Мазмұнға өту
Home

Жұмбақ жайлап, аңыз өрген Маңғыстау

Отыншы Көшбайұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Жұмбақ жайлап, аңыз өрген Маңғыстау

Отыншы Көшбайұлы — «Жұмбақ жайлап, аңыз өрген Маңғыстау». ЖҰМБАҚ ЖАЙЛАП, АҢЫЗ ӨРГEH МАҢҒЫСТАУ

/uploads/a8d191d4-16c0-5b12-a8fb-6fd7de62b0be/cover.png

ЖҰМБАҚ ЖАЙЛАП, АҢЫЗ ӨРГEH МАҢҒЫСТАУ

Сонау ықылым замандарда өлке жерінен әрлі-берлі өткен керуендерге жол басшы болған сұңғыла шежірешінің шерткен аңызы содан бері әлі таусылмапты. Тауыстырар емес. Өйткені, осы бір қасиетті өлкенің жол бойында кездесер әрбір тау тасы да, ана мүлгіп тұрған әулиелері де тиіп кетсең таңғы шықтай сау ете түсер сырға толы. Сол аңыздардың ізімен суыртпақ тартқандай боп ере берсең, көз алдыңда көмескі тартқан ескі сүрлеу бұралаңдап отырып, ақыры өзің іздеген межелі жеріңе жеткізеді. Кешегі жұмбақ өз шешуін айтады. Тұла бойыңа шым-шымдап тарап, жаныңды тербеп отырар аңыздың бір кездегі шындықтан бастау алғандығы, туған топырағыңның әрбір түйірінің қасиеттілігі мерейіңді өсіре түскендей. Жым-жырт тыныштық басқан, әрбір тал шөбі мен топырағына дейін қылау түспеген тарихи ескерткіш ескі қорымның ішін аралап көрші. Мына даңғаза дабырасы көп өмірде құлазып келген көңіліңді көтеріп, қолтығыңнан демеп жіберетіні де ақиқат. Көгенің созылып өрісің болған, ата бабаңның жамбасы тиген сол жерлерге сағына жететініміз де осындай құдіреттілігінен шығар. Қашан келсең де дана өлкеңнің саған айтар аңыз шежіресі таусылмақ емес, жұмбақ сырларының шеті көрінер емес. Маңдайыңнан сипап, тағы да туған жеріңнің құдіреттілігі туралы қоңыр үнмен күмбірлей баяндап санаңа құя береді, құя береді. Сен тек ерінбе, оның жетелі тыңдаушысы бол. Сонда ғана осы топырақтан жаратылып, кіндік қаныңның осы топыраққа тамғанына мақтаныш сезімі ұялап, тағдырыңа мың да бір ризалығыңды білдіресің.

Автор.

АҢШЫНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Маңғыстау халқы мал өсіріп, бар ырыс несібесін соның үстінен тапқаны белгілі. Бірақ сол малдың жайылымы, қыс қыстауы мен жаз жайлауының өзі көп еңбекті, көп біліктілікті қажет ететіні даусыз. Ала жаздай қоныс аудармай бір жерде тапжылмай отырып, күн ұясына батпай-ақ малын иіріп әкеліп торға қамайтын, тал түске дейін өшін ұйқыдан алатын қазіргі қойшылардың тірлігін бір кездегі мал қадірін, жер қадірін білетін шалдарға жеткізсе, ой қайдам, ешкім маңдайынан сипай қоймас. Мал соңындағы бақташы өз өрісіндегі шөптің құнары, жердің ықтасыны ғана емес, оңай жерден опық жегізетін даланың ит-құсын да көзінен таса қылмайтын. Қырқа астында әріден орағытып кетіп бара жатқан бөрінің зымиян ойларын одан бұрын сезіп, алдын ала қамданатын, қанаттас көршілеріне хабар беретін. Күштері келмей бара жатса қолы киелі, қақпаны қанды болып келетін атақты аңшыларға арнайы ат сабылтып барып өтініштерін айтатын. Онсыз да даланың тыныс тіршілігіне көзін тігіп, құлағы түрік жүретін аңшы қақпанын арқалап тау-тасты жағалайтын. Жыламсырап ағып жатқан ыза бойындағы аңдардың шиырлап тастаған іздерін тіміскілеп жүріп қақпанын құрушы еді. Үйіне келгесін де тыныш жата алмай, жүрегі әлденені сезген аңшы араға күн салып, тағы да аяғын үзеңгіге салып жататын-ды. Жолда келе жатып қақпан құрған жерінің ой-қырын көз алдына елестететін. Аяғына желімше жабысқан қара темірді қаншама тістелеп, қаншама арпалысса да босата алмаған бөрінің қай жерде жатқанын да шамалар еді.

Аңшының қарасы көрінгеннен-ақ қасқыр одан құтылу үшін барын салады. Манағы жіліншігін тас қылып қысып, жанын ауыртқан қақпанның салмағы да білінбегендей үш аяқтап бұрынғы дағдысымен қиын жотаға қарай тартады. Бірақ шынжыр ұшындағы қармақ біресе тасқа тіреліп, біресе бұтаға ілініп діңкелетіп барып отырғызады. Қай малдың да құтын қашырып, есін алатын, шәуілдеп үрген иттің құйрығын бұтына қысып иесінің артына тығылған кездерін талай көрген бөрі еді бұл. Бір шетінен кесіп өткенде тісі тиген, үстінен аттаған малдары пері соққандай орнынан тұра алмай домалап жататын. Енді міне, ол дәурен көзден ұшып аяғындағы қақпан мен ана келе жатқан екі аяқтының өзінің түбіне жетер тажал екенін бір түйсік арқылы сезген қасқыр дәрменсіздігіне налығандай тұмсығын көкке көтеріп ұлиды. іле арпылдай үріп кейін бұрылады. Бұл оның соңғы айласы, соңғы амалы. Көзі қанталап өзіне жақындап қалған аңшыға бар күшін салып атылады. Бірақ кәнігі қолдан шыққан қатты соққы қара тұмсықтан тиіп ештеңе ойлауға да мүмкіндік бермей жерге жабыстырады. Бірде Талақтың ойы, бірде бұйра-бұйра болып созылып жатқан Бостанның құмы, Кіндіктінің құдығы, Үстірт асар қия жолдар көз алдынан бірте-бірте алыстап бара жатады. Жүрегіне түк біткен аталары әрбір басқан қадамына есеп беріп "мен тек қақпаннан қорқам", — десе де ақыры соның құрбаны болып еді. Енді сол құрсау мұны да қолына түсірді...

Осы бір мұп-мұздай темір арқалаған адамдар бұл өлкеде көп те емес. Өздері жаяу жалпы. Солай бола тұрса да құлағына құдай сыбырлағандай қашанда бұлардың алдынан шығады. Асықпайды. Шың үстіне шығып алып қолындағы жұдырықтай темірін көзіне тақап, төмендегі сай-саланы асықпай қарап тұрғаны. Әсіресе бұл жатқан жерге келгенде көп кідіреді. Шың қойнауындағы қарағанды қалқалап жатқан қасқыр да тапжылмайды. Әшейіндегі аштығын, арықтығын білдірмей күдірейіп көрінер жүндері де су тигендей денесіне жабысып жерге кіре түседі. Артқы аяғын бауырына созып сояудай тырнағымен бір тартып өткенде бұқпа жатағы кеңіп сала береді. Бірақ осы кезде аңшы үш-төрт қақпанын қапталына байлап, тастан-тасқа секіріп төмен түсе бастайды. Жасы біразға келсе де жас жігіттен артық. Мылтығы арқасында. Жүрек шайлықтырар темір мен дәрінің исін сезген қасқыр аңшымен одан әрі тіресуге жігері жетпей, орнынан атып тұрып жоғары қарата қиялай тартады. Аңшының мұнымен ісі де болмайды. Қасқыр жүрген сүрлеуге, жан-жағына қарап тұрып ана бір айналма тастың ығына, төмендегі ыза бойына өскен қамыс ішіне қақпанын құрып, тағы да тастан тасқа секіріп бара жатады. Содан ештеңені көріп сезбегендей екі-үш күнді артқа тастайды. Ал, қасқыр болса алыстан бақылап бір күнді зорға өткізеді. Өйткені шың астында көлеңке сағалаған жылқылар да, жан-жағына едірейе қарап, құлап түсіп жүрген аңдар да аранын аштырып барады. Бүлкілге басып әлгі жаққа бет алады. Осы кезде өткенде малын алдыртып ашуға мінген үш-төрт малшы тегістікті пайдаланып, гүрсілдете атып соңынан түседі. Бөрінің бұған жаны ауырып, жүрегі шайлыға да қоймайды. Өзіне таныс жырадан бір-ақ шығып, келемеж қылғандай асықпай артына қарап бірте-бірте әлгілерден ұзап бара жатады. Сайға келіп кілт кідірген машина өз шаңына өзі көміліп, үстіндегілердің қалай болса солай атқан оқтарының ысқырып өтіп, айдалаға маңып бара жатқанын сезеді. Тек осылар болса керегін кертіп жеп, аузы жылы қаннан арылмас еді ғой. Машинаға сиғанынша мініп, қаудырласа сөйлесіп мұның орағыта салған алдамшы ізінің соңында діңкелеп кешке дейін жүретін талай "аңшысымақты" көрді емес пе. Бұған ең қиыны жаңағы Алдаберді сияқты атқан оғы жерге түспейтін аңшылардың осы аймаққа келіп кеткені.

Шың басына бұқпантайлап келіп жата кетті. Төмен қарап кешегі өзінің жатқан жерін, суатқа түскен іздерін көрді. Көзге қораш ештеңе байқалмайды. Тек ылғал жерді жағалай өскен, әлі өңі тая қоймаған жанақты толтыра асап, асықпай күрт-күрт шайнап тұрған жас тайлақтың дыбысы ғана келеді. Одан артық шыдап тұра алмаған бөрі жерге жабыса төмен түсе бастады. Салмағын салмай аяғын еппен басқаны соншалық, артындағы ізі болар болмас көрінеді. Кешегі жатқан жеріне жақындады. Танауын жыбырлатып иіс алды. Топыраққа сіңген өз сарығына қосыла шыққан темірдің де исі бар сияқты. ілгері жылжудың қауіпті екенін білген қасқыр көткеншектеп кейін шегінді. Шоқиып отырды да бұрынғы түсіп шығып жүрген жолынан ауып айналма тасқа қарай беттеді. Кенет қанша аңдып басса да алдыңғы аяғының төмен түсіп бара жатқанын білді. Бір нәрсені сезгендей жан ұшыра ілгері секірді. Шарт ете түскен дыбыспен бірге жіліншігін тістей қадалған қақпан топырақ астынан қоса шықты. Қанша арпалысып тістелесе де қара темір мыңқ етпей жабысты да қалды. Бұл талаған, мұның тісі тиген не пәле болса да оңбаушы еді. Ал мына аяғына жабысқан жұдырықтай темірдің ештеңесі де кетер емес. Құмның құлығымен қозғалған сайын денесіне сіңіп барады. Қақпанмен арпалысып жүріп домалап біраз жерге барыпты. Қиялап жоғары шығып кетудің мүмкін еместігін білген бөрі үш аяқтап төмен қарата қозғалды. Бірде дәрменсіздігіне көмек сұрағандай тұмсығын көкке созып ұлыса, бірде ызаланып абалап өз аяғын өзі қабады.

Қызарып таң атты. Алыстан бұ жақтыра қоймайтын машинаның даусы естілді. Бөрінің көз алдына тау түстес ақсұр киім киген мұртты аңшы елестеді. Жаныңды жадыратар жазғы күннің таңғы салқыны әлгі дауыстың осы бағытқа келе жатқанын аңғартады. Ешқайда бұрылмастан тұп-тура шыңның жиегіне келіп тоқтады. Кілт тоқтаған машинаның артынан бір елі де қалмай қуып келе жатқан бензин исі мен шаңға қосылып құмның шағыры мен жусанының да исі шықты. Бұған етене таныс мұртты аңшы асықпай жерге түсті. Көлігінің артқы есігін ашып дорбасынан үстінен өмірі тастамас ақсұр киімін алып киді. Шошайған мылтығын иығына ілді де, дүрбісімен тау-тасты сүзе бастады. Ербиіп қасында тұрған, қызық үшін келген жолдасының даңғырлап елді басына көтере сөйлегені ұнамады ма, қолын сілтеп тоқтатып тастады. Кәнігі аңшы қасқырдың қақпанмен арпалысқан іздерінің құлама тастарға қарай беттегенін көрді. Көп ұзамай-ақ алдыңғы аяғын көтере ақсаңдаған қасқыр құз етегіндегі тарам-тарам сай бойында өскен қамысқа беттеді. Тастан тасқа секірген аңшы соңынан тартты. Кетіп бара жатып мылтығын оқтады. Қасқыр да бірдеңені сезгендей жылдамдата түсті. Бірақ шың жаңғырықтыра гүрс ете түскен мылтық ұңғысынан шыққан оқ дегеніне жеткізбеді. Қаңқ еткен дыбысымен бірге үш-төрт домалап барып етекке түсті. Өліп жатқан қасқырдың қасына келіп өз ісіне, әлде арланға сүйсінгені белгісіз "Па, шіркін, нағыздың өзі екен", — деді. Қолын бұлғап тас үстінде шоқиып отырған жолдасын шақырды. Тізесі дірілдеп алдында кездескен әрбір тасқа жабыса, әрбір бұтаны айналып өтіп келе жатқан серігінің жүрісіне көңілі толмай "мертігіп қалмас па екен" деп ойлады. Оның әзір жетпесін білген аңшы жанынан кездігін алып бөрінің терісін сиыруға кірісті. Бірақ іле ана келе жатқан "аңшының" көруі керек екені ойына түсіп, кездігін қайтадан қынына салды. Ыза бойын шиырлап тастаған түлкінің, қарсақтың іздеріне қарап отырып, көңілі толмай басын шайқады. Қамыс ішіндегі анда-санда сыбдырлап қозғалған дыбыстан екінші қақпанның құрбаны болған түлкі екенін көрмей-ақ біліп отыр. Осы кезде асай-үсейін мойнына асқан жолдасы да келді. Тұмсығымен жер сүзе құлаған қасқырдың аузынан ағып жатқан қанды көріп, енді тұрмасына көзі жеткесін олай-былай ойқастап суретке түсірді. "Ана келе жатқан жолдасың мені тірі кезімде суретке салып алсыншы",— деп бөрінің кідіретініне көзі жеткен адамша — Бекер ертерек атқан екенсіз,- деп қояды. Арасында камерасының да істемей қалғанын айтып, кешегі құм арасындағы қонған мал аулында тоқтың жоқтығына ренішін де білдірді.

Қасқырды сойып болғасын екеуі шайға отырды. Әлдеқашан қураған қараған мен құсқан бастың түптері қара шәйнекті әп-сәтте тыз еткізді. Жантая жатып шың жиегіне көз жүгірткен аңшы екі-үш кесе шайдан кейін маңдайы жіпсіп әңгіме тиегін ағытты.

— Қақпан арқалап осы түбектің тау-тасы мен құм бойын кезіп жүргеніме де талай жылдың жүзі өтіпті. Қалай десем болады екен. Мұны арнайы кәсібім деуге болмас. Бірақ солай бола тұрса да бұл істен арамды алшақ салған кезім де болмапты. Әкеден балаға жалғасын тауып келе жатқан дәстүр ғой. Ана бір жылдары үкіметтің жұмысымен жүрген уақытымда да ретін тауып осы аңшылықпен айналысатынмын. Қазір сірә қол бос, денсаулыққа да шүкір, әзір артатын өкпем жоқ. Кезінде осы өлкеге белгілі Нұр сияқты ақсақалдарды көрдім, әңгімесін тыңдадым. Сөйтіп жүріп даланы кезіп аңдардың, ит құстардың жүрер жолдарына көзім үйренді, қақпан құруға қолым жатықты. Енді аңға шықпасам, қақпан арқалап, жер шұқымасам көңілім қоңылтақситынды шығарды. Бірақ сенің көңілің қоңылтақсиды екен деп даланың тағысы өзінен-өзі қақпанға келіп түспейді. Оларда табиғаттың жаратқан тірлік иесі. Тірлік иесі болғанда сол табиғаттың бар тынысын бойына сіңіріп, жадында тоқып, сол арқылы ғана ғұмыр кешетіндер. Өзін-өзі қорғау жолдары, сақтануы өте жоғары сезімтал болады. Кез келген аңшының құрған қақпанына аяғын оп-оңай сұға қоймайды. Жолын таба білмесең шым-шытырық сүрлеуге салып, адастырып кету олар үшін түк те емес. Ақылың мен айлаң асқанда ғана дегеніңе жетесің, қақпаныңды майлайсың. Былайша айтқанда сенімен түз тағысының арасындағы арпалыс басталады. Олар бірін-бірі танып, кездесер сәттерін күтеді. Оған дейін қасқыр қасқырлығын істеп те үлгереді. Ақыры сенің ақылың үстем болып қолыңа түсіресің. Бұл іске деген құлшыныс, ерінбей дала кезу содан басталады. Аңшы дейтін халықтың кенеттен түс көргендей аяқ астынан бар шаруасын ысырып тастап кете беретіні болады. "Атан өлсе сойылар, атам өлсе қойылар, мынадай қан сонар қайдан табылар", — деген аңшы сөздері сол іске жете берілгендіктен, онсыз тыныстай алмайтынынан болса керек.

Қасқыр бұл өте сезімтал мақұлық. Ол өзі жүріп келе жатқан жолдан иіс арқылы бұл жерден кімнің қашан өткеніне дейін біліп отырады. Бір-біріне белгі береді, түсінеді. Қасқыр жұптарының өздері иелік ететін белгілі территориясы болады. Олардың барында әлгі жерге екінші топ аяғын да баспайды. Өйткені әрлі-берлі өткенде сол жердегі биік бұтаға, тасқа сарық тастайды, яғни сарып өтеді. Өз тобының ішінде біреуі ғана жолбасшы, оған қалғандары сөзсіз бағынады. Алдарында кенеттен тап болған өлімтікке де әлгі басшының рұқсатымен ғана барады. Керек болатын болса орталарынан біреуін ғана жіберіп, қалғандары алыстан бақылап тұрады. Өйткені сол айналаға аңшылар қақпан құрып тастауы да мүмкін ғой.

Қақпан адамдардың сонау ықылым замандардан түз тағысына қарсы қолданар құралы. Қасқырды қанша сезімтал болса да құрсауына түсіріп, опық жегізетін де осы қақпан. Сенің ақылыңнан кейде олардың істерінің үстем болатын кезі де болады. Бірде мен қарақұрт шағып өлтірген түйе өлімтігінің қасына бір-біріне жақындау қылып үш бұрыш жасап, үш қақпан салдым. Араға екі-үш күн салып келсем өлімтіктен ештеңе қалып жарымапты. Қақпан сол күйінде. Байқап қарасам қасқыр жер бауырлап келіп аяғымен алдын жайлап аршып отырыпты. Қақпанның шынжырына аяғы тигеннен кейін одан айналып, алдын тағы да аршып отырған. Сөйтіп үш қақпанның ортасынан жол тауып өлімтікке жетіпті. Ақылы мен қулық сұмдығын осыдан айыра бер. Қанша араны ашылса да өлімтікке бірден бармаған. Бұл жерге тағы да айналып келетінін біліп, қақпандарымды өзгертіп құрдым. Ақыры қолға түсірдім. Бірақ сол қасқырды артынан қуып келе жатып оның ақылдылығына тағы да таң қалмасыма болмады. Артқы аяғынан қақпанға түскен қасқыр машина жүре алмастай жырарға беттеп барады. Жүрісі бір қалыпты, кідірмейді. Апыр-ау жолда кездескен бұта, тастарға қақпанның шынжыры ұшындағы ілінбегені ме деп ойлап, шоқалақты жол болса да машинамды аямай газды баса түстім. Сонда ғана байқадым, қасқыр қақпанның шынжырын тістеп алыпты. Екеуміздің арамыздағы арпалыс біраз уақытқа созылды. Қырсыққанда мылтығым артқы жағымда қалған.

Машинаны тоқтатып мылтығымды алам, оны оқтаймын дегенше қасқыр жыраға түсіп ұстатпай кетуі мүмкін. Неде болса машинамен қағайын деп көп жағаластым. Қанша туралап келсем де, бұлтың етіп екінші жағымнан шығып тұрғаны. Ол шаршады ма, әлде менің жолым болды ма, әйтеуір қағып құлаттым. Аузынан қан кетіп өліп жатқан қасқырға қарасам бақайдан шынтағына дейін жүні жоқ екен. Сонда барып нағыз айлакер арланды қолға түсіргенімді білдім. Кешегі үш қақпанның арасынан жол тауып өлімтікті жеп жүрген де, қойшыларды зар илетіп, қораға түсіп ұстатпай жүрген де осы болды. Аяғының жүнінің жоқтығы үнемі ауладан секіріп түсіп жүргендіктен екен.

Міне, қасқырдың осындай да ерекше қасиеттері болады. Ерекше демей қайтесің, әшейінде бір тоқтыны жұғын көрмейтін, ашқарақ көретін жыртқыш керек болса алдындағы өлімтікке бірден ауыз салмайды. Бірнеше күн нәр татпай да жүре беруі мүмкін. Менің өмірден көрген тәжірибемде бұл аңды қасиетті көретінім оның тісі, аяғы тимесе де үстінен аттаған малы оңбайды. Бұл бір. Екіншіден біздің "қасқырдай жүректі", — деп жататынымыз бар емес пе. Ана бір жылдары бір танысым келіп қолқа салғаны. Бір жекжатының қатты келе жатқан машинасы аударылады. Алда құлама шың. Аударылып бара жатқанда әлгі шыңнан ұшам екен деген ой болса керек, аман қалса да қаралай жүрегі дірілдеп, өзінен-өзі қорқып отырады екен. Соған емшілер қасқырдың жүрегін жегізу керек депті. Тілегін орындадым. Ем болғаны ғой, әлгі адам жазылып кетті.

Тағы бір қасиеті бұлардың еркегі, не ұрғашысы өлсе бірден екіншісімен жұптаса қоймайды. Бірнеше уақыт бойы жалғыз күй кешеді. Бұл да бір қасқырға тән қасиет. Жыртқыш болса да осындай әділдігі болады. Адамға бергісіз деп жататынымыз бар емес пе. Сол қасиет осы болса керек. Негізінен олардың жұптары өлгенше сақталады. Жалғыз қалған қасқырдың жұптасуы басқа мақұлықтардай бірін-бірі талап, еркектерінің жеңіске жетуі арқылы емес, тыныш жағдайда өтеді. Сондай жұпсыз қалған уақыттарда ма, әлде басқа бір себептері бар ма білмеймін, қаншық қасқырдың ретін тауып ауылдағы төбетті ертіп кететіні бар. Тағы болса да бірінің жайын бірі түсінетін олар ортасына келген төбетті сыртқа теппейді. Осындай ит қасқырды да көріп, қақпанмен ұстаған кездерім болды. Бұл енді бұрынғы ауыл үшін қауіпті болады. Себебі тағыланып кеткен ит қасқыр ол жердің бар қыр-сырын біледі ғой. Одан туған күшігі бұрынғы қасқыр күшігіне қарағанда өзгеше, салпаң құлақтау болады.

Олардың әрбір қадамын, істерін ақылмен істейтіні сондай қаншама аштан бұралып келе жатса да, алдындағы аңға не малға бірден шаба кетпейді. Жақындағасын ақылдасып, әркім өзіне тиесілі істі бөліп алады. Бірі жасырынып қалады да, екіншісі шамасы келсе білдірмей жақындайды. Қуатын бағыты жаңағы екіншісі тығылған жаққа қарата болады. Сөйтіп осылай кезектесе қапталдаса шауып, ақыры қолға түсіреді. Кейде қуалап келіп соңынан шаба бермей, жан-жақтан қоршап тұратыны бар. Қорқыныштан есі кеткен малдар шыдай алмай қалай болса солай қашып, оп-оңай жемтіктеріне айналады.

Жалпы қасқыр 18-20 жыл жасайды. Иттің он екі жасында қартайғанын көрдім. Олардың шағылысу уақыты ақпанның ортасында, кей уақытта аяқ жағына таман болып келетіні бар. Екі ай жарымда күшігін әкеледі. Он, он екісін әкелгенді де көрдім. Бірақ көбінде бес алтыдан туады. Бір-екі күшік туатыны сиректеу болады. Еділ жақтың қаттылау жерлерінде апанда, тау-тастың үңгірлерінде туа береді. Құмдақты жерлерде қалың өскен бұтаның, жүзгеннің түптерін паналайтын кездері болады. Сол күшік он екі күнде барып көзін ашады. Бұл кезде қаншық қасқыр оның қасынан бір елі де кетпейді. Сүтімен қоректендіреді. Ал арланы болса олардың сыртынан бақылап аулақтау жерде жатады. Жарты айдай емізгесін күшіктердің өздерін тастап, бірте-бірте жемтікке үйрете бастайды. Алғашқы әкелгендерін құсып береді. Содан кейін саршұнақ, ия басқа аңдардың еттерін әкеледі. Олар енді сол еттерді өздері жұлып жеуге үйренеді. Мен тіпті кейбір аңдарды өлтірмей шалажансар күйінде әкеліп бергенін де көрдім. Ол күшіктердің көзін тірі аңға үйрету, исін сездіру, қанның дәмін алдыру деген сөз. Міне осылай бірте-бірте бәріне де үйрене бастайды. Осы уақытта олар жиі-жиі жұрт ауыстырады. Бір шақырымдай жерге ауып қонады. Тағы да сөйтіп күшіктер әбден қатарларына еретін дәрежеге келгенше бірнеше рет жұрт ауыстырады. Бұл өздері жоқта күшіктерінің жатқан жерлері белгілі болып қалады деп қауіптенетінінен болса керек. Менің көп жылғы аңшылықтан байқағаным, енелері жортуылға кеткенде күшіктер де бала ғой, ін аузында бір-бірімен ойнап жүреді. Бірақ даусын шығарып, болмаса аулақ кетіп ойнамайды. Адам, ия басқа қара көрінсе болды, іннің түбіне кетеді. Одан кейін қаншама күтсең де сыртқа өздігінен шығара алмайсың. Олар ата-енесінің келе жатқанын даусынан айырады. Анасының ұлуы бәсеңдеу, созылыңқы болса, еркек қасқырдікі қоюлау болып келеді.

Шілде айының ішінде енді қасқырлар күшіктерін алғашқы жортуылға ертіп шығады. Олардың бірінші көретіні енелерінің жайратып кеткен өлімтігі. Осыдан кейін малға шауып бастайды. Қыс басталғанда алты айлық, жеті айлық күшіктер енді енелерімен бірдей нағыз көкжалдыққа қадам басады. Жалпы қаншық қасқырлар ақшыл, сарғыш, ал арланы көкшілдеу болғанымен жазда түлегеннен кейін олардың өңі бірдей болады.

Осы жасымның ішінде қақпанымды арқалап араламаған тау-тасым қалмаған сияқты. Арнайы шақырумен, солардың берген тапсырмасын орындайтын кездерім де бар. Қақпаны да құрған күннің ертесіне түсіп жататыны да, қаншама айла шарғы жасасаң да ұстатпай дің келетіні де болмай қалмайды. Бірақ ақыры дегеніне жетесің. Бұл өзі қызығы да, шыжығы да мол кәсіп қой.

Осы кәсіптің соңында жүріп бұл өлкеде кездеспеген жыртқыштармен жүздесуге тура келген жайлар да болды. Соның бірін айтайын. Тоқсан бесінші жылы-ау деймін, ауылда жатқан маған Үстірттегі жылқышылардан шақырту келді. "Осылай да осылай. Қасқыр көп. Күніге бір тұяғымызды жеп жатыр. Бұлай бола берсе құрығымызды ұстап қалармыз. Алдекең тез жетсін", — депті. Мәлібектің бер жағында Бағда дейтін жерде отырған жылқы ауылға бардым. Жылқышылардан қай жерде малға тигенін сұрап, Бағданың сайының ішіне түстім. Айтса, айтқандай екен. Мен сайға түсе бере жан-жаққа бытырай қашқан төрт қасқырды көріп, жылғаның бойына, жаңағы қасқыр сүрлеулеріне алты қақпанды құрдым. Ертесіне келсем үшеуі түсіп жатыр екен. Сай бойында терісін сыпырып, әлгі қақпандарды қайта құрдым. Күн бата Қайшыбайдікіне барып қондым. Келсем екі қасқыр тағы түсіпті. Енді шамалаған шығарсың деп, бар қақпанымды құрып ауылға қайттым. Көп ұзамай артымнан шақыру тағы келді. Бұрынғы бұрынғы ма, көп қырып жатыр, — депті.

Сонымен Бағданың сайына тағы келдім. Қасымда қызық үшін еріп жүрген қосшы бала. Сай іші қалың жыңғыл, қамыс. Қамысқа жақындай бере домалақтау келген ерекше із көрдім. Мен көріп жүрген қасқырдың ізіне ұқсамайды. Не де болса көрерміз деп бір қақпанды сол қамыс ішіне құрдым. Түнімен дөңбекшіп шықтым. Қасқырдың ізіне қанша ұқсатқым келсе де маңайламайды. Әйтеуір мен көрмеген мақұлық болу керек. Құдай-ау, сонда ненің ізі? Ертедегі шалдар бұл жерде барыс болған деп отырушы еді. Көзім көрмесе де оның ізі мұндай болып түспес деп те ойлаймын. Ертесіне шыдай алмай төмен түстік. Қақпан құрған жерге жақындай бергенде байқағаным қалың қамыс жапырылып қалыпты. Иығымнан мылтығымды алып дайындалып келем. Үргенге де, ұлығанға да келіңкіремейтін бір дыбыс шықты. Қарасам жапырылған қамыс ішінде мен көрмеген бір мақұлық тұр. Сұр түсті, түрі қасқыр сияқты. Бірақ тұмсығы қасқырдікінен келтелеу. Шықшыты шығыңқы. Желкеден қуалай өскен жалы бар. Екі қапталы теңбіл-теңбіл. Құйрығы келтелеу келген, шашақты. Арты қысқа, алды биік.

Қанша арпалысқанмен шым болаттан жасалған қақпан жіберсін бе. Кенет ырылдап, көзі қанталап атылуға дайындалды. Бірақ жүректен тиген оқ дегеніне жеткізбей орнынан көтеріле бере гүрс етіп құлады. Әшейінде қасқырларды көтеріп кез-келген өрден шыға беретін едім. Мынау тым ауыр болды. Амал жоқ сол жерде басымен мес қылып сойып, апарып жылқышыларға көрсеттім. Мұрты мысықтың мұртындай екен. Қаттылығы сондай бүктесең морт сынады. Жылқышыларда таң қалып бұрын мұндай кереметті көрмегендерін айтты. Содан терісін арқалап ауылға Жармаға келсем, бір шаруаларымен мені күтіп үйде марқұм Ізбасар Шыртанов отыр екен. Қасында жолдасы бар. Амандық саулық алысып шаруалары біткеннен кейін әңгіме маған ауысты. Оларға Үстірттің үстінен алып келген олжамды көрсеттім. Артынан көп ұзамай Ізекең "Аңшының өзі аң-таң" деген кішкене ғана хабарламаны газетке беріпті. Атынан байқап отырған шығарсың, менің қандай аң екенін білмегенімді меңзеп отыр ғой.

Бір күні үйге Алматыдан, зоология институтынан Плахов дейтін келді. Баяғы Ізекең берген қысқаша хабарламаны артынан республикалық бір газет басып, оны оқыған ғылыми қызметкер арнайы жолға шығыпты. Қонақ болып қасқырдың, қарақұлақтың, сосын маған белгісіз аңның терісін көрді. Сонда барып ол бұл аңның гиена деп аталатынын айтты. Қазақстанда жоқ. Өзі көбіне жалғыз жүретін аң. Сағатына 80 шақырымдай жылдамдықпен жүгіріп, жемтігін соғып алатын көрінеді. Плахов гиенаның Балхыз қорығына азғантай әкелінгенін, бұл жерге шамасы содан ауып келген шығар деген өз жорамалын да айтты. Содан қоярда қоймай теріні алып кетті. Соған әлі өкінем. Музейге тапсырып, болмаса өзімде сақтайтын адаммын ғой.

Қара шәйнек екі рет қайнап, түбін екі рет көрсетті. Даланың шәйі тәтті ме, әлде аңшының әңгімесі қызық па, әйтеуір шайға да, әңгімеге де қанар емеспіз. Күн болса еңкейіп келеді.

— Қой, қайталық. Жинақталың. Сендердің сұраған аңшылықтың қызықтарын асықпай айтып, қисая кетуге мына мың құбылған күздің күні мұрша бермес. Қалғанын жолда, ауысып жатса үйде естірсіңдер, — деді орнынан тұрып жатып.

— Кешеден бері біраз жерді шарладық,- деді Алдаберген ағамыз машина қозғалғасын. — Алыстан көзге шалынған бір жар қарақұйрық болмаса, көп көрінбейді. Ертеде олар осы жерлерде жыртылып айрылатын десек өтірік болар, бірақ бар деп ауыз толтырып айтуға болатын еді. Мына ойда, — дейді Ала ешкі тауының етегін көрсетіп қарақұйрық сүйіп жейтін жантақ, қырықбуын, кеуел дейтін ақ тікен шөп көп өседі. Аң жарықтық та өзіне керекті нәр алатын, шөл басатын шөптесінді жерде кездеседі. Бірақ қазір орынсыз қуып, атып асқаннан кейін азайып кетті. Бұлар жердің сәні, таудың ажары еді ғой.

Осы даладағы арқар, қарақұйрық, киік дейтіндердің үйірге түсу мерзімдері әр түрлі. Арқар қазанның 20-27 аралығында, қарақұйрық қарашаның 14-21 аралығында, ал киік желтоқсанның 10-20 арасында үйірге түседі. Осы желтоқсанның жиырмаларында киіктің бел басар, мойын жуар дегені болады. Ол кезде күннің суытып, бұрқасынды болатыны белгілі. Бұрын мән бермесеңдер байқауларыңа болады. Баяғы шалдардың айтып кеткендерінің қатесі болсайшы. Бәрі өмірмен біте қайнасқан, табиғатпен етене араласқан тәжрибеден шыққан ғой. Құлақтарында қалсын деп айтып келем. Сол кездегі киіктің үйірге түскенін көргеннің өзі керемет емес пе. Қарап отырып осыншама көріністерді жасап жатқан табиғатқа таң қалмасыңа болмайды. Әуелі киіктің текелерінің ішіндегі бір басшысы орағытып, ойнақтап келіп басын бұтының ішіне жіберіп, өз танауына өзі сиеді. Артқы тұяғымен танауын керіп, аяғын қатты серпіп жібергенде тарс еткен дыбыс шығады. Алдындағы бұтаны мүйізімен әрі-бері сипайды. Бұл ұрпақ жаюдың, тұқым себудің басталғанын білдіретін белгі. Айналасы бес-он күнде аяқталатын маусым бұл. Арқар "алты ай жиған майымды, алты күнде тауысам" дейді екен. Қате кету, белгілі уақыттан ауытқу деген болмайды аңдарда. Содан мамырдың 10-20 аралығында "бықсыма" дейтін болады. Күн ысып кетеді де, іле 20-30 арасында салқын түседі. Мұны құралайдың салқыны дейді. Яғни киік лағын өргізеді. Қарап отырсаң сол аң екеш аңдардың өмірі табиғаттың болып жататын құбылысымен тікелей байланысты. Жаңағы арқар, қарақұйрық, киіктің үйірге түсер кезеңдерін айттық қой. Соның сәл алдындағы қазанның 16-17-дегі күндерді бізде "Талқан қазан" деп атайды. Себебі осы уақытта күннің суытуы басталады. Салқын түседі. Кей кездері шөптерді үсітетіндей суықтық болады. Міне осы кезде шөптер тұқым тастайды. Аңдардың да тұқым себуі осы "Талқан қазаннан" кейін басталады. Арқар, киік, қарақұйрығын сөйтіп жаңағы аталған уақыттардан кейін бес ай өткесін лақтай бастайды. Арасында қыстыра кетейін, қоян дейтін аңымыз екі жарым айдан кейін көжектейді. Киік те, қарақұйрық та лағын 15-20 күндей емізеді. Сол жерге тастап өздері жайылымға кетеді. Лақ болса емізетін уақытында енесі келгенше ұйықтап жатады. Оны байқамайсың. Әсіресе қарақұйрықтың лағын байқау тіпті мүмкін емес. Бізге айттырса олардың лағын бір-бірінен айыру қиын сияқты. Бірақ әр бұта түбінде жатқан лақты енелері адаспай табады. Қазіргі қолымыздағы малдардай бір-біріне шауып, азан-қазан болып жүрмейді.

Алдындағы әңгімемде Нұрды көргенімді, одан тәлім алғанымды айтып едім ғой. Жарықтық сол кісі аңдардың қай-қайсысы да лақтап жатқанда мылтығын оқтамаушы еді. Өрістегі малын көздегендей сыртынан сүйсініп, даладағы жыртылып-айрылып жатқан аңдарды көріп қайтатын. Қазіргі аңшысымақтардың орынсыз қатыгездігі бұлардың да түбіне жетпей қоймас. Онан басқа оғы жерге түсіп көрмеген Нұр ататын аң ол кезде аз емес еді ғой. Солай бола тұрса да Нұрекең қарақұйрықтың көзі тас төбесінде деп отырушы еді. Киікті бұрын көрсең оқ шығарасың дегенде сол. Онысы аңшыны алыстан байқағыш сезімталдығына байланыста айтылған сөзі шығар. Нұрдың қолы мерген, Қаңғабайдың (Шегем) көзі мерген деген сөзді көп естідік. Нағыз аңшы нысанаға алған аңына оқтың қай жерінен тигенін де біледі. Оқ ішінен тисе күрт ете түскен, кеуде қуысына тисе тырс ете түскен дыбыс шығады. Сол дыбысқа қарап аңның сол орнында құлайтынын, болмаса тағы бір-екі төбе соңына ертетінін айырады.

Сөз басында айттым ғой, бұл менің арнайы кәсібім емес. Бұл пайда табар жол да емес. Бұрынғы кеңес дәуіріңдей емес, қазір қасқыр терісіне беретін сый ақысы мардымсыз. Екі-ақ мың теңге. Шетінен атып ала беретін ол қасқырларды қораға қамап отырмағанымды көздерің көрді. Бір жағы сонау Үстірт, бір жағы мынау Талақ, осы екі ортаға кешеден бері екі жүзден астам шақырым жер жүрдік емес пе. Ол басқасын былай қойғанда астыңдағы машинаңның майын да ақтамайды. Арасында бұзылған көлігіңді, оған керекті құрал-саймандарыңды іздеп төгілген теріңді, шаршап шалдыққаныңды қоспай-ақ қоялық. Мен биылғы наурыздан қазір міне қазан, сегіз ай ішінде жиырма бес қасқыр алыппын. Елу-ақ мың теңге. Өндірістегі адамның бір айлығы. Ал осы уақыт ішінде менің қанша шақырым жолды артыма тастағанымды бір құдайдың өзі білсін. Бірақ сонда да бұл кәсіпті қоя алмаймын. Неге? Біріншіден жиырма бес қасқыр тірі болса осы сегіз ай ішінде қаншама малдың түбіне жетер еді. Әлдебіреулер құсап орта есеппен пәленбай мал, оның бәсі пәленбай теңге, сонда менің келтірген пайдам түгенбай теңге деп қажетсіз есеп құрмай-ақ қоялық. Менің білетінім осы қасқырларды құрту арқылы талай қойшының ұйқысының дұрыс болғаны. Біреулердің бауырын тартып отырған жалғыз түйесінің әзірге аман екендігі. Екіншіден жаныма жақын, өмір бойы ажырамай келе жатқан серігім осы аңшылық. Далаға шықсам болды оның әрбір бұта, шөбі де, бұйрат-бұйрат құмдары мен тау-тасы да өз тынысын алдыма жайып салады. Аңдардың салып тастаған сүрлеуі де, жол бойына шашырай төгілген құмалақтары да өз жөнінен сыр шертеді. Осы бір керемет сезімтал, алдын болжауы жөнінен адамнан зерек аңдар арқылы жерімізде болып жатқан өзгерістерді бақайсың. Өз қолымызбен жасалып жатқан қателіктерге өкінесің. Олардың азая бастауына біздің тарапымыздан болып жатқан тағылық қуғын-сүргін ғана емес, ауаның бүлінуі де әсер етеді. Сендер оны экология дейсіндер ме. Десеңдер, міне, сол экологияларың шөптің нәрін солдыртып, топырағыңның құнарын кетіреді. Соған байланысты аңдар бізден арасын бірте-бірте алшақтатып бара жатыр. Табиғаттың жаратқан тірлік иелерінің бұлай бір-бірінен сырт кетуі жақсылық емес. Даланың сәнінен айрылуы кім-кімді де бей-жай қалдырмауы керек. Баяғыша бала кезімізде қой соңында көшіп бара жатып, түс мезгілі болғанда жерді шұқып тыз еткізіп шәй қайната қоямыз. Оны, мұнымызды жинап қозғала бергенімізде әкеміз "Шырағым, жерден жеті пәле шығады, ана ошағыңның орнын тазартып кет",— деп жатушы еді. Онысы несі екен деп ойлайтынбыз. Бірақ әке сөзін екі етпей ұлан даладағы қара шәйнек орнын көміп жататынбыз. Бақсақ ол кездегі кез келген сауатсыз малшының да жерге деген көзқарасы бөлек екен ғой. Өткеннен сабақ алар жай көп қой.

Ал, шырақтарым менің айтарым осы. Бір-екі күн жолдас болып дала кездіңдер, әңгімемді тыңдадыңдар. Үй күшік болып жата бергеннен бұл да жақсы. Көңілдеріңнің бір қапталдары бостау екенін де байқап келемін. Бірақ аң қызығы оның оңдай, солын солдай домалата беру емес. Аң қызығы оның тірлік тынысын сезіну, сол тірлік үшін оның да тынымсыз күресіп ұғыну, көзіңмен көру. Осы көргендерің мен айтылғандар қаделеріңе жарап жатса, алыстан іздеп келген ағамыздан бос қайттық демессіңдер. Менің ендігі міндетім бүгін бұйырған дәмімді ұсынып, ертең жолға салу, - деді Алдаберген ағамыз машинадан түсіп жатып.

Міне, құрметті оқырман, кезінде ауыл шаруашылығыңда ұзақ жылдар басшылық қызметінде болған, "Құрмет белгісі", "Даңқ" ордендерінің иегері, қазіргі зейнеткер, айтулы аңшы Ақшабаев Алдаберген ағамыздың айтқаны осылар еді. Оны сол күйінде сіздерге жолдадық...

СОҢҒЫ САПАР

Оразмағанбеттің бүгін бойы дел-сал болып шаршап тұрды.Тас шапқандай — бар денесі салдырап ауыр тартқан. Соңғы кезде түбі жоқ алыс сағымдарға жетектеген мазасыз ауыр ойлардың әсері ме, жүйкесі де тоза бастаған сияқты. Өзіне-өзі ем жасаған болады. Алдына келген талай-талай қаріп жандарға шапағаты тиіп,алғысын алса да өзіне келгенде дауасының түспегені. Түспейтін де жөні бар. Түпсіз шыңның үстіне тартылған қалт-құлт еткен аспалы көпірден өткендей денеңді жаңғақша лақтырар дауылдың қай күні, қай жерден соғарын білмей, бірақ әйтеуір сол дауылдан құтылмасын біліп үрейлене күй кешкелі де бірталай болыпты.

Сырыңды түсінер, сүрінгенде қолтығыңнан сүйер, шашау шыққан ойларыңды жинақ тасып түзу арнаға бұрар ақ пейілді адамдар да қалмай барады. Бәрі де бір-бірінен сырт айналған. Алдында отырған шәкірттерінің де, мұңын шаға келген қаріп жандардың да, мейманасы тасып кеудесі биіктеген әлде біреулердің де көздерінен ойына не келгенін, тілінің ұшындағы қазір айтылатын ажалы жетер әңгімені алдын-ала біліп отыратын бұған, қазір ешкім көзіне түспеуге, шамасы келсе бетпе-бет келмеуге тырысады. Сонда да бұл кездесіп қалғанда амалсыздан сәлем беріп өтіп бара жатқандардың қайсысының қаралай өзінен-өзі қысылып бара жатқанын, қайсысының мұның қолына су құйып қызмет қылғанын ертең өз басыма тауан болады-ау деп ойлап, қайғы жөн бара жатқанын, қайсысының ертеңгі соғар дауылда қосыла ұлитынын біліп отырады. Сонда да ешкімге кінә арта алмайтын сияқты, әркімнің өзіне ғана тән алар асуы, көтерілер биігі бар емес пе. Баяғыда білім қуып ит арқасы қияндағы Бұқарада оқып жүргенінде өзінің нақышты өрнегімен, бай салтанатымен көз тартатын Чар-Минар медресесінде мәуесі төгілген бау ішінде отырғанда сонау алыста қалған Қызылсуы, сарқыраған Ащыағардың жағасында құрбыларымен қарабауырға тұзақ құрып, саз балшықтан әр түрлі мүсіндер жасайтыны еске түсіп, жүрегі сыздап, сағыныштан сенделіп кететін.

Тіпті кейде қоңыр салқын мешіт ішінде, тобығыңа дейін кіріп кететін түркі кілемінің үстінде отырып, ұстаздарының бірден өзіне иіріп ала жөнелетін ұзақ та мұңды құран сүрелерін тыңдап отырып та еріксіз ойға кететін. Тағы да көз алдына ми қайнатар ыстықта бірінің көлеңкесіне бірі басын тығып құдыққа қарай шұбырған қойлар, зілдей қауғаның салмағына шыдай алмай дірілдеп, шиқылдаған шығыр дауысы, мезі болған бақырауық атан дауысы келді. Аспанға көтерілген шаң исін, шуаш исін сезгендей болады. Күн ыстығы қайтқасын зорайып көрінген Сахардың тауы, сағымнан арылып бұрынғыдан да сәулеттене түскен Шопан-Атаның күмбезді тамдары, қыз бұрымынан түсіп қалған шолпыдай еріксіз өзіне шақыратын, аптығып қасына барғанда түсін өзгертіп момақан күйіне қайта түсетін алдамшы тұзды кебірлер, томар бояуға малып алғандай бір-бірімен жалғаса жатқан қып-қызыл төбелер елестейтін. Өзімен бірге келгендердің әлдеқашан елден келген керуенге ілесіп қайтып кеткеніне біраз уақыт болды.

Медресе дәрісханасындағы ұзақ сонар отырыстарға шыдамады ма, әлде өздерінің ой-өрістерінің шамасын сезді ме, болмаса елден жырақ кетіп, күні-түні қағаз кеміріп отырудан гөрі қойын құрттап, айранын ішіп кекірігі азып жүретін сал бөксе тіршілігін артық көрді ме, әйтеуір елден керуен келген сайын бұлардың да қатары сирей берген. Шыдамсыз серіктеріне налып, өз сағынышын сыртқа шығармауға тырысып, дәрісханадағы өз орнына отыра берген мұны бірде ұстазы қасына шақырған.

— Туған жер қасиетті ұғым, ұлым. Ол қайда жүрсең де дүниенің қай бұрышына барсаң да қып-қызыл шоқ болып жүрегіңнің бір бұрышында мәңгілік сақталады. Тамағының тойғанын білетін әлде бір тоғышарлар да ғана ол сөніп күлге айналуы мүмкін, ал оның суы мен жерінің, тасы мен төбесінің қадірін білетін жандарға ол сезім сенбейді, қайта өзінің сиқырлы күшімен өзіне тартады. Оның суын ішіп, топырағына аунаған кез келгеннің батырдың да, қорқақтың да, естінің де, есердің де мен оның перзентімін деуге қақысы бар. Бірақ түптеп келгенде ол өзінің шын құлай сүйген перзентіне ғана көкірегін ашады. Омырауынан тартқан кез келгенге ол жібімейді. Сағынғаның дұрыс.

— Сүйемін Отанымды түгел тегіс,

Болса да мейлі онда қандай кеміс.

Сор болып суы аузыма татыса да

Ой-қыры Отанымның өзіме иріс.

Елден жырақта алыста жүрген, жүрегін сағыныш кернеген Мұса пайғамбардан қалыпты осы бір өлең жoлдapы. Осы есіңде болсын, әр адамның шығар биігі әр түрлі. Оған ренжуге болмайды. Ал сенің алар асуың әлі алда сияқты. Менің алдыммен шектелмессің, — деп еді жарықтық. Ол кезде балаң жігіт бұдан нені ұқсын. Ұстазының айтқанындай білім қуып, тағы да алыс сапарларға шығуға тура келді. Түрік жеріне бет алған керуен сапарында да, Стамбулда, Бомбейде өткен оқу жылдарында да туған жері қып-қызыл шоқ болып бір қапталында жатты да қойды. Сол алыста қалған Отанының тау тасына, арым-арым құмдарына, сай саласына ойша үңілетін. Әулие әмбиелеріне мінәжат етіп, дұғасынан тастамайтын. Осы күні кешегі табақтас болған, өрістен атып әкеліп, қолтығынан сүйеп мінгізген, тізе соғыстыра отырып талай-талай әңгіменің басын қайырған, қазір сырт айналған кейбіреулерді көргенде баяғы ұстазының айтқаны есіне түсетін.

Бүгін қаншама шаршап тұрса да белін буып, өмірінің қалған жерінде тәуекелін жолдас етпек ниетімен мығым тұрды. Енді қарайлайтын ештеңе қалмағандай. Ендігі кідіріс аузын арандай ашып келе жатқан аждаһаға — титтей де болса қарсылық етпей, арбалған торғайдай аузына барып бір-ақ түсу. Осы бір қалың елге өрттей тиген зұлматтың хабарын да, зілін де елден бұрын сезіп еді. Басында бәрі де өткінші нәрседей көрінген. Бірақ айдалып кеткен, ұсталып жатқан адамдарға қарасаң бәрі де кешегі ел алдында беделі бар, аузында дуасы бар, әлсіздерге арқа сүйер пана боларлықтай азаматтар екен. Ендігі қарауылға алына бастағандар да әлдеқалай себептермен кідіріп қалғандар. Бұлар да көп ұзамас, сірә. Құрбандыққа шалынып айдалып кеткендердің артында қалған ағайын-туыс, қатын-баласына дейін тыныштық болмай барады. Ойлап отырса еліне де, бұл үкіметке де тырнақтай болса да жамандық ойламапты. Бар білгенін де, білімін де туған еліне арнапты. Анау Ащыағардың жағасында өзі салған мешіттен қаншама адам мұның алдынан өтпеді. Қаншама адам мұның жасаған емінен жанына шипа таппады. Әсіресе өмірінің ең мәнді кезеңдері болып табылатын осы өлкенің жер қойнауына үңілген жылдарды айтсаңшы. Жазғандары, сызғандары, болжамдары: енді, енді ғана қолымен ұстайтындай-ақ тым жақын қалып еді. Әсіресе өзі дүдәмал болып, сонда да айналшық жеген қойдай сол жерден шыға алмай әрі-сәрі күйде жүргенінде шапағаты мол құдайдың аспаннан түскендей қылып Баярунасқа тап қылмасы бар ма. Екеуі қаншама жерді кезбеді, қаншама әңгіме айтылмады. Күндізгі аптаптан құтылып, бірте-бірте салқын тарта бастаған, жусан мен шағыр иісі аңқыған құм үстіне бөкселерін төсеп қойып, қақпанға түскен қарақұйрықтың етін қара шәугімге бүлкілдете пісіріп отырып та талай сырласқан. Қызыл шоқ болып жанған жүзгеннің томарын қолындағы үшкір таяғымен қағыстыра отырып Михаил Викентьевич мұның сұрақтарына жауабын қайтаратын, ақыл-кеңестерін беретін. Кейде пікірлері сәйкеспей әрқайсысы өзінікін дәлелдеп, құдайдың ертеңгі жарығына шыдамай жалпылдақ шөптерді жағып отырып әр түрлі сызбалар жасайтын. Білігі көп Михаил Викентьевич мұның ойларымен келісе отырып көп нәрсеге терең ғылыми тұрғыда көзін жеткізетін. Көңілдері жарасқан, бірін-бірі сыйлап өткен қос ғұлама Маңғыстау жерінде үш рет кездесіп, қашан жұптары тарағанша бірге болып еді. Соңғы рет Қаңға-бабада кездескен.

Әңгімелері тағы да өлке жайы, жер қойнауы болғанмен Размағанбет осы жолы Баярунастың жүзінен әлде бір мұңды сезгендей болып еді. Ол да өз жайы туралы ештеңе демеген. Қанына сіңген сабырлылығына басып сұраған да жоқ. Тек кетер күні бұған радио қабылдағышын сыйға тартып ағынан жарылып еді. Шама келсе осы өлкеге жүргізген зерттеулерін жинақтап еңбек жазатынын, бірақ қазіргі үкіметтің жүргізіп жатқан зобалаңының оған мүмкіндік бермеуі мүмкін екенін де жасырмаған. Бұған да сақ болуды өтініп, бәлкім шет өлкеге ол жалынның шарпуы жете қоймас, сәл нәрсеге балаша қуанып, балаша ренжитін момақан халықсыңдар ғой деген. Әшейіндегі жалқау, ұйқышыл қазақтың бұл уақытта тымағын тамағының астынан шарт байлап, қызыл танау күйінде сіңбіруге мұршасы келмей, делеңдеп ат үстінде жүретінін қайдан білсін. Бұрын ауырған жерлеріне ауызша айтылған емді місе тұтпай — Реке, кітабыңды ашып жіберші, — деп ана мешіттің төрінде тұрған, қатарластыра жиналған кітаптардың қайсысының мұның сызбалары, қайсысының Ибн-Синаның дәрігерлік анықтамасы, қайсысының құран екенін ажыратпаса да ішірткі жаздыртып, екі езуі екі құлағына жете рахметін жаудыртып кететіндер, енді құдай тағала бір күннің ішінде басының қақпағын ашып бар ілімді құйып жібергендей мешіт ішіне келгенде мысық көзденіп баяғы кітаптарға зер сала қарайтын болыпты. Көші-қон кезінде екі нарға жүк боларлық осы кітаптарды біссімілләсін айта отырып талай тиеп, түсірген. Өткенде қақпан қараған болып, Сахардың тауынан қолайлы жер іздеген. Тапқан жеріне көңілі бітпей кешке дейін жүрді.

Қай жерде болса да мен мұндамын деп көзге ұрып тұратындай, күні ертең-ақ ұстағанның қолында кететіндей, болмаса қобырап шашылып әр бұтаның басына жабысып тұратындай көрінген. Ақыры жаңбыр тимейтін, ұйытқыған қар ұшқыны бармайтын, күн көзінен таса жерді белгілеп, сол түні түйеге артып апарып құрым киізбен орап жасырған. Әлдеқалай қарайған көрінсе жүрегі дір ете түседі. Қайта-қайта қарап, ұзын аяқты мал екенін айырғаннан кейін ғана еркін тыныстайды. Бірақ өмір бойы сырласы болған кітаптарынан айырылғанына үйрене алмай-ақ қойды. Бүгін де дәрет ала сыртқа шыққанда алдымен көзінің түскені сол жер болды. Тау басынан ақ айран тұман түсіп келе жатыр екен. Көп ұзамай-ақ етектегі сорға жетті, қанша қараса да көзіне ештеңе ілінбеді. Екі ортаға түсірілген пердедей көз алдарында болған таудың да таныс жотасына айырды. Апырай, өткендегі көрген түсінен айнысайшы мына тұман, онда да осындай қалың тұман арасында адасып жүр екен дейді. Арым-арым құм ба, төбе ме, тау ма айта алмайды. Өкпесі өшіп бір көтеріліп, бір түседі. Әйтеуір алдында зорға көрініп бара жатқан екі-үш адамның сұлбасынан қалғысы келмейді. Кімдер екенін айыра да алмайды. Жүрістері де, дауыстары да таныс. Бұл тоқтаса, олар да тоқтайды, итшілеп орнынан тұра бергенінде әлгі сұлбалар қайтадан қозғалады. Бар күшін салып әлгілерге жете бергенінде бірдеңенің шарт ете түскені. Жаны шығып барады. Қараса, тізеден жоғары қара санынан қауып тұрған қасқыр қақпан, сау аяғымен басып ашуға ыңғайы келмейді, қолымен ашайын десе күші жетпейді. "Көмектессеңдерші", - деп әлгі сұлбаларға қараса, көзден ғайып болыпты. Шошып оянған. Күбірлеп кәлимасын қайырды. Алда бір қауіп барын сол күні-ақ сезіп еді. Шекарасы босаңдау Иран асып кетуді сол күні ойлаған-ды.

Әшейінде бабымен ішілетін таңғы шәй да батпады. Сыры кетсе де, сыны кетпеген құдай қосқан қосағы Сәнімнің жүзінен ішіндегі алай-түлей толғанысын да, қасіретін де айтқызбай біліп отыр. Алыс сапарларға өзі аттандырып, өзі күтіп алатын Сәнім енді беймәлім елге бірге сапар шекпекші. Балапандарын қанатының астына паналататын қара бауырша екі баласы Ебжан мен Шарғиды, бір-бірімен таласа өсіп келе жатқан Хазина, Панар, Жазиласын айдалада төгіп алмаса болғаны. Қазіргі құдайдан сұрары да, жалбарынатын тілегі де сол. Басқасын маңдайынан көре жатар. Неде болса тәуекел! Бүгін-ертең төркін жұртына балаларымен қыдырып кетті деген сылтаумен Сәнімді алдын-ала жібермекші. Өзі әзірге сырт көзге ештеңеден бейхабар жүре беріп, олар межелі жерге жетті-ау дегенде барып атқа қонбақ.

Ел әлдеқашан ұйқыға кеткен. Размағанбет атын жетектеп жоғары өрлеп келе жатыр. Әулиенің қасына келгеннен кейін атын тұсап, бәріне бағыштап әйетін оқыды. Орнынан тұрып, ат қоржыннан әлденені алды. Онысы шырақ екен. Қалтасынан сіріңкесін алып жақты. Шалқи жанған шырақтың жарығынан үрікті ме, күмбез үстінен далақтап байғыз ұшты. Алысқа ұзамағанын шақырған дауысынан біліп отыр. Адамның жон арқасын мұздататындай дауысы мұңды шығады. Өзіне ғана тән, тыңдаушысының сай сүйегіне дейін балқытатындай мақаммен құранның ұзақ сүрелерінің бірін оқып отыр. Беймәлім ұзақ сапарға бала-шағасымен аттанғанын да, жел айдаған қаңбақтай қалған уақытта тағдырының дүниенің қай бұрышына барып тірелетінін білмейтінін де, көп нәрсеге қолы жетпей арманда кетіп бара жатқанын да сол әйетіне сыйыстырғандай асықпай ұзақ оқыды. Бетін сипап орнынан тұрды. Еңкейіп бір уыс топырақ тастады. Ұзын сырыққа байлаулы шүберектердің біреуін шешіп, орауын жазды да қабір жанынан топырақ алды.

Қойнына салып, сыртынан алақанымен басып-басып қойды. Жедел басып атына келді. Құбыла жақтан баяу жел соқты. Мұрнына жусан иісі, сордың иісі, жанына бала кезден етіне жақын Ащыағардың бойында қаулап өсетін жыңғылдың, қамыстың, балдырдың иісі келді. Атына мініп жүріп кетті. Күмбез үстіндегі байғыздың мұңды әуені әлі басылмапты.

Қанша асықса да атының басын Шопан-Атаға бұрды. Баяғыда әкесі марқұм бұл алыс сапарларға аттанғанда қасына ертіп осында келетін. Содан кейін ғана биік жалға шығып, қашан бұлар көрінбей кеткенше Күйеу тамның қасында тапжылмай артынан қарап тұрушы еді. Тілеуін тілеп артында қалған әкесінің тұлғасы ұзақ сонар сапар шеккен балаң жігітке қай демеу болушы еді. Шаршаса сүйейтіндей, құлап бара жатса астына алақанын төсейтіндей әсер қалдыратын. Кейде тіпті елден шыққалы бірнеше күннің жүзі өтсе де бұрылып артына қарайтыны бар-ды. Сонда анау бірін-бірі жөңкіле қуған сағым ішінен тағы да өзіне етене таныс биік жал басынан әкесін көргендей болады. Қасындағы сапарластары мына көз қарықтырар ыстықта бастары салбырап келе жатса да, мұның еңсесі биік болушы еді.

Қауымның шетіне келіп атынан түсті. Бойы енді-енді қыза бастаған жануар жер тарпып, ауыздығын шайнап бір орнында айналады. Бұл жақындай бере күркесінен шырақшы шал шықты.

— Түн жамылып жүрген кімсің, жарқыным,- деді қарлығыңқы дауыспен.

— Мен едім ақсақал. Ассалаумағалейкүм.

— Е, Размағанбетпісің. Мына үкіметтің қанды қолы сенің де омырауыңа жармасты ма! О, жасаған, бұл не боп барады өзі

Көзің ашық, ойың сұңғыла еді ғой сенің Размағанбет. Бұл дауылдың тоқтар күні бар ма сірә. Әлде түгел жайпап өте ме? — деді түн жамылып неге келгенін айтқызбай-ақ түсінген шырақшы шал мұның алдына түсіп келе жатып.

— Өзің оқып жібер қарағым. Жарықтық желеп-жебеп жатар. Басыңа түскен сергелдеңді бұл да сезіп жатқан шығар, — деді шөкесінен отыра беріп.

Өмірінің көбін осында өткізген, ақ жол тілеп алысқа аттанғанның да, ауру жанына дауа іздеп табына келгендердің де, жарық дүниемен қош айтысып топырағы осынан бұйырған адамдардың қайғысымен ортақтасып, тілегіне тілеулес болған шырақшы шал мұның қоңыр дауысына еліткендей үнсіз отыр. Орындарынан тұра бергенде көкірегі айырыла күрсінді.

— Ал, ақсақал — деді Размағанбет. Тәуекелді жолдас етіп жалғыз кетіп барамын. Қасыма жолдас ертетіндей сән-салтанаттың уақыты өтіп кетіпті.

— Жолың болсын, Размағанбет. Артында қалған бір тілекшің мен болайын. Түсініп тұрмын. Мен тек қана Шопан-Атамен сырласамын. Сол жарықтықтың айтқанымен ғана жүремін. Ертең жер бетіндегі дәмім бітіп, мына жатқандардың қасына барғанымда ақ күйімде таза жетейін. Құдайым тек соған жеткізсін — деді қайтып келе жатып.

— Сәл тоқтай тұршы, — деді де шырақшы шал күркесіне кіріп кетті. Көп ұзамай қайта шықты. Қолында жұдырықтай ғана түйіншегі бар.

— Мынау Шопан-Атаның қара тұзы. Шыр етіп дүниеге келгенінде шешең анау Шөмпілдек құдықтың суына осыны қосып шомылдырған. Алыс сапарға кетіп барасың. Сағынғанда түйірлеп аузына сал, елдің дәмі деп білерсің. Жат жерге табаныңның тигені бұл емес қой. Тек соңғы сапар болмағай. Қайыр. Қош, — деп қолтығына сүйеп атына мінгізді.

Бозамықтанып жаңа туып келе жатқан ай жарығынан туған жерінің бұған етене таныс арым-арым құмдары, тау тасы жамырай көрінді. Анадай жерде Күйеу-Тамның мазары тұр.

— Алыс сапарларға аттанғанымда ақ жол тілеп, шығарып салушының бірі сен сияқты едің - деді іштей. Жүрегімді сағыныш кернеп, қашан туған жердің құшағына жеткенше асығып келе жатқанымда да көзіме тұңғыш шалынып, жылы ұшырайтын да сен едің. Енді міне, жер ортасына келгенімде тағы да ат жалына қол созуға тура келді. Қимасымдай боп үн-түнсіз сен тұрсың. Бірақ менен сен де бақыттысың. Шопан Атаның қаһарына ұшырасаң да сүйегің туған жерінде, жамбасың өзің жаратылған топырағыңда жатыр. Бәлкім, орындалмаған армандарыңа ғана өкінетін шығарсың. Ал менің арманым да, өкінішім де, сағынышым да өзіммен бірге кетіп барады. Күштінің әлсізге жасар зорлығы бұдан әрі шыдатпады. Жиған-тергенін жамбасына басып, боқ байлығы үшін жер ауып бара жатқан әлде біреулердей емеспін. Ат басындай алтын берсе де айырбастамайтын бар байлығым, жазғандарым мен сызғандарымды өз қойныңа тапсырдым. Кіндік қаны тамған туған жерінің мүддесін құрандай қастерлеп, жоғары ұстайтындарға кез болса қадесіне жаратар. Ондай заман туа қалса менің де бір арманымның орындалғаны. Менің жүрегім соңғы бұлқынысына дейін сенімен бірге .

Енді көп тұрса ішінде бырт-бырт үзіліп, өзегін өртеп бара жатқан толғанысына шыдамайтындай атының басын кілт бұрды.

Жаңа туып келе жатқан ай жарығында анау Ұлы Күндік жаққа қарата артында сызылтып шаң қалдырған ат тұяғының дүбірі бірте-бірте алыстап бара жатты.

АЙТЫЛМАЙ КЕТКЕН АМАНАТ

Размағанбеттің сыз исі, күлімсі исі аңқыған, қуықтай бөлменің ішіндегі ағаш нардың үстінде жүресінен отырғанына көп болды. Астына төселген, мақтасы шығын түте-түтесі шыққан төсеніштің жиырылған жерлерін түзеп, қайта-қайта алақанымен сипап қояды. Жоғарыдағы сығырайған кішкене терезе сымақтан түскен сәуле тым әлсіз, қанша үңілсе де қолындағы уақ харіптермен жазылған құран сүрелеріне көзі жетер емес. Бүгін бұл үшін соңғы түн. Соңғы түн емес-ау, соңғы кеш. Тәнін қинап, жанын жаралаған азапты тексерістің аяқталғаны кеше ғана. Аштық пен азаптан денесін зорға билеп тұрған мұны орнынан сүйемелдеп тұрғызып, алдында отырған үшеуі үкімін оқыған. Бәрі де орнынан тұрды. Гимнастеркаларының жиырылған жерін кері ысырып, тамақтарының ілгегін салды. Стол үстінде жатқан фуражкелерін киюді де ұмытпады. Әсіресе, ана ортадағы Якубов тым сақ. Қасындағы қобыраған, жалаға толы қағаз үстіндегі пистолетінің шүріппесін қайырып, қолына алды. Бойында титтей де жылуы жоқ жылан көзі әлі де тесірейіп алдындағы ғұламаға қадалған.Әккі неме өмірінің соңғы, санаулы минуттарын әр адамның әр қилы қабылдайтынын талай көрген. Біреулері отыра қалып, көз жасын көлдете рақымшылық сұраса, біреулері соңғы күшін жинап, алдындағы жауының кеңірдегіне жабысады. Бірақ оған көбінің қолы жете бермейді. Серіппедей атылып ұмар-жұмар жағаласа кетуге талай-талай соққыдан әлсіреген денесі икемге келмейді. Бола қалған күнде де атылған оқ дегеніне жеткізбей жолда сүріндіреді. Ал, үшіншілері алдындағылардан қаралай жиіркеніп,бетіне түкіреді.

Ғұлама олардың үйіп-төккен жаласын да, қатыгез үкімін де салқынқандылықпен қабылдады. Осылай боларын сонау алғашқы тергеу кезінен-ақ сезген. Үкіммен танысқандығы туралы қағазға да қолын асықпай қойды. Орнынан тұрып баяғыдан бері сыралғы болып қалған Якубовқа тіке қарап тұрып:

— Біз екеуміздің таныс-біліс болғанымызға да біраз уақыттың жүзі болған сияқты. Менің көрген тәрбием де, небір ғұламалардан алған дәрісім де, өмір бойы алдыма қойған мақсатым да адал тұрып, ақ жүру еді. Сонымнан ауытқымаған секілдімін. Бірақ дәл қазір сен уақытша ғана биікке шықтың. Ана алдыңда жатқан, ойдан шығарған барлық жалаңды көтеріп қолымды қойдым. Бұл мен ғана емес, талай асылдың басынан өтіп жатқан нәрсе. Бірақ есіңде болсын, қазір біздің жігерімізді мұқалтқанмен, абырой атағымызды, тәңір алдындағы ақ жолымызды мәңгілік қаралай алмадың. Уақыт өтер, бір кездері оның да ақ-қарасы ашылар. Орынсыз төккен қандарың да, қаралы істерің де өздеріңе тауан болатын шығар. Өлер алдындағы соңғы датым болсын, ұрпағыма айтып кетер аманатым бар еді. Соным да алып ана қағаздарыңның ішіне қос, - деді.

— Жоқ, — деді Якубов. Кез келген отанын сатқан опасыздан аманат теріп отыруға біздің мүмкіндігіміз келмейді. Сенің өзің қаншама уақыт алғаныңды білесің бе. Бір жыл. Осыншама уақыт бойы сенімен тәжікелескен қайран күндердің босқа кеткенін айтсаңшы.

— Сенің орныңда иманы бар басқа адам болса, босқа кеткен қайран күндеріне емес, орынсыз төгілген бейкүнә қанға өкініп, бар халыққа қасірет әкелген мына үкіметтің сойылын соққанға опынған болар еді.

— Жетер,— деп айқайлады тергеуші қолындағы пистолетін көтеріп, сен кедей шаруалар өкіметіне соңғы минутында да жала жауып тұрсың. Енді бір ауыз қарсы сөз айтсаң табан астында қатырам.

— Жоқ, — деді Размағанбет. Енді сен мені қорқыта алмайсың. Әлі күн батқан жоқ. Бейкүнә жанды қамауға алғанда да, оларды атып-асқанда да сендер түн жамылып барып істейтін едіңдер ғой. Қолы қанды арсыз бөрілер ғана осылай істейді. Бұл ненің белгісі екенін білесің бе? Бұл баянсыздықтың, өмірі қысқалықтың белгісі. Ендеше қазір қанды тырнағыңа ілінсем де менің өмірім сендердің ғұмырларыңнан ұзақ, рухым жоғары. Әттең, бар білгенімді, жазғандарым мен сызғандарымды, көкірегімде сайрап жатқандарды, туған жерінің қойнауындағы байлықтың көзін ашар ұрпағыма ұсына алмадым, айтар аманатым жетпеді. Ұзаққа созылады-ау... Оған дейін маңдайының соры бес елі халқым туған жерінен талай-талай үдере көшіп, жат жердің топырағында сүйегі қалады-ау... Жау жағадан алғанда бөрі етектен тартады. Ел бетіндегі қаймақты сендер жинап, атып-аспағанда, бәлкім, мына қасірет болмаған да болар еді. Батысты торлап, күллі дүниені жайпап келе жатқан соғысқа тойтарыс беріп, қол бастайтын, соңына ерген елді тығырықтан алып шығар талай-талай көсемді де, ерлерді де құрттыңдар. Енді сендердің өз етін өзі жейтін обырдай бір-біріңнің жағаларыңа жармасуларың ғана қалды. Дәл кәзір мына тұрған үшеуіңнің көкіректеріңде бұғып жатқан, болашақ көмескі ойлар осы. Ал, мен дайынмын. Қан сасыған жер асты камераңа да еңсемді көтеріп барамын. Өйткені күндердің күнінде артымнан іздейтін жоқтаушымның болатыны хақ.

Күзетші Размағанбетті камерасына әкеліп, зілдей темір есікті құлыптап жапты. Дәлізде жүрген аяқ дыбысы бірте-бірте алыстап бара жатыр. Ағаш нардың үстіне келіп отырған ғұлама кішкене көзі үйренгесін төс қалтасына қолын салып, уақ харіптермен жазылған кішкене құранды қолына алды. Камера мен тергеуші арасына айдап, апарып келетін күзетші мұның бағына шығар, түрмеге қамалғаннан бері өзгерген жоқ. Алғаш үсті-басын тінткенде табылған құранды үн-түнсіз алып өзінің қалтасына салған. Жауапқа шақырылып, ауыр соққыдан есеңгіреген мұны сүйемелдеп әкеліп отырғызғаннан кейін, сол үндемеген қалпы қалтасындағы құранды өзіне қайырған. Осылай Размағанбет пен үндемес күзетші іштей ұғысқан еді. Таяқтан есеңгіреп жатқан мұны алып кетуге келгенде аналардың көзінше жұлқылап, сүйреп шығарғанмен, камераға келгесін төсегіне жайлап жатқызып жатқаны. Өткенде орнына келіп қисайған ғалым мойнына батқан қаттылау бір нәрсені сезген. Басын көтеріп астындағы төсеніштің ішіне қолын салса, бір кішкентай түйіншек. Кір-кір шүберекке оралған екі-үш тілім нан мен бес-алты түйір қатты тұз. Размағанбет тұздың басқа жердің емес, кәдімгі Шопан-атаның қара тұзы екенін бірден айырды. Аузына түйірлеп салып дәмін алған. Есіне осыдан бес-алты жыл бұрын түн жамылып алыс сапарға, беймәлім елге аттанғаны түсті. Шопан-атаға келіп, өзіне жәрдем сұрап, дұғасын оқып, үзеңгіге аяғын сала бергенінде шырақшы шал түйіншекке оралған қара тұзды берген-ді.

— Елдің дәмі ғой, шырағым. Сағынғанда түйірлеп аузыңа сал, — деген еді жарықтық. Жанынан тастамай жүріп тауысқан. Ал мына тұз сағаттың тырсылындай миыңды тесіп, жаныңды жеген, аяқталуға жақын қалған ғұмырында кездесіп қалуға асыққан елден келген елшідей көрінді. Бұрын бірін-бірі іштей ұғысқан, сөйлеуді қажет етпеген екеуі бүгін тұңғыш және соңғы рет бір-біріне тіл қатты. Ішке келгеннен кейін үндемес күзетші мұнымен қатарласа отырды. Размағанбет оның жүзінен ішіндегі алай-түлей толғанысын байқады. Айтар сөзі де қысқа болды.

— Реке, сыртыңнан сүйініп те, табынып та жүретін көп тілеулесіңнің бірі едім. Қолыңды қысып, батаңды алу арманым еді. Бірақ бұл тағдыр дегенді қойсаңшы. Төріме шығарып, қолыңа су құйып, қызметшің болудың орнына желкеңнен итеріп, мылтық кезеумен келем. Мына үкіметтің қитұрқы, бірін-бірі аңдытып қойған саясаты "мен мұны істемеймін" деуге келтіріп тұр ма. Біле білсең сенің артыңа еріп, әдіре қалғыр мына есікті ашып-жапқан сайын ұяттан өртенумен болам. Бұрын сені көрсем, дидарлассам деп армандаушы едім. Естігенімді, көргендерімді балаларыма жыр қылып айтсам деп едім. Ал енді ше. Енді ол бақыт маған бұйырмады. Қамшымның астына алдым, найзамды кезедім дейім бе оларға. Жо-жоқ, Реке. Бәрі де қара жердің қойнына өзіммен бірге кетеді. Кеше алсаң ит болып соңыңа ергенімді кеш. О дүниеде кездесе қалсақ қабағыңды шыта көрме әулием. Анау қолымнан келген соңғы жақсылығым. Ол бұрыштағы құманды көрсетті.

— Рахмет, қарағым, — деді Размағанбет. Бәрін сезіп те, біліп те жүрмін. Құдай алдында да, адам алдында да күнәң жоқ. Сен біле білсең мұсылманның ең негізгі парызын жасадың. Қорғалақтама. Өткінші уақыт та өтер, сол кезде оларға арулап қоймасам да, ақ жуып жолға салған едім десең болады. Сүйегімнің қайда қалғанын ешкім білмес, бірақ рухым жоғалмас. Ризамын. Қош, — деп құшағына алған.

Размағанбет құшағындағы алпамсадай жігіттің дір-дір еткен жауырынынан өзіне деген шексіз сүйіспеншілікті, сол арқылы халқының бұған деген таусылмас ықыласын сезгендей болды. Ертең-ақ сонау көз көрмес, қиял жетпес көкке ұшқан жанымен бірге, өзі туралы әңгіме, аңыздың бүкіл елге жайыларын білді. Өзін жоқтай туған жерінің тау тасының түнеріп, бір-біріне мұң айтқан жусанды даланың сағынышқа толы ызыңын естігендей болды.

Содан отырып дәретін алды. Өзін-өзі ақтық сапарға дайындады. Барлық жөн-жоралғысы да, әруаққа, о дүниелік пендеге бағышталар шариғат заңдылығы көкейінде сайрап жатса да, осы жолы шатасып кетпейінші дегендей құранға қарады. Бірақ, мына бірте-бірте қараңғылық жайлаған түрме ішінен онсыз да уақ харіптермен жазылған киелі кітапқа көзі жетер емес. Үн-түнсіз төсек үстінде отыр. Осы өмірде жасаған ғұмыры оған тым қысқа болып көрінді. Қызығы да, шыжығы да мол өмірдің міне, түбі де көрінді. Енді одан қашып құтылар қайран да, дәрмен де жоқ. Алдың тұңғиық, артың сағым. Бәрі де күні кеше сияқты еді. Өткінші елес көз алдынан тізбектеле өтіп жатты...

Әкесі марқұм сонау Жабайұшқан, Сахардың тауы, Бостан құмды жағалай отырған елге кісілігімен де, діндарлығымен де белгілі адам еді. Маңдайына біткен дүние малдың соңында боқ күзеткен жаман төбеттей өзі жүрмей, бар билігін өзінің малшы бақташыларына сеніп тапсыратын. Хазіреттің өздеріне деген адал сеніміне ме, әлде төгілген терлерін дұрыс бағалап, еңбектеріне қылдай да қиянат жасамай кезінде беріп отыратын үлкен кісілігіне ме, әйтеуір бақташы біткен алдындағы малына өзінікіндей қарап, шашау шығармайтын. Тұрмағанбет хазіретке төрт түлік малдың есебі сонау күзде беріледі. Өйткені осы уақытта оның малын аралайтын әдеті бар. Әсіресе қозы айырылып, жас төлдің ішінен болашақ тұқымдық қошқар таңдауға өзі қатысатын. Хазіреттің көз алдынан, оның қырағы сүзгісінен кез келген еркек қозы өте бермейді. Содан да болар оның малдары көрер көзге өзгелерден бөлек, етті, сүйекті болып келеді. Осыдан кейін малшыларымен есептеседі. Көбіне үстеме еңбектерін береді. Алдағы қыста кімнің қай жерде отыратыны белгіленеді.

Құм бетіне алғашқы қырау түсісімен-ақ хазірет өзінің үйреншікті кәсібі, бала оқытуды бастап кетеді. Қызылсудағы Ащығардың бастауында орналасқан үйде ойға құлаған елдің көп баласының у-шу болып жатқаны. Кейде бәрін жинап, салт атпен әудем жерге шығып шариғат заңдылықтарын көкейлеріне құяды. Сондай көп сапарға кішкентай Размағанбетгің де талай шыққаны бар-ды. Әкесінің қоңыр даусы зерек баланы сонау тұңғиықтарға жетектейтін. Топырақты, суды, пендені жаратқан құдіреттің шеберлігіне таң қалып, бала көңілі соның жұмбағын шешуге тырысатын. Әр нәрсені сұрап, тыным таппайтын баласының зеректілігіне шүкіршілік еткен Тұрмағанбет қабырғасы қатайғасын құбыла беттегі елдердің біреуіне оқуға жіберуді ойластырып та жүрген. Сөйтіп жүргенде Маңғыстауға келіп жер асты байлықтарын түртіншектеп іздеп жүрген Андрусовтың келгені. Кешқұрым уақыт еді. Хазірет ауыл алдындағы төбеге шығып, өзімен-өзі отырған. Кенет көзі Шопан-атадан бері қарай келе жатқан керуенге түсті. Арасында салт аттылары да бар. Бұл отырған төбеге жақын сордың жағасына келіп кідірді. "Неде болса бұл жерге таныс адамдар болмады ғой, — деп ойлады хазірет олардың кідіргеніне қарап. Кенет алдыңғы құла аттан түскен қауға сақал орыс қасындағыларға айналып өтер қапылау жолды көрсетті де, атын жетектеген күйі төбе басындағы бұған тура тартты. Күн қызуы қайтқасын болар, тамағына байланған кең етекті қалпағын желкесіне ысыра салыпты. Қап-қара болып күнге тотыққан. Төбеге көтеріле бере оң қолындағы қамшысын кеудесіне қойып, басын иіп сәлемдесті. Жүргінші тісі ақсия күлді. Сақалына ақ кіре бастапты. Бірақ жүрісі ширақ, қимылы да, күлгенде жылылық төгетін мейірімді жүзі де ерекше әсер қалдырады екен. Төс соғыстырып амандасқан екеуі бір-бірін қолтықтаған күйі қайтадан төбеге көтеріліп тізе бүкті. Хазіреттің қасындағы бейтаныс жолаушыны көрген қызметші аяғын жеделдете басып алдына келді. Қолын қонағының тізесінің үстіне қойған Тұрмағанбет қызметшіге сор айналып ауылға беттеген керуенді көрсетіп, малын жайлап, қонағасы дайындауды тапсырды. Әрі жолбасшылық, әрі тілмәштік қызмет атқаратын жігіт келгенше Андрусов өзінің білген қазақшасымен жөнін айтқан болды.

— Көп уақыт өтті. Форт-Александровск келді. Одан бес күн шықты. Жетібай барады. Теңге барады. Тас қарайды, су қарайды. Форттағылар сен жақсы адам, соған бар,- деді.

Тұрмағанбет сонда барып он шақты жыл бұрын келіп кеткен тамыр орысының жұмсағанын білді. Онда ол да осы жердің ой-қырын сүзіп, тасын теріп, топырағын иіскелеп жүретін кезбе жұмысқа келген. Төбеңді тесер шілденің аптап ыстығында уақ-түйек нәрселерін салған дорбасын арқалап жылға кезіп, сағым ойнаған мидай далада әр нәрсені сызып, өлшеп, қапырық шатыр ішінде алабажақ қағаздарына шұқшиып отыратын кезін елестетті. Кешкі қонағасыда тілмәш арқылы білгені бұл жерде мұнай деп аталатын, бұлардың малдың қотырына жағатын қара майдың мол қоры бар, соны анықтау үшін арнайы тапсырмамен келген екен. Хазірет рұқсат етсе осы Қызылсуды негізгі тұрақ етіп қалдырып, жан-жаққа барлау жұмыстарын жүргізбекші. Анда-санда ақшасына тамақтан көмектесуді де сұрайды. Өйткені сонау Кетікке барып-келуде оңай шаруа емес.

Тұрмағанбет құдайдың жері кең, рұқсат сұрау тек Алладан екенін, шарапатым тисе еңбегімнің қайтқаны, ақша дейтін пендеге жолдас болмас пәре, оны аузыңа да алма. Мына ыстықта әлгі шүберектен тігілген шатырың көлеңке болып жарытпас, бір жеңіл киіз үй алып кет. Керек жеріне апарып тігісетін қызметші менен болсын. Сорпа суыңа қажетті мал, шүкір, бар ғой. Бір ғана өтінішім бар. Ана отырған жігіт болып қалған балам Размағанбет. Басқа балаларыма қарағанда ойы зерек, білігі көптеу. Мұсылманшылыққа, шариғатқа қатысты мен білетін ілімді алдымда отырып меңгерді. Бірақ менің ойым жетпес, санамның қабылдауы қиын жер-су құпиясына тым әуес. Байқаймын, сенің де қызметің сондай сияқты. Қасыңа ал, білгеніңді үйрет. Өрістен атыңды әкеліп, әр жерден терген тастарыңды салған дорбаңды арқаласа да зияны тимес. Оның үстіне осы күз түсе алыс елге оқуға жіберуде ойымда еді. Ата-анасынан жырақ, өзге мілләттің ортасына жүруге де үйрене берсін, — деді.

Жаз бойы белгілі ғалымның қасында болған Размағанбет Қызылсуға шөп басын алғашқы қырау шалған күні оралды. Әттең, Шығыс Маңғыстаудың тау-тасын кезген Андрусовтың сапарының аяқталып, алысқа, өз жеріне кетер уақытының болғаны. Әйтпесе құпиясы көп жер қыртысын зерттеген ғалымның қасынан айрылар ма еді. Көргені де, үйренгені де жетерлік. Жер асты байлықтарын айыру, олар туралы мағлұмат берер деректерді түсіну жолдарын Николай Иванович қажымай түсіндірумен болды. Мәдениеті, ғылымы дамыған елдер туралы да әңгіме айтып, солардың біреуіне барып, білімін жетілдіру жөнінде ақылын айтқан. Қоштасу кешінде ғалым Тұрмағанбет хазіретке жаз бойы көрсеткен қызметіне рахметін айта отырып:

— Хазірет, мен сенің игерген, халық қадесіне жаратып жатқан мұсылмандық біліміңе шек келтірмеймін. Ол ілімнің бойына терең үңіліп, мән мағынасына жете түсінбесем де, қараңғы түнектен шығарар жолына, осынау бізге әлі беймағұлым жаратылыс туралы белгілі дәрежеде сілтеме жасайтынына, бәрінен бұрын адамдық қасиет жөнінде зор мағлұмат беретініне иманымдай сенем. Сенің балаң осының бәрінде игерген де шығар. Кем-кетігі болса әлі де толықтыра түсетіні белгілі. Бірақ осындай дарынды баланы білімнің тағы бір саласына бағыттаған да дұрыс сияқты. Жаздай менің қасымда болған балаңның ұмтылысынан соны байқадым. Бұған әлі де оқу керек. Және де негізі ертеден қаланған елдердің біреуіне жібергенің дұрыс. Өзің айтқандай түстіктегі елдердің біреуіне, айталық Үндістан сияқты елге жібергенің мақұл. Өйткені ол жерге ғылымы, мәдениеті дамыған ағылшындардың зор ықпалы болды. Сонымен қатар Размағанбет онда мен айтқан жер қыртысы туралы ілімнен басқа, сенің көкейіңде "әлі игере алмады-ау" дейтін мұсылмандық оқуды да қоса жалғастырар еді. Қайтып келіп біздің ойымызда жүрсе де, әлі қолымыз жете қоймаған - ол аппақ айлы түнде мұнартып көрінген Сахардың тауын иегімен нұсқап — анау жерлерде өз қолтаңбасын қалдырар еді, - деді.

— Рахмет, қадірлі қонағым. "Қырықтың бірі қыдыр, - деуші еді біздің елдегілер. Қыдыр шығарсың, болмаса шым-шытырық жолдан адастырмай тура бағытқа сілтер жолбасшы боларсың. Өз ойымда осы еді. Көп ұзамай жолға да салармын. Ал, өзіңе айтарым Маңғыстауға тағы да жолың түсіп келіп жатсаң, ат басын тірер босағаң осы үй болсын. Құдіреті күшті жасағанның торынан аман болсақ, тағы да кәдеңе жарармыз. Пенде біткен бір-біріне сырттай да болса тілекші боп, амандығын ойласа одан асар ғанибет болар ма. Рахмет. Құдай разы болса, мен разымын,- деп қолын кеудесіне қойды.

Ертесіне Тұрмағанбет қасында баласы, нөкерлерімен Андрусовты сонау Жармаға дейін шығарып салды. Құм айналып, бірте-бірте ұзап бара жатқан керуеннің артынан қарап тұрған балаң жігіттің құлағыңда әр нәрсені байыппен айтып, жеріне жеткізе ұғындырар ғалымның сабырлы үні тұрған еді.

Түрме ішінің қапырық ауасы кеудесін қысқандай. Жүрегі құрғыр алқынып, шет-шегіне көз жетпес даланы сағынғандай. Қараңғы бұрыштан бір нәрсені қытырлата кеміріп жатқан тышқанның тықыры естіледі. Терезеден бұлт арасынан шыққан ай көрінді. Жан-жағы қордаланып, бұлыңғыр тартқан. Орнынан тұрған ғұлама терезенің алдына барды. Білектей темір тордың ар жағындағы шеті сынық терезеден ішке сығыла кірген ауаға кеудесін тосты. Шіркін-ай! — деді ішінен — Ең болмаса бір рет, бір сәт болса да қазір Бостанның арым-арым құмдарын кезер ме еді... Сахардың тауына бір рет шығып, көз алдында көлбей көрінген туған жердің көрінісіне көз қандырар ма еді... Тау етегінде жайыла жатқан Шопан-атаның қауымын аралап, ұйыса өскен жусанды жамбасыңмен баса отырып, өлілердің рухына бағыштап құран сүрелерін оқыр ма еді... Әттең, әттең... адамға жамандық ойлап көрмеген ақ көңіл-ай. Төріне жастана жатып, дәмін татқан, пышағын қолтығының астына жасыра ұстағандардың айтқанына сеніп, торға түскен аңғалдық-ай. Ойына баяғыда үнді жерінде, Бомбей қаласында оқып жүргені түсті. Кейде оқудан қолы босаған сәттерінде қасындағы серіктерімен қала аралайтыны бар-ды. Құмырсқаның илеуінше құжынаған халықтың ішінен қақтығыса өтіп, қаланың шетіндегі мешітке жетіп, демдерін алатын. Соның өзінде маймылы секіртіп, сыбызғы әуенімен жыланын билетіп отырған таңсық көріністерге естері кете, таңдана қарап қалатындары болушы еді. Құмыра қақпағын ашқан бойда атыла шыққан жылан сыбызғыны көрген бойда кілт кідіріп, соның ыңғайына қарай бұралаңдай билеп, бірте-бірте өзіне жақындаған сыбызғы ұшынан шегініп барып, құмыра ішіне қайтадан кіретін. Размағанбет анда-санда жыланның аузынан шыққан қап-қара айыр тілін көргенде, оның жаныңды балқытар әуенге елітіп емес, басына тиер сыбызғы тоқпағынан ғана қорқатынын сезген. Алдындағы жыланның өзінің мүлт кетер жерін аңдып тұратынын білетін сыбызғышы жанының үнемі қорқынышта екенін сезетін. Сезетін де, өзін бір күні болмаса бір күні құрбандыққа шалар жыланмен қолтықтаса өмір сүріп келе жатқан әлгі сыбызғышы ерлігіне таң қалатын. Өзге жұртқа сиқырымен жыланды бағындырып, әуенге билетіп жүргендей көрінетін сыбызғышы байғұстың бір қапталының үнемі үрейге толы күйін көріп, аяп та кететін. Апыр-ау!— деді іштей ай сәулесімен бұлыңғыр тартқан сыртқа қарап тұрып, - Сол бір кез неғып байқамағанмын. Үйіне келіп, екі-үш күн аунап-қунап жатқандардың екеуі кеңкілдей күліп, өткен-кеткенді айтып сырын алдыртпаса да, қасындағы үшіншісі жыланкөзденіп тесірейе қарап, үндемейтін. Анда-санда ғалымның жанары мен жанары түйісе қалғанда ғана жүзін басқа жаққа аударушы еді. Сұп-суық, сырын алдыртпас қатыгез көз. Қайдан көргенін есіне түсіре алмады. Аузы әңгімеде болса да, ойы осы көзде болып еді. Кенет оған жалт қараған ғұлама өзіне тесірейе қарап отырған көздің баяғы сыбызғышы алдындағы атылуға дайын тұрған жыланның көзімен бірдей екенін аңғарды. Бойы секем алса да, сыр бермеген. Сол қалпы олардың біраз жерге дейін шығарып сал дегендеріне де сылтау айтпай, атын ерттеп бірге шыққан еді. Шекараға келіп, қоштаса бергенінде әлгі жыланкөз ғұламаның артына айналды. Кенет жауырыннан тиген қатты соққыдан есеңгіреген Размағанбет бір жағына қисая құлап бара жатты...

Көзін ашқанда қол-аяғы байлаулы, арбада жатқанын сезді. Тастақ жердің ой-шұқырына арбаның дөңгелегі түсіп шыққан сайын басы зіркілдеп ауырып, жанын шығарып барады. Зорланып басын көтерді. Жол жиегінде ұйыса өскен шөпке қайта-қайта ауыз салып, аяғы мандымай келе жатқан бақырауық атанды шыбыртқысымен еріне ұрған арбакеш басын көтерген бұған үн-түнсіз қарады. Алда кетіп бара жатқан аттыларға жалтақтай қарап, қапталындағы торсықты ғұламаның аузына тосты. Қаталап шөлдегенін сонда барып білді. Өзіне-өзі келгендей болды. Кенет мұның қозғалғанын байқаған аттылардың біреуі бері бұрылды. Кешегі жылан көз екен. Қамшысын бұлғап ілгерілеп кеткендерді шақырды. Қасына бұрын көргендерінен басқа тағы да екі-үш бейтаныс келді. Сонда барып Размағанбет өзін қолға түсірудің алдын-ала жоспарланғанын, мына арбакеш пен бейтаныс адамдардың мұны осы жақтан күтіп алғанын білді. Енді қайда кетер дейсің, -деген болар, қолын шешті. Содан төрт-бес түнді артқа тастап осынан келіп бір-ақ шыққан еді.

Ғұлама ағаш төсектің үстіне келіп қайтадан отырды. Қайта-қайта терезе жаққа қарайды. Бәлкім, бүгін бірінші рет, мүмкін тұңғыш рет қара жамылған түннің ұзаққа созылғанын, сарғайып таң атпағанын тілегендей. Аузы арандай ашылған, қанда аждаһаның минут сайын жақындап қалғанын сезіп отыр. Қорыққаннан емес, ең болмаса өткенімді көз алдымнан бір рет өткізсем деген алдамшы үміт. Ертеде әкесі марқұм "шырағым, қолыңа ұстаған байлық, көзің жеткен шындық қана емес, орындалса екен деген жетелі үміт те адамды дегеніне жеткізеді",- деп отырушы еді. Размағанбеттің қазіргі үміті ахиреттің есігін ашқанда босқа өмір сүрмеген екенмін деп көңілі тоятындай, өз істеріне көз жүгіртіп өтуге мұрсат болса екен деген ой. Аз еңбектенбепті, бірақ көңілі құрғыр оған тоятын да емес.

Білімнің соңын қуып, жеті жыл өмірін сыртта өткізген Размағанбет туған жерге келіп, ың-шыңсыз, ел қатарлы тірлігіне көшкен. Өмірден өткен әкесін өз қолымен арулап қойды. Қызылсудың басынан әкесінің іргесін қалаған мешітін үлкейтіп, бала оқытты. Кейде шәкірттерін қасына ертіп, салт атпен үш-төрт күнге тау-тасты кезіп кететін. Анау Теңгенің ойы, Жетібайдың қырына шығып, осы жерлерде тұнып жатқан мұнайдың мол қоры туралы сыр шертетін. Ат қапталына артқан дорбаларына ұстазының ен даладан ерінбей жинаған тастарын салған балалар да мәз бола күлісіп, көңілді қайтар еді. Ал, ол тастар туралы, олардың неден пайда болғаны туралы, осыншама байлықтан көз көріп, құлақ естімеген сонау алыстағы шет елдерде жасалар небір кереметтер туралы ұстаздары ұзақ-сонар әңгіме шертетін. Сонда иен далада иесіз шашылып жатқан байлыққа таң қалған шәкірттері кезі келер, пайдаға асар күндерді асыға күтер еді. Күні ертең-ақ сол күндерге жететіндей, мына ұшқан құстың қанатын күйдіретін аңылжыған аптапты далада ұстаздары айтатын, ертегілердегідей алтын күмбездері күнмен шағылысқан қаланы көргендей әсерде болатын...

Бірақ алдында отырған шәкірттеріне білгенін үйретіп, ауыра қалған қаріп жандарға көмегін көрсетіп, бала кезден жанына жақын туған жерінің тау-тасын кезіп жүретін ың-шыңсыз тірліктің өмірі де ұзақ болмады. Теңіз қолтығынан шалғай жатқан бұл аймаққа да төңкерістің хабары әп-сәтте жетті. Кетікте болып жатқан өзгерістер құм ішіндегі бұларға желдей есіп, мың құбылып естіліп жатты. Кешегі дәулеттің тұтқасын ұстағандар, мешіт ішінде тәңіріне ғана табынып, алдындағы шәкірттеріне құран қағидаларын үйреткендер жауапқа тартылып, барынан айрылып, алды кемеге тиеліп сонау Үйшіктің түрмесіне қамала бастапты. Ауыздан ауызға жеткен суық хабар үрегей көңілдерді тұқыртып тастағандай ел ішін көңілсіздік басты. Бір-бірімен кездесе қалғанда айтылар әңгіме де бұрынғыдай емес. Көбі көмекейдің аржағында қалады. Кешегі төріңе жантая жатып, аңқылдай сөйлеп, ақтарыла салатын ақкөйлектің заманы өтіп кеткен сияқты. Бұғып сөйлеп, бүктетіле жүріп, сырын ішіне түйген біреу. Бір түннің ішінде жұртын сипатып, түстіктегі елдерге асып кеткендер де бар. Өмір бойы көз алданышы болған алдындағы малын қимай, соңынан қуалап Үстірт асып, ия болмаса Қарынжарық, Сақ сорқа құмын сағалап жылыстағандар да жетерлік.

Бұл уақытта ғұлама ел ішіндегі дүрбелеңді сезбегендей өзімен-өзі болды. Қашан барсаң да мешіт ішіндегі қатарласа жиналған кітаптарды ақтарып отырғаны. Бұрынғыдай анда-санда бой жазып, қақпанын арқалап, аң қағып келетін кәсібін де доғарды. Дүниенің әр бұрышынан арқалап келген, құны атан түйеге бергісіз кітаптарын жүйелеп, өзінің жазған, сызғандарын ой елегінен өткізумен болды. Бәрінен бұрын оның жанын қинағаны, беймәлім аумалы-төкпелі заман туа қалса мына кітаптарды кімге аманат етпек, қайда сақтамақ деген ойлар. Дәл қазір мұның алдында мыңғырған малы болмаса да, әр тілде жазылған мына кітаптар мұрнына ілімнің исі бармас талайдың көз сұғына ілініп, айтар әңгімесіне арқау болары анық. Ел ішіндегі әр жердегі сыйлас, пікірлес жандармен жүздеспегелі де көп болды. Бұрын бір-біріне арнайы барып қона жатып, өткен-кеткенді айтып қыдырыстап қайтушы еді. Енді оның да күні өтті. Төбе басынан қарайған көрінсе дастарханын қамдай бастайтындар, енді шама келсе әлгілердің бұрылып кеткенін қалайтынды шығарды.

Халықтың бұған деген оң көзқарасы ма, әйтеуір, алғашқы дүрбелең кезінде жаңа үкіметтің адамдары үйіне келіп көзі қызара, қамшысын білемдегенмен көп зиянын сала қоймады. Адам түсініп болмас қым-қиғаш уақыттың жетегінде сөйтіп жүріп он шақты жылды да артқа тастады. Бірақ Размағанбет бұл үкіметтің алғашқы ісінен-ақ халыққа жайлы болмасын сезді. Кешегі елдің арын арлап, жоғын жоқтап жүрген Тобанияз, Жалау сияқтылар әлдеқашан қанды қолдардың шырмауына түсті. Іргеңнен үңгіген жебір құрттай бірте-бірте халықтың жел өтіне ұстар бұтақтарын кеміріп, солдырумен келе жатыр. Бұл сойқан осылай созыла берсе күні ертең-ақ басшысынан айрылған халықтың бағытын білмей құзға құлары анық. Өткен жылы Уфа қаласына имамдыққа беки барғанында бас мүфтидің бөлмесінде біраз әңгіме шертілген-ді. Алғашқы сөз дін, құран қағидалары болғанмен артынан ел ішіндегі тірлікке ауысқан. Мына үкіметтің дінге деген теріс көзқарасы айтылды. Оның зиянының күллі ұрпаққа күні ертең-ақ әсер ететіндігі айтылды. Діннен айрылған елдің тілінен жұтап, салтынан безетіні сірә белгілі. Ал, ол үшеуінен айрылған халықтың жолының кесіліп, өзгенің сүрлеуімен шұбырмасына кім кепіл. Өз шаңырағыңнан, өз қолыңнан түтеткен түтінің шықпаса, өз босағаңнан өзің емін-еркін кірмесең, онда бар ғұмырың жетім баланың күніндей болмас па. Размағанбет мүфти айтып отырған Алашорда ұйымының мақсатының дін жолын, мұсылмандықты қорғау, ел еркіндігі бағытында екеніне көзі жетті. Жүз таныс болмаса да сыртынан білетін Бақытжан Қаратаев, Ахмет Байтұрсынов, Жаншахан Досмұханбетовтердің істерінің көкейіне қонып, жанына жақын тартқаны да осы тұс. Қайтар жолында поездың бірқалыпты ырғағында теңселе отырып, халқының болашағы үшін жанын шүберекке түйген азаматтарға септігім тисе, бұл өмірдің босқа өтпегені ғой деп ойлаған. Бірақ ол мақсаттарға жету де оңай болмас. Соның жолында талай жанның құрбандыққа шалынып, қасірет жүгін арқалап, орны толмас өкінішті кезеңдер болатынын Размағанбет анық сезді.

Ғұлама қайтадан орнынан тұрды. Көз алдына туған жерінің тау-тасы тізбектеле көрінгендей болды. Анау Жабай ұядан, Сахардың, Байсарының тауы. Сай-сала, жылғасына дейін таныс. Сол жерлерде мұның ең асыл қазыналары, кітаптары жатыр. Арасында баяғы Михаил Баярунас екеуінің сызбалары да бар еді. Қайтып келем ғой деген үмітпен ешкім көрместей қылып жасырған. Есіне түн жамылып Қызылсуға, мұның үйіне Алшынның келгені түсті.

Қызылсудағы Ащыағардың бойындағы шағын ауыл әлдеқашан түн құшағында көміліп, ұйқыға кеткен. Анда-санда бұлт арасынан ай сәулесі жарқырай шыққанда жан-жақтың бәрі де жамырай көрінеді. Манадан бері сарылып кітап ақтарып, қағаз жазып отырған Размағанбет түн ортасы ауа далаға шыққан. Жым-жырт тыныштықты үй іргесінен шырылдаған шілделіктің даусы мен әулие үстіндегі байғыздың үні ғана бұзғандай. Желпи соққан әлсіз самалмен Ащыағардың бойындағы ылғал исі келеді. Кенет Размағанбеттің жіті көзі әулие іргесіндегі ұйыса өскен жүзгенді тасалап, аттан түсіп жатқан біреуді көрді. Атын тұсап, қаңғырған жолаушы аяғын жай басып тура бұған қарата жүрді. Тіп-тік бойынан, жүрісінен байқады, Алшын екен. Жақындай бере оң қолындағы қамшысын кеудесіне басты. Алшынның дабырлап амандасуға болмайтындай тығыз шаруамен келгенін білген Размағанбет қолын созып, ішке кіруге ишарат білдірді. Қонағын төрге оздырғаннан кейін өз қолымен құйып сусын ұсынды. Зерен толы ашқылтым көжені дем алмастан басына көтерген Алшын қалтасынан орамалын алып, моншақтаған терін сүртті.

— Реке, жер қараймын деген сылтаумен кеше шықтым. Даланың тағысынша күндіз көлеңкелеп, түнделете жүріп жеткенім осы. Олай істемесем бағытымды біреулер біліп те қоюы мүмкін еді. Ел ішіндегі болып жатқан оқиғадан хабарлысың ғой. Оның бәрін тізбектеп жатпаймын. Өткен жылы Кетікке бара жатып, бірге сапарлас болғанымызда, елдегі ендігі қуғын-сүргін отызыншы жылдары басталуы мүмкін дегенің бар еді ғой. Сол айтқаның айнымай келді. Бұл үкімет күшіне енген сияқты. Әділдік, аяушылық дегенді ұмытты. Бұрынғы бұрынғы ма, бұл жолғы қанды шеңгелі ешкімді де құтқармайтындай. Бас сауғаламасаң болмас. Ендігі кідіріс өзіңді өзің құрулы қақпанға апарып салу. Әуелден таныс түстіктегі елдердің біреуіне кеткенің дұрыс сияқты. Әрине Маңғыстаудың топырағынан жырақ кету оңай болмасын білем. Бұл жердің аяқ астында жатқан тасы да, аңызақ ұрған даласы да саған тым қымбат екенін басқа білмесе де мен сезем ғой. Амал қанша қолдан келер көмектің, қолтығыңнан сүйер демеуімнің түрі осы. Разы бол. Ал, енді мен қайтамын. Қайтар жолымда із тастап Бозашымен кетемін, - деді.

Размағанбет үнсіз қалды. Осылай боларын алдын-ала білген. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір ат жалына қол созып, беймәлім сапарға аттанатынын жүрегі құрғыр әлдеқашан сездірген. Оның көзі қатарласа жиылған сандыққа түсті. Іші алтынға толы, не бір жақұт жатқандай ышқынып кетті. Мұнда жазбалары, түн ұйқысын төрт бөлген еңбектерінің жиынтықтары жатыр ғой. Ең болмаса соларды ажыратып, пайдасына жаратар біреуге аманат етсе, қиналмай-ақ қазір аттанар еді. Бәлкім бала кезден дүниені кезіп жүрген бұған топырақ сол жат жерден бұйыратын шығар. Апырай, ә. Қиналған ғұлама қасында үн-түнсіз, қамшысына сүйеніп жауап күтіп отырған Алшынға қарады.

— Түсінем, Реке. Сенің ең қымбатың да, қимасың да осы кітаптар мен қолжазбалар ғой. Бәлкім қайта ораларсың. Аумалы төкпелі заман да қалпына келер. Үмітсіз шайтан демейтін бе еді. Өз қолыңмен жасырып кет. Дәл қазір бұлардың ауыртпалығын көтерер адам табыла қоймас. Ал аналардың қолына түссе, бақырдай да құны жоқ, ертең-ақ өртейді. Қазір осылардың сойылын соғып жүрсем де менің де алдым тұман сияқты. Бұлар қазір ұяласына тимейтін қасқырдан да жаман. Ертең қан аңсап, жемтік іздегенде ауыз салатыны біз болмай, кім болар дейсің. Бұйырмыс болса түптің түбінде бір ізгі жанға тап болар. Сол кезде осы елдің қадесіне жараса болғаны да.

— Ал, ендеше қош. Құдайым жақсылықпен жолықтырғай. Бір-бірімізді көрмесек те сыртымыздан тілекші болып жүрейік,- деді Размағанбет.

Әулие қасындағы жүзген ішінде тұрған Размағанбет сырлас інісін шығарып салды. Түн қараңғысына сіңген жолаушы көрінбей кетті. Тым-тырыс түнде желе жортып бара жатқан аттың анда-санда пысқырғаны естіледі.

Содан ешкімге білдірмей Сахардың, Байсарының тауына, Жабайұшқанға бөліп-бөліп жасырған. Өзі болса жел айдаған қаңбақтай домалап жүріп қызылбастардың елінен барып бірақ шықты.

Мұнда келгеннен кейінде маңдайы шылқи қоймады. Ауыл итінің құйрығы қайқы деген осы. Жан-жақтан босып, азып-тозып келгендерді кім маңдайынан сипай қойсын. Кәпірдің елінен келдің, дініңді ұмытқан шоқынды шығарсың деп назмиесіне (бұл жақта милицияны солай атайды екен) сүйреп, артынан мұның ілімінің осал еместігін байқағасын жоғары жаққа, Астрабатқа апарып тағы да тергеуге алды. Әйтеуір екі ай анда-мұнда апарып, тексеруден өткесін тұруға рұқсат етті.

Размағанбеттің осында келгелі байқағаны құрығы ұзын, тоқпағы мықты үкіметтен қашып келіп, осында паналаған қандастарының Иранның әр жерінде тарыдай шашылып жүргендігі. Кешегі маңдайға біткен дәулет, қанына сіңген кәсібі жоқ ел, әйтеуір өлместің күні біреудің малын бағып, жерін жыртып тесік тамағын тауып жүр. Бұлай бола берсе күні ертең-ақ қалың парсы ішінде құмға сіңген судай жоқ болатыны белгілі. Жел өтінде қалған азғана халықты жайпап өтер дауылдан аман сақтар жалғыз жол, шама келсе бір жерге бірігіп, қанына сіңбесе де жер тырнап, тірлік жасау. Бірақ олардың басын қайтіп біріктірмек. Размағанбет өткенде Күмістөбеде отырған қараш Бейнеубайға осы ойын айтқан. Көп сөзге әуестігі жоқ Бейнеубай.

— Біздің халықтың жайын сенен артық ешкім білмес Размағанбет. Кең далада өсіп, малмен ғана күнелтісін жасаған халықтың мына құмырсқаның илеуіндей ығы-жығы, ыстығы кеудеңді қысар жерге үйреніп кетуі де екі талай ғой. Бірақ басқа түссе баспақшыл деген. Амалы қайсы. Біздің ұрпақтың бұл да бір басына түскен сергелдең шығар. Кім дегенімен келді мұнда. Жасымыз жер ортасына келген екеуміз де жүрміз. Енді ол жаққа оралу бар ма, жоқ па, ол бір құдайға ғана аян. Менің сүйегім осында қалады-ау деймін. Анда-санда қолым қышып күрек ұстайтыным бар. Бойға сіңген қасиет қой. Онан басқа қызылбастарды суды қылайын деп жүр дейсің бе. Жатыр ғой әне, үй іргесінде ағып лай су. Бір-екі бел топырақ алғаннан кейін күрегімді тастай салам. Білесің бе, жарықтық Маңғыстаудың топырағының исі де бөлек еді ғой. Қазған сайын, тереңге түскен сайын өзіне тарта беретін. Әр құдыққа түсіп шыққан сайын, қара жердің астының күйін тыңдап, жырына қанып шығатын едім ғой. Размағанбет-ау сол топырақтың ерекшелігі ғой, мен саған бір қиын жайды айтайын. Байқадың ба, жоқ па білмеймін. Басқа қиындық, сірә, өз алдына, осында келген жас келіндер міне екі-үш жылдың жүзі болды, бала көтеруден де қалды. Шерлі, мұң жайлаған адам ғана өмірге деген қызығушылығын жоя бастайды. Мұның бір жолын таппаса, ертең осында келген күллі ұрпақ құриды. Оның жолы жаңағы өзің айтқан бәрінің басын бір жерге жинау. Бір-біріне мұңын айтар, шаршаса қолтығынан сүйер, көңілдеріңде ілгеріге деген үміт ұялар. Бізге Қарағанда ілімің көп, бар жайды айтып мына қызылбастардың патшасына хат жаз, басын біріктір, қызмет берсін.

Өткенде түс көріп едім. Шың жағалап, қазатын құдықтың орнын қарап жүр екенмін деймін. Кенет күрегімнің қолымнан шығып кетіп төмен қарата құлдырай жөнелгені. Жүзі майрылмайтын асыл темірден жасалған еді. Апырай жолда бір тастарға ілініп қалмай, сонау төмендегі қамыс өскен суды жерге түссе екен деймін. Құдай дегенімді берді. Сол құлдыраған күйі әлгі мен межелеп тұрған қамыстың қасына барып түсті. Кенет қозы қайырып жүрген екі-үш бала әлгі күрекке қарай жүгіре жөнелді. Біреуі барып көтеріп алды. Әлпейіс. Қасындағы екеуі де менің балаларым Іңірбай мен Арқарбай сияқты. Менің күрегім ғой әкеліп берің деп айқайлаймын. Бірақ белді орталарына алған үш бала мені еститін емес, ұзап бара жатыр. Оянып кетіп апырай олар жігіт болып еді ғой, неге бала болып көрінді екен деймін. Ей, деймін артынан, мен аяқтамаған істерді балаларым іліп әкетті ғой. Бұрын менің айтқанымды істейтін болса, енді өздерінше қолтаңба қалдырады екен деп ойладым. Сөйтіп көңілім бірленген сияқты. Ал сенің мына айтқаның көңілімдегі кірбіңді кетіргендей. Басымызды біріктірші. Қой терісінің пұшпағындай болсақ та, бір жерден түтін түтетейік. Өле қалсақ бір бел топырақты қандасын салса арман не, — деп еді жарықтық.

Шүкір, патшаға жазған арызы, сұраған өтініші аяқсыз қалған жоқ. Әр жердегі қазақтар сөйтіп Бендерге, Гургенге, Күмбетке шоғырланған. Апырау адам ит жанды деген осы-ay. Бастары біріккеннен кейін әзіл қалжың айтып, қыдырыстап, аралары жақын екі-үш қаладағылар бір-біріне қыз ұзатып, келін түсіріп жырғады да қалды. Бірақ бастары қосыла қалса айтатыны туған жер, көзден бұл-бұл ұшқан дәурен, қайта оралмас күндері. Тіпті сол алыста қалған Маңғыстаудың басқасын былай қойғанда шілдеде уы молайып, күшіне келетін қарақұртының шаққанында жыр қылып, сағынышпен айтып отыратынын қайтерсің.

Қанша қиын болса да өмір жалғасын тапқан сияқты. Бейнеубай екеуінің сағынышпен күтіп жүрген алғашқы сәбиі де өмірге келді. Соның тұсаукесерінде кішкентайын бауырына қысқан Ескелді аулының келіні төрде отырған екеуінің алдына келіп:

— Қадірлі аталар, мына кішкентай осы топырақта жаратылды. Бірақ оның ойы да, қаны да ата мекені Маңғыстауға деген сүйіспеншілікке толы. Өйткені бойыма біткен күннен бастап осы шарананы өмірге әкелсем, көзім тіріде туған жеріне табыстырсам деген ойдан бір сәтте ажырап көрген жоқпын. Туған жерге деген сағынышым жас боп ақтарылған талай түнді менімен қосыла аңсады, мұңыма мұңдас болды, сағыныш зарын бойына сіңірді. Жат жерде топырақ бұйырған ата-енемнің аманаты да осы тентектің мойнында. Аяғым ауыр кезде енем марқұм — Шіркін-ай осы кішкентайдың тұсауын Үстірттің дәрі шөбіне жайылған, ішін жарғанда майы ақтарылып түсетін қойдың тоқ ішегімен кесер ме еді, - деп отырушы еді. Оған жете алмады. Осындағы елдің ақыл сұрап, қажыған сәттерінде демеу көретіні де өздерің ғой. Алдарыңа әкелдім. Бірің бата берің, бірің тұсауын кесің, — деді.

Бұлар тұсауын кесіп, бата берді. Өмірің жат жерде өксімей, қасиетті жеріңе жет деген тілектерін де айтты. Қолдарын жайып, көз жастары мөлтілдеп отырған көпшіліктің көкейінде мына зұлматтың тез аяқталып, eлгe оралар күндер жатқан еді.

Ол жақта жүріп те елге құлағын тосумен болған. Қаншама қиын болса да ретін тауып, арғы беттен бері келетіндер болып жатқан өзгерістерді жеткізетін. Әсіресе ғұлама үкіметтің түбек жерінен мұнай іздеп, экспедиция шығарып жатқанын естігенде баяғы Михаил Баярунас екеуінің талай шарлап, өздерінің белгілеп, үмітпен қараған жерлері көз алдына елестеп, оттай басылатын еді. Қап әттеген-ай, — дейтін кейде ішінен, ең болмаса сенімді адамға сол жазбалардың жатқан жерінде айтпай кеткенім. Бірақ кім жанын шүберекке түйіп, оны көрсете қойсын, - дейді тағы да. Өзі кеткеннен кейін де артта қалған талай туысы қасірет шекпеді ме.

Көз алдында ізі аңдулы, аяғыңды шалыс бассаң қарақұрттың шатырыңдай матап тастар торы дайын олар түгілі, жат жердегі мұны да қолына түсірген жоқ па. Размағанбет бәрінің де кеш екенін біліп отыр. Беріге дейін қайта оралам деген үмітін үзбеген. Жаңа үкімет құрылғаннан кейінгі алғашқы қудалау, қамауға алу, құрбандыққа шалу сияқты істердің бәрін өткінші көрген. Бірақ олар оған қанағат етпеді, күн өткен сайын күшейіп, елге көрсетер зәбірі толқын-толқын болып жалғасумен әлі келе жатыр. Өзі танитын, көзі көрген адамдардан басқа осында жеткен хабарларға қарағанда ел ішіндегі бетке ұстар ешкім қалмағандай. Баяғыда Баярунас екеуі кешқұрым өзгелерден бөлек, от алдында отырып осы бір қасірет жайында пікірлесетіні бар еді. Сонда Михаил Викентьевич Россиядағы не бір айтулы ғалымдардың, әскер басылардың атылып, қамауға алынғанын, ретін тапқандар шет елге бас сауғалап кеткенін айтқан.

— Бұл белгілі дәрежеде ғылымға зор зиянын тигізеді, ал ол айналып келгенде елдің дамуына кері ықпал етеді. Менің тағдырымның қандай болатынын өзім де білмеймін. Николай Иванович Андрусов болса шет елге, Чехословакияға кетті. Бәлкім соның шәкірті болып, тәлімін алғанымызда басымызға тоқпақ болып тиер. Кім біліпті. Бірақ Россия алдында титтей де кінәратым жоқ. Міне, Размағанбет,- деп мойнындағы кресін маңдайына тигізген. Елде жүргенде бір жар рет хат алысып, хабарласқаны бар. Содан кейінгі тағдыры белгісіз.

Ал өзінің де міне, күні бітті. Ойда жүрген, көкейінде сайрап жатқан көп сөзі өзімен бірге бара жатыр. Қаншама талпынып, сыртқа хабар жіберем десе де мүмкіндігі болмады. Салмағы көп аманат еді. Әттең құс хабар болып жетсе сол аманаттың артында үлкен іс, елінің ырысы, ұрпақтарының болашағы жатыр еді.

Кенет жон арқасы мұздап қоя берді. Салдырлап есік ашылды. Ғұлама орнынан асықпай тұрды. Ішке кірген төртеудің бірі бұл аспанға ұшып кететіндей аяқ-қолына кісен салып, түте-түтесі шыққан төсекті, үсті-басын мұқият тінтіп шықты. Қалтасындағы кішкене құранды әлгі төсек үстіне тастай салды. Түрменің тар дәлізімен жүріп, төменге түсті. Арттарынан зілдей темір есік қайтадан жабылды. Ғұлама ішінен кәлимасын қайырып, ал мен дайынмын дегендей әлгілерге қарсы қарап тұрды. Олар алдарындағы стол үстіндегі майы сыртына шыққан қағаз қораптың ішінен жылтыраған, су жаңа оқтарды алып бесатардың қап-қара болған көмейіне тыға салды. Өзіне бағытталған төрт мылтықтың төрт ұңғысы көтеріліп келіп, тура жүрегіне келгенде қалт кідірді.

— Өмір сенің тым қысқа екеніңді мен де бүгін білдім, - деді іштей.

Бәлкім азапты күндерің де тәтті шығар. Аз жасадым деп құдайға күпір болмайын. Пайғамбар жасы да тым жақын қалған еді ғой. Қара бастың қамын ойлап домалай бермеппін. Артымда ұрпақтарым ғасырлар бойы айтып жүрер сара жолдың сүрлеуі қалыпты. Тәуба, жасаған.

Мылтықтың ұңғысынан қып-қызыл болып жалын шықты.

Кеудесіне кірш етіп қадалған қорғасынның күйдіріп бара жатқан ыстығын сезгендей болды. Бар күшін жинап көзін ашқанда Сахардың тауынан сарқырай аққан бұлақты көрді. Ақ ұлпа құс қанатының үстінде ме, әлде ақ мамық бұлт ішінде ме, әйтеуір жеп-жеңіл болып көкке көтеріліп, азғана күн ғұмыр кешкен пәни жалғаннан бірте-бірте ұзап бара жатты...

АТА ЖҰРТЫМ - АЛТЫН ДІҢГЕГІМ

Алтын ордам, көрейінші деп келдім,

Қолым ұшын берейінші деп келдім.

Шетте тудым, шетте өстім ағайын,

Дәл ортаңда өлейінші деп келдім.

Атамекен, нәр алайын деп келдім,

Шертіп бір күй, уанайын деп келдім.

Сен жыласаң жоқтау айтып тоқтаусыз,

Сен қуансаң қуанайын деп келдім.

Монғолиялық, ақын Бекен ҚАРАТАЙҰЛЫ.

Басыңнан кешкендеріңді айт дейсің-ау қарағым. Нені айтам. Жат жерде өткен сол жылдар сағыныш пен мұңға толы, желісін сағынған аруана құсап, осы жаққа, Маңғыстауға жанарымыз талғанша қараумен өтті ғой. Үмітіміз шайтан демейтін бе еді. Бірақ сол үміттің де кейде дым ұзаққа созылып, торықтыратын кездері болады екен. Баяғы шешемнің өмірден өтер алдында үй алдындағы биік төбеге шығып, көзінен парлаған жасын жаулығымен үнсіз сүртіп, көз ұшында бұлдырай көрінген жақты көрсетіп: - Сонау көрінген сенің туған жерің еді, құлыным. Кіндігің сол жақта кесілген. Ойхой, шіркін, дүние-ай, сен өмірге келгендегі Үстірттің үстінің отын айтсаңшы. Жұпар исі аңқыған жусан мен еркек тізеден келетін. Қайран Үстірттің кешке таман соғатын, жаныңды сергітер ауасын айтсаңшы. Мына жердің өкпеңді сығар ыстығы емес еді ғой. Сол кезде әлгі самалға қосылып ырғалып тұрар селеулі дала әлі есімнен кетпейді. Немерелі болдым деп марқұм атам бір тайды алып ұрған. Ол жақта осы қазіргі біздер құсап ешкім құмырсқаның илеуінше бір жерге тығылып отырмайды. Ана төбенің, ана қырдың үстіне бөлек-бөлек отырғандар сол күні артында сызылған шаң қалдырып, жан-жақтан біздікіне ағылған. Ат жарыстырып, белдесіп күресіп, ән айтып, мәре-сәре болған еді. Немере сүйгізіп, тағдырдың қолтығымнан сүйегені шығар деп, сонда атыңды Демеген қойып еді атам жарықтық Бірақ, тағдырдың аяусыз тәлкегіне түсетінімізді ол кезде кім білген. Ел тірлігімен маңдайға біткен азын-аулақ малға бола байсыңдар деп қудалау басталды. Атамдар түркмен жерінде қалды, біз одан әрі шығынып осында, парсы жеріне келдік. Алдынан кесе көлденең өтпеген оларға топырақ салу бақыты да бұйырмады бізге. Соны ойласам әлі күнге дейін жанымды қоярға жер таппаймын. Елдің іші ғой, әйтеуір бір мұсылман бетін жапқан шығар. Бірақ өз балаларының орны бөлек қой. Енді міне, сол жақты сағына, сағына мен де өмірден өтіп барам. Ең болмаса сүйегім барса деп армандаумен болып едім. Бірақ ол болмады, құлыным. Енді құдайдан сұрарым, сендер жетсеңдер екен сол жерге. Ондай заман туа қалса, туған жерге менен де сәлем айт. Сағынғанымды айт, сағынышымның шексіз болғанын айт. Тұла бойым жанып барады. Шіркін-ай, осы кезде тісіңді сындырар шыңыраудың суы болар ма еді, жаныңды сергітер Үстірттің ауасы болар ма еді, бірақ ол қайда, жоқ қой... А, құдай, қайырымың мол еді ғой, маған қимаған, менен қызғанған сол қуанышыңды осыларға бере гөр. Сөйте гөр, әулием, мен титтей де ренжімей өтейін деген еді сонда шешем егіліп отырып.

Көп ұзамады. Әкем екеуі Иранның Күмістөбе дейтін жерінде қалды. Түркмен, қазақтың қауымы бір. Ол жақтың әдебі бойынша белгі қойылмайды. Елге оралу бақыты маңдайыма бұйырып бастарына дұға оқып кетейін деп барғанымда әйтеуір осы жер болар деп шамаладым. Өйткені бастапқы барған әзірде бізден адамдар көп өлді ғой. Кең далада өскен маңғыстаулықтар бұл жерді менсінбеді.. Ыссы, қапырық өзеннен ішкен лай су да әр түрлі ауруларды көбейтті. Безгек дейтін ауруды сонда естігем. Күніге төрт-бес адамнан өліп сиреп қалдық қой.

Шырағым, Иран жерін Маңғыстаулықтардың жерсінбегені сондай, алғаш жер ауып барғанда әйелдер бала туудан да қалған. Табиғаттың сондай да бір кереметі болады екен. Жүректерін сағыныш кернеген шерлі көңілдердің қасіреті ме ол, кім білген.Әйтеуір, туған жерге деген сағыныш, мұң ұмытылғанша көп уақыт өтті ғой.

Әлі есімде, әке-шешеден айырылып, айдалада қорғанышсыз жетім қалған, көз жасымды тия алмай есік алдында өксіп отырған мені, баяғы елден жүк артып келген түйеміз боздап келіп иіскеген еді. Қарасам ол да жылап тұр екен. Күн сайын ол мені иіскемесе, мен оның мойнынан құшақтамасам мауқымыз басылмаушы еді. Ойлап отырсам, сонау туған жерден бірге келген түйе екеш түйенің маған деген демеуі екен ғой. Маңғыстаудан бірінші Түркменстанның Жебел жеріне келіп паналағанмен, кішкене молдалығы бар әкемді тағы да қудалап, ұсталып кету қаупі болғаннан кейін осында аудық қой. Сонда шешем Әлпенді, үш інім мен қарындасымды арқасына мінгізіп, артына зарлай боздап қарағыштап келген түйе еді бұл.

Көктемнің кезі. Шекараға келсек Этрек өзені арнасынан асып-тасып жатыр екен. Көрмеген жердің ой-шұқырын кім білген. Сол жерде осы түйе қалың батпаққа батты. Көзі жасаурап қаншама ұмтылғанмен шыға ал ар емес. Күдерін үзуге айналған әкем інім екеумізді бізбен бірге келген руы Бәли біреулерге қосып кері қайырды. Артына жалтақтай қарап көш соңында келе жатқан әлгілер осы жерге келгенде нілдей бұзылған. Таңертең ілгері жүрмейтінін, не де болса елге қайтатынын айтты.

— Айып етпе, Нұрмағанбет, — деп еді сонда әкеме. Қасыңа еріп көшіңнің санын көбейте алмадым, тар жерде қолтығыңнан демей алмадым. Мен әлсізбін бе, әлде туған жерімнің құдіреті күшті ме білмедім, әрі қарай жүре алар емеспін. Мен онсыз тыныстай алмайды екем, бозторғайдың шырылысыз ояна алмайды екем. Мәңгілік түнекке келе жатқан адамдаймын. Өзімді емес, ана көздері жәутеңдеп, алды беймәлім өмірге келе жатқан балаларымды аядым. Не де болса кейін қайтам. Қол-аяғымды бұғаулап, етімді турап жесе де туған жерде өлгім келеді! - дегенді.

— Жолың болсын. Елге сәлем айт. Бұл уақыт адамның бір-біріне өкпе айтатын кезі ме. Мүмкін дұрыс шешім жасаған шығарсың. Саған ақыл айтуға, өзімнің жүріп келе жатқан сүрлеуінің дұрыс-бұрыстығын ажыратар дәрмен менде де жоқ. Мына үлкен баламды өзіңмен бірге ала кет. Кішкентайлары аяққа оралғы болар. Бірдеңе қылып ел ортасында ажалы жетпесе күн көрер. Ал мен арпалысып әлі де мына түйені шығарып көрермін, -деген-ді әкем.

Содан Түркменстанның Кекіш дейтін жерінде әр үйдің есігі алдында жүрген біздерді, екі айдан кейін түн жамылып келген әкеміз қайтадан қараңғы жамылып алып кетті. Сөйткен түйе еді бұл. Күндіз тау тасалап қашып кетер деп байлап қойғанда артына қарап боздаумен болатын. Қиын кезеңде жанұямызды арқалап тасыған түйе, қанатым қатаймай ұясынан түсіп қалған сары ауыз балапандай күнімде де маған осылай демеуші болып еді.

Содан өлмешінің күнін кешкен өмір басталды. Әке-шешесі бар балалардың қасында менің күнім не бопты. Қазақтардан ауқаттылау тұратын түркмендердің қозысын бақтым. Қызыл бастардың жерін жыртып, дәнін септім. Кездесе қалса ауласын сыпырып, базарға жүктерін тасыдым. Өлмешінің күні деп отырғаным сол ғой. Оқи алмадық. Парсыша да, сендерше де сауатым жоқ. Маңғыстауда енді оқимыз деп жүргенде дүркірей қашып, шекара астық. Ал мұнда мені кім қолымнан жетектеп мектепке апарсын.Осы күндері бізбен бірге келгендердің кейбірі ұнамады деп қайта кетіп жатады. Қайдан білейін шырағым, әркімнің өз ойы, өз пікірі бар ғой. Ал маған айттырсаң ол жақта болған жетпіс жылымның ішінде жеті тиында жинағым болған жоқ. Тіпті парсылар біздерді өз ұлтымызбен қазақтар деп атамай, түркмендер деп атаушы еді. Соған қатты намыстанушы едік. Соңғы кезеңдері балалары оқу бітіргендер болды. Анау-мынау ұсақ жұмыстар болмаса, мемлекеттік биік қызметтерде істеген ешкім болған жоқ, айыбы сен қазақсың. Мұны олар қысылмай, қымтырылмай бетіңе тіке айтады.

Барғаннан қырық жыл өткесін барып, қолымызға документ берді. Оған дейін жүрген жүрісің бәрі санаулы болатын. Бір жаққа кететін болсаң әлгі книжкеңе оралар уақытыңды жазып беріп, мөрін басады. Сол айтылған күні қайта оралуың керек. Бірақ қолымызға еркіндік бермегенмен әскеріне алды, соғысында шабыстырды. Біздің көбіміздің балаларымыз кешегі Иран-Ирак соғысына қатысты, қаза болды, жараланды. Ол жақта болған жылдарымызда бір ғана нәрсеге шүкіршілік ететін едік. Қалың парсы, ұйлыққан түркмен ішінде жоқ болып кетпей, ұлттығымызды сақтап қалыппыз. Ұлдарымызды намысшылдыққа тәрбиеледік, қыздарымызды жат жұрттың қойнына салмадық. О, тоба, тіліңнен, діліңнен айрылғаннан сақтасын. Ондай маңдайының бағы ашылмаған халық аз ба еді.

Баламыз ғой, көп нәрседен хабарсыз болып өстік. Ақсақалдардың айтуы бойынша атақты ғалым Размағанбет болмаса бытырап кетеді екенбіз. Сол Рекең әр жерде тарыдай шашылып жүрген қандастарын жинап, ел қатарлы күнелтуі үшін егінмен айналысуы керектігін біліп, патшаға арыз жазып, жер сұрапты. Патша уәдесін берген. Бірақ шырағым, халықтың маңдайынан бақ қайтайын десе оңай екен ғой. Қазақтарға жер береді екен, өгіз, тұқым береді екен деп жүргенде ол ұсталып кетті. Бірақ ғұламаның алдына барып сөйлесіп, берген арызы зая кетпепті әйтеуір. Артынан әр жерде бытырап жүрген қазақтарды жинақтап Бендерге, Гургенге, Күмбетке әкеліп орналастырды ғой. Итшілеп жүріп өлместің қамын жасадық. Бір-біріміздің басымыздың қуанышына ортақтасып, мұңдысына көңілімізді айтып, шама келгенше қолтығынан сүйедік. Бас екеу болды. Өмірге қарақұлақтар келді. Ендігі тілек солардың болашағы еді.

Баяғы шешеміздің тірісінде сөйлесе болды көкірегі қарс айырылып, көз жасын төгіп армандайтын туған жерге деген сағыныш біздің бойымызда да өшкен жоқ. Қайта маздай түсті. Еліміз туын тігіп, шаңырағын көтермегенмен сол жақтан ескен жылы лепке құлағымызды түрумен болатынбыз.

Елдік дегеннің не екенін білесің бе? Мұндай сұрақты өзіңе қойғаныма ренжіме шырағым. Менің айтайын дегенім "қолда бар алтынның қадірі жоқ" деген бар-ды. Мана басында айттым ғой, бізді мұнда парсылар ия түркмен дейтін, ия "шурави" (орыстар) дейтін. Қанша қиын болғанмен мұны да көтердік. Көтермеске дәрменіміз қайсы. Өйткені қанша айтқанмен Қазақстан ол кезде дербес ел емес еді ғой. Содан қорғалайтынбыз. Ал еліміз көк байрағын тігіп, өз алдына ел болғанда біздер қандай қуандық десеңші. Жат жерде жүрсек те ағасына арқа сүйеген баладай еңсемізді көтердік. Енді "шурави" дейтіндерге қарсы сөйлеп қазақ екенімізді, ана жақта іргелі еліміз бар екендігін мақтанышпен айттық. Батыл айттық. Адамның көңілі дейтіннің ешбір бақсы-балгер болжай алмайтын ерекше бір қасиеті болады. Сол көңіліміз бір жақсылықты сезді, екі ортаға жүрер керуеннің болашақ жолын сезді. Сол күні ақсарбас шалып, бір-бірімізді құттықтап, жылап отырып қуанып, қуанып отырып жылап едік. Құдайдың бар екеніне, жетпіс жыл бойы төгілген жастың бекер кетпегеніне тәубә дедік. Көңіл күпті еді шырағым.

Ой, қарағым-ай, адам ит жанды деген осы. Осы күндері жүрегіміздің қуаныштан жарылып кетпегеніне әлі таң қалам. Тоқсан екінші жылы күзде Президентіміз келеді деген күні Гургенде, Бендершахта, Күмбетте тұратын бар қазақ Тегеранға ағылды. Үкіметтің сақшылары самолет қонатын жерге маңайлатар емес. Кенет маңдайы жарқырап түсіп келе жатқан патшамызды көргенде бар қазақ не істерін білмей теңселіп кетті ғой. Еліңнің елдігін білдіріп, бар қазақтың жетпіс жыл бойы үзілген сағынышын арқалап келді ғой Нұрекең. Кешегі қазақ деп айтуға тілі келмейтіндердің ана қасиетіңнен айналайын көк байрақтың алдында сымша тізіліп, патшамызға бас игенін көргенде жүрек түкпірінде шер боп қатқан біздің сағынышымыз жас боп төгілмегенде қайтушы еді айналайын. Алаш арасында жасы сақалын жуып ақсақалымыз батасын берді, жігітіміз еңкілдеп отырып өз патшамыздың қадамын құтты қыла көр деп ақсарбасын шалды. Сол күні бәрімізде еңсемізді түсірген зілден арылып марқайып қайтқанбыз. Жолда келе жатып күн астында самғай көтерілген қыранның суретінің Көк Байрақта бекер салынбағанына көзіміз жетті. Күнелтіс үшін әркімнің жерін жыртып, малын бақсақ та, алақан жайып қайыр сұрамағанымызға парсылар таң қалып "намысшылдар" деуші еді. Бақсақ о бастан да аяқтың астындағы боқты шұқуға емес, сонау биікте самғап, арпалыспен өмір сүруге жаралған халық екенбіз ғой.

Бақытты екенбіз. Сағындырған, сарылып күттірген туған жерге тоқсан бестің күзінде табанымыз тиді. Алғашқы көш едік. Ол әлі жалғасып жатыр. Кейде ойлаймын, бізге құдай берген осы сый бұдан 20-30 жыл бұрын берілген болса Иранда бірде-бір қазақ қалмас еді. Ел ішіндегі азаматтарға ризамыз. Басыңа жай берді, реті келгендер жұмысқа орналасты. Өз бетімен тірлік етіп жүргендер де бар. Мына бір "квартплат" дегені болмаса. Оны да егер түсіндіріп о бастан мойнымызға ілген болса осы күнгідей көбеймес еді. Алғаш келген, бұл жақтың заң-зәкөнінен бейхабар біз не білейік. Бірақ бәрі де ештеңе емес. Негізгі мақсат баяғы әкелеріміз бен шешелеріміздің қолы жетпей сағымға айналған арманы орындалды. Өз жерімізге келдік,тынысымыз ашылып еркін дем алдық.

Шырағым жат қорлығы жаман. Тепкі көрсең де өз жерінде көр. Өз билігі өзіндегі, ешкімге жалтақтамайтын елдің тәуелсіздігі ең негізгі байлық. Мүмкін қиындық көрмеген, жат елдің қысымын көрмегендер мұның қадырын біле қоймас. Сауатсыз адаммын ғой. Біреулер ел басына, билік тізгін ұстаған азаматтарға риза болмай ананы бүйтті, мынаны сүйтті деп реніштерін айтып жатады. Меніңше олай айту, ат үсті баға беру қате сияқты қарағым. Өзіндегі байлық, өз қандастарындағы барлық ешқайда кетпейді. Айналып келіп ақыры өз қазығына, өз қазанына құйылады. Тек жатқа кетпесін деп тіле. Қазір қанша майлы ішектей жылмаңдап, тонның ішкі бауындай араласып жүрсе де, жаттың қолына түскен байлық орнын мыңнан емес, өзге жақтан табады. Солардың мүддесіне жұмсалады.

Көшіп келген жылдары алғашында осы өңім бе, түсім бе деп жүрген кездерім де болды. Бәлкім, мен саған еркіндік деген, бостандық деген ұғымның мән-мағынасын дәл жеткізе де алмаспын. Қазақта "қайғысыз қара суға да семіреді"- деген сөз бар. Әне, сол ешкімге жалтақтамай, өзге алдында жігерің жасымай, еңсең биік, мәртебең жоғары жүргенге жетер ештеңе де жоқ. Кеше әлі Ираннан көшіп келе қоймаған іні-келіндерім, ағайын-туғандар келді. Бүгін таңертең ерте Бекет-Атаға зиярат етуге кетті. Тәуелсіз ел болмасақ екі орта ашылар ме еді, қасиетті Атаға жол созылар ма еді. Ұрпақтарын ол да желеп-жебеп жатқан шығар.

Басқа не айтайын шырағым, жасым келген адаммын. Көп жүріске жоқпын. Ана жақтан келгендері бар, осыннан табысқандарымыз бар, той садақаларына машинамен алып кетеді, әкеліп тастайды. Көбінде осы есік алдындағы орындықта қонақтап отырамын. Далаға шықсам болды бір мамыражай тірлікті көремін. Ауасы да бөлек, атар таңы да, батар күні де бөлек. Парсы жерінде жүргенімде батып бара жатқан күннің өзі денемнен бір тамшы тірлікті алып кеткендей әсерде болушы едім. Ал мыңда ерекше бір жеңілдік бар. Ана кетіп бара жатқан адамдардың бір-бірімен еркін сөйлескенінің өзі неге тұрады. Өз жерінде біреуден орынсыз сөз естісең де ештеңе емес. Егер мұны шет елде, басқа біреуден естісең маңдайыңа таспен ұрғандай болар еді. Елің болмаса, арқа сүйер отанын болмаса, жат жерде өксікпен өміріміз өтіп, тірлігіміз сұраусыз үзілер еді.

Тәубә жасаған! Құдайдан да, тағдырдан да сұрарым еліміздің осы бір ұйыған бірлігі, қуанышқа толы тірлігі, ертеңге деген үміті, ұрпақтары тойлар қызығы таусылмағай. Тәубә жасаған, тәубә!

МАҢҒЫСТАУ ТАРИХЫ

Осы бір Ұлы теңіздің қолтығын мекендеп жатқан Маңғыстау жері туралы талай — талай саяхатшылар, ғұлама тарихшылар өз еңбектерінде, сапарнамаларында таңдайын қаға, тамсана жазып өткен. Өйткені, түбек төрінде күні бүгінге дейін өткен — кеткенді өзінің айшықты архитектурасымен қызықтыратын ескерткіштер де, тілін тауып сөйлете білсең, әріден сыр шертер тау-тасы да өзінің бастауын тым әріден, сонау есте қалмас ықылым замандардан бастайды. Бүкіл қазақ жеріндегі тарихи ескерткіштердің жартысына жуығының осы жерде сақталуы, әсіресе күні бүгінге дейін міні құрымаған жер асты мешіттері, соңғы археологиялық қазбалар арқылы табылған біздің дәуірімізге дейінгі ғибадатханалар, көне үйіктер тарихына үңілсек болды, олар бір-бірімен жалғасып, өтіп кеткен елдер, халықтар жөнінде хабар береді. Тіпті басқасын былай қойғанда, Маңғыстау тас ғасырын шұқшия зерттеген Алан Георгиевич Медоев Сарытас шығанағы маңында орналасқан Шақпақ-ата, Өңежек жерлерінен табылған палеолиттік еңбек құралдарының жиынтығын зерттей келіп, оларды ашель (бұдан 700 мың жыл бұрын) және мустье (бұдан 150 мың жыл бұрын) кезеңдеріне жатқызып, Маңғыстау жері алғашқы адамдардың қалыптасу кезеңі өткен жер деп тұжырымдайды.

Одан кейінгі б.з.б VI-V мыңжылдықтар шегінде белгіленетін мезолит дәуіріне жататын материалдар Бозашы түбегіндегі Шебір, Орталық Маңғыстаудағы Түйесу, Сенек құмдарынан табылды. Бұлар қарапайым әдістермен өрнектеліп, қолдан жасалған ыдыстардың сынықтары, жалпақ түпті керамика. Бұл тұрақтардан табылған сүйек пен ағаштан жасалған материалдар олардың аңшылықпен айналысқанын дәлелдейді. Өйткені, тұрақты су көздері жоқ Маңғыстау түбегінің ішкі кеңістігі мен Үстірт өңірі тек аң аулаумен айналысуға ғана мүмкіндік берді. Аңдардың миграциялық қозғалысына қарай, аңшы қоныстары да өзгеріп отырған. Белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев ағамыз өзінің "Ұйқыдағы арудың оянуы" атты кітабында 1957 жылы Құлалы аралында, Шығыс Үстірт пен Батыс Үстірт жерінің сегіз жерінен, сонымен қатар Ақбұлақтан 80, Өлі Қолтықтан 101, Өтес сайының күнбатыс бетінен 250, Маңата маңынан академик А.П. Окладников тапқан 86, Қарынжарық құмынан 500-дей шақпақ тастан жасалған құралдар табылғанын жазады да мынадай қорытындыға келеді. "Демек Маңғыстаудағы алғашқы қауым ескерткіштерінің авторлары ешқайдан көшіп келмеген, олар Маңғыстау мен Үстіртте неолит заманынан бұрынырақта өмір сүрген. Алғашқы қауым әуелі теңіз жағасын, тау баурайын мекендеген. Қалғаны далалық аймаққа қолдарына бұрынғыдан гөрі жетілген қару түскен соң аяқ басқан. Қару неғұрлым жетіліңкірей түскен сайын, олар алғашқы мекендерінен соғұрлым алысқа ұзап шыға бастаған" (Ә.Кекілбаев. Ұйқыдағы арудың оянуы. 1973. 107-бет)

Бірақ, Маңғыстауды мекендеушілер тек қана — аң аулап емес, балықшылықпен де айналысқан. Олардың бір бөлігі Каспий теңізінің жағалауында тұрған. Әрине, балық аулау үнемі көшіп — қонуды талап еткен жоқ. Тұрақтар үшін жағалау өңіріндегі сумен қамтамасыз етілген қолайлы орындар таңдап алынған.

Бұған дәлел ретінде Ақтау қаласына жақын жердегі Қосқұдық тұрағын айтуға болады. Олар қазіргі теңіз жағалауынан бір шақырымдай болатын теңіз жарқабағының жоғарғы шетіне орналасқан. Қазба жұмыстары кезінде ондағы мәдениет қабатынан шақпақ және жай тастардан жасалған көптеген бұйымдар, мәнерлеп жабыстырылған ыдыстардың сынықтары, теңіз қабыршақтары мен олардан жасалған әшекейлердің сынықтары табылды. Табылған моншақтар мен олардың нұсқалары Қосқұдық тұрғындарының әсемдік заттар дайындау әдісін меңгергендігін білдіреді. Олар сол кезде-ақ жіп иіре білген, өйткені тастан жасалған ұршықбастар табылды. Жебелердің ұштары, сақпан салу үшін әктастан дайындалған тастар, ауды бастыратын тастар тұрақ тұрғындарының шаруашылық бағытын көрсетеді. Сонымен қатар ол жерден бүгілген күйінде сол жақ бүйірімен жатқызылған еркек адамның қабірі аршылды. Бұл Қазақстандағы ең ежелгі қабір болып табылады. Ондағы адамның бас сүйегі Москвадағы этнология және антропология институтында Герасимов лабораториясында қайта жасалды. Бұл біздің дәуірімізге дейінгі V мың жылдықтың аяғы мен IV мың жылдықтың басындағы Маңғыстау тұрғындарының сол кезеңдегі көрінісінен хабар бергендей қазір облыстық мұражайда көпшілік назарына ұсынылуда.

Сонымен қатар 2002 жылы Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясының Ақтау қаласының 14-шағын ауданында жүргізген қазба жұмыстары да біраз мағлұмат береді. Қазба жұмыстарында біздің дәуірімізге дейінгі V мың жыл бұрынғы адамдар тұрағы зерттелді. Ондағы табылған материалдарға қарап археолог Андрей Астафьев "Бұл жерде басқа жақтан келіп ешкім қоныстанбаған. Олар Маңғыстаудың байырғы тұрғындары болатын. Облыс территориясында мұндай жұмыс бірінші рет жүргізіліп отыр", — дейді. Әрине оны одан әрі зерттей түсу керек екені, сонда ғана көп нәрсеге қолымыз жететіні өз өзінен белгілі.

Біздің заманымыздан бұрынғы 2 мың жылдықтың соңғы жартысы мен 1 мың жылдықтың басында Батыс Сібір, Орал маңы, Қазақстан және Орта Азияның кең алқабын мекендеген тегі бір, дәстүрлері ұқсас халықтарды мәдениетінің ортақтығына байланысты Андронов мәдениетіне жататындар деп атайды. Мұның негізгі бір орталығы Қазақстан жерінде. Андронов мәдениетінің өзге тайпалар мәдениетіне қарағанда этнографиялық басты ерекшелігі - өлікті жерлеу ерекшелігі болып табылады. Зираттары қыратқа салынады, іші таспен өріліп, бетіне қақпақ тас жабылады. Жалпы Андронов кезеңі екіге бөлінеді. Біріншісі (б.з.д. XVIII-XIV ғ), екіншісі (б.з.д. XIV-X ғ).Дәл осындай қылып адам жерлеу дәстүрі Ақтау — Форт-Шевченко жолының 93-ші шақырымындағы Сақа-Құдық жерінен табылды. Археологтар А. Астафьев пен Г. Баландина жүргізген қазба жұмыстарында бұл жерлеу дәстүрінің б.з.д. XII- X ғасырға жататыны анықталды. Қазақстан ғылымы үшін зор маңызы бар өртенген адам сүйегінің күлі Ресей Ғылым Академиясының геология институтына жіберіліп, радиоуглеродтық тәсіл арқылы оның бұдан 3250 жылдай бұрын жерленген анықталды. (Мұражай қоры. Археологический отчет. КП-4652/1).

Сонымен қатар 2002 жылдың қыркүйек айында Шайырдың терістігіндегі Сырлы там жерінен 40-45 жастағы қатар жатқан әйел мен ер адамның, 17-18 жастар шамасындағы жасөспірімнің сүйектері табылды. Шамасы ондағы жерленген адамдар бір жанұяға жататын болса керек. Оларды жерлеу үшін 4 метрдей тереңдікте сопақша камера қазылған. Үстін жапқан күмбезшенің биіктігі бір метрдей, ішінен табылған құмыра, табақша, жебе ұштары, ине, семсер, қанжарға, қарап бұл қойымшылықтың көшпенділерге тән екенін білеміз. Алайда,- дейді археолог Андрей Астафьев-қабір ішіндегі қару-жарақ әйелге тиісті болған. Өйткені әйелдің оң жақ қабырғасы әлдебір қатты соққыдан сынған. Сонымен қатар ол әйелдің діни басшы, абыз болғанын дәлелдейтін құрбан шалатын, тастан жасалған алтарь табылды. Сырлы тамдағы бұл адамдар Андрей Астафьевтің болжамы бойынша ерте темір ғасырында немесе бұдан 2000 жылдан астам бұрын жерленген.

Каспий мен Арал теңіздері аралығында жатқан дала аймағының едәуір бөлігін екі кең үстіртті - қыратты өңір - Маңғыстау мен Үстірт алып жатыр, олардың біріншісі Каспийдің солтүстік - шығыс жағалауында, шығысырақта орналасқан, екіншісі Арал жағалауында ұштасады. Қазақ тарихын зерттеген тарихшы, этнограф, антрополог, археолог ғалымдардың бірсыпырасы қазақ халқының арғы тегі осы жерлерді, Орта Азияны мекен еткен сақ тайпалары дейді. Сақ тайпалары туралы деректер сол замандағы парсы жөне грек авторларының жазба деректерінде сақталған. Ежелгі грек тарихшылары оларды "азиялық скифтер" десе, парсы тарихшылары "сақ" деп атаған.

Ежелгі грек деректермелерінде сақтардың бірсыпыра тайпаларының аты аталады. Олар: массагет, яксарт, дай немесе дахи, фарат, комар, асқата, исседон, асси немесе аримасп, сармат, каспий және тағы басқалар.

Ал, Иранның сына жазуларынан сақ тайпасының үш тобын білеміз. Олар; хаомоварга сақтары (хаомо ішімдігін жасайтын), парадария (теңіздің аржағындағы) жөне тиграхауда (шошақ төбелі) сақтар. (Нығмет Мыңжан, қазақтың қысқаша тарихы).Жалпы, Арал-Каспий теңізі аралығындағы тұрғындар жайлы алғашқы жазбаша мағлұматтар б.з.б. V ғасырда берілді. Сонымен қатар олардың мекендеген жерлері туралы да айтылады. Сармат тайпасы Каспий теңізінің терістігінде, дай немесе дахи тайпасы Сырдарияның төменгі ағысын, Көк теңіздің қолтығын мекендеген.

Сақ тайпасының бірі массагеттер жөнінде нақтырақ жазған Страбон: Массагеттердің бір бөлігі тауда, екіншілері жазықта өмір сүреді. ...Олар керемет атбегі, сонымен қатар соғысқа да бейім. Садақпен, қылышпен, балтамен қаруланады. Ұрыстың өзіне алтын белбеумен белгі тағып кіреді. Керек десе олардың аттарының жүген әбзелдері де алтыннан жасалған. Оларда күміс жоқ, темір аз, ал алтын керегінше,— деп жазыпты. (С.П.Толстов. По следам древне хорезмийской цивилизации. М-Л.1948).

Бұлардан басқа Маңғыстауды жайлаған дай тайпалары жөнінде де бірқатар ғалымдар жазған. Көптеген зерттеушілер бұл дай (дахи) тайпаларын қазіргі Маңғыстаудағы адай тайпаларының арғы ата-бабалары деп санайды. Бұл пікірге В.В.Востров та, А.Медоев та, белгілі өлке зерттеушісі Е.Өмірбаев та, тағы басқа ғылымдар да қосылады. — Ежелгі заман тарихшыларының деректемелерінде б.з.б. VII-IV ғасырларда сақ тайпалары өз атырабындағы мәдениетті елдермен Ассириямен, Мидиямен қарым-қатынас жасап отырған. Б.з.б. VI ғасырда сол замандағы әйгілі елдердің бірі Персиямен қарым-қатынаста болған. Арал-Каспий өңірі дах-массагет тұрғындарының діни түсініктерінің басты белгілері табиғат пен адамды ғалам тәртіпке келтірген, оларды басқаратын бірнеше құдай бар деген түсінік. Өлікті жерлегенде оның о дүниеде өміріне қажетті деген заттарды салып жерлеген. Ер адамға қару-жарақ, әйел адамға әшекейлік заттар салынған.

Б.з.б. IV-II ғасырларда діни табыну орталығы ғибадатханалар көптеп салынған. Арал-Каспий теңізі аралығындағы ғибадатханалардан табылған тас мүсіндер Орта Азия мен Қазақстанның басқа аймағында кездеспейді. Олардың Солтүстік Қара теңіз және Алдыңғы Кавказ скифтерінің неғұрлым ертедегі тас мүсіндерінің ұқсастығы бар.

Қазақстан тарихында Үстірт пен Маңғыстау тас мүсіндерінде ер кісінің тұлғасы белгілі бір қағидамен берілген. Оң қолы төмен түсірілген, ал сол қолы шынтағынан бүгіліп ішін басқан. Олардың кейбіреулері ең жетік кәдімгі мүсін сипаттамаларына сай келеді. Қорамсақ сол жақ белдігіне, қыны бар семсер алдыңғы жағына ілінген, ал қанжар оң жақ беліне бекітілген. Мүсіндерде бір, не көп өрімдеп ширатылған қалыпта - мойынға тағатын алқа бейнеленген. Ол скиф, сақтарда жоғарғы әлеуметтік дәреже мен билік белгісі болған,- деп жазады.

Ал, осы Үстірттегі Бәйті жеріндегі қазба жұмыстарын жүргізген КСРО ҒА-ның Волга-Урал археологиялық экспедициясының бастығы Л. Галкин "Наука и жизнь" журналына былай деп жазады "Бәйті жеріндегі мүсіндер жайында біз алғаш рет 1983 жылы космоаэрогеологиялық экспедициясының ғылыми қызметкерлері В. Гусев пен Е. Фараховтан естідік. 1984 жылы күзде Бәйті құдығына жақын жердегі балбал тастар шындығында да таң қалдырды. Олар әр түрлі, бірі төрт метрге дейін жетсе, біреулері екі, кейбірі метрдей. Олар П тәрізді болып орналасып, күн батысқа қараған. Бізді ерекше таң қалдырғаны олардың жетпіске жуық көптігі еді. Бұл шамамен Қара теңіз жағалауында жүз жылда табылған балбал тастармен пара-пар еді. Біздің территориямызда (бұрынғы Кеңес одағы) мұндай Бәйті сияқты орын табылған жоқ. Ол тек Алдыңғы Азияда бар. Онда б.з.б. 2 ғ-дың соңымен I ғ.басында Коммаген мемлекетінде Антихион 1-ші патша билеп тұрған кезде Нумруд-Дагте салынған еді - десе, осы номерде тарих ғылымдарының докторы В.Кошеленко "Б.з.б. ІV ғасырда Азияда ертедегі Ахеменидтер мемлекеті болды. Оның құрамына Орта Азияның бір бөлігі Парфия (осы күнгі Түркменстан), Маргиапа (Мерв оазисі), Согдиана (Зарафшан даласы), Бактрия (Амударияның екі жағы) және Хорезм оазисі кірді. Осындай үлкен территорияны жаулап алған парсылардың батысқа жорығы Марафонда гректерден тойтарыс алса, шығыста массагет патшасы Томиристен жеңіліп тоқтады.

Бірақ Орта Азияның оңтүстік бөлігі солардың қарамағында қалды. Оның ең шығыс бөлігінде Каспий теңізінің жағасынан басталатын жерлерді массагеттер мекендеді. Б.з.б. IV ғасырдың 30-жылдары Александр Македонскийдің шабылуынан Ахеменидтер мемлекеті құлады... Дүниені жаулап алғысы келген Ескендір Зұлқарнайын тағы да Орта Азияға жорыққа аттанды. Бірақ ол да баяғы парсылардың кебін киіп, Спитамен бастаған массагеттерден жеңіледі. Б.з.д. III ғасырда массагеттер мен дай (дахилар) бірігіп, үлкен конфедерация құрады. Олар өз патшасы Аршак арқылы Парфиядағы (Оңт. Түрк) грек македон бірлестігін талқандап, патшалықтарын нығайтады. Оның шекарасы батыста Евфрат, шығыста Индияға дейін созылды. В.Кошоленко Бәйті жеріндегі ескерткіштерге қарап отырып, оларға кезінде мәдениеті дамыған елдердің ықпалы болған деген өз ойын да білдіреді.

Ә. Кекілбаев өз еңбегіңде (Ұйқыдағы арудың оянуы) С.П. Поляковтың және тарихшы А.Н.Смирновтың көне ескерткіштерде салынған қару-жарақ суреттеріне байланысты айтылған пікірлеріне сүйене отырып, "Ежелгі Маңғыстауда найзамен, айбалтамен, қылышпен қаруланған атты әскер болғанына қарағанда, аталмыш өлке белгілі бір дәрежеде әскери де, саяси да ықпалға ие болған, - дейді.

1992-1993 жылы Батыс Қазақстан археологиялық институтының Дықылтас жерінде жүргізген жұмыстары да үлкен қызығушылық танытты. Форт-Шевченко қаласынан шығысқа қарай 30 шақырым жерде орналасқан ескерткіш аумағы 1,5 шаршы шақырым жерді алып жатыр. Бұл жердегі тастан өрілген қабырғалар, құрбан шалатын орындар, табыну ошақтары және обаның үстіндегі конструкцияларға қарап отырып, ерте темір ғасырына жатқызғанмен (б.з.д VIII-VII ғғ.) ол жерде оған қосымша табылып, зерттелген энеолит кезеңіне жататын (б.з.д II мың жылдықтың соңы мен I мың жылдықтың басы) тұрақтар да болды.

Сонымен қатар осы жерден 55-60 жас шамасындағы ер адамның бас сүйегі табылды. Бас сүйекті антропологиялық қайта өңдеу үшін PFA-ның этнология және антропология институтына жіберу арқылы Арал — Каспий теңізі аралығын мекендеген ертедегі тұрғындардың кескіні жасалды. Жасалған мүсінге қарап монғол нәсілінің аз ғана белгісі бар европалықты байқауға болады. Онда ерте темір ғасырында Маңғыстауды мекендеген сармат — сақ-массагет этно мәдениетінің белгілері бар. (История исследований культуры Казахстана. Қазақ университеті. 1997). Маңғыстаудың қай жеріне барсаң да, мейлі Қаройда болсын, мейлі Үстірт үсті болсын қарақұрттың шатырыңдай бір-бірімен шатысып, сан саққа, сан — салаға бөлінген жолдарға кезігесіз. Сайрап жатқан сара жол қайда апармайды дейсің. Бірақ кез келгені сізді межелі жерге жеткізе де қоймайды. Айдалада маңып, адаспас үшін бұл жермен жете таныстық білік керек. Ана бір көмескі тарта бастаған жолдар да өз бастауын тым әріден бастапты. Оз өлкесінің сонау ықылым замандардан бергі тарихын суыртпақ суырғандай қылып күмбірлей баяндайтын Әбіш ағамызға сөз берелікші. "Бұл өлкеге көзі қанталап шапқан басқыншы жау осы жолдардың бойымен келген. Олардан кек қайтарып қайтқан ерлер солардың бойымен оралған.

Мынау сұлу қыздың бұрымыңдай білем — білем көне сүрлеулер талай көзді талдырған, талай жүректі жандырған.

Бұл өлкенің тарихы — солардың бойында.

...Түптеп келгенде ежелгі жолдар — ежелгі замандар саяси өмірінің жүрек дүрсілінің мәңгілікке жазылып қалған кардиограммасы. (Ә.Кекілбаев. "Ұйқыдағы арудың оянуы". 12- 16 бет. А. 1979).

Маңғыстау, Үстірт үсті арқылы талай саяхатшы өткен де болар, өз сапарлары туралы жазған да болар. Әзірге біздің қолымыздағы деректер берідегі саяхатшылар туралы ғана. И.П. Магидович пен оның ұлы В.И.Магидовичтің "Географиялық ашулар тарихының очерктері" атты кітабында бұл өлкеге сонау X ғасырда аяқ басқан араб саяхатшысы Ибн Фадлан туралы жазады. Олар Бағдаттан 921 жылы 21 маусымда шығып, Иран таулары арқылы Теджен және Мургаб өзендерінің төменгі ағысымен Бұқараға келеді. Амудария арқылы Хорезмге келіп, Жүржанда (көне Үргеніштің ескі құландысы) қыстайды. Келесі 922 жылы 14 наурызда 5 мың адамы, түйені есептемегенде 3 мың жылқысы бар үлкен керуен солтүстік — батысқа бет алады. Волга - Кама Болгариясына бара жатқан елшілік Мұғалжар тауының оңтүстік сілемімен жүріп келіп, алты адам сиятын тері қайықпен Жемнен өтеді. Одан кейін Джахыш (Сағыз), Узил (Ойыл) өзендерінен өтіп, Шалқарға келеді. Келесі тоқтағандары Жайық өзені еді.

Бағдатқа қайтып келгесін ол өзінің "Рисала" (Жолжазба) атты кітабын жазады. Ибн Фадлан, әрине, алғашқы ашушы емес еді, өйткені ол өзінен бұрынғы Иран, Ирак, Хорезмнен шығып Европаға бет алатын керуен жолдарымен жүріп өтті. Бірақ ол Каспий маңы ойпаты, Волганың арғы беті жөнінде жазбаша дерек қалдырған алғашқы саяхатшы болатын. (И.П.Магидович, В.И.Магидович.Очерки по истории географических открытий. М. 1982. 186-бет).

Ә.Кекілбаев академик В.В.Бартольдтың шығыс тарихшысы Әл-Истархидің 930 —933 жылдар шамасында жазылған "Китаб месалик ел-мемалик", одан екі ғасыр кейін өмір сүрген тарихшы Мұхамед ибн Наджиб Бекранның Хорезмшах Текешке арнаған "Джехан-наме", тарихшы Ибн әл-Асирдің "Ал камил фи-т-тарих" кітаптарына сүйеніп, олардың Маңғыстау — маңызды сауда пунктіне XII ғасырдан бастап айналды деп қорытынды жасайтынын, бірақ М.И.Иваниннің өз топографиялық зерттеулерінде көне қала жұрнағын көргенін, сонымен қатар шығыс тарихшысы Масудидің еңбегіндегі Хорезм кемелерінің Итильге дейін жүзіп барады дегеніне сүйене отырып "Ендеше Маңғыстаудың негізгі сауда жолына айналуы XII ғасырдан әріректе жатқан болды. Өйткені Хазария астанасы Дағыстаннан Итильге Растархан (Ас-тархан) бастаған Хазар әскері Тбилисиді алғаннан кейін ауысқан-ды, сол тұста қалыптасқан Хазар-Хорезм одағына Маңғыстау өлкесі де кіргенді", - деп жазады. (Ә.Кекілбаев.Аталған еңбек. 20-21 бет) Көрнекті кеңес археолог-ғалымы С.П. Толстовтың "По следам древне хорезмийской цивилизации" кітабында VIII ғасырдың ортасындағы Хазар-Хорезм одағының карта схемасы берілген. Онда бұл одақтың өте үлкен жерді Арал теңізінің сыртынан Каспий теңізінің оңтүстігі, бүкіл Кавказ, Қырым түбегін қосып солтүстікке дейін созылып, біраз жерді алып жатқаны көрсетілген.

Хазар құжаттарынан бізге жеткені Жүсіп қағанның 10- ғасырдағы хаты ғана. Жүсіп қаған сол кездегі өзінің қол астындағы жерлер туралы жазыпты. Онда мемлекеттің орталығы Волганың төменгі ағысы екенін, Каспий теңізінен Дон өзеніне дейін созылып жатқанын айтады. Ендеше Еділ мен Жайық, Жайық пен Ембі арасы Хазария тарихымен тікелей байланысты. (И.П.Магидович, В.И.Магидович. Очерки по историй географических открытий. М. 1982. 208-бет).

Мұны өлке тарихының білгірі Есбол Өмірбаевта "VII ғасырда Бұлғар хандығы кезінде негізі қаланған сауда жолы XII ғасырда Еділ бойымен Саксинге жетіп, Каспийдің шығыс бетіндегі Маңғыстау қаласына өтетін" - деп растай түседі. Біздің өлкеміздегі қазір құланды орындары ғана сақталған керуен сарайларының, қалалардың орны түбек жерінің бірнеше ғасырлар бойы әрі-бері тынымсыз ағылған сауда жолының бойында болғанын дәлелдей түседі. Е.Өмірбаев өз кітабында "X ғасырда Хазар мемлекетінің қирауы Маңғыстауға дербестік алып берді. Үстірт пен Жемнің бойын мекендейтін солтүстік оғыздармен бірге Маңғыстау біраз уақыт ешкімге бағынбай тұрды. Маңғыстау қаласын әкімшілік орталық етіп, автономия болғанға ұқсайды, бұл кезде Хорезм әлсіреп, Маңғыстауды өзіне бағындыра алмаса керек".

Географ Бекран жазуына қарағанда, Маңғыстаудағы күшті тайпаларды бағындырып алуға Хорезм жойқын жорықтар жасап, Жент пен Маңғыстау қамалын басып алады. Хорезмнің қатал, саясатшыл патшасы Атсыз 1155 жылы Хорезм экономикасы үшін үлкен тиянақ боларлық сауда орталығы Маңғыстау қаласын күшті қамалға айналдырады.

...Хорезм солтүстіктегі оғыздар тайпасының тынымсыз жорық шапқыншылығынан қорғану үшін Х-ХІ ғасырларда Бейнеу, Қабақты, Кетік қамалдарын салып, теңіз жағасындағы керуен сарайларды Европа мен Орта Азия арасындағы сауда пункті етеді. Онда мықты әскери күштер ұстайды", - деп жазады. (С.Шалабаев. Е.Өмірбаев. Қ.Сыдиықов. Маңғыстау 33- 45 бет. 1973).

Ал, Әбіш Кекілбаев "Хорезм өз ықпалын тек Маңғыстау, Үстіртпен ғана шектеп емес, Еділ бойына да жүргізбекші еді. Хорезм шахтары X, XI ғасырларда Үргеніш пен Сарайшық арасына парсылардың ежелгі патша жолдарының үлгісімен бекіністі сауда жолын салдырғанда да, XII ғасырда Күтбедин Мұхамед ибн Ануштегин шах баласы Атсызды Каспийге баратын екінші жолды нығайту үшін Маңғыстауға жорыққа жұмсап, қамалдар тұрғызғанда да көздеген негізгі мақсаты осы еді, - дейді.

Бірақ Хорезмнің ол мақсаты орындалмады. Еділ бойына билік жүргізгісі келген мақсаты монғол шабуылына тап болып, кешегі дүрелеген мемлекет жау табанында жайрады.

Дүниеге Хорезм мемлекеті дейтін атақпен енген мемлекет өзі өмір сүрген бір ғасырдан астам уақыт ішінде өте үлкен территорияға қожалық етті. Арғы жағы Ираннан шыққан құл жауынгер Кутбедин Мухамед (1127 жылға дейін) кезінде Арал теңізінің түстігіндегі шағын мемлекет, оның баласы Атсыз (1127-1156) тұсында бүкіл Үстірт, Маңғыстауды қол астына түгел қаратты. Атсыздың баласы Иль-Арслан кезінде (1156-1172) бұл территория Каспий теңізінің оңтүстігіне дейін, қазіргі түркмен жерін өзіне қосты. Ал Атсыздың немересі Текеш әкеден қалған мұраны сонау Отырар, Бұқара, Гератқа дейін қосып, осы күнгі Иран жерлерін бағындырды. Оның баласы Мұхамед II кезінде (1200-1222) Қос өзен, парсы шығанағына дейін созылған үлкен мемлекет монғол жорығында құлап, құлдыраған еді. Хорезм мемлекеті тарих сахнасында тұрған кезеңде оның мәдениеті, ғылымы, архитектурасы дамыды. Европа елдерімен байланыстыратын керуен жолы бойындағы сарайлар да, қалалар да сол кезеңдерде салынды. Оны кезінде С.П. Толстов та, өзбек ғалымдары Н. Юсупов пен Ю. Манылов та жазған болатын.

Есбол Өмірбаев өз кітабында X-XII ғасырларда Маңғыстаудың солтүстігінде — Бейнеу, Бозашыда - Қабақты, Түпқарағанда — Кетік, Қаңға, Қаратау, шығысында - Ағашты -Оңды, оңтүстік — шығысында Кендірлі, Қайғылы баба, Алан қамалдары бар қалалар болған. Олар бір текті мәдениет ескерткіштерін жасаған. Сонымен қатар Қызылқала, Шерқала, Ұзынбас сияқты қамалдары да болған. Бұлар Хорезм, Хиуаға баратын жол бойында. Шерқала арабтардың VIII-IX ғасырлардағы шабылуына ұшырап, мықты ерлік көрсеткен қала болса керек, одан кейін хазарлықтар мен хорезмдіктердің тіректі мекеніне айналған — дейді.

Ал өзінің тың, дәлелді ойларымен Маңғыстау жерін, ондағы атауларға байланысты түбіне жеткізе зерттеген ғалым ініміз С.Қондыбаев өзінің "Есен-қазақ" кітабында: былай дейді - Маңғыстаудың, әсіресе Үстірттің жазық беті бір кездері қайнаған тіршілік ортасына айналғандығына, бүгінде адам тұрмастай сусыз, жасылсыз сұрқай жерлерде қала типтес мекендер орын тепкендігіне ешкім сене қоймас. Дегенмен Маңғыстау мен Үстіртте мұндай мекендердің көп болғандығы соңғы уақыттары ғана айтылып жүр -дейді де жеріміздегі қала қамалдардың тізімін береді. Олар - Кетік, Қарағанқала, Сарытас, Қаңғабаба, Емір, 5 қамал орны, Шерқала, Қызылқала, Кендірлі-1, Кендірлі-2, Ескі-Бейнеу, Жезді, Мыңсуалмас. Бұл көрсеткіш бүгінгі күнде сирек қоныстанған Үстірт пен Маңғыстау үшін аз емес, яғни осы қамалдар өмір сүрген замандарда бұл аймақ қайнаған тіршілік ортасы болған. (С.Қондыбаев. Есен-қазақ. А. 2002. 19-20 бет).

Маңғыстау мен Үстірт монғолдар шапқыншылығынан кейін де, Алтын Орда тұсында да қайтадан үлкен маңызға ие болды. Қарақорым мен Ханбалыққа беттелген керуен Үстірт пен Маңғыстаудың үстімен өтті. Сарай Беркеден шыққан керуен Үргенішке 40 күнде, ал Сарайшықтан шыққан керуен Үргенішке 30 күнде жетіпті. Сонда бұл сапардың тең жарымы қазіргі Маңғыстаудың үстімен өтеді екен. (Ә.Кекілбаев. "Ұйқыдағы арудың оянуы". А. 1979. 28-бет).

XIII-XIV ғасырлардан бастап үлкен географиялық ашылулар басталды. Әрине алғаш жазбаша мағлұматтар қалдырған араб саяхатшылары еді. Жазбаша дерек қалдырған батыс Европалық саяхатшылар қатарына венециялық саяхатшы Марко Полоны жатқызуға болады. Оның Қытайға барған сапары туралы 1298 жылы Генуя түрмесінде отырып жазған "Әлемнің әр түрлілігі" жайындағы кітабы болатын. Оны саяхатшы өз сапарынан, әкесі Никколо мен оның ағасы Маффео аузынан шыққан әңгіме арқылы жазған еді. Оның әкесі мен әкесінің ағасы 1254 жылы шығып, алты жылдан кейін Константинопольге келіп, сауда жүргізу мақсатында Қырымға, одан 1261 жылы Волга жағасындағы қалаға келеді. Ағайынды екеуі Алтын Орда жерімен, Каспий даласымен Үстірт арқылы Хорезмге, Үргенішке барады. (И.П.Магидович. В.И.Магидович. Аталған еңбек. 232-бет)

Ал араб саяхатшысы Ибн Батута Алтын Орданың астанасы Сарай Беркеге келіп, 1333 жылы қаңтар айында Үстірт арқылы Хорезмге бет алады. (Н.Ибрагимов. Ибн Батута и его путешествия по средней Азии. М. 1988).

Осыларға қарап отырып, бұл ғасырларда Маңғыстау жерінде Серікбол ініміз айтқандай қайнаған тіршілік болғанын көреміз.

Алтын Орданың XIII-XIV ғасырларда Ертіс пен Дон өзендері, Қазан мен Хорезм қалалары аралығындағы ұланғайыр аймақты алып жатқан орасан мемлекет болғаны тарихтан белгілі. Дүние жүзіне аты әйгілі Батый хан құрған Алтын Орданың XIV ғасырдың екінші жартысында тоқырауға ұшырағаны да шындық. Жәнібек хан (1341-1357) өлгеннен кейінгі сарай ішіндегі қырқыс, алауыздық кешегі орасан зор мемлекеттің тоз-тозы шығып ыдырауына әкеледі. Бірнеше, жеке мемлекеттер құрылады. Сол ыдырау барысында пайда болған бірлестіктің бірі — Ноғай ордасы. Ондағы хандықтың қалыптасуы XV ғасырда Әмір Едіге тұсында жалғасып, оның баласы Нұрадиннің (1426-1440) кезінде аяқталады.

Ноғай Ордасының басқару тағына Едігенің немересі Нұраддинұлы Охас отырғаннан бастап астана Сарайшық қаласына ауысады.

Ноғай Ордасының негізгі аумағы Жайық пен Еділ арасындағы далалық, батысында Сібір ойпатына дейін, солтүстікте Қазанға дейін, оңтүстік батысында Арал мен Каспий өңірінің солтүстігіне дейін жететін.

Үстірт пен Маңғыстауды XV ғасырдың аяқ шенінде ноғайлар жаулап алады. Маңғыстаудағы жер-су атауларының, кейбір тарихи оқиғалардың, тұлғалардың осы Ноғай ордасымен, Ноғайлы кезеңімен тығыз байланысты екенін С. Қондыбаев ініміз өзінің "Есен-қазақ" атты еңбегінде терең талдау жасап айтады.

Жоңғар қалмақтарының ру таласы салдарынан бөлінген торғауыт қалмақтары Жемнен шығады да, ноғайларды Еділден ысырып, бұл өлкені өз қолдарына алады. Олардың көбі Еділден батысқа өтеді, себебі тылынан қазақ, қарақалпақ, хиуалықтар тыныштық бермейді.

1745-1747 жылдары Еділ бойына орыс қоныстанушылары келе бастады.Бірақ европаның, орыс мемлекетінің Маңғыстау жеріне өздерінің болашақ жасалар жорығы алдындағы барлау жұмыстары сәл ертерек басталған еді. 1558 жылы ағылшын көпесі Дженкинсон Сартастан түсіп Бұқараға сапар шегеді. Көптеген кедергілер, жол торыған қарақшылар болашақ сауда жасауға зиянын да тигізеді. Бірақ ағылшындар мұнымен тоқтап қалмай, Каспий теңізінің батыс және оңтүстік жағалауына сауда жүргізу үшін көп жанталасты. Олар қанша ұмтылғанмен қазақтардың бұрқ еткен көтерілісі, теңіз қарақшылары, кездейсоқ бақытсыздық жағдайлар ағылшындардың ой мақсаттарын үнемі бұзумен болды. Александр Михайлович патшаның Каспийде сауда кемелерін жүргіземін деген ойы да жүзеге аспады. Тек 1 Петр патша ғана Каспийдегі сауда негізін салушы болды. Оның көреген көзі алдымен бар жұмбағын ішіне бүккен шығыс елі еді. Амударияның бір саласы Каспийге құятын еді, оны Хиуалықтар бөгеп, алтын шайып алып отыр деген хабар құлағына тиісімен анық-қанығын зерттеу үшін 4 отрядты қол астына беріп Бекович-Черкасскийді аттандырады. Бірақ оның сапарының арты қайғылы аяқталды. Хиуа жеріне табаны тиісімен өз бейқамдықтарынан түгел қырылды.

Е. Өмірбаев өз еңбегінде былай деп жазады "Черкасский басшылығымен болған ғылыми экспедиция Хиуаға өтер кезде Каспий теңізінің бірінші картасын жасады. Оның бір данасы 1Петр патшаға тиеді. Ол оны Франция Ғылым Академиясына сыйға береді. Соған байланысты I Петр Париж Ғылым Академиясының құрметті мүшесі болады. Екінші карта жоғалып, Бековичтің Россия ғылымына қосқан үлесі ұмыт болады. Тек 250 жыл өткесін 1951 жылы географ-энциклопедист, академик Л.С.Берг қазынасынан 1715 жылы Бековичтің өз қолымен жасаған картасы табылады. Черкасскийдің отрядында немістер мен шведтер де болды. Оларды хиуалықтар өлтірмей тұтқын етеді. Соның бірі - швед офицері Ф.И.Страланберг кейін тұтқыннан босап, 1730 жылы "Европаның солтүстік-шығыс бөлігі мен Азияның тарихы және географиялық сипаттамасы" - деген ғылымға бағалы кітабын жазады. (С.Шалабаев. Е.Әмірбаев. К,Сыдиықов. Маңғыстау. А. 1973. 57-58 бет).

Одан кейін Екатерина 11 кезінде Каспийге екі рет шолғыншы жіберілді. 1763 жылы инженер майор Ладыженский, 1781 жылы Граф Войнович Түркменстан жөне Астрабад шығанағында болып кеткенімен, олардың сапары теңіз саудасы үшін пайдалы еш нәрсе таппады. Хиуа хандығының Балқан шығанағына жақындығы орыс үкіметін 1819 жылы тағы да Мұхамед Рахим ханға капитан Муравьев бастаған елшілік жіберуге мәжбүр етті. Елшінің Россия мен Хиуа арасында сауда бірлестігін жасайық деген ұсынысы хан тарапынан қабылданбады. Осыған байланысты Каспийдің шығыс жағалауындағы азия саудасы бір жерде, Түпқараған түбегі арқылы өтті.

Орыс мемлекетінің алдында Каспийдің шығыс жағалауын зерттеу, орнығу, болашақ Орта Азияға жасалар жорық секілді кейінге ысырып тастауға болмайтын мәселелер тұрды. Осыған байланысты бұл жаққа бірінен соң бірі әскери экспедициялар шыға бастады. Бұл экспедициялардың өлкенің табиғатын, геолого-географиялық, топографиялық зерттеулерін жоғары бағалай отырып, негізгі басты мақсаты отарлау саясаты екенін де естен шығармауымыз керек.

Полковник Ф.Ф.Берг бастаған экспедиция 15 желтоқсанда Сарайшықтан шығып, Жемнен өтіп Қайдақ сорына келіп, сол арадан Үстірт қырына көтерілді. Одан Бейнеу, Сам айналып, Сарнияз тұсында Жемнен қайта өтіп, Арал теңізіне беттеді. Сапары 4 наурызға дейін созылған бұл экспедицияның өлке тарихы, табиғаты, өсімдіктер дүниесі жөнінде қосқан үлесі зор.

Ф.Ф.Берг пен Э.А.Эверсман бастаған экспедиция өздері жүріп өткен төрт ай ішінде Үстірт үстін терең зерттеп, болашақ Хиуа жорығының тіке маршрутын Орынбор-Желтау Хиуа бағыт етіп ұсынған еді. Осыған байланысты болашақ сапар бойында әскери бекініс жасау үшін, әрі қыр елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнату үшін 1832 жылы Г. С. Карелинді жұмсайды. Ол солтүстік-шығыс Каспий жағасының байлығы мен табиғатын, халқының өмір-тіршілігін зерттеуде бұрынғы әріптестерінен асып түсті. 1833 жылы Г. С. Карелинді Азиялық департаменттің сыртқы істер министрі Петербургке шақырып, бекініс салу жөніндегі жобасын бекітті. 1834 жылы мамырда Қызылтаста 500 адамдық орыс бекінісі көтерілді. Құрылыс екі айда бітті. Ол Ново-Александровск деп аталды.

Әрине бұл кезеңдерде Маңғыстау халқы жаңадан табан тіреп, болашақ қонысының қазығын қаққан орыс үкіметіне де, іргесінен қайта-қайта ши жүгіртіп отырған хиуалықтарға да үн-түнсіз мойынсұнып, айтқанына бірден көне қойған жоқ. Жоңғар шапқыншылығына қарсы, отарлау саясатына қарсы, хиуалықтардың озбырлығына қарсы қол бастап, халық жадында сақталған батырлар көптеп саналады. Олар жөнінде бүгінгі ұрпақтары жыр ғып айтып, аңыз ғып әңгімелейді. Есенғұлұлы Есек мерген, Түркмен адай Атағозы, Құнанорыс Лабақ пен ер Шабай, Жары Шотан, Олжашы Құлыбек, Қосқұлақ Бекет, Қаратоқа Әбілғазы сияқты батырлар жер, су, атақоныс үшін болған шайқастарда ерекше көзге түсті. Ал, Қойсары Қонай, Ер Қармыс, Ер Төлеп, Балықшы Балуанияз, Бәлтеке, Ер Бегей, Ер Жанақ, Есен, Сары, Өмір, Темір, Беріш Құлбарақ, Жары Сүйінғара хиуа шапқыншылықтарында шайқасты.

Қайдақ сорының жағасындағы орыс бекінісі туралы хабар Хиуаға кешігіп жетті. Хиуа ханы өзінің жансыздарын жіберіп, бекіністің қандай екенін, ондағы әскер күшін анықтады. Ол Орынбор генерал-губернаторына хат жазып Хорезмнің қол астындағы жерлерге бекініс салғанын айтып, оны бұзуды ұсынды. Бұл ұсыныс орыс өкіметінің Хиуаға жорығын тездетті. Мұны естіген Хиуа ханы Аллақұл Кіші Жүз қазақтарына, соның ішінде адайларға орыстардың жорығына көлікпен көмектеспеу туралы жарлығын береді. Онымен қоймай 1839, 1840 жылдары Хиуа ханының әскерлері әскери бекіністерге, сауда керуендеріне шабуыл жасайды.

1839-40 жылғы Перовскийдің Хиуаға сапары сәтсіз аяқталғасын, хиуалықтар Каспийдің шығыс бетіне келуін жиілетті. 1841 жылғы орыс елшісі Никифоровтың Каспийдің шығыс жағалауын Россия қол астындағы жер деп мойындау туралы ұсынысын Аллақұл құлағына да ілмеді. Тіпті ол адайларға Россияны мойындамаңдар, маған салық төлеп тұруға тиістісіңдер деп жарлық береді. Екі оттың ортасында қалған адайлар Новоалександровск комендантына арыз жазып, патшадан өздерін қол астына алуын сұрайды. Кектенген хан Маңғыстау қазақтары мен түркпендеріне оқтын-оқтын шабуыл жасап отырды. Олардың арасына ірткі салды. Маңғыстау халқының халы ауырлай бастады. Жарты аралдағы түркпендер барлық жағынан қысым көргендіктен Россияға бағынып, оның тұрғылықты халқы болғысы келді. 1832 жылы Хиуа ханы қазақ ауылдарымен бірге абдал, егдір, бозашы түркпендеріне шабуыл жасады. Осыған байланысты орыс өкіметіне енді Орта Азияға түпкілікті шабуыл жасап, оны қол астына қарату үшін Хиуа шекарасына жақын жерден тағы бір бекініс салу керек болды. Өйткені Қызылтастағы бекініс Каспий суының қайтуына байланысты тірек болудан қала бастады.

1836 жылы Г. С. Карелиннің экспедициясы Каспийдің оңтүстік-шығысын тағы да зерттеді. Экспедиция Ғасанкөл, Шелекен, Красноводск, Балқан шығанағын қарады. Ақыр соңында (1844 ж.) Түпқараған қолайлы деп тапты. Қайдақ шығанағына қарағанда бұл жер қолайлы, суы қатпайды, бұл жерден Астрахань мен Гурьевке не бары 200 версть. Астраханнан жүк әкелу үшін 3 күн кетеді, ал жел артынан болса 1 күн. Осылай ежелгі Маңғыстау жолы бойында 1846 жылы Ново-Петровск қамалы салынды. Дағыстандағы Петровск (қазіргі Махачкала) қаласымен шатастырмау үшін 1859 жылы Александровск форты деген жаңа атақ берілді.

Хиуа хандығының адайларға ықпалы XVIII ғасырдың аяғына жатады. Егер олардың Сырдария бойында тірек пункттері мен әскери бекіністері болса, Маңғыстау жерінде ондай ықпалы болмады. Бұған қарамастан олар адайларға әр түрлі салықтар салып, ханның мүддесіне орай старшындарды сайлап отырды. Он жыл қатарынан 1830-1840 жылдар аралығында Мая Әнетов пен Қалбы Қырымқұловты хан сайлаған еді. Адайлардың орыс мемлекетіне заңды бағыну кезеңдері XIX ғасырдың 40-жылдарына жатады. Маңғыстау қазақтары сұлтан басқарушы тұрған Кіші жүздің батыс бөлігіне бағынды. Қаралып отырған кезеңдерде адайлардың төрт бөлімі (қырықмылтық, түркпен адай, құнанорыс, балықшы рулары) кіші жүздің 52-ші дистанциясына қарады. Оның басында Орынбор шекаралық комиссиясы тағайындаған Есенжан Абызов отырған еді. 1847-жылы екінші бекініс салынғаннан кейін Мұхамедов басшы болып сайланды. Осыдан екі жыл өткеннен кейін Ново-Петровск коменданты бұйрығымен Мұхамедовты адайлардың биі Бәймәмбет Маяев ауыстырады. 1861-жылы адайлар жоғарғы дистанцияға біріктірілгенмен, бір жылдан кейін басқару қиындығына байланысты ол екіге бөлінді. Маңғыстауды қыстайтын бес бөлімі, төменгі дистанцияға, Үстіртті қыстайтын бөлігі жоғарғы дистанцияға берілді. Төменгіні Ғафұр Қалбин, жоғарғыны Бәймәмбет Маяев басқарды. (М.Тұрсынова, Казахи Мангышлака во второй половине XIX века. А. 1977. 38-40).

Осының алдында 1861 жылы Маңғыстау түбегіндегі әкімшілік-территориялық бөлік Маңғыстау приставтығы құрылды. 1861 жылдың 21 қазанындағы патшаның уақытша ережесі бойынша оған Бозашы түбегі, Үстірт жазығы, Каспий теңізінің шығыс жағалауындағы Морской, Святой, Подгорный, Долгий, Орлов, Керел аралдары кіріп, Орынбор генерал-губернаторының Орал казак әскерлеріне бағынды. 1870 жылы 2 ақпанда бұл приставтықты Орынбордан алып Кавказ мирасқорлар әкіміне беріп, орталығы Тбилиси болды.

Түпқарағанда әскери бекініс салынғаннан кейін Астрахань, Саратов, Орынбор губернияларынан жаңа қоныстаушылар келе бастады. Оларға патша өкіметі жеңілдік жасады. Он жыл бойы салықтан босатылды. Қазына есебінен үй салды, үш жыл бойы қатарынан жанұя басына 60 сомнан көмек берілді. Олар жер мен құрылыс материалдарын тегін пайдаланды. Түпқараған шығанағынан түстіктегі Атрекке дейін еркін балық аулады. Балықшы жанұяларға жылына 150 пұт тегін тұз берілді. 1846 жылдан 1858 жылға дейін осындай 49 жанұя Николаевская (қазіргі Баутино) және Ново-Петровск (қазіргі Форт) бекінісінің негізін салды. Бұлар онысымен қоймай жергілікті халықтарға қысым жасай бастады.

Бұған қоса адайларға Хиуа хандығы да шабуыл жасап, елді тонап, шығынға ұшыратып отырды. Оның үстіне жоғарыда айтқан 1868 жылғы патшаның "Уақытша ережесі”-(Далалық облыстарды басқару жөніндегі ереже) бойынша тағайындалған салық Маңғыстау қазақтарының қарсылығын өршітті. Түтін басына 3 сом 50 тиын көлемінде алынатын салықты Маңғыстау приставы подполковник Рукин екі жылдық салықты бір жылда жинап, патшаға жақсы атты көрінбек болды. Бұрын ешқандай кедергі тәртіпке бағынбаған халық жағдайын және кез келген үйдің салық төлеуге мүмкіндігі жоқтығын ескермеді. Ер азамат атқа қонды. Иса, Досан бастаған көтеріліске Үстіртке дейін жайлаған ел түгел қосылды. Көтеріліс басшыларынан басқа Алғи Жолымбетов, Тілеуберген Оразов, Дихан Өтепов, Сүгір Шабаев, Ш.Иманов сияқты ержүрек батырлар оған дем беруші болды. Досан бастаған сарбаздар "Үш ауызда" қырық сарбазымен Рукинді жойып жібереді. 1870-жылы сәуірде екі рет Фортты қоршайды. Бұл Орта Азияны өзіме қаратамын деген патша өкіметін қатты шошындырды. Форт-Александровскіге Кавказ бен Еділ бойынан әскер жіберіліп, олар аяусыз жанышталды. Досан батыр қолға түскеннен кейін 1876 жылы 11 ақпанда Форттағы лазаретте астыртын жағдайда өлтірілді. ("Маңғыстау" энц. 241-бет).

Патша үкіметі Хиуаға жасалар бұрын ойластырылған жорықты XIX ғасырдың 70-жылдары қолға алған еді. 1872 жылдың аяғында бұл жорыққа дендеп кіріседі. Оған Орынбор, Түркістан, Кавказ әскери округтары қатысуы тиіс болды. Бірақ артынан әскердің саны жорыққа деп жиналар түйе санына байланысты болды. Өйткені шөл дала арқылы жүретін жорық тағдырын осы көлік қана шешетін еді. Оны тек Маңғыстау қазақтары мен түркпендері ғана орындай алатын. Патша өкіметі Каспийдің оңтүстік-шығысында көшіп жүрген түркпендерді қарсылық шығып қалар деп қозғамауға ұйғарым жасады. Ал адайларға келер болсақ, кешегі Иса-Досан көтерілісінде езіп жаншылған, қанға бөктірілген халық қарсылық көрсетпейді деп шешілді. Түйені жинау екі отрядқа жүктелді. Маңғыстаудағыны Н.П.Ломакин, ал Красноводскідегіні Маркозов басқарды. (М.Тұрсынова. Аталған еңбек).

Түйе Форт-Александровск маңайында көшіп жүрген, Бозашы жөне Қаратау бойын жайлаған, Бесшоқы, Кендірлі бойындағы қазақтардан жиналды. Қарсылық білдірген, адам өлімі болған қақтығыстар да болып жатты. Өйткені бұл адайларды жаңа тонау болды. Үй басына 1-2 түйе, 5-10 қойдан қалдырып, қалғанын жорыққа деп, тамаққа деп сыпырып алды. Ә.Спанов пен Ж.Нұрмаханова кітаптарында түйеден басқа, ат-көлік, оларды бағып, күтіп баптауға, отрядтың қара жұмысына жергілікті жерден қол күші керек болғанын жазады. Солардың бірі белгілі композитор, осы жорыққа арнап "Тоғыз түйеші" күйін шығарған Есір Айшуақұлы еді. Отряд басшысы Ломакиннің көмекшілері кейіннен Балқанды түріктерден азат етіп, Орта Азияны жаулағанда атағы шығып, орыстың ұлттық батыры атанып, генерал болған, Москвада ескерткіш орнаған полковник Скобелев пен полковник Гроденов болды. Әскер күші Кавказдан кемемен келген Маңғыстау отряды 1873 жылы 14-сәуірде Борсымұрын жағалауынан артынып-тартынып жолға шығады. Осы жорыққа бас штабтың өкілі ротмистр Алиханов-Аварский жылнамашы ретінде қатысқан. (Ә.Спанов, Ж.Нұрмаханова. "Қарашаңырақ")

1893 жылы Фортта Хиуа жорығының 20 жылдығына орай қамал іргесіндегі қырат басына Боткин зауытында құйылған шойын тұғыр үстіне Александр-11 патшаның бюсті қойылады. Сонымен қатар осы жорыққа қатысқан офицерлер тізімі берілген. Бұл ескерткішті ел күйік патша дейді екен. Төңкерістен кейін халық патша бюстісін құлатып тастады. Ал тұғыр қазір қаладағы өлкетану мұражайында. Сөйтіп, сол 1873 жылы көктемде Хиуа да Россияның қол астына өткен.

Маңғыстаудағы Иса-Досан көтерілісі басылып жанышталғаннан кейін, оны алда қалай басқару мәселесі қайта көтерілді. 1871 жылы ол тіпті әскери министрлікте қаралған еді. Осыдан бір жыл өткеннен кейін Кавказ әкімшілігі Маңғыстауды басқарудың жобасын ұсынды. Приставтың орнына Дағыстандағыдай әскери бөлім құрып, халықты төрт бөлікке бөлу жобасы жасалды. Осыған байланысты Әскери Министрлік 1873 жылы Маңғыстауға Азия бөлімінің меңгерушісі Проценконы жол сапарға жібереді. Жергілікті жағдаймен танысқан ол жаңа әкімшілікті өте сақтықпен жүргізу керектігін ұсынады.

9 мамыр 1874 жылы Каспий сырт өлкесін басқару жөніндегі ереже шықты. Маңғыстау жөне Красноводск приставтығы Каспий сыртқы әскери бөлімін құрып, Кавказ армиясының бас қолбасшысына әскери жағынан да, әкімшілік жағынан да бағынды. Осы Каспий сырты әскери бөлімі 1881 жылы Закаспий облысы болып қайта құрылды. Оның құрамына Маңғыстау, Красноводск, Ашхабад, Теджен, Мерв приставтықтары кіріп, атағы уезд болып өзгертіліп, оның орталығы Ашхабад болды. Ол бастапқы әзірде Кавказ әскери округінің ықпалында болды да, 1897 жылы желтоқсанда Түркістан генерал-губернаторлығына берілді. (М.Тұрсынова. Аталған еңбек. 108- 128 бет).

Осылай Закаспий облысына қарасты Маңғыстау уезі 1920 жылы 26 тамызда Қазақ АССР құрылысымен оның құрамына енді. Қазақстан құрамына Маңғыстаудың қайта енуіне сол кездегі ревком төрағасы Тобанияз Әлниязовтың ерекше еңбегі сіңді.

Дүниені дүр сілкіндірген Қазан төңкерісіне үн қосқан маңғыстаулықтар 22 қарашада түбектегі бұрынғы өкіметтің соңғы тірегін құлатып, кеңес өкіметінің саяси орны Совдепті құрған еді.

Оның құрамында 19 адам болды. Уездік кеңестің төрағасы Георгий Артемьевич Атанасов болды. 3 қаңтар, 1918 жылы жұмысшы, шаруа, солдаттардың атқару кеңесі құрылды. Бірақ оның төрағасы болған Черкасов та, орынбасары Васильев те бұрынғы өкіметтің мүддесін қорғайтын адамдар еді. 5 наурыз 1918 жылы Совдеп 100 адамнан тұратын Қызыл рота құру жөнінде шешім қабылдады. Оның бірінші командирі И. Божакин болса, взвод командирлері Алексей Баутин мен Иван Сухорукое болды.

Генерал Толстов әскерлерінің Гурьевті алуына байланысты іштегі төңкеріске қарсы топтар бас көтеріп, өкімет билігі солардың қолына көшті. Алайда Ә.Жанкелдиннің Ақтөбе майданына Маңғыстау арқылы сапар шегуі бұл жерде қайтадан Кеңес өкіметінің орнауына мүмкіндік туғызды. Қыркүйектің 25-де Бозашыда өткен уездің 12 болыстығының өкілдері қатысқан съезде Тобанияз Әлниязов ревком төрағасы болып сайланды.

1919 жылы 21 мамырда ағылшынның 5 кемеден тұратын эскадрасы қалаға шабуыл жасап, жаңадан құрылған үкіметті қайтадан құлатты. 1920 жылдың басында Түркістан майданының 4-ші армиясының бөлімдері Гурьевті босатып, осы жылдың 6 сәуірінде Фортты ақтардан азат етіп, түбекте үшінші рет, біржолата Кеңес өкіметі орнады.

Қазақстан құрамына енгеннен кейін 1920 жылдан 1927 жылға дейін Адай уезі деп аталып, орталығы Форт-Александровск болды. Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің 1928 жылғы 3 қыркүйектегі шешімімен округке айналып орталық Ойылға көшірілді. Бұрынғы Адай уезі құрамындағы ауылдардан Маңғыстау, Ойыл, Табын аудандары құрылды. 1930 жылы Маңғыстау ауданы Гурьев округына берілді. 1932 жылы облыс құрылуына байланысты Батыс Қазақстан облысына қарады да, 1938 жылы Гурьев облысының қарамағына берілді. 1973 жылы негізгі мұнайлы өндірісті аймақ болып есептелетін Маңғыстау өз алдына дербес шаңырақ көтерді.

Кеңес үкіметі орнағаннан кейін елде ілгері басып өрлеу де, халық басына төнген қайғылы кезеңдер де көп болды. Қазақстан құрамына енгеннен соң Маңғыстау өңіріндегі қоғамдық дамудың жаңа бір сатысына ұмтылыс жасаған кезі басталды. Ел басқарудың түрлі салаларында Жалау Мыңбаев, Нұрсұлтан Оңғалбаев, Қызылғұл Құлшаров, Байбоз Қилыбаев, Оспан Көбеев, Зұлқаш Баймырзаев, Төлесін Әлиев, Орынбасар Дауылов, Алшын Меңдалиевтер болды.

1918 жылы 25 тамызда "Абиссия" жөне "Мехди" кемелерімен Маңғыстауға келіп, Ақтөбеге бет алған Әліби Жангелдин осында Қаратөбе жерінде Маңғыстау қазақтарының 1-съезін өткізеді. Ревком құрып, оның төрағасына Тобанияз Әлниязов сайланады. Жангелдиннің Ақтөбеге барғанша 700 шақырым шөл даланы басып өткен жолына маңғыстаулықтар 100 ден астам жігітін, 700 ат, 600 түйесін берді.

Жаңадан құрылған Ревком негізінен шаруашылық істерімен айналысты. Ал уездің партия, комсомол органдары халықтың сауатын ашу, мәдени-көпшілік жұмыстарын қолға алды. Өлкенің оқу ағарту жұмыстары 1887 жылы Форт-Александровск қаласында ашылған бір класты төрт жылдық мектептен басталады. Бұған дейін де Николаевск станицасында қазақ және түркмен балалары оқыған діни мектеп болған-ды. Александровскінің 20 ер балаға арналған бастауыш училищесі жергілікті тұрғындардың қаржысымен күн көрді. 1918 жылдың сәуір айында Форт-Александровск қаласында халыққа білім беруді жолға қою жөнінде комиссия құрылды. Ал 1920 жылдың мамыр айынан бастап алғашқы мектептер жұмыс істей бастады. Сауатсыздықты жою, бастауыш білім беру ісі 1931 жылдан бастап қолға алынды. Алғашқы ұстаздар қатарына Д.С.Рюмков, М.Дубская, Б.Шымыров, В.Н.Белунин, Е.И.Рахманова, Ш,Еркеғұлов, И.Өтепбергенов, Е.Дәулетова, О.Сухорукова, Н.Нұрғалиев, Е.Өмірбаев, Т.Самалықов, Ш.Қарабасов, С.Нұрниязов, Ы.Шакратовтарды жатқызуға болады. 1929-30 жылдары ТОЗ, ТОЖ (жерді бірігіп өндеу, өнімді бірлесіп жүргізу) қауымдастықтары құрылды. 1932 жылы Маңғыстау ауданында 14 ауыл шаруашылық артелі, 6 балықшы колхозы болды.

Халықтың әл-ауқатын көтеру, оларды малды ету мақсатында 1934-35 жылдары Гурьев облысының Бақсай, Теңдік аудандарынан 2 жылда 10000 астам қой, 1000 бас ірі қара әкелініп елге таратылды. Оның басында А.Меңдалиев, О.Алданов, М.Шүйішов, Т.Әлиев, Д.Хангереев, Н.Торопов, Н.Қабанов, Қ.Жұмалиев сияқтылар болды.

1937-38 жылдары колхоздастыру қатты қолға алынып, 29 ұсақ колхоз құрылған еді. 1953 жылы олар іріленіп 12 колхоз болып бірікті. (Маңғыстау энц. 85-110 бет).

1925 жылы Қазақстан басшылығына келген Голощекинмен бірге елге үлкен қайғы-қасірет келді. Бай деген атақпен кез келгенді қудалау басталды. Бұл 1929 жылы іске асырыла бастаған еді. Осының алдында ғана 1928 жылы 27 қазанда Маңғыстау аудандық 1-партия конференциясы, сол жылғы 19-24 қараша күндері Адай округтік I-партия конференциясы өткен еді. Бұл конференцияға Қазақстан өлкелік партия комитетінен Шәбден Ералиев өкіл болып қатысты. Гурьевке бара жатқанда ол абайсызда теңізге құлап өледі. Міне, оның өлімі Халыққа сор болып табысты. Бұл кезде елдің әр жерінде жаңа үкіметке қарсылықтар білдіріліп жатты. Мұның арты тарихта көп жазыла бермеген 1930-31 жылдардағы Адай көтерілісіне әкелген еді. "Қызыл жүн" аталған жүн салығы, сонымен қатар тері, сүйек, шүберек жинап тапсыру міндеті қойылды. Салық мөлшері көп болып, орындау мүмкіндігі болмағасын қыста қой қырқылды, түйе күзелді. Тұрғындар көрпелерін сөгіп жүнін алды, алаша, арқанын түтіп жүн етті. Үкімет бұл көтерілісті аяусыз жазалады. Оған жаңа аталған Ш.Ералиев өлімі қосылып, елге сенімсіздік білдірілді. Оны кезінде І.Шыртанов, Ә.Байбосынов сияқты ағаларымыз қинала отырып жазған. Бұл әуелден де еркіндікке ұмтылып, жауына қарсы күресе білген елдің уысы мықты үкіметке деген қарсылығы еді.

Осылай бір кезде "Ойыл да, Қиыл, Жем, Қайнар, көлденең өтіп ел жайлар, жаз ортасы болғанда, күн зауалға толғанда, қонушы еді қарыштап, Маңғыстаудың ойына, сия алмай шыққан көп байлар", - деп Нұрым Шыршығұлұлы жырлағандай Маңғыстаудың Қаройынан сонау Үстірт, Сам, Жем, Сағыз, Қобда, Орынбор, одан терістікте Мұғалжар жайлап, оңтүстік шығыс қанатында Бесқалаға дейін барып, мал өсірген аймақтарда тігерге тұяқ қалмауға айналды. XX ғасырдың басында 1903-1907 жылдары Маңғыстауда ірілі-уақты малды қойға шағып есептегенде 2 млн. 639 мың,768 қой болыпты. Ол кезеңдері мал басының көтеріліп, кеміп отыруына анда-санда қайта айналып соғып отыратын жұттардың да әсері болды. 1874 жылғы доңыз жұтында қазақ жерінің үлкен экономикалық шығынға ұшырағаны белгілі. 10-мың басқа жуық түйе, 280-мыңдай жылқы, 73-мың бас сиыр, 1 млн-ға жуық қойдың өлгені сөз болады. Сол сияқты 1870-1871 жылдары Ақжылқы - деп аталған жұт немесе 1891-92-жылдардағы қоянның қысындағы жұттар Каспий сырты облысы бойынша 189 мың бас қой, 21 мың бас жылқы, 17400 бас түйені шығын етті. 1910-11 жылдардағы ит жылы 310-мың бас қой, 25800 бас жылқы, түйе малдарын шығынға ұшыратқаны белгілі. Бұдан кейін 1922 жылғы қыстың жұтында Адай-Табын ауданына қарасты алты болыс елдің үш болысы жойылды, яғни таяғын қолына ұстап қалды да, қалғандары Хорезм жаққа босып кетті. Ал 1925 жылы уездің 15 болысы жұтаған. Мұндайды жергілікті халық "көбелеп жұтады" дейді.

1927 жылы әйгілі "ақ қоянның жұты" ел есінде өшпестей жара салған еді. Табиғаттың қатыгездігі, үкіметтің "компеске" деген зұлматы, көшпенді қазақты отырықшыландыру, колхоздастыру деген науқан қосылғанда Әбіш ағамыз айтқандай "малы мен дәулеті түгілі, ақылы мен әулетінің қайда қалғанын білмей қалды”. Өзге қазақтың басына түскен қауіп-қатер, қанды қырғын Маңғыстау жұртына алабөтен ерте келді. Бұл аздай оған 1929-1932 жылдардағы аласапыран, 1937-1938-жылдардағы зобалаң қосылды. Осы жылдар жайында Әбілқайыр Спанов былай дейді ,— Архив құжаттары Адай уезіндегі 1926-жылғы 350-мыңдай тұрғын мен 1,5 млн. малдан 1939 жылы 26 мың тұрғын мен 25 мың ғана мал қалғандығын анықтайды. Айналасы 10 жылда бұлар қайда кетті. Малды үкімет алды. Бағушысынан айырылған төрт түлік мал жұтады. Бар күнкөрісі малға қараған халық аштан қырылды, қырылмағаны Иран, Ауған жерлеріне өтті. Осылайша қайран Маңғыстаудың қара ойын қара су алды. Қызыл қырғынға қарсы шыққан елдің ең соңғы бұлқынысы 1931 жылғы Адай көтерілісі әскер күшімен қанды қасап етіліп басылды. Босып бара жатқан ел Маңата тауында, Қараған-Босаға жерінде қызыл әскерлер қолынан қырылды. Ел жадындағы естеліктердің бірінде Солтүстік Үстірттің үстінде жалпы қарасы бір мың үйдей ел қоршалып, ер азаматтары аяусыз қырылған дейді. Сол жер қазір "Мың үй қырылған" - деп аталады.

Халықтың бетке ұстар азаматтары қуғындала бастады. 1929 жылы Тобанияз Әлниязов бастаған 70 адам, Ш.Ералиев өліміне байланысты 27 адам жазаға тартылды, сотталды, атылды. 1930 жылы Саратов заң институтын бітірген Қосымов Зейнетқали, артынан Бомбей университетін бітірген Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы Иран жерінен ұрланып әкелініп, түбі маңғыстаулық сол кездегі ТССР басшылары Нәдірбай Айтақов, Сәду, Құрбанғали Оңғалбаевтармен бірге Ашхабадта атылды.

Ол ол ма, Маңғыстау жері бүкіл Кеңес Одағын шарпыған 1948 жылғы бұрын немістерде тұтқын болғандарды жазалау науқанынан да шет қалмады. Талай азаматтарымыз күні кешеге дейін осы бір орынсыз жаланың құрбаны болды, сенімсіздік білдірілді. Орынсыз көзге шұқылап, намысы тапталды, жігерлері құм болды.

1997 жылы осы құрбандарға арналып "Азалы кітап" жазылды. Бірақ бұл кітапта сол кездердің құрбандары толық айтылды дей алмаймыз.

Қасірет қайғысын өзімен бірге ала келген осы жылдардан кейін, 1938 жылдардан бастап ел ішінде экономикалық тұрғыдан өсу басталды. 1939 жылдың ортасынан бастап Таушық көмірін игеру мақсатында шахталар басқармасы ашылды. Бұл түбек индустриясының алғашқы қарлығашы болды. Соғыс қарсаңында бес шахта жұмыс жасап тұрды. Таушықта шахтерлар қалашығы орнады. Осы жылы орталығы Форт-Шевченко қаласы болып табылатын Шевченко ауданы құрылды. Маңғыстау ауданының орталығы Куйбышев селосына (Жыңғылды) көшірілді. Аудандық атқару комитеті салынып жатқан шахтерлер кентін аудан орталығы ету жөнінде Гурьев облысының басшылығынан сұрап, өтініш жолдады.

Қуғын-сүргін саябыр тауып, ел жаңа еңсесін көтере бергенде Ұлы Отан соғысы басталды. Бұл өте қиын кезең еді. Одаққа әйгілі Донбасс жау қолында қалды. Қиын кезеңде Таушықтағы кішігірім көмір кеніне зор маңыз берілді. Маңғыстау көміріне деген сұраныс артты. Көмірді тиеп жөнелтуді жеделдету үшін Таушықтан Сартас пристанына дейін тар табанды темір жол төселді, одан кейін көмір шағын жүк кемелерімен Астраханға жөнелтілді. Соғыстың алғашқы айларында Украинадағы көмір бассейндерінен тәжірибелі шахтерлар келді. Мұндағы көмір кені 1939 жылы ашылғанда 100 млн. тонна деп есептелген еді. Соғыс жүріп жатқан 1941-42 жылғы қиын кезеңде Маңғыстауға басқа аймақтардан кәсіпорындар, техникалық жабдықтар мен қондырғылар көшіріліп әкелінді. Қалмақ балық тресіне қарасты жүзбелі балық өңдеу заводы, Луганск балық консервілеу заводы, Кизляр балық майын өндіретін станция, кеме жөндеу заводы сол бір сұрапыл жылдарда елдің батыс аймақтарынан келіп, Маңғыстауда жұмыс жасады. Форт-Шевченко кеме жөндеу заводында Еділ бойында жау бомбасынан зақымданған кемелер де екінші өмірге жолдама алып отырды.

Соғыс кезіндегі мұқтаждықтар мал шаруашылығын жедел дамытуды талап етті. Тек қана 1941 жылдың өзінде қой 25 мыңнан 62 мың басқа дейін көбейіп, сиыр, жылқы, түйе бастары артты. Маңғыстау ауданы асыл тұқымды жылқыларын майданға жөнелтіп отырды. Мәселен, 1942 жылы "Лошадь Красной Армии" (ЛКА) қорына 480 жылқы жөнелтілді.

Маңғыстаулықтар соғысқа қаржы жинады, әскердегі солдаттарға жылы киім, тамақ әзірлеп жеткізді. Әйелдер майдангерлер үшін 200 мақталы шалбар, 1740 қой терісінен тігілген тон, 427 құлақшын, 1370 жүн шұлық, 1365 қолғап, 120 жамылғыш жөне басқа да жылы киім-кешек жинады. Қорғаныс қоры мен авиаэскадрильдер үшін жаңа самолеттер құрастырып жасауға 2 млн. 300 мың сом жинады. Өте қиын жағдайларда түз аңдарын аулап, шағала, үйрек жұмыртқаларын жинайтын, қозы құйрық, көсік қазатын арнайы бригадалар құрылып, олар мемлекетке бір айдың аяғында 8047 кг. аң етін, 1584 құс, 1180 дана жұмыртқа тапсырыпты. Осындай қиын жағдайға қарамастан көңілі әуелден өзінің даласындай кең халық еліміздің жау басып алған аймақтары Ресейден, Украинадан, Молдавиядан, Балтық жағалауы республикаларынан келген 672 жанұяны босағасына кіргізіп, ер азаматтары майданда қаза тапқан 826 адамды төріне өткізіпті. (Боздақтар. А. 1995).

Бірнеше мыңдаған жерлестеріміз оралмады. Солардың ішінде ерліктері аңызға айналған Мәди Бегенов, Жұмағали Қалдықараев, Біләл Қалиев Батыр атағына ие болса, Кемер Оңғалбаев, Павел Малаев Даңқ орденінің толық иегерлері, ал Исабай Сүйеубаев Ленин орденімен марапатталды. Тылда демалу, ұйқы дегеннің не екенін білмей еңбек еткен Есқожаев Ұзақбай, Қожашева Балаңжан, Құлыбеков Тұржан, Мергенбаева Жанбол, Сәтібаев Дүйіш,Сейсенбаев Сатыбалды, Бердібеков Дүйсе, Бейнеуов Нұрсейіт Еңбек Ерлері аталды. (Е.Іңірбай.Он сегізде от кешкендер. А. Үш қиян. 2002).

Күллі адамзат баласына қасірет әкелген соғыс жарасы оңайлықпен жазыла қойған жоқ. Отқа шарпылған балалық, шаңырағы құлаған жесір, жалғызының артында қалған ана. Осыншама қиындықты көтерген Маңғыстау жері соғыстан кейін экономикалық жағынан бірте-бірте көтеріле бастады.

1951-1953 жылдары аудандағы 29 колхозда 63404 қой, 14213 жылқы, 10693 сиыр (сиыр басы - 1930 жылмен салыстырғанда 10 есе өсті) болды. Осы 1953 жылы аудан орталығы Куйбышев (Жыңғылды) ауылынан Таушық кентіне көшірілді.

1951-1952 жылдардағы жұт өлке жерінде малдың санының күрт азайып, құлдырауына әкеліп соқты. Сонымен қатар шаруашылықтардың ұсақтығы да олардың алға қарай дамуына кедергі келтірді. Енді оларды біріктіріп ірілендіру, экономиканы жақсарту мәселесі тұрды. Осыған байланысты 1953 жылдан бастап аудандағы 29 ұсақ колхоз 12 колхоз болып қайтадан ірілендірілді. Жаңа ұйымдасқан колхоздарды басқаруға "Отыз мыңдықтар" — деп аталған шақырулармен тәжрибелі басшылар жіберілді.

1966 жылы Маңғыстау ауданының орталығы Таушықтан Шетпеге көшті. Сөйтіп ауданның орталығы темір жол станциясына жақындады. 1968 жылдың аяғында 418 мың бас қой, 21,2 мың бас жылқы, 14,7 мың бас түйе малы қыстаққа түскен еді. Алайда 1968-69 жылдың қатты қысы ұзақтығымен халық есінде қалды. Мал басы соншама өскенімен ол кездері олар толық жабық қорамен қамтылмаған еді. Техниканың жетімсіздігі, қоспалы жем-шөптің аздығы да өз салдарын тигізді. Сөйтіп, осы қыста Маңғыстау ауданы 114621 бас қой, 2258 бас жылқы, 617 бас түйесінен айрылды. 1969 жылдың наурыз айының 5-де 13 колхоз іріленіп, 6 совхоз болып қайта құрылды.

Сонымен қатар бұл өлкедегі жер асты байлықтарын игеру бағытындағы соғыс кесірінен тоқтап қалған жұмыстар қайтадан қолға алынды.

Соның бірі негізінен Маңғыстау атағын бүкіл дүниеге паш еткен мұнай еді. Бұл өлкеде мұнай барлығы туралы әңгіме, болжамдар тым ерте басталған. Кезінде 1832 жылы Г.С.Карелин де, 1846 жылы М.И.Иванин де, 1899-1901 жылдары осында келген әскери топограф Гаспар Насибьянц та жазған болатын.

Маңғыстаудағы зерттеуде белгілі орыс ғалымы Н.И.Андрусов ерекше еңбек етті. Ол бұл аймаққа алғаш рет 1897 жылы аяқ басты. 1907-1908 жылдары тағы да келіп, арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сол зерттеу нәтижесінде 1915 жылы Маңғыстаудың геологиясы туралы бір томдық қомақты еңбегін жариялады. Оның шәкірті М.В.Баярунас түбек байлықтарын ашуға көп үлес қосты. Ол 1911 жылы Түбіжік жерінен мұнай белгілерін тапқан еді. Зерттеуге жергілікті қазақтар да ат салыса бастады. Соның бірі Бомбей университетін геология мамандығы бойынша бітірген Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы еді.

Өлкеде геологиялық ізденіс жұмыстары 1948 жылы басталды. Осында Баутин кентінде ВНИГРИ-дің (Бүкілодақтық ғылыми зерттеу геологиялық барлау институты) Ленинград экспедициясы деп аталатын базасы ашылды. Экспедицияның ғалымдары С.Н.Алексейчик, Б.Ф.Дьяков, Н.Н.Черепанов, Д.С.Несвит, Р.И.Вялова, А.А.Калугин, В.В.Липатов, А.А.Савельев, Н.Ф.Кузнецова, Н.К.Трифонов, А.И.Димаковтардың бұл салаға сіңірген еңбегі ерекше. Көлемі ұлғайған мұнай-газ өндірісін одан әрі зерттеу, барлау үшін 1957 жылы "Мангышлакнефтегазразведка" тресі құрылды. Ұзақ ізденістер нәтижесінде 1960 жылы 5 қаңтарда Өзенде К-18 скважинасынан Ғ.Әбдіразақовтың бригадасы газ фонтанын атқылатса, 1961 жылы 5 шілдеде Жетібайда Н.Петров басқаратын бригада түбектің сарқылмас қазынасын дүниеге паш етті. Осы жылдың 15 желтоқсанында Өзенде терең бұрғылау нәтижесінде сапалы мұнай алынды. 1965 жылы Маңғыстаудың алғашқы қара алтыны Гурьев мұнай өңдеу заводына жіберілді. Жарты аралдағы мұнай өнімдерін игеру мақсатында 1964 жылы Ақтау қаласында "Мангышлакнефть " бірлестігі құрылды. Маңғыстау қара алтынын ашуға тікелей ат салысқан бір топ ғалымдар мен өндірістік қызметкерлер кезінде одақтың ең жоғарғы құрметті наградасы — Лениндік сыйлықтың иегерлері атағына ие болды. Олар Ж.М.Досмұханбетов, Б.Ф.Дьяков, Ш.Е.Есенов, Е.И.Иванов, Н.О.Имашев, Н.А.Калинин, Х.Махамбетов, B.Т.Матвеев,В.П.Токарев, Н.И.Черепанов, Х.Ж.Өзбекқалиевтар.

Өлке жеріндегі зор байлық қара алтынды игеру жолында өзіндік қолтаңбасы қалған, бар өмірі сол мұнаймен тығыз байланысты адамдар мыңдап саналады. Олар кезінде үкіметтің жоғарғы наградаларына ие болды. В.Н.Нечаев СССР Мемлекеттік, Ж.Байболов пен С.Салманов Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына ие болса, С.Рысқалиев, А.Махутов, Т.Қадыров, Г.И.Шевченко, А.П.Еремин, C.Жалғасбаевтар Еңбек Ері атанды.

Сол бір жылдардың қиындығын көтеріп, өздерінің шебер ұйымдастырушылық қасиетімен, қарауындағы жұмысшыларға деген қамқорлығымен есте қалған Сафи Өтебаевты, Рахмет Өтесіновті, Темірхан Сарбөпинді, Әділ Нұрмановты, Нәсіпқали Марабаевты, Нұрлыхан Бекбосыновты, Алексей Осадчийді, Александр Дергачевті мұнайшы деген мамандықты игергендер әлі де құрмет тұтады.

Жылма-жыл үстемелеп игеріліп жатқан мұнайды тез тасымалдау бағытында 1969 жылы Өзен-Гурьев мұнай магистралы іске қосылса, 1970 жылы екінші, ұзындығы 711 шақырым болатын Гурьев-Куйбышев құбыры пайдалануға берілді. 1971 жылы Гурьев-Астрахань темір жолы тартылды. 1972 жылы Қазақстанды Орта Азиямен, орталықтармен байланыстыратын Қоңырат-Бейнеу жолы қосылды.

Республика өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін оның экономикалық саяси өмірінде де өзгерістер болды. Көптеген шетелдік инвесторлар өз қаржыларын осы бағытқа жұмсай бастады. Бірлескен және шетелдік компаниялар жұмыс жасайды. Соның алғашқысы 1994 жылы құрылған "Арман" бірлескен қазақ американ компаниясы. Қазіргі уақытта осындай бірнеше ондаған компаниялар облыс территориясында еңбек етеді.

Өлкеде мұнай, газ, уран және тағы басқа байлықтардың табылуына байланысты қала, жұмысшылар кенті бой көтере бастады. Жаңа Өзен мен Ақтау қаласы, Жетібай, Құрық кенттері сол жылдардың жемісі. Шөл даланың бет шарпитын ыстық аптабында, үскірік аязында Маңғыстау жерінде қала салу да оңай емес еді. Бірақ салынды және қандай қала десеңізші. Оны көрген адамның көзін қуантып, жанына ұмытылмас әсер қалдыратын әдемілігіне, бәрінен бұрын осындағы адамдарға жасалған жайлылығына байланысты оған 1978 жылы Патрик Аберкромби атындағы сыйлық та берілді. 1977 жылы архитекторлар А.В.Коротков, Г.М.Вылегжанин, М.И.Левин, Т.Н.Сафронова, Н.И.Симонов, Е.Б.Федоров, С.С.Целярицкий, құрылысшылар Г.П.Смородин, Е.А.Дургарян, С.С.Ефремов, П.И.Останиндердің ерекше еңбегі Мемлекеттік сыйлықпен бағаланды.

Ал қала өзінің тәй-тәй басқан қадамын қалай бастап еді. Сонау 1957 жылы өздерін 145-ші геологиялық партия деп атайтын зерттеушілер Борлы мүйіске келіп шатырларын желге қарсы тігіп еді. Міне солар сол кездегі Кеңес үкіметінің қорғанысы үшін өте қажет уран рудасын тапты. 1958 жылы сонау Красноводскіден алғашқы колонна, алғашқы десант келіп түседі. Құрылысқа керекті материалдар, басқа да заттар, тіпті ішер суға дейін самолетпен тасылған кезеңдер болған. Алпысыншы жылдары алғашқы үйлер салына бастады. Сөйтіп айдалада, құла түзде алғашқы қаланың қазығы қағылды. Бұл қазір айтуға ғана оңай. Қазір ортамызда жүрген алғашқылардың біріне сөз берсек болды, талай-талай қиындықтарды айтып берер еді. Олар үшін осы қаланың әрбір тасы, тамыр жайып орманға айналған әрбір ағашы көңіліне қуаныш әкелетіні, сонымен бірге өтіп кеткен жастық шақтарын сағынышпен еске алдыртатыны шындық.

Бұл қаланың салынуына, оның жасанып, көз тартқан сымбаттылығына талай адамның еңбегі сіңді, тері төгілді. Соның ішінде қаланың құрметті азаматы, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Е.П.Славскийдің орны ерекше. Оның жасап кеткен істері маңғыстаулықтар есінде. Жаңа Өзендегі газ айыру заводының салынуына да, Мақат-Ақтау темір жолының өмірге келуіне де тікелей себепші болған осы адам.

Маңғыстауға жаны ауырмаса — сусыз, қылтанақсыз қу медиенге темір жол салдыртып несі бар еді. Қорғанысқа қажетті уран өндіруге қажетті құралдарды теңізбен жеткізуге де болатын еді. Оның жазушы Медеу Сәрсекеевке берген бір сұхбатында "бұл жерге темір жолдың тартылуына да, қаланың салынуына да мені көндірген Қаныш Сәтбаев" дегені бар еді.

Ал жаңа бой көтерген құрылыстың алғашқы басшыларының бірі Рубен Арамансович Григорьян еді. Сол кезде ол зор билікке ие бола тұра, маңына жан жолатпайтын менмендігімен емес, керісінше жұмысшыларға жасаған жанашыр қамқорлығымен есте қалды. Ол алғашқы кәсіпорынның жұмысын көзден таса қылмау мен қатар, көктемде гүлдер шешек жарып, ағаштар жапырақ жаюға тиіс екенін де ұмытпады. Алғашқы тұқымды өз қолымен бөліп берді десе де болады. Қаланың көркейіп, дамуына, ел құрметіне бөленген басшы, Маңғыстаудың қай бұрышына барсаң да халық аузынан тастамайтын Ибаш Жанболатованың еңбегін ерекше айтуға болады.

Осылай сонау 1957 жылы Борлы мүйісте алғашқы қадамын бастаған болашақ қала 1959 жылға дейін Меловой кенті, 1959 жылы Ақтау кенті аталып, 1963 жылы 10 желтоқсанда Ақтау қаласы деген мәртебеге ие болады. 1964 жылы Т.Г.Шевченконың 150 жылдығына орай Шевченко болып, ал 1991 жылы бұрынғы Ақтау атағы қайта берілді.

1973 жылғы 21 наурызда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының шешімімен өз алдына дербес облыс болып шаңырақ көтерді.

Облысымызда өз іргетасын XIX ғасырда қалаған қаланың бірі Форт-Шевченко. Алғашқы әскери бекініс бірте-бірте үлкейіп қалаға айналды. Өлкенің тарихы, мәдениеті бұл қаламен тығыз байланысты. Маңғыстау топырағынан шыққан белгілі тұлғалар Ж.Мыңбаев, Т.Әлиев, Қ.Нәдірбаев, Н.Оңғалбаев, С.Жұбаев, З.Баймырзаев, Н.Айтақов сияқтылардың өмірі, қызметі осы қаладан бастау алады. Новопетровск болып 1846 жыл салынған бекініс 1857 жылы Форт-Александровск, Қазан көтерілісінен кейін Форт-Урицкий, 1939 жылдан Форт-Шевченко аталады. Мұнда Украинаның атақты ақыны Тарас Григорьевич Шевченко жер аударылып келді. Ол Маңғыстауға жер аударылған жылдары 20-ға жуық повесть, 100-дем астам өлең, 500-ге тарта сурет салады. Әсіресе, ол 1851 жылғы көктемде Қаратауға шыққан саяхат кезінде жемісті жұмыс істейді.

Қаратау экспедициясына Маңғыстау түбегінің қазба байлықтарын, ең алдымен Қаратау мен Ақтау сілемдерінің тас көмір қабаттарын зерттеу тапсырылды. Бұл жұмысқа тау-кен инженері Александр Иванович Антипов басшылық етті. Геологиялық партия құрамыңда Шевченконың достары саяси жер аударылған поляктар Бронислав Залесский мен Людвиг Турно болды. Олар Новопетровск бекінісінен Шевченконы да ала кету жөнінде Антиповке өтініш білдіреді. Бір-бірімен мұраттас, тағдырлас болған Т.Г.Шевченко мен Б.Залесский осы сапарда көптеген жұмыстар жасады. Б.Залесский Маңғыстау жайлы еңбегін 1865 жылы Париж қаласында "Қазақ даласының өмірі" деген атаумен француз тілінде шығарған еді.

Қаладағы көрікті орынның бірі Тарас бағы. Осында 1932 жылы ашылған ақынға арналған мұражай бар. Бақ аллеясында Шевченкоға 1881 жылы Россияда тұңғыш орнатылған ескерткіш-бюст. Белгілі тарихшы, өлке зерттеушісі Есбол Өмірбаевтың бар ғұмыры осы мұражаймен, осындағы біріккен этнографиялық және айтулы жырау Мұрынға арналған мұражайлармен тығыз байланысты. Ол Маңғыстаудың мәдени өмірінде елеулі із қалдырған тұлғалардың бірі. Өлкенің өткен тарихын тырнақтап жинап, кейінгі ұрпақтарға аманат етіп қалдырып кеткен адам. Маңғыстау жерінің сонау тас ғасырындағы кезеңдері, түбекті алғашқы зерттеушілер, жеріміздегі архитектуралық құрылыстар, Т.Г.Шевченко өмірінің жан-жақты қарастырылуы, түбектегі кеңес өкіметінің орнауы, белгілі адамдары дейсіз бе, әйтеуір, ол зерттемеген, ол қалам тартпаған тақырып жоққа тән.

Жаңа Өзен мұнайшылар қаласы. Бастапқы әзірде мұнайдың мол қорының табылуына байланысты салынатын қала жобасының екі нұсқасы ұсынылған. Бірі Фетисовте, Ақтау қаласындай теңіз жағасында, екіншісі қаланың мұнай өндіріліп жатқан ауданында салу. Оның соңғысы таңдап алынды, өйткені ол кезде тиімдісі осы деп есептелінді. Қала құрылысы 1964 жылдан басталды. 1968 жылы оған қала мәртебесі берілді. Республикадағы мұнай мен газ өндірісінің ірі орталығы. 1974 жылы пайдалануға берілген Қазақ газ өңдеу зауыты осында орналасқан. Кен орындарынан шығатын ілеспе газды өңдеп, халық игілігіне пайдалануға арналған.

Маңғыстау жері тарихи ескерткіштерге бай. Табиғаттың қиын жағдайында арпалысып жүріп өмір кешкен халық, өз күнелтісі үшін, тамақтың мол қорын жасау үшін, әр түрлі айла тәсілдерге барған. Соның бірі өлке жерінде сақталған арандар. Кейбір ғылыми деректерге жүгінсек аң аулау үшін аран пайдалану тым ерте замандарда басталған. Керек десеңіз онымен айналысатын рулар болған. Өте ертедегі арандарды бұл өлкені мекендеген адайлар да, табындар да, көршілес қарақалпақтар да пайдаланған. Тіпті қарақалпақтардың кенетес руының ішінде араншы бөлімінің болуының өзі бұл кәсіптің өте ертеден келе жатқанын дәлелдейді. Арандар әдетте аңдардың миграциялық жолдарының бойына салынған. Көрнекті археолог В.Н.Ягодиннің еңбектеріне сүйене отырсақ Маңғыстау жеріндегі арандардың анау Таяу Шығыстағы елдердегі арандардан айырмашылығы шамалы. Міне, осындай арандар Қарқия ойында, Үстірт үстінде, Қараған-Босағада, Бейнеуге жақын Күйкен ұшқанда, Маңсуалмас жерінде көптеп кездеседі. Тіпті әлі күнге дейін міні қурамай сақталғандары да бар.

Сонымен қатар өз бастауын әріден алатын жер асты мешіттері, көрген адамды таң қалдырып, өзіне еріксіз тартатын. Адай мәнерлерімен салынған күмбез, кереге тамдар, қойтас, құлпытастардың не бір айшықты түрлері де осы жерден табылады. Бұлар өткеннен қалған асыл мұра, ұрпақтарына айтып кеткен аталардың аманаты. Өйткені олар Әбіш ағамыз айтқандай "Көшпелі елдің зираттары олардың әрі өз тұсында салып кеткен қалалары, әрі артындағы ұрпақтарына нақты заттар тілінде жазып кеткен кітаптары. Зираттағы ескерткіштерге үңілген сайын бұл аймақта қай дәуірде қандай тайпа мекендегенін, қандай саяси оқиғаны бастан кешкенін, әл-ауқаты, мәдени өресі қандай дәрежеде болғанын білеміз".

Бұл ескерткіштердің ішіндегі ең күрделілері Бекет-ата, Шопан-ата, Шақпақ-ата, Қараман-ата, Сұлтан-ене сияқты жер асты мешіттері. Бұлар көне архитектуралық ескерткіштер. Оларды жасаған шеберлердің аты-жөні әрине бізге жеткен жоқ. Бірақ олардың да жергілікті шеберлер екені даусыз.

Ал, XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында жасалған ескерткіштердің әйгілі тас шеберлерінің есімдері елге кеңінен мәлім. Олар Жары руынан шыққан Қаражүсіп, оның балалары Оңғалбай, Игібай, Дүйсенбай, Қарақұл, Өмірбай, Қосмәмбеттер. Әке кәсібін қуған балаларын халық "Қараның алтауы деп атаған. Жаңай Қаламбет тамшы, оның балалары - Боранбай, Тұрақбай, Ізбасар, немересі — Нұрнияз. XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген атақты тамшы Шалданбай, оның балалары Байжанақ, Ескелді, Төжі, Есентемір, Дүтбай. Қара немерелері Өмір, Темір, шөберелері Назар, Базар. Сақи тамшы, оның балалары Қозыбақ, Ордабай, Дүйсенбай, немерелері — Шаншар, Мұқан, Ерғали сияқты өнерлі жандар бұл топырақта аз болмаған. Олардың өнері ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келеді.

Міне, сіз жолыңыз түсіп, осы бір қасиетті мекенге табан тіресеңіз жұмбағы көп, айтар сыры мол ғажайыпқа тап боласыз. Өйткені Маңғыстаудың жаңасы көзіңді қуантып, өткенін әлі жоғалтпаған, сонау ықылым замандағы тарих қатпарларын күмбірлей баяндап әріге жетелейтін ерекше өлке. Мұнда бағзы заман мен бүгінгінің ажырамас байланысын сезінесіз. Маңғыстауға келген адам бұл өлкемен қалай сабақтасып, тамырласып кеткенін байқамай да қалады. Адам баласының тілі жетпес, Маңғыстауға ғана тән көріністер мен қазына байлықтар, қашан да қолтығыңнан демеп жүрер әулиелі өлке ақ ниетімен келгендерді бауырына тартады, жатсынбайды...

ОРАЗМАҒАНБЕТ ЖҮРГЕН ЖОЛДАРМЕН

Маңғыстау топырағында өмірге келіп, туған жері, өз халқы үшін бар білігін де, білімін де арнаған, бірақ сұрқия заманның қанды тырнағына ілігіп, хабарсыз, із-түзсіз кеткен асыл азаматтары аз болмаған. Соның бірі Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы. Халық жадында діни қайраткер, ағартушы есебінде сақталған осы бір аяулы тұлға жөнінде ұзақ жылдар бойы ауызға алуға да болмайтын еді. Өйткені ол ана бір жылдардың кесірлі саясатының құрбаны болды. Елін сатқан опасыз деген атақ оны жылдар тұңғиығына мәңгілік итеріп тастағандай да еді. Бірақ қаншама қиын кезеңдер өтіп, әрбір айтқан сөзің тыңдаулы, басқан ізің аңдулы болса да ел жүрегінде осы бір бірегей тұлғаға деген сүйіспеншілік жоғалмапты. Бір-біріне сыбырлай айтып жеткізген аманаты, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жатты. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін барып, ол туралы жаңа деректер айтылып, халық жадындағы көмескі тарта бастаған әңгімелер қайта жаңғыра бастады. Енді оның тек қана діни қайраткер, ағартушы ғана емес, Маңғыстау топырағында алғашқы геологиялық жоғарғы білім алған маман екені де белгілі болды. Сарғайған архив қағаздары, мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегі құжаттар оның жаңа қырларын ашты. Өлке журналистерінің, зерттеушілердің, естелік айтушыларының еңбектерін жинақтап, 1997 жылы шыққан "Оразмағанбет" атты шағын кітапшада ол туралы біраз мәліметтер келтірілген еді.

Ол Маңғыстаудың Қызыл су жерінде 1882 жылы өмірге келеді. Естелік айтушылардың еңбегіне қарағанда алғашқы білімді әкесі Тұрмағанбеттен алған. Өйткені Тұрмағанбеттің жас кезіндегі білімділігі елге жайылған адам екен. Әкесі Сарыбектен ерте жетім қалған бала күнелтіс үшін бозторғай шырылдай орнынан тұрып, құм жағалап анау көрінген Түйесуға, Сахардың тауына қарай сиырын өргізетін. Мал соңыңда жүріп, "Әптиек" шыққан, құран оқыған. Артынан Ташауыздың Көнесінде білім алыпты. Елге оралып ағартушылық, діни жұмысқа біржолата ден қойған.

Міне, өзінің алғыр да, алымды баласы Оразмағанбетті өз алдынан сауаттандырған Тұрмағанбет оны артынан сол кездегі мұсылмандық білім ордалары шоғырланған Көне Үргеніш, Хиуа, Бұқара қалаларына аттандырыпты. Осы оқу орындары сол кездері тек діни білім ғана емес, сонымен қатар жаратылыстану, тарих, медицина, жер асты құпиялары жайында да мағлұмат беретін. Бәлкім сол кезеңдері оны бітіріп келгендердің халық арасында молда ғана емес, жұлдызшы, емші, ауа райын болжаушы, көреген есебінде есте сақталуы да олардың өздері оқыған оқу орнында жан-жақты білім салаларын жете меңгергендігінен болар.

Ал, Оразмағанбеттің тергеу орындарына берген жауаптарында діни оқумен шектеліп қалмай, Үндістанның Бомбей қаласындағы университетті 16-19 жас аралығында, яғни 1897-1900 жылдары геология мамандығы бойынша бітіргендігін айтады. Онысын Маңғыстауды зерттеуші ғалым М.В.Баярунаспен бірге қызмет істегенін, екеуінің зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастыруға сол кезеңдегі жағдайлардың кедергі келтіргенін айтып, нақтылай түседі.

М.В.Баярунастың Николай Иванович Андрусовтың шәкірті екені белгілі. Ал, осы Андрусов Маңғыстауға 1887 жылы келіп өзінің зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Артынан 1907-1908 жылдары тағы да келеді. 1915 жылы осы зерттеу жұмыстарын жинақтап, Маңғыстаудың геологиялық картасын жасайды. Бізге жеткен кейбір әңгімелерге зер салып қарайтын болсақ, оларда Н.И.Андрусовтың Оразмағанбеттің әкесімен жақсы қарым-қатынаста болғандығы айтылады. Мүмкін зерек баланың сол кезеңдерде оның қасына еріп жүруі де, оған ғалымның геологиялық білім беретін жоғарғы оқу орнына сілтеме жасап, ақыл-кеңесін беруі де рас шығар. Өйткені Оразмағанбеттің жер қыртысын зерттеп, оның байлықтары жөнінде талай-талай әңгіме айтқанын шәкірттері еске алады.

Тергеу құжаттары Оразмағанбеттің кезінде елдің саяси оқиғаларынан тыс қала алмағанын, оған араласқанын растай түседі. Осыларға қарап отырып, оның еліміздің тәуелсіздігі үшін күрескен қайраткерлердің сапында болғандығын байқаймыз. Ол "Алашорда" ұйымының Маңғыстау бөліміне 1926 жылы кіреді. Тергеу кезінде ұйымның міндеттері мен мақсаттарының мұсылмандарды қорғауға арналғанын, сондықтан да оған түсіністікпен қарағанын, ал жалпы ұйымға Жаһанша Досмұхамбетов, Бақытжан төре Қаратаев, Ахмет Байтұрсыновтардың басшылық еткенін айтады.

Оразмағанбеттің елде болып жатқан оқиғаларға деген саяси көзқарасының дұрыстығын тағы да тергеу құжаттарынан көреміз. Оған берген жауаптарында ол сонау 1924 жылдың өзінде-ақ кеңес үкіметінің саясатының дұрыс бағытта жүргізілмегенін, адамдарды сайлау құқынан айырғанын, елдегі алғашқы қуғын-сүргіннің 1930 жылдары басталғанын айтады. Тіпті келесі жаппай қуғын-сүргіннің 1937-38 жылдары болады деп күтіліп, алдын-ала сақтанып 1935 жылы Иранға өткенін мойындайды. Бұдан Оразмағанбеттің елдегі саяси тынысты сезе білген көрегендігін байқаймыз.

Иран жеріне барғаннан кейін де, босып барған қандастарының қалың парсы ішінде жоқ болып кетуінен сақтанып, тілінен, салтынан айрылып қалмауына жұмыстанады. Иран патшасына арнайы хат жазып, босқындардың шама келсе бір жерге орналасуына, көшпелі халықтың өзіне бейтаныс егіншілікпен, саудамен айналысуына үкіметтің көмегі керектігін айтады. Онысы белгілі бір дәрежеде қолдау табады да.

Міне, осылай елі үшін аянбай қызмет жасаған белгілі ғалымды, қайраткерді құрығы ұзын кеңес үкіметі 1937 жылы қолға түсіріп, 1938 жылы ату жазасына кеседі. Біраз жылдардан кейін 1963 жылы ғана абзал жан ақталған еді. Сөз басында айтқан ол жайында деректер әлі жинақталуда. Халық алдындағы еңбегін көпке таныстыру басты назарда. Белгілі ғалым жөнінде кезінде Ә.Кекілбаев, Д.Досжанов, Қ Сыдиықов өз еңбектеріне арқау еткен еді.

2002 жылы мамыр айында айтулы ғалымның 120 жылдық мерейтойы Жаңа Өзен қаласында аталып өтті. Алыс-жақын шетелдерден қонақтар шақырылды. Арнайы ғылыми-практикалық конференция өтті. Осында баяндама жасаған тарих ғылымының докторы Өмірзақ Озғанбаев: - Оразмағанбет сияқты ірі қайраткер бір өлкенің, не бір облыстың ғана мақтанышы дәрежесінен анағұрлым биік, жоғары тұрған тұлға. Сондықтан оны бір өлкенің көлемімен шектесек көрер көзге оның бедел, абыройын тұқыртып, өмірі мен қызметіне нұқсан келтірген болар едік деген еді. Оразмағанбет жөнінде жасалған жұмыстардың ішінде бір кездегі құлыбы ешкімге ашылмас, қауіпсіздік комитетіндегі қағаздарды шұқшия зерттеп, ғалым туралы тың деректерді оқырманға, көпшілік назарына ұсынған Сұлтан Балхаев, Әбілқайыр Спанов сияқты қаламгерлердің еңбегі тіптен ерекше. Осы азаматтардың салған сүрлеу жолдары қазір жасалып жатқан, болашақта жасалар жұмыстың бастамасы болғаны, өзгелерге ықпал болғаны да басы ашық нәрсе. Әсіресе туған топырағымыздан шыққан осы бір ірі тұлғаны есте қалдыру, ол туралы халық жадында көмескі тарта бастаған деректерді жинақтау, жүйелеу, сөйтіп кейінгі ұрпақтарға аманат ету сияқты жұмыстардың ұйытқысы, ұйымдастырушысы болып жүрген жаңаөзендіктердің, ел тізгінін ұстаған азаматтардың еңбегін ыстық ілтипатпен атап өткен жөн. Ғалымға арнап ескерткіш орнату, оның 120 жылдық мерейтойына байланысты ғылыми-практикалық конференция өткізу, ас беру сияқты шаралардың да салмағын көтеріп, қалың көпшіліктің көңілінен шыға білген де солар. Басқасын былай қойғанда Оразмағанбет болған жерлерді суретке, бейнетаспаға түсіру, тек қана Оразмағанбет жайында ғана емес, өлкеміздің тарихи орындары, олар туралы ел аузындағы деректерді жинақтау бағытында Жаңа Өзен әкімшілігінің демеушілігімен өткен жылы да, биыл да экспедиция ұйымдастырылды. Әрине бір ауыз сөзбен "экспедиция ұйымдастырылды" деп айтуға ғана оңай. Мың шақырымға жуық жолды жүріп өтетін бұл шараға қатысушыларды техникамен, тамақпен қамтамасыз ету, дер кезінде көрсетілер дәрігерлік көмек, мың құбылған ауа райының жағдайында әлгі техникаларды жанар — жағар майдан тарықтырмау сияқты таусылмас жұмыстардың арғы жағында, бәрі айналып келіп қаржы дейтін құдіретке тірелер жайы тағы бар. Жасырып несі бар, билік тұтқасын ұстаған, қаржы қалтасын қапталына қыстырғандар көбіңде ертең қайтарымы жоқ жерге ақша шашуға әуестіктері жоқ екені белгілі. Сондықтан да мұндай жұмысқа өткенін қастерлеп, өз туған жерінің тарихына жаны сыздайтын азаматтардың ғана қол ұшын созатыны белгілі.

Міне, Жаңаөзен әкімшілігі де, "Құлагер" (Ө.Қ.Сатыбаев), ТОО "Бұрғылау" (Т.Н.Әжібаев) сияқты кәсіпорынның басшылары да осы межеден шыға білді. Кешегі ғалымның 120 жылдығындағы ғылыми — практикалық конференция шешімін айтылған жерінде қалдырмай, Оразмағанбет туралы деректерді жинаушы мұнай-газ колледжінің ұсынысын бірден қолдап экспедиция ұйымдастыруға ризашылықтарын білдірді. Қала әкімі Ж.Б.Бабаханов Оразмағанбеттің 120 жылдық мерейтойы өте салысымен көп сөзбұйдаға салмай, осы экспедицияны ұйымдастыру жөніндегі шешімін 4 маусымда шығарды. Экспедицияның құрамы, жүріс жолдары, алға қойған мақсаттары бекітілді. Солардың шешімімен оның құрамына біздер де, облыстық мұражайдан (О.Көшбайұлы, Р.Молбаева), облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамынан (К.Қонысова) енген едік. Экспедиция басшысы болып Жаңаөзен мұнай-газ колледжінің директоры Құрман Игібай бекітілді. Өзен қалалық әкімшілігінен уәкіл ретінде Шақанов Түркменбай қоса жүретін болды.

Осы жерде ерекше тоқталып, ризашылығымызды айтар ағамыз Құрман Игібай. Уақытында әр түрлі қызметтердің тұтқасын ұстап, көпшілікке аға бола білген азаматтың Оразмағанбет рухы алдында да істеген қызметтері ұшан теңіз. Оразмағанбет жайында қариялардың ұмыт бола бастаған естеліктерін суыртпақтап сыр тартып жинақтап, оған қатысты тырнақтай болса да мұрағаттарды сақтап жүрген де сол. Білігі де, көргені де мол ағамыз осы сапардың бас бұйдасын ұстаса, қосшы бола білгеніміздің өзін зор мәртебе санаған біздер осы сапарға арнайы жіберген шақыруды қуанышпен қабылдаған едік. Қуанбай қайтерсің. Бұл экспедиция бәлкім, өзінің құрамына әр саланы қамтитын мамандармен толық қамтамасыз етілмесе де, өз туған топырағының тарихына деген ұмтылысы мол жастарға берер тәлімі көп, айтып бітпес сыры мол, өз өлкемізден шыққан тұңғыш экспедиция еді. Және де сонау Алматыдан келдік деп дабырайта жар салатын өзге экспедициядан кем емес екенін де көрсетті. Өйткені, осы жолдардың авторына бұдан бұрын да сондай экспедиция құрамында болып, сапар шегуге тура келген еді. Бәлкім, Құрман ағамыз солай жинақтады ма, әлде осы сапарды жанымен түсініп, көңілімен көмектескен азаматтардың тілегі ме, әйтеуір экспедиция құрамындағы адамдардың қай-қайсысы да түбек тарихынан хабардар, естіп білгендерін көкірегінде тоқи алар азаматтар болып шықты. Бір ғана жол бастаушы болған, бүкіл Шығыс Маңғыстаудың қырат жартасы, сай-саласына дейін бес саусағындай білетін Аманиязов Орынның өзі неге тұрады. Тұйық мінез, сабырлы көңіл. Ал қасына отырып әңгіме сұрасаң әр төбе, әр қырқа желісі созылған аңыз боп шығады. Өзіне айттырсаң елу жыл бойы осы өңірде қой бағып, қауға тартудан өзге ештеңе көргенім жоқ дейді. Ал, шындығында ол қой бағып жүріп даламен тілдесіпті, қауға тартып жүріп шежіреші ақсақалдардың тереңнен бастар аңызына қаныпты "Апыр-ау,—дейсің сонда іштей дөң үстіңде ызғып келе жатқан машинада отырып. Бұл өлкеде терілмеген қаншама әңгіме жатыр, айшықты архитектурасы тебірендірмей қоймайтын қаншама әулие жатыр. Ана төбенің, ана қырдың үстіндегі еңселі күмбездер де, қож-қож болып әлдеқашан мүк басқан жатаған қорым да жай жатпаған сияқты, әлі күнге дейін елінің бір босағасын күзетіп, кенеттен тап берер дұшпанға кеудесін тосар тірі батырлар сияқты.

Мүмкін күні бүгінге дейін елінің ырзығы арылмай келуіне де солардың рухы себеп болған шығар, кім білген. Атақты Расул Ғамзатовтың "Ауадағы әрбір тозаңда аталар рухы бар", — деуіндегі зор мағына осындайға бағытталып айтылса керек.

 Әттең,— дейсің желпіме әңгімеге әуестігі жоқ Орынның "мұны білмеймін, өтірік айта алмаймын",— дегенін естігенде—қаншама тарих ашылмай кетті, қаншама аңыз қолдан жасалған керең құлақтардың кесірінен бүгінге жетпеді. Ал, енді ше.

Әлдеқашан мүк басып, уақыт өте келе қызыл қоңырланып кеткен бір кездегі ақшаңқан мазар қанша аялай сипасаң да бәрі бір сырын сыртына шығармайды. Тек ана құлпытастағы уақыт үрдісіне шыдап тұрған бес қарудың суреті бір кезде, осы дала төсінде ер жастанып, елін қорғаған бізге беймәлім бір батырдың жатқанынан хабар бергендей.

Біз жүріп келе жатқан осы жолдардың бойымен белгілі ғалым Оразмағанбет әрлі-берлі талай сапар шегіпті. Бірінде білім қуып, туған жерінен жыраққа кетіп бара жатып ат басын арнайы бұрып, өлілерге бағыштап құранын оқыса, бірінде сол туған жерінің "сайынан сайғақ құрлы сая таппай" түн жамыла қайта оралмас соңғы сапарға аттаныпты.

Өзеннен шығып құбылаға қарай Қарынжарық құмын беттеп келеміз. Mіне, мынау Сұлутөрткүл. Сағым қуған дала үстінде көзіңді қуантып, көңіліңді жадыратар биік төрткүл осы. Десе дегендей. Алыстан қараған адамға бармағынан бал тамған әлдебір шебер құдірет қырлап, жонып әкеліп, мидай тегістік ортасына қоя салған секілді. Аты қандай әдемі. Әбіш ағамыз айтқандай "Ақынжанды маңғыстаулықтар ұлдарына қоймайтын жақсы аттарды жерлеріне қойып бағыпты". Осы төрткүлдің үстінен көзің талар алқап түгелдей көрінеді. Сол жағыңда Бестөбе, одан әрі Жалпақтөрткүл. Оң жағында Жазыгүрлі, Базыгүрлі ойпаттары, одан түстікке қарай Балой, Шалой қыраттары, әйгілі Құрмашбұлақ.

Төрткүл үстінде ескілікті қорым. Уақыт ағымына шыдамай әлдеқашан құлап үйіндіге айналған. Бірте-бірте айыруы қиындап бара жатқан белгілер. Арасында Адай таңбасы да кездеседі. Осы қойылымнан 40-50 қадамдай жерде сырты темір шарбақпен қоршалған, басына крест орнатылған орыс моласы. Қасына келіп қарағанымызда бұл геолог Степанова Надежда Николаевна болып шықты. Қасында бір уыс төмпешік болып баласы жатыр. Ол 1970 жылдың наурызының 3-і күні, ал әйел сол наурыздың 4-і күні қайтыс болыпты. Топырақтың бұйырған жерін көрмейсің бе? Тоқсан шақырымдай жердегі Өзенге ия, Ақтауға жеткізуге мүмкіндік болмаған. Бала үстінен кетті ме, әлде жолға шығып мына мидай далада бағытын жоғалтып, адасып өлді ме, ол жағы белгісіз. Бұл өлкенің байлығын игеру жолында қаншама қиындық, арты қайғыға соққан қаншама оқиғалар болмады дейсің. Дәл осындай айдалада топырақ бұйырғанның бірі Қарын жарық құмының қақ ортасында жатқан топограф, 1932 жылы туған Ш.Габриашвили. Ұлты грузин. 1961 жылдың 4 шілдесінде қайғылы қазаға ұшырапты. Айтушылардың сөзіне қарағанда машинасы бұзылып, шөлден өлген. Басына кісі бойының биіктігіндей құлпытас (стелла) орнатылыпты.

Ақбастан құлаған жол Өнерге қарай дәл осы белгінің іргесінен өтеді. Жергілікті тұрғындар мұны сол топографтың атымен "грузин жол" деп атайды екен. "Маңғыстаумұнайгаздың" архивіне барып сұрау салғанымызбен, әзір осы бір иен далада дәмі таусылғандардың нақты дерегін қолымызға түсіре алмадық. Бұл келер күннің міндеті.

Осы Қарынжарық құмынан өте бере шілденің онсыз да тамып тұрған ыссы күнінде көз қарықтырып сонау Қарамая, Көгесемге дейін созылып жатқан Кендірлінің соры басталады. Сор басталар жерде атақты Өнеренің бұлағы. Бұлақ дейміз-ау, бұл керемет бір құдірет арқылы жер астынан шығып, қайтадан сарылдап жер астына кетіп жатқан мол су. Суы ащы. Дегенмен де осы жерге келген бойда манағы төбеңді тесіп жаныңды қинап келе жатқан аптаптың қайда кеткенін білмей қаласың. Бейнебір теңіз жағасына келгендейсің, салқын леп жаныңа жаға түседі. Ұйыса өскен жыңғыл, қамыс. Көкірегің кеңіп сала береді. Уақытында бұл жерде сонау түркмен жеріне бет алған талай керуен белін босатып, бір-екі күн аялдайтын да көрінеді. Ал беріде осы жерге жақындау жердегі бұрғылау қондырғыларына осының суы тасылған. Ауасының барған адамға бірден әсер етіп, жаныңа жайлы тиетіні де бекерден-бекер емес екен. Арнайы радиация өлшейтін құрал 0,01 р/ч-ты көрсетіп тұрды.

Жолымыз қайтадан Қарынжарық құмын кесіп өтіп, Сақсорқаның құмын жағалап Аққұдыққа бет алу. Осы жерде, Ақбастың құлауынан 4-5 шақырымдай қырқа етегінде атақты "Құрмаштың үңгірі" бар. Айтушылардың әңгімесіне қарағанда бір кезде жала жабылып, қуғында жүргенде Тоқабай Құрмаш осы үңгірді паналаған көрінеді. Құрмаш жайында күні беріге дейін талай-талай әңгіме де айтылды, аңыз да шертілді. Кешқұрым пеш түбінде отырып сыр шерткен әңгімешіл қариялардан естігеніміз жазықсыз жапа шеккен, бірақ намысын қолдан бермеген, сөйтіп жүріп ақыры күші көп зорлықшылардың қолынан қаза тапқан ер жайында еді. Оның тоқ етер әңгімесін өлкемізге белгілі жазушы Әбілқайыр Спанов өз кітабында айтқан болатын. 1927 жылы Құрмаш ауылы жылдағы әдетімен солтүстікке шығандап барып жайлайды. Қыс ойлағандай болмай ерте түсіп, ойға құлай алмайтынын білген Құрмаш Қосым Шеркеш ішіндегі Жұмағали дейтінге барып, бір қыс қоңсы отыруға келісу болатын. Бұл келгенде оның үйінде бір топ белсенділер отырады. Ет пен шайдың ортасында Құрмаш шаруасын айтады. Сонда Жұмағали: -Е, сол да сөз болып па. Бір емес, екі қыста. Тек алаған қолым берегенді ұмытпай, анау астыңдағы жирен тұлпарды босағаға байласаң болды дейді. Сонда Құрмаш: Жұмеке, жирен ат ұлымның бәсіресі еді. Оған қолқа салма. Құдайдың жері ортақ. Ал қораңның ығына өтеу сұрасаң оның бір есесі болар. Мен көшімнің алдынан шығайын деп сыртқа беттейді. Құрмаштан оңайлықпен ат ала алмайтынын білген Жұмағали қасында араққа тойып отырған әлгілерге оны жамандайды. Ойында ештеңе жоқ, ауылға жақындап қалған бейбіт көшке оқ атылады. Құрмаш жағынан бірнеше адам оққа ұшады. Соның бірі Құрмаштың алдыңғы түйедегі ұйықтап келе жатқан үш жасар сәбиі. Ойда жоқта арандап қалған Құрмаш ертесіне есін жиып, өлгенін жерлеп, төңірегіне жанашырларын топтайды. Артынан аттанып барып Жұмағалидың ауылын шабады. Қарсыласқан бір адамды өлтіріп, бір келіншек пен бір қызды кепілдікке алып, қолға түскен малды айдап алады. Жоғарыға банды атағы солай жайылады. Содан қуғын-сүргін басталады. Жергілікті тұрғындардың айтуы бойынша сол дүрбелеңі көп жылдары Құрмаш осы үңгірді паналапты. Қасына келмесең, алыстан көзге ілінбейді. Қырқа беткейіндегі көп сайдың бірі. Дәл қасына келгенде сай түбінде аттылы адам сиятындай кең үңгір. Кісі бойынан биік, жеті — сегіз метрдей кеңдіктегі үңгір екі жаққа бағыттайды. Бірі терістікке, бірі құбылаға. Терістік бағыттағы үңгір бірте-бірте тарыла береді. Еңкейіп, кейбір жерлерінде тізерлеп жүруің керек. Ал құбыла бетіндегі үңгір біршама кең. Адам бірде бойын жазып, бірде еңкейіп отыз бес қадамдай жүргеннен кейін биіктігі 4 метрдей, көлденеңі 10-11 метрдей құлама шұңқыр кездеседі. Осы шұңқыр түбінде қайда бағытталғаны белгісіз тар жыра. Жалпы біздің байқағанымыз ұзындығы қанша екені анықталмаған терістікке қарата жоғары өрлеген үңгірдің бойымен осы жерге дейін кезінде судың ағып жатқаны немесе жаңбырлы уақыттарда қайдан келетіні белгісіз судың осы қазаншұңқырға құйылатыны көзге ұрады. Өйткені сол үңгір ішіндегі ылғал, кейбір тас қақ бойындағы сулар осының дәлелі болса керек. "Құрмаштың үңгірі" аталуы да тегіннен-тегін емес сияқты. Өйткені осы үңгір аузында отырып-ақ анау құбыла беттегі, терістіктегі жерлер алақандағыдай көрінеді. Ал, ол жақтан келе жатқан адамға бұл жер тіпті де байқалмайды. Үстінен дәл түсе қойған күнде де бес-алты қадамнан кейін тастай қараңғылық басып, бірнеше бұрылыстар жасап созылған үңгір ішінен, алыстағы шиге шаншылған құмалақты қағып түсірер Құрмашты іздеуге кімнің құлқы бола қойды дейсің.

Аққұдықтағы ақсақалдар суыртпақ тартқандай қылып саналарында ұмыт бола бастаған Оразмағанбет жайлы білгендерін айтты, көргендерін көз алдына қайта әкелді. Жас кезінде бұдан жетпіс жылдай бұрынғы көрген, естігенін кәріліктің қалтылдақ қайығы үстінде отырып, оны сол күйінде жеткізу мүмкін емес те нәрсе. "Осы біледі" дейтін кейбір ақсақалдар қайтадан сәби күніне түскен. Әсіресе кезінде Оразмағанбеттің ел пайдасына жаратқан, әлдебір ауруларға ем-дом ретінде пайдаланған "дәрілік тастардың" қай жерден алынғанын да, қалай пайдаланғаны жөнінде дерек ала алмадық. Өкінішті-ақ.

Сапар әрі қарай жалғасты. Мынау онша биік емес, жатаған тауды Белесем деп атайды. Қардың қалың түскен, болмаса жаңбырлы жылдары осының сай-саласынан аққан су құбыла бетіндегі айдын тақырға жайылады. Ондай кездері ол жердің тұрғындары ырғап-жырғап қалады екен. Жаз бойы малдары осы жерден табылады. Осы ағыс бойына ана бір жылдары суын пайдалану мақсатында бөгет салыныпты. Бірақ ол бөгеттің кезінде сауатсыз салынғаны бірден көзге ұрады. Баяғының шалдарының қолданған алып қашпасы жоқ, таудан аққан ағыны қатты су бөгетті жырып, құлатып кеткен. Бүгінде ол жерде бір тамшы да су жоқ. Міне, осы су келер сайдың басында көз алдыңа айнымаған Саураны әкелер көрініс шыға келеді. Айырмасы Саурадағы су орнына қалың қамыс өскен. Әрі қарата жартас. Жартас бетінде көзге бірден ұратыны таңбалар. Осы бір тастарға салынған таңбалар туралы ғалымдар көптен бері айналысып келеді. Кейбір ғылыми деректерге сүйенетін болсақ жартас бетіне суреттердің салынуы тым ерте, бұдан отыз мыңдай жыл бұрын басталыпты. Біз әріге кетпей-ақ өз өлкеміз жайын айтар болсақ, Маңғыстаудағы жартас суреті, ондағы таңбалар жөнінде А.Г.Медоев, М.Меңдіқұлов, М.А.Мирзоев, Есбол Өмірбаев өз еңбектеріне арқау еткен еді. Әсіресе Маңғыстау тас ғасырын көп зерттеген А.Г.Медоев Маңғыстаудағы жартас бетіндегі сурет таңбалар туралы "... оларды саяси плакаттың әуел бастағы белгі нышаны ретінде де қарастыруға болады. Қалың елге ықпал әсері жағынан олар орхон үндеулерінен кем түспеген. Олар әмбеге аян, ұғынықты болып келеді. Шындықты пір тұтады. Таңбалардың эстетикалық деңгейі төмен дегенді Маңғыстау материалдары жоққа шығарады",— деп жазған еді. (А.Г.Медоев, "Гравюры на скалах" А. 1979 170-171 бет).

Белесем тауындағы және Сенекке жақын жердегі Тынымбай шоқыдағы таңбалы тастардан байқағанымыз мұнда оғыз-қыпшақ және көптеген қазақ руларының таңбаларына ұқсас белгі көп. Әрине бұларға айдар тағып, ат қоя алмай отырған себебіміз біз осы бір саланың арнайы маманы емеспіз. Қолымыздағы кейбір деректерге, мәселен Махмут Қашқаридың "Диван лугат ат-тюрк" кітабына қарайтын болсақ, онда арғы жағы сонау оғыздардан тарайтын түркмендердің кейбір руларының таңбалары көрсетілген екен. Міне, Тынымбай шоқыдағы кейбір белгілер осылармен ұқсастық табатын сияқты. Ал кейбірі қазақ руларының таңбасына келеді.

Анау Айрақты, Құртұрмас, ескілікті қорымдарда кездесер таңбалар Есекеңше айтқанда "Маңғыстау ежелгі ата қоныс. Онда қазақ халқының құрамына енген көптеген тайпалар болған". Жерімізде көптеп кездесер осы таңбаларды зерттеп, жұмбаққа толы шешуін табу осы іспен шұғылданатын арнайы мамандардың, болашақтың еншісі. Өйткені арғысы оғыз-қыпшақ, одан кейінгі қазақ руларының, берідегі адай таңбаларының оларды қоршай орналасқан әлдебір жазу белгілердің бір мезгілде жазылғаны көзге ұрады. Бұл өтіп кеткен уақыттардағы осы түбекті мекендеген тұрғындардың, жаңағы А.Г.Медоев айтқан Күлтегін жазуларындағыдай басынан өткен белгілі бір оқиғадан хабар бере ме, әлде, осындай әр рулардың таңба белгілерінің бір жерде салынуы, осы жерде тарихи маңызы бар үлкен оқиға болып, мынау соған белгілі бір дәрежеге ат салысқан рулар ма, ол жағы әзір белгісіз.

Белесем тауынан әрі қарай Қарашық тауын іргелей отырып Қыдырберді әулиеге келдік. Оң жағыңда қарауытып Қарамая тауы көрінеді. Алда атақты Қараған Босаға. Кез келген маңғыстаулықтардың жүрегіне етене жақын, талай-талай қанды оқиғаларды басынан өткерген жер. Небір айтулы тұлғалардың табаны тиіп, қаны тамған қасиетті мекен де осы. Босаға десе босаға. Сонау тілім-тілім болып, бір-бірімен жалғаса жатқан аңғарларды көптігіне болса керек, "Ебелектің елу аңғары" деп атайды. Шығысқа қарай ақсия шығып жатқан Бесқаланың жолы. Сонау ықылым замандардан бері қарай желісі үзілмей келе жатқан атақты керуен жолы. Бұл жолмен қоңырауы сыңғырлап, шығыс пен батыстың дүниесін әрлі-берлі тасыған керуен де, найзалары шошаңдап, қабағынан қан жауған басқыншы да өткен. Қалың сексеуіл, ұйысқан жыңғыл. Таудан ағып келер ағыстың бойы осы жерде тоғысатын сияқты. Бір-бірімен қатарласа жатқан әрбір төбенің өзіндік тарихы, кейінгілерге айтар мұңы, өзімен бірге айтылмай кеткен жыры бар сияқты. Білім қуған, жүрегіне иман ұялаған көп шәкіртті қатыгез жаудың аяусыз қырып, олар жатқан аумақты жердің "Қырғын" аталғаны да осы жер. Қарақшылардың талауға түскен байлықты қапталына қыстырып, қолға түскен Адай сұлуын алдына өңгеріп, талай тұтқынды шылбырмен сүйретіп өтетіні де осы жер. Балуанияз батырдың мейманасы тасыған сансыз жауға азғана қолымен тойтарыс беретіні де, жасырынған жаудың оғынан қапияда қаза табатыны да осы жер екен. Бізге жеткен әңгімелердің желісіне Қарағанда елді шауып, артынып-тартынып келе жатқан көп қолға өздерінің аз екенін білдіргісі келмеген Балуанияз қолы алдарында көрінген қоңыр төрткүлді бірнеше айналып, шұбап шабады. Ат тұяғынан көтерілген шаң бір-біріне ұласып, әуеге көтеріліп, жаудың көзіне қол көп болып көрінеді. Абдыраған жаудың есін жиғызбай 15-20 жігіттен екі-үш топқа бөлініп, шабуылға шығып күйрете соққы беріп, тұтқындарды құтқарып алады. Бірақ бұл жеңістің артында Балуанияздың өкінішті өлімі жатыр еді. Елін қорғаған батыр, қапияда жау қолынан қаза тапты.

Бұл жерде Балуанияз батырмен қолтықтасып, оның үзеңгілес серігі Ескелді Тұрмамбет батыр да жатыр. Халық аузынан жеткен әңгімеде сол Балуанияз қаза болатын жылы Тұрмамбет қалашылап Көне Үргеніш базарында болады. Сонда атын саудалап тұрған біреуге еңгезердей бір түркмен атыңды маған бер, ақысына қыр қазағының он баласын, керек десең бір сұлуын да қоса өңгеріп әкелейін,— деп астамсып тұрғанының үстінен шығады. Желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпағы мен ертеңгі бір арыстың жары болар аруды сыртынан саудалап, кісімсіп тұрған түркменнін бұл ісіне шыдамаған батырдың қаны басына шапты. Елінен тысқары жүргенін ұмытып - Адайдың қаруға қолы, үзеңгіге аяғы тиетін батырлары тірі тұрғанда сен шақшабастың ойлағаның бола қоймас. Құй сәтін салып, кездесе қалсақ танымай қалып жүр ме. Мен Тұрмамбетпін,- дейді. Айылын жиған түркмен де болмады. — Ендеше мен Бөрімін. Бөрі десе адайдың жылап жатқан баласы қояды деуші еді. Кездесе қалсақ сені де тәубаңа келтірермін, — дейді.

Содан Тұрмамбет асығыс елге келеді. Хиуа ханы аттандырған екі жүздей аламан Қаратау бетіне өтіп кетіп осы күнгі Оңды, Ағашты жерлерінде отырған елді шауып, мол олжамен келе жатқандарында батырлар Қараған Босағадан күтеді. Олар Балуанияз, Тұрмамбет, Өзденбайдан Кенжебек, Ер Шабайдың баласы Есен, жау жүрек Сүгір, Санау мен Қалқамандар еді. Балуанияз бен Бөрі жекпе жекке шығады. Тұрмамбет қанша өтініп сұрағанмен Бекеттің ұрпағы Асар сұпы — Кезекті саған берсем ағайынына тартты дейді, — деп ризашылығын бермейді. Балуанияз қас пен көздің арасында Бөріні шаншып өтеді. Бірақ қапысын тауып олар батырды тапаншамен атады. Сол жерге батырды інісі екеуін қоса жерлейді. Арада жылдар өтеді. Жыл сайын Тұрмамбет батырдың ауылы Жемге осы Қараған Босаға арқылы көшеді екен. Осы жерге келгенде Тұрмамбет бір күн еру болуды дағдыға айналдырады. Бір жылы — Мені Балуанияз құрдасым шақырып жатыр. Тірі кезімізде құшағымыз ажырап көрмеген еді, о дүниеде де жанымыз бірге болсын. Қасына жерлен, — депті. Ел әрине батырдың тілегін орындайды.

Осы соғыста Балуанияз батырдың Құла аты жау қолында кетті. Атақты тұлпарды Хиуа ханына алып барады. Бірақ Маңғыстаудың самалына кеудесін тосып, жусан исі аңқыған Үстірт үстінде шұрқырай кісінеп, дүбірлете шауып Балуанияз құсаған батырдың тақымын сезініп өскен қасиетті жануар олардың дегеніне көнбеді. Алдына келгенін тістеп, артына келгенін теуіп, маңайына ешкімді жолатпады. Өйткені оның қасына келетіндер кешегі құлынынан жалын сипап, қайран Үстірттің балауса шөбімен бағып, шыңыраудың мұздай суымен суарған, сүттей аппақ айлы түнде биік басына шығып жау күзетіп, ел қорыған Балуанияз емес, сеңсең бөркі шошаңдап, жыланкөзденіп, өзге тілде шүлдірлегендер еді.

Қаншама тәсіл, қаншама айла қолданып, небір мықты ат бегілерін әкелсе де Құла жат қолына үйренбеді. Хиуаның кеудеңді қысар ауасына тұншығып, есіл дерті Маңғыстау жақта еді. Ақыры есті жануар қашып шықты. Бірақ бұл уақытта сонау Хорезмнің ойынан Қараған Босағаға дейінгі жерде ел жайлауға шығып кеткендіктен ешкім жоқ болатын. Шөлден аңқасы кеуіп, әлсіреген ат, ақыры дегеніне, арманына жеткендей туған жеріне Маңғыстауға итшілеп жетіп, кешегі иесінің оқ тиіп, қаны тамған қасиетті топырағына келіп құлайды. Аң қағып жүрген біреу тап болып, арса-арсасы шығып әлсіреп жатқан Құланы көреді. Жақын маңдағы жерден су әкелгенше жануар өліп те кетеді. Ел есті жануарды адамша арулап көміпті. Көгесемге жақын жерде биік жал кездеседі. Оны ел "Құлатбасы'' деп атайды. Туған жер қасиетін адамнан бетер қастерлеп, сүйегінің сол топырақта қалып, сол топыраққа араласқанын аңсап жеткен Құла аттың моласына өткен-кеткен жолаушы арнайы барып, бір уыс топырағын тастайды екен. Күні бүгінге дейін ешкім ол үрдісті аттап кетпейді. Бізде сол үрдісті өзімізге борыш санадық.

Елде жаңа өкімет орнаған аумалы-төкпелі жылдары туған жерінен үдере көшкен талай адамның тағдырының үзіліп, тілеуінің кесілген жері де осы Қараған Босаға. Маңғыстаудағы әпербақан ОГПУ-дың бастығы А.И.Фетисовтың қылышынан қан тамған сапарының соңы да осы жерден бітіпті.

Бытырай қашқан жұртты кейін қайтару үшін А.И. Фетисов бастаған қызыл отряд пен "бандылар" деп айдар тағылған қашқындардың соңғы шайқасы осы жерде болады. Қалың сексеуілді паналаған олар мұздай қаруланған, машина, пулеметтері бар қызылдармен қақтығысқа түседі. Өліспей беріспейді. Құралайды көзге атқан мергендер сексеуілдің тасасынан басы қылтиған талай әупірімді қағып тастап отырады. Бірақ көп көптігін, күшті күштілігін көрсетеді. Бүйтіп жата берсе бөрінің де қаза табатынын білген, сол "бандылардың" басшысының бірі Құнанорыс Мырзалы өз қарауындағыларға сексеуілді паналап кейін шегінуге тапсырма береді. Бұл кезде оның қасындағы інісі қаза тапқан еді. Өзі жауды тосуға бекінеді. Қарсыластарының анау Балуанияз батырдың моласы жатқан жаққа қарата шегінгенін білген А.И. Фетисов үстіне пулемет орнатқан машинасы мен қасына жеті-сегіз атқышын отырғызып, оларды соңынан қуады. Бірақ кешке жақын оның серіктері жараланған, хал үстінде жатқан денесін әкеледі. Айтушылардың сөзіне қарағанда Мырзалы жатқан тұсқа барып дүрбісін сала бергенде кәнігі мерген оны мұрттай ұшырады. Бұл 1931 жылдың 24 маусымында болған еді. Оны сол Қараған Босағаға жерлейді. 1967 жылы оның денесі Фортқа әкелініп жерленеді. Оны сол оқиғаның ішінде болған Алшекең, Алшын Меңдалиев көрсеткен екен.

Ал, сол Алшекеңнің баласы Бурабек ағамыз әкеден жеткен әңгімесін былай деп жазады."Патша үкіметі құлағаннан кейін Ресей қалаларындағы сияқты Гурьевте де патша чиновниктері құртылады немесе қашып кетеді. Осы тұста Кеңес өкіметінің жұмысын жүргізетін сауатты адамдар аз болды. Сондықтан бұл жұмысқа адамдар қарастырғанда араларында шын берілгені бар, өтірік берілгені бар сауатты патша офицерлері ретін тауып кіре бастайды.

1928-1932 жылдары Қазақстанда жаппай кәмпескелеудің кесірінен малдан айрылған қазақтар ашаршылыққа ұшырайды. Қазақстанның көптеген аудандарыңда толқулар мен көтерілістер етек алды. Бірақ оларға Маңғыстау өңіріндегідей "Банды болып, кеңес өкіметіне қарсы көтеріліс жасап жатыр" деген жала тағылған жоқ. Ал ОГПУ жендеттері "Маңғыстау адайлары кеңес өкіметіне қарсы күрес ұйымдастырып жатыр" деп, дүниенің төрт бұрышына атой салған. "Адай-банды" деген атаққа ілігіп, аш-жалаңаш, жаяу-жалпы күйінде Түркменстанға шұбырып бара жатқан елдің артынан қарулы қызыл әскер күші шығарылады. Бұл қанқұйлы әскери операцияны бұрынғы патша офицері, сол кездегі Гурьев ОГПУ бастығының орынбасары, толстовшы Фетисов деген басқарады. 1931 жылдың жаз айларынан бастап Маңғыстауға қызыл әскер бөлімдері ағылып келе бастайды. Осы әскерлер аштықтан көшкен босқын халықтың артынан түре қуып, атып өлтіре бастайды. Осындай ОГПУ ұйымдастырған жазалауға, әрине, адай азаматтары да қарап қалмаған. Көшіп бара жатқан қатын, бала-шағасын, туған-туыстарын қорғау мақсатында ұтырлы жерлерден тосып алып, қызыл әскерлермен шайқасып отырған. Осындай бір сәтте ашаршылықтан шұбырған ел мен қызыл әскер арасында тосқауыл кедергіде жүрген адай азаматтары Қараған Босаға жерінде Фетисовты атып өлтіріп кетеді. Енді аштықтан жолда өліп жатқан жазықсыз адамдарды көріп, қызыл әскер бөлімдері оларды атып, қыра беруді жөн көрмейді жөне де қызыл командирлердің өздері де шетсіз-шексіз далада қалжырап шаршаған. Ат көліктері де арықтаған, оларды ащы сумен суаруға тура келген. Күз жақындағасын әскер бөлімдері кейін қайта бастаған" (Адай шежіресі.Алшын Меңдалыұлы. 274-283 бет .2002)

Ендігі бағыт Үстірт қорығының үстімен Көгесемге бару. Аласалау төбеге орналасқан Көгесем әулиесінен Маңғыстауға ғана тән айшықты архитектуралық құрылыстың таңдай қақтырар нұсқаларын көруге болады. Бұл өзі жеке әңгіме қылуға тұрарлық үлкен ансамбль. Бір-біріне кедергі жасамай, көз алдыңда өзінің тамаша көріністерімен ерекше әсер қалдырады. Кезінде осындай кереметті өмірге әкелген сол кездегі шебердің, оның туындыларының асқақтығына, құдіреттілігіне еріксіз басыңды иесің. Ойыңа Әбіш ағамыздың "Ертедегі сәулетшілер жеке-жеке ескерткіштердің ажарымен қоса, күллі зираттың жалпы ажарын, ортақ көркін мықтап ойластырыпты. Олар зираттағы ескерткіштердің бірін-бірі көлегейлеп, қалқалап тастамай, көрушінің көзіне түгел көрінуін мұқият қамдастырған. Қысқасы, бұл зираттан жекелеген шеберлердің бармағынан бал тамған өнерін ғана емес, күллі бір сәулетшілік үрдісті, сәулетшілік мектепті, архитектуралық мәдениетті көресіз",- дегені түседі.

Ия, айтса айтқандай Маңғыстау жері өз бойында көрерге көз керек талай асылды сақтай білген ғой.

Төменде екі-үш шақырымдай жерде Көгесемнің айтулы құдығы. Жергілікті халық аузында Маңғыстау жеріндегі суы балдай, ең тұщы "Ойда Талақ, қырда Көгесем" — дейтін құдық осы. Шөлден қақсып, қаталап келе жатқанында он алты құлаш тереңнен шыққан балдай су мейіріңді басады. Шыңның ернеуіне орналасқан. Оның астында созылып Кендірлінің соры, алыстан бұлаңытып Қарамая, Қаражалдың таулары көрінеді. Арқа бетің Үстірт. Самалмен тербелген селеулі алқап. Талай адамға арман болған, талай жанның жүрегіне сағыныш ұялатып көңілін босатқан, аңыз болған Көгесем.

Сол көп аңыздың бірі былай өріледі. Жасы келіп, ауру меңдеген бір түркмен ақсақалы өзінің бұл дүниелік емес екеніне көзі жеткесін сайдауылдай ұлдарын өзіне шақыртыпты.

 Не тапсырасыз, — деген балаларына — Соңғы тілегім болсын, шөлім қанар емес. Маған Көгесемнің суын әкелің, — депті. Әр қызметтің тұтқасын ұстап отырған ұлдары арнайы барып Көгесемнен су алады. Жолда келе жатып, олар үшін бәрібір болып есептелетін бір жұтым су үшін жер түбіне жұмсаған әкесін сынау үшін басқа құдықтың да суын қоса алады. Міне, әке, әкелдік, - деп әуелі басқа құдықтың суын ұсынады. Суды ерініне тигізген ақсақал кейін қайтарады. Екінші құдықтың да суы кейін қайтады. Қабағы түйілген әкеден қорыққан балалары - Кешіріңіз, — деп Көгесемнің суын ұсыныпты. Сонда кеседегі суды бір тамшы да қалдырмай төбесіне көтерген ақсақал көзіне жас алып:

— Пай, пай жарықтық Үстірт, қайран Көгесем-ай, әйкеліңде тұрып құлаштап қауға тартпағалы, ернеуіңнен құр-құрлап арғымақ суармағалы, жайланып отырып қыл мойын құманмен бетімді шаймағалы да елу жылдан асыпты. Содан бері көкейімде сақталған сағыныш мені алдамапты. Дәмі де сол, исі де сол. Көкірегімді қыр үстінің самалы тербегендей ашыла түскенін қарашы. Қайран, Көгесем, — деп өмірден өтіпті деседі. Сол Көгесем осы. Сирек те болса жолы түсіп, әрлі-берлі өткендер оған бұрылмай кетпейді. Ол мүмкін емес те.

Көгесем құдығынан түстікке қарай 10-11 шақырым шамасында Төбелтұран дейтін жер бар. Осы жерде күні бүгінге дейін міні құрамай аран сақталған. "Ажал жетсе ақ киік аңдамай түсер аранға", "Шырағым, арандап қалма", — деген сөз тіркестері ауыз екі айтылса да, көп адам оған бәлендей мән бермейді. Түп мағынасына терең бойламайды. Көшпелі халық өзінің күнелтісі үшін тек алдындағы малы ғана емес, түздің тағысынан да несібесін айырып отырған. Жалпы мұндай аң аулау тәсілдеріне қолданған арандар түбек жерінде көптеп кездеседі. Ол өзінің бастауын әріден алады. Жергілікті тұрғындар аран әдісімен әсіресе аңдардың қоңданып, семірген уақыттары, күзде аулайтын болған. Мұндай әдістің тиімділігі біріншіден еттің мол қорын жинау болса, екіншіден оны қуып қызылмай қылып, жарамсыз қылмау. Төбелтұрандағы аран өзінің аузын солтүстік батысқа қаратқан. Биік төбенің баурайына орналасқан. Бір жағы шыңға барып тіреледі. Міне, осы бір жағы шың, екінші жағында төбе, тар жермен жосыла жөңкіген киіктерді (ертеде бәлкім, құландарды) аранның үшкір арасымен ішке қамайды. "Осы жарайды-ау" — деген мезгілде ашық тұрған екі ашаның арасы атты адамдармен бітеледі. Ал, ана қалта тәрізді созылып жатқан аумақ аң секіріп өте алмайтын, сол жердің белден келетін қалақ тастарымен қаланған. Осыдан кейін ішке кірген адамдар аңдарды үркітіп, екі үшкір ашаның түбіндегі шұңқырға қуалайды. Шұңқыр кісі бойындай терең, кесе көлденеңі өлшеп қарағанда он қадамнан асады. Осының ішіне басы пышақтай өткір ағаштар қадалып орналастырылады. Арттағы қиқумен үріккен аң әлгі шұңқырға келіп, секіруге мәжбүр болады. Бірақ қаншама екпінмен секірсе де он қадамдай шұңқырдан өте алмай, әлгі қадаларға келіп шаншылады. Міне, осылай көшпелі халықтар табиғаттың қаншама қиын кезеңдерінде де өзіне керекті азығын, еттің мол қорын дайындап алып отырған.

Біздің қайтар жолымыз Бесқаланың жолының бойындағы Орта Қараған арқылы өтеді. Осы жерде тау етегінде арнайы барып қарамаса, көп көзге елене бермейтін үңгір бар екен. Жергілікті малшылар ғана қолы бос кездерінде сол жерге барып, аңдарға қақпан құратын көрінеді. Оны бізге жолбасшымыз Орын айтты.

Үңгірдің бірден көзге ұратыны оның бір кездегі жердің сыну қабаттарынан пайда болғандығы. Диаметрі он бес метрдей дөңгелек шұңқырдың ішіне төрт метрдей төмен түскенде терістікке қарата созылған ұзындығы 20 метрдей кең коридор басталады. Ішінде құстың саңғырығы, қарақұйрық, арқардың құмалақтары. Шамасы күн ыссыда осында келіп паналайтын болса керек. ішіне кіріп, жан жағымызға қарап жүргенімізде сонау ұзын коридордың түбіндегі адам еңбектеп кіретін тар саңылауды көрдік. Фонармен жарық қылғанымызда құламаның бірден төмен түсетіні байқалады. Күннің кешкіріп қалғанына қарайтын Құрман ағамыз ба? Дереу қасына оператор Нығметті, мұражайдан Раушанды, әкімшіліктегі Түркменбайды ертті де төмен түсті. Тастай қараңғылық басқан үңгір аузында қонақтаған торғайдай болып біз отырмыз. Анда санда жылт-жылт етіп көрінген жарық та, дауыстары да үзілді. Сағызша созылған уақыт та өтіп барады. Жер астына түскендер оралар емес. "Әлде неге тап болмады ма екен" деген ойдан да құр емеспіз. Бір жағы тығыз шешім қабылдап, қасына азғана адамда ертіп кеткен Құрман ағаға ренжісем, екінші жағынан туған жерінің жолында кездескен кездейсоқ тасына дейін теріп, сәл әңгіме болса да жинақтап, әр нәрсеге терең мән беріп қарайтын тынымсыздығына қайран қалып отырмын. Бір уақытта дауыстары да естілді. Үсті бастары ақ шаңдақ болған олар көрген-білгендерін айтып жатыр. Сонымен бүгін қонып, ертесіне жарақтанып қайта түсетін болдық.

Спелология — үңгір тану ғылымы, дамыған, орныққан ғылымдар санатына жатса да біздің өлкемізде ол кенже қалып келе жатқан саланың бірі. Ал, дүние жүзінің көптеген ғалымдары осы үңгір арқылы тіршіліктің даму эволюциясы туралы пікірлерін осында кездесер мағлұматтарға сүйеніп айтады. "Керек десеңіз осы үңгірдегі өсімдіктер мен жануарлар дүниесі олардың құмарта зерттейтін объектісі көрінеді. Тіпті соңғы кезде медицина да спелотерапия дейтін ұғымды қалыптастырған көрінеді. Үңгір — жүрегі ауыратындарға бірден — бір ем болатын жер екен". (А. Сейдімбеков. Күңгір-күңгір күмбездер)

Ал, біздің Маңғыстауда тау жыныстарының суда еруі, толқын шаюы әсерінен пайда болған Ақшұқыр, Аралды, Саура, Жыланды мүйістерінде кездесетін үңгірлер бар. Үстірттің оңтүстік бөлігіндегі Өтебай, Булы ойық үңгірлерінен де жұрт хабардар.

Әрине біз Франциядағы әйгілі Ласко үңгірін тапқандай болмайық. Оның ішінен ондай қымбат қазынаны кездестірген де жоқпыз. Дегенмен де жеріміздегі көп адамға беймәлім, үлкен үңгір екені анық.

Ертесіне май құйылған консерві қалбырларын және фонарлармен жарақтанып ер адамдар үңгірге қайта түстік. Жүрген жолдарымызды өлшеу үшін жіңішке арқан, бағытымызды айыруға компас, радиация өлшейтін құрал алынды. Әлде қандай жағдай болады деп дәрігер Сәлиманы да ерте кеттік. Үңгір бір-біріне жалғасып жатқан ұзын саны жеті қос қаттан тұрады. Бірінші қос қат солтүстік батысқа қарай жетелейді. Екінші қос қатқа кіру үшін 10,5 метр төмен түсуге тура келеді. Бұл ұзындығы 9,7 метр, көлденеңі 9,5 метр, биіктігі 3 метр болатын кең бөлме. Осы бөлмеден тағы да 3,5 метр құлама жол арқылы төмен түседі. Ұзындығы 18,5 метрдей, ені 10 метрдей, кісі бойынан биік кең дәліз. Компас солтүстік батысқа 20°, артынан 60° бұрылғанымызды көрсетті. Радиация 0,08 мкр/ч. Осы дәліз бойын қуалап 2 метр төмен түскесін келесі қос қат басталады. Бұл бөлменің де ұзындығы 10 метрден астам. Адам еркін жүретін жер асты дәлізі ең соңында ағаш үй секілді үлкен бөлмеге әкеледі. Оған жету үшін 10 метрдей жоғары көтерілесің. Бұл өзі дәл киіз үйдің формасында биіктігі 20 метрдей, диаметрі 40 метрдей кең бөлме. Төбесі ағаш үйдің шаңырағы құсап бірте-бірте үшкірленеді. Осы кең, табиғат жасаған ағаш үйдің ішінде тұрып, кенет сонау төмендегі суды көрдік. Ағынсыз, дәмі сәл алғау тартқан. Әрі қарата қанша жерге барады, тереңдігі қандай ол жағы белгісіз. Біз осы жеті қосқаттан тұратын жер асты үңгірінің жалпы ұзындығын 160 метрдей деп шештік. Алып барған жіңішке арқанмен жүрген жерімізді құлаштап өлшеп отырдық. Қазіргі уақытта бұл түбектегі үлкен үңгір болып табылады. Оған әрине арнайы құралдармен, геолог мамандармен барып, жан-жақты мұқият зерттесе біздер күтпеген тағы да жаңалықтар ашылуы мүмкін. Дамыған елдерде осындай жерасты үңгірлері жан-жақтан келушілерді өзіне тартатын бірден — бір орын. Сондықтанда бұл болашақ жоспарлардың есебінде болуы тиіс деп ойлаймыз. Бәлкім, әлгі жер асты суының өзі белгілі бір дәрежеде пайдаға жарайтын, мүмкін емдік қасиеттері де бар болар. Бізге әзір белгілі болғаны (1,5 литрлік минералды су құйған ыдыспен әкелгенбіз) оның құрамында 3 г/л тұз, 540 мг/л кальций, 1,8 мг/л фтор бар екенін білдік. Бұл да оның құрамы туралы нақты зерттеу емес екенін қаперлеріңізге саламыз. Қалай болғанда да Қараған үңгірі (солай атауды ұйғардық) түбек жеріндегі көп құпияның бірі. Ол өзінің бар сырын әлі аша қойған жоқ.

Осы үңгір орналасқан таудың үстінде диаметрі 7-8 метрдей, кісі белінен келетіндей, дөңгелек қылып қаланған қоршау бар. Өзін таудың ернегіне орнатыпты. Мал қамаған деуге келмейді. Бұл нені білдіреді. Шыр айнала қарап жүргенімізде құбыла бетіне қарай арнайы жасалған сәл жырықты байқадық. Соның қасында тастан ойып жасалған кішкене астау. Е, енді белгілі болды. Мынау ертедегі шалдардың пайдаланған, суатқа келген арқарларды аулау үшін жасалған шырғау дейтіні осы болды. Қар қалың түскен жылдары әлгі қоршаудың іші қардан толады. Оны қайта-қайта аяқпен таптап, нығыздап қояды. Тағы жауғанда тағы да сөйтеді. Үстін құммен бастырады. Күн жылығанда әлгі құм астындағы қар жылымшылап жібіп, кішкене астауға тамшылап ағып тұрады. Суды сезген аңдар әлгі жерге жиі келеді. Бұл енді аңшы мерген үшін қиындығы жоқ, оңай олжа болып есептелді.

Екінші бір байқағанымыз, одан бұрын осы биік таудың басы жаугершілік жылдары ұран отын жағатын жер болса керек. Өйткені осы жерден оңтүстікте Көгесем, батысында Қаражар, арқаға қарай суды Қызылсай, одан әрі Есен қызыл сайы көрінеді. Осылай биікте орналасқан ұран оты арқылы 40-50 шақырым қашықтағылар бір-біріне хабар беріп отырған. Ұран оты көрінді-ақ екен, өздеріне белгілі тоғысар жерге қарай құстай ұшқан батырлар бір-біріне көмекке ұмтылған.

Міне біздің экспедицияның жүріс жолдарының ұзын ырғасы осындай. Сөз басында айтқан бұл өзі жемісті де, маңызды сапар болды. Оразмағанбет жүріп өткен жолдармен танысу арқылы өлкеміздің көптеген тарихи орындарын көрдік, ел аузынан әр түрлі деректер жиналды. Әсіресе бұл сапар жастардың өлке тарихына деген ынтызар біліктілігін оятты, туған жерінің ерекше келбетін көрсетті.

Азғана күн ішінде бір-бірімен қимасындай болып кеткен бұл ұжым, тағдыр сәтін салса тағы да бірлесе жұмыс жасауды алдарына мақсат етті. Кетіп бара жатып, осындай мүмкіндікті ұйымдастырған ел азаматтарына тағы да алғыс сезімдерімізді білдіргіміз келді.

ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫМЕН

Бабаларым, бабаларым, бабалар,

Тілдесе алмай тұрғандығым маған ар.

Таппағандар тіршіліктің жұмбағын,

Өздеріңді сырласындай сағалар.

Қайран бабам, тасқа да әріп қашаған,

Taң боласың әр төбеден тасадан.

Көрген сайын тас біткенге қол таңба

Көз сүзумен көңіліміз босаған.

Туған жерінің таусылмас тарихы, айтып бітпес аңызына толғанған Ахметжан ініміздің осы бір өлең жолдары күні кешегі бірге болған сапарымызда менің қолыма түсіп еді. Он күнге созылған, көзді ашып-жұмғанша өте шыққан уақыттағы экспедиция өз жолында қасиетті түбегіміздің бір пұшпағын ғана жүріп өтті. Алдындағы жол бастаған басшың да, қасыңдағы үзеңгілес серігің де әріден сөз бастап, шыңырау аңызды тұңғиықтан тартып, шөліркеген көкейіңе құйып отырса жаныңа одан артық не керек еді. Көзден де, көңілден де әлдеқашан кетіп ұмыт болған есімді, шертілер аңызды мүк басып, қож-қож болған құлпытастар ғана ұмытпапты. Сөйлете білсең болды, ол сонау өтіп кеткен кезеңнен хабар береді. Бірақ бетін әжім басқан қария құлпытас бірден елпең етіп дегеніңе көне қоймайды. Күншілік жерден қара нардың белін қайыстырып әкелген тасы қандай салмақты болса, шертер әңгімесі де сондай салмақты. Бетіне жазылған бір ауыз әңгімесінің өзі атан түйенің құнынан жоғары, қадірін білген адамға баға жетпес қазына. Сол жазуды оқып шығу үшін қаншама төзім, қаншама біліктілік қажет екенін көзбен көрмесеңіз, сезіне де алмайсыз. Өйткені уақыт қанша дегенмен өз үстемдігін жүргізіп, тастан түйін түйген сұңғыла шебердің қолынан шыққан, көрерге көз керек асыл мұралар тозып, үгітіле бастаған. Тозған, үгітіліп қалған харіптерді орнына әкеліп, бір кездегі сол рудағы қол бастаған батыр ма, сөз бастаған сұңғыла ма, оны айырып жіктеу үшін өткеннен хабарлы, ескі сүрлеумен танысты болу керек екеніне осы сапарда анық көзіміз жетті. Өйткені Иран жерінде тұрып, парсыша сауаттанған ағайындар да, араб тілінен хабарлы, оқу бітірген кейбір мамандар да өлкеміздегі құлпытас бетіндегі жазуға келгенде тұсаулы аттай кібіртіктеп, адымын аша алмайтын. Ал, ондай жағдайда ұлы жолға қосыла алмайтының сірә белгілі. Осы сапардан білгеніміз біздің тас бетіне жазушы шалдарымыз грамматикалық заңдылықтарды сақтамай-ақ, берілетін деректерді сол бетке сиыстыру жайын көп ойлаған екен. Оны оқу үшін ру — жіктен де, оның арғы-бергі тарихынан да таныс болу керек екен деп отырғанымыз да сондықтан. Әңгімемізді әп дегеннен құлпытастардан бастауымыздың себебі де осы жолы ұйымдастырылған, туған жердің тарихи ескерткіштеріне сапарнаманың басты мақсаты біріншіден олармен танысу, тарихын білу болса, екіншіден шама келгенше оларды оқып, білу еді.

Соңғы кезеңдерде Маңғыстаудың ерекше архитектуралық мұраларын да, көрген адамның таңдайын қақтырып, жүрегінде ұмытылмас әсер қалдыратын, керемет құдіреттің қолынан шыққандай жер бедерінің ерекше көрінісін де өз мақсаттарына пайдаланып жүрген пысықайлардың көбейіп бара жатқаны шындық. Ал өзіміз болсақ "қолда бар алтынның қадірі жоқ па", әлде қанымызға сіңген сал бөкселік пе, әйтеуір тым сылбырлық танытудамыз. Кейбір өз жерінің тарихына жаны ашып, жүрегі сыздайтын азаматтар ғана соңғы кезде осы бір жұмысқа мұрындық болып жүр. Осы жолы жүріп өткен сапардың ұйтқысы болған да сондай белгілі азаматтар Алқажан Еділханов пен Ермұқан Медағұлов еді. Өздері ұйымдастырған осы шараға белгілі ақын Светқали Нұржанов, өлке тарихын зерттеуші Мұрат Ақмұрзаев, Бекет - Ата ғимаратын қалпына келтіруші Есқуат Тұрлан, айтыскер ақын, белгілі азамат Қамбар Оразов, Есенбай Құлиев, сонымен қатар облыстық мұражайдан екі ғылыми қызметкер, бірі осы жолдардың авторы, бірі Айжанат Іңірбай, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру мекемесінен Күлдәрі Қонысованы, Бейнеу аудандық мұражайынан Ахметжан Домбаяқовты енгізген еді. Сөзіміздің басында айтқан бұл сапарда біз өлкеміздің бір пұшпағын ғана кесіп өттік. Соның өзінде діттеген мақсатымыз, ойға алған кейбір жоспарлар орындалмады. Ол заңды да еді. Өйткені әр төбенің басындағы ескерткіштің де, бір кездегі дүниенің төрт бұрышынан келген неше бір мілләттің басын қосып, ығы-жығы болып жататын, қазір жұрнағы ғана қалған керуен сарайы орнының да тыңдай білсең саған айтары көп, көре білсең таңдай қақтырар тамашасы көп, жүрегіңе мұң ұялатар қайғысы да жетерлік. Әр төбеден аттанып бара жатып, еріксіз артыңа қарайлайсың, "тағы бір қайта оралып соғар ма еді" деп ойлайсың. Себебі осы бір қасиетті топырақты әруақтар жайлағанмен, ондағы тіршілік нәрі әлі үзілмепті. Қолыңа түскен, өтіп кеткен күндердің белгісі табылған жәдігерлердің кішкентай сынығының өзі әрідегі бабаңның қолының ыстық табын, қоңыр үнін жеткізгендей.

Жүректерді еткен талай шерменде

Бір ғажабы, жалықпайсың көргенге.

Сол тұрысы , қадалған жер өз орны,

Жылдар салып жолың түсіп келгенде.

Құлпы тастар күзетшісі қауымның,

Куәсіндей қарлы—жаңбыр дауылдың.

Қына басқан оюлардан сезгенім,

Қойнауында ғасырлардың ауыр күн...

Білгеніміз аз, ұмытқанымыз көп екен. Ескінің көзін қастерлеп ұстар баяғылардың жинақылығын да үйренбеппіз. Тұлпарды тұғырмен қосақтап, алтынды бақырмен қатар қойыппыз. Шіркін-ай,—дейсің ішіңнен — осылардың бояуы қанық, іргесі мықты уақыттағы кезіңдей қылып қайтадан қалпына келтірсе өнердің нарқын біліп, шебер қолының құдіретін сезінетіндерді әлі де табындырып өтер еді-ау.

Ойыңа неге екені белгісіз орыс саяхатшысы А.Е.Левшиннің сонау XIX ғасырдың ортасында қазақ даласына келгені түседі. Биік төбе басындағы ескі әулиенің қасында тұрып, көз ұшында кетіп бара жатқан керуенге қарап саяхатшы қасындағы қазақ әйелінен Сіздер неге көше бересіздер, — деп сұрапты.

— Адам қашанда қозғалыста болуы керек. Өйткені күн де, ай да, жан-жануарлар да үнемі қозғалыста. Тек жер мен өлілер ғана қозғалмайды. Бірақ олар өзі туралы тірілерге хабар беріп отырады, - депті әлгі қазақ әйелі.

Бұл жауап саяхатшыға далалықтардың өмірге деген көзқарасын түсінуге, дала құдіретін сезінуіне көп көмегін тигізіпті.

— Бұл өмір жолы, - депті әйел керуеннің артынан қарап тұрып. Дәмі таусылғандарға өздері туып, қаны мен тері сіңген туған жерінен мәңгілік мекен жай салынады, ал жолдар жалғаса береді. (Искусство стран востока. Москва. "Просвещение" 1986 119- бет).

Бәлкім атақты саяхатшы керілген даланың жым-жырт тыныштық басқан мақпал түнінде зорайып көрінген қорғандардың күмбезіне қарап тұрып талай сырды ұққысы келген де болар.

"Зират салуға көшпенділер үлкен маңыз берді. Қаласы, мұражайы жоқ көпшелі тұрмыстың бірден-бір тарихы осы. Зираттық ескерткіштерге үңілген сайын бұл аймақта қай дәуірде қандай тайпа мекендегенін, оның қандай саяси оқиғаны бастан кешкенін, әл ауқаты, мәдени өресі қандай дәрежеде болғанын ұға аласың. Көшпенділер өз тарихын қағазға сенбей, тасқа сеніп тапсырғандай", - демеп пе еді Әбіш ағамыз. (Ә. Кекілбаев, Таңдамалы шығармалар. 7 том. 303-бет). Ғұлама жазушы Әбіш пен айтулы саяхатшы Левшиннің ойларындағы үндестік сені осылай өтіп кеткен арғы уақыттарға жетелейді.

Міне, біздің сапарымыз да сол ескі сүрлеу бойымен келеді. Ендеше бабаңнан қалған асылды көрген көз қуанышымызды көппен бірге бөлісіп, естіген аңызыңды солардың аманаты есебінде екінші біреулерге жеткізсек, әруақтар алдында біздің де бір парызымыздың өтелгені емес пе. Біле білсек сол аңыздың өзінде көшпенділер тарихы, кейінге жеткен мұрасы жатыр. Көрнекті жазушы Әнес Сараев ағамыздың "Қазақ халқы өзінің сүйікті ұлдары туралы қиыннан қиыстырып аңыз шығаруға шебер, ал тарихшыларымыздың аңыз десе ат-тонын ала қашатыны бар. Ол қисынға емес, тілдей қағазға табынған орыс истографиясынан жұққан дерт. Дана қариялар кейінгі ұрпақтың жадында сақталсын деп тарихи оқиғаларды қызғылықты аңыз, ғибратты әңгімелерге айналдырып отырған. Бұл үрдіс шығыста, әсіресе араб әлемінде көп тараған", - деген еді. (Ә. Сараев. Исатай мен Махамбет. Алматы "Өлке" 1997 ж. 27- бет). Ендеше оларды аңыз деп, "әй, ажалы жеткен әңгіме ғой" ,— деп үрікпей, бағзыдан қалған жәдігердің нұсқасы деп қабылдағанымыз абзал. Ал енді талай-талай оқиғалардың куәсі болған Үстірт үстімен, Сам құмына ат басын тіреп, Төңірек шыңды жағалай, Жем бойынан кері оралған бұл сапардың қасында сізде болыңыз қадірлі оқырман.

Азғана уақытымызды тиімді пайдалану мақсатының да біз бірден Бейнеуге барып, негізгі сапарымызды әрі қарата бастауды ұйғардық. Тақтайдай тегіс грейдер жолы Уәлі арқылы өтеді. Малшылардың жаз жайлауының орталығы болып есептеліп келген бұл жердің өлке тарихында алатын орны ерекше. Түбектің төсін айқыш-ұйқыш тілімдеп жатқан керуен жолының тармағы бір кездері осы Уәлі арқылы өткен. Бастауын сонау біздің дәуірімізге дейінгі уақыттан алатын Жібек саудасы батыс пен шығысты үнемі байланыстырып жатты. Қытайлар өздерінің ұлттық құпиясы санаған жібек жолдарын қаншама қатал бақыласа да, іштен шыққан жау жаман Сақ князына тұрмысқа шыққан қыз жібек құртын шашының арасына жасырып, өзімен бірге ала кетті. Жібек өркендету осылай дүниеге тарап кетсе де бағзы жерлермен сауда керуендері бәрібір өтіп жатты. КСРО FA-ның Волга-Урал экспедициясының жетекшісі Л.Л.Галкиннің карта схемасында сонау көне Үргеніштен шыққан жол Кендірліге келіп екі айрылатын. Бірі Маңғыстау арқылы Қабақтыға келіп, одан әрі теңіз арқылы Хажы-Тархан (Астрахань) асатын. Ал екіншісі Бейнеу - Жезді - Мыңсуалмас - Ұшқан арқылы Сарайшыққа баратын. Ал Маңғыстаудан шыққан жол кейде Уәлі арқылы Ноғай жолына қосылып жатты. (Науки и жизнь. 1990. 9. 101 бет).

Өткен XIX ғасырдың ортасында Үстіртке келген топограф Алексеев осы жер туралы жаза келіп былай дегені бар еді: "Бұрынғы Ново-Александровск бекінісінің құландысынан 43 верст оңтүстік-шығыста Қозыбай төрткүлі орналасқан. Осы жерде Уәлі моласы мен бекініс қамалына пайдаланған материалдарға ұқсас тастардан қарадүрсіндеу жасалған, шалқасынан жатқан бірнеше адамдардың мүсіндері табылған. Онда ер және әйел адамдар бейнеленген. Ер адамдар қолын кеудесіне айқастыра ұстап, артына жебе салынған оқшантай асынған. Ал, әйелдердің мойнына бірнеше қатар моншақ тізбелері салыныпты. Бас киімдерінің жиектеріне башқұрттардікі сияқты монета бейнеленген. Бірақ бірде-бір бүтін мүсін көре алмадық Соған Қарағанда бұл мүсіндер кезінде екі бөлініп жасалған болуы мүмкін. Біздің сұрағымызға ақсақал қырғыздар олардың қай кезеңде жасалғанын толық айта алмады. Бұлардың ата-бабалары Үстірт жеріне келгенде, бұл мүсіндер осы күйінде жатқан сияқты". Сонымен қатар Алексеев Уәлі жайында "Уәлі Ешкіқырғаннан солтүстік шығысқа қарай 28 верст жерде орналасқан құдық. Шамасы өзінен 300 сажендай солтүстікте орналасқан жартылай құлаған моланың атымен аталса керек. Бұл жерде 1000 жылқы мен 300 түйеге жететін 15 шамалы құдық бар. Ол құдықтардың орташа тереңдігі 8 сажен. Осы құдықтардың нақ қасында эллипсис тәріздес болып салынған ертедегі бекініс Уәлі-қаланың ізі сақталған. Қабырғалары қызыл кірпіштермен және тастармен қаланған. Негізінің (фундаментінің) қалыңдығы екі сажен, ал жалпы бекіністің ұзындығы 80 сажендай. Қала бекініс пен төбе басындағы әулие бір шамада салынған болуы мүмкін". ("Первые русские научные исследования Устюрта". Москва. 243-265 бет).

Қазір мал қырқатын пункт, тоғыт орналасқан жерде Уәлі қамал қаласының қалдықтары әлі көзге ұрады. Есекең өз еңбегінде "қабырғасының қалыңдығы 2 метр, күйдірілген қызыл кірпіш пен ақ тастан қаланған. Уәлі биік басындағы қауым аты. Ол қыпшақ ханы болған, қамал төмпек басында. Бұл жер ханның орда тіккен орны, деп жазған еді. (С. Шалабаев Е. Өмірбаев, Қ.Сыдиқов. Маңғыстау. Алматы 1973 44-бет). Ал Серікбол Қондыбаев ініміз Мұстахи Бабышевтің айтқан естелігін былай деп жазады. "Уәлі-Тоқтамыс ханның баласы. Белгісіз Уәліге әке ретінде Темір де, Едіге де, Түркмен де емес, нақ осы Тоқтамыстың таңдалуы кездейсоқ емес. Өйткені, ол - Маңғыстаудың 1360-70 жылдар шамасындағы аймақ басысы Түйеқожа оғланның баласы. Тарихи деректер Түйеқожа оғланның 1370 жылдар шамасында Орыс ханның қолынан өлгендігін жазады, әкесі өлтірілгеннен кейін Ақсақ Темірге қашып барып, пана тапқан Тоқтамысты 1350-55 жылдарда нақ осы Маңғыстау мен Үстірттің бір жерінде дүниеге келген болар деп жорамалдау бар. Сондықтан Үстірттегі Уәлі Тоқтамыстың баласы деудің анық-қанығы белгісіз болғанымен, тарихи тұрғыдан қарағанда негізсіз емес екендігі көрініп тұр (С.Қондыбай. Есен-қазақ. А. Үш қиян. 2002. 18-бет).

Бір кездері қамал болған бұл жердің қыпшақ заманынан кейін де өмір сүргенін, керуен тоқтап, ызы-қиқы тіршілік болғанын дәлелдейтін деректер әлі де жетерлік. Бұл жерге 1825 жылы Ф.Ф. Берг те келіп кетті. Г.С.Карелин осы Уәліден онша қашық емес Қызылтастан әскери бекініс салғанда да болашақ Хиуаға жорыққа шығуға ең ұрымтал тұс осы жер деген еді. Адай ауылдарының Жем бойына көшетін жолы сонау Түбіжік -Үдек - Ұланақ - Шетпе — Қаратүйе - Өтес - Манаты - Күйкен - Қарашүңгіл - Бақайы болып осы жермен өтетін-ді. Сондықтан да осы жолдардың бойында белгілі бір дәрежеде ащы болсын, тұщы болсын құдықтар кездесіп отырады. Сонау ықылым замандардан тіршіліктің тамыры іспеттес болған Уәліде ескі керуен соқпағымен қатарласа бүгінгінің даңғыл жолдары жатыр.

Бейнеуге жақын жерде Манашының Ащыағары, соның іргесінде шығыстық архитектуралық құрылыстан мол хабары бар адамның қолынан шыққан Көркембайдың мешіті тұр. Маңғыстаудың жеріне жеті жұрт келіп, жеті жұрттың кеткені туралы қариялардың айтып отыратыны бар емес пе еді. Оған керек десеңіз терең зерттеудің қажеті де шамалы. Түбек төсіндегі кез келген төбе де, үйік қорғандар мен тау жоталары да олар туралы аңыз шындықты жайып салады. Соның бірі есте сақтау қабілеті адам баласында сирек кездесетін дарынды жырау Мұрын Сеңгірбекұлының жырлаған "Қырымның қырық батыры". Атақты жырау осы бір асыл мұраны ғасырлар қойнауынан бізге аман жеткізді. Бәлкім оның жырын аласапыран тарих толқынының тұңғиығында қалған Гомер келіп тыңдаған болса, ерекше дарынға егіле отырып қол соққан да болар еді. Міне осы теңдесі жоқ эпоста Манашыұлы Тұяқбай туралы тарау бар. Сол тарауда Ноғайлы елінде болған он бір би туралы айтылады. Ащыағар сайдың бойында отырған Ноғайлының ақылшысы Орманбетке ындыс қалмақтар өзіне бағынуды талап етеді. Ел мүддесін жоғары қойған, олардың ұсынысын қабыл алмаған Орманбетті өлтіріп, қалған билерді шақыртады. Олар жолда отырған Манаты мырзаға соғып, өздерімен бірге ала кетеді. Манашының шешесі Күйкен билердің жүрісінен сезіктеніп қоса жүріпті. Қалмақ ханының талабына олар "Біз елге қайталық, үш күн мұрсат бер. Сол үш күнде елді өзіңізге бағындырып келеміз деп, Манашыны аманатқа тастайды. Бірақ, қорқақ билер осы уақытта елін көшіріп қашып кетеді. Он бір би үш күн келмегесін қалмақтар Манашыны кескілеп өлтіреді. Күйікке шыдамаған Күйкен Аралтөбе тауынан ұшып өледі. Содан бері Аралтөбе тауы Күйкен ұшқан, Ащыағар сайы Манаты аталып кетеді. (Батырлар жыры. Алматы "Жазушы" 1990 жылы 160-175 беттер). Ал, жалпы осы "Қырымның қырық батыры" туралы нақты ғылыми түсінік берген Серікбол Қондыбаев ініміз. Күні бүгінге дейін осы жырдың атына байланысты оны Қырым түбегімен байланыстырып келгендігіміз шындық.

Серікбол осы Қырымның қырық батыры туралы, оның атағына байланысты түріктану, қазақтану ғылымындағы тұйыққа тірелген жерлерді анықтап, яғни ондағы батырлардың Қырым түбегіне ешқандай қатысы жоқтығы жөнінде былай дейді. "...Қырым ежелгі көшпелілердің мифологиялық эпосындағы Күн елі немесе күнтекті батырлар елі. Қырым жер бетіндегі нақты тарихи батырлардан (мысалы, жырдағы қазақ, ноғай, ындыс, қалмақ батырларынан) бөлек, өз алдына жеке ғалам. "Қырым" сөзі ежелгі сақ-массагеттер, дайлар тіліндегі "құр"-"күн" деген сөзінен шыққан. Қырым батырлары "Күн елінің күн сипатты батырлары" дегенді білдіреді. Сондықтан бүкіл жырдың "Қырымның қырық батыры" деген жалпылама аталғанына қарап, оқырман осы жырларды нақты қырым татарларынікі деп ойламауы тиіс, өйткені бұл қазақтың өз туындысы. Қырымның қырық батыры жырларының қалыптасқан уақыты мен орнын бүгінде сенімді түрде атап өтуге болады. Бұл - Ақтөбе жақтағы Қобда мен Айладыр еліндегі Балқан-Қазаншыққа дейінгі Арал-Хасарлы аралық аймағы. Ал осы кеңістіктің қақ ортасында Үстірт қыры мен оған іргелес Маңғыстау жатыр. Міне, нақ осы Үстірт, Маңғыстау кеңістігі Қырымның қырық батыры жырларын кейіпкер есімімен, жер-су аттарымен және оқиғалар сюжеттерімен қамтамасыз еткен.

...Аталған жырларда ғалам үш қабатты дүниеден тұрады. Үш дүние - үш қиян. Ғаламның ортаңғы қабатында кәдімгі адамзат тұрады ол Ұрым елі. Өзіне жаугерші төменгі дүниені қалмақтар, қызылбастар, ындыстар басқан. Ежелгі мифтік эпоста тәңірлер мен пірлер, рух батырлар тұратын үшінші дүние болған. Ол күн батырларының дүниесі. Міне, осы Құр (күн) сөзі Үстірттің "Қыр" атауымен астасып, Ұр-Ұрым сөзімен ұйқасып, Қырым-Ұрымын туғызған. Тек 15-16 ғасырларда жыраулар, жалпы ноғайлы зейіні, оның бастапқы мәнін ұмытып, атауды нақты географиялық Қырымға меншіктеп жіберген. Жырдағы Қырымды географиялық Қырымға апарып теңеудің ақыры бүкіл қазақ жырын қазақтікі емес, "қырым татарларынікі" деп айтуға итермелейді.

Ал расында "Қырымның қырық батыры" дегені – кәдімгі Үстірт-Қырдың қырық батыры немесе "қырдың қырық батыры" дегенді білдіретін еді. (С.Қондыбай. Есен-қазақ. Алматы. 44-47 бет).

Екіншіден осы жырлардың Ноғайлы жырлары деп аталуына өз пікірін былай білдіреді. "Ноғайлы аталымына бүгінгі этникалық ноғайлардан басқа бүкіл қыпшақ тілді халықтардың 14-17 ғасырларда жекелеген халықтарға айнала бастаған балауса шағының ұрпақтары да кіреді. Қазақ халқының жартысына жуығы алшындар, қоңыраттағы маңғытайлар, арғындағы бесмейрамдар, уақтар, үйсіндегі сіргелілер іс жүзінде ноғайлыдан шықса, қазақтың 17-ғасырға дейінгі рухани мәдениетінің басым бөлігі осы ноғайлы мәдениетінің жалғасы. Асан қайғыдан бастап Доспамбет жырауға дейінгі сөз иелері осы ноғайлы ортасының тұлғалары.

16-17 ғасырларда ноғайлы ортасынан шыққан ірі рулық тайпалық топтар мен жекелеген ру тайпалар осы уақыт ішінде Қазақстанның басқа аймағына, Орта Азия мен Солтүстік Кавказға таралып, бүгінгі түркі тілдес халықтардың қалыптасу дәуреніне қатысты. Олар ең алдымен, ноғайлы жырларының бастапқы нұсқаларында ала кетіп, өз фольклорларына бастапқы материал ретінде сыйға тартты.

"Баяғыда Ноғайлы жұртында...деп басталатын уақыт пен кеңістік енді тарихи ноғай мен ноғайлы емес, әр халықтың өзінің баяғы, батырлық дәуірін білдіретін қаһармандық бастау уақыт көрсеткішіне айналды. (С.Қондыбай. Есен-қазақ. 35-38 бет.)

Серікбол ініміздің бұл сөзін белгілі тарихшы 1910 жылы Қазан баспасынан "Тауарих хамса» атты кітабы жарық көрген Құрбанғали Хамитовтың Найман Құдабай ақыннан жазып алдым дейтін:

Асанның асыл түбі ноғай деймін,

Үлкендердің айтуы солай деймін.

Бұ сөзге анық қанық емес едім,

Естігенім тақсыр-ау бұлай деймін.

Түбінде ноғай, қазақ түбіміз бір,

Алтай, Ертіс, Оралды қылған дүбір.

Ормамбет хан ордадан шыққан күнде

Асан ата қайғырып айтыпты жыр,-

дейтіні одан әрі нақтылай түседі. (XV-XV1II ғасырлардағы қазақ поэзиясы. А. Ғылым баспасы. 1982. 16-бет).

Марқұм Қабиболла Сыдиықов "Назар аударуды қажет ететін ерекше бір дерек Мұрын жырлаған "Қырық батыр" жырларының қазіргі Ставрополь өлкесіндегі ноғайлар арасында сақталған жырлармен ұқсас келетіндігі. "Ноғай халық жырлары" (Москва."Ғылым" баспасы. 1969.) деген кітапқа жазған алғы сөзінде фольклорист Ашим Сикалиев ноғай халқының байырғы көне батырлық жырларының көп жылдар бойы жиналып келе жатқанын айтады. Әсіресе ноғай халық жырларын көп жинап, елеулі еңбек еткен Әбдул-Хамит Жәнібековтің "Сөз қазынасы" аталатын төрт томдық қолжазба жинағында "Мамай", "Айсылұлы Ахмет", "Едіге", "Шора батыр", "Адил-Солтан", "Қазы туған", "Ер Тарғын", "Қобыланды батыр", "Ер Қосай", "Ноғайдың қырық батыры", "Манаты батыр" аталатын жырлардың бар екендігін мәлімдейді.

Осы аталған жырлардың бір қатары Мұрын жырау репертуарында бар жырлар. Және ноғайлар да осы көне жырлардың ең алғаш Сыпыра жыраудан таралғандығына шек келтірмейді. Демек, бұл жағдай - Мұрын жаздырған мұралар мен ноғай жырларының түп-төркіні бір екендігін меңзейді" - деген еді. (Батырлар жыры. Алматы. "Жазушы" баспасы. 1989. 11-12 бет.)

Араб саяхатшысы Ибн Батуға айтатын Сарайшықта 14-ғасырда өмір сүрген ұлы жыршы, Әлкей Марғұлан пікірінше, осы Сыпыра дейді Қабиболла ағамыз. Халық аңыздарында жүз сексен жас жасаған абыз жырау біраз жылдар Маңғыстауда болып, кейін Жайық бойындағы Сарайшықта тұрған.

Танжер қаласында 1304 жылы туған Ибн Батута 25 жасында 1325 жылы 14 маусымда саяхатқа шығады. Кіші Азияға келіп, одан Қара теңіз арқылы Керчке келген араб саяхатшысы Хажы Тарханға( Астраханға) келіп, келесі кезекте Сарай Берке, Сарайшық арқылы Орта Азияға сапар шеккен еді. Міне осы сапарында ол Сарайшықта атақты Сыпыра жыраумен кездескенін жазыпты. Қазақтардың да, теңіздің арғы бетіндегі ноғайлардың да өздерінің басынан өткен көптеген оқиғаны да, халық жадында сақталған аңыз-жырларының да бір жерден бастау алып, кезінде бір арнада ағып жатқанының дәлелі Серікбол ініміз бен Қабиболла ағамыздың еңбектерінде осылай ашылып көрсетіледі.

Ал, осы Ащыағардың жағасындағы Көркембай мешіті күнінде үлкен білім ордасы болған. Мешіттің қожасы да, шәкірттерге дәріс берген ұстазы да руы Ақбота Көркембай Бектұрұлы. Жаңа үкіметтің озбыр саясаты кесірінен сонау 1928 жылы түн жамылып, туған жерінен үдере көшкен елмен бірге ол да кеткен. Төбесінде 30 күмбез бар, 26 бөлмеден тұрады. Ортасында үлкен бөлме. Біздің шамалауымыз бойынша әлгі аталған кішкене бөлмелерде бөлек-бөлек шәкірттер отырған. Ортадағы үлкен бөлмедегі ұстаздың даусы барлық шәкірттерге бірдей дәрежеде естілетін болуы мүмкін. Өйткені қазір сылағы түсіп, кейбір жоғары жағынан жаңбыр сулары ене бастаған бөлмелерде кезінде акустикалық заңдылықтар сақталған болуы керек. Бейнеулік азаматтар оны қалпына келтіру жұмыстарына кіріскен де сияқты. Бірақ аяқталмай қалған іс тағы да "әттең-ай" айтқызады. Жанашыр, тағы да жанашыр болмаса күндердің күнінде үйіндіге айналар жәдігердің бірі болуы да мүмкін.

Келесі жол Бейнеуден онша қашық емес Құланды сайға әкелді. Биік қыраттың үстіне шыққан жол жиектей отырып құламаға келіп бір-ақ тіреледі. Әрі қарата жаяу түсуге тура келеді. Үлкен ағыстың бойы. Қалың қамыс өскен. Осы ағыстың бойынан жоғары тау бөктерлей салынған алпыс шамалы үйлердің құландысы ғана қалған. Ортасында мешіттің сұлбасы. Бұл жерде Қараш руынан шыққан Байғұл қажы бала оқытып, елді сауаттандыруда көп еңбегі сіңіпті. Ол Сағыз өзенінің бойында 1853 жылы туып, ауыл мектебінен алған білімінен қанағаттанбай сонау Хорезм, кейін Бұқарада Көкілташ медресесінде оқыған. Маңғыстауға белгілі қараш Тұрғанбай, шоңай Шайхы, шегем Қайырбайлар алғашқы сауаттарын осы Байқұлдан алды деген деректер де бар. Ел аузындағы аңыздар Байқұл қажы Меккеге екі рет барыпты, екіншісінде анамның ақ сүтін ақтаймын деп ит арқасы қияндағы Меккеге шешесін арқалап жеткізіпті деп те айтылады. Байғұл қажы туралы белгілі ғалым Ғұбайдолла Айдаров былай деп жазады. "Қазақтардың топ болып, ұжым болып қажыға барғаны 1874 жыл. Бұл тарихи деректерде анық көрсетілген, ол жөнінде мағлұматтар баршылық. Үш жүз баласынан 120 адам барған. Солардың отызы орта, ұлы жүзден. Басқарып барған Абайдың әкесі Құнанбай.

Ал, Кіші жүздің алты аталы әлім, жеті ру, он екі ата байұлынан 90 адам барған. Кіші жүз өкілдерін басқарып барған табын Дәшеке хазірет, әлім Нұреке хазірет екен деген жорамал бар. Бұның дұрыс та болуы мүмкін. Өйткені бұл екі кісінің екеуі де халыққа белгілі адамдар дейді де Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кітабынан барған 120 кісінің ортасынан қаржы шығарып "Қазақ тақиясы" деген үй салдырып, алғаш Құнанбай атына жаздырған ...Бұл күнде ол үй Досжан халпе атына жазылыпты" деген жолдарын келтіріпті.

Байғұл қажы екінші рет Меккеге 1896 жылы барыпты. Анасын Маңғыстаудан ақ сүтін ақтаймын деп арқалап барған екен. Сонда пірінен:

— Мен анамды сонау Маңғыстаудан арқалап әкелдім. Ол кісінің ақ сүтін ақтадым ба? – деп сұрағанда;

— Ақтаған жоқсың, тек алғашқы туған күнгі сүтін ғана ақтадың, ана сүтін ақтау деген оңай емес. Тек ана кештім десе ғана ақталады деп жауап берген екен.

Байғұл Қараш руының Есболай аулынан тараған. Сол Есболайдың алты баласы болыпты. Соның бірі Қаныбек. Қаныбектің Байқұл және Дәулеталы екі ұлы болған. Байқұл екі әйел алған. Олардан Айдарбай, Әбутай, Қошмағанбет, Әбимолда атты төрт бала болады. Осының Айдарбайынан Сәмиғұлла және Сапарбай туады.. Сәмиғұлла 1945 жылдан 1983 жылға дейін Жамбыл атындағы филармонияда істеген, айтулы домбырашы.

Осы баурайда сонымен қатар шағын қойылымдық бар. Бірақ солардың бірде бірінен жазу таба алмадық. Атақты құдықшы Бейнеубайдың әкесі Құлшар да осы жерден мәңгілік тұрағын тапқан. Оның баласы Бейнеубай Байқұл қажының алдын көріп, үнін естіген. Жоғарыдағы тау жиегіндегі екі құдық сол Бейнеубай қазған екен дейді. Қараш Бейнеубайдың есімі Маңғыстау, Үстірт, анау Жаңғақтың ойына белгілі, атақты құдықшы болған кісі. Ол тек айтулы құдықшы ғана емес, ескіше сауатты, халық арасында молдалығымен де танылған адам екен. Ескі көз қариялардың айтуы бойынша Бабық руының ғұламасы Таймас. Иманның шәкірті болыпты. Ол әрине алдымен талай елдің шөлін қандырып, сауабын алған құдықшы. Үстірт үстінде ол қазған жиырмадан астам құдықтар, соның ішінде " Қараш қазған" құдығы әлі бар. Отызыншы жылдары ел ішінде қуғын-сүргін басталғанда "молда, көріпкел" деген атағынан қорқып Иран асып кеткен. Сол жақта "Бесжусан" деген жерде 1941 жылдары өмірден өткен. Оны қазір Ираннан Маңғыстауға оралған қандастарымыздың үлкендері әлі де айтады. Олардың естелігінде Бейнеубай тек қана құдықшы, молда ғана емес, қолынан әр нәрсені жасай алатын шеберлігі де болған. Бейнеубайдан Әлпейіс, Арқарбай, Іңірбай туады. Өлкемізге белгілі қаламгер Сұлтан Балхаев ағамыздың айтуы бойынша Іңірбай былай дейді екен:

— Әлпейіспен қатар құдық қазғанымда, ол жерге құлықша кіріп кететін. Бұл жерде әңгіме кәдімгі тастақ жерді қазу туралы болып отыр. Әлпейіс ірі денелі, жауырынды, қажырлы адам еді. Өзі кішіпейіл, ақжарқын кісі болды. Құдықшылық өнерімен бірге жүйрік сәйгүлік ұстап, бәйгеге ат қосатын. Балаларының алды қыз бала болғандықтан бәйге баласы мен болдым. (С.Балхаев өзін айтады) Ал, Іңірбай арабша көп оқыған молда болды. Олардың ұрпақтары қазір өлкемізде әр салада қызмет істеп жүрген белгілі азаматтар.

Міне, осы Құланды сайдағы Бейнеубайдың қолынан көк тастан ойылып, қазылған құдықта мін болсашы сірә. Және де ағыстың бойы емес, сонау шың жиегінде қазылып, бүкіл елді сумен қамтамасыз еткен құдықшының жер тамырын сезе білген ғұламалығына қайтіп қайран қалмассың. Ол құдықтар қазір сусыз, иесіз.

Шыңыраулар,

Мәрт қой ол көне көзім,

Қарa жерге қадалған жебе де өзің.

Иен далада
Иесіз қалғаннан соң,
Ішке құлап,

Шыңырау көмеді өзін.

Тереңіне қауғалар құлап барып,

Су емес-ау, шығатын күй ақтарып.

Кеуіп қалған түн — түбің шықты алдымнан

Қайғының қара көзі сияқтанып...

Оңайгүл Тұржанова қарындасымыздың осы бір өлең жолдарын есімізге ала тұрып, бір кезде білім ордасы болған қасиетті жердің кейінгі ұрпақтарына деген сағыныш үнін естігендей боласың.

Бейнеуден шығып терістікке бет алған сапарымызда шама келгенше жолдағы әулиелерге соғып, бейне таспаға, суретке түсіріп, ондағы жазуларды оқыдық. Негізінен ол жазуларды оқитын да, қасындағы біздерге түсінік беретін де Светқали мен Мұрат. Бөксесін құмға көміп, бір жағына қисайған құлпытас, болмаса қапталы опырылып түскен сағана мен күмбез. Бір кездегі оймышталып жазылған әріптер де, ру таңбалар да жаңбыр шайып, жел жеп, қына басып көмескілене бастаған. Ру таңбаның білгірі Мұрат белгіге қарайды да, аржағындағы жазуларды оқуға ақын ініміз екеуі қатарласа кіріседі. Мүлгіп жатқан әулие, үнсіз құлпытас... кенет құпияның кілті ашылады. Келе жатқан жолаушыны тани алмай, жақындағанда барып "ойбай-ау, мынау пәленшекең екен ғой, бізді не қара басыпты оны танымай",- деп жататынымыз сияқты белгілі бір тұлғаның аты шыға келеді. Қасындағы біздер мәре-сәре болып, қадірлі қонақтың қолтығынан сүйеп, атынан түсіргендей құнжаңдап дәптерімізге жазып жатқанымыз. Ал кейбір құлпытастарда ру жіктен басқа екі жол өлең жатады. Екі-ақ жол. Бірақ сол екі жолға өмірде көрген рақатын да, тағдырдың тартқызған наласында сиыстырып кеткен. Бейне бір Омар Хайамның төрт тағандары сияқты. Басыңды шайқап, таңдайыңды қаға қайта-қайта оқисың. Оқисың да бес қаруын асынған, туған жерінің тулақтай жерін тістелеп, жауға бермей арпалысып өткен бабаларыңның сұңғыла ойларына таң қаласың. Таң қаласың да, қайран бабаңның күні бүгінге өлмей жеткен сөзіне басыңды иесің.

Осылай Балпанның тамы, Тұрмамбет әулие, Үмбетайдың үйігі арқылы Қос тамға соғып қараңғылық қоюлана Асау-Бараққа жеттік. Түнемелік үйге жақындағынымызда оның қасындағы жүк машинасын, кіріп шығып жүрген адамдарды көрдік. Алдымыздан шығып қарсы алды. Бұлар сонау Қарақалпақстаннан келген табын ағайындар болып шықты. Жол соқты болып келе жатқан біздерді төрге оздырып, сексеуілдің шоғына ыңылдата әндеткен шайын ұсынып жатыр. Малшылар екен. Жыл сайын сонау ойға құларда екі-үш жанұя болып бірігіп, көлік жалдап, аталарының басына келіп, садақаларын тарқатып, аунап-қунап кетуді дағдыға айналдырған.

"Атаның басына келіп бір түнеп кеткен, - дейді төрде отырған қария, — бізге бір жыл медет, жанымызға сүйеу болатын сияқты. Мына отырған кішкентайларымызды да қалдырмаймыз. Жүректерінің бір қапталында ата-бабасының мекені, елі туралы титтей де болса сенім қалыптаса берсе екен дейміз. Бізді қойшы. Әсіресе осы балаларға қиын болады-ау. Қазақ мектептері жыл сайын азаймаса, көбейетін емес. Қу тірліктің тырбаңымен әлі жүрміз...

Көп әңгіме айтылды. Қолдарына ұстатып кетер ештеңеміз болмаса да елге оралу жөнінде біраз кеңес те берілді. Төрде отырған қария да, арқасын жарға сүйеген жігіт те, жанары жәудіреп шәй құйып отырған келіншек те туған жер туралы әңгімені құныға, қоштай тыңдады. Ет желініп, бата жасалды. Атасының басына келіп, қандастарына кездесіп мерейі өскен ибалы келін "біссімілла" деп құтты табаққа сәлем етіп жатты. Ай жарығында биік төбе басынан онан сайын зорайып көрінген Барақ әулиенің күмбезі кім келсе де өткізбес қамал сияқты.

Асау-Барақ осы Сам құмындағы айтулы қорым. Кіші жүздің Табын руынан шыққан, елінің тыныштығын сыртқы жаулардан қорғаған әкелі-балалы батырлар. Барақ батырдың ерекше қасиеті де ел аузында аңыз болып айтылады. 1743-1840 жылдар арасында өмір сүрген. Халық аузынан жеткен аңыздарға қарағанда Барақ қол бастаған батыр ғана емес, бойына қасиет қонған әулие де адам болыпты. Ол Бекет-атамен шамалас, бірін-бірі сыйлап өткен, көңіл тату жандар болыпты. Тірлік шаруасымен бірін-бірі көптен көрмепті. Бір күні Барақ:

— Біраз жасқа келдік, мен қырда жүрмін, Бекет Маңғыстаудың ойында. Көрісіп, амандасатын да кез болды-ау деп ойлайды. Сол күні Бекет-ата да дәл осындай ниет еткен екен.

Бекет-ата мен Барақ кездеспекке жолға шығады. Екеуі Тұрышта бір-біріне қарсы жолығады. Барақ дөңнің басында, Бекет-ата ойпаңдау сайда тұрады. Екеуі де қайсымыз бұрын сәлем беруіміз керек, кімнің әруағы басым болса, соған сәлем беретін болып келіседі.

— Сен жоғарыда тұрсың, жол сенікі, қасиетіңді көрсет, - дейді Бекет-ата Бараққа. Сол мезгілде ылдида үш дүркін су тасып, Бекет-атаны екпіні ағызып кете жаздайды.

— Енді сіз қасиетіңізді көрсетіңіз, - дейді Барақ.

Бекет-ата көкке қарайды. Сол сол-ақ екен, Барақтың төбесінен жеті аққу ұшып бара жатқанын көреді.

— Сенің қасиетің күшті, бірақ су перісімен байланысты, өзің өлген соң жерге сіңген судай жоғалып кетеді екенсің, — дейді Бекет-ата.

— Ал, сенің қасиетің аспанда жеті аққу болып ұшты, әруағың биік тұр, жеті ұрпағыңа дариды екен, сәлемді мен берейін, ассалаумағалейкум депті Барақ. Сөйтіп екеуі төс түйістіріп көріскен екен. (Бекет-ата. 1994. 43-44 бет).

Он сегіз жасында қол бастаған батырға 250 жылдығына орай Ақтөбе облысының және Бейнеу ауданының азаматтары үлкен күмбез тұрғызды. Шебері Мақсұт Нұркебаев ағамыз. Биік төбе басына орналасқан. Ал, Асау оның баласы, етекте жатыр. Барақ 97 жасында өмірден өтсе, оның баласы Асау дегендей-ақ жасап, бұл дүниеден 112 жасқа толып кеткен екен. Қорымда күмбезді там, сағана, қойтас, құлпытастардың өлкеміздегі сирек түрлері кездеседі. Сөз басында айтқан төрттаған өлеңдер мұнда да бар. Осындағы Табынның Екібас тайпасынан тарайтын Өтеміс баласы Тілеубайға қойған белгінің екінші бетінде:

Тәңір берген бақытқа

Аяғы жерге тимеді.

Ақыл берген халқынан

Имандылық көрмеді, -

деп жазылса, руы қырықмылтық Өтеш баласы Байниязға қойылған құлпытасты жазушы Меңдібай молла соңын мынандай ғибраттармен аяқтапты:

Бұл дүние ғұмыр икән әні дүр

Ғашықтық; екіге дерт,

Ақыры өмір әні дүр.

Қарай берсең, көре берсең, әр қауым өз алдына бөлек тарих, тасқа жазылған шежіре, оқылмаған кітап. Өткеніміз әлде біреулер айтқандай іс-түзсіз жоғалмапты. Тылсым тыныштық басқан иен далада қозғалмаған әңгіме жатыр, айтып кеткен өсиет жатыр. Шежіре құлпытаспен тіл табыса біл, сонда ғана ол Әбіш ағамыз айтқандай "өз өткені жайында еш бүкпесіз бар сырын жайып салады".

Жолымыздан бұру, бұру емес-ау кейін қарата жүруге тура келсе де Құсшыға бет алдық. Тұрыштан шамасы 50 шақырымдай. Құмды кесіп өтіп түс ауа осында келдік. Өйткені Құсшы бір кездерде белгілі керуен сарайы болған, ел қоныстанған жер. Осы Құсшыдан көп қашық емес, Қарақалпақ жерінде атақты Белеулі бар. Сонау Орта Азиядан келе жатқан жол Белеулі - Құсшы — Тұрыш - Белдеулі — Жезді - Ұшқан арқылы әрі қарата жалғасын тапқан. Қазір көп нәрсе көңілден де, көзден де кетіп, ұмыт бола бастады емес пе. Тұрыштың басындағы кейбір ақсақалдармен тілдескенімізде "Ей, қарағым- ай, біреу Жібек жолы дейді, біреу Мақта жолы дейді, әйтеуір өтіпті ғой осы жерден. Сендер сұрап отырған жолды осы маңнан бастағанда анау Асау - Барақтан Тұрышқа, одан шығып Мұсақожаның үстімен Молқұдыққа құлайды екен деп отыратын ілгеріде өткен шалдар. Бірі Есеттің тұмсығы арқылы әрі асады дейтін. Басынан аяғынан дейін кім жүріп көріпті", — деген-ді. Неде болса сол Құсшы осы. Басында үлкен қауымдық. Сәл шығысқа қарата аласалау төбе басында керуен сарайының орны жатыр. Құлаған. Тек бір кездердегі қабырғаларының орнының жосағы сақталған. Түртіншектеп жүріп ескі құмыраның сынығын, төрт бұрышты Алтын Орда кезеңіне сай келетін кірпіштер таптық. Шамамен өлшеп қарағанымызда ұзындығы 35, ені 25 метрдей. Шығысқа қарата қақпасы болған сияқты.

Кезінде осы жерді Қырықмылтық ағайындар мекендесе керек. Қауымдық басындағы жазуларда көп кездесетіні осы ру. Сонымен қатар жаппас руы да баршылық. Осы жерде Бекеттің немересі Бәйтелі баласы Исаға да топырақ бұйырған. 1787 жылы туып 1881 жылы өлген. Ескілікті қауым, көбі күтімсіздік салдарынан әлдеқашан құлап, мал сүйкеніп үйіндіге айналған. Әрине уақыт өз дегенін істейді. Оған қарсы келер шараң да жоқ. Бірақ осы жерде жаныңды ауыртып, күйзеліске ұшырататыны құлпытастардан қаланған үй тұр. Ия, ия кәдімгі іргедегі әулиенің, хас шебердің қолынан шыққан, өрнектері төгілген дайын құлпы тастарды суырып алып қалаған. Кейбірінің әлі сыры да кетпеген. Кереге тамдардың тек орны ғана қалған. Уақыт үрдісіне шыдамай құлаған болса, қасында үйіндісі қалар еді. Шашылып жатқан тастардың жоқтығына қарағанда олар да бір қадеге жараған сияқты. Әруақтарды да тыныш жатқызбаған, діннен безіп, адамшылықты ұмытқан ана бір жылдардың қатігез көріністері өз ұрлығын жасыра алмаған. Тұрыш әулиенің басындағы бір жерде үйіліп жатқан құлпытастар да сондай сойқаннан қалған белгі. Жаны күйзеліп, тағдырдың қаһарына ұшыраған қазақтың құдайға тіл тигізгенін естіген едік. Бірақ олар да әруақ алдына келгенде сабасына түсетін. Ал, мына көріністер бір кездегі шектен шыққан тағылықтың белгісі, қанды тырнақтың ізі, кейінгі ұрпақ алдындағы кешірілмес кінәсі.

Үнсіз қала тұрған жерім мұңайып,

Адам барын осы жерден шынайы ұқ.

Бабаларым қайтқандарын дәріптеп,

Ескерткіштер салып кеткен лайық.

Құлпы тастар, сандық тастар, қой тастар,

Санасызға әлі талай ой тастар.

Көріп тұрып осыншама тағдырды,

Жағдайым жоқ тірлігімде ойқастар...

Құсшыдан қайтып келе жатып еркі керуен жолының бойымен жүрдік. Кезінде қоңырауы сыңғыр қағып, мыңдаған түйенің әрлі-берлі өткен жері әсіресе, қалың арым ішінде терең сай болып қалған. Содан бері де талай су ағып, талай заман өзгерсе де өз уақытының күре тамырындай болған ұлы жол әлі жоғалмапты. Қасымыздағы жолбасшы баланың айтуы бойынша осы жол бойында 4-5 шақырым сайын қазылған құдықтар кездеседі екен. Көбі қазір құлаған, көмілген. Беріде колхоз малына пайдаға асқандар да болыпты. Осы жол Берді ишан мешітінің үстімен өтеді. Қазір ол мешіттің жұқанағы ғана жатыр. Опырайып түскен үйдің қапталы сол күйінде, қолдан соққан кірпіштері бір-бірінен ажырамаған. Құрылыс маманы Тұрланның айтуы бойынша кезінде беріктік үшін гипс сияқты бекіткіштер пайдаланған. Тағы бір ерекшелігі осы мешіттің күмбезі бірден етектен қаланып көтерілген. Бұндай құрылыстар өте сирек кездесетін көрінеді. Бұған қарап отырып бір кездегі мұны салған адамдардың архитектуралық білігінің жоғары болғандығын байқайсың.

Тұрыштан батысқа қарай 15 шақырымдай жүргенде Белдеуліге (біреулер Белбеулі дейді) келесің. Бұл өзі үлкен ойпаттау жерге орналасқан. Құбыла бетінде атақты Ақпанның үйігі. Аралары онша қашық емес бірнеше құдықтар. Дәл осы жерде үлкен керуен сарайының орны. Уәлідегі немесе Құсшыдағы сарай орнына қарағанда мұның толық жобасы сақталған. Сарай үлкен-үлкен 9 бөлмеден тұратын сияқты. Күншығысқа қарай қақпасы болған. Бұл жоғарыда айтқан Құсшыдан шығып, Тұрыш арқылы осында келетін жол бойы. Сарайдың ұзындығы 32, ені 25 метрдей, терістікке қарата 50 қадамдай жерде аралары алшақ (15-20 метрдей) бірнеше кірпіш дайындайтын орындар сияқты кішкене төбешіктер бар. Өйткені осы жерлерде сынғаны, бүтіні бар төрт бұрышты ақ, күйдірілген қызыл кірпіштер сақталған. Сарайдың сыртқы жақтарынан фундаменттерін бұрында біреулер қазған екен. Шамасы оның тереңдігін, сарайдың аумағын анықтау бағытында жүргізілген жұмыстар сияқты.

Сонымен Ұлы Жібек жолының тармағы біздің облыс территориясымен қалай өткен. М.Меңдіқұловтың еңбегінде Көне Үргенішке баратын жол екі тармақ бойынша жүреді. Бірі, солтүстік жолы, Сарайшықтан Үстірттің солтүстік батыс шыңдарымен, яғни Сарайшық - Таққұдық - Сағыз өзеніндегі Таскешу өткелі - Қайнар — Ембідегі Бақаш әулие — Ұшқан ата—Мыңсуалмас. Ал оңтүстік жолы Қосқұдықтан бұрылып Көптам -Сам — Шұрық - Көне Үргеніш болып өтеді. Жолдардың бұл үзігінде Қосқұдық пен Көптам ғана Үстірт бөлігінде, ал Шұрық, Белеулі Қосбұлақ, Үш құдық Қарақалпақ жерінде (М.Меңдіқұлов. Памятники народного зодчество западного Казахстана. Алматы. "Өнер" 1987 29 - бет) Л.Л. Галкиннің еңбегінде Кендірлі —Бейнеу — Жезді — Мыңсуалмас—Ұшқан — Сарайшық арқылы өтетінін мақала басында айтқанбыз. М. Меңдіқұловтың да, Л.Л. Галкиннің еңбегінде де Белдеулі айтылмайды. Жергілікті қариялар да, орны сақталған керуен сарайы да бұл жерде ұлы жолдың болғанын көрсетеді. Ендеше Белдеуліден жол қай бағытқа бет алады. Біздің ойымыз бойынша Жездіге келгеннен кейін жол екі айырылуы мүмкін. Құрғақшылық кезеңдері Жездіден шығып, сор жағалап Қаракөзден құлап, Төңірекшыңды жағалап Ұшқанға барады. Себебі Жезді де кезінде көп отырықшы ел болғаны, ондағы адамдардың егіншілікпен айналысқаны, сулы жер болғаны белгілі. Жезді аталуы да, біздердің қолымызға түскен қорытпа темірлердің қалдығы бәлкім темір өңдеп, осы жерде ұзаққа созылған сапарда керуеннің бел босатып, керек жарағын дайындап, қамданып алатын жері болса керек. Ал, жол қиын уақыттарда Жездіден Мыңсуалмас арқылы өткен. Бұл жол Белдеуліден шығып, Ақпанның үйігін жанамалай, Қырыққұдық арқылы, Мыңсуалмастың үстімен Есетбұлақ өтетін негізгі күре жолға қосылған. Өйткені Тұрышта кездескен ақсақалымыз осы Есетбұлақты, Көптамды еске алып еді. Бәлкім Есетбұлақ атауы да бері де қойылған болуы мүмкін. Көптам, М.Меңдіқұловтың еңбегіндегі Көптам осы Есетбұлақтың маңындағы әулие болса керек. Бір жерде орналасқан атаулардың қатар айтыла беретіні бар ғой. Оларды анықтап, нақты жолдарды белгілеу келесі күндердің еншісінде.

Осы Белдеуліден онша қашық емес Сартай қауымын, Тұрышқа жақын жердегі Дәулетбай қауымын көрдік. Сартайда жерленген адамдардың көбі балықшы руынан, ал Дәулетбайда көбі қосқұлақтар болып шықты. Бекет —Атадан Жайлау, Байтелі, Тоғай, Қодар, Байнияз тумаушы ма еді. Бекеттің аса таяғын ағасы Жайлаудан кейін иемденген Байтелінің белінен Аймәмбет, Құлмамбет, Қыдырберді өрбіген жоқ па. Дәулетбай осының ішіндегі Қыдырбердінің баласы. Басына түнемелік салып, құлпы тас қойған күйеу баласы Тасқара ақсақал екен. Бейнеу ауданының әкімі Басшы Әзірхановтың да осы кезеңде атқарған азаматтық істерін Ақмешіттегі Ислам ағамыз асқан ілтипатпен еске алып еді. Бекет — Атадан тараған әулетте қыдыр дарып, әруақ қонғандары көптеп саналады. Дәулетбайда сондай ерекше жаратылған көріпкел әулиенің бірі. Осы Дәулетбайдың әкесі Қыдырбердінің ағасы Құлмамбеттің баласы Самалықта асқан әулие болған адам. Оның мүрдесі қазір Бекеттің Ескі Бейнеудегі мешітінің ішінде. Самалықтың асқан көрегендігі жайында мынадай аңыз бар. Қосқұлақ Жұмабай ахун Тәжікстанның жеріне қоныс аудармақ болыпты. Сонда Самалық ақ жол тілей отырып "Енді көріспесбіз. Үш жылдан кейін өлемін, жаназамды өзің шығарарсың", — депті. Үш жылдан кейін қыстың күні қаза болады. Ел көп жиналады. Әке өсиетіне құлақ асып үйренген балалары Жұмабайды күтеді. Түс ауады. Хабар бермеген адам қайдан келеді деп ренжігендер де болыпты. Осы кезде алыстан бір ноқат көрінеді. Ол әлгі Жұмабай ахун екен. Сөйткен Самалықтың өз өтініші бойынша Бекет Ата мешітіне жерленген. Ал мешіт үстінде Бекеттің ағасы Меңдіқұл жатыр. Құлпытасында "Мырзағұл бин Хафиз Меңдіқұл батыр ибн Жаналы" деп жазылған. Білгенімізше айтып кетсек құранды түгел жатқа білетіндерді қари деп атайды. Ал хафиз атауы құранды жатқа біліп қана қоймай оны терең мағынада жіктей алатын, біздіңше айтқанда оған ғылыми талдау жасайтын сұңғыла білікті адамдарға берілетін атақ болса керек.

Осыдан Бекеттің өзі ғана емес, оның тума-тумаластарының да осал әулеттен емес екендігін білеміз.

Осы әулиелерден Жездіге келіп аялдаған біз ендігі жүріс жолымызда үлкен қыр қатты жағалай отырып Молорпа құдығы арқылы, Төңірекшыңды жағалай, түнделетіп Ұшқан атаға жеткенбіз. Жол бойы кідірген әулие ескерткіштерден байқағанымыз олардың Маңғыстаудың ойында, оның батыс-шығыс бөлігінде кездесетін ескерткіштерден (әсіресе күмбезінің жасалуы) өзгешелеу екендігі. Бірақ жалпы жасалу, салыну стилінде Маңғыстаулық ортақ үндестік көзге ұрады. "Ембі-Сағыз тобының ескерткіштері айтарлықтай жинақы және көп. Олар Маңғыстау Үстірті ескерткіштеріне ұқсас. Бұл сірә көшпелі қазақтардың этно территориялық қоныстануына байланысты болса керек. Маңғыстаудан және Самнан Ембіге шығатын көш жолында бұл ауданның ерекше құлпытастары мен әйгілі Ұшқан ата (XVI-XIX) ескерткіштері орналасқан", — деп жазған еді тарих ғылымының докторы Серік Әжіғалиев. (С. Әжіғалиев. Батыс Қазақстан ескерткіштері. Зерде. 1989 12. 38-40 бет).

Ұшқан ата әулиесінде, Ақмешіт, Кенже Әділ, Бақа, Бақашы қауымдарында адайдың қырықмылтық, айым, көрпе, түркпенадай, балықшы, жары, жеменей тайпаларының көптеп кездесуі Серік Әжіғалиевтің әлгі сөздерін, яғни мал баққан Адайлардың Маңғыстаудың Қараойынан бастап Үстірт, Сам, Сағыз, Қобда, Орынбор, одан терістік шығысқа қарай Мұғалжарға дейінгі далалықтарды еркін жайлағанын көрсетеді. (Маңғыстау энциклопедиясы 87 бет). Нұрым Шыршығұлұлының:

"Ойыл да, Қиыл, Жем, Қайнар,
Көлденең өтіп ел жайлар,
Бетегесі белден шық,
Жегендерін желдентіп,

Жаз ортасы болғанда,
Күн зауалға толғанда,
Қонушы еді қарыштап,
Маңғыстаудың ойына,

Сия алмай шыққан көп байлар",—

дейтін жыр жолдары олар жайлап қыстаған мекендерден хабар берсе керек (Абыл, Нұрым, Ақтаным. Алматы, 1997, 194-бет). Сондықтан бұл жерлердегі тарихи ескерткіштердің бір-бірімен ұқсас, тамырлас болуы заңды да. Мал соңындағы қазақ өзінің қазығын қаққан құт мекеніне өлгендерін жерлеп, өз руларындағы белгілі шеберлерді арнайы алдыртып, таңдай қақтырар талай-талай ескерткіштер салған. Сол мұра әлі тұр. Атаң жайлаған жерді, оның мал қайырып, түлігін өсірген мекенін дауға салмай, бұлтартпай дәлелдейтін айғақ та осы.

Кереге там, сағана там, күмбезің,

Айырмайды саған қадап бір көзін.

Жазуыңды оқи алмай жүрсем де,
Сізге қарап желпінумен жүр сезім
Бармақтай бақ, таудай талап бұйырған,

Бабаларым жол сілтеген қиырдан.

Өмірлерің өтті ме екен сіздің де,

Тасқа түскен өрнектей боп шиырман.

Ұшқаннан шыққасын ат басын Ақмешітке бұрдық. Бұл жерге табаның тигесін Бекет-Атаның өскен жерін көріп, оның ата-анасының басына барып дұға оқымай кету кешірілмес күнә. Ақмешітке барар жолда Жем өзенінен онша қашық емес Есек жал деген төбе бар. Алыстан келе жатқанында пәлендей биік көрінбесе де, үстіне шыққаның да жан-жағың түгел көрінеді екен. Құбыла бетінде бұлақ бар. Ол да Есектің атымен аталады. Терістікте 12-13 шақырымдай жерде Ақмешіт. Бұл төбенің ерекше, тарихи орын екені жөнінде мынадай әңгіме бар. Адайлар Маңғыстаудың ойына аттанар тұста осында Есек батырдың үйінде бас қосады. Әр рудан, әр атасынан өкілдер Жарыдан — Шотан мен Үсен, Бәйімбеттен Арғынбай мен Төлеп, Ескелдіден — Жанұзақ, Жеменейден — Сейіт би мен Бегеш батыр, Зорбайдан — Таған, Бабықтан — Әжібай, Шоңайдан — Бекбауыл мен Құнан болыпты. Есек батасын беріп, батырларды осы жерден Маңғыстауға аттандырған көрінеді. Қазір бұл төбенің басында бір кереге там тұр. Жазуы жоқ. Бейнебір жорыққа кеткен батырлардың артынан қарап, тілеуін тілеп, алысқа көз тіккен, хабар күткен қариядай төбе басынан алыстан қарауытып көрінеді.

Міне, төбе басынан шыға келгенде алыстан мен мұндалап Ақмешіт те көрінеді. Ақмешіт десе дегендей. Осы бір аймақ ерекше қасиетті мекен. Алдамыздағы Ақмешітте Бекет өмірге келді. Ол өзінің алғашқы ұстаздық жолын да осында бастады. Оған әруақтың қонған жері де осы. Оның әкесі Мырзағұл, шешесі Жания, атасы Жапалының, баласы Тоғайдың да жатқан жері осы. Меккеміз — Ақмешіт, Мединамыз — Оғыланды деп халық бекерден-бекер айтпаған ғой. Талай адамға, талай тағдырға, талай милләтке мекен де болған, аумалы төкпелі замандарда үдере көшіп жат мекенде жел айдаған қаңбақтай болып жүргенде, көз жасын көлдете, сағыныш жырын айтқызған да осы жер. "Ойыл қайда, Жем қайда, Сағыз қайда", — деп түн жамылған жолаушының асқақтата әнге салып, ат басын еркіне жіберетіні де осы жер ғой.

Ақмешіт жан-жақтан келіп жататын адамдарға ыстық ұядай әсер қалдырады. Өйткені Ислам ағамыз да, сол үйдегі жеңгеміз де, келін-балалары да оқыған, тоқыған, қазіргі заман үрдісінен хабарлы жандар. Қанша адам келсе де ақ жайма төсегі дайын, тамағы алдында. Келушілерді осы бір тарихи орынмен таныстырып, мағлұмат беретін де өздері. Атаның, оның ұрпақтарының ұстаған жәдігерлері, олар туралы баспасөз материалдары жинақталған шағын мұражайы да бар. Керек десеңіз жоғары мәртебелі қонақтарды да қабылдайтын арнайы бөлме жасақталған. Телевизоры, осында келген адамдардың ата туралы естеліктерін бейне фильмнен көруге болады. Осы жерден кез келген қаламен байланыс орнату жұмысы да қолға алыныпты. Аудан басшылары компьютерлендіруді де көп ұзамай қолға алмақшы екен.

Ислам ағамыз қасымызға еріп, жол бастап Ақмешіттің айналасындағы жерлерге апарды. Күншығыста жеті-сегіз шақырымдай жерде Адайдың жеті қайқысының бірі кенже Әділ жерленген қауым бар. Ағамыздың ұсынысы бойынша содан бастауды жөн көрдік. Жемнің жайыла ағып, бұрылыс жасайтын жері. Тізеңді қағып ұйыса өскен шөп, қалың ну. Оншақты адам жерленген шағын аласа қауым. Ертеректе колхоз орталығы болыпты. "Руы Адай. Кенже Өтеғұлұлы Әділ. 1870-1932. Тас қойған баласы Камал" деп жазылған. Басында отырмыз. Асқан дарын, айтулы әнші жатқан қасиетті топырақ. Қайқы атағы да кез келгенге беріле бермепті. Өлең де шығарып, ән де айтатын өнердің қай-қайсысынан мол хабарлы адамдарды Арқа беті сал-сері десе, Сыр бойы сүлей деп, Маңғыстаулықтар ер адамды қайқы, әйелдерін сәйкі деп атаған ғой. Сол атақты қайқының бірі осы. Светқали Ғарифолла әншінің "мен Әділді Тайсойғанда жас кезімде көргенмін. Оның әншілігінің қасында біздікі жәй дауыс қой. Қолына су құя алсақ жарағанымыз" - дегенін айтты. Жан-жағына күрсіне қарап, толғана сөйлеп тұрған ақын ініміз кенет Әділдің әніне басты. Жем бойында қалықтаған ән жан-жүйеңді баурап барады. Бейнебір алыстан ұрпақтарым іздеп, басыма келгенде үнсіз қалғаным жараспас деп Әділ ән салғандай, Әділ сағынышы шырқалғандай. Ішіміздегі толғанысымыз да бырт-бырт үзіліп жас боп ақтарылып жатты. "Әй, Светқалижан-ай, — дейсің ішіңнен — сен сөйтпесең, өткенмен тілдеспесең ақын болар ма едің. Еліңнің жоқтаушысы болар ма едің". Қанаттас серігі Сабырдың:

Айналдым, сенің жырыңнан,
Бабадан қалған сарыным,
Тарылмай саған төксе екен

Алланың нұрлы жарығын.

Үні бол енді, қайтесің,
Қам көңілді халқыңның,
Кеудесін керген зарының... –

деген тілегін бізде ішімізден қайталап отырдық.

Артымызға жалтақтай қарап кетіп барамыз. Кішкене қауымды Жемнің қалың нуы қайтадан қойнына алып, жүзін жасырды. Шіркін-ай дейсің, басына Маңғыстаудың ақшаңқан тасынан күмбез орнатса, кең даланы әнге бөктіріп, жырға бөлеген айтулы қайқының жатқан жері сонадайдан көз тартар еді-ау.

Ақмешіттің құбыла бетінде төрт-бес шақырымдай жерде Құлшан — ата әулиесі бар. Күншығыс бетінде Аралтөбе. Осы Аралтөбеде қазба жұмысын жүргізген Зейнолла Самашев бастаған археологтар б.д. дейінгі ерте кезеңдегі алтын адамды тапқан еді. Қалпына келтірілген, осынау ықылым замандағы алтын киімді жауынгер қазір Атыраудың облыстық мұражайында тұр.

Құлшан ата әулиесі биік ақ бор төбенің баурайына орналасқан. Бұлардың руы Кете. Бұл аруақты кісінің өзі Бекет - атағы жиен болып келеді екен. "Ақмешітке зиярат жасап келушілер жолай жиенім Құлшан бейітіне соғып, дұға оқып өтсін ", - депті деген де бар. Бұрын мешіт болғанға ұқсайды. Ішіне кіргеннен кейін екі жаққа кіретін есік бар. Сол жақтағы бөлмеде Құлшан — ата жатыпты. Айтушылардың әңгімесіне қарағанда оның денесі беріге дейін сартап болып жатады екен. Құдайын ұмытқан, діннен безген заман келгенде әлгі сартап болған мүрде көзден ғайып болыпты. Құлшан Кетенің Байқошқарынан тарайды. Ал Кетенің Аққошқарынан тарайтын Шектібайдан тарайтын ұрпақтары қолында қазір Атаның екінші асасы сақтаулы. Шектібайдан — Атамбоз батырға, одан Байгелдіге, одан әрі Нәкешке, оның туысы Ғабдісаттарға, одан Латыпқа, Латыптан оның баласы Тұрсынғалиға ауысқан. Бұл кісі қазір Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Жиренқопа ауылында тұрады.

Күн қызарып ұясына батып барады. Құлшан ата жатқан төбеден бәрі де алақандағыдай көрінеді. Анау қалың тоғайлы, бұралаңдап ағып жатқан Жем жағасындағы Ақмешіт. Әудем жерде Аралтөбе. Батысында Ақкиізтоғай. Ертеңгі қайтар жолымыз Жем бойындағы айтулы мекен. Жарықтық осы Жем бойында біздің тарихымызға байланысты талай-талай әңгіме шертіледі, аңыз айтылады. Сонау Мұғалжар, Қобда, мынау Жем мен Сағыз, Маңғыстаудың қара ойына малдары сыймаған талай байлар өтіпті. Ескелді Саназардың жылқысы Жемге келіп су ішкенде, ағып жатқан өзен суы бір қарыс төмен түседі екен дейтін де, болмаса жаңай Қожаназардың жылқысының алды Жемге келгенде, арты Маната тауынан шығып жатады екен дейтін де тектен-тек айтылмаған болар. Маңдайға біткен мол дәулеттің, қазанынан буы кетпеген ырыстың, еліне жомарт, сақилықтың белгісіне бола айтылған шығар. Осы байлықтың да, жомарттықтың да белгісі өлкемізде өткен XIX ғасырлардағы берілген айтулы астар. Осы Ақкиізтоғайда жаңай Қожаназарға ас беріліпті. 1500 үй тігіліп, қазақтың ұлан даласынан қонақтар шақырылыпты. Әр үйге 15-20 адам кетті дегенде, мың жарым үйге қанша адам келгенін есептей беріңіз. Осыншама адамға қызмет жасап ас-суын дайындаған жұмысшылар өз алдына бір төбе. Бұл осыншама адамды топырлатып жинау деген сөз емес. Сыбағалы жілігі алдына дұрыс келмесе, жөн-жоралғысы орнымен берілмесе, төрден орын тимесе қағанағы жарылып, бір-бірін көрмеуге дейін баратын қазақтың көңілін табуда үлкен біліктілікті қажет етеді. Әбекең айтқандай "Халқымыздың бауыры қандай жұқа болса, өкпесінің сондай ісіңкі болатыны" белгілі. Сондықтан да ас беру елге түсер сын. Оны өткізушілерге үлкен міндет жүктейді. Міне осы асқа хан шақырылыпты. Келген қонақтардың киіз үйге дейін аяғы жерге тимесін деп ақ киіз төселіпті. Соған байланысты Ақкиізтоғай аталып кеткен дейді.

Сол Ақкиізтоғай осы. Бұл жер Атырау мен Маңғыстауды қос жанарыңдай мәпелеп жырға қосқан, ошақта қалған атам заманғы күлдердің өзінен маздаған қызыл шоқ тауып, қиямет қайым күнде де бұл өлкені жауға бермей қорғаштап өткен бабаларының ерлігін жырлап өткен асқақ ақын Меңдекеш Сатыбалдиевтің кіндік қаны тамған жер. Мұнда күні бүгінге дейін белгілі ақын Аманқос Ершуов ағамыз сау-саламат тұрып жатыр. Ақкиізтоғайдан онша қашық емес Жемнің арғы жағында әділеттің ақ туын көтеріп сөйлеген, ауыл арасындағы тентек пен телі түгілі, аттаса адымы ұзын, жұмсаса қылышы өткір ханды да тәубесіне келтіріп жөнге салған адайдың биі Мәтжан жатыр. Айта берсе Ақкиізтоғайдың өзі таусылмас әңгіме, құнарлы шежіре.

Ақкиізтоғайда біздің жүрісімізден хабарлы болып отырған ауыл әкімшілігіне соғып, тағдыр жетсе болашақта да келіп кету жоспарымызды айтып, соға алмай кетіп бара жатқан жерлеріміз жөнінде пікірлестік. Ауыл әкімі ағайын жігіт болып шықты. Аңқылдай сөйлеп, шаужайымызға жармасып қонақ болып кет деп жатыр. Асығыс екенімізді айтып, Аманқос Ершуов ағамыздың үйінен ақ ауыз тиіп, тағы да жолға шықтық. Алда Бақашы әулие. Ұлы Жібек жолының бір аялдамасы осы. Үлкен қорым. Мұнда Мәтжанның кәрі әкесі Құдайберген жерленген. Басына Мәтжан өз қолымен ескерткіш орнатқан екен. Қазір оның орны белгісіз.

Бақашы әулиеге дейін қасымызға еріп келген Ислам ағамызбен қош айтысып жүріп кеттік. Бір екі күннен бері қасымызда жүрген ағамыз әулие етегінде қимастықпен қолын бұлғап қалып барады.

Міне, қымбатты оқырман, аз күнде жүріп өткен, бірақ берері мол сапарымыз осылай аяқталды. Өз өлкеміздің тағы бір мұраларын көрдік. Кезінде басында белгі орнатылса да ұрандатқан заманның қиқуына қосылып, қанжығамызда байланған асылдарымызды жоғалтқан кезде ұмыт болған есімдерді оқыдық, қағаз бетіне түсірдік. Жан жетсе оларды да жүйелеп баспа бетіне жариялау да ойда.

Құдайға шүкір, — дейсің ат басын ауылға бұрған машинада отырып - көп ішінде қашанда елдігіңді ойлап, өткеніңді тырнақтай жинап кейінгілерге жеткізуге ат салысып жүрген, туған жерге деген сүйіспеншілігі қып-қызыл шоқ болып жатқан азаматтар көп қой. Солар сау болса сонау ықылым замандардан келе жатқан керуен бұйдасы далада қалмай, жөн білер жол басшыға тиіп, қоңырауы сыңғыр қаққан көштің тоқтамайтынына сенім мол.

Біз өткен сапарымызда Ақпанның үйігімен құлап, одан Төңірекшыңды жағалай отырып бағыт түзеген едік. Осы жерлердің үстімен өткен саяхатшылардың еңбегінде көп айтылған аумақ,Қос құдық бір бүйірімізде қалып қойған. Уақыттың тарлығы бір болса, әр төбенің басында мүлгіп тұрған, бір-бірімен жалғаса жатқан тарихи ескерткіш әулиелердің көптігі де жолыңнан жаңылдырғандай. Біріне ат басын тіресең, әудем жерде екіншісі. Құдай сәтін салып жатса, тағы бір сапарымыздың күре жолы осы Қос құдық, Есет бұлақ болсын деп, көз ұшында бұлдырай көрінген жаққа қарай-қарай ат басын Төңірекшың жаққа бұрған едік.

Соның сәті енді түсті. Қашан барсаң да асыға күтіп отыратын, өзінің аппақ көңілі сияқты жиегі жиырылмай, көл-көсір дастарханы дайын тұратын Ахметжан ініміздің үйіне соғып, Сәуле қарындасымыздың қолынан таңғы шәйімізді ішіп тағы да жолға шыққан едік.

Бейнеуден шығып сонау шың ұшындағы Есет бұлақ, Қос құдыққа барғанша алдыңыздағы бұралаңдап жатқан жол сізді Қырыққұдыққа соқтырып, төбе басындағы Шапқанды әулиеге кідіртіп, шың жағалатып Бүлдірген молаға әкеледі. Алдымызда біз негізгі мақсат етіп келе жатқан Есет бұлақ, Қос құдық. Жолай байқайтыныңыз бұл жерлердегі әулиелерден мәңгілік мекен жай тапқандар Таз, Табын, Адай руларынан. Бір кездері аулы аралас, қойы қоралас, бір-бірімен ара жігі үзілмеген, ел басына төнген қатерді де, ағайынға түскен ауыртпалықты да бірге көтеріп, қуаныш мұңы да бірге болғандар. Қолтықтаса жатқан сағана там да, бір-біріне сүйеніп тұрған құлпытас та осыны меңзегендей. Күздің қара суығы онсыз да жабырқау тартқан даланың сәнін алғандай. Малмен ғана ажары кіріп, малмен сәні келетін, көрер көзге қуаныш әкелетін құйқалы дала да базарлы күнін сағынғандай.

Сонау ықылым замандардағы мың сан түйенің соқпағы кей жерлерде өз жөнінен хабар бергендей көзге ұрады. Біз келе жатқан Есет бұлақ, Қос құдық арқылы өткен керуен жолы өткенде көрген Белдеулі, Тұрыш, Құсшы арқылы әрі қарата Белеулі, Шұрық асатын. Кейбір жолдардың Жезді арқылы Төңірекшыңды жағалап Ұшқан бағытына кетуі де мүмкін деген өз жорамалымызды да айтқанбыз.

Біздің негізгі міндетіміз деп айтуға болатын жайымыз, ол өлкеміздегі керуен сарайларының орнын көру, белгілеу еді. Әйтпесе бұл керуен жолдары жөнінде талай ғалым, талай саяхатшы өз еңбектерінде жазып кеткені белгілі. Кейбір еңбектерге үңіле отырсақ, бұл ескерткіштер жайындағы мағлұматтар бұдан екі жүз жылдан астам бұрын беріліпті. Сонау XIX ғасырдың басында Белеулі мен Шұрықтағы керуен сарайлары туралы А.И.Левшиннің қысқаша жазба дерек келтіргені бұл саламен айналысатындарға жақсы таныс.

Ал, жалпы бұл сарайлардың маңызы, салынуы жөнінде толық мағлұмат берген 1946 жылғы С.П.Толстов бастаған Хорезмнің археология этнографиялық экспедициясы еді. Толстов оңтүстік-шығыс Үстірт үстінде жүргізген авиациялық барлау жұмысында осындай сарайларға кездесіп, зерттеді. Кеңес ғалымының сапары 922 жылы араб саяхатшысы ибн-Фадлан жүрген соқпақпен, яғни Үргеніштен төменгі Эмбаға баратын жол бойымен өтіп еді. Онда табылған жәдігерлерге сүйене отырып Толстов, бұл керуен сарайларының салынуын X ғасырдың соңы мен XI ғасырдың басына жатқызған.

С.П.Толстовтан кейін Маңғыстау облысымен шектесіп жатқан Қарақалпақ жеріндегі керуен сарайларын ғалымдар Е.Бижанов 1964 жылы, Ю.П.Манылов пен Н.Ю.Юсупов 1975- 78 жылдары зерттеді.

Міне, Қос құдығымыз осы. Шың жиегіне орналасқан. Ана көрінген, төменге қарата ирелендеп құлап жатқан жол Есеттің құлауы деп аталады. Төменде, сонау көз ұшында қара сызық болып жатқан темір жол. Үлкен аумақты жерді алып жатқан әулие. Қойтас, құлпытас, сандықтастардың Маңғыстаудың ойында көп кездесе бермейтін түрлері көзге ұрады. Жаңадан қойылған бейіт жоқ. Таз, Адай, Алаша руларының таңбасы басымдау. Кейбір қоршай салынған бейіттер төртбұрышты, ірі қара тастармен қаланған. Мұндай тамдарда жазу жоқ, тек ірі қылып ойылған таңба ғана бар. Және бұлар қалың қауымның ортасында қалады. Ал, шет жағындағы кейіннен қойылған құлпытастарда жазу кездеседі. Бірақ солардың өзіне де ғасырдан астам уақыт өткен. Руы Таз, оның Шарғи тайпасы, Жиен бөліміне жататын Байеділ баласы Базарбайға қойылған құлпытаста оның 1872 жылы опат болғанын жазыпты.

Ал, осы әулиеден екі жүз қадамдай терістікте керуен сарайының орны жатыр. Бұл баяғы С.П.Толстовтың келіп, көзімен көрген сарайы. Тастардан қаланғандықтан болар, оның көлемі де, ондағы бөлмелер орны да сақталған. Манылов пен Юсупов сарайдың бұрышындағы дөңгелек башнялардың диаметрі 1, 85х1,88 м болатынын, ондағы бөлмелердің бір-бірінен пәлендей айырмашылықтары жоқ, шамамен 3,75х2,90 немесе 3,9x2,98 м болғанын жазған еді. (Сов. Археология. 1. 1982. 171-172 бет).

Ал, белгілі ғалым С.П.Толстовтың бұл жерге табаны тиіп, тастарын аударыстырып, шұқшия қарағанына да қазір елу жылдан асты. Одан бері де бұл жерде талай өзгерістер болды. Қазір де бөлмелердің жобасы сақталған. іші таудың үлкендеу қылып кескен төртбұрышты тастарымен өрілген. Сарайдың артында тағы бір үйдің құландысы бар. Маңайындағы мал сүйектеріне қарап, тамақ дайындайтын орын деп шамалауға болады. Құланды үстімен жүре отырып оның көлемі шамамен 40х40 м болады-ау деп белгіледік. Тұрлан ініміздің сызған жобасы мен Манылов пен Юсупов сызған кесінді схемалардың өте ұқсастығы Қарақалпақ жеріндегі Үшқұдық, Қосбұлақ, Белеулі сарайларының кейбіреулеріндегі бөлме санының артықтығы ия кеңдігі болмаса, олардың жалпы жобасының бірдей екенін дәлелдейді. Мұның өзі бұл керуен сарайларының бір кезеңде салынғанынан хабар бергендей. Кезінде қазақ ғалымы М.Меңдіқұлов та осы пікірді айтқан еді. Ал, Манылов пен Юсупов болса осы жолдардың бойындағы керуен сарайларынан табылған жәдігерлерге (монеталарға) және Хорезм, Алтын Орда заманына дәл келетін мәдени заттарға қарап отырып, бұларды X-XI ғасырға жатқызған С.П.Толстов пікірімен келіспей, керуен сарайлары XIY ғасырдың екінші жартысына жатады деген өз пікірлерін алға тартады. Сондықтан олар Белеулідегі керуен сарайын салған Армения болмаса Азербайжан шеберлері болуы мүмкін деген Г.А.Пугаченковамен келіспей, олардың салынуына Хорезм шеберлері ат салысқан деген өз ойларын айтады. Қос құдықтағы керуен сарайының осы жол бойындағы басқа керуен сарайларымен ұқсастығы Манылов пен Юсупов пікірлерінің салмағын арттыра түскендей.

Бізді толғантып жүрген бір нәрсе, ол Ақпанның үйігі қасындағы Белбеулі (Белдеулі) мен Қос Құдық арасындағы қашықтықта тағы қандай сарайлар болды.

Бір кездегі жыртылып-айрылып жататын мал, ызғындай елден қазір бұл жерден емге де ешкімді таба алмайсың. Осыған байланысты жолда кездескен, картада көрсетілмеген немесе қате атау берілген кейбір әулие, құдықтар жайында нақты деректер алудың қиындықтары да кездесті. Қосқұдықтан Белдеуліге, Тұрышқа дейінгі ортада тағы да қандай керуен сарайлары болды. Бұл екі ара шамамен сексен шақырымдай жер. Ал керуеннің белгілі бір жерлерде бел босатып, азық-түлік, сумен өзін қамтамасыз етіп алатыны белгілі. Тіпті осы Белдеуліні (немесе Белбеуліні) бұрын өткен саяхатшылардың неге біреуі ауызға алып, еңбектерінде жазбаған. Осыған орай оның бұрынғы(негізгі) атауы басқа емес пе екен деп те ойлайсың. Толстов та, Манылов пен Юсупов та, Маңғыстау жерінен өтіп, осы жердің табиғатына сыралғы болған басқа саяхатшылар да құдық пен құдық арасының 25 шақырымнан кем болмайтынын, сол аралықта керуен тоқтайтын бекеттердің болғанын талай жазған. Ендеше Қосқұдық пен Белдеулі арасындағы жол қалай өтті және сол Белдеулі кезінде қалай аталды. Осы екі ара арқылы өткен керуен жолының соқпағы, керуен сарайларының орны қайда. Бұл әлі де іздестіруді қажет ететін, талай сапардың мақсаты болатыны белгілі.

Күздің қысқа күні де еңкейіп барады. Терістіктен соққан салқын жел алдыңда жаюлы төсегің, пісулі тамағың жоқтығын есіңе салғандай. Ертең де соғатын межелі жеріміз, сапарымыз болғандықтан күн қызылына бата Есет бұлақтан құлап, алыстан жылтыңдап жарығы көрінген Құркөлге (462-ші разъездіге) қарата бет алдық.

Таң елең-алаңда тағы да жолға шықтық. Оның да өз себебі бар. Біріншіден күннің салқын тартып бара жатқаны болса, екіншіден Бейнеу басынан жалдап алған көлігіміздің уақыттары санаулы. Құркөлден шығып, Төңірекшыңға қарай бет алдық. Жиырма шақты шақырымдай жүргенде кішкене қырқа басынан алыстан көз тартып күмбез там көрінді. Жақындап келеміз. Балшықтан соғылған екен. Уақыт өте келе жаңбырдың суынан, желден желініп төмен шөге бастаған. Бұл Көкетайдың тамы.

Терістікке қарата бес-алты шақырымдай жерде тағы да бір күмбез көрінді. Ол Асалынікі.

Көп нәрсені ішіне бүккен, арада өткен жылдар тізбегінде біраз нәрсені өзімен бірге ала кеткен, артына мың құбылған аңыз ғана қалдырған Асалы-Көкетай осы. Сүйгеніне қосыла алмай арманда кеткен, болмаса қатыгез тағдырдың құрбандары болған осындай өлмес махаббат күмбездері түбектің әр бұрышында да кездеседі. Олар туралы аңызды тыңдасаң бірін-бірі шексіз сүйген жүректердің сезімін түсінбеген қаралы қол, алдына келгенді айырып жіктемей-ақ құрдымға жіберген қанды қылыштың іздері сыр шертеді. Бірақ махаббат мәңгілік деген рас екен. Күні бүгінге дейін дөң үстінде азынай соққан желмен бірге қосыла жеткен арманда кеткен жастардың мұңын естігендей боласың, олардың сағыныш жасын көргендей боласың. Тағдырлары әлі тоғыспапты. Екі төбе, екі күмбез. Бірін-бірі әлі күтуде...

Тағдыр Асалыға тарлық етпей бар өнерді үйіп-төгіп бере салыпты. Түн жамыла жылқы күзеткен әнші жігіттің сонау Бозашыдағы сүйгеніне деген сағыныш әні Маңсуалмас шыңдарынан қалықтап естілер еді. Құрықтан қолы босаған сәттерінде ауыл шетіндегі қырық жамау күркеден тықылдай естілген балға даусы шығады. Зергер жігіттің алып ұшқан көңілі қолындағы құс тұмсық жүзікке өнер болып төгіледі. Жан жүйесін үгіп бара жатқан ұлының әнін тыңдап, көлеңкеде ұршық созып отырған шешесінің көзіне мөлтілдеп жас келеді. Жалғызының амандығын тілейді. Соңғы кезеңдері көңілі құрғыр бірдеңені сезгендей өрекпумен жүр. Бүгін Асалы Бозашыға аттанбақ. Бұдан артық шыдай алар емес. Не де болса маңдайынан көреді. Ретін тауып алып қашпақшы. Табалдырықтан аттатса Көкетайдың әкесі мүмкін райынан қайтар. Қаншама мұз болып сірескенмен арғы жағы адам ғой. Ұлы да, қызы да сол Көкетай емес пе. Өткенде кездескенде екеуі соған келіскен.

Бірақ түн жамыла қос атпен қашқан екі мұңлықтың тағдыры осы Төңірекшыңның етегінде таусылды. Сүйгенін алға оздыртып, арттағы қара құрым қуғыншыға қасқая қарсы тұрған Асалы қаумалаған көп дойырдың құрбаны болды. Өмірдегі бар қызығы да, қымбаты да ен даладағы бір шөкім топырақ астында қалғанын білген Көкетай өзіне-өзі пышақ жұмсайды. Асалыдан әудем жерде осылай екінші төмпешік пайда болған еді. Артынан ашуы басылып, ақылына келген әке қос мұңлықтың басына осылай қос күмбез соғыпты. Ел аузындағы аңыздар ауытқымай тура жеткен болса Көкетай Табынға айттырылған Мамыртай руының қызы, ал Асалы Қаратоқа Жеменей аулынан екен.

Халықтың Асалының тамы деп жүрген күмбезін Маңғыстау жеріндегі өзінің архитектуралық құрылысымен талайды тамсандырып жүрген ескерткіштердің алдыңғы жетілігіне жатқызуға болатын сияқты. Хас шебердің қолынан шыққаны бірден көзге ұрады. Біреулер бұл кесенені Райым, Бейнеубай, Өтесін, Өмір сияқты атақты шеберлер салды десе, екіншілері олар басын бастағанмен аяқтаған басқалар дейді. Қалай болғанда да тастан түйін түйіп, балшықтың нәрін сезе білген айтулылардың қолынан шыққан. Ішіне бірнеше адам жерленген. Олардың кім екені белгісіз. Тек төргі қабырғада Адай руы, Тобыш тайпасы, Қожа ауылы Еснияз баласы Мұратбай он үш жасында және қызы Данақыз он алты жасында опат болды. Жазды әкесі Еснияз Жайық оғлы деген арабша жазу ғана бар. Күмбездің іші ою-өрнек, суреттермен безендірілген. Әр бөлікте әр түрлі суреттер. Қылыш, қайшы, домбыра, шоңқайма етік, дулығаның, қазанның, мылтықтар бейнеленген.

Біз бұл күмбездің ішінен Асалыға қатысты деректерді кездестірмедік. Бәлкім ана жатқан белгісіз қабірлердің біреуі ме, ол жағын айыра алмадық. Егер мұнда Асалы жерленген болса, онда руы Қожа Еснияз балалары қалай жатыр деген ой да тығырыққа тірегендей. Ал күмбез ішінде жоқ болса, онда неге Асалының тамы деп аталады деген сұрақ екінші жағынан тағы шығады. Қалай болғанда да Асалы әйтеуір осы жерде. Алғаш оның жамбасы тиген топыраққа кейіннен сыңғырлатып қаншама күмбез салынса да сол бұрынғы атауы күйінде қала беруі де мүмкін ғой. Бізге беймәлім жұмбақ сол жұмбақ күйінде қалып барады. Бәлкім оның шешуін күмбез үстінде шықылықтап шақырып, Төңірекшыңға бет алған біздерді жер бауырлай ұшып шығарып салып келе жатқан кәрі байғыз ғана білетін шығар.

Ендігі бағытымыз жыланша ирелеңдеп шыңға көтерілген жолмен Есенбет әулие жатқан жерге бару. Руы Қараш, оның Әйтімбеті. 1837-1916 жылдар аралығында өмір сүрген. Бүкіл елге көріпкелділігімен, алдын болжай білген ерекше құдіретімен белгілі болған тұлға екен. Басы ауырып, тағдыр тауқыметін көп тартып, жолы болмағандар басын сол кісіге тірейді екен. Қазір өзі жатқан баурайында бала оқытып, елдің көзін ашқан,Тәңірмен тілдескендей пендеге бітпес кереметтігі жөнінде де аңыз әңгіме көп. Соның бірінде оның әулиелігі, Есенбеттің көріпкелдігі, болжампаздығы , жатқан бір кезеңде Табын Сұлтан ахун, Есепберген Абдолла қазірет, Бегей Сейсембай ахундар Балықшы Тұрыш ишанның үйінде бас қосыпты. Әңгіме Есенбетке ауысады. Сонда олар: Алдын ала болжам айту, көріпкелдік тек Аллаға ғана жарасқан. Пенде біткен онымен таласып, бақ жарыстырмас болар. Мұны білмейтіндей Есенбеттің ойы таяз емес еді ғой. Онысы несі. Құдай алдында аяғын жаза баспасын. Бәріміз барып райынан қайтарайық, — дейді. Сөйтіп жолға шығады. Межелеген жері Төңірекшыңға жете алмай қоналқыға кідіреді. Бозторғай шырылымен оянған олардың бәрінің аузынан, — Қой, елге, кейін қайтайық, — деген сөз бірдей шығады. Бір-бірінен себебін сұрамай-ақ ат басын кейін бұрады. Тұрышқа келсе Есенбет алдарында отыр екен дейді. Сонда барып атақты хазірет, ахундар оның әулиелігін мойындапты. Өткен түнде әулие бәрінің де түсіне енген екен дейді.

Сол Есенбеттің жатқан жері осы. Шың баурайындағы шағын алаңқай жерде оның бір кездегі мешіт-медресесінің орны сақталған. Сол жерге жақын мәңгілік тұрағын да тапқан. Шағын ғана қойылымдық. Қараш руының адамдары. Кереге тамдардың көз тоймас ерекше түрі де осы жерде кездеседі. Әрбір қиынды бөліктерінің соншама дәлдікпен жымдасу шеберлігіне таңданасың. Қарап тұрып осыны қазіргі шеберлер қолына берсе қаншама сызба сызып, қағаз толтырар еді деп те ойлайсың. Бетіне салынған ою-өрнектен әрбір кесіндінің ерекше үндестік табуы тастан түйін түйген сұңғыла біліктілікті көрсеткендей. Бір кездегі аталарыңның қолтаңбасынан Иманғали Тасмағанбетов айтқандай "хас шеберлер жасаған ондағы таңғажайып өрнектер, келісімді таңбалар мен кескіндер — мәңгі жалғастығын үзбеген нешеме ұрпақтың көркем ойы мен тарихи жадының іздерін аңғартады". Көзің тоймаса да, көңілің көтеріліп, осал болмаппыз-ау деген мақтаныш сезімі ұялайды. Сол жерде біздің шебер шалдарымыздың осы бір қайталанбас өнер туындылары жөнінде Тұрлан Есқуат ініміздің былай дегені бар еді. "Басқа жерлерде, айталық дұнған, өзбек, ұйғырлардың архитектуралық құрылыстарында адамның көзі алдымен өрнекке түседі. Яғни, олар бірінші кезекте өрнекке жұмыс жасайды. Самарқан, Бұқара, Хиуа сәулет өнерлері осының айғағы. Ал, Маңғыстау ескерткіштерінде көзге бірінші құрылыс нысаны, содан кейін барып өрнек көрінеді. Яғни, өрнек сол нысанға қызмет етеді. Маңғыстау өрнектерінде өте нәзіктік бар, өйткені оған сопылық ілімнің ықпалы тиген. Қарапайым ғана мысал. Айталық адам үстіндегі көк шапан. Оның жиегіне салынған өрнек те сондай, сәл ашықтау көк. Көзің бір түстен екінші түске баяу ауысады. Сондықтан шапанды өрнек күйінде емес, шапан күйінде көреміз,- деп біз әшейінде көп мән бере бермейтін жайды назарымызға ұсынып еді. Айтса айтқандай көзімізге алдымен көрінген үздік туындыны жаныңды тебірентер нәзік өрнек онан сайын асқақтата түседі екен.

Сол күні әулие басындағы мешітке түнеп шықтық. Маңғыстау жерінде сонау ертеден келе жатқан игі дәстүрлердің бірі, кез келген әулиелі жерлердегі түнемелік үйде барлық жағдайдың болатындығы. Төсек орның да, қазан ошағың да дайын. Жағатын отының да, жарық қылар шамыңа дейін екінші келер жолаушыға қызмет етеді. Өзің сияқты сапар үстіндегі адамға жағдай жасап кету енді сенің міндетің болмақ. Түннің біраз уақытына дейін әңгіме тиегі ағытылды. Ортамыздағы жас та болса білігі көп, Ташкент діни университетін бітірген Марат ініміз ислам қағидалары жөніндегі тұшымды әңгімелерімен жанымызды тербеп отырды.

Тағы да таң бозара жолға дайындалдық Алыстан мұнартып Есеттің құлауы көрінеді. Ендігі бағытымыз алдағы Ырғызбай – Қарасай еді. Есенбет әулиеден жиырма бес шақырымдай. Аралары төрт-бес шақырымдай болатын төрт әулие орналасқан. Бұлар картада атағы көрсетілмей тек "могила" деп жазылған. Жолай кездескен, ұзын аяқ малдарын іздеп жүрген жоқшыдан сұрағанымызда әулие аттарын дөп басып айта алмады. Тек өткен сапарымызда келіп кеткен, құлау қаупі бар әулиенің Балшық там деп аталатынын біледі екен. Жері сәл құмдақтылау. Ұйыса өскен еркек, таңғы салқынмен исі бұрқыраған жусан да қалың өскен. Көптен бері малдың тісі тимегені, тұяқ кесті тапталмағаны көзге ұрады. Жалпы осы бір-біріне жақын орналасқан төрт әулиеден, түнде қонып шыққан Есенбеттен байқағанымыз Ырғызбай — Қарасай бойы бір кездері Қараш ағайындардың жайлаған, өсіп-өнген жерлері екен. Көбі Қараш руының Бақатай бөлімінен. Осы жерден Тұрлан ініміз өзінің аталарын тапты. Уақыт үрдісіне шыдап, әлі де міні құрымай тұрған құлпытасты сипалап тұрған Тұрланның ішкі толғанысын айтпай-ақ түсініп тұрмыз. Анау аумалы төкпелі замандарда үдере көшіп, жан сақтау мақсатында түркмен, өзбек жерлерін басып өтіп, жел айдаған қаңбақтай Шымкентке табан тіреген көп қандастарымыздың дәмі сол жақта таусылды. Оларға бір кездері ырыс-дәулет біткен туған жерлеріне барып, аталарының рухына арнап дұға оқу бақыты бұйырмапты. Көкіректеріндегі шоқтай маздаған сағыныш та, ата-бабаларының рухына деген перзенттік борыш та өздерімен бірге кетіпті. Кейбірі өз аманатын да жеткізе алмаған. Кенеттен тағдыр тоғыстырып аталары жатқан қасиетті топырақты басып толғанған ініміздің жайы кім кімге болса да түсінікті еді.

Міне мынау Балшық там. Өткен сапарымызда келіп, салыну ерекшелігіне таңдана кеткен әулиеміз осы. Әттең, құлау қаупінде тұрғаны. Қамқор қолдар болмаса көп ұзамай көз алдымыздан тағы бір асыл туынды үйіндіге айналмақ. Біз осы жолы мұның басына соғып кетуді міндетті санағанбыз. Құлағалы тұрған күмбезін әзір жаңбырдан қорғайтын целофанмен қоршап кеткіміз келді. Алқажан ініміздің бұл ісі қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей ғана еді. Бірақ кез келгеніміз сондай жанашырлық танытып жатсақ кісілігіміз төмендеп те кетпес еді ғой. Мұны оның азаматтығы дейсіз бе, әлде туған топырағының өткеніне жаны сыздап жүретін адал перзенттік борышы дейсіз бе, оны өзіңіз біліңіз. Ал, біздің білетініміз сүріндірер кедергісі көп, қиындығы мол өмірде қолтығыңнан демеп жүрер осындай азаматтарымен ғана тірліктің мәнді екендігі.

Кешке дейін жүріп құлағалы тұрған тастарын орнына әкеліп, құм басқан құлпытастарды аршыған болдық. Бұл жерде мәңгілік тыныштық тапқандар Түркменадай руларынан екен. "Жол үсті өтіп бара жатып қолдан келгені осы болды, риза болың", — деп жүріп кеттік.

Біздің жүрісімізді мәнсіз санады ма, әлде тас бетіндегі жазуға үңіліп, ою-өрнекті "қызықтаған" ісіміз жалықтырды ма, машинаға отыра бергенімізде шопыр жігіт:

Шалы құрғырлар иесіз ен далаға топырлатып мола сала берген екен, — деді күңк етіп.

Оған біз Серікбол Қондыбаев ініміздің "Кез келген тарихи, сәулет не археологиялық ескерткіштердің белгілі бір жерден табылуы ең алдымен сол жерде, сол нысандардың салыну, пайда болу заманындағы тіршілік қуатының қандай деңгейде болғандығын көрсетеді. Ал нысанның салынуы әлдебір мөлшердегі еңбек ресустарын, қаржы, материалдық байлық ресустарын қажет етеді. Осындай ресустармен қамтамасыз етілу үшін адам күші жеткілікті болумен қатар экономикалық жағдай да қолайлы болуы керек. Бұл екі шарттың орындалуы үшін үшінші шарт, климаттық жағдайлардың қолайлы болуы тиіс. Климат ыңғайлы болса, малға қажетті жайылымның өнімділігі мен тұщы су жеткілікті болады, мал көп болса — адам саны да көп, адам көп болса олардан қалар басты далалық нысан молалар да көп болуы тиіс. Әулиелік орындардың пайда болуы негізінен осы уақытқа тұспа-тұс келеді",- дегенін көлденең тарттық. (С.Қондыбай. Есен қазақ. А. Үш қиян. 2002. 15-бет).

Құркөлге келіп жол бойындағы бекетке қонып шықтық. Бүгін сапарымыздың соңғы күні. Кешке дейін Бейнеуге жетуіміз керек. Бірақ кешегі жолымызбен Есеттің құлауына тура тартпай, қанша асығыс болсақ та атақты Мәтжан бидің әкесі жатқан жерге соғуды жөн санап, ат басын солай бұрдық.

Атақты бидің әкесі Құркөлден шамамен отыз шақырымдай жерде. Биік төбе басынан жай тауыпты. Жан жағың алақандағыдай түгел көрінеді. Бітік өскен еркек тізеңді қағып жүргізбейді. Шағын ғана қауым. Басына қойылған белгіге "Құдайберген Бектұрлыұлы Тілеумағанбет. 1809-1852. Тас қойған Медел. Немерелері Дәлубек, Даниялбек, Халима деп жазылыпты. Іргелес жатқан Назар жары Нұрғали зайыбы Нұрбибі болып шықты. Айтушылардың әңгімесіне қарағанда осы жерді Тілеумағанбет өзі таңдаған көрінеді. Ат басын тіреген бір сапарында "Апыр-ай мына жер нағыз адам жататын жер екен", - депті. Құдай аузына салған шығар. Содан үш күннен кейін өмірден өтіп, өз өсиеті бойынша осында жерленген екен. Әкесі өлгенде Мәтжан оң солын әлі толық ажырата қоймаған, оннан жаңа ғана асқан бала көрінеді. Бірақ өмірде көргенін зердесіне тоқыған бала жастайынан-ақ елге өзінің көсемдігімен, халқының жоғын жоқтап, арын арлаған билігімен белгілі болған. Атақты Мая ұлы Бәймембет "жанымды да, жағымды да тындырған Мәтжан еді", - дейді екен. Сөз тыңдаймын, сөздің қадірін ұғынамын деп алқалы жиындарға кетіп бара жатқан талай мықтылардың соңынан еріп боқтық та естіген, тұщы етіне қамшы да тиген кездер аз болмапты. Бірде осындай қарасына еріткісі келмеген көп мықты жол үсті Төлеп Мәмбетнияздың аулына келеді. Аттанып бара жатқанда әлгі Мәмбетнияздың бәйбішесі күміс ердің үстінде шіреніп отырғандарға қарап:

— Мына бала қатарларыңа ерсе кісіліктерің төмендеп, беделдерің төгілмес. Сөз саптауынан байқадым. Бүгін менсінбегенмен, ертең бүкіл Жары аулы осы баланың бетімен тамақ ішесіңдер. Біле білсеңдер, бүгінгі кірген үйлеріңнің төрі де, берілген қонағасының сыбағалы жілігі де осы баланікі болатын, - деген екен. Көпті көрген сұңғыла бәйбіше болайын деп тұрған баланы жазбай таныпты.

Оның әкеден жастай қалғаны туралы мынадай әңгіме бар. Мәтжанның жасы келіп үлкейген шағында баласы болыс болады. Жас болыстың кейбір істеріне көңілі толмаған ағайындар аузы дуалы ғой, Мәтекеңе барып баласының теріс қылықтарын айтайық деп келіседі. Жиналып келіп:

— Уа, Мәтеке, сен еліңнің намысын қорғадың, әлсізге пана болдың. Ал, мына балаң ондай емес. Малымызды босқа шашты,— депті.

Сонда Мәтжан үйіне келіп малын даулап отырғандарға дәмін ұсынып отырып:

— Мен әкеден жастай қалдым. Бірақ әкемнің ағасы Ақшолақ жетімдік көрсетпеді. Малын қай шаруама да шаштым. Кезінде ағайынға да тараттым. Мұның не деп қолымнан қаққан Ақшолақ болмады. Керек болса осы отырған сендердің қай-қайсында да сол Ақшолақтың малының таңбасы бар. Сондықтан сендердің малдарыңды менің балам пайдаланса оны кері қайтар дегендерің ағайыншылыққа жатпас. Орынсыз кетпес, кетірмеспін,- деген екен. Жүйесін тапқан сөзге қарсы дау айта алмағандар ұяттан өртеніп, алдарына келген қонағасыны зорға жұтып аттаныпты.

Тілеумағанбеттен төменіректе Мұңал тайпасы, Жары бөлімі Тілеуқұл оғлы Мұхамедқұлға қойылған құлпытас тұр. Қырық бес жасында опат болыпты. Оған арналған ескерткішті Фарух Құлхат батыр 1865 жылы қойыпты. Астында:

Тасыдық айлап соқырлықты күйімізбен сана қылып,

Тағдыр салған өлімге шүкір қыламыз.

Жүректер оянып осы ұлы мақсатын тапса,

Сонша ғылым жинар еді аджиз пенде, —

деген ұлағатты өсиеті де тұр. Ескі харіптермен бізге түсініксіздеу қылып жазылған осы сөздерді Марат ініміз осылай аударып беріп еді.

Алдымызда созылып жатқан даңғыл жол Қызылжареспе арқылы Күйкеннің тауына бастады. Тарихы мол, көп сырды ішіне бүккен Күйкеннің тауы. Үстіне көтерілген бойда-ақ "кім екенімді біліп ал" дегендей ерте кезде салынған әулиелер. Жазу жоқтың қасы. Таздың, Табынның, Адайдың таңбалары. Кейбірі асығыстау қоршала салған таудың қарадүрсін тастары. Бұлар осы жерден әрі қарата Хиуа асатын жол бойындағы талай-талай оқиғалардың куәсі, бәлкім солардың құрбандығы.

Уақыттың тарлығы-ай. Әйтпесе әр жердегі қауымдықты асықпай аралап, жазуларына үңілсе бәлкім, іздегенімізге кез болар ма едік кім білсін. Естіген құлақта жазық жоқ. Кейбір әңгімелерге қарағанда атақты композитор, күйші Құрманғазының нағашысы Төремұраттың жатқан жерін біреулер осы Күйкеннің үсті қылып айтады. Бұл туралы Светқали ініміздің (Адай Сүйінғараның Таз Төремұратқа там салдырғаны жайлы) хикаясында да, Әбілқайыр Спановтың еңбектерінде де айтылады. Халық аузындағы әңгімелерге зер салсақ сонау Хиуаның ойындағы Қызданайға ғашық болған Төремұрат қасына жиені Құрманғазыны (оның нағашысы Жастабан Таз) ертіп барып, көңілі жарасқасын Қызданайды алып қашады. Алдында беті ашылған Қызданайдың барып отырған жері де Таздың Шарғасы екен. Сонда Шарғаның ақсақалдары жиналып:

— Ана есер тентекке айт, бір рулы ел бір ұрғашыға бола қырылысты дер. Жесірімізді қайтарсын, болмаса қарғап қайт деп бір атақты қарғысшыны жібереді. Бірақ алған бетінен қайта қоятын, қарғысшыдан қорқатын Төремұрат па?! Қолын бір сілтейді.

Сонда әлгі қарғысшы:

— Жеті күнге жетіп желкең қиылсын, — деп қарғапты. Айтылған күні осы Күйкеннің үстіне иек арта бергенде Адай ауылдарын шауып келе жатқан түркмендерге тап болып, солармен болған соғыста топырақ осы жерден бұйырыпты.

Бәлкім шындық, бәлкім ауыздан ауызға құбылып жетіп, артына адастырар соқпақ қалдырған аңыз. Бейнеулік Ж.Нәренбайұлы "Маңғыстау" газетінде (17.Ү11.03.) оның моласын "Қырғын " әулиесінен іздеу керектігін қаперге берген еді. Ал, Ахмет Жұбанов өзінің "Ғасырлар пернесі" атты кітабында Төремұрат Қызданайды алып келгесін біраз уақыттан кейін жесірімізді қайтып алып кетеміз деп түн ортасында қуғыншы жау келіп қалады. Төремұрат пен Нарымбай атсыз қалып, Құрманғазы ғана өз тұлпарына мініп үлгереді. Батырлардың аттары келгенше олардың отауына ешкімді жібермей өзі шайқасады. Жауды қашырып өздері аман қалады. Сол кезде Құрманғазы "Қызданайдың қырғыны " атты күйді шығарып еді дейді. (А.Жұбанов. Ғасырлар пернесі.А.1975.66-67-бет). А.Жұбановтың кітабында Төремұраттың өлімі жайлы ештеңе айтылмайды. Бірақ көп айтылып жүрген әңгіменің төркіні Төремұраттың өлімін әйтеуір осы Үстірт үстіне әкеліп тірейді. Біздің де ой-пікіріміз осы жағына қарата бұрады. Өйткені біріншіден академик осы кітапты жазарда Маңғыстау жеріндегі аңыз әңгімелермен таныс емес болар, екіншіден бізге, жеткен көп әңгіме аңыз болса да бастауын шындықтан алатыны белгілі. Атақты тарихшы Лев Николаевич Гумилевтың "Отсыз түтін шықпайды, ал сол сыбыстың шығуына себеп болған шын мәніндегі оқиға екеніне ешкім күмән-күдік туғызбайды", - дегені бар емес пе еді. Күйкеннің үсті болар, болмаса басқа жері болар, әйтеуір Төремұрат сонау Бесқаладан Үстірт асар ұлы дөңнің бойында жатқаны анық. Светқали ініміздің хикаясындағы Сүйінғара сияқты адуын батырдың екінің бірінің қолынан келмейтін кесек істерге баруы да әбден мүмкін.

Күйкеннің үстінде күні бүгінге дейін міні құрымай сақталып қалған, зерттеуді қажет ететін ескерткіштеріміздің бірі — арандар. Жалпы өлке жерінде көзімізбен көрген осындай арандардың Үстірт қорығына жақын Төбелтұранда, Маңсуалмас тауларында көптеп кездесетіні туралы өткен сапарларымызда айтқан едік. Арандарды зерттеу дегеніміз ол аңшылардың аңды қалай ұстауы, қалай еттің мол қорын жасау жолдарын зерттеу деген сөз емес. Алқажан Еділхан ініміз айтқандай "Табиғатты пайдаланудың осы заманғы ережелерін жасақтау, болуы мүмкін экологиялық апаттардың алдын алу жолдарын іздестіру осы аймақтың палеоэкономикасы мен палеоэкологиясын терең зерттеуді қажет етеді. Өздерін қоршаған ортаны қорғай білу, тұрған жеріндегі экономикалық потенциалды, табиғи қалыптасқан тепе-теңдікті бұзбай пайдаға жарату Маңғыстау аймағының көне тұрғындарына тән болған. Мұның куәсі көне аңшылық құрылыстар. (А.Еділхан, С.Еділханова. "Байлама сырын байыптасақ" Қазақ ордасы. №1-2.2003).

Арал мен Каспий теңізі аралығындағы арандарды зерттеу жұмыстары күні кеше ғана қолға алынды десе де болады. Археологиялық топографиялық экспедициялардың шығуы өткен ғасырдың 60-шы жылдары басталды. 1986 жылы КСРО FA-ның Поволжье-Орал экспедициясы Батыс Үстірттен ескі Бейнеуге жақын жерден арандарды тапқан болатын. Л.Л.Галкин бұл арандарды XI ғасырға жатқызған еді. Ғалым археологтар әр жерден табылған арандарды зерттей келе, олардың өз бастауын тіпті әріден алатынын анықтады. Біздің заманымыздан бұрынғы V-IV мың жылдықтағы ежелгі аңшылардың қоныстары аңдардың миграциялық жолдары бойында кездесетінін облысымыздағы археолог Андрей Астафьев та жоққа шығармайды.

Әрине ол заманнан күні бүгінге жеткен арандар жоқ. Бірақта орта ғасырларда жасалып, жақсы сақталған арандарды XVIII-XIX ғасырларда адайлар, табындар мен қарақалпақтар қайтадан өз тірліктеріне пайдаланды,- дейді В.Н.Ягодин. (В.Н.Ягодин. Стреловидные планировки Устюрта. Ташкент.1991.). XIX ғасырдың бірінші жартысында өлке жеріне келіп зерттеу жұмыстарын жүргізген Э.Эверсман мен Г.С.Карелиннің еңбектеріндегі Маңғыстау аңшылары туралы жазып кеткендері В.Н.Ягодиннің пікірлерінің дұрыс екеніне көзімізді жеткізеді.

Аңшылар аңдарды аранға қамау үшін әр түрлі тәсілдер қолданған. Маралдың лағының немесе енесінің даусын аудармай салып, соңына ертетін болған. Вайнштейннің айтып кеткен бұл әдісі Маңғыстаулық аңшыларға көз жұмып таң қалатындай таңсық нәрсе емес еді. "Маңғыстау аңшылары түрлі аңдардың даусын айнытпай салу арқылы оған аңдарды еліктетіп алдап шақыру арқылы ұстау әдісін де меңгерген. Мәселен түлкіні алдап шақыру үшін жылқының қылының екі шетін керіп тұрып, оның бойымен қағаз немесе сол тәрізді затты ысқыласа шиқылдаған тышқан даусын шығарады да, тышқан іздеп келген түлкіге тазы қосып ұстаған",— деп жазған еді Үркімбай Қыдыралин ағамыз. (Ү.Қыдыралин. Маңғыстау қазақтарының аң аулау тәсілдері. "Маңғыстау" 26.Ү. 1993).

Әрине ұзындығы 400-500 қадамдай, кейде бір шақырымдай болатын жерлерді тастармен қоршау оңай да шаруа емес. Сонымен қатар оны аң жүретін жерлерге салу сияқты жайы тағы бар. В.Н.Ягодин адай, табын, қарақалпақтардың арасында аран салушы белгілі рулардың болғанын да жазады. (В.Н.Ягодин,Аталған еңбек). Ал Алқажан ініміздің аталған мақаласында өлке жеріндегі арандарда соны салушы адай руларының таңбаларының кездесетінін айтқан болатын.

Арандармен аң аулау тәсілдері Сирия, Иордания, Шығыс Палестина, Сауд Аравиясы сияқты елдерде де кездеседі. Олардың біздің жеріміздегі арандармен салыну ерекшеліктері де, аңды қамау тәсілдері де ұқсас.

Міне, Күйкеннің үстіндегі арандардың бірнеше түрлері осының айғағы. Оны зерттеу қолға алынса өлкеміздегі ежелгі тұрғындардың сол кездегі экономикалық жайы ғана емес, географиялық, этнографиялық жайы да сырын ашар еді. Сонымен қатар қазіргі заманда тек қана қармап қалу жайымен жүрген біздерге, бір кездегі аталарымыздың табиғатты және табиғаттың бергенін сақтау жөніндегі ұлағатын да жеткізіп, кейінгі ұрпақ жөнінде ойлау керектігімізді де есімізге салар еді.

Күйкеннің үстіндегі сарнап жатқан жол төмен құлап Борқұдықтағы әулиеге әкелді.

Бұл өлкеде артына аңыз тастап, шежіре өргізбейтін жер бар ма екен сірә. Кез келген төбе, кез келген қорым өзі туралы сыр шертсе болды тұңғиық тереңіне қалай бойлап, сол оқиға желісіндегі аталарыңның өнеге болар ерлігі жаныңды қалай тербеп отырғанын сезбей де қаласың.

Бұл топырақта қаумалаған қалың жауды көргенде қарақан басының қамын ойлап, бас амандығын ғана ойлайтын ез кездеспепті.

Бұл топырақтан бойындағы бар қайратын қатын мен балаға, болмаса үй белдеуіне сүйкенген қотыр тайлаққа ғана жұмсайтын есер тумапты.

Бұл топырақтан ошақ пен қазан арасын өлшеп, соның буына елтіп отыратын жетесіз жаратылмапты.

Бұл топырақты мекен еткендер арын ту, намысын қару қылыпты. Қажыған сәттерінде, қоңылтақсыған кезеңдерінде жеткізеді. Өз кезегінде Астрахань губернаторы Бөкейдің өтінішін Орынбор әскери губернаторына білгізбей, 1 Павел патшаның қолына жеткізеді. Патша 1801 жылғы 11 наурыздағы шешімімен Самар даласын иемденуге рұқсат береді. (Әнес Сараев. "Исатай мен Махамбет. 1997. 9-10 бет).

Бөкей ханның бұл істі жасырын істеуінде де мән бар еді. Ол уақытта Бөкей хандығы Астрахань губернаторына және Кіші жүзді басқару жөніндегі арнаулы орган - Орынбор шекаралық комиссиясына бағынатын. Осының алдында ғана 1779 жылы орыс өкіметі Астрахань мен Жайық өзенінің теңізге құятын жеріне дейінгі аралықты қорыққа айналдырып алған еді. Әр нәрсеге күдікпен қарап, пайдалы жағын ғана ойлайтын үкімет әлгі Бөкейдің қолтығынан демеп, көмегін көрсетіп жүрген Астрахань полкінің командирі Поповтан:

— Бөкейге жер бергенде ұғатынымыз қайсы? — деп сұрапты. Сонда Попов:

— Біз бөкейге Еділ мен Жайық ортасынан жер берсек Бұхар беттегі көп қазақ осында көшеді. Малдың саны өседі. Оны енді бұған дейін пайдаланып келген хиуалықтар мен бұхарлықтар емес, Россия пайдаланады. Ал халқы губерниядағы басқа да азиялықтар сияқты, сол жабайы күйінде қала береді - депті. (С.З.Зиманов. "Россия и Букеевское ханство. Алматы. 1982. 30-31 бет).

1 Павел патшаның Бөкей сұлтанға берген құжатында оған тиесілі жерлер: солтүстікте Қара, Сары өзендері, оңтүстікте Каспий теңізінің жағалауы деп көрсетілген. Жер көлемі шығыстан батысқа қарай 350 шақырым, терістіктен түскейге дейін 200 шақырым деп белгіленген. Демек алғашқы жылдары бөкейліктердің қонысы шектеулі болған. (Ә. Сараев. Исатай мен Махамбет. 10-бет).

Бірақ Бөкейдің де, оған көмектесіп жүрген орыс мемлекетінің де өздері ғана білетін, өз есептері бар еді. Бөкей өз кезегінде орыстардың көмегін пайдаланып, билігін тек қана Оралдың оң жағы ғана емес, бірте-бірте бүкіл Кіші жүзге жүргізгісі келді. Өйткені Кіші жүздің көптеген рулары ішкі ордаға көшіп келе бастады. Сұлтан Бөкей осы көшіп келушілерден қолдау тапқысы келді. Тіпті 1812 жылы Кіші жүздің ханы Жантөре өлімінен кейін оның қарамағындағы кейбір рулардың Бөкейді өздерінің ханы деп жариялағаны белгілі болды. Осыған орай Орынбор басшылығының алдында күрделі мәселе тұрды. Бірте-бірте беделі өсіп келе жатқан Бөкейдің Оралдың екі жағын билеуі тиімді ме, әлде жоқ па. Бірақ 1812 жылғы Бөкейді арнайы хан деп тану жарлығында, ол тек ішкі Орда билеушісі деп белгіленді. (С.З.Зиманов. Аталған кітабы. 30-31 бет).

Орыс мемлекетінің есебі түзу болып шықты. 1864 жылы Петербургте шыққан "Эпоха" журналы өзінің 11 санында "Внутренняя или Букеевское Киргизская Орда" деген мақала жариялап, онда ішкі Ордаға көшіп келген шаңырақ саны 23 мың 598. Осыларда 58 мың 903 түйе, 229 мың 173 жылқы, 158 мың 792 сиыр, 1 миллионнан астам қой, 131 мың 280 ешкі барын жазыпты. Ал "Сын Отечество" журналы 1830 жылы Бөкейге еріп, Жайықтың Самар бетіне өткен 10 мың 235 шаңырақ туралы дерек берген. Бұхар бетте әр рудың 13 мың шаңырағы ғана қалған екен. Баяғы Поповтың айтқаны келді де қойды. Мұны патша өкіметі де қолдады. Тұтас отырған Кіші жүз сетінеді. Бұл күші әлсіреді, бірікпейді деген сөз. Бұл болашақ Орта Азияны жаулап алудың алғы шарттары орындала бастады деген сөз. Қалмақтардан қалған бос жатқан жерді кергімей бере салғанда 1 Павелдің артында осындай қитұрқы саясат жатыр еді. Ал, ішкі Ордаға келіп, қоныстанған қазақ қылп етіп көрсінші. Астрахань, Орал, Омбы казачествосы мен Орынбор шекара комиссиясы тұрған жоқ па жаланып. Қолы қышып жүрген казак-орысқа ерік берші, тәубаңа көрістіре қойсын. (М.Құлкенов, Р. Отарбаев. "Жәңгір хан. 1992. 4-5 бет.)

1812 жылғы 7 шілдеде Орынбор колониялық әкімшілігінің губернатор Волконский бастаған ақсүйектері Орал қаласына жақын жерде Бөкейді хан көтерді. Бірақ оның хандық дәурені ұзаққа созылмады. Үш жылдан кейін 1815 жылы 21 мамырда қайтыс болады. Әнес Сараев өз еңбегінде Бабашағылда отырғанда шикі судан жұғатын бәсір деген аурудан қайтыс болғанын жазады.

Хан өлгеннен кейін оның жесірі Орынбор губернаторына Бөкейдің тақ мұрагері етіп Жәңгірді қалдырғанын, жасы жетпеуіне байланысты Бөкейдің інісі Сығайдың қызметті қолына алғанын баяндайды (С.З.Зиманов. Аталған кітап. 92- бет). Сығай атақты Дәулеткерей күйшінің әкесі. 1815-23 жылдар аралығында билік жүргізді.

Жәңгір Бөкейдің тірі кезінде Астраханда кіші губернатор Станислав Иванович Андреевскийдің үйінде жатып оқыған.

БЕКЕТ АТА

Дүниедегі исі мұсылман халықтарының жадында мәңгілік сақталып, өмірде адамгершілік пен имандылықтың, парасаттылық пен мейрімділіктің бар екенін дәлелдеп, табалдырығынан аттаған үлкен кішіні де, дос пен дұшпанды да мойындатқан санаулы ғана киелі орындар бар. Күллі жер бетінің үш бұрышында орналасқан Мәдинада-Мұхаммедтің, Түркістанда-Қожа Ахметтің, Маңғыстауда Пір Бекеттің халық жадында ғасырлар бойында нық орнығып, қолтығынан сүйер құдіреті саналып келе жатқанына не заман.

Бекет атамыз жайында бүкіл қазақ жерінде, сонау Орта Азия, Таяу Шығыс халықтарының ортасында күні бүгінге дейін сақталған, ұрпақтан ұрпаққа аңыз боп, жыр боп жеткен әңгімелер қаншама. Қасиетті Пір бабамыз туралы қаншама еңбектер жазылмады, ақындар өшпес рухқа деген не бір жалынды өлеңдерін арнамады дейсің. Әрине кезінде жазба деректер қалмағаннан кейін оның туған жылы, нағашылары жайында екі ұдай пікірлердің туғаны да шындық. Бірақ соңғы зерттеулер, бұлтартпас деректер оларды жүйелеп, нақты тұжырымдарға келтірді.

Бекет ата 1750 жылы қазіргі Атырау облысы, Жылой ауданы Ақмешітте дүниеге келді. Әкесі Жаналыұлы Мырзағұл адайдың Қосқұлақ руына ғана емес, бүкіл елге белгілі, діни сауатты болған адам. Оның баласы Бекетке қол бастаған батырлығы кәрі нағашысы Тама Есет батырдан, көріпкелдігі мен әулиелігі өз нағашысы Назар қожадан дарыған деседі.

Соңғы кезеңдері Бекет атаның сопылығы, оның ағартушылығы, керек десе терең ілімдік ойлары жөнінде көп еңбектеніп, зерттеп жүрген Базарбай Әбдірахманов ініміздің айтуы бойынша Хиуадағы Шерғазы хан медресесін Пақыржан Пір алдында дәріс алып бітірген Бекет 21 жасында елге оралады. Осы оқу орнын атамызбен тұстас сол кездері түркмен халқының атақты ақыны Мақтымқұлұлы Пырағы (1733-1793 ), соңынан Қарақалпақтың дүлділ ақыны Әжнияз Қосыбайұлы (1824-1878) бітірген. Б.Әбдірахманов сопылық ілім, оның көрнекті өкілдері жөнінде көптеген еңбектерді және Бекет ата жер асты мешітінің оң жақ баурайында 1780-1810 жылдар арасында жерленген адамдардың құлпытастарындағы "Бекет сопының шәкірті, "Бекет сопының баласы", — деген жазуларды алға тарта отырып атамызды сопылық ілімді уағыздаушы ұлы тұлғалардың бірі дейді. Сонымен қатар Идрис Шахтың, Суффизм, атты кітабындағы ...ол ілімді терең меңгерген адамның керек десе аспанға құс болып ұша алады, - дегенін келтіріп Бекет атаның аққу болып ұшатыны жайындағы аңыздардың тегіннен тегін айтылмағанын, Бекеттің сопылық деңгейінің жоғары болғанын қаперге береді.

Оғыландыдағы жер асты мешітінің салынуы туралы да көп адам мән бере бермейтін жайларды жазады. Біріншіден, оның ішінде қанша адам отырса да, оқылған дұғаның барлық адамға толық естілуі, яғни акустикалық заңдылықтың сақталуы. Екіншіден, жылдың қай мезгілі болса да мешіт ішіндегі ауаның ылғалдылығының бір қалыпты болуы. Үшіншіден, есік пен түндік ашық тұрса да қума желдің (сквозняк) болмауы. Төртіншіден, мешіт михрабының Мекке бағытымен сәйкес келуі. Міне, мұның өзі Бекеттің архитектуралық білімінің де осал болмағанын көрсетеді.

Базарбай ініміз сонымен қатар Бекет атаның Жем бойындағы, Бейнеудегі, Байшағырдағы, Тобықтыдағы мешіттердің орналасуын адайлардың жыл мезгілдеріне орай көшу жолдарына салынған дейтіндермен келіспейтінін де жазады. Бекет атаның әрбір мешітінің орналасуында заңдылық пен зерттеулердің негізі жатыр дейді.

Ал ғұлама Әбіш ағамыз осы мешіттер жайында"...ол салдырған төрт мешіттің орналасу тәртібі ұлы бабаның геосаяси көрегендігінен хабар бергендей. Ол өліспей беріспейтіндей төрт стратегиялық нүктеге жұрт жаппай бас иетін төрт тауапхана салдырған. Төртеуін де, ескі тарихнамалық деректерге қарағанда, қазіргі қазақ этносын құрайтын баяғы сақ, сармат, массагет, ғұн, кешегі қаңлы, қыпшақ, оғыз замандарынан қалған ежелгі тайпалардың байырғы қоныстарының шешуші шептері болған тарихи жерлерге жайғастырған. Соған байланысты арттағы ұрпағына — Әруағым риза болсын десеңдер, құтханаларыма жау тұяғын жолатпаңдар, — деп өсиет қалдырған. Онысы мен бардағы алла бұйыртқан ата мекеннен айрылып қалмаңдар, — дегені секілді. Ол мешіттердің бәрін де ежелгі керуен жолдарының ең түйінді бунақтарына, біреуін өзен жағасына, біреуін жол айрығына, екеуін ел шебіне орналастырған. Мұнысы - бұдан былай өзің иемденіп отырған ата қонысты ойдағыдай ұқсатып игере алсаң ғана, ие бола алатыныңды меңзегені сияқты, - дейді.

Міне сол Бекет ата тұрақтаған киелі жер, қасиетті топыраққа, оның табаны тиіп, қол таңбасы қалған айрықша өлкеге ең болмаса бір барып, тәу етіп қайтуды өткенін қастерлеп, қадірлей білетіндер міндеті санап жыл сайын сапар шегеді. Қасиетті топыраққа маңдайын тигізіп, бір кездері оның ішкен суынан дәм татып, оның қолтаңбасы қалған тастарды аялай сипап бойындағы ауру-сырқауынан да, пендешілікпен қате басып мойнында жүрген күнәсінен де арылып қайтады.

Құм сағаттай жылжыған уақыт өз дегенін істеп, жылдар тізбегін қаншама ұзартқанмен халық жадында оның аты жаңарып, жаңғыра түсуде. Халық аузында ол туралы сақталған аңыз-әңгімелерден басқа, бір кездері Ата тұтынған киелі заттар да әлі сақтаулы. Ел басынан өткен аумалы-төкпелі замандарда да, қара басын сауғалап, дүниенің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылған кезеңдерде де одан қалған киелі заттарды көзінің қарашығындай сақтай біліпті. Сол Ата тұтынған заттардың ішінде айрықша орын алатыны - Көк Аса. Қазіргі кезде Атаның екі Көк Асасы сақтаулы. Бірі Бесқаладағы Аянбергенұлы Бердіханда, екіншісі Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Жиренқопа ауылындағы Тұрсынғали Латыпұлында. Күні бүгінге дейін жеткен қасиетті Асалар да ел басына келген қиыншылық пен қасіретті бірге көтеріпті. Шаш ал десе бас алатын уақыттарда өзінің тегін жасырған ұрпақтарымен бірге оның да қараңғы қапаста болуына, жүзін жасыруына тура келіпті. Діні мен ділін ұмытып, өткеннің бәрін аяқ асты қылғысы келген талай белсенділер Көк Асаның да артына шырақ алып түсіпті.

Ғасырдың басында Маңғыстау жерін аштық жайлап, балапан басына, тұрымтай тұсына ауған кез екен. Міне, осы тұста Көк Аса сақтаулы үйде болашақта Асаға кім ие болады деген бағытта ағайындар арасында кикілжің әңгіме туады. Дерекшілердің айтуы бойынша, қашан да иман ұялаған қолда болып келген Көк Аса мына пендешілік әңгімеге шыдамай көптің көз алдында зың етіп аспанға ұшыпты да кетіпті.

Аймақтың апшысын қуырған ашаршылық кезеңінде Бекет атаның ұрпақтары да ата мекені Маңғыстаудан ауып, Бесқала жаққа қоныс аударады. Өлмес қамын істеп әр түрлі кәсіп жасайды.

Бір күні Самалықұлы Жантұрған аң қағып жүргенде алдынан алтайы қызыл түлкі қаша жөнеледі. Жәкең атқа қамшы басып алға ұмтылады. Сөйткенше болмай түлкі інге кіріп зым-зия ғайып болады. Аттан түсе сала інді қаза бастайды. Енді шамалап бір құлаштай қазғанда кенет... Ата ұрпақтарына таптырмай келген Бекет атаның Көк Асасы шыға келеді. Көктен іздегені жерден табылған Жантұрған Асаны қайтадан төріне іледі. Содан бері ол ұрпақтары қолында сақталып келеді. Аса Бекет атадан үлкен баласы Жайлауға, одан екінші баласы Бәйтеліге, одан оның баласы Құлмамбетке, келесіде оның ұлы Самалыққа, Самалықтың балалары Жантұрғанға, Жортуылға өтеді. Келесі кезекте Жортуыл ұлы Салиға, Салидан оның ұлы Аянбергенге, Аянбергеннен Бердіханға өтеді. Бабадан қалған мұра күні бүгінге дейін сол Бәйтелі ұрпақтары қолында.

Бекет ата Хиуадан атақты Пақыржан қажыдан дәріс алып келгеннен кейін Ақмешітте ұстаздық қызмет жасап жүргенде, Кетенің Байқошқарынан тарайтын Құлшан мен Аққошқарынан тарайтын Шектібай оқиды. Бізге жеткен деректерде Бекет атаның лақтырған Асасын Шектібай тауып, соған бұйырған екен.

Қазіргі Асаның иесі Тұрсынғали Латыпұлының айтуы бойынша, Аса Шектібайдан Атамбоз батырға, одан Бәйгелдіге, одан Нәкешке, одан әкесі туыстас Ғабдысаттарға, одан Латыпқа, одан соң өзіне ауысқан. Ғабдысаттар атамыз кеңестік саясат ызғарынан қорқып, үй салғанда Көк Асаны жардың арасына қалап жіберіп 1960 жылдың басына дейін жасырып ұстаған. Тек 1963 жылы Латыптың қолына көшкеннен кейін ғана халыққа көрсетілген.

Халқымыздың қастерлейтін асыл қасиеттерінің бірі - кәрі шаңыраққа деген құрмет. Өйткені осы кәрі шаңырақ астында талай-талай қуанышты сәттер де, мұңға толы кезеңдер де өтіп, батагөй ақсақалдың ақ тілегін ағайын, тума осы шаңырақ астында қабылдайтын. Жаулығы жер сызған талай кемпірдің табалдырыққа сәлем етіп кіріп, босағасын сүйіп, кемсеңдеп көзіне жас алғанын көре қалмадық па.

Ал ұлы Бекеттің кәрі шаңырағының бүгінгі иесі кім? Ол - Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай қаласында тұратын Көбен ағамыз Атадан қалған кәрі шаңырақтың бүгінгі иесі. Ата өмірден өткен дәуірден бері қаншама уақыт өтті, қаншама ұрпақ ауысты. Солай бола тұрса да Көбен ағамыз бір кездері қасиетті Бекеттің де еңкейіп өтіп, қол табы қалған маңдайшаны әлі күнге дейін сақтауда. Бәлкім бұл маңдайша Бекет атаға дейін де қаншама ұрпаққа қызмет етіп, құт дарыған босағаны ұстап тұрғанын кім білсін. Әйтеуір, ғасырлар бойы сақталып келе жатқан қасиетті маңдайшаны ұрпақтары бір-біріне аманат етумен келе жатыр. Маңдайша Атамыздан бері қарай былай жалғасыпты. Бекет ата – Тоғай – Құлнияз - Сарымолда – Алданияз – Ораз - Аралбай-Көбен.

"Ат тұяғын тай басар" дегендей, Көбен ағамыз өзінен қалған төрт тұяқтың ішінде Пернебек атты кенжесіне қасиетті маңдайшаны табыс етуді өзіне парыз санайды. Ағамызбен екі ортадағы байланыс нәтижесінде маңдайшаның суреті қазір облыстық тарихи-өлкетану мұражайының Атаға арналған көрмесінде лайықты орнын тапты.

Атадан қалған асыл мұралардың бірі, ауыз толтырып айтуға болатыны ол біздің мұражайда сақталған шапашоттар. Бекет атаның 250 жылдығына орай жүргізілген, мешітті қалпына келтіру жұмыстары кезінде табылған шапашоттарды сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нұрнияз Мұқанов мұражайға әкеліп тапсырған еді. Бір-бірінен кішірек болып келетін бес шапашот. Бекеттің өзі қызмет жасап жатқандарға дем беріп "Әуп, әуп" — деп отырғанда пайдаланған шапашоттар осы шығар. Бәлкім, осы шапашотта атақты Байсалдың қолтаңбасы қалды ма, кім білген?

Бізге белгілісі бізден әріде ешкімнің де мешітте қайта өңдеу жұмыстарын жүргізбегені. Сондықтанда бұл шапашоттар Бекет атадан қалған жәдігер деп нық сеніммен айта аламыз.

Міне, әзірге біз білетін Атадан қалған мұрағаттар — осы. Әулиені қастерлеп өткен адамдарда немесе ұрпақтары қолында бұдан басқа да Ата тұтынған заттар болуы әбден мүмкін. Өйткені Атаның 250 жылдық асында бір ағайындар маған келіп Түркменстанда оның ұстаған құраны бар деген әңгіменің шетін шығарған. Өкінішке орай нақты мекен-жайын басып айта алмады. Пір атамыздың жан-жақты парасат иесі екендігін келер ұрпаққа таныту, ұғындыру жұмыстары дүрілдеп өткен сол аспен аяқталмаса керек. Ата жөнінде талмай еңбектеніп, бірнеше кітаптары жарыққа шыққан Ислам Мырзабекұлы, Рахат Қосбармақұлы, белгілі ақын-жазушылардың еңбектері де барша жұртшылық назарынан тыс қалмағаны абзал. Өйткені қашан да, қай уақытта да дем беретін, қолдау көрсететін Бекет ата.

Басыңа келдім жатайыншы деп жасыл от,

Төбемнен менің тірліктің дәнін тасып өт.

Жұртыңды жебеп, халқыңды демеп жатырсың,

Үш ғасыр бойы үш жүз алпыстың басы боп.

Басыңа келдім, енді арман қандай бар еді,

Әдемі екен ғой әулиелердің әлемі.

Күнде ұясына керемет болып өзгеше,

Әдемі болып батып барады, әдемі:

Ернекте сен боп ер мүсін тастар кем қиды,

Ел-жұрты жайлы ойларға кетіп әр қилы.

Жалау боп жанға жағылар шырақ керексе,

Оғыланды жақтан от болып келіп шарпиды.

Сан ғасыр бойы халқына берген керегін,

Coл жатқан сенің сындарлы сеңгір Терегің:

Құс жолы жақтан қабыл aлсa егер тілекті:

"Құдіретіңе қылаң түспесін дер едім" –

деп өмірден ерте кеткен дарында ақын Қыдырбай Тұрмағанбетұлы айтқандай оның аты, оның құдіреті — осы жер тұрғындарының сонау тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралықта қастерлеп өткен атауы, табынып келген пірі, аузына бірінші түсер сөзі, қайта оралмас мәңгілік сапарға бет бұрғанда да демеуші болар рухы. Алдымызға үмітпен қарап, келешекке басар қадамымыз алдында да аузымызға түсер жалғыз сөз ол — "Жар бола гөр, Пір Бекет".

ҚАРАМАН АТА

Ықылым замандардан күні бүгінге дейін жер басып жүрген адамдардың тәу етіп табына келетін, жанына жәрдем сұрайтын, пендешілікпен қағыс басқан қадамына кешірім сұрайтын жері ол әулие. Оның алдына келгенде үлкен мен кіші тең, әшейіндегі астамсып сөйлеп өзгелерге биіктен қарауға әуес шалқақ бастар да төменшік. Сондықтан да болар, бар мен жоқтың да, қызыл етікті мен жалаң аяқтының да қатар отырып, бір сәт болса да өздерін тең сезініп, бір-біріне мейірлене көз тігетіні де осы жер. Өйткені әулиенің пенде біткенге шапағаты ортақ, мейірімі бірдей. Ал, асылық айтқанды бұлтартпай бұғаулап, бір сәтте болса айналасына адамша көз жіберуге мәжбүр ету де соның қолында. Бәлкім, содан да болар, талай-талай аумалы-төкпелі заман өтсе де, тіліңді қайырып, дініңнен бездірер не бір сұрқия күндерде де халықтың жүрек түкпіріндегі осы бір Ұлы Құдіретке деген сезімі бәрібір жоғалмапты, күл астындағы қып-қызыл шоқтай маздап жатыпты. Оны кез келген адамға, әсіресе Маңғыстаулықтарға дәлелдеп, айтып жатудың қажеті де шамалы. Өйткені анау көк шулан теңіздің жағасынан Үстіртке дейін созылып жатқан Қаратау мен Ақтау, керіліп жатқан шегі мен шеті жоқ дала мешіт дейсіз бе, әулие дейсіз бе бір-біріне жалғасып кете барады. Олардың көптігінен қасиеттері сұйылмапты, қайта асқақтай түсіпті. Әрқайсысының өз орны, өз дара қасиеті күні бүгінге дейін халық жадында сақталумен келе жатыр. Бұлар жер басып жүргендерге айтар аманаты, кейінгілерге қалдырар өсиеті мол киелі мекендер. Сол киелі мекеннің бірі Қараман-ата. Оның Маңғыстауға келгені туралы арғы-бергі деректерді төңкерістіріп жылдар тізбегін желіше созбай, тоқ етерін айтар болсақ, ол мұсылманшылық, ислам деген қасиетті ілімді осы өлкеге әкелуші. Имандылықтың, адалдықтың, тазалықтың нәрін таратушы.

Аңыздарға қарағанда Шопан-атаның баласы Исан-атадан туған Қараман-ата атасына қай жағынан да ұқсайтын құдірет иесі болған. Сол Қараман-атаның табан тіреп, алғашқы білім нәрін таратқан қасиетті орын, қазіргі оның атындағы үлкен қауым тазалық, адалдық анты өткізілетін жер болыпты. Ел мен елдің, ру мен ру арасындағы шешілмей дауға айналып бара жатқан, арты қантөгіске ұласар қиын мәселелерге осы жер тоқтау айтқан, тәубесіне келтірген. Бір-біріне кезенген найза төмен түсіріліп, қазір турап түсер қанды қылыш қынабына салынған. Өсектің өрті сөндірілген, кінәлінің бетіне қара дақ түсіп, ақтың жолы ашылған. Бірақ, бұл жерде біреу жеңдім деп тасымаған, мерейім үстем болды деп шашылмаған. Ұлы Құдіреттің ұлылығына ғана бас иген. Сондықтан да мұның басына келуге, әулиеден әділдік сұрауға кез келгеннің құлқы болмаған, жүрегі дауаламаған. Батагөй ақсақал абдырап төмен қарағанда, аузымен құс тістеген сұңғыла биді ешкім тыңдамай сөзі желге ұшқанда ғана осында келіпті. Ана әулиенің алдындағы шағын қауымда осындайда жолы болмаған, көңілі кір, қолы қаралы адамдар жатыр деседі. Олардың кім екенін де, не күнәсі үшін жатқанын да ешкім білмейді. Әлдеқашан өтіп кеткен уақыт үрдісіне шыдап, күні бүгінге жеткен құлпытастарды мүк пен қына басқан. Бізге жеткені берідегі түркмендер мен адайлар арасындағы анттасу. Ертеректе осы түбекті қатар жайлап, қатар өмір сүрген екі елдің арасындағы суын жылқыға бола басталған дау арты бітпес, түйіні шешілмес мәселеге айналыпты. Оның ақиқатына жеткенше талай-талай қантөгіс болып, талай боздақ ат жалын құшып өмірден өтіпті. Ақыры екі ел Қараман-ата басында анттасуға келісіпті. Ол кездегі үрдіс бойынша анттасуға баратын адам оған өзінің ең қимасын апару керек екен. Түркмендердің талабы бойынша оған Қожаназардың кенже баласы Қошан апарылыпты. Қазылыққа құдіретіне екі ел бірдей бас иіп, мойынсұнған Бекет тағайындалыпты. Тоғыз жасар Қошанды шымқай қара киіндіріп, меңсіз қара атқа мінгізіп апарыпты. Әулие басында Қошанды атқа отырғызып, ерінің басына біз шаншып:

— Уа, Қараман ата, біз айыпты десең - бізді ат, қара айыпты десең қараны ат, — депті.

Сонда қара ат табанда қатыпты, біз анадайға ұшып кетіпті. Мінген аты құлап бара жатқан Қошанды Бекет ата қолтығынан көтеріп алыпты.

— Бекет сен қандастарына тарттың, мұнымен келіспейміз, — деп түрікмендер шу көтеріпті.

— Онда ертең осы уақытта Қаразымның бойындағы Шекіаппар (Шейх-Күбіра) әулиесінде кездесейік, - деп Бекет аққуға айналып көкке көтеріліпті. Көз алдарындағы кереметті көрген түркмендер өздерінің артық кеткен қатесін түсініп, әулие алдында кешірім өтініпті деседі бізге жеткен аңыздар желісі.

Бұл туралы Әбіш ағамыздың мөлдірете жазған көрінісі бәріміздің көз алдымызда.

Осы қасиетті мекеннің күтімсіз қалып, бір кездегі атаның өз қолымен салған жер асты мешітінің ескіріп, бірте-бірте үгіндіге айналып кетуіне жол бермей облыстық реставрация оны шама келгенше қалпына келтірген еді. Әу баста да адамнан құрғамайтын қасиетті жерге тәу етушілер саны бұрынғыдан да көбейе түскен. Облыс орталығына да, басқа елді мекендерге де жақын, әсіресе астында аты жоқ, қалтасының түбі тайыз, Маңғыстаудың сай-саласы бейтаныс алыстан келгендерге бірден-бір тиімдісі де осы жер еді. Сондықтан да күндердің күнінде жан-жақтан ағылар адамдар тасқынына шағын түнемелік аздық етуі де мүмкін еді. Бәлкім кез келгеннің көкейінде жүрген ой да осы шығар. Бәрінен бұрын сонау ерте кезеңнен күні бүгінге мың құбылып жеткен аңыз ғана болмаса, оның нақты құдірет тарихын ешкімнің де жете ұғынып білмеуі болатын. Міне, осы бір олқылықты (мүмкін кезек күттірмейтін ең бастысын) алдымен сезініп, қашанда өткенге зерделей қарайтын осы топырақтың белгілі азаматтары Сабыр Адай, Светқали Нұржан, Ермұқан Медағұлов, Сайын Назарбекұлы, Тұрлан Есқуат жақында облыс әкімінің алдында болып, көптен бері өздерін толғантып жүрген әулие басына салынар болашақ кешеннің жобасымен таныстырды. Бұл өте күрделі, көзіңді қуантып, жаныңды жадыратар сәулетті, көкірегіңе иман ұялатар тәлімді құрылыс болмақ.

Біз Тұрлан ініміздің сызба схемасын тәптіштеп түсіндіріп жатпай-ақ айтар болсақ, бұл үлкен кешенде мешіт те, қонақ үй де, асхана да бар, әжетхана, демалыс орны, автокөлік қоятын арнайы орындар салынған үлкен құрылыс екендігі. Әсіресе, мұнда келген зиярат етуші мешіт ішіндегі Маңғыстаудың әр жеріндегі аса әйгілі әулиелермен онда салынған пішін барельеф арқылы танысатындығы. Олардан шығып ұзындығы 300 метрдей жер асты жолдарымен бір кездегі Атаның өзі салған мешітке келесіз. Алдындағы көптеген тағылымдық көріністер мен бойыңа шым-шымдап тарап, нәр беретін қасиетті Құран мақамы Ата мешітіне жеткенше жаныңды тербеп, ойға жетелейді. ...Пендеге берілген қамшының сабындай келте ғұмыр... Адам деген қасиетті ұғым... Бір-біріне деген қамқорлық... Қате басқан, артық кеткен істеріне деген өкініш... Сүрінгенді қолтығынан сүйер кісілік... тазалық... имандылық... өз дініңе, діліңе деген шынайы сезім...

Міне, сіз Ата салған мешітке осындай ойлар жетегінде келесіз. Бойыңыз жеңілдеп, әлдебір құдіреттің көмегімен мына өмірге деген көзқарасыңыз да өзгергендей.

Мүмкін Ұлы Қасиет иесінің одан басқа да айтары, санаңа құяр ойлары бар шығар. Оны кезінде әр пенде маңдайына жазылғанынан көрер. Әзірге сәулетші ініміздің сызба схемасынан сезінгеніміз осындай.

Мен осы інімізбен дәмдес, сапарлас қылған тағдырыма ризашылығымды білдіре отырып түйгенім, оның Маңғыстаудың қайталанбас ескерткіштеріне деген сүйіспеншілігі, жоғары білігі. Архитектура саласындағы дүние жүзі мойындаған "Адай стилі" деген ұғымды "жаңашылдық енгіземіз, әр шебердің өзіндік қолтаңбасын қалдырамыз" деп қойыртпаққа айналдырып бара жатқан жасанды "стильдерге" деген өкініші, жанының сыздауы. Бәлкім түн ұйқысын төрт бөлген перзенттік борышы. Меніңше осы олқылықтарды салынар жаңа кешен түзейтін сияқты. Маңғыстаудың таңдай қақтырар өнер туындылары осы жерде тоғысатын секілді. Басқаны былай қойғанда жолыңыз түсіп осы әулиенің үстінен ұшақ арқылы көктей өтіп көріңізші. Бір кездегі осы бір ұлан даланы жат жұрттықтардан тістелей қорғап ұрпағына аман жеткізген адайлардың таңбасы мен мұндалап көзге ұрады.

Міне, осы жобаға облыс әкімі қуана қосылып, қолдайтынын білдірген. Қолынан келер көмегін аямайтынын айтқан. Халық қаласа хан түйесін сояды. Облыс басшысының аузынан шыққан жылы сөз бетімізге кетпей, бірігіп қимылдау керек екенін білдіреді. Қадыр ақын айтқандай "ұлт болып ұйып келе жатқанда, сан рет сүт кезімізде төгіліппіз". Иншалла, осы бірлік баянды болғай. Көп нәрсені онсыз да жоғалттық қой. Темірхан Медетбектің "иті сарып көріме, уын сеуіп көгіме, қол салып тұр жеріме, босағада жүргендер, шығып алып төріме" деп ашына айтқаны бар-ды. Аға ұлттың озығын қабылдаймыз, дамыған елдің өркениетін бойымызға сіңіреміз деп, кез келгенді төрге оздырып, аузынан шыққанға "жәрәкімаллалап" бас шұлғи бергенімізден көрген қайырымыз қайсы. Өзгенің қыспағынан сірә құтылдық. Қанша қиын болса да әулиемізді қастерлеп, табынып өткен халық едік. Қасиетті Бекет атаның асында өзге қызығып, тәлім алатындай, елдігімізді асқақтата өткізгенбіз. Ендеше, бұл жұмыста бәрімізден уыздай бірлікті, өткенге деген құрметті, болашаққа деген сенімді керек ететіні даусыз. Ел елдігін білдірсе, білікті азаматтар жол бастаса алынбайтын қамал бар ма. Қайырлы іс болғай, ағайын.

МАСАТ АТА

Ұзақ сапардан арып-ашып келе жатқан жолаушы да, жол үсті өтіп бара жатқандар да әулие қасына келгенде атын доғарып, өлілерге бағыштап құранын оқиды. Қайда жүрсе де қолтығынан демеп жүрген құдіреттілігіне басын иеді. Алдағы татар несібесіне, көрер қызығына көмегін сұрайды. Өзінің күні бүгінге дейін жер басып, дәмі таусылмай ел қатарлы тірлік керуеніне ілесіп жүргеніне бірден-бір себепші әуелі құдай, одан кейін осы әулиелер екеніне иманыңдай сеніп аттанады. Өйткені, алдындағы әулие туралы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан аңыз да, көр соқыр болмасаң көз алдыңдағы көрініс те, оның тегін еместігін, қарапайым жан еместігін, адам баласының ойы жетпес, қиялы шарықтамас керемет тылсым күш тек осы құдіреттің қолынан ғана келетінін дәлелдегендей сайрап жатыр. Ана көк шақа тастардағы іздердің солай жатқанына да бірнеше ғасырдың жүзі өтіпті. Ел басынан талай-талай оқиға өтті, бірін бірі қуалап талай жылдардың суы ақты. Бәлкім, сол іздердің үстімен қолы қаралы басқыншының да, ел қорғаған батырдың да алмас тұяқ тұлпарлары әрлі-берлі талай өткен шығар. Бірақ сонда да міні құрымаған сол қалпы, өзгермеген. Әулие кеше ғана жүріп өткендей, кеше ғана мына адамдардың ынсапсыздығына, екіжүзділігіне, опасыздығына, қаралы қолына налып, ұяттан өртеніп, шыдай алмай көкке ұшып кеткендей. Көз алдыңда көк тастағы із, өтіп кеткен жылдар қатпарларынан жеткен аңыз...

Бізге жеткен аңыз оның сонау есте қалмас ықылым замандарда елін жаудан қорғап, арпалысып өткен ер екенін жеткізеді. Әрине, ол туралы нақты мына жылдары өмір сүрген деп айта алмаймыз. Аңыздың аты аңыз. Дегенменде сол аңыздың өзі бастауын шыңдықтан алатыны және даусыз. Заман өте келе талай-талай өзгерістерге ұшырап, мың құбылып жететіні тағы ақиқат. Дегенмен де қолда бар деректерге жүгініп қарайтын болсақ, облыстық мұражай қорында 1873 жылы Тбилиси қаласында жарық көрген "Маңғыстау жерінде өмір сүріп, қайтыс болған Ханафия сектасының қасиетті адамдары" атты пышақтың қырындай ғана кітапша бар. Қазақтың басқа аймақтарына қарағанда оқшау жатқан Маңғыстау жері талай әкімшілік орталықты басынан кешірді. 1861 жылы құрылған Маңғыстау приставтығы алғашында Орал облысына бағындырылса, 1870 жылы 20 ақпанда оны Орынбор генерал-губернаторлығынан алып, Кавказ мирасқорлар әкіміне беріп Тифлиске бағындырылған еді. Міне, бұл кітаптың теңіздің арғы бетіндегі Қап тауындағы Тифлисте шығуында осындай гәп болса керек. Әрине бұл кітапты да нақты дерек көзі деуге келмес. Бірақ қалай болғанда да сол кезеңдердің адамдарының аузынан жазылып алынғанын ескерсек, күні бүгінде бізге жеткен аңыздың шындыққа бір табанда болса жақын уақыттары екені даусыз. Осы кітапта Масат атаның Хорасаннан, Мешхед қаласынан келгенін жазады. Түбек жерінде ислам дінінің орнығуына атсалысқан белгілі тұлға, елін жаудан қорғаған батыр болыпты. Алдыртпайтын, атса оқ өтпейтін, шапса қылышы майырылып қалатын осы бір ерекше жаратылған тұлғаның қайтіп көзін құртуға болады деп жауларының басы даң болыпты. Ақыры аңдушы алмай қоя ма. Масаттың жас әйелімен көңілі тату болған жансыз одан Масаттың таң намазында ғана бойының балқып, бәрін ұмытатынын білді. Өйткені әулиенің ол кезде бар ойы да, ниеті де тек жаратқанға ғана бағытталатын болса керек. Қазіргі әулиеге көтерілер қырқаның етегінде тастан үңгіп салынған кішкене ғана жер асты мешіті бар. Дүниенің бәрін ұмытып, қасиетті құранға бойы балқи берген Масатты жауы артынан жасырынып келіп басын шауыпты. О, тоба-ай, алмас қылыш қиып түскен бас домалап кеудесіне құлай бергенде қолымен тас қылып ұстаған кеуде мешіт ішінен далаға атып шықты. Бір сәтте кідіруге болмайтынын білген дене қаны шапшып, жадында жатталып қалған, қыраттың бойын жағалай жүгіре жөнелді. Әшейіндегі алып адамның әрбір басқан қадамы да ұзара түскендей. Мына дүниенің жалғандығына, пенде біткеннің бір сәттік қызық үшін алдана салған опасыздығына өкінген құдірет, бұл жерге денесінің бір мүшесін де тастағысы келмеді. Сонау көкке, өзінің күн сайын тілдесіп тұрған жаратқанына жеткісі келгендей ұшып барады. Адамның қолымен жасалған осы бір кешірілмес қиянатқа қара тас та қып-қызыл болып, ұяттан өртеніп, балқи бастады. Кенет ауыл алдында жайылып жүрген әулиенің жақсы көретін құлынды биесі бір нәрсені сезгендей арқырай кісінеп Масаттың артынан тура шапты.

....Арда құлынын артынан ерткен төбелді,
Жануар шіркін, тор бие,
Бассыз қалған иесіне қарай сол кезде,

Арқырай шаба жөнелді.

Бірақ, қарайлаған әулие болмады. Қырқаның шетіне жете бере сағымға айналып, көзден көрінбей кетті. Бірте-бірте суыған тастың бетінде аяғын әр жерден басқан Масаттың ізі, бүгінге жеткен аңызы ғана қалды.

....Балқыған тастың бетіне

Шапағын төкті таң, міне.

Адам мен анау құлынды бие іздері,

Ойылып түсіп сол тасқа,

Қатып қалды сосын мәңгіге...

Қан құйлы жаудың қолынан осылай қаза тапса да, халық жадында сақталған Масаттың құдіреттілігіне толғанған Оңайгүл Тұржанова қарындасымыз осылай жыр төгіпті. Күні бүгінге дейін естігенді таңырқатып, көргенді табындырып, таяз ойлы біреулерді тәубесіне келтірген айтулы әулиенің бірі осы. Көз алдыңдағы көріністер осы топырақтың тау-тасының да сыр шертіп, шежіре ақтарар құдіреттілігін көрсеткендей.

СҰЛТАН ЕПЕ

Таушықтан Форт-Шевченко қаласына бара жатқан ескі грейдер жолының бойында Сұлтан епе әулиесі бар. Шақпақ ата әулиесінен шамамен 30 шақырымдай жер. Бұл өзі Маңғыстау жерінің бойындағы табиғаты әсем, көрген адамды өзіне еріксіз тартатын жер. Әулие жоғарыда тегіс жерде орналасқан. Одан 50-60 қадамдай шың жиегінде көк шақа тастарды ойып қазған шыңырау. Күні бүгінге дейін әулиеге келіп зиярат етушілерге өзінің сарқылмас балдай суын ұсынып, қызмет етумен келе жатыр. Келген, кеткен адамдар оның әйкелінің қасында отырып, әңгіме шертуге әуес. Жан жағың таңдайыңа бассаң езіліп жүре беретін тұт ағаштары. Ал осы құдықтың іргесі тіп-тік құлама жар. Төменде әнге салып ұйыса өскен қалың ағаш. Шілденің қандай аптап күндерінде де бұл жер жаныңа жайлы, қоңырсалқын. Өйткені қалың ағаш қуалай өскен кең аңғар арғы жағында теңізге жалғасқан.

Таудың қара дүрсін тастарымен қоршалған әулиеден 60-70 қадамдай күншығыста жер асты мешіті бар. Өлкемізде сақталған басқа жер асты мешіттеріндей оның ішіне кіріп көру, аралау қазіргі уақыттарда қиындық келтіреді. Өйткені оған кірер жерлері де, ішіндегі кейбір бөлмелердегі тіреу тастары да уақыт үрдісіне шыдамай құлаған. Бірақ тарихи ескерткіштерді қайта қалпына келтіру мекемесінің алдағы жоспарлы жұмыстарында осы Сұлтан епе жер асты мешіті тұр. Ол жерге зерттеу жұмыстарын жүргізген біздің археологтарымыз оның салынуын әріге апарады. Бұл ғимарат өлке жеріне ислам дінінің әлі орнықпаған кезеңдерінде салынған болуы мүмкін, артынан мұсылмандар оны өздеріне мешіт есебінде пайдаланған болуы керек деген ойларын да жасырмайды. Қайта қалпына келтіріліп, нақты ғылыми тұжырымдар жасалса, өлке жерінің сонау ерте кезеңде тасқа жазылған тағы бір парақтары өз жөнінен сыр шертері даусыз.

Әрине әулие басына келген зиярат етуші осынау жым-жырт тыныштық басқан қасиетті жерді аралай жүріп, шама келсе оның өткеніне үңілгісі келеді. Қандай тұлға екенін білгісі келеді. Бірақ өкінішке орай ауыз толтырып айтатын, қолға ұстай қоятындай нақты деректердің жоқтығы да рас.

Облыстық мұражай қорында 1873 жылы Тбилиси қаласынан шыққан "Маңғыстау жерінде өмір сүріп, қайтыс болған Ханафия сектасының қасиетті адамдары" атты кішкене ғана кітапша бар. Міне осы кітапшада біз әңгіме қылғалы отырған Сұлтан ене жайында қысқаша ғана деректер айтылады.

Қожа Ахмет Иассауидің шәкірттерінің ішінде әулиенің көзіне ерекше түскені Сүлеймен еді. Оның болашағынан көп үміт күткен ұстазы Қожа Ахмет оған Хакім ата деген ат беріпті. Оқуы аяқталғасын Қожа Ахмет оны Хиуаға жұмсайды.

— Саған сол елге тұруды жазған. Білім тарат. Сол жақта үйленесің, балаларың болады,-деп батасын беріпті.

Ұстазынан ақыл кеңес алған Хакім ата (Сүлеймен) бірнеше күн жүріп Хиуа (Арал) теңізінің жағасына келеді. Сол жерде оның мініп келе жатқан түйесі шөгіп, орнынан тұрмай бақырып жата беріпті. Артынан сол жер Бақырған аталады. Міне осы жерге келіп орныққан Сүлеймен Бақырғани-Хакім ата Бурахан деген әулетті адамның Әнбар атты қызына үйленеді. Одан Мұхаммед-Қожа, Әскер-Қожа және Құбби деген үш балалы болады. Мұсылман ілімін таратады. Сол Құббиді қазақтар Сұлтан епе деп атап кеткен.

Mінe сол Сұлтан епе (Құбби) есейгесін Маңғыстауға келіп тұрақтайды. Осы жерде ел қадірлеген қасиетті адамдардың біріне айналыпты. Екі ағасы Мұхаммед-Қожа мен Әскер-Қожа артынан келіп, оларда Маңғыстауда тұрақтап қалыпты.

Әр жерде жарияланып жүрген мақалалар сол Сұлтан епенің қай заманда өмір сүргенінен шым-шымдап хабар бергендей.

Ташкент қаласының мұрағатында "Туркестанские ведомости" газетінің 1900 жылғы №97 санында көне 1904 жылғы №37 санында Әубәкір Диваев Айша бибі туралы деректер беріпті. Онда ғалым Түркістан қаласының оңтүстік жағындағы 20 шақырымдай жердегі XII ғасырда салынған Айша бибі мазары жөнінде айта келіп, оның әке-шешелері туралы да жазыпты. Айша бибінің әкесі Сүлеймен Бақырғани, яғни Хакім ата, шешесі Әнбар бибі. Сүлеймен Бақырғани Қожа Ахмет Иассауидің атақты шәкірттерінің бірі болған. XII ғасыр поэзиясын дамытуға өзіндік үлес қосқан, ортағасырлық жазба әдебиетінің санаулы өкілдерінің бірі. Оның жазған "Ақырзаман", Иса пайғамбардың анасы туралы "Бибі Мариям" дастаны 1848, 1898 жылдары Қазан қаласында жарияланған.

Сүлеймен Бақырғани, яғни Хакім ата өлгеннен кейін оның әйелі Әнбар бибіге шәкірті Зеңгі баба үйленеді. Сүлеймен өмірден өтер алдында үйіне кіріп шығып жүрген Зеңгі бабаға қарап, зайыбы Әнбар бибіге күліпті дейді аңыз. Сонда Әнбар бибі; "Жылағанды сұрама, күлгенді сұра деген", — депті жұбайына. Сонда көріпкелдігі керемет Сүлеймен; "Мен өлген соң сені осы шәкіртім айттырады. Түсі қара деп тимей жүрме, қадіріңді біледі", — деп уағыз өсиетін айтып, көзін мәңгілікке жұмады. Ол 1186 жылдары өмірден өткен. Ал оның әйелі Әнбарға үйленген Зеңгінің азан шақырып қойған аты —Айқожа, әкесінің аты Түйеқожа екен. Зеңгі деп аталуы арабшадан аударғанда қара түсті негр дегенді білдіреді. Осы Зеңгінің алтыншы атасы қожа Ахметтің ұстазы Арыстан Баб екен. Өзбекстандық зерттеушілер бұл деректерді Пәкстандағы Лахор қаласынан алыпты. Тіпті Өзбекстанның көп томдық энциклопедиясында Зеңгі бабаның өлген жылы 1258 деп жазылыпты. (Бақтияр Әбділдаұлы. "Айша бибі". Ег.Қаз. 29 мамыр. 2002.)

Бақтияр Әбділдаұлы мақаласында Ш.Уәлихановтың еңбегінен үзінді келтірген. Онда Шоқан Уәлиханов өзінің "Қашқар күнделігінде" Айша бибі мен оның ағасы Ерқұбби Сүлеймен Бақырғанидан қалған, ал Әнбар Зеңгі бабаға тұрмысқа шыққаннан кейін тағы бір балалы болады, оның аты Әлиасқар депті". Осы деректерге сүйене отырып Б. Әбділдаұлы Айша бибі ең бері дегенде 1185 жылдары өмірге келген деген пікірінде білдіреді. Ал Сұлтан епенің (Ерқұбби, Құббидің) оның ағасы екенін ескерсек, Айша бибіден кемі бес-он жыл әріде туатыны белгілі жай.

Әрине Әубәкір Диваевтың да, Шоқанның да еңбектерінде Құббидің-Сұлтан епенің екі ағасы Мұхаммед-Қожа мен Әскер-Қожа жөнінде айтылмайды. Дегенменде Тбилиси қаласында 1873 жылы басылып шыққан кітапша осы Маңғыстауды мекендеген шалдардың аузындағы әңгімеден жазылып алынғандығын ескерсек, аңыздың түбі бір кездегі шындықтан бастау алғандығына көзімізді жеткізеді. Яғни, Сұлтан епе XII ғасырдың аяғы мен XIII ғасырдың басында өмір сүрген тұлға. Сонымен қатар, мұсылман дүниесінде белгілі адам болып есептелетін әкесі Сүлеймен Бақырғанидан тәлім алған ол, оны әрі қарата дамытушы, насихаттаушы болғаны да анық. Олар аңыз деректерде айтылатын Қожа Ахметтің Маңғыстауға жіберген 363 мүриттерінің ісін жалғастырушылар, ислам ілімінің ұлы ғұламалары. Зер салып үңіле қарасақ түбек төріндегі әрбір әулие, әрбір қорым осылай өтіп кеткен жылдар желісінен хабар бергендей.

ЕДІЛДІҢ БОЙЫ ЕН ТОҒАЙ, ЕЛ ҚОНДЫРСАМ ДЕП ЕДІМ...

Қазақ халқының басынан талай-талай қасіретті жылдар, бармақ тістеткен өкінішті кезеңдер өтіп, қол бастаған батырын да, сөз бастаған сұңғыласын да қапияда найза ұшына ілдіріп, жадағайдың астына жасырып ұстаған ұры қылышқа туратқан, күні бүгінге дейін "әттең-айлатып" келе жатқан оқиғалар аз болмаған. Бәлкім бір кездегі өкініштің, кешірілмес күнәнің орны толмас орасандығы болар, күні бүгінге дейін ұрпақтары жадында өтіп кеткен жылдар жаңғырығы әлі сақталумен келе жатыр. Өйткені сол кездері жауына қасқая тұрып қарсы сілтенген қылыш, сегіз өрме қамшыдай тиген жерін тіліп түсер өткір сөз, соңына ергенді жігерлендіріп, әлі күнге дейін биіктен естіліп келе жатқан ұран сөз, ұлағаты мол асқақ сөз сол күйінде мәнін де, маңызын да жоймаған. Исатай мен Махамбеттің сол уақыттағы елдің әлеуметтік өміріне араласуы, халық тағдыры үшін өткір қылыш пен алмас сөздің қатар айтылып, қатар жұмсалуы сирек кездесетін құбылыс. Олар кейбір ақыл қашып, сана абдыраған кезеңдерде:

...Кешегі Орақ пенен Мамайдай

Батырлар, шіркін, боларма-ай!

Олардай болып жүруге

Біздерге қуат толарма-ай —

деп өкінсе де алдағы жеңісті үміт үшін:

Толарсақтан саз кешіп,
Тоқтамай тартып шығарға,
Қас үлектен туған қатепті

Қара нар керек...

Бір-бірін деп сөксе де

Қабағын шытпас ер керек! –

деп қанша қиын уақыт болса да бірін-бірі жолда қалдырмай, бытырамай, қолтығынан сүйеп, ажал тапқанша арпалысып өткен ерлер еді.

Тарих сахнасында Еділ мен Жайық ортасындағы осы бір құт мекен талай оқиғаның куәсі болып, уысы мықты, тырнағы өткір орыс империясының қолына қарап, Бөкей ордасы атанғаннан кейін де қилы-қилы кезеңдерді басынан өткеріпті.

Дүниені дүрілдеткен Жоңғар мемлекеті құрылып, билікке ұмтылған ру таластары салдарынан Хо-Урлюк бастаған торғауыт рулары 1604 жылдар шамасында олардан бөлініп шығып, Ертіс бойына көшіп кетеді. Қазіргі Қазақстан жеріндегі сол кездегі саяси ахуалды пайдаланып, олар 1627 жылы қалған қалмақтардан ірге ажыратып батысқа қарай жылжи бастайды. Екі жүз елу мыңдай қалмақ сол бетімен барып Жемнен шығады. 1633-34 жылдары ноғайларды Еділден әрі асырып тастап, өлкені өз қолдарына алады.

Олардың көбі Еділден батысқа өтеді, себебі тылынан қазақ, қарақалпақ, хиуалықтар тыныштық бермейді. Россияға бағынғаннан кейін де қалмақ феодалдары өзара қырқысты күшейтеді.

1745-47 жылдары патша өкіметі қысымымен қалмақ жеріне, Еділдің бойына орыс қоныстанушылары келе бастады. Жер ықшамдалды. Жоңғарияға қайта көшу мәселесі қойылды. 18-ғасырдың сексенінші жылдары Убаши бастаған торғауыт қалмақтарының Жоңғарияға қайта көшіп кетуі нәтижесінде бұл өлке босап қалады. Халық арасында көп айтылатын қазақтардың қалмақтарды шабуы осы оқиғалардың тұсына тап келеді. Астрахань маңында қалып қойған 11 198 үй қазіргі Қалмақ Республикасының негізін құрайды. ("Маңғыстау" энциклопедиясы. 47-48 бет).

Әбілқайыр ханның ұлы Нұралының белінен шыққан Бөкей ұзақ жылдар Кіші жүз хандығы жанындағы Кеңестің төрағасы болған еді. 18-ғасырдың басында екіге бөлінген Кіші жүздің оңтүстігін - Жем, Сағыз, Жайықтың ортаңғы жөне төменгі бөлігін билеген Бөкей, сол жерлерді өзінің ата қонысы санады. Ал қалған бөлігі Жантөре сұлтанның қарамағында еді.

Қалмақтардың Еділ бойынан кетуін пайдаланып қалғысы келген Бөкей өз ойын Астрахань губернаторы Кноррингпен байланысқа шығу арқылы жүзеге асырмақ болды. Губернаторға Бөкейдің ойын Астрахань казак-орыс полкінің командирі Попов ат жалын ұстап, тақымына қару қысқанды демеу көріпті. Бұлаңдап өсіп оң жақта бой жетіп отырған аруын шүлдірлеген жәуміттің алдына өңгергеніне кеудеде жаны, бойында қаны ойнаған бұл жердің кез келген тұрғыны жол бермепті. Туырлығы сыпырылып, шаңырағы ортасына түскен қасіретті көргенше, жалғыз болса да жауына тайсалмай шауып, кеудесіне кіршілдей қадалған мың сан оқтан өлгенін әлдеқайда артық көріпті. Содан да болса керек ақын Сабыр Адай айтқандай кәріліктің дертінен қалтылдап отырған қартына "Жалғызың жаудан жазым болды", — десең жанары тайған көзіне кенет жалын бітіп "Төгілмей қалса болды ар", — дейді екен. Сол күні әлгі қартқа қайрат бітіп, маужыраған жаздың аппақ түнінде ай астынан бұлдырай көрінген туған жерінің тау-тасына қарап тұрып, елін қорғап шәйіт кеткен ұлына риза болады екен. Қолдан қуат, бойдан қайрат кетсе де кәрі көңілі әлі ат тұяғының дүбірін, қарудың сыңғырын сағынады екен.

Талай шежірешіге әңгіме, талай ақынға жыр болған Борқұдық осы. Күйкен тауының үстінде ырыс несібесі тасыған, малы алдында өріп бейбіт отырған Байбоз, Жанбоз ауылдарына XIX ғасырдың алпысыншы жылдары Хиуаның екі жүз елу жендеті кенеттен шабуыл жасайды. Өрістегі малын айдап, қыз-келіншекті алдына өңгеріп, артына қанды іздерін ғана қалдырады. Адайдың қырық жігіті артынан осы Борқұдықта қуып жетеді. Екі жақтан да шығын көп болады. Астамсып келген жендеттер қырық жігітпен кешке дейін соғысқан. Арттан келер көмектің жоғын, өздеріне топырақтың осы жерден бұйыратынын білген адайлар соңғы демі қалғанша арпалысып, жауына қару сілтеумен болыпты. Байтал түгіл бас қайғы демекші, хиуалықтардың аман қалғандары бас сауғалайды. Қолды болып кетіп бара жатқан мал, жанды аман алып қалады. Амантұрлы, Еснияз, Қабыл, Ықылас, Төленді сияқты батырлар осы соғыста қаза тапқан. Азғантай ғана қолмен ызғындай жауға тайсалмай шауып, көп найзаның ұшында, түйреліп, көп тұяқтың астында тапталса да елін де, жерін де қорғап қалған осы бір батырлардың істері кейінгі ұрпақтарға қай жағынан да өнеге. Асып айтсаң да, тасып айтсаң да өзің біл, оны ешкім де сөкет көрмейді. Өйткені қасиетті жердің қасиетті әулиелері өз ұландарын қолтығынан демеп, оларға соңғы сәттерінде қолдау көрсеткені хақ.

Төбе баурайында жапырлай орналасқан, кереге, сағана тамдар. Құлпытас, бестас. Көпшілігі Адайдың Мұңал, Тобыш тайпалары. Кейбір жазу жазылмаған ескілікті қорымдарда Адай, Табын, Таз, Шеркеш руларының таңбалары салынған. Топырағының құрамында тұз аз ба, әлде басқа да себептері бар ма, әйтеуір қойылған белгілер мен ондағы жазулардың әлі міні құрамаған, сол қалпы. Басындағы жазуларға қарағанда опат болғандардың көбі сол Борқұдық қырғынына қатысқандардың уақытына келеді. Әрине одан бұрын сонау XVIII ғасырдың аяқ жағында қойылған белгілер де бар.

Әулиенің етегінен өтіп жатқан сайдың, бір кездегі ағыстың арғы бетінде қазір құландысы ғана қалған мешіттің орны. Қолдан басқан кірпіштен қаланып, іші-сырты жұқа тастармен өрілген. Қырық шақты бөлме. Бір кездері сол аймаққа белгілі білім ордасы болғанға ұқсайды. Көлемі 24x30 метрдей. Ұзын дәліз (коридор) арқылы жеке-жеке бөлмелерге кіруге болады. Бөлмелердің көлемі де әр түрлі. Кезінде үлкен біліктілікпен салынғаны көзге ұрады. Бұл да бір сырын ішіне бүккен ғимарат. Қай ғұлама иелік етіп, кімге дәріс бергені жұмбақ күйінде қалып барады.

Жалпы сәті түскен сапарлардан өлке жерінен байқағанымыз осындай мешіт орындарының көптеп кездесетіні. Бұл Маңғыстауда өткен және оның алдындағы ғасырлардың өзінде білімге деген көзқарастың дұрыстығынан хабар бергендей.

Ат басын кері бұрдық. Сәтін салған сапарға да ризамыз. Жүріп өткен жолдарымызды есептеп көрсек қой терісінің пұшпағындай ғана жерді шиырлап өтіппіз. Әлі қаншама біз баспаған жол, біз көрмеген керемет, біз естімеген аңыз, шешілмеген жұмбақтар жатыр. Ертеңгі күннің еншісін жанымен түсініп, қолтығыңнан сүйеп атқа мінгізер азаматтарға деген сенім жетегінде тербеліп, түн қараңғысында жарқырай көрінген Бейнеуге жақындап келеміз.

Әнес Сараев аталған еңбегінде "Андреевскийдің әйелі неміс еді. Жәңгір сол үйде тұрып, мұғалім жалдап оқыды. Жан-жақты білім алуына толық жағдай жасалды. Ол Астраханда оқыған жеті жыл ішінде орысша, немісше, французша таза сөйлеп, сауатты жаза алатын дәрежеге жетті. Сонымен қатар араб, парсы, түрік тілдерінде меңгерді" — дейді.

Ал, М.Құлкенов пен Р. Отарбаев осы Жәңгір туралы "Сын Отечество" журналының 1830 жылғы санындағы деректерді ұсынады. Онда "...Человек образованный, говорит и пишет кроме татарского хорошо по русски и знает несколько по немецки. Джангир хан имеет орден Св. Анны 1-ой степени, украшенной императорскою короною, такою Монаршею милостию ни один из киргизских ханов до него удостоен не был" - деп жазылыпты. Осы жердегі татарский дегенді бәлкім жаңағы Әнес ағамыз айтқан араб, парсы деп түсінуге де болатын шығар. Өйткені орыс басылымдары араб харпімен басылған дүниенің бәрін татарша деп түсінуі де мүмкін.

Қалай болғанда да Жәңгір ол жерден жан-жақты білім алғандығы шындық. Мүмкін орыс үкіметіне елді болашақта жаңаша басқаратын адам да керек болған шығар.

Осы жерде бір нәрсенің басын ашып алған дұрыс сияқты. Жәңгірдің әрине көтерілісшілерге қарсы жасаған қиянаты, халықты кедейлендіріп, бірінің үстіне бірі салынған алым-салық, атам заманнан бері көшіп-қонып келе жатқан елді жайылымнан, жер судан айырғаны шындық. Бірақ оның қазақ даласына білімнің, мәдениеттің ұшқынын алғашқы әкелуші екенін де ұмытпағанымыз жөн. Ол өзінің кейбір ойларын іске асыру жолында патша өкіметімен үнсіз айқасқа түсті, кейбір тапсырмаларын ұзаққа созып, керенау орындады. Әнес Сараевтың еңбегінде Жәңгірдің ең бірінші қолға алғаны сауда-саттықты күшейтіп, товарлы ақша қатынасын өркендеткені айтылады. 1824 жылдың өзінде Ордада екі жерде жәрмеңке ашқан. Сауданы жандандыру үшін баж салығын азайтқан. Сонымен қатар өзі жазған сауда ережесінде.... Егер саудагерге ордалықтың төлейтін ақшасы болмаса, ол өз қолымен "төлеймін" деп қолхат береді. Қырғыз берешегін уақытында келмей, төлемесе оны сөзбұйдаға салмай хан төлейді" — деп жазған екен. Жәңгірдің бұл кепілдігі Орда жерінде сауда-саттықтың өркендеуіне зор мүмкіндік берді.

Жәңгірдің екінші бір қолға алғаны, көшпелі елді отырықшылдыққа айналдыру еді. Қыстау салу, пішен шабу, ағаш егу сияқты жұмыстарға тек көшпелі қазақ емес, орыстардың өзі үрке қарады. Әсіресе бұл отарлаушы үкіметтің ұстанып келген саясатына қарсы еді. Олар қазақтардың Еділ мен Жайық арасына бауыр басып қалуынан қорықты. Түптің түбінде қазақтарды Жайықтың Бұхар бетіне қайта кететін шығар деп дәмеленген олар, қазақтарға егін салуға, үй тұрғызуына мүмкіндік бергісі келмеді. "Көшпелілер мал бақсын, Ресейге мал өнімі керек" деген саясат терең насихатталды. Жәңгір арпалысып жүріп осыған қол жеткізді, ал халқы оны түсінбеді. Мұны орыстанудың басы деп ұқты.

Жәңгір 1826 жылы Николай 1-дің таққа отыру салтанатына барғанда Орынбор шекара комиссиясының бастығы Г. Ф.Генспен бірлесе отырып жасаған, Орда қаласын салу жөніндегі жобасымен патшаны таныстырған еді. Ұлы ағзам оны мақұлдап, қала салуға 36 мың 102 сом ақша бөлген. 1828 жылдың аяғында архитектор Тифаев қаланың алғашқы қазығын қаққан еді.

Жаңадан іргесі қалана бастаған Ордада білім беруді Жәңгір қолына алды. Бастапқы әзірде мұсылмандық білім беру үшін Қазан, Уфа, Орынбор, Астрханнан молдалар алдырылды. Жан-жақтан татар, бұхар молдалары Ордаға жиналды. Олар мұнда орнығып, дәулеттеніп тамырларын жая бастады. Әр жерден келіп, өз тілінде оқытып жүрген молдаларды болашақта жергілікті ұлт өкілдерімен алмастыруды хан өзінің негізгі міндеті санады. Хан басқарған үкімет белгілі дәрежеде осындай әр жерден келген молдалардың "ағарту жұмыстарына" араласып, тек қана діні оқу емес, жаратылыстану, тарих, орыс тілі сияқты сабақтардың да оқытылуын қадағалады. Бұл жергілікті тұрғындар арасынан түсіністік тапты. (С.З.Зиманов. Аталған кітап. 139-бет). Ал, орыс өкіметі болса Орда қаласында жан-жақтан келер өзге дінді адамдар үшін шіркеу салуды Жәңгірге міндеттеген еді. Оған Жәңгір:- Ордада алдымен мұсылман мешітін салайын, шіркеуді ретіне қарай көрерміз" — деп өзін де, халқын да арашалаған. Орда топырағындағы тұңғыш жөне соңғы шіркеу Жәңгір көз жұмғаннан соң 24 жылдан кейін 1869 жылы салыныпты. (М.Құлкенов, Р.Отарбаев. Жәңгір хан. 15- 16 бет).

Жәңгір діни бағытта ғана емес, Ордада жан-жақты білім беретін мектеп ашуға 1830 жылдардың ортасында кірісті. Оның ойы бойынша бұл мектептер Россияның арнаулы оқу орындарына, университеттерге, әскери кадет училищелеріне апаратын алғашқы соқпақ еді. Орынбор губернаторынан келісім алғаннан кейін, халықтан жиналған ақшаға мектеп салынды. Оқу қазан айының басында басталып, мамырға дейін созылды. Жыл сайын 6 қарашада оқушылардың ата-аналары мен ағайындары шақырылып, олардың алдында балаларынан экзамен алынып, білімі сыналатын. Бұған міндетті түрде хан қатысып отырды. Үздік шәкірттер Жәңгірдің ұзақ айтысып, таласып қолы жеткен Орынбордың Неплюеев атындағы әскери училищесіне жіберілетін. (С.З.Зиманов. Аталған кітап. 142-143 бет).

Бұл оқу орнынан Балмұхамбетов Мақаш, Шалабаев Сұлтан, Саңғырықов Мырзағали, Ниязов Жүсіп, Жантөрин Сұлтанмұхамбет, Бөкейханов Арыстангерей, Бабажанов Мұхамбет, Салық және Нұралыханов Зұлқарнай сияқты қазаққа белгілі адамдардың білім алғанын білеміз.

Жәңгір ханның бұл істеген істері қазір біздің ойымызбен үндесіп, көңілімізден шыққанымен сол кездегі көшпелі халы оны "орыстану", орынсыз жасалып жатқан зорлық деп ұқты. Хан мен халық арасындағы түсініспеушілік, бір-біріне деген араздықтың басы еді.

Мұның үстіне орыс жерінде білім алып, ел басқаруда жаңаша үрдіс енгізген Жәңгірдің істерінде де халық қарсы болатындай жайлар көп еді. Финанстық салықтық жүйе дегенді енгізді. Соғым, зекет, ұшыр т.с.с салықтың түрі 20-ға жетті. Соғым мына мөлшерде болды: 15 үйден бір сиыр немесе 40 сом ақша. Салықтың бұл түрінен жылына 10 000 сом жиналыпты. Зекет 40 қойдан 1 қой, 5 түйеден 1 қой, 30 сиырдан 1 өгіз. Киіз, жабағы жүн жиналды. (Ә.Сараев.Аталған кітап. 52-53 бет).

Жазушы, белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбеков "Орыс үкіметінің Бөкей хандығындағы істерін отаршылдықты шыңдау лабороториясы болған жер деп бағалайды. Олар өздерінің түпкі мақсаттарын өзгенің қолымен көсеу арқылы, яғни хандық биліктің ішкі құрылымы арқылы басқарып, арандатып отырды. Хан кеңесі, старшын есауыл, базар сұлтаны, арнаулы тергеуші, іс жүргізуші дейтінді енгізіп, даланың тыныс-тіршілігін толық бақылауға алды. Ішкі Ордадағы тауарлы ақша қатынасының өркендеуі, ел ішіндегі таптық жіктің бөлінуіне әкеліп соқты. Халқы үшін кеудесін оққа тосатын хандар, у ішсе руымен болатын байлар енді өз халқының қанын соратын қарсыластарына айналды. (А.Сейдімбеков. Дәуір толғағының тұлғасы. Ег. Қазақстан. 27. 8. 2002)

Оның үстіне 1827 жылы ішкі Ордада жұт болды. Халық қайтадан Жайық жаққа қарата көше бастады. Кетем деген елді жібергісі келмеген сұлтандар арасында қантөгіс ұрыстар болып жатты. Елді тыныштандыру бағытында, халық наразылығын тексереміз деп Орынбор генерал губернаторынан Энгель бастаған комиссия, шекара комиссиясынан Г.Ф.Генстің өзі, Орал казак-орыс әскери атаманы Бородин келді. Наразылықты тексерген комиссия өз жұмысын қорытындылады. Энгель Жәңгірді жақтаса, Бородин халыққа тізесін батырған ханды кінәлі деп тапты. Бәрібір халыққа келген жеңілдік болған жоқ. Ақыры бұл 1828 жылы болатын Ұялы съезіне әкеліп соқты.

Бұл Ұялы жерінде өткен үлкен жиылыста халық өзінің наразылығын ханның бетіне айтып, ауыр-ауыр кінәлар тақты. Съезге қатысқан шекара комиссиясының бастығы Г.Ф.Генстің алдына қойған мақсаты бүлікшіл старшындарды ханға жығып беру еді. Бірақ халық тегеуріні күшті болғандықтан, олардың дегенімен келісуге тура келді. "Хан кеңесі" құрылды. Он екі ата Байұлының әр руынан 12 би сайланды. Әсіресе, шекара комиссиясы бастығының Астрахань губерниясы, Чернояр ауданынан 670 000 десятина жер берем дегені дауды сейілтті.

Ал, Ордадағы орыс қоныстанушыларына үкімет қазақтардың жыртысын жыртқандай әсер етті. Өйткені құнарлы жерге орналасқан казак-орыстар Еділ мен Жайық арасынан айрылғысы келмеді. Қазақтардың шама келсе байырғы жұрты, Бұхар бетке кеткенін қалайтын. Сәл нәрсеге балаша сенетін аңқау жұртты алдап, сендіре қою оларға қиын болып па. Сол кезде Кавказда болып жатқан черкестермен соғысқа осы жерден 1000 адам алады екен деген хабар таратты. Өсек хабар мың құбылып, әп сәтте даланың әр шаңырағы астында естіліп, халықтың үрейін ұшырды. Қайта толқу басталды. Үкіметтің, ханның қарсы болғанына қарамастан көп ел Жайық сыртына кетті. (Ә.Сараев. Аталған кітабы. 54-56 бет).

Иә, Жәңгір ханның қателігі алда келе жатқан үлкен толқуға, арты қантөгіске ұласар ұрысқа әкеле жатты. Өмір бойы мал соңындағы елдің отырықшылдыққа айналып егін салуы, оған бейімделуі өте қиын еді. Атам заманнан өз дәстүрімен, ру жүйесімен басқарылып келе жатқан елді орыс әкімшілік жүйесіне бағындыру да оңай болмайтын. Бұл аздай 1830 жылдан бастап Ордада жер өлшеуіштер қаптап кетті. Жаз жайлауға, қыс қыстауға мал соңында көшіп жүрген халыққа "енді анда бармайсың, ол менікі" немесе белгілі бір төлемге арендаға беру сияқты көз көріп, құлақ естімеген сұмдық шықты.

Ордадағы мал жайылымына жарамды 5.300 десятина жердің 4.300 мыңын Жәңгір "хан баласы ақсүйектерге" таратып берді. Ханның өзі 400 мың десятина, атасы Қарауылқожа Бабажановқа 390 мың, Мүшеғали мен Шынғали Ормановтарға 700 мың, інісі Меңдігерей Бөкейхановқа 400 мың, төре Бегалиевтерге 200 мың, Шоқа Нұрлыхановқа 170 мың, беріштің биі Балқы Құдайбергеновке 300 мың, ноғайлының билеріне 1.800 мың десятина жер берді. (Б.Аманшин. Махамбеттің тағдыры. Алматы. 1991. 306-бет).

Оның үстіне атасы Қарауылқожа қынқылдап Жәңгірден теңіз жағалауын сұрап, осыған орай оны Теңіз жағалауы қисымына билеуші етіп тағайындады. Бұрын "базар сұлтаны" болып жүрген Қарауылқожа енді управитель болғаннан кейін тіпті есірді. Каспий теңізінің жағалауында Безбородко, Юсупов, Багратион сияқты помещиктердің иеліктері болған. Әнес Сараев еңбектерінде бұл жерлерді ақ патша оларға 18-ғасырдың орта кезінде сыйға тартқан десе, М.Құлкенов пен Р.Отарбаев (Жәңгір хан) Қарауылқожа әлгі помещиктерге 324 мың десятина жер берді дейді. Қалай болғанда да бұл жерлерді қазақтар бұрын емін-еркін жайлап, көшіп-қонып жүрген. Енді әлгі помещиктер пайда көзін ойлап, ол жерлерді қазақтарға жалға берді, болмаса ішіне кіргізбеді. Осылай бұрын хандықтың 7000 шаңырағы еркін қоныстанған жердің жолы кесілді.

Міне, олармен ауыз жаласқан Қарауылқожа помещиктер мен қазақтар арасында дәнекер болып, баюды мақсат еткен еді. Ол алдымен әлгі помещиктермен келісім шартқа отырды. Жерді жалға алғаны үшін жылына оларға 1000 сом ақша тауып берсе болды, басқасын сұрамайды. Ол теңіз жағалауын жайлаған шаруалардан 7000 сом және оған қосымша қамыс шаптырған.

Артық ақша управительдің қалтасына құйылып жатты. Артынан шағым арыз жазғанмен, ол әділ шешімін таппады. Ақыры би шонжарларға деген наразылық, орынсыз алым-салық Бөкей ордасындағы қара халықтың жаппай толқуына әкелді. Әбден пісіп жетілген, бітеу жара жарылудың аз-ақ алдында тұрды.

1834 жылы Жәңгір өзінің таққа отырғанына 10 жыл толғандығын атап өтті. Той соңы би сайлауына ұласты. Міне, батыр Исатай мен Жәңгірдің бір-біріне қарсы келіп, көрместей болып араздасуы осы би сайлауында. Беріш Балқы биді қайта сайлағысы келмеген адамдарды Жәңгір аузынан қағып сөйлетпегесін Исатай тура ханға ауыз салады. Кінәсін бетіне басады, атасы Қарауылқожаның зорлығын тізбектейді. Жер бөлістегі әділетсіздікті әшкерелейді. Хан арыма тиді деп Исатайды би кеңесіне салып, 60 атан айып салдыртады. Арты насырға шабарын білген ағайындар айыбын төлеп, батырды босатып алады. Жәңгір онымен қоймай Исатайды қоныс жайылымынан айырды. Исатай атқа қонды.

Исатай Жәңгірмен ат құйрығын кесісіп, ажырасып кеткенде Махамбет ханның сарайында еді. Осы тойда оны старшын сайлаған. Исатайдың арыстандай айбатты екенін көзі көрді, бірақ араша түсе алмады. Келесі 1835 жылы Орынбордан демалысқа келіп жүрген Жәңгірдің баласы Зұлқарнайды Исатай мен хан арасын бітістіру мақсатында жұмсайды. Махамбеттің Зұлқарнайды жұмсауының да себебі бар еді. Жоғарыда айтып кеткендей қазақтардың Еділ мен Жайық ортасына қоныстанып қазылуынан қорыққан орыстар, Кавказға соғысқа 1000 адам алады екен деген қауесеті елді толқытты. Мұны әсіресе Жәңгірге қарсы топ құрып, хандықтан дәметіп жүрген Қайыпқал мен Шөке Нұралыханұлы (Бөкей мен Сығайдың інісі) тиімді пайдаланды. Жәңгірді әлсірету бағытында елді Жайық сыртына көшіруге үгіттеуге кірісті. Үкімет әскер шығарып, олардың алдын бөгейді. Артынан мұны ұйымдастырушыларға жаза қолданып, көптеген адам түрмеге отырады. Соның бірі Махамбет еді. Насихатшы болғаны үшін 1829 жылдан 1831 жылға дейін Калмыков түрмесінде отырған.

Кеше біз зынданда жатып құбылдық,

Қамалаған көп дұшпанға қор болдық.

Терезеден телміріп, ағайын мен туғанды

Бір көруге зар болдық, -

дейтін өлеңдері сол жазықсыз жала, әділет таппаған шешімге налып, еркіндік аңсаған батырдың толғанысы болса керек.

Жәңгір ақылына келгендей болды. Елдегі жаппай дүрбелең сол кезде оны тақтан айыра жаздады. Керги беруге болмайды екен. Түлкі бұлаңға салып, қасына елге белгілі адамдарды жинамаса болмас. Әсіресе Махамбет сияқты, аузынан шыққан сөзі қорқақты жерге кіргізіп, батырды шыңдай түсетін, найзағайдай жарқылдайтын алмас қылышты жанына ұстамаса көп нәрседен ұтылатынын сезді. Ол Махамбеттің ағасы Бекмағанбетті старшындыққа тағайындап, өзін Ордаға шақыртқан-ды. Жәңгірмен арпалысқа түскен Исатайдың ерлігіне басын исе де, сол кезде араша түсе алмауы осыдан еді. Шама келсе татуластырғысы келіп, ханның баласы Зұлқарнайға айтып еді, оны құлағына ілген Жәңгір болмады. Ал, Махамбеттің Зұлқарнайды жұмсау себебі, ол Орынборда Неплюеев атындағы училищеде оқып жүргенде Жәңгір оның қасына Махамбетті қосқан еді.

Махамбетті зерттеушілер арасында оның Орынборда болғаны жайында екі ұдай пікір бар. М.Құлкенов пен Р.Отарбаев: ...Кейбір тарихшыларымыз бен зерттеушілеріміз Зұлқарнай Орынбордағы кадет корпусында оқығанда, қасында бас-көз болып Махамбет жүрді дейді. Бұл дәйегі жоқ , жаңсақ сөз" - дейді (Жәңгір хан. 22-бет) Әнес Сараев аталған кітабының 104-бетінде "Махамбет Орынборда біздің шамалауымыз бойынша 1832-34 жылдары болды" — деп жазады. Оны Тілекқали Боранғалиұлы да"...Махамбет Орынборда үш рет болды. Алғашында 1833 жылы Жәңгірдің баласы Зұлқарнайға тәлімгер болып, осы қалада бір жыл тұрғаны бар" — деп мақұлдаса (Егемен Қазақстан.8.01.03) Ақселеу Сейдімбеков "Махамбеттің қабілет, дарынына ертерек мойын бұрған Жәңгір баласына ақылшы етіп ақынды қосып жіберген. Ол Орынборда 1824-1829 жылдар арлығында болды. Қайтып келгесін Калмыкова түрмесінде отырды" - деп сәл ертерек деректерді келтіреді (Егемен Қазақстан. 27.08.02). Ал, Берқайыр Аманшин 1837 жылғы 13 желтоқсанда Жәңгірдің Орынбор генерал-губернаторына жазған хатынан үзінді келтіреді. Онда... Менің кішкентай балам Зұлқарнай Орынборда болған кезінде Махамбет қасында болды, кейін бірақ мен оны жарамсыз қылықтары үшін қуып жібердім"- деп жазыпты. Бірақ жылы көрсетілмеген. Осы деректерге сүйеніп біздің айтатынымыз Махамбет қалай болғанда да Орынборда болып, ханның баласымен жақсы қарым-қатынаста болған. Әйтпесе Исатайға ара түс деп оны әкесіне жұмсамайды ғой.

Бұл істерінен ештеңе шықпаса да үн-түнсіз қалуға, көкірегінде сайрап жатқан ойын айтпай қалуға ақынның ары жібермеді. "Арыстан еді-ау Исатай"- деген өлеңі соның куәсі. Ханның райынан қайтуын, Исатай сияқты ерлердің соңына түспей, жанына алғаннан ұтылмайтынын айтқан. Бірақ Жәңгір иілмеді. Ақын да шарт кетті. Көкейіңде баяғыдан бері жүрген ащы запыранды төкті де салды. Бір-бірімен бітіспейтіндігін, ендігі кездесулері айқара ашылған құшақ емес, найзаның ұшында, қылыштың жүзінде ғана болатынын сезді. Жегеніне емес, өлтіргеніне қанағаты тоятын қасқырға, атын естігеннің өзінде тұла бойың тітіркеніп, ысылынан жүрегің шошитын жыланға, уы тисе безілдете жаныңды қинайтын шаянға теңеп, елге ылаңы тиген сендейлерді халқың табалап, дұшпаның басыңнан аттасын деген мірдің оғындай сөз осында айтылып еді.

Ақын ешқайда бұзылмастан Мыңтөбеде дауылдатып қол бастаған, қанжарын жаныған Исатайдың қасынан барып бірақ шықты. Қайран қазақтың өзімен бірге жүретін, өсегі де өрбіді. Батырларға сырттай жала да жабылды. Әсіресе Қарауылқожа өз қараулығымен істеген істерін Исатайдың кесірі деп ханды иландырды. Ханның шақыртуын Исатай қыртысына да қыстырмады. Осылай жүргенде 1836 жылы көктемде Күшік Жапарұлы деген біреу кенеттен қайтыс болады да, Жәңгірге оның өліміне себепші Махамбет деп жеткізеді. Хан бір-біріне дем беріп жүрген Исатай мен Махамбетті қатар ұстауға жарлық береді. Бірақ көтерілісшілер өздерін ұстамақ болған Қарауылқожа ауылын шабады. Көтеріліс шырқау шегіне жетті.

Әнес Сараев аталған кітабында Исатайды қолдаған, оған көмек көрсеткендердің біраз жерді қамтығанын, олардың жағдайы Республиканы еске түсіретінін жазады. Исатай Республикасының территориясы Каспий теңізінің жағалауынан Қамыс Самарға дейін жеткен, демек 1837 жылдың көктемінде көтерілісшілер ішкі Орданың тең жартысын қамтыған.

"Исатай халықты Жайық казак орыс әскерлерінің жерлерін алуға, Жайықтың арғы бетіне өтуге шақырды. Көтерілісшілер қатарының күннен-күнге өсуі батыл қимылдарды талап етті. 1837 жылы 16 қыркүйекте олар Қарауылқожа ауылдарын, 22 қыркүйекте Адай руы старшыны Нұрлан Шонтыұлы, 26 қыркүйекте ысық руының старшыны Бейсен Анарғазиевтің ауылын шауып, көтерілісшілердің Орда аумағында ашық билік етуіне әкелді. ("Атырау" энциклопедиясы. 53-бет. 2000).

"1837 жылы көтерілістің жаңа кезеңі басталды.Олардың саны бұрынғыдан 5 есеге өсіп, нағыз шарықтау шегіне жетті. Қорыққан хан Орынбор, Астрахань губернаторларына "көтерілісшілерден қорғаңдар" деп жиі хат жазады. Губернатор Перовский подполковник Геке бастаған Орал казак полктарын дайындап жібереді. Ал, көтерілісшілер Жасқұсты қоршайды. (Хисмет Табылдиев. "Ел үшін еңіреген ерлер". Регион Тайме. 1 саны 76-77 бет. 2002).

Иә, көтерілісшілер Жасқұсқа, хан Ордасына бет алды. Исатайдың батыр аңғалдығына салынатыны да, Махамбеттің бармағын шайнайтыны да, Жәңгірдің баяғы қаһарынан айрылып, түлкі бұлаңға салатыны да осы Жасқұс, хан Ордасы еді.

Қалың қолмен келе жатқан Исатайдың хабары Жәңгірді шошытты. Нақты көмек әлі келіп жетпеді. Қаланы қоршап, ор қаздырып, Исатайдан қашып келген азын-аулақ адамдар, іштегі әскерлер 2000 мыңдай қолға қарсы тойтарыс бере алмайтыны белгілі. Жаны мұрнының ұшына келген Жәңгір кешегі араздасып кеткен ағайындарын шақыруға, аяғына жығылуына тура келді. Соның бірі немере ағасы Шынғали (Шыман) еді. Әнес Сараев та, Берқайыр Аманшин де өз еңбектерінде Шынғалидың жерге бола Жәңгірге өкпелеп, Исатайға жақтас болып жүргенін айтады. Осы Шынғалиға Жәңгір "көмектесе гөр" деп жалынып, Исатайға хат жаздыртады, елші жібертеді. Талабын орындаймын, 10 күн мұрсат берсін дейді. Бұл Жәңгірдің әбден жаны қысылып, өмірден күдерін үзе бастаған кезі. Ордада талай адамды қуғанына, әсіресе Махамбетпен араздасқанына өкініп, қапаланатыны да осы тұс. "Бірде оған Фатима ханым:- Шын халық ұнатқан хан боламын десең Махамбетке тиме, оған қарсы келме. Махамбет Ордадан кетсе сені де, айналаңдағы билерді де оңдырмайды. Махамбеттің бір өзі осындағы мен білетін Байтоқ сияқты ақынның оныңа, батыр деп жүрген Байшағырдың жиырмасына тұрады" - дегеніне тыңдамай өштескеніне опық жейтіні де осы хан Ордасының қоршауға алынуы еді. (Н.Әбутәліпов". Наркескен" 145-бет).

Шындығында да Исатай осы жерде солқылдақтық жасады. Ханның 10 күн мұрсат бер дегеніне келісті. "Егер хан алдаса тіпті жақсы. Онда осы кінәсін мойнына қоямыз"- деп аңғалдық жасады. Он күннің артында келісім емес, жолындағысын қанға бөктірер қалың қол, тоз-тозы шығып, жан-жаққа бытырайтын халық, бірі қан майданда, бірі қапияда қаза табар қолбасшылар жатыр еді. Махамбеттің айтқанын құп алмаған Исатай Жәңгірге келісімін береді. Өздерінің ханға қояр талаптарын жазады. Оны жазып, қыруар елдің қолын қойдыруға кем дегенде тағы да екі-үш күн уақыт өтті. Әнес Сараев аталған еңбегінде Махамбеттің келісім бердің деп Исатайға ренжігенін жазады. Бірақ батыр ақын:

Қанша жылап, жалынып,

Айтсам даты болмадың,

Исеке, болдың, еріспе.

Енді жалғыз кетемін,
Саладан сала өтемін,
Қолыңды бер де, аман бол,
Күн бола ма, болмас па,

Енді қайтіп көріске! —

деп ашу үсті кетуге бел байласа да, қанды көйлек жолдасын өзгелер құсап, майдан төрінде тастап кете алмады. Өз дегенін істеймін деп опық жеген батыр басындағы жайды Исатайдың атынан "Әй, Махамбет жолдасым" деген өлеңінде берген.

Арыстандай ақырып, хан ордасын шаба келгенде, ұры таяғын артына жасырып, түлкі бұлаңға салған Жәңгірдің дегеніне көнген аңғал батыр... Жан жолдасы Махамбеттің "Алданба, Исеке, хан бәрібір зорлығын жасайды, қара қаралығын істейді, Орда шаңырағын қазір ортасына түсіруіміз керек" - дегенін құлағына ілмеген Исатай... Он күн бойы атын қаңтарып, Орданы қоршап жайланып, ханның уәдесін күткен Исатай...Қыңыр ағаштай қисайып, артынан орны толмас өкінішпен опық жеген Исатай...

Бұл көтеріліс басшысының жіберген қатесі еді. Исатай басшы болса, Махамбет қосшысы, күресті жігерлендіруші, алмастай өткір сөздерімен қасындағыларды демеуші еді. Исатайдың хан өтінішіне келіскенін естігеннен кейін, ақынның шыдай алмай қалың қолды үш айналып шабатыны бар. Бәлкім сонда Махамбет алда бастан бақ таятынын, қара нардан жүк ауып, тайғақты, сергелдеңі көп күндер туатынын, дала кезген арланның дәурені өтіп, итаяқтан жуынды күзеткен, қой қорыған жаман төбеттей бейшара күйге түсетінін, болат қылыштың сағағынан сынып, қамшы құрлы қауқары болмай, әдіра қалатынын ұлы ақын, асқақ жыршы сезген де болар. Бізге жеткен ақын өлеңдері осылай сыр шертеді, мұнар күндерден мұңлы әуен әлі естіледі.

Бұдан кейін көтерілісшілер үшін оңынан тумады. Қоршау жарты айға созылып, хан ордасына патша әскерлері келгенше жалғасты. Подполковник Геке Ордаға 1837 жылдың 30 қарашасында келіп жетеді. Әнес Сараевтың еңбегінде ол 31 қараша күні Исатайға "бүлікшілікті қой да, әскеріңді тарат" деген хат жазады. Өйткені оның қолында болашақ тұтқындалар көтеріліс басшыларының тізімі де бар еді. Жәңгір хан хатты бұлай жазуға болмайды, оның өзін Ордаға шақыру керек деп көнбейді. Геке келісіп Исатайға қасындағы старшындармен маған кел, генерал-губернатордың хатын табыс етем дейді. Исатайдың өзі бармай старшындарды жібереді. Олар жеме жемге келгенде Исатайдан қорқып еріп жүргендерін айтып, одан кетеміз деп уәдесін береді. Әккі Гекенің Меркулов бастаған отрядты Исатайдың ауылын шабуға жібергенін естіген көтерілісшілер кейін қайтады. Батыр бұл хабарды 6 қараша күні естиді де, 300 жігітімен атқа қонады. Қолбасшы аттанып кетісімен Орданы қоршаушылар ыдырай бастайды. (Ә.Сараев. Аталған кітап. 274-бет).

Исатай мен Махамбет бастаған қарулы топ 1837 жылдың 15 қарашасында Бекетай құмының Тастөбе дейтін жерінде жазалаушылармен кездесті. Мұздай қаруланған орыс әскері жеңіске жетті. Шайқаста 60 көтерілісші қаза тауып, олардың негізгі күші кері шегінді. Жазалаушы отрядтар Орда аумағын үнемі кезіп, Исатай тобын қолға түсіруге тырысады. Тіпті Орынбор губернаторы Перовский Исатайды ұстаған адамға 500 сом сыйлық та белгілейді. Қуғынға түскен Исатай мен Махамбет тобы Жайықтың арғы бетіне өтуге мәжбүр болады. Сөйтіп олар желтоқсанның 12-нен 13-не қараған түні Жайық өзенінен өтеді. ("Атырау" энциклопедиясы. 53-бет).

Одан кейінгі жағдай батырлардың басындағы дүрбелеңі көп оқиғаларға толы. Тастөбе жерінде жеңіліс тапқанмен халық арасында қолдау тапқан олар, болашақ күреске дайындалады. Әнес Сараевтың еңбегінде Исатай Адай мен Әлім арасындағы көптен бері ұласып келе жатқан дауға билік айтты десе, Нәбиден Әбутәліповтың кітабында (Наркескен) Махамбет Адай мен Табын арасын біріктіруге билік айтты дейді. Бір-бірімен болып жататын барымта, жер дауы рулы елдер арасында ірі-ірі қақтығыстарға әкеліп, арты қантөгіске ұласып жататыны шындық. Батырлардың мұндағы негізгі алдарына қойған мақсаты Кіші жүз арасынан қайтадан қол жиып күреске шығу еді.

"Ел барлық жерде Исатай мен Махамбетті көтеріліс басшылары ретінде қарсы алып, жан-жақтан көмек көрсетеді. 1838 жылдың ортасында көтерілісшілер қатары 2 мыңға жетіп, орыс әскерлерінің Жайық шебіне қауіп туғызды. Исатайдың қолы көбейгенін естіген Орда халқы қайтадан толқи бастайды. Сондықтан Ресей әкімшілігі көтерілісшілерді бір жолата жою үшін подполковник Гекені қайыра жорыққа аттандырады. Исатай 1838 жылы 12 шілдеде Қилы өзенінің бойында болған соғыста қаза табады. ("Атырау" энциклопедиясы. 54-бет).

Көтеріліс басшысы қаза тапты. Мұның арты Исатайдың өлімімен қойылмайтыны, оған қатысқан адамдарды жазалау, қуғын сүргіннің басталатыны белгілі. Махамбет пен оның азғана серіктері қайда барып жан сақтарын білмеді. Ақын қуғыншылардың аяғы жетпейтін жерді сағалағысы келді. Ол Адай арасы еді. Бірақ Махамбет Маңғыстауға кідірмей Хиуа асып кетті. Берқайыр Аманшин еңбегінде былай деп жазады: "Көтеріліс жеңілгесін Махамбет Хиуа ханы Аллақұлдың көмегімен патша өкіметіне, Жәңгір ханға қарсы күрес жүргізбек болғанын көреміз. Бірақ халықшыл, төңкерісшіл ақын мен шығыс деспоты Аллақұл ханның бұл одақтасының баянды болуы мүмкін емес еді. Махамбет хан әскерінің көмегімен өзінің туған халқын отаршылдық езгісінен құтқарғысы келсе, Аллақұл әрі батыр, әрі ақынның атын желеу етіп, Сырдың төменгі ағысын жайлаған, Мұғалжарға дейінгі қазақ ауылдарын өзіне қаратып алмақ еді. Хиуа ханының ойын сезіп, ісінен безінген Махамбет 1842-43 жылдары елге оралады да, Қалдығайты өзені бойындағы руы Алаша Сатыбалды Кенжеғариннің аулына келіп қосылады. (Берқайыр Аманшин. Махамбеттің тағдыры. 360- бет).

Ал, Әнес Сараев болса көтеріліс жеңілген соң ақынды жатпай-тұрмай іздеу басталды. 1841 жылы 7-наурыз күні Дуанбасы деген жерде тұтқындалады. Аяқ қолын матап Гурьевке, Оралға, одан Орынборға алып жүреді. Тергеуде ақын ешқандай ел тонаумен айналыспағанын, қайта орыстардың Хиуа жорығына көмектесу бағытында інісі Хасенді астыртын жібергенін айтады. Ақыры әскери сот "қылмысты деп табылған Өтемісұлы Махамбет Жайық сыртында жүрген кезінде үкіметке көрсеткен дұрыс ниеттері үшін жазадан құтқарылсын"- деп шешеді. Кіші жүздің орта бөлімінің билеушісі Арыстан сұлтанның қарамағына жер аударады. Әрі салғанда 1842 жылдың күзінен, бері салғанда 1843 жылдың көктемінен бастап Махамбет Қалдығайты өзені бойындағы Алаша аулына келіп қоныстанады" - дейді. (Әнес Сараев. Аталған кітап. 348-355 бет).

Осы жерге қоныс тепкен Махамбет 1845 жылы ұлы Нұрсұлтанды оқытуға Орынборға алып барады. Бірақ баласы оқуға қабылданбайды. Ол ештеңе емес, енді Махамбеттің үстінен іс қайта қозғала бастайды. Өйткені 1841 жылғы 3 мамырдағы сот шешімінде "Махамбетке шеп сыртында тұруға рұқсат етілсін. Әскери шепке жақындаса, не ішкі тарапқа өтсе аяушылық болмайды" — деп көрсеткен еді. Ақын 1844 жылғы "Орынбор қазақтарын басқару ережесіндегі" қазақ балаларын оқыту жөніндегі мектеп заңдылығын алға тартып, ізденуін тоқтатпағасын Орынбордағылар бұрынғы сот шешімін көтеріп, өзін қылмыстылыққа итереді. Оны Орынбор шекара комиссиясының бастығы Михаил Васильевич Ладыженскийге Махамбеттің жазған арызынан көреміз. Ақын елге қайтады. Үш-төрт жылдан бері ел ішінде өзін іздетіп, соңына түскен ешкім болмағасын өзін еркін сезінген ақын, жалғыз ұлын қатарға қоспақ еді. Бәленің бәрі осыдан басталды. Орынбордағылар Махамбеттің қазіргі ел арасындағы қимыл қозғалысын сұрап, Баймағанбет сұлтанға хат жазады. Әуелден өштесіп жүрген сұлтанның оған дұрыс жауап бермейтіні, бар пәлені үйіп-төгетіні белгілі. Орынбордағылар бұдан үш жыл бұрын болған сот шешімін көтеріп, оның үкімін басшылыққа алып, жаңадан шешім қабылдайды. Соттың үкімін бұзғаны үшін батыр тұтқындалуы да мүмкін еді. Алайда Ладыженский ондай шешімге бармай Махамбетті елге қайтарады. Өйткені ол Омбыға қызмет істеген жылдарында қазақтармен етене араласып, кезінде Шоқанның әкесі Шыңғыспен жақсы сыйластықта болған екен. Осының пайдасы тиіп ақын елге қайтады. (Т.Боранғалиұлы.Егемен Қазақстан. 8.01.03).

Елге келген ақын Баймағанбет сұлтанның өзіне ор қазып, құлатуға ниеттеніп жүргенін білді. Іздегенге сұраған дегендей елде бір той болып, Баймағанбетпен кездескен ақын оған өзінің атақты өлеңін "көзіңді жойсам, тамағымнан қылқан кетер демес ем" - деген сөзін ашық айтады. Баймағанбет: — Бұлай сөйлемесе - ол Махамбет бола ма, ол сөзді көтермесем мен Баймағанбет болам ба - деп жуып шайғанмен артында үлкен қыжылы қалған еді.

Ақын баласы Нұрсұлтанды інісі Хасенді жіберіп алдыртады. Алда болар қатерді жаны сезгендей де еді. Өмірден өтерінде сол Нұрсұлтанды қасына алып: ...Ұлым, әкеңнің өмірі қуғын-сүргінмен өтті, сен оқи алмадың. Оқуға түсірем деп Орынбор барған сапарым сәтсіз болды. Менің кедейді байға теңестірем деп ханға қарсы аламан салғанымды Орынбордағы әкімдер дұрыс түсінбеді. ...Жасың жеткенде жетелі болсаң оқудың не екенін білерсің. Ең болмаса Жанарыстан бері тарайтын аталықты жұптап берейін. Жеті атасын білмеген жетесіз деп жүрер, - деп онысын да айтып үлгермей шабылатыны осы түс. (Н.Әбутәліпов.Наркескен. 374-375 бет).

Сөз арасында айта кетер болсақ, Махамбеттің екі баласы Махмут пен Нұрсұлтан. Махмут ерте өледі де, артында екі қызы қалады. Соның бірі Нұрбикені руы Медет (бәйімбет) Еңсептің Есболайы алады. Осы Есболайдың баласы Байғали. Маңғыстауға белгілі, елге сыйлы, шежіреші ақсақал. Көзіміз көре қалды, ор сөзінен адамгершіліктің исі аңқып тұратын, ибалы қария еді. Оның балалары Орақ, Мамай, Құсайын. Үлкені Орақ, қазір Жетібайда мұғалім. Осы Орақ жөнінде, оның әкесі Байғали жөнінде кезінде Берқайыр Аманшин өз еңбегінде айтып еді. Орақтың өлеңдері республикалық, облыстық басылымдарда жарық көріп, көпшіліктің сүйіспеншілігіне айналған ақын. Арғы аналары киелі жердің қызы ғой, одан туған адамдардың тегін болмасы белгілі. Бұлар алтынның сынығы, асылдың тұяғы.

Міне, Қаройда жалғыз үй, қасында баласы Нұрсұлтан, інісі Хасен, әйелі Типан және екі-үш адам болып отырғанда Баймағанбеттің жіберген адамдары сәл нәрсені сылтауратып, ақынның басын шапты. Үйді тонап ақша, керекті заттарды алып, Махамбеттің басын қанжығаға байлап, жан алғыштар Баймағанбетке кетті. Бұл 1846 жылдың 19 қазаны еді.

Осылай ұлы ақын өмірден өтті. Қайғылы өлім. Ия, құдайдың жіберген ажалы емес, ия, сауытын киіп, Күреңмен ойқастап, алты құлаш найзасын толғап ұстап, садағын созып тарта алмай, ала туды Ордаға тіге алмай арманда кетті. Бұқпантайлап келген арсыздардың шекпен астына жасыра келген жаман қылышының құрбаны болды.

Бірақ Исатай екеуінің Еділ мен Жайық ортасын дүбірлетіп қол бастаған кезеңдері халық жадында, тарих беттерінде айқын жазылып қалды. Өйткені олардың істері Зейнолла Қабдолов айтқандай "Олар өзін ойламаған, өзге жайын, ел қамын ғана ойлаған. Отбасынан баз кешіп, өз рахатынан безіп, ылғи ғана "ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып" жүргендегі мақсат мүддесі елінің ертеңі, дәлірек айтқанда біздің бүгінгі күніміз азат қазақ мемлекетінің егемендігі еді. (З.Қабдолов. Ерлік пен елдіктің өшпес рухы. Егемен Қазақстан. 7.08.03).

Махамбетті Махамбет еткенде, осыншама биік дәрежеге көтерген де алдымен оның Исатаймен бірігіп, отаршылдыққа қарсы қаймықпай шыққан күресі еді. Ол егер жан тыныштығын ойлап, хан сарайында жүре бергенде ешкімнің ойына келіп, аузынан шықпас ұлағат сөздер өмірге келмес еді. Көп алдында көрініп, лезде ұмытылатын сарай ақынының бірі болып қала берер еді. Зейнолла Қабдолов сөзімен айтқанда "әрбір буыны мен бунағы, тармағы мен шумағы, мұншалық тап-таза қорғасыннан құйылған сөз, егер Махамбет пен Исатай "Жайық үшін жандасып, Қиғаш үшін қырылмаса, теңдіксіз малға көнбесе, қара қазақ баласын, хан ұлына теңгергісі" келіп, кең даланы дүбірлеткен қол алдында жүрмесе, мұндай сөз бізге жетпес те еді. Махамбеттің ғана аузынан шығатын найзағай сөздердің, елі үшін арпалысқан ерлердің қылыш сыңғырымен қатар естіліп, қатар айтылатыны сондықтан.

Кешегі биіктен сөйлеуге ғана лайық, әрбір сөзі ханды бүгежектетіп, сұлтанды тәубесіне келтірген қайран ақынның басы ат дорбаға салынып, денесі Қаройда қалса да, бірден тыныштық таппапты. Cay кезінде арпалыспен өмір кешіп, сергелдеңге түскен ақынның мүрдесі де талай оқиғаның куәсі болыпты.

Ақын Қаройда қаза тапты. Зерттеушілер еңбегінде сол ауытқушылық болғанымен, ұзын ырғасы бір салаға келіп құяды. Б.Аманшин еңбегінде Махамбеттің бажасы Асаубай деген болады. Руы Беріш( Қаратоқай). Атырауға көшіп бара жатқан Махамбет осы Қаройға келіп қонғанында бажасы Асаубай қонаққа шақырады. Аттанарда Махамбет:Сойып беретін қойым жоқ, барыма риза боласың, - деп Асаубайды өз кезегінде үйіне шақырады. Ертесіне қонаққа келген Асаубай бассыз денені құшақтап, жылап отырған қатын-баланың үстінен шығады.

Содан Асаубай Махамбеттің құнын сұрап, ештеңе өндіре алмағасын, қапысын тауып Баймағанбетті өлтіреді. (Б.Аманшин. Аталған кітап. 382-бет).

Ал, Әнес Сараев кітабында "Бажасы Асаубай ақынның жазым болғанын естіп, Қаройға келіп жерлеуге қатысады да, ауылдың ақсақалдарын ертіп Суықбұлақтағы Баймағанбет ордасына тартады. "Алдияр сұлтан, қас жауыңды өлтірдің, бірақ адамның денесін екі жерге көму мұсылман рәсімінде жоқ. Махамбеттің басын бер, денесімен бірге жатсын" — дейді. Баймағанбет ақынның басын қайтарады. Асаубай қабірді ашқызбай, оң жағынан жанама шұңқыр қазып, денесінің деңгейіне жеткізіп басты көмеді.

Махамбеттің ісін ізіне түсіп қуынған ағасы Бекмағанбет. Шекара комиссиясының адамдары бұл істі сүйрелетіп созып, ақыры 7 жылдан кейін істі ұшты-күйлі жауып тастайды. (Ә.Сараев. Аталған кітап. 369-бет).

Махамбеттің кегін бажасы Асаубай қайтарды дегенді зерттеушілердің бәрі де растайды. Ә. Сараев "Кіші жүздің батыс бөлімінің Жетіру бөлімшесін, одан кейін 1831 жылдан Батыс бөлімінің билеушісі болған Баймағанбет 1837 жылы Станислав орденін, 1846 жылы 2-ші дәрежелі алмазбен безендірілген Қасиетті Анна орденімен марапатталған. Ал, Махамбеттің өлімі сұлтанға жаңа атақ әкелді. Қызметтегі құлшынысы үшін 1 Николайдың қабылдауында болып, оған генерал-майор шені беріледі" — деп жазған. 1847 жылы шен-шекпенімен 30 наурыз күні Елек суына кетіп өледі.

Әйтеуір осы оқиғаға, оның суға кетіп өлуіне Асаубай себепші болған. Оны Б. Аманшин де, "Новое поколение" газетінде Галина Галкина да жазады.

Ақынның орынсыз төгілген қаны, қасиетті басы өзінің тегін еместігін көрсетті. Осы бас үшін алған шен-шекпенінің де, лауазымының да қызығын көрмей Баймағанбет тағдырдың қатал жазасына, ел қарғысына ұшырады.

Кезінде басына дұрыс белгі қойылмағасын ақынның жатқан жері 1958 жылға дейін белгісіз болып келген. Осы жылы Орал облысына белгілі жазушы Қажым Жұмалиев, ақын Тайыр Жароковтар келіп, ұзақ іздестіру нәтижесінде Құрақ Бектұрғановты кездестіреді. Құрақ ақынның жатқан жерін көрсетеді. Оған 1951 жылы әкесі Дінмұханбет көрсеткен екен. Басына сол кезде шаншылған тобылғысы міні құрамай тұрады. Өз кезегінде Дінмұханбетке әкесі Тәшен, оған оның әкесі Бектұрған көрсеткен.

Сол кездегі Индер аудандық партия, аудандық атқару комитетінің қызметкерлеріне Құрақ Бектұрғанов ақын жатқан жерді дәлелдеп, анықтап берген. Артынан 1966 жылы 9 шілдеде Махамбеттің толық, өз тұрғысындағы бейнесін жасау үшін белгілі антрополог Ноэль Шаяхметовтың қатысуымен ақынның мүрдесі жатқан жер ашылады. Оның қолында қазба жұмыстарын жүргізу үшін берілген Мәдениет Министрлігінің рұқсат қағазы бар еді. Галина Галкина өз мақаласында ("Новое поколение". Звезда и смерть Махамбета Утемисова) Ноэль Шаяхметовтың "Из тьмы веков" деген кітабындағы антропологтың жазбасынан үзінді келтіреді. "9 шілдеде 1966 жылы Индер (сол кездегі Есбол) аудандық партия комитетінің жабық бюросы болып, алдағы істер талқыланды. Сағат 12-де ақын жатқан жерге бардық. Күн 53 градус ыстық. Жайлап қазуды бастадық. Беткі жағынан түйе сүйегінің қаңқасы, одан кейін ағаш үйдің қалдықтары табылды. Дәл соның астында бас сүйегі жоқ ақынның мүрдесі шықты. Бұл ең қиын кезең еді. Шындықты бұрмалаушылардың "онда Махамбеттің басы жоқ" - деген хабары расқа шықты ма деп қорқа бастадық. Енді жан-жағын кеңейтіп қазуды қолға алдық. Кенет оң жақ қолының білезігі тұсында ақынның басы жатты"

Ал сол қазба жұмысына қатысқан медицина ғылымының докторы Хайыржан Әбісатов "Бас сүйек денеден 20 см жоғары, беті төмен қарап жатты" - дейді. Бұл Әнес Сараевтың ақын басын Асаубай жерледі дегенін растай түседі.

Антропологтың зерттеулері баяғыдан бері күмәнді, ауызекі айтылып жүрген әңгімелерді жоққа шығарып, ғылыми тұжырым жасалды. Оны Хайыржан Әбісатов былай деп еске алады. "Бұрын мектепте оқып жүргенімізде, тарих оқулықтарында Махамбетті ағайыны Мұса Нұралыұлы шашын қиып жатқанда, өңешін ұстарамен қиып жіберген дейтін еді. Ал, бұл зерттеулер оның арнайы тапсырыспен өлтірілгенін анықтайды". Ақын өте қатты ұрылған екі түрлі қылыштан өлген.

Н. Шаяхметов Герасимов тәсілімен ақынның бейнесін қалпына келтіреді. Бірақ Махамбеттің сүйегі сол 1966 жылдан 1971 жылға дейін антропологтың үйінде болады. 1971 жылы Н. Шаяхметовтың Москваға көшуіне орай ақынның сүйегін алып қалуды Хайыржан Әбісатовтан сұрайды. Ол тәуекел етпегеннен кейін, коробкаға салып, сол Алматы қаласындағы К. Байсейітова көшесіндегі ағайындарына апарып береді. Сөйтіп, қайта қазылып алынған ақынның сүйегі әр жерге көшіп. 1983 жылға дейін жүрді. Кезінде Б. Аманшиннің "ақынның сүйегін жерлеу керек, ол әлі әркімнің подвалында жатыр"- деп жаны ауыра жазғаны бар еді.

Ақыры 1983 жылдың мамыр айының 15-де арнаулы орындар шешім қабылдап, ақын сүйегін жер қойнына тапсырады. 1995 жылы ұлы ақынға, ел тәуелсіздігі жолындағы күрескерге Маңғыстаулық шебер Көпбол Демесін басына ақ мәрмәрдан ескерткіш орнатты.

Соңғы кезеңдері Махамбеттің айтулы ақын ғана емес, дәулескер күйші екенін, оның шығарған көптеген күйлері туралы баспасөз беттерінде материалдар жарияланып жүр. 1982 жылы "Өнер" баспасынан "Шашақты найза, шалқар күй" атты Қаршыға Ахмедияровтың шығарған кітабында Әбіш Кекілбаев ағамыз "...Алдымен Махамбет болу қиын, ал Махамбет болғасын батыр болу да, ақын болу да, күйші болу да оп-оңай сияқтанып тұратындығы шындық. Махамбеттің Махамбеттігі де сол шындық қуғандығында. Бізге жеткен күй, асқақ ақын, асқаралы азаматтың жүрек соғысы мен жүрек тынысының үнмен жазылып қалған кардиограммасындай көп жайды аңғартып, көп жайды түсіндіріп тұр" — десе, Ақселеу Сейдімбеков " Махамбет күйлері адуын мінезімен, асқақ сезімімен дараланады. Кібіртігі жоқ, ішкі толғаныстың тегеуріні, күрсінісі көп көкіректен лақылдап ақтарылғандай. Ең ғажабы осының бәрін өзгеде жоқ әуен-сазбен өрнектеп отырады" — деп бағалайды. Ақынның "Исатайдың Ақтабаны-ай", "Шілтерлі терезе", "Қайран Нарын", "Тарлан", "Жұмыр қылыш", "Өкініш", "Қиылдағы қырғын" сияқты күйлері қазір белгілі. Ал, батыр, ақын, күйші ұстаған қызыл домбырасы қазір ұлттық саз мұражайында. Оның тарихына үңілсек ертеректе Ташкентте тұратын туысы Арыстан Баталовтың қолында болады. Арыстаннан Қатеп, одан кейін інісі Қажет алып Қызылордаға әкеліпті. Кейін Қатеп те, Қажет те өмірден өтіп, ақынның көзіндей болған домбыра солардың анасының қолында қалып, одан кейін Елеу дейтіннің қолына көшеді. Одан Мұстафа Жұмағұловқа ауысады. 37 жыл осы кісінің қолында болған домбыра 1985 жылы ғана мұражайға табысталады. (Ана тілі. Махамбет күйде тартқан арқаланып. 36 саны. 2002).

Махамбет ұлы ақын күйінде, ел еркіндігі үшін арпалысып өткен батыр күйінде халық жадында келе жатыр. Өйткені "Махамбеттің жырларын оқыған адам тез тұтанып, терең тебіреніп, Исатай сарбаздарының сапында айқасқа кіргендей, жеңіс қуанышын, жеңіліс күйігін бірге кешкендей сезінеді. Ақынның құдіретті сөзінің күні бүгінге дейін сыры кеткен жоқ, сыны түскен жоқ" (Б. Аманшин) "Ол сөйлеген сөз бен істеген істің тарихи өміршең болып келетіндігі де осыдан". (Ә.Кекілбаев) Арада ғасырлар өтсе де оның сөзі құнын жойған жоқ, оның ісі бұлыңғыр тартқан жоқ. Күні бүгінге дейін намысымызды қайрайтын, жасыған жігерімізді көтеретін, керек десе елдік пен еркіндіктің не екенін айыра алмайтын, өз халқының болашағынан гөрі, тиын сыңғырына бола туысынан уысын жақын көретін жетесіздерге әлі қарсы сілтенер алмасымыз да осы Махамбет. Ұрпақтары оның бұдан екі ғасыр бұрын айтқан сөздерінен бағыт алады. Әр қазақты өзінің жалғызы деп есептеп, оның тағдырына түн ұйқысын төрт бөле, жаны сыздайтын айтулы ақын Сабыр Адай айтқандай, кеудеден басы кетсе де Намыс арқалаған Нар Махамбеттің арманы елінің болашағы еді. Қазақ жерінің діңі шайқалмай, Дала мен Тауының асқақтап, бар әлемге танылуы еді. Шүкір, шүкір боқ байлық пен бос сөзге малданбайтын, сертінен тайқымас ұрпақтары аталар аманатын жалғастырары даусыз.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙