Мазмұнға өту
Home

Өз елім – өзегім

Уахап Қыдырханұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Өз елім – өзегім

Авторы: Уахап Қыдырханұлы

─ 1 ─ ─ 2 ─ УДК 821. 512. 122 ББК 84 Қаз-7 Қ 79 Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Ақсақалдар алқасының төрағасы саналатын автордың 80 жылдық мерейтойына орай шығарылды Қыдырханұлы Уахап. «Өз елім – өзегім»: Эссе, толғау, естелік, деректі əңгімелер. / Уахап Қыдырханұлы. – Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығы. 2012. – 264 бет.

ISBN 978-601-7023-58-4 Замандар зобалаңы аз қазақты сайын даласына сыйғызбай, телімтелім етіп, жер-əлемге тентіретіп жіберген. Өткен ғасырдың соңында ғана бұғаудан босанған қазақ тұсауы ағытылған тұлпардай сілкініп, Тəуелсіз ел ретіндегі алғашқы қадамын ұлт басындағы осы қасіретті жоюдан бастады. Тұңғыш Президентіміз түбі бір түрік жұртына жасаған алғашқы сапарында сол елде өмір сүріп жатқан қандастарымызбен кездескен, кеңескен, қамкөңіл ағайынды уатқан, қуантқан. Ұлт болып ұйысу жолдарын бірге белгілеуге шақырған. Бұл кітапта елдігіміздің елең-алаң шағындағы шапағатты шаралар туралы айтылады. Тəуелсіздік табиғаты, Президент парасаты ашыла түседі. Эмиграцияның егжей-тегжейі сөз болады. Естелік, эссе, толғау, хикаяттар түрінде талқыға түскен тағдырлар көрінеді. Туысқан тұлғалар таныстырылады. Қилы-қилы тағдырлар арасында жазушының жан-дүниесі де аңғарылады. Зерделі зерттеуге, дəл дерекке, толымды тарихқа, толғаулы тағдыр мен тағылымға жаны құштар оқырманның ағайынтану, диаспорология төңірегіндегі танымын аталмыш кітап тереңдете түседі.

УДК 821. 512. 122

ББК 84 Қаз-7 © Қыдырханұлы У., 2012 © Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы ISBN 978-601-7023-58-4 «Атажұрт» баспа орталығы, 2012 Қ 79

─ 3 ─ АЛҒЫСӨЗ Айтпаса, сөздің атасы өледі. Бұл ұстаным байырғы журналист, қарымды қаламгер, сарабдал диаспоразерттеуші Уахап Қыдырханұлының “Өз елім – өзегім” (Тəуелсіздік жəне қазақ диаспорасы) атты кітабының өн бойында көрініс береді. Кітап шамырқанулы ойлармен басталады. “Қасаң социализмнің тамырымызға құйып тастаған суық қаны сарқылған жоқ. Қазір келіп жатқан жұрағаттар жағдайының алуан күйге түсуінің түп салдары осында жатыр”, дейді автор. Еріксіз мойындайтын шындық. Қазақ-көші қонының бағыт-бағдары əлі айқындала қоймаған сонау тоқсаныншы жылдардың басында айтылған бұл сөздің салмағы ауыр. Ойы ұшқыр көсемсөзші бұдан əрі тағы да тереңдей түседі. “Қас қылғандай, алғашқы көшті, алпыс жыл атом сыналған, ажал оты лаулаған Абыралыға түсірдік. Алакөл, Балқаштың қалың қопаларына апардық. Моңғол жерінде теңіз жоқ екенін, ондағы халық теңіз климатына үйренбегенін ескерген жокпыз. Бір-бір əулет болып бас құрап келген, туған жеріне барып, тобымызбен орналасамыз деп ойлаған жандарды телім-телім етіп тоздырып жібердік”. Бұл сөздердің де өзегінде ащы ақиқат жатыр. Көзді қарып, көкіректі ашытқанымен, ақиқат сөздің ортақ іске тигізер пайдасы мол. Шамырқанып айтылған шындыққа толы пікірлер соңы игілікті істерге ұласты. Қамшылауы көп қазақ көші жүрісін тез түзеді. Көш көлікті болды. Тəуелсіздіктің алғашқы онон бес жылы ішінде елімізге сырт жерлерден миллионға жуық қандастарымыз көшіп келді. Мұны еліміз тарихындағы ең бір сүбелі де сəулелі, жарқын істердің бірі ретінде атап жүрміз қазір. Уахап ағамыздың шығармашылығындағы өзіме ұнайтын бір тұсы, ол уақыт тынысын тап басады. Тіпті, уақыт талаптарын алдын-ала танитын, өз кезеңінен оза жүретін көрегендігі де бар деуге болады. “Күліп келетін мың жат-

─ 4 ─ тан, еңіреп келетін екі ағайын артық. “Түбі бірге теппейді, өзегі бір кетпейді” деген атамақал да ағайындықтың ұраны бола алады”, дейтін пікірін мен қазақ көші алғаш дүрілдей жөнелген кезең шындығымен əдемі қиюласқан тұжырым санаймын. “Өз елім – өзегім” кітабында осындай тауып айтылған, уақытпен үндес ой-пікірлер жиі. Өзі де жат жерде туып өсіп, шекараның екі бетінде алма-кезек өмір сүрген, бұралаң тағдырды бастан кешкен автордың жан сезімі елдігіміз төңірегіндегі мəйекті ойлармен қатар өріледі. Мен Тəуелсіздіктің елең-алаң шағында республика Мəдениет министрі қызметін атқардым, одан бері де елдің руханияттық өмірі мен көші-қон саласының қайнаған ортасында жүрмін. Осы саланың бірегей адамдарын терең танитындай жағдайға жеттім ғой деп ойлаймын. Мен үшін Уахап ағамыздың бар өмірі, тағдыры, болмыс-бітімі қазақ көшіқонының жоқшысы болуға жаралғандай көрінеді де тұрады. Ерте кеңестік кезеңнің өзінде шетелдегі отандастармен байланыс жасасу жөніндегі “Қазақстан” қоғамында, кейіннен осы қоғамның алғаш ашылған “Шалқар” газетінде қызмет еткен (Бас редактор болды) У. Қыдырханұлы көші-қон табиғатын жақсы таниды. Сондықтан болар, қазақ баспасөзінде “Эмиграция – əлемде əрі саясат, əрі адамгершілік, əрі ғылым”, деп тұңғыш жар салған, бұл тұжырымды ең алғаш жан-жақты дəлелдеген Уахап ағамыз болды. Еліміз Тəуелсіздігінің таңсəрі шағында жазылған деректі əңгіме, эссе, жолсапарлар топтастырылған осынау кітап қазақ диаспорологиясы үшін маңызын жоғалтпасын сезіну мен үшін жүрек жылытарлық жəйтқа айналды. Қайда жүрсе де ағайын іздейтін, туысқан-тұлғаларды тануға жəне танытуға ұмтылатын автордың жылы көңіліне мен түсіністікпен қарадым, оқырмандардың да ортақтастық сезімге бөленеріне сенімім кəміл. Себебі, бəріміз бауырмалдық еншісіне ерте тиген қазақ емеспіз бе?! Уақыт аққан су сияқты. Бір орнында тұрмай сырғып өтіп жатқан уақытпен бірге өзгермейтін нəрсе жоқ. Сырт-

─ 5 ─ тан келіп жатқан қандастарымыздың көші де қазір сандық өзгеріске ұшырады. Мұның сан-алуан себептері бар. Уахап ағамыздың “Өз елім – өзегім” кітабына тағы бір үңілейікші... “Демек, сыртта қазақ халқы бар да, сыртта қазақтың жері бар. Өз жерінде, сондағы мемлекеттің қамқорлығында отырған халықты түгелдей “Айда, көш бері” деу ақылдың үні емес”, “Əсіре отаншылдарымыздың” аңғырт айқайдан абай болуы үшін айтылып отыр. Ұзақ жылдар үзіліп қалған ағайындық енді жалғаса бастағанда, даурығамыз деп дақ түсіріп алмайық”, деген екен У. Қыдырханұлы Тəуелсіздіктің елең-алаң, таңсəрі шағында. Сол кездегі жағдайды ескерер болсақ, мұны, сірə, көрегендік емес деп айту қиын. Алайда, кейіннен көші-қон төңірегінде түрлі дау-дамай тудыруды өзінің негізгі міндетіндей санайтын əсіреотаншылдар жиірек төбе көрсеткені өтірік емес. Осындай жəйттердің алдын алғандай мына сөздерді де Уахап ағамыз елден бұрын айтты: “Үлкен үйдің еншісі бөлек отаулары болмаушы ма еді. Келем дегенін құп алайық, келмеймін дегендері сол отауларында отыра берсін. Өз жерінде өсіп-өнуіне, өркен жаюына көмектесейік. Тілді, дінді, салт-сананы ұмытпауларына, ұмытқанын есіне түсіруге қол ұшын берейік”. Өз маңызын еш уақытта жоғалтпайтын пікір бұл. Шынайылықпен айтылған ой бұл. Шынайылық əрқашан адам ойын жақсылыққа, үкілі үміттерге жетелейді. Үміттенуге əркім де хақылы. Үміт пен сенімді ешқашан тұсаулап қоя алмайсың. Үлкен үйдің ( яғни Қазақстанның ) бұрынғы ата-баба жеріндегі кішкене отаулары (шекара бөлісі кезінде жат елдер құрамында қалып қойған қазақ ауылдары) туралы да У.Қыдырханұлы күтпеген пікір айтады: “Болашақты олар да күтсін, біз де күтейік. Бəлкім, бөлінген жерлеріміз жалғасып, бытыраған еліміз бірігіп кетер”. Қазақ диаспорологиясына өз үнін қоса білген, қасиетті “Құран-кəрімді” қазақ тілінде тұңғыш рет еліне естірткен қадірменді Уахап ағамыз үстіміздегі жылы 80 жастың сеңгіріне аяқ артып отыр. Осынау “Өз елім – өзегім”

─ 6 ─ (Тəуелсіздік жəне қазақ диаспорасы) атты кітабы арқылы ардагер қаламгер сабырлы да сарабдал ой биігінен еліне сөз арнапты. Біз мұны үлкен қуаныш ретінде қабылдадық. Кейбір жолсапарлары мен ой-пікірлері бұрын түрлі басылым беттерінде жарияланғанымен, əлі де маңыздылығын ескеріп, мерейтойына орай кітап етіп бастырып шығаруды жөн көрдік. Оқырман қауым дұрыс қабылдап, қызығушылықпен таныса жатар деген ойдамыз. Талғат МАМАШЕВ, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары

─ 7 ─ ƏУЕЛГІ АЙТАРЫМ АЛЫСТА ЖҮРГЕН АҒАЙЫН Адамзат үшін туыстан туыстың тірі айырылуынан асқан қасірет жоқ. Жерінде жік, елінде жатырқау болмаған, өрісі, қонысы, ырысы тұтас қазақ үшін бұл тіпті, ауыр еді. «Жылғада айырылсаң, жылыңда қосылмайсың» деп бабаларымыз қиянға қоныс аударуға, оқыс айырылысуға жол бермеген. Ықылым заманнан жерінің тұтастығын, елінің бірлігін осылай сақтаған. Туыстан туыстың тірі айырылысуын тек ұзатқан қыз төңірегінде ғана түсінген. Сол қыздың өзі де: Қарағайдың жаңқасы-ай, Жарылмайтын болсашы-ай. Бір атадан туған жан Айырылмайтын болсашы-ай! – деп сыңсып кеткен. Соның өзіне қалың елінің қабырғасы сөгіліп, жұрт болып жұбатып ұзатып салып, сағындырмай барып-келіп, түңілдірмей төркіндетіп, еркіндетіп алып отырған. Уақыт деген ырықсыз күш. Өзінің ағымымен өте береді. Өткен сайын не қанмен, не даңқпен із қалдырады. Заманның зар еңірететін пендесі де, заңғарға көтеретін перзенті де болады. Қазақ үшін соңғы ғасырлар зар заманы болды. Əуелі қос бүйірден қос тажал қысып тұрды. Елдігіміз де, ерлігіміз де ғаламат сынға түсті. Қазақтың бастайтын ханы, қолдайтын биі, қол ертетін батырлары қалмағанда орыстың «бөліп ал да билей бер», қытайдың «қолыңды созып қармап қал» саясаттары сумаңдап шыға келді. ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдарында орыс-қытай шекара бөлісі басталды. Қазаққа ырық бермес ылаң да осы тұста келді. Сексенінші жылдары тұтас қазақты төртке бөліп бір тастады. Жүз мыңдаған ағайын Қытайға қарап, Моңғолия тарап кете барды.

─ 8 ─ Қазақ қасіреті Қазан төңкерісінен соң барынша қалыңдап кетті. Болжамды мəліметтерге қарасақ, 1916-1921 жылдарда жеті жүз елу мың қазақ қырылып, жүз мыңдаған адам атамекенін тастап Қытай қашыпты, Ауғанстан ауыпты, Иранға ығысыпты. Жүректің жарасы, көңілдің наласы, қасірет күйі, қан жылаған жоқтау болып қала беріпті. Ари-айдай, арбаның дөңгелегі, Артта қалды елімнің бір бөлегі. Қалмас еді елімнің бір бөлегі, Қорқытады орыстың зеңбірегі... «Елім-айдан» соңғы еңіреу, міне, осы тұста туыпты. Төңкеріс жалғаса берді. Қызыл террор күш алды. Өмірден байды, өрістен малды құртса, кедей керуен жүріп кетердей көрінді. Мал-мүлік тəркіленіп, жер тартып алынып жатты. Түрмелер қазаққа толды, итжеккенге айдалды. Қазақ сүйегі Қиыр Солтүстікке, Ақтеңізге дейін шашылды. Ретін тапқаны тағы сыртқа қарай сабылды. Одан соң Голощекиннің «кіші төңкерісі» келді. 32-нің ашаршылығында 2,2 миллион қазақ қырылып, жүз мыңдаған туыс талшық іздеп тағы тау асып кетті, ішкі республикаларға ыдырады. Қолдан жасалған осы ылаңдардың бүкіл кінəсі қазақтың ақылды азаматтарына аударылып, оның соңы сұмдық репрессияға ұрындырды.Ұлт ұйытқыларының жиырма сегіз мыңының көздері жазықсыз жойылды. Ұлы Отан соғысына 1,2 миллион құрбан беріп, көп адам өз отанының қаһарынан қорқып, шетелдерде қалып қойды. Осының бəрі қазақ еді. Осының бəрі жиналып келіп қазақтың шетелдердегі қауымдарын құрады. Бірақ күні кешеге дейін біз қазақта эмиграция жоқ деумен келдік. Бар болса оны «қашқын», «сатқын», «халық жауы» санадық. Анкетада «шетелдерде туыстарың бар ма?» деген сұмдық сұрақ жүрді. Жоқ дедік. Қасіретімізді ішке бүгіп, сағынышымызды жасырып, жетпіс жыл бойы үнсіз еңіредік, тілсіз түнеріп жүрдік. Тірі туысымыздан безіп, өлі «интернационализмді»

─ 9 ─ ұрандадық. Төрімізге келімсектер шығып, жерімізді таптады, намысымызды аяқ асты етті. Қара ормандай қазақ үшін орыстың баламасы «аға ұлт», «ұлы халық» болды. Империя ығыстырғандардың бəрі біздің жерімізге жөңкіп келіп, жолдары болып жатты. Сырттап кеткен ағайындардың Қазақстанға ат ізі елуінші жылдарда түсті. Кеше ғана қан қақсатып, туған жерден тепкілеп қуып жіберген қазақты сол қызыл империяның өзі қайта шақырды. Неге? Жер жаһанды жұлқындырып, дүниежүзілік екінші соғыс жүріп өтті. От шарпыған Еуропаны капиталистік қауымдастық көтеріп əкетті. Жеңген социализмге қол ұшын берер күш болмады. Сілікпесін шығарған соғыстың зардабын жоятын, қираған қалалар мен күйреген өндірісті, бүлінген шаруаны, тұралаған тұрмысты қалпына келтіретін күш қажет болды. 1945 жылы 12 қараша күні КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының төрағасы М.Калинин эмиграциядағы отандастарды Кеңес азаматтығына қайта тарту туралы жарлық жариялады. Бұл Шыңжаңның солтүстік батысындағы үш аймақта – Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарында Шығыс Түркістан деп аталған уақытша үкімет құрылып, оның шылбыр-тізгіні орыстың қолында тұрған тұс еді. Кеңес өкіметіне өкпесі басылған, коммуниске кегі жоқ, туған жеріне жете алмай жүрген жансебіл, терін бұлдамайтын тегін қол осы өлкеден мол табылды. 1946 жылдан Кеңес елінің сырттағы азаматы деген төлқұжат таратыла бастады. Əр аймақта сол азаматтардың қоғамы құрылып, болашақ көштің қамы жасала берді. Ол көш елуінші жылы басталмақ еді. Бірақ, коммунистік қытайдың Халықазаттық төңкерісі жеңіп, ҚХР құрылды да Шығыс Түркістанның шырағы өшіп қалды. Бұл қимыл содан төрт жыл кейін «Қазақстан тыңын көтеру» науқанымен қайта басталды. «Қашқындар» еңіреп келіп туған жердің төсін құшып, топырағын сүйіп, сағыныштарын төгіп тастап жатты. Құдайшылығын айтсақ, сол тұста оларды ағайын едің деп іш тартқан ешкім болған жоқ. Керек десеңіз, шақырып əкелген тыңының маңын бастырып, шаңын да көрсетпеді.Туған

─ 10 ─ топырақтарына табандарын тигізбей, жердің шетіне, желдің өтіне шығарып жіберді. Тіпті, қазақтың далиған даласы жетпегендей, Орта Азия республикаларының бəріне, оның да жан баспайтын жапан түзіне апарып тастады. Жат жерлерде отыз жыл «жаза» тартқандары аз болғандай, енді өзбектің мақтасын терді, қырғыздың қойын бақты, түрікменнің түбінде, тəжіктің тау-тастарының арасында көздері жылтырады. Олар үшін екі заң – жазылған жəне «жазылмаған» (малшылықтан ары мандытпау, фермадан жоғары көтермеу, мақтап марапаттамау, партияға қабылдамау...) заң қатар жүріп жатты. Япыр-ау, солар бір кездері жырғағанынан кетіп пе еді, барған жерлерінде бақытқа кенеле қалып па еді?! Онда «орыс елі» атанды, қараталақ болып «қашқын, сатқын» деген ат жабысып жүрді. Ұлы – құл, қызы – күң болды. Оңды бұйым, өңді əйел өздеріне бұйырмады. Ал өз еліне қайтып келгендегі естігені тағы сол болса, соңдарында сығалаған көз, бұқпалаған бақылау жүрсе, ғалымына да, ақынына да, мұғалім, дəрігеріне де қойшылықтан басқа ешнəрсе бұйырмаса, мəңгілік мазаққа жазылған тағдырына не айтар едің?! Қорлаған басқа емес, өзің, қазағың болса ше?! Демографтардың сөздеріне сенсек, сол жылдардан бері Қытайдан келгендердің өсімі бір миллионға жетіпті. Сол миллиондардың қайсысы таққа таласып, лауазымға ұмтылды. Соның бəрі мал өсірді, дəн пісірді, желдің өтіне, жердің шетіне шықты. Отыз жыл ел қыдырмаған, қала көрмеген, фермадан шықпаған, өрістен түспеген адамдардың талайы бар. «Əй, қарағым, қалаға барсаң еңсең түседі, жəбірленесің. Іздеп келгеніміз жер ғой. Сол маңдалада мал бағып жүре бергенің артық. Жүйкең тозбайды» дейтін. Жоқ, бұл біткен жараны білтелеу емес. Кеңестік саясаттың сұмдығын, сұрқиялығын айту. Екі көзді бір-біріне шұқытқан сол сұрқиялық. Жыласып табысқан ағайынды екі адамның біреуін біреуі қорлап, көріспей кеткенін де көрдік. Қазір соның тегі түсінікті бола бастады.

─ 11 ─ *** Одақтың шаңырағы ортасына түсті. Қалай десеңіз де құдіреттей көрінген сол одақты қақырату ісін Желтоқсан жастары бастады. Империялық саясат сол жастарды өз ағаларына соттатып, өз ағаларына даттатып бақты. Тіпті, тұтас бір халыққа «ұлтшыл» деген қарғыс таңбасын басып үлгерді. Маңдайына бағыныстылық, көнбістік жазылған қазақ несіне болса да мойынұсынып еді. Əйтеуір, дүбірлеткен дүние өзі демеп əкетті. Ақылмен іс қылудан, сабыр мен төзімнен тапқан пайданы аз деу күпірлік болар. Қазақтың қара шаңырағына қаншама ұлт өкілдері уық болып шаншылып, жерімізде отсыз, оқсыз ахуал орнаттық. Тəуелсіздік алдық. Жер бетінің жойқын империяларынан мөлтек мемлекеттеріне дейін мойындап үлгерді. Жаһанның бар жағдайын таразылап отыратын Біріккен Ұлттар Ұйымына дау-дамайсыз қабылдандық. Тəңір тіл-көзден сақтасын, басымызға бақыт келіп жатыр, келіп жатыр. Қалай десек те, тəуелсіз екенімізді алғаш рет түйсіну Тұңғыш Президентімізді бүкіл халық болып сайлаумен бірге келді. Біле білсек, қазақ эмиграциясының арнасын ашып берген де Елбасының өзі. Қытай Халық Республикасына барған сапарында ондағы қазақтарға ат басын бұрды. Түркияға барғанда да ондағы қазақтармен ашық əңгімелесті. «А, Құдайлап», ақжол тілеп, ақсарбас айтып, Атамекен үшін мінəжат етіп тұрған туыстардың жүрек лүпілін тыңдады. «Келеміз десеңіздер, құшағымыз ашық. Ағайын болып қайта орал, əйтпесе іскер ретінде бірлесіп шаруа құр. Сіздерде біздерде жоқ көп артықшылық бар. Қазақпын деген азаматтың атажұртқа жəрдемге келетін уақыты жетті. Не істейміз десеңіздер де біздің заңымыз қорғайды» деді. Жүрек тас болмаса, енді елжіреуі керек. Өз жерімізде азшылық болып отырғанда отымыздың басын кіммен толтыруға тиіспіз. Тегінде қазақ өз жерінде ғана қазақ, өз елінде ғана бақытты. Эмиграция – əлемде əрі саясат, əрі адамгершілік, əрі

─ 12 ─ ғылым. Саясат болатыны – азаматтар қай жерде жүрсе, солар арқылы əлгі елдің саяси-əлеуметтік, экономикалық ақуалын игереді, сол елмен жақындасудың жолдарын қарастырады. Адамгершілік болатыны – алыстап кеткен ағайынның атамекенмен байланысын үздірмейді, туыстарын суытпайды, келем десе қайтарып алады, келмегенінің азаматтығын қорғайды. Өркениетті елдерде эмиграцияның тарихын, табиғатын, тұрмыс-тіршілігін, отандастармен байланысын зерттейтін институттар да бар. Əлемнің жиырмадан астам елдерінде шоғырлы түрде жүрген біздің ағайындар да аз емес. Сондай шаруа бізде де қолға алынатын уақыт жетті, тіпті, өтіп те барады. Кешіге берсек, ағайынды қайта жатырқатып аламыз.

*** Шеттеп кеткен ағайындардың ептеп келіп жатқандары бар. ТМД елдеріндегі туыстар ат басын атамекенге бұра бастады. Моңғолиядан алғашқы көштер келді. Бір кездері бөлініп қалған отбасылардың кейбір мүшелері Шыңжаңнан да келіп, бүтінделіп жатыр. Түркиядан бір əулет келіп, əпəдемі қоныс тепті. Иран, Ауған қазақтары Қазақстанға жалтақтап отыр. Біреулерінің көшіп келгілері, енді біреулері Қазақстан азаматтығын алып, осында мекен-жай ұстағылары келеді. Бұның бəрі əзірше ниет, бастама ғана. Ұлы көш əлі басталған жоқ. Бастауға біз дайын емеспіз. Тəуелсіз болғанымызбен, тұрмыс-тіршілігіміз тығырықта тұр. Қазақта не көп – жер көп, не тар – пейіл тар. Əсіресе, өзімізге тар. Жатқа жалпаңдап кетеміз де, өзімізге келгенде өзгере қаламыз. «Ағайын бар болса бере алмайды, жоқ болса көре алмайды» деген қырсықтың қанатын қия алмай жүрміз. Оның үстіне қасаң социализмнің тамырымызға құйып тастаған суық қаны сарқылған жоқ. Қазір келіп жатқан жұрағаттар жағдайының алуан күйге түсуінің түп салдары да осында жатыр. Айталық, былтыр Моңғолиядан он үш мыңдай адам келді. Екі арадағы дəнекер Қазақстан мен Моңғолия Еңбек

─ 13 ─ күштері комитеттері. Бұл да əрине, мемлекеттік кепілдік. Тек сондай жақсы ниеттерге ере жүретін əлдебір «əттеңайлар» болады. Басқасын былай қойғанда, Моңғолия жағы қойған «Азаматтарымызды экологиялық апат аймағына, теңіз жағалауына, індет шыққан жерге жіберме» деген шартты орындамадық. Қас қылғандай, алғашқы көшті, алпыс жыл атом сыналған, ажал оты лаулаған Абыралыға түсірдік. Алакөл, Балқаштың қалың қопаларына апардық. Моңғол жерінде теңіз жоқ екенін, ондағы халық теңіз климатына үйренбегенін ескерген жоқпыз. Бір-бір əулет болып бас құрап келген, туған жерге барып тобымызбен орналасамыз деп ойлаған жандарды телім-телім етіп тоздырып жібердік. Бірінен-бірі адасып, табыса алмай жүрген əулеттер аз емес. Мысқыл болса да бұрындары орыстар айтатын «Тауықты құс деме, Моңғолияны шекарадан тыс деме» деген сөз еске түседі. Үстіміздегі ғасырдың əлеуметтік өмірін Моңғолия халқы да біз сияқты социализм «аясында» өткізді. Олардың да ғалымы, инженері, ақыны, дəрігері, мұғалімі бар. Соның бəрін тəркі етіп, аңырап отырып атамекенге жеткенде, қарасынан данасына дейін ұсынғанымыз – малшылық. Ойлы ағайын оған да көнді. Ал қара шаңырағымызда қарық боламыз деп ойлағандар ше? «Менің ұйықтап жатқан ойымды оятқан, күл төккен жерімнен көтерген сен едің ғой» деп «Шалқарға» хат жазып, мұңын айтып жатады. Айта отырып: «Осыны газеттеріңізге жазбай-ақ қойыңызшы. Кейінгі ел оқып тауы шағылар» деп ескертеді. Осының астарында қанша төзім, қанша сезім жатқанына назар аударайықшы! Бұл – үлкен көшті іркіп тастайық немесе біреулердің шамына тиейік, намысын қоздырайық деп айтылып отырған жоқ, толық жауапкершілікпен, азаматтық ар-ожданмен айтылып отыр. «Дос жылатып айтады». Мінімізді, сырымызды ашпай жетпіс жыл сыпайы болғанда жетіскеніміз белгілі ғой. Ақауымызды «ақылдылар» пайдаланды. «Сен ақжүрексің» деп өзімізді өзімізге салды. Ашынбасақ – ақауымыз ашыл-

─ 14 ─ майды. Ол айтылып та жүр. Тіпті, «қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ» дегенге дейін жеттік. Бұл ұлтты сүймегендіктен емес, намысқа күйгендіктен шыққан азаматтың жан даусы еді. Əттеген-ай, осы ащы сөздің астарын аңғармаған аңғырттар «Абай айтты», «Ғабит айтты» деп, дауырықтырып бара жатыр. «Осы қазақ өзіне өзі жау болатыны несі» дегенде Абай сол жаулыққа жетелеп бара жатқан жəдігөйліктің жер жебіріне жетіп, ең соңында «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бəрі бос» демеп еп еді. Ал, «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін, руға бөлінген у ішсін» дегенді Ғабең (Ғабит Мүсірепов) ұлтқа ілінген осынау ылаңның Абай заманынан да асқынып бара жатқанына күйінгендіктен айтқан. Ғабеңнің қарғысының қара найзасы қазағына емес, сол қазағын жүзге бөліп жауластырып, руға ыдыратып ырылдатып қойған қара ниетке қадалғанын тұспалсызақ түсінуге болатын еді ғой. Осыны даурықтырып бара жатқан дарақылар сонда қазіргі қазаққа ұлтыңның ұйтқысын сақтап ел болғанша, нəсіліңді білмей мал бола бер демек пе?! Біздің қандастарымыз түркі жұртының бір кездегі жағдайы да белгілі болатын. «Алтыбақан ала ауыздық» зардабын олар да аз тартпаған. Сол ұлттық кінəратты Мұстафа Кемал Ата Түрік «Түріктің түріктен басқа досы жоқ» деген ұранмен-ақ оңдап алған еді ғой. Бір түрік емес, түркі тектес бар халық осы ұранмен бауырласып, бір халыққа айналып кеткені қайда. Ендеше, біз де дабылымыздың дауысын өзгертіп: «Қазақтың қазақтан басқа досы жоқ» деуге тиіспіз. Бауырды бауырға тарту үшін өзімізде бауырмалдық болсын! Келетін туысқа бəрінен бұрын көңілімізді, ақ ниетімізді əзірлейік. Күліп келетін мың жаттан, еңіреп келетін екі ағайын артық. «Түбі бірге теппейді, өзегі бір кетпейді» деген ата мақал да ағайындықтың ұраны бола алады.

─ 15 ─ *** Ағайындарымыз қайда жүр? Ойда орыста, қырда Қытайда жүр. Түркияда, Араб пен Иран жұртында, Еуропаның бар өлкесінде, Америка, Канадада тіпті, туу алыстағы Австралия құрлығында да жүр. Бодандықтан бостандық алған тəуелсіз республикаларда жүр. Əлемнің қырық шақты елінде қандастарымыз өмір сүруде. Жай жүрген жоқ, сағынышпен сарғайып жүр. Жай кеткен жоқ, өздерімен бірге ұлтымыздың дəстүрлерін, əдет-ғұрпын ала кеткен. Біреуінің əбдіресінде, біреулерінің аузында тарихи, əдеби мұраларымыз кеткен. Соларды сары майдай сақтап, атамекенге ала келуді армандайды. Сырласа қалсаң солқылдап тұрып жылайсың, бастан кешкен күйлеріне жаның түршігеді, арман-тілектеріне жүрегің елжірейді. Əу деп əн шырқаса: Қайың жоқта қу шыбық бұрау болар, Құрым киіз жабыққа құрау болар. Қос бүйіріңді қолыңмен бұрап алып, Жұбанышың жат елде жылау болар, – деп мұңаяды. Елге келген келіндер (Мюнхенде тұратын Нұржан Сумер): Алтай екен мекенім, Сонда туған екенмін. Аңсап келген ағайын, Қалай қиып кетемін, – деп еңіреп аттанды. Хаттарын оқысаң (Түркияда тұратын Гүлшаһар Қозыбекқызының хаты): Қайран жерім, қайтейін, Су болсаң ішіп қанар едім. От болсаң түсіп жанар едім,

─ 16 ─ Шешек атқан гүл болсаң, Мəпелеп қолыма алар едім. Ат жететін жер болса, Күн сайын бір барар едім. Дауыс жетер жер болса, Бұрқасын əнге салар едім. Аспанда жаңбыр мен болсам, Төбеңнен барып жауар едім. Жер бетінде жел болсам, Самал болып соғар едім. Жаным сүйген Отаным, Сен менен жырақсың. Сарғайтып əр күні Сен мені жылаттың. Шөлдеген жаныма Мөлдір су – бұлақсың. Бір ішіп қануға Қайтейін, жырақсың. Ескі өмір, қара түн, Зарлы əнге шырқаттың. Алдамшы уақыт Жасымды ұрлаттың. Қартайған шағымда Хатпенен жырлаттың. Бақытын тілеймін Кейінгі ұрпақтың! –деген ұлы аңсаулар көресің. Ал қазіргі хаттар тəуелсіз Қазақстанға баянды бақыт, тұңғыш Президентке денсаулық, пайымды парасат тілеген үлкен армандармен ұласып кетті. «Абылайдан соң адыра қалған Алтын таққа бұл заманның бір тумасы болып Сіз отырдыңыз. Хан – халқымен құдіретті. Қара орманды өрт шалмасын, Абылайдай айбарлы бол!» – дейді Моңғолияда тұратын мұғалім Омарбек Зарқұм. Енді біреулер: «Жат ел өзінен бұрын ешкімді жарылқамайды. Социализм қанша сор-

─ 17 ─ са да, сарқа алмаған байлығыңның бағасын біл. Қазақ қолына əрең тиген игілік өзіңе бұйырсын», – деп сақтандырады. Эмиграцияның бізге мəлім энциклопедиялық үш сипаты бар: төңкерісшіл эмиграция, саяси эмиграция, жұмысшы (бұқара) эмиграция. Төңкерісшілі – революция жасауға өз елінде мүмкіндік болмаған соң, оны сырттан жүзеге асыру үшін шетелге шығып кеткендер. Саяси – өз елінде мемлекеттік жүйемен көзқарасы үйлеспегені үшін сыртқа қуылғандар, жұмысшысы – түрлі кəсіп іздеп сыртқа сабылғандар. Шындап талдасақ, бұған жататындарды біздің отандастардан да көп табуға болады. Бірақ қазақ эмиграциясының сипаты басқарақ. Олар негізінен екі топқа – ежелгі жерден географиялық аймақтар бойынша ажырап қалған іргелі ел жəне дəуір даңғазасы, саяси сойқандар салдарынан бас сауғалап, пана іздеп кеткен шашырандылар тобына жатады. Жалпы ағайындық сипаты бірдей болғанмен, бұл екеуіне көзқарас бірдей бола бермейді. Айталық, Шыңжан өлкесінің Жоңғар өңіріндегі, Іле, Тарбағатай, Алтай, Баркөл аймағындағы қазақтар өздерінің ежелгі жерінде отыр. Тарихтағы Тұғрыл, (Уаң) хан керей қағанатын заманымыздың алғашқы мың жылдығында солтүстік Селенгадан сол өңірге дейін ендеткен. Шыңғыс шапқыншылығында Арқаға ығысқан сол керей тайпаларын жоңғар ылаңы тыйылғаннан кейін, Ер Жəнібек атамекеніне қайта апарып қоныстандырған. Соңғы екі ғасырдан бері Қытай империясының шекара шеңберінде өмір сүріп жатыр. Бүкіл тарихы, əлеуметтік өмірі сол елдің ішінде, сол жердің төсінде өтіп келеді. Олар ең əуелі сол өлкенің əулеті, сол мемлекеттің азаматы. Моңғолияның Баян-өлгий аймағындағы қазақтардың сипаты да осындай. Оларға көзқарас, мəдени-экономикалық байланыс ең əуелі олар азаматы болып отырған мемлекетімен мəміле, өзара құрмет негізінде болуы керек. Демек, сыртта қазақ халқы бар да, сыртта қазақтың жері бар. Өз жерінде, сондағы мемлекеттің қамқорлығында отырған халықты түгелдей, «айда, көш бері!» деу ақылдың үні емес. Өткен

─ 18 ─ кезеңдер сабағын да ұмытуға тиіс емеспіз. Сондайлардан шайлығып қалған ондағы ағайындар біздің «отандас» деген əдемі сөзіміздің өзіне сескеніп тұрады. Оның орнына «ағайын, бауыр, туыс» деген, əрі жақын, əрі жылы. Бұл əсте де ақылгөйсу емес, кейбір əсіре отаншылдарымыздың аңғырт айқайдан абай болуы үшін айтылып отыр. Ұзақ жылдар үзіліп қалған ағайындық енді жалғаса бастағанда, даурығамыз деп дақ түсіріп алмайық. Мұны бізден гөрі ондағы ағайындар қатты ойлайды. Шыңжандағы қазақ ақыны Шамшабану Қамзақызының мына шумақтарына құлақ түріңізші: Халық достық қақпасын алды аштырып, Енді тəңір жүрмесін алжастырып. Шаңжаң менен Ертістің арнасындай Татулықты кетейік жалғастырып. Сəлем саған Алматы, ару қала, Мақсат емес біздерді тану ғана. Сырласайық жүректен мұң шертісіп, Келуге де жол ашып, баруға да!

Тегінде, ҚХР-мен, сол арқылы ондағы бауырлармен байланыс – біздің барлық сырттағы ағайындармен байланыстың басты негізі. Сонау Түркия жерінде жүрген, тіпті, мұхиттың арғы жағынан, түу алыстағы Австралиядан таптық деген қандастардың көбі Шыңжаннан шыққандар. Ол жерді олар «мемлекетіміз» деп біледі де, Қазақстанды қара шаңырақ санайды. «Біз мемлекетке барғанда, мемлекетте жүргенде, мемлекеттегі туыстар» деген сөздер ауыздарынан түспейді. Алатауды аңсаған өлеңдерінің көлеңкесінен Еренқабырғаның сұлбасы көрініп тұрады. Сарыарқа сағыныштарының астарында Баркөлдің байтақ даласы жатады. Тəңір тауын айтып отырып, Алтайдың ақбас шыңдарын жоқтайды. Демек, Шыңжан олардың жалғасып жатқан желісі. Тек Қытайдың көне əкімшілігіне өкпелері қара қазандай. Одан тартқан

─ 19 ─ азаптары адам айтқысыз. Сонау отызыншы жылдарда Алтайдан отыз мыңдай адам ауған екен, елуінші жылдардың соңында екі мыңдайы Түркияға əрең жетіпті. Жаһанның жарты əлемінен паналарға жапырақтай жер таппағанда бауырға тартқан Түрік елі екен. Олар үшін қазір Түрік елінің туы биік болғаны керек. Түркия – Қазақстан – Шыңжан – олар үшін бір Түркістан, бір тілек. Шыңжан қазақтарымен байланыстың жақсарғаны сондықтан да оларға көп жақсылық. Тек, басқа қазақтарға қарағанда бұлар кəсіпке пысық, өмірге икемді, тұрмыс-тіршілікке іскер, ұқсатымпаз. Сол іскерлікті қазақтың қара шаңырағына қызмет еткізгілері келеді. Бұл маңызды-ақ. Одан да маңыздысы – алаңдап жүрген ағайынды ішке тарту, рухани демеу, жебеу. Бұл – қара шаңырақтың қасиетті борышы. Келгендері – қамқорлыққа бөленсін, келмегендері атамекенді асқар таудай тірегіміз деп сезінсін. Сенсін. Оны сезіндіре алмасақ, Қытайдағы қазақтың қалың еліне шыға алмасақ, ағайын тақырыбын қозғамай-ақ қояйық. Қазақстаннан қарны ашып, үрейі ұшып, үркіп кеткен ағайындар бүгінде Ауғанстан, Иран жерінде жүр. Елге жете алмай, екі көзі төрт болып жүргендер солар. Өздерімен ерте байланысқа шыққан «Қазақстан» қоғамына «Шалқар» газетіне сиясын құрғатпай хат жазып, тынымсыз туыс іздеп жатады. Олар жүрген елдермен қатынас оңалса, бізде Көшіқон заңы жасалса, ат басын атамекенге бұратын осылар болмақ. Жалпы сипаты жұмысшы эмиграциясына жататын, нағыз қамқорлық қажет ететін бұқара эмиграция осылар. Бұл үшін де ең əуелі Ауған – Иран – Қазақстан қатынасы жолға қойылуы, ағайындар мəселесі соның аясында шешілуі керек. Ал ТМД елдеріндегі отандастардың көші-қонында ойланатын мəселелер көп. Бұл жерде тағы да «сыртта қазақтың елі бар, сыртта қазақтың жері бар» дегенді еске салуға тура келеді. Казачествоның қаскөйлігіне, Солженицынның сандырағына, Горбачевтің алжасуына ыза болғанда «Біз жер бергенді қойып, жер алуымыз керек» дегенді тегін айтып жүрген жоқпыз. Сон-

─ 20 ─ да ойымызда Омбы, Ор, Саратовтар тұрады. Əсіресе сезімге беріліп кеткенде ондағы ағайындарды түп қотара көшіріп алмақ та боламыз. Ата-бабалары күл төгіп, күн көрген жерден, өз жерлерінен олар неге түп қотарыла шығып кетпек. Кетсе – кімді мұқатады? Керісінше, тағы бір тауқымет туады, кері эмигранттардың кебін киеді, кері жоқтау, кері сағыныш келеді. Үлкен үйдің еншісі бөлек отаулары болмаушы ма еді. Келем дегенін құп алайық, келмеймін дегендері сол отауларында отыра берсін. Өз жерінде өсіп-өнуіне, өркен жаюына көмектесейік. Тілді, дінді, салт-сананы ұмытпауларына, ұмытқанын есіне түсіруге қол ұшын берейік. Мəдениет орталықтарын құрысайық. Болашақты олар да күтсін, біз де күтейік. Бəлкім, бөлінген жерлеріміз жалғасып, бытыраған еліміз бірігіп кетер. *** Одаққа қараған бұрынғы республикалардың бірсыпырасы егемендігін отандастарына бұрынырақ танытты. Демократияның, адамгершіліктің алғашқы қадамын ағайынды бауырға тартудан бастады. Əуелі, Ресей, Украина, одан соң Əзірбайжан, Өзбекстан, Түрікменстан, Татарстан өз диаспорасы өкілдерін шақырып, құрылтайлар өткізді. Нəтижесінде, отандастар көңіліндегі бұрынғы күдікті жойды, жылылыққа, атамекен мүддесін ортақ ойласуға қол жеткізді. Бауырлар ара барласу емес, бауырласу ниеті алға шықты. Олармен байланыстағы бұрынғы ресми ұйымдарда іс тəсілдері өзгертіліп, халықтық дипломатия, əлеуметтік аялау кеңейді. Украинада «Рухтың» ролі көтерілді. Өзбекстанда ішкі-сыртқы бауырлар бірлестігі «Ел» қоғамы өмірге келді. Отандастармен жұмысты енді ғана бастаған Түрікменстанда шаруа бірден ширап сала берді. Сабырлы қазақ қайта құрудың аттай алты жылында бұл салада бір адым ілгерілеген жоқ. Отандастармен мəдени байланыс жасайтын қоғамдар сол баяғы қор жұмсап, «қонақ» шақыру, ақпар жинап, анықтама жазумен жүре берді. Демократиялық дүбірдің алғашқы жылдарында оның меймандары күрт көбейді, соңғы жылдары күрт азайды.

─ 21 ─ Ағайындармен араласудың арнасы енді бұқаралық ұйымдарға, өндірістік орындарға, іскер топтарға қарай ауысты. Бұл жерде «Қазақстан» қоғамының жүргізіп келген жұмыстарының маңызын кемітуге тіпті де болмайды.Айта берсек, ол қоғамның өмірге келуінің өзі біздің ұлттық оянуымыздың басы деуге боларлық құбылыс еді. Бұратаналарды туыстарынан бездіріп, сырттағылардың бəрін «сатқын» санатып жіберген империя орыс эмиграциясын ешқашан ұмытқан жоқ болатын. Шет елдердегі отандастарымен мəдени байланыс жасайтын орыс қоғамы – «Родина» 1924 жылдан қызыл Мəскеуде қызмет істеп жатқан. Қазақтар сырттан ағайын іздеу жағдайына жетпісінші жылдары əрең жетті. Ұлттық сезім сілкінді, намыс оянды, бəлкім, саясат сыбырлады, эмиграция жөніндегі халықаралық ережелерді алға сала отырып, бірнеше қазақ зиялылары үкіметке хат жазды. Ол ұлт оқымыстыларының жиналысында қолдау тауып, Мəскеу «Родинасының» мөлтегі түрінде «Қазақстан» («Отан») қоғамы құрылды. Оның ақпараттық органы «Біздің Отан» (қазір «Шалқар») газеті 1976 жылы 16 желтоқсан күні алыстап кеткен ағайындарға тəуекел деп тіл қатты. Туған жерден түңіліп кеткен сырттағы туыстардың бетін бері қарату, оларға қабағы қатып қалған мұндағылардың түстерін жылыту, сұп-суық саясаттың сынғанына сендіру алғашқы кезеңде тіпті де оңай болған жоқ. Сол сынған саясаттың ық жағын ала жүріп, іргелі елдің «ілгері» кеткенін айта, ағайындардың дұғай сəлемдерін жалықпай жеткізе жүріп, жатырқаудан жақындасуға, барласудан бауырласуға жеттік. Бір Қазақстан ғана емес, жер бетіндегі бар қазақ осы қарлығаш хабаршы арқылы танысып, табысып жатты. Бытырап кеткен бар қазақ табылды. Тіпті, сонау қырқыншы жылдары бұрынғы ақгвардияның полковнигі Шыңжаңның Құлжа қаласынан ұрлап əкеткен жеті жасар жетімекті сонау алыс құрлықтан, Австралия аборигендерінің арасынан тауып, туыстарымен табыстырған сəттер болған...Бұл ұлтқа осындай қызмет еткен, жер бетіндегі бар қазақтың тағдыры мен тілегін тəуелсіздікпен тоғыстырған қоғам еді. Шар бетінен шарқ ұрып ағайын іздеген «Шалқар» да «Отандастың ойы ортақ», «Туымыз – туысқандық, тілегіміз

─ 22 ─ – тыныштық» деген девизін «Тірегіміз – Тəуелсіздік!» деген ұранмен ұластырып еді. Сол тəуелсіздік тізгіні қолға тигенде эмиграциямен жұмыс одан əрі кеңейіп, жаңа бастамалар осы қоғам тарапынан туындап жатуы керек еді. Ол болыңқырамай қалды. Нарықтың салқыны əуелі осы қоғамды соқты. Қаржысы кеміді, қолы қысқарды. Басқаны қойып, əлем қазақтарына əбден танымал болған жалғыз газетті ұстаудың өзі тығырыққа тіреліп қалды. Осындай себептермен қоғамның шаруасы шатқаяқтап, ақпарат ауқымы тарылды. Осындай алуан себептер отандастармен қарым-қатынаста бұқаралық ұйымдардың белсенділігін арттырды. «Достық» қоғамы жанынан құрылған «Ағайын, бауыр» ұйымы ұмсына алға шықты. Қоғамдық ұйымдар белсенген бастама бойынша жер жүзіндегі қазақтардың өкілдері қатысатын тұңғыш Құрылтай өткізу əзірлігі жүріп жатыр. Жұрттың бұл Құрылтайдан күтері көп, əңгіменің арнасы да кең. Олар: туыстарды суыстырып жіберген сұм заманның ызғарын жою, тəуелсіздіктің табиғатын түсіну, шетелдегі ағайындар ділгір болып отырған азаматтықты жүзеге асыру, көші-қон жайлы кеңесу, бəрінен абзалы – шетке кеткен қазақтарды тұтастай саяси ақтау. Бəрі жақсы. Құрылтай өтер, əдемі əсерлер де қалар. Орталық та құрылар. Бірақ ол қоғамдық негізіндегі шаруа шеңберінен аспайды. Отандас үшін де, біз үшін де аса ділгір мəселе – Мемлекеттік көші-қон заңы. Сол заң Құрылтайға дейін жасалса, нұр үстіне нұр болмақ. Заң жасау ғана емес, оны жүзеге асыратын, бақылап отыратын, бар шаруаны заң аясында шешетін мемлекеттік комитет құрылуы керек. Бұл шаруа «сенікі, менікі» дейтін кейбір ұйымдарды қысқартып, істің бəрін осы комитетке беру керек. Онда жəне айтқанын орындататын заңды құқық болғаны жөн. Мəселе сонда ғана бір арнаға түседі. Эмиграция – əрі саясат, əрі адамгершілік. Саясатымыз сара, адамгершілігіміз асқақ болсын! 1992 жыл

─ 23 ─ ЕУРОПА ЕСТЕЛІКТЕРІ «ОТАН» ДЕГЕН ОТТЫ СЕЗІМ – Ассалаумағалайкүм, ағалар, қош келдіңіздер! Сапырылысқан жұрт тосын сəлемге селт ете қалғандай. Еуропаның ең тереңіндегі Гамбург аэропортына табан тіреген сəтте-ақ сəлемдерін созып, арсалаңдай келіп амандасқан үш қазақты көру басқаны қойып, біздің өзімізге төтенше əсер етті. «Сəлем – сөздің атасы». Өзгені қайдам, көп ұлтты біздің ел үшін ол түсінікті. Осының өзі-ақ бəрімізді жатырқаусыз жақындатып жібереді. Үштің бірі – Герман Федерациялық Республикасының жоғары оқу орындарында дəріс оқып жүрген өзіміздің С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің профессоры, химия-биология ғылымдарының докторы Рахметқажы Іскендірұлы Берсінбаев болып шықты. «Ерте келген – ел біледі». Біздің жат табалдырықты жатырқаусыз аттауымыздың тұсауын сол жігіт кесті. Екіншісі – орта бойлы, қайратты қара мұртты, ак костюм киген, қағілез қара торы жігіт – Айхан Аужи да, үшіншісі – сұңғақ бойлы, сидам сары Фазыл Кая. Бұл екеуі Гамбург қаласының тұрғындары. Олардың мұнда тұратынын білсек те, дəл ұшақ табалдырығынан ағатайлап алдымыздан шығады деп ойламағанбыз. Шетелдегі отандастармен мəдени байланыс жасайтын СССР «Родина» қоғамы осы жылдың мамыр айында арнаулы туристік топ құрып, Герман Федеральды Республикасы мен Австрияға аттандырған. Сол топ құрамында Қазақстаннан екі адам–осы сапарнаманың авторы жəне Қазақ филармониясының əншісі Əскербек Енкебаев екеуміз болғанбыз. «Қош келдіңіздер» деген жай қошамет сөз емес екен. Əлгі

─ 24 ─ бауырлар қонақ үйге де бізден бұрын жетіп, тағы да алдымыздан шықты. Гамбург–Герман Федеральды Республикасы Жоғарғы Саксон аймағының орталығы, əйгілі Эльба өзенінің бойына орналасқан қала. Əлемнің əр өлкесінен кіре тартқан кемелердің мұнда бұрылмайтыны жоқ. Порттың құрылғанына мың жылдан асқан. Сегізінші мамыр соның туылған күні, бұл күн оларда – ұлттық мереке. Біз сол мереке үстінен келіппіз. Отандастар қаламен таныстыруды сол порт басындағы халықтың серуенінен бастады. – Турист жолы – тура жол. Бұра тартып, бөлек кетуге ешкімнің хақысы жоқ. Біз оны білеміз. Бұрындағы саяхатқа келген кейбір ағайындарымыздың ту сыртынан телміріп қала берген кездеріміз де болған. Бұл жолы да сөйтпейік деп, Рахаңды сонау Ганноверден əдейі шақырып келіп едік. Сəті түсті-ау əйтеуір. Бұл да болса жақсылықтың нышаны, – дейді Айхан. Ел-жер туралы сұрай береді, айта береді. Құштар көңіл, елжіреген жүрек сөзі. Жүріп тыңдаймыз, тұрып тыңдаймыз. Халықтың қалың нөпірі, Еуропаның күре тамырындай Эльбаның арғы-бергі жағындағы көріністер алаңдатады. Көрмеген жердің ой-шұқырына да назар ауады. Мың жасаған портта қанша шежіре жатыр десеңші! Біз тұрған дəл осы тас жиекпен аяқтарын нық басып, жұмысшылардың талай ереуілі өткен ғой. Ықылым заманға үңілмегеннің өзінде, Герман жұмысшыларының 1896, 1906, 1911 жылдардағы көтерілістері бүкіл Еуропаны дүр сілкіндіргені қайда!? Бүгінгі Гамбургтың мынау шулы тірлігі, жылтыраған көрінісі көзді алдағанмен түбінде жатқан тарихты сезім сүзбей қоя ма? Кешегі қанды соғыста – дүниежүзілік екінші соғыста – соқтасы шыққан қалада бой көтерген бүгінгі ғимараттардың, шіркеулер мен мұнаралардың, банктер мен қонақ үйлердің иесі кім болса ол болсын, оны қайта тұрғызған жұмысшылардың киелі қолы емес пе! Басқа-басқа, соңғы ғасырда əлемді əлем-тапырақ еткен Карл Маркс «Капиталының» тұңғыш басылымы шыққан

─ 25 ─ анау баспахананың қасынан қалай енжар өте аласың. Мынау қызыл кірпіш үйлердің қабырғаларында, қызылжасыл жарнамаларда неміс жұмысшы табының көсемі, Эрнест Тельман бастаған 1923 жылғы қарулы көтерілістің қызыл сəулесі тұрғандай. Əр көріністен туындаған сезім тізгінін тежеудің өзі қиын. Сабаңа түскенде тиянақтайтының – бүгінгі бейбіт өмірдің берекесі. Уақыт адамзаттың барлығын тарихтан тағылым алатын, қоғамдар мен қауымдардың жеке тағдырынан, əр түрлі идеологияның алыпқашпа ағымынан гөрі «Əлем» деген арнада тоғысатын тұсқа əкеп отыр. Жер бетінде жалғыз тілек – жаһан тыныштығы. Кеудесінде күпірліктің күбісі күрпілдеп пісіліп жататын Еуропаның өзі бүгін «Ортақ үйге» айналып отыр. Ол – бұл аймақтың тыныштығына да адамзат түгел жауапты деген сөз. Ол жауапкершіліктен ешкім бас тартқан жоқ. Міне, сол «Ортақ үйдегі» дүбірлі бір қалада біздің мынау отандастарымыз да өмір кешіп жатыр. Олардың кəсібін көруге жазған несіпте де уақыт сипаты, ұғысу мен түсінісудің, жақындасудың жақсы нышаны жатыр. – Е, бауырлар! Еуропа атты «Ортақ үйдегі» бар тағдыр да əлем назарында, – дейміз. – Біз жұмысшы адамдармыз, ағалар, – дейді Айхан. – Тіршіліктің көзін қуып осы жерге дейін жеттік. «Еуропа – ортақ үй» дегенге біздің жүрек те жылиды. Содан да шіркін, ортақтан гөрі оңаша, өзіңнің Отаныңның, қара шаңырағыңның астында жүргенге не жетсін! Шынын айтсам, бізге қазір нан табу қиын емес, ел табу қиын. Отандас орағытып, тағы да өз мұңына тартты. Ділмəрсіп емес, жасыра алмайтын жан сырын айтып келеді... Фазыл отыз төрттегі жігіт. Айханнан бес жас кіші. Сол кішілігіне бағып, оның сөзін бөлмейді, алдын кеспейді. Тек, біз алаңдаған жайларға түсінік беріп келеді. Сірə, «Отан» деген сөздің оты шарпып кетсе керек, осы тұста көзі жайнап, булыға сөйледі.

─ 26 ─ – «Көлде жүрген қоңыр қаз – шөл қадірін білмейді, шөлде жүрген дуадақ – көл қадірін білмейді» дейді ғой. Бізге ағатайлар, екеуі де қымбат. Салқындайтын көліміз де, қанбайтын шөліміз де – еліміз. Біле білсеңіздер, осыдан аз жыл бұрын мен қазақша бір ауыз сөз сөйлей алмайтын едім. Міне, енді мақалдап та кететін болдым. Ол – Қазақстанның арқасы. Осыны сіздерден келген кітаптардан, өлеңдерден, фильмдерден үйрендік. «Көңілім былтырғыдан биыл жақсы» дегендей, былтыр Қазақстанға барып келгелі тіпті, жақсымын. – Е, біз не көрмеген əулетпіз. Басқан ізіміз жер шарының жартысын орап жатыр. Тартқанымыз – ол дүние мен бұл дүниенің тұтас тауқыметі, – деп Айхан да алысқа тартты. Десе дегендей-ақ. Бұлардың атамекені Шығыс Түркістан өлкесінің Баркөл аймағы. Ежелден қаймағы бұзылмаған қазақы тұрмысқа 1932 жылдары тынышсыздық енгенде тағдыр адастырып, Тибет өткізіп, Индия түсіріп, Гималайдың сұрапылды жолына жолықтырған. Одан Кашмир, Пəкістандатып отырып, Түркияға тиянақтатқан. Дəл осы жолды 1949 жылы екінші тобы басқан. Ұзақ сергелдең естен жаңылдырған, елдіктен қалдырған, тілден, əдетғұрыптан мақрұм еткен. Ұрпақтан-ұрпақ ауысқан тұста, жас өсіп, кəсіп іздеп Еуропа шашырап кеткен. Содан барып Қазақстанмен жалғасып, тілді, ғұрыпты, салтты еске түсірген. Енді, міне, ел деп еңіреп, атамекенге көз тігіп, көңіл жұбатып жүр. – Қазір біз өзімізді қайта туған қазақпыз дейміз. Қайта тудырған да, асқар таудай тірегіміз де, мақтанышымыз да – Қазақстан, қабырғалы қалың жұртымыз, – деседі. – Осы күнде бар-жоғын білмеймін, – дейді жымия күліп Айхан. Күлкісі күңіреніске ұқсайды, ерінінен екіұдай емеурін аңғарылады. – Біздің бір қартымыз болды. Сол кісінің төрінен түсірмейтін бір ағаш ері бар еді. «Өрден келген ыңыршақ қой» деп, туған жерінің көзіндей көретін. Сондай бір қадірлі заттар менде де бар. Бұйырса, көрерсіздер. ... Көрдік. Еуропаша жасауланған Айхан үйінің бөлмесінің

─ 27 ─ бір бұрышы көзге оттай басылды. Жиюлы қазақ кітаптары, ілулі Абай домбырасы, кестелі қара тақия, шашақты ақ бөрік, «Қазақстан» деген жазуы бар тоқылған кішкене кілемше. Тіпті, қуыршақ пен Қазақстан шылымына дейін қойылған. – Міне, «Менің өрден келген ыңыршығымдай» ең қымбат қазынам. Сенсеңіздер, көңілдің күйі шайқалған кей сəтте мен осы бұрыштан өзіме жұбаныш табамын. Домбыра шерте, өлең айта білмеймін. Бірақ, түсімде күмбірлетіп күй тартып, аңыратып əн шырқап жатамын. Сондай кезде мына Рахима талай оятып жіберді, – деп қарқ-қарқ күлді. Біз күле алмадық. Паһ, паһ, анау күлкінің астында қанша сезім жатыр! – Е, сенің ояудағы ойың, ұйқыдағы түсің – Атамекен екен ғой, – деп үлкендер алдында инабатты Рахима келін де жан дүниесіндегі жалынды жалт еткізді. Тоғыз жасар Тулай, алты жасар Айқұт та əңгімеге құлақ түріп жүр. Тіпті, бір жарым жастағы Айтуль де «аға, ата» деп былдырап келіп тіземізге отырып алды. Төгілмей, сөгілмей көр, енді... – Оюлы сырмақ, түлкі тымақ ала жүру бірталайымыздыңақ қолымыздан келіп еді, ал мына Айхан ағадай «Қазақстан» жасау мүмкіндігі бəрімізде бола қоймады. Дегенмен, ел еске түскенде ретін тауып, сағыныш басатын бір алданыш менде де бар. Сəті түссе сіздерге көрсетемін, – деді Фазыл. Ертеңгі шаруа осыдан басталды. Гамбургте тарихиэтнографиялық үлкен мұражай бар екен. Соның Ресей бөлімінің бастығы Фазылдың тəуір танысы екен. Музейде, əсіресе, Ресейдің, Қазақстан, Түркменстан жəне Қиыр Солтүстіктегі көшпелі халықтар тұрмысы толығырақ жабдықталған. ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басындағы қазақ тұрмысынан түсірілген бес жүзге тарта фотосуреттер жатыр. Оны Қазақстанның əр өңірінен С.М.Дудин деген суретші түсіріпті. Сол күні музейдің демалысы болса да Фазыл біздің кіріп-шығуымызға мүмкіндік туғызды. Суреттер шертетін сырлар көп-ақ. Салтанатты көш, сəукелелі қыз, салсерілік, аңшылық, келін түсіру, қыз ұзату, той, жəрмеңке.

─ 28 ─ Бай, кедей тұрмысы, үй жиһазы, көне киім, ер-тұрман, қолөнер, зергерлік. Бие байлау, асау ұстау, үй тігу, тіпті, егіншілікке дейін, көшпелі елдің бүкіл этнографиясы түгел қамтылған. ХХ ғасырдың басында Еуропада өткен халықаралық этнографиялық конгреске киіз үй де апарылып, ол сонда қалдырылыпты. Біз оның үлгісін көрдік. Киіз үй, оның мүліктері сирек зат ретінде бөлек сақталатын сияқты. Жəне де қазақ халқының ежелгі еңбек құралдары мен қару жарақтары да біршама жинақталған. Батырдың сауыт-сайманы, селебе мен садақ, алдаспан мен айбалта, семсер мен сапыға дейін тұр. – Көрдіңіздер ме?– деді Фазыл.– Тамырымыздағы қан қазақ болып тасығанда, тура осында тартамын. Келген сайын бір сергіп, мақтаныш сезімге бөленіп қаламын. Бұл музей менің Еуропадағы үлкен үйіме айналып кетті. Киіз үйдің анау шаңырағынан маңдайыма шуақ түскендей жадырап шығамын. Жаңағы суреттерден бірталай көшірмені Фазыл бұрын да бізге жіберген екен. Музей қызметкері бізге де бірнеше сурет жəне Ресей бөлімінің үлкен каталогын сыйлады. Тегі, музеймен қарым-қатынас орнатқан жөн шығар деген ой келді. Оған музей қызметкерлері де кетəрі емес. С. М. Дудин суреттерінен екі альбом Ленинградта жатыр. Сонда бір болып, салыстырып, сұрыптамақ ойым бар. Қазақстанмен жұмысты содан соң ойластыруға болады, – дейді. Кеш, герман-орыс достығы қоғамының шағын клубы. Отандастармен кездесу. Білгісі келетіндері көп. Біздің елдегі өзгерістерге, қайта құрудың барысына да құлақ түреді. «Еуропа – ортақ үй!» деген əр ауыздан ұрандай шығады. Алқа отырып əңгімелесудің соңы концертке ұласты. – Мен «Отан» деген сөздің мəнін дəл бүгін осы Гамбургте, анау қара мұртты қазақтың отбасынан ерекше сезіндім, – дейді концерт жүргізушісі, РСФСР-ға еңбек сіңірген артист В.А.Коняев. Ол Қазақстанда туған жоқ. Ел салтын көрген жоқ. Бірақ оның кішкентай отауының төрінде Қазақстан тұр. Атамекенге деген сағыныш, үміт, тілек тұр...

─ 29 ─ Осынау жалынды сөзге Айхан жаны қанша толқыды білмеймін, маңдайы тершіп, видеокамерасын залға бағыттап, отырыстың бір сəтін қалт жібермей түсіріп жүр. Жаңағы сөз немісше аударылғанда, бізге жақын отырған Рахиманың көзі боталап қоя берді. – Менің биылғы тапқан ұлы қазынам осы болмақ, ағалар, – дейді Айхан видеокамерасын нұсқап. Бұйырса, осы лентаны көреміз, көрерміз де көңіл демерміз. Отан деген отты сезім, Өшпес менің өмірімде. Жұмылса да екі көзім, Отан жатар көңілімде. Ақын апамыз Мəриям Хакімжанованың осынау отты шумақтары ауызға түсе кетті. Ол анау жас отандастар көзінен құштарлық, санасына сағыныш болып болып қайта ұрды біздің сезімге. Қимай қоштастық. Бəріміз, бүкіл турист түгел қимадық. Жігіттер желпініп, жеңілейіп қалды. Өйткені, біз оларға атамекеннің ыстық сəлемін жеткізіп, сағыныштарын өзімізбен бірге əкетіп бара жаттық. ЖҮРІҢДЕР, АҒАТАЙЛАР, КЕЛІП-КЕТІП... Айхандардың ұшақ табалдырығынан түсіріп алғанына күпті көңіл Дортмунда сəл алағызғандай. Кельндегі көп қазақтан ешкім көрінбейді. Бұған кінəлі – біз түсуге тиіс болған қонақ үйдің мекен-жайының өзгеріп кеткені еді. Сонда да, серіктермен бірге серуенге шықпай, бөлмеде отырып қалғамыз. Күн еңкейе сау етіп үш жігіт кіріп келді. Сол баяғы жалынды сəлем, ыстық ықылас. – Апыр-ай, бауырлар, қалай таптыңдар? – дейміз. – Іздеген табады ғой, ағалар, – дейді Əбдіғани Макин. – Сонау Алматыдан ат сабылтып, Сіздер келе жатқанда іздеп тауып алмай бізге не болыпты.

─ 30 ─ Қаланы шарлап-шарлап, шаршаған қарттарымыз қайтып кетті. Отель атаулыны түгелдеп жүріп, біз таптық əйтеуір, – дейді Лақат Чакар. Сөзі байсалды, мінезі орнықты жігіт сияқты. Ал Мұстафа Хасенту жаутаңдап қарай берді. Кельн Дортмундтан 120 шақырым. Жігіттер жолға асығады. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» деп, ежелгі неміс халқы Реин жағалап, кент сала берген сияқты. Дортмундтан Кельнге жеткенше сабағы үзілмейтін қалалар. Қай жаққа қарасаң да Ратуш үлгісіндегі үйлер, шіркеулер. Тіпті, кейде мешіт мұнаралары да көзге түседі. Жасыл орман иықтасқан таулардың сай-салалары сыңсыған үйлер. – Ағатай, сізді біз жақсы білеміз. Видео таспаларынан таныспыз. Əлгі «Сыр сазын», «Ана туралыны», «Он алты қызды ма» «əу» деп жіберіңізші, - деп өтінеді Əскербектен. Жол үстінде-ақ жосылтып, əн шырқатқысы келеді ағаларына. Сөйтеді де машинаның магнитофонын қосады. Бибігүл, Қайрат, Əлібек немесе Нұрғали шырқай жөнеледі. Əскербектің «Сыр сазы» да саңқылдап өтеді. Машинада магнитофоннан əн тыңдау – таңғажайып құбылыс емес. Тек бізде ұлттық əндерді «аңыратпай» «осы заман» саздарын тыңдау сəнге айналған ғой. Ал мұнда қай қазақтың машинасына мінсең де саңқылдап қазақ əндері шырқап кете береді. «Қолдағы алтынның қадірін білмейді екенбіз». Еуропаға аяқ тигеннен бастап, өз əнімізге өзіміз ғашық болып, əншілерімізді сағына бастадық. – Ал, балалар, ақсақалдарыңды аттап өтпейік, – деді Əскербек. – Ең бірінші үлкен үйге тізгін тартыңдар. – Енді ерік бізде, ағалар. Отауымыздың табалдырығын оң аяқтарыңызбен бір аттау біз үшін жақсы ырым. Үлкен үй де отаудан өседі ғой, – дейді Мұстафа. Сөйтсек, тізгін тартатын алғашқы үй соныкі екен. Əй, аңғырттық-ай! Үйге кіріп жайғасып болғанша Əскербектің қызыл домбырасы қолдан-қолға ауысып жүре берді. Əуелі Əбдіғани əн айтты. Оған Мұстафа қосылды. Жап-жақсы даусы бар. Кей əнді тіпті, өзіндік мəнермен айта-

─ 31 ─ ды. Лақат та өнерден құралақан емес екен. Шанаққа саусағы шорқақтау тиетін Шұғайып та «Қаражорғаны» қағып тастады. Əрине, ысылған өнерпаз емес, бірақ өздеріне тəн тəптəуір талпыныс. Ақсақалдар жиналған соң əңгіме қызып кетті. Ыдырыс Ерол, Смайыл Сəбенжан, Əбдіғапар Чоқблен, Абдрахман Шетин, Мамет Чалышқан, елу мен алпыстың аралығы. Бəрі шымыр, ширақ. От пен судан өтіп, бекінген, беркінген жандар. Сəл ғана түрік мəнері болмаса тілде де, мүкістік жоқ. Ыдырыс Ерол – алпысқа аяқ басқан. Қылаусыз қара шаш, қара мұрт, етсіз шымыр денелі, орта бойлы. Өзі Қазақстанда болған. Оның баласы Шұғайып өте биязы, сыпайы жігіт. Бипаздап, біліп сөйлейді екен. Алматыны ол да көрген екен. Кельндегі алпысқа жуық қазақ отбасы ақсақалдар ықпалында. Əкелер қатал ма, əлде балалар ұяң ба, үлкендер отырған жерде жастар момақан. – Қайтеміз енді, – дейді Исмайыл Сəбенжан жастардың «жасықтығы» туралы бір сырда. Біздің бойда қалған бар қасиет балаларға өз сөзімізді өткізіп, тізгіндеп ұстау. Əйтпесе, бүйтіп жүріп, кімге ие болғандаймыз. Тіпті, үлкенбіз деп жүрген біздердің алдымызда да ақсақалдар бар. Сондығымызбен біз – қазақпыз. Ертеңінде жалдамалы бір шағын клубта кездесу болды. Дені əйелдер мен жастар, алпыстай адам жиналды. Əңгіме мен əн кезектесіп, мерекелік мерей өсті. Əлгі «бұйығы» жастар осы тұста серпілді. Əбдіғани Макин, Мұстафа Хасентуға басқалар қосылып, өнерлерін көрсетті. Ыдырыстың жас қызы Сəния домбырада екі күй орындады. Əскербектің термелері тебірентіп жіберді білем, ұяңдау ғана үш келіншек – Əзей, Құснай, Ақылхан – қосылып «Ағажан» əнін шырқады. Салдық сайран Алтайдың күн бетіне, Сəлем жаздық ақ қағаз бір бетіне. Жүректегі от – жалын бір ортайсын, Əн салайық ағалар құрметіне.

─ 32 ─ Кəдімгі құлаққа таныс қара өлеңнің соңғы жолдары не бізге бағытталады, немесе өз мұңдарына ойысады. Қайың жоқта қу шыбық бұрау болар, Құрым киіз жабыққа құрау болар. Қос қолыңмен бүйіріңді бұрап тұрып, Жұбанышың жат елде жылау болар. Қарайғанға қараймыз тал ма екен деп, Елден хабар күтеміз, бар ма екен деп. Қайран баба қалды ғой, қайран бала, Көшке ере алмай мұз құшып, жар мекендеп. Жүріңдер ағатайлар, келіп-кетіп, Жүректі жабырқаған еліктетіп, Шет жақта жаутаң қағып жүргендерге Мекеннен хабар-ошар беріп кетіп... Егіліңкіреп бара жатқан соң, Əскербек «Он алты қызды» ойнақтатып өтті де келіндер əуенін назға бұрып жіберді. – «Бұдан жаманымызда да тойға барғамыз» дегендей, шүкіршілік, қазір жастарымыз домбыра тартып, əн айтатын тіпті, кейде концерт беретін де жағдайға жетті, – дейді Ыдырыс ақсақал. – Басқаларға қарағанда біз домбыралы, думандырақпыз. Ол домбыра, əн-күй – Қазақстанның сəлемдемесі. Елден не келсе, біздің ортақ қазынамыз. Осы кездесудің бейнетаспасы ертең Еуропадағы бар қазаққа тарайды. Шіркін, мына балаларды баулитын, тілді, əдет-ғұрыпты үйрететін адам келсе ғой... Кельн жастарының өздері шығарып, əйтпесе, күйтабақтардан үйреніп айтып жүрген əн-жырларын жаздырып ала кеттік.

─ 33 ─ КЕР МАРАЛ-АЙ.... Мюнхенде жортып жүрген марал жоқ. Бірақ, көңілдегі кер марал, жаралы жаны шырқырап, жаутаң-жаутаң қарайтын, дəл өзіңдей жүрегі жаралы жандармен мəңгі мұңдас болып қалған тəрізді. Қонақ үйге тізе бүгіп үлгерместен тапырлап кіріп келген отандастар бірден-ақ кездесуге ала жөнелді. Басшылары Қаби деген қағілез ғана аққұба жігіт. Көп жүрген, көп көрген, пайымды, байсалды азамат. Уақыттың тығыздығын ескеріп, меймандарды неғұрлым көп адаммен көздестіріп қалғысы келетін сияқты. Жаппай жұмыс істейтін адамдарға ұрымтал уақыт, əрине, кешкі мезгіл ғана. Шəріп Найманның (Серғазыұлы, Нияз немересі) шаңырағына ағалар жағы жиналыпты. Сол Шəкеңнің өзі Нығметолла Хан, Ахмет Услу, жастары шамалас, бəрі де шаруадан қалмаған, ширақ. Балалары алдында – бас, ал өзара – жас сияқты. Бірі атып, бірі қағатын қалжыңдары да, ой шомдыратын орнықты сөздері де бар. Адасқан өмірдің ұзақ тауқыметті тарихын шежіредей шертіседі. Шертіседі де, шерлерін бір шығарып тастап, жеңілдеп қалады. Елдің, жердің жай-жапсарына қызығады. Өздері сөйлегенде, мейманды тыңдағанда бұралқы сөз араласуын ұнатпайды, қосқұлақтыққа жібермейді. – Мен биыл елудің сегізіндемін. Елден ауғанда ес біліп қалған бала едім, бəрі жадымда. Жүрегіме жазылып, жатталып қалғандай, – дейді Шəкең. – Шыңхайдың шөлі. Тибеттің тау-тасы. Гималайдың азапты асулары. Индия, Кашмир, Пакистан. Жол азабы, жұт, оба, қияндарда қалған қарт, бесікте өлген бала. Жүздің тоқсаны жолда қалып, оны ғана жеткен шығар Түркияға. Одан соңғы көзтүрткі тіршілік. Мен өзім, мысалы, жеті жыл бойы Мекке шығып кеттім. Енді ес жиған шақта зайыптан айырған тағдыр тағы бір соқты. Содан осы Мюнхень келіп, тұрып жатырмыз. Бар шүкіршілік, əйтеуір, балалар адам қатарына қосылды. Естігеннің, елжіреткен жайлардың қайсыбірін жаза

─ 34 ─ бересің. Шашылып кеткен ризықты теріп, жаһанның жартысын шарлаған, құрып барып қайта көктеген əулетпен Еуропаның бір түкпірінде сырласып отырғаныңды шүкіршілік етесің. – Швецияда тұрған, əлгі марқұм Ақи Қаһарман ақын еді ғой, – деді Ахмет Услу өзінен гөрі, ел деп өзегі талған бойы көз жұмған бір тағдырды алға салып. Сол кісінің үстіміздегі жаңа жыл қарсаңында ғана жазып, соңғы нүктесін қоя алмай кеткен «Елге сəлемін» бізге жолдаған осы Ахмет Услу еді. Газетке жарияланған соң өлең үшін аруақ атынан рахмет айтты. – Ақынның өзі өлсе де хаты өлмейді. Ақаңның əр жағдай, əр тұста жазғандары бар. Сəті түссе, жинап, жолдармын, – дейді. Қазақстан хабар-ошарлары, газет-журналдары жиі жетіп тұруын тілейді. – Ұлттық мектебі, мұғалімі жоқ жерде оның міндетін бізде Қазақстаннан келген кітаптар, күйтабақтар, бейне таспалар, музыкалық кассеталар атқарады, – дейді Шəріп. – Кейде балаларды теледидардың алдына тізіп отырғызып қойып, Қазақстан ленталарынан сөз үйретеміз, өлең жаттатамыз. Бұлардың ең үлкен ұстазы қазір – музыка. Соны көбірек жіберсеңіздер. Ел-жер шежіресіне шөлдеп жүрміз. – Көктеріңізде туларыңыз, бастарыңызда Отандарыңыз бар, Сіздер бақыттысыздар. Ал сол шіркін, бізде жоқ қой, жоқ... – деп қос алақанын жайып, булыға сөйлегенде сенің де тамағыңа буылтықтар пайда бола қалады. «Бауырлар-ау, сол бақыттан бір түйір тастай кетсеңіздерші...» – деп қолдарын жалына жайып тұрғандай əсер етеді. – «Өлмеген алтын бақырдан су ішеді» дейді ғой халық. Былтыр мен Шыңжан барып, сонау Қара Ертістің басынан əкеміз татқан «күміс бұлақтан» су ішіп қайттым. Міне, сіздермен дидарласып отырмыз. Осының бəрі маған «Алтын бақыр» сияқтанады, – дейді Шəріп. – Бабамның туған жері – қазақ Алтайының, Катон өңірі екен. Шіркін-ай, Шабанбай жайлауына барып, шалғынына шалқадан жатып бір қайтар

─ 35 ─ ма еді деп армандайсың. Арман, мүмкін жеткізер де, тек, ел аман, дүние тыныш болсыншы... Жастармен жүздесу əсте көңілді болды. Лепірген көңілдер күліп қалғысы, біліп қалғысы келеді. Əн, əн... Əскербектің домбырасы тағы да қолдан-қолға өтті. Өмірхан, Тұран Алтын сияқты əнге əуес, домбыраға қолы икемделіп қалған жастар мұнда да бар екен. Кельн жастары «Сүйгеніме» деген тəп-тəуір лирикалық əн орындап еді. Оның сөзін де, əнін де жазған осындағы Мұстафа Өзтүрік деген жігіт болып шықты. Жасы отызға енді көтерілген Мұстафа Мюнхеньде жəне Стамбулда, екі жерде екі мектеп ашып, жастарды каратэге үйретеді екен. «Алтай» деп аталатын шағын киноның сценарийін өзі жазып, басты рөлде (каратист рөлінде) өзі ойнаған. Қытай, жапон, түрік, ағылшын, неміс тілдерінде еркін сөйлей береді. Латын, қытай, араб жазуларын жақсы меңгерген. «Шіркін-ай, енді «Қыз Жібекті» қайта экрандаса, рөлдерде Араб-Шығысының немесе түріктің киножұлдыздарын ойнатса, əй, жер жүзіндегі сиректердің бірі болар еді-ау», – дейді. Не дерсің, арман ғой... Соған жалғас, əттең, каратэ қазақ экранына шыға қалса, оған осы Мұстафалардай жігіттерді шақырса деген ой бізде де оянып қалды. Əр үнді беріле тыңдап, əрбір əсерлі сөзге көзі мөлтілдеп кетіп отырған Нұржан қарындас (Қаби Сумердің зайыбы) қымсына отырып, бір қилы əн бастады. Жауыз қолдан кер марал жараланды, Ойын күлкі бақыттан дараланды. Кер марал-ай, Мен бір мұңды, Сен жаралы-ай! Баяғыдай еркіңше дəурен сүріп, Үйіріңе болар ма, оралар күн... Ұяң үн ашылып, қысылып басталған əн бір қайырымнан соң өрлеп сала берді. Халық əні, халық сөзі. Кельндегі

─ 36 ─ келіндер сияқты сөзді суыртпақтап, басқаға бағыттаған жоқ. Əн тек өз ырғағы, өз сөзімен айтылса ғана əсерлі ғой. Əлде, табиғилық, Нұржанда сыршылдық, сезімталдық байқалды. Саялы бақ, мекенің – жасыл орманың, Зəбір көрдің кер марал қандай жаннан? Кер марал-ай... Жаңа өскен мендағы өрім тал ем, Бұл күндерде гүл болдым көктей орған, Кер марал-ай, Мен бір мұңды, Сен жаралы-ай! – Əй, пəлі, Нұржан-ау, жаралы маралмен жаның қандай сырлас еді. Бұл деген, тек нəзік жүрекпен, терең сезіммен ғана айтылатын əн екен, – дейміз. Нұржан көзі жасаурап, төмен қарайды. – Пəлі, сіздер бұл жеңгемнің жанын қойып, саусағының өзі қандай нəзік екенін білсеңіздер,– деп қалжыңдайды Абай деген қайнысы. – Компьютер техникасына отыра қалғанда оның қилы-қилы тетіктерін, қылдан жіңішке сымдарын жалғап, сəулелерімен ойнап жүре береді. Саусақтарының өзі сондай болғанда, жеңгемнің жанының нəзіктігіне айтар бар ма? Күлкі... – Бір кездері апамыз айтатын да, егілетін əндер еді. Енді байқасақ, олар да қансыраған марал сияқты жүректері жаралы, сонымен тағдырлас екен. Енді міне, бұл мұң бізге ауысқан да, – дейді Нұржан. – Əлем-жəлем тіршілік көзді алдағанмен, қаяулы көңілді жұбата аласың ба? Саялы тау, жасыл орманды атамекенін таппаған жүрек қашан да жаралы. Əн екеш əннің де көкейде мұңдысы жатады. Телефон шыр ете қалды. Трубканы құлаққа тосқан үй иесінің түсі өзгеріп, даусы қатқыл шықты. «Жоқ, жоқ, келмейсіз. Шырықты бұзбаңыз... Жер жүзіндегі бəленің бəрін білгенде қалаға келген қонақтарды қайда боларын

─ 37 ─ білмей, не қара басқан...», – деп трубканы тастай салды. Сөйтсек, ол Қазақстанды жамандап жар салып жүретін, сырттың сойылын соғып кеткен бір жігіт екен. Лұқпан мың жасадым дегенде осындай риясыз бір күлкіні бір жасқа есептеген ғой. Кейде, шын мұң, шын күлкінің өзі адамды бір жасатпай ма! Тек, шіркін, осындай шын күле алмайтындар немесе «сырты күліп, іші ұлып тұратындар» болмаса, – дейді. Бұл жаңағы телефон шалушыға қадалған сұқ. Тегі мынау күлкі мен күңіреніске сырттан соққан суық араласып сұхбаттастың көңіл-күйін ұйқы-тұйқы етіп жіберген тəрізді. Туыс деп тұрып, тырнағының көбесін қазатын, қазақпын деп жүріп, қара шаңыраққа күл шашатындарды жек көресің-ақ. Ия, шын күлкі, қалтқысыз қуаныш адам жанын жабырқаудан азат ететін ұлы күш. Адамға рухани азаттықтан артық не бар. Мынау отандастардың сағынышы саф алтындай таза, армандары ілгері. Ұлтымыздың салтын сақтайық, ұрпақтарымызды қазақша сөйлетіп, қазақша ойнатайық дейді. Сол ұрпаққа иеліктің кепілдігі тəрізді өзара көмек ұйымдары бар. Оның мақсаты – жұмыссыздыққа, жоқжітікке көмектесу. Кездейсоқ жағдайларға жабдықты отыру. Бұл – игілік, бұл иелік. Араларында ағалары да, жағалары да бар. Ағасы – ақылшы, жағасы – шашырап жүрген əулеттің жанашыры. Үміт, тілек, арман бар. Ал сағыныш – бəрі ортақ. Алтай екен мекенім, Сонда туған екенмін. Жаңа көрген ағалар, Қалай қиып кетемін... Нұржан мен Айшаның қосылып айтқан осы бір қоштасу əні əлде, алысқа ұзатылған қыздың, əлде көз көрместе жүрген жұрағаттың жүрек сөзіндей құлаққа ұйып, тұрып қалды. Алматы – Мəскеу – Гамбург – Кельн – Мюнхень – Алматы, 1988 жыл

─ 38 ─ ҚАЙРАН ƏКЕ! – Сатыр-сұтыр оқ жауды, абыр-сабыр ел көшті. Қара күздің суығы сүйектен өтеді. Кемпір-шалдардың шуылдап жұртта қалып жатқандары да бар. Қиямет... Қызырхан сөйлеп отыр. Біз тыңдап отырмыз, таңырқап отырмыз. Жаңа ғана қонақ үйдің есігін қорғалақтай ашып, имене сəлемдескен үркек ботадай үлкен көзі ұясында ойнап, тік қараудан тайсақтай берген жап-жас қана жалтақ баладан мұнша тосын құбылысты кім күткен. Көзі көрген оқиға болса бір сəрі, айтып отырғаны сонау қырқыншы жылдардың хикметі. Өз жасы ұзаса 25-26 шамасында ғана. – Қашқан ауыл Шаймерден атамыздікі. Ебіл-себіл елін еске шақырайын деді ме екен, сəл кідіргенде қуа атқан оқ қақ жауырынынан қадалып, атынан ұшып түскен. Əбен деген бір ағайын ағызып келіп, құлаған дененің қойнынан алты айлық баланы іліп алып кеткен. Атау-кебінсіз, көмусіз қала берген, қайран əке... Қызырхан алқымы қысылғандай қылғынып қойды. – Сол жөргегінде жетім қалған – мына қастарыңызда отырған Дəлелхан ағайымыз. «Апыр-ай, мұнша неғып қоюлатып жібердің» дей ме, əлде өз өмірінің аса қасіретті тұсын еске салғанға ыңғайсыздана ма, Дəлелхан оған бір, бізге бір қарайды. Қызыл шырайынан қан сұйылып, əдемі жүзі ағараң тартқан тəрізді. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген рас екен. Талай боздақ тұқымымен құрып кеткенде, алты айлығында ажалдан қалған Дəкең жер шарының жарты шеңберін айналып келіп, міне, енді Австрия жерінде Венада ошақ ұстап отыр. Жасында алтайы қызыл түлкідей əдемі-ақ болған шығар, қырықтан асқан қазірдің өзінде Дəлелханның жүзі нұрлы, маңдайы жазық, беті əжімсіз, байсалды, бипаз. Оқығаны шамалы. Жұмыстың да қарапайымын қанағат тұтып, бір шеберханада тігінші болып істейді.

─ 39 ─ Бүлдіршіндей төрт баласы бар. Түрі өзінен аумаған, бірақ денелі, сұңғақ, он жеті жасар Ержаны ылпылдап қызмет етіп жүр. Сүп-сүйкімді кішкентай Эльмасы тақылдап сөйлеп, əлде түрікше, əлде немісше тақпақ айтады да иіліп тағзым етеді. Əнге асықса Əскербектің домбырасын айналдыра бастайтын əдеттері. Қорабынан шығып, қолдан-қолға ауысып, сол Домбыра Дəлелханға келіп жетті. Қос ішекке қол тиді, ыңылдаған үн шықты. – Ей-ей, угай-ай... Бəсең үннен қызыл домбыраның үні асып түсті. Құлақ күйді Əскербек төмендетіп берді. – Ей-ей, угай-ай, Угай сəулем, ел қайда, Ур-рйей-ай! Баяу, ұнамды үнмен төрт шумақ өлең айтып, тынды. Тынды да күрсінді. – Е, ел қайда?! Ол шіркін үйреншікті қасірет қой. Соның бəрінен де мына балаларды қазақ етіп өсіру қиын болып барады-ау. – Түйсіктерін тұспалдап айтатын бұлардың тағы бір əдеті. Əлгі сөздің ар жағында «Шіркін осылардың тілін сындырып, саналарына ұлттық сезім ұялатардай бір шарапат болса ғой» дейтін арман жатқанын аңғарасың. Венада тұратын он екі үй қазақтың бірі Дəлелхан Өздемірдің (Шаймерденұлының) өмірінде осындай бір сыр жатыпты. ƏТТЕҢ, АЛТАЙ! – Кешіріңіздер, ағалар! – Қызырхан шағын магнитофонды ортаға шығарып, кассета салды. – Мынау таспаны сəл тыңдап көріңіздерші! Бұл менің əкем Шəмейдің көз жұмардан бір-ақ күн бұрынғы даусы еді. Күңгірі басым, қартаң дауыс. Тынып қалып, қайта шығады.

─ 40 ─ Əй, Алтай, əттең Алтай, көркем Алтай! Кір жуып, кіндік кескен өлкем Алтай. Дүниеден армансыз боп өтер едім,

Бір иіскеп топырағыңды өлсем Алтай! Үш-төрт шумақты шұбыртып келеді де, осы қайырманы қайталайды. Сөз бірде ұғылып, бірде ұғылмайды. Қызырханның онда шаруасы жоқ, азанға ұйыған мүридтей мүлгиді. Əлде əкені сағынады, əлде оның арманы ішін өртейді, екі көзі мөлт-мөлт етеді. Таспа тура бір сағаттық. Қалжырап жатып қалай айта берді екен жарықтық! Шəмей əлгі Шаймерденнің інісі екен. «Елден хабар естімей өлмеймін», – деп тырысқан тарамыс Баркөлден алғашқы адам келген тұста, атамекен жайын біліп барып көз жұмыпты. «Жарықтықтың тілегі дұрыс екен...» – деп балалары соған да шүкіршілік етеді. – Зуха батырды білетін шығарсыздар! – дейді Қызырхан. Білеміз. Ол өзі арғы тегі Зайсаннан шыққан Сəбит дамолланың баласы. ХІХ ғасырдың соңында өр керейіне қоныс аударып, əрі батыр, əрі ақын, əрі ғұламалығымен өрдің үлкен орындарының біріне айналған адам. Цин империясының қаталдығына көнбей, Алтайдағы ұлт еркіндігі қимылына бас болған да сол кісі. Қара əкімшіліктің қанжарына алғаш рет іліккен бас та сол кісінікі. Содан балалары елін алып, əуелі Цинхай ауған, одан Тибет өтіп, Индия түсіп, 1950 жылдардың бас кезінде Түркияға барып тиянақтаған. – Демек, біздің бабаларымыздың ежелгі жұрты – Зайсан. Қазақстан қабырғалы қалың елдігімен де, атамекендігімен де бізге қымбат, – дейді бала. Сол Зухадан он бір ұл болған екен. Оның үрім-бұтақтары қазір жетпіске жуық түтінге жетіпті. – Амал қанша! – дейді Қызырхан. – Тұтас отырса іргелі бір ел ғой. Ал қазір жер шарының бүкіл аумағында тарыдай шашылып біздің осы бір əулет жүр. Стамбул, Нью-Иорк, Канада, Лондон, Париж, Швеция, ФРГ – дейсіз бе, əйтеуір телім-телім. Қайран жер, қайран ел!..

─ 41 ─ БАУЫРЖАН – Қадамдарыңыз қандай құтты еді, – деген Қапархан аманнан соң-ақ. – Біздің ауылда дəл бүгін бір нəресте дүниеге келді. Кемелхан ағамыздың келіні ұл тапты. Кемекең де кешіккен жоқ. Есіктен екпіндей кіре, құшағын ашып, төс қағысып амандасты. Еріннен ептеп іш жиып алғанымыз бар. Бұл жақтағылар бетіне ерін таяса тайсақтап кетеді. Ал төске төс тигенде жүректің лүпілі жете ме, əйтеуір бір жылылық бойды шарпиды. Кемелхан алпыстан асқан, төртбақ, етжеңді адам. Сөйлегенде тіліне түрік тіркестері орала береді де, оны қайта қазақшалаймын деп, сəл бұлдыратып жібереді. – Ау, ағасы, тіліңізді түсінбедік қой, – деп қытықтайды Қадес деген қушыкеш жігіт. Қарттың да бір қағары бар. – Тілді түсінбесең де, ділді түсінерсің, – дейді сəл ентігіп. – Сөзім түрік болса да, қуанышым қазақ. Алыстан ағайын келсе, үйіңде ұл бала дүниеге келсе, тіл шіркінді түрткілеп қайтесің... Жүріңдер одан да, кеттік біздікіне! – Қойыңыз, ақсақал, мұнда да көтерілген қазан бар, – Қапархан көзін қысады. – Алда-жалда көнбесеңіз «орамалын» беріп кетіңіз. Кемелхан қарқ-қарқ күледі. – Əй, бала, Орамал менің əкемнің аты. Одан өзімнің айырылғаныма да отыз жылдан асты. «Күлсең кəріге күл» дей ме, ағаларының мінезін қызықтай ма, əйтеуір інілері əзілдесе береді екен. Орамал – əкесінің шын аты ма, лақап аты ма, оны білмедік. Ал түрік берген аты – Дүрмас. Ол – тұрмас деген сөз. Қайсысы болса да қалжыңға қабырғалап келіп тұрған есім. – Е, тапжылмас болсақ, отырмас па едік, қара орман-хан тағымызда. Жаһан кезген тұрлаусыз тіршілігіңе орай Тұрмас деп ат қойса, өкпелеп қайтеміз. Əзіл үзілді. Көмейінен көрініп қалған лебізді Қапархан да қайта жұтып жіберді. Жүзіне сəл мұң оралғандай. Қапархан Юскел (Елейұлы) мына отырғандардың

─ 42 ─ басқаларының бірі сияқты. Өзі жақсы жұмыскер. Отбасы толық. Үлкендері Түркияда. Канада шығып кеткен Қадира деген қарындасын бауырмал, мұхит кешкен қазақтарды төркін тұтып, тиянақ болады деп мақтап отырысты. Былай да əн аңсаған көңілге тойда тежеу болсын ба! Шілдехана басталды. Көңіл толқыды, көз жастанды. Той тарқарға Əскербек Алматының миллионыншы тұрғынына арналған Мансур Сағатовтың толғауын айтты. – Ағеке, сіз де алтайлық екенсіз. Айтқандарыңыздан біздің ата-аналарыздың үндері мен мұңдары естіліп, көкірегімізге Өр Алтайдың тынысы енгендей болды. Мына таспада дауысыңыз да қалсын, «əу» деп жіберіңізші,- деп, домбыраны маған ұсынды Əкбархан деген бір биязы жігіт. Өлең айтатын əдетім жоқ еді, неге екенін білмеймін, аузыма «Сұлубай» түсе қалды. Домбыраға даусымды қоса алмай, əннің əуеніне ыңылдай беріп едім: – Құдай-ау, Сұлубай ғой,– деді Кемелқан, дауысы дірілдеп. Сөйтсек, Кемекең сол батырдың руласы екен. Əннің бір шумағын баяу үнмен шыпширақ айтып шықтым. Екіншісіне Дəлелхан қосылып көтере жөнеліп еді: “Қайқая шапқан қарагер, Қайрылар ма екен қайран ел” деген қайырмасына келгенде бұрауы босаған патефондай болбыратып жіберді. Өзінің “Угай-айымен” жұртты бағана бір мұңайтып; бір тыңайтып тастаған тастай жігіттің мына құбылысы менің даусымды да дірілдетіп жіберді. – Ағаңыздың əні ғой, ендігісін сіз айтыңыз,– дедім Кемекеңе, көңілімнің күйін сездірмегенсіп. – Өлтірем демесең, мені өлеңге зорлама, – деп, ду күлдірді. Уақыт біраз жерге барып қалыпты. Бағана балаға ат қоюды өтінгені бар еді. Жаңағы əннің əуенімен осы кездесуге орай екі шумақ өлең айтып, үшіншісін: Келе жатыр ашылып Нұр ғаламы, Ұмыт болсын өмірдің шырғалаңы. Бауыр іздеп алыстан біз де келдік, Бауыржан деп атайық бұл баланы,

─ 43 ─ – деп соңғы жолды екі қайтара айтып тоқтадым. Нəрестенің əжесі егіліп жылады. Баукең туралы, біздің бауыр іздеп жүргеніміз жайлы əңгімеленді. Бауыржан осының бəріне бейнелі, баламалы ат болып табылды.. – Болсын, болсын! – Онда, баламыздың хабарын біліп тұратын болайық. Мына қаламды бесігіне іліп қойыңдар! Кемелхан қипақтады. – Менде сауат жоқ, мыналар қазақша білмейді, – деп ұлдарына қарады. – Ер жеткенде өзі жазбаса... – Қам жемеңіз, – деді Қапархан, – Жазатын адам табылады. Бауыржан ендігі жерде бізді Атамекенмен, мына ағалармен байланыстыратын дəнекеріміз болады... ВЕНА Адамды асырайтын – табиғат. Жердің сөлін емеді, кенін алады, ауасын жұтады. Ал австриялықтар көбіне табиғаттың көркін еметін халық. Елдің ұлттық табысының дені туризмнен түседі. Саяхатшылар аяғы жыл бойы саябырламайды. Жазда тіпті көбейе түседі. Көрші елдер халықтары қолы қалт етсе, Австрия тауларын сағалап саяхаттап кеп жүргені. Тау бізге таңсық емес. Алатау мен Алтай бұл таулардың тəңірі дерлік. Тек мұнда табиғат аялы алақанда. Елдің ұзына бойын сызып өткен жолда ыбырсып жатқан ешнəрсе көзге ұрмайды. Бəрі жөнделген, бəрі өңделген. Тіпті, Зальсбургтегі кейбір зəулім ғимараттардың тұтас бір қабырғасы табиғи жартасты қашап, қиюластыра салғандай. Менхсберг жотасынан төмен қарайсыз. Сонау тас дəуірінен адамдарға тұрақ болған Зельц өзенінің аңғарынан өң таймаған. Арнаның екі жиегіндегі үйлердің, кафедральдық собордың, монастырьлар мен шіркеулердің, храмдардың күмбездері, университет ғимараттары ерекше көз тартады. Етегінен тек электровагонеткамен тік шығатын биіктегі қорғаныс (қару-жарақ)

─ 44 ─ қамалының, ұлы композитор Моцарт мұражайының минараты да, жабдықталуы да ғажайып. Не бары 145 мың халқы бар алақандай аңғар бұл күнде халықаралық түрлі конгрестердің, əлемдік туризмнің орталығы. МІНАЖАТ – Ертең Штепан соборында орган ойнатылатын күн, – дегенде елең ете қалдық. Екінші дүниежүзілік апатта ағылшын бомбасынан алаулап жатқан осы собордың өртін біз сөндірдік деп айтушы еді менің ағам Мақсұт. Штепан органының үні де жұрт құлағына ертеден мəлім. Еуропадағы атақты, соның ішінде əлемдік мұралардың бірі – Штепан өртін біржолата сөндірген қаһарман əкелеріміз бен ағаларымыздың қолтаңбасын көру қандай ғанибет. Сыртында тым əкетіп бара жатқан ажар жоқ. Тұтас сұрғылт. Тек, аумағы зор. Ал əдемілігі – ішінде. Заңғар ғимараттың зəулім шатыры таянышсыз көтерілген. Қозғалмастай етіп орнатылған құйма орындықтарда сығылысып жұрт отыр. Жүрме жолдарда да иін тірескен адам. Əр түсті, əр тілді туристер. Мінəжатты қала магистрі келіп, өзі ашты. Үстінде шіркеу сопысының сөлбеңдеген киімі, басында – тəж. Қасында ту көтерген, от ұстаған адамдар. Зікір сияқты бірдеңені діндар əуенмен айтады да созалаңдатып барып тынады. «Амин!» деп дүр ете қалысады. Орган озаңдай бастағанда жас-кəрісі бар бір дауыспен бірдеңе деп сарнап кетті. – Не деп жатыр? – дейміз. «А құдай, тыныштығыңды бер!» – дейді екен сөйтсек. «Тыныштық!». Адамзаттың осынау көкейкесті тілегін кешегі қанды соғыста соқтасы шыққан Австрия жері, өртін біздің қасиетті қаһарман ағаларымыз өз қолдарымен сөндірген собордың күмбезі күмбірлеп, органы күңіреніп, мінажат етіп, тілеп тұр. Алматы – Мəскеу – Вена – Алматы 1988 жыл

─ 45 ─ ТҮРКИЯ ДƏПТЕРІНЕН АЛҒАШҚЫ ƏСЕР Тамыздың талауратқан ыстығы Мəскеудің өзінде де ми қайнатқандай еді. Бір тəуірі қонақ үйден ертерек аттанып, аэропланға аптап ұрмай отырғанбыз. Алып лайнер алпыс градустық суық көкпен ұшқан соң шығар, салон салқын. Сонда да болса, тропикалық ендікте жатқан Түркия ыстығы ойға орала береді. Аэроплан қонуға құлдилады. Терезеден төмен қараймыз. Қаладан да, даладан да белгі жоқ, тұп-тура теңізге құлап келе жатқандаймыз. Көз жетер көкжиек ақжал толқын, көкбурыл су. Анда-мұнда кемелер көрінеді. Самолет жер сызды да, сырғанап келіп, табалдырыққа тұмсық тіреді. Аспан ашық, күн нұрлы. Біз ойлағандай қыпырық та, бетке ұрған аптап та жоқ, кəдімгі Алатаудың төскейінен есетін сылқым самалдай жұмсақ леп жанға жайлы тиеді. Зор ғимараттың маңдайында «Ататүрік һауалаңы» деген жазу тұр. Һауалаң – бізше əуе алаңы, яғни аэропорт деген сөз. Қойын дəптерге алғаш түскен сөз де сол болды. Аэропорт, аэродром деп тілімізді де, үнімізді де үйлестіре алмай əуре болғанша «Ауалаң» (əуе алаңы) десек болмас па! Түріктер самолетті «ұшақ» дейді екен, осы төңіректе сəл ойлансақ аэропланға да əп-əдемі ат табылатын сияқты. Жолаушылар ауласына кіргендегі көзге оттай басылғаны төмендегі залда топталып тұрған, қазақша киім киген қыздар мен жігіттер болды. Араларында өзіме көзтаныс Мансұр Тайжы, Мажит қажы, Абдрахман Шетин, Смайыл Сəбенжандар жүр. Қауыша бастадық. Қарқылдаған күлкі, салпылдаған сүйіс жоқ, төске төс түйістіріп, бетке бет сүйкескендей ғана сыпайылық. Басқаларға қайдам, менің өзіме осы сыпайылық ұнайды. Жарқ-жұрқ, сарт-сұрт, тыз-тыз фотоаппараттар, бейне кинокамералар. Қырма қара сақалдысы, ақсамайлысы,

─ 46 ─ үлбіреген жастары бар, бір өңкей қара көз, қараторы жүзді, өз бауырларымыз. «Мархамат! Бұйырыңыз! Жол болсын! Хош келдіңіздер!» – деген ыстық ықыласпен де, стандарттан шыққандай, мөлдір жарғаққа оралып, алқызыл ұзын жиек тағылған гүлге де оранып жатырмыз. Үстеріндегі қазақы ұлттық киімнің тігісі, безелуі де бөлек, біздегі сияқты өңіріне текемет тігіп, ту сыртына сырмақ жауып алғандай құшақ-құшақ қошқар мүйіздер, арбақ-сарбақ оюлар жоқ, алтын-күміс жіптермен шым кестеленген жұқа жиек, нəзік əшекейлер. «Қазақ киімі осындай болмақ керек!». Бұл менің ойыма келген екінші түйсік. Үздік-создық жиырмадан астам араба (машина) Бас даңғылмен (Аэропорт даңғылымен) тарта жөнелді. Бейнекамералары барлар машиналарының үстін ашып тастап, меймандарды ретін тауып түсіріп келеді. Біздің кинооператорымызға да оңаша бір көлік тиіпті. Халықаралық аэропорттың өзі Стамбулдың ортасында екен. Зейтынбурын орамына (қазақтар мүйісіне) тез жеттік. Көшелер барған сайын тарылып, ақыры ішекше бұраңдай келіп, ені он метрден аспайтын бір қысаңға келіп тірелді. Кірлеу қабырғада көрнексіз ғана жазылған «Қазақ уақыбы» деген ілме тұр. Қарсы алдынан мешіт көрінеді. Төрт қабат үйдің жер тағанында аумағы 200 шаршы метрдей зал бар екен. Еденіне кілем төселіп, тұс-тұсқа ежелгі қазақ киім-бұйымдары қойылып, тəп-тəуір жабдықталыпты. Табалдырықтан аттай бере тасырлата шашылған шашудан Стамбулдың алғашқы дəміне тіс тиді. «Қазақ уақыбының» (Қазақ қорының) бастығы Мұхамади Қылыштың өте қысқа беташар-құттықтауынан соң алқааралас əңгіме басталды. Залдағы үш жүздей адамның жүзі де, сөзі де, демі де ыстық. Түркияның тропикалық табиғаты осы жерде тұрғандай. Бірақ ол шекеңді шыжғыратын, шаңқиған ыстық емес, аңсаған ағайындардың ықылас, сезім ыстығы. Амандық сұрасып, шөл қанды-ау деген сəтте əлде «ауылдың алты ауызы», əлде сөзбен жеткізе алмас сезімді

─ 47 ─ білдіру болар, саркідір тартқан үш əйел – Ғайный, Күлəй, Дариға қосылып өлең бастады. Əттең, Алтай. Сарғусын, Тарылды ғой тынысым. Қош дей алмай кетіп ек, Табылды ғой туысым! Əннің қайырмасы мен үндерін үйлестіріп алды да жарықшағы, жаңылысы жоқ үш дауыспен əрі жалғады. Қуанамыз қонақтар келгеніне, Біздер үшін көңілді бөлгеніне. Төбем көкке жеткендей болып отыр Қазақстан ұл-қызын көргеніме. Алтай менен Сауырды-ай, Мал жатады бауырда-ай! Қош айта алмай біз кеттік, Аға менен бауырға-ай! Дін аман ба, бауырлар, үй іштерің, Сезіледі ерекше иістерің. «Туған жердің топырағы жұпар» деген, Келіңдерші, құмарта бір иіскейін... Кей көңілге мұң оралып, кей көзге жас үйіріле бастаған. Жүрек шым-шым етеді. Əлгінде ғана өлең бастауға дес бермеген қалың дабыр су сепкендей басылды. – Жеңгелер-ау, жұртты жылатпай, көңілдендірсеңдерші! – дейді біреу. – Күлдіргенде сені қытықтасын ба, егіліп бара жатсаң, осындайда жылап ал, ол да пайдалы. – Тоқтатыңдар дабырды. Үш əйелдің өлеңі біраз айтылып барып аяқталды. Енді қонақтардан қарымта күткен сыңайлары бар. Са-

─ 48 ─ наулы репертуарға үйренген біздің өнерпаздар сахнада айтатындарының сырын ашқылары келмей кідіріп отыр. Ақыры күміс қалақтай кішкене домбырасын қолға алып Жəнібек Кəрменов «Ағажай Алтайды» айтып берді. – Шамасы сіз де алтайлық боларсыз? – Пəлі, өз əнімізді өзімізге əкепті де! Бəрібір, мұң сейілген, сезім серпілген жоқ. Ол да Алтайды сағыну, бұл да Алтайды сағыну. Тегі осы күйден бір көтеріп тастайын деді білем, Қапаш Құлышева құтыртып, құйқылжытып «Замандасқа» басты. Соңғы қайырмада əнмен бірге өзі де ойнақшып: «...Замандас! Кездескенде сүйіп-сүйіп амандас!» – дегенде, зал жарылып кетердей жаңғырықты. – Əлгі, жеңгейлер салған əнді шығарған кім болды екен? – деді музыка маманы Ермұрат Үсенов маған еңкейіп. Білетін біреуі айтатын шығар деп мен өзіме таяу отырғандарға қарадым. – Біз халық өлеңін өз мұңдарымызбен матастырып айта береміз, – деді Абдрахман Шетин. – Тегі кімдікі екенін қайдам, бізде мұны «Алтайды аңсау» дейді. Ал бүгінгі сөздеріне қарап «Табысу» əні деп атаса да болар. Абдрахман Шетин атақты Зуха батырдың немересі. Жасы елудің əрі-берісінде. Орта бойлы, шымыр денелі, əр нəрсеге парасатты оймен қарайтын жігіт ағасы. Қазіргі тұратын жері Батыс Германияның Кельн қаласы. Еуропада жүрген азаматтардың жазғы демалыстарын Түркияда өткізетін, қыз ұзату, келін түсіру, отау көтеру, үй салу сияқты шаруаларды сол тұста тындыратын салттары бар екен. Абдрахман да дəл сондай шаруалардың бірталайын тындырып, қайтарға бет алған, тек Қазақстаннан келетін қонақтарды күтіп жүрген жайы бар екен. Сол Абдрахманның жаңағы сөзі осыдан екі жыл бұрынғы Еуропа сапарын есіме салды. Кельн қаласында тұратын алпыс үй қазақ ағайындармен кездескенде дəл осындай үш келіншек (Əзей, Құснай, Ақылхан) «Ағажай» əнімен:

─ 49 ─ Қайың жоқта қу шыбық бұрау болар, Құрым киіз жабыққа құрау болар. Қос қолыңмен бүйірді бұрап тұрып, Жат елде жұбанышың жылау болар, – деп солқылдатып еді. Міне, мына келіншектер əуені де сонымен сарындас шықты. Дегенмен əн авторы менің есіме түсті. – Бұл əйгілі Бүркітбай батырдың əні. Қарсы алдыда отырған Мəжиттің ыңылдаған үні естілді. Қол-аяғым байлауда Қызыл тілім сайрауда. Мен Ғайшаны алып ем, Былтыр күзде жайлауда... – Сен біледі екенсің. – Ол менің қолымды қысты. – Бүркітбайды жасамыс біз болмасақ, бұлар қайдан білсін. Өмірлі өлең есімі өлмейтін адамнан қалады ғой. Қайран Бүркітбай! Гоминданның кісені де, Сарсəмбенің терең зынданы да еңсесін түсіре алмай, өңменінен оқ қадалғанда қаумалап тұрған қалың жұртқа осы өлеңді айтқан бойы көз жұмып еді. «Ғайша» оның адал махаббаты, жас жанының жалауы, жас кектің қайрағы еді. Оның «Ғайшасы» ұлт азаттығы үшін атқа қонған Жоңғар қазақтарының жорық жыры болып қалып еді-ау. Батыр болып Бүркітбай атанғаным, Жау жорықта жан қорғап, жата алмадым. Жан жолдастан жəдігөй жауыз шығып, Қолға түсіп, кісенге маталғаным! – Ой, Ғайша!.. – Қайран, Бүркітбай! Сұрастыра келе Бүркітбайдың осы əні мен ұзақ өлеңін жатқа білетін адам да табылды.

─ 50 ─ Кездесуден кештеу тарап, қара теңіздің дəл жиегіндегі «Мүсəпірлер» («Жолаушылар») қонақ үйіне жайғастақ. Бір ғажабы, осы мейрамхананы Түрік үкіметі қазақ босқындары келген сонау 1950 жылдары соларға арнап салып, осында үш жылдай тегін тұрғызып, тілге, тұрмысқа, кəсіпке үйретіп шығарыпты. Енді міне, сол туыстардың шақыруымен Қазақстаннан келген біздің тобымыз да осында түсті. Ағайындар əуелі меймандарын əр үйге бөліп-бөліп орналастыруды ұйғарған екен. Стамбул қаласының бастығы «Олар біздің де қонағымыз» – деп осы қонақ үйді босаттырып беріпті. Түрік қазақтары өздеріне жасалған бұл қамқорлыққа «Шоқ-шоқ ташаккурларын» (көп-көп рахметтерін) айтысып отырды. Ал қазақ босқындарының бұл үйде өткізген алғашқы «коммунарлық» өмірлері өзінше бір хикая. Самалды түн, салқын ауа, самаладай жап-жарық жағажай. Терезені кең ашып тастап, жол жүгінен де, жүрек (сезім) жүгінен де жеңілейіп, теңіз ауасын мол жұта бір тынығудың реті келді. ҚАДІРЛІ ҚАРА ШАҢЫРАҚТАР Кездесу тарап, жатар орынға жүргелі тұрғанбыз. Өзі тар көшедегі көп машинаның соңына, сонау тұсқа келіп тоқтаған қызыл «мерседестен» асығыс шыққан ақсақал ентелей жүрді. Ұзын бойы, ақ шашы, ақшыл жүзі, үстіндегі ақшыл костюмі бəрі үйлесіп, айдын көлдегі аққудың көсеміндей көрініп кетті. Манадан бері алаңдап, іздеп отырған адамым дəл осы кісі тəрізді. Көп жылдан бері хат жазысып жүрсек те жүз көріспеген едік. Дəл қазір «Бұл кім?» демей-ақ алдынан шықтым. – Ассалаумағалейкүм, Халифа аға! – Ассалаумағалейкүм, рахиматуллаһи уə-барақат-һу! Қош келіпсің, бауырым! Қармана қауышу, ыстық ықылас, кеуде түйісу, жүрек жақындасуы, қол қысысуы арқылы сартап болған сағыныш сығымдалып, шым-шым шығып жатқандай. Бір мен ғана

─ 51 ─ емес, бұл ағаны бəріміз іздеген екенбіз, жамыраған қозыдай жапа-тармағай амандасып жатырмыз. Той тарқардай сəт болған соң созалаң əңгімеге мұрша болған жоқ. Соның өзінде Халифа аға ел жайын, бұрындары Алматыда бет көріскен, дəмдес болған адамдардың бірталайын сұрап үлгерді... Шаршау шығып, шаттық кіріп дегендей ме, əлде түні бойы толассыз көрісудің əсері ме, əйтеуір біраз жатып қалыппыз. «Уақып» (Қазақ қоры) азаматтары есікті əдеппен қағып, ертеңгі тірлікке тұрғызды. Аспан ашық, теңіз де тыныш. Сонау көз ұшында көлбеңдеген ірі-ірі кемелер ұсақтай-ұсақтай келіп, жағаға дейін «жусап» жатыр. Терезе алды арабаға толып қалған. Қонақ үйдің кірісіндегі далиған дəлізге қойылған жұмсақ орындықтарға үлкен-кіші, бай-баяны (ер-əйелі) бар көп адам отыр. Төр басында, ауылдастары арасында Халифа ағамыз көрінеді. Қонақта ерік жоқ, «Уақыптың» да өз жоспарлары бар. Дегенмен бір Стамбулдан ғана емес, Иран, Иорданиядан, Еуропа елдерінен дегендей, тағы көп ағайын жиналып қалыпты. Сірə, бүгін де танысудан аса алмаспыз. – Қайырлы күн, бауырларым! – деді Халекең. – «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қарт алдынан шығады» деген. Байқаймын, кеше алпыстағы ғана емес, жүзді жымқырып қалған Хамза атамызға дейін алдарыңнан шығыпты. Енді мүсəпір міндетін (жолаушы жолын) сендер орындадыңдар. Осындағы ағайындарыңның да қадірлі қара шаңырақтары, ақылгөй ағалары, кейбір азалы босағалар бар дегендей, алдымен соларға сəлемдесіп шыққан жөн болар! – Құлдығым бар, Əжеке (Қажеке), – деп, қолын көкірегіне қойды Мұхамед-Яқұп Добай. Кешеден бері көсіліп, есіліп сөйлеуімен, кейде тіпті, еркіндігімен назар аударған Яқұптан инабаттылық көрініп қалғандай. – Таң атпай теңізге ала қашқалы тұрған Мансұрдын програмын (программасын) қалай өзгертсем деп тұр едім, тауып кеттіңіз-ау! – Яқұп əжі, пыр-шырыңыз күн кестесі дегеніңіз бе? – деді Мархаба деген қағілез жігіт, оның «орысшасын» ілімдеп.

─ 52 ─ – Е, Мансурдың қай стілін мен түсініп жатыр дейсің Алматыға бір барып, орыстың бір сөзін алып келіпті ғой. Сірə, солай шығар деп мен де соғып қалдым... Жиырма бесіміздің біразы ертең көрсетілетін ойын дайындығына қалды, біразымыз Халекең мен Яқұпқа ілестік. Зейтунбурнаның бұраң-бұраң пұшпақтарын айналып келіп, маңдайында «Инан тижар» деген жазуы бар есікке ендік. Аяқ киімдерді табалдырықта қалдырып, төрт қабат үйдің үстіңгісіне көтерілдік. Аумағы алпыс шаршы метрдей бөлменің төріндегі тақтада (креслода) Хамза Инан атамыз отыр. Кеше уақып табалдырығын аттағанда алдымыздан қол жайып, ақ батасымен қарсы алған осы ақсақал. Ұзын еңсесі бүгілмеген, көзінде кіреуке жоқ,селдіреп қалған ақ сақалы бар, бірақ, тоқсан тоғыздың титықтатқан белгісі байқалмайды. Иығында ақ желең, қолында қара таспиық. «Табалдырық» дұғасын өзі жасап, бет сипады да амандыққа ауысты. Хамза Жақияұлының туған жері Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы Ақарал ауылы екен. Ғасырдың кіріс кезеңінде арғы бетке өтіп, өр Алтайға өрлеп кеткен. Əкесі Жақия молла əуелі бала оқытқан, саудамен айналысқан. Бүгінде есімі ел құлағына жете бастаған ақпа ақын Арғынбек Апашбайұлымен рулық жақындығы бар адамдар. Өр керейі бастан өткерген тағдырды бірге кешіп жүріп, 1950 жылдары Түркияға көш бастап келген басалқылардың бірі. 1978 жылы Қазақстанға да келіп, туған жердің топырағына аунап-қунап қайтқаны бар. Ақсақалға тəн алаңменен ауызға алғаны – Зайсандағы зілзала жайы болды. Туған жердің топырағын қойып, бір тал шөбі шайқалмауын тілейтін ізгі ниет көрініп тұр. – Аңдағанда əжептəуір тарихымыз, бастан кешкен күрделі тағдырымыз бар жандармыз, – дейді Халифа Алтай Хамза ақсақалды таныстыра отырып. – Қазақстанда туған, одан Моңғол, Қытайдың маң далаларын түгел кезген, ақыры жер шарының жарты шеңберіндей жол басып, Түркияда тұрақ тапқан Хамза ағамыз небір ғажап оқиғаның тірі куəсі.

─ 53 ─ Бір кездері өкімет болып ел билеген, сол өкіметімен өзі белдесіп, жұлысқан да жайы бар. Ұрпағының өзі қанша елде шашырап жүр десеңізші. Бір баласы Моңғол кеткен, бір баласы Баркөлде қалған, немере-шөберелері Түркия, Англия, Швейцарияларда жүрген қарттың тағдыр-талайын, ой-қиялын кейінге қалдыра тұрайық. Біз ең əуелі осы қадірменді ақсақалдың ақ батасын алғанымызға мəзбіз. Ғұсман Таштан – осы жылдың (1990 ж.) мамыр айында, сексен бес жасында көз жұмыпты. Қадірлі қартты жұрттастары қатты жоқтайды екен. – Ғұсманның əкесі Зайып Тайжы елі үшін еңіреген ер еді, – дейді Халекең. – Сонау отызыншы жылдары Ертіс басындағы елін тік көтеріп, өктем өкіметтің зорлығына қарсы күреске аттандырған, содан Қытайдың Гансу, Цинхай сияқты өлкелерінің иен жерін көп кезген, елсіз өңірлерден тыныш бір түкпір таппаған соң, ақыры қырқыншы жылдары, əу бастағы он сегіз мың адамдық елден қалған бес мың жанды Тибет шығарып əкеткен. Одан Индия өтіп, Кашмирге табан тіреп бір тоқтаған. Одан соң Түрік елімен байланыс жасап, босқын туыстардың таусыншығын құтқарып қалған азамат болатын. Зайып батыр көз жұмған соң, кейінгі жұрттың көсемі Ғұсман болған. Əке мұрагері ретінде ел оны «тайжы» атады, батылдығына орай «батыр» атағын берді. Тозған қазақтан тұңғыш рет Меккеге зиярат жасаған соң «қажы» болды. Түркиядағы тұрмыстың туын тік көтеруге ақылшы болғаны үшін біз ол кісінің атақтарына «аға » дегенді қосып айтатын едік. Ғұсман Таштанның (Тастай деген сөз) үш ұлынан өрбіген ұрпақ бар көрінеді. Өзі оңап кеткен үлкен шаңырақтағы балаларының базары жаман емес сияқты. Стамбулдағы қазақтар негізінен қаланың төрт ауданына шоғырланыпты. Зейтунбұрна (Зейтун тоғайлығы болған жер, қазір қаланың бір бөлігі), Қазақ кенті, Чекмеже жəне Сафра ауылдары. Бұларда қазір жиыны төрт мыңға таяу түтін бар. Сонау отызыншы жылдары Алтайдан ауған отыз

─ 54 ─ мыңға жуық адамнан елуінші жылдары бұл жерлерге мың сегіз жүз отыз адам жеткен болса, оның қырық жылда мұнша молаюына өкпелей қоймайтын сияқтысың. Жетпісінші жылдардан бері бұларға қара тартып, Ауғанстан, Ираннан келгендері, келіп жатқандары да бар. Зейтунбұрнаның бір орамын кеңейте түскен сол ағайындардың Əріпбай сияқты ақсақалдарының да аулаларын аттап өте алмайсың. Отельден шыққан машиналар тізбегі теңізді жиектеп біраз жүрді. Кешегі халықаралық «Һауалаң» да артта қалды. Сəлден соң жол биікке бет алып, төскейге тартты. «Гунешлі осыдан басталады» – десті. Ол – күнгей бет деген сөз екен. Елуінші жылдары Зейтунбұрна да, бұл жер де қаланың шеті болса керек. Қазақтарға қоныс беру орайы келгенде өздері осы жерді сұрапты. Сірə, кеңге үйренген жандар бір жағының бос жатқанын қалаған болар. Ал қазір бұл жерлер қаланың қай деңгейі екенін бөгде көз байқай алар емес. Жанжақта түгел зəулім үй, заңғар құрылыс, самаладай мешіт мұнаралары. Гүнешлідегі қазақ кентінде бірыңғай жайласқан екі жүз елудей қазақ үйі бар екен. Осы кенттің алғашқы қазығын қаққан да, өз руластарынан бастап, тамам қазақты қоныстандырған да Дəлелхан қажы. Бұл кент қазір күншуағымен де, Алтай, Ертіс, Байтік, Баркөл деп аталатын көшелермен де ерекше əсер етіп, Стамбулда-ақ қарт Алтайдың белгілерін байқатқандай. Кенттегі мешіт те Алтай деп аталады. Дəлелхан – Шыңжан қазақтарына аты мəлім, өр керейдің шабақай атты бір руының тайжысы болған Жанымхан қажының ұлы. Жетпіске жуықтап қалған жасы бар, тұлғасы мығым, орнықты адам. Не тағдырына тарығу, немесе тапқанына тоқсыну, əйтпесе, тозған елге тұтқа болғанына міндетсіну жоқ, бағдарлай қарап, байыпты сөйлейді. Ел-жер ахуалын жете білгісі келеді. Інісі Мəжит Жаналтай Алматыға екі келіп, ағайындардың жақындасуына дəнекер болған азамат. Туған Алтайларын аңсайды-ақ, ал Қазақстанды исі қазақтың қара шаңырағы деп қадір тұтатын əулет.

─ 55 ─ – Сіздердің сəлемдеріңізді қабырғалы қазақ елінің ықыласы деп білемін. Алыстап кеткен ағайынды Атамекеннің ұмытпағаны қандай ғанибет. Қазақ болып туған соң қазақ болып өлеміз де. Қош келіпсіздер! – дейді. Ануар Қошиігіт (Сұлтаншəріпұлы) – əйгілі Зуха батырдың немересі. Жасы алпыстың мол үстінде. Өмір бойы тартқан азабының зардабы қордаланып келіп, шау тартқан шағында «шой» ауруына душар етіпті. Аталары Зухадан тартып, бұл əулеттің үш ұрпағына дейін тағдыр тауқымет жазған сияқты. Бабалары Сəбит молда тегінде Зайсан өңірін мекендеген керейдің ителі тарауынан шыққан өз кезінің тақуа-ғұламасы болған екен. Шекараға шеңбер түскен кезде Сауырдың арғы бетінде қала берген. Баласы Зуханы қажыға жіберіп, араб, парсы тілдерін жетік оқытқан. Бірақ, жас қажы дін ұстаудың орнына ту ұстап, қақ-соқ көрген қара тобырды бастап, зұлымдыққа қарсы күрескен. 1910-1930 жылдары Алтайда Зуха аймағы – бостандық аймағы саналған. Шеп құрған шеріктермен тайсалмай соғысқан, теріс ауыз билер мен байларды бас салып, малдарын жоқ-жітіктерге бөліп беріп жүрген. Жиырмасыншы жылдары Ресейден ығысқан ақ гвардияшылардың лаңына тиым салып, ақыры оларды Алтайға тұрақтатпай қуып тастаған. Бірақ, үздіксіз ізіне түсу арқылы, жоқ-жітікке мейірімді жанның сезімін пайдаланып, жетім дұнғанды бала етіп бауырына бастыра жүріп, ақыры соның сатқындығымен қапыда қолға түсірген. Ауыл оңаша қалған бір сəтте қара Пəйжаңның (жазалаушы отрядтың) əскері жасырынып келіп, 1928 жылы батырдың басын алып, қала қақпасына ай бойы іліп қойған. Бұл қанды оқиғаны, жан түршігер жауыздықты тарих жақсы біледі. Осы ғасырдың ішінде Алтай жерінде алғаш рет рахымсыз кесілген бас осы еді. – Қатігездер қанжығасында кеткен керей көсемдерінің басы жалғыз осы дейсіз бе? – дейді Халифа шежіре. – Арғы жоңғар-мəнжүрді былай қойғанда, екі ғасырдың аралығында империялық ылаңнан елін қорғаған Көбеш батырдың қос ұлы – Қарымбек пен Асылбектің басы да, Қобда елінің басшы-

─ 56 ─ сы Қылаңның басы да жау қолында кеткен. Кесетін бастың қарымын келтіре алмағанда Бөке батыр мен Демежанның басын да мазақ еткен ғой. Тегінде керейдің кегін қоздыратын екі-ақ нəрсе болған. Ол – бабаның бейіті, баланың бесігі. Бабаңның жерін қорлап, баланың бесігін шағып жатқанда кектенбесең адамдығың, елдігің қайда! Зуха атамыздың қасиетті басы да осыған шалынған құрбандық еді. Бүгін мынау мамық төсекте мүгедек хал кешіп жатқан Ануар сол Зуханың үшінші ұрпағы. Əлгі оқиғадан кейін Зуханың үлкен ұлы Сұлтаншəріп өзіне қараған елді жауына қарсы аттандырған. 1930 жылдан басталған сол сергелдең Түркияға дейін созылған. Тибет танғұттарымен айқаста беліне тиген зақымның зардабы Ануарды ақыры сартөсек күйге жеткізген. Сай-сүйектерін сырқыратқан сырқатпен алысып жатса да бізді сергек қарсы алды. Тіпті, бір сəт дерт ұмытылып, көңіл көбең тартқан сияқты. Биыл Қазақстаннан бір сынықшы барып сипап көрген екен, соның өзі көңіліне көп демеу болған. – Оташы емі Отанның шарапаты болғай деп-ақ тілеп едім, бірақ сарысу ұстаған буынға сан рет тиген дəрігер пышағы сүйектің сиқын кетіріпті. Ал сіздердің ықыластарыңызға жаным жылынып қалғандаймын, - дейді Анекең. Зухадан он ұл болған екен. Түркияға табан тірегендерінен бір ру елдей əулет өрбіпті. Ануар ақсақал солардың ең үлкені. Бойындағы шүкіршіліктің үлкені де осы əулеті. Бұл ауылда Халифа ағамыздың өзінің қадірлі шаңырағына да, көршісі Құсайын Тайжының – оның ұлы Мансұр Тайжының, босқан елдің белді бір азаматы болған Қабеннің (Қазақстанға келіп кетіп жүрген каратист Мұстафа Өзтүріктің əкесі) отбасына да сəлем бердік. Меккеден кешелі-бүгін оралған жас қажылардың бірталайына құтты болсын айтып, Мекке құрмасынан, зəмзəм суынан дəм таттық. Алматы – Москва – Стамбул – Алматы 1990 жыл

─ 57 ─ АНКАРАДАҒЫ ЕКІ КҮН Алматыдан төте ұшқан «ТУ-116» Анкараға еңкейгенде жергілікті уақыт түскі сағат бір еді. (Алматы мен Анкараның уақыт айырмасы үш сағат). Түрік елінің халықаралық ауалаңында (аэропортында) бізді аса салтанатты болмағанымен жүздерінде жаттық жоқ, мейірімді, меймандос адамдар қарсы алды. Бас ғимараттың шыға берісінде бірі зор, бірі шағын екі автобус тұрды. – Иш адамлары бурда отырайур, – деп хабарлады тым сымбатты түрік жігіті. Ол – іс адамдары мұнда отырады дегені екенін тəржімесіз түсініп, іскерлер тобы солай қарай бет алды. – Басынлар (баспагерлер) былай қарай жүріңіздер, – деген ишаратқа ілесіп, біз екінші автобусқа кіре бастадық. Бізбен бірге үш жігіт отырды. Сыртқы істер министрлігінің, ақпарат орталығының өкілдері жəне Анкарадағы Кеңес елшілігінің жас қызметкері. – Ауалаңның аты «Есенбұға» деп аталады, – деді ақпарат өкілі. – Бұға – кəдімгі сиырдың бұқасы... Алғашқы түсіндірме сəл күлкі тудырғанмен əжептəуір əңгімеге арқау болды да Есенбұғаны еске түсірдік. Біз білетін əйгілі екі Есенбұға бар. Бірі ХІV ғасырдың бас кезінде Мауреннахр мен Моғолстанды тұтас билеп, дала императоры атанған Шағатай ханы, Дува ханының баһадур баласы Есенбұға да, екіншісі ХV ғасырдың ортасындағы Моғолстанның əйгілі əміршісі болған Есенбұға. Егер ол болса, Əз Жəнібек пен Керей қазақты Əбілқайырдан бөліп алып елдік іздегенде Жетісудан қоныс беріп, қазақтың халық болуына қамқор болған хан. Ал бұға, бұқа – қаһармандықтың, даналықтың, батырлықтың баламасы. Түркі халықтарында Білгібұқа, Байбұқа, Келбұқа, Кетбұқа деген атақты тұлғалар аз болмаған. Бəлкім, түріктердің өздерінде де бір Есенбұға болған шығар. Қалайда, Түркия топырағына табан тигенде естіген есімнің Есенбұға болғаны, халықаралық аэропорттың солай аталуы біздің

─ 58 ─ тарихи тұтастығымызды аңғартқандай əсер етті. Тегінде, Түркия территориясы жағынан азиялық, еуропалық болып бөлінетін, бір тарапы теңіздер арқылы Африкамен де астасып жататын, ал шекарасы Азияның төрт, Еуропаның екі елімен шектесетін, тоғыз жолдың торабы сияқты. Елдің астанасы – Анкара, оның азиялық бөлігі Анадолы Үстіртінің оңтүстігіндегі əйгілі Чкбук жəне Анкара өзендерінің аралығында орналасқан. Алпысыншы жылдары бір миллионға жетер жетпес қала халқы бүгінде төрт миллионға таяпты. Бірақ, қала төбесінен айнала ұшпасаң қатпар таулар мен ойлы-қырлы адырларға орналасқан қаланың шет-шегін барлап-байқай алмайсың. Айналаны адырлар көзден тасалап тұрғандықтан атырапқа алаңдамай, жол бойындағы ғимарат – құрылыстардың маңдайларындағы жарнама – жазулардан жақындық тауып, түсінікті тіл теріп, орам сайын көзге түсетін мешіттер жайлы əңгімелесіп келе жаттық. Жолсеріктің айтуы бойынша Анкара негізінен əкімшілік орталықтары, мешіт-медресселер, оқу-орындары, сауда-саттық аймақтары болып жіктелетін көрінеді. Қала орталығына кірген сайын құрылыстар мен банктер, мұнаралар мен минараттар зорайып сала береді. Көшелерде көзге бірден шалынатыны айқыш-ұйқыш керілген транспоранттар, желбіреген жалаулар. Бұл – Жұмһуриятта жүргізіліп жатқан парламент сайлауы науқанының жарнамалары. Бұйук Анкара отеліне (Анкараның жоғары дəрежелі мейманханасына) орналасып, алғашқы дəмге отырғанымыз сол еді. Ту сыртымыздан саңқылдаған сəлем естілді. Ол – Анкарада тұратын Ұядан Ахай дейтін ағамыз екен. Бұл кісі маған бұрыннан таныс. Бұрнағы жылы Алматыға келіп «Қазақстан» қоғамының құрметті қонағы болған. Былтыр осы қоғам ұйымдастырған, қазақтардың туыс іздеген тұңғыш тобын Анкараға əкелгенде үйіне мейман болып, мəз-мейрам сəттерді бірге өткергенбіз. Содан бері Қабдеш, Қабдырашит атты екі ұлымен Қазақстанға келіп-кетіп жүретін, бір өздері ғана емес, сырттағы ағайындарды атамекенмен жалғастыруға дəнекер болған қауымшыл адамдар.

─ 59 ─ – Қош келдіңіздер, бауырлар! Қазақ тарихындағы тұңғыш Президентімізді көруге асыққан ағаларыңның алдарыңнан шыққаны деп біліңдер. Мынау қарт алақанда сан жылдардың сағынышы жатыр, - дейді. Басқаны қайдам, осы сөзге өзімнің қарным тоғайып қалды. Содан бастап мейманхана төңірегі қазақтарға тола берді. Бəрі сұхбаттасқысы, сырласқысы, орайы келсе, үйлеріне ертіп кеткілері келеді. Бірақ біз көп едік. Президенттен бір тəулік бұрын барған бұл топта қырық шақты іскерлер мен он алты жазушы-журналистер бар-тын. Түркиямен танысу түстен кейін Анкарадағы Кеңес елшілігінен басталды. Бас елші ұзақ əңгіме өткізді. Іс адамдары астананың іскерлігімен айналысып кетті де, қаламгерлер қала аралады, баспа орындарына барды. Түннің бір мезгіліне дейін қонақ үйдің есігін суытпаған, тіпті, сонау Стамбул, Измирден, Еуропадан телефон шалып жатқан бауырлардың жан дүниесін қызыл сөзбен жеткізу қиын. Елең-алаң телефон қоңырауынан ояндым. Телефонда Халифа Алтай қарттың таныс даусы. Түнделете жүріп, Стамбулдан жеткені осы екен. Жүгіріп төменге түстім. Қасында өзіміздің Қалтай Мұхамеджанов ағамыз бен Иран қазағы Ислам Жеменей бар. Конияға суыт жүріп бара жатқан жолында бізге соғыпты. Кең құшағына қысып тұрып, Халекеңнің алғаш сұрағаны менің аудармам бойынша Қазақстанда басылған құран тəпсірі. Арнайы ала келген тұңғыш тəпсірдің мұқабасын сүйіп, маңдайына баса қабылдады да, қолымды қайта қысып, құттықтады. – Инша-Алла. Бұл – зор табыс, шексіз қуаныш. Жетпіс жыл желкелеген ислам тағлымының қайта таралуына сіңірген еңбегіңнің сауабы Алладан қайтсын. – Құран-кəрімді тұңғыш аударған қазақ сізсіз. Мұны өз еңбегіңіздің жалғасы деп білгейсіз, – деп жатырмын. Иман мен ислам жолын бекем тұтынған Түркияға, ондағы қазақ бауырларға апарған менің ең кəделі сыйлығым да осы еді. Мұсылмандықтың бір тұтқасы тəрізді қарт қазаққа таңсəріде тапсырған осы сыйым ол кісіні қатты қуантты.

─ 60 ─ 25 қыркүйек. Сəске түс. Есенбұға алаңы. Қазір Приезидент Нұрсұлтан Назарбаев келеді. Ауалаң айналасы əсем. Табалдырықтан трапқа дейін төселген алқызыл кілем. Алаңда салтанатты үш сап тұр. Əскери шеп, кілем төсеген ұзын жолдың бойында қазақша киінген, гүл ұстаған, нантұз көтерген бұқаралық шоғыр. Арнайы жабдықталған тағы бір тұсқа түріктердің ұлттық киімін киген жасөспірімдер тізбесі. Бұқара тобының төр басында тұрған қазақтар да маған таныс болып шықты. Мəжит Жаңалтай, Абдулла Апыз, Құланбай Назыр, Мұхамади Қылыш, Фазыл Топлы, Дəуіт Ашықкөз, Талғат Көкбұлақ, Халық, Ғүлям Айдар, Шехмансур... жиыны жүз шамалы жан. Сонау Стамбулдан, Измирдан, Сəлехлыдан, Кониядан алды кеше, соңы таң ата жеткен жұрағаттар. «Қазақстан Жұмһурбашқаны Нұрсұлтан Назарбаевқа жалынды сəлем! Жер бетіндегі қазақтың жалғыз көсемі – көсегең көгерсін!» деген сөздер жазылған транспоранттар... Қазақстан Жазушылар одағының жаңа басшысы Қалдарбек Найманбаев, «Қазақ əдебиеті» газетінің бас редакторы Төлен Əбдіков үшеуміз Ұядан Ахай қартпен оңаша сұхбаттың сəтін таптық. – Бауырлар, егемендіктің ерекше бір белгісі жетпей тұрғанын айтсам, айып етпеңіздер, – деді ол кісі. – Қазақ Президентіне көрсеткен жаңағы құрмет менің өмірімдегі ең зор қуанышым. Бұған жеткізген тəңірге мың шүкіршілік. Əттең, жаңағы жерде «Истихлал маршынан» (Түрік гимнінен) соң қазақтың өз мемлекеттік əнұраны ойналса, біздің бойымыздағы қан кернеуі екі есе ұлғаяр еді-ау... Əңгімені бір бастап алса, тоқтамайтын əдеті бар ма, қалай, «бұл былай ғой» дегенге ден қоймай, ойындағысын түгел айтып шықты. Мемлекеттік ту, оның түр-түсі, таңбасы қалай болуы керек, иманнан алыстап кеткен мұсылмандарға ислам тағылымын қалай дарытқан дұрыс. Қожа Ахмет Яссауидың əлемдік даңқын неге қалпына келтірмейсіңдер. Хан Тəңірі бүкіл түркі халқының қасиетті шыңы емес пе еді. Жұрт жорыққа аттанса, жақсы тілек тілесе, Тəңір тауына

─ 61 ─ тəуап етпеуші ме еді? Сол Хан Тəңірін бүкіл түркі елі жылына бір жиналатын тілек төбесі етсе болмас па еді. Жібек жолына жан бітірген бауырларым-ау, Хан Тəңірінің аруағын оятсаңдаршы... Əрине, бұл орайдағы ой-жоспарлар жөнінде біз де үн қатпай қалған жоқпыз. Бірақ, Ұйекең соның тез болуына, жақсыны бірден жаңғырықтырып жіберуге асығады. Социализм қанша сойқандаса да қазақ топырағының қазынасы қағылған жоқ. Ала білгенге əлі де мың жыл азық болады. Соны сырттың сұғанақтарынан сақтар, түркі халқының игілігі етсек деген əрі қанағаты, əрі қызғанышы бар ойларын ұсынады. Былай қарағанда бір түрлі естілгенмен, толғамды адам бұл ниетті де бөтен дей алмақ емес. – Елдің атын ер шығарады. Халық – ханымен күшті, - дейді Мəжит Жаңалтай жанасалып сөйлескеннің өзінде. – Ел сілкініп, ер туып, аруақ оянып жатқан дəл бүгінгі қайта өрлеу тұсында Нұрсұлтан інімнің туысы бір Түркі еліне қаламгерін де, саудагерін де, іскер адамдарын да ала келгені тегін емес. Қапысыз жазыңдаршы, баяғы Мағжандай түркі аруағын тірілте жазыңдаршы. Соның ішінде, жүректегі жүктерін жеңілдетіп, сағыныш сарығын басып алуға қара тер болып жүрген біздің жан сезіміміз де жүрсін. Сол Мəжит бастаған түрік қазақтарының басшықосшылары Президенттің өздерімен кездесетін сəтін анықтап алғанша, тəулік бойы топырлап біздің төңіректе жүрді. Қазақстан делегациясының құрметіне берілген концертке қатысып, түн ортасын аудырып тарады. Соның өзін санатқа қосылғандай қуаныш көрді. Бір ғажабы,Түріктің осы мемлекеттік концертінің шымылдығы біздің Мұхамедияр Ақмадиев тартқан «Көрұғлы» күйімен ашылды. Жалғыз домбыраның дауысы даладай кең сарайды кернеп кетті. Жұрт тік тұрып тыңдады. Овация біраз созылып барып басылды. Бұл маған екінші рет кездесіп отырған құбылыс. Түркияға тұңғыш концерт бригадасын алып былтыр бір келгенбіз. Анкарада да болып, Стамбулға қайтқанбыз. Аралықта екі тау бар екен. Бұлттары

─ 62 ─ баурайларында жататын Боло деген ұлы таудан асып бара жатқанда «Анау тұста Көрұғлының мазары бар» дегенді естіп қалдық. Ұлы рухты қалай аттап өтерсің. Бұлттың бір белдеуін тесіп шыққан жердегі бетегелі беткейге түсе қалдық. Анадайда, қалың тұман астынан он шақты үйдің шатыры ағарды. Шыққа шомылып шылқып жатқан жасыл күреңшеге жаптармағай отыра қалып, Мансур Тəйжіге аят оқытып бата жасадық. Сонан соң бабамызға айырықша құрметіміз ретінде домбырашы жігітке «Көрұғлы» күйін тартқыздық. Біреу микрофонға автобустың рупорын жалғап жіберіпті. Ұлы тау түгел үн қосып, Болоның бұлты сейіліп кеткендей күйге бөлендік. Құдай-ау, қайдан шыққанын білмеймін, əпсəтте айналамыз адамға толып кетті. Сөйтіп, жол үстінде бір сағаттай концерт көрсетіп, «Көрұғлын» тағы бір тартып аттанғанбыз. Ал, бүгінгі құрмет мынау. Сірə, түрік жұрты Көрұғлын өздерінің ғана бабасы санайтын шығар!.. 26-қыркүйек. Ертеңгі сағат онда Ата Түрік мавзолейіне зиярат жасалды. Одан соң парламент үйінің мəрмар сарайында қос президенттің ресми келісімге қол қою салтанаты болып өтті. Сапар бағдарында белгіленген екі ел арасындағы мəдени-экономикалық қарым-қатынас, Азия мен Еуропаны тұтас жалғастыратын əуе, темір, су жолы, сауда-саттық, өндірістік қауымдастық туралы мəселелердің бəрі ресми имзаланды. Өз басым олардың бəрінен дипломатиядан гөрі қан-қарындастық, тілі, діні, ділі бір туысқандық қайта қауышудың, болашаққа деген бекем сенімнің самалын сезгендей болдым. Анкара күндері аяқталып қалған еді. Ендігі аз сəт қаланың тарихи орындарын көруге арналған. Амал не, Түркияның баспа-полиграфиясын, оқу-мəдениет орындарын, музейлері мен кітапханаларын аралауға уақыт жетпеді. Керек десеңіз, Анкараны биіктен барлайтын мұнараның түбіне барып тұрып, басына шыға алмадық. Бірақ, мұсылмандықты ұмытпадық, имандылыққа қарай ниетіміз ауа берді. Сөйтіп, соңғы сəт Анкараның айтулы мінəжат орны – Қожатөбе жамин (мешітін) көруге пайдаланылды. Ол құрылысы 1967

─ 63 ─ жылы басталып, 1987 жылы біткен, ғимаратында ХVІ ғасыр үлгісі мен осы заман бедерлері бірігіп жатқан ұлы құрылыс. Жалпы аумағы біздің мөлтек бір ауданымыздың көлемін алып жатқан мешіттің ішінде ғана жиырма төрт мың адам намаз оқиды. Күмбезді төбеге ілінген шамдалдың салмағы 70 тонна екен. Ұлы Жəмидің ауласына келіп алды-артымызды жинадық. Сейдахмет пен Сарбас əдеттегісіндей қырындап келіп маған соқтыға бастады. – Ой, бізден гөрі... бір табан жақындығың бар ғой, қалай кіреміз, бірдеңе айтсаңшы, – дейді. Бұл мешітке былтыр да келіп, мінəжат еткеніміз бар-тын. Қақпасында қалжың емес, құлшылық айтатын орын. Сонда да: – Əуелі мұсылмандығыңды мойында, оның ен-таңбасын түгенде, – деймін. Жігіттер бірін-бірі мысқылдайды. Сен қалай едің дегендей, менің екі құрдасым бірін-бірі түртеді. – Сонан соң, тазарыңдар, анау – дəрет үйі. – Мүсəпірлердің (жолаушылардың) дəреті бұзылмайтын шығар, – деді бір ініміз. – Жоқ, өзі, кірерде бірдеңе демеуші ме еді? – Білсең айтасың, білмесең несін айтасың, - деймін. – Абзалы жасаған күнəңнің бəріне кешірім сұрап, ендігəрі ондай жасамаймын деп, тəубе келтір. – Өткенге кешірім сұраймыз-ау, ал енді оны жасамаймыз деген қиын екен, – дейді Бексұлтан Нұржекеев. – Тоқтатыңдар! – деді Шерхан. – Бұл ойынмен емес, ойыңмен кіретін жер. Алладан қорқыңдар! Орынсыз қалжың оқыс тиылды. Ұлы мешіттің айбыны басып кетті. жаңа ғана соқтығып тұрған Сарбастың алма беті ағараңдай бастады. Аяқ киімді табалдырыққа қалдырып, кілем төселген күмбез ішіне кіріп, михрабқа жақындай барып, жапатармағай отыра қалдық. Еріндерінде ептеп жыбыр болғанмен Құран сөзіне ұқсайтын күбір естілмейді. Əркім іштей ғибадат ететін сияқты. Бесін намазының төрт ракағат парызын өтеп жатқан түріктер иірілген отардай қордалана

─ 64 ─ қалған бізге көздерінің астымен қарайтын сияқты. Қасиетті мешіттен үндемей шығып кеткенді күнə көрді білем, Шерхан Мұртаза білген аятын оқыды да маған ишара жасады. Мешітке жұрт құран емес, намаз оқуға келеді. Елден ерек рукаға иіліп, сəжде жасап жатпай-ақ «Аятул-күрсіні» үн салып оқып, қол жайып, бет сипадық. Төңірегіміздегі түріктер де «Амин!» деп үн қосты. Міне ғажап, əлгінде ғана табалдырықтан тайсақтап кірген Сарбас мешіттің екінші қабатында отыр. Таққа отырған тақуадай, «Тəубелеріңді қабылдадым» дегендей қол бұлғайды. – Алла, – деп орындарымыздан тұрдық. «Шоқ, шоқ тешекур!» дейді қуақы құрдастар. – Инша Алла, – деді Шерхан. – Инша Алла, – деп бəріміз де Ұлы Жəмиден үлкен қанағатпен шықтық. Ендігі бағыт – Измир. ЕГЕЙ ҚАЗАҚТАРЫ Тақырыпты осылай қойғаныммен түрік жұртының дəстүрінен ауытқып кетпесем жарар еді деген ойда отырмын. Өйткені, сен анау, сен мынаусың деп, ұлтқа, ұлысқа бөлісу деген жоқ, діні, тілі, əдет-ғұрпы бөлек азын-аулақ еврей, ағылшын сияқты халықтан басқаның бəрі түрік аталады. Зиялы адамның қайсысы болса да «Сіз қай ұлтсыз?» – деп сұрай қалсаңыз, «бізде түріктен басқа ұлт жоқ», – дейді. Өткен жылы Түркияның бұрынғы мəдениет министрі Намук Кемал Зайбек қазақ телевизиясының тілшілерімен жүргізген сұхбатында олардың «Сіздің елде қанша қазақ бар?» – деген сұрауына: «Бізде елу тоғыз миллион қазақ бар», – деп жауап беріпті. Соны естіген бір жолдасым маған – «Ой, Түркияда жиырма мыңдай ғана қазақ тұрады дегендерің қайда?» – деп телефон шалғаны бар. Ал онда Намук Кемалдың «біз ұлтқа бөлінбейміз, қазақ болсақ түгел қазақпыз, түрік болсақ түгел

─ 65 ─ түрікпіз» дегенді тұспалдағаны еді. Сол жікке бөлінбей жымдасып кеткен қазақтардың біразы Измирде тұрады. Анкарадан Түркияның өз ұшағына отырып, Измирге ұштық. Ол елдің оңтүстік батысында, Егей теңізі мен Ақ теңіздің жағасына орналасқан ең көркем өлке. Теңіз əсерінен мұндағы ауа-райы да, жер жаратылысы да Анадолы аймағынан бөлекше... Аспаннан қарағанда астыңнан тек көк бұйра орман, көгілдір айдын, жасыл алқап қана көрінеді. Таулардың етегінен төбесіне дейін бұйраланып жатқан орманның дені қолдан отырғызылған зейтун (масленник) ағашы. Құран Кəрімде адамға деген құдіреттің үлкен рахымы, ризығы ретінде айтылған құрма мен зейтун орманы жапқан бұл топырақты ислам тағылымынан хабары бар адам өзінше қасиеттейді. Нұрсұлтан Əбішұлы ұшақ ішінде жолаушы салонына шығып, қайсыбірімізбен əңгімелесіп, енді біреулерге интервью беріп, жарқын сапардың жайраңдаған көңіл-күйімен ұшып келгенбіз. Измир ауалаңында да сол кешегідей салтанатты қарсы алу, қалың адам. Тағы да көзге оттай басылған қазақша киімді ақсақалдар, тана-моншақ тағынып, гүл құшақтаған үкілі қыз-келіншектер. Ұшақ табалдырығындағы ресми қарсы алудан кейін Президент топ басында тұрған оқалы шапан, кестелі тақия киген еңсегей бойлы адаммен ықыласты амандасып жатты. Бұрын жүз көріспегенімізбен мен оны таныдым. Көптен хат жазысып, телефон шалысып, сурет алмасып тұратын едік. Мені ол да жаңылмай танып, ыстық қауыштық. Бұл осы Измирде тұратын қазақ бауырлардың ішіндегі басалқы Шеризат Доғры еді. Аэропорт аймағында жарты сағаттай аялдап, көпшілікпен қайта дидарласып жатырмыз. Анкарадағы екі күнде түрік сөзіне құлағы қанығып қалған жігіттер кезіккеннің бəрімен ортақ тіл табысып, мəре-сəре. Адамдар нөпірінің əр тұсынан жалынды сəлем жазылған кермелер көзге түседі. Машиналар тізбегі батысқа қарай тарта жөнелді. Бағыт – теңіз жағалауы. Егейдің ең көрікті жеріне орналасқан Күре-

─ 66 ─ Мари жəне Атакүлі демалыс үйлері. Президент тобы түскен Күре Мариды былай қойып, біз ат басын тіреген Атакүлінің əдемілігін айтып жеткізе алмайсың. Шың басынан теңізге төндіре салынған көп қабатты ғимарат. Асансорға (лифтке) отырған адам əлде аспанға ұшып бара жатқандай, не көктен түсіп келе жатқандай болып көрінеді. Өйткені, ол тұптұнық əйнектен жасалған. Ең төбедегі барлау мұнарасына шықсаң көк теңіз көсіліп алдыңда жатады. Арасы үзілмейтін жағажайлар бірінен-бірі əсемденіп, көз қызықтырады. Шырқау биіктен қарағанда ту-ту шыңырау жиекте шомылып жатқан адамдардың қимыл-қияпаты судағы ақ сазандай айқын көрінеді. Əрі биіктігінен, əрі тау басындағы бір шоқ гүлге ұқсағандығынан шығар, пансионат Атакүлі деп аталыпты. Бұл – аспандағы айдар деген сөз екен. Атакүлінің аспандағы қабаттарынан қараңғыда төмен түсуге батылы жеткендер түнделетіп суға шомылып үлгеріпті, бірталайымыз құлқын сəріден құлап, құмардан шықтық. Аэропротта Президентпен толық тілдесе алмай қалған Шеризат кеше түнде ханымын жəне Еркін, Шолпан, Абылайхан атты ересек үш баласын ертіп, соңымыздан келіпті. Күре-Мариде күте отырып, Нұрекеңмен кездесудің сəтін де түсіріпті. Ертеңгі күннің үлкен шаруасы бар, ресми бағдарламадан аутқи берудің реті де жоқ. Осыны ескертіп Президент рахметін айтыпты. – Нəумез болып қалдыңыз-ау? – дедім Атакүліге қайтып келе жатқанда. Ханымы сəл мұңайды. – Оқасы жоқ, – деді Шеризат. – Бұған жеткізген тəңірге де мың шүкіршілік. Аузына əлем қараған қазақ патшасының парасатты дидарын көріп, қолын алса, шетте жүрген шермендеге аз олжа ма екен. Жолы болсын! Ертеңгі сағат тоғызда жолға шығып, осы төңіректегі Лепеса деген бір тарихи орынды (Əулие Мариямның Ғайса пайғамбарды туған жеріне) зиярат етпекші едік. Əлгі түні бойы теңіз жағалағанның, ала таңнан төмен жүгірістің салдарынан, тез жинала алмай, сəл кешігіп қалдық. Егейдің бал

─ 67 ─ ауасына балбырап ұйықтап қалған кей жігіттер тəртібі тастай Сейдахметтің қаһарына да ілікті. Содан қасиетті Лепесаға сырттай тауап етіп, Измирге қайта тартып кеттік. Асығып келеміз, басқаны емес, тұп-тура Шеризаттың «Алаш қымыз чіптілігіне» келе жатқандаймыз. Сағат екіде Стамбулға ұшуымыз керек. Соған дейін Түркия топырағындағы жалғыз қазақ үйінде кең отырып, əңгіме шертпекпіз ғой... Олай бола қоймады. Мұстафа мырза жарқ-жұрқ еткен бір машинамен алға түсіп алып аялсыз кете берді. Измир артта қалды. Кемел патшадан да өтіп барамыз. Картадан қарап Шеризаттың жайлауынан да асып кеткенімізді аңғардық. Сөйтсек, Шынықойдағы сүт зауытына бара жатыппыз. Сүт зауытының өзі шағын бір қала дерлік. Осы заманның ең жақсы техникасымен, озық технологиясымен жабдықталыпты. Шетелдің қаншасына өнім жіберсе, сонша жазумен белгі қояды екен. Іскерлер ықыласымен-ақ көріп жүр, ал біз ағайын үйіне асығып, далаға шығып тұрып алдық. – Бар көргендерің дайын өнімдерді жөнелту торабы ғана. Тым болмаса сүт, құрт блогы мен парфюмериялық өнімдер цехын көрсеңдерші, – дейді. – Айран ұйытып, құрт қайнатқан қазаққа таңсық емес, – деп ширатыла бастадық. – Керек болса «ішкіштерін» алып қалсын, біздің «бас жазарлар» екенімізді айтыңдаршы, – дейміз. Түріктер бизнесмендерді «іш кішілері» (іс адамдары) дейді екен де, редакторларды «баш язарлар» дейді екен. Жігіттер мұны «ішкіштер» мен «бас жазатындар» деп кеткен. – Қызық болды-ау, – деп, Камал қарқ-қарқ күледі. – Туысқаннан қымыз ішеміз деп келіп Түрік тайқазанының қаспағын жалап қайтпасақ жарар еді. – Бұл топтағылар тиын қуған тижарлар емес, зейін қуған зиялылар. Түрік жеріндегі жалғыз қазақтың үйінен қымыздың иісіне елтудің əсерін ойлап көріңізші, – деймін мен білген түрікшеммен тілімді бұралаңдатып. – Программа, программа, – дейді Мұстафа. – Қап, мына мырзаның орнында түрік қызы болса, тілін

─ 68 ─ өзім-ақ табар едім. Алтыншаш, сен бірдеңе демейсің бе? – деп Бексұлтан Алтыншашты ілімдейді. Сейдахмет əлі сол Атакүліде кешіктірген інілеріне ызалы. Қанша дегенмен депутат аты бар, дипломатиясы жұмсақ Алтыншаш ханым ақыры көшбасшыны көндірдіау, əйтеуір. Даңғыл қарамен (қара жол деген сөз) жүріп, бір сайға бұрылғанда бөктерде жатқан бір өңкей шабдар биелер табыны көрінді. Əне-міне дегенше, «ақ орданың» ауласына келіп тірелдік. Шеризаттың шүйгінді сайдағы шаңырағы осы. Ақ үйден əрі қарай қосалқы құрылыстар толып жатыр. Анадайда қымыз блогы тұр. Ауланың оң жағында биебау. Бірақ, сауын да, құлын да басқа жерде болса керек, биебау басы жаздай жылқы жайлады дейтін емес, шалғыны жапырылмаған қалпында. Тұрпаты біздің Көктөбедегі үйлерге ұқсайтын, сыртында олпы-солпысы жоқ, кереге дөдегелері жоқ үйдің дəл өзіндей қиюласқан, қалыңдығы орташа цемент плитадан соғылған ақ ордаға кіріп іргелей отырыса қалғанда, отыз шақты адам қадау-қадау болып қалды. Көзі жіті бір жігіттің айтуынша, еденде отыз екі кілем жатыр. Тас үйде отырғандай емеспіз, дауыс саңғырлап, жаңғырып шығады. Шəкеңнің сексендегі шешесі осы шаңырақ көтерілген соң қаладан мүлде безіп, осында келіпті... Бізді соқпай кете ме деп абыржыған екен, кірген бетте дұға оқып, бəрімізге батасын берді. – Мұны салудағы мақсат – түрік жерінде қазақтың бір белгісі болсын дегеннен басқа түк те емес, – дейді Шеризат. – Адамға ең əуелі Атамекен, сонан соң, дəм қымбат. Түркі халқы үшін Алтайдан абзал мекен, қымыздан асыл дəм болған ба?! Елден кеткелі біздің көкіректегі қасірет осы еді. Жерге жете алмадық, содан соң отау көтеріп, бие байлап, көңіл жуатып отырған жай бар. Үйдің жобасын өздері əзірлеп, іші-сыртын Қытай елінен суретші шақыртып əрлетіпті. Қабырғаға қазақ мүліктері ілініп қойылған.

─ 69 ─ Осы қымызхананы саларда Шеризат «Шалқарға» да хат жазып, сұхбат сұраған. Көктөбенің көшірмесін жəне қымыз ашыту, сақтаудың өндірістік технологиясы туралы жазбалар жібергенбіз. – Ой мен еңбек біздікі болғанымен осы кешеннің сəулеткері Сіздер едіңіздер. «Қазақстан» қоғамына жəне Сізге рахмет,– деді Түрік жеріндегі қазақ фермері. – Сенің де килікпейтінің жоқ екен,– деді Сейдахмет. Қатар отырған Алтынбек менің қолымның сыртын сипады. Сарбас темір шаңырақтан күлдіреуіш таба алмай, тас үйден ақау іздеп отыр. Бексұлтан үкілі құндыз бөрік пен қосетек көйлекті Алтыншашқа кигізіп, суретке түсер ме еді дейді. – Қымызды түрік ағайындар қалай ішеді?– деді Шерхан, бөгде сөздерді бөгеп. – Қымыз бұл жақта жоқ тағам. Бірақ түрік ауыз əдебиетінде: «Ата-баба ішкісі (сусыны) көпіршіген ақ қымыз, арпа-бидай суларын ішпе деген бір қырғыз» дейтін өлең сақталыпты. Біздің басты жарнамамыз осы. Қымызды саудаға салған емеспіз. Сыртқы елдерден сұраныс мол. Биыл өткен халықаралық жəрмеңкеге алты тонна қымыз апарып едік, көп ерінге тимей де қалды. Қаражат табатын басқа да тіршілігіміз бар. Еуропа, Америка, Арабия елдерінен қолқа салушылар да көп, бірақ қазақ ақ сатып байыған емес қой... Артылған қымызды əзірше емдеу, ғылыми-өндірістік орындары дəрі-дəрмек, косметикалық мақсаттарға пайдалану үшін алып та жүрген көрінеді. Шеризат бұдан гөрі осы шаруаны жабдықтауға ақылшы болған Еуропа білгірлеріне, бие сауу, қымыз ашыту туралы əдебиеттер жіберіп, кеңес беріп отырған «Қазақстан» қоғамына рахметін көбірек айтады. Қазақ делегациясының бір тобы дəл қазір осында отырғанын Стамбул мен Салехлы қазақтары да біліп отырыпты. Шəкеңнің телефоны дамыл таппай қоңыраулатады. «Шалқар» газетінің тұрақты авторы, сонау Алтайдан Түркияға дейін көш бастап барған Хамза Ұшардың (бала Қамзаның) зайыбы ақын Гүлшаһар Қозыбекқызы Салех-

─ 70 ─ лыдан телефон шалып, Қазақстан халқына сəлем жолдады. Тайваньдағы баласы Абдулфатахтың Қазақстанға баратын ниетін зор қуанышпен білдірді. Ақ орданың төрінде ақсарбастың еті желініп, Австрия шабдарларының (Хавлингер тұқымының) қымызы ішілді. Дəмі Алтай мен Алатау қымызынан сəл шағырмақтау. Біз оны химиялық ашытқыдан болар деп білдік. Түрік жеріндегі жалғыз қазақ үйінің ақ шаңқан шаңырағындағы үш сағат үш минуттай ғана сезіліп өте шықты. Президент сапарына ғана бөгеліп отырған Шеризат сол күні Еуропаға кетпек екен. Оның өзі жазған «Алаш қымызы кəсіпшілігі» атты кітабының бір-біреуі біздің қолымызда кетті. Шолпан мен Абылайхан бізді аэропортқа шығарып салып, қол бұлғап қала берді: – Қош, түрік қазақтарының қара шаңырағы! – Қош, Егейдің жарқын жағалауы! ЕЖЕЛГІ СТАМБУЛДА Измир мен Стамбулдың арасы ұшаққа елу минуттық жер. Егей əсерінен айығып болғанша Стамбулға да еңкейіп үлгердік. Сол, кəдімгі ұшақ табалдырығында басталған қошамет. Алдыңғы салтанаттарға көз үйренгендіктен болар, оған көп таңырқай қойған жоқ едік. Тебіреністі көрініс бас ғимарат алдындағы кең көшеде басталды. Даңғылдың өн бойы лық толған халық. Дені, тіпті, түгел дерлік қазақтар. Біздің төбеміз көрінгеннен-ақ шапалақ соғып, қол созып, ұрандаған үндер дуылдап сала берді. Шығар ауыздағы гүл газонының жиегінде мүйіздерінде қызыл жиек байлаған, ақсарбас үш қошқарды көлденең ұстап, үш жігіт тұр. Сəл кідіріп, Нұрекең де шықты. Сол-ақ екен, қауіпсіздік қорғаушылардың қақпайына қарамай, қолтығына кіріп кеткен қазақтар қаумалап отырып ақсарбастың алдына əкелді. – Аумин. Бата беріңіз! – Жолдарың болсын, жарық жұлдыздар!

─ 71 ─ – А, Құдай, ақсарбас, ақсарбас!.. Дуылдаған дауыс, қуанышы мен жылауы араласқан, тəңірге жалбарынып, тілек тілеген үндер жүректі жұлыпжұлып жіберді. Мұндайды əркім өз сезімімен өлшейді ғой. Мен бұл ағайындардың тарихын да, тағдырын да біршама тəуірірек білетін едім. Сонау отызыншы жылдары Алтайдан (Шыңжаннан) іргесі көтерілген отыз алты мың қазақ таусылып-таусылып, елуінші жылдары Түркияға үш жүз үй əрең жеткен. Сол үш жүз үйден өрбігендер қайта көктеп, жиырма мыңға жақындап, ес жиып, етек жауып, Атамекенмен жалғаса бастаған шағы. Сұм замандар сойқанына ұшырап, сергелдең күй кешкен сормаңдайлар бүгін қазақ атаулының тұңғыш Президентін салтанатпен қарсы алу рəсіміне жетсе, ақсарбас айтпай қайтсін! Сол «А, Құдайлап» құрбандық əкелген, жүз жастағы Хамза қажының топ соңында тосып тұрып, Нұрекеңнің қолын алып, маңдайына ұмсынып жатқанын көргенде қатты тебірендім. Бар тауқыметтің тірі куəсі – сол қарт ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында туған жері Зайсаннан арғы бетке асып кеткен екен. Сол Моңғолия мен Қытайдың көп өлкелерін кезіп, жер шарының жарты шеңберін айналып отырып, Түркияға келіп тиянақтапты. Моңғол жерінде бір, Қытайда бір баласы қалған. Қазір солардың əрқайсысы елу-алпыс үй болыпты. Түркияда өскен əулеттері Англия, Швеция, Норвегия елдерінде шашырап жүр. Іргеміз бүтін отырып, бір баламыз сəл кешіксе шашымыз ағарып кететін өзімізбен сол қарттың қасіретін салыстырып бір байқайықшы. Əйтпесе, анау тұрған ақ сəлделі, абыз қырғызға қара. Сириядан Стамбулға оралса еліне келгендей болатын сол тақуа – тұтас түріктің бір тұтқасы болған қазақ Президентін қарсы алу мүмкіншілігіне жеткеніне мың шүкіршілік етеді. Тіпті, бір ауылды түгел жау қырып, қарнын жарып тастап кеткен жүкті əйелдің құрсағынан шырылдап, шошып туған Томықтың Түрік жерінде өмірге келген балалары да анау топтың арасында жүр ғой.

─ 72 ─ Енді бабасынан баласына дейін келіп тұрған мына көптің көңіл қылын шертіп көріңіз. Ет жүректі пендеміз ғой, дəл осы сəтте Президент қандай сезімде болды, сіз қалай сезім кешер едіңіз, ағайын?! – Ақжол! А, Құдай, аруақ! Басқаларды қайдам, осы сəтте қалам ұстаған əркімнің көңілінде əр алуан сурет, сипат, ситуация сомдалып қалғаны даусыз еді. Мен, сезімі сыртқа тебе бермейтін Сейдахметке, жан құбылысын жасыруды білмейтін Шерханға, қиял əлемі қылпылдап, үнемі елпілдеп тұратын Камалға, үп еткен леп бетіне шыға келетін Сарбасқа, жаны нəзік Алтыншашқа қараймын. Əлпетінен ештеңе байқатпайтын Сейдахметім өңі өзгеріп, таңдайын қағып, жанары жасаурап, əсер əуресінде тұр. Ал басқалары... өздері айтар. Сезімге еріп, сөз көбейтіп алсам, айып етпе, оқушы. Біле білгенге бұл өз айымызды аспанға шығарып, алыста жүрген ағайынды мүсіркеп, мұң шақыру емес. Ондағы қазақтардың халі қазір бізден жаман емес. Рухани əлемге байлық əмірші болса, бүгінде олар «ханға сəлем бермейтін» жағдайда. Туысқан Түрік те сыртқа теуіп, көкіректен кері итермеген. Жалпақ əлемнен табан тірер жапырақтай жер таба алмағанда пана болған ел. Олар үшін Түрік туының биік болғаны да, Атамекен абыройы да тепе-тең тілек. Стамбулдың бас отелі «Мəрмəрға» орналастық. Енді қала мэрінің құрметті қонақасынан басқаға уақыт қалған жоқ. Бұл кезде «Қазақ уақыбында» (қоғамында) жедел дайындық жүріп жатқан екен. Бірақ, бұл аудандағы көше тарлығы, «Уақыб» аумағының ықшамдығы мемлекеттік мейман қабылдауға олқы соғыпты. Күн – сенбі: Ежелгі Стамбулдың əйгілі орындарын көргенге не жетсін. Бұл қалада біздің бизнесмендерді қазақ ағайындар көбірек төңіректеді. Түрік іскерлер тобын Нұрекең қабылдады. Түстен кейін «Мəрмəраның» үлкен бір залында қазақтармен кездесу болды. – Ал, ағайындар, əңгіме тиегін ағытайық. Бұл біздің

─ 73 ─ ресми емес, бауырластық дидарласуымыз болсын, – деді Нұрсұлтан Əбішұлы. Ағайындар мінбеге кезек-кезек көтеріліп жатыр. – Қазақстандағы оңды өзгерістердің бəрі біздің қуаныш, - дейді Талғат Қошигіт. – Шүкіршілік, қайта құру сіздерде байсалды, бейбіт, батыл кетіп бара жатыр. Бұл да болса, əрі сезімді, əрі төзімді халық табиғатына тəн, əрі Президент парасатының жемісі деп білеміз. Ұлы істердің алдында жүрсіз. Сіздің қадамыңыз қазақ халқының бағытынан басқаға ауытқымауын үнемі тілейміз. – Анкарада алдыңыздан шығып, кеше Стамбулда қолтығыңызға кіріп шыр-пыр болып жүрген ағаңның бірі менмін, – деді Мəжит Жаңалтай. –Жолыңызға малымыз түгіл, жанымыз құрбан болса да ризамыз... Мен Қазақстанда 1979, 1989 жылдары екі рет болдым. Онда – көз кіреукелі, тіл күрмеулі кез еді. Енді міне, тіл шешілген, жүрек ұғысқан тұсқа келдік. Бұл орайда сіздің қайраткерлік ісіңізді білеміз... Енді, Қазақстанға кіріс-шығыстағы кедергілер жойылса, ағайынмен еркін араласар едік. Екі ел жақындасты. «Ақыл ауысар, ырыс жұғысар». «Сиыр су ішсе, бұзау мұз жалайды». Атамекеннің ырысынан біз де үміткерміз. – Сонда, кедергі бізден бе? – Сіздерден демесек те, барыс-келіс билігіне Қазақстан əлі ие бола қойған жоқ. Халифа Алтай Қазақстандағы дін мəселесін, Ғұлам Айдар қос азаматтық, Ислам Жеменей Иран қазақтарының жайын, Исмайыл Себенжан Алманиядағы (Германиядағы) қазақтар мүддесін сөз етті. – Қазақ – ел бола ала ма? – Сырттағы ағайындардан не күтесіз? Отандастардың мүмкіншіліктерін неге пайдаланбасқа? Бар қазақтың басын қосып, ақылдасатын кез жеткен жоқ па? – деген сұрақтар қойды Моңғолиядағы Ислам қоғамының бастығы Сайран Қадырұлы. Стамбул университетінің профессоры Мехмет Сарай түрік-қазақ байланыстары тарихын тербеп, екі ел бауырластығының бекем болуына тілек білдірді. Кезде-

─ 74 ─ суге Түркия, Еуропа, Моңғолия, Иран, Ауған, Сирия-Араб елдеріндегі қазақтардан өкілдер қатысты. Бар қазақтың бас қосуы деген осы болар. Нұрсұлтан Əбішұлы ең əуелі қайта құрудың қазақ топырағындағы ахуалын, саяси-экономикалық жағдайын таныстырды. Келу-кету мəселесі енді Қазақстанның өзінде шешіледі. Ол үшін Сыртқы істер министрлігінің жұмыс ауқымын кеңейтеміз. Осы жолғы ресми келісімге сəйкес Түркия-Қазақстан əуе жолы жаңа жылдан бастап ашылады, телефон қатынасы орнайды. Екі ел арасында экономикалық кеңес құрылып, сауда-саттық реттелінеді. Ал Қазақстан азаматтығын қаласаңыздар, паспорт беру менің ісім, қос азаматтықты екі жақ болып шешу керек. Түркия жоғары оқу орындарына жүз бала жіберіп, сондай баланы біз қабылдағалы отырмыз. Талапты балаларыңыз болса соған қосыңыздар... – Сырттағы ағайындардан күтеріміз – бауырмалдық, бірлік. Сіздерде бізде жоқ бірталай артықшылық бар. Ол – сауда, іскерлік. Мейлі, бауыр болып қайта орал, мейлі, бизнесмен болып кəсіпке кел, бірлескен шаруа құр, сөйтіп, қазақты кəсіпке үйрет. Елім деген азаматқа көмекке келетін кез жетті. Ал түрік елі Сіздерді бауырға тартып, көмек жасап отырғанда түріктерді біз неге жақтырмаймыз, тиісінше, жақын тартып, ағайын ара араздыққа жол бермейміз. Егер, неміс жерінде қағажу көрсе, сегіз жүз мың неміспен біз де ағайындасып отырмыз. Соған орай, сіздерге де араша түсеміз. Бірақ ондай мəлімет болған жоқ. Сырттағы бар қазақтың басын қосып, конгресс өткізу ойластырылып жатыр. Өкілдеріңізді жіберіңіздер... Сол күні кешке жазушы-журналистер Стамбулдағы «Қазақ Уақыбында» болды. Ағайындар алқа отырып əңгімелесті, түрлі тағдырлар айтылып, ой қозғайтын, көңіл толқытатын көп сыр шертілді. Мен Кельннен келген бірталай адамды көрдім. Олар көбінесе, жазғы демалыстарда келетін еді. – Бұл сапар біз Еуропадағы ағайындардың өкілі ретінде

─ 75 ─ келдік, – деді Абдрахман Шетин. – Міне, жүз көрісіп көңілдегіні айттық. Мысалы, мына жігіт Данияда тұрады. Тағдыр əкелерін Қазақстаннан бір қуса, Ауғанстаннан екі аударып, алыстатып жіберді. Елге қайтқылары келеді-ақ, бірақ қалай?.. Мехмет Аюби дейтін бұл жігіттің Алматыға келгені рас. Ұсақ үш баласын ертіп, ағайынды екі отбасы он бес күн «Қазақстан» қоғамының қонағы болған. Ауған қазақтарын Атамекенге жалғастыру ойлары бар екені де өтірік емес. – Бар қазақты бірден көшіріп аламын дей алмаймын, – деген Президент. – Бірте-бірте келе беріңіздер. Алда-жалда көп болып келеміз десеңіздер, Түрік өкіметімен бір тоқтамға келейік. Бұған бəлен деп, бəтуа айтушылар болған жоқ. – Осы, «ел, ел» дегендеріңіз бос сөз емес пе? – деп қалдым Абдырахманға. – Жүрек түбінде Туған жерге бұрып тұратын бір күш бар-ау. Бірақ, біз уақыттың да, саясаттың да сан сойқанын көргенбіз. Қазақ өз топырағында ғана қазақ болмақ. Егемен болып жатқан қара шаңырақта өз ұлтының көпшілік болғаны да абзал. Мысалы, өзің білетін Зуха батырдың Түркиядағы əулеті жетпіс екі үй болыппыз. Байлық деген бізден талай рет адыра қалған. Жұт жалмаған, жау алған. Бүгінгі жиғантергендер жұтты қойып, есеп шоттың бір тасы жаңылыс соғылса, жоқ болатын болжаусыз дүние, ендеше, ой түбіндегі арманды «бос сөз» дей көрмеңіздер... – Қазақстанның қазіргі қадамдарын сіздер жүрген ел, сіздің өзіңіз қалай бағалайсыз? Зияжан қажы: – Қазақ – түрікке жат халық емес, керек десеңіз түріктің қара шаңырағы қалған үйіміз деседі. Сондықтан да сіздердің əр табыстарыңызға қуанып отырады. – Атап айтқанда? – Ол қазір көбейіп келеді ғой, – деді сөзге көлденең қосылған Дəуіт Ашықкөз. – Ең алғашта «Желтоқсан» оқиғасымен бір жалт қараттыңыздар. Орта Азия ресублика-

─ 76 ─ лары басшыларын бір жинап, берекеге бəтуа жасалды. Міне, енді экономикалық-саяси дағдарысты бірлесе шешетін экономикалық одақ шарты жасалып жатыр. Нұрекеңдер кеше ғана Қарабақ қан төгісін тыюдың тиімді жолдарын қарастырып келеді. Осының бəрі Президент Назарбаевтың парасаттылығымен тікелей байланысты. – Бəрінен бұрын, соншалық көп ұлтты республикада қайта құрудың байсалды, жанжалсыз, дау-шарсыз кетіп бара жатқаны қанағаттанарлық, – дейді Құланбай Назыр. Жексенбі күні делегация тұтас тобымен Стамбулдағы атақты Ая-София мұражайын, «Топқапы» көрмесін, Сұлтан Ахмет мешітін көрді. Мəрмара, Қара теңіз төсінде кемемен серуен жасады. Шұғылданып жүргенім қазақ эмиграциясының мəселесі болғандықтан, мен аз уақыт қазақ «уақыбында» болып, аэропортқа басқалардан бір сағат бұрын келіппін. Осы сəтте Президентті шығарып салу үшін Анкарадан ұшып, Тұрғұт Өзал де келді. Сəті болғанда, қазақ бизнесмендерінің біразы, журналистерден Алтыншаш Жағанова екеуіміз бар, Президентпен ескерткіш суретке түсіп, қысқа ғана əңгімелесудің орайын таптық. – Қазақстан парламентінің əйелдер мəселелері жөніндегі комиссияның төрағасы ретінде сіздің зайыбыңызға хат жазғаным бар еді. Иншалла, енді екі ел əйелдері арасындағы қарым-қатынас кеңейе түсер деп ойлаймын, – деді Алтыншаш. – Табиғи, табиғи, – дейді Президент. – Бұл өте дұрыс. Өзінің Қазақстанға сапарын еске салып, республика баспасөздерінде, сол қатарда, сырттағы ағайындарға арналған «Шалқар» газетінде де мол жазылған жайын айттым. Кейбір жеке сөздерді ғана тəржімелеп тұрған Əбдуəли Жан араб əрпімен басылатын бұл газет көп жерге таратылатынын, қазақ халқының мол ықыласын сол газеттер бетінен жиі көретінін мəлім етті. – Шоқ, шоқ тешəккүр (көп рахмет). Бұл сапар да жазылатын болар, – деді сонан соң. Сəті түскен əр қадамға қатты қуанатын біздер үшін, Қазақстандық барлық жолдастар үшін

─ 77 ─ бұл өте орайлы дидарласу, тіпті, жеке өмірдің өзгеше естелігі болды. Түрік жеріндегі барлық түйсікті түйіндеп келгенде менің ерніме: Арғы атам ер түрік, Біз қазақ еліміз, Самал тау, салқын жон Сарыарқа жеріміз, – деп басталатын Жүсіпбек Аймауытов атамыздың өлеңі орала берді. Кезінде Алты Алашқа ұран болған осы жыр қазақ аспанына қайта шығып, тұтас түрік халықтарының үндерімен ұласып бара жатқандай сезіммен оралдым. Алматы – Анкара – Измир Стамбул – Алматы 1991 жыл ТҮРІК ТОЙЫ 28.10.1992 ж. Анкара. Кешкі сағат І7.00. Əуе ашық, шам жарық. Анкараның халықаралық əуе алаңына қонған сайын менің назарыма əуежай ғимаратының маңдайындағы «Есенбұға» деген жазу ілінеді. Сол аруақты есім тағы да «Жолдарың болсын!» деп қарсы алды. Түркі халқының тарихында Есенбұғалар аз болмағанын былтырғы сапарнамамда айтқанмын. Ол Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркі топырағына тұңғыш баруы еді. Тəңір жарылқап, биыл тағы да сондай мəртебелі сапардың жолсерігі болу мүмкіндігі туыпты. Бұл менің өз көңіл-күйім. Есенбұғаны көрген сайын ойыма оралатыны өз əуежайымыздың əлі күнге дейін атсыз тұрғаны. Оған дайындап қойған есімім де жоқ. Əйтеуір, Абылайдан бастап батырларымыз бен билеріміздің есімдерін көшелеріміздің бұрыштарына көшіріп іліп болдық. Бұған да тəубе. Ал ұлы

─ 78 ─ жолдардың ұрымтал маңдайларында, жолаушы көзіне бірден түсетін əуежайлар мен айлақтарда, темір жол тораптарында құтты қонақтарды «Қош келдің» деп біздің де Есенбұғамыз (ХІV ғасырдағы Жетісу, Моғолстан ханы болған əйгілі Есенбұға Баһадур), əйтпесе, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбайларымыз, Балуаншолақ, Қажымұқан, Бауыржандарымыз қарсы алып тұрса, кім айыптар еді. Қайта ерлеріміздің есімдерін əлемге əйгілеп, ұлттық мерейіміз өсе түспес пе еді? Сол күндері Анкара əуе алаңында қызыл кілем жиылмаған, салтанатты сап тарамаған екен. Түсе сала тіл қатқан түрік азаматы бүгін күні бойы қонақтар қабылдағанын, осы қалы кілем үстінде бір сағат бұрын ғана Əзірбайжан елінің басшысын қарсы алғанын, сəлден кейін тағы да мейман келетінін ұқтырды. Осы жасаулы əуежайда Қазақстан делегациясын Түрік Республикасының Президенті Тұрғыт Өзал, Премьер-министр Сүлеймен Демирел қарсы алды. Президенттер сап түзеген сарбаздардың алдарынан өтті. Былтыр да дəл осы алаңда жан тебірентер керемет көрініс болған-тын. Түркияда тұратын қазақ ағайындар ұлттық киім киініп, кермелерін көтеріп, тілектерін ту етіп желбіретіп, дəм-тұздарын тосып қарсы алған. Бүгін табалдырықта ондай топыр жоқ, бір қанатта Алматыдан келіп, Анкараға оқу орындарында оқып жатқан отыз-қырық студент тұр. Қалың қазақ ғимарат ішінде екен. Табалдырықтан аттай бере шашу шашылып, «Ақжол» айтылып жатты. Түрік дəмі қазақ əжелер мен жеңгейлер қолымен шашылып, Түрік тойына келген мейманның тізгінін ұстаушы қазақ болса, қалай қуанбассың. Өз басым түрік, қазақ деп айырудан аулақ жанмын. Дегенмен, өз қаның өз тамырыңа ерекше кернеу беріп, жүрегіңді төтенше тербейді екен. Айналайын ағайын, сендерді түрікке тиянақтатқан дəмнен садаға кеткейміз! Əуежай ғимаратының мəрмар залында екі ел басшылары алқа отырып амандық сұрасты. Адам көп, сен данасың, сен қарасың деп қақпайлаған ешкім жоқ. Қара қазақ түріктің

─ 79 ─ төрағаларымен құшақтасып, қарапайым түрік қазақтың ханымен қол алысып жатыр. – Ассалаумағалайкүм, ағаке! – дедім көптен оқшаулау тұрған Дəлелхан Жаңалтайға. Ол биыл өткен Алматыдағы жер жүзі қазақтарының құрылтайында болып, таяуда қайтқан. Сол құрылтайдың тұрақты органы ретінде құрылатын Орталық алқасына сайланған. Сондағы тобын ертіп, міне, Анкарада алдымыздан шықты. – Қош келдіңіздер, бауырларым! – дейді аңқылдаған пейілмен. – Тұрған елің тəуелсіздігінің тойын жасағалы жатса, оған туған еліңнің Президенті келсе, қалай қалыс қаларсың. Жетпіс жыл кере тартылған қызыл арқан қырқылды ғой, екі ел арасына түскен жасыл жол кеңейе берсін дейік! – деді. – Айналайын, Нұрсұлтан, шашырап жүрген туыстың есін бір жиып, еңсесін көтеріп тастады ғой, – дейді Тоқтаубай Орхан ақсақал, құрылтай кезінде көрген құрмет-салтанаттарын айта отырып. – Ұлытауда өткен ұлы күндер, Түркістанға зиярат, Алатау бөктеріндегі аламан той біздің жастардың өңі түгілі, түсіне кірмейтін. Қазір біздің ауылдың арасында ертегі мен аңыз жүр. Атамекен аңызы қашан да қызық тыңдалады. – Бауырым, бері келші, – деп оңаша шақырды, əдемі ақ сақалы бар, басына сұр елтірі қоқойма киген Араб-бай деген қарт. Ауғанстаннан ауып барған қазақтардың Стамбулдағы басалқы адамы. Тек, əліге шейін еш жерде азаматтығы болмаған соң құрылтайға келе алмаған. Қолында бүктеулі қағазы, қасында қосшы баласы жүр. – Президентке айтатын мұңымыз, күтетін көмегіміз бар. Жер басып жүрген бар қазақтың тағдыры бір жаққа шыққанда, тəңірден басқаның тізіміне кіре алмай біз жүрміз. Оның үстіне... Сөз үзіліп қалды, көлік қозғалып кетті. Арекеңе ертең көрісуді уəде еттік. 29.10.1992 ж. Анкараның орталық стадионы. Түркия Республикасының тəуелсіздігінің 69 жылдығына арналған мемлекеттік мереке. Стадион аумағы аса кең. Шығысында

─ 80 ─ дəу ғимараттың қабырғасына ілінген Ататүріктің үлкен суреті. Батысы түгел көрермендерге арналған. Орта тұста сəл ұмсындыра орналастырылған үкімет ложасы. Той бастаушының тұнық даусымен қанатты сөздер саңқылдап, сезімді солқ-солқ еткізеді. Шеру басталды. Ретретімен өтіп жатыр, өтіп жатыр. Ложа алдындағы аядай алаңға аспаннан парашютистер түсіп жатыр. Күн ашық, көк те, көңіл де тұп-тұнық. Бір ғажабы, осындай тойларда біздің көзіміз үйренген ұлан-асыр, ығы-жығы, у-шу дүрмек жоқ. Халық тобы тым көп емес. Төрт миллион тұрғыны бар Анкараның бар халқы қайда симақ. Тіпті, көшеде де жұрт сирек, дүкендер жабық. Тынымсыз тірліктің адамдары той күнін тынығуға арнайтын сияқты. Думанмен дүрліккеннен гөрі демалған да дұрыс-ау. Ас пен той десе ала өкпе жүгіріске, жұмыс десе жүз түрлі сылтау іздеуге əдеттенген біз ғана шығармыз. Шоғыр-шоғыр шеру өтіп жатыр. Байқағыш көз Түрік мемлекетінің осы замандық мықты негізін де, қорғаныс қуатын да, ғылымы мен техникасын, өнері мен білімін, ұлттық салт-дəстүрін де айқын көреді. Стадионның жері де, көгі де төрт сағат бойы түрік мемлекетінің Мұстафа Кемалдан Тұрғыт Өзал заманына дейінгі кемелденуін көрсетті. Маған түрік жастарының жарқын бейнесі ұнады. Ұлттық ұлан тобында бірі мыңға татитын тұлғалар жүргендей. Алаңда шаң да, дақ та жоқ. Тегі, жасап алғаныңды жарқыратпай, күштілігіңді күркіретпей, табиғи таныту да ақылдың ісі шығар. – Сіз Қазақстан туралы не білесіз? – дедім қасымда отырған жас түрік өзі түртпектеп тіл қата берген соң. – Қазақстан – түркі халықтарының қара шаңырағы екенін білемін, – деді, Германияда шығатын бір газеттің тілшісі екен. Аты-жөні Реһа Білгі. – Қазақ жерінің байлыққа бөгіп жатқанын білемін. Ол бүкіл түркі елдерінің экономикалық тірегі, ортақ ырысы. Апырай, ə! «Жақсылықты басыңа істе, басыңнан асса досыңа істе» дейді қазақ. Мейлі, басымыздан асса, досымыз

─ 81 ─ да құр қалмас... Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Германия сапары еске алынды. – Əлемдік саясаткер, тамам түрік тірек тұтарлық, батыл басшы. Біріккен Ұлттар Ұйымында оған мүше елдердің мүддесін мықты қорғады. Халықаралық экономикалық қоғамдастыққа қосатын қордың мəлім процентін дүние жүзінің хауіпсіздігін қорғау мақсатына бөлу – бұрын айтылмаған батыл ұсыныс, – деді. Төменгі сатыдан сұқ саусағын көтеріп, бір жігіт қасымызға келді. Анкара университеті түрік тіл-əдебиеті бөлімінің ғылыми қызметкері Ферһат Тəмир екен. Онымен осыдан үш жыл бұрын танысқам. Қазақ əдебиетінің досы, Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін аударып жүрген тəржімашы. Жылдам сөйлегенде тілінің жібі түйіліп, тұтығып қалатын əдеті бар. Сонысынан сақтанып, сыбырлай, сабырлы сөйлеп отыр. Көз шеруде, құлақ сөзде. – Аударма жасалып бітті. Енді баспаға өткіземін. Өз басым Мағжанды қазақтың ғана емес, күллі түркі халқына ортақ ақын деп білемін, – деді де, Жұмабаевтың «Алыстағы бауырларға хатын» жатқа оқып шықты. – Ал, «Түркістан», «Жүрек сөзі» өлеңдерін оқығанда көзіңе жас келеді, – дейді. – Тіл ұстартымың қалай? – дедім, баяғыда қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне қолым жетпей жүр дегенін еске алып. – Көріп отырсыз ғой, ана жылы күмілжи беруші едім, қазір менің қазақ ұстазым да, көмекші құралым да бар. Бұйырса, Алматыға да барып қалармын... 30.10.1992 ж. Ертеңгі сағат онда Үлкен Мəжіліс (Парламент) сарайында тəуелсіз алты ел Президенттерінің (Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан мен Əзірбайжан) алғашқы мəслихаты басталды. Баспасөз өкілдері оның ашылу сəтінде болып, суретке, ленталарға алды, əркім өзінше сұхбаттар жасады. Мəслихат одан əрі жабық есік жағдайында өтті. 31.10.1992 ж. Саммиттің соңғы отырысы. Мəслихаттың

─ 82 ─ қорытынды кезеңі. Түркия Республикасының Президенті Тұрғыт Өзал кіріспе сөзбен ашты. – Тəуелсіз жəне егемен алты ел арасындағы жүзеге асқан, тарихи зор маңызы бар, жоғары дəрежелі бұл кездесу «Анкара декларациясы» деп аталатын құжатқа қол қоюмен аяқталды, – деді Тұрғыт Өзал. – Осы орайда, бауырларым, мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев, Асқар Ақаев, Ислам Кəримов, Сапармұрат Ниязовтар үш күн бойы біздің елімізде мейман болды. Олардың Түркия Республикасы құрылуының 69 жылдық тойына қатысуы қандай зор ғанибет. Анкарада Қазақстанның, Қырғызстанның, Өзбекстанның, Түркіменстанның бас елшілігі ашылды. Осының бəріне құрмет жəне алғыс сезімдерімді білдіремін. Ол «Анкара декларациясының» жалпы ауқымымен таныстырып өтті. Əңгіме, елдеріміз арасындағы саясиэкономикалық, мəдениет жəне басқалар саласында қимыл бірлігін орнату жайында болды. Халықаралық мəселелер де қалыс қалған жоқ. Сол ауқымда Тəжікстан, Ауғанстан жəне Босния-Герцоговина, Таулы Қарабақ, Кипр мəселелеріне алаңдаушылық білдірілді. Оның оңды шешімін халықаралық ұйымдар мен Біріккен Ұлттар Ұйымының қағидалары ауқымында егемендік пен территория тұтастығына құрмет негізінде бейбіт жолмен реттелуі керек деп табылды. Бауырлас елдер байланыстары мəселелерінде халықтарымыздың ортақ тарихы, тілі, мəдениеті негізінде туысқандық қимыл бірлігі болуы керек. Ол қимыл бірлігі екі жақты жəне жан-жақты байланыстардың бəрінде өзара тиімділікке негізделеді. Декларацияда шынайы демократия, адам құқықтарына құрмет, үкімет ісі мен діннің даралығы, əлеуметтік əділет жəне нарық қатынастарына негізделген экономикалық даму жүйесінің дұрыстылығы да жазылды.. Экономикалық мəселелерде елдер аралық жол жəне байланыс салаларындағы жобаларды жүзеге асыру, өнеркəсіп, қуат, егіншілік, кен, мұнай, табиғи газ қорларын іздестіру, оны тасымалдау мен іске қосу орайында қимыл бірлігін

─ 83 ─ қалыптастыру, əр жаққа тиімді техникалық көмек, мамандар жетістіру, бұл орайдағы істерді үйлестіретін қызмет топтарын құру жағдайлары қарастырылды. Мемлекет жəне үкімет басшылары, парламентарий аралық болсын, мəдениет өкілдері арасында болсын, кездесулердің қай түрі болса да пайдалы. Ал Сыртқы істер министрлігі араларындағы кездесулер, кемінде жылына бір рет, керек болған жағдайда одан да жиі өтіп тұрады. Еларалық жоғары дəрежелі кездесу алдағы жылдың қараша айында Бакуде өтеді. Бауырластық бағдарындағы бұл қимыл бірлігі ешкімге қарсы бағытталмаған, ешкімнен қорғануды мақсат етпеген. Ортақ тілек - əлем халықтарының тыныштығы, бейбіт бір шаңырақ астында болуы, Азия құрлығында сенімділік жағдайын нығайту. Анкара кездесуі табысты аяқталды. Бауырлас елдер қатынастарында жан-жақты қимыл бірлігін дамытудың алғашқы қадамы жасалды. Алдағы кездесулерде ол кеңейтіліп, байытыла береді деп атап айтылды. Тəңір жарылқасын! Тарихи бастамаға табысты келешек тілейік! ҚАЗАҚСТАН ЕЛШІЛІГІ 30 қазан. Анкара уақытымен күндізгі сағат 14.00. Түрік астанасының орта тұсындағы қысаңдау бір көшеге халық көп жиналыпты. Елшілік орналасқан үйдің алдында ағаштан əдемі сəкі орнатылып, сəнді безендірілген. Екі босағада екі елдің мемлекеттік туы тұр. Осы қала табиғатына тəн тараңдау көшеде қозғалыс тым қиын. Бұқара халықты былай қойып, омырауларында өкілдік белгісі бар адамдардың өзі мінбеге жақындай алмайды. Көшенің қарсы бетіне қойылған теле-техникалар мен машиналардың төбелеріне дейін шығып алған операторлар мен репортерлер. Екі жақтағы үйлердің балкондары мен шатырлары да бос емес. Əскери қарауылдың өзі алыста қалып қойыпты. Құжынаған

─ 84 ─ халықтың дені қазақ ағайындар. Басшылар соңындағы қозғалысқа ағынмен ілесіп, біз де мінбеге жуықтадық. Журналист деген жанкешпе халық қой. Соның өзінде микрофондарын ұмсынып, əлденелерді сұрап қалып жатыр. Екі елдің мемлекеттік əнұраны орындалды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев елшілікті ашудың рəсімін бастады. – Қадірлі қауым, қан-қарындас, құрметті туыстар! Анкарада Қазақстанның Бас елшілігін ашудың сəтті сағаты соқты, – деді Президент. – Осынау маңызды мəслихат тұсындағы бұл оқиға да тарихқа жазылады. Біздің елдігімізді бірінші таныған Түрік мемлекеті оның көк Байрағын да өз астанасында бірінші болып көтерді. Елшілік – Мемлекет өкілі. Бауырлас елдер арасында бүгінге дейін саяси, əлеуметтік, экономикалық салада қанша арна ашылса, ол осы елшілік арқылы одан əрі кеңейтіліп, кемелденеді. Ұзақ жылдар бойы үзіліп қалған байланыстардың тарихи ортақ сипаттары саралана түседі. Сөз қошаметпен кідіріп қалып тұрды. – Біздің тəуелсіздігіміздің тілектесі, осы елшіліктің құрылуына үлкен қамқоршы Түркия Республикасының Президенті Тұрғыт Өзалға, Мемлекет басшысы Сүлеймен Демирелге өзімнің жəне халқымның атынан алғыс айтамын! Екі ел арасында туысқандық, достық нығая берсін! Тұрғыт Өзал көтеріңкі үнмен сөйледі. – Қазақ мемлекетінің Анкарада Бас елшілігін аштық. Біздің астанамызда туысқан елдің көк Байрағы көтерілді. Мұның өзі діні, ділі тарихи тұтасып жатқан ежелгі туысқандықты одан əрі жақындата түсуге кепілдік жасалғаны. Егеменді мемлекеттің елшісі – азат халықтың қасиетті мүддесінің иесі. Қазақ елінің еңсесі көтеріле берсін. Анкара төбесінен Қазақстан туы мəңгі түспейтін болсын! Əнұрандар тағы орындалды. Жалынды сөз, жақсы тілектермен желпінген жүректе сезімдер серпін алып, қан тамырларда жылы ағындар жылдамдай түсті. Жұрттың жол тапқаны ішке кіре бастады. Мұнда елшіліктің ашылу салтанатына арналған дəм дастарқаны

─ 85 ─ жайылған. Ауылдарымызда əлдебіреу жеке меншік мөр алғанының өзіне ат шаптырып, асыр салып жататын «ырғын» игілігін көріп жүрген біздер үшін, нағыз ақ түйенің қарнын ақтарып, ақ ордалар тігіп, ақ дастарқанды жайып тастайтын сəт осы еді-ау деген ой жүгіріп өтті. Бірақ Алматы емес, Анкара. Соның өзінде қазақ дəмінің көбі осы дастарханнан табылды. Құрт-ірімшік, қазы-қарта, қара, қызыл уылдырық, жидек пен жент. Түркия жерінде бие байлап отырған жалғыз қазақ Шеризат Доғрының сабасында сапырылған қымыз да əкелініпті. Бұл – түрік халқына тосын болмағанымен дастарқандарынан ерте жоғалған таңсық тағам. Түріктер оны «Ата бабам ішкісі – көпіршіген ақ қымыз» деген аңыз өлеңнен ғана біледі. Бұл жоралығының қай сəтте орындалғанын білмеймін, аулада екі қошқар бауыздалып жатыр. Былтыр Президентіміз алғаш барғанда Стамбул əуежайында үш ақсарбас айтылғаны бар еді. Міне, елшіліктің ауласында тағы да құдайы құрбан шалыныпты. Иманы мығым ислам елдерінде хаждан басқа кезде құрбан шалып, ақсарбас атау өте сирек кездеседі. Сонда бұл жарамсақтық па, əлде жүрек қалауы ма? Жоқ, иманы бойында, Отаны ойында жүретін, ел салтын есінен екі елі шығармайтын, сырттағы бауырлардың бұл ықыласын жүрек əмірі демеуге хақың жоқ. Аулақта Отан атымен жасалатын жоралғылардың олқысын отандасың толтырып жатса, қалай риза болмассың! Үналғышын ұмсынып, ұзын бойлы, ақ сары қыз Президентке тіл қатты. Ағылшын ақпарат орнының тілшісі екен. – Ағылшынша аударатын кім бар? – Мен бармын, - деп алға шықты Мұртаза Бұлытай деген жас жігіт. Бұл маған таныс адам. Түркия «Ұлттық көзқарас» ұйымының Германиядағы өкілі. Ағылшын, түрік, неміс, қазақ тілдерінде жетік, арапша да сөйлей білетін тілмар азамат. Ол болмаса, ағылшынды орысшаға, не түрікшеге аударып, одан қазақшалап жатар ма едік. Бұған да шүкіршілік! – Сапарыңызды қалай бағалайсыз, Президент мырза? – Сəтті сапар болды. Тектес халықтар арасында төркіндес

─ 86 ─ тұрмыс, салт-сана, тарихи ортақ мəдениет бар. Соларды сабақтастыра отырып, əлеуметтік дамудың алдағы кезеңінде қимыл бірлігі болуына келісім жасалды. – Мұның басқалай сипаты бар ма? – Жоқ. Бұл – еркін, жан-жақты əрі ынтымақты дамудың бастамасы. Мұнда ешкімге сес көрсету де, ешкімнен сескену де жоқ. Ондай ойлар шындық шегінен тыс болмақ. – Мұны неге айттыңыз? – Қазір қымс еткенді қилы-қилы сөз ететін əдет болып барады. Мұнда ешкім күдіктенетін де, сақтық жасайтын да сипат жоқ. – Мен канадалықпын, – деді бір тілші. – Мен бұдан күдік те, сақтық та көріп тұрған жоқпын, қорықпаймын да. Орайлы бір сəтте отандастар елшіліктің көрімдігі ретінде Президент иығына оқалы шапан жапты. Президент оны оң жағында тұрған ақ сақалды қартқа сыйлады. Бұл бұрнағы күні əуежайда алдымыздан шыққан Араббай Полат еді. Абыр-сабырда ойындағысын айтуға реті келмеген соң, тағы да мені оңашаға алып шықты. – Мынадай ұлы дүбірде дат айтып, мұң шағып жату ыңғайсыз-ақ, айтпасақ ішімізде қалады. Газетіңіз арқылы айтарсыз, əлде басқалай реті келер, – деп қолындағы қағазын ұсынды. – Мына баланың салтанатта сөйлейтін ниеті бар еді, оның да мүмкіндігі болмады. – Біз Ауғанстаннан ауып келген қазақтармыз, – дейді жас жігіт Ахмет Торбай. – Түркияда тұрып жатырмыз. Алдымызға он бес жыл болды. Ерте келген біразы болмаса, əлі күнге дейін еш жерде азаматтық ала алмай, далбаса тірлік кешуде. Келіп жатқандар əлі де жоқ емес, бірақ, бұрынғыдай оларға пана болып отырған ешкім жоқ. Керісінше, соғыс босқыны ретінде қайтарып жібермекші. Ал ондайларды жақсылық күтіп тұрған жоқ. Босқын тірлікті атамыздың, бабамыздың, өзіміздің тартқанымыз жеткен шығар, енді зəу-затымыз зарлап өтсін демесе, бізді тез қайтарып алсын, əйтпесе, отырған жерлерімізде амандығымызды, азаматтығымызды қорғасын. – Ондайлар көп пе?

─ 87 ─ – Түркияда төрт жүздей үй, үш жарым мыңдай жан. – Ареке, Бас елшілік ашылды ғой, енді реттелер бұл жағдай, – деп жұбатып жатыр Мұхамади Қылыш. – Қос азаматтықтың да күрмеуі қиылатын шығар. – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Түркиядағы бөлімі қашан ашылады? – Сауда өкілдігі іске кірісе ме? – Тəйір-ай, бəрінен бұрын, жер бетіндегі қазақтардың жалғыз мемлекетінің іргесі берік болсын десейші. Көш жүре түзелер... Көп қуаныш, көп үміт, көп тілек. Қайсыбірінің ырқына ерерсің. Өздері айтқан түйінді өздеріне айтуға тура келеді. – Мұның бəрі дипломатиялық жолмен шешілетін мəселелер. Бас елшілік ашылды. Оның жұмысының басты бірі – азаматтық мəселесі. Сол қатарда сіздердің де мүдделеріңіз оңды шешім табады... Ертеңгі күн таңертең қонақ үйде Тəуелсіз төрт елдің Президенттері өз баспасөз қызметкерлерімен қысқа əңгіме өткізді. – Анкара кеңесінде көп мəселе қаралды, – деп мəлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев. – Саясатта, экономикада, мəдениет мəселелерінде, жол қатынасы мен байланыс жұмыстарында жан-жақты тиімді шаралар белгіленді. Ол бір елдің, тек Анкараның емеурінімен жасалған жоқ. Біз мəселен, өз нұсқамызды əкелдік. Біздің қайсымыз болсақ та ең əуелі өз еліміздің өкілдеріміз. Халықаралық мəселелерде, айталық Тəжікстан, Кипр оқиғаларына ортақ көзқарас айқындалды. Нарық қатынасында əр мемлекеттің өз ерекшеліктеріне орай нұсқалар мақұлданды. – Мына оңаша сұхбатты қалай сипаттауға болады? – Біз өте тығыз істің адамдарымыз. Кездесудің сəті үнемі келе бермейді, жолыға қалсақ ол ресми мəселелер ауқымында болады. Осындайда бір үстелдің басында дидарласудың өзі неге тұрады. Содан соң, біз өз эмблемаларымызды ұмытуға тиіс емеспіз. Айталық, Ташкент, Бішкек үлгілері. Бұл жолы да соның барлығы есте тұрды. Ашхабат келісімінің үні де

─ 88 ─ жаңғырып, жаңаша естілді. – Қаласақ та, қаламасақ та, мұндай мəслихаттың болары хақ еді. – деді И. Каримов. – Өйткені, бізді тарихи туысқандық тұтастырып жатыр. Сөйте тұра, біздер өз мемлекетіміздің мүддесі тұрғысынан табыламыз. Жоғары дəрежелі Анкара кездесуі, сөз жоқ табысты болды. Президенттер сұрақтарға жауап берді. Əңгіме туысқандық, жолдастық сипат алып, əдемі əзіл араласып, көңіл көкжиегін көтеріп тастады. Соңғы сөз қазір Үлкен Мəжіліс сарайында айтылады. Əуежайда арнайы ұшақ күтіп тұр. Одан əрі Иран сапары. АМАНАТ АРНАУ «Осынау ұлы дүбір қуанышта, ұлы жиында өз қасымызда отырған қымбатты Президент Нұрсұлтан Назарбаев ағамызды, оған құрмет көрсетіп жүрген Түрік елінің ұлы басшыларын, барша жамағатты құттықтаймыз!Қазақ халқының бостандығы үшін көкіректерін оққа төсеген Желтоқсан жастарының рухына дұға оқимыз! Енді, жамағат, сол құрбандардың қан бодауына келген, бүкіл қазақтың ұлы арманының орнына тұрған Отанымызды жан-тəнімізбен қорғайық. Ол – біздің Отанымыз, біздің қара шаңырағымыз! Мен шет жерде туып, шетін өмір өткеріп келе жатқан əулетпін. Отанның ыстық алақаны əлі маңдайымызға тиген жоқ. Отан үшін біз де от кешкен жоқпыз. Бірақ, Отан біздің көкірегімізді от болып күйдіріп, сағым болып сабылтып, сағындырып келеді. Біз – енесіз қозы, емшексіз ботамыз. Мен мұны Ауғанстаннан ауып жүрген қорғансыз қазақ атынан айтып тұрмын. Айсыз əлемімізге күн болып, жаңа көсем келді. Оның нұры біздің де жұлдызымызды жоғарылатып тастады. Бұл – көңіл хошы. Ал көзіміз əлі жасты. Жасымыз құрғар, өзіміз атамекенге оралармыз деп үміт етеміз. Қаңғыбас тірлік бізді қайда апармады. Ауғанстанның жерін жерледік. Иранның да дəмін таттық. Түрік топырағын

─ 89 ─ сүйдік. Бірақ, Қазақстандай жерұйық таппадық. Қалың елімізге, қара орманымызға жете алмай келеміз. Отанға жетіп от кешейік, туған топыраққа тер төгейік, ұрпақтарын аталар жеріне жеткізейік. Бұл – жалыну ғана емес, жан-жүректің əмірі, өксік емес, өтініш!». Ғабдулхалықұлы Ахмет Торбай – Президентке арнап жазған осы хаты мен бір өлеңін аманат етіп маған тапсырды. Алматы – Анкара – Алматы 1992 жыл АҒАЙЫННЫҢ АҚ НИЕТІ Маужыраған мамыр. Көк биік, көңіл көтеріңкі. Аспанда бұлт, жерде шаң-тозаң жоқ. Арқадағы асқар тау, етектегі елді-мекендер қаз қалпымен көрінеді. Сайқанның шырқау шыңдары сұлудың сəукелесіндей, тап төбеңде ілініп тұр. Түутүу алыстан Алтайдың ақ бас шоқылары көзге шалынады. Алып таудың бөктерінде көк желек жамылған Зайсан бөгде көзге ару Алматының сүйкімді сіңілісіндей көрініпті. Ал біз бұның бұдан да əсем бұрынғы көркін іздейміз. Қаланың қақ ортасындағы қабырғаларының саңылауы сыланбаған, бірақ ағаш айдары мінəжат орны екенін аңғартатын қызыл үйдің төңірегіне жұрт көп жиналыпты. Айналадағы құлаған дуалдардың қоқысы тазартылып, ортасына қорабы ашылған екі машина қатар қойылыпты. Бұл – мінбер. Онда аудан басшылары, діндарлар мен ақсақалдар, алыстан келген ағайындар тұр. Жиын мəнін аудандық атқару кеңесі төрағасының орынбасары Дəукей Тұржанов жариялады. – Тарихқа үңілсек, бұл өңірден көшкен елдің де, аққан селдің де, жорықтар мен шапқыншылықтардың іздерін көрерміз. Айтсақ осы сілкіністен кейін жасалып жатқан игі істерді айтармыз. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, міне, алыстап кеткен ағайындарымыз да қол ұшын беріп отыр. Қош келдіңіздер, бауырлар! Сіздермен табыстырған Тəңір бұдан былайғы жұрағаттық

─ 90 ─ жақындығымызға да жар болсын! Аудандық атқару комитетінің төрағасы Марат Байжұманов зілзаладан соңғы істердің ауқымын аңғартып, ақ ниетпен келген ағайындарға алғыс білдірді. – Зілзала тағдырдың ісі, – деді Түркиядан келген Абдулхақ Имрен. – Ол не күнəға батқан елді, не пəлекет жайлаған жерді тазарту үшін соғады. Ата-бабаларымыздың қасиетті топырағын, мен, күнəға батты дей алмаймын. Жерде жазық жоқ. Тек осы өңірді ұзақ жыл имансыздық иектеді ғой. Соның салдарынан мүлгіп кеткен мұсылмандарды бір оятайын деген шығар. Ендеше, бұл жер ең əуелі иманмен оянуы керек. Осыны ойлап Түркиядағы туысқандарыңыз Сіздерге азғана сауға жіберді. Сол сəлемдемесін жеткізе отырып, ертең мұнарасында азан шақырылып, михрабында мінажат оқылатын мешіттің іргетасына дұға жасайын! – Амин, Алла жарылқасын! – «Шам жарығы түбінен гөрі алысқа бұрын түседі», Империя саясаты да ең əуелі алыстағы Зайсаннан бастап жүзеге асатын еді. Сол əдетпен мешіт те бізде елден бұрын жабылған, – деді ардагерлер алқасының төрағасы Байғамбек Құдабаев. – Тіпті, Ұлы Отан соғысы жылдарында Зайсан жұрты жүдеген жүрегін жұбататын, майдандағы туыстары үшін мінəжат ететін орын таба алмаған. Енді ел егемендігін алып, сенім бостандығы туғанда, оны имандылықтан бастау тəңір бұйрығы тəрізді. Бүгін басталғалы отырған мынау мешіт үйінің іргетасына тағзым етіп, мен оның сауабын ең əуелі Атамекен үшін жан қиған құрбандарға тілеймін. Жəлел Инан: – Ассалаумағалайкүм, аға-бауыр! Зайсан менің атабабамның ежелгі мекені. Осы жерге араға бір ғасырдай уақыт салып, менің əкем Қамза Жақияұлы келіп, кіндік қаны тамған топыраққа аунап-қунап қайтты. Осыдан екі жыл бұрын өзім де келіп, Ақаралдағы атажұртты көрдім. Ол – зілзала тұсы еді. Жүрегім қатты елжіреді. Қиын сəтте көмектеспесек, ел мен жерді сағынғанымыз өтірік қой. Бұл ой зілзала тұсында туды. Оны «Шалқар» газетінен аңғардық. Мына Уаһап мыр-

─ 91 ─ за жəне менің туысым, осы ауданның өз баласы Зəйділбек Құнияров бізге барып, мешіт салуға көмектесуді өтінді. «Шөп өссе – малдың құты, ер өссе – елдің құты» дегендей, сол азаматтардың абзал ниетіне біз де үн қостық... Ал зілзала тек жерде ғана емес, адамның жан дүниесінде де болатын апат. Біз оны бастан көп кештік... Рас-ау, табиғат сілкінер де басылар. Қираған жұрт та оңалар. Күйреген көңілді, адам жанының апатын қалпына келтіруден қиын бар ма екен? Жəлел осыны меңзеді. Туған жерден нендей жағдай қозғағанын Жəлел қайдан білсін. Білетіні, əйтеуір, Жақия əулетінің бір ғасыр бойы кешкен сергелдең өмірі. Кезінде Зайсанның атақты діндары болған, қолында араб шейхын ұстаған, бала оқытқан Жақия осы ғасырдың басында дəмі ауып, Қытай өтіп кетіпті. Əлде, батыстан бет алып келе жатқан пəлекет шошытты, əлде Ақжайлауын тартып алып, арбайған крестерін көтере бастаған қара шекпенділердің сұсынан сескенді, əйтеуір, іргесі ерте көтеріліп кетті. Барған жерінде де бақытқа кенеле қоймапты. Жоңғар өлкесін жағалапты, Моңғолияны сағалапты. Қытайдың ішкі өлкелерін кезіпті. Одан Тибет асып, Индияға ауыпты. Кашмирге қашыпты, Пакистанды паналапты. Ақыры, 1950 жылдары Түркияға барып тиянақтапты. Ақаралда туып кеткен Жақияның сондағы жас баласы Қамза қазір 97 жаста. Бір өзінен тараған ұрпақтары ғана əлемнің оншақты елінде шашырап жүр. Осының бəрі қарт жүректі қайта-қайта соғатын зілзала. Соның бəрінен зоры – Атамекенге деген сағынышы. Сол сағыныш жалыны салқындай бастағанда туған жерде болған табиғат зілзаласы алыстағы ағайынды қатты тебіренткен. Содан барып, қарт лебізін жерге тастамайтындар, Зайсан өңірін мекеніміз деп санайтындар қолдан келген көмектерін қосқан. Ол – 10200 доллар, 2400 марка, 300 мың сом ақша. Бұл шет елдерде тұратын қазақ атаулының ең алғашқы нақты көмегі еді. – Көп аузында көл-көсір сөз болып жүрген көмек, міне, түп-түгел өздеріңізге жетті, – деді Зəйділбек. – Бұл əрине, Зайсан сияқты əйгілі қалаға, Қытай мен араға кеден ашылып,

─ 92 ─ тоғыз жолдың торабы болғалы тұрған қалаға салатын мешіттің бар керегін өтей алмайды. Ағайындарға алғыс айта отырып, өзіміздің де намысымызды қамшылайық. Осы ақшаның 100 мың сомын сонау Америкада жүрген Жамсап Молланың жапжас баласы Абдуахит, мешіт мəселесін Алматыда естіп, қосып жіберіпті. Зайсанда болып көрмеген бала сондай ықылас білдіргенде, туған жердегі тұтас халық – біз неге қам жасамаймыз?.. Шоқша сақалды арық қара шал – Ермеков Мұқан көзі жасаурап алға шықты. – Жыламаймын десем де кəрі көңіл ерікке көнер емес. Сексеннің сегізіне шыққанда мешіт көремін деп ойламаған едім. Айналайын уақытқа, ағайынға да мың рахмет! Мен бір айлық зейнетақымды Құдай үйіне беремін. Басқарушы сөз тізгінін еркін жіберді. Əркім əр тұстан ықылас білдіріп жатты. Зайсан экономикалық аймағын комплексті көтеретін «Оңтүстік» бірлестікті басқарып жүрген З.Құнияров жүз мың сом аударатынын хабарлады. Осы бірлестікпен келісім-шарт бойынша жұмыс істеп жатқан Түрік фирмасының азаматы Суат Демирел мешіт құрылысын өздері шығаратын кірпішпен қамтамасыз етпек болды. Осындай жүз, елу, он мыңдар қосылып, əп-сəтте бір миллион сомдай ақша құралды. Мешітке іргетас қою рəсімі басталды. Абдулхақ Апыз хатым түсіріп, дұға оқыды. Қазылған орға ақсарбас бауыздалды. Алыстан келген ағайындар жəне ақсақалдар хұжыратасты қолдасып орналастырды... Ағайындар ел аралады. Апыздың ата-бабаларының мекені Марқакөл ауданы екен. Екі күндей сол өңірде болып, көлдің суына жуынды. Сағынысқан туыстардың табысуынан арман қандай қуаныш болмақ... Елдің шырқау шетінде жатқан, Кеңес жылдарында рухани кері кеткен, ол аздай, аяқ астынан зілзала ұрған Зайсанда қиындық жоқ деу, əрине, шындыққа жанаспайды. Найқалып жатқан нарықтың неғайбыл жайлары көп. Дегенмен, үнемі жылаудан, үрдіс сынаудан нəтиже жоқ. Түңілісінен талпынысы, өкінішінен үміті басым халықтың көңіл-күйлерін аңғарта

─ 93 ─ жүрген абзал. Қанағат көзімен қараған жан елді мекендерде ірге көтерген жаңа үйлерге кіріп, жаңаша өмір сүріп жатқан жағдайларға да риза болады. Кейбір олпы-солпысын есептемегенде мемлекеттік қамқорлық, жалпы халықтық көмек əлі толастаған жоқ. Соның бəрінен бірегейі Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты құрған «Оңтүстік» құрылыс-өндірістік бірлестігі. Оның мақсаты Зайсан ояңының табиғи қорларын ашып, үш ауданды тұтас экономикалық көтеру. Бірінші кезекте: жылына елу миллион кірпіш шығаратын, күніне он тонна сүт өнімдерін беретін, кезегінде он алты текше метр ағаш өңдейтін зауыттар салып, іске қосу. Одан əрі жылына үш жүз мың қой, он екі мың ірі қара сойып, етін өңдейтін комбинат құрылысы, өңірдегі əлденеше арасан суларын пайдаланып, ем жүргізетін алты жүз орындық санаторий, қара мəрмəр, қызыл гранит өңдейтін тас зауыттары салынады. Парфюмерия, сабын жəне емдік дəрі-дəрмек шығаруға жарақты, көп қасиетті балшық қорын да пайдалану жоспары бар. Қазір бірлестік кеңсесі, қосалқы құрылыстар, шетелдіктерге арналған қонақ үй салынып жатыр. Басты мердігер «Финтрака груп» деп аталатын Түрік корпорациясы. Құрылыс материалдары мен техникалар, жұмысшы күштері сонау Анадолыдан Зайсанға дейін арнайы машина керуенімен жеткізілуде. Бір түрік қана емес зайсандықтар Қытаймен де, американдықтармен де іскерлік байланысқа шыққан. Американдықтар қалада арнаулы мектеп салып, кəсіптік бағдар бойынша ағылшын тілінде сабақ өте бастаған. Ертең Майқапшағай кедені ашылғанда Қытаймен ынтымақ үдей түседі. Замана зардабын көп тартқан Зайсанның бағы елі тəуелсіз болған осы тұста ашылмаса қашан ашылмақ! Жердің астыүстін қазынаға лық толтырған Тəңір сол игілікті өз халқына бұйырта көргей! Қолдан келген көмектері мен ақ ниеттерін ала келген ағайындар туған жерде жасалып жатқан осындай игі істердің ауқымын аңғарып, ұлы болашақ байқап аттанды. 1992 жыл

─ 94 ─ БАЯН-ӨЛГЕЙДЕГІ БАУЫРЛАР ДАНАЛЫҚ ДАРЫҒАН ЕЛ Соңғы ғасырлар сойқаны сұғын қанша қадаса да сөзі мұқалмай, сезімі жұқармай, халқының бағы жанып, маңдайы жарқыраған тұста ұлылығын бүкіл əлем таныған қазақтың Абайын кəсіп-нəсібі бірдей киіз туырлықты, тал уықты ежелгі көрші моңғол елі бүгін ғана білді десек, ақиқаттан алыс кетеміз. Абайды толғандырған қилы-қилы хикметтер: «көшерін жел, қонарын сай білген» сарсаң тірлік, енжарлық пен жалқаулық, мансапқұмарлық, көнбістік пен сенгіштік моңғол халқына да тəн болып, ойшылдарын ұлы толғанысқа салған. Замана зары үндесіп жатқандықтан Абай өлеңдері мен қара сөздері моңғол тіліне сонау жиырмасыншы жылдарда аударыла бастаған. Абай əндері екі халықтың қосылып айтар əуеніне айналған. Сол Моңғолия жерінде қазақтың іргелі бір бөлігі өмір сүреді. Қазақ жүрген жерде Абай қоса жүрген. Сол елдің ойшыл ақыны, ғұлама діндары Ақыт Үлімжіұлының (А.Алтайскийдің) Абай үлгісімен жазған жүз өлеңі Өлгий қазақтарының жүрегін ерте баураған. Одан қалды, моңғол-қазақ əдебиетінің ардагері – Ақтан, Құрманхан, Құрметбектер қаламы арқылы жете берген. Ақиық ақын, марқұм Кəкей Жаужұңұлы мансапқорлар мен мəңгүрттерге күйінгенде Абай əуенімен сан рет сынға алған. Абай даналығы дүниені дүр сілкіндірген тұста оның 150 жылдығын мерекелеуден Моңғолиядағы қандастар қалыс қала алмады. Сол ағайындардың Баян-Өлгей аймағы əкімдігінің арнайы шақыруы бойынша Қазақстан Жазушылар одағы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ұйымдастырған арнайы топ Өлгейдегі «Абай күндеріне» қатысты. Баян-Өлгей – қазақтың ұлттық дəстүрі мол сақталған өлке. Əсіресе, өлең-жыры төгіліп тұрған өңір. Бұрнағы жылы Президент Н.Ə. Назарбаевты Ұлан-Батор əуежайында

─ 95 ─ жыр шашумен қарсы алған болатын. Абай елі өкілдерін бұл жолы да ұшақ табалдырығынан өлеңмен түсіріп алды. Ары қарай жыр шашуына дəм шашуы жалғасып жатты. Ертеңгі күн қала мен оқу-мəдениет орындарымен, мұражайлармен танысу болды. Кеште аймақ театрының үйінде «Абай күндерінің» ашылу салтанаты басталды. Аймақ əкімі Мизамхан Күнтуғанұлы мен топ жетекшісі Қалдарбек Найманбаев сөз сөйледі. Белгілі қазақ ақындары – Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Серік Тұрғынбеков, Гүлнар Салықбаевалар өлең оқыды. Абайды Өлгий ақындары əдемі жырлады. Моңғолия топырағындағы жалғыз қазақ театрының бас режиссері, Моңғолия халық артисі Моңғолхан Арғынбайұлы дайындаған мерекелік концерт тартымды-ақ. Оның өзі жасаған Абай бейнесі, ақынның ойшылдық, сезімтал сипатын терең ашуы қанағаттандырды. Қызыл тілдің тоқсан толғауын сахнада Абайдың өзі шешіп тұрғандай əсер етті. Сірə, бір кездері қазақ өнерінің алыптары Қ. Қуанышбаев, Қ. Байсейітов, Қ. Жандарбековтардың тағылымын көрген Мəкеңді өнерде сиреп қалған саңылақтың, ардагер ақсақалдың бірі десе, əбден орынды. Аймақ орталығынан отыз шақырымдай Сарыкөл жайлауында отырған, өлең-жырдың ардагерлері, Молдахан Серікбайұлы мен Даниял Дікейұлының ауылдарындағы кездесулер, абақ керейінің атақты батыры Қожаберген ұрпағының ауылында болу – мейман біткеннің бəріне бұйыра бермейтін сирек сый еді. Əттең, қара сандықта жатқан Қожаберген батырдың ақ туын көрудің сəті түспеді. Жорықта ғана көтерілетін киелі туды жайшылықта шығару – жақсылық емес деп біледі. Батыр бабалардан қалған мұра, бізде, жоқтың қасы. Тегі, жауынгерлік тарихымыздың жалғыз мұрасы – Қожаберген туын Қазақстан Мұражайына алдыруды ойлаған артық болмас еді. Тағы да думан. Кең театр. Өлгийдегі ағайындар «Телқоңыр» деп ат қойған арқалы ақындар Т. Молдағалиев пен Қ. Мырзалиев жəне осы жолдың авторы Уахап

─ 96 ─ Қыдырханұлымен кездесу. Ақындар айтысы, Абай рухына тағзым... Шілденің оны күні Абай мерекесі Моңғол Революциясының 74 жылдық тойымен ұласты. Көңілдің көкжиегін көтере түскен көріністер – ақындар айтысы, күрес, бəйге, ұлттық ойындар. Алпыс балуанның белдесуі екі күнге созылып, түйе балуан Бақыттың жеңісімен аяқталды. Бір қызығы, күрестің моңғолдық ережесі бойынша, салмақ өлшенбей, түйедей жігіттермен тал шыбықтай бала балуандар да алаңға шығып айқаса береді. Кім ебін тауып, біреудің тізесін бүктірсе, сол жеңімпаз атана береді екен. Тайдан басталған құнан, дөнен, бесті жəне аламан бəйгелер де делебені қоздырды. Алпыс бес шақырымға күн ілгері айдалған бəйгенің көмбеге таяғанда кермешілердің ұшқыр аттарына тізгін ұстатпаған тың серпіні таң қалдырды. Бəйгеге шапқан он-он екі жасар балалар да ширақ. Аламан бəйгеден алда келген жүйріктің үстіндегі қыз бала болып шықты. Аймақта он үш сұмын (аудан) бар екен. Соның Алтын Цокце, Кенгель деген аудандарының құрылғанына 70 жыл толыпты. Бұл тойларда да Абай аруағы ардақталып, ақын рухы асқақ тұрды. Қаймағы бұзылмаған халық бірлігі. Торғауыты, ұранхайы, дөрбіті, көкмоншағы, қалмағы, қазағы қай тілде болса да еркін сөйлесіп, мəрмəр шақшадағы насыбайдан жұпар иіскесіп, шұрқырасып жүр. Өркениеттің осы заманғы жағымды лебі Баян-Өлгийде де еркін есе бастаған. Мал-мүлік мемлекеттік меншіктен алынып, жекешелендіріліп болған. Алтын Цокцеде біз түскен үйдің иесі – балуан Серіктің жеті жүздей малы бар екен. Түлік соңғы екі жылда жақсы өскен. Малға салық салынбайды. Меншікке иелік орнықсын, ынта ұшталсын. Мал өріске симай бара жатса көре жатармыз дейтін көрінеді. Жер – қазынанікі. Бұл жағынан қарағанда ауылшаруашылық реформасының моңғолиялық тəжірбиесін ескергеннен ештеңеміз кетпейтін сияқты. Сапар сəтті, салтанатты аяқталды. Аймақ əкімі соңғы сұхбатқа шақырды. Жер басып жүрген бар қазақтың ортақ

─ 97 ─ Отаны – Тəуелсіз Қазақстан. Атамекенге алғаш ат басын бұрған да Моңғолиядағы отандастар. Биыл ол сəл іркіліп тұр. Былтырдан бері Қазақстаннан үш жүздей шаңырақ қайта көшіп барыпты. Мұнда да кінə тақтырмайтын күрделі себептері бар. Тек, қайта оралғандар не онда, не мұнда жекешелендіруге қатыса алмай, əрі-сəрі күйде қалған. Жергілікті əкімшілік осы тағдырға тарығады екен. Көшіқонның жұмыс қолы түріндегі бұрынғы жүйесі өзгертіліп, енді біржола қайтатындарға ғана бет алмақ. Оған бел байлап, жүктерін буып отырған жүз шақты адам бар екен. Бірақ, көшіріп алатын көлікті Қазақстан əлі жібере қоймаған. Аймақ басшылары осы орайда ұсыныстар айтты. Қайта көшуді тоқтатудың екі жақты тиімді шараларын іздестіру, барғандарға ұзақ мерзімді несие беріп, қолдау. Бұрынғы барғандарды да, баратындарды да жекешелендіруге қатыстыру. Бұл мəселені ұлттық фактор ретінде қарастыру. Азаматтық мəселені оңды шешу. Ұлы Абай аруағы қолдады, əлде осы сапарды табиғат құптады десе де болар, бірталайдан бері қуқылдап тұрған Теріскей Алтайға біз барғаннан қайтқанша күнде нұр жауып, күндіз күн күліп тұрды. Көрісерге, барысарға, келісерге жол кең, күн ашық, көңіл жарқын болсын, өлгийлік ағайындар! Алматы – Баян-өлгей – Алматы 1995 жыл

─ 98 ─ ИРАН ӨРНЕКТЕРІ АХЕМЕНДЕР ЕЛІНДЕ Бағыт – Иран. Күміс қабырғасында «Қазақстан» деген жазуы күнге шағылысып, арнайы ұшақ Анкарадан оңтүстік шығысқа қарай самғап келеді. Көк биік, көңіл де биік. Көгілдір аспан кіршіксіз, бұлтсыз. Бағытқа қарай барлау жасаймыз. Иран көп хикаяны еске салады. Тарих ту-ту алысқа тартады. Біз дəл қазір адамзат ең алғаш аяғын тəйтəй басқан топыраққа түсетіндейміз. Бұл – аңыздан тартылатын тін. Өзекті өмір үшін дəннен қымбат ештеңе жоқ. Сырсипатын бір өзінен басқа ешкім білмейтін ұжмақты жұмбақ күйінде қалдыра тұрайық та дəннің дəрежесін айтайық. Алла тағаланың Адам атаны жерге түсіруіне себепші болған бидай дəні екен.Ұжмақ бақшасында жеуге, тиюге тиым салған осы дəнді іблістің азғыруымен адам ауыз тиіп қойып, күнаға батыпты. «Бұл енді сенің ризығың. Сол ризық үшін жаһан кезіп, жанталас, күнəға бат, оны бейнетпен өте, тəубе келтір» деп бұйырып, ібіліс екеуін де бір бірімен жау етіп ұжмақтан қуыпты.. Жер бетіне тұңғыш дəн себіліп, жеміс егілген де, ыстық-суығы бір қалыпты осы Иран топырағы екен дейді. Ризық бар жерде өмір бар, өмір барда қуаныш пен қасірет бар. Сол күлкі де, күңіреніс те ерте естілген өңір де осы. Адамдардың алғашқы қауымдастығы да, тұңғыш мемлекет те осы топырақта қалыптасқанын айтады қарт тарих. Əкімшілігі Ахеменнен басталып, салтанаты Сасани кезінде күшейген Иран мемлекетінің ұзақ шежіресін əлем біледі. Сол мемлекеттің 2500 жылдығын Иран жұрты 1971 жылы тойлаған-тын. Айы, жылы айқын саналатын мұнша ұзақ тарих жер бетіндегі басқа ұлттар мен ұлыстардың бəрінің басынан кезіге бермейді. Əрине, бұл өңірде өмір содан бері бір қалыпта, тек Иран болып ұйып тұра берген жоқ. Зауалды замандар, елдігі əлденеше жоғалып, əлденеше қайта оралған аласапыран кезеңдер болған. Тарих тынысына құлақ төсесең

─ 99 ─ – жер бетіндегі алғашқы жиһангер Ескендір Зұлқарнайын зілзаласының да, Араб халифаттары мен ежелгі Юннан ылаңдарының да Парфея пəлекеттерінің де, тіпті, бергі замандағы Шыңғыс пен Темір топалаңдарының да дүрсілі естіліп жатады. Өркениет кезеңдерінде отты-сулы, кендісөлді, майлы-жайлы өлкелерге «отау» тігіп, отар етпек болған империялардың Иранға салған əлегі аз емес. Ежелгі парсы жұртын соның бəрі бақиға біржолата жібере алмаған. Бүгін жер бетінде халық та, нарық та, əлем тағдырын таразылайтын безбен де басқа. Саясат деген сайқалды адамгершілік ауыздықтап, экономика деген алтын кілт бұрап ұстап тұр. Кімнің жері бай, елі ізгі, ниеті пəк – сол алға шығады. Иран бүгін азуын айға білеген елдер қатарына көтерілген жоқ. Жерінің байлығы, өндірісінің қуаты жағынан ешкімнен кем емес. Топырағы майға малтығып жатыр. Əлемдік өркениетте, осы замандық үрдісте өзіндік орны бар тəуелсіз мемлекет. Егемендігін кеше ғана алған Қазақстанның тəуелсіздігін де тайсалмай танып, оған өз елшілігін алғашқылардың бірі болып жіберді. Əттең, əлемде күншілдік құрып біткен жоқ. Жерлерін мұнай теңіздері көтеріп тұрған Иран мен Қазақстанның ұғысып, жұғысып кетуі іштерін тырнаған əлдебіреулер қанша қауесет таратты десеңізші. Өтірік өрге баспайды. Екі елдің де көңілі ақ, ниеті бір Құдайға хақ екенін айдай əлем біледі. Міне, тəуелсіз Қазақ елінің Президенті сол ақ ниет, пəк тілекпен ежелгі парсы жеріне, бүгінгі Иран Ислам еліне сапарлап келді. Мехрабад əуежайы. Ұшақ жайлы қонып, баяу жылжып келіп тоқтады. Əуежай ғимаратының табалдырығынан тартылған кілем-жол екі жолақ болып бірі – ұшаққа дейін, енді бірі – қарсы алу рəсімі өтетін салтанат сəкісіне дейін созылып жатыр. Бір тұста қос қатар болып, құрметті қарауыл тұр. Қарсы алуға министрлері мен серіктерін ертіп, Иран Ислам Республикасының Президенті Али Акбар ХошемиРапсанжани шықты. Басында ақ сəлде, үстінде сұрғылт

─ 100 ─ түсті жұқа желбегей. Қос Президент құшақ жая қауышып, сəлемдесті. Анадайда табаны сəл биіктетіліп, алтын сары төрт бағанға шашақты мата керілген əдемі шатыр тұр. Президенттер шатырға кірді, құрметті қарауыл баянат берді. Екі мемлекеттің Əнұраны орындалды. Əуежайдың көз жауын алатын мəслихат залында қысқа ғана баспасөз конференциясы басталды. – Қош келдіңіз, мəртебелі, Нұрсұлтан Назарбаев, – деді Хошеми-Рапсанжани. – Иран жері Сізді көптен бері күткен еді. Сəт сағаты бүгін соқты. Ақ ниет, қонақжай көңілмен қарсы аламыз. Біз қашан да тəуелсіздіктің тілектесіміз. Қазақстан бізге дін-қарындас, тарихында, мəдениетінде ортақ сипаттар бар туыс ел. – Қазақстан мен Иран халықтары арасында тым əріден тамыр тартатын рухани, мəдени байланыстар бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Жағрафиямыз да жалғасып жатыр. Қос халықтың тағдыры Каспий теңізінің толқынында бірге тербелген. Сол теңіздің айдыны бізді əлі тоғыстыруда. Бұл сапарда біз екі ел халықтарының жақындасып, түсінісе түсуіне, Алматы мен Тегеран арасында ынтымақтың үлкен жолының ашылуына, халықаралық, саяси мəселелерде көзқарас бірлігі болуына, аймағымызда сенімділіктің нығая түсуіне, апатты қаруларды таратпауға мүмкіндік туғызуға келдік. Ықыласты, шын пейілді лебіздер алма-кезек айтылып жатты. – Иран – Ислам Республикалары. Ол үшін мұсылман елдерінің достастығы мен ынтымағы ерекше қымбат. Оның ішінде жері кең, əрі бай, ғылымы мен техникасы дамыған Қазақстанның орны бір бөлек. Екі ел арасында риясыз ынтымақ, тығыз қарым-қатынас болуы біздің халықтарымыздың мүддесіне өте үйлеседі, – деп қорытты сөзді Иран Президенті. Құрмет шеруі қалаға тартты. Əлденеше қақпадан өтіп, үлкен даңғылға шыққанда қол бұлғап, күтіп тұрған бір топ көрінді. Əуежайға жақындай алмаған қазақ бауырлар екен.

─ 101 ─ Президент тізгін тежетіп, туыстармен тіл қатысып, амандасып өтті. Бағана ұшақтан төмен қарағанда қала бір түрлі сұрғылт, көгалы жоқ, бейне бір жинап қойған кірпіш сияқты байқалып еді. Кортеж Тегеранға кірген сайын келбет ашыла түсті. Біздегідей зəулім қарағайы, алып емендері болмағанымен, көше жиегінде тропикалық тоғайлар да, көркемдік өсімдіктер де бар. Үйлері сəнді екен, тек, ғимараттарының бойы ағаштардан озып, бəрінің сырты əлде мəрмəр, əлде ұлутас сияқты заттармен қапталып, бірыңғай сұрғылттанып кетіпті. Стамбул мен Анкарадағыдай орам сайын болмағанымен ұрымтал тұстарға ірі-ірі етіп салынған мешіттердің мұнаралары мен минараттары алуан түрлі өрнектерімен көзді қарықтырады. Көлік шеруі қабаты жиырмадан асатын, қатар тұрған екі зəулім ғимаратқа келіп тізгін тартты. Бұл – Истихлал (Тəуелсіздік) атты мейманхана. Біз соның екіншісінен орын алдық. Бізден бес күн бұрын барған Қазақстан Премьер министрінің орынбасары Қадыр Байкенов бастаған іскерлер тобы осында екен. Сағыныса қауышып, мəре-сəре болып қалдық. Оның үстіне Иранда тұратын қазақ ағайындар топтобымен келіп, мейманханадағы бас рестораннан тағам ішуге мұршамыз болмады. Журналист үшін көре берген жаман емес, көп білген тіпті, пайдалы. Ертең тағы да тынымсыз сапар жалғасады. Сірə, бүгін ұйқы адыра қалатын шығар. Іскерлер тобында Өскемен Қорғасын-мырыш комбинатының директоры Ахат Куленов, «Халық кеңесі» газетінің бас редакторы Сарбас Ақтаев бар екен. Төрт күн бойы Иранның ірі өнеркəсіп орындарын аралап, інжу-маржанды Парсы шығанағында, мұнайшылар қаласы Ахвазда болыпты. Ендігі бағдар – басқа жақ. Ендеше, осылардың əңгімесін қанағат еткеннен басқа жоқ. – Иран ең əуелі мұнайлы ел, – дейді Сарбас. – Мұнда оның барланған қоры ғана он үш триллион тоннадан асады. Бұдан тыс əзірше мəлім болған он төрт триллион текше метр газы бар. Ең бастысы оны өздері өндіреді, өздері айырады, өздері

─ 102 ─ өңдейді. Мемлекеттік бюджеттің үштен бірі, валютаның оннан тоғызы мұнай өнеркəсібінен алынады. Бүгінде мұнда күн сайын үш миллион баррель мұнай шығарылады. – Шығанақ шырайы қандай екен? – Ол шығанақ емес мұнай қазаны. Жалпы мəліметке жүгінсек, əлемдегі мұнай қорының оннан жетісі осы алқапта жатыр. Анау Араб, Ирак, Кувейттерді асырап отырған да осы алып қазан. – Мұнай бізге таңсық емес еді ғой... – Əрине, ол бізде де жеткілікті, – деді Ахат Сəлемхатұлы. – Тек, бізде қор бар да, қомақтап алу, оны ұқсату кемшін. Іс өнімділігі, технология жағынан жамбастап жатырмыз. Айталық, біз барған Сəлман кенішінде суда тұрған сегіз платформаның əрқайсысында он бір ұңғы бар екен. Екі-үш жүз метр тереңдіктен күніне екі жүз елу текше метр мұнай алады.Сол шаруаны бір ауысымда жүз адам атқарады. Ахваз аймағындағы Фаразан газ кенішіндегі он бес ұңғы бір күнде үш миллион текше метр газ айдайды. Оны тындыратын не бары, үш маман, сегіз жұмысшы ғана. Əр елдің өзінің артықшылығы бар. Мұнай, газ өндірісінде біз Иранға тамсандық, түсті металл, темір, қорғасынмырыш, мысқа келгенде біз оларға таңдай қақтырамыз. Осыны сарапқа сала отырып, іскерлер Ираннан мұнай өңдеу технологиясы мен техникалық май жасау, труба-құбыр құю істерінде селбестік күтіп, оның бодауына темір, феррохром беретін емеурін білдіріпті. Жалпы, біздің іскерлер экономикалық ынтымақ негізінде қырық шақты шарт жасасыпты. Осы кеште екі ел Президенттері келіссөзінің бірінші кезегі болып өтті. Таңертең шағын топ Испаһан шаһарына аттандық. *** Испаһан – Иранның орталық бөлігіндегі қала. Ертедегі елдің əкімшілік, сауда, мəдени орталығы болып, бағзы за-

─ 103 ─ манда бағы жанған, əлемге мəшһүр мекен. Қазір ол Испаһан уалаятының астанасы, халық саны жағынан Тегераннан кейінгі екінші қала. Онда өнеркəсіп, сауда, қолөнері ілгері орында. Тоқыма, тамақ, аяқ киім фабрикалары, ірі металлургия, цемент зауыттары бар. Сасани əулеттері тұсында шығыс əлемінде шоқтығы тым биік көтерілген қала VІІХVІІІ ғасырлар аралығында сыртқы жаулардың сан реткі сойқанына ұшырап, бір бүлініп, бір жөнделіп отырған. Қазір ол – елдің тұтас шешіресі, əсіресе, Иран ғимаратшылығының, қолөнерінің, парсы миниатурасының жиынтығы дерлік. Бисмилла деп аттағанымыз Ғаббас шаһ сарайының мəрмəр тас табалдырығы, ашқан есігіміз шаһ мейманханасы болды. Бұл мəртебелі мейман ғана түсетін, ең қасиетті орын. Мұнда Ғаббас-І-нің музейі орналасқан. Сол музеймейманханада адам басына бір-бір бөлме арналыпты. Əр бөлменің жасаулануы əр басқа. Əр жиһазы көненің бір-бір көзі. Төсектері қызыл ағаштан қиюласып, ғажайып безелген. Тек, сол таңғажайып төсектерге көсіліп жата алмадық. Жеңіл жуынып, сусын ұрттап қана үлгердік. Не бары 20 минуттық аялдауға осынша құрмет көрсетудің өзі қандай ғанибет! Шаһ сарайының салтанатын көре келіп, аса зор үлкен залға кірдік. Губернатор осында мəртебелі қонақасы берді. Дəм үстінде Губернатор мен біздің Президентіміз лебіздер алмасты. Ол саясаттан гөрі сезімге құрылды. Ұғыстықтың осы заманғы үлгілері, біз тыңдайтын жарастықтың жақсы нышандары, рухани мұраларды екі елдің еншісіне айналдырған ұлы адамдар еске алынды. Дастархан мəзірінде де назарға түсетін сипат бар. Адам асқа емес, ықыласқа семіреді. Ал ықылас асып төгіліп жатыр. Шаһ музейінен манаурап шыққан көзді мешіттер кешені тіпті, кереметімен қызықтырды. Амал не, Президент жанындағы жалғыз тəржімашының орысша түсіндірмесі құлаққа бір жетіп, бір жетпейді. Өзің не парсыша, не ағылшынша білмейсің. Түрікшелеп түртіншектейсің, андасанда бір əзірбайжан кезігіп қалады. Сенің қасыңда ол да жүре бермейді.

─ 104 ─ – Иран минаратшылығы мен ғимаратшылығының бар үлгісі сақталған қала осы, – деседі. – Мына көріп тұрғандарыңыз орта ғасыр туындысына жататын Үлкен мешіт. Құлашын жайып, əр тұсында мұнаралар мен мұндалап тұрған зор қамалдың аумағын нұсқайды. Қамал дегеніңіз өзі екі қабатты үй, асты тізілген дүкен. – Осы тізбекте төрт мешіт бар. Олар – Шаһ мешіті, Жафар, Херкне-Уелай мавзолейлері. Лутфулла шаһ мешіті мен Əли Капу сарайы да осы кешенге кіреді. ХVІІ ғасырдың зор ғимараты Мейдана шаһ кешені де керемет. Жүріп келеміз, көріп келеміз. Күмбездердің алтын айдарлары күнмен шағылысады. Ішкі-сыртқы өрнектер мен жазулар ғажайып. Мейдана шаһ кешені бар, зəулім бір күмбезге кірдік. Табанының кеңдігі тай шаптырым дерлік, биіктігі отыз сегіз метр. Əр жерде күн тізбегін, тəулік мезгілін, намаз уақытын, жұлдыздар жүйесі мен ауа-райын айтып тұратын астрономиялық қондырғылар бар. Дəл кіндігіне келіп, шырпы шақсаң шарқ ете қалады, сыбырың саңқылдап естіледі. Сол күмбезде Талдықорған облысының əкімі, біздің Сағымбек Тұрсыновтың да бір ауыз өлеңінің үні қалды. Аятолла Хоменидің музей пəтері де осы кешенде екен. Исламның ұлы мұраларының ішіндегі інжу дерлік құбылыс. Оны айту үшін сезімнің ең нəзігі, сөздің ең сұлуы керек. «Көрген көзде жазық жоқ» деп көпіру əбестік. Сəулет пен сурет өнерінде Испаһан мектебі деп аталатын əлемдік үлгі бар. Ол – Аббас-І-нің заманында, соның сарайында ұйымдастырылған. Əуелі кітап безендіруді əлеміш бояудан табиғи бейнелеуге қарай тартқан, бара-бара минатюра мен ғимаратшылықтың жаһандық жақсы үлгілерін жасаған сол мектеп. Бүгінде оны еуропалық мəнерден алыстап қалды дейтіндер де жоқ емес. Сірə, жасампаздықтың сол алыс ғасырдағы ғажайып сырларын ашып, сипаттарын игеріп алса да бүгінгі өркениетке осал табыс болмайтын шығар... Ғалам ғажайыптары болып саналатын осы мұралардың сақталуын, оның бүгінгі коммуникациямен үйлесімін жолай көріп, жүрмелдей байқаған адам жеткізіп айтып бере алмайды.

─ 105 ─ ИРАНДАҒЫ ҚАЗАҚТАР Иранда кездесерміз деп ойлағаным Мұхамед Көрпе мен Əзім Адай еді. «Истихлал» мейманханасына топ-тобымен келіп жатқандар арасында екеуі де көрінбеді. – Мұхаң мен Əзім қайда? – деймін. – Екеуі де Қазақстанда. Құрылтайға барғаннан Ақтаудағы ағайындарынан қайта алмай жүр, – дейді Əбдісаттар Өскенбай. Ол Горгандағы қазақтардың басалқы адамы. Есімнен шығып қалыпты. Мұхаң сол жолы көбірек аялдайтынын, реті келсе, əкесі Оразмұхамедтің мүрдесін тауып, белгі қоятынын, оның азаматтық беделін қалпына келтіру мүмкіндігін іздейтінін айтқан. Ал Əзім жүз жастан асқан əкесін туған топырағына əкелген. Мұхамед Көрпе Иранның Бендер Түркмен деген қаласында тұрады. Елден отызыншы жылдары кеткен. Оның əкесі Оразмұхамед сол тұстағы қазақ зиялыларының қабырғалы өкілдерінің бірі. Жеті жасында білім іздеп Бұқар кеткен, одан Арабия, Түркияда оқыған. Сол елдерде қызмет істеген, кейін Бомбей университетін де тауысқан, инженергеолог, Маңғыстау түбегін түртпектеп, мұнай көзін алғаш ашқан, көптеген ғылыми еңбек жазған, жеті ықылым елден тағылым алып, жеті жұрттың тілін меңгерген жан-жақты білімдар. Батыс Қазақстан өңіріндегі мешіт-медреселердің бірталайы осы адамның есімімен байланысты. Ойпыл-тойпыл кезеңде түйе-түйе кітап тыққан екен, одан бүгінге дейін табылғаны жүз жиырма кітап қана. Отызыншы жылдардың зобалаңында Иранға ығысқан бар қазақты тұтас ұстап, қызылбастардың қақ-соғынан сақтап, қамқор болып жүрген Оразмұхамедті 1937 жылы қызыл тіміскішілер қайта ұстап əкеліп, 1938 жылы атып тастаған. «Шалқар» газетінің оқырмандары бұл жайында құлағдар. – «Жетім қозы тас бауыр, түңілер де отығар», – деген Мұқаң, сол жолы əкесінің білімі, қызметі жəне атылғаны жөніндегі қағаздарды көрсетіп отырып, – Ол кісінің белгісіз жоғалуы өзі панасыз босқындарға тіпті ауыр тиді. «Бала-

─ 106 ─ пан басына, тұрымтай тұсына» кетті. Біз Бендер Түркменге шоғырландық. Балық ауладық, портқа жалдандық. Иран азаматтығына қырқыншы жылдары қолымыз əрең жетті. Мен диірмен ұстадым. Қазір ұн зауытым, оны жөндейтін, қосалқы бөлшектерін жасайтын шеберханам бар. Серіктестерім – қазақтар. Балаларым бизнеспен айналысады. Мұқаң болмағанымен, оның баласы Жүсіп Көрпе үш-төрт күннен бері бізді тосып жатыпты. Ирандағы қазақ жастарынан ұйымдастырыған «Қазақстан» атты футбол командасын алып, 1990 жылы ол да Алматыға келген. Қасында зайыбы, балалары бар, қазақтарды қауымдап, Президентпен кездесуге құлшынып жүр. – Біреуі өлген əкесінің бейітін іздеп, беделін жоқтап, бірі жүзден асқан қартқа қара шаңырақты көрсетемін деп, елде жүр, – дейді Мұқаң мен Əзім жайлы əзілдеп. Əзім Адай жоғары білімді жалғыз дəрігер. Тегеранда тұратын екі қазақтың біреуі. Иранда бір кездері жиырма мыңға жуық қазақ болған. Оның бірталайы кейін Түркияға тарап кетіпті. Қазір он екі мыңдай қазақ бар. Иран азаматы саналып, мекен-жайға қол жеткізгендерінің жалпы жағдайын Көрпелер тұрмысы сипаттайды. Бірақ, бəрінің бірдей айдарынан жел есіп тұрған жоқ. Оқығандары санаулы. Негізінен жұмыскерлер. Жұмыстың олар үшін ақ-қарасы, ауыр-жеңілі жоқ. Шетінен шебер. Астық егеді, қырман соғады, жүк тасиды, үй салады, ұсталық құрады, кілем тоқиды, сауда жасайды. Тағы бір тəуірі – тілді, əдет-ғұрыпты жақсы сақтаған. Тек, мектептері жоқ. Қазақстаннан оқулық алдырып, өздерінше бала оқытам деген талаптарының тамыры қиылып қалыпты... – Жұмысшы қайда болса да керек, – дейді Есім Теңелбай. – Ал, ғылым, білім, өнер – іргелі елдің еншісі. Бұратананың аты – бұратана. Біз Атамекенді аңсаймыз, жастар өнер, білімнен еншілерін алғылары келеді. Қазақ үшін Қазақстаннан басқа жерұйық жоқ. Қазақстанға сағынып қана емес, сағым қуғандай сандала көз тігіп жүргендер мұнда аз емес. Əсіресе, Ауғанстаннан

─ 107 ─ ауып келгендер. Қызыл саясаттың қылпылдаған жүзінен запы болған қазақтар Ауғанстанда əділетсіз соғыс басталғанда босып кете берген. Соның бірі Рахметолла Нəубетұлы. Ата тегі тобықты, оның ішінде ту ұстаған Тəуке батырдың тұқымы екен. Өзі де батыр тұлғалы. Сарбас Ақтаевты бауырым деп құшақтай көтеріп, біраз тұрып түсірді. «Тəуке» дастанының бір шумағын айтамын деп мен де оның қарулы құшағына көміліп шықтым. Істеп жүргені де ер жігіттің жұмысы – құрыш қолды құрылысшы. – «Көшкен – жұттан, қашқан – жаудан құтылады» деген бар, – дейді Рахметолла. – Ауғанстанның өкіметін жақтасаң дұшпаны қырады, дұшпанына ерсең өкіметі қырады. Советтің қызыл əскері де өңкей қазақ, қырғыз, өзбектер. Өз бауырыңа өзің қалай оқ атасың. Ал мұнда келген он бес жылдан бері не азаматтық ала алмай, не Қазақстанға бара алмай жүргеніміз мынау. Ауғанстандық босқын қазақтардан бүгінде Иранда екі мың, Түркияда мыңға тарта түтін телмеңдеп күн кешуде. Азаматтықтарының бар белгісі – тұрған жерлерінен қырық шақырымнан əрі ұзауға ерік бермейтін тілдей қағаз ғана. Жүріс-тұрыстарының, тіршіліктерінің бəрі жалтақ. Қазір ондай қағаз да берілмейтін, керісінше, 1988 жылғы Женева шарты бойынша соғыс босқындары ретінде Ауғанстанға қайтаратын болған. Ол жақта əрине, жақсылық күтіп тұрған жоқ. Бұл жайды Түркияда да естіп едік. Ираннан тағы алдымыздан шықты. Сонау бес-алты жүз шақырымнан – Бендер Түркмен, Горган, Гумбез, Каустан сабылып келіп, қайырымды бір бекетте орын ұстап жатқан үш жүз қазақ ертең сірə, осыны айтар... Ағайындарды аттап өтпейтін Нұрекең Испаһаннан оралған бетте қазақтармен кездеспек еді, оған кейбір жағдайлар килігіп, əр сəті кесіліп-пішілген ресми сапардың уақыты жар бермеді. Анығын айтқанда, патшамызды пақыр қазақтармен жолықтырғысы келмеген ирандықтардың пиғылы аңғарылып қалды. Премьер министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков бастаған, құрамында депутат

─ 108 ─ Балғабек Қыдырбекұлы, Талдықорған облысының əкімі Сағымбек Тұрсынов, Көлік министрі Нығымет Есенғариндер бар бір тобымыз қызыл іңірде, қазақтар жиналған «Фардес» мейманханасына келдік. Мейманхана ауласындағы жүзім сабағы жапқан кең саяға кілем төселіп, дастархан жайылып, жарық қойылып жабдықталыпты. Даяшы жігіттер, қыз-келіншектер жүр. Ақ сəлделі аталар, ақ шалмалы əжелер отыр. Сөзді Ирандағы жалғыз заңгер Мұхамед Ескелді бастап, ақсақалдарға микрофон ұсынды. Ұртының бір жағын оқ жұлған, сонда да сөзі бұзылмаған Ақсұлтан қарт тіпті, баяғының билеріндей тұспалдап, тақпақтап сөйледі. Жат жерде қаным ақты, терім төгілді деп өкінбейді, бəрін тəңірдің жазуы санайды. Сол тəңір енді Атамекенге жеткізер деп үміттенеді. Игіліктің «ертең болғанынан ерте болғаны» жақсы дейді. Мырзатай Жолдасбеков Президент сəлемін жеткізді. Иран, Ауғанстан қазақтарының жағдайы мемлекетаралық келісімге еніп, төлқұжатқа түскенін хабарлады. Сұхбат соңы сауыққа айналып сала берді. Футбол командасын құрған жастардың өнерпаздар тобы да бар екен. Сағыныш саздары əнмен өріліп, күймен көмкеріліп жатты. «Шуағым менің Маңғыстау, Құмарым менің Маңғыстау. Сағынып айтар мəңгілік, Жыр əнім менің Маңғыстау», – əні хорға айналып, қан жүрісін жылдамдатып жіберді. Қош келдіңіз Иранға Назарбаев ағамыз. Шамамызша ойланып, Аз ғана өлең жазамыз. Кесірі тиіп орыстың, Талай жылдан бері қарай.

─ 109 ─ Алыстап кетті арамыз, Айырылған соң елінен, Ата қоныс жерінен, Бұзылды көңіл наламыз. Отан азат болған соң, Жазылды енді жарамыз. Бес намаздың артынан Арнап дұға етеміз, Бір Алла болсын панаңыз! Төбеміз көкке жетіп тұр, Көрініп Сіздің қараңыз. Айырылып қалған сүреден, Біз бір жетім тоқтымыз. Бір сипауға маңдайдан, Айналайын Нұрсұлтан, Келер дейін шамаңыз! Темірқұл Тəліп дейтін азамат осы өлеңді оқып, қағазын тапсырды. Ақсұлтан ақсақал бата берді. А, Құдай жарылқап, Мизам-шуақ заман қыл. Нұрсұлтанды аман қыл! Қарсыласын қабан қыл, Қастық қылған адамды Табан аузында тамам қыл, Əумин! Президент шағын топпен парсы шығанағына ұшып кетті. Бүгін түстен кейін уақыт өз еркімізде. «Иран бақтары» мен базарын көруге шықтық. Бірақ жүріс өнбеді. Тар көшені қойып, алып даңғылдардың өзі аузы-мұрнынан шыққан машина. Ертістің жаңа бұзылған сеңі сияқты жылжиды да тоқтайды.

─ 110 ─ Он жеті миллион тұрғыны бар Тегеранның əр үш тұрғынына бір машинадан келеді екен. Мұнша мыңғырған дүниені Иранда машина өнеркəсібінің өркенімен, мұнай молшылығымен түсіндіреді, Мұхамед Ескелді. Бүйірлесіп келген машиналар рулінде отырған əйелдерді де көресің. Сонша сығылысқан қозғалыста соғысып жатқаны да, реттеп тұрған адам да байқалмайды. Көк темір жанды жаратылыс сияқты, саңылау қуып, сүңгіп кете береді. Баяғыда Мойынқұм малшыларын аралап жүріп, Бетпақтың елсізкүнсіз айдаласында екі машинаның сүзісіп тұрғанын көріп едім, ойыма сол оралып, ыңыранып отырып қалдым. «Иран бақ» қайда, біреу қайда. Мейманханаға ең жақын деген базарға жетуге сағатқа жуық уақыт кетті. Қайтуға тағы сондай уақыт есептеп, санаулы минуттарға ғана базарға кірдік. Осы жабық базарды түгел көріп шығуға бір күн жетпейді деседі. Мұның өзі көп базардың орташасы ғана екен. Базар нарқын, сауда сипатын, сатушы пиғылын саудаласқан адам ғана біледі, ал бізде тіл де, пұл да жоқ. Тек, көшелерде, көпшілік орындарда көріне бермейтін əйел заты базарда жиі ұшырасады. Иран қыздары көрікті-ақ. Бірақ, сұлу мүсінді қаралы адамдай қара шадрамен қымтап алатыны, бала екеш балаға дейін танауын жылтыратып тұмшалап тастайтыны көңілге қонбайды. Иран базарларынан табылмайтын екі-ақ зат бар. Ол – арақ пен галстук. Арақ ішкеннің ең жеңіл жазасы алпыс қамшы дүре. Ол мұсылман қағидасы. Ал галстуктің күнəсін біле алмадық... Тарихи Теһранмен қоштасар сəт келді. Қазір əуежайға аттанып, Парсы шығанағынан қайта оралатын Президентімізді қарсы аламыз. Бізді қимай Мұхамед Ескелді жүр. Президентпен тілдесіп, көңілдегі бар түйткілді шығарып қалсам деп тыпыршиды. Сəті түсіп, біздің көлікке отырып, əуежайға бірге келді. – Абыржыма, бауырым, – деді мəрмəр залда Хошеми Рапсанжанимен қатар отырған Нұрекең Ескелдіні шақырып алып. – Тілектерің көңілдің бір түкпірінде жатыр. Бұл мəселе

─ 111 ─ ресми сөз болды. Мəртебелі Рапсанжани мырза сендерді енді ешкім мазаламайды деп сендірді. Иран Президенті қазақ ағайындар тілегі құпталғанын өз аузымен айтты. Бəріміз қатты қуандық. *** «Мен Қазақ елінің Президентімін. Қазақ мүддесі менің мүддем. Қазақстан халқының батпан жүгі менің екі иығымда. Қазақ қайда болса да менің халқым...». Ақылды қазақ айтқызбай-ақ ұғатын ақиқат. Амал не, оны айтқызып жүрміз. Құдайшылығына келейікші, тыстағы қай қазақтың мүддесі Президент назарынан тыс қалып жүр. Қытай барды, ондағы ағайындармен дидарласты. Түркия барды, бар қазақты жиып алып, келелі кеңес құрды. «Тəуелсіздік туы астында бас қосуға асығып жүргендеріңізді білемін. Мен де асығамын» деп еді, сол кездесуде. « Құрылтай шақырамын. Тірі қазақтың тілегін тоғыстырамын, жүрегін орнықтырамын» деп еді. Кеше ғана айтқан сөзінің айғағы етіп, тарихта тұңғыш рет əлем қазақтарының Құрылтайын өткізді. Алыстап кеткендерді Атамекенімен орайластырып, тамам қазақтың тағдыры тоғысатын адамгершіл «Қауымдастықтың» құрметті төрағасы өзі болуға келісті. Міне, енді Иран ығысып, Ауған ауып, одан да əрі үркіп, телім телім болып тентіреп жүрген, он екі мың ағайынды төніп тұрған қатерден-соғыс босқыны ретінде Ауғанстанға қайтару қатерінен арашалап алып қалды. Өйткені, ол əуелі қазақ халқының перзенті, қазақ елінің Президенті. Қазақ қайда жүрсе де оның халқы! Алматы – Тегеран – Испаһан-- Мешхед – Алматы. 1992 жыл

─ 112 ─ ТҮРІКМЕН ТІЗБЕКТЕРІ ТҮРІКМЕННІҢ ТӨРІНДЕ «Қасысаң қаның шығады, қасымасаң жаның шығады», – депті бір хатында Түркияда тұратын Гүлшаһар апамыз. Қозғап қалса қаны шығатын қасіретін, айтпаса өмірі сарқылмайтын сағынышын, сырын аңғартқаны ғой. Бақсақ, осы сөз бізде болған социализм сойқанының дəл баламасы екен. Шетке шашырап кеткен туысымыз бар деп қашан айта алдық, айтсақ қанымызбен қоса жанымыз да шықпап па еді? Тəңірге мың шүкіршілік, қазір олар жайлы айтсақ шеріміз тарқайтын, жанымыз жадырап, рухани емделіп қалатын жағдайға жеттік. Адамдығымызды, азаматтығымызды қорғайтын заңымыз бар. Соның шарапатымен «Қазақ – өз жерінде ғана қазақ, өз елінде ғана бақытты» дегенді айқайлап айтып жүрміз. Биыл жер жүзіндегі бар қазақтың өкілдері бас қосатын Құрылтай өткізгелі отырмыз. Илаһи, ізгі қадам оң болғай! Білген білер, білмеген күлер. Қалай десе де, «Қазақстан» қоғамы мен «Шалқар» газетінің сонау соқталы жылдардан бері əлем шарлап, ағайын іздеп келе жатқаны даусыз. Ол шаруа ауқымы бүгінде бодандықтан бостандық алған елдердегі ағайындармен ұлғая түсті. Қазір «Таяу сырт» (Ближнее зарубежие) деп аталатын тəуелсіз мемлекеттерде екі миллионнан астам қазақ тұрады. Соның бірталайы Түрікменстанда. Біздің бұл жолғы сапарымыз солай бағытталған. Қайран Қазақстан нарқы – жақын Түрікменстанды алыстатып, жолақысын алпыс есе өсіріп жіберіпті. Бізге қарағанда Түрікменстан ұшағының жол құны үштің біріндей арзан екен. Ашхабат əуежайы, Түркменияның айтулы аптабы. Қарсы алардай ешкім жоқ еді. Əлде түйсік, əлде əдет, алаңдай жүріп, аялдамаға жете бергенде радиодан бізді күткен адам барын хабарлады. Есберген Іңірбаев. Сонау Красноводскіден арнайы келіпті. Ағайын деген осы. Тағдырлас Түрікменнің де əлемге тарап кеткен туы-

─ 113 ─ сы аз емес. Одақ тұсында оны іздеуге мұрсалары келмеген түрікмендер тəуелсіздігін ең əуелі сол ағайындарға танытудан бастағанын, былтыр əлем түрікмендерінің құрылтайын өткізгенін білеміз. Соң басталса да оң басталған сол шаруамен танысу үшін Президент резиденциясына бет алдық. Резиденция баяғы бір ғимаратқа орналасқанымен хан сарайындай көрінеді. Ауыздағы хауыздар лебі, ауладағы қарағайлар көлеңкесі аптап ұрған денені ширатып, табалдырықтан сергек кіресің... Президенттің ұлтаралық қатынастар жөніндегі кеңесшісі Мұхамед Айдоғдиевтің бөлмесі тым кең болмағанмен еңсесі биік. Сөз жаңғырып шығады екен. Біз қазақша, ол түркіменше сөйлейді. Тəржімасыз түсінеміз, біздегі қатаң дыбыстылар сəл ұяңдатылса түркімен сөзі болып шыға келеді. Айталық, «айдоғды» дейтін сөз «айтуды» деген сөз екен. Біз күнтуды десек, олар гун доғды дейді. Айдоғдиев бұрынғы дипломат, түрколог-ғалым, биыл Меккеге тауап етіп келген қажы. Эмиграция жайында айта бергенді ұнатады, тəуір айтады. Түрікмен құрылтайының нəтижесі – ұлттық ұғысу, туыстық табысу көңілдердегі күдікті жою, елдік мүддені ортақ ойлау болған. Ол – адамгершілік, саясат, ғылым. Мұнда бұл шаруаны Президент С.А.Ниязовтың өзі қамқорлыққа алған. «Əлем түрікмендері адамгершілік ассоциациясының» Президиенті де өзі. Биыл қарашада оның екінші конференциясы өтпек. – Демек, мұндай шаруаға мемлекеттік ауқымда мəн берілуі керек. Делегат шақыруды əр елдің өз еркіне берген дұрыс. Əйтпесе, өкпе, өсек туғызады, – дейді. Іздегеніміз ағайын болғасын, Ашхабатта тұратын қазақтар жайында ойластық. Кеңес кезінде кеуделеп қызмет атқарған бірен-саран қазақ болмаса, дəл қазір ілгерілеп шыққан ешкімнің есімі есіне түспеді. Тегі, бүгінгі демократияның белгісі болсын десе керек, қазақтар қыңқылдай бергесін, биыл қазақтардың бір мəдени орталығын құрыпты. Оның өзі Түрікмен жерінің

─ 114 ─ ең түбіндегі Бекдеш деген селода екен. Шүкір. Бұл осы ел топырағындағы жалғыз ғана ұйым. – Түбіміз бір түркілерміз ғой. Бізде «сен қазақ, мен түрікмен» деген тектеу жоқ. Мəдениетіміз де төркіндес. Түрікменді тіпті, түріктер де арғы тегіміз деп санайды, – дейді. Тарих тексеріп, нəсіл қуып жатар сəт емес, мейлі ғой... Үстел үстінде Президент жайлы екі кітапша, елдің негізгі Заңы жатты. Төрде С.А.Ниязовтың үлкен суреті ілінген. Құрылтайдың да, содан соңғы жұмыстың жайын да «Əлем түрікмендерінің адамгершілік ассоциациясының» штаб-пəтерінен білуге болады. Бұл – құрылтайдың тұрақты ұйымы. Оның үш вице-президенті Англия, Германияда жəне Қарақалпақстанда тұратын ғалымдар, іскерлер. Құрылымның бұлай болуы отандастармен байланыс ауқымын кеңейте түскен. Түрікменстан азаматтығы шеттегі ағайындарға əлі беріле қоймаған, сырттан ағылып келіп жатқандар да жоқ. Алдымен елді экономикалық тығырықтан шығарып, мемлекеттің буынын бекітіп алу керек. Кетем дегендерге жол ашық. Тек, отырған үйін, жерін сатуға, малын айдап кетуге болмайды. Үй-жер сатуға он жылға дейін тыйым салынған. Бұған дейін азаматтар мəселесі реттеліп те болады. Нарық бұрауы мұнда да бар. Бірақ ішім-жем арзан күйінде сақталуда. Сары майдың килосы – қырық алты, еттің килосы – отыз бес-қырық, түйе еті он сегіз сом. Өсімдік майының литрін бес сомнан ала бер. Электр қуаты, су, газ тегін. Бензиннің литрі бір сом сексен тиын. Тек осы заттар сыртқа шығып кетпесін. Ашғабат – ашығ абат, яғни ғашықтар қаласы деген сөз. Баяғы заманда Иран ақсүйектері ғашықтық күйін осында өткізетін болыпты. Түркімен қыздары жаһан сұлулары саналады. Содан барып – ғашықтар қаласы аталып кеткен деседі. Аңыз ғой, əрине. Шынында, Түрікмен қыздары келбет, ізетімен де, киінуімен де бөгде көзді бірден аударады. Жасынан жасамысына дейін жеңі белуарға, етегі тобыққа

─ 115 ─ түсетін желбіреген көйлек киген. Бұрымының ұшы балтырын соғатын қолаң шаш. Ер адамның алдын қиып өтпейді. Жөн сұра, жол сұра, сөзге тарт – түрікменше тіл қатады. Ұлттық мемлекетіңде, өз жеріңде ана тіліңде сөйлеп, атасалтыңмен киініп жүргенге не жетсін. Ұлттық киім үлгісі бізде де баршылық-ау, соның көбі тұрмысқа енгенді қойып, сахнаға да шығып үлгерген жоқ. Қайран, жастар, ойың мен бойыңды қашан оңдай алар екенбіз?! «Қонақ аз отырып, көп сынайды». Əлеуметтік өмірді өзімізбен бірдей кешсе де, түрікмендер имандылық пен ұлттық сипаттан бұрын да айырылмаған-ау, сірə... Қайда болса да көгінде көгілдір туы, төрінде Президент портреті, алдарында Ел заңы. Бұл көсемге артықша қошемет емес, заңды ілтипат. Айтпақшы, Түрікмен туының түсі де көгілдір. Алқымында ұлттық өрнек, ортасында шалқалаған қиық айдың алақанында бес жұлдыз. Бұл – бес тайпаның баламасы. Елтаңбадағы шеңбердің астыңғы жартысында мақтаның жеті шоғы, үстіңгі жағы бидай масағы, маңдайда ай-жұлдыз. Екінші шеңберде əлгі бес тайпаның өрнек таңбасы, ортада ақалтеке арғымағы. Республикалық соғыс жəне еңбек ардагерлері кеңесінің кеңсесіндегі сұхбатта оның төрағасы Мемлекеттік тудағы тайпалық бес белгінің жайын айта келіп, «Қазақ та үш ұлыстан құралған ғой. Тек, сіздердің туларыңызда ол жоқ. Сірə, сол ұлыстың ең күштісі адай болар», – деді. «Жоқ» дегізер емес. Қатар өскен халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі төркіндес сипаттарды сабақтай береді. «Танысаң адайыңмын, танымасаң Құдайыңмын» деген сөз тегін айтылмаған болар. Адай табиғатын түрікмен жақсы біледі», – дейді. Ой, тəңір-ай, Құдаймын деген сол адайды да Ауған асырып, Иран өткізіп, Түрікменге таратып жіберген тағдырға не дерсің. Қой енді сол ағайындарға жетейік!

─ 116 ─ БАЛҚАНДАҒЫ БАУЫРЛАР 1989 жылғы есеп бойынша – Түрікменстанда сексен тоғыз мың қазақ тұрады екен. Ол республиканың бес облысына орналасқан. Соның ең көбі (отыз мыңнан астамы) Балқан облысында. Дені Красноводскі ауданына қоныстанған. Балқан – бүйірден қарағанда бас-аяғы бір шөкім, Памирден жұлып алып, тасты далаға тастай салған бір үзік сияқты. Аумағы ел жайлап, мал өрістейтіндей емес. Бірақ, «Барған жерің Балқан тау, ол да біздің басқан тау» дегеніне қарағанда біздің бабаларымыз да ат басын тіреп қайтып жүрген жер болған. Сірə, өзіндік бір киесі бар шығар... Уəлаят орталығы Неведдағтағы шаруа ыңғайланған соң Красноводск атырабына (ауданына) жүріп кеттік. Аудандық кеңестің қызметкері Дəрібай Нұрсұлтанов меншік машинасымен ерте келіп күтіп тұрыпты. Аралық жүз сексен шақырымдай. Жол қанша даңғыл болғанымен шыжыған ыстық моторды қайнатып, жүріс өнімсіздеу болды. Таңдай кеуіп, тыныс тарыла бергеннен соң жолдағы бір аялдамаға (темір жол разъезіне) түсіп тер басуға тура келді. Аз үйлі ауылдың айналысатыны жол шаруасы. Бастауыш мектебі, дəрігерлік пункті, сауда дүкені де бар. Нарыққа тым наразы емес, керісінше, талон өлшемі басқалардан артығырақ, оның үстіне темір жол жүйесінің демеушісі тағы бар. Соған қарамай, жұрт ықыласы Қазақстан жақта. Біздегі темір жолдың қай жүйесінде ел сирек, қай тұстан жаңа бұтақ тартылмақ, бəрін біледі. Əттең, сондай бір разъезге ауыл болып бара қалсақ, маманды да, мұғалімді де, дəрігерді де ешқайдан іздетпес едік, – деседі. Теңіз жиегінде бір-біріне жалғас екі елді мекен жатыр. Бергісі аудан орталығы Жаңғақ ауылы да, екіншісі – Красноводск қаласы. Шығаратыны мұнай, шұғылданатындары мұнай болған соң, бұл жиекті түгел алып жатқан зауыттар мен қоймалар, айдын жағасында кемелер мен айлақтар туралы таңдай қағудың жөні жоқ. Қожабай Мəмбетов ақсақалмен ұзақ əңгімелестік.

─ 117 ─ Зейнеткер. Красноводск қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Түрікменстанға еңбек сіңірген мұғалім. Республика ақсақалдар кеңесінің мүшесі. Красноводск қалалық кеңесі төрағасының орынбасары Дəуіт Мəметұлы өте ілтипатты азамат. Бауыр деп бауырыңа кіре береді. Бұл да болса, қазақ халқына, ондағы ағайындарға құрмет. «Осы ауданның тағдыры екі халыққа да бірдей. Ағайындық бізде əбден қалыптасқан дəстүр, бір тұрмыс, бір тыныстың адамдарымыз», – дейді. Қаладағы орта мектепте ақсақалдармен əңгіме өткізілді. Тəуелсіздік жолындағы екі елдің де қадамдарына, əсіресе, бейбіт беталысқа қанағаттанады. Бауырмалдықтың, берекенің ортақ сипатын екі ұлттың табиғи ұқсастығынан іздейді. Тек, біздегі тіл мəселесіне алаң, тіпті, ашулы. Бір ұлттық мемлекетте əлденеше мемлекеттік тіл болуы саналарына сыймайды. Əңгіме – азаматтық, көші-қон заңы төңірегінде өрбіді. Бұл заңдар Түрікменстанда да толық күшіне ене қоймаған. Əсіресе, көші-қонға алаң. «Білек түр де еңбек ет, етек түр де елге жет» деген ниетте. Қайтқан қазаққа қамқорлық қандай, мал-мүлік, үй мəселесі шешіле ме? Көші-қонның қазірге дейінгі қолайсыздығы жойыла ма? Моңғолия қазақтары көшінің тəжірибесі не берді? Бəрін өздері айтып, өздері топшылайды. Түйін: Азаматтық та, көшіп кіру де сырттағы қазақтар үшін қызмет етуі керек. Барған ағайынды табиғи үйлес аймақтарға топтастырып орналастыру, мал-мүлкін ала кетуі, үй айырбасын жасауы қарастырылсын. Жер мен үйді жеке меншіктендіру мұнда да жүріп жатыр. Бірақ он жылға дейін үй сатуға тыйым салынған. Оған дейін кететіні кетіп, қалатыны қалып болды. «Сіздер де солай етулеріңіз керек. Əйтпесе, Қазақстан қыруар байлығынан айырылады», – дейді. Ел болған соң, əсіресе, сезімге ерген секемшілдері де кезігеді. Кейде «адайы» мінез байқатқандарды өздері басып тастайды. Бұл көбінесе ұлтаралық қатынастар жайы.

─ 118 ─ – Қазақстан – Түрікмен емес. Мұнда басым бір-ақ ұлт. Өз мемлекетін құрып алған соң ол елді ұлттандыру – заң. Тегінде, Қазақстанның бүкіл Орта Азияға қалқан болған тарихи жағдайын ескеру керек. Дəуірлер бойы Азияға ауытқыған пəленің бірі ғана бізге жетсе, мыңы Қазақстанда қалып жатты. Тарих тықпалып кеткен бұл күрделі жағдайды даңғазамен тіпті де оңай алмайсың, – деседі. Өз басым бұл бағалауды бірінші естуім. «Жылап аққан бұлақтың азайғаны білінбейді». Түрікменстандағы ағайындардың іргесі сөгіле бастағанын байқау да қиын. Қалада да, ауылда да бос қалған жұрт жоқ. Тек өсім аз, қайта оралып жатқан білімді жастар жоқ. Неведдағтағы Батыр Бегенов атындағы орта мектепте бұрын сегіз жүз бала кезектесіп оқып келсе, өткен жылы екі жүз балаға əрең толыпты. Толық анықталмаған мəліметке қарағанда, соңғы үш-төрт жылдың беделінде Қазақстанға он мыңдай үйелмен қоныс аударған екен. Мектеп бітірген бала, жоғары білім алған жас түлек дерлік Қазақстанды сағалайтын көрінеді. Балаларым Қазақстанда тұрады, əне жерде туысым, құда-тамырым бар... дейтіндер көп. Сірə, біз найқалып жүргенде ағайындардың дені келіп те болар. Дегенмен, ұлы көшке көз тігіп отырғандар аз емес. – Түрікменстанда ұзын саны жиырмадан асатын қазақ мектебі болған еді. Қазір бірталайы жабылды. Азайған мектептің өзінде мұғалім жетіспейді. Оқулық жоқ, – деседі Хасан ауылының ұстаздары. – Көші-қон бір күннің шаруасы емес, ал балаларды оқыту керек. Көмекті Қазақстан бере ме десек, керісінше Ақтау, Жаңаөзен оқу орындары балаларымызды тұрақты тіркеуде жоқсың деп, қабылдамайды. Нанбасаңыздар, Қазақстан Денсаулық министрлігінің биылғы төртінші маусымдағы 270 Жарлығына қараңыздар. Сенетін жай емес, бірақ шындық. Министрліктен сұрағанда ол Жарлықтың күші жойылды деді. Хасан – аудандағы іргелі «Атырау» совхозының орталығы. Совхозда қырық мың қарабұйра қой, жүздеген жылқы, түйе бар. Түсімнен облысты ағалап тұр.

─ 119 ─ – Қазақстанның бір жерінен орын берілсе, тұтас совхоз болып орналасар едік, – дейді. Анау, темір жолдың өн бойында отырғандардың ойларымен сабақтас арман. Олар сияқты бұлар да адамды өгейсімейтін, малдары жерсініп кететін ауданды біледі. Мойыны ұзаққа созылмай, бұрынғы атамекендері – Ақтау, Атырау өңірлері жетеді. Бос өңір деп осыдан біраз жыл бұрын Қарағанды облысының Ақадыр ауданына көшіп барған жүз үй жерсінбей қайта көшіп барыпты. Соның кебін кимесе болғаны. Бұл үшін екі елдің келісімі, ең бастысы Қазақстанның оңды шешімі керек. ТҮРІКМЕННІҢ ТҮБІНДЕ Бекдаш деген мекен бар. Түрікменстанның түкпіріндегі химия қалашығы. Іргесі Қарабұғаз сульфат кенімен бірге көтерілген. Көтерген де, содан бергі қызық-шыжығын көрген де қазақтар. Социализм индустриясын құра жүріп, қазақтығын, əдет-ғұрпын сақтай біліпті. Соңғы жылдары қазақышылықты іздеген біздің киношыларымыз да ат ізін сала бастаған көрінеді. Жолымыз түсіп, той үстіне тап болдық. Есентемір Тұрсынов деген азамат өзі отыз жасқа толып, ұлы сүндет үкісін тақса, қызы биыл мектеп табалдырығын аттайды екен. Біз барғанша қанша кезек келіп кеткенін кім білсін, үш үйге жəне ауладағы себетке жайылған дастарқан біздің көзімізше үш рет тойшыға толды. Дастарқан бай, көңіл баяғыдай. Есентемірдің ата-анасы біздің келуімізге тілектері атамекенмен жалғасқандай қуанды. Тойдың аты – той. Батыл жігіттің бірі «Шевронға» шүйлігіп, Қазақстан «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбаласын», – дейді. Осында қанша мұнайшы қазақ жүр. Сульфат тұз өндірісінің тарландары тіпті, көп. Айталық, анау «Ленин-нефть» басқармасының бас инженері Есен Төлесінов, учаске бастығы Жомарт Аяпбергенов,

─ 120 ─ «Сағанды» карьерінің бастығы Бекмағамбетов, «Жебелсоль» кəсіпшілігінің бастығы Ағатай Аралбаевтар кімнен кем. Маман жұмысшы қаншама. Ендеше, Қазақстан мұнайы мен сульфатына жаны ашитын ағайын барын ескерсін. – Сульфат демекші, Қарабұғазға қаражат қосып, пайдаға ауыз ашқан шетелдіктер анталап кетті. Бұл өзі əу баста Қазақстандікі еді ғой. Оны қозғамағанда, алып кенге қаражат қосып, ортақ өндіріске айналдыру да есте болатын шаруа, – дейді Есентемір. – Сонан соң Қазақстан жоғары оқу орындары біз үшін мұғалім, əр түрлі технолог кадрларын дайындап жіберіп отырса, оқулық, мəдени құралдар мен аспаптар бөлсе. – Қарағым-ау, Бекдашты қара шаңырақ етіп ұстай берем дейсің бе? Бұған Қазақстан тіпті де таласпайды. Түрікмен де бермейді. Ұлттық мемлекет болған соң ертең өндірісің де, өмірің де ұлттандырылады, – дейді, мектеп мүдірі Өтесін Күнтуаров. – Өз ағайындарың тұрмай жатқан жерге қай ағайынның баласын шақырасың. Түкпірді төр етем деп ойлама. Алыста жүрміз деп бұлданудың да, аталар өкпесін алға тартудың да қажеті жоқ. Ол – дəуірдің, тарихтың тауқыметі. – Е, «Түрікмен төрін бермейді» деген де бар. Бұл – ежелден бері бекем халық қой... Əңгімеге бұдан əрі түйін қажет болған жоқ. Бұл өңірдегілердің көңілін көтерген тағы екі жағдай бар. Бірі – Бекдашта «Қазақ мəдени орталығының» құрылуы, екіншісі – Қарабұғаз бөгеуі ашылып, Каспий суының бұрынғы арналарға босатылуы. Есентемір сол мəдениет орталығы төрағасының орынбасары, жергілікті банктің бастығы. Өздерінде жоқты тауып, өздерінде көпті басқалармен бөлісіп, ұлттық əдет-ғұрыпты қайта көтеріп жатыпты. Тіл, діл, дін деген қастерлі қасиеттің ұйытқысы да осылар... Қарабұғаздың ашылуы – Каспийдің көпсуінен туып жүрген қатерді тежеу, далаға қайта нəр беру, кəсіпшілік тынысын кеңіту, ең бастысы Аралға араша болу. Каспий

─ 121 ─ суының көбеюі бұғаздың буылуына байланысты екенін ғалымдар дəлелдеген. Қарабұғаздың жер асты арқылы Аралмен жалғасатыны да өтірік емес. Есберген Іңірбаев Түрікменстандағы облысаралық жалғыз «Жұмысшы» газетінің редакторы, тəжірибелі журналист. Бұл газет Қарабұғаз сульфатпен даң құрдас. Биыл оның алпыс жылдық мүшелі. Газет шаруасын редактордан гөрі басылымның өзі айту керек. Ол айтылып тұр. «Түрікменстан қазақтарының шежіресі «Жұмысшының» бетінде жатыр. «Жарық» жүйесі Алматы телебағдарламасын жеткізіп тұр, – деп жазылыпты. Ташкеннен шығатын «Достық туы» газетінің тілшісі М. Лұқманов, – осы газеттің өзінде – Балқанда көп болса отыз мың қазақ бар. Ал қазағы миллионға жуықтайтын Өзбекстанда газет ашылғалы бір-ақ жыл болды. Үш жүз жиырма мың қазақ бар Қарақалпақстанда газет болып көрген емес. Тегі, бізге сол «Жұмысшыға» ортақтасқаннан басқа ақыл қалмаған шығар!..» *** Түрікменстанда Балқаннан соң қазақ көп тұратын облыс Ташауыз. Онда жиырма сегіз мың, Марида – он алты мың, Шаржоуда – тоғыз мың, Ашхабат қаласында үш мыңдай ағайын бар. Ең көбінің келбетін көріп, көңіл-күйін аңғарған соң, оны барлығына ортақ сипат санадық. «Қане, келе ғой, ағайын» – дей қойған жоқпыз. Оған біздің өкілдігіміз де жүрмейді. Дегенмен, «Көш көлікті болсын!» – дейтін мезгіл таяп қалған сияқты. Алматы – Ашхабад – Красноводск – Бекдаш – Алматы. 1992 жыл

─ 122 ─ ТУЫСҚАН ТҰЛҒАЛАР ЕСТЕ ҚАЛҒАН ЕКІ СƏТ 1946 жыл. Сарсүмбе қаласы. Жасым он үште. Балауса сезім бəріне елеңдейді. Алып тауларды опырып ағатын Қыран өзенін бойлай орналасқан қала мен үшін əжем айтатын Мысыр шаһарындай. Көшелері көгалды. Қан базары қызу. Жаңа өкімет, жарқын жүзді адамдар. Қалаға шықсаң, күнде бір əсерге оранып қайтасың. Кино деген киелі өнерді де ең алғаш осында көрдім. Бүгін бір елеулі күн болды. Қан базар қақ жарылып, күймелі шеруге жол ашты. –Келе жатқан кім?– деймін. –Генерал майор Дəлелхан Сүгірбаев, – дейді. Ол Алтай аймағының генерал-губернаторы, əрі əскери қолбасшы. Алтын иықты, əскери киімді, зор денелі, қызыл шырайлы, кеңсірікті, кербез тұлға күйме үстінде ертегінің кейіпкеріндей көрінді. Қос арғымағы ойнақтап, соңына салт атты сарбаздарын ертіп өте шықты. Неткен ғажап салтанат! Қан базар тағы қақ жарылды. Астында сүмбіле сары ат, үстінде жұқа сұр пальто,басында мизам қалпақ, дөңгелек сақалды, соңында нөкері бар, сəнді бір топ тағы да өте берді. – Кім?– деймін. – Дəлелхан,– дейді. Апырай, Дəлелхан атаулыға тəңір қалай салтанат бере берген!.. Осыдан бастап қалаға қызуым салқындап, Дəлелхандар салтанатына сұқтануым арта түсті. Генерал менің қай теңім. Енді бұқара Дəлелханға бүйірім бұра берді. Сөйтсем ол – абақ керейдің шақабай руының басшысы Жанымхан тайжының ұлы, он бес жасында Мекке барған қажы Дəлелхан екен. Жасы жиырма төртжиырма бестер шамасында. Аймақтағы «Қазақ» ұйымын жəне денсаулық сақтау мекемесін басқарады екен. Жас болса да жеті ұлттың тілін білетін, ұстаздық институт бітірген жəне арнайы əскери

─ 123 ─ тəлім көрген полковник. Аузында иманы, бойында инабаты бар күшті адам. Айтпақшы, Алтайда тағы бір Дəлелхан болған. Түбі хан тұқымы Көгедайдың əулеті, Əлен уаңның (князь) ұлы. 40 жылдары Тəшкенге оқуға барып, қайта алмай қалған да 1945 жылы Сауыр елі Қазақстанды қыстап шыққанда соларға ілесіп қайтып келген. Əкешешесі (Əлен уаң, Хадуан ханым) бұл тұста Үрімжіде, гоминдаңның үлкен қызметінде болған соң, Алтай əкімдері ол Дəлелханды лауазымға шақырмай, төреліктің баяғы қара шаңырағының мұрагері етіп қана ұстап отырған. Əйтпесе, қарадан шыққан Дəлелхандардың дүбірі мұндай болғанда, хан тұқымының даңқы тіпті жер жарар ма еді, қайтер еді. Бірақ, мен оның салтанатын көрген жоқпын. 1947 жылы қыркүйекте Алтайда аяқ астынан бүлік шықты. Атышулы Оспан батыр тұтқиылда Сарсүмбені тартып алды. Ол жеңісі небəрі бір-ақ айға созылды. Генерал Дəлелхан қайта оралғанда қажы Дəлелханнан көз жазып қалдық. Ұзынқұлақ–Үрімжі барыпты, сонда əскери кеңесші болыпты десіп жүрді. Шыңжаңда коммунистік билік орнаған 1950 жылдары оған қарсы болғандар шетке қарай ығысты. Сол жолда Оспан, Жанымхандар қолға түсіп, Дəлелхандар құтылып кетіпті деп естігенбіз. Бұрын Алтайда ел билеген, кейін Шыңжаң өлкелік Қазына (Қаржы) министрі болған, Шыңжаң ақшасында мөрі жүретін қажы Жанымханды жаңа қытай 1951 жылы атып тастаған. Дəлелхан туралы онан соңғы дерек ағылшын журналисі Дж. Кларктің кітабында кездескен.Оның қоршаудан қалай құтылғаны, жарасын немен емдегені, Гималайдан жаяулап өткен мың шақырымдық азапты жолдары, Индияда, Кашмирде босқындардың бастарын қалай құрап, оларды қалай басқарғаны айтылған. 1990 жыл. Тамыз. Қазақстан өнер шеберлерінің үлкен тобын алып Түркияға бардық. Стамбулда, Анкарада, Измирде болдық. Бұл Қазақстанның сырттағы ағайынды ел болып

─ 124 ─ іздеген алғашқы ашық қадамы еді. Дəлелхан ағамен дидарласу мүмкіндігі осы жолы туды. Қазақ кенттегі əдемі екі қабат үйге көтерілдік. Бойы ортадан сəл биік, денесі тығыз, аса байсалды,егделеу адам қарсы алды. Танымадым.Менің есімдегі бейненің бірі де жоқ.Жөн сұрасқан соң құрақ ұшып қайта амандастым.Тым елпілдей қоймады. Сөз сараңдау сөйленді. Алтайды ептеп қана еске алыстық. Аңқылдап кетуге мен ыңғайсызданамын. Ашыла сөйлеуге ол кісі бармайды.Əлде мінез, əлде сыпайылық, бəлкім сақтық шығар. Тек, иығына жапқан оқалы шапаннан туысқандық жылылық дарыды ма екен, оны ел сыйындай жылы қабылдады. Бұрынғы антикоммунист, бүгінде тыстағы қазақтардың ірі тұлғасы Дəлелхан Жаналтайдың қарашаңыраққа ықыласы осыдан бастап ауғанын анық аңғардым. Сезімді тыйып, сөзімді түйіндейін. Дəлелхан Жанымхан ұлы – Жаналтай – көш бастаған көсем, сөз бастаған шешен, қол бастаған қаһарман. Аузында иманы, қолында құраны бар діндар. Ғалам ғаламаттарына ғибратпен қарайтын ғұлама. Оның өмірбаянында Алтай бетінде бала жасынан өзі араласқан ала сапыран арпалыстар, сыпсың қаққан саяси сапырылыстар, жарты əлемді жүріп өткен қан кешу, аштық,індет, тəңірге сүйенген тəуекел, жаттан жəрдем тілеген жалыныштылық, жер бетінен тырнақтың аясындай тиянақ таппаған тарығу... жатыр. Қайда болса да халқымен бірге жүдеді, бірге жылады. Индия асты, босқындардың бодауына ол елдің ішкі істер органдарында қызмет көрсетті. Ұлы Қытайдың Тайваньға тығылған мөлтек мемлекетін тауып, оның парламентіне мүше болды. Осы Тайваньнан, мұхиттың арғы жағынан, адамға жаны ашитын басқа да рахымды ұйымдардан көмек алып, оның шарапатын жөңкіліп жүрген қазаққа ғана емес, таяу шығыста тентіреп жүрген босқындарының бəріне шашты. Пакістандағы панасыз ұйғыр, өзбек, дұнғандардың, тіпті, бар əлемнен оқшауланып, Памирдың бұлт басқан шыңдарына шығып кеткен қашқын қырғыздардың күні де осы кісіге қарап қалды.

─ 125 ─ Стамбулда қазақ кентін салдырды, қазақ қауымдастығын аштырды. Шетелдерде бала оқытты. Інісі Мəжит саудасы əр елмен астасқан кəсіпкер, баласы Əлихан жоғары білімді журналист, Бəшірі БИ-БИ-СИ радиосының қызметкері. Өзінің баспаған жер, көрмеген елі жоқ. Түркия топырағында тұңғыш тəржімеленген Құран Кəрімнің қазақша нұсқасы да осы кісінің сарабынан өткен. Қазақтың тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев былтыр Түркияға барған тұңғыш мемлекеттік сапарында шетте жүрген шерменде қазақтарман тұңғыш тарихи кездесу жасады. Ынтызар əңгімелер айтылып, ақ тілектер ақтарылды. Дəлелхан Жаналтай есімі сонда ілтипатпен аталды. Бірақ, өзі Тайваньда болып дидарласа алмады. Сəті соққан сағатта, міне, қауымын ертіп, Тəуелсіз Қазақстанның астанасына, дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайына келіп отыр. Алла бұйырса, жер бетіндегі тірі қазақтың тілегі түгел тоғысқан ұлы тойда Тəуелсіздік Туы Алатаудың асқарына тік көтеріледі! ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТІЛЕКШІСІ Қазақтың алыста жүрген ақсақалы, туған елінің тілекшісі қажы Қамза Жақияұлы жүз екіге қараған жасында, Түркияның Стамбул қаласында дүние салды. Қазақты қан қақсатып, шілдей шашып жіберген соңғы екі ғасырдың тірі куəсі əлемнің əр жерінде жүрген əулеттерінің Атамекенде бас қосқанын көрсем деген арманмен қайтпас сапарға аттанып кетті. Марқұмның топырағы торқа болсын! Қамза Жақия ұлы 1894 жылы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы, Ақарал алқабында ауқаты орта отбасында өмірге келген. Əкесі Жақия Бұхара медресесінен білім алған, сол өңірдегі алғашқы тақуалардың бірі болған. Екі ғасырдың өларасында өрекпіген ахуалды, батыстан бас көтере бастаған бəлекетті ерте аңғарған ақылман өрдегі жекжаттарымен жақындаса жүріп,1908 жылы арғыбет асып кеткен. Сол өңірде медресе ашып, бала оқытқан, тақуа-

─ 126 ─ тағылым таратқан, сауда жасаған, саят құрған. Əубаста Ақаралдағы əке медресесінде араб шеихы Саид Мұстафадан қадімше əптиек оқып, əбжад біліп барған бала Қамза Əліп медресесінде де оқуын ағыла (үздік) жалғастырған. Сол тұста Қазақстаннан барған əйгілі ақын Арғынбек Апашбай ұлы айырықша тəрбиесіне алып, ескіше, жаңашаға бірдей жетілдірген. Ақылман əке, тіпті, бүкіл абақтың рухани үлгісі, Алтайдың күнбетіндегі жапа-жалғыз «Абақия» мектебінің ұстазы, кезінде Ахмет Байтұрсыновпен үзеңгілес болған Сейтқазы Нұртаевтың да алдынан өткізіп алған. Жиырмасыншы жылдары ел ісіне араласқан. Қытайдың көне өкіметінің өктемдігіне көнбеген Əліп, Елісқаны Зайыптармен ыңғайлас жүрген. Аласапыран саябыр тапқан бір тұста – 1936 – 1938 жылдары Баркөл аймағы əкімінің орынбасары болып, билік те ұстаған. Ақыры өз басына қылыш төнгенде кекшіл керейдің тулаған толқынымен тоғысып, жорық жолына түскен де кеткен. Баяғыда (1933 жыл) Моңғолияға ауып барғанда туған тұңғышы қайынжұртының қолында қалған екен, Баркөлде көрген екіншісін шырылдатып отырып, қытай тартып алған. Содан: Шыңжаң, Цинхай, Гансу өлекелерінде қанды қырғын, қасіретті қуғындарды бастан кешіп, Қашқарияны басып, Гималай асып, селге ағып, сеңге соғылып, 1942 жылы Үнді түбегіне барып тығылған. Он шақты жыл Пакстанды паналаған. 1953 жылы туысы жақын Түркияға жетіп табан тіреген. Ұзындығы жер белдеуінің жартысындай осы жолда өлгендерді көміп, тірі қалғандарды теріп жүріп, жүздің бірі болса да, əйтеуір, тұқым сақтап, қауым құрап алған. жыл. Тамыз. Стамбул. Осындағы қазақ қауымдастығының төрағасы Мұхамади Қылыштың отбасы. Ырысы ырғын дастархан. 50-60 адам. Өзі қызу жиынды Жəнібек, Нұрғали, Қапаш, Жанардың əндері тіпті қыздырып жіберген. Қалжыңсыз қазақ отыра ма. Сүйегі найман Селим деген жігітті керей жездесі сүзіп ала жөнелді. Жазығы – найманның найманнан қыз алғаны. Сыйлы жерде сүйкенбейтін-ақ əзіл. Жеңілауыз жезде мақалдап, мəтелдеп, бұйығылау балдызды бұқтырып бара жатты.

─ 127 ─ – Найманның қайсысы едің?– деді, біздің бір жігіт. – Төртуыл. –Келін ше? – Бура. – Бұл тоғыз таңбаның сонау түптен тарайтын екеуі ғой. Олардың арасында он сегіз ата жатыр. Сонда қалай қарындас? – Е, бейпіл ауыздан берекелі сөз шығатын ба еді. Əйтпесе... Енді балдыздар бел ала бастады... – Əзілден əзəзіл тудырмай, қойыңдар, – деді бір басалқы қарт.– Біле-білсеңіз, осылардың бəрі қылыштың жүзінде, найзаның ұшында аман қалған ұрпақ. Бұлардың Қамза қажыдан басқа руы да, тегі де жоқ. Қыз алыспаса алыспайақ қойсын. Есесіне нəсілі асыл болады. Əзілдің астынан алтындай ақиқат жылт ете қалды. Түрік жеріндегі жүз тоқсан үй найман өздерін шынында да бір Қамза Инанның əулетіміз деп біледі екен... Қызыл империя қылышы қылшылдап тұрған тұста (1978) Қазақстанға тайсалмай келген тұңғыш отандасымыз да Қамза атамыз еді. Сол жолы Зайсанның көліне шомылып, Ақаралына аунап–қунап, сағынышын сарқып бір төгіп тастап еді.Туған жұртының бір уыс топырағын орамалына түйіп ала кеткен. Кіндігінің қаны сіңген сол қасиетті қара топырақ марқұмның мүрдесіне себіліпті. Топырақ – адамның нəсілі. Нəсілді білудің, туған жерді сүюдің, Атамекенді əспеттеудің бұдан артық қандай үлгісі болмақ. Абыздан қалған бұл да бір аңыз! Туған жерден жырақта көз жұмған қамкөңіл қарттың қазасына аза тұтатын жамағаты аз емес. Зайсанда бүкіл руластары алақан жайып, Алладан иман тілейді. Монғол жерінде тұңғышынан тараған елу шақты шаңырақ аталарын жоқтайды. Қытай топырағында туып-өскен өрен жарандар бабаларын іздейді. Түркияда түлеген немере, шөбере, шөпшектері əлемнің оншақты елінде жүр. Батагөй баба оларға қандай қымбат! Қазағы, түрігі бар, Стамбулдағы қалың жамағаты Зейтінбурнаның көшелерін керіп, жаназа-

─ 128 ─ сын ұлы Жəйде оқып, мүрдесіне Қазақстанның туын жауып, қаумаласып апарып қара жердің қойынына тапсырыпты. Түркияның төрт газеті жабығып жоқтау жазыпты. Кеше маған Измирде тұратын Шеризаттан телефон қоңырауы түсті. Алматыда жүрген Зияжан қажы, Рамазан Юксел, Қалман Қошжігіт кіріп шықты. Қарттың қазасынан құлағдар болғандар «Шалқар» газетіне де əр тұстан телефон шалып, көңілдерін білдіріп жатыр. «Ұзақ жас – қанағатсыздарға қасарыстыра беру үшін, тақуаларға тамша үлгі таратып,екі дүниеде жарылқануы үшін беріледі» дейді Құран Кəрім. Аузынан иманы үзілмеген, қолынан Құраны түспеген, ораза, намазын қаза етпеген, жетім-жесірді жебеп, қырық рудан біртұтас қауым құраған, пəни жалғанда тəубесі мен төзімінің тізгінен тең ұстап өткен абыздың иманы жолдас болсын! АБЫЗ АҚСАҚАЛ Халифа деген атауға Құран Кəрімде – Алла тағаланың жер бетіндегі жəрдемшісі (уəзірі) деген мағына береді. Ислам дінін дүниеге əкелген пайғамбарымыз Мұхаммед мұстафа сал-луллаһу ғалаиһи-уəсəллам негізін қалаған Арабтың алғашқы мемлекеті – Халифат, оның билеушісі – Халиф аталған. Шығыс Түркістанның шырқау шегінде жатқан Ғақып атамыздың аузына Халифа деген есім тегін ілінбесе керек. Бүгін жасы сексеннің сеңгіріне көтерілген абыз-ақсақалдың есімінің өзінде субути сипат, баламалық мағына бар. Қазіргі қазақ қауымын құрайтын ұлыстар одағында керек дейтін аса ірі тайпалар бірлестігі бар. Ол – абақ жəне ашамайлы болып екіге бөлінеді. Ашамайлысы соңғы ғасырларда, орысқа бодан болып, Қазақстанның терістік жағында қалып қойған. Үлкен он екі рудан құралатын абақ керей «Ақтабаншұбырындыдан» кейін Жəнібек Бердəулетұлының (Ер Жəнібектің) бастауымен Керей қағанатының байырғы мекені Өр Алтайға қайта барып қоныстанған. Бірақ, ата

─ 129 ─ жауы жоңғарды жеңісіп, атамекендеріне қайта оралуға қолғабыс еткен Шин империясы керейге құрығын салмай қоймады. Содан тартып, Еженханға ел болып, бір төре мен төрт биін сайлап алып («Төрт би, төре» өр керейінің өзіндік билік жүйесі), өткен ғасырдың он сегізінші жылдарына дейін империя орталығы Пекин əкімшілігіне төте бағынатын айрықша аймақ болып тұра берген. Дəл осы тұста, 1917 жылы Халифа өмірге келген. Тарих көзімен қарағанда, бұл өзі əлемдік саясатта алуан түрлі сайыстар жүріп жатқан мазасыз мезгіл еді. Орыс империясының ордасы құлап, бодан қазақтар қызылдың қан-шеңгеліне түскен. Ресейде қызыл төңкеріс, Қытайда буржуазиялық-демократиялық дүрбелең жүріп жатқан. Шығыс Түркістанның шұрайлы жеріне екі алып та сұғын қадап, қызғаныштары қозып, ұрынысып, ұрысып қала беретін. Қызылдан қашқан ақ гвардияшылар Іледе (генерал Дутов), Тарбағатай мен Алтайда (генерал Бакш) ылаң салған. Сəби Халифаның бесігі, міне, осындай бебеу күйімен тербетіліп, тұсауы қанжармен қиылған... «Қазан төңкерісінің зеңбірек дауысы Қытайға МарксизмЛенинизмді əкелді» деген ғой Мао Цзедун. Көрші өлкеге сол зеңбірек зіркілдеп, тікелей кірді. 1928 жылы өлке билігін мейірімсіз бір милитарист (Жин-Шорн) тартып алды. Құмылда шаруалар қозғалысы шықты. Өлкенің бірталай өңірінде дүнгендер дүрбелеңі жүріп жатты. Озбырлыққа қарсы Алтай қазақтары атқа қона бастады. Шіңгілдің біраз елі Моңғолияға лықсып барып, бір қыстан соң (Кеңестің құпия қызметшісі Кенжебекті өлтіріп) қайта оралды. Мұның соңы Моңғолия, Қытай, Кеңес қарулы күштерінің жерден де, көктен де жасаған жазалаушы шабуылына ұласты (ол тұста Кеңестің VІІІ авияполкі Құмылда тұратын). Жылнамаға жүгінсек, дəл осы жылы жау қолынан жазықсыз қырылған Алтайдың қарусыз қазақтары ғана екен. Қыруар қазақ енді қайтпек? «Қашқан – жаудан, көшкен – жұттан құтылады» деген бар. Тарыұлы Зайып, Əліпұлы Есілхан бастаған Шіңгіл елі 1933 жылы түп қотарылып (он

─ 130 ─ сегіз мың адам) «Кең аспан астын» кеулеп кете берді. Бағыт – Баркөл, онан əрі Гансу, Синхай өлкелерінің елсіз далалары. – Жаудан да, жұттан да құтыла алмадық, – дейді Халифа Ғарыпұлы осы жорықты еске алғанда. – Сардалада сағым қуған бір сергелдең болды. Артыңнан қуғын қалмайды, алдыңнан, қазаққа өкпесі қара қазандай Мабу-фан əскерлері оқ бүркеді (Гансу, Синхай өлкелерінің билеушілері, ұлты дүнген Мабу-фан, Мажың-иін дейтін екі генерал оңтүстікбатыс үш өлкеде мұсылман мемлекетін құрамыз деген қиялмен Алтайға дейін жеткенде Алтайдың жас көсемі Шəріпхан Көгедаев бастаған халық жасақтары қайта қуып тастаған). Сол кезде он алты жасқа толған Халифа да жан кешті жауынгер. Соғыста бір-ақ заң бар: не өлтіру, не өлу. Жағаласпай жан қалмайды. «Сардаланың сағымын жамылып, қуғынды көз жаздырып, сəл ес жиғандай едік. Таң ата тасырлап, оқ жауды. Шеткі ауылдың үні тез өшті. Аттанып үлгергендеріміз тұрғыға таластық. Түс ауа жау шегінді. Сұмдық. ауыл ортасына үйіріп əкеп атқан екі жүздей өлікті алпыс бесікпен қоршаған, алпыс сəбидің қарынын жарып, қорлап кетіпті. Бұл оқиға «Алпыс бесік» аталып қалды» (Х. Алтай «Атажұрттан Анадолыға дейін»). Алтай қазақтарының бас сауғалап босуы бір бұл ғана емес. 1898 жылы Бөке батыр бастаған бес жүз үй Алтайдан ауып, Тибет шығып кеткен-ді. Үш жыл ұдайы қуған жау, ақыры Тибет тауларының бір қуысынан тауып, өз ажалынан қайтыс болған Бөкенің қабірін қопарып, басын кесіп алып кеткен. Қайран ердің денесі Тибет жотасында қалып, басы Алтайға жерленген. Тəуекелі таудай Бөкеде ұлтын апаттан құтқарып қаларлық ұлы жоспар болды ма, болмады ма, кім білсін?! Бəлкім, осы жолы біздің тау асып, Үнді өтіп, Түркияға жетуімізге мүмкіндік берер деген үмітпен Есілхан, Зайып та сол Бөке сүрлеуімен Бұланайға бет алған. Діні бір дүнгендерден мейірім шықпағанда, атасы жат

─ 131 ─ таңғұттан қай бір қайырым табылсын. Қақ маңдайдан тағы да оқ қадалды. Босқындар шегінген болып кері бұрылады да Қызылирмақ деген өзеннің жағасына келіп құлай кетіседі. Ақ қар, көк мұз, қақаған аяз. Жағарға от, жатарға орын, ішерге ас жоқ. Туырлық жамылып жатып қалған сол түнде талай адам қатып қалғанын көреді.Түске таяу жау басып қалады. Жарты сағаттың ішінде бес жүз адам оққа ұшып, мың адам қолға түседі. Егер Əліпұлы Есілхан, Жақияұлы Қамзалар биікке бұрын жетіп, қарсы оқ атпаса, босқындардың біткен жері осы екен (марқұм Қамза Жақияұлы жүз екіге келіп, алдыңғы жылы дүниеден қайтты). «Балта көтерілгенше дөңбек жол табады» дегендей, Тибет əкімдерімен де тілге келіскендей еді, тек, тақыр тауларын қызғыштай қорғайтын жергілікті халықпен қабақтары жараспай-ақ қояды. Бұланайдың бура бұлттары басып, тау індетін төгіп (оттегі жетіспей), адамдар іріп-шіри бастайды. Сөйтіп, ажалы жетпеген таусыншақ топ 1942 жылы Үнді асып түседі. Бұл жерде «шеңберге» қоршалып шеңгелде ұсталады (лагерде ұсталады). Ыстық ұрады, оба жайылады, аштық жайлайды. Дегенмен, Тибеттей емес, түтіні түзу елден жанашырлар да табылады. Бұл іс Үнді түбегейінде түбегейлі өзгеріс болып, мұсылмандар Пəкістан Ислам Республикасын құрып жатқан кез екен. Əйтеуір, дін-қарындас болғасын босқындар енді Пəкістан қарамағына өтіп, Пшевар аймағына орналасады. Халифа отыздың үстіне шыққан, от пен судан өтіп, шыныққан, шираған жігіт. Үндіден үйренген тілі, көрген заңы, Пəкістанда алған діни білімі, бəрінен бұрын жұрнағы ғана қалған жұрағаттарын аман сақтау үміті бар, əйтеуір бала оқыту, кəсіп құру ісіне белсене араласады. Ақылдас ағалары Зайыпұлы Оспан, Жақияұлы Қамзалармен ақылдаса жүріп, босқындардың «құтқару» қауымдастығын құрады. Қайырымды ұйымдардан көмектер алады. Діні бір болғанымен үрду тілі алшақ, əдет-ғұрпы бөлек еді. Дəулет емес, енді əулет келешегі ойланта береді. Содан барып, 1950 жылдарға келгенде түбі бір Түрік топырағына

─ 132 ─ ұласу арманы оянады. Халықаралық заң, азаматтық құқық өлшемдерін алға тартып отырып, Пəкістандағы Түркия елшілігімен тілдесті. Осынша жыл ірге теуіп қалған елді қайтадан көшке əзірлейді. 1953 жылы мың сегіз жүз адамды, ақыры, Анадолыға жеткізді. Кейін оларға Шыңжаннан қашып шыққан Дəлелхан, Қалибек, Хамза, Шөмішбайұлы Сұлтаншəріп, Хұсайындар тобы қосылды. Сөйтіп, 1953 жылы Баркөлден көтерілген он сегіз мың адамнан мың сегіз жүз (оннан бірі) жан ғана Түркияға тірі жетті. Туған күннен бастап, тұп-тура отыз алты жылын азаппен өткізіп, отыз мың шақырым жолды қан кешумен басып өткен Халифалар Түрік жұртында тіршілік əліппесін қайта бастады. Басқа ағайындары сияқты ол да тіл үйренді, тұрмысқа бейімделді, кəсіп құрды. Тері иледі, тон да тікті, тижарат та қуды. Тегі бір халықтың қалтқысыз көмегімен қайта тулаған қан, қайта қунаған жан енді оның қолына қалам ұстатты, жылап өткен жас шағында жоғалтқандарының орнын толтыруға талпындырды. Жорықтар жолының жоқтау-жылауларын жырға айналдырып, қайтадан қағазға түсірді (Менің естеліктерім). Қазақ халқының əдет-ғұрпын, ұлт шежіресін жазды, «Ата жұрттан Анадолыға дейінгі» көштерінің тарихын түрік еліне таныстырды. Мəдениеттің ежелгі орталығы Стамбул кітапханалары мен архивтеріне түсіп, Абайды тапты. Алаштың əйгілі қайраткерлері Əлиханның, Ахметтің, Міржақыптың, Жүсіпбектің, Мағжанның еңбектерін көтеріп, түрік жұртына таныстырды. – Жақсылық-жамандық тəңір таразысының екі өлшемі, – дейді Халекең. – Оны көрмеуге, оған көнбеуге пендеде ерік жоқ. Мен өз өмірімнің қасіретіне де, бақытына да тəубемен қараймын. Он сегіз мың адамнан онның бірі болып тірі қалғаным да тағдырдың жазуы. «Бұйрықсыз – шыбын шақпайды», «Тəңір асыраған тоқтыны қасқыр жемейді». Хақтың ісін қарғамаған, өзіне де, өзгені де ешнəрсемен алдамаған Халекең енді сол Хақ жолына қызмет ете бастады. Ауылда көрген əліп-биі Пəкстандағы медресселер мен

─ 133 ─ мешіттерде көргендерімен көбейтіп, едəуір ілім болып еді. Соның арқасында қазақ атаулыда бірінші болып Құран Кəрімді тəржімеледі. Иман шарттары, «Ислам ғибадаттары» орайында кітапшалар шығарды. Ислам ұлылығын мойындаған Еуропа ғұламаларының пікірлерін жинастырып, «Əй, мұсылман, сенің сеніміңнің ұлылығы осындай», – деп жар салды. Құдай үйлерінде (мешіттерде) уағыздау үшін «48 аптаның хұтпасын» жазды. Иман – Отан: егіз ұғым. Бұл түсінік Халекеңнің ойынан бір сəт те шыққан емес. Сондықтан ол жұрттың бəрінен бұрын еңіреп еліне жетті. Құрығы ұзын Қытайдан да, қылышы қылпылдап тұрған қызыл империядан да именбей екі елді де емін-еркін аралады. Қазақстанға келе-кете жүріп, үзіліп қалған ағайындықты қайта жалғауға, сырттағы қорқақ қазақтың, іштегі үркек қазақтың жүректерін жылытуға қызмет етті. Құдай тілекті беріп, Қазақстан тəуелсіз ел болғанда біржолата қайта оралды. Осының бəрі бақыт, зор бақыт, ұзақ жылғы өксіген өмірдің бодауы. Бұл Халекеңнің ғана, тіпті аз адамның жеткені. Өз басының бақытына қанағаттанғанмен азаматтық, ақсақалдық арманы əлі орындалып болған жоқ. Осы арман соңында сабылып, сыртта əлі 4,5 млн. туыстар жүр. Қазақ əлі тəңірін танып болған жоқ. Желіккен жастар діннен безіп кетіп жатыр. Анау 4,5 млн. түгел оралғанша, сенімі селдірегендер, иман үйіріп болғанша əлі бірталай уақыт бар. Абыз Халифа Ғақыпұлы осыны көруі керек. ЖҰЛДЫЗ-ҒҰМЫР Тағдырға тəбділ жоқ. Топырақтан жаралған жан топыраққа қайтпай қоймайды.Қанша өкінгенмен ол еріксіз, болжаусыз құбылыс. Жер – жаһанға енді таныла бастаған тəуелсіз қазақ көгінен кеше ғана көрінген «құйрықты жұлдыз» – Мұстафа Қабенұлы Өзтүріктің ғұмыры да қысқа болды. Ол туралы қалың-қалың кітап жазудың орнына қабырғамыз қайысып отырып жоқтау жазамыз деп кім ойлаған.

─ 134 ─ Мұстафаның бабасы найманның нары болған, атасы өрдегі керейдің қалың еліне қадірін өткізген, өз əкесі Қабен ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, жаурыны жерге тимеген балуан, жауына жəй түсірген батыр болған адамдар. Сол Қабеннен туада жалғыз Мұстафа Түрік топырағында өмірге келіп, ту-ту Тайваньнан білім алған, Жапонияда тіл ұстартып, Оңтүстік Кореядан өнер үйренген жалынды жас еді. Тек қазақ қана емес, күллі түркі əлемі естіп-білмеген «таэквонда» атты тылсым өнердің (шығыс жекпежегінің) ең күрделі түрін біздің ұлтымызда ең бірінші игерген тұңғышымыз еді. Арпалысқан екеу түгілі алақаны епті емшілер тап баса алмайтын, адам денесіндегі тулаған тамырдың түйдектелген тұсын, түйілген тарамысын, бура санға, бұлшық етке жасырынған сансыз сезім нүктелерін, түйдек-түйдек тəннің талмау тұстарын жуан аяқтың балғадай бас бармағымен дəл теуіп, талдырып түсіретін тылсым өнерді қазақ спортының аспанына алып шыққан айпарамыз еді. Онысы өз алдына, бабасынан басталып, өзіне дейін ұласқан босқындық пен бодандықтың бір жарым ғасыр өкіндірген өксігін, бөтен жерде қордаланған бебеу күйін Атамекенге əкеліп, асса, алыстап кеткен бар қазақтың, қалаберді, өз əулетінің арманын орындаған ұл еді. Туған жерге қайта оралған отандастар арасында Қазақ мемлектінің азаматтығын тұңғыш алған түлек еді. 1988 жыл. Мамыр. Батыс елдерін аралайтын елеулі бір саяхат тобына ілесіп Еуропаға барғанбыз. Сірə, Горбачевтің «Қайта құру, жариялығының» шарапаты болар, бос уақытымызда бұрынғыдай аңдусыз еркін жүрген ерке саяхатшы біз болдық. Германияның Гамбург, Ганновер, Дортмунд, Франкфурт, Кельн қалаларындағы қазақтармен кездестік. Мюхендегі ағайындар алдымыздан шықты. Бұл жақтағылардың қайсысында болса да шылқыған байлық, шалқыған салтанат жоқ. Оның есесіне көңіл көл-көсір. Сол қаладан Мұстафа кезікті. Шағын бір клубта шығыс күресінен сабақ беріп жүрген шымыр жігіт тым жарқылдай қойған жоқ. Оны біз жанталасып жасап жатқан жаттығыуына келтірген кедергімізден көрдік. Оның есесіне өзі де, сөзі де тым ширақ,

─ 135 ─ тым шапшаң Қаби Сумер əп-сəтте түп-тұқиянынан түсіп, бəрін айтып тастады. Сүйегі қаракерей, оның Байжігітіне барып тірелетін Əлкенбай, Дəркембай дейтін екі жігіттің Өр Алтайға ерте кетіп, Əліп деген биге бала болып бас құрап, ерлік жасағандарын, оның ұрпақтары Құсайын өз алдына қауым құрап, бір тайпа елдің тəйжы болғанын, Қабеннің қол басқарғанын естігенмін. Ойыма бəрі оралды. Бірақ оны айтқан жоқпын. Шет елдердегі ағайындардың өлеңдерінен құралған, жан қалтаға сиып кететін бір өлең кітапты ала барған едім. Қалтамнан сол табыла кетті де, содан бір өлең оқыдым. Ақ қағаз, болат қалам алдым қолға, Тербетіп қиялымды оң мен солға. Жүрегім сағынышпен бұлқынады, Торғайдай қамап қойған қапас торға. Қазақтың сəлем жаздым баласына, Астана Алматыдай қаласына. Асқар тау, ағынды өзен, айдын көлді, Кең байтақ, кербез сұлу даласына. Алматы, Алатауға түссем барып, Суынан жүзіп жүріп ішсем қанып. Қарағай, тал мен қайың, гүл бəйшешек, Хош исі сарайыңды тұрса жарып. Сарарқа, самал ескен жоның салқын, Сайран сап, сауық құрған сенде халқым. Ойнайтын қыз, бозбала алтыбақан Қайтейін, сағынттың ғой, қайран салтым. Амал не, сағынғанмен, ауыл алыс, Əзірше адамдармыз жаңа таныс. Армансыз құмарымды қандырар ем, Дəм тартып болып жатса келіс, барыс! –Бұл кімнің өлеңі екенін білесің бе? –Білемін,– деді, қос жанары жасқа толып. Бұл осы Мұстафаның əкесі Қабен Өзтүріктің Қазақстанмен байланыс орнай бастаған кезде жолдаған сағыныш өлеңі еді. Сол арман еліне келемін деп жүргенде қайтыс болған. Мен көңіл

─ 136 ─ айттым. Тек, жас жігітті қуантқанның орнына мұңайтып алдық. Алыстан іздеп келген ағайын деп, Шəріп Найман қонақ асқа шақырды. Үлкендер жағы түгел келіпті. Сыр да, мұң да, арман да айтылды. Жастармен кездесу ертең болмақшы еді, оған қарамай Мұстафа осында келіпті. Ағаларының алдын кеспейтін əдепті жігіт бір сəтте маған тілдей қағаз ұсынды. «Сүйгенім» деген əннің сөзі мен нотасы екен. Бұл əнді Кельнде Ғани деген жігіттің орындауында тыңдағанбыз. Əуені түрік ырғақтарына ұқсағанымен, сөздерінде тəп тəуір сезім бар . Жұғыстық та ұғыстық. Жеті жұрттың тілін игеріп, таеквондоның алты дандық дəрежесіне жеткен, Еуропадағы қазақ жұлдызының бойында ақындық, жазушылық, актерлік өнер бар екен. «Алатай» деген фильмнің сценарийін де өзі жазып, басты кейіпкерді де өзі сомдапты. Басқа да фильмдерде кино кейіпкерлер жасапты. Спортшы ретінде қанша ел шақырса да «бұйырса өз елімнің, əйтпесе түркінің ғана намысын қорғаймын» деп, келісім бермепті. –Арманым Атамекен,– деді, қара көзінен мұңның мұнары көрініп.– Əлемдік жарыстарға келіп жүрген қазақ спортшыларын көрсем де кездесе алмадым. Елде өтетін жарыстардың біріне шақыруға көмектесіңізші! Тіпті, қазақ киноларымен жұмыс істеуге де келісер едім. Əттең, «Қыз Жібекті» тағы бір қарап, басты рөлдерде арап, түркі жұлдыздарын ойнатса, жер жүзінде одан артық фильм болмас еді! – «Қыз Жібек» ұнамады ма? –Жоқ. Бұл қазақ киносының үлкен табысы. Егер, оған əлемге танымал жұлдыздар қатысса біздің ұлтымыздың ұлы қазыналары əлем экранына тез шығар еді деген арман ғой, ағеке! Нені айтса да тоқ еткізіп, дəл жеткізеді, тез ұғады. Арманы алыс, айтары көп сияқты. Ашыла сөйлеуге ақсақалдардың алды бөгеп отыр. –Ертең келесің бе? – дедім, жас жігіттің арнасын аңғарып. – Стамбулда да бір мектебім бар.Таң ата ұшамын,– деді.

─ 137 ─ – Мұстафамен дұрыстап сөйлессең етті, – деді Шəріп Найман, мəжіліс тарқарда. –Тым ашыла қоймады. Тұйықтау ма, қалай?.. –Тұйық емес, сақ, сабырлы жігіт. Басқа жастардан жаратылысы да,жүрістынысы да бөлек. Жастайынан көп көргені, білгені бар. Желпілдемейді. Ана бір жылы бір атақты əншіге сəлем берген екен, сүзе қарап, жанына жуытпапты. Тіпті бір жұдырықшы (боксшы) ағасы «Сені маған кім жіберді. Қаңғып қайдан жүрсің» деп балағаттапты. Содан бері орыстан келгендерге тым еңкілдемейді. Ертең Стамбулға ұшатын болған соң мен шақырдым. Рахматлік Қабен ағамыз əрі қатал, əрі аса рахымды адам еді. Мұстафа да тегіне тартқан ұл. Тұйық емес, төгіле алмай, сөгіле алмай жүрген тұңғиық.– деп, Шəкеңнің өзі тереңге түсіп кетті. жылы Мұстафа Қазақстан комсомолының шақыруымен Алматыға келді. Ұшақтан түсе ата мекенінің топырағын құшып, ата-бабасының арман-тілектерін, сағыныштарын төгіп тастап жатты. Маңдайын қасиетті қара топыраққа басып тəу етіп, алақанын аспанға жайып тəубе келтіргенде тебіренбеген тəн, елжіремеген жүрек жоқ шығар. Сірə, атасының жолдасы, өзінің сырласы, мұңдасы, тағдырласы, əлгі Шəріп ағасы айтқандай Мұстафаның тұңғиығы толқығаны, төгілгені, сөгілгені осы болар! Сол Мұстафа Қазақстанда шығыс жекпе жегінің мектебін ашып, қазақ балаларынан жаңа жасақ құрды. Сол жасағымен əлемнің əлде неше елінде Республиканың көк байрағын көтеріп, Елінің намысын қорғады. Сырт топырақта туып, жат жерде өссе де тілін, дінін, салтын таза сақтай білген зерделі жас өз елінде ұлтының сипатын тоздырып, сағын сындырып жүрген бауырластарына қанша сыр-сұхбат айтып, наз, насихат қалдырды десеңізші! –Он сегіз мың ғаламды бір тарының қауызына сиғызған Хақтың аз қазақты далиған даласына сиғызбай, жер əлемге тарыдай шашып жібергенін қайтерсің!– деп толғанушы еді. – Сан ғасырға созылған сол босқындық, сол көш енді

─ 138 ─ Атамекенге келіп тиянақтауын Жаратқаннан жалбарынып тілеймін! Амал қанша, арманының азы орындалып, көбі көкірегінде кетті. Ал, бұл бір Мұстафаның ғана емес, бүкіл қазақтың тілегі ғой. «Өзі жаратқан пендесін қайтарып алу – Хақ тағаланың қолында. Сол қайтарып алумен пенденің пəни дүниедегі ғамал дəптері жабылады. Ал, сауап дəптері жабылмайтын үш адам бар. Олар – өткел бермейтін қатулы өзендерге көпір салғандар, азан естілмеген жерге мешіт салып сауат ашқандар жəне Отанын қорғау жолында құрбан болғандар. Олардың сауабы мəңгі жалғаса береді», деген ғибрат бар ислам ілімінде. – Мұстафа Қабенұлы дəп осындай мəңгілік сауап иесі. Оның ашып кеткен мектебі, өтеп кеткен аманаты, халқы үшін жасаған қаһармандық, қайраткерлік еңбектері ұмытылмайды. Жұлдыздай жарқ еткен қысқа ғұмырынан қалған мол мұралары – ашқан мектебі, жазған кітабы, кино ленталары, тіпті, Алматыдағы қалың жұрттың ақ арулап, табытына мемлекет туын жауып, төбелеріне көтеріп шығарып салған сəттері де есте ұзақ қалады.

─ 139 ─ АРМАНЫНАН АДАСПАҒАН АЗАМАТ (Азасөз) Біз құрдас едік. Біріміз өр Алтайдың күн бетінде, енді біріміз Еренқабырғаның етегінде өмірге келген, екі өлкенің ұланы, екі таудың бұланы едік. Тек, қазақ үшін қабағы қату, қаһары қатты уақыттың аяусыз тепкісінің астына түсіппіз. Мен, туған жердің тал бесігі бұйырмай, жөргегімде жер ауған, сəбиімде сағыныш соғып,отансыздықтың отына ерте күйген бейбақ болдым. Елінің ежелгі мекенінде, Хакім (Үкірдай) əке Қалибектің қара шаңырағында туса да сол ақ Орданың тəтті ұйқысы Хасенге бұйырмаған. Ойдан орыс оқ кезеп, жоннан жоңғар (Моңғол) жұдырық жұмсаса, қырдан қытай қиқулап, тақыр қолтықтан таңғұт түйгіштеп жатса да, ол аздай, діні бірге деген дүнген келіп дүрбелең салса бір шөкім қазақтың шаңырағы қалай шайқалмасын. Алтайдан аласапыран басталып, Баркөлден бүлік туғанда Ерентау да ереуіл атқа ер салған. Хасеннің есі осы еңіреген үнімен кірген, тұсауы қылышпен кесілген. Уақыттың уыты тез есейткен жеткіншек ат жалын тартып мінгеннен жорыққа қосылып кете барған. Бала батыр барлауға да барған, тылдан тіл де əкеліскен, ерегіскен екеудің арасына елші де болған. Сұңғыла əке сергек ұлды саясатқа да ерте қосқан... Толассыз атыс, тынымсыз үркін. «Көшкен жұттан, қашқан жаудан құтылады». Туған жерді тəрк етіп, Такламаканға тентіреген. Шыңхай шығып кеткен, Тибет асып, Бұланай басып, Үнді түбегіне де тығылған. Ақыры жер шарының жарты шеңберіндей жорық кешіп, 36 мың жанды қанды жолда шаһид қалдырып, жүздеген адамдық жұрнақпен 25 жыл дегенде Түркияға жетіп жығылған. – «Қазақ» деген есімді енді естен шығарыңдар, – депті жолбике білгіштер. – Түріктер орыстың «казагын» ғана біледі. Ал олар қас жаулары. – Шыбын жанды шырқыратқан бір күйзеліс осы болды, – деуші еді, Хасен.

─ 140 ─ – Онда бізге өмір не керек. Кім үшін күресіп, кімді сақтап қаламыз деп келдік! Ұлтсыздыққа көнсек, көсіліп жатып Ерентауда-ақ өлмес пе едік! –Жоқ, – деді əкем. –Қазақты түрік сыртқа теппейді. Біздің түбіміз бір. «Жақсы қазақ – түрік те, жақсы түрік – қазақ». Қазақ қаны бастарына қайта теуіпті. Түріктің құлағын «қазақ» деген атқа үйрете беріпті. «Шығыс Түркістан қазақтарының еркіндік жолындағы арпалысы» деген кітап жазыпты. ( 1961ж. ) «Бақыт іздеген босқындар» – деген анықтамамен өздерін таныстырыпты. Келе–келе түрік архивтерін түрткілеп, Алаш үнін оятыпты. Ұлт ұлыларының есімдерін ел құлағына жеткізе беріпті. «Шығыс Түркістандағы түркі халықтарының ұлт азаттығы жолындағы күресі» деген анықтамалық таратыпты. «Үлкен түрік елі» деген журнал шығарып, шағын баспа ашыпты. Оның алғашқы кітабы етіп, Мағжан Жұмабаевтың өлеңдер жинағын жасапты. Қобызшы Қорқыттың – Мəжит Айтбаевтың «Абылай хан» кітабын қайта бастырыпты. Тіпті «Коммунистердің келбеті» деген альманах ұйымдастырып, коммунизммен күресті де тоқтатпапты... Орыстың «Родина» қоғамының туристері құрамында 1988 жылы Еуропаға бардым. Қазақ іздедім, Гамбург, Дортмунд, Кельн, Франкфурт, Мюнхенде тұратын ағайындар қызу қарсы алды. Алғашқы əсер, ағыл–тегіл сыр, көл – көсір қуаныш. Ғасыр тауқыметінің тірі куəлары Шəріп Найман, Ыдырыс Ерол, Абдрахман Шетин, Нығмет Хандар шерлерін бір шығарды. Ең үлкен табысым – Гамбургтың этнографиялық мұражайында жатқан қазақ экспонаттары мен жан терін жат елде төгіп жүрген таэквондашы Мұстафа Өзтүріктің есімін елге алып келгенім болды. Одан əрі Австриядағы бауырларға бардық. Осы сапардан «Сағыныш саздары» – деген кітап туды. Ойымда Хасен Оралтай болып еді, анау-мынауға елпілдей қоймайтын жан екен.. Келмеді. Бірақ бұрын «Азаттық» радиосында істеген Азамат Алтай деген қырғыз оның табиғатын,

─ 141 ─ мəн-жайын түсіндіріп, менің күпті көңілімді орнықтырып жіберді. Хасенмен жүздесудің сəті 1991 жылы түсті. Түрік туристермен бірге Алматыға келіпті. «Жалын» журналының редакциясында кездесу болды.Туристердің жетекшісі Түріктанушы ғалым Туран Язғанмен былтыр Стамбулда танысқанмын. Анадайдан бас изесіп амандастық.Ұзын столдың төріне таяу денесі зор, келбеті келіскен, кермиық бір кербез отырды. Тұспалдап таныдым. Кездесудің көсемі (М. Шаханов) мені таныстырғанда, əлгі кербез тесіле қарады да, көзін тез тайдырып əкетті. –Хош келдіңіз, Хасен мырза, – дедім, үзіліске тұра бергенде, түрік мəнерімен. – «Хош көрдік» - деген жоқ.– Сен кімсің?– деді, төбемнен төмен қарап. Атымды айттым. –Кім болсаң да...– ауыр бір сөзді сарт еткізді. –Онда сен...–қарымтаны мен де қатты қайтардым. Қасымызда тұрған Жағда ағамыз апалақтап қалды... Байқаймын, сөзбен сүзісіп қалғанымыз болмаса, екеуміздің жүзімізде де жатырқау жоқ. Қолдарымыз еркімізден тыс ұсынылып, ыстық көрістік. – «Ер шекіспей бекіспейді» – деді Жақаң. – 1994 жылы Хасен мені Еуропаға шақырды. Бардым. Көңілім көл-көсір қуанышқа толып кетті. Түркиядан Ғаббас Қаһарман деген абызды (қариды) алдырыпты. Сол молланы эфирге шығарып, Оспан батырдың рухына құран оқытты. Сонан соң, өз үйінде батырға ас арнады. Ұлы сауапқа өзім батқандай сезіндім. Кім не десе, о десін, өз басым сол өрдегі керей мен найманды Америкадағы индустерге теңеймін де жүремін. Сонау «ақтабан шұбырындыдан» оралғаннан бері осы алақандай аймақта қан төгілмеген бір жыл болмапты. Ең соңы Қалман Ақытұлының көтерілісін қанмен тұншықтырып, абақты үш жүз жыл бойы жорыққа жетелеген Жəнібектің туын тартып алған 1959 жылғы трагедиямен аяқталған. Эфирде

─ 142 ─ оқылған сол хатымды мен Оспанға ғана емес, қазақ жерінің бір пұшпағын, қазақ ұлтының бір шоғырын болса да сақтап қалу үшін соңғы деміне дейін айқасқан Өр елінің тұтас жауынгер рухына арналған бата деп білдім. Осыған Хасеннің ғана ерлігі, мұсылмандығы, мінəжаты жетті. Дəл осы жолы Хасен маған тағы бір таудай табыс бере салды . Қазақты əлемге танытам деп, неміс мұражайларының аптар-тептерін шығарып жүріп, тауып алып, қайта бастырған Қобызшы Қорқыттың – Мəжит Айтбаевтың «Абылай хан» кітабы бар еді ғой. Ал, Мəжит ХХ ғасыр қазақ поэзиясының кеуде өкілінің бірі еді. Өлеңдері Қасым Аманжолов, Абдолла Жұмағалиевтармен бəсекелесетін, Қалижан Бекхожинмен бірге оқыған үлкен ақын болатын. Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы өкілі болған. Ақын Сырбай Мəуленовты, ғалым Оразгүл Нұрманбетованы, ұлт бұлбұлы, Халық қаһарманы Роза Бағланованы Қызылорда Пединститутына өзі қабылдап оқытқан, болашақ ақынның бағын ашқан, ғалымға ғибрат дарытқан, болашақ бұлбұлды тордан ұшырған тəлімгер. Батыста əскери қызметте жүргенде тұтқиыл соғыс басталып, тұтас полкпен бірге тұтқынға түскен. Түркістан легионына тартылған. Онда легион басылымдарын шығарысқан, «Милли Əдебиет» альманағын ашқан. Осының бəрін басқа мақсатқа емес, тұтқындарды жырмен жебеп, өлеңмен емдеуге пайдаланған. Хан дегенде қазақтың жағы қарысып қалған кезде қапаста отырып– ақ Абылайдың əруағын оятып, онымен өзін де жұбатып, өзгелерге рух берген. Ішінде екі дастан, бес баллада, сонеті, əн – күйлері бар 45 өлеңнен құралған ол кітапты «Шалқар» газетіне жариялағанбыз. Осы жолы соның мəн-жайына қанықтырды, Мəжиттің майдандастарымен – Баймырза Хайт, Жəкей Бапыштармен кездестірді. Легион басылымдарынан ақынның жинаққа кірмеген жиырмадан астам өлеңі, бүркеншік атпен (М. Дара, Асан-Қайғы, Манас, Сырым, Сыр баласы...) жазған жиырма екі ақынның өлеңі кезікті. –Əй, екеуміз де сəбиімізде сағыныш соққан сорлылармыз

─ 143 ─ ғой, – деген еді Хасен, шерменде ақындардың бір шерлі жырына қатты мұнайып. – Өзі сағынып көрмегендер басқаның сағынышын қайдан ұқсын. Мұңлықты мұңлық қана түсінбей ме! – Иə, иə, ел мен жердің құдіретін, ата-ананың қымбатын, ағайын-туғанның қадірін тұтқыннан артық кім айтпақ. Қасіреттен туған осы қайғылы жырларды түгел жинап, мəдени мұраға қосса ғой!.. –Жырды жинау ғана емес, тұтқындарды тұтас саяси ақтау керек. Оған құқық беретін халықаралық шарттар да бар. Тек, «Азаттықты» əлем тыңдағанымен əлде кімдер – кеңестік кеңістік тыңдай бермейді, Əрі оған менің мұрсам жоқ. Бердім саған барлығын, даусың жеткенше айт, аяғың жеткенше бар! «Шалқардың» шалымы жеткен жерге (28 елге) Мəжиттің өлеңін іздеп жар салдық. Америка, Швеция, Франциядан үн қатқандар болды. Əскерге кетерде өз қолымен үш кітапқа реттеп қойған екі жүздей өлеңі бар екен. Содан, едəуір ауқымды алғысөз жазып, Мəжит Айтбаевтың «Шер» деп аталатын кітабын (2003 жылы) шығарттым. Ал, соғыс тұтқындарын саяси ақтау, мұраларын жинау дегенге құлақ асқан жан болған жоқ. Өйткені, оларды Сталиннің өзі қабағын түйіп тұрып, «Бізде тұтқын жоқ, сатқындар ғана бар» – деп қарғап тастапты. Сол қабақтан əлі қорқады екенбіз. Қорықпағандар (Балтық жағасындағы, Қап тауындағылар) бұл жағын баяғыда жөндеп алған. Ал, бізде ақталғандардың өзі саусақтың санына жетпейді. Сыртта қалғандарының ұрпақтары үш буынға дейін тектерін таба алмай тентіреп жүр. Аманат менің мойнымда қалды. Ақылдасатын армандасым енді жоқ. Сірə, айта-айта менің де үнім өшетін шығар. Шекісіп алып, бекіссең-кетіспейді екенсің. Оның үстінде біздің арамызды үзбейтін дəнекеріміз болды. Ол, «Шалқар» газеті еді. «Осы шанырақта бір шуақ бар. Жүрегі жылы. Ағайын іздейді.Ұлттық рухқа жақын жүреді» – дейтін. Сол газеттің бетінде Хасеннің азаматтық тұлғасы көрінді. Мұстафа Шоқай туралы монографиясы жарияланады. «1986.

─ 144 ─ Қазақстанда болған оқиғалар» деген кітабына халықаралық «Алаш» сыйлығы берілгенде, А.Яссауи атындағы ҚазақТүрік университетінің құрметті академигі атанғанда, демократияның дем берушісі ретінде «Алтын Самұрық» белгісі омырауына тағылғанда Хасенге деген ел ықыласын, халық құрметін «Шалқар» газеті шаттана жазды. Сол «Шалқардың» шаңырағын шайқалтып, түндігін жауып тастаймыз деп жатқандарға алыстан айқай салып, араша түсті. Міне, солай... Сонау соқталы кезеңде сонау бір алыстан «Елім, елім» деп саңқылдап тұратын «Бір қазақ» – осы қайсар Хасен еді. Ұлтқа рух беретін хабарларды құлағы түрік қазаққа жеткізуден жалықпаған еді. Соның ұлы жемісі – Қазақ тəуелсіздігін ақпарат атаулының бəрінен бұрын, «Азаттық» радиосы арқылы жер – жаһанға өз даусымен жариялаған да осы Хасен болды. Міне, солай! Ұлттың ұраншысы еді.Тілі, діні, ділі берік, діні күшті күрескер еді. Арманынан аспайтын, ақиқаттан аумайтын, жабық түндікті түре, бітеу жараны тіле айтатын турашыл еді. Анда-санда батыстан батыл сөз естіп, кесек мінез көріп қалатын едік. Енді ол тіл қатпайды. Эфирде үні, жұртының қолында «Елім-айлап» өткен ұзақ өмірдің жылнамасы қалды. Сағынғанда соған қарармыз! ЖАНСЕБІЛ ЖАЗУШЫ Жазушы Сейтқан Əбілқасымұлы ойға оралғанда менің есіме сонау бала кездегі екі сəт сап ете қалады. Ошарлы отбасымызды асырап жүрген жалғыз ағамды 1939 жылы орыстар ұстап əкетіп, соның уайымынан, баяғыда қызыл түрмеде жабысқан ауруы асқынып, əкем де дүние салған. Шиеттей бес шикіөкпе шешеміздің етегіне оралып, шулап қалғанбыз. Содан, ойы бөлінсін, ел – жер көрсін, тəрбие алсын деп, əкемнің Жеменейде тұратын інісі Дəуітқан ағам мені 1942 жылы үйіне алып келген. Жарықтық, өзі де айрықша жаратылыс еді. Орта бойлы, қызыл шырайлы, қалың қара мұртты, сырт қарағанда Сəкен Сейфул-

─ 145 ─ линнен айнымайтын еді. Өмірі қабақ шытпайтын, жүзінен күлкі, мұртынан мысқыл, тілінен тірі сөз төгіліп тұратын. Жұрттан бөлекше жүруді ұнататын. Той-думанға барғанда, басына қара папақ киіп, иығына қара бурка жамылып, белбеуіне сарала сапы іліп, Хажмұраттың (Кавказдық) қара сақалдыларындай сəнденіп жүретін. Онысы өзіне жарасып тұратын.Қаймана қазақтар таңырқайтын, қызығатын. Мырзалар қызғанатын. Асқақ үнді əнші еді. Көбінде қазақстан əндерін, оның да, басқалардың үні жете бермейтін, ырғағына түсіре алмайтын, қиын-құйтырқыларын айтатын. Сегіз Серінің «Сұржекейіне», Естайдың «Қорланына», Əміренің «Ағаш аяғына», Əсеттің «Қысыметіне» басатын. Елубай нақышымен «Нақ-нақты» айтып, ду күлдіретін. 1924 жылдары Зайсанда əкім болып жүрген Жұмат Шанин «Арқалықты» сахналағанда ақын-жырау рөліне Дəуітқанды, бақсы рөліне Қазиқан Батталұлын дайындапты. Осы рөл екеуіне де ұшық болып жабысып, ескілікті үгіттеуші ретінде қызыл азудың шайнауына да, айдауына да түсіп-түсіп, ақыры, арғы бетке ығысып кетіпті. Барған бетте үкімет ісіне араласыпты. Əуелі Майқапшағай кеденінде орысқа өткізетін малдар мен шикізаттың сұрыптаушысы, кейін аймақта ашылған мемлекеттік мал тұқымын асылдандыру пунктіне бастық болыпты. Байкүшік сазы. Сауырдың салбырап барып, таусылатын бөктеріндегі əдемі алқап. Ортасында құралайдың көзіндей дөп-дөңгелек, мөлдір қара көлі бар, айналасы солқылдап жататын саз. Боттауығы қалың, былқылдақ сазды басып қалсаң, өз-өзіңнен билей жөнелесің. Жасыл томарларды аттап-бұттап жүріп, қаз-үйректің жұмыртқаларын да жинап аласың. Əр тұста шұрқылдап жататын шүңейіт бар. Абайламасаң, шыңырауға тартып əкетеді. Осы саздың түстік жағалауындағы тепсеңде қызыл қарағайдан қиюласқан, асты-үсті тақтай, сəулетті бір сарай бар. Сырғауылмен қоршалған ауласының өзі атшаптырым. Осы сарайда асыл тұқымды екі арғымақ айғыр (дон жəне ақалтеке), герофорд нəсілді екі бұқа тұрады, бие үйірлері

─ 146 ─ мен сиырларды байлар жинап береді. Олардың күтіміне, біздің сарсүйек құдамыз Қазихан қарайды. Оқымаған «Бетекник» (Веттехник). Сонымен бірге əйгілі өнерпаз, əнші, күйші, қиссашы. Он екі бақсының сарынына салатын əртіс. Əлгі «Арқалықтың» бақсысынан бағы қайтып, туған жерге сыймай кеткен сормаңдай. Ел жайлауға көшерде осы төңірек той-топыр болып кетеді. Біреулер биелерін, енді бірі сиырын əкеліп қосып жатады. Аранға қамап, қашағандарын, абаққа (станок) түсіріп асауларын ұстап, үйреттіріп алады. Құлындарының сақауын, құнандарының кісеуін емдетеді. Мініс аттарының тұяғына жайпақ таға қақтырады. Бір жағында Самат сарттың саудасы жүріп жатады... Сондай күндердің бірінде ішінде қаракөк айғыры бар, шолақүйір жылқы айдап, үш жігіт келді. Біреуі 15-16 жасар жеткіншек Сейтқан. Əкесі Əбілқасым Ақбайұлы Дəукеннің досы, əрі Қазиқанның жиені. Қара қытай Үрімжіге апарып қамап тастапты. Əлгі шолақ үйір-асылдандыруға қосатын биелер екен де, қаракөк бесті үйретуге əкелген Сейтқанның бəсіресі екен. Аран-кірер есігі кең, шығар ауызы тар ағаш қоршау. Бірте-бірте тарыла беретін ағаш дəліз бен айдалған жылқы шыға берістегі 20-30 метр қысаңнан бір-бірлеп өтеді. Балуан бөренелермен бекітілген бұл бөлік «Абақ» деп аталады. Керек жылқы осыған кіргенде алды-артына бөгеу қойып, бауырына екі кеспелтек ағаш сұғып, табандағы тақтайды түсіріп жібергенде əлгі жануар қанша асау болса да бұлқына алмай, бөренелерге ілініп, төрт аяғы салбырап сорлайды да қалады. Ертеңгі күнгі сəскеде, Қазиқан қаракөкті осы «Абаққа» түсіріп, ноқталап, жүгендеп, мойнына байлап, екі сулықтан өткізген қос қыл арқанмен жетелеп, жұлқындырып алып шықты да асаудың албастысын қағып алатын екі жігіттің қолына тапсырды. Үш күннен соң тағы да станокқа басып, пішіп тастады. Айналасы бес күнде бесті асау бойындағы бар жынынан айырылып, бала Сейітханның астында борт-

─ 147 ─ борт желіп кете барды. Осы бес күн мені де есейтіп кеткендей болды. Үш жылдан соң Баяғыда Ресейден қуылған ақгвардияшылардың қалдықтарынан құралып, қара қытайға жалданған ақ орыстар 1945 жылы, 9 мамыр күні Шеңгелді қарындағы төртулдың төрт ауылын қырды да тастады. Күнəлары – Жеменей жақтағы партизандар ауданына көшпек болғандары. Қылыштап, найзалап өлтірілген 32 адамның ішінде сол көштің басшысы, менің атам Шəміл, ұстазым Құнапия молда, жиен ағам Малгаждар кетті. Ішінде 11-12 жасар үш бала бар, он бір адам жауған оқтың астында шекарадан өтіп үлгердік. Сол жылы Қаба, Жеменей аудандарының көп елі Зайсан, Марқакөл аудандарына өтіп, қыстап шыққан. Дəуітқан ағамның үйі де Зайсанда еді. Ошарылып келіп, сол үйге түскенбіз. Осы тұста ауған елдің көңілін аулауға Қазақстан өнер қайраткерлері - Күлəш, Қанабек Бəйсейітовтар, Ахмет Жұбанов, Манарбек Ержанов, Құрманбек Жандарбеков, Жүсіпбек Елебековтер келіпті. Сайханның бөктерінде Қабыл Тайжы ауылында (Сейітқанның атасы), ашық аспан астында көрсетілетін ойынға біз де шақырылдық. Аңыз адамдардың, өнердің ұлы абыздарының қаймана қазаққа қалдырған əсерін мен əліге дейін жазып жеткізе алмай келемін. Осы жиында Ахмет Жұбановтың Дəуітқанға əн айтқызып, Қазиханға Санақ бақсының сарынын ойнатып, қаласа, алып қалатынын айтқанын естідік. Осы думанда Сейітқан кезікті. Ана жылғы жіптіктей жасөспірім емес, бура сан, балуан білек жігіт жонданып, толысып алыпты. Екі жылдан бері партизан екен. Осы ойынға келген командиріне атқосшы болып келіпті. Ойын біте арғы жаққа қайтады екен. Біздің ауылдың жағдайын естіпті. Мені мүсіркеп, жұбату айтты. Сол Сəкең екеумізді тағдыр 48 жыл өткен соң Алматыда жолықтырды.

─ 148 ─ *** Кім не десе, о десін. Өзім əйтеуір, Өр Алтайдың қазақтарын Американың «индустеріне» ұқсатамын да жүремін. Өйткені, сонау «Ақтабан-шұбырындыдан» өткен ғасырдың 60 жылдарына дейін жаумен жалғаспаған, қан кешпеген бір жылы болмапты. Жер бетіндегі тірі қазақ түп-түгел ойда орысқа, қырда қытайға бодан болып, бұлқынуға дəрмені қалмаған тұста аядай аймақта болса да ұлттың атын, елдің еркіндігін, жердің иелігін сақтап қалу үшін ақырғы айқасқа шыққан да солар. Құрсанған жауды ақ сойылмен сабалап жүріп-ақ жойқын күшке айналған сол күрескерлер қатарында. 18 жасар Сейітқан да жүрді. Біздің балалығымыз осы арпалыстар арасында өтті. Осы қайсар қарсылықтың арқасында Шынжаңдағы үш аймақта «Шығыс Түркістан» атты өкімет өмірге келді. Жасырып жабары жоқ, Шығыс Түркістан өмір сүрген 1945-1950 жылдар жаңа Қытай дəуірінің алғашқы 4-5 жылы ол жақтағы қазақтар үшін феодалдық томаға-тұйықтан шығып, жаңа тұрмысқа талпыну, өнер-білімге, ілгеріге ұмтылу кезеңі болды. Кешегі жас партизан енді жастардың жетекшісіне айналды. Демократиялық Одақтың аймақтық комитетіне көтеріліп, аймақтық газеттің редакторлығына дейін өсті. Тебіренсе өлең төге салатын, қатуланса қаламымен қағып тастайтын отты ақын, өткір публицист, қоғам қайраткері болып шықты. Бірақ, ұлттың мұндай еті тірі тұлғалары жаңа жүйеге жақпады. Солшылдық соққан сырқат саясаттың алғашқы сойқанында-ақ Сəкең «ұлтшыл», «оңшыл», «Ревизионис» атанып, азап аймағына айдалды. «Мəдениет төңкерісі» қол-аяғын бұғаулап түрмеге тықты. Ақиқатқа қайтпағаны, «Ұлтшылдығын мойындамағаны үшін» қызыл жасақшылар атып тастауға үкім шығарды. Бір Сəкең емес, ұлы бір елдің рухани əлемін астаң-кестең еткен бұл бүлікті айтуды қойып, еске алудың өзі жиіркенішті. Оны айтуға Сəкеңнің де дəті жетпейтін. Тек, егіле еске алатын екі сəті бар еді. – Қарағым-ай, – деп қамығады, түрмеден бірге қашқан

─ 149 ─ қыршын ақын Қызырбек Үсенұлы туралы. – Балғын денесі əлсіресе, қайсар жаны қайтадан қайрап жіберетін еді. Қуғыншыны сəл адастырып, бір қуысқа кірген бетте көзім ілініп кетті. Атылған мылтық пен «Ағалаған» дауыстан шошып ояндым. Бір жұтым су үшін сайға түскен бетте қолға ілініпті. Құлын даусы құлағымнан кетпейді... Осы отты ақынды мен де қатты іздеймін. 1950-52 жылдары мен тəрбиелеген сыныпта оқыған бала еді. Сол сыныпта бірге оқыған Көбен Асқар, Əбденбай Бажай, Мақсұтбек Қажнабиұлдары да ақын болыпты. 1962 жылы Нариман Мұхамедқанов деген азаматқа жазған хатында екі өлеңі мен бір суретін маған жіберген екен, сақтап жүріп, 90 жылдары «Шалқар» газетінде жариялағанмын. Қытай жаққа барған сайын өлеңдерін іздеймін, қолыма түспейді. Соңғы бір барғанда Қызырбектің:

«Жаңбырлы түн, екеумізде бір шатыр. Бір шатырда қосылып тұр сырға сыр. Өшпесін деп махаббаттың жалыны

Сен шатырда, менің жаным суда тұр», – дейтін өлеңіне жазылған əнді естідім. Бірақ, айтушы өлең авторын мойындамады. Сірə, жоқтаушысы жоқ ақынның өлеңдері əлде біреулерге қолжаулық болып кетпеді ме екен деген де ой туады. Айтпақшы, Қазақстанға өлеңін ерте жіберген ақын Омарғазы Айтан еді. Сонау 1957 жылы жолдаған «Табиғат философиясы» атты дастанын 35 жылдан соң «Шалқарда» жарияладық. «Мəдениет төңкерісінің» тауқыметін ол да аз тартпапты. Ақыры, ақынын аттырып, өлеңін өшірген сайқал саясаттың сыры да ашылды ғой... Жанашырынан айырылған жалғыз қашқынды (Секеңді) жарты ай қуыпты. Ең соңында құзға өрмелеген өлерменнің соңынан сайланған үшеуі түсіпті. Біреуі қазақ. Сəкең таниды. Талайдың обалына қалған оңбаған. Алда-жалда қолға түссе, мынау құздан сол қазақты құшақтай құламақ. Кенет кілт бұрылып, үстін атан арша жапқан бір жартастың жықпылына жасырына қалады. Екі қытай өте алмайды да əлгі қазақ қарғып шығады. Шығады да көреді. Бірақ бас-

─ 150 ─ салып ұстамай, көргенін аңғартып, төбесін екі-үш рет тепкілейді де, қытайша балағаттап, қайта қарғып кетеді. – Оқ тимей-ақ өліп қалғандай едім. «Апыр-ай, мынада да бір аяныш сезімі бар екен-ау», – деген өз даусынан ояндым, – дейді Сəкең. Одан əрі – Өрмегейті асуы. Моңғол Алтайы. Омбы қар. Мыңғы-дыңғы ми. Мимырт жүріс – Моңғол малшысының із қуған итінің арсылдаған дауысы... Алаңдап артқы жаққа қарап, аласұрып Атамекенге ұмтылып, босқынның бақылаудағы күнін кеше жүріп, сол елде моңғол тілінде үш роман, екі əңгімелер жинағын, қазақ тілінде екі өлең кітап, үш повестер жинағын шығартыпты. «Қара боран» дейтін қалың романы Қазақстанға өзінен бұрын жетіп, таратылып кеткен. Енді осы, көп пе,аз ба? Мен білгенде бұл – талант бұған, дарын қуған, арман асықтырған, тек, жазуға жаратылған адамның ғана қолынан келген іс. «Мəдениет төңкерісінде» қара тақтаға жазылып, қазақ зиялыларының мойнына байланған күнə «Үш отаудың басын қосу» екен. Сəкеңе жабылған жала да осы. Сол үшін он жыл отқа түсіп, 25 жыл жат жерде жаутаңдаған Сəкең, үш отаудың басын қоса алмаса да қазақтар кереге жайған үш елді өзі кезіп, ақыры 1993 жылы Қазақстанға оралды. Тек, тұрған жерінің рұқсатынсыз, мұндағылардың шақыруынсыз, əлде бір қайырымды отбасына тіркеліп келген Сəкең бірден орын тауып орныға алмады. Өмірінің соңғы бір-екі жылына дейін Түркияда тұратын отандасы Дəлелхан Жаналтайдың қала сыртынан сатып алған үйінде тұрды. Тек жазып, жариялап, жырлап жатты. 1996 жылы жазушының 70 жасқа толуына орай Одақта шағын жиын жасалды. «Сен бақыттысың. Арманыңа жеттің» десіп жатты біреулер. Сəкеңді бақытсыз деп мен де айта алмаймын. Тегінде, осынау жарық дүниеде тірі жүрудің өзі бақыт. Жазушының бақыты – дарыны. Жаратқан хақ оны біреудің басынан жарқылдатып ашады да енді біреулерді жылатып жүріп жарылқайды. Сəкеңнің маңдайына жазылғаны жылап жүріп жазу, еңіреп жүріп елге қызмет ету бақыты.

─ 151 ─ Ал енді, «Армансызсың» деу көңілдің сөзі емес, көлгірдің сөзі. Басқаның бəрін айтпағанда шекара дейтін сиқырлы сызықтың ар жағында боталары боздап, бер жағында өзі аңырап жүрген жан қалай армансыз болмақ?! Сол боталары бауырына енгенше, анау қалың керей Қазақстанға келгенше, тіпті, «үш отаудың басы қосылғанша» Сейітқан арманы сарқылар ма еді! – Жазыңыз, Сəке, – дестік, жансебіл ағамызға. – Өзіңіз үшін жазыңыз, аузындағысын айта алмай кеткен Қызырбек үшін жазыңыз. Жайған тор, құрған тұзақтан Байсал қарт босатып жіберген. «Ақиықтың ақырғы балапаны» Марқакөлге ұшып келіп, Құзғындарға ұя салып, жылына бір ақиығын ұшырып жатыр. Қəмиланың мұңлы мүсінін құтқарамын деп отқа түскен мылқау Бебенің де қолы жазылып, жаңа мүсіндер жасап жатқан шығар. Біле-білсек, Сіздің əр туындыңыз бір-бір балапаныңыз ғой.Сол рухани ұрпағыңыз бен адами əулеттеріңіз қауышқанша қажымаңыз.– дедік. «Атан түйеге – «əт-шу» деген де медеу». Жан-дүниесі жабырқап жүрген жанға жылы сөз де жебеу. Осыдан соң едəуір серпілген сезім аңғарылды. Қала іргесінен қарқарадай үйге ие болды. Сан жыл сарылып күткен ұлқыздарымен қауышты. Қазақ мемлекетінің азаматтығын алды. Қазақстанда болған қас-қағымдай сəтте екі үлкен роман, алты повесть жазды. Бəрі де ел тарихында аты қалуға ылайық ұлт тұлғалары – ХХ ғасырдың ғаламат батыры Оспан жəне абақ керейінің көсемі Шəріпхан Көгедаев туралы тарихи туынды. «Шалқар» екеуін де елге таныстырды. «Жер қорыған желгек шал Желіп жүріп боздайды. Бір қайғыны ойласаң, Мың қайғыны қозғайды» – деп дана Абай айтқандай, заманымыздың қабырғалы бір қаламгері желіп жүріп боздап, боздап жүріп, ұлтының мың мəселесін қозғап өтті. Өзінің ғазауатты ғұмырын ұрпаққа ғибрат етіп беріп кетті.

─ 152 ─ СЕРГЕЛДЕҢНІҢ СОҢЫ (Жазушы Жақсылық Cəмитұлының рухымен сырласу) Ұлы қытайдың сан жылдар бойы тарс жабылған үлкен есігі сыртқа қарай сақырлай ашылған алғашқы жылдары арғы бетке ағайыншылай барған Уақап Тоққұлов деген азамат «Алтай аясы» дейтін журналдың бірнеше санын ала келіпті. Соның біреуінен «Əке бейіті» деген шапшағын əңгіме оқыдым. Оқиға тым күрделі емес. Мəдениет төңкерісінің мазасыз тұсы. Елдің іске жарайтынының бəрін қақаған қыста да қанал қаздыруға алып кетіп, ауылда жас балалар мен қарттар ғана қалыпты. Сол жылдың қысы да сұрапыл болыпты. Ақпанның ақырып тұрған тұсында ауылдағы ақыл берер үш ақсақалдың екеуі араларына бір күн салып қайтыс болыпты. Азалы əжелер тірі қалған қартқа қолқа салыпты. Қол тоқпақтай қара шал қол шанасына отынбалта, күрегін басып алып, жығылып-сүрініп, əудем жердегі қорымға жетіп алады да, кешке дейін тоқылдатып тоң тесіп, жаққан оттың астындағы жібіген топырақты қазып, үш күнде бір шұңқырды əрең дайындайды да, екі мəйітті бір қабірге көмеді. Кейін балалары келгенде əлгі мүрдені екеуіне жеке-жеке көрсетеді. Бір қарттың ұлы əкесінің басына зират тұрғыза бастағанда екіншісі келіп таласады. Таласы жанжалға ұласып бара жатқан соң əлгі қол тоқпақтай қара шал қамығып отырып, болған жайды баяндайды. Екі жігіт «мынау далиған даладан бір уыс топыраққа таластырып қойған, қу заман-ай» деп еңіреп отыра кетеді. Осындай бір сұмдық оқиғаны бала кезімде мен де бастан кешкен едім. Онда екеу емес, 32 мəйітті əр қабірге екіден, үштен көміп, кейін кімнің əкесі қай қабірде, кімнің баласы кіммен бірге жатқанын айыра алмай, аңырап қалғанбыз. Есіме осы да оралып, əңгімені толқып оқыдым. Əуелі аязды қыстың суығынан да сұрапыл уақыт ызғары өн-бойымды бір ұрып өтті. Өлген шалдардан бұрын көмген шалдың хал-күйіне жаным ашыды. Еңіреп отыра кеткен екі жігіттің күйігі көкірегімді күйдіріп жіберді. Əлгі əңгімені алдым да

─ 153 ─ «Біздің отан» (қазіргі «Шалқар-2») газетіне жарияладым . Іле-шала Мағаздың «Өліп-тірілгеннің өмірбаяны» деген хикаяты басылды. Кейінірек ҚХР-дың Халық əншісі Хамит Ысқақ Жақсылықтың «Туған жер» деген əнін алып келді. Демек, Жақсылық қайта басталған екінші көштің көсемі ғана емес, шығармалары Қазақстанға өзінен əлдеқайда бұрын келген, сан жылдар жабылып қалған руханият қақпасын да теуіп ашып, Шинжиаң қазақ əдебиетінің көшін де өзі бастаған жазушы. Жақсылық Сəмитұлы сан қырлы қаламгер. Ол – ақын, сазгер, драматург (мен білсем, Арқалықты сахналаған, басқа да пьесалары болған), сыршыл, мұңшыл, шыншыл жазушы, үлкен публицист. Ол жақтағы басқа əріптестері сияқты оның басты тақырыбы да халық басына қасірет əкелген мəдениет төңкерісінің тауқыметтері. Оны жалаң жазбайды. Трагедия мен лириканы, қасірет пен махаббатты, сергелдең мен сезімдерді қатар өріп, өрбітіп, өрлетіп əкетеді. Тілінде түйткіл, сөзінде селкеу болмайды. Қасіреттің қатпар-қатпарында тұншығып қалған махаббатқа тыныс береді. Үзіліп қалған үміттің ұшығын жалғайды, сөніп қалған сезімге сəуле түсіреді. Кейіпкерлерін романтикалық иірімдерге тоғытып-тоғытып алады да, ең соңында жанның да, тəннің де лəззатына қандырып апарып, не өлтіреді, немесе, айнымастай етіп, жұптастырып жібереді. Оны сіз Қаден мен Айнисаның романтикалық өмірінен, Гүлсараның трагедиямен аяқталған тағдырынан, Сəлима мен Еркіннің, əйтпесе «Ақ тілектің» кейіпкерлерінің басынан көресіз. Жақсылықтың шығармаларын түп-түгел оқыдым деп өтірік айта алмаймын. Онда оның бəріне жорамал да жасай алмаймын. «Жұлдыз» журналының 8-санында Армиябектің Жақсылық шығармаларын əдебиет таразысына салып, сараптаған - сындарлы жазбасы жаряланыпты. Ол жақта əдебиет сыншысы ретінде танылған інімнің лебізін күтіп жүр едім, қуанып қалдым. Жақсылықты жақсы білгілері келгендер, сол мақаланы оқысын. Жақсылықтың бұл жақтағы шаруасы «Шалқар» газетінде

─ 154 ─ басталды. Əуелі басылымның бағытын, ел ауқымын аңдап, біраз жүрді де, «Азат елдегі алғашқы сөз» деген толғау жазды. Ол біздің алақайсыз сөз бастамайтын, мақтанусыз мақала жазбайтын, тəуелсіздіктің буына мас тұсымыз еді. Атамекенге келдім деген алақайы да жоқ, лепірмеген, ешнəрсеге шағынбаған, ешкімге жағынбаған, өзінің азаматтық тілегінің қазақ тəуелсіздігімен табысқанына тəубе айтқан, аса салмақты сөз болып шығыпты... Шинжиаңның сол тұстағы бір ұлығы (Шинжиаң Ұйғыр автономиялы районының төрағасы) Тимур Дауамат келіпті де, оған солтүстік өңірді көрсетпек болыпты. Соған əрі аудармашы болсын, əрі жер көрсін деп Жақсылықты қосып жібердік. Көкшетаудан əдемі екі новелла алып келді . Көкшенің көңілдегі кейпі мен өмірдегі көркін салыстырып, тек, ғашық көз, құштар көңіл ғана көретін, тəңри тылсымдарды аңғарып, сұлу сурет салыпты. «Хан Абылайдың қаражұрты (Абылай алаңы), Кенесарының үңгірі, Ақан серінің сұлу мүсіні тұрған киелі топыраққа тəу етіп, шуағына шомылдым»,– депті Газетте, «Елтану» дейтін айдар бар-тын. Сол бойынша «Қытайдағы қазақтарды» жазуды Жақсылыққа, Моңғолиядағыларды Абай Мауқараға, тағысын тағыларға тапсырдық. Тұрсынханға Субихайды аудартып жаттық. Жақсылық тақыл-тұқыл таныстыру емес, тұтас монография жазып, газеттің көп санына түгел жариялады. Осы еңбегі толықтырылып, кейін қауымдастық баспасынан кітап болып шығарылды. Сүйтіп «Шалқардың» аядай бетінен арна тартқан еңбек, арғы беттегі ағайындардың тарихы, этнографиясы, антологиясы іспетті, құнды қазына қатарына қосылды. Əр жазушының шығармашылық құпиясы, қызғанатын тақырыбы болады. Жақсылықтың жүрегіне жасырған құпиясы да, арғы беттен алып қашқан тақырыбы да Оспан еді ғой. Сол сырды басқадан құпия сақтаса да, менен жасырған жоқ. – Бір кезде күллі əлем алаңдаған Оспанды тек Қазақстан

─ 155 ─ ғана білмейді. Сонда сен бұл қазаққа нағыз Оспанды ұсынасың ба, əлде аңыз Оспан жасап бересің бе?– дедім бірде. Деректі жазба ма, əлде көркем дүние бола ма дегенім ғой, баяғы. – Оспан аса күрделі тағдырдың адамы. Өмірінде қайшылықтар өте көп. Оның бар сырын ашатын деректер бізде жоқ. Олар қытай архиптерінде, Тайваньда, Америка, Франция, Англияда, Ресей, Моңғолияда жатыр. Оған қол жеткенше нағыз Оспанды қойып, аңыз Оспан да ұмытылады. Оспанды бар қайшылықтан алып шығуға əлі жететін жанркөркем проза. Тарихты бұзбасам, шындықтың шегінен шықпасам, кейіпкерді өмір сүрген уақытының ауқымына сиятын, өз табиғатына үйлесетін сипаттармен толықтырып, қазақтың 20-ғасырдағы ең соңғы батыры, ұлты үшін жанын құрбан еткен қаһарманы етіп сомдасам, несі айып. – Ал, Оспан мен Дəлелханды қалай алып шығасың? – Ел не десе, о десін. Мен екеуін жауластырмаймын. Мақсаттарын іштей ұғысып, екі майданда ұлты үшін күрескен егіз тұлға түрінде алып шығамын,– деді. Мен қолын қыстым. Шынында, алқымнан алған басқа албастылар жоқтай, екеуі неге жауласуы керек. Біле білсек, Алтай төсіндегі алай-дүлей əрекеттердің бəріШығыс Түркістаның ба, Гоминдаң ба, Пантүркісі ме, панисламистерің бе, бəрі саяси спектаклдің ойындары емес пе еді! Сол саяси спектаклдің ойыншығына айналған, азабы мен мазағына ұшыраған ұлттың иесі Оспан мен Дəлелхан болатын. Екеуінің қаны да ұлты, жері, діні үшін төгілген. Онда неге екеуінің біреуі оң, біреуі опасыз болуы керек. Керемет шешім – кемеңгер шешім. Өз ұлтының тарихында дақ қалдырмаймын деген дана шешім. Сірə, тағдырластығымыз-мұңымыз бен сырымыздың ортақтығы шығар, біздің тақырыбымыз таусылмайтын еді. Қайда, қашан ұшыраса қалсақ, уақытты қысыр сөзге қор қылмай, əйтеуір, бір мəселені қозғай беретінбіз. – «Керейдің Жəкесі, меркіттің əкесі» болған бабаңды өзің неге жазбайсың,– дедім, Шинжиаңда шығарылып жатқан «Ұлы адамдар» сериялары туралы бір əңгіменің арасында.

─ 156 ─ – Жəкені жазуға менің өрем жетпейді,– деді.– Ол биліктің ең биігіне көтерілген, бір өзінің бойынан билердің бар жиынтығы табылатын, ақыл-парасаттың асқар биігіне көтерілген, дана тұлға. Оның түріне түр, сөзіне сөз қосқанды қойып, өз бойындағы бəрін жазуға шамам жетпейді. Өйтпесем «керейдің Жəкесінің, меркіттің əкесінің», өзімнің бабамның рухын қорлаймын. Ал, Оспан мені тал бесігімнен тербетіп оятқан тақырып. Өз дəуірімнің адамы. Біле білсеңіз, мені осы жаққа асықтырған əуелі Оспан, сонан соң Асқар Татанаев. Бұл жақта Оспан жазылмайды. Оған жəне ұлтшыл жазушы болмаса,ешкім бара алмайды. Онда не мен, не сен жазуың керек. Менің дəуренім өтті. Осыны өзіңнің парызың, менің аманатым деп біл де, тез кет, – деп асықтырды. Бұл сөз маған «біздің сергелдең» əлі аяқталған жоқ, соның соңына азат елге жетіп, өзің нүкте қой, дегенді аңғартты. Жазушы өз парызын орындады. «Сергелдең» бір емес төрт кітап болып шықты. Алғашқылары əр басылымнан аз таралыммен жарық көріп еді, енді төртеуі біріктіріліп, «Қаһарлы Алтай» болып қайта басылса құба-құп. Тек біздің қазақ əдебиетінде таланттыларды тірі кезінде көзге ілмейтін бір тəкаппарлық бар. Анау арғы беттің өзінде, баяғыда, ұлт əдебиетінің үздігі атанған, миллиардты мойындатып, мемлекет сыйлығын алған Жақсылықтың бір дəуірдің эпопеясындай еңбегі сый алғанды қойып, біздің тарландарымыздың көзіне түсіп, дуалы ауыздарға əлі ілінген жоқ. Баяғыда Хасен Оралтайға «Алаш» сыйлығын ұсынғанда, «Сіздерде өлгендерге де сыйлық беретін салт бар екен. Мына сыйлыққа мен лайық емеспін. Осыны Мұстафа Шоқайға беріңіздерші» деп бас тартқаны бар еді. Бізде ондай дəстүрдің бар екені рас. Онда, осы əңгіменің бір тоқтамы түрінде Жақсылықтың бар шығармасының толық жинағын шығарып, мемлекеттік сыйлықтың келесі кезегіне ұсынайық деген ұсыныс жасаймын! Жазушы Жақсылықтың, қажы Жақсылықтың рухына иман, ұрпақтарына үзілмейтін ұласу, рухани мұраларына ұмытылмайтын өмір тілейміз!

─ 157 ─ АҚЫЛМАН АҒАЛАР

Біздің ағаларымыз (өзіміз де) тентек, теріс ғасырда ғұмыр кештік. Ол кезеңнің бүкіл ғаламдық ғаламаттарын былай қойғанда, ұлы бір империя өмірге келіп, өліп те тынды. Біздің ағалар сол империяның қып-қызыл қырғынына ұшырап, қанды соқпақтарды шылқылдатып басып, шалпылдатып кешіп өтті. Сөйтіп жүріп, азаматтық ұлы миссиялар атқарды, ұрпақ сақтады, оларды атамекенге қарай орайластырды. Олар сонымен даңқты, сонымен бақытты еді.... Төгісовтерден мен Мұсылманбек Əбділдабекұлын біршама білемін. Əнуарбекті танимын, екеуі де өр Алтайда із қалдырған азаматтар. Тегінде, Алтай тарихында біздің ағаларымыздан бөле қаралмайтын, дауға салып, дабыра туғызбайтын бір шындық бар. Ол ғылым-білімге ерте ұмтылған қазақтың басқа өлкелерінен көш кейін қалып, томаға-тұйық күн кешіп жатқан елде халықты ағарту, мəдениетке жетелеу, əлеуметтік жаңарту қызметін атқарғандығы. Айталық, Алтай халық ағартуының қара шаңырағы саналған жалғыз «Абақия» мектебінің (1904 жылы Бітеуіргеде ашылған Мəми мектебі) төрбасында Сейтқазы Нұртаев дейтін зиялы ағамыз отырды. Троицкідегі «Расулия» мердресесінен, Омбы гимназиясынан білім көрген тарлан. Ұлтымыздың ұраншылдары Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың үзеңгілесі. Əуелі империялық жүйеге наразылығы, кейін, 1905 жылы «Қарқаралы петициясын» ұйымдастырушылардың бірі болғаны үшін қуғынға ұшыраған. Семей даласын сағалап жүргенде Абақ керейдің əйгілі биі Мəми Жұртбайұлы өзі ашқан мектебіне шақырып (1909 ж.) алғызған оқымысты. Қазақ балаларын бесігінде тербеп, оятқан Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық» ұранын тік көтеріп, ту шығыста «Сауатың ашылмай – санаң ашылмайды» деп саңқылдаған саңлақ.

─ 158 ─ «Қараңғы қазақ төріне Күлімдеп шығып күн болам. Қараңғылықтың кегіне Күн болмағанда кім болам» – деген Сұлтанмахмұдтың антын Өр Алтайда орындаған ақылман. «Ақбақияның» жадидтік оқыту жүйесін – дінді де, пəнді де қоса оқытатын жергілікті халықтың жағдайына, мінез-құлқына, ұғым-танымына қолайлы нұсқасын жасаған жаңашыл ұстаз. Абақ керейдің ХХ ғасыр басындағы азаматтардың бəрі осы ұстаздың алдынан шыққандар. Алтай халқының оқуға, мəдениетке үдере бет алған тұсы 1933-1940 жылдар аралығы. Бұл – Шəріпхан дəуірі деп аталады. Шəріпхан – хан тұқымы. Əбілпейіз сұлтаннан керейлердің қалап-сұрап алған Көгедай гүңінің (князінің) бесінші буыны. Хан құзыры тəрк етілген тұста халықты əмірмен емес ғылыммен жетелеуге бет бұрған, қазақты халық ретінде қорғап, ұлт ретінде сақтап қалуға тəуекел еткен тұлға. Аймаққа Шəріпхан генерал-губернатор болып келген тұста елді экономикалық-əлеуметтік көтерудің, білімге жаппай жұмылдырудың үш алғы шарты пайда болды. Ең əуелі, өлке билігінің басына келген Шыңшисай біразға дейін кеңес Одағымен оңды қарым-қатынас жасап тұрды. Екінші – Қазақстан латын жазуына көшіріліп, араб əліпбиінің базасы, онымен дайындалған оқулық кітаптар, баспа құралдары босап қалды. Ең маңыздысы – Қызыл саясаттың қаһарына ілігіп, қуғын көрген оқымысты-зиялылардың бірталайы осы аймаққа шоғырланды. Жас көсем осы факторларды жақсы пайдаланды. Қазақстанмен дербес байланысқа шығып, белгілі бір мерзімге несие алып, елді тұрмыстық керекжарақпен жабдықтады. Оқу құралдарын, баспа машиналарын, ауыл шаруашылығының техникаларын алдырды. 1934 жылы аймақ орталығы Сарсүмбеде тұңғыш рет мұғалімдер дайындау курсы ашылды. Кейін ол екі жылдық педогогикалық мектепке айналдырылды. Оның оқу-

─ 159 ─ тəрбие жұмысына ақылшы ретінде үлкен ұстаз Сейтқазы Нұртаев шақырылды. Аймақ əкімдігінің мəдени-ағарту жұмысы жөніндегі кеңесшісі Зият Шəкерімұлы курстың ұйымдастыру жұмыстарын басқарды. Оқытуға – Кəрім Дүйсебаев, ағайынды Қамбар, Шабдан Ережеповтар, ағалыінілі Сұлтан, Сəлім Жаназаровтар, Садық Мұқанов, Ғалым Құсайынов, Құсайын Мазақов, Ахметзəки Өжікенов, Мырзахмет Өжікенов, Мырзахмет Мұхаметжанов, Мамырхан Шоқаев, кейінірек Назыпхан Шəмілов, Ғинаят Сахабаұлы жұмылдырылды. Аймақ халқын ағартудың, мəдениетін көтерудің сол зор толқынына осы тұста (1935 жылы болар) 19 жасар Мұсылманбек Төгісов келіп қосылды. – Жолың оң болсын, жас жігіт! – деп жылы қабылдапты Мұсылманбекті, алып тұлғалы, алтын иықты генерал-губернатор. – Орысшаң жақсы екен, саған жүктер жұмыс көп... Тектіні текті түсінеді. Бəлкім, Өр керейдің Көгедайы мен Төр найманның Шаянбайы шендесіп жататын атақтар да еске алынған шығар. Жат деп жатырқамай, жас деп жасқандырмай, қашқын деп қабағын сындырмай, бауырға тартқан бас генералдың батасын алған Мұсылманбек саусағынан өнер шашып, Өр Алтайдың өзегіне кіріп кете барды. Ту басында біздің ағалар ұстанған ой-сана жорығы жосылып отырып 1940 жылға жетеді. Осы аз мерзімде, бұрын саусақтың санынан аспайтын мектеп 88-ге жетті. Сарсүмбеде қазақтың ғана емес, қытайдың, дүңгеннің, ұйғырдың, маңғұлдың, орыстың мектептері ашылды. Жетімхана жабдықталды. Əр ұлттың мəдениет ошақтары көтерілді. Осының бəрінде Мұсылманбек Төгісовтің айтаңбасы жатады. Ар жағынан саясат сыр беріп тұрса да социализм шіркін «Ешнəрсе ұмыт болмайды, ешкім ұмытылып қалмайды» – деп жаза беруші еді ғой. Сол социализмнің суыртпағын сабақтап келе жатқан қытай-қазақ зиялылары өлке мəдениетінің өткен-кеткенін анда-санда еске алып қояды. Шыңжан қазақ əдебиетінің негізін салушылардың бірі, ақын, драматург, этнограф Асқар Татанаевтың

─ 160 ─ (Мұсекеңнің дос-жолдасы), мəдениет қайраткері Мəлік Шипанның, зерттеуші ғалым Қабдеш Жанəбіловтың жазбаларында Мұсаның іс-қызметтері де əр қырынан айтылады. Бұл саланы саралап жүрген басқалар да бар болар. Ал Шыңжан-қазақ мəдениетінің үрдістері біртұтас қазақ мəдениеті тарихына өз сыр-сипатымен қосылатын үлкен арна. Қазақ ғылымында оның орны əзірше айтақыр күйінде жатыр. Оралмандар ала келген кітаптардан, əйтпесе, бірер рет барған экспедицияның жүрдім-бардым жинаған ауыз əдебиетінен аса алған жоқпыз. Егер бұл тақырып шындап зерттеліп, ғылыми айналымға шықса, өздері шер жұтып жүріп, шеттегі ағайынның сауатын ашқан ағаларымыздың рухани əлемі ашылып, тұлғалары толық көріне түсері даусыз ғой! «Қайран, Алтай!». Біздің құлаққа бесікте сіңген сарын, жүрекке жөргекпен оралған арман еді. Бəлкім, туған Алтайға оралған соң, ол сағыныш сарқылған шығар. Енді, өскен Алтай аңсарыңды аударып, кері сағыныш болып, санаңды сілкіп-сілкіп қалады. 1946 жыл. Тұл жетім түрінде əкемнің інісі Түсіпхан ағамның қолына барғам. Туған ағасының жалғыз тұяғына ықыласы қатты ауды. Үстімдегі қатпа тон, көн етікті күресінге лақтырып тастап, қаланың қаратаяғынша қатырып киіндірді де өзі басқаратын аймақтық «Жер-су» мекемесіне хат көшіруші етіп (13 жастамын) отырғызып қойды. Балауса сезім бəріне елеңдейді. Алып тауларды опырып ағатын Қыран өзенін бойлай орналасқан Сарсүмбе маған ертегінің Мысыр шаһарындай. Көшелері кең, қанбазары қызу. Кино деген киелі өнерді алғаш рет осында көрдім. Қысы жазынан сұлу. Үп еткен жел тимейтін ұлы аңғарда жауған қар ақ ұлпа, кіршіксіз таза күйінде жатады. Тақтақ көше, тағалы ат, табаны темір кашовка (жеңіл шана). Басшының да, байдың да, бидің де, серінің де, əскердің де сəні – сəйгүлік. Таңертең «так-такпен» ер-тұрман салып, шегіндіріп тəртеге енгізіп, жегесің де дəу қақпаны айқара ашып, делбені қағып қаласың. Жемге бөгіп, желігіп тұрған жіңішке жирен тайғақ

─ 161 ─ мұзға тағасы қарш-қарш қадалып, жұлқа тартады. Түлкі малақайдың қос құлағы делдиіп, сенің де делебең қозып кетеді. Еріккені, еркесі, тіпті, ел бастаған серкесі де бар, топтасып, кейде қаланың бас жағындағы жазыққа шығып, сəн салыстырып, сəйгүлік жарыстырып, сақылдаған аязға қарамай сейілдеп қайтады. Мұсылманбек Əбділдабекұлын мен 1947 жылдың қоңыр күзінде көрдім. Ол – сүйікті қаланың сəні кетіп, тұтас аймақта алай-дүлей бір оқиға болып өткен тұс еді. Аймақтың дербестігі, абақтың еркіндігі үшін көп жыл күрескен, аты шулы батыр Оспан Исламұлы өзі құрысқан Шығыс Түркістанның батысшыл бағытын ұнатпай, теріс қарап кеткен. Сол Оспанның оспадар жасақтары аймақты аяқ астынан тартып алған. Үкімет ғимараттарын талқандаған, банкті тонаған, мектептерді қиратып, оқулықтарды өртеген. Сидам киінген сыпайы жігіттерді сабап, жалпы халықты, оның ішінде «орыстарды» рақымсыз тонаған. Қарадай қантөгістен қашып, уақытша стратегиялық шегініс жасаған генералмайор Дəлелхан Сүгірбаев тұп-тура бір айда (19.09.1947– 22.10.1947) аймақты қайта тазартқан. Сол жолы бұзық пиғылдарды түзету, үзілген жүйені жалғау, бүлінген шаруаны жөндеу үшін бірталай кеңесші-көмекшілер ала келген. Мұсылманбек, Əнуарбек Төгісовтер солармен бірге келген. Əнуарбек қауіпсіздікті қорғау жүйесіне (сақшыға) жіберілген де, Мұсылманбек аймақтық мəдени-ағарту басқармасын қолына алған. Басқа сорақылықтарын айтпағанда, сотқарлар 60 мектепті талқандап, оқу құралдарын өртеп кеткен. Басқа шаруаның бəрінен бұрын балалардың оқуын жалғастыру мəселесі алға шыққан. Бүлінген мектептердің ілікке жарайтындарын тез жөндеп, оқулықтар алғызып. Не бары екі айдың ішінде (желтоқсан айында) барлық жерде оқу басталған. Ол өз алдына, қалада жетімхана ашылып, ересектер арасында сауатсыздықты жою қимылы басталған. Осының бəрі Мұсылманбек Əбділдабекұлының басшылығымен жүзеге асқан. 1948 жылы «жалпыға бірдей бастауыш білім алудың

─ 162 ─ міндетті жүйесі» жасалып, оны қадағалайтын комиссияны басқару тағы да Мұсекеңе жүктелген. Бұлыңғыр өлкенің буалдыр аспанынан надандықтың қара бұлтын сейілтемін, күңгірт көкірекке білім сəулесін енгіземін деп жүріп, қытайдың қараңғы зынданында бес жылға жуық жатып шыққан азапкер азаматтың Алтайға қарай басқан қадамы осылайша басталған. *** «Ескіні жамағанның есі шығады». Ескіні еске түсірсең не есеңгірейсің, немесе көңілдің түкпір-түкпірін тінтіп, бір тыныстап қаласың. Мұсылманбек Төгісовтың төңірегіндегі қайран ағалар қатар түзеп, қарсы алдыңда тұра қалады. Əбдірахман Тоққұлов, Төртуылдың көшпес тармағы. Қазанның қара дауылында арғыбет асып, Буыршын қалашығын мекен тұтқан. Саудасы күсет, сауатты көпес. Сов-Син торгтың (Совет-Синьцзян саудасының) ресми өкілі. Екі жаққа да қалыс қызмет адамы. Алтайдағы ылаңнан кейін халықты тыныштандыруға күш салған қайраткер. Содан ұзақ жыл (1947-1959 жж) аймақтық үкіметтің орынбасары болған лауазым иесі. Тым жарқырап көрінбейтін, сөзі сынық, көңілкүйін «қық-қық» деген күлкімен ғана аңғартатын, пайымды, парасатты, абыз ақсақал. Ками Асылқанұлы, Төртуылдың жақауы. Зайсаннан «алты жыл орысша, алты ай ғана қазақша оқыған білімі» бүкіл өміріне жеткен жетелі азамат. Керейдің кермиық бір басшысы Мəңкей Мəмиұлымен сыбайлас жүріп, сезікке ілініп, гоминдаң түрмесіне ең бірінші түскен «күнəкар». Шығыс Түркістан тұсында Алтай аймақтық сақшы бастығы болған. Кейін Үрімжі аймағының Уəлиі, өлкелік мал шаруашылығы меңгермесінде министрдің қызметін атқарған ірі тұлға. Омархан Есімханұлы, Төртуылдың көшпесі. Орысшаға жетік, инженер-энергетик. Аймақта тұңғыш су-электр станциясын салған.

─ 163 ─ Түсіпхан Мағзиұлы, орысша сауатты. Қара Ертіс совхозының “Ақарал” бөлімшесін басқарып жүргенде «құлақ» болып қуылып, Бетпақты кезіп, Мырзашөлден бірақ шыққан «тап жауы». Шотаяқ трактормен Мақтаарал тыңына түрен салған, механизатор – тұтқын. Мерзімін өтеп қайтқан соң, босып кеткен туыстарының соңынан шекара асып кеткен (1936 ж). Ол жақта қайта ұсталып, кеңеске қайтарылғалы жатқанда ғайыптан аман қалған тағдыр. Тағдыр демей немене? Дəл осы сəтте Шəріпхан Кеңес Одағынан бір жүк машинасын алады. Оның тілін білетін тірі пенде табылмайды. Сол кезде түрмедегі Түсіпханды табады. – Кеткенім осы деп ойладым, – деуші еді жарықтық, Шəріпхан шақырады дегенді естігенде. – Кетпейсің, – депті Шақаң. – Менің машинамды жүргізесің. – Мен шофер емес, тракторшымын, – Жүргізіп, тоқтатуын білсең болды. Сөйтіп аймақтың тұңғыш жүргізушісі болып шыға келген. Алтай аймағы Қазақстаннан ауыл шаруашылығы техникасын, асыл тұқымды мал ала бастапты. Ертіс көтерілгенде оларды Бораннан (Қазақстан) Буыршынға жеңіл кемемен жеткізеді екен. Ол техникаларды баржадан түсіріп алатын да Түсіпхан болыпты. – Алғашқы тракторды баржадан түсіріп алған сəт есімнен кетпейді, – деуші еді, қайран Түсем. – ХТЗ-ны арылдатып, күрсілдетіп Буыршынның қызыл құмын бұрқылдатып жиекке шықтым. Шағын қалашықтың бар адамы жиналып қарап тұр. Бұрқыраған құмға көміліп, бұлқынған темірдің соңынан еріп те келе жатыр. Дəл осы сəтте өзімді космостан түскен корабльдің командиріндей сезіндім.... Сол темір-терсектің бəрін жинап, Əбитаннан заимке (егіс алқабы) ашады да оның иелігін Түсіпханға береді. Елден азамат жинап, механизатор дайындайды. Оқыған таракторшы, оқымаған жүргізуші, қара жердің қыртысын аударудан басқасын білмейтін Түсіпхан енді аймақтың «оқымысты» агрономы болып шығады. Осыған енді Əбитан тоғанын

─ 164 ─ қайта тартып Шеміршекке жаңа канал жеткізген «суинженерлігін», Алақақ жазығына жаңа қалашық тұрғызған «сəулетшілігін» қосыңыз. Сол Түсіпхан Мағзиұлы 19451955 жылдары аймақтық ауылшаруашылығы бастығы болып қызмет атқарды. Осы ағалар – Əбең, Қамаң, Мұсан, Омархан, Түсіпхан – «ақыл ауыстырып, ырыс жұғыстырып» бірыңғай жүруші еді. Менің мəртебелі қызметім осы ағалардың қолына су құюдан басталып еді. Жүріс-тұрыстары, сөздері, мінездері, қайырыммейірімдері тіпті, қаһарлары да өнеге еді. Сырласқанда мұңның мың қабатына түсіп кететін. Соларша сөйлегің, тіпті, тостаған түбіндегі сырқыттарын қағып жіберіп, соларша қызара бөртіп жүргің келетін еді. Өзара орысша жосылта жөнелгендерінің өзінде жанданып, мақтанып қалатын едік. Сірə, бұрынғы ақ гвардияшылардың қалдықтары болар, қаланың бас жағында Василий дейтін семіз орыс, əлде поляк, əлде беларус Карпей дейтін де болды. Василий сыра қайнатады. Карпей 95 гардустық спирт ағызады. Біздің ағалармен тамыр-таныс. Солардың мейрамханасынан ағаларымды кашовкаға тиеп алып, жіңішке жиренді жініктіріп, үйді-үйіне таратып келгенде ұлы бір қызмет атқарып тастағандай сезінетін едім... Қайран ағалар аясында өткен балалық ғұмырдың кей сəттері осылайша еске түседі. *** 1948 жыл. Баж (салық) жинайтын бір топтың есепшісі болып, ел ішінде жүргем. Шұғыл шақырумен қалаға түстім. Сол жылы Құлжада ашылған ең үлкен оқу орны «Білім жұрты» гимназиясына жіберетін оқушылардың іріктеу жұмысы бітіп, балалар (23 адам) аттанғалы жатыпты. Мектеп өкіліне (Шамей мұғалім) өзімді сынатып көрдім де Мұсылманбек ағаға жүгірдім. – Сені іздеткен менмін, – деді. – Ертең бір машина жүреді. Қуып жетесің. Дайындал!

─ 165 ─ Сын тапсырғам жоқ, білімім төрт амалдан аспайды. Сенген жоқпын... Таңертең бүкіл аймақтағы генералдың жалғыз жаңа «пикабын» зырылдатып, Балғынбек деген əдемі шофер алды да жөнелді. Балаларды Буыршында қуып жеттім. Балалардың білімі ала-құла. Көбі бастауыштан аспаған. Гимназияның шартына толмаған соң, «Алтай сыныбы» дейтін арнайы сынып ашып берді. Жүремелдете оқып, екі жылда төрт жылдық бағдарламаны игеріп, кең тармақты (бірталай мамандықта) білім алдық. 1950-1951 оқу жылында алтайда алғаш рет орта мектеп ашылды. Сол мектептің оқытушылары бұрынғы САГУ-ліктер (Махат Қабылов, Камал Ибыраев) мен «Білім жұртының» биылғы түлегі біз (Медхат Разданұлы, Аби Оразов, мен, кейін Батай Кəкенов келді) болдық. Мектеп директорлығын Мұсылманбек Əбділдабекұлы қосымша атқарды да, оқу ісін Мамырқан Шоқаев жүргізді. Ағалар эстафетасын біз ілгері алып кеттік. *** Есте жүрген екі-үш сəт. 1947 жылы қайта орныққан үкімет халықпен дидарласу жиынын өткізді. Сарсүмбедегі Кеңес консулы да қатысып, əрі құттықтау, əрі əлем ауқымын аңғарту райында ұзақ сөйледі. Мұсекең соған ілеспе аударма жасады, кейбір маңызды сөздерді орысша жеткізіп тұрды. Қара қазақтың сары орысша сайрағаны тамам жұртты таң қалдырды. *** Қытай – қазақ мəдениетін жазғыштар Алтай сахнасына алғашқы шыққанның бірі Төгісов еді дей береді. Бəлкім, солай шығар. Менің білетінім мынау. жылы Шыңжанға барған Қазақстан өнер қайтаркерлері Алтайға келеді деп естіп, соларға көрсету үшін Ғалым Құсайыновтың «Бөгенбай» пьесасын дайындадық.

─ 166 ─ Кəсіпқой əртіс жоқ. Бəріміз əуесқой жастармыз. Бас режиссер – Мұсекең, дайындаушы режиссері – Қасымбек Ақтанов. Аймақтық баж мекемесінің бастығы. Екеуі де өнер қуған адамдар емес, бірақ екеуі де кəсіпқой режиссердің қабілетін көрсетті. Кейіпкердің суретін сомдау, мінезін ашу, сөз екпіні, емеурін, тұспал, дауыс ырғағы, қимыл-əрекет құбылысы дегендерді грамматикадан əрмен үйретіп, бізді сахнаға алып шықты. *** Сол жылы жазда коммунистік Қытайдың «Үш секіріс» атты науқаны басталды. Аймақ ағартушылары түп-түгел қалаға жиналып, екі ай кергілесіп, жырғыласып алды. Соңында табы-ары таза, «ақылы толық» деген бірнешеуімізді Үрімжідегі партия мектебіне жіберді. Сол «пəктік» пакетінің ішіндегі жолдама-мінездеменің соңында Мұсекеңнің қолы тұрды. *** 1955 жылы 23 мамыр күні аймақта ең бірінші болып біз Қазақстанға қайттық. Бұл тұста Мұсекең Кеңес азаматтары қоғамының төрағасы болатын. Өмір бойы аңсаған, отанға оралу құжаттары, тағы да Мұсылманбек Əбділдабекұлының қолымен жазылды.

─ 167 ─ ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР (Толғау) Тəуелсіздіктің тұғырын орнықтырып алдық. Рухани əлемге айқай салып, біз оны «Ақтаңдақтарға» дым бүркіп, дəрі себуден бастап едік, Құдайға шүкір, алапестей ала-құла тəнге өң кіріп, жарақаттар жетілген терінің астында қалды. Одан ұрандатып, құрандатып жүріп, аруақтарымызды оятуға, тарихымызды тірілтуге кірістік. Намысымызды қамшылап, жанымызды біраз желпіндіріп алдық. Үй басы болмаса да, ауыл басы бір-бір əулиеміз бар екен, бəсекелесіп жүріп бəрін-ақ ояттық. Осылармен осы ғасырда елге келген ылаңдар мен қасақы қырғындарға қыр көрсеттік. Нақақ төгілген қаннан жиіркеніп, жазықсыз қырылған жандарды еске алып, ескерткіштер орнаттық. Нəубеттердің тегін тексеріп, тəубемізді үйірдік. Еліміздің еңсесін, өзіміздің мəртебемізді көтеретін монументтер тұрғыздық. Осының бəрімен тоталитарлықты табалап, таптап өттік. Осылар арқылы кеңестік керзаманның күлбетін ашып, кердеңдердің кеудесін басып тастадық. Осы екпіннен жасқанып, топқа кіріп, тобырдың бірі болып, бұғып қалған ардагерлеріміз де болды. Тек, əйтеуір, тасқынды асқындырмай, арнасына бұрып, сабасына қайта түсірдік. «Қытай неге күнде той жасамайды? Орыс неге өлгенін жоқтамайды, ағылшын неге аруағын шақырмайды?» дестік. «Жұрт тұралап жатқанда, бұл не қылған дарақылық?» деп дауыс көтердік. Ақылға тез келетін əдетіміз бойынша мұны да «қазақы қарадүрсіндігіміз» деп біліп, тез тиыла қалдық. Қарасайдан кейін ешкімнің аруағына бас тартып, ас берген жоқпыз. «Оу, қытай мен орыс аруағы аяққа басылмаған, тарихы тапталмаған халық» десек, оларды əспенсітіп, өзімізді бəсеңдетіп алатындай сезіндік. «Қайыршыға берген қайыр – садақадай, атаңа арнаған құдайы асқа осынша неге тарылдың? Онсыз да тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп жатқан жоқ па, қайран қазынаң?» деуге жасқандық. Ал енді, «Өлгенімізді түгендейміз деп жүріп, тірімізді

─ 168 ─ төмендетіп алмайық» дегеннің жөні басқа еді. Сол үшін де Елбасымыз биылғы жылды «Ұрпақтар сабақтастығы» деп атап, өткеніміз бен жеткеніміздің жібін үзбей, жалғастырып əкетуге жағдай жасап берді. Бұқаралық ақпарат құралдарынан, радио, теледидарда тығылып қалған тұлғаларымыз көп көрінді. Көзі жоқ демей, жеңімпаз жауынгер Рақымжан Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді. Басқа да артық - кемімізді тəуелсіздігіміздің өзі таразылап жатыр. Жуықта «ҚазақстанІ» телеарнасының экранынан өзіміз еңбек еткен кезеңнің ірі бір тұлғасы Шəнгерей Жəнібекұлы жылт етіп өте шықты. Табиғатында қызыл сөзге құлқы жоқ ағамыздың қадау-қадау ойларының өзінен от алғандай болдық. 1964 жыл. Тың туырылып, «Қырманы қырдай, қызылы таудай» болып жатқан шақ. Қазақ жері биыл үшінші, əлде, төртінші миллиард күтуде. «Барлығы майдан үшін» деген жеңімпаз ұран бүгін «Барлығы астық үшін!» дегенге ауысқан. Бір Қазақстан ғана емес, бүкіл Одақтың атасынан ботасына, данасынан қарасына дейін астық үшін айқасқа шыққан. Қазақ радиосының тілшілер тобын бастап, бір айлық іссапармен Қостанай облысына барғам. Бұл тыңның туы тым биік көтерілген өлке. Қырман басы, астық алқабы, элеватор, тасымал керуені абыр-сабыр еңбек. Қалаға кəсіпорындар мен қоғамдық ұйымдардың науқанға қатысы жөнінде ақпарат іздеп, анда-санда бір соғамыз. Бастықтар орындарынан табылмайды. Бас штаб - қалалық партия комитетінің өзінде керек адамыңа жолығу қиын. Есігін үш-төрт рет аңдып жүріп, қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Шəнгерей Жəнібекұлымен жүздесудің сəті түсті. Ат жақты, ашаң жүзді, дөң мұрынды, ұзын бойлы, аса салмақты хатшы сəлемнің өзін созбақтатпай, оң қолының алақанын төмен қаратып сілтеп, орындық нұсқады. Ауырлығы 16 килограмм темір сандықты - репортерді иықтан түсіріп, сұхбатқа кірістік. Қойған сұрақтарға емтихан тапсырған студенттей тақ-тұқ жауап қайтарады.

─ 169 ─ – Миллиард биыл болады, – деді соңында.- Ал, сіз оның қандай сан екеніне назар аудардыңыз ба? Бір-бірлеп санаса бір адамның ғұмыры жетпейді. Бір пұт дəн бір адамның ай жарымдық азығы. Сонда бір жаздың жемісімен қанша жанды асырап жатырмыз?! – Сөз бітті. «Өмір жолыңыз...» дей бергенде қос алақанын бірдей ұмсынып, қабырғадағы сағатқа қарады. Небəрі 15 минутта мен қара сандықтың қақпағын жаптым. Шəкеңді көрсем-ақ менің есіме осы тың түсіп кетеді. Біз оны да «қазаққа жасалған қастық. Өрісімізді тарылтып, қонысымызды қопарып, жерімізді жел мен күнге жегізді» деп күстəнəладық. Сұңғылалар бəлкім мұның астарынан да əлде бір апат аңғаратын шығар. Бірақ, сол өлке қазір түп-түгел өз еркімізде ғой. Сол өріске қайта түскен мал, сол қонысқа қайта қонған ел бар ма? Жыл сайын бір миллиард адамды бір жарым айдай асырайтын астық жинап келген Қазақстан халқы, сол тыңның даңғайыр диқандары бүгін неге бір түйір дəнге зəру болып қалды? Ауылдың бүгінгі қал күйін кімнен жасыра аламыз? Миллиард пұт астық, елу миллион қой деген тіпті асқақ ұран болса да елді үмітке жетелеген, игілікке ұмтылдырған еді ғой. Шынын айтсам, мен кейде осындай үмітті ұранды да іздеймін... Кейін білдім, Шəнгерей Жəнібекұлы бұл қызметке осыдан бір жыл бұрын Рудный қалалық атқару комитетінің төрағасы лауазымынан жоғарылатылып келіпті. Оның алдында төрт жыл қалалық партия комитетінің екінші хатшысы болыпты. Өмірбаянының одан арғы жазбаларынан табаны күректей бес жыл əскери қызметте болып, жорық жолдарынан өткенін, жеңістен соңғы жылдардағы жемісті жұмыстарынан, Мəскеудің жоғары партия мектебін тауысқанынан, осы кезге дейін-ақ сан орденнің иесі, сан атақтың саңлағы болғанынан дерек береді. Телетілші Шəкеңнің зейнеткерлікке шыққан соң атқарған Соғыс ардагерлерінің Республикалық кеңесінің төрағасы болған кезеңдегі қызметіне қызықты. Ардагердің борышы – жас ұрпаққа отаншылдық тəрбие

─ 170 ─ беру, – деді, – Отаншылдық Тəуелсіз Қазақстанға өте қажет. Бірақ қазір сол қасиетті сөз қай баланың құлағына кіргелі тұр. Отаншыл ұрпақ өсіру үшін оларды ең əуелі отаны аялауы керек. Бүгінгі жастарға алдымен жұмыс, сонан соң осызамандық білім қажет, деп түйіндей салды. Мейлі, ендеше, біз де Шəкеңнің зейнеткер кезеңіндегі зерделі істерін еске алайық. Шəнгерей Жəнібекұлы 1989 жылы КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланып, Одақ ыдырағанға дейін оның Ұлттар кеңесінің мүшесі болды. Ыдырау қарсаңында Ресей «данышпандары» жан таласып, одақтас республикалардың жерлеріне жармасқанын жұрт əлі ұмытқан жоқ. Қазақстан шекарасы туралы мұхиттың арғы жағынан Солженицын келіп жағы сембей жарапазандады. Горбачевтің өзі ақылдан адасты. Сəл ушықса от тұтанып кетердей жағдай жүз берді. Бұл мəселе Елбасын алаңдатты, қоғам ұйымдарын қозғады. Халық қалаулысы Шəнгерей Жəнібекұлы мінберге көтеріліп, туған жеріне төнген қатерге кеудесін қарсы төсеп, ел атынан ердің кесімін айтты. Соның арқасында қатер айығып, қалыпты келісім жасалды... 1990 жылы Қазақстан Республикасы құрылғанының 70 жылдығы мерекеленді.Осыған алыс шет елдерде тұратын қазақтардан қырық шақты адам шақырылды. Қытайдан, Монғолиядан, Түркиядан, Ираннан, Ауғанстаннан, Иорданиядан, Еуропаның бірнеше елінен келді. Той тарқады. Қазақстан үкіметі атынан Республиканың зияпат сарайында отандастарға салтанатты қонақасы берілді. Қазақстан əлі егемен бола қоймағанымен мұндай мемлекеттік рəсімге сыртта жүрген қазақтардан сонша адам шақыру ұлттық ұлы жолға беталыстың белгісі түрінде көрініс тапты. Дастарқан жиярда Түркиядан келген діндар Халифа Алтай аса мəнерлі мақаммен құран оқып, ұлт рухына, қазақ елінің болашағына бата жасады. Құдай сөзінің құдіретіне жұрт ұйып қалды. Əркімде əр қалай қиял туды. Дастарқан басқарып отырған Министрлер Кеңесі төрағасының сол тұстағы орынбасары Күмісжан Өмірбаева мен Шəнгерей Жəнібекұлының

─ 171 ─ жүздерінен əлде қалай құбылыс іздедік. Қобалжу емес, қызығу, риясыз рай аңғарылды. Ақбатаға алақандарын стол астынан жайып отырған құдайсыздар да болды. Қызыл империяның қып-қызыл сарайында осы ғасырда оқылған алғашқы құран қабыл болсын, дестік. Мұсылман үшін əрине, бұл онша ірі құбылыс болмағанымен дəл сол тұста дəуір мəнді іс еді. Біріншіден, шашырап кеткен шерменделердің өз мемлекеті тарапынан айырықша шақырылуы. Екіншіден, жиіркенішті болып кеткен діннің одан бездірген күштің дəл жүрегінде азандата шапқан алғашқы ашық шабуылы еді. Ал оны айтулы қайраткерлердің, ұлы атеистердің ұйып тыңдауы ділдің дұрыстығын аңғартар еді. Саны əлемдегі ұлттардың соңғы жағында тұратын қазақ сандалу жөнінен ең ұлы ұлттардың алдына шығып кеткен ғой. Ағайынның аға бауырдан тірі айрылуының қасіретін бастан кешкендер ғана біледі. Шындап келгенде Қазақстанда бүп-бүтін отырған бір де отбасы жоқ еді. Сол қасіреттерін жүректеріне жасырып, үнсіз еңіреп келген қазақ зиялылары, ақыры, 1976 жылы сырттағы ағайындармен байланыс жасау туралы үкіметке тілек түсірді. Қызыл империя оны қағып тастай алмады. Өйткені эмиграциядағы азаматтармен байланыс жасайтын орыс қоғамы 1924 жылдан бері қызыл Мəскеуде жұмыс істеп жатқан. Оның үстіне босқындар мен эмиграциядағы адамдардың құқықтары орайында халықаралық қағидалар бар еді. Содан барып, 1976 жылдың соңында Алматыда Мəскеу «Родинасының» бөлімшесі түрінде Қазақстан «Отан» қоғамы құрылды. Бұл істі, сөз жоқ, қазақ зиялыларының қызыл саясат қылпылдап тұрған тұстағы зор тəуекелі, ұлттық намыстың оянуының нышаны, адамгершілік орайындағы игілікті қадамы деп бағалау керек. Міне, осы істің басы-қасында Республика Министрлер Кеңесі төрағасының сол тұстағы орынбасары Шəнгерей Жəнібеков жүрді. Туған жерден түңіліп кеткендердің беттерін бері қарату, көңілдеріндегі күдіктерін жою, мұндағылардың да қатаң са-

─ 172 ─ ясат суытып тастаған қабақтарын оларға жібіту, коммунизм елінде де жақсылық бар деп сендіру оңай болған жоқ. Оған саяси сақтық, жүрек жылуы, адамгершілік шын ықылас керек еді. Осы шетін шаруаны ширата отырып, Шəкең 1985 жылы зейнеткерлікке шыққан соң осы ұйымның басына келіп, қоғамдағы аса күрделі құбылыстар кезеңінде оны сегіз жыл жүргізді. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып Шəнгерей Жəнібеков жұмыс істеген 1975 – 1985 жылдардың аты кейінде «Тоқырау» болып аталғанымен қазақ халқының дəстүрлері мен ұлттық рухының қайта өрлей бастаған, қазақ шығармашылық шаруаларының неғұрлым шарықтаған, оқу, мəдениет, əлеуметтік салаларда көп жұмыс жасалған кезеңі болды. Бірнеше жоғары оқу орындары, мұражайлар, мəдениет орталықтары ашылды. Сол кезде айтылған наурыз нақыштары əлі де елдің құлағында. Сол тұста басталған ақындар айтысы қазір халықтың ең ұлы өнері дəрежесіне, өзінің ежелгі мəртебесіне көтерілді. Далаларда табиғи мұражайлар мен қорықтар жасақталып жатты. Өркениеттік ел үшін осының бəрі керек еді. Осылар енді бүгін өсудің орнына өшіп, қорғалудың орнына күйреп бара жатса не айтарсың?! Осыларды қайта көргің келедіақ. Қашан, қайда, қандай түрде? Сенетінің, өзің таңдаған тəуелсіздік. Оның ұзақ жылға арналған бағдарламасы. Қазақтың қасқа маңдай ақсақалы, көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері, соғыс, еңбек ардагері, жер шарына шашырап кеткен ұлтының ұйтқысы болған Шəнгерей Жəнібеков ескерілмей қалды десек əділеттік болмас. Ұлы Отан соғысы жеңісінің 50 жылдығы орайында Елбасының жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталды. Қорғаныс министрінің бұйрығы бойынша полковник əскери дəрежесі берілді. Əрине, Шəкең енді шен тағып, шепке шықпайды. Тек сол «Парасат» орденінің өзі-ақ ағамыздың бойындағы парасаттың, ол кешкен ғибратты ғұмырдың айғағы ғой! Шəнгерей Жəнібекұлы əлі де азудан шалып, қажырдан қалған жоқ. Болмыстың бəріне байсалды қарайды.

─ 173 ─ Қайраткердің қабілетімен қабылдайды. Қоғамға, ұлтыма қызмет өткізіп қойдым деп бұлданбайды. Əлдебіреулер сияқты өмірден түңілмейді. Əлдекімдер сияқты секем сезімге ермейді. Жаңаның тозатынын, тозғанның қайта жасалатынын естен шығармайды. Сабыры, қанағаты мол.Үміті үнемі алда жүреді. Илаһи, осындай ағалар аман болғай! Алматы.1996 жыл

─ 174 ─ АСҚАР – АЛТАЙ (Ақын Асқар Татанаевтың туғанына 100 жыл толуына) Ей, Алтай, жазың салқын, қысың қырау, Сылдырап аққан өзен бейне жырау. Құратын алтыбақан қыз-бозбала, Айдын көл, жайлауымыз анда тұр-ау. Күз келді міне, қара қазан айы, Білгенге белгілі ғой елдің жайы. Қайран жаз қызықтырып өте шықты, Қадірлі төрт мезгілдің еркетайы. Дүниеге атың шыққан Алтай сенің, Таусылмас қанша алса да алтын кенің, Төбең тұр заңғар биік аспан бойлап, Іздесе табылар ма, сенің теңің! Алтай – менің туған жерім. Күллі түркінің кіндік кескен тауы. Ол туралы сыр да, жыр да көп. Алтай деп аузымды ашсам, осы өлең менің тілімнен төгіліп кетеді. Өйткені – өлең сəулесі менің басыма осы шумақпен шашылған. Мен бір сері – мас, Жасым отыз бесте – əлі жас. Шоқпардай таққан үкіні Көтере алмай тұр мына бас. Қатыным жоқ, балам жоқ, Қайтемін оған алаң боп. Ел іші кең, əйтеуір, Көйлек көк, тамақ тоқ... Шіркін, қызды ауылдың қызығы-ай, Ойын-күлкі бəрі сай. Қылжақтап қыздың қасында Отырсаң болар көңіл жай...

─ 175 ─ 1942 жылы «Қазы Көктерегі» атты түкпірде, қос шарбақтап тоқылған жапырақ мектептің қамыс сəкісінде тұрып, балалар алдында оқыған алғашқы декламинациям. Осы екеуі де менің санама сəбиімде сіңген балауса, əрі өзіммен бірге жасап келе жатқан кəрі жыр. Екеуін де жазған – Асқар Татанаев. 1945-1955 жылдары Сарсүмбе деген қалада Асқар ағаның төңірегінде жүрдік. Жырларын жаттадық, пьессасын ойнадық, өлең жазуға еліктедік, насихаттарын тыңдадық. Біз бала мүрид, ол кісілер ақылман-абыз, үлгілі ұстаз болды... Ал, мына Көбен Асқарұлы менің шəкіртім. 1950-53 жылдары мен тəрбиелеген сыныпта оқыды. Кіп-кішкене төрт бала – (Қызырбек Үсенов, Мақсұтбек Қажнабиев, Əбденбай Бажай, осы Көбен) алдыңғы парталарда отыратын. Төртеуі де зерек оқитын. Төртеуі де ақын болыпты. Қызырбекті қытай атып тастапты. Көбен əке жолын жалғастырып ақын, жазушы, журналист болыпты. Таяуда Əбденбайдың кітабын оқыдым. Ақындығымен бірге салиқалы сыншы, сарабдал сарапшы, жан-жақты əдебиеттанушы болыпты. Өздері қытайқазақ əдебиетінің ақсақалдары болған, қазір де менің алдымды кеспейді. 1955 жылы мен Қазақстанға қайттым, ол жақта ойпылтойпыл оқиғалар болып өтті. Араға қырық жылдай уақыт салып, 1993 жылы суыт бір сапармен барғанда Асекеңе сəлем бердім. Тың екен. Тынымсыз жазып жатыпты. Шыққан кітаптарын ала келдім. «Тарихи дерек, келелі кеңесінен» үзінділер жəне өлеңдерінен бірталайын «Шалқар» газетіне жарияладым. Кейінгі кітаптары да келіп тұрды. Демек, мен Асағаңнан көз жазбаған шəкіртпін. Ақын өз естеліктерінде əліпті өз əкесі тақуа Татанайдан таныған соң-ақ араб-шығыс əдебиетіне бой ұрғанын, Абайды бойтұмар еткенін айтады. Өрісте жүріп шұнаңдаған лақты, ойнақтаған құлынды өлеңмен еркелететінді шығарыпты, жеңілтек жезделер мен жеңгелерді өлеңмен қағытып тастайтын болыпты. Бала дарынын оятатын даланың киесі ғой. Алладан

─ 176 ─ өлең тілеп жылап жатып, қой шетінде ұйықтап қалған Шортанбайдың түсіне өлең кіріп оянғанда: Тау да өлең, тас та өлең, бұта да өлең, Мылтықтың пілтесіндей тұтады өлең. Өлең ғып құрақты да, бұлақты да Сапырып сары қымыздай жұта берем, – деп зырлата беріпті. Табиғат сұлбаларын құмға сызып жүріп, əлемге танылған қойшы бала Əбілхан Қастеевтен қалай суретші болғанын сұраған ағылшын тілшісіне: «Сурет сызуды қойдың құлағынан, көлдің құрағынан, тұлпардың тұяғынан, қыранның қияғынан үйрендім» деген ғой. Асқар да дала оятқан дарын, анадан ақын болып туған тұлға. Əйтпесе, жазатын қаламсабы, сызатын қағазы да жоқ, елдің сауаты аз ол заман өлең қуатын кез емес еді. Ақындық төрт жолды ұйқастырумен емес, өлеңіне уақыт тынысын сыйғызумен өлшенеді. Бала Асқардың өткен ғасырдың 20 жылдарындағы балғын жырында Алтайдың күн бетінің көркі де, абақтың əлеуметтік ахуалы да көрініс тапқан. Ол осынысымен-ақ бүкіл Шыңжан əдебиетінің, қала берді, абақ жазба əдебиетінің негізін қалаушы болды. Өз басым егер Ақыт Үлімжі, Арғынбек Апашбай, Зия Мəмиді қоспағанда, ол кездің Асқардан басқа жазба ақынын білмейтін едім. Сонымен бірге, Асекең өлкеде ең алғаш шығарылған Алтай баспасөзінің де негізін қалаған азамат. Жалпы, Өр Алтай елінің оқу-білімге, мəдениетке күрт бет бұрғаны 19331940 жылдар арасы. Ол – Шəріпхан дəуірі деп аталады. Аймаққа генерал-губернатор болған алғабасар басшы сол тұстың үш алғышартын жақсы пайдаланды. Ең əуелі өлке билігіне келген Шын-ши-сай бастабында Кеңес Одағымен оңды байланыста болды. Қазақстан латын əліпбиіне көшіп, араб графикасымен басылған оқулық кітаптар, баспа техникалар босап қалды. Ең бастысы – қызыл империядан қуғын көрген қазақ зиялылары осы аймаққа көп шоғырланды. 1934 жылы Қазақстаннан алғызған баспа техника-

─ 177 ─ сын алғаш игерген де, сол жылдың 24 желтоқсанында жарық көрген «Шыңжан Алтай» газетінің мақалаларын қорғасынмен терген де, беттеген де, ыстық үйдің кішкене терезесіндей ғана баспа станогын екі аяқпен тарсылдатып басып шығарған да Асқар Татанаев. Сол тұңғыш газеттің алғашқы беті Зият Шəкерімұлының құттықтау өлеңімен ашылған. Осыдан бастап, Асқардың жазбалары тасбаспамен тартыла берген. Демек, ақын Асқар Татанаев жазба əдебиетінің басында тұратынымен бірге Жоңғария журналистикасының да басында тұрады. Соңғы жылдары Қазақстаннан Таңжарықтың, Шарғынның, Қажығұмардың, Мағаздың кітаптары жарық көрді. Асқардың аты да бүгін ғана естіліп тұрған жоқ. Тек, қазақ əдебиетінің қара шаңырағына шығып отырғаны бүгін. Таяуда арғы беттегі ұлт қозғалысының бір қайраткері Қалибек Райымбекұлының 100 жылдығы аталды. Бұрын сырттағы қазақ тақырыбы сөз болса, мұң шағу мен мүсіркеу орайынан аспаушы еді. Бұл да болса еліміздің ағайынтануға, біртұтас қазақтануға жаңа қадамы сияқты. Бірақ, осылардың бəрі де бір жиналыспен бітетін шаруа емес. Асқартану үшін оның ақындығы, жазушылығы, драматургтігі, тарихшыэтнографтығы, мұрағатшылдығы жеке-жеке зерттелуі керек. Мұны ғылым, жоғарғы оқу орындары диссертация, диплом тақырыптары етуден бастаса болар еді. Асқардың эпикалық жырларының ершімі бөлек. Біздегі поэма жанрын ол жақта «Жыр роман» деп атай береді. Сұлтанмахмұдтан қалған дəстүр. Шынында, Асқар Татанаевтың «Арқалық», «Бір ғасыр», «Ел қорғаған Абылайын» оқысаңыз кейіпкерді ғана емес, олардың дəуірін тұтас танып шығасыз. Соның бəрінен ол кісінің мұрағатшылдығының мəні ерекше. Біле-білсеңіз, ол жақта жазылған тарихи тұлғалар орайындағы еңбектердің бəрі дерлік (Бөке, Зуха, Мəми, Шəріпхан, тіпті, Тұғрыл, Күшлікке дейін) Асағаңның деректері бойынша жазылып жүр. Сіз, өзі тұтқындаларда жинағандарының бəрін зайыбының зиратына көміп жатқан ақынның қаралы күйін көз алдыңызға бір

─ 178 ─ елестетіп көріңізші! Соның бəрі бүлінбегенде бізге қанша қазына қалар еді... жылдығы кеше ғана тойланған Шəкəрімнің мұрасының ішінде бірде бір қолтаңба жоқ. Ана Көбеннің қолында ақынның өз қолымен көшірген тұтас кітабы бар. Асағаң оны Зияттан алып сақтап қалған. Біздің мұрағатшылдар да, Шəкəрімтанушылар да не қолжазбаны анықтай алмай, не қабылдай алмай отыр... Менде Асекеңнің менің ағам Түсіпқанға жазған ең соңғы сəлемхаты бар. Ол кісі 1935 жылы барған. 1936 жылы орысқа қайтарып жібергелі жатқанда генерал-губернатор Шəріпхан алып қалған. Əуелі генералдың жүргізушісі, кейін аймақтық ауыл шаруашылығы басқармасының (Жер су мекемесінің) бастығы болған. 1950 жылдары ақын Асқар екеуі өз жобалары бойынша Алақақ деген алқапқа тоған тартып, қалашық салдырған. Бұл хатты 1999 жылы, екеуі де көз жұмған соң, Əділбек Нұралин деген ағамыздан алдым. Өр Алтайдан ақпарат ... Сұрапсың – Алтай қандай, Асқар қандай? Алтайда «Алтын жұтқан» тастар қандай? Бар ма екен баяғыдай ел ұстаған Ақылман азаматтар қасқамаңдай?.. Аңғарам сұрарыңды өзге нені, Елестеп тұрған шығар көзге дені. «Ел жаңа елу жылда» дегендейін, Көп нəрсенің көркі кетіп, өзгерді. Алтайда таулар шөгіп, тас қалғандай, (Бір ойран астан-кестен басталғандай). Айта алмай көп нəрсенің мəні-жайын, Асқар да əлденеден жасқанғандай.

─ 179 ─ Алтайдың асқарында қары жатыр, Қар-мұздың сай-салада зəрі жатыр. Ер түркі кіндік кескен Өр Алтайда Аңыраған «Ағажайдың» зары жатыр. Қалбайып Қаратаудың нары жатыр. Жалпайып қара жердің бəрі жатыр. Бетінде қара тастың қаспақ болып, Төгілген тарландардың қаны жатыр. Қалқайып бəз-баяғы құзың жатыр. Миларда бір мазасыз ызың жатыр. Кəрі құлақ, көрген көз аңғаратын Ызыңда – үнің, құзыңда – ізің жатыр. «Таулардың» тəні тозып, жаны жатыр. Тарихта бар болмыстың мəні жатыр. Сен салған кермиық үй, кең көшелер Көсіліп Алақақта əлі жатыр. Көремін жиі барып Алақақты, (Мені сол Алақақта пəле қапты). Жан тозса да əйтеуір, тамдар тозбай, Біз салған əп-əдемі қала қапты. Білгенге тағылары тағы жатыр, Аппақ тұз, айдалада қағы жатыр. Екеуміз тартқан тоған, ашқан жерде Менің əнім, сенің сепкен дəнің жатыр... Өзің де аңғарарсың ендігісін. Бір келіп,аралап көр елдің ішін. Мəңгілік тұра бермес бұл жағдай да Болса егер дүниенің кеңдігі шын.

─ 180 ─ Лаухулда Жаратқанның əмірі бар, Жарбайған «Жыртық үйдің тəңірі бар». Күлтесі көк жайлаудың күйсе дағы, «Түбінде көк жусанның тамыры бар!» Пəрменін құдіреттің айтсам өктеп, Пенде жоқ бұл пəниді шайқап өтпек. Бүгінгі жүдеген жер ертеңгі күн Кетеді өртеңдей боп қайта көктеп. Ал менің жан жолдасым – кəрі жырым, Тарығып, тапқаны жоқ əлі тыным. Келемін суыртпақтап өмір бойы – Өлеңнің үзіп алмай əлі жібін. Басымда тұрғаны жоқ баяғы күн, Баяғының таусыншақ аяғымын. Өлеңім - өмірімнің өрнектері, Өзім де бір ғасырдың баянымын. Тоқсан кеп тобығымнан ұстағанда, Таянып жүрсем дағы «үш тағанға». Қабынып құс төсектен қарғып тұрам, Кəрі өлең көкіректі қыстағанда. Дей алман – бойды қуат кернеп жатыр, Алдымда құрулы бір «өрмек» жатыр. Сірə, біз бұл жағада жолықпаспыз – «Арғыбет» қолын бұлғап, кел деп жатыр!.. Асқар Алтай, 1993 жыл

─ 181 ─ ТАЛҚЫҒА ТҮСКЕН ТАҒДЫРЛАР КҮҢІРЕНІП ӨТКЕН ӨМІР Күрделі тағдыр. Кешкен күй, арқалаған азабы, əсіресе, ақыл азабы ауыр, айтқандары көргендерінен көп, жазғандары өлеңнің ең биік өлшемі болған ақын. Қияннан қиянға қуылып, не хат-хабары, не ақпараты жоқ əлемде жүріп, дүние ахуалын, халқының хал-күйін соншалық дəлме-дəл білу, болашағын анық айту даналыққа тəн құбылыс. Қай өлеңін оқысаң да құйылып кетеді, жүрегіңе ұйып кетеді. Артығы да, кемі де жоқ, көкірегіңе түп-түгел сыйып кетеді: Қалам алып Арғынбек, Сөз жазады мұралы. Алыстан тартып абайлар, Ер жігіттің қыраны. Шын жүйріктер баспайды, Ұра менен жыраны. Шежіре мен шешеннен, Түрлі кеңес шығады. Алла берген анық бақ, Адамзаттың құралы. Оқымаса, надан боп, Мұздаған талдай сынады...

Құлағымда екі дауыс тұрады. Бірі – бесігімде өлеңмен əлдилеген, əнді үзілтіп салатын, қиссаны қисындарына қарай құбылтып, маңызына орай мəнерлеп айтатын өз анам Зəкіманның даусы. Екіншісі – бір таңға талмай тарта беретін Болмастың даусы. Айтпақшы, Болмас бізбен ағайындас адам. Бабасы Бекбай Зайсан төртуылының ең алғашқы болысы болған. Оның ұлы Төлемістен Қожагелді, Қайықбай, Болмас туады. Қазан

─ 182 ─ төңкерісінің аласпыранында Қожагелді өзіне жақын біраз отбасын арғыбет асырып əкетіп, Өрдегі абақтар арасынан қоныс алған. Бірте-бірте босқындарды топтап «Ауған елдің» зəңгісі (жүзбасы) атанған. Болмас жасынан салдың салтын сақтамақ болып, ел аралап өлең айтып, өнер қуып жүреді екен. Қыста біздің ауылдарға да келіп, қиссалар айтып, қызық көрсетіп кететін еді. Сол ағамыз кейін Қытайдың ұлы көсемі Мао Цзедунның алдында əн салып, қазақты өлеңмен таныстырыпты. «ҚХР – дың халық ақыны» атағын алған сол азаматтың тағдыры да «Мəдениет» төңкерісімен тамамдалыпты... ...Бəлкім, бесігімде құлағыма сіңген шығар, бəлкім, қыстың ұзақ түнінде, əкемнің тізесінде қалғып-шұлғып отырып тыңдаған Болмастан жұққан шығар, əйтеуір осы шумақтарды мен есім кіргеннен бері білетін едім. Ойнап жүрсем де ойымда тұратын еді, кез келген сəтте тілімнің ұшынан төгіліп кететін еді. Россияға қараған, 200 миллион халық бар. Жағрафия пəндері, Еш күмəнсіз анықтар. Өтірік-шын ба деместен, Бауырларым, нанып қал, Қарап жүріп қақтықпай, Жаһаннан үлгі алып қал, – деп күбірлеп жүретін едім. Немесе: Қай жігіттің мінезі, Сыр алдырмас ылпылдақ. Кей жігіттің мінезі, Жел қайықтай бұлтылдақ. Кей жігіттің мінезі, Сөз көтермес шыртылдақ.

─ 183 ─ Кей жігіттің мінезі, Арам безді быртылдақ. Кей жігіттің мінезі, Бос сөйлейтін қыртылдақ. Кей жігіттің мінезі, Бос күлетін жырқылдақ. Кей жігіттің басы бар, Сынасаңыз миы жоқ. Кей жігіттің миы бар, Жұртқа жағар күйі жоқ. Кей жігіттің күйі бар, Көпшілікке сыйы жоқ. Қайшыласқан дүние-ай, Бірі болса, бірі жоқ. Адам – пенде болған соң, Бір-бірінсіз күні жоқ, – дейтінмін де, осында қанша мінез айтылғанын бармағымды бүгіп санайтынмын. Келе-келе өлендердің мəніне үңіліп, теңеулеріне таң қалатын, тағылымдарын аңғаратын болдым. Ақынның атын естідім. Ол да елден ерте айрылған, өзіміз сияқты мұңлық екен. Ақыры, өлең мені баурап алды. Көп іздедім, көп таптым. Тек бəрі ақынның өлеңін айтады да өмірін айтпайды. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ». Тіпті, өзіңнің пір тұтатын туысқаныңның бойында қанша қазына жатқанына мəн бермейді екенсің. Əкемнің інісі Түсіпхан Мағзиұлы заманның зобалаңдарын көп көрген адам еді. Өткен ғасырдың 30-жылдарында қуылып Қытай өтіп, үш ағасын бірдей жат топырақта жерлеп, 1955 жылы солардан қалған жетім - жесірдің бəрін жинап, Атамекенге алып келген. Сол жетімнің бірі мен едім. Жетелеп жүріп жеткізіп еді. Өзі жазған «Қабанбай батыр» қиссасы мен жинаған əдеби мұралары екі-үш папка болып, Ғылым академиясының қорында жатыр. Қартым қалжырап қалды. Қадірін сонда білдім. Қалқайып қасында отырмын. Аузын ашса – су тамызамын, көзін

─ 184 ─ жұмса – дем саламын. Кең тыныс тарылып, жаңғырықсыз үн жарықшақтанып, төкпе сөз түйіліп, жұтылып, жұтынып жатыр. «Қайран дəурен өтіп», «Қайран дəрмен» – деп жатыр. «Жан тəсілімі алдында адам бір бой жасайды» деген рас шығар. Қайран Түсем, кенет түзеліп, тілге келді. Арыз (қоштасу) айтқызбауға тырысамын, алдарқатып, өзім бірдеңе айтамын. Аузыма Арғынбек түсті. – Қызыл дəн қауыздан, қызыл сөз ауыздан кеткенде не айтам. Мына дəптердің «Жер – адамның анасы» деген тұсында бірдеңе бар, – деп, жастығының астындағы қалың қара дəптерді берді. * «Бір күндік қасірет бес жылдық өмірді қысқартады» – депті бір дана. Оған бақсақ, мен бұл дүниеден баяғыда кететін жан едім. Өмірімнің үштен екісі сандалумен, сарғайған сағынышпен өтті. Тегі, 50 жасымда елге оралғанымның арқасы шығар, сергелдендетіп жүріп, сексеннің үшіне келіппін. Бірақ сол зардап төсекке алып ұрды. Көкірек шіркін текірек қағады. Өлмейтін-ак кезең. Бастан кешкен бар істің ақиқатын білгің келеді. Теледидардан көз алмаймын. «Енді ел тəуелсіз, жер тонаусыз болады. Ұлттың ен-таңбасын түгендейміз» дегенді естігенде есің шыға қуанасың. Жасырып қайтейік, біз жаңа үкіметті жатырқамадық. Шығыстағы Зайсан жердің шеті болса да Кеңес бұл өңірге басқалардан бұрынырақ келген. Онда мен он бір жаста едім. Кеңес мектебінде оқыдым. 1928 жылы Ақаралда құрылған «Езілген күн-шығыс» атты колхозға жиырма екі жасымда бастық болдым. Үш ағамның бірі Ауыл кеңесін, бірі тұтыну одағын басқарды. Голощекиннің «Кіші төңкерісі» жетті. Екі ағам «құлақ» болып айдалып кетті. Жеті атамнан қуалап келіп, мені де жер аударып жіберді. Ақтөбе айдалдым, одан Ташкент түсіп, Мырзашөлден бір-ақ шықтым. ХТЗ-ның бірімен Мақтарал тыңына мен де түрен салдым. 1935 жылы қайта

─ 185 ─ оралғанда ауылымның жұртын сипап калдым. Азып-тозып, ақыры арғыбет асып кетіпті. Шекараны шиырлап жүрген біреуіне ілесіп, тым ұзап кетпеген туыстарыма барып мен де қосылдым. Шекара асып кетсем де Кеңестің куғынынан құтылмадым. 1936 жылы Қара Ертістің бір түбегінде алтын қазып жатқанда ұстап алып қамады да тастады. Бұл қызылдардың сұраған адамдарын ол жақтың қайтарып беріп жатқан кезі. Құдайдың құдіретін қараңызшы! Дəл сол күндері Алтай аймағының генерал-губернаторы Шəріпхан Көгедаев Кеңестен бір жүк машинасын алдырыпты. Оның тілін білетін тірі жан жоқ. Содан, тұтқындағы мені тапқан. Менің шофер емес, тракторшы едім дегеніме қараған жоқ. «Жүргізіп-тоқтата алсаң, одан əрі көресің» деді де рульге отырғызды. Сөйтіп, аймақтағы алғашқы «шофер» болдым да шықтым. Алтай аймағы Қазақстаннан трактор, техника, асыл тұқымды мал ала бастады. Ертістің суы көтерілген кезде Бораннан (Қазақстан) Буыршынға дейін жеңіл пароход жүріп тұрады. Сонымен барған тракторларды дарылдатып, мен түсіріп аламын. Алғашқы тракторды шығарған күн есімнен кетпейді. Арылдатып, дарылдатып, шотаяқ тракторды Бауыршынның ақ құмын бұрқылдатып, жүргізіп келемін. Кішкене қалашықтың бар адамы шуылдап еріп келе жатыр. Қақ жарылып қарап тұр. Мен өзімді космостан түскен корабльді зырылдатып айдап келе жатқан ай адамындай сезіндім... Кейін тракторы, веелка, сеелкасы бар, темір-терсектің бəрін жинап, Абитаннан егістік алаң (Заимке) құрып, менің билігіме берді. Алғашқы тракторшы-механизатор дайындадым. Мен енді аймақтың алғашқы агрономы болып шыға келдім. Ертіс жағалап, алтын қазып жүрген ағайындарым да жер кепелерден тез шығып кетті. Дəуітқан дейтін ағам, мал тұқымын асылдандыратын орынды басқарып, ол жақтың құлағы естімеген «зоотехник» атанды. Назыпхан мұғалім болды. Тек, Мақсұт деген інімді орыстар ұстап əкетті.

─ 186 ─ Енді қатарға қосылдық деуге болар еді. Бірақ, оның бəрін жат жердегі жалтақ тірлік, баянсыз бақыт сезіндік. Қымс етсе қысым көресің, қиянатқа ұшырайсың. Алыссаң – жығыласың, айтыссаң – жеңілесің. Байысаң, тапқаның өзіңе толық бұйырмайды. Үкіметте заң, биде əділдік жоқ. Жаныңды бір жегі жей береді, жей береді. Ол жақта кешкен күнді одан əрі айтудың қызығы болмас. Менің білетінім – «Құдай туған жерден табанынды аудармасын!» Тəп-тəуір өлең айтатын Зəкіман деген жеңгем бар еді. Баяғыда мен келіп қосылғанда қуанудың орнына со жеңгем айтқан мына бір шумақты өмір бойы ұмытпаймын. Аспанда ұшып жүрген ала құрды, Адамнан адам артық ана құрлы. Əркімді алсын құдай өз елінде, Жат елде қадірің жоқ бала құрлы. 1955 жылы мамырдың 24 күні паспортыма он жеті отбасын тіркеп алып, туған жерге қайта оралдым. Ем қонбайтын кəрілік болмаса, сай-сүйекті сырқырататын сағыныш дертінен мен айыққан адаммын. Бірақ сағынышпен сарғайып көз жұмған тағдыр көп. Соның бірі ақын Арғынбек Апашбайұлы. Айтпасам, мойнымда кеткен аманат болар. Зайсан ауданы, Қара Ертіс болысы, Ақарал ауылында Арғынбек 1882 жылы өмірге келген. Əкесі кедейдің кеуделісі, еті тірі адам болыпты. Арғынбекті əуелі біздің ауылға сіңген Сайд Мұстафа деген араб шейхынан оқытыпты. Одан əрі пəлен мектепті оқыды дегенді естігем жоқ. Араб, парсы, түрік тілдеріне жетік, орыс, қытай тілдерін де білетін. Ақындығы – тума дарын. Егер ол əлде біреуден дарыды десек, онда... Арғынбектің анасы Əйең көрікті, ақылды, өлеңші болыпты. Тойларда айтысқа, өлім-жітімде жоқтауға отырғызады екен. Əлде еркіндік, əлде шіркіндік шығар, біздің елде бақастас екі атаның ақындары желөкпелеу жеңгелерінің аузымен бір-бірінің олпы-солпысын бəдік өлеңмен күлкі

─ 187 ─ ететін əдет болыпты. Біздің Тоқан атамыздың есті адамдарын Есенғұлдың ақындары Бəкиза деген əйелдің аузымен сыпыра сыбапты. Соған қарсы Мағлұмқан Майлықанұлы дейтін ақын Есенқұлды есін тандыра өлең жазып, Əйеңе апарыпты. «Бəдік олай емес, былай болады» деп, қайнысының сыбағасын беріп алады да «Есенғұл атамның естісін қойып, есалаңына да тіл тигізбеймін» деп қуып жіберіпті. Мағлұмқан ақыры, əлгі өленді Сəкібайдың Майда дейтін əйелінің атынан жариялайды. Қалай еді? Иə: Бəкиза апам сиген баяғыда, Тоқаңның өңшең саңлақ-саяғына. Қорықпай Бəкиза апам сигенінде, Мен қорқып Есенқұлдан қаламын ба?!. Неткен еркелік, еркіндік, не қылған кешірім деп таңғаламын. Анау-мынау үшін жаға жыртыспай-ақ, тереңге бармай-ақ, қызыл сөзбен қарымта қайтарысып жатады. Сірə, осы кезде айтылып жүрген «сөз еркіндігі» біздің елде ежелден-ақ болған-ау!.. Бəлкім, анасының əсері шығар, бəлкім, тума талант ерте түртпектеген шығар, Арғынбек он жасынан өлең еме бастапты. Оны: Он жасымда қағазға, Салып едім көзімді. Əкем өліп жасымда, Қалдырды надан өзімді. Бəрін босқа өткіздім, Өнер табар кезімді, – деп өзі айтады. Арғынбектің «Қазақ Сырдан ауғанда», «Атажұртым, қазағым», «Россия туралы», «Дүм-дүние» деген дастандары ертеден мəлім. «Найман шежіресі» мен «Жер – адамның анасы» деген толғауын мен 1944 жылы Оспан батырдың жасағында жүріп, ақынның өзінен толықтырып жазып алғам... Нариман Мұхамбетқанов Арғынбекті жылы туғызыпты. Менің үлкен ағам Шəміл 1886 жылы туған. Арғынбекпен ауылдас. Сол кісі Арғынбектен төрт жас

─ 188 ─ кішімін дейтін. Онда Арекең 1882 жылы туған. Бірақ, ол туғанда біз жоқпыз ғой! Ақынның «Жыл» өлеңінде: Екінші жылдың аты болар сиыр, Зайсанда найман елім қалды қиыр. 1894 жыл, октябрьде, Керейге жоғары өрлеп келдім биыл, – дейтіні бар. Ақарал негізінде құдагелдер мекені. Сол атадан шыққан Халит – төртуылдың үшінші болысы. Ол тартқызған «Халит тоғаны», ол отырғызған «Халит тоғайы» əлі күнге дейін бар. Сол құдагелдің Архат атасынан Халит болыс, Бұрхатынан Арғынбек, Бөлекейінен Жақиялар өрбиді. Екеуінің нағашылары да өрдегі керей. 1894 жылы ағасы Жақияға ілесіп, Арғынбек те нағашылап қайтыпты. «Жыл өлеңі» сол жолы айтылған «қонақ кəде» еді дейтін. Жақия молда сауда жасап, барып-келіп жүріп,1908 жылы Ақаралдан көшіп кеткен. Арғынбек содан төрт жылдан соң – 1912 жылы көшкен... Сарысүмбеде біз қатты құрметтейтін Жақыпбай Түйежанов дейтін ақсақал болды. Төртуылдың соңғы болысы. Бірде Арғынбек екеуі Заимкедегі біздің үйге келіп, үштөрт күн жатты. «Қазақ Сырдан ауғанда» дейтін толғауының тобықтыға жəне төртуылға арналған тарауларын мен жазып алып жаттым. Сонда Абай туралы, оның өлеңдерінің өрге қашан, қалай келгені туралы əңгімелесіп отырды. – Абайдың 1909 жылғы тасқа басылған өлендері, Міржақыптың «Оян, қазағы» менде болды. Біреуден біреу көшіріп əкетіп жатты. Ал, «Еңлік-Кебек», «ҚалқаманМамыр», «Тəуке батырлар» бұрын келіпті. Абай мен Шəкəрімнің бұл өлкеге кең жайылуы Сейітқазы Нұртаев, Кəрім Дүйсебаев, Зият Шəкерімұлдарының келуімен байланысты, – деді. Шынын айтайын, өз басым Абай туралы Арғынбектің сонау қиян шетте жүріп, 1924 жылы берген бағасынан артық айтқан ақынды əлі естіген емеспін. Өскенбай, қажы Құнанбай, мырза Ыбырай, Абайдың жаннан асқан білімін-ай.

─ 189 ─ Затың қазақ болған соң, амал бар ма, Арманда зарлап өттің дүлдүлім-ай. Ғаламға үлгі жайып, сөз тараттың, Атыңыз бақи қалды бұлбұлым-ай. Низамия болмаған атаң қазақ, Табылмас енді сенің бір күнің-ай. Құдайдан əмір болып қайта келсең, Жапырлап айтар еді ел мұңын-ай. Далиған даладағы бұл қазаққа, Алла енді келтірер ме сендей ұлды-ай!.. Арғынбек – бойы ортадан озық, ойы ортасынан озық, сақал-мұрты селдірлеу, ашаң жүзді адам еді. Халық оны ақын, ақылмандығымен қоса, мінсіз мінезі, өте қарапайымдылығы, білгенін де, бойындағы бар-жоғын да бодаусыз бере салатын рухани сахилығы үшін де қатты сыйлайтын. Керейдің сол тұстағы көсемдері – Шəріпхан, Мəңкей, Дəлелқандар ақылға шақырып, кеңес тыңдап отыратын. Ұзақ-ұзақ толғауларында не ұйқас, не ой, не сөз қайталауы кезікпейтін. Өлеңінің бəрінде елге, жерге құрмет сезіліп тұратын. Жүрек сыздап бара жатқанда «Жер – адамның анасын» оқып, сағынышты ортайтатынбыз. Оңда Өр найманға құтты қоныс болған Алтайдың күнбетіндегі жүзден астам мекен-жайды (орыс тартып алған шырайлы жерлерді) айтып, жылап отырып жоқтайды. Сол қасиетті қоныстардың бұрынғы аттары өшіп, Горный, Заречный, Черняевка, Бобровка... – дейсің бе, мүлде бөтен болып кеткен. Осы сылқым жырдағы солқылдаған сезімді, сағынышты, перзенттік сүйіспеншілікті былай қойғанда, сол жерлердің ежелгі есімдерін білуге септігі тиері даусыз. Осы жыр ел құлағына жетсе, Арекең аруағына менің де соңғы қызметім болар еді...

─ 190 ─ ШЕРМЕНДЕ АҚЫН, ШЕКСІЗ МҰҢ Пролог: Аймалап аспанменен аспандасқан, Алтайдың асқар басы асқарды асқан. Көресің көз жіберсең талай сырды, Асусыз астам сол бір асқар тастан. Қарт Алтай, қасиетті Ата жұртым, Жас жаным жабыққанда дертпен бүгін. Қосылып қойныңдағы сол сырыңа Қолға алдым қайғы басқан өмір кілтін... Алтайдың ардагері Абылайды, Ел үшін алтын таң мен жарық айды Жад етіп жырлар болсам Абылайды – Аруағы қалай мені танымайды!

Осы бір шексіз мұңды менің құлағым шекараның арғы жағында жүргенде шалған еді. Шығыс Түркістан дейтін ғұмыры қысқа Республиканың «Білім Жұрты» деген бас гимназиясын бітіріп, орта мектепте дəріс беріп жүрген білдей «білімдінің» бірімін. Жасым 18-де. Сол жылы Үрімжі түрмесінен шығып Əбдрахманұлы Нұрсағит деген жақын ағам да келген. Жеті жасында туған жерден табаны көтеріліп, он алты жасына дейін жалда жүрген жетімек байларға түскен бала салығының орнына Қытай оқуына жіберіліпті. Былай да тесікөкпе жасты оқуы мен ойпыл-тойпыл кезеңі тез есейтіпті. Оқу бітірген соң бəрі бір сағынып тұрған жері, күтіп тұрған елі болмаған соң, қайнаған қаланың қым-қуыт əрекетіне араласып, кете беріпті. Қазақ зиялылары Нығмет Мыңжани, Сəліс, Жанымхандар құрған «Сəуле» деген саяси ұйымының үгітін айтамын деп жүріп, Қытайдың құрығына ілініпті. Жеті жылды қойып, Үрімжіде жеті күн болып қайтқандар «мыңқылдап» қытайша араластырып əлек болатын еді. Ал,

─ 191 ─ сөйлегенде қытайдың өзін жаңылдыратын менің ағамның аңсайтыны – Атамекен, айтатыны – Алтай жыры. Алтайдың сол бір асқар аңғарына, Ертеде кірлеп көңіл барғанымда. Жалықпай жас та болсам, оқушы едім – Жазылған жазуларды тастарына, – дейді де дастанның мазмұнын «Əл-қиссалап» баяндап тастайды. Талпынса талап етіп татар асын, Жас бала жар етпей ме, ата-анасын. Сəбидей зарлап саған зарымды айтсам, Тебіренбей, Алтай, қалай жата аласың! – деп жалынады. Естіп отырып менің де жүрегім жұлқынады. Туған жерден медет тілеп мен де жаутаңдаймын. Шығыстан Алтай шыңы сəулеленіп, Сол сəуле жүрегіме сəуле беріп. Көңілімді көкке өрлетер күн болар ма, Шет жұртта жүргенімде əуреленіп, – деп тұнжырап отырып қалады. Мен де тарығамын. Тағы да «Əл-қисса» кетеді. Ақыры «А, Құдайлап» жаратқанға жалбарынып, «Абылайлап», əруақтан дəрмен тілейміз... – Тəулігіне неше өлтіріп, неше тірілтеді, – дейтін, абақтының азабын айтқанда. – Бірде естен тандырып, басқа бір тас есіктен ішке қарай итере салды. Іштегі жалғыз адам маған қараған жоқ. Шикі моманы (нан) қара суға езіп, шақайының жыртығын жабыстырып, отыра берді. Екі күн тіл қатыспадық. Мені екі рет сұраққа алды. Бұрынғы бұрауды одан əрі қатайтып, ақыл-естен адасқан тұста «Анау не дейді?» – деп сұрайды. Тіпті, – «Түсінде қалай сандырақтайды?» – дейді... Есімді жидым. Ол да есін жиыпты. – Сұм бала, менен ештеңе біле алмай сорлап жүрсің, ə? – деп, аяныш білдіргендей болды, бір күні. Тіл қатқанына қуанып кеттім де, «осылай да осылай» дей бердім. – Айтпа,– деді, сəл ғана зілді үнмен. – Құдай аузыңа не салса соны соға бер. Сол күні түнде ол шын сандырақтады. Құлақ түре

─ 192 ─ қалдым. Ағызып, өлең айтып жатыр. «Алтай, Алтай, Алтай...» жүрегім өртеніп, іші – бауырым езіліп бара жатты. Солқылдап тұрып жыладым... Содан бастап ол мені ылғи да осы өлеңмен жұбататын болды. – Бала, ертең сен менің «азабымнан» құтыласың. Екеуіміз енді айырылысамыз,– деді бір күні. – Атыңды білдім. Басқасының керегі жоқ. Тек, тегің түркі, ұлтың қазақ, ата мекенің Алтай екенін ұмытпа! – Ағатай, – деп, аяғына құладым. Ішім өртеніп, көзімнен жас құйылып кетті. – Тым болмаса аты-жөніңді айтыңызшы. – Атым – Атабек. Туған жерім – Тұран. Азап қуып, аттай желіп жүрген бір жанмын. – Алтай, Абылай өзіңіздің өлеңіңіз бе? – Ол – Қорқыт сарыны. Ондай əулиені естіп пе едің? ...Атабек туралы түрмеден шыққан соң болымсыз бірдеңелер естіпті. Отан соғысы кезінде неміске тұтқын болған қазақ екен. Америка елшілігіне кіріп-шығып жүретін еді. Бір талайдан бері көрінбей кетті» – депті. Хан атаулыдан қазақтың жаны шошып, жағы қарысып қалған тұста жау ішінде, жорық үстінде, қарманатын қару, алданатын арман қалмағанда ұлы рухты оятқан, содан өзі қуат алған, ойран-топыр от кешкен отандастарын да сол рухпен жебеген, ұлы бабаның аруағын ерте таныған Қобызшы Қорқытты – Мəжит Айтбаевты бүгінге дейін білетіндер аз, білмейтіндер көп еді. «Егемен Қазақстан» газетінің 2004 жылы 24 қараша күнгі санында Сауытбек Абдрахмановтың «Жиырмасыншы ғасыр жырлайды» антологиясында сырбаз сөзбен сықпалап жазған таныстыруымен сол ақынның біраз өлеңі жарияланды. Ақындықты өлеңнің өзі-ақ танытар. Бірақ, бұл қобыздың сарыны да, бұл ақынның дарыны да, тағдыры да бөлекше. Қазір оның замандастары жоқ. Бүгінгі қазаққа Мəжит Айтбаевтың соғысқа дейінгі өзі де, соғыстан кейінгі ізі де мəлім емес. Осы Қорқыт қобызы мені қашан баурады, қалай естіп, қанша іздедім? Мұңлы үн мұңлықтың жүрегіне тез жетеді. Осы ақын

─ 193 ─ екеуіміздің тағдырымызда бір ұқсастық, бір айырма бар. Ұқсастық – ол торға түскен тоты, мен жөргегімде жер ауған жетімекпін. Айырма – ол шерменде күйі шетте жүріп көз жұмды, мен елге ерте келіп, шерден шықтым. 1955 жыл, 23 мамыр. Ластының жіп-жіңішке өзені бөліп жатқан шекарадан талтүсте өте шықтық. «А,Құдай, ақсарбас!» Түсіпхан ағам мəшинеден қарғып түсіп, туған жерінің топырағын құшты. Кеден кедергісі кешке дейін созылды. Құдай оңдағанда, бізді алысқа айдамай,баяғы өз ауылымызға алып келді. Қас қарайған шақ. Бізді күтіп тұрған оншақты адамды екпіндеп келіп тоқтаған мəшиненің шаңы басып қалды. Сол топтан аңыраған үн шықты. – Əкем-ау,мынау Бибала ғой! – Мəшиненің алдыңғы орнында отырған ең үлкен Қалимаш апайымыз да озандай ұмтылды. Қызыл іңір. Қып-қызыл жылау. Ішке кірген соң əлгі екі апам қатар отыра қалып, ал кеп жоқтассын. Танығандарын ыммен икемдеп, бір қолын оның иығына іліп қойып, шер төгеді. Кезек маған келді. Атыжөнімді сұрап алды да, Бибала апам солқылдап жылап, сарнай жөнелді. Дүниенің, шарам бар ма, жалғанына? Жетпеді-ау əке-шешең арманына. Аллаға мың шүкірлік дейін, қарғам, Бір тұяқ асылдардан қалғанына. Аллалап ала таңнан тұрды ма екен, Түсіне бір жақсылық кірді ме екен! Адасқан жалғыз қаздай Мақсұт ағаң Дəл бүгін сен келерің білді ме екен? Қалимаш апайымның үні бұзылып,сөзі үзілді. – Бибала – ау, не дейсің, кімді айттың? – деді ышқынып. – Мақсұтты айтам, Қалимаш. Ол бар. Алматыда тұрады.

─ 194 ─ Апайым шайқалақтап шалқая берді, ықылық атып мен отырып қалдым. Мақсұт менің жалғыз ағам. Біздің əулет түгел нəубетке ұшырап, əкеміз екінші рет ұсталарда бəрімізді шұбыртып, арғы бет асырып əкеткен жас жеткіншек сол ағам екен. Шекарадан тым алыстамай, Ертіс жағасынан жеркепе қазып, мекен тұтыпты. Ілгері-кейін өткендер сол төңірекке жинала беріпті. Араларында кім барын, іштерінде не жатқанын кім білсін, екі-үш адам із-түссіз жоғалыпты. 1939 жылы шекарашы орыстар келіп Мақсұтты алып кетіпті. Бұл жақта соғыс. Біз оны да өлдіге санап, жыл сайын хатымға қосып, құран оқып жүретінбіз. Сонда қалған жеті жаннан, он алты жыл өткенде келген жалғыз мен. Жағдай бұл жақта əлі ауыр екен. Соғыс табы кете, көз жасы əлі кебе қоймапты. Тапқаны лағын, таппағаны тауығын сойып, күнде бір үй шақырады. Күліп барамыз, жылап қайтамыз. Біз өлең айтсақ: Қиыр қонып, шет жайлап, Келдік бүгін дəм айдап, – деп бастаймыз да шеттегі шерді қозғаймыз. Олар айтса: Ахау-айдай уысым, Армияда туысым. Туысымды ойласам, Тараяды тынысым, – деп егіледі. ...Мақсұт келді. Тайлы – таяғымызбен тас жолға шығып қарсы алдық. Анадағы жылау жолда қалды. Өз басым дəл сол күндердей ауыр, дəл сол күндердей жеңіл сəтті қайта кезіктірген емеспін. Сағыныш басылды, той тарады. Əңгіменің аузы ашылды. Жасынан өлеңге құмар жанның жалғыздықтағы жолдасы да өлең болыпты. Екі шумақтың біреуі – Алтай. Не айтса да Алтайдан бастайды, Алтаймен өрбітеді, əйтпесе, Алтаймен аяқтайды. Еуропаның сəнді Сарайлары, ғажайып ғимараттары селт еткізбейді. «Алтайдың самалды сайларындағы аласа үйлерден садаға кет» дейді. Балбыраған бақ, жайнаған гүл көрсе, «сенің өсетің жерің Алтай ғой» деп, қызғанады. «Мендегі жара оқ жарасы емес, жан жарасы,

─ 195 ─ мендегі шөл дерттің шөлі емес, Алтайды аңсау шөлі» деп, дəрігерден су емес, у сұрайды... «Құр дəріңмен қалай ғана жазбақсың, Бұл өмірде улар сіңген жанымды. Дəріңді емес, уыңды бер, жан достым. Ащы уыңды жаным бүгін сағынды...» Қарындағы майды, қара сабынды қақ жарып, еттің жілігіне дейін шағып тексергенде, түбіне дейін тінткізбей, кеденнен аман алып өткен бір сандық кітабым бар-тын. Əкем марқұм 1940 жылы қайтыс боларда өлеңмен жазған өз өсиетін қосып, «Көрісетін күн болса, Мақсұтқа бер» деп, шешеме бір бума қағаз қалдырыпты. Шер жұтып жүріп, 1946 жылы шешем де дүние салған. Сол буманы бердім. Жарғақтың тігісін жылап отырып сөкті де əкесінің өсиетін, өзі көшірген «Батыр Баян», «Сəтбек батыр», «Оян қазақ», «СəлихаСəмен»... қиссаларын көргенде отқа түскен көбелектей,өртене өксіді. Мен əке аманатын орындағаныма қуандым. Соңғы түндер осы қиссаларды оқумен өтті. Мұндағы ағайындардың ондай ермекке уақыты да, тыңдауға құлақтары да аз. Біз үшін бəрі арман, бəрі сағыныш. Алтай – Мақсұттың туған жері, біздің атамекеніміз. Мақсұт оны жау ішінде жаны өртеніп, жалғыз жүріп сағынса, біз ауыл, əулет болып аңсайтынбыз. Сондайда, сол ғасырдың басында арғы бет ауып, жат өлкеде 40 жыл өлең төгіп, күңіреніп көз жұмған аса үздік ақын Арғынбек Апашбайұлының «Жер – адамның анасы» дейтін сағыныш толғауын топтасып отырып оқытып, өзімізді өзіміз жұбататынбыз. Онда: «Ұшқыр-Менкер, Төрқуыс, Сай-саласы ел қоныс. Төртуылға ежелден Ата жолдас, бір туыс» – болған қайран Алтайдан орыс тартып алған жүзден астам қонысты жылап отырып жоқтайды. Мақсұт мұны да жатқа соғады. Сол толғауды жылқының түнгі күзетіне бармай тыңдаған Мəсəлім ағамыз көзінің жасын сүрте отырып: «Осыны аңырата бермеші, Мақсұт!

─ 196 ─ Айтсаң да «орыс тартып алды» деген жерлерді өзгертші» – деді. Түсіндік... Қайтар күнгі «Тоқымқағарда» Мақсұт бөлекше бір əуен аңғартты. Атасы асқарлардың аялы Алтай, Саясын Сарыарқаға жаяды Алтай Қырмызы-қызыл гүлді жер жəннаты Қарт Алтай, қадірлі Алтай, баяғы Алтай Ел қайда Алтайдағы өз елімдей, Ер қайда Алтайдағы өз ерімдей, Алтайда астам өскен елді ойласам – Көз жасым ағады Алтай өзеніндей... Жыр жарты сағат айтылды. Алтайдың атақты қобызшы қарты айтатын «Киік зары» деген аңыз екен. Жонға жайылып, желіні сыздап оралған ана киіктің екі лағы ойнағанда жоқ. Аю жеді десе қан, адам алды десе өзі көрінбейді. Үрпінен сүті сорғалап сарнайды, зарлайды.

Зарлады сонда киік от боп жанып, Сарнады сабыр таппай естен танып. Аңырады аялы Алтай сай-саласын Шомылтып, шерлі болған күйге малып. Маңырады маңайдағы тауды тербеп, Жамырады таудың үні тауды кернеп. Қызарып күн батардың қарсаңында Сайлардан көтерілді сағым өрлеп... Толқыған көлден, ескен желден, гүлден, күннен сұрайды. Күйін ешкім ұқпайды, күйігін ешкім түсінбейді. Еріліп ести-ести зар мен мұңды, Арқада өткізіп ем талай күнді.

─ 197 ─ Албырт шақ астамдықпен зулап өтіп, Жиырма бес көрінбейді бір күн құрлы. Ел үшін көрсетпесем ойынымды, Қай кезде қандырмақпын тойымымды. Алтайда азат туын тіге алмасам, – Қара жер əзірлей бер қойыныңды!.. Кім болса да, жиырма бес жасында жазыпты. Ұлы зар Алтайында азаттық туын тігуге, соған дейін бүгілмеуге бекінген антпен аяқталған. – Бұл кімнің өлеңі? – дестік. –Е, бір Мұңлықтыкі де, – дей салды. Біз оны өзіне жорыдық. 1968 жылы Мақсұт ағамның үйіне барсам, шымыр, ширақ, өңі сұсты, үні қатқыл бір адам отыр. Таныдым. Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасын қазақша аударған ақын Хамза Абдуллин. Екеуі де орып сөйлейді. Ас ішіп, еттері сəл қызған соң Хамза өзбекше бір маршқа басты.Легиондар гимні. Денем шымырлап кетті. Мақсұт «Киік зарын» біраз зырылдатып барып басылды. – Қобызшы Қорқыттың күңіреніп жүріп жазғаны ғой, – деді Хамза. – Алтай, Арқа, Сыр, Тұран, Түркістан біздің ұлы арман, ортақ ұранымыз болып еді. Енді, міне... Тіксіне, түсіне қалдым. Хамзаның халінен ептеп хабарым бар. Ал Мақсұт арғы беттен ұстап əкелінген, ит жеккенге айдалған. Меңіреу Тайгада мəңгілік сүргінде қалған соң өзі тіленіп соғысқа барған, жараланып жауға түскен жан. Бірімізді-біріміз аяп, жан жарасын екеуміз де тырнай бермейтінбіз. Дегенмен Қобызшы Қорқыттың шын аты кім екенін сұрадым. – Мəжит Айтбаев дейтін қызылордалық ақын.Соғыста тұтқынға түскен.Өлеңнің өрен жүйрігі еді... «Жаңа Түркістан», «Ұлттық Түркістан» газеттерін шығарған. «Милли əдебиет» журналында ол редактор, мен жауапты хатшы болғам,– деді Абдуллин.

─ 198 ─ «Киік зарының» авторын – Қобызшы Қорқытты – Мəжит Айтбаевты мен сол күні білдім. 1988 жылы Еуропаға бардым. Германия, Австриядағы қазақтарды көрдім.Ойымда Мəжит Айтбаев жүрді. Азаттық радиосында істеген Азамат Алтан деген қырғыз оны білетінін айтты. «Абылай хан» деген кітабы болған. Оны Хасен Оралтай қайта бастырған, деді. Хасенмен жолығудың жөні болмады. 1990 жылы Туркияға жол түсті. Стамбулдағы, Анкарадағы, Измирдегі қазақтармен қауыштық. Стамбул университетінде оқитын Ахмет Түркез, Қалман Қошжігіт, Мехмет Доғру деген студенттер көп кітап тауып берді. Сыдыхан Улучай, əлде «Тарихи-Рашиди» болар ма, деп бір кітап əкеліп еді. Тым ертедегі діни қолжазба болып шықты. «Абылай ханды» тауып бермек болып, хабарласпай қалды. Түркияның Анкара қаласында тұратын Ұядан Ақай дейтін қарт бар-тын. Өр Алтайдан өткен ғасырдың 30-жылдары үркіп, қанды жолдарды жиырма жылдай шылқылдатып басып, шалпылдатып көшіп өтіп, Анадолыға жетіп жығылған. Оқығаны аз, тоқығаны көп, тақуа. Əсіресе түркі əлемін тінте сөйлейді. Қазақтың бар қасіретін орыстан көреді. Оның да қойын – қонышы толған Алтай. – Əй, Алтай, əттең Алтай, Көркем Алтай. Кір жуып, кіндік кескен өлкем Алтай. Армансыз бұл дүниеден өтер едім, Бір иіскеп топырағыңды өлсем, Алтай! – деп соға берді. Сырт жақтан Алтай, Арқа, Тұран, Түркістан туралы өлең естісем, мен енді Қобызшы Қорқытқа ғана телийтін болып алғам . – Бұл – Шаймерден деген ағамыздың көз жұмарда жоқтап кеткені. Қорқыт десең, оны да айтайын, – деп, «Абылай» дастанының əр тұсынан төгіп-төгіп жіберді. Бірақ қанша қиылып сұрасам да, маған қимаған. Біздегі биліктің сол тұстағы үлкен мекемесінде істейтін зерделі, зиялы азамат – Сауытбек Абрахманов шежіре шалдың тілін тауып, 1991 жылы Қобызшы Қорқыт кітабының көшірмесін алып келді.

─ 199 ─ «Асса, түрік танысын, қала берді, осындағы өз ағайындарымыз қазақты ұмытпасын деп, болымсыз бір баспа ашып... «Биук Түркелі» («Үлкен түрік елі») деген журнал шығара бастадым. Түркия кітапханаларынан табылған алаш ардагерлерін жариялаған соң ұрымтал ештеңе кезікпей жүргенде қолыма Қобызшы Қорқыт түсті, – депті, кітаптың екінші басылымында алғы сөзінде Хасен Қалибекұлы Оралтай – Оқыдым тебірендім, көзіме жас келді. Сосын, 1971 жылы Мюнхенде (Герменияда) қайта бастырып тараттым. Біздің «Биук Түркелі» кітапханасының бірінші кітабы осы болды». Біз де оқыдық. Түсіндік, түйсіндік, күрсіндік. Қорқыт қобызының күңіренісі, зұлматтан шыққан зар келді құлаққа. Тозған түрік бірлігін, ұлт тəуелсіздігін ерте аңсап, сол арманмен арпалысқан азаматтарды Тəуелсіздікке қолымыз жеткен шақта жатсыну жараспас деп білдік. Бірақ, кітаптағы екі алғысөзде де (1943 жəне 1971жж) Қобызшы Қорқыттың кім екені айтылмапты. Автордың дерегін іздедік. Бір тəуірі, сол жылы ақын Сырбай Мəуленов «Қазақ əдебиетіне» «Мəжит Айтбаев кім еді?» деген мақала жазды. Сырағаңа қолқа салып едім, «Сырқаттанып жүрмін. Осыны пайдаланшы» – деді. Сырағаң айтады: – Осыдан көп жыл бұрын белгілі ақын Жақан Сыздықов екеуіміз көшеде жолығып алма-кезек өлең оқыдық. Көп адамды еске алдық. – Менің шығармамның шыңы «Əли қарттың əңгімесі» еді ғой. Өкінішке орай ол жарық көрмейтін болды, – деді. –Неге? –Жазушылар одағы арқылы Орталық Комитеттің бір қызметкері тығыз шақырды. Бардым. Қабағын қарс жауып, «Сенің жазғаныңның бəрін жаулар пайдаланып жатыр» деп алдыма «Милли əдебиет» деген журналды тастай салды. Ішінде «Əли қарттың əңгімесі» жүр. Зəрем зəр түбіне кетті. Журналдан «Қобызшы Қорқыт», «Адасқан құзғын» деген бүркеншік аттар көзге түсті. Қобызшы Қорқыт –

─ 200 ─ Мəжит Айтбаев екенін бірден білдім. Баяғыда КазПИ-де оқыған. Өлеңді жиі жазатын танымал ақын. Оның тұтқынға түскенін, Мюнхенде шығатын журналда істейтінін еміс-еміс естігем. Əлгі азамат: «Жағдайың оңып тұрған жоқ. Шет елде де байланысың болып шықты», деп түйіле қарады... Айтпақшы, Жақан Сыздықовтың «Азаттық» радиосы екі дауыспен жазып таратқан «Əли қарттың əңгімесінің» иницинировкалық үнтаспасы менде бар. – Мəжиттің Қызылордадағы өмірін мен жақсы білемін, – дедім. Онда айт, деген қабақ танытты. 1938-1939 оқу жылында Мəжит Қызылорда пединститутының студенттер даярлайтын бөлімін басқарды. Мені (Сырағаңды – У.Қ), Оразгүл Нұрмағамбетованы, Əсия Жаналиеваны, бізден кейін Роза Бағланованы сол бөлімге өзі қабылдады. Қазақ тілі мен əдебиеттен сабақ берді əрі Жазушылар одағының облыстағы өкілдігін атқарды. Орта бойлы, қара торы, қалың қасты, 25-тер шамасында еді... Мақалада одан əрі бұрын астана болған қаладағы қызу өмір, техникумдар мен мектептер көп болғаны айтылады. Сауда техникумында атақты Абдолла Жұмағалиев сабақ беріп, №6 мектептегі əдебиет үйірмесіне жетекшілік етіпті. Темір жол техникумындағы əдеби үйірмені өлеңді қазақ, орыс тілінде бірдей жазатын Асқар Нұртазин жүргізіпті. Педучилищедегі əдебиетшілерді сол институттың ұстазы ақын Мендияр Киікбаев тəрбиелепті. –Абдолланы бар қазақ біледі. Мендияр кім? – деп сұрадым Сырағаңнан. – Өте зерделі, зиялы, əдебиетші, пединститутта біздің ұстазымыз болған, – деді. Сол Мендияр Киікбаев туралы соңғы жылдары мерзімдік басылымдардан екі мақала оқыдым. Қарт қаламгер, ұлағатты ұстаз өмір бойы тепкіленіп, тергеліп, жан азабынан айыға алмай дүние салыпы. Бір ұл, бір қызы жындыханамен жазаланып көз жұмыпты. Үлкен қызы Нұрхан мен кіші Ұлы Болат та көрмегенді көріп, əйтеуір, тірі қалыпты. Қазір Алматыда тұрады екен. Зобалаңның басталуын өжет

─ 201 ─ қыз Розалияның Америкаға кетемін дегенінен көреді екен. Шешелері Мұстафа Шоқайдың қарындасы, əкелері Мəжит Айтбаевтың досы болса, тергелудің бір тегі осында жатпаса, нетсін, деген ой келді. Сырағаң айтатын: – 37-нің ызғары Қызылорданы да шарпыды. «Жастық шағың бір күні көтерер де орамал, таудан аққан бұлақтай сылқ-сылқ күліп жоғалар» деген өлең жолдары үшін «Мағжанның шəкіртісің, Асан Қайғы, Қорқытты көксейсің» деген қудалауға шыдамай, Абдолла Жұмағалиев Алматыға бір-ақ тартты. Мəжит Айтбаевты өзі Жазушылар одағының өкілі болса да Одақтың екі съезіне сайлатпай тастады.Облыс жазушыларының тақырып жағдайындағы ауытқуының бəріне Мəжит кінəлі болып шықты. Соған қарамай,ол қаламды қарышты сілтеді. «Болат құюшының жыры», «Қарлығаштың қанатындай», «Қытай қызы» деген өлеңдері «Əдебиет майданы» журналында, газеттерде басылды. «Толқын жыры» поэмасын жазды. Лебедев – Кумачтың «Если завтра войнасын», Светловтың «Каховка», «Гренадасын», Гетенің «Орман патшасын» аударды. Бұрнағы жылы бұлбұл əнші, халық қаһарманы Роза Тəжібайқызы Бағлановамен əңгімелестім. Бəрі есіңде. Сырағаң айтқандарды түгел растады. Ақынның түртұлға, мінез, мəдениетін дəл сипаттады. Өзі де əнші еді. «Баянауылға» ырғалып еріп, айтып отыратын. «Сырымбетті» əннің төресі, «Айнамкөзді» дала ариясы, «Зəурешті» – трагедия дегенді тұңғыш рет сол кісіден естідім деді. – Өз тағдырыңызға тікелей əсері болды ма? – Енді қалай? Оқытса, əннің ырғағын бұзбауға, сөзін анық айтуға үйретсе, ол əсер емес пе екен. Əнші қабағын шытып, «əттеген-ай, сақтай алмадым ғой. Өз қолымен жазып берген əн мəтіндері болған еді» деп ойланды. – Мені «бұлбұл қыз» дейтін еді. Ұстаздан гөрі əнші болғанымды құптайтын. Ақыры институтты үшінші курстан қалдырып, өнерге кеттім ғой.

─ 202 ─ – «Если завтра война» дей бергенімде Роза іліп ала жөнелді. – Ойбай-ау, əлгі жоғалды деген мəтіннің бірі осы болатын. Оны алғаш рет қазақша, орысша мен айтқам! – Əннің бір шумағын айтқанда ырғаққа қарай даусы да, өңі де құбылыпқұбылып кетті. Сырағаң: – 1939 жылы Мəжит армияға алынды. Мендияр Киікбаев екеуіміз шығарып салуға үйіне бардық. Үшеуіміз перзентханада босанып жатқан Мəжиттің зайыбына соқтық. Əйел бізге терезеден тырбаңдаған қызыл шақа нəрестені көрсетті. – Бұл да азамат болып, ат жалын тартып мінер ме екен, – деп ақын біраз ойланып тұрды. – Бір кезде: «Аттанған жері жігіттің, іші еді қалың шіліктің» деп өзіңіз айтқандай, бұл да қалың шіліктің арасына армияға өзіңіз сияқты аттанар,– деп күлді Мендияр. Кешке қарай қызыл эшелон Мəжитті Қызылорданың құшағынан алып, батысқа қарай жол тартты. жылы ақпан. М.Əуезов мұражайында М.Шоқаев қоры ұйымдастырған «Түркістан легионының шындығы» деген жиналыс болды. Қобызшы Қорқыт жайын мен баяндадым. Легион туралы Амантай Кəкен айтты. Жиналысқа Мəжит Айтбаевтың немере інісі, белгілі суретші Салахидин Айтбаевтың қарындасы қатысты. Ақын əулетінің мəн-жайын білдік. Бабалары Шойынбайдан Айтбай, одан Мəжит пен Əбдісадық туыпты. Салахидин, Құлайым – Əбдісадықтың балалары екен. Мəжиттен Пахридин (баяғы тарбаңдаған сəби) жалғыз. Мəжиттің əйелі Елена Лукич, венгр қызы, мұсылман болып, Мария деген ат алған. 1997 жылы қайтыс болыпты. ПахридинЧапай деп аталып кеткен. Өмірі бір зауытта қарапайым жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан. Бала-шағалары бар, Қызылорда қаласында тұрады. Мəжит «Бесік жыры» деген өлеңді осы ұлға арнап жазды, десті. Кітапта «Бесік жыры» (Пашаға) деген өлең бар. Пашасы Пахридин дегенге келеді. Сырағаң: «ақын сол кеткенінен

─ 203 ─ қайтпады» деген-тін. Өлеңде: «Күлгеніңді көрсем де, жүргеніңді көрмедім» дейтін жолдар бар. 1940 жылы жазған «Орамал» деген жырында: «Сүртерсің сонда жасыңды, бердім саған орамал. Орамалым – мəңгіге сүйгендікке жорамал», – деп, жарым берген орамал да көз жасымнан шіріді, – дейді. «Сенен қалған қолымда, үш айлық сəби ұлым бар. Мен сүйермін ұлымды, сенің онда кімің бар?» дегенін айтып егіледі. Бұған қарағанда Мəжит əскерге тарбандаған сəбимен терезеден қоштасқан күні емес, ұлы үш айға толған – 1939 жылдың күзінде аттанған. Оны өзі қызмет атқарған əскери бөлімнің «Бөлімше командиры М.Айтбаевтың өзі жəне отбасы (20.10.1939-20.10.1941жж) тиісті жеңілдіктерді пайдалана алады» деген анықтама қағазы да дəлелдейді (М.Айтбаев архивінен) Мəжиттің əскерде жүріп жазған «Туладан аттандым», «Қарағай», «Винтовка» деген өлеңдерін де Сырағаң оқыпты. «Винтовка» – мылтықтың бар тетігіне қазақша балама тапқан өлең. Соғыстан соң ақыннан көз жазып қалдық», дейді. Қай жылы екен, Ғабеңнің (Ғабит Мүсіреповтың) алдынан шағын ғана екі жыр жинағын көреді де Сырағаң оның кімдікі екенін сұрайды. «Тұтқындағы Мəжит Айтбаевтың кітабы. Сөзді ойната алатын ақын екен», дейді. Ол ақынды танитынын айтып, бір күнге бере тұруын өтінеді. – Хатшы Имашевтан екі күнге өзім əрең сұрап алдым. Оған профессор Сайым Балмұханов əкеліп беріпті. Сен қолқалама, – дейді. Хамза Абдуллин Мəжит үш кітап шығарды деуші еді. Екеуі жаңағы Ғабең оқыған «Абылай хан» мен «Толқын жыры» болар. Үшінші кітаптан дерек жоқ. Оны Хасен Оралтайдан да, 1995 жылдық Абайдың 150 жылдық тойына келген Баймырза Хайттан да сұрадым. Білмеді. Болса, компьютердегі тізбелерден іздеп көрмек болды. Сұрапыл жылдардың бар архивін сақтаған сол адам.

─ 204 ─ * Сауытбек əкелген кітап қолға тиген соң Сырбай Мəуленовтің сол мақаласын алғы сөз етіп, ішінде екі дастан, бес баллада, үш əн, жеті аударма бар, Мəжиттің 54 өлеңін еларалық «Шалқар» газетіне түгел жарияладым. Өзі бар қазаққа дəнекер газетке тіл қатушылар тіпті көбейіп кетті. Хамзаға сөз берілді. «Атылып кеткен Абдуллин, қайдан шыға келдің? Тұтқындардың сайранын ( бүркеншік аты) советтер де сайратып қойғанба? Шын Хамза болсаң хат жазшы» – депті Нью-Иоркте тұратын Зайда Əли деген ханым. Мəжиттің жатқа білетін екі өлеңін жіберіпті, өзі «Милли əдебиетте» терімші болған. «Мен тірімін» деп Хамза да үн қатты. Бірі ондағы, бірі мұндағы тағдырларды айтысты. Ел ішінен жазылған күмілжу хаттардың астарынан да тауқыметті тағдырлар аңғарылып тұрар еді. 1994 жылы. Еуропаға тағы бардым. «Азаттық» радиосы қазақша хабарлар бөлімінің сол тұстағы бастығы Хасен Оралтайда аса бай архив бар екен. М.Шоқайдың «Жас Түркістанынан» бастап, легион басылымдарының бəрін көрдім. – Бұл жабық жатқан тақырып. Сірə, жуырда ашыла қоймас. Қызығып жүрген ешкім жоқ. Бəрін көтеруге жалғыз менің əлім жетпейді деген өкініш айтты Хасен мырза. Сол басылымдардың, əр қайсысынан бірнеше санның көшірмесін алдым. Осылардан ғана Мəжиттің 22 өлеңі табылды. « Милли əдебиеттің» 1944 жылғы бір санының ауданы Мəжиттің 30 жасқа толғанына арналыпты. Түрік тектес ақынəріптестерінің бірталайы өлең жазған. Тағдырлас, армандастар Мəжитті шыдамға шақырады, үмітіңді үзбе, қобызыңды Түркістан тойында аңыратасың, азаттық туын Алтайыңа өлеңмен көтересің,– дейді. «Теңіздей шайқалып толқын ұрады. Қорқыттың көкірегінде ізгі жүрегі. Ойменен Алтайда зор тахыт құрады, Ел демек, ерік демек жалғыз тілегі..»

─ 205 ─ Өзбек ақыны М.Раушан тағдырлас досының жанын осылай сипаттаса, Атабек Абдуллаев (Хушнуд): Ал, көтер, іш шарапты халық үшін! Көп жаса, 30 емес 100-ге дейін. Тарт тағы қобызыңды көрсет күшін, Халқыңнан арылғанша қайғы мен мұң,– деп, дем береді. «Күз». Ызғар үдеп барады. Тон ( көңіл) жыртық. Одан əрі қыс бар», – деген Мəжиттің өлеңіндегі күйзелісті «жыртық та болсын тоның бар» деп, жуып-шайып, ақын Бекзада. Ызылдап боран, қар жауып, Өтті ғой күздің жарымы. Қорқытым, шыда бір күні Тəңірдің түсер жарығы,– деп төзімге шақырады. «Күрес пен қиын кезеңнен өттік. Енді Ақ Еділдей өзеннен өтейік. Ар жағында Алатау, Алтай, Көкшетау тұр» – Сайран (Хамза Абдуллин). «Жүр, кетейік Түркістанға, алысқа, Ессіз қауым тиіп болды намысқа!» – деп, ақынның жанын жани түседі. Осы мұңды мүшеліне өзі арнаған өлеңінде: бар өмірім от ішінде өтті. 30 жылда ашылмаған қайнарым қашан ашылады, – деп, шер-мұңын шығарып-шығарып алады да: «Тұрмыстың жеңілі мен ауырында. Ұлы едім еркін өскен ауылымда. Тілегім – енді еркіндік заманында Жырлайын алтын Алтай бауырында»,–деп, өзін-өзі жұбатады. Көз алдыңа қан-жоса болған сүлделерін сүйретіп, біріне бірі сүйеніп, бірін-бірі сүйреп келе жатқан тұтқын солдаттардың сұмдық суреті дəл келеді. «Шерменде ақын, шексіз мұң» деген айдар тағып, Мəжиттің əлгі өлеңдерін де, «Торға түскен тотылар» деген тақырыппен əріптестерінің арнауын да жарияладық. «Тордағы тотылар» демекші, от кешіп жүріп жыр төккен

─ 206 ─ жалғыз Мəжит емес екен. Қолдағы аз ғана сандардан бүркеншік атпен жыр жазған 20 шақты есім кезікті. Сағым, Сабыр, Сырбаласы, Сайран, Бати, Бекзада, Зарлық, Айдын, Манас, Ғайып... Бірталайының дерегін білдік. Өлеңдері отты, «Ұлы адамның арманы» (Сырым батыр туралы) деген пьеса жазған Қ.Қази – Қази Қазбеков еліне келген соң де жаза тартқан Қостанайлық азамат. М.Дара – Мəжит Аяпбеков түңіле–түңіле Түркияға шығып кетіпті. Асан қайғы – Мəулікеш Қайболдин Германияда қалады. 50-60 жылдары «Азаттық» радиосын құрысады. Дəулет Тағыберді, Жəкей Бапыш та сондай. Сайран – кəдімгі Хамза Абдуллин. Соғыстың соңғы кезеңінде легионерлер арасындағы фашизмге қарсы жасырын ұйымның мүшесі деген күдікпен аңду түскенін аңғарып, Берлиннен қашқан он бірдің біреуі. Словакияда СС қолына түскен. Жасырын ұйымның жетекшісі Арзыхан Жұмабаев бастаған алтауы қашып құтылып кеткен де Мұрсалиев, Қалдыбаев, Бейісов төртеуі ұсталып қалады. Бұларды Берлинге қайта əкеліп, атуға бұйырып, өлім камерасына қамап тастайды. Үкім орындалар тұста түрмеге бомба түседі де күзетшілер қашып кетеді. Ғайыптан аман қалған төртеуі Кеңес армиясына қосылып, бір жылдай жауынгерлік міндет өтейді. Мен əкелген тігінділерден сол Сайранның – Хамза Абдулиинің де он екі өлеңі табылды. Соларды ақтау комиссиясының ең жоғарғысына апарып, «осыдан жаудың бір сөзін тапсаң атып таста» деп жүріп, өмірінің ақырғы жылы ақталып барып көз жұмды – Абылай ханның суретін Мəжиттің сипаттауы бойынша Манас-Мінəсіп Нұғманов салды. Шоқанның портретін алдарына қойып ақылдасып отыратындары есімде, – дейтін Хамза Абдуллин. 1994 жылы Мюнхенде Жəкей Бапыштан (1973-1978 жылдары «Азаттық» радиосының қазақша хабарлар бөлімін басқарған) сұрадым. «Манас жақсы суретші еді. Мəжиттің ондай өнерін білмеймін. Сірə, осы сөздің жаны бар шығар» – деді. Дегенмен, Мəжиттің соғыстан бұрынғы өлеңдерінде сызық-сұлбалар (штрих) кезігеді («Даладағы

─ 207 ─ мола»). Мəжиттің немере інісі Салахидин Айтбаев айтулы суретші еді ғой. Сонда, сурет те бұлардың əулеттік өнері ме, дейсің. Бірақ, Абылай əуесқойдың емес, дəулескердің қолынан туған бірегей бейне! Манас – Мінасып Нұғманов. Зайсандық. Жас педагог. Суретші, сазгер. Ақын, əнші. Үйленгеніне ай толмай əскерге алынып, жаттығудан өткен жас сардар. Соғыстың алғашқы алқын-жұлқынында тұтас шебімен тұтқынға түскен. Өзектегі өртті өлеңмен өшіріп, лагердегі лағнет тіршілікті суретпен сұлбалап жүргенде тұтқындағы француздармен бірге қашып, партизандар аймағына өтіп кеткен. Қашқындардың телім-телім топтарынан жауынгер жасақ құрап, бірталай елдімекендер мен қалаларды азат етуге қатысқан. Тулуз қаласын азат етудің айбынды шеруінде жеңіс туын көтеріп өткен. Тар жол, тайғақ кешулерде тағдырлары тоғысып, Алис деген француз қызына үйленген. Соғыс біте сала елге қайтып, туған ауылына табаны тиген күні қайта тұтқындалып, орыс орманына азапқа айдалып кеткен. Француз кəсіподағының шақыруымен сол елге барған қазақтарды (1990 ж.) баяғыда Манас жеңіс туын көтерген Тулуз қаласындағы құрбандар қорымына қаралы діңгек (оболеиск) орнату шарасына қатыстырыпты. – Сіз, сірə, менің əкемнің жерлесі боларсыз,– деп жанаса кетіпті бір француз əйел, қазақ қабырларындағы жазуларды оқып тұрған Бақыт Садықованың білегіндегі «Невада-Семей» белгісіне төне қарап. Шүйіркелесе кетісіпті, Атыжөні – Моник Легр – Светлана – Нұғманова. Баяғыда Манас елге қайтқанда іште қалған ұрық. Өмір бойы əке дерегін іздеп жүрген мұңлық екен. Кеңес Одағының тиісті орындарына да хатпен шыққан екен, олар «Жапония майданынан қайтпады» деп, жалған жауап қайтарыпты. – 1991 жылы Қазақстан кəсіподағының қарымта шақыруымен келген француздардың арасында Дениз Фукор деген саркідірлеу,тым ширақ, келбетті бір əйел болды, – деп жазады «Доживем до понедельника» газетіне Огулбиби Аманниязова деген автор. –Алғашқы отырыста-ақ сөз

─ 208 ─ ұсынылды. Мейманымыздың жүзіне мұң ілініп, сəл бөгелді де, бір əн бастады. Қазақ əні. «Қара торғай».Ашық дауыс, анық сөз. Сызылтып, үзілтіп бара жатыр. Тосын құбылысқа таң қалдық. – Қазақстанды, қазақты Еуропа енді ғана ести бастады,– деді, əн тынғанда. – Ал, біздің тағдыр қазақпен сонау соғыс сұрапылында тоғысқан. Мен, жандары жорық жолдарында жарасып, сіздердің Манас деген батырларыңызбен Еуропа орманында отасқан француз қызы Алистің сіңлісімін. Мынау сол жездемнің Əлпі аспанында əліге дейін шырылдап ұшып жүрген Қараторғайы. Əуенінде ауытқу болса кешірерсіздер. Мен мұнда сол жездемнің мəн – жайын білейін, бар болса «Француздардың фашизмге қарсылық» күресіне қатысқан қазақтармен жолығып, деректі фильм жасайын, жоқ болса, Қараторғайдың қанатын жайып, рухтарына тағызым етіп қайтайын деп келдім. Жерлеріңіз əндей əсем, жүздеріңіз менің жездемдей жарқын екен. Бастарыңызға оралған бақыттарыңыз баянды болсын, деді. Бəрімізді бір жабырқатып алып, жадыратып жіберді,– деп жазыпты журналист. Дениз Фукор ертеңінде телевидениеге шығып, Манас – Мінəсіпті білетіндер, француз партизандары күресіне қатысқандар болса, тілдесулерін өтініпті.Оған он екі қазақ үн қатыпты... Асай-мүсейлерін асынып, операторын ертіп, 1994 жылы Моник Легр – Светлана Нұғыманова келді. Əкесі туған топыраққа барып тəу етті. Ол кісінің соғысқа аттанар алдында үйленген əйелінен туған Ғазиза апасымен құшақтасып қауышты. Мінəсіптің тіршілігі тұйықталған Курганға барып, орыс əйелі Валентинамен танысып, екі інісімен туыстасып қайтты. Ана жылы тіл қатқан тұтқын – қаһармандардың кейбіреулерімен кездесіп, таспаға түсірді. Осы жансебіл жандарды саяси ақтау туралы тисті орындарға тілек енгізді. Кезінде тұтқындар лагерінде, партизандар құрамасында дəрігер болған, бүгінде Шымкент облыстық емханасының бас дəрігері Ахмет Бектаевті Францияға апарып, жорықтар

─ 209 ─ жолымен жүргізіп, қаруластарымен қауыштырып, шерлі шежірелер шерткізді. Осының бəрі аса зор оқиғалы, толық метражды, деректі фильм болып шықты. Тек оны қазақ көрмеді. Əрі сұрапыл соғыстың азапкері, əрі Еуропаның азаткері болған жандарды өз елінде тартқан жазадан ақтау тілегіне ешкім жауап бермеді.Ең сорақысы – Мəжит Айтбаев пен Мінəсіптің бұғауда булығып жүріп салған Абылай хан суретін, 1944 жылы Мəжит кітабында жарияланған, Қазақстанға содан бері мағлұм суретті «мен салдым» деп жарапазандап жүрген жалған суретшілер де пайда болды... *** Б.Ғайып - Бейісов Ғайпен. Атыраулық. Жоғары білімді инженер. 1939 жылы əскерге алынған. Ауыр жараланып, тұтқынға түскен. Легионға 1943 жылы қосылып, ТҰК бас штабында істеген. Басқалардан гөрі өрісі кең, жүрісі еркін, əскери фототілші. «Жауынгердің күнделіктері» деген аса оқиғалы жазбаларын əуелі « Милли əдебиет» журналында жариялап, кейін кітап етіп шығаруға Мəжит Айтбаев көмектесіпті. «Жасы əлі отызға толмаса да жасамыс адамдай еді. Біз оны қобызсыз Қорқытқа, асатаяқсыз Асанға, ақ шалмасыз Абызға теңейтін едік. Отты, ойшыл, сыршыл, мұңшыл ақын, аса сабырлы, өте сақ, бəріміздің саяси сақшымыз еді» дейді. – Тұтқын. Аяусыз азап. Ашу-ыза. Уытты өлең... Бірақ мұның үшін сенің маңдайыңнан неміс сипамайды. Ал, сен аса керек адамсың. Сезіміңе ие бол.– депті Ғайпеннің өткір бір өлеңі туралы. – «Аса керексің» дегенінің мəнісі қалай? – Мен фототілшімін. ТҰК-нің тапсырмасымен сол төңіректегі басқа да легиондар мен лагерлерге барып жүруге еркім бар. Олар мендегі осы мүмкіндікті пайдаланады екен. – Демек, легионерлердің құпия ұйымына сіздің де қатысыңыз болды ғой? – Жоқ, арыз жазып, ант беріп кіргенім жоқ. Ондай

─ 210 ─ ұйымның барын білген де емеспін. Менің білетінім Сайран ғана. Қайда барсам да əйтеуір бір елеусіз жұмыс тапсырады. Бірде Ғайпен Словакиядағы Солтүстік Кавказ легионына барарда Сайранға соғады. Дəлізде Арзыхан Жұмабаев деген қырғыз кезіге кетеді де «Əзиев деген полковникке бір аурушаң туысымды тапсырып едім. Жолықсаңыз соны сұрай салыңызшы. Тек, біреулер естіп қоймасын» деп өтінеді. «Өзі бір аурудан айықпайтын жан екен. Дегенмен жуықта таудағы госпиталға жіберетін болдық» деген жауап əкеледі Əзиевтен. Содан көп ұзамай əлгі Əзиев легиондардан жабдықталған полкты Словакия партизандарына алып кеткенін естиді. Бұл жəне Мұса Жəлилдің əшкереленген тұсы екен. –Жасырын ұйым жұмыс істейтінін осыдан аңғарып,оның егжей-тегжейін кейін білдім, – деді. –Мұса Жəлилді де білетін бе едіңіз? –Берлиндегі бір ғимараттың екінші қабатында Түркістан легиондарының басылымдары болды да үшінші қабатында «Еділ-Орал» легионы орналасты. «Ақ Еділ» деген журналдары болды. Жай оғындай өлеңдері өз алдына, мен оның өзі əшкереленгенде Мəжитті əшкерелемегенін жоғары бағалаймын... – «Антифашист» атты ондай ұйымның 1942 жылдан жұмыс істегенін, оның Түркістан легионындағысын Мəжит Айтбаев, Еділ-Оралдағысын Мұса Жəлил басқарғанын, оған қатысы болғандар өзіне тапсырма беретін жəне өзі тапсырма берген адамнан басқаны білмеуге тиіс екенін Сайран –Хамза Абдуллин де айтатын еді. Ал, Арзыхан Жұмабаев бұрын Қырғызстан КГБсында басшы болған адам екен. Оның арнайы жіберілгенін,немесе тұтқын екенін екеуі де білмейді. .. 1945 жыл. 12 Ақпан. Түн ортасы. Ғайпенді жұлқып оятып, тез жиналуға асықтырады Сайран. «Бұл бұйрық. Бір минут аялдауға болмайды» дейді. Содан ТҰКнің танымалы он бір адамы поезға отырып, партизандар аймағына – Чехияға жүріп кетеді. Словакияда СС – тің қолына түседі. Əккі барлаушы Арзыхан бастаған алтауы сытылып кетеді де төртеуі ұсталып қалады. Атуға бұйырылады...

─ 211 ─ – Өлең шіркін əр кездің тынысына қарай туа берді ғой. Ал, Мəжит бір ғана мақсатқа, ұлттың өшіп кеткен үмітін оятуға ғана қызмет еткен ақын, – деді Ғайпен, Қобызшы Қорқыттың 1944 жылы Берлинде басылған «Абылай Хан» кітабын аударыстырып отырып.– Бұл бүкіл түркі əлемін (тұтқындарын) оятқан дабыл ғана емес, қолбасында қасқайып тұрған Абылайдың өзіндей болған кітап еді.. Сөз хан суретіне ойысты. –Кім салғанын дəл айта алмаймын. Манастың іздері легионнан гөрі француздар арасында көп қалған... Суретті қолына алды. Таңырқады, басын шайқады. – Неткен айбарлы əлпет. Қандай қаһарлы қабақ, өткір көз. Не деген сұсты сипат...Сірə, мұнда екеуінің де қолтаңбасы бар болар. Ұлы тұлғаны ақын əуелі өлеңмен сомдаған да,суретші оны бояумен бейнелеген. Мен мұны өлең мен өнердің ортақ туындысы дер едім... Ғайпеннің терең толғанысы мені қатты толқытты. Бейісов Ғайпен елге келген соң қайта ұсталып, орыстың азап аймағына айдалыпты. Он жылдық тауқыметті Тайгада өткізіпті. Одан соңғы өмірі Оралдағы бір зауытта өтіпті. Легион басылымдарының мендегі көшірмелерінде тұтқында жазған туындылары бар екенін Хамза Абдуллиннен естіпті. Бастан кешкен тағдырын едəуір баяндап, əрі жазбаларын сұрап хат жазған еді. 1997 жылы іздеп келді. –Реті келсе кітап етіп шығарармын. Əйтпесе Абдуллин сияқты ақтауыма септігі тиер,– деп, «Жауынгердің күнделігі» повесі мен «Ана жүрегі» атты хикаятының фотокөшірмесін алып кетті. Кейін естідім, осы дүниелерін дəлел етіп ұсына жүріп, ақталғанын əл үстінде жатып естіп, 2005 жылы дүние салыпты. «Өмір от ішінде» жəне...... деген кітаптар жазған екен. Оны көре алмадым. *** Мəжит Айтбаевтің архивінде Хакім Тыныбековтың 1939 жылы жазған хаты жатыр. Алматыдан əр жаққа

─ 212 ─ тарағандарына əлі жыл тола қоймаса да сырластық пен қимастықтың лебі сезіледі. Өлең əлеміне бір кезде қатар келген Қасым Аманжолов, Қалижан Бекқожин, Қапан Сатыбалдиндердің қалам тартыстарын, қадам алыстарын айтады. Астанадан алыстап кетіп, өлеңіңді ақсатып алма дегенді аңдатады. Сол Хакімнің де тағдыры тайғанақтап барып, тұтқында тоқайласыпты. Түркістан ұлттық комитетінде насихат жұмыстарын басқарып, «Милли Түркістан» журналына редактор болған «ТҰК басылымдарының мақсаты айқын болды,– деп жазыпты сол комитеттің вице президенті Баймырза Хаит, – деген еңбегінде.– «Біздің жол – Аталар жолы. Біздің мақсат – ел тəуелсіздігі» деген басмақаламен шыққан «Милли Түркістан» осы ұранды соңына дейін көтеріп өтті». Мұстафа Шоқай тағдырына байланысты қауесет бар, Уəли Каюмханның дарабилігі күшейіп, басқа ұлттарды қиынға салып, қырғынға айдайтыны бар, ТҰК-де алакөздік көріне бастайды. Қарыс Қанатбай, Мəулікеш Қайболдин, Дəулет Тағыберділермен тізе қосып,ТҰКнен «Орта Азия – Қазақстан» құрылымын бөліп шығарады. Оның Президенті Қарыс Қанатбай, бас хатшысы Ғазиз Əбішев болады. М Айтбаев, М. Тыныбеков, Б. Бұрхановтар басылымдарды басқарады. Кейінірек бір ыңғай қазақ, қырғыздардан «Алаш» отряды жасақталады. Сол ұйымның тілі ретінде «Түрік бірлігі» газеті ашылып, оның редакторы да Х. Тыныбеков болды. Үлкен Түркістанның босап бара жатқан буынын тағы бір бекітіп қою үшін 1944 жылы мамыр айында Австрияның астанасы Венада «Түркістан конгресі» шақырылады. Оған 400 делегат қатысады. Осы конгресте Хакім Тыныбеков «Тіл бірлігі – ұлт бірлігі» деген тақырыпта ғылыми баяндама жасайды. «Социализмнің сұмдығы – орыстан басқа ұлтты құрту. Ол үшін ең əуелі тілді құртуы керек. Оның алғышарты – ұлт иелерін, тілдің туын ұстайтын тұлғаларды құрту. Қазақ халқының рухани ұстаздары, ұлт əліппесінің атасы Ахмет Байтұрсынов, Құдайберген Жұбановтардың көзін Сталин осы

─ 213 ─ мақсатта жойды» дейді. «Əр ұлт əуелі өз тілін сақтауы керек. Сонда ғана түркі ұлттарының бірлігі сақталады» дейді. Осы конгресте, Венаның опера жəне балет театрында Қази Қазыбековтың «Ұлы адамның арманы» атты, Сырым Датұлының азаттық күресіне арналған екі актылы пьесасы қойылады. Сырым рөлін белгілі əнші Мұхаметқали Батыргереев ойнайды. Сахнаға Мəжит Жақсылықов (бəлкім ақын Мəжит Аяпбеков) қояды. Музыкасын сол тұста Түркістан легионерлерінің көркемөнерпаздар үйірмесіне жетекшілік ететін, кейін қазақтың Паганиниі атанған ұлы скрипкашы Айткеш Толғанбаев жазады. Осы пьесадағы «Соқыр абыздың күңіренісі», «Зеренің зары», «Батырдың қаһары» сияқты монологтарды ағам Мақсұттан естігенім бар еді. Кейін «Милли əдебиеттен» пьесаның басылымға ықшамдалған нұсқасын таптым. Ақын Хамза Абдуллиннің айтуынша оның авторы Қази Қазыбеков (бүркеншік аты – Қ. Қази) Қостанай облысының азаматы. Соғыстан бұрын да əскери қызмет атқарған, Халқынгол, Фин соғыстарына қатысқан Кеңес армиясының майоры. Түркістан Ұлттық Комитетінде, Чехославакиядағы легионерлер арасында болған. Елде көресісін көріп болған соң облыстағы бір елеусіз мекемеде (суретшілер үйінде) жабдықтау, күзет қызметтерін атқарған. Ал, Сырымды Еуропа сахнасына шығарған Мəжит Дара (Мəжит Аяпбек өлеңі елге соғыстан бұрын жеткен қарқаралылық ақын. Соғыстан соңғы бар ғұмыры Түркияда құпия қызмет атқарумен өтіпті. Жазғандарын Хасен Оралтай жиып-теріп кітап етіп, елге жеткізді). Тұтқында жүріп-ақ елінің тəуелсіздігін тілеп, ұлтының тілін ұлықтап, «Алаш» туын көтерген осы оқиғалар айналасынан Хакім мен Мəжиттің іздері бірге көрінеді. Хакімді 1947 жылы Алматының əскери трибуналы атуға бұйырып, оны өмірлік түрме жазасына ауыстырған. Өмірінің соңы Алматының іргесіндегі бір елдімекендегі мектепте неміс тілінен сабақ беріп, күзет жасаған күйкі тірлікпен аяқталған...Мəжиттің тағдыры Дрезденмен бірге бітті деседі. Ол 1945 жылдың 13 – 14 ақпаны. Сол түні

─ 214 ─ ағылшынның төрт моторлы 773 ұшағы бір жарым сағатта 576 500 бомба төккен. Таңертең көшеде тəлтіректеген адамдарды көзі шалған АҚШ–тың 516 ұшағы 2000 бомбаны тағы да тастаған. Сөйтіп, 15 шаршы шақырым аумағы, 76000 пəтері, 50 шақты тарихи ескерткіштері бар, ең бейбіт, ең əдемі қаланы тып–типыл еткен (Қ.Исабаев, «Қала өлді». «Қазақ əдебиеті». 20. 05. 2005 ж). Хиросиманың алдындағы осы жан түршігер жарылыс Мəжиттің де жас жанын қиып кеткен... *** Татар Мұса Жалилдің «Моабит дəптері» сияқты «Абылай» да тордағы тотының үні, төккен зары, шеккен азабы. Бір жылда бір кітапқа сыймайтын өлең жазған ақынның күңіренбеген күні де, түні де жоқ екен. «Милли əдебиет» альманахының бір жылдығына арнаған үлкен мақаласында ТҰК вице – президенті Сəттар Алманбетов (Бет Алман) «Қорқыттың көп өлеңдері əлі көрінген жоқ. Мəселен, «Солға – солға!» деген өлеңі күрескерді ширақ қимылға, сергек ақылға шақырады. Осыны – «Асқақ ұран – футуризм» деп, жинағына қоспады. Таң нұрына табынған, сұлулыққа сұқтанған табиғат лирикалары да бар еді» – дейді. Қорқыттың тұтқында жүріп жазғандарын түгендеу үшін легион басылымдарының 1945 жылға дейінгі бар санын қарап шығу керек еді. Оған мүмкіндік болмады. Абайдың өлең өрнектерін, ой тереңдігін, Махамбет, Мағжан мəнерлерін талдаған, жас əдебиетшілерге ақыл айтқан мақалаларын жинаққа қоспадық. Тегінде, екінші жаһан соғысының жаңғырықтарын тарихтан өшіре алмасақ, нағыз тозақ ішінде туған шерлі шежірелерді де мансұқ ете алмасақ керек. Ол бір Қорқыт емес, керзаманның кер толғауларын түгел көтерсе ғана ұлт қазынасына қосылатын қомақты мұра. Тек, əлі иесіз, зерттеусіз, жоқтаусыз жатыр. Мұстафа Шоқайды,

─ 215 ─ ТҰК мен тұтқындар тағдырын зерделеп жүрген Бақыт Садықова мен Амантай Кəкеннің үндері де баяғы сужүрек саналарға əлі жете қойған жоқ. Мəжит мəселесінде майырылып қалған сəттерде осы азаматтардың жазбалары мені жебеп отырды. *** Мəжит Айтбаевтің соғыстан ілгергі жазбаларын таяуда ғана тауып, таныстым. Ақынның өз қолымен жазған өмірбаянында айтқанындай – «Əкеден екі-ақ жасында қалған інісін» аялап, қамқор болған ағасы Əбдісадық Айтбаев бауырының бар жазбаларын ешқайда таратпай, ешкімге талатпай түгел сақтапты. Ол кісі көз жұмғанда суретші ұлы Салахиддинге өтіпті, одан – қызы Күлəйім Айтбаеваның қолында қалыпты. Өлеңдер үш жинаққа бөлініп, іріктеліпті. Бірінші – «Толқын жыры» – бес поэма, он екі баллада, отыз жеті өлең, жеті мысал, он шақты аударма. Екінші – «Алтай тұтқыны» – үш поэма, он тоғыз баллада – романс, жиырма үш өлең, аудармалар, этюдтер. Үшінші – «Қолқанаттар» атты, екі бөлімді, балаларға арналған жинақ. Дені латынша, біразы араб əліпбиімен жазылған. Бумаларды бұрын зерттеген ешкім болмаған. Архив тым тозыңқы. Жоғалған, жыртылған, бүлінген беттер, бас-аяғы жоқ газет қиындылары көп. – Əкем кезінде өлеңге Мəжит ағамен бір мезгілде келген танымал (жерлес) ақындармен ақылдасқан,– дейді, Күлəйім. – Олар ат-тондарын ала қашқан. Үлкен бір ақын қолжазбаларды өзіне беруін, соңынан сөз қозғамауларын сұраған. Содан «күні туғанша ешкімге бермеңдер» деп, бізге тапсырған. Ал, біз арабшаны да, латыншаны оқи алмадық... *** «Достарым, мен сендер үшін көтердім, Бұл арақты, көз жасындай көрінген. Мас болармын, бұл өмірден өтермін, Бірақ, жырым өлмес, өшпес көңілден!..»

─ 216 ─ Ақынның айтқаны келді. Өлеңі өлген жоқ. Қазақ жерінде ол аңсаған тəуелсіздік орнықты. Ұлттық ентаңбаларымызды түгендеп алдық. Тарихымыздағы ақтаңдақтарды тазартып келе жатырмыз. Тек осы тұтқындар мəселесін тасадан шығара алмай келе жатқанымыз ұлтымызға тым жарасып тұрған жоқ. Ұрандап жүріп рухын өзіміз оятып алған Мұстафа Шоқайдың идеясы «Үлкен Түркістанның» күйреуін (С. Шəкібай) білсе де, бүгінгі буын оның күңіренісін біле бермейді. Сөз етіп отырған соғыс тұтқындары сол арман үшін арпалысқан. Мəліметтерге бақсақ, 1942 – 1945 жылдары түркі тектес төрт жүз мыңдай тұтқын «Түркістан легионына» топтасып, жан сақтапты. Франциядағы «Алаш» отрядында отыз мыңдай қазақ болды деседі. Солардың бəрі қаруларын лақтырып тастап, жауға қашып кірді деп кім айтады? Отқа да Отаны үшін түсті. Елге келгендері тамұққа екінші рет күйді. Қайта алмағандар өмір бойы өксіп өлді. Олардан қалған тұяқтар тектерін таба алмай тентіреп жүр. Өркениетті ел сырттағы ұлдың ұрпақтарын қойып, жатқа тиген қыздардан туған жиендерге дейін жіпке тізіп отырады. Ал, біздің бейбақтар жандарының жараларын үш ұрпаққа дейін жаза алмай, ақталуға септігі тиетін себептерді баяғыда жазған өлеңдерінен əлі іздеп жүр. Тарихтағы соғыс жалғыз бұл емес, əлемде əлекшəлектің талайы болған. Сол атамзаманның өзінде соғыс тұтқындарына адамгершілікпен қараған. Əуелі Гаага (1899 – 1907 жж.), одан соң Женева (1927 ж) конференцияларында қабылданған халықаралық қарарлар бар. Біз, сірə, Сталиннің «Бізде тұтқын жоқ, сатқын бар» деген қатыгез сөзінен əліге дейін қаймығатын сияқтымыз. Егер тұтқынның бəрі халық жауы саналатын болса, сол немістің өзінде тұтқын болған де Гольді француздар, Черчильді ағылшындар, орыс тұтқыны Титоны югославтар неге атып тастамаған? Айтар болсақ, Абылайдың өзі Қалден Цереннің қақпанынан шығып келген соң хан болып еді ғой?!

─ 217 ─ Эпилог Көп күннен күйік тартып, болған арман, Бітірдім дастанымды көңілге алған. Достарым, оқыңдар да, еске алыңдар, Құрбыңды қасірет шегіп, күйіп-жанған. Жад етсе егерде кім Абылайды, Ел үшін алтын таң мен жарық айды. Сарыарқа алыбының аруағы Қалайша жеткіншегін танымайды!!! ЕР МЕН ЖЕР Бисмилла – сөздің асылы. Адамның топырақ нəсілі. Туған жерден айрылып, Сүйегім менің жасыды. (халық жыры) Топырақ – адамның нəсілі. Топырақ – адамның тіршілігі. Топырақ – адамның қайта оралар мəңгілік мекені. Баба найманның да (б.з.б.), ата найманның да (ғасыр басындағы), əке найманның да (империя болып, дəуірлеген тұстағы), бала найманның да кіндігі Алтайда кесілген. Сонда туған, сонда өскен. Сонда қыршынынан қиылған, сонда қайта тірілген. Сол жерден қуылған, сол жерге қайта оралған. Алтын Алтай – найманның киесі. Найман – Алтайдың иесі. Сол киелі жеріне иеліктен айрылатын сұм заманға да тап болды. Батыстан азу тісін ақситып, арыстан ұмтылды. Шығыстан аранын ашып, алып айдаһар аунап түсті. Біреуі «бөліпбөліп билей берді». Екіншісі қолын сермеп қармап, аранына түскенін жалмап, жұтып жатты. Қылыш асынып, қиқу салып келсе бірсəрі, қайран найманның түбіне жасанған жау емес, жымысқы жарлық (Ақ патшаның пəрмені) жетті. «Қырғыздардың (қазақтың) көшіп-қонып жүрген

─ 218 ─ жерлері мемлекеттің жері болып табылады» (1867 ж.) деген жарлықты бір шашып тастап, біраз жыл байқастап жүрді де 1891 жылы 25 наурызда оны «Далалық ереже бойынша қазақ жері мемлекет жері» деген шешіммен шегеңдеп тастады. Енді оны жүзеге асыратын жүйе керек еді. 1904 жылы «Село тоғышарлары мен жер иеленуші мещандардың өз ықтиярларымен қоныс аударуы туралы» заң қабылдап, «Қоныс аудару басқармасын» құрды. Бəлекет басталды. Бұрынғыларын айтпағанда, 19061915 жылдар аралығында 438 мың отбасы келіп, 21 миллион десятина жерге ие болды. Жаңа жер ашқан жоқ, отты, сулы, нулы жақсы қоныстарды тартып алды. Қара шекпен жамылған қап-қара ниет келді. Қара арбаның астында оқпанды қара мылтық жатты. Сары орыстың артында самсаған əскер, империяның ызғары тұрды. Жұлқынсаң – жұлының үзіледі. Сен енді қазақтың Отаны емес, орыстың отарысың. Төртуылдың алғашқы қаны Ақжайлауда төгілді. Енді осы оқиғаны көрген ақынның өзіне сөз берейік. Міржақып Дулатов. “Орынбор, 14 қыркүйек” ...Көз көрген оқиғалардан бір-екеуін жазайын. 1906 һəм 1907 жылдары Зайсаннан көшкен елмен Алтай тауына екі жыл жайлауға шықтым. Үш ұлыс ел (Қара Ертіс, Қалжыр, Кендірлік) Ертістен өтіп, Алтайдың тауына асады. Бұл екі арада үш мұжық қаласы бар. Ылдидан Алтайға асып шығатын Дерелі дейтін жалғыз асу бар. Көшкен ел амалсыз мұжық қалалары арқылы, қара жолмен асады. Мұны біліп алған мұжықтар дəл жолдың үстін соқалап, шықпаса да егін салған болып, үш ұлыс елден егінімді басасың деп, пішенімді жапырасың деп, сылтау қылып, мал басына, шаңырақ есебіне 30-40 тиыннан ақша алады. 1906 жылы жазды күні ел əлгіндей жайлауға көшіп бара жатқанда, қазақ пен орыстың арасына тілмаш болып сөйлестім. Амал жоқ, сұрағанын беріп көшті. Малдарын жинай алмаған 5-6 ауыл

─ 219 ─ ертеңге қалған. Түстен кейін үдере көшейін десе, мұжықтар тағы да ақша сұрайды. Бермесең көшірмейміз дейді. Тіл білмейтін қазақтар дағдарып, ілгергі елмен кеткен маған шауып келеді. Кешегі ақша алған орысың тағы пəле қылып жатыр деп. Мен бұлармен бірге орыстың қаласына келіп сөйлессем, мұжықтар шулап сөз бермейді. «Қолдан берген қорлықтан жолдан алған зорлығы артық. Көше беріңдер» дедім қазақтарға. Малды ауылдар еді. Айқай-қиқу, ың-жың болып, қоралы қой, қосты жылқы күшпен араласып (бой бермей) тауға тырмысып асып жатыр. Орыс жоқ. Күн батты, қас қарайды. Бір кезде ағаш арасынан мылтық, сойыл асынған 40-50 орыс шыға қаптады. Қазекеңде үрей қалмай, атқа қамшы басып, тауға қарай жөнелді. Мұжықтар мені ұстап қаласына алып келіп, «қазақтарға ақыл үйретіп, ақша бергізбей көшірген сен» деп, каталашкасына жапты да тастады. Ертеңінде менен ешнəрсе өнбейтінін білген соң, босатып қоя берді. 1907 жыл май айында тағы да Алтай тауының ішіндегі Ақжайлау деген жайлауына Қара Ертіс елі көшіп келсе, 7080 мұжык келіп, ұлықтан алған рұхсаты жоқ, шатыр тігіп, əр жерге егін салып тастайды. Мал кетеді бытырап. Мұжықтар егінге жақындаған малды шетінен мылтықпен атқылай бастайды. Мұның қалай деп алдынан қазақтар шықса, бір төртуыл жігітті атып өлтіреді.... (“Қазақ» газеті. 1913 ж. №30) Бұл – топ ішінде жылқайдар (Мыңбай) Нұғыттың Нұрғалиы болатын. Дəл осы жылы орыстар Николайдың алтын-күміс ақшасынан басқа, мал алмай қойған. Қалың ел Дерелінің дөңесінде ошарылып, қамалып қалған. «Орыстың оңбағандығында» хайуанның шаруасы қанша?! Жайлауға бет алған Ұғышбайдың қалың жылқысы қайыру бермей, тауға бір-ақ тартады. Талайы орыстың оғына ұшады, жардан құлайды, сидаға түседі. Жазықсыз жануарларға жаны күйген Нұғыттың Нұрғалиы отыз орыспен жалғыз айқасады.

─ 220 ─ «Қайың құрықты ысқырта үйіріп, қаракердің кеудесімен соғып, қалың орысты қостарына қуып тығады. Тарс етіп, мылтық атылады. Нұрғали ұшып түседі... Сүйегі сол құлаған жерде қалады. Қара шекпенділердің артында тұрған қаһардан қорыққан қоян жүрек қазақ адамының құнын жоқтағаны былай тұрсын, оның өлі денесін алуға батпайды». *** Қызыл ащы, Тарлаулы, Оның бəрі барлаулы. Жолды жыртып тастаған Орыс қастығы арнаулы. Ары-бері көшкенде Басып кетсе мал даулы. Бір қараға бес сомды Бермей қазақ алмаулы. Олардың егін, пішені, Қай кезде де қамдаулы. Айналайын, бар құдай, Алтайға бердің бар жауды. Мықты болсаң, ал енді, Сары орысқа сал дауды! (Арғынбек Апашбай) «Мұжықтардың қазақтан дəндеп тұрған бір ісі – егінімді жеді деп, мал айдап алу. 5-6 сомдық егінге зиян келсе, 50-60 жылқы-сиыр байлауда болады. Көп жерлерде жеріне түспей, жақын келген малды қаласына айдап алатын. Қазақ малын сұрайды. Орыс бермейді. Осыдан жанжал шығады. Қазақта орысқа қарсы шығатын шама жоқ... Зайсаннан жазған мұғалім Қапсатар Секеев Қара Ертіс елінің тағы бір қазағын мұжықтар қалай өлтіргенін айтады» (М. Дулатов. «Қазақ». 1913, №30). Бұл Тарлауылда болды. Марқакөлдің батыс-оңтүстік

─ 221 ─ бөктеріндегі жазық, аса кең алқап. Көлден төменгі ұлы жайлауларға шығатын көш осы алқапты жиектеп, Қызылащыны жондап өтеді. Шағын ауылдар Тоғыз жайлау мен Көкбұқада қалады да байлар Шүмектен өтіп, Құзғыңды, Жайдақ шығып кетеді. Мұжықтар осы Тарлауылға да қотыр (хутор) салып, қашалап-қоршап тастаған. Көшті Ащылының қыр арқасымен қаздай тізіп өткізіп, тұяқ санап, салық алады. Қашаға кірген мал қайта шықпайды, шықса, оның айыбы жол ақысынан он-он бес есе артық. Бұрын қанаттас қонып, қатар көше беретін ел енді күн белгілеп, кезек күтетін болған. Ол кезекті адам емес, тау аңсаған мал бұзып, орысын қойып, ауыл ара айқай шығып кететін. Беріктастан тіке түсіп, Қалжырдан өтіп, Абыздың астынан шығатын бір жол да бар. Бас Қалжыр мен Бала Қалжырдың осынау тұсы екі жағы да асқар тау, əрі терең, əрі кең ғажайып аңғар. Мысқалдар баяғыда мыңдаған жылқыны қар қалыңдаған кезде осы аңғарға бақташысыз айдап тастап, қар еріген соң бір-ақ түгендеп алады екен. Ұлпа қарды үңгігенде танаудан шыққан жылумен маңдайға мұз қатпауы үшін бəрінің кекілін күзеп тастайтын. «Қар тепкенге қажымас қайран жылқы» қыстың бес айында қалпы құрамай, аман шығады екен. Мұжықтар осы аңғарға да түсіп, жазда ара ұстап, көкнайза өсіріп, сыра қайнатып, қыста құндыз-бұлғын аулайтынды шығарған. Көш жолын бұзып, қыста жылқы жаптырмайтын болған. Бұл бағыттағы ел енді Байшуақ өрлеп, Қалжырды айналып, он-он бес артық көш жасайды. Былтыр осы Тарлауылда бүлік шықты. Тоғыздар төбесі көрініп тұрған жайлауына жете алмай, бөктерде кептеліп қалды. Мысқалдар Шүмектен өте алмай, Беріктас, Қоратасқа құлдилап кетті. Ашу-кек арнасынан асты. Тоғыздың Дəулет атасының үш ауылы бір түнде көшіп өткен де кеткен. Қаша да қираған, жер де тапталған. Ертеңгі көшке мұжықтар оқ жаудырған. Тоғыздың қаратоқысынан бір жігіт опат болған. «Қазақты өлтіру күнə емес» дейтін жазылмаған жарлық бойынша ол да

─ 222 ─ жоқтаусыз қалған. Ол аздай, мұжықтар Ақ патшаға арыз түсірген. Əкесі болыс болған, өзі патша пəрменіне қарсы, бүлікшіл деп,Құмарбекті абақтыға жапқан. Қалың қазақта оны арашалар қауқар болмаған. Біздің ел Қара Ертісті қыстайтұғын, Шағимен түлкі тұмақ тыстайтұғын. Қу орыс құрсау салып аяқ-қолға, Неғылдым он тоғызда ұстайтұғын. Ей, Алқа көл, Əттең, Алтай, Марқакөл, Көрер ме екем, қайран ел! – деп кете берген. Біздің ел барып қонды Қарашаға, Артымда қалды еңіреп бала-шаға. Екі орыс алдына сап айдағанда, Қалың ел жарамады-ау арашаға. Қарсы алдында қара мылтық, артында ақ патшаның айбаты тұрса, қайдағы араша. Алысса – алып ұрады. «Солай да солай, соқыр Николайда» шыған шеттегі қазақтың хал-күйін көретін көз, аяйтын рахым, айтатын əділдік бар ма?! Күйе бер, күңірене бер, қайтесің? Аман бол, Қалжыр, Тақыр, Бөкенбайым, Теріс айырық, Ұзын бұлақ, Кемер қайың Жасымнан ойнап-күлген қайран мекен, Көретін қайта айналып бар ма жайым. Қара Ертіс, Қарабүйрек, қайран мекен, Шіркін-ай, қайта айналып көрер ме екем Адамзат басқа түспей білмейді екен, Жалғанда жер сағынған қиын екен. Дүние дөңгеленіп өтер ме екен, Бар қызық осымен кетер ме екен. Аңырап артта қалдың, қайран Алтай, Жат бауыр секілденіп бізге бөтен. Ей, Алқа көл, Əттең, Алтай, Марқакөл, Көрер ме екем, қайран ел!..

─ 223 ─ «Сары орыстың – бəрі орыс». Ақтың айдауына түсіп, итжеккеннің «рызығын» татқан Құмарбек қызылға тіпті жақпады. Атасы болыс, өзі ақын болғаны, төгетіні жыр, жоқтайтыны жер болғаны, Сібірдің сызы сүйегін қауып қалғаны, қаны қазақ болып қайнайтыны қабағат қылмыс саналды. Батыстан өрлеген пəледен сақтанып, анау 16-жылдары 200 үйді Қытай асырып жіберіпсің, деген жаланы əкеп жапсырды. Тап жауы саналды. Түрмеге тағы түсті. Қашты. Арғыбет асты. Контрабандалық жасады. Ашылып қалған апанынан күшігін бір-бірлеп таситын көкжалдай, бірлеп-екілеп бала-шағаларын да шекарадан шығарып əкете берді. Бірақ, жат жер жанын жұбатпады. Көкіректегі кекті, жүректегі жалынды, сағынышты жырмен шығарып, өзінөзі жұбатты. Мұңлықтарды əнімен əлдиледі. Артта ағасы Ахмет, оның қолында өзінің бір ұлы Англихан қалған екен. Ендігі арманы соларды шығарып алу болды. Жерге түспес ақиық, Қанатынан талып тұр. Көңілге келіп бір қиял, Сол араға барып тұр. Баянсызын білген соң, Өмірден көңіл қалып тұр. Тағдыр тағы тап беріп, Тамағымнан алып тұр. Ажал арбап алыстан, Бөрі етектен алып тұр. Қош болындар көрмесем, Өшсе көзден жарық нұр, – деп, құлыншағын құтқаруға аттанады да кетеді. (Шешем Зəкіман айтатын.) «Менің ерім Дастан да тоғыз. Бұлардың алыс аталары қыз алыса береді. Құмарбек екеуі нағашылы-жиенді болатын. Қуғыннан қашып, Дастан да шекара асып кеткен. Атақты «контр» Далынтаймен жалғасып, жазықсыз жазаға ұшырағандарды, түрмеден қашқандарды, ұсталуға

─ 224 ─ ұйғарылғандарды шығарып əкетісіп жүрді. Бірде екеуі жолға дайындалып отырғанда Дастанның аты шылбырын үзіп, қашып кетіпті. Оны жаман ырымға жорыған Дастан бұл жолы сапарға шықпайтынын айтып, жорықты кейінге қалтыруды өтініпті. Оқталған сапарды орта жолда үзу де жақсы ырым еместігін айтып, жалғыз аттанып кетіпті. Содан қайтып оралмапты. «Оққа ұшыпты. Ақжонда қалыпты» деген сұмдық сөз шығып жүрді. Мұндайға құлақ үйреніп кеткен. Үміт үзбей жүрдік. Біз Сартеректе тұратынбыз. Күре жолдан бұрыс. Зайсаннан алыс, дүкен жоқ. Көлік табылса Қараталға барамыз. Қаражолдың үсті, Қытайға жақын. Жүргінші көп. Дүкені басқа жердегілерден бай. Бірде сол дүкенге кірген заман миымның мыңғы-дыңғысы шығып, есім ауып қала жаздадым. Бұрын ыбырсып жататын бір бұрышты ретке келтіріп, жерден едəуір биік сəкі орнатып, үстіне алтындалған ертоқым қойыпты. Айналасында жүген, құйысқан, айылтұрман жатыр. Артындағы қабырғаға ағаш шүй қағып, қара құндыз бөрік пен кеудесі түлкі терімен астарланған қылқара шапан іліп қойыпты. «Қарақшы, халық жауы Құмарбек Көпенұлының ер-тұрманы. Атқан Сепбосын Ментаев» деген кесек жазу көлденең тұр. Өзегім өртеніп, отыра қалдым. Демім қысылып, булығып кеттім. Жаудың əйелімін, жылай алмаймын. Бəлкім, сатушы, бəлкім, сыпырушы, əйтпесе, бөгде біреу баспалап бағып, сығалап қарап тұрған шығар. Есімді жинап, шыға жөнелдім. Бірақ, қайта келгім, көргім келе берді. Бүгін ерте келдім. Сатушы заттарын сөреге қойып жатты. Мен сəкінің қасында тұрмын. Ердің алдыңғы, артқы қасына, қапталдардың жиегіне жіңішке темір жіпселер жүргізіліп, жұқа күміспен қапталыпты. Үзеңгінің таралғысында, ердің артқы қапталында қанның дағы бар. Бөрік жиегінің құндызы жалбырап қалыпты. – Əй, жаудың қатыны, жаутаңдап, жылағалы тұрсың ғой. Шын жылағыш болсаң, Салбыртының сырғанақ сайында қалған өз байыңның басына бар! – деген дөрекі дауыс

─ 225 ─ шықты. Таныс үн сияқты. Шошығаным сонша, оның бетіне қарамай шыға жөнелдім. Сол қара дүкеннен, əлгі қаралы сəкіден сұмдық көргізбе кеткенше, осы сурет көз алдымнан өшкенше менің жүрегім сыздаудан айықпады. (Ақын Əубəкір Дастанұлының анасы Сақыпжамал Егінбайқызының ұлына айтқан сыры). Өткен ғасырдың 30-жылдарында арғы бетке өзі апарып тастаған Құмарбектің төрт ұлы – Қайдаш, Əсет, Мақсұтқан, Мұратқан 1955 жылы туған топырағына қайта оралып, Зайсан, Марқакөл аудандарында қоныс тепті. Мал өсірді, дəн пісірді, өркен жайды. Бірақ асыл тектері үшін екі жақта да көзтүрткі болған азаматтар ауыздарын бағып, əкелері туралы ештеңе айта алмай кетті. Қайран əкенің мүрдесін іздеудің реті келе қоймас, бірақ, ақынның, əншінің, өз заманының зерделі азаматының, адамзаттың, ұлттың жауымен жұлқысып өткен күрескердің мұрасын іздеу керек. Халық – қақырамайтын қойма, таусылмайтын қазына, бар шындықты бауырына басқан тарих. Құмарбектің мұралары да біреулердің аузында жүрген, əлде біреулердің əбдіресінде жатқан шығар. ҰШҚЫР-МЕҢКЕР, ТӨРҚУЫС Төртуыл, жарболдымен – елдің аты, Төрқуыс, Ұшқыр-Меңкер – жердің аты. Алтайдың асқар биік жон арқасы – Сырлытам, Бұғымүйіз, Шанағаты. Қалпиып Қарашоқы қаз тұрады, Бауырында Ұшқыр-Меңкер – Саз тұрады. Сырмағын Сазға төсей жайып салып, Аққолқа мен қалдым деп, ұмтылады.

─ 226 ─ Төртуыл жарболдымен араласып, Жайлайтын жазды күні жағаласып. Жылында мың сегіз жүз сексен алты Айрылды сол жайлаудан қара басып... (Жарболды Сауытай ақын өлеңінен) Ұшқыр-Меңкер – күнгей Алтайдың күмбезі. Саз деп аталатын ұлы бөктерден тіке көтерілетін жұмыр жота. Ұшар басында абыздың ақ сəлдесіндей қар жатады. Ұшқырдың ұшар басына көтерілмей-ақ, белуарынан батысқа қарасаңыз, Марқакөліңіз аяқтың астында қалады. Түбінен төбесіне қарағанда тақияңыз түсетін Құзғындының құздары қуысқуысы аңырайып астыңыздан көрінеді. Ал, Самал жотадан шығысқа көз тастасаңыз, Саз төсіндегі тіршілік, сауықсайран, той-думанға дейін анық көріп, керей бауырлардың көкпарын ағызып барып, ала қашқың келеді. Қалқатайдың бірі ар жақтан, бірі бер жақтан əн салса, дауыстары естіліп, ымдасса, ишаралары ұғылады. Саздағы туысыңа түске дейін аяңдап барып, ат шалдырып, кешке қарай желе жортып қайтып келе бересің... Таудың тəңірі (өтукен), жайлаудың жаннаты дерлік, Алланың өзі біртұтас жаратқан осы жерлер буынсыз кесіліп, 1886 жылы Қытайға қарап қалған. Ағайынды екеудің бірін ол жаққа, бірін бұл жаққа қаратып, əкесінің бейітін бер жақта, баласының қыстауын ар жақта қалдырып, ата жұртты төртуылдың Демежанына (Ақбарақтың үкірдайы), меркіттің Жəкесіне, тоқанның Назарына, жарболдының Дүзбенбетіне бөлгізіп, бармақтарын басқызып, шекара етіп, шегендетіп тастаған империялардың зорлығы мен зымияндығына енді бүгін не дерсің?!. Үлкен Саздың батыс беткейінде отырған ақшаңқан ауылдың бүгінгі тіршілігі тым қарбалас. Ақ орданың айналасы толған адам. Əр тұста тоғанақтап түйіп тастаған, ерттеулі аттар. Əдеттегі қымыз қыдырысқа ұқсамайды. Іштегі əңгімелерді тыстағылар, тырмысып, жабықтан тыңдасады. Аулақтағы жерошақ басы да абыр-сабыр. Тегене, табақ

─ 227 ─ көтерісіп əрлі-берлі сабылысып жүр. Күн еңкейе əлгі ақ үйден бес-алты адам абыр-сабыр шығып, аттарына қонды да алқын-жұлқын шаба жөнелді. Ат – қазақтың көңіл күйі. Үй іргесінен шыға шабу не өрт сөндіруге асығудың, немесе обадан қашқанның, əйтпесе ат құйрығын шорт түйіп жауласып кеткеннің белгісі. – Уа, Абызым – Ақжайлауым! Төбеңде тұрған ақ бұлттың теңгедей бір түйірін аударшы менің басыма. Ақ жаңбырың көзімнің жасын жусын, жанымды сергітсін! Уа, Марқакөл, ұршы, ауыр толқынмен, тереңіңе батайын! Уа, Төрқуыс, ашшы маған қойныңды, қара тас болып қатайын, көсіліп көрде-ақ жатайын! Уа, Құдірет, көкірегіне нан піскен көркеуделерге қашанға дейін қорлатып қоясың! Уа, Құдай, зауалың қайда зұлымға!.. Құбылаға қарап құтпа оқыған ишандай, кемер белбеуін мойнына салып, Сұлтанай қарт алақанын алға ұмсынып күңіреніп тұр. Басқалар үнсіз, тұнжыр, түнеріңкі. Бала Əлім өксіп жылап жіберді. – Сабыр, Сұлтеке, – деп басу айта бастады Шəміл ақсақал. – Бəрі Хақтың ісі. Бəлкім, біз де күпірлік жасаған болармыз, тəубеден жаңылған шығармыз. Соның жазасын тартып жүрген шығармыз. Кеше ғана жер кепеге суырдай сүңгіп кіріп, сүйретіліп шығып жүргенде кеуделі кереймен иық теңейміз деп ойлап па едік. «Кең қолтық керейде» тар көкірек, тасырлар жоқ дейсіз бе?! Шұбарайғыр қайта жаныңды шығармай, жоныңды алып қоя бергеніне тəубе деңіз. «Кезек екі, тəңір бір». Ақырын күтіңіз!.. Сұлтанай сабасына тез түсті. – Бойыңда жан болған соң бусанасың, тулайсың, тұншығасың, қорланасың. Жаныңды кім ұғады, мұңыңды кім тындайды. Ақжайлау маған ақ желегін бұлғап, алыстан қарап тұрған анамдай көрінеді. Соған төккен зарым да!.. Жыламашы, қарағым, – деп, Əлімнің маңдайын иіскеді. Ұзын ақ кірпіктері қабағын, ақ сақалы омырауын жапқан, өзі аққұба бетінің қаны қашып, қуқылдап кеткен Бұқат ақсақал теріс айналып, қонышын сипалап, насыбай шақшасын іздей берді...

─ 228 ─ Зайсан, Марқакөл жақтан 1930-1933 жылдары арғыбет асқан төртуылдар Өр Алтайға ұмтылмай, шекарадан 4050 шақырым ғана Шеңгелді қарынға шоғырлана берген. Өйткені, ол ешкім қорғайтын да, қызғанатын да жер емес, шекара түбіндегі иен түбек еді. Əуелгі қыстарын жерден қазған кепелерде, əуелгі жаздарын жер бетіндегі жапырақ жапқан күркелерде өткізген. Əуелі, су жағалап, балық ұстап, аң аулап, Білезік құйғанындағы, Қаба алқымындағы ауқатты ауылдардың пішенін шауып, дөңбегін дайындап, Қара Ертістен əрі-бері малдарын өткізуге жалданып жүректерін жалғады. Келе-келе, азаматтары серіктесіп алтын қазды. Тапқандарын малға айырбастап, қараң-құраң жинады, саудаға салды. Шəміл мен Дəуітқан сарт саудагерлерден көтерме зат алып, алып-сатарлықпен айналысты. Осылайша, елсіз аңғарда төртуылдың үш-төрт ауылы пайда болды. Қара Ертіске құятын Білезік пен Алқабек өзендерінің арасындағы Қазының Көктоғайы аталатын бұл аңғардың иесі Сағи Тілеубердіұлы екен. Тілеубердінің əкесі Қазы, арғы аталары Құлеке, Дайыр дейтін төрелер болатын. Ол XIX ғасырдың басқы кезеңінде болған «Ошаған бүлігінен» кейін Сегізбай, Назар билер қарсылығынан өрлей көшіп кеткен Санаяз төренің ұрпақтары еді. Содан бері бауырында елі жоқ, үйірінен қуылған құлжадай оңаша өмір кешіріп келе жатқан. Сол Сағи босқын төртуылдардың төрт ауылын іргелерінен ұзатпай, енді «Менің де елім бар» деп «үкірдай» деген атаққа қол жеткізген. Түтін салығына келгенде түтіп жейтін төре төртуылдардың өз есесін сұрап, намысын қорғап шұбар айғырлармен шарпысқан бүгінгі дауына төбесін де көрсетпеген. Сұлтанайды бір күйдіргені, төрелердің осы қылығы болды. Шұбарайғырдың əділ тайжысы Көкенайды Қытай үкіметі түрмеге тығып тастаған соң, осы елдің билігі қолына тиген ожар үкірдайы Қабдуалидің алдында қаралған Шəмілдің сол елден ала алмай жүрген 300 қойы мен Сұлтанайдың аталасы Қайырбектің Тобаяқ байда кеткен төрт жылдық жалақысы болатын. Шеңгелді жатақтарының тапқан-таянғандарын саудалап-

─ 229 ─ базарлайтын Шəміл ғана. Осыдан үш жыл бұрын Тайғара деген бай ұзататын қызына ер-тұрман, жүзік, білезік жасату үшін Шəкеңнің алты лаң (бір лаң –20 қой) алтынын алған да ол малды қыстан шығарып барып беруге келіскен. Бұрнағы жылы осы Қабдуалидің ағасы Қарағұс сонау алқымнан ат сабылтып өзі келіп, екі лаң, бес мысқал алтын, үш өгіздің құнындай бұл-шай, ұн-қант алып кеткен. Оның шарты да несиені қыс өткізіп барып төлеу. Өйткені, Шеңгелдіде онша мал ұстайтын қора да, жаятын өріс те жоқ еді. Қас қылғандай, сол қыс қатал болып, Қарағұстың өзі таяқ ұстап қала жаздаған. Сосын, аласыны тағы бір жылға ұзартысқан. Биыл сұраса, Шұбардың шонжарлары шаужайларына қол жуыттырмайды. Ал, Сұлтанайдың бауыры Тобаяқ деген байға, айына қойсеркеш төлеу шартымен табаны күректей төрт жыл жалшы болып, өткен қыста үсікке шалынып, үш бақайынан айырылып, қираландап қайтып келген. Төрт жылдың ақысы, егер, өсімімен есептесе, 100 қойға жуықтар еді. Шəміл мен Сұлтанай – жоқтаушы, Бұқат пен Бали – сарапшы, Əлім бала ат қараушы болып барған. Даугерлердің уəжі есепке алынбады. «Қосқан мал қонақ айырады, қонақ айырмаса, қосақ айырады». Пəленбай жылдың өріс, қоныс, қора-қопсы, бағу-қағуы, табиғи өлімжітімі бар, оның үстіне елге түгел ауырлық салып, жұт жүрді», – деп, қара тұяқ та қайтармады. Қайырбекке ақы бергенді қойып, ішкен ас, киген киім, жоғалтқан малы үшін байдың өзіне қарыздар ғып шығарды. Əй, Шұбардың шонжарлары! Мынау отырған Бұқат төртуылдың Сегізбай биінің ұрпағы. Сол Сегізбайларды сарапшы етіп, «төрт би – төреңнің» жасап алған заңы қайда? Сол заңда несие де, жалақы да бар еді ғой. Бізді басынсаң басын, ата-бабаңның заңын неге аяғыңа басасың? Салсаңшы сол заңға! – деген Сұлтанай. – Өлген арыстанның басымен қорқытпа. Əр кездің өз заңы бар. «Айттым – бітті, кестім – үзілді». Риза болмасаң, не болысыңа, не орысыңа барарсың.

─ 230 ─ – «Жыртық үйдің де құдайы, жарлының да бір жанашыры болады». Асқақтама, Қабдуали! Онда, сен де не Қытай алдында, не Құдай алдында жауап берерсің! – деп, етегін қағып, орнынан тұрған да жүре берген. Сол құсамен құйын-перен болып келіп, Ақжайлау атты «анасына» аулақтан үн қатып, мұңын шағып отырғаны осы. «Жалғанның ісі – жалғанда». Құдайдың құдіреті, сол Қабдуали Үкірдайдың аулы 1944-1945 жылдары малының көбін қытайға алғызып, Марқакөл өтіп, Шығаншидегі Сұлтанай шабырына паналап, қыстан аман шыққан екен. Жазда Жайдақта отырғанда кенет қарлы боран соғып, қалған малын бір-ақ сəтте қырып тастапты да, ақ таяқтарын ұстап, қайта оралыпты. Шəкеңнің «Кезек екі, тəңір бір» дегені осы шығар. Төртуылдың төрт ауылы мен төрелердің екі ауылы əуелі Жеменей жақтағы партизандар ауданына жету, реті келсе, Қазақстанға өту үмітімен Қара Ертістен өтіп жатқанда, ақ орыстардың қара қытайға жалданған жендеттері жетіп келіп, қырып салды (9 мамыр 1945 жыл). Сонда қылышпен шабылған 43 адамның ішінде Шəміл мен Сұлтанайдың басы да кетті. Сағыныштарын сарқа алмай, кектерін қайтара алмай, есе-теңдікке жете алмай, туған жерге өте алмай арманда өтті, қайран аталар. Сұм заманның соқтасы, аталардың күңіренген күйі, шиыршық атқан шері, шексіз мұңдары Əлім баланың көкірегінде күйік болып қалып қойды. ...Төртуылдың төрт ауылынан қолға түспеген үш-ақ адам. Оқ тиіп, қамыс арасында қалған Бүркіт, оның досы, бұрын үкімет қызметін істеп, ысылған Шамса жəне он екі жастағы Əлім. Жаралының қасында жас баланы қалдыра алмады, жалғыз тастауға тағы болмады. Сонсоң, тəуекел деп, қоңыр айғырдың айылын қатты тартып, үзеңгі бауын қысқартып, Əлімді отырғызды да, Жеменейдегі партизандарға хабар жеткізуге жіберді. Жолда құйын тұрса судай сырғып, басып қалатын егілме құм, соқпақтан сəл жаңылсаң жұтып жіберетін, Көлқайнардың шұрқылдаған шүңеті, оппа-құйы

─ 231 ─ бар... Жан ұшырған жас баланы періште қаққан шығар, екінші тəулікте партизан шолғыншылары қалжыраған Əлімге Жиделіде жолығыпты... Білəлұлы Сүлейменнің партизан тобы қырғын көрген ауылға үшінші күні елең-алаңда жетті. Шошынған жұрт əуелі қатты үрейленіп қалды да жау емес екенін білген соң, қаралы күйге қайта басты. Жүктер өзен жағасында шашылып жатыр. Ығы-жығы қостар мен итарқалардан аулақтау тігілген бес-алты үйге мəйіттер қойылыпты. Бар түндік жабулы, бар адам азалы. Əр қоста аңырап əже, аһ ұрып ана, сілесі құрып, өкпесін соққан бала отыр. Сыңсу-жоқтау сайсүйекті сырқыратады. Үш керегеден қоршай салған мынау күрке Шəміл ақсақалдың жұрты. Оң босағаның жоғарысында Шəкеңнің қызы, онан соң бəйбішесі, төменде келіні отыр. Бəйбіше алдына жастық қойып алып, құр ғана ықылық атып, ыңыранады. Қыз бен келіннің жоқтауы жан-жүйені жұлқыпжұлқып кетеді. Кісі алдынан көлденең өтіп көрмеген жас қыздың тілін күйік шешіп жіберіпті. Ап-азғана сəтте-ақ елдің арман-тілегінен бастап, ақыры ұшыраған қасіретіне дейін айтып үлгерді. Мінеки, біздің нешік күн, Жағдайды қалай кеш ұқтың!? Айырып алмай апаттан, Ағеке-ау, неге кешіктің?! – деп еңіреді. ...Құрбандарға салт бойынша жаназа оқылды. Сонсоң үш дүркін оқ атылып, қоштасу құрметі жасалды. – Достар! – деді Сүлеймен алға шығып. – Бауырлар, қош болындар! Топырақтарың торқа болсын! Адал ниет, зор армандарың бар еді. Жеткізбеді жыртқыштар. Бұл əділет пен зұлымдықтың бір шайқасы болды. Қарусыз сендерді қырған жау бүкіл елді, бізді қырған жоқ. Ел арманын орындамай, халықты еркіндікке жеткізбей тынбаймыз! Қанға – қан, жанға – жан! Сол қанмен ант етеміз! Ант! деп, қылышын суырып, көкке көтерді.

─ 232 ─ –Ант! – деді алға қарғып шыққан Əлім, атасының қанды көйлегін қолына ұстап. –Ант! – дүр ете түсті тұрған халық... – Ант! – деп, өкси жылады Əлім. Сол қасіретті, қанды түбектен жаны шошып ерте шығып кеткен бала Əлім араға елу жылдан астам уақыт салып, үш рет барды. Алғашқыда «тамыр қытай» шет елдің адамын шекараға жібермеді. Соңғы сапарда араға адам салып жүріп, əйтеуір, суыт барып қайтуға ғана жететін сегіз сағат уақыт сұрап алды. Қақаған қаңтар. Ақ қар, көк мұз. Білезіктен төменгі жерде мал да, жан да жоқ. Жердің жайын білетін Айтыкен Шамсаұлы ғана. Оның өзі Əлімдер қыстауының орнын əрең тапты. Баяғыдағы əжептəуір дейтін шым үйлер жерменжексен болыпты. Қыр жақтағы əке бейітінің биік дуалынан болымсыз ғана белгі жатыр. Тіпті, осы аңғардың ең биігіне жерленген құрбандар қорымын табудың өзі оңайға түспеді. Жер шөгіп, түйе қараған басып кетіпті. Ағаш бейіттер алқасалқа. Баяғыда алыстан көрінетін, бір төбені тұтас қоршаған ағаш дуал жоқ. –Осында сенің ағаң Қабдеш те жатыр. Күмбірлетіп күмбез тұрғызбасаңдар да, қасиетті қорымның қоршауын сақтауға болмады ма? – деді Əлім, Айтыкен досына. –Айтады екенсің сен де, – деді ол əрі əзілді, əрі зілді үнмен.– Біле-білсең, осы қорымда жақыны жатыр дегендердің өзін зар еңіреткен заман болған. «Кеңес жеріне кетпек болғаныңды мына аруақтарыңның басында мойында» деп, менің əкемді де ат құйрығына байлап, талай сүйретіп əкелген. Өзім де осы қорымның басында есімнен танып үш күн жатқам. –Жаңа заманда да жақ аштырмады ма? –Қайдан! – Əлімді сəл оңашалады. – Сен сыбырлап бірдеңе десең, олар «Қырылған қазақ орыстың босқыны болса, оны қырған ақ орыс болса, онда қытайдың шатағы қанша» – дегенді аңғартып, міңгірлейді де қояды... Досының қасіретін оқыс қозғап қалғанын аңғарған

─ 233 ─ Əлімнің жүрегі қысылып кетті. Сұрап алған сегіз сағат сусып өтіп бара жатты. «О, ата! Мен антымды орындадым!» – дей алмады. «Бастарыңа күмбез орнатамын» – деп те айта алмады. Өйткені, бұл – бөтен жер... Қара қорымның қасында, қалың қарағанның арасында жүгініп, бүгіліп, егіліп жарты сағаттай отырып, құран оқып, бет сипап, орындарынан ауыр көтерілді... Ақ жайлау мен Ұшқыр-Меңкердің арасына əлі жол түскен жоқ. Керісінше, шекара шегініп келе жатыр. О, тəңір, төртуылдың Алтайын айдаһардың аранынан сақтай көр! ҚЫЗЫЛ ТҮП Ұлы күйші Құрманғазының суретін көрген сайын Əлімнің көз алдына өзіне қымбат бір тұлға елестейді де тұрады. Қабағы биік, қасы қалың, кірпігі ұзын, кеңсірігі дөңес, иекті, шықшытты, бет əлпеті сопақша, ақ сақалы омырауын жабатын, иықты, еңселі адам. Денсаулығында сəл кемістік бар. Жаз ыстығында демініп жүреді. Өңі жұқа. Жөтелгенде, ентіккенде бетінің ұшындағы ұсақ тамырлар тарамдалып, шашақтанып, қаны шығып кетердей тəрізденеді. Қыста қансонардан қалмайтын саяткер еді, осы кезде оған да шыға бермейді. Ыстық үйдің оң жағындағы сырлы, ағаш кереуетінің алдына төрт қабат көрпе төсеттіріп, шарт жүгініп отырады. Қасында қалақтай ғана қара домбыра жатады, Егер, қозғалысы болмаса, ақ мəрмəрдан тұтас ойып отырғызып қойған мүсін сияқты. Ал, көзінің түсі есінде жоқ. Өйткені, Əлім оған тура қараған емес. Бұқат Қожықанұлы. Сүйегі тайлақ. Бабасы баяғыда өр найманға төбе би болған Сегізбай (Сегізбай – Шөкен – Қожықан – Бұқат). Шеңгелді қарынның ең түкпіріндегі төртуылдың осы ауылында сегіз үй бар. Бұқатқа қарасты үш үй – туысы Көбештің, баласы Малгаждардың жəне өзінің үйі (тайлақ), Шəміл Мағзиұлына тəн үш үй – інісі Қыдырқанның, туы-

─ 234 ─ сы Құнапияның жəне өзінің үйі (Жылқайдар). Жарға таяу жапырайған екі үй Бали Тұрарұлы мен Бəби Жақсылықұлынікі. Бұқаттың бəйбішесі Кəлимаш (Нұрғалимаш) Шəмілдің қарындасы. Кесек, келбетті, ақылды, ожар, сөзді, тілді, ісмер жан. Ауылды бір шыбықпен үйіреді. Сол апаларын сыйлай ма, əлде, ескі бидің əулеті дей ме, Бұқат ақсақалдың алдын кесетін пенде жоқ. Елдің ең кішкенесі – Əлім. Қыдырқанның тірі жүрген алты баласының бесіншісі. Төрт жаста Кұлшарап дейтін қарындасы бар. Өзі биыл жетіге толады. Беті томпақ, тығыншықтай, тым ширақ. Нарт қызыл екі беті алаулап, киімін таза сақтап, тетік жүреді. Ауылда одан басқа кішкене ұл болмағасын ба, əйтеуір, жұрттың бəрі еркелетеді. Бірақ ол еркелік жасамайды. Əлімнің əкесі Қыдырқан оқымысты адам. Зайсанда Бекмұхаммед Указ (қазы) ашқан алғашқы низами (дінді де, пəнді де оқытатын) мектептің шəкірті. Ұлттың ұраншысы Міржақып Дулатовтан үш жыл дəріс алған. Одан медресе тауысқан. Болыс Жапабайдың жылқайдар жігі бойынша старшыны болған. Кеңестің ең алғашқы «Езілген Күншығыс» атты ұжымшарын ашысып, оны басқарған. Кеңесті кемелдендіремін, таудан дөңбек тарттырам деп жүріп, беліне зақым түсірген. Тап жауы түрінде түрмеге жапқанда өкпеден суық өтіп, көк жөтел болып қалған. Қатты қайырымға жарамайды. Бойы сəл сергісе етік тігеді. Қисық табан-қаратаяқ етіктің осы жақтағы жалғыз шебері. Соғымға сойған көк өгіздің жон терісі мен үйегін шала илеп, кесіп-пішіп, астаудай ғана, əп-əдемі қол көрік жасап алған. Сол терінің қасаңдау жерінен тіккен талысы, кіп-кішкене тəбəркісі де бар. Біріне балға-шот, қысқаш-егеу сияқты ауыр құралдарды салса, бірінде зергерліктің нəзік заттарын сақтайды. Жұмыр ағашқа (мықан ағашқа) қаққан жұдырықтай ғана шойын төс үнемі от басында тұрады. Темір – қат. Аттың сынық тағасы табыла қалса үлкен олжа. Кішкене көрікті күрпілдетіп басып, отқа балқытып, созып-соғып, лезде кездік жасай салады. Қаңылтырды таспадай тіліп, сынған ыдыстарды

─ 235 ─ құрсаулап береді. Тесілген қазанның түбін, шəйнектің түскен шүмегін шегелейді. Əлде бор, əлде металдың ұшқыны ма, бір шөкім ұнтаққа тағы бірдеңе қосып, қойыртпақтатып, құрау салған жерді сылай салады. Қыста қолы босаған жас жігіттер мен балаларды оқытады. Сонда бұл ауылда ауыр шаруаға жарамайтын, сонда да қадірі қашпайтын үш адам бар. Ол – баба Бұқат, тақуа Қыдырқан, бала Əлім. Бірақ сол Əлім кəрі «жездесінің» тізесіне əлі отырып көрген жоқ. Ол еркелетпейді, бұл жоламайды, қарадай қорқады. Қара Ертіс көктемде қатты тасиды. Шеңгелді қарынды шеңберлеп су қоршап, əйдік аралға айналдырып тастайды. Ауқатты ауылдар мамыр туа тауға тармасады. Бұл ауылда көшетін көлік жоқ. Жаяу-жалпылап, əйтеуір, қыратқа тасынып алады. Ер жігіттерге тасқын да табыс. Байлардың малмүліктерін Ертістен əрі-бері өткізеді. Қол-қанатсыздарды жайлауға дейін жеткізіп салады. Құдайға қарағандар құр тастамайды.Тым жақындар ойда қалатын туыстардың біренсаран баласын Алтайға ала кетеді. Биыл тасқын тым қатты келді. Ұбырып-шұбырып қырға шыққандары сол еді, Құдайдың құдіреті, теп-тетік жүрген Əлімнің əкесі Қыдырқан кенет дүние салды. Шəмілдің ұзын жирені мен Бұқаттың дүбір аяқ кері атын мініп, екі адам хабарға кетті. Қаңыраған түбектен аңыраған азалы үн шықты. Елең-алаңнан «Ой, бауырымдап», алыс-жақын адамдар жетті. Шамақайдың шымды жағасы адамға, атқа толып кетті. Өзі мұңды ауылды азаның ала бұлты мұнарландырып жіберді. Əлім қатты жылады, жылап жүріп, бір нəрсені түйсінді. Жылағаны, əрине, əке қазасы. Түйсінгені – көкесінің жұртқа қадірлілігі, қаза үстінде қазақтың жұм болып жұмылып, ауырлықты көтерісіп кететіні. Тіпті, азалы үйдің белдеуіне екі-үш тай-байтал, тайынша-торпақ байланып, көген тартылып, бес-он ұсақ қосақталып қалыпты. Құнапия молда əдемі (музыкалық өлшемге салса лирикалык тенор болар) дауыспен жаназа оқып, кереге табытты төбелеріне көтеріп апарып, Тəші қорымының өзен жақ дөңесіне жерлеп қайтты.

─ 236 ─ Жылай бергені болмаса, Əлім ауырлықтың артта жатқанын сезбеген екен, ел кеткен соң қайран əкесін қатты іздей бастады. Жарықтық, екі жылдай өзі оқытып, құран аударатын жағдайға жеткізіп алған еді. Елең-алаңнан тұрып, су көтерілгенше Шүмекті кешіп өтіп, зиратқа құран оқып қайтатынды шығарды. Бұнысы өзіне ұнағанымен, шешесіне қиын тиді. Əлімнің үйден шыққанын андып жатады да соңынан тұра жүгіреді. Судан көтеріп өткізеді де екеуі бірге барады. Құшақтасып отырып, қоса жыласады. Аят оқиды. Жетелесіп үйге қайтады. Ел тұра тағы жоқтау басталады. Бұл ауылдың бəрі-ақ «оқымысты». Алды араб ұстаздарының алдын көрсе, соңы Советтің «Саужойынан» өтіп, сауаттарын ашып алған. Əлімнің атасы Шəміл ақсақал тақуа адам. Орыс жерінде көп жағдайды бастан кешкен. Он алтыншы жылдардың окобын да қазған. Қашқан. 1918 жылы ақгвардияшылар Зайсанды ұстап тұрғанда оларға ат бергізбей, қылыштанып, көлдің қалың қамысына тығылып, өлімнен қалған. Сол жауласқан офицер бұл жақта тағы кездесіп, екеуі əлі арбасып жүр. Арабша, парсыша жетік. Орыстың өзін жаңылдырады. Камонестің қызыл туын орыстармен бірге көтерісіп жүріп, Ақарал ауыл кеңесіне бастық болып еді, ол құрғырлар «құлақ» етіп шығарып, жер аударып, қуды да жіберді. Қарағандының қара құдықтарынан аман шығып, қайта келген соң ауыл кеңесі кеңсесіне қайта ілініп еді, «сенің елің Қытай кетіп жатыр» деп, тағы да соңына түсті. Сол елді қайтарамын деп жүргенде контрлар өзін де байлап, шекарадан шығарып əкетті. Сонсоң, елдің ең бергі шетіндегі Шеңгелді қарынды мекен тұтып, қашқанпысқандарды осы жерге жиып, төртуылдың төрт ауылының іргесін көмді. Əлімнің əдетін естіген соң, ауылға келгенде оны алдына отырғызып, зиратқа өзі алып барып жүрді. Бірақ бала атасымен бірге барудан қашатын болды. Өйткені, қабір басында қатты күңіренеді. – Ақылдым, ақылшым едің, – деп жоқтайды. –

─ 237 ─ Мақсұтыңды көре алмай, Əліміңді ер жеткізе алмай өттің-ау, – дегенде, бала жаны шырқырап кетеді... Мақсұт – Əлімнің туған ағасы. Əкесін Сартерек түрмесінен ұрлап алып шығып, бауырларының бірін көтеріп, бірін жетелеп, Ақжоннан асырып əкеткен он алты жасар сол ағасы екен. Туғанына үш-ақ ай болған нəресте Əлім жөргегінде тұншығып өле жаздапты. Əйтеуір аман қалғанына шүкірлік. Жолда өздері көрген сүйектердей саудырап, егілме құмның астында қалса қайтер еді?! Ой, алла-ай, жетелеп келе жатқан екі баласының біреуін анталаған аш қасқырға тастап, біреуін алып қашқан жесір ананың (Жəниланың) жүрегі, ақыры, осы дертпен жарылып еді-ау... Одан басқа Мақсұттың не күнəсі болғанын кім білсін, осыдан үш жыл бұрын, алтын қазып жатқан жерде, орыс шекарашылары жасырынып келіп ұстап əкеткен. Жеменейдегі Қытай заставасы арқылы сұрастырғанда, «Ұсталды. Кеңес азаматы. Қайтарылмайды» депті. Былтыр оның қасындағы, Қытай азаматы саналатын үш жігіт қайтып келгенде, «Мақсұтты Сібірде мəңгілік сүргінде қалдырды» дегенді айтып келген. Жарықтық содан соң төменшіктеп кетіп еді. Қатты ауырған бір тұста зайыбына «осыны Мақсұтқа тапсыр» деп, мұқият буылған бір қағаздарды беріп жатқанын, шешесінің жылағанын байқап қалған. Ал, мына атасы Əлімнің көңіл күйін ескермей ме, əлде оңашада шерін шығарып алайын дей ме, күңіреніп кетеді. Əлім атасының көзінен жас көргісі келмейді... Ел жайлаудан қайтқанша ат ізі түсе бермейтін, алыс түкпірде түтіні бұрқыраған (маса-шіркейден қорғанып, түтін салып қоятын) осы ауылға кеше ойда-жоқта Қабадағы қара əкімнің қылыш асынған қара сұр шабарманы келіп, Бұқатты алып кетпекші болды. Неге екенін айтпайды. Əрі би тұқымы, əрі сері болған Бұқаттың бастан кешкені, шалған шиыры аз емес еді. Есенғұл мен Тайлақты қырқыстырып, Түйетаста талай төбелес те шығарған. «Батыстан пəле келе жатыр» деп, 1916 жылы машанның 50 үйін Қытайға өткізіп, бір жылдан соң Сауырдағы самыраттардың бар жылқысын қуып, қайта

─ 238 ─ өткен. Мал əкелдің деп, орыс оның мандайынан сипамаған. «Елді бүлдірдің» деп, түрмеге тыққан. Одан қашып, енді орыстың малын қуып апарып, Өр керейінің төресі Əленді паналаған. Төре малға тойған ба, «Бұқат батырды» өштескен жағына жұмсап, барымташы етіп ұстаған. Анығына келер болса, Əленнің шын кек алатыны осы Бұқаттың өзі еді. Баяғыда бабасы Көгедайды Тəуке бала өлтіргенде оған құн төлетпеген осы Бұқаттың бабасы Сегізбай би болатын. Бірақ, баяғыша өлген кекті қуғанда салт атты, сабау қамшылы қашқыннан не түспек. Өзі ержүрек, өзі саятшы, аттың, құстың асқан сыншысы Бұқаттай адам табыла бере ме?! Қашқын ретінде қорғаса, бабасының кегін көлденең тартпаса, Бұқат оның шабатын қылышы болмай қайда барады. Сол төренің нұсқауымен барып, Қаба шұбарайғырларының жылқысын қуғаны бар-тын. Ана бір жылы саятта жүргенде шұбар айғыр үкірдайы Қабдуəли қуып келе жатқан түлкіні бүркітіне бұрын алғызып, бермей кеткені тағы бар. Төменгі Ертістің жағасы жетпегендей, былтыр Малдаған (өз баласы) тым өрлеп барып, тағы сол Қабдуəли қыстауының тұсынан бір ай алтын қазып келіпті. Не өкімет, əйтпесе, жер иесі келіспесе, бөтен жерді бүлдіруге болмайтын. Сол жерінің майын сұратып адам жібергенде бұлар «алтыны жоқ жағалау болып шықты» деген жауаппен қайтарған. Осы қыста Тайғараның Ақтангер атын мініп қашып келген Ақанды жасырып, атын Алқабектен өткізіп, орыс жаққа қуып жіберіп, «көрген де білген жоқпыз» деп, бет қаратпай қойған. «Сірə, осы кетіс мол кетіс болар» деп ойлаған Бұқаң, зиратқа құран оқи кетейін деп, шабарманнан жасырынып, ертелетіп, дүбір аяғымен дүрсілдетіп жетіп келгенде Шүмектен өте алмай тұрған Əлімді көрген. Ат үстінен іліп, алдына отырғызып алып, зиратқа бірге барған. Құранды Əлімге оқытқан. Сүйегі тайлақ Тəшінің қорғанына да тізе бүгіп, үйге бірге қайтқан. Осыдан бастап қарт жезде мен бала балдыздың арасы жақындай берген... Бұл ауылдағы сегіз үйде сегіз түрлі шаруа жасалып жатады. Бəбидің жар жағасындағы қара лашығында малма са-

─ 239 ─ пырылып, тері иленеді. Қой-ешкі терілерінен жүніне, иінің қанықтығына қарай тон-шалбар тігіледі. Тайынша-торпақ терілерінің жүні жидітіліп, иі сіңіріліп, қарағай, қаратал қабығымен, рауғаш, шүкірмен боялып, жақсысы былғары, жаманы жарғақ болып шығады. Қымбат аң терілерінің иін Бұқаңның өзі қадағалайды. Қоңыр аңдардың қатты терілерін талқыға екі салғанда былпылдап шыға келеді. Ылас суды ағын айдап, иіс-қоңысты жел қуып əкетеді. Бəби жасында ұршығы шығып, бір жағы ағаш аяқ болып қалған ақсақ. Əйелі Қабиба қараторының əдемісі. Жылқайдар қызы. Əріптес шыдатпайтын айтыскер. Бұқатқа батылы бармайтын кейбір оспадар балдыздар Бəбиге маза бермейді. Жар астына байлап қоятын жалғыз кісілік желқайығын айдап кетіп, тығып тастайды. Суға бірге түсе қалса, малтықтырыптұншықтырып, қаумалап отырып, Ертістің ортасындағы бір аралшыққа тастап кетеді. Бірде Əділбек деген кішкене ұлын Аясын деген балдызы дала қосына алып кетіп, ақысына бір түлкі алып, əрең беріпті. Онысы үшін Кəлимаш апасы да сазайын тартқызыпты. Бəбидің төзбейтін тəлкегі – шұбар биесін ұрлап мініп кететіндері. Осы ауылдағы қоңы таймайтын, жіптіктей жұмыр қалпын жоғалтпайтын жылқы сол ғана. Желісте алдына ат шығармайды. Қыз қуудың ең ұшқыры. Сол биені төрт күн жоғалтып, ақыры жігіттердің қосынан табады.Табады да үш балдызды ақ сойылдың астына алады. Бірінің шекесі шодырайып, бірінің иығы салдырап, көздері көгерген үш балдыз, соғыстан қайтқан жаралы солдаттай, бірін-бірі сүйемелдеп келіп, Қабиба апайларының шайын ішіп, сорпаланып қайтыпты. Оспадар ойынның соты да, жазасы да осымен біткен. Осыдан соң шұбар бие де жайына қалған. Бали – тайлақ, Тұрар бидің баласы. Шəкеңмен құрдас. Сөзге шорқақ, іске олақ, аңқау адам. Қайырбек деген ұлы да өзінен ұзамаған. Əйелі ерте өліпті. Шəміл кейінірек Рымқан деген жесір əйелді зорлап отырып қосқан. Сол босбелбеу қарттың да бір өнері бар. Қара кендірдің қабығын сыдырып, кептіріп, тарап, талдап, арқан, жіп еседі, балық ұстайтын ау,

─ 240 ─ құсқа құратын тор тоқиды. Ертістің қай иірімінде қандай балық, қай тоғайда қанша аң бар, анық біледі. Су тасығанда аудың қандайын, су тұнғанда қайсысын қолдану керек, оған келгенде сізге сабақ оқиды. Қысқасы, ет болмаса да қарайған жүректі балықпен жалғайтын əкелі-балалы осы екеуі. Көбештің міндеті — ауыл адамдарының қолынан шығатын өнімдерін – балық, былғары, тері, тігілген етік, кестелі көйлек, қырматостаған... – Ақши, Қызылүйеңкі, Ақтүбек сияқты жерлерге апарып, азық-түлікке айырбастап, алтыншыларды керек-жарақпен жабдықтау. Құлағы тым түрік. Түбектегі ауылдар оның азық-түлігінен гөрі ақпаратын асыға күтеді. Ал, ақпараттың (өсектің) анық-танықтығын аңдайтын адам тағы да Бұқат. Өйткені, інісінің сыры өзіне мəлім. Əуелбек, Аманбек деген азамат екі ұлы Малдағанның қосында алтын қазады. Ауылда бойжетіп қалған төрт қыз бар. Төртеуі де сұлу, төртеуі де хат біледі. Киім киіс, жүріс-тұрыс, мінез-құлықтары бір тектес. Ең үлкені Мəлгаждардың қызы Гүлбаһрам – он жетіде, Қызыл-үйеңкідегі Құлатайдың Сейітқан деген шикіл сарысына айттырған, биыл күзде ұзатылады. Сонсоң Əлімнің Бибинұр, Гүлжиһан деген екі апайы жəне əлгі Балиға тиген Рымқанның қызы Гүлшайза. 13-15 жастарда. Ағаш көлеңкесіне керілген екі өрмекке екі-екіден отырып алаша, басқұр тоқиды, ши орайды. Аптаның бір күнін кесте тігуге арнайды. Шымкесте, шикесте, бізкесте, гүлкесте, кəнуе, құсқанат, қазтабан дей ме, кестенің толып жатқан түрі бар. Оңайы – бізкесте, қиыны – шымкесте. Жіпті иіретін, бояйтын, тоқуды үйрететін Шəкеңнің бəйбішесі Зағифа апа. Киім пішу, тігу, кестелеу өнерінің ұстазы Кəлимаштың өзі. Осы түбектегі жалғыз Зиньгер машинасы осы кісіде. Оны ешкімге ұстатпайды, істің бəрі ине, бізбен, бес саусақпен орындалады. Сонда бұл ауылда міндеті бөлінбеген, бос жүретін пенде жоқ. Анада атақты Уəли ұста көшіп келетін болып кетті. Ауылдың азын-аулақ малына бас-көз болып жүретін Мəлгаждар да мөр салып, тез орнатып, үй ағаш дайындауға

─ 241 ─ қам жасап жүр. Сонда бұл «артельдің» егіншіліктен басқа «цехы» түгенделеді. ...Қараша ауылда төрт қанат үйдің өзі қарқарадай көрінеді екен. Анада қаза тұсында Садуақас құда бір үй əкеліп тігіп кеткен. Киізі қоңырқайлау, бірақ жаңа. Кеше «жетісі» осы үйде өтті. Жапа-тармағай көш үсті болғасын адам көп жиналған жоқ, бірнешеуі суыт келді де суыт кетті. Бүгін алтыншылар да қостарына қайтады. Кететіндер осы үйден аттанулары керек. –Ассалау... ой, басым-басым... – Құнаш молда маңдайын ұстап, есіктен кіре отыра қалды. «Басым-ай, белім-ай, тіземай» – молда ыңқылының əуені болып кеткен. –«Уə-баракатуһіні» қойып, «мағалайкомға» жете алмай қалдың ғой, молдеке? – деп қалжындады Асылқожа құрдасы. –Əлгі, Əшімқанның асына сенен басқа баратындар бола қоймас. Қашан еді? – деді Шəкең Құнашқа қарап. Өңі шынында тым сынық екен. –Мен де бармаймын,– деді Құнаш, басын қос қолымен қысып отырып.– Хатымды Əпсəламға тапсырдым. Ойда шыбын қақты болып өлер деп, жаман атты да соған қосып жібердім. Біреу есіркеп, біреу ескертіп, молдаға əркім əрқалай сөз арнап жатты. Тіпті «Қосқан – қонақ айырады» дегендей, жалғыз ат біреудің борышына кетіп қалмасын», – деді бір жеңіл ауыз. Құнапия Сақыпбайұлы. Жылқайдар. Жақсы молда. Араб шейхы Саид Мұстафаның алдын көрген. Абдрахман қажы мешітінде мутауалли болып та істеген. Денсаулығы кем. Əйелі де босаң. Баласы жоқ. Молдалықпен мал табайын демейді, тапқанын құтайта да алмайды. Құдай деген бір пенде. Ал, Əпсалам отызыншы жылдары Абыралыдан қашып барған тобықты Ондыбай молданың баласы. Əл-ауқаты болғасын жұртпен бірге жайлауға шығады. Құнапияны білімді, ынсапты жан ретінде сыйлайды. Қыста, соғымнан соң көбейіп кететін хатымды бөлісіп оқиды. Өйткені, əр хатымға құран аударылуы керек.

─ 242 ─ Екеулемесе үлгірмейді. Құнаштың бірен-саран ұсағын да бағып береді. Сол кісіні орынсыз сөзге қыстырғанды ұнатпады, бəлкім, «басы ауырып» кетті, Құнаш өзінің бір тосын ойын айтып салды. – Кетсе, бір тулақ кетер. Аман болса, сол атты да, басқасын да жиып-теріп, қолдарыңа өткізейін, менің лашығыма жалғап, үлкенірек бір үй қосып беріңдер. Ат үсті ауыр болып барады. Енді бала оқытамын! Ақсақалдар ойланып қалды. Мына сөздің мəні бар. Қыс болсын, жаз болсын, көп болсын-аз болсын, алдына келген баланы оқыта беретін Қыдырқан енді жоқ. Назыпханды (Шəмілдің оқыған ұлын) Сарсүмбедегі Шəріпхан мектебіне шақырып əкеткен. Балалар өсіп келеді, қыста жас жігіттердің де қолдары босайды. Төрелердің мектеп ашар ойы жоқ. Болса да бұл ауылдың балалары жете алмайды. Шаруа баққан ауылда мұндай əңгіме үнемі бола бермейді. Қаза үстінде бастары қосылып қалғасын айтылып жатыр. Қысыр сөзді ұната бермейтін Бұқат та, əне, төр алдында тұқырып, тыңдап отыр. Ол кісінің тыңдағаны – құптағаны. Кесімді сөзді Шəкең айтады. Одан соңғысын қарындасы Кəлимаш жөндейді. – Əуелі зиратқа қам жасайық, – деді Шəкең əңгімені екшей келе. – Мүрдеге жақынырақ жерден балшық айдайтын қырман шығарыңдар, қара кірпіш құятын қос қалып көбірек болсын. Қырқында кірпішін құйып тастап, күзде қабырғасын көтереміз. – Айналасына қарап сəл кідірді. – Құнашқа үй салайық. Жердің шымы бекісін. Ағаш-сұғашын қарастыра беріңдер! Оң қолымен ақ сақалын бұрай тарап, Бұқат басын жоғары көтерді. Би бəйбіше Кəлимаш «бұйрық» түсірді. – Екі қоста екі үлкен ара, төрт балта бар. Осындағы қол орақтың бəрін алыңдар. Малдаған, Аясын (Мақсұттың қосында қалған, өте пысық бала жігіт) екеуің екі тоқты алып кетіңдер. Алдағы жұмада жоғарғы қосқа жиналып, біреуін сойып, асар жасаңдар да сүйекті ағаштарды кесіп, аршып тастаңдар. Кепкен соң ағызып əкелесіңдер. – Ал, қайным, – Көбешке қарады. – Сіз анау екі жылқы

─ 243 ─ мен тайынша-торпақты айдап апарып, Еңсебай құдаға қосып қайтыңыз... –Ал, ағеке, – төрде отырған Асылқожаға аса ілтипатпен тіл қатты, – Сізге рахмет. Жұмысыңыз ақсап қалмасын. Құрбыңызға дұғада болыңыз! Асылқожа – төртуыл ішінде тоғыз. Қышекеңнің құрдасы, жан досы. Екеуі бір тұста старшын болған. Рожковтің диірменін теуіп, үйлерін тақтайласа жүріп, ағашшылық үйренген. Сары орыспен сөйлескенде қара қазақты қайран қалдырады. Үйі Білезік құйғанындағы қалың орман ішінде. Ауласына жағалай ағаш ат байлап қойған ба дейсің. «Бұл не?» – десе, «станок» дейді. Оны біліп жатқан қазақ жоқ. Бірін «өгіз ағаш», бірін «тез», енді біреулерін «тілгі, сүргі» дейді. Соларымен кереует, кебеже, есік, терезенің кəсекрамаларын жасайды. Тақтай тіледі, қиюластырып, дөңбек үй салады. Ана жылы Қыдырқан екеуі қима қайық та жасаған. Туған інісі Зəмзə Мақсұтпен бірге ұсталып, суық Сібірдің «суын ішіп» қайтқан. Бұл жағынан да тағдырлас. Бəйбішесі екеуі бір жетіден бері осында жатқан. – Сірə, мен де бірдеңе істеуім керек шығар, – деді орнынан қозғалақтап Асылқожа. – Əуелі Қыдекеңің қабірінің үстіне ағаш шатыр көтеріп, ай орнатамын. Үш-төрт күнде қос қалыптарды əкеп тастаймын. Балта-шот керек болса, айтыңыздар. – Күлімсіреп Құнашқа қарады. – Құрдассың ғой, еңбегімді жемессің, сенің мектебіңе екі есік, төрт терезенің кəсегін жасап беремін. Тек, мектеп болсын! Ақы төлемесең, екі бала əкелемін, оқытасың. – Жемейді ақыңды, жемейді, – деді аңқау Бали, əлгі сөзді расқа жорып. Оны ешкім елеген де, күлген де жоқ. – Асылым, Алла разы болсын! – дегенде Шəкеңнің даусы дірілдеп шықты. – Құнаштан ақы сұрағаным құр алдарқату ғой. – Асылқожа ауыр үнмен қайта сөйледі. – Ол үйді салайық. Қыдекеңнің сауапты ісі үзілмесін. Ана Бибинұр, Гүлшан, мына Əлім сары қысты сарылып қалай өткізеді. Тым болмаса əптиекпен алдансын. – Үн үзіліп, дауыс бұзылды. – «Мəйітті жеті күн жер

─ 244 ─ қабылдайды, қырық күнде рухы аспанға көтеріледі», деп еді жарықтық, ана жылы Жапар ағам қайтыс болғанда. Шырақты өшірмей, аятты үзбей, жеті күн бірге отырып едік. Міне, енді өзінің жетісі де өтті. Қолдан не келеді. Қу тақтайдан бірдеңе шықса, қылша мойным талша, Көктоғайдың бар ағашын тіліп беруге бармын. Маған аруақтың ризалығы керек! Манадан ықылық атып отырған азалы əйел сарнай жөнелді. Бір қолымен керегеден, бір қолымен адалбақаннан қатты ұстап алыпты. Тең-тең шұбар, тең шұбар-ай, Тебінген аттан тер шығар-ай! Тең құрбы үйге келгенде, Теңселіп алдан кім шығар-ай-й! Зəкіман, сабыр ет, сабыр! Қозғама, – деп басын шайқады Кəлимаш.– Жылап алсын. –Күлдіріп көкті күн шығар-ай, Күлімдеп үйден кім шығар-ай! Түндігі жабық тұл үйде-ай, Жесірің жылап, тұншығар-а-й-й! Кəлимаш өксіп барып, жеңгесінің қарысып қалған қолын керегеден əрең айырды. Толықсып Ертіс ағады-ай, Толқыны жарды соғады-ай! Жүрегі толған шер-мұңын, Жетімдер кімге шағады-ай! Дəстүрлі жырды жоқтаудың беташары еткені болмаса, Зəкіман бір сөзді екі айтатын жан емес. Ол жақта да, бұл жақта да атағы шыққан айтыскер. Бір естігенін ұмытпайды. Қисса-дастандарды көп біледі. Кешкен күйігі де бастан асады. Ұлынан тірі, жарынан өлі айрылып, қан жұтып отырғаны мынау. Жыламаса жүрегі жарылып кеткелі тұр. Жамағат отыр жиналып-ай, Өлдіге сені қимадық-ай! Шиыршық атып, шер жұтып, Ағекем қалды қиналып-ай!

─ 245 ─ Ішегін тарта ышқынып, өксіп-өксіп алып, əлде біреулерді іздегендей, есік жаққа қарады. Мəлгаждар, Асыл, Молдекем-ай, Жалғанда кінам мол ма екен-ай. Айрылып қалдым асылдан-ай, Кешілмес күнəм сол ма екен-ай?! «Құрдастың құдайы бір». Құрбылас, сырлас, тағдырлас төртеуінің татулығы төтенше еді. Мəлгаждар құнжыңдап барып азалы əйелдің қолын өз маңдайына басты. Асылқожа бедірейген қалпында отыр. Құнапияның иықтары селк-селк етеді. – Қой енді, Зəкіман, сабыр ет! – Жер жылжыса да жыламайтын кəрі жезде еріксіз тіл қатты. Сабыр да сабыр – сөз бе екен-ай, Таусылды сабыр, жездекем-ай! Ақ жүзін ақпен жапқанда-ай, Жаныңыз нені сезді екен-ай-й-й! Бұқат қатты күрсінді. Мықан ағаштай мықты қарттың күрсінісі де басқалардың жүйкесін босатты. Құнапия молда жылауық үнмен аят бастады. Шариғат бойынша аят оқылған соң дауыс тоқтау керек. Шешесі тоқтағанымен, бет сипалған соң, Бибинұр солқылдай жөнелді. Мінген де атым Айтабан-ай, Тұлпар деп білер байқаған-ай! Патша да кетер пəниден-ай, Дүниені селдей шайқаған-ай! Өртеніп жатыр сай-салам-ай, Сөндіре алмай, тайсалам-ай! Кеткенінді, Əке, білсем де-ай, Келер деп жүрмін қайтадан-а-й-й! Бибинұр он алты жаста. Екі беті албырап, күннің қызыл сəулесіндей құлпырып тұрады. Көзі қара. Қолаң шашы балтырын соғады. Орта бойлы, орнықты. Ағасы ұсталып кеткен соң үйдің бар ауырлығы арқасына түсіп, ерте есейген. Кішкентайында əкесі əн салғызушы еді, соңғы бір-екі жылда

─ 246 ─ айтысқа да түсіп, танылып қалған. Жоқтауды бір ырғақпен айтқанының өзі зардың зардабын барынша күшейте түсті. Аспанда жанған Айпарам-ай, Көгіңе шықшы қайтадан-ай! Кеше де жүрген Əкешім-ау, Аруақ деп қалай айта алам-ай! Мына отырғандардың ішінде шекесі шылқылдаған, шерсіз ешкім жоқ. Мұңның бірі қозғалып кетсе, маңырап мыңы шыға келеді. Сондай шер-мұңын, тіпті, жалғыз отырып, шырылдап, шығарып тастайтын, Бибинұрға шеше тəрізді, Рымқан бəйбіше, орыс қолында қалып қойған жалғыз ұлы Бидарқаны есіне түсті ме екен, құшақтасып көріспек болып, озандата орнынан тұра беріп еді, оны иығынан басып біреулер жібермей қойды. Жап-жас қыздың жоқтауы үдеп бара жатты. Қу жанға қайдан жай табам-ай, Қайғымды немен қайтарам-ай! Ағекем үйге келгенде-о-о-оу! Өлді деп қайтып айта алам-ай-й-й! Алдынан бірге шығайық, Əке-о-оу! Үйіңе келші, қайтадан-ай-й-й! Кəлимаш апайы булығып барып, Бибинұрды бауырына қысты. Ол кісінің жұбатқанының өзі жыр болып кетті. Қара үйден қайнап шыққан суатым-ай, Қарғам-ай, қарашығым, қуатым-ай! Кім сенің күйігіңді баса алар, Алмаса Мақсұт келіп уатып-ай! –Ой, Кəлимаш, баланы жылатпай, қой енді! – Бұқаттың дауысы қатты шықты. Қалқам-ай, жан қақпаған шаужайыңнан, Зар шықты-ау зер төгетін тандайыңнан. Зор Тəңір тілегіңді қабыл етіп, Оралып, ағаң сүйсін мандайыңнан!!! –«Ағузы биллаһи...» – Құранды Асылқожа оқыды. Үні зор екен, жылауды басып кетті. «Мүлік» сүресі үш «мүбинге» дейін оқылды. Сірə, қазақша айтсам босап кетермін деді

─ 247 ─ білем, батаны арабша, қысқа жасап, бет сипады. Əлде талықсыды, əлде сілесі қатты, Бибинұр шешесінің тізесіне басын қойып, сұлық жатып қалыпты. Жылаулы жұрттың басынан мұңның мұнары сейіліп, жүректегі жалынды жаспен өшіріп, жеңілденіп қалды. Керіскедей кер тұсақ есіктен көлденең тартылды. Бұқат бұл үйге күйеу. Бата Балидан сұралды. Намаздың өзін «Қара қойдың келдесі, ала қойдың келдесі, мен құдайдың пендесі» деп келте қайыра салатын қарадүрсін қарт аузын жыбыр еткізіп, «Аллаһу акбар!» деді.. Қайғының өзіне ере жүретін «арсыз күлкі» біреулердің ерніне іліне қалды... Бір əулеттің бұтағы болғасын шығар, осы ауылдың адамдары түгел дерлік қызыл шырайлы. Қыздары қырдың қызыл түлкісіндей құлпырып жүреді. Қызыл-жасыл киінеді. Қисық табан етік, қилы-қилы əшекей де осышардан табылады. Кедей болса да қызық-думандары көп. Өздері мұңаяды, өздері қуанады. Тіпті, осы түбектің өзі қып-қызыл гүл болып жатады. Сондықтан ба, əлде «қызыл орыс» деп кемсіткендері ме, басқалар «Қызыл ауыл», немесе «Қызыл түп» дейді. Сол «Қызыл ауылдың» соңғы жылдары ғана молая бастаған қызығы биыл азайып, қызуы кеміп, тұйық түбекті мұңның мұнары шалып, қызыл шымылдығын айқара жапқанда. *** ...О, құдірет! Дəл осы күні (21 маусым, 1941 жыл) бұлардың көкірегін тескен Атамекеніне фашизмнің пəлекеттері кіріп, қызыл қырғын соғыс бастапты.

─ 248 ─ УАҚЫТ ЫРҒАҚТАРЫ

ЖЕЛТОҚСАН ЖАЛАУЫ Көңіл-күйді анықтайтын – тұрмыс. Дəл бүгін «қой үстінде бозторғай жұмыртқалап жатыр» деу – артық. Базарды нарық билеп, адамдарды ақша илеп, қарынның құрышы, қабақтың кірісі босай түскен мезгілге мадақ айту аңғырттық. Бірақ, қоғамдық даму, əлеуметтік ауқым бір сəтпен өлшенбейді. «Қарын ашса да, қадір кетпесін...». Қадірге келсек, құдайға шүкір, қазақтың əлем алаңына атойлап шыққаны биылғы жыл. Ел егеменді мемлекет ретінде ен-таңбасын түгендеп алды. Жарық дүниеден жойылып кете жаздаған халықтық сипат қайта оралып, оны жер жүзі де танып үлгірді. Президентіміз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде отырып, елі мен жерінің бар сипатын жаһанға жария етті. Америкаға, Түркияға, Қытайға, Англияға өз елшілерін отырғызып, он екі елден елші қабылдады. «Елдестірмек – елшіден...». Əлемнің əр жерінде əлек шығып жатыр. Өзімізбен тағдырлас ТМД елдерінде оқыстан өрт тұтандырып алғандар бар. Телевизордың тиегін бассаң, қан көріп, көзіңді жұма қоясың. Радиодан тағы қандай сұмдық естимін деп есің шығады. Əр жердегі саяси дүрбелең де, ұрыншақ арандату да алаңдатады. Босып жүрген бейкүнəларға жаның ашиды. Шүкірлік, біз ондайдан аманбыз. Көршіге көз алартпайтын, қайырымына қарымта сұрамайтын, басқаны барымталауға бармайтын қазақ өз табиғатына тəн сабыр мен салмақтан өзгерген жоқ. Өзгермейді. Өйткені, оның ары таза, жаны ізгі. Бұрқанса мұз құрсанатын, намыстанса алмас найза болып кезелетін ерлік дəстүрі де бар. Тек, күншіл дүние сұғын қадамасын. «Ойда орыс, қырда қытай тыныш болсын!». Осы тілекті биыл жер басып жүрген бар қазақтың ақылмандары жиналып отырып тіледі. Шар бетіне шашырап кеткен бар ағайын Атамекенде бас қосты. Ұлттық ұғысу, туыстық табысу, тілектер тоғысуы жүзеге асты. Енді

─ 249 ─ олар атамекенге ат басын бұра бастамақ. Қойнына жүздеген ұлтты сыйғызып отырған қазақтың қара орманы оған да жетеді, бұған да жетеді. «Жақсы күн – жадырап батқан кешінен танылады». Екі жылдың өларасы – Желтоқсан айының жалаулы күндері келер жылдың жемісі мен жеңісінің белгісі тəрізді. Білебілсек, Желтоқсан қазақ еліне нұр жаудырған, бақыт үйірген, Тəңір жарылқаған ай. Осы айда жастарымыз өз халқының бойындағы қарығын шығарып, қарғыс қамытын сыпырып тастауға жан пида қимыл жасады. Тарихқа ол «Демократиялық жаңару күні» болып жазылды. Желтоқсанда Президент таққа отырды. Осы айда ел Тəуелсіздігі жарияланды. Осы даңқты күннің бір жылдык тойы шымылдығын жаңарған Елұранмен аштық... Желтоқсан самалы санамызды серпілдірсін. Ілгерідегі күндерімізге осы айдың рухани үстемдігін тілейік! 1992 жыл ҚУАН, ҚАЗАҚ! Қуан, қазақ! Қуанатын күн бүгін. Қунап алар құдіретті туды күн. Сарайың толсын Сахарадан ескен самалға, күн нұры қонсын күңгірттеп қалған жанарға! Биіктегі жаудырап жатқан жұлдызды көсіліп жатып өз көзіңмен санауға – кең түріп таста Тəуелсіз үйдің түндігін! Егемендігіңді, егей елдігіңді, ерік-теңдігіңді, кемелденуіңді, кемерленуіңді Заңменен алдың бекемдеп. Ойлама енді өлі де өгей екем деп. Ұлттық салтың, халықтық қалпың – бəрі де Заңмен қорғалды. Қайтадан тапты қасқайып алға тартатын Қасымхан салған даңғыл да даңқты жолдарды. Ескіріп қалған Есімнің жолы жаңарды. Серпілді санаң, саяси аспан ағарды. Екшеліп елдің бергісі менен арғысы, тасадан шықты Тəукенің «Жеті жарғысы!» Атаңның салты, ұлтыңның нарқы тоғысып, заманға үйлес заңғар бір құжат жасалды. Қолыңа ал да осынау ұлы канонды, Абылай болып қорғай біл ұлы қамалды!

─ 250 ─ Ұлтыңның үні ілгері шықты ұрандап. Тілі жоқ халық қалайша елдік құра алмақ?! Жаһанға жар сал өзіңнің ана тіліңмен, даңқыңды жеткіз халықтық қоңыр үніңмен! Қазақ қып өсір ұлдарың мен қызыңды, бояусыз көрсет қазақы нұрлы жүзіңді! Тайсалма туыс, Тəуелсіз болдың сен толық, бодандық бұғау біржола енді үзілді. Түркістандағы тайқазаныңды көтеріп, Қазақша дəмде ақ наның менен тұзыңды! Досыңды шақыр дастарқаныңның басына. Қаһарыңды қарсы ұста ниеті қара қасыңа. Бойкүйездікті, ойкүйездікті, жалқаулықты, марғаулықты, дарақылықты, сорақылықты келесі көшке тасыма. «Ала ауыз» деген антұрғандықтан қаш аулақ. Дарылдаған даңғазалықтан бас аумақ. Тəуелсіз елдің тағдыры сенің қолында, жаныңды соған лайықтап ал жасаулап! Былық пен шылық – қан сорар сүлік. Береке бермейді күншілдік, күдік. Замана заңғар – соны сен аңғар! Туатын күн, ататын таң бар. Бүгінге керегі – білім мен білік. Шашырап кеткен халқың, шашылып қалған салтың бар. Салтыңды сақта, ел болып бірік. Барыңды сыйла, жоғыңды жина. Намысыңды корға, арысынды қолда. Ерлігіңе ерік бер, елдігіңе көрік бол! Туған жер – кіндігің, туған ел – тірлігің. Кіндікке кірне түсірме, тірлікке кір жуытпа. Еліңді сақта – заманыңның саған берген ғажап аты – сен тəуелсіз Қазақстан азаматы! Алтын Заң қолыңа берілді. Бақытың сонда көрінді. Өмірің сонда өрілді. Ол жаныңның нəрлі азығы. Дəу елдігіңнің, тəуелсіздігіңнің түп қазығы. Алжассаң ауыздықтайды, қорғай білсең – қорғаның. Алланың үкімі, адамның құқығы – бəрі сонда тоғысқан. Осындай кемел заңы бар Қазақстан – Зорстан! Қуан, қазақ! Қуанышты күн бүгін. Қорғаламай қорғанатын, Ұлы істерді қолға алатын туды күн!!! 1994 жыл

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙