Қоңыр дәптер
Марал Зейнел Ғабиқызы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қоңыр дәптер. Марал Зейнел Ғабиқызы
Жан шуағы – жүрек жылуы
Тәуелсіздік баянды болсын!
Тәуелсіздік жасай берсін, жасасын.
Қуанышым көңіл шалқып тасатын.
Қазағымның маңдайына бақ қонып,
Келді кезек жырдан шашу шашатын.
Орындалды асыл арман, ақ тілек.
Төбемізде көк байрақ тұр желбіреп.
Ақ аспаннан нұры жауып Алланың,
Жарылардай қуаныштан бұл жүрек.
Аңсап күткен Тәуелсіздік таңы атты,
Нұр-сәулесі санамызды оятты.
Болашағы жарқын болып елімнің,
Жер жүзіне жая берсін қанатты.
Жетіп жатыр түбегейлі мақсаттар.
Халқымыздың абыройы асқақтар.
Туған тілдің мәртебесін көтеріп,
Арайланып атар талай ақ таңдар.
«Қазақ» деген «азат» деген сөз екен,
Қазақ жері жерұйықтай бір мекен.
Ата-бабам азаттықтың жолында,
Намыс туын құлатпаған, бермеген.
Жорықтарда бес қаруын асынған,
Қаһарынан жау жасағы шошынған.
Ақылымен, айласымен ел қорғап,
Болдырмаған басқаларды басынған.
Тәуелсіздік болсын мәңгі, баянды.
Өткердік қой жақсыны да жаманды.
Ашық аспан, ақ жол тілеп еліме,
Жыр жазамын тербеп жүйрік қаламды.
Желтоқсан 2008 жыл
Тәуелсіздік мейрамы құтты болсын!
Құтты болсын Тәуелсіздік мейрамы!
Желбіресін қазағымның байрағы.
Қазақ елі күннен-күнге көркейіп,
Гүлдей берсін ауылы мен аймағы.
Тәуелсіздік! Егемендік! Азаттық!
Жер жүзіне жедел хабар тараттық.
Қуанбаған ел қалмады біз үшін.
Өзгелерді таң қалдырып қараттық.
Тәуелсіздік –арманы бар халықтың.
Жеткізбейтін жұлдызындай ғарыштың.
Мәртебесін ұлтымыздың асырып,
Қазақ Елін бар әлемге таныттың.
Сан ғасырлар тілін, дінін жоғалтпай,
Байтақ жерін басқаларға таптатпай.
Ата-бабам сақтай білді біз үшін,
Шекарадан хас жауларын аттатпай.
Нұрлы далам, сырлы далам жаңарды.
Бүршік атқан жауқазындай жасарды.
Бұлбұл құсым жүрегімді тербетіп,
Көңіл –күйім шат-шадыман тасады.
Қазақ болып туғаныма қуанып,
Тағдырыма тәубе айтып жұбанып.
Шабытымды шақырамын мен бүгін,
Жаратқан күш бізді қолдап тұр анық.
Тәуелсіздік болсын бізге баянды!
Қызыр ата араласын даламды.
Құт-береке орнай берсін Еліме,
Күн шуағын төге берсін жеріме!
Өз елімді қалармын
Шолғыншыдай шолып шықсам жер бетін,
Араласам төрткүл дүние төрт шетін,
Елден ерек мегаполис қалалар,
Ұмыттырмас ауылымның келбетін.
Мүмкін айтар, кімге керек ауылың,
Көзі қысық сенің қара бауырың?
Жан-жүрегім соларға тек езілер,
Болғаннан соң кіндігім бір, тамырым.
Елден жырақ ұзап шыққым келмейді,
Көңіліме кірсін менің «жел» мейлі.
Таңғажайып бөгде елдің мекені,
Болмас маған өз даламдай мерейлі.
Саяхаттап кетсем егер ел кезіп,
Дәм татармын, отырармын бел шешіп.
Болмас бірақ дәм-тұзымдай өзімнің,
Қонағыммен бірге жеген кештетіп.
Басқа жұрттың жақсы сөзін естісем,
Бар жаныммен ән-күйіне елтісем,
Қазағымды толғандырып, толқытқан,
«Қарағымға» қалай ғана жеткізем?!
Аңсамаймын аралдарын Канардың,
Дәмі тартса мен де бірде барармын.
Таңда десе таңғажайып мекен-жай,
Бақ-тұрағым өз Елімді қалармын.
Қызылжар туралы
«Қызылжар» деп атыңды қойған бабам,
Тарихы бай, сәулетті көркем қалам.
Төрінде Абылайдың Ақордасы,
Үш жүздің басын қосып ұрандаған.
Көшеңнен «Жібек жолы» басып өткен.
Шаңдатып талай-талай керуен көшкен.
Қасиетті топырағында Қызылжардың
Дарынды өнерпаздар жайған өркен.
Қаламыз ерке Есіл жағасында,
Сылдырап аққан баяу жар астында.
Айнала майысқан тал қарағаймен,
Көз тартқан ақ қайыңдар арасында.
Қызылжар елдігімнің белгісіндей,
Жоғалмас қазағымның үлгісіндей.
Тасқа басып жазғандай атауыңды,
Жүрегіне бар қазақ бір кісідей.
Қызылжар-аманаты бабалардың.
Кім білмейді осындай бір қала барын?
Жайнасын, жарқырасын күннен-күнге,
Шет жүрсе асығады балаларың...
Арман жоқ өз атыңды иемденсең.
Елімнің картасынан орын тепсең.
Әр қазақ шаңырағы шаттанады.
Көтерілер менің де түскен еңсем.
Көз тастар әрбір адам өткеніне,
Болашаққа, асығып күткеніне.
Сенемін ғасырларға куә болып,
Қызылжар «Қызылжар» боп өтпегіне.
Қызылжарым
«Қызылжар» деп атамады қызылдар да.
Атамайды мекеме, ұйымдар да.
Әулиелер қолдамай қоя ма деп,
Атамайды кішілер, ұлылар да.
«Қызылжар» деп атаған аталарым.
Беріп еді ұрпаққа баталарын.
Аманатқа қиянат болары шын,
Бақида тынши алмай бабаларым..
Қызылжардың тарихи тастары бар.
Тастарында жазылған аттары бар.
Қаланың жүріп өтсең көшесінен,
Көрінбес көздеріңе хаттары бар.
Жүрегім қан жылайды, жаным күйіп.
Жиырма жыл Егемендік алып тұрып.
Тәңірдің ісіне мен таң қаламын,
Осындай кереғарлық көріп тұрып.
Кеудемде жүрегім бар «елім» деген.
Елі үшін талай адам жанын берген.
Мен де сол аталардың ұрпағымын,
Ел қорғап жау шапқанда көз ілмеген.
Жау іздеп көзімді мен алартпаймын.
Жанымды түйткіл сөзге ауыртпаймын.
Ел аман, жұрт тиыш боп жүре берсе,
Мадақтап асыл сөзді сабақтаймын.
Бар халық ел мүддесін ойласа тек,
Түйнегі шешілмеген шешілер ме ед?
Қызылжар өз атына ие болып,
Алланың нұры жауып шаттанар ма ек?
О, жұртым, аман болғын әруақытта!
Көңілдің көкжиегін мұнарлатпа.
Жарқын күн, жарық аспан аясында,
Жетерміз біз де бір күн сол уақытқа!
06.07.2011
Тілегім менің
Баршаңызға тілейтінім жақсылық,
Жақсылықтар бұл өмірде баршылық
Ең алдымен аман болып отбасы,
Алла берсін деніңізге саушылық.
Үміт-арман жетелесін бізді алға,
Жетелесін биік-биік шыңдарға.
Еңбек етіп, талмай, шаршап, қажымай,
Абыроймен аттаңыздар жылдарға.
Өмір-өзен аға берсін тоқтамай,
Жүріңіздер өкпе-назды сақтамай.
Бір-біріңді құрмет тұтып, шын сыйлап,
Адалдықтың аппақ жібін аттамай.
Тілеймін мен ұзақ ғұмыр баршаңа,
Қиындықтар кездессе де қаншама.
Бастарыңа қонсын келіп бақ құсы,
Жақсылықты күтуден еш шаршама.
Өмір сүру оңай емес, әрине,
Қиындықтың төзу керек бәріне.
Күш-қайратты жиып, кысып уысқа,
Жету парыз жақсылықтың төріне.
Жер бетінде аз ба, көп пе жүрсек те,
Разы болып шаттанып шын күлсек те,
Ізгіліктің қалсын ізі өшпейтін,
Одан артық ештеңе жоқ білгенге.
Жер жаҺанда жалғассын тек тіршілік.
Аспанымда тұрсын алтын Күн күліп.
Өсе берсін, өркендесін Еліміз,
Жүректерде тұрсын әр кез сыр тұнып.
24.07.2009
Қазақ тілі-елімнің ертеңі, тірегі, жүрегі.
Қазақ халқы тілден майын тамызған.
Баға жетпес шешендігі дамыған.
Құдіретін көркемсөздің ұғынып,
Көркемсөзге құдайындай табынған.
Қазақ тілі түркі елінің мәйегі.
Сөзімнің бар дерегі мен дәйегі.
Талай ғасыр тазалығы сақталып,
Бола білген еліміздің тірегі.
Ақ патшаның үш жүз жылғы боданы.
Жетпіс жылғы кеңестердің отаны.
Мәңгүрттікке сара жолды көрсетіп,
Ұмыттырып жібергендей атаны.
Ата-бабам тілмен шешкен дауларын.
Тілмен жеңген кей уақытта жауларын.
Тас жармаса, бас жаратын сөзімен,
Жүрген жоқ па аласартпай тауларын.
Асқақтаған әнімен де сәнімен,
Болашағын ойлап әркез әріден,
Намыс туын желбіретіп, құлатпай,
Қазақ халқы келеді алда бәрінен.
Көкіректе жүрегіміз лүпілдеп,
Жанып тұрса «тілім, дінім, халқым» деп,
Болашағым жарқын болмай қайтеді,
Елім тыныш, күнім тұрса күлімдеп.
Әр отауда жарық көрген нәресте,
«Ана тілім-қазақ тілі» демесе,
Өзгелермен, өзге елмен, әлбетте,
Тұра алмаспыз тереземіз теңесе.
Қазақ тілін ғасырларға жалғасақ,
Әр сөзінің мағынасын талдасақ,
Ұрпақтардың санасына сіңіріп,
Оқытуға, үйретуге талмасақ.
Қазақ тілі-Қазақстан тірегі.
Қазақ тілі-қазақтардың жүрегі.
Қазақтарды Қазақстан халқының,
Барша халық ұйтқысы деп біледі.
Артық емес басқа тілді білуге,
Дүние танып, ел қыдырып жүруге.
Қанмен сіңіп, сүтпен бойға даритын,
Ана тілісіз болмайды өмір сүруге.
Туған жерге сағыныш
Қандай ыстық жанға жақын туған ел.
Көк шалғынды жасыл жайлау алтын бел.
Жұпар жұтып төскейінде аунасам,
Сергітеді, сейілтеді салқын жел.
Көз алдымда айдын шалқар көлдерің.
Аңсап суын бұлақтардың шөлдедім.
Қиыр Шығыс, Қап тауын да аралап,
Сенен артық, сенен асыл көрмедім.
Қайда жүрсем сағынамын өзіңді,
Аялаймын суытпай сол сезімді.
Аңсаймын мен артта қалған алаңсыз,
Келте бұрым, кекілді бір кезімді.
Іздеймін мен асыл әкем іздерін,
Ғұмырының жарқын жазын, күздерін.
Ізгі істері сайрап жатса жолында,
Қалай маған іздерімен жүрмегін?
Ата – бабам арманына жеткен жер.
Кірін жуып, кіндік қаны кепкен жер.
Талай ғашық махаббатқа мас болып,
Алаулатып бақыт отын өткен жер.
Туған жерім, мен өзіңнің бір балаң.
Көз алдымда гүл жазира кең далам.
Еркімнен тыс көздеріме жас алып,
Сағынамын, сарғаямын, қиналам.
Ыстық маған ауылымның баласы,
Ақсақалды көнекөз қарт данасы.
Ошағының оты өшпесін ешқашан,
Гүлдей берсін дархан, дара даласы!
Ата заңым ардақтым
Қазақстан-оттан ыстық Отаным!
Бауырыңда ойнақтаған ботаңмын
Елім десем, ет-жүрегім елжіреп,
Өз тілімнің бал-шырынын татамын.
Ата заңның аясында еркінмін.
Сәні кірді бөркімнің де, көркімнің.
Ұлттық сана, өнер, білім өркендеп,
Қайда барса жолы ашық әркімнің.
Қуанамын әр бір атқан таңыма,
Жыр құйылып, ән орнайды жаныма.
Сүйсінемін жер жаннаты жеріме,
Қайсар мінез, қажымайтын халқыма.
Төбесінде кең даламның көлбеген
Желбіресін көк байрағы желменен.
Алтын заңы-ата заңы әрқашан
Бақ сынасын терезесі теңменен.
Азат елдің алтын заңын құрметтеп,
Өту бізге өмір бойы болсын серт.
Жаратқанның шапағаты мол болып,
Жүректерге нұр-сәулесі толсын тек.
Ата заңым Елдігімнің белгісі,
Қазағымның қасиетті болмысы.
Ата заңым ақыл-ойдың жемісі,
Таба алмайсың кем-кетігін, олқысын.
Күн астында, жер бетінде еркінмін,
Еркін елде арманы жоқ ешкімнің.
Атқан таңға қуанамын шаттанып,
Ерке қызы сезінемін халқымның.
Жан аямай еңбек етіп келемін.
Туған жерде желдей есіп, желемін.
Бақыттымын, алаңсызбын сәбидей,
Ертеңіме күмәнім жоқ сенемін.
Сөз бастаймын жасқанбаймын, сайраймын,
Қорқып-үркіп көңіліме алмаймын.
«Тура биде» туыс жоқ қой қашанда,
Сөз келгенде іркіліп мен қалмаймын.
Соның бәрі-Ата заңның аясы,
Бар халыққа қамқорлығы саясы.
Өсе берсін мәртебесі елімнің,
Өсе берсін қазағымның баласы!
Қызыр келіп, бақыт қонсын басына,
Ғұмыр берсін кәрісіне, жасына.
Ата заңның әр бір сөзін ардақтап,
Сай болайық Қазақ елі атына!
Наурыз жыры
Наурыз айы жетті бізге сағынтып,
Қысқы аязды еш қиынсыз бағынтып.
Күледі күн сәуле шашып аямай,
Тіршілікті бір өзіне табынтып.
Күн шуағы қуат берген әлемге,
Шабыт шалқып, арқау болған өлеңге.
Қимасы ғой жарық дүние адамның,
Бермес ешкім жұмақтағы жүз күнге.
Наурыз айы-көктемнің ол жаршысы.
Тойлайды оны жер шарының жартысы.
Бейбіт өмір орнап бүкіл әлемге,
Болмасын деп ел мен елдің тартысы.
Жер бетінде Азаттықты аңсаған,
Аңсағаннан қан төгіліп, жас тамған.
Жаңа Жылда еркіндікке қол жетіп,
Талай елге теңдік берсін Жасаған.
Дүниеде аш-жалаңаш болмасын.
Барша адамзат бірін-бірі қолдасын.
Қазағым ба, әлде неміс, орыс па,
Бір-біріне аппақ тілек жолдасын.
Көрік берсін көктем біздің көңілге,
Бәйшешектен шашу шашып өңірге.
Қараторғай, қарлығашым оралып,
Аққу-қаздар қонсын келіп көліме.
Ақ жол болсын, ақ мол болсын ылайым.
Жақсылыққа бастай берсін құдайым.
Шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонсын.
Өмір қысқа жоғалтпайық шырайын!
Елім менің
Қазақ елі – туған елім – сен анам,
Сені жырлап, толғанады бір балаң,
Қайда жүрсем жүрегімнің төрінде,
Көлбеп жатқан көгілдір тау, кең далам.
Шалқар көлім, орман, тоғай, өзендер,
Бүлдіргенді жасыл жайлау, белеңдер,
Төрт түлігі төскейінде жайылып,
Қозы-лағы көрік берген көгендер.
Жазғытұрғы қара мақпал түні де,
Шілдедегі аптап ыстық күні де,
Жүрегіме жақын, маған саңқылдап,
Көлде жүзген аққу-қаздың үні де.
Жырақ жүрсем асығамын жетуге,
Ән мен күйін, әсем жырын естуге,
Қазағымның қасиетін дәріптеп,
Серт еткенмін өмір бойы өтуге.
Құдірет күш момын етіп жаратқан.
Дүниеге жақсы көзбен қаратқан,
Қайырымды, мейрімді қазағым,
Жауға ғана берен мылтық дөп атқан.
Кең даламдай шексіз халық көңілі,
Өзгелерге үлгі болған өмірі.
Қамқор болып жетім-жесір, босқынға
Бар халыққа мекен болған өңірі.
Қазақ елі-өскен жерім-сен анам,
Бір өзіңе арнап талай жыр жазам.
Бейбіт өмір, еселі еңбек тілеймін.
Тарылмасын гүлжазира кең далам!
Наурыз тойына
Наурыз келіп қалды даламызға,
Көктемнің исін алып қаламызға.
Шығарып сап қытымыр қысқы аязды,
Қуанбаған жан бар ма арамызда?
Алты ай қыста аңсаған нұрлы көктем,
Жан-жануар сағынып, аңсап жеткен.
Күн көзі күлім қағып көк аспанда,
Құдіреттің күшімен тас жібіткен.
Көктем келді, алақай, көктем келді.
Өзіменен әкелді өктем желді.
«Құралайдың» желі деп қуанатын,
Еске аламын әрине үлкендерді.
Сүйкімді көктем бізге желімен де.
Су тасып, сазға батқан кезімен де.
Бір қатып, бірде еріп, мың құбылып,
Сезбейсің жаз шыққанын кейде мүлде.
Құтты болсын, Наурыз келе берсін!
Қолымыз жақсылыққа жете берсін!
Құт-береке әкелсін, ақ мол болып,
Халқымыз ғасырларға ере берсін!
Наурызға
Далам менің, өскен жерім, Сарыарқам!
Сары белден арайланып таңы атқан.
Сарыарқадан түлеп ұшып ұл мен қыз,
Орындалған аппақ тілек, ақ арман.
Сарыарқама келді тағы Наурыз.
Ұлыс тойы аңсап күткен бәріміз.
Жер бетінде жан-жануар масайрап,
Жүрек тулап, жадырайды жанымыз.
Күн мен түннің терезесі теңеліп,
Қыдыр баба үйімізге келді еніп,
Наурыздың алтын күні ерітіп,
Жылғалар мен өзендерге берді ерік.
Жүректерді тербеп сезім махаббат.
Әсер алып гүл-көктемнен мың қабат,
Мейірімді, қайырымды қазағым,
Тартады алға бүгінгі күн ас-табақ.
Ас пен бірге жүрегін де жайып сап,
Әсем әні аспанға өрлеп қалықтап,
Сарыарқаның сары жәйлауын күй кернеп,
Қыран құстар аспанында шарықтап.
Қазағымның даласында той-думан,
Бәйге шауып, көкпар тартып, қыз қуған,
Бір өкпе-наз болса егер көңілде,
Кешіріңдер барша қауым, бар туған.
Ақ мол болсын, ас мол болсын әр үйде!
Ақ жол болсын қиындықсыз әр кімге!
Құт-береке отбасына тілерім,
Жетіңіздер жақсылығы мол күнге!
Наурыз айы
Наурыз айы әкеледі жылылық.
Байтақ елім сезінеді ұлылық.
Бәйшешектер бас көтерер ырғалып,
Тоң астында қалған қыста тығылып.
Күн күлімдеп, сәуле шашып арайлы,
Тас төбеңнен көз ұялта қарайды.
Жан-жануар, бүткіл тылсым табиғат,
Наурыз келсе ғашық етер талайды….
Тілейді ел Қызыр қонсын жеріме
Жер көгеріп, егін өссін өріме.
Ақ дастархан қуанышқа жайылып,
Қора толсын төрт түліктің төліне
Құт-береке шаңыраққа орнасын.
Аруағы ата-баба қолдасын.
Әр бір ана нәрестесін тербетіп,
Бесік жырын ұрпағына арнасын.
Наурыз айы құтты болсын, халайық!
Зор сеніммен келер күнге қарайық.
Ел бақыты – ұлы мақсат біз үшін
Жаратқаннан тыныштығын қалайық.
2009 жыл
Отаным десем...
Отаным десем, жүрегім менің езілер,
Отаным десем, жанардан жасым төгілер.
Отаным десем, қуаныш кернеп кеудемді,
Жүрегім соғып, көңілде лаулар сезімдер.
Отаным десем, көлбейді жасыл белестер.
Өреміз біздің өзгемен ертең теңесер,
Отаным десем, мақтанып, тасып, тебіренем,
Тек сонда менің айдарымнан жел есер!
Отаным десем, егіліп жаным елеңдер.
Шабытым шалқып, оралар ойға өлеңдер,
Отаным десем, қиялым ұшып қияға,
Бақытты елдің ертеңі әркез елестер...
Ауылым
Туған жерім, өскен елім, кең далам,
Ыстық маған орман, тоғай, сай-салаң,
Жас отауда туып еді шырылдап,
Елу бірдің шілдесінде бір балаң.
Жерұйықтай көрінетін ауылым,
Еркелеткен бала кезден қауымым,
Балапандай жылы ұяңнан ұшырып,
Арманыма қанат берген ауылым.
Оң мен солы – Ортақкөл мен Жалтырша
Жарқырайды баяғы сол қалпынша.
Қаз қаңқылдап, сұңқылдаса аққулар,
Үйректері үн қосады артынша.
Ауыл кеші – тіршіліктің тынысы,
Адамдардың тоғысатын мың ісі,
Жан-жануар шуылдасып табысып,
Толастамас көпке дейін дыбысы.
Туған жерім – жер жаннаты мен үшін
Қызыр қонып, араласын ел ішін.
Ардақтаймын әр отаудың иесін,
Сағынамын жерошақтың иісін.
Көктем келді
Алты ай күткен көктем келді далама.
Уақыт келсе табиғат тыс қала ма?
Күлім қағып Күн-перизат төбеден,
Сылаңдайды нұрын шашып тарана.
Қыс қыспағы өтті, міне, тағы да.
Көктеммен біз қауыштық шын зарыға.
Бұл көктемді көрген де бар, көрмеген,
Өткендерді еске аламын сағына...
Өмір деген мұнша қысқа болар ма?
Өлмейтіндей күй кешеміз әмәнда.
Көктемі мен жазы кетіп келмеске,
Ғұмырымның күзі келіп қалған ба?
Көктем келсе оралғандай жастығым,
Балауса кез, ұмытылмас шаттығым.
Махаббатым-жүрегімнің қуаты,
Ақша қардай аппақ жаным, пәктігім.
Көктем келсе қуанамыз бәріміз.
Жүрек қағып, жадырайды жанымыз.
Құдыретті Күн көзінен қуат ап,
Жүгіреді тамырларда қанымыз.
Төрт түлік мал қырға шығып жайылып,
Төлдері де ойнақтайды тойынып.
Айдын көлдер жарқырайды айнадай,
Қысқы тоңнан, мұздақтардан арылып.
Оянғандай қалғып тұрған қара орман.
Қалқан болған қара дауыл бораннан.
Бұтақтары бүршік жарып бусанып,
Қабықтары жасылданып жасарған.
Жаратушы, Жаңартушы құдірет,
Барша жанды жақсылыққа жақын ет!
Көңілдерге көктем орнап көрікті,
Жарқын жүзді, қасиетті, бақытты ет!
Жаз келді
Жадыраған жаз келіп,
Жайқалды жасыл жапырақ.
Күн қыздырып даланы,
Гүлге оранды атырап.
Аппақ бұлттар аспанда,
Үлпілдейді мақтадай.
Шырылдайды дамылсыз,
Дәл төбемде бозторғай.
Ақ көбелек жанымда,
Айналады желпілдеп.
Көз тартады кең дала,
Бидайы өскен желкілдеп.
Ақ қайыңдар қозғалмай,
Ұйықтап кеткен секілді.
Самал желге сап-салқын,
Тосамын мен бетімді.
Айдын көл де жарқылдап,
Күн көзімен ойнайды.
Аққу-қазы саңқылдап,
Шомылуын қоймайды.
Қырда жүрген қозы-лақ,
Сүп-сүйкімді баладай.
Секіреді ойнақтап,
Шаршағанға қарамай.
Тірі жанның бәріне,
Жазға жету бір арман.
Жазға жетіп қуансаң,
Алда тұрар тағы арман.
Күз көрністері
Тұнжырап аспан түнеріп,
Жауады жаңбыр сіркіреп.
Найзағайы жарқылдап,
Өтпейді жылдам күркіреп.
Үйеңкілер сәнденіп,
Алтын сырға тағынды.
Орман-тоғай әпсәтте,
Желегінен айрылды.
Ақ көбікті айдын көл,
Аққу-қазсыз қалыпты.
Жауын алған жанардың,,
Әсем гүлдер солыпты.
Алтын күздің сыйлығы-
Толықсыған ақ бидай.
Алла берген несібе,
Халқымызға ақ маңдай.
Күннің көзі шықса да,
Бұрынғыдай жылытпас.
Күздің қара суығын,
Ұнатпайды кәрі-жас.
Жаздағы жылы күндерді,
Сағынып аңсап жүреміз.
Ауа райы өзгерсе,
Болжауға құлақ түреміз.
Қамбаларға дән толып,
Ел байлығы оңалар.
Жаздың жылы күндері
Бізге қайта оралар…
Имандылық
Жаным менің жалғандыққа төзбейді.
Жалған сөзді естігісі келмейді.
Алдап-арбап айлалықпен ақша алған,
Жәдігөйге, көріпкелге сенбейді.
Жаратқанның барына мен сенемін.
Не салса да басыма тек төземін.
Көріпкелдің айтқанына сенгеннің,
Есін алып, құрт жеп жүр ғой өзегін.
Өсек теріп, өзеуремей жүргенге,
Ақ ниетпен адал өмір сүргенге,
Қызғанышсыз бақытына өзгенің,
Не жетеді шын қуанып күлгенге.
Бал аштырып алды болжап блдмайды.
Жазмышынан ешбір адам озбайды.
Жақсылыққа жақын болсаң, әлбетте,
Атың озып, тоның сенің тозбайды.
Сандырағын көріпкелдің тыңдаған,
Елден озып, жолы болып оңбаған.
Аллаға сен, жүрегіңмен ақылдас,
Тура жолын табады тек сонда адам!
Қоңыр дәптер
Қоңыр дәптер, қоңыр менің сырласым.
Сезіміме куә болған мұңдасым.
Бірде жылап, бірде шексіз қуанам,
Мен анамнан адам болып туған соң...
Қоңыр дәптер, қоңыр менің сырласым.
Жақсылықты жаным менің жырласын.
Беттеріңде қалып қойсын жыр-ғұмыр.
Аппақ сезім ақтарылмай қалмасын.
Өмір жәйлі ой толқытсам несі айып.
Бір қайғырып, қуанышқа масайып.
Ақындардың ауызына сөз салған,
Жаратқан күш ғаламат қой, ғажайып.
Қоңыр дәптер, қоңыр менің сырласым.
Келешекте ой-пікірлер тыңдарсың...
Білемін ғой талғам-таным өзгеріп,
Жалған дүние бір қалыпта тұрмасын...
Қоңыр дәптер, беттеріңе із тастап,
Өткеніме ой жүгіртіп көз тастап.
Аманатым замандас пен ұрпаққа,
Тек өзіңсің қалтыратын мен хаттап.
Өлеңдерім – жүрегімнің лүпілі
Өлеңдерім – жүрегімнің лүпілі.
Мың құбылған тамырымның бүлкілі.
Өлеңдерім -өр мінезді өзімдей,
Жаратпайды жеңіл мінез, күлкіні.
Өлең жазам, ет жүрегім елжіреп,
Шындық туы жыр жолында желбіреп,
Шабыттансам, шаршамасам, тынбасам,
Тоқтағанша, үзілгенше соңғы леп.
Ана бақыты
Аналардың шын бақыты балалардың көзінде,
Балдай тәтті былдырлаған бөбегінің сөзінде.
Көрінеді-ау жас баладай көңіліне ананың,
Шаңыраққа ие болып, әке атанған кезінде.
Анасы үшін өз баласы дүниенің байлығы.
Аспандағы жұлдызы мен жарқыраған ай-күні.
Айналады, толғанады, Жасағаннан тілейді,
«Сөнбесінші жарығы»деп, «лайланбасын айдыны».
Көбейтеді ұрпақтары аналардың бақытын.
Ұзартады ғұмыр-жасын, қызықтарын, уақытын.
Шөберелер, шөпшектермен қаумаласа жан-жақтан,
Әжелердің қайрағандай қайраты мен қуатын.
Қуанғанда әжелердің әжімдері жазылар,
Жүрегінен неше түрлі жылы сөздер табылар.
Көлдария көңлінен ақтарылар ақ тілек,
Періштелер іліп алып, Жасаған күш қабылдар.
Аналарға қажет емес алтын, гаухар, асыл тас,
Көңіліңді жайып салып, әңгімелес, ақылдас.
Тіршілікте аналардың ауыртпайық жүрегін,
Өкінбейік айрылғанда жуып бетті ыстық жас…
Анам отыр ақ босаға күзетіп,
Отын жағып, түтінін тік түтетіп.
Сеңгіріне сексен жастың шықса да,
Жасымайды, қажымайды күш кетіп.
Анам менің асылдардың сынығы.
Аталары ел билеуге жараған.
Ағалары елі үшін, қан кешіп,
Ерте кеткен шәиіт болып арадан.
Өзі де сол отқа оранған жылдарда,
Өгіз айдап, соқа тартып қырларға,
Жеңіс күнін жақындатып бір қадам,
Сіңірді еңбек өмір жырын жырларға.
Жасағаннан жақсылықты мол тілеп,
Бала-шаға арнап отыр көп тілек.
Тулап, толқып, лүпілдейді соғады,
Айналғандай бір жүрекке он жүрек.
Бұл дүниеде армансыз жан болмаған.
Анамызды Алла әруақыт қолдаған.
Орындалсын барша арманы анамның,
Болмасын күн көңілі оның толмаған.
Аққу жүзген шалқар көлдей көңілі.
Үлгі-өнеге ұрпақтарға өмірі.
Бүгінгі күн туған күнін тойлауда,
Туған жері –Ортақкөлдің өңірі.
Жүзге келсін аман болсын анамыз,
Ақылшымыз, жолбасшымыз, данамыз.
Бақытт ы өмір, зор денсаулық тілейді,
Шын жүректен өсіп-өнген балаңыз.
Анама
Асыл анам, алтын анам, ардақтым.
Ең әдемі, ең маңызды, салмақтым.
Борышымды тырыссам да ақтауға,
Өмір бойы қарыздар боп қалмақпын.
Асыл анам,сана бердің ойлайтын,
Өмірдегі жақсылықты қолдайтын.
Сүйетін сен жүрек бердің үзіліп,
Махаббаттың гүлін бердің солмайтын.
Көңіліме көрік бердің көктемдей,
Жауқазыны жаудыраған бөктердей.
Көзімді ашып алғаш саған қарағам,
Сенен алғам жан шуағын, жан анам!
Біз ауырсақ,ол да от боп жанатын.
Күні түні жанымызда болатын.
Аппақ оның ақша қардай көңілі,
Елестетер аққулардың қанатын.
Қазақ тілін-ана тілін үйреткен,
Шығарып тек айтқан сөзін жүректен.
Құдіретті Сөз өнерін құрметтеп,
Анам менің көңіліме гүл еккен.
Асыл анам, алтын анам, ардақтым,
Білемін ғой түскенін көп салмақтың.
Он баланы азамат қып өсірдің,
Қызығын көр елу шақты ұрпақтың!
Асылханым
Асылханым, ботақаным, бөбегім.
Ақ бетіңнен еміреніп өбемін.
Ақ жүрегін, ақ тілегін жайып сап,
Арнап отыр әжең саған өлеңін.
Асылханым, қошақаным, алтыным.
Жаратқан күш бере салған, жарқыным.
Ақылдысың тырнақтай сен болсаң да,
Сау-салемат өсе бергін, Ай-Күнім.
Ер-азамат Елі үшін туады,
Тыныштыққа қорған болып тұрады.
Өткел бермес асау өзен ел-жұртың,
Ал сен оның сылдыраған бұлағы.
Асылханым, балапаным, бал-бөбек.
Азамат бол, мұқтаж жанға бер көмек.
Қайырымды, мейірімді болғайсың,
Ел-жұртыңның жанашыры, шын керек.
Асылханым, көгілдірі аққудың.
Астында сен өсе бергін көк тудың.
Парасатты, дарқан, дара, дарынды ,
Жаны жайсаң ұлы болғын халқыңның.
Асылханым, кіп-кішкентай немерем.
Күнде өзіңмен қуанышқа кенелем.
Айналамын, толғанамын, сөз таппай.
Аймалаймын, еркетайым, ертемен.
Атасы мен әжесінің көз нұры,
Кекіліңде ойнай берсін күн нұры.
Әкеден тек жалғыз болма, құлыным,
Алла берсін еріп жүрер бір іні.
Асылханым, аппақ менің алтыным.
Көргендеймін күннің нұрын жарқылын.
Сенсің менің қайталанбас көктемім,
Баға жетпес айдай әсем, жарқыным.
Асылханым, балдай тәтті баласың,
Еркелейсің жаулап жанды аласың.
Қисық болсаң кешіремін әпсәтте,
Әжеңнің сен көңілін тез табасың.
Асылханым, ақ қанатты көбелек.
Баталы бол, батамен ұл көгеред.
Көпшіл болып өссін деген ниетпен,
Әжең сені қыдыртады жетелеп.
Үлкендерге сәлем бер сен жасқанба,
Абыроймен асқақтап өс, аспанда.
Мақсат – мүддең биік болсын қашан да,
Жас күніңнен болымсызға алданба.
Жарқырасын маңдайдағы жұлдызың,
Сәнім менің, әнім менің, құндызым.
Сені ойласам жан жүрегім елжіреп,
Көргенімде шаттанамын, құлыным.
Алла берген Асылханым, аппағым.
Әруақытта жақсылықты жақтағын.
Азаматы болып туған еліңнің,
Ата-анаңның ақ тілегін ақтағын.
Азамат деп…
Туған елін анасындай шын ниетпен сүймесе,
Азамат деп санамаймын мен оны!
Ана тілін – қазақ тілін бір адамдай білмесе,
Азамат деп санамаймын мен оны!
Жетім, жесір назаланып жылағанын көрмесе,
Азамат деп санамаймын мен оны!
Рәсуа болып ел байлығы, шашылғанын сезбесе,
Азамат деп санамаймын мен оны!
Өз ұлтына ашымаса жан-жүрегі өзгеше,
Азамат деп санамаймын мен оны!
Көңіл күйі
Көңілім бейне шалқыған шалқар теңіздей,
Мөлдір, таза таңдағы шықтың өзіндей.
Мінезім кіді, көңілім кіршең, бейне бір
Қытайлық жібек, Самарқандтың бөзіндей.
Жақсылыққа жаным құмар жасымнан,
Күтем оны досымнан да, қасымнан.
Жақсы адамдар аз емес қой дүниеде,
Табылатын қиналғанда қасыңнан.
Бірін-бірі көңілдерін қалдырмай,
Болымсызға қабақ шытып болдырмай,
Ұстап тұрса бар әлемді –махаббат,
Жүрген жақсы аппақ гүлін солдырмай.
Көңіл, шіркін, сәл нәрседен қалады.
Көңіліңді сәл нәрседен табады.
Бәріміз де қонағымыз өмірдің,
Пендешілік жеңбесінші сананы.
Ақ жүректі, ақ көңілді, ағайын.
Көңіл кілтін баршаңыздың табайын.
Жырларыммен жаныңызды жылытып,
Ақ батасын үлкендердің алайын.
Нұрлы болсын көңілдерің көктемдей,
Сәнді болсын қызғалдақты бөктердей.
Мұңсыз болып жас баладай, ылайым,
Таза болсын жаңбыр жауып өткендей.
Жалғыздық туралы
Жалғыздық-ол сыңарыңның жоқтығы.
Сыйласыңның, сырласыңның жоқтығы.
Жыласаң бір жасың сүртіп, жұбатар
Жаныңдағы жанашырдың жоқтығы.
Жалғыздық-ол қатарыңның жоқтығы.
Болмағаны көңіліңнің тоқтығы.
Жас шағыңда тай-құлындай тебіскен,
Құрбы-құрдас, достарыңның жоқтығы.
Жалғыздық-ол бауырыңның жоқтығы,
Қамқор болар тәуіріңнің жоқтығы.
Бағың ұшып, басыңа бір күн туса,
Арашалар етжақынның жоқтығы.
Қанша адамның жанын жеген-жалғыздық.
Жалғыз жанға достық керек мыңжылдық.
Жанын жаулап, жүрегін шын жібітер,
Керек оған ыстық көңіл, жылылық.
Мен неге мұңаямын?..
Мен неге мұңаямын ойға батып,
Тұрғандай дертім меңдеп жанға батып.
Көңілде болмаса да ешбір кірбің,
Жазылмайды қабағым қалған қатып...
Мен тегі сағыныштан мұңаямын.
Жеңе алмай тағдырымның қияларын.
Білмеппін кіп-кішкентай жүрегіме,
Шегі жоқ сезімдерім сыйя аларын.
Қыс түссе сағынамын жарқын жазды,
Айдын көлде шомылған аққу-қазды,
Самал желді, шуақты күннің көзін,
Табиғаттың ән-күйін, сырлы сазды.
Сағынамын даланың жусан исін,
«Киік отын», құрбым-ау, білемісің?
Тең келмес француздың иісмайы,
Аңсап жүрем сағынып жұпар исін.
Мен тегі сағынамын жастығымды...
Қайта оралмас қуаныш шаттығымды.
Тұлымшағым желкілдеп жүгіретін,
Алаңсыз балалығым пәктігімді.
Іздеймін балалардан шаттығымды.
Іздеймін немеремнен пәктігімді.
Өмірдің өткелдерін өтсем дағы,
Серік етем әруақыт жастығымды...
Досқа
Аспандағы айды көрсем қуанам,
Сәулесіне шомылып мен оянам.
Жанымда сен болмаған соң, әрине.
Сұлулыққа сүйсінгенмен мұңаям.
Жарқыраған жұлдыздарға қараймын.
Жетпесем де есебіне санаймын.
Ең жарығын жымыңдаған төбемде,
Жақсы досым, мен өзіңе балаймын.
Ай да алыс, жұлдыздар да тым алыс.
Арман-мақсат, жетер меже ол да алыс.
Шалыс басып, қалыс қалып жүрмеуге,
Жетелейді мені әрқашан бір намыс.
Айтарым бар...
Келген едім өмірге мен іңгалап.
Тағдырымды Алла жазған арқалап.
Қиындығы, қайшылығы аз емес,
Жарық дүние есік ашты жарқырап.
Көзімді ашып көрдім асыл анамды.
Баласы үшін жанын берер панамды.
Үй сыртында тағат таппай жан әкем,
Тосқан екен қыз емес ұл баланы.
Жолы жіңішке қыз бала боп туғанмен,
Тосқауылдар жиі алдымда тұрғанмен,
Қайсарлықпен қарсыластым әрқашан,
Опасыздар өрмек-торын құрғанмен.
Өмір-күрес, оған артар кінә жоқ.
Шыңдаласың соққы көрсең, сірә, көп.
Өз құқыңды қорғамасаң өзгеден,
Жаның күйер түскендей бір ыстық шоқ.
Кімге болсын айтарым бар, халайық.
Арман-тауға адаспай біз барайық.
Заңнан асып ала жіпті аттамай,
Әділдікті, адалдықты жақтайық!
Өзгешемін
Өзгешемін, басқаға ұқсамаймын,
Баршаға бір күн күліп туса да айым.
Шабыт келіп түрткілеп маза бермей,
Өлең жазып кей түні ұйықтамаймын.
Өзегім бар, тінім бар, ділім де бар,
Танымым да, нанымым, дінім де бар
Үміт, сенім, махаббат, арманым да,
Табынатын Айым да, Күнім де бар.
Қанмен кірген қасиет-өлең жазу,
Сөз өнерін құрметтеп біліп-тану.
Теңіздей тереңінен маржан теріп,
Тер төгіп жыр жолында күйіп-жану.
Өнерде бақталастық болмаса екен,
Көңілім әріптестен қалмаса екен.
Өсер елдің баласы батыр десе,
Қатайып қанаттарым талмаса екен.
Өзгешемін, басқаға ұқсамаймын,
Сұлулықтың есігін ашқандаймын.
Ізгілікті іздеймін жүректерден,
Айналаға нұр-сәуле шашқандайын.
Кей құрбым көйлек кисе қуанады.
Қамқа тон, гауһартасқа жұбанады.
Байлыққа қызықпаған қайран әкем,
Байлығым жыр жолынан құралады.
Келемін еңбек етіп бала жастан,
Қиындық неше түрлі өтті бастан.
Таңдадым өнер жолын қиын-қыстау,
Алдымда алатын көп асу, арман.
Танымаймын мен айнадан өзімді
Танымаймын мен айнадан өзімді,
Мұң басқан ба қарақаттай көзімді?
Әжім түсіп сызаттай бір маңдайға,
Ұмыттырып бара ма жас кезімді?
Кеше ғана әдемі едім еліктей,
Көздерім де жаңа піскен өріктей.
Күлуші едім күрек тісім жарқырап,
Жүруші едім ешуақытта зерікпей.
Ауыртпалық аз түспеді иыққа,
Тірелген де болды кездер тұйыққа.
Өмір кейде көлдей, сірә, тартылып,
Кейде сені батырады тұныққа.
Үміт, сенім алып шығар тұйықтан.
Жел-кемесі Тәуекелдің тұнықтан.
Салың суға кетпесе тек болғаны,
Аспасаң да Алла жазған бұйрықтан.
Айнаға мен өкпелегім келмейді.
Жастығымды ешкім қайтып бермейді.
Кәріліктің көріксіз, сұр келбетін,
Көз жанарым көргісі тек келмейді.
Өмір туралы
Өмір маған талай сынақ ұсынды.
Тағдырымнан талай көрдім қысымды.
Қыйындықпен өтіп жатыр ғұмырым,
Тау мен тасқа ұрғандай бір басымды.
Бала кезде қызылшамен ауырып,
Әлі есімде төсек тартып жатқаным.
Айналам бір алаулаған от жалын,
Естен танып қып – қызыл боп жанғаным.
Көзімді ашып қымыз сұрап жыладым.
Қымыз қайда, қыс болатын ызғарлы.
Әлсіредім жүре алмадым бір адым.
Жүрегімде қалды аурудың ылғалы.
Өліп те мен тірілгендей күй кештім.
Кетпейді естен көңіліме түйген соң.
Ота жасап дәрі беріп шектен тыс,
Дәрігерлер тән мен жанды бөлген соң.
Жатыр екем жарық, жәйлі бір жерде,
Сыймайды екен рахат сезім кеудеге.
Тәнсіз жаным шексіз шетсіз қуанып,
Оралғысы келмейді екен бұл жерге.
Кенет жаным жанұяға қонды кеп.
Көрген түстей көңілімде қалды тек.
Оралғандар болмағанмен бақидан,
Өзім барып келгендеймін не керек!
Тілегім
Көңілімнің көкжиегі мұнартып,
Келер күнге үмітімді мол артып,
Соңғы кезде отырамын елеңдеп ,
Жақсы хабар естуге мен құмартып,
Келер жылдар арманыма жетелер,
Ел алдында қарызым көп өтелер.
Қосақталып қайғы-мұң мен қуаныш,
Болар сәттер күйінер де сүйінер...
Бақ пен дарын бірге жүрсе болғаны.
Көңілімнің әруақытта толғаны.
Жүрек соғып, сезім шалқып, толқыса,
Жыр «Аққұсы» қолыма кеп қонғаны.
Жарық көрер әлі талай кітабым,
Қуанышқа толар талай құшағым.
Аманат-жыр ұрпағыма қалдырар,
Бұл өмірден тек қана сол ұтарым.
Өзім туралы
Аз емес менің өмірден танып білгенім,
Өмірден көріп, көңілімде көп түйгенім.
Қайрат беріп сәулелі жарқын жақтары,
Көмескіден түңіліп қатты күйгенім.
Жазғытұры өмірге жылап келгенмін,
Балалық шақта алаңсыз мен де күлгенмін.
Есейе келе өмір жәйлі толғанып,
Қапаланып,қиналып көп жүргенмін.
Еңбектен мен шошымадым жиреніп,
Адам болдым еңбектеніп үйреніп.
Қозы бақтым, қой да күттім ерінбей,
Ән де салып, би биледім айналып.
Оқу оқып маман болғым келетін,
Ата-анама қол ұшымды беретін.
Өсіп келе жатқан бауырларыма,
Қамқор болып жан шуағын себетін.
Бәрі кетті пыр-пыр ұшып ұядан
Көру бізге болды қазір бір арман.
Анам отыр ақ босаға күзетіп,
Жалғыздығын ойламай мен жүре алман.
Ауырса егер емдеп жазып аламын,
Кездескенде бала болып қаламын.
Анам салған ақ төсекте мың аунап,
Еркелеймін, қуанамын, тасамын.
Жалғыз жанның жанында тек Алла бар,
Көрші-қолаң, туыстар бар алданар.
Асыл анам отырады қайталап,
«Аман болсын қайда жүрсе балалар!»
Махаббат-нұрлы дүние ғаламат
Сырлы сезім құдіретті махаббат.
Сыр сандықта сақталатын аманат.
Жаратқан күш сыйламаған әркімге,
Теңдесі жоқ нұрлы дүние ғаламат.
Махаббат-ол ханзадаңа кезігу.
Ал өзіңді хас сұлудай сезіну.
Нұрлы дүние ғажайып бір өлкеде
Шексіз шетсіз қуанышқа берілу.
Махаббат-ол сүйіп, құшып, аймалау,
Құрмет тұтып, қамқор болу, аялау.
Тіршілікте бір сәт естен шығармай,
Басқалардан биіктетіп даралау.
Махаббат-ол бір адамды шын сүю.
Қос аққудай жұбын жазбай бір жүру.
Қиындық пен қуанышта бірге боп,
Әруақытта бірге жылап, бір күлу.
Махаббат-ол таусылмайтын ұзақ жыр.
Күміс күлкі, сылдыраған бұлақ бір.
Қапылыста жүрек жырын жоғалтып,
Талай жандар аңсап, іздеп, жылап жүр.
Махаббатың тасқа қашап жазғандай,
Жүрегіңде арайланған ақ таңдай,
Ғұмыр бойы темірқазық тәрізді,
Жол көрсетер түнде жарық жаққандай.
Сүйген жанға қол жетпейтін асу жоқ.
Шабыты мен жігеріне жасу жоқ.
Алға бастап қайрат берер шын сезім,
Ғашық жанға шаршап бір сәт қажу жоқ.
Жер бетінде жақсы істердің бәрі де,
Жасалынар махаббаттың төрінде.
Зұлымдық пен опасыздық кездесер,
Нұрлы сезім қалғып кеткен кезінде...
Махаббат-ол қызғалдақтай құлпыру,
Жан-тәніңмен жақсылыққа ұмтылу.
Көздеріңде сүйгендіктен алаулап,
Алтын кірпік жарқыраған Күн тұру.
Сүйгеніңе асыл, ақық бар сөзің.
Естігенше таусылғандай бар төзім.
Қалмасыншы қаңырап бұл бар Әлем,
Өлмесінші нұрлы, сырлы шын сезім!
Есімде сол кездерің...
Есімде сол кездерің ешкімге сыр шашпаған.
Абай, Сәкен жырларын бірге өзіңмен жаттаған.
Көз алдымда келбетің ұяң, арлы, ақылды,
Жанарыңда тұнатын айтар сөзің айтпаған.
Жұманғали, Талғатпен бірге жүрген күндерің,
Алғаш рет қыз таңдап лүпілдеген жүрегің.
Жақсы менен жаманды көңіліңе түйгенің,
Жұлдыз санап, ай қарап ұйықтамаған түндерің.
Есімде сол кездерің арман жолға аттанған.
Көңіл назын жасырып, жеткізуге батпаған.
Алдамшы бір сезімнің жетегіне жегіліп,
Шаттығыңды жоғалтып, ешуақытта таппаған.
Есімде бір кездерің жарылғандай жанартау,
Жанартауға үн қосып жаңғырғандай Алатау.
Жүрек сыздап ауырып, лүпіл қағып тыншымай,
Таусылғандай тағатың, аңсау, күту, армандау...
О, дариға, мың ғасыр күн шығады, батады.
Бір-біріне адамзат ғашық болып жатады.
Естен кетпес ғажайып алғашқы аппақ сезімің,
Жүрегіңде, санаңда тастай қатып қалады.
Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Қыз Жібек пен Төлеген
Ғашықтарға қайрат беріп аруақтары жебеген.
«Шын ғашықтар қосылмайды» деген сөздер шын ба екен?
Бар ғашыққа төксін нұрын Жаратқан күш төбеден.
Жаныңда болсам...
Самал желдей желпір едім аптап ыстық шілдеде,
Көбелек боп қонар едім сен ұнатқан гүлге де.
Сен қайғырсаң мен де өзіңмен күрсінер ем «аһ» ұрып,
Шаттанар ем шын жүректен сен қуанып күлгенде.
Болсам егер мен жаныңда періштедей қорғар ем.
Арманыңа қанат беріп, үмітіңді жалғар ем.
Жаурап жаның қалтыраса күш-қайратың азайып.
Алаулаған от-жүрекке орап сені алар ем...
«Өзіңді, жаным, осындай шығар деп едім»
Өзіңді, жаным, осындай шығар деп едім.
Кездесіп бүгін қуанышқа мені бөледің.
Өтті ғой талай сағыныш толы күндерім,
Ойлаушы ем жиі, қай жылы, қашан көремін.
Есімде әркез балдырған-бала шағымыз.
Мөлдір моншақ судай таза жанымыз.
Он бес жас пен он алтының арасы,
Қайғы-мұңсыз арайлап атқан таңымыз.
Бір көргеннен лаулап жанды от-сезім.
Ғашық болдым айықпастай-шын сөзім.
Қоспағанмен басымызды қу тағдыр,
Жалықпадым тосуға мен бір кезін.
Шаршатпаған арман, шіркін, арман ба?
Жаратқан күш жеткізді ғой арманға.
Бақыттымын шексіз, шетсіз, өлшеусіз,
Бақыттырақ менен басқа жан бар ма?
Жете алмай саған ондаған жыл жүр едім.
Жалғызсырап жақсы көрген жүрегім.
Телегей теңіз қуанышқа мені бөледің,
Өзіңді, жаным, осындай шығар деп едім...
Досыма
Іздемеймін-деп едім, ізде-дедің,
Үмітімді сен менің үзбе-дедің.
Түйіспейтін қос жолмен келеміз біз,
Дұрыс еді өзіңді білмегенім...
Сағынып сарғаюға жарайсың ба,
Ақша бұлтқа қызығып қарайсың ба?
Тырналар туған жерге бет алғанда,
Еліңмен қауышуды қалайсың ба?
Сағынып, сарғаюға жарайсың ба?
Жылжып өткен жылдарды санайсың ба?
Еске түсіп базарлы балалығың,
Артыңа қайырылып қарайсың ба?
Көңіліме түсірмеші мүлде қаяу.
Жүрегім бар тым нәзік жамау-жамау.
Қуанғанда дүрсілдер аттай тулап,
Жылағанда өлімге қалам таяу.
Жанымда өзің болсаң өлмейтіндей,
Жамандық ешуақытта көрмейтіндей.
Кей уақыт отырамын өзіңді ойлап,
Жаратқан бізді қосып, бөлмейтіндей.
Қуанарсың жыр-маржан тергеніме,
Бірлі-жарым жылына көргеніңе.
Мынау шексіз, шеті жоқ дүниеде,
Ризамын жер басып жүргеніңе...
Алғашқы қар Алматыда
Сырлы қала, сұлу, сәнді Алматы...
Қыс түссе де алғашқы қар жаумапты.
Қап-қара жер, жапырақсыз ағаштар...
Әйнектерге аяз сурет салмапты.
Алатаудың ақ шыңдары жарқырап,
Тылсым күшпен бар назарды тартып ап,
Көз алдымда көлбеп жатыр алып тау,
Жоталарын күнге тосып шуақтап...
Алғашқы қар жауып кетті ақыры...
Көз тартады күміс қардың жарқылы.
Кең дүние аққа оранды әпсәтте,
Нұрға толды, жан-жүрегім толқыды.
Жапалақтап жауып тұрды ақша қар...
Ақтығымен ақ сезімді аңсатар.
Іштей ұғып, көзбен ғана тіл қатып,
Ақша қарға қол ұстасып із тастар...
Аппақ нәзік махаббаттың гүлдерін,
Алматыда ақша қардан іздедім.
Аялаған алғашқы пәк сезімін,
Жан досымның жанарынан іздедім...
Сырлы сезім
Қанат берсе сезімге,
Қалықтайды өлең-жыр.
Көктем қонса көңілге,
Сағындырар саумал сыр.
Ғашық болу-шын сүю,
Қол жетпейтін бір ғажап.
Ақ махаббат алғашқы,
Сырлы сезім шын азап.
Махаббатты жырлауға,
Ақын, шіркін, шаршамас.
Өзі де сол сезімнен,
Ешуақытта құр қалмас.
Терең теңіз сезімге,
Түсіп кеттім бір уақыт...
Ғашық болып өмірден,
Өту, сірә, шын бақыт.
Махаббат өлмейді
Райхан гүлдер тез солар,
Әсіре қызыл тез оңар.
Оттай жанған сезімнен,
Қоламтасыз күл қалар.
Көздегі жарқыл шын сөніп,
Бойдағы қуат тым кеміп.
Шарасыз жанның кеиіпін,
Тұрғандаймын мен көріп.
Тағдырға шара бола ма,
Көңілің әркез тола ма,
Айналды ма арманың,
Жазылмас бітеу жараға?
Қинағым менің келмейді,
Жүрсең де ойлап сен мейлі,
Махаббат сезім бар болса,
Өлтірем десең өлмейді.
Еркіңе уақыт көнбейді,
Жүрегім шошып сенбейді.
Алғашқы аппақ ақ сезім,
Сөндірем десең сөнбейді.
Сүймесе егер
Мені біреу сүймесе егер үзіліп,
Кетер едім бұл өмірден түңіліп.
Жүремін мен риза болып Аллаға.
Ақ нұрына ақ жүрегім жылынып.
Сырлы сезім, нұрлы сезім Алладан,
Кейбір адам өзін-өзі алдаған.
Сүйкімділік, сүйе білу бақыты,
Кез келгеннің маңдайына жазбаған.
Мен өзіңді...
Мен өзіңді аспандағы,
Қыран құсқа балайын.
Жүрегіңе өз атымды,
Өшпейтін ғып жазайын.
Әнің болып әруақытта,
Айтылмаған қалайын.
Ақ жолыңа сәуле шашқан.
Жалғыз шамдай жанайын…
Шымбұлақта
Алатаудың шатқалында кездесіп,
Аспалы жол талбесіктей тербетіп.
Ақ аспаннан төккенін мен сезіндім,
Қуаныштың ақ жауыны селдетіп.
Қызығып ақша бұлттар қарағандай,
Бізбенен жарысқандай қарағайлар.
Мейірімді күн көзі күлім қағып,
Күш-қуаты онбойға тарағандай.
Шымбұлақтың шыңына шын сүйініп,
Құдіреттің күшіне мың сыйынып,
Жанарыма жазып ап қалайын деп,
Қарай бердім қия алмай тым қиылып.
Қарай бердім ақ басты Алатауға,
Бөктердегі миуа бақша-бауға.
Аппақ сезім жетелеп әкелгендей,
Біздерді бүгінгі күн осы тауға.
Қалып қойды өзіңмен жан-жүрегім.
Амандығың тек қана бар тілегім.
Ләйлісіндей Мәжнүннің шын қиналып,
Арыла алмай бір күйден мен жүремін.
Қос шыңы асқар таудың сияқтымыз.
Сылдырап аққан таза бұлақтаймыз.
Нұр шашып жан жағына жарқыраған,
Қатар тұрған қос жұлдыз-шырақтаймыз.
Түйіспейтін қос соқпақ тәріздіміз.
Ұмытпаймыз парыз бен қарызды біз.
Жаратқанның маңдайға жазғаны бар.
Айта алмаймыз өкпе – наз, арызды біз.
Өзіңді...
Өзіңді ойлап миллион рет күрсіндім.
Жазмыштан озмыш жоқтығын сонда түсіндім.
Қайғырып қара қабырғам сынып қайысып,
Қабырыңды көріп тағдырға мойын ұсындым.
Ағарып атпай қалды ғой аппақ таңдарың.
Орындалмады үмітің, асқақ арманың.
Жәй түскендей болды ғой тура төбемнен,
Тұзағына ажалдың түсіп қалғаның.
Алғашқы сезім жетелеп сені жүруші ед.
Көңіліңе көктемдей көрік беруші ед.
Жүрегің жылы, жаныңның сұлу екенін,
Достарың әр кез көздеріңнен көруші ед...
Қайталадың тағдырын ақын Естайдың.
«Қорланың» қалды есіне сені сақтайтын.
Азаматы, асылы едің, ардақты,
Еліңнің талай үмітін жалғап сақтайтын.
Төрт мүшел
Қас қағымда келіп қалды төрт мүшел.
Төрт мүшелмен шашқа қырау ақ түсер.
Жылдарменен жарысып біз жүргенде,
Жас ұлғайып, ақыл толып, ой өсер.
Қыз бала боп аштық өмір есігін.
Ана болдық түзеп бала бесігін.
Түлеп ұшқан әр бір бала ұядан,
Асқақтатсын анасының есімін.
Ұмай ана аруағы қолдасын!
Жаратқан күш бар ісімді оңдасын.
Күш сарқылып, кемімесін қуатым.
Көбейсін тек сенім артар жолдасым!
Көңіл күйі
Жандарды көрсем ниеті жаман,
Жабырқап, жасып қаламын.
Жақсыны көрсем жайдары, жайсаң,
Жарқырап, маздап, жанамын.
Жылы бір лебіз естісем егер,
Өркендеп, өсіп қаламын.
Қарияны көрсем анама ұқсас,
Күйін бір кешем баланың...
Тай-құлындай бірге өскен,
Досымды көрсем қуанам.
Сағыныштан жүрегімде,
Сырлы бір, сазды туар ән...
Білмеймін...
Құлазып қалған көңілімді,
Толтыруды немен білмеймін.
Жанымда жан жоқ ай далада
Қалғандай болып жүдеймін.
Жүрегім жылап тұрса дағы
Жабығып тіпті жүрмеймін.
Болымсызға көңіл қойып,
Сәл нәрсеге күлмеймін.
Арман, мақсат алдымда көп.
Жетемін бе білмеймін.
Жан дауасын көңілімнің
Табамын ба білмеймін...
Махаббатсыз өмір жоқ
Махаббатым – іңкәрім.
Күміс қанат сұңқарым.
Алтын таға тұлпарым.
Әнге салсам шырқарым.
Махаббатым – жүрегім.
Жан-шуағым, тірегім.
Нәзік сезім тілегім.
Сүю – бақыт, білемін.
Махаббатым – пәктігім.
Аялаған ақ гүлім.
Қайта оралмас жастығым.
Шабыт берер шаттығым.
Махаббатсыз өмір жоқ.
Сұрғылт, сәнсіз төңірек.
Махаббат – жанған шоқ.
Ұшқынынан лаулар от.
Лаулай берсін сезімің.
Тозбасын тек төзімің.
Барар жолың бақытқа,
Қолыңда ғой өзіңнің.
Ақ тілек-ыстық ықылас
Ақын Қанипа Бұғыбаеваға
( Қ.Бұғыбаеваның рухына)
Мен сияқты «Гаухартасқа» ғашық боп,
Мен сияқты жақсылыққа асық боп,
Кетіп қапсың мәңгілікке, жан апа,
Өлең-жырды бұрқыратып жазып көп.
Өлеңдерің өлеңіммен үндескен,
Ғашық болдым мен өзіңді көрместен.
Мұңға толы жырларыңмен жанымды,
Жүрегімді тебірентіп, тербеткен.
Ұстаз едің жан жарасын жазатын.
Дәрігермін тән дауасын табатын.
Екеуміз де ақын болып жаралдық,
Сөз маржанын ой түбінен қазатын.
Ақын болу –елдің жүгін көтеру,
Ақын болу-ардың жүгін көтеру.
Ақиқаттың аппақ туын нық ұстап,
Соған ғана өмір бақи жүгіну.
Сабыржан ағаны еске алу
(С. Әбілмажиновтың рухына)
Иманжүзді, байсалды Сабыр ағам!
Көз алдымда кездерің жадыраған.
Эфирден күнде естіген қоңыр үнің,
Жадымда жаңғырады қадірлі ағам.
Ұрпақтың ұлағатты ағасы едің.
Інінің арқа сүйер панасы едің,
Әкемдей жол көрсетіп ақыл берген,
Мен де бір еркелеткен баласы едім.
Еліңе еңбек еттің ерінбедің.
Мақтанып кейбіреудей керілмедің.
Биязы, парасатты, инабатты,
Қарапайым, сүйкімді, керім едің.
Әр таңға арайланған қуанушы ең.
Қиындыққа жасымай жұбанушы ең.
Жылуын жүрегіңнің бөліп беріп,
Жақсылықты қуанып құп алушы ең.
Отбасының ұйытқысы берекесі ең.
Жаншуағы, мерейі, мерекесі ең.
Дариқа апамыздың асыл жары,
Шаңырақтың кеңпейіл керегесі ең.
Сабыр аға, аяулы Сабыр аға!
Жаннаттың дәл төрінен табыл аға.
Ұл-қызың өсіп, өніп өркендесін,
Тәу етіп келіп жүрсін қабырыңа.
08.06.2008
Досым Күлтай Махметоваға
Туған күнің құтты болсын, ботакөзді Күлтайым!
Күн тәрізді күлім қағып жүре бергін күн сайын.
Алтын кірпік, айқабақ ең жас кезіңде сымбатты.
Құрбылардың арасында сабырлы да салмақты.
Қайта оралмас мөлдір таза жастығымның көзісің.
Болашаққа бірге аттанған армандасым өзіңсің.
Қайғы-мұңға көп берілме балалармен жұбанып,
Бауырларың аман болсын, жүре бергін қуанып.
Нәрестелер туып, міне, әже болдың ылайық.
Құт-береке, бақ-дәулетің өсе берсін молайып.
Шын жүректен тілеймін мен ұзақ өмір, мол бақыт,
Балдай тәтті бала кезді есіңе алғай бір уақыт...
Сапар Дүйсенов ағамның шөбересі Ескендірге
(атасының атынан құттықтау)
Туған күнің құтты болсын, Ескендір!
Самал желсің қарт шағымда ескен бір.
Кіп-кішкентай ғұмырымның жалғасы,
Шығармаймын ешуақытта естен бір.
Айналайын балдай тәтті бөбегім.
Сен-жас шыбық, мен – көзімін көненің.
Ұзақ ғұмыр бақыт тілеп шөберем,
Ақ бетіңнен мейірленіп өбемін.
Аман болсын ата-анаң өсе бер.
Арман сені алға тартып жетелер.
Азаматы азат елдің арайлы,
Алда сенің міндетің көп өтелер.
Жылы жүрек, ақыл берсін Жаратқан.
Нұр сәулесін аямасын ақ аспан.
Өмір бойы оқы, үйрен, білім ал.
Білімдінің әруақытта бағы асқан.
Атаң Сапар Сарыарқадан келіп тұр.
Ақ батасын шын жүректен беріп тұр.
Шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонып,
Ақ жолыңа Алла қойсын төгіп нұр!
Ақпан, 2007 жыл
Құрметті Айман Шариповнаға
(А.Ш.Симамбаеваға)
Алпысқа келіп тойлап бүгін жатырсыз.
Келіп тұрмыз жырдан шашу шашып біз.
Қабыл болсын барлық адал ақ тілек.
«Қырықтың бірі Қыдыр» деген халықпыз.
Асқарынан алпыстың асып отырсыз.
Бәйтеректей саялы, сәнді өсіпсіз.
Қырық жылдай еңбек етіп еліме,
Жақсылыққа, табыстарға жетіпсіз.
Алпыс жаста ақыл сұрар жас болсын.
Жас болса да әрқайсысы бас болсын.
Қартаю да табиғаттың заңы ғой,
Қуат таймай, көңіл көркем хош болсын.
Жетпісті де, сексенді де тойлайық.
Тіршілікте қызыққа әсте тоймайық.
Жаратқан күш жүз жыл берсе жасауға
Оған қарсы тағы да біз болмайық.
Жаратқан күш кесімді жас бергенмен,
Құдіретіне еш күмәнсіз сенгенмен.
Тіршілікте жүрейікші сыйласып,
Не түседі, дүние жинап тергеннен?
Айман апа, аман-есен жүре бер.
Жақсылыққа шын қуанып күле бер.
Ұрпақтарың үйге сыймай көбейіп,
Ұзақ ғұмыр, қосағыңмен сүре бер!
30.12. 2010
Құрметті Ғазиз Сұлтанұлы!
(Ғ.С.Қамзиновқа)
Туған күнің құтты болсын, қайырлы!
Алла сенің жақсы етсін жәйіңді.
Көңіліңе көктем орнап әрқашан,
Оң мен солдан көрейік Күн, Айыңды.
Аман етсін құдай қосқан жарыңды.
Аман етсін анаң мен барша-барыңды.
Жүз жыл бойы қол ұстасып Күләнмен,
Қарсы ала бер арайлы аппақ таңыңды!
Ғұмырың ұзақ, қызықты күндер көп болсын!
Барға қанағат, көңілің әркез тоқ болсын!
Шаңыраққа құт-береке, бақ қонып,
Жүрегіңде уайым-қайғы жоқ болсын!
23.02.2010
Альфред Николаевич Пряниковқа
(А.Н.Пряников рухына)
Бүгінгі күн жетпіс беске толар ең.
Достарыңның ортасында болар ең.
Сырға толы әдемі бір жырларды,
Назарына келген жұрттың салар ең.
Кере қарыс ақ маңдайың жарқырап,
Аспан түстес көз жанарың жарқылдап.
Ақ жүректен шыққан аппақ тілекті,
Алдымызда тұрар ма едің бізге арнап.
Ұстазы едің жүздеген сен шәкірттің.
Маманы ең әдебиет пен тарихтың.
Жас ұрпаққа ашып білім есігін,
Түсіндірдің сиқыр күшін әріптің.
Ақын едің Тәңір өзі жаратқан.
Дүйім жұртты ауызыңа қаратқан.
Шын жүректен шыққан сенің жырларың,
Тыңдарманын тебіренткен, жылатқан.
Ақын едің жақсылықты жырлаған.
Күш-қайратты ел-жұртыңа арнаған.
Жазғаныңнан жазарың да мол еді.
Тағдыр бар ма оны бір сәт тыңдаған.
Ақын едің жаза берген талмастан.
Сенің атың өлмек емес ешқашан.
Жырларыңмен ұзарады ғұмырың,
Алғы шептен көрінерсің қалмастан.
Ғашық едің мына ғажап өмірге.
Ғашық едің қазағымның жеріне.
Жаның сұлу, жүрегің кең болатын,
Ғашық едің адамзаттың бәріне.
Сен жатырсың ауылымның өрінде.
Өзің сүйген өңіріңнің төрінде.
Жырларыңа ұзақ өмір тілеймін.
Сақталатын оқырманның көңлінде.
Қиялы ұшқыр, қаламы үшкір ақын аға –
Болат Мағазұлына арнау (Б.М.Сағындықовқа)
Екеуміз де бір мектептің түлегі,
Болған әсте тіліміздің тірегі.
Еске түссе алтын ұя ұшырған,
Талай жанның лүпілдеген жүрегі.
Тілге деген зор ықылас махаббат-
Теңдесі жоқ ұстаздардан шарапат.
Әлі күнге сезінемін өзімді,
Алғандай бір эстафета-аманат.
Өлең-деген ақынның бар әлемі.
Өлең-оның өмірі де, өнері.
Шын жүректен жарып шықса кәусар жыр,
Әр жүрекке жетеді сол дегені...
Алла салсын асыл сөзді ауызға.
Арайланып атсын ақын таңы да.
Шабыт келіп маза бермей түрткілеп,
Нәсіп етсін жыр маржанын табуға.
Болат аға, жырларыңыз тамаша!
Қуантады жадыратып балаша.
Ойларыңыз ойларыммен ұштасып,
Сырласамын өзіңізбен оңаша.
Алшаң басып жүзге жетіп күліңіз.
Отбасында бақытты өмір сүріңіз.
Өнегелі, өсиетті жырлармен,
Жас ұрпаққа жол көрсетіп жүріңіз!
Азаймасын іңкәр сезім өмірге.
Кір түспесін ақша қардай көңілге.
Қиялы ұшқыр, қаламы үшкір, ағамыз!
Қалықтаңыз ақындықтың көгінде!
Айзаттың қызы Айымның ұзату тойына
Бақытты бол, қосылған сыңарыңмен!
Көгіңде қалықтаған қыраныңмен!
Асыл арман, үмітің алдамасын,
Махаббатың тербесін жыр-әнімен!
Бақ құсы боп қонғайсың шаңыраққа.
Жайылсын жақсы атың бар аймаққа.
Ибалы, инабатты, иманжүзді
Келін бол өнегелі барған жаққа.
Жан-жарыңды пір тұтып мақтағайсың,
Ата-анаңның үмітін ақтағайсың.
Жат жұртқа тастай батып, судай сіңіп,
Сол елдің сөзін сөйлеп жақтағайсың.
Жастықта жарқырай біл жанған оттай,
Көңілің жадырасын жазғы бақтай.
Жарыңмен мағыналы ғұмыр кешіп,
Шын сезім суымасын қызыл шоқтай.
Қосағыңмен қоса ағар, бақытты бол!
Жарқыраған маңдайы жақұтты бол!
Ақ жолыңа Алланың нұры жауып,
Жазылмасын ақ білек, алысқан қол!
24.07.2011 жыл.
Сарыарқада сары күзде туып ең...
(М.Өтетегі рухына)
Сарыарқада сары күзде туып ең,
Көңіліңе жақсыны тек түйіп ең.
Отбасының аңсап күткен баласы,
Өн бойыңа тектілікті жиып ең.
Жүрген едің қозы-лақпен жарысып,
Ойнап едің тетелеспен шалысып.
Томпаң қағып жүгіруші ең күн ұзақ,
Балалықтың базарымен бөлісіп.
Бес жасыңда жетім қалдың әкеден.
Жалғыз еді бір атадан Өтеден.
Қу соғыстан аман келіп еліне,
«Жіңішкенің» жабысқаны өкпеден.
Ауыл-аймақ үміт артып өзіңе,
Ардақтады жас алдырмай көзіңе.
Шаңырақтың иесі деп әруақыт,
Отырғызды ақсақалдай төріне.
Арман сені жетеледі шыңдарға,
Қол создың сен арайлы аппақ таңдарға.
Сусындадың терең бойлап білімге,
Тосқауыл жоқ алға ұмтылған жандарға.
Атақ-даңқың асқақтады өрледі.
Анаң сенің қиыншылық көрмеді.
Бейнетіңнің рахатын көруге,
Тағдыр саған мүмкіншілік бермеді.
Тірі болсаң толар едің алпысқа.
Бөленер ең мол тілек пен алғысқа.
Асығушы ең атар таңға әруақыт,
Білгендей бір ғұмыр жолың тым қысқа...
Зеке құрдас, Зейнолла!
(З. Әкімжановқа)
Мен көргенде он бестегі бала едің.
Өзге жанға ұқсамайтын дара едің.
Тақыр бас, бадырайған көздері бар,
Кіп-кішкентай домалақ қара едің.
Өстің, өндің дардай сен жазушысың.
Бүгінгіні сараптап, өткенді қазушысың.
Ойды өрбітіп, өргізіп, тілді безеп,
Жақсыларды мадақтап, жаманды басушысың.
Қалам тербеп, жыр жазып беу-беулейсің,
Дарынды саған ғана бергендейсің.
Бас ақыны Солтүстіктің өзің ғана,
Алла жазып сен соған көнгендейсің.
Жаза бер бұрқыратып жырларыңды.
Шалқар көл, орман-тоғай, қырларыңды.
Жүре бер алшаң басып жүзге дейін,
Шаттықпен өтсін айлар, жылдарың да.
Еркелер елің болсын «ұлым» деген.
Аман болсын ұл-қызың күлімдеген.
Шабытыңның пырағы дес бермесін,
Асаудай жал-құйрығы сүзілмеген.
Болсын тек жазғаныңнан жазарың көп.
Қартайғанда жаныңда қатарың көп.
Бақытты, сәнді, мәнді ғұмыр кешіп,
Әруақыт татқаныңнан татарың көп.
13.07.2011
«Асыл мұра» орталығына 10 жыл
«Асыл мұра» орталығы онға бүгін толыпты.
Мерейтойдың иелері төрден орын алыпты.
Құтты болсын айтамын мен шын жүректен қуана,
Тың деректер таба берсін сусындатар халықты.
Өлкеміздің өткені мен бүгінгісін ақтарып,
Ұланғайыр еңбектері қала берсін сақталып.
Бабалардың аманатын әруақытта қастерлеп,
Өсе берсін ұрпақтары сенімдерін ақтарлық.
Уақыт әркез өте берер белгі тастап артына,
Қайта оралмас балалық шақ, жастық қалар артыңда.
Бүгінгі күн айналады еншісіне тарихтың,
Жазылған хат жоғалмайды ескерткіш ол халқыңа.
Таңат аға, асыл аға, ақылды да ардақты.
Социал аға-дана, дархан, сабырлы да салмақты.
Қайролла аға, дамыл таппас қажырлы ол қаламгер,
Өнегелі, ұлағатты ұстазы ол аймақтың.
Баршаңызға тілейтінім жақсылық пен денсаулық!
Алла берсін абыз жасын, дархан, дара, даналық.
Аруағы желеп, жебеп Қожаберген жыраудың,
Дес бермесін Шабыт аты жал-құйрығы таралып.
«Асыл мұра» жете берсін жарқын мақсат-мұратқа.
Жақсы аты шыға берсін, биік белес қыратқа.
Өткендердің ізгі істерін ұрпақтарға үлгі етіп,
Баға жетпес еңбектері мирас болсын халыққа!
01.02.2011
Баян Құдайбергенқызына
(Б.Қ.Баймұқановаға)
Туған күнің кұтты болсын, жан құрбым.
Орнамасын көкірекке қайғы-мұң.
Ұзақ болып ғұмыр жасың, шаттығың,
Жарқылдап жүр күн тәрізді, жарқыным.
Арман сені жетелесін тек алға,
Көңіліңе күдік-күмән тек алма.
Назгүліңнің қызығына тоя бер.
Бұл өмірдің жақсылығын көре бер!
Алда талай жақсылықтар күтіп тұр.
Достарыңның ортасында күліп жүр.
Денсаулығың мықты болып әрдайым,
Жан рахатын зейнетіңнің көріп жүр!
Әр балаға арнау
Анаң саған дүниенің бар қызығын сыйлаған,
Жақсылығын ақ сүтімен өнбойыңа жинаған.
Еркелеткен еміреніп, иіп сені емізген,
Қуаныштан жүрек тулап кеудесіне сыймаған.
Анаң сені туғанында бір өліп, бір тірілген.
Туғаннан соң тыным таппай күні-түні жүгірген.
Көңілің қош, қарының тоқ болсыншы деп әруақыт,
Сен өскенше қуат кеміп, белі иіліп, бүгілген...
Жақсы болса әкең сенің асқар таудай қорғаның.
Жаман болса панасыз, жанашырсыз болғаның.
Тірі болса анаң ғана қосары шын санатқа,
Армандаған баласының толықсып бір толғанын.
Ата-анаңның үңіле біл көңіліне, көзіне,
Құлақ асқын ауызынан шыққан әрбір сөзіне.
Өкінбегін өткенде олар дүниеден баз кешіп,
Ащы жасы мол қайғының тұнып қара көзіңе.
Айдос бірге толғанда
Туған күнің құтты болсын, Айдосым!
Қызығыңа ата-анаң тоймасын!
Сана-сезім, ақыл берсін жаратқан.
Ақ жолыңда тосқауылдар болмасын!
Талай-талай бола берсін тойларың.
Нағашылар сыйлай берсін қойларын.
Өскеніңді көре берсін өркендеп,
Әке-шешең Айдынжан мен Көгаршын.
Күндей күліп, жүре берші, жарқыным.
Баршамызды шын қуантып, алтыным.
Азаматы Азат Елдің ертеңі,
Болашағы сен боласың халқыңның.
Еркін мен Ботагөздің үйлену тойына арнау
Құдай қосқан құда-жекжат, армысыз!
Жаны жайсаң жаксылары, бармысыз!
Рахымберді-құда, Рая-құдағи,
Арнайыншы ақ тілектер қалтқысыз.
Құтты болсын үйлену той-үй болу!
Ақ отауға күмбірлеген күй толу.
Желбіретіп ақ желегін ақ келін,
Алғаш рет есік ашып үйге ену!
Құтты болсын ақ босаға, ақ отау,
Куә болсын ақбас асқақ Алатау.
Екі жастың бақытына қуанып,
Мүмкін емес шын сүйсінбеу, қарамау.
Алла берсін махаббатын аққудың,
Өркендесін саясында Көк тудың.
Алдарынан ақ жол түссін әрқашан,
Тең-құрбының алды болсын, айтулың.
Қос жұбайлар, Еркінжан мен Ботагөз!
Аулақ болсын өздеріңнен тіл мен көз.
Құтты болсын Алла жазған ақ неке,
Жадыратсын жандарыңды жақсы сөз
Алға бастап асықтырсын ақ арман.
Асықпаған ұтылатын бұл заман.
Оқып-танып көп білуге тырыссаң,
Мақсат-мүдде жақындайды бір табан.
Қуанайық сендер жеткен межеге.
Өсіп-өніп, кеңейсін тек кереге.
Ақ отаудың шаңырағы биік боп,
Түтіндері түзу ұшсын төбеде.
Әр уақытта ана сүтін ақтаңдар.
Ата күшін, қасиетін сақтаңдар.
Қайда жүрсең жақсылыққа жақын боп,
Өздеріңді арғымақтай баптаңдар.
Шаршамаңдар жақсылықтың жолында.
Әдет-ғұрып, салт-санаң бар қаныңда.
Қол ұстасып бақытты өмір сүріңдер,
Елің тыныш, жұртың аман барында.
Болашақта табыстарға жетіңдер.
Әрбір таңнан бір қуаныш күтіңдер.
Ғұмырларың ұзақ болып ылайым,
Ғашық болып жұбың жазбай өтіңдер.
31.07.2010 Алматы қаласы
Ботагөз апамыздың алпысқа толуына
( Б.Ж.Галиеваға)
Құтты болсын туған күн – екі отыз!
Құттықтап шын жүректен келіп тұрмыз.
Көңіл жас, денсаулығың мықты болып,
Нәсіп етсін жаратқан жәйлі тұрмыс.
Армансыз жан болмайды дүниеде,
Адамның арқау болар әр күніне.
Асыл арман, ақ тілек орындалып,
Аттай бер келер уақыт, келер күнге.
Той-думан, қуаныштар бола берсін.
Үйіңе ұрпақтарың тола берсін.
Тірлікте мәнді, сәнді ғұмыр кешіп,
Бақ құсы шаңыраққа қона берсін.
Рахатын зейнетіңнің көре бергін.
Нұр-шуақ балаларға төге бергін.
Шүпірлеп айналаңа немерелер,
Өсе берсін қуантып әжелерін.
Құтты болсын, құтты болсын Жаңа жыл!
Жаңа жылда төгілсінші жаңа жыр.
Адамзаты бар әлемнің аман боп,
Көрейікші жақсылықтар жаңа бір.
Арман-мақсат орындалсын әрқашан.
Нұрлы болсын төбемізде ақ аспан.
Ел тірегі ер-азамат аман боп,
Жұрт болайық ынтымағы жарасқан.
Еңбегіміз табыстармен көркейсін.
Елімізге ел қосылып көбейсін.
Жүректерді кернеп мейірім, шапағат,
Көңіл хошы көктемедей көгерсін.
Жаңа жылда шаңыраққа бақ қонсын!
Қазағымның той-думаны көп болсын!
Миллион жыл ұрпағымыз аман боп,
Отбасында уайым-қайғы жоқ болсын!
28.12.2009
Жаңа Жыл!
Жаңа Жылда күй кешеміз жаңа бір.
Алабұртып жүрек тулап лүпілдеп,
Жаңа Жылдан күтеді әркім жаңа жыр.
Біреу тілер жаңа қоныс жаңа үй,
Енді біреу сыңар тауып жар сүю.
Енді біреу қателігін мойындап,
Жаңа Жылда қайта түлеп, жаңару.
Жаңа Жыл тек, жақсылықтар әкелсін!
Әрбір жанға бақыт құсын әперсін.
Тоңдырса да қаңтардың көк аязы,
Жүректерде махаббат гүл көгерсін!
Жаңа Жыл құтты болсын бәрімізге,
Қыдыр ата қонсын келіп төрімізге.
Бейбіт өмір орнасын бар әлемге,
Бақыт оты жарқылдасын көзімізде.
Баршаның көңіліне көктем қонсын.
Жақсылармен әрдайым орта толсын.
«Махаббатсыз өмір бос» деген Абай,
Жүректі сырлы сезім керней берсін.
Жаулай берсін жүректі шын махаббат,
Адами қасиеттер бізге қымбат.
Қол созып қиналған мен кіріптарға,
Алладан бәрімізге болсын сауап.
Ар-намыс туын биік көтерейік,
Тіршілікте сыйласып бір жүрейік.
Ортақ боп қайғы-мұң мен қуанышқа,
Кезінде бірге жылап,бір күлейік...
Жаңа Жыл құтты болсын, отандастар!
Есте қалсын ағарып атқан таңдар.
Қарсы алып Жаңа Жылды ақ тілекпен,
Жайылсын жақсылыққа дастархандар.
Ақын Абай ескерткіші жанында
Жастайыңнан көріп білдің пәлсәпасын өмірдің,
Сезіп өстің қуанышын, қайғы-мұңын көңілдің.
Бар ғұмыр мен күш-қайратты халқыңа арнап біржола,
Қазақ үшін нөсерлетіп өлең-жыр боп төгілдің.
Дәл өзіңдей адамзатты жырлай алмай келеміз.
Данышпандық сөздеріңе әркез құлақ түреміз.
Аталы сөз, адами көп қасиетті жырлаған,
Ақын Абай, алып Абай екеніңді білеміз.
Қазақ үшін армандадың әділетті қоғамды,
Етпек болдың болашағын халқымыздың баянды.
Жаман ғадет, жат қылықтан аулақтатып баршаны,
Серік еттің өмір бойы қағазың мен қаламды.
Махаббатты жырладың сен мөлдір таза алғашқы,
Баға жетпес құдіретті сырлы –сезім салмақты.
«Татьяна әніменен» кең даланы тербетіп,
Аппақ сезім ақ қанатты армандарға жалғасты.
Өсіп-өнді талай ұрпақ жырларыңмен сусындап,
Әр бір сөзің қазақ үшін гауһартастай шын қымбат.
Дана Абай, дара Абай, мақтанышы халқымның,
Жанымызда тұрғандайсың риза болып жыр тыңдап.
Құрметті Асқар Жоламанұлы!
( А.Ж.Сақыпкереевке)
Құтты болсын ақ сәулелі туған күн!
Кіндік кесіп, кіріңізді жуған күн!
Орындалып ата-ананың арманы,
Дүниеге есік ашып келген күн!
Шаңыраққа бақыт құсы қонған күн.
Көкірекке қуаныш-жыр толған күн.
Шілделікке бала-шаға жиыналып,
Сұрағандар сүйіншісін алған күн.
Содан бері өтті, міне, төрт мүшел.
Тілейміз біз тағы осындай төрт мүшел.
Сенеміз біз Жаратқанға қалтқысыз,
Береріне ұзақ ғұмыр, күш, бедел.
Арман қуып алға баса беріңіз.
Айналаға бақыт нұрын себіңіз.
Қолдан келген жақсылықты аямай,
Қиналғанға көмек жасап беріңіз.
Алғысына бөленіңіз ел-жұрттың.
Арасында жүргендей бір ақ бұлттың.
Ер-азамат алғыспенен көгерер,
Көгерер де үрім-бұтақ көбейер.
Аман болсын жас шарана-немере.
Құтты болсын кеңейгені кереге!
Бауы берік, ғұмыр жасы ұзақ боп,
Атасына сыйласын ол шөбере.
Достарыңыз жан аямас көп болсын!
Жүрек сыздар уайым-қайғы жоқ болсын!
Нұрлы болып ақ жолыңыз алдағы,
Шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонсын!
Құрметті Ләззәт Сайлаубековна!
(Л.С.Белекееваға)
Құтты болсын туған күнің, жарқыным!
Көңіліңе орнамасын қайғы-мұң.
Шуағы мол ғұмыр кешкін ылайым.
Арайлансын қуанышпен әр күнің!
Кірпігіңе жас тұрмасын бір тамшы.
Бақшасында бақытыңның ән салшы.
Сені сүйген бір адамды шын танып,
Мәңгі соның жүрегінде сен қалшы.
Сегіз қырлы қазақтың сен қызысың,
Ерте кеткен әкеңнің сен ізісің.
Жүрегі үлкен, мейірімді әпкесің,
Тәрбиелі бірегейі, бірісің.
Сен анасың қос баланы өсірген,
«Жақсы бол» деп әр уақытта өтінген.
Саған тартқан ақкөңілді, ақжарқын,
Екеуінің нұры тамған бетінен.
Жақсылығың шықсын әр кез алдыңнан.
Орындалсын арман-мақсат талпынған.
Көріне бер ақ шыңынан арманның.
Өзгерме тек, осы жап-жас қалпыңнан.
Денсаулығың мықты болсын, жүзге кел!
Алыс емес шығар биік, алтын бел.
Ақылдысың, білімдісің, жақсысың,
Бағалайды еңбегіңді туған ел.
Жанғожа Берзекейұлы Сандыбековтың рухына арналады
Жанғожа сырбаз жігіт, ер тұлғалы.
Жүретін шын қуанып, үй болғалы.
Жүрегін кернеуші еді мол махаббат,
Бүлдіршін күлкісіне үй толғалы.
Қазақпыз қызды атаған «бибі», «бике»,
Насиқа, Жұмабике, Оразбике.
«Әке» деп жүгіргенде қарсы алдыңнан,
Бақыттан бас айналып, босар жүйке.
Батима заты орыс, аты Анна,
Қосылған ғашық болып Жанғожаға.
Айырып қатал соғыс жан жарынан,
Түсірген жүрегіне жанған қоза.
Жәкең кетті майданға ел қорғауға,
Арқалап ашу-ыза ата жауға.
«Ораламын, күтіңдер жеңіспенен,
Қауышамын ел-жұртпен аман-сауда»
Атысты, жауыз жаумен жағаласты,
Қара жер қанмен бірге араласты.
Көгілдір көктемінде қырық үштің,
Жанғожа қапылыста қаза тапты.
Жанғожа, ұмытпайды туған елің.
Әже болған қыздарың, жиендерің.
Қырық жастан аспаған қайран әке,
Ата болып алшаңдап жүрер ме едің?!
Бұйырды топырағы Россияның.
Жері ғой Смоленскі бір қияның.
Қойғанда бір құшақ гүл зиратыңа,
Сездің бе, жібергенін Батимаңның?
Күйеу балаң Ғалымжан гүл апарған,
Дұға-аманат жеткізіп балалардан.
Рухына тәу етіп атасының,
Оралған шын қуанып сол сапардан.
Әбсәмат күйеу балаң ел қорғаған,
Берлинге ата жауын қуып барған.
Қыздарың елің үшін еңбек етіп,
Оразбикең зор құрмет, алғыс алған.
Оралды елге Рухың жеңіспенен,
Хабармен «Жеңіс келді!» «Жеңіс!» деген,
Қуанды асыл жарың Батимашың,
Насиқаң, Жұмабике, Оразбикең.
Амантай Сәбитұлының 61 жас мүшел тойына арнау
Туған күнің құтты болсын, бауырым!
Арта берсін абройың, қадірің.
Денсаулығың мықты болып әруақыт,
Аман болсын шаңырағың, қауымың.
Қосағыңмен шын сыйласып тұра бер.
Жақсылықпен тұрмыс дәурен құра бер.
Бала-шаға, немерелер көбейіп,
Ондаған жыл ортасында бола бер.
Алла берсін шаңыраққа шын бақыт.
Балаларың бірі-жақұт, бірі-ақық.
Өсе берсін ұрпақтарың өнерлі,
Асуларға бола берсін жолы ашық.
Орындалсын барша тілек арманың,
Жолында оның шаршап бір сәт талмағын.
Қуанышпен атқан таңды қарсы алып,
Сезбей-ақ қой алпыс жастың салмағын.
Софияңмен алтын тойға жете бер.
Мүшелдерден еш қиналмай өте бер.
Кең пішілген кеңпейілді қалпыңда
Күліп-ойнап, жайраң қағып жүре бер.
Бажаң Абайдың отбасы.
Күйші Тойкенге
(Т.Күдероваға)
Құтты болсын күмбірлеген
Күйге толы мерекең!
Наурызбен кіре берсін
Отбасында берекең!
Аман болсын Ағыбайың,
Думан, Дана, Аруай,
Абройың асқақтасын
Кеңнен болсын керегең.
Үміт, арман жетелесін
Асулардан аса бер.
Ел алдында Алла берген
Өнеріңмен таса бер.
Күйші Тойкен!
Балалармен өнегелі, өнерлі
Аспандағы шоқжұлдыздай
Жарқырап тек жана бер!
Кене апамның қазасына
Жұдырықтай жүрегім бар кеудемде,
Сыздап, қысып ауыратын әудемде.
«Қуанған мен қорыққан да бір»деген,
Шыдамайды қайғы-мұңды көргенде.
Қайтыс болды бір әулеттің анасы.
Баршасының мейірімді панасы.
Кіп-кішкентай сүйеніші шалының,
Ақылшысы, сезімі мен санасы.
Бәйбіше еді бармағынан бал тамған,
Шаңырағына талай жақсы кеп қонған.
Жақсы келін, жақсы ана атанып,
Ағамыздың жақсы жары бола алған.
Көсіліп ана соңғы рет жатыр төрінде,
Отырмыз үнсіз қайғы-мұң орнап көңілде
Дем алып қана жатқандай бір сәт тынығып,
Арманын ойлап жете алмай кеткен өмірде.
Тоғыз бала толғатып туып өсірген.
Болмаған күні ошақтың отын өшірген.
Еріне сыйлы, еліне сыйлы, жан апа,
Өмір бойы кетермісің көңілден.
Анамдай тура еркелеп Сізге келуші ек,
Бірге жылап, бірге кейде күлуші ек.
Мейірімді көздеріне үңіліп,
Оттан ыстық ықыласын сезуші ек.
Иманыңыз жолдас болсын, жан апа.
Кешіріңіз өтсе бізден бір қате.
Топырағың торқа болып, жұмақтан
Орын берсін Жаратқан күш бір Алла.
17.11.2007 жыл.
Мектеп мұражайына 35 жыл
(Соколовка ауылы)
Амансың ба, ауылдасым, хал қалай?
Елің тыныш, болсын әркез көңіл жәй.
Өткеніңнен сыр шертетін ұрпаққа,
Өркендесін мектебіңде мұражай.
Мұражай-бұл қасиетті бір мекен,
Көз алдыңда тұрар заман бар өткен.
Тоғыстырар ғасырларды бір жерге,
Таныстырар табыстармен қол жеткен.
Мұражайдан көреміз біз көнені,
Ұрпақ үшін көп қой оның берері.
Дағы қалған жауынгердің қолының,
Қызықтаймыз тамашалап жебені.
Ел қорғаған батырлардың сауыты,
Неше түрлі қару-жарақ қауыпты,
Ескі соқа, дирмен тасы, құжаттар...
Алып келер бір сәт саған тарихты.
Отыз бес жыл еңбек еткен қажымай,
Ұлағатты ұстаз Виктор Огневой.
Еңбегіңіз жана берсін, ардагер,
Өсе берсін қанат жайып мұражай!
Менің сүйікті телеарнам және радио...
Күнде көріп мақтанамын көксандықтан көгілдір:
Қызылжардың нұр даласын, жыр қаласын, Есілін.
Көк теңіздей желмен ойнап толқынданған егінін...
Ашқандай бір күй кешесің жаннаттың сен есігін.
«Туған жердің тұлғаларын» сағынышпен еске алып,
Қыздарымыз «Айғанымдай» ел билеген басқарып.
«Біздің елдің жігіттері» ақылды ғой айбатты.
«Көксандық...» та таныстырды тарих кенін ақтарып.
Әруақытта арқау етіп елдің мұңын, мұқтажын.
Жалаулатып көсемсөзді қорқып, үркіп бұқпадың.
Ел бастаған азаматтар құлақ түріп тыңдаса,
Шындық туын аспандатып, желбіретіп жықпадың.
Радио мен теледидар, сірә, егіз туғандай.
Қосарланып халқымызға жігер беріп тұрғандай.
Атқан таңмен Әнұранды асқақтатса аспанға,
Жаратқанның нұр-сәулесі ақ жауын боп құйғандай.
Ондаған жыл тәрбиелеп Отансүйгіш сезімге,
Жас ұрпақтың қайрат-күшін қайрап нағыз кезінде.
Жамандықтан алыстатып, жақсылыққа жақын ғып,
Салауатты өмір салтын үлгі еткен сөзінде.
Халқымыздың әдет-ғұрпын, салт-санасын жыр етіп,
Әдебиет, мәдениет абройын ту етіп,
Қазақ Елін бар әлемге жәриялап жан-жақты,
Теледидар таратады ақпараттар салмақты.
Радио мен теледидар елдің жақын досындай,
Қуанады көріп, тыңдап болғанына осындай.
Төрткүл дүние егер күнде өз үйіңде орнаса,
Табылар ма, басқа адам көзі ашық, жаны бай?
Теледидар ең қуатты ақпараттар құралы.
Барлық әлем көз ілеспей қасыңа кеп тұрады.
Әсерлі ән мен тәтті күйлер қапа болған шақтарда,
Көңіліңді әсемдік пен жақсылыққа бұрады.
Тілшілерге бар айтарым-шын жүректен тілегім:
Қалам тербеу, сөз бастаудың қиындығын білемін.
Жазғандарың сүбелі де, жатық болып әрдайым,
Көрерменнің тербей берсін жан-дүние, жүрегін.
Әр күн сайын ақпараттар құралдары арқылы
Куә болам жадыратар жақсыға да, олқыға.
Құдіретті Елім менің сағат сайын өркендеп,
Жан түршігер жамандықты естіртпесін бірақ та.
Жасай берсін ең қуатты ақпараттар құралы.
«Жақсы сөзі-жарым ырыс» көңіліңе қонады.
Халқымыздың жоғын жоқтап, жырын жырлап жүретін,
Радио мен теледидар бізбен мәңгі қалады.
Елбасымен жүздесеміз ертелі-кеш бәріміз
Қамқорлығын сезінеміз үлкен-кіші, кәріміз.
Қазақстан-ұлы Отан, ашық болсын аспаның!
Арта берсін атақ-даңқың, кіре берсін сәніміз!
03.09.2010
Арайлым мен Жанболаттың үйлену тойына арнау
Бүгінгі күн-ата-ананың орындалды арманы.
Бүгінгі күн-шын қуанып, көңілінің толғаны.
Күн тәрізді бір шаңырақ көтеріліп төбеге,
Жаратқан күш разы болып екі жасты қолдады.
Дауылбай мен Күлбағыштың қызы қонып қияға,
Көкен құда жайраңдайды ұлы қонып ұяға.
Құтты болсын ақ отауы қол ұстасқан жастардың.
Сырлы сезім, нұрлы сезім-махаббаттың тұрағы.
Қызылжардан ақ тілекпен келіп тұрмыз қуанып,
Жүрегімнің түкпірінен ақ маржандай жыр алып.
Құда-жекжат, туған-туыс отыр, міне, ортада,
Екі жастың бақытына куә болып жиналып.
Қабыл болсын ата-ананың ақ батасы ылайым!
Шаңыраққа құт-береке берсінші тек құдайым.
Арман-мақсат орындалып, табыстарға жетіңдер,
Сапарларың сәтті болсын, Жанболат пен Арайлым!
Соколовка ауруханасына 70 жыл
Хош келдіңдер, дәрігерлер!
Ертелі – кеш әбігерлер.
Елеулі еңбек куәлері,
Сыр шертеді жәдігерлер.
Жетпіс жылдың аясында,
Емдеп кәрі, баласын да.
Жүздеген жан еңбек еткен,
Аурухана, емханада.
Құтты болсын мерейтойың,
Қимас біздің достарымыз!
Жана берсін еңбектерің,
Аман болсын бастарыңыз!
Өсіп-өніп бала-шаға,
Тоймаңыздар тамашаға.
Ауырмаңдар, ауру болу
Дәрігерге жараса ма?
Әр қайсыңа асыл тілек,
Жеке-жеке арнар едім.
Дүниенің бар асылын,
Сіздер үшін таңдар едім.
Өздеріңмен кездескенде,
Әзіл – қалжың айтпақ едім.
Шын жүректен, әріптестер,
Жырдан шашу шашпақ едім.
Туберкулез десе бізге,
Павел Саныч елестейді.
Фтизиатр біріншіні,
Аймақтағы кім білмейді?
Қартайды ғой Дурасовтың,
Емдеп жазған балалары.
Өзі бірақ әлі жап-жас,
Қутың қағып жүреді әлі.
Біздің шағын перзентхана,
Қанша ананы бақытты еткен.
Наталья Борисқызы
Кірін жуып кіндік кескен.
Соколовка аумағында,
Аяқ асты ауырғанда.
Ешуақытта іс бітпейді,
Оспановқа бармағанда.
Жүрек шаншып, балтыр сыздап,
Келе қалса науқастары,
Өз орнынан табады әр кез,
Крахмалева Ларисаны.
Жедел жәрдем күні-түні,
Дамыл таппай зырылдайды.
Фельдшер Галина Макарқызы
Қартайса да бір тынбайды.
Надежда Ручинская –
Терапия медбибісі.
Қоңыраудай дауысы бар,
Қолы жұмсақ, жүзі жылы.
Қазақстан-алтын ұя,
Баршамыздың Отанымыз.
Кездесейік амандықпен,
Сиремесін қатарымыз!
28.07.2006
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру