Көкжал
Бауыржан Момышұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Көкжал
(әңгіме) Соғыс күйгелегінде жүріп көктемнің қалай өткенін білмей қалдық. Қыстың әсері бойымды құрсап-ақ алған екен. Тапа бүтін оянғандай тар құшағынан құтылып, жер жүзі жымыңдап құлпырып тұр екен. Құлпыра күліп тұрғандай болды. Мен де жанды бейнені көріп тұрып, мейірімді күннің сәулесі денемді балқытып, көңілімді табиғатқа елжіретіп, бойымды босатты. Басқалармен бірге мені де күн сәулесімен сүйгенін сездім бе, аязға қысылып, қарға көміліп, күйініп, батпақта тайып, қиядан сүріне жығылып, жан сақтау үшін сая іздеп паналап, тығылып:
Өмірдің жазы да бар, қысы да бар,
Жаны бірге, ары бірге жан таппадың ба?
Жарым да жоқ, досым да жоқ, сырласым,
Аз өмірде көп алдандым.
Құр дегенім жер боп шығып құшқанда,
Күле кіріп жан сырымды біліп алып,
Шыға беріп күңіренеді достарым.
Жақын жан көп — ұғушы жоқ зарымды (ойымды)
Туғаны жоқ, тұрағы жоқ жолаушы.
Мен ой үстінде келе жатсам керек. Айналаға назарымды салмаппын. Барамын деген штабымның үйінен өтіп кетіппін. Құрып жатқан қоршау қорғанымыздың төріне жетіппін. Ол — қыстақтың артқы жағы еді.
— Аға лейтенант жолдас, — деген дауыстан оянып қарасам, алдымда тұрған Рахимов екен.
— Иә, сен бұл жақта неғып жүрсің? — деген сұрағыма ол жауап берместен:
— Сізді телефонға генерал шақырады, — деді.
Екеуіміз тездеп штабқа жеттік.
— Момышұлы жолдас, — деген генералдың баянды даусын телефоннан естіп:
— Иә, мен, генерал жолдас, — деп демімді ала беріп жауап қайтардым.
— Алдағы сарынның арты шабуылға айналып жатыр, — деді генерал сабырлы даусымен.
— Ал, көптен күткен басталар іс басталды. Келісім бойынша берік болыңыз. Қапылыста қармап жүрмесін. Жауынгерлер қалай? — деп сұрады.
— Тырмысып істеп жатыр, генерал жолдас.
— Меніңше, кешікпей-ақ сіз де іске кірісесіз, — деді генерал. — Ал, бағыңыз жөнді болсын, — деп бата бергендей біраз үндемей тұрып, — егер неміс темір болса, сіздің адамдар көмір болып ерітуге жарасын. Алдағылар да оның алдыңғы қарқынын басыңқырағанда ғана шегінер деймін, бірақ та «күш әкесін танымайды» деген есіңізде болсын.
— Құп болады, генерал жолдас.
— Әзір салмақ Капровқа түсіп жатыр. Сол бағытқа әзір болыңыз. Уақытыңыз бар ғой. Өзіңіз мүмкіншілігіңіз болса, тағы бір аралап, жауынгерлермен тілдесіңіз, — деп қарт сөзін аяқтай беріп — жалтақтап жәрдем күтпеңіз, бар болса, қарастыруға мен даярмын, — деді де сөзін аяқтады.
Орды аралап бара жатқанымда бірінің артынан бірі шоңқия құлап біз орналасқан қыстақты дәлдей құйылған самолеттерден үзіліп аққан бомбалар ызыңдай ағып келеді. Барлығымыз ор ішіне жабысып бұға қалдық. Бомбалар түскен жерлерінің қыртысын, құйқасын айналдыра жерді сілкіндіргендей дүрілдете дабыл қағып жарылды. Басымызды көтергенше алты қаз құстар қалқып, қайта айналып соғып төмендей беріп, үстімізден зуылдата оқ жаудырып, бірінің артынан бірі өте шықты.
— Қап, мынау иттің басынғаны-ай! Бас көтертер емес қой. — Қасымдағы Синченко үстін қағып орнынан тұрды.
— Қалай екен? — деп одан манағы Бозжановтың «көкжал» дегені ыржия күліп орнынан тұра беріп сұрады.
— Қалайын сұрайсың, Курбатов, әйтеуір жанымызды шүберекке бір түйдірді ғой, — деді оған Синченко.
— Иә, әйтеуір, сенің жаның ардақты, түйе бергін, — деп оған Курбатов сақ-сақ күлді.
Бір орыстың баласы таза қазақшалап мүлтікпей қалжыңдасқанына мен таңданып бірінші рет қарап:
— Ей, сен өзің орыспысың, әлде, қазақпысың, — деп сұрадым. Ол тік тұра қалып:
— Комбат жолдас, орыс десеңіз орыс екенім де рас, қазақ десеңіз қазақ екенім де рас.
— Жоқ, сен шыныңды айтшы. Ол ыржаңдап күліп:
— Шыным сол, комбат жолдас, — деп біраз тұрып, ата-тегім орыс, өзім де орыспын, комбат жолдас. Кіндік кесіп, кір жуып өскен жерім — Қазақстан. Қазақ елінің бір баласындай болып өскен орыстың бірі болармын.
— Ал, сені Бозжанов неге көкжал дейді?
— Ол мені еркелеткені ғой, комбат жолдас. Ешқандай жалым жоқ, жай токарьдің біреуімін. Ол кісі жауынгерлермен дәріптей қалжыңдасады. Біз онысын көтереміз, — деді ол.
— Жоқ, комбат жолдас, — деді тыныш тұрмайтын Синченко. — Бұл шынында сау сиырдың боғы емес.
— Па, шіркін! Мүлдем атамды танытып мақтадың. Одан басқа сөз аузыңа түспеді ме құрғыр-ау, — деп Курбатов күлді. Назарымды одан ала бергенде, зу-зу етіп зеңбіректің оғы үстімізден аса түсіп жарылды. Курбатов op түбіне құлай кетті.
— Ей, саған да жан керек екен ғой, — деп оны Синченко жағасынан сүйрей көтерді.
— Қорыққаным емес, үріккенім ғой, комбат жолдас, ғафу етіңіз, — деп ұялған тәрізді көрініп, тұрып бара жатты.
— Үрейленбей, үріккеннің айыбы жоқ, ерім... Ал, енді біздің кезек қашық емес көрінеді. Алдағы ойран соғыстың дабырын естіп тұрсың ғой. Жаңа ғана генералмен сөйлестім. Ол кісі бізді алдыңғыдан кейінгі екінші тиянағымыз деп санап отырғанға ұқсайды.
— Политрук жолдас, бізге жаңа ғана «осы жердегі генералдың сенгені бізбіз, дұшпан алдағыларды түре итеріп жылжытса, біз осы жолдың түйінін берік ұстап тұруымыз керек» дегендей түсініктерді айтып кеткен еді, комбат жолдас.
— Ал, жігіттер не деді? — деді оған сабырлы Рахимов.
— Генералдың бұйрығын екі етуге бола ма, лейтенант жолдас. Біз де генералға сенеміз. Ол кісінің сөзін екі ете алмаймыз.
— Дұрыс, ерім, дұрыс. Ал, енді сен бұл жерде тұрғанды қойғын. Сен бірінші ротаға барып, командиріңнен рұқсат алып, окоптарды аралағын, «берік болсын» деген сәлемді жігіттерге айт. Болашақ соғыстың бас-аяғында сонда болғын.
— Жарайды, құп болады, комбат жолдас, бірақ... — деп мүдіріп, — политрук жолдас маған осында болғын деп еді...
— Жоқ, сен енді сонда болғын.
— Құп болады, комбат жолдас.
Курбатовпен солай қоштасып ажырастық. Ал, енді оқушым, екеуіміз алдағы азан-қазан болып жатқан майдан шеңберін барып аралалық. Мен айтушы болайын, сіз тек тыңдаушы болмастан, шынды көзбен көріп, алыстан болса да дұрыс болжаушы болуға жараңыз. Мен айтып жеткізе алмасам, сіз ойлап жетіп, оқиғаның кемшін жерін өзіңіз толтырыңыз.
Айнала жым-жырт, ай тастай қараңғы.
— Командир жолдас, сізді штабқа шақырады, — деп жүгіріп келді. Демін ала беріп, бір капитан келіп, генералдың қайда екенін сұрайды.
Келсем, орта бойлы жасы қырыққа жақындаған, ат жақты, тұнық жасыл көзді, қыр мұрынды капитан штабта отыр екен. Танысқаннан кейін ол маған:
— Аға лейтенант жолдас, мен PC дивизионының командирімін. Алда қиын жағдай дейді. Осы қыстаққа келіп, генерал Панфиловпен жолығып, сіздің дивизияға біраз жәрдемдесуге жіберіп еді. Мен ол кісімен қалай жолығар екенмін. Мүмкін болса тезірек жолықсақ, тобымыз мұнда менің артымша шыққан болар, жақында келіп те қалар.
Капитанның келгенін генералға телефонменен хабарладым.
— Иә, иә, дұрыс. Жаңа ғана үлкен кісі (генерал Рокоссовский) хабарлап еді. Келгендері жақсы болған екен, — деді де генерал капитанды сұрады.
— Мұнда тұрмын, генерал жолдас. Капитан Николаев, — деді капитан менен трубканы алғаннан кейін. — Иә, осы мен тұрған қыстақтың атын атап еді. Жақында келіп қалар, комбат жолдаспен ақылдасып орналастырармыз... Абайлармыз. Барлығы он бір залп, генерал жолдас... Оның жетеуін... Қайдам бұдан артыққа рұқсат жоқ еді, генерал жолдас... Айтуыңыз бойынша қимылдармыз... Құп болады, генерал жолдас. Міне, беремін, — деп маған трубканы ұсынды.
— Момышұлы жолдас, — деді генерал. — Арамыздағы байланыс сенімді, үзілмейтін болсын. Сол жағын тездеп қолға алыңыз. Тіке меніменен ғана байланысыңыз. Мен алдын болжап айтып, сол мен сілтеген жаққа қарай капитанды пайдаланыңыз. Байланыс үзілмесін. Мен капитанға тапсырған мәселелермен келісіп алыңыздар екеуіңіз, — деді генерал сөзді аяқтап.
Мен телефонды қоя бергенімде, есіктен дүрбі асынған сұңғақ бойлы лейтенант кіріп келіп:
— Капитан жолдас, 8-16... деп баяндады.
— Ал, онда (4 жол оқылмайды)...
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру