Разумеется, Шамиль предпочел бы подчинить себе горские массы бескровным путем, и он охотно пользовался этим способом там, где позволяли обстоятельства. Но в большинстве случаев приходилось действовать силой или угрозой ее применения. Часто Шамиль напоминал скорее завоевателя, чем властителя. Наиболее строптивые аулы, отказывавшиеся принимать шариат и признавать власть имама, наказывались самым жестоким образом и, в конце концов, приводились к покорности... С одной стороны, репрессии утверждали господство Шамиля, с другой — кормили его воинов, главных исполнителей воли имама, которым требовались хотя бы минимальные экономические стимулы"4. 10 жылға созылған егес барысында Кене хан мен патша әкімшілігі арасында қазақ бұқарасына ықпал үшін тынымсыз күрес жүрді. Кене хан Батыс Сібір генерал-губернаторына жолдаған хатында: "...Мен, әрине, өз жағыма Баянауыл, Қарқаралы және Ақмоладағы өз халқымның біразын алдым, алда әлі де халқымызды өз жағыма тартпақ ниетім бар", - деп ашық мәлімдеді. Міне, осы мақсатқа жету жолында қарсылық жетекшісі тізесінің жеке ауыл, ірі сұлтан мен байларға батқаны рас. Бұл репрессиялық шараларға бара отырып, Кенесары Қасымұлы бүкіл қазақ қоғамын өзіне бағындырудан, ал отаршыл әкімшілік жағында болған немесе өзін қолдағысы келмеген жеке сұлтандарды жазалау арқылы қоғамды ортақ мүддеге жұмылдырудан үміттенді. Келесі ғылыми мәселе Кенесары Қасымұлы бастаған қарсылықтың қазақ тарихындағы басқа да қарсылықтар арасында өзіне тиесілі орны жөнінде. К.Қасымұлы бастаған жалпыұлттық қозғалысты бүгін біз мүмкін болғанша жаңа теориялық және методологиялық негізде оның шынайы мазмұнына, табиғатына лайық дәрежеде талдауға алып, осы аса маңызды тарихи құбылыстан туындайтын тарих сабақтарын екшеп, оларды түрлі деңгейдегі оқулықтар мен оқу құралдарына енгізуіміз қажет. Міне, осы тұрғыдан келгенде, мынадай тұжырымдарға назар аударуды жөн көріп тұрмын. Біріншіден, геосаяси және мерзімдік тұрғыдан алғанда Кенесары Қасымұлы бастаған ұлттық қарсылық ортазиялық (немесе Түркістандық) кеңістіктегі антиимпериалистік қарсылықтың алғашқы көрінісі болатын. Бұл пікірді қуаттайтын құжаттық материалдар аз емес. Солардың бірін өз қызметін 1917 жылғы революциялық өзгерістерге дейін-ақ бастаған қырғыз тарихшы ғалымы Белек Солтоноев "Қызыл қырғыз тарихы" атты екі кітаптан тұратын еңбегінде келтіреді. Кенесары хан 1846 жылы ерте көктемде Жетісу жеріне келген бетте "қырғыздармен өзара елдесейік деген ниетпен... қырғыздың басшы адамдары Жангарач, Жантай, Тыналы, Төрегелді деген кісілеріне елші жіберген. Сонда жіберген елшінің аталған кісілерге айтқаны: "Орыс деген көп ел, беттескен жауын талқандап жеңіп, қаптаған селдей болып, Еділ-Жайықты кешіп, Оралдан өтіп, Сарыарқада сыңсып жатқан қалың қазақты алып, Ертістен шыға Ілеге жақындап қалды. Әлі-ақ Алатау, Іле, Шу бойларына ат қояды. Арыны өте қатты, әскері өте мол, қырғыз-қазақ ежелден ел шетінде, жау бетінде ылғи да бір едік, жақсылық-жамандығымыз, қуаныш-сүйінішіміз ортақ, мал-жанымыз аралас ел едік. Жауға қарсы бірге қамданайық! Қазақ-қырғыз бір болсақ, Ташкент, Қоқан, Самарқан біздің ығымыздан көп алыс кетпейді, мен елшімін, ханымның бұйрығын айттым, егерде бірікпесеңдер, сендерге көп күш түсер. Кене ханның тапсырғаны осы сөз"5. Бұл бізге мәлім орыс тіліндегі құжаттарда кездеспейтін дерек. Соған қарағанда Б.Солтоноев оны қырғыз халқының арасында жадта сақталып келген, тіптен елші сөзін өз құлағымен естіген кісілерден алуы да толық ықтимал. Қалай болғанда да дерек арқылы Кенесары Қасымұлы жаңа заманда, жаңа саяси жағдайда өзінен бұрынғы Есім, Тәуке сияқты қазақ хандарының жалпы Түркістандық бірлік үшін күрес дәстүрін жалғастырушы қайраткер ретінде көрінеді. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев Өзбекстан Республикасымен арадағы мемлекеттік шекара туралы шарт пен мәңгілік достық туралы шарттың орындалу барысы туралы бірлескен Декларацияға қол қою рәсімінде Орталық Азия кеңістігіндегі түбі бір туыс халықтардың болашағы олардың тарихи қойнауынан тамыр алатын өзара тиімді достық қатынасты нығайта түсуге тәуелді екендігіне баса көңіл аударды. Бұдан дәстүр жалғастығын көреміз. Келесі екінші тұжырым: Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыстың негізгі өзегі - мемлекеттік мәселесі. Бұл қарсылықтың өзінен бұрынғы және тұстас басқа көтерілістерден (мәселен, Жоламан Тіленшіұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған) айырмашылығы да оның осы қырынан анық байқалып тұр. Әрине, қазақ азаттық қозғалысының басқа көсемдері ұлттық мемлекеттіктің маңызын түсінбеді деп айтуға ауыз бармайды, дегенмен Кене хан Ресей империясының қазақ жері мен қоғамына қатысты отаршылдық пиғылын терең әрі дәл түсіне отырып, оған мемлекеттік тәуелсіздік мәселесін қарсы қойды және бұл мақсатқа бүкіл қазақ халқын жұмылдыруға күш салды. Алдымен, Солтүстік және Орталық Қазақстанда бастау алған қарсылық Торғай және Ырғыз өңірлерінде жалғасын тапты, ең соңында ол Оңтүстік Қазақстан және Жетісу жеріне жетіп, бүкіл қазақ даласын қамтыды. Патшалық әкімшілік К.Қасымов қарсылығын өзінің қазақ даласындағы, жалпы Орталық Азиядағы түпкілікті мүддесіне төнген үлкен қауіп ретінде қабылдады. Қазақ жерінде жаңа мемлекеттілік құрылымының өмірге келуі, әрине, Ресейдің бұл аймақтағы жоспарын белгісіз мерзімге кейінге шегеретін еді. Ресейлік әскери тарихшы В.А.Потто қозғалыстың зор мүмкіндігіне тоқтала келіп "...Восстание ...приняло тот опасный характер единодушного и общего восстания, с которым справится было уже нелегко; тем более, что во главе мятежа состояла буйная, но даровитая и в высшей степени энергичная личность", - деп жазды6. Келесі үшінші тұжырым: Кенесары Қасымұлы қозғалысына біз еліміздің өткен жолында өз басынан өткізген тарихи тәжірибесі тұрғысынан қарағанымыз жөн. Ал бұл тәжірибенің ұлттық қиялды тербететін тәтті тұстарымен бірге, жан түршігерлік ауыр беттері мен тараулары да бар болғандығын мойындауымыз керек. Кене хан бастаған қозғалыстың түпкі мақсаты мен бүкіл идеясын қарапайым халық жаңылыспай тура түсінді, бірақ оны пәрменді қолдауға қоғамның дамыған шаруашылығы да, әскери күші де жоқ болатын. Ал қарсылық көрсетіп атқа қонған қалың жұрттың алдында Ресей империясының европалық дәрежедегі экономикасы мен жақсы қаруланған әскері, сондай-ақ жетілген идеологиялық мемлекеттік аппараты тұрды. Империялық орталық билік Кенесары ханмен шиеленісті күрес барысында дүлей күшпен қатар түрлі нәзік әдіс-айлаларын да іске қосты. Ол өзін жергілікті халық алдында қажет жерінде камқоршы, оны ішкі және сыртқы берекесіздіктен сақтаушы күш ретінде көрсете білді. Мұндай стратегиялық әдіс-ұстамға Ресейдің мүмкіндігі де жеткілікті болатын. Оның сондай айлаларының бірі өзін жақтап, тұрмыс жағдайын жөндегісі келгендерге түрлі сый-сияпат көрсету, шен-шекпен беру болса, ал айтқанына көніп, айдауына жүргісі келмегендерді аяусыз жазалау, қуғын-сүргінге салу болды. Идеологиялық аппарат тура осы тарихи мезгілде кейін кең қолданған айласын сыннан өткізді. Ол қалың жұртқа Кене ханды жау етіп көрсетті. Мұндай саясат жемісін берді. Қазақ саяси басқарушы тобы Ресей билігін қолдаушы немесе оған қарсы тұрған оппозиция болып жарылды. Ал Кенесары бастаған қозғалыс тұсында халықтың саяси кемелділігінің әлі де болса жетімсіздігі, оның сенгіштігі, өзінің түпкілікті мүддесін тануға және оны білек түрініп қорғауға ешқандай да даярлығының жоқтығы анық байқалды. Кене хан мен оның серіктерінің шексіз трагедиясы да осы жағдайдан туындайды. Кене хан өз заманы мен ортасынан оқ бойы озық тұрғанымен, өзі туған ортаның шешімі тым күрделі қайшылықтарына тұншықты. Міне, осы тұрғыдан алғанда, Кене ханның жеңілісі логикалық негізі бар финал болатын, басқаша айтқанда, Кене хандай биік тұлғаның жеңілісі рулық мүддеден озып, ұлттық мүддеге жете алмаған халықтың жеңілісі болатын. Кене хан қарсылығы берген тарихи сабақтардың бірі мынау: мемлекеттік Жаратушы иеміздің белгілі бір жұртқа мәңгілікке бере салған еншісі емес. Мемлекеттік тәуелсіздікке табанды және айлалы күрес жүргізе алған жетсе, ал оны баянды ету тер төгіп, мақсатты еңбек ете білгеннің үлесіне тиері хақ. Сондай-ақ мемлекеттік басқаның даяр озық үлгілерін ұлттық негізге алып келіп қондыра салу емес, ұлттық құндылықтарды өзгенің озық қонымды тәжірибесімен байыту болса керек. Ал Кене хан мен оның ержүрек серіктерінің империялық дүлей күшке қасқайып қарсы тұрғандағы ең биік мұраты күштінің қанжығасында олжа болып кете бармай, сан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық бітім-болмысты сақтап, кейінгі ұрпақтарға аманатқа қалдыру болғандығы ақиқат. Сөз соңында осы тақырыпқа қатысты тағы бір мәселеге соқпай өте шығу ағаттық болар еді. Ол қайсыбір жарияланымдарда бой көрсетіп қалатын Сыпатай батыр мен Рүстем сұлтанның "сатқындығы" жөнінде. Осы ретте бұл тұжырымның ешқандай да негізсіз екендігін айғақтайтын мынандай қисындарға көңіл аударған жөн. Біріншіден, туыс және көрші қырғыз халқымен ортақ жауларға қарсы одақ құру ниетінде болған Кене ханның бұл саясаты жиі өзгеріске ұшырап, бейбіт ауылдарды тонау, оларды арзан олжа көзіне айналдыру әрекетіне ұласып отырды. Бұл Кене хан қозғалысының соңғы кезінде терең дағдарысқа келіп тірелгендігінің көрінісі болатын. Көңіл аударарлық жай, Кене ханның өзі дүниеқоңыз тіршіліктен алыс, белгілі дәрежеде тақуа (аскет) адам болған, ұрпағына дүние-мүлік қалдырмаған. Ал тапқан мал және басқа олжасын, негізінен, соңына ерген серіктері мен әскерін күтуге жұмсаған. Тарихи деректерде оның бір мәрте қырғыз ауылдарын шапқаннан түскен олжаны әскеріне енді ғана қосылған дулат қосындарына үлестіруге тырысқандығы айтылады. Бұл жаңа келген жігіттерді өз ықпалында неғұрлым ұзағырақ ұстау үшін жасалған әрекеттің көрінісі болатын. Бірақ бұл бар болғаны төңірегіндегі аз ғана топты болар-болмас мезгілге ғана ұстап тұруға мүмкіндік беретін өткінші сипаттағы әрекет еді. Ұзақ саны 20 мыңға шейін жетіп отырған қолды ылғи да олжадан алынған табыспен асырау, әрине, мүмкін емес-тін. Мұндай әрекеттің де шегі болатындығы өзінен-өзі түсінікті. Бұл айтылғандарға қосымша, Кене хан қолының қатарында күнделікті үйреншікті тіршілігін, отбасы қасындағы бейбіт еңбегін тастап, қозғалысқа келуге мәжбүр болғандар да аз емес-тін. Кекілік Сеңгірдегі қайғылы түнде Кене ханды тастап кетушілердің қатарын толтырғандар да осылар еді. Кене хан қолына Рүстем сұлтанмен бірге қосылған Сыпатай батыр өзінің күрделі де қайшылықты жағдайға тап болғанын аңғармауы мүмкін емес еді. Өйткені батырдың жеке басының іргедегі аралас-қоралас қырғыз халқының бітіспес жауына айналуға ешқандай негіз жоқ-тын. Осы қисынды дәл басқан қырғыз манабы оған: "Арқадан келген қонағың Кенесары хан бүгін бізбен соғысып, ертең-ақ еліне қайтар, сонда Алланың еркімен мәңгі көршілігіміз бар біз бір-біріміздің бетімізге қалай қараймыз?", - деп кісі салады. Бұл жағдай Сыпатайдың күдігін тереңдете түскендігі сөзсіз. Сондай-ақ Кенесарының қырғыз жерінде опат болуын Рүстем мен Сыпатайдың хан қолынан бөлініп кетулерімен байланыстыру халық пен халықтың арасында от тастау және рулық-жүздік сезімді қоздыру әрекетінен басқа ештеңе де емес. Өйткені Кене хан қырғыз қолдарынан үстем түскеннің өзінде-де Ресейдей қуатты империяның Орталық Азияға тереңдей енуін тоқтата алатын күшке айналуы екіталай нәрсе болатын. Экономикалық даму жолында тұрған европалық мемлекеттердің артта қалған елдерді өзара бөліске сала бастауы сол тарихи кезеңдегі халықаралық қатынастың негізгі белгілерінің бірі еді. Қорыта айтқанда, Кене хан бастаған 1837-1847 жылдар аралығындағы жалпыұлттық қарсылық - бүгінгі мемлекеттік тәуелсіздігіміз бен ұлттық жаңғыруымызға жетер жолдағы еш уақытта өз маңызын жоғалтпайтын тарихи кезең. Ал Кене ханның жеке тұлғасы, жіберген қателіктеріне қарамастан, әрқашанда Отанға қызмет етудің биік үлгісі болып қала бермек.
* * * Бірі батыстан, ал екіншісі шығыстан тартылған Орынбор және Сібір әскери бекіністер тізбегінің ХVІІІ ғасырдың соңына қарай солтүстікте өзара тоғысуы нәтижесінде Қазақстан батыс, солтүстік және шығыс жақ беттерінен қоршауға алынды. Шамамен 3 мың шақырым қашықтыққа созылған бұл шекаралық шепке арасы 25-30 шақырым 141 бекініс -поселкелер орналасты. Ресей үкіметі бұдан кейінгі уақытта Батыс Сібір губерниялық әкімшілігі арқылы жүргізілген Орталық Азияға тереңдеп ену және онда біржола орнығу әрекетіне кірісіп кетті. Түпкі стратегиялық мақсаты Орталық Азияны өзіне қарату болған Ресейдің бұл бағыттағы әрекеті, әрине, тек Жетісу арқылы ғана өріс алатын еді. Ал бұл кезде Жетісуді жара ағатын Іле өзенінің шығыс жақ бетінде қытайлықтардың ықпалы байқалса, батыс бетін Қоқан хандығы билеп-төстеді. Жетісу үшін талас барысында бұл екі мемлекеттің де мүмкіндігін жақсы түсінген Ресей үкіметі, түптеп келгенде, мәселенің толық шешімін табуы жергілікті халықтың көңіл-күйіне тәуелді екендігін дәл бағалай білді. Оның үстіне бұдан бұрын қазақ халқының Кіші және Орта жүз бөліктерін өзіне қаратып үлгерген орыс әкімшілігінің қазақ билеуші топтарымен жұмыс жүргізу тәжірибесі жеткілікті болатын. Сол тәжірибені пайдалана отырып генерал-лейтенант Глазенап басқарған Сібір әкімшілігі Жетісу билеуші топтарымен байланыс орнату мақсатында сібірлік татар көпестерін іске қосты. Жетісу арқылы Ташкент, Бұхара әмірлігі және Хиуа хандықтарына барып-қайтып жүрген татар көпестері Жетісудағы жағдай жөнінде хабар жеткізіп қана қоймай, сонымен бірге жергілікті биліктегілерді Сібір әкімшілігімен жақындастыру міндетін де қоса атқарды. Сондай-ақ бұл ойынға алдымен тартылған да Жетісу жеріндегі Абылай хан ұрпақтары Сөк, Әділ, Тезек сияқты сұлтандар шоғыры болды. Сібірлік татар көпестерінің белсенді араласуымен жүрген бұл өзара "мәмілегерлік" әрекет көп ұзамай өз нәтижесін берді де, 1819 жылы 11 қаңтарда Ресейдің Міністірлер Комитеті сұлтан Сөк Абылайхановқа қарасты Ұлы жүз қазақтарының үйсін болысын Ресей құзырына қабылдау жөнінде Сыртқы істер Коллегиясын басқарушының баяндама хатын тыңдап, Сөк сұлтанды, 1817 жылы жазған өтінішіне сәйкес, оған қарасты 55 462 адамымен, осы елге тән 802 359 бас малымен империя құзырына қабылдау жөнінде шешімге келіп, бұл шешімді патшаның бекітуіне жолдайды. Өз ретінде император Комитет ұсынысын бекіте отырып, Сөк сұлтан жібермек өкілдерді қабылдайтынын, қазына есебінен сұлтанға мешіт және үй салуға келісімін беріп, сондай-ақ жеке сібірлік корпус командиріне Сыртқы істер міністірлігі арқылы әрбір жарты жылдан соң ханның қарамағындағы қазақтардың мал шаруашылығы жөнінде мәлімет жолдап отыруды тапсырады7. Бұл құжатқа байланысты көзге көріне бермейтін, дегенмен зер сала қарап аңғаруға болатын мынадай фактілерге көңіл аудару артық емес. Біріншіден, Ұлы жүздің үйсін болысын басқаратын Сөк сұлтанның өтінішін Міністірлер Комитетіне жеткізіп отырған - Батыс Сібір әкімшілігін басқарушы губернатор генерал-лейтенант Глазенап. Яғни белсенділік соның қолында. Сұлтан мен үйсін болысын билеушілердің қолы қойылған құжаттың түпнұсқасы жоқ. Ал онда белсенділік кімнің тарапынан шыққандығы айтылуы әбден мүмкін ғой. Екіншіден, Міністірлер Комитеті Глазенаптың ұсынысы бойынша Ұлы жүзбен арадағы мұндай өзара жақындасу ісіне атсалысқан Сөк сұлтан төңірегіндегі үйсін билеушілерімен бірге, сұлтанға "ықпал жасай білген" семейлік татар көпестері Абдулғазы Гумиров пен Хамит Амировке он кластық чинмен қоса Анна лентасындағы алтын медаль, мұсылмандық заң жолдарын жеткізген аудармашы, титулярлық кеңесші Хасан Сейфламға Анна лентасындағы алтын медаль, ағайынды татар Сафар және Құрбанқұл Құрбанбақиевтарға түрлі сыйлық белгілейді. Осы құжатта түрлі сыйлықтар алғандар тізімінде сұлтан қызметіндегі екі молла, яғни Мусагит Микманов пен Абдулла Мыклюксев те аталады8. Бұлардың да татар жұртынан болуы әбден ықтимал. Бұл іс жүзінде жетісулық Ұлы жүз қазақтарының бетін орыс әкімшілігіне бұру ісінде татар көпестері, дін және іс адамдарының екеуара атқарған делдалдық қызметін бағалаудың айқын көрінісі болса керек. Сұлтан Сөк Абылайханов өкілдерінің Петербургке патшаға барып қайтқандығы жөнінде құжаттық материалдарды біз кездестіре алмадық. Дегенмен, анығы сол, Жетісу қазақтарын Қоқан және Қытай ықпалынан тартып алу әрекетіне орыс әкімшілігі бұдан былайғы уақытта да пәрменділік сипат беруге күш салды. Генерал-лейтенант Глазенаптың орнына келген Батыс Сібір генерал-губернаторы инфантериялық генерал Капцевич ендігі уақытта ант алу ісінде жеке сұлтанмен шектелмей, бұл процеске сұлтандар тобын тартты. Ол 1823 жылы орталық билік орындарына Ұлы жүз сұлтандарының өздеріне қарасты халқымен Ресей империясының билігіне өтетіндігі жөнінде ант бергендіктерін жеткізеді. Ал 1824 жылы мамыр айында Ұлы жүз қазақтарының "орыс тағына сенімділігін" білдіру ниетімен Петербургте Әділ төренің ұлдары болып қайтады9. Міне, бұл әрекеттердің астарында түрлі мемлекеттік және жеке бастық мүдделердің тоғысқандығы айқын. Мәселен, Ресей үкіметі Жетісуды өзіне қарату арқылы, біріншіден, қазақ жерін өзіне қосып алу процесін біржола аяқтаудан, сол арқылы, екіншіден, Орталық Азияға тереңдеп енуден, үшіншіден, Қытай мемлекетімен арадағы шекараны анықтай отырып, онымен сауда қатынасын бір қалыпқа салудан үміттенді. Жетісулық сұлтандардың да белгілі бір мақсаттарды көздегені, әрине, толық табиғи құбылыс. Біздің пайымдауымызша, Жетісу сұлтандарының бұл мезгілде орыс әкімшілігіне ыңғай танытуына негіз болған Қоқан хандығының Жетісу өңіріне орнатқан алым-салық тәртібі еді. Қоқан феодалдарының зорлығынан ыққан қазақ ауылдары көп жағдайда Қытай шекарасынан ары асып бой тасалауға да мәжбүр болды. Қазақ ауылдарының соңынан ере барған Қоқан елшілері Қытай билік орындарынан көшіп барған қазақтарды кейін қайтаруды талап етті10. Өз ретінде бұл жағдайды бақылап отырған Қытай үкіметі "Бұратаналардың өзара қақтығысулары үнемі болып тұратын жәйт. Оған тәңір патшалығы ежелден араласқан емес", - деген пікір білдіріп, шекарадан асқан қазақ ауылдарын "кері қайтарып тастау" жөнінде бұйрық береді". Жетісу жерінен қора-қора мал айдап кетіп отырған Қоқан билеушілерінің қазақ ауылдарына салған алым-салығы жергілікті халыққа жеңіл тиген жоқ-тын. Ол жөнінде Ұлы жүз албан ақыны Жанкісі Өтеміс өлеңінен мынадай жолдарды оқимыз:
Келі түбім деп алады,
Үшір зекет деп алады,
Қожақ зекет деп алады,
Айтайын десең ұрады,
Ұрмақ түгіл қырады.
...Алдына салып айдайды,
Ашулансақ байлайды,
Хакімі жоқ қазаққа
Теңдік жоқ деп ойлайды.
Ел ішінде ажарлы
Қыз, қатынды қоймайды,
Жақсыларды сөгеді,
Ат үстінен тебеді,
Жүрексініп отырмын,
Айтар сөзім көп еді12.
Жетісу қазақтарын билеп-төстеген Қоқан хандығы өз елшілерін орыс үкімет орындарына жіберіп, Жетісу жерін өз иелігі жариялап, Сібір әкімшілігі тарапынан байқалып отырған түрлі әрекеттерді тоқтатуды талап етті. Мәселен, 1825 жылы Ташкент құшбегі Қоқан ханы атынан Омбыға елшісі Сауытбек Сұлтанбековты аттандырып, оған Батыс Сібір генерал-губернаторына арналған хатты тапсырады. Ол хатта мынадай пікір айтылған еді: "Қадім замандардан бері Ертіс дариясының бергі жақ бетін біз, ал арғы бетін Ресей иемденіп келе жатқан еді. Енді соңғы алған мәліметтерге қарағанда, орыстар Ертістен бергі жаққа өтіп, біздің діндестеріміздің жерінде құрылыстар жүргізуде. Осы жағдайға байланысты біздің ханымыз сіздердің өкілетті адамдарыңызға осы хатты жолдай отырып, бұл құрылыстардың себебін сұрауды бұйырды: "Сіз бұл істі өз бетіңізше жасап жатырсыз ба, жоқ әлде жоғары мәртебелі патшаның бұйырығымен атқарып отырсыз ба? Өз үкімет орындарыма мәлімет беруім үшін мені осы мәселеге байланысты хабардар етуіңізді сұраймын"13. Бұл хаттағы көңіл аударарлық жай, қоқан-орыс қатынасына байланысты дін мәселесінің де көтерілуі еді. Ташкент құшбегі одан ары:"...Бұдан тысқары мағлұм етерлік нәрсе мынау: орыстар біздің мемлекетімізге сауда істерімен келіп, жылдап қалып қояды, бірақ біз оларды дінімізге кіруге мәжбүрлемейміз. Олай болса, сіздер неге біздің діндестерімізді өз сенімдеріңізді қабылдауға мәжбүр етесіздер? Алдыңызға бірер кісі мұқтаждықпен барса, сенім және дініңізге кіруді шарт етіп қоясыз! Бірер кісі көшіп баруға жай сұраса, тағы сол шартты қоясыз! Сізден осы айтылғандардың себебін маған мәлім етуіңізді сұраймын, өйткені біз-дағы бұл әрекеттерге қарсы қажетті шара қарастырайық"14. Хаттан Ташкент құшбегінің Ресеймен арадағы сауда қатынасында орыс әкімшілігі тарапынан түрлі зорлық-зомбылықтарға, әсіресе діни тәкаппарлыққа жол беріліп отырылғандығын ашық сынға алу, оларды тыюға шақыру байқалады. Дегенмен, бұл арада Қоқан құшбегінің екінші жақты діни сенімді құрметтеуге шақыруы байсалды саясаттан гөрі, саяси ойынға жақын көрінеді. Өйткені Қоқан әмірлерінің тура сол мезгілде бір діндегі қазақ пен қырғыз халықтарына жасап отырған қиянаты исламның ешқандай да қағидаларына сәйкес келмейтін еді. Омбы қалалық әкімшілігін басқаратын полковник Броневский Батыс Сібір генерал-губернаторының тапсыруымен Ташкент құшбегіне жауап хат жолдайды. Онда: "Көп ғасырлардан бері ұлы Ресей империясы қырғыз-қазақ халықтарына және Солтүстік теңізден Қара теңіз аралығындағы үлкен-кіші тайпаларға билік жүргізіп келеді. Ал қазақ даласы сауда салығынан тысқары Қоқан әкімдеріне салық төлегендігін, оларға бой ұсынғандығын ешкім де білмейді және бұл туралы мәлімет жоқ,"15 – деген пікір айтылады. Батыс Сібір әкімшілігінің берген жауабынан Ресей үкіметінің қазақ даласына әскери бекіністер салып, одан әрі тереңдеп ене түсу пиғылынан бас тартпайтындығын, сондай-ақ Жетісу қазақтарының Қоқан билігіне тәуелді екендігін мойындамайтындығын ашық білдіру байқалады. Сонымен, Жетісудағы Қоқан әкімдерінің зорлық-зомбылығының күшеюі, бұл мәселеде Қытай билік орындарының өздерін бейтарап ұстауы, ал қазақ қоғамының сырттан төнген қауіптен өз бетінше қорғану қабілетінің төмен болуы сұлтандар тобын Ресей үкіметінен қолдау іздеуге итермеледі. Оның үстіне 1822 жылы Орта жүз жерінде басталып кеткен әкімшілік-басқару реформасынан кейінгі уақытта Ресей Жетісу қазақтары үшін де іргедегі нақты әскери күшке айнала бастаған еді. Жетісу мен Солтүстік Қырғызстанда Қоқан хандығы билігінің орнауы қазақ пен қырғыз халықтарының өзара қатынасына да жағымсыз ықпалын тигізді. Шамамен XІX ғасырдың 20 жылдарының басында қырғыздың солто, саруу атты рулары Қоқанға бағынудан бас тартып, ығысып қазақ жеріне, яғни Балқаштың батыс жақ беті, Іле өзенінің бойына көшіп келеді. Қоныс аударған қырғыздардың елінде қалған адамдары солто мен саруудың соңынан барғансып, көп жағдайда жергілікті қазақтардың малын барымталап айдап кетіп отырған. Бұл жағдай екі елдің арақатынасының бұзылуына алып келген. Соның нәтижесінде солто мен саруу бірер жыл қазақ жерінде тұрып, кейін қайта көшуге мәжбүр болған16. Қазақ пен қырғыз ауылдары арасында орын алған мұндай оқиғалар жөнінде Н.А.Аристов қырғыздар тарихына арналған еңбегінде Батыс Сібір генерал-губернаторы П.М.Капцевичтің Шығыс Сібір генерал-губернаторына жолдаған хатына сүйене отырып мынадай факті келтіреді. 1824 жылы Ыстықкөл маңындағы қырғыз жұрты Омбыға үш би және беделді деген төрт құрметті адамдарынан құралған өкілеттігін жіберіп, Ресей құрамына енуді қалайтындықтары жөнінде өтініштерін білдіреді. Ал мұндай өтінішке түрткі болған негізгі себептердің бірі ыстықкөлдік қырғыздардың жоғарыда аталған Сөк сұлтан басқарған үйсін жұртымен арадағы қатынастарының шиеленісіп кетуі еді17. Барымталық қатынас Ресей империясының құрамына енген Орта жүз қазақтары мен орыс әкімшілігінен тыс жатқан Ұлы жүз қазақтары арасында да орын алды. Ол жөнінде сәл кейінірек айтылады. Міне, осы жағдайдың бәрі қосыла келіп, сұлтан Сөк Абылайханов бастаған Ұлы жүз құрамындағы үйсін жұртын Ресей үкіметі тәртібіне итермелейді. Сөк сұлтанның шамамен 1823-1824 жылдары тағы да жасаған жаңа өтініштерін негізге ала отырып, сондай-ақ Балқаш көлі өңіріне орнығып алуды көздеген Сібір әкімшілігі 1825 жылы мұнда подполковник Шубин бастаған әскер бөлімшесін шығарады18. Бұл әрекетке бару арқылы Сібір әкімшілігі мынадай мақсаттарды көздеді. Біріншіден, қазақ пен қырғызды өзара табыстыра отырып, Ресейдің бейбіт пиғылда екендігін білдіріп, екі халық арасында өз беделін арттыра түсу, екіншіден, Ұлы жүз қазақтарын Орта жүзде енгізілген ресейлік басқару тәртібіне даярлау және үшіншіден, Ресей үкіметінің Жетісудағы қимыл-әрекетіне Қытай билік орындарының көзін үйрету еді. Қаратал өзені бойына жеткен Шубин әскер бөлімшесі Сөк Абылайханов сұлтанға арнап үй, уақытша әскер адамдары орналасатын және азық-түлік сақтау үшін бірнеше шағын құрылыстар салады. Бұл жағдай бірден шекарадағы Қытай әкімдерінің назарына шалынып, тез арада Петербургке Қытай үкіметінің наразылығы келіп жетеді. Петербург өз жауабында Қаратал өзені бойындағы жерді Қытай мемлекетіне тиесілі жер санамайтындығын білдіреді. Бірақ бұл мезгілде Батыс Европадағы саяси күреске білек түрініп араласып кеткен Ресей үкіметі Қытаймен арадағы болуы мүмкін шиеленіске барғысы келмеді. 1826 жылы Сібір басшылығына қазақ даласына тереңдеп еніп, жаңа құрылыстар салуды тоқтату, ал Сөк сұлтанның Қаратал бойына бекініс салып, сыртқы приказ мекемесін ашу жөніндегі ұсынысынан бас тарту және Қаратал бойындағы әскер бөлімшесін кейін шақырып алу жөнінде тапсырма берілді. Салынған бірнеше құрылыс бұзылды19. Осылайша орыс үкіметінің Жетісуға тікелей бет қоюы XІX ғасырдың 40 жылдарына шейін, яғни 20 жылдық мерзімге кідіріс тапты деп айтуға болады. Дегенмен бұл іске қатысы бар оқиға Жетісу мен Семейдің орта тұсында - Аягөз өңірінде жүріп жатты. Жетісу казак әскерінің тарихына еңбек арнаған Н.Леденевтің көрсетуіне қарағанда, ХІХ ғасырдың 20 жылдарының соңына қарай Аягөз өзенінің бойында қоныс тепкен сұлтан Сарт Жошыұлы өзінің бақталасы Сыбанқұл Ханқожинмен бақталастық егес барысында Батыс Сібір генерал-губернаторы Вильяминовқа өтініш білдіріп, Аягөз бойындағы өзіне қарасты жерден сыртқы округ ашып, Аягөз өзенінің бойына округтік приказ орталығын салуды ұсынады. Алғашында бұл ұсынысқа тосын қарап, Қытай жағымен арадағы шиеленістен қаймыққан орыс үкіметі, көп кешікпей Сарт Жошыұлының жобасын қабыл алады. Өйткені Сібір мен Қытай қаласы Чугучак арасында жол бойында жатқан Аягөзде орын тебу екі мемлекет арасындағы сауда қатынасын дамытуға қолайлы жағдай туғызатын еді. 1830 жылы Аягөз сыртқы округін құру жөнінде патша жарлығы шығып, келесі 1831 жылы әскер бөлімшесі қазіргі Аягөз қаласының орнына Аягөз приказы орналасатын қазыналық үйлер салды20. Аягөз дуанының ашылуы белгілі дәрежеде Ресей империясының Жетісу өңіріне енуіне жеңілдік жасап, жол ашып берген оқиға болды. Орыс әскерінің Аягөз бойына келгенін естіген Қытай билік орындары мәселенің егжей-тегжейіне көз жеткізу үшін әскер бөлімшесін жібереді. Аягөзге келіп орыс әскерін көзімен көрген қытайлықтар, орыстардың "сұлтан Сарт Жошының шақыруы бойынша", оны басқа қазақ қарсыластарынан қорғау үшін келгендігін біліп, кейін қайтады. Дегенмен орыс қолдарының Аягөз өңіріне келуі, бұл аймақтағы қазақ ауылдарының өзара барымталық есеп айыруларын тоқтата алған жоқ. Сыбанқұл Ханқожаұлының Сарт Жошы ауылына және Чугучак пен Семей арасындағы сауда керуендеріне шабуылы күшейе түспесе, бәсеңдеген жоқ болатын. Н.А.Аристов Петербургтен жарық көрген кітапқа сілтеме жасай отырып, Сыбанқұл Ханқожаұлының Сарт Жошы мен орыс керуендеріне жаулығының өрши түсуін оның аға сұлтандық лауазымға ілінбей қалуымен байланыстырады. Мұндай күйге ұшыраған жалғыз Сыбанқұл емес-тін. Бауыры аға сұлтандықтан құр қалған Сартай сұлтан да енді ғана аяқ басқан жаңа билікке қарсылық көрсетеді. Бұл екеуін де орыс әскер адамдары тұтқынға алып, жер аударады21. Түрлі жүздерге тән қазақ ауылдарының өзара тынымсыз барымталық есеп айырысулары, белгілі дәрежеде, Жетісу өңірінің орыс империясының құрамына енуін тездеткен факторлардың бірі еді. 1842 жылы өздерін Аягөз дуанына қарасты санайтын Ұлы жүздің үйсін бөлігін басқарушы сұлтан Сөк Абылайханов, Тіленші Қарынбай және Бейбіт билер Сібір қазақтарының шекара бастығы генерал-лейтенант Вишневский мен Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаковқа арыз жолдап, мынадай жағдайды баяндайды: "Біз, Аягөз округына қарасты Ұлы жүздік үйсіннің жалайыр бөлімінен 8-класс шенді сұлтан Сөк Абылайханов және басқалар басымызды ие отырып, төмендегі жағдайды баяндаймыз: Осы Аягөз дуанына қарасты аға сұлтан Бексұлтан Ағадаевтың қарамағындағы болыс басқарушы сұлтан Барақ Солтабаев өз билігіндегі адамдарымен және Садыр-Матай қарақшыларымен қоса санағанда барлығы 700 немесе 1000 адам қаралы қолмен ауылдарымызға баса-көктеп кіріп, тонауға ұшыратты. Менің ұлым Әлғазы осы жауыздардың қолынан қаза тапты. Бәріміздің бірдей не малымызды, не мүлкімізді, не қазанымызды, не киім-кешегімізді, бір сөзбен айтқанда, ештеңемізді қалдырмай алып кетті. Осы жасалған шабуыл нәтижесінде мерт болған адамдардың санын айтудың өзі де қиын, жеріміздің бетін өліктер жапты, олардың арасында жас балалар да, әйелдер де көп. Бұл жөнінде оқиғаның ізін ала біз Аягөз дуаны приказына жеткіздік, бірақ оның қызметкерлерінен бізге ешқандай қайыр болмады, тек шекара бастығы мырза рұқсат берген күнде ғана іске кірісетіндігін айтты да қойды. Жоғары мәртебелім, алдыңызда басымызды ие отырып өтінеміз: біздің қолды болған мүлкімізді қайтару мүмкін болар ма екен? Өйткені қазір бізде өмір сүруге қажет не киім-кешек, не азық-түлік, не баспана жоқ; мұнымен қоса соншама көп адамдарымыз қаза тапты, сондықтан да бұл іс ұлы мәртебелі Императордың заңы бойынша шешілсе деген тілегімізді білдіреміз, оған біз 1817 жылдан бері бағынғанбыз және осы мезгіл ішінде ешқандай да содырлық танытқан емеспіз. Қандай себептерге байланысты екендігі белгісіз, генерал Капцевич уақытында Көксу немесе Қаратал жағасында сыртқы округ ашылатын болды деген сөз сол болжам күйінде қалды. Биыл, яғни 1842 жылы біздің болысқа келіп қайтқан шекара бастығы мырза наймандар келіп малдарың мен мүліктеріңді шауып алып кетсе де, сендер оларға барымтамен жауап қайтармаңдар деген бұйрық берді. Оның бұйрығын орындап, міне, қазірге дейін ешқандай шарасыз тыныш отырмыз. Енді қазір, шарапатты мырзамыз, өзіңізбен жүздесіп, мәселені өз аузымызбен айтып түсіндіруді жөн санап, қамқорлық жасауыңызды күтпекпіз! Олай болмаған күнде бізбен араз болыстармен арамызда жаулық және қантөгіс оқиғалар орын алуы әбден ықтимал! Ал біз Ресейге қарасты халықпыз. Осы баяндалғанды куәландырып арызға өз мөрін қойғандар: Сөк Абылайханов сұлтан, билер: Тіленші, Қарынбай және Бейбіт"22. Біз бұл арада Сөк сұлтан бастаған жалайыр билері арыз-хатының қазақшаға аудармасының мәтінін толық күйінде келтірдік. Құжаттардан байқалғандай, Омбы әкімшілігі Барақ сұлтанға қарсы ешқандай да шара қолданбайды. Тіптен ол кейін қызмет жағынан көтеріліп, приказдың аға сұлтаны дәрежесіне жетеді. Өйткені Б.Солтыбаев орыс әкімшілігі үшін өз адамы болатын. Ол жөнінде сәл кейінірек айтылады. Оның үстіне руаралық жаулық орыс әкімшілігі үшін тиімді болатын. Хаттан қазақ ру-тайпаларының өзара қарулы қақтығысының ауыр зардабын анық байқауға болады деп ойлаймыз. Құжатта Ұлы жүз билеушілерінің тарапынан қойылған негізгі мәселелердің бірі, әрине, жалайыр тайпасы орын тепкен Көксу немесе Қаратал өзендері бойынан сыртқы приказ ашу туралы ұсыныс екендігін аңғару қиын емес. Тура осындай ұсынысты Сөк сұлтан бастаған жалайыр тайпасының басшылары келесі 1843 жылы 5 мамырда Сібір қазақтарының шекаралық бастығы полковник Вишневскийге жолдаған хатында тағы да білдіреді. Бұл хатта Жалайыр тайпасының Ресей құзырына өтуге тілек білдіруге итермелеген басқа да себептер баяндалған мынадай жолдар бар еді: "...ант қабылданған уақыттан бері біз, сұлтан, би және барлық қазақтар, жоғарғы үкіметтен Қаратал өзені жағасында округтік приказ ашуды өтініп келеміз. Бірақ ондай құрылыс әзірге салынған жоқ. Егер ондай шара іске аспаса, ташкенттік билік (Қоқан хандығын айтып отыр. - М.Қ) пен қара-қырғыздар және басқа халықтар барымта және басқа зиянды істерімен бізге тыныштық беретін емес. Соған байланысты біз, сұлтан, би және старшындар, өзіңізден, қайырымды басшы ретінде, округтік приказ ашылғанға шейін өз өкілдігіңізді белгілеп, Қаратал бойынан құрылыс салуыңызды, ал егер ол мүмкін болмаған күнде, бізді ташкенттіктер мен қара-қырғыздардың қысымынан қорғау үшін отряд жіберуіңізді өтінеміз. Отрядты азық-түлікпен қамтамасыз етуді өз мойнымызға аламыз"23. 1843 жылы жазылған бұл хат Қаратал мен Көксу аралығында үйсін ауылдарының жағдайының тым күрделеніп кеткендігінен хабар берсе керек. Мәселенің мұндай рең алуына осы ғасырдың 40 жылдарына қарай қоқандықтардың Жетісудағы белсенділігінің арта түскендігі де өз әсерін тигізгендігі анық. 1843 жылы Ұлы жүз билеушілерінің бірі Ақымбек Абылаев қоқандықтардан көрген қысымын айтып, орыс билігі құзырына өтуге әзір екендігін білдіреді24. 1845 жылы үйсіндердің ықпалды билерінің бірі Мәңке Нұрақов Ұлы жүздің албан, суан, шапырашты, дулат және сарыүйсін руларының Ресей билігіне өтуге ықылас білдіргенін жеткізу үшін Аягөзге келіп, жанына тілмаш және басқа адамдарды қосып беріп, Омбыға жетуге көмектесулерін сұрайды25. Ұлы жүз қазақтары тарапынан түскен өтініштердің көбеюіне қарамастан Ресей үкіметі Жетісуға орналасу үшін шешуші әрекеттерге көшуге асыққан жоқ. Мұндай саясаттың ар жағында Қытаймен екі арадағы қатынасты шиеленістіріп алудан қаймығу жатқан еді. Батыс саясатындағы түрлі мәселелермен айналысуға мәжбүр болған, сондай-ақ ішкі экономикалық мүмкіндігі де шектеулі Ресей Қытай сияқты мемлекетті өзіне қарсы қойып алудан жалтарды. Дегенмен Ресей 1846 жылы өзінің Жетісу өңіріне қатысты саясатында сапалы жаңа қадам жасауға мәжбүр болды. Оған себепші болған Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық соғыстың осы жылдың басында Жетісу жерін де қамтуы еді.
Кене хан Жетісуда. Лепсі келісімі. Кене хан әскерімен және ауылдарымен Жетісу жеріне келетін болыпты деген сөз Омбы әкімшілігіне 1842 жылы жеткен болатын. Бұл хабар оған өте жайсыз тиюінің мынадай бірнеше себептері бар-тын. Біріншіден, орыс әкімшілігінің әлі де болса Ресейге қосылып үлгірмеген Ұлы жүз қазақтарының Кене хан соңынан еріп кетуі мүмкін-ау деген қаупі күшейе түсті. Бұл жағдай сөзсіз Ресейдің Орталық Азияға тереңдеп ену мүмкіндігін тарылта түсетін еді. Екіншіден, Жетісудың Кене хан қолына көшуі енді ғана Ресей үшін қолайлы сипат ала бастаған орыс-қырғыз қатынасына да жағымсыз ықпал етуі ықтимал болатын. Үшіншіден, бұл жағдай Ресейдің Қытай және Орталық Азия хандықтарымен сауда қатынасына айтарлықтай нұқсан келтірері айқын еді. Міне, осы баяндалған жағдайларды ескере отырып, Сібір әкімшілігі осы 1842 жылдан бастап-ақ Жетісу мен қырғыз елі арасында Кенесары ханға қарсы түрлі айла-шараға кірісіп кеткен болатын.
Енді осы айтылған пікірді айқындай түсетін бірнеше құжаттарға тоқталып өтейік. Сібір қазақтарының шекара бастығы полковник Вишневский 1842 жылы 19 қазанда №16,17 Қарқаралы және Ақмола округтік приказдарына жолдаған хаттарында мынадай деп көрсетті: "Дошло до нас сведения, то султан Кенесары Касымов, состоящий в Оренбургском ведомстве, намерен обложиться, и из Малой орды перейти в Большую, коующую за рекой Илей. Вследствие чего давая знать об этом окружному приказу, я предписываю ему принять деятельные меры, чтобы в случае, если Кенесары пойдет через Акмолинский округ, то чтобы употреблены были все средства к охранению наших киргиз от грабежа и малейшего между ними смятения, а если будет возможно, то захватить самого Кенесары, за что исполневшему это будет сделано справедливое вознаграждение. Возлагая это на личную и непосредсвенную ответственность окружного приказа, обязываю его о всех сведениях, какие будут получены о движении Кенесары мне доносить немедленно..."26. Полковник Вишневский араға екі күн салып Аягөз округтік приказіне жолдаған хатында "құпия бақылаулар орнату арқылы Кенесарының Ұлы жүзге дәл қандай уақытта келетіндігі, қалай қарсы алатындығы, сондай-ақ оның бұдан былайғы пиғылы" жөнінде ақпар жинауды тапсыра келіп, ол "Ұлы жүз қазақтарының бізге деген жаулық ниетін сезе отырып Кенесарының оларды бізге қарсы айдап салуы ықтимал" деген тұжырым жасап, көктем шыға Лепсі мен Қаратал арасындағы Ресейге қарайтын қазақтарды қорғауға арнайы әскер бөлімшесі шығарылатындығын хабарлайды27. Қазақ қоғамының ішкі өзара қатынасынан жақсы хабардар полковник Вишневскийдің бұл арада халықты "біздікі" және "өзгеге" бөліп, олардың алғашқысын "достық", ал соңғысын "жаулық" ниеттегілерге жатқызуы, әрине, жайдан-жай емес-тін. Келесі құжаттан полковниктің мұндай сұрқия ойынға білек түріне кіріскендігі анық байқалады.
"21 октября 1842 года. №3031. Старшему султану Бексултану Агадаеву. ...По полученным мною сведениям... султан Кенесары Касимов намерен отложится из Оренбургского ведомства и пробратся в Большую орду, а как киргизы той орды и без того беспокоют наши волости, султан же Кенесары по известным его дурным качествам, вероятно, тоже их будет потому подговаривать, то считая нужным предуведомить Вас об этом, почтеннейший султан, прошу предупредить волости наши, особенно кочующие за Лепсой до Каратала, чтобы они были осторожны и приняли бы меры не допускатъ делать себе обид, с наступлением же весны, я опять пошлю на Лепсу значительный отряд, дабы мог защищать волости наши от всяких покушении со стороны киргиз Большой Орды. Между тем прошу Вас, почтеннейший султан, стараться секретно разузнать, точно ли прибудет Кенесары в Большую Орду? Как он будет там принят? И какие его намерения? И обо всем что только будете узнавать, уведомляйте меня подробно, отправляя с нарочным конверты на эсаулу Нюхалову, для пересылки ко мне, для таковой же общей пользы я полагаю Вы можете употребить и султана Барака, как известного мне своею преданностью и защитою наших киргиз и я надеюсь, что Вы, навсегдашней преданности правительству и заботливости о пользе народа, не упустите ничего непринятию мер, удерживания надлежащего спокойствия, тишины, за что мне приятно будет ходатайствовать для Вас у начальства, достойной награды, а равно поощрения и для султана Барака. Подписал полковник Вишневский"28. Шекара бастығы Вишневскийдің қолынан шыққан бұл құжаттан хат иесінің Кене ханның "екі жүз рулары арасындағы алауыздықты пайдаланып кетуі ықтимал деп" қауіптенуін, астарында шын мәнінде олардың арасындағы жер және мал үшін болып тұратын өзара талас-тартысты ушықтыра түсу бар екендігін аңғару қиынға түспейді. "Ұлы жүз қазақтары онсыз да біздің болыстарымызды мазалауда", әсіресе "Лепсі мен Қаратал арасындағы біздің болыстарға абай болуды ескертіп, өздерін басындырмайтындай шаралар қарастыруды" тапсырады, "көктемге қарай көмекке үлкен отряд шығарып, өзіміздің болыстарды Ұлы жүз қазақтары тарапынан болуы мүмкін қастандықтан қорғайтын" жағдай туғызуға уәде береді. Сондай-ақ бұл хатта полковник Вишневский Кене хан және Ұлы жүзбен "күресте" өзінің кімдерге иек артатындығын да ашық білдіреді. Ол, әрине, аға сұлтанның өзі мен болашақ оның орнын басатын шекаралық Орта жүз болыстарының "қамқоршысы" сұлтан Барақ Солтыбаев. Бір ескерерлік жай осы хатта және басқа құжаттарда Вишневский сұлтан Б.Солтыбаевты өзіне аса сенімді адам ретінде атайды. Бараққа және басқа "үкімет пен халық мүддесіне" қызмет жасағандарға басшылардан лайықты сыйлықтар сұрайтындығын да ескертеді. Оқиға көп күттірген жоқ. Араға бар болғаны бір айға жете-жетпес уақыт салып Лепсі мен Қаратал арасындағы күзетте жүрген Вишневскийдің әскер бөлімшесінің қолдауына сүйенген Барақ Солтыбаев сұлтан қараша мен желтоқсан аралығында Қаратал бойындағы Сөк Абылайханов билеуіндегі үйсін болысына барып ойран салды. Жоғарыда баяндалғандай, сұлтанның қанды жорығына мыңға жуық адам қатынасты29. Билік орындары тарапынан қоштау болмаса, мұнша адамның атқа қонуы, әрине, мүмкін емес-тін. Жәбір көргендердің арыз-хатында баяндалғандай, олардың ауылдары орналасқан жер үстін өліктер жапты. Бұл, әрине, билік орындарының қолдауына сүйенген содырлардың еркінсуі еді. Құжаттарда берілген фактілерді талдай отырып, Сөк Абылайханов қарауындағы ауылдарда орын алған бұл трагедияның бір ұшы шекара қазақтарының бастығы полковник Вишневскийге келіп тірелетіндігін байқауға болады. Орыс әкімі бұл шараны, белгілі дәрежеде, бір жағынан орыс билігіндегі қазақ руларының қандай күшке ие болатындығын көрсетуі үшін, екінші жағынан әлсіреген, сынған үйсіндер тайпасының орыс билігіне үрейлене қарап, қолтығына кіре түсуі үшін ұйымдастыруы да әбден ықтимал еді. Біз қарастырып отырған мезгілде Вишневский сияқты шекара бастықтарының бағындыру арсеналында мұндай әдіс-айланың болуы мүмкін екендігін ең жоғарғы шенеуніктердің қолынан шыққан құжаттардан да байқауға болады. Сондай құжаттардың бірінде 1846 жылы 9 тамызда (2312) канцлер граф Нессельроде Соғыс міністіріне Жетісудағы саяси жағдайға байланысты: "...вообще усиление средств в местах, ближайших к кочевьям киргизов Большой Орды, тем необходимее, что с одной стороны служат к вашему обеспечению наших округов Средней орды, а с другой могут благотворно действовать и на умы киргизов Большой орды, которые видя наши средства и достаточную силу, чтобы отразить всякие злонамеренные покушения, через это самое более будут держать себя в фаницах должного повиновения и избавят правительство от дальнейших действии..."30 - деп жазды. Ресми құжаттарда қазақ жеріндегі берекесіздікті жойып, әділеттік орнаттым деп масаттанатын орыс билігі жоғарыда баяндалған трагедияны тексерусіз қалдырды, ал оны ұйымдастырушылар мен орындаушылар жауапқа тартылудың орнына қызмет бабымен өсті. Вишневский келесі жылы жоғарғы биліктен генерал-майор атағын алып, Кенесары ханға қарсы Сібір әкімшілігі тарапынан ұйымдастырылған шараларға тікелей басшылық жасады. Генерал-майор Вишневский өзінің сыбайласы сұлтан Барақ Солтыбаевты да "қамқорсыз" қалдырған жоқ. Өз ретінде ол түрлі "ерліктері" үшін хорунжий әскери атағын алып, Аягөз приказының аға сұлтаны дәрежесіне көтерілді31. Өкінішке орай, біз бұл арада шенеунік Вишневский мен сұлтан Солтыбаев араларындағы "жекжаттық" қатынастың жай-жапсары жөнінде ештеңе айта алмаймыз. Бірақ бұл тарихи кезеңде қазақ ауқаттыларының өзара бақталастық күресте орыс әкімдеріне пара беріп өз ісін бітіріп алуы енді ғана әдетке айнала бастаған еді. Тура осындай жағдайға байланысты Найман болысының сұлтаны Сыбанқұл Ханхожин Николай І патшаға жазған хатында қазақтардың өзара барымтадан және оған орыс әкімшілік орындарының түрлі қаскөйлік пиғылмен араласуы нәтижесінде отырған орындарынан басқа жаққа көшіп кетулеріне байланысты өз пікірін білдіре келіп:"...киргизы откочевывают потому, что некоторые просят господина генерала прислать к ним военный отряд для разбора военных споров, но когда прибывают отряды, то начальники берут от киргизов взятки, захватывают от ответчиков скот и имущество и, ничего не сделав по решению дел, возврашаются к себе, после чего доносят генералу, что киргизы скрываются потому, что виновны. От этого киргизы приходят в бедное состояние и, не находят средств к существованию, занимаются барымтой и воровством, отчего друг друга разоряют", - деп көрсетеді. Кене хан өз қолдары және ауылдарымен Жетісуға 1846 жылдың басында келді. Ал орыс әкімшілігі жергілікті қазақ ауылдары мен оларға көрші қырғыздарды "тәкаппар" сұлтанға қарсы көтеру әрекетін 1842 жылдан-ақ бастап кеткен еді. Орыс әкімшілігімен егесі ұзаққа созылып кеткен, оның үстіне қарулы әскері мен соңына ерген ауылдардың шаруашылығы мен күнделікті тіршілік қамын ұйымдастыру және қажет бұйымдармен қамтамассыз ету азабын басынан өткізіп қалжыраған Кене хан Жетісу жеріне әбден шаршап-шалдығып жеткен еді. Ол жөнінде М.Н.Венюков "...Загнанный русскими отрядами на крайний юг степи, он встретил здесь новых противников-каракиргизов, и ими был погублен окончательно"32, -деп жазды. Түрлі құжаттарда кездесетін деректік материалдарды салыстыра отырып, Кене ханның Жетісуға бет бұрғанда мынадай екі мақсатты көздегенін байқауға болады. Егер ісі сәтті жүрсе, Ұлы жүз қазақтары және қырғыздардан қосылған қолдармен біріге отырып Жетісу, Солтүстік Қырғызстан және Шу бойын Қоқан үстемдігінен босатып, осы өңірге орнығып, өз әрекетін одан ары жалғастыру. Ал егер бұл әрекеттен ештеңе шықпаса, онда Ресей билігі орнаған территориядан ұзап, Қытай құзырындағы Шығыс Түркістанға ойысу еді. Жетісу жұрты Кене ханды қалай қарсы алды? Осы мәселеге қысқаша тоқталып өтейік. Бұл сауалға біржақты жауап беру оңайға түспейді. Дегенмен, тарихи деректерді тексере отырып, мынаны байқауға болады. Жетісуға келгенге шейін-ақ Кене хан мен оның әскері, жанына ерген батырлары жөніндегі хабар, дақпырт қазақ даласына кең тарап, аңызға айналып үлгірген еді. Соған байланысты халық арасындағы оның беделі аса жоғары болғандығы еш күмән туғызбайды. Ал ел билеген төрелер мен малды байлар жөнінде оны айту қиын. Олар Кене хан әскері келсе, малымнан, тыныштығымнан айырыламын деп қорықты. Бұл ретте Жамбыл ақынның естелігіндегі "Ол етектен алған "иттерден" жеңілді ғой. Қазақтың алауыздығы оңған ба? Кенесарының тілеуіндемін деп жүрген байлардың, төрелердің барлығы да патша әскеріне болысып кетті, елдің ішіне іріткі салды"33 - деген пікірдің шындықтан тым алшақ еместігін байқауға болады. Қара халықтың көңілі Кене хан жағында екендігін орыс әскер адамдары да жақсы білген. Мәселен, Жетісудағы Кенесары қимылын бақылау үшін қойылған есауыл Нюхалов өзінің басшыларына берген есебінде: "Әли мен Сөк сұлтандар көмекке қанша қарулы қазақ бере алатындығы белгісіз, олардың сөзі бұлыңғыр, менің өзім де олардан мүмкін болғанша аз адам алмақ ниеттемін, өйткені бұл халық біз үшін жаңа болғандықтан әлі бейтаныс, сенімсіз, сондай-ақ бұлардың арасында Кенесары сұлтанға деген ықыласы жақсылары көп екендігі маған мәлім"34 - деп жазды. 1845 жылдың қысын Қаратау маңында өткізген Кене хан әскері және ауылдарымен келесі 1846 жылы шамамен көкек айында Іледен өтіп, Көксу өзені бойындағы Майтөбе және Күреңкей атты мекендерге келіп тоқтайды35. Бұл Сөк сұлтан билігіндегі негізінен жалайыр тайпасының ауылдары еді. Кене хан келіп орналасқан соң оған амандасуға келгендердің алдында, әрине, жергілікті жұрттың басшылары Абылайханов Сөк сұлтан, Әділов Әли сұлтан, соның алдында ғана Омбыда болып қайтқан Нұрақов Мәңке би36 және жалайыр жұртының басқа да бас көтерерлері бар еді. Бұл арадан Кенесары өз адамдарын Лепсі бойындағы болыстарға, Тарбағатайға аттандырып, өзін қолдауға шақырады37. Кенесары әскерінің Аягөз округының іргесіне келіп орын тебуі, әрине, сібірлік орыс басшылығының мазасын алғандығы анық. Н.Леденев "Кенесарының Аягөз округіне жақын келгені жөніндегі хабардың Омбыда үрей туғызғандығын"38 айтады. Шекара қазақтарының бастығы генерал-майор Вишневский есауыл Нюхаловқа жолдаған хатында "Кенесары Жетісуда тұрғанда мұнда тыныштық, әрине, орнамайды, ал егер оған кішкене ғана табысқа жетуге жағдай туғызсақ, онда тек үйсіндер ғана емес, сонымен бірге біздің матайлық болыстарымыз да соған барып қосылары хақ"39 - деп көрсетті. Жетісудағы өз ықпалына қауіптің төнгенін терең түсіне отырып, сібірлік басшылық орталық биліктің тікелей қолдаумен жедел әрекетке көшті. Генерал-майор Вишневский 1 маусымға Лепсіге Аягөз округіне қарасты болыс билеушілерін, Аягөз, Қарқаралы және Көкпекті приказдарының аға сұлтандарын, сондай-ақ 1845 жылы мамыр айында Ресей билігіне кіруге ықылас білдіріп өтініш жазған40 үйсін және дулат руларының билеушілерін шақырды. Бірақ Вишневский төре белгілеген жиналыс Лепсіде 1 маусым күні болмай қалды. Мәнке би Ұлы жүз билеушілерінің 1 маусым күні белгіленген жерде болмау себебін олардың генерал Вишневскийдің өзінің шақырған жерге келмей қалуы ықтимал деген күдікте болғандығымен байланыстырады41. Ал шын мәнінде мәселе анағұрлым күрделі болатын. Кене ханның әскері және соңына ерген ауылдарымен Жетісу жеріне келуі Ұлы жүз рулары арасында терең қобалжу туғызған болатын. Ондай қобалжуды алғашқы айларда ел билеуші төрелер мен бай-билер де бастарынан кешірді. Соған байланысты ел арасынан бірауыздылық кетті, елдің пікірі екіге жарылды. Ұлы жүз, оның ішінде Жетісу елі арасында байқалған бұл көңіл-күй белгілі дәрежеде генерал Вишневский арқылы Омбы генерал-губернаторлығына да жеткен еді. Сібір әскер корпусының командирі князь Горчаков тура осы жағдайға байланысты өз тұжырымын 1846 жылы 24 маусымда Соғыс министріне жолдаған есебінде былайша білдірді: "...Қаратауға (бұл арада Горчаков Қаратауды жалпы Ұлы жүздің жері ретінде алып отыр. - М.Қ) келген Кенесарының әрекеті және оны таяуда ғана Ресейдің қамқорлығын сұрағандардың (Ұлы жүз руларын айтып отыр - авт.) іш тартып қарсы алуы біздің Ұлы жүз қазақтарымен ара қатынасымызды тым күмәнді жағдайға тіреп отыр. Мүмкін, қазір де көптеген округтардағы сұлтандар арасында құпия қолдаушылары бар Кенесары арқылы Ұлы жүз қазақтары солардың көмегімен болашақта бізді қазақ даласынан біржола қуып шығудан үміттенбесе де, әзірге біздің қарудың күші шекелеріне тие қоймаған бұл тайпалар өздеріне тән жеңіл ойлықпен ең болмаса арзан да бай олжаға кенеле қояйық деген пікірде болуы да ықтимал. Бұдан ары генерал-губернатор Соғыс министріне "азиаттармен жемісті келіссөз жүргізудің ең сенімді әдісі үрей туғызу" екендігін айта келіп, "егер ...Ұлы жүз қазақтары Кенесарымен одақ құрып шабуылдай бастаса", онда өзінің не істейтіндігін императордан білуді, сондай-ақ одан "Кенесарыны алғашқы болып қолдаушыларды" "өз ауылдарында" жазалауға рұқсат әперуді сұрайды42. Лепсі кездесуіне қайта оралайық Бірнеше күнге созылған бұл кездесу 1846 жылы шамамен 19-23 маусым аралығында Лепсі өзенінің жоғарғы ағысы бойында өтеді. Құжаттардың көрсетуіне қарағанда, бұл Орта жүздің үш округы (Қарқаралы, Көкпекті және Аягөз) және Ұлы жүз ру басы сұлтандары мен ел билеушілерінің басын қосқан үлкен жиналыстың күн тәртібінде бірнеше мәселе тұрды. Олардың ішіндегі ең негізгілері, әрине, біріншіден Ұлы жүзді Ресей құзырына қабылдау жөніндегі орыс патшасының жарлығын жиналғандарға жария ете отырып, Ұлы жүз билеушілерінен ант қабылдау және екіншіден (бұл орыс әкімшілігі үшін, әрине, негізгісі), Жетісу және Ұлы жүз жеріне келген Кенесары Қасымұлына қатысты ел басшыларының пікірін біліп, мүмкін болса, оларды хан мен оның әскеріне қарсы қою еді. Генерал Вишневский жиналысты Ресей императорының Ұлы жүзді Ресей құзырына қабылдағандығы жөнінде жарлығымен жиналғандарды таныстырудан бастады. Ондай шешімнің болғандығы жөнінде генерал Вишневский Мәнке биге сол 1846 жылы 7 маусым күні хабарлайды43. Біз архив қорларынан, құжаттық жинақтардан орыс патшасының Ұлы жүз қазақтарын Ресей империясы құрамына қабылдағаны жөніндегі жарлық мәтінін кездестіре алмадық. Демек, ондай жарлықтың болмауы да ықтимал. Олай дейтініміз мемлекеттік канцлер Нессельроде 1846 жылы 16 көкектегі Ұлы жүздегі саяси жағдайға байланысты патшаға жолдаған баяндамасында Омбыға Ұлы жүз билеушілерінің бірі Әділев Әли сұлтаннан Нұрақов Мәнке би бастаған өкілеттіктің империя құрамына алу туралы өтінішпен келгендігін, сондай-ақ оларға князь Горчаковтың (Батыс Сібір генерал-губернаторы) жағымды жауап бермегендігін және губернатордың бұл позициясын императордың қолдауын өтінген44. Ал бұдан кейінгі екі ай ішінде ондай шешімнің қабылдана қою, әрине, екіталай еді. Демек, Лепсі кездесуінде орыс патшасының Ұлы жүзді Ресей құзырына қабылдағаны жөніндегі мәлімдеме жасап, генерал Вишневский таза саяси алаяқтық жолға түсуі әбден мүмкін. Бұл қадамға бара отырып ол жалғыз мақсатты, яғни Кене хан тарапынан төнген қауіп жағдайында Ресей мен Ұлы жүз арасында шұғыл бетбұрысқа қол жеткізу еді. Жиналғандар, әсіресе Ұлы жүз билеушілері бұл хабарды жақсы қарсы алғандығы анық. Өйткені орыс билігі мен қаруы нақты күш екендігін, олардан бүкіл қазақ ерлігіне сүйсінген Кене ханның өзі де ығатынын, ығыса отырып оның ең ақыры осында, Жетісуға келгенін жиналған ел басылары іштей түсінетін. Жиналғандарға бір сәт ру мен ру, ауыл мен ауыл, көрші қырғызбен арадағы жер мен мал үшін таусылмайтын жанжалдан, ең ақыры жылда қылышын сүйретіп келіп алым-салық жинайтын Қоқанның зорлығынан осы орыс билігі мен қаруына сүйене отырып құтылармыз деген ойдың да келуі әбден ықтимал-тын. Осы үмітке май құя түскендей басты хабарды айтып үлгіре салысымен, генерал Вишневский жиналған апайтөс дала шонжарларының біразына орыс патшасы атынан сыйлықтар үлестірді. Басты сыйлық Ұлы жүз сұлтандардың ішіндегі жасы үлкені және ықпалдысы, қалың дулатты билейтін Абылайханның немересі Әділұлы Әли төреге тиді. Оған орыс патшасы атынан подполковник әскер атағы және Андреев лентасындағы алтын медаль берілді. Бұдан басқа бірі Александров және бесеуі Анна лентасындағы тағы алты алтын медаль басқа да Ұлы жүз билеушілерінің мойнына тағылды. Тағы бір Анна лентасындағы алтын медаль осы кездесуді даярлау ісінде "тер төгіп" қызмет көрсеткен Аягөз округі приказының заседателі Бекқожа Жүсіпбаевқа берілді45. 21 маусым күні кездесуге келген Аягөз, Көкпекті және Қарқаралы округтері аға сұлтандарының, Ұлы жүздің дулат, албан, суан, шапырашты және жалайыр рулары сұлтан, билерінің, сондай-ақ жиналған көп жұрттың алдында Ұлы жүз қазақтарын орыс билігіне қабылдау салтанаты болып өтті. Осы жөнінде жазған Н.Леденев бұл шараның екі бөліктен, яғни Ұлы жүздің Ресей құрамына кабылданғанын ресми түрде жариялаудан және "Ұлы жүздің халық көсемдерінен, сенімді екендіктерін білдіре отырып, Кенесарыны өз жауым деп санайтын міндеттеме алудан" тұрғанын жазады46. Осы арада мынадай жайға көңіл аударуға тура келеді. Лепсі кездесуіне қатысқан Орта жүз және Ұлы жүз билеушілері мазмұны жағынан өзара айырмашылығы бар, міндеттемеге жақын екі құжатқа қолдарын қойған. Олардың алғашқысына қол осы 1846 жылдың 19 маусымында, ал соңғысына маусымның 23-інде қойылған. Кездесуге қатысқан екі жүз билеушілерінің ортақ құжатқа емес, бөлек құжаттарға, сондай-ақ бір күнде емес, араға үш-төрт күн салып қол қоюларының арғы астарында қандай сыр жатқанын болашақта анықтай түсу, әрине, артық болмас еді. Осы құжаттардың мазмұны жөнінде қысқа ғана айта кетейік. Қарқаралы, Аягөз, Көкпекті округтарының аға сұлтандары мен болыс басқарушылары Сібір қазақтарының шекара бастығы генерал-майор Вишневскийдің қатысуымен өз қолдарымен 19 маусымда бекіткен алғашқы құжатта өздеріне мынадай міндеттеме алады: "...1) Қарқаралы, Аягөз және Көкпекті округтерінің халқы өзара бейбіт қатынаста болып, заңға қайшы келетін тонаушылық, барымта және ұрлық әрекеттер жасамайды. 2) Билік орындары орнатқан заңға әрқашанда мойынсұнатын болады. 3) Болыстардың бірінде жыртқыш қазақтар тобы шыға қалса, әркім де ол жөнінде жақын көшіп жүргендерге айтып, ескертіп және бәрі бірігіп, бірауыздан жыртқыштар тобын жоюға жұмылып, болған істі Ресей үкіметіне хабарлайды..."47. Бұдан да басқа аталған округтерге қарасты болыстардың ішкі өміріне қатысты тағы екі баптан тұратын бұл құжаттың ең өзекті бабы осы үшіншісі еді. Ол баптың Кене хан әскерінің осы төңірекке жақын келіп, хан адамдарының Орта жүз округтеріне келіп қайтуына байланысты орыс билігіне қарсы шығып кетуі мүмкін бүлікті қайткенде де болдырмауға тырысу пиғылынан шыққандығын оңай-ақ байқауға болады. Араға үш күн салып, яғни 23 маусым күні Ұлы жүз билеушілері қол қойған келесі құжатта патша әкімдерін мазалаған бұл пікір ешқандай да бүкпесіз ашық айтылған еді: "1846 жылы маусымның 23-і күні Ұлы жүз руларының төмендегі аты-жөні аталған сұлтандары мен билері жалайыр, дулат, албан, суан, шапырашты атынан мынаны айту үшін өз мөріміз бен тамғамызды қойдық: Қарқаралы, Аягөз және Көкпекті округтерінің аға сұлтандарымен кеңесе отырып бірауыз шешімге келген, сондай-ақ шекара бастығы генерал-майор және кавалер Вишневскийдің қатысуымен біздің жаққа келген бүлікшіл сұлтан Кенесары Қасымұлы мен оның пікірлестерін берік сеніммен жалпы халықтық тыныштықты бұзушы біздің жауымыз санап, онымен ешқандай да қатынас жасамай, Кенесары мен оның пікірлестерінің біз тұрған жерден кетуін талап етеміз. Қазір, сондай-ақ ол бізден ұзаған соң да, егер оның Орта жүз қазақтарына, әсіресе жақын маңдағы округтердің қазақтарына қарсы жаулық әрекетін байқап немесе естіп қалсақ, онда тура сол сәтте бүлікшілдің қастық қимылдарына жол бермеу мақсатында хабар береміз"48. Міндеттемеге Сөк Абылайханов және подполковник сұлтан Әли Әділов бастаған барлығы 11 сұлтан, 27 би мен 1 молла қолдарын қойған. Олардың арасында белгілі төре тұқымдарынан басқа Сары Алтайұлы, Диқамбай Қапсалаңұлы, Тіленші Балпықұлы, Бейбіт Кенбабаұлы, Қотыраш Өмірұлы сияқты жалпы елге танымал тұлғалар да бар еді. Бұл мұрағаттық құжаттың бұдан бұрын зерттеушілердің назарына түскенімен, бірақ арнайы ғылыми талдауға алынбағаны, әрине, өкінішті-ақ. Өйткені оның астарында қым-қиғаш мүдделерден тұратын күрделі өмірдің табы жатыр. Лепсі кездесуінің қорытындысы болған бұл құжат белгілі дәрежеде Жетісуға жеткен Кене хан қозғалысының қайғылы тағдырын біржола шешумен бірге, Жетісу мен Ұлы жүздің өмірін орыс мемлекетінің доңғалағына біраз мерзімге мықтап байлап та берді. Осы тұжырымға келе отырып аталмыш құжаттың зерттеушілер тарапынан әлі де болса талдана түсуге лайық екендігін айта кеткенді жөн көреміз. Сонымен, біз жоғарыда Лепсі келісіміне қол қойған Ұлы жүз кісілерінің біразын атадық. Ал келіссөзге қатыспай, онда қабылданған құжатқа қол қоймаған тұлғалар жөнінде не айтуға болады? Ондай тұлғалар бар болса, кімдер еді? Кене хан Жетісуға келіп ат басын тірегенде, арып-ашып келген хан мен оның адамдарына қол ұшын берген сұлтан Рүстем Бөкейұлы болатын. Орынбор губернаторы Обручев 1846 жылы 30 қыркүйекте Соғыс министріне жолдаған хатында Жетісуда Кене ханмен кездесіп қайтқан би Дәулеткелді Беспаевтан алған хабарына сүйене отырып: "...Кенесары өз ауылдарымен Іле өзеніне жетіп, оның оң жағасына өтіп, Ұлы жүздің сұлтаны Рүстемнің ауылына қосылды",49 -деген фактіні келтіреді. Обручев хатында Рүстем сұлтанның әкесінің атын білмейтіндігін айтады. Ал шын мәнінде Рүстем Абылай ханның ұрпағы, Орта жүздің соңғы хандарының бірі Бөкей ханның немересі болатын. Орыс тілді деректердің Рүстем сұлтанды Кене ханның туысы атайтындығы да сондықтан еді. Рүстем Бөкеев Кене ханмен Кекіліктідегі соңғы түнге шейін бірге болды. Жетісуда Кене ханды шын көңілден қарсы алған тұлғалардың бірі -шапырашты Тойшыбек батыр. Бұл - Үлкен Ақсай өзенінің Қарасу өзенімен тоғысатын жеріне қоқандар салған атақты Тойшыбек бекінісінің иесі. Өзі де және ұлдары Байсейіт пен Жанғаш та орыс билігінің Жетісуға енуіне қарсылық көрсеткен. Н.А.Аристовтың көрсетуіне қарағанда, Байсейіт Тойшыбеков Ұзынағаш шайқасына қоқандықтар жағында қатынасқан. Әкесі Тойшыбек кейін Пішпек бекінісіне өтіп, сонда кедейшілікте өлген50. Жамбыл Жабаев өз естелігінде Кене ханның Іледен төмен түскенде Қордайдағы осы Тойшыбек батырдың ауылына тоқтағанын айтады. Ұлы жүз жерінде Кене ханға қолдау көрсеткен тұлғалар жөнінде кейінірек тағы да сөз болады. Ал бұл арада Лепсі келісіміне байланысты айналып өте алмайтын бір мәселе - Кене хан Жетісуға келген соң бұл өңірде ел арасында терең рухани жарылыстың орын алғандығы. Бұдан бұрын да Кене хан қозғалысына байланысты Қазақстанның басқа да өңірлерінде көрініс берген қоғамдық ойдағы өзара қабыса алмайтын екі жақты пікір енді Жетісуда да байқалады. Орыс мемлекетінің жоғарғы басшылығы Кене хан қозғалысына қарсы ұйымдастырылған Лепсі келісіміне аса жоғары баға берді. Лепсі бойында қазақ билеушілерімен болып өткен келіссөз нәтижесінде Кене ханға қарсы қабылданған құжат жөнінде хабар ала салысымен, мемлекеттік канцлер Нессельроде Ресей императорына бұл мәселе жөнінде арнайы баяндап шыққан соң, князь Горчаковқа алғыс сезімін білдіріп хат жолдайды. Онда Лепсі келісіміне мынадай баға берілген еді: "Отложением от 8 июля №64 Ваше сиятельство уведомили меня о благоприятном обороте, который приняли дела и отношения наши с киргизами Большой орды, поколебавшиеся на время появления между ними мятежнаго султана Кенисары. Из доставленных Вами сведений видно, что родоначальники с их киргизов ныне окончательно признали себя подданами Его Императорского Величества и особыми актами, утвержденными подписью султанов и почетнейших лиц всех племен, обязались прекратить прежнюю против наших киргизов, не содействовать ни в чем султану Кенисары и не терпеть его среди себя; наконец, оказывать защиту и покровительство Российским караванам при прохождений оных через их кочевья. Отношения сие я имел счастье представить в подлиннике на благоусмотрение Государя Императора. Его Императорское Величество, прочитав с удовольствием содержащиеся в оном подробности, в то же время изволил одобрить новые распоряжения, Вами сделанные чтобы в прилегающих к Большой орде округах наших продолжались меры деятельности и осторожности до тех пор, пока султан Кенисары не удалится по крайни мере за реку Или"51. Енді Лепсі келісімінің салдары жөнінде. Әрине, Лепсі келісіміне қолдарын қойған Ұлы жүз билеушілері Кене хан бастаған азаттық қозғалысқа орыс әкімшілігі тарапынан ең соңғы соққы берілгенін, ол соққыға өздерінің де қолдау жасап, бас изегендерін түсінбеуі мүмкін емес, түсінді, сезбеуі мүмкін емес, іштей езіліп сезді. Тек, әрине, бәрі бірдей емес. Лепсіде өткен келіссөздің нәтижесін естіген Кене хан мәселенің қандай бағыт алғаның терең ұғынды. Бұл кезде ол шамамен бір жағында Балқаш, ал екінші жағынан Іле өзені ағатын, ал үшінші беті батпақты көп ұсақ көлдермен қоршалған, соған байланысты жергілікті халық "Қамау" деп атап кеткен жарты аралға орналасқан еді. Шамамен жарты аралдың ұзындығы 70, ал көлденеңі 5-тен 12 шақырымға шейін созылады екен52. Жалпы алғанда, бұл Кене ханның көлігі мен малына аса қолайлы қоныс бола қоймағандығы анық. Лепсі келісімінен соң Кене хан ауылдарымен Іле бойлап жоғары көтеріліп, Қытай шекарасына таяу маңдағы Үйгентас атты жерге келіп, ағасы Саржанның ұлы Құдаймендені жанына би Шоқпар Бақтыбайұлы мен Сұйдақ қожаны, сондай-ақ сыйлық үшін деп 9 арғымақты қосып Қытай үкіметінен оның жеріне енуге рұқсат сұрап қайтуға аттандырады. Араға бір ай салып оралған елшілік ханға Қытай билік орындарының Кене ханды қабылдап, орыс патшасымен арақатынасын бұзып алуға барғысы келмейтіндігі туралы айтқан жауабын жеткізеді53. Қытай елшілігі әкелген хабар Кене ханды тұйыққа тіреген еді. Бұған қосымша тамыз айында "Омбы жақтан Кене ханға қарсы қаруланған әскер қолдары шығыпты, олар жақын арада Аягөзге келіп жетеді екен" деген қауесет ел арасына кең тарап кеткен болатын54. Бұл қауесетке "Аягөз округінен Бөлен Шанхаев пен Барақ Солтыбаев, ал Қаратал бойынан Сөк Абылайханов пен Әли Әділев сұлтандар бастаған қазақ қолдары Аягөзден шыққан орыс әскерімен бірігіп Кене ханмен соғысуға аттанады екен" деген сөздер қосылады. Жалпы бұл айтылғандардың бәрі де негізсіз емес-тін. 1846 жылы 19 шілдеде канцлер Нессельроде Соғыс міністіріне жолдаған хатында Ұлы жүзге жақынырақ шекарада "олардың арасында бүлікшіл Кенесары жүрген шақта" "әскер күштерін топтастыру пайдалы шара болар еді" деген пікірді айта келіп, тіптен "егер мұқтаждық туса, әскердің бөлігін тереңірек, яғни сұлтан Сөк Абылайхановтың қонысына шейін апару" орынды болмақ деген ойды білдіреді55. Осы құжатта Нессельроде Сібір басшылығына "Ұлы жүз қазақтарының бөлігі Қытай иелігіне ене көшіп жүреді (тіптен қайсыбірі Үйгентастан асып, Қытай қарауылдарынан да өтіп), ал одан ары олардың ізіне түсу мүмкін емес, ол жақта Кенесары немесе сол сияқты қаскүнемдер әрқашанда өзіне сенімді бой тасалайтын орын таба алады",- деп көрсетіп, мұндай жағдайға жол бермеуге нұсқайды56. Міне, осы баяндалған фактілердің бәрі қосыла келіп қыркүйекте Кене ханды соңына ерген елімен қоса Қамал жарты аралынан көтеріліп, Іледен өтіп, Шу жаққа бет алуға мәжбүр етеді. Ол жөнінде губернатор Горчаков Соғыс министріне 1846 жылы 22 қазанда жолдаған есебінде шекара бастығы Вишневскийдің хабарына сүйене отырып: "үйсін және жалайыр билеушілері Әли Әділев пен Сөк Абылайханов сұлтандар Қаратал өзенінде жанына ерткен қарулы қазақтарымен келіп оған (Вишневскийді айтып отыр - М.Қ.) қосылды, мақсаты қазақтарға көмектесу. Бірақ Кенесары орыстардың жақындап қалғанын сезіп, адам жетуге қиын қонысын (Қамал жарты аралы) тастап, Іледен өтіп, шамамен ұзақтығы 15 көш (300 верст) Шу бойына қарай қашты"57, - деп жазды. Губернатор Горчаков Кене ханның орыс қолынан ығысып төмен қарай бет алуын орыс билігінің Жетісу қазақтарының көз алдында, іске асқан аса маңызды моральдық жеңісі ретінде бағалады. Белгілі дәрежеде бұл жасалған тұжырым шындықтан алыс емес-тін. Оны біз Жамбыл Жабаевтың естеліктерінен оқимыз: "Ақырында Кенесары Ұлы жүзге, Алатауға қарай беттеп көшті, әуелі Балқашта, Іленің қойнауында, жалайырдың шетінде жатты. Бұл жер жұттан шалғай еді. Орыс әскерімен белдесуге күш жию үшін: "Қамауда жатып хал болмас, қолына қалың ел қонбас", - деп, Кенесары соңынан ерген елмен, батырларымен Ілені кесіп өтіп, Шу бойын өрлей көшпеді ме? Сонан Қордайда шапырашты Тойшыбек батырдың ауылына тоқтады ғой. Атағы жер жарған Кенесары, Наурызбай келді деген соң, Ұлы жүз дулат елі қалмай жиналды, күні-түні Кененің ауылын босатпады. Дулаттың батыры Сыпатай да, шапыраштының ерлері Саурық, Сұраншы да, қоңыраттан шыққан Байзақ та, төре Рүстем де қалмай келді," - деген тарихи шындыққа табысатын ел арасында сақталған фактілерді баяндай отырып, Кене ханның тура осы мезгілдегі көңіл-күйін еш қатесіз беретін мынадай қызық жағдайды баяндайды: "Кенесары екі күн ұдайы ешбір адаммен сөйлеспей, маңдайын ұстап, ауыр ойланып, төмен қарап отырып алды. Рүстем төре де, Сыпатай батыр да Кенесары отырған ақбоз үйдің алдынан анадай жерден түсіп, "алдиярлап" қолын қусырып, рұқсат сұраудан басқа, бір ауыз тіл қатуға бата алмаған. Келгендердің бәрімен Наурызбай ғана сөйлескен"58. Кене ханның Іледен көтеріле көшуге мәжбүр болғандығы, орыс күштерімен болған егесте жеңіліс тапқандығы жөніндегі хабар қырғыз билеушілеріне де жетеді. Н.Леденев еңбегіндегі "Кенесарының жеңіліс тапқандығы жөніндегі хабар тез арада оның қас жауы қарақырғыздарға да жетеді. Олар жағдайдың барысын білу үшін сұлтан Әли Әділевке адам жіберген болатын. Қарақырғыздардың Кенесарыдан кек алмақ ниеті бар екендігін білген Нюхалов жедел түрде Кенесарыға қарсы қаруланған рулардың манаптарына хат жолдап, оларды орыс пен қырғыздың ортақ жауы Кенесарыны біржола құртуға шақырады"59, - деген көрсетуі тура осы шақта Кене ханның бұл екі жауының өзара түсіністік тапқанын айғақтайды. Оқиғаның бұдан былайғы ағымы Е.Бекмаханов, Н.Середа, Б.Солтоноев және басқа ғалымдардың зерттеу еңбектерінде баяндалған. Бұл арада біз бұрын аса кең мәлім емес мынадай бірер фактілерді келтірумен ғана шектелеміз. Ресейлік билік орындары Кене ханның өлімнен соң бұл іске тікелей қатысы болып, Ресей мүддесіне сай "еңбек сіңірген" бірнеше қырғыз манаптары мен белгілі адамдарын түрлі сыйлықтармен марапаттауды ұмытқан жоқ-тын. Бұл кезде Шу және Ыстықкөл қырғыздары әлі Ресей құрамына қабылдана қоймаған. Соған қарамастан, аванспен болса да, бұл тұлғаларды марапаттау империя үшін қажет еді. Ресми құжатта мынадай сөздер жазылған еді: "Списки туземцев получивших награды от русского Правительства: Сарыбагышевской волости: ...2. Манап Ходжибек Таштамбеков. В 1847 году получил золотую медаль за убиение Кенисары. 3. Манап Калыгул Алибеков. 1847 году серебрянную медаль за убиение Кенисары. Бурукчикской волости: 41. Киргиз Асык Чалов. Имеет медаль за убиение Кенисары"60. Сонымен, бұл бөлімдегі біздің міндетіміз Кене ханның Жетісу жеріне келген мезгілдегі осы өңірде қалыптасқан саяси жағдайды, орыс билігінің бұл аймаққа ену ерекшеліктерін, Қапалда алдымен Ұлы жүз приставы, сонан соң Алатау округы приказының құрылар алдындағы ахуалды ғылыми талдауға алу болатын. Кене ханның Жетісуда жеңіліс табуы ол бастаған қозғалыстың осы уақытқа шейінгі даму логикасының жиынтығы болатын. Басқаша болуы мүмкін емес-тін. Өйткені Кене хан әскері атқа қонғанда патшалық билік қазақтың Кіші жүз және Орта жүз жеріне тереңдеп еніп, өзінің күш-қуаты мен қарымын жергілікті халыққа танытып үлгірген болатын. Кене хан Орта және Кіші жүз арасында жүргенде-ақ халықтың бірауыздан ресейлік басқыншыларға ұйымдасқан жауап соққы бере алмайтындығы анық байқалған-тын. Халықта ондай күш көрсетуге негіз боларлық қуатты экономикалық мүмкіндікте, рухани тұтастықта, ресейлік қалыптасып қалған идеологиялық мәдениетке қарсы тұрарлық саяси таным да жоқ еді. Міне, сондықтан да Кене хан Ұлы жүз жеріне басқа қазақ жерінен жеткілікті қолдау таба алмай, шаршап-шалдығып жетті. Ал мұнда келгенде Ресей үкіметі Кене ханмен тиімді идеологиялық және әскери күрес жүргізуге даяр еді. Оны мынадан байқаймыз. Ресей билігі Жетісу мен Солтүстік Қырғызстанда (әлі Ресей құрамына ене қоймаған) өзін тәжірибелі отарлаушы ретінде көрсетті. Ол өзін экономикалық мүмкіндігі төмен, өзара ауызбірлігі жоқ, дүрдараз, оның үстіне ортағасырлық Қоқаннан қорлық көрген қазақ пен қырғыздарға жарылқаушы, қамқор "әке" ретінде көрінуге тырысты. Олардың бітпейтін өзара дауына төрелік айтты, барымтаға, ұрлық-қарлыққа қарсы екендігін байқатты, тәртіпке шақырды. Жергілікті халықтың көзі, еті үйренгенше қылышын сүйретіп алым-салық жинай қойған жоқ. Ең негізгісі халықтың бас көтерер төрелері мен билері, манаптарын сылап-сипап бауырына тартып, түрлі әскери атақтарын, сый-сияпатын берді. Орыс билігінің бұл стратегиялық әдісі өз нәтижесін берді, өзін толық ақтады. Сонымен бірге орыс әкімшілігі қазақ пен қырғыз арасындағы жүз, руаралық қатынастардың қыр-сырын өз мамандарына арнайы зерттетіп, халықтың әлі де болса пісіп-жетілмеген ұлттық таным, сана-сезімдегі кемшіліктерін өз отарлаушылық мақсатына ұтымды пайдалана білді. Бұл істе орыс билігінің жүгін ел ішіндегі өресіз сұлтандар мен феодалдар біраз "жеңілдете" түсті. Бұл айтылғандарға қосымша, Кене ханның өзі де қырғыздарға қатысты ірі кемшіліктерге жол берді. Оның әскері қырғыз ауылдарының малын барымталады, мүліктерін тонады, түрлі қатыгездіктерге ұрынды. Кене хан өзіне қарсылас ретінде қырғыз халқының мүмкіндігін тура бағалай алмады, тәкәппарлыққа ұшырады. Ханның мұндай мінезі қырғыз елінің намысына тиді, Абылай заманынан бері келе жатқан іштегі кегін оятты. Сондай-ақ Кене ханның қырғыз елін бағындырған күнде де қуатты мемлекет құрып, орыс отаршылдығына қарсы тұруы екіталай еді. Орыс басшылығына қарсы күресте қазақ ұлты ішінде болмаған ауызбірліктің дербес ел болып қалыптасып қалған қырғызбен болуы, әрине, күмәнді болатын. Кене хан бастаған қозғалыс барысында жалпы қазақ халқының, әсіресе оның саяси басқарушы тобының, саяси кемелдігінің әлі де болса жетімсіздігі, төмендігі, жеке дербес мемлекет құру қажеттігін терең ұғыну дәрежесіне көтерілмегендігі анық байқалды. Біздің түсінігімізше, тек осы контексте ғана Кене хан бастаған қозғалыстың халық тарихында алатын орны мен оның трагедиялық сипатын тура ұғынуға болады.
ИСАТАЙ ТАЙМАНҰЛЫ: ҚОҒАМДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК ТЕҢДІК МӘСЕЛЕСІНІҢ ҚОЙЫЛУЫ
Отан тарихында орын алып отырған теориялық және методологиялық өзгерістерден Исатай Тайманұлы бастаған азаттық қозғалыс тарихының (1836-1837) сырт қалуы, әрине, мүмкін емес. Мәселеге жаңа көзқарас қозғалыстың жалпы мазмұнын ғана емес, сондай-ақ оған түрлі бағыт-бағдарда қатысы болған тарихи тұлғалардың, тіптен әлеуметтік топтардың қызметін қамтуы әбден ықтимал және бұған аса таңданудың қажеті бола қоймас. Соңғы он жылдан астам мезгілде бұл тарихи оқиғаны құрсауына алған сең де бұзыла бастады. Халел Досмұхамедұлының Исатай-Махамбет қозғалысына арналған зерттеуі61. Ж.Қасымбаев, М.Құлкенов, Р.Отарбаев, Т.Боранғалиұлының Жәңгір хан, Баймағамбет сұлтан сияқты тарихи тұлғалардың қызметін арнайы талдауға алған еңбектері жарық көрді62. "История Букеевского ханства. 1801-1852 гг." атты көлемді құжаттар жинағы баспадан шықты, жаңа фактілік материалдар айналымға тартылды63. Өзімізге жақсы таныс кеңестік тарихнама Исатай мен Махамбет бастаған қозғалыстың тарихтағы орнын Сырым Датұлы бастаған халық азаттық қозғалысының табиғи жалғасы ретінде қарап, ал оның мазмұнын "хандық, феодалдық жүйелерге және отарлық үстемдікке қарсы бағытталған күрес" тұрғысынан бағалады64. Бұл берілген баға жалпы алғанда тарихи шындықтан алыс емес-тін. Исатай Тайманұлы қозғалысының шынымен де Сырым Датұлы бастаған күрестің логикалық жалғасы, сондай-ақ оның Ресей әкімшілігіне сүйеніп Жәңгір хан орнатқан әділетсіз тәртіпке қарсы бағытталған қарапайым халықтың жан айқайы екендігі айға таңба басқандай ақиқат, нақты фактілік материалдарға негізделген ғылыми тұжырым. Сонымен бірге бұл мәселенің әлі де болса жете зерттелуге мұқтаж қырлары да бар. Бізге мәселенің сол жете талданбаған жақтары кейінгі жылдары жарық көрген жарияланымдарда тым біржақты тұжырымдарға негіз болып отырғандай көрінеді. Сөз, нақтырақ айтқанда, Жәңгір хан мен Баймағамбет сұлтанның қызметін баяндайтын Мереке Құлкенов пен Рахымжан Отарбаевтың және жоғарыда аталған Тілеуқабыл Боранғалиұлының "Егемен Қазақстанда" жарық көрген мақалалар сериясы жөнінде болып отыр. Әрине, бұл еңбектерде авторлардың жаңа мұрағаттық құжаттарды ғылыми айналымға тартумен қатар, тың да батыл тұжырымдарға бара алғандықтарын, Жәңгір хан мен Баймағамбет сұлтанның қызметін жаңа көзқарас тұрғысынан пайымдауға жол ашатын нәтижелерге қол жеткізгендіктерін жоққа шығару әділетсіздік болар еді. Авторлардың да алдына қойған мақсаты мәселеге жаңа көзқарас қалыптастыру екендігі даусыз. Сонымен бірге, біздің түсінігімізше, бұл еңбектерде Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы сияқты аса биік тарихи тұлғалардың қызметін, жалпы олар бастаған қозғалысты мүмкін болғанша тура түсінуге апармайтын методологиялық жаңсақтық та бар. Мәселен, М.Құлкенов пен Р.Отарбаев 1992 жылы жарық көрген еңбектерінің соңында бақилық болуға бет бұрған ханның аузына "Әй, қос тентек, бірің ағам, бірің інім, бірің батыр, бірің ер, кімге қарсы қол жинағаныңды білмей өттің-ау. Ақыры, балақтағы өкпеге аспандағы мені саттың..." Қара албасты басқырсың" деу маған емес, үйдегі қатындарыңа айтар қарғыстарың еді ғой"65,— деген сөзді сала отырып, көтеріліс басшыларын бір сәтке болса да ханның биік парасатын түсіне алмаған парықсыздар дәрежесіне түсіру байқалады. Әрине, бұл берілген пікірді жазушылық әдіске жатқыза салуға да болар еді. Олай болған күнде кітап атына қосымша берілген "жаңаша көзқарас" деген анықтау тіркесті қайда қоямыз? Тура осы мазмұндағы пікірді Т.Боранғалиұлының "Егемен Қазақстанда" жарық көрген "Мәңгілік Махамбет" аталатын тартымды мақаласынан да оқимыз. Онда автор "Әттең, қазақтың Исатай, Махамбет, Қарауыл секілді белелді адамдары ел мен жер тұтастығы үшін бірауызды болу орнына өзара аттандасып, алысып-жұлысып шыға келді. Бақ-дәулетке ұмтылған жерде тойымсыздық, есе кеткен жерде ашу-ыза қай заманда қатар жүрмеген?66 - деген тұжырымға келеді. Көріп отырғанымыздай, жалпы бұл аталған еңбектерге ортақ бір сарын бар. Ол - бүгінгі күн биігінен кезінде ел іші өзара бітіспес жаулыққа ұрынған екі топтың ұстанған позицияларын өзара табыстыру, жарастыру. Тіптен бұл аз болғандай, осы текетірес барысында Исатай жағын бәтуаға келмеген "тентек", ал Махамбеттің жеке басын "қайда барса да кезенген жауға кез келіп, соңында "еркіндікті найза ұшымен жеңіп алу мүмкін еместігін" кеш ұғып, қалған өмірін құсалықта өткізген қайғылы тұлға ретінде көрсету байқалады. Ал осы позиция қаншалықты негізді? Жалпы тарих белгілі бір тарихи тұлғаны дәріптеу, мадақтау, ал екінші біреуін даттау, табалау үшін жазылмайды. Егерде ол осы міндетті атқару тұрғыдан жазылса, онда ғылым болудан қалмақ. Тарих үшін ең биік нысана - ол өмір ақиқаты. Ал бұл нысанадан шығу, әрине, жеңіл-желпі нәрсе емес. Олай болса, қазақ қоғамында біз қарастырып отырған мезгілде өзара қарсы тұрған екі әлеуметтік топқа да ортақ заманның ерекшелігі мен айшықты белгілері қандай еді? Бұл ретте мынадай бір жағдайды еске алуға тура келеді. ХІХ ғасыр әлем тарихында, әсіресе осы тұста оның даму бағыт-бағдарын айқындаған Еуропада әлеуметтік, таптық қайшылықтардың шиелінісе түсуімен сипатталады. Бұл - тек марксизм ғана емес, басқа да методологиялық бағытта тұрған қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар мойындаған тарихи құбылыс. Әрине, капиталистік батыста түрлі теориялық және саяси ағымдардың ықпалымен өнеркәсіптік жұмысшы және шаруалар қозғалысының нақты саяси күшке айналғандығы мәлім. Бұл ретте Қазақстандағы жағдай сөзсіз өзгеше. Дегенмен ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында-ақ батыс Қазақстан жерінде, оның ішінде Бөкей ордасында қалыптасқан экономикалық, саяси-әлеуметтік жағдай Қазақстанның басқа аймақтарынан ерекше болатын. Қазақстан тарихында бір емес, бірнеше мәрте "өтпелі кезеңдер" болған. Міне, сол "өтпелі кезеңдердің" ең алғашқысын ХІХ ғасырдың 20-40 жылдары Бөкейлік қазақтар өз бастарынан кешіруге мәжбүр болды. Ал осы "өтпелі дәуір" бөкейліктер өміріне қандай өзгерістер әкелді? Солардың ең негізгілеріне тоқталып өтейік. Бұл ретте, әрине, ең алдымен жерге жеке меншіктің енгізілуі және қоғам өмірінен ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі басқару жүйесінің ығыстырылып, оның орнына жаңа отарлық үстемдікке бейімделген басқару жүйесінің енгізілуі еді. Әуелде, қысқа болса да жерді иемденуге қатысты өзгерістер жөнінде. ХІХ ғасырдың 20-30 жылдарына шейін барлық Қазақстан сияқты Кіші жүз жерінде де жер игілігін қазақ қоғамы қауымдық (басымдық жағдайда рулық) негізде игеріп келді. Қазақ қоғамында сандық үлес салмағы әрқашанда жоғары болмаған байлар тобы да қоғамда қабылданған бұл тәртіпті белгілі дәрежеде мойындауға мәжбүр болды. Белгілі зерттеуші Ж.Қасымбаев Ішкі ордада жер қорын рулық негізде игеру Бөкей хан және Шығай сұлтан тұсында да қатаң сақталды деген тұжырымға келеді. Әрине, бұл тәртіп идиллия емес-тін. Дегенмен оның негізінде жалпы жұрт қабылдаған ұлттың ғасырлар бойы қорланған тәжірибесі жатты. Бұл жер игеру жүйесі қоғамның басым бөлігін құраған орташаларды да, сондай-ақ оның қалған бөлігі - кедей-кепшіктерді де белгілі дәрежеде қанағаттандырып келді. Патшалық биліктің сеніміне кіріп алған Жәңгір хан қазақ қоғамында қалыптасқан жер игеру дәстүрін келмеске жіберді. 1823 жылы Бөкей ордасындағы хан тағына отырған ол Ордадағы жайылымға жарамды деген 6 500 000 десятина жердің 400 000 десятинасын иемденіп, империяның ірі помешиктері қатарына қосылды. Подполковник Матвеевтің ревизия (1847) материалдарының көрсетуіне қарағанда, бұл "Ордадағы ең құнарлы деген жайылымдар" еді. Хан өзін бүкіл Орда жерінің жоғарғы билеушісі ролінде сезінді. 1830 және 1845 жылдар аралығында ол жеке тұлғаларға жерді меншіктеу құқын беретін 1517 грамота үлестірген болатын67. Біз қарастырып отырған тақырыпқа зерттеушілік ғұмырын арнаған ғалым И.Кенжалиев Жәңгір хан өзінен артылған "жерді ең алдымен сұлтандарға, одан кейін қожалар мен молдаларға, билерге, сосын жағынған байларға берді. Мысалы, сұлтан Меңдікерей Бөкеевтің 400 мың десятина, Балқы би Құдайбергеновтың 300 мың десятина жерлері болды. Ал Шыңғали мен Мүшеғали Ормановтарға Байбақты руының 700 мың десятина жерін тартып әперді", - дейді68. Осындай талан-таражға Исатай мен Махамбет ауылдары қауымдық негізде иемденіп келген жерлер де түсті. Мәселен, Исатай елінің 25 жылға жуық жайлап келген Қиғаш, Күйген атты өзендер өңіріндегі құтты мекендері Жәңгір хан "реформасы" нәтижесінде хан адамдарының иелігіне өтті69. Бұл келтірген фактілер Жәңгір хан жүргізген реформалық шаралардың ең негізгі көріністерінің бірі, міне, осы жерге жеке меншік тәртібін енгізу болғандығын аңғартса керек. Зерттеуші Ж.Қасымбаев ханның мұндай әрекетке бару себебін орыс помещиктері мен орыс-казактардың Орда жеріне тереңдеп еніп, оның жарамды бөлігін қомағайлықпен игере бастауымен байланыстырады. Яғни осындай жағдайда хан Ішкі Орда жерін ықпалды отандастарына меншікке бөліп беру арқылы ел игілігінде сақтауға тырысқандай еді70. Ғалымның бұл келтірген тұжырымымен келісуге болады. Дегенмен Жәңгір хан бұл ел өмірі үшін негізгі мәселеде өзін М.П.Вяткин дәл байқағандай, "орыстың помещик-крепостнигі" дәрежесінде көрсетті. Патшадан бастап алыс-жақындағы орыс ақсүйектерімен тығыз қатынаста болып, жасында губернатор үйінде тәрбие алған хан таққа отырған соң тіптен Орынбор губерниясынан 500 жанға жуық крепостник шаруалар сатып алудан да үміттенген көрінеді71. Міне, осы хан жүргізген жер реформасы (егер ол реформа деуге келсе. - М.Қ.) нәтижесінде ханның қарашаларының үлесіне ақсүйектерден артылған құнарсыз деген Орда жерінің үштен бір бөлігі ғана тиді. Басқаша айтқанда, Жәңгір хан жер мәселесінде өзін прогресшіл пиғылдағы реформатор ретінде емес, бүкіл демократиялық Ресейді өзіне қарсы қойған крепостниктік тәртіптің өкілі ретінде танытты. Қорыта айтқанда, ХІХ ғасырдың 20-40 жылдары Бөкей Ордасында жер мәселесіне байланысты қалыптасқан жағдайдан мынадай бір бұрын-соңды байқалмаған қайшылықты байқаймыз. Бір жағынан, жерге жеке меншікті қалыптастыруға бағытталған Жәңгір хан реформасы қазақ қоғамында жаңа таптық, яғни қазіргі терминмен айтқанда нарықтық қатынасқа бет түзеген жер иеленушілер табының түзілуіне қажет алғышарттарға жол ашқан еді. Екінші жағынан, бұл ашық та және зорлау арқылы жүргізілген шара бұрын жерге жеке меншік тәртібінің не екендігінен хабарсыз еркін рулық қауым мүшелерінің мүддесіне пушкамен атылған снарядпен тең еді. Өздеріне мәлім замандардан бері қалыптасып қалған негізгі құқықтарына қауіп төнгендігін анық байқаған еркін қауым мүшелері "қара қазан, сары бала" қамы үшін атқа қонуға мәжбүр болған-ды. Қозғалысқа қатысты келесі маңызды мәселе — мемлекеттік мәселесі, анығырақ айтқанда, Исатай мен Жәңгір ханның қоғамды басқару әдісіне қатысты ұстанған позициялары жөнінде. Басқару жүйесінде Жәңгір хан жүргізген реформалық шаралар сырттай қарағанда, біріншіден, Бөкей Ордасы шеңберінде қазақ қоғамының ішкі автономиялық дербестігін сақтауға бағытталғандай көрініп, сондай-ақ, екіншіден, қоғамдық дамуда нарықтық қатынастарға иек артқан және ағартушылық принциптеріне сүйенген монархиялық билік сипатында ой салуы әбден ықтимал. Яғни Жәңгір хан басқарған Бөкей Ордасы заман сұраныстарына бет бұрған қоғам. Шын мәнінде солай ма? Жалпы бұл үстірт, қайшылықты түсінік. Мәселеге нақты, жақын келейік. Бұл мәселеде де Жәңгір хандығы "өтпелі кезеңнің" төлі. Ал өтпелі кезеңдерде қоғамның құрылымы өткен мен жаңаның аралас элементтерінен тұрады. Билік басында хан, жанында ағымдағы істі жүргізетін кеңсесі, ханның қалауымен шақырылатын билер кеңесі, ханның тағайындауымен жергілікті билікті жүргізетін старшындар мен билер. Яғни уақыт талабына бейімделген хандық басқару жүйесі. Ал, енді осы басқару жүйесіне нақтырақ көз жүгіртер болсақ, мынаны байқаймыз. Ханның өзі - орыс әскерінің билігіндегі лауазымды шенеунік. Оның орыс және қазақ бөлімдерінен тұрған кеңсесі қазақ, татар және орыс қызметкерлерден құралды, сондай-ақ негізгі мәселелер бойынша губернатор кеңсесі алдында есепті болды. Құны 30 күміс рубльден асқан даулы істі хан кеңсесінің жүргізу құқы болған жоқ. Сонымен бірге хан Орданың ішкі істерін жүргізуде патша шенеуніктеріне тән емес еркіндіктерді иемденді. Мәселен, ол халыққа салық салу ісінде тым еркін қимыл танытты. Өз қазынасының пайдасына зекет, соғым және басқа түрлі алымдар жинатқызу ісінде ол патша әкімшілігін он орап алды. Ханның бұл бағыттағы пысықай әрекетін байқаған лауазымды орыс шенеунігі мұндай алым-салықтан метрополияны былай қойғанда, тіптен "Орданың ішкі қажетіне пайдалы ештеңе" жоқ деп көрсетті. Ал губернатор Эссен болса ханды тым жиілеп бара жатқан және қазақтардың зығырданын қайнататын зорлықтардан сақтандырды72. ХІХ ғасырдың 20-40 жылдары тұрғысынан алғанда Жәңгір хан тұлғасына байланысты мынадай бір жағдайды да аңғармауға болмас. Егер біз ауқымы ресейлік ортаң қол уез дәрежесіндегі Бөкей Ордасына империялық әкімшілік единицасы ретінде қарасақ, онда, әрине, бұл мезгілде Жәңгір деңгейіне көтерілген ұлты қазақ шенеуніктің болмағандығын мойындауымызға тура келеді. Осы тұрғыдан алғанда Жәңгір ханның өз басы атасы Әбілқайыр хан заманынан бері жоғарғы орыс әкімшілігінің тәрбие-тепкісі мен қатаң сұрыптауынан өткен атқарушы аппараттың сұңғыла шенеунігі. Басқа ешкім де емес. Бәлкім, басқа "қамырдан" жаратылған болса Жәңгірдің замандасы Кенесары Қасымұлы да орыс тәрбие-тепкісіне көніп генерал дәрежесінде қазақ жерінің басқа бір сүбелі аймағында билік құрып, өмірден озуы әбден мүмкін еді. Кенесары хан өмірден өткенде орыс патшасы Николай І өз қолымен "Весьма жаль, он был человек весьма преданный" деген мағынадағы өкінішті сезімін білдірген жоқ, қайта қанағаттанушылық күйде болды. Ресей билеушісі мұндай сезімін қазаққа хан көрінгенімен, өзі үшін бар болғаны қарауындағы қарашасы ғана Жәңгір Бөкейұлына арнады. Анығырақ айтқанда, Жәңгір хан Ресей империясы жағдайында енді ғана қалыптаса бастаған "жаңа тұрпаттағы", яғни ел басқару ісінде отарлаушы мемлекеттік аппаратпен біте қайнасуға ықыласты және оның құйтырқы ойын тәртібін қабылдай отырып, өз ұпайын түгендеуге келгенде пысықай ұлттық басқарушы элитаның ең алғашқы жинақы көріністерінің бірі. Ол - арғы атасы Әбілқайырдан бастап бергі аталары Нұралы, Бөкей, тіптен қала берді аталас туыстары Қаратай, Арынғазы сұлтандардың орыс патшалығына қатысты түрлі бағыттағы ұстанымдары мен күрделі өмір тәжірибесінен жақсы хабардар тұлға. Сол негізде өзі үшін белгілеген позициясы да айқын. Сыртқа, яғни орыс әкімшілігіне сыпайы, мәдениетті, ұлттық, қала берді жалпыимпериялық мүддені қадір тұтқан, ал өз ішінде, қазақ арасында зорлықшыл, кекшіл билік иесі. Жәңгір ханның сондай әрекеттерінің бір көрінісі ел арасында сол уақытқа шейін түрлі әлеуметтік топтар мен жеке тұлғалар арасындағы тепе-теңдікті сақтауда аса маңызды міндет атқарып келген дәстүрлі билер институтын жойып, оның орнына әкімшілік тарапынан тағайындалған билік тәртібін енгізуі болатын. Ал осы дәстүрлі билер институтының жойылуымен бірге қазақ қоғамында ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық демократиялық жөн-жоралғылар да құрдымға кетті. Х.Досмұхамедұлының "билерді хан тағайындай бастаған соң, қара бұқараның күйі тіпті нашарланды", - деген тұжырымы дәл берілген баға еді73. Ендігі уақытта би мен билік әкімшілікке толық тәуелді буынға айналды, бидің сөзі мен шешімі бұрынғы бедел, қуатынан айырылды, бұрынғы бидің әділ билігі мен салмақты сөзінің орнын пара мен парықсыздық басты. Ал осы ел басқару ісінде ханға қарсы тұрған Исатай батыр бастаған топ қандай мазмұндағы бағытты ұстанды? Бұл ретте бізге Исатай Тайманов бастаған 81 старшын қолдарын қойып, мөрлері мен таңбаларын басқан "Старшын Исатай Таймановтың Орал линиясының бастығына мәлімдемесі" атты құжат көмекке келеді74. Міне, осы құжатта жоғарыда айтылған старшындар өз наразылықтарының себебін түсіндіре келіп, мынаны білдіреді: "Үстіміздегі 1836 жылдың мамыр айында біздер Орал офицері Донсковқа оның сұраған қашқын адамдарын ұстап, тапсыруға қолқабыс бергенбіз. Сол үшін Ішкі орданың старшындары мен билерінің қаһарына іліктік, ханның өзі де бізді жаратпай қалды. Содан бері қазақ халқының ұйыған тыныштығы бұзылып, жайсыздыққа ұшырады. Әкелеріміз бен балаларымыз жақсы атқа, жақсы киімге иелік етуден қалды, өзге де мүліктерден айырылдық. Осы жәбірлерімізді айтып, жоғары мәртебелі хан тақсырға екі рет шағым етсек те, ол құлағына да ілмеді әрі тексермеді. Сондықтан осы жайларды орыс бастықтарымызға жеткізуді мақұл көрдік, өйткені біздер император ағзамның сенімді құлдарымыз!" Осы арада арыз-тілекте көрсетілген екі ара жанжалдың шығуына байланысты қосымша мынаны айта кеткен жөн. Біздің түсінігімізше, арыз-тілек авторлары саналы түрде жанжалдың анағұрлым кең де терең түп-төркініне бармай отыр. Өздері арыз жазып отырған тарихи мезгілде шекара әкімшілігі үшін Ордадағы қазақ ішіне келіп жасырынған қашқындарды кері қайтарудан маңызды нәрсе жоқ екендігін старшындар жақсы түсінгендігі ақиқат. Олардың арыз-тілекті хан төңірегіндегілердің екіжүзді жымысқы саясатын әшкерелеуден бастағандықтары да жай емес-тін. Ал шын мәнінде хан төңірегіндегілер мен халық арасындағы жер және басқа мәселелер үшін егес 1936 жылдан анағұрлым ерте басталып кеткендігі құжаттардан мәлім. Сондай бір текетірестің нәтижесінде 1828 жылы жазғытұрым Махамбет ұсталып, Калмыков бекінісінде жылға жуық мерзім абақтыда жатып шығады75. Х.Досмұхамедұлының көрсетуіне қарағанда, 1829 жылы ханға қарсы шыққаны үшін Исатай да қуғынға ұшырайды76. Бұл арада біз аталмыш жайға тереңдеп бармай-ақ қоялық. Арыз айтушылар ә дегенде-ақ орыс әкімдеріне "біз де патшалық биліктің қарауындағы адамдармыз, олай болса біздің де талап-тілектерімізге құлақ асыңдар", - деген ойды айта білгендігі айқын. Исатай осы арызында билік орындарына Ордадағы жұрттың саяси және шаруашылық жағдайының ауырлығын көңілге қонымды дәрежеде жеткізгендігін байқаймыз. Ол сол тұстағы Ішкі Орал линиясының бастығы есаул Г.Т.Сумкинге: "... Қазақ халқы сонша көрген зәбірінен әбден ашынып, қандай болмасын бір заңға қайшы істерге барып қалмас үшін, мерзімі өтіп кетпей тұрғанда, бастық мырза, менің Сізден әдейі құлағыңызға салып сұрайтыным: біздің көріп отырған жәбіріміз жөніндегі шағымдарымызды тиісті орындарға жеткізсеңіз екен, сөйтіп қазақ халқының тыныштық, берекесіне себіңізді тигізсеңіз екен", -деп жазды. Сумкин бұл арызды Орал атты казак әскерінің наказной атаманы полковник Покатиловқа, ал ол өз ретінде Орынбордағы әскери губернатор В.А.Перовскийге жеткізеді. Исатай Тайманұлы осы құжатта баяндалған пікірін басқа да арыз-тілектерінде, әкімдерге берген жауаптарында қайталайды. Сол арқылы Ордада Жәңгір хан қолымен орнатылған тәртіптің ел мүддесіне үйлеспейтіндігін жеткізе отырып, халыққа тиімді де түсінікті өзінің үйреншікті "тыныштық, берекесін" қайтаруды талап етті. Осы мазмұндағы тілекті Кенесары Қасымұлы және басқа азаттық қозғалыстарға тән құжаттық материалдардан да кездестіруге болады. Ал, осы "өтпелі кезеңде" қазақ қоғамына еніп келе жатқан жаңа тәртіпке байланысты білдірген пікірлері өзара жақын құжаттардан шығатын қорытынды қандай болмақ? ХІХ-ХХ ғасырлардағы ұлт азаттық қозғалыстардың бәріне дерлік бірдей тән қасиет - ол Ресей әкімшілігінің Қазақстанда жүргізген түрлі әкімшілік-басқару реформаларының жоғарыдан зорлықпен таңылып, олардың қазақ қоғамының ішкі ерекшеліктері мен сұраныстарына үйлеспейтіндігіне қарсылық көрсету болды. Басқаша айтқанда, Исатай Тайманұлы бастаған және басқа да азаттық қозғалыстардың аса зор маңызы олардың жер және билік мәселесімен қатар ұлттық болмыс пен құндылықтарды сақтау және оларды заман сұранысына сай етіп бейімдеу мәселесін де қоюында еді. Азаттық қозғалыстарды зерттеу ісінде осы уақытқа шейін көп көзге түсіп, тілге тиек бола бермеген мәселелердің бірі де осы. Х.Досмұхамедұлының "Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат" атты терең мағыналы еңбегінен осы айтылған пікірге байланысты мынадай қызық ойды кездестіреміз: "Қазақ халқы көшпелі салтта, ақсақал дәуірінде болды. Қара бұқараның билігі ру бастықтары -билердің қолында болды. Руды билеген билердің өз руынан айрықша тілегі болмады. Қара шаруа мал бағуға лайық шарттар тіледі. Қоныс жайлы болса, ел бейбітшілік болса, малға, адамға түсетін салық аз болса, талас шыққанда әділ билік айтатын ақсақалдары болса — қара халықтың көңілі тыныш болды. Ел билеген ақсақалдар да елдің тілегін тілеп, елдің жоқшысы болды. Ақсақал болу, би болудың өзі елдің сайлауынан болғандықтан, бұлар елден бөлініп кете алмайтын еді. Сонымен, қазақтың бұрынғы дәуірінде қара халықтың арасында бөлек талаптар болмады"77. Бұл берілген үзіндіде Ресейлік билікке дейінгі тарихи кезеңде қазақ қоғамының ішкі өміріндегі ел басқару ісінде базалық негіз болған принциптер өте дәл баяндалған. Кезінде Ресей реформаларына байланысты шамамен осы мазмұндағы пікірді Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Ж.Шуақов сияқты мәселені көзімен көріп, іштей сезініп, оған еңбектерін арнаған тұлғалар да айтқан болатын. Бір қызығы, сол ресейлік отарлаушы билік алдында реформалық шараларды елдің ішкі өмірі және табиғи сұраныстарымен үйлестіре жүргізу міндеті ешқашанда тұрған емес. ХІХ-ХХ ғасырларда қазақ қоғамында орын алған түрлі бас көтерулердің түп-тамыры да осы үйлесімсіздіктерде жатқандығы айқын. Әрбір көтеріліс басталған бетте оған билік тарапынан "бүлік", "қарақшылық" деген мазмұндағы баға берілді. Ал Исатай Тайманұлы бастаған қозғалысқа да осы сипаттағы баға беру әрекетіне Жәңгір ханның қосқан үлесі аз болған жоқ. Ханның көрсетулеріне сүйенген әскери губернатор Перовский Исатай Тайманұлына "Егер сен өзіңнің бізге қарсы қатынасың мен құйтырқы әрекетіңді түсінсең, өз ісіңді бүлдіргеніңді, тіл алмағаның үшін жауап беруге тиіс екеніңді ақылға салып пайымдар едің ғой. Бұл әрекетің үшін саған сөзсіз шара қолданылады: сен, бұдан басқа, тағы да менің қатал бұйрығымды орындамай, өз ықтиярыңмен келмейтін болсаң, онда менен ешқандай кешірім күтуші болма. Ондай жағдайда сені ұстап алып, қарауылға тапсыруға әлден-ақ бұйрық беріліп қойғанын ескертемін"78. Исатай батырға жолдаған осы хатпен бір мезгілде атаман Покатиловқа берген тапсырмасында губернатор "...150 адам шамасында отряд жинап, Таймановты күшпен көндіруге, ал егер ол қарсылық көрсетуге тырысса, сіз қару қолдануға тиіссіз"79, - деп көрсетті. Исатай мен Махамбет әскери губернатордың, сондай-ақ оның қарауындағы әскери шенеуніктер мен Жәңгір ханның да шақыруларына бара алған жоқ. Исатай Тайманұлының бұл шешімін түсінуге болады. Өйткені бірнеше жылға созылған бұл қарсыласу барысында патшалық әкімшілік орындары да, Жәңгір хан да наразылық білдіруші топтың талап-тілектерін орындауға бейімділік танытып, қарсы қадам жасамаған күйде болды. Өз ретінде билік алдында ешқандай да айыптарының жоқ екендігіне сенімді болған Исатай батыр Жәңгір хан мен Қарауылқожа Бабажановтан кешірім өтінуді жөн көрмеді. Оның үстіне бас көтерушілер империялық биліктің хан жағында екендігін жақсы түсінді. Қорыта айтқанда, батыр мен билік арасындағы қатынастан тек қазақ қоғамында ғана емес, басқа да батыс және шығыс елдерінің тарихында орын алған әлеуметтік шиеліністерге тән қисынды байқаймыз. Жәңгір хан бұл арада, біріншіден, өзінің "реформалық" қызметімен Орда жерінде әлеуметтік шиеленістің пісіп-жетілуіне жағдай туғызған шенеунік, екіншіден, қарсы әлеуметтік күштер арасындағы қайшылық өршіген сәтте оны орыс әкімшілігінің әскери қолдауына сүйеніп басып, жаншушы. Исатай Тайманұлы бастаған қозғалысқа қатысты құжаттар жөнінде қысқаша бірер сөз. Қозғалысқа қатысты біраз құжаттардың жоғалып кеткендігіне қарамастан, халық тарихындағы бұл аса маңызды оқиғаға байланысты сақтаулы мұрағат материалдарынан жан-жақты терең түсінік алуға болады. 2002 жылы жарық көрген "История Букеевского ханства. 1801-1852 гг." атты жинақ бұл ретте аса маңызды басылым. Ал бұдан сәл ертерек, яғни 1992 жылы Исатай Тайманұлы бастаған қозғалысқа арналған 93 құжаттан тұратын жинақ жарық көрген болатын. Тарихшының міндеті - мүмкін болғанша тарихи шындыққа жақындай түсу. Біз қарастырып отырған мәселеге қатысты тарихи фактілер тек мұрағат құжаттарымен шектелмейді. Ғылыми айналымға сұранып тұрған келесі дерек көзі — ол Махамбет ақынның өлеңдері мен толғаулары. Ал олардың деректік ерекшеліктері қандай? 1. Ақын толғаулары - нақты дерек көзі. Өйткені олардың шығарушысы - қозғалысқа қатысты оқиғалардың куәсі, көтеріліс басшыларының бірі. 2. Әрине, Махамбет өлеңдерінде оқиғаның логикалық ағымы баяндалмайды. Толғау шығармашылықтың ерекше түрі ретінде өз алдына мұндай міндетті қоймайды. Жыр-толғаудың тарихи оқиғаны куәландыратын дерек көзі ретінде ерекшелігі - оның тарихи оқиға мен оған қатысушы тұлғаларға мазмұндық тұрғыдан баға беру функциясында. Яғни ақын - өз шығармасы арқылы тарихи оқиғаның мазмұндық астарын ашып көрсетуші. Бұл ретте тарихи оқиғаға тікелей қатынасқан ақынның шығармалары басқа деректік материалдар ауыстыра алмайтын мәнге ие. 3. Осы арада Махамбет толғауларына тән мынадай бір ерекшелікті бөліп айтуға тиіспіз. Махамбеттің азаттық қозғалысқа түрлі бағыт-бағдарда қатысы болған тарихи тұлғаларға берген бағасы халықтың көзқарасы мен пікіріне жақын. Бұл ретте Махамбет ақын - қарапайым халықтың мүддесін, арман-тілегін білдіруші трибун, жаршы. Махамбет ақын мен Баймағамбет сұлтан арасындағы егес жай өткінші, яғни эпизодтық құбылыс ретінде баяндалып, қабылданбауға тиіс. Бұл егес сол тарихи кезеңдегі зорлықшыл билік пен "бас алмақ болса да, тіл кеспек жоқ!" деген тұғырдағы илікпес қайсар зиялылық арасындағы үйлесімсіздіктің көрінісі. Қазақ қоғамында ханның, биліктің кемшілігін бетке айту, айта білу дәстүрі ақын-жыраулар дәстүрінде бұрыннан байқалған. Махамбет ақын бұл дәстүрді қас шығармашылық ой иесі ретінде бұрын-соңды болмаған биікке көтеріп жіберді. Сондықтан да оның шығармашылығы болар-болмас тіршілігін асыра бағалап, билікке сүйеніп, марапат, мақтау сұраған шығармашылық иелерінің болмысымен мүлдем қабыспайды. Бұл ретте Махамбет - ұлт топырағындағы нағыз зиялылықтың басы, мүмкін тіптен оның ең алғашқы ғажап жинақы көрінісі. Махамбет өнегесіндегі зиялылық-әлеуметтік, қоғамдық категория. Ол – биліктің алдап-арбауына, сылап-сипауына көнбейтін құбылыс. Мейлі қабылдайық, мейлі қабылдамайық, солай! Мен бұл арада "зиялылық" деген ұғымды саналы түрде қолданып отырмын. Махамбет ерен батырлығымен де көзге түскен тұлға, дегенмен оның негізгі атқарған қызметі қолбасшылық емес, бұл жүк Исатай Тайманұлының мойнында, ал ақынның орны ресми билікке қарсы бас көтерушілерге өз жыр-толғауларымен де, жеке азаматтық өнегесімен де сенімділік, күш-жігер беруінде болса керек. Тек қазақ тарихында ғана емес, барлық елдердің өткен өмірінде орын алған азаттық қозғалыстар тәжірибесі көрсетіп бергендей, билік орындары мен оның қарулы күштеріне ұзақ мерзім қарсы тұру өз ісінің тура екендігіне кәміл сенген көпшіліктің ғана қолынан келеді. Күнделікті өмірінде дәл айтылған ойлы сөздің, поэзияның орны айрықша үлкен болған қазақ қоғамы жағдайында Махамбет сияқты құдіретті таланттың әрбір өлең жолдарының ел арасына кең тарап, көтерілісшілерге үлкен рухани ықпалы болғандығы сөзсіз. Махамбет үшін атқа қонған ел азаматтарының мақсаты анық. Ол - Еділ мен Жайықтың бойындағы орыс помещиктеріне, орыс-казак әскеріне, сондай-ақ Жәңгір хан мен оның төңірегіндегілердің меншігіне өткен құнарлы жайылымдарды рулық қауым арқылы иеленген елге қайтарып, бұл басты мәселеде "қара мен ханның" құқын теңгеру. Егер біз мәселеге бүгінгі күн биігінен қарар болсақ Исатай мен Махамбеттің әрекеті тарих дөңгелегін кейін айналдыру әрекетімен тең, яғни мүмкін емес нәрсе. Ресей отаршылдығымен бірге қазақ қоғамына нарықтық қатынастың элементтері, оның егізі — таптық-әлеуметтік жіктелу еніп келе жатты. Сондай-ақ бұл объективті процесті ешқандай да көтерілістер тоқтата алмайтындығы да ақиқат. Ал осы объективті тарихи шындықты мойындай отырып біз, Бөкей Ордасында жәрмеңкелер ашып, зайырлық білім жүйесінің алғашқы кірпішін қалаған Жәңгірханның қызметін дәріптеу жолына түсіп, Исатай мен Махамбет бастаған қозғалыстан заман ағымына қабыспайтын үйлесімсіздік іздегеніміз дұрыс бола қояр ма екен? Кез келген реформалық шаралар қоғамда қалыптасқан әлеуметтік тепе-теңдікті тәкаппарлықпен мансұқ етіп, азшылықтың ғана мүддесін көздеп, соны қорғауға көшкенде, міндетті түрде көпшілік бұқараның қарсылығына жолығары хақ. Исатай мен Махамбеттің қарсылығы тек өзі мен феодалдық азшылықтың мүддесін ғана көздеген Жәңгір хан реформасына көрсетілген қарсылық болатын. Махамбет ақын ретінде өз шығармашылығы арқылы көтерілісшілердің көздеген ортақ мүддесін айқындап, олардың көңіліне сенім ұялатып қана қойған жоқ, сонымен бірге көтерілісшілерді біріктіруші ұйытқыға айналды. Ал қандай заманда болмасын зиялылықтың негізгі міндеті - халыққа дәл сол тарихи кезеңдегі өз жағдайын тура түсінуге, ұғынуға көмектесу, осы істе жол көрсету, басшылық жасау. Махамбет - өз шығармашылығы арқылы жұртына жол көрсету дәрежесіне көтерілген зиялы тұлға. Махамбет толғауларын оқи отырып мынадай бір пікірден аттап өту мүмкін емес. Ол - ақын шығармашылығындағы Исатай Тайманұлының тарихи тұлғасы. "Исатай деген ағам бар, ақ кіреуке жағам бар" деген Махамбет "Исатай - басшы, мен - қосшы" дейді. Әрине, бұл ойды әркім өз дәрежесінде түсіне жатар. Бірақ басы ашық бір нәрсе - ол Исатай батырдың 1836-1837 жылдары қазақ тарихында терең із қалдырған айқын әлеуметтік бағыттағы азаттық қозғалыстың орыс пен қазақ қоғамдары бірдей мойындаған, "төрт-бес жылдай алысып ... ханның бір тауын қайтарған" биік тұлғалы көсемі екендігі. Махамбет ақынның ұлылығын айта отырып, Исатай Тайманұлының ерен еңбегін көлеңкеде қалдырып, парықсыздыққа ұрынбайық. Қорытынды: 1. 1836-1837 жылдары Бөкей Ордасында халық трагедиясына ұласқан әлеуметтік шиеленіс - патшалық биліктің тікелей қолдауына сүйеніп Жәңгір хан жүргізген әлеуметтік тұрғыдан әділетсіз реформалық шаралардың салдары. Жәңгір ханның өз басы болса ресейлік биліктің қазақ қоғамына біраз уақытқа келгенін жақсы түсініп, оған беріле қызмет жасауды өзінің стратегиялық ұстанымына айналдырған саяси элитаның өкілі және патшалық Ресейдің экспансиялық саясатын қазақ қоғамы арасында жүргізуші әрі өткізуші тұлға. 2. Егер Кене хан қозғалысы халық үшін ұлттық еркіндік мәңгі құндылық екендігін танытса, Исатай-Махамбет қозғалысы әлеуметтік, тапаралық үйлесімдіктің де сондай дәрежедегі маңызын көрсетіп берді. Қоғамдағы әлеуметтік үйлесімдік зорлықпен бұзылған жағдайда ішкі түрлі қоғамдық күштер арасындағы қақтығыс шындыққа айналуы әбден мүмкін. Міне, осы тұрғыдан Исатай қозғалысы - қоғамдық әділетсіздікке, өтемдікке берілген соққы. Бүгін өз еркіндігін алған тәуелсіз Қазақстан - халық өміріндегі әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыт алған мемлекет. Жыл өткен сайын халықтың әл-ауқатын заман сұранысына сай дәрежеде шешуге бағытталған нақты шаралардың белгіленуі соның айғағы. Елбасы өзінің 2004 жылға арналған Қазақстан халқына жолдауында "...экономикалық өрлеу қарқынын еселей келе, біз еліміздің экономикалық қуатын нығайтып қана қоймаймыз, сонымен қатар әлеуметтік даму міндетін шешу үшін барынша кең мүмкіндіктер ашамыз",80 - деп көрсетті. Бұл жай уәде емес, өз шешімін табатын шындық екендігіне халқымыздың сенімі мол.
1 //Вопросы истории. 1988. №11. С.64-65.
2 Данилевский Н.Я. Россия и Европа (1869). СПб, 1995. С.226.
3 Сб. НОБ. С.120-121.
4 Дегоев В. Имам Шамиль: пророк, властитель, воин. М., 2001. С.114.
5 Солтоноев Б. Кызыл кыргыз тарыхы. Бишкек, 1993. 1-к., 203-б.
6 Потто В.А. О степных походах// Военный вестник. 1873, №1-4 (254).
7 Материалы по истории политического строя Казахстана. Т.1. Алма-Ата, 1960. С.52-53.
8 Сонда. 53-б.
9 Сонда. 53-54-б.
10 Қараңыз: Мұқаметханұлы Н. Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы. 1860-1920. Алматы, 2000. 75-8-бб.
11 Сонда. 76-77-бб. 12 Жеңіс Өтемістің өлеңдері //Мұра. Үрімші, 1987. №4, 20-б. "Узбекистоннинг янги тарихи. Биринчи китоб. Туркистон чор Россиясы мустамлакачилиги даврида. Ташкент, 2000. 41-43-бб.; Зиеев Хамид. Туркистонда Россия тажовузи ва хукмронлигига қарщи кураш. Ташкент, 1998. 82-83-бб.
14 Узбекистоннинг янги тарихи. Биринчи китоб, 41-42-бб.
15 Сонда. 42-б.
16 Солтоноев Б. Аталған кітап. 176-181-бб.
17 Аристов Н.А. Усуни и кыргызы или кара-кыргызы. Бишкек, 2001. С. 472-473.
18 Сонда. 473-б. 19 Леденев Н. История Семиреченского казачьего войска. 1908. Рукопись. С. 58-59; Румянцев П.П. Уезды Жетысу. Алматы, 2000. С. 39; Абрамов "Река Каратал с ее окрестностями". Записки географического общества по общей географии, 1867. Т. 1. С. 273-274. 20 Леденев Н. Аталған еңбек. 57-58-бб.; Румянцев П.П. Аталған еңбек. 40-41-бб.
21 Аристов Н.А. Аталған еңбек. 485-б. 22 Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты (ҚР ОММ). 374-қ., 1-т., 1023-іс, 3-5 пп.
23 Сонда. 9-10 пп.
24 Аристов Н.А. Аталған еңбек. 473-474-бб.
25 ҚР ОММ. 374-қ., 1-т., 1669-іс, 8-8 об п.; Аристов Н.А. Аталған еңбек. 474-б.
26 ҚР ОММ. 374-қ., 1-т., 1222-іс, 1-1 об п.
27 Сонда. 2-2 об п.
28 Сонда. 6-7-пп.
29 Сонда. 1023-іс, 3-5 об п.
30 Сборник материалов для истории Завоевания Туркестанского края. 1847. /Сост. А.Г. Серебренников. Ташкент, 1914. С. 254.
31 Сонда. 1-қ., 1-т., 6-іс, 227-п. 32 Очерки Заилийского края. Записки Императорского русского географического общества. 1861. кн. 4. С. 93.
33 Хан Кене. Тарихи толғамдар мен пьеса, дастандар. Алматы, 1993. 146-б. 34 Национально-освободительная борьба казахского народа под предводительством Кенесары Касымова. Сб. документов. Алматы, 1996. С.450.
35 Сонда. 442-443-бб.
36 Сонда. 443-бб.
37 Сонда.
38 Леденев Н. Аталған еңбек. 66-б.
39 Сонда. 453-б.
40 ҚР ОММ. 374-қ, 1-т., 1669-іс, 1-3-пп.
41 Национально-освободительная борьба .... С. 444.
43 Национально-освободительная борьба ...
45 Сонда. 199-200-б.
46 Леденев Н. Аталған еңбек. Рукопись. С. 65-66.
47 ҚР ОММ. 374-қ, 1-т., 1669-іс, 53-53 об п.
48 Сонда. 59-59 об п.; Национально-освободительная борьба... С. 446.
49 Сборник материалов для .... С. 276.
50 Аристов Н.А. Аталған еңбек. 476-478-бб.
51 Сборник материалов для истории завоевания Туркестанского края. С. 253-254.
52 Национально-освободительная борьба .... С. 452.
53 Сборник материалов для .... С. 276.
54 Сонда. 250-б.
55 Сонда. 244-б.
56 Сонда. 244-245-б.
57 Сонда. 270-271-б.
58 Хан Кене... 146-148-бб.
59 Леденев Н. Аталған еңбек. 68-б.
60 ҚР ОММ. 44-қ., 1-т., 47-іс, 1-1 об., 4,4 об. п.
61 Досмұхамедұлы X. Таңдамалы. Избранное. Алматы, 1998.
62 Қасымбаев Ж. Государственные деятели казахских ханств. Жангир хан (1801-1845). Алматы, 2001; Құлкенов М., Отарбаев Р. Жәңгір хан. Даңқ пен дақпырт (жаңаша көзқарас)". Алматы: "Өлке", 1992; Боранғали Т. "Білемін хан Байеке, нарлығыңды". Мәңгілік Махамбет//Егемен Қазақстан. 2002. 5, 12 шілде. 63 Народно-освободительное движение казахов в 1836-1838 годах: документы, материалы, статьи. Алматы, 1992; История Букеевского ханства. 1801-1852 гг. Сб.документов и материалов. Алматы, 2002.
64 История Казахской ССР в пяти томах. X.ІІІ. Гл. 5, 6, 7.
65 Құлкенов М., Отарбаев Р. Аталған еңбек.
66 //Егемен Қазақстан, 2002, 12 шілде
67 Қараңыз: Вяткин М. Очерки по истории КазССР. 1941. С. 247-248.
68 Кенжалиев И. Махамбет Өтемісұлы. Алматы, 1979. 37-б.
69 Сонда. 45-б.
70 Қасымбаев Ж. Государственные деятели казахских ханств. Жангир хан (1801-1845). Алматы, 2001. С.31.
71 Вяткин М. Очерки по истории Казахской ССР. ОГИЗ. 1941. С. 247.
72 Сонда. 255-б.
73 Досмұхамедұлы X. Таңдамалы. А., 1998. 51-б.
74 Бұл құжаттан үзінділер Никита Савичевтің "Исатай Тайманов — старшина Внутренней Орды" атты еңбегіндегі мәтін бойынша беріліп отыр. 180 беттік бұл құжатты қазақ тіліне аударып жариялаған - жазушы Мақсұт Неталиев // Жалын. 1989, №1. 33-56-бб.
75 Кенжалиев И. Аталған еңбек. 43-44-бб.
76 Досмұхамедұлы X. Аталған еңбек. 48-б.
77 Сонда. 49-б.
78 //Жалын. 1989. №1. 43-44-бб.
79 Сонда. 41-б.
80 //Егемен Қазақстан. 2003. 5-көкек.
ІV тарау. XX ғасыр. САЯСИ ТӘУЕЛСІЗДІК ҮШІН КҮРЕСТІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ
ӘЛИХАН НҰРМҰХАМЕДҰЛЫ БӨКЕЙХАН: ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ
Алаштың Әлиханы 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында өткен екінші жалпықазақ съезі Алаш автономиясы аталатын мемлекеттік құрылым үшін күресетіндігін мәлімдеп, оның үкіметін сайлады. Әлемнің алтыншы бөлігін алып жатқан Ресей империясы көлемінде бұл аса зор оқиға болмағанымен, отарлық езгідегі қазақ қоғамы үшін оның тарихи маңызы ерекше-тін. Өйткені бұл қабылданған шешімдер қазақ елінің ХVІІІ ғасырдан бері өз бостандығы мен теңдігі үшін патшалық билікке қарсы жүргізген азапты күресінің қорытындысын айғақтайтын оқиға еді. Тарих сахнасына Алашорда — Халық Кеңесі - үкіметін алып келген жалпыұлттық қозғалыстың басында ұлт зиялылары тұрды. Олардың ортақ түсінігі бойынша, отарлық езгі мен феодалдық мешеулік жағдайында аяқ асты болған ұлттық мүддені қорғап, қазақ елін өркениетті елдер қатарына алып шыға алатын жалқы жол ұлттық мемлекеттік құрылымның болуы еді. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының басшылары осындай батыл қорытындыға келе отырып, қателесті ме? Кеңестік билік жағдайында жүріп өткен қайшылықты тарихи жолымыз көрсетіп бергендей, қазақ саяси элитасы ұлттық мемлекеттік құру жолын таңдай отырып, қателескен жоқ-тын. Өйткені ұлттық қанау мен ұлттық теңсіздік болған жерде езілген елдердің табиғи талаптары мен мүддесін қорғайтын саяси институттарға сұраныс та қалыптаспақ. Ал осы негізде пайда болған мемлекеттік жүйенің саналы түрде жалпыұлттық мұраттарға қол жеткізуді көздейтін шараларды іске асыруы да толық табиғи нәрсе. Бұл тәуелсіз мемлекеттік даму жолына түскен елдердің бәрінде орын алған жағдай. Осы тұрғыдан алғанда, әрине, Алашорданың өмірге келуі тарихи қажеттіліктен туған құбылыс еді. Бірақ қазақ ұлт азаттық қозғалысы қайраткерлерінің бұл әрекеті ескі Ресейдің тұтастығын көксейтін ақ казактар мен патша генералдарына да, жаңа тоталитарлық жүйені орнатушы большевиктерге де ұнай қойған жоқ. Егер алғашқылары Алаш зиялыларын "тұтас және бөлінбейтін" Ресейді бөлшектеу ұстанымындағы жікшілдер ретінде қараса, соңғылары "буржуазиялық ұлтшылдар", «ұлтшыл-ауытқушылар" ретінде қуғынға алды. Ұлттық саясатта, түптеп келгенде, ұлыдержавалық, империялық мақсатты көздеген Ресейдегі бұл екі саяси жүйе де ұлттық мемлекеттік идеядан қорықты. Сондықтан да кеңестік билік тұсында біз қазақ ұлт азаттық қозғалысы қайраткерлерінің өмір жолымен, олардың артында қалдырған шығармашылық мұрасымен танысу мүмкіндігінен айырылдық. Азаттық қозғалыс тарихында сондай терең із қалдырған тұлғалардың бірі — Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан. Әлихан Нұрмұхамедұлы 1866 жылы бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының жетінші ауылында өмірге келген. Қазіргі әкімшілік-аймақтық бөлініс бойынша бұл елді мекен Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданы, "Даратал" совхозына қарайды. Әлиханның әкесі Нұрмұхамед, анасы Бегімханым оқу-білімге жақын, парасатты адамдар болған. Әлиханның үлкен атасы - Бөкей - атақты Көкжал Барақ сұлтанның ұлы. 1816 жылы бес мейрам — арғын Уәли билігін мойындамай, Орта жүзде екінші хандық құрады. Хан етіп сексеннен асқан қарт Бөкейді сайлайды. Бөкейдің тоғыз ұлының бірі — Батыр сұлтан. Батырдың ұлдары - Мырзатай мен Рүстем. Мырзатайдан Нұрмұхамед туады. Бөкейден соң Қарқаралы дуанының билігі немересі Жамантайға ауысқан. Жамантай мен Рүстем, Мырзатайлардың арасында әскер және ел билеу ісіне байланысты басараздық болып, соның нәтижесінде, Рүстем мен Мырзатай Қаратау жаққа ығысқан. Бірақ олар көп ұзамай қайта оралып, Кенесары қозғалысына атсалысады. Әлихан Бөкейханның қайраткер ретінде қалыптасуының екі рухани негіздерін бөліп айту артық емес. Біріншіден, Әлихан еркіндік пен теңдікті жоғары бағалаған ортада өсті. Оның қоғамдық көзқарасының қалыптасуына халықтың бай ауыз әдебиетінің, ұлы Абайдың және басқа ақын-жыраулардың терең ойлы шығармаларының ықпалы болғандығы сөзсіз. Оның 1907 жылы тұңғыш рет орыс оқырмандарын Абайдың шығармашылығымен таныстыруды көздеген материал жариялағанын, ал 1909 жылы ұлы ойшылдың шығармаларының Петерборда жарық көруіне мұрындық болып, өмірінің соңына дейін "Қобыланды", "Ерсайын", "Қозы Көрпеш — Баян сұлу" және басқа көптеген ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, зерттеп және насихаттап өтуін, әрине, кездейсоқ жағдай деп айту қиын. Болашақ қайраткердің өмір жолының қалыптасуына отарлық езгіге қарсы Кенесары бастаған жалпыұлттық көтеріліс (1837—1847) туралы ел арасындағы әңгіме, аңыздардың айтарлықтай ерекше әсері болғандығын аңғару қиын емес. Мұны біз Ә.Бөкейханның 1923 жылы Ташкентте жарық көрген кітапшасына алғы сөз орнына жазып, әкесіне арнаған мына екі шумақ өлеңнен де байқаймыз:
За годом год хромали годы,
Прошло их много с той поры,
Как вольный сын степной свободы,
Казнен батыр Кенесары
Но дух его бунтарской воли,-
Его борьбы кровавый след,
Был маяком киргизской голи
До дней свободы, дней побед1.
Екіншіден, ХХ ғасырдың басында озық ойлы Еуропа мәдениеті мен дәстүрінің ықпалынсыз Ә.Бөкейхан сияқты ірі қайраткердің қалыптасуы, әрине, мүмкін емес-тін. Оның өмір жолын айқындауда, әсіресе, ұлы Француз революциясының және орыс азаттық қозғалысы мен гуманистік әдебиетінің орны ерекше болды. 1917 жылдың жазында Уақытша өкіметтің комиссары қызметінде жүріп жазған мақаласында ол: "Бостандық, теңдік туысқандық ХVІІІ ғасырдан бері жарыққа шыққан таза пікір. Мұны майданға салған Франция жұртының саяси ерлері. Осы үш түрдің бәрі біздің тарихтан, інжілден, будда оқуынан, Лев Николаевич Толстой философиясынан табылады, көзі ашық талапты ер іздесе. Бұл үш ұраннан бөлек адам баласының бақыт, махаббатына жол жоқ. Бұл жолдан шыға жайылған хайуандыққа қайтқан болады"2— деп жазды. ХІХ ғасырдың соңында Ресей империясында саясаттан тыс қалған түпкірді табу қиын болар еді. Ә. Бөкейхан сол өткен ғасырдың 80 жылдары империяның шығыстағы ірі саяси орталықтарының бірі Омбы қаласында техникалық училищеде оқыды. Бірақ оның шын мәніндегі үлкен саясаттың не екендігін түсінген кезі, әрине, Санкт-Петербургте орман-техникалық институтында оқып жүрген жылдарына тұс келеді. Мұнда ол студенттік қызу айтыстарға қатынасып, ХХ ғасыр босағасынан аттағалы тұрған Ресейдің қандай жолмен дамуы тиімді болатындығы туралы қайшылықты пікірлер қақтығысына куә болды, өз ойын да шыңдай түсті. Ә.Бөкейханның бұл жылдардағы рухани ізденістерінен хабардар автор: "...В бытность студентом лесного института примыкал к крайней левой. Во время разгара споров о марксизме очень энергично отстаивал тезисы экономического материализма"3,— деп жазды. Ә.Бөкейхан институтты бітірген бетте ішкі Ресейден қоныс аударушылар жағдайын зерттеу үшін ұйымдастырылған Половцев экспедициясына4 қатынасу үшін 1895 жылдың жазында Омбыға келіп, экспедиция жұмысына рұқсат берілмеген соң сонда қалып қояды. Омбыдағы орман шаруашылығы училищесіне математика пәнінен оқытушы болып орналасқан ол, тура осы мезгілде социалисттік бағыттағы "Степной край" газетінің қызметіне белсенді түрде араласа бастайды. "Степной край" газетін бұл кезде шығарушы қызметкерлер негізінен түрлі бағыт ұстанған социалистер болды. Ол басқа Сібір газеттерінен де сонысымен ерекшеленді. Ә.Бөкейхан Севастьянов, Соколов сияқты халықшылдармен, Беляков сияқты марксистпен бірге газеттің редакция алқасы құрамына енді. Оның осы кезеңдегі көзқарасынан жақсы хабардар ескі досы, профессор С.П.Швецов былай деп жазды: "Никакой "радикальной интеллигенции", как представителя особого направления, в составе "Степного края", как думает т. Виноградов, не было. А.Н.Букейхан, которого он относит именно сюда, представлял собою марксистское направление в газете и был, несомненно, наиболее ярким его выразителем. Я бы сказал даже — единственно ярким. Не случайно было то обстоятельство, что Якубович — Мельшин и Гоц — Рафаилов; желая вплотную примкнуть к "Степному краю", нашли нужным предварительно вступить в переговоры и соглашения не с кем другим, а именно с ним. Со своими единомышленниками — народниками им не нужно было никаких предварительных переговоров, так как и без переговоров все было ясно. Иное дело — представители другого, чуждого им течения социалистической мысли — марксизма: здесь нужна была ясность и полная договоренность в отношениях"5. 1896 жылы үкімет орындарының шешімімен Ақмола, Семей және Торғай облыстарындағы жер жағдайын зерттеп, қазақ даласына орыс шаруаларының пәрменді түрде қоныс аударуына қажет ғылыми негіз жасап беруге тиіс болған Ф.А.Щербина бастаған экспедиция ұйымдастырылды. Ә.Бөкейхан экспедиция жұмысына қатысуға мүдделілік танытқандардың бірі болды. Оның ойы бойынша бұл жұмыс сол тарихи кезеңде қазақ жұрты үшін ең зәру мәселеге айналған жер қатынастарын тереңірек түсініп, белгілі бір тұжырымдарға келуге жағдай жасауға тиіс еді. Экспедиция алдына мынадай міндеттер қойылды: 1.Көшпелі шаруашылықтың жер пайдалану әдіс-тәсілдерінің заңдылықтарына көз жеткізу; 2. Қазақтарды ауылдық қауымға бөліп, оларды шаруашылық жүйе бойынша жіктеу; 3. Сол жеке шаруашылықтарға қажет төрт түлік малдың көлемін есептеп шығару; 4. Әр түліктің керекті жайылым мөлшерін яки жер нормасын анықтау; 5. Этникалық жағынан, жағрапиялық ерекшелігі мен тарихи даму тұрғысынан зерттеу6. Жұмыс мерзімі 1896 және 1903 жылдар аралығын қамтыған Щербина экспедициясы шын мәнінде қыруар шаруа бітіріп, аталған облыстарда он екі уездерден жиналған материалдардың негізінде 13 томнан тұрған ғылыми зерттеу еңбегін бастырып шығарды. Экспедиция жұмысына қатынасу барысында Ә.Бөкейхан қазақ даласына байланысты Ресей империясының көздеген мақсатын бұрын өзі байқай бермеген жаңа қырынан көрді және орталық биліктің таяу жылдары ірі шараларды іске асыруға даярлық жасап жатқанын байқады. ХХ ғасырдың басы, анығырақ айтқанда 1905-1910 жылдар Ресейдің переселен саясатында, сол арқылы Оралдың шығыс бөлігін отарлау саясатында жаңа кезең болды. Оған мынадай фактілер арқылы көз жеткізу қиын емес. Егер 1864-1885 жылдар аралығында Оралдың шығыс жақ бетіне қоныс аударушылардың саны 300 000 адам болса, бұл сан 1885—1910 жылдары 2,5 миллионға өсті7. Қоныс аударушылардың үлкен бөлігі қазақ жерлеріне ұмтылды. Егер 1896-1905 жылдары Қазақстанның Ақмола, Торғай, Орал және Семей облыстарына 294 296 адам келіп қоныстанған болса, 1906-1910 жылдары 770 000 адам көшіп келіп, орын тепті8. ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығының орта тұсында империя көлемінде қоныстандыру ісі белгілі бір жүйеге түсті, 1904 жылы Петербургте Қоныс аудару және жерге орналастыру Бас басқармасы құрылды. Ал келесі бір-екі жылдың ішінде бұл басқарманың мекемелері губерния, облыс және уез деңгейінде барлық қазақ жерлерінде құрылды. Мемлекет тарапынан үлкен және нақты қолдау алған бұл мекемелердің құқықтық статусы да жоғары болды және олардың негізгі міндеті "артық" жерлерді анықтап, ол жерлерге ішкі Ресейден орыс шаруаларының көшіп келіп орналасуына жағдай жасау еді. Белгілі бір жүйеге түскен, ұлыдержавалық отарлау саясатының басында патшаның өзі, Мемлекеттік Дума және басқа үкімет орындары тұрды, сондай-ақ бұл іс қаржыландырылды. Міне, осындай жағдайда патша өкіметінің отарлау саясатымен күрес жүргізу де жеңіл-желпі іс емес-тін. Жалпы саяси деңгейі төмен, оқыған азаматтары саусақпен санарлық қазақ қоғамы үшін бұл ауырдың ауыры еді. Студенттік жылдары және омбылық өмірінің алғашқы кезеңінде марксистік бағытта тұрған Ә.Бөкейханның саяси платформасының біртіндеп өзгеріске ұшырау себептерін осы жағдайдан іздеу орынды сияқты. Басқаша айтқанда, қазақ даласын ашықтан-ашық отарлау саясатына білек түрініп кіріскен патшалық жүйемен пәрменді күрес жүргізу үшін, әуелі бүкіл қазақ жұртының басын біріктіруді көздеген әрекеттер жасап, сонымен бірге орыс қоғамының ішінде ресми билікке қарсы оппозицияда тұрған саяси күштердің қолдауына сүйену керек еді. Ал мұндай сипаттағы іске, біріншіден, жалпыұлттық мүддені түсінуге көтеріле алмаған қазақ жұртын таптық негізде бөлшектейтін, екіншіден, Ресей жағдайында ашық, ресми саяси күшке айналмаған марксистік партия бағытын ұстану тиімсіз болды. Қалай болғанда да, Ә.Бөкейханның көзқарасының Щербина экспедициясына қатысқанынан кейінгі кезеңде үлкен өзгерістерге ұшырағандығы анық. Дегенмен Бөкейхан сияқты қазақ оқығандарының саяси көзқарасының мүлдем жаңа сапаға көтерілуіне тұңғыш орыс революциясы ерекше ықпал етті. Патшалық отарлау аппараты өзіне қызметке даярлаған түрлі мамандық иелері арасынан шыққан қазақ зиялылары елде жаңа сипат, жаңа өрлеу ала бастаған ұлттық қозғалысқа саналылық, ұйымдасқан сипат беру жолдарын қарастырды. Осы бағытта газет шығару, күреске шақыратын кітаптар бастырып тарату, көкейкесті қоғамдық-саяси талаптар қойған петициялар ұйымдастыру сияқты бұрын қазақ тарихында болмаған саяси күрес құралдарын игере бастады. Сан жағынан аз, әлеуметтік-саяси күресте жинаған тәжірибесі мардымсыз ұлттық интеллигенция үшін бұл жеңіл-желпі емес істерді көтеріп алып кету оңайға түспегендігі анық. Осы тарихи кезеңде ол атқарған жұмыстар арасынан мыналарды бөліп айтуға болар еді. Олар: белгілі Қарқаралы петициясын ұйымдастыру және өлкеде Ресейлік конституциялық демократиялык партияның жергілікті филиалын құру жолында жасалған әрекет. Сол тұста жалпы қазақ қоғамының саяси өмірінде жаңалық есебінде болған бұл оқиғалардың Ә.Бөкейхан қызметіне тікелей қатынасы болғандықтан, олардың тарихи және қоғамдық-әлеуметтік астарына қысқаша тоқталып өтейік. 1905 жылы маусым айында Қоянды жәрмеңкесінде жазылған Қарқаралы петициясында қазақ қоғамының негізгі ұлттық мүддесі есебінде мынадай талаптар қойылды: діни сенімдерді атқаруда, оқу ағарту жүйесін ұйымдастыруда жергілікті халықтың еркіне қайшы келетін шектеулерді жою; ауылдарда сабақ орыс тілімен бірге қазақ тілінде де жүргізілетін мектептер ашу; қазақ халқының мұң-мұқтажын талқылауға қажет құрал - цензурасыз газет шығаруға және баспахана ашуға рұқсат беру; жаппай қоныстану қарқынының күшейіп, құнарлы жерлердің қоныстанушыларға өтуіне байланысты қазақтар орналасқан жерлерді олардың заңды меншігі екендігін мойындау; мемлекеттік аппаратта, сот орындарында іс қағаздарын қазақ тілінде де жүргізу, олардың жұмысында қос тілділікті жолға қою, т.с.с9. Патша әкімшілігі алдында петиция түрінде қойылған бұл талаптар қазақ қоғамының сол кезеңдегі әлеуметтік-саяси деңгейінен туындаған жалпы демократиялық сипаттағы талаптар болатын. Егерде оларды тарихи тұрғыдан қарар болсақ, басқа дәрежеден көрінуі тіпті де мүмкін емес еді. Басқаша айтқанда, бұл тарихи кезеңдегі қазақ қоғамындағы азаттық қозғалысы Шығыстағы революциялық өрлеуге байланысты, В.И.Ленин атап көрсеткендей, «адамның ең қарапайым құқықтары жолындағы, демократия жолындағы күрес еді. Қарқаралы петициясының тарихи маңызы сапалы жаңа даму сатысына аяқ басқан қазақ азаттық қозғалысының ең негізгі талап-тілектерін тұңғыш рет тұжырымдап, қалыпқа салып, патшалық биліктің алдына қойып, сол арқылы қазақ елінің өз еркіндігі үшін табиғи күрес жолына түскендігін ашық-анық білдіруінде еді. Бүкіл елдік наразылықтың қазақ қоғамына бұдан бұрын тән емес петиция түрінде көрінуіне түрткі болған тұңғыш россиялық революция да, ал оны жазған азаттық қозғалыстың басына келген жаңа әлеуметтік күш ұлттық зиялылар өкілдері еді. Деректік материалдардағы көрсетулерге қарағанда, петиция авторларының қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы және басқа сол кезеңдегі белсенді қазақ зиялылары болған. Ол турасында М.Дулатұлы кейінірек "1905 жылдан бері біздің қазақ жұрты да басқалардың дүбіріне елеңдеп, олардың ісіне еліктеп ұлт пайдасын қолға ала бастады. Сол бостандық жылдарында Семей облысының оқыған басшылары көзге көрікті іс қылып, жұртқа көсемдік пен жол-жоба көрсеткені үшін алды абақтыға жабылып, арты айдалып, қалғандары сенімсіз болып қалды"10, — деп жазды. Жандарм орындары шамамен петиция авторы деген кісілерді жікшілдік насихат, билікке қарсы әрекет жасады сияқты түрлі айыптармен қуғынға алып, абақтыға жапты. Бұдан былайғы кезеңде қазақ даласындағы патша жандармериясы басқа революциялық күштермен бірге қазақ демократиялық интеллигенциясын да қуғынға ала бастады, сөйтіп, қабырғасы қата қоймаған ұлттық демократиялық интеллигенция халық тарихындағы азаттық күрестің жаңа бетін ашты. Саяси күрес жолына енді түсе бастаған ұлттық интеллигенцияның осы кезеңдегі саяси-әлеуметтік бағдары, белгілі дәрежеде, Ресейдің радикальдық-буржуазиялық партиясы — кадеттердің ұстанған бағытымен тоғысқандығы да шындық. Өзінің бастапқы саяси күрес кезеңінде самодержавиялық билікті ұтымды сынға алып, оған қарсы оппозицияда болған конституциялық-демократиялық партияның Қазақстанда бөлімін ашуға ынта білдіргендердің қатарында Ә.Бөкейхан да болды. Ол 1905 жылдың соңында басқа да қазақ зиялыларымен бірге Оралда бес облыстың делегаттық съезін өткізіп, "Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын" құру шарасына қатынасады. Ал келесі 1906 жылы маусым айында осындай жиылыс Семейде де болып өтеді. Ол туралы жергілікті газет: "10 маусымда сағат 12-де Семейде қазақ сайлаушыларының бірінші съезі болып өтті. Оған 150-ден астам адам қатынасты... Әңгімені Ә.Н.Бөкейхан бастап, ол жиылысты "Халық еркі" партиясының бағдарламасымен таныстырып, отырғандар оған қосылу турасында қаулы қабылдады" деп, жарыссөзде ол партия туралы Шәкәрім Құдайбердиев және басқалар сөйлегендігін келтірді". Қазақ кадеттерінің бағдарламасымен таныса отырып, оның жалпыұлттық мәселелерді саяси мақсат ретінде күн тәртібіне қойғандығын байқаймыз. Партия бағдарламасы сол кезде Оралда Камиль Тухватуллиннің басқаруымен шығып тұрған "Фикер" (Пікір) газетінде жарияланған. Онда қазақ жерін бүтіндей сол елдің меншігі етіп жариялайтын заң қабылдау, ішкі Ресейден көшіп келіп қоныстану толқынын тежеу, кедей жұмысшыларға еркіндік, теңдік беру, оларға пайдалы заңдар шығару, қазақ балалары үшін мектеп, медресе, университеттер ашу, т.с.с. талап-тілектер айтылған12. Бұл мақсаттардың сол кезде іске аса қоймағандығы мәлім, дегенмен 1905 жылдың өзінде алдына осындай міндеттер қойған саяси партия нұсқасы пайда болуының өзі қазақ қоғамы үшін ілгері басумен тең еді. Біз қарап отырған мезгілде империя өмірінде үлкен саяси оқиға болған Мемлекеттік Думаның жұмыс жасай бастауы еді. Қазақ зиялылары алғашқы кезеңде Дума, белгілі дәрежеде, қазақ елінің өзекті мәселелерін шешуге көмегін тигізеді деп түсінді. Ә.Бөкейхан І Мемлекеттік Думаға Семей облысы қазақтары атынан депутат болып сайланды. Осы оқиғаға орай "Семипалатинский листок" газеті: "Редакция қазақ халқын нәтижелі сайлау қорытындысымен құттықтайды. Ә.Бөкейхан Мемлекеттік Думада ұлт мүддесін қорғай алатын, қазақтың жоғын жоқтап, тілегін жеткізетін бірден-бір адам екеніне халқы сенсе керек", - деп жазды. Ә.Бөкейхан І Мемлекеттік Дума жұмысына қатынаса алмайды. Өйткені ол Дума өз жұмысын бастаған кезде Омбы генерал-губернаторының негізсіз жарлығымен соттың тергеуінсіз үш ай Павлодар абақтысында отырады. Ал абақтыдан шығып Петербургке жеткенде, Дума патшаның үкімімен таратылып, оның біраз мүшелері наразылық актісін қабылдау үшін Финляндияның Выборг қаласына жүріп кеткен еді. Ә.Бөкейхан да солардың артынан аттанып, Выборг үндеуіне қол қояды. Сонымен бірінші орыс революциясынан кейінгі кезеңде қазақ оқығандарының алғашқы ізденіс нәтижесінде жасаған тұжырымы — қазақ қоғамын ортағасырлық мешеуліктен алып шығатын жол Россия арқылы жеткен дамудың батыстық нұсқасы, басқаша айтқанда, буржуазиялық қатынастарға жол ашу еді. 1910 жылы жарық көрген мақаласында Ә.Бөкейхан ол туралы былай деп жазды: "Таяу болашақта далада қырғыз арасында қалыптасып келе жатқан екі саяси бағытқа сай екі саяси партия құрылуы ықтимал. Олардың бірі ұлттық-діни атанып, мақсаты қазақтарды басқа мұсылмандармен біріктіру болмақ. Екіншісі — батыстық бағытта... Алғашқысы үлгі ретінде мұсылман татар партияларын алса, соңғысы — орыс оппозициялық, мәселен, "Халық еркіндігі" партиясын алуы мүмкін"13. Ә.Бөкейхан қазақ жұртын батыстың озық мәдениетінен үйренуге шақыруын бұдан кейінгі жылдарда да қойған емес. 1933 жылы Марксизм институтының қазақ филиалында өткен пікірсайыста сөйлеген сөзінде С.Асфендияров бұл мәселеге қатысты мынадай естелік айтқан болатын: "...Алашорда лидерлерінің "батысшылдығы", "түрікшілдігі" жөнінде де басын ашатын нәрсе баршылық. Менің есімде, 1912 жылы күзінде Петербургтағы қазақ, татар, өзбек студенттері арасында Балқан соғысына байланысты Түркияны қолдаған үлкен қозғалыс болды. Болгар студенттері бізбен жұдырықтасудың сәл алдында тұрды. Сол кездері болып тұрған басқосулардың бірінде Бөкейханға: "Біз Түркияға барамыз", "нағыз ұлтжандылықтың белгісі осы болмақ", — сияқты ойларымызды айттық. Ол Түркия құлағалы тұр, оған ешқандай да үміт артудың қажеті жоқ дегенді айтып, бізді батысқа бағыттады"14. Әрине, бұл арада ешқандай талдаусыз жалпы Батысты меңзеумен шектелсек, ағаттық болар еді. Егер Бөкейханның "Қазақ" газетінде жарияланған публицистикалық мақалаларына зер салсақ, оның батыстың, Ресейдің, демократиялық дәстүріне жақын болғандығын ажырату қиынға соқпайды. Осы басылымда В.Г.Короленконың алпыс жылдық мерейтойына байланысты қазақ оқушысына жолдаған ашық хатында Бөкейхан былай деп жазды: «Балқан соғысы алғаш басталғанда болгар патшасы бұл соғысты крест пен ай соғысы қылмақ болды, осы ант ұрған сөзді орыстың, болғардың талай газетасы көтеріп алып кетіп, соғыс хайуандығын осылайша паналамақ болды. Сонда Короленко хат жазды, "Крест һәм жарты ай" деп. Бұл хаттың әдемілігі менің жаман қаламыма сыймайды... Қысқа сөз мынау: қай соғыс болса да хайуандық, крестпін деп түрік қаласын алғаның қатын, бала, кемпір, шалды өлтіріп отырған жоқ па? Бұл хайуандық емес пе? Болгарға, түрікке қай патшаның қол астында болса бақытты болғаны керек. Соғысты қылып отырған жұртты бастап жүрген ант ұрғандардың не керегі бар? Түрік те, болгар да ағайын, дос болатын адам баласы емес пе?.."15. Германия жұмысшы қозғалысының көрнекті өкілі А.Бебельдің қаза болуына байланысты жариялаған мақаласында да Бөкейхан қазақ оқушысын қайраткердің бұқара ісі үшін күресімен, неміс жұртының демократиялық дәстүрімен таныстырып, мақаласын қазақ жұртына Бебельді үлгі етумен аяқтайды. Оның түсінігі бойынша халықпен халықты жақындастыратын көпір — демократиялық мәдениет, дәстүр. Белгілі ғалым Г.Н.Потаниннің өмір жолы, ұстанған бағдарымен таныстыруды көздеген мақаласында қазаққа өнер-білім басқа жұртпен бірге теңдікке жету үшін керек екендігін айтып, былай деп жазды: "Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел - Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұлын, қызын оқытсақ, "Қозы Корпеш — Баян сұлуды" шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Европа білер еді-ау" - дейтін Г.Н.16. Қоғамдық күрес жолына түскен жас қазақ интеллигенциясының алдына көлденең тартылған өзекті жайлардың бірі — ел тағдырына қатысты жер мәселесі еді. Бұл мәселе оның азаматтық санасына қозғау салды, үлкен сын болды. ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығында қабылданған столыпиндік заңдардың артын ала Қазақстанға ішкі Ресейден жерсіз шаруалардың топ-тобымен ағылуы өлкеде жер мәселесін асқындырып жіберген еді. Бұл ретте қазақ шаруаларына әсіресе ауыр тиген 1909 жылы 9 маусымда Міністірлер Кеңесі бекіткен Ақмола, Семей, Торғай және Орал облыстарындағы мемлекеттік жер қорын анықтау туралы нұсқау мен Түркістан өлкесін басқару туралы ереженің 270-бабына қосымша заң болды. Басыбайлылық сипатта жазылған бұл екі құжат іс жүзінде қазақ жерін переселен басқармасының еркіне берді. Бұл құжаттер бекітіле салысымен переселен мекемелері қазақ жерлерін тезірек әрі кең көлемде өз қарамағына алу мақсатында қазақ шаруаларына да орыс қоныстанушылары сияқты 15 десятина жер үлесін алып, отырықшылыққа көшу науқанын ашты және бұл процесс қайсыбір аудандарда қорқыту-үркіту шараларымен қатар жүрді. Міне, осындай жағдайда отаршыл аппараттың зорлығын, жасап отырған айласын жан-жақты сынап, әшкерелеп, сол арқылы халықтың көзін ашып, оған бұл көкейкесті мәселені өз дәрежесінде түсінуге көмектесе алатын ғылыми, публицистикалық мақалалар аса қажет болды. Бұл міндетті империяның саяси құрылысымен жақсы таныс, жер қатынастары мәселесін терең меңгерген адам ғана жүзеге асыра алатын еді. "Айқап" және "Қазақ" басылымдары бұл мәселені ұлттық ауқымға көтеріп, пікірсайысқа айналдырды. Халық тарихында баспасөз жүзінде тұңғыш жүрген бұл айтыс барысында авторлар екі баламалы пікірге бөлініп кетті. Бірі (оны жақтаушылар — Б.Қаратаев, М.Сералин, Ж.Сейдалин және басқалар) ішкі Ресейден шаруалардың жаппай көшіп келіп қоныстану жағдайында отырықшы нормамен болса да, егіншілікке қолайлы жерден үлес алып, отырықшылыққа көшуді қолдады. Бұл пікірдегілер жұртқа басшылық жасап, отырықшы өлшеммен жер үлесін алып қоныстанды. Оларға ерген оқыған жастар қазақ отырықшылыққа көшсе, оның арасында өнер-білім тарауға жағдай туады деп түсінді. Екінші пікірдегілер (Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы және басқалар) көшпелі шаруашылыққа үйренген қазақ отырықшы нормамен үлес алып, көндігіп кете алмайды, мұндай норма тек жері құнарлы, бұрыннан егіншілік мәдениетін игерген аудандарға ғана келеді, ал оны шығарған үкімет орындарының түпкі мақсаты еппен, айламен қазақ жерін көбірек алу және қазақтардың өз ризашылығымен алдық деген пікір туғызу деп түсінді. Мәселенің егжей-тегжейін халыққа түсіндіруге көп күш салған "Қазақ" газеті бетінде бұл тақырып бойынша дәлелді, терең ғылыми, публицистикалық мақалалар жариялаған Ә.Бөкейхан болды. Жалпыұлттық пікірсайыстың берер пайдасын айтып, ол: "Сөз айыр шықты деп, әдепсіздік тіл көрсеткен де бауырым бар. Талас дүния — ғұмыр сифаты, талас тартыс жоқ болса, ғұмыр абақты болар еді. Айыр сөзде айып жоқ. Ақылға саңырау да айып", — деп жазды. Ол деректерге негізделген, нанымды мақалаларында халыққа патшалықтың жер туралы заңдарының отарлық, реакциялық мазмұнын түсіндіруді көздеді, переселен басқармасының қаруына айналған 1909 жылғы 9 маусымда Міністірлер Советі бекіткен құжаттың заң емес, нұсқау екенін, демек, оған сүйеніп, патша шенеуніктерінің жергілікті халықты өз жерінен ығыстыруы заңсыз, ал переселен басқармасы айтты деп халықтың ығыса беруі жігерсіздік екендігін айтып: "Қазақ 15-тен надел алмаса, қыстау, егінжай, пішендік арығынан қу, айда деген закон қайда?", "15-тен алсаң жер белгілеймін, қазақ болып отырсаң жерден күнде көшірем деп, қазақты күнде көшіріп отыр. Өстіп жұртты билеген патшалық бар ма екен? Біздің патшалық конституция емес пе, біздің патша қол астындағы адамның бәріне бірдей адал емес пе? Біздің қазақ жерінен күнде көшіретін не жазып еді? Бұл жұрт жұмысын жұрт болып іздемейтін бе? Әр жерде, әрқайсысын аяғын ат басқан балаша шыңғырмай!"17 — деп жазды. Айтыс барысында Ә.Бөкейхан келтірген дәлелді, ғылыми негізді пікірлердің бірі — егіншілікке өтудің жеңіл емес, бұл кезекте жердің табиғи ерекшеліктері мен халықтың психологиялық даярлығын еске алу қажеттігі туралы пікірі еді. Ол былай деп жазды: «Жердің көп-азына қарамай, жердің һауасына қарай адам баласы мал баққан, ия егін салған. Қазақ жері — мал кіндігі, мұнда бұрын қай жұрт жүрсе мал баққан. Гұсмания түркі тарихынша, біздің қазақтың Жетісудағы қаңлы деген руы һауасы, жері келісті Европаға барып, мал бағуды қойып, өзге шаруаға айналып отыр. Соқырмен оттас болсаң, көзіңді қысып жүр деген, адам баласының ғұмыр үшін қылған шаруасы жерге һәм жердің һауасына байлаулың. Ә.Бөкейхан орманшы-ғалым ретінде шаруалықтың бір түрінен екінші түріне өту жеңіл-желпі нәрсе емес екендігін, ол үшін түрлі әзірліктердің қажет екендігін терең түсінді, мақалаларында халыққа мәселені осы тұрғыдан түсіндіруге күш салды да. "Біздің ақылымызша, адам баласының шаруасы бірте-бірте қиыншылықпен, көп жылдарда аударылды. Мал бағып шаруа қылып келе жатқан жұрт, патша 15-тен (десятина. — М.Қ.) жер берді деп, егінші бола қоймайды. Мал шаруасы тымақ емес, төре келе жатыр деп қолға жұлып алатын. Мал шаруасын тіршілік үшін ұстап жүрген жұрт 15-тен жер алса, үлкен аяққа тар етік киген болады. Біз, қазақ-ау, 15-тен жер алмай тұрып жан-жағыңа қара дейтініміз содан, қазақ 15-ті алып, осы алақандай жерге мал бақпақ, бұған мал бағылмайды". Тарихи әділеттілік үшін атап айту керек, "Қазақ" газетінде Ә. Бөкейхан және оның серіктері қазақ халқының отырықшылыққа көшуіне емес (кезінде солай түсіндірілді), отырықшы норманың отаршыл мазмұнына, аңқау елді алдауды көздеген астарына қарсы шыққан болатын. Қазақтарға отырықшы нормамен жер үлесін берудегі түпкі мақсатын отаршыл аппараттың өзі де жасырған жоқ. Ол туралы 1913 жылғы 11 маусымда Думада сөйлеген сөзінде переселен басқармасының бастығы Глинка: "Қазақ жері қазақтан көп артылып қалу үшін, яғни переселендерге қазақтан жерді көбірек алу үшін, біз әдіс істеп отырмыз. Әдіс қылу жолсыздық емес, ептілік. Біз Міністірлер Советінен ептілік етуге рұқсат алып, қазақты ебімізге түсіруге қайырмалап едік, топ-тобымен топырлап түсіп жатыр. Ол істеген ебіміз мынау еді: қазаққа отырықшы болып жер алуға риза болсаңдар, сендерге де мұжықпен қатар 15 десятинадан еркек басына жер береміз дедік. Айтуымыз мұң-ақ екен, қазақтар отырықшы нормамен жер бер деп жабыла сұрап жатыр. Өткен жылда отырықшы нормамен қазақтарға 700 мың десятина жер бердік"18,— деген еді. Үкімет орындарының 15 десятина үлес нормасын не үшін шығарғандығын жоғары мемлекеттік аппарат чиновнигі осылай түсіндірген болатын. Міне, сондықтан да мәселенің осы қырын түсінуге шақырған "Қазақ" газеті мен Ә.Бөкейханның әрекетін қазақ байлары мен буржуазиясының таптық мүддесін қорғады деп бағалау, әрине, тым біржақтылық болар еді. Қазақстанды отарлау қарқыны мен әдісінің жаңа оң алуы тұсында олар ұлттық мүдде тұрғысынан да сөйлеген болатын. Баспасөз үстінен бақылаудың күшейген жағдайында өзі ішкі Ресейде айдауда жүрген Ә.Бөкейханға патшалық әкімшіліктің отарлау саясатын әшкерелейтін мақалалар жазу оңайға түскен жоқ-тын. Тек айтқан ойларының дәлелді, негізділігінен ғана ол патша жандармдарының жазасынан құтылып отырды. Өз кезегінде жер мәселесі бойынша Ә.Бөкейханның біліктілігін патша чиновниктері де мойындауға мәжбүр болды. Мәселен Орынбор губерниясының жандарм бастығы генерал-майор Бабич 1914 жылы 24 қарашада "Қазақ" газеті турасында Торғай губернаторына жазған хатында: "... из крупных сотрудников известны: Алихан Букейханов, бывший член І-ой Государственной Думы, специалист по аграрному вопросу Степных областей"19, — деп көрсетті. 1918 жылға дейінгі қазақ қоғамының саяси және рухани өмірінде аса үлкен рол атқарған "Қазақ" газетін ұйымдастыруда және оның жалпыұлттық деңгейге көтерілуінде Ә.Бөкейханның атқарған еңбегі аса зор. 1913 жылдың ақпанынан шыға бастаған "Қазаққа" дейін жалпы ұлттық газет шығару әрекеті ілгері баспаған. Оның газет шығару ісіндегі мол тәжірибесі, 1896-1907 жылдары "Степной край", "Иртыш", "Омичь", "Голос степи" сияқты газеттерде істеуі, Мемлекеттік Дума депутаты ретінде сол кезеңдегі Россия жоғары билік орындарына жақын адамдармен тікелей таныс болуы "Қазақты" ұйымдастыруда аз рөл атқарған жоқ. Газеттің алғашқы сандарынан бастап ол "Қыр баласы" атты жамылғы есіммен мақалалар жазып, ең күрделі және өзекті мәселелер бойынша негізгі авторға айналды. 1914 жылғы наурыз айында Ташкентте тұратын темір жол инженері М.Тынышпаев Иркутскдегі өзінің танысына: "...В Оренбурге издается киргизская газета поэтами-киргизами Байтурсыновым и Дулатовым, людьми преданному своему делу. Руководит А.Букейханов, конечно, я имею касательство и подписываю. Газета очень распространяется"20, — деп хабарлайды. Әрине, "Қазақты" шығаруда Қыр баласының рөлін асыра бағалауға немесе оның ұстаған бағдары мен редактордың бағытын шатыстыруға болмайтындығы түсінікті. Дегенмен газетті ұйымдастыруда Ә.Бөкейханның еңбегін өз дәрежесінде бағаламау да әділетсіздікке жатар еді. "Қазақ" газеті бетінде Ә.Бөкейханның қалам тартқан негізгі тақырыбы, әрине, жер мәселесі болды. Оның мақалаларымен таныса отырып, Ә.Бөкейханның, қайсыбір зерттеушілер көрсеткендей, жер мәселесінде тар ұлтшыл, ескі феодалдық тәртіпті жақтаушы болмағандығына көз жеткізу тіптен де қиын емес. Ол, біріншіден, жер үлесін алдымен патшалық билік тұсында үлестен тыс қалып келген жергілікті халық алуға тиіс деп санады; екіншіден, жерді меншік есебінде үлестіріп беруге қарсы шығып, ондай жағдайда егіншілік мәдениетін толық игермеген қазақ шаруасы үлесін "көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сытылып, жалаңаш шыға келеді", сондықтан да жер қауымға кесіліп, жерді бірге алған ру, ауыл, болыс өз ішінде өздері тәртіп жасап, әділдікпен пайдаланғанын жақтады. Үшіншіден, жер үлесі "шаруаға жердің топырағына, жергілікті табиғатына байлаулы" болғандығын қалады. Бұл айтылған ойлардың қайсыбірі қайшылықты көрінуі ықтимал, бірақ олардың нақты тарихи тәжірибеден туындағандығын жоққа шығару қиын. Ә.Бөкейхан 1917 жылғы революциялық өзгерістерге дейін де қазақ шаруасының әлеуметік жағдайымен жақсы таныс болатын. "Баймын, мықтымын деп атқа мінген жақсылар пішен шабатын жерге, егін жайға, жаз қонысқа, қыс тебінге зорлық қылады. Кемшілікте жүрген бейшара сорлы жұрт бұл жақсылардың тепкісінде қор болғанша, орыс беретін он бес десятина болса да ие болалық деп, мұжық боламын деп сұрап отыр", -деп жазған ол, үкіметке төлеген алымға байланысты "Алымды момын кедейге аударып бай болатын мырзалар көзі соқыр емес, көңілі соқырына салып жүр ғой. Жұрттың момынын тонап алып болған байлықта қанша береке бар екен"21, — деп түйеді. Бұл келтірілген пікірлер Бөкейханның қоғамдағы таптық қатынастардан жақсы хабардар екендігін білдірсе керек. Бірақ ол бұл кезеңде бірінші кезекке әлеуметік-таптық емес, жалпыұлттық, демократиялық мәселелерді қойды. Кез келген ұлттық демократиялық интеллигенция үшін өзекті мәселелердің бірі — өз елінің қоғамдық тарихи даму жолына қатынасы, соған баға беру болып табылады. XX ғасырдың бас кезінде ұлттық интеллигенцияның алғашқы буыны қазақ тарихын өзара талқыға салды. Бұл талдау ұлттық көлемдегі тұңғыш саналы, мақсатты талдау болатын және ол жаңа қалыптасып келе жатқан ұлттық сананың тұтастыққа ұмтылушылығының көрінісі есебінде жүрді. Халықтың жүріп өткен жолын, жиған тәжірибесін сарапқа салу олар үшін қоғамдық мешеуліктің себеп-салдарына көз жеткізу керек еді. Бұл ретте олар өткен тарихты қызықтаудан, оны әсірелеуден алыс, керісінше оған шындық тұрғыдан дәл баға беруге тырысты. Қазақ тарихын терең білген, оған байланысты өз пікірі, бағасы болған Бөкейхан ұлттық мешеуліктің түп тамырын халықты билеушілердің надандығы мен ел бірлігінің жоқтығынан көріп: "Пәлен хан-ай! Пәлен би-ай!" - деп отырып өкінесіңдер. Бұрынғы хандарың да, бұрынғы билерің де осы күнгі атқа міндім деп жүрген өздеріңдей еді. Қазақтың бұрынғы басшыларында әділдік-береке болса, бұ күнде қазақ бұл күйде болар ма еді? Жұрттың берекесі кетуге түптен себеп болған нәрсе - қазақта бірліктің жоқтығы. Бірлік жоқтан қазақтың әрқайсысын әр жерде дұшманы ойбайлатқан. Бұрынғы хан болсын, билер болсын, әділдіктен жырақ болған, дәл осы күнгі атқа мінген өздеріңдей", — дейді. Ағартушылық сипаттағы бұл ойын одан әрі жалғастырып: "Әділдік жоқ жұртта береке-бірлік болмайды. Байлықты өнермен, шаруамен, қызметпен іздемей, жұртты тонап, момынды жылатып іздеген мырзалар, қысты күні үңгірде жатып өз аяғын сорған аю мысалында ғой, қанша қомағайланса да сорғаны өз аяғы", — деп аяқтайды. Қазақстан Ресей құрамына енгеннен кейінгі кезеңде патшалық аппарат саналы түрде қазақ қоғамындағы түрлі әлеуметтік-саяси топтар тарапынан ұлт көлемінде мемлекеттік тұтастыққа ұмтылушылық үрдістеріне қарсы ''бөлшекте де билей бер" саясатын жүргізіп, саяси бірлік идеясын жөргегінде тұншықтырып отырғандығы мәлім. Патшалықтың ХVІІІ ғасырда Қазақстанда жүргізген бұл сипаттағы саясатына байланысты белгілі тарихшы М.П.Вяткин: "Фактически эта политика... была политикой поддержки анархии, государственного развала и, значит, ослабление қазахского общества и позволила царскому правительству развернут широкое наступление на казахские джузы"2, — деп жазған болатын. ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақстанға буржуазиялық қатынастардың енуі, ұлттық буржуазия мен интеллигенцияның қалыптаса бастауы, жалпыхалықтық ояну жағдайында ұлттық мемлекеттік бірлік мәселесі күн тәртібінде қайтадан қойылды. Мемлекеттік билік қажеттігін бүкіл елдік көлемде түсіну (мейлі ол ұлттық буржуазиялық элементтер арқылы немесе ұлт зиялылары арқылы жүрсін) есею жолындағы барлық халық басынан кешіретін тарихи кезең екендігі мәлім. Осы тарихи кезеңдегі ұлттық саяси элитаның мемлекет туралы ұғым-түсінігін, бағыт-бағдарын Ә.Бөкейханның еңбектері арқылы байқауға болар еді. Бұл мәселені арнайы қарауды міндет етіп қоймағандықтан, оның ең негізгі жақтарына ғана тоқтала кетейік. Ә.Бөкейхан ұлттық еркіндік пен дамудың алғышарты ұлттық мемлекеттің болуы деп түсінді. Ол Г.Н.Потаниннің өмірбаянына арналған мақаласында ғалымның біз қарап отырған мәселеге байланысты көзқарасына тоқталып: "Саяси жолдағы бізге жылы көрінетін бір негізді факті мынау: елдің тұрмысын, тілін, мінезін, білмеген кісі көш басын алып жүре алмайды. Олай болса көп ұлтты құрылған Россияны бір орыстың билеймін дегенінде мағына жоқ. Россия өзге тілі, тұрмысы, қаны басқа жұртқа автономия беруі керек дейтін Г.Н."23,— деп жазды. Оның түсінігі бойынша ол мемлекет автономия түрінде болмақ. "Автономия болу — өз алды мемлекет болу". Россия федерациялық мемлекет болса, Қазақстан оның құрамына әзірге автономиялық негізде енбек. "Федерация мағынасы құрдас мемлекеттер бірлесуі. Федеративтік республикада һәм мемлекеттің іргесі бөлек ынтымағы бір болады. Әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді. Үкімет басында учредительное собрание мен Г.Дума қалауынша келісімді жылға сайланған президент болу..."24. Бір сөзбен айтқанда, Бөкейхан ұсынып отырған автономия буржуазиялық-демократиялық республика болатын. Сондай-ақ бұл көп ұлтты автономия. "Түбінде қазақ ұлты бір автономия бола қалса, іштегі орысты ала кетеміз бе деген үміт. Біздің қазақ ұлтының автономиясы енді тұрмыс халде туысқан автономиясы болар емес; жерге байлаулы автономия болмақ. Ішіміздегі орыс мұны мақұлдайтын көрінеді"25. Көп ұлттылық елдің экономикалық, саяси және мәдени дамуына қажет қолайлы фактор болмақ. Мәдени және саяси мешеулік ұлттық мемлекет құрудағы негізгі кедергілер екенін айтып, осы кемшіліктерден құтыла келіп, түпкі мақсат саяси дербес мемлекет түзу болатындығын Ә.Бекейхан жасырмай ашық білдірді де. Ол Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясынан кейінгі кезеңде Сібір автономиясы туралы жоспарды қолдау себебін түсіндіре келіп: "Біз ойладық, әуелде Сібірге сүйеніп, тасымалдап, жалғасып көшіп кетелік: жіп жалғап зор мемлекет күрмегінен құтылып ап, отау болып соңынан бөлінелік", — деп жазды. Ұлттық мемлекет құру Ә.Бөкейхан және басқа буржуазиялық-демократиялық бағыттағы интеллигенция өкілдерінің түпкі мақсаты болды. Олар 1905-1907 жылдарғы орыс революциясынан кейінгі кезеңде алғашында радикалдық, бағытта көрінген буржуазиялық конституциялық-демократиялық партияның құрамына еніп, конституциялық демократия шеңберінде қазақ ұлтына автономия алудан үміттенді де. Бірақ олардың бұл үмітінің негізсіз екендігін көп ұзамай уақыттың өзі де көрсетіп берді. Кадеттер партиясына үміт артқан тәжірибесіз ұлттық интеллигенция өкілдерінің онымен саяси-идеялық алшақтығы Ақпан төңкерісінен кейін біржола айқындала түсті. Ә.Бөкейхан "Мен кадет партиясынан неге шықтым?" деген ашық хатында ол туралы былай деп жазды: "Кадет партиясы жер адамға меншікті боп берілсе де жөн" дейді. Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұртша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сытырылып, жалаңаш шыға келеді. Кадет партиясы ұлт автономиясына қарсы. Біз, Алаш ұранды жұрт, жиылып, ұлт автономиясын тікпек болдық. Француз, орыс һәм өзге жұрттың тарихынан көрінеді, молла һүкіметтен ақша алса, сатылып кетеді. Рухани іс аяқ асты болады. Жалование алған моллалар үкіметке жетекшіл болып еріп кетеді. Біздің қазақ-қырғыз дін ісін көркейтетін болса, үкімет ісінен бөліп қойған оң болады. Оны орысша "отделение церкви от государства" дейді. Кадет партия менің бұл ісіме өзгеше қарайды. Осы үш жол айрылғаны биыл жазда ашыққа шықты. Мен сонан соң қазаққа Алаш партиясын ашуға кірістім. Мен мұны июльдегі жалпы қазақ съезіне айтқан едім"26. Хатта айтылған пікірлердің бәрі дерлік сол күйінде осы жылғы қарашада жарияланған Алаш партиясы бағдарламасының жобасында келтірілді. Жобаның VІІІ "Жұмысшылар" атты тарауында Алаш партиясы жұмысшылар турасында социал-демократтардың меньшевик тобының бағдарламасын жақтайды", — деп жазылды. Жандарм орындарының құжаттарында да көрсетілгендей, социалистермен бұрыннан байланысы бар Ә.Бөкейханның революциялық өрлеу барысында кейбір мәселелер бойынша меньшевиктер бағдарламасымен жақындасуы да кездейсоқтық емес болатын. Өз кезегінде Бөкейхан үшін кадет партиясынан шығып, ұлттық Алаш партиясын құру мемлекеттік суверенитетке жету жолында жасалған келесі саяси қадам еді. Егер 1905-1907 жылдары, одан кейінгі кезеңде де мұндай мақсаттың іске асыруға қажет шарттар түзілмеген болса, Ақпан төңкерісінен кейін елдегі қалыптасқан жағдай оған мүмкіншілік туғызды. Ә.Бөкейханның саяси өмірбаянында 1916 жылдың дүрбелеңі және майдандағы қара жұмысқа алынған қазақ жастарына көрсеткен азаматтық қызметі ерекше орын алады. 1916 жыл оқиғасына байланысты ғылыми әдебиетте болашақ Алаш партиясының негізін қалаған қазақ зиялыларының "сатқындық" ролі туралы пікір қалыптасқан. Бұл тұжырымды мәселеге қатысты фактілердің бәрін де талдау арқылы жасалынған деп айту қиын. Өйткені зерттеушілер "Қазақ" газетінде жарияланған екі-үш материал төңірегінде ғана сөз қозғап келді. Ал осы газетте ертерек жарияланған мақалалар мен мұрағатты құжаттар назардан тыс қалып қойды. Мәселен, әскерге адам беру мәселесін "Қазақ" 1915 жылы көтеріп (қараңыз: №166, 168, 177, т.б.), бүкіл қазақ жұртын қамтыған пікірсайыс туғызып, елдің ортақ пікірін біліп, мынадай тұжырымдар жасаған болатын: "Қазақтан осы соғыс үстінде солдат алынбау; солдат алудан бұрын метрике түзеу үшін муфтилікке қарау, лажсыз алынатын болғанда, жаяу солдат болмай, атты әскер болу, қазақ-орыспен жер-су һәм правода теңгерілу"27. Бұл тілектерді Мемлекеттік Дума мен Соғыс міністіріне жеткізу үшін арнайы өкілдік даярланды. Ол туралы газет 1916 жылғы 9-санында жарияланған "Г.Дума һәм солдаттық мәселесі" атты мақаласында "Бұл тілектерге ие болып, жалпы жұрт қара көрсетіп, қам қылғандығы білінбейді: тағдырға тапсырылып жай жатқан түрі бар. Солдаттық туралы қазақ халқының пікірін, тілегін хүкіметке, Думаға жеткізу үшін, олармен сөйлесіп жай-жапсарды түсіндіру үшін һәм облыстан бірер өкіл баруы тиіс еді. Бұл істі қалың қазақтан күту, қашпаған қашардың аузына қарағандай болатын болған соң, Дума ашылуға қарсы Самарадан Ғалихан Бөкейханов, Орынбордан Ахмет Байтұрсынов, Ақтөбе уезінен Нысанғали Бегімбетов 3 ақпанда Петроградқа жүріп кетті", — деп жазды. Олар аттана салысымен губерниялық жандарм бастығы генерал-майор Бабич губернаторға берген мәліметінде: "Уведомляю, Ваше Превосходительство, что передовые элементы мусульманского населения Оренбургской губернии выражают недовольство мусульманской фракцией Государственной Думы находя, что фракция ничего не делает для мусульман, почему когда председатель мусульманской фракцией Тевкелев прислал сюда Байтурсунову и Каримову приглашения с просьбой прибыть в Петроград для участия в совместных совещаниях, то оба они откликнулись на это приглашение и Байтурсынов уже выбыл туда 4-го сего февраля", — деп көрсетіп, одан ары, - "Байтурсынов явиться выразителем желании киргиз и будет поддерживать вопрос о назначении для киргиз отдельного Муфтия; об отбывании киргизами натуральной воинской повинности при непременном условии назначения их в конные полки, а не пешие; об урегулировании земельного вопроса и выражения протеста против наплыва переселенцев"28,— деп жазған болатын. Аталған үш адамнан тұратын бұл өкілеттіктің Думаның мұсылман фракциясында және Соғыс міністірі қабылдауында болғанымен, барған негізгі жұмысы нәтижесіз аяқталғаны мәлім. Соған қарамастан бұл тарихи факті қазақ қоғамының Мемлекеттік Дума мен мемлекеттік басқару аппаратында оның ұлттық талап-тілегін білдіретін өкілдердің жоқ жағдайында, бірі Самарада айдауда, бірі бар болғаны қоғамдық, қаржыға шығатын газеттің редакторы, ресми билік тарапынан жандармдық бақылауда жүрген азаматтардың өз еркімен ел аманатын мойындарына алып, астанада даярланып жатқан жарлыққа мүмкін болғанынша ықпал ету үшін жасалған ерлік әрекеті есебінде бағалануға лайық. 25 маусым жарлығы шығып, көтеріліс басталып кеткенде губерндік басшылар "Қазақ" газетін, оның редакторын, Бөкейхан мен Дулатұлын билікке қарсы бүлікке шақырушылар ретінде айыптап, үстерінен қатаң бақылау орнатты, газет редакциясын, уақытша редактор Дулатұлының үйін тінтіп, өзін сотқа тартып, жауап алды, газетті біржолата жауып тастау қаупі төнді. Бұған қосымша кейінгі оқиғалар көрсетіп бергендей, патша әкімшілігі қазақ даласына жазалау отрядын шығарып, көтерілген қарусыз халықты аяусыз басуға дайындалып жатты. Соның бәрін біле тұра халықты патша жарлығына бағынбауға шақыру елді үлкен адам шығынына, шаруашылық бүліншілігіне итеріп салумен тең еді. Міне, осындай жағдайда А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан және М.Дулатұлы қол қойған белгілі ашық хат жарияланды. Уақиғалар ағымы Ә.Бөкейхан пен А.Байтұрсынұлы бастаған топтың ұстанған бағыты дұрыс болғандығын көрсетіп берді. Көтеріліс аяусыз басылып, майдандағы жұмысқа қазақ жастары алынғаннан соң Ә.Бөкейхан бастаған бір топ қазақ зиялылары өз еріктерімен майданға аттанып, Петроградтағы билік орындарымен жүргізілген келіссөздерден соң, Минскі барып Батыс майдан штабы жанындағы земскі және қалалық одақтың бұратана бөлімін ұйымдастырып, оны басқаруды Ә.Бөкейхан өз мойнына алады. Бөлімнің міндеті майдандағы жігіттерге қажет тұрмыстық жағдай жасау және басқа түрлі көмектер көрсету еді. Бұратана бөлімі Қазақстаннан дәрігерлер, фельдшерлер шақырды, қазақ мұғалімдерін тартып, жігіттердің сауатын ашу үшін үйірмелер ұйымдастырды. Олардың арасында осы мезгілде "Еркін дала" ұйымы құрылды. "Қазақ" газеті майдандағы жігіттер мен қазақ даласын жалғастырушы көпірге айналды, жігіттерге қуат берді, саяси танымын өсірді. Осы тұстағы қазақ зиялыларының майдандағы жұмысшыларға көрсеткен ағартушылық (дәрігерлік және басқа азаматтық) қызметі ұлттық интеллигенция тарихының жарқын беттеріне жатады. Сол атқарылған істің басы-қасында Әлихан Нұрмұхамедұлының өзі тұрды. Майдандағы жұмысшы жігіттерге көрсеткен риясыз қызметі үшін ол құрметке бөленді, "Алаштың Әлиханы" атанды. Ә.Бөкейхан басқа да қазақ зиялылары сияқты Ақпан революциясын үлкен құлшыныспен қарсы алып, қазақ елінің ғасырлар бойы армандаған ұлттық теңдігіне қол жеткізетін сәт туды деп түсінді. "Қазақ" газеті осы жылғы наурыздың 9-ында шыққан санында "киіз туырлықты қазақтың оң жағынан ай, сол жағынан күн" туды, "жақсылық, қуаныш жалғыз ғана орыстікі емес, Отаны Россия болған жұрттың бәріне тегіс жақсылық, бәріне тегіс қуаныш" деп жазды. Ал осы газеттің 24-і күнгі санында Минскідегі Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы, М.Есболұлы бастаған бір топ қазақ зиялыларының Қазақстанның сол тұстағы негізгі орталықтарына (25 адрес) жолдаған жеделхат мәтінін жариялады. Онда: "Ресейдегі барша халыққа ағайындық, теңдік бостандық күні туды. Жаңа құрылған үкімет дүкенін нығайту үшін тегі басқа барша халықтармен үйір болуға керек. Учредительное собрание сайлауларына қазақ болып қамдану керек... Көксерлік жұмыстарың — бірлік, әділдік болсын!.. Құдайдан басқа ешкімнен қорықпаңдар, әділдікпен іс істеңдер, жаңа үкіметті сүйеңдер... Халықтың көңілін білдіріңдер",— деп үндеп, Россияның саяси құрылысына байланысты негізгі талап, "Біз қалайтын патшалық түрі — демократическая республика, яғни мал өсіріп, егін салып, жерге ие боларлық түрі",— деп жазды. Міне, осы кезден бастап Ә.Бөкейхан Уақытша өкіметтің саяси өміріне белсене араласады. Өз ретінде Уақытша үкімет те ұлттардың өзін-өзі билеу құқығын мойындауға ыңғай танытқандай болып, жергілікті билікке сол халықтардың өз өкілдерін тарта бастайды. 1917 жылғы сәуірде құрылған 9 адамнан тұрған Түркістан комитетінің мүшелігіне Қазақстаннан Ә.Бөкейхан мен М.Тынышпаевтың енуі соның дәлелі еді. Ә.Бөкейхан жаңа биліктің Торғай облысы бойынша комиссары болып бекітілді. Ә.Бөкейханның комиссарлық қызметі - арнайы әңгіме етуге лайық тақырып. Егер оған қысқа баға берумен шектелсек, онда мынаны айтуға болады. Уақытша үкімет ең негізгі мәселелерді шешуден қашып, оларды Бүкілресейлік Құрылтай құратын биліктің еншісіне қалдырғаны мәлім. Оның шет аймақтағы комиссарлары да осы бағытты ұстанды. Ә.Бөкейхан да ұлттық автономия, жер және басқа өмірлік мәселелерді Бүкілресейлік құрылтай арқылы шешуден үміттенді. Бірақ сол тұстағы ұлт-азаттық қозғалыс қайраткерлері Бүкілресейлік құрылтайға үміт артып, қол қусырып отырған жоқ болатын. Ақпан революциясының артын ала, көкек айынан бастап барлық қазақ облыстарында ұлттық интеллигенцияның ұйымдастыруымен үлкенді-кішілі съездер өткізіле бастайды. "Қазақ" газеті "Съезд жасау" деген бас мақаласында "әуелі, қазіргі болған өзгерістердің мақсат, мағынасын түсіну үшін, екіншісі, учредительное собраниеге лайық адамдарды сайлау мақсатында алдымен облыстық съездер өткізуге шақырды. Жер мәселесі, мемлекеттік құрылыс, халыққа білім беру жүйесі сияқты кезек күттірмейтін мәселелерді қараған бұл съездердің жалпы демократиялық сипатын айта келіп, сонымен бірге олардың ел өмірінде үлкен тарихи кезең болғандығын, терең революциялық құлшыныс туғызғандығын айтпай өту мүмкін емес. Бұл жиындарға қатынасқан өкілдер өз сөздері мен ұсыныстарында халықтың ескі тәртіпке шексіз наразылығын білдіріп, қазақ елінің өзін-өзі басқару құқын қанағаттандыруды талап етті. Тарихшы А.К.Бочагов 1927 жылы жарық көрген еңбегінде: "Бұл съездер халықтың ескі патшалық тәртіпке қарсы жылдар бойы жиылған кегінің көрінісі болды және сонымен бірге халықтың өзін өзі басқару, ұлттық үкімет құру, отарлау саясатының тоқталуы, ұлттық мектеп, сот, милиция ұйымдастыру, т.б. үміттерінің көрінісі болды"29, — деп орынды жазған болатын. Шілдеде жалпықазақ съезі "Қазақ саяси партиясы туралы мәселе қарап, күрделі саяси жағдайда "қазақ халқының өз алдына саяси партиясы болуын тиіс көріп", оның бағдарлама жобасын жасауды Бүкілресейлік Шураи ислам съезіне сайланған өкілдерге тапсырды. "Қазақ" газеті партияның орталық баспа үніне айналды. Алаш партиясының жергілікті комитеттерінің құрылуы баяу жүрді. "Қазақ" газеті 1917 жылғы 14 ноябрьдегі санында Орынборда Торғай облыстық комитетінің ашылғандығын, оған бар болғаны 14 адам (Орынбордан — 10, уездерден — 4) енгендігі жариялады. Осы хабарда партияның мүшелік жарнамасы 1 сомнан екендігі айтылды. Тура осы мезгілде Ақмола, Семей, Орал, Жетісу облыстық комитеттері де құрылды. Партияның бағдарламасы (жоба түрінде) "Қазақ" газетінің осы жылғы 251-і санында жарық көрді. Бағдарлама құрылтай жиналысы депутаттарының, желтоқсан жалпықазақ съезінің талқылауына түскен жоқ, бірақ бұл құжатта айтылған негізгі ойларды ұлт-азаттық қозғалыс қайраткерлерінің өз жұмысында басшылыққа алғандығы даусыз. Кезінде тарихшы Н.Мартыненко "Қазақ" газетінде жариялаған Алаш бағдарламасы жобасының орыс тілінде аударылған нұсқасын өзі даярлаған жинаққа енгізген болатын30. Соңғы жылдарға дейін "Қазақ" газетінің қолға түспеуіне байланысты, тарихшылар негізінен осы Мартыненко аудармасын пайдаланып, сол бойынша тұжырымдар жасап келді. Белгілі бір саяси мақсатты көздеген бұл аудармада Алаш бағдарламасындағы аса маңызды принциптік ойларды саналы түрде бұрмалаушылық орын алған еді. Мәселен, біріншіден, ұсынылып отырған мәтіннің жоба екендігі ескерілмеді, демек, оқырман оны қабылданған бағдарлама есебінде қабылдауы керек еді, екіншіден, аудармада жоба тарауларының аты аталмай, құжаттың саяси-әлеуметтік бағыты әдейі солғын көрсетілді. Бір-екі мысал келтірейік. "Мемлекет қалпы" атты тараудағы "федерация мағынасы құрдас мемлекеттер бірлесуі" деген сөйлем "федерация — союз мелких государств" есебінде аударылып, мүлдем басқа реңк алды. "Жер мәселесі" атты тараудағы "бұрын алынған жерлердің (мемлекет алып қоныстанушыларға берген. — М.Қ.) мұжық отырмағандары қазаққа қайтуы" деген сөйлем, Мартыненко аудармасында: "Все ранее отобранные у киргиз переселенцами земли должны быть возвращены обратно" деп ашықтан-ашық бұрмаланды. Осы тараудағы "сыбаға өлшеу — норма жердің топырағы мен шаруашылық түріне қарай жасалу" деген сөйлем "киргизы должны получить земли с более плодородной почвой" деп аударылды. Бағдарламаның саяси және әлеуметтік мазмұнын мейлінше реакциялық тұрғыдан тұқыртып көрсетуді көздеген бұл аударма оқырманға Алаш партиясын жікшілдік "Қазақстан қазақтар үшін!" деген тар ұлтшылдық, ескі феодалдық тәртіптерді бұзылмаған күйінде қалдыруды көздеген саяси ұйым етіп көрсетуді мақсат етті. Әрбір құжаттың саяси, әлеуметтік мазмұнын бүгінгі биіктен емес, ол өмірге келген мезгіл, оқиғалар ағымында қарағанда ғана тура түсінуге болатындығы мәлім. Бағдарлама жобасының, жалпы алғанда, буржуазиялық-демократиялық сипатын, қоғамдық-саяси құрылыста, әлеуметтік-таптық мәселелерде солғын тұстары болуы мүмкін екендігін мойындай отырып, сонымен бірге оның ұлттық мемлекеттік тұтастық, жергілікті халықтың жер байлығын талан-тараждан қорғау, оқу-ағарту ісін халық мүддесіне сай құру сияқты ұсыныстары қазақ қоғамының өз еркіндігі мен теңдігі үшін күресі барысында өмірге келген аса маңызды тұжырымдар болатын. Ал "Алаш" бағдарламасының жобасына басқа ресейлік партиялар бағдарламасына еліктеушілік нәтижесінде пайда болған құжат, солардан алынып жазылған "қойыртпақ" ретінде қарау, әйтеуір қалай болғанда да Алаш қозғалысының ұлттық негізін жоққа шығару, сол арқылы "Алаш интеллигенциясы" атанған әлеуметтік топты халыққа қарсы қою әрекетінен туындаған пиғыл еді. Әрине, еуропалық түсінік өлшем тұрғысынан алғанда «Алаш саяси партия деңгейіне көтеріле алмағандай болып көрінуі әбден мүмкін. Бірақ қазақ қоғамының сол тұстағы қоғамдық даму ерекшелігін ескерсек, ол саяси партия есебінде өз міндетін белгілі дәрежеде атқара алды және бұл ретте ұлт тарихында өшпес терең із қалдырып кетті деп айтуға негіз бар. Ол күрделі 1917 жылдың күзінде мынадай үш ірі мәселенің дұрыс шешілуіне үлкен үлес қосты. Біріншіден, партия мүшелері халық арасында, қазақ зиялылары ішінде ең алдымен шешілуге тиіс жалпы ұлттық зәру мәселелерді талқылауға мұрындық болып, сол мәселелер бойынша ортақ тұжырымдар жасауда басты роль атқарды. Бұл тұжырымдар партия бағдарламасының жобасына енді. Екіншіден, партияның ұйытқысы болған қайраткерлер қазақ елінің Алаш автономиясы атанған ұлттық мемлекетінің өмірге келгенін жария еткен екінші жалпықазақ съезін (1917, желтоқсан) дайындап, өткізді. Осы съезде өмірге Алашорда — ұлттық Кеңес өкіметі - келгені мәлім. Оның мүшелері түгелдей дерлік өздерін Алаш партиясының мүшесі санағандығы күмән тудырмаса керек. Үшіншіден, осы жылғы қарашада болып өткен Бүкілресейлік құрылтайға депутаттар сайлауында барлық қазақ қайраткерлері Алаш партиясының атынан тіркелді және осы ұйымның атынан делегат болып сайланды. Әрине, объективті жағдай, күрделі де қатал өмір ағымы Алаш партиясының саяси күреске білек түріп араласып кеткен саяси күшке айналуына мүмкіндіктер бере қоймады. Қым-қиғаш Азамат соғысы тұсында мұндай міндеттерді тек Алашорда атанған үкімет қана атқара алатын еді. Ә.Бөкейханның 1917 жылы, әсіресе оның күзі мен қысында мемлекеттік еркіндікке жетудің түрлі жолдарын қарастырғандығын байқауға болады. Мәселен, ол осы жылдың күзіне қарай Г.Н.Потанин бастаған Сібір автономистерімен қатынас жасап, Сібір автономиясы құрыла қалған күнде Қазақстанның оның құрамына енуін жақтады. Бірақ бүкіл империя көлемінде жағдайдың күн өткен сайын шиеленісе түсуіне байланысты, бұл пікірдің іске асуы екіталай еді. Уақытша үкіметтің қолынан саяси билік біртіндеп ұзай берді. Пәрменді биліктің болмауы ел ішінде түрлі террористік актілерге жол ашып берді. Бұл жағдай, әсіресе қолында қаруы жоқ қазақ сияқты жұртқа ауыр тиді. Барлық жерде зорлық-зомбылық етек алды. Міне, осындай жағдайда Ә.Бөкейхан пен А.Байтұрсынұлы бастаған бір топ қайраткерлердің ұсынысы және ұйымдастыруы бойынша 1917 жылы 5-13 желтоқсан күндері Орынбор қаласында қазақ мемлекеті туралы мәселе қараған жалпықазақ съезі болып өтті. Съездің күн тәртібінде тұрған ең негізгі мәселе — ұлттық автономия -туралы баяндама жасаған Ә.Бөкейхан болды. Съезд бұл мәселе бойынша қарар қабылдап, онда Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен уақытша "ұлт Кеңесін құрып, оның аты "Алашорда" болсын" деді. Он бес адамнан тұрған бұл өкіметтің төрағасы болып көпшілік дауыспен Ә.Бөкейхан сайланды. Бұл, әрине, Әлихан Нұрмұхамедұлының өзін бақытты сезінген сәттерінің бірі еді. Империя көлемінде қалыптасқан жағдай Алашорда өкіметіне келесі 1918 жылдың күзіне дейін іске кірісуге ырық бермеді. Ал оның төрағасы Қазан революциясы жеңгеннен кейінгі кезеңде жасырынып жүріп қызмет атқаруға мәжбүр болды. Өйткені ол қазақ қоғамына қатысты негізгі мәселелер бойынша большевиктердің бағдарламасын қолдамады, Кеңес үкіметін «найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен" орнаған билік деп түсінді. 1917 жылғы 10 желтоқсанда "Южный Урал" (Орынбор) газетінде жарияланған үндеуінде ол В.И.Ленинді, большевиктер партиясын демократиялық принциптерді аяқ асты етушілер есебінде айыптады. Азамат соғысы басталып кеткеннен кейінгі кезеңде Ә.Бөкейхан бастаған Алашорда үкіметі баррикаданың екінші жағында, яғни кеңес билігіне қарсы күресіп, ақ казактар мен патша генералдарының соңынан ерді. Қазақ қоғамынан шыққан коммунистерді өлім жазасына кесу туралы жарлықтарға қол қою оның осы ұстанған бағытынан туындағаны өзінен-өзі түсінікті. Ә.Бөкейхан мен оның серіктері большевиктер партиясы ұсынған жоспарды қазақ қоғамын үлкен апатқа ұрындыруы мүмкін тәжірибе есебінде бағалап, ал қазақ коммунистерін орталық биліктің қол шоқпары ретінде айыптады. Бұрын-соңды құжаттармен мұқият таныса келгенде, Ә.Бөкейханның саяси күресте мейлінше таза болғандығын, лас әдістерді мойындамағанын аңғару қиынға түспейді. 1919 және 1920 жылдары В.И.Ленин басқарған Кеңес үкіметінің Алаш қозғалысына қатысқандарға жариялаған кешірімінен кейінгі уақытта да Ә.Бөкейхан өз принципіне сенімділігін таныта білді, Кеңес билігіне бағытталған әрекеттерге араласқан емес. 1929 жылы 27 мамырда ОГПУ тергеушілеріне берген жауабында ол былай деді: "1919 жылы Алашорда ыдырағаннан кейінгі уақытта біздің бұрынғы алашордашыл ұлтшылдардың арасында Кеңес билігіне қарсы белгілі бір ұйымға бірігу, ұйымдасқан күрес жүргізу әрекеті болған емес. Жалпы ұлтшылдық қызмет туралы ешкіммен де пікір алысқаным жоқ, ұлтшылмен ұлтшыл ретінде тек Байтұрсынұлы және Дулатұлымен ғана жақын сырласуым мүмкін, бірақ олармен де ұлтшылдар тактикасы жөнінде сөйлескенім жоқ, ал олармен бұл тақырыпқа байланысты сөйлесе қалған күнде тағдырымызға налып, өксумен болдық"31. Кеңес билігі тұсында да Әлихан Нұрмұхамедұлы туған елі үшін белсенді қызметтен бас тартқан емес. Өкінішке орай, Сталин басқарған жоғары билік революцияға дейінгі қазақ интеллигенциясына, оның белгілі лидері Ә.Бөкейханға сенімсіздік танытты, қоғамдық қызметін белгілі бір қалыпқа салып, шектеп отырды. Соған қарамастан ол 1932-1927 жылдары Москвада КСРО халықтары орталық баспасында әдеби қызметкер болып жүріп, өз елінің рухани өсуіне елеулі үлес қоса білді. Осы жылдары оның қаламынан туған көптеген кітаптар, аудармалар, түрлі тақырыптарға жазылған мақалалар соның айғағы. 1927 жылы 1 қазанда "штаттың қысқартылуына байланысты", ал шын мәнінде БКП(б) Орталық Комитетіндегі қызметкерлердің нұсқауы бойынша қызметтен босатылған Әлихан Нұрмұхамедұлына берілген мінездемеде былай деп жазылды: "Орталық баспада жүргізілген өзінің ғылыми және әдеби қызметі кезінде азамат Ә.Н.Бөкейханов қазақтардың тілін, шаруашылығын және тұрмысын өте терең білетіндігімен қатар, өзіне жүктелген міндеттерге үлкен адамгершілікпен қарайтындығын танытты". 1925 жылы Қазақстандағы саяси билікке Голощекин келгеннен кейінгі уақытта республикадағы жер мәселесі қайтадан шиеленісе бастайды. Оған себепші болған бұл мәселені шешуде бірінші кезекте ескі патшалық билік тұсында көп зардап шеккен қазақ бұқарасының мүддесін есепке алудың орнына, орталық биліктің қолдауына сүйене отырып, отарлаудың жаңа кезеңін ашуды көздеген жаңа басшылықтың өктем саясаты еді. Біздің пікірімізше, ғасырлар бойы өз шешімін таппай келген жер мәселесі Қазақстанда революциядан кейінгі алғашқы кезеңде ұлттық принцип негізінде шешілуі толық мүмкін еді. Мәселен, кезінде патша үкіметі күштеп тартып алған құнарлы жерлерді өз иелеріне қайтару, ішкі Ресейден көшіп келіп қоныстанушылар легіне шек қою, т.с.с. Осы әділдікті мойындай отырып, V Өлкелік партия конференциясы (1925 ж., желтоқсан) жер мәселесін арнайы қарап, қарарында "Жерге орналастыру саласында ең алдымен байырғы халық, әсіресе олардың отырықшыланып жатқандары жөнінде міндет қойылатын болсын" деп көрсетті. Қай тұрғыдан болса да құқықты бұл шешім іске аспай қалды. 1926 жылы 26 ақпанда Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті Қазақстандағы басшылықпен көп кеңесіп жатпай-ақ, V Өлкелік партия конференциясында бекітілген жерге орналастыру шараларын жоққа шығаратын арнайы қаулы қабылдайды. Орталықтың қолдауына сүйенген Голощекин VІ Өлкелік партия конференциясында Қазақстанда жерге орналастыру процесін ұлттық негізде емес, таптық негізде жүргізу туралы шешім қабылдады. Бұл іс жүзінде жаңа переселендерге жол ашу еді. Конференция шешімін сол тұстағы республика егіншілік халкомы Ж.Сұлтанбеков переселен шенеуніктерінің қолынан шыққан, отаршылдық рухтағы құжат есебінде бағалайды. И.Нұрмақов, С.Сәдуақасов сияқты қайраткерлер де осындай пікірде болды. Қазақ елінің мүддесіне төнген қауіпті тура түсінген Ә.Бөкейхан осы тұста жаңадан отарлау саясатына жол бермеу үшін, қазақтарға қажет жер нормасын анықтау мақсатында КСРО Ғылым академиясы жанынан профессор С.П.Швецов бастаған экспедицияны құру ісінде белсенділік танытып, оның құрамына өзі де енеді. Қазақстанда жаңа қоныстанушыларға жарарлық артық жер жоқ екендігін ғылым жүзінде дәлелдеп берген бұл комиссияның жасаған тұжырымдары мен ұсыныстары Голощекинге және орталық мекемелерге ұнай қойған жоқ-тын. Голощекин VІ Өлкелік партия конференциясында жасаған баяндамасында Сұлтанбековтің ҚСРО Ғылым академиясы жанынан құрылған Қазақстандағы жер нормасын анықтау комиссиясының мүшесі Ә.Бөкейханға барып жолығуына мынадай баға берді: "Сұлтанбеков жер нормасын анықтауға Москваға барып, нұсқаулар алу үшін өлкелік комитеттің жауапты хатшысына жолықпай, Әлихан Бөкейханға жолығады. Бұл масқара емей не?"32. Ал бұл хабарды өлкелік комитетке "дер кезінде" жеткізген М.Төлепов болатын. Ол хатында: "Үстіміздегі жылдың Шілдесінің соңында егіншілік халкомы Сұлтанбеков жолдас Қырымға бара жатып Москваға тоқтады. Сұлтанбеков жолдас заттарын қонақ үйіне қалдырып, тура сол күні Әлихан Бөкейханға барып ... кешті сонда өткізді. Таңертең олар әңгімелерін тағы да жалғастырады. Бөкейханға жолыққаннан кейін ол Төреғожин және М.Төлеповпен әңгімелескенде былай дейді: "Әлихан Швецовпен сөйлесіп, ойлағандай етіп бітіруге уәде берді. Әңгіме орталықтағы мекемелер келіспей отырған Қазақстандағы жер нормасы хақында болатын. Менің ойымша, партияның күрделі ішкі істерін "Алашорда" басшыларымен талқыға салуға болмайды. Өйткені соның нәтижесінде, партия қарарына, әсіресе Егіншілік халкомы сияқты аса маңызды мекемелерге большевиктер идеологиясына жат, өте реакциялы алашордалық идеологияның енуі әбден мүмкін, ал ондай жағдайда біздің жұмысымыз қиындай түспек"33. Бұл, әрине, Голощекинге таптырмайтын материал еді. Ол жер мәселесінде қазақ коммунистері ауытқушылық жіберіп отыр, ал ол ауытқушылықтың негізгі көрінісі бірінші кезекке таптық емес, ұлттық факторларды қоюларында, сөйтіп Бөкейхан бастаған алашордашылардың жер жоспарын іске асыруға күш салуларында деп көрсетті. Комиссияның жұмысы толық аяқталмай жатып 1926- жылы Ә.Бөкейханды контрреволюциялық қызмет жүргізді деген желеумен ОГПУ қызметкерлері Ақтебеде тұтқынға алады да, Москваға, Бутырка абақтысына жонелтеді. Бірақ оны 15 күннен соң шығарып жіберуге мәжбүр болады34. Зорлықшыл биліктің бұл қоқан-лоққысы күресте ширыққан қайраткердің жүрегін шайлықтыра алған жоқ еді. Келесі 1927 жылы одақтық егіншілік комиссариатында ол профессор Швецов ұсынған жер нормасын қорғап сөз сөйлеп, отаршыл пиғылдағы шенеуніктерді әшкерелеп сынға алады. Мәселен, ол Қазақстанға қоныс аудару бағытын қолдаған профессор Верещагинге жауап сөзінде: "Профессор Верещагин бұрын да қазақтардың жерін тартып әперіп, орыс помещиктері мүддесін қорғаған еді. Егер ол айтқандай, Тула шаруалары шынымен де жерге мұқтаж болса, біз қазақтар олармен Верещагин сияқтылар арқылы емес, тікелей келіссөз жүргізуді қалаймыз. РСФСР Егіншілік комиссариаты ұсынып отырған жер нормасы қазақтарды қанағаттандыра алмайды, өйткені ол көбірек артық жер шығаруды көздейді. Сондықтан да бұл нормалар болашақта Қазақстанда жаңа отарлау саясатын жүргізуге бағытталған"35, — деп бетке айтады. Бұл бар өмірін өз халқының болашағы үшін күреске арнаған үлкен саясаткердің ашық та ашына айтқан соңғы сөзінің бірі еді. Алашордалық қайраткерлерге қарсы 1928 жылы басталып кеткен сот процестері Ә.Бөкейхан мен оның пікірлес серіктерін саяси өмірден біржола ығыстырып тастаған болатын. Әлихан Нұрмұхамедұлы 1922 жылдан бастап Москвада, ОГПУ орындарының бақылауында тұруға тиіс болды. Үкімет орындарының, жеке адамдардың оны Қазақстанда тұрып, қызмет істеуіне рұқсат сұрап құдіретті орталыққа жасаған өтініштерінен нәтиже шықпайды. Ұлт азаттық қозғалыстың басшысына Москвадан ұзап шығуына тыйым салынады. 1928 және 1930 жылдары екі мәрте Алаш қозғалысының ең белсенді қайраткерлері тұтқынға алынып сотталғанда, ОГПУ орындары Әлихан Нұрмұхамедұлын бір-ақ рет шақырып түсінік алумен тынады. Құпия полиция орындарының Бөкейханды да жауып қоймай, сырт қалдыруын шамалап түсінуге болады. Бөкейханды тұтқындау арқылы олар өз пиғылын қоғамдық пікір алдында тым айғақтап алудан қаймықты. 1937 жылы 27 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Соты әскери коллегиясының негізсіз үкімі бойынша ату жазасына кесілген Әлихан Бөкейхан 1989 жылғы 14 мамырда КСРО Жоғарғы Сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан ақталады36. Әр заманның өзіндік көкейтесті мәселелері болған. Әлихан Нұрмұхамедұлы мен оның серіктері өмір сүрген дәуірде қазақ қоғамы алдында тұрған ең өзекті мәселе ұлттық теңдік, саяси бостандық еді. Әлихан Бөкейхан мәселелердің жоқтаушысы ғана емес, бүкіл қазақ елінің саяси қайраткері ретінде осы күрес жолындағы көш бастаушысы да болды. Ұлы қайраткердің соңына ерген інілерінің бірі, азаттықтың тағы бір құрбаны Жүсіпбек Аймауытұлы оған арнау сөзінде: "Қараңғыда қан жылап, қаңғырған күнде басыңды қазақ жолына құрбан қылған ағамыз, асқар беліміз! Өміріңде жүрген жолың біздей інілеріңізге жағып қойған шамшырақ",— дегенде, асыра айтып, қателескен жоқ еді.
Алашорда үкіметінің төрағасы
Өз қызметінде таптық және пролетарлық интернационализм принціптерін негізге алған большевиктер партиясы билікке келген әуелгі күннен-ақ ұлттық мүддені негізгі мұраты санаған Қазақстан сияқты шет аймақтардағы қозғалыстар мен партияларға пролетарлық революцияның салтанатты шеруі жолындағы кедергі есебінде қарады. Бұл позиция оның ішкі және сыртқы саясатында (халықаралық коммунистік қозғалысқа қатысты) бірдей көрініп, әсіресе Сталиннің жеке билігі кезінде жетекші үрдіске айналды. Соның нәтижесінде бұрынғы империяның шет аймақтарында дами бастаған ұлттық қозғалыстарға үзілді-кесілді түрде жұмысшы табының позициясына өту ұсынылса, БК(б)П басшыларының ықпалында болған Коминтерн жетекшілері халықаралық ұлт азаттық ағымдарға да дәл сондай мазмұн таңуға тырысты. Мәселен, Никарагуа ұлт азаттық көтерілісінің басшысы генерал Сандино кезінде Коминтерннің осы сипаттағы әрекетіне байланысты мынадай пікір айтқан болатын: "Ұлттық мүддені қорғауды мұрат тұтқан біздің қозғалысымызды алған бағытынан тайдырып, оған әлеуметтік (таптық — М.Қ.) мазмұн беруді көздеген бірнеше әрекеттер жасалынды. Мен оған бар мүмкіндігіммен қарсылық көрсеттім. Біздің қозғалысымыз - антиимпериалистік бағыты бар ұлттық қозғалыс"37. Ретіне қарай айта кетелік, қоғамдық дамудың антиимпериалистік күрес сатысында тұрған елдерде құрылған компартиялар өз қызметінде таптық мүддені бірінші кезекке қоя отырып, бұқараның басым көпшілігін соңынан ерте алған жоқ. Оның негізгі себебі туралы Дж. Нерудің айтқан пікірі шындыққа жақын. Ол былай деп көрсеткен: "...коммунистік партия... өзін ұлттық сезімнен алыс ұстап, халықпен түсініксіз тілде сөйлеседі. Сондықтан да ол қуатты болғанымен, халық арасында тамырын жая алмаған шағын топ дәрежесінде қалып отыр"38. Большевиктер партиясы Қазақстанда "жолына көлденең тұрған" ұлт-азаттық қозғалыс интеллигенциясын ығыстырып, еңбекші бұқараның таптық сезімінде ойнау арқылы оны өз жағына қаратып бақты. Бірақ ол жергілікті халықтың тарихи қалыптасқан ерекшеліктерін терең меңгерген, өзінің әлеуметтік саясатын соған негіздеген саяси күшке айнала алмады. Ол, Дж. Нерудің сөзімен айтқанда, Россияға пайдалы нәрсенің бәрі де міндетті түрде империяның шет аймақтағы халықтары үшін де пайдалы болуға тиіс деп түсінді. Сондықтан да орталықта жүзеге асырылған шаралар асқан асыра сілтеушілікпен және анайылықпен Қазақстанда да іске асырылып жатты. Мұндай қызметтің "ұлы нәтижелерін" біз, әрине, білеміз. Ал, осы сорақы қателіктер әдебиетте қалай баяндалды? Тоталитарлық тәртіп жағдайында ғылым — саясаттың құралы. 20-жылдардың екінші жартысынан бастап-ақ тарихтану ғылымына Қазақстандағы өзгерістерді объективті тұрғыдан баяндау емес, партиялық аппарат шешімдері мен қызметінің дұрыс екендігін теориялық дәрежеде негіздеу міндеті жүктелді. Осы мақсатқа қызмет ететін тарихшылардың алғашқы буыны да қалыптасып үлгерді. Үлкен өкінішке орай, зерттеушілердің бұл буыны ғылым ретінде тарихтануға тән кәсіптік әдістемелік талаптарды аса құрмет тұтқан жоқ. Зерттеу жұмысында бірінші кезекте объективті шындық емес, идеологиялық, тар партиялық мүдделер тұрғанда солай болуы да заңды еді. Сондықтан да олардың еңбектерінде көзге ұрып тұрған принциптік кемшіліктер жеткілікті болатын. Солардың біріне тоқтала кетелік. Кез келген тарихи үрдісті ғылыми тұрғыдан баяндаудың алғышарты - сол процеске қатысты фактілердің мейлінше толық қамтылуы. Сондай-ақ фактінің де фактісі бар. Ұлт азаттық қозғалыс мәселелерін баяндауда, әсіресе оның ішкі динамикасын беруде сол қозғалысты жүргізуші халықтың тілінде өмірге келген деректерде берілген фактілердің орны ерекше. Анығырақ айтқанда, ол фактілерсіз қозғалыстың табиғатын түсіну тіпті де мүмкін емес. Тарих ғылымымен бірге жасап келе жатқан осы қарапайым шындық жалпы қазақ тарихын жасауда, әсіресе Алаш қозғалысына келгенде аяқ асты болып келді. Біз бұл арада Алаш интеллигенциясының қолынан шыққан басылымдар мен еңбектердегі әлеуметтік-экономикалық және саяси фактілерге нұсқап отырғанымыз рас. Сонымен бірге біз сырт көзге, басқа мәдениет өкіліне сыр аша бермейтін рухани өмір фактілеріне баса назар аудару қажеттігін айтқымыз келеді. Қазан революциясы қарсаңындағы және одан кейінгі кезеңдегі қазақ қоғамының рухани болмысын дәл және терең бейнелеген М.Дулатұлы, О.Қарашев, С.Торайғыров, М.Жұмабаев және басқа ақын-жазушылардың шығармалары жай көркем туынды емес-тін. Омар Қарашевтың:
Мезгілсіз ерте туған таңнан қорқам,
Жауынсыз, құр желдеткен шаңнан қорқам,
Таң туды, мезгіл жетті деп адасып,
Құрылған қараңғыда заңнан
қорқам...
Теңгеріп жарлы-байды, құрып
ұжмақ,
Теп-тегіс жұртқа жеткен тойдан
қорқам, деген жолдарының астарында, большевиктік идеологтар айтқандай, "социалистік революцияның салтанатты шеруін қабылдай алмаған қазақ буржуазиялық интеллигенциясының үрейі" жатқан жоқ, Ахмет Байтұрсынұлы дәл басып көрсеткендей, бұлыңғыр таптық азаттықтан гөрі ұлттық бостандықты күткен қазақ елінің қаупі жатты. Сөйтіп, қазақ тіліндегі құжаттарға менсінбей қараушылық, халықтың рухани өміріне қатысты фактілерді елемеу өз кезегінде теориялық деңгейі төмен таяз еңбектердің өмірге келуіне себепші болып қана қойған жоқ, сонымен бірге түрлі әлеуметтік жалған интернационалдық ұрандарды жамылған, ал іс жүзінде ұлыдержавалық шовинистік пиғылдағы «еңбектердің өмірге келуіне жол ашты. Тарих ғылымында қалыптасқан осындай жағдайдың нәтижесінде "қазақ бұқарасының таптық мүддесіне қарсы шыққан, тар буржуазиялық-ұлтшылдық мақсаттарды көздеген" Алашорда үкіметі туралы аңыз пайда болды. Ал шындық қандай еді? Бұл үкімет қандай тарихи жағдайда өмірге келіп еді және қандай мақсаттар үшін күресті? Тар таптық партиялық принциппен қаруланған кеңестік тарихтану Алашорда үкіметінің пайда болуын ең алдымен қазақ буржуазиялық-ұлтшыл интеллигенциясының кеңес үкіметі мен большевиктер партиясы қызметіне қарсы бағытталған әрекетімен байланыстырды. Ал, мемлекеттік бірліктің белгілі бір таптың белсенді саяси қызметі нәтижесінде ғана емес, сонымен бірге отарлық езгіге қарсы күрес жағдайында жалпы ұлттық сұраныс нәтижесінде өмірге келіп, белгілі бір кезеңге дейін ұлттық бірлік пен тұтастыққа, жалпы ұлттық мүддеге қызмет етуі табиғи құбылыс екендігі есепке алынбады. Бұл — біріншіден. Екіншіден, Алашорда үкіметінің өмірге келуіне тікелей себепші болған жағдай уақытша үкіметтің басқа да шет аймақтардағыдай Қазақстанда да ең өзекті ұлттық мәселелерді шеше алмаған әлжуаз, тұрақсыз саяси билікке айналуы, оның арты бүкіл империяны қамтыған анархияға, зорлық пен зомбылыққа ұласуы еді. Қазақстанда жер мәселесінің шешілмеуі, қоныстанушылар легінің толастамауы, атты казак әскері, қарулы солдат пен қоныстанушылардың панасыз жергілікті халық үстінен жүргізген озбырлығының өрши түсуі соның айғағы болатын. Бір жағынан ұлттық еркіндік үшін күрес жаңа тыныс алып, халықтың өз бостандығы жолында шешуші майданға шығуға даярлығы анық байқалса, екінші жағынан, керісінше, отаршыл күштер (атты казак әскері) мен оның жергілікті сүйеніш-тіректері (переселендер, соғыстан қайтқан солдаттар) ұлт-азаттық қозғалысты басып-жаншуға бейімділік танытты. Елдегі осындай жағдайдан хабар бере отырып "Қазақ" газеті 249-нөмірінде мынадай мағынадағы жеделхатты жариялады: "...Пішпектегі қазақ, қырғыз, сарт халықтарының тынышы кетіп тұр. Солдаттар, солдат қатындары, тағы да кім екені белгісіздер күндіз-түні демей ұрлап, талап, ұрып-соғып қатты жәбір беріп тұр. Теңдік заман туды десек те, біздің Жетісу ескі зорлықтан құтыла алмай тұр". Елдің түрлі аудандарындағы осы сипаттағы жағдайдан хабар беретін материалдар "Қазақ", "Сарыарқа", "Бірлік туы" және басқа басылымдарда жарық көріп жатты. Жергілікті халық пен орыс переселендерінің арақатынасының шиеленісіп кетуіне байланысты, Уақытша үкімет жергілікті қоғамдық ұйымдар мен билік орындарының талабы бойынша 1917 жылы қыркүйекте Жетісуда әскери жағдай жариялауға мәжбүр болды. Қазақ қоғамы үшін, әсіресе "кімде-кім бізді қолдамаса, ол — жау" деп ұран тастаған казак атты әскері қауіпті күш еді. Ол жөнінде сол кездегі тарихи оқиғалардың куәгері Асфендияр Кенжин: "Киргизия, охваченная в виде полумесяца землями казаков, настроенных контрреволюционно, не могла так или иначе держать себя нейтрально. Понятно, для такого нейтралитета ей нужно иметь солидный вес (воруженную силу), чтобы с Киргизией считались как с определенной величиной"39,— деп жазды. Міне, осындай жағдайда ел қамын ойлаған саясаткерлер санасында ұлттық мемлекет туралы мәселенің пайда болуы толық негізді болатын. Тура осы ойды білдіре отырып, "Қазақ" газеті 1917 жылғы 26 қараша күнгі санында жарияланған "Ел қорғау" деген бас мақаласында: "Ел қорғау екі түрлі: халықтың құқын қорғау бар, мал-мүлкін, жер-суын қорғау бар. Қазақ орысқа қарамай тұрған шағында ел басына дау келсе, халық құқығын қорғайтын билер болған, елге тиер жау болса, халықтың мал-мүлкін, жер-суын қорғайтын батырларына ерген азаматтары болған. Россия қол астына кіріп, қолтығына тығылып, паналағаннан кейін біздің құқық, мал-мүлік, жер-суымызға Россияның өзі болмаса, басқалар батып тие алған жоқ... Қазірде бізге басыңды, мал-мүлкің, жер-суыңды қорғама деп тыятын да Россия жоқ, пана болып қорғарлық Россия да жоқ... Қазаққа өз жабдығыңды өзің ойлап, өлмес қамыңды істе деп отырғанымыздың мәні осы... Россияға паналамаған кезде қазақ едің: өлер ме едің, яки өлмес қамыңды істер ме едің? Өлмес қамыңды істер болсаң, істейтін шақ, міне, туды", — деп жазды. Бүкіл империя көлемін қамтыған саяси тұрақсыздық жағдайында сол тұстағы Орынборда шоғырланған қазақ оқығандары өзара кеңесіп, кезек күттірмейтін ұлттық мәселелерге байланысты бір тұжырымға келу үшін жалпықазақ съезін шақыру туралы шешім қабылдап, оны ұйымдастыру ісін бес адамнан тұрған комиссия өз мойнына алады. Олар - Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Сағындық Досжанов, Елдес Омаров болатын. Комиссия "Қазақ" газеті арқылы қазақ және қырғыз халықтарына арнайы үндеумен қайырылып, артын ала қажет деп тапқан адрестерге жеделхат жолдайды. Газеттің 1917 жылғы 14 қарашадағы санында жарық көрген бұл үндеуде олар елде қалыптасқан төтенше саяси жағдайға байланысты 5 желтоқсанда Орынбор қаласында "қазақ-қырғыз болып бас қосатын бір жалпы съезд өткізіп, онда "анархиядан" өзін қорғау үшін қазақ-қырғыз айрықша милиция жасау" керектігі айтылады. Ал газеттің 26 қараша күнгі санында бұған қосымша съезде негізгі мәселе ретінде ұлт Кеңесін құру туралы мәселені қарау ұсынылады. Бұл іс жүзінде Қазақстанда саяси билікті қолына ала алатын мемлекеттік құрылым туралы мәселені ашық қою болатын. "Қазақ" аталған материалдарда ұлттық әскер мен үкімет құрудың қажеттігін жан-жақты дәлелдеп қана қойған жоқ, сонымен бірге оларды ұйымдастырудың нақты жолдарын да белгілеп, оларды съезде талқылауға шақырады. Мәселен, ұлт Кеңесін құру қажеттігі жөнінде газеттің пікірі мынаған сайды: "Россия іріп-шіріп жатыр, бір аяғы жерде, бір аяғы көрде, не болары белгісіз, ортасына ойран түсіп, түп қазығы суырылып, әркім бетіне кетіп жатыр. Біреу өлмес қамын қылып жатыр, біреу бермес қамын қылып жатыр, біреу осы лайсаң бүліншілікке кірмес қамын қылып жатыр. Біз де қазақ-қырғыз болып бірігіп, қам қылмай қарап отыра алмаймыз. Мұндай лайсаң заманда закон жоқ. Жол жоқ, қорғалайтын пана жоқ. Әркім өзін-өзі қорғайды. Әуелі өлмеске, екінші мал-мүлкімізді талауға бермеске, үшінші осы лаңның ішіне кірмеске қолдан келген күшімізді, ісімізді сарп етерге керек. Данышпандар білімін, азаматтар қайратын ұлты үшін аямай жұмсайтын орын осы". Ал жаңадан құрылған үкіметтің атқаратын міндеті мынадай деп анықталды. «5 миллион халықпыз, өзімізді қорғайтын күш өзімізден табылады. Сол күшті реттеп жасайтын кеңес орындар керек. Барша қазақ бірігіп, әуелі "Ұлт Кеңесі" деген орын жасау керек. Мемлекет ісі күн сайын құбылып, түрлі күйге түсіп тұрған шақта, қазақ-қырғыз бас қосып дайым съезд жасап отыру мүмкін емес. Қазақ-қырғыз атынан басқа жұрттармен сөйлесетін, қазақ-қырғыз жұртына деген жұмысты ақылдасып атқарып отыратын жоғарыда айтқандай "Ұлт Кеңесі" болу керек. Ол Ұлт Кеңесінің әр облыста бөлімі боларға керек. "Ұлт Кеңесіне" халық сенімді адамдарын сайлап, іс жүргізбек. Сонымен, 1917 жылдың қарашасында Алаш басшыларының ұлттық мемлекет құру ісіне біржола бет бұрғанын, оны алдымен Ұлттық кеңес аталатын үкімет пен ұлттық әскер құрудан бастауға тоқтағанын байқаймыз. Сондай-ақ бүкіл империя көлемін қамтыған "лайсаң шақта" ұлттық мемлекет құру мәселесін қолға алған жалғыз Қазақстан ғана емес-тін. Қазан революциясы империяның ыдырау процесін одан әрі тереңдете түседі. Кеше ғана автономиялық еркіндік жөнінде ойлауға мұршасы болмаған халықтар да өз бостандығын талап ете бастайды. Совет үкіметі революциядан кейінгі алғашқы күндерден-ақ Польша мен Финляндияның тәуелсіздігін мойындайды. Бұдан бұрын, яғни 13 маусымда Украинаның Орталық Радасы Украина халық республикасының құрылғанын жариялайды. Желтоқсанның 17-сінен 18-іне қараған түні Белоруссияның ұлттық съезі Белоруссия тәуелсіздігін мәлімдейді. 1917 жылы 22 көкекте өмірге Закавказье сеймінде өз тәуелсіздігін мәлімдеген Закавказье Федеративтік Республикасы келеді. Осы жылғы желтоқсанда Финляндияның артын ала Литва мен Латвия, ал 1918 жылдың ақпанында Эстония өз тәуелсіздігін жариялайды. Россия империясының еуропалық бөлігіндегі бұл өзгерістердің Қазақстанның да саяси жағдайына ықпалы болғандығы сөзсіз. Дегенмен оның өміріндегі өзгерістер іргелес Түркістан, Сібір аймақтарындағы саяси оқиғалармен тығыз байланыста жүрді. Сондай-ақ тура осы тарихи сәтте метрополияның ғасырлар бойы қазақ елінің мемлекеттік-территориялық тұтастығына қарсы еппен, мақсатты түрде жасап келген әрекеті "өз жемісін" берді... ұлттық мемлекет құру міндетін мойнына алған қазақ саясаткерлері алдына Орынбор, Түркістан және Батыс Сібір губерниялары құрамындағы қазақ жерлері мен қауымдарын жинау сияқты күрделі мәселе көлденең тартылды. Қазан, қараша айларында болып өткен оқиғалар соны анық көрсетіп берді. 8-15 қазанда Том қаласында Сібір автономиясын құру шараларын талқылаған Жалпысібір съезі болып өтті. Оған Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Орал облыстары мен Бөкей ордасынан 9 өкіл қатынасып, олар қазақ қоғамының Сібір автономиясы құрамына уақытша енетіндігін мәлімдейді. Съезд бекіткен Экономикалық Кеңес, Негізгі Заңды дайындайтын комитет құрамына қазақ өкілдері де енеді. Съезд Сібір Кеңесін сайлап, оның құрамына облыстардан Халел Ғаббасов, Ережеп Итбаев, Сағындық Досжанов, ал жалпы қазақ жұртының атынан Әлихан Бөкейхан мен Мұхамеджан Тынышпаев енеді. Бұлардың бәрі де Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайланған депутаттар еді. Ал осы Сібір автономиясы құрамына енудегі мақсатты қазақ делегациясының басшысы Ә.Бөкейхан былайша түсіндірді: "Біз ойладық, әуелі Сібірге сүйеніп, тасымалдап, жалғасып көшіп кетелік: жіп жалғап зор мемлекет күрмеуінен құтылып ап, отау болып соңынан бөлінелік деп". Бірақ көп ұзамай ортаға араласқан ағымы бұл ойдың іске асуына біржола тосқауыл қойған еді. Осы жылғы 22 қарашада Ташкентте Түркістан жұмысшы, солдат және жұмысшы депутаттары Кеңестерінің ІІІ съезі өз жұмысын аяқтайды. Съезд "Кеңес билігінің орнағанын, соған байланысты Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесінің құрылғанын, өлкедегі биліктің соның қолына өтетіндігін мәлімдейді. Бірақ бұл үкіметтің құрамында жергілікті мұсылман халықтарының өкілі болған жоқ. Араға төрт күн салып, 26 қарашада Қоқан қаласында мұсылмандардың төтенше ІV съезі ашылады. Съезд 28 қараша күні Түркістан өлкесін Түркістан автономиясы (Түркістан мухтариат) деп жариялап, Түркістан құрылтайын шақырғанға дейін саяси биліктің Түркістан Уақытша Кеңесі мен Түркістан халық билігіне өтетіндігін мәлімдейді. Іргелес аймақтарда қалыптасқан осындай жағдайларды есепке ала отырып, "Алаш" басшылары ұлттық автономия жариялаудан басқа жол жоқ, саяси тұрақсыздық жағдайында тек біртұтас ұлттық мемлекеттік құрылым ғана қазақ елін апаттан құтқарып, бостандық жолына алып шыға алады деп түсінді. Осындай қорытынды жасай отырып, олар қазақ қоғамының толық қолдауынан үміттенгендігі де анық. Оған негіз де бар еді. Өйткені қарашада болып өткен Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына Қазақстаннан депутаттар сайлау барысында ең көп дауыс алған партиялардың қатарында Алаш партиясы да болды. Мәселен, Жетісу облысында сайлаушылардың 57,5%-ы, Семей уезінде — 85,6%-ы, Торғай және Орал губернияларында — 75%-ы Алаш партиясының өкілдеріне дауыстарын берді. Сөйтіп, қазақ мемлекеттігі туралы мәселе қараған жалпы қазақ-қырғыз съезі 1917 жылы 5 желтоқсанда Орынбор қаласында ашылды. Оған Қазақстанның барлық облыстарынан, сондай-ақ одан тыс жерде тұратын Алтай губерниясы, Самарқанд облысы қазақтарынан және Қырғызстаннан — барлығы 82 өкіл қатысты. Соңғы жылдарға дейін жарық көрген еңбектерде Алашорда үкіметін құру туралы шешім қабылдаған желтоқсандағы жалпы қазақ-қырғыз съезінің әлеуметтік құрамы туралы шындықтан алыс пікірлер бар. Мәселеге таптық тұрғыдан келген авторлар съезд құрамынан тек байлар мен ауқатты топтардың өкілдерін көріп, бұл съезд қазақ байлары мен буржуазиясының, буржуазиялық интеллигенцияның съезі болғандығын айтады. Съезд делегаттары құрамын талдай отырып, бұл пікірдің тым қарабайырлығын байқау қиын емес. Делегаттардың үлкен бөлігі ел ішінде ісімен беделге ие болған ауыл ақсақалдары мен ұлттық интеллигенцияның сол тұстағы ең белсенді өкілдерінен тұрды. Олардың белсенді әрекетінсіз съездің күн тәртібіне қойылған мәселелерді қажет дәрежеде талқылап және белгілі бір шешімдерге келу, әрине, мүмкін емес-тін. Съездің күн тәртібінде мынадай мәселер тұрды: "1. Сібір, Түркістан автономиясы һәм юго-восточный союз туралы. 2. Қазақ қырғыз автономиясы. 3. Милиция. 4. Ұлт Кеңесі 5. Оқу мәселесі. 6. Ұлт қазынасы. 7. Муфтилік мәселесі. 8. Народный сот. 9. Аулный управление. 10. Азық-түлік мәселесі". Съездің күн тәртібінде тұрған ең негізгі мәселе, әрине, ұлттық автономия мәселесі еді. Ол бұл мәселе бойынша Ә. Бөкейханның баяндамасын тыңдап, талқылаған соң қазақ автономиясы, милиция және Ұлт Кеңесін құру істері бойынша бес кісіден тұратын комиссия сайлап, комиссия атынан сөйлеген Халел Ғаббасовтың сөзін негізге ала отырып, арнайы қарар қабылдады. Қарарда мынадай деп көрсетілді: "Октябрь аяғында Уақытша үкімет түскенін, Россия мемлекетінде халыққа сенімді һәм беделді үкіметтің жоқтығын, әкімшілік жоқ болған соң халық арасы бұзылып пышақтасып кететіндігін, бассыздық күшейіп, бүкіл мемлекет бүліншілікке ұшырап, күннен-күнге халі нашарлауын һәм бұл бүліншілік біздің қазақ-қырғыздың басына келуі ықтималын ойлап, бүкіл қазақ қырғызды билейтін үкімет керектігін ескеріп, съезд бір ауыздан қаулы қылды: І. Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқанд облыстарындағы һәм Амудария бөліміндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы һәм Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері бірыңғай, іргелі халқы қазақ-қырғыз, қаны, тұрмысы, тілі бір болғандықтан, өз алдына ұлттық-жерлі автономия құруға.
ІІ. Қазақ-қырғыз автономиясы Алаш деп аталсын"40.
Съезд делегаттары қазақ автомониясы құру қажеттігін бір ауыздан қолдағанымен, бірақ оны жария ету мерзіміне келгенде бөлініп кетті. Делегаттардың біразы Қазақ автономиясының құрылғандығын бірден жария етелік деді. Ал екінші бөлігі автономияның құрылғанын ресми жария етуді Алашордаға тапсыралық, өзі қажет деп тапқан уақытта жарияласын деді. Айтыс бірнеше күнге созылды. Ең соңында бұл мәселені шешу үшін өкілдердің аттары аталып, тас салынды. Бірінші бағытты қолдап отыз үш өкіл, ал екінші ұсынысты жақтап қырық екі өкіл дауыс берді. Дау мұнымен де аяқталған жоқ. Азшылықта қалған өкілдер көпшілік дауыс берген пікірге тоқтамастан, егер автономия съезде ресми түрде жария етілмесе, онда өздері өкілдік етіп отырған облыстардың Түркістан автономиясы құрамына қосылатындығын мәлімдеді. Съезд өзіне жүктелген тарихи міндетті тура ұғына отырып, егер қазақ қоғамы бірігуге қолайлы сәтін жіберіп алса, енді қайтып қосылу жеңілге түспейтіндігін түсіне отырып, ымыралы қаулы қабылдады. Ол туралы келесі тарауда айтылады. Съезден кейін араға бірнеше күн салып "Қазақ" газеті "жалпы қазақ-қырғыз" съезіне жиылған өкілдер автономия туралы тоғыз күн толғанып, жүрегі дірілдеп, буындары қалтырап, бір айдан соң автономия жариялауға әрең қаулы қылысты" деп жазды. Әлихан Бөкейхан Қазақстан жағдайында автономия алудың қиындықтарына тоқталып, былай деп көрсеткен еді: "Қазақ болып автономия боламыз десек, алдымызда шешуі қиын бір жұмбақ бар. Орал, Торғай, Ақмола, Семейде көп мұжық бізбен қоныстас; бұл облыстарда мұжық пен қазақ қым-қиғаш аралас. Мұжықпен аралас қазақты тастап, ылғи қазақ болып шығамыз десек, қазақ орыста қалады; қазақты бұл жерден көшіріп аламыз десек, бұл қазақ ата қонысынан көшпес; көшсе ақылсыздық болады; қазақ жерінің ең жақсысы, осы мұжықпен аралас отырған жер. Түбінде қазақ ұлты бір автономия бола қалса, іштегі орысты ала кетеміз бе деген үміт. Біздің қазақ ұлтының автономиясы енді тұрмыс халда туысқан автономиясы болар емес; жерге байлаулы автономия болмақ. Ішіміздегі орыс мұны мақұлдайтын көрінеді". Қазақ автономиясын жариялауды кейінге қалдыруды жақтаған Әлихан Бөкейхан бастаған топты қинаған жағдай осы еді. Олар ешқандай да даярлықсыз автономия жариялай қалған күнде іштегі қарулы қарашекпенділер мен төңіректі қоршаған казак атты әскерінің наразылығына қалып, қарусыз қазақты қырып алудан қауіптенді. Сондықтан да бұл топ автономияны иғлан етерден бұрын Түркістан қазақтарының келісімін алумен бірге, ұлттық әскер құрып және сонымен бір мезгілде іштегі өзге халықтармен келісім жүргізіп, оларды жаңа жағдайға даярлауды мақұл көрді. Бұл сөзсіз өмір талабынан туған астарлы, көрегендік саясат болатын. Съезд белгілі дәрежеде жаңа құрылған үкіметтің ұлтаралық саясаттағы негізгі бағыттарын да белгілеп берді. Оның қаулысында былай деп көрсетілді: "V. Қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтардың құқықтары теңгеріледі. Алаш автономиясына кірген елдердің бәрі бүкіл мекемелерде санына қарай орын алады. Алаш автономиясының қол астында жерсіз халықтар болса, оларға ұлт һәм мәдени автономия беріледі". Бұл жай белгілі бір арзан мақсаттарды көздеген саяси мәлімдеме емес-тін. Оны мынадай фактіден байқауға болады. Съезде құрылған Ұлт Кеңесі — Алашорда үкіметіндегі 25 орынның 10 орны қазақ-қырғыз арасындағы басқа халықтарға қалдырылды41. Съезд Алашорда үкіметіне тез арада Алаш автономиясының құрылтайын шақыруын міндеттеп, онда Алашорда автономиясы низамын қарап бекітуді, ұлт қазынасын ұйымдастыруды, сол мақсатта қарыз ақша алуды ұсынды. Сондай-ақ съезде қаралған үлкен мәселелердің бірі — халық милициясын, яғни ұлттық әскер құру еді. Съезд қарарында: "осы күш мемлекет ішінде бассыздық, талан-тараж, қарбалас, талас болып жатқанын ескеріп, қырғыз-қазақты мұндай бүліншіліктен қорғау үшін... ешбір тоқтаусыз милиция түзуге кірісу қажеттігін айтып, нақты шаралар белгілеп, бекітті. Жалпы қазақ-қырғыз съезі "Алашорда" болсын деді. Жаңа құрылған үкіметтің құрамына мына кісілер енді. 1)Бөкейліктен - Уәлидхан Танашев, 2)Оралдан - Халел Досмұхамедов, 3)Ақмоладан - Айдархан Тұрлыбаев, 4)Торғайдан - Ахмет Бірімжанов, 5)Семейден - Халел Ғаббасов, 6)Жетісудан - Садық Аманжолов, 7)Сырдариядан - Мұстафа Шоқаев. Облыстардан тысқары: 8) Ғалихан Бөкейхан, 9) Жаһанша Досмұхамедұлы, 10) Әлімхан Ермекұлы, 11) Мұхаметжан Тынышбайұлы, 12) Бақтыкерей Құлманұлы, 13) Жақып Ақбайұлы, 14) Базарбай Мамытұлы, 15) Отыншы Әлжанұлы. Бұл аталған Ұлт Кеңесі мүшелеріне орынбасарлыққа мына кісілер сайланды: Ғайса Қашқынбайұлы, Нүсіпбек Жақыпбайұлы, Ережеп Итбайұлы, Сатылған Бабатайұлы, Есенғали Қасаболатұлы, Батыр Қайырниязұлы, Мұқыш Боштайұлы, Сейілбек Жанайдарұлы, Сәлімгерей Нұралыханұлы, Ғұмыр Алмасұлы, Сейдәзім Қадірбайұлы, Асфандияр Кенжеұлы, штабс-капитан Бекімұлы, Есен Тұрмұхамедұлы, Жәнек Солтанайұлы. Бұдан кейін съезд демократиялық негізде Алашорда Халық Кеңесі Төрағасын сайлады. Бұл қызметке үш адамның кандидатурасы ұсынылды. Олар: Әлихан Бөкейхан, Бақыткерей Құлманов және Айдархан Тұрлыбаев еді. Жабық дауыс беру нәтижесінде Бөкейхан — 40, Б.Құлманов — 19 және А.Тұрлыбаев 20 дауыс алды. Сөйтіп, көпшілік дауыспен Алашорда Халық Кеңесінің Төрағасы болып Әлихан Бөкейхан сайланды. Сонымен съезд орталық билік — Халық Кеңесі — Алашорда үкіметін, халық милициясын және ұлт қазынасын құру ісіне жете көңіл аударды. Мемлекеттік жүйе алдымен осы мәселелерді шешуден басталатындығы түсінікті. Бірақ сонымен бірге съезде ең негізгі мәселе ретінде оқу-ағарту ісінің де қаралғандығын айтпасақ, онда съездің саяси маңызы мен көздеген мақсатын толық түсіне алмағандық танытар едік. Съезд бұл мәселе бойынша Міржақып Дулатұлының баяндамасын тыңдап, талқылап және ол бойынша қаулы қабылдап, бес адамнан тұрған комиссия құрды. Ахмет Байтұрсынұлы бастаған бұл комиссияның құрамына Мағжан Жұмабайұлы, Елдес Омарұлы, Биахмет Сәрсенұлы және Телжан Шонанұлы сияқты кейіннен бұл салада сіңірген еңбегімен елге аты мәлім болған адамдар енді. Съезд комиссияға қазақ-қырғыз елінде оқу ісін жүргізу тұжырымдамасын жасап, талқыға ұсынуды, сондай-ақ тез арада қазақ мектептері үшін оқу бағдарламасын дайындауды және жедел түрде оқулықтар жазу ісін ұйымдастыруды жүктеді. Тоғыз күнге созылған жалпы қазақ-қырғыз съезінің басқа да мәселелерді қарап, олар бойынша қаулы қабылдағаны белгілі. Дегенмен оның негізінен тоқтаған мәселелері осылар еді. Бұл арада оқырманның көңілінде съезд неге жер мәселесін қарамады деген сауалдың ұялауы әбден мүмкін. Съезд ұйымдастырушылардың бұл мәселенің ең негізгі және зәру мәселе екендігін білгендігі сөзсіз. Бірақ олар сондай қарбалас кезеңде мұндай даулы мәселені съездің күн тәртібіне қойып, көрші жұрттың, сыртқы күштің үлкен наразылығына қалуды жөн көрмеді. Дегенмен Алашорда үкіметінің бұл саладағы ұстанған бағытын анықтау қиын емес. Ол Алаш партиясы бағдарламасының жобасында, өкіметтің төрағасы Ә.Бөкейханның мақалалары мен сөйлеген сөздерінде ашық айтылды. Егер қысқартып айтсақ, оның мағынасы мынаған саяды:
— қазақ автономиясында жерсіз қазақ бұқарасы жер еншісін алып болғанша переселендердің келуі тоқтатылуы тиіс. Жер үлесін алдымен патша заманында ата қонысынан ығыстырылған жергілікті халық алуы керек;
— адамға, әрбір ошаққа тиетін жер үлесі шаруаға, жердің топырағына, жергілікті табиғатына байлаулы болсын. Сондықтан да барлық облыс, аудандарда жер үлесін, нормасын жергілікті жер комитеттері белгілейтін болсын;
— қазаққа жер кесілгенде ауылға, ұлысқа, руға, өздерінің тілегіне қарай бөлінсін. Жерді бірге алған ру, ауыл, болыс өз ішінде өздері тәртіп орнатып, әділдікпен пайдалансын;
— атты казактардың жерге ерекше құқықтары біржола жойылсын. Жер сыбағасы жергілікті халыққа бұрынғы тұрған жерінен, яғни ата қонысынан берілсін (Ертіс бойындағы даулы жерге байланысты Ә.Бөкейхан былай деп көрсетті: "Ертіс бойындағы "он шақырымнан" қазақ жер алсын. Атты казак бермеймін дер, біз Ертістен кетпейміз, жер алмай қоймаймыз. Жерді жолмен, законмен аламыз");
— жерді сатуға тыйым салынады. Үлестен артылған жер мемлекет қазынасы аталып, мұның билігі жұрт мекемесі қолына өтеді;
— Алаш автономиясының жері үстіндегі түгі, суы, астындағы кені Алаш мүлкі болып табылады.
Әрине, мұндай үлкен міндеттерді іске асыру өз қызметінде бес миллионға жуық қазақ елінің, миллионнан астам басқа халықтардың талап-тілегін, өмір салты ерекшеліктерін негізге алған үкіметтің ғана қолынан келетіндігін Алашорда басшылары тура түсінді. Мәселен, Ә.Бөкейханның пікірі бойынша, Ресей — көп ұлтты, үлкен мемлекет. Оның құрамындағы әрбір ұлттың төл тарихынан, күнделікті тіршілігінен туындап жатқан өз ерекшеліктері бар. Ал сол халықтарды тек бір ортадан, бір халық өкілдерінің басқарамын деуі сөзсіз қателікке ұрындырмай қоймас еді. Демек, жаңа үкімет бұл халықтардың еркіндікке деген табиғи құқығын мойындауы керек. Әрбір халықтың өмір сүру тәртібін сол халықтың өзі сайлаған Ұлттық кеңесі ғана анықтай алады. 1918 жылғы 5 қаңтарда Бүкілресейлік құрылтай жиналысының күшпен таратылуы Алаш автономиясын құру мүмкіншілігін мүлдем тарылта түсті. Сондай-ақ бұл оқиға жаңа билік үшін ұлт мәселесі белгілі дәрежеде өзінше дербес, жалпыдемократиялық негізде шешілуге тиіс үлкен мәселе емес, екінші кезектегі мәселе екендігін көрсетіп берді. Бүкілресейлік құрылтайдың таратылуы белгілі дәрежеде қазақ қоғамының (тек оның ғана емес) 1917 жылғы ақпан революциясынан бергі өзінің әлеуметтік-экономикалық, саяси және басқа мәселелерін өз бетінше шешуге мүмкіндік беретін біртұтас ұлттық-демократиялық даму жолына түсу үмітіне шек қойып, Қазақстанның бұдан былай да орталық биліктің дөңгелегіне мықтап байлаулы күйінде қалғандығын көрсетті. Құрылтай жиналысының таратылуына Алашорда үкіметінің қатынасын оның төрағасы Ә.Бөкейхан былайша білдірді: "5 қаңтарда Россия құрылтайы жиылды һәм большевик күшімен қуылды... 1905 жылы 9 қаңтарда астанадағы неше мың жұмысшы бостандығын бер деп Николайға барған. Николай бұларға пулемет бостандығын көрсеткен еді. Большевик Николайдың аяғын құшты. Николайдың да, мұның емшектес інісі большевиктің де пулеметтеп жатқаны жалпы жұрт, екеуінің де сүйенгені қараңғы солдат. Құрылтай алдымен жұртқа беделді өкімет сайламақ еді. Құрылтайға сүйенген күшті үкімет босаған тізгінді жиып ап, тежеп ұстап, тентек бастықты тыйып, жұртқа пайдалы тәртіп шығарып, елді билемек еді. Құрылтай өзі Россия мемлекетіне негізгі закон шығарып, мемлекет көшін түзетіп, жұртқа пайдалы бітім қылып, жақсы сапарға жұрт тілегін тартпақ еді. Бұл мақсаттың бәрі 5 қаңтардағы пулемет оғымен құйын соққан күлдей ұшты..."42. Жалпы алаштық интеллигенция арасында большевиктер бағдарламасы әуел бастан-ақ қолдау тапқан жоқ. Олардың түсінігі бойынша, большевиктер ұстанған бағыт Қазақстан емес, тіптен Ресейдің өзіне де азапты болашақ әкелетін бағыт болатын. Алаш қайраткерлері ең алдымен большевиктер бағдарламасындағы қоғамдық меншікке көшу туралы пікірді үзілді-кесілді қабылдаған жоқ. Өйткені олардың ойы бойынша, қазақ қоғамы жайында мұндай шаруаға бару мүмкін емес-тін, тіптен ондай әрекет, біріншіден, оны қабылдауға мүлдем даярлығы жоқ қазақ бұқарасы арасында түсінбеушілік туғызса, екіншіден, әлеуметтік теңдік орнатудан бұрын, әлеуметтік апатқа апаруы толық мүмкін еді. Дәстүрлі шаруашылық түрінің бұзылуы, қазақ шаруаларының, жалпы қоғамның қоғамдық меншікке негізделген шаруашылық жүргізуге қай жағынан болса да даярлығының жоқтығын осындай нәтиже бермей қоймайды деп түсінді. Қазақ зиялылары большевиктердің тап күресі туралы теориясын да қолдамады. Олардың түсінігі бойынша, қазақ қоғамы Ресейдегідей таптық жіктелу деңгейінен алыс жатты. Ал сол тарихи кезеңде отарлық езгідегі қазақ жұртына қандай да болсын жіктелуден гөрі ортақ ұлттық мүдде негізінде бірігу ауадай қажет болды. Жіктелу, керісінше, оны әлсіретеді, негізгі мәселелерді шешуге мүмкіндік бермейді деп түсінді. Бүкілресейлік құрылтай таратылғаннан кейін, сол арқылы ұлттық автономия алудан үміттенген Алашорда басшылары мен большевиктер арасындағы қайшылық тереңдей түсті. Егер "Алаш" партиясына біріккен ұлттық интеллигенция большевиктерге қазақ қоғамына мүлдем жат әлеуметтік тәжірибені зорлап танушы, қазақ жұртына іріткі салушы күш ретінде қараса, большевиктер Алаш қозғалысына ұлттық буржуазия мен феодалдық топтардың таптық мүддесін жан ұшыра қорғайтын контрреволюциялық күш есебінде қарады. Мәселен, төртінші армияның қолбасшысы М.В.Фрунзе қазақ халқына үндеуінде: "Поднимайтесь же, товарищи, устраивайте Советы по волостьям, аулам и уездам. Сбростье скорее буржуев — Досмухамедовых, возьмите власть в руках самих трудящихся. Действуйте смело и решительно, не как рабы, а как вольные люди. Знайте, что помощь вам уже подошла",43 — деп, қазақ бұқарасының таптық сезіміне тие отырып, оны ұлттық мемлекет туын көтерген Алаш қозғалысына қарсы қойды. Өз ретінде Алаш басшылары большевиктердің таптық жіктеу саясатына ұлттық тұтастық, бірлік саясатын қарсы қойды. Мәселен, Ә.Бөкейхан: "Біз қарап отырсақ, қосақ арасында бос кетеміз. Қазақ жұрты болып бас қамын қылмасақ болатын емес. Есік алдынан дауыл, үй артынан жау келді. Алаштың баласы, "ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан" соң, 200 жылда, басыңа бір қиын іс келді. Ақсақал аға, азамат іні, отбасы араздықты, дауды қой, бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам қыл!"44. "...Россия мемлекеті енді жақын арада үйірге қосылмайды. Бірліктен айрылсақ, мына орысша қаңғып кетеміз. Көш бастаған ақсақал аға, зиялы іні, жергілікті жұрт қызметін таза атқар. Жалпы жұртқа мұрындық бол", — деп, бостандыққа апаратын жалғыз жол — ұлттық ынтымақ қана деп түсіндіруге тырысты45. Бірақ 1918 жылы көктемде басталып кеткен азамат соғысы ұлттық тұтастық мәселесін біржола келмеске жіберді. Енді ғана ұлт-азаттық күрес арнасына түскен қазақ қоғамы бүкіл Россия империясын қамтыған тап аралық соғыс орбитасына тартылды. Қазақ қоғамы болашақ мемлекеттік құрылыстың түрлі нұсқаларын жақтап (алаштық және кеңестік) екіге бөлініп кетті. Сөйтіп, кеше ғана отарлық езгіге қарсы күресте саяси тұтастық туын көтерген қоғам мүлдем басқа сипат алып, таптық жіктелу жолына түсуге тиіс болды. Бұл іс жүзінде жаңа ғана бой көтерген ұлт-азаттық қозғалыстың өзінің қисынды шешімін таппай жатып-ақ таптық күреске ұласуы еді. Ақпан революциясынан кейінгі кезеңде өз бостандығы үшін күреске шыққан отарлық езгідегі халықтарға большевиктер партиясы тек кеңестік негіздегі автономия беретіндігін мәлімдеді. В.И.Ленин Түркістан кеңестерінің съезіне жолдаған жеделхатында: "Халық Комиссарлары Кеңесі сіздердің өлкелеріңіздің кеңестік негіздегі автономия болғандығын қолдайды", — деп көрсетті. В.И.Лениннің бұл ойын сол кезеңдегі ұлт істері бойынша халық комиссары И.В.Сталин және басқа қайраткерлер белгілі бір ұлттың автономия алуы емес, кеңестік билікті қолдайтын жұмысшы және шаруалардың автономия алуы деп түсінді. В.И.Ленин мұндай тұжырымға үзілді-кесілді қарсы шығып: "...ұлттардың өзін-өзі билеуін алып тастап, еңбекшілердің өзін-өзі билеуі мүлде теріс, өйткені мәселені бұлайша қою ұлттардың ішіндегі жіктелудің қандай қиыншылықтармен, қандай бұралаң жолдармен жүріп жатқанын есепке алмайды", — деп көрсетті. Ол еңбекші бұқараның өзін-өзі билеуі туралы айту тек пролетариаттың өзінің таптық мүдделерінің буржуазия мүдделерімен ешқашан да сәйкес келмейтіндігін, сондықтан да мұндай деңгейге әлі жете қоймаған халықтар өзін-өзі билеу құқығын талап етсе, онда мұндай талаптың толық заңдылығын мойындаудан бас тарта алмаймыз деп кесіп айтты. В.И.Ленин тура осы мәселеге байланысты Орта Азия халықтарында қалыптасқан нақты жағдайға тоқталып, "Осы уақытқа дейін өз молдаларының ықпалында қалып отырған қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмен сияқты халықтар жөнінде біз не істей аламыз?" — деп сауал қойып, артынша: "Біз осы халықтарға барып: "біз сіздердің қанаушыларыңызды лақтырып тастаймыз!" деп айта аламыз ба? Біз мұны істей алмаймыз, өйткені олар бүтіндей өз молдаларына бағынышты. Бұл арада халықтың дамып жетілуін күту керек, ол болмай қоймайды"46. Міне, осы айтылған ойлардан В.И.Лениннің ұлттардың өзін-өзі билеу құқығын талап етуі толық табиғи құбылыс екендігін, демек оны қанағаттандыру ұлт мәселесін шешудің алғышарты деп түсінгендігін аңғару қиын емес. Бірақ бұл теориялық бағытты іске асырушылар мәселенің егжей-тегжейіне мұқият қарап, оның қазақ сияқты халықтар үшін үлкен тағдырлы мәселе екендігін терең түсініп, қызметінде басшылыққа алды деп айтсақ, шындыққа қиянат жасаған болар едік. Керісінше, олар ұлттық теңсіздікке таптық қанаудың жалғасы, содан туындайтын құбылыс ретінде қарап, яғни оның біржола жоғалуын пролетариат диктатурасының орнауымен байланыстырды. Дегенмен құжаттармен танысу арқылы 1918 жылдың көктемінде Алашорда мен Кеңес билігі арасында өмірлік шындықтан бастау алатын, екі қуатты қоғамдық қозғалыстың (ұлттық және әлеуметтік-таптық) табиғатынан туындаған өзара түсінушілікке кішкене болса да ұмтылушылықтың орын алғандығын аңғару қиын емес. Оған кезінде "Сарыарқа" газетінде жарық көрген екі өкімет арасында жүрген келіссөз мәтіні куә. 1918 жылдың наурызында Оралдан Мәскеуге Алашорда өкіметінің тапсырумен Халел және Жаһанша Досмұхамедовтар аттанып, барған бетте Халық Комиссарлар Кеңесінің Төрағасы В.И.Ленинмен және ұлт істері бойынша Халық Комиссары И.В.Сталинмен кездесіп, оларға екінші жалпы қазақ-қырғыз съезінің (Орынбор, 1917 ж., желтоқсан) қаулысын табыс етеді. И.Сталин қаулымен танысқаннан соң, 19 наурыз күні Семейге телеграфпен хабарлап, Ә.Бөкейхан және оның орынбасары Х.Ғаббасовты телефон арқылы келіссөзге шақырды. Ертеңіне, яғни 20 наурыз күні Сталинмен телеграф арқылы келіссөзді Халел Ғаббасов жүргізді. Әңгіме Алашорда автономиясының статусы жөнінде болады. Газетте Сталиннің пікірі сөзбе-сөз аударма түрінде берілген. Біз де сол күйінде оқырман назарына ұсынамыз. "Россиядағы халықтардың құқықтары туралы, Халық Комиссарларының шығарған белгілі ережесі бұл күнге шейін ұлт мәселесі тақырыбын совет үкіметінің негізгі қызмет жобасы етіп келеді. Үшінші Советтер съезі осы ережені жайғастыруға қаулы қылды. Өзінің бізге тапсырып отырған жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысы түгелімен жоғарғы жобаға муафиқ келеді. Бірақ жалғыз-ақ шарт қоямыз: егер біздің съездің қаулысы, өкілдеріңіздің совет өкіметін тануға қарсы болмаса болғаы. Үшінші Советтер съезі советский федерация мизамын жасап һәм бұл мизам Советтер съезінің бекітуіне салынсын деп қаулы қылынды. Бұған қарағанда, енді сөзді қойып, іске кірісу керек, яғни һәм бір тұрмысы, салты басқа халықтар жергілікті советтермен қосылып, автономия, федерация алу, тегінде басыбайлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін жарыққа шығаруға съезд шақыратын комиссия құруға тырысу керек. Біз ойлаймыз, жалпы қазақ-қырғыздың өкілдері тез қамданып, ыңғайлы уақытты өткізбей, жергілікті Советтермен бірігіп әлгідей комиссияны құрар. Сізден өтінеміз, біздің осы жобамызды Алашорданың Кеңесіне салып жауап қайтарсаңыздар екен. Адрес: Мәскеу, Креміл, Халық Комиссарларының бастығы Ленинге һәм Халық Комиссары Сталинге.
Ұлт жұмысын басқарушы Халық Комиссары Сталин47.
Бұл берілген Сталин сөзіндегі ең елеулі нәрсе оның жалпы қазақ-қырғыз съезі қаулысы мен Ресей халықтарының құқығы туралы декларацияның өзара үндес екендігін мойындауы еді. Міне, осы үндестік Кеңес өкіметіне Алашорданы мойындауға негіз болатындығын білдіріп, Сталин тек жалғыз ғана шарт қояды. Ол өз ретінде Алашорданың Кеңес үкіметін мойындайтындығын мәлімдеуі болатын. Сондай-ақ Сталин сөзінде екіұштылық та бар еді. Ол - Алашорда үкіметін құрған жалпы қазақ-қырғыз съезінің шешімдерінің заңды екендігін құптай отырып, сонымен бірге "автономия, федерация алу" немесе түбінде "басыбайлы бөлініп кету" секілді ұлт ниеттерін жарыққа шығару үшін Қазақстандағы Кеңес өкіметін мойындап және сонымен біріге отырып жалпы-қазақстандық съезд шақырып, ортақ тұжырымға келіп, оны орталыққа табыс ету. Бұл іс жүзінде Қазақстанда қос өкіметтің орнағанын мойындату болатын. Мұндай тактикалық қадамның негізінде қандай мақсаттың жатқанын мәселені толық түсінуге көмектесетін қосымша құжаттар табылмайынша кесіп айту қиын. Қалай болғанда да Сталин сөзінің Алашорданы қиын жағдайға қойғаны анық. Сталинмен болған келіссөзден соң араға бір күн салып Алашорда Кеңесі орталықтың ұсынысын талқылап, мынадай мазмұндағы шешім қабылдап, оны орталыққа хабарлайды: "1918 жыл марттың 21-інде біз, Алашорданың мүшелері, ұлт жұмысын басқарушы Халық Комиссары Сталиннің Алаш автономиясы туралы айтқан сөзін тексергеннен кейін Совет өкіметін Ресейдегі барлық автономиялы халықтардың кіндік өкіметі деуге қаулы қылып, мынаны білдірдік: 1. Желтоқсанның 5-інен 3-іне шейін Орынборда болған жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысы бойынша тоқтаусыз Алаш автономиясын жариялаймыз. Алаш автономиясына кіретін облыстар: Семей, Ақмола, Торғай, Орал, Сырдария, Ферғана, Жетісу, Бөкей ордасы, Закаспий облысының Маңғышлақ уезі, Самарқанд облысының Жизақ уезі, Амудария анделі (бөлімі), Алтай губерниясына қараған Биискі, Барнаул, Зейнегор уездеріндегі қазақтар. 2. Жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысы бойынша Алашордаға қазақтан басқа халықтардан көбінен көп, азынан азша, он кісі сайланып кіреді. 3. Алаш автономиясында закон шығаратын һәм ел билейтін үкімет Алашорда болды. 4. Учредительный съезд шақырудың билігі Алашордада болады; бұған областной советтер жәрдемші боларға керек. 5. Алашқа қараған облыстардың һәм уездердің билігі қазақ пен мұжық көбінен көп, азынан азша сайлап жіберген депутаттардың советінде болады; қалалардың билігі қала халқы һәм қалада тұрған жұмысшы, солдаттардың сайлаған депутаттарының советінде болады. 6. Жалпы халық көптен көп, аздан аз совет сайлап шығарғанша областной, уездный қазақ комитеттері һәм шаһар Думаларда бұрынғы күйінде елдің шаруасын һәм оқу-оқыту жұмыстарын басқарып тұрады. 7. Қазақ-қырғыз өз арасындағы істерін өздері сайлап қойған областной һәм уездный соттары бітіреді. 8. Жалпы съезіміздің қаулысы бойынша қазақ-қырғыз арасында милиция құрылады. 9. Жергілікті Советтердің бұйрығы бойынша ұсталып, абақтыда жатқан Алашорданың оқу комиссияның, қазақ комитеттерінің һәм Земский управаларының мүшелері тоқтаусыз босатылсын һәм мұнан былай оларды өтірік шағым, жаламен қуғын-сүргінге ұшырату тоқталсын. 10. Қазақ-қырғыз істері туралы елші ретінде совет өкіметінің қасында болуға Алашорда мүшелері һәм Жаһанша Досмұхамедовтерді өкіл еттік (Халел мен Жаһанша қазір Мәскеуде автономия туралы Алашорда атынан сөйлесіп жатыр). 11. Алашорданың жоғарғы шарттарын Совет өкіметі тексеріп тез жауап қайырсын. Бұл шарттарды түгел естігеннен кейін Халық Комиссары Сталин кешікпей төте телеграфпен ауызша жауап қайтаруға уағда қылды. Совет үкіметінің жауабы "Сарарқаның" келер нөмірінде басылады"48. Сталиннің ресми жауабын біз "Сарарқаның" келесі нөмірлерінен кездестіре алмадық. Ол жауаптың газеттің біз таба алмаған сандарында болуы да ықтимал. Бірақ баспа деректердің көрсетуіне қарағанда, ондай жауап тіптен болмаған. Сондықтан да екі өкіметтің арасындағы келіссөз, шамамен, жоғарыдағы құжаттардағы пікір алысумен аяқталған. Ал осы құжаттардың мазмұнына келсек, оқырман өзі көз жеткізіп отырғандай, Алашорда ұсыныстарында демократиялық принціптерге қайшы келерліктей ештеңе де жоқ еді. Қайта Алашорда үкіметі "Совет үкіметін Россиядағы барлық автономиялы халықтардың кіндік үкіметі" ретінде мойындайтындығын білдіріп, сонымен бірге өзінің де кішкене болса да бірдемеге тұратындығын, ең болмаса соны тануларын кішілікпен өтіну бар еді. Бұл шарасыздықтан, қайткен күнде ұлттық автономия үшін күрес жолында жеткен кішкене де болса жетістікті сақтау ниетінен, күштінің аузын баққан отарлық езгідегі елдің тайғанақ халінен туындаған шешім еді. Сондай-ақ бұл құжатта патшалық Ресей империясы орнына қуатты бір орталыққа бағынған жаңа кеңестік қуатты империяны құруды көздеген большевиктік басшылықтың өлшеміне тура келмейтін талаптар бар еді. Ол Алаш басшыларының "пролетарлық" негізде емес пайда болған "Алаш автономиясын жариялаймыз", бұл автономияда "закон шығаратын һәм ел билейтін үкімет Алашорда болады", "бұған областной советтер жәрдемші" есебінде ғана, жалпы қазақ-қырғыз съезінің шешіміне сай Алашорданың әскері құрылады деген пікірлер еді. Тек пролетарлық Ресей емес, шет аймақтардағы елдердің де тағдырын "түбегейлі" өзгертуді өз мойнына алған орталыққа Алашорда басшылығының бұл ұсыныстары ең аз дегенде "буржуазиялық нанымның" өзіндей көрінгендігі анық. Осы орайда "Большевизм қай жерде болмасын өзін-өзі басқарудың кез келген түрін басып-жаншуға тырысады. Сіздер ең әуелі қалалық өзін-өзі басқаруды және земствоны жойдыңыздар", — деп көрсеткен В.Г.Короленконың пікірі негізсіз емес-тін. Алашорда басшыларының ұсыныстары Мәскеудегі орталық билікке ұнай қойған жоқ. Оны сол жылғы 2 көкекте Ә.Бөкейхан, Х.Ғаббасов және Ә.Ермековтің төте сым арқылы В.И.Сталинмен жүргізген жоғарыдағы келіссөзінен де байқауға болады. Алашорда басшыларының Алаш автономиясын мойындау туралы ұсынысына Кеңес өкіметінің басшылары ұлттық автономия құру мәселесін бұқара халықтың еркін білдіретін Кеңестер арқылы шешу қажеттігін айтты. Көкек айының ортасына қарай Семейге Х.Ғаббасовтың атына Мәскеудегі Алашорда үкіметінің өкілдері X. және Ж.Досмұхамедовтерден жеделхат келіп түсіп, онда Кеңес өкіметінің тұтқында отырған қазақ қайраткерлерін босату туралы шешім қабылдағаны және Алашорда үкіметінің қойған талаптарына таяу арада жауап беруге уәде еткендігі айтылды. Бұл хабарды алған бетте Алашорда өкіметі төрағасының орынбасары Х.Ғаббасов 21 көкекте РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі мен ұлт істері жөніндегі комиссариатына жолдаған жеделхатында қазақ елінің мүддесін білдіретін Алаш автономиясын тез арада ресми түрде мойындауын тағы да талап етеді. Бірақ Кеңес үкіметінің Алашорданы мойындауға ықыласты болмағаны анық. Оны мынадай фактіден байқауға болады. Орталық Алашорда басшыларымен келіссөз жүргізе отырып, тура осы мезгілде Кеңес өкіметінің Торғай облысындағы төтенше комиссары Ә.Жангелдинмен байланысып, оған Қазақстан Кеңестері съезін даярлауды тапсырып, съезде Автономиялы Қазақ Кеңес Республикасын жариялауды көздейді. Басқаша айтқанда, большевиктік басшылыққа Қазақстан ұлт азаттық күрестің толық заңды нәтижесі есебінде пайда болған саяси ұлттық-мемлекеттік құрылым емес, пролетарлық Ресей үлгісіндегі орталық билікке байлаулы мемлекеттік жүйенің қалыптасқаны керек еді. Бұл сөз жүзінде, теорияда ұлттардың өзін-өзі билеу құқығын мойындаған Кеңес өкіметінің, іс жүзінде объективті, табиғи даму кезеңін — "ұлттардың өзін-өзі билеуін алып тастап", жедел түрде, күштеп "еңбекшілердің өзін-өзі билеуін енгізу" саясатына көшкендігінің белгісі еді. Міне, осындай жағдайда Кеңес үкіметімен жүргізілген келіссөздің нәтижесіз аяқталғанына көзі жеткен Алашорда басшылары басқа жол іздеуге мәжбүр болған еді. А.Байтұрсынұлы сөз болып отырған оқиғалардың ізімен жазған "Революция және қырғыздар" атты мақаласында ол жөнінде мынадай деп көрсеткен еді: "Алашорда мүшелері 1918 жылдың наурызында төте сым арқылы орталық билікпен келіссөз жүргізді. Бірақ бұл келіссөз Алашорда ұсынған келісім-шарт жобасына ешқандай да жауаптың болмауына байланысты үзілді. Осы ұсынылған келісім-шарт жобасында Кеңес өкіметі жария еткен Ресей халықтарының құқығы декларациясының негізгі талаптарынан тыс шығып жатқан ештеме болмағандықтан, Кеңес үкіметінің үнсіз қалып, келіссөзді тоқтатуы Алашордаға түсініксіз көрінді және бұл бағыттағы әрекетті мүлдем үмітсіз етті"49. 1918 жылдың көктемінде басталған Азамат соғысының жалыны Қазақстанды да қамтыды. Кеңестік билік тарапынан түсінбеушілік пен қолдау табудан күдер үзген Алашорда енді большевиктерге қарсы ымырасыз күрес жүргізуді мұрат тұтқан Сібір уақытша үкіметі (Омбы) мен Бүкілресейлік құрылтай жиналысы мүшелерінің Самара комитеті қолдауына сүйеніп, Алаш автономиясын баянды етуді көздеді. Өз ретінде Алашорда бұл контрреволюциялық ұйымдарға жай арқа сүйеп қойған жоқ, ел арасынан қол жинап, милиция құрып, кеңес билігіне қарсы нақты әрекеттерге көшті, қазақ арасынан шыққан большевиктерді қудалады, тіптен оларды атып-асуға дейін барды. Тарих шындығы солай болатын. Бұл қазақ жеріне де оның еркінен тыс келіп жеткен Азамат соғысының сұрқия көріністері еді. Бірақ қақ жарылып өзара соғысып кеткен империя жағдайында ұлттық еркіндік сұрап аласұрған Алашорданы екі жағы да өздеріне тартқысы келгенмен, оған толық сенбеді. Алашорда өзін ресми мойындауды өтініп жоғарыда аталған Бүкілресейлік биліктен үміттенген Омбы және Самара үкіметтеріне, кейіннен олардың мұрагерлері болған Уфа Директориясы мен адмирал Колчакқа қайырылғанымен, бұлар да оны мойындағысы келмеді. Тіптен ол аздай Директория 1918 жылы 4 қарашадағы актісі бойынша Алашорда орталық үкіметінің жойылғандығын мәлімдеп, артынша өзі де келмеске кетті. Міне, осы арада ақгвардияшылардың пиғылын әбден танып білген шығыс алашордалықтарға ауыр да болса біржола шешім қабылдауға тура келеді. Олардың өкілі А.Байтұрсынұлы орталық Кеңес өкіметімен келіссөз жүргізу үшін Мәскеуге барып, сонда құрылған Қырғыз (қазақ деп оқыңыз. — М.Қ.) Революциялық Комитетінің құрамына енеді. Өздерінің мұндай "шешімге келу себебін ол былайша түсіндірген еді: "...монархиялық билікті көздейтін Колчактың пайда болуы бізге екі билік туралы да ойлауға мәжбүр етті, ең соңында жергілікті большевиктерді әрекеті арқылы біліп, көңіліміз қалған болса да, Кеңес өкіметі жағын таңдадық, өйткені біз қазақ халқының аңсаған арманы қай уақытта болмасын, әйтеуір, оңшыл ағым емес, солшыл ағым әрекеті нәтижесінде іске асуы мүмкін екендігіне сенімді едік". Бұл айтылған пікірде осы уақытқа дейін ресми кеңестік тарихтану танбай айтып келген тар таптық немесе авантюристік әрекеттің ізі де жоқ екендігі түсінікті. Керісінше, одан тар жол, тайғақ кешуде тығырыққа келіп тірелген жалпы ұлт-азаттық қозғалыстың, оның басшыларының шарасыз жағдайы, көңіл күйінің табы байқалады. "Қазақ халқының аңсаған арманы қай уақытта болмасын, әйтеуір, ...солшыл ағым әрекеті нәтижесінде іске асуы мүмкін" деген ойдың ар жағында өздері шарасыздықтан мойындап отырған Кеңес үкіметіне де өз Отанының тағдырын толық сеніп тапсыра алмайтындықтарын білдіру жатыр еді. 1918 жылдың жазынан дербес әрекетке кешкен Батыс Алашорда (орталығы Жымпиты) нәтижесіз аяқталған қызметінен соң 1919 жылдың соңына қарай Кеңес өкіметімен келіссөз жүргізуге бет бұрады. Бірақ оның бұл ниетін Түркістан майданының қолбасшысы М.В.Фрунзе қабылдамай тастайды. Өз шешімі туралы ол революциялық соғыс кеңестеріне жолдаған жеделхаттарында мынадай деп көрсетеді: "...так называемое Алашординское правительство считает себе равной с нами стороной и выдвигает соответствующие этому договорные условия. В дополнение прежним директивам разъясняю: 1. Никакого Алашординского правительства мы не знаем и не признаем и в договорные соглашения с ним, как таковым вступать не можем. 2. Вопрос о войсковых частях, немедленное использование которых мною разрешено по усмотрению командованием Российской Советской Республики. 3. Правительство как таковые распускается. Постановление не тянуть. 5. Наилучшим разрешением вопроса является энергичное продвижение вперед наших частей согласно моего приказа". Бұл арада айта кететін бір жай, отарлық езгі жағдайында тұрақты әскері болмаған қазақ қоғамынан құралған, бірде ақтардан, бірде қызылдардан алақан жайып жүріп алған азын-аулақ қаруынан басқа түгі де жоқ Алаш қолдары үлкен, басқа біреуге қауіп төндірерліктей елеулі әскери күшке айнала алған жоқ-тын. Оны басқа емес, Түркістан майданының қолбасшысы М.В.Фрунзенің өзі де мойындаған. 1919 жылы 21 желтоқсанында В.И.Ленинге жіберген жеделхатында ол: "...Военное значение Алашорды ничтожна, политически и экономически задача важна, закрепляя с нами весь Степной район до берегов Каспия", — деген. Соған қарағанда, Алашорданың әскери мүмкіншілігін асыра бағалап, оған тіптен аңыздық сипат беру ескі кеңестік идеологияландырылған тарих ғылымына тән әдіс болатын. Ондағы мақсат түсінікті: кешегі отарлық езгідегі елдерге "нағыз бостандық" алып келген кеңес өкіметінің тап жаулары — "буржуазиялық ұлтшылдардың" шын бейнесін бүгінгі ұрпаққа жеткізу. Осылайша ғасыр барысындағы қазақ қоғамының ең ғажайып ерлік және трагедиялы кезеңі туралы өмірлік шындыққа жанаспайтын, бірақ ескі патшалық зорлықшыл жүйенің орнына келген жаңа кеңестік тоталитарлық тәртіптің мүддесіне сай ғылымисымақ аңыз өмірге келген. Демек бұл аңыздың өмірге келу себебін тек методологиялық және теориялық таяздықпен байланыстыра қарау жетімсіз. Мәселенің негізінде сонау кеңестік биліктің алғашқы жылдарынан-ақ бастау алатын ұлттық еркіндік идеясына қарсы жүргізілген стратегиялық саясат жатқандығын ашық, анық айтатын уақыт жетті. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары Қазақстандағы қызметін ұлт азаттық қозғалыс пен күреске бейімдеген ППГПУ қызметі - соның айғағы. Ол РК(б)П Орталық комитетіне тұрақты және өте құпия түрде беріп отырған есептерінде "қазақ ұлт азаттық қозғалысының сипаты" (ГПУ құжаттарындағы термин), ондағы түрлі топтардың оңшыл және солшыл қазақ коммунистерінің аяқ алысын сарапқа салып, орталықтағы жоғарғы билікке алдымен қандай топтарды саяси аренадан біржола ығыстыру, қандай топтарды қолдап, қандай топтарды шектеу, қажет жағдайда топаралық тепе-теңдік саясатын жүргізуге қажет "шикізат" материалдарын үлкен ұқыптылықпен жеткізіп отырды. Сондықтан да 20-жылдары-ақ ұлттық интеллигенцияға қарсы басталған репрессияға алдымен алаштық деп аталған, ал шын мәнінде ұлт азаттық интеллигенциясының ұшырауы таңданыс тудырмаса керек. Ұлттық мемлекеттік тұтастықты қалпына келтіру үшін күрес барысында өмірге келген Алашорда Халық Кеңесі үкіметі тарих сахнасынан осылайша біржола ығыстырылды. Бүгін біз ғасыр басында Алаш қозғалысына біріккен қазақ интеллигенциясы 17-жылы ұлттық мемлекеттік құру ісін қолға алғанда қателескен бе еді жоқ әлде дұрыс жолда тұрды ма, Алашорда үкіметі өзіне мұрат етіп қойған жалпыұлттық мүдделер Кеңес үкіметі тұсында өз шешімін тапты ма деген сауалдар қоя аламыз. Бұл табиғи және заңды сауалдарға жауапты әділ қазы тарихтың өзі береді. Ғасыр басындағы қазақ зиялыларының ұлттық мемлекет құруға бағытталған әрекеті сол кездердегі ащы өмір талабынан туындаған бірден-бір тура шешім болатын. 1917 жылғы желтоқсанда өткен жалпықазақ съезі сайлаған заңды Алашорда үкіметі ғасыр басындағы қазақ қоғамында көзге ұрып тұрған экономикалық, әлеуметтік және рухани мәселелерді қазақ оқығандары тарапынан терең ұғыну арнасында пайда болған және сол мәселелерді шешуге бар күш-жігерін жұмсауға даяр ұлтжандылық пиғылдағы билік еді. Әрине, бұл үкіметтің де өз заманы мен шыққан ортасынан бастау алатын кемшіліктерінің болғандығы даусыз. Дегенмен оның негізгі жалпыұлттық мүдделер үшін қызмет ете алатындығына және оған белгілі дәрежеде даяр екендігіне сенбеске біздің негізіміз жоқ. Өз мәселелерін терең және тура түсініп, оларды сол тарихи жағдайда шеше алу мүмкіндігі жағынан қазақ қоғамы үшін басқа балама үкімет жоқ еді. Алайда қазақ елінің ғасырлар бойы мыңдаған асыл азаматтары басын тіккен биік арманы — ұлттық мемлекеттікті - қалпына келтіру ісі Алаш қозғалысы, Алашорда үкіметімен бірге тарих қойнауында, тоталитарлық өктемдік пен империялық зомбылықтың шаңына көміліп қала берді. Бүгін біз 17-жылдың қаһарлы, суық желтоқсанында именбей Алаш автономиясының туын көтеріп, еліне бостандық әперуден үміттенген аға ұрпақ аруағы алдында тағзым етіп, олар, ақын Мағжанның сөзімен айтқанда, "Қажымай алтын Айға қол сермеп, сол жолда мерт болған буын еді", — дей аламыз.
МҰСТАФА ШОҚАЙ ЖӘНЕ ТҰТАС ТҮРКІСТАН ИДЕЯСЫ
Отан тарихындағы ұлт-азаттық қозғалыс мәселесіне байланысты тың көзқарас тұрғысынан зерттеуге алатын мәселелердің бірі - оның хронологиялық шеңбері. Ал ол, біздің пікірімізше, осы уақытқа дейін кеңестік ресми тарихтануда белгіленген мерзімнен анағұрлым кең. Яғни ұлт азаттық қозғалысы, кеңестік ғылыми әдебиетте баяндалып келгендей, 1916 жылғы бас көтерумен шектелмейді. Белгілі дәрежеде 16-жылғы көтерілістің өзі де жүйелі мақсаттықтан тумаған, төтеннен басталған, осы мезгілдегі ұлт өмірінің көш бастаушысы ұлт зиялыларының еркінен тыс өрбіген тарихи құбылыс болатын. Қазақ жерінде патшалық империяға қарсы шын мәніндегі мақсатты, ұлттық күштерді біріктірген саяси қозғалыс 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейінгі кезеңде басталды. Осы жылдың ортасында Алаш партиясының, ал соңына қарай Түркістан автономиясының (Қоқанда), ал оның артын ала Алашорда өкіметінің (Орынборда) құрылуы бұл қозғалыстың нақты нәтижелері болатын. Аталған құрылымдар 1918-1919 жылдары империялық күштер тарапынан зорлықпен таратылғанымен, азаттық идеясын ұстанушылар саяси күрес сахнасынан бірден кете қойған жоқ. Алаш қайраткерлері ұлт мүддесі үшін күресін мүлдем жаңа саяси жағдайда, яғни өздері тұтқынға алынып, сотталған 20-жылдардың соңына дейінгі кезеңде де жалғастырды. Солай болуы да толық негізді еді. Оған қандай айғақ бар? Бұл күрес, әсіресе жер мәселесінде анық көрінді. Қазақ шаруалары түгелдей жерге орналасып болмайынша Қазақстанға қоныс аударушылықты тоқтату үшін Алаш қайраткерлері бастап берген күрес кеңес үкіметі тұсында да өз жалғасын тапты, сондай-ақ жаңа саяси жағдайда да бұл күреске бағыт, пәрменділік беруші ескі алаштық интеллигенция болды. Мәселен, V Өлкелік партия конференциясы (1925) қарарында "жерге орналастыру саласында ең алдымен байырғы халық, әсіресе олардың отырықшыланып жатқандары жөнінде міндет қойылатын болсын" деп көрсетіп, қазақ шаруаларын жермен қамтамасыз етіп алғанға дейін ішкі Ресейден Қазақстанға өз бетінше қоныс аударушылар легін шектейтін шаралар белгіледі50. Бұл іс жүзінде Алаш бағдарламасында айтылған "қазақ жер сыбағасын отырған жерінен алып орналасқанша, қазақ жеріне ауған мұжық келмеу"51 деген пікірді қабыл алу еді. VІ Өлкелік партия конференциясы V конференцияның жер мәселесіне байланысты қабылдаған қарарын алаштық интеллигенцияның ықпалы нәтижесінде өмірге келген құжат есебінде бағалады. Алаш зиялылары мен отаршыл күштер арасындағы бітіспес күрестің шырқау шегі қазақ бұқарасына берілмек жер нормасы төңірегінде өрбіді. 20-жылдардың екінші жартысында жүрген бұл күреске атсалысқандардың қатарында Алаш қозғалысының белсенді мүшелері, сол тұстағы Жер Комиссариатының басшы қызметкерлері Мырзағазы Есболов, Тел Жаманмұрынов, Сәлімгерей Қаратілеуов сияқты қайраткерлер болды. Әлихан Бөкейхан Қазақсандағы отырықшылыққа көшпек қазақ шаруаларына тиесілі жер көлемін анықтау мақсатында КСРО Ғылым академиясы жанынан құрылған экспедицияны (төрағасы профессор С.П.Швецов) ұйымдастыру идеясының авторы болумен бірге, өзі де соның құрамына еніп, зерттеу жұмысына атсалысты. ОГПУ тыңшылары Мәскеуден шығуға тыйым салынған қайраткерді Ақтөбе қаласында тұтқынға алып, жедел түрде кейін қайтарды (1926). Соған қарамастан Ә.Бөкейхан профессор С.П.Швецов экспедициясы ұсынған жер нормасына байланысты пікірді қолдай және кеңес билігінің жер саясатын әшкерелеп РСФСР мемлекеттік жоспарлау комитетінің коллегиясында эксперт есебінде сөз сөйледі (1927). Ал 1929 жылы мамыр айында ОГПУ тергеушілеріне берген жауабында: "Менің жер саясатына қатысты көзқарасым мынаған саяды: жер үлесіне байланысты орыстар (қоныс аударушы) мен қазақтарды теңгеруге болмайды, өйткені орыстар мәдениеттірек, сондықтан да олар әрқашанда егіншілікте үстемділік көрсетіп, қазақтарды кіріптар етеді. Жер мәселесінде менің "ұлтшылдығым" осы"52,— деп көрсетті. Объективті түрде алаштық интеллигенция күн тәртібіне қойған қоғамдық-саяси мәселелер, кеңестік партиялық қайраткерлердің (Т.Рысқұлұлы, С.Сәдуақасұлы, С.Қожанұлы, Ж.Мыңбайұлы, т.б.) қызметінде де өз көрінісін тауып жатты. Егер алдымен патшалық билік соңынан кеңестік үкіметке қарсы күрескен алаштық зиялылар "сеператистер", "буржуазиялық ұлтшылдар" атанса, отаршылдықтың жаңа кеңестік түріне қарсы шыққан ұлт зиялыларының келесі, жаңа жас буыны, яғни кеңестік-партиялық қайраткерлер "ұлтшыл уклонистер" деп жарияланды. Өкінішке орай, ол кезде "буржуазиялық ұлтшылдықтың" да, "ұлтшыл-уклонизмнің" де тууына алып келген ортақ себепті түстеп айту, әрине, мүмкін емес-тін. Билеуші партия ондай шындықты тыңдауға ықылассыз еді. Өлкелік партия комитетінің 1926 жылғы қараша пленумында жасаған баяндамасында Ф.Голощекин "алашордалықтардың екі буынын" анықтап, оларға мынадай сипаттама береді: "алашордалықтар туралы айтқанда біз шатысып жүрміз. Алашордалықтардың екі түрі бар — ескі басшылары мен алашордалықтардың жаңа буыны. Бұлардың өзара үлкен айырмашылығы бар. Егер біз ескі тәртіптегі алашордалықтарды алсақ, маған олардың өткенде бірдемесі болғандай көрінеді. Олар өткен уақытта, қазақ жағдайында, қазақ болмысында революционер, буржуазиялық революционерлер болды. Ал жастарда ол жоқ, оларда ашу-ыза басым, олар кеңестік билікпен күресте есейді"53. Алашордалықтарды саяси құдалауға алу ісін басқарған Ф.Голощекиннің бұл пікірінде тарихи шындықтың табы бар еді. Оның Азаттық қозғалыстың ауыр жүгін көтерген зиялылардың екі буынын танып, олардың арасында табиғи сабақтастық барлығын көрсетуі соның айғағы еді. Міне, сондықтан да қазіргі уақытта тарих ғылымында "буржуазиялық-ұлтшылдар" мен "ұлтшыл-уклонистер" арасындағы табиғи сабақтастықтың болғандығын мойындай отырып, бұл сабақтастықтың объективті негіздерін таратып айтатын мезгіл келді. Сонымен, ғасыр басында басталған жаңа ұлт-азаттық өрлеу 20-жылдардың соңы 30-жылдардың басына дейінгі аралықты қамтыды. Ол "алаштық" атанған ескі буын ұлт зиялыларының ең белсенді бөлігін репрессиялаумен, сондай-ақ олардың кеңестік-партиялық қызметтегі ізбасарларын қызметтен аластаумен және оларды қатаң жазалаумен аяқталды. Күштеп ұжымдастыруға қарсы бағытталған Қазақстандағы 372 шаруалар көтерілісі саяси жетекшісіз қалған халықтың зорлықшыл саяси жүйеге көрсеткен стихиялық қарулы қарсылығы-тын. Ғылымда болып жатқан өзгерістерге байланысты қайта қарауға мұқтаж келесі, екінші мәселе — ұлт азаттық қозғалыстың кеңістік шеңбері. Негізгі мақсаты — ұлттық бостандық үшін күрес болған қазақ ұлт азаттық қозғалысы біз қарап отырған мезгілде өзімен тағдырлас көрші түркі халықтарымен (татар, қырғыз, башқұрт, өзбек, т.б.) күш біріктіруге тырысты, өз мүмкіндігінше оларға қолдау көрсетуге дайын екендігін танытты. Қай жағынан алғанда да негізді мұндай әрекет 1917 жылға дейін қазақ және татар ұлт азаттық қозғалысы қайраткерлері арақатынасынан анық байқалды. Олардың Мемлекеттік Дума жанындағы мұсылман фракциясы, татар және қазақ басылымдары ("Фикер", "Тарджиман", "Уақыт", "Айқап", "Қазақ") арқылы отарлық езгіге қарсы бірігіп жүргізген күресі, сондай-ақ татар зиялыларының қазақ даласындағы ағартушылық қызметі осы айтылған пікірге айғақ бола алады. Екі елдің азаттық қозғалыстың өрлеу барысында өзара саяси бірлікке ұмтылысы қазандық ағайынды көпестер Хусаиновтар, троицкілік көпес Мұхамедғали Яушев, саясаткерлер Тевкелев, Мақсұдов, ағартушы ғалымдар Фахретдинов, Каримов, жазушы-ақындар Ғ.Тоқай, Ғ.Ибрагимов және басқа көптеген татар елінің белгілі қайраткерінің пәрменді қолдауын тапты. Өз ретінде бұл құбылыс патша ресми орындарының тынышын алды, олар ағайынды, тағдырлас, отарлық езгіге қарсы күресте мүддесі бір елдердің өзара бірігуінен қаймықты. Мәселен, ғасыр басында қазақ даласына келіп, жаңа әдіспен (жәдид) бала оқытқан татар шәкірттері мен молдаларының қызметінен қауіптенген Түркістан аудандық жандарм бастығы Орынбор губерниялық жандарм мекемесінің бастығына былай деп жазды: «Все эти приезжие внушают киргизам, что русские туземные школы излишны, так как русскому языку можно научиться и у них с помощью татарских учебников самоучителей, а прочие предметы могут преподоваться на тюркском языке. Кроме того, они привозят и распространяют среди киргиз изданные на чисто киргизском языке вреднего направления брошюры, отпечатанные в Уфе (в типографиях товарищества "Каримов, Хусаинов и К" и "Восточная печать"), в Казани (типография бр. Каримовых)54. Империя жағдайында тек қазақ және татар елдері арасында ғана емес, жалпыресейлік мұсылман, түркі халықтары көлемінде көрінген бұл табиғи өзін-өзі сақтау ниетінен туындаған ынтымақтастыққа ұлыдержавалық ұстанымның идеологтары панисламизм, пантюркизм айдарын тағып, реакциялық мағына беруге тырысты. Өз ретінде бұл әдісті империялық күштер іліп алып кетіп, мемлекеттік саясаттың құралына айналдырды. Ал шын мәнінде мұсылман, түркі халықтарының метрополия алдында өздерінің табиғи талаптарын бірігіп қоюға ұмтылушылықтан басқа ешқандай да ұйымдық негізде саяси әрекетке көшпегендігі анық. Орыс миссионерлері мен шенеуніктері отарлық езгідегі елдердің өзара ынтымақтасуына түрткі болған мемлекеттік саясаттағы әділетсіздік екендігі жөнінде көп ойлап бас ауыртпады. Басқаша айтқанда, "панисламизм" мен "пантюркизм" идеясы саналы түрде ұлт азаттық қозғалысқа қарсы қойылған құйтырқы күрес әдісі болатын. Қазақ зиялыларының өз заманына лайық биік өресі 1916 жылғы майдан жұмысына алынған қырғыз, өзбек жігіттеріне жасаған қызметінен, осы жылғы көтеріліс нәтижесінде қуғын-сүргінге түсіп, үлкен қырғынға ұшыраған панасыз қырғыз халқына көрсеткен нақты көмегінен де айқын көрінді. Батыс майдан әскерінің штабы орналасқан Минск қаласындағы Земскі одағы жанынан бұратана бөлімін ашып, сонда өз еркімен барған қазақ зиялылары (оқытушы, дәрігер, аудармашылар) тек қазақ жігіттеріне ғана емес, Орта Азия және Сібір халықтарының өкілдеріне де қамқорлық жасап, қызмет көрсетті. Мәселен, бұратана бөлімінің бастығы Ә.Бөкейхан "Қазақ" газетіне жолдаған жеделхатында жұмысқа алынған жігітердің ішінде қырғыз, өзбектердің көп екендігін, олардың орыс тілін білмейтіндігін, сондықтан да тілмаштарға мұқтаж екендігін айтып: "Міне, осыларға Түркістаннан переводчик керек... Бұларды малша айдап жұмыс қылдырады. Орысша, сартша білетін переводчиктерді Ходжаев, Тынышбаев, Ақаев жіберсе, алам. Ақысы 60 сом, пәтер, тамақ союздан"55 деп жазды. Қазақ жігіттері осы сападағы кызметін соңына дейін атқарып, майданнан қайтқан өзбек, қырғыз жігіттері отырған эшалондарды бастап, отандарына дейін жеткізіп салды (М.Шоқай, Н.Төреқұлұлы, М.Төлебаев, т. б.). 1916 және 1917 жылдар қырғыз халқы үшін де қайғылы жылдар болғандығы мәлім. Міне, осы кезеңде қазақ зиялыларының ұлт-азаттық көтерілістің зардабын шеккен қырғыз еліне берген риясыз көмегі оның күрделі тарихының жарқын беттері болумен бірге, империялық зорлыққа қарсы күштерді біріктіруді көздеген әрекетінің айғағы. Қазақ және қырғыз қайраткерлерінің ортақ мақсат жолында жұмылып қызмет етуіне белгілі дәрежеде жағдай тудырған Ыстықкөл, Шу және Нарын қырғыздарының әкімшілік жағынан Жетісу облысы құрамында болуы еді. Соның нәтижесінде, мәселен, 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін қазақ облыс, уездерінде құрылғдн қазақ комитеттері Жетісуға қарасты қырғыз уездерінде де қырғыз комитеттері болып құрылып, облыстық қазақ комитетінің құрамына енді. Осы, 1917 жылы уездік қырғыз комитеттері атынан өкіл болып қырғыз зиялылары (И.Арабаев, Б.Солтонаев, т.б.) облыстық және жалпықазақ съездері жұмысына қатысты. Солардың тікелей ықпалымен шілде айында өткен жалпықазақ съезі Жетісу облысына қарасты қазақ пен қырғыздың ауыр жағдайын арнайы талқылап, Петербургке, яғни Соғыс және Ішкі істер министрлеріне суыт жеделхат беріп, "Жетісудағы қазақ-қырғызды атып, жаншып жатқан мұжықтардың һәм соғыстан қайтқан солдаттың қолынан қару-жарағын сыпырып алып, халықты тыныштандыруды сұрап, ал Жетісу облысындағы ашаршылықтан қырылып жатқан қазақ-қырғызға Алаш баласы жәрдем беруін" өтінді56. Бірінші жалпықазақ съезіне қатысқан М.Шоқай өзінің естеліктерінде бұл жиынға өзбек және татар елдері өкілдерінің де қатынасып, өздерінің ыстық ықыласын білдіргендігін (Мунуар Қари, Фатих Карими) айтып: "Сөйтіп, құрылтай ұлы түркі халықтарының бас қосқан үшеуінің мызғымас бірлігін көрсететін сахнаға айналды"57, — дейді. Біздің бұл орынды айтылған пікірге қосарымыз, съезд сонымен бірге қырғыз және қазақ елдерінің бұрыннан келе жатқан өзара ынтымақтастығының тағы да бір сыннан өткендігінің көрінісі болды, Қытайдан қайта оралған босқын қырғыздарға көмек ұйымдастыруда ұйытқылық міндет атқарды. Қазақ зиялылары қырғыз еліне көмек көрсетуде тек саяси актімен қанағаттанып қоймай, нақты көмекке мұқтаж халықтың ауыр жағдайын кішкене де болса өзгертуді мұрат тұтқан нақты шараларды іске асырды. Бұл ретте ең алдымен И.Жайнақов бастаған Жетісу облыстық Қазақ комитетінің тындырған еңбегі ерекше бөліп айтуға лайық. Ал А.Байтұрсынұлы пен М.Дулатұлы басқарған "Қазақ" газеті қырғыз елінің қайғылы халіне бүкіл қазақ және мұсылман жұртының көңілін аударды, оған көмек ұйымдастырушы ұйытқы орталыққа айналды. Сол тұстағы Уақытша үкіметтің Түркістан Комитетінің мүшесі М.Тынышбаев "Қазақта" жарияланған мақалалары арқылы қазақ жұртын туыс қырғыз елінің ауыр жағдайынан хабардар етіп қана қоймай, Уақытша үкімет тарапынан босқындарға 5 млн сом қаржы бөлдіруге тікелей атсалысты, Қытайдан оралған босқын қырғыздарға жағдай жасау үшін жүргізілген ерлік күрестің басында тұрды. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Есболов, Е.Омаров, А.Иманов және басқа көптеген қазақ зиялылары, жүздеген қарапайым азаматтар босқын қырғыздарға жиналған ақшалай көмекке өз үлестерін қосты. Қазақ және қырғыз елдерінің бостандық үшін күресте өзара күш біріктіруінің жиынтық көрінісі есебінде тағы да мынадай фактілерді айтпай өту мүмкін емес. 1917 жылы желтоқсан айында өткен жалпықазақ съезі Алашорда — Халық Кеңесі үкіметін құрғандығы мәлім. Оның құрамына кандидат есебінде съезге Жетісу облысына қарасты қырғыздардың өкілі ретінде қатысқан қырғыз қайраткері Жанек Солтонаев та енген еді58. Ал 1917 жылы Пішпекте құрылған "Бұқара" атты қырғыз демократиялық ұйымы келесі жылдың ақпаны мен наурызы аралығында Пішпекте өмірге келген Алаш Кеңесімен бірігіп кетті59. Ресей империясының ғасырлар бойы Волга жағасы мен Орал аймағындағы халықтарға жасалған зорлығы татар мен башқұрттарды азаттық үшін күресте Орта Азия және Қазақстан елдерімен саяси бірлікке ұмтылуға итермеледі. Бұл үрдіс, белгілі дәрежеде, қазақ және башқұрт қайраткерлерінің 1917-1918 жылдары империя көлемінде қалыптасқан күрделі саяси жағдай тұсында өзара бірігіп әрекет жасауынан да байқалды. Башқұрт азаттық қозғалысының басшысы Ахметзаки Валиди өзінің осы кезеңдегі ұстанған пікірі туралы "Естеліктерінде": "Мен ол кезде Түркістан еркіндігі туралы пікірді қуаттадым, ал орыс ықпалы үстемдік құрған Волга жағалауында мәдени автономия жөнінде ғана айтып, тек Башқұртстанның түрік ықпалы басым шығыс жағы (кейіннен оны "Кіші Башкирия" деп атады) арқылы Түркістан мен Қазақстандағы территориялық автономия үшін қозғалысқа қосылуға болады деп ойладым",60 — деп жазды. Өз ретінде Башқұрт ұлт азаттық қозғалысымен келісіп әрекет жасауға мүдделі болғандықтары жөнінде Алаш қозғалысының жетекшісі Ә.Бөкейхан 1929 жылы ОГПУ тергеушілеріне берген жауабында былай деп көрсетті: "Өзімнің Валидовпен байланысым жөнінде айтар болсам, онымен соңғы рет Уфада өткен "мемлекеттік кеңес" дегенде кездесіп, сөйлестік. Сол жолы біз арасында Совет үкіметі де бар өз жауларымызбен бірігіп күресуге келістік"61. Міне, осы келтірілген тарихи фактілер, қазақ ұлт азаттық қозғалысының, кеңестік тарих ғылымы соңғы уақытқа дейін ежіктеп айтып келгеніндей, басқа түркі халықтарымен контрреволюциялық одақта емес, өмірлік қажеттіліктен туған табиғи байланыста болғандығын көрсетсе керек. Сондай-ақ бұл тарихи кезеңдегі қазақ ұлт азаттық қозғалысының кеңістік ауқымы империя көлеміндегі түркі халықтарымен болған өзара ынтымақтастықпен шектелмейді. Қазан төңкерісінен кейін большевиктер ұлт азаттық күресті зорлықпен басып, тоталитарлық жүйе біржола орнағаннан соң, ұлт азаттық күрестің қазақ жерінде өрісінің тарылуына байланысты, енді ол жаңа саяси жағдайда шетелдік эмиграция күшімен де жүргізіле бастады. 20-жылдарда оның бастау көзінде Мұстафа Шоқай (Париж), Райымжан Марсеков, Ибраим Жайнақов (Шығыс Түркістан) сияқты бұрынғы Алаш қозғалысының белсенді қайраткерлері тұрды. Шетелдік эмиграцияның ең ірі өкілі, әрине, Мұстафа Шоқай еді. Біз бүгінгі күн биігінен Мұстафа Шоқайұлының азаттық үшін күрестің қазақ тарихындағы мүлдем жаңа түрі мен кезеңін бастап бергенін, оның "Жаңа Түркістан", "Жас Түркістан" сияқты журналдарының, "Түркістан Кеңестер билігі езгісінде" сияқты белгілі еңбегі соның айғағы екендігін мойындауымыз керек. Ол өзінің бар күш-жігерін, үлкен дарынын батыста Кеңес үкіметінің Түркістандағы отаршыл саясаты жөнінде әділ, турашыл көзқарас қалыптастыруға, сол арқылы өз Отанына қызмет етуге арнады. Революциялық өзгерістерден күткен үміті ақталмасына көзі жеткен М.Шоқайдың да А.З.Валиди сияқты "...Россияның ішіндегі күрес мұсылмандар құқын қамтамасыз ете алмады, әрине, бұл өкінішті-ақ, сондықтан да күрес енді халықаралық сипат алмақ. Менің мақсатым — бұл елдердің талап-тілегін әлемдік қауымдастыққа жеткізу"62, — деп айтуына толық құқы бар еді. Оның Еуропа мен Азияның айтулы орталықтарында француз, орыс және түркі тілдерінде жарық көрген еңбектері осы мақсатқа қызмет етті. Осы уақытқа дейін бұл тарихи шындықты қазақ елін бақытқа жеткізетін жалқы жол — Мәскеу ұсынған бағыт деген тұжырымдама қалқалап, көрсетпей келді. Ал осы ұлт азаттық қозғалыстың ішкі және сыртқы күштері арасында өзара байланыс болды ма? Бұл сауалға әзірге кесіп пікір айту ертерек. Бірақ Мұстафа Шоқайұлының Қазақстандағы шындық жөнінде батыста әділ пікір қалыптастыруды көздеген белсенді қызметі, оның 1929 жылы 5 маусымда Варшавада Шығыстану институтының ұйымдастыруы бойынша Кеңес үкіметінің Түркістандағы отаршыл саясатын талдауға арналған баяндамасы (оны тыңдауға КСРО Сыртқы істер міністірлігінің Шығыс бөлімінің басшысы Голушко және басқа ресми әскери адамдар қатысқан)63 және басқа еңбектері ОГПУ-дың түрлі контрреволюциялық күштердің өзара байланысы туралы қаупін күшейте түскендігі анық. Бізге 1928 жылдың соңына қарай ОГПУ-дың Қазақстандағы орындары тұтқынға алған Алаш қозғалысы қайраткерлерін тергеу барысында қойылған негізгі сауалдардың бірі осы шетелдік эмиграциямен (Шоқай, Валидов, Мәрсеков) қатынастың бар-жоғы жөнінде болғаны архивтік құжаттардан белгілі. Сондай-ақ 1922 жылы Германияға түрлі оқу орындарында мамандық алуға жіберілген төрт жастың (Ғ.Бірімжанов, Битілеуов, Мұңайтпасов, Қазбеков) Алаш қайраткерлерімен бірге түгелдей тұтқынға алынуы да "буржуазиялық ұлтшылдардың", "халықаралық империализм күштерімен" байланысын анықтау мақсатынан туған пиғыл екендігін байқау қиын емес. Міне, осы қазақ ұлт азаттық қозғалысының уақыттық және кеңістік ауқымына байланысты келтірген тарихи фактілер мен тұжырымдар бұл мәселені жаңа теориялық және әдістемелік тұрғыдан қараудың қажет екендігіне аз да болса дәлел бола алады деп ойлаймыз. Ал империя халықтарының өз еркіндігі үшін күресі барысында 1917 жылы пайда болған Алашорда үкіметі мен Қоқан (Түркістан) автономиясы сияқты құрылымдардың өзара тығыз байланысын көрсететін фактілер бұл пікірдің негізді екендігін айқындай түседі.
* * * М.Шоқай өнегесінің құндылығы халқымыздың жүріп өткен жолын, әсіресе ХХ ғасырдағы тағдырын жаңа көзқарас тұрғысынан қорытуға, сол арқылы бүгінгі жағдайымызды түсінуге себепші болуында. Сонымен бірге М.Шоқай есімін ауызға алғанда еріксіз ойға оралатын мәселе ол - "Түркі елі" идеясы. Олай дейтініміз, Мұстафа Шоқайды тек қазақ жұртына ғана теліп, оның қызметін тәуелсіз Қазақстанның тарихи мүддесімен ғана байланыстырар болсақ, онда Мұстафа Шоқай феноменін, ол көтерген мәселені дәл басып түсіндіре алмаушылыққа ұрынған болар едік. Өйткені М.Шоқай Қазақстан, қазақ елінің тәуелсіздігін Түркістанды көне заманнан бері өз атамекеніне айналдырған басқа да халықтардың тәуелсіздігінен бөліп алып қараған емес. М.Шоқай үшін Түркістан тұтастығы мен Түркістан еркіндігі - егіз ұғымдар. 1924-1925 жылдары Кеңес үкіметі іске асырған территориялық әкімшілік жіктелуден соң Ресей империясы құрамындағы бұрынғы Түркістанның орнына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан (құрамында Қарақалпақстан автономиясы бар), Түрікменстан және Тәжікстан аталатын бес республика өмірге келді. Ендігі уақытта бұл республикалар бұрынғы жинақы "Түркістан" атымен емес, "Орта Азия және Қазақстан" республикалары атанып, Кеңес Одағының құрамдас бөлігін құрды. 1985 жылы басталып, 1991 жылдың желтоқсанында біржола аяқталған Кеңестер Одағының ыдырауы көне Түркістан жерінде дербес бес мемлекеттің өмірге келуіне негіз болып қана қойған жоқ, сонымен бірге белгілі дәрежеде тарихи "Түркістан" ұғымының қайта жаңғыруына да түрткі болды. Мұндай құбылыстың бастау кезінде көне Түркістан халықтарының табиғи мүддесі жатыр. Басқаша айтқанда, Түркістан халықтары бұдан да бұрын түрлі тарихи кезеңдерді басынан кешірген тарихи жағдайға қайтадан жолықты. Яғни белгілі бір империялық үстемдіктің ыдырауы, онымен бірге өмірге келген идеологиялық және мәдени рухани құндылықтардың іргесінің сөгілуі Түркістан халықтары алдында түрлі замандарда әлденеше рет "енді не болмақ?", "адамзат керуенімен бірге қандай жолмен және қайда бет алмақпыз?" деген сияқты сан салалы сауалдар қойған. Бүгінде сол жағдайдың жаңа мазмұнда көлденең тартылып отырғандығын аңғару қиын емес. Ішкі себептер дегенде алдымен аталары, әрине, Түркістандық мемлекеттердің өзара экономикалық байланыстарын заман талабы мен ағымына сай жаңа сапаға көтеру қажеттігі екендігі түсінікті. Бұл белгілі дәрежеде, ілгері замандардан үзілмей келе жатқан өзара дәстүрлі, тиімді экономикалық және сауда қатынастарын одан ары жетілдіре түсу деген ұғымды білдіретін және ешқандай да дау тудырмайтын бағыт. Осы өзара жан-жақты байланыстарға ықпалын тигізбей қоймайтын сыртқы факторларға келгенде мынадай жағдайларды есепке алуға тура келеді. Біріншіден, Түркістан өлкесін ХІХ ғасырдың 60-жылдарының соңынан бері билеп-төстеген Ресей (кейіннен Кеңестер Одағы) империясы ыдырағанымен, оның қайтып оралу пиғылында жоқ деп ешкім де айта алмас. Бағдарламалық деңгейде тұжырымдалған ондай пікірді ресейлік басылымдар жариялады да, ал мемлекеттік саясат ісінде мұндай мазмұндағы әрекеттердің ұшы көрініп те жүр. Белгілі дәрежеде ондай жасалынған тұжырымдар мен әрекеттерге таңырқауға да болмас, өйткені Ресей белгілі бір геосаяси кеңістікте өзінің түпкілікті мүддесін көздеуге құқылы. Ал оның бұл әрекеттері Түркістан халықтарының бұдан былайғы кезеңдегі табиғи мүддесіне қаншалықты сәйкес келеді, мәселе сонда. Екіншіден, Түркістанның келесі бір көршісі - Қытай. Түркістанның шығыс бөлігі осы мемлекеттің құрамында. Тарихи тәжірибе көрсетіп отырғандай, Түркістан халықтарының бұл мемлекетпен қарым-қатынасы жалпы алғанда бейбіт. Дегенмен болашақта түрлі себептерге байланысты Түркістан-Қытай қатынасының өзгеріске ұшырауы әбден мүмкін ғой. Сондықтан да Түркістан халықтары ондай өзгерістерге даяр болғаны жөн. Үшіншіден, Түркістан қазіргі кезеңде белгілі дәрежеде АҚШ, Батыс Еуропа және Жапония сияқты ірі экономикалық, саяси және мәдени орталықтардың мүддесі тоғысқан аймаққа айналып отырғандығы да бар. Бұл аймақта өз мүддесін көздеген батыстық мемлекеттер коммунистік идеологияның босап қалған орнын шама-шарқынша батыстық өркениеттің құндылықтарымен толтыруға күш салуда. Міне, осындай жағдайда тарихта ортақ атпен Түркістан аталған аймақта өмірге келген дербес мемлекеттердің өздерінің ортақ мүддесі жөнінде ойланбай қоймайтындығы түсінікті. Олай болса, осы табиғи ортақ мүддені қорғап, сақтау ісінде кезінде Мұстафа Шоқай жаңа мазмұн беруге күш салған "тұтас Түркістан" идеясы қандай орын алмақ, оның тарихи негіздері, бүгінгі жағдайы және ертеңгі болашағы жөнінде тарихи таным тұрғысынан не айтуға болады? Осы жөнінде ой өрбітіп көрелік.
І
Парсы тіліндегі "Түркістан" сөзі "Түркі елі" деген ұғымды білдіреді. Түркілер еліне бұл атты берген сасанидтер династиясы (ІІІ-VІІ ғғ.) тұсындағы ирандықтар. Түркі елінің көлемі түркі жұртының қоныстануына және түрлі саяси жағдайларға байланысты өзгеріп отырған, ал бүгінгі аумағына шамамен Х ғасырдың бастапқы кезеңіне қарай жеткен64. Батысында Орал тауының оңтүстік беткейі, Жайық, Орал өзені, Еділдің теңізге құяр сағасы, Каспий теңізі, солтүстігінде Ертіс өзені, шығысында Шығыс Түркістанның шығыс шеті, оңтүстігінде Қорасан және Копетдаг таулары аралығын қамтиды. Әлемдік әдебиетте соңғы жылдарға шейін Түркістанды негізінен екіге бөліп "Шығыс Түркістан" және "Батыс Түркістан" деп атайды. Шығыс Түркістан Қытай мемлекетінің құрамына (ХVІІІ ғасырдың орта тұсында) күшпен қосылғаннан кейінгі кезеңде оны шетелдіктер "Қытайлық Түркістан", ал қытай деректері "Синьцзян"65 деп атай бастады. Ал батыс Түркістан ХVІІІ-ХІХ ғасырдың екінші жартысы аралығында Ресей империясы құрамына енді. Оны әдебиетте "орыстық Түркістан" деп атайды. Шығыс Түркістанның жер көлемі — 1 503 563, ал Батыс Түркістандікі — 3 836 503 шаршы километр. Екеуін қосқанда 5 340 066 шаршы километр66. Бұл аталғандардан басқа жергілікті тұрғындарының құрамына қарай аталып кеткен "Ауғандық Түркістан" және "Ирандық Түркістан" деген де атаулар бар67.
Біздің шағын еңбегімізде сөз негізінен Батыс Түркістан жөнінде болмақ. "Түркі елі" - "Түркістан" - біз үшін алдымен концепция, ұғым, идея. Ендеше, ол қашан, неге байланысты пайда болды? Біздің түсінігімізше, оның өмірге келуі түркі тайпаларының көрші мемлекеттермен және өзара қырғиқабақ соғыс барысында өздерінің ортақ этникалық мүдделерін бірігіп қорғау қажеттілігін ұғынуына, қоғамдық дамуда сондай деңгейде көтерілуіне байланысты болды. Бұл процесс бізге деректерден белгілі хунн, үйсін және қаңлы дәуірлерінде-ақ жүріп жатты, ал тұтас бір концепция, көзқарас түрінде біржола қалыптасуы VІ-VІІІ ғасырларға, яғни жеке тайпалық емес, жалпытүркілік мүдде негізінде өмірге келген алғашқы түркі мемлекетінің құрылуы кезеңіне тұс келеді. VІ ғасырдың орта тұсында қазіргі Моңғолия жерінде түркі қағанаты өмірге келді. Оның басында Бумын қаған тұрды. Іргесінде қуатты мемлекеттің пайда болғаны Қытайдағы Тан династиясына (618-907-жж.) ұнай қойған жоқ. Қағанаттың ішкі алауыздығын өршіте отырып, қытайлықтар 630 жылы оны басып алып, елу жыл бойы өзіне тәуелді етті. Түркілер жұртының ақсүйектері қытай билеушілеріне бағынып қана қоймай, балаларына қытай тәрбиесі мен білімін беріп, өздері де солардың атақ-дәрежесін қабылдай бастайды. Сөйтіп, түркілердің мемлекеттік тұтастығы мен елдігіне қауіп төнеді. Осы ойды білдірген үлкен Күлтегін жазуы мынадай дейді:
Бектерінің, халқының ымырасыздығынан,
Табғаш68 халқының тепкісіне көнгендігінен,
Арбауына сенгендігінен,
Інілі-ағалының дауласқандығынан,
Бекті - халқының жауласқандығынан
Түркі халқы елдігін жойды,
Қағандығынан айырылды;
Табғаш халқына бек ұлдары құл болды,
Пәк қыздары күң болды.
Түркі бектер түркі атын жоғалтып,
Табғаш бектердің табғаш атын тұтынып,
Табғаш қағанына бағынды,
Елу жыл ісін-күшін берді69.
Міне, осындай ауыр жағдайда Құтлұғ қаған бастаған түркілер жұрты көтеріліске шығып, мемлекеттік дербестігін қалпына келтіреді. Елді біріктіруші міндетін атқарғаны үшін Құтлұғ қағанға жұрты Елтеруші (элтэрэс) деген атақ береді. Елтерушіден соң Тан басқыншыларына қарсы күресті Білге қаған, Күлтегін және Тоныкөктер жүргізді. Осы үштіктің тұсында "бүтін түркі елі" концепциясы біржола қалыптасты деп айтуға толық негіз бар. Оған сол тарихи кезеңдегі түркі елінің осы аталған үш ірі қайраткерінің құрметіне қойылған құлпытастардағы жазулар куә бола алады. Сондай-ақ бұл белгілер айтулы саяси тұлғаларға көрсетілген құрмет қана емес, сол құрмет арқылы жалпыэтникалық, жалпытүркілік идеяға жасалған қолдау да болатын. Құлпытастардағы жазудың ортақ ойы - түркі халқын елдік тұтастық пен тәуелсіздікті сақтауға үндеу. Күлтегін үлкен жазуы:
...Көкте түрік тәңірісі,
Түріктің қасиетті жері, суы былай депті:
"Түркі халқы жойылмасын", - дейді
"Ел болсын", - дейді70.
Тарихшы Л.Н.Гумилевтің түркі қағанаты мен Тан династиясы арасындағы тартысты тек мемлекетаралық қақтығыс ретінде ғана емес, сондай-ақ түрлі мәдениеттер, дүниетаным, көзқарастар арасындағы қақтығыс есебінде қарау туралы тұжырымы71 ерекше мән беруге лайық. Өйткені бұл мезгіл өзіне тән болмыс-бітімі бар түркілік өркениеттің қалыптасу процесінің аяқталып қалған мезгілі болатын. Көшпелі және егіншілік мәдениеттердің өзара тығыз табиғи байланысына негізделген шаруашылық жүйесінің, түркі тілі мен фонетикалық жазуының, қоғамдық ойының, он екі жануар атынан тұратын жыл санау жүйесінің қалыптасуы соның айғағы еді. Қорыта айтқанда, Қытай мемлекетімен арада болған мың жылға жуық қатынастың елеулі қорытындыларының "тұтас түркі елі" концепциясының өмірге келуімен аяқталған еді. Түркілердің бұдан былайғы кезеңдегі тағдыры үшін бұл нәтиже Қытай қабырғасын тұрғызудан кішкене де кем емес-тін. VІІ ғасырдың соңғы ширегінде Тұран жерінің батыс бөлігі араб халифатының құрамына енді. Араб отарлауы кез келген басқыншылық сияқты алғашқы кезеңде жергілікті халықтың тұрмысы мен мәдениетіне жеңіл тимегенімен, уақыт өте ол жергілікті халықтардың мәдениеттердің арасындағы Таяу Шығыс және Батыс елдері рухани мәдениетімен өзара ұштасуына мүмкіндік туғызып, соның негізінде ІХ-ХІ ғасырларда Тұран мен бүкіл Таяу Шығыста бұрын болмаған мәдени синтездің жүруіне жол ашты. Жаңа қалыптасқан жағдай Тұран халықтарының жаңа рухани сапаға өтуіне, сол арқылы көшпелі және отырықшы қауымдастықтар арасындағы қатынастың тұрақты, өзара түсіністік сипат алуына, сауда мен қол өнердің жедел өсуіне қажет шарттар түзіп берді. Ортағасырлық Батыс Еуропада латын тілі қандай үлкен мәнге ие болса, халифат территориясында және оған таяу төңіректе де араб тілі сондай универсалды ғылым және әдебиет тіліне айналып үлгірді. Сонымен бірге бұл жағдай, белгілі дәрежеде, түркі тілінің дамуына кері әсерін тигізе бастаған-ды. Міне, осы тұста түркі тілі мен мәдениетінің, жалпы түркі өркениетінің жаңа жағдайға бейімделіне қызмет жасауды өмірлік мұраты деп білген ғалымдар мен ақындар шоғыры өмірге келді. Олар "тұтас түркі елі" концепциясының жаңа дәуір, жаңа тарихи кезеңде заман талабына лайық қайта жаңғыру процесін бастап берді (X-ХІ ғғ). Рухани мәдениет саласында анық та айқын бой көтерген бұл процестің басында Жүсіп Хас Хажыб Баласағұн, Қожа Ахмет Иасауи және Махмуд Қашғари сияқты ұлы ой иелері, ғалымдар тұрды. Олар, әрине, "тұтас түркі елі" концепциясын негіздеуді арнайы қолға алған емес. Бірақ ішкі мазмұны ондай арнайы зерттеуден анағұрлым жоғары, мәңгі өшпес мағынасы бар іс бітірді. Өйткені бұл аталған ғалымдар түркі тілінде немесе түркі жөнінде өз еңбектерін жазып, түркі тілінің мүмкіндігін кеңейтіп қана қойған жоқ, сонымен бірге түркі өркениетінің жалпыадамзаттық кеңістікке шығуына жол ашты. Кез келген өркениет үшін бұдан маңызды іс болмаса керек. Жүсіп Баласағұн:
...Бұл кітапты қабыл алып, қарарсың,
Түркі тілі ғажабына қанарсың.
...Байқап көрсем, жеңілдеді жүгім де,
Айтсам дедім сөзімді ана тілімде72.
Жалпы, бұл тарихи кезең (Х-ХІ ғғ.) түркі тілінің араб тілімен қатар ғылым мен жазба әдебиет, философия мен дін, саясат пен құқық тілі мәртебесіне көтерілу кезеңі болатын. Оның мұндай дәрежеге жетуіне араб, мұсылман өркениетінің тигізген ықпалы шексіз мол болды. Басқаша айтқанда, бұл тарихи кезеңде ислам діні мен араб мәдениеті түркі өркениеті үшін белгілі дәрежеде басқа мәдениеттермен жалғастырушы міндет атқарғандығын жоққа шығару мүмкін емес. Осы тарихи кезеңде қалыптасқан түркілер өркениетіне, соның ішінде көшпелілер мәдениетіне де тән оның мынадай ерекшеліктерін атамасқа шарамыз жоқ. Ол, біріншіден, түркілердің көшпенді тұрмыстағы бөлігі ресми түрде ислам дінін қабылдай отырып, күнделікті тіршілігінде оны өздерінің байырғы діні "Көк тәңірімен" қабыстыра білді. Екіншіден, көшпенді тұрмыстағы түркілер мәдениеті таза ауызша айту дәстүріне негізделді деген тұжырымға ешқандай да негіз жоқ. Жоғарыда аталған Жүсіп Баласағұн мен Қожа Ахмет Иасауи шығармалары екі бірдей дәстүрге, яғни жадыда сақтап ауызша айту және жазба дәстүріне негізделгенін зерттеушілердің барлығы да мойындайды. Сондай-ақ бұл жағдай жалпы көшпелі түркілер мәдениетіне ортақ көрініс болатын. ХІІІ ғасырда Орталық Азияда түркілер тарихында жаңа кезең басталады. Олардың байырғы отаны, қазіргі Моңғолия жерінде түркі және моңғол тайпаларының Шыңғыс хан туы астына бірігу процесі жүріп, оның нәтижесінде Тынық мұхиттан Шығыс Европаның батыс шекарасына дейінгі аралыққа созылған моңғолдар империясы (ХІІІ-ХІV ғғ.) өмірге келді. Әрқашанда зерттеушілердің талдауына ұшырай бермейтін тарихтың ғажап құбылыстары болады. Солардың бірін біз осы кезеңде байқаймыз. Сол уақытқа, яғни ХІІІ ғасырға жеткенше түркілердің мемлекет және әскер құру тәжірибесі Шыңғыс және оның мұрагерлері дәуірінде енді моңғолдар мәртебесіне қызмет жасайды, тіптен қайсыбір байырғы түркі тайпалары, тарихшы Рашид ад-дин айтқандай, өздерінің түп төркіні түркі екендігін ұмытып, енді мәртебесі тасып, тасы өрге домалаған моңғолдардың ықпалына бейімделіп, өздерін моңғол одағына жатқызды. Сөйтіп, Жетісу мен Сыр бойындағы Отырар сияқты қалабекіністердің көп жағдайда сыртындағы алушысы да, ішіндегі қорғанушысы да қандас түркілер еді. Шыңғыс хан дәуіріне дейінгі түркі жазба және жатқа айтылған шежіре деректеріне негізделген Рашид ад-дин еңбегінен мынадай тұжырымдар жасауға негіз бар. Біріншіден, түркі халықтарының ХІІІ-ХІV ғасырлардағы орналасқан территориясы бүгінгі орналасқан аумағымен сәйкес келеді. Екіншіден, Шыңғыс хан бастаған моңғол тайпаларының саяси ықпалының күшеюі барысында көрші түркі және моңғол тайпаларының73 өзара этникалық араласу процесі жүріп жатты. Бірақ бұл уақытша жүрген құбылыс түркі тайпаларының біржола моңғолданып кетуімен аяқталған жоқ. Моңғолдар көне түркі тайпаларын сіңіре алмады. Көп ұзамай-ақ, олардың қайта жіктелу жолына (дезинтеграция) түскендігін аңғарамыз. Басқаша айтқанда, моңғолдар мен түркілердің бұл жолғы тоғысуы тек өзара этникалық араласуды ғана емес, сонымен бірге белгілі бір мақсатта құрылған саяси одақтық құбылысты еске салатын еді. ХІV ғасырдың соңы және ХV ғасырдың басында, моңғолдар империясының ыдырауы барысында түркі халықтары жаңа сападағы қайта жаңғыру жолына түсті. Әмір Темір империясының (ХІV ғасырдың соңы) пайда болуы, Түркістан өңірінің бір сәтке болса да қайтадан экономикалық, мәдени және ғылыми дамуға бет бұруы соның айғағы болатын. Міне, осы тарихи кезеңде бүтін "Түркі елі" идеясы тағы бой көрсетеді. Әмір Темір және басқа хандар сарайында түркі тілі ғылым мен әдебиет тіліне айнала бастайды. Әлішер Науаидің қаламынан туған "Фархад пен ІІІырын" дастанындағы мына жолдар осы процестің рухани өмір саласындағы көрінісі болатын:
Хосроумын, Низамимын дей алман,
Шайырлардың тәңірісі Жәмиге де ере алман.
Низами — жеңімпаз-ды, ақылы мол,
Берда, Ганжа, Румды табындырды ол.
Хосроудың сөзі шырын, тілі бал,
Үндістанды жаулап алды бір өзі ол.
Бүкіл Иран бір Жәмиды тыңдайды,
Бүкіл араб Жәми сөзін сыйлайды.
Бірақ, бірақ қалың ру, қалың қауым түркілер,
Менің ғана сөзімді естіп іркілер.
...Шираз бенен түрікменнің даласы,
Хорасан мен Қытай шебі арасы.
Қайда жүрсің, түркі сөзін ту етіп,
Сап түзеуге түркілерде бар ерік.
Бұл қиссаны шетсіз, шексіз мұң толы,
Жан азабы, биік сезім, сыр толы.
Жаздым үлкен шабытпенен күніге,
Жанға толы түркі ана тілімде74.
Ұлы ақын өзінің тілдер туралы трактатында: "И в соответствии с ...обычаем, я обратился к персидскому языку. Однако, когда я вступил в возраст разумения и когда всевышний господ наделил меня естественной склонностью к постижению необыкновенного и пониманием тонких и сложных вещей, тогда и возникла необходимость поразмыслить о тюркской речи. И целый мир явился мне, и был он больше восемнадцати тысяч миров. ...Там привелось открыть мне такую сокровищницу достойного и высокого, что жемчужины ее сверкают ярче бриллиантов звезд"75, - деп жазды. Өкінішке орай, Түркістан өңірінің бұл жолғы жаңғыруы, бұдан бұрынғы, яғни ІХ-ХІІ ғасырлардағыдай экономикалық және мәдени гүлдеуге ұласқан жоқ. Әмір Темірдің еркінен туған мемлекет басқару ісіндегі "Ереже", Әмірдің Самарқанға жидырған қолөнер шеберлері, солардың қиялынан туып, Түркістан өңіріне түскен ою-өрнектей болған ғимараттар, Ұлықбектің астрономиялық трактаттары мен Бабырдың ғажап жазбалары Түркістан түркілері өркениетіне Батыс Европадағыдай рыноктық қатынас және демократия жолына түсуге жетімсіз болып шықты. Ұлы Әмірдің өзі жарық дүниеден кеткен соң көп ұзамай-ақ Түркістан жұрты өзара феодалдық қырқысулардың шырмауына түсті. Жалпы Шығыс әлемін қамтыған ғылым мен техникадағы мешеулік бірнеше жүз жылға Түркістанды да өз құрсауына алды. ХVІІІ-ХІХ ғасырларға жеткен орыстық отарлық билік Түркістанға экономикалық және мәдени жаңғыру алып келген жоқ. Өзінің бірнеше мыңжылдық тарихында отарлық биліктің талай түрін басынан өткізген Түркістан, ресейлік билік әкелгендей озбырлықты көрген емес-тін. Саяси өмірде бүкіл жергілікті билік отаршыл әкімшіліктің қолына ауысты. Ресей империализмі мұнда біржола орналасу әрекетіне көшті, яғни ішкі ресейлік губерниялардан қоныс аударып келген орыс және басқа европалықтар біртіндеп сандық тұрғыдан Түркістан халқының басым бөлігін құрып, орыс билігінің жергілікті тірегіне айналуға тиіс болды. Ал Түркістандықтар әлемдік өркениеттен тыс қалған "түземдіктер" есебінде өзінің "қарабайыр" өмір салтынан, тіршілігінен бас тартып, орыстану жолына түсуі керек еді. Бүкіл ақпараттық құралдарды қолына шоғырландырған метрополия еуропалық қауымдастықтың көз алдында Түркістанның жергілікті жұрты жөнінде "түземдіктердің" бейнесін жасап, ал өзін тіптен мұнда, яғни Түркістанға еуропалық өркениет пен өмір салтын әкеліп енгізуші етіп көрсетуге тырысты. Ежелгі замандардан әлемдік орталықтармен тікелей байланыста болып келген Түркістан енді басқа батыс және шығыс елдерімен тек Ресей арқылы ғана қатынаса алатын еді. Енді ғана өнеркәсіптік даму жолына түскен Ресей болса Түркістанды тек арзан шикізат көзі және өзі өндірген тауарларды өткізетін рынок деп білді. Міне, осындай жағдайда Түркістан 1917 жылғы төңкерістерге жетті. Патшалық биліктің құлауы, оның артын ала 1917 жылдың соңында орнаған кеңестік билік, оның отаршылдық мазмұндағы алғашқы аяқ алысы, яғни осы тарихи кезеңдегі "бүтін Түркістан" идеясының көрінісіне тән мынадай ерекшеліктерін атап айтқан жөн. ХХ ғасырдың басы жеке түркі халықтарының өздерінің дербес ұлттық мемлекетін құруға ұмтылушылығымен сипатталады. Мұндай тенденция, мәселен, қазақ, татар, башқұрт және басқа халықтардың зиялыларының саяси қызметінен анық байқалды. "Алашорда" мен "Еркін Башқортостан" соның көрінісі болатын. Жеке түркі халықтарының дербес мемлекеттікке ұмтылуы олардың бірнеше ғасырлық жетілуінің нәтижесі болатын, сондықтан да табиғи құбылыс есебінде қабылдануға толық құқылы. Дегенмен бұл жағдай "бүтін Түркістан" идеясының жаңа сапада қайта жаңғыруына кедергі бола алған жоқ. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде бұл идея, біріншіден, түркі зиялыларының екі буынының (патшалық билік тұсында қалыптасқан және кеңестік билікке тартылған зиялылардың) бірдей қызметіне арқау болса, екіншіден, сол бұрынғыдай кең географиялық ауқымда көрініп, яғни батысында Еділ мен Жайықтан бастап, шығысында қазақ даласы мен қырғыз Алатауы аралығындағы түркі жұрттарын түгел қамтыды. Оның бұл жолғы тууына негіз болған ресейлік отаршылдық билік жүйесі еді. ХХ ғасырдың басындағы жалпытүркілік азаттық идеясының күш алуына татар (қырымдық және қазандық) және башқұрт халықтарының зиялылары біраз еңбек етті. Бұл табиғи құбылыс болатын. Өйткені орыстық отарлық езгінің ең алдымен басынан өткерген, сондықтан да онымен күрестің бағасын терең ұғынған және осы жолда біраз тәжірибе жинаған да осы халықтар еді. Исмаил Гаспиринскийдің "Тәржіман", Фатих Каримовтың "Уақыт" газеттері, татар зиялылары ұйымдастырған баспаханалар, олар бастап берген жаңа әдістік оқыту жүйесі белгілі дәрежеде жалпытүркілік азаттық идеясының қайта жаңғыруына қызмет жасады. Жалпытүркілік азаттық идеясына ғасыр басында түркі жұрттары арасында тарыдай шашырап жүрген сұлтан тұқымдары да қосылып, демеу беріп отырды. Зәки Валиди Тоған өзінің естеліктерінде 1905-1907 жылдары белгілі ақсүйек сұлтан ұрпақтары Галиасқар Сыртланов пен Сәлімгерей Жантөриннің ресейлік түркілердің "территориялық автономия" құқы үшін күресіне қолдау жасап, солардың көмегімен Габдрашид-Қазый Ибрагимовтың "Автономия" деген кітапша бастырып шығарғандығын айтады76. Осы сияқты әрекеттер кейіннен бүкіл ресейлік түркі зиялыларының арасында үлкен беделге ие болған федералистер қозғалысына ұласты. Дегенмен ХХ ғасырдың бас кезіндегі ресейлік түркілік азаттық қозғалыстың болмысы бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда анағұрлым күрделене түскендігін мойындау керек. Басқаша айтқанда, ол көзқарастық тұрғыдан тек бір бағытқа бет бұрған қолдаушылардан тұрмайтын. Империя көлемін түгелдей қамтыған түрлі саяси ағымдар түркі халықтарының азаттық қозғалысына да өз ықпалын тигізуге тырысты. Олардың арасында кадеттер партиясы, социал-демократтар, дін үшін қозғалыс және басқалары бар еді. Осы тарихи кезеңдегі азаттық үшін күрес тәжірибесін таразылаған Мұстафа Шоқай оның мынадай үш кемшілігін көлденең тартады. Олар: біріншіден, түркі елі зиялыларының орыс революцияшыл демократтарына сеніп, оған арқа сүйеу арқылы бостандық алудан үміттенуі; екіншіден, ендігі бір топтағылардың "саяси табысқа дұға арқылы жететініне" сенгендігі; үшіншіден, бұларға қосымша қозғалыс басшыларында саяси кемелдіктің жетіспегендігі, жалпы қозғалыстың басын біріктірер ортақ бағдарламаның болмауы, өзара түсінісе алмаушылықтың етек алуы еді. М.Шоқай бұл жасаған тұжырымдарын анықтай түсіп, тарихи шындықтың терең қатпарына жетелейтін мынадай қорытындыға келген болатын: "Кейінірек құрылып, аз уақыт өмір сүрген түрлі ұлттық тәуелсіз үкіметтердің (бұл арада алдымен Қоқан автономиясы, Алашорда, Башқортостан республикасы және басқа үкіметтерді айтып отыр. — М.Қ.) тәжірибесі бізге бір жағынан орыстың төңкерісшіл демократиясына деген жалпы сеніміміздің жаңсақтығын дәлелдеді. Ал екінші жақтан, ашығын айту керек, қандай да бір елде аз халықтың өз мемлекетін құрып, оны Ресей империализмі шеңгелінен өз күшімен қорғай алуы секілді пікірдің де жаңсақ екендігін көрсетті"77. Кеңестер билігі біржола салтанат құрғаннан кейінгі уақытта, анығырақ айтқанда 20-жылдары тұтас түркі елінің азаттығын қамтамасыз ету әрекеті енді кеңестік билік шеңберінде өз жалғасын тапты. Сондай-ақ бұл қозғалыстың басында тұрған жаңа саяси элита көп ұзамай-ақ, яғни ХХ ғасырдың 20-30-жылдардың соңына қарай бұл іргелі мақсатқа жаңа кеңестік билік жағдайында қол жеткізу мүмкін еместігіне көз жеткізіп үлгерген болатын. Енді осы процеске қысқаша тоқталып өтейік. Метрополияда Қазан революциясы жеңе салысымен оның ізінше Ташкенде болып өткен кеңестердің Түркістан өлкелік ІІІ съезі ұлттық автономия идеясын қабылдай алмайтындығын ашық көрсетті. Съезд өлкедегі биліктің 14 адамнан тұратын Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесінің құзырына өтетіндігін мәлімдеп, тек еуропалық халықтардың өкілдерінен тұрған үкімет құрамын бекітті, ал орталық билік пен В.И.Ленинге жолдаған жеделхатында өзінің негізгі міндетін орталықтың барлық декреттерін өмірге енгізіп отыру деп белгіледі. Міне, осындай жағдайда 1917 жылғы қарашада Қоқан қаласында болып өткен ІV Төтенше өлкелік мұсылмандар съезі Түркістан өлкесін жергілікті халықтардың саяси тәуелсіздігін қамтамасыз етуді мұрат тұтқан автономия жариялап, сонымен бірге оның құрамындағы "тұрып жатқан басқа да халықтардың құқығы толық сақталатындығын салтанатты түрде мәлімдейді"78. Съезд құрған Түркістан Уақытша Кеңесіндегі 54 орынның үштен бірі (18) сол тұстағы Түркістан халқының 7 пайызын құрған еуропалық тұрғындардың үлесіне тиді79. Қоқан (Түркістан) автономиясының өмірге келуі Түркістан халықтарының саяси, экономикалық және рухани дербестікке ұмтылысының көрінісі болатын. Бірақ большевиктер билігі жергілікті жұрттың мұндай табиғи талабымен есептескен жоқ, Қоқан қаласын қанға бояп, автономия үкіметін күшпен таратып жіберді. Бұл жолғы Түркістандықтардың еркін білдіруші патшалық билікпен күресте қалыптасқан ұлт зиялылары еді. Олар қоғамдық мәселелерді шешудің большевиктік бағдарламасын қуаттамады, ал Түркістан жұртына ұлттық автономия талап етіп, жергілікті мәселелерді халықтың тікелей қатысуымен құрылған билік арқылы шешуді көздеді. Бұл патшалық Ресей империясы тарих сахнасынан кеткен бетте Орталық Азияда түркі халықтарының мемлекеттігін қалпына келтіру әрекетінің көрінісі болатын. Міне, осы платформада тұрған Түркістандық саяси элитаның басында Мүннәуәр Қари, Махмут қожа Бехбуди, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышпаев және басқа көзқарастық тұрғыдан біркелкі емес кісілер тұрды. М.Шоқайдың бұл бағыттағы қызметі төменде сөз болады. Бүтін және азат Түркістан платформасын қолдап, сол үшін қызмет жасаған кеңестік зиялылардың арасынан ең алдымен, әрине, Мирсаид Сұлтанғалиев пен Тұрар Рысқұловтың қызметі бөліп атауға лайық. Бұл арада олардың қарап отырған мәселеге қатысты пікірлеріне толық тоқталу мүмкін емес. Сондықтан аталған қайраткерлердің мәселеге қатысты негізгі тұжырымдарына ғана көңіл аударайық. Т.Рысқұлов ол жөнінде өзінің "Түркістанның автономиялығы туралы тезистерінде" мынадай ойды білдіреді: "1-бап. Сырдария, Жетісу, Ферғана, Самарқанд және Закаспий облыстарынан тұратын Түркістан - қырғыз (қазақ), өзбек, түрікмен, қарақалпақ, қыпшақ, татар, тараншы (ұйғыр), дұңған және т.б. сондай-ақ түрік тұқымдас емес тәжіктер мен түздік еврейлерді қоса отырып түркі халықтарының елі (отаны) деп саналсын, ал қалған орыс, еврей, армян және тағы басқалары келімсек элементтер деп есептелсін"80... "4-бап. Қазіргі социалистік құрылыс кезінде территориялық қана емес, сондай-ақ ұлттар арасындағы шекаралық белгілер де бірте-бірте жойылатын уақытта, Түркістанның бес облысының шегінен тұратын географиялық шекарасы қандай да бір тұйықталған шекара деп саналмай, қайта Түрік Кеңес Республикасының құрамына мүшелікке өткісі келетін жаңа республикалардың қабылдануына мүмкіндік бар деп есептелсін... "6-бап. Еңбекшілер мен қаналған халықтарды интернационалды жолмен біріктіру мақсаты үшін, түркі халықтарының: татар, қырғыз (қырғыз және қазақ), башқұрт, өзбек және т.б. болып бөлініп, жеке ұсақ республикалар құруға ұмтылу идеясын коммунистік үгіт жолымен жою және біртұтастық мақсаты үшін РСФСР құрамына кіретін басқа түркі халықтарын түркі Кеңес Республикасының төңірегіне топтастыру қажет, ал бұған жету мүмкін болмаған жағдайда жеке түркі халықтарын белгілеріне қарай өзара біріктіруге ұмтылу керек"81. 1920 жылы қаңтар айында Ташкенде болып өткен Мұсбюроның ІІІ төтенше конференциясының талқысына түсіп қабылданған бұл тезистер бойынша түркі Республикасы кеңестік негіздегі ұлттық автономия болуы тиіс еді. "Ұлттық" және "мемлекеттік" деген ұғымдардың большевиктік платформаға өзара сыйыса алмайтындығы түсінікті. Дегенмен кеңестік биліктің алғашқы жылдары бұл ұғымдар өзара сыйыса алады деп түсінген қайраткерлердің болғанын жоққа шығара алмаймыз. Тұрар Рысқұлов пен оның пікірлес серіктері ол кездегі мемлекеттік билікті ғана емес, тіптен коммунистік партияны да ұлттық негізде құруға болады деп сенді. Т.Рысқұловтың аталған тезистерінде болашақ түркі Республикасындағы коммунистік ұйымды "Түркі халықтарының Коммунистік партиясы" деп атауды ұсынуы соның көрінісі болатын82. Қорыта айтқанда, түркі Республикасы - болашақта ресейлік пікірлердің басын біріктіретін Ресей Кеңестік Федеративтік Республикасы құрамындағы түркілердің өзін-өзі басқаруын қамтамасыз етуге тиіс автономиялық принципке негізделген мемлекет. Бұл арада көңіл аударуға лайық мәселе, түркі Республикасы басқа түркі мемлекеттік құрылымдары үшін үнемі ашық, ал болашақта олар ұлттық белгілеріне қарай тұтас бір мемлекет шеңберінде конфедерациялық негізде біріге алады. Кеңестік биліктің кейінгі жылдардағы бет алысы көрсетіп бергендей Т.Рысқұловтың пікірі революциялық энтузиазмнен туған сол тарихи кезеңдегі кеңестік шындықтың өгей баласындай құбылыс еді. Империяның астанасында болсын, оның жергілікті билік орындарында болсын оған құлақ түріп, жылы шырай танытатын жоғарғы құзырлы мекеме де, жеке басшылар да жоқ еді. М.Сұлтанғалиевтің пікірі бойынша, Ресей - Рим империясы, Араб халифаты, Шыңғыс хан, Темір және Осман империялары жүрген жолмен жүріп, ыдырауға ұшыраған империя. Оның орнына келген КСРО да мәңгі емес, өткінші құбылыс. Бұлардың сілемінде дербес мемлекеттік құрылымдардың бой көтерері анық және ол табиғи нәрсе. Міне, осындай тарихи жағдайда КСРО құрамындағы түркі халықтарының бүтін бір мемлекеттік организмге бірігері хақ. Оған болашақта іргедегі Шығыс Түркістанның, Ауғанстан мен Персиядағы түркі аудандарының ыңғай білдіруі толық ықтимал. "Менің пікірімше, -деп жазды М.Сұлтанғалиев, - әлемде бұл процестің одан әрі тереңдей түсуін тоқтата алатын күш жоқ, өйткені өзінің ішкі мазмұны жағынан бұл процесс өте прогрессивті және революцияшыл қозғалыс болып табылады. Оны сәл соза түсуге, кедергілер қойып "тоқтата" тұруға болар, бірақ біржола тоқтатып тастау немесе жойып жіберу мүмкін емес"83. Бұл оның 1929 жылы жасаған тұжырымы еді. М.Сұлтанғалиев Т.Рысқұлов пен М.Шоқай сияқты Кеңес үкіметінің Түркістан халықтарын жеке республикаларға жіктеу саясатын қуаттай алмады және оны ашық білдірді де: "Маған... Кеңестік билік пен партия...түркі халықтарын тайпалық белгілері бойынша жікке бөлу саясатын қайта қараулары керек сияқты болып көрінді, өйткені қатайып келе жатқан реакциялық күштерге түркілік ұлттық кеңестік республикаларды біртіндеп жұтып қою жеңілірек болмақ, ал олар бүтін болса, оны істей алмайды"84. М.Сұлтанғалиев тура осы пікірді басқа бір еңбегінде тағы да қайталады. Ол: "Москва бүтін Түркістанды экономикалық және саяси жағынан әлсіз ету үшін тұран халықтарын жеке ұсақ тайпаларға жіктеуде, бірақ екі жыл да өтпей-ақ бөлшектеуге ұшыраған тұран жұрты қайтадан бүтіндігін қалпына келтіру жөнінде айта бастайтын болады және бұрынғыдан да қуатты, ұйымдасқан мемлекетік тұтастыққа өтері хақ",85 -деп жазды. Қуыршақ республикалар одағын құру сырт көзге ұлттар теңдігін қалайтын болып көрінгенімен, ал шын мәнінде ұлтаралық қатынаста сырты қызыл, іші ақ (редисочный) мазмұндағы саясатты жүргізуші жаңа ұлыдержавалық бағыттағылардың әрекеті екендігін Т.Рысқұловтың да, С.Сұлтанғалиевтың да тура түсінгендігін уақыттың өзі көрсетіп берді. Қауқары жоқ, құқықсыз республикалар жасау барлық жерде великоросстардың үстемдігін қамтамасыз ете алатын "бүтін, бөлінбейтін Россия" жасауға апаратын төте жол еді. Бірақ адамзаттық тәжірибе көрсетіп бергендей, "бүтін, бөлінбейтін" империя болмайды. Кеңестік империя да тек тарих шежіресі тізімінде ғана сақталмақ империялар қатарына қосылды. Қорыта айтқанда, "Түркі елі" идеясының өмірге келу мезгілі түркі халықтарының тарих сахнасына шығып, өзін коршаған түрлі этникалық, мемлекеттік құрылымдармен қатынасқа түсе бастаған біздің дәуірімізге дейінгі мыңжылдықтың соңы және біздің дәуіріміздің алғашқы жүзжылдықтарына тұс келеді. Ал оның өмірге келіп, түрлі електен өтіп, әлеуметтік-саяси және рухани фактор есебінде халықаралық қатынаста біржола орнығуы Тұран-Қытай, Тұран-Эллиндер әлемі, Тұран-Араб халифаты, Тұран-Моңғол, Тұран-Жоңғар, Тұран-Ресей сияқты өзара сабақтас қатынастар ағымында түркі халықтарының өздерінің ортақ тарихи мүддесін ұғынып, сол үшін саналы да мақсатты түрде күрес жүргізуімен тікелей байланысты. Орталық Азия тарихында өшпестей із қалдырған түркі-қытай, түркі-парсы, түркі-араб, түркі-жоңғар соғыстары "тұтас Түркістан" идеясының өміршеңдік сипатын нығайта түспесе, әлсіреткен емес. Ресей империясы Түркістанға біржола және жедел орнығып алмайынша, Англия және Қытай сияқты бақталастарымен күресте тарихи ұмтылысқа ұшырайтындығын жақсы түсінді, қазір де солай. Басқаша айтқанда, "тұтас Түркістан" идеясы түркі халықтарымен бірге өмірге келіп, заманалар тезінен өтіп, олар үшін түрлі ауыр тарихи кезеңдерде қорғаныс иммунитеті міндетін атқарған аса маңызды фактор болып келді. Ал бұл идеяның авторы - жоғарыда аталған тарих сындарынан сабақ алған түркі жұрты. Түрлі тарихи заманаларда бұл идеяны білдірушілер қатарында "Күлтегін" жазуының авторы, Жүсіп Баласағұн, Әлішер Науаи, Мағжан Жұмабай сияқты заңғар тұлғалар тұрды. Көне Түркістан жеріне түрлі тарихи дәуірлерде орын теуіп, бірін-бірі ығыстыруға тырысқан діни, таптық, этникалық, мәдени және басқа идеологиялық концепциялардан "тұтас Түркістан" идеясының өміршең болғандығын өмірдің өзі көрсетіп берді. Түркістан жұрты мен жерін ауыр азапқа салған қоғамдық катаклизмдерден соң бұл идея ылғи да қайта жаңғырып отырды. Мұстафа Шоқай осы тарих тезінде өмірге келіп, заманнан заманға, ұрпақтан ұрпаққа ұласып отырған "тұтас Түркістан" (басқаша "Ұлы Түркістан") идеясының тағдыр тартқан жаңа күрделі дәуірдегі жалғастырушысы болды. "Түркістан" ұғымының тарихи шындық және өмірлік сұраныстан туған қажеттілік екендігін жалынды насихаттаушы ғана емес, сонымен бірге бұл идеяға өмірін арнаған ұлы күрескер дәрежесіне көтерілді. Көне Түркістан тарих көшінде әлденеше рет басынан өткерген өзара өзектес сәттердің бірін, яғни белгілі бір кезеңде пайда болып, енді ыдырап, тарих сахнасынан кеткен жат жұрттық империяның құрығынан құтылар жағдайды тағы да басынан кешіріп отыр. Мұндай тарихи жағдайда туатын табиғи көп сауалдың бірі -"Түркістанның ендігі тағдыры қандай болмақ? Көп бұтақты түркі жұрты қайткенде тәуелсіздігі мен өзге елдермен теңдігін сақтай отырып, әлемдік өркениет жолына түспек?" ХХ ғасырда осындай сауалдарға жауап іздеп, Түркістан халықтары үшін аса маңызды болуға тиіс тұжырымдар жасаған оның адал перзенттерінің бірі Мұстафа Шоқайұлы еді. Біз шағын ізденісімізде бұл қайраткердің "тұтас түркі елі" идеясы жөнінде ой қорытуды жөн көрдік. Сондай-ақ бұл идеяға М.Шоқаймен бір мезгілде онымен тағдырлас эмигрант отандасымыз, саяси қайраткер және ғалым Заки Валиди Тоған және басқалардың да қызмет жасағанын айтпай өту әділетсіздік болар еді. Енді Мұстафа Шоқайұлын қоғамдық құбылыс ретінде өмірге әкелген тарихи шындық, тарихи орта жөнінде. Кез келген этностың жер үстінде орын теуіп, халықаралық қатынастар жүйесінде өзіне тиесілі орнын табуы оның мемлекеттік дербестік қажеттілігін жалпыұлттық көлемде ұғынып, ол үшін мақсатты әрекетке көше алу деңгейіне көтерілуіне тәуелді. Басқаша айтқанда, мемлекеттік дербестік сол этностың ұрпақтан ұрпаққа ұласқан үзіліссіз рухани ізденісінің, жасампаз игілікті еңбегінің, теккен терінің, тәуелсіздік үшін сан ұрпақ өкілдерінің төгілген қанының логикалық нәтижесі есебінде келмек. Жер үстінде адамзат пайда болып, саналы ғұмыр кеше бастағаннан бергі уақытта онымен бірге келе жатқан ақиқаттың бірі осы. Қазақ топырағында қаншама ғасырлардан бері мемлекеттік туралы айтылып, ол үшін қаншама қанды арпалыстар болып өткенімен, бұл әрекетке мақсаттылық, теориялық негіз беру Алаш зиялыларының қызметіне тұс келеді. Тіптен кешегі ХІХ ғасырдағы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт азаттық соғыс та өзінің мақсаттылық, саналылық сипатымен Алаш қозғалысы деңгейіне көтеріле алған жоқ. Арасында жетпіс жыл мерзім жатқан бұл екі халықтық қозғалысты салыстыру мүмкін қисынсыз да болар. Өйткені олардың мүддесі ортақ, рухы бір, бірі екіншісінің басқа мезгіл жағдайдағы логикалық жалғасы. Дегенмен Алаш қозғалысы халқымыздың өз зиялылары арқылы мемлекеттік дербестік, тәуелсіздік туралы тұңғыш рет саналы түрде мәселе қойып, сол үшін мақсатты әрекетке көшуі болатын. Мәселені ғылыми тұрғыдан қарағанда оның мұндай қырын айтпай кету мүмкін емес. Бұл ортағасырлық мешеулік пен орталық үстемдіктің құрсауында тұншыққан қазақ сияқты халық үшін жаңа мазмұндағы өркениетке көшу, XX ғасырда жаңа сападағы мәдениетке бет түзеген адамзаттың көшіне еруді мақсат етіп қойған табиғи ұмтылыс болатын. Сонымен бірге бұл құлшыныс қазақ жұртының дұрыс табиғи даму жолында тұрғандығының айғағы еді. Өкінішке орай, Алаш зиялылары бастаған қазақ жұртының бұл табиғи қайта жаңғыруы, рухани түлеуі өзінің логикалық шегіне жете алмады, империялық, партиялық өктемдіктің жазықсыз құрбаны болып, тарих қойнауына енді. Халқымыздың тарихында ерекше орын алатын Алаш қозғалысын еске алғанда өзекті өртейтін жағдай да осы. Мұстафа Шоқайұлы осы ХХ ғасыр басындағы ұлт азаттық және әлеуметтік қайта жаңғыру үшін басталған қозғалыстың көш бастаушыларының бірі еді. Сондықтан да ол кейін империялық зорлыққа қарсы көтерілгендігі үшін қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткерлердің үлесіне тиген тағдыр тақсіретін бөлісті. Кез келген ірі қоғамдық-саяси қозғалыс басшыларының әрқайсысының мүмкіншіліктеріне сай атқарған міндетіне байланысты қозғалыс тарихында алатын орны болмақ. Мәселен, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлының ХХ ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалысты, оның жиынтық көрінісі болған Алаш қозғалысын теориялық және ұйымдық тұрғыдан дайындаудағы рөлі ерекше және оны бұл қозғалысқа атсалысқан басқа қайраткерлердің орнымен шатыстыру қиын. Сол сияқты Түркістан халықтарының, қазақ жұртының ХХ ғасырдағы ұлт азаттық қозғалысы тарихында Мұстафа Шоқайұлының да тек өзіне тиесілі орны бар. Алаш немесе ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі ұлт азаттық қозғалыстың бірден көзге ілінер екі кезеңі болды. Бірі шамамен 1905 жылдан бастап Алашорда өкіметі құрылған 1917 жылдың желтоқсанына шейінгі аралықты қамтыса, екіншісі Азамат соғысы және кеңестік билік біржола орнаған уақыттан бастап 30 жылдардың бас кезіндегі (1930,1932) Алаш зиялыларын жазалау мақсатында ұйымдастырылған сот процестерімен аяқталады. Мұстафа Шоқайұлы ұлт азаттық қозғалыстың бұл екі кезеңінде де оның жетекші басшыларына лайық жұмыстар атқарды. Бұл тарихи кезеңдердің алғашқысында ол патшалық соңынан оның орнына келген кеңестік билікке қарсы ұлттық тәуелсіздік туын көтерген Түркістан (Қоқан) және Алашорда үкіметтерін құруға тікелей атсалысса, соңғысында Еуропадағы Түркістандық эмиграцияның басшысы ретінде батыстық демократияның назарын өзіне аударып үлгірген сталиндік тоталитарлық жүйенің Түркістандағы саясатының отарлық мазмұнын ашып көрсетіп, өзінің жариялаған еңбектері мен үздіксіз шығарып тұрған басылымдары арқылы біздің тарихымызда бұрын болмаған жаңа мазмұндағы саяси қызметті бастап берді. Төменде әңгіме негізінен осы жөнінде болмақ.
ІІ
Ресей империясының идеологтары Еділ мен Жайықтың шығыс жақ бетіндегі түркі халықтарын өсіп-өркендеу жолына түскен дербес этникалық қауым, саяси және мәдени күш ретінде көргісі келмеді, керісінше, оларды империяның күшеюі барысында өздеріне тән табиғи ерекшеліктерінен айырылған және біртіндеп орыстануға тиіс тұрғындар қатарына жатқызды. Империялық орталық осы стратегиялық мақсатты қамтамасыз ету жолында түрлі тарихи кезеңдерде түрлі әдіс-айла, әрекеттерге барды. Империяның осы мазмұндағы саясатын арнайы талдауға алған ғылыми еңбектер керек-ақ, бірақ ондай зерттеулер әзірге жарық көре қойған жоқ. Дегенмен бұл арада метрополиялық орталықтың түркі халықтарын жаулап алу және орыстандыру барысында қолданған әдістерінің қайсыбіріне тоқталуға болады. Әуелде орыс отарлаушыларының теперішін көрген татар мен башқұрт халықтары болды. Жаулап алушылар алдымен бұл халықтардың жаңа қалыптасып келе жатқан мемлекеттік жүйесін жойды. Мемлекеттік тұтастық пен тәуелсіздіктің символдарын біржола жоқ етуге, қоғамның өзін-өзі қорғай алу қабілетінен айыруға күш салды. Мұнда орыс билігін орнықтыру барысында қолданылған шаралар жаңа билікті қабылдағысы келмеген татар, башқұрт және ноғай мырзаларын жер иелерінен айыру, ал қабылданғандарына ғана түрлі жеңілдіктер жасап, қолдау көрсету, билікке тарту түрінде жүрді. Жергілікті билеуші топтан қалған үйлер, сарайлар, құнарлы жерлер үшін ішкі Ресейден қоныс аударған орыс помещиктеріне, көпестеріне және дін қызметкерлеріне үлестірілді. Жаңа территориядан жер алып баюдан үміткер түрлі бұзақы, азғын элементтерге, қожасының езгісінен қашқан босқын шаруаларға түрлі заңдастырылған жеңілдіктер жасалынды, олардың жаңа географиялық және этникалық ортада бауыр басып кетуіне қажет түрлі экономикалық, саяси және мәдени шаралар жүзеге асырылды. Отарлаушы әкімшіліктің осы мақсатта қолданған іргелі шараларының бірі, әрине, аталған халықтардың өмірінен ислам дінін ысыру еді. Метрополия отарлау процесі барысында православиелік Ресейге қарсы ислам дінінің қорғаныс-ұйытқылық, рухани қарсылық ұйымдастырушы күш міндетін атқаратынын жақсы түсінді. Сондықтан да ислам дінінің түркі халықтары өміріндегі ықпалын алдымен әлсіретіп, соңынан жоюға үлкен ынта қойды. Мәселен, тек 1742 жылы ғана Қазан уезіндегі 546 мешіттің 418-інің қиратылғанын айтса да жеткілікті86. ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында өзінің басқару жүйесін Орталық Азияға жия бастаған Ресей отаршылары татар, башқұрт және ноғай елдерін бағындыруға қолданған әдіс-айласын енді жаңа елдерді бағындыруға да қолдана бастады. Негізгі тіршілік көзі атамекен жерден, ата салт-дәстүрден, мәдениеттен айырылу қаупі енді осы елдерге де төнді. Міне, осындай жағдайда Ресей отаршылдығы сияқты мемлекеттік деңгейде ұйымдасқан дүлей күшке қарсы тұра алу үшін соған деңгейлес ұйымдасқан материалдық және рухани күш қажет еді. Ондай күшті бәрі бірдей Ресей империализмінің тәуелділігіндегі түркі халықтарын тұтас бір майданға біріктіру арқылы қалыптастыру мүмкін еді. Түркішілдік және исламшылдық (пантюркизм и панисламизм), міне, осы орыс отаршылдығына қарсы күрес арқасында өмірге келді. Негізінде пантюркизм мен панисламизм қорғанушылар идеологиясы болатын. Ресей империясында ХХ ғасырдың бас кезінде түркі халықтары арасында ұлт азаттық идеологиясы қалыптаса қоймаған жағдайда олардың отарлық езгіге қарсы қозғалысы алдымен жалпы исламдық қозғалыс аясында жүрді. Ал оның ұйытқы, бағыт беруші орталығы Мемлекеттік Дума құрамындағы Мұсылман фракциясы болды. Міне, осы негізгі мазмұны ұлт азаттық сипатта болған ислам қозғалысының ұйытқы ядросы құрамында Исмаил Гаспиринский, Садри Максудов, Али Мардан-бек Топчибаев, Сәлімгерей Жантөрин сияқты қайраткерлер тұрды. Қазақ қоғамынан Мұсылман фракциясының қызметіне белсенді түрде атсалысқандардың арасынан, әрине, ең алдымен Ә.Бөкейханды және М.Шоқайды атаған жөн. Тура осыдан 80 жыл бұрын, яғни 1916 жылы желтоқсанда М.Шоқай Ә.Бөкейханның ұсынуы бойынша Мұсылман фракциясы бюросының хатшысы болып бекітілді. Ресейдегі мұсылман және түркі халықтарының осы тарихи кезеңдегі ұлт-азаттық қозғалысының баспа органы міндетін атқаруға тырысқан басылымдар да болды. Олар "Тәржіман" және "Уақыт" сияқты газеттер еді. Қазақ ұлт азаттық қозғалысының тұңғыш идеологиялық органы болып, осы міндетті ең соңғы санына шейін орындаған А.Байтұрсынұлының "Қазақ" газеті белгілі дәрежеде осы басылымдардың күрес тәжірибесіне сүйенді. Ал осы 1905 жылғы ресейлік төңкерістен соң өрлеу алған жалпыресейлік мұсылмандық қозғалыс, біріншіден, Мемлекеттік Дума деңгейінде түркі және басқа мұсылман халықтарының ең өзекті саяси және әлеуметтік мәселелерін қойып, оларға отаршыл биліктің назарын аударуға мәжбүр етсе, екіншіден, татар, қазақ және басқа мұсылман елдерінің жас, балғын ұлт азаттық қозғалысының аяғынан тұрып, ержетіп-есеюіне қолдау жасап, дем беріп отырды. Ғылыми әдебиетте мұсылмандық түркішілдік қозғалыстарды талдаушылар саналы түрде бұл құбылыстардың негізінен "антиресейлік" мазмұнына баса назар аударысты да, олардың шынайы мазмұны тиесілі теориялық дәрежеде ашылмай келді. Ал олардың негізгі мақсаты Ресей империясының құрамындағы түркі және мұсылман халықтары өмірін жаңа заман талабына сай қайта құру (реформалау), ол үшін бұл халықтарды отарлық езгіден азат ету еді. Сондықтан да ресейлік мұсылмандық қозғалыстың бағдарламасында да осы міндеттер көрсетілді87. Студенттік, жастық шағы империяның саяси орталықтарының бірі Петербургте өткен Мұстафа Шоқайұлының қоғамдық көзқарасының қалыптасуы азаттық қозғалыстың өзі тұстас басқа да қайраткерлерінікіне ұқсас. Бәрі де Ресей империясының Оралдан асып түркі халықтарының тарихи отаны, әлемдік мәдениеттің көне ошақтарының бірі - Орталық Азияға тереңдей еніп, оны өз отарлық аймағына айналдыру процесіне куә болды. Бәрі де бұл процестің жергілікті халықтардың аяқ асты болған ұлттық сана-сезіміне тиіп, оның оянуына түрткі болғандығын, өздерінің сол рухани түлеудің көрсеткіші және қозғаушы күші болуға тиіс екендіктерін жақсы ұғынды. Шамамен 1914 жылдан бастап Мұсылман фракциясының қызметіне тартыла бастап, ал 1916 жылдан оның хатшысы міндеті атқарған Мұстафа Шоқай, белгілі дәрежеде, бүкілресейлік ұлт азаттық, мұсылмандық қозғалыстың эпицентрінен бір-ақ шықты. Бұл мекемедегі қызметтің берер негізгі пайдасы — империя көлеміндегі түркі, мұсылман халықтарының өмірінде болып жатқан ең елеулі оқиғалар туралы аса құнды ақпарлардың осында жұмыс жасайтын кісілердің қолынан өтетіндігінде еді. Мұстафа Шоқай Мемлекеттік Дума жанындағы фракция жұмысына 1916 жылғы Түркістандағы қайғылы оқиғаларға байланысты Дума және үкіметтің тыңдауына арнайы баяндама дайындау барысында белсенді түрде қатысты. Баяндама дайындау А.Ф.Керенскийге жүктелген болатын. Қажет материалдар жинап қайту мақсатында А.Ф.Керенский 1916 жылдың күзіне қарай Ташкентке келіп қайтады. Онымен бірге келген Дума депутаттарының арасында М.Шоқайұлы да болды. Сол жылдың соңына қарай жоғарғы билік орындарының назарына ұсынылған бұл өткір баяндаманы дайындауда М.Шоқайұлының да үлесі бар-тын. Ақпан төңкерісін М.Шоқай Петербургте қарсы алды. 1917 жылы 20 наурызда ол Ә.Бөкейхан және М.Дулатұлымен бірігіп "Алаш ұлына" атты "Қазақ" газетінде жарық көрген қазақ еліне үндеуге қол қойды. Бұл үндеуде авторлар қазақ жұртын Уақытша үкімет шараларын қолдауға шақырды. Осы жылдың жазына қарай қазақ зиялыларының белсенді тобы майдандағы жұмыстан еліне қайтқан Түркістандықтардың мәселелерін шешуге атсалысады. Олардың арасында М.Шоқай да болды. М.Шоқай басқа Түркістандық зиялылар сияқты ақпан төңкерісі нәтижесін үлкен ынтамен қолдап, уақытша үкімет билігі тұсындағы Түркістанда болып жатқан саяси оқиғаларға қызу араласады. 1917 жылдың сәуірінде бір жеті бойы Ташкентте өткен өлкелік мұсылмандар съезі Түркістан Өлкелік Орталық Мұсылман Кеңесін құрып, оның төрағасы етіп Мұстафа Шоқайұлын сайлайды. Бұл факті оған Түркістандық зиялылар тарапынан көрсетілген ең жоғарғы сенімнің көрінісі болатын. Осы оқиға жөнінде М. Шоқайұлы өзінің естеліктерінде былай деп жазды: "Аса маңызды Ұлттық Кеңестің төрағасы болу қуанышты жәйт болғанымен, Кеңес мүшелері арасында жас жағынан ең кіші болып саналатын менің бұл лауазымды иеленуім маған ауыр әсер етті. Себебі бұл жағдай менің жеке қадір-беделімнің нәтижесі емес, біздегі зиялы қауымның аздығы және оған деген зәруліктің белгісі-тұғын. Мен Түркістан ұлттық қозғалыс ұйымына ең соңғы әскер, қара жұмысшы ретінде қатыссам да, өзімді ең бақытты жандардың санатына жатқызар едім..."88. Бұл қызметке қоса М.Шоқай осы жылы Ташкенде Сырдария губерниялық басқармасының бөлім бастығы, Түркістан Комитеті жанындағы Өлкелік Қеңес мүшесі және басқа қызметтерді атқарады. Дегенмен Уақытша үкімет, әсіресе оның орнына келген кеңестік билік Түркістан халықтарының өздерін-өзі билеу құқын мойындау жолына түскен жоқ. 1917 жылы 22 қарашада өз жұмысын аяқтаған Түркістан өлкелік Кеңестер съезі Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесі аталатын үкіметтің құрылғанын жариялағанымен, оның құрамына жергілікті мұсылман елдерінен бірде-бір өкіл енгізбеді. Бұл жағдай М.Шоқай төрағалық еткен Түркістан өлкесі мұсылмандары Кеңесіне нақты жауап әрекеттерге көшуге итермеледі. Осы жылдың 26 қарашасында Қоқан қаласында өз жұмысын бастаған Төтенше өлкелік мұсылмандар съезі "Түркістан халықтарының өзін-өзі билеуіне ықылас білдіре отырып, Түркістанды Ресей Федеративтік Республикасымен ынтымағы бір территориялық автономия" деп жариялап, Түркістан Уақытша Кеңесі үкіметін құрды. М.Шоқай әуелде бұл үкімет құрамына Сыртқы істер министрі есебінде еніп, екі жеті өткен соң оның төрағасы болып сайланды. Түркістан автономиясын жариялай отырып, М.Шоқай мен оның серіктері бұл мақсатты іске асырудың қаншалықты азапты, күрделі екендігін жақсы түсінді. Ол съезде сөйлеген сөзінде: "Сіздер бірден толыққанды мемлекет құрғыларыңыз келеді. Ал ол үшін бізде адам жоқ, мүмкіндік жетімсіз, әскер құрылмаған. Россия қаншалықты құлдырау кезеңінде десек те, бізден әлдеқайда қуатты... Жариялай салу оңай, алайда біздің жағдайымызда оны сақтап қалу өте қиын", - деген ойды айтады. 1917 жылдың аласапыранында мұндай ой жалғыз М.Шоқайды қинаған жоқ еді. Тура осындай пікірді Алашорда автономиясын құруға байланысты Әлихан Бөкейхан да білдірген болатын. Ал осы 1917 жылдың 11 ақпанында большевиктер күшпен Қоқан ойранын жасап, таратып жіберген Түркістан (Қоқан) автономиялық үкіметі нені көздеді? Бұл кеңестік тарихнама саналы түрде мағынасын бұрмалап, клерикал-феодалдық мазмұнда көрсетуге тырысқан Түркістан халықтарының өзін-өзі билей алу құқығын мойындамай, ескі империялық түсінік шеңберінде қалып қойған Ташкендегі кеңестік билікке балама билік есебінде өмірге келген жалпы Түркістандық құбылыс болатын. Бұл үкімет алдына ешқандай да сепаратистік мақсат қойған емес. Ал большевиктер билігі болса Қоқан автономистерін күшпен тарата отырып, жергілікті халық алдында өздерінің ұлттар тендігіне қалай қарайтындығын іс жүзінде көрсеткен еді. Ал Қоқан Үкіметінің мүшелері өздерінің таудан Түркістан Кеңестері съезіне жолдаған хатында жаңа билік пен идеологияның халыққа зорлықпен таңылып отырғандығын айтып: "Никакая власть, возглавляемая даже самой гениальной личностью, не может, не в силах дать народу идеи, идеала, раз в нем самом не существует их зародыша"89, - деп көрсетеді. 1917 жылдың желтоқсан айында М.Шоқай Орынборда өткен екінші жалпықазақ съезіне қатынасып, съезд сайлаған Алашорда үкіметінің құрамына енді. Сөйтіп, ол жаңа құрылған екі үкіметтің де мүшесі болды. Оның себептері туралы не айтуға болады? Біріншіден, Қоқанда Түркістан автономиясы жарияланғанда, оның үкіметінің құрамына енуге келісім беруі орынсыз деп айту қиын. Өйткені Алашорда үкіметін сайлаған желтоқсан съезі "бір айдың ішінде Алашорда Түркістан қазағын бүкіл Алашқа қосып алады, қосып ала алмаса да, бір айдан кейін халыққа білдіреді"90, - деген шешім қабылдады. Оқырманға мәселе толығырақ түсінікті болу үшін қосымша мына жағдайды айта кету қажет. 1917 жылғы дүрбелең тұсында қазақ зиялылары арасында қазақ елінің мемлекеттік тұтастығы жөнінде ортақ пікір болған жоқ. М.Дулатұлы бұл мәселеге байланысты мынадай түсінік берді: "Ол кезде Түркістан мен қазақ бірігуі керек деушілердің дәлелі орыстың отаршылдығынан құтылу үшін, күшті болып ұлт тілегімізді жүзеге асыру үшін Орта Азия елдері бірігуіміз керек дейтін. Бөкейханұлы Әлихан пікірі: Орта Азия болып (өзбек және басқалармен) бірігуге болмайды, оларда ескішілдік (консерватизм), діншілдік, дін жолында ұстанғанынан айырылмаушылық (религиозный фанатизм) күшті, оларды ишан, қожа-молда билеп келе жатқан халық, шариғат жолынан тез арада арылмайтын халық, шаруа түрі бізден басқа, мәдениет жолында бізден де төмен, сондықтан екі соқыр қол ұстасып күн көре алмаймыз деген пікірде болатын. Бөкейханұлының бұл пікіріне біз де қосылатынбыз"91. Тура осы автор М.Шоқайұлының бұл мәселеге қатысты пікірі жөнінде: "Съездің соңына қарай Қоқаннан Шоқайұлы Мұстафа келді. Шоқайұлы Қазақ автономиясының өз алдына жеке құрылуына қарсы болды. Түркістанмен қосылуды жақтады"92, - деп көрсетті. Оқиғалар ағымы бұл екі автономияның да ғұмырын ұзақ еткен жоқ. Құрамындағы халықтардың өзін-өзі басқару құқығын мансұқ еткен түрлі саяси топтардың өзара арпалысты күресі жағдайында мәселенің басқаша шешілуін күту қисынсыз еді. Бірақ бізге мәлім басы ашық жағдай сол, М.Шоқайұлы өмірінің соңғы сәтіне шейін Түркістан халықтарының тәуелсіздігі олардың мемлекеттік тұтастығына байланысты деген ойда болды. Осы ойдың жалынды насихатшысы болып өмірден өтті. Өз уағында айтылған бұл пікірдің ХХ ғасырдың соңына қарай іске асу мүмкіндігінің қаншалықты қиын екендігін түсіне отырып, сонымен бірге оның стратегиялық тұрғыдан қаншалықты терең және дәл айтылғандығын уақыттың өзі әлі талай рет көрсетіп беретіндігіне біздің ешқандай да күмәніміз жоқ.
ІІІ
Сонымен, Ресей империясы көлеміндегі азаматтық қарсылықтың шиеленісуі барысында М.Шоқайұлы алдымен 1920 жылы Маңғыстау арқылы Грузия асады да, соңынан, яғни 1921 жылдың ақпанында Ыстамбулға аттанады. Осы арада мынадай бір кішкене детальды айта кету артық емес. М.Шоқай Грузияда журнал шығарып тұрған шағында Ташкендегі Сұлтанбек Қожанұлынан телефонограмма алады. Онда алдымен ұстап алып, артынан кешірім сұрайтын Кеңес үкіметінің Қоқан автономистеріне амнистия жариялағандығы, соған байланысты Мұстафаның кейін Ташкенге қайта орала беруіне болатындығы жөнінде айтылған еді. Бір ғажабы сол, Мұстафа Шоқай бұл арада да өте тиімді шешімге келе білді. Ол кейін оралған жоқ. Сөйтіп, оның ғұмырының соңына шейін ұласқан эмиграциялық қызметі басталды. Ал енді Мұстафаның шетелдік эмиграцияға кетуі қаншалықты негізді еді? Өмірдің өзі көрсетіп бергеніндей, ешқандай да эмиграциялық жолға бармай, отанында қалған Алаштың зиялыларының тағдырында мынадай екі бағыт байқалды. Бірі — кеңестік билікті ішкі дүниесімен қабылдай алмады, бірақ мойындауға мәжбүр болды. Ә.Бөкейхан ОГПУ тергеушілеріне берген жауабында: "Мен кеңес үкіметін сүймеймін, бірақ мойындаймын", - деп көрсетсе, А.Байтұрсынұлы: "Мен елімнің мәдени өркендеуін қамтамасыз ете алатын билікті ғана қолдаймын", - деп кеңестік биліктің бұл міндетті толық атқара алатындығына күмән келтіреді. Бұл бағыттағылар алдымен қуғын-сүргінге түсіп, артын ала түгелдей дерлік атылды. Екінші бағыттағылар алаштық идеологиядан (яғни ұлт-азаттық) бас тартқандықтарын ресми түрде ашық мойындап (М.Әуезов, Ә.Ермеков, т.б.) кеңестік тәртіппен ымыраға келу жолына түсті. М.Әуезовтің ресми мәлімдемесінен: "И теперь, вопреки всем чаяниям и чуждым настроениям всех внешних и внутренних враждебных (для трудящихся Казахстана) групп и лиц, утверждаю, что их путь - это безусловно отвергнутый историей, призрачный, гибельный путь... Осудив... свое, связанное с такими группами прошлое, я пришел к бесповоротному, окончательному решению порвать с этим своим прошлым и порвать со всем, что сближало, связывало меня с ним"93. Бұл бағыттағылардың бәрі бірдей атылған жоқ. Сонымен бірге олар кеңестік билікпен іштей толық жарасымдылықта өмір сүрді деп айту да тым үстірт болар еді. Өз отанында қалған Алаш зиялыларына тиесілі басқа үлес жоқ-тын. Мұны Мұстафа Шоқайұлы жақсы түсінді. Түсінгендіктен де саналы түрде эмигрант тағдырын таңдап алды. Оның мұндай қадамға баруы, белгілі дәрежеде, азаматтық ерлікпен бірдей болатын. Өйткені қазақ баласының өз елінен жырақта жүріп саяси күресті кәсіпке айналдыруы қалыптаспаған құбылыс еді. Бізге Мұстафа Шоқайұлының шетелдік эмиграцияға кетуінің егжей-тегжейі беймәлім. Оның мұндай шешімге келуіне жалпы империядағы жағдайдан өзге нақты қандай оқиғалар түрткі болғаны, оған мұндай шешімге Россия империясы көлемінде бүтіндей большевиктер билігі орнағаннан соң-ақ келді де, ешқандай мүдірместен сүйікті жары және өмірлік серігі Мария Яковлевна Шоқаймен бірге Ыстамбулдан бір-ақ шықты. Бірақ Мұстафа Шоқай басқа отандастары сияқты Ыстамбулда ұзақ кідірместен ресейлік саяси эмиграцияның астанасы Парижге тартты. Оған Түркістандағы большевиктік диктатурамен күресу үшін европалық күрес құралы, тәжірибе және әдіс қажет еді. Керенскийдің "Дни" және Милюковтың "Последние новости" газеттеріне қызметке тұрғанда оның осы мақсаттарды көздегені анық. Бірақ Мұстафаның тұтас және еркін Түркістан идеясы большевиктерге қалай ұнамаса, париждік орыс демократиясына солай ұнай қойған жоқ-тын. Эмиграциядағы Ресейдің бұл пікірімен нәзік жанды Мұстафаның ымыраға келуі, әрине, мүмкін емес еді. Сондықтан да ол көп ұзамай-ақ (1923) орыс баспасөзімен байланысын үзіп, Керенский және Милюковтардан іргесін алыс сала бастайды. "Егер мен күн өткен сайын сепарист болып бара жатсам, - дейтін ол Мария Яковлевнаға, - оған кінәлі орыстардың өздері. Түркістан тек қағаз жүзіндегі Федеративтік Республика"94. Мұстафа Шоқайдың Парижге келудегі түпкі мақсаты, әрине, отаны Түркістанның азаттығы үшін күреске атсалысу еді. Түркістанда болып жатқан большевиктік экспериментті жан-жақты терең ғылыми талдауға алып, оны еркін баспасөзге жариялау арқылы ғана іске асыра алатын еді. Мұндай міндетті қажет деңгейде орындауға оның тәжірибесі де жеткілікті болатын. Мемлекеттік Думадағы хатшылық қызмет, Ташкенде жарық көрген "Бірлік туы" газетіндегі редакторлық жұмыс, Грузиядағы "Вольный горец", "Борьба" газеттеріндегі тіршілік, "На рубеже" жұрналындағы бас редакторлық міндет оған біраз тәжірибе жинақтауға мүмкіндік бергені анық. Мұстафа Шоқайға баспасөз арқылы сыншылық іспен айналысуға итермелеген негізгі жағдайлардың бірі - ол Кеңестер Одағында, соның ішінде өзінің отаны Түркістанда еркін ой-өрісінің күн өткен сайын тарыла түсуі болатын. Ол жаңа большевиктер өкіметінің рухани өмірде де шексіз билікке ұмтылып, ешқандай да оппозицияға жол бермейтінін қатесіз, жақсы айыра білді. Сондықтан да, оның түсінігі бойынша, Түркістандағы кеңестік билікті сынауды өзінің тікелей ұйымдастыруымен 1927 жылдан бастап Ыстамбулда шыға бастаған, белгілі қайраткер және ғалым Заки Валиди редакторлық етуші "Жаңа Түркістан" жұрналы атқаруға тиіс еді. Кейіннен бұл басылымды 1929-1939 жылдар аралығында үзіліссіз шығып тұрған "Жас Түркістан" жұрналы ауыстырды. Оған өзі бас редакторлық жасады. Жұрналдың алдына қойған міндетін түсіндіруге арналған "Біздің жол" атты кіріспе сөзінде М.Шоқай "егер біз халқымыздың ұлттық тәуелсіздік жолындағы талаптарының мән-мағынасын сол күйінде күшін әлсіретпей "Яш Түркістан" беттерінде бере алсақ, онда бәріміз үшін қасиетті және аса ауыр жауапкершілік артқан міндеттердің бір бөлігін өтеген болар едік. Бұл жаңа бастаған ісімізге елімізде тікелей көрсетілетін көмек жоқ дерлік. Алайда біз отанымыздың ұлттық теңдікке ұмтылған жігерінен, жерлестеріміздің рухани тілектестігінен нәр аламыз. Сондықтан да біз барлық ауыртпалықтарға қарамастан осы басылымды шығаруға бел байладық"95. М.Шоқай Түркістанда орнаған кеңестік биліктің халықтық сипатына сенбеді, сондықтан да оны ымырасыз сынға алуды өзінің міндеті санады. "...пролетариатсыз" және "пролетариат" деген тапты ешкім естімеген Түркістанда Мәскеу "пролетариат диктатурасын" жария етті. Ал енді бұл өзі қандай "пролетариат диктатурасы" деген сұрауға, әрине, "орыс пролетариатының диктатурасы" деген жауап сәйкес келеді"96, - деп жазды ол аталған кіріспе мақаласында. 20-30-жылдары, яғни бұл екі онжылдықта Түркістанда кеңестік билік іске асырған жер-су реформасы, мемлекеттік аппаратты жергіліктендіру, байлар меншігін конфискелеу, көшпенділерді отырықшы тұрмысқа көшіру, оларды ұжымдастыру (коллективизация) сияқты ауқымды әлеуметтік-экономикалық эксперименттерді сыни тұрғыдан талдауда Мұстафа Шоқай мен оның басылымдарының ең белсенді роль атқарғандығын мойындау тарихи шындыққа сәйкес келмек. Оның "Кеңестер билігіндегі Түркістан" атты еңбегі мәселемен тек сырттай ғана таныс батыстық интеллигенттің еңбегі емес, Түркістанда атқарылып жатқан істердің түп-төркінінен, терең астарынан, мұндағы түрлі мүдделер қақтығысынан жан-жақты хабардар, мәселенің тарихын жақсы білетін осы өлкеден шыққан зерттеушінің талдауы болатын. Міне, сондықтан да жаңа күш ала бастаған тоталитарлық режим мен Сталинге Мұстафа Шоқайдың сыны өте жайсыз тиді, олар бұл сын батыста және Кеңестер Одағының өзінде социалистік құрылыс туралы өздеріне тиімсіз пікір туғызуы мүмкін деген қауіпте болды. Сондықтан да сталиндік насихат машинасы 20-жылдардың орта тұсынан бастап-ақ шоқаевтық сынға қарсы мақсатты түрде жұмыс істей бастады, ал бұл істің басында И.Сталиннің өзі тұрды. Мұстафа Шоқай сынының ұтымдылығы оның аргументтілігінде, пайдаланған фактілерінің бұлтартпас дәлдігінде еді. Ал ол фактілерді М.Шоқай негізінен Түркістандық орыс және қазақ тіліндегі басылымдардан алып отырды. Сол басылымдардың бірі Ташкентте 1920-1928 жылдары шығып тұрған ресми басылым "Ақ жол" газеті болатын. Қазақстандағы болып жатқан әлеуметтік өзгерістерді сыни тұрғыдан талдап отыруды міндетіне алған бұл басылым сол тұстағы Түркістандық кеңістіктегі жалғыз оппозициялық мазмұндағы басылым еді. 1920-1925 жылдар аралығында бұл газеттің төңірегіне алаштық, ұлт азаттық рухтағы интеллигенцияның шоғырлануы оның сыни бағытын күшейте түскен болатын. "Ақжолдың" идеялық мазмұны мен бағытын кеңестік құрылысқа қарсы пиғыл есебінде қабылдаған И.Сталин 1925 жылы 29 мамырда "Ақ жол" газетінің позициясына байланысты партияның Қазақ өлкелік комитетінің бюросына арнайы хатпен қайырылды. Онда ол: "Я имел возможность на днях познакомится с журналом "Ак жол". Я вспомнил в связи с этим некоторые статьи небезызвестного Чокаева в белогвардейской печати и к ужасу своему открыл некоторое, так сказать духовное "единство" между этими статьями и журналом "Ак жол". Невероятно, но факт, "Ак жол", конечно, помимо своей воли дает громадный материал Чокаеву"97, - деп жазды. И.Сталин "Ақжол" сыны жай сын емес, совет шындығының М.Шоқай сияқты оппонентеріне көмектесетін зілді сын екендігін баса айтып, "мұндай сынға Кеңестер елінде орын болуға тиіс емес", - деп көрсетті. Хатының соңында Алаштың интеллигенцияны идеологиялық іске тартуға үзілді-кесілді қарсылығын білдіріп: "Ондай етпейінше Шоқаевтардың Қазақстанда жеңуі ақиқатқа айналуы мүмкін"98, - деп қорытты. Шамамен осы кезден бастап М.Шоқай Түркістандағы әлеуметтік өзгерістердің Батыс Европадағы негізгі оппонентіне айналды, өз ретінде сталиндік насихат машинасы Шоқайұлының жариялаған мақалаларымен үзбей танысып отырды. Олардың бұл өзара "ықыласы" Мұстафа Шоқай бақилық болған 1941 жылдың желтоқсанына дейінгі мерзімге созылды. 20 жылдардың орта тұсынан бастап Еуропадағы Мұстафа Шоқайға бұрынғы Башқұрт Республикасының басшысы Заки Валиди қосылды. Одан сәл ертеректе мұнда татар қайраткерлері Юсуф Акчура, Садри Максуди және Гаяз Исхаки келіп орналасқан болатын. Біз бүгінгі саяси азаттық алған заманда халқымыз үшін өте ауыр болған сол 20-жылдары еркін саяси қызметпен айналысу мақсатында баспана іздеп батысқа барған зиялыларымызды түсінушілікпен қабылдап, қол ұшын берген еуропалық демократияға ризашылық білдіруіміз керек. Еуропаға ығысқан Түркістандық (татар зиялыларын да қосқанда) эмигранттардың өмірі мен қызметі, әрине, өз алдына зерттеуге лайық тақырып. Бұл арада Мұстафа Шоқай қатынасқан бірер фактіге ғана тоқталып өтуге болады. Кеңестер Одағынан Еуропаға кеткен түрлі ұлт зиялылары 20-жылдары Варшавада "Сіздің және біздің азаттығымыз үшін" деген ортақ ұраны болған Сталиндік режимге қарсы бағыттағы "Прометей" ұйымын құрады. Оған арасында маршал Пильсуцкий бар поляк демократиясы қолдау жасайды. Осы ұйымның ықпалымен 1929 жылғы маусым айында Варшавадағы Шығыстану институты Кеңестер Одағының ішкі және сыртқы саясатына арналған ғылыми-теориялық конференция өткізеді. Бұл конференцияда Мұстафа Кеңес үкіметінің Түркістандағы отаршыл саясатын талдауға арналған баяндама жасайды. М.Шоқай және басқа Түркістандық эмигранттарды тыңдауға мұнда Мәскеуден арнайы құрамында КСРО Сыртқы істер міністірлігінің Шығыс бөлімінің басшысы генерал Глушко және ресми әскери адамдар бар делегация келеді99. Осы және басқа фактілер ОГПУ-ға Мұстафа Шоқай мен Алаш лидерлері арасында болуы мүмкін байланыстың ізіне түсуге түрткі болады. 1927-1930 және 1930-1932 жылдары екі дүркін Алаш қозғалысының жетекші тобын тұтқынға алу және соттау процесі болып өткен-ді. Міне, осы екі сот процесінде де тергеуге тартылған қазақ зиялыларына қойылған негізгі сауалдардың бірі олардың Мұстафа Шоқайұлы және Заки Валидимен қатынастары жөнінде болды. Бұл арада берілген жауаптарға арнайы тоқталу мүмкін болмағандықтан, тек қорыта айтарымыз: тергеу барысында Алаш зиялылары Мұстафа Шоқайұлы жөнінде ешқандай да ғайбат пікірге бармады, оның ұлт азаттық қозғалыс арнасында алатын орнын өзара тура түсініп, жоғары бағалады. Әсіресе тергеу қыспағына алынғандар 1922-1924 жылдары Германияда оқуда болып қайтқан Ғ.Бірімжанов, А.Мұңайтпасов, Қазыбеков және Битілеуовтар еді100. Мәселен, М.Шоқайұлы жөнінде қаттырақ айтуға мәжбүр болған Ғ.Бірімжановтың тергеуде берген жауабы мынадай сипатта болды: "В Берлин приезжал Чокаев. Я его распрашивал о его жизни, раньше я его видел, но знаком не был. На мой взгляд, это типичный эмигрант, вероятно, имеющий связь с белогвардейцами. Он говорил, что работает в газете, жаловался на плохое житье, распрашивал о положении в СССР. Ругал Советскую власть"101, - деген пікірді оқимыз. Енді М.Шоқайдың сыны жөнінде. Ол қаншалықты дәлелді, ал оның кеңестік биліктің Түркістандағы болашағы туралы жасаған болжамы қаншалықты шындыққа сәйкес еді? Соған қысқаша тоқталайық. Кеңестік идеологиялық ақпараттың М.Шоқайұлы сынына ызалана қарауы әбден негізді болатын. Өйткені жоғарыда келтірілген И.Сталин хатында дәл айтылғандай, "Ақжол" газетінде жарияланған материалдар мен М.Шоқай сынының арасында тікелей байланыстың бар екені даусыз еді. Сондай-ақ бұл байланыс үшін тартуға тиіс екі жақтың да айыбы жоқ-тын, "айып" олардың сынына материал берген Түркістандық кеңестік шындықта болатын. Осы арада М.Шоқайұлының сынын талдаудан бұрын мынадай жағдайды ескерген жөн. М.Шоқайұлының сыны рухы бойынша "Ақ жол" газетінің төңірегіне топтасқан алашордалық зиялылардың сынымен ғана емес, сондай-ақ 20-30-жылдары кеңестік жетекші билікте қызметте жүрген Т.Рысқұлов, С.Асфендияров, С.Сәдуақасов, т.б. қазақ зиялыларының да сынымен өзектес болатын. Басқаша айтқанда, М.Шоқай мен елдегі зиялылардың кеңестік билікті талдауға арналған сыни еңбектері жолдың екі жағында тұрып күнделікті ортақ тіршіліктері жөнінде пікір алысқан көршілердің диалогын еске салатын еді. М.Шоқай өзінің сынын Қазан төңкерісін Түркістан халықтарының "үлкен қуанышпен" қабылдағандығы туралы кеңестік тарихнамадағы пікірдің тарихи шындыққа сәйкестігін анықтаудан бастайды. Ол Түркістан халықтарының, соның ішінде қазақ жұртының да Қазан төңкерісіне ешқандай да қатысы болмағандығын, большевиктердің өз бағдарламасын түсіндіру мақсатында қазақ жұрты арасында үгіт-насихат жұмысын тек саяси билікке келген соң ғана бастағанын, ал олардың сөзі мен ісі арасындағы алшақтық кеңес билігінің алғашқы күндерінен-ақ байқалғандығын нақты фактілік негізде талдайды102. Бұл мәселеге байланысты мынаны айтуымыз керек. М.Шоқай большевиктердің ұлт саясаты бойынша дайындығы жоқ адамда қолдаушылық сезім тудыратын бағдармалық ұсыныстарына әуелден-ақ сенімсіз қарайтын санаулы адамдардың қатарында болды. Біз қазір, яғни ХХ ғасырдың соңына қарай кеңестік дәуірдегі тәжірибемізге және әлем халықтарының даму жолына сүйене отырып, қазақ және басқа Түркістан халықтарының Қазан революциясын қабылдай алмауы табиғи құбылыс екендігі жөнінде дәлелді қорытынды жасай аламыз. Сондай-ақ Түркістан халықтарының Қазан революциясына мұндай қатынасын олардың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейімен бйланыстыру да негізсіз болатын. Уақыт көрсетіп бергендей, ондай қатынас негізінен коммунистік идеяның утопиялық мазмұнынан, ал практика есебінде оның Түркістан халықтарының түпкі мүддесіне қайшы келетіндігінен туындап жатты. М.Шоқайұлының "Кеңестер билігіндегі Түркістан" және басқа еңбектерінде арнайы талданатын мәселелердің бірі - жер мәселесі. Ол өзінің "Кеңестер билігіндегі Түркістан" атты еңбегінде: "Аграрная политика советского правительства в Казахстане вновь напомнила нам старую политику павшего царизма"103, - деп жазды. Ешқандай асыра айтылмаған пікір. Бұл мәселемен белгілі дәрежеде таныс зерттеуші ретінде біз тіптен батылырақ айтар едік. Патшалық билік жер мәселесінде Кеңес үкіметі жер мәселесіне байланысты қазақ еңбекшілеріне берген уәдесін орындаған жоқ. 1921-1922 жылдары жүргізілген жер-су реформасы үлкен белсенділікпен басталғанымен, өзінің логикалық шешімін таппай, тоқтап қалды. Өйткені орталық билік үшін алыстағы "түземдіктердің" мүддесінен гөрі, ішкі ресейлік губерниядан қоныс аударған орыс шаруалары мен кулактарының басталған реформаны тоқтатуды талап еткен тілектері түсініктірек әрі жақынырақ еді. Тарихтану ғылымында әлі күнге дейін тиесілі дәрежеде қаралмай келе жатқан Серафимовтың төрағалығымен құрылған ВЦИК-тің Ерекше Комиссиясының (1921-1925 жж.) Калининнің тікелей нұсқауымен Жетісу (қазіргі Алматы облысы мен Қырғызстанның Шу және Ыстықкөл облыстары) территориясында орыс автономиясын құру туралы жасалған әлеуметтік-экономикалық негіздемесі соның айғағы104. Екіншіден, қазақ жұрты мен зиялыларының ішкі Ресейден келген қоныс аударушылар толқынын тоқтату туралы тілегі аяқ асты болып қана қалған жоқ, сонымен бірге тоталитарлық билік мұнда біржола орнығып алған соң қоныстандыру саясатының жаңа кезеңін ашты. 1929 жылы Қазақстанда Переселен Басқармасы ашылып, бүкіл республика көлемінде патшалық билік тұсындағы қоныс аудару жүйесі қайтадан қалпына келтірілді105. Нағыз отарлық мазмұндағы бұл мекемеге большевиктердің түпкілікті мақсатын бүркемелеп көрсетпеуге тиіс мынадай міндеттер жүктелді: «ҚАКСР өндіргіш күштерінің дамуына ықпал жасау, ірі шаруашылықтар құру арқылы шаруа қожалықтарын реконструкциялау, Түрксібке таяу орналасқан аудандарға қоныстар салу және сол аудандардың экономикалық қуатын арттыру, жергілікті халықты ұйымдасқан шаруашылықтың ең жоғары түріне өтуіне ықпал ету»»06. Переселен Басқармасының ашылып, ішкі Ресейден орыс шаруаларының қоныс аударуының жаңа кезеңінің басталуы көшпелі қазақ шаруаларын жаппай отырықшылыққа аударумен бір мезгілде жүруі де, әрине, кездейсоқ емес-тін. Қазақ малшыларын жаппай отырықшы тұрмысқа аударып, белгілі бір (негізінен құнарсыз шөл және шөлейт аудандарға) жерге бекіту арқылы орыс шаруаларына өтуге тиіс "артық" жерлерді неғұрлым көбірек шығаруды армандаған отаршылдардың патша заманынан бері келе жатқан тілегін Кеңес өкіметі сөйтіп бір-ақ қаулымен орындай салған еді. М.Шоқай Кеңес үкіметінің Түркістандағы кадр саясатын да ымырасыз сынға алды. Ол белгілі автор Г.Сафаровтың "Отаршылдарға өзімен тең сөйлесіп, жергілікті бұқара халықты басқара алатын басшылардың қажеті жоқ. Оларға тілмаш және полицей орындаушылар ғана керек", - деген пікірінің орынды айтылғанын қуаттап, бұл саясаттың 30-жылдары да өзгеріссіз қалғандығын ашына жазды. М.Шоқай Түркістаннан тым жырақта болуына байланысты кеңестік биліктің сол кездегі кадр саясатындағы көзге көріне бермейтін нәзік қырларын байқай алмай қалуы да ықтимал-тын. Мәселен, 20-жылдардың екінші жартысында Қазақстанда жоғарғы биліктен түрлі айыптаулар тағылып ең қабілетті және беделді басшылар қуылып, олардың орнына орталық биліктің және оның Голощекин сияқты эмиссарларының айтқанын бұлжытпай орындайтын функционерлер келіп жатты. Ол жөнінде Алаш зиялыларының өкілі Мырзағазы Есболұлы 1929 жылы ОГПУ-ға берген көрсетуінде: "партиядан "ұлтшыл" немесе тағы бірдеме деген айыптар тағылып ең қабілетті қазақтар қуылып, ал олардың орнын түкке тұрғысыз біреулер басып, солар арқылы қазақтар өзін-өзі басқарып отыр деген пікір тарауда", - деп жазды. Бұл өте дәл және терең айтылған пікір болатын. Қазақстанда билікке Голощекин келгеннен кейінгі уақытта басқару аппаратында болған принциптік өзгеріс шын мәнінде 1932-1933 жылдардағы халықтық трагедияға жол ашып берген болатын. Біз бұл арада Түркістандағы кеңестік биліктің қызметіне байланысты М.Шоқайұлының назарына іліккен кейбір мәселелерге ғана тоқталдық. Ұлы қайраткердің бұл көп қырлы мәселеге байланысты артында қалдырған мұрасын шағын бір мақала көлемінде талдап шығу мүмкін емес екендігі түсінікті. Біздің айтпағымыз, Кеңес үкіметінің Түркістандағы түрлі өмір салаларындағы саяси қызметін талдауға ала отырып, оның отарлық мазмұнының патшалық билікпен сабақтастық сипатын және бұл биліктің ертелі-кеш жеңіліске ұшырайтынын ашық мерзімді басылым арқылы көрсетіп беру — Мұстафа Шоқайұлының эмигранттық қызметінің негізгі нәтижесі және басты бағыты есебінде бағалануға тиіс. Өйткені С.Шәкібаев сияқты авторлардың М.Шоқайұлының 1941 жылғы қызметіне, оны "Түркістан легионын" құрушы есебінде көрсетуге басты назар аударып, бұл қайраткердің 20-30-жылдардағы әлеуметтік әділеттікті іздеудегі азаматтық ерлігін айғақтайтын аса маңызды теориялық, публицистикалық және саяси қызметін көмескілендіріп, тіптен ұмыттырып, мәнсіз етуге тырысатындығын байқаймыз. Сүйікті жары Мария Шоқайдың көрсетуіне қарағанда, Мұстафа Шоқайұлы шенқұмарлықтан, тәкаппарлықтан мүлдем ада адам болған. Бірақ заман, орта оны саяси өмірде ылғи да алдыңғы сапта болуға итермелеген. Мәселен, ол 1917 жылдың қарашасында Қоқанда Түркістан автономиясын жариялап, оның үкіметін құру ісіне тікелей басшылық жасай отырып, алғашқы күндері бұл үкіметтің төрағасы міндетін өзінің ескі танысы М.Тынышбайұлына ұсынады. М.Тынышбайұлы араға бірнеше күн салып бұл міндетті орындаудан біржола бас тартқан соң барып, оны орындауға өзі кіріседі. М.Шоқай Отанға қызмет жасаудың жолдары көп деп түсінген. Мария Шоқай естелігінде мынадай пікірді айтады: "Өмірінің соңғы сәттерінде, 1940 жылы соғыс тұсында ол үнемі Түркістанның большевиктерден құтылуын армандайтын. "Алла елімнің тәуелсіздікке қол жеткізгенін көруді нәсіп етсе, мен тек үгіт-насихат ісімен ғана айналысар едім. Жастар үкімет құрса, мен елімнің тарихы және басқа өлке халықтары туралы тамаша кітаптар жазумен шұғылданар едім"107, - дейтін Мұстафа Шоқай. М.Шоқайұлын "Түркістан легионын" құрушы, қанішер, кекшіл адам ретінде көрсетуді қалайтын авторлар жоқ емес. Бұл - шындыққа мүлдем жанаспайтын тұжырым. Олай дейтініміз, М.Шоқайұлының "Түркістан легионы" сияқты әскери құрылым өмірге келгенге шейін-ақ өмірден аттанып кеткендігіне дәлел бола алатын фактілер жеткілікті. Соның бірнешеуін келтіре кетелік. Бұл ретте ең беделді дерек - М.Шоқайұлының жары Мария Шоқайдың естелігі. Естелік орыс тілінде жазылып, артынан түрік тіліне аударылып Ыстамбул қаласында 1972 жылы жарық көрген. Міне, осы естелігінде Мария Яковлевна Берлин қаласының "Виктория" ауруханасында 1941 жылы 27 желтоқсанда өмірден қайтқан жары Мұстафаның бейнесімен соңғы рет қоштасқандығы туралы мынадай деп жазады: "Шыны қабырғаның ар жағында ағаш табыттың ішінде Мұстафа үстінде жібек пижамасы бар жатыр екен. Бетін ақ салфеткамен жауып қойыпты, қолдары қарнының тұсында айқасқан, ұйықтап жатқанға ұқсайды, жүзі жасарып кеткендей көрінді. Өлген емес, қатты ұйықтап кеткен секілді. Қарсы қабырғаға табыттың қақпағын сүйеп қойыпты. Мен Парижден құран мен сәлде әкелген болатынмын. Қолының үстіне құранды қойдық, тақия мен сәлдені мұсылмандардың әдетіндей басына кигіздік"108. Соған қарамастан Мария Шоқайдың өз жарын танымауы мүмкін емес қой! Тура осы естелігінде Мария Яковлевна Махмут Айқарлы дегеннің "Опасыздардың айлалары" атты кітабындағы М.Шоқай 1942 жылы өлді деген дерегін үзілді-кесілді жоққа шығарады. Сондай-ақ жарының басына қойған белгі құлпытасына оның өмірден қайтқан мезгіліне байланысты "27.12.1941" деген жазу ойдырған. Түркістандық тұтқындардың жағдайымен әбден танысып шыққан жарының көңіл-күйінен жақсы хабардар Мария Яковлевна "Мұстафаның немістермен бірігіп жұмыс жасауы мүмкін емес еді" деген мағынада тұжырым жасайды. Ал Мұстафаның жарына жолдаған хатында тұтқындағы Түркістандықтардың ауыр жағдайы жөнінде мынадай да жолдар бар еді: "Мен көмек сұрап, үміт күткен осы бақытсыз бейшараларға ешқандай жәрдем жасай алмағаным үшін жан азабын шегудемін... Мұндай жағдайға бұдан әрі шыдай алатын түрім жоқ, өлгенім артық. Кеше 35 адамды ату жазасынан құтқардым, бірақ та қашанға дейін екені белгісіз. Оларды бір шұңқырға тізіп қойды, қазір қазан айы, ал олар болса жаздық киімдерімен, жартылай жалаңаш, суықтан қорғану үшін, топырақтан пана жасау үшін қолдарымен жерді қазуда. Оларға итке тастаған сияқты нан тастайды, су атымен жоқ. Оларға тақтай, бөз немесе сабан сияқты әйтеуір жылылау қорған болатын бір нәрсе берулерін өтіндім. Бере ме, бермей ме, ол да белгісіз. Айуаннан да бетер бұл "мәдениетті адамдар". ...Ондаған километір лагірлерді аралауым керек. Күшім, дәрменім қалмай барады, рухани жағынан қаншалықты шаршап жүргенімді айтпасам да түсінерсің. Менің өлгім келеді. Осы "өлу" сөзімен хатымды аяқтағым келеді"109. Мұстафа Шоқайұлының өмірден аттанар алдындағы көңіл күйі осындай еді. 1942 жылғы соғыс операцияларына тән деректерден "Генерал Мұстафа Шоқай" туралы фактілердің шығып қалуы әбден ықтимал. Бірақ ол фактілердің шын Мұстафа Шоқайға қатысы жоқ екендігі даусыз. Мария Яковлевна өз жарының "соғысқа бар болмысымен қарсы, мінезі өте жұмсақ және нәзік адам болғандығын" жазады. Біздің мұндай пікірмен келіспеуімізге ешқандай да негіз жоқ. Ең соңында айтарымыз, уақыттың өзі көрсетіп бергендей, Түркістандағы социалистік құрылыс қазақ және басқа халықтарға қажет ұлттық азаттық пен әлеуметтік-экономикалық гүлдеуді қамтамасыз ете алған жоқ. Кеңестер Одағының ыдырауы, социалистік тәжірибенің жеңіліске ұшырауы соның айғағы. Олай болса, біздің бүгін Мұстафа Шоқай және басқа зиялы азаматтарымыз өмірін арнаған мемлекеттік дербестіктен бас тартуға ешқандай да құқымыз жоқ. Бұл - Мұстафа Шоқай қатарында болған Алаш зиялылары қалдырған аманатқа құрмет және болашақ ұрпақтар алдындағы міндетіміз. Сонымен, "Мұстафа Шоқай кім?" деген сауалға қайта оралайық. Мұстафа Шоқай - өз заманында Түркістанда орнаған кеңестік биліктің отаршыл сипатын қатесіз тани білген және онымен ымырасыз күреске ғұмырын арнаған, сондай-ақ бұл күреске бұрын Түркістан халықтары тарихында болмаған жаңа мазмұн беріп, жаңа интеллектуалдық көкжиекке көтерген ұлы қайраткер. Оның өмір жолы ұлы Отаны - Түркістан - үшін от кешкен ұлы Азаматтың жолы болатын. 1 Степняк К. Материалы к истории Султана Кенесары Касымова (Воспоминания кара-киргиза Калигуллы Алибекова о последних днях Кенесары) / Под редак. проф. Поливанова и д-ра Досмухамедова. Ташкент, 1923.
2 Қазақ. 1917. № 234.
3 Семипалатинский листок. 1906. 5 маусым.
4 Оралдағы қыштым зауыттарының деректірі Половцев ұйымдастырған экспедиция. Полиция департаменті оның ел арасына шығуына рұқсат бермеген. Қараңыз: Северная Азия. 1930. №1-2. 110-б. 3 Северная Азия. Общество изучения Урала, Сибири и Дальнего Востока. 1930. №1-2. С. 112-113. 6 Әбішұлы Қ., Мектеп-тегі А., Әнес-тегі. Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан. //Ана тілі. 1992. 23 шілде.
7 Вопросы колонизации. 1912. № 11. С. 36.
8 Сонда. 1912. № 10. С. 224.
9 Брайнин С., Шафиро Ш. Очерки по истории Алаш-Орды. Алматы-Москва, 1935. С. 94-96.
10 Қазақ. 1913. №28.
11 Семипалатинский листок. 1906. 13 маусым.
12 Фикер. 1905. 25 желтоқсан.
13 Букейхан А. Киргизы — формы национального движения в современных государствах /Под редак. А.И. Костелянского. СПб., 1910. С. 529 14 Қазақстан Республикасы Президентінің архиві (ҚР ПА). 811-).., 200, 686-іс, 239-п.
15 Қазақ. 1913. № 25.
16 Ер Сайын. Ұлттар Комиссары қарауындағы Күншығыс баспасы. М., 1923. 90-б.
17 Қазақ. 1913. №24, 28.
18 Сонда. № 20.
19 Орынбор облыстық мемлекеттік архиві (ООММ). 21-к., 9- т„ 4-іс, 128-п.
20 Сонда. 67-п.
21 Қазақ. 1913. № 11.
22 Материалы по истории КазССР. Т.ІІ. .1.2. 1741-1751 гг. Алматы, 1948. С.21.
23 Ер Сайын. 89-90-бб.
24 Қазақ. 1917. №251.
25 Сонда.
26 Сонда. 1917. № 256.
27 Сонда. 1916. № 168.
28 ООММ. 10-10., 4-т., 10/9-іс, 58-п.
29 Бочагов А.К. Алаш-Орда. Краткий исторический очерк о напионально-буржуазном движении в Казахстане периода 1917-1919 гг. Кзыл-Орда, 1927. С.8 30 Қараңыз: Алаш-Орда. Сб. документов. Сост. Н.Мартыненко. Кзыл-Орда, 1929. С. 73-76. 31 Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік Комитетінің архиві (бұдан былай - ҚР ҰҚКА). 78754-іс, арх. № 124, 3-т., 191-192-п. 32 Отчет Краевого Комитета VІ Всеказахской партконференции. Кзыл-Орда, 1928. С. 34.
33 ҚР ҰҚКА. 141-қ., І т., 1129-іс, 109-110-п.
34 Социалистік Қазақстан. 1989. 7 маусым.
35 ҚР ҰҚКА. 78754-іс, арх. № 124, 2-т., 3-п.
36 Социалистік Қазақстан. 1989,.7 маусым.
37 Проблемы мира и социализма. 1989. № 4. С. 75.
38 Неру Дж. Открытие Индии. Книга вторая. М., 1989. С. 393.
39 Степная правда. 1922. 14 ноября.
40 Қазақ. 1917. № 256.
41 Сонда.
42 Қазақ. 1918. № 260.
43 Яицкая правда. Орал облревкомының органы. 1919.16 ақпан.
44 Қазақ. 1917. 21 қараша
45 Сонда
46 Ленин В.И. Шығ. толық жинағы. 38-т., 173-176-бб.
47 Сарыарқа. 1918. № 35.
48 Сонда.
49 Жизнь национальностей. Ұлт істері бойынша халық комиссариатының органы. 1919. 2 тамыз. № 29. 50 Қазақстан Коммунистік партиясы съездерінің, конференцияларының және пленумдарының қарарлары мен шешімдері. 1-т., 1921-1927. Алматы, 1987. 241-б.
51 Қазақ. 1917. № 251.
52 ҚР ҰҚКА. 78754-іс, арх. № 124, 3-т., 192-б.
53 Внутрипартийные вопросы на 3-м Пленуме Казахского Крайкома ВКП(б). Кзыл-Орда. 1927. С.162.
54 ООММ. 21-к., 2-т., 618-іс, 22-п.
55 Қазақ. 1917. № 224.
56 Сонда. № 238.
57 Шоқай М. Түркістанның қилы тағдыры. Алматы: Жалын. 1992. 112-б.
58 Қазақ. 1917. № 256.
59 ҚР ҰҚКА. 811-к., 23 ., 171-іс, 41-п.
60 Юлдашбаев А.М. Профессор Ахметзаки Валиди Туган (политиеская и научная деятельность). Уфа: Общество "Знание", 1991. С.157.
61 ҚР ҰҚКА. 78754-іс, арх. № 124. 3-т., 192-б.
62 Юлдашбаев А.М. Аталан еңбек. 15-б.
63 Правда. 1929. 6 маусым. № 127.
64 Чокай М. Туркестан. // "Яш Туркестан". Памяти Мустафы Чокай-бея. Париж, 1949-1950. С. 9,14.
65 Қытай тілінде "жаңа жер - жаңа территория" деген мағына береді. 66 А.Zекі Velіdі Tokan.Bucunku nukіlі TURKІSTAN VE VAKІN TARІHІ, Cіlt І. BATІ ve Kuzey TURKІSTAN. Іstanbul, 1981. Р.1. 67 Чокай М. Аталған еңбегінде "Ауғандық Түркістанды", "Чахар валайет", яғни Бадахшан, Кіші және Үлкен Майсене, Анаха деген төрт бөліктен тұратын ауданды атайды. (14-б.); А.Заки Валиди Тоған аталған еңбегінде "Ирандық Түркістан" деп Астарабад және Дерегиз деген аудандарды атайды. (1-б.).
68 Табғаш — көне түркілер қытай жұртын солай атаған. 69 Иоллығтегін. Күлтегін. Көне түркі жазба ескерткіші./Аударып, алғысөзін жазған М.Жолдасбеков. —Алматы, 1986. 45-б.
70 Сонда. 47-б.
71 Гумилев Л.Н. Древние тюрки. М., 1993. С. 337.
72 Баласағұн Жүсіп. Құтты білік. /Аударған - А.Егеубаев./ Алматы, 1986. 42,68-бб. 73 Рашид ад-Дин моңғол тайпаларының тегін түркілерден таратады, моңғолдарды сол тұстағы түркілердің біртұтас бұтағына жатқызады. Дегенмен бұл — әлі толық зерттеуін таппаған мәселе. 74 Навои А. Поэмы. Перевод со староузбекского. М., 1972. С. 328-329. (үзінді мақала авторының аудармасында берілді).
75 Навои А. Избранное. Ташкент., 1978. С.17.
76 3аки Валиди Тоган. Воспоминания. Кн.1. Уфа, 1994. С.160.
77 Мұстафа Шоқай, Мария Шоқай. Естеліктер. Ыстанбул, 1997. 55-56-бб.
78 Туркестанский вестник. 1917. 9 желтоқсан.
79 Климов С. Военно-организаторская деятельность Коммунистической партии в Средней Азии в 1917-1924 гг. Ташкент. С.17. 80 Т.Рысқұловтың тезистері мен олардың мазмұнын О.Қоңыратбаевтың "Тұрар Рысқұлов. Қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі" (Алматы, 1994. 129-135-бб.) атты монографиясы бойынша беріп отырмыз.
81 Сонда. 131, 133-бб.
82 Сонда. 136-б.
83 Султангалиев М. Статьи. Выступления. Документы. Казань, 1992. С. 469.
84 Сонда. 470-б.
85 Султангалиев М. Некоторые наши соображения об основах социально-экономического и культурного развития тюркских народов Азии и Европы //Ғасырлар авазы. Эхо веков. Казань, 1995. Май. С. 130.
86 Исхаки Г. Идель-Урал. Набережные Челны. 1993. С. 25. 87 Политическая жизнь русских мусульман до февральской революции. Оксфорд. 1987. С.67-84.
88 Мұстафа Шоқай, Мария Шоқай. Естеліктер. 28-б.
89 ҚР ҰҚКА архиві. 4727-іс, арх. 04693, 14-т., 308а-б.
90 Қазақ. 1917. № 256.
91 ҚР ҰҚКА. 78754-іс, 6-т„ 41-42-б.
92 Сонда.
93 Казахстанская правда. 1932. 10 июня, № 131.
94 Мұстафа Шоқай, Мария Шоқай. Естеліктер. —107-б.
95 Шоқайлы М. Біздің жол //Яш Түркістан. 1929. № 1.
96 Сонда.
97 ҚР ҰҚКА. 141-қ, 479 "А"-іс, 1-2-6.
98 Сонда.
99 Правда. 1929. 6 июня. № 127.
100 Бұлардан басқа өз қаржысы мен Сабыр Таначев барған.
101 ҚР ҰҚКА. 78754-іс, арх. № 124, 1 т 146-б.
102 Чокаев М. Туркестан под властью Советов. Алматы. 1993. С. 11-15.
103 Сонда. 78-б.
104 ЦГАОР РФ. Д.3316 с.ч„ о-п.2, д. 220, с.59-73. 105 ҚР ОМА. 74-қ., 674-іс, 18-19-б.; 1000-қ., 1-т., 10-іс, 8-б., 188-201-бб.
106 ҚР ОМА. 74-қ., 674-іс, 19-б.
107 Мұстафа Шоқай, Мария Шоқай. Естеліктер. 106-б.
108 Сонда. 215-216-бб.
109 Сонда. 105-б.
V тарау. КЕҢЕСТІК БИЛІК: ҰЛТШЫЛДАРМЕН КҮРЕС НАУҚАНЫ
"БАЗА" МЕН "АЗАБ" ТӨҢІРЕГІНДЕГІ АЙТЫС
Қазақстандағы 32-жылғы қайғылы қасірет өзінің ауқымы жағынан жергілікті халық тарихындағы қаралы кезең ХVІІІ ғасырдағы "Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама" заманымен салыстырылып жүр. Мәселенің деңгейін түсіну үшін солай еткен де жөн шығар. Бірақ бұл салыстырудың өзі де шартты, шынтуайтқа келгенде, халықтың соңғы кезеңде жоғалтқаны алдыңғысынан сан жағынан да, сапа жағынан да анағұрлым артып түседі. Көп жағдайда өзіміз айтып, түрлі еңбектерде келтіріп жүрген айғақтар, яғни халық санының екі есеге жуық кеміп кетуі, дәстүрлі шаруашылық түрлерінің ауыр дағдарысқа ұшырауы мәселенің көзге көрінер бергі беті де, ал жаңа ғана саяси еркіндікке қадам жасап, мемлекеттік егемендіктен үміттеніп, еңсесін көтере бастаған халықтың қайтадан рухани тоқырауға ұрынуы, ұрпақаралық рухани сабақтастықтардың үзілуі зерттеушілердің назарынан тыс қалып қойған мәселе еді. Ал адамзат қоғамының табиғи болмысы сондай, кез келген халықтың өзін-өзі тануы, әрбір тарихи кезеңдерде алда тұрған кезекті міндеттерін анықтауы алдымен интеллигенция қызметі арқылы жүретіндігі мәлім. XX ғасырдың алғашқы ширегіндегі оқиғалардың куәсі болған қазақ интеллигенциясы өз халқының басынан өтіп жатқан түбегейлі өзгерістерді жан-жақты талдап түсінуге, ол өзгерістерге өз мүмкіншілігінше ықпал етуге тырысты. 20-жылдары Қазақстанның саяси өмірінде белсенді рол атқарған С.Сәдуақасұлы өз оппоненттеріне жауап беріп: "Қырғыз (қазақ - М.Қ.) халқының тағдыры үшін тарих алдында ең алдымен қырғыз коммунистері жауап береді", - десе, саяси күрестегі оның серіктерінің бірі Ж.Мыңбаев: "...Біз қырғыз елі алдында, тарих алдында әшкере болғымыз келмейді. Біздің мақсатымыз түрлі декреттер мен нұсқауларға қол қоюшылар ғана болу емес, іс бітіріп, болашақ ұрпақ "иә, олар шынымен де тырысып еді дейтіндей дәрежеге жету", - деген еді. Өздеріне мұндай жауапкершілік артқан буын кімдер еді? Олардың мемлекеттік және қоғамдық қызметі қандай бағытта жүрді, қандай нәтижемен аяқталды, өз уақытында танылған "ұлтшылдық" таңбасы олардың ұстанған бағытына қаншалықты сай келетін еді? Міне, осы сияқты жеңіл-желпі емес, аса маңызды сауалдарға жауап іздеп көрелік.
* * * Өмірдегі барлық құбылыстардай саясаттың да өз тұп төркіні, сабақтастық байланысы бар. Қазақ Өлкелік Комитетін 1925-1933 жылдары басқарған, іс жүзінде осы мезгілде Қазақстанның жеке дара әміршісіне айналған Ф.И.Голощекиннің ұстанған саяси бағытын тура түсіну үшін, оған тарихи тұрғыдан қарау орынды болар еді. Түптеп келгенде, мәселе Қазақстандағы социалистік құрылыстың өзіндік жолдары мен әдістеріне келіп тірелетіндіктен, Голощекиннің бұл тұрғыдан, белгілі дәрежеде, өзінен бұрын басталған саяси бағыттың жалғастырушысы болғанын есепке ала отырып, оған дейін-ақ жаңа қоғамды құрудың әдістері арнайы және принципті сөз болған облыстық ІІІ партия конференциясына тоқталу қажет. 1923 жылдың 17-22 наурыз аралығында Орынборда өткен Қазақ партия ұйымы ІІІ конференциясында РКП(б) Орталық комитетінің өкілі Е.М.Ярославский, РКП(б) Қазақ Бюросының мүшесі А.И.Вайнштейн өздерінің баяндамаларында және сөйлеген сөздерінде сол уақытқа дейін Қазақстандағы партиялық және мемлекеттік жұмыста негізінен ұлттық факторларға көңіл бөлініп, ал тапаралық қатынастардың назардан тыс қалып қойғандығын баса көрсетті. Мәселен, Е.М.Ярославский Қазақстандағы "ұлтшылдықтың" шығу көздеріне тоқталып: "Ұлттық еркіндік үшін күрес аса үлкен рөл атқарған Қырғыз республикасында туып өскен, жұмыс істеп, күрес жүргізген жолдастар таптық күреске тым аз мән беріп, ұлттық мәселелерге өте үлкен көңіл аударатындығын айтып, соның нәтижесінде Қырғызстанда көптеген шараларды жүзеге асыру кешеуілдеп отыр",- деді1. РКП(б) Қазақ бюросының мүшесі А.И.Вайнштейн "Қазақстандағы партия және кеңес жұмысына әлеуметтік база құрудың әдістері" атты баяндамасында: "Біз осы уақытқа дейін белсенді жүргізген жұмысымызда, әсіресе қазақ тұрғындарының арасында, негізінен ұлттық мәселелерді көздедік. Бұл кезең аяқталғандықтан, енді оны (ұлттық мәселелерді — М.Қ.) екінші кезекке ығыстырып (әрине, біз ұлттық саладағы бірде-бір жұмыстан бас тартпай, қатар жүргіземіз), салмақты жұмысымыздың әлеуметтік базасы жағына аударуымыз керек", - деп, ондағы негізгі мақсат "кедейдің әлі оянбаған инстинктін шайқау, көтеру", тіптен "...ең дұрысы кедейді байларға тік қарсы қою, сол арқылы кедейлерге кіріптарлықтан құтылу дегеніміз осы екендігін сездіру" деп баса көрсетті2. Баяндамашы бұл істі жүргізуде ұлтшыл интеллигенция "ұлттық бірлікті уағыздап, қоғамдық өмір құбылыстарын түсіндіруде бірінші кезекке ұлтшылдық тұжырымдарды қойып, сол арқылы кедейлердің таптық санасының өсуіне және әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуіне кедергі жасап отыр" деп мәлімдеді. Бұл іс жүзінде мүлдем жаңа кезең, яғни байлар меншігіне "қызылгвардиялық шабуылға" өту еді. Қоғамды социалистік негізде қайта құрудың алғышарттарының бірі есебінде қойылған бұл күрделі және ауыр шараны іске асыру үшін қазақ қоғамы әлеуметтік-экономикалық, саяси және рухани кемелдік тұрғысынан даяр ма еді? Жоқ, даяр емес болатын. Экономикалық мешеулік, таптық жіктелудің, еңбекші бұқараның өзінің таптық мүддесін түйсініп, ол үшін күресуге даярлығының төменгі дәрежеде болуы бұл мәселені шешуде көлденең тұрған негізгі кедергілер еді. Орта Азия мен Қазақстандағы мұндай ерекшеліктерге тоқтала келіп, В.И.Ленин партияның VІІІ съезінде сөйлеген сөзінде былай деген еді: "Біз осы халықтарға барып: "Біз сіздердің қанаушыларыңызды лақтырып тастаймыз", - деп айта аламыз ба? Біз мұны істей алмаймыз, өйткені олар бүтіндей өз молдаларына бағынышты. Бұл арада сол халықтың дамып-жетілуін күту керек, пролетариаттың буржуазиялық элементтерден жіктелуін күту керек, ол болмай қалмайды"3. 1921 жылы өткен партияның Х съезінде экономикалық және әлеуметтік дамуда артта қалған аймақтарда "орталық Кеңестік Ресейдің үлгілеріне беталды еліктеуден", "жергілікті халықтың таптық жіктелу саясатымен сөз жүзінде емес, іс жүзінде" есептесіп, "шаруашылық дамудың неғұрлым жоғарырақ сатысы үшін ғана жарамды орталық Ресейдің экономикалық шараларын шығыс шеткері аймақтарға беталды көшіре" салудан аса қатты сақтандырған болатын4. 20-жылдардың басында Қазақстанда экономикалық жағдай тым ауыр болатын. Бұл арада үлкен адам шығыны мен арты ашаршылыққа ұласқан 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісті, қазақ қоғамын адам және мал шығынына ұшыратқан Азамат соғысын айтпай өту мүмкін емес. Осы азапты оқиғалардың артын ала келген 1921-1922 жылдардағы ашаршылық қоғамды біржола тұралатып кеткен еді. Демограф М.Тәтімовтың есебі бойынша, 1916-1921 жылдар аарлығында аштықтан қырылған және оққа ұшқан қазақтардың саны 800 мыңға, ал атамекенінен біржола көшіп кеткендердің саны 200 мыңға жеткен5. Бұл сол тұстағы қазақ елінің шамамен бестен бірі еді. Конференцияда жасаған баяндамасында партияның Қазобкомының хатшысы Корестелев "1921 және 1922 жылдың алғашқы жартысында облыстық комитет ауыр ашаршылық" жағдайында жұмыс істеді деп мәлімдеді. Конференцияда сөйлеген сөзінде Оралдың губерниялық прокуроры Ы.Мұстамбайұлы сол жылдардағы қазақ ауылдарына ортақ мынадай факті келтірген еді: "...бұдан аз уақыт бұрын Орал губерниясындағы негізгі тұрғындары қазақ Жымпиты уезінде болған едім. 1917-1919 жылғы санақ бойынша мұнда тұрған 90 мың адамнан 1922 жылғы жұттан соң 60 мың адам ғана қалған, демек 30 мың адам апатқа ұшыраған... Осы Жымпиты уезінде 22-жылы егіншілік жер көлемі 20 мың десятинадан асқан болса, қазір, яғни 23-жылы уезд жер басқармасының жоспарында бұл жер 12 мың десятинаға дейін кеміп кеткен. Ал Қарқаралы ауданының бірнеше болыстары себуге ұрық алудан бас тартып отыр, өйткені жұмыс малы жоқ6. Ауыр шаруашылық дағдарысына ұшырап отырған қазақ шаруасына жедел жәрдем беруге жаңа биліктің де мүмкіншілігі жоғары емес-тін. Өз кезегінде бұл жағдай кедейлердің Кеңес үкіметіне деген сеніміне селкеу түсірді.. Осыған байланысты конференцияда Асылбеков Семей губерниялық партия комитетінің атынан сөйлеген Рубинштейннің тезистерінде қазақтардың арасындағы жұмыс туралы бірауыз сөз айтылмағандығына наразылық білдіріп, "жергілікті жағдаймен есептесу керек еді, өйткені біз Германияда емес Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз ғой", - деп көрсетті7. Конференцияда сөз алған жұмысшы табы өкілдері Жәнібеков, Толегенов, Жанғалиевтар қазақ жұмысшыларының ауыр тұрмыс жағдайын, олардың да арасында 1921-1922 жылдары ашаршылықтың кең орын алғандығын, оның үлкен адам шығынына да соқтырғандығын нақты фактілермен айтып берді. Ал семейлік жұмысшы Қалаубаев Семей губерниялық партия конференциясында қазақ жұмысшылары арасындағы жұмысқа жете назар аудармаған жергілікті басшылықты сынға алғаны үшін Асылбековтың негізсіз ұлтшыл аталғандығын айтты. Шаруашылық дағдарысы жұмыссыздардың санын күрт өсіріп, кедей-жатақтардың қоғамдағы үлес салмағын көбейтіп жібергендігі мәлім. Осыған байланысты Вайнштейн өз баяндамасында мынадай сандық мәліметтер келтірді: "...қазақ қоғамындағы кедей қожалықтарының үлесі 72 пайыз, орта шаруашылықтар — 18 пайыз"8. Конференцияда сөйлеген шешендердің арасында бұл цифрлармен келіспеушілер де болды. Мәселен, республиканың Азық-түлік халкомы Саматов негізінен мал өсірумен айналысатын аудандарда 1-ден 5 басқа дейін малы барлар — 17, 5-тен 10-ға дейінгілері - 21, 10-нан 20-ға дейінгілері — 13, ал малы 40-тан жоғары саналатындар — 0,5 пайыз деген дәлелдер келтіріп, жалпы қазақ шаруашылығында 1-2-ден 5-ке дейін малы бар шаруашылықтар үстемдік алып отыр деп тұжырымдады9. Біздің пікірімізше, шындыққа Саматов берген мәлімет жақын. Өйткені 1928 жылы малы кәмпескеге жатқан ірі қазақ байларының ұзын саны 700-ге де жетпеген-ді. Демек, басым көпшілігі кедей және орта шаруалардан тұрған қазақ ауылында, сондай-ақ саяси билік солардың мүддесін қорғайтын кеңестердің қолында тұрғанда байлармен күресті революциялық төтенше шаралар арқылы емес, экономикалық және саяси әдістер арқылы жүргізуге толық жағдай бар еді. Басқаша айтқанда, сол тарихи кезеңдегі Қазақстан жағдайында байлар мен буржуазиялық элементтерге қарсы күресте революциялық зорлықты жалғыз күрес құралы деп тану жергілікті жағдайда терең түсінбеуден туған ірі саяси қателік болатын. Конференция барысында Е.М.Ярославский, А.И.Вайнштейн және басқалар ұсынған күрес әдісі қызу айтыс тудырып, олар ұстанған бағытқа С.Сәдуақасұлы, Ы.Мұстамбайұлы, Темірәлиев, Х.Нұрмұхамедов сияқты жергілікті кеңес және партия қайраткерлері үзілді-кесілді қарсы шықты. Қазақстанда кеңес және партия жұмысының әлеуметтік базасын нығайту жолдарына арналған Вайнштейннің баяндамасын талқылау барысында Смағұл Сәдуақасұлы баяндама тыңдалғаннан кейінгі кешінде "база" деген сөздің оның ұйқысын қашырғандығын, осы сөзді теріс оқығанда қазақтың "азаб" сөзі болып шығатындығын, сол сияқты "база" деген ұғымды қанша көп қайталағанымен, егер ол қазақ кедейлерінің ауыр халін көтеруге бағытталған нақты шаралармен толықтырылмаса, шынымен де оның қазақ бұқарасы үшін "азабқа" айналуы толық мүмкін екендігіне көңіл аударды. "Қазіргі уақытта, - деді С.Сәдуақасұлы, - қырғыз кедейлері біреудің қанауынан емес, жұмыссыздықтан азап шегуде. Сондықтан да қырғыз кедейлеріне бірінші кезекте тура осы тұрғыдан қарау қажет... Қырғыздарға ат, шөп, косилка беріңіз, сол арқылы оның қожалығын нығайтыңыз, ал бұл шара барды қарадүрсін бөлуден 100 есе тиімді болмақ. Түптеп келгенде, барды бөліске салу идеясы тұтынушылық пиғыл туғызатын өте қауіпті идея. Бүгін сіз кедейге бір сиыр бердіңіз делік, ертең ол сиырды сойып алады, одан кейінгі күні басқасын сұрауы ықтимал, ал ол сұрағаны жоқ болып шықса ше? Сондықтан да мәселенің басқа да жақтарын ұмытуға болмайды. Осында отырықшылыққа өту туралы да айтылды. Оған өту құмар адамдардың қалауы бойынша бола қоймайды. Бұл арада филантропия (сөзбен жарылқаушылық мағынасында. - М.Қ.) емес жалпымемлекеттік шаралар қажет". Одан ары ол: "Қазіргі кезеңде ел сілкіністерге емес, бейбіт еңбекке мұқтаж. Елді жаңа экспроприациялар емес, еңбек пен ғылым құтқармақ. Экспроприация идеясы - билікке қарсы көтеріліс немесе соған жақын нәрсе. Бізге патша өкіметі тұсында мұндай қоздыру туғызу қызық болғанымен, біздің жағдайымызда қазақ даласында ондай жасанды қоздырулар туғызудың қызығы шамалы. Мемлекеттік адамдар мемлекет мүддесі тұрғысынан ойлауға керек10, - деген. Сол кезеңде ел сілкіністерге емес, бейбіт еңбекке мұқтаж еді. Сол кездегі саяси ахуал жағдайында тым батыл айтылған бұл ой Ярославский, Вайнштейн және басқаларға қазақ қоғамын социалистік негізде қайта құруға көрсетілген қарсылықтай ұғылған. Өйткені олардың ұғымында, Қазақстан міндетті түрде орталықта іске асырылған шараларды өзінде тез және бұлжытпай іске асырып отыруы керек еді. Сондай-ақ кеше ғана революциялық оқиғаларға белсене араласып, ғылыми социализм теориясымен қаруланған олар қазақ бұқарасының мұқтажын жергілікті коммунистерден, ұлттық интеллигенциядан жақсы білетіндігіне сенімдері мол болды. Осы бағытта сөйлеген Харченко былай деді: "Ауылда таптық жіктелу мәселесі әбден пісіліп-жетілді, сондықтан да біз Қазақстанда жоқ дегенде революциядан кейінгі 6-шы жылы бұл іске кірісуіміз керек. Біз, орыс пролетариаты, өз кулактарымызбен баяғыда-ақ есеп айырыспадық па? ... ж.Сәдуақасұлы "база" деген сөзді теріс оқығанда "азаб" болып шығатындығын тура айтты, бірақ ол байлар үшін азапты болатындығын айтпай кетті. Біздің бағдарламамызға зер салыңыздаршы, онда бірінші кезекте іс басына таптық принцип қойылуы қажеттігі айтылған, ал біз мұнда таптық принципті көріп отырғанымыз жоқ... ж.Сәдуақасов сияқты қызметкерлерді нағыз жұмысшы орталықтарына жіберіп, олардың жұмысшылардың өмірімен терең таныстырып алса, мүмкін онда олар қызыл сөзден іске көшіп, кедейлердің мүддесін сөз жүзінде емес, іс жүзінде қорғауға көшер ме еді?". Қазақ партия және кеңес қайраткерлері ұстанған бағыттың жергілікті шындыққа негізделуі мүмкін екендігі, сондықтан да олар айтқан пікірден тек таптық шектілікті ғана көрмей, күрделі өмір қайшылықтарын да іздеу керектігі тәжірибелі революционер Ярославский сияқты партия басшыларында да жетіспей жатты. Ол қорытынды сөзінде: "ж.Сәдуақасов біз мемлекеттік адамдармыз, бізде мемлекеттік көзқарас болу керек дейді. Оның ойы бойынша мемлекеттік көзқарас дегеніміз тыныштық пен бейқам, рахат тұрмыс, ешқандай да толқулардың болмауы. Бізді ұйымдық тұрғыдан нығайтып, әлеуметтік базамызды кеңейте түсетін кез келген толқу пайдалы. Сондықтан да мен "база" мен "азаб" туралы толғаныс аса сәтті шықты дей алмаймын. Кез келген тарихи процеске жауапты қарау керек, ж.Сәдуақасов. Қырғыз сияқты езілген халықтың азаттық алуы азапсыз болуы мүмкін емес... Ал сіз ол процесс азапсыз, қиындықсыз өтсін дейсіз. Бұл мемлекеттік емес, бәрі де тыныш және жайбарақат болсын деген мещанның көзқарасы", - деп С.Сәдуақасұлына шүйілді. С.Сәдуақасұлының позициясына берілген бұл баға сырт көзге дәлелді, дұрыс көрінгенімен, шын мәнінде тым жадағай, дәлелсіз еді. Басқаша айтқанда, онда халық өз басынан кешіруге тиіс азап пен қиындықты саяси жауапкершілікпен мейлінше дәл өлшеп-пішуге ұмтылыстан гөрі, революциялық пафос басым болатын. Ал бейбіт өмір жағдайында революциялық пафостың нақтылы ғылыми-экономикалық және әлеуметтік саясатқа орын беруі тиістігін ұмыту сөзсіз қателікке ұрындырмай қоймайтын еді. Оның үстіне бұл тарихи кезеңде орталықтан келген қайраткерлерде тек өздері ұсынған жүйеге шексіз сенушілік үстемдік алып, ал жергілікті интеллигенция өкілдері пікіріне жоғарыдан қараушылық орын алды. Конференцияда С.Сәдуақасұлы бағытын сынға алушылар арасында Вайнштейн ерекше көзге түсті. Ол: "Сәдуақасов жолдас тұжырымдарында міністір Столыпиннің социал-демократиялық фракцияның атына айтқан "Вам нужны великие потрясения, нам нужна великая Россия" дегенін сөзбе сөз қайталап "Вам нужны трясения" дейді. Ал сізге не керегін, Сәдуақасов жолдас, мен айтуға қорқамын, айтқым да келмейді" деп түйді. Басқаша айтқанда, шешеннің бұл сөзі "ж.Сәдуақасов, сіз байлар жағындасыз, демек партияның негізгі бағытына қарсысыз" деген ұғымды беретін еді. Сонымен, партияның Қазақ облыстық ІІІ конференциясында қазақ ауылын социалистік негізде қайта құру жолдары туралы пікір алысу қызу айтысқа ұласқандығын байқау қиын емес. Солай болуы да заңды еді. Өйткені қарсы келген позициялардың арасы тым алшақ-ты, ал олардың өмірде жүзеге асу мүмкіндіктері де әрқилы болатын. Кейінгі уақыт оны анық көрсетіп те берді. Осы арада түрлі себептерге байланысты өз дәрежесінде жетерліктей көңіл бөлінбей келе жатқан бір мәселеге тоқталуға тура келеді. Революция жеңісінен кейінгі кезеңде Қазақстан үшін аса маңызды мәселелердің бірі өлкедегі революциялық өзгерістерді басқаруға лайықты кадрлардың тапшылығы еді. Кеңес билігі орнағаннан кейінгі уақытта орталықтан Қазақстанға біраз кадрлар жіберілген. Олардың арасында революция идеяларына шын ниетімен берілген, соған сай өзгерістерге өз үлесін қосуға дайын большевиктер аз болған жоқ. Сондай-ақ олардың қатарында жергілікті ерекшеліктерімен есептесуге аса құлықты емес, өз міндетін орталықтың нұсқауын бұлжытпай, тіптен реті келсе асыра орындау деп түсінген солақайлар да жеткілікті еді. Өздерін бұрынғы патша шенеуніктерінен кем сезінбеген олар жергілікті халыққа тек бағынуға жаралған бұратаналардай, ал жергілікті ерекшеліктерге назар аударуды талап еткен ұлттық интеллигенция өкілдеріне ұлы революциялық өзгерістерді қабылдауға даяр емес, білімсіз тар өрісті интеллигентсымақ "ұлтшылдар" есебінде қарады. Өз ретінде большевиктердің идеологиялық күрес арсеналында реакциялық "ұлтшылдық" туралы бір жақты пікір қалыптастыруға ерекше еңбек сіңірген де осы топ болатын. Өз ретінде олар жергілікті тұрғындардың және орталық басқару аппараты арасындағы ұлы державалық шовинизммен уланған элементтердің қолдауына сүйенді. Ықпалды орындардағы осы позициядағы адамдардың белсенді әрекетінің арқасында патшалық империя тұсында "сепаратистер" ретінде айыпталып, қуғын көрген А.Байтұрсынұлы сияқты көрнекті қайраткерлер енді кеңес билігі тұсында "ұлтшылдар" атанып жатты. Әрине, жаңа биліктің ұлт саясатына нұқсан келтіретін мұндай қауіпті көріністерді партия және үкімет басшылығы өз назарынан тыс қалдырды деп айту қиын. Мәселен, партияның Х съезінде (1921 ж.) ұлт саясатына байланысты қабылданған қарарда былай делінген: "Бір жағынан шеткері аймақтарда қызмет істейтін, "державалық" ұлт өмір сүріп тұрған жағдайларда өскен және ұлттық езгіні білмеген великорос коммунистері партия және кеңес жұмыстарында ұлт өзгешеліктерінің маңызын көбіне кішірейтіңкіреп жібереді немесе олармен мүлде санаспайды, сол халықтың таптық құрылымының, мәдениетінің, тұрмысының, тарихта бастан кешкендерінің өзгешеліктерін өз жұмысында есепке алмайды, сөйтіп партияның ұлт мәселесіндегі саясатын тұрпайылап, бұрмалайды. Бұл жағдай коммунизмнен ұлы державалыққа, отаршылдыққа, великоростық шовинизмге қарай тартатын уклонға апарып соғады. Екінші жағынан, жергілікті тұрғын халықтан шыққан, ұлттық езгінің ауыр дәуірін басынан кешірген және сол ұлттық езгінің елесінен әлі де толық арылып болмаған коммунистер партия және кеңес жұмысында ұлт өзгешілігінің маңызын көбінесе асырыңқырап жібереді, еңбекшілердің таптық мүдделерін көлеңкеде қалдырады..."11. Ұлттық саясатта осы екі ағыммен бірдей күрес жүргізу қажеттігін айта келіп, съезд "ұлтшылдықтың және ең алдымен, отаршылдықтың коммунизмдегі бұлталақтарын жоюды партияның шеткері аймақтардағы ең маңызды міндеттерінің бірі" екендігін баса көрсеткен болатын12. Қазақстан сияқты республикаға орталықтан келген кадрлардың қайсыбірі өз қызметінде съезд ұсынған бұл принципті басшылыққа ала қоймағандығын дәлелдейтін мысалдар аз емес. Жоғарыда біз тоқталған конференцияда баяндамашы Вайнштейн өзіне делегаттардан түскен мынадай бір сауалды оқып береді. Онда хат иесі: "ж.Вайнштейн, сіз қазіргі уақытта таптық жіктелу жүзеге асты дедіңіз. Мені сіздің қашан ауылда болғаныңыз қызықтырып отыр. Жоқ, әлде сізге бұл деректерді басқалар беріп, ал сіз кабинетте отырып таптық жіктелуді іске асырдыңыз ба?", -деген еді. Баяндамашының сауалға берген жауабы: "Таптық жіктелу туралы айту үшін міндетті түрде ауылға бару шарт емес, цифрлар негізінде кабинетте отырып та айтуға болады деп санаймын. Ал сіз болсаңыз мұнда келіп күнделікті тұрмыста көргеніңізге сүйеніп партияның нұсқауына шек келтіргіңіз немесе жаңа нұсқау бергіңіз келеді. Бұл мәселеде қашан өзіңізді күшті сезінесіз, сонда партияға мықты нұсқау бересіз". Демек, оған дейін берілген нұсқауларды қарсылықсыз орындай беріңіз. Қазақстандағы таптық жіктелу деңгейі туралы орталықтың өкілі Е.М.Ярославскийдің де түсінігі тіптен қарабайыр еді. Ол конференцияда бұл мәселеге байланысты айтысқа араласып: "...Капиталистік қатынастар мұнда да бар. Кім оларды жоққа шығара алады, - деп, одан ары Қазақстандағы капиталистік қатынастар туралы өз түсінігін былайша пайымдайды: "Маған осында сіздердің жолдастарыңыз мынаны айтты (оның қаншалықты тура екендігін білмеймін): бай түскі асын жеп болған соң, сарқытын киіз үйдің алдында кезекте тұрған кедейлерге үлестіріп беретін көрінеді"13. Пікір алысудың қандай бағыт алғандығына қарамастан, конференция негізгі мәселелерді талқылауда еркін пікір таластыру жағдайында өткендігін айтқанымыз жөн. 1923 жылы партия ішінде ертеректе қалыптасқан демократиялық принциптер әлі де дөрекі түрде бұзыла қойған жоқ-тын. Бірақ осы кезеңнің өзінде өз пікірін еркін білдірген қайраткерлерге сес көрсету байқала бастаған еді. Мәселен, делегат Харченко Сәдуақасұлының пікірін үзілді-кесілді теріске шығара келіп былай деген: "Егер қатарымызда біздің ұйымымызға осындай іріткі салатын интеллигенттер бар болса, онда оларға орын жоқ, аластау керек. ж. Чернядьев айтқандай, бізде дезинфекциялық камера - Бақылау Комиссиясы бар. Жаңағы интеллигенттер егер жұмыс жасамай, біздің ісімізге кедергі болса, оларды осы камерадан өткізіп алу керек"14. Мұның жалғыз С.Сәдуақасұлына емес, жалпы өз пікірі бар барлық қазақ интеллигенттеріне арналғанын дәлелдеп жатудың қажеті бола қоймас. Оның үстіне Харченко өзінің сөзінде кеңестік билікке деген қатынасына көлеңке түсірмеуге тырысқан Ә.Жангелдин туралы да былай деген еді: "Енді Жангелдин жолдасқа байланысты бірер сөз. Ол өз сөзінде кедейлер арасындағы жұмысқа аз назар аударылып отыр дейді. Маған белгілі мәліметтер бойынша ол ылғи да не молданың, не байдың үйлеріне тоқтайтын болған... Бізге белгілі қырғыз салты бойынша кедей молданың немесе байдың үйіне ешнәрсе үшін де бас сұға алмайды, мұндай құқық тек байларда ғана болған. Демек, ж.Жангелдин отырған үйге кедейлердің кіре алмағандығы түсінікті. Олай болса мен ж.Жангелдинге сіз пролетариаттың өкілі бола тұра неге қалың бұқарамен байланысудан қаштыңыз, неге кедейлердің үйіне түспедіңіз, өйткені сіз экономикалық мүдделілік таныттыңыз, себебі кедейде союға қой, ішуге қымыз жоқ болғандықтан ба деп сұрағым келеді". Егер одан ары қозғай берсең, мәселенің немен тынарын жақсы түсінген Ә.Жангелдин "ақталғаным емес, бірақ біз солай істеп оларды қанағандай болып едік", - деп құтылған болатын15. Әрине, Харченколар аз емес еді және олардың позициясы да айтарлықтай қуатты болатын. Соны жақсы түсіне отырып, сол кездегі бір топ белгілі қайраткерлер С.Меңдешев, А.Асылбеков, С.Сейфуллин, С.Сәдуақасұлы, Ы.Мұстамбайұлы, Н.Нұрмақов, т.б. барлығы 14 адам партияның Орталық Комитетінің өкілі ретінде Е.М.Ярославскийдің атына наразылық білдірген хат жолдайды. Хатта айтылған ойлардың принціптік маңызы болғандықтан, одан үзінді келтірейік:
"Председателю ЦК РКП(б)
тов. Ярославскому
С первого момента открытия ІІІ-ей Всекиргизской партийной конференции наблюдается определенное течение, направленное к обвинению киргизских коммунистов в национализме. Это течение является абсолютно ошибочным и не на чем реальном необоснованным и как результат неправильных толкований о проводимой киргизским работниками-коммунистами политики в области внедрения коммунистических идей среди киргизских рабочих и бедноты и из другой стороны вследствие колонизаторских выходок некоторых русских т.т., старающихся посредством доносов, доставляемых карьеристами, и неточного перевода киргизской печати очернить киргизских коммунистов перед партией, а следовательно, и перед пролетарской массой... Нижеподписавшиеся киргизские коммунисты, категорически протестуя против предъявленных им обвинений в национализме, в подтверждение изложенного предлагают свою декларацию, указывающую путь дальнейшей работы в КССР..."16, - деп, одан ары конференцияда айтыс тудырған негізгі мәселелерге байланысты өздерінің келісім жолын ұсынады. Онда, біріншіден, байларға қарсы күресу, екіншіден, екі бағытта бірдей, яғни шовинизм мен ұлтшылдыққа қарсы күрес жүргізу, үшіншіден, "ҚССР-дағы жұмыста қырғыз ауылын тап күресі мен таптық жіктелу жолына түсіру қажеттігі" айтылған. Бұл іс жүзінде "қазақ коммунистері тап күресін мойындамайды", сондықтан да феодалдық және буржуазиялық элементтерге "қызылгвардиялық шабуыл" жасауда Қазақстан Орталықтан артта қалып отыр деген қарабайыр, бір жақты пікірге байланысты берілген жауап еді. Жауаптан Ярославскийдің сөзі арқылы білдірілген Орталықтың Қазақстанда тап күресін жасанды түрде қоздыру, тездету бағытын мойындауды, қабылдауды байқаймыз. Хатта орыс коммунист жолдастардың қазақ шындығын жете түсінбеуі салдарынан, ұлтшылдықпен күресте өзін көрсеткен қазақ коммунистерінің өзіне қазақ кедейлерімен ешқандай байланысы жоқ интеллигенттердей қарау орын алып отырғандығы, ал мұның өзі мансапқорлық мүдде көздеген кездейсоқ элементтер берген ақпарларға және қазақ басылымдарынан алынған жаңсақ аудармаларға сүйеніп тұжырымдар жасау нәтижесі екендігі айтылған. Қазақстанның сол кездегі саяси өмірінде тоғысқан негізгі ағымдарды көрсетіп берген бұл құжаттан, сонымен бірге бұдан былайғы уақытта қазақ интеллигенциясының тыныс-тіршілігіне сіңіп, әдетіне айналған тағы бір жәйтті елемей өту мүмкін емес. Ол ұлттық интеллигенция өкілдерінің орталық билік алдында, сондай-ақ өздерін орталық биліктің Қазақстандағы өкілі санаған, шын мәнінде ұлыдержавалық пиғылдан ада емес "интернационалистердің" алдында ұлтшылдықтан таза екендігін дәлелдеуге күш салуы еді. Егер бүркемелей айтсақ, бұл — метрополия мен отар арасындағы бұрынғы теңсіздіктің жаңа көрінісі-тін. Ал осы кезден бастап ұлттық интеллигенцияның "күшті билік" алдында өзінің интернационалист екендігін ылғи да бүгежектеп дәлелдеп отыру әдеті, түбінде оны ұлттық мүддеден адастырмай қоймайтын еді. Солай болды да. Хатты РКП(б) Орталық Комитетінің Қазақ бюросы қарап, ешкім "қазақ жолдастар жөнінде ұлтшылдар деген беталды айыптау жасаған жоқ", ал ұлтшыл-уклонистік көзқарастарды сынға алу әбден орынды және оның өзі "партияның әрбір мүшесінің ажырағысыз правосы ғана емес, сонымен бірге міндеті де болып табылады", - деп жауап берді17. Бұл іс жүзінде жергілікті ерекшеліктерді елеуге шақырған қазақ коммунистерін "ұлтшыл-уклонистер" есебінде айыптау, ал өздерін "пролетарлық кезеңге" әлі көтеріле алмаған бұратаналардың ұстазы санаған харченколарды ашықтан ашық қолдау болатын. Сонымен, Қазақстанда жоғарыда Х съезд материалдарында айтылған екі ағым (шовинизм мен ұлтшылдык) орын алды ма, алған күнде олардың ара салмағы қандай болды? Егер нақты тарихи фактілерге үңілсек, Ф.И.Голощекинге дейін-ақ Қазақстанда алдымен ұлыдержавалық шовинизммен емес, негізінен "жергілікті ұлтшылдықпен" күрестің үстемдік ала бастағандығын аңғарамыз. Оған теориялық негіз жасап берген И.Сталиннің өзі еді. Жаңа экономикалық саясат (НЭП) ұлттық республикаларда ұлтшыл элементтердің қарсылығын күшейте түседі деп ұғынған ол "большевиктер партиясы үшін өткен уақыттарда меньшевизм қандай роль атқарып отыр", - деп көрсетті18. Бұл іс жүзінде жаңа ғана саяси бостандыққа қолы жеткен, бірақ ескі тәртіп тұсындағы ұлттық теңсіздіктен әлі де біржола арылып үлгірмеген Қазақстан сияқты республикалардағы жергілікті халықтың табиғи талаптарын білдіруші және солар үшін күресуші интеллигенттерге қарсы "майдан" ашу болатын. Біз әңгіме етіп отырған 23-жылдың өзінде-ақ одақтық көлемде мәселенің сондай сипатқа ие болғанын Татарстан қайраткері М.Х.Сұлтанғалиев ісінен аңғаруға болады. 1923 жылғы сәуірдегі партияның ХІІ съезінде И.Сталиннің ұлт саясатындағы позициясын принципті сынға алған, "ұлыдержавалық шовинизм көрінісімен күресу ұлтшылдық емес" екендігін және бұл күресті жете бағаламаушылық ұлт саясатында қателікке ұрындыратындығын ашық айтқан ол, сол жылы мамырда "антипартиялық және антисоветтік элемент" ретінде партиядан шығарылып, сотқа тартылды. Бұл - іс жүзінде И.Сталиннің кеңестік шығыстың партия және кеңес қайраткерлеріне, интеллигенция кадрларына жасаған қаһарлы ескерту болатын. Сонымен бірге бұл күрделі саяси мәселелерді ең алдымен оларды өмірге әкелген экономикалық және басқа себептерді жою арқылы емес, саяси зорлау әдістері арқылы шешуге бет алудың айқын көрінісі еді. М.Х.Сұлтанғалиев "қателіктерін" талдауға арналған РКП ОК-нің ұлт республикалары мен облыстары жауапты қызметкерлерінің ІV кеңесінде (1923, маусым) сөйлеген сөзінде Т.Рысқұлұлы Қазақстанда сол уақытқа дейін көптеген экономикалық және әлеуметтік мәселелердің өз шешімін таппай отырғандығын, ал осы өзекті мәселелер жойылмаған күнде, жергілікті коммунистердің олар турасында айтпай отыра алмайтындығын анық та ашық білдірді. Бірақ бұл толық ғылыми және дәлелді тұжырымдар ұлт аймақтардағы саясатында саяси зорлау әдістеріне көп ерік бере бастаған И.Сталинді алған бағытынан қайтара алған жоқ. Сондай-ақ сталиндік бағытты іске асыру үшін Ф.И.Голощекин сияқты функционер басшылар аса қажет еді. Сонымен, біз әңгімеге тиек еткен 1923 жылы қазақ облыстық ІІІ партия конференциясында айтыс тікелей социалистік құрылысқа өтудің алғышарты - байлар меншігін экспроприациялау сипаты төңірегінде ғана өрбіді. Бүтін республика халқы, қазақ ұлты үшін тағдырлық мәні болған коллективтендіру, мемлекеттік аппаратты жергіліктендіру, отырықшылдыққа өту, индустрияландыру сияқты үлкен мәселелерге байланысты айтыс-тартыстар әлі алда болатын. Сондай-ақ шын мәніндегі интеллектуалдық майданға айналған бұл процеске атсалысқандардың да қатары арта түскен еді.
ҰЛТШЫЛ СҰЛТАНБЕК ҚОЖАНҰЛЫ
1925 жылдың ортасында РКП(б) Орталық Комитеті Қазақстанға партиялық басшылыққа Голощекинді тағайындады. Бұл кезде Қазақстанда көптеген күрделі әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелер өз шешімін тауып үлгермеген еді. Олардың ішінде, ең негізгісі, әрине, жер мәселесі болатын. Ескі биліктің жерге қоныстандыру саясаты нәтижесінде жергілікті халыққа жасалынған қиянат әлі жойыла қойған жоқ еді. Оны шешуге кіріскен жаңа билік алдынан көптеген күрделі кедергілер шықты. Мәселен, бұрын жер үлесін алуда патша әкімшілігі берген түрлі артықшылықтарды иемденіп үйренген переселендер жер-суды қайта бөлісуге құлық таныта қоймады, тіптен қарсылық та көрсетті, оның үстіне революциядан кейін де ішкі Ресейден Қазақстанға жер үшін қоныс аударушылар легі толастамады. Бұл жағдай өз ретінде онсыз да күрделі ұлтаралық қатынасқа әсер етпей қоймады. Өлкедегі толғағы жеткен мәселелерді шеше алатын, жергілікті халыққа түсінікті және жақын кеңестік мемлекеттік аппарат жаңадан баяу қалыптасып келе жатты. Оған кедергілер де аз болмады. Мәселен, жаңа әкімшілік жұмысына тартуға жарайтын, жергілікті халық арасынан шыққан, даярлығы бар адамдар тым аз еді, ал әкімшілік орындарына еніп алған шовинистік пиғылдағы қызметкерлер жаңа биліктің жергілікті халықтың талап-тілегіне сай жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеді. Аяқтан шалып, етектен басып отырды. Ұлттық республикалар мен облыс басшыларымен өткізілген ІV кеңесте (1923) сөйлеген сөзінде И.Сталин: "Одақтас республикалар халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастық сезімін ірітетін шовинистік элементтерден мекемелерді тазарту керек. Мұндай элементтер Москвадағы, сондай-ақ республикалардағы біздің мекемелерде болуға тиіс емес және республикалардағы мемлекеттік мекемелердің басына жергілікті адамдарды, елдің тілі мен салтын білетіндерді қою керек", -деп өмір талабынан туған ойды айтқан еді. Өз ойын дәлелдей түсу үшін ол Қазақстанда болған мынадай жағдайға тоқталды: "Менің есімде осыдан екі жыл бұрын Қырғыз республикасында Халком Кеңесі Төрағасы болып қырғыз тілін білмейтін Пестковский істеді. Бұл жағдайда сол кездің өзінде-ақ Қырғыз республикасының үкіметі мен қырғыз шаруалар бұқарасы арақатынасын нығайту ісінде өлшеусіз үлкен қиындықтар туғызды. Сондықтан да партия Қырғыз республикасы Халкомы Кеңесінің Төрағасының қырғыз болуына қол жеткізді"19. Жалпы орынды айтылған бұл пікірді анықтай түсетін жақтары да бар. Мәселен, С.С.Пестковский Сталин көрсеткен мезгілде Қазақстанда Халком Кеңесі Төрағасы емес, РКП(б) Қырғыз (Қазақ) облыстық бюросы Президиумының Төрағасы (1920 ж.) қызметінде істеді. Сондай-ақ, осы мезгілдің өзінде-ақ іс жүзінде саяси билік Халком Кеңесі Төрағасы қолында емес, Киробкомның бірінші хатшылары (Пестковскийден соң Коростелев, Нанейшвили) қолында шоғырланды. Шаруашылықтың, әлеуметтік және саяси дамудың негізгі бағыттары мен әдістерін солар анықтап отырды. Міне, сондықтан да жоғарыда Сталин сөзінде келтірген республикаларды басқару принципі Қазақстанда сол күйінде жүзеге асырылды деп айту қиын. Өйткені, біріншіден, республикада саяси билікті қолына шоғырландырған өлкелік партия комитетінің жауапты хатшылары орталықтан, жергілікті коммунистердің келісімінсіз жіберіліп отырса, екіншіден, олар республикадағы стратегиялық мәселелерді шешуде орталықтың нұсқауларына үстемдік беріп, жергілікті ерекшеліктер мен мүдделерді өз дәрежесінде бағалай алмады және сондай болуы заңды да еді. Қазақстандағы саяси ахуалға Орталықтың білек сыбана араласуына жол ашып берген себептердің бірі және бірегейі ұлттық интеллигенция арасындағы өзара алауыздық. Сыртқы түрі рушылдық, жершілдік сияқты феодалдық сипат алған бұл топаралық күрестің, түптеп келгенде, негізінде қызмет үшін талас жатқан болатын. Өкінішке орай, құжаттардың көрсетуіне қарағанда, топаралық күрестің өршіп отыруына ресми орындар да түрткі болған. Ол туралы бұрын Өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы қызметінде болған С.Қожанұлы 1927 жылы Өлкелік Комитетке жолдаған хатында: "Ежов пен Нанейшвили жолдастар бұл туралы көп нәрсе айта алар еді. Өйткені олардың басшылық ықпалы, негізінен, топаралық қатынастарды есепке алу, топтардың ара салмағын теңестіріп отыру саясатына құрылды. Ал мен топтарға заңды сипат беруге қарсы тұрдым..." - деп көрсетті20. Бұл жағдай, біріншіден, жергілікті халықты күнделікті мәселелерді өз уағында қойып, шешіп отыру мүмкіншілігінен айырса, екіншіден, Орталықтың қазақ республикасының өзін-өзі басқару қабілетіне деген сенімін төмендетті. Сол тұста әзірге Орталық Комитеттің Орта Азиялық Бюросының мүшесі Сұлтанбек Қожанұлы Ташкенттен 1924 жылы қазанда Сталинге жолдаған хатында Қазақстанда қалыптасқан саяси жағдайға талдау жасай келіп: "...Қырғызстандағы партия-совет кадрларының одан әрі ыдырауын тоқтату және тоқырау ахуалынан сауықтыру үшін ең алдымен БКП(б) Орталық комитетінің өзінің тікелей басшылық жасауымен табанды партиялық режим орнату керек" деген пікірін білдіреді. Қайсыбір мәселелерге байланысты тым біржақтылығына қарамастан, қазақ басшыларының өз арақатынасына байланысты хатта айтылған пікірдің негізінде ащы шындық жатыр еді. Міне, осындай жағдайда Қазақстандағы саяси басшылыққа Филипп Исаевич Голощекинді жіберу туралы шешім қабылданды. Саяси Бюроның, Сталиннің Голощекинге тоқталуы, әрине кездейсоқ емес-ті. Голощекин жас жағынан да, өмірлік тәжірибесі жағынан да партияның ескі буынына жататын. Революциядан кейін көпұлтты Оралда, Орта Азияда жауапты қызметтер атқарған. Сталин мен оның төңірегіндегілер үшін Голощекин табиғатындағы аса елеулі ерекшеліктерінің бірі - оның орталықтан алған директивалық нұсқауларды бұлжытпай, тіптен реті келсе асыра орындауға тырысуында еді. Бұл қасиет мәселенің екінші жағына, яғни творчестволық бастамаларға соққы болып тиюі мүмкін екендігін ол есепке ала бермейтін. Терең теориялық даярлықтың жоқтығы, өзінде де толық анық емес, бірақ сырттан қарағанда қайшылықсыз идеяларға соқыр сеніммен берілу және оларды қайда, қандай жағдайда болмасын жүзеге асыруға даярлық қайраткер ретінде Ф.И.Голощекиннің бойындағы негізгі қасиеттер осылар еді. Қазақстандағы қызметінде ол өзінің бұл қырын толық ашып көрсетіп берді. Бірер мысал келтірейік. Голощекин Қазақстанға қызметке келгеннен кейін көп ұзамай Бюро отырысында сол жылғы желтоқсанда өтпек V өлкелік партия конференциясының қарарының жобасы талқыланды. Пікір алысу барысында Өлкелік Комитетінің екінші хатшысы Ежов қарарға "V Бүкіл-қазақстандық партия конференциясы Өлкелік Комитетінің саяси бағытын қолдайды" деген қосымшаны ендіруді ұсынды. Голощекин осыған байланысты пікірін білдіріп: "Бұл ұсынысқа мен үзілді-кесілді қарсымын. Жалпы айтуға сөз таппағанда", "саяси бағыт дұрыс", "саяси бағыт қуатталсын" сияқты сөздер айтылады. Мен біздің саяси бағыт -партияның Орталық Комитетінің бағыты деп санаймын. Біздің басқа ешқандай да саяси бағытымыз жоқ..." - деген болатын. Өлкелік партия комитетінің жергілікті ерекшеліктерге негізделген өз саяси бағытының жоқтығы, оның салдары бүкілхалықтық апатқа ұрындыру әбден мүмкін екенін ол 1932 жылға дейін де, одан кейін де толық түсіне алмады. Ф.И.Голощекин сияқты тәжірибелі, айлалы және қатыгез саясаткердің Қазақстанға жіберілуінің тағы бір себебі бар еді. Ол қазақ ұлттық интеллигенциясына қатысты. Қазан революциясы қарсаңында да және одан кейінгі кезеңде де өзінің сан жағынан аздығына қарамастан қазақ интеллигенциясы белсенді саяси позициясымен ескі империя көлемінде көзге түсіп қалған еді. Антиимпериалистік, отаршылдыққа қарсы қуатты Алаш қозғалысының қалыптасуы, Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің пайда болуы ұлыдержавалық күштерге де, большевиктерге де ұнай қойған жоқ. Алашорда үкіметі жойылып, алаш қозғалысына қатынасқандарға кешірім жарияланғаннан кейін де партияда жоқ қазақ интеллигенциясы мен Кеңес билігі арасында көптеген түсініксіз жағдайлар орын алды. Әсіресе, Кеңес үкіметі партияда жоқ ұлттық интеллигенцияға сенімділік танытып, оны басқару ісіне, мемлекеттік, қоғамдық құрылысқа кеңірек тартуға бармады. Рас, алғашқы кезеңде, яғни 1921-1925 жылдары алаштық интеллигенцияға қатынастың біршама жұмсақтығын байқауға болады. Мәселен, 1921 жылы мамыр және маусым айларында болып өткен І Жалпықазақтық партия конференциясында обком басшыларының бірі Авдеев алаш қозғалысына ат салысқан қазақ интеллигенттерін қызметке тартуға қарсы болғандарға жауап беріп: "Қырғыз интеллигенциясының сегізінің жетісі алашордалықтар. Осыған орай обком алдында бұл интеллигенцияны ығыстырып тастап, іске қырғыз кедейлерін тарту мәселесі тұрды. Бір жағынан алашордалықтарға өткен жылы-ақ ресми кешірім жарияланған, екінші жағынан - Қырғызстанда сауатсыздық 97 пайызға, ал егер алашордалықтарды есептен шығарсақ, онда сауаттылардың үлесі 9 пайызға кеми түседі. Қажеттілікке байланысты, бұрынғы партиялығы мен белсенділігін есепке ала отырып, көптеген оқығандарды жұмысқа тартуға тура келді"21 - деп көрсеткен болатын. Жалпы бұл тарихи кезеңде алаш қозғалысына қатынасқан интеллигенцияның қоғамдық-саяси рөлін тура түсінген партия мүшелері аз болған жоқ. Солардың ортақ пікірін білдіре келіп Авдеев былай деген еді: "...Конференция артта қалған, мәдениетсіз ұлттың арасында жұмыс істеу ерекшелігіне назар аударуы керек. Олардың өміріне араласуға, немесе жақындасуға бағытталған кішкене ғана әрекетті қырғыздар бақылау ретінде қабылдап отыр; орыстарға сенімсіздік терең тамыр жайған және ол ұзаққа дейін жойылмайды. Сондықтан да жүрдім-бардым тұжырымдар жасап, бір жаққа бұра тарту дұрыс емес22. Алаштық интеллигенцияға қатынастың сапалы өзгеріске ұшырауы 1925 жылдан басталады. Осы жылы РКП(б) Орталық Комитеті екі мәрте арнайы қазақ баспасөзі туралы мәселе қарап, нақты шешімдер қабылдады. Сол екі талқылауда да Қазақстандағы қазақ баспасөзіне партияда жоқ интеллигенцияның ықпалы негізгі тақырыптардың бірі болды. Мәселен, 1925 жылы 2 наурызда РКП(б) Орталық Комитетінің Секретариаты "Қырғыз баспасөзінің жағдайы және оны жетілдіре түсу шаралары туралы" мәселе қарап, қарарында "а) Киробком және жергілікті партия ұйымдары тарапынан мерзімді баспасөзді басқару жеткіліксіз болып отыр; б) қайсыбір мерзімді басылымдардың ("Ақжол", "Сана", "Тілші") саяси бағытын анықтауда ұлтшыл партияда жоқ интеллигенцияның ықпалы бар", - деп көрсетілді23. Бұл нұсқау негізінен үш нәтижемен аяқталды: біріншіден, Ә.Бөкейхан бастаған бір топ алаштық интеллигенция осы жылы-ақ баспа орындарындағы қызметтерінен босатылды, екіншіден, сынға ұшыраған қазақ тілінде шығатын мерзімді басылымдардың біразы жабылды, үшіншіден, барлық дәрежедегі мерзімді басылым, кітап шығару ісі үстінен қуатты партиялық бақылау орнады, газет-жұрналдар алдымен партиялық позицияны білдіруге, жүргізуге тиісті болды. Дегенмен, Қазақ Өлкелік Комитеті мен алаш интеллигенциясы арасын шиеленістіріп жіберген Сталиннің 1925 жылы 29 мамырда БКП(б) Қазақ Өлкелік Комитеті бюро мүшелеріне "Ақжол" газетінің бағытына байланысты жолдаған хаты болды. Хат екі бөлімнен тұрды. Оның алғашқы жартысында "көсем" өзінің "Ақжол" материалдармен танысқандығын, олардың ақгвардияшылар басылымында жарық көрген М.Шоқайұлының еңбектерімен рухани сабақтастықта екендігін, "Ақжол" сыны жай сын емес, Кеңес шындығының Шоқайұлы сияқты оппоненттеріне көмектесетін зілі бар сын екендігін айтып, "мынадай сынға Советтер елінде орын болуға тиіс емес", - деп қорытады. Хаттың екінші бөлігінде Сталин партияда жоқ қазақ интеллигенттеріне партияның Қазақ Өлкелік Комитетінің қатынасы қандай болу керектігіне кеңірек тоқталды. Принциптік маңызы болғандықтан хаттың осы бөлігін толығырақ оқып көрейік: "Мен партияда жоқ интеллигенттерді кеңес жұмысына тартуды толық қолдаймын. Егіншілік халкомы, ХШК, кооперациясы және басқа шаруашылық орындары бұл адамдарды астыртын кеңестендіріп, мүмкіншілігінше кеңірек пайдалануы керек. Мен, сондай-ақ партияда жоқ интеллигенттерді қырғыз мәдениетін өркендету ісіне тарту жағындамын. Қырғыз тілінде оқулықтар даярлау - бұл адамдарды мәдениет саласында пайдаланудың негізгі жолы. Бірақ мен партияда жоқ интеллигенттердің саяси және идеологиялық тәрбиелеумен айналысуына қарсымын. Біз билікті жастармен саяси және идеологиялық жұмысты буржуазиялық партияда жоқ интеллигенттерге беріп қою үшін алғамыз жоқ. Бұл майдан бөліп-жарусыз түгелімен коммунистердің үлесіне берілуге тиіс. Ондай етпейінше Шоқаевтардың Қырғызстанда жеңуі ақиқатқа айналуы мүмкін. Ал бұл коммунизмнің Қырғызстандағы идеологиялық және саяси күйреуімен тең"24. Сталиннің жұмыс стилімен жақсы таныс адам хат авторының неге меңзеп отырғанын бірден аңғаратын еді. Қазақстан жағдайында бұл партияда жоқ интеллигенцияны, ең алдымен алаш қозғалысына қатыстыларын мүмкіндігінше шектеу, қоғамдық процестерге ықпалын болдырмау еді. Ф.И.Голощекин хаттың астарын өзінше түсінді. Соған сай партияда жоқ, анығырақ айтқанда "буржуазиялық ұлтшылдарды" оқшаулаудың өз жоспарын жасап, әдістерін анықтап, оны жүйелі түрде іске асыруға тырысты. Шынын айту керек, бұл әрекетте ол әміршіл-әкімшіл жүйенің қолдауына сүйене отырып, біраз "жетістіктерге" жетті де. Өз ретінде Сталин де Голощекиннің "буржуазиялық ұлтшыл" немесе "алашшыл" интеллигенциямен күресті сәтті жүргізе отырып, Қазақстанда жаңа қоғам құруға жол аша алатындығына сенді. Өйткені, бұл екеуі партиялық иерархияда бірі басшы, ал екіншісі оған бағынышты ғана емес, сонымен бірге олардың саяси мәселелерді түсіну және оларды іске асыру қимыл-әрекеттерінде, әдістерінде ұқсастықтар бар еді. Екеуі де күрделі экономикалық әдістер мен құралдарға сүйену емес, саяси, саяси күштеу жолдарына, саяси күрестің ең әділетсіз және дөрекі түрлеріне бейімділігімен көзге түсті.
* * * Ф.И.Голощекин Қазақ Өлкелік Комитетінің жауапты хатшысы болып тамыз айында бекітілгенімен, Қызылордаға қыркүйек айында келіп, сол айдың 13-інде өлкелік партия комитетінің бюросын өзі өткізді. Бұл Одақ көлеміндегідей Қазақстанда да Өлкелік Комитетінің бар билікті өз қолына шоғырландырған кезі болатын. Сондықтан Қазақстанда Голощекинді, әрине, бірінші басшы есебінде қабылдады. Сондай-ақ, оның бекітілуін саясаттан хабардар қауым біржақты, түсінушілікпен қабылдады деп айту қиын. Қазақстанда бұрын істемеген, республика өмірімен, жергілікті халықтың тарих, салт-дәстүрінен мүлдем хабарсыз адамның басшылыққа келуін ұлттық интеллигенцияның алдыңғы, белсенді тобы құптай қоймады. Өйткені ғасырлар бойы отарлық езгіде келе жатқан елдің революция жеңісінен кейін, бір жағынан, егеменді автономия жариялауы, ал екінші жағынан, оған бірінші басшы ретінде басқа ұлт өкілінің жіберілуі, ол басшының жергілікті халықтың ешқандай ықтиярынсыз орталықтан бекітілуі өзара үйлесе бермейтін ұғымдар еді. Соның нәтижесінде интеллигенция арасында, ең алдымен республикалық басшылықта жүргендерінің ортасында түрлі қарама-қарсы пікірлердің таралуы да негізсіз емес-тін. Бірақ Орталық Комитеттің шешіміне қарсы ашықтан-ашық наразылықтың, қандай да болмасын әрекеттердің бой көрсетпегені анық. Голощекин бейтаныс өлкеге, оның басшы қайраткерлеріне алғашқы кезеңде сезіктене қарады. Тіптен, көп ұзамай республикалық басшылық арасынан өзінің қарсыластарын анықтап та үлгерді. Олардың басшы тобына ол сол тұстағы ең белсенді және азаматтық позициясы бар партия және кеңес қайраткерлері С.Қожанұлы, С.Сәдуақасұлы және Ж.Мыңбайұлдарын жатқызып, оларды "августік блок" деп атады. Голощекиннің жорамалы бойынша бұл топтың артында алаштық, ұлтшыл интеллигенция тұрды. Сондықтан да қазақ халқын социализм жолына алып шығу әрекетін алдымен осы топты ығыстырудан бастау туралы тұжырым жасалынды. Ал іс жүзінде "блок" туралы сөз жауапты хатшының өзі таратқан лақап қана еді. Оны кейінірек аталған қайраткерлердің бәрі де дәлелдеп берді. Мәселен, С.Қожанұлы 1925 жылы ақпанда Өлкелік Комитетке жолдаған хатында мынадай деп көрсеткен болатын: "Голощекин таратқан "августік блок" туралы қауесетке байланысты мынаны мәлімдеймін: Сәдуақасұлы пен Мыңбаев және менің арамызда одақ емес келісім сөздер де болған емес. Сәдуақасұлы жолдаспен 1925 жылдың қарашасында суық ажырасқаннан бергі бір жыл ішінде кездескен жоқпын, ал Мыңбаевқа байланысты айтсам, қазақ шындығынан жақсы хабардар адам ретінде оған да, өзіме де залалын тигізер өсек сөздерге ерік бермеу үшін, сөйлесуден қаштым"25. Жауапты хатшы Қызылордаға келіп, жергілікті жағдаймен біршама танысқаннан кейін, сол қыркүйектің өзінде жедел түрде біраз мәселерді шешу үшін Мәскеуге аттанып кетеді. Орталық Комитет, Сталин алғашқы күннен-ақ Голощекинді қолдаусыз қалдырған емес. Сондықтан да ол барлық негізгі мәселелерді өзі ойлағандай бағытта және сол дәрежеде шешу үшін орталыққа сүйеніп отырды. Ал қазақ өлкелік партия ұйымының жауапты хатшысы ретінде ол алғашқы сапарында басшылық алдында алдымен бірнеше ұйымдық мәселелерді қойды. Олардың бірі және ең негізгісі кадр мәселесі еді. Бұрынғы үш жауапты хатшыдан тұратын секретариатта іс жүзінде екінші хатшы міндетін атқарған өзі жас, жігерлі және білімді қайраткер Сұлтанбек Қожанұлының рөлі мен беделі айтарлықтай жоғары болатын. Отыздан жаңа асқан (1894 жылы туған) Сұлтанбек Қожанұлының көзге түсіп, ауызға ілінуі Түркістанда 1921-1922 жылдары өткізілген жер реформасына байланысты болды. Бұл аса жауапты үлкен шараны іске асыруда белсенділік танытқан С.Қожанұлын орталық та танып үлгерген еді. Оның да өзіндік себептері бар. Орталық басшы ұйымдардың есебі бойынша Түркістандағы жер-су реформасы Ресей губернияларындағыдай ең алдымен таптық реңк алуға тиіс болды. Ал жергілікті кадрлардың басым бөлігі жер-су реформасын, сонымен бірге Түркістандағы революцияға дейінгі жер саясатындағы әділетсіздікті жою құралы деп түсінді. Басқаша айтқанда олар жер-су реформасына тек таптық қана емес, сонымен бірге ұлттық сипат та беру бағытын ұстанды. Реформаның сондай сипат алуы тиістігін кейінірек Голощекиннің өзі де мойындаған. Мәселен, ол Өлкелік VІ партия конференциясында жасаған баяндамасында: "...после Октябрьской революции надо было резко повернуть колесо обратно... нужно было отнимать привилегии у европейской части населения, которая владела огромными пространствами и негде было казахскому населению оседать и устраиваться. Этим оправдывается и земельная реформа в южном Казахстане"26 - деп көрсеткен еді. Міне, осы шараны іске асыру мақсатында Жетісуға комиссия басқарып барған С.Қожанұлы іске шұғыл және үлкен жігермен кірісіп кетеді. Бірақ С.Қожанұлы комиссиясының әрекеті ескі билік тұсында көптеген артықшылықтарды иемденіп, өздерін еркін сезінген переселендердің үлкен қарсылығына ұшырады. Жаңа үкіметтің де қолдауынан үміттенген олар Ташкентте және Мәскеудегі орталық әкімшілік орындарына жер-су реформасы, нәтижесімен келіспейтіндіктерін білдіріп жедел хат жолдады, өз шағымдарын қардай боратады. Өкінішке орай, орталық билік тек шағым айтушылардың ғана дәйектеріне сүйеніп, жергілікті халықтың мүддесіне қайшы келетін шешімдер де қабылдады. Мәселен, БОАК жер дауын шешуге Серафимов бастаған Ерекше комиссия құрып Түркістанға аттандырады. Бірақ, бұл комиссияның жұмысы нәтижесіз аяқталған еді. Өлкелік Комитеттің бюросында жасалған Серафимовтың есебін талқылау барысында екінші хатшы Қожанұлы Қазақстанда, өкінішке орай, "халықтың бір бөлігінің тым белсенді, ал екінші жағының тым енжар екендігін" айтып, комиссияның сол белсенді бөліктің тікелей талабы нәтижесінде құрылғандығын, сондықтан да оның жұмысының біржақты сипат алғандығын дәлелді көрсетіп, ешқандай да құйтырқыға салмастан комиссияны тарату мәселесін қояды. Баяндаманы талқылау барысында Н.Нұрмақов комиссия төрағасынан қайсыбір аудандардағы перселен шаруаларға винтовка берілуі себебін сұрады. Оған Серафимов мынадай жауап береді: "Мұнда Бүкілодақтық староста Калинин жолдастың қателігі болды. Қазақстан үстінен өткен оған қырғыздар малымызды тартып алды, ал біз орыстар қаруды өткізгенбіз деген шағым айтылды. Ол шағым жасаушыларға винтовка бергізген"27. Әрине, Қожанұлы комиссия тарапынан да асыра сілтеушіліктер жіберілгендігі мәлім. Мәселен, қайсыбір перселен селоларын бүтіндей көшіріп екіншісімен қосу, сондай-ақ көлемді жер иеліктері бар кулактарды ғана емес, кедей шаруаларды да жерінен айыру сияқты әрекеттер орын алды. Өз ретінде, жаңа билік жағдайында орынды қойылған әділетті талапқа бұрын түрлі артықшылықтарды иемденіп үйреніп қалған переселендер де көнгісі келмеді. Ол туралы 1925 жылы Жалпықазақстандық ІV комсомолдар конференциясында сөйлеген сөзінде Ф.Голощекин мынадай деп көрсетті: "...біз антұрған өткен дәуірдің сарқыншақтарынан арылғанымыз жоқ. Өздеріңізге мәлім, бұрын қазақтарда болған европалық, орыс тұрғындарына деген жеккөрушілік, сенбеушіліктің біразы әлі де бар; екінші жағынан, бұрын барлық артықшылықтарды иемденіп, қожалық жасап, зорлықтар істеген орыс шаруаларына енді бүгін, кеңес билігі жағдайында бұлардың бәрін де тыйып, айылыңды жый, кішкене жер мен қаржы бөл десе оны түсінгісі жоқ, бұрынғы артықшылықтарынан айырылғысы жоқ, тіптен жаулық көрсетіп отыр. Олардікі, әрине, тура емес. Мұның бәрі бізде бар, оған көз жұмуға болмайды. Осының бәрі шиеленіс тудырып отыр. Ал мұндай әрекетке жауап ретінде, жұмысымызда қиындықтар туғызатын қазақ ұлтшылдығы, қорғаныс ұлтшылдық күшеймей қоймайды"28. Міне, осындай күрделі жағдайда ескі тәртіптен қалған әділетсіздіктен өз елін тез арада құтқарып алуды көздеген ұлттық интеллигенция өкілдерінің "солшылдық" әрекетінің негізсіз еместігін ұмытпаған жөн. Жалпы осы тарихи кезеңде жас ұлттық интеллигенцияның алдынан шығып, жаңа қатынастарға негізделген қоғамды құруда күрделі дилеммаға айналған мәселе - ұлттық және таптық мүдделердің ара жігін ажыратып алу мәселесі болды. Бірақ, сол кездегі қоғамдық дамудың барысында бұл екі мүдденің алғашқысының үлес салмағы барған сайын азая түсті. Ал бұл жағдай кешегі отар халықтардың елжанды интеллигенциясына жеңіл тимеді. Өйткені, бұдан былай олардың ұлттық мүддені қорғауға бағытталған табиғи әрекеттері, "ұлтшылдық" есебінде бағалана бастады. С.Қожанұлы 1927 жылы Сталин мен Қазақ Өлкелік Комитетіне жолдаған хатында: "Қазақ қызметкерлерінің істеп жүрген ортасы мен жағдайы олардан типтік қатыгез отаршыл шенеунікті тәрбиелейді", - деп қазақ интеллигенциясының осы сезімін білдірген еді29. Т.Рысқұлұлы 1923 жылы ұлттық республикалар мен облыстардың басшы қызметкерлерінің ІV Кеңесінде сөйлеген сөзінде: "Шовинизм мен ұлтшылдыққа ауытқушылықты жай механикалык жолдармен жою керек. Алдымен олардың экономикалық және басқа себептерін жою керек. Әзірше Жетісу облысының қырғыз кедейлерінің жері болмайынша және олардың төбесінен әрқайсысының 125 десятинадан жері және 15 жалшысы бар орыс жұдырығы төніп тұрғанда, оған интернационализм деген өте жақсы нәрсе, Кеңес билігіне қосылу керек деп қанша айтсаңыз да бәрібір ол оны түсінбейді және Кеңес билігін сол жұдырықтың арасынан көретін болады, - деді ол. Осындай ортадан шыққан коммунист, әрине, әлгі жалшыларға жаны ашиды, ал бірақ ол бұл мәселе жөнінде айта бастаса болғаны ұлтшыл атанады"30. Коммунистік партияның ұлт саясатында кезең болған, яғни ұлттық мүддеден таптық мүдде біржола үстемдік алған осы кеңесте сөз алған шешендердің үлкен бөлігі жергілікті ерекшеліктерді ескере бермеушілік ұлт саясатында тоқыраушылыққа апармай қоймайтындығына жете назар аударды. Мәселен, Өзбекстан партия ұйымының басшысы А.Икрамов орталық билікті ұлттық республикалардағы мәселелерге араласуда өте абай болуға шақырып, сондай-ақ Сұлтанғалиев пен оның серіктеріне баға беруге байланысты "Олардың бәрін де контрреволюционерлер етіп жариялаумен әуестенуге болмайды. Мәселеге тереңірек қарау қажет. Мұндай құбылыстың тамыры жоқтай көрінуі ықтимал, ал бірақ ол қайдан күш алып отыр. Бәленің басы, менімше, сәтсіз жүргізіп отырған саясатымызда!.. Қателіктерді жіберіп отырған өзіміздің өкіметіміз, нақты айтсақ Орталық Комитет"31, - деп көрсетті. Осы кеңесте Қожанұлы да сөйледі. Ол Түркістанда басқару аппаратында отаршылдықтың әлі де өз позициясын бермей отырғандығын, мұнда партияның ұлт саясатын іске асыруда қол жеткен нәтижелердің мардымсыздығын баса көрсетті. Бірақ оның мәселені жан-жақты талдау мақсатында айтқан пікір, ұсыныстарын біржақты қабылдаушылар да болды. Мәселен, С.Орджоникидзе С.Қожанұлының солшылдығын сынап, оның Түркістанда жер реформасын жүргізу барысындағы рөлін көлденең тартып: "Осында сөз болған жер реформасын жүргізген Қожанов жолдастың өзі. Жүргізгенде өте тез жүргізді. Қаншалықты сәтті жүргізгендігі бұл басқа мәселе"32 - деген болатын. С.Қожанұлының бүкпесіз ашық айтқан пікірі, оның Орта Азия халықтары алдында тұрған ауыртпалықтарды шешудегі "шыдамсыздығы" Сталинге де аса ұнай қойған жоқ-тын. Ол Икрамов пен Қожанұлының Түркістанға өзгеріс жете қойған жоқ деген пікіріне үзілді-кесілді қарсы шығып: "Егер Түркістан патшалық кезіндегідей шынымен де отар болса, онда басмашылардың айтқаны дұрыс, онда Сұлтанғалиевті біз емес, Кеңес билігі жағдайында отарлық қатынастың болғандығына төзіп отырғанымыз үшін ол бізді соттауы керек. Ал осының бәрі шын болса, сіздер неге басмашыларға қосылып кетпегендеріңізге түсінбеймін?",33 - деген еді. Сталин бұл берілген сөзі арқылы орталыққа бағытталған сын пікірді қабылдай алмайтындығын ғана емес, сонымен бірге өзінің Түркістандық қайраткерлерге деген ызғарлы қатынасын да танытқан еді. С.Қожанұлының белсенділігі жергілікті саяси мәселелерді шешудегі батылдығы, саяси қайраткер ретіндегі жергілікті халық арасындағы беделі Голощекинге де ұнаған жоқ. Өйткені жауапты хатшы өмірге ең алдымен Сталиннің, орталықтың, сонан соң өзінің шешімдерін өткізуді бірінші кезекке қойды, ал жергілікті мамандардың пікірі, позициясы ол үшін негізгі жоспарды іске асырудағы көмекші құрал есебінде еді. Кадр мәселесінде Голощекин өзін ескі отарлаушы патшалық биліктің өкіліндей сезінуі, ал өзінің оппоненттеріне жасаған қатыгездігі жағынан патша жандармдарынан да асып түсіп жатты. Белгілі автор Г.Сафаровтың сөзімен айтқанда, оған өзімен тең дәрежеде сөйлесе алатын, "бұратана" халық арасынан шыққан нағыз қайраткерлер емес, тек бас шұлғып, екі айтқызбайтын полицейлік орындаушылар мен аудармашылар ғана керек еді"34. Голощекиннің жаңа қалыптасып келе жатқан жергілікті кадрларға жасаған қамқорлығы Қожанұлына қатынасынан анық аңғарылады. Жоғарыда айтылған сапарында ол Орталық Комитеттің алдына Қазақ Өлкелік Комитеті хатшылары құрамын өзгертуді және Қожанұлын хатшылықтан босатуды өтінді. Орталық Комитет жауапты хатшының талабын орындай отырып, тиісті шешім қабылдады. Ол шешім бойынша Ежов жауапты хатшының бірінші орынбасары және ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, ал Жандосов болса екінші орынбасар және үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып бекітілді. Сөйтіп, Қазақ өлкелік комитеті хатшыларының құрамын Орталық Комитет өзі анықтады. Әрине, бұл арада Ежовтың екінші хатшы болып тағайындалуы да кездейсоқ емес-ті. Бұдан былайғы кезеңде Ежов (Мәскеуге ауысқанға дейін) жауапты хатшының ең сенімді тірегіне айналды. Қазақстан өміріне қатысы бар маңызды мәселелерді осы екеуі шешіп отырды. Голощекин осы сапарында Қазақстанға көмекке біраз қызметкелер жіберуге Орталық Комитеттің келісімін алды. Арнайы қабылданған шешімде: "Орграсперду ЦК выделить и командировать в Казкрайком несколько ответственных работников по партийной, административной и хозяйственной линии. Количество установить Орграспреду ЦК совместно с Казкрайкомом" - деп көрсетілген болатын. Голощекин Өлкелік Комитеттің бюросында жасаған есебінде орталықтан келетін "десанттың" алғашқы тобының құрамын да атаған. Олардың ішінде Вахламов, Лурье, Пяткин, Смирнов сияқты адамдар бар еді. Ол "мен тағы біреулерді сұрап едім, бірақ олардың мәселесі әлі шешіле қойған жоқ" - деп көрсетті. Бұл арада Қазақстанға біраз жауапты қызметкерлер сұраған Голощекиннің өзіне орталық жүктеген міндеттерді тезірек орындауға ұмтылысы мен жаңа, бейтаныс ортада өзін тым қораш сезінуден қорқуы арасындағы жікті ажыратудың оңайға соқпайтындығы түсінікті. Осы арада жауап беруге жеңіл түспейтін тағы да бір мәселе бар. Ол Мәскеуден Қазақстанға көмекке кадр сұрай отырып, жергілікті жағдайды жақсы білетін, оның үстіне саяси қызметте мол тәжірибе жинап, ысылған С.Қожанұлы сияқты қайраткерді орталыққа қызметке жіберілуі туралы. Бұл шешімнің астарында, біздің пікірімізше, Голощекиннің жеке мүддесімен Орталық Комитеттің Қазақстандағы ұлт саясатына байланысты ұстанған бағытының тоғысуы жатыр. Егер Голощекиннің өз мүддесіне келсек, ол Қожанұлы сияқты білікті және белсенді қайраткер тұрғанда өз шешімдерінің іске аспай қалуынан қауіптенді. Тіптен ол Қожанұлы сол жылдың соңына қарай өтуге тиіс V өлкелік партия конференциясында өзіне қарсы ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп қояды деп те секемденді. Ал орталық болса Қожанұлын Мәскеуге қызметке алдыра отырып, қазақ қайраткерлері мен интеллигенциясы арасындағы "ұлтшылдық" тенденцияны "бәсеңдетуді", сол арқылы негізгі назарды таптық мәселелерді шешуге бұруды көздеді. С.Қожанұлы Орталықтың ұлт мәселесінде "солшылдыққа" ыңғай танытқан кейбір қайраткерлерді тәрбиелеу мақсатында Москваға қызметке алу институтынан, әрине, хабардар болатын. Оған дейін бұл жолдан Т.Рысқұлұлы, С.Меңдешев, С.Асфендияров және басқа қазақстандықтар өткен. Бірақ Қожанұлы өзіне тән қайсарлығымен Өлкелік Комитет бюросы алдына дәлелді өтініштерін көлденең тартты. Біріншіден, ол "Москва мені, әрине, жұмыс бітіру үшін емес, жұмыссыздық үшін шақырып отыр, таяуда өтпек Өлкелік партия конференциясына байланысты біреулер ойлағандай менің ешқандай да теріс пиғылым жоқ, сондықтан да Қызылордада кідіре тұруға және сол уақыт ішінде Бюро жұмысына қатынасуға мұрсат беріңіздер", - деді. Екіншіден, ол өзінің Қазақстанға көбірек керектігін білдіріп, Өлкелік Комитеттен Орталыққа Қожанұлын тезірек кейін қайтаруын сұрап қатынас жіберуін өтінді. С.Қожанұлының бұл айтқандары Голощекинге ұнамады. Ол Қожанұлын "Өлкелік Комитетті Орталыққа қарсы қойып отырсыз" деп айыптады. Соған дейінгі еңбегінің елеусіз қалып, тағдырының күтпеген жерден күрт өзгере бастағанына күйінген Қожанұлының Бюродан өз қызметіне ресми баға беруді сұраудан басқа шарасы қалмады. Бір қызығы сол, Голощекин тіптен Қожанұлының саяси қызметіне баға беруге де қарсылық көрсетіп бақты. Ол "Орталық Комитет Қожанов жолдасты осында отырған бәрімізден де жақсы біледі", демек, оған мінездеме беру мүлдем қажет емес деді. Оған Қожанұлы "Мен әр уақытта өз елімнің ортасында болып, оған қызмет еттім", ал оны ешкім жоққа шығара алмас деген ойын білдіріп, артынша ж.Голощекин "Сіз Орталық Комитет үшін жауап бермеңіз"35, - деп бетін қайтарып тастады. Қанша бұлталаққа салғанымен жауапты хатшы Қожанұлының Қазақстандағы қызметіне төмендегідей баға беруге мәжбүр болып еді: "Қожанов жолдас Орта Азия мен Қазақстандағы ұлттық қызметкерлердің арасынан шыққан ірі қайраткерлердің бірі. Барлық уақытта да партия-кеңес орындарында жауапты қызметтер атқарды және соңғы уақытта РКП(б)-ның Қазақ Өлкелік Комитетінің хатшысы болды. Партия органдары қабылдаған шешімдерді іске асыруда жігерлі де табанды"36. Голощекин мен Қожанұлы позицияларының қарама-қайшылығы бюроның осы отырысында қаралған басқа мәселеде тағы да анық, ашық байқалды. Сол жылы Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінде Ақтөбе губерниясының Илек ауданын Орынбор губерниясына беру туралы шешім қабылдаған. Осы шешімді Бюрода талқылау барысында Нұрмақов, Мыңбаев, Меңдешев сияқты қайраткерлер Орталықтың Илек ауданын, тұрғындарының басым бөлігі орыстар, сондықтан да оны Орынбор губерниясына беру керек дейтін сыңаржақ шешіміне үзілді-кесілді қарсы тұрды. Қазақ халкомы Кеңесінің төрағасы Н.Нұрмақов егер Орталық жеке аудандардың тағдырын оның ұлттық құрамына қарай өз еркінше шеше беретін болса, онда болашақта Қазақстан Республикасының сақталып қалуы мүмкін емес деп ашық айтты. Ал ҚазОАК-нің төрағасы Ж.Мыңбаев: "Сөз біз әзірге толық ұғына қоймаған, бірақ болашақта алдымыздан шығатын мәселе жөнінде болып отыр... Мен өзім орталық мекемелердің орыс шаруаларының мүддесіне қамқорлығын әлденеше рет байқадым... Неге сіздер қазақ шаруалары Қазақстан үкіметіне талаптар қоя алмайды деп ойлайсыздар? Егер білгілеріңіз келсе қазақтардың жағдайы нашарлай түсуде. Олар "біздің жерімізді неге алып жатыр?" деп сұрайды. Біз болсақ ол жердің тұрғындарының басым бөлігі орыстар дейміз. Оған олар: "патшалық Ресейден біздің жерімізді тартып алып өз отаршылдарын қоныстандыруды кім сұрапты?", - дейді. ... Ал қазір егер кім Қазақстан еңбекшілері жағдайын жөндеуге көп күш салса, ол өкімет басында көп тұра алмайды деген лақап тарауда. Бұл қазақ қызметкерлері жөнінде. Мейлі солай-ақ болсын, бірақ қазақ еңбекшілері алдында масқара болар жайымыз жоқ. Осында Боярский жолдас менен сіздің басыңыз ауырды ма деп сұрайды. Мен жоқ, басым емес жаным ауырады деймін. Шынымен де ауыратындай себеп жеткілікті"37, - деген болатын. С.Қожанұлының да сөзі осы бағытта шықты. Ол Голощекиннің мәселенің ұлттық жағы соншалықты маңызды емес деген пікіріне қарсы келіп мынадай деді: "Біз мәселенің ұлттық жағы соншалықты мәнді емес деп айта алмаймыз, өйткені біздің республикамыздың тұнған бойы ұлттық мәселе... Мәселенің ұлттық қырынан қаймығып ең шұрайлы, экономикалық аудандардан айырылып отыра бергіміз келмейді. Қазіргі кезеңде қоныстанушылықты күшейту бағыты байқалды. Сібірде ресми түрде қоныстанушылық басталды. Сібір қоныстанушылары бір шеңбер жасап бізден шығады. 12 000 подвод тіркеліп те үлгірді. Менің пікірімше, бұл мәселеге Қазақ республикасын бір өлке немесе Ресейдің бір ауданы есебінде емес, өзінше мемлекет ретінде сақтау және одан ары нығайту тұрғысынан келу қажет... Ал қайсыбір жолдастарға салсақ, бұл республиканы тіптен таратып жіберуге де құлықтылық танытқандай...". Бұл С.Қожанұлының Қазақ Өлкелік Комитеті бюросында сөйлеген соңғы сөздерінің бірі болатын. Пікіралысты қорыта сөйлеген Голощекин өзіне тән демагогтық әдіске көшіп, шешендерден партияның саясатына шабуыл жасауды тоқтатуды талап етіп, сөзін былайша аяқтады: "Мен, Қырғыз республикасы иемденетін автономия біздің партия тарапынан бұзылған жоқ деп ойлаймын. Егер, қайсыбір мәселелер бойынша шешімдер, мәселен Орынбор губерниясы құрамына жер бөлу және басқа жайлар сіздерді қанағаттандырмаса, онда олар Қазақстан пайдасы тұрғысынан ғана емес, ССР Одағы партиясы тұрғысынан да шешілуі мүмкін ғой38..." Орталық берген егеменділік мазмұнын жауапты хатшы осылайша түсіндірген еді. Голощекин басшылықта отырған тәуелсіз пікірдегі қазақ қайраткерлерінен бірден құтыла алмасын, әрине, білді. Сондықтан да, алдымен орталықтың қолдауына сүйеніп, бюро құрамындағы азулы оппоненті - С.Қожанұлын Қызылордадан алысырақ жіберуді көздеді. Ал Қожанұлын Мәскеуге шығарып салған соң, жауапты хатшы енді оның өзінің де, саяси үлгісінің де Қазақстанға қайтып оралмасына көп күш жұмсады. Оның өзімен тікелей қызметтес емес, тыста жүрген қарсыластарына да қарап топырақ шашатын әдеті бар еді. Осы салтына басып, ол Қызылордадан кетіп, Мәскеуде Коммунистік Академия жанындағы марксизм курсында тыңдаушы болып жүрген С.Қожанұлын тыныш қоймады. Ол ұстанған бағытты зиянкесті, ұлттық ауытқушылық ретінде көрсетіп, оған "қожановшылдық" деген ат беріп, партиялық мінбелерден жиі-жиі айтып, қоғамдық теріс пікірді тудыруға тырысты. Голощекиннің сорына Қазақстанда Қожанұлы жалғыз емес-тін. Тіптен, басқаларын атамағанда, Өлкелік Комитет бюросы құрамындағы С.Сәдуақасұлы пен Ж.Мыңбаевтардың өзі де оның Орталықтан, көп жағдайда жан-жақты негізделмеген, бірақ директива түрінде келіп түскен, немесе өзінің жергілікті жағдайда байыпты қарамастан жасаған авантюристік тұжырымдарын іске асыруға қарсы үлкен кедергіге айналған. Бұлармен біржола есеп айырыспай, өз дегеніне жетіп отыру жеңілге түспейтінін түсінген ол 1926 жылы қарашада өткен ВКП(б) Қазақ Өлкелік Комитеті мен Өлкелік Бақылау комиссиясының біріккен пленумында "БКП(б) Өлкелік Комитеттің бюросындағы жағдай туралы" деген мәселе қойып, жоғарыда аталған үш қайраткердің әрекетіне саяси баға беруді талап еткен. Пленумның бұл мәселеге байланысты қарарынан мынадай жолдарды оқимыз: "Біріккен пленум былай деп есептейді: Қожанов, Сәдуақасов және Мыңбаев бастаған топ өзінің мәні мен күрес әдістері жөнінде Қазақстанға тән болған ескі жікшілдіктің қалдықтарын (принципсіздік және жеке бастың бақастығы) сақтай отырып, сонымен бірге ауылдағы дәулетті топтардың партия мен Кеңес үкіметіне жасамақ ықпалын білдіретін идеялық ауытқушылықты көрсетеді"39. Бұл берілген бағада негізсіз екі тұжырым бар. Біріншіден, аталған қайраткерлерді жікшілдік үшін айыптау. Екіншіден, олардың ұстанған саяси бағытын "ауылдағы дәулетті топтардың партия мен Кеңес өкіметіне" қарсы әрекеттерінің көрінісі ретінде бағалануы. Егер мәселені нақты қарар болсақ онда Голощекиннің сансыз көп баяндамаларынан, тарихи құжаттардан Қожанұлын топшылдыққа, жікшілдікке кінәлі ретінде айыптауға негіз боларлық дәлелдеме, деректерді кездестіру қиын. Ондайлардың өмірде болмағандығын Қожанұлының кезінде Орталық Комитетке, Қазақ Өлкелік Комитетіне жолдаған хаттарымен танысу арқылы да көз жеткізуге болады. Сұлтанбек Қожанұлы партияның Қазақ Өлкелік Комитетіне 1927 жылы 12 ақпанда және 10 тамызда хаттар жолдаған. Бұл екі хатта Қазақ Өлкелік партия Комитеті мен Өлкелік Бақылау Комиссиясының 1926 жылы қарашада болып өткен біріккен пленумының С.Сәдуақасұлы, Ж.Мыңбайұлы және С.Қожанұлының "тапшылдық" қызметіне байланысты қабылдаған қарарына жауап есебінде жазылған. Қожанұлы хаттарының 20-жылдардағы топшылдық күрес туралы шындық пен жаланың ара-жігін ашып алудағы маңызы үлкен. Мәселен, оның 1927 жылы тамызда жолдаған хатынан үзінді оқып көрелік:
БКП(б) Қазақ Өлкелік Комитетіне
Көшірмесі: СТАЛИН жолдасқа Өлкелік Комитеттің 1927 жылы 20 наурызда Сталин ж. атына жолдаған хатындағы талаптарды орындау және сол хатта қозғалған мәселелерге өз тарапымнан түсінікті беру мақсатында төменде айтылғандарды мәлімдеймін:
1. Оппозиция құрамында болды деген айыптауға байланысты
Өлкелік Комитет маған оппозиция құрамында болды деген айып тақпай отыр. Оны мен қанағаттанушылықпен қабыл алдым. "Қожанов оппозицияда ойнағысы келді, оның ізбасары Тоқтыбаев солай етті. Оппозиция жағында Бөкейханов та болды", - деген мәлімдемесін Голощекин ж. "кейбір қазақ қызметкерлерінің арызы негізінде" жасаған екен. Мен бұл істің тексерілуін, сөйтіп ондай айыптауға негіз боларлық жайларды анықтауды немесе әлгі "қазақ қызметкерлерінің" жала жапқаны үшін жауапқа тартылуын талап етемін.
2. 1926 ж. "Қожанов "сәдуақасовшылдар тобына" белсене қатысты деген айыптуға байланысты
Мен бұл іске байланысты өзімді кінәлі санамаймын. Мұндай топқа қатысқаным жоқ және қатысуым да мүмкін емес. Сәдуақасов ж. 1925 жылы менің ең ымыраға келмес қарсыласым болды. Жалғыз сол ғана менің қызметтен босатылуымды ашық талап етті. Оның негізінде жеке бас бақастығы емес, саяси себептер жатты. Қазақстаннан шақырылып алғаннан бері Сәдуақасов ж. маған деген қатынасы өзгеріске ұшырарлықтай мен еш нәрсе де істегенім жоқ. Сөзбен не іспен, хат арқылы немесе ауызекі, ешқайда және ешқашан да аталған топшылдықта айыптауға негіз берген емеспін.
3. Менің бұрынғы ұлттық ауытқушылық қателіктерім және Қазақстандағы қазіргі осындай көріністерге қатысым туралы
Менде ұлтшылдық дүниетанымның сарқыншақтары болды. Менің қызметімде кезінде ұлттық ауытқушылық орын алды. Мұны мен бұрын да жасырған емеспін, сондай-ақ бұдан бұрынғы 1927 ж. 12.11. жолдаған хатымда да айттым. Ия, мен 1927 ж. 12.11. хатымда және Сталин алдында мәлімдегенімдей, өзімнің қателіктерімнен бас тартуға әзірмін. Отаршылдықтың қалдықтарын жою, жер реформасы, ұлттық межелеу, ҚССР орталығын көшіру, т.с.с. науқандардың бәрі де ВКП(б) Орталық Комитетінің шешіміне сәйкес жүргізілді. Бірақ оларды тікелей іске асырушы көптеген қызметкерлерде субъективтілікке бой алдыру, бір жаққа немесе екінші жаққа бұра тартумен әуестенушілік болды. Мұндай кемшіліктерден мен де ада болғаным жоқ. Мен де бір жақты әуестендім, қателіктер жібердім. Мінезіме сай менің әуестенушілігім мен қателіктерім де әр уақытта белсенді түрде көрінді. Көптеген европалық жолдастарда бұл субъективті ауытқушылық міндетті түрде жергілікті халықтың ерекшеліктері мен өзіндік мүдделерін елемеушілік түрінде көрінсе, менің ауытқушылығым, әрине, міндетті түрде жергілікті ұлтшылдық түрінде көрінді. Мұндай субъективті көңіл-күйлердің қақтығысуы қайсыбіреулердің еркімен жеке "саяси платформалар" есебінде бағаланып жатты, қазір де солай болуы ықтимал. Ал шын мәнінде, ерекше дабыл қағарлықтай ештеңе жоқ. Тек олардың шығар көзін тура түсініп, өмірдегі көрінісін тура басшылықпен реттеп отырса болғаны. Қазақстандағы ала-құла әр түрлі ұлт шаруалары қауымының тоғысуы жағдайында саяси белсенділіктің артуы осындай жағымсыз көріністерсіз жүруі мүмкін емес. Белсенді түрде көрінген осындай ауытқушылықтармен БКП(б) басшылығының пәрменді күресі партия мен Қазақстан қоғамдық өмірінің үдемелі дамуының алғы шарты болып табылады. Осы сипаттағы кемшіліктерден Қазақстан жағдайында бірде-бір партия мүшесі ада емес және алдағы уақытта да оған ешкім кепілдік бере алмайды. Осындай субъективті әуестенушілік, субъективті ұлтшылдық сипаттағы қателіктер менде ұлтаралық қатынас және жер мәселесінде болды, соған байланысты көптеген практикалық істерім де көрініс тапты. Менің бұл қателіктерім ұлттық мүддені бәрінен де жоғары қойып жүргізген кейбір әрекеттерімнен, менің жұмыс істеу әдістерімнен, партияның басқа да шешімдерінен тек ұлт мәселесі жөніндегі шешімдерін жоғары қойып, Орталық Комитеттің директиваларын біржақты жүзеге асыруға ұмтылушылықтан көрінді. Сол кездері әлі де жете ұғына қоймаған осы сипаттағы қате бағытымды табанды түрде жүргізе отырып, бірақ мен еш уақытта партиялық этикадан шыққан емеспін және әрқашан да партиялық басшылыққа бағындым. Мен өз пікіріңді ашық айту және оны белсенді түрде қорғай алуды өз сеніміңді партиялық сыннан өткізудің бірден-бір дұрыс жолы, сонымен бірге өз ауытқушылығыңды тезірек түсініп, жоюдың құралы санағанмын, қазір де солай санаймын. Мені жұмыстан алғанда Қазақ өлкелік комитетінің 1925 жылы қазанда берген оң мінездемесі жоғарыда айтылған пікірге дәлел бола алады.
...6. "Келешекте партиялық қызметте осы әдістерден бас тарту
1927 ж. 12.11. Қазақ Өлкелік Комитетіне жазған хатымда: "Мен әрқашан да топшылдықты айыптадым, қазір де айыптаймын және Қазақ Өлкелік Комитетінің топшылдық туралы шешіміне толық қосыламын", - деп жаздым. Сонда тағы да: "Менің саяси қызметімде партия көрсеткен барлық қателіктер мен ауытқушылықтарды жөндейтіндігім туралы ашық және шын жүректен уәде беремін"40, -делінген. Егер Өлкелік Комитет менің мәлімдемелерім мен уәделерімді қабылдай алса, онда бұдан бұрынғы және осы хатта айтқан сөздерім жеткілікті деп санаймын. Мен Қазақстаннан Қазақ Өлкелік Комитетінің жаман емес пікірімен кеттім. Мені топшылдық пен ұлтшылдықта айыптау мен кеткен соң сырттай, 13 айдан кейін жүзеге асырылды. Менің түсінік беруге де, ақталуға да мүмкіншілігім болған жоқ. Осымен екінші рет маған қандай кінә тағуға болатындығын және өзім де нені жоққа шығармайтындығымды айтып түсіндіруге тырысып отырмын. Сондықтан да ең соңында осы берген түсінігімді есепке алып, жоғарыда айтылған келеңсіздіктердің бәрінің де доғарылуын өтінемін.
БКП(б) мүшесі
С.Қожанұлы /қолы/
10 тамыз, 1927 ж. Москва қаласы"
С.Қожанұлы сол тұстағы Қазақстанның күрделі саяси өміріндегі қым-қиғаш ағымдардан хабардар ететін бұл хатында Голощекиннің "теориялық" баяндамаларында айтылғанындай партияның платформасынан бөлек өзінің айрықша платформасы болмағандығына баса назар аударды. Олай болса, Голощекин мен оның серіктері "топшылдық" туралы қауесетті жасанды түрде не үшін қоздырды? Бұл сауалға жауапты Т.Рысқұлұлының 1933 жылы желтоқсанда Қазақстанда "рысқұловшылдыққа" қарсы "күрестің" тағы да өріс алуына байланысты Қазақ Өлкелік Комитетінің бірінші хатшысы Л.Мирзоянға жолдаған наразылық хатынан табамыз:
Жариялауға жатпайды.
БКП(б) Қазақ Өлкелік Комитеті - Мирзоян жолдасқа
БКП(б) Қазақ Өлкелік Комитеті мәдениет және насихат бөлімі атынан жарияланған "ҚАССР ХІІІ жылдығына байланысты баяндамашылар үшін тезистердің" (Каз. правда, осы жылғы 3/Х./16-пунктінде: "жат идеологияға тән қожановшылдықты, сәдуақасовшылдықты, рысқұловшылдықты, меңдешевшілдікті партия ұйымы кейін ысырып тастады", - делінген. Өлкелік Комитеттің мәдениет және насихат бөлімінің мені осындай жолмен қаралауына үзілді-кесілді қарсылығымды білдіремін. Тезистердің аталған пунктінде ұлыорыстық шовинизммен және жергілікті ұлтшылдықпен күрес туралы жетерліктей айтылған. Сонымен бірге баяғыда-ақ күні өткен "шылдықтарды "("щины ") тағы да тізіп көрсетудің қажеті бар ма еді? (олардың саны жоғарыда аталғаннан әлдеқайда көп). Мұндай "шылдықтардың" соңы баяғыда-ақ өз орнын тапты, ал "көсемдері" қателіктерін мойындады, олар қазір тағы да сол қателіктерін қайталайды деп ойламаймын (оған негіз де жоқ). Мысалы, бұрынғы "меңдешевшілдер" қазір Қазақстанда басшылық орындарда отыр, Меңдешев жолдастың өзі партия бағытынан ауытқымайтын сияқты. Менің ойымша, мұндай "шылдықтарды" қайталаудың мәні мынада: Қазақ Өлкелік Комитетінің мәдениет және насихат бөлімінде отырған біреулер бұдан былай да, естен кетпес "голощекиндік әдіспен" қаруланып, яғни әлгі "шылдықтармен" қорқытып, кез келген өзара сынды қыспаққа алып, сол арқылы партия ұйымының назарын соңғы жылдары Қазақстандағы социалистік құрылыс мүдделеріне ұшан теңіз зиян келтірген қателіктердің түп тамырын ашудан басқа жаққа аударуды көздейтін сияқты. Тезис авторлары мұны қалады ма жоқ па оны білмеймін, бірақ объективті тұрғыдан солай болып шығады. Мен бұл арада барлық "шылдықтарды" ақтап алайын деп отырғаным жоқ. "Рысқұловшылдық " 1920-22 жылдары бұрынғы Түркістанда орын алды және ол топ өзінің тамырын сол кездегі негізгі тұрғындар өзбектердің арасына жайды. Бұл топ идеологиясының мәні ұлттық факторларды асыра бағалап, интернационалдық таптық мүдделерге жете көңіл аудармау болды, топ қызметіндегі жарамсыз жақтар да осыған байланысты еді. 1922 жылдың соңында бұл топ тарап кетті. Мен өзім сол уақытта Москвада қызметте жүріп (ұлт істері бойынша халық комиссариатында - Наркомнац) өз қателіктерімді түсіндім. Аталған топ пайда болған кезде Түркістанда ұлттық ауытқушылық тудырмай қоймайтын жағдайдың бар екендігін (ол кез Октябрь ықпалымен жергілікті халықтардың еңбекші бұқарасы патшалықтың отарлық билігін жоюды көздеген ұлттық революциядан, енді ғана ішкі тапаралық күреске бет бұрған) және өткендегі жіберген қателіктерімді мойындағанымды ескере отырып, Орталық Комитет мені 1923 жылы Түркістанға Түрк республикасы ХКК-нің төрағасы етіп жіберді. Партияның ХІІ съезінде БКП(б) ОК мүшелігіне кандидат болып сайландым. Егер мен өзімнің бұрынғы қателіктерім мен топтық жұмысымды жалғастыра бергенімде ОК мені мұндай орындарға бекітпес еді. Кейінгі жылдары Коминтернде, 1925 жылы Қазақстанда қысқа мезгіл істеген жылдарымда және РСФСР ХКК төрағасының орынбасары қызметінде де (7-жыл істеп жүрмін) мен партия мен ОК бағытына беріктігімді дәлелдедім. Қазақ ұйымдарының қазір мені қаралауына қандай негіз бар? Егер қандай да бір дәлелі болса, онда мейлі мұны істегісі келетіндер ОК-ке мен туралы мәселе қойсын, ал бірақ сол ОК еркімен РСФСР ХКК төрағасы орынбасары қызметіндегі адамды ешқандай да негізсіз беделін түсіріп, қаралау дұрыс емес. Осы арада маған кезінде сені Голощекин жолдас та қаралады ғой деуі мүмкін. Менің Голощекинмен жол қатынасымның өз ерекшеліктері болды. Мен оның қызметін сынға алғанымда (мысалы, астананы Алматыға көшіру турасында айтыста ОК менің ұсынысым өткенде, байлардың малын конфискелеу кезінде жіберілген кейбір кемшіліктерді сынау, т.с.с.) ол жауап ретінде "рысқұловшылдықты" шығарды, ал арамызда бейбіт қатынас орнай салысымен ол "рысқұловшылдықты" есіне де алмайтын. Ал шын мәнінде "рысқұловшылдықты" қаралайтындай ешқандай да негіз жоқ. Өйткені мен Қазақстанда өте аз істедім. Жоғарыда айтқандай, менің ауытқушылық жіберген кездердегі жұмысым Ташкентте, негізінен өзбектер арасында өтті. Ал 1925 ж. Қызылордада аз уақыт Қазақ Өлкелік Комитеті баспасөз бөлімінің меңгерушісі және "Еңбекші қазақтың" жауапты редакторы қызметінде жүргенімде мен керісінше жергілікті ұлтшылдық пен алашорда идеологиясымен күресті күшейттім. Сондықтан да, Қазақ Өлкелік Комитетінен және Қазақ партия ұйымының жаңа басшысы ретінде Сізден Мирзоян мені осындай негізсіз қаралауға жол бермеулеріңізді өтінемін. Бұл хатты Қазақ Өлкелік Комитетіне Сіздің мені сынау туралы директива да бермегеніңізді білгендіктен жазып отырмын (өйткені сізге Қазақстанда кең өріс ала бастаған қызметіңізге тілектес адамдармен қарым-қатынасыңызды бұзуға ешқандай да қажеттілік жоқ қой). Егер де партия тарихын жазу арнасында сол кездегі топтардың қызметіне баға берілер болса, оған мен қарсы емеспін, ол туралы өзім де жаза аламын. Бірақ бүгінгі, күнделікті жұмыс жағдайында баяғыда болған "шылдықтарды "бір жерге үйіп-төгіп қойыртпақ жасау қисынсыз.
Т. Рысқұлов.
Москва, Кремль.
желтоқсан, 1923 жыл"
Хаттардың мазмұнына кең түсінік беру біздің міндетімізге жатпайды. Дегенмен бұдан біраз уақыт бұрын жазылған хаттарды түсінуді жеңілдету мақсатында оқырманның есіне мынадай жайларды сала кетуді орынды санаймыз. Бұл хаттарға байланысты мынадай жағдайларды ескерген жөн: біріншіден, бұл құжаттар жаңа ғана қалыптасып келе жатқан тоталитарлық жүйе жағдайында жазылған. Сондықтан да олардың авторлары хаттарда көтерілген мәселелерге байланысты өз пікірлерін ашық әрі аяғына дейін айтты деп тұжырымдау қиын. Соған қарамастан бұл құжаттардан "топшылдықты" айыптаудың кімдерге, не үшін қажет болғандығын аңғаруға болады. Бұл ретте Т.Рысқұлұлының Голощекинге түрлі "щиналар" төңірегіндегі дақпырт тарату өзі Қазақстанда басшылықта жүрген жылдары жіберілген ірі қателіктерді сынаушылармен күрес әдісі есебінде керек болды деуі - аса маңызды пікір. Екіншіден, екі құжатта да ортақ келесі нәрсе хат иелерінің ұлттық мүддені таптық мүддеден жоғары қою бағытын кезінде өздері жіберген қателік, ауытқушылық есебінде мойындауы. Ал осы "ауытқушылық" болды ма, болса қандай дәрежеде көрінді, сондай-ақ оның объективті негіздері бар ма еді? Осы сияқты жеңіл-желпі емес мәселелерге де жауап іздеу үшін бұл фактілердің орны ерекше болмақ. Ең соңында айтарымыз, СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының Комиссиясы 1990 жылы мамырда "Ұлттық-ауытқушылық" туралы мәселені арнайы қарап Т.Рысқұлұлы, С.Қожанұлы және басқа көптеген партия және кеңес қайраткерлеріне идеялық "ауытқушылық" пен "ұлтшылдық" айыбының негізсіз таңылғандығы туралы ресми құжат қабылдады41. "Қожановшылдық" байлар идеологиясының кеңестік аппаратқа ықпалының көрінісі болды деген тұжырым да ешқандай сын көтермейтін, бұқара халықтың таптық сезімін қоздырып, сол арқылы көзі ашық, Голощекиндік аппараттың қандай апатқа апара жатқанын дер кезінде танып білген қайраткерлерге халықты қарсы қою пиғылынан туған, стратегиялық мақсаты бар тұжырым еді. Бұл тұжырым сонымен бірге сол тарихи кезеңде Орталықтағы Сталин мен оның серіктеріне, Қазақстандағы Голощекин мен оның тарих алдындағы қылмыскер тобына Рысқұлұлы, Сәдуақасұлы, Қожанұлы, Мыңбаев, Нұрмақов сияқты қайраткерлердің ел үшін жанпида қызметіне мүлдем басқа реңк беріп, сол арқылы олардың әлеуметтік, ұлттық саясатта, жалпы қоғамдық өмірде тоталитарлық жүйе орнатуға қарсы күресін тұншықтыруға пайдаланылды, ол тактикалық міндет атқаруға тиіс болды. Осы уақытқа дейін ғылыми еңбектерде С.Қожанұлы, Т.Рысқұлұлы сияқты қайраткерлердің кезінде, "ұлттық факторларды асыра бағалап, интернационалдық таптық мүдделерге жете көңіл" аудармадық немесе "менің бұл қателіктерім ұлттық мүддені бәрінен де жоғары" қоюдан байқалды деген сөздерінің негізінде оларцың өз қателіктерін мойындағандығы туралы тұжырым жасалынды. Бірақ олардың бұл "мойындауды" қандай саяси жағдайда, неге байланысты айтқаны есепке алынбады. Ал шындығында Сәдуақасұлы, Рысқұлұлы, Қожанұлылар жіберген "ауытқушылықтар" саясат пен теорияда жіберілген қателік пе еді? Егер қателік болса, онда олар саяси қызметтен кеткеннен кейінгі кезеңдердегі ұлттар өміріндегі, ұлтаралық қатынастардағы терең күйзелістерді немен түсіндіруге болады? Қожанұлы, Рысқұлұлы, Сәдуақасұлылары кезінде араша түсіп қорғаған ұлттық мүдделердің аяқ асты болуының нәтижесі емес пе? Демек, кез келген саяси бағыттың, бағдарламалардың ең әділ сарапшысы - өмір. Олай болса, кез келген басшылық өз саяси бағдарлама, теориялық тұжырымдарының тура екендігін жүгенсіз демагогия немесе аппарат күші арқылы емес, бұқара халықтың, жалпы қоғамның, ұлттық әл-ауқатын нығайту, рухани бостандығын қамтамасыз ету арқылы ғана дәлелдемек. Голощекин өз қарсыластарын біржола тұқыртып жеңдім деп масаттанған VІ Жалпықазақтық партконференцияда (1927 жыл, қараша) сөйлеген қорытынды сөзінде: "...мы пойдем по намеченному пути решительно, смело отбрасывая все препятствия, ибо лишь при этом только условии основные массы Казахстана - и коренного населения в первую очередь - действительно реально получать то, что дает Октябрь. Если же мы несколько задержимся, тогда развитие Казахстана может пойти по иному пути, тогда то, что дает Казахстану общее развитие Союза на основе Октября, будет использовано больше верхушкой, имущим слоем"42 - деген еді. Жауапты хатшы ұсынған жол өз "нәтижесін" жергілікті тұрғындар" үшін көп ұзамай-ақ берген. Ол 1930-1931 жылдары қазақ сахарасын қамтыған шаруалар толқуы. Олардың негізгі бастаушы күші, голощекиншілер дәлелдеуге тырысқандай, бай, молдалар емес, 1916 жылғы азаттық қозғалысқа белсене араласқан сарбаздар болғандығы да көп нәрсені аңғартса керек. Ал 1932 жылғы қырғын сталиндік-голощекиндік бағыттың ең басты "нәтижесі ретінде қазақ тарихында "ақтабан шұбырындыдан" соң "құрметті" орын алмақ. Қазіргі уақытта бұл айтылғандар бұлтартпас шындыққа айналған. Демек, жауапты хатшының бағытына қарсы шыққан Рысқұлұлы, Қожанұлы, Сәдуақасұлы және басқа да қайраткерлердің ұстанған бағытын қайта сараптайтын, жаңаша баға беретін уақыт келді. Ол бағыт, қайсыбір авторлар қазір де дәлелдеуге тырысқандай, "Қазақстан - қазақтарға" деген (мұндай ұран көтерген саяси топ не бағыт тарихта болған емес) тар ұлтшылдық бағыт емес, жаңа ғана отарлық езгіден саяси бостандық алған елдің сансыз көп ұлттық мәселелерін батыл қойған саяси ағым болатын. Ол ағымның көш басында жаңа билікті бірден қарсы алып, бар күш-қуатын сол билік жолына арнаған Т.Рысқұлұлы, С.Сәдуақасұлы, С.Қожанұлы, Ж.Мыңбайұлы сияқты халық арасынан шыққан ірі саяси қайраткерлер тұрды. С.Қожанұлы 1927 жылы оқуын аяқтар алдында Қазақстанға қызметке жіберуін өтініп И.Сталинге хат жазады. Сол жылы 9 тамызда Голощекинге жолдаған хатында Сталин Қожанұлы "өз қателіктерін мойындап отыр. Егер Өлкелік Комитет талап етсе, оның бұл мойындауын іспен толықтыра түсетіндігіне күмәнім жоқ. Өлкелік Комитет оған бұл істе көмектесуге тиіс деп ойлаймын", - деп, бір кезде танытқан белсенділігін алдына айып ретінде көлденең тартса, ал Голощекин өз кезегінде кешегі Өлкелік Комитеттің хатшысын тұқыртып, "Мен оны қызметке алуға болады, бірақ басшылық орынға емес, әйтеуір бір орынға тағайындап, жақсылап бір жыл байқау керек", - деп көлгірсігенімен, іс жүзінде С.Қожанұлын Қазақстанға жақындатпауға күш салды. Соның нәтижесінде, Голощекин бір азулы оппонентінен құтылды, ал Қазақстан болса елінің болашағы үшін соңғы деміне дейін күресуге әзір қайраткер азаматынан айырылды.
ҰЛТШЫЛ СМАҒҰЛ СӘДУАҚАСҰЛЫ
Тарихты зерттеп оқи бастасаң, дүниенің
өзгергені шамалы-ау деген шарасыздыққа
тірейтін тұжырымға келесің.
Хуан Карлос Онетти
(Уругвай жазушысы)
Әрбір елдің өзін-өзі басқаруы ұлттық мүддеге қызмет ететін мемлекеттік құрылыс арқылы іске аспақ. Мемлекеттік басқару алдымен сол халықтың ғасырлар қойнауынан тамыр алатын тарихи ерекшелігіне, өзіндік табиғи болмысына, сондай-ақ басқа да халықтардың адамзаттың прогресшіл өмір тәжірибесіне негізделуі керек. Сонда ғана үдемелі дамуға жол ашылмақ. Басқа жол - тұйыққа тірейтін жол. Ал осы биік мақсаттарды өмірлік шындыққа айналдыратын - нақты қайраткер адамдар, солардың мыңдаған кедергілерді жеңген жігері, көзге бірде көрінсе, бірде көрінбейтін мыңдаған түрлі қиындықтарға мұқалмаған қайсар рухы. Басқаша айтқанда, белгілі бір тарихи кезеңдерде немесе дәуірлерде халықтың асыл арманын, тілек-мұратын білдіруші де, оларды жүзеге асыру үшін күресуші де сол қайраткерлік дәрежеге көтерілген адамдар. Өтпелі күрделі кезеңдерде халық олардың іс-әрекетінен, мақсат-мүддесінен, тіптен мінез-құлқынан бүгінгі өзінің алдында тұрған азапты сауалдарға жауап, іс-қимылына негіз боларлық сүйеніш іздейді. Қазақ елінің сондай бірегей ұлдарының бірі — Смағұл Сәдуақасұлы. ХХ ғасырдың беташар жылы өмірге келіп, бар болғаны он шақты жыл саяси өмірге араласқан Смағұл Сәдуақасұлы осы ғасырдың соңында кейінгі ұрпақтардың назарын өзіне қайта бұрғандай сіңірген қандай еңбегімен, үлгі-өнегесімен құрметті? Бұл сауалға жауап беру үшін, әрине, оның голощекиндік зорлықпен, тар тапшылдық көзқараспен, жаңа қалыптасып келе жатқан тоталитарлық жүйемен күресін және баса ерлік істерін тізіп шығуға болар еді. Бірақ олардың бәрі де мәселенің ең негізгі қырын, негізгі мәнін ашып бере алмайды. "Сәдуақасовшылдықтың" жаулары өлердей қорыққан ең басты "міні" - өткінші, бір күндік, бірер жылдық, науқандық шаралардан мәңгі елдік, ұлттық мүддені дер кезінде ажырата алуында, саяси басшылықтың назарын соған аударып, сол үшін еңбек етіп, күрес жүргізуінде. Дәлірек айтқанда, жаңа қалыптасып келе жатқан ұлттық мемлекеттік биліктің сұранысына сай жаңа сападағы қайраткер болып қалыптаса бастауында еді. Оның таптық, интернационалдық мүдделерді ұлттық мүддеге қарсы қойған орталық билікпен және халық мүддесімен санаспаған не оны алған қызметіне айырбастаған жергілікті басшылықпен келісе алмауы да сондықтан болатын. Қазақ тарихында "голощекиншілдік" пен "сәдуақасовшылдық" мемлекеттік басқарудағы бір-бірімен бітісе алмайтын екі ағым, космополиттік және табиғи патриоттық көзқарастар болатын. Тоталитарлық жүйе жағдайында бұлардың алғашқысының үстемдік алуы да таңданыс тудырмайтындығы сондықтан. С.Сәдуақасұлының саяси өмірбаяны мен жолына үңілгенде омбылық кезеңнің алатын орны ерекше. Батыс Сібірдің, қазақ далалық облыстарының саяси, экономикалық және мәдени орталығы есебінде болған Омбыға бүкіл арқа, Алтай, тіптен Шу қазақтарына дейін балаларын орысша білім алуға жіберетін. Бүкіл Ресейді қамтып, Сібірге де жеткен революциялық өрлеу мұндағы қазақ шәкірттеріне де ықпалы болып, олар 1914 жылы 18 көкекте "Бірлік" ұйымын құрады. Оның ұйымдастырушыларының қатарында Асылбек және Мұратбек Сейітовтар, Мұхтар Саматов, Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасұлы, Ахмет Біржақсин, Шаһмардан Әлжановтар болды. Кейінірек "Бірлік" жастарының басшылық ядросын құрған бұл ұйымның бірінші жетекшісі болып Ш.Әлжанов сайланады. Құжаттардың көрсетуіне қарағанда, 1917-1918 жылдары "Бірлік" ұйымында белсенді атсалысқандардың арасында М.Жұмабаев, М.Саматов, Ә.Байділдин, С.Сәдуақасұлы, А.Сейдалин, Қ.Кемеңгеров, Ғ.Тоғжанов және басқа жастар болған. Бұл кезеңде ұйымның идеологиялық тізгіні М.Жұмабаевтың, ал ұйымдастырушылық жұмыс М.Саматов пен Ә.Байділдиннің үлесіне тиеді. 1917 жылы 1-4 қазан аралығында "Бірліктің" кеңейтілген жиылысы өтеді. Оған Ақмоладан "Жас қазақ", Көкшетаудан "Жас ұран", Спасскіден "Жас дәурен" және басқа жастар ұйымдарынан шамамен 100-ге жуық өкілдер қатысады. Жиылыс қаулы қабылдап, ұйымның басшылық органын сайлайды. Оның құрамына М.Саматов, А.М.Сейітовтер, О.Темірбеков, М.Бейсенов, Ә.Байділдин, Д.Әділев, Ғ.Сәдуақасов (Тоғжановтың сол кездегі фамилиясы — М.Қ.) және басқа жастар кіреді. Ал жиналыстың төрағалығына және "Бірліктің" үні - "Балапан" журналының редакторлығына М.Жұмабаев сайланады. Жиналыс қаулысында мынадай сөздер жазылған еді: "Жиылыс Орынборда өткен жалпықазақ съезінің қаулысын қуаттайды... Жиылыс қазақ саяси партиясы "Алашты" заман талабына сай және көздеген мақсатқа тез қол жеткізе алатын партия санайды, сондықтан да оны қолдайды, халық арасында оның пікірлерін таратуды өз міндетіне алады"43. 1918 жылы "Бірлік" ұйымының мүшелері "ұлт мүддесіне бірігіп қызмет ету" мақсатында жалпы қазақ жастарының съезін өткізуге ұмтылыс жасайды. Тіптен оған қатысатын делегаттар құрамын да анықтайды. Олардың қатарында Смағұл Сәдуақасұлы да бар еді. Қазан революциясынан кейін екі бағытқа бөлініп кеткен ұйым мүшелері бастапқы кезеңде өзара жалпы демократиялық платформа негізінде біріккені, ал олардың көзқарасында ағартушылық, ұлт-азаттық мүдденің үстемдік алғаны да тарихи шындық болатын және оған өмірлік себептер де жеткілікті еді. Ол туралы С.Сәдуақасұлы 1921 жылы жарық көрген "Жастарға жаңа жол" деген кітапшасында қазақ жастарының ұлтжандылық жолға түсуінің объективті себептерін, яғни отарлық езгідегі қазақ қоғамының жағдайы алдыңғы қатардағы саналы жастарды ұлт намысын қорғауға итермелегенін нанымды баяндап берді. "Бірлік" жастар ұйымының Алаш партиясының соңынан ергендігін, Алаш басшыларының оған ықпал етуге тырысқанын жоққа шығару қисынсыз және солай болуы да табиғи құбылыс болатын. Мәселен, 1917 жылы қазан мен қараша аралығында Томскіде өткен Сібір автономиясы кеңесіне қатысып қайтқан Ә.Бөкейхан Омбыға соғып, қаланың өнеркәсіп орындарында болып, арнайы ұйымдастырылған митингілерде сөз сөйледі. Ал оның Омбы жастарымен кездесуі туралы "Қазақ" газетінде мынадай хабар берілген еді: Томскіден қайтқан бетінде Ғалихан Бөкейхан Омбыдағы қазақ жастарының "Бірлік" қауымына өзінің жасынан жинаған саяси һәм қазақтың жер-суы туралы жазылған кітаптарын сыйлап кетті. Кітаптар сақтатып қойған жерінен әлі алынған жоқ. Ойда болса да, қол қысқалығынан "Бірлік" қауымы қыраитхана (кітапхана. — М.Қ.) аша алмай жүруші еді. Ғалихан ағаның бұл сыйы қазақ жастарының қыраитханасына бірінші һәм қымбатты негіз болды.
Ғалихан ағаға "Бірлік" қауымы тәңірі жарылғасын айтамыз.
"Бірлік" басқармасы".
Қарашада "Бірліктің" құрылтайы өтеді. Құрылтайда С.Сәдуақасұлы мен М.Әуезов сөз сөйледі. Колчак билігі жойылған соң ол Омбыға қайта оралып, 1918-1919 жылдары Батыс Сібір кооператорлар одағының жұмысына белсенді түрде араласа бастайды. 1920 жылы Омбыда шыға бастаған "Кедей даусы" газетін ұйымдастырып, оған редакторлық жасайды. Ал 1920 жылы Кеңестердің Бүкілқазақстандық І съезіне Ақмола губерниясынан делегат болып сайланған С.Сәдуақасұлы съезде Қазақ Орталық Атқару комитетінің президиумы құрамына және Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің мүшелігіне өтеді. Өмір жолында бетбұрыс болған бұл оқиғадан кейін Қазақстанның сол кезеңдегі астанасы Орынборға ауысқанда С.Сәдуақасұлы 1920-1921 жылдары РКЖО Қырғыз облыстық комитеті бюросының хатшысы, қазақ комсомол жастарының тұңғыш газеті "Еңбекші жастардың" редакторы қызметінде болады. 1921 жылы көктемде Сібір әкімшілік орындарына қарап келген Семей губерниясы Қырғыз (Қазақ. - М.Қ.) Республикасы құрамына өтеді. Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағасы С.Меңдешевтің тікелей жолдамасымен танысып, тиісті шараларды іске асыруға Семейге мамырда Смағұл Сәдуақасұлы жіберіледі. Бұл кез Семей өлкесін, әсіресе қазақ ауылдарын аштық жайлаған, өлім-жітім көп кез болатын. Ал уездік, губерниялық мекемелерде жергілікті халықтың өкілдері жоқтың қасында еді. Осындай ауыр жағдайда мемлекеттік билікті жергілікті халыққа түсінікті, әрі жақын ету мақсатында С.Сәдуақасұлы губерниялық атқару комитетін таратып, оның орнына губерниялық-революциялық комитет құрылғандығын және осындай шаралардың уезд көлемінде де іске асырылатындығын мәлімдейді. Губревкомды басқару міндетін өз мойнына алады. Бұл төтенше шешім С.Сәдуақасұлы мен бұрынғы губерниялық басшылық арасында бірнеше айға созылған дауға ұласады. Ең соңында РКП(б) Семей губкомының талабы бойынша Орталық Атқару Комитеті шілдеде С.Сәдуақасұлын Орынборға шақыртып алады. Бүкілқазақтық Бақылау Комиссиясы оның Семейдегі әрекетін қарап, "ұлтаралық қатынасты шиеленістіріп, ұлттық-ауытқушылық жібергені үшін" сөгіс жариялап, екі жыл жауапты әкімшілік қызмет атқару құқынан айырады. Бірақ бұл кезде С.Сәдуақасұлы сияқты жігерлі және талантты саясаткерді жұмыссыз, көлеңкеде ұстауды жағдай көтермейтін еді. Орынбордағы Орталық Атқару Комитеті оны 1922 жылы құрамына Қазақстанның қазіргі Қызылорда, Шымкент, Жамбыл, Алматы облыстары енген Түркістан республикасына (Ташкент) өзінің өкілі етіп жібереді. ҚазОАК-нің төрағасы Меңдешев пен хатшысы Алмановтың қолдары қойылған мандатта оған мынадай міндеттер жүктеліп, құқықтар берілген: "1. ТүрОАК-інің, Халком Кеңесі және Халық Комиссарлары отырыстарына ҚССР мүддесіне қатысты мәселелерді талқылауға дауыс бере алу құқығымен қатысу; 2. Қызметке байланысты сөйлесу үшін тікелей байланыс сымын пайдалану; 3. Жедел пойыздардың штабтық, делегаттық және арнаулы вагондарында жүру; 4. Қару асыну". С.Сәдуқасұлының Ташкенттегі өкілдік жұмысы ұзаққа созылған жоқ. 1923 жылы ол Қазақ жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалады. С.Сәдуақасұлының бұл кезеңдегі саяси көзқарасы туралы нақты фактілер арқылы баяндау қиын. Өйткені ондай фактілер тым аз. Дегенмен бірлі-жарым бар. Мәселен, тиесілі орындарға жіберілген ресми құжаттардың бірінде С.Сәдуақасұлы бұрынғы алашордалықтардың тобына жатқызылып, "отаршылдардың соқыр қаруы, карьерист", Меңдешев, Сейфуллин, Асылбековтерге қарсы күресушілер ретінде көрсетіледі. Сондай-ақ бұл кез қазақ интеллигенциясы арасында алауыз жікшілдік отының өршіп тұрған уақыты еді. Сол күрес барысында түрлі ғайбаттаудың да орын алып жатқандығын байқау қиын емес. Мәселен, осы аталған құжатта Ішкі істер халкомы Ә.Әйтиевтің Қазақстанда сол тұстағы қазақ обком комсомолының мүшесі Ә.Байділдин мен ҚазОАК-інің мүшесі С.Сәдуақасұлы бастаған жас қазақ интеллигенттерінің құпия ұйымы бар екендігі туралы ақпар тапқандығы айтылған. Бізге бұл келтірілген фактілердің негізінде өмірлік шындықтан гөрі жалпыұлттық мүддеден бейхабар, тек тар топшылдық мүдде деңгейінде ғана күресе алатын түземдіктерге секемдене қарау, тіптен одан асты күрделі өмір құбылыстарын тар таптық тұрғыдан пайымдау жатқандай көрінеді. Нені де болса белгілі бір схемаларға салып өлшеп-пішуге құлықты қарсыластары атап көрсеткендей емес, С.Сәдуақасұлы осы кездің өзінде-ақ тар топшылдық пен өресіз ұлтшылдықтан ада және ондай түсініктерден анағұрлым биік болатын. С.Сәдуақасұлының кемел қайраткер ретінде көрінуі 1923 жылы наурызда Орынборда өткен ІІІ облыстық партия конференциясына байланысты. Ол туралы бұдан бұрынғы тарауда айтылды. Голощекин Өлкелік Комитетке келгенде С.Сәдуақасұлы Бюро мүшелігіне кандидат, Оқу-ағарту халкомы, "Еңбекші қазақ" газетінің редакторы міндеттерін бір мезгілде атқарып жүрген 25 жасар жігіт еді. Ол жасына қарамастан саяси күресте ысылған, тәжірибелі, республика өміріндегі өзекті мәселелер бойынша қалыптасқан өз пікірі бар, қалың қауым мойындаған белсенді қайраткер болатын. Осы арада мынадай мәселеге тоқтала кету қажет. Ф.И.Голощекин билікке келген мезгілде жалпыұлттық, демократиялық позициядағы революцияға дейінгі ұлттық интеллигенция өкілдерінің республикадағы жоғарғы билікте жүруі толық табиғи құбылыс ретінде қабылданатын. Олардың арасында кешегі "Алаш" қозғалысының белсенді мүшелері де бар еді. Мысалы, А.Кенжин - Ішкі сауда халық комиссары, Ә.Әлібеков -Егіншілік халық комиссары, А.Бірімжанов пен С.Кәдірбаев - Юстиция халық комиссиараты коллегиясының мүшелері қызметін атқарды. Осы сияқты мысалдарды жалғастыра беруге болады. Бұл келтірілген фактілер республикада жоғарғы басшылықты қалыптастыруда тар таптық принціптің әлі біржола үстемдік ала қоймағандығын көрсетсе керек. Ф.И.Голощекиннің саяси билікке келуімен бұл жағдай күрт өзгеріске ұшырады. Сталиннің 1925 жылғы маусымдағы "Ақ жол" газетіне байланысты жолдаған хатындағы партияда жоқ интеллигенцияға байланысты айтылған пікірлерді өзінше түсініп, басшылыққа алған Голощекин қоғамдық-саяси өмірден қол үзбеген ұлттық интеллигенцияның алғашқы буын өкілдерін "буржуазиялық-ұлтшыл", "алаштық интеллигенция" деп жариялап, соңына түсіп, саяси қудалау және репрессиялық шараларды іске асырды. Соның нәтижесінде, 1929 жылғы партиялық тазалау барысында олардың біразы партия қатарынан шығарылып, Қазақстаннан кетуге мәжбүр болды. Олардың Қазан революциясынан бергі үлкен белсенді еңбегі есепке де алынған жоқ. 1929 жылы қызметтен босатылған А.Кенжин өмірінің соңғы жылдарын Түрікменстан мен Ресейде өткізіп, ең соңында репрессия шеңгеліне ілікті. Ә.Әлібеков 30-жылдардың басында Ташкентке кетіп, сонда қызмет істеп жүріп, тағы да сол рухани азаптан асылып өлді. Ал 1927-1932 жылдары Алаш қозғалысына қатынасқан немесе олармен байланыста болды деген 70-тен астам интеллигенция өкілдері сотқа тартылып, олардың 50-ге жуығы түрлі мерзімдерге қамалды, жер аударылды, атылды. Орталықтың, алдымен Сталиннің тікелей қолдауына сүйенген жауапты хатшы мұнымен шектелген жоқ еді. Ол енді өз пайымдауы бойынша Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлының ықпалында болды, жаңа саяси жағдайда солардың ұлтшыл-реакциялық бағытын жүргізіп отыр деп тапқан басшылықтағы қайраткерлерді "ұсақ-буржуазияшыл", "ұлтшыл-уклонистер" деп жариялады. Тура осы принципті негізге ала отырып, онсыз да бөлініп-жарылуға бейім ұлттық интеллигенцияны екі топқа жіктеп, олардың арасына іріткі салды. Мәселен, ол бір баяндамасында былай деп көрсетті: "Основной корень — это разногласия, борьба по линии интернационалистов и националистов. Начало внутри казахских группировок в партии относится к 1920 г., когда в партию вошли интеллигенты из "Алаш", и первое разделение, первые разногласия были именно между старыми казахскими коммунистами, я их буду называть "старыми", т.е. периода 1919-20 гг. Это те; которые клали первые камни фундамента казахской партийной организации и советов, которые сгруппировались тогда в группировки Мендешевцев, между ними и влившейся в партию интеллгенцией, под руководством Ауэзова, Садвакасова С. и кое-кого из молодых, которые сейчас сидят здесь, но я их не буду называть, и за их спиной - Букейханова. Пусть товарищи так называемой Меңдешевской группировки того времени "левили", пусть они не имели ясной программы, пусть они представляли своего рода группировку, но в основном они боролись за партийную линию, а Садвакасов, Ауэзов и др. их сподвижники боролись за алашординскую линию"44. Міне, осы арада "алашордалық бағыт" деген ұғымға тоқталу қажет. Голощекин мен голощекиншілдердің демократиялық қазақ интеллигенциясына қарсы күрес арсеналында әмбебап қару есебінде қолданылған түрлі "щиналармен" бірге "алашордашылдық" деген ұғымды да жиі кездестіруге болады. Ал осы саяси ағым болды ма, болса ол нені көздеді? Егер оған қысқа жауап берер болсақ, онда мынаны айтуға тура келеді. Бұл кезде алаш қозғалысы қатарында болған немесе саяси позициясы жағынан оған жақын тұрған жеке қайраткерлер ғана болуы мүмкін. Ф.И.Голощекин тұсында оларға өзіміз әңгіме етіп отырған С.Сәдуақасұлынан басқа С.Қожанұлы, Ж.Сұлтанбеков, Ы.Мұстамбайұлы, А.Кенжин, Ә.Әлібеков және басқа көптеген кеңес, партия қызметінде жүрген белсенді қайраткерлер жатқызылды. Олардың саяси мемлекеттік құрылысты түбегейлі өзгерту туралы мәселе қоймағандығы өзінен-өзі түсінікті. Ондай бірде-бір саяси құжат жоқ, болуы да мүмкін емес. Ендеше, олар жинақтап "ұлтшыл-уклонистер" атанғандай қандай бағыт үшін күрескен еді?
"Байшылдық" емес,
барды сақтау үшін күрес
Қазақстанда Кеңес билігі орнағаннан кейін, бірінші кезекте өз шешімін табуға тиіс бірнеше мәселелер тұрды. Қазақ бұқарасының тұрмыс жағдайының түбегейлі өзгеруі сол мәселелердің тура шешілуіне тікелей тәуелді болды. Олар жерді пайдаланудағы бұрынғы әділетсіздікті жою, жергілікті халыққа жақын, түсінікті және оған қызмет ететін мемлекеттік аппаратты құру, жаңа қоғамды құрудың әдістері мен жолдары (экспроприация, коллективтендіру, индустрияландыру, мәдени революция, т.б.) сияқты мәселелер еді. Бұл міндеттерді шешуде "ұлтшыл-уклонистер", "ұсақ буржуазиялық-ұлтшылдар" бірінші кезекке таптық принципті емес, жалпыұлттық-жалпыдемократиялық принциптерді қойды. Мәселен, С.Қожанұлы Жетісуда жер-су реформасы кезінде революцияға дейін егіншілікке қолайлы ең құнарлы жерлерді иемденген переселендердің жерін жерсіз жергілікті халыққа қайтаруды дұрыс санап, сол үшін күресті. Ал С.Сәдуақасұлы, жоғарыда айтқандай, Семейде негізінен орыс қызметкерлерінен тұрған облыстық, уездік атқару комитеттерін таратып, олардың орнына құрамында жергілікті халықтың өкілдері бар ревкомдарды құруға тырысуы соның айғағы еді. Күні кеше олардың бұл позициясын сынға алу, әрине, қиынға түспес. Ал, бірақ революция жеңісінен кейінгі алғашқы жылдары жер, мемлекеттік аппараттың қалыптасуы сияқты мәселелердің отарлық тәуелділіктен енді ғана шыға бастаған қазақ қоғамында жалпыдемократиялық деңгейде, яғни ұлттық мүдде тұрғысынан шешілуі толық мүмкін екендігін ұмыту да қателікке ұрындырар еді. Ф.Голощекин Қазақстанға келген бетте Орталық Комитеттің көмегімен секретариаттың құрамын өз қалауынша жаңартып алғанымен, бюро, Өлкелік комитет, өкімет құрамы ол келгенге дейінгі құрамда қалғандығы түсінікті. Оларды өз ыңғайына бейімдеу үшін уақыт керек еді. Голощекин келгенге дейін-ақ Өлкелік Комитеттің бюросы республикадағы жоғарғы саяси басшылық орнына айнала бастаған. Жаңа келген жауапты хатшы оның ролін бұрын болмаған дәрежеге көтерді. Бюро республика өміріне байланысты ең маңызды мәселелерді шешіп отыратын тұрақты орынға айналды. Бірақ Голощекинді бұл жағдай қанағаттандырған жоқ. Жауапты хатшының есебінде бюро енді бұдан былай қаралған мәселелер бойынша алдымен соның ғана бағытын қолдайтын орынға айналуы тиіс еді. Олардың бірі - бюро құрамының біркелкі еместігі, яғни оның ішінде айтқанына көніп, айдауында жүре бермейтін Ж.Мыңбаев (ҚазОАК-нің төрағасы), Н.Нұрмақов (ХКК-нің төрағасы), С.Сәдуақасұлы (Халық ағарту комиссары және "Еңбекші қазақтың" жауапты редакторы) сияқты қайраткерлердің болуы еді. Алғашқы кезеңде ымырасыз күрес алдымен жауапты хатшы мен С.Сәдуақасұлы арасында жүрді. Белгілі дәрежеде бұл күрестің қорытындысын жасаған 1926 жылғы Қазақ Өлкелік Комитеті мен Өлкелік Бақылау комиссиясының біріккен пленумы қарарында: "Ходжанов (Қожанов. - М.Қ.), Сәдуақасұлы және Мыңбаев бастаған топ өзінің мәні мен күрес әдістері жөнінде Қазақстанға тән болған ескі жікшілдіктің қалдықтарын (принципсіздік және жеке бастың бақастығы) сақтай отырып, сонымен бірге ауылдағы дәулетті топтардың партия мен Кеңес үкіметіне жасамақ ықпалын білдіретін идеялық ауытқушылықты көрсетеді", - деп, ал ол ауытқушылықтың негізгі бағыттары ретінде "ауылдағы әлеуметтік-экономикалық қатынастарды өзгертудің революциялық" әдістерін және партия мен кеңес аппаратын "жергіліктендіру ісін дұрыс түсінбеуде", - деп мәлімдеді45. Ал осы тағылған айып қаншалықты негізді еді, енді соған тоқталайық. Қазақ Өлкелік партия комитетінің ІІІ пленумына дейін және одан кейінгі кезеңде, тіптен соңғы уақытқа дейін С.Сәдуақасұлына таңылған түрлі айыптаулардың бірі, әрі ең негізгісі, әрине, оның ауылдағы әлеуметтік-экономикалық қатынастарды революциялық әдістермен өзгертуге қарсы шыққандығы туралы пікір еді. Қожанұлы, Сәдуақасұлы және Мыңбаевтардың саяси бағыты бойынша арнайы қаулы қабылдаған соң, ол партиялық бағаны қайта қарау емес, тіптен оның қайсыбір жақтарын анықтауға әрекет жасаудың өзі мүмкін болмай келді. Ресми ғылым ондай әрекетке жол бермеді. Бүгін біз бұл принциптік мәселеге қайта оралып, Смағұл Сәдуақасұлы және оның пікірлес серіктері - сол кездегі басшылық қызметтегі Ж.Мыңбаев, Н.Нұрмақов, Ә.Әлібеков және басқа қайраткерлер шын мәнінде қазақ ауылын революциялық негізде қайта құруға қарсы шықты ма деп сауал қойып, оған жауап іздеуге тиістіміз. Теориялық және идеологиялық күрес, әсіресе, байлар меншігі төңірегінде өрбіді. Қазақ ауылының бұдан былайғы тағдырына тікелей ықпалы болған бұл тегеуірінді күрестің бір жағында Голощекин бастаған топ (С.Жандосов, О.Исаев, т.б.), ал оған қарсы екінші жағында С.Сәдуақасұлы бастаған топ (Н.Нұрмақов, Ж.Мыңбаев, Ә.Әлібеков, т.б.) тұрды. Күрес тең жағдайда жүрген жоқ. Жауапты хатшы мен оның төңірегіндегілер өз мүмкіншіліктерін, яғни насихат құралдарын, түрлі мінберлерді өз қарсыластарымен жүргізілген пікірсайыс арқылы Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік өзекті мәселелеріне жауап іздеу үшін емес, керісінше, қарсы топтағыларды қаралау үшін, олар ұсынған балама жолдарды халық мүддесіне қайшы келетін, байлардың таптық мүддесін жақтайтын шешім ретінде көрсету мақсатында пайдаланды. Ресми сипат алған сын алдымен С.Сәдуақасұлына қарсы бағытталды. Оған себепші болған С.Сәдуақасұлының жоғарыда айтылған 1923 жылғы ІІІ конференцияда сөйлеген сөзінде байлар меншігін конфискелеуге байланысты айтқан мынадай пікірі еді: "Қазіргі кезеңде ел сілкіністерге емес, бейбіт еңбекке мұқтаж. Елді жаңа экспроприациялар емес, еңбек пен ғылым құтқармақ. Экспроприация идеясы билікке қарсы көтеріліс немесе жақын нәрсе. Патша өкіметі тұсында мұндай қоздыру туғызу қызық болғанымен, қазіргі жағдайда бізге қазақ даласында ондай жасанды қоздырулар туғызудың қызығы шамалы". С.Сәдуақасұлы бұл пікірінен 1927 жылы жазында саяси басшылықтан біржола кеткенге дейін бас тартқан жоқ, қайта өз бағытының тура екендігіне сенімі нығая түсті. Бұл іс жүзінде алдымен Ярославский мен Вайнштейндерге, "кейіннен Қазақстанға өзімен бірге "кіші октябрь" идеясын ала келген Голощекин сияқты "коммунизмнің солшылдық ауруына" шалдыққан коммунистерге қарсы қойылған бағыт еді. Егер 1923 жылы Ярославский мен Вайнштейндер қазақ коммунистерін байларға қарсы "қызылгвардиялық шабуылға" көшуге белсенділік танытпай отырсыңдар деп айыптаған болса, 1926-1927 жылдары, яғни байларды тап ретінде жою шарасына көшу қарсаңында мәселені революциялық зорлау әдісімен шешуді жақтаушылар қазақ коммунистері арасында да біразға жетіп қалған еді. Мәселен, 1926 жылғы Өлкелік партия комитетінің ІІІ пленумында үлкен талас тудырған сөзінде О.Жандосов ең басты назарды ұлт ішіндегі таптық міндеттерді шешуге аудару қажеттігін айтып, қазақ ауылында байлармен күресті тек бейбіт экономикалық әдістер арқылы ғана емес, сонымен бірге саяси зорлау әдістері арқылы да жүргізуді ұсынды. Оның түсінігі бойынша, бұл шара қазақ қоғамын байлардың зорлығынан ғана емес, сондай-ақ феодалдық, рулық қатынастардың қалдығынан да құтқару үшін керек еді. О.Жандосовтың бағыты О.Исаев, А.Мусин сияқты қайраткерлердің қолдауын тапты. Мәселен, Мусин: "Қазақстан үстімен қан төгусіз, Октябрьмен жүріп өту керек", - деп Голощекиннің пікірін қайталады. О.Жандосовтың бағытына баға бере сөйлеген Ф.Голощекин оны қазақ қоғамындағы әлеуметтік-экономикалық және саяси ерекшеліктерді есепке алмайтын солшыл уклон есебінде бағалады. Пленумда сөз алған С.Сәдуақасұлы жеңіл түрде қолдан солшыл және оңшыл уклондар жасау күнделікті жұмысқа, творчестволық ізденіске үлкен кедергі жасайтынын, қазақ коммунистері алдарында тұрған негізгі міндеттерін тура түсінетіндігін, жалпы алғанда сол бағытта жұмыс істеп отырғандығын, ал арада қайсыбір мәселелерді жете бағалай алмайтын немесе асыра бағалайтын партия мүшелерінің болуы толық табиғи құбылыс екендігін ескертіп, О.Жандосов ұсынысының мәжбүрліктен туғандығын айтып, оның екі есебін көрсетті: "бірі - орталықтың жергілікті жағдайды нақты және терең білместен революциялық шараларды тез іске асыруды талап етуі, екіншісі - жергілікті басшылардың қазақ ауылын тым қораш көрсетуі, болып жатқан өзгерістерді өз дәрежесінде бағалай алмауы. Ол "қазақ ауылында анау жоқ, мынау жоқ, түк істелмей жатыр, қазақ ауылы тағы" сияқты бояуы қою пікірлер қазақ қайраткерлерін шалыс бастырып, сол арқылы тіптен біздің онсыз да шиеленісіп кеткен жағдайымызды қиындата түсуі мүмкін деп түсіндірді. Пленумда бірнеше рет сөз алған С.Сәдуақасұлы қазақ партия ұйымында "қазақ ауылындағы әлеуметтік-экономикалық қатынастар өзгеріссіз сол күйінде қалсын деген оңшыл уклонның мүлдем жоқтығын, оның барлығын дәлелдейтін бірде-бір еңбектің немесе мәлімдеменің жоқ екендігін көрсетіп, ал өзі болса қазақ шаруаларының өсуіне кедергі болып отырған байларға тәуелділік пен рулық қатынастар шырмауы деп танитындығын айтты. Қазақ Өлкелік комитетінің 1926 жылғы қараша пленумынан кейін баспасөзден С.Сәдуақасұлы ұстанған балама жолға, оның жеке басына қарсы бағытталған түрлі "теориялық" мақалалар жиі көріне бастады. Сол кезеңде аса белсенділік танытқан авторлардың бірі Ғаббас Тоғжанов болды. "Еңбекші қазақта" жарияланған мақаласында ол С.Сәдуақасұлы мен оның пікірлестерін байлар табының қамқоршысы есебінде көрсетуге тырысты. Қорғануға мәжбүр болған С.Сәдуақасұлы "Қызыл Қазақстан" жұрналының 1927 жылғы наурыз айындағы санында жарияланған мақаласында мынадай деп көрсетті: "Аббастың бірінші білетіні - біздің байшылдығымыз. Мен айтыппын: "ауылды бұрыннан билеп келген байлар сол билеген күйінде қала берсін". Аббас бұл сөзімен не мені, не оқырманды адастырғысы келеді... Коммунист мұндай пікір айта алмайды. Мұндай коммуниспен босқа айтысудың қажеті жоқ, оны партиядан қуу керек! Іс жүзінде алсақ, коммунистік партияның негізгі принциптері неге саяды? Алдымен - тап күресі... Қазір кімде-кім тап күресіне қарсы болса, ол сонысымен зорлықшыл таптың қаруына айналғаны, капиталист байларға салық салу жүйесін күшейту, оның есесіне кедейлерді мүмкіндігінше одан босату, орташалардың төлейтін үлесін жеңілдете түсу бағытын ұстануға міндеттіміз. Бұдан басқа жергілікті бюджеттерде қазақ кедейлеріне көмек беретін мәдени-шаруашылық қорларын ұйымдастыру үшін ірі бай шаруашылықтарына ерекше салық салу көзделініп отыр. ...Салық саясаты арқылы ықпал етуден басқа да біздің мүмкіншіліктеріміз жеткілікті. Ауыл шаруашылық кредитін алыңыз, кооперацияны алыңыз. Ауыл шаруашылық кредитін дұрыс пайдалана отырып, біз кедей шаруашылығын тезірек көтеруге жағдай жасай аламыз деп ойлаймын"46. Голощекинге ХКК төрағасы ұстанған бағыт ұнай қоймағаны өзінен-өзі түсінікті. Бірақ ол пленумға қатысушыларға көңіл күйін білдірген жоқ. Өйткені оның пленумдағы негізгі мақсаты елге "алашордашыл ұлтшылдар" ретінде көрсеткен, ал шын мәнінде өзінің саяси қарсыластары С.Сәдуақасұлы пен Ж.Мыңбаевқа саяси соққы беру, сол арқылы партия ұйымы, республикадағы қоғамдық пікір алдында "лениндік саяси бағыт" салтанат құрғандығын көрсету еді. Бұл мақсатқа жету үшін ол тактикалық қадам жасап, пленумда "оңшыл" тұрғыдан баяндама жасаған, бірақ соңғы уақытта жауапты хатшы жағына икемдік танытып жүрген, С.Сәдуақасұлының бұрынғы пікірлесі, республика үкіметінің басшысы Н.Нұрмақовты тікелей сынға алмады. Сәл шыдамдылық жасау керек-тін. Әлі тікелей шабуылға көшіп, оны да жолдан алып тастайтын кезең алда еді. Ф.И.Голощекин мен оның серіктері ойлағандай бұл "оңшыл" бағытты ұстанғандардың бірі сол кезеңдегі Егіншілік халкомы Ә.Әлібеков болды. Ол сөйлеген сөзінде қазақ үкіметінің ауылдағы әлеуметтік және экономикалық саясатын талдай келе: "Біз кедейлерге кредитпен, ауыл шаруашылық өндіріс құралдарымен және мектеп құрылысымен көмек беруде шарасыздық танытып отырмыз, ал мұндай жағдайда кедейдің байларсыз да өз бетінше өмір сүре алатындығына көзі жетпей отыр... Жандосов ауылда кедей байды соншалық жек көреді дейді, ол бекер, егер солай болса бізге жергілікті жерлерде партия және кеңес ұйымдарын құру мұндай қиындыққа түспес еді", - деп, біріншіден еңбекші бұқараға өз дәрежесінде қажет көмектің берілмей отырғандығын, екіншіден, ауылдағы таптық қайшылықты асыра бағаламауға шақырды. Ә.Әлібеков сөзінде, әсіресе Ф.Голощекин мен О.Исаевтың наразылығын тудырған мына сөздер болды. "Жандосовтың ұсынысы бойынша біз ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі төмендемейтіндей және оған нұқсан келмейтіндей етіп "азамат соғысын" ашып, ауыл үстімен жүріп өтуіміз керек". "Ал мұндай шараны іске асыру, - деді ол, - ауыл шаруашылық өндірісінің, еңбек өнімділігінің төмендеуіне соқтырмай қоймайды". Ә.Әлібековтің артын ала сөз алған Голощекин оны ауылдағы революциялық өзгерістерге қарсы шығушылар қатарына жатқызып:"...біз Жандосов пен басқалардың өз пікірін айтып, нағыз партия мүшелеріндей сөйлегеніне риза болуға тиістіміз", -деп, артынша: "...Если я выступал против Джандосова это не значить, что главная опасность в левизне. Нет, надо подчеркнуть, что главной опасностью, серьезной силой является правый уклон...", - деп түйді. Голощекин өзін қаншама тура, ғылыми бағыт ұстаушы етіп тырысқанымен, сөзі мен ісінен шын мәнінде оның солшылдар жағында екендігін байқау, әрине, қиын емес еді. Қорыта айтқанда, С.Сәдуақасұлы мен оның серіктері қазақ ауылын революциялық негізде қайта құруға қарсы емес, революциялық "солшылдыққа", революциялық ұрандарды жалау етіп көтеріп, түптеп келгенде, дәстүрлі шаруашылықты күрт бұзуға алып баратын солақай әдістерге, асыра сілтеушілікке қарсы еді. Басқаша айтқанда, олар қазақ ауылының секірмелі емес, біркелкі, бірыңғай дамуын жақтады. Тапаралық қатынастарды да осы тұрғыдан шешуге шақырды. Ол "Еңбекші қазақта": "Біз ауылды өзгертеміз, ауыл электрден жарық алады, трактормен жер жыртады, машинамен шөп шабады. Шым үйдің орнына тас үй, алтыбақанды тастап театрға түседі. Бірақ бұның бәрі бір күнде емес, көп заманнан кейін жасалады. Аспаннан тас үй жаумайды, осы күнгі жаман тұрмысын жөндеумен, соны өзгертумен, соны көркейтумен барып ауыл дегеніне жетеді", - деп жазды. Ал бұл ұлы мақсатқа жету үшін ол сол тұстағы Қазақстан басшыларын "Мырқымбайдың" (қазақ кедейлерінің жинақы аты есебінде. — М.Қ.) әліне қарай, соған сай шешімдер қабылдауға шақырып, былай дейді: "20-жылдарда, ашаршылық жылдарында Мырқымбай аштан өліп қала жаздады. Осы күні Мырқымбай ауылнай болып жүр. Мүмкін, болыс боп кетуі. Бірақ салық шіркін, кейде теріс түсіп, Мырқымбайды кейде есебінен жаңылдырып жібереді. Әйткенмен, Мырқымбай жаман емес, күннен күнге басқан аяғы ілгері қарай жылжуда. ...Осы күнгі Қазақстанның кіндігі - Мырқымбайлар. Мырқымбайды адам қылсақ, дүниенің бәрі түгелденеді. Ең әуелі, Мырқымбай баласын оқыту керек. Өз заманында Мырқымбай экспреске міне алмаса, оған баласы мінсін. Екінші, Мырқымбайдың шаруасын түзету керек, оған жер жыртатын соқа керек, шөп шабатын машина керек. Соқаға, машинаға жегетін көлік керек. Сатып алар Мырқымбайда ақша жоқ. Қазақстанның ауыл шаруасына жәрдем ететін банкісі несиені алдымен Мырқымбайға беру керек... Мырқымбай - Қазақстанның негізі. Бізде өнеркәсібі күшейсе, біз шойынжол салуға кіріссек, біз фабрика-завод салсақ, соның бәріне жұмыскер болатын тағы әлгі Мырқымбайдың баласы. Айта берсе, осы күнгі қазақтан шыққан азынша жұмыскердің көбі - әлгі Мырқымбай". Бұл айтылған ойдан, әрине, байлардың мүддесін қорғаушы С.Сәдуақасұлын табу қиын екендігі түсінікті.
Ұлттық мемлекет үшін күрес
Голощекин мен оның серіктері С.Сәдуақасұлына әлеуметтік-экономикалық саясатта ұстанған бағыты үшін "байлардың идеологы" деген баға берсе, ал оның республикадағы мемлекеттік және партиялық аппаратты жергіліктендіруге байланысты айтқан пікірлері мен жүргізген күресі үшін "буржуазиялық ұлтшыл" деген атақ берді. Мәселен, жоғарыда аталған (1926, қараша) пленумның қарарында С.Сәдуақасұлы мен Ж.Мыңбаевтың "жергіліктендірудің аппаратты қазақ бұқарасына жақындату мен сол бұқараны кенес құрылысына тарту" міндеттерін тура түсінуге көтеріле алмағандығы айтылып, одан ары былай деп көрсетілді: "Олар өздерінің талаптарында, бір жағынан, партия аппараты мен кеңес аппаратын халықтың ұлттық құрамының пропорциясына қарай қазақтандыруға дейін барды, екінші жағынан, нақты кандидатураларды және партиялық басшылықты қамтамасыз етуді есепке алудың орнына басты назарды партияның жоғарғы буынының басшыларын қазақтандыруға аударды"47. Бұл С.Сәдуақасұлының ұстанған саяси бағытына 1926 жылы берілген баға болатын. Енді бірер жылдан соң, жергілікті интеллигенциямен күрес сырын меңгеріп алған Голощекин "сәдуақасовшылдық", "сәдуақасовшылар" сияқты ұғымдарды оңды-солды қолданып, оларға тіптен анықтама да бере бастайды. Солардың бірін келтірейік: "Что такое Садвакасовщина? Садвакасовщина, это советский аппарат, вырывающийся из под партийного влияния, идущий на поводу у мелкобуржуазных идеологов, садвакасовщина — это "самоопределение" в рамках демократии, это самодовлеющий, отрывающийся от СССР Казахстан"48. Голощекин түрлі анықтамалар беріп даурыққанымен, шын мәнінде С.Сәдуақасұлының халық мүддесіне қайшы келетін іс-қимылын көрсете аларлық нақты фактілері жоқ болатын. Ондай фактілердің болуы да мүмкін емес еді. Тіптен мәселеге тереңірек қарар болсақ, Голощекин мен Сәдуақасұлының жергіліктендіру процесіне көзқарастары арасында принциптік айырмашылықтың барлығын байқауға болады және ол айырмашылық олардың халық өмірі мен тарихына, қала берді тағдырына қатынастарынан туындап жатты. Голощекин үшін жергіліктендіру ісінде барлық партия ұйымдарының назарында болуға тиіс өзекті мәселе -қазақтарға қазақ тілінде қызмет ету. Ол "сөйлесуде және жазуда тілді білу түптеп келгенде бәрін шешеді", - деп түсіндірді. Бұл арада өлкенің бірінші басшысының жергіліктендіру саясатының түпкі мақсатын түсінуде патша генерал-губернаторының деңгейінен аса қоймағандығын байқау қиын емес. Өкінішке орай, осы сияқты пікірді ұстанған жалғыз Голощекин болған жоқ. Оның бағытын түсініп те, түсінбей де қолдаушылар қазақ коммунистерінің арасында да баршылық еді. Солардың бірі О.Исаев пленумда: "Мен енді сәдуақасовшылдықпен принциптік негізде келісу мүмкін емес кейбір мәселелерге өтейін. Біріншіден, жергіліктендіру хақында. Олар оны іс жүзінде неге саяды? Олар жергіліктендіруді басшылықты тартып алу әдісі мен құралына айналдырмақ, сөйтіп Мәскеудің пролетарлық партиялық жетекшілігінен құтылмақ"49. Сонымен, егер Голощекин мен оның серіктерінің сөзіне илансақ, онда "сәдуақасовшылдық" партия ықпалында болғысы келмейтін, яғни Қазақстан жағдайында алашордашыл буржуазиялық ұлтшылдардың ықпалында қалған орталық - мәскеулік билікке бағынудан бас тартатын, тар ұлттық мүдде үшін күресетін билікті орнатуды көздейтін ағым. Қазақстан жағдайында ең жоғары мінбелерде айтылып, ресми құжаттарға енген бұл тұжырымдар қаншалықты дұрыс, шындыққа жақын еді? Қазақ Өлкелік партия комитетінің біз қарап отырған кезеңдегі жергіліктендіру саясатын тура түсіну үшін оның басқа салалардағы, алдымен, әрине, жер дауы саясатымен байланыста қарау қажет. Қазақ шаруалары үшін Қазан революциясы қарсаңында да, одан кейінгі жылдары да егіншілікке жарамды жер тапшылығы үлкен мәселеге айналғандығы белгілі. Соны ескере отырып, сондай-ақ бұл мәселеге байланысты патшалық билік тұсындағы әділетсіздікті біржола жою мақсатында V Өлкелік партия конференциясы жер мәселесін арнайы қарап, қарарында "жерге орналастыру саласында ең алдымен байырғы халық, әсіресе олардың отырықшыланып жатқандары жөнінде міндет қойылатын болсын" деп көрсетіп, қазақ шаруаларын жермен қамтамасыз етіп алғанға дейін ішкі Ресейден Қазақстанға өз бетінше қоныс аударушылар легін шектейтін шаралар белгіледі. Сонымен бірге конференция "отырықшы еңбекші шаруа халықтың, шағын ұлттардың, әсіресе олардың кедей және орташа бөлігінің талап-тілектері назардан тыс" қалмауын тура деп тапты50. Қай тұрғыдан алғанда да, құқықты бұл шешімнің іске асуы жеңілге түскен жоқ. Оған алдымен, әрине, қоныс аударып келушілер қарсылық көрсетті. Мәскеуге олардың өкілдері ағылды. Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінде, Егіншілік Халық Комиссариатында ол өкілдіктердің шағымына "іш тартушылар" жеткілікті еді. Көп ұзамай Орталық Партия комитеті мен Орталық Тексеру комиссиясы жіберген өкілдер Қазақстанға келіп, жергілікті жағдаймен танысты. Ал 1926 жылы 26 ақпанда Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті Қазақстандағы жергілікті басшылықпен көп кеңесіп жатпай-ақ, V Өлкелік партия конференциясында бекітілген жерге орналастыру шараларын жоққа шығаратын арнайы қаулы қабылдады. Өз ретінде орталықтың қолдауына сүйеніп Голощекин VІ Өлкелік партия конференциясында Қазақстанда жерге орналастыру процесін ұлттық негізде емес, таптық негізде жүргізу туралы қарарға жол ашты. Қарарда өткен V конференция қарарында көрсетілген "жерге орналастыру саласында ең алдымен байырғы халық, әсіресе олардың отырықшыланып жатқандары жөнінде міндет қойылатын болсын" деген анық та түсінікті сөйлемді "жаппай жерге орналастыруда қазақ халқының (батырақтар, кедейлер және әлсіз орташалар) басымдық правосы сақталады" деген солқылдақ және бұлыңғыр сөйлем ауыстырды51. Бұл іс жүзінде қазақ еңбекшілеріне Қазан революциясы берген заңды артықшылықтарды жоққа шығару болатын. Мұндай рухтағы қарарға республика Халкомдар Кеңесінің төрағасы Н.Нұрмақов, үзілді-кесілді қарсы шықты, ал Егіншілік халкомы Ж.Сұлтанбеков оны переселен шенеуніктерінің қолынан шыққан "отаршылды" сипаттағы құжат есебінде бағалады. С.Сәдуақасұлы "Большевик" (1928, №1) жұрналындағы мақаласында: "Ескі билікті" переселен шенеуніктері, қазіргі РСФСР Наркомземнің мамандары қайтадан өздерінің отаршылдық бастарын көтеріп отыр. Чермактар мен Чиркиндер, Рудиндер және басқалар "территорияларды анықтау" деген жамылғымен тіптен Смирнов пен Калинин жолдастардың өздерінің де коммунистік жанын лайлайтын түрі бар", - деп жазды. Бұл арада көңіл аударуға лайық мынадай жай бар. Ғасырлар бойы өз шешімін таппай келген жер мәселесі Қазақстанда революциядан кейінгі алғашқы кезеңде ұлттық принцип негізінде шешілуі толық құқықты еді. Мәселен, кезінде патша шенеуніктері күштеп тартып алған құнарлы жерлерді өз иелеріне қайтару, ішкі Ресейден жер аударушылар легіне шек қою, т.с.с. Жер мәселесін патша шенеуніктері етігі астында езілген жергілікті халықтың еркі бойынша емес, барлық республикалардағы өзекті мәселелерді өз қалауынша шешіп отыруға тырысқан Мәскеудегі орталық билік орындарының ұсынған жобасы бойынша шешуді мақсат тұтқан Голощекин "таптық принципті" желеу етіп қазақ еңбекшілерінің заңды талабын аяқ асты етті. Ал өзінің бағытына қарсы келгендерді "буржуазиялық ұлтшылдар" есебінде айыптады. Бұл ретте оның қаһарына бірінші ілігіп, қуғындауына ұшыраған Егіншілік халкомы Жағыпар Сұлтанбеков болды. Голощекин VІ Өлкелік партия конференциясында жасаған баяндамасында Сұлтанбековтың КСРО Ғылым академиясы жанынан құрылған Қазақстандағы жер нормасын анықтау комиссиясының мүшесі Ә.Бөкейханға барып жолығуына мынадай баға берді. "Сұлтанбеков жер нормасын анықтау үшін Мәскеуге барып, нұсқаулар алу үшін Өлкелік Комитеттің жауапты хатшысына жолықпай, Әлихан Бөкейханға жолығады. Бұл масқара емес пе?"52. Ал бұл хабарды Өлкелік Комитетке "дер кезінде" жеткізген М.Төлепов болатын. Ол хатында: "Үстіміздегі жылдың шілдесінің соңында Егіншілік халкомы Сұлтанбеков жолдас Қырымға бара жатып Мәскеуге тоқтады. Сұлтанбеков жолдас заттарын қонақ үйінде қалдырып, тура сол күні Әлихан Бөкейханға барып ...кешті сонда өткізді. Таңертең олар әңгімелерін тағы да жалғастырады. Бөкейханға жолыққаннан кейін ол Төреғожин және Төлеповпен әңгімелескенде былай дейді: "Әлихан Швецовпен сөйлесіп, ойланғандай етіп бітіруге уәде берді". Әңгіме орталықтағы мекемелер келіспей отырған Қазақстандағы жер нормасы хақында болатын. Менің ойымша, партияның күрделі ішкі істерін Алашорда басшыларымен талқыға салуға болмайды. Өйткені соның нәтижесінде, партия қарарына, әсіресе Егіншілік халкомы сияқты аса маңызды мекемелерге большевиктер идеологиясына жат өте реакциялы алашордалық идеологияның енуі әбден мүмкін, ал ондай жағдайда біздің жұмысымыз қиындай түспек"53. Бұл, әрине, Голощекинге таптырмайтын материал еді. Ол жер мәселесінде қазақ коммунистері ауытқушылық жіберіп отыр, ал ол ауытқушылықтың негізгі көрінісі бірінші кезекке таптық емес, ұлттық факторларды қоюларында, сөйтіп алашордалықтардың жер жоспарын іске асыруға күш салуларында деп көрсетті. Жергіліктендіру саясатында да Голощекин шамамен осындай бағыт ұстанды, әдістерін де көп жаңғырта қойған жоқ. Оған нақты фактілерді талдай отырып жеңіл-ақ көз жеткізуге болады. Сәдуақасұлы өзі қызметте жүрген ортада жергіліктендіру саясатының маңызын терең түсінген қайраткерлердің бірі еді. Ол үшін мемлекеттік және партиялық аппаратты жергіліктендіру мекемелердің басына, Голощекин айтқандай, қазақ қызметкерлерді отырғызу, іс қағазын қазақ тілінде жүргізу емес-тін. С.Сәдуақасұлы үшін Қазақстандағы мемлекеттік және партиялық аппаратты жергіліктендіру ғасырлар бойы отарлық езгі мен кіріптарлықта болып, ұлттық мемлекеттігінен айырылған қазақ еліне, оның аяқасты болған ұлттық мүддесін қорғайтын, яғни жоғын жоқтап, қиюы қашқан шаруашылығы мен қамқоршысы жоқ мәдениетіне сүйеніш, қорған бола алатын мүлдем жаңа сападағы ұлттық мемлекет құру еді. Ал осы жылдары бұл ұлы мақсатқа жету мүмкіншілігі қандай еді? 1920 жылы Қазақ автономиясының құрылуымен төбесін көрсеткен бұл меже осы онжылдықтың ортасынан бері қарай ұзап сала берді. Патшалық тәртіп жағдайында ұлттық егемендік үшін аянбай күрескен ұлттық интеллигенцияның алғашқы буынының, оның артын ала саяси күреске араласып, кеңестік билікпен ымыраға келіп, тағы да сол ұлттық егемендікті көздеген келесі буын өкілдері С.Сәдуақасұлы, С.Қожанұлы, Ж.Мыңбаевтардың саяси өмірден аласталуы соның айғағы болатын. Бұл процестің негізгі себебі жалпы одақ көлемінде барлық өмір саласына бойлап ене бастаған большевиктік идеологияда тар таптық мүдденің үстемдік алып, оның есесіне жалпыадамдық, ұлттық қадір-қасиеттердің кейін ығыстырылуында. Өз ретінде айта кетелік, жаңа билік саясатындағы бұл бір жақтылықты ұлттық интеллигенцияның алғашқы буыны, яғни ұлт-азаттық күресте қалыптасқан интеллигенция өкілдері өз уағында тура тани алды. А.Байтұрсынұлы "Қызыл Қазақстанда" жарияланған мақаласында: "Бауырмал қазақ қалам қайраткерлері... бейбауырмал үкіметке еріп қазақ елін пісіріп, жегізе алмайды", - деп жазды54. Егер жергіліктендіру төңірегінде қызу айтыс жүрген 20-жылдардың орта тұсына келсек, Қазақстанда бұл міндетті іске асыру жолында көлденең тұрған екі ірі кедергіні байқауға болады. Олар, біріншіден, жергілікті халықтың арасында жаңа қалыптаса бастаған кеңестік аппаратта істей алатын сауатты адамдардың, білгір мамандардың тым тапшылығы болса, екіншіден, ескі мемлекеттік аппараттан қалып, жергіліктендіру процесіне шама-шарқынша қарсы әрекет жасаған европалық қызметкерлердің буыны еді. С.Сәдуақасұлы, оның оппоненттері дәлелдеуге тырысқандай, қазақ қоғамының сауаттылық деңгейін, маман кадрлардың жетімсіздігін есепке алмастан тез арада "партия аппараты мен кеңес аппаратын халықтың ұлттық құрамының пропорциясына қарай" қазақтандыруды талап етті деуі шындығында жала болатын. Мұндай пікірдің негізсіз екендігін С.Сәдуақасұлы Оқу-ағарту халкомы ретінде де, Өлкелік партия комитетінің бюро мүшесі ретінде де іс жүзінде жетерліктей дәлелдеп берді. Жоғарыда айтылған Өлкелік партия комитетінің 1926 жылғы қараша пленумында Голощекиннің жергіліктендіруге байланысты өзінің атына айтқан түрлі айыптауларына жауап берген С.Сәдуақасұлы: "Кейбір жолдастарға нақты мүмкіншілікті, адам күшінің бар-жоғын, т.с.с. жағдайларды есепке алмастан жергіліктендіруді (100% бересің) ұсынып отырсың деп айып тағатындай айқайлап тұрған ауытқушылық біздің Бюро ішінде болған емес", - деп көрсетіп, ал жергіліктендіру барысын арнайы қараған Бюро мәжілісінде бұл ойын анықтай түсіп былай дейді: "Менің пікірімше, бұл мәселенің төңірегінде қажет қоғамдық пікір әлі қалыптаспаған... Мен бізде "жергіліктендіру" деген сөз нені білдіреді, "жергіліктендірудің" маңызы неде, т.с.с. мәселелер жеткілікті дәрежеде көтерілмей отыр деген бір қазақ газетінің бас мақаласында айтылған оймен келісемін. Өлкелік Комитет қабырғасында біз жергіліктендірудің не екенін анықтадық, бірақ ол бұқаралық қоғамдық пікір түзегендік емес. Егер бүкіл аппарат тек қазақтардан ғана тұрса, біз осыны жергіліктендіру деп мойындай аламыз ба? Қызметтес адамдар бұл жергіліктендіру емес деп айтып жүр. Мен де олармен келісемін. Жарайды, аппаратта тек қазақтар ғана отыр делік, ал егер олар сол аппаратты қалың бұқараға қызметке қоюда түк бітіре алмаса, ондай жергіліктендіруден не пайда?"55. "С.Сәдуақасұлы жергіліктендіруде процент қуып жүр" деген айыптау да тым бір жақты пікір болатын, анығырақ айтқанда, жаланың өзі еді. "Қызыл Қазақстандағы" мақаласында С.Сәдуақасұлы осы сипаттағы жалаларға жауап беріп, "Қазақтандыруда процент ешқандай да роль атқармайды" дей келе, одан соң мынадай ойды айтады: "Қазақстанда қайсыбір уездердің тұрғындарының 90%-ы қазақтар, ал мекемелердегі қызметкерлердің басым көпшілігі басқа ұлттардан. Қазақтармен мекеме орыс тілінде сөйлесіп отыр. Міне, осындай жағдайларды мысал етіп алып, қазақтандыру ісінің қаншалықты баяу іске асып отырғандығын айтсақ, сені процентті қуасың деп айыптайды. Проценттер мәселенің түйіні емес, бірақ оларды да ұмытуға болмайды. Тұрғындарының 90%-ы қазақтардан тұратын уездердегі мекемелердің орыс тілінде қызмет етуі қандай принциптерге сай келер екен?"56. Ескі патшалық отарлаушы аппараттың жұмысымен таныс С.Сәдуақасұлы оның халықты жақсы мінезінен, салт-дәстүрінен айырып, бойында құлдық қасиеттердің тамыр жаюына жағдай туғызатынын терең түсініп, білді. Оның түсінігі бойынша, жаңа мемлекеттік биліктің негізгі міндеті халықты рухани құлдықтан құтқару, еңбекші бұқараның тек таптық қана емес, сонымен бірге ұлттық мүддесін де қорғайтынын сөз жүзінде емес, іс жүзінде де дәлелдеуі керек. Осы ойды айта келіп, ол "Еңбекші қазақта" жариялаған мақаласында нақты мысал келтіріп, төмендегідей пікір білдіреді: "Мысал үшін мынадай бір сөз айтайық: қазақ базарға сатуға сиырын алып келді. Расписка қазақша жазылған. Оны қазақша білмейтін милиция дұрыс деп таппады. Алған расписканы орысша жазып әкел деді. Жай қарағанда, бұл, әрине, ұсақ нәрсе. Ұлттық психология жағынан тексерсек, бұл үлкен жұмыс. Қазақша жазылған расписка жарамағаннан кейін ана қазақтың жүрегінде өз ұлтының кім екендігі сезіледі. Оның көзінде қазақтың жұмысының бәрі орынсыз, осал секілді боп көрінетін болады. Ол өзінің күшіне өзі сенбеуге айналады. Оған басқа ұлттың алдында жасқаншақтық пайда болады, ол басқа жерде кеудесі көтеріліп, аяғын алшаң басып жүре алмайды"57. С.Сәдуақасұлы мемлекеттік аппаратты қазақтандыруды батыл қойып, ол процестің пәрменді жүруі үшін күрес жүргізгенде, арзан, бір күндік, тар таптық немесе жеке бастық мақсаттарды көздеген емес. Редактор қызметіне бекітілгеннен кейінгі өзі қол қойған "Еңбекші қазақтың" санында жариялаған "Ойланатын уақыт жетті" атты бас мақалада: "...Қазақ тілін іске асырғандағы біздің мақсат: қазақтың бір-екі оқығанын "төре" қылу, оларға ақша табу емес. Мекемеде отырған қазақ ауылда жатқан қара шаруа қазақпен байланыссын. Ауылдан біреу қалаға келсе, қара қазақ өз тілінде арыз етіп, өз тілінде жоғын жоқтап алатын болсын. Бұл сықылды жеңілдіктер біздің "қазақтандырған" мекемелеріміздің қолынан әбден келетін болсын.
Осы күнгі біз білетін мекемелер бұны істеп отырған жоқ...", - деп жазды58. Жаңа қалыптасып келе жатқан мемлекеттік аппараттың негізгі жұмыс принциптері, ұлттық мүдде тұрғысынан алғанда, С.Сәдуақасұлының сенімі бойынша, осындай негізгі талаптарға сай құрылуы тиіс еді. Біз қарап отырған кезеңдегі Қазақстандағы кеңестік мемлекеттік аппараттың бір ерекшелігі, оның қызметінде бұрынғы патшалық аппараттың сарқыншақтарының әлі де сақталып қалуы болды және ол ескі шенеуніктердің біразының әлі де қызметте жүруімен тікелей байланысты еді. Бұл мәселені де жоғары билікте жүрген қайраткерлердің арасынан өз уағында және өз дәрежесінде батыл көтеріп, нақты шараларды іске асыруды талап етушілердің бірі С.Сәдуақасұлы болды. Ол жоғарыда айтылған "Большевик" журналындағы мақаласында: "Шет аймақтардағы аппараттың бюрократиялық сипатта болуы оның ұлттық тілде сөйлей алмауымен ғана шектелмейді, сонымен бірге жалпы барлық кеңестік мемлекеттік аппаратта бұрынғы бюрократияның айтарлықтай үлкен-үлкен бөлігінің әлі де қызметте жүруіне байланысты. Шет аймақтағы бюрократ -жай ұғымдағы бюрократ қана емес, ол мылқау, өзі қызмет етіп отырған халықпен оның ана тілінде түсінісе алмайтын бюрократ. Міне, сондықтан да жергіліктендіру мәселесі бюрократиямен күрестің құрамды бөлігі бола тұрып, ұлттық республикалар жағдайында сонымен бірге ұлттық мағынаға ие болып отыр", - деп жазды. С.Сәдуақасұлы кезінде өз оппоненттерінің "С.Сәдуақасов пен оның серіктері үшін жергіліктендіру - мемлекеттік аппаратты 100% қазақтандыру" деген пікірінің жала екендігін көрсетіп дәлелдеді және нақты жауап беріп отырды. Бірақ өз уақытында, одан кейін де жетерліктей көңіл аударылмай, тарихи факті идеологиядағы солшылдықтың құрбаны болып кете барды. Болмаса Сәдуақасұлының жергіліктендіруге қатысты төмендегі ойы мәселенің егжей-тегжейінен толық хабардар және ол үшін жаны ауыратын саяси қайраткердің көңілге қонымды, салиқалы саяси бағыты болатын. "Біреулер ұлт өкілдері "талап етіп отырғандай" 100% жергіліктендіруге қарсы. Әрине, ол қисынсыз. Көпұлтты автономиялық республикалар жағдайында - ал біздің шет аймақтарымыздың басым бөлігі сондай - 100% жергіліктендіруді талап ету, бұл шын мәніндегі жергіліктендіруден басқа нәрсе. Бұл азшылық құратын ұлттарды, солардың ішінде, мәселен, Қазақстан тұрғындарының 35%-ын құратын орыстарды да басқару аппаратынан айыруды талап ету. Азшылық құратын ұлттардың мүддесін есепке алмайтын жергіліктендіру - жергілікті ұлтшылдықтың тұрпайы түрі, мұндай бағыт бой көрсете қалған жағдайда партия онымен күрес жүргізуге тиіс. Бірақ біз жергіліктендірудің нақты кедергілері турасында айтып отырмыз. Біз жол беруге болмайтын мынадай жағдай турасында айтып отырмыз: тұрғындары жергілікті ұлттан Шымкент қаласында (Қазақстан) 200 шамасындағы сауатты жергілікті ұлт өкілдері жұмыссыздық тіркейтін мекемеде есепте тұр (БОАК нұсқаулары. Ружейников пен Галли жолдастар, наурыз, 1927 ж.), ал аппарат болса, басқа да бюрократиялық қылықтарын айтпаған күннің өзінде, ештеме болмағандай өзге тілде жұмыс істеп отыр. Біз жергіліктендіру ісінің, әсіресе шығыс республикаларында, кешірімсіз баяу жүргізіліп отырғандығын айтып отырмыз. Іс бұл республикалардың мәдени дамуда артта қалуына келіп тіреліп тұрған жоқ, мәселе аппараттың қарсылығында да болып отыр"59. Бұл дәлелсіз айтылған сөз емес, оның негізінде республика жағдайынан кең және терең хабардар қайраткердің әбден көзі жеткен тұжырымы жатыр. Сондай-ақ жергіліктендірудің осындай құйтырқы жақтарын көрсетіп, онымен күресуге шақырған жалғыз С.Сәдуақасұлы емес-тін. Мәселен, 1926 жылы 24 ақпанда Өлкелік Комитет бюросында жасаған баяндамасында Ақтөбе губаткомының төрағасы Лекеров облыстағы жергіліктендіру мәселесіне тоқталып: "Қазақтандыру ісі европалықтар тарапынан үлкен қарсылыққа тап болып отыр. Оған жауап ретінде қазақ ұлтшылдығының өршуі әбден мүмкін. Мысалы, губжербасқармасында 10 шақты қазақ қызметкерлері бар еді, кейінірек үшеуі-ақ қалды, олардың өздері де кетейін деп жүр. Кету себебін сұрасаң, орыс қызметкерлерден қысым көргендіктерін айтады", -деп, жалпы Қазақстанға тән ортақ жайға қозғау салған еді60. Сонымен, С.Сәдуақасұлы сынының дұрыстығына жауапты хатшы Голощекиннің сөздерімен және басқа материалдармен танысып-ақ көз жеткізуге болады. 1926 жылы айтылған бұл пікірдің дәлелді және орынды екендігін кейінірек (1929 ж.) Қазақстандағы ұлттық саясаттың іске асу барысын ресми түрде тексеруге келген ЦКК-РКИ Комиссиясының баяндамасынан да байқаймыз. Онда ол сол кезеңде республикадағы ұлтаралық қатынастың шиеленісуіне түрткі болып отырған жағдайлардың бірі "аппараттың жеткілікті дәрежеде жергіліктендірілмей отырғандығы және бұл істе жіберілген қателіктер" екендігі айтылған61. С. Сәдуақасұлы белсенді саяси қызметте жүрген уақытта барлық деңгейдегі биліктің партиялық аппараттың қолына шоғырлану процесі жүріп жатты. Қазақстанда бұл процестің іске асу барысын Өлкелік Комитеттің, Өлкелік бақылау комиссиясының, Ф.И.Голощекиннің қызметінен анық байқауға болады. Голощекин Қазақстанға келген бетте орталықтағы үлгі бойынша Өлкелік Комитетті, оның губерниялық, уездік буындарын қалған ұйымдардың, мемлекеттік мекемелердің жұмысына бағыт беруші, олардың үстінен бақылаушы орындарға айналдыруға көп күш салды. Голощекин тұсында Қазақстанда өзегі партиялық иерархиялық жүйе болған әміршіл-әкімшіл басқару жүйесі біржола қалыптасты деп айтуға болады. Сондай-ақ бұл процесс өте ауыр жүріп, губерниялық партия ұйымдары мен атқару комитеттері Өлкелік партия комитеті мен Өлкелік орталық атқару комитеті, Өлкелік партия комитеті мен түрлі ведомстволар арасында болған дау-жанжалдарға ұласып отырды. Бұл кезекте Өлкелік Комитет ролінің шектен тыс күшейе түсуіне алғашқы қарсылық көрсеткендердің бірі Қазақ Орталық Атқару комитетінің төрағасы Жалау Мыңбаев болды. Шаруа әулетінен шығып, жұмыскер жолынан өткен ол республика өмірінде кеңестердің рөлін төмендетуге, күнделікті әлеуметтік, саяси және басқа мәселелерді шешуде Орталық Атқару Комитеті беделін әлсірете түсіруге жігерлі қарсылық білдіріп, Голощекин жұмыстан босатып, шыққан жері Адай уезіне қайтарғанға дейін өзі ұстанған бағыттан тайған жоқ. Мәселен, ол 1926 жылы қыркүйек Бюро мәжілісінде Голощекиннің шексіз билігін сынға алып былай дейді: "Соңғы уақытта Мыңбаев ҚОАК-де отырып көп жұмыс тындырып жатыр деген пікір бар. Мүмкін, солай да шығар... Бірақ біз Голощекин жолдастың келісімін алмай ешқандай да мәселені шешкен емеспіз. Егер ол сыртта болса, біз телеграф арқылы рұқсатын сұрадық, ал жауап келмесе, онда оның қайтып келуін күттік". Одан ары: "Голощекин жолдас соңғы кезде қателесетін болып жүр", - деп, ал оның көрінісі ретінде қазақ коммунистеріне сенімсіздікпен қарайтындығын, ал кадр мәселесін Өлкелік Комитетте, Бюрода кеңесу арқылы емес, керек адамдарды жеке өзіне шақырып алып сөйлесу арқылы шеше бастағанын айтып: "Сонда қалай, бізден еңбекші бұқараға көрсетіп қою үшін қажет қуыршақ жасағыңыз келгені ме?", - дейді. Негізгі қарсыласы С.Сәдуақасұлымен бірге аппараттық диктатқа қарсы шыққан ҚОАК Төрағасын "...Мыңбаев жолдастың жұмыс бөлмесі ұйымдық-орналастыру бөліміне айналып, бірқатар жолдастар Өлкелік Комитетке жазуды қойып, Мыңбаев жолдасқа жазатын болды, сөйтіп ол өзін Өлкелік Комитетке қарсы қоятынды шығарды", "Қожановпен бірге августық блок құрды" сияқты жалаға жақын сөздерді айтып, Мыңбаевтың сөз арасында "қазақ елін жаңа жолға ерлер алып шығады" деген сөзін әдейі бұрмалап, "қазақ халқын жаңа жолға партия емес, Адаевскіден шыққан ерлер алып шықпақ" деп мысқылдап, күлкі етпек болды. Тіптен ол мұнымен де шектелмей, тек өз айтқандарының ғана дұрыс екендігіне үлкен сенімділікпен қарап, сондықтан да Мыңбаев сияқты жергілікті коммунист-басшыларды үйрету, оқыту құқығына ие екендігін жасырмай және Қазақ Орталық Атқару Комитетінің Төрағасымен мәмілеге келгісі жоқ екендігін ашық білдіріп, пленумда: "Мен сізге көп үйреттім, одан ештеме шығатын емес", - деп түйді. Тарихи құжаттарға қарағанда 1925-1926 жылдары Қазақстанда барлық буындағы партия ұйымдары мен кеңестердің атқару комитеттері арақатынасында өзара келісе алмаушылықтың орын алғанын, тіптен оның жиі шиеленістерге ұласып отырғандығын байқауға болады. Мәселен, Өлкелік партия комитеті бюросы деңгейінде қаралған мұндай фактілер қатарына Ақтөбе губкомы (Беккер) мен губаткомы (Лекеров), Сырдария губкомы (Фомин) мен губаткомы (Мұстамбайұлы) араларында орын алған шиеленістерді жатқызуға болады. Сырдария губкомының жауапты хатшысы Фомин мен губаткомның төрағасы Мұстамбайұлының арасындағы дауды арнайы қараған Өлкелік партия комитеті бюросында сөйлеген сөзінде С.Сәдуақасұлы бұл мәселенің қатардағы немесе бірер ғана факті еместігін, Өлкелік Комитет губерниялық партия ұйымы бірінші хатшысы мен губерниялық атқару комитеті төрағасы арасындағы дауды алғаш рет қарап отырмағандығын айтып: "Мұндай дау, бірін де сау қалдырмастан, біздің барлық губернияларда болып өтті. Әлі есімде, бұдан бірнеше жыл бұрын ол Ақмолада, бір жылдан көбірек бұрын Семей губерниясында, оның артын ала Ақтөбеде, одан кейін, қысында Оралда, ең соңында Жетісу губерниясында болды. Олардың бірінде ол ұлтшылдықпен, енді бірінде өз міндетін атқара алмайтындармен, ал басқасында - топшылдықпен күрес туын жамылды. Бұл түрлі айыптаулар мәселенің тек сыртқы жамылғысы ғана. Ал шын мәнінде, сөз күнделікті тіршілігіміздегі трагедия жөнінде... өмір мен өлім мәселесі төңірегінде болып отыр... Осы сияқты мәселелерді қарауға қатысқан сайын, шынымды айтсам, жүрегімді бір зіл басады. Мен бірде Голощекин жолдасқа Өлкелік Комитеттегі жұмысымның негізгі атқарып жүрген міндетіме кедергі жасайтындығын айттым. Егер маған осындай отырыстарда отыруды немесе мектепте дәріс оқуды таңдатса, мен сөзсіз соңғысын қалаған болар едім. Бұл менің терең сенімім. Біз осы не үшін жаға жыртысып, құлшына күресіп жатырмыз? Ал осы бүгінгі шындыққа тереңірек зер салған кісі бар ма? Қазақстанның өзінше ресублика болғанына, міне, 6 жыл, ал кеңес билігіне - 9 жыл, біздің жетістіктерміз қайда, біз қайда барамыз, кейін не ілгері ме, жоқ әлде орнымызда тұрмыз ба?", - деп, сауал қойып, нақты оқиғалардың көрсетуіне сүйенсек, ұлтаралық мәселелерді шешуде кері кетіп барамыз деген қорытынды жасайды. Өлкедегі партия ұйымдары мен атқару комитеттері арасындағы бұл шиеленістің көзге ұрып тұрған екі себебін байқауға болады. Біріншіден, партия ұйымдары уездік, губерниялық, республикалық көлемде жеке-дара билікке ұмтылды. Ал бұл шара өз ретінде кеңестердің табиғи наразылығын тудырды. Екіншіден, сол кезеңдегі Қазақстанда губерниялық партия ұйымдарының бірінші хатшылары, бақылау комиссияларының басшылары негізінен орыс және басқа европалық ұлттардың өкілдерінен тұрды да, губаткомы төрағалары қазақтардан еді. Бұл жағдай, өз ретінде ұлттық интеллигенция арасында республикадағы шын мәніндегі саяси биліктің ұлттық сипаты хақында түрлі пікірлер туғызды. Өз ретінде барлық басшылық буын деңгейінде партия рөлінің арта түсуіне байланысты мемлекеттік аппаратпен қатар партиялық аппаратты да пәрменді түрде қазақтандыру мәселесі қойылды. Бұл өмір талабы еді. Соған байланысты өз уақытында бұл өзекті мәселені көтерген С.Сәдуақасұлы мен Ж.Мыңбаев үлкен сынның қыспағына ілікті. Бұл ретте де белсенділік танытқан О.Исаев, І.Құрамысов, Ғ.Тоғжанов сияқты солшыл коммунистер болды. Олар С.Сәдуақасұлы мен Ж.Мыңбаевтың жергіліктендіруді партия ұйымдарынан бастау туралы ұсыныстарын сынға алып, олардың бұл пікірін партияның ұлт саясатындағы ұстанған бағытына қайшы келетін ой есебінде бағалады. С.Сәдуақасұлы Ғ.Тоғжановтың осындай мазмұндағы ойына жауап беріп, партия ұйымдарының, бақылау комиссияларының басшылары қазақ болмасын деген қағиданың ешқандай да партиялық құжаттарда жоқ екендігін, ал егер қазақ коммунистері ондай басшылық қызметте істей алмайтындығы туралы тұжырым жасалынса, онда қазақ автономиясы пайда болғаннан кейінгі кезеңде олардың топшылдықтан өзге ештеме де үйренбей, өспей қалғандығы деп көрсетті. "Біздің пікірімізше, - деп түйеді ол, қазақ коммунист партия комитетін де, бақылау комиссиясын да басқара алады, партияның бағыты оған қарсы емес"62. Өз ретінде айта кетелік, губерниялық масштабта партия ұйымдары мен атқару комитеттері арасындағы егес арнасында пайда болған "Сырдария немесе Мұстамбайұлы ісі" 20-жылдардың соңындағы Қазақстан Компартиясы тарихының қаралы беттеріне жатады. "Ұлтшыл ауытқушылық" және "троицкистік оппозициямен" күрес жамылғысын жамылған бұл іс, шын мәнінде, партия қатарындағы еркін ойлаушылықпен, Өлкелік Комитеттің ресми бағытынан өзгеше, тәуелсіз бағыт ұстаушылармен жүргізілген күрес науқанының жиынтық көрінісінің бірі болатын. Губком хатшысы мен губаткомның төрағасы арасындағы шиеленіс жергіліктендіру мәселесі негізінде пайда болды. Ы.Мұстамбайұлының Түркістан, Қазалы уездеріндегі жергіліктендіру процесіне пәрменділік беру әрекеті губком хатшысы Фомин мен Голощекин тарапынан топшылдық есебінде бағаланды. Бұл сол кездегі жиі қолданылатын және кең тараған әдіс болатын. Мәселені Өлкелік Комитеттің Бюро мәжілісінде талқылау барысында Бюро мүшелері әдеттегідей екіге бөлініп кетті. Оның бір жағында губатком төрағасы әрекетінен топшылдықты көрушілер (Голощекин, Исаев, Құрамысов) тұрса, екінші жағында губком хатшысы ұстанған бағытты ұлыдержавалық шовинизм көрінісі есебінде бағалаушылар (С.Сәдуақасұлы, Ж.Мыңбаев) тұрды. Осы арада принциптік маңызы бар мынадай бір мәселеге тоқтала кету парыз. Голощекин біз әңгіме етіп отырған сипаттағы істерге сол кезеңдегі күрделі Қазақстан шындығынан тамыр алатын құбылыс ретінде қарамай, жалқы, жеке адамдар арасындағы бақастық есебінде қарады. Сондай-ақ мұндай шиеленістердің тууының негізгі себептерінің бірі қазақ коммунистердің топшылдық күреске бейімділігінен деп түсіндірді. Ал осы сипаттағы губерниялық Өлкелік дауларды тексерген Бақылау комиссиясының Морозов, Титов сияқты басшылары Голощекин ұстанған бағытты ұстанды, істі жауапты хатшының көзқарасына бейімдеп жүргізді, сөйтіп бейтарап, тәуелсіз орын болудың орнына, іс жүзінде Өлкелік Комитеттегі "иесінің" қол шоқпарына айналды. "Сырдария ісін" Өлкелік Комитет, Бақылау Комиссиясы тарапынан тексеру тура осы арнада жүрді. Голощекиннің Бюро мәжілісінде мәселенің өзі ойлағандай шешілетіндігіне сенгендігі сондай, тіптен алдын ала Қазақ Орталық Атқару комитеті төрағасымен келіспей-ақ, Мұстамбайұлының орнына бекітуге жаңа адамды даярлап та қойды. Қызу айтыспен өткен Бюро мәжілісінде Ж.Мыңбаев пен С.Сәдуақасұлы Голощекин мен Бақылау комиссиясы басшылары әрекетін әшкерелей сөйледі. Ж.Мыңбаев Сырдария губерниясы басшылары арасындағы қатынастың шиеленісуіне түрткі болған Өлкелік орындардың араласуы, ашықтан ашық Фоминді қолдауы болып отырғандығын ескерте келіп, "біз Өлкелік Комитет оңбай тұрғанда губерниялық орындарды кінәламауымыз керек. Губерниялық мекемелерді сауықтыру үшін, алдымен Өлкелік мекемелерді айықтырып алуға тиіспіз", - деді. С.Сәдуақасұлы Өлкелік бақылау комиссиясының (Морозов) Мұстамбайұлымен сөйлесіп, пікірін білмей жатып-ақ оны топшылдықпен айыптап, қызметінен босату туралы ұсыныс енгізгенін, сондай-ақ ұлттық кадрларға қарсы бағытталған мұндай лас істерінің жалғыз бұл еместігін, ал егер облыста келеңсіз істер орын алып отырса, алдымен губерниялық партия комитетінің жауапты екендігін баса айтты. Фомин мен Мұстамбайұлы арасындағы дау республика өмірінде орын алып отырған ортақ жайдың көрінісі емес, тек жеке бас бақастығы екендігін дәлелдеуге тырысқан Бюро мүшелігіне кандидат Құрамысов: "...неге бізде осы Қазақстанның ерекшеліктері, бұл арада мәселен, Сырдария губерниясының ерекшеліктері есепке алынбай отыр деген сөздер көп айтылады. Қазір, міне, оны Мұстамбаевтан естіп отырмыз", -деп, Голощекиннің ойынан шығуға тырысты. Исаев үйреншікті әдетімен Сәдуақасұлының сөзіндегі қайшылықтарды талдап: "Сәдуақасов жолдас үшін Қазақстанның ілгері бара жатқаны немесе кері кеткені, әлде орнында тұрғаны түсініксіз. Бұл сауалды қоюда сіз пионер емессіз. Шешімдерді жүзеге асырып, ілгері жылжуға кедергі жасап отырған бюро мүшелерінің бірі өзіңізсіз. Бүгінгі мәжілісте стенограмма жүргізіліп отыр, демек, осында айтқан сөздеріңізден бас тарта амайсыз", -деп ескертіп, Сырдария дауы "жалпықазақтық мәселе емес", одан "ұлтаралық кикілжіңді" іздеу де қисынсыз, жалпы "Сырдария ұйымы топшылдардың, Қазақстандағы ең ескі қазақ топтарының бесігі, қазір тағы да соның бірін даярлап отыр. Мұны даярлап, ұлтаралық, жалпықазақтық мәселе қойғысы келгендердің көздегені іске аспай қалды", -деп көрсетті63. "Жаңа типтегі" коммунист қазақтардың айтқан ойлары жауапты хатшыға олардан да батылырақ тұжырым жасауға негіз болды. Ол: "Сырдария губерниясында бар дерт, шемендер Қазақстандағы басқа бірде-бір губернияда жоқ", оларды жасап отырған топшылдар, ал топтардың "басында байлар ғана емес, сауда капиталы да тұр", - деп жариялады64. Жергіліктендіру барысында жіберілген қателіктер, әсіресе ескі бюрократияның, шовинистік пиғылдағы күштердің қарсылығы кеңес, партия ұйымдарында ғана емес, тіптен комсомол ұйымдарында қызметте жүрген европалық және жергілікті халық өкілдері арақатынасына да жарамсыз ықпалын тигізді. Сондай оқиғаның бірі, яғни Өлкелік комсомол комитетінің бюро мүшелері Игенов пен Черный арасындағы дау Өлкелік партия комитетінің Бюро мәжілісінде қаралды. Түсінікті болу үшін айта кетейік, мәселені бюро талқысына қоюды ұсынған С.Сәдуақасұлы болатын. Өйткені дау басында өз бағытының жеңіп шығатынына көзі жетпеген Игенов Өлкелік Комитетке хатшылықтан босатуды өтініп арыз жазады. Голощекин екі арадағы дауды секретариатта қараумен шектелуді жөн көреді. Даудың саяси астарын басқаша түсінген С.Сәдуақасұлы оны бюрода қарауды талап етеді. Мәселені бюро талқылауына қоюға мәжбүр болған Голощекин енді оны жалпықазақтық контекісте емес, тек жеке бас бақастығының көрінісі ретінде талқылауға күш салады. Бұл оның жиі қолданатын әдістерінің бірі, ауыр, күрделі мәселені нақты қараудан саналы түрде кету жолы болатын. Бірақ ол мәселені тек осы бағытта әділ қараумен шектелсе, өкініш болмас еді. Жауапты хатшы осы сипаттағы дауда кінәні қазақ кадрларына аудара салуды, сөйтіп оларды оппоненттеріне жығып беріп, сағын сындыруды әдетіне айналдырған еді. Бізге белгілі материалдардан Голощекиннің бірде-бір европалық кадрды шовинистік пиғылда айыптаған сөзін кездестірген жоқпыз. Оның есесіне жауапты хатшының Өлкелік партия конференциялары мен Өлкелік Комитет Бюросы мәжілістерінен бастап түрлі үлкенді-кішілі жиылыстарда сөйлеген сөздерінде қазақ қайраткерлерінің екеуінің бірі "ұлтшыл", "топшыл" жарияланып жатты. Оның түсінігі бойынша сондай топшылдардың бірі Өлкелік комсомол комитетінің хатшысы Игенов еді. Бюро мәжілісін жүргізіп отырған Голощекин даудың шығу себебіне бармай жатып-ақ ә дегеннен Игеновті кінәлап: "Үлкендерден үлгі алған Игенов топшылдық жолына түскен. Біз қарап отырған мәселе соның салдары", - деп салды. Бірақ ол Черныйдың Өлкелік комсомол комитетінің құрамы тең елу проценттен европалықтар мен қазақтардан тұруы керек деген талабын есіне де алған жоқ. С.Сәдуақасұлы, керісінше, бұл мәселеден жеке бас бақастығын да емес, топшылдыққа бейімділікті де емес, сол кезеңдегі Қазақстанның саяси өміріне тән типтік құбылысты көрді, ал топшылдықпен айыптау Қазақ Өлкелік Комитетінің саяси бағытымен келісе алмайтындармен күрес әдісі, айласы деп түсінді және ол пікірін анық-ашық айтты да. "Мен бұл мәселені Голощекин жолдас айтқандағыдан анағұрлым күрделі мәселе деп санаймын, - деді ол сөзінде, - қалай болғанда да іс өзара бақастықпен немесе жұмыс басында келісе алмаушылықпен шектелмейді... Бізде "топшылдық" деген сөзді біреулер көлікке айналдырғандай сыңай байқалады. Ондай пиғылдан бас тартатын уақыт жетті ғой! Осы тұрғыдан алғанда менің Голощекин жолдасқа қояр кінәм бар. Голощекин жолдас Игенов топшылдықты үлкендерден үйренді дейді. Үйренген де шығар, бірақ соны осы бюро мәжілісінде комсомол мәселесіне байланысты айту қаншалықты орынды бола қояр екен? ...Мен осыған дейін де айтқанмын, қазір де айтамын, ешқандай да топтар жоқ, тек жағдайға риза емес наразы адамдар бар екені рас. Осында Игенов, Нұрпейісов және басқаларды комитет құрамын процентпен өлшеді, олар қазақтардың санын 80 пайызға жеткізуді ұсынды деп айыптады. Ал шындығында ше? Бұрын комитет құрамында қазақтар 53 пайыз болса, енді 52 пайызға төмендеген. Мүмкін болса неге 80 пайызға жеткізбеске? Ол туралы неге айтпаймыз?"65 Сонымен, Голощекиннің мәселені секретариатта қарап, Игеновтың "топшылдық", "ұлтшылдық" пиғылын бетіне басу әрекеті іске аспады. Игенов жұмысында қалды. Бірақ, бюро материалымен таныса отырып, Өлкелік Комитеттің барлық салада алдымен ұлыдержавалық шовинизм көріністерімен емес, керісінше жергілікті "ұлтшылдықпен" пәрменді күрес жүргізгенін байқау қиынға түспес еді. Ал "топшылдық", "ұлтшылдық" сияқты айыптаулар оның бұл мақсаттағы негізгі және қуатты қарулары болды. Жергіліктендіру саясатында өзі ұстанған бір жақты бағытқа қарсы келгендерді ол осы қаруларын емін-еркін қолданып, жазалап отырды. Орталық болса оның қолын қаққан жоқ, қайта "жергілікті ұлтшыл", "сеператистердің" өз уақытында омыртқасын омырып отыру - оның ұлтаралық қатынас саясатының негізгі принциптерінің бірі еді.
Халық комиссары
Жоғарыда айтылғандай, Голощекин Қазақстанға келгенде, С.Сәдуақасұлы Халық ағарту комиссары және "Еңбекші қазақтың" жауапты редакторы қызметтерін қатар атқарып жүрген. Халық ағарту комиссариаты бұл кезде республикадағы ең ірі комиссариаттардың бірі болатын. Оған оқу орындары түгелдей, театр және өнер, ғылым және баспа өндірісі қарады. Республика өмірінде бұл комиссариаттың рөлінің жоғары болуы оның әлі де болса ұлттық көпшілік құратын жергілікті халықтың күнделікті тыныс-тіршілігімен, ұлттық санасының жаңғыру, өсу процесін бастан кешіруімен тығыз байланыста болуында еді. Міне, осы тұрғыдан алғанда, бұдан бұрын А.Байтұрсынұлы, А.Кенжин сияқты белгілі қайраткерлер істеген оқу ағарту халкомы қызметіне С.Сәдуақасұлының келуі де, әрине, кездейсоқ емес-тін. Тура сол тарихи кезеңде Қазақстандағы Оқу ағарту жүйесінің ең өзекті мәселелерін, даму тенденцияларын жақсы білетін және оларды тарихи және сол жылдардағы әлеуметтік ахуал контекісінде қарап, тура шешімдер қабылдай алуға даяр басқа қайраткерлерді табу қиын еді. Бірақ, өкінішке орай, С.Сәдуақасұлына бұл мемлекеттік қызмет саласында өзінің творчестволық қабілетін толық ашуға, сол арқылы өз идеяларын өмір жүзінде іске асыруға қажет алғышарттар жоқ болатын. Мәселенің ең негізгі деген жағын ғана айтайық. Бұл кезде оқу ағарту ісіне қажет көлемде қаржы бөлуге мемлекет мүмкіншілігінің шектеулігі, мұғалімдер тапшылығы мен оқу құралдарының жоқтығы, қоғамдық санадағы кертартпа көріністер сияқты басқа да көптеген объективті қиыншылықтарды есепке алмағанда, жаңа қалыптасып келе жатқан әміршіл-әкімшіл басқару жүйесінің де көлденең тартқан қиындықтары баршылық еді. Олардың ішінен, мәселен, партияның оқу ағарту ісіне ұйымдық-кадрлық тұрғыдан да және мазмұндық тұрғыдан да барған сайын терең араласуын бөліп айту қажет. Сондай-ақ ол тар таптық мүдде тұрғысынан іске асырылды. Бірақ бұл аталған жәйттердің бәрінен де жас халкомның белсенді қызметіне кері әсерін тигізген нәрсе - "Сәдуақасұлы "қазақ ауылында ескі патриархалдық қатынастарды сол күйінде сақтауды қалайды", "жастарды ескіден қол үзбеуге шақырып отыр", "алашордашыл", "ұлтшыл" сияқты айыптаулар тағу болды. Оның партияда жоқ кадрларға қамқорлығы, қазақ мектептеріндегі кемшіліктерді қатаң сынға алуы және басқа тар таптық ұғымға сай келе бермейтін іс-әрекеттері осы тұрғыдан бағаланды. Өзінің халкомдық қызметінде С.Сәдуақасұлының негізгі буын ретінде екі мәселеге аса үлкен назар аударғандығын байқауға болады. Олар жаңа талапқа сай мұғалімдер қалыптастыру және қазақ мектептерін оқулықтар, оқу құралдарымен қамтамасыз ету еді. Оқу ағарту халкомының сол тарихи кезеңдегі қазақ мектебінің өзекжарды мәселелері туралы, соның ішінде қазақ мұғалімдерінің негізгі міндеттеріне байланысты пайымдауларын оның "Еңбекші қазақта" (1926, 5 ақпан) жариялаған "Оқу ісінің кемшіліктері, оларға қарсы шаралар" атты мақаласынан айқын аңғаруға болады. Мақалада С.Сәдуақасұлы сол тұста қазақ ішінде 1107 бастауыш мектеп бар екендігін, оларда 50 000 бала тәрбиеленіп отырғандығын, ал сол шәкірттердің болашағы мұғалімдердің абыройлы жұмысына тәуелдігін айтып: "Мектепті түзейтін мұғалім. Мұғалім - мектептің ұстасы. Мектепті бұзатын да мұғалім. Балық басынан шіриді. Мұғалім жолынан таймай, мектеп бұзылмайды. Мұғалім деген қадірлі ат. Мұғалім қадірлі болғанда ғана мектеп көркейеді. Жұрт мұғалімді танымаса, оны сыйламаса, мектеп те жөнделмейді", - деп дәл басып көрсетіп, одан ары қазақ мұғалімдері арасында орын алып отырған кемшіліктер турасында үлкен жанашырлықпен баяндайды. Олар - жұртты да, үкіметті де алдайтын жалған мұғалімдік, әкімшілдік, атқа мінерлік. Ауылдағы мұғалім азаматтардың "нағыз үлкен істі, нағыз керекті істі дұрыстап қолға алудың орнына көбінің "әкімшіліктің соңында әлі далақтап шауып" жүргенін, ал осы сипаттағылардан "милицияға бастық боласың ба, мұғалім боласың ба? десе... алдымен милицияны таңдайтындығын айтып, өкініш білдіреді. Бұл оқу-ағарту халық комиссары тарапынан дер уағында айтылған орынды сын болатын. Бірақ С.Сәдуақасұлының оппоненттері халком пікірінен басқа астар іздеді, оны кеңес мектебін, кеңес мұғалімін мұқату, кемсіту мақсатында айтылған ой есебінде бағалады. Голощекинге, оның серіктеріне мақала мазмұнын осы тұрғыдан жеткізуге тырысты. Алайда Голощекиннің және оның орталықтағы әміршілерінің тынышын алған ауыл мұғалімдерінің мәдени және мамандық деңгейінің төмендігі, оларды саудагерлік пен күнделікті үй шаруасымен айналысуға мәжбүр еткен мардымсыз әл-ауқаты емес, қазақ шәкірттерінің білімді алаштық, партияда жоқ интеллигенттер жазған оқулықтар арқылы алғандығы еді. Оларға партияда жоқ интеллигенттердің математика, химия, биология және тіл пәндерінен дайындаған оқулықтарының өзі де буржуазиялық идеологияның ықпал құралындай көрінді. Тарихи шындық сондай, 20-30-жылдары қазақ мектептері мен педагогикалық оқу орындарында пайдаланылған оқулықтар мен оқу құралдарының авторлары негізінен партияда жоқ, кезінде "Алаш" қозғалысына белсенді атсалысқан ұлттық интеллигенция өкілдері болатын. Олардың қатарында А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, Ж.Аймауытов, К.Кемеңгеров, С.Асфендияров және басқа көптеген ғалым, жазушылар бар еді. Алаштық атанған интеллигенттердің үлкен тобы оқу ағарту комиссариат жүйесінде, ғылым, өнер, баспа орындарында, ұлттық баспасөзде жұмыс жасап жүрді. Оқу ағарту халық комиссары оларды өзі басқаратын жұмыс саласына кеңірек тартуды ашық және белсенді түрде жақтады. Одақ көлемінде, Голощекин басшылыққа келген соң республикада партияда жоқ интеллигенцияға қырын қарау, оларды белсенді қызметтен ығыстыру науқаны басталып кеткенде, С.Сәдуақасұлы, керісінше, партияда жоқ, алаштық интеллигенция өкілдерін қамқорлығына алды, қызмет берді. Оның бұл әрекеті Қазақ Өлкелік Комитетіндегі Голощекин бастаған солшыл топ тарапынан алашордашылдықтың, ұлтшылдықтың көрінісі есебінде бағаланды, ал Сәдуақасұлының өзі болса алашордашылардың кеңестік және партиялық аппараттағы өкілі санатына жатқызылды. Міне, сондықтан да Голощекин Өлкелік Комитет құрамынан орталықтың көмегімен Қожанұлын ығыстырған соң, енді қаруын келесі "ұлтшыл" С.Сәдуақасұлына қарай бұрды және бұл әрекетінде қазақ қайраткерлері арасындағы алауыздықты ұтымды пайдаланып отырды. Мәселен, Қожанұлымен күрес барысында, оның С.Сәдуақасұлымен арақатынасының нашарлығынан жақсы хабардар Голощекин соңғысын өз жағына тартып, араларын шиеленістіре түсті. С.Қожанұлының кейіннен Өлкелік Комитетке жолдаған хатында: "Сәдуақасов жолдас 1925 жылы менің ымыраға келмес қарсыласым болды. Жалғыз сол ғана менің қызметтен босатылуымды талап етті. Оның негізінде жеке бас бақастығы емес, саяси себептер жатты"66, -деген сөзі негізсіз емес еді. Бұл ойдың шындыққа жақын екендігін тәуелсіз басқа да құжаттардан байқаймыз. Мысалы, сол 20-жылдары белсенді партия және кеңес қызметінде болған Б.Аралбаев өзінің партиялық тазалау кезінде партия қатарынан шығып қалуына байланысты жазған арызында Қожанұлы мен Сәдуақасұлы арасындағы күрес туралы былай дейді: "Біз ол кезде Қожановтың қызметтен алынуына Сәдуақасов Смағұл жолдастың ықпалы болғандығын, енді Голощекин жолдас Қазақстанда Сәдуақасов жолдасқа сүйенетіндігін түсінгеміз"67. Бұл арада аталған екі қайраткердің өзара келісе алмаушылығына негіз болған саяси себептерді атап айту киын, өйткені ондай тұжырымға қажет құжаттар жоқтың қасы. Ал Голощекиннің Сәдуақасұлы мен Қожанұлы арасындағы қайшылықты өз мүддесіне пайдаланғандығы туралы материалды кездестіруге болады. Бұл жөнінде жоғарыда аталған Б.Аралбаев арызынан мынаны оқимыз: "Біз басқа да хабар естідік. Онда Сәдуақасұлы сол тұстағы Сырдария губаткомының төрағасы Мұстамбайұлы жолдасқа хат жазып, оны Сарымолдаев арқылы беріп жібереді. Хатта ол конференция барысында қожановшылдарды сұлатуды көздейтін Голощекиннің ұсыныстарын түгелдей өткізуді сұраған. Мұндай хабарды естіген біз Сырдария конференциясында қалай болғанда да Голощекин жолдастың ұсыныстарын өткізбеуге және сол арқылы Сәдуақасов жолдастың Сырдария Губерниясына ешқандай да ықпалы жоқтығын дәлелдеуге тырыстық"68. Голощекин С.Сәдуақасұлымен есеп айырысуды көпке созған жоқ. Өзі келген жылдың соңына қарай Өлкелік V партия конференциясын (1925, желтоқсан) өткізіп, жергілікті жағдайға біршама үйреніп алған соң, келесі, 1926 жылдың 17 және 24 ақпанында өткен Бюро отырыстарында алдымен Оқу ағарту комиссариаты жұмысын, артын ала "Еңбекші қазақтың" ұстанған бағытын талқыға салды. Бюро материалдарымен мұқият таныса отырып бұл талқылаулардың алдын ала даярланғандығын, түпкі мақсаты Өлкелік Комитетте, көпшілік арасында халком және редактор С.Сәдуақасұлы туралы жағымсыз пікір туғызуды көздегенін байқау қиын емес. Оқу ағарту комиссариатында жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесі бойынша баяндама жасаған Жұмысшы шаруа инспекциясы комиссариатының өкілі Смирягин бюро мүшелерінің назарын негізінен істің көлеңке жағына аударды. Әсіресе оған ұнамағаны қазақ мектептеріндегі оқулықтардың мазмұны еді. Ол оқулықпен европалық мектептердің 50 пайызы, ал қазақ мектептерінің 10-ақ пайызы қамтылып отырғандығы, ал қазақ мектептеріндегі оқулықтардың идеологиялық тұрғыдан жарамсыздығын, бастауыш сыныптарға арналған А.Байтұрсынұлы әліппесінің талапқа сай еместігін айтты. Бірақ бұлар негізінен істің байыбына бармастан айтылған сын еді. Баяндамашының оқулықтарды оқып шықпағандығы, олар туралы "көмекшілердің" пікірін айтқандығы түсінікті болатын. Бірақ 26-жылдың басында Голощекиннің бюродағы жағдайы әлі де тым нығая қоймаған. Көптеген ел тағдырына қатысты өзекті мәселелер бойынша Ж.Мыңбаев, С.Сәдуақасұлы және Н.Нұрмақовтың пікірлері бір жерден шығып жатты, оларды арагідік О.Жандосов, М.Тәтімов қолдап отырды. Ал Голощекинді қолдаушылар Ежов (Мәскеуге кеткенше), О.Исаев және бірлі-жарым басшылар болды. Осы жолы да бюро құрамындағы сондай жіктелуді байқаймыз. Смирягиннің баяндамасынан соң сауал қойған Мыңбаев: "Оқулықтар оқытуға жарамайды деген ақпар қайдан алынған? Тексерушілер неге жеке біреулердің айтқанына сүйенеді, коллективті түрде жасалған тұжырым болу керек емес пе?", - десе, Нұрмақов: "Біз оқулықтар идеологиялық тұрғыдан сын көтере алмайды деген жалпылама, дәлелсіз сын айтып жүрміз. Мәселен, әліппе төменгі кластарға жарамайды дейді. Оған қандай негіз бар? Оны кім айтты?", -деп реніш білдірді. Өз ретінде Мыңбаев пен Нұрмақовтың қол қойған сауалына байланысты мәселені бюро отырысына дайындауға қатысқан Өлкелік Комитеттің үгіт-насихат бөлімінің қызметкері Ваннэ сөзінде: "Сонда қалай болғаны, біздің Байтұрсынұлының оқулығы жарамайды деп айтуға да құқығымыздың болмағаны ма?"— деп қарсы сауал бергенімен, бірақ өзі де пікіріне дәлел бола аларлық ештеме келтіре алмады. Голощекин: "Бізде қазақ интеллигенциясы бар... солардың партияда жоқ үш-төртеуі оқулықтар жазып жүр", бірақ "баяндамада сөз халыққа білім беру туралы емес, Оқу-ағарту халкомы аппаратының қызметі жөнінде болып отыр", — деп, сөзді Сәдуақасұлының жұмыс сапасы төңірегінде жүргізгісі келді. Аталған шешендерден соң сөз алған С.Сәдуақасұлы мәселенің ең негізгі деген жақтарына түсінік берді: "Осында сөйлеген үгіт-насихат бөлімінің өкілі біздің жағдайымызды біршама жете түсінбеді. Байтұрсынұлының оқулықтары қаншама жарамсыз дегенімен, бізде қазір солардың өзі де жетпей отыр. Осы тұрғыдан алғанда, әрбір жиналыстарда, әрбір көше бұрылыстарында партияда жоқ интеллигенттерімізді ғайбаттауды доғаратын уақыт жетті немесе оларды контрреволюционерлер жариялап, жұмысқа тартуға тыйым салынсын. Біз оларды Өлкелік Комитеттің рұқсатымен жұмысқа тартып жүрміз. Ал енді ешқандай да негізсіз олар жазған оқулықтарды сынау мүлдем түсініксіз. Бұл оқулықтарды салдарлы талқыға салып, сын жазу қажет. Бізде ол жоқ, тек бәрі де жаман деген құрғақ сөз ғана бар. Мен ескіні ауыстыра алатын жаңа ештеме бермей тұрып, барды жамандай беруді негізсіз қысыр сынға жатқызамын" 69. Бюро мүшелеріне мәселе туралы толығырақ түсінік беру үшін С.Сәдуақасұлы оқулықтар жазуға коммунистердің де шақырылғандығын, бірақ, өкінішке орай, одан әзірге ештеме шықпай отырғандығын да айтып: "Жалпы, бұл жұмыс (оқулық жазу. — М.Қ.) өте мұқияттылықты талап ететін, өз ерекшелігі бар, ауыр жұмыс. Біздің коммунистер бұл жұмысқа баруға өте құлықсыз. Ал егер бұл жұмысқа дәу шенділерді жіберсеңіз, олар өздерін жер аударылғандардай сезінеді", — деді70. Халком өз сөзінде оқу-ағарту саласындағы қиындықтардың жалпы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени жағдайымен, деңгейімен өзектесіп жатқандығын, басшылыққа жаңа адамдар келген күнде де аталған қиыншылықтардың олардың алдынан көлденең шығатындығын, сондықтан да бұл комиссариаттың жұмысына ерекше шүйлігудің орынсыздығын ашық айтты. 1926 жылы 17 ақпанда өткен Қазақ Өлкелік Комитеті бюросының бұл отырысы өз жұмысын жабық түрде жалғастырды. Оны жүргізуші Голощекин бюро мүшелерін С.Сәдуақасұлының атқарып жүрген қызметтерінен босатып, біржола шығармашылық жұмысқа көшуге рұқсат сұраған арызымен таныстырды. Жауапты хатшы кіріспе сөзінде Сәдуақасұлының мұндай арыз беруі дұрыс еместігін және оны үгіттеп көндіре алмағандығын білдірді. Өз ретінде С.Сәдуақасұлы арыз беру себептерін былайша түсіндірді: "...әкімшілік жұмысты менен қабілетті, жоқ дегенде төмен емес адамдарға беру, ал мені әдеби жұмыс саласында пайдалану орынды болар еді, өйткені менің кішкене болса да жазуға бейімділігім бар. Бұл - біріншіден. Екіншіден, менің арызым белгілі бір жоғарғы саяси мүдде тұрғысынан жазылмағандығын айтқым келеді. Қалай болғанда да оған саяси өң беруді қаламас едім. Мен Қазақ өлкелік комитетінде, одан тыс та жетерліктей өзара қатынас қалыптасқанын, осы себепті бас сауғалап қашып бара жатпағанымды, керісінше, бұл қызметкерлеріміздің белгілі бір бөлігінің творчестволық қара жұмысқа әдейі аударылатын мезгілі жетті деп санаймын. Осыған байланысты бірінші кезекте өз қызметімді ұсынып отырмын. Сондықтан да Оқу-ағарту халкомындағы және газеттегі жұмыстардан мені босатуды көптен-көп сұраймын"71. Осы арада біз оқырман назарын мынадай жайға аударғымыз келеді. Бюро отырыстарында болсын, пленум, конференция жұмыс барысында болсын С.Сәдуақасұлы сөздері ылғи да түрлі өзара ымырасыз позициялардың, оларды білдіруші сол тұстағы саяси қайраткерлердің ара жігінің ашылуына түрткі болып отырды. Ол түсінікті де еді. Өйткені ел тағдыры таразыға түскен бұл тарихи кезеңде жеке бас, топ мүддесінен мүлдем ада С.Сәдуақасұлы сөзі жалпыұлттық өзекті мәселелерді қоюда батыл және табанды, терең және турашылдығымен ерекшеленді. Сол тұстағы қазақ басшылары үшін белгілі дәрежеде емтиханға айналған күрделі ұлттық мәселелерді басқа интернационалдық, таптық мәселелерге қарсы қоймай, сонымен бірге оларды болашақ өмір тұрғысынан өз дәрежесінде бағалай білуде С. Сәдуақасұлының орны алыстан көз тартты, ал жоғарғы билікте жүрген, өз мүддесінен арғыны көп ажырата алмайтын қайсыбір басшыларға ол тіптен түсініксіз боп көрінді. С.Сәдуақасұлы арызын талқылау барысында бюро мүшелерінің қойылған мәселеге енжар емес, тіптен айтарлықтай мүдделі екендігі тағы да байқалды. Арызда қойылған мәселеге байланысты екіге бөлінген бюро мүшелерінің бір жағында Исаев және Құрамысов тұрды. Голощекин ішінен бұлармен бірге болғанымен, дауысқа салғанда жеңе алмайтындығын түсініп бейтарап қалды. О.Исаев С.Сәдуақасұлының арызын мектепке оқулық жазу немесе творчестволық жұмыспен айналысу ниетінен туған қадам емес, саяси қыр көрсету есебінде бағалады. І.Құрамысов та оны қуаттап: "Біз Ильичсіз өмір сүріп келеміз, Сәдуақасовсыз да өмір сүре аламыз, сондықтан да оның өтініші қанағаттандырылсын"72, — деді. Бұларға қарсы тұрғандар қатарында Тәтімов, Нұрмақов, Мыңбаев және Жандосов болды. Талқылау нәтижесінде үстемдік алған олардың пікірі: "С.Сәдуақасов - өзіне тапсырылған міндетті өз дәрежесінде атқара алатын, қабілетті қайраткер. Оның мұндай шешім қабылдауына соңғы уақытта қалыптасқан жағдай түрткі болып отыр. Шын мәнінде оны қызметтен босатуға негіз боларлық себептер жоққа" сайды. Мәселен, Тәтімов: "Мен Сәдуақасов жолдастың Қазақстандағы бұрынғы қызметтерімен де таныспын және оны өлкедегі қабілетті қайраткерлердің бірі деп санаймын. Ол тек Оқу-ағарту комиссариатында ғана емес, басқа да қызметтерде істей алады. Мен оны не қинап жүргенін түсіне алмай отырмын?.. Сәдуақасов жолдас — бұл қызметке лайық және көрегендігі жағынан бәрімізден әлденеше рет жоғары тұрған ірі масштабты қызметкер", — деді. Нұрмақов: "...Мен оқу-ағарту ісінде Сәдуақасовты ауыстыра алатын адам жоқ дей алмаймын, бірақ ол бұл жұмысқа өзінің жалпы деңгейі жағынан да қабілеттілігі жағынан да лайық және сәтті кандидатура. Оқу-ағарту комиссариаты басына тек жақсы әкімді қоюмен шектелетін орын емес. Мұнда Оқу-ағарту комиссариаты алдында тұрған барлық міндеттерді терең түсіне алатын, жоғары мәдениетті адам керек". Мыңбаев: "...Исаевтың Сәдуақасов қыр көрсетіп отыр деген сөзінен де әр нәрсені аңғаруға болады. ...Арыз иесінің өтінішін қанағаттандырарлық қандай себептер бар? Ондай себептер жоқ. Ал Сәдуақасовтан кейін тағы да арыз бергісі келетіндердің ықпайтындығына Құрамысов жолдас кепілдік бере ала ма екен? Біз ондай қадамға барып, арыз беретін адамдардың табылатындығын ашық мәлімдейміз. Мен ол туралы тағы да айтамын. Сізге шабуыл жасап, сіз күресуге әлім жоқ деуге мәжбүр болсаңыз, әрине, одан жаман не бар? Бұл арызды қанағаттандырған күнде қайсыбір жолдастардың риза болатындығын білемін, бірақ Сәдуақасов жолдас бізге керек"73. Бюро отырысын жүргізіп отырған Голощекин "әр түрлі пікірі бар, бірақ бәрі де партиялық тұрғыдан ойлайтын адамдардың болуы жақсы" деп көлгірсігенімен, істің ақыры саяси сипат алып кетуі мүмкін екендігінен қаймығып, бұл жолы С.Сәдуақасұлын қызметтерінен босатып жіберуге бара алмады. "Бізге көпшілік не айтады, — деді ол. - Біз барлық газеттер арқылы және әрбір ауылды аралап жүріп оның өзі кетті деп сендіре алмаймыз ғой. Жоқ, бұл Сіз үшін де, біздің көпшілігіміз үшін де пайдасыз деп санаймын"74. Сонымен, 1926 жылдың ақпанында С.Сәдуақасұлы өзін Оқу-ағарту халық комиссары және "Еңбекші қазақтың" редакторы қызметінен босату туралы арыз берді. Оған мұндай қадамға баруға мәжбүр еткен Голощекин бастаған солшыл күштердің шабуылы еді. Бірақ әзірге жеңіс қызығын тойлауға бұлардың да күші жетпеді. Оған одақ және республика көлемінде әлі де болса қолайлы сәт қалыптаса қойған жоқ болатын. Ондай сәттің көп ұзамай келетіндігіне Голощекин сенді, сондықтан да еппен қарсыластарының аражігін, осал жақтарын тауып, оларды біржола бір-біріне қарсы айдап салуға болатын кезеңге дайындық жасай берді.
Редактор
"Еңбекші қазақтың" 1925 жылғы 8 қаңтардағы 274-саны С.Сәдуақасұлының қолымен шықты. Құжаттардың көрсетуіне қарағанда, газеттің беделі бұл уақытқа дейін жоғары болмаған. Тартымсыздығынан оның тиражы барған сайын төмендей түскен. Сондықтан да басшы орындар оған жазылуға міндеттеу әдісіне көшкен. С.Сәдуақасұлы келген бетте республикалық орталық газетті қалың бұқараның үніне және оның белсенді қоғамдық санасының қалыптасуына пәрменді ықпал жасай алатын қуатты құралға айналдыруға тырысты. Жаңа редактор келген соң көп ұзамай, яғни 17 ақпаннан (№ 290) бастап газет "еңбекшіл" емес, "еңбекші" атала бастады. Жаңа редактор бірінші кезекте газет авторларының құрамына үлкен назар аударды. Осыған орай, кезінде С.Сәдуақасұлы "Еңбекші қазақ" бетінде негізінен "ұлтшыл" партияда жоқ интеллигенцияға орын беріп, таптық позициясы анық, коммунист авторларға жол бермеуге тырысты деген пікірдің жала екендігін атап айту қажет. С.Сәдуақасұлы редакторлық жасаған мезгілдегі "Еңбекші қазақ" беттерінен жаңа билікке сын көзбен қарап, бірден бой алдырмаған М.Әуезовтің, Ж.Аймауытовтың, жаңа қоғамның көрігін қыздырушылар С.Сейфуллин мен С.Мұқановтың, әдебиет пен өнердегі "ауытқушылыққа" қарсы күрестің сарбаздары Ә.Байділдин мен Ғ.Тоғжановтың мақалаларын, шығармаларын кездестіруге болатын еді. Анығырақ айтқанда, С.Сәдуақасұлы баспасөз бетіндегі көп пікірлікті қолдаушы және оны іске асырушы да бола алды. Сонымен бірге, С.Сәдуақасұлы тұсында "Еңбекші қазаққа" партияда жоқ, бұрынғы алаштық интеллигенцияның да көптеп тартылғаны рас. Оның да өзіндік сыры бар. Голощекин мен оның төңірегіндегілер алаштық ннтеллигенцияға қырғи қабақ танытқанымен, С.Сәдуақасұлы жаңа жағдайға бейімделіп, оларды халықтың рухани өмірінде алатын табиғи орнына дақ түсірерлік жарты ауыз сөз айтқан емес. Керісінше, ол ескі интеллигенция өкілдеріне шамасы келгенше көмегін берді, өзі редакторлық жасайтын басылым арқылы алаштық интеллигенцияға да пікір білдіруге жағдай жасады. Өйткені бұрын бар демократиялық мүмкіншіліктердің барған сайын өрісінің тарыла түсуі жағдайында, партияда жоқ творчестволық интеллигенция үшін өз пікірлерін жариялап тұрарлық баспа орындары да жоқ еді. С.Сәдуақасұлы редакторлыққа келген күннің ертеңіне газетке (№ 275) бүркеншік атпен материалдар жариялау тәртібін енгізді. Бұл революцияға дейінгі "Айқап", "Қазақ" басылымдарында қалыптасқан дәстүрді жалғастыру және қоғамдағы түрлі көңіл күйді толығырақ қамтуға бағытталған әрекеттердің бірі болатын. Газеттің тілі де өзгеріске ұшырай бастады. Біріншіден, шығарушылар газет материалдарын қалың бұқараға түсінікті қазақ тілінде жеткізуді көздесе, екіншіден, газетті халық тілін шұбарлаудан басқа берер пайдасы күмәнді шетелдік сөздерден таза ұстауға күш салды. Редактордың ұйғарымы бойынша осы аталған шаралар арқылы газет сол кезеңдегі қазақ өмірінің ең өзекті мәселелерін көтеріп, оларды шешудегі құралға айналуға тиіс болды. Ал газет бетінде жарық көрген материалдар негізінен жер, басқару аппаратын қазақтандыру, оқу-ағарту, рухани мәдениет (мектеп, әдебиет, өнер, тарих) мәселелері төңірегінде шоғырланды. Міне, осы атқарылған істе "Еңбекші қазаққа" сұранысты өзгертті. Аз уақыттың ішінде газеттің тиражы өсті (3 мыңнан 8 мыңға), ал оның ауылдық жерлердегі тілшілерінің саны 300-ге жетті75. Жауапты редактор газеттің негізгі авторларының біріне айналды, оның қаламынан туған бас мақалалар сол тұстағы қазақ қоғамының ең кезекті мәселелерін көтеріп, газеттің бағытын анықтап отырды. С.Сәдуақасұлы мақаласында қазақ қоғамын, алдымен интеллигенцияны даңғазалықтан арылуға, республика басшыларын тар таптық мүддені жалпыұлттық, гуманистік мүдделерге қарсы қоймауға, қазақ коғамының барлық ерекшеліктерін тура тани білуге, мемлекеттік мәні бар мәселелерді шешкенде сол ерекшеліктерді негізге алуға шақырды. Мәселен, ол "Ауыл саясатының негізі" атты бас мақалада (1926, 17 қаңтар) партияның ХІV съезінің шешімдерін түсіндіре келіп: "Жалпы партия съезі ауыл шаруасында тым солақай" пікір де, тым оңқай пікір де - екеуі де теріс деді, дұрыс саясат кедей мен орта шаруаны ұйымдастыра білуде деді. Біз партияның бұл жобасын іске асырғанда, жоғарыда солай депті деп жұмулы көзбен жүрмекпіз бе? Жоқ, сол жобаға түсініп, оның негізін қазақ тұрмысына жанастырып отыруымыз керек пе? Әрине, соңғы жолды тұтыну керек", — деп жазды. С.Сәдуақасұлының кезінде қатал сынға ұшыраған "Оқу ісінің кемшіліктері, оларға қарсы шаралар", "Ойланатын уақыт жетті" және басқа мақалалары ой еркіндігімен, батылдығымен ерекшеленді. Мәселен, ол жастардың арасында ескінің бәрінен бас тарту бар екендігін, ал шын мәнінде ескінің бәрі де жаман емес, тіптен сол капитализмнің өзі де ортағасырлық феодалдық тәртіппен күресуде прогрессивті роль атқарғандығын, демек, өткен мен жаңаның ара байланысын тани білу білімділік деп көрсетті. Осы ойды айта келіп, С.Сәдуақасұлы қазір бардың бәрін бұзу, қирату қателік, оны біртіндеп, жаймен өзгерту керектігін айтты. Сондықтан да, деді ол, бізге керегі аспаннан түскендей боп жүргендер емес, біздің бүгінгі шындығымызды жақсы білетін, оны ұрансыз, еппен өзгерте алатын жастар, Қазақстан жағдайында солшыл ауытқушылық үстемдік алып отыр, қауіп содан деп түсіндірді. Әрине, бұл мақалалар елеусіз қалған жоқ. Партияның Қазақ Өлкелік Комитетінің баспа істерімен айналысатын бөлімі дайындаған құжаттарда олар партиялық тұрғыдан ұстамсыз, ал авторы идеологиялық іске нұқсан келтіруші есебінде бағаланды. Осы тұжырымды негізге ала отырып, С.Сәдуақасұлын редакторлық қызметтен босатып, оның орнына Ғ.Тоғжановты қою туралы ұсыныс жасалынды. Қазақ Өлкелік партия Комитеті бюросы С.Сәдуақасұлының редакторлық қызметін 1926 жылы 24 ақпанда арнайы талқылады. Қазақ баспасөзі мен "Еңбекші қазақтың" саяси бағыты бойынша баяндама жасаған Жандосов пен Байділдин С.Сәдуақасұлының қателіктерін баса көрсетуге тырысқандарымен, бірақ олардың редакторды ауыстыру туралы ұсыныстары өтпей қалды. Талқылау барысында мәселенің пісіп-жетілмегенін Голощекин тура түсініп, шегініс жасады. Голощекин мен оның серіктерін қалыбынан шығарған "Торғай ісі" болды. "Еңбекші қазақ" газеті 1926 жылы 15-26 наурыз аралығында "Астанадағы сотта" айдарымен Қызылордада өтіп жатқан сот процесінен оқырмандарға үздіксіз хабар беріп тұрды. С.Сәдуақасұлы сот процесінің негізінде саяси мүдделер қайшылығы жатқандығын, әрине, жақсы білді. Сотқа тартылған адамдардың бәрінің бірдей кінәлі еместігін де түсінді. Сот барысынан неғұрлым объективті және толық хабар беріп тұруды көздеуі де содан еді. Сот процесі аяқталуға жақын қалғанда С.Сәдуақасұлы Мәскеуге іссапарға аттанады. Сот үкімі шығарылғанша Қызылордаға жете алмай қалудан қауіптенген ол жол-жөнекей Орынбордан мынадай жеделхат жөнелтеді: "Я имею важнейшие документы, оправдывающие тургайских работников, которые сидят на скамье подсудимых. Прошу приостановить до моего приезда". Бірақ сот жұмысын тоқтатпаған еді. Қызылордаға келген соң С.Сәдуақасұлы сотта куә ретінде одан жауап алуды сұрайды. Бұған да құлақ аспаған соң, ол сотқа өзін айыпкерлердің қорғаушысы ретінде жіберуді талап етеді. Өлкелік партия комитеті бюросының мүшесі, Оқу-ағарту халық комиссары, "Еңбекші қазақтың" жауапты редакторы Смағұл Сәдуақасұлы айтқан ұсыныстарының өтпегеніне қарамастан, айыпкерлерге сүйеніш болу үшін күнде барып сот процесін тыңдап қайтады76. "Торғай ісі" оны ұйымдастырушылар ойлағандай аяқталмағандығы мәлім. Негізгі айыпкерлердің бірі - жазушы Жүсіпбек Аймауытовқа тағылған қылмысы орынсыз деп табылып, ақталып шықты. Артынша ол Оқу-ағарту комиссариатының ұйғарымымен Шымкенттегі қазақ педагогикалық техникумына деректірлік қызметке жіберіледі. С.Сәдуақасұлы редактор ретінде "Еңбекші қазақта" әдеби шығармалардан көркемдік сапасы жоғары дүниелер басылуға тиіс деп санады. Ол жалпы әдебиеттегі жалаң ұраншылдыққа, тар тапшылдыққа үзілді-кесілді қарсы шықты. "Партиялық принциппен" қаруланған Ғ.Тоғжанов, Ә.Байділдин сияқты сыншылар кешегі алаш қозғалысына араласқан таланттарға күйе жағып жатқанда, Сәдуақасұлы сын мақалалар жариялап оларға араша түсті. Дулатов, Жұмабаев, Әуезов, Кемеңгеров, Аймауытовтарға "Еңбекші қазақтың" есігін кең ашып қойды. "Еңбекші қазақта" (1927, 15, 16 ақпан) жариялаған мақаласында: "Мағжан туралы былтыр Ғаббастың кітабы шықты. Бірақ бұл да Мағжанды бізге толық көрсеткен жоқ. Ғаббастың кітабынан біз байшыл, ұлтшыл, төңкеріске қарсы, адасқан Мағжанды көрдік. Ғаббастың бізге айтқаны Мағжанның "жұмбағы", "дағдарысы" болды... Мағжанды қайтсе де жақсылайын деген ойдан мен сірә, аулақпын. Бірақ барын бар, жоғын жоқ деу керек. Мағжанды күйдірсек, біз бәрін де күйдіреміз. Қайткенде де мен Мағжанды "доңыздатып, қоңыздатушыларға" қарсымын", — деп жазды. Сондай-ақ нәзік сыншы С.Сәдуақасұлы "біздің тапшыл ақындарымыздың жазғанынан айқайы көп" деп, С.Сейфуллиннің, С.Мұқановтың творчествосын ашық сынға алды, кемшіліктерін көрсетті. Осы негізде, мәселен, жауапты редактор мен С.Сейфуллиннің арасында ірі дауға ұласқан кикілжіңдер де орын алды. Сондай кикілжіңдердің бірінен соң С.Сейфуллин Голощекинге кіріп, С.Сәдуақасұлы бастаған "ұлтшылдардың" зиянкесті әрекеттерін әшкерелеп, оларды қызметтен аластауды талап етпек болады. Оған О.Исаев қол ұшын беріп, бірінші хатшыға кіруін жөн көреді. Бірақ белгісіз себептермен С.Сейфуллиннің бұл әрекетінен ештеме шықпайды да, ол Өлкелік Комитеттің баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ә.Байділдинге арыз жазумен тоқтайды. Арызында "Еңбекші қазақтың" оның берген шығармаларына ("Қара жер", "Советстан", "Күзгі далада"), мақалаларына оң қабақ танытпағанын айтып налиды. "Ұқсас көрем Отарбаны біздің осы тұрмысқа, Айда, отарба, күш аямай айдап бақ, дөңгелегің зырылдасын тақ-тақ-тақ!" деген "Советстан" поэмасының соңында мынадай да жолдар бар еді:
Кондуктор,
Қарап тұр,
Жол ұзақ,
Айдап бақ.
Уклон бар,
Терең жар,
Сақ бол, сақ,
Тақ, тақ, тақ77.
Бұл арада поэманың көркемдік деңгейіне баға беруден алыспыз, бірақ шығармадағы Отарбаны - Кеңестік Қазақстан, ал кондукторды сол тұстағы республиканың көш бастаушысы, Өлкелік Комитет пен оның бірінші хатшысы Голощекин деп алсақ, онда ақын нұсқап отырған "уклоннан" аман-есен өткен бұл отарбаның бет алған межесі 32-жылдың нәубеті еді. Мұны жоққа шығару қиын. Демек, шындыққа жүгінсек, Сейфуллинмен болған күресте С.Сәдуақасұлы айтқан пікірлер негізсіз емес болатын. Партияда жоқ интеллигенцияның "ықпалында" болуы саяси "ұстамды емес", партиялық бағытқа қарсы мақала, фельетон, өлеңдерді жариялауы, "Өлкелік Комитет директиваларын орындаудағы ұқыпсыздығы", "қайсыбір жолдастардың материалдарын негізсіз баспай ұстауы"78, міне, осы сияқты "кемшіліктер" редактор үшін, әрине, ізсіз өткен жоқ. 1926 жылы 18 көкекте Қазақ Өлкелік партия комитетінің бюросы "Еңбекші қазақтың" редколлегиясы туралы мәселе қарап, С.Сәдуақасұлын редакторлық қызметтен босатып, оның орнына жауапты редактор және Өлкелік Комитеттің баспасөз бөлімінің меңгерушісі қызметіне Т.Рысқұлұлын бекітті79.
Коммунистік тәкаппарлық құрбаны
Ф.Голощекин С.Сәдуақасұлы мен жоғарғы билік құрамындағы оның серіктеріне шешуші шабуылға 1926 жылдың соңына қарай көшті. Оған қолайлы жағдай мынадай оқиғаға байланысты туған еді. Осы жылдың 12-14 қарашасында Москвада Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің сессиясы кезінде Т.Рысқұлұлының басшылығымен БОАК мүшелері, орталықта және ұлттық республикаларда істеп жүрген ұлт кадрларының кеңесі өтеді. Партияның Орталық Комитетінің және басқа орталық мекемелердің келісімінсіз өткізілген бұл кеңесте БОАҚ жауапты хатшысының орынбасары С.Асфендияров "РСФСР, автономиялық республикалар мен облыстардың құрылымы" деген тақырыпқа жазылған тезистерін баяндайды. Екі күнге созылған бұл кеңестің 130 беттік стенограммасы мен қарары барлық ұлттық республикаларға жөнелтіледі. Кезінде Орталық пен республикаларда көптеген қолайсыздық тудырған бұл ресми емес жиылысқа Қазақстаннан Т.Рысқұлұлы мен С.Асфендияровтан басқа С.Қожанұлы, Ж.Мыңбаев, Ж.Сұлтанбековтер қатысып, сөз сөйлейді. Бізге белгілі құжаттарға қарағанда, жиналыс Орталық Комитеттің, орталықтың ұлттық саясатын жан-жақты сынға алу рухында өткен. Тезистерімен сөйлеген С.Асфендияров ұлттық республикаларда қалыптасқан жағдайға талдау жасап, революция жеңісі нәтижесінде қалыптасқан ұлттық құрылымдардың әлі де болса саяси еркіндігін өз қолына ала алмағандығына, индустрияландыру процесінің бір жақты жүруі нәтижесінде олардың көбінің әлі де шикізат көзі дәрежесінде қалып қойғандығына, ұлттық жұмысшы табы сандық тұрғыдан өсудің орнына кеміп бара жатқандығына, партиялық және кеңестік аппаратты жергіліктендірудің барысы қанағаттандырғысыз баяу жүріп отырғандығына тоқталды. Қорыта айтқанда, ол ұлттық республикалардың өз саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерін шешуде тоқыраушылық кезеңді бастан кешіріп отырғандығын айтты. С.Асфендияровтың тезистерінде берілген негізгі ойларды қолдай сөйлеген қырғызстандық Әбдірахманов, татарстандық Гимранов және басқа шешендер орталық және жергілікті аппарат қызметіндегі ірі кемшіліктерді, соның ішінде, әсіресе, шовинистік әрекеттерді нақты, дәлелді фактілер арқылы сынға алды. Қазақстандық Мыңбаев, Қожанұлы және басқалар бұл келтірілген фактілердің Қазақстан өмірінде де орын алып отырғандығын, ал бұл мәселелерді қысқа мерзім ішінде шешу үшін республикаға кең еркіндік, патшалық билік езгісінен құтылған қазақ халқының ұлттық мүддесін аяқ асты етпейтін мемлекеттік саясат жүргізу қажеттігіне көңіл аударды. Кеңес өз қарарында ұлттық республикалар мен облыстардағы партия ұйымдарына сенбейтіндігін, ал БКП(б) Орталық Комитеті мен Орталық Бақылау Комиссиясы ұлттық республикалардың федеративтік өкілдігі принципі тұрғысынан құрылуын қалайтындығын білдірді. Қарарда сондай-ақ ұлттық мәселелер бойынша V кеңес шақыру туралы талап қойылды. Т.Рысқұлұлының басшылығымен өткен бұл кеңестің өз уақытында, тіптен соңғы жылдарға дейін "буржуазиялық ұлтшылдықтың" көрінісі ретінде бағаланып келгендігі мәлім. Егер оған бүгінгі күн билігінен қарап, өмірлік себептеріне зер салсақ, онда бұл оқиғадан күні өткен империялық жүйе мен енді ғана ұлттық еркіндікке қадам жасаған республикалар арасындағы күн астындағы өмір үшін тартыстың көрінісін байқаймыз. Ал Т.Рысқұлұлы, С.Асфендияров және басқа ұлт өкілдерінің ұстанған бағыты белгілі дәрежеде осы тарихи кезеңдегі ұлттық республикалардағы интеллигенцияның орталықтың зорлығына, партияның басқа реңк ала бастаған ұлт саясатына қарсы көрсеткен наразылығы болатын. Мұндай оқиғаның Сталин мен оның төңірегіндегілердің назарынан тыс қалуы, әрине, мүмкін емес. Кеңестің артын ала дерлік барлық республикаларда оның материалдары талқыға түсіп, ресми бағасын алды. Қазақ комитетінің бюросы, Өлкелік бақылау комиссиясының президиумы және Халком Кеңесі мен ҚазОАК фракцияларының біріккен мәжілісінде қабылданған қарарда: "Республикалардың пікірі мен мұқтаждығын кездейсоқ бас қосқан "националдар" емес, тек қана парткомдар мен үкімет білдіреді. Нақтырақ айтқанда, осы кеңесте қазақ қызметкерлері — Қожанов пен Мыңбаевтың, Асфендияровтың тезистерінде айтқан пікірлері Қазақ Өлкелік Комитеті мен ҚКСР үкіметінің пікірі мен бағытынан мүлдем алшақ", — деп көрсетілді80. Осы кеңесте жасаған баяндамасында Голощекин Мәскеудегі "националдардың" кеңесіне қатысқан қазақ қайраткерлерінің есімдерін "тозығы жеткен көсемдер", "буржуазиялық интеллигенция", "алашордалық идеологтар", "халықтан тамырын үзген элементтер" сияқты теңеулермен қатар атап, шамасы келгенше қаралап бақты. Бірақ оның үлкен баяндамасында зер сала оқыған кісіге еріксіз ой салатын жайлар басқа еді. Ол сөзінде сол кезеңге дейін жергілікті ұлтшылдықтың орыстық шовинизмге жауап ретінде пайда болған құбылыс есебінде қаралып келгендігін, бұл тұжырымның енді өз күшін жойғандығын, жаңа жағдайда жергілікті ұлтшылдық қорғанушылық сипаттан шабуылға өтуші мазмұн ала бастағанын, ол сонысымен қауіпті екендігін дәлелдеуге тырысты. Бұл "жаңа" тұжырымын жан-жақты негіздеуден кейін ол өзінің ескі әдісіне көшіп былай деді: "Бұлар (Мәскеудегі Кеңеске қатысқандарды айтып отыр. - М.Қ.) төменгі бұқараның қысымын, терең өзгерістердің пісіп-жетіліп келе жатқанын сезген, бірақ оларды түсініп, қабылдауға даярлығы жоқ, сондықтан да шенеуініктермен бірігіп бізге шабуылға көшкен өкпелі буржуазиялық интеллигенция. Олар кешегі күннің адамдары, бірақ бүгіннің талабын білдіргісі келеді, онысынан ештеме шықпайды. Мен қазір біріне-бірі қарсы тұрған екі полюсты көріп тұрмын: оның бір жағында — Мәскеуде өткен ұлт өкілдері кеңесі, ал екінші жағында — осы залда отырғандар. Осында отырғандардан бүгінгі қызметте жүрген, сол қызметі тыныс-тіршілігіне айналған нағыз ұлт өкілдерінің бет-бейнесін көрсек, ал Мәскеудегілерден олардың айнадағы қисық шағылысын байқағандаймыз... Біз қазір ұлттық республикалардың мүддесі мен мұқтажын қайсымыз білдіре алатындығымызға анық және нақты жауап беруіміз керек. Оларға ұнамайтыны біздің партия ұйымымыз бен олар келіспей отырған үкіметіміз бе, жоқ әлде солар ма?"81. Бұл жерде Голощекиннің полюстың екінші жағына, яғни ұлт мүддесіне қарсы қойып отырған кешегі кедей қазақ шаруасы отбасынан шыққан Т.Рысқұлұлы, Ж.Мыңбаев және басқалардың ұлттық буржуазияға қаншалықты қатынасы бар екендігін айтып түсіндіріп жатудың қажеті бола қоймас. Әрине, Голощекин мен оның орталықтағы қамқоршыларына Қазақстан сияқты ұлттық республикалардың сол тарихи кезеңде алдында тұрған өмірлік мәні бар күрделі мәселелерін жанашыр ұлттық интеллигенциямен бірігіп шешу жолдарын іздеуден гөрі, оларға түрлі айыптар тағып, тек қана өздеріне ғана мәлім "даңғыл жолмен жарқын болашаққа" шеру тарту әлдеқайда жеңіл болатын. Ал енді осы Мәскеуде өткен ұлт өкілдері кеңесі мен Қожанұлы, Сәдуақасұлы және Мыңбаевтың топшылдық әрекеті туралы мәселе қараған БКП(б) Қазақ Өлкелік Комитеті мен Өлкелік бақылау комиссиясының біріккен пленумының өзара байланысы бар ма? Мәскеудегі кеңес 1926 жылдың 12 және 14 қараша аралығында өтсе, Қызылордадағы пленум осы айдың 25-30 аралығында болды. Демек, ұлт өкілдері кеңесіне байланысты Мәскеудегі басшылықтың пікірін біліп алғаннан соң, Голощекин үшін Қазақстандағы "ұлтшылдармен" есеп айырысуға нағыз қолайлы сәт туған еді. Ортағасырлық ақын айтқандай, қолайлы сәт бұлт сияқты, сәл кідіріп, ұшады да кетеді. Пленумның нәтижесі оқырманға мәлім, біз оған жоғарыда тоқталдық. Бұл арада қысқаша болса да айтпай өтуге болмайтын бір мәселе бар. Ол сол тарихи кезеңдегі қазақ ұлттық интеллигенциясының өзара жікшілдікке бейімділігі, берілгіштігі, оның белгілі бір бөлігінің Голощекин құрған шырмауға түсіп, ұлттық мүддені тәрік еткендігі жөнінде. Әрине, ұлттық интеллигенцияның бұл кемшіліктері, белгілі дәрежеде оның балаңдығына, қоғамдық-саяси күресте тәжірибесіздігіне байланысты екендігі даусыз. Бірақ оның бойындағы аталған кемшіліктерді тек объективті себептермен ғана байланыстырумен шектелсек, онда күрделі мәселенің басқа қырларына көз жұмғандай, яғни тарих тағылымын елемегендей болар едік. Голощекин жалпы одақ көлемінде және Қазақстанда қалыптасқан өзіне қолайлы жағдайды ұтымды пайдалана отырып, өз қарсыластарымен күрес барысында түрлі әдістерге барды. Солардың бірі ескі (салыстырмалы түрде. - М.Қ.) революцияға дейінгі, анығырақ айтқанда, алаштық интеллигенцияға қоғамдық саяси күрестің түрлі құйтырқыларынан хабарсыз жас ұлттық интеллигенцияның келесі буынын қарсы қою болатын. Бұл әдісті 20-жылдардың басында жоғарғы билікке енді ғана араласа бастаған қазақ интеллигенттері өзара билік үшін күресте қолдана бастаған. Егер деректердің көрсетуіне сенсек, осы мезгілде толып жатқан түрлі топтар (меңдешевшілер, сейфуллиншілдер, сәдуақасовшылдар, т.б.) біріне-бірі алашордалықтармен байланыста болдың деген сияқты айып таққан. Олардың арасында кезінде билікке қарсы әрекеттер жасаған алаштық интеллигенцияны ғайбаттап, жаңа үкіметтің Қазақстандағы өкілдеріне жағынып, қызмет бөлісуді көздегендер де бар еді. Басқаша айтқанда, ескі патшалық тәртіп тұсындағы болыстық үшін талас, енді жаңа жағдайда өзге сипат алды, рулық бөлінудің орнын таптық бөліну басты. Тек ұлттық тұтастық негізінде ғана шешілуі мүмкін жалпыұлттық міндеттер тағы да кейін шегерілді. Аға буын интеллигенцияның ескі империялық тәртіпке қарсы күресі өзіне тиесілі бағасын алу емес, тіптен оның бұл күресте жиған тәжірибесі де керексіз боп табылды. Билікте жүрген ұлттық интеллигенцияның өзара бақастықта саяси күрестен аласталған алаштық интеллигенциямен байланысты көлденең тартуы, түптен келгенде, оның өзіне бәле боп жабысқанын сезбей де қалды, ал қоғамдық-саяси күресте оның тәжірибелі қарсыластары қазақ зиялыларының бұл кемшілігін үлкен шеберлікпен пайдалана білді, РКП(б) Қазақ обкомының жауапты хатшылары Коростелев пен Нанейшвили түрлі топтар арасында тепе-теңдік сақтау саясатын ұстанды. Дегенмен әр түрлі айлақорлықпен қазақ интеллигенциясын түрлі топтарға бөліп тастап, оларды өзара қырқыстырып қоюда ерекше "табысқа жеткен", әрине, Голощекин еді. Ол қазақ интеллигенттерін ескі, яғни алаштық және жаңа, яғни кеңестік интеллигенция деп бөліп, соңғысын оңшыл және солшыл деп тағы да жіктеді. Халықтың тарихи жолынан хабарсыздық түрлі надандықтарға жол ашатындығы мәлім. Мұндай кемшілік мемлекеттік қызметте бірнеше есе үлкейіп, қоғамдық дамуға аса зор кеселін тигізетіндігі де белгілі. Осы ойдың шындығын Голощекин қызметінен анық байқауға болады. Қазақ халқының тарихынан, ғасыр басындағы отарлық езгідегі ауыр халінен, рухани талап-тілегінен мақұрым Голощекин Ә.Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы бастаған қазақ интеллигенциясының тарихи орнын тура, байсалды түсініп баға беруге өресі жетпеді, тар, қарабайыр таптық, партиялық түсінік деңгейінде қалды. Мәселен, ол VІ Өлкелік партия конференциясында ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясының қызметіне мынадай баға берді: "Ну, а национализм наших баев, буржуазной интеллигенции, у них он какой, — невинненький? Не наступательный? Посмотрите, как в период до Октября и после Октября этот националистический щенок вырастает в очень большую националистическую собаку! (смех). Есть разные национализмы. "Есть "национализм" в кавычках, т. е.., стремление к равноправию, здоровое и правильное, и мы ему должны помогать, а по националистической верхушке байских идеологов надо бить"82. Кешегі тіс технигі, жүрдім-бардым алған білімі бар феодалдық-тоталитарлық жүйенің еркімен бүтін бір халықтың сорына "сеньерлық" таққа отырған Голощекин мемлекеттік қайраткерге де, ұлы ғалымға да, қатардағы азаматқа да ортақ шындық деген ұғым бар екендігін, ал ол шындыққа топырақ шашқанға, халықтың, кәдімгі бұқара еңбекші халықтың қарғысы жаумай қоймайтындығы хақында ойламаса керек. Ал сол шындық тұрғысынан келгенде, өзі ғайбаттап отырған интеллигенцияның патша билігі тұсында да, кеңес билігі тұсында да қымсына-қымсына еркіндік, теңдік, ағайындық сияқты қарапайым, түсінікті және табиғи талаптан өзге қойған ештемесі де жоқ екендігін түсіне алмады. Кешегі Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсындар қойған мәселелер кеңестік билік орнағаннан кейін де сынаптай бұзылып, қардай еріп кеткен жоқ-тын. Олай болса, Т.Рысқұлұлы, С.Қожанұлы, С.Сәдуақасұлы сияқты қайраткерлердің өмірге келіп, ұлттық мүддені жалау етіп, саяси күреске араласуы қоғамдық талаптан туған табиғи құбылыс болатын. Голощекин мен оның серіктері бұл құбылыстың да түп тамырына тереңдей бара қойған жоқ, олай ету көп күшті, төзімділікті, уақытты талап ететіндігі белгілі. Сондықтан да олар "ең төте және жеңіл" жолды таңдап алды, ал ұлттық еркіндік пен теңдік мәселесін тағы да қойған ұлттық интеллигенцияның келесі, жаңа буынын "алашордашылар" деп жариялады. 1926 жылғы қараша пленумында жасаған баяндамасында Голощекин "алашордалықтардың екі буынын" анықтап, оларға мынадай баға берді: "Алашордалықтар туралы айтқанда біз шатысып жүрміз. Алашордалықтардың екі түрі бар — ескі басшылары және алашордалықтардың жаңа буыны. Бұлардың өзара үлкен айырмашылығы бар. Егер біз іскі тәртіптегі алашордалықтарды алсақ, маған олардың өткенде бірдемесі болғандай көрінеді. Олар өткен уақытта, қазақ жағдайында, қазақ болмысында революционер, буржуазиялық революционерлер болды. Ал жастарда ол жоқ, оларда ашу-ыза басым, олар кеңестік билікпен күресте есейді"83. Әңгіменің кім туралы болып отырғанын түсінген С.Сәдуақасұлы осы пленумда сөйлеген сөзінде: "Мен осы мінбеден алашорда идеологиясымен ортақ ештеңем де жоқ екендігін мәлімдеймін, өйткені мен коммунистпін. Біздің сорымызға қарай ондай жағдайлар ісімізден, кейде сөзімізден сезіліп жатса, сол қиындықтарды жеңу үшін өсіп жетілуіміз керек қой", — деп көрсетіп, одан ары Оқу-ағарту халық комиссариаты партияда жоқ интеллигенттер көп шоғырланған мекеме, сондықтан да қызмет бабына қарай ол интеллигенцияны жұмысқа тартуға байланысты бой көрсеткен тар коммунистік тәкаппарлықпен күресуді алашордалық әрекет есебінде бағалау қателік екендігін айтты. "Біз 100% коммунист емес екендігімізді түсінеміз, — деді ол, — өйткені біз патшалық тәртіптің жер аудару, каторга сияқты азабын бастан өткізгеніміз жоқ, кемшіліксіз де емес екендігімізді мойындаймыз, бірақ біз ол қателіктерді жеңу үшін әрекет жасаудамыз"84. Бірақ оның бұл жан айқайы Голощекин емес, залда отырған қазақ коммунистерінің де жүрегіне жол тапты деп айту қиын. Пленум барысындағы пікір алысу соны көрсетіп берді. Голощекин осы пленумда жасаған баяндамасында қазақ коммунист кадрлардың "жаңа қабаты қалыптасып, нығайып келе жатыр", бүкіл Қазақстанның болашағын, партия ұйымының қазақ бөлігін көркейтетін осы кадрлар болады, ал егер "мен, біз бәріміз, бұл мәселеде қателессек, онда Қазақстанның бақытсыздыққа ұрынғаны", - деп мәлімдеген. Жауапты хатшының бұл айтқан пікірін толық күйінде жоққа шығару қисынсыз болар еді. Дегенмен, тарихи тәжірибе көрсетіп бергендей Голощекин меңзеп отырған "жаңа қабаттың" кімдер екендігін де шамалауға болады. Пленум барысында "сәдуақасовшылдарды" әшкерелеуде алдымен белсенділік танытқан да осы "жаңа қабаттағылар" еді. Енді солардың сөздерінен алынған мынадай пікірлерге назар аударалық. О.Исаев: "Мен енді біздің сәдуақасовшылдықпен үлкен принциптік айырмашылығымыз бар кейбір мәселелерге өтейін. Бірінші - жергіліктендіру мәселесі. Олар жергіліктендіруді іс жүзінде неге айналдырмақшы? Олар жергіліктендіруді басшылықты басып алу құралы мен әдісіне айналдырып, содан кейін мәскеулік пролетарлық партиялық басшылығынан жалт бермек. Олар біздің одақтың орталығы — біздің кеңестік Мәскеуді нағыз метрополия орталығындай түсінеді. Сонысымен де олар қазақ байларының идеологиясы мен талабын білдірушілер. ...Одан ары Сырдария ісі. "Жалпықазақтық мәселе" деп даурықты олар. Неге, не үшін? Саудаға айналдырып барлық европалық хатшыларды ығыстырып, олардың орнына "өз" қазақ хатшыларын қойып, ең соңында, Қазақстанды қолына алып, елді "байлардай басқару үшін". X. Жүсіпбеков: "...Редактор болып жүргенде де оның (С.Сәдуақасұлын айтып отыр. — М.Қ.) партияда жоқ интеллигенттердің партияға қарсы жазылған мақалаларын жариялауы кездейсоқ емес. Ал енді оның кеңестік интеллигенцияға қатынасына көңіл аударайық. Біздің кеңестік интеллигенция — бұл қазақ мұғалімдері. Бесінші конференциядан кейін партиялық орган "Еңбекші қазақта" ол мұғалімдерді — атқамінерлер деп жариялаған материал басты. Сөйтіп, жаңа теория жасамақ болды, мен өз қызметіме байланысты мұғалімдерді мұндай етіп көрсетуге қарсы шықтым. Сәдуақасұлы жолдастың интеллигенцияға қатынасы осыдан көрінсе керек"85. Ғ.Тоғжанов: "...ол "Еңбекші қазақта" жарияланған бас мақаласында ХІV съездің шешімдеріне сүйене отырып, біздің Қазақстанда оңшылдық жоқ, керісінше, солшылдық басым, сонымен белсенді күрес жүргізу қажет деп жазды. Мен Орталық Комитетте қызметте жүргенімде Сәдуақасұлы жолдас маған келіп, жалғыз ленинизммен қазақ халқын басқаруға болмайды деп дәлелдеуге тырысты. Біз осы күнге дейін тек ленинизм арқылы ғана халықты басқаруға болады деген көзқараста тұрмыз, ал ол болса болмайды дейді"...86 Жарыссөзде Ә.Байділдин, Мусин және басқа бір топ қайраткерлер шамамен осы рухта сөйледі. Шешендердің арасында бұрын өзіне тән емес бағытта сөйлегендердің арасында Нұрмақов ерекше көзге түсті. Ол: "Кеше бюрода Сәдуақасұлы Голощекин төңірегіне жағымпаздарды жинап алды деді... Өлкелік Комитеттің бас хатшысына құрметпен қарау, оның жолдастық кеңесін қабыл алу Мыңбаев пен Сәдуақасұлы үшін жағымпаз болу екен! Республика Халкомы Кеңесінің төрағасы Мыңбаев пен Сәдуақасұлы ұлтшыл интеллигенцияның ықпалында қалып отыр, бұл жолдастардың ойы бойынша жағымпаздық жасап ұлтшылдарға жақса, онда қазақ халқына да жаққаны; олар ойлайды, қазақ жерінің нәрі — партияда жоқ интеллигенция, яғни солар арқылы ел құрметіне ие бола аламыз деп"87. Кім білсін, мүмкін бұл Нұрмақовтың Бас хатшының пленумда өз атына айтқан мақтау сөзіне берген жауабы да болар! Әйтеуір, оның осы пленумда бұрынғы Бюро жұмысы бойынша пікірлес, азды-көпті одақтас жолдастарымен біржола ат құйрығын үзіскені анық. Біздің пікірімізше, осы пленумның материалдарымен танысу арқылы төмендегідей қорытындылар жасауға болатын сияқты. Голощекин қазақ интеллигенциясын бөліп-жару саясатын жүргізе отырып, мынадай мақсаттар көздеп, оған қол жеткізді. Алдымен ұлттық интеллигенцияның түрлі буындары арасындағы табиғи сабақтастық бұзылды. Соның нәтижесінде жас буын интеллигенцияның азаматтық кемелдену процесі тежелді. Ал бұл жағдай, өз ретінде жалпыұлттық міндеттерді анықтауға, оларды бүкіл ел көлемінде ұғынып, солар үшін саналы түрде мақсатты күрес жүргізіп, еңбек ету мүмкіндігінен айырды. Өлкелік "Бас хатшы" қорытынды сөзінде пленумда өз дегеніне жеткеніне, яғни орталықтағы билікке ұқсас Қазақстан көлемінде шектеусіз жеке билігінің орнату жолында негізгі кедергілердің бірін біржола ысырғанына, бұл мақсатта "қол ұшын берген" "жаңа қабаттағы" (новый слой) қазақ интеллигенттеріне ризашылығын жасырған жоқ. Олардың атына: "Қараңыздаршы, осында қазақ коммунист жолдастар қандай тамаша сөйледі, - деді ол. Өте жақсы... Бізде әлі жаңа қызметкерлер өсетін болады, ал қазір олар саусақпен санарлық, бұл жолдастардың бәрі Қазақстанды құрудағы капитал болып табылады...", — сияқты марапат сөздерді аямады. Ал өзін дегеніне жеткізген ІІІ пленумның Қазақстан тарихында алатын "құрметті" орны туралы: "Пленум Қазақстан үшін ол барлық негізгі мәселелерді шешіп, алға бастайды", — деді88. Ал, шын мәнінде, бұл пленум, белгілі дәрежеде, тоталитарлық жүйе жағдайында Голощекиннің басшылығымен, Қазақстанның сорына қалыптасып келе жатқан, "бірауыздан" бәріне мақұл, жетекшіл "жаңа қабаттағы" активтің үстемдік алғанын айғақтады. Әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуда орталық пен бірінші басшының ұсынған бағытынан өзге бағыт ұстанған Қожанұлы, Сәдуақасұлы және Мыңбаевтарды бірауыздан айыптау соның көрінісі болатын. Республика өміріндегі негізгі мәселелер бойынша БКП(б) Қазақ Өлкелік комитетінде 20-жылдардың басынан бері бой көрсетіп келе жатқан көп пікірлік болмаса да, қос пікірлік осымен аяқталған. Соның нәтижесінде коллективтендіру, отырықшылыққа өту, индустрияландыру сияқты ел өміріне түбегейлі, өзгеріс алып келген қарапайым емес мәселелерде орталықтың, оның еркін жүргізушісі голощекиндік бағдарламаларға жол ашылды. Бұл пленум белгілі дәрежеде С.Сәдуақасұлы өмірінде де кезеңдік орын алды. Пленумда ол ұстанған саяси бағыт қана жеңіліс тапқан жоқ, белгілі дәрежеде, оның өзі де терең рухани күйзеліске ұшырады. Араға екі айға жуық уақыт салып, ақпанда ол Өлкелік Комитет бюросына өзін ауыл мектебіне оқулықтар мен кітапшалар дайындау үшін бірнеше айға республика мекемелеріндегі жұмыстан босатуды өтінген арыз береді. Өлкелік Комитеттің бюросы 1927 жылғы 9 наурыздағы отырысында С.Сәдуақасұлының арызын қарап қанағаттандырып, үгіт және насихат бөліміне Оқу-ағарту комиссариатымен бірге жазылмақшы оқулықтар мен кітапшалардың жоспарын дайындап секретариатқа өткізуді тапсырады. Ал бюроның сол жылғы 4 көкектегі мәжілісінде басқа да халық комиссариаттарымен бірге Оқу-ағарту комиссариатының коллегия құрамы бекітіледі. Оның құрамында С.Сәдуақасұлы жоқ еді. Бұл іс жүзінде оның қызметтен біржола аласталғандығының көрінісі болатын. Өлкелік Комитет бюросы 1927 жылғы 18 мамырдағы отырысында "Сәдуақасов жолдастың Өлкелік Комитеттің тапсырмасын орындамағаны" туралы мәселе қарап, қаулыда Сәдуақасұлының белгіленген мезгіл - 15 мамырға дейін оған жүктелген жұмыстарды әкеліп тапсырмағанын көрсетіп, тез арада Мәскеуден Қызылордаға қайтып, өзіне тиесілі міндетті аяқтауын талап етеді. Ал келесі 27 мамыр күнгі отырысында Сәдуақасұлының Коммунистік академияға түсу үшін БКП (б) Орталық Комитетіне қатынас беруін өтінген жеделхатын қарап, ондай құжат беруге қарсы екендігі туралы шешім қабылдайды. С.Сәдуақасұлы сол жылға маусым айының алғашқы күндері Қызылордаға келіп, бюро отырысында өзінің оқуға қатынас сұраған өтінішін тағы да қайталайды. Бюро оған екінші мәрте өз келісімін бермейді. Ол енді бюро отырысының осы жылғы 22 маусым күнгі шешімі бойынша Т.Жүргеновтың орнына Ташкендегі педвузға ректор болып тағайындалады. Маусым айындағы бірнеше бюро отырыстарына қатынасқанымен, С.Сәдуақасұлы талқыланған мәселелер бойынша сөйлеген жоқ еді. Ал 1927 жылғы 17 шілдедегі бюро мәжілісі С.Сәдуақасұлынсыз өтті. Сөйтіп, Голощекин мен оның пікірлес серіктері бюроның өздеріне "жайсыз" бір мүшесінен біржола құтылды. Жаратылысында күрескер С.Сәдуақасұлы Өлкелік Комитеттің әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелерде ұстанған жаңсақ бағытымен күресін Қызылордадан кеткен бетте тоқтата салған жоқ. Осы жылдың қазанында ол партияның ХV съезі алдында пікірсайысқа қатысу мақсатында жазылған "О национальностях и националах" атты мақаласын "Правда" газетінің редакциясына жіберді. Газет редакциясы мақаланы түсініксіз себептермен автордың келісімінсіз "Большевик" журналына ауыстыра салады. Өз ретінде журнал редакциясы мақаланы ХV съезд өткен соң 1928 жылғы 1-санында жариялап, оған жауап ретінде осы санда москвалық ғалым К.Таболовтың "Против линии национальной демократии" атты мақаласын қоса береді. Арнайы тапсырма бойынша жазылған бұл мақала С.Сәдуақасұлының орынды және дәлелді айтқан ойларын жоққа шығарып, өзін партияның сара жолына, интернационализм принциптеріне қарсы шыққан "буржуазиялық демократ" ретінде көрсетуді көздеген жұмыс болатын. Газет пен журнал редакцияларының мұндай істеріне ренжіген С.Сәдуақасұлы 1928 жылы 6 және 7 ақпанда "Правда" газетінің редакторына хат және БКП(б) Орталық Комитетіне арыз жолдайды. Өз уағында түрлі пікірлер тудырған осы мақала тарихынан толығырақ хабардар болу үшін, оқырман назарын С.Сәдуақасұлы жазған арыздың түпнұсқасын толық күйінде ұсынып отырмыз:
В Центр. Комитет ВКП(б)
От члена партии Садвакасова С.
(стаж 1920 г. партбилет 0944646).
Заявление
1. Ровно за месяц до открытия 15-го партсъезда мною была направлена в дискуссионный лист при "Правде" статья "О национальностях и националах". Моя статья вместо "дискуссионного листа" редакцией "Правды" была направлена в "Большевик" для использования (ответ "Правды" прилагаю). "Большевик" опубликовал статью в № 1 от 15 января 1928 года, т. е. через месяц после партсъезда, когда всякая дискуссия, как формально, так и фактически была прекрашена. Настоящим заявляю решительный протест против столь непонятного поведения редакции "Большевика", сознательно или до недоразумению поставившего меня в положение человека, в роли зачинщика новой дискуссий, выступавшего против партийных решений уже после съезда. 2. Решения 15-го съезда для себя считаю обязательными, но не за страх, а за совесть. Следовательно принципиально спорные пункты моей статьи теперь, после парт-съезда, отпадают. 3. Что же касается критика деятельности отдельных руководящих работников на окраине, то эти работники, по моему, не настолько безгрешны, чтобы их не критиковать. Надо полагать, что и сами они — это руководящие работники, - иначе не расценят мое выступление "против" них. Если же, паче чаяния, субъективные побуждения некоторых руководящих товарищей на окраине, подскажут им необходимость борьбы против мнимой "ревизии" Садвакасовым решении 15-го съезда, то я надеюсь, что Центральный Комитет не откажет в том, чтобы оградить члена партии от последствий подобного недоразумении. Возможно многих будет подводить календарь (15 января 1928 года), благодаря редакции "Большевик", за что я не могу считать себя виновным.
С ком. приветом С. Садвакасов
6.ІІ—28 года.
г. Ташкент.
"Большевик" жұрналында жарияланған мақаланың Ташкентте жүрген С.Сәдуақасұлына жайлы тимегендігі түсінікті. Ол көп ұзамай ректорлық жұмыстан босанып, Мәскеуге ауысады. Мәскеуде ол алдымен аз уақыт Шығыстану институтында ғылыми қызметкер болып істеп, содан соң Мәскеудің инженерлік транспорт институтына оқуға түседі. Бұл оқу орнын 1933 жылы аяқтаған ол партиялық мыңдық қатарында Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысында құрылысшы-инженер қызметінде болады. Осы жұмыста жүріп өндірістік апат нәтижесінде уланған ол 1933 жылдың желтоқсанында Кремілдегі ауруханада өмірден қайтады. Смағұлдың өлімі қазақ елі, қазақ интеллигенциясы үшін, әрине, қатардағы хабар емес-тін. "Известия" газеті 18 желтоқсан күнгі санында оның қаза болуына байланысты Т.Рысқұлұлы, Н.Нұрмақов, Ғ.Тоғжанов, М.Мырзағалиев, В.Шатов, А.Авдеев сияқты қайраткерлер қол қойған қайғылы хабар жариялады. Ә.Бөкейхан Ақ теңіз жағасындағы Соловецкі қапасында жатқан М.Дулатовқа жазған хатында өзінің шерменде халін "Смағұлдан басқамыз аманбыз" деп білдірді. Ал сормаңдай елінің кімнен айырылғанын жақсы түсінген Мағжан:
Жас Смағұл үздік туған бала екен,
Байтақ елге асқар таудай пана екен.
Сол баладан, сол панадан айырылған,
Қайран қазақ орны толмас жара екен.
Кім білді ердің асыл туған баласын,
Байтақ елдің асқар таудай ағасын.
Ажал шіркін қарамайсың ажарға,
Тағдыр тартып жыртқызыпты жағасын.
Аққуы жоқ, қаздары жоқ көл жетім
Шүйгіні жоқ, шалғыны жоқ жер жетім!
Смағұлдай баласынан айырылған,
Қайран қазақ болдың бүгін сен жетім.
Кейінгі оқиғалар көрсетіп бергендей, Голощекин үшін С.Сәдуақасұлын Қазақстаннан аластау бас көтерер қазақ зиялыларына қарсы үлкен шабуылдың алдындағы дайындық еді. 1927 жылы көкекте Ж.Мыңбаев Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағасы қызметінен босатылып, өзінің туған жеріне, Адай уездік атқару комитеті төрағасы қызметіне жіберілді. Осы жылдың күзіне қарай троцкистік-зиновьевтік блокқа қарсы күрес басталғанда, бұл науқан Қазақстанды да қамтып, қазақстандық троцкистермен байланыста болғаны үшін С.Сәдуақасұлы, Ж.Сұлтанбеков және Ы.Мұстамбайұлы партиялық жауапқа тартылуға тиіс болды. С.Сәдуақасұлы бұл кезде Мәскеуде оқуда жүргендіктен, оның ісіне қатысты құжаттар Мәскеуге Орталық Бақылау Комиссиясына жөнелтілді. Ұзаққа созылған ауыр тергеуден кейін Мұстамбайұлы партиядан шығарылды. Сұлтанбеков қатаң ескертумен партия қатарында әрең қалды. Бұл процесс көп ұзамай, яғни 1929 жылы "сұлтанғалиевшілдер ісімен" сабақтас "ұлтшыл уклонистермен", "буржуазиялық ұлтшылдармен" күрес науқанына ұласты. Осы жылы қырыққа жуық қазақ қоғам және мәдениет қайраткері тұтқынға алынды. Тергеу барысында олардың бәрінің дерлік алдына ескі "кінәлары" көлденең тартылды. Голощекин мен оның еркін іске асырушылар қазақ ұлтшылдарын жазалауда орталықтағы әріптестерінен кем түскен жоқ, тіптен шет аймақтарға тән белсенділікпен асып түсіп жатты. Мәселен, құрамында А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ж.Аймауытов бар 20 адам алдымен ату жазасына кесіліп, соңынан бұл үкім 10 жылдық концлагерьге ауыстырылды. М.Жұмабаев, Е.Омаров және басқа 7 адам 10 жылдық, ал қалған 15 адам 5 және 3 жылдық мерзімге концлагерьге қамалды. Кесілгендердің біразы лагерьдегі ауыр жағдайға байланысты еліне аман-есен орала алған жоқ. Голощекин алаштық интеллигенция емес, өзі сенімсіз деп тапқан аппаратта жүрген қайраткерлермен күресін Қазақстаннан біржола кеткенге дейін тоқтатқан жоқ. Мәселен, осы мезгілде қызметінен босатылып, астанадан аласталғандардың арасында Н.Нұрмақов, Ж.Сұлтанбеков және басқа көптеген қайраткерлер бар еді. Бұлардың біразы өмірін қайғылы аяқтады. Бұл айтылғандар сталиндік биліктің Голощекин қолымен қазақ интеллигенциясына жасаған қиянатының үзік көрінісі ғана. Тек интеллигенция емес, бүкіл ел басына түскен бұл зұлматтың шын мәніндегі ауқымы анағұрлым кең әрі терең еді. Бұл алаштық атанған ұлт азаттық қозғалыс интеллигенциясын жазалаудың алғашқы толқыны болатын. Келесі толқыны 1930 жылдың екінші жартысында іске асырылды Бұл жолы да арасында М.Тынышбаев, X. және Ж.Досмұхамедовтар, Ә.Ермеков, М.Әуезов, Ж.Ақбаев, Қ.Кемеңгерұлы бар қырықтан астам қазақ зиялысы ОГПУ түрмесіне жабылып, олардың он бесі бес жылға жер аударылды.
ҰЛТШЫЛ ТҰРАР РЫСҚҰЛҰЛЫ
Тұрар Рысқұлұлының өмірбаянында оның ұйымдастыруымен және төрағалығымен РСФСР құрамындағы автономиялық құрылымдардың басшы қайраткерлерінің, БОАК және КСРО ОАК мүшелерінің қатысуымен 1926 жылы Мәскеуде болып өткен ұлт мәселесіне арналған кеңестің орны ерекше. Қатысқан кісілердің құрамы, сондай-ақ онда талқыланған мәселелердің маңызы жағынан бұл кеңес, уақыт көрсетіп бергендей, шын мәнінде ұлт мәселесіне арналған бүкілодақтық 5-кеңестің міндетін атқарған еді. Ұлттар мәселесіне арналған бұрынғы 4-кеңес Мәскеуде 1923 жылы 9-12 маусым аралығында болып өткен-ді. "Өте құпия" деп мөр басылған 4-кеңестің материалдарын жетпіс жыл өткен соң, 1992 жылы жеке кітап етіп мәскеулік "Инсан" баспасы басып шығарды. Ал "Националдар кеңесі" немесе "Рысқұлов" кеңесі атанған 1926 жылғы кеңестің материалдары да "Құпия" деген белгімен Мәскеу архивтерінде сақталуы. Егер іске ыждиһатты тарихшы-мамандар тартылар болса, бұл материалдарды да жеке кітап етіп шығаруға толық мүмкіндік бар. Ал енді осы тарихшылардың үлкен қызығушылығын туғызған кеңесте не жөнінде сөз болады, оның кеңестік тарих дәуірінде алатын орны қандай? Бұл сауалдарға жауапты кеңес материалдарымен жақын таныса отырып алуға болар, бұл арада біз кеңесті өткізудегі Т.Рысқұлұлының атқарған қызметі мен онда қаралған мәселелерге қысқаша ғана тоқталмақпыз. 1926 жылдың мамырында Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылордада "Еңбекші қазақ" газетінің редакторы қызметінде жүрген Тұрар Рысқұлұлы кенеттен Мәскеуге шақырылып, РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалады. Бұл орталық биліктің Сталиннің басқаруымен жаңа кеңестік империяны құру ісін қызу қолға алып жатқан мезгілі еді. Жаңа империялық принціптердің үстемдік алуына жан-тәнімен қарсы шыққан З.Валидов, М.Сұлтанғалиев және басқа сол сияқты қайраткерлер қызметтен аласталып, абақтыға жабылып, сағы сынған болатын. Дегенмен орталықтың озбырлығына наразы күштер әлі де аз емес-тін. Бұл наразылықты өз дәрежесінде жеткізуге қабілетті жеке қайраткерлер де бар-тын. Солардың бірі Тұрар Рысқұлұлы еді. 1926 жылдың маусымында БКП(б) ОК Саяси бюросы "РСФСР-ды, оның құрамындағы ұлттық республикалар мен облыстардың құрамын жетілдіру мәселесі бойынша М.И.Калининнің басшылығымен 33 адамнан тұратын комиссия құрады. Ұлттық құрылымдар мен орталық арасындағы конституциялық-құқықтық қатынастарды белгілі бір жүйеге келтіруге тиіс болған бұл комиссияның жұмысы үлкен үміт артарлықтай күйде емес еді. Ал тез арада шешімін күткен мәселелер күн өткен сайын көбейе түскен болатын. Сөйтіп, большевиктердің ұлттық езгідегі халықтарға теңдік жұмағын беру жөніндегі уәдесі қол жетпес қиялға айнала бастайды Бұл жағдай РСФСР құрамындағы автономиялық құрылым басшылары арасында орталық саясатына деген наразылықтың өсе түсуіне негіз болады. Т.Рысқұлұлы өткізген кеңес сол наразылықтың жиынтық көрінісі еді. Кеңес 1926 жылы 12 қараша күні кешке және 14 қараша, жексенбі күні, яғни оған қатынасушылардың БОАК сессиясының жұмысынан қолдары босағаннан кейінгі уақытта өтеді. Кеңес жұмысына 49 адам қатынасады. Олардың 11-і қазақ қайраткерлері болатын. Бұл сан сол мезгілдегі қайраткерлеріміздің саяси белсенділігінің айғағы болса керек. Кеңесті ашу сөзінде Т.Рысқұлұлының "БОАК-нің ұлт істері бөлімі мен Мәскеуге сессияға келген ұлт аймақтары өкілдерінің өтініші бойынша" өткізіліп отырғанын айтып, күн тәртібіне мынандай мәселелерді ұсынады: 1) М.Калинин төрағалық жасайтын БКП(б) ОК-нің Комиссиясының қызметіне байланысты РСФСР-дағы ұлттық автономиялық құрылымдардың мәселелері; 2) БКП(б) ОК жанындағы ұлттық мәселелер бойынша өткізіліп тұратын кезекті кеңесті шығару қажеттігі жөнінде; 3) БОАК Президиумы жанындағы ұлт істері бөлімінің міндеттері жөнінде; 4) РСФСР-дың жетекші орталық мекемелеріне (халкомдар мен соған тең орындарға) ұлт қызметкерлерін тарту жөнінде. Бірінші мәселе бойынша кеңеске қатынасушылар Т.Рысқұлұлының жасаған хабарын тыңдап, сонан соң Асфендияров, Самурский және Курц даярлаған тезистерді талқылайды да, қалған мәселелер бойынша еркін пікір алысады. Тезистердің авторлары орталық билік орындарына басқару ісінің шектен тыс орталықтандырылып, бюрократизмге жол беріп және республикалардың жергілікті мәселелерін түсінуге келгенде құлықсыздық танытып отырғандықтарын айтып, сондықтан да басқару аппаратын жергіліктендіру, жер мәселесінің, өнеркәсіп салу және оларды маман кадрлармен қамтамасыз ету, жергілікті ұлт тілдерін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеру және басқа осы сияқты мәселелердің шешілмей жатқандығына көңіл аударды. Кеңесте сөйлеген шешендердің сөздерінде де наразылық пен ашыну аралас еді. Курц (Поволжье немістері АКСР Халком кеңесінің төрағасы): "Мемлекетіміздің орталық мекемелері саяси мәні бар директивалық қаулыларды ғана емес, тіптен аз ұлттарға байланысты барлық кеңес мекемелері міндетті түрде орындауға тиісті заңдарды аяқ асты етіп отыр". Әбдірахман (Қырғыз облатқару комитеті төрағасының орынбасары): "Ұлт аймақтары мен РСФСР-дың орталық мекемелері арақатынасына байланысты шешілмей жатқан жай өте көп. Мәселен, сол ұлт аймақтарынан арызданып келген орыс өкілінің арызы көп жағдайда автономиялық мемлекет орындарының ресми өтініштерінен жоғары қойылып жатады... 21-жылы біз жер-су реформасын өткіздік, қызғыздарға кезінде келімсектер тартып алған жерлері қайырылды, жер ғана емес, жермен бірге салынған құрылыстар, диірмендер де өтті. Мұны естіген БОАК қаулы қабылдап, диірмендер өз иелеріне қайтарылсын деп көрсетеді, ал енді осы құжатқа сүйеніп орыс шаруалары түрлі наразылықтар ұйымдастыруда..." Кеңесте сөйлеген қазақ өкілдері С.Асфендияров, С.Меңдешев, Ж.Мыңбаев, С.Қожанұлы, Ә.Досов Қазақстандағы жағдайды қатал сынға алысты. Кеңесте қорытынды сөз сөйлеген Т. Рысқұлұлы да ымырасыз еді. Ол: "Орталық мемлекеттік аппарат өздеріңізге мәлім мүдделерді қорғап әбден қалыптасып қалған, енді оны сол қалыптасып қалған бағыттан басқа жаққа бұру жеңілге түспес. Аппарат ұлттық аймақтардағы ерекшеліктерді есепке алуға бейімделмеген. Керек десеңіз, оның жетекшілері қандай ұлттардың қайда тұратындықтарын да білмейді. Онда жұмыс жасайтын шенеуніктер ұлтшылдық пиғылмен уланған, ұлыдержавалық шовинизм тура осы орталық мекемелерден тарап отыр. Қазіргі экономикалық саясатта елді индустрияландыру мәселесі негізгі орын алып отыр. Міне, осы мәселеде де ұлттық аймақтардың түпкілікті мүдделері мүлдем есепке алынып отырған жоқ. Тіптен қайсыбір жауапты орындағы жолдастар сол ұлттық аймақтарда қандай индустрияландыру болуы ықтимал деп есептейді. Олардың түсінігі бойынша, онда тек көшпелі шаруашылықтар ғана бар, ал егіншілік аудандарында болса өнеркәсіптің дамуына қажет негіз жоқтың қасында. Сондықтан да фабрика мен заводтарды РСФСР-дың орталық аудандарында ғана көбірек салу керек, ал ұлт аймақтары шикізат көзі міндетін атқаруға тиіс..." Кеңес Т.Рысқұлұлының тапсыруы бойынша Курц даярлаған қарардың жобасын талқылап, қабыл алады. Кеңес өзінің құқықтық статус тұрғысынан нақты шешімдер қабылдамай, М.И.Калинин басқаратын комиссияға ұсыныстар жасаумен шектелуге тиіс еді. Кеңес сондай-ақ Рысқұлұлы, Курц, Самурский, Наговицын және Асфендияровқа "Кеңесте қаралған мәселелер жөнінде Сталинге баяндап, оның алдына ұлт мәселесі бойынша 5-кеңесті өз уақытында шақыру туралы мәселе қоюды тапсырады". Кеңес, сонымен бірге барлық ұлттық республикаларға өзінің негізгі материалдарын қамтыған 130 беттік материалын жөнелтеді. Кеңес қабылдаған ұсыныстарда орталық биліктің ұлт аймақтарымен қатынасын қатал сынға алған жолдар жеткілікті еді. Мәселен, онда "РСФСР-дың орталық билік орындары мүмкін болғанша автономиялық республикалардың дербес халкомдарын өздеріне бағынышты етіп, оларды біржола жоюға жол ашуда", сондай-ақ "жергілікті халықтардың мұқтаждығы мен мүддесін есепке алмастан ұлттық аймақтарға байланысты жер мәселесінде переселендік-отарлаушылық бағыт ұстанып отыр, бұл мәселеде жергілікті автономиялық республикалардың өкіметінің басынан асып көптеген істерді өз қалауынша тындыруда..." деген тұжырымдар бар болатын. Әрине, И.Сталин өзінің бағытын өткір сынға алған мұндай кеңеспен келісе алмайтын еді, сондықтан да тез арада оның ұстанған бағытын ымырасыз сынға алған жиналыстар өткізуді тапсырады. РСФСР-дың барлық автономиялық құрылымдарында "рысқұлов" кеңесінің бағытын айыптаған жиналыстар өте бастайды. Солардың бірі Қазақстанның сол тұстағы астанасы Қызылорда қаласында да 1926 жылы 18 желтоқсанда болып өтеді. Онда негізгі баяндамамен сөйлеген Ф.Голощекин еді. Мәжілістің қабылдаған қаулысында былай деп көрсетілді: "Националдардың жоғарыда аталған кеңесі қабылдаған шешімдерді ешқандай да қабылдай алмайтындығымызды білдіре отырып, біз ОК-тің ұлт мәселесіндегі саясатын толық қолдайтындығымызды білдіреміз. Бұдан былай ұлттық республикалардың пікірі мен мұқтаждықтарын олардың партия комитеттері мен үкіметі ғана білдіруге тиісті деген бағыт орныққанын дұрыс деп тауып, өз қалауы бойынша барған гастролерлер мен жауапты қызметкерлердің айтқаны есепке алынбауға тиіс деп санаймыз". Националдар кеңесінің тарихы, әрине, ұлттық республикаларда болып өткен айыптау мәжілістерімен аяқталған жоқ. 1937-1938 жылдары бүкіл Кеңестер Одағын қамтыған жаппай репрессиялау саясаты тұсында "рысқұлов" кеңесіне қатынасқан қайраткерлердің бәрі дерлік қамауға алынып, жазаланды. Тоталитарлық жүйе Т.Рысқұлұлы мен оның пікірлес серіктеріне көрсеткен қарсылығын кешірген жоқ. "Адасқанның алды жөн, арты соқпақ" деген осы да.
ҰЛТШЫЛ ЫДЫРЫС МҰСТАМБАЙҰЛЫ
Әдетте ғылыми әдебиетте жаппай репрессия саясаты 1937-1938 жылдары іске асырылды деген пікір қалыптасқан. "Үлкен террор" атанған бұл жалпымемлекеттік шараның осы мезгілде жүргізілгені тарихи шындық. Дегенмен осы жасалынған тұжырымға мынадай мазмұндағы анықтаулар енгізу тарихи әділеттік болар еді. Біріншіден, пролетариат диктатурасы атанған сталиндік режимнің өз халқына қарсы жүргізген "үлкен терроры", әрине, кездейсоқ, жаңылыс құбылыс емес-тін. Ол бүкіл империя көлемінде орнаған саяси билік жүйесінің табиғи болмысынан туындап жатты. Екіншіден, Кеңес үкіметі орнаған алғашқы күнінен бастап-ақ үзіліссіз (перманентті) жүргізіп отырған бұл шараның қанды шеңберіне қоғамның саяси өміріне белсенді түрде араласқан адамдардың барлығы да іліккен еді. Сондай-ақ қоғамның белсенді, саналы бөлігін репрессияға алудың да өз ішкі логикасы, реті болды. Бұл айтылған тұжырымның негізсіз емес екендігін 20-30-жылдардағы Қазақстан тарихынан айқын аңғару қиынға түспейді. Мәселен, репрессия шаралары алдымен және бірнеше дүркін (1918-1921, 1927-1932, 1937-1938) Алаш зиялыларын қамтыды. Өйткені большевиктік билік қазақ қоғамындағы потенциалды оппозициялық күш зорлықпен басылып тасталынған ұлт азаттық қозғалыс басшылары мен белсенділері екендігін, әрине, жақсы түсінді. Саяси репрессияның келесі құрбандары кеңестік биліктің түрлі негізсіз шараларын ашық теориялық тұрғыдан сынаған зиялылар мен қолына қару алып, оған қарсы қайрат көрсетуге шыққан қарапайым халық болатын. Қазақстанда осы жылдары жүргізілген жаппай репрессиялау саясаттың ауқымын мынадай фактілерден байқауға болады. Мәселен, 1930 және 1932 жылдары Алаш қозғалысының басшыларын жазалау шаралары барысында 80-нен астам адам жауапқа тартылып, олардың басым бөлігі ұзақ мерзімдерге сотталып, төртеуі атылды89. 1929-1933 жылдары күшпен ұжымдастыруға қарсы шыққаны үшін, республикада 3 386 шаруа ату жазасына кесілді, 13 151 адам 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге сотталды90. Ал тарихшы Д.Орынбаеваның есебі бойынша, 1937-1938 жылдардағы "үлкен террор" тұсында республикадағы тек жеті облыс (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Маңқыстау) бойынша ғана 16 520 адамға саяси айып тағылып, репрессияға ұшыраған91. Тек Алматы облысы бойынша түрлі саяси айыптаулармен атылғандардың саны 1680 адамға жеткен92. Бұл келтірілген сандық фактілердің ар жағында мыңдаған-миллиондаған адамдардың қайғылы тағдыры, бірнеше буын ұрпақтардың, бүтін халықтардың өзгеріске (деформацияға) ұшыраған рухани болмысы, мінезі жатқандығын айтып жеткізу, әрине, оңай шаруа емес. Енді осы ХХ ғасырдың 20-30-жылдары үзіліссіз жүргізілген репрессиялық саясаттың себептері жөнінде. Орталық басшылық, оның Қазақстандағы өкілі есебінде болған большевиктер партиясының Өлкелік Комитеті осы аталған тарихи мезгілде тікелей өздерінің нұсқаулары бойынша жүргізілген экономикалық, саяси және басқа реформалық шаралардың сәтсіздікке ұшырау себептерін саяси оппозицияға, тіптен жоғарғы республикалық басшылықта жүріп-ақ қате бағытқа жігерлі де табанды қарсылық көрсеткен қызметкерлерге аударды. Сондай-ақ кеңестік реформаларға қатысты өзара қайшы бұл екі бағыттың арасындағы егес 20-жылдардың алғашқы жартысында-ақ басталып кеткен еді. Бірер мысал келтірейік. 1923 жылы наурызда Орынбор қаласында өткен Өлкелік партия ұйымының ІІІ конферециясында белгілі партия қайраткері Е.М.Ярославский мен сол тұстағы Қазақстан үкіметі басшыларының бірі А.И.Вайнштейннің байлардың меншігіне "қызыл гвардиялық шабуылға көшіп", "кедейлердің әлі оянбаған таптық инстинктін шайқау, көтеру, сөйтіп "кедейді байларға қарсы қою" (Вайнштейн) сияқты ұрандарын сынға алған Смағұл Сәдуақасұлы мынадай астарлы пікір білдіреді: "Қазіргі уақытта қазақ кедейлері біреудің қанауынан емес, жұмыссыздықтан қиналып отыр. Сондықтан да қырғыз кедейлеріне бірінші кезекте тура осы тұрғыдан қарау қажет. Қазақтарға ат, шөп, носилка беріңіз, сол арқылы оның қожалығын нығайтыңыз, ал бұл шара барды ортаға салып, қарадүрсін бөлісуден жүз есе тиімді болмақ... Бүгін сіз кедейге бір сиыр бердіңіз делік, ертең ол сиырды сойып алады, одан кейінгі күні басқасын сұрауы ықтимал, ал ол сұрағаны жоқ болса ше? Сондықтан да мәселенің басқа да жақтарын ұмытуға болмайды. Осында отырықшылыққа өту туралы да айтылды. Оған өту құмар адамдардың қалауы бойынша бола алмайды. Бұл арада филантропия емес, жалпы мемлекеттік шаралар қажет". Одан ары С.Сәдуақасұлы "қазіргі кезеңде ел сілкіністерге емес, бейбіт өмірге мұқтаж. Елді жаңа экспроприациялар емес, еңбек пен ғылым құтқармақ. Экспроприация идеясы билікке қарсы көтеріліс немесе соған жақын нәрсе. Бізге патша үкіметі тұсында мұндай қоздыру туғызу қызық болғанымен, қазіргі біздің жағдайымызда қазақ даласында ондай жасанды қоздырулар туғызудың қызығы шамалы. Мемлекеттік адамдар мемлекет мүддесі тұрғысынан ойлауы қажет"93, -деген тұжырым жасайды. С.Сәдуақасұлы бұл айтқан пікірі большевиктер билінің сол тұстағы ұстанымын ашық сынға алудың өзі-тін. Міне, бұл айтылған пікірден соң-ақ осы партиялық конференцияда "Қазақ ұлтшылдығы" деген "саяси" ұғымның айналымға қосылуы ұлттық саяси элита арасында ешқандай да таңданыс тудырған жоқ. Жиырмадан сәл ғана асып, белсенді қызметке енді ғана араласа бастаған Смағұл Сәдуақасұлы отызға жетпей-ақ аласталынды, саяси қуғын-сүргінге ұшырады. С.Сәдуақасұлы сияқты ресми биліктің негізсіз реформалық шараларын ымырасыз сынға алған қайраткерлер ұлттық саяси элита арасында аз болған жоқ. Міне, сондай табанды қайраткерлердің бірі -Ыдырыс Мұстамбайұлы. Бұл қайраткердің өмір жолына қатысты деректік материалдар кеңестік билік жүргізген саяси-репрессия шараларының қаншалықты негізсіз және әділетсіз болғандығын айғақтайды. Қайраткер жөнінде қысқаша мәлімет: Ыдырыс 1898 жылы Семей қаласының іргесіндеғі "Заречная Слободка" қалашығында Алексеевтердің жүн жуатын зауытында отыз жыл бойы еңбек еткен Жауғашұлы Мұстамбайдың отбасында өмірге келген. Анасының аты - Қолан. Семейдегі 7 кластық гимназияны аяқтаған. 1920 жылы партия қатарына еніп, 1933 жылы ОГПУ тарапынан тұтқынға алынғанға дейін партияның Қазақстандағы ұлт саясатымен келіспегені үшін екі мәрте партия қатарынан шығарылған. Орал және Ақмола губерниялық прокуроры, Сырдария губерниялық кеңесі атқару комитетінің төрағасы және басқа кеңес және партия қызметінде болған. Ыдырыс Мұстамбайұлы Қазақстан тарихында 20-жылдардың алғашқы және орта тұсында орныға бастаған сталиндік тоталитарлық жүйеге қарсы табанды күреске шыққан қазақ зиялыларының көрнекті өкілі ретінде терең із қалдырды. Қайраткердің бұл бағыттағы жұмысы 1923 жылы желтоқсанда Орал губерниялық прокуроры қызметінде жүргенде Қаратілеуов және Стародубцовпен бірге губерниядағы кадр саясатында ұлыдержавалық, шовинистік бағыттың үстем алып отырғанын айтып, сол тұстағы Одақтық Революциялық Әскери Кеңесінің (Реввоенсовет) төрағасы Л.Троцкийге ресми хатпен қайырылудан басталып еді. Бұл негізді хаттан ештеме де шықпай, оның есесіне Қаратілеуов партиядан шығарылып, ал Стародубцов пен Мұстамбайұлы өзі басқа губернияларға қызметке ауыстырылды. Ы.Мұстамбайұлына Орал қаласында тұратын белгілі заңгер Бақытжан Қаратаевпен байланыста болды деген айып та тағылады. Міне, осы кезден бастап Ы.Мұстамбайұлының Смағұл Сәдуақасұлы, Жағыпар Сұлтанбекұлы және басқа қызметтес достарымен бірге сталиндік режимнің Қазақстандағы лаңына қарсы табанды күресі басталды. Бұл күресте, әрине, Ыдырыс Мұстамбайұлы мен оның достары жеңіске жете алған жоқ, бірақ олар зорлықшыл жүйемен жүрген ауыр арпалыста қазақ зиялыларының теориялық деңгейі мен азаматтық бейнесінің биік екендігін жауларына көрсете білді. Осы пікірдің дәлелді екендігіне енді біз архивтік құжаттар арқылы тоқталып өтейік. 1928 жылы наурызда партия қатарын тазалау науқаны барысында Өлкелік Бақылау Комиссиясының төрағасы Титовқа Өлкелік басшылықтың, әсіресе Ф.И.Голощекиннің басқару әдісіне байланысты қойылған сауалдарға жауап беріп, ол мынадай пікірлер айтады:
Титов (бұдан былай "Т". - авт.): "...Мұстамбаев, сіз біздің ішкі тәртібіміз тура емес деген тұжырымды Қазақстан өмірінің нақты қандай фактілеріне сүйене отырып жасағаныңызды айта алмайсыз ба?
Мұстамбайұлы (бұдан былай "М". - авт.): ...тек ішкі қазақстандық партиялық тәртіп жөнінде айтар болсам, бізде, Қазақстанда, біржақты басшылық орын тепті деп санаймын.
Т.: Ол неден көрінеді?
М.: "Неден көрінедісі" қалай? Басшылықта тек белгілі біреулерге ғана сүйеніп, оларды тыңдау, ал қалған қазақ активін, мейлі олардың пікірінде тура ой, мүмкін, шалыс басу болсын, саралап жатпастан қудалау, репрессиялау байқалады. Менің қазіргі түсінігім осындай.
Т.: Мәселен, сізге де байланысты ма?
М.: Маған да байланысты, сондай-ақ тек маған ғана емес.
Т.: Тағы кімді, мәселен. Аттарын атамайсыз ба?
М.: Санап жатпаймын. Осы айтқанымның өзі де жеткілікті, оның туралығына жауап беруге даярмын...
Т.: Демек Голощекиннің басшылығы дұрыс емес. Бірақ партия ұйымын басқарып отырған Өлкелік Комитет, Бюро, Пленум ғой.
М.: Иә, түсінікті. Сіз Өлкелік Комитет бюросы 7-8 адамнан тұрады ғой дегіңіз келеді, оған мен бұл арифметикалық көрсеткіш қана, ал Өлкелік Комитет дегеніңіз шын мәнінде жалғыз Голощекиннен тұрады.
Т.: Диктатор ма?
М.: Қалай айтсаңыз да өз еркіңізде. Диктатор болса болар, мүмкін, басқалардың бәрін де пікірінен айырып, өз ырқына көндірген соншалықты ірі жолдас шығар... Әйтеуір қалай болғанда да менің өз пікірім сондай, Голощекин жолдас Өлкелік Комитетті бір өзі ауыстырып отыр94.
Өлке билеушісі Ы.Мұстамбайұлына мұндай өрлікті кешірмегендігі, әрине, түсінікті. Ол Сырдария губерниялық атқару комитетінің төрағасы қызметінен босатылып, түрлі елеусіз қызметтерге төмендетіледі. Қазақстан 1932-1933 жылдары бұрынды-соңды болмаған қоғамдық апатты басынан кешірді. Соның нәтижесінде қазақ елі өзінің жартысынан айырылды. Апаттың себебін орталық та, голощекиндік өлкелік басшылық та өз мойындарына алудан үзілді-кесілді бас тартты. Мұндай жағдайда кінә, әрине, оппозицияға аударылмақ. 1933 жылдың 17 қаңтарында Мәскеуде іссапарда жүрген Ыдырыс Қазақ педагогикалық институтының бірнеше студенттерімен бірге тұтқынға алынады. Тура осы мезгілде оның бауыры Сембай, немере інісі Смағұлов Нұрпейіс, бажасы Асқаров Әшім де абақтыға жабылып, түрлі мерзімдерге сотталады. Қылмыс кодексінің 58-бабындағы 10 және 11-тармақтары бойынша бес жылға сотталған Ы.Мұстамбайұлы абақтыдан қайтып оралған соң, 1937 жылы 19 шілдеде қайтадан қамауға алынып, Ішкі істер комиссариаты Алматы облыстық басқармасы үштігінің үкімімен белгілі 58-баптың 10 және 11-тармақтары бойынша ату жазасына бұйырылады. Үкім 1937 жылы 16 қарашада орындалған. Ы.Мұстамбайұлына "троицкистермен байланыс орнатты, Қазақ педагогикалық институтының студенттерімен бірлесіп, кеңестік билікке қарсы саяси ұйым құрды, "Батпақдала" деген мекенде кеңес үкіметіне қарсы қарулы көтеріліс ұйымдастырды" деген сияқты айыптар тағылған болатын95. Осы арада біз бұл қайраткердің тергеу ісіне байланысты мынаны айта кетуді жөн санадық. Ыдырыс Мұстамбайұлы өмірінің ең соңғы сәтіне дейін тергеу барысында қолданылған түрлі зорлау әдістеріне қарамастан, өзіне тағылған негізсіз, жалған айыптауларды мойнына алмады. 1937 жылы 14 қараша күні болған тергеуде ол тергеушінің "Сіз кеңестік билікке қарсы құрылған ұлттық ұйымның қызметінде белсенді атсалысқандығыңызды мойындайсыз ба?" деген сауалына: "Маған тағылған кінәні мен мойныма ала алмаймын. Кеңестік билікке қарсы құрылған ұлтшылдар ұйымы туралы маған ештеме де белгілі емес және өзім ондай ұйымның мүшесі болған емеспін"96, - деп жауап береді. Тергеушінің: "Сіз жалған айтып отырсыз, ұлтшылдардың басқару орталығымен, оның мүшесі Сұлтанбекұлы Жағыпармен97 байланысыңыз бар", - деген айыптауын Ыдырыс "повторяю, что принадлежность свою к антисоветской националистической организации отрицаю. С Султанбековым я был лично связан с 1926 года по 1932 год не как с членом организации, а как с товарищем, и нас с ним связывали личные дружеские взаимоотношения, общность взглядов наших по ряду вопросов практики работы в Казахстане..."98 — деп жоққа шығарады. Ірі саяси қайраткер, табанды азамат Ыдырыс Мұстамбайұлының өмір жолынан келтірілген бұл фактілер, әрине, оның биік тұлғасын толық ашып көрсете алмайды. Дегенмен осы айтылғандардың өзі де оның қайраткерлік бейнесінен біраз хабар берсе керек. С.Сәдуақасұлы, Ы.Мұстамбайұлы және олардың серіктерінің ұстанған бағытының дұрыс екендігін 30-жылдары Қазақстан халқының басына түскен нәубет көрсетіп берді. Екі миллионға жуық адам 1930-1933 жылдары аралығындағы аштықтың құрбаны болды. Оның бір жарым миллионнан астамы жергілікті қазақ халқы еді. Осы мезгілде өлімнен және саяси қуғын-сүргіннен бастарын арашалаған бір миллионға жуық қазақтар көрші Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және басқа елдерге қоныс аударуға мәжбүр болды. Ел басына келген бұл апатты 18-ғасырдағы "ақтабан шұбырынды" трагедиясымен ғана салыстыруға болатын еді. Кеңестік билік, оның басшылары Қазақстан трагедиясына байланысты өздерінің жіберген қателіктерін сол тарихи кезеңде де және одан кейін де өз мойындарына алған емес. Мәселен, кейінірек өзі де саяси репрессия құрбаны болған Ф.Голощекин 1940 жылы тергеушінің "Қазақстандағы көтерілістер мен қазақтардың басқа елдерге қоныс аударуларының себебі сіздің "жаулық қызметіңіздің" салдары емес пе?", -деген сұрауына: "Жоқ! Көтерілістер мен басқа елдерге қоныс аударулар партия мен үкіметтің дұрыс саясат ұстанғандығының көрінісі, яғни тап күресінің шиеленісіп кетуінің салдары, ру басылары мен буржуазиялық ұлтшылдардың басшылықтың ұстанған бағытына берген жауабы", - деп көрсетеді. Бұл берілген жауаптан әділетсіздіктің большевиктік басшылықтың санасына қаншалықты терең тамыр жайғандығын аңғару, әрине, қиын емес.
ЗҰЛМАТҚА ҰРЫНДЫРҒАН ЖОЛ
І
32-жыл апатының ауқымы мен салдарын терең ұғыну үшін, осы апатқа ұрындырған саяси бағытты білудің де маңызы үлкен. Мәселенің күрделі һәм көлемді екендігін ескере отырып, біз оқырман үшін оның ең қажет деген тұстарына тоқталып көрелік. Сонымен, партия ұстанған теориялық бағыт пен жалпы елдегі жағдайды былай қойғанда, Қазақстанда орын алған 32-жылғы апатты болдырмай қоймаған мынадай екі алғышартты, қайғы-қасіретке тікелей жол ашқан себептерді бөліп айтпау мүмкін емес. Олар, біріншіден, Қазан төңкерісінен кейін қазақ елінің өз ұлттық мемлекеттігіне қол жеткізе алмауы, соның салдарынан өз ырқы өз қолына тимеген елде барлық ірі қоғамдық мәселелерді шешуде қуатты Орталықтың бағыт-бағдарлама, нұсқаулары үстемдік алып жатты. Екіншіден, Қазақстанның өзінің ішіндегі қалыптасқан жағдай, яғни бастауыш топ, ұлттық интеллигенция арасында шешуші сәтте алтыбақан алауыздықтың етек алуы, індетке айналуы, соның нәтижесінде тағы да сол орталықтың, оның жеріміздегі уәкілдерінің саналы түрде қолдауы арқасында жоғарғы билікке ұлттық мүддені қасиет деп танымаған, орынды-орынсыз "тапшылдық" ұранын көбірек қайталап, ал шын мәнінде "заманың түлкі болсаны" ұстанып, қызмет-лауазымнан басқа мұратты көрмеген жандардың келуі, сондай-ақ жалпы ұлттық санамыздағы "не болса да көппен бірге көріп алдым" сияқты жетекшіл көнбіс мінездің үстемдік алуы еді. Осы екі себептің соңғысына көбірек тоқталу қажет-ақ. Өйткені соңғы уақытта бізде қайғы-қасіреттің барлық себебін сыртқа аудара салу әдеті байқалады. Ал мұның өзі ұлы Абайдың "Қазақтың қазақтан өзге жауы жоқ" деген аталы сөзін ұмытуымен тең. Әуелі Орталықтың өктемдігі туралы. Кез келген жаңаның ескіден біржола, бірден қол үзіп кетуі қиын. Мұның өзі екі жағы (пайдасы мен зияны) бірдей құбылыс. Біздің жағдайымызда зияны басымырақ болды. Жаңа кеңес мемлекеті көптеген жаңа мәселелерді шешуде ескі империялық әдістерге сүйенді. Мәселен, коллективтендіру, феодалдық билеуші топтарды экспроприациялау сияқты өте күрделі экономикалық, саяси-әлеуметтік мәселелердің мерзімі, жүру қарқыны және әдістеріне дейін орталықта шешілді. Осы уақытқа дейін өзіміз ауыз толтырып айтып келген Қазақстан Коммунистік партиясы шын мәнінде осы сияқты тек республика ерекшеліктері мен оның халқының мүддесі негізінде шешілуге тиіс мәселелерді қарауға келгенде қауқарсыз болды. Ол тек КОКП-ның Қазақстандағы филиалы дәрежесінде еді. Сондықтан да оның Орталықтан принципті өзгешелігі бар бағыт ұстанғандығы туралы айту қиын, ондай дәлел-дәйектер де жоқ. Голощекин Қазақстан жеріне табаны тиісімен-ақ 1925 жылы: "Мен біздің саяси бағыт-партияның Орталық Комитетінің бағыты деп санаймын. Біздің басқа ешқандай да саяси бағытымыз жоқ", -деп мәлімдеген. Сонымен бірге, Голощекин қызметін бағалағанда, оны тек орталықтың көсеуі деп қарасақ, біржақтылыққа ұрынар едік. Оның қызметі мұндай бағадан гөрі күрделірек. Яғни бір жағынан Орталық үшін Голощекин, шынымен де, бар болғаны үкімді іске асырушы құрал дәрежесінде болғаны рас. Шындық солай. Қазақстанның жеке өзін алғанда, Голощекин белгілі дәрежеде шексіз билік иесі болды. Қазақстан көлемінде оның мұндай мәртебесін белгілеген де Орталық еді. Өйткені солай етпейінше, "шет аймақтарда" Орталықтың өктемдігінің іске асуы, әрине, екіталай болатын. Орталықтың өктемдігі қандай механизмдер арқылы жүзеге асып жатты. Бұл ретте алдымен, әрине, саяси партияның мазмұнынан айырылып мемлекеттік құрылымға айналған мемлекеттік басқару жүйесімен тұтасып кеткен партияның рөлін бөліп айту қажет. Саяси басқарушы күшке айналған партия өз бағдарламасын бірден-бір сара жол есебінде барлық әлеуметтік топтарға үгіт-насихат арқылы ғана емес, күштеп-зорлап таңумен де әуестенді, ал оны қабылдай алмағандарды қудалады, репрессиялық жолмен жазалады. Партия барлық демократиялық қоғамдарға тән ақылға қонымды оппозицияға емес, қарапайым сынға да төзімсіздік танытты. Үлкен мәселеде, әрине, партия мен Біріккен Саяси Бас Басқарма (ОГПУ) өзара байланысты. Партия өз бағытын СББ(ГПУ) сияқты қуатты мекеменің мүлтіксіз қызметіне сүйену арқылы да іске асырып отырды. Бұл мекеменің "бір жеңнен қол шығарып" жұмыс жасауы, әсіресе Қазақстан сияқты республикалардағы "ұлтшылдық уклон" атанған бағытпен күресуде анық байқалды. Соның нәтижесінде халқының болашағы үшін жаны ауырған ұлттық интеллигенция өкілдері ұстанған түрлі қоғамдық даму баламалары қабылданбай, кейін ысырылып қана қойылған жоқ, социализмге, халық мүддесіне жасалған қастандық ретінде бағаланды. Осы арада біз қайғы-қасіреттің екінші себебіне келдік. Егер қазақ интеллигенциясы, соның ішінде жоғарғы билікте жүрген қызметкерлердің арасында жалпы елдік, халықтық мүддеге байланысты ауызбірлік, өзара түсінушілік үстемдік орын алса, онда орталық дүмбілез бағдарламаларын өткізе алмаған болар еді. Бір-екі мысал келтірелік. Қазан төңкерісі жеңген бетте-ақ большевиктік басшылық арасында билеуші топтар меншігін тез арада экспроприациялау саясатын Қазақстан сияқты шет аймақтарға да сол күйінде көшіруді жақтайтын күштер жеткілікті еді. Қоғамдық мәселелерді түсіндіру мен шешуде өрісі тар партиялық деңгейден жоғары көтеріле алмаған олар іс жүзінде қазақ сияқты "тағы" халықтың "қарабайыр түкке алғысыз" тіршілігін, өмір салтын қиратып, бұзып, революциялық құралдар арқылы мүлдем жаңа өмір сатысына алып шығуға болады деп түсінді. Қажетті даярлықсыз қысқа мерзім ішінде ұжымдық шаруашылыққа көшіру, отырықшы өмір салтын енгізу - соның айғағы. Бұл іс жүзінде бүтін бір өз табиғи-тарихи бітім-болмысы бар елді күшпен зорлап "бақытты ету" саясаты еді. Басшылық арасында Орталықтың қастандыққа парапар солақай саясатын сынға алып, балама жол ұсынған қайраткерлер болды. Смағұл Сәдуақасұлы, Нығмет Нұрмақұлы, оларды қолдай шыққан Жалау Мыңбайұлы, Ыдырыс Мұстамбайұлы, Жағыпар Сұлтанбекұлы, Әзімбай Лекерұлы және басқалары сол шоғырды құрушылар болды. Ал бұл қайраткерлердің артында олардың азаматтық күресіне тілектес, ниеттес, бар мүмкіндігінше ақыл-кеңесін, көмегін беріп Әлихан Бөкейханұлы мен Ахмет Байтұрсынұлы бастаған алаштық интеллигенция тұрды. Шындығын айталық, біз осы уақытқа дейін идеологияланған ғылым тұрғысынан қарап, бұл екі буын арасындағы табиғи байланысты жоққа шығарып, керек десеңіз, оларды бір-біріне қарсы қойып келдік. Тарихи құжаттар бұл пікірдің шындыққа қайшы екендігін көрсетіп отыр. Әлихан мен Ахметтің Тұрар мен Сұлтанбекті, Сұлтанбек пен Смағұлды бірлікке, өзара түсінушілікке шақырып, табыстыруға күш салуы - соның айғағы. Бірақ тура сол сәтінде ондай бірлікке қол жетпеген. Ал азаматтардың өздері кейіннен өз қателіктерін кешірек түсініп, сандарын соққан. Одан не пайда? Ондай өкіну бәрі жабылып Сұлтанбекті Қазақстаннан кетірген соң, Голощекинмен бетпе-бет жалғыз қалып қамыққаннан Сұлтанбектің жоқтығын анық сезінген Смағұл да болды. Азаматтық өре. Барлық замандарда, әсіресе қилы-қилы кезеңдерде адамгершілік пен ерліктің негізгі өлшемі болған, бола бермек осы қасиет біз сөз етіп отырған аға буындарда кемшін болған жоқ. Бірақ оның да алдынан көлденең қазылған ұрасы, артынан шашылған топырағы тағы да сол алтыауыз алауыздық. Орталық пен Голощекиннің өзімшіл өктемдігіне қарсылық көрсетіп, өз елінің намысын биік ұстаған азаматтардың бірі — Ыдырыс Мұстамбайұлы. "Голощекинмен бірігіп Қазақстанда коммунизм құра алмайсың!" деген пікірді таратқан ол, бұл сөзді оқып, қаһарланған бірінші хатшының құқайынан қаймықпай, Бақылау Комиссиясының Төрағасы Титовтың алған тергеуінде Голощекинді "диктатор" ретінде айыптайды. Енді партиялық архивтен алынған сол тергеу тексіне көңіл аударайық: "Т.: (Титов - М.Қ.). ...Мұстамбаев, сіз біздің ішкі тәртібіміз тура емес деген тұжырымды Қазақстан өмірінің нақты қандай фактілеріне сүйене отырып жасағандығыңызды айта алмайсыз ба? М.: (Мұстамбайұлы - М.Қ.). Ешқандай да оппозицияға байланысты емес (троцкистік оппозицияны айтып отыр - М.Қ.), тек ішкі қазақстандық партиялық тәртіп жөнінде айтар болсам, бізде, Қазақстанда, біржақты басшылық орын тепті деп санаймын.
Т.: Ол неден көрінеді?
М.: "Неден көрінедіңіз" қалай? Басшылықта тек белгілі біреулерге ғана сүйеніп, соларды тыңдау, ал қалған қазақ активін, мейлі олардың пікірінде тура ой, мүмкін, шалыс басу болсын, саралап жатпастан қудалау, репрессиялау байқалады. Менің қазіргі түсінігім осындай.
Т.: Мәселен, сізге де байланысты ма?
М.: Маған да байланысты, тек маған ғана емес.
Т.: Тағы кімді, мәселен. Аттарын атамайсыз ба?
М.: Санап жатпаймын. Осы айтқанымның өзі де жеткілікті, оның туралығына жауап беруге даярмын... Т.: Демек, Голощекиннің басшылығы дұрыс емес. Бірақ партия ұйымын басқарып отырған Өлкелік Комитет, Бюро, Пленум ғой. М.: Иә, түсінікті. Сіз Өлкелік Комитет бюросы 7-8 адамнан тұрады ғой дегіңіз келеді, оған мен бұл арифметикалық көрсеткіш қана, ал Өлкелік Комитет дегеніміз шын мәнінде жалғыз Голощекиннен тұрады.
Т.: Диктатор ма?
М.: Қалай айтсаңыз да өз еркіңізде. Диктатор болса болар, мүмкін, басқалардың бәрін де пікірінен айырып, өз ырқына көндірген соншалықты ірі жолдас шығар.... Әйтеуір, қалай болғанда да менің өз пікірім сондай, Голощекин жолдас бүкіл Өлкелік Комитетті өзі ауыстырып отыр". Осы батыл һәм орынды айтылған пікір қазақ қайраткерлерінің арасында қолдау тапты дейсіз бе? Әрине, жоқ. Осы жауаптан соң жазылған мына хатқа көңіл аударыңыз.
"Филлип Исаевич!
Сізге Мұстамбайұлының берген түсініктемесі мен тезиссымақтарын жіберіп отырмын. Тексеру комитеті оны партиядан шығарды, ячейка қолдады және округтік партиялық үштік бекітті. Менің пікірімше, біздің қатарымызда бұдан былай да Мұстамбайұлының болғанына, сөйтіп оның ойдан шығарған түрлі ақымақшылықтары мен "күдіктеріне" шыдай берудің қажеті жоқ. Сол сияқты арамыздан аласталған, бірақ заңсыз түрде біздің партиямыздың мүшесі атын жамылып жүрген оның идеологы Сәдуақасовқа да шыдымдылық танытуға болмас". Мұны жазған кім дейсіз ғой? Ешқандай да Орталықтан жіберілген уәкіл емес. Өзіміздің, яғни РКФСР Жоғарғы Соты Қазақ бөлімінің Төрағасы - Сырғабеков. Қазақ қайраткерлері тарапынан тура осындай ғайбат сөздер жаңа қалыптасып келе жатқан тоталитарлық жүйеге қарсы қайрат көрсеткен барлық қайраткерлердің үстінен айтылды. Көңілімізде күдік қалмау үшін тағы да бірер дәлел келтірейік. 1926 жылы желтоқсанда Қазақстанның болашағына байланысты голощекиндік бағытқа қарсы қойылған баламалар біржола жеңіліс тапқан Өлкелік Комитеттің Пленумы болып өтті. Күн тәртібінде Голощекин енгізген негізгі мәселе, яғни С.Қожанұлы, С.Сәдуақасұлы және Ж.Мыңбайұлының Өлкелік Комитеттің "сара жолына" қарсы шыққан әрекетіне баға беру мәселесі тұрды. Бір ғажабы сол, Пленумда сөз алған сол тұстағы қазақ елінің көш бастаған қайраткерлері С.Сәдуақасұлы ұсынған баламаның мазмұнына тереңдей барып, дұрыс-бұрысын анықтаудың орнына, өлке "көсемінің" балтасын шауып, бірінен-бірі асып түсіп, өз азаматтарын ғайбаттаумен болды. Абайдың "осы біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ" дегенін біле тұра, дегенмен "айтсам тілім күйеді, айтпасам дінім күйедіні" ескере отырып, аталған Пленумда сөйлеген шешендердің бір-екеуінің сөздеріне көңіл аударып көрелік. О.Исаев: "Мен енді біздің сәдуақасовшылдықпен үлкен принциптік айырмашылығымыз бар кейбір мәселелерге өтейін. Бірінші -жергіліктендіру мәселесі. Олар жергіліктендіруді іс жүзінде неге айналдырмақшы? Олар жергіліктендіруді басшылықты басып алу құралы мен әдісіне айналдырып, содан кейін Мәскеудің пролетарлық партиялық басшылығынан жалт бермек. Олар біздің одақтың орталығы - біздің кеңестік Мәскеуді нағыз метраполия орталығындай көреді. Сонысымен де олар қазақ байларының идеологиясы мен талабын білдірушілер". Ғ.Тоғжанов: "... ол (С.Сәдуақасовты айтып отыр - М.Қ.) "Еңбекші қазақта" жарияланған бас мақаласында ХІV съезд шешімдеріне сүйене отырып, біздің Қазақстанда оңшылдық жоқ, керісінше солшылдық басым, сонымен белсенді күрес жүргізу қажет деп жазды. ...Мен Орталық Комитетте қызметте жүргенімде Сәдуақасов жолдас маған келіп, жалғыз ленинизммен қазақ халқын басқаруға болмайды деп дәлелдеуге тырысты. Біз болсақ осы күнге дейін тек ленинизм арқылы ғана халықты басқаруға болады деген көзқараста тұрмыз, ал ол болса, болмайды дейді"99. Өзара алауыздықтың зардабы өте ауыр. Ол Голощекинге 20-жылдардың соңы және 30-жылдардың басында-ақ қазақ интеллигенциясына қарсы бір емес, екі мәрте репрессия жасауға мүмкіндік берді. Егер, 1928-29 жылдары А.Байтұрсынұлы пен М.Дулатов бастаған қырық төрт қазақ зиялылары алаш қозғалысына қатынасқаны үшін абақтыға жабылып, ешқандай да негізсіз түрлі жазалар алса, 1930 жылдың күзінде тағы да қырық қазақ интеллигенті (ішінде М.Тынышбаев, X. және Ж.Досмұхамбетовтер, Ә.Ермеков, М.Әуезов, Ж.Ақбаев, Қ.Кемеңгеров т.б.) абақтыға қамалып, олардың он бесі түрлі мерзімге жер аударылды. Міне осының бәрі Голощекин қиянатының қаншалықты төпен екендігінен хабар берсе керек. Біз бүгінде өтпелі кезеңде тұрмыз. Тек елдік бірлік, негізгі тағдырлық мәселелерде өзара түсінушілік қана бізді үдемелі даму жолына алып шығатындығын ұмытпайық. Тарих сабағы соған меңзейді. 1 Қазақстан Республикасы Президентінің архиві (ҚР ПА). 139-қ.,1-т., 541-іс, 23, 8-пп.
2 Сонда. 194-196-пп.
3 Ленин В.И. Шығ. толық жинағы. 38-т. 175-176-бб.
4 КПСС съездерінің, конференцияларының шешімдері. 2-т. 1917-1924. Алматы, 1972. 265-б.
5 Ислам шапағаты. 1991. 24 мамыр, 12-б.
6 ҚР ПА. 139-қ., 1-т., 541-іс, 140-п.
7 Сонда. 37-п.
8 Сонда. 113-п.
9 Сонда. 172-173-пп.
10 Сонда. 137-140-пп.
11 "КПСС съездерінің, конференцияларының және Орталық Комитет пленумдарының қарарлары. 2-т. 1917-1924. Алматы, 1972. 266-267-бб.
12 Сонда.
13 ҚР ПА. 139-қ., 1-т., 541-іс, 175-п.
14 Сонда. 170-п.
15 Сонда. 171-174 пп.
16 Сонда. 235-236-пп.
17 Қазақстан Компартиясы тарихының очерктері. Алматы, 1985. 143-144-бб.
18 Сталин И. Соч. т.5. С.309.
19 Сталин И. Сочинения. М.: Госполитиздат. 1954. Т.5. 1921-1923. VІ. С. 319-320.
20 ҚР ПА. 141-қ., І т., 1129-іс, 86-п.
21 Сонда. 139-., І т., 3 а-іс, 117-п.
22 Сонда. 118-п.
23 Сонда. 141-қ, І т., 377-іс, І-п.
24 Сонда. 141-қ, І т., 479 "А"-іс, 1-2-пп.
25 Сонда. 141-қ, І т., 1129-іс, 87-п.
26 Отчет Краевого Комитета VІ Всеказакской партконференции. Доклад и заключительное слово тов. Голощекина. Кзыл-Орда, 1928. С.28-29.
27 ҚР ПА.141-Қ, 1-т., 18-іс, 32-33-п.
28 Сонда. 28-іс, 70-п
29 Сонда. 1129-іс, 85-п.
30 Четвертое совещание ЦК РКП с ответственными работниками национальных республик и областей в Москве 9-12 июня 1923 г. Стеногр. отчет. М., 1923. С. 16.
31 Сонда. 29-б.
32 Сонда. 41-б.
33 Сталин И. Соч. т.5. С. 306-307.
34 Сафаров Г. Колониальная революция. (Опыт Туркестана). М.: Госиздат. 1921. С.108.
35 ҚР ПА.141-Қ, 1-т., 18-іс, 306, 318-п.
36 Сонда. 141-қ, 1-т., 13-іс, 114-п.
37 Сонда. 141-қ, 1-т„ 18-іс, 241-243-п.
38 Сонда. 248-249-пп
39 Қазақстан Коммунистік партиясы съездерінің, конференцияларының және пленумдарының қарарлары мен шешімдері. 1-т. 1921-1927. Алматы: Қазастан. 1987. 287-б.
40 1927 ж. 12/11 жазылған хаттың 12-б. қара.
41 Известия ЦК КПСС. 1990. №9. 76-84.
42 Голощекин Ф.И. Отчет Краевого Комитета Всеказахской партийной конференции. Кзыл-Орда, 1928. С. 159-160.
43 ҚР ПА.8П-.8., 20-т„ 686-іс, 159-п. 44 Голощекин Ф.И. 10 лет пройденных и предстоящие задачи. Алма-Ата, 1930. С.10. 45 Қазақстан Компартиясы съездерінің, конференцияларының және пленумдарының қарарлары мен шешімдері. 1-т. 1921-1927. Алматы, 1987. 287-б.
46 ҚР ПА.141-Қ, 485-іс, 25-26-пп. 47 Қазақстан облыстық (өлкелік) партия ұйымы конференцияларының және облыстық комитет пленумдарының қарарлары мен шешімдері. 1-т. 1921-1927. Алматы, 1987. 287-б. 48 Отчет Краевого Комитета ІV Всеказахской партконференции. Доклад и заключительное слово тов. Голощекина. Кзыл- Орда, 1928. С.189 49 Внутрипартийные вопросы на 3-ем Пленуме Казахского Крайкома ВКП(б). Кзыл-Орда, 1927. С.63. 50 Қазақстан Компартиясы съездерінің, конференцияларының және пленумдарының карарлары. 241-б.
51 Сонда. 338-б. 52 Отчет Краевого Комитета ІҮ Всеказахской партконференции. Кзыл-Орда, 1928. С.34.
53 ҚР ПА. 141 қ., 1-т., 1129-іс, 109-110-пп.
54 //Қызыл Қазақстан. 1927.
55 ҚР ПА.141-Қ., 1-т., 490-іс, 398-400-пп.
56 Сонда. 17-т. 252-іс, 22-п.
57 //Еңбекші қазақ. 1927. 16 ақпан.
58 //Еңбекші қазақ. 1925. 8 қаңтар.
59 //Большевик, 1928, N 1, 64-б.
60 ҚР ПА.141-Қ, 1-т., 490-іс, 160-п.
61 Сонда. 141-қ, 1-т., 2409-іс, 58-59-пп.
62 ///Қызыл Қазақстан. 1927. ? 34.
63 ҚР ПА.141-Қ., 1-т., 490-іс, 344-345-пп.
64 Сонда. 354-355-пп.
65 Сонда. 243, 243-пп.
66 Сонда. 1-т., 1129-іс, 90-94-пп.
67 Сонда. 2409-іс, 10-п.
68 Сонда. 10-п.
69 Сонда. 141-қ, 1-т., 490-іс, 119-135-пп.
70 Сонда. 126-п.
71 Сонда. 138-139-п.
72 Сонда. 145-п.
73 Сонда. 144-п.
74 Сонда. 138—146-пп.
75 Сонда. 141-қ, І т., 377-іс, 40-45-б.
76 Внутрипартийные вопросы на 3-м Пленуме Казахского Крайкома ВКП(б). Кзыл-Орда, 1927. С. 71.
77 Сейфуллин С. Өлеңдер мен поэмалар. Алматы, 1988. 103-б.
78 ҚР ПА. 141-41., 1-т., 395-іс, 7-8-пп.
79 Сонда. 487"а"-іс.
80 Сонда. 141-қ., 1-т., 1129-іс, 26-27-пп.
81 Сонда. 66-п. 82 Отчет Краевого Комитета VІ Всеказахской партконференции. Кзыл-Орда, 1928. С. 105.
83 Внутрипартийные вопросы на 3-м Пленуме... С. 62.
84 Сонда. 41-б.
85 Сонда. 93-б.
86 Сонда. 104-б.
87 Сонда. 72-б.
88 Сонда. 165-б.
89 Қойгелдиев М., Омарбеков Т. Тарих тағылымы не дейді? Алматы, 1993.105-б.
90 Романов Ю.И. Социальный и национальный состав политических репрессированных в Казахстане: по материалам реабилитационных списков //Проблемы формирования нового общественного сознания и построение гражданского общества в Казахстане. Материалы республиканской научно-теоретической конференции. Алматы, 1996. С.30. 91 Орынбаева Д.Ш. Политические репрессии в Казахстане в 1937-1938 гг. Алматы,1999. Диссертация на соискание ученой степени кандидата исторических наук. С.116. 92 Книга скорби - Аза кітап: расстрелянные списки. Выпуск 1. Алма-Ата и Алма-Атинская область. Алматы, 1996.
93 КР ПА. 139-. ., 1-т., 541-іс, 137-140-пп.
94 ҚР ПА. 811-81., 20-т., 568-іс, 30-44-п.
95 ҚР ҰК архиві. Мұстамбаев Ы.М. айыптау бойынша № 11020 тергеу ісі, арх. № 06785, 1-т., 305-306-пп.
96 Сонда. 297-п. 97 Қазақстан Республикасының 20-жылдардағы Егіншілік халкомы, репрессия құрбаны.
98 Сонда. 298-п. 99 Внутрипартийные вопросы на 3-м Пленуме КазКрайкома ВКП(б). Кзыл-Орда, 1927. С. 60,103.
VІ тарау. ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ МӘҢГІ ҚҰНДЫЛЫҚТАР
ЖЕЛТОҚСАН ҚОЗҒАЛЫСЫ: ТАРИХТАҒЫ ОРНЫ МЕН САБАҚТАРЫ ЖӨНІНДЕ (1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының 15 жылдығына)
Ғылыми және көпшілікке арналған басылымдарда қазіргі уақытта кең қолданылып жүрген "Желтоқсан оқиғалары" деген кеңестік идеология қойнауында өмірге келген ұғым бұл құбылыстың шынайы мазмұнын аша алмайды. "Оқиға" деген сөз бір мезгіл, бір сәтте өмірде орын алған іс, құбылыс дегенді білдіреді1. 1986 жылғы 17-18 желтоқсан күндері Алматы қаласында, сондай-ақ облыс орталықтары мен ірі елді мекендерде болып өткен фактілер, әрине, бір сәттік, кездейсоқ құбылыс емес екендігі анық. Желтоқсан оқиғалары қазақ тарихында бұдан да бұрын орын алған тамырлы, өзара сабақтас оқиғалардың логикалық жалғасы, кезекті табиғи көрінісі. Анығырақ айтқанда, ол - қазақ халқының империялық, отарлық езгіге қарсы азаттық үшін күресінің, мемлекеттік тәуелсіздікке деген тынымсыз ұмтылысының табиғи жалғасы. Міне, осы тұрғыдан алғанда, біз әңгіме етіп отырған тарихи құбылыстың "Желтоқсан оқиғалары" емес "Желтоқсан қозғалысы" аталғаны, әрине, орынды болмақ. Сондай-ақ ол бір қалалық немесе аймақтық та құбылыс емес, жалпыұлттық қозғалыс. Оның мынадай себептері бар. Империялық озбырлыққа қарсы бас көтеру тек астана қала — Алматымен ғана шектеліп қалған жоқ, басқа да облыс орталықтарында, аймақтарда көрініс тапты. Желтоқсанның 17-25-күндері Жамбыл, Шымкент, Талдықорған, Жезқазған, Қарағанды, Павлодар, Көкшетау, Арқалық сияқты қалаларда, Шамалған, Сарыөзек сияқты елді мекендерде болып өткен толқулар наразылықтың жалпықазақстандық сипат алғанын айғақтайды. Алматыдағы 17 желтоқсан күнгі толқуларға 25-30 мың адам қатынасқан. Сол күнгі кешінде және түнде шеруге шыққандарға қарсы қолданылған қанды жазалау шараларына қарамастан, ертеңіне Брежнев алаңына тағы да сонша адамдардың жиналуы әбден мүмкін еді. Әскер күштері мен милиция алаңды қоршап алып, оған ешкімді жібермеді. Алматыдан тыс жерлерде болған шерулерге қатынасқандардың саны 2 500 адам. Бұл саналы түрде басыңқы көрсетілген сан болуы да ықтимал. Әрине, қозғалыстың белгілі бір орталық басқару штабы болған жоқ, кеңестік қатаң бақылау жағдайында оның болуы да мүмкін емес-тін. Анығы сол, ондай штаб қозғалысқа өз еркімен қатысқан әрбір азаматтың жүрегінде болды. Қозғалыстың ауқымын оны басуға тартылған күштердің саны мен қуатынан да байқауға болады. Американдық Хельсинки тобы демонстранттарға қарсы 50 мың әскер адамдары және 20 мың милиционерлер тартылғанын айтады. Академик М.Қозыбаевтың есебі бойынша әскер күшінің саны 40 мың қару төңірегінде2. Әскер күшіне қосымша жастарды басуға 10-нан 15 мыңға дейін қаруланған ерікті жасақшылар көшеге шыққан. Бұған қосымша 15 БТР және 20 өрт сөндіруші машиналар бөлінген3. Бұл келтірілген цифрлық фактілерден байқалатыны сол шеруді басуға шыққан қарулы қолдың саны шерушілерден екі есе асып түскен еді, ал екі жақтың қарулану деңгейі, әрине, ешқандай да салыстыруға келмейтіндігі өзінен-өзі түсінікті. Бейбіт шеруге шыққан жастардың қарулы әскер күштерімен қақтығысқа түсу қаперінде болмағаны, әрине, айдай анық. Желтоқсан оқиғалары тұсындағы империялық Орталықтың әрекеті 1916 жылғы патшалық биліктің Қазақстандағы көтеріліс ошақтарын жаншып-басуға бағытталған әрекетін еске салатын еді. Мәселен, біріншіден, қозғалысты тез арада басып тастауға Фрунзе, Ташкент, Челябинск, Новосибирск, Уфа, Свердловск, Тбилиси сияқты қалалардан арнайы дайындықтан өткен, сондай-ақ ең негізгісі жергілікті халықпен және жағдаймен таныс емес әскер құрамалары жіберілді. 1916 жылы қазақ елінің қарсылығын басу үшін таңдаулы әскер қолдары Қазаннан, Перімнен, Орынбордан алдырылған болатын. Екіншіден, 1916 жылғы көтеріліс қарсаңында және тұсында патшалық билік Қазақстанға келіп қоныстанған орыс және басқа еуропалық шаруаларды саналы түрде қаруландыру шараларын іске асырды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы Комиссиясының көрсетуіне қарағанда, көтеріліс күндері Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, қалалық және облыстық комитеттерінің нұсқауы бойынша Алматы заводтарында халық жасақтары үшін темір арматураның кесіктерінен, резинкадан жасалған кабельдерден, шынжырлардан арнайы қару даярланды. (Қозғалыс күндері өте салысымен ресми билік бұл қаруларды даярлаған шеруге шыққандар деген пікір таратты — М.Қ.). Ал "халық жасақшыларының" басым әрі белсенді бөлігі сол тұста астана зауыттарында жұмыс істейтін орыс және басқа еуропалықтар болатын. Осы арада тағы да бір елеулі нәрсені айтпай өту мүмкін емес. Қазақстанды отарлау ісінде патшалық билік пен мұнда келген переселендер арасында өзара түсінушілік және қолдаушылық болғаны тарихтан мәлім факті. Өкінішке орай, коммунистік партияның жетпіс жылдық "интернационализм" саясаты сынға түскен сәтте жергілікті еуропалық тұрғындардың белгілі бір бөлігі Орталық биліктің зорлықшыл саясатын қолдайтындығын танытты. Белгілі дәрежеде желтоқсан күндері кеңестік биліктің Қазақстандағы негізгі ұлттардың арасалмағын біртіндеп өзгертіп, бұл мәселені біржола өз пайдасына шешу саясатының ойлағандай нәтиже бергендігін мойындамасқа ылаж жоқ. Әсіресе Алматы сияқты астана тұрғындарының ұлттық құрамын қалыптастыруда ұстанған Орталықтың стратегиялық саясатының қаншалықты қауіпті екендігін желтоқсан оқиғалары еш бүкпесіз анық көрсетіп берген еді. Мәскеулік орталықтың Алматы астанаға айналған алғашқы күннен бастап-ақ бұл қаланың, сондай-ақ оның төңірегін қоршаған село тұрғындарының ұлттық құрамын жоспарлы түрде қалыптастыру ісін қолында не себепті берік ұстап келгендігіне біз жете көңіл аудармадық. Тура осыған ұқсас саясат көрші туыс ел Қырғызстанның астанасы Бішкекке де (бұрынғы аты — Фрунзе) қатысты жүргізілді. Бұл саясаттың астары: астанадағы үстемдік жалпы республикадағы үстемділікке жол ашпақ, сондай-ақ орталық ұстанған позицияның өтімділігінің кепілі болмақ. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы Комиссиясының анықтауы бойынша қозғалысқа қатысқаны үшін ұсталғандардың саны 8 500 адам. Олардың ұлттық, әлеуметтік, кәсіби құрамы жөнінде толық мәлімет әзірге жоқ. Желтоқсаншы Қайыргелді Күзембаевтың зайыбы Роза Спанова "Біз білетін желтоқсан"4 атты мәліметтер мен маңызды тұжырымдарға толы жақсы кітап шығарды. Осы кітапта 17-18 желтоқсан күндері ұсталған 633 адамның тізімі және олар жөнінде қысқаша мәлімет берілген. Міне, осы тізімдегі жастардың құрамы жөнінде мынаны айтуға болады. Ұсталған 633 адамның ұлттық құрамы: 628 казақ, 1 ұйғыр, 1 татар, 1 кәріс, 1 қарақалпақ, 1 қырғыз; әлеуметтік құрамы: 303 жұмысшы, 275 студент жас, 5 мектеп оқушысы, 9 зиялылар өкілі, 16 қызметкер, 17 жұмыссыз. Жастардың басым бөлігі "Алматы тұрғын үй құрылысы" тресінің "Құрылыс-монтаж" басқармасында, "Алматы ауыр машина жасау" зауытында, "Алматы мақта-мата" комбинатында", "Поршень" зауытында, "Тұрмыстық химия" зауытында, Гагарин атындағы тігін фабрикасында істейтін жұмысшы еді. Осы және басқа жарияланған фактілерден қозғалыстың негізгі қатысушылары да, бастаушылары да, дем берушілері де соған сай негізгі жазаланушылары да қазақ жұмысшы және студент жастары болғандығын аңғару, әрине, мүлдем қиын емес. Қозғалыс күндері Ішкі істер міністірлігі тарапынан айыптылар есебінде ұсталған 2 400 адамның 2 302-сі (92%) қазақ, 31-і орыс, 13-і ұйғыр, 10-ы татар, 4-і қырғыз. Осы күндері Алматыдағы дәрігерлік орындарға тіркеліп, медициналық көмек алғандардың саны 286 адам, олардың 281-і қазақ, ал ауруханаға жатқызылғандардың саны 83 адам, олардың 82-і қазақ5. Американдық Хельсинки тобының көрсетуіне қарағанда, ауруханаға түскен 369 адамның 363-і қазақ, 2-уі орыс, басқалары түрікмен, шешен, армян, башқұрт6. Р.Спанованың кітабында сотталғандардың саны бұрын айтылып келгендей 99 емес, 103 адам. Олардың 100-і қазақ, 3-і ұйғыр және дүнген ұлттарының өкілдері. Қозғалысқа қатысқандардың басым бөлігі — түрлі әлеуметтік топтардан тұрған республиканың жергілікті қазақ халқы. Бұл жағдай Желтоқсан қозғалысының империялық зорлыққа қарсы ұлт азаттық сипат алғандығын аңғартады. Осы арада мынадай мәскеулік Орталық биліктің шешіміне саналы ашық түрде наразылық көрсетіп, шеруге шығу Қазақстан тарихында 30-жылдардың басынан бері болмаған құбылыс*. Бұл ретте 1954 жылғы Теміртау қаласында орын алған жұмысшы жастардың билік орындарымен қақтығысын айтқан жөн. Бірақ ол оқиғаның шығуына тұрмыстық қажеттіліктердің негіз болғандығы мәлім. Кеңестік билікке қарсы соңғы қарулы бас көтеру 1929-1931 жылдары, яғни қазақ шаруаларының дәстүрлі шаруашылық жүйесін күрт күйретуге бағытталған большевиктер реформасына қарсылық түрінде көрінді. Одан бері жарты ғасырдан астам уақыт, яғни 55 жыл өтті. Бұл өмірде белсенді қоғамдық қызметтегі екі буынның ауысып, үшінші буынның өзін көрсететін мерзімі. 1986 жылғы желтоқсанда алаңға шыққан жастар сол жаңа буынның өкілі болатын. Ал осы ұрпаққа қандай ерекшеліктер тән? Біріншіден, олар 37-38-дің жойқын жаппай репрессиялау саясатын көрмеген, 39-45-жылдардағы екінші дүниежүзілік аласапыран соғысқа қатынаспаған, соғыстан кейінгі мерзімде қатая түскен тоталитарлық жүйенің идеологиялық ықпалына ұшырағанымен, илеуінде біржола жаншылмаған ұрпақ еді. 70-80-жылдары кеңестік тәртіппен саяқ жүріп арпалысқан 37 жастағы Хасен Қожахметовтың өзі де шеруге шыққан жас буынның көш бастар ағасы деуге жарап қалған-тын. Екіншіден, ешқандай да күмәнсіз нәрсе сол, бұл жаны таза, рухы биік қазақ әдебиеті мен өнерінің үздік дәстүрінде тәрбиеленген, Мұқағали Мақатаевтың "Реквиемін", өлеңдерін жатқа білетін, Шәмші Қалдаяқовтың "Менің Қазақстанымын" өзінің ортақ гимніне айналдырған ұрпақ болатын. 1986-ның желтоқсан күндері олар өз елінің азаттығы үшін ең биік те асқақ қамалды алуға даяр екендіктерін нақты іс-әрекетімен дәлелдеп берді. Желтоқсаншылар үстінен жүрген сот істерінің өзектісі Қ.Рысқұлбеков, Т.Тәшенов, Ж.Тайжұманов және Қ.Күзембаевқа арналған сот процесі екендігі мәлім. Міне, осы сот ісіне басынан аяғына шейін қатынасқан Р.Спанова жоғарыда аталған кітабында Қайрат Рысқұлбековтың соттағы ақтық сөзінен үзінді келтіреді. Онда Қайрат: "Менің бір ғана арманым бар еді. Ол - шындықты халқыма естірту болатын. Менің арымның таза екендігін, адам өлтірмегенімді халық естімей, шынымен "қылмыскер" деп айыптайды-ау деп, қорқушы едім. Қымбатты әке, аяулы анам, қадірлі жұртым, менің ақ екеніме көздерің жеткен болар. Енді, міне, қазір атып жіберсе де арманым жоқ. Қазақ халқы үшін құрбандыққа шалған тоқтыларың болайын. Сендер аман болыңдар!" - деп, сөзін абақтыда жазған өлеңін оқумен жалғастырады. Қайраттың өлеңі ойлы, терең, әсерлі еді. Әйтеуір, залдың іші өксікке айналып, шынымды айтсам, қазақ милиционерлеріне дейін көздерін сүртіп, уһілеп шығып жатты. Қайрат демін ауыр жұтып алады да, өлеңді оқиды, бір шумағын оқып біткенше жұрт тып-тыныш тыңдайды да, мұрындарын қорс-қорс тартып, көз жастарын сүртеді, сосын келесі шумақты оқиды. Сөйтіп, бүкіл халық еңіреп, залдың ішінде жыламаған жан қалмады. Тек Грабарник (әрине, ол қазақша түсінбеді) пен Баймұханбетов қана былшиып отырды. Бұл әміршіл-әкімшіл жүйенің үркітіп-қорқыту үшін қайткенде де бір адамға ату жазасын беруі хақ екенін алдын ала түсінген Қайраттың: "Жарайды, қазақ халқы үшін мен-ақ құрбан болайын. Бірақ, айналайын жұртым, менің адал екенімді, қандықол еместігімді біліңдер!" -деген соңғы жанайқайы еді" . Идеологиялық аппарат демонстрация басталған 16 желтоқсан күнінен бастап-ақ құзырындағы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы орталық алаң мен көше кезіп, қоғамдық тәртіпті бұзушы нашақорлар мен маскүнемдер жөнінде пікір таратып жатты. Бұл пікірді одақтық баспасөз, радио және телевидение іліп алып, лаулатып әлемдік кеңістікке жайды. Бірақ кеңестік идеологияның құйтырқы әдіс-айласына қанық шет елдердегі қоғамдық пікір кеңестік БАҚ-тың мәліметтеріне сенген жоқ. Сол сияқты идеологиялық аппарат "аңқау" қазақ жұртын да оп-оңай алдай саламын деп ойлады. Оған, әрине, қазақ елі сенген жоқ. Өлім жазасына кесілген Қайрат Рысқұлбековтың да, Мырзағұл Әбдіқұловтың да, түрлі мерзімге кесілген басқа да азаматтардың биік парасатты, Отанының мүддесіне шынайы берілген тұлғалы жандар екендігін, сондықтан да олардың нақақтан нақақ отаршыл, зымиян, әділетсіз жүйенің рахымсыз құрығына іліккендерін іштей түсінді де, тынды. Қарапайым халық әділетсіздің жазасын Алладан сұрады... Желтоқсан қозғалысының негізгі себебіне байланысты да акцентті тура қоятын мезгіл жетті. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Комиссиясы (1990 жылғы 19 қаңтарда құрылған) өз қорытындыларында желтоқсан оқиғаларының негізгі себебін патшалық және кеңестік биліктердің отарлық саясатымен тікелей байланыстырып, өте негізгі қорытындыға келді деп айтуға болады. Бұл құжаттың міндетіне орай белгілі дәрежеде жалпы жасалынған тұжырымды дәлелді толықтыра түсудің артықшылығы жоқ сияқты. Кеңестік идеология әйгілі желтоқсан күндерінің артын ала келген құжаттарында, әсіресе Г.В.Колбин өзінің көптеген сөздерінде қозғалыстың негізгі себебін басым түрде қоғамда бұрынғы басшылықтың жіберген қателіктеріне байланысты түрлі әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісіп кетуімен байланыстырды. Жаңа келген бірінші хатшы "Тұрғын үй — 90" аталатын бағдарлама жасап, Алматының оңтүстік-батыс бетінен жаңа ықшам аудандар құрылысын бастап та кеткен еді. Екінші біреулер қозғалыстың туу себебін тікелей Г.В.Колбиннің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып келуімен байланыстырды. Сол тұстағы идеологиялық хатшы З.Камалиденов: "Айдап салушы элементтерге жастарды соңынан ерту сәті түсті. Ал олар болса есірткі мен алкогольді қабылдап, естерінен танған көрсоқыр-ұлтшылдардан тұрған көпшіліктің өзі-тін". Бұл тұжырымдардың бәрі де қозғалыстың шынайы саяси мазмұнын бүркемелеп көрсетпей қоюды мақсат тұтқан әрекеттер еді. Әрине, қозғалыстың түрлі әлеуметтік және басқа себептері болғандығын, жалпы алғанда оның көптеген қоғамдық алғышарттары бар күрделі құбылыс екендігін жоққа шығаруға болмас. Дегенмен қозғалыстың ең алдымен, басым түрде саяси сипат алғандығы ақиқат. Оны 17 желтоқсан күні таңертең шеруге шығып, алаңға келген жастардың қолдарына ұстаған ұрандары айғақтайды. Қазақ және орыс тілдерінде жазылған транспоранттарда мынадай талап-тілектер айтылған еді: "Ешқандай да ұлтқа ешқандай артықшылық болмасын!", "Ұлт саясатының лениндік принціптерін сыйлауды талап етеміз!", "Әрбір республикаға — өз көсемі!", "Қазақстан жасасын!". Міне, бұл ұран сөздер қозғалыстың әлеуметтік талаптар ауқымынан шығып, айқын саяси сипат алғанын көрсетсе керек. Бұл іс жүзінде 1917 жылы Алаш автономиясы туын көтерген Алаш қозғалысы қайраткерлерінен соң, олардың ізін ала Кеңестік автономияға ұлттық мемлекеттік мазмұн беру мәселесін қойған Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанұлы, Жалау Мыңбайұлынан соң араға алпыс жыл салып мемлекеттік тәуелсіздік мәселесінің қайта көтеріліп, ашық қойылуы еді. Басқаша айтқанда, 1986-ның суық 17 желтоқсан күні таңертең сағат 8-де Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің алдындағы Л.И.Брежнев атындағы алаңға жиналған 200-300 қаралы жастар қазақ елінің ХVІІІ ғасырдан бері Ресей империясы алдына әлденеше рет қойып, ылғи да тауы шағылып, жеңіліс тауып келе жатқан ең өзекті талап-тілегін тағы да білдірді. Ешқандай да асыра сілтеусіз, бейбіт түрде, үлкен ұстамдылықпен мәдениетті түрде білдірді. Осы арада қысқаша болса да тарихқа экскурс жасауға тура келеді. XVІІІ—ХІХ ғасырларда отарлық үстемдікке қарсы мемлекеттік тәуелсіздік үшін азаттық қозғалысты ру-тайпа ақсүйектері, сұлтан-төрелер бастап шықты. XX ғасырдың алғашқы азаттық үшін қозғалыстың басына ұлт зиялылары мен жаңа ғана қалыптаса бастаған саяси элита келді, сөйтіп оған жаңа мазмұн және серпін берді. Ал 1986 жылы желтоқсанда орталық алаңда мемлекеттік мәселені зиялылар да емес, басқарушы саяси топ та емес, жұмысшы және студент жастардың қоюын немен түсіндіруге болады? Қозғалыс күндері, одан кейін, тіптен қазіргі уақытқа шейін де жастарға желтоқсан күндері ашық та нақты қолдау көрсете алмағандығы үшін қоғамдық пікірде ұлт зиялыларын айыптау орын алып келді. Мұндай пікірдің белгілі дәрежеде орынды екендігін мойындау керек. Зиялылар әрқашанда қоғамдық қозғалыста алдыңғы сапта көрінген, халықтың, ұлттың ең кәусәр тілегін білдірген, ұлтына жөн сілтеген. Қарапайым халық, алаңға шыққан жастар осы міндетті өз мойнына алған зиялыларды көргісі келді, оның соңына еруге даяр екендігін әлденеше рет білдірді де. Өкінішке орай, ондай биіктен көрінуге даяр зиялылар қауымы жоқ болып шықты. Оқиғалар бұлтартпай осы ащы шындықты алдыдан көлденең тартты да отырды. Ондай қолдауды жастарға биліктегі номенклатураның көрсете алмайтындығы бесенеден белгілі-тін. Дәстүрлі қазақ қоғамында ертеден келе жатқан салт бар: ел дағдарысты тұйыққа келіп тірелгенде көпті көрген, көңіліне көпті түйген ел басы ақсақалдар жиналған шаршы топтың алдына шығып, екі жақты бірдей бәтуаға келуге шақырар еді. Дәстүрлі шабысынан көптен бері жаңылысқан ХХ ғасырдың соңындағы қазақ қоғамында ондай ақсақалдар да жоқ болып шықты. Төсіне еңбек пен майданда алған ордендері мен медальдарын тағып, "ал атсаң алдымен мені ат!" деп алаңға келетін ақсақал ағаларымыз жылы үйінен шықпаған күйде отырып алды. Сөйтіп, қалың елі, қазағының "жоғын жоқтап, алаңға шықсам, оның жайсаң-жақсыларының қолдауын табамын" деп үміттенген албырт жастар, ең ақыры желтоқсанның қатыгез аязында далада қалып, иығы мен басын кеңес солдатының күрегі мен күрзісіне берді, итіне таланды. Дегенмен бұл арада мен акцентті өзгерткім келіп отыр, анығырақ айтқанда, оны тура қойғанды жөн көріп отырмын. Зиялылар қауымының, оның басым бөлігін құрған қатардағыларының кеңестік жүйеде қарапайым еңбекші халықтан ерекше жағдайы мен құқы болған емес. Жетпіс жыл бойы кеңестік идеологияның тепкісінде болып, қызметінде коммунистік партияның нұсқауларын басшылыққа алып үйренген зиялылардан дағдарысты сәтте дербес жігерлі әрекет күту әділетсіздік болары хақ. Яғни бұл арада мемлекеттікке байланысты сөз алдымен саяси номенклатура жөнінде болуға тиіс. Зиялылар мен саяси басшылық кеңестік жүйе жағдайында өзара байланысы шамалы, бөлек әлеуметтік топтар болғандығы сөзсіз. Мен бұл арада "саяси номенклатура" деген ұғымды саналы түрде қолданып отырмын. Кеңестік қоғамда кәсіби түрде саяси басқару ісімен айналысатын ақсүйектер тобы болған емес. Ондай ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір ұлттық мүдде мәселесін көтермей қоймайтын әлеуметтік күштің кеңестік билікке керегі де жоқ еді. Сондықтан ол өзіне толық тәуелді, айтқанын бұлжытпай орындап отыратын саяси номенклатураны қалыптастыруға тырысты. Желтоқсан оқиғалары КОКП Орталық Комитетінің кадр саясатындағы бұл бағытының дұрыс екендігін көрсетіп берді. Қазақстандық номенклатура желтоқсан күндері бүтіндей империялық басшылық жағында тұрды. Ол XX ғасырдың 20-жылдары Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожанов бастаған тегеуірінді саяси басшылықтан өзгеше, жетекшіл, ұлттық тамыры әлсіреген, дүбәрә құбылыс болатын. Сондықтан да нақақтан күйіп бара жатқан желтоқсан жастарына араша түсу оның қаперіне де келген емес. Желтоқсан күндері кеңестік билік тоталдық сипатын толық жайып салды. Жетпіс жыл бойы өзін еңбекші халықтың билігі ретінде жариялап келген ол алаңға жиналған жұмысшы жастармен байсалды келіссөз жүргізіп, белгілі бір ортақ шешімге келуге тырысқан да жоқ. Халықтың пікірімен санаспайтындығын, оған тобыр деп қарайтындығын көрсетті. Мәскеудегі Саяси бюро, Бас хатшы өз шешімдерінің жалғыз тура тұжырым екендігіне сенімді болатын. М.С.Горбачев жаңа ғана қызметтен кеткен Д.А.Қонаевтың пәтеріне телефон соғып, жастардың алаңға шығу себебін сұрап, сөзін "Жақсы, біз бәрін анықтаймыз да, шара қолданамыз, тәртіп орнатамыз", — деп аяқтайды. Тура осы мағынадағы пікірді осыдан бір сағат бұрын қазақстандық губернатор Г.В.Колбин де айтқан еді8. Желтоқсан күндері Қазақстандағы саяси билік бүтіндей Мәскеудің, оның жергілікті өкілі Г.В.Колбиннің қолына көшті. Қазақ халқы бұл күндері шынайы биліктің өзінен мүлдем алыс тұрғанын, ал егер Орталықтың еркіне қарсы шықсаң, таптап-жаншуға әзір тұрғанын анық байқады. Билік пен халық арасындағы мұндай алшақтық ертелі-кеш білінбей қоймайтындығы анық, желтоқсан оқиғалары бұл үйлесімсіздіктің ара жігін, бет пердесін біржола ашып тастады. Желтоқсан ерлерін соттау барысында билік орындары саналы түрде ескі империялық әдіс — ұлттарды өзара қарсы қою саясатына жол берді. Кек алу саясаты мемлекеттік саясат дәрежесіне көтерілді. Алматыдағы телерадио орталықтың қызметкері, жасақшы Савицкийдің кездейсоқ тиген соққыдан өлімі төңірегінде ең жоғарғы деңгейдегі дау-жанжал көтерілді. Мақсат, әрине, қаза болған Савицкийдің "аяқ асты болған намысын қорғау" емес-тін. Басы Г.В.Колбин болып жанжалды көтерушілер ең кем дегенде мынадай екі мақсатты көздеді. Біріншіден, Савицкий өлімі төңірегінде дау-жанжал көтере отырып, Қазақстандағы және одан тыс жерлердегі елдердің назарын 17-18 желтоқсан күндері билік жендеттерінің қолынан қаза тапқан қазақ жастарының бір адамның өлімінен анағұрлым кең де терең трагедиясын көлеңкеде қалдырып, мүмкін болғанша оның маңызын төмендете түсу еді. Екіншіден, империялық билік орындары өзінің қанды озбырлық әрекетін әлемдік қауымдастық алдында ақтап алу үшін, Алматыдағы қозғалысты тар ұлтшыл, мәдениеті төмен азиялық халықтың өркениетті орыстарға қарсы бас көтеруі ретінде көрсетуге тырысты. Савицкийдің өлімін осы мақсатта пайдалану ойында болды. Үшіншіден, Савицкийдің өлімі үшін қайткен күнде де бір немесе бірнеше қазақ жастарын жазалау арқылы, саяси билік, әрине, елдің, мемлекеттің иесі кім екендігін аңғартып қою да ойында болғандығы даусыз. Р.Спанова аталған кітабында мынадай тұжырым жасайды: ."...Шынын айтқанда, бұл жерде тергеушіге де, сотқа да ақиқатты ашудың, ақ пен қараны анықтап дәлелдеудің еш қажеті жоқ еді, олардың мақсаты жоғарыда отырған Колбиннің "Жасақшыны өлтірген адамды тездетіп табыңдар!" — деген әмірін орындау болатын. Сондықтан, қайткенде де бір адамның "қылмыскер" болуы шарт еді", — дейді. Бұл тұжырымға қосылмасқа шарамыз жоқ. Қазақ жастарын соттау процесі тағы да мынаны байқатты. Кеңестік жазалау жүйесі 1986 жылы өзінің әдіс-айласы және қатыгездігі жағынан өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ОГПУ, НКВД органдарының қызметін еске салды. Мүмкін, бұл аталған мекемелерден асып түскен де шығар. КГБ қолдарына алаңда және көшелерде түсірілген қазақ жастарының суреттерін алып, жоғары оқу және арнаулы орта оқу орындарының кіре беріс есіктерінің алдында тұрды, ешқандай да қымсынбастан ежірейіп өткен адамдардың бәріне, бейнесіне тінте қарады, жатақханаларды тіміскелеп, кезіп жүрді, деканаттарда отырып оқытушыларды шақыртып тергеу жүргізді. Абақтыға түскен ешқандай да кінәсіз жастарға олар жасамаған айыпты мойындату үшін түрлі заңсыз әрекеттерге барды. 30-жылдары "халық жауы" ретінде тұтқындалғандарға ОГПУ тергеушілері: "Мұнда келген соң сүттен ақ, судан таза болып шыға алмайсың! Адам болса, істі (жазаны) табамыз!", — деген мағынадағы сөздерді айтып, ұрып-соғу, қорқыту, үрейді алу, сол арқылы тұтқынға тергеушілердің өздері дайындаған тергеу хаттамасына қол қойдырып алатын. Тура осындай тергеу әдісі 1986-1987 жылдары Қайрат Рысқұлбеков пен оның замандастарына да қолданылды. Осы арада Р.Спанованың еңбегінен тағы да бір үзінді келтіруге тура келеді: "Күннің қайсы, түннің қайсы екенін білмеймін. Ұйқы қысып, кірпігім енді байлана бастағанда "шақыртып жатыр" деп алып кетеді", — дейді Қайрат қатты қынжылып. Сықырлап, сарт-сұрт ашылып-жабылған 5-6 темір есіктен өтіп, тергеушінің бөлмесіне келсем, бес-алтауы жабылып үгіттейді, адамгершілік, азаматтық абыройымды түкке алғысыз етіп сөгеді, "әкеңді тұқымымен құртамыз" деп кіжінеді, тіпті болмаса, есімнен танғанша ұрып, камераға сүйретіп апарып тастайды. Көзімді ашсам, жанымдағы "ағайым" бағанағы сөзін қайталайды ("Ағай" деп отырғаны камераға екінші тұтқын ретінде енгізілген құпия мекеменің тыңшысы еді. - Авт.). Әбден қалжырадым. Тіптен жалған өмірден түңілгенім соншалықты, оның үстіне әкемді құртып жіберсе, үйдегі шиеттей балаларды кім асырайды деген ой да бір жағынан мазалап, мұндай қорлықты көргенше өлгенді артық көріп: "Әкеліңдер, жазсам жазайын, бірақ мен адам өлтірген жоқпын", - деп айқайлап жібердім", - деп сотта басын ұрғылады Қайрат"9. Міне, өзін әлем алдында еңбекші халықтың үкіметі жариялаған кеңестік биліктің әділ сотының сиқы осындай-тын. Желтоқсан қозғалысы қазақ елі үшін мемлекеттік тәуелсіздіктен биік құндылықтың болуы мүмкін емес екендігін көрсетіп берді. Ал осы үш ғасырлық қанды күрестен соң қолымызға тиген мемлекеттік дербестікті сақтап, нығайтуда еліміздің жас өркенінің орны әрқашанда ерекше болмақ. Француз еліне Жанна да' Арк, чех еліне Ян Гус, венгр еліне Шандор Петефи қандай қасиетті есім болса, қазақ елі үшін Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков те сондай қасиетті. Қайрат - 86-ның суық желтоқсанында алаңға шыққан қазақ жастарының жинақы көрінісі, қазақ халқының мәңгі мұқалмас азаттыққа ұмтылысының символдық бейнесі. Президентіміз ылғи да айтып келе жатқан мемлекеттік дербестігімізді сақтаудың келесі сенімді жолы - Қазақстан халықтарының ауызбірлігін, тұтастығын сақтау, саналы түрде осы саяси бағытқа қолдау жасап отыру. Тарихи тәжірибе көрсетіп бергендей, қазақ елі өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін атамекендегі басқа да халықтармен туысқандық қатынасын нығайта түсу арқылы ғана сақтай алады. Келесі аса маңызды мәселе - қазақ халқының, оның жастары мен зиялы қауымының саналы, мақсатты түрде көрші, түбі бір туыс халықтармен, мемлекеттермен рухани, экономикалық, саяси және мәдени байланыстарды ылғи да жетілдіріп, дамытып отыруға ұмтылысы қалыпты жағдайға айналуға тиіс. Біз еш уақытта төрт жүзге жуық қырғыз жігіттерінің Қордай асуынан бері өте алмай қайтқанын, қырғыз жігіті Талайбек Ылаевтың Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасын үйінде сақтауға арланып, кейін қайтарып бергенін ұмыта алмаймыз. Қазақ еліне желтоқсан қозғалысынан соң адамгершілік қолдауды Еуропа халықтары, атап айтқанда, Польша, Венгрия, Чехия, Түркия және Батыс Германия зиялылары да көрсетті. Желтоқсан қозғалысы Қазақстанды жаңа әлемдік кеңістікке алып шықты. Қазақ елі кеңестік идеологияның алдамшы, жалған сипатын түсіне бастады. Осының бәрі империялық зорлық дәуірінің аяқталуға бет алғандығының, азаттық үшін күрестің жаңа мазмұн, сипат ала бастағандығының, оның басына жаңа буынның келгендігінің көрінісі еді.
ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ МӘҢГІ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖӨНІНДЕ
Қорытынды орнына ХХ ғасырдың басында жалпыресейлік мұсылмандық және түркі халықтары арасындағы азаттық қозғалыста бірнеше бағыт байқалды. Мәселен, Ә.Бөкейхан бастаған қазақ саяси элитасы Россия федеративтік демократиялық республикасы құрамында ұлттық мемлекеттік автономия алудан үміттеніп, осы мақсатты өзіне мұрат тұтқан ұлттық-саяси Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін құрды. Яғни қазақ жерін, оның асты-үсті берекесін, ұлттық рухани құндылықтарын ұлттық мемлекеттік құрылым арқылы сақтап, оларды жаңа талапқа сай бейімдеу міндетін қойды. Бұл орыс үкіметінің Қазақстанда жүргізілген пәрменді қоныс аудару және орыстандыру саясатына қарсы жауап ретінде білімді ұлттық элита тарапынан қарастырылған табиғи қам-қарекет болатын. Мұстафа Шоқай және Минуар Қари бастаған келесі бағыттағы Түркістан өлкесінің зиялылары (құрамында қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмен, татар бар) Түркістан халықтарын отарлық тәуелсіздіктен, экономикалық және мәдени мешеуліктен Ресей Федерациясы құрамында Түркістан Республикасын (мұхтариат) құру арқылы құтқарудан үміттенді. Осы мақсатта Түркістан өлкесі мұсылман халықтарының ортақ мәселелерін талдауға алған мұсылман съезі Түркістан автономиясы құрылғандығын жария еткен оның Уақытша үкіметін бекітті. Бұл бағыттағы Түркістандық зиялылардың түсінігі бойынша, қуатты отарлық биліктің зорлығынан оған Түркістан халықтарының саяси, экономикалық және діни ауызбірлігін, тұтастығын қарсы қою арқылы ғана құтылу мүмкін еді. Басқаша айтқанда, Түркістандық саяси элита Ресейдің Түркістандағы саясатын жеке ұлттардың ғана мүддесіне қарсы бағытталған әрекет емес, жалпы өлке халықтарының ортақ мүддесіне, өркениеттік (мәдени, діни, т.б.) құндылықтарына шабуыл есебінде бағалап, оған күш біріктіріп қарсы шығуды азаттық қозғалыстың басты міндетіне жатқызды. Келесі, үшінші бағыттағы зиялылар 1917 жылғы Қазан социалистік революциясы жеңгеннен кейінгі уақытта Ресей социал-демократиясы большевиктер партиясының бағдарламасына қабыл алып, өз елдері арасында осы саяси ұйымның талап-тілектерін орнықтырушы күшке айналды. Әрине, ресейлік түркі халықтарының азаттық қозғалысындағы бұл бағыттар арасындағы айырмашылықты асыра бағалауға болмас. Сонымен бірге оны елемеу де қателікке ұрындырар еді. Біздің түсінігімізше, жиырмасыншы ғасырдың басында өмірге келген бұл азаттық қозғалыстағы алдыңғы екі ағым теориялық немесе тәжірибелік тұрғыдан болсын өзінің логикалық соңына жетпестен империялық күштердің араласуымен үзіліп қалды. Кезінде өмірге келіп, қызу тартыс туғызған бұл ағымдар ұстанған пікірлерді қазіргі тарихи кезеңде ой елегінен өткізу тым пайдасыз болмас деп түсінеміз. Түркістан немесе Орталық Азия халықтарының тарихи тағдырына тікелей қатысы бар бұл теориялық көзқарастардың соңы немен аяқталды, ол пікірлерді негіздеуші және іс жүзіне асыруға атсалушылар кімдер болды деген сауалдарға жауапты арнайы ізденістердің үлесіне қалдырып, біз мақаламызда Мұстафа Шоқай және басқа қазақ зиялыларының бұл мәселенің кейбір жақтарына қатысты жасаған тұжырымдарына ғана тоқталмақпыз.
Өркениеттік өктемдік
Түркістанның, оның бір бөлігі Қазақстанның тәуелсіздікке ұмтылысы олардың жұртының бай тарихи тәжірибесінен, өздеріне ғана тиесілі жүріп өткен жолынан туындайтын табиғи процесс, тарихи қажеттілік. Бұл пікірге негіз боларлық М.Шоқай және басқа азаттық қозғалыс жетекшілері қандай ғылыми дәйектер келтірді? Ең алдымен, Түркістан - орта ғасырларда әлемдік мәдениеттің қалыптасып, дамуына өз үлесін қосқан ірі орталықтардың бірі. Бұл ретте, алдымен, әрине, ІХ-ХІІ ғасырлардағы Түркістандық жаңғырудың аса ірі өкілдерінің артында қалдырған мұралары ойға оралады. Әл-Хорезми Мұхаммед, әл-Фараби Әбу-Насыр, Қожа Ахмет Йассауи, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Әбу-Али Ибн-Сина, Әбу-Райхан Бируни, Ұлықбек, Захир ад-дин Бабыр және басқа ақыл-ой иелерінің еңбектері әлемдік ғылым мен көркем ойда өз орнын алған. Философия, дәрігерлік, математика, минералогия, құқық, көркем әдебиет және басқа білім мен өнер салаларының қалыптасып, дамуында Түркістандық ой иелерінің еңбегі зор, сондай-ақ әлемдік ғылым мен мәдениеттің жеке бір аймақтың немесе нәсілдің айрықша творчестволық қабілетінің нәтижесі есебінде ғана дами алмайтындығының айғағы болып табылады. Яғни, Мұхаммед Хайдар Дулати айтқандай, қасиетті ғылым барлық елге ортақ. Мұнымен бірге Түркістан жұрты түрлі тарихи кезеңдерде өмірге келіп, әлемдік қатынастарға пәрменді ықпалы болған түркі қағанаты, Қарахан мемлекеті, Алтын Орда, Әмір империясы, моғолдар мемлекеті сияқты саяси құрылымдарды өмірге әкеліп мемлекет құру және басқару ісінде аса мол тәжірибе жинаған. Түркістан өз еркіндігі және басқа елдермен тең құқын ахаменидтер династиясы, Александр Македонский әскері, араб және қытай қолдарымен тынымсыз күрес барысында сақтай білген. Қорыта айтқанда, Түркістан халықтары жүріп өткен тарихында әлемдік деңгейдегі рухани құндылықтар жарату, сондай-ақ мемлекет құру және басқару ісінде, өз мүмкіндіктерін жоғары дәрежеде танытып үлгірген. Бірақ батыс елдерінің ізімен капиталистік даму жолына түскен Ресей империясы ХVІІІ-ХІХ ғасырларда Түркістанды өзіне қаратып, ендігі уақытта еуропалық қауымдастық алдында батыстық құндылықтар мен жетістіктерді "орта ғасырлық қатынастар дәрежесінде қалып қойған, өркениетсіз Түркістанға" өндіруші және орнықтырушы авангардтық күш болып танылмақ ойы болды. М.Шоқай жасаған тұжырымның толық негізді екендігін айта келіп, біз өз тарапымыздан мынаны қосар едік. Түркістан халықтарын ресейлік отарлау жай экономикалық немесе саяси отарлау ғана емес, ол өркениеттік отарлау. Алдымен патшалық, сонан соң кеңестік биліктердің ислам дініне, исламдық құндылықтарға, жергілікті халықтардың тіліне, салт-дәстүріне қарсы мемлекеттік деңгейде жоспарлы және жүйелі әрекеттерді іске асыруы соның айғағы. Өзбекстандағы Минуар Қари, Қырғызстандағы Ишанғали Арабай, Қазақстандағы Ахмет Байтұрсынұлы бастаған жадитшіл-ағартушыларды жаппай репрессиялау, 20-30-жылдардағы бірнеше кезеңдерден тұрған алфавит ауыстыру науқандары ескі Түркістан жұртын тура осы өркениеттік тұқырту қатарындағы оқиғалар болатын. Жаңа социалистік мәдениетті қалыптастыру және орнықтыру деген жамылғымен іске асырылған мәдениет саласындағы реформалық шаралардың негізгі нәтижесі жергілікті халықтардың ұлттық мәдениеті тамырларының әлсіреуіне, мәдени дамудағы ұрпақаралық табиғи сабақтастықтың үзілуіне, жалпы Түркістандық өркениеттік тұтастықтың бұзылуына алып келгендігін бүгін ешкім де жоққа шығара алмайды. Рухани теке-тірес өршіген 90-жылдардың бас кезінде өзін славян тектілерге жатқызатын бір әріптесім "Осы сендер, яғни қазақ зиялылары, неге сонша наразылық танытасыңдар, кеңестік билік тұсында орыстармен тең білім алдыңдар, мәдениетті атандыңдар?" — деген сауал қойғаны есімде. Сонда: "Иә, жаппай сауаттылыққа көшкеніміз рас, бірақ сіз мынаған көңіл аударыңыз: біз кеңестік билік тұсында сауатсыздықты жеңгенімізбен, жартылай, мүмкін, одан да көбіміз өз ана тілімізде сөйлеуден қалдық, қазақ тілі от басы, ошақ қасы тілі дәрежесінде қалды, мектеп бағдарламалары мен оқулықтарына Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы және басқа көптеген ұлттық жаңғыру кезеңі жазушыларының шығармалары енбей қалды, бір емес, бірнеше буын ұрпақ олардың жазғандарын оқымақ түгіл, атын естімей өсті, қазақ баласы рухани құндылықтарды қазақ мектебінде ең жоғарғы әдістемелік дәрежеде оқытылатын орыс классикалық әдебиеті мен тарихынан іздеуге мәжбүр болды", — дедім. Әріптесім мардымды жауап бере алмады, өйткені ондай жауап та жоқ еді. Келесі мысал. Айтан Нүсіпханмен бірге Мұстафа Шоқайдың екі томдық таңдамаларын баспаға дайындау барысында Ташкенге бардым. Мақсатым М.Шоқай көп айтатын өзбектің Шолпан ақынының "Жапырақтар" атты жинағын тауып, мүмкін болса ақынның өзі жөнінде де мәліметтер қарастыру еді. Өзбекстанның Орталық Мемлекеттік мұрағат қорында Шолпанның латын графикасымен қол машинкасы арқылы басылған бір жинағы сақтаулы екен. Оқи бастап едім, өте жеңіл түсіндім, тура Мағжан шығармаларын оқығандай әсерде болдым. Сонда аңғарғаным, кеңестік билік тұсында үзіліссіз алфавит ауыстыру науқандары біздің туыс халықтардың тілі мен әдебиетін тым алшақтандырып жіберген екен. Жалпы бұл жағдайды татар зиялылары революциялық өзгерістерге шейін шығарып тұрған "Тәржіман" және "Уақыт" газеттерін оқығанда аңғарғаным бар-тын. Оларды да ешқандай қиындықсыз жеңіл түсінгенмін. Шолпан шығармалары бұл мәселеге қатысты жасаған тұжырымның негізді екендігін нығайта түсті. Бұл арада, әрине, түрлі факторлардың ықпалын жоққа шығаруға болмас. Дегенмен, революцияға дейінгі И.Гаспаралы, Ф.Каримов, Б.Байтұрсынұлы, М.Қари сияқты қайраткерлердің россиялық түркі халықтарының тілдерін жақындастыру (унификация), бір-біріне түсінікті ету, тіптен бәріне ортақ басылымдар шығарып тұру әрекетінің ұлыдержавалық пиғылдағы күштерге ұнай қоймағандығы, сондықтан да олардың көп ұзамай алфавит ауыстыру сияқты қарсы әрекеттерге көшкендігі анық. Сөйтіп, ғасыр басындағы түркі халықтарының өзара жақындасу процесі үзіліп, тоқтап қалды, кейін ол біртіндеп алшақтау процесіне ұласты...
Ресей артында не қалдырды?
Кезінде кеңестік ғылыми әдебиетте "Түркістан халықтарына қандай отарлау пайдалы еді - ағылшындық па, жоқ әлде орыстық па?" - деген сауал төңірегінде тартыс жүріп, ол, әрине, орыстық отарлаудың пайдасына шешіліп тынған-тын. Келтірілген дәйек шамамен мынаған сайды: Ресей революцияланған жұмысшы табы, оның ұлт мәселесінде ғылыми бағдарламамен қаруланған коммунистік авангарды бар мемлекет еді, сондықтан да қазақ және басқа Түркістан халықтарының пролетарлық революция жолына түскен Ресей құрамында болуы, олар үшін тарихи сәттілікке тең еді. Бұл дискуссияға өз ретінде М.Шоқай да араласты. Ол А.Ф.Керенскийдің Түркістан Англия басқарып отырған "Үндістанға қарағанда" Ресей тарапынан "адамгершілікпен басқарылып" отыр деген тұжырымын ымырасыз сынға ала келіп: "Күндердің күнінде Үндістан Ұлыбританиядан тәуелсіздігін ала қалғандай болса, ағылшындардан оларға су жүйелері, темір жолдар, телеграфтар мен зауыт-фабрикалар және оларда жұмыс істеп дағдыланған үндістандық жұмысшы кадрлары, әлденеше білім орындары және оларды оқып бітірген мыңдаған үнді зиялылары қалады. Ал Түркістанда "Ресей қамқорлығынан" қалары - тек орыс мұжықтары ғана болып шығар еді", - деп көрсеткен еді10. М.Шоқай бұл пікірін 1930 жылы жария етті. Одан кейінгі алпыс жыл бойы Қазақстан КСРО құрамында болды. Бұл, әрине, аз уақыт емес. Сондай-ақ осы мезгіл ішінде оның экономикалық, мәдени және рухани өмірінде болып өткен өзгерістерді бір жақты бағалау да қателікке ұрындырар еді. Дегенмен, коммунистік биліктің еліміздің барлық өмір салаларында іске асырған шараларының белгілі дәрежеде отарлық мазмұнда болғанын, олардың империялық орталық тұрғысынан белгілі бір стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталғанын жоққа шығару мүмкін емес. Көпқырлы мәселенің басқа жақтарын қоя тұрып, М.Шоқай көңіл аударған кеңестік биліктің Қазақстанда жүргізген демографиялық саясатына келсек, онда мынадай фактіні мойындауға тура келеді. Қазақстан өз мемлекеттік тәуелсіздігін алған 1991 жылы республика тұрғындарының ішінде жергілікті қазақ жұртының үлес салмағы 37,3 пайыз болды". Ал соңғы көрсеткішке патша және кеңестік биліктер тұсында мұнда қоныс аударуға мәжбүр болған республиканың белорус және украин (6,4%) тұрғындарын қоссақ, онда біздің тегі славян отандастарымыздың жалпы саны қазақтардан асып жығылмақ. Міне, бұл келтірілген таза цифрлық фактілер ғана М.Шоқайдың 1930 жылы жасаған тұжырымының негізсіз еместігін көрсетсе керек. Біз бұл арада мәселенің мынадай бір қырын анықтап алғанды жөн санаймыз. Республика Президентінің ұлтаралық қатынаста қазіргі кезеңде ұстанып отырған бағыты ешқандай да күмән тудырмайтын тура бағыт. Қазақ халқы Қазақстан аталатын мемлекеттің тәуелсіздігі үшін ғасырлар бойы тынымсыз күрес жүргізіп келген және осы мемлекеттің қазір де негізін құрайтын халық ретінде республиканың көпұлтты басқа да тұрғындарымен жарасымды өмір сүріп, олармен бірге қуатты қоғам құруға мүдделі. Оған бұдан басқа тиімді жол жоқ. Сонымен бірге республиканың барлық тұрғындары, оның бүгінгі бағыт-бағдарын анықтайтын негізгі этникалық құрылымдары еліміздің жүріп өткен тарихи жолынан жақсы хабардар болулары керек. Сол арқылы ғана олардың арасында өзара түсінушілік, сыйластық қалыптаспақ. Сонымен, негізгі тақырыбызға оралайық. Саясаттанушы Н.Масанов орыс тілді бір газетке жариялаған мақаласында шамамен "қазақтарға Қазақстандағы қалаларды, оларда бой түзеген үйлер мен зауыт-фабрикаларды, мыңдаған шақырымдық жолдарды орыс және басқа славяндық мамандар болмаса кім салып берер еді" деген мазмұндағы пікір айтқаны бар. Ұлтаралық араздыққа жол ашатын мұндай пікір, әрине, білімді Масановтың ашқан жаңалығы емес, ол кезінде Ресейдің Түркістандағы ағартушылық, жарылқаушылық миссиясы жөнінде патшалық және бұл мәселеде оның мұрагері болған кеңестік идеологияның, сондай-ақ олардың ықпалымен батыстық еуроцентристік бағыттағы ғылыми орталықтар мен жеке авторлардың қайталаған түрлі тұжырымдарының көрінісінен басқа түк те емес. Ал, жалпы, бұл тұжырымның негізінде кезінде патшалық билік қойнауында өмірге келген Қазақстан мен Түркістанды орыстық жаулап алушылықтың өркениеттік, мессиялық* сипаты жөніндегі доктрина жатыр. Бұл доктринаның өзекті тұжырымы бойынша Ресей жаулап алған бұл аймақта еуропалық, орыстық құндылықтармен салыстырғанда ешқандай да елеулі, қасиет тұтар ештеңе жоқ, болған да емес, бар нәрсенің бәрі де күні өткен патриархалдық мазмұндағы бірдеңелер, сондықтан да мұндағы өмір түгелдей тез арада реформалануы керек.
* Мессиялық - иудаизм меи христиан дінінде "құтқарушы" деген мағынада. Мұнда барлық жерде жалқы жаратушы күш, жасампаз субъекті -батыстық мәдениет, оның бұл арадағы өкілі — Ресей, орыс мәдениеті. Өз ретінде бұл артықшылық орыс мәдениетіне жергілікті басқа мәдениет пен елдерді өзіне сіңіру (ассимиляция) құқын бермек, ал жергілікті жұрттардың жүріп өткен тарихи жолына келсек, ол жол бар болғаны бүгінгі, яғни орыс мәдениетіне ұштасу, жалғасу арқылы басталған шын мәніндегі тарихи кезеңге кіріспе ғана. Қазақстанға мыңдап, миллиондап өз тұрғындарын көшірген орыс үкіметі қоныс аударушылардың санасына да осы идеологияны сіңіруге тырысты. Әрине, қоныс аудару соншалық кең қанат жаймаған болар еді, егер үкімет пен қоныс аударушылардың арасында өзара түсінушілік, билік тарапынан оларға материалдық және моральдық қолдаушылық болмаса. Өз елінде жоқшылықтан, помещиктік өктемділіктен, мемлекеттік биліктен қашқан орыс шаруалары мұнда Қазақстанға келіп, енді сол биліктің қамқорлығын көріп, өз ретінде биліктің жергілікті тірегіне айналып, соған байланысты өздерінің аса маңызды мемлекеттік іс атқарып жатқандығын сезіне бастайды. Міне, осы билік пен қоныс аударып келушілер арасындағы үнсіз өзара түсінушілік жаңа мемлекеттік идеологияның қалыптасуына негіз болды. Сонымен, М.Шоқай орынды айтып көрсеткеніндей, Ресей Қазақстаннан кеткенде шынымен де артында қалдырған негізгі байлығы мұнда қоныс аудара келген орыс және басқа славяндық ағайындармен бірге орыстандыру саясатының құрбаны, яғни өзінің ұлттық болмысынан, салт-дәстүрінен, ана тілінен қол үзіп қалған, бірақ біржола орыстанып үлгірмеген дүбәрә ұрпақты қалдырып кетті. Міне, Ресейдің қазақ жерінде артында қалдырған ең салмақты мұрасы. Шағын мақалада мәселенің барлық қырына тоқталу, әрине, мүмкін емес. Дегенмен Ресейдің Қазақстан экономикасындағы роліне қысқаша болса да соқпай өтуге болмас. Кезінде кеңестік идеология Қазақстан кеңестік билік тұсында шаруашылығы артта қалған аграрлы елден индустриялы-агарарлы елге айналды деген пікір орнықтыруға тырысты. Бұл пікірде шынайы тұжырымнан гөрі даурықпа саясат басымдау еді. Бүгінгі тәуелсіздігін алған Қазақстан өзінің ең қарапайым өнеркәсіп бұйымдарына сұранысын шетелдік тауарлармен қанағаттандыруға мәжбүр. Кезінде Кеңестер Одағының негізгі қой шаруашылығы аудандарының бірінен саналған Қазақстанда қарапайым қой жүнін иіріп, оны киім тоқитын жіпке айналдыратын фабрика да салынбаған, ондай фабрикалар ішкі Ресейде болатын. Сырт көзге Қазақстан өнеркәсібі қалыптасып, бесжылдық сайын көлемі өскендей көрінгенімен, мазмұны жағынан сол патшалық билік тұсындағыдай негізінен метрополиялық өндірістің шикізат көзі болып қала берді. Ал масановтар айтатын қалалар мен азын-аулақ өнеркәсіп орындарын, жолдарды Ресей ең алдымен мұнда қыруар табыс пен жайлы мекен іздеп келген өз қоныс аударушылары және метрополияға шикізат тасу үшін салғанын дәлелдеп жатудың қажеті бола қояр ма екен? Президент Н.Назарбаев "Труд" газетінің тілшісіне берген жауабында өз тәуелсіздігін алған Қазақстан өнеркәсібінің отарлық сипатын былайша баяндайды: "Біздің қиындықтарымыздың сипаты Қазақстанның шаруашылық кешенінің ерекшеліктеріне байланысты. Ал ол кешен қашан да шикізат өндіруге мамандырылып келгені белгілі. Республикада өндірістік циклдың ең соңғы буыны болып табылатын кәсіпорындар жоқ дерлік еді. Дайын өнімдерді бөлу, әдетте, бізден алыста, ит арқасы қиянда жүргізілетін. Одақтың тарап кетуіне және республикааралық шаруашылық байланыстарының үзіліп қалуына орай ендігі жерде Қазақстанның шикізаты бұрынғыдай қажет болмай қалды. Өтпей жатқан өнімнің үйіліп қалуы салдарынан бізде шахталар, рудниктер, байыту фабрикалары тоқтай бастады. Шикізат өндірумен айналысатын көптеген адамдар жұмыссыз қалды.."12. Тап осы жағдай аграрлық секторға да тән еді. Демек, Қазақстанның өнеркәсіпті-аграрлы елге айналғандығы туралы тұжырым алдымен қазақ жұртының өзін, сонан соң әлемдік қауымдастықты алдауға құрылған аңызға жақын бірдеме ғана болатын. Яғни бір емес бірнеше буын миллиондаған отандастарымыздың көз жасы мен қанына суарылған болар-болмас өнеркәсіп ошақтарын асыра бағалауға әуес құл мінезді масановтар өздеріне мүлдем қолайсыз мәселенің мынадай қырларын тануға келгенде көрсоқыр бола қалады. Біріншіден, шалғамдық, яғни "сырты қызыл, іші ақ" (сменовеховшылар пайдаланған теңеу) социализм идеясымен әуестенген ресейлік коммунистер саналы әрі мақсатты түрде алдымен қазақ елінің сан ғасырлар бойы белгілі бір экожүйеге бейімделіп қалыптасқан дәстүрлі шаруашылығын жойды. Егер бүгінгі уақыт биігінен және империялық жүйеде жинаған тәжірибеміз тұрғысынан қарасақ, байлар меншігін конфискациялау, "қызыл-гвардиялық" шабуыл ұжымдастыру және онымен қатар жүрген қазақ қожалықтарын жаппай отырықшыландыру шаралары ешқанда да таптық әлеуметтік мәселелерді мемлекеттік деңгейде шешу әрекеті емес, керісінше қарапайым халықтың дәстүрлі өмір сүру жүйесін мақсатты түрде талқандау, оны мемлекеттік билік арбасының доңғалағына мықтап байлап, алдап-арбауға, айдауға көнетін тобырға айналдыру. Аталған шаралар белгілі күштердің әдейі ойластырған біртұтас мақсатты әрекетінің басы, нақты іске асыру механизмі болса, 30-жылдары жүргізілген перманентті жаппай репрессиялау шаралары соның логикалық жалғасы және жиынтығы еді. Бұл өзара іштей тығыз байланысты, тұтас мемлекеттік дәрежеде жүргізілген саясатты жай "асыра сілтеушілікке" немесе "революциялық қажеттіліктен туған" шараға жатқызу балағи алаңғасарлықтың, теориялық кемелсіздіктің көрінісінен басқа ештеңе де емес. Осы арада кеңестік империяның артында қалдырған мұраларының келесі тағы бірін бөліп айтуға тура келеді. Ол біздің халқымыздың империялық үстемдік жағдайында қалыптасқан алдануға бейім, сенгіш, жетекшіл мінезі. Жалпы бұл "қасиеттер" бүтін бір ұлттың теориялық дамуда, жұмсартып айтсақ, кенже қалуынан туындамақ. Ешқандай өркениетті жұрт өзін басқа мәдениетке мұнша ұзақ мерзім алдауға (оболванивания) бермейді, көз жұмып артынан еріп, өзінің стратегиялық мүддесіне самарқау бола алмайды. Ал бұл көнгіштіктің салдары ауыр. Оны мына метаморфозадан аңғару қиын емес. Абылай заманында бәрі бірдей ержүрек, атқа қонған батыр, одан бергі Абай заманында өзінен басқаның бәрін "антұрған, ең тәуірі" өзім ғана деп білетін ("Екінші қара сөзін" қараңыз) халық кеңестік билік тұсында өз тілін, салт-дәстүрін, басқа қасиет-құндылықтарын пір тұтпайтын, қадір-қасиет біткеннің бәрін сыртта деп білетін, сырттан іздейтін бейшараға айналды. Неге? Оның мынандай себептерін бөліп айтар едік. Ең алдымен, XX ғасырдың басында ұлт, ел ретінде интенсивті қалыптасу жолына түскен, өзінің түпкілікті негізгі мүдделерін (мемлекеттік тәуелсіздік, атамекен жерін сақтау, өнер-білімді игеру, т.с.с.) айқын түсіне бастаған халық, 1917 жылғы Қазан социалистік революциясынан соң бұл жолдан адасып қалды. Оны адастырып басқа жолға салған кеңестік билік. Кеңестік билік алдымен халықты оның көш бастаушы ұстазы — ұлттық зиялыларынан, саяси элитасынан айырды. Неге, не үшін айырды? Ұлттық элитаның социалистік төңкеріске шейін қалыптасып қалған ұлттық идеологиясы, ұлттық қайта жаңғыру бағдарламасы бар еді. Өз ретінде бұл идеология, бағдарлама іске асып, шындыкқа айналса, онда қазақ елі басқа елдің, өзге мемлекеттің идеологиялық арбауына көнбейтін еді, демек, жаңа отарлау (неоколонизация) саясатына бой алдырмайтын еді, яғни өз атамекенінің байлығын өзі игерерлік жағдайға жетіп, өзін-өзі басқара алатын еді. Қорыта айтқанда, қазақ елінің ғасыр басындағы ұлттық ұю, мемлекеттік ұлт дәрежесіне көтерілу процесі кеңестік билік орнап, ұйытқы элемент - алаштық зиялылар, саяси элита - күшпен жойылғаннан кейінгі кезеңде үзілді, тоқтап қалды.
Теориялық және терминологиялық симбиоз (Халықтың табиғи даму жолын тәркілеу саясаты)
ХХ ғасыр Еуропада саяси антисемитизмнің кең таралуымен басталды. Мұнда буржуазиялық тәртіптің орнығу процесінен зардап шеккен "кішкене адамдар" үшін түрлі қоғамдық мерездерді таратушы капитализмнің символы, яғни жинақы көрінісі аузында үлкен сигары бар цилиндрлі жуан мырза емес, құс мұрынды өсімқор еврей кейпіндегі адам саналды. Өйткені экономикада, әсіресе, банкі ісінде ең үлкен жетістіктерге жеткен осы жұрттың өкілдері еді. Бұл жағдай өз ретінде оңшыл патриоттар мен антисемиттердің өзара ымыраға келуіне негіз болды13. Ресей империясында жағдай өзгеше қалыптасты. Бір жағында әлжуаз орыс буржуазиясы мен орыс оңшыл патриоттары, ал екінші жағында еврей өсімқорлары арасындағы бақталастық мұнда да, оның Түркістан сияқты аймағында да әлсіз түрде болса да байқалды14. Бірақ бұл қайшылық Ресейде Еуропадағыдай дәрежеге көтеріле қойған жоқ еді. Оның есесіне солшыл радикалдық көзқарастағы еврей зиялыларының белсенділігі мұнда революциялық қозғалыста анық байқалды және ол бірде-бір еуропалық мемлекетте Ресейдегідей деңгейде және ауқымда көріне алған жоқ. Оған негіз болған халықтардың экономикалық айырмашылығы, саяси және әлеуметтік теңсіздігі еді. Міне, орыс және еврей солшыл-радикал социалистерінің біріккен одағының теориялық және практикалық қызметі нәтижесінде "пролетарлық интернационализм" және "әлемдік революция" жөніндегі теорияның ресейлік варианты өмірге келді. Бұл теорияны жасаушылар қазақ сияқты халықтың белгілі бір тарихи және табиғи-географиялық жағдайында қалыптасқан ерекше күрделі өмір салтынан мүлдем хабарсыз, А.Байтұрсынұлы айтқандай, "қазақтың ісіне қатыспақ түгіл, қарасын көрмеген, атын есітпеген" өзге мәдениет пен ортаның адамдары еді. Соған қарамастан революциялық "төңкеріс болса істің бәрі өзінен өзі өзгеріп" (А.Байтұрсынұлы) кетеді деп ойлаған олар қазақ сияқты жұртты өркениет жолына салу, "бақытты ету", "қызыл-гвардиялық" шабуылмен іске асырылуға тиіс бірнеше мемлекеттік шараның үлесі ғана деп түсінді. 1917 жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы қазақ ұлтының қалыптасу процесінің аяқталуына жол ашатын тарихи кезеңді бастап берген оқиға-тын. Осы жылдың соңында құрылған Алашорда үкіметі бұл процестің өз логикалық соңына жетуі үшін қажет түзілген негізгі алғышарты болатын. Қазақстан пәрменді буржуазиялық дамудың қарсаңында тұрды. Ол үшін ұлттық тәуелсіздікті сақтаудың, нәтижелі экономикалық, саяси және мәдени дамудың басқа тиімді жолы да жоқ-тын. Ұлттық мүддені түйсіну, ұлт көлемінде оған қажет қоғамдық институттардың қалыптасып жетілуі, әрине, буржуазиялық, рыноктық қатынастар негізінде ғана нәтижелі жүруі мүмкін еді. Кеңестік кезеңдегі тарихшы мамандар осы шындықты түсінсе де, мойындай алмады. Бірақ большевиктерге, оның жоғарыда аталған басқарушы ядросына ұлттық мүдде де, оны қорғай алатын ұлттық мемлекет те мүлдем қажетсіз еді. Өйткені ұлттық мүдде және оны қорғауға ынталы мемлекет болған жерде большевиктік социализмге орын қалмайтыны айқын еді. Мәселе мынада. Алаш автономиясын жарияламақшы болған Алаш партиясының басшылары қазақ жерін, оның асты-үсті байлығын ең алдымен бүкіл қазақ жұртының (империяның емес!) меншігі жариялады, қазақ жеріне ішкі ресейлік губерниялардан ағылған қоныс аударушылар толқынын тежеуге асықты, қазақ жеріндегі басқа ұлттық топтарды да қазақ елінің табиғи мүддесі мен талабын түсінуге, сөйтіп оның төңірегіне топтасуға, өзара ымыраға келуге шақырды. Ал мұндай мақсат үстемдік алған күнде, әрине, Қазақстандағы билік ең алдымен оның саяси көш бастаушысы - ұлттың зиялы элитасына өтуге тиіс-тін. Ал патриоттық позициядағы зиялылар мен ұлттық буржуазияның билікке келуі, әрине, капиталистік дамуға жол ашатындығы сөзсіз. Өз ретінде капиталистік жол ұлттық дамуға кедергі деп әлемдік тәжірибеден хабардар адам айта алмаса керек. Сонымен бірге Алаш бағдарламасымен таныс кісі оның байлар меншігі мен мүмкіндігін шектеуге ынталы болғандығын мойындауға тиіс, яғни Алаштың әлеуметтік мәселелерді де шешуге ұмтылғандығы анық және бұл жағдай оның демократиялық мазмұндағы күш болғандығының көрінісі. Қорыта айтқанда, кеңестік билік Қазақстандағы басшылыққа қалыптасып қалған ұлттық элитаны саналы түрде жібермеді. Сондай-ақ бұл шешімге келе отырып, ол тек еңбекші бұқараның таптық мүддесін ғана негізге алды деп айту қарабайырлыққа ұрындырар еді. Мәскеулік орталық Қазақстан сияқты кең де бай өлкедегі саяси билікті тәуелсіз пікірімен көрініп үлгірген, халық арасында беделді, яғни оны соңына ерте алатын ұлттық саяси элитамен бөлісуден қаймықты. Яғни өзінің негізгі мақсаты халық бұқарасының өмірін түбегейлі өзгерту екендігін кең, ресми түрде мәлім еткен большевиктер бұл мақсатына сол халықтың бел ортасынан шыққан, оның мұң-мұқтажынан жақсы хабардар ұлт зиялыларынсыз-ақ жете алатындықтарына сенімді еді. Басқаша айтқанда, большевиктік билік, Байтұрсынұлы дәл көрсетіп жазғанындай, қазақ бұқарасымен арадағы көпір қызметін атқара алатын ұлт зиялыларын көп ойланбастан ысырып тастады да, кең ауқымды реформаларға кірісіп кетті. Ал осы реформалық шараларды жергілікті коммунистер Қазақстанға партияның орталық комитеті жіберген Голощекиннің басшылығымен іске асыруға тиісті болды. Тура осындай басшылық жасау үшін Өзбекстанға Зеленский, Түркменстанға Аронштам сияқты "әмбебап" большевиктер жіберілді. Кеңестік биліктің Қазақстанда шаруашылық, әлеуметтік және мәдениет салаларындағы реформалық шаралардың өзара тығыз байланыста, логикалық тұрғыдан жүйелі, есеппен жүргізілгендігін, сондай-ақ олардың жергілікті халықтың табиғи түпкілікті мүдделері мен құндылықтарын ешқандай да есепке алмағандығын ескерсек, бұл реформалық шараларды тоталитарлық жүйенің табиғатынан міндетті түрде туындауға тиіс құбылыстарға жатқыза салу ағаттық болар еді. Ал барлық өмір салаларын қамтыған реформалардың дерлік бір мезгілде ұлттың басқарушы элитасын жаппай репрессиялауға ұласуы, яғни әлеуметтік және мәдени реформалар мен саяси репрессия саясатының өзара ұштасуы, бұл кең ауқымды мемлекеттік шаралардың қатар жүруі, бірін-бірі толықтыруы, әрине, қоғамдық өмірді тез арада қайта құруға ынтыққан большевиктік "қызыл-гвардияшыл" энтузиазмның "күнәсіз" салдары ғана емес-тін. Біздің пікірімізше, мәселені тек тар таптық мүддемен ғана шектеу жетімсіз, мұндай көзқарас оның басқа да себептерін көруге кедергі жасамақ. Коллективтендіру және отырықшыландыру деген жамылғымен ұлттың дәстүрлі шаруашылығын күйрету, езуші таптар мен буржуазиялық ұлтшылдармен күрес науқаны арқылы халықтың тәуелсіз рухын сындыру, сөйтіп жұрттың жартысына жуығын қолдан жасалған аштық арқылы қырып, біразын босқынға айналдырып, ал тірі өз атамекенінде қалған бөлігінің ішкі сенімі мен жігерін құм етіп, оның орнына тобырлық психология орнықтыру — міне, осының бәрін алдымен "жеке тұлғаның", сонан соң "жеке партияның", ең ақыры "тоталитарлық жүйенің" қателігіне немесе асыра сілтеу саясатына жатқыза салу тым қарабайырлау, "ақ көңіл, аңқау" елді іс біткен соң енді "күнәсіз" теориялық тұжырымдармен адастыру, алдарқату емес пе? Осы арада "советтік билік", "коммунистік партия" сияқты терминдерді ауыстырған "тоталитарлық жүйе" деген ұғым жөнінде ойлануға тура келеді. Бұл термин бұдан бұрын кең қолданыста жүрген "жеке тұлғаға табыну", "коммунистік партияның диктатурасы" сияқты терминдердің орнын басқан модадағы сөз тіркесі. Маған осы араларына уақыт салып бірін-бірі ауыстырып отырған жаңылтпаш сияқты сөз тіркестерінің арғы жағында әлі де айтылмай, өз кезегін күтіп, жария етуге тиіс жаңа тұжырымдар жатқандай көрінеді де тұрады. Ымырасыз ғылыми ізденіс нәтижесінде емес, белгілі бір конъюнктуралық идеологиялық мақсаттарды көздеу нәтижесінде өмірге келген бұл терминдер Кеңестер Одағы, соның ішінде Қазақстан тарихында орын алған жалпыхалықтық трагедияға кінәлі жеке адамдар мен саяси топтарды нақты жіктеп көрсетуге қызмет ете алмайды, қайта оларды бүркемелеп жауып тұрғандай сыңай танытады. Яғни бүгінгі таңда зерттеуші ғалымдардың алдында тұрған іргелі міндеттердің бірі 20-30-жылдардағы Қазақстан трагедиясын жобалаушы және оны іске асырушыларды мүмкін болғанша нақты жіктеп, аттарын атап көрсету болса керек. Сол арқылы ғылым "тоталитарлық" аталатын жүйенің нақты қандай топтар мен құндылықтарға қызмет жасағандығын түсіндіріп бере алады.
"Шалғам" интернационализмі
Коммунистік идеологияның іргелі постулаттарының бірі — советтік интернационализм. Большевиктер бұл жалпы азаматтық гуманистік идеяны да қазақ топырағына декреттер арқылы күштеп және тез арада енгізу жолына түсті. Өз ретінде мемлекеттік идеология дәрежесінде жүргізілген бұл әрекет Алаш зиялылары тарапынан қарсылыққа жолықты. А.Байтұрсынұлы интернационализмді қазақшаға "бибауырмал" деп аударып, оны большевиктің биліктің "бауырмал", яғни ұлтшыл, патриот қазақ зиялыларына, саяси элитасына қарсы ұстанған саяси курсы есебінде бағалады. Ол қазақ "қалам қайраткерлері жолын тастап, көрінген жолаушыға ере беретін бұралқы ит емес. Бауырмал болып қалған қазақ қалам қайраткерлері, я бояумен түсін өзгертіп, я түленмен түгін өзгертіп бибауырмал болмаса, нақ ішін өзгертіп бибауырмал бола алмайды"15, - деп жазды. Одан ары ол бұл бауырмалдық бағытты тек қаламгерлер ғана емес, жалпы "қазаққа жаны ашитын басқа азаматтар да" ұстануға тиіс екендігін білдірді. Ал осы кеңестік билік ұсынған бибауырмалдық, яғни интернационализм саясатын саяси элитаның қабылдай алмауының қандай себептері бар еді? Кез келген іргелі принципті қоғам өз еркімен қабылдағанда ғана ол белгілі бір мәнге ие бола алады, кері жағдайда оны үкімет деректерімен, жарлықтарымен қоғам өміріне енгізіп орнықтыру, әрине, аса қиын іс, тіпті мүмкін емес. Интернационализм принципінің орнығуына қажет алғышарттар Қазақстанға кеңестік билікпен бірге ілесе келді деп айтуға ешқандай да негіз жоқ. Кеңес үкіметі келгенге шейін қазақ қоғамы ең аз дегенде бір жарым ғасырға жуық мезгіл отарлық тәуелділікте болды, қоғамдық кемсіту мен әділетсіздіктің дәмін бір емес, бірнеше буын татып өсті, яғни патшалық зорлықшыл тәртіпке деген жеккөрушілік сезім бүтін ұлттың көңіліне терең тамыр жайды. Бұл — табиғи құбылыс. Егер халықта ондай сезім болмаса, онда ол өз құндылықтарына немқұрайды қараған тағы тобырға айналған болар еді. Қазан революциясы жеңген сәтте отарлық жүйе әкелген мәселелер қазақ қоғамында сол іргесі сөгілмеген күйінде сақталды, тіптен олардың біразын жаңа жағдай шиеленістіре түсті. Ал бұл мәселелерді тез, табан астында "қызылгвардиялық" шабуылмен шеше салатындай мүмкіндік жаңа үкіметте, әрине, жоқ-тын. Міне, сондықтан да тап осы тарихи мезгілде жалпы қоғамда, оның зиялылылар бөлігінде ұлтшыл, патриоттық көзқарастың үстем алуы толық табиғи құбылыс еді. Басқаша айтқанда, ұлтшылдық, патриоттық көзқарас өмірдің ағымынан туындаған қажеттілік болатын. Дж. Неру айтқандай, кез келген отарлық езгідегі елдің ұлттық тәуелсіздікке ұмтылуы оның ең басты мұраты және мұның өзі толық табиғи құбылыс16. Біз бүгінгі таңда ғасыр басында қоғамдық өмірімізді түбегейлі өзгертіп, оны еркін өркениетті даму жолына алып шығу үшін қажырлы және мақсатты әрекетке көшкен саяси басқарушы топтың болғандығына Аллаға шексіз ризашылығымызды білдіруге тиіспіз. Сондай-ақ ұлт зиялылары бастаған мұндай құбылыстың көрінуі қазақ елінің ғасыр басында жалпы адамзаттық даму арнасында тұрғандығының айғағы. Интернационализмге апаратын жалғыз жол - ұлтаралық сенім. Большевиктер партиясы қоғамдық өмірдің бірде-бір саласында қазақ жұртының терең сеніміне ие боларлық шараларды тура бастап аяғына дейін жеткізген емес. Жер мәселесінде ол 20-жылдардың ортасында-ақ таптық принципке (белгілі дәрежеде ішкі Ресейден қоныс аударушылардың пайдасына) ауытқып кетті. Кеңестік билік берген ұлттық республика аталатын құрылым іс жүзінде, М.Шоқай көрсеткендей, "сырты жылтырақ, іші қалтырақ", "қағаздан жасалған" қуыршақ республика болып шықты. Оқу-ағарту, мәдениет саласында да ұлттық негізді әлсіретуге бағытталған процестер жүріп жатты: ұлттық тілдің қолдану аясы уақыт өткен сайын тарыла түсті, мектептер "орыс мәдениеті мен орыс үстемдігін орнықтырудың құралына"17 айналды. М.Шоқай кеңестік биліктің мәдениетке байланысты ұстанған "түрі -ұлттық, мазмұны - социалистік" позициясын сынға алып: "Ленин бір кезде кейбір коммунистерді шалғамға теңеп, "сырты ғана қызыл, іші — аппақ" деген болатын. Енді, міне, ұлт мәселесін шешуде, лениндік жүйенің өзі шалғамға ұқсап қалды. Ол сырттай қарағанда "төңкерісшіл", "интернационалистшіл", ал іші бүтіндей аппақ. Бұрын орыс патшасы ақ патша делінгені бәріміздің есімізде болса керек"18, — деп жазды. Міне, осы мазмұнда жүргізілген мемлекеттік саясат контексінде алғанда кеңестік биліктің интернационализм жөніндегі уағызының халықтың және оның зиялыларының көңілінде қандай сезім туғызғандығын бағдарлауға болады. Міне, енді ғасыр соңында халқымызға күшпен таңылған интернационализмнің большевиктік нұсқасының дағдарысқа ұшырағандығының куәсі болып отырмыз. Рас, кеңестік билік оның интернационалистік саясатын қабылдай алмаған Алаш зиялыларын түгелдей жойды. Алаш зиялыларымен күресте жаңа билік "пролетарлық" интернационализм ұранына оранып, соңынан арзан алдауға түскен халық бұқарасын, тап осы бұқарадан шыққан саяси элитаның екінші буынын ерітті. Большевиктердің бұл мазмұндағы саясаты ұзаққа созылған жоқ. Шамамен, 1933 жылдан бастап олар енді алданған және аштықтан қырылған әлсіз бұқараны былай тастап, енді өз қолдарымен жасаған революциялық өзгерістер толқынында өмірге келген келесі екінші буын саяси басқарушы топты тағы да сол "пролетарлық интернационализм" тонына оранып жоюға кірісті. Тап осы жаппай репрессиялау шараларын іске асыру кезеңінде большевиктік биліктің "пролетарлық интернационализм" саясатының ешқандай да биік интернационалдық мұраттарды көздемеген, парасатсыз, керзі етікті қызыл комиссарлардың "әлемдік революция" және "социализм" жөніндегі қарабайыр түсініктерінің қойыртпағы екендігі байқалды. Бұл теориялық қойыртпаққа, өздерін қаншама интернационалисткер етіп тырысқанымен, бәрібір көңілдерінің терең түбінде бұғып қалған олардың ұлыдержавалық, шовинистік пиғылдары да араласып кеткен еді. Қорыта айтқанда, өмірдің өзі көрсетіп бергендей, большевиктік, советтік интернационализм қазақ елінің сарыла күткен үмітіне ақ жол аша алмады, яғни ол өз қоғамдық болмысын, өмірін өзі қалағандай жолға салып түзеу, өз өміріне өзі ие болу, атамекенінің асты-үсті берекесін игілігіне жарату, басқа жұрттармен өзінің табиғи, рухани мүдделерін қанағаттандыру сияқты ең қарапайым мұраттарына жете алған жоқ. Қайта ол өз тағдырына өзі ие емес, басқа жұртқа, мәдениетке кіріптар, рухани негіздерінен қол үзген, құндылықтар жаратушыдан гөрі, өзге жасаған құндылықтарды тұтынуға бейім, көнбіс, жетекшіл дүбәра тобырға айнала бастады. Тура осындай сын сәтте өзінің өркениеттік эволюциялық даму қалпынан ажырап қалған халқының ауыр жағдайын терең ұғынудың орнына, қайта оны одан әрі тереңдете түсуді кәсіпке айналдырған "масановшылдықтың" төбе көрсетуі, әрине, кездейсоқ құбылысқа жатпайды. Бұл, салыстырмалы түрде айтсақ, дертке шалдыққан тәннің инфекциямен арпалысын еске салатын құбылыс. "Масановшылдық" белгілі дәрежеде алдымен патшалық, содан соң советтік биліктердің ұлтсыздандыру, орыстандыру, яғни жалған "шалғам" интернационализм саясатының жинақы көрінісі. Одан басқа түк те емес. Оған керегі мемлекеттік дәрежеге көтерілген, әлемдік өркениетте өз бет-бейнесі бар ұлт емес (ол оның өтіп кеткен кезеңі), түссіз-өңсіз, тілсіз, өзге өркениеттердің артына мықтап байланған, алған бағыты беймәлім қауіпті тобыр.
Бүгін бізге қандай интернационализм керек? Жалпы оған қажеттілік бар ма? Осы арада мынандай нәрсенің басы ашық. Кеңестер Одағында социалистік практикамен бірге интернационализмнің большевиктік жасанды варианты дағдарысқа ұшырады. Ал интернационализмнің жалпы адамзаттық бастапқы гуманистік мазмұны еш уақытта да дағдарысқа ұшырауы мүмкін емес. Сонымен бірге біздің заманымыз ұлтшылдықтың рухани құндылық есебінде интернационалдық идеядан көкейкестілігі кішкене де кем емес өміршең көзқарас екендігін көрсетіп берді. Кейде патшалық және советтік езгі жағдайында әбден тапталған біздің ұлттық санамыздың оянып, бас көтеруін байқаған базбіреулер оны тағы да бесігінде тұншықтыруды көздеп, түрлі айыптар тағып, оны қарабайыр, шектеулі, болашақсыз көзқарас ретінде көрсетуге тырысып бағуда. Оған балама ретінде өздері де түсінбейтін "ашық қоғам", "азаматтық қоғам" және тағы да сол сияқты концепцияларды тықпалауда. Олардың есебі бойынша, бұл концепциялар ығысып, тарих қойнауына еніп бара жатқан большевиктік "социализм", "интернационализм" сияқты көзқарастық принциптердің орнын басуға тиіс. Өз ретіңде бүгінгі отанына деген көңілі таза қазақ ұлтшылының әлгі "ашық, азаматтық қоғамда" идеясын таратушы отандық және шетелдік эмиссарларға берер жауабы қандай болмақ? Қазақ елі — өз еркіндігіне енді ғана қолы жеткен ел. Сондай-ақ, ол Қазақстанды елім деп таныған көңілі таза, ниеті дұрыс бірде-бір басқа ұлт өкілін кеудесінен итермейді, шын көңілден бауыр санайды және оның бұл ниетінің таза екендігін барлық жұрт біледі, оны халқымыз өзінің мұңлы тарихында талай рет дәлелдеген. Ал бүгін ғасырлар бойғы арманы — тәуелсіз, ешкімнің де араласуынсыз өзі қалағандай әділетті, демократиялық қоғам ісін жүзеге асырмақ ойда. Ондай қоғам құруға, иншалла, оның ақыл-ойы, парасаты, білімі мен жігері жетеді.
Одақ жөнінде
1917 жылы Ақпан революциясынан соң жалпыресейлік азаттық қозғалыста болашақ Ресейдің мемлекеттік құрылымына қатысты үш ағым байқалды. Олар унитарлық, федералдық және сепараттық (яғни дербес мемлекеттік) құрылымды жақтаушы ағымдар болатын. М.Шоқай 1931 жылы 16 қазанда Парижден поляк Дабровскийге жолдаған хатында аталған ағымдардан ресейлік мұсылман (түрік) халықтарының арасында алғашқы екеуінің даму алғандығын, яғни болашақ Ресейді автономиялық республикалар одағы сапасында көргісі келгендердің қатарында әзірбайжанның "Мусават" (Түрік федералистерінің партиясы), Түркістан, Қазақстан және Қырым федералистерінің тұрғандығын, ал Ресей унитарлық мемлекет болсын деген позицияны негізінен Еділ татарларының басым бөлігі қолдады деген ойды білдірді. М.Шоқай бұл екі ағымның өзара айырмашылығына тоқталып: "Граница между федералистами и унитаристами проходила по следующей линии: федералисты требовали организации России на началах равноправных и внутри себя самостоятельных штатов (государственная автономия): унитаристы стояли за организацию "культурно-национальных автономии"19, — дейді. Осы мезгілде ашық сепаратистік бағыт ұстанғандар поляк және фин азаттық қозғалыстары болды. Қазан революциясынан кейін Кеңес үкіметі бірден Польша мен Финляндияның мемлекеттік тәулсіздігін мойындауға мәжбүр болды. Олай етпеске жаңа биліктің шарасы да жоқ-тын. Өйткені қуатты ұлттық буржуазиясы мен ұйымдасқан кемел саяси элитасы бар бұл елдер мәдени даму жағынан да метрополиядан жоғары тұрған-ды, яғни олардың мемлекеттік дербестікке ұмтылысын күшсіз басып ұстау, әрине, мүмкін емес еді. Еділ бойы татарларының мемлекеттік автономия емес "мәдени-ұлттық автономия" сұрауының да өз объективті себептері бар-тын. Олардың ең негізгісі, әрине, еділдік татарлардың ұлттық-территориялық, экономикалық жағдайына байланысты еді. М.Шоқай ол жөнінде: "Национально-территориальное положение повольжских татар несравнимо с нашим положением. Федерализм в их положении в то время мог привести к потере татарами руководящей роли даже в области чисто национально-культурных дел. И национально-культурная автономия была выдвинута большинством татарских деятелей, как единственная реально возможная в то время форма сохранения татарского национализма хотя бы в его культурной форме..."20, - деп жазды. Сонымен, қазақ саяси элитасы, оның бастаушы тобы - Алаш зиялылары - 1917 және одан кейінгі жылдары да Ресейдің федеративтік демократиялық республика болғанын жақтады. Алаш партиясының бағдарламасында "демократия мемлекетті жұрт билеу. Федерация мағынасы - құрдас мемлекеттер бірлесуі. Федеративті республикада әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады, әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді", - деп жазылды. Бұл арада мынаны ескерген жөн. Болашақ қазақ мемлекеттігінің мазмұнына қатысты Ә.Бөкейханның да көзқарасы түрлі тарихи жағдайларға байланысты өзгеріп отырды. Мәселен, ол 1917 жылдың күзінде қазақ елінің "жері біргелік автономонияны қабылдап, Сібір" автономиялық мемлекетіне қосылғанын қалады. Ал 1918 жылы күзде Уфа қаласында ол башқұрт басшыларымен болған кеңесте "башқұрт-қазақ тұтас мемлекетін" құру жөнінде келісімге тоқтайды. Мұстафа Шоқай өз ретінде қазақ жұртының Түркістан (Қоқан) автономиясы құрамында болғанын жақтады. Қорыта айтқанда, қазақ саяси ресейлік басқа түркі-мұсылман жұрттарының зиялыларымен бірге өз халықтарын болашақ Ресей федерациясының құрамында көрді. Ал енді осы федерация туралы идеяның түп төркіні неден бастау алады? Қазақ зиялылары кейін де осы пікірде қалды ма, жоқ әлде ол өзгеріске ұшырады ма? Бұл сауалдардың бүгінгі мемлекеттігіміз жөніндегі ойға тікелей қатысы бар, сондықтан да оларға жауап іздеуге міндеттіміз. Алаш лидерлері 37-38-жылдардағы саяси репрессияға шейін өмір сүрді. Бірақ олардың Кеңес үкіметі берген қазақ мемлекеттігінің мазмұны жөнінде өз пікірлерін ашық білдіруге мүмкіндігі болған жоқ. Ә.Бөкейхан 1937 жылғы ең соңғы тергеуде "Мен кеңестік билікті сүйген емеспін, бірақ мойындаймын", - деумен ғана шектелді. Әрине, мұның өзі де аз емес-тін. Басқаларының да шамамен осы мағынадағы пікірде болғандығы күмән тудырмаса керек. Кеңестік билік, Кеңестік Одақ жөнінде еркін қорытынды жасау мүмкіндігі эмиграциядағы Мұстафа Шоқайда ғана болды, ал ол бұл мүмкіндікті толық пайдаланды. М.Шоқайдың пікірінше, 1917 жылы федералистер де, унитаристер де "ортақ, жалғыз "дертке", яғни орыс демократиясына көзсіз сену "дертіне" шалдықты21. Бір мақаласында ол: "Ересек адамдар өздерінің балалық дәуірін еске алатыны табиғи нәрсе. Бірақ ол сол дәуірге қайта ораламын деп ойламайды. Сол сияқты бізде ұлттық саяси өміріміздің балалық дәуірі болған Түркістан автономиясын тек тарихи құбылыс ретінде ғана еске аламыз", - деп жазды. Яғни ресейлік түркі-мұсылман зиялылары арасында федерализм идеясының көрініс табуы - әр нәрсеге сенгіш "балалық дәуірге" тән өтпелі құбылыс. "Автономия біздің басымыздан кешкен бір тарихи құбылыс. Бүгін біз оны еске түсірумен ғана шектелеміз. Қайталамаймыз!"22. Федералистік құрылысқа сенудің келесі, екінші себебін М.Шоқай отарлық тәуелділіктің езгісіндегі халықтардың дербес мемлекет құру ісінде өз мүмкіндіктері мен күшіне сене алмауымен байланыстырды. Большевиктердің федеративтік негізде мемлекет құру тәжірибесі нені көрсетті? Олардың барлық халықтардың тең құқығы мен дамуын қамтамасыз ете алатын социалистік ұлттар одағы жөніндегі идеясы іске асты ма? Өкінішке орай, бұл сауалға біз жағымды жауап бере алмаймыз. Кеңестер Одағында федеративтік негізде мемлекет құрылғандығын жария еткен (1922) бұл одақ алғашқы күндерінен бастап-ақ бір орталықтан қатаң түрде басқарылатын унитарлық мемлекетке айналған болатын. Жетпіс жыл өмір сүрген Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы іс жүзінде бұрынғы патшалық империяның мұрагері еді. Ол өзінің құрамына үлкен үмітпен енген ұлттардың үмітін ақтай алмады, олардың түрлі мәселелерін шешіп берудің орнына жаңадан көптеген күрделі мәселелерді өмірге алып келді. Сондықтан да 80 және 90-жылдардың аралығында біржола ыдырау жолына түскен КСРО-ның халықтарын сақтап қалуға ықылас танытпауының басты себебін, әрине, оның ұлыдержавалық, империялық мазмұнынан іздеген жөн. Сонымен, өмір Алаш зиялыларының, Мұстафа Шоқайдың Кеңестер Одағы, оның құрамындағы Қазақстанның "социалистік тағдыры" жөнінде кезінде жасаған теориялық тұжырымдарының тура екендігін көрсетіп берді. Соған қарамастан, азаттық алғанымызға он жылға таяп қалса да, жұрт арасынан арагідік "социалистік одақ" пайдасына айтылатын пікірлерді естіп қалып жүрміз. Біздің пікірімізше, оның мынандай себептері бар. Ең алдымен, азаттық алған күннен бергі жүргізілетін экономикалық, әлеуметтік және басқа реформалардың халық үшін тиімділігінің өте төмен болуы. Қазақ елінің бір емес, бірнеше ғасырлардан бері аңсаған армандарының бірі — өз билігін өз қолына алып, жалпыұлттық мүдделерге сай сауатты реформаларды іске асыру еді. Бұл мұратына ол, өкінішке орай, әлі де жете алмай келеді. Оған осы уақытқа дейін патшалық және кеңестік биліктер кінәлі болса, ал қазір оған басқарушы ұлттық саяси элита кінәлі. Осы арада мынадай бір тарихи параллельге көңіл аударуға тура келіп отыр. 1917 жылы патшалық билік сахнадан кетіп, қазақ елінің өзін өзі билеу мүмкіндігі жөнінде мәселе көтерілгенде, оның мұндай өзгеріске даяр емес екендігі айқын танылған болатын. Ел ішінде ондай басқаруды қамтамасыз ете алатын азаматтар тым аз еді, оған қосымша жұрттың басқа жұрттармен емес, өзара татулығы да жоғары дәрежеде емес-тін. Енді, міне, жетпіс жылдан астам уақыттан соң да тура сол мәселелерге қайтадан жолығып отырғандаймыз. Рас, бұл жолы ұлттық интеллектуалдық күшіміз жеткілікті сияқты. Бірақ ол мемлекеттік ұлтқа лайық емес, мемлекетшілдігі кем зиялылар болып шықты. Барлық салалардағы зиялылардың ортақ, басты міндеті империялық жүйенің шырмауынан енді ғана босанған жұртын мемлекеттік ұлт дәрежесіне көтеру, осы мақсатқа оның бар рухани әлеуетін жұмылдыру, сол арқылы өзімізге лайық тиімді мемлекеттік даму жолын іздеп табу болса керек. Өкінішке орай, ұлттық интеллектуалдық элитаның осы бағыт және деңгейдегі ізденістер жолына түсудің орнына әзірге ұсақ мүдделердің, тіптен ұлттық мүддеге жат түрлі концепциялардың шырмауына іліккені байқалады.
Орыс демократиясы жөнінде
Қазақ қоғамында орыс демократиясына дәстүрлі жағымды, жақсы көзқарас қалыптасқан. Бұл қатынасты қалыптастырған, әрине, ұлт зиялылары. Оның басында Шоқан, Ыбырай, Абайлар тұр. Олар қазақ жұртының өркениетті даму жолына түсуін тікелей орыс демократиясының қызметі және ықпалымен байланыстырды. Сонымен бірге, бұл алғашқы буын қазақ қоғамына орыс мәдениетінің енуіне жол аша отырып, бұл процестің басқа жағымсыз салдары болуы мүмкін екендігін болжай алған жоқ. Олар негізінен мәселенің жағымды жағын ғана көрді. Солай болуы, мүмкін, табиғи да шығар. Өйткені Шоқан мен Абай орыс және қазақ мәдениетінің өзара жақындасуының бастапқы кезеңінде өмір сүрді де, бұл процестің қазақ мәдениетіне тиімсіз жағын, орыс отаршыл әкімшілігінің прогресшіл орыс мәдениетін белгілі дәрежеде өз мүддесі үшін де пайдалануға тырысатындығын терең бойлап талдауға мүмкіндіктері болған жоқ. ХХ ғасырдың бас кезіндегі орыс мәдениеті — бұл даму жолында тұрған іргелі мәдениет. Дегенмен, қандай іргелі мәдениет болмасын, онымен қатынасты дұрыс жолға қоя алмаған тәуелді ұлттар жеңіліс табуы ықтимал, яғни ұлы мәдениеттің құрсағында қорытылып, сіңіп, жоқ болып кете баруы әбден мүмкін. Бұл қарапайым шындықты ғасыр басындағы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған ұлттық саяси элита жақсы түсінді. Шоқан мен Абайдан басқа дәуірде өмір сүрген Әлихан мен Ахметтің алғашқылардан өзгешелігі де олардың осы тарихи шындықты терең, дәл түсіне білуінде еді. А.Байтұрсынұлы: "Бүгінгі адамзат қоғамында өміршең мәдениет салтанат құрмақ, ал мәдениеттер теңдігін қуатты мәдениет арқылы ғана орнатуға болады, олай болмаған күнде жоғары сатыдағы мәдениеттер төмендегі деңгейдегі мәдениеттерді қанамақ"23, - дейді. Қазақ зиялыларының бұл табиғи ынтасын осы тарихи кезеңдегі орыс демократиясының В.Короленко, Г.Потанин сияқты ірі өкілдері тура түсініп, ылғи да қолдап отырды. Осы қолдауды жоғары бағалаған Әлихан Бөкейхан Ресей империясындағы азаттық қозғалыстың басына орыс демократиясын, ал қазақ зиялыларын олардың қоштауы, шәкірті орнына қойды. Бұл пікірдің астында терең шындық жатқандығы даусыз. Большевиктер партиясы өздерін орыс демократиясының мұрагері жариялады. Бұл, әрине, әділеттіліктен алыс тұжырым болатын. Кеңестік билік орыс демократиясының өзін де, оның негізгі принциптерін де пролетариат диктатурасы атаған мемлекеттің төріне шығармақ түгіл, маңайына да жолатқан жоқ. Ол бұл мінезін басқа ұлттарға да көрсетті. Өздерін орыс демократиясының шәкірті санаған Алаш зиялылары большевиктердің репрессия саясатының құрбаны болды. Мұстафа Шоқай кеңестік Россияда большевизмнің салтанат құруын орыс демократиясының әлсіздігімен байланыстырды. Ол: "Біз... ақпан төңкерісі кезеңінде орыс халқымен тең құқықта татулықта өмір сүрудің жолдарын іздеп, халқымызды "Ресей демократиялық федеративтік республикасы шеңберінде орыстармен бірге өмір сүруге" үндеп көрдік. Орыс демократиясының саяси жарамсыздығы салдарынан ақпан төңкерісі жеңіліс тапты. Ресейде орыс большевизмі үстемдік құрды..."24 - деп жазды. Бүгінгі кеңестік биліктен арылған Ресейде орыс демократиясының жағдайы қандай күйде? Оған біздің қатынасымыз қандай болмақ? Коммунистік диктатурамен күресте жаңа орыс демократиясын төңірегіне топтастыра білген Б.Ельцин президенттік таққа отырған соң Татарстанға барған сапарында "тәуелсіздікті қандай көлемде қаласаңдар, сонша алыңдар!" деп мәлімдеген болса, енді, міне, 1994 жылдан бері екі дүркін Шешенстанды қанға бояп, қырғынға ұшыратты. Бұл ретте XІX ғасырда Шәміл муриттерін жаншып-басқан орыс патшасы президент Ельциннің тағасына да жарамай қалды. Осы арада өз тарихымыздағы мынадай бір жағдай еріксіз еске оралады. Большевиктер Түркістандағы жаңа кеңестік отаршыл билікке қарсы азаттық күреске шыққан қарапайым диқандарды аты затына сай ескі баукеспе ұрыларға теңгеріп "басмашылар" атады. Тура осы жағдай бүгінгі Шешенстанда да байқалды. Өз елі мен жерінің азаттығы үшін қолына қару алып, ешқандай да салыстыруға келмейтін қуатты әскерге қарсы шыққан Имам Шәмілдің бүгінгі ұрпақтарын түгелдей "бандиттер" жариялап (шын бандиттер болса, басқа), жазалау үстінде. Бұл факті өздерін демократиялық лагерьге жатқызған Ельцин мен оның командасының большевиктерден мұраға ауысқан әдеттерінен біржола арыла қоймағандығын көрсетсе керек. Алғашқы шешен соғысы (1994) басталғанда, ақпарат құралдары Ресей әскері шабуылға алған Грозный қаласында орыс демократы С.Ковалевтің бейбіт тұрғындарды қорғап, орталық биліктен күш қолдануды тоқтатуды талап ете сөйлегенін хабарлаған еді. С.Ковалев сол тұста, егер ұмытпасам, президенттің адам құқы мәселесі бойынша кеңесшілерінің бірі болатын. Міне, осы фактіге байланысты көптеген кісілердің көңілінде нағыз орыс демократиясының бейнесі қайтадан қылаң берген еді... Өкінішке орай, бүгінгі Ресейден ковалевтардың дауысы әрең естіледі. Біз, әрине, олардың үнінің зор, ықпалды, еркін естілгенін қалар едік...
1 Түсіндірме сөздік. Алматы, 1979. 7-т. 405-б. 2 Қозыбаев М.К. Казахстан на рубеже веков: размышления и поиски. Кн.1. Алматы, 2000. С. 238-239.
3 Заключение Комиссии Президиума Верховного Совета. С.31.
4 Спанова Р. Біз білетін желтоқсан. Алматы: Жалын, 2000.
5 Сонда, 170-200 бб.
6 Қазыбаев М. Аталған еңбек. 250-б.
7 Спанова Р. Аталған еңбек. 29-30, 129-169 т.б.
8 Кунаев Д.А. О моем времени. Алматы, 1992.
9 Спанова Р. Аталған еңбек. 23-б.
10 Шоқай М. Таңдамалы. І т. Алматы, 1998. 111-б.
11 Егемен Қазақстан. 1992. 4 тамыз.
12 Сонда. 1998. 11 қыркүйек
13 Хобсбаум Эрик. Век империи.1875-1914. Ростов-на-Дону, 1999. С.233-234.
14 Меньщиков М. Хозяева Туркестана // Новое время. 1908. 22 ноября (5 декабря). 15 Ахмет. Ғалам қайраткерлерінің жайынан // Егемен Қазақстан. 2000. 5 ақпан.
16 Дж. Неру. Открытие Индии. Кн.І. Москва, 1989. С.76.
17 Шоқай М. Таңдамалы. І т. 133-б.
18 Сонда. 154-б.
19 Из истории российской эмиграции. Письма А.З.Валидова и М. Чокаева (1924-1932). М., 1999. С.122.
20 Сонда.
21 Сонда.
22 Шоқай М. Таңдамалы. І т. 133-б.
23 ҚазМҰ Хабаршысы. Информациялы серия. 3, 10-бб.
24 Шоқай М. Таңдамалы. І т. 166-б.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру