Бабалар сөзі. 78-том
Бабалар сөзі
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
«Бабалар сөзі» – көптомдық құнды дүние. Бұл серия аясында ауыздан-ауызға тарап, бүгінгі күнге жеткен өлең-жырлар, шежіре-дастандар, эпостар мен хикаялық дастандар топтастырылған. Қытай мен Моңғолиядағы қазақ фольклорымен де осы сериядан танысуға болады. «Алпамыс батыр» жырының әртүрлі нұсқасы, жа...
ҚАЗАҚ МИФТЕРІ
І. КОСМОГОНИЯЛЫҚ МИФТЕР
АСПАН ДЕНЕЛЕРІ
1. [Ай – ару мен күн – күйеу]
Асылында, ай – ару мен күн – күйеу, көк аспанда ғашық-машықтар еді. Олар ұдайы қараңғылықты қуғындауменен айналысып, біреуі күндіз, біреуі түнде көшіп-қонып, өмірбақи өріс-қоныстары айқаспағандықтан, бір-біріне қосыла алмаған екен. Олар көк түсін кезіп, қанша іздесе де кездесе алмайды. Олар осы ауыр халіне қайғырғанда, аспанды қара бұлт қаптайды, кей кездерде қабақтарынан қар борайды. Сағыныштан саулаған жастары жаңбыр болып жауады. Кейде құсалықтан тұтанған күйін, отты жүздерін жалын болып шарпиды, бұл сәттерде, күннің көзі, айдың жүзі тұтылады.
2. Ай мен күн туралы
Жер жаhанды жаратқан ай мен күн – бір-біріне қосыла алмаған ғашық-машықтар, ай – ару, күн – күйеу екен. Жер мен көк жаралып, қараңғы мен жарық, күндіз бен түн айырыларда, алдымен күн туып, күндізді иемденіпті де артынан ай туып, түнге қалыпты. Күндіз бен түн бірін-бірі қуалап, көше береді, олардың өмір бойы өріс-қонысы айқаспайды. Соның үшін бұл екі ғашық бір-біріне ынтық болып, қанша іздесе де кездесе алмайды. Бірақ бұлар әсте үміт үзбейді. Жарық жүздерінен шұғыла шашып, күлімдейді. Кейде қатты қайғырып, қабағынан қар жауады. Күннің көзін, айдың жүзін қаптаған қара бұлт – олардың қайғы-мұңы, жауған жаңбыр – олардың сағынышынан саулаған көз жасы. Ғашықтықтың сүйініш-күйініші, әсіресе, ай аруға қатты батады. Ол ай сайын үмітпен толып, қайғымен солып отырады. Күн көксеген күдермен күн санап көркейген ай ару он бесінде толықсып, шығыстан шықса, батқан күннің сөніп бара жатқан шапағын көреді. Ал, ертеңінде, таң ата кеше кеште ай шыққан жерге күн күйеу келеді. Бірақ айдың ауылы әлде қашан алысқа көшкен. Сөйтіп, арман мен сағыныш, үміт пен өкініш, күндіз бен түн құйрық тістесіп айнала береді, айнала береді... Санаменен сарғайған ай ару қармақтай иіледі. Тіпті, оның жарқын жүзіне әжім жолағы да түскен.
3. [Күн – күйеу, жер – қалыңдық]
Күн – күйеу, жер – қалыңдық сағынысты,
Құмары екеуінің сондай күшті.
Күн күйеуін жер көксеп ала қыстай,
Біреуіне біреуі қосылыспай.
Көңілі күн лебіне тойғаннан соң,
Жер толықсып, түрленер тоты құстай.
4. [Аспан ата мен Жер ана]
Қадым замандағы қазақ қауымы бейне ру-тайпалар тараған қасиетті ата-бабалар сияқты, табиғат дүниесінің де туып өскен ата-бабалары бар деп ойлаған. Жер мен көктің арасындағы күллі заттың туып өскен ата-анасы – «Аспан ата мен Жер ана» деп білген. Аспан мен жер ерлі-зайыпты болып, олардың арасынан ай мен күн және басқа заттар, жан-жануарлар туылған. Аспан ата мен Жер ана өз кіндігінен өнген ұрпақтарын асырап, өсіріп, қорғап, қолдап отырады деп ойлаған.
5. "Жетіқарақшы" мен "Үлпілдек" жайында
Қырық қарақшының қолбасшысы Қыранқара аспанның аруы Үлпілдекті айттырып алмақшы болыпты. Бірақ Қыранқараның "бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін ұрлаған" баукеспе екенін білетін Үлпілдек оған қалыңдық болуды қаламапты. Оның әке-шеше, ағайын-туған, ауыл-аймақ, ел-жұрты, ардақтаған аруларын қанды қол қарақшыға беруді ар көріпті. Бұларды "құдалыққа" қол қусырта алмаған Қыранқара жасақ жинап, қол бастап келіп, ел шауып, өріс бүлдіріпті. Үлпілдекті олжалап, ат артына салмақ болыпты. Қыранқара тұлпар таңдап мініп, қуаласа да, Сұлусары атқа мінген Үлпілдек жеткізбей қашып құтылыпты. Үлпілдекті қолға түсіре алмай құса болған Қыранқара аспан әлемін кезіп, Сұлусарыны қуып жететін жүйрік іздепті. Мұндай жүйрік ат аспанның солтүстігін қоныстанған Ағай-Сығай деген екі батырдың "Ақбозат", "Көкбозат" деген аттары еді. Осы аттарды ұрлап мініп, Үлпілдекті қолға түсірмек болған Қыранқара Жетіқарақшыны бастап, жортуылға аттанады. Олар аспанның солтүстік үйегіндегі Темірқазықты айнала қонған ауылдарды (шоқжұлдыздарды) ториды. Бұл Жетіқарақшыны "бастаған алдыңғы төртеуі, ана артындағы үшеуі – ерер-ермес болып жүрген олардың құйыршығы. Ана екі бүйірдегі екі жарық жұлдыз – екі батыр. Сонау көрінген қатар екі жұлдыз – Ақбозат пен Көкбозат, батырлардың аттары. Олар Темірқазыққа арқандаулы. Шұбатылған арқандары да, әне, көрініп тұр. Аттар Темірқазықты айнала оттайды. Оларды аңдыған жеті ұры (жеті қарақшы) да түнімен төңіректеп, айналып жүреді. Ұрылар қайтседе осы аттарды түсіріп алмақшы. Сақ күзетуші алдындағысынан көз жазбайды. Сөйтіп жүргенде таң атады. Таң атысымен Жетіқарақшы көзден тайып, тасаланады. Қырық қарақшының қолбасысы Қыранқараның ел шауып, өріс бүлдірген лаңынан үріккен ауылдар Ай мен Күннің жолына түсіп, аспанда айналып, үздіксіз үркіп, үйме-жүйме болып, көшіп жүруге мәжбүр болады. Тек айына бір рет айға ауыл, үй қонып, тоғайып, тыным алады. Еру отырып, тұрақтайын десе, Жетіқарақшының жетіп келіп, Үлпілдекті тартып әкетуінен қорқады.
6. [Үркер, негізінде, жеті жұлдыз екен]
Үркер, негізінде, жеті жұлдыз екен. Бұлардың жылтылдап, көрініп тұрғаны алтау. Жетіқарақшы келіп шапқанда бұлар үркіп, содан "Үркер" атаныпты. Оның арасындағы бәрінен жарығырағы қыз болған соң, Үркер қызын қорғайын деп, оны көрсетпей, бір жерге жиналып, топталып тұрады. Әйтпесе, Жетіқарақшы ұрлап кетеді. Көктемде алғаш рет күркіреген күн – осы Үркердің көк айғырының кісінеген үні, үйірін қайырып, шапқылаған дүбірі мен дүрсілі екен. Жеті үркер жерге түскен соң, қырық күн жерде тұрып, одан соң қайтадан көкке көтеріледі екен. Мүшел жануарлары өзара кеңесіп: «Үркердің жерге түскен мезгілі – (мамыр, маусым айлары) жан-жануарларға жайлы мезгіл, ал, Үркер көкке шыққан соң (күз бен қыс келіп) күйіс кетеді. Соның үшін әрқайсымыз бір айдан кезектесіп, Үркерді басып, көкке шығармай қояйық» десіпті. Тышқан бір ай басып тұрыпты. Кезек сиырға келгенде, сиыр оқыралап кетіп, Үркерден айырылып қалыпты. Сонымен Үркер жерде қырық-ақ күн тұратын болып, қыс ұзарып кетіпті.
7. Үркердің қызы
Үркер шоқталған, ол үркіп қалған. Ал Жетіқарақшы Үркердей жиын емес, бытыраған. Жетіқарақшының төртеуі Босаға сияқты, Үркердің төртеуі үйме-жүйме. Жетіқарақшы Үркерден безіп, шыр айналады, ол Үркердің қызын алып қашқан.
8. Жетіқарақшы (Жеті ұры)
Жұлдыздардың тәулік сайын туып, батуы – оның тынығып, "ұйықтағаны". Жетіқарақшы жатқанның жамбасын кескен ұры болғандықтан түнімен "ұйықтамайды", ал күндіз көрінбей, жоғалып кетеді. Осы мінездерімен ол түнімен торуылдап, таң ата жасырынатын ұрыға ұқсайды.
9. Үркердің жерге түсуі
Жетіқарақшы Сұлусарыны ұрлаймын деп, Үркерді қуып жүр. Үркер қашып барып, қырық күн жерге қонақ болып жатады, жылына бір қара қойдың етін жейді.
10. [Үркер алтау ғана]
Үркер алтау ғана, артындағы Сұлусарымен жетеу. Сұлусары Үркерден әлдеқайда жарық. Өзінің түсі сары. Алты үркерді көрсетіп тұрған Сұлусарының жарығы. Ақбозат пен Көкбозатқа мініп алып, Жетіқарақшы содан кейін Сұлусарыны алмақшы. Сұлусары Үркердің артында бөлек тұрады. Ол Үркерден кейін туады. Жетіқарақшы енді Сұлусарыны тартып алмақшы. Сұлусарыны Жетіқарақшы жанындағы Қырлыжігіт сақтап жүр. Сұлусарыға ол өзі ғашық. Сұлусарыға қырындап жүрген Қырлыжігіт – ең жарық жұлдыз. Қызды қарақшылардан қорғаған болып, өзінің көңілі сонда жүр.
11. [Үшарқар-үш, ірі жұлдыз]
Бірінің артынан бірі созылып тұрған үш, ірі жұлдыз – шұбап бара жатқан Үшарқар, оған көлденең тізіліп тұрған "қиқымдай" – Шайтантараз дейтін үш жұлдыз – Үшарқарды кезеп, атқалы тұрған Көгалдай мергеннің құрулы мылтығы. Оның оң жағындағы көкпеңбек жұлдыз – Көгалдай мергеннің "Көкшақпағы". Шақпақ – үлкенірек көк жұлдыз, шақпақ десе, шақпақ. Ол Үшарқардың бүйірін ала тұрады. Үшарқардың аржағындағы үлкен қызғылт жұлдыз – арқарлардан әрі өтіп кеткен мергеннің қызарған оғы. Түн қараңғыда манағы құрулы мылтықтың ауыз жағын ала бұрқ еткен түтін тәрізді, күңгірттеу теңбіл байқалады. Ол мергеннің мылтығының түтінінен пайда болған. Үшарқардың соңғысы – кішірек. Оны мекиені (ұрғашысы) дейді.
12. Қамбар жұлдызы
Қамбар ай жолында болғандықтан ай сайын Аймен тоғысып тұрады. Әуелі Ай Қамбардың мұртына тоғысады, екінші күні ауыз омыртқасына, одан соң өтіне тоғысады, одан кейін құйрығына кетеді. "Білмегенге білдіремін, егер біле тұра жүрсе, бүлдіремін" – деген екен Қамбар.
13. Сүмбіле
Үшарқар – Мергеннің аяқ жағындағы лек жұлдыздар – оның иті, ақ шоқтай Сүмбіле жұлдыз – осы үлкен арланның жайнаған көзі.
14. Үшарқар
Мергендер бұрын жерде өмір сүрген. Олар құстарға да, аңдарға да күн бермеген. Осыған ызаланған арқарлар көктегі Құдайға шағым жасайды. Сондықтан Құдай мергендерді де, арқарларды да жіппен аспанға тартып алады. Олар солай жазасын алған. Арқарлардың астында үш мерген отыр. "Үшарқар" жұлдызы осылайша аталған.
15. Жетіқарақшы
Жетіқарақшы жұлдызының алтауы – ұрылар. Жетінші, ең кішкенесі – осы алты ұрының (қарақшылардың) ортасында тұратын патша әйел. Патша әйел ең жақын тұратын жұлдызға күйеуге шықпақшы.
16. Үркер
Жетіқарақшының топ басшысы Қыранқарақшы Үркердің қызы Үлпілдекті мінгестіріп алып, үнемі қашып жүретін және ол қызын құтқармақ болып, қуып жүреді.
17. [Жетіқарақшы – жеті жұлдыз]
Бұл жұлдыз – жеті қарақшының рухы, олар өлгеннен соң жеті жұлдызға айналған. Жетіқарақшы күні бойы ұрлық жасайды да, түн бола өздерінің күндізгі жасаған күнәларына қайғырады. Жетіқарақшы өлгеннен кейін, жеті жұлдыз болып кетіпті. Жеті ұрының тұтқынында Үркердің қызы бар.
18. [Жетіқарақшы – жарқырап тұрған, жарық жұлдыз]
Жарқырап тұрған, жарық жұлдыз – қарақшылардың бастығы, көмескі жұлдыз – ұрлап алып қашқан Үркердің қызы. Қыз ұрлаған қарақшының аты – Қыран қарақшы, Үркердің ұрланған қызының аты – Үлпілдек.
19. [Ақбозат пен Көкбозат]
Ақбозат пен Көкбозат арқанмен Темірқазыққа арқандаулы. Жетіқарақшы түнімен «бұл екі атты ұрлаймыз» деп торып, аттар қозғалмай, қағулы тұрған қазықты айналып, күзетші алдырмай, таң атып кетеді.
20. [Жетіқарақшының біреуі]
Жетіқарақшының біреуі Үркердің қызын ұрлап алды. Өйткені Жетіқарақшының қос жұлдызының бәсең жұлдызы – Үркердің жұлдыздары сияқты бәсең жұлдыз, ал Үркердің бір жұлдызы кем сияқты, ендеше Жетіқарақшы "ұры" болғандықтан Үркердің де қызын ұрлады.
21. [Таразы – атақты мерген]
Таразы атақты мерген еді. Сүзеген бұқа – Торпақ оған қарай мүйізін кезеп, сүзгелі келеді. Мерген оны шоқпармен соқпақшы. Мергеннің Үлкен Арланының көзі жарқырап шақшиып, Таразының аяғымен басып тұрған қоянды күзетіп тұр. Сыңар Мүйіз Таразының арқасынан сүзгелі таяп қалды, мұнымен Кіші Арлан арпалысып жүр. Таразыны ешкім жеңе алмаған. Тек Сары Шаян білдіртпей келіп, мергеннің аяғынан шағып алып, мерген соның уынан өлді де, зұлым Сары Шаян аспанның қарама-қарсы жағына қашып кетті.
22. [Жер бетін ызғар ...]
Жер бетін ызғар билеп, қатты суық болып, мұз басады. Сонда ашық қалған Үркер жұлдызына баратын жолға ер жүрек батыр отыз қасқырдың терісін төсеп, аспанға көтеріліп, күн бетін қайта ашып, тіршілік нұрының себуіне ықпал етеді. Бір бала жүйрік байталға мініп, аспанға ұшады. Мұны біліп қалған хан артынан он екі қасқырды қуғынға жібереді. Мұнда он екі саны жайдан-жай келтірілмеген болса керек. Бұл он екі қасқыр он екі айды білдірсе, түркілердің ежелгі түсінігінше, байтал – күннің символы іспетті.
23. [Айдың бетіндегі қара дақ туралы]
Ертеде бір кісінің әйелі өліп, бір ұл, бір қызы қалады. Ол кісі үйленіпті. Өгей шеше балаларға күн көрсетпейтін болыпты. Бір күні екі баланы жеті түнде өзеннен су әкелуге жұмсайды. Балалар ойнап, кешігіп қалса, өгей шешесі: "Құрып қалғыр, бұл балаларды Күн бе, Ай ма, біреуі алып кетсін!" – деп қарғапты. Бұл қарғыс құлағына жеткен Күн мен Ай аспаннан төмен қарай сорғалап түсіп, келе жатады. Оны байқаған ұлы өзен жағасына барып тығылып, Күн оны таба алмай қалыпты. Ал, Ай бір қолымен талдан ұстап, екінші қолымен иығындағы шелегі бар иінағашты ұстап тұрған қызды тұтас көтеріп, алып кетіпті. Содан әлгі қыз талы, иығындағы шелегі бар иінағашымен айдың жүзінде қара дақ болып тұрып қалыпты дейді.
24. [Қызды әуелі Күн алған]
Қызды әуелі Күн алған екен дейді. Сонда Ай оған жалынып: "Сен аспанда күндіз, жарықта жүресің. Ал мен түнде жалғызбын, кейде қорқамын. Осы қызды маған қишы", – деп сұраған екен дейді. Ақырында мейірімді Күн қызды Айға беріпті. Ол қызды аспанға алып кеткен екен дейді.
25. Айдың бетіндегі дақ
Байырғы уақытта бір жетім қыз болған екен. Қыздың әкесі өгей болғандықтан, қызға әрқашан өзінің қорлығын, тажалдығын көрсетіп тұрады екен. Бірде қыстың ызғарлы күнінде, қызды өгей әкесі суға жұмсайды. «Барып мұзды шағып, екі шелекке су алып кел» деп, қолына бақан менен шелекті ұстатады. Қыздың ешқандай жылы киімі жоқ, суға барыпты. Жолда денесінен өткен суықтың ызғарына шыдамаған байғұс қыз өз арманын айға айтып, тағдырына тарынып жылайды. Қыздың көз жасын көрген ай қызға қолын созып, өзіне тартып алады. Осы күннен бастап қыз айда күзетші болып қалады. Айдағы дақ – сол қыздың бақаны менен шелегі. Егер кімде-кім сол айдағы қызды көрсе, сол қыз дүниеде адам таңқаларлық сұлулыққа ие болады дейді.
26. [Айда кемпір бар]
Айда кемпір бар. Айдағы дақ – адамның бет-пішіні.
Егер адам айға көп қараса, кемпір адам кірпігін санап қойса, адам өледі.
27. Ай
Ай – аспандағы кемпірдің беті. Егер ол қасын керсе, адам өледі.
28. Ай мен Күн
Ай мен күн екеуі егіз туып, бірге өскен, керемет сұлу әйелдер болған екен. Бірінің сұлулығын бірі күндеп, екеуі өштесіп, Күн Айдың бетін тырнап алып, осы уақытқа шейін Айдың әлгі тырналған бетінде қарауытқан дақтар қалған. Ай өшін алмақ болып, Күнге жақындап барғанда, тағы тырнап ала ма деп, әлгі тырналған бетін жасырып "қорғалайды". Күннен алыстап кеткенде сескенбей, Ай Күнге сұлу жүзін түгел көрсетіп, тағы күнді қызықтырады.
29. Үркер жатыр
Бір қыста жер жүзін мұз басып, мал қырылып, қалғандары сіңірі шығып, әупірімдеп, жазға зорға жетіпті. Ауыр қыстан әбден запыс болған жануарлар есін жия келе ақылдасыпты: «Пәле Үркердің жерде жатпай, көкке шығып кетуінен болды. Ендеше Үркерді көкке шығармай, кезек-кезек басып тұрайық» деп олар пәтуә жасап, «пәлен жерде Үркер жатыр» дегенді естіп, іздеп шығады. Жылқы, сиыр, түйе өзара "Мен жүйрікпін, мен жүйрікпін" деп бәстесіп, жарысып келе жатса, алдарында, шөптің арасында бірдеме жылтырап жатыр. Сөйтсе, ол Үркер екен. Бұрын жеткен жылқы Үркерді басайын десе, сиыр «мен басамын» деп мүйізін шайқап, оны жолатпайды. Үркер басында он екі жұлдыз екен. Сиыр Үркердің алтауын ғана басып қалып, қалған алтауы тұяғының арасынан шығып, аспанға ұшып кетеді. Міне, қыстың алты ай, жаздың алты ай болуы сондықтан. Егер жылқы тұяғымен басса, онда Үркер түгел жерде жатар еді де, мәңгі-бақи жаз болар еді.
–Үркерден неге айырылып қалдың? – деп сұрағанда, сиыр басқа хайуандарға:
– Ыстықта оқыралап шауып жүргеннен де сақылдаған сары аязда сықыр-сықыр басып жүргенім жақсы, – деп жауап беріпті.
30. [Бұрын Үркер он екі болған]
Бұрын Үркер саны он екі болған. Олардың бағына сол заманда көктем де, жаз да болмай, мәңгілік қыс болған. Сол уақытта барлық хайуандар Үркерді құртпақ болып ақылдасады. Сол үшін олар Үркерді қуа жөнеледі. Әуелі жылқы төрт жұлдызды аяғымен басып қалады, түйе екеуін, ал қалған алты жұлдыз сиырдың тұяғының астына түседі. Сиырдың үлкен тұяғының астында алты жұлдыз қалады да, алты жұлдыз аспанға шығып кетеді. Сонымен сиырдың ұқыпсыздығынан алты ай қыс болады. Әбден сиырға ренжіген хайуандар сиырдан: "Алты жұлдыздан неге айырылып қалдың?", – дегенде: "Сықырлап суықта жүрген жақсы емес пе, ыстыққа өмір бойы шыжып жүргенше" деген екен. Сол үшін сиыр суықтан қорықпайды.
31. [Үркер бұрын құрт екен]
Үркер бұрын құрт екен. Оны түйе табанымен жаншып, басып тұрады екен, түйе дем аларда кезек сиырға келеді. Құрт сиырдың айыр тұяқтарының арасынан шығып, аспанға бір-ақ тартады. Содан бері қыс болады.
32. [Үркер жерге түскеннен кейін]
Үркер жерге түскеннен кейін, жерде жатып, көк шөпті айдап шығарып жатады. Неғұрлым Үркер жерде көбірек жатса, соғұрлым жануарларға жайлы. Жылқы, түйе, сиыр, қой, ешкі Үркерді аспанға шығармай, кезек-кезек тұяғымен басып тұрмақшы болып келісті. Кезек келгенде ешкі жеңілтек қарап, Үркер оның тұяғының арасын жырып, аспанға шығып кетеді. Егер ешкінің ұшқалақтығы болмаса, Үркер үнемі жерде жатар еді, үнемі шөп қаулап шығып, жануарлар ешқашан жемсіз болмас еді.
33. [Өткен заманда]
Өткен заманда жұлдыздар да асыл тастан үйілген таулар, ол жер бетіндегі бақытқа әсер етеді деген. Әрбір жұлдыз жердегі әрбір адамның жанымен сәйкестік тұтастықта, адам өлгенде, оның аспандағы жұлдызы да ағып түседі.
34. Күн, Ай және Қораз
Бұл өте ертеде болыпты, содан бері қанша жыл өткенін есептеп айтуға сан жетпейді. Ағайынды үшеу: Күн, Ай және Қораз аспанда тұрыпты. Бірде ең үлкені Күн адамдарға жарық сәуле шашуға кеткенде, үйде Ай мен Қораз қалыпты. Ай барып тұрған сотанақ екен. Қоразға тыным бермей, ақыры тәжінен ұстап алып, Жерге тастап жіберіпті. Қайта оралған Күн болған оқиғаны біліпті. Ойланып отырып, былай депті: "Менің байқауымша, сенің ешкіммен де сыйысып, тыныш отыра алатын түрің жоқ екен. Қайтып бетіңді көрмейін. Бұдан былай мен аспанда күндіз ғана жүремін, ал, сен тек түнде шығасың" . Содан бері Қораз қызарып, шығып келе жатқан Күн ағасын көргенде: "қо-қо-қоқ!" – деп айқайлайтын болыпты. Онысы: "Қайырлы таң, мейірімді аға!" – дегені екен. Ал Күн батып, Ай көріне бастағанда, Қораз үйшігіне тезірек кіріп алуға асығады екен.
35. Кемпірқосақ (1-нұсқа)
Бейне жер бетіндегі қазақ қауымы сияқты аспандағы адамдар да малын бағып, қойын сауып, көшіп, қонып жүреді. Жаңбыр жауып, ашылған кезде көктегі елдің кемпірлері де қойларын қосақтап, сауып отырады. Соның үшін ол «кемпірқосақ» деп аталған.
36. Кемпірқосақ (2-нұсқа)
Кемпірқосақ – кемпірдің қосағы. Қосақ деп: ұзын арқанмен мойындарынан айқастыра тіркеп байлаған қой, ешкілер тобын айтады. Аспанда тұратын қазақтардың арасында өте бай кемпір бар. Кемпірқосақ – сол бай кемпірдің қосағындағы әртүсті қойлар. Сол кемпір сол қойларын ылғи да жауыннан кейін сауады.
37. Кемпірқосақ (3-нұсқа)
Кемпірқосақ – кемпірдің қосағы. Қойды екі жағынан жіптің ілгегіне, жерге байлап қойған. Қосақ – түрлі-түсті қой, жаңбыр жауған соң, кемпір оны сауады.
38. Зуhра
Зуhра – Алланың шын сүйікті пендесі. Оны Әза мен Әзайа атты періштелер сұлулығына қызығып, алдап қолға түсіреді. Зина жасауға зорлайды. Оның қашып құтылуға ешқандай мүмкіндігі болмай қалады. Ақырында Алланың мың есімін үйретуді өтінеді. Өйткені ол Алланың мың есімін жаттап алғанда, көкке ұша алатын қасиет пайда болатынын білетін еді. Зуhра дәрет алып, таң жақындағанда "мына пәлелерден құтқар" деп, Аллаға сыйынады. Көкке көтеріліп, барлық халық қастерлейтін жұлдызға айналып кетеді. Еуропаша – Венера, арабша – Зуhра, түрікше – Шолпан – сол жұлдыз. Егер ол жұлдыз қасиетті болмаса, халық "Айың тусын оңыңнан, шолпаның тусын солыңнан" дей ме.
39. [Хансұлу]
Хансұлу қызын туысымен қараңғы, темір үйге тығып қойыпты. Оған тек бір кемпір ғана қызмет етеді екен. Қыз бой жетіп, кемпірден қайда барып жүргенін сұрағанда, ол: "Жарық дүние бар, қызым, сонда барамын", – дейді. Қыз сол жарықты көрсетуін өтінген соң, кемпір оны алып шығады. Жарық сәулені көрген соң, қыздың басы айналып құлапты. Содан жүкті болыпты. Мұның бәрі күн нұрының киесінен болған. Сондықтан да белгілі бір жасқа жеткенше күн көзіне көрінуге тыйым салынған.
40. [Күн нұрынан пайда болған Шыңғыс]
Ерте заманда қазақтың бір ханы болған екен. Оның ай десе айдай, күн десе күндей бір сұлу қызы бар екен. Хан ол қызын жұртқа көрсетпей, жапан түзге үй салдырып, қызын сонда тұрғызыпты. Қыздың қасында серік қыздан басқа ешкім болмапты. Қыздың күн сайын көретіні бір ғана ай, күн, жұлдыз екен. Қыз бойжетіп, бір күні далаға шығып, шуақтап жатса, қыздың бойы шымырлап, денесі маужырағандай болады. Біраздан соң, кешікпей, қыз екі қабат болады. Қыз оны шешесіне айтады, шешесі: «Ел жоқ, жапан түзде жатып, қалай жүкті болдың?» дейді. Қыз: «Ешкімді көргенім жоқ, бір күні күн көзінде жатып едім, осылай жүкті болып шықтым» дейді. Шешесі мұны жасыра алмай, ханға барып айтады. Хан қызын көргісі келмей: «Оны бір алтын сандыққа салып, суға ағызып жібер!» деп әмір қылады. Қыз суда ағып келе жатқанда, оны аң аулап жүрген Домбаул, Тоқтауыл деген екі мерген көреді. Мергендер оған таң-тамаша болып, сандыққа қызығып, оның біреуі ішін, біреуі сыртын алмақшы болады. Тоқтауыл сандықтың сыртын алам дегенде, Домбауыл оның ішін алып қараса, сандықтың ішінде айдай бір сұлу қыз жатыр екен. Қыз: «Күн нұрынан жүкті болдым, аз күнде босанамын» дейді. Біраз уақытта одан Шыңғыс туады.
41. [Даланың сәулесі]
Ерте заманда бір ханның жалғыз қызы болыпты. Хан ол қызын түн теңізінің ортасына үй салдырып, оның жанына қырық қыз күтуші беріп, қызын түн теңізінің ортасындағы сарайға орнатыпты. Бұл жерге жанды зат келтірмей, қызды далаға шығармай, ай, күн нұрын көрсетпей, қызын әрқашан қараңғы қапаста ұстапты. Күндерде бір күн ханның қызы құса болып, сарай алдына шығып жүретін қыздарға: «Маңайда не бар, не көресіңдер?» деп сұрапты. Қыздар: «Даланың сәулесі бар, одан басқа дәнеңе жоқ» дейді. Хан қызы: «Маған сол сәулені көрсетіңдер» дейді. Көп қыздар сарайдың терезесін ашып, үйге сәуле түсіреді. Одан кейін кешікпей, қыз екі қабат болады. Бір күні қыздың жүкті болғаны ханға естіледі. Хан жарлық беріп, қақпалы алтын қайық жасатып, қызын қырық қыз нөкерімен қайыққа отырғызып, өзен суына ағызып жібереді. Бұл өзеннің төменгі жағында елден қуылған Домбауыл мерген мен оның серігі Шаба-соқыр деген тұрады екен. Шаба-соқыр қырық шақырым жерден көреді екен. Суда қалқып келе жатқан қайықты алыстан көріп, оны Домбауылға айтады. Алтын қайық ағып, бұлардың қасына таянғанда, Шаба-соқыр сыртын, Домбауыл ішін алмақшы болады. Қайық қалықтап, бұлардың қасына келгенде, Домбауыл мерген Шаба-соқырға айтады: «Қия атайын ба, кесе атайын ба?» – дейді. Шаба –соқыр: "қия ат" – дейді. Домбауыл мерген қия атқанда, садақтың оғы алтын қайықтың қақпағын жұлып түсіреді. Сондықтан Шаба-соқырдың ұрпақтары "Қият" деп аталатын болады. Алтын қайықты ашып қараса, қырық қыз нөкері бар ішінде бір сұлу қыз отыр екен. Ол қызды Домбауыл алып, үйіне қайтады. Алтын қыз босанғанша қасына Домбауылды жолатпайды. Кейін одан Тәңірберді – Шыңғыстың атасы туады.
42. Нұрдан жаралған Адай
Кіші жүз Жанарыстың Алауынан өрбіген Алшынның ішінде Қыдыр деген бай болыпты. Қыдырдың байлығында қисап болмаған соң, жұрт оны "Бай" деп атайды екен. Сол әдетпен, Қыдырдан тараған ұрпақ "Байұлы" деп аталып еді дейді. Байдың (Қыдырдың) Жанби, Ұлжан есімді екі әйелі болса керек. Жанбиінен туған Қанбибі есімді қызы болыпты. Бір күні бойжеткен Қанбибі жақын құрбыларымен сейіл құрып, сыртқа шығады. Табиғаттың толыса құлпырған кезі болса керек, сейіл серуен құрған қыз-келіншек бір гүл-құрағы жайқалған бұлақ басына келіп, дамыл алады. Сол жерде Қанбибінің көзі ілініп кеткен екен, әлденеден тұла бойы шымырлай балқып оянып кетеді. Көзін ашып байқаса, көктен сулап құйылған нұр іші-бауырын елжіретіп, тұла бойын балқытып жатыр екен дейді. Осы нұрдан Қанбибінің бойына перзент бітіп, ай-күні толған соң босанады. Жай босанбайды, бойына әкесіз бала біткен соң, жасырын босанады да, баланы құндақтап, қыр астына апарып тастайды. Ертеңінде серуендеп түзге шыққан Бай жылап жатқан құндақтаулы балаға тап болады. Баланы үйге алып келіп, Әспенбет деген көріпкелді шақыртады. Әспенбет баланы көріп: "Атыңды шығарар арысың осы болар" деп батасын береді. Бұған қуанған Бай ұлан-асыр той жасап, баланың атын Адай деп қояды. Бұл кезде Байдың әйелі Ұлжанның Таз деген баласы емшекте екен. Ұлжан Адайды да бауырына алып, Таз екеуін бірге емізіп, өсіреді.
43. Есекқырған
Зат тиелген шаналарға есек жеккен керуен үдере көшіп, жолдағы бекетке қонады. «Шолпан туып қалыпты» деп, шығыстан келе жатқан жарық жұлдызды көріп, шатастырған керуен иесі жолға түсіп, тартып береді, күн суытады. Керуен жолдан адасады. Жылы жерден шыққан есектер суықты көтермей, қырылып қалады. Осылайша жарық жұлдыз есекті қыруға шыққан "Есекқырған" жұлдыз аталады.
44. Күн күркіреді
Күннің күркірі – періштенің айқайы, ал, найзағай – оның оғы, шайтандарды қуып жүріп, сол оқпен атады.
45. Ажағай киесі жайында
Ажағай (нажағай немесе найзағай) – көк Тәңірінің құдіретті қолбасы батыры. Ол Жасаған Тәңірінің жарлығы бойынша, от найзасын үйіріп, жазайыл садағын кезеп, жазалау жорығына аттанады. Жер көкті күңірентіп, садақ тартып, Тәңірінің тағдырына қарсы шыққан қаскелең құбыжықтарды, албастыларды атып, төбесінен жай түсіріп, жайратады. Күркіреген күн – оның тартқан садағы, жерге түскен жасын (жай) – оның садағының оғы. Ажағайдың атқан оғынан қашқан албастылар қайдағы ылас орындарға, бойы және жүрегі таза болмаған адамдарға барып паналаған. Мұндай жағдайда, албастыға атқан оқ оларды да ала кетеді.
46. Аспандағы күннің баяны
Күннің асылы тозақ оты дер. Төрт атрапы иле тас жол екен. Күннің өзі біреу-дүр. Күннің өзі жүреді. Әр күн шыққанда, күн неге қызарады, уа қызарып шыққандары сондай екен, уа күн жайынан қозғалмай тұрады екен. Тәңірі Тағала періштелерге айтады екен: «Әлгі күнді аспанға шығарасың» деп және аспанға аят кәрима келді. «Кау ләhу тағала сүммә әстәуи илә әсмәи» уәhиа дәхан – аспанның асылы түтүн-дүр. Әлгі періштелер күнді аспанға шық деп, уа күн аспанға шықпайды екен және Тәңірі Тағала періштелерге бұйырады екен: «Күнді қиындықпен аспанға шығарасың!» деп. Андан соң періштелер қиын қыстау қылып, тағы темір шынжырмен тартып, аспанға шығарады. Әлгі күн қиындық көрген соң қапаланады, сол себепті күн қызарады. Осы дүниедегі адамдар қапаланса, түсі қызарып кетеді. Бағанағы күннің қызарғаны дарияның суына түседі. Сол дарияның сәулесі аспанға ұрып, аспан да қызарады, уа күннің аспанға шықпаған себебі сондай екен, бір бөлек кәпір бар екен. Күнді «Құдай осы» деп жүреді екен. Осы күн аспанға шықса, дүниенің бәрі де жарық болып кетеді, жайына отырса, қараңғы болып қалады деп. Әлгі кәпірлер аңдып тұрады екен. Сол себепті «аспанға шықпаймын» деп қиналып, қызарып тұрады екен. Әлгі күн қиналғандағы ащы даусын дүниедегі адамдар уа хайуандар есітсе, сол есіткендердің бәрінің де жүректері жарылып өлсе керек екен. Бағанағы күннің даусын есітпеске бір себеп бар екен. Бағанағы күннің шығатұғын жерінде бір үлкен шаhар бар екен, аты – Жабылса тұрар. Сол Жабылсаның жетпіс базары бар, әлгі жетпіс базарда әр күнде күн шығарда қызығып, рәсімдері сондай екен. Базары қызғанда адамдары керней уа сырнай шалып, қатты дауыс қылады екен. Әлгі адамдары есітпейді екен және де бұл дүниедегі адамдар, хайуандар да есітпейді. Сол Жабылса шаhарының атрапындағы адамдарды Хобаң атар екен. Сол Хобаңдар үлкен болады екен. Үлкендігі сондай бар екен, бұл тараптағы адамдардың бір елі адамдарын бір Хобаң етегіне ғана салып, дариядан ары-бері аттап, ойнап жүреді екен. Сол Хобаңдардың өздері – мұсылмандар. Мұхаммед пайғамбардың дінінде кәлимәгөй-дүр. Әрбір адамы сондай үлкен екен, бағанағы күн қызарып, аспанға шығып жүре береді. Сол төртінші аспанда жүреді екен. Бүл төртінші аспаннан келіп тұрған ыстығы осы екен. Бағанағы күн бірінші аспанға келсе, бұл жерде таулардың бәрі де қазаншының қазанындағы мыс-қоладай еріп, қайнайды екен. Әлгі күн сондай тездікпен жүреді екен, бұл дүниедегі жүйрік аттар аяғын бір көтергенше, бір айлық жолға барады екен. Енді күн батарға барады, сонда тағы қызарады, күн батпай тұрады екен. Бағанағы кәпір тайпасы қарап тұрады екен, «Құдайымызға амандасып қаламыз» деп, табынады екен. «Құдай осы» деп тұрады екен. Әлгі кәпірден қорқып, батпай тұрады екен және Тәңірі тәбәрек періштелерге бұйырады екен. Күнді жайына тұрып жіберсін деп, онан соң періште ғазап қылып, батырады екен. Мұндағы күннің қызарған сәулесі дәрияға түсіп, аспан тағы қызарады екен. Әлгі күннің қиналған даусын бұл дүниедегілер есітпейді екен. Сол күннің отырар жерінде тағы бір үлкен шаhар бар екен, аты – Жабуалқадір. Мұның да жетпіс базары бар. Сол шаhардың базары да қызығып, керней уа сырнай шалып, даусын шығарады. Бұлардың үнкәмасыменен өздері есітпейді екен, бұл халықтарды да Хобаң атар екен. Бұлар да анық кәлимегөй мұсылмандар. Мұхаммед пайғамбардың дінінде жүреді екен. Бұлар да жоғарғы Хобаңдардай үлкен екен. Осы дүниедегі, бұл атраптағы бір елі адамды қолының алақанына салып қарап, ашу қылады екен. Осы бейшаралардың аузы бар, мұрны бар, құлағы бар, көзі бар, даусы бар, ары-бері жүреді деп тұрады екен. Бағанағы күн жайына отырған соң түн болады. Түн мағынасы қараңғы болады. Бір күн атанғанының да үлкен себебі бар. Тәңірі Тағала өзін білдірмекке бенделерге бұйырған істері бар, аят кәримә менен келді. Қауләhу тағала уәмә халақат әлжан уәләнса әл лә яғбудун – деп, мағынасы: – ей, бенделерім, сендерді мен халық қылып және де адам қылдым, хайуан қылмадым. Сонан менің айтқанымды қыласаңдар деді. Күндізді жеті қылды. Бір күнде мұсылмандар бес жолы намаз өтейді. Сол іске оңай болсын деп жаратты. Бағанағы түн болып тұрғаны бенделерім тыныштық қылсын, жатып ұйықтасын деген екен. Сонан соңғы тағы бір жыл деп жаратты, он екі ай жаратты. Әлгі бір жылдың аты, әуелі, тышқан, екінші – сиыр, үшінші – жолбарыс, төртінші – қоян, бесінші – балық, алтыншы – жылан, жетінші – жылқы, сегізінші – қой, тоғызыншы – маймыл, оныншы – тауық, он бірінші – ит, он екінші – шошқа болар. Айдың аты, әуелі, ғашұр, екінші – сафар, үшінші – төрт ағайынды дер – рәбиғұл әууәл, төртінші – рәбиғұл ахыр, бесінші – жұмади әууал, алтыншы – жұмади ахыр дер, жетінші – рәжәп айы, сегізінші – бараәт айы, тоғызыншы – ораза айы, оныншы – айт айы, он бірінші – ара айы, яғни зұлқағда, он екінші – құрбан айы дүр. Бұл бір жыл жаратып және де ай жаратқанның себебі сол дүр, бір бенде және біреуге қызметке тұрады. Әлгі бенде қожайыннан ақысын алсын деген дәлел сол дүр. Бәрі де Мұхаммед пайғамбардың тәфилі дүр. Аят кәриме: «Қауләhу тағалә ләу ләка лимә халақат илә фаләк» дейді. Яғни «әй, Мұхаммед, сені жараттым, уа сенің тәфиліңнен ол дүние бұл дүние он сегіз мың ғаламды жараттым, уа тәқи сені жаратпасам еді, еш немені жаратпас едім» деген болар. Сондай қасиетті пайғамбарға үміт қылғанына шүкір қылдық және тағы аспанда ай да бар. Айдың төңірегі қырық тас жол бар екен. Әр күнде біреуі шығып тұрады екен, әлгі айлар ғарышта тұрады екен. Асылы нұрдан деген сөз бар. Сол сөздер китаби «Қисса әл әнбия» деген кітәпта болады, анық сөз осы дерміз.
47. Аспандағы жұлдыздардың баяны
Аспандағы жұлдыздар көрініп тұрады. Ақ рең, кішкене-кішкене болып тұрады. Асылы тас екен-ді. Бұл тастар Ғәзірәйіл шәйтан жер жүзіне келгеннен кейін пайда болыпты. Себеп неде десеңіз? Жын-шайтандар бір-бірінің үстіне шығып, періштелерді бұл ғаламнан өтіп тұрған ғаламаттарды айтқандарын естіп алып, мұндағы бақсыларға келіп айтар екен. Бағзысы, рас айтады. Үстіндегілер астындағыларға жалған айтып келіп тұрады екен. Сол үшін Алла Тағала аспанға тастарды жұлдыз қылып таратты. Әлгі жын жиылып, аспанға шыққан халде періштелерге бұйырғанды: «Жұлдыз тастан алып ұрасың!» деп. Бағзы уақытта аспаннан жерге қарап, жұлдыз ұшып атылады, қайсы уақытта жын-шайтан аспанға шықпақшы болса, періштелер жұлдыздан алып ұрады, аспаннан жұлдыз атылғанының мәнісі сол. Бұл сөзге дәлел сол: Ағұзу билләхи минәш шайтан ир рәджим болды. Алла Тағала шайтанды екі дүниеден қуалаған-ды. Рәджим дәргар болғаны. Яғни дар әл бақи ол дүниеден hәм дар әл-фәни бұл дүниеден қуалағанға дәләл дүр. Жын-шайтандар аспанға шығып, бағзы жалған сөздерді адамзатқа айтпасын деп. Аспанда бір жұлдыз бар, Темірқазық аталар. Сол Темірқазық мұтлақ қозғалмайды, бір жайда тұрады. Басқа жұлдыздар қозғалып жүрәділер. Әлгі Темірқазықтың атрапына жақын екі жұлдыз бар: Ақбозат, бірін Көкбозат дер. Темірқазықты айналып жүреді. Ақбозат hәм Көкбозаттың атрапына жақын жеті жұлдыз бар, әлгі жеті жұлдызды «Жетіқарақшы» дер. Аттарды алмаққа пайлап жүрген дер. Бұл Жетіқарақшы Ақбозат, Көкбозатқа жетіп бара алмайды, атрапында айналып жүреді. Аспанда Үркер деген бір топ жұлдыз бар. Сол жұлдызды қазақтар «Қыз» деп атайды. Бағанағы Жетіқарақшының бірі Үркердің кішкентайын қасына алған, Үркердің сіңлісі дер. Жетіқарақшы ұрлап алған дейділер. Баршасы көрініп тұрады, әуелден бар-ды. Аспандағы жұлдыздар түнде көрініп, күндіз көрінбейді. Не себеп десеңіз, күндіз күннің шұғыласымен көрінбейді, күн батқан соң, түнде көрінеді, әлбетте, бұл сөз анық. Ал енді жоғарыда баян болған жұлдыздардың суреті hәм дүниенің атраптары бағзы кітәптә hәм болады.
48. Көк күмбез шырақтары туралы
Ертедегі қазақ қауымы көк күмбез астында тіршілік еткен әрбір адамның тағдыры осы көк күмбез шырақтарына байланысты болады деп сенген. Көк аспанда жайнаған әрбір жұлдыз, жер жүзінде жасаған әрбір адамның тағдыр шырағы, бұл шырақ (жұлдыз) жанса, адам тіршілігінің шілде шырағы жанады. Оның жұлдызы жоғары болса, бақ талайы жоғары болады. Істеген ісі өрге басып отырады. Жұлдызы төмендесе, бақ талайы төмендейді. Салымы қайтады. Істеген ісі өрге баспайды, еңістей береді. Сағы сынып, еңсесі түседі. Кімде-кімнің жұлдызы оңынан туса, барлық ісі сәтті болады. Түтіні түзу ұшады. Құт қонып, бағы жанады. Жұлдызы солынан туса, ілгері басқан аяғы кейін кетеді. Бағы тайып, қырсық шалады. Жер бетіндегі бір адамның көк күмбезіндегі шырағы өшсе (жұлдызы ақса), оның өмірі де өшеді (дүниеден қайтыс болады). Ашық түнде келе жатып, көк аспаннан аққан жұлдызды көргенде, тұла бойы шымырлап, түршігетін болған. Олар аққан жұлдызды әлде кімнің өмірінің өшкендігі, «су ішерінің таусылғандығы» деп біліп, ырымдар істеген. Аққан жұлдызды көргенде: «Менің жұлдызым жоғары! Менің жұлдызым жоғары! Иә, Жасаған, сақтай көр!» деп ішінен күбірлеп, жалбарынып сыйынған. Жер жүзіндегі барлық заттар сияқты көктегі жұлдыздар да от, су, топырақ, жел – төрт нәрседен жаралған. Сол себепті адамдардың жұлдызы әралуан: біреуінің жұлдызы – от, енді біреуінің жұлдызы – су, және біреуінің жұлдызы – жел, тағы біреуінің жұлдызы – топырақ болады. Адамдардың мінез-құлқындағы әркелкілік – ауыр, жеңіл, кең – тар, шапшаң, сылбыр, қатты – жұмсақ, жайдары, қиқар, салмақты, ұшқалақ т.б. мінез құлықтар әр адамның өзіне тән жұлдыздың табиғатына тәуелді болады. Адамдар қарым-қатынаста жұлдызы бірі-біріне қарсы адамдар, яғни от жұлдызды адам мен су жұлдызды адам шығыса алмайды. Бірі-бірімен өш болып келген адамдарды «Бұлардың жұлдызы қарсы, өмір бақи жараса алмайды» дейді. Жүздемегі жараспай жүрген ерлі-зайыптылар жөнінде сөз болғанда «Бұлардың жұлдызы жараспады» деседі.
ІІ. АНТРОПОГОНДЫҚ – ГЕНЕОЛОГИЯЛЫҚ МИФТЕР
ҰМАЙ АНА
1. [Аю батыр мен Айсұлу]
Есте жоқ, ерте заманда, алып Алтай тауын қоныстанған бір қауым жұрт болыпты. Олар жыныс орманды жамылып, аң аулап күнелтеді екен. Бір жылы қыста кенеттен құрық бойы қар жауып, ауыр апатқа ұшырапты. Тек аю терісін жамылып, аң аулап кеткен Аю батыр ғана терең тас үңгірге тығылып, аман қалыпты. Қар тоқтаған соң тас үңгірден шыққан Аю батыр "тірі қалған жан бар ма екен" деп, жұтаған қауымның жұртын кезіп келе жатып, көк бөрінің бір үлкені қар астынан қазып шығарып жатқанын көреді де "айырып алайын" деп айғайлап ұмтылады. Ол таяп келгенде, көк бөрі өлікті тастай салып, көк сағым болып, көкке ұшып кетеді. Ақ қардың бетінде айдай сұлу бір қыз жатады. Бұл бөстекке оранған бойы қар үстінде қалған "Айсұлу" атты ару екен. Ол өкпесі бүлкілдеп, тірі жатыр, оның уыздай денесіне бөрінің тісі тимепті. Қуанышы қойнына сыймаған Аю батыр ай даладан табылған Айсұлуды көтеріп, тас үңгірге әкеледі. Бойына жан кіріп, көзін ашуын күтіп, ұзақ отырады. Бірақ ол бейне қатты ұйқыда жатқан адамдай сұлық жата береді. Күте-күте көсегесі көгеріп, шыдамы таусылған Аю батыр үңгірдің аузына шығып, айналаға көз салады. Құрық бойы қар басқан төрт төңірек тып-тыйпыл, тым-тырыс, жер бетінде қыбыр еткен жан жоқ. Әбден дағдырған Аю батыр осыншама қалың қарды жауғызған көкке қарап налиды. Сол сәтте көк төсінде ұшып келе жатқан екі құсты – Ұмай мен Құмайды көреді. Олар бірте-бірте төмендей ұшып, үңгірдің аузында тұрған Аю батырдың басын сипай өтеді де, екі кесек тас тастап кетеді. Бұл тастың бірі ақ, енді бірі қызыл тас екен. Бұған таңданған Аю батыр бұл екі тасты қолына алып, бірін-біріне ұрады. Бұл шақпақ тас еді, ұрылғанда жарық етіп ұшқан ұшқын үңгірге тығылған қу шөптер мен шірік қоқырға тиіп, тұтанып жана бастайды. Осы кезде үңгірге құс бейнесінде ұшып кірген Ұмай ақ шашты анаға айналады да, қу шөпшектерді құшақтап әкеліп салып, жеңімен желпіп, отты маздатып жібереді. Жанған отқа бойы жылынған Айсұлуға ақырындап жан кіреді. Ол басын көтеріп, орнынан тұрып, өзін өлімнен құтқарған отқа, от анасы Ұмайға иіліп сәлем етеді, сиынып, алғыс айтады. Бұған сүйсінген Ұмай ене, екі алақанын отқа қақтап, Айсұлудың бетіне басады. Онан соң Айсұлудың қолын әкеліп, Аю батырға ұстатып: "Енді екеуің бас құрап, түтін түтетіп, үй болыңдар, өрен-жарандарың көп болсын! Оттарың өшпесін!" – деп бата беріп, көзден ғайып болады. Орман-тауды ойсыратқан қар түз тағысы аң-құстарды да ауыр апатқа ұшыратқан еді. Аң аулай алмаған Аю батыр мен Айсұлу әбден ашығып, өлім халіне жетеді. Олардың қолынан келері отты үзбей жаға беру болады. Сөйтіп отырғанда, үңгірдің астынан дыбырлаған дыбыс естіледі. Байқап көрсе, үңгірдің астында қоянның іні бар екен. Үңгірде бүрісіп жатқан қояндар отқа бойы жылынып, орындарынан тұрып, дыбырлап жүріпті. Сонымен бұлар "жер астынан жеті қоян тауып" алып, қатты қуанады және олардың етін талшық етіп, қыстан шығады. Қазақ қауымының "жерден жеті қоян тапқандай қуанды" дейтін сөзі осыдан шығыпты. Бірте-бірте қақаған қыс өтіп, қалың қар еріп, орман арасы ашылады. Аю батыр орман аралап, тау-тасты кезіп, аң-құс аулайды. "Аю да болса байым, үңгір де болса үйім" деп, тас үңгірде қалған Айсұлу отын алып, су құйып, жидек теріп, аулап әкелінген аң-құс еттерінен тамақ істейді. Бұлардың өмірі осылай өтіп жатады. Күндерде бір күн Айсұлу өзінің жүкті болып қалғанын байқайды. Ол соны Аю батырдан жасырып жүреді. Бірақ аулап әкелінген аң-құстың еттерін, жеміс-жидектерді жегісі келмейді. Жесе, құсады. Оны "дерт шалды" деп, қайғырған Аю батыр аң аулаудан қалады. Ақырында Айсұлу өзінің жүкті болғанын, айдындағы аққудың жұмыртқасына жерік екенін айтады. Оның жерік асын тауып әкелу үшін Аю батыр жолға шығады. Бірақ асқар-асқар таулардан асып, тар жол тайғақ кешулерді басып, айдындағы аққудың жұмыртқасын тауып әкелу – оңай-оспақ іс емес еді. Күннен-күн, айдан-ай өтеді. Аю батыр кешіге береді. Енді ай – күні толып, Айсұлу толғатады. Жапа-жалғыз тас үңгірде толғатқан жас ару жылап-еңіреп, жер мен көктің бәріне сыйынады. Өзін өлімнен құтқарып, үй еткен Ұмай енеге жалынып-жалбарынады. Сол сәтте Ұмай ене келіп, маңдайынан сипайды. Ол дереу толғақтан айығып, егіз бала (бір ұл, бір қыз) туады. Ұмай ене бұл балалардың кіндіктерін кесіп, жөргекке орап, Айсұлудың бауырына салады да "Бауы берік болсын!" айтып, кетіп қалады. Аман-есен босанып, қол-аяғын бауырына алған Айсұлу егіз баласын емізіп отырады. Сырттан: "Бармысың, армысың?!" деп, Аю батыр кіреді. "Біреу еді ұмайым, екеу болды құмайым" деп, Айсұлу құшағындағы екі баланы оған ұсынады. Осыдан соң олар ұзақ өмір сүреді. Айсұлу егіз-егізден құрсақ көтеріп, көп балалы болады. Олардың ұрпақтары рулы елге айналған екен.
2. [Әйел тәңірі - Ұмай ана]
Көк тәңірлерінің арасында аса мейірімді әйел тәңірлер де бар. Әйел тәңірлердің асқан құдіреттісі – Ұмай ана. Ежелгі Алтай түріктері аңыздарының айтуынша, адам баласын Ата тәңір Ерғұн мен Ана тәңір Ґмай жаратқан. Бүкіл адамзат солардың ұрпағы саналады. Әсіресе, ұрпақ өсіруде Ұмай ананың қызметі де, құдіреті де зор. Көкке табынған түрік әйелдерінің «Ұмайға сыйынсаң, ұл табасың» дейтін мәтелі бар. Сондықтан көне түріктердің нанымында – Көк жүзі (Аспан) де қасиетті кие. Ұмай ананың құдіреті – адам баласына құнарлы топырақ пен тұнық су қайнарларын сыйлауы. Бұл екеуі де тіршіліктің көзі. Сондықтан Ұмай ана жер бетіндегі күллі өнімнің де Тәңірі саналады. Ол адам баласын алаламайды, бәріне де бірдей мейірім төгеді.
3. [Ұмай ана...]
Ұмай ана да үбірлі-шүбірлі болған. Он екі қыз өсіріпті. Бәрі де адам баласын бақытқа кенелтіп, молшылықпен жырғалту үшін қызмет етеді. Өзендерді бөгеп, шөл жерлерге су шығарады, тау басындағы бұлақтардың көзін ашып, суды молайту үшін қажымай еңбек етеді. Қыздарының осындай игі істеріне сүйсінген Ұмай ана олардың бұдан әрі де өмір бақи адам баласын жарылқай беруі үшін және алғы күндеріне жол сілтеп, бағыт нұсқап тұруы үшін, қада тастарға айналдырып жіберіпті дейді. Адамдар сол қада тастар жөн сілтеп тұрған бағытпен жүрсе – адаспайды, тіршілігіне қажеттің бәрін тауып алып отырады.
4. [Қалша қыдыр]
Ерте кезде көп қолды бастаған Қалша қыдыр дейтін батыр қолбасшы болады. Ол бір жолғы жорығында сәтсіздікке тап болып, бастаған қалың қолы қырылып бітеді. Өзі жау қолынан жараланып, елсіз иен шөлде жығылып, жалғыз қалады. Шөлден әбден қақырығы түтеп, өлуге айналады. Осы сәтте көк аспаннан бір аққу ұшып келіп, аузына су тамызып, оны өлімнен құтқарады. Айдын көлдің жағасына апарып, жарасын емдеп жазады. Кейін бұл аққу асқан сұлу аруға айналады. Қалша қыдыр онымен үйленеді. Олардың арасынан қазақ халқының арғы атасы қазақ туады. Қазақтың үш ұлы – Бекарыс, Ақарыс, Жанарыстан қазақ халқын құраған үш жүздің ұрпағы тарайды.
5. [Түріктердің ата-бабалары]
Түріктердің ата-бабалары Све (Сібе) еліне қарайды. Ғұндардың солтүстігінде өмір сүреді. Олардың ру ақсақалы – Апаңбу деген кісі. Ол ағайынды он жеті екен. Солардың ішіндегі Ижі-Нишыду дегені бөріден туыпты... Нишыдудың жын боран соқтырып, күн жайлататын құдіреті бар екен. Оның екі әйелінің бірі – Жаздың құдайы, екіншісі, Қыстың құдайы екен. Нишыдудың төрт ұлы бар болған. Солардың біреуі аққуға айналып кетеді. Енді бірі Оба өзені мен Қам өзенінің аралығында мемлекет құрып, өздерін қырғыз деп атапты... енді бірі Жиянсычужысы тауын мекендепті. Бұл тұңғыш ұл екен. Сол таудағы Апаңбу тұқымдары бірігіп, осы тұңғыш ұлды хан көтеріп, Түрік деп атаған екен.
6. [Ашина]
Түркілердің арғы ата-бабалары Ашина Сихай (батыс) көлінің құбылысына өз тайпасын қондырып, ел болған екен дейді. Күтпеген жерден ашиналықтарға көршілес бөгде тайпа шабуыл жасап, қырып салыпты-мыс. Ойран-топан болған жұртқа он жастағы баланың аяқ-қолын кесіп, тірі тастап кетіпті. Қаншық қасқыр оны тауып алып асырайды. Ер жеткен соң әлгі бала қаншық қасқырға үйленіпті-мыс. Осы кезде ата жауы баланың тірі екенін біліп, тауып алып, өлтіріпті. Осы ұлдан жүкті болған қаншық қасқыр Гоацанның (Тұрфан) теріскейіндегі тау қойнауына барып тығылады. Осындағы үңгірді паналап жатып, он ұл тауыпты-мыс. Олар өсіп, ер жеткен соң, сол өлкенің қыздарына үйленеді. Сөйтіп, олар бір рулы ел болады. Ашина қабілетімен, ақыл-парасатымен дараланып, ру басшысы болған екен. Ол ата тегін мәңгі есте қалдыру үшін, орда ауласының алдына, қасқырдың басын бейнелеген байрақ іліп қоятын болған. Кейін де ру молайып, үлкен ел болыпты. Ашинаның ісін жалғастырушы Асян-шад қасқыр ұрпағын Гоацан аңғарынан ертіп шығып, Алтай тауына әкеп орналастырады. Сөйтіп, олар Жужанның қол астына бағынады.
7. [Сазды көлдің маңын]
Сазды көлдің маңын мекендеген бір тайпаны тұтқиылдан жау шауып, қызыл қырғынға ұшыратады да, тек он жасар ұл бала ғана тірі қалады. Жаулар оны кішісініп өлтірмей, аяғын кесіп, көл басына тастап кетеді. Осы ессіз жатқан, аш баланы ұрғашы көкбөрі тауып алып, асырайды. Кейін бұл бала әлгі өзін асыраған ұрғашы бөріге үйленеді. Бірақ жаулар баланың тірі екенін біліп, оны іздеп келіп, өлтіріп тастайды. Осы баладан жүкті болған көкбөрі күншығысқа қарай қашып, Гаучаңның (қазіргі Тұрпанның) солтүстігіндегі тау (Боғда тауы) ішіне еніп, осы таудағы бір үңгірде босанып, он ұл туады. Кейін осы он ұл ержетіп, сол маңдағы елдің қыздарына үйленіп, үбірлі-шүбірлі болып, әрқайсысы бір рулы елге айналады. Ашина тайпасы осылардың бірі еді. Бұлар жан саны молайып, бұл алқапқа сыймайтын болған соң, ол таудан (Боғда тауынан) көшіп шығып, Алтай тауының күн бетіне барып қоныстанған. Олар осы Алтай тауында «түрік» деп атанған. Түрік қағандарының ордасында көкбөрінің басы сызылған ту асылады. Олар өздерінің келіп шығу тегін есінде сақтап, осылай істеген.
8. [Көк Бөрі]
...Осы тәрізді батыстағы теңіз жағасында тұратын Хун ордасының бір бөлігі Ашын елі еді. Хун ордасынан таралған осы тармақты Линь мемлекетінің әскері жойып жіберген. Сол кезде тек жалғыз ғана он жасар бала аман қалыпты. Оны жаулары аяқ-қолын кесіп, өлтірмей, өзенге, суға тастап жібереді. Сол жерден кемтар баланы аналық Көк Бөрі тауып алып, аяушылықпен оны күн сайын етпен тамақтандырып, аштықтан аман алып қалады. Бұл туралы Линь мемлекетінің билеушілеріне белгілі болып, олар Көк Бөріні де, баланы да өлтірмек болады. Бірақ, ...аналық Көк Бөрі баланы аман алып шығып, Алтай тауының адам аяғы баспайтын түкпіріне алып кетіп, асырайды. Ол баланы өзінің апанында өсіріп, ер жеткізіп, әлгі баладан он бала туады. Аналық Бөрінің бұл балалары бірте-бірте үлкен елге айналып, өзді-өзі бөлек тайпаға айналады. Аналық Бөрінің кемтар баладан туылған он ұлының бірін Ашын деп атаған екен. Бұл – аса қайырымды Бөрі деген мағына береді. Ол өзінің кереметтей ақылдылығымен басқалардан ерекше болғандықтан оны ру басшысы етіп қояды. Енді ол өзінің Бөрі анасының қайдан шыққанын көрсететін белгі ретінде, қақпа алдына алтыннан жасалған Бөрі басын ту етіп, іліп қояды. Ежелгі түркі билеушілері басқа елдің елшілерін осы Бөрі басы бейнеленген туға тізе бүгіп, құрмет көрсеткеннен кейін ғана қабылдайтын болған.
9. [Гун елінің...]
Гун елінің көсемінің ай десе аузы, күн десе көзі бар, әлемде теңдесі жоқ екі қызы болыпты, сол билеуші қыздарына жер бетіндегі ешбір адам жар болуға лайық емес деп, оларды аспан Тәңірісіне атағанын айтады. Билеуші екі қызына шаhардан тыс жерде арнайы қорған тұрғызып, екі қызын сол қорғанға апарып тастайды да Тәңірге жалынып, оларды өзіне әкетуін өтінеді. Сөйтіп, екі қыз әлгі қорғанда, ешбір ер адамның көзіне түспей, өмір сүріп жатады. Бірде әлгі қорғанның түбінен апан қазған Көк Бөрі қыздардың жатқан жерінен шығады. Мұны көрген билеушінің кіші қызы: "Бізді ата-анамыз аспан Тәңірісіне атап, осынау қапасқа қамады, бірақ Тәңірінің еркімен бізге Бөрі келіп енді. Мүмкін оның осы келісі біздің болашағымыздың бақытты болуының белгісі шығар" деп, сұлу қыз Бөрімен бірге жұптасып, кетпек болады. Сонда үлкен әпкесі сіңлісінің сөзінен қатты шошынып: "Қарабет, ол не дегенің, сені ата-анамыз адамға қимағанда, өзіңді мақұлыққа қиып, сүйекке таңба салғалы тұрсың ба?" деп, сіңлісінің Бөрімен көңіл қоспақ ниетіне үзілді-кесілді қарсы болады. Бірақ сіңлісі әпкесін тыңдамады. Ол Бөрімен көңіл қосып, жұптасып, одан ұл тапты. Олардың тұқымдары тез өсті. Тіпті тез өскені сонша, бірнеше жүздеген жылдардан соң олар үлкен мемлекетке айналды. Сондықтан да бұл елде әнді ұзақ созып, Бөрінің ұлығаны сияқты айтқанды жақсы көреді.
10. [Көк түркілер]
"Көк түркілер татарлармен соғыста жеңіліп, билеушінің Елхан, Қиян және Ноғыз атты балаларынан басқаларының бәрі қаза тапқаны туралы айтылады. Сөйтіп, қанды соғыстан кейін түнде, түркі билеушісі өзінің үй-іші, бала-шағасымен ғана атқа мініп, қашып құтылады. Біраз уақыттан соң, соғыс болған жерге қайтып оралып, ұрыс соңында, иесіз қалған бір табын жылқы мен түйені және бір отар қойды айдап тауға бет алады. Олар: «Егер біз мұнда қалсақ, бізді жау біліп, қырып тастайтығындығына шек жоқ. Ал, егер басқа тайпаға барып қосылсақ, бәрібір бейтаныс дұшпандардың ортасында қамауға түсеміз. Сондықтан да не де болса заңғар екі таудың ортасына, елсіз жерге қоныс тебейік» деп шешеді. Жол бойы олар ойламаған жерден бір аналық маралды көріп, соның ізімен жүріп отырады. Марал оларды әлі адам аяғы баспаған таудан өткізіп, бір мидай жазыққа алып келеді. Бұлар жан-жақты жақсылап барлап қараса, өздері келген жолдан басқа бұл жерден шығатын жол жоқ екен. Енді олар одан әрмен жүрген сайын жайқалған шабындықты, мөлдіреп аққан суды, тұнық бұлақты және жеміс ағаштарын көріп, Құдайға мың сан алғыстарын айтып, осы жерге қоныстанып, қалып қояды. Олар қысы-жазы өздерінің алып келген малдарының етін жеп, терісінен киім тігіп, осы жерде төрт жүз жыл өмір сүреді. Сөйтіп, баяғы ағайынды үшеуінің бірі Қиянның балалары тез өсіп, Ноғыздың балаларынан саны жағынан асып түседі. Қиянның балаларын Қияндықтар, ал Ноғыздың екі баласының бірінен тараған тайпаны Ноғыздар, екіншісін Дорулгендер деп атайды. Сөйтіп, күндердің күнінде енді олар қоныстанған баяғы дала бұл елге тарлық ете бастайды. Сондықтан, елдің көсемдері жиылып, мәжіліс құрып: "Біз енді мұнда сыймауға айналдық, арғы аталарымыздан естуіміз бойынша, кезінде біздің кең байтақ, әрі сұлу табиғатты жеріміз болған көрінеді, біз сол ата-жұртқа апаратын жолды табуымыз керек" деп шешеді. Бұлардың ішінде Бөртешін атты ұста бар еді. (Бөртешін монғол тілінде сұр Бөрі деген сөз, ал түркі тілінде бұл Көк Бөрі деген мағына береді). Сол Бөртешін ұста: "Мен осы маңнан бір жерді көрген едім, ол жер – негізінен темір кені. Егер біз сол темірді ерітсек, бұл жерден шығар жолды тапқанымыз" дейді. Сөйтіп, олар әлгі темір ұста айтқан жерге келеді. Сол арада бір Аналық қасқырдың пайда болғанын байқап қалады. Бұлар әлгі Бөріні қанша іздегенімен таба алмайды. Ақыры, оның соңына түсіп қараса, қасқыр әлгі темір таудың арасындағы апаннан шыққан екен. Енді олар Бөртешіннің кеңесімен әлгі апанның айналасына ағаш пен көмірді неше қат етіп жинап, өртеп, оны жетпіс теріден жасалған көрікпен үрлегенде, темір тау еріп, оның ортасынан жүк артылған түйе еркін шығатындай қақпа пайда болады. Сөйтіп олар тоғызыншы наурыз күні әлгі жерден шығып, содан кейін сол күнді жыл сайын атап өтетін болған. Сол жолы Бөртешін еріген темірден қасқырдың басы бейнеленген ту көтеріп шығады.
11. [Төбет]
"Бұл әңгімені мен кішкене кезімде үйге барып, бір қонып кеткен бейтаныс меймандардан естіп едім» дейтін әкем,
– Бізді ақ патша жазықсыз "ит жеккенге" айдатты. Абақтыда өткізген екі-үш жылғы азапты өмірімізді артқа тастап, "бұлай жүре берсек, елге тірі қайтпаспыз" деп, қасымдағы жолдасым екеуміз бір түні ебін тауып, қашып шықтық. Артымыздан түрме күзетшілері өкшелей қуып, ілесті де отырды. Әйтеуір әбүйір болғанда, әлгілерден қара үздіріп, құтылып кеттік. Содан не керек, сілеміз қата шаршап, орман-тоғайды күн-түн кезіп, ілгері жылжумен болдық. Аңдаусызда аң-құсқа жем болмау үшін шала ұйқы, шала құрсақ болып, орманнан шыққанша, жансебіл ғұмыр кештік. Бір жағынан аштық та қысып барады. Жол бойы қаулап өскен бүлдіргенді асап, жүрек жалғап, әл жинаймыз. Әрең дегенде, орманнан да құтылдық-ау. Алдымыздан ұшы-қиыры жоқ, кең жазық көрінді. «Шіркін, кең дала-ай» дейміз. Дала қазағы емеспіз бе, бұл көрініске көзімізге жас ала, жүрек жарыла қуандық. Тағы бірер күн ілбідік. Бірақ қара су мен бүлдірген ас болған ба, өлуге таяндық. Өстіп алға басқан аяғымыз кері кетіп келе жатқанымызда, алдымыздан қарауытқан бір шаң көрінді. Біраз жер жүргесін көз ұшынан жайылып жатқан қой отары көзге шалынды. Аштық буған өн-бойымыз қалтырап, аяғымызды әлтек-тәлтек басып, жайылып жатқан қойларға әзер жетіп, қасымдағы жолдасыма қарап:
– Мүбәрак, жаратқан ием бізді жарылқады дей бер, мына отарды бағып жүрген иесі көрінбейді. Әнебір үлкен қара төбетті алдарқата тұр, мен бір шеттен келіп, бір қойды сүйреп әкетейін, – дедім. Бірақ біздің бұл әрекетімізден түк шықпады. Діңкеміз құрып, жыларман болып, шоқиып, екеуміз екі жерге отыра кеттік. "Қойлардың иесі қашан оралар екен" десіп, айналаға алақтап қарап қоямыз. Бірақ біз күткен бақташы күн бесіннен ауғанша көрінбеді. "Бұл не деген иесіз мал өзі? Ең қызығы, әлгі төбет бізді мазалаған осынша уақыт ішінде ит болып бір үрмеді-ау осы, онысы несі?" – деп, екеуара шүңкілдесе бастадық. Кеш бата қара төбет қойдан бөлініп, әрірек ұзады. Біз "Жаратқан ием, сәтін сала көр!" – деп, Тәңірге жалбарына қойларға жақындадық. Қайдан, біздің ойымызды оқып тұрғандай-ақ қара төбет маң-маң басып, қайтып оралды. Күн ұясына отыруға таяды. Төбет отарды иіре айдап, бір бағытқа бет алды. Артында аштық пен дәрменсіздіктен буынымыз дірілдеп отырған бізге қарап, құйрығын бұлғақтап, әлдеқайда шақырғандай болып, қыңсылап қояды. Қасымдағы серігім екеуміз ақылдаса келіп: "Айдалада аштан өлгенше не де болса, осы итпен ілеселік, мүмкін елге тап болармыз" деп шештік. Сөйттік те қара төбеттің соңынан ілбіп, жүріп отырдық. Ұзақ жүрістен кейін алдымыздан қоражай шықты. Қойдың алдынан үйден ақ жаулықты бір әйел шығып, малды жайғады. Есік алдында екі кішкене қара күшік асыр салысып, ойнап жүрді. Әйел бізді үйге бастады. Үй ішінен жылаған сәби үні естіліп жатты. Бұлардың адам баласына тосындау тірлігіне тосырқай қарасақ та аштықтан кейін ішкен астан ба, өн бойымыз балбырап, отырған жерімізде сұлай, ұйықтап кетіппіз. Бір кезде біреу иығымыздан түртеді. Ояна кетсек, әлгі екен, ишарат етіп, жетегіндегі қойды меңзеді. Бата сұрап тұрған сияқты. Біз енді шын таңқалайық дедік. Өйткені, әлгі әйел бүкіл үй тірлігін бір өзі істеп, қойды да өзі сойды. Қалай дегенмен де, «бұл үйдің отағасы, еркегі қайда екен» деген ой көкейімізден бір кетпеді. Аздан соң қазанға ет салынды. Өстіп мыналардың адам таңданарлық тірлігіне қарап жатып, тағы да көзіміз ілініп кетті. Түннің бір уағында әйел бізді тағы да оятып, асқа шақырды. Буы бұрқыраған ағаш табақтағы етті әйел үшеуміз жедік. Қара төбет босағадан бері аттамай, табалдырықта қалып қойды. Оған бөлек табаққа сүйек-саяғы молдау етіліп, бөлек табақ тартылды. Аздан соң қара төбет тамағын тауысып, табақты жалап болып, алдыңғы екі аяғына басын сүйеп, бізден көзін алмай, мөлиіп қарады да жатты. Ас қайырып болған соң ғана қара төбет әйел екеуі қой күзетуге кетті. Кереметтің көкесін ертеңіне көретінімізді біз, әрине, білген жоқпыз...
Ертесіне оянсақ, (қай кезде үлгергенін кім білсін) біздерге әйел тағы да жолға деп ет асып қойыпты. Жарты қап азықты алдымызға көлденең тартып, мынадай әңгіме бастады:
– Сіздерді, малды өріске ұзатып, күншілік жерге ұзатып саламын деп отыр "ерім" – деді қара төбетті иегімен меңзеп. "Япырай, "ері" несі сонда... мына қара төбет мұның күйеуі болғаны ма?" деген сауалымызды жүзімізден аңғарды ма әйел:
– Иә, біз "Ит елі" деген ел боламыз, – деп әңгімесін әріден бастады. – Өздеріңіз де көріп отырған боларсыздар. Жаңағы кісі – менің ерім, ана екі күшік – ұлдарым, ал, мына емшектегі – қызым. Біздің ер-азаматтарымыз ит кейпінде туылады, қыздарымыз ғана адам бейнесінде болып келеді. Ит елінің де өзіндік дәстүрлері бар. Мысалы, өз кіндігімізден туылған күшік пен адам бейнесіндегі қыздарымыз өзара қосылып, ұрпақ таратады. Бірақ біз адам баласына қыз бермейміз. Бұрын да бірнеше рет біздің ит елінің қыздарын адамдар алып қашпақ болып әрекет жасаған... Алайда, олар ит елінің "ерлерінен" құтылған емес. Иіс арқылы қуып жетіп, итше талап, қызды қайтарып алып отырады.
– Түнде неге сіз үйде түнемедіңіз? Әлде ылғи солай далада жата бересіздер ме?
– Жоқ, ерім де, жалпы ит елі сіздерді, екі аяқты меймандарды құрметтейміз. Бірақ, толық сенбейміз... Сондықтан да екі аяқты мейман келгенде, біз аулақ кетеміз, – деді кенет әйел әңгімесін бұзып. – Әне, бас иеміздің өзі де қайтып келе жатыр. Күндік жерге жеткенде, жолайрық кездеседі. Менің ерім қай соқпаққа шоқиып отыра қалып, құйрығын бұлғаңдатса, сол соқпақты бетке алыңыздар, – деп әйел бізбен қоштасып, емшектегі қызын қой терісіне жалаңаш орай салып, асыр салған екі қара күшікті ертіп, өріске бет алды. Біздер ұзақ жүрдік. Жол бойы қарын ашқанда қапты ашып, жүрек жалғап, "жол бастаушымызды да" тамақтандырып, ілгері жылжыдық. Сөйтіп, кеш батуға таянғанда, әлгі әйел айтқан жолайрық кездесті. Қара төбет бізге жол сілтеді. Жолдасым екеуміз көзімізге жас алып, оның басынан сипап қоштастық... Біраз жер ұзағасын артымызға қимастықпен бұрылып та қарадық. Жолайрықтағы қара төбет соңымыздан қарап, әлі шоқиып отыр екен. Содан тағы көп күн жолда түнеп, осы үйге жетіп отырмыз. Алда әлі ілгері жылжитын жоспарларымыз бар, – деп отырғанын естіпті менің әкем" – деп әңгімесін аяқтады Айшахан апай. Бұл әңгіме менің көкейімнен көпке дейін кетпеді. "Елу жылда ел жаңа – жүз жылда қазан жаңа" – дегендей. "Ит жеккен" жақта мүмкін бір кезде "Ит елі" болса болған да шығар... Бәрі де мүмкін ғой...
12. [Ителгі руы]
Жиембет жырау Есім ханның кезінде, ханның қаhарына ұшырап, жер ауып жүргенде ит еліне тап болады. Ит елінің ерлері – ит, әйелдері адам екен. Үй иесі ит қой жайып жүргенде, Жиембет әйелімен көңіл қосады. Екеуі бір-біріне қатты ынтық болып, бұлар енді қашудың қамына кіріседі. Бірақ ит елінің ері қашқанды құтқармайды екен. Бұрын бұл елден бір әйел құтылып көрмепті. Бұлар енді қулыққа көшеді. Үйден аяқ-табақ, көсеу, қазан сияқты "ит елінің" "ерінің" жанына жақын нәрселерді ала кетеді. Ит ері қуып-қуып жақындаған сайын, алған заттарын бір-бірден тастай береді. Бірінші затты алып, ит ері үйіне апарып тастап, қайта қуады. Енді қуып жақындап қалғанда, екіншісін лақтырады, ит оны да үйіне апарып тастап, қайта қуады. Содан бұлар ұзай береді. Ең соңғысында ит ері жетіп қалғанда екеуі қазанды тастапты. Ит қазанды әрең дегенде жеткізіп, қайта қуғанда бұлар ұзап кетеді де ит ері таба алмай, адасып қалыпты. Жиембет ол әйелімен Индер тауында өмір сүріпті, олардан Ителгі деген ру тарайды екен деседі.
13. [Ит елі]
Менің шешем: "Баяғыда біздің әкеміз айтушы еді, бір жерде "Ит елі" дейтұғын ел болады екен – дейтін. Ол елдің адамдары күндіз адам болып жүреді де, кешке қарай ит болып кетеді екен. Түнімен ит құсап таласып, қыңсылап, ұлып, у-шу болып кетеді екен. Ал күндіз адам қалпына келеді екен дейтін еді. Ол елге біздің әкеміздің әкесі жолаушылап келіп қонған екен. Сонда жаңағы барған үйінің адамдары: "Ал, меймандар, жақсы жатып, демала беріңдер. Бірақ, қорықпаңыздар, біздің өзіміздің тамашамызға барып қайтамыз", – деп, үйден шығып-шығып кеткен екен. Олар кеткен соң біраз уақыттан кейін иттер таласып, шулап кетіпті. Кісілер жатқан үйлерінің терезесінен қараса, далада бір қора иттер өзді-өздері таласып, улап-шулап жатыпты. Сол шу таң атқанша басылмапты. Ертесіне үйдің егесі меймандарына қарап: "Қалай қорықпадыңдар ма, жақсы жаттыңдар ма?" – депті күлімсіреп. Сонда меймандары: "Түк ұйықтай алмадық, далада иттер өзара таласып, ырылдасумен болды" – депті жасырмай. Сонда үй иесі тұрып: "Бізді "ит елі" деп бекер атамаған ғой. Бізді Құдай осындай етіп жаратқан, оны айып көрмеңіз" – деген екен.
14. [Ай ата мен Ай апа](1-вариант)
Қыпшақтар өз руының ең алғашқы ата-аналары – "Ай ата" мен "Ай апа" лайлы сел ағызып әкеліп, үңгір тасқа толтырған балшықтан бейнеленіп, тоғыз ай бойы күн нұры қыздырып, желдің үрлеуі арқылы кеуіп, жанданып, адам болып жаралған. Бұдан соң "Ай ата" мен "Ай апа" бір-біріне қосылып, балалы болған. Олардың ұрпақтарынан рулы ел өскен.
Ай ата мен Ай апа (2-вариант)
Жер бетінде ең алғаш жаралған адам Ай ата мен Ай апа екен. Бұл екеуі жер жаралған кезде лай су болып, ағып жүріпті. Күндердің бір күнінде тау шатқалынан Тәңір жаратқан қалыпқа лай су толыпты. Қалыпқа толған лай суды тоғыз ай, тоғыз күн бойы күннің нұры қыздырып, желдің лебі кептіріпті. Сол мезгілде қалыптағы лайға жан кіріп, Ай ата мен Ай апа орнынан тұрыпты. Содан, Ай ата мен Ай апа қосылып, олардан өрбіген ұрпақ рулы елге ұласыпты дейді. Ай апа мен Ай ата топырақтан жаралғандықтан, содан бері өлген адам жер қойнына көміліп, қайтадан топыраққа айналатын болыпты. Әрбір дүниеге келген адам шыр етіп туғанда, жаралған жерінің топырағы бұрқ ете қалады екен. Кейін бұйырған ғұмырын жасап, дүние салғанда, қай жердің топырағынан жаралса, сол жерге көмілу нәсіп болмақ. Қазақтың өлген адам туралы «топырақ тартты», «топырақ бұйырды» дейтіні, сөйтіп мәйіт үстіне бір шымшым топырақ салатыны сондықтан. Ал, дүниеге келетін нәрестенің ана құрсағында тоғыз ай, тоғыз күн болатыны, тау шатқалындағы қалыпқа түскен лай да күн мен желге тоғыз ай, тоғыз күн қақталған соң ғана бойларына жан кіргендіктен еді дейді (Деректі беруші Тай Тілегенов (1900-1985 жж.) Қарағанды облысы, Ұлыту ауданы).
15. [Жалаңаш баба]
Ерте заманда "Көк апа" деген жалғыз әйел болыпты, оның жалғыз көк сиыры бар екен. Көк апа көк сиырын сауып, сүтін пісіріп, қаймағын түсіріп алып, айранын ұйытып қойған соң, балшық илеп, әр нәрсені жасап отырады екен. Күндерде бір күн балшықтан бір ұл, бір қыз жасап қойыпты. Бір күні жалғыздықтан енді іші пысқан апа: "Жалғыз басым жалғыз сиырдың сүтін де тауыса алмадым. Балам болса, мына ашып бара жатқан қаймақты жеп, асып-төгіліп жатқан айран-сүтті ішер еді-ау" деп күңіреніпті. Сол сәтте Көк апаның көз алдында тұрған балшық балалар: "Апа, апа, менші!", "Ойбай, апа, менші!" деп жарыса тіл қатыпты. Бұл балшық балалар Көк апаның көз алдында тоғыз ай, тоғыз күн тұрып, бойларына жан кірген екен. Көк сиырдың сүтін ішіп, ер жеткен ұл аң аулап, құс қуып, "Балшық батыр" атаныпты. Бойжеткен қыз сиыр сауып, іс тігіп, "Балшық бике" атаныпты. Бұлар бір-біріне қосылып, үбірлі-шүбірлі болып, олардың ұрпағы рулы елге айналыпты. Суыққа тоңып, ыстыққа күймейтін балшықтан жаралған "Балшық батыр" ылғи жалаңаш жүреді екен. Кәртейіп, жасы жеткен соң, бір таудың үңгірін мекен етіпті. Ел-жұрт оны қадірлеп "Жалаңаш баба" деп атап, үнемі барып ақыл сұрап, батасын алып отырады екен. Күндерде бір күн кенеттен жаңбыр жауып, лайсаң сел қаптапты. Қысылған жұрт: "Жалаңаш баба, қолдай көр!" деп сыйыныпты. Жалаңаш баба белсеніп суға түсіп, ел-жұртты және олардың мал-мүлкін судан алып шығып, селден құтқарыпты. Бірақ өзінің балшықтан жаралған денесі еріп кетіпті де, жаны аққу болып, аспанға ұшыпты.
16. Хақ Тағаланың Адам алайһи с-саламды жаратуы
Хақ Тағаланың мәңгілік қалауы уақыты келгенде хазірет Адам алайһи с-саламды жаратуға деген сүйіспеншілікті туғызды. Топыраққа айтты: «Ей, қам көңілді, сырқат жер. Сенен бір халықты өмірге келтіргелі отырмын. Бағзылары маған мойын ұсынбайды, бағзылары сәлемімді орындайды, енді бір бөлігі қарсы келіп, асылық жасайды. Жақсыларын пейішке шығарамын, қыңырларын отқа саламын». Бейшара жер айтты: «Ей, бар Құдай-ау, бағзыларын әсем де көркем, жақсылыққа толы жаннатқа жіберіп, бақытқа бөлеймін дейсің. Оған қош уақыт, шат-шадыман болып тұрмын. Алайда, бағзыларын отқа салып, күйдіремін дейсің. Ол үшін қайғылымын», – деп зар-зар жылады. Хақ Тағала Жебірейіл алайһи с-саламға бұйрық етті: «Жер бетінен бір шеңгел топырақ әкел». Жебірейіл алайһи с-салам заматында топырақ алуға келді. Жер нала болып, зарлап қоя берді: Ей, ғалам иесінің пәк періштесі! Сізді Хақ Тағала маған елші етіп жіберіпті. Аянышты жағдайым, кемтарлығым себепті қатты өтінемін. Сіз менен еш нәрсе алуға тиіс емессіз. Егер бір нәрсе алсаңыз, одан пайда болған зат ертең таңда отқа күйеді. Маған рақым жаса, топырақ алма», – деп ұзақ жылады. Жебірейіл алайһи с-салам аяп, мейірім-шапағаты түсіп, топырақ алмай, қайтып кетті. Хақ Тағаладан әуез келді: «Ей, Жебірейіл, не себепті топырақ әкелмедің?». Жебірейіл алайһи с-салам айтты: «Ей, пәк Пәруардігерім, сенің қасиетті жайыңа қайтып келдім. Өзімнің мейірім-шапағатымды, ракымымды жеңе алмадым». Одан кейін Мекайілге бұйырды. Мекайіл алайһи с-салам келіп айтты: «Ей, сырқат жер! Қайғылы, мұңлы көрінесіз. Көңіліңізде қандай шағым бар?» Жер: «Менен топырақ алып, көзе жасап, оның ішін көбейетін жайсаң жан, қайсар рухпен лықа толтырса, шат-шадыман болар едім. Керісінше, арақ-шарап, арам-алыспен толтырып, ішіне бишара жанды малтытып қойса, оны отқа күйдірсе, оған қандай лаж-айла жасай аламын. Ей, қасиетті ризық періштесі, мен бишараға рақым жасаңыз, маған тие көрмеңіз», – деп қапаланып, зар иледі. Мекайілдің мейірімі түсіп, рақым жасады да, қайтып кетті. Алла Тағаладан әуез келді: «Ей, Мекайіл, не себепті топырақ алмай келдің?» Хазірет Мекайіл айтты: «Ей, бар Құдайым! Мені жер-төсекке жібердіңіз. Ол қарнына михнат тастарын, беліне машақат тауларын нық байлап алыпты. Ал бауырында қай кезден бір тамшы судың нышанасы жоқ екен, сусап тұр. Сондай дымы жоқ, әлсіз бейшарадан не алайын деп келдім». Одан кейін Исрафил алайһи с-саламға бұйрық болды. Исрафил алайһи с-салам келіп айтты: «Ей, дерт меңдеткен ойдым жер! Сенен топырақ алғалы келдім». Бұл Құдай аяғандай бейшара тағы да баяғы сылтаулары мен кемшіліктерін тілге тиек етті: «Ей, кернейдің иесі, бұл іске менің әсте де қабілетім жоқ. Заманымен күн туады: Кернейді тартасыз. Ол кернейдің әуезі менің құлағыма жетеді: ақыл-есімнен айырылып қалам. Тітіркену мен сілкіну мен сияқты әлжуаздың денесін жайлайды. Қаһарлы дауыс шығарасыз. Мен бойымда не нәрсе болса, сыртқа шығарып тастаймын. Ей, кернейдің иесі, ақуалым осындай сипатта болса, өзім баршадан әлсіз, әрі бейшара болсам, анттың қиын да ауыр шарттарын жауһар аманатты (Мұхамедтің нұрын) қайтіп сақтай алам», – деп, көзінің жасын бұлақтай ағызды. Исрафил алайһи с-салам жердің бұл сылтауларын қабыл етіп, Алланың даргаһына қайтып келді. Хазірет Алладан әуез келді: «Ей, Исрафил не үшін топырақ алмай келдің? Исрафил 'алайһи с-салам айтты: «Ей, бар Құдайым! Құпия мен сырдың ғұлама ғалымысың. Бейшара жер әбден нала болып, зар иледі. Сенің қасиетті, шарапатты аттарыңды айтып, араша сұрады. Ант берді. Мені рақым-шапағатым билеп кетті. Топырақ алмай, қайтып келдім. Сол мезетте хазірет Әзірейілге пәрмен болды. «Барып, жер бетінен топырақ әкел», – деді. Хазірет Әзірейіл кідірместен, тоқтамастан келіп, топырақ алуға әрекеттенді. Жер сонша нала болып, зарлады: тіпті шамадан асып, шектен шығып кетті. Хазірет Әзірейіл айтты: «Ей, көр топырақ, асы болдың. Мен Алланың үкімі қандай болса, дәл солай орындаймын. Хақбихана уа тағалаға үш мәрте қарсы келдің. Жазықты болдың. Сенен пайда болған зат тез арада күнаһар болады», – деп, жерді шыңғыртып отырып, оның бетінен бір уыс топырақ алды. Ол алынған топырақтың реңі әр түрлі еді: ақ, кызыл, сары, көк, жасыл. Ішінде жұмсақ, қатты, жас, сор, тәтті, ащы топырақ та бар еді. Осы :себепті адам баласының баршасы әр бөлек болды. Әр нәсілдің реңі мен ниеті бөлек болуы осы себептен. Жер сонша нала болып, зар илеп жылады: әуедегі құстар, судағы балықтар барлығы қосыла жыласты. Жерді жұбату үшін Хақ Тағаладан әуез келді: «Ей, жер, көп нала бола берме! Сенен бір нәрсе алдық. Сықпыты жаман. Уақыты келгенде, бір күні өзіңе жақсы етіп, қайтарып береміз. Қазіргі хал-ақуалынан сүйкімдірек әрі бағалырақ болады». Уәж үшін айтылған осы сөздің себебінен өліктерді жуу міндетті болды. Хазірет Әзірейіл топырақты алып, Алла даргаһына барған сәтте лебіз естілді: «Ей, Әзірейіл, жер сенен пана болуды сұрамады ма?» Әзірейіл: «Уа, Алла! Барынша нала болып, зарлады. Наласына қарағаным жоқ, сенің өкіміңді орындадым. Сенің жарлығыңның алдында әлсіз, бейшара пенде зар-наласының беделі не тұрады?» Хақ Тағала айтты: «Осы жаратқан пенделерімнің жан алушысы сен боласың». Әзірейіл алайһи с-салам жылап айтты: «Ей, бар Құдайым, бұлардың арасында күнәсіздер, әулие марқұмдар бар. Олардың барлығы мені дұшпан көреді. Барлық жан үшін өлімнен жаман еш нәрсе жоқ. Бар жаратылғанға дұшпан болып, қандай опа табамын. Бұған не ылаж-айла жасай аламын? Құдай Тағаладан әуез келді: «Ей, Әзірейіл, мен оларға әр түрлі аурулар беремін, сол аурудан көреді. Бірінің өлімі оттан, бірінің өлімі судан. Көп себептерді жаратамын, барлығы сол себептерден көреді, сенен көрмейді. Өзіңді де көрмейді. Әлқисса, ол топырақты Мекке менен Тайифтің арасындағы Дахна атты жерге қойды. Ол топыраққа Байт-ул ахиран дариясының суынан бірі кем қырық жыл жаңбыр жауды. Бір жыл шаттық жаңбыры жауды. Осы себепті адам перзентінде бейнет пен қайғы көп, қуаныш, шаттық аз. Қырық жылдан соң ол топырақ балшық болды. Одан кейін Хақ Тағала хазірет Адамның кейіп бейнесін (денесін) жасауға өзі мүсіншілік етті. Қырық таң бойы ол балшықты іске қосты. Қырық таң дегеніміз бұл – ғаламның мың жылы. Бірде-бір мақұлықты бұл іске араластырмады. Құдірет қолымен өзі жаратты. Жебірейіл алайһи с-саламға әмір етті: «Біздің жақсы лебіз, махаббатымыз, мейірімділік, қайырымдылығымыз желінен самал әкел». Исрафилге: «Сен пәк рахметіміз суынан су әкел». Мекайілге: «Сен бәле мен апат көрігінен от әкел», – деді. Әлқисса, әрқайсысы бұйырылған нәрселерді әкелді. Олардың барлығын әлгі балшыққа араластырды. Әр түрлі реңді топырақты даяр етті. Осы себепті әрбір бөлек рең, бөлек сурет болды. Және де бөлек мінез, бөлек құлыққа негіз болып қаланды. Адамды, ғаламды айнытпай бейнелейтін айна етіп жасады. Көздің жауын алғандай сұлу, жап-жас, жайнаған гүл шоғы сияқты кемеліне келген, түпкі тек етті. Жер бетіне қойды. Аспан халқының баршасы адамға қызметші болды. Қараңғы әлем жарық болсын деп, осылайша жиһанды арайландырған күнді шырақ қылып берді. Адамизаттың денесінде Алла Тағала төрт түрлі зат пайда етті. Бірі – ақыл, бірі – рух, бірі – нәпсі, бірі – көңіл. Олардың әрқайсысын әр нәрседен алды. Көңілді судан алды, сол себепті, ол – тап-таза, мөп-мөлдір, құпия және жария жаһанның айнасы. Рухты самал желден алды, оны құпиялап, өзіне бенделік жасауға қойды. Ақылды топырақтан алды, осы себепті, топырақ қандай реңде болса, ми да сондай реңде болады. Ақыл не нәрсе үйретсе, үйренеді. Нәпсіні оттан алды. Осы себепті кімде-кім нәпсінің жалынына түссе, оны машақат, әурешілік айналдырады, ақырында жазаға кіріптар болғанын білмей қалады. Әлқисса, адамның әрбір ағза мүшелерін бір-бірінен бөлек суретте жаратты және әрқайсысын бөлек қызметке қойды. Мысалға, көз Алла Тағаланың жаратқандарын көруге, құлақ Құдай Тағаланың қасиетті есімдерін естуге, мұрын хазірет Алланың махаббатпен өмірге келтірген заттарының хош иісін иіскеуге, тіл Құдай Тағаланы еске алып, зікір айтуға, қол Құдай Тағаланың ісін істеуге, аяқ Құдай Тағаланың жолымен жүруге, маңдай сәжде жасауға, арқа шариғаттың жүгін көтеруге арналған еді. Әрқайсысы бір іске бұйырылды, әрқайсысы өз ісін атқаруға тиіс болды. Бірінің ісін бірі атқара алмайтын етіп мүсіндеді.
17. Топырақтан жаралған адам
Тегінде топырақтан жаралған адам, өлген соң жер қойнына қайта еніп, топыраққа айналады. Адам жаралғанда, топырағы қай жерден алынған болса, өлгенде сол жерге көміледі. Егер бір адам басқа бір жерге барып, қазаға ұшыраса, топырағы тартып барған екен деседі. Қайтыс болған адамды қабірге жерлегенде, қабір басына барған адамдар жерлігіне қойылып жатқан сүйектің үстіне бір шымшымнан топырақ салады. Мұны «көптен топырақ бұйырды» деп айтады. Адамдардың мінез-құлқы мен тағдыры жайында «топырағы ауыр», «топырағы жеңіл» дейді.
18. Қазақтардың қайдан шыққаны турасынан бұрынғыдан қалған сөз
Ноғайдың Батый деген ханы Россияда жүргенде, өзінің бір Алаша деген бір атақты әскер басшысын бас қылып, «күншығыс жаққа, ноғайларға белгісіз, жаңа жайды барып қарап, біліп келіңдер» деп, жүз жігіт жіберіпті. Бұл жіберілген жігіттер іздеп барған жағын барып көрсе, бұл жақ кең, бай һәм жүріп-тұруға бостандық, ыңғайлы екен. Бұл келген жігіттерді бұл жайда бұрыннан орнығып тұрған халықтар қуанысып, күтіп алыпты. Қашан бұлардан олар біздің қол астымызға қарап, «алым төлеңдер» деп сұрағанда көп қарсыласпастан айтқандарына ықтияр болыпты. Жігіттерге бұлардың мұнысы жаққан соң, Батыйға қарамастан, өз алдына хан болмаққа ойланыпты. Батый өзіне қараған халықты реттеп, жөндеймін деп әуре болып жүріп, жіберген жігіттерін ойламастан ұмытып кетіпті. Бір жыл өткеннен кейін жіберген жігіттері есіне түсіп, «бұл жақтағы жайдың мәнісін біліп кел» деп, һәм «бұрынғы жіберген жүз жігіттен хабар біліп кел» деп тағы да бір жүз жігіт жіберіпті. Бұл соңғы келген жүз жігіт бұл бөтен жайда көп уақытқа шейін іздеп жүріп, бұл жайдағы тұрған адамдардың көрсетуі бойынша, ақырында бұрынғы келген жүз жігіттің тұрған орнын тауып алыпты. Әуелгі жүз жігіт бұларды «Батыйға қайтып барма, бәріміз бірігіп, бұл жақтағы халықты қараталық» деп көндіріп алыпты. Батый бұлардың қайтқанын күтпестен тағы да жүз жігіт жіберіпті. Бұлар да қайтпастан тұрып қалыпты. Бұл қосылған үш жүз батыр дем алмастан соғысып, өздерінің халқын көбейтпекке жаһат қылыпты. Батыйдың тұрған ордасы алыс болған соң, мұндағы халық бөлек-бөлек, ала һәм момын болған себепті соғыстан адамдарға қаратып алуға ыңғай болған еді. Бұлар өздерінің күшіне сеніп, бөлек хан болуға ойланып, халықты көбірек соғысып қаратып алып уа бұл қаратқан халықты бір жерге жинап, һәм өздері де бұларға бірігіп, бір халық болмаққа ойланған еді. Біраз уақытта соғысушы адамдар һәм бұларға қараған халықтар бір жерге жиналып, қосылып, бір халық болған еді. Бұл келген жігіттер өздері оларға бас болып, қасындағы елді шауып, керуендерді талап ала беріпті. Ноғайлардың бұл ханының жауынгер адамдардан маңайындағы халықтар мал-басынан қатты қорқады екен. Әр елден қылмысты болып қашып келген қашқындар бұларға келіп тығылар екен. Бұл ханға қараған адамдар өздерін өзі қазақ деп атайды, яғни бос жүрген еркін ерлер деген сөз болады (әуелгі жүз жігітті бастап келген басшының құрметі үшін). Қазақтарды «Алаштың жұрты» деп атақ қылыпты. Ақырында Алаштың жұрты көбейген соң, үшке бөлініпті. Әуелгі жүздің тұқымы оңтүстікке қарай көшіп кетіп, «Ұлы жүз» атаныпты. Екінші жүздің тұқымы тұрған орнында қалып, «Орта жүз» атаныпты. Соңғы жүздің тұқымы күнбатысқа қарай кетіп, «Кіші жүз» атаныпты.
19. Қырғыздардың қайдан шыққанының хикаяты
Мұхаммет пайғамбарымыздан кейінгі замандарда Заба-Ақшиба дегеннің Мансұр деген бір ұғлы болған екен. Бұл Мансұр халыққа шариғат айтып: «Құдайға құлшылық қыл, ораза тұт, намаз оқы», – деп өсиет айтар екен. Халықтар мұның айтқанын тыңдамастан: «Әуелі өзіңді жақсылық жолға сал, үлгі көрсет», – дер екен. «Сенің қарындасыңның мінезі жаман, аяғын қия басып, жаман жолға жүреді һәм түн сайын бір жерге жолықпаққа барады», – депті. Қарындасының күнәсын анықтап білмек үшін, бұл күнәсынан ақтамақ үшін, Мансұр қарындасының артынан аңдымаққа талап етіпті. Қашан түн болған соң қарындасы Әнелдің тұрып кеткенін ап-анық көзі көріпті. Мансұр мұның артынан білдірместен жүріп отырыпты. Қарындасы Әнел судың үстінен қара жердей басып өткенін көріп, таңғажайыпқа қалыпты. Тағы да Мансұр мұнан да қаттырақ таңғалыпты, қашан өзі де қарындасының жүрген ізіменен судан өткеннең соң. Теңізден өтіп, Әнел қырық шілтендер тұрған үйге кіріпті. Мұның артынан Мансұр да кіріп қараса, қарындасының шілтендерге қызмет етіп, күтіп жүргенін көріпті. Сол арада шілтендер Мансұрды көріп: «Бұ кісі кім?» – деп Әнелден сұрапты. Қыздың ағасы екенін біліп, қырық шілтендер Мансұрға «әулие суды іш» деп құйып беріпті. Бұл себептен Мансұрдың өзі де әулие болыпты. Мансұр қайтып келіп, халайықтарды тағы да шариғат жолына өсиеттей бастапты. Мұнан соң халайықтар ашуланып, қазының қолына табыс қылыпты. О қазы Мансұрды өлтірмекке бұйырыпты. Мансұрды өлтірген соң: «Мен де һәм қарындасым да күнәкар емес», – деп, оның өлген денесінен дауыс естіліпті. Қазы қорыққанынан: «Мансұрдың денесін отқа өртеп, күлін теңізге тастаңдар», – деп бұйырыпты. Теңізге тастаған соң да күлінен тағы да баяғыдай дауыс естіле беріпті. Мұнан соң күлі көбік болып, теңіздің бетінде жүзіп жүріпті. Дәл сол уақытта бір патшаның қызы сопылық жолына кіріп, құлшылық етемін деп, қырық қызымен сол теңіздегі бір аралға шығып кетіпті. Бір күні бұлар суға шомылып жатып, аралға қарай жүзіп келе жатқан бір түрлі көбікті көріпті уа бұл көбіктен «Мен де һәм қарындасым да күнәкар емес», – деген дауыс есітіпті. «Бұл Құдай Тағаланың жіберген жақсылығы шығар» деп, көбіктен алып, тәндеріне сүртіпті. Недәуір уақыт өткеннен соң, бұлардың баршалары жүкті болып, бала табуға жақындапты. Патша біліп, ашуланып, бұларды өлтірмекке әмір етіпті. Енді патшаның бұйрығы бойынша, бұларды өлтірмекке жіберген жендеттер қыздарды аяп, қу дала, қу медиенге оларды жасырып жіберіпті. Бұл жерде қыздар аң, құс алып келіп, берген тамақтарыменен күн көріп тұрыпты. Қашан уақыты жеткен соң, жиырма қыздан ұл, жиырма қыздан қыз туыпты. Қашан бұлар өскен соң бірін-біріне қосыпты. Бұлардан халықтар пайда болыпты. Бұл халықты «қырық қыз» деп атапты, уа кейінгі замандарда «қырғыз» деп аталыпты.
20. [Со деген тайпа]
Түркілердің арғы тегі Со деген тайпадан шығыпты. Тайпа көсемі Абанбудың жетпіске жуық туған-туысқаны болыпты. Олардың үлкенінің аты Ичжинишуду екен. Бұл "бөрінің ұлы" деген мағынаны береді. Осы кісіден он төрт ұл туыпты. Жаулар Со тайпасына шабуыл жасаған кезде бірлі-жарым рулар аман-есен құтылыпты. Солардың ішінде Ичжинишудудың ұлдары да болыпты. Бір ұлы – Аққу, енді бірі Цигудың (қырғыз) қожалығын орнатып, Афу (Абақан), Тянь (Кем) өзендерінің бойын мекендейді. Үшінші ұлы Чуси Шу өзені бойын, төртіншісі, тау жоталарын мекендепті. Кейінірек Нодулушадқа Абанбудың барлық рулары келіп қосылыпты. Ол кіші тоқалынан туған ұлына Ашина деп ат қойыпты. Нодулушад өлгеннен кейін ұлдары өзара ақылдасыпты. Сөйтіп, әке орнына Ашина деген ұлын ру басы етіп сайлапты. Оның даңқы Аянь-шад деген атпен кең жайылған. Одан Түу, Түудан түркінің алғашқы қағанатының ірге тасын қалаған Тумын (Бумын) туыпты. Бір замандарда ашиналар хүннудың батыс аймақтарының құрамында болыпты-мыс. Ашиналарға көршілес тайпа шабуыл жасап, қырып салыпты. Сол кезде бір бала тірі қалыпты. Оған рулық аруақтар көмектесіп, қол ұшын беріпті. Қасқыр емшегін емізіп, аспан әлемінің емшісі – қарға ет әкеліп беріп, асырапты. Бала Шаньюдың қол астында өсіп, ер жетіпті. Көп жыл өткен соң әлгі баладан тараған ұрпақ өсіп жетіліп, бір қауым ел болыпты. Бұл елдің еркек кіндігі бір кезде көршілес Юечжилермен соғысады. Осы соғыстың салдарынан жас ханзада ол өлкеден оңтүстікке қарай қоныс аударып, Алтай тауларының оңтүстігіндегі Бесбалыққа келіп мекендепті.
21. [Түріктер – ғұндардың бір түрі]
Түріктер – ғұндардың бір түрі, олар Ашина нәсілінен тараған. Басқа да рулары бар. Кейін келе көрші елдер тарапынан тұқымы құрып кеткендері де бар. Олардың арасынан он жасар бір ұлды басқыншы әскерлер өлтірмепті. Бір аяғын кесіпті де, саздау жерге тастап кетеді. Далада жатқан баланы бір ұрғашы бөрі тауып алып, ет тасып беріп, асырайды. Бала ержетіп, бөрімен бірге жүреді. Содан бөрі буаз болып қалады. Әлгі шауып алған көрші мұны естіп, өлтіруге кісі жібереді. Ол кісі келіп, баланың қасында тұрған бөріні көріп, өлтіру үшін тап береді. Бөрі Иедиқұттың батыс-солтүстігіндегі алып тау жаққа қашып кетеді. Сол таудың ішінде жайқалған, көк майсалы, жазық үңгір бар екен. Айналасында бірнеше шақырым жол жатады. Төрт жағын түгел тау қоршап тұрады. Бөрі сол үңгірде жасырынып жатады да, он ұл табады. Осы он ұл өсіп, ержетіп, басқа рулардан қыз алады. Содан кейін өсіп-өніп, әрқайсысы алды-алдына жеке-жеке ру болып тарамданады. Ашина – сол рулардың бірі.
22. [Елжау би]
Үйсіндер Іле өзені алқабына қоныс аударғанға дейін Дунхуаң мен Чилән (Шүлен) тауының аралығын мекен етіп, көшпелі өмір сүрген. Үйсіндердің бұл тұстағы көсемі Кәнді би еді. Оның заманында Үйсін елі өзінің іргесіндегі күшті елдің шабуылына ұшырайды. Кәнді би шапқыншылардан елін қорғаған айқаста қазаға ұшырайды. Өріс бұзылып, құтты мекен-қонысын басқыншы жау басып алады. Үйсін елі телім-телім болып, күйзеліске ұшырайды. Кәнді би қаза болған кезде, оның баласы Елжау би жаңа туған бала еді. Осы сәбиді Бөже батыр шайқас жүріп жатқан қым-қуытта, қалың шөптің арасына жасырып кетеді. Соғыс біткеннен кейін, алып кету үшін қайтып оралса, балаға құстардың су тасып себелеп, Көк бөрінің емізіп тұрғанын көреді. Содан кейін баланы ғұндардың тәңірқұты Мөдеге алып барады да, барлық көрген-білгенін айтады. Мөде тәңірқұт «Бұл киесі зор, қасиетті бала екен» деп, сәбиді өзінің қол астына алады да, күтімдеп, бағып-қағып өсіреді. Елжау он сегіз жасқа толғанда асқан ерлігімен, батылдығымен, ақылды іс-әрекетімен көзге түседі. Сонда ғұн тәңірқұты өзінің қол астына келіп паналаған үйсін ұлысының басын қайтадан құрап, өздерінің жеріне қайта орналастырады да, елді билейтін күнби етіп, Елжауды қояды. Сөйтіп, ғұндарға арқа сүйеген Елжау күнби шеру тартып, жорықтарға аттанады да, ылғи жеңіске жетіп отырады. Ақырында ғұндар тәңірқұты жас батырға батыс өңірдегі қалаларды мәңгі қорғау міндетін жүктейді. Елжау өзінің елін қол астына жинап алған соң, он мыңдаған әскер жинап, оларды жаттықтырып, соғыс өнерін үйретеді. Ғұндарға арқа сүйей отырып, бірте-бірте күш жинаған Елжау би елдің қалпын қайта көркейту үшін күш-қайратын аямайды.
23. [Оғыз]
Оғыз елден ерекше сипатта туылады. Анасының уыз сүтін бір-ақ рет емеді, де қайта ембей қояды. Күн санап өседі. Қырық күнде атпал азамат болады. Түрі өзгеше жаратылған: өң-түсі көкшіл, еріндері шоқтай қызыл, көздері алқызыл, шаштары, қастары қап-қара, өне-бойын түгел түк басқан. Сирағы бұқаның сирағындай, белі бөрінің беліндей, иығы кіштің (бұлғынның) иығындай, кеудесі аюдың кеудесіндей. Ес білген соң жылқы бағады, атқа мініп, аң аулайды. Жылдар өтіп, ер жетеді, жігіт болады. Сол заманда бұл арада қалың орман өсіп тұрған, өзен мен көлде жүгірген аң мен ұшқан құс та көп еді. Орманда бір алып қият өмір сүреді. Ол мал мен адамды жалмайтын жыртқыш екен. Елге орасан зор зиян келтіреді. Оғыз сол жыртқыштың көзін жоюды ойлайды. Бір күні аңға шығады. Найзасын сайлап, жебе-садағын, қылыш-қалқанын асынады. Бір бұғыны аулайды да, тал-шыбықпен ағашқа таңып кетеді. Оғыз бір аюды аулап, оны да алтын белбеуімен ағашқа таңады. Ертеңіне келсе, бұғыны да, аюды да алып кетіпті. Оғыз сол ағаштың түбінде тұрады. Қият келіп, қалқанын сүзгілейді. Оғыз найзамен түйреп өлтіреді. Қылышпен басын кесіп алады. Кейін келіп қараса, бір сұңқар қияттың ішін үңгіп, жеп жатқанын көреді. Оғыз сұңқарды садақпен атып өлтіреді. Бір күні оғыз бір жерге келіп, Тәңірге жалбарынып отырады. Кенет қараңғылық қаптайды да, көктен бір жарық түседі. Күннен нұрлы, Айдан арайлы. Оғыз қаған қасына таяп барып, жарықтың ішінде бір қыздың отырғанын көреді. Ай мен Күндей ару. Маңдайында шоқтай жайнаған меңі бар. Сұлулығы сонша, күлсе, Көк тәңірі де күледі, жыласа, Көк тәңірі де жылайды. Оғыз көріп, есінен танады. Ғашық болып қалады. Ақыры тілегіне жетеді. Әйелі жүкті болып, ай-күні толған соң босанады. Үш ұл табады. Тұңғышына Күн, ортаншысына Ай, кенжесіне Жұлдыз деп ат қояды. Оғыз қаған тағы да аңға шығады. Көлдің ортасында өсіп тұрған бір түп ағашты көреді. Қуысында бір қыз отыр екен. Асқан сұлу. Көздері көк аспаннан да көк. Шашы теңіз суындай толқиды. Тістері тізіп қойған маржан секілді. Оғыз қағанның жүрегіне шоқ түседі. Ғашық болып, ақыры тілегіне жетеді. Бұл қыз да жүкті болып, ай-күні толған соң, қол-аяғын бауырына алады. Үш ұл табады. Тұңғышына Көк, ортаншысына Тау, кенжесіне Теңіз деп ат қояды. Онан соң Оғыз батыр думанды той жасайды. Ел-жұртын шақырады. қырық үстел, қырық ұзын орындық шаптырады. Жұрт алуан-алуан тамақ жейді, шұбат пен қымыз ішеді. Тойдың аяғында Оғыз қаған жар салып, былай дейді: "Мен сендерге қаған болдым, қолдарыңа садақтарың мен қалқандарыңды алыңдар, бізге таңба болсын бұян, көк бөрі болғай ұран. Темір найзалар бейне ормандай боп, түзде жосып жүрсін құлан. Ақсын дария толқындаған. Күн – жалау, Аспан – қорған болсын". Сөйтіп, Оғыз қаған төңіректің төрт бұрышына жарлық шашады. Әмірін жазып, елшілерін жөнелтеді. Онда: "Мен – Хигулердің қағанымын. Енді жер жүзін билеуім керек. Сендердің маған бағынуларыңды сұраймын. Кімде-кім тілімді алатын болса, оған тарту тартып, дос тұтамын. Тілімді алмағандарға терімді төгіп, шерік сайлап барып, жауласамын. Шеріктерім кез-келген жерде жауын жойып жібереді" дейді. Осы кезде оң жақта Алтын қаған атты бір қаған бар еді, ол Оғыз қағанға елші жіберіп, қыруар алтын-күміс, жақұт, інжу-маржан тарту етіп, бағынатынын білдіреді. Оғыз онымен достасады. Сол жақтағы Рым деген қағанның қалың қолы, көптеген қаласы бар еді. Ол Оғыз қағанының жарлығын қабылдамайды. Оғыз жорыққа аттанады. Туын көтеріп, қолын бастап шығады. Қырық күн жол жүріп, Мұзтау деген таудың етегіне жетеді. Күркелерін тігіп, ұйқыға батады. Таң атқанда, Оғыз қағанның күркесіне күн сәулесіндей бір жарық түседі. Сол жарықтан түгі көк, қою жалды бір арлан бөрі көрінеді. Ол тіл қатып: "Ей, Оғыз, сен Рымға қарай жаза жорығына аттаныпсың, мен саған жол бастайын" дейді. Оғыз қаған күркелерін жиып, жүріп кетеді. Әскерлердің алдында көк түкті, көк жалды бір арлан бөрі жол бастап бара жатады. Бірнеше дөңнен асқан соң бөрі тоқтайды. Оғыздың әскері де тоқтайды. Сол арада Еділ деген бір дария бар екен. Сол өзеннің жағасындағы Қаратаудың етегінде шайқас басталады. Сұрапыл соғыс ұзаққа созылады. Еділ дариясының суы қызыл жоса қанға боялады. Оғыз қаған жеңіп, Рым қағаны қашады. Оғыз оның елін бағындырады. Қыруар олжаға батады. Рым қағанының Орысбек деген туысы бар еді. Орысбек ұлын тау басындағы, терең өзеннің ортасындағы қаланы қорғауға жұмсайды да, ұлына: "Қаланы күзет, соғыс аяқталғанша, маған қаланы сақтап бер", – дейді. Оғыз қаған сол қалаға жорыққа аттанады. Орысбектің ұлы Оғыз қағанға мол алтын-күміс тарту етеді де: "Сен менің қағанымсың. Әкем бұл қаланы маған тапсырған және қаланы күзетіп, соғыс аяқтағанша сақтап бер деген. Егер әкем ашуланса, менің күнім не болмақ? Мен жарлығыңды орындауға мақұлмын. Сенің бақытың – біздің бақытымыз, біздің тұқымымыз – сенің үрім-бұтағың. Тәңірі саған күллі әлемді бұйырып тұр. Менің басым да, бақытым да сенікі. Мен саған тарту-таралғы беріп тұрмын, достықтан таймаймын", – дейді. Жігіттің сөзі қағанға ұнайды. «Маған көп алтын тарту етіпсің, қаланы жақсы сақтапсың», – дейді Оғыз. Сол үшін оған "Сақлап" деп ат қояды. Онымен дос болады. Сонан соң Оғыз қаған әскерін бастап, Еділ дариясына келеді. Еділ дариясы өте үлкен екен. Оғыз қаған: "Еділдің суын қалай кешіп өтеміз?" – дейді. Шеріктерінің арасында ұлық Ордабек деген бек бар еді. Асқан ақылды кісі болатын. Дария жағасындағы қалың ағашты кестіреді де, сал жасатып, Еділ дариясынан өткізеді. Оғыз қаған сүйсініп күледі де: "Сен енді осында бек бол, атың Қыпшақ болсын", – дейді. Тағы да ілгері жүреді. Оғыз көк түкті, көк жал арлан бөріні тағы көреді. Көк бөрі Оғыз қағанға: "Енді шеріктеріңмен бұл арадан аттан. Елің мен бектеріңді баста, мен саған жол көрсетейін", – дейді. Таң атқанда, Оғыз қаған шеріктердің алдында арлан бөрінің жол бастап бара жатқанын көріп, сүйсінеді де ілгері кетеді. Оғыз қағанның мінгені шұбар айғыр екен. Өте жақсы көретін. Бір күні осы айғыр жоғалады. Бір асқар тау бар еді. Ақ бас шыңдары – мұз құрсанған, суық тау. Сондықтан Мұзтау деп аталатын. Оғыз қағанның аты осы тауға қашып кеткен. Қаған бұған қатты қайғырады. Шеріктердің арасында енгезердей ержүрек, батыр бек бар еді. Ештеңеден тайсалмайтын. Талай соғысты бастан кешірген. Осы бек атты іздеп тауға барады. Оғыз қағанның айғырын тауып алып қайтады. Мұз құрсанып, қар жамылып келген бекке оғыз қаған сүйсініп күледі де: "Сен осындағы бектерге бас бол, сенің атың енді Қарлұқ болсын", - деп, көп асыл қазына тарту етеді де, өзі ілгері жүріп кетеді. Жол үстінен еңселі үй кезігеді. Қабырғасы алтыннан: түңлігі күмістен, есігі темірден жасалған. Есігі құлыптаулы, кілті жоқ. Шеріктердің ішінен бір ұста бар еді. Аты – Төмүр Дуқағұл. Оған Оғыз қаған: "Сен осы арада қал да, есікті аш. Сонан соң ордаға кел", – деп бұйырады. Оған «Қалаш» деп ат қояды. Тағы бір күні арлан бөрі жүрмей, тұрып қалады. Оғыз қаған да тоқтайды. Күркелерін тігеді. Бұл шөбі шұрайлы, жазық жер екен «Шүршіт» деп аталатын. Халқы көп, ұлы жұрт еді. Жылқысы, сиыры, алтын-күмісі, меруерт-маржаны қисапсыз. Шүршіт қағаны Оғыз қағанға қарсы тұрып, соғыс басталады. Садақ жаудырып, қылышпен шайқасады. Оғыз қаған Шүршіт қағанды жеңіп, басын кеседі. Ел-жұртын бағындырады. Оғыз қағанның әскерлеріне, нөкерлеріне, еліне түскен олжаның көптігі сонша - артып алып кетуге ат, қашар, өгіз жетпейді. Шеріктердің арасында асқан ақылды, шебер кісі бар еді. Аты – Бармақлұғ Жосұн білліг аталатын. Сол шебер бір арба жасайды. Арбаға жансыз олжалар тиеледі. Олжа малды жегіп, арбаны сүйретеді. Нөкерлер мен жұрт мұны көріп, таң қалысады. Тағы да арба шабады. Арбалар жүргенде "қанға-қанғалап" жүреді. Сондықтан оларды "қанға" деп атайды. Оғыз қаған арбаларды көріп, күледі де: "Мал олжа қанғамен жансыз олжаларды сүйресін. Қанғаны мәңгі есте сақтау үшін, ұста, сенің атың -Қанқалұқ болсын" дейді. Содан кейін Оғыз қаған көк түкті көкжал бөрінің бастауымен Синду, Таңғыт, Шам жаққа шеру тартады. Көп соғыс, талай шайқастардан кейін оларды өзінің еліне қосып алады. Түстік жақта Барқан деген жер бар еді, асқан бай және өте ыстық жер. Онда аң мен құс құжынап жүретін. Алтын-күміс, асыл қазына мол. Адамдарының өң-түсі қап-қара. Бұл жерді Масар деген қаған билейтін. Оғыз қаған оған шабуыл жасайды. Қырғын соғыс болады. Оғыз қаған жеңеді. Масар қаған қашып кетеді. Оғыз қаған бұл жерді өзіне қаратады. Достары сүйсінеді, жаулары күйінді. Оғыз қаған мол байлыққа батады, қыруар малға ие болады. Оларды өз еліне тасып алып кетеді. Оғыз қағанның қасында ақ сақалды, күміс шашты, ақылы шалқар қарт бар еді. Ол әділ, ізгі ниетті уәзір болатын. Аты – ұлуғ Түрік. Бір күні осы кісі түсінде бір алтын садақ және үш күміс оқ көреді. Алтын садақ күн-шығыстан күнбатысқа тартылған. Үш күміс оқтың ұшы терістікке қаратылған. Уәзір оянады да, түсінде көргенін Оғыз қағанға айтады: "Ей, қағаным, сенің өмірің ұзақ болғай. Ей, қағаным, тұтқан жолың түзу болғай! Көк тәңірі түсімде аян берді маған: "Кең байтақ жерін ұрпағына бөліп берсін" деп саған". Оғыз қаған ұлуғ Түріктің сөзіне дән риза болады. "Айтқаның келсін", – дейді. Ертеңінде балаларын шақырып алып: "Ей, ұлдарым, аң аулауға көңілім ауып тұр. Бірақ қартайып, қайратым келмейді. Күн, Ай, Жұлдыз үшеуің күншығысқа барыңдар. Көк, Тау, Теңіз үшеуің күнбатысқа барыңдар" – дейді. Сонымен үш ұл күн шығысқа, үш ұл батысқа аттанады. Күн, Ай, Жұлдыз көп аң, құс аулайды және жолдан бір алтын садақ тауып алып, әкелеріне әкеп береді. Оғыз қаған сүйінеді, күледі. Алтын садақты үшке бөліп сындырады да: "Ей, үш аға, бұл садақ сендердікі болсын. Сендер – садақсыңдар, оқты көкке жеткізе атыңдар" – дейді. Көк, Тау, Теңіз де көп аң, құс аулайды және жолдан үш күміс оқ тауып алады да, әкелеріне әкеліп береді. Оғыз қаған сүйінеді және қуанады. Оқтарды үш ұлына бөліп беріп: "Ей, үш іні, бұл оқтар сендердікі болсын. Садақ оқты атады. Сендер де оқ секілді кезелулі тұрыңдар!" – дейді. Сонан соң Оғыз қаған зор құрылтай шақырады. Нөкерлерін, ел-жұртын жинайды. Олар келеді, кеңес болады. Оғыз қаған ордада. Оң жағына қырық құлаш діңгек орнатқызады. Оның жоғарғы жағындағы ұшына бір алтын тауық ілдіреді. Діңгектің түбіне бір ақ қой байлатады. Сол жағына қырық құлаш діңгек орнатқызады. Басына бір күміс тауық ілдіреді де, түбіне бір қара қой байлатады. Оң жаққа боз оқтар отырады. Сол жаққа үш оқтар отырады. Қырық күн, қырық түн той болады. Ішеді, жейді, мәз-мейрам болысады. Сонан соң Оғыз қаған ұлдарына жерін бөліп беріп тұрып: "Ей, ұлдарым, мен көп өмір өткіздім, шайқастарды да көп көрдім. Садақпен сансыз оқ аттым. Айғыр мініп, бел астым. Жауларымды жылаттым, достарымды қуанттым! Тәңірі борышын өтедім. Жұртымды сендерге тапсырдым" – дейді.
24. [Кісі аю]
Ертеде "кісі аю" біреудің жас қызын алып қашып кетіпті дейді. Бір жылдан кейін әкесі қызды даладан тауып алып, үйіне ертіп келіпті. Сонда қыз "кісі аюды" сағынып:
Аю, аю, айым еді,
Аю да болса байым еді.
Үңгір, үңгір, үңгір еді,
Үңгір де болса үйім еді, – деген екен.
25. [Апалы-сіңлілі екі қыз]
Апалы-сіңлілі екі қыз адасып, бірін-бірі жоғалтып алыпты. Ақырында біреуі аюдың үңгіріне құлап кетеді. Қорқады, бірақ аю тимейді, жинаған балынан беріп, бағып-қағып, көктем шығып, қар еріген соң, жолға салып жібереді. Үйіне келгенмен қыз аюды сағына бастайды. Ақырында әке-шешесіне айтпай, бір күні баяғы аюдың үңгіріне кетіп қалады. Әке-шешесі аh ұрып, іздемеген жері қалмайды. Бірақ таба алмайды. Арада екі-үш жыл өтеді. Күндердің бір күнінде қыздың шешесі орман ішінде шөпшек теріп жүріп, жас баланың жылаған даусын естиді. Таң қалып, әлгі дауыс шыққан жерге келсе, үңгірден өзінің жоғалып кеткен қызын көреді. Қолтығындағы екі баланы қызы емізіп отыр екен дейді. Баланың біреуі – адамға, екіншісі – аюға тартып туыпты. Шешесі «үйге жүр» десе, қызы ергісі келмейді. Намыстанған шеше жұрттан ұялып, екі баланың адамға тартып туғанын қызының қасында қалдырып, аюға ұқсағанын өзімен бірге алып кетіпті.
Аюбала
Ертеде бір асқан бай болыпты. Оның бір бәйбіше әйелі болыпты. Әлгі бәйбішеден бес ұл туыпты. Бес ұлы ер жетіп, бай қартайып қайтыс болыпты. Бәйбіше әйелі отыз екі жасында жесір қалыпты. Сонан бір жылдары ел жайлаудан етекке түскен кезде жайланып жылдағы бір отыратын тау етегіндегі қонысында отырады. Сөйтіп отырғанда бір күні іңірде далаға шықса, бір нәрсе көтеріп алып қашып кетеді. Бәйбіше қорыққандығынан даусы да шықпайды. Сөйтсе аю екен дейді. Сол апарғанынан аю үңгіріне апарады. Бәйбіше үңгірде қамалып жатады. Жейтін тамағы – алма, шикі ет, түрлі жемістер болады. Аю күндіз кетіп, түнде келіп түнеп тұрады. Түрлі жеміс, етті әкеп тұрады екен. Сонан бәйбіше үйреніп, аюмен бірге күнелткізіп тұра береді. Ал енді қалған елдегі бәйбішенің балалары шешесінің қайда кетіп, қалай жоғалғанын қанша болжатып іздеп сұрастырса да ешқандай дерек біле алмай, жан-жақтан сұрастыра береді. Олар сүйтіп жүргенде аюмен бірге тұрған бәйбіше бір күндерде жүкті болып, үш бала табады. Баласының біреуі адамзат болып, қалған екеуі аюға ұқсайды. Аюға ұқсаған балалар аңның майын сорып күн көреді. Адамға ұқсаған бала шешесін еміп ер жетеді. Бәйбішенің елден киген киімі тозғаннан кейін теріден, жапырақтан үйтіп-бүйтіп үстін жапсырады. Сонан күн өтіп, ай өтіп балалары ер жетіп өздері жүретін де болады. Сөйтіп, ер жеткен балалар аюға ұқсаған, аюдан қалмайтын болады. Ерте кетсе, кеш келіп аю балаларымен бірге жүреді. Адамға ұқсаған бала шешесімен бір қалып, сарғайып уайымдаған шешесіне ермек болып, шешесі баласын әбден адам тіліне жатық қылып үйретеді. Сөйтіп, үңгірде бала мен шешесі жата береді. Бір күні бала ерігіп есікке келіп, адам көтере алмайтын есікті көтеріп ашып, далаға барып ойнап келеді. Мұны шешесі біліп балаға түсіндіреді. «Енді шықпа», – дейді., Шешесі: «Егер шықсаң аю сені талап өлтіреді», – дейді. Бала шешесінің тілін алмай, ойнап шығып келіп жүре береді. Шешесі баласына ерген соң садақ үйретеді. Бір ағашты алып, оны иіп, бала оны әбден үйреніп, садақ атумен әуестеніп кетеді.
Сөйтіп жүргенде бала бір күні шешесіне сұрақ қояды:
– Апа, апа, осы аналардың түрі бір бөлек, біздің түріміз бір бөлек, онысы несі? – дейді. Оны шешесі түсіндіреді. «Біз адамзат, олар – аң болады. Аң осылай тауда жүреді. Адам болса өздері бір бөлек мал асырайды, атқа мінеді. Басында үйі болады. От жағады, тамақ пісіреді. Олардың тұрмыстары жақсы болады. Мен өзім сол жерде жүргенімде осы аю мені түнде көтеріп алып қашып кеткен. Сонан неше жылдай осында тұрып, сендер пайда болғасыңдар», – деп шешесі баласын әбден көндіреді. Баласы онан жақсы түсініп: «Олай болса кетейік», – дейді. Шешесі қорқып: «Жоқ, аю өлтіреді. Кете алмаймыз», – деп тоқталады. Сонан баласы болмай, шешесін арқалап, шешесі жол бастап қашады. Сол қашқаннан қашып аман-есен еліне келеді. Елдің шетінде бір қойшыға жолығып киім киеді.
Сонан бір ауылға келіп, сұрастырып бәйбіше балаларын тауып алады. Балалары қуанысып, қартайған шешесі табылып қуанышпен той жасайды. Барлық ауыл адамдарына, балаларына бәйбіше басынан кешкен қиыншылығын баяндайды. Ауыл таң қалады. Бәйбішенің көрген қиыншылығы төңірегіндегі елге жайылып кетіп, жалпы елге мәлім болады. Әлгі баласы Аюбала болып қалады. Сол тойда Аюбала күреске түсіп, бірнеше жігітті талдырып тастайды. Бір-екеуін мертіктіреді. Аюбала мықты болып аталады. Алып болады. Бетіне жігіт қарай алмайды. Көрінген қыз-келіншекті өзіне қаратып, ауылдағы боз балаларды сең соққандай қылады. Елге сыймай басқа жігіттердің мазасын ала берген соң барлық жігіттер болып басын қосып «Аюбаланы» өлтірмекші болады. Аюбала оны сезіп шешесімен қоштасып, беті ауған жаққа қашып кетеді. Өзі асқан мерген болады. Қолында жалғыз садағы болады. Сонан бірнеше күндер жолмен жүріп келе жатса, бір адам жолығады. Аюбала: «Не қылған адамсың?» – дейді. «Жақсылық іздегенмен жолдас болатын кісімін», – дейді ол. Аюбала оны жолдас қылып алады. Сонан екеу болып келе жатса, тағы бір адамға жолығады.
– Не қылған адамсың? – дейді.
Ол да: «Жақсылық іздеген адаммен жолдас болам», – дейді. Оны да ертіп алады. Үшеу болып келе жатса, тағы бір адам жолығады.
– Не қылған адамсың? – дейді.
Бұл да: «Жақсылық іздегенмен жолдас болам», – дейді. Оны да ертіп алады. Сөйтіп төртеу болып бір көлдің жаға сына келіп құс атып, балық аулал, тамақтанып отырып Аюбала аналардан жөн сұрайды.
Ең алғашқы жолдасына Аюбала:
– Сенің не өнерің бар? – дейді.
Ол:
– Мен аспандағы жұлдызбен жаман-жақсыны болжап білем, – дейді.
Екінші жолдасына:
– Сенің не өнерің бар? – дейді.
Мен судағы балықтың тілін білем, – дейді. Үшінші жолдасына:
– Сенің не өнерің бар? – дейді. Ол:
– Мен қырық жылғы басып кеткен ізді білемін, – дейді. Сөйтіп Аюбала өзінің өнерін айтады:
– Мен асқан мергенмін, – дейді. – Бірақ менің жаным ұйықтағанда көк садақтың ұшында болады, – дейді. Аналар таң қалады. Сонан төртеуі бір ханның еліне келеді. Келсе бір үлкен жиын болып жатыр екен дейді. Әлгі жиынды сұрастырып білсе, бір бәйтеректің астында төрт жүз қадам жерде ат басындай алтын бар деп бір бақсының айтуы бойынша хан үш қызын бәйгеге тігіп, екі күннің ішінде алтынды алып берген кісіге үш қызымды отауымен мал бөліп беремін деп уәде жасап, егер айтқан күннен алып бере алмаса әлгі жігіттердің басын алады екен. Неше палуан мырза жігіттер уақтында алып бере алмай, ханның қолынан қаза тапқан екен. Бұл жиын соның жиыны екен. Мұны есітіп төртеуі ханға барып уәделесіп, уәделі күннен ерте қазып алып беріп, уәде бойынша хан үш қызын, отауы мен малын бөліп береді. Сонан Аюбала әлгі үш жолдасына үш қызды сүйгені бойынша қосып, ханның қасына орналастырып, өзі қоштасып «бір көрісерміз қош болыңдар» деп өз бетімен жалғыз бір жаққа жүріп кетеді. Жалғыздан-жалғыз бірнеше күндер өткен соң қалың тоғайға келеді. Осы қалың орман-тоғайда бірнеше күн күнелтеді.Үлкен аңдар қамап әрең құтылып, ағаш басына түнеп, жан жақыстап жүреді.
Өстіп жүргенде бір адамды көріп әлгі адаммен аңдысып, әлгі адамды атып өлтіреді. Сөйтіп бір ағаштың басына шықса, бір талдың арасынан сызылып шыққан түтінді көріп, өлгі түтін шыққан жерге барады. Барса бір қорғанның ішінде ақ отау тұр. Ақ отаудың ішіне кіріп келсе, бір асқан сұлу қыз отыр екен. Қызбен амандасып төрге отырады. Қыз жөн сұрайды. Аюбала жөнін айтпай, елімізде соғыс болып, еліміз қырғын көріп, сонан басқа күн туған соң осы қалың орман-тоғайға келіп бірнеше күн күнелттім дейді.
Енді қыздан жігіт жөн сұрайды. Қыз айтады:
– Біздің еліміз осы судың аяғында болушы еді. Мен бір кедейдің қызы едім. Елімізде алпысқа келген хан бар еді. Ол хан жылында екі қыз алушы еді. Биыл әкем өлген соң жасым жетіп хан әйелдікке мені алатын болған. Бір жалғыз бауырым бар еді. Сонымен бірге екеуміз елден бөлініп бір күнде келіп осы жерді сегіз ай мекен қылып отырмыз. Ат, түйеміз бар еді, аңдар талап жеп қойды. Үйімізге аң келмейді. Қорған жасап алдық, бауырым аң аулауға кетті, – деп сөзін доғарады.
Жігіт түсініп, бағанағы өлтірген кісі соның бауыры екенін біліп, қызға білдіреді. Жігіт айыпты екенін мойнына алады.
Қыз:
– Сіз айыпты емессіз оған, сіз бен біздердің көрешегіміздің айдауы ғой, – дейді.
Сонан бір-екі күн өткеннен кейін жігіт қызға екі мәселе қойды. «Шырағым, бауырың өлді, мені құдай айдап сендерге кез келтірді. Енді елге апар десең елге апарайын, бірақ басқа елге апарайын. Мен аға болайын, сен менің қарындасым бол. Болмаса екеуміз бірігіп өмір сүрелік еш жаққа бармай», – дейді жігіт. Қыз көніп, жігітті сүйіп екеуі өмір сүрмек болып қосылады. Екеуі тұрады, аса сүйікті болады. Қыз үйде қалады, жігіт күнде аң аулайды. Сөйтіп екеуі өмір сүреді.
Бұл екеуі өмір сүріп тұра тұрсын. Енді ханның жағдайына келейік. Қыз жоқ болған күннен-ақ жан-жаққа сұрау салып хан іздетеді. Еліндегі балгер-бақсыларды жинап болжатады. Сонда «Қара» деген бір бақсы ханға былай дейді: «Қыз судың жоғарғы жағынан табылады. Оны табатын «Шүпе» деген мыстан кемпір бар екен. Сол ғана таба алады. Сонда сол кемпірге тапсыру керек», – дейді. Хан оған көніп кемпірді шақырып алып, кемпірді жұмсайды. Кемпір аса қу, жеңгек, иісшіл, болжағыш кемпір екен дейді. Хан кемпірге керекті көп зат береді. Жолға жеуге, кемпір екі-үш қойдың өкпе-бауырын алып кетеді. Ағып жатқан өзенді өрлеп кемпір жүре береді. Бірнеше жоталар жүріп Аюбала тұрған қалың орманға келеді. Кемпірді аң қамайды. Азап шегеді, үйтіп-бүйтіп кемпір амалдап аман қалады. Неше күн тоғайды аралап жүріп кемпір бір күні тәңертең Аюбаланың үйін табады. Кемпір кіріп келеді. Аналар өздерінен басқа ол маңайда кісі көрмеген соң, олар қорқып қалады. Кемпірден жөн сұрайды. Кемпір былай дейді:
– Қарақтарым, елімізде жаугершілік болып қаңғырып шығып кетіп сендерге душар болдым. Енесі жоққа ене болам, шешесі жоққа шеше болам, – дейді.
Балшықтан кісі жасай алмай отырған Аюбала «шеше бол» деп, кемпірді шеше қылып алады. Кемпір әбден үйір болады. Аю жігіт аңға кетеді. Кемпір мен қыз әңгімелесіп бір-біріне ермек болып күнелтеді.
Бір күні кемпір қызға басын қаратып отырады да:
– Қарағым, күйеуің жақсы көре ме? – дейді.
Қыз:
– Е, жақсы көреді, оны неге сұрадыңыз? – дейді кемпірге. Кемпір:
– Ой, шырағым, біз жас күнімізде күйеуімізді әр қалай сынаушы едік, қарағым. Сен осы күйеуіңді сынап көрдің бе? – дейді. Қыз кемпірге:
– Шеше! Қалай сынаушы едіңіз? Мен қалай сынасам тура болады екен? – дейді.
– Ой, қарағым, біз әр түрлі сынаушы едік. Күйеуімізге жаның қай жерде болады. Сенің сүйгенің не, нені жақсы көресің деуші едік. Тағы анау-мынау сұрай беруші едік.
Сен, шырағым, күйеуіңді сына, сынағанда жаның қай жерде деп сұра. Айтпаса болма, бүгіннен бастап сұра, сонда жақсы көрсе айтады, жек көрсе – айтпайды. Қыз «жарайды» деп кешке келгенде сұрайды: Жігіт айтпайды. Ертеңінде кемпір: «Айтты ма?» – дейді. «Жоқ, айтпады», – дейді қыз.
– Үшке дейін сұра, бүгін сұра, ертең сұра, сонда айтар, – дейді кемпір. Сонан қыз екі-үш күн сұрап, үшінші күн жігіт айтады: «Мен өзім садақты жақсы көруші ем, күнДе ұйықтағанда жаным көк садақтың ұшында болады.»
Ертеңінде Аюбала аңға кеткен соң кемпірге қыз айтады. Кемпір қуанып: «Түу, жақсы көреді екен ғой, өмірлерің ұзақ болсын», – деп жақсылық сөз айтады. Кемпір жігіттің жанын қайда екенін білген соң бір күндері тұрады да көк садақтың ұшын ағып жатқан өзенге лақтырып тастап, өзі кейін қашып еліне кетеді. Бірнеше күнде еліне келіп ханға мәлім қылады. Таңертең қыз тұрып оятса тұрмайды. Жігіттің өлетінін біліп, кемпір сүраған көк садақтың ұшы есіне түсіп, кемпірдің дұшпан екенін сонда ғана біледі. Жылайды, зарлайды. Сабыр етіп жігітті орап төсекке жатқызып қояды. Сонан ханның елінен ханның уәзірлері келіп қызды алып кетеді. Еліне барған соң хан қызды күң қылады. Басына ақ отау тігіліп, мола болып Аюбала өліп қалады. Қыз кетерінде көк садақты басына жастап кетеді. Үйді бекітеді, аң кірмейтін қылады. Жігіт пен қызды қоя тұрып, енді баяғы ханның қыздарын алып, ханның қасында қалған үш жолдасына келейік. Үш жолдасы мал жалданын, жан жанданып кеткен екен дейді. Бір күні болжағыш жолдасы болжап отырып Аюбала сондайлық халге ұшырағанын біледі. Жолдастарына айтады, бәрі ақылдасып, қаруланып қос-қостан ат мініп іздеуге шығады. Сонда қырық жыл басып кеткен ізді білетін бір жолдасы ізбен келіп неше күндер жүріп іздеп табады. Келсе бір ақ отауда жатқан Аюбаланы көреді. Олай ойлап, былай ойлап көк садақты Аюбаланың бас жағынан тауып алып, көк садақтың ұшы әлгілердің есіне түсіп, болжағыш болжап, кемпірдің суға тастағанын біледі де, балық тілін білетін жолдасы судағы балықтан сұрайды. Балық тілін білетін адам балықтан сұрастырып көк садақтың ұшын тауып алып, оны киік майымен майлап көк садақтың басына ұшын кигізіп, Аюбаланы үш күн ішінде тірілтіп алады. Аюбала көрген-білгенін айтып, кемпірдің келгенін айтып жолдастарына түсіндіреді. Сонан сол жерден аттанып төртеуі бірдей қызды алған ханға келіп, бір түн ханды өлтіріп, күңдікте жүрген Аюбала әйелін босатып алып, төрт жолдасымен сол елден олжалы болып қайтып келіп, үйді көшіртіп алып, ана үш жолдасының қасына барып, төртеуі бірдей дәурен сүріп тату болып өтіпті дейді.
27. Аюдәу
Баяғыда бір аю тауда аң аулап, еш нәрсе таба алмай келе жатса, қарсы алдынан бір түлкі кез болып, сасқалақтап, қалай қарай қашарын білмей, аюдың астынан жып етіп өте шығайын деп, бауырына еніп кеткенде, аю қолтығына қысып, жібермей ұстап алады. Аю:
– Енді сені жеймін, өзіңнен өзің душар болдың, - деді.
Сонда тұрып түлкі:
– Жоқ, тақсыр, сіз мені жемеңіз, мен сізге амалдап патшаның қызын қолыңызға түсіріп берейін, – деп жалынды. Бұған аю:
– Жарайды онда, кәне, егер патшаның қызын қолыма түсіріп берсең, мен сені жемеймін, - деді.
Түлкі:
– Олай болса, менің артымнан қалмай жүріп отырыңыз, мен сізді алып барып, бір үйілген шөптің астына жасырам да, патшаның қызының жатқан қорғанына барып, қыздарды амалдап, алдап сіз жатқан жерге алып келемін, сол кезде даярланып тұрып қызды ұстап алыңыз да, қасындағы қырық бақша дуалдан асып, тауға қарай бет алыңыз, – деді. Айтқанындай түлкі аюды алып келіп, үлкен болып үйілген шөпке жасырып, өзі хан қызының қорғанына кірді.
Түлкіні көрген қыздар:
– Әй, әй, анау түлкіні қараңыздаршы, Жүріңдер, өзін ұстап алайық, – деп бір топ қыздар дүре қойды. Бір кезде келген қыздарды түлкі алдап құйрығын беріп, ұстай бергенде жалт бұрылып, шығып та кетті. Қолтықтарының арасынан зып беріп, екі аяғының арасынан жылт етіп өтіп, қыздарды әбден шаршатып, өздерін ыза қылып болды.
Бір кезде басын жуып, таранып болған патша қызы: «Бәрің де адам емес екенсіңдер, сол бір түлкіні ұстауға шамаларың келмеді»,- деп, бір қора қыздың арасына кірді. Түлкіні ары қуып, бері қуып ұстай алмады. Қайта қыздарды алыстатып алып келіп, баяғы үйілген шөптің қасына алып келді. Шөпті айналып біраз жүрді. Аю қыздардан қайсысын ұстарын білмей аңқайып, екі көзі тесіліп біраз тұрды да, түлкінің құйрығын ұстай берген патшаның қызының белінен шап беріп ұстады да, қасындағы қырық бақша дуалдан асты да, тауға қарай жөнеп берді. Оның артынан бір тесіктен жып беріп, түлкі де өтіп кетті. Улап-шулап қыздар қалды. Бірсыпырасы ханға хабар беруге кетті. Патшаның қызын апарған аю таудан тас үй салып алды да, қызбен отау құрып отыра берді. Патша да қызды тау мен тас іздеп таппай, ақыры аюға жем болды деді де, қыздан күдерін үзді. Күндерде бір күн қыз аюдан бір ұл туады, ұлы күніне бір жасайтын болды, өзі дәу, өзі батыр, келбетті адам, түрі аю нәсілді болды. Атын Аюдәу деп қойды. Жетіге келген Аюдәу шешесінен жөн сұрай бастады: «Мен кімнен тудым? Әкем қайда? Бұл тауда не қылып жүрсің? Адамы бар, ел-жұрт дегендей, бір шаһарға барайық», – деді. Шешесі басынан атқарған уақиғаны баласына тегіс айтып шықты. Оны есіткен бала: «Мен бұл тауда аюды әке қылып тұрмаймын», – деп, шешесінің қолынан жетектеді. Шешесі:
– Шырағым, мен өзім патшаның қызы болсам, тиген күйеуім адам емес, таудың аюы болса, оның үстіне киім жоқ жалаңашпыз, қалай барып әке-шешенің көзіне көрінеміз, жоқ, мен бармаймын, – деп, шешесі жер бауырлап жатып алды. Мұның ақырын сезген бала есіктегі қара қазандай тасты бір теуіп далаға шығып, таспен қайта жауып, тырдай жалаңаш салып ұрып бір шаһарға келді.
Келе бір жерде өңкей әйел киімі, еркек киімін сатып отырған дүкеншіге кез болады. Шешеме деп түрлі киімдерді тандап алды. Өзіне де алып киді де: «Пұлын ертең келіп төлеймін», – деді де, тыс берді. Бұған дүкенші ашуланып етегінен шап берді. «Егер барлық малыңнан айырылғың келмесе, босат», – деді де, қолын қағып тастап, жып беріп дүкеннен шықты. Әкелген киімдерімен шешесін бәйшешектей киіндіріп, шешесінің еліне қарай жолға басты. Бір мезгілде аңнан қайтқан аю үйіне келсе, үйі ашық-шашық, үйдің есігін бастырып кеткен тас таудың етегінде жатыр. Баланың істеген сойқанын сезіп, ізіне түсіп, қуа жөнелді.
– Сендерге кім беталды жүре берсін деді. Қайтыңдар! – деп алдынан шыққан аюдың сирағынан ұстап, таудың төбесіне қарай бір-ақ атты да, жүре берді.
Қыз баласын ертіп, үйіне келді. Әке-шешесімен жыласып көрісті. Болған оқиғаны бастан-аяқ айтты, аюдан туған баласын көрсетті. Мұны есіткен, баланы көрген патша қапа болып, ел-жұрттан намыс қылып, қызына кет деуге өз перзенті, айта алмайды, кетпе дейін десе, еріп келген баласынан ел-жұрт қорқатындай, көргенде адамзаттың денесі түршігеді. Бет-аузын жүн басқан, адам қорқарлық. Ақыры қызының қайтып келгенін ешкімге жария етпей, баланы: «Мынау бір пәлен шаһардағы патша досым өзі дәу, өзі батыр болған соң, тартуға әкеліп берген дәуім еді», – деп жариялады. Мұны көрген ел-жұрт шошып: «Тақсыр, мына дәуіңіздің бетін аулақ салмасаңыз, бала-шаға көргенде жүрегі ұшып кетер. Әлден-ақ есіткен жұрт, көрген кісі қорқып кешке далаға шығудан қалды», – деген арыздар да түсті. Оның үстіне Аюдәу бір жегенде қырық кісінің жейтұғын тамағын жейтін болды. Бір ұйықтаса, жеті күн-жеті түн ұйықтайтын, бір ұйықтамаса, жеті күн,:жеті түн ұйықтамайтын болды. Ақыры патшаның өзі де баланың көзін құрту шарасына кірісті. Еліндегі барлық қу, сұмдарды, ақылгөйлерді жинап, баланы өлімге жұмсауды қарастырды. Кеңесшілер: «Жаман тоғай деген тоғайдан екі бау қамыс әкелуге жұмсау керек, міне, сол тоғайға ешкім барып көрген емес, онда жыртқыш андар, қабандар көп, солар жеп қояды», – деді. Бұл ақылды патша да дұрыс көріп, баланы шақыртып, «Жаман тоғайдан» екі бау қамыс әкеліп беруді бұйырды. Патшаның бұйрығы екі болмайды. Тамаққа жуан тойған бала Жаман тоғайға да жетті. Тоғайдағы қорқылдаған не қабандарды да көрді. Құйрығын бұрап шабынған жолбарыс, барыстарды көрді. Екі бау қамысты орап болып, бақыртып жүріп, бір қабанды да ұстап әкелді. Оның құлағын тесіп, қамыстан бұйда қылып, үстіне қамысын артып, оның үстіне өзі мініп, кеш бата патшаның қорғанына келіп түсті. Мұны көрген патша баладан одан бетер шоши бастады. «Мынау қабан шошқаңның көзін жоғалт!» – деп патша байбалам салды. «Ондай болса, міне», - деп артқы екі сирағынан ұстап қабанды қорғаннан асыра лақтырып жіберді. Патша кеңесшілерді және жинап тағы баланы өлім жолына жұмсауды аңыз қылды. Ақыры кеңесшілердің біреуі: «Менімше, Жамантаудағы екі тауды бір-біріне соғыстырып жатқан дәуді бағындырып, байлап әкелуге жұмсау керек. Бір өлетін болса, сол соғыстырылып жатқан екі тау арасына қысылып өледі» деді. Патша баланы және шақыртып, сол екі тауды соғыстырып жатқан дәуді байлап алып келуді бұйырды. Күндерде бір күн «баладан құтылдым ғой» деп отырған патшаның алдына екі тауды біріне-бірін соғыстыратын дәуді байлап әкеліп берді. Мұны көрген патша баладан тура құтылмайтынын енді білді. Оның үстіне екі бірдей алпауыт дәулерді тамақтандыру да оңай тимейтін болды. Патша енді елдегі барлық мыстандарды жинап, болып отырған жағдайларды талдап алдарынан өткізді. Сонда тұрып жүз бес жасқа келген бір мыстан жер жүзіндегі жалмауыздарды, барса, қайтпас қиын жолдарды біледі екен. Сол: «Пәлен жерде бір жеті басты жалмауыз бар, міне, соған барса, соның қолынан аман қайтпас еді», – деді. Патша екі дәуді бірдей шақыртып, көз көрмес, құлақ естімес жердегі жеті басты жалмауыз кемпірді өлтіріп келуді бұйырды. Дәулер қырық күндік жол азығын алып, өздері мықты ұйықтап, көз көрмес, құлақ естімес жалмауызға аттанды. Айдан ай өтті, күндерден күн өтті, азық-түлік таусылып, іздеп келе жатқан жалмауызға да келіп жетті. Келсе, айдала, құла түзде қырық құлақты бір қазанда май қайнатып жатыр, қасында аузында бір тісі жоқ, құйрығында қыртысы жоқ бір жалмауыз адамдарды қабат-қабатынан көгендеп қойып, жаңағы қайнап жатқан майға бір-бірден таңдап әкеліп түсіріп-түсіріп, сүзіп алып, жаңадан тамақтанайын деп, алдына алып отырған үстінен кез болды. Мұны көрген Аюдәудің қасындағы дәу жалт етіп бұрылып, келген жолына қарай қаша жөнелді. Аюдәу жалмауыздың қасына жақындап келе берді, сол кезде жалмауыз орнынан тұрып: «Шырағым, жетімсіреп қайдан келесің, өзіңнің қарның ашыпты ғой, кел жақындап отыр, тамақтан. Сені келеді деп тамақ дайындап отыр едім», – деп қасына жақындап келді де, қайнап жатқан майға қарай итеріп жіберіп еді, бала тұрған орнынан былқ еткен де жоқ. Сол кезде кемпірдің бұрым шашынан ұстап тұрып, қайнап жатқан майға пісіп-пісіп алды. Сол кезде баланың жан-жағынан қаптаған жалмауыздар толып кетті. Бала қылышын суырып алып, келгенін келгендей басын қағып алып тұрды. Сонда ақырғы қалған жетінші кемпір жоқ болып, құры бір бас домалай қашты. Бала артынан қуа-қуа ақыр жете алмай қойды. Бірақ көз айырмай артынан түсіп қуа берді, домалаған бас барып-барып, бір шұқырға түсті де жоқ болды. Келіп қараса, түбі көрінбейтін бір шыңырау, ол бастың қайда келіп, қайда тұрғанын кісі болжап болмайды. Бала айналып бағанағы қазанның түбіне келді. Келіп қирап жатқан алты кемпірді көрді. Жетіншісін іздеп таппай, ақыры шыңырау зынданға түсіп жоқ болған басты жалмауыздың жетінші басы деп ұқты. Түбінде де солай еді.
Енді көгендегі тұрған халықты тегіс босатты. Олар: «Өркенің өссін, қарағым!» – деп алғыс беріп, бет-бетіне тарасты. Бір кезде шыбын жанын қайда тастарын білмей шөп-шөптің арасына тығылып жүрген дәу де келіп жетті. Келген дәуге жаңағы халықтар байлаулы тұрған көгендерді арқалатып, бағанағы бас домалап барып жоқ болған шұқыр –зынданға алып келіп, жаңағы арқанды қайтадан есіп, үлкен арқан қылды. Аюдәу жолдасына «түс» деп, жолдасы бір түсерге ерлік қылып түссе де кішкене зындан құдықтың қараңғылау жеріне барғанда: «Ойбай, тұншықтым! Өлдім! Тартып алшы, тартып ал!» – деп айқай салды. Дәуді тартып алып Аюдәу: «Енді мен түсемін, бірақ осы зындан-құдықтың басында мені күт, егер жеті күннің ішінде менен хабар болмаса, мені өлді деп есепте де кете бер, қашан мен келіп арқанды қаққанда тарта бер», – деді де, зындан-құдыққа түсіп кетті. Түсе-түсе Аюдәу жердің астына түсті. Жердің астында да жер бар, онда да ел-жұрт бар, бірақ жер бетіндей аса жарық, әуесі таза, күні өткір емес. Сонда да болса жер бетіндегі халықтардың істейтін кәсіп-тіршіліктерін олар да істейді екен. Сонымен Аюдәу көп жүрмей-ақ үлкен дарбазалы қорғанға кез болды. Не де болса осы қорғанға кірейін, не бар, не жоғын білейін, сөйтіп жалмауыздың мүмкін жолын білер. Оны сұрайын деген оймен дарбазаны ашып жіберіп, кіріп барса, іші толған көгендеулі тұрған халық. Мына жерде өңкей кәрі кісілер. Бір жерде өңкей орта жасарлар, ана жерде өңкей жастар, қысқасын айтқанда, жалмауыз халықтарды түр-түріне қарай көгендеп тас-тапты. Кірген балаға: «Мен арық, мынау семіз, мен арық, мынау семіз», – деп бірін-бірі көрсетіп жатқан халық.
Бала:
– Мен жалмауыз емеспін, – деді де барлық халықты босатып қоя берді де, енді ішкі бір үйге кіріп барса, өңкей сұлу қыздар байлаулы екен. Олар да жаңағыларша: – «Мен арық, мынау семіз», – деп жатты. Оларды да босатып болған соң, енді жалмауыздың қайда жүретінін қайда тұратынын, оның жанының қайда сақталатынын сұрады. Қыздар қолдарымен көрсетіп:
– Анау үйге кіресіз, кірген соң екі есік бар. Сол есіктің көк есігін ашыңыз, онан соң қос есік, оны да ашқан соң, жаңа бір есік бар. Міне, сол есікте үлкен көк сандық бар. Сол көк сандықтың ішінде көк кептер бар, сол көк кептерді ұстап алып, біртіндеп жүнін жұла берсе, бір бас ақырындап домалап келе береді. Содан сол бас жақындап алдыңызға келіп қалғанда басын жұлып алсаңыз, домалап келген бас аузын бір-ақ ашады да, көзін жұмады. Міне, сонда ғана жеті басты жалмауыз дүниеден қол үзіп, қайтыс болады, – деді.
Бала қыздардың айтуынша барлық есіктерді ашып, көк сандықты да ашып, көк кептердің жүнін жұлды. Бас домалап баланың алдына келе бергенде, көк кептердің басын жұлып алып еді, домалап келген бас аузын бір-ақ ашты да көзін жұмды. Жалмауызды өлтірген Аюдәу енді жер бетіне шығуды қам етті. Қыздардың ішінен таңдап, бір сұлуды әйелдікке алды. Сөйтіп, бағанағы жер бетіне шығатын зынданға келіп еді, сол кезде айтқан уәделі күні бүгін кешке бітпек екен. Енді болмағанда дәу де жиналып кеткелі жатыр екен. Келіп, арқанға қызды байлады да арқанды қақты. Сарғайып күтіп отырған дәу тартып алды. Алып қараса, бет-аузын жүн басқан, бас терісі келіспеген Аюдәу емес, бір ай мен күндей адам айтқысыз сұлу. Мұны көрген дәу Аюдәуді тартып алуға келгенде табан астында арам ойға кетті. Жақындап құдықтың аузына келе бергенде, жіпті қырқып жіберді. Қыздың қолынан жетектеп, елге қарай жол қояды. Аюдәу құдық-зынданның о шетіне бір, бұ шетіне бір соғылып, қайтадан жер астына түсті енді қайтып жер бетіне шықпайтын су түбіне сіңген қара тастай боп. Енді не істеу керек? Терісіне сыймай жолдасының істеп кеткен иттігіне ыза болып, егер жер бетіне шығатын күн болса, қайда болса да іздеп тауып, от қойып, өртеп жіберуді шарт қылды да: «Қой, құр қапа-ренжуден дым шықпас, онан былай-былай қыдырып, өлмес қамын ойлау керек», – деген оймен ұзын жолға түсті де беталды жүре берді. Ұзын жолмен жүріп келе жатса, «шу-шу» деген біреудің даусы әрең дегенде естіледі. Жанына бұрылын қараса, бір кісі қос айдап жүр екен, не де болса соған барайын деп, қасына таяу келе беріп:
– Ассалаумағалайкум! – деді.
Баланың айқайына кісі шошып кетіп, жалт қарағанда тіп-тік болып, жүрегі қабынан шығып кете жаздады. Бала қорыққанын сезіп: «Ой, әке, менен қорықпаңыз! Мен де сіз құсаған адаммын», – деп қасына келіп отырды.
Бала:
– Сіздің менен қорыққаныңыз ба, жоқ әлде басқа өзіңіздің қос айдағаңдағы салтыңыз ба? Даусыңыз әрең дегенде шығады, қос айдаған кісінің даусы көш көрім жерден шығушы еді ғой, – деді. Кісі балаға жақындап, сыбыр дауыспен:
– Шырағым, мына жерде екі айдаһар бар, сол айдаһарлар кісінің даусын естісе, келіп, жұтып жібереді. Міне, сол айдаһардан қорыққанымнан әрең даусымды шығарып, айдап жатқанымның себебі сол, – деді.
Бала:
– Олай болса, сіз үйге барып, маған бір мес қымыз, қырық нан, бір шара көже әкеліп беріңіз. Мен сіз әкелгеніңізше, жеріңізді айдап қоямын, – деді.
Мұны есіткен диқан кісі аң-таң болып, баланың бас-аяғын бір шолып өтіп: «Опыр-ай, өзі болса кіп-кішкене бір неме, бұл мен кеткен соң айқайлап айдап, даусына жыландарды шақырар да, екі өгізімді жұттырып алар, қой, онан да өз тірлігімді істей берейін», – деді өзіне өзі. Сөйтіп біраз бөгеліп тұрып еді, бала:
– Несіне қарап тұрсыз, бар деген соң барсаңызшы! – деді айқайлап. Кісіге кетпеске еш амалы болмай қалды. Өйткені енді және бір мәрте айқайласа, жыландар келіп, барлығын қоса жұтудан тайынбас. Онан да бас аманда айтқанын істейін деді де, жүгіріп, үйіне қарай бет алды. Жарым жолға барып, қарт сенбестен бір шөпті паналап тұрып алды.
Бір мезгілде бала орнынан тұрып, өгіздерді табына салды да, әндетіп тұрып өлеңдерден жіберді. Диқан кісі:
– Мынаны құдай ұратын болды-ау, – деп, ерні мен бармағын кезек-кезек тістеп, жермен-жексен болып, шөпке бұға түсті. Бір кезде даусын есіткен қос жылан баланың екі жағынан ысқырып шыға келді. Жыландардың арқасы күнге шауылысып жалт-жұлт еткенін көріп тұрған диқан кісі:
– Қап, мынау итке қосымды сеніп беріп, өгіздерімді жыланға жем қылдым-ау, – деп, отырған орнынан бір тұрып, бір жүріп, бір отырып байбалам салды.
Сол уақытта балаға жақындап келген жыландарды көрген бала екі өгізді мойынтұрық ағаштан босатып жіберіп, келген жыландарды қосты да, өкіртіп жерді жырта берді. Мұны көрген диқан кісі баланың дәулік батырлығына таң-тамаша болып, жүгіріп елге қарай жөнелді. Елге барып, патшаға көрген-білгенін баян етті. Патша сегіз санаттарымен тездете аттанып, болып жатқан уақиғаның дәл үстінен жетті. Келсе, айдаһарлармен бүкіл тоғайлы жерді жыртып тастаған, екі айдаһар сусап, іштері біріне-бірі қабысып, өкіріп құлағанда, дауыстары патшаның құлағын жарып кетті. Бала алып барып суарды, суды ішіп-ішіп, екі қарны екі жаққа бұлтиып шықты. Сол кезде бала тағы да қуып еді, жыландардың қарындары жарылып, табанда өлді. Мұны көрген патша баланы қатты қуанышпен қарсы алып, жыландардан құтылып, халқына тоғайлы жерде қауіпсіз, малға айдау болғанын қуаныш етіп, үш күн ұдайы той қылып, баланы басына көтеріп, төре тұтты. Той етіп, елдегі шаң-шұң дауыстар басылып болған соң, патша бүкіл уәзірлерін жинап, баланы шақырып:
– Ал, енді шырағым, не тілек етесің менен? – деп сұрады. Сонда бала:
– Тақсыр, мен не тілеймін, маған еш нәрсенің керегі жоқ. Бірақ мені жер бетіне шығарсаңыз болғаны, – деді. Патша ойланып отырып, бір мезгілде қатты күрсініп:
– Е, шырағым-ай, ең қиын жерден ұстадың-ау, – деді. – Олай болса, бұл жер астындағы адам баласы жер бетіне шыға алмайды, бірақ Күлдітөбе дейтін төбенің басында үлкен шынар терек бар, сол теректің төбесіне жыл сайын Семір құс деген жер жүзіндегі ең үлкен құс балалайды. Міне, сол құстың балаларын жылда бір айдаһар жылан жұтады. Балаларынан айырылған құс боздап, оның боздағанына бүкіл халық қосыла боздайды. Өйткені ол құстың ешкімге зияны жоқ, ешкімге төтенше істейтін қиянаты болмайды, бірақ тарыққан кісілердің мұңын шешеді деп есітеміз. Егер сол құстың жыланнан балаларын аман-сау алып қалсаң, сонда ол құс лаж жоқ жер бетіне шығарар еді. Бірақ ол үшін қырық мес ет, қырық мес су алу керек. Бұл заттарды өзіміз даяр етеміз. Онан басқа ешқандай қолдан келер іс жоқ, –деді патша.
Патша барлық жол азық жер бетіне ұшып шығу керек-кемтігін түгелдеп, баланы пәуескелетіп, Күлдітөбенің қасына әкеліп салды. Бала үлкен шынар теректің қасына келсе, бір айдаһар теректі өрмелеп, жаңа ғана шығып бара жатыр екен. Терек басында бастарын төмен салып, шиқылдаған құстың балаларын көрді. Бала жыланды қоя беріп, біраз тұрды. Бір кезде жылан балапандарға жақындап, біреуін аузына сала бергенде, дәлдеп тұрып басынан алтын садақтың болат ұшты, қос қанатты, тобылғы сапты оғын отырғызды. Ысқырған жылан әр бұтаққа бір-бір ілініп, жерге түсті. Жерге түскен жыланды екі-үш бөліп, қылышпен турап тастады да, өзі талдың басына шықты. Өлімнен алып қалған баланы балапандар ортасына алып, баланың ол бетінен, бұл бетінен кезек-кезек сүйісті. Сөйтіп тұрғанда, үлкен дауыл болды. «Бұл не?» – деп сұрады бала.
Балапандар: «Бұл – біздің шешеміздің келе жатқаны, соның қанаттарын қаққандағы пайда болған желі», – деді.
Бір мезгілде қатты жаңбыр жауды. «Бұл не?» – деп тағы сұрады. «Бұл біздің шешеміздің әлде балаларымды жылан жеп қойды ма, әлде тірі ме екен», – деп қамығып, жылап келе жатқаны. Жеті күннен бері бізді көрген жоқ. Бір алыс жолға сапар шегіп кеткен еді», – деді балапандар. Сәлден соң аспаннан құйылып, теректің басына келіп қонды. Қонғанда шынар теректің басы жерге иіліп, сәлем еткендей болды. Балапандар баланы қанаттарының астарына тыға қойды. Келген шешесін көріп, балапандар қуанды. Балапандарының аман-саулығын көріп, шешесінің қуанғанын адам айтып болмас. Балаларын тамақтандырып, аман-есен айтысып болған Семір құс: – Немене, осы жерден кісінің иісі шыға ма? – деп сұрады.
– Жоқ, ешкім келген жоқ, – деген дауыстар шықты. Шешесі аң-таң болып: – Не болған сендерге? Өмірі барлығың да сөйлемеуші едіңдер, әлде менен жасырып тұрсыңдар ма? – деді ашуланған түрмен.
Балапандар:
– Егер бір қасық қанын кешірсеңіз айтамыз, - деді.
– Кешірдім, айт, – деді шешесі.
– Айтсақ, жаңа бір мезгілде айдаһар жылан бізді жегелі жатқанда, аман-сау бізді айырып алды. Сенбесеңіз, анау жатқан жыланды көріңіз, – деді де, қанаттарын көтерді.
– Мынау ма? – деп, аузына сала салды. Балапандар шырылдап, шешесінің кеңірдегінен тас болып ұстап қалды. Баланы лоқсып, тастай салды да:
– Ай, шырақтарым, бекер еттіңдер, әйтпегенде, баланы сұлу бір адамзаттың артығы қылып шығарар едім, қап, сендердің айтқандарың болсын, – деді де, жайласып отырып баладан тегіс жай сұрап, балаларын аман-сау алып қалғанына көп рахмет айтты.
Бала басынан кешірген бүкіл уақиғаларын тегіс айтып шықты. Жолдасының иттік қылып тастап кеткенін, келіп жыланды өлтіріп, балапандарды аман сақтап қалғанына шейін айтып болғанда: «Қане, енді менен не тілейсің, тілегенінді айт», – деді.
Бала:
– Сізден менің жалғыз ғана бір тілегім – мені жер бетіне шығарсаңыз, – деді.
Семір құс біраз тоқталып тұрды да:
– Қап, шырағым, қиын жерден ұстадың, бірақ жарайды. Жер бетіне шығарсам, шығарып-ақ тастайын, – деп келісімге келді.
Олай болса, баяғы патшаның айтқанындай құс та:
– Қырық мес ет, қырық мес су алып, маған артып, көзінді тас қылып жұм да, екі қолыңмен менің аузымның екі езуін ұстап отырғын. Оң жаққа қарағанымда, ет бер, сол жаққа қарағанымда су бер, – деді. Бала патшаның әкеліп даярлап қойған қырық мес еті мен суын жақсылап Семір құсқа артып, өзі екі көзін шарт жұмып, екі қанаттың ортасына отырып алды.
Құс екі қанатын қомдап, біраз Күлдітөбені айналып, айналып жүрді де, аспанға көтеріліп барып, бұлттарға кірді де жоқ болды. Бір уақытта солға қарай жалт қарады. Бір мес суды жұлып алып, аузына салды. Сәлден кейін оң жаққа қарады. Онда бір мес етті жұлып алып, аузына салды. Сөйтіп, осындай тәртіппенен солға қараса – су, оңға қараса – ет беріп отырды. Бір кезде жер бетіне шығуға арқан бойы қалғанда ет те, су да таусылды. Екі қанаты талып, су терге түсіп, дәрмені құрып келе жатқан құс шөлдеп, сол жаққа жалт қарап еді, беретін еш нәрсе болмады. «Енді жер бетіне шығып қалғанда оның да, менің де құлап, жер астына түсіп, опат болғанша, я болмаса жарадар болып, оның таш-пышын тартқанша, басқаша айтқанда, айтқан жерде пәле жоқ, өзегі талып, қорек қылуға дым таппай келе жатқан бейшара қанат қағысынан адасып, жерге ұрып кетеді ғой, онан да болмас, бір көзім жоқ болса болады да», – деп бір көзін ойып алды да, аузын ашып, шөлдеп келе жатқан құстың аузына салды. Жер бетіне шыға бергенде оңға қарады, онда санының қара кесек етінен кесіп алып берді. Артынша ұзамай жер бетіне шығып, біраз жорғалап барды да отырды, қонды. Бала аман-сау шықты, шыққаны құрысын көзінен аққан қан бетін жуып, санынан аққан қан аяқтарын жуып, қансыратып талықсыратты. Мұны көрген құс жүрегі қалыбынан шығып кете жаздады. «Менің үстімде келе жатып ұйықтап, көзінді қарға шұқып қойды ма? Әлде жаңа жер бетіне шығарда берген суың мен етің бұрынғы беріп келе жатқан суыңнан, етіңнен өзгеше, өте тәтті еді. Сонда осы көзіңді ойып бердің бе?» – деп сұрады. Бала несін жасырсын, болған істің ет пен су таусылғанда ет пен судың орнына көзін ойып, сан етін кесіп бергенін айтты. Сол кезде: «Кәне, көзіңді әкел», – деп қан ағып тұрған көзді жалап жібергенде көзі бұрынғыша жарқ ете қалды, сол сияқты санын да жалады. Бұрынғыша ет пайда болып, қалпына түсті. «Бұл жеткіліксіз сізге», – деп Семір құс баланы жұтып жіберді де, қайтадан жерге тастады. Жерге түскен бала – жер жүзіндегі сұлудың бірі, ақылына ақыл, күшіне күш қосылып, адам айтқысыз адамзаттың перизаты болды. Семір құс баланың төбесін көкке тигізгендей етіп, айтқан уәдесін сол сағатта орындап, баламен аман-сау қош айтысып, бауырына баласындай қысып-қысып, қамығып, көзінің жасын бір төгіп алды да:
– Шырағым, маған ырза бол, мен саған ырзамын, інішектеріңді өлімнен құтқарғаныңды, ежелгі жауым жыланды өлтіргеніңді ұмытпаймын, тарыққан жерде мынау менің қылшығымды тұтатсаң, мен даярмын, қайда болмайын, сен үшін бір қасық қанымды аямаймын, – деді де, қылшық жүнінен жұлып берді. Қайта-қайта қош айтысып, ары қарап ұшты да кетті. Бала құстың қараңдаған, қалбаңдап қаққан қанатының екпіні бәсеңдеп, қарасы көрінбей кеткенше қарап тұрды да, бұл бері қарай жүрді.
Бала күн жүріп, түн жүріп, бір шаһарға кез болды. Бұл шаһарда қыбырлаған жан жоқ, ербиіп-ербиіп құр қаңсып қалған үйлерден басқа еш нәрсе жоқ. Бала аң-таң болып, тым болмаса бір жан бар шығар деп бүкіл шаһарды аралап шығып келе жатса, бір үлкен мешіттен саңқылдап бір құран оқып отырған қыз баланың даусы шықты. «Бұл кім болды екен, осынша шаһардан бір кісі көргем жоқ, бұл жалғыз кісі не қылып отыр екен, не де болса барып көрейін», – деді де, мешітке келіп кірді. Кірсе, ай мен күндей бір сұлу қыз судыратып құран оқып отыр. Кіріп келген бала қызды көріп, табанда ғашық болды. Қыз да баланы сүйген түрмен орнынан тұрып сәлемдесті. Екі жас біраз отырып айдала, иесіз үйде көп уақытқа дейін әңгіме құрып отырды. Бала осындай үлкен шаһардан қыздан басқа жан көрмегенін айтумен қабат, шаһардың халқы қайда, мал-жаны қайда екенін сұрады. Қыз:
– Бұл шаһардың халқы діннен шығып, Әзіретке тілі тигендіктен малынан мал, қайыр-зекет бермегендіктен жер жұтқан. Жалғыз ғана мен арабтың молдасынан жасырынып оқыған едім, дінді ұстай білдім, құранды ақ деп біліп, құдайды жалғыз-ақ деп білдім. Міне, соның арқасында менің аман қалғанымның себебі осы, – деді.
Бұған сенген бала қызға қосылады да, бір шаһарды өздері билеп тұра берді. Бір жеті өтпей-ақ бала азып-тозып, денесін көк ет басып, көк бақа бола бастады. Өзі ауыра бастады. Мұндай халге өзі туып душар болмаған бала бір жасырын сырдың барын сезгендей болды. «Көп тежелдемей елі бар, жұрты бар бір шаһарға барып, тәуіпке барып, тамыр ұстатайын», – деп жүріп кетті. «Көп кешікпей тез қайт, мен қорқамын жалғыз өзім», – деп пысықтап қыз қалды. Бала қабатындағы бір шаһарға жетіп, тәуіп-бақсыларды тапты, тамырын ұстатты. Ауруын айтты. Тамыр ұстаған тәуіптер: «Сенің ештеме ауруың жоқ, жалғыз ғана әйелің екеуіңнің араларыңда бір жасырын іс бар екен, тездетіп үйіңе бар да, кешке тамақ істегенде, әйелің тамаққа бір уыс тұз салса, сен екі уыс тұз сал, тамақтың тұзы ащы болсын. Сонан соң төсекке жатарда әйеліңнің көзін ала беріп, үйдегі судың барлығын төгіп таста. Сөйт те ұйықтамай, ұйқылы ояу болып жата бер. Сол кезде әйел мен екеуіңнің араларындағы жасырын іс шешіледі», – деді. Бақсы-тәуіптің айтқанын істеп, бала түн болғанда төсегіне жатты. Бір кезде қойнында жатқан қатын орнынан тұрды да, бүкіл қазан-аяқты салдырлатып, пияла-шәйнектердің бірін қоймай сырғытып, бір қасық су таппады да: «Бір қасық су қалмапты ғой?» – деді де қайта келіп жатты. Біраздан соң тағы да орнынан тұрды да, үйдің есігін ашты. Келіп төсекке жатты да, жылан болды. Ысқырып сусыды да, есіктен басын шығарып, ағып жатқан арыққа мойнын созып, бір кезде басы суға жетсе керек, солқ-солқ еткізіп жұтқанда жарым белі баланың қасында жатыр еді, баланың қарнын соқты. Бір кезде жиырылып денесін тартып алды да қайтадан адам болып, баланы қатты құшақтап тұрып, бұл бетінен бір, ол бетінен бір сүйді де, ұйқыға кірді. Мұны көрген бала шын араларында жасырын істің барын көзімен көрген соң, жылан әйелінен денесін аулақ салып, әрең дегенде таңды атқызды. Ертеңіне әйелін алдап: «Енді бұл елі жоқ, жұрты жоқ жерден не істейміз, онан да мен ел-жұрт іздейін де, соларға қосылайық», – деді.
Көптен ойлап жүргені де сол еді. Жылан әйелі:
– Барсаң бар, біз де ел қатарлы түтін шығарып отыралық, – деді де, ұлықсат етті.
Бала көзі көрген бақсы-балгерлерге келіп, болған жасырын істердің түрін айтты. Бұл хабар патшаның да құлағына тиді. Патша:
– Егер ол жылан болса, бүкіл шаһарды жұтады. Сондықтан оған арнап шойын үй салып, жан-жағынан көрік құрып, амалдап кіргізіп алып, отқа күйдіріп өлтіру керек, – деген ойға кірісті.
Айтқанындай-ақ үлкен шойын үй істетті. Сөйтіп барлық керек заттармен жабдықтап болған соң бала үйіне келіп:
–Ал, қатыным, көшеміз, патша біз үшін бір аяулы темір үйін босатып берді, – деді.
Мұны есіткен қатын тұра ма, мұның ойы да бір шаһарға амалдап жетіп алып, осы шаһардай тып-типыл етуге ниет қылып жүр еді. Сол сәтте көшіп, патшалық шаһарға келіп түсті. Қоралы қойды көрген қасқырша екі көзі тесіліп, шаһарға кіргеннен жан-жағына қараумен болды. «Мынау шетінен бастап жұтсам ба екен, я ана шетінен бастап жұтсам ба екен», – деп өзі терең ойға шомып та келді. Темір үйге келіп түскен бала сыр берместен дүние-тірліктерін кіргізумен болды. Әйел де оны-мұнысын жайғастырып жүрген болды. Бір кезде әйел үйге сүңгіп кіріп үйдің әбзелдерімен таныса бастағанда, бала көзін ала беріп, есікті мықты жапты да тысқа зып қойды. Есікті сыртынан құлыптап болған бала үйдің жан-жағынан даярлап қойған көріктерді басуға деп күтіп жатқан бір топ кісіге хабар етті. Дуылдап жиналған халық көріктерді тұс-тұсынан басып жіберді. Бір кезде үй қызды. Үй қызғанда үйдегі қатынның ақырғы «өлдім» деп шыққан даусы бір-ақ шықты да, жылан болып, құйрығымен үйдің қабырғаларын олай да ұрды, былай да ұрды. Бір кезде қып-қызыл болып кеткен темір үй суып басылғанда ашып көрсе, күйген көмір болып, томар-томар болып жанған жыланның денесін көрді. Патша кешке бүкіл уәзір, жасауыл, сегіз санат-манаптарын шақырып, болған оқиғаның әңгімесін баладан сұрады. Бала жер астынан шығып, бір жан жоқ, қаңсыған шаһарға кез болғанын, онан ешкімді көрмей мешітте құран оқып отырған жалғыз ғана ай мен күндей қызға жолығып, шаһардағы болған оқиғаның әңгімесін сұрағандығын айтып шықты. Онымен қабатта өзінің басынан кешіріп келе жатқан кемшіліктерін жауып, «егер осы қыз жылан болып шықпай, шын өзінің айтқанындай болса, өмірлік жолдас етіп, еліме бармақ едім» дегенді айтты да төмен қарады. Әңгіме анық болды. Айтушылардың сөзіне қарағанда жыланның оқиғасы мынау болып шықты. «Бұл жылан мың жасап түрлі түрде сиқырлық өнердің барлығын білетін болған. Ақыры жаннан асқан сұлу қыз болып оған кездескен жігіттерге тиіп, сонымен халқы көп жерге келіп алып, бұрынғыша жылан болып елді, жұртты жұтумен келе берген. Ақыры ол шаһарға да келіп, осындай ретпен оны да жұтып, енді қалай қарап жүрерін білмеген жылан мешіттің төбесіне шығып, күн көзінде жатқан. Келе жатқан кісіні көрген соң табанда адам болып, кітап оқып отыра қойған еді. Ақыры келіп мынау болып шықты. Жылан да шын ажалына жолыққан екен. Өлгені де жақсы болды. Олай болмағанда біздің шаһарға да келіп жұтқан болар еді» деп көп әңгіме айтысып тарасты. Өзіне-өзі келіп демалып, тыныққан бала патшамен қош-аман айтысып, еліне қарай жолға шықты. Күндерде бір күн еліне де келіп жетті. Елінің шет жағасына келіп, малшы балаларға жолығып, бүкіл ауылдағы жаңалық хабарлардың барлығын да білді. Малшылардың айтуына қарағанда, бұрынғы өзінің жолдасы патшаны орнынан түсіріп, өзі патша болып, елді бір шыбықпен айдап, зұлымдық істеп отырғандығын, нағашы атасын қорлап, отыншы, сушы етіп отырғанын есітті. Мұны есіткен бала тоғайлы жерден тоғыз түйеге шеңгел отын арттырып, патша досының үйіне келді. Баланы көрген патша шыбын жанын қайда тығарын білмей, «қой не де болса жалынайын, жалбарынайын, мүмкін кешірім етер» деп алдынан шығып, сәлем берді. Бала сәлемін алмай, тоғыз түйеге артылған шеңгелдің ортасына байлап, бүкіл халқының алдында от қойып, өртеп жіберді. Сөйтіп, елін ер, жерін жер қылып, бала мұрат-мақсатына жеткен екен.
28. [Сіргелі ұрпақтары]
Отыз ұлды Ойсыл немесе Сіргелі ұрпақтары - Ойсыл отыз ұлды болыпты. Хан Жәнібектің уақытында әрі дәулетті бай, әрі өте зорлықшыл болған екен. Олардың ішінде Бораш мырзаның домбырашылық өнері басым болыпты. Бораш әрі балуан, батыр болыпты. Ол хан Жәнібектің қызына ғашық болып, сөз байласып, кездесіп жүреді. Бір күні қыздың екі қабат екені де білінеді. Бұл ұнамсыз жағдай Жәнібек ханның құлағына шалынып, ол ашуланып, қыздың шешесін алдына шақыртып алады да:
– Сенің басыңды кесемін, қызыңа неге ие болмайсың?! – дейді.
Оған ханның бәйбішесі:
– Хан ием, сіздің қолыңыздағы қаншама уәзір мен жасауылдар батыр да палуан денелі Бораштың бетін қайтара алмағанда, менің қолымнан не келеді? – деген сұрақпен жауап беріпті.
– Бас уәзірді шақыртыңдар, – деп айқайлайды хан.
Жәнібектің бас уәзірі Жағалбайлы руынан шыққан кісі екен. Бас уәзірі Қырғиқабақ та ханның қызына іштей ғашық болып жүреді екен. Хан осы уәзіріне:
– Елдің аузына қақпақ бола алмайсың. Бұдан Борашқа қызымды беріп құтылайын ба, қайтеміз? - дегенде ол:
– Үш күнге мәулет бер, мен ойланып, жауабын берейін, – дейді. Үш күннің ішінде, өз ойынша, бас уәзір бір іс жоспарын жасайды да, хан алдына кіріп:
– Тақсыр, хан ием, Борашқа қыз беруге болмайды. Біріншіден, Сіз хан тұқымысыз, ол – қара. Екіншіден, зорлықшыл отыз ұлды Ойсылмен құдаласып, қандай жетістікке кенелемін дейсіз. Одан гөрі оларды үрім-бұтақтарымен қоса, көздерін құрту керек. Ол үшін «қызымды беремін» деп дәмелендіріп, өтірік той жасаңыз. Отауларды қатар-қатар, бір-біріне тіркеп, қырық отау тіккізіп, олардың ішінен ор қаздырып, босағаларына екі жендеттен қойыңыз. Күтуші жігіттер құда балаларды отауларға біртіндеп кіргізсін. Сол кезде екі жендет олардың басын кесіп тастай берсін, – дейді.
Жәнібек хан сөзді мақұл көреді де, Ойсылдың бір баласы ту ұстаушы Тұрымбетті өлімге қимай, көп уақыт жүретін, ұзақтау сапарға жұмсайды. Сөйтіп, «Борашқа қызымды беремін» деп, Ойсылды бар балаларымен қоса тойға шақырады. Ол оның алдында, жаңадан ғана Алшын руынан Қыдырбай деген дәулетті кісінің қызына үйленген көрінеді. Жас қатын үстіне тоқал түсетін бұл құдалық жолына ырзалық бермей, өкпелеп жүреді. Бораш ханның қызына қалайда некелесіп, қосылуды көздейді де, наразы қатынын төркініне апарып тастайды.
Ойсылдың бауыры Үйсілдің жеті ұлы бар екен. Олар:
– Хан сендермен құда болуға қалай келісім беріп отыр? Сонда амалсыздан қызының сырын ашық жария еткені ме? Бұл ақылға қонбайды. Тойға бармаңдар, хан қиянат жасайды, – дейді.
– Сендердің бос үгіттеріңе сеніп, басымызға кеп тұрған бақытты тебеміз бе? – деп, Ойсыл балаларының біреуі де оларды тыңдамай, тегіс тойға барады. Болашақ құда балаларды сақадай сай қаруланған жігіттер күтіп алып, қолтықтап, тігілген ақ отауларға біртіндеп кіргізеді. Екінші бір күшті жігіттер аттарды байлап, үзеңгілерді сылдыр еткен даусын шығармай, кесіп тастай береді. Соңында жеті-сегізі суық тірлікті байқап, қашып аттарына мініп үлгіреді. Сол уақытта алдын-ала дайындап қойған найзаларды найзагерлер алады да соңынан қуады. Үзеңгісі жоқ тұлпарларға мініп, Ойсыл балалары ойдағыдай шайқаса алмай, көпшілігі опат болады. Олардың ауылына хан жасағы келіп, жас балалар мен екіқабат қатындарына дейін жусатып салады. Сол кездегі отыз ұлды Ойсыл ұрпақтарының қырылған жері «Өлікті» деп аталады.
Әйел затынан хан мен оның жасауылдарының киімін тігетін, он саусағынан өнері тамған "алтын қайшылы" шебер әйел – Әзбике деген қатын ғана аман қалады. Ойсылдан ұрпақ қалдырмауға бекінген ханның оған мән бермеуінің себебі – Әзбикенің бедеу атанып, бала көтермегенінен екен. Хан қызының толғағы келіп, ұл туады. Жібек жөргекке орап, далада малдың жатқан жерінен көң ашып, баланы соған жасырып, Әзбикеге хабар етеді. Әзбике анамыз баланы бауырына басып, емізіп еміренгенде, бедеу атанған анамыздың емшегінен өз-өзінен сүт шығады. Оң жақта отырған қызының екі қабат боп қалған жағымсыз ісінен кейін Жәнібек хан намыстанып көшіп, Ертіс басы Қарадеңгейге барып, сол жақта хандық құрады. Тұрымбет батыр алыс сапардан оралып келсе, бауырларына хан Жәнібек қырғын келтіріпті. Тек Жәнібек батырдың қызынан туылған Бораштың баласы ғана Әзбикенің қолында қалыпты. Ол баланы ел-жұрттан жасырып, көңге көміп, ылғи іңірде емізіп, баға береді екен. Содан "көң, көң, көң, іңір, іңір, көңір" деп жүріп, бала «Көңірдек» атанып кетеді. Бұрын бедеу атанып, енді ғана қос анарынан сүт шыққан алтын қайшылы Әзбике Тұрымбетке қосылып, Нан және Нау деген екі ұл перзент көреді. Кейбір шежірелерде Науды "Манат" деп атаған жері де бар. Әрі-бері өткен жолаушы Тұрымбеттің үйінде ойнап жүрген үш баланы көріп: "Мынау бейшаралардан да үш таңба қалыпты ғой" – деп айтады екен. Сонда Көңірдек, Нан, Нау үшеуі «үштаңбалы» аталады. Тұрымбет Жәнібек ханның туын ұстаушы болғандықтан ел-жұрт Тұрымбеттен туылған Наудың үрім-бұтағын «тутамғалы» деп атап кетіпті. Шешесі Әзбикенің "алтын қайшылы" шебер аталғандықтан оның Нан деген баласының ұрпағынан «қайшылы» руы тарапты. Кей деректерде қайшылы Әзбикені «қайшылыбике» деп те атайды. Бораш батырдың төркініне кеткен қатынынан ұл бала туылып, оның атын Құбасай қояды. Ол кей әңгімелерде Құтабай деп те аталады. Құсабай дегені алпамсадай палуан боп өседі. Он екі жасқа толып, балиғатқа жетіп, додаға түскенде, одан серкені алатын жан шықпайды. Ақыры Алшын- Жағалбайлылар намыстанады да, Қыдырбайға: "Сен елмен бол, я болмаса, жиеніңмен бол!", – депті. Содан Құбасайдың алдына құлынды қырық биені салып, еліне қайтарады. Сонда бала:
– Мұнша көп малды алдыма салдыңыз. Жол торыған ұры мен қарақшы кездессе, малымды аламын десе қайтемін? – деп сұрайды.
– Байұлымын десең, ешкім тиіспейді, – депті атасы. Содан Құбасайдың лақап аты «Байұлы» боп тарап кетеді. Ол уақытта биенің қымызын жолда азық етеді екен. Сондықтан да нағашы жұрты құлындар биені еміп қоймасын деп, құлындарының мұрнына сірге өткізіп, мұрындық салып береді. Құбасай еліне келіп, Тұрымбеттің үш баласына келіп, аман-есен қосылады. Бұрынғы үштаңбалы енді төрттаңбалы боп атанады.
Көңірдектен Уылдырық, Буылдырық деген екі бала болады. Дәулет бітіп, ақ отау тігіп отырған Уылдырық ұрпағы – Ақкөңірдек атанса, кедейлеу болған Буылдырық ұрпағы – Қаракөңірдек атанып кетеді. Құбасайға нағашылары тарту еткен құлындарының біреуі жүйрік болып шығады. Оның жүйрік сіргелі тай деген атағы тарап, "Сіргелі, Сіргелі" деп жүріп, Ойсылдың өсіп келе жатқан жалпы әулеті «Сіргелі» аталып қалады.
29. Таңба
Қазақтың Кіші жүзінің ішінде он екі ата Байұлынан тарайтын іргелі рулардың бірі – Адай. Бұл рудың ұраны – Бекет, таңбасы – садақ. Жебенің ұшына ұқсаған таңбаны ел ішінде "ортасы тілік үшкіл таңба" деп те атайды. Осыған байланысты ел ішінде айтылатын әңгіме бар. Есте жоқ ескі заманда Бай (Байұлы – Қыдыр) деген кісінің балалары енші бөлісіпті дейді. Еншіні Байдың адуын бәйбішесі бөліп, әр баласының таңбасын қоса атап отырады. Осы кезде, өзгеден саяқтау жүретін, тентек мінезділеу бала Адай жүгіріп келіп: "Апа, менің де таңбамды аташы" дегенде, адуын бәйбіше үш саусағымен бұтының арасын сүйкей нұсқап "Міне сенің таңбаң!" деген екен. Сол жерде бәйбішенің қимылын көзі шалып қалған Бай: "Әй, бәйбіше-ай, бүкіл ырыс-құтың Адайға кетті-ау!" депті дейді. Десе дегендей, бір мүшел айналғанда, Адайлар 600 шаңырақ болса керек. Шынында да он екі ата Байұлының ішіндегі ең бір өсіп-өнген ру – Адай. Ал, Байдың бәйбішесінің борбайын үш саусағымен нұсқаған ишарасы кейін ортасы тілік, үшкіл таңба болып белгіленетіні содан қалып еді дейді.
ІІІ. ЭТИОЛОГИЯЛЫҚ МИФТЕР
1. [Көкек]
Әулие туған жиенін есіктің алдында жайылып жүрген атын әкеліп беруге жұмсайды. Бала өте жалқау екен. Есіктің алдына шығады да, қайтып келіп: "Көке, ат жоқ", – дейді. Нағашысы қайта жұмсайды. Тағы: "Көке, ат жоқ", – дейді. Үшінші, төртінші жұмсағанда да осылай деген соң: "Ат жоқ көкек болып кет", – деп қарғайды. Сол кезде бала көкек болып, пыр етіп, ұшып кеткен көрінеді. Адам формасын жоғалтқан адам Алла Тағаланың әйтеуір бір мақұлқатына ұқсауға тиіс: "Ат жоқ көкек" бұрыннан бар сасық көкекке ұқсапты. Бірі "көкек" деп шақырса, бірі "ат жоқ көкек", – деп шақырады. Кәдімгі түркі тілінде.
2. Байұлы (1-нұсқа)
Ілгері өткен заманда, дүниеде жоқ бай болыпты. Бірақ оның баласы болмайды. Жаратқанға жалынып, сыйынбаған мазары, бармаған жері қалмай жүріп, жасы жетпіске таяп қалғанда жалғыз ұл көреді. Баласы жастайынан елдің тілін алмайды, өзінің білгенін істеп, теріс болып өседі. Ата-анасының тілін алмайды, сөзін ұқпайды, шаршатады. Ата-анасы басқа қылар айласын таппайды. Ақыры атасы «Құс болып, ұлып қал, ұяң таста болсын», – деп қарғайды. Атадан қарғыс алған жалғыз бала "байұлы" деген құсқа айналып қалған екен. "Ата қарғысы – оқ" – деген сөз қалған екен елде.
3. Байұлы (2-нұсқа)
Ілгеріде бір сараң бай жасапты. Әйелі де дәл өзіндей, бетіне көгі шыққан жан екен. Олардың жалғыз ұлы болыпты. Бай мен бәйбіше қартайып, билікті ұлына береді. Қолына билік тиген соң, ерке өскен байдың ұлы байлыққа, дәулетке есіріп, қарапайым елге өз білгенін істейді. Атасынан өткен сараң, тас бауыр, еш нәрсеге тәубе қылмаған, аш көз байдан жапа шеккен кедейлердің арасынан бір қария шығып: "Халықтың қамын ойламаған, өз өңешін ойлаған, тас бауыр басқарушының керегі жоқ. Ылайым адам болып, ел басқармай, қанатты болып қалғын" – деп қарғайды. Содан кейін байдың ұлы құсқа айналып, бай ұлы деп айтылып, бара-бара «байұлы» деп аталып қалыпты. Сол рахымсыздығынан, осы күнге шейін, жалпы адамзат байұлын көргенде: "Атаңда алпыс өшім бар, анаңда елу өшім бар" – деп ұрып, қуалап жатады.
4. Құс жолы
Айсыз, ашық, түнгі аспанда айқын көрінетін солтүстіктен оңтүстікке созылған ақ жолақ (құс жолы) аспандағы елдің жазда солтүстіктегі салқын жайлауларына, ал, қысқа қарсы оңтүстіктегі қыстауларына қарай көшетін «көш жолы» деп түсіндірілген.
5. ["Қызылқан"]
"Көктемде ұшып келіп, күз түссе, жылы жаққа қайтатын жыл құстарының ылғи алдын бастап, қарқара тарта ұшып отыратын "Қызылқан" атты бір құс болыпты дейді. Қызылқан өзінің соңындағы мың сан құсты небір қанат талар шөлден, топшы талар белден өткеріп, оты-суы мол өлкеге бастап келіп жүреді екен. Бірде, моншақтай тізіліп, жылы жақты сағалап келе жатқан қалың құс қарлы боранға ұрынып, жойдасыз шығынға ұшырапты. Сонда, соңынан ерген ұяластарының ауыр халіне күйзелген Қызылқан мұңын шағып, Тәңірге барады. Тәңір Қызылқанның шағымын тыңдап болып: "Е-е, түз тағысын табиғатпен тілдес етпей болмайды екен. Жарайды, мен сендерге адаспай ұшу үшін аспаннан жол салып берейін!" – деп, көк жүзіне ақ белдеу жол салып береді. Аспандағы ақ белдеу құс жолының пайда болу себебі содан болса керек.
6. Тәтті ауылы
Бала кезімде естуші едім. Әкем мынадай аңызды айтып отырушы еді: Жыл сайын, көктем айларында осы өңірге бір жұп сарала қаз ұшып келетін. Ілгеріде мұның біреуі – кедей жігіт, екіншісі – атағы шыққан байдың сұлу қызы болса керек. Екі жас көңіл қосып, үйленбекші болады. Қыздың әкесі наразы болыпты. Сонда әлгі жігіттің әкесі:
– Сендерге бәрібір тыныштық бермейді. Одан да екеуіңді қазға айналдырып жіберейін – дейді.
Содан бері әлгі екі қаз жұп жазбай жыл сайын, көктемде, осы өңірге келеді. Оларды ешкім атпайды екен. Шын мәнінде, Тәтті ауылында, Қорағаты өзенінің бойына осы екі қаз жыл сайын ұшып келеді де, күн суытар кезде қайта жылы жаққа қайтады. Осы аңызға сүйеніп, оларға ешкім қол тигізбейді. Бір ғажабы сол екі қаз көбеймейтін көрінеді.
7. [Баяғыда бір құс ...]
Баяғыда бір құс болыпты. Түсі көкшіл, тоғайда немесе шөптесінді, сайлы жерде мекендепті. Ертеңгілікте оның "ат жоқ, ат жоқ" – деген даусын ерекше естисің. Ол көкек деген құс еді. Баяғыда бір жігіт болған екен, оның жалғыз аты болыпты. Бір жаққа шыққанда, қарындасы оның атын қарауылдайды екен. Бірде қарындасы аттан көз жазып қалыпты. Ағасы "Ат қайда?" – десе, "Ат жоқ", – депті. Ағасы ашуланып: "Жоғал", – дегенде, қыз көзден ғайып болыпты. Ертеңгілікте атын іздеуге шықса: "ат жоқ, ат жоқ", – деген дауыс естіпті. Жақындап қараса, көкек құс екен. Қарындасты ренжітуге немесе ұрсуға болмайтын дәстүр осыдан қалса керек.
8. [Бір үйдегі апалы-сіңлі]
Бір үйдегі апалы-сіңлі қыздың үлкені тұрмысқа шығады. Жездесінің аты жоғалып, кіші қыз оны іздеуге шығып, өзі де жоғалып кетеді. Енді ол үнемі: «Ат жоқ, құқұқ!» деп жүргені. Тек қыз асығыс киінгенде бір аяғына өзінің қара етігін, екінші аяғына жездесінің қызыл былғарыдан тігілген етігін киіп кетіпті. Сондықтан көкектің аяғы екі түрлі болып қалыпты.
9. [Итала қаз]
Көнекөз қарттардың айтуынша, шынында да құмай "итала" қаздан туады екен. Оның түсі қоңырала, торала болып келеді де жыл сайынғы шығарған балапандары құмай бола бермейді екен. Итала қаз құмайды он жылда немесе жүз жылда бір рет, тек қана молада туатын көрінеді. Оның шығарған үш балапанының екеуі қаз болып ұшып кетеді де, біреуі құмай болып шығады-мыс. Осы құмай ұшқан құспен тең, аң құтқармайтын жүйрік, өте алғыр, ақылды болады дейді.
10. Тауқұдірет
Есте жоқ ескі заманда домбырада жалғыз ғана ішек, тауқұдіретте жалғыз ғана қанат болыпты. Тауқұдіреттің жалғыз қанаты еркегінің оң жағына, ұрғашысының сол жағына бітеді екен. Домбыраны жасаған шебер жалғыз ішекпен көсілтіп, күй тарта алмайды. Ал, жалғыз қанатты тауқұдірет қалықтап ұша алмайды. Домбырашы не істерін білмей іштен тынады. Тауқұдірет болса күндіз-түні Тәңірге мұңын шағып, қалықтап ұша алатын қос қанат сұрап, "құдірет-ау, құдірет" деп жалбарынумен болады. Күндердің бір күнінде тауқұдіреттің аталығына Тәңір ой салады: "Бүйтіп зарлап жүре бергенше талпынып, тірлік етіп көріңдер" – дейді. Содан, аталық тауқұдірет пен аналық тауқұдірет қолдасып ұшуды ойлайды. Бірінде оң қанат, екіншісінде сол қанат, екі тауқұдірет бір-бірімен қолдасып, қанаттарын кере серпеді. Сол кезде жерден бауырлары көтеріліп, қалықтай ұшып жөнеледі. Жер беті дөңгеленіп, төменде қалады. Қос тауқұдіреттің қанаттарын жел сүйемелдеп, көк жүзінде рахаттана самғайды. Сонда көңілдері шаттанған қос тауқұдірет қуаныштарын жасыра алмай "құдірет-ау, құдірет, мұныңа да шүкіршілік!" – деп Тәңірге ризашылықтарын білдіріпті. Кейін бұл тауқұдіреттерден туған балапандарға Тәңір қос қанат дарытып еді дейді. Осы оқиғаға куә болған домбырашы "қос қанат бірігіп еді – ұшты, егер домбырада қос ішек болса ше?" дейді де, екінші ішек тағып көреді. Сонсоң, қос ішекті домбырасын тартып көрсе, ғажайып үн шығады дейді. Тіптен, риза болғандығы сонша, ең алғашқы күйін тауқұдіретке арнайды. Тауқұдіреттің алғашқыда қалай қиналғанын, "құдірет-ау, құдірет" деп Тәңірге қалай жалбарынғанын, сонсоң қолдаса ұшып, көкке самғағанын күй тіліне салады. Шынында да, бұл күйді тыңдап отырғанда, көсіп шертетін тұстары "құдірет-ау, құдірет" деп, сөйлеп қоя бергендей әсер етеді.
11. Бөдене hәм Түлкі
Түлкі тоғайда келе жатып, шалғын шөптің арасынан бөденені ұстап алып:
– Бөдешім, мені бір күлдірші, мен сені жемей қоя берейін, – депті. Бөдене түлкінің бұл айтқанына бек қуанып, оны бір жатақта қалған кемпір мен шалдың қара лашық үйіне алып келіп:
– Сен осы жерде қарап, тоқтай тұр, – дейді де, ұшып барып, сиыр сауып отырған кемпірдің басына қонады. Шал үй жанында қайың шоқпарын жонып отыр еді, бұл бөденені көріп, кемпіріне:
– Қимылдамай отыра тұр, мен мына басыңдағы бөденені соғып алайын, – деп, шоқпармен бөденені салып қаламын дегенде бөдене ұшып кетіп, шоқпардың тиген зардабынан кемпірі сүт-мүті, шелек-мелегімен қорқып, құлай кетті. Түлкі мұны көріп, қабағы шат болып, қарқ-қарқ күлді. Мұнан кейін түлкі айтты:
– Бөдешім, енді мені қорқытшы, – дейді. Сонда бөдене айтты:
– Жарайды, жалғыз-ақ сен көзіңді жұмып, менің "бытбылдық" деп жүрген жеріме, сен де жүріп отыр, – деп ілгері ұшып кетті.
Түлкі мұның даусының соңынан бірге жүгіріп отырды. Бұл халде сол маңайда бір байдың көші келе жатыр еді. Бұл бай көшінің алдында ителгі hәм тазы иттері бар, ерігіп келе жатқан көш басшыларына бөдене түлкіні тура бастап алып келіп, жақындаған мезгілде түлкіге:
– Көзіңді аш! – дейді. Түлкі байғұс ажалының жақындап қалғанын көре салып, тұра қашады. Бұл қашып бара жатқан түлкіні көре сап, көш басшылар қолдарындағы ұстаған құстарынан томағаларын жұлып алысып, жетелеген тазы иттерін түлкіге қосып, тайлы-таяғы қалмастан көтеріле қуып кетеді. Түлкіні иттер әр жерде бір шалып, ауыздарына түсіре алмай жүргенде алдарынан бір қоян қашып, иттер соны қуып кеткенде, түлкі біржағынан бұлт етіп, бір суырдың ініне кіріп кетіп, құдай сақтап, аман қалады. Көш өтіп кетті hәм көш басшылар түлкінің жасырынып қалғанын байқамай, олар да иттерін жинап алып, кетіп қалады. Бөдене әбден көш арылып болған соң түлкіге келіп:
– Көрсеткен ісіме разысың ба? – деп түлкіден сұрайды. Сонда түлкі естімегенсіп:
– Бөдешім, қорыққанымнан құлағым еш нәрсе естімей тұр, келіп тұмсығыма қонып тұрып айтшы, – дейді. Бөдене бишара еш нәрседен хабарсыз, түлкінің тұмсығына қонып отыра қалғанда түлкі бөденені аузына қағып алады. Сонда бөдене:
– Түлкі ағатай, тоқтай тұр, сенен сұрайтын бір ауыз сөзім бар, мұны білуге көптен ынтық едім. өлсем де арманым ішімде кетпесін, осы аңның атасының аты не! – дейді. Түлкі мұның амалмен сұрап тұрғанын білмей:
– Маңғыт, – дейді. "Маңғыт" деп түлкі ауыз ашып жібергенде бөдене:
– Түлкінің аузына бір саңғыт, – деп, түлкінің аузынан ұшып кетіп қалады.
Бұрынғыдан қалған бір сөз бар: бөдене түлкінің аузынан шыға бергенде, түлкі қайтадан аузын жауып қалып, бөдененің құйрығын жұлып қалыпты деген, сол себепті бөдене шолақ болыпты деседі.
12. Бөдененің құйрығы неге қысқа?
Бұл былай болған екен. Ертеде мынау, төмен жақта бір биік тау болыпты. Ол таудан ары қарай ешбір құс асып өте алмапты. Нелер ұшқыр, қыран құстар талаптанып көріпті. Бірақ шамалары келмепті. Бүркіттің ұшқыш қыраны келіпті, аса алмапты. Қырғидың атақтысы келіпті, ол да аса алмапты. Ең соңында «Енді кім қалды?» дегенде бөденеден басқаның бәрі сыннан өтіп біткен екен. Бөдененің атақтысы шақырылыпты. «Тәуекел» деп, бөдене ұша жөнеліпті. Шырқап көтеріліп барып, таудан ол да аса алмапты. Содан соң ызаланған бөдене зымырап құйылғаннан құйылып кеп, тауды көкірегімен соққан екен дейді. Сонда ол таудың ар жағына бірақ өтіпті. Міне, содан бері қарай бөдене қонғанда, аяғымен қонбайды, көкірегін жерге соға қонады. Ал құйрығы неғып қысқа десек, әлгі тау тесігінің арасында жұлынып, қалып қойыпты... Әйтпесе, бұрын бөдененің құйрығы қырғауылдың құйрығындай ұзын болса керек. Сөйтіп биік таудан аса алмаған құстар ары қарай бөдене тескен тесіктен өтіп барыпты.
13. Қарлығаштың құйрығы неге айыр? (1-нұсқа)
Күндердің бір күні жылан жер жүзіндегі жанды мен жансыздарға мынадай арыз айтады:
– Мені Тәңірім сендердің бәріңнен кем жаратыпты. Аяқ-қолым жоқ. Басымды көтере алмай, жер бауырлап қалдым. Не жеп, не қоярымды да білмеймін. Сендердің бәрің бір бүтін тілдісіңдер, ал мен айыр тілдімін. Ойлап отырсам, жанды мен жансыздың ішіндегі сорлысы мен екенмін. Маған ешқайсыңның жәрдем еткілерің келмейді. "Сен қасіретті көп тарттың, ондайлар әрдайым әділ келеді, сен барлығымызға патша да бола аласың" – деп, сөзбен болса да жұбатып кетпейсіңдер, – деп, ол екі көзінен қанды жасын сорғалатып, ағыл-тегіл жылайды.
Жанды-жансыздардың барлығы жыланға аяныш білдіріп, өкпесін орынды көреді. "Қарасың деп қақпайтын, қара қылды қақ жарған, ақ жүрек ақылшымыз болар", – десіп, өздеріне патша етіп сайлайды.
Жыл артынан жыл, күн артынан күн өтіп жатады.
Күндердің күнінде жыланекең: "Бүкіл әлемге патша болып, барлық билікті өз қолыма алсам, бұдан да жақсы тұрар едім. Көзіме көрінген тамақты ішпей, дүниедегі жандылардың ең тәтті қандысын жер едім", – деп қиялдайды. Қан дәмін айыра алатындарды шақырады. Қос қанатын делдитіп, аяқтарын шілтитіп, қуарып шіркей, тұмсығын едірейтіп сона – патшаның көңілін табам деушілердің бәрі келеді.
Патша осылардың ішінен шіркей мен сонаға:
– Жер жүзін аралап, өсімдіктердің дәмін татып, жанды-жансыздың қанын сорып қайтыңдар, тек бұлар ғана емес, қаттыдан тастың, жұмсақтан топырақтың да дәмін алыңдар. Дүниедегі ең тәтті зат бұдан былай менің тамағым болатындай етіңдер, – деп уақыт кесіп, бүкіл әлемді шарлатып жібереді.
Күн артынан күн өтіп, патшаның кесіп берген мезгілі де жетеді. Шіркей әлсіздігінен жел болса, шөптің түбіне қашып тығылып, тымықта ыңылдап ән салғансып жүріп, кешігіп қалады. Ал сона өсімдік пен жандылардың ең тәттісін біліп алып, патшасына қарай әуелей ұшып, әндетіп келе жатқанда, қарлығаш кез болады да:
– Иә, досым, патшамызға ең тәтті тамақ іздеп кетті деп естіп едік, таптың ба?
Сона қарлығашты менсінбей, сұрағына жауап қатпай, бұрынғыдан да бетер зулай жөнелді.
– Ә, ә, түсіндім, түсіндім! Жолың болып, іздегеніңді тапқан екенсің, достым... Азаматсың өзің! Сенің ептілігіңді, еш нәрседен тайынбайтын беттілігіңді білгемін. Осы қасиетіңді енді барлық қанаттыларға айта жүретін боламыз, – деп қарлығаш сонадан сыр тарта, мадақтай сөйлейді.
Бұл мақтауға сонаның есі шыға мақтанып:
– Патшамыздың тамағына кімді тапқанымды білесің бе?
– Е, сона досым, мен не білуші едім? Сізден денемнің үлкендігі болмаса, ақылым аз емес пе? Сіз патшаның ақылшысысыз. Қане, төрем, айтыңызшы, ардақты патшамыздың тамағына кімді таптыңыз?
Сона еліре түсіп:
– Дүниеде патшамызға лайықты ең тәтті тамақ адам қаны екен.
"һм... Адам сияқты ақылды да айлалы жан – домаланған сілімтік жарымжанға жем болып қала ма", – деп, қарлығаш бір амал ойлайды.
– Менің ақылымның қысқалығы осы емес пе, сона төрем! Адамның қаны тәтті дегеніңізге сенер-сенбесімді білмей келем. "Дүниеде тәтті қанды тауып, дәмін татқанның тіліне алтын мөр түсіп қалады", – деп, шешем көп айтушы еді. Кәне, тіліңізді шығарып, мөріңізді көрсетіңізші. Алтын мөрге көз салғанның өзі біз үшін үлкен бір медеу ғой.
Бұл мақтауға елірген ессіз сона:
– Көрсең көре ғой, байғұс! – деп тілін ұсынады. Қарлығаш шап беріп, сонаның тілін жұлып алғанда, ол сөйлей алмай, ыз-ыз етіп, патшасы жыланға қарай ұша жөнеледі.
"Қош, тілің жұлынды. Аузыңа құм құйылды. Адамның қанының тәттілігін енді қалай түсіндірер екенсің!" – деген оймен қарлығаш артынан ұшады. Сона бірдемелерді айтқысы келіп, ыз-ыз етіп зар қағады. Бірақ ешнәрсені түсіндіре алмайды жыланға.
– Мұның тілі аузынан түсіп қалған ба, немесе жынданған ба? Мынаның не деп тұрғанын түсінгендердің бар ма? – деп, жылан тұрғандарға қарайды.
– Өте түсінікті, патшам! – дейді қарлығаш сонда.
– Түк көрмей кетейін, бірдеңе ұқсам, кәне түсінсең айтшы, не деп тұр?
– «Ызыңдап ұшып жүріп, бүкіл әлемді араладым. Бірақ неше түрлі өсімдікті өзі өсіріп шығарған топырақтан басқа ешнәрсені таппадым» дейді патшам!
Тілі сөйлеуге жарамаса да, құлағы сау сона мұны естігенде, жаны шығып кете жаздайды. Ол ызыңдап кеп, қарлығашқа екі-үш рет тиіседі де жыланның алдына барып, жылап жібереді.
– Ә, ә, мұның тіліне бір пәле қылған сен екенсің ғой, – деп, жылан қарлығашқа атылып кеп кетеді. Қарлығаш ұша жөнеледі.
Жылан ұша жөнелген қарлығаштың құйрығын ғана тістеп қалады. Жылан содан былай топырақ жалап, ал сона ызылдап қалады. Адам жыланды көрсе өлтіріп, басын езетін болады. Қарлығаш жыланнан қорқып, адамды дос тұтып, үйдің ішкі төбесіне ұя салады, бірақ оның құйрығы кем – екі айырық болып қалады.
14. Қарлығаштың құйрығы неге айыр? (2-нұсқа)
Бір күні жылан: «Дүниеде ең тәтті қан қайсы екен, біліп кел!» деп масаны жұмсайды. Күндіз-түні тыным таппай кезіп, талай-талай жан-жануардың қанын татқан маса, қайта оралып жыланға келіп: «Дүниедегі ең тәтті қан – адамның қаны екен» айтпақшы болады. Сол сәтте қарлығаш масаның тілін шұқып алады. Маса сақау болып, ызыңдап қалады. Мұны көрген жылан қолма-қол жұтып жібермек болып, қарлығаштың құйрығына ауыз салады. Қарлығаш қатты жұлқып шығып кетеді. Құйрығының ортасы кетіліп, жыланның аузында қалады. Бірақ жылан аман қалмайды. Аузынан жұлқынып шыққан құйрық оның тілін жыртып кетеді.
15. Жарқанат неге түнде ұшады?
Бір күні Сүлеймен ғалаиссалам барша құсты жиып алып айтыпты: "Мен бұ күнде қартайдым, етіме жұмсақ төсек болмаса болмайды. Баршаларыңыз барыңыздар, бір-бір жүндеріңізді беріңіздер, содан төсек істеуге керек" дейді. Сонда барша ауадағы құстардың бәрі де бір-бір жүнін жұлып берді дейді Сүлеймен ғалаиссаламға. Сонда жалғыз-ақ жарқанат "Сүлейменге қалайша бір жүнімізді береміз" – деп, тәуір деген жүнінің бәрін жұлып беріпті. Сонда Сүлеймен ғамма жүнін алып: "құстардың алды бол" – деп бата беріпті. Мұнан соң кешікпестен ойлап "жалаңаш нәрсеге өзге құстар мазақтап күле бере ме" – деп, тағы айтыпты: "Сен ауада түнде ұшарсың, құс пен адам байқап, сенің сиқыңды көрмейтін уақытта" – депті. Сонан бермен қарай жарқанат тек түнде ұшатын болған.
16. "Жапалақ көрсең, атып ал..."
Күндерде бір күн Сүлеймен патша:
– Алтын, күміс, ақ ордаларда отыра-отыра жалықтым. Енді маған әдеміленген ақ сүйектен, кемігі жоқ қақ сүйектен, ылғи ғана бас сүйектен, сарғаймаған жас сүйектен үш қабат сарай салынсын! Сарайдың бірінші қабаты әйелдердің, екінші қабаты еркектердің, үшінші қабаты құстардың бас сүйегінен қалансын!
Адамдар мен құстардың әрбір алты ағайындысының үшеуінің басы, бес ағайындысының екеуінің басы, үш ағайындылардың біреуінің басы алынсын! – депті. Хан жарлығы екі емес. Сонымен қаhарлы ханның қайырымсыз жарлығы орындала бастайды. Күндерде бір күн кезек ағайынды үкілерге келіп, патша жарлығы бойынша ең кенже інісі Байғыздың сүйегін апарып берер уақыт жетеді. Бірақ қайсар да батыр Үкі хан жарлығын орындамайды. Ол Жапал інісін жардың жарығына, Байғыз інісін тастың қуысына тығып тастап отыра беріпті. Құстарды қыру міндетін атқаратын Көкжендет дейтін қанды балақ құс бар еді. Ол хан сарайындағы қара құс құрлы қауқары жоқ, сатқын, кәрі Самұрықтың ең сенімді қолқанаты болатын. Көкжендет бір күні Үкіге жетеді:
Балақ жүнің балпиып,
Жалғыз өзің жалпиып,
Батырымсып талтиып,
Құлағыңды қалқитып,
Екі ұртыңды салпитып, – не қып отырсың? Хан жарлығын неге орындамайсың? Байғыздың басы қайда, тап?! – депті. Үкі қосқұлағын тікірейтіп алады да, кет дегендей жуан шеңгелін сермеп қалады. Жармасып қалса, жазым боларын сезген жендет құс: "Қап, бәлем, патшаға айтармын!" – деп кете барады. Сол бетімен ұшып келе жатса, ағасының тілін алмай, тығылып жатқан Жапал жалп-жалп етіп, жар басында ойнап жүр екен. Көкжендет Жапалдың жанына келіп:
– Байғызды тауып бер, патшаның тойына бақыршы болып, тамаққа тоярсың, – деп алдайды. Оны естіп отырған Үкі таңдайын қағып, "айтпа" деп ымдайды. Бірақ әрі қорқақ, әрі опасыз Жапал тастың қуысында жатқан кенже інісі Байғызды жау қолына ұстап береді.
Міне, сол күннен бастап, Жапал аты өшіп, ол Жапалақ атаныпты. Опасыздық жасап, өз бауырын бір үзім жемге сатқаны үшін: "Жапалақ көрсең, атып ал, жаманнан бойыңды сатып ал" – деген халық қарғысы мақал боп содан қалған екен. Үкі қасиетті құс атанып, оның балақ жүнін қыз-бозбала бөркіне тағатын болыпты.
17. Сауысқан мен көкек
Ертеде сауысқан мен көкек бір орманды мекендепті. Олар ұялары болмай, ағаштың бұтақтарын паналап күнелтіпті. Көкек күнде ерте тұрып алып: "ұя керек", "ұя керек", – деп, көршілерінің мазасын кетіреді. Бір күні сауысқан көршісіне:
– Екеуміз бірігіп, берік ұя істейік. Әуелі саған, содан кейін маған салармыз, – дейді. Көкек:
– Менің ұя салатын қуатым да, құралым да жоқ. "Керек, керек" деп қақсай берсем, құстың бәрі ағайыным, көп болып көмектесіп, ұя салып берер, – деп келіспейді.
Сауысқан көкектің көмегін күтпей-ақ, ұя салуға кірісті. Ол ұясының қабырғаларын жас бұтақтармен таспалап, берік етіп өрді. Оны шыммен, өсімдік тамырларымен мықтап байланыстырды. Іші-тысын саз балшықтармен сылады. Кішкентай бұтақтардан құрастырып, шағын қақпалы есік жасады. Ұяның астына мамықтан төсек төседі. Ал көкектің "керек, керек" деп қақсай-қақсай даусы қарлығып, тілі сақау болды. Ол кейінгі жылдарда "керек" дегендегі "р"-ды айта алмай, "керек" деудің орнына "көлек, көлек" дейді. Сондықтан жұрт оны кекетіп "көкек" деп атайтын болды. Сол көкектің күні бүгінге дейін өзімдікі деген ұясы да, үй-іші де жоқ. Жұмыртқасын кез-келген ұяға табады, оны басқа құстар басып, балапан шығарады. Шібилер жетім өседі.
18. Жарқанат
Баяғыда Тақ Сүлеймен пайғамбардың патша болып тұрғанында бір күні Тақ Сүлеймен ғәмге ай келіп: «һауада жүріп шаршадым» деп, дамылдауды сұрапты. Мұнан соң күн келіп, ол да солай арыз қылыпты, тағы да жел келіп сұрапты: «Дүниені көп кезіп, дем алуды тілеп тұрмын» деп, мұның соңында солайша арыз қылыпты hәм өзен, су да. Сүлеймен hәм жақын кісілермен ақылдасып отырған уақытта жарқанат айтыпты: "Егер де желді тоқтатсаңыз, ауа бұзылып, дүниеде ешбір жанды мақлұқ тұра алмайды" – депті. "Егер суды тоқтатсаңыз – ол ақпай тұрған соң, сасып кетіп, ішуге жарамайды. Егер де күн тоқтаса, адам қай уақыт болғанын да біле алмайды, таңертең екенін, я кеш екенін, hәм намаздың уақытын біле алмайды. Егер ай тоқтаса, оразаны біле алмайды" – депті. Мұны естіп, Сүлеймен ғәм баршасының арызын салауат қылыпты. Сонда бағанағылардың бәрі де жарқанатқа ашуланып, жел: "Қуып жүріп, оны өлтіремін" – депті. Күн айтыпты: "Маған көрінсең, ыстығыммен күйдіріп өлтірем" – депті. Өзен – су: "Су бермей, кептіріп өлтірем" – депті. Ай айтыпты: "Сен түнде ұшқан уақытта жарық қылмай, адастырамын" – депті. Мұнан соң жарқанат Сүлеймен ғәмге барып, көмек сұрапты. Сүлеймен ғәм дұға қылыпты, сонан соң жарқанаттың бір қанатында су, бір қанатында сүт болып, сусын керек қылмайтын hәм ұшып, тамақ іздемейтін болыпты. Және Сүлеймен ғәм оның тұратын орнын жардың астында, жел тимейтін, күн, ай шалмайтын hәм су жетпейтін жерде қылыпты.
19. Сауысқан
Тыным таппай сүйреңдеп, көп сөйлей бергендіктен сауысқанның тілі аузына сыймай, ісіп кетіпті. Ақыры, ас-су ішуден қалыпты. Енді қайту керек? Сауысқан ешбір амал таба алмапты. Сонан соң тырнаға жалыныпты:
– Тырна, тілімді емдеп бере ғой! Сені қандай дерт болса да емдейді дейді ғой. Шөптен дәрі жасайды екенсің.
– Саған шипа боларлықтай шөбім жоқ! Көмектесе алмаймын, – дейді тырна.
– Ә, солай ма! Міндетсінесің бе? – деп, сауысқан ашуға мінеді. – Ендеше маған өкпелеме, жаман атыңды бүкіл орманға жайып, гулетейін, бәлем!
Осыны айтуға тілі зорға келеді де, ем сұрап, қабанға барады. Оған арыз айтады.
– Менің көмегім керек болған екен ғой саған, ә? Ендеше келе ғой, әкел бері, сүйреңдеген тіліңді суырып алайын. Өзіңе де жақсы, біздің де құлағымыз тынышталады, – дейді қабан шабынып.
«Сауысқанның үні өшіпті, сауысқанның тіліне түйнеме шығыпты» деген сөз бүкіл орманға тарап кетіпті. Ақыр-аяғында сауысқан тіпті сөйлей алмай қалады.
– Енді саған ешкім де көмектесе алмайды, – дейді үкі сауысқанды жұбатып, – өзіңе берік бол.
– Неге? – дейді сауысқан мұңая қырылдап:
– О баста тіліңе ие болуың керек еді. "Сатып алған ауруға ем табылмас" – деген осы.
Сөйтіп, сауысқан тілінен айырылып, күні бүгінге дейін мағынасыз шықылықтай береді екен.
20. Байғыз (1-нұсқа)
Бұрынғы өткен заманда бір жалмауыз патша болыпты. Ол ұшқан құсты ұстап алып, шетінен жей береді екен. Құстардың көбін тұмсығын тесіп, жіпке тізіп тастайды. Сөйтіп, көктегі құстың бәрін аулап, ұстап бітіріпті. Тек байғыз ғана жалмауыз патшаның қолына түспей қойыпты. Жалмауыз патша байғызды қалай қолға түсірсем екен деп, қиял шегіпті. Сұңқарды жұмсағысы келген екен, от шашқан көзін көріп, айнып қалыпты. Сонда "Мұны жіберуге болмайды, ұстап алады да, жасырып қояды, – деп ойлайды жалмауыз патша. – Онан да қаршығаны жіберейін. Алаңғасарлау, мақтап малданайын".
Содан қаршығаны матаудан босатып алады да:
– Сен құстардың ішіндегі нағыз батылысың. Бұдан былай менің шабарманым бол. Қазір барып, байғызды тауып кел! – деп бұйырады.
Байлаудан босанған қаршыға жалмауыздың сөзіне елігіп, самғай жөнеледі. Ағаш-ағаштың арасын, тау-тасты кезіп, іздеп жүріп, жартастың қуысында тығылып жатқан байғызды тауып алады.
– Байғыз, байғыз, неғып жатырсың? – деп сұрайды қаршыға дауыстап.
– Сені патша шақырады, күтіп отыр!
Байғыз басын қуысқа жасыра түседі де, ауырған болып:
– Басым зырқылдап ауырып, алып барады, бара алмаймын, – дейді ыңқылдап. Сонда қаршыға:
– Бері таман шықшы, сөйлесейік, – деп өтінеді.
Байғыз бұл да қолға түспей, жалғыз қалған екен ғой деп ойлап, басын қылтитып, шығара бергенде, қаршыға алады да, қанатының астына қысып, ұша жөнеледі. Жанына батқан байғыз:
– Ойбай, қабырғаң тіпті қатты ғой, әзілің жанға батты ғой, – деп безектейді. Оның зарын қаршыға тыңдамайды. Сол бетімен байғызды қанатының астына жасырған қалпы жалмауыз патшаның қарсы алдына келіп қонады.
– Байғыз қайда? – деп сұрайды жалмауыз патша қаршығаның бір қулық жасағысы келіп тұрғанын сезіп.
– Жоқ, таба алмадым, – деп жасырады қаршыға қипақтап. Ол осы айламен байғызды жасырып, өзі жемек екен. Соны байқаған жалмауыз патша:
– Мойныңды бұрап, жұлып аламын, шыныңды айт! – деп ақырады қаhарланып. Қорыққаннан қаршыға қанатының астындағы байғызды жалмауыз патшаға шығарып береді. Сонда байғыз:
– Ей, патша, менің саған айтайын деген арызым бар, – дейді жалмауыздан сауға сұрап. Оның арызын тыңдап, қызықтағысы келген патша:
– Ал, сөйле! – дейді.
Байғыз өлеңдете, тақпақтай сөйлейді:
– Бармақтай ғана басым бар,
Торғайдай ғана жасым бар.
Өсіп едім жетім боп,
Сен тоятын етім жоқ!..
– Осы ма айтпағың? – дейді жалмауыз патша таңырқап.
– Сөзім біткен жоқ, тақсыр, тыңдап ал, – дейді байғыз сөзін әрі жалғап. – Барлық құсты аулап, түгел ұстап отырсың. Тұмсығын тесіп, жіпке тізіп қойдың. Бәрі де зар жылайды, көзінің сорасы ағады. Жейтін тамағы жоқ, аш жатыр. Жаны да қиналмас еді, бүйтіп арықтап, азып-тозбас та еді. Қазір тесілген тұмсықтары да қақсап, жанын жеп жатыр. Осылар сияқты менің де тұмсығымды тесіп, жіпке өткізгің келсе, өтінерім, сәуледен жіп есіп, соны өткізші.
– Ондай жіпті кім есе алады? – деп сұрайды жалмауыз патша таңданып. Сонда байғыз айтады:
– Шайтанды шақыртып, естір!
Сәуледен жіп есіп, сонымен тізіп қойса, құстардың семіз болатынын естіген жалмауыз патша шайтанды шақыртып алады да, күн сәулесінен жіп есіп беруді өтінеді.
– Не қаласаң да берейін, – деп жалбарынады.
Ол кезде найзағай қыран садағының оғы екен. Соны қолға түсіре алмай жүрген шайтан:
– Маған анау байлауда жатқан қыран садағының жебесін бер! – деп шарт қойыпты.
Жалмауыз патша қыран қанатының астындағы от шашқыш найзағай садағының оғын алып беріпті. Шайтан енді сәулені ұстамақ боп әрі жүгіріпті, бері жүгіріпті, ештеңе тындыра алмапты. Содан кейін жалмауыз патшадан қашып, ала бұлтқа мініп, аспанға шығып кетіпті. Қайтып келмей қойыпты. Оны ұстап алатын құдірет жалмауыз патшада болмапты.
Сөйтіп амалы таусылған жалмауыз патша:
– Енді не істеймін? – деп сұрапты байғыздан.
– Мына құстардың бәрін босатып жібер, еркін жүрсін. Қарның ашқанда, шетінен ұстап жерсің. Еркін жүрген құс семіз болады, – депті байғыз.
Жалмауыз патша амалсыздан байғыздың ақылына көніпті.
– Жә, сен бармақтай болғаныңмен, ақылың таудай екен, – дейді де, қаршығаға бұйырады. – Барлық құсты матаудан босат! Байғыздың айтқаны болсын.
Құстар аспанға самғап кетеді. Жерге қонбайды. Ағаш-ағаштың басына қонақтайды. Ешқандай құс ұстай алмаған жалмауыз патша аштан өліпті. Содан бері байғыз құстардың ақылшысы болып қалыпты. Сондықтан ол киелі құс саналады, оны өлтірген обал. Саятшылар қолға түскен байғызды сылап-сипап, қайта ұшырып жібереді. Барлық құстардың тұмсығында тесік бар. Ол жалмауыз патшаның құстарды ұстап, тұмсығын тесіп, жіп өткізгенінен қалыпты. Байғыздың тұмсығында ондай тесік жоқ екен дейді.
21. Байғыз (2-нұсқа)
Баяғы заманда бір патша болыпты. Ол адамзат, аң, құс, жан-жануарды түгел билеген екен. Оның ханымы қайдағы ойда жоқ орынсыз іске әуес, әулекі әйел екен. Бір күні ханымы патшаға: «Маған ылғи құстың сүйегінен сарай салдырып бер!» деген талапты қойыпты. Ханымның айтқанын қапы етпейтін патша бұл талапты қолма-қол орындамақ болып, жер-жаһандағы құс атаулыны шақыртып әкеліп, тұмсығынан тіздіріп қойып, түгел сойғызуға қамданыпты да: «Қалып қойған құс бар ма?» деп қайта түгендепті. Басқа құстың бәрі бар екен. Тек байғыз ғана жоқ болып шығыпты. Бұған ашуланған патша байғызды алып келуге қаршығаны жұмсапты. Қаршыға барса, байғыз үңгірінде отыр екен. Оны дереу дедектетіп патшаның алдына алып келіпті.
– Құс біткеннің бәрі келгенде, сен неге келмейсің? – деп сұрайды патша байғызға ашуланып.
– Келмекші едім, тақсыр! – дейді байғыз. – Бірақ бір маңызды санақ жасап едім, соған айналып, кешігіп қалдым.
– Қандай санақ?
– Жер жүзінде жазық көп пе, тау көп пе? Өлі көп пе, тірі көп пе? Еркек көп пе, әйел көп пе? – деген санақ еді.
– Жазық пен таудың қайсысы көп екен?
– Тау көп екен.
– Қалайша тау көп дедің?
Төбесіне қонғанымда, құйрығым жерге тимеген биіктің бәрін тауға санадым.
– Өлі мен тірінің қайсысы көп екен?
– Неге олай?
– Таңертең күн төбеге көтерілгенше, төсегінде ұйықтап жатқандардың бәрін өлік деп білдім.
– Еркек пен әйелдің қайсысы көп екен?
– Әйел көп екен, тақсыр.
– Оны қалай білдің?
– Әйелінің етегінен ұстап, жетегімен жүретін еркектің бәрін әйелге есептедім, – дейді байғыз.
Тұмсығынан тізулі тұрған құстар байғыздың бұл жауабын естіп, сүйсініп, сылқ-сылқ күледі. Сол сәтте патша әулекі әйелінің тәйтік тіліне еріп, барлыққұс атаулыны қырғалы отырған өрескел қателігін түсініп, тұмсығынан тізулі тұрған құстарды түгел ағытып, қоя берген екен. Міне, сол себептен, басқа құстардың бәрінің тұмсығынан кеңсірік тесігі бар. Тек байғыздың тұмсығы ғана тесілмей қалаған деседі.
22. Қарлығаш пен дәуіт
Бір қарлығаш жардың қуысына ұя салып, өмір сүріпті. Қанаты қатпаған балапандары анасы азық әкелуге кеткенде шыдамсыздана күтумен болады екен. Бір күні балапандарды жемекке қарлығаштың ұясына жылан өрмелеп шығып бара жатады. Мұны көрген қарлығаш аспан мен жерді шарлап, шыр-шыр етіп, балапандарына арашашы іздейді. Көкектен көмек сұрай барса:
– Бүркіт қонаққа шақырып еді, соған барғалы жатырмын, уақытым жоқ, – дейді көкек.
Одан шығып, қарғаға барса:
– Үйленгелі жатқанымда мазамды алма, – дейді.
Қарлығаштың амалы таусылып, шырылдап ұшып келе жатады. Бір кезде Дәуітті көреді. Дәуіт қарлығаштың шыр-шыр еткен дауысын естіп:
– Достым, неге зарлайсың? – деп сұрайды.
Қарлығаш сонда:
– Жауыз жылан балапандарымды жұтпақшы болып, ұяма өрмелеп, жетіп қалды. Соған не істерімді білмеймін, – деп, қарлығаш көзінің жасын төгіп-төгіп жібереді.
– Олай болса, мені жеткіз тезірек, – дейді дәуіт.
Қарлығаш қанатын тосады. Дәуіт жотасына шығып алады. Көзді ашып-жұмғанша ұясына жетеді. Жылан ұяға тақап қалған екен. Дәуіт пен қарлығаш енді бір сәт кешіксе, балапандарды қылғып сап, жұмсақ ұяда масайрап ұйықтамақшы екен. Дәуіт аяғымен шаба тырнап, жыланның екі көзін ағызып жібереді. Жауыз жылан сылқ етіп жерге құлап түседі де, мерт болады. Дәуіттің ерлігіне сүйсінген қарлығаш онымен айнымас дос болыпты. Содан бері талай заман өтсе де, екеуі бір ұяда тұрып, бірге өмір сүреді екен.
23. Әтеш пен Тоты
Ерте, ерте, ертеде, ешкі құйрығы келтеде, аң мен құстардың ішіндегі ең әдемісі, сымбаттысы әтеш болыпты. Сондықтан ол өте тәкаппар екен. Жүріп-тұрса да маңғазданып, сылаңдай басады екен. Қоқыраяды да жүреді. Бірде-бір аңмен, не құспен сөйлеспейді. Жалғыз серігі тоты құс болыпты. Тоты байғұстың үстінде жібі түзу, жөнді киімі жоқ екен. Бір күні тоты құс әлгі кербез әтешке келіп:
– Досым, мен бүгін қонаққа бармақ едім. Жөнді киімім де жоқ. Мына түріммен қалай барамын. Мені сенің досың деп білетін ел мазақтайды ғой. Маған үстіңдегі әдемі киіміңді бере тұршы, – деп, қиыла жалыныпты.
Әтеш досының сөзіне сеніп, үстіндегі әдемі киімдерінің бәрін шешіп беріпті. Сөйтіп, тоты құс жасанып тұрып киініп алады. Қай мезгілде келетінін айтады.
– Егер мен кешіксем, дауыстап шақыр. Келмей жатсам, тағы да шақыр, даусыңды естиін, – дейді.
Сөйтіп, тоты құс әсем киініп, тойға кетеді. Бірақ ол қайтып оралмайды. Әтеш оны естісін деп үсті-үстіне шақырады. Ешқандай хабар болмайды. Содан күні бүгінге дейін әтеш тоты құс пен әдемі киімін іздеп, таң қылаң бергеннен күн батқанға дейін айқайлап шақыра береді екен.
24. [Тыный]
Семей облысында Тарбағатай деген тау бар екен. Сол жерде қойшы әрі кедей адамның сары құсы болыпты. Адамның аты – Тыный. Сол сары құсы Тыныйды өлтірген деген лақап тараған. Тыный деген кісі қой бағып жүріп, жота үстінде қалғып-мүлгіп отырған бүркітті көрген. Өз шапанымен бүркеп, ұстап алған. Үйіне апарып үйретіп, аң аулайтын дәрежеге жеткізген. Жақсы күткен. Бұл өте қасиетті құс болған. Көктем айында үлкен алыпкердей болған. Бұл құсты адамдар қасиетті құс деп сыйлаған. Кімге барып қонса «бақыт құсы» деп, қозы-лақ сойған. Етін құсқа берген және тамақтандырған. Ол ну ормандардан қасқыр, ешкі, түлкіні ұстап алып, Тыныйды байытқан екен. Сөйтіп күздің қараша, желтоқсан айларында көзіне аң көрінбей, бір күні түлкі тымақ киіп, кетіп бара жатқан өз қожайыны Тыныйды өлтірген дейді. Кейін халықтар тексергенде бұл құс Кавказ тауының қыран сары құсы екен. Әдеті үлкен құс, бұл құс – ауру құс, маңқа екен. Кавказдық құстың емшілері былай деген екен: «Сен бұл жерден кет, қоныс аудар, еш уақытта жазылмайсың, сен сол Шығыста, Тарбағатай деген жерден жазыласың. Оның суыры өте тамаша, қасиеті бар, дүние жүзіне тараған. Ұшып барып, жеті жылдай уақытта суырды тауып жесең, сонда ғана маңқа ауруың жазылады» дейді. Сонда сары құс бүркіті жеті жыл бойы осы Тарбағатай жерінде жүріп, сол іздеген суырды тауып жеп, әбден тойып алып, мас болып отырғанда, түлкінің тұмағын киген Тыный кездесіп қалып, оны бас салып өлтірген екен. Сонымен Тыный шал өзі асыраған бүркіттен өлген екен.
25. Аққу-арулар туралы
Бабай Түкті Шашты Әзиз бір күні Аргон өзенінің жағасына келіп, дәрет алып отырып, көктен аққу болып ұшып келіп, кебінін шешіп қойып, өзен суына шомылып, шаштарын алтын тарақпен тарасып отырған үш ару қызды көреді де, ең кіші қыздың кебін тығып қояды. Екі үлкен қыз кебін киіп, аққу болып, аспанға ұшып кетеді. Ал, кішісі кебіннен айырылған соң кете алмай, Бабай Түкті Шашты Әзизге жар болып, қосылуға разылық білдіреді. Бірақ оған үш шарт қояды: "өкпемді көрме, өкшемді көрме, желкемді көрме" дейді. Ол мұның бәріне мақұл болып үйленеді, бірақ жүре келе бұл шарттарда қандай хикмет барлығын білгісі келеді. Байқап қараса, әйелінің желкесінен миы, қолтығынан өкпесі, өкшесінен қызыл асығы көрініп тұрады. Үш шарттың бұзылғанын білген ару, қайтадан аққу кейпіне келіп, көкке ұшып кетеді. Бұған өкінген Бабай Түкті Шашты Әзиз өмір бойы үйленбей, әйелсіз өтеді.
26. Бейбітшілік туралы
Ертеде Қанқұмар есімді патша болыпты. Атына заты сай, жүрген жерін жапырып, бірде-бір тіршілік иесін қалдырмайтын, әлемде тек өзім ғана болсам деп армандайтын, менмен, өркөкірек, зұлым патша халқына мүлде тыныштық бермепті. Жауыз патшаның зұлымдық істері халқының берекесін кетіріп, тоз-тоз етіп, бытыратып жіберіпті. Ал, «әлемде жалғыз өзім ғана үстемдік етуім керек» деген ой басын билеп алған өзімшіл патша, халқының күйзелуіне қарамастан, жанталаса қаруланып жатқанды. Сондай күндердің бірінде Қанқұмар Достық деген біреудің өзіне қарсы күреске дайындалып жүргенін естиді.
– Маған қарсы шығып жүрген кім өзі? – деп ызаланады Қанқұмар. – Ондай адамды тез арада ұстап алып келіңдер. Көрсін ол патшаға қарсы болудың қандай екенін.
«Бұйрық қатты, жан тәтті» дегендей, патша нөкерлері жарлықты орындауға бар ынтамен кірісті. Алайда халық өзінің адал ұлы Достықты ұстап бермеді. Тіпті олар патшаға қарсы шыға бастады. Мұның бәрі Қанқұмарға, әрине, жайлы тимеген еді. Ел ішіндегі патшаның тыңшы-жандайшаптары Достықтың жасырынған жерін біліп қап, қатты қуғынға ұшыратты. Ауыр күйзеліске тап болған Достықтың құлағына Бейбітшілік патша туралы дақпырт, оның жарлы-жақыбайларға деген қамқорлығы жайлы хабар жетті. Халқының жағдайына қатты қайғырып, оны Қанқұмардың қанды шеңгелінен қалай құтқарудың амалын іздеген Достық Бейбітшілік патшалығын іздеп, сапар шегеді. Расында да Бейбітшілік дархан көңілді, кішіпейіл адам екен. Достықты жылы шыраймен қабылдап, басынан кешкендерін естіген соң, өзіне уәзір етіп, қызметке алады. Мұны естіген Қанқұмар қатты ызаланып, дереу Бейбітшілік патшалығына қарсы соғыс жариялайды. «Жеңсем, Бейбітшіліктің кең байтақ жеріне түгелімен өзім иелік етермін» деген пасық ой бар еді. Ал Бейбітшілік патша болса, өздігінен ешкімге тиіспейтін, жазықсыз тиіскенді аямайтын, мейлінше әділ адам еді. Осы жолы да ол баса көктеген даңғой Қанқұмарға Достықпен ақылдаса отырып, табан тіресе күрес жүргізеді. Қанқұмардың қол астына қараған бар халқы жан-тәнімен Бейбітшілікті жақтайды. Сөйтіп, қашанда әділдікті ту етіп ұстаған Бейбітшілік жеңіске жетеді. Бұл кезде Бейбітшіліктің кіші қызы Ақкөгершін әдемі болып бойжеткен еді. Патша бұл қызын ақылдылығы, тапқырлығы үшін де басқа балаларынан ерекше жақсы көретін. Ақылына көркі сай Ақкөгершін Достықты ұнатады. Кейіннен бірін-бірі ұнатқан екі жас бақытты өмір сүріпті. Сөйтіп, Достық уәзір мен Бейбітшілік патша да көптен ойлаған армандарына жетіпті дейді. Содан бері көзін алартып жаулап алуға басқалар да қаймығады екен. Ал аз да болса жеңіске үлес қосқан Ақкөгершін кейіннен Бейбітшіліктің құсына айналса керек.
27. Махаббат кегі
немесе Бегім Ана туралы аңыз бен ақиқат
Аңыз бен ақиқатқа толы құпия сырлары бар Бегім Ана кесенесі – мемлекет қамқорлығындағы тарихи-мәдени ескерткіш. Арал теңізі жағасындағы Қаратерең ауылынан 30 шақырым оңтүстік шығысында XІ ғасырда, бұдан он ғасыр бұрын салынған ескерткіштің қандай болғанын және неден жасалғанын ешкім де айта алмайды. Аты аңызға айналған Бегім Ананың біз біле бермейтін өзіндік құпия сырлары бар. Бегім – тарихта Қарабура әулие деген атпен белгілі кісінің қызы. Осы қызға Санжар патша үйленіпті. Санжар аң құмар, саятшыл адам екен. Аңға шыққан бір сапарында қанжарын үйінде ұмыт қалдырған патша оны алып келуге қасындағы құлын жұмсайды. Бегім қанжарды ағаш үйдің жабығынан құлға ұсынады. Бегімнің сүйріктей ақ саусақтарын көргенде құл есінен танып, қолынан шап беріп ұстап, аттан аударылып құлайды. Біршама уақыттан соң есін жиып, патшаға келеді. Құлдың кешіккеніне патша ашуланып тұр еді. Ақталу үшін оның өтірік айтуына тура келеді. «Мұншама неге кідірдің?» деген патша сұрағына құл: «Сіздің әйеліңіз менің білегімнен ұстап жібермеді...» депті. Ашуға булыққан патша ақылға келместен аңға шыққан сапарын өзгертіп, үйіне қайтады. Келісімен әйелі Бегімнің оң қолын, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіледі де зынданға тастайды. Қансыраған Бегім жылап-еңіреп зынданда жата береді. Бір түні әкесі Қарабура қызының түсіне еніп: «Балам, шыныңды айт. Адал болсаң, Тәңірі жәрдем беріп, жан жараңды да, тән жараңды да жазар. Ал, күнәлі болсаң, Құдайдың қарғысына ұшырарсың» депті. Сол түні Қарабура әулие Санжардың да түсіне еніп: «Санжар шырағым, сен де менің бір балам едің. Адам өзінің өмірлік жолдасы – әйеліне істің ақ-қарасын анықтап барып, жаза қолданбас па? Егер қызым сенің көзіңе шөп салса, сол бойы өмірлік мүгедек болып, қорлық көріп өтсін. Ал, адал болса, оның адалдығына араша түспеген еліңді жылан жұтсын» депті. Шошып оянған патша уәзірін зындандағы Бегімнің не күйде екенін біліп келуге жұмсайды. Сұлу Бегім сол баяғы қалпында зынданда жатыр екен. Патшаның басы қатады. Уәзірлерімен кеңесіп отырғанда, қала ортасына аспаннан алып бір зат түсіп, ішінен шыққан жыландар халықты қыра бастайды. Қасында бірнеше адамымен қашып шыққан Санжар ақыры шөл далада қорлықпен өліпті. Ал, патшаға өкпелеген Бегім тәңірінің құдіретімен құс болып ұшып, теңіз жиегіндегі аралға – қазіргі тұрған жеріне қоныпты-мыс. Сол жерге әкесі Қарабура қызына үй салдырыпты дейді халық аузындағы аңыз...
ЖЫЛАН ЖАЙЫНДА
1. Шақыру
Есте жоқ ескі заманда, ен даланы еркін жайлап, мұңсыз-қамсыз ғұмыр кешкен ел күтпеген бір нәубетке тап болады. Ел шетінен білінген, қалың жылан ордасы көзіне көрінген мал-жанға шабуыл жасап, қырып-жоя бастапты. Небір ақ орда үйлерді сақиналап орап алатын жыландар күтірлете сыққанда, күл-талқан етеді екен. Алып жыландардың қыспағына түскен атан түйелердің өзі танауынан қаны дірдектеп, аяқ серпуге шамасы келмепті. Мұндай сұмдықтан дүрліккен қалың ел шошынып, бас сауғалай қашады. Тау-тасты, үңгір-оқапты паналайды. Бірақ, жылан нөпірінен сонда да құтыла алмайды. Әсіресе, осынау ордалы жыландардың көсемі – қоя мүйізді айдаhар тірі жанға сауға таптырмайды. Оның қос мүйізі дем тартып, уытын шашқанда адамдардың еті ағып түсіп, саудыраған қу сүйектері қалады екен. Әбден айласы таусылған адамдар құрып бітетін болған соң, Тәңірге жалбарынып, көмек сұрайды. Адамдардың зары Тәңірінің құлағына жетсе керек, кешікпей көктен белгі білінеді. Алдымен, аспаннан жолақ жасап жарық сәуле көрінеді. Сонсоң сол жарық сәулені жол етіп, қос өркеш түйеге теріс қарап мінген Нұртөлі атты бала түседі. Баланың қолында аққу мойын, қара қобыз болса керек, небір сиқырлы саз шығарып, күй төге келеді. Жер бетінен күйдің сарыны естілуі мұң екен, қаптаған ордалы жылан шиыршық атуын қойып, сілтідей тынады. Бұрынғы қан құмар, обыр мінезін ұмытып, күйдің даусын ұйып тыңдағандай болады. Осы кезде көктен түскен Нұртөлі қобызын сарнатқан қалпы Қаратеңізді бетке алып, жүре береді. Оның соңынан қос мүйізді аждаhа бас болып, бүкіл жылан ордасы ереді. Нұртөлі қобыз үнін үзбестен Қаратеңізге жетеді де, сол бетінде суды кешіп, теңіз тұңғиығына қарай жүре береді. Оның соңынан күйді үздіге тыңдаған жыландар да қалмай жылжып, теңіз тұңғиығына бірге кіреді. Сөйтіп, ен даланы еркін жайлаған халық иықтарынан ауыр жүк түскендей көңілдерін демдеп, қайтадан мұңсыз-қамсыз күйлерімен қауышады. Адамдарға араша түскен Нұртөлі күні бүгінге дейін Қаратеңіздің астында тоқтатпастан күй төгіп отырса керек. Ал, мүйізді аждаhа бастаған жыландар ордасы қобыздың сазды сарынын жалықпай тыңдауда көрінеді. Нұртөлі қобыз күйін тоқтатпауға тиісті. Егер қобыз көмейінен күй сарыны үзілсе, жыландар ордасы қайтадан жер бетіне шығып, тіршілік атаулыға қырғын таптырмақ.
2. Айдаһар
Бір жігіт айдалада келе жатып, бір сұлу қызға жолығады.
– Көштен қалып қойдым, – дейді қыз.
Жігіт қызды ауылына әкеліп, біраз күннен соң сол қызға үйленеді. Жігіттің шешесі бар екен. Үшеуі тату-тәтті тұрып жатады. Тек жігіт қатты жүдеп кетеді. Сол ауылда бір оқымысты, кітап ашатын адам бар екен. Жігіт соған келіп, кітап аштырады. Ол жігітке былай дейді:
– Сенің үйіңде екі адамзат, бір хайуанат тұрады екенсіздер. Сенің жүдегенің содан, – дейді.
Жігіт таңданып, үйіне қайтады. Түнде ұйықтамай жатса, қасындағы әйел түн ортасында оянып, өзгере бастайды. Ол үлкен айдаhарға айналады. Басын шаңырақтан шығарып, ауыл шетіндегі өзеннен су ішеді. Құйрығы төсекте жатады. Жігіт өтірік білмегенсіп жатады.
Таңертең кітап ашқан кісіге келіп ақылдасады. Ол:
– Жеті қабат темір үй салып, соған көш, – дейді. – Сонан соң тұзы ащы қуырдақ жасатып жегіз де, үйге су қоймай, өзің есіктерді сыртынан бекітіп, өртеп жібер, – дейді.
Жігіт солай жасағанды. Жеті қабат темір үйдің алтауын айдаhар бытшытын шығарып, жетіншісіне келгенде өзі өлген екен дейді. Сөйтсе, ол екі жүз жыл жасаған айдаhар екен. Егер жыланға жүз жыл адамның көзі түспесе, ол айдаhарға айналады. Егер адамның көзі екі жүз жыл түспесе, жыланның маңдайы екі елі болады, сонда ол түрлі түске кіре алатын болады (қыз, келіншек, басқа хайуанаттар). Сөйтіп, адамды алдап, ауылға келіп, ешкім сезбесе, кешікпей бір тайпа елді жұтып қояды дейді.
"Адамның көзі – аса асыл нәрсе".
3. Ордабұзған
Ықылым заманда, бір жалпақ, жайлы мекенде жыландар ордасы өмір сүріпті. Олардың патшасы Әбжылан деген болыпты. өсіп-өніп, көбейе келе мекендеген жерлері тарлық ете бастайды. Осыны сезген жылан патшасы өздерінің сарбаздарын жинап алып, былайша бұйрық береді:
– Уа, сарбаздарым, біз жыл санап емес, күн санап көбейіп келеміз. Қазіргі мекеніміз аздық ететін түрі бар, сондықтан, бізбен көршілес жатқан адамзат ауылына шабуыл жасап, жерін тартып алайық! Патшаның жарлығы екі болған ба, жиналған жыландар жақын жерде орналасқан бір байдың ауылына түнделете еніп, көп адамдарды шағып, өлітіріп кетеді. Ертесінде бай халқын жинап алып:
– Әр үйде қанша май болса, соны жинаңдар, қыздырып апарып, жыланның ордасына құямыз. Олардың патшасын тауып алып, өлтіруіміз керек. Сонда күйген жыландар өледі, қалғандары жер ауып, басқа жаққа кетеді, – дейді. "Айтылған сөз, атылған оқпен тең" дегендей, тапсырылған істі орындауға кіріседі.
Қыздырып құйған майдан жыландардың көпшілігі өлгенімен патшасы аман қалыпты дейді. Сол күні түнде қалған жыландар патшасының айтуымен бай ауылына шабуыл жасап, барлығын қырып салады. Тек қана еті тірі бір жігіт қашып шығып, Самарқан қаласына кетіп қалады. Арада көп жылдар өтеді. Жаңағы жігіт те саудамен айналысып, әжептәуір әулет жинайды. Шаңырақ көтеріп, түтін түтетуді ойлана бастайды. Бір күні базарға барса, алтыннан құйылған құмыраны бір саудагер арзандау бағаға сатып отыр екен. Қызыққан жігіт оны сатып алып, үйіне келеді де, төсегінің бас жағына қояды да ұйқыға кетеді. Түннің бір уағында жаңағы құмыраның ішінен шыққан сұр жылан жігітті шағып өлтіреді. Сөйтсе, бұл жылан баяғы жылан ордасының патшасы екен. Кейін келе халық сол жыландар мекендеген жерді "Ордабұзған" деп атап кетеді.
4. Қызжыланның үңгірі
Ертеде бір аңшы тау арасымен келе жатып, бір үңгірді көреді. Аңшының аты – аңшы, үңгірге үңіліп қараса, сұлулығын сипаттауға тіл жетпейтін бір қыз үңгір ішінде тырдай жалаңаш боп отыр екен. Таң қалған аңшы қызға сырт киімін шешіп беріп, киіндіріп, атының артына өңгере отырғызып, ауылына алып келеді. Қызбен көңіл қоспақ боп ниетін білдіреді, қыз келісімін беріп, көне кетеді.
– Бірақ, – дейді қыз, – менің бір ғана шартым бар. Көнсең, сендікпін, көнбесең, мені қоя бер! – дейді.
– Шартың не? – дейді аңшы. Сонда қыз: "Мен барлық жұмысты жасаймын, бірақ, тандырға нан жаппаймын", – дейді. Аңшы бұл шартына көніп, қыз екеуі үйленеді. Бір күні аңшы түн ортасында оянып кетсе, қасындағы әйелі жоқ, азанда тұрып қараса, шелектердегі судан түк қалмаған. Келесі түні бұл оқиға қайтадан қайталанады. Дәті таусылған аңшы үшінші түні қызды аңдымақ болып, көз ілмейді. Түн ортасы болды-ау дегенде қыз жыланға айналып барып, судың барлығын ішіп қояды. Ертеңінде аңшы не істерін білмей, бір палшыға барыпты. Палшы қыздың жылан екенін, сиқырмен қызға айналғанын айтады.
Сөйтіп аңшы бұл пәледен қалай құтылатынын білмей, басы әбден қатады. Бір күн әйеліне:
– Маған нан жауып берші, әлі сенің қолыңнан нан жемедім! – дейді аңшы. Қыз:
– Келіспеп пе едік, мен нан жаппаймын, – деп қарсылық білдіреді. Аңшы қояр да қоймай қызға нан жаптырады. Нанды тандырға қоя алмай қиналған қызды аңшы итеріп, тандырға салып, бетін қатты етіп жауып тастайды. Сөйтіп, қыз жылан тандырға жанып өледі. Аңшы қыз жыланнан осылайша құтылған екен. Ал қызды тауып алған үңгірді ел "Қызжыланның үңгірі" деп атап кетеді.
5. Түйме
Халық аңызында жыланмен арбасқан адам жыланның атын табу керек. Ол алдына еріткен сары май қойып, анда-санда ұрттап отырып, арбау оқиды. Шаққан жыланның атын таба алмаған адамның тамағы ісініп, қысыла бастайды. Сонда қасындағы адамға "түймемді ағытшы" дегенде, жылан сылқ етіп құлайды. Сөйтсе, жыланның аты "Түйме" екен дейді.
6. [Кетпеннің ортасы қалай тесілді]
Ертеректе бір шал мен кемпір өмір сүріпті. Олар кедей болыпты. Шал ешкісін бағып кетсе, кемпірі тегештегі сүттің азайып қалатынын байқайды. Бір күні тегешке үңілсе, ішінде дөңгелек бір алтын жатыр. Не жыларын, не күлерін білмеген кемпір шалын шақырады. Екеуі мәз-мейрам болып қала береді. Бір күні кемпір тағы да сүт құймақ болғанда, тегештің ішінде бір қара жылан сүтті ішіп жатыр екен. Жылан кемпірді көріп сескенді ме, әйтеуір дөңгелек алтынды тастап, жоқ болады. Кемпір аң-таң болады. Бұл оқиғаны келіп шалына айтады. Бұлар осы әдісті әдетке айналдырады. Сөйте келе бұлар бірдемнің арасында байып шыға келеді. Көршілері көре алмай бұларды қаттырақ қысады. "Алтынды қайдан алдыңдар, қайтіп байыдыңдар?" деп қоймайды. Ақыры бұлар бар сырды ақтарып салады. Көршілері енді "жыланның інін көрсет" деп қорқытады. Шал шыдамай, жол көрсетпек болады. Жігіттер құрал-саймандарын алып дайын тұр екен. Шал шыққасын, жарыса шауып ала жөнеледі. Бір кезде шал келдік деп белгі береді. Қолдары қышыған жігіттер жылан ордасын қопарып, тас-талқанын шығарып, оған қоса жыландарды қыра бастайды. Содан баяғы қара жылан қашып құтылады. Әлгілер ауылға кәдімгі бір жауды жайратқандай боп келеді де жығылады. Кеш бата бере ұйқыға кетеді. Түн қараңғысын жамылып, әлгі жылан келеді де, біртіндеп ауылдың адамдарын түгел қырып шығады, бірақ шал мен кемпірге тиіспейді. Сол кезде ауылдың бір адамы ажалдан құтылып кетеді. Жылан соңына түсіп қуады. Әлгі жылан жолда бір керуенге кездеседі, сосын бір серкенің мүйізіне оратылып алады. Керуен бір жерге келіп тоқтайды. Отағасы шай жөндетіп, тамақтанып алмақ болады. Олар шай ішіп отырғанда, әлгі жылан босағада жатады. Отағасы көпті көрген кісі екен, "Тимеңдер, бұл жоқ іздеген жылан екен, жүре берсін" дейді. Керуен қайта жолға жиналады. Сол кезде жылан әлгі серкенің мүйізіне қайта оралады. Жол екіге айырылады. Жылан жерге түсіп, көлденең жолға қарай ирелеңдейді. Отағасы керуеншілерге: "Сендер жүре беріңдер" деп, өзі көлденең жолға бұрылады. Қараса, айдалада бір адам жүреді. Жылан анандайда жатқан етіктің ішіне кіріп кетеді. Шал адамды шақырып, сөйлеседі. Ол ін бұзушы екенін айтады. "Мені бір жылан қуып келеді" дейді. "Ендеше іздегенің келді" дейді керуенші. "Енді не істеймін?" дейді әлгі бейбақ. «Кетпеніңмен етікті шап» дейді. Ол шауып кеп жібергенде жыланның басы аспанға көтеріледі. Сол кезде әлгі адам "енді не істесем" деп жыларман болады. Керуенші: "Кетпеніңді басыңа қой дейді". Әлгі адам кетпенін басына қояды. Сол уақытта жыланның басы шыңғырып кеп кетпенді тесіп өтеді де, әлгі адамды өлтіреді. Міне, содан бері кетпеннің ортасы тесік екен.
7. [Сұрмергеннің ажалы]
Бұрынғы заманда атақты, бір мерген болыпты. Аты Сұрмерген екен. Сұрмерген аң қарап келе жатса, жолда екі жылан төбелесіп жатады. Жыланның бірі қара да, бірі – ақ. Келіп қараса, қара жыланның түсі суық, өте ызғарлы екен. Мерген қара жыланды өлтіріп, ақ жыланға болысады. Сонан соң ақ жылан мергенге қарап қойып, бір тасты жалап алады. "Маған да жала деп тұр ма?" – деп, мерген де әлгі тасты жалап алады. Жалап алған сағатында мерген жер үстіндегі барлық хайуандардың тілін түгел түсінетін болады. Мерген бірінші жыланмен сөйлеседі. Жылан: "Екеуіміз енді дос болдық. Және тіл білдім деп кісіге айтпа!" – деп, ат басындай алтын берді. "Тіл білдім деп біреуге айтсаң, өлесің" – дейді. Жыланмен дос болып, мерген үйіне қайтады. Алтынды үйіне апарып тастап, қайтадан аң қарап жүріп, бір байдың үйіне келіп қонады. Қонса, түнде боран болып, қой үркіп, қасқыр ұлиды. Қасқырға байдың төбеті де үріп, жауап береді. Олардың тілін қонақ түсініп отырады.
– Қой жеймін, болмаса қонағыңның атын жеймін, – дейді қасқыр.
– Мен саған қой да жегізбеймін, қонағымның атын да жегізбеймін, – дейді қара төбет. Қонақ итке іштей разы болып, алдына келген еттің жартысын итке бергізеді. Түнімен боран соғып, қойлар ығып кетеді, қоймен бірге ат та кетеді. Бай: "Малым қырылатын болды-ау, құтты қонақ болса, мұндай болмас еді!" – деп уайымдайды.
– Бай, жылама, малың аман, ыққаны табылады, – деп мерген шешініп, алаңсыз ұйықтай береді. Таң атқан соң бай мен қонақ екеуі мал мен атты іздеп келе жатса, қара төбет бәрін иіріп, айналып жүр екен. Қасқыр бір мал ала алмай, малды төңіректеп жүр екен. Адамды көріп, қасқыр қаша жөнеледі. Бірақ төбет қайырмалап, қасқырды да жібермейді. Қасқыр қолға түседі. Қонақтың аты да, байдың қойлары да аман екен. Бай қуанып: "Қонақ, сен құтты қонақ болдың, қалағаныңды алып кет!" – дейді мергенге.
Сонда бір ұрғашы, сары бас тоқты маңырап, мергенге қарай береді. Маңырағандағысы: "Бес жылда мың болам", – деген екен. Мұны мерген түсініп, тоқтыға ен салады және "бес жылдан кейін келіп аламын, ол уақытта осы тоқты мың болады" деді байға. Бес жыл толғаннан кейін, мерген байдың үйіне келіп: «Уәделі қойымды бер» десе, бай: "Қой беремін деп айтқан жоқпын", – деп уәдесінен танады. Екеуі бір биге келіп жүгініп, айтылған сөзді бастан-аяқ баяндайды. Сонда қазы: "Қойыңды екі айыр жолмен айда, мергеннің үйіне қарай жүрген қойды Мерген алсын, өз үйіңе қарай жүрген қойды сен ал!" – деп билік айтады. Бай бұл билікке көніп, қойды екі айыр жолмен айдайды. Мерген жаққа қарап, сары бас тоқты бастап, мың қой шығады. Мерген сол мың қойды алып, үйіне қайтады. Сұрмерген бір күні қатынымен еріп, әйелдің төркініне барады. Әйелге төркіні артынан тайы ерген буаз бие мінгізеді. Сөйтіп, мергеннің өзі, екіқабат қатыны, бесіктегі баласымен буаз биеге мініп қайтады. Қайтып бара жатқанда тай енесін емейін десе, енесі тепкілеп, кісінеп, тайын қасына жуытпайды. Кісінегенде: "Үстімде үшеу, ішімде біреу, өзім шаршап өлгелі келсем", – дейді бие. Оны мерген түсініп, күліп жібереді. "Сен неге күлдің?" – дейді қатыны. Түсінгенін айтса, өледі, айтпаса, қатыны өкпелейді, қысылғаннан мерген: "Үйге барғанда айтайын", – дейді. Үйіне келген соң: "Сен жолдағы сөзді айт!" – деп қатыны болмайды. Мерген бір мал сойып, жұртын жиып, жөнін айтпақ болады. Малын сойып, жұртқа, сыртқа шығарып, қатынына айтайын деп отырғанда, үйге бір әтеш, бір шіби, екі тауық кіреді. Шіби әтештің алдындағы бір бидайын алып жей бергенде: "Мен Сұрмерген емеспін қатынына сырын айтып, өлгелі отырған", – деп, әтеш шібиін шоқып, талап тастайды. Осыны естіген мерген қатынына хайуанның тілін білетінін айтпай, бір ажалдан аман қалады. Тағы бір күні мерген аң қарап жүріп, бір тауешкіні атып алады. Атып алып, етін жеп отырғанда, құлағына бір дауыс келеді. Дауыс: "Жалғыз ешкімді атып алдың, жазаңды қасқыр берсін!" – дейді. Мерген оны тыңдамастан үйіне қайтады. Кешке таман жолда бір керуен қонып жатыр екен, мерген сол керуенмен бірге далаға қонады. Қонып отырғанда, түнде қасқыр ұлиды. Қасқыр ұлығанда: "Сұрмергенді бүгін не қылсам да жеймін", – дейді. Мерген керуеншілерге: "Не білдіңдер?" – дейді. Керуеншілер: "Ештеңе білгеніміз жоқ", – дейді. Мерген: "Білмесеңдер, қасқыр мені жеймін деп тұр", – дейді. Керуеншілер жер қазып, Сұрмергенді жерге тығып, үстіне киіз төсеп, жасырып тастайды. "Қап бәлем, енді қайтер екенсің?" – деп жатып, ертеңіне керуеншілер тұрса, қасқыр бір жағынан қазып келіп, мергенді жеп кетіпті.
ИТ ЖАЙЫНДА
1. Кісі hәм Ит
Құдай Тағала әуелі адамның тәнін топырақтан жаратып болып, жерге қойып, итке күзеттіріп, өзі тәнге жан алып келмекші болып кетіпті. Сол мезгілде тәннің жанына шайтан келіп, тәнді жоғалтпақшы болыпты. Көзіне жақсы көрінген соң ит тәнді шайтанға бұзуға бермей, үріп, өзіне қарсы шауып тұрыпты. Сонда шайтан итке суық жіберіпті. Ит жүнсіз тақыр болған соң, суыққа ұшып, өліп қалған мезгілінде, шайтан адамның тәніне жақын келіп, неше мәртебе түкіріп жіберген. Соның үшін күнәнің басы осыдан болып, азап көрмек, ауырмақтық бұдан қалған. Сол мезгілде Құдай Тағала қайтып келіп, жанды тәнге салып, шайтанға қаhар қылып, сонда да бұ ауру, күнәны адамда қалдырған. Дүниеде тұрған уақытта қажеті бар екен деп және итке жақсы адал қызмет қылғаны үшін оған жылы тон берген.
2. Иттің еншісі
Бұрынғы заманда бидайдың масағы қазіргіден де гөрі үлкен бопты. Жерден басын көтеріп шыға салысымен, бидай өседі екен. Нанның көптігінен асқақтаған бір ақылсыздау әйел баласының құйрығын бидай масағымен сүртіпті. Мұны көрген Құдай ашуланып, бидайды құртып жібермекші болады. Сонда оған ит жүгіріп келіп «Адамдікін алсаң да, менің еншімді қалдыршы» дейді. Сонда Құдай бидайдың басында ғана кішкене масақ қалдырады. Қазір біз сол иттің еншісіндегі нанды жеп жүр екенбіз.
3. Ит пен Мысық адамға қалай үйренді?
Баяғы заманда бір кемпір мен шал болыпты. Балалары жоқ екен. Шал егін егіп, жинаған астығын қамбаға тығып қояды да, үнемдеп, шетінен базарға алып барып, сатып, шай-тұзын арылтады екен. Бір күні шал қамбадағы астығынан алып, базарға апарып сатпақ болады. Қамбаның есігін ашып қалса, тышқандардың өріп жүргенін көреді. Бірде-бір дәні бүтін астық қалмапты. Тышқандар жегенін жеп, жемегенін ортасынан қақ бөліп, шаша беріпті. Мұның зардабынан кемпір мен шал қайғырып:
– Осы астықпен күн көруші едік, енді қайтеміз? – деп зар еңірепті.
Сол кезде бұлардың тұсынан өтіп бара жатқан мысық мұңын естіп, қастарына келеді де:
– Неге сонша қайғырып тұрсыңдар? – деп жөн сұрап, құйрығын бұлғаңдатады.
– Қайғырмай қайтейік, – дейді шал мұңын шағып. – Ала аяқ тышқандар қамбадағы астығымызды талан-таражға салыпты. Соның жазасын беретін біреу табылар ма екен бұл дүниеден?
– Сол айтқаныңды мен орындаймын, қане, көрсетші сұмырай ұры тышқандарды, – деп, мысық құйрығын бұлғаңдатады батырсынып.
– Ендеше бері жүр, – деп, шал мысыққа қамбаның есігін ашып береді. Мысық құжынаған тышқандарды көреді.
– Енді есікті жауып қой да, кете бер, – дейді мысық шалға.
Үй-үйдің арасын шарлап, аштықтан ішегі шұрылдап, қарны қабысып жүрген мысық қалың тышқанмен айқаса кетеді. Әп-сәтте бес-алтауын ұстап, қылғып салады да, тойынып алады. Үйсіз-күйсіз айдалада қаңғып жүруші еді, енді су өтіп, жаңбыр тимейтін қамбада тұратын болады. Сөйтіп, біраз уақыттан кейін тышқандар бұл маңайдан біржола безіп, жоламай кетіпті. Соның салдарынан тамағы азая бастаған мысық кемпір мен шалдан:
– Қане, тағы қандай жұмыстарың бар? – деп сұрапты. Кемпір мысықтың жылтылдаған жүнін сипалап, еркелетеді. Тышқаннан құтылғандарына қуанысады.
– Не қалайсың, қане айт, тілегіңді орындауға әзірмін, – депті шал.
Мысық өзінің қалауын айтады:
– Мен көп нәрсе сұрамаймын. Менің жалғыз-ақ тілегім бар. Тек үйлеріңнің бір бұрышынан орын берсеңдер болғаны.
Кемпір мен шал мысықтың қалауын қабыл алып, үйлеріне кіргізеді. Мысыққа үй ішінде не істесе де ерік беріпті. Қайда жатам десе де тыйым салмапты. Үшеуі тату-тәтті бірге тұратын болыпты. Мысыққа кемпір күніне бір тостаған сүт береді. Сүтке тойып алған мысық жылы үйде пырылдап, ұйықтап жатады. Тамақ іздеп, ешқайда қаңғымайды. Бір күні шалдың қорасына қасқыр түсіп, бір-екі қойын жеп, басқасын жаралап кетеді. Мұны көріп шал қатты қамығады.
– Осы қойдың сүтін қорек етуші едік. Енді қалай күн көреміз? Бұл зұлымдардың зауалын беретін біреу табыла ма?
Сол кезде мысық шалдың қасына келеді де, құйрығын бұлғаңдатып, еркелей сөйлейді.
– Бар, ондай батыр. Мен соны іздеп тауып, ертіп келейін, – деп, айдалаға қарай жүгіре жөнеледі.
Мысық жалпақ даланы шарлап, итті іздейді. Бір кезде жер тіміскілеп, сүмеңдеп жүрген итті көреді. Қасына барады да:
– Мен сені іздеп келдім, – дейді құйрығын бұлғаңдата маңғазданып. Саған бір ақыл айтайын. Бүйтіп көрінген інді қазып, сүмеңдеп, тіміскіленіп жүргенше, адамның қорасын күзетсең, қарның тоқ болады. Жылы, жайлы жерде тұрасың.
Аштықтан бұралып жүрген ит айтқанына көнеді де:
– Баста ендеше сол адамның қорасына, – деп құлшынады.
– Ал кеттік онда, – деп, мысық соңынан итті ертіп, ауылға келеді.
Шалдың үйіне келген соң, кемпір итке тамақ береді. Қарны тойған ит қораның аузына барып, күзетке тұрады. Түнімен көз ілмейді. Түн қараңғылығы сейіліп, бозарып таң атқан кезде бір қасқыр қой қораға ентелеп жетіп келеді. Аңдып жатқан ит шап беріп, алқымынан ала түседі. Қасқыр өлдім-талдым дегенде зорға құтылып, қаша жөнеледі.
Иттің ерлігін көрген кемпір мен шал:
– Сен де бір ер жүрек екенсің!.. – деп, итті тамаққа тойдырады. Есік алдына үйшік салып береді.
Сөйтіп, кемпір мен шал, мысық, ит – төртеуі біріне-бірі көмектесіп, қамсыз тұра береді.
Мысық пен ит адам баласының қолына ең алғаш осылайша үйреніпті.
4. Ит пен Мысық неге араз?
Ертеде ит пен мысық өте тату болған екен. Екеуін де адам асырап, үйінде ұстапты. Күндердің бір күнінде бір адамның май сіңген, тері дорбаға салып, сақтап жүрген алтыны жоғалады. Қанша іздесе де табылмайды. Алтыннан айырылған адамның күйі тайып, жүдеулене бастайды. Тапқан-таянғаны ішіп-жеуге жетпеуге айналады. Мұны көрген ит пен мысық қатты қынжылып, қожасының жоғалған алтынын іздеуге кіріседі. Екеуі ой-қырды аралап, бармаған тауы, баспаған жері қалмайды. Ақыры титықтап, үйлеріне қайтады. Ит пен мысық ұнжырғасы түсіп, үнсіз келе жатқанда, кенет қожасының май сіңген дорбасының иісі мұрындарын жарып жібере жаздайды. Қуанғаннан ит қыңсылап, мысық мияулап жібереді. Ит айнала жүгіріп, тіміскілеп, ақыры бір тышқанның інін тырналап, қаза бастайды. Мысықтың қуанышы қойнына сыймай, аңдып, қарап отыра береді. Ит көп азаптанып, тышқан інінің түбіне жетсе, алтын салынған, майлы дорбаны тышқан тығып қойған екен. Ит:
– Мынаны көрдің бе? – деп, алтынды мысықтың алдына лақтырып тастайды. Мысық сол кезде иесіне жақсы атанбақ болып, иттен бұрын алтынды ала қашады. Мысық үй-үйдің төбесімен қарғи жүгіріп, иесіне жетеді де, алтынды тастай салады. Мұны көріп, қожасы қуанып кетеді. Мысықты бауырына басып, аймалай береді. Сөйтіп тұрғанда қара терге түсіп, сабалақ-сабалақ болып, арсалаңдап ит те жетеді. Келген бойда қожасының аяғына оралып, қыңсылай еркелейді. Ештеңені түсінбеген ол итін теуіп, жекіріп қуып тастайды. Жәбір көрген ит ызаланып, мысыққа тап береді. Қожасы арашалап, екеуін зорға айырып алады да, мысықты үйіне алып кетеді. Сол күннен бастап итті үйіне жолатпайды.
Мінеки, содан бері ит пен мысық бірімен-бірі араз болып қалыпты.
5. Жеті қазынаның бірі
Баяғыда аң патшасы арыстан қызметшісі жолбарысты шақырып: «Ормандағы барлық аңдарды жина!» деп бұйырыпты. Арыстан патша әлемде ең қайратты, ең аңылды әрі епті кім екенін білгісі келіпті. Лезде арыстанның апанының алдына аңдар жинала қалады. Арыстанның сөзін естіп болған соң түлкі алға шығып:
– О, әлемде теңдесі жоқ патшам! Бұл өмірде сізден қайратты, ақылды, епті жан жоқ. Сондықтан да біз сізді патша етіп сайлағанбыз! Сіздің қайырымыңыз шексіз, – депті. Барлық аңдар өз пікірлерін айтып, арыстанға жағымпаздана, оны дүниедегі ең күшті, ақылды деп лепіртеді. Мақтау сөздерге мәз болған ақымақ арыстан бір бұрышта құлағы салбырап, өзі маужырап жатқан итті байқайды. Дереу гүрілдеп, итке төне түседі:
– Әй, сен оңбаған, мыналардың не айтып жатқанын естіп отырсың ба өзі? Неге сен үн қатпайсың? – дейді.
Ит салмақты қалпын бұзбастан:
– Ә, сен бе едің... Сонша неге орманды басыңа көтересің. Менің де сені мақтап, бас ұруым керек пе? – деп, басын көтерместен тәкаппарлана қарсы сөйлейді.
– Ал сонда, – дейді арыстан, – дүниеде ең қайратты, ең ақылды, әділ әрі епті кім?
– Мен үшін дүниеде қайратты әрі ақылды, ол – тек адамзат!
Арыстан одан бетер ысқырып, дереу жолбарысқа:
– Ит иттігін жасап, адамды мадақтады. Біздің арамызда оған бұдан былай орын болмауға тиіс. Дереу арамыздан аластатыңдар! – депті күндей күркіреп...
Бұл сөзден соң ит мүлде көңілі қалып, олардың арасынан біржолата құйрық үзіп кете барған екен. Содан бері ит – адамның досы, көмекшісі болыпты. Бертін келе «Ит – жеті қазынаның бірі» деген қанатты сөз қалыптасыпты.
6. Жыл басы
Қазақтың есептерінде жылдан үлкен мүшел дегендер бар. Мүшел он екі жыл болады. Сол жылдардың аттары әр хайуанның аттарына ұқсайды. Мысалы: әуелгі жыл мүшелде – тышқан, екінші – сиыр, онан соң – барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит hәм доңыз. Сол жылдарды білетін қазақтарға кісінің қай жылда туғанын айтса, адамның жасын тауып береді. Бұрынғыдан қалған сөздер бойынша, сол хайуандар жыл ағасы болуға таласыпты. Сонда жылқы айтыпты: "Мен адамның үстіме мінсе, алысын жақын етемін, менің күшім болса, көреді, сүтім болса, ішеді, қылыма шейін арқан, жіп еседі, адамға менен пайдалы мал жоқ, жыл ағасы мен боламын" – дейді. Түйе айтты: "Сен адамның жұмысын қылсаң, арпа, сұлы, шөп асайсың, тамағың үшін құл болдың. Міне, мен сен көтере алмайтын ауырды көтеріп, неше айлық алыс жолдарға барамын. Аш болдым деп арпа, сұлы сұрамаймын, көде болса көде, жусан болса жусан, не кез келсе соны қорек етіп, табылса, су ішіп, табылмаса, шөлде де жолға жүре беремін. Жыл басы болу маған лайық" – дейді. Қой айтады: "Мен болмасам, қазақ үйін немен жабар еді? Жүнімді алып, кигіз істейді, жабағымнан киім тігеді, арқан жіп істейді, сүтімнен құрт, май алады", – дейді. Ит айтты: "Мен болмасам, сендердің көбіңді не ұрлап, не қасқыр жеп таусар еді. Сендердің баршаларыңның мен бақташыңмын, дұшпан көрінсе, үріп, абалап, иеме хабар беремін". Тауық айтты: "Мен болмасам, кісі ерте тұрып, жұмысына бармай, ұйықтап қалар еді. Мен таңертең тұрып, шақырып, хабар айтамын "таң атты" деп. Көп отырса, "жұмысыңнан қаларсың, жатар уақыт болды" деп түн ортасында шақырамын, кеш болса тағы шақырамын "мезгіл болды" – деп, – дейді. Тышқан не айтарын білмей тұрды да бір түрлі құлық ойлап, жиылған көпке айтты: "Бұл таласқаннан ешнәрсе өнбес, қарап тұралық та, кім күнді бұрын көрсе, сол жыл басы болсын" – дейді. Өзгелері қарап тұрғанда, түйе өзінің биіктігіне сеніп "менен бұрын кім көреді" – деп, тышқанның сөзін қостап, бәрі де қарасып тұрады. Біраздан соң тышқан жорғалап, түйенің үстіне шығып, өркешінің басына мінді де отырды. Мұнан соң күнді бәрінен бұрын тышқан көріп, хабар беріп, жыл басы болған.
"Түйе бойына сеніп, құр қалды" деген сөз осыдан қалған екен.
7. Түлкі мен қоян
Әуелі түлкінің құйрығы жоқ еді. Әрқашан қасқырменен тату тұрмаған себепті құйрығының жоқтығы жүрген ізін жасыра алмай, оған бек қатты залал келтірген. Соның үшін қасқыр әрдайым түлкінің артынан түсіп, аңдып жүріп, бір күні қасқыр барып оның ініне кірген. Әгәрдә түлкі іннің басқа жағындағы аузынан шығып кетпесе, өлтіріп тастар еді. Әлден соң түлкі ағаш ішіне кіріп кетіп, ағаштың түбінде тұрған қоянды көреді. Ол мезгілде қояндардың құйрығы ұзын болып, шапшаң жүргендеріне ыңғайсыз болып тұрушы еді. Сол жерде түлкі қоянды ұстап алып, өлтірмекші болып жатқанда, қоян сұрапты: "Мені өлтірме, саған құйрығымды сыйға берейін", – деп уағда қылады. Мұнысына түлкі көніп, екеуі сол жерде құйрықтарын айырбастайды. Сонан бері түлкінің құйрығы ұзын болып, қоянның құйрығы қысқа болып қалған екен.
8. [Қоян]
Жер жүзіндегі барлық жан-жануар жаралып болғаннан кейін, қоян жаралған екен. Сондықтан оның он екі мүшесін өзінен бұрын жаралған жан-жануардан сұрап алыпты. Қоянның ернін түйеден, құлағын есектен, құйрығын ешкіден, аяғын иттен, тағысын тағылардан сұрап алыпты. Жан-жануардың бәріне борышты болған қоян, бұлар "алымсағын сұрайды ма" деп зәрезеп болып, қыл аяғы өзінің көлеңкесінен де қорқып, бұқпантайлап қашып жүреді екен. Ешқандай жануар қоянға жүрегі мен бауырын бергісі келмегендіктен, ол жүрегін судан, бауырын тастан алыпты. Қорқақ адамдарды "қоян жүрек", "су жүрек" дейтін себебі сол. Қоян көжектеген соң, басқа жануарлардай баласын асырамайды. Үш күннен соң, "қанжығада көрісейік" деп, тастап кете береді. Қоянның бүйтіп баласына жаны ашымауы, бауырының тастан жаралғандығынан. Әдетте, туысына жаны ашымайтын адамды "тас бауыр" дейтіні сол екен.
9. Қоянның ерні неге үшеу?
Кәрі соқыр жолбарыс қоянды ұстап алып, жеп қоймақшы болды.
– Саған бір қуырым еті жоқ мен емес, бұқа керек! – дейді қоян. Онан да мен сенің жетектеушің болайын. Жолбарыс көнеді. Қоян соқыр жолбарысты тау, шатқал, құздар, өтіп болмайтын қалың жыныстардың арасымен алып жүреді. Кешкісін әбден шаршаған олар тауда дамылдауға тоқтайды. Қоян тік жардың қасына от жағады. Жолбарыс жатып, бір кезде ұйықтап кетеді. Қоян болса, отты қалай түседі. Жолбарыстың бір бүйіріндегі жүні өртене бастайды. Ұйқылы-ояу бірдеңе деп міңгірлеп, аунап түсіп:
– Ыстық! – дейді.
– Шетке қарай ығысып жат, сонда жақсы болады, – дейді қоян.
Жолбарыс жардың жанында жатқанынан хабарсыз еді. Ығысам деген кезде, төмендегі үшкір тастардың үстіне құлап түседі.
Қоян өлген жолбарысқа қарап қойып, ысқырып, алқапқа қарай жүгіре жөнеледі.
Алдынан атып алған түлкілері бар аңшы шыға келеді.
– Жартастың жанында өлген жолбарыс жатыр. Барып, терісін сыпырып ал! – деп қоян айғайлайды.
Аңшыға түлкілерді көтеріп жүрген ауыр болып, жалғыз аяқ жолдың бойына қалдырып кетеді.
Әpі қарай жүгіре жөнелген қоян жолдан кездескен қойшыға:
– Анау жалғыз аяқ жолдың жиегінде өлген түлкілер жатыр, – дейді. Қойшы отарын тастай салып, түлкілерге қарай жүгіре жөнеледі.
Қоян болса алдынан шыққан қасқырға:
– Қараусыз қойлар жайылымда жүр. Аузыңды ашып, бос қалма! – дейді. Қасқыр отарға қарай жүгіре жөнеледі, ал қоян болса жанынан ұшып бара жатқан қарғаға:
– Бөлтіріктер індерінде қараусыз қалды. Олардың дәмді көздерінен дәм татуыңа болады, – дейді.
Қарға бөлтіріктерге қарай ұша жөнеледі, қоян болса киіз үйдің жанында жіп иіріп отырған кемпірге келеді. Ұзынқұлақ оны да орнынан тұруға мәжбүрлейді:
– Әже, қарғаның ұясын алып ал, кейін от тамызуға қажет болады! – дейді. Keмпір иіріп отырған жүнін тастай салып, қарғаның ұясына қарай жүгіре жөнeлeді.
Қоян желдің құлағына сыбырлап:
– Ашық ауыз болма! – дейді.
Жел жүнді далаға ұшырып ала жөнеледі.
Түлкілерінің жоқ екенін көрген аңшы, қойшының артынан жүгіре жөнеледі. Қойшы қасқырдың артынан, қасқыр қарғаның артынан, қарға кемпірдің артынан, ал кемпір болса, желдің артынан қуа жөнеледі. Есер қоянның төбенің басына шығып алып, күлгені соншалық, үстіңгі ерні жырылып кеткен екен.
Сол кезден бастап, қоянның үш еріні бар екен.
10. [Түлкі мен маймыл]
Бір заманда маймыл мен түлкі өте тату өмір сүріпті. Алайда түлкі ылғи да өтірік айтып, маймылды алдай береді. Мұны сезген маймыл іштей ызаланып, оның сазайын беруді ойлайды. Бір күні маймыл бір қырқада жусап жатқан жылқыны көреді. "Енді сәті түсті" деп, дереу түлкіге жүгіріп барады. "Түлкіжан, ет жегің келе ме?" деп сұрайды. "Маймылжан, ет таба алмай, аштан өлгелі жатырмын. Сол етті көрген жеріңе тезірек ертіп алып баршы!" дейді түлкі мәз бола қуанады. "Мына таудың баурайында бір жылқы ұйықтап жатыр. Сені соған ертіп барайын. Қолыңнан көп іс келеді ғой. Сен жей бастағанда, ат түрегеліп, қаша жөнелмесін, алдымен аттың құйрығын өзіңнің құйрығыңа байлап қой" дейді маймыл. Түлкі аштан қарны шұрылдап тұрғандықтан маймылдың айтқанын бұлжытпай орындайды. Өйткені атты қашып кетпесін деп ойлайды. Сөйтіп түлкі атқа ауыз сала бергенде, ат атып тұрады да, қаша жөнеледі. Түлкі тастан-тасқа соғылып өледі. Содан бастап, жылқы түрегеп тұрып ұйықтайтын әдет тапқан екен.
11. [Сиыр]
Барлық жан-жануарды жаратып, оларға бүйрек үлестіргенде, сиыр жайбасарлық істеп кешігіп, ең соңынан барып алыпты. Сиырға бүйрек қалмапты. Бүйректен құр алақан қалған сиыр қатты өкініп: "Мен бұл жалғанда бүйрексіз қайтып күн көремін!" деп, азан-қазан болып, өкіріп жылапты. Сиыр сорлының көз жасын көрген жануарлардың қабырғасы қайысып, бүйрегі бұрылыпты. Бірақ уатып, жұбатып, көңіл аулаудан бөлек көмек көрсете алмапты. Ең соңында сиыр оларға: "Бүйрек алып, бүйірлерің шығып тұрған жансыңдар ғой. Тым болмаса, құр қалған туыстарыңа берер жылуларың жоқ па?" депті. Оның бұл сөзін жөн көрген жылқы, түйе, қой т.б. жануарлардың әрқайсысы сиырға бір жапырақтан бүйрек жылу беріпті. Сонымен сиырдың бүйрегі басқа жануарлардың бүйректерінен бөлек, бұжыр-бұжыр, қырық бүйрек болған екен. Сиырдың қилы-қилы мінездері – осы қырық қиқымнан құралған, без бүйрегінің белгісі.
12. Үй хайуандарының ата тегі
Ерте заманда ат та, сиыр да болмаған. Адамдар шөп жеп, өмір сүрген. Сиырлардың әкесі – Зеңгі баба Адам атаның тұсында өмір сүрген. Адамдар шөп жинап, Зеңгі бабаны тамақтандырып, сауып, сүтін алған, ал жылқы кең далада жүрген. Оның аты – Жұпар. Ол адамнан: "Маған да шөп берші!" – деп сұрайды. Сонда адам: "Егер келіссең, мен сені ерттеп мініп жүріп немесе сатар едім", – депті. Ат келіседі де, адам оған шөп береді. Түйелердің арғы атасы – Ойсыл қара. Ойсыл қара – суға салса, батпайтын, ескі саба. Барлық қойдың әкесі – Шопан ата. Ал ешкінің әкесі болмаған. Бір күні қой бағып жүрген қойшыға иесі: "Егер Шопан ата қозы туса, барлығы менікі болады. Егер Шопан атаға ұқсамайтын туса, ол сенікі болады", – дейді. Шопан ата ылғи қозыларды туа береді. Сол кезде қойшы оның қарнына таяқты сұғып алады. Шопан ата буаз болып, құйрық майы жоқ, құйрығы бар ешкі туады. Иесі өзінің малына санамай, ешкіні қойшыға береді.
13. Түйенің қасасы неге артқа қараған?
Тәңірі жаратқан тіршілік атаулыға қаса үлестіріпті дейді. Ең алдымен келгендерге молдау, үлкендеу тисе керек. Түйе жарықтық қашаннан өзінің жайбасарлығына бағып: "Е, бойыма лайықты еншімді маған да сақтап қойған болар" деп, ең соңынан жетеді ғой. Келсе, қаса атаулыны қалауларынша үлестіріп алып кеткен, тек иір-қиыр болып, шыбықтай ғана бірдеңе жатыр дейді. Түйе әрі-бері аударыстырып көреді де, Тәңірге: "Ау, Тәңірім-ау, мұның қалай, маған лайықты қаса қалдырсаң болмай ма?" деп реніш білдіреді. Тәңірі болса: "Бойыңа сеніп, кеш қалған өзіңнен көр, енді бұйырғанына қанағат етесің" дейді. Түйе: "Жоқ, мұндай қасаны алғанша, қасасыз өткенім артық" деп, өкпелеген қалпы бұрылып кете береді. Сонда Тәңірі: "Сен өкпеледі екен деп, түйені тұқымсыз қалдыра алмаймын", – деп, иір-қиыр қасаны түйеге қарай лақтырып жібергенде, артқы жағына барып, қадалып қалса керек.
Түйе қасасының артқа қарап бітуі содан екен дейді.
14. "Сымбатты" сиыр жайлы әңгіме
Ерте заманда жануарлардың ішінде ең жүйрігі де, сымбаттысы да сиыр болыпты. Сиырға ешбірі ілесе алмапты. Келе-келе сиырға менмендік, өркөкіректік пайда болады.
Бірде ол жайылымда жүрген жылқыға кездесіп:
– Ей, ашқарақ, менің сөзіме құлақ сал. Сен өмірі күйіс қайтармайсың, жетер осы жайылғаның. Менімен жарысасың ба? – дейді.
– Мейлі, жарыссақ жарысайық, – деп, жылқы келісімін береді.
Олар өздеріне межелі жерді белгілейді. Жолдың ортасында кәдімгі суыр жарысқандарға су беріп, дем беріп отырды. Ә дегенде-ақ сиыр құйрығын шаншып алып, жылқыдан озып кетеді. Орта жолда ол:
– Суыр пасық, су қайда? – дейді көкіректеніп.
– Сиыр пасық, су мұнда! – деп ызасы келген суыр сиырға боржып, тұрып қалған суды ұсынады. Сиыр қарамастан сіміріп салады да тасырлатып әрі шауып кетеді.
Сиыр бір қыр асқан соң жылқы ентігіп жетіп суырға:
– Суыр сұңқар, су қайда? – дейді.
– Жылқы тұлпар, су мұнда? – деп, суыр риза болып, жылқыға салқын, таза суды ұсынады.
Салқын су бойын ширатқан жылқы сиырдан озып, межеге бұрын жетеді. Міне, содан бері жылқы баласы сұлу да сымбатты, жүйрік болыпты. Ал сиыр сол оқиғадан соң демігіп, жүгіре алмай, шабан жүрісті болып қалған деседі.
15. Ала сиырлар
Дүниені жаратып болған соң, Жаратушы адам пайдасы үшін жаратты хайуанды. Мұны көре салып шайтан да жаратушы секілді қой, ешкі, қара малды шығарды. Бірақ бәрін де бір түсті қылып: ақ, жирен, қара болды, һәм өзінің малдарын далаға жаймақ үшін айдап барып, дәл түс уақыты болған мезгілде ыстыққа шыдай алмай жалқауланып ұйықтап қалды және бұлардан бұрын шайтан өзінің шығарған: маса, сонасы адамдар менен хайуандарды шағып, азап көрсетсін деп. Сол жерде бәрі бірдей бағанағы шайтанның бағып жүрген сиырларына жабыла берген мезгілде сиырлар маса, сонаның шаққанына шыдай алмай, олай-бұлай жүгіре бастады. Ешбір өздерін қорғайтұғын жер таба алмай. Сонда Жаратушы хайуанды аяп, бір сарайға кіргізіп жібергеннен кейін ыстықтан, маса-сонадан тыным тауып қалды.
Содан соң Жаратушы хайуандардың ішін аралап жүріп, әрқайсына қолына ұстап жүрген және бүр шашып келе жатқан бұтақтармен сипай береді. Тиген малдардың бәрі де ала болып қала беріпті. Біреуінің басы ағарып, біреуінің арқасы, аяқтары, маңдайлары ағарып қалады. Мұнан соң шайтан оянып кетіп, Жаратушының қайтадан далаға жіберген хайуандарының ішінен өзінің малдарын іздеп таба алмайды. Сонда сұрай бастайды «малдарымды бер» деп, Жаратушы көңілін тыныш қылмақ үшін бұйырады: бір түсті малдарды, әсіресе, қара малды, ешбір жерінде ондай-мұндай нәрсесі жоқ. Соның үшін мінсіз қаралар аз болады және сиырлар бұзаулаған мезгілде мінсіз қара, жирен, ақ болса, олар өсімтал болмай, тез өлгіш болады. Неге десеңіз, шайтанға бағышталғаны үшін. Үшбу сиырды мұжықтар әрдайым мұндай болып туған бұзауларды сатады немесе сояды.
16. Түйені көрсе жылқы неге қалтырайды?
Ертеде жылқы күнге қарап былай дейді:
– О, барлық жан-жануарларға тіршілік сыйлаған, қайырымды күн, мені «жануарлардың арасындағы ең сұлулардың бірі» деседі жұрт. Солай екенін өзім де сеземін. Сонда да кейбір дене мүшелерімді бұдан да әдемірек етуге болар еді-ау деп ойлаймын.
– Сонда қай жеріңді түзей түсуге болар еді деп ойлайсың? – деп сұрайды күн күлімсіреп.
– Егер, – дейді жылқы, – сирақтарым бұдан да ұзындау және сидаңдау болса, мен, тіпті, алдына жан салмайтын жүйрік болар едім. Мойным аққудың мойнындай ұзын болса, маған ол бұдан да әсем көрік бітірер еді. Төсім жалпақтау келсе, қазіргіден де алымдырақ болар еді. Оның үстіне адамзатты арқалап жүру үшін жотамнан мәңгі алынбайтын ер болса, тіпті жарасып тұрар еді...
– Жақсы, қалағаның болсын, – дейді күн жайраңдап, – сәл күте тұр.
Соны айтады да, күн жерге түйені түсіреді. Денесі алпамсадай, тұрқы арбиған жануарды көрген жылқы әрі қорыққанынан, әрі жиіркенгенінен қалшылдап қоя береді.
– Міне, сен қалағандай ұзын да сидаң аяқ, аққудың мойнындай ұзын мойын, жалпақ кеуде, ері де дайын. Қалай, сенің де осындай болғың келе ме? – деп сұрайды күн.
– Жоқ-жоқ... – дейді тілі күрмеліп.
– Ендеше жөніңде жүр, – дейді күн жылқыға, – саған өз бойыңдағы да жетеді! Әркім өз қасиетін бағалауға тиіс.
Содан бері жер бетінде түйе де өніп-өсе бастайды. Ал жылқы болса, түйені көрген сайын әлі күнге дейін денесі дір ете түсіп, қалтырай бастайды екен.
17. Сәйгүлік тұлпар жылқы қайдан туады
Ұрғашы құлын есейген соң түсінде суынды көріп, ғашық болады. Ретін тауып, жарық айлы түнде теңіз жағасына барады. Сонда теңізден суын шығады. Суын – теңіз жылқысы. Өте әдемі, құйрық, жалы жерге сүйретіліп, үстінен тоқтамай су тамшылап тұрады-мыс. Міне, осы екеуінен тұлпар туады дейді.
18. Қасқыр неге ұлиды?
Ертеде Халық деген бір кедей өмір сүріпті. Мал дегенде он шақты ешкісі, жалғыз аты және алтын қауырсынды қоразы болыпты. Ол кезде қораз айғай салып, ешкі де бақырмайды екен. Күндердің бір күнінде ақсиған тісі бар, адам қорқар түсі бар бір аң келіп, кедейдің екі ешкісін алып кетеді.
– Өзі барып тұрған қаскүнем екен, қырды да кетті, – дейді Халық күйініп кемпірі мен баласына.
– Ол өзі бізге қас, ешкілерді қырды, демек ол қасқыр ғой, – деп қалады сонда бала. Содан бастап қасқыр «қасқыр» атанған екен. Қасқырлар кедейдің малын қыруды қоймайды. Кеш қарайғанда, тіпті қамаулы тұрған ешкіні қораға түсіп, алып кететін болады. Ондайда ешкінің бар бітіретіні: сақалы шошаңдап, бақырады екен. Қораз болса, алтын қанатын қағып-қағып жіберіп: "ку, ка-ре, ку!" – деп, айғайға басады. Онысы: «Қасқырлар келді, қуа гөр!» деп, Халық атайға хабар бергені екен деседі. Сол түн, сол күннен бастап, қораз шақыратын болыпты, ешкі де бақыратын болыпты.
Халық атай күнде үйіне қайтқанда, өрістен қасқырлар жемей тастап кеткен ешкінің құйыршықтарын бір етек қып, жинап ала келіп жүреді.
Бір күні кедейдікіне сақалы беліне түскен бір ақсақал келеді. Ол:
– Жауыздықпен күресу менің парызым еді. Мә, мына кітапты ал. Оқы. Оқығаныңды көңіліңе тоқи біл. Ерінбесең, дұшпаныңнан құтыласың, – деп кедейдің баласына бір кітап береді.
Сол күннен бастап, бала кітаптан көз алмайды. Оның бар ойы жауыз қасқырды өлтіретін дәрі жасап шығару болады. Ақыры, бірнеше шөп тамырларын қайнатып, дәрі жасайды. Оны апарып құйыршық жемтікке сеуіп қояды. Ешкілерді үйге қамайды. Қасқырлар бірінші күні келіп, үйді ториды, ешкілер көрінбейді. Екінші күні келеді, ешкілер шықпайды. Үшінші күні қасқырлар ырылдап келіп, үйдің іргесін қаза бастайды. Бірақ үйге кіруге батпайды. Ешкіден күдер үзген соң, жауыздар жемтікке жиналады. Қомағайлау біреуі келген бетінде арс етіп, жемтікті қауып өтеді де: "У-у-у.." – деп, мұрнынан шаншыла құлап түседі. Қалғандары басы ауған жаққа қаша жөнеледі.
Содан бері қасқырлар: "У-у-у!.." – деп ұлитынды шығарыпты.
19. Адам hәм оның ғұмыры
Дүниені тамам қылып жаратып болған соң, көкті уа жерді Жаратушы адамды hәм ғайры мақұлықтарды өз дарқанына шақырыпты; әрқайсысына біртүрлі мінез беруге дүниеде тұрған мезгілде hәм әр қайсысына белгілі ғұмыр беруге. Әуелі барған адам болыпты hәм оған айтыпты:
– Сен, адам, жаратымышлардың тажысың, сенің суретің мағыналы, артық болды, саған сөйлер сөз hәм ақыл берілді, саған барша мақлұқаттар төмен болып, хүкіміңде болар, сен олардың баршасына хүкім қылып тұрарсың, қырдағы шөп hәм ағаштардың жұмысы саған қарайды, өзің жер үстінде отыз жыл ғұмыр сүрерсің, – деп.
Сонда адам разы болмай, бір жағына бұрылып кетіп, өзіне-өзі айтыпты: "Егер мен дүниенің патшасы болсам hәм маған барша дүниедегі жоқ сапалар тиісті болса, бір отыз жыл ғұмыр сүргеннің не пайдасы бар?" – деп, адам бағзы бір көбірек ғұмыр сүруге бұйырылған жануарларға ғажап қылып, көре алмай, қарап тұрыпты. Сонан соң бір уақытта есекке келіпті, есекке айтқаны мынау:
– Сен, жаза көріп, мехнат, машақат көріп жүрерсің, таяқтан өлгенше шаршап, болдырып жүрерсің, тыныштығың аз болып, жейтін тамағың дәмсіз сөз болар, hәм ғұмырың елу жыл болсын, – дейді.
Есек тізесінен жығылып, басын жерге ұрып сұрапты:
– Егер мен дүниеде сондай азаппен жүретін болғанда менің ғұмырымды жиырма жылдай азайтса, тәуір болар еді, – дейді.
Сол уақытта адам жақындап келіп, арыз қылып сұрапты:
– Есектің тастап тұрған жиырма жасы менің ғұмырыма қосылса екен, – деп hәм разылық алыпты.
Онан соң иттің кезегі келіп, оған айтыпты:
– Сенің міндетті жұмысың үй күзету болар hәм нәрселерге қарауыл болу, шынжырлаулы тұрып hәм сол уақытта айға да үруге міндеттісің, өзің сүйек кемірерсің, ғұмырың дүниеде қырық жыл болар, – деп.
Ит бас ұрып арыз қылыпты:
– Егер мен дүниеде сондай қорлықпен тұруға бұйырылған болғанда, адамның үйін hәм уа нәрселерін күзетіп, қарауыл болып, hәм сүйек кеміріп, күнелтетін болғанда менің жасымды жиырма жылдай азайтқанда жақсы болар еді, – деп.
Сол уақытта адам қайтадан келіп, иттің алмай тұрған жиырма жасын сұрай бастапты hәм адам арызына тағы да разылық алыпты.
Ең соңында, кезек маймылға келіпті. Оған айтылған сөз мынау:
– Сенің адамға бір-ақ сыртқы сипатың ұқсар, бірақ сол уақытты бала рауышлы ақымақ боларсың, жүргенде беліңді бүкірейтіп жүрерсің, балаларға ермек боларсың hәм үлкен кісілерге ойын болып, дүниеде алпыс жыл жүрерсің.
Маймыл сорлы тізесінен тұра қалып, арыз қылыпты:
– Әгәр мен адамға бір-ақ сыртым ұқсайтын болса hәм ақымақ болып балаларға, кім болса оған ермек болатын болсам, менің ғұмырымды отыз жылдай қысқартса тәуір болар еді, – деп арызын айтып бара жатқанда бір жағынан тағы адам келіп, сол маймылдың тастап бара жатқан отыз жасын тағы сұрапты. Бұ жолы да ерінбей жүрген адамның арызы қабыл болыпты.
Сонан соң барша мақұлықтар өз жұмыстарын біліп, бет-бетіменен тарапты. Сонда адам да барып, өзіне әуел берген отыз жылдың ішінде бақытты дәурен сүріп, еш уайымсыз, жас жігіт болып тұрыпты. Онан соң отыздан асып, елуге шейін қатты жұмыстар қылып, мехнаттарымен жүріпті, түрлі шаруа қылып, көп қиналып. Бұл жиырма жастың есебі баяғы есектен алған жиырма жыл болады. Содан адам елуден асқан соң, өзінің жетпіс жасына шейін оны – мұныларын жатып аңдиды, hәм өзінің үйін, нәрселерін сол уақытта hеш не болса оған күдіктенгіш келеді. Сол мезгілде кім болса соған айғайлап hәм сүйек жұтудан да таймайды. Адамның сол жастары иттен алған жылдары болады. Сонан жетпістен асқан соң ажардан, ақылынан айырылады, бала рауышлы болады, ол уақытта бүкірейіп, иіліп те кетеді, балаларға hәм әркімге ермек, ойын болады. Сол жастар өз еркіменен маймылдан алған жылдары болады.
20. Адамзатты жаратқан турасынан.
Адамды жаратқаннан кейін Алла Тағала оған қарап айтты:
– Саған бердім отыз жыл ғұмыр!
– Я, Алла, оның аз, – деп қапаланып адам айтты: – Ғұмыр сондайын жақсы һәм онда сонша жақсы қызықты нәрселері бардүр. Көңілімнің қалағанының хисабы жоқ. Мұндай аз уақыттың ішінде жақсылыққа тоймай қаламын, мархамат етіп қос маған тағы да бірнеше жыл ғұмырыма, – деді. Алла Тағала адамзатқа ешбір қарамайынша, басқа түрлі хайуанатты жарата бастады. Ол жаратты итті.
– Бердім саған ит, жиырма бес жыл ғұмыр. Сен адамзатқа шын жолдас боласың, үйін-мүлкін аңдып тұрасын, бірақ өзің аш, әр тараптан сені қуады, аштықтан қорадан, көшеден жиып-теріп жүресің қалған-құтқан нәрселер мен тастаған сүйектерді.
– Ой, мұныңыз көп, – деп жылап тілей бастады ит.
– Маған болады он жыл ғұмыр берсең де, Жаратушым, – деді.
– Иттің он бес жылын маған бер – деп тілей бастады адам.
– Жақсы, ал, – деді.
Иттен соң Алла Тағала жаратты есекті. Есекке айтты:
– Саған жиырма бес жыл ғұмыр бердім, – деп – Сен адамзатты тыңдаушы боласың. Ол саған мініп жүреді. Оның ауырлығынан сенің арқаң мүлде жауыр боп кетеді. Ол сені қуалайды қашан кім сен арып-шаршап тізеңді бүксең, ол сені ұрып-соғады. Оның көзіне сен бір қор жаратылған көрінесің. Ол саған айтуға басқа сөз таба алмайды, сені қор етіп айтуға өзіңнің атыңнан басқа.
– Ой, Жаратушым, мұның артықша, бек көп, – деп есек шырылдап қоя берді. – Маған он бес жас та болады, ғұмырымды қысқарт деп.
– Маған бер, Жаратушым, оның он жыл ғұмырын, – деп қайтадан тілеп сұрады адам: бұ есек сенің мархабат етіп, маған.
Алла Тағала айтты:
– Жақсы, мұны да ал.
Онан соң жаратты Алла Тағала маймылды.
– Саған 20 жыл ғұмыр бердім. Сен ағаш бұтақтарында секіріп жүресің және бұтақтарға жабысасың һәм сен тыныштықты білмейсің. Сенің жалғыз өңің күлкі болады. Беттерің тырысып, жыбырлап, көздерің жан-жаққа алақтап тұрады.
– Ойбай, – деп қайғырады маймыл, – маған он жас та болады ғұмыр етуге. Ей, Жаратушым, мархамат етіп, қысқарта көр!
– Маймылдың он жасын маған бер, – деп қолын көтеріп, адам сұрады.
– Жақсы, ал, – деп оған Жаратушы айтты.
Адам ғұмыр етіп тұра бастады. Отыз жыл ғұмыр еткені байқалмастан өтіп кетті. Ол ғұмыр етміш мезгілінде рахат, көңіл қоштықтарын істеген оның жаны қоштықпенен, жүрегі ғашықтықпенен толған еді. Ол қапа дегеннің не екенін білген жоқ еді һәм жоқтық, науқас дегендерді байқамаған. Ол жақсы рахатта тұрды қалағанынша, ғұмырының барлығы ұжмақ мысалында көрген еді. Тез уақыт ішінде-ақ отыз жылдан асып кетті. Енді иттен алған жасы жетті. Ол көшеден, қорадан һәм әрбір нәрсені жия бастады бір қорадан бір қораға, бәріне де шыдап жүрді. Иттен алған ғұмыры бітсе керек, есектен алған ғұмыры келді. Ауыр жүктер арқасынан кеткен жоқ. Оның қуанып қышқырған даусы байқатып жібергенде жараларына таяқ тиіп қалады. Ол сонда бұдардың бәріне де шыдап жүрді. Есектен алған жасы тез бітіп қалса керек. Маймылдан алған жасы жетті, оны жас балалар қоршап алып айналдырды, бірі жеңінен, бірі етегінен тартып, ең үлкен немересі арқасына шығып, өңгесі сақалына, мойнына жабысты, ол бет-аузын жыбырлатып, тырысып, балаларға күлкі боп қалды. Олар ертеден кешке шейін тыныштық бермеді. Түнде дем алу орнына ыңқылдап шығады. Бір күні ол ернін жымқыртып, бір күлкі істеп жіберейін деген уақытында орнында қатып қалып, ол мүлде жоқ боп қалды.
АДАМДАРДЫҢ АҢҒА АЙНАЛУЫ
1. [Кірпіге айналған адам]
Ертеде малы көп, бір бай адам болыпты, өзі сараң, үйіне кісі келсе, кірпідей жиырылған адам екен. Бай малының садақасын бермейді екен, ауыл адамдары: "Кірпідей жиырылған соны қойшы, ең болмаса, малының садақасын бермейді", – деп ренжи бергесін, ол бай кірпіге айналып кетіпті деседі.
2. [Жайық пен Тоқтағұл]
Баяғы заманда Жайық және Тоқтағұл деген елден асқан екі мерген болыпты... Жайықтан бір де бір аң, бір де бір құс құтыла алмайтын бопты. Содан бүкіл аңдар мен құстар жиылып ап, Құдайға барып жалыныпты: "Жайық біздің бәрімізді құртып жіберетін болды" – депті. Құдай оны жерге көміп тастапты да: "Жер бетінде өмір сүре алмадың, енді жер астында өмір кеш, түбір-тамырлармен қоректен!" – депті.
3. [Жайық мерген]
Баяғы заманда атқан оғы жерге түспейтін Жайық деген мерген болыпты. Жайықтың атқан оғынан бірде-бір аң-құс қашып құтыла алмапты. Содан соң бүкіл аңдар мен құстар жиналып: "Жайық біздің бәрімізді құртатын болды" деп, Тәңірге жылапты. Тәңірі Жайықты көртышқанға айналдырып, жер астына көміп тастапты да: "Жер бетінде жөншілікпен өмір өткізбедің, енді жер астында жатып, тамыр-түбірлерді кеміріп, қорек ет!" депті. Содан бері Жайықтың тұқымы көр тышқан болып, жер астында өмір сүреді екен.
4. Қарынбайдың суырға айналуы
Сонау-сонау соны заманда, төрт төңірек аманда Қарынбай дейтін бай болыпты. Оның төрт түлігі мыңғырып, қойы қонысқа, жылқысы өріске сыймапты. Ол – кесіп алса, қан шықпайтын қарау, терісін сойса, сөл тамбайтын сараң екен. Оның үстіне көзі – топырақтан өзгеге тоймайтын аш көз, қорқау құлқын, қанағатты білмейтін, дүние қоңыз екен. Ол мал дәулетін місе тұтпай, «байыған сайын байи түссем, тапқан сайын таба берсем, қолға ілінерді қи сыпырып ала берсем» деп, айналасын қан қақсатыпты. Ең соңында, әбден астамсып: "Жер тәңірдің байлығының бәрі менікі, бұған ешкімнің таласы жоқ" депті. Қарынбай осы қанағатсыз, жауыз ниетінен, жасаған Тәңірдің кәріне жолығып, адамдықтан азып, сасық суыр болып, жерге еніпті. Оның өріс-қонысқа сыймаған малы, өзіне бұйырмай, жапан түздің жабайы аңдарына айналыпты. Қара құйрық, тауешкі, арқар-құлжа, бұғы, бөкен, түйе, киік, құлан т.б. қоңыр аңдардың бәрі қарғыс атқан Қарынбайдың малы екен.
5. Қарынбайдың хикаяты
Бұрынғы өткен, жақсы заманда, боз торғайлар қойдың үстіне ұяларын орнатып, жұмыртқаларын салып, балапандарын шығаратұғын мезгілде, әрқашан сайрағанда, Құдай Тағалаға зарланып, мінажат айтушы еді уа бұл заманда Қарынбай деген бай болған екен. Қарынбай соншалық бай болған екен, ләкін жылқы, түйе, қой һәм сиырларының санына есеп-хисап жетпейді екен. Малдары көкорай шалғын өлкеде жайылғанда, малдарын үлкен қабаған төбеттері айналып, күзетіп жүреді екен. Күн сайын ертемен ұшқырлығы желменен пара-пар аттарына мініп, Қарынбай малдарын айналып қарайды екен. Сонда да бесінге шейін әрең-мәрең айналып болады екен. Қарынбай өзінің бұл байлығына көзі тоймай, көңілі көншімей, «маған мұнан да көп байлық бермедің» деп, Құдайға назаланып, тіл тигізер екен. Қарынбайдың байлығы әшкере болса да бек қатты сараң болыпты. Өзінің жақын, кедей туысқандарына тіпті қарайласпайды екен, қайыр, садақа, зекет, пітір бермейді екен. Молдалар Қарынбайдың көңілін жібітпекке құраннан шариғат айтып: «Жақындарыңа қарайлас», – деп, көп насихаттар айтады екен. Қарынбай молдалардың насихатын есітпей: «Кетіңдер», – деп қуалар екен. «Бөтен адамдарға қарайласуға шамам жоқ, кедеймін», – деп айтады екен. – Сіздер айтасыз, Құдай Тағаланың құдіреті зор, рақымы көп деп, егер де бұл рас болса менің байлығымды тағы да кебейтсін. Онда мен пақырларға болысар едім», – депті. Құдіреті күшті Құдай мұның тілеген тілегін құдіретіменен біліп, байлығын тағы да көбейтіпті уа малдарын кешке шейін әрең-мәрең айналып келетұғын болыпты. Сонда да Қарынбай байлығына қанағат қылмай, молдалардың құраннан айтқан шариғатқа құлақ салмастан: «Мен әлі де болса кедеймін ғой», – дер екен. Қарынбай молдаларға айтыпты: «Алла Тағала маған ахшамға шейін айналып келетұғын мал берсе, уаһ, онда мен сіздердің айтқан насихаттарыңызды хош қылар едім», – депті. Алла Тағала Қарынбайдың бұл тілегенін де қабыл етіпті. Сонда да Қарынбай уағдасында тұрмай, сараңдығы тастан бетер болып кетті. Құдай Тағала Қарынбайдың қанағатсыздығына ашуланып, Жебрейіл періштені жіберіпті: «Әлі де болса Қарынбайдың сараңдығын сынап кел» деп. Алла Тағаланың пәрманымен Жебрейіл келгенде, Қарынбай үйінде отыр еді. Жебрейіл келгенде, қайыр, тамақ, жатуға үй сұраған пақыр міскіннің суретінде болып келіпті. Қарынбай қайыр сұраған пақыр адамды көріп, бек қатты ашуланып, ұра жаздапты. Қанша жалынып-жалбарынып, мөлиіп сұраса да күнәкар сараңның қабырғасы қайысып, жаны ашымапты. Жебрейіл айтыпты: «Адам тұрмайтұғын, аң жүрмейтұғын қу дала, қу мединеден келдім арып-ашып, арықтап, шаршап келдім», – деп, қайта-қайта зарланып сұраса да Қарынбай битімдей қозғалмапты. Сонда Жебрейіл өзінің періште суретіне түсіп: «Бақытсыз!» – деп айғай салыпты. – Көзіңді ашып, алдыңда кім тұрғанын байқап қара», – депті. «Мен – Жебрейіл. Алла Тағала сенің сараңдығыңды һәм рақымсыздығыңды анықтап, біліп кел деп жіберді. Құранның айтқанына көнесің бе?» – депті. «Жоқ», – деп Қарынбай жауап беріпті. «Ешкім мені зорлап, өзімнен еріксіз жөнге сала алмас», – депті.
– Сені жер жұтсын, – депті. Қарынбай тізесіне шейін батыпты.
– Құдай Тағаланың бұйрығын тұтасың ба? – депті.
– Жоқ, тұтпаймын, – депті.
Жебрейілдің айтқанынша, Қарынбайды жер беліне шейін жұтыпты. Жебрейіл Қарынбайдан үш қабат сұрапты: «Құранның айтқанына көнесің бе? – деп.
– Ешқашан көнбеспін! – деп Қарынбай айғай салыпты.
– Сені жер жұтсын, – дегенде, Қарынбай алқымына шейін жерге батыпты.
Жебрейіл Қарынбайдың малдарын аңға ұқсас қылып, жан-жаққа таратып жіберіпті. Қарынбай әммән қылғынып, жерде тұрады дейді һәм бұрынғы ғұмырындағы қылғанына өкінеді дейді. Өкінгенмен не пайда, іс өткен соң Алла Тағала рақым қылып, көз жасын имеген соң. Құдай Тағаланың қаһары тигеннен бері Қарынбай ешбір адамды көрмейді екен, бірақ шайтандар төбесінде жүріп, оның бақытсыз, қор болғандығын мазақ қылып, күледі дейді.
Мінеки, күнәкар Қарынбайдың ақыры не болды.
6. Қарынбай
...Илаһи құдіреті көп Пәруәрдігер,
Құдайға жақсы пенде құлдық қылар.
Малыңнан қайыр-зекет бермей өтсең,
Ақыретте қарныңнан тас шығарар.
Сөзіме құлағың сал, алуандас,
Кей адам - дәулетіне болады мас.
Біреудің ұрлап алып, малын жесең,
Қарныңнан таңда маһшар шығарар тас.
Бар екен бір бай адам, аты – Қарын,
Қисабын айтып болмас оның малын.
Малынан қайыр-зекет бермей өткен,
Құдайдың құдіретіне болған мағлұм.
Бар екен бір пайғамбар Мұса деген,
Ол тақсыр сөз сөйлейді қысаменен.
«Қарын байға зекетті бергізгін!» деп,
Мұсаға бір Алладан әмір келген.
Мұсаға бір Алладан әмір келген:
«Қарынның малы артық тәмам елден».
Қарынға барып, қонақ болайын деп,
Бір күні Мұса тақсыр жетіп келген.
Үйіне қонақ болып отырды енді,
Қарынға сансыз малды Құдай берді.
Мал союға қимастан мысық сойып,
Қазанға ас пісіріп, әкелді енді.
Алдына табақпенен қоя берді,
Тақсырдың сол уақытта қаһары келді.
«Мыш-мыш» деп айтып еді Мұса каллам,
Табақтағы ет мысық боп тұра кепті.
Мұса каллам Қарынға ашу етті:
«Мысық сойған күнәңді кешірейін,
Малыңнан енді зекет бергін» депті.
Мұны естіп, Қарын үйден шығып кетті:
«Малым жоқ беретұғын саған!» депті.
«Малынан зекет бермесе бұл Қарынды,
Қара жер, шапшаң мұны тартқын!» депті.
Ақырып, тақсыр Мұса айтады енді,
Періште жер кіндігін тартады енді.
Қара жер қаһарланып, тартып еді,
Қарын бай бел бауырдан батады енді.
Мұса тақсыр Қарынды тұтып тұрды,
«Бересің бе зекетті?» деп жауап сұрды.
– Енді зекет бермесең, Қарын байым,
Көрдің бе, жұтқалы тұр қара жерді.
Сонда тұрып Қарын бай сөйлейді енді,
Шыбын жаны сіркедей көрінбейді.
– Бір қой берсем, жұлынар төбе шашым,
Өлтірсең де бермеймін енді, – дейді.
Мұса тақсыр бұлайша сөз есітті,
Бермеймін деген сөзін ол зекетті.
«Малыңа зекет бер десем, тіл алмайды,
Тартқын!» деп, қара жерге әмір етті.
Қара жер ол Қарынды тағы тартты,
Мұса тақсыр ақырды қаһары қатты.
Қара жер қаһарланып тартып еді,
Қарын сонда иектен жерге батты.
Қарынға айтты: зекет бересің бе,
Зекет бермей, хақ жүзін көресің бе?
Жаһаннамға кетесің кәпірлікпен,
Ібіліс лағынат тіліне ересің бе?
Мұса тақсыр насихат сөз айтады,
Жаны ашып, сол жерде көп айтады.
Малың шағар шаян боп сені, Қарын,
Жаһаннамға кетесің, – деп айтады.
Қарын айтты: – Ешнәрсе бере алмаймын,
Сөзіңе сенің айтқан ере алмаймын.
Өлтірсең, өлтіре бер, мал сұрама,
«Мал бер» деп, аузыңа сөз алмасаңшы.
Мұнша әуре мені сен қылмасаңшы,
«Мал бер» деп, аузыңа сөз алмасаңшы.
Бұл тіліңді алмаймын неғылсаңда,
Мал беретін жолыңа салмасаңшы.
Мұса тақсыр қарайды мойнын бұрып,
Сөз айтады Қарынды ұстап тұрып:
«Өз обалың өзіңе, барғын» дейді,
Малымен бірге кетті жерге кіріп.
Ол Қарын кетті дейді жерге кіріп,
Кәпір боп кетті ақымақ Құдай ұрып.
Заман ақыр болғанша тоқтамастан,
Барады малыменен әлі жүріп.
Малымен кетті Қарын жер астына,
Көмілген жоқ өзгедей көр астына.
Қарын кірген жерінен қырық күндей,
Қайнап-қайнап қан шықты жер үстіне.
Жер үстіне қан шықты қайнап-қайнап,
Қарын кетті зекетсіз малын айдап,
Қылған жоқ оған рақым сансыз малы.
Ай, мұсылмандар, жарандар,
Малыңнан зекет беріңіз.
Бірлігін Хақтың біліңіз,
Хақ жолымен жүріңіз,
Пәк болады дініңіз.
Бұл дүниенің, жарандар,
Сағатындай болмайды.
Қара жер бара жатыр қинап-қинап,
Малымен жер астына кетті Қарын,
Түбіне зекетсіз мал жетті, әне.
Мінеки, зекет бермей осы Қарын,
Бақиға айдап кетті дүние-малын.
Жер бар осы күні Қарын кірген,
Қарынға Қадыр Алла лағнат берген.
Қарын көрген қысымын жан көрген жоқ,
Иә, Алла, аман қылғын ондай жерден,
Көзіне көрінбеді сансыз малы,
Қысылды зекет бермей шыбын жаны,
Жарандар, қызықпаңыз дүние малға,
Бір күні көшіп кетер дүние пәні.
Қарынның сыйған жері - кеседей жер,
Барлығы рауайаттан осылай дер.
Сыйғызған кесе аузындай жерге ғана,
Осындай қысым етіп Пәруәрдігер...
7. [Көртышқан мен мәлін]
Бір байдың екі қызы, екі ұлы болыпты. Ол заманда жер бетінде басқа адамдар болмапты. Әкесі бір жаққа кеткенде, үлкен қызы сіңлісіне "Бауырларымыздан басқа еркек кіндік жоқ, солармен көңіл қосайық!" депті. "Қой, Құдай естіп қояды. Күнә болады" деп жауап беріпті сіңлісі. "Құдайдың құлағы жоқ!" депті үлкені. Содан соң үлкені бауырын өзіне шақырады. Ал анау бармайды. Ашуланған қыз бауырының екі көзін ойып алып, өзін жерге көміп тастайды. Содан бері көртышқан соқыр және жердің астында тұрады. Әкесі үйге келіп, болған жайды білген соң, қызын қарғап, теріс батасын береді. Құдай ол қызды мәлінге айналдырып жіберіпті. Екі аң да адамға ұқсайды. Әсіресе, көртышқанның алдыңғы екі аяғы адамның қолдары сияқты.
8. [Кеңес өкіметі орнағаннан кейін]
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін бір жас келіншек аулымыздан өте белсеніп шықты. Ауылдық кеңестің төрағасы болды. Ол кезде ауылдық кеңеске пәленбай ұжымшар қарайтын. Өкіметтің жұмысына жан-тәнімен берілді. Ең алдымен, мешітті құртты. Оған сиыр қамады. Айтары жоқ, дін ең бірінші жауы еді. Қожа-молдаларға қырғидай тиді. Өзі арақ ішті, зина жасады. Шариғатқа қарсы істердің бәрімен шұғылданып бақты. Сол әйел бір күні өлді. Көмдік. «Пәленше көрден шығып қалыпты» деген хабар келді. Барсақ, көрдің беті жабық, әйел сыртта жатыр. Қайтадан көмдік. Ертеңіне көрден тағы шығып қалғанын білдік. Бұл құбылыс үшке дейін қайталанды. Ел дүрлікті. Оқымыстыларға жүгінуге тура келді. Оқымысты: "Мешіттің киесі ұрған екен, енді мұның үстіне сиырдың жаңа сұйық жапасын құйыңдар. Сонда барып көрден сыртқа шықпайды", – деді. Сиырдың сұйық жапасын тауып алып, әйелді көрдің ішіне салып, үстіне құйдық. Әлгі қария көзін шұқып айтты: "Мына көзіммен көрдім: белсенді әйел біздің көзімізше қап-қара шошқаға айналды. Тездетіп, топырақпен бастырмалатып көміп тастадық. Одан кейін ол әйел көрден шығып, берекемізді алған жоқ. Менің жастау кезім еді. Бұл бір өмір бойы ұмытылмайтын оқиға болды.
9. [Орал қойшы]
Ел-жұртын жат елдің ханы шауып, қырғынға ұшыратып, елсіз далада жалғыз қалған қойшы Оралға бір бөрі кездесіп, оны ертіп бөрінің еліне апарып, бөрінің ханына жолықтырады. Бөрінің ханы оның жай-жағдайымен, мінез-құлқымен танысқан соң, Оралға өзінің асқан сұлу, ақылды қызын береді. Бөрі ханы Оралдың елін шапқан жаумен соғысуына көмек көрсетеді. Оны қолдап, медет береді. Осыларға сүйенген Орал еліне қайтып, ерлік-қайрат істеп, жат елдің ханын және жауыз-албастыларды жеңіп, мұрат-мақсатына жетеді.
10. Бөрі бике
Тау аралап, тас кезген аңшы жігіт тастың үңгірінен ойда-жоқта бір бөріге кезігеді. Ол бөрі бейне адамша тіл қатып: "Екеуміз қосылып, ерлі-зайыпты болып өмір өткізейік" деген тілек білдіреді. Жас жігіт оған мақұл болады. Бөрі әлгі жігітке: Менің саған қоятын шартым бар. Сен қырық күнге дейін не көрсең де сабыр етіп шыда, – дейді. Жігіт бұл шартты орындайды, бөрі бике қырық күнге дейін бөрі кейпінде жүреді де, қырық күн толған соң адам кейпіне келіп, асқан сұлу, әрі ақылды қызға айналып, асыл жар болып қосылады. Шартына шыдаған күйеуін бақ-дәулетке бөлеп, мақсат-мұратына жеткізеді.
11. Жігіт пен өнерлі қыз
Бір байдың сансыз көп малы болған екен. Малының көбі жылқы екен. Бір жылы жұт болып, бай қоныс аударып, жылқысын жер аударып жаяды. Қыс өтіп, жаз жақындаса да, жылқысы келмейді. Бай жалғыз баласын жолдас-жорасымен жылқысын іздетіп, жолға аттандырады. Күндерден күн өтіп, арып-ашып, жылқыны таба алмай жүргенде, іздеушілер бір-екі қосқа келеді. Қостың ішінде шіріген ыдыс-аяқ, тағы басқа заттар жатыр екен. Мұны көрген соң, іздеушілер өз жылқышыларының бұрын қонып аттанған жері екенін топшылайды. Сол жобамен маңайдағы жерлерден, сай-саладан іздеп жүріп, айғыр үйір шолақ жылқыға кездеседі. Сол кезде бір жақтан ағып келіп, бір көк шолақ қасқыр бір қараторы биені иығына салып, ала жөнеледі. Мұны көріп іздеушілер тұра қуады. Бәрінен байдың баласы қасқырға бұрын жетіп, ұрмақшы болып төніп келе жатқанда, қасқыр артына қайырылып:
– Тарт қолыңды! – дейді.
Бала есі шығып қалады. Артында қалған қуғыншылар жетіп келіп, балаға:
– Неге ұрмадың? – деп сұрайды.
Сонда бала:
– Қасқыр "ұрма!" – деді, – дейді.
– Ойбай, қуайық, ұрмасы несі? Қасқыр сөйлей ме екен? Егер де ұра алмасаң, атты бізге бер! – деп, аналар кеу-кеулеп еді, бала серіктерінің сөзіне еріп, қасқырға тағы бұрын келіп жетеді. Ұрайын деп ұмтылып еді, қасқыр тағы да:
– Ұрма, мен саған жалғыз қарындасымды беремін, – дейді.
Бала тағы да сілейіп тұрып қалады. Артынан қуғыншылар келіп:
– Неге ұрмадың? – деп сұрасады.
– Маған қарындасын бермек болды, – деп жауап қайырады бала.
– Мынау не айтып тұр өзі?! Қасқырдың қарындасы бола ма екен? Түс, астыңдағы атты бізге бер! – деп, жолдастары тұс-тұстан баланы ортаға алады.
Бала:
– Жарайды, енді ұрайын, – деп уәдесін беріп, тағы қуа жөнеледі.
Қасқырға жетіп келіп, ұра бергенде, қасқыр тағы да:
– Тарт қолыңды! Жігіт болсаң, маған еріп, үйге жүр, жалғыз қарындасымды алып қайт, – дейді.
Бала тағы тайсалып қалады. Артынан келген жолдастарына:
– Сендер енді қайтыңдар! Мен осы қасқырдың үйіне барып, қарындасын алып қайтам, – дейді.
– Қой, барма, қарағым, – деп жабысқандарына қарамайды.
– Енді қасыңа жолдас ертіп ал, – десті жолдастары. Бала оған да көнбеді.
– Өй, қарағым-ау, сенің денің сау емес шығар. Қасқырдың қызын алғанды қай атаңда көріп едің? – деп еді, бала бұған да тоқтамады.
– Менде жұмыстарың болмасын, байға сәлем айтарсыңдар, мен сол қасқырдың қарындасын алып қайтам, – деп жүріп кетті.
– Жарайды. Бұған шара болмас! – деп, жолдастары кейін қайтты.
Бала қасқырдың соңынан еріп кетеді. Қасқыр бір иіннен келіп түсіп, биені көтерген бойынша бір үңгірге келіп кіреді. Онда өңкей бөлтіріктер ыңырсып, анталап тұра жүгіріп еді, баланың қасындағы қаншық қасқыр "қыңқ" ете түскенде, бөлтіріктер тегіс жатып қалды. Онан екінші бөлмеге кірді. Онда кірсе, бір көкжал қасқыр мен кәрі қаншық ырылдап,тұра ұмтылды. Өзін ертіп келген қасқыр қарсы шыға келіп:
– Қойыңыздар! Жалғыз балаларыңның күйеуі осы болады. Қыстайғы жеген жылқы еті осы жігіттің жылқысы болатын, – дейді.
Екі үлкен қасқыр шегініп барып жатты. Қасындағы қаншық қасқыр баланы ертіп алып келіп, арсалақтап бір оңаша бөлмеге әкеп кіргізді. Түрлі тамақ дайын болды. Жігітті сырттан ертіп келген қаншық қасқыр бәрін жайлап беріп, тамақ ішкенде жігіттің жанына келіп отырды. Кеш болды. Күн батысымен әлгі қаншық қасқыр төсек салып, жігітке шымылдық құрып, оңаша тастайды. Өзі алдыңғы бөлмеге шығып кетіп, бір бұраң қаққан ақ қаншық қасқырды алып келеді. Екеуін таныстырады.
– Мынау – қалыңдығың... Мынау – күйеу, – дейді.
Сонан соң бұрынғы қаншық қасқыр шығып кетті. Күйеуі төсекке жатысымен-ақ, ақ қаншық қасқыр кебенегін шешіп тастап, бір сұлу қыз болды да, күйеуінің қасына келіп жатты. Не болдыға жолығып отырған күйеу мұны көріп, қуанып кетеді. Сонымен бірнеше күндей күндіз тілеген тамағын дайындап тұрады, түнде қалыңдықпен айналысады. Жігіт бірнеше күн жатты. Қалыңдық түнде қыз болып келіп, қасына жатады. Күндіз қасқыр киімін киіп, қасқырдың ішіне кетіп қалады. Бала таң-тамаша: "Бұл не нәрсе? Осы түсім емес пе?" – деп, өзіне- өзі сұрақ қойып жүреді. Күндерден күн өтіп, бір күні бұраңдаған ақ қаншық күйеуді аттандырмақ болады. Үлкен кәрі қаншық күйеудің алдына келіп, шоқиып отырып:
– Я, балам, сен келгелі бір ай болды. Сенің де ел-жұртың бар шығар. Енді осындай ауырмай, сырқамай тұрғанда еліңе қайт! – дейді.
Мұны бала да мақұл көреді.
Енесі баланың қолына бір қайрақ береді.
– Қысылған күнде керек болар, қарағым! Жаныңа қысым келсе, жерге салып қойып, бір теп. Не бол десең де айтқаның болады, – дейді.
Бала қайрақты қойнына салып алады. Атына мініп, қайын жұртымен қоштасып, бұлаңдаған ақ қасқырды шылбырына байлайды.
Енесі:
– Қарағым, қырық күнге толмай, қалыңдығыңның қасқыр кебенегін алушы болма, – деп тапсырады.
Ақ қаншық қасқырды жетелеп, бала жүріп кетті.
Жолда қай жерге қонса, сол жерде отау тігіледі. Түрлі тамақтар дайын болады. Тамақты ішіп алып, таң атқан соң жүріп кетеді. Сөйте-сөйте, бірнеше күннен соң жігіт өзінің ауылына келеді. Ауылға жақындап келіп, қасқыр қалыңдығын бұтаға байлап қойып, өзі ауылға келеді.
– Мен әйел әкелдім, – дейді.
– Әйелің қайда? – деп сұрайды ауылдағылар.
– Сонау бұтаның түбінде отыр, – дейді жігіт.
Ауылдың қыз-келіншектері алдынан шығуға жөнеледі. Шашу шашуға шешесі дайындалып жүр. Айтқан жеріне келсе, бір ақ қасқыр байлаулы тұр.
– Ой, қасқыры несі, – десіп, келгендер келіншекті алыстан қарасып жүр.
Біреуі тұрып:
– Осы қасқырдың қызын аламын деп, еріп кетті деп еді. Мұның келіншегі осы қасқыр болып жүрмесін? – десіп таңырқасып, шуласып тұрғанда, күйеудің өзі жетіп келіп:
– Алдынан шыққандарың қалай? – деп ұрсып, ақ қаншық қасқырды алып барып, бөлек отау тіккізіп, сол отауда қасқыр келіншегімен жата береді.
Күндіз – қасқыр, түнде – қасқыр кебенегін тастап, қараңғы үйді жарық қылатын сұлу келіншек болып, қойнына жатады. Сонымен бай баласы жата береді. Құрбы-құрдастары, ауыл аймағы: "Бұл жынданып, қасқырдан қатын алып жатыр, байдың баласы аң болуға айналды", – деседі. Құрбы-құрдастары анда-санда күліп: "Қасқырдың байы", – деп шақырады. Сондықтан байдың баласы үйінен шықпайтын болыпты. Сондықтан байдың баласы үйінен шықпайтын болады. Бұған қайтсе де қырық күн өткізу керек. Қырық күнді өткізгенше, шыдап келеді. Бірақ байдың баласы сарғайып, әбден жүдеп кетеді., Өзінен өзі қапаланып жүрген ол қырық күнге жеткізбей, отыз күнде әйелдің қасқыр кебенегін түнде шешініп жатқан жерде алып, жыртып-жыртып, отқа тастап жібереді. Әйелі ренжиді: – Саған жақсы болмайды, сен енеңнің айтқан шартын орындамадың, – дейді. Жігіт: – Несіне болса да шыдадым, өйткені, әбден қапа болып, өлуге айналдым. Сондықтан мұнан да сол көретін кеселдің өзін көріп алғаным жақсы! – дейді. Таң атты. Күндегі мазақтап жүретін байдың баласына елдің бәрі таңырқап, әйелін көргендер талып жығылып жатыр. Бұл жұртты жиып, той қыла бастайды. Жұрттың барлығы таң-тамаша. Сөйтіп, бірнеше күннен соң той өтеді. «Осында пәленше байдың баласы әйел алыпты, әйелі жаннан асқан сұлу екен!» – десіп, елдің бәрі шулайды. Кей-біреулері: «Қараға лайық емес, ханға лайық кісі екен!» – деп желпіндіреді. Бұл хабарды осы елдің ханы естиді. Хан көрмек болып, қолына қаршыға алып, сол байдың ауылына қарай қаршыға салған болып шығады. Ауылға жақындағанда қаршығасын қоя береді. Қаршыға байдың баласының отауының төбесіне келіп қонады. Хан үйдің сыртында тұрып айғай салады:
– Ау, үйде кім бар? Мына құсымды әперіп жібер, – дейді. Сол дауысты естіп, байдың келіні үйден шыға келгенде, хан аттан құлап, талып түседі.
Байдың келіні ханды қолтығынан алып, аттандырып:
– Хан басъңызбен қарадан шошығаныңыз не? – деп, құсты қолына алып беріп, қоя береді. Хан әлгі әйелге ғашық болады. «Әттең, сол әйелге қалай қосылам?! Осының жөнін тауып, маған сол әйелді алып беретін кісі бар ма?» – деп еліне жар салады. Сонда бір мыстан кемпір:
– Мұның жөнін тауып, мен алып берем, – дейді.
Хан бұл кемпірдің қалағанын бермек болады. Кемпір айтады:
– Сіз байдың баласын шақырыңыз да, оған мынадай әмір беріңіз: «Баяғыда пәлендей жердегі көлге әкемнің ат басындай алтыны жоғалған, соны тауып әкеп бер. Егер таба алмасаң, қайтып келме!» – деңіз. Соны іздеп таба алмай, өзі де жоғалады, – дейді.
Хан байдың баласын шақырып алып, әмір етеді. Бай баласы жылап-еңіреп әйеліне келеді. Әйелі:
– Мұның жарасы жеңіл, үш-төрт күнге рұқсат сұрап алып кел, – дейді.
Бай баласы ханнан үш күн сұрайды. Хан үш күн рұқсат береді. Қайтып әйеліне келеді. Әйелі:
– Жарайды. Әзірше деміңді алып жата бер, – дейді. Жігіт жата береді. Әйел күндіз-түні ұйықтамай, әшекейлеп, алтындап, жібектен неше түрлі гүл жасайды. Гүл қараңғы үйді жарық қылатын өте тамаша болады. Бір күні түнде әйел күйеуін оятып: – Осыны алып бар да, сол ханның айтқан көліне қармаққа байлап сал да отыр. Оны сол көлдегі балықтың патшасынан басқа балық тістемейді. Балықтың патшасы келіп тістей қалса, сол бойында суырып, судың шетіне шығарып алып, хан айтқан алтынды тауып беруге аузынан уәде ал, оның уәдесіне де сенбе, қанатын жұлып алып қал, – дейді.
Айтқандай суға барып, жібек алтын гүлін салып отырып еді, бірнеше балық келсе де тістемеді, әлдене уақытта жарқылдап келіп, үлкен ақ балық қармақпен қосып, гүлді бір-ақ асады. Суырып шетке шығарып алды. Әлгі балық: «Қоя бер!» – деп қатты жалынды. Жігіт жібермеді. Алтынды тауып беруге аузынан уәде алып, қанатын жұлып алып қалды. Зар илеп, балықтың патшасы кетті.
Балықтың патшасы барысыменен өзіне қараған барлық балықты жинап алып:
– Осында ханның әкесінің ат басындай алтыны жоғалыпты. Сол алтынды қайсың білесіңдер? – деп сұрайды балық ханы.
Сонда жиналып келген көп балық:
– Бәлен жерде бір кәрі балық бар, сол білмесе, біз білмейміз. Ол «бара алмаймын» деп жатып алды! – дейді. Хан өзінің жендеттеріне:
– Бар да алып кел. Тез келсін! – деп әмір берді. Жендеттер келіп:
– Сізді хан шақырады! – деп еді, әлгі кәрі балық тұрмады.
– Хан мені не қылады? Тұруға халім жоқ, – деп жата берді.
Жендеттер болмай, кәрі балықты орнынан сүйреп тұрғызса, ат басындай алтын сол кәрі балықтың астыңда жатыр екен. Балықты тастап, жендеттер патшаға алтынды алып келеді. Балықтың патшасы алтынды судан лақтырып, жігіттен өзінің қанатын алады. Сөйтіп, кәрі балық жүз қырық жасағанда, сол алтынның буымен жасаған екен. Алтынды алып кеткен соң, кәрі балық өліп қалады.
Жігіт алтынды ханға әкеліп береді. Хан дереу кемпірді шақырып алып:
– Ал, сенің келмейді дегенің қайда? Мынау алтынды алып келіп қалды. Мен сенің басыңды алам, – дейді.
Кемпір:
– Тақсыр! Ер кезегі үшке дейін. Мұны тағы бір жерге жіберіңіз, өмірінде келмейді, – дейді.
– Ал, тез айта ғой! – дейді хан.
– Айтсам, сіздің әкеңіздің бір қысырағының үйірі жоғалған. Сол қысырақтың үйірі осы күнде тағы болып кетті, соны тауып, айдап келсін, – деді кемпір.
Хан мұны мақұл көрді. Шақырып алып жігітке тағы айтты. Жігіт жылап әйеліне келді. Әйелі:
– Алты күнге рұқсат алып кел, – дейді.
Жігіт ханнан алты күнге рұқсат сұрайды. Хан алты күнге алты күн қосып, он екі күнге рұқсат береді. Әйелі жігіттің қолына жазуы бар бір таяқ береді.
– Осы таяқты ал да көзіңді жұм, бетіңді осы солтүстікке қарат, – дейді. – Сонан соң мына таяқтағы жазуды оқы, – деп үйретеді. – Осы жазуды оқып отырсаң, таяғың тура сол қысырақтың айғырына апарады. Айғырдың үстіне қарғып мініп ал. Басқа, көзге сабап, үстінен түспе. Әрі-беріден кейін айғырды қалай айдасаң, жылқының бәрі жиылып, соның артынан ереді. Сонымен тура ханның ауылына бар, – дейді.
Таяқты алып, жазуды оқып, жігіт айтқандай көк айғырға сарт ете түсіп, мініп алады. Айғыр мөңкиді, әрі-беріден соң жөнге жүреді. Жігіт ханның алдына келіп:
– Мына жылқыларыңды ұстап алыңдар, – деп айқай салады.
Өңкей тағы жылқы ауылды ойран-топыр қылып кете жаздайды. Хан:
– Ойбай, керегі жоқ, елді қырады, тарт аулақ, – деп азар да безер болады.
– Керегі жоқ болса, жарайды, – деп, жігіт жылқыны қоя беріп қайтып келеді.
Хан кемпірді шақырып алып, оның басын тағы алмақ болады. Кемпір:
– Ойбай, тақсыр, дат! Хан: – Ал, датыңды айт, – дейді.
– Датымды айтсам, тағы жұмсаңыз. Осыны таба алмай өледі. Егер осыдан қайтып келсе, менің басымды алыңыз! – дейді кемпір.
– Ал, айт! – дейді хан.
– Айтсам, баяғыда сіздің әкеңіздің қырқына берген көк айғыр бар, сол айғырды тауып алып келсін, – дейді.
Хан жігітті шақырып алып:
– Дереу көк айғырды тауып алып кел! – деп әмір етеді. Жігіт әйеліне келеді.
Әйелі: – Мұның жайын білмеймін, енді енеңе бар, сол бір ақыл табар, – дейді. Жігіт уайымдайды. Әйелі айтады:
– Бұған үні ай сұра, үш айдан кемде таба алмайсың, – дейді.
Жігіт барып ханнан үш ай сұрайды. Үш айдың үстіне үш ай қосып, хан алты ай береді. Жігіт үйге келеді. Әйелі айтады:
– Сен келгенше хан мені қоймайды. Сен қырық күнге шыдасаң, мұндай болмас еді, – дейді.
Жігіт қысылады. Айла азайды. Сонда тағы да әйелі айтады:
– Қой, саспа! Сен енең берген қайрақты жерге қойып, бір тепсең, ол не бол десең, сол болады. «Үш қабат үй сал» деп теп тағы, мені сол үйдің астыңғы қабатына салып кет, – дейді. Жігіт қайрақты жерге қойып: «Үш қабат үй бол!» – деп теуіп еді, үш қабат үй болады. Соның ең астыңғы қабатына әйелін салып, жігіт қасқыр қайнына жөнеледі. Сонымен бір неше күнде қайнына келіп жетеді. Келген жұмысының бетін айтады.
– Ай, балам-ай, бәрі өзіңнен! Қырық күнге шыдасаң ғой, онда мұндай пәлеге душар болмас едің. Жарайды, қайыр. Енді ақыл табылар, – деп қасқыр енесі күтіп жатқызады.
Ертеңіне енесі мынадай ақыл береді:
– Сен жатпа, балам. Осыдан барасың, барсаң пәлен жерде ханның әкесінің моласы бар. Сол молаға барып, ханның әкесінің қабырын қазып, сүйегін жиып алып, бесікке салып тербет. Сонан соң ол ойбай салады: «Тынышынды алғыр, қайсыңның менде ақың бар?» – дейді. Сонда сен: «Мен емес, менің тынышымды сенің балаң алды, сенің тынышыңды мен алып отырмын!» – де. Сонда әкесі: «Баламның менде несі бар?» – дейді. Сен: «Балаң қырқыңа бір айғыр сойған екен, соны тауып бер деп жатыр», – де. Сонда ол айғырды тауып береді, – дейді. Айтқанындай жігіт қабырға келіп, сүйекті бесікке салып алып тербете бастайды. Әрі-беріден соң ол ойбайлап:
– Тынышымды алма! – дейді.
– Мен емес, менің тынышымды сенің балаң алды, мен сенің тынышыңды алып жатырмын! – дейді жігіт.
– Баламның менде несі бар?
– Балаң сенің қырқыңа айғыр сойған екен, соны менен даулап жатыр, мен сенен сұрап отырмын. Сен сол айғырды тауып бер.
– Ой, арамнан туған! Маған берген бір айғыры көп пе еді? Сұрайтын болса, бердім. Арамнан туған! – деп айғырды көрден алып, лақтырып жібереді.
Жігіт қараса, айғырдың артқы аяғы жоқ.
– Ойбай, артқы бір аяғы қайда?
– Оны маған берген жоқ. Арамнан туғанға айт, бар! Бір санын әйелімен екеуі жеген.
Жігіт айғырды жетелеп, екі айда елге келіп, ханға айғырды тапсырып, әкесінің сәлемін айтады. Сол кезде хан қарамағындағы барлық ұстаны жиып, үш қабат үйді бұздырып, екі қабатын бұзып, үшінші қабатына кірісіп жатыр екен. Барлық тапсырманы орындағаннан кейін, хан ойланып, қатесін мойындап, кемпірдің басын алып, жігітке өзінің қызын қосып, орнынан түсіп, тағын береді. Жігіттің әуелгі алғаны қасқырдың қызы емес, өнерлі қыз екен. Сөйтіп, ол мұратына жетіпті.
12. Қасқырдың жасаған қамқорлығы
Ерте заманда шағын шаруалы бір адам өмір сүріпті. Оның үш баласы, әйелі болыпты. Балаларының есімі бір-біріне ұқсас болыпты. Ең үлкен баласының есімі Қапты, ортаншы баласының есімі Бапты, кіші баласының есімі Сақты екен. Сонан Қапты, Бапты, Сақты үшеуі күн сайын бақ ағашын күзетіп жүріпті. Күн сайын бақтан алма жоғала беріпті. Сонан бір күні алма ағашын күзетуге Қапты, Бапты, Сақты үшеуі келсе, бір құс алманы шоқып жеп отыр екен. Үшеуі шап беріп құсты ұстап алады. Құс зорға талпынып, бір қанатын қалдырып, ұшып кетеді. Сонан үшеуі үйіне келіп, әкесіне көрген уақиғаларын баян етеді. «Алманы ұрлап жеп жүрген мына құс екен» деп, құстың жалғыз қанатын әкесіне әкеп береді. Қанат жай қанат емес, алтын қанат болып шығады. Сонан әкесі отырып мынаны айтады.
– Егер менің балам болатын болсаңдар, мен сендерге осы құсты ұстап әкелуді тапсырамын. Қайдан тапсаңдар да табыңдар. Егер таба алмасаңдар, үйге қайтып келмеңдер, – депті.
Үш баласы әкесінің айтқанын екі етпей, ас-суларын алып, әке-шешесімен қоштасып, құсты іздеп табуға жолға шығады. Сонан үш ағайынды жігіт бір жолмен жүріп отырады. Бір қырдың сайына келіп кеңес қылады. Қапты тұрып үлкендігімен ақыл айтып, былай дейді:
– Біз үшеуміз бір жүрсек, еш нәрсе де таба алмаймыз, одан да үшеуміз үш бағытқа кетейік. Біріміз батысқа, екіншіміз шығысқа, үшіншіміз құбылаға кетелік, сонда ғана біз ол құсты іздеп табамыз, – дейді. ағаның сөзін ақыл деп, қалған екеуі қостап, үшеуі үш жаққа айрылып кетеді. Сонан үлкені батысқа, ортаншысы құбылаға, кішісі шығысқа бағыт алып жүріп кетеді. Бірнеше күндер өтеді. Капты мен Бапты жолығысады. Сонан екеуі жолдас болып, бір жүріп іздеуге ұйғарады. Сөйтіп, екеуі бірігіп бір бағытқа кетеді.
Сақты күн жүріп, түн жүріп сәске тустің шағында бір үш айрық жолға кездеседі. Жолға көзін салып қараса, мына жазулар жазылған екен: «Оң қолдағы жолға түссе, өзі өлер; сол қолдағы жолға түссе, аты өлер; тура жолға түссе, барса келмес», – депті. Сонан Сақты ойланып, өзіне-өзі былай дейді: «Егер өзі өлерге түссем, өзім өліп, атым артымда қалады, онда не болады. Егер барса келмеске түссем, барсам келмеймін, елімді, ата-анамды көрмеймін, онда не болады. Ал, егер аты өлерге түссем көп болса, атым өліп жаяу қалармын!» Сол ақылмен аты өлерге түсіп, жүріп кетеді. Біраз жүргеннен кейін бір сайға келеді. Осы сайға келгенде бір қасқыр шығады. Қасқыр өзін аударып тастап, астындағы атын жарып өлтіріп, тойғанынша етінен жеп, өз жайына кетеді. Сақты жаяу қалған соң жылайды, бірақ кейін қайтпай алға қарай жүре береді. Біраз жер жаяу жүрген соң одан әрі қайда барарын білмей тұрып қалады. Сөйтіп тұрғанда Сақтыға манағы қасқыр қайтып келіп, адамша сөйлеп, жөн сұрайды. Сақты алыс сапарға бара жатқанын, жолда атсыз қалғанын, енді қайда барарын білмей аңырып тұрғанын айтады. Сонда Қасқыр тұрып:
– Мен саған обал қылдым, алыс сапарға бара жатқаныңды білмедім. Енді сен менің арқама мін, адастырмай, керегіңді тауып берейін, – дейді.
Сақты не қыларын білмей тұрып қалады. «Мен саған енді қайтып қастық қылмаймын, арқама мін», – дейді Қасқыр. Күн жүріп, түн жүріп, бір ауылдың жанындағы терең сайға келеді. Қасқыр Сақтыны арқасынан түсіріп, оған былай дейді:
– Анау тұрған биік ақ үйге бар, есігінен кір. Үйдің қабырғасы безеген әдемі болар, бірақ сен қызығып оны сипап жүрме. Үйге кірген соң оң жағыңа қарасаң, бұрышта қонып отырған құсты көресің. Құсты ал да, кейін шық, кешікпей! Мұнда кел, мен сені осы сайда күтіп тұрамын, – дейді. Содан Сақты ауылға барып, ақ үйге кіреді. Кірсе, оң жақ бұрышта бір құс қонып отыр. Құсты алайын деп бара жатып қызығып, жарды сипап қояды. Сол кезде Қасқыр даусы қаңқ ете түседі. Жан-жақтан күзетшілер тұра-тұра жүгіріп, Сақтыны ұстап алады. «Сен бұнда не үшін келдің?» – дейді.
– Мені осы алтын құсты әкелуге іздетіп, әкем жіберді, – дейді Сақты.
– Сен біздің айтқанымызды орындасаң, саған бұл құсты берейік, – дейді күзетшілер.
– Орындайын, не істеп тапсырасыңдар, – дейді Сақты. Күзетшілер тұрып:
Қарақан деген терең сайдың жағасында күмбездеп соққан бір сарай бар. Сол сарайдың ішінде жалы күміс, құйрығы алтын байлаулы тұрған бір айғыр бар. Сол айғырды бізге әкеліп берсең, біз саған құсты әкеліп береміз, – дейді. Сонымен Сақты далаға жүгіріп шығып, Қасқырға келеді, келіп болған оқиғаны айтады. Қасқыр Сақтыны үстіне мінгізіп алып, «айғыры бар үй қайдасың» деп, жортып жүріп кетеді. Сонан күн-түн жүріп, бұлар Қарақан сайына келеді. Келіп отырып дем алады. Қасқыр тағы да ақылын айтып, айғырды әкелуге Сақтыны жұмсайды: – Осыдан барасың, барып күмбезді сарайға кіресің, кіріп барғанда қарсы алдында байлаулы тұрған айғырды көресің, жан-жағыңа бұрылма, жарға, жанға ұрынба, айғырды шешіп ал да, кірген ізіңмен кейін шық, – депті. Сонан Сақты айғырды әкелуге сарайға бет алып, жүріп келеді. Күмбезді сарайға жетіп, есігін ашып, ішіне кіріп келеді. Келсе, алдында байлаулы тұрған күміс жалды, алтын құйрықты айғырды көреді. Жанына қарап қисаңдап сырлаған жарға қызығып, сипап қояды. Сонан қоңырау шылдыр ете түседі, күзетшілер келіп Сақтыны ұстап алады. «Сен не ғып жүрген жансың?!», – деп, жан-жағынан сұрау қойып, қыспақтай бастайды. Сақты:
– Мені мұнда сақшылар жұмсады, осы атты әкелсең алтын құсты береміз деп айтты, сондықтан мына атты алуға келдім, – деп жауап беріпті.
Күзетшілер: «Егер сен бізге Көк дария жағасында, Көкше таудың арасында таумен таласқан үлкен бір үй бар, сыртын алтын, күміспен жалатқан. Сол үйдің төбесінің үстінде биікте бір сұлу қыз бар, сол қызды әкеліп берсең, айғырды саған береміз», – депті. Сақты күзетшілердің айтқан сөзін ұғынып, күтіп тұрған жолдасы Қасқырға келеді. Келіп бар көргенін түсіндіреді. Қасқыр ашуланып, «айтқан тілді алмайсың» деп, «кел арқама отыр, тағы жүрелік» деп, қызды іздеп жүріп кетеді. Күн-түн жүгіріп, Көк дария жағасына, Көкше таудың арасына келіп жетеді. Қасқыр Сақтыға: «Сен осы дария қасындағы тау етегінде күтіп тұр, мен өзім барам, сені екі рет жұмсадым, ештеңе ұқсатпадың», - деп қызды әкелуге Қасқырдың өзі барады. Барса, айтқан үй алдында тұр екен. Содан Қасқыр үйдің басына шықса, қыз ұйықтап жатыр екен. Еш нәрсе сездіртпестен қызды сандығымен көтеріп жерге түсіп. Сақтыға келеді. Келіп: «Жүр кетеміз, арқама отыр», – дейді. Сонан қызды бар затымен, Сақтыны қосып, арқалап манағы ат беретін сайға келеді. Қасқыр Сақтыға: «Сен мені қыз етіп ертіп алып бар, мен қазір қыз болайын», – дейді. Сақты мақұл деп, ертіп алып, ат берер жерге келеді. Қасқыр жолда келе жатып Сақтыға мынаны айтады: «Сен атты ал да, мені тастап жүре бер, мен сені қуып жетемін. Егер тойға отыр десе, отырма», – Деп ақыл айтыпты. Сонымен манағы күзетшілерге келіп, «қызды» беріп, атты алып, өзінің жолдас қызының қасына келеді. Келіп амандасып, жөн сұрасып, танысып, қызға ғашық болады. Сонан екеуі ілгеріге бет алып, біраз жол жүрген соң Қасқырды күтіп жатады. Бірнеше уақыт өткеннен кейін, Қасқыр той басталып, күзетшілер қызған шамада тұра қашады. Артынан қуғанды алып ұрып, бұрынғы Қасқыр бейнесіне келіп, белестен асады. Сөйтіп салып отырып Сақтыға жетіп келеді. Келіп: «Жүр, ілгері», – деп атқа сандықты артып, қызды мінгізеді. Сақтыны өз арқасына отырғызып, атты жетектеп ілгері асып, белді басып, адаспай құс алатын сайға келеді. Сонан Қасқыр тағы да: «Мен айғыр болайын, мініп бар да мені тапсырып, құсты ал да кейін қайт, бірақ мені күт», – депті. Сонан Сақты ат болған Қасқырды апарып тапсырып, өзі құсты алып, ғашығының жанына келеді. Келіп ойнап-күліп, сөйлесіп, Қасқырды күтіп отырады. Содан біраздан кейін Қасқыр жүгенін сыпырып, сездірместен сытылып, сарайдан шығып, қыз бен Сақтыға келеді. Келіп біраз жер ұзатып, мына сөзді айтады:
– Мен енді қаламын, сен менің айтқан сөзімді тыңдасаң, қалған жолында үйіңе аман барасың, – депті.
Сақты «тыңдаймын» деп, Қасқырдың сөзін мақұл алады. Қасқыр сөзін бастап, мынаны айтады.
– Саған жолда екі қатер бар, содан өтсең аман барасың, – дейді. Оның біреуі мынау: күн сондай ыссы болады, шөлдеп келе жатқан кезіңде алдыңнан бір өзен су тап болады. Сонда су ішкің келер, бірақ төзіп бақ, су ішпе, – дейді.
Одан өтіп бірнеше күн жол жүрген соң, шөлің басылып енді ұйықтағың келеді, сөйтіп келе жатқанда алдыңнан бір үлкен бәйтерек кездеседі. Түбі көк шөп, салқын, бірақ сол теректің түбіне ұйықтама, ұйықтасаң аман болмайсың, міне, осы екі қатерден кетсең менің айтқанымдай үйіңе аман барасың, – деп, Қасқыр сөзін аяқтапты. Сөйтіп қош айтысып, жолға салып жөнелтіп, Қасқыр өз жайына кетеді. Сақты ғашығы мен затын атқа өңгеріп, жүріп кетеді. Күн жүреді, түн жүреді. Күн сондай ыссы болады, өте қатты шөлдейді. Сөйтіп суды қайдан табамын деп келе жатқанда, алдынан өзен суы тап болады. Сақты атты суарып, енді өзі де ішкісі келеді. Бірақ, қыз Сақтыға бұл судан ішкізбейді. Сонан өзеннен өтіп жүріп кетеді. Енді шөлдері басылып, шаршап ұйықтағылары келеді. Сөйтіп болдырып келе жатқанда алдарынан бір үлкен бәйтерек ұшырайды. Сақты осы теректің түбіне демалып жатқысы келеді. Жолдас қызы бұған да ерік бермейді. Бірақ қыз сөзіне құлақ қоймай, теректің түбіне келіп, демалып атын тұсап, ұйқыға кетеді. Сонан біраз уақыт өтті дегенде Сақтының екі көзі шым ете қалады. Шошып оянса, екі көзі жоқ, үңірейген орны тұр, айналасын сипаса, қасындағы қызы жоқ, сөйтіп Сақты бар затынан, атынан айырылып, су қараңғы соқыр болып қалады. Сонан барар жер, басар тау таба алмайды. Біраздан кейін баяғы Қасқыры келіп: «Менің айтқан тілімді алмадың, көзіңнен айырылдың», – деп алдына алып, бір уыс топырақпен көзінің орнын уқалап, жарқыратып жібереді. Сонан Сақты болған оқиғаны Қасқырға түгел айтып түсіндіреді. Қасқыр: «Ғашығыңды, құсыңды, атыңды, затыңды қазір табамыз, кел арқама мін», – деп, мінгізіп алып, жалмауыз кемпірді іздеп, жортып жүріп кетеді. Қырқадан, белден, асудан, таулы орман, сулардан асып, талай жерді басып бір қосқа кіріп келеді. Келсе, Сақтының көзін ойған жалмауыз кемпір алдарында, іс істеп отыр екен. Сонан Қасқыр тап беріп: – Қазір өлтіріп, жеймін, жаныңның барында айт: ат, қыз, зат қайда, тап! – деп, кемпірдің жағасынан ала түседі. Сонан жалмауыз қорқып, зәресі ұшып, буыны қалтырап, бойын билей алмай жаны мұрнының ұшына келеді. Кемпір тұрып: «Айтайын, тек жанымды қалдыр», – деп, сөзін бастайды. «Заттарың түгел менің баламның қолында – құс та, ат та, қыз да, зат та. Оны Заңғар судың жағасынан, қалың қамыс арасынан табасың», – деп жауап береді. Сонан жөнін біліп алып, кемпірді екі бүктеп отқа салып өртеп, жалмауыздың баласы қайдасың деп жүріп кетеді. Бірнеше күн жүріп Заңғар суының жағасына келіп жетеді. Алдарында аспанмен таласқан тамаша бір үй тұрады. Сол бетімен бұлар үйге кіріп келсе, қыз үйде отыр екен. Қасқыр мен Сақтыны көрген ол жүрегі аттай тулап, көзі жайнап, алдарынан қарсы шығып, құрмет көрсетеді. Сонан «жалмауыздың баласы қайда?» деп сұрайды. Қыз мынаны айтады: «Шешесін өлтіргендеріңді естіп, жұмыртқа болып, алтын құстың астына, қамыс арасындағы ұясына кіріп, сендерден қорқып, жатып қалды», – деді. Қасқыр мен Сақты келіп, қамыс арасынан ұяны тауып алып, алтын құстың астын ақтарып қараса, бір үлкен жұмыртқаны көреді. Сақты оны қолына алып, әрлі-берлі жайлап қыса бастайды. Бала: «Өлтіре көрме жаншып, құлың болайын», – деп жалынады. Қасқыр: «Босқа жалынба, жалмауыз тұқымына қайырым жоқ», – деп, қатты қысып жарып, жалмауыздың баласының жанын алып, жай таптырады. Сонан соң қызды, құсты, атты, затты түгелдеп алып, Қасқыр Сақтыны адаспастай етіп бастап, жолға салып, енді осы жолмен тіке жүріп еліңе барасың, ата-анаңды табасың деп, қош айтысып, кетпек болады. Сақты Қасқырға мынаны айтады:
– Сен маған қайырым жасадың, адасқанда жолға салдың, еліме аман-есен жетуіме үлкен көмек көрсеттің, жүр менімен, қонақ боласың, үйден не қаласаң соны аласың, – деп, Қасқырды жібермепті. Бірақ Қасқыр: «Қонақ болмаймын, саған да көп рақмет, сен маған ренжіме, әуел баста атыңнан аударып атынды алып жаяу қалдырдым. Сондықтан бір істеген зұлымдығымды, міне, бірнеше рет жақсылықпен жойып отырмьн, – деп, сөзін аяқтады. – Басыңа қиындық іс түссе, қажетті болар, – деп жүнінен жұлып қолына ұстатты. – Керек уақытында осының бір қылын тұтатсаң, мен даяр боламын», – деп, уәдесін берді. Сонымен қош айтысып, Сақты еліне жүреді. Қасқыр да өз жайына кетеді.
Ата-анасы баласының келгеніне қуанып, әкелген қызына үйлендіріп, тойын жасап, жұртын жинап, ақсақалға бас беріп, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасапты. Күндерде бір күні Сақты аңға шығады, аң аулап, құс атып, далада жүріп, кештің болғанын да білмей қалады. Қараңғыда адасып, жол таба алмай жүрген шағында бір жалмауыз кемпір тап бола кетіп: «Іздегенім сен едің, сіңлімді баласымен өлтіріп, маған қылған қорлығың аз емес, мен де қазір саған көрсетермін қорлықты», – деп, тісін қайрап, шақылдатып, Сақтыға тұра ұмтылады. Атына қамшы басып, зырқырап, Сақты да тұра шабады. Сақты артына қараса, жетіп қалыпты. Не істерін білмей сасып, етек жеңін басып, ақылынан адасып, қайтадан есін жинады. Төс қалтасынан Қасқырдың қылын алып тұтатты. Түтінін бұрқыратып, қолына ұстап, алға қарай әрі асты, бірер қырды басты. Астындағы ат болдырып, не істерін білмей тұрғанда қасына таныс Қасқыры жетіп келеді. Сақты Қасқырға иіліп сәлемін береді. Қасқыр мен Сақты амандасып болған шамада тісін шақыр-шұқыр қайрап, жалмауыз да келіп қалыпты. Сақты: «Жанымды жағама келтіріп, мені қысқан осы жалмауыз, қарасын өшір, достым», – деп, Қасқырға баян етіпті. Қасқыр жалмауызға тап беріп жалмап, етін жұлып қармап, жалмауызды өлтіріп, істің сәтін келтіріп, Сақтыны таянған ажалдан аман алып қалыпты. Сонан Сақты Қасқырға көп алғыс айтып, үйіне қонаққа шақырыпты. Қасқыр қонаққа бармай қош айтысып, «басыңа қиындық іс түскенде әр уақытта әзірмін» деп, өз жайына кетеді. Сақты ажалдан құтылып, аман-сау еліне келіпті. Үйіне келсе, әйелі ұл тауыпты, Сақтының ұлына көңілі толып, бағыма тап болған бақытым деп, есімін Бақытты қойыпты. Сүйгенімен өмірінің қалған күнін ойын-сауық күлкімен өткізіп, ұлы қасында, бақ-дәулеті басында, сөйтіп мұратына жетіпті. Күндер, жылдар өтіп, өлер кезі жетіп, Сақты сақтылығымен жауынан өлмей жай, тап келген аурумен дүниеден өтіпті. Ал екі ағасынан ешбір хабар болмапты.
13. Ағыбай шал
Өткен заманда бір мерген болыпты. Ол мергенді «Қарамерген» деп атайды екен. Қарамерген аң аулап, көп жүріп, ақырында жайылып жүрген екі маралға кездесіпті. Қарамерген мылтығын алып, маралдарды атқалы көздепті. Сол кезде маралдар: «Атпа бізді!» – депті. Қарамерген маралдың адамша сөйлеп, «атпа» дегеніне таңырқап тұрып: «Неге?» – деп сұрады. Маралдар: «Неге екенін Ағыбай шалдан сұра», – деп жауап қайырыпты. Қарамерген атуды қойып, Ағыбай шалды іздейді. Неше күн, неше түн жүріп, арып-талып, ақырында Ағыбай шалдың ауылын табады. Ағыбай шалдың үйіне келсе, жағын жібекпен таңған бір кәрі шал отыр екен. Ағыбаймен көрісіп амандасады. Ағыбай шал бұл жігіттің алыс жерден келгенін қалпынан сезіп, бәйбішесіне қымыз құйдырып алып, қонағын қымызбен сыйлайды. Артынан шай келеді. Шайдан кейін семіз тоқтының еті де келеді. Ет жерде бар аяқ-табақта үш адам болады. Оның бірі – Қарамерген, екіншісі – Ағыбай шал, үй иесі, үшіншісі – Ағыбайдың қонақ күтетін жігіті еді. Ет жегеннен кейін ел жататын уақыт болады. Ағыбай шал да қонағын жатқызады. Ертеңіне таң атады. Ағыбай шал бұрынғы қалпымен қонағын күтіп, шайын береді. Шай артынан қымызын беріп, түс мезгілінде қонағын аттандырмақшы болып:
– Е, балам, алыс жерден келеді екенсің, сөйле! – деді.
– Мен қашаннан аң аулап, кәсіп еткен мерген едім. Бір күні аң аулауға шықтым. Екі маралды көріп, атпақшы болдым. Оғымды енді кезеп атпақ болғанымда, маралдар адамша сөйлеп «атпа мені» деді. «Неге?» дегенімде, «оның мәнісін Ағыбай шалдан сұра» деді. Міне, сол жұмыс арқылы сізге келдім, – деп, Қарамерген сөзін аяқтады. Ағыбай шал әрі ойлап, бері ойлап, еш нәрсені таба алмай, «оны мен білмеймін» деп жауап қайырыпты. Бұл жігіт келген жұмысы орындалмаған соң, жүгіріп келіп, Ағыбай шалдан рұқсат алып, алып, өз жөніне жүріп кетеді. Ағыбай шал көп ойлаумен үйде қалып, ақырында мынандай өз басынан өткен бір ертегі ойына түсіп, артынан бір жігітін шаптырып, Қарамергенді шақыртып алады. Қарамерген келгеннен кейін Ағыбай шал «жас кезімде мынандай өз басымнан уақиға өтіп еді, маралдың айтып жүргені де сол шығар» деп, өз ертегісін бастады.
– Мен өзім бай баласы болдым, сол ата дәулетінің арқасында атқа мініп, қыз таңдадым. Бір байдың сегіз жасар сұлу қызын көріп, оған ғашық болдым. Бұл жұмысты елге келгеннен кейін жеңгелерім арқылы әкеме сездірдім. Әкем маған ол байдың қызын қырық жеті беріп айттырды. Тап сол кезде мен он төрт жаста едім. Арада сегіз жыл өтті. Мен жиырма екі жасқа келдім, қалыңдығым он алты жасқа шықты. Бір күні ауыл абыр-сабыр болды. Бір жаққа жүруге ауыл жігіттері ат жаратты. Ол жігіттерге еріп, мен де Бозойнақ деген атымды жараттым. Жұрт ат тауып, түйеге қос артып, жүйрік аттарын жетелеп, бір жаққа жол тартты. Оларға мен де ердім. Былай шыққасын бұл жұмыстың мән-жайын бір жігіттен сұрадым. Ол маған жол мәнісін түсіндірді. Бақсам, біздің елден он күндік жерде бір ел бар екен. Ол елдің бір байы әкесіне ас бермек үшін біздің елге бір ай бұрын хабар берген екен. Мен алаңғасарлық арқасында оны білмеппін, құр дақпыртпен жүре беріппін. Бірнеше күн жол жүріп, байдың аулына жеттім. Бізге лайықтап қойған үйіне түсіп, сол күні қонақтың құрмет сыйын көріп, жатып тынықтық. Ертеңіне ас болды, одан кейін жұрт бәйге шартын шығарды. Мен де Бозойнақты қостым. Бозойнаққа өзім шаптым. Бәйгеден озып келіп, бас бәйгені мен алдым. Бас бәйгеге тіккені бір нар, бір ат, бір шапан екен. Оларды алумен менің жұмысым болмады. Жанымдағы жолдастарым пайдаланды. Мен бәйгеден атымның алдымен келген атағын ғана алдым. Жұрт тарады. Менің көңілім жұрттың қамында емес, бір басқа. Алдында ас берген ауылға келе жатып, жолда баяғы өз қайнымның ауылын көргем. Менің жолдастарым қайтарда ол елдің үстімен жүрмей, басқа жолмен кетті. Мен жолдастарымнан бір түнде жасырынып бөлініп, қайнымның ауылына қарай тарттым. Үш күн жол жүріп, төртінші күн көп қойға кездестім. Қойшыдан бұл қойлардың кімдікі екенін сұрадым. Қойлар – менің қойым, атамның қойы болып шықты. Сол жерде ауыл жағдайын сұрадым. Атамның үйінің түсін сұрап алдым. Қалыңдығымның қайда жататынын сұрадым. Қойшы бөлек отауда бір өзі жататынын айтты. Елдің әлі бір күндік екенін айтты. Таңертең қойшыдан шығып, күн бата елге азар жеттім. Ауылдың қарасын көріп, аттан түсіп, атамның үйін шамалап және қалыңдығым жататын үйін де шамалап алдым. Менімен ешкімнің хабары да жоқ. Түн ортасы болды. Атты сол жерге қаңтарып тастап, өзім жұрт ұйықтаған кезде, ауылға келдім. Азырақ таңданып тұрдым да, ақырын басып, қалындығым жатқан отауға кірдім. Қалыңдығымның сұлулығы сонша, қараңғы үйді жарық қылып жатыр екен. Жанына жақындап барып, оята бергенімде, үйдің іші шар-шұр етті. Өзім есімнен танып қалдым. Бір кезде қара қасқа, үлкен төбет болып шыға келдім. Үйден шығып, жүре бердім. Бұл ауылда айналақтап, үш күн жүрдім. Әбден қарным ашып, ұрлық қылуға кірістім. Байдың ас үйіне кіріп, қазандағы сүтін іше бастадым. Осы кезде сырттан жігіттері сезіп, мені қамап ұрды. Сүйтіп жүргенде бір жігіттің қолына құйрығым түсіп, ол құйрықты жаным қысылғаннан үзіп құтылдым. Құйрығым сол ұстаған жігіттің қолында қалды. Далаға босанып шыққаннан кейін бетім ауған жаққа қарай жүгіре бердім. Бірнеше күннен кейін, жапан далада көп керуенге жолықтым. Керуен басы мені шақыртып алып, тамақ бергізді. Әбден тамақ ішіп болғаннан кейін жатып ұйықтадым. Түнде жұрт жатқаннан кейін күзетшімен қосылып, керуеннің мүлкін күзеттім. Бұл мінезім керуен басына ұнады. Сондықтан мені жақсы көріп жүрді. Бірнеше күн өткесін керуен ауылына жетті. Мені ауылға келгесін керуен тағы тамақтандырып тойдырды. Керуен басының үй ішінің адамдарымен бір күнде танысып шықтым. Кешке таман мен қой шетіне барып, қой күзеттім. Бұл кезде қасқырдың да қатты кезі еді. Сондықтан қойға тиген төрт қасқырды өлтіріп, бір шетке үйіп қойдым. Ерте тұрған керуен басы мұны көріп, менен келген іс екенін анық білді. Менің қадірім бұрынғыдан да артты. Осылайша арада екі жыл өтті. Басқа бір елге ұзатқан керуен басының қызы бар екен. Ол жынданып, дүниеде бақсы, молда қоймай жидырғанмен, оның ауруын жаза алмапты. Ақырында байға бір адам келіп айтыпты: «Құдаңда бір қадірлі ит бар, сол ит бұл ауруды жазар», –депті. Сондықтан маған пар ат келді. Керуен басына болған уақиғаны айтқаннан кейін менің мойныма жіп байлап, керуен басы өзі ат жегіп, мені жетелеп алып жүрді. Мені барысымен жынды жатқан үйдің есік босағасына байлады. Біраздан соң жынды әйел аспанға қарап, шыңғыра бастады. Мен де аспанға қарасам, бір қара құс қалықтап, шаңырақтан түсіп келеді екен. Тұра ұмтылдым. Сол кезде бір жігіт менің жібімді шешіп, қоя берді. Қара құсқа тұра бассалып, оны талай бастадым, ол да маған қарсылық білдіріп, менімен алысты. «Ит жынданды» деген үйдегілерден дауыс естіліп жатты. Көп уақыттан соң қара құсты алып ұрып, бауырыма басып жаттым. Сол кезде қара құс маған жалынды. «Менің де саған үлкен керек жерім болар, сондықтан мені босат», – деді. Мен оны босаттым. Ол мында айналмай, өз бетімен ұшып кетті. Байдың келіні тәуір болып, тұрып кетті. Енді менің атымды «бақсы ит» деп атады. Екі күн жатқан соң ат беріп, шапан жауып бір-ақ қайтарды. Менің ием мені арбаға мінгізіп алды. Ауылға келдік. Күндегі әдетпен қой шетіне жаттым. Көп ойлар түсіп, туған елім көз алдыма елестеді. «Енді бүйтіп жүрмейін, не де болса қалындығыма тағы барып көрейін, ол маған мүмкін жібір. Ит қылған сол еді ғой, мені әлі де адам қатарына түсірер» деген ниетпен мен орнымнан тұрып, қалындығым аулына келіп жеттім. Көп айналмадым, бір семіз құр атты ұстап міндім де, Темірқазық жұлдызын маңдай алдыма қойып, терістіктің қараңғысына шомбыдым. Қалыңдығым жатқан үйге келсем, қараңғы үйді жарық қылып, ұйықтап жатыр екен. Жанына жетіп барғанымда, қалындығым оянып кетті. Үйдің іші шар-шұр етті. Бұрынғы қалпымнан айырылып, бозторғай болып шықтым. Бұрынғыдан да күнім қараң болды. Енді мені құстың ең жаманы жапалақ та жеп қоюға әлі келеді деп, жылап келе жаттым. Бір мезгілде бір үлкен шаһардың үстінен шықтым. Көшенің ортасында төгіліп жатқан тарыға кездестім. Қарным ашып қалған мен сорлы тарыны теріп, жей бастадым. Көп ұзамай аяғымнан қыл дұзаққа ілініп, талпынып біраз тұрдым. Бір мезгілде бір топ бала келіп, мені ұстап, аяғыма ұзын жіп байлап, «торғай-торғай» деп, әуеге ұшырып, аяғымдағы жіптен тартып жүреді. Ол тары сол балалардың құсқа құрған тұзағының тарысы екен. Бұл балаларға бір шеттен бір кемпір кездесті, мені көріп, ол кемпір балалардан: «Торғайыңды маған сат», – деп сұрады. Кемпірге балалар мені бес тиынға сатты. Кемпір мені үйіне апарып, алдыма жем, су қойып, аяғымнан арқандап қойды. Күнде мені күндіз бір ұстап: «А, торғайым, жеттің бе», – дейді. Мен одан жаман қорқып, жемімді жемеуге тырыссам да, қарным ашқасын жей бастаймын. Ақырында бір күні кемпір маған келіп: «Е, торғайым, жеткен екенсің», – деді. «Бұл сойып жейді екен» деп, мен жаман қорықтым. Бірақ кемпір олай ойламады, маған ақылын айтты: «Шырағым, сен құс емес, адамсың. Сен ит болып жүргеніңде, мен қара құс болып кездестім. Менің жанымды қиып, сен мені ажалдан босаттың, сондықтан мен де саған жақсылық істейін, – деді. Осыдан ұшып, қалыңдыққа бар. Жұрт жатқан кезде ақырын, пырылдамай үйіне кір. Бұрымында алтын сақина бар, ол сақинаны сиқыр қылып мен бергем, оны шешіп ал. Сол кезде баяғы адам қалпыңа түсесің, – деді. Есіңді жиып, адам қалпыңа түскеннен кейін ел-жұртыңды көрерсің, – деді. Бірақ мені ұмытпа! Бір жыл өткесін қайтып орал, осы жерден бір күндік жерде менің түпкілікті мекен үйім бар. Сол үйде бойжеткен сұлу қызым бар. Соны саған қалыңсыз берем, маған мал қажет емес. Дүниені тағы берем, – деді. Баяғыдан мен сені аңдып жүр едім, қызға сиқырмен сақина беру, келіншекті жындандыру – бәрі сені қолға түсірудің амалы еді», – деді. Бұл сөзді кемпірден естігеннен кейін қалындығым аулына ұштым. Барсам, ауыл тегіс жатқан екен. Ақырын ғана қалыңдығым жатқан үйге мен де кірдім, ақырын тісіммен балдақты бұрымынан шешіп алдым, үйдің іші тарс-тұрс, шар-шұр етті. Қалындығым шошқа болып кетті. Үйден шыға сала, бір жүген тауып алып, жүгіріп жылқыға бардым. Көп айналмадым, бір семіз, құр атты ұстап міндім де, Темірқазық жұлдызын маңдай алдыма қойып, терістіктің қараңғысына шомбыдым. Жайдақ атпен бірнеше күн жол жүріп, ақырында бір обаның басына шықтым. Алдыңғы жағымда тағы бұдан да биік оба көрінді. Ол обаға тағы бет қойдым. Көп ұзамай маған қаздардың даусы естілді. Енді елдің жақын екенін білдім. Үлкен обаның да төбесіне шықтым. Ар жағында жайылған көп қойды көрдім. Ақырын аяндап, қойшыға келдім. Қойдың кімдікі екенін сұрадым. Ауылдың алыс-жақындығын сұрадым. Қой менің әкемнің қойы болып шықты. Ауыл да алыс емес екен. Қойшыға мен өзімді таныттым. Қойшы менің әке-шешемнен шүйінші сұрамақ болып, мені қой басында қалғанымды сұрады да, өзі елге кетуді талап етті. Мен бұл сөзіне қарсы болғаным жоқ, рұқсат еттім. Қойшы шапқылап шүйінші сұрап, ауылға барыпты. Жұрттың қайсыбір білгірсінгені «үш жыл болған Ағыбай келуші ме еді» деп сөгіпті. Қойшы өршеленіп: «Мен жаңа көріп келдім, Ағыбай менің қойымның қасында қалды», – деп, жұртқа бой бермей, шүйіншісін сұрай беріпті. Ақырында «сөзін байқайық, мүмкін рас шығар, бұрын өтірік айтпайтын еді» деп, менің әкем мен шешем көп жұртты соңына ертіп, қойдың қасына келді. Қой жанында жүрген мені әкем алыстан танып, тұра ұмтылып келіп, құшақтап сүйді. Оның артынан шешем келіп амандасты. Ел-жұртқа тегіс амандасқан соң, мені ауылға алып жүрді. Әке-шешем үш жыл сұрау салып таба алмаған соң, менен күдер үзіп, маған ас беріп жатыр екен. Ол асы тойға айналды. Той өтті. Ел-жұрт, туысқандар менен қайда жүргенімнің мән-жайын сұрады. Жасырмай бастан өткен уақиғаның бәрін айттым. Ақырында «кемпірдің қызын алам» дегенді де айттым. Кемпірмен уәделі уақыт болған кезде той істеп, маған бірнеше жігіт қосып, мені қайныма жіберді. Біз де кемпірдің өзін көрген шаһарына жеттік. Кемпір де алдымнан тосып жүр екен. Бізді құрметтеп қарсы алып, ол шаһарға түсірмей, өзінің мекеніне апарды. Қалыңдығымды көрдім. Асқан сұлу екен. Үш күн жатқаннан кейін мені қайным жүргізбекші болды. Алпыс нарға кілем жауып, алтын-күмістен жиһаз тиеп, қалындығымды қоршаулы бір нарға мінгізіп жөнелтті. Міне, жасымда осындай оқиға көріп, мынау бөйбішемді солай алдым. Қазірде жасым тоқсанға келді. Сол сиқыр балдақты былтыр көшкен жұртымда жоғалттым. Мүмкін маралдардың қолына түскен шығар. Саған айтқаны да сол болар, – деп, қарт сөзін аяқтады деді. «Сонымен осындай уақиға есітіп, ауылға қайттым» деп, Қарамерген де сөзін аяқтады.
ЖЫЛАН ЖАЙЫНДА
14. Жылан қабықты жігіт
Баяғыда бір кедей шал мен кемпір болыпты. Қолында мал дегеннен жалғыз есегі бар екен. Қалаға отын сатып, күн көреді екен. Шал мен кемпірдің жасы алпысқа келгенше бір перзентке зар болып, күні-түні жылап жүргенде, шалдың кемпірі айдаһардың етіне жерік болыпты. Шал айдаһарды іздеп келе жатса, бір шаң көрінеді. Жақындаса, қара айдаһар мен сары айдаһар арбасып-алысып жатыр екен. Қара айдаһар сары айдаһарды өлтіреді. Шал өлген айдаһардың сан етінен кесіп алып, үйіне келсе, кемпірі жерігі асып, ауырып жатыр екен. Шал келіп: «Ау, кемпір, сүйінші бер! Жерік асың табылды!» – депті. Аңсап жатқан кемпір орнынан ұшып тұрып, шалдың әкелген етін шикілей жей беріпті. Жерігі қанған кемпір тоғыз ай, тоғыз күнде аман-есен босанған екен. Бірақ бала жыланға ұқсаған екен дейді. Кемпір-шал не де болса ішінен шыққан соң асырай беріпті. «Іштен шыққан шұбар жылан» деген нақыл содан қалыпты. Жылан баланың сөзінде ағаттық жоқ екен. Бір күні баласы әкесін қасына шақырып алып: «Әке, менің үйленетін уақытым болды. Маған осы елдің ханы Бабаханның жұрттан асқан сұлу қызы бар, соны әпер», – дейді. Әкесі айтады: «Ей, балам, мал дегенде жалғыз қолдағы отын сатып, күн көріп отырған көк есектен басқа ешнәрсе жоқ. Өзі халықтың ханы, саған малсыз бере ме?» – дейді. Баласы айтып қоймаған соң «көп болса хан мені өлтірер, не де болса барайын» деп келе жатса, шалдың алдынан ханның бір жендеті шығыпты. Жендет шалға: «Нағып жүрсің?» – депті. Сонда шал айтыпты: «Менің жалғыз балам бар еді. Сол маған Бабахан ханның қызын алып бермесең болмайды, басқа адамның қызын пері болса да алмаймын деп мазамды алған соң тәуекел деп, Бабаханға келе жатырмын», – депті. Оған жендет айтады: «Сенің балаң жоқ еді, күні кеше есекпен отын сатып жүр едің. Ол бала саған қайдан пайда болды?» – депті де, тағы да: «Егер балаң бар болса, балаңның аты кім?» – дейді. Шал айтады: «Баламның аты- Шаһимардан», – деп жауап береді. Сонда жендет: «Бабаханға беретін малың жоқ. Ханға қызыңды бер десең, ол саған ашуланып, басыңды алады ғой. Онан да басың аманында осы жерден тіке үйіңе қайт», – деп ақыл береді. Шал не болса да көрейін деп, Бабаханның үйіне келеді. Шал ханменен амандасып болған соң, шалға хан: «Не жұмыспен жүрген адамсың?» – депті. Сонда шал айтады: Тақсыр, менің Шаһимардан деген жалғыз ұлым бар еді. Ол бала маған Бабахан ханның қызын алып бер деп мазамды алып, үйімде отырғызбады. Соған бола, тақсыр, сіздің алдыңызға келіп отырмын, – деді. Бұған ханның ашуы келіп,жендеттерді шақыртып: «Шалды өлтіріп, тең ортасынан екі бөліп, есегіне теңдеп, үйіне қарай айдап жіберіңдер», – деп әмір етті. Қасапшының итіндей жалаңдаған жендеттер шалды ортаға алып, буындырып өлтіріп, ортасынан екі бөліп, қапқа салып, есегіне теңдеп жіберіпті. Жем жеп үйренген есек басқа жаққа бұрылмастан өз үйіне оралады. Есек келсе, үстінде шал жоқ. Теңдеулі тұрған екі қапты көріпті. Сонда кемпір: «Құдай, маған кәрі шалды да көпсіндің бе!» – деп жылай беріпті. Кемпірдің баласы: «Шеше, сен жылама, маған әкемнің өлігін әкеп бер», – дейді. Өлікті алдырған бала үш рет дем салып, тірілтеді. Таң атқан соң: «Әке, сен Бабаханға қайта бар, ол саған білгенін істер, сен қорқушы болма», – дейді. Шал ханға қайта барып, қызын екінші рет сұраған екен. «Мына тамағын асырай алмай жүрген шалдың ызасын-ай!» – деп, жендеттерін тағы шақырып, шалды мүше-мүшеге бөліп, есегіне теңдеп жіберіпті. Баласы әкесін қайта құрастырып алыпты. Үшінші рет тағы жібереді. Хан ашуланып: «Бұл шалға, сірә, өлім жоқ шығар және бір көрейін», – деп, шалды айналып тұрған жел диірменге салып майдалатады да, есегіне теңдеп, үйіне жібереді. Баласы күндегі әдеті бойынша әкесін тағы тірілтіп, төртінші рет ханға жіберіпті. Енді хан қорқып: «Бұл шалдың баласы менің түбіме жететін бәле шығар, қызымды бермеймін демейін, шалдан көп мал сұрайын», – деген ақылға келіпті.
– Қызымды шын сұратсаң, менің қаламның үстінен көп жылқы айдап өтесің, сонда жылқының көптігінен қала халқы таңданатын болсын. Егер оны таба алмасаң, енді қайтып менің алдыма келме! – депті хан.
Шал үйіне келіп, баласына ақылдасады. Онда баласы айтады: «Азанда менің ізіме еріп, жүріп отыр. Екеуіміз бір жерге барамыз», – депті. Бір жерге келгенсін баласы әкесіне өткір алмас қылыш беріпті. «Қазір біз бір іннің аузына барамыз, сол іннен ұзын қара жылан шығады, соны өзінен бұрын көріп, басын қағып алмасаң, онда ол сені өлтіреді, одан соң қайта келмейсің», – дейді. Осыны айтып болып, бала інге кіріп кетеді. Көптен кейін ұзын қара жылан іннен шығады. Аңдып тұрған шал жыланның басын шауып түсіреді. Содан кейін іннен қаптаған қалың жылқы шұбырып шығып, ханның қаласының үстін басады. Ханның әмірі бойынша көптігінен қала көрінбей қалады. Бұл істі көзі көрген хан қатты қорқып: «Бұл бала емес, пәле шығар, не болса да бұған қызымды беріп, құтылмай болмас», – деп, хан еріксіз қызын шалдың баласына беретін болады. Он бес күннен кейін қызын беретін болады. Уәделі күн біткесін шал кемпірін алып, баласын ертіп, ханның ауылына құда түсе келіпті. «Күйеу келді» деп, қыз-келіншектер алдынан шықса, аттың мойнына оралған сары жыланды көріп: «Ау, мынау кемпір-шалдың баласы қайда?» – депті. Бұл сөзді естіген хан да, оның әйелі де, қыз да қатты қорқады. «Ханның жалғыз қызының күйеуі келеді» деп, оңаша жерге ақ отау тіктіріп қойған екен. Не де болса соған апарып, күйеуді кіргізеді. Күйеу төсектің үстінде үйіндегі жатысындай домаланып жатпай, ұзынынан жатады. Кеш болғанда, халықтың әдеті бойынша, қызды күйеуге күйеулетіп, қасына апарады да, өздері бұл жылан не қылар екен деп, сыртта жасырынып тұрады. Қыз үйге келсе де баланың қасына баруға қорқып, қасына жақын бармайды. Сонда жігіт айтады: «Сен менен қорықпа, қасыма келіп, басымнан аяғыма дейін сипа», – дейді. Қорқып тұрған қыз амалсыз жыланды басынан аяғына дейін сипайды. Сол уақытта жігіттің сыртындағы жылан қабығы сыпырылып түсіп, дүниеде жоқ, бір сұлу жігіт болып отырады. Қыз жігіттің сұлулығына қызығып кетіп, есі ауады, соңда жігіт қызға айтады: «Мынау жылан қабық – менің екінші жаным. Соны адамға сездірме және адамға көрсетпе, өзің де жоғалта көрме! Егер бұл киімнен айырылсақ, мен саған жоқпын!» – дейді. Қыз жігіттің жылан қабығын орамалына орап, көйлегінің ішіне, қолтығының астына тігіп қояды. Бірақ бұл сырды не істер екен деп, сырттан аңдып тұрған адамдар «ол не?» деп қыздан сұраса, қыз не екенін айтпайды. Сонсын аңдып тұрған адамдар қыздан тартып алуға айналғанда, жігіт қыздың қолтығының астындағы өзінің жылан қабығын қағып алып, қарлығаш болып ұшып, шаңыраққа қонып отырып, қызға айтады: «Енді саған мен жоқпын. Мені іздей қойсаң, басыңдағы қалпағың оймақтай, қолға ұстаған темір таяғың тебендей болғанда табасың», – деп, қызға «көргенше, қош бол» деп, қарлығаш ұшып кетеді. Қыздың жігітке есі ауғаны сонша үш күнге дейін ас-су ішпестен шаңыраққа қарауменен отырады. Мұны естіген Бабахан құдасы мен құдағиы шал-кемпірді шақыртып алып, былай дейді: «Менің жалғыз қызым да, сенің жалғыз балаң да енді бізге жоқ екен. Менің басымнан хандық таятын болды. Сенің көзің өлгенше жылаумен өтетін болды. Бұл халық маған дұшпан екен. Енді қашан басымызға іс түскенше, сендер де елдеріңе қайтыңдар», – дейді. Шал үйіне қайтып кеткенсін, ханның қызы Нұрсұлу әкесіне келіп: «Әке, енді мені басқа бір адамға беремін деген үміттен күдер үзіңіз. Енді менің қалған өмірім сол жылан қабықты жігіттің жолына құрбан болады. Сондықтан соны өлгенімше іздеуге ұлықсат етіңіз», – депті. Сонда хан: «Не де болса үлкен істі өзің баста, бар, балам», – деп күйеуді іздеуіне ұлықсат береді. Кетерінде Нұрсұлу туған елге, ата-анаға, жасынан көрген қызық дәуреніне қош айтып, басына қалпақ киіп, қолына темір таяқ алып, жолға шығады. Екі ай жүріп, табаны тілініп, жүруге дәрмені болмай, зарығып келе жатып, бір үлкен бәйтеректің түбіне келіп, демалып отырады, зарланып өлең айтады: «Қызы едім мен бір ханның Нұрсұлухан, Еш қызык көре алмадым дүниядан. Қарлығаш көз алдымнан болды ғайып. Дерегін іздеп табам енді қайдан?! Жаратқан, жас тілегі кетті қайда, Ішімде кеткені ме шықпай арман. Шаһимардан деді атын сұрағанда, Кеткенше ізденермін дүниядан!». Осы өлеңді айтып, өзіне-өзі қуат беріп, аздап демалғансын бәйтеректің биік басына шығып қараса, айдалада, көз ұшында тігулі тұрған жалғыз ақ отауды көріпті. «Не де болса осы отауға барып, ұшқан құс, көрген жан бар ма екен, бір хабарын білейін», – деп жүре беріпті. Отауға келсе, ішінде бір сұлу келіншек отыр екен. Ол келіншек қызды көріп, орнынан ұшып тұрып, тас қылып құшақтап, кызға жылап көріседі. Содан кейін қыз айтады: «Нағып отырған жансың бір өзің?» – дейді. Келіншек айтады: «Мен Гүлстан патшасының қызы едім, атым Маржан еді. Менің атағымды дию патшасы естіп, өзінің бес дәуін жіберіп, олар менің әкемнің әскерін қиратып, мені тартып осы жерге әкелгеніне биыл бес жыл болды. Содан бері адам баласын көрген емеспін. Соның үшін сені көргенде ел-жұртымды тегіс көргендей болып, мұңымды шағып жатқаным ғой», – дейді. Сонда қыз да өзінің басынан өткен оқиғаны түгел айтып, енді сол сүйген жігіттің көз алдынан қарлығыш болып ұшып кеткенін айтып екеуі мұңдасады. Сол уақытта келіншектің күйеуі Қарадәудің келетін уақыты жақындаған. Сосын келіншек айтады: «Менің күйеуімнің келетін уақыты болды. Сені мен жасырайын. Мынау үлкен қазанның астына кір», – деп қызды жасырады. Бір уақыттары бүркіттерін шаңқылдатып, тазысын ертіп келіп, дәу үйіне түседі. Аттан түскен бойда Қарадәу келіншектен: «Бұл жерге адам келді ме, адамзаттың исі шықты?» – деп сұрайды. Сонда келіншек байын сендіру үшін былай дейді: «Менің сеніменен өмірлік жолдас болғаныма биыл бес жыл болды. Сен үйден кетсең, қашан қайтып келгенге шыдамым болман, мен біресе далаға, біресе үйге кіріп, кеземін де жүремін. Сен ойыңның бөлектігін білдіріп, менің исімді басқа адамның исі деп сенбейсің. Өйтетін болсаң жалғыз сүйгенім де сен, көргенім де сен, олай десең маған өмірдің керегі жоқ. Өзімді өзім өлтірем. Мұны естіген Қарадәу Маржанды аяп: «Саған ойнап айтамын», – дейді. Сонда отырып, Маржан дәуден сұрайды: «Бұл жақта ұшқан құс, жүгірген аң болмай ма? Менің саған қосылып, серік болғаныма бес жыл болды, содан бері даладан келсең «көрдім, білдім» деп еш нәрсе айтпайсың. Маған, ең болмаса, қарлығаш көрсең де айтып келсең, менің көңілім қош болып қалар еді», – депті. Маржанның бұл сөзіне еліктеген Қарадәу: «Осыдан төрт ай бұрын аң аулап жүрсем, бір қара қарлығаш Арқадан Құбылаға қарай ұшып бара жатыр екен. Соны саған атып әкеп берейін деп садақ тарттым, бірақ оғым жетпеді. Оны қуа бермедім», – дейді. Бұл сөзді есіткен Маржан: «Ол қарлығаштың қайда бара жатқаны, жақын жерде ел бар ма, болмаса, көл бар ма? Ескіден келе жатқан, адам бармайтын көл бар ма?» – деп сұрапты. Сонда дәу айтыпты: «Осы арадан үш күндік жерде ескіден келе жатқан бір Мертік деген қала бар еді, соны бір кезде осы дәу патшалығы ханын өлтіріп, халқын тоздырып жіберген екен. Содан кейін ол Мертік қаласы жын-шайтан, перілердің арасына айналып кеткен. Ол қарлығаш сол жерге барып тоқтауы мүмкін. Болмаса, бұл маңайда одан басқа, адам түгіл құс айналатын жер жоқ», – деп дәу сөзін аяқтады. Мұны қазан астында жасырынып жатқан Нұрсұлу да естіп, жата береді. Сол жерде жатып: «Қайда әлсіз жан болса, қайдағы күшті жауыздардың тырнағының ұшында жүреді екен ғой. Әрбір мақұлық, әрбір жәндік және өсімдіктер өзінің негізіне тартпай қалмайды екен. Соның үшін мына дәудің өмірлік жолдасым деп алған Маржаны, асылы адам болғаны үшін, менің сөзімді сөйлеп, менің жанған жүрегімді басқандай не сөз айтар деп, дәуді арбап, біраз сөздерді сұрады. Не де болса осыдан аман құтылып, іздеген өзімнің, Шаһимарданымды табатын күн болса, осы Маржанды Қарадәуден құтқарып, өз нәсіліне, адам баласына қосуға серт етер едім», – деп ойлады. Сөйтіп отырғанда, дәу күндегі әдеті бойынша құсын қолына қондырып, тазысын ертіп, атына мініп, аңға шығып кетеді. Дәу кеткен соң, Нұрсұлу да қазан астынан шығып, Маржанмен қоштасып, жолға шығады. Дәудің айтқан шамасыменен осы жерден үш күндік жол деген Мертік қаласын іздейді. Сол жүріспен іздеп, Мертік қаласын төрт жылда зорға табады. Түн ішінде ескі бір қаланың үстінен түседі. Қаланы аралап жүрсе, ол қаладан қыбырлаған бір жан таба алмайды. Тек бір тартылған, жақсы қобыздың үні естіледі. Сол үннің шыққан жағына қарай жүріп отырса, түн ортасы ауған уақта, бір үлкен сарайдың ішінен жарық көрінеді. Соған келсе, ол сарай алтыннан салынған, ішіне гауһар мен жақұттан жарық беріп қойыпты. Қыз келіп, сарайдың әйнегінің сыртынан сығалап қараса, қобыз тартып отырған, баяғы өзінің қарлығаш болып, көз алдынан ғайып болған сүйген жігіті, Шаһимардан екен. Алтын тақтың үстінде отырып, түрлі қайғылы күйлерді тартып отыр екен. Қыз тыңдап тұрса, қобызға қосылып ыңылдап, төмендегі сөздерді айтады: «Тумадым мен анадан болып адам, Не көрді тілеп алып ата-анам, Естіп хабарымды кеткеннен соң, Байқалды халық үшін менің шамам. Нұрсұлу – жаным сүйген өмір серік, Жолымда осы күні іздеп табам. Зарлаған зары келіп құлағыма, Сенімен қашан, жаным, ұшырасам, – деп, зарығып отырған жігіт өзінен-өзі ойламаған жерден секем алып, орнынан тұрып, үстіне жылан қабығын киіп, қарлығаш болып, ұшып әйнектен шығып кетеді. Бұны көрген қыз жасырынып қалып, қарлығаш кеткесін сарайға кіріп, жігіттің жататын төсегінің астына тығылып жатады. Мұнан хабарсыз қарлығаш қайтып келіп, үстіндегі жылан қабық киімін шешіп, баяғы қайғылы күйлерді тарта беріпті. Қыз тыққан жерінен жігіттің жылан қабықты, қасиетті киімін ұрлап алып, төсектің астынан шыға келіпті. Сонда жігіт не істерін білмей, сасып қалады. Содан соң екеуі бастарынан өткен өмірін сыр ғып шертеді. Екеуі айырылысқаннан бері жеті жыл уақыт өткен екен. Қыз ғашық жарын іздеп жолға шыққанда басына темір қалпақ киіп, қолына темір таяқ ұстап шыққан екен. Жігіттің қарлығаш болып ұшарда айтқанындай, қыз ғашығын темір қалпағы теңгедей болғанда тауып кездесіпті. Оған разы болған жігіт: «Нұрсұлужан, мен саған енді шын сендім, менің өмірлік жолдасым сенсің», – депті. Дүниеге келгелі біріне-бірі ғашық болған екеуі қосылып, жеті күн қызға демалдырып, өздерінің туған еліне қайтпақ болыпты. Сонда тұрып Нұрсұлу айтады: «Менің сені тауып алуыма себепші болған бір жан бар. Сол жаннан сенің дерегіңді білгеніме қазір төрт жыл болды. Ол осыдан алыс емес. Сол жанды темір тордан құтқарып ала кетейік», – депті. Сонда жігіт: «Ол қандай жан?» – дейді. Нұрсұлу айтады: «Гүлстан патшасының Қарадәу тартып әкеткен қызы Маржан. Соны қалай болса да босатып, елге ала кетейік», – деп өтініпті. Бұған Шаһимардан да қарсы болмайды. Сол кезде қарлығаш үлкен қарақұс болып, сарайдан керегінше алтын, гауһар алып, қызды үстіне мінгізіп ұшыпты. Ұшарда қызға айтады: «Өзің жолын білесің, кіріптарда отырған қыздың үстіне барғанда желке жағымнан бір тал шашымды тарт, сонда жерге қонамын», – дейді. Қарақұстың үстінде келе жатқан Нұрсұлу бір жерге келгенде құстың бір тал қанатын тартып, құсты жерге қондырса, баяғы Қарадәудің мекенінің үстінен шығыпты, баяғы отау орнында әлі тұр екен. Бұл Нұрсұлу отауға келсе, Қарадәу жоқ. Маржан ғана отыр екен. Екі мұңды құшақтасып көрісіп болғансын, Нұрсұлу Маржанға: «Кетеміз бе?» – депті. Сонда Маржан: «Мені қалай алып жүресіңдер, екі адам бір құстың үстіне жайғаса ма?» – депті. «Егер кеткің келсе, екеуіңді де алып кете аламын», – депті жігіт. Сөйтіп, жігіт Маржанды да, үстіне мінгізіп ұшып, еліне келіпті. Келсе, жалғыз қызынан айырылған Бабахан жылаумен екі көзінен айырылып, соқыр болып қалған екен. Өзінің әкесі мен шешесі қаңғып қалыпты. Шаһимардан соқыр болып қалған Бабахан ханның көзіне сүрме деген дәрі жағып, жазыпты. Өзінің әке-шешесін жуындырып, киіндіріп, өмірлерін ұзартыпты. Сөйтіп, ғашықтар қосылып, мұратына жетіп, ұзақ жыл өмір сүріпті.
15. Айдаһар қатын
Бұрынғы заманда араб жұртында керуен басы Байбатыр деген жаһан кезуші бір адам бар еді. Оның пайда үшін дүниеде бармаған жері жоқ еді. Бір күндері болғанда Байбатыр тағы керуен басы болып, өз шаһарынан бөтен шаһарға бармақ үшін мың түйе, жүз жолдасымен аттанып кетті. Неше күндер бойы жол жүріп келе жатса, бұлар келіп бір шаһардың үстінен шығады. Бұлар жанына қонып шаһардың ішін қараса, ішінен бір адам табылмайды. Біраздан соң бұлардың алдынан бір сұлу қыз шығып, жылап, сырын баян етіп, бастан кешкенін айтады: «Бұл шаһардың патшасының қызы едім. Бұл қаладағы адамымызды, малымызды бір айдаһар жұтып қойды. Бір жаман үйге жасырынып, жалғыз өзім қалдым. Мен сізге тиемін, осы шаһардағы алтын-күмісті сіз қажетіңізге жаратыңыз, сөйтіп, сіз осында патша болып тұрыңыз»,- дейді. Керуен басы қызды көріп қызығып: «Бұл шаһарға патша болып тұрайын. Мен тұрсам, көп халықты жинап аламын», – дейді. Қыздың айтуы бойынша неке қиып, осы шаһарда тұрақталады. Бұл тұрған соң шаһарға адам жиыла бастайды, тек молда көбейіп кетеді. Арада бір жыл өткен соң керуен басының жолдастары айтады: – Сізге не болды, қатты жүдеп кеттіңіз? Керуен басы айтты: «Өзім де жүдегенімді білемін, бірақ не қыларымды білмеймін». Патшаға жолдастары айтады: «Осы қатыныңызды сіз түнде андып жатыңыз. Қайда кетер екен?» Патша жолдастарының айтуы бойынша түнде өтірік ұйықтаған болып жатады. Қатын хан ұйықтады деп, ақырын сыпырылып далаға шығып жанында бір ну қара ағаш бар еді, қатын соған барып кірді. Ол ағаштың әрбіреуінің биіктігі қырық құлаш еді. Қатын басына шығып айдаһар болып ысқырады, көктен жаңбыр жаудырып, тілін жерге салып жібергенде қырық құлаш мұнарадан тілі жарты құлаштай жерге тимей тұрды. Хан артынан шығып қарап тұрды, мұны көріп, ханның жаны қорқып кетті де, үйіндегі төсегіне кеп жатады. Бір уақытта қатыны келді, бұ да келіп төсекке жатты. Хан қатынының айдаһар екенін біліп, қорқып жатты. Сонда қатыны сұрады: «Сен неғып жатырсың?» Патша айтты: «Өз-өзімнен тоңып жатырмын». Сөйтіп жатып таң атады. Патша тұрып жолдастарына айтады: «Енді бұдан қалай құтыламыз?» – дейді. Жолдастары: «Бұған бір темір үй жасатыңыз, есігі жабылса, ашылмайтын қылып, сіз қатынды алдап, соған кіргізіңіз де, есікті жауып жіберіңіз. Қатын темір үйдің ішінде қалады, сонда құтыларсыз. Ондай қылып құтылмасаңыз, тез арада бізді жұтар, бізден басқа да екі жұртты жұтқан екен», – дейді. Хан уәзірінің айтуы бойынша, бір темір үй жасатты, есігі жабылса, ашылмайтұғын етіп, үйді салып болған соң қатынына айтты: «Жүр, менің жаңа салдырған үйімді көр, жау келіп, басыма қиын-қыстау іс түскенде жататын үйім», – деді. Қатын үйге алдымен кіріп кетеді. Хан артында қалып есікті жауып жібереді. Жабылған есік ашылмайды, от жағып темір үйді қыздырады, қатын сол үйдің ішінде отқа жанып өледі. Керуен басы шаһардағы алтын-күміс, қазынаны алып, мал, мүлікті алып, өз шаһарына елімен көшіп келеді. Аман-есен әйелімен қосылады, ақырында мұратына жетеді.
16. Адам болған жылан
Баяғы өткен заманда Құрман қойшы деген бір байдың қойшысы болыпты. Құрман сол байдың он сегіз – жиырма жыл қойын бағыпты. Алатын ақысы бір жылға екі тоқтылы қой екен. Егер қой жоғалтса, ақысын бермей, соның есебіне алады екен. Құрман қойшының тапқаны киіміне жарамай, сол байдың қойын бағып жүре беріпті. Құрман қойшы бір күні қойын бағып тұрғанда төрт-бес шақырым жерден жанған от көреді. От жанған қалпында тұра қоймаған, қойшыға қарай тартады. Құрман қойшы ойлайды "апырмай, мынау от қалай жүреді. От болса, жан-жағына тарап жанар еді және қара түтін шығар еді. Ал мына от жайылып жанбай, тура тартып келе жатыр" деп тұрғанда, от та жақындап, Құрман қойшыға жақындап келеді. Анықтап қараса, оттың алдында ұзындығы бір құлаштай ақ жылан қашып келеді екен. От «қайтсем де сені күйдірем» деп келеді екен. Жылан қашқан қалпында Құрман қойшының шалбарының балағынан кіреді. Ол жыланды балағынан кіргізбеуге үлгіре алмайды. От та кіруге ыңғайланғанда сабап, сөндіреді. Жылан жорғалай, омырауынан шығып, оттың өшкенін көріп, жерге түседі. Жерге түскеннен кейін адам тілімен сөйлей бастайды: "Сен мені өлімнен құтқардың, мен сенің жақсылығыңды өмірі ұмытпаймын, сен мына қойды таста да менің соңымнан ер, мен саған өзімнің қызымды беремін", – дейді. Қойшы байғұс қуанады, бірақ "қойды тастап кете алмаймын" дейді. "Сен қойға қам жеме, қойдың өздері кешке аман-есен үйлеріне барады", – дейді. Қойшы амалсыздан жыланға ілесіп, кете барады, бір жерге барғанда, бір тесікке түсіріп алады, сонан екеуі жер астымен кете барады, бір жерге келгенде, төбедей үйілген, көп жыланға кез келеді. Құрман қойшы "осынша жыланға жем қылуға алып келе жатыр екен" деп, зәресі зәр түбіне кетіп, өңі қашып, тұра қалады. Жылан оның қорқып тұрып қалғанын біліп, "Жүр, саған олар тимейді" деді, ол амалсыз ере берді, жылан үйілген жыланға келгенде, қатты бақырып еді, жыландар екі жаққа айырылып, ортасынан қақ бөлініп, жол берді. Екеуі біраз жүргеннен кейін алдарынан үлкен ақ үй көрінді, біраз жүріп, ақ үйге келді. Жылан айтты: "Осы үй – біздің үй", – деді. Екеуі үйге кірді. Құрман қойшы: "Бұл мені қызымды беремін деп ертіп келіп еді ғой, бұның қызы тұрмақ ештеңесі көрінбейді", – деп ойлап отыра берді. Бір уақытта ас дайындап алып келді. Отырып ас ішіп болғаннан соң, жылан үйінде бір ақ, бір қара қалайы сандық бар екен, екеуін төр алдына жинап қойыпты, ақ қалайы сандықты қойшыға алып берді. "Жер бетіне шыққан соң алты қанат ақ үйдің орнындай жерді дөңгелектеп сызып, соның ортасына осы қалайы сандықты басыңа жастай ұйықта", – деп, жыландардан өткізіп жіберіп, қош айтысып қала береді. Құрман қойшы жер бетіне шыққаннан кейін, бір жерді таңдап алып, алты қанат ақ үйдің орнындай жерді дөңгелектеп сызып, сандықты басына жастай жатып ұйықтайды. Ертеңгісін оянса, аппақ ақ үйдің ішінде жатыр екен, оң жағына қараса, аппақ сұлу қыз ұйықтап жатыр екен, қойшы қорқып қалады, қорыққанынан айғайлап жібере жаздайды, "Бұл пәленің қасына қалай, қайдан жаттым" деп, білдіртпей төсектен түсіп, өзінің жаман шалбары мен тонын іздесе, ондай жаман нәрсе ол үйден табылмады, ылғи асыл киімнен басқа ештеңесі жоқ, асыл киімді киіп, үйден шықса, мал деген жердің жүзін, күннің көзін алады. Бұл жерде ешқандай мал жоқ болатын, барып қойшыдан сұраса, "Құрманның қойы" дейді, "қай Құрман?" десе, өзінің әкесін және елін айтады, "Апырмай, бұл жынданған қойшы ғой, менің атымды басқа біреудің атына шатастырып тұр" деп, сиыршыға барып сұраса, ол да соны айтады, жылқышыға барса, ол да соны айтады. Бұл қайтып үйге келе жатып ойлайды: "Бұл қалай, маған мұнша мал қайдан бітті?" дейді. Ойлап келе жатып: "Бұл әлгі жылан берген ақ қалайы сандық екен ғой, ана үйдегі қыз соның берем деген қызы екен, мына мал соның еншісі екен" дейді. Сонымен ойланып үйіне келеді, үйіне келсе, әйелі шай қойып жүр екен. «Байеке, қайда барып қайттыңыз?» – дейді. «Е, мына малшылар жер жайын білмейді ғой, соларға жер жағдайын түсіндірдім», – деп шынын айтпайды. Сонымен бірнеше уақыт өмір сүреді. Бір күні «Бұл үйде кім бар?» деген дауыс естиді. Әйел далаға шықса, патша киімін киген және уәзір киімін киген бірнеше адам есік алдында тұр екен. Әйелді көріп, патшаның дегбірі қалмай, көзі алақтап, біресе әйелге, біресе жолдастарына қарап, не айтарын білмей қалады. Сонымен «Бұл кімнің үйі?» деп сұрайды. Әйел: «Құрман байдың үйі», – дейді. «Күйеуің қайда кетті?» – дейді. «Аң аулай кетті», – дейді әйел. Патша айтады: «Мен – осы елдің патшасы боламын, күйеуің ертең біздің ордаға келсін», – деп кетіп қалады. Кешке Құрман келеді, әйелі болған жағдайды айтады, «патша ертең ордаға келсін деп кетті» деді. Ертемен ерте тұрып, атына мініп, патша ордасына барады, патша Құрманның келуін тосып отыр екен, Құрманды өте жылы жүзбен қарсы алады, дастарқан жайғызып, ас пен шарап құйғызып, тамақтандырады. Тамақтанып болған соң, патша: «Әй, Құрман, екеуміз бұғыншақ ойнаймыз, үш күн мен тығылам, үш күн сен тығыласың, үш рет мен тапсам, сен маған әйеліңді, малыңды бересің, сонан соң басынды аламын, – дейді. – Егер мен сені үш рет таппасам, мен саған қырық әйелім бар, соны және патшалығымды, мал-мүлкімді берем де, атыма мініп, кете берем», – деді. – Осыған қалай қарайсың, егер сен ойнамасаң да, әйелінді тартып алам, – деді. Сонымен амалдың жоғынан көніп, үйіне барып, болған жағдайды айтады. Әйелі онан соң «ойна» деп қарсы болмайды. Патша артынан хабаршы жіберіпті. «Ертең мен бүғынамын, мені іздесін,» – деп хабар беріпті. Ертеңгісін ерте тұрып, бір атты мініп, ханды іздеуге кетеді. Әйелі артынан шығып қараса, атқа мініп, ханды іздемекке кетіп барады екен. Әйелі айғай салып, ерін шақырып алып: «Қайда барасыз?» – деп сұрайды. «Кеше патша бұғыншақ ойнаймыз деп еді ғой, соны іздеуге бара жатырмын», – дейді. Әйелі: «Сіз олай бармаңыз, сіз қазір жылқыдан таңдатып, ең жүйрік ат мініңіз, қолыңа темір құрық алыңыз, сонымен хан ауылына барыңыз, ауылына жақындағанда төбенің үстінде үлкен қара төбет ит жатыр, сіз жақын барғанда, сізге үріп жүгіреді, сіз оны жақындатпай қашыңыз, сонан сіз бет алды қаша бер, бір уақытта сізді қуып жетеді, сол уақытта қайта бұрылып, итті сіз қуыңыз, сол итті өлтіріп, патшаны сонан соң іздесеңіз», – деді. Хабаршы жіберіп, жылқышылардан «ең жүйрік ат ұстап бер» деп сұрайды, жылқышылар жүйрік ат әкеп береді. Қолына темір құрық алып, патшаның сарайына қарай кете береді. Патшаның ауылына жақындағанда, айтқандай, төбенің үстінде үлкен қара ит жатыр екен, Құрман жақындап келгенде, арпылдай үріп, тұра ұмтылады. Құрман жалт беріп, бет алды қаша жөнеледі, ит те қуады, қаша-қаша талай жерге барғанда, ит қуып жете бергенде, атын кілт бұрып, итті қайта қуады, ит қашады, ол қуады, әрі-бері қуғаннан соң ит шаршайды, итті қуып жетіп, құрықпен соғып, іннен-інге тығып, өлтіре сабайды. Ит өлетін болады, бір қуысқа тығылады, атынан түсіп, итті құрықпен түрткілеп, өлтіруге жақындайды, өлуге таянғанда: «Ей, өлетін болдым, енді қой» деп, адам қалпына кіреді. Қараса, әлгі бұғынам деген патша екен, «ертең тағы тығыламын, келіп тауып ал» деп үйіне кетеді. Ертеңіне ертемен тұрып кешегі атына мініп, құрығын қолына алып, патшаны іздеймін деп кетіп бара жатқанда, әйелі шақырып алып: «Қайда барасың?» – деп сұрайды. «Патшаға барам, кешегі итті қуам, әйтпесе, бір жерде жүрген шығар», – дейді. «Жоқ, сен олай етпе, құрығынды таста да, үйіне бар, «патша қайда?» деп, әйелдерінен сұра, әйелдері «білмейміз» дер, сен үйінен шығып, тауға қарай біраз жүрсең, алдыңнан үлкен кер жол шығады, сонымен батысқа қарай жүре берсең, сол үлкен кер жолдан тауға қарай жаңғыз аяқ жол шығады, сол жолмен біраз жүрсең, сайға түсесің, сайдың арғы қабағында, бір түп тобылғы тұр, can тобылғының ішінде қамшы сапқа жарайтыи үш тобылғы бар, екеуі сары, бірақ түзу, ал қалған біреуі қисық, бірақ өте қызыл, «мына қисық тобылғы қамшыға шыдамды, берік сап болушы еді және өзі қызыл екен» деп, сол қисық тобылғыны кесіп ал, сонан соң патшаны іздесең, патшаны тауып аласың», – дейді. Қолындағы құрығын тастап, патшаның ауылына келді. Келіп патшаның қатындарынан: «Патша қайда кетті?» – деп сұрайды, қатындары: «Білмейміз», – деп жауап береді. Ауылынан шыққан үлкен кер жолға түсіп, жүре береді. Біраз жүргеннен кейін алдынан тауға қарай жаңғыз аяқ жол шығады. Сол жолға түсіп алып, тауға қарай жүреді. Бір сайға түскенде арғы бетінде бір түп тобылғы көреді. Барлық тобылғыдан биік үш тобылғы көрінеді. «Осы тобылғыда қамшы сапқа жарайтын тобылғы бар ма екен, көрейінші» деп, атынан түседі, әлгі сапқа жарайтын үш сапты көріп, «осылардың бәрін (үшеуін де) алуға болмайды, мұның қайсысын алайын» деп, біраз ойланған болады да, «осы қисығы қамшыға мықты болушы еді ғой» деп, бәкісін алып, қисық тобылғыны ұстап, кесе бергенде: «Ей, Құдай атқыр, бұл мен едім», – деп, патша шыға келіпті, сонда Құрман: «Ой, тақсыр, мұнда неғып жүр едің?», – депті. Патша қабағы салыңқы ауылына қайтады. Ауылына жақындағанда, Құрман ауылына кететін болады, сонда патша: «Әй, Құрман, сен мені екі рет таптың, ертең тағы бұғынам, келіп мені ізде», – деп, үйіне жүре беріпті. Құрман үйіне келіп, ертеңгісін атына мініп, кетіп барады екен, әйелі көріп: «Құрман, атыңның басын бұра кет, қайда барасың?», – депті. Құрман патшаны іздейтінін айтады, әйелі: «Сен патшаның үйіне барған соң, әйелдерінен сұра, «патша қайда?» деп, әйелдері «білмейміз» дейді. Сен қора қопсысын, жер асты-жер үстіндегі қазынасын тегіс көр, сонда бірталай қызық көресің, сонан соң үйін қара, патша жататын төсектің бас жағында үш ақ семсер (қылыш), аяқ жағында үш семсер жатыр, екеуін де ашып қойып, «ойпырмай, мынау не деген семсер, мұның қайсысы өткір болды екен» деп, бәрін бір-бір ұстап көр де, бас жағында жатқан үш семсердің ортасындағысын алып, далаға шығып, үйінің алдында үлкен тас бар, сол тасқа қылыштың өткірлігін білу үшін шауып жібер, сонан соң ханды тез табасың», – деді. Құрман патшаның үйіне барып, кілет, қорасын қарап, онан жер үстіндегі қазынасын көріп, онан жер астындағы қазынасын көріп, түс қайтқанша серуендеп, түс қайта патшаның үйіне келіп, қатындарынан сұрайды. Қатындары «білмейміз» дейді. «Осы хан таптырмайтын жаққа шықты» деп, төсегін ақтара бастайды. Айтқандай, төсегінің аяғында үш, басында үш ақ семсер жатыр екен. Соларды көріп, әрқайсысын бір ұстап көріп, «ойпырмай, мынаның қайсысы асыл болды екен, шамасы наркескен деген семсерлер осы болғаны ғой» деп, бас жағындағы үш семсердің ортасындағыны алып, далаға шыға үлкен бір тасқа енді шабайын дегенде, «ағатай-ай, мен едім ғой» деп, патша шыға келіпті. «Ал енді сен мені үш рет таптың, ертеңнен бастап сен тығыл, мен іздеп сені табамын», – деп, Құрманды үйіне қайтарады. Құрман ертең ерте тұрып, ауыл қасында үлкен жар бар еді, соған қарай безіп бара жатқанда, әйелі шақырып алады да: «Қайда барасың?»—деп сұрайды. «Әлгі патша келмек еді, ол маған сен бүгін тығыл, мен іздеймін деген, сол енді ана жарлардың бір жерінен орын дайындап қойып едім, соған тығылайын деп барамын», – деді. Әйелі айтты: «Хан кеше кісі жіберген, ертең тығылмай-ақ қойсын, іздемеймін депті. Үйде отыра бер», – деп, үйіне отырғызып қойыпты. Әйелі шай қайнатып әкеліп, екеуі шай ішіп отырғанда, патшаның ауыл жағына қараса, патша келе жатыр екен дейді. Құрман ішіп отырған шайын тастай салып, кебеженің ішіне кіріп кетіпті. «Үй, саған не болып қалды?» десе, «Ойбай, патша келіп қалды» дейді. «Ендеше, кебежені салдырлатпай бері кел, мына жерге тығыл», – депті. Көзі жәутеңдей «қай жерге тығыламын?» деп, әйелінің қасына келіпті. Әйелі аузы күбірлеп «тпу» деп еді, ұршық болып кетті. Әйелі шәйді жинап, ұршық иіріп, отыра беріпті. Патша келіп: «Құрман қайда кетті?» – деп, әйелінен сұрайды, әйелі «білмеймін, тақсыр» дейді. Патша үйін түгел қарайды, бірақ үйінен таппайды. Ауыл төңірегін қарайды, еш жерден таппай, үйін қайта қарайды. Бірақ таппайды, хан қайтар болып, атына мініп тұрып, «таппадым» деп айғай салады, әйелі ұршықты шанши салып еді, «мұндамын» деп, Құрман үйден шыға келді. «Ертең тағы тығыл», – деп, хан ауылына кетеді. Хан келе жатып ойлайды: «бұл қайда тығылды, осының өзі алаңғасарлау екен, бұл Құрманда ешқандай қасиет жоқ, осы кептің бәрі әйелден-ау» деп ойлайды да, «бұл үйінен басқа жерге тығылмайды, ертең, таң ата адам жіберіп, бақтырайын, егер үйінен ешқайда шықпаса, бұны ертең қайтсем де табам деген қорытындыға келіп, үйіне келе, өзі епті бір қуды шақырып алып: «Саған мен жұмыс тапсырамын, соны орындасаң, ат басындай алтын беремін, бірақ мұны өзің және менен басқа ешкім білмейтін болсын», – дейді. «Құп, тақсыр, не бұйырсаңыз орындауға мен дайын», – деп, екі көзі алтынды естіген соң жасаурап, патшаның алдына жүгініп отыра кетеді. Сонда патша: «Сен көрінбей Құрманның ауылына барып, Құрман қайда барар екен соны бақ, бірақ көрініп қалып жүрме, ертең ерте мен ауылдан шыққанда, қайда екенін маған айтып, өзің көрінбей, ауылға қайтатын бол», – деп тапсырады. Ертең ерте тұрып, патша Құрманды іздеуге келе жатқанда алдынан өзінің тыңшысын кездестіреді, тыңшысы айтады: «Құрман үйінен ешқайда шыққан жоқ, кәзір де үйінде жүр, тақсыр», – дейді. Патша: «Жарайды, бара бер», – дейді де, Құрманның үйіне кете береді. Құрман әйелі екеуі шай ішіп отырғанда, патшаның келе жатқанын Құрман көре салып, күндегідей қайда болса сонда тығылмай, әйелінің кереметі барын біліп, «патша мені тауып алуға келе жатқанын қара» деп күледі, өзінің абыржып отырғанын сездірмей. Әйелі патшаны көріп, дастарқанын тез жинап «тіпу» дейді. Сонда Құрман ине болып кетеді. Инені қамзолының жағасына түйрей салып, ұршығын қолына алып, жіп иіріп, отыра береді. Патша келіп: «Құрман қайда?» – деп сұрайды. «Білмеймін, кеше кешке таман кеткен, сонан әлі оралған жоқ», – дейді. Патша ертеңгісін үйінде жүргенін біледі. Үйді қарай бастайды, бірақ үйден күдікті ештеңе табылмай, әбден сандалады, кешке дейін ананы бір ұстап, мынаны бір ұстап, таппай, таппасына көзі жеткен соң «Құрман, мен таппадым» деп айғай салады. Сонда әйелі инені жерге қадай салғанда, «мен мұндамын» деп, үйінен шыға келеді. Патша: «Ертең тағы бұғын, таппасам, патшалығымды берем», – дейді де кете барады. Құрман ертемен тұрып, шаруасын істеп, ертеңгі асын ішіп отырғанда, үй артына білдіртпей келіп, түсіп жатқан патшаны әйелі сезіп қалып «тіпу» деп жіберіп еді, қайрақ болып кетеді. Қайрақты әйелі күлдің ішіне тастай салады. Сол кезде патша жетіп келеді. Келсе, қазір екеуі сөйлесіп отырғанын естіген болатын, қақайып әйелі жалғыз отыр екен. «Құрман қайда?» деп сұрайды, әйелі «көргенім жоқ» деп, жауап береді. Үйдің ішін ары-бері қарап, «таппадым» деп айғай салады, «мен мұндамын» деп, күлдің арасынан шыға келеді. Сонымен хан жеңіліп, патшалығын бермек болады. «Ертең кел түске таман, мен елімді жинап отырамын, ел алдында патшалығыңды өткізіп ал», – деп, атына мініп, кетіп қалады. Құрман ертемен тұрып, атын алдырып мініп, патшаның ауылына жүрмек болады. Сонда әйелі айтады: «Сіз барып хандығыңды, қазынаңды өткізіп алғаннан кейін, бір түнеп, қайтып келіңіз», – дейді. «Жарайды», – деп, Құрман жүріп кетеді. Құрман патшаның ауылына келсе, патша елді жинап, Құрманға қарап отыр екен. Құрманды аттан көтеріп алып, астына кілем төсеп, төрге отырғызып, патша жиналысын ашады. Жиналысында Құрман екеуінің бұғынбақ ойнағанын және пенделік жасап, Құрманның әйеліне қызыққанын айтады, «енді маған обал жоқ, тұрмайтын нәрсеге әуреленіп» деп, өзінің кем ақылдығын ел алдында жасырмай айтып, Құрманға былай дейді: «Ел бастаған адам дүниеге қызықпау керек, міне, мен сияқты кызығам десең, менің қалпыма түсесің, ал, ел-жұрт, мен патшалығымды мына Құрманға бердім, енді осы кісі сіздердің патшаларыңыз болады, қош сау болыңдар», –деп тағынан түсіп, Құрманға таж кигізіп, өзі таққа отырғызады. Патшаның қазынасын және малын, қырық қатынын бәрін алып, орда кісілеріне ескі дәстүрмен жаңа киім беріп, кешке бір әйелдің үйіне түнеп, ертеңіне қайтайын десе, қалған әйелдері жібермейді, «анадан мені жек көресің бе» деп. Қырық қатынның үйіне қырық түнеп, қырық күннен кейін өз әйеліне келеді. Келсе, әйелі бұртиып ашуланып отыр екен. «Саған мен бір түнеп, қайтып кел дегенім қайда, сен қырық түнедің, «уәде – Құдай үйі» деген ата-бабамыз, сен уәдеде неге тұрмайсың?», – деп, Құрманмен ұрса кетті. Құрман: «Сен неге ақшаңдайсың, мен патшамын, бұрынғы Құрман екен деме», – деп қожаңдады. «Сен немене, менің тілімді алуға тиістісің, сенің қолынды патшалыққа жеткізген мен»,— дейді әйелі. Құрман: «Сен емес, мені патша еткен Алла Тағала, олай деп былжырама», – дейді. Сонымен екеуі ұрсысып төсекке жатады. Төсекке жатқанда әйелі ашуланып жатады. Сонда Құрман: «Әй, әрі таман жатшы, жылан иісің шығып кетті», – дейді. Әйелі: «Рас айтасың ба?» – дейді. «Рас айтпағанда», – деп Құрман теріс қарап жатады. Әйелі: «Сонда сен мені тастайсың ба, жылан иісің шықты деп», – дейді. «Тастаймын, қайтесің», – дейді. «Рас айтасың ба?» – дейді. «Рас айтамын», – дейді Құрман. «Онда қайталап үш рет айтшы», – дейді әйелі. «Рас, рас, рас», – деп айғай салады Құрман. Әйел төр алдына төсек салып жата береді. Құрман ертеңгісін ұйқысынан оянып, көзін ашып қараса, айдалада үй де жоқ, бұрынғы киіп жүрген асыл киім де, шықырлаған сақтиян етік те жоқ, өзінің бұрынғы қойшы күйінде киіп жүрген жаман тоны мен жаман шалбары, одан басқа ештеңе қалмапты. «Енді не істеймін» деп, аң-таң болып тұрып артына қараса, арт жағында баяғы өзі бағып жүрген бір қора қой мен астына мініп жүрген қызыл өгізі тұр. Өгізіне мініп, қойын өргізіп, «мен патша болдым, қырық әйелім бар, бұл қойды сонда айдап барайын» деп қойды айдап, ханның ордасының жанына апарып иіріп тастап, құрттаған бір қойды өңгеріп, патшаның ордасына барып: «Ей, қатындарым, мына қойды түсіріп алыңдар», – деп, өгіздің үстінде тұрып айғай салады. Қатындары даусын танып, үйден жүгіре шықса, бір қойшы қой өңгеріп келіп тұр. Құрман аңырап қарап қалған қатындарына ақырып: «Ал, мына қойды, неғып мелшиіп тұрсындар», – деп балағаттайды. Қатындар қойшының балағаттағанына шыдай алмай, қырық қатын, қырық сойыл алып, Құрманды сойылдың астына алып береді. Құрман қашады, өгіз жаяудан оза алмайды. Есі танып, өгізден өкіре құлап, жер қабады. Қатындар: «Сендей қойшыға сол керек, біздің байымыздың даусын салып, бізді алдамақшы», – деп, алдындағы күлге көміп, кетіп қалады. Бір уақыттар болғанда Құрман есін жиса, күлдің ішінде жатыр, күлмен көміп, аяқ жағына бір жалпақ тас бастырып, кетіп қалыпты. Тасты аударып тастап, көрден шыққандай үсті-басы жұлма-жұлма болып түрегеліп, жан-жағына қарайды, сол жерде қанша жатқанын да білмейді, қазір таң атып келе ме, не күн батып келе ме, әйтеуір, ала көлеңке уақыт, біраз тұрып басы айналып, қайта құлап қалады. Біраз қозғалмай, сол орнында жатып, аздап есін жиып болған соң, жағдайдың бәрін көз алдына елестетіп, Құрман ойлайды: «Қой, бүйтіп өлуге болмас, қайтадан жыланға барайын, болған кемшілікті айтып жалынайын, оны ажалдан алып қалып едім, менің істеген бір кемшілігімді неге бір жолға кешірмес екен», – деген ойға келіп, орнынан тұрып, үсті-басын қағып, қасында ағып жатқан бұлаққа барып, жуынып, ауылдан аулақ барып, бір жерге жатып, таң атуын күтеді. Бір уақытта күткен таң да атады, таң атқан соң баяғы өзі көрген жыланның ауылына тартады, соған келіп, өзін жылан ертіп келген шұңқырдан түсіп, жер астындағы үңгірмен жүре береді. Баяғы үйіліп жатқан жыланға келеді. Жыландардың үстін басып жүруге болмайды, айланып өтейін деп, айланып жолдан шығып бара жатқанда, жыландар өзінен-өзі қақ айырылып, ортасынан жол ашады, қайта жолға түсіп, жүріп кетеді. Өзі көрген үлкен ақ үйге жақындап келгенде, ішінде күбірлеп сөйлескен адам даусын естиді, «бұл не болды екен» деп, үй сыртында тыңдап тұрса, қызбен сөйлесіп отырған әлгі жылан екен. Қызға шешесі: «Неге қайтып келдің?» – деп отыр екен. Қыз жылап, болған уақиғаның бәрін айтады. «Сонан үйдің бәрін көшіріп, осы жер астына кіретін есіктің алдында бір күн отырдым, әлі де артымнан келер деп, бірақ ол келмеді, сонан соң келдім енді, ол келсе, сіз маған қайта бар деп қинамаңыз, мен енді оған қайта бармаймын, ол мені алмаймын деп үш қайыра айтты және мен оған сонша жақсылық жасадым, қойшы басын патшалыққа көтердім, ол сонда да жақсылықты білмейді», – деп, солқылдап қыз жылап жіберді. Қыз жылағанда шешесі ашуланып: «Егер енді оны көрсем, шағып өлтіремін», – деп қаһарланды. Ол бәрін естіп тұрып, жаңа келе жатқан адамша тарсылдатып, үйіне жақындады. Сонда «осы келе жатқан күйеу ғой» деп, адам бейнесінен жылан бейнесіне енді қыздың шешесі. «Ассалаумағалайкүм», – деп кіріп барғанында, шешесі қаһарланып, орнынан ысқыра тұра келді. Ол екі қолын қусырып, бар-жоқты айтып жалынып, болған кемшілікті кешіруін сұрады, жылан райынан қайтып, адам қалпына түсті, келбетті келген кемпір екен. Сол кемпір болса да оған берген қызынан он есе сұлу екен, сонда кемпір айтты: «Қызымды неге қуып жібердің?» – деді. Құрман болған жағдайдың бәрін айтты. Екеуінің сөзін ой таразысына тартқандай, біраз үндемей отырып, әлден кейін «жарайды, әлде де тексерем» деп, ас әзірлеуге тысқа шығып кетті. Даладан бір қайнап тұрған самауыр әкелді, екеуі отырып, шай ішті. Шай ішіп отырғанда ол сөз бастады. «Ене, анадағы сізді қуған от не, сол маған жұмбақ, соның сырын маған айтыңызшы», – деді. Сонда кемпір ауыр бір күрсініп, былай деді: «Ол мені жастайымнан оқытқан молда еді, өзі аса сиқыр адам еді, мені оқытып, өзінің молдалық дәрежесіне жеткізіп, бірақ маған сиқыр оқуын оқытпады. Сиқыр кітабы бар еді сол кітапты өзінен тастамайтын, ол әрбір айда бір жеті ұйықтайтын еді, мен сол ұйықтағанда сиқыр кітабын алып, оқи беретін болдым, айына жеті күн сабақ оқимын, ол оянар алдында кітабын орнына қоямын, сонан, қойшы, сиқыр кітапты түгел оқып бітуге жақындадым. Бірақ жылан болу және қайта адам болу өнерін ғана тез үйрендім, басқасын тез үйрене алмадым. Менің оқуым бітуге жақындағанда молда айтты: «Оқуың бітуге жақындады, енді сен үйіңе қайтасың», – деді. Мен оқуды бітіргеннен кейін үйіме қайтпадым, сондағы ойым әлгі сиқыр кітаптың бәрін жатқа біліп алу еді, оқуым бітті, «үйіңе апарамын десе, әзір осы жерде тұрам» деп көнбедім. Сөйтсем «мен білмеймін, мен қайтпаймын» дегенге әлгі құзғын менде кеуілі бар екен деп ойлапты, бір күні «маған әйел бол» дегендей сөз айтты. Мен ашуланып, оны тышқан етіп жібердім сиқырмен, ол «қап» деп қапы қалды, ол менің неге қайтпай жүргенімді сонда бір-ақ білді де, бармағын тістеп қала берді. Мен кітапты алып, еліме қайттым. Өзімнің сүйген кісіме қосылдым. Сонан екі-үш бала туды, біз қартайдық. Кейін әлгі кітапты ақ матаға орап, теңге салып қойдым. Сөйтсем, әлгі құзғын молда соны бағып жүріпті де, теңге тесіп кіріп, адам болатын қағазын жеп, адам қалпына түсіпті. Түн ортасы болғанда үстіме біреу ыстық суды шашып жіберді, көзімді ашып алсам, әлгі молда шалыма пышақ салып өлтіріп, енді мені іздеп жүр екен, мен дереу жылан бола кеттім, сөйткенде әлгі от болып, маған лап етті, мен атылып қаштым, ол мені қуды, сонан там болдым, сен оны өлтіріп, мені жауымнан құтқардың, ажалдан құтылған соң, мен саған қызымды бердім, ақыры сен де қызымды тастадың, бүгін келмей қалғанда, мен сені шағып өлтіремін деп отыр едім, алдыңа келсе, атаңның құнын кеш деген, сондықтан сен маған қайта күйеу бола аласың», – деді. Ac ішіп болған соң бір қалайы қоңыр сандық алып, қолыма ұстатты да: «Жер үстіне шыққан соң, төрт қанат ақ отаудың орнындай жерді дөңгелетіп сызып алып, мынаны басыңа жастанып, жатып ұйықта», – деді. Кемпірмен қош айтысып, кетіп қалды, жер бетіне шыкқан соң, төрт қанат ақ отаудың орнындай жер сызып алып, ұйықтады, ертеңгісін тұрса, төрт қанат ақ отаудың ішінде жатыр, қасында бір қыз жатыр, анадағы қыздай сұлу емес екен, далаға шықса, малы да шамалы, алғашқы қызындай көп емес екен, үйге келіп, киінейін деп қараса, әлгі оның патшалық киімін ала келген екен, патшалық киімін киіп барып, өзінің тағына отырды. Сонан әйелін ордаға көшіріп алып, бірнеше жыл патшалық өмір сүрген екен, тату-тәтті тұрып, дүниеден олар да кеткен екен дейді.
17. Адам мінезі неге әртүрлі
Баяғыда бір ақылды да парасатты патша өмір сүрген екен. Оның ғажап сұлу әрі ақылды жалғыз қызы болыпты. Күндердің күнінде жер бетіндегі ханзадалар мен мырзалар ағылып келіп, құда түсе бастайды. Әкесі ерікті қызының өзіне береді. Сонда қызы Айна: «Маған хан болсын, қара болсын мейлі, тек өнері асқан жігітке тұрмысқа шығамын» деп жар салады. Сол заманда тылсым дүние сиқырын меңгерген бір дию өмір сүріпті. Қыз жарлығын естіген дию «Менен асқан күшті, айлалы кім бар» деп қызды зорлықпен алып қашпақшы болады. Дәл сол заманда сол патшалықта өнерімен елден асқан үш кедей жігіт болған екен. Біреуі – күншілік жерден естіп, білетін саққұлақ, екіншісі, көз ұшындағыны көздемей, атып тигізетін мерген, үшіншісі, құстың қауырсынын білдірмей алып қоятын епті екен. Ақыры дию сиқырдың күшімен ұйықтап жатқан қызды алып қашады. Соңынан білген патша еліне: «Кім де кім диюдан құтқарса, соған қызымды беремін» деп жар салады. Мұны естіген үш жігіт те «бағымызды сынап көрейік» деп ұзақ жолға аттанады. Көп жүрді ме, аз жүрді ме, әлден уақытта саққұлақ жігіт тың тыңдап: «Бір күншілік жерде ұшып барады екен» дейді. Содан үшеуі жеделдете жүріп, диюға жақындайды. Оның қарасы көрінген кезде-ақ мерген жігіт садағын шірене тартып, атып қалады. Жебе тура жүрегін қақ жара тиіп, дию қызды жібере салғанда епті жігіт қағып алады. Сонымен үш жігіт патша қызын әкесіне аман-есен алып келеді. Патша жарлығы екі болған ба? Қызын үш жігіттің біріне беруі керек. Енді жігіттердің әрқайсысы қызды құтқарғандағы өздерінің еңбектерін айтып, таласа бастайды. Патша бұл дауды естіген соң қатты ойланып, қиналады. Қызын қайсысына берерін білмей, дал болады. Құдайға құлшылық етіп, мың сан жалбарынып, ұйықтап кеткен екен, түс көреді. Түсінде бір қария: «Ей, патшам, қызыңның бөлмесіне бір иттің күшігін және шошқаның торайын апарып қой» дейді. Патша ояна келсе, түсі екен. Дереу қызметшілерін шақырып: «қызымның бөлмесіне күшік пен торай апарыңдар» деп әмір айтады. Таң атқан соң патша тағаты таусылып, қызының бөлмесіне келсе, өз қызынан айнымайтын үш сұлу шаштарын тарап отыр екен. Ұқсастығы сондай, патша өз қызының қайсысы екенін айыра алмай қалады. Патша қуанып, үш қызын үш жігітке көп жасау-жабдығымен ұзатып салады. Жылдар өтіп, патша қызын сағынып, күйеу балаларының еліне жолға шығады. Күншілік жерден еститін күйеу баласы атасының келе жатқанын біліп, алдынан шығады. Патша қайтарында : «Қызым көңіліңе ұнай ма?» деп сұрайды. Сонда күйеу баласы: «Әрине, қызыңыз неге жаман болсын, бірақ ашуы тез, бір нәрсе жақпай қалса, арс ете қалатыны бар» дейді. «Е, күшіктен болған қызым осы екен ғой» деп, қария келесі күйеу баласына аттанады. Қайтарында баяғы сауалын бұған да қояды. Сонда күйеу баласы: «Сіздей адамның қызы неге жаман болсын, бірақ ашуланғанда, қорс ете қалатын жаман мінезі бар» дейді. «Е, торай қызым осы екен» ғой деп, үшінші күйеу баласына келеді. Ол «менің жарым өте ақылды» дегеннен басқа ешбір кемшілік айтпапты. Бұл патшаның өз қызы екенін таниды. ... Содан бері неше ғасыр өтсе де адамдардың мінез-құлықтарының әртүрлі болуы осыдан қалған екен деседі.
18. Аңшы мен сиқыршы әйел
Баяғыда аңшылықпен күн көрген бір адам болған екен. Бір күні аңға шықса, алдынан бір буаз киік ұшырайды. Оны атып алып, төс етін кесіп, отқа қақтап, бір кесіп, аузына апара бергенде: «Әйт!» – дейді ар жағынан біреу. Жалт қараса, манағы киік: «Менің жәйімді Орманбет биден сұра!» деп, секіріп-секіріп жоқ болады. Аңшы енді сол Орманбет биді іздеп табуға бел байлайды. Ол ұзақ жүріп, Орманбет бидің ауылын табады, бірақ Орманбет би үйінде болмайды, қаңыраған үйі тұрады. Аңшы сұрастырып білсе, Орманбет бидің басқа бір жерде әйелі болады екен. Ол соған кетеді де, өз әйелі оны қуып кетеді. Аңшы жігіт о да Орманбет бидің соңынан іздеп бармақшы болады. Ақыры Орманбет бидің жаңа отауын табады. Отауға кіріп барса, бір әйел тұрыпты да: – Сен Орманбет биді іздейсің ғой, – деп, бір жүгенді қағып қалып: «Қара төбет бол!» – деген екен, әлгі аңшы ит больш жүгіре жөнеліпті. Бірақ санасы өзгермепті. Содан қаңғырып жүріп, бай ауылға ұшырайды. Мал сойылып, қан-жын болған жерде ол ауыл иттерінің бәрін жеңіп, маңнан қуатын болыпты. Ол үйдің әйелі жыл сайын бала тапса да, үш күн жүрген соң өле береді екен. Итті үйіне әкелген күні де ұл бала табады. Ел жатып, ұйқыға енген уақытта ит тұрған үйдің шаңырағына бір құс келіп қонады да, одан жаңа туған сәбидің үстіне төне бергенде, ит шап беріп ұстап алады. Әлгі құс: «Өлтірме!» – деп жалына бастайды. «Мен екінші қайтып осы үйдің баласына залал жасамаймын және өзің үшін бір жақсылық істермін», – деп ант ішеді құс, ит жібереді.
Сонымен ит тұрған үйдің жас баласы ауырмай-сырқамай өсе түседі. «Бұл иттің зор қасиеті болды» деп ойлайды үй иесі. Иттің мойнын жібекпен қарғылап, шолпы тағады. Сондай жақсы тәрбиелейді. Бір күндері әлгі ит «Орманбет бидің жаңа отауына барып қайтайын» деген оймен жүгіріп отырып отауға кірсе, манағы әйел: «Әй, мынау әлі жүр екен ғой, сен боз торғай бол», – деп жүгенді қағып қалса, торғай болып ұшады да кетеді. Ол ыстық күндері ұзақ ұшып жүрумен әбден шөлге ұрынып шаршайды. Содан ол бір түп шіліктің түбіне қонып, енді ұшуға да жәйі болмай жатқанда, ойнап жүрген бір топ бала көріп ұстап алып, қуанғаннан үйлеріне ала жүгіреді. Торғайды ұстаған бала шешесіне келіп:
– Апа, біз торғай ұстадық, – деп мақтанады. Шешесі:
– Кәне, торғайың? – деп қолына алады да:
– Ой... ұшырып алдым! – деп, қойнына сала қояды. Балалар жыласа да бермейді. Ақыры әлгі әйел балалары кеткесін бір жүгенді қағып жіберіп торғайды, бұрынғы адам түріне енгізеді, сосын айтады ол:
– Мен әнеукүнгі алдыңнан киік болып көрініп, сен атып алған мен едім. Мен Орманбет бидің бәйбішесі боламын. Оның ашына әйелі мені киік етіп жіберді. Содан қара құс та етіп жіберді. Ол сиқырлы болатын, – дейді әйел, – сен ит болып жүргенде, ана бай ауылға құс болып барып, сенің ұстап алғаның да мен едім. Сонда саған жақсылық етермін деп едім. Міне, соның есесі. Енді анау Орманбет би мен оның сиқыршы әйеліне не істе дейсің, қолымнан келеді. Мен қазір одан да күшті сиқыршылық өнер таптым, – дейді. «Ол екеуін есек жасап, артына мың бұттан құм сүйретіп қой», – деп тілек етіпті аңшы. Содан Орманбет би мен оның ашына әйелі есек болып, осы кезге дейін жүгін тарта алмай, бір жерде жүр-міс дегенді аңыз етеді ел.
АДАМДАРДЫҢ ТАУ-ТАСҚА АЙНАЛУЫ
ЖЕР-СУ, ТАУ АТАУЛАРЫНЫҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ
1. Бәйбішетас hәм Келінтас
Баяғы бір заманда бір би бар екен. Оған Құдай жақсылық нұрын төгіп, күннен күнге байыпты, малы жылдан-жылға өсіпті. Әбден байығаннан малының есебін де білмейді: жылқысының, қойының. өзінің білгенінше ішіп, жеп: тәтті тамақтарды, бауырсақты, жазды күні қымыз ішіп, қымыз құятын аяқ тегенелері саф алтын болыпты. Сондай бай, дәулетті болса да Құдайды ұмытпапты. Қатынымен де жақсы тұрыпты. Қартайғанда Құдай рахым етіп, оған бала беріпті. Өзі көркем, ақылды, ер hәм әдепті болып өсіпті. Әке-шешесі қуанып, баласын үйлендіруді ойлапты. Байдың ойлағаны болыпты. Бір байдың ақылды, көркем, жас қызын алып беріпті. Сөйтіп төртеу болып тату, тыныш өмір сүріпті. Осылайша көп заман жүрісіпті, бұл дүниеде бір қалыппен тұратын нәрсе бар ма? Ақырында олардың бақыты қайтыпты, келіні мен қайын анасының араздығы басталыпты. Бір жазды күні көл бойына кәрі би үлкен қосын тігіпті. Сол жаңа жерге қона сала, бір жөнсіз нәрсеге бола, әйелдер жанжал шығарыпты, ол аздаған төбелеске айналыпты. Бай бұлайша болғанын көріп, олардың оңбайтынын көріп, осылардың ішінде тұрмаймын деп, айдалаға қаңғырып жөнеліпті. Сол уақытта Құдай тағала еш болмасыз нәрседен қатынның ұрысқанынан мұсылманның бақ-дәулет, разылығы қайтқанына қаhар қылып, от жаққан жерін теуіп жіберіп, айтыпты: "Сендер менің берген дәулетіме тұрмайсыңдар, ондай бақ сендер түгіл араз кісіні де жарастырса керек еді" дейді, hәм сол оттың орнына күл бітіпті. Қатындар қорыққанынан Құдай тағаланың қаhарын көріп, қара тас болып, қатып қалыпты. Байдың қосын Құдай тағала қаhарман лебізін жібергенде ұшырып, күл-талқан қылып жіберіпті. Орнында осылай үлкен қостың белгісі де қалмай, бір-ақ күл тұрыпты. Сонда баяғы кәрі бай қатты дауылдан соң қараса, бұрынғы қостың орнында көбіктеніп, толқындап жатқан көл дейді. Соның екі жағында екі сым тас тұр дейді, анықтап, байқап қараса, бірі – өзінің қатыны, бірі келіні екен. Сол заманнан бері екі сым тастың біреуін Бәйбішетас, біреуін Келінтас дейді.
2. [Шілтер әулие]
Баяғы өткен заманда Шілтер деген бір әулие кісі болыпты. Құдайға құлшылықтан жазбаған, істеген ісі ақ, көңілі сүттей пәк, ниеті адал, сөзі түзу адам екен. Бір күні жолаушылап келе жатып, қасындағы қырық кісісімен бірге Қазықұрт тауының етегіне келіп түседі. Дәм ішіп, дамылдағаннан кейін бесін намазын оқуға кіріседі. Намаз оқылып жатқан кезде таудан түскен, қарақшы дұшпандар әулиені серіктерімен қоса өлтірмекке бекініп, тап береді. Шілтер мен қасындағы қырық жолдасы намаздарын бұзбай, оқи береді. Намаз үстінде әулие Алладан былай деп тілепті:
– Иә, Құдайым, бізді жау қолына түсіре көрме, жау қолына түскенше, тас мүсінге айналдырып, қатыра гөр, – деп тілейді.
Жарықтық қасиетті Шілтердің тілегі қабыл болып, серіктерімен бірге тасқа айналып, қатып қалады. Сонан көпшілік бұл жерді «Қырық Шілтер – әулиенің жері» деп атап кетеді. Осы жерде біріне-бірі қарама-қарсы үш бұлақ ағып жатыр. Үшеуінің дәмі де үш түрлі, емі де үш түрлі. Біреуі, іш ауруларына, екіншісі, көз ауруларына, үшінші, құлақ ауруларына дәру.
3. Толағай (1-нұсқа)
Бұрынғы заманда бір үлкен алып бар екен. Бұл алыптың екі баласы болыпты. Кіші баласы Ертістің суына шомылып жүріп, суға кетіпті. Алып үлкен баласымен қанша дамыл таппай, қиналып іздесе де баласының сүйегін таба алмапты. Сонда Алып Ертісті бөгеуді ойлап, баласын ертіп алып, Тарбағатай тауларына келіпті. Бұл тауларда бұлар Толағайды иығына көтерісіп, өздерінің ойлағанын орнына келтіруге Ертіске қарай жүріпті. Жол үстінде бұлар Қалба тауының етегіндегі өздерінің үйлеріне қонуға тоқтапты. Әкесі баласына айтыпты: "Бүгін сен жалғыз жат. Қатыныңмен жолықпа", – депті. Баласы әкесінің өсиетін тыңдамаған себептен таңертең әкесіне қолғабыс қыла алмай, Толағайды Ертіске шейін апара алмапты. Әкесі қайғыланып, Толағайды Қалба тауларында тастап кетіпті.
4. Бөрітастаған
Тарбағатай тауының солтүстіктегі hәм Қалба тауының оңтүстіктегі бөктерлерінің ортасында Сардала деген жер бар. Бұл даланың ортасында «Бөрітастаған» деген недәуір биік тау жапа жалғыз тұрады. Бұл таудың басында үйілген тастар бар. Бұл тастар бұрынғы шаман заманынан қалған екен. Бұл тау турасынан қазақтар бұлайша деп атайды. Бұрынғы заманда, бір үлкен ұрғашы Тарбағатай тауында ешкі бағып жүріпті. Бұл ұрғашының зорлығы сонша екен, қашан Тарбағатайда отырғанда мұның аяғы Кіші Тарбағатайда жатады екен. Күндерде бір күн бұл алып ұрғашы ешкілерін бағып, жіп иіріп отырғанда, мұның ешкілеріне қасқыр шауыпты. Бұл ұршығын қасқырға лақтырғанда, ұршығы барып Сары даланың ортасына түсіп, сол арада тау болып қалыпты дейді.
5. [Кіндіктөбе]
Көкпекті қаласына жақын жерде «Өртентау» деген жер бар. Сол таудың оңтүстік күнбатыс жағында Базар – Бағас деген суларына шейін мидай даласы бар. Дәл сол даланың ортасында жалғыз тұрған шоп-шошақ құбасы бар. Оны қазақтар «Кіндіктөбе» деп атайды. Және қазақтар айтады сол жалғыз тұрған төбені кемпірдің ұршығы деп. Жоғарғы айтылмыш кемпірдің бес ешкісі бар екен, әрдайым өзі бағып жүреді екен. Бір күнде кемпір өзінің ешкілерін жайып отырып, Тарбағатай тауына шығып отырады. Аяғын Алтай тауына қарай созып салып. Дәл сол мезгілде далада жайылып жүрген ешкісінің біреуіне қасқыр тиіп, тиген заманда ешкісін айырып алмақшы боп, қолындағы иіріп отырған ұршығын қасқырға қарай тастайды. Сол тастаған ұршығы барып түседі. Осы күнде биік төбе болып калған мидай дала ішіндегі жер – енді сол төбенің өзі, кемпірдің ұршығы-дүр.
6. [Тазтау]
Бұрынғы заманнан бері қарай Тарбағатай тауының, етегінде көшіп-қонып жүрген қазақтардың қайсысына мағлұм, белгілі емес, аталған таудың бір биік шоқысы турасынан айтылатұғын ертегісі. Тұқым-тұқымдарын қуалап, біріне-бірі айтып, ауыздарынан тастаспай, жан сақтайтын дұғадай-ақ болып келе жатыр. Және мұндай ертегі қылып шығарған таудың атын қазақтар айтады «Тазтау» деп, яғни тақыр тау болған соң. Және Тазтаудың өзі басқа қатар тұрған шоқыларының бәрінен де бек биік, шоп-шошақ болып көрініп тұрады. Өзі бек ғайбат әдемі, беткейлерінде ешқашан көрімсіз, бір артық болып жатқан тастарын, жалғыз, теп-тегіс болып жатқан бетін, көкпеңбек болып жауып жатқан, тып-тинақ, әдемі шөбі көктем менен жаз күндерінде таудың беткейлері парсы жұртының қымбат кілеміндей болып жатады. Тазтаудың ұшар басы алыстан бөрік секілді болып көрініп тұрады. Со көрінген басында қазақтардың ертегі қылып айтуынша, осы уақытқа шейін бір батыр тұрады екен және со биік басында бір кезде Айдағұл деген бір батыр тұрған екен, таудың беткейінде өзінің тастан салған үйінде. Айдағұл жаяу жүрмейді екен. Ұшып жүреді екен жан-жағындағы қазақтарды сақтап. Не қыламын десе де оған қиын емес екен. Қисапсыз, көз жетпейтін байлығы бар екен. Жыл сайын, көктем уақытында, айтылмыш батырдың қадір-құрметі үшін қазақтардың бәрі де осы күнге шейін тасаттық беріп, құрбан шалу рәсім болып қалған. Мұндай рәсім болғанының мағынасын қазақтар айтады. Бір мезгілде малдарға қатты өлім тиіп, көп малдар қырылыпты. Дәл сол уақытта бір құрметті ақсақал шалдың түсіне кіріп, Айдағұл аян беріп айтады: «Таңертеменен тұр дағы үлкен-кішілеріңді жиып алып, ертіп барып, Тазтаудың етегіне әр қайсыларың бір қойдан құрбан бергейсіңдер» деп. Әлгі шал таңертең тұра салып, кәрі-жасын жиып алып, бір-бір қойдан алысып, Айдағұлдың айтқан жеріне қарай жөнелісті. Барысып, ертеден кешке шейін Тазтаудың баурында қызық-тамаша қылып, кеш болған соң ат шаптырысып қайтысты. Сонан кейін малдың өлімі пышақ кескендей тыйылып қалды. Дәл сол күннен бері қарай жыл сайын қазақтар құрбандық беріп тұрады Тазтаудың бауырында Айдағұл батырдың құрметі үшін. Және осы уақытқа шейін қазақтар сенеді «Айдағұл батыр мал-мүлкіменен бүгінге шейін тұр» деп және олар айтады Тазтаудың шетіменен жүрген жолаушылар және бұл таудың айналасында тұрған қазақтардың бәрі де айтады: «Түн болған мезгілде адамның даусы шығады», – деп. Дәл таудың ішінен ол қазақтың амандығын сұрап, дұға қылып жатқан Айдағұл деп біледі. Жылда құрбан шалатын жерлері бір ғайбат дала, төбе болып, үюлі жатқан отындары менен жыл сайын әкелгендерінен қалған. Ашық далада жыл сайын рәсімдерін қылып, көктем уақыттарында тамаша етіп жатады ықластарыменен даярланысып, күні бұрын еркек-ұрғашылары намаз оқып, ораза тұтып, жас жігіттері жақсы киім тіккізіп, жүйрік аттарын оңдап тастасып. Және Айдағұлдың қасында бір кемпір бар деп айтады. Қейбіреулер оның қатыны деп біледі. Кейбіреу бір сиқыршы деп біледі.
7. Азанұр жайлы әңгіме
Жаулар Азанұр есімді кісіні қанша амал-айла жасағанымен алудың есебін таба алмапты. Сонан Азанұрдың келінін ұстап ап: «Атаңызды қалай аламыз? Бәлкім сіз айтарсыз, бірдеме..» – депті. Келіншек сонда: «Атамды бір алсаңыздар, таң намазда аларсыздар» – депті. Азанұр қолға түскенін келінінен келгенін біліп (сонда келіні су әкеле жатқан екен) «А, келін, боғым боп қатып қал!» – депті. Ел-жұрт аузында қазір Ағытпаға** жақын жерде "Азанұр әулиенің келіні, қолындағы екі шелегімен сол күйінде тас боп қатып қалған, – деседі.
8. Жылаған ата
Қазіргі Түркістан маңында Бабай қорған ауылы бар. Сол маңда "Жылаған ата" үңгірі бар. Оның неге олай аталатыны беймәлім. Сол үңгірден отыз-қырық минут сайын сарылдап су ағады да тоқтайды. Белгілі бір уақыт көлемінде ғана сыртқа шығатын судың құпиясы беймәлім. Дәл үңгірге қарсы иіліп тұрған үлкен тас бар. Қырынан қараған адамға ол тас адам бейнесін елестетеді. Оны халық «кемпір» деп атайды. Сол тастың адам көзі тұсынан тамшылап су ағады екен. Халықта бұл туралы мынадай аңыз бар көрінеді. Бір әйел айы-күні толып, босанады. Бірақ тоғыз ай, тоғыз күн күткені бала болмай мес (қапшық тәрізді) болып шығыпты. Мұндай сұмдықты бұрын көрмеген ел шошыпты, не істерін білмеген келіншек күні-түні Құдайға жалбарынып, жылаумен болады. Біреулер оған «Құбыланы бетке алып жүре бер, тек артыңа қарама, егер қарасаң, бәрінен айырыласың» деп ақыл береді. Сөйтіп құбыланы бетке алып, келіншек жүріп кетеді. Көп жүрген соң, шыдай алмай, артына қарап қояды. Сол кезде арқасындағы мес жарылып, ішінен бала шығады да қаша жөнеледі. Баланың жерге түскен ізі әлі күнге бар көрінеді. Бала қашқан қалпы "Жылаған ата" үңгіріне кіріп кетеді. Шешесіне: "Енді сен мені өмірі көрмейсің, мен саған жоқпын. Жер бетіне тек қиямет-қайымда бірақ шығамын" деп айтады. Шешесі – сол үңгір аузындағы тасқа айналып, өмір бойына жылап, баласын күтуде дейді ел аңызы. Қазір «Мес» деп аталатын ауыл да бар.
9. Келіншектау
Әлде жүз, әлде мың жыл бұрын теріскейде әйгілі бай өтіпті. Әлгі бай аузы уәлі, ақылы мен дәулеті пара-пар кісі көрінеді. Қылығы тәтті, жалғыз қызы болыпты. Майысып, толқып бой жетіпті. Тана көзі талайдың ішіне шоқ түсіріпті. Күнгей елінен теңі табылыпты ақыры. Әлгі бай «Жалғыз перзентімнен аярым жоқ» деп, екі жасқа батасын беріпті, жасауын бөліпті де қызды жөнелтіпті. Қыздың жасауын айтып бітіре алмайсың. Отаудың үзік, дөдегесі ақ марқаның жүзінен басылып, бау-басқұры жібек жіптен тоқылыпты. Шаңырағын алтынмен аптап, уығын күміспен қаптапты. Бар жиhаз-жасауды түйеге теңдеп «Ал, риза бол, қалқам» деп, әкесі керуеннің бас жібін қызына ұстатады. Керуен ырғалып-жырғалып Қаратаудың қыр арқасына көтеріледі. Қызы құрғыр дүниеге бір табан жақын білем, сол арада түйелерді, жасауды қайыра бір көзден өткізіпті. Сөйтсе, итаяғы жай өрік ағаштан жасалған екен. Мұны көрген қыз: "Әкем сараңдық жасапты, итаяғымды күмістен соқтырмапты", – деп, күйеу жігітті аулына қайыра шаптырыпты. Күміс итаяққа жұмсаған көрінеді. Бар дәулетін сыпырып арттырып жіберген ақылды әке әлгі сөзді естіп, қатты налыпты. Қызына "тас жүрек екенсің, тас бол", – деп, теріс батасын беріпті. Ол кезде қарғыстың дөп даритын уағы білем: әлгі шөгіп жатқан түйелер, бұйда тартқан қалыңдық солайымен тұрған-тұрған жерінде тасқа айналыпты.
Содан бері осы жер "Келіншектау" – деп аталады.
10. [Мұхамбет байдың қызы]
Ілгері өткен заманда, мұсылмандар жасап жатқан жерге орыстар басып кіреді. Ауылдағылардың бәрін қыра бастайды. Халық тауға қашады. Сол ауылда Мұхамбет деген байдың қызы қырық жолдасыменен сейілге кеткен болатын. Мұхамбеттер орыстарменен ұрысқа қалады. Мұхамбеттің әйелі де бір жасар баласын қолына алып, қазанын басына көтеріп, тауға қашады. Бай қаншалық қарсылық көрсетсе де, орыстар оларды өлтіріп салады. Әйелі күйеуінің өлгенін көріп, сол үшін баламның өмірін сақтаймын деп, қаншалық жанын салса да, орыстар қуып жетіп қалады. Орыстардың келіп қалғанын көріп "Құдай, орыстардың қолына түскенше, тас болып қалайын", – деп, Құдайға жалбарынады. Ол қазанын көтерген бойда тасқа айналып қалады. Сол мезгілде қыздар сейілден қайтып келе жатып, апасының тасқа айналғанын көріп, тоқтап қалады. Тастан "Қызым, қаш, кәпірлер келе жатыр!" – деген үн шығады. Сол мезгілде орыстар келіп қалып, қыздар қайтадан кері тауға қашады. Биік таудың басына шығып, жүрерге ешқандай жерлері қалмайды. Қыздар: "Жаратқан Ием, осы кәпірлердің қолына түскенше, бізді тасқа айналдырып жібер", – деп жалбарынады. Сол кезде қатты күн күркіреп, дауыл болып, жаңбыр аралас қар жауып, таудың басын тұман басады. Орыстар келіп қараса, қыздар тасқа айналып қалғанын көріп, жынды болып қалысады. Содан бері адамдар жын ауруына көп шалдығатын болыпты. Қазір сол жерде қырық қыздың тасқа айналған бейнесі әлі де бар.
11. Қырық қыз жөніндегі әңгіме.
Тәжікстанға қарасты Чарқу деген кішкене ауыл бар. Чарқу деген сөзді қазақшаға аударғанда "төрт тау" деп аталады. Сол төрт таудың бірі – "қырық қыз". Ілгеріде бір бай болады. Оның жалғыз қызы болады. Бір күні ол қыз өзінің қырық қызын ертіп, сейілге шығады. Олар сейілдеп жүргенде оларды қарақшылар ұстап алады. Олар қыздарды үңгірге алып барып, қорлайды. Сонда қайғыланып, көз-жасын төккен қыздар: "Бұдан көрі тас болып қатып қалсақшы" – деседі. Сонда олардың тілегі қабыл болып, олардың бәрі тасқа айналып қалады.
12. [Қырық қыз]
Ұзатылғалы отырған бір қыз, қасына қырық қыз ертіп, танысып жүреді. Сол сәтте "жау жетті" деп, айғайлаған аттан шығады. Жау қолына түсіп "ат артына мінуден" қатты қорқып, қысылған қыздар, үрейі ұшып, қара тас болып, қатып қалады.
13. [Масат ата]
Ертеде елін дау мен жаудан қорғай, жердің шетінде, желдің өтінде, тұлғасына батырлығы, батырлығына парасаты жарасқан Масат деген адам өмір сүріпті. Оның тағы бір қасиеті оған атқан оқ, шапқан қылыш өтпейді екен. Оны алам деп келген талай жаудың меселі қайтып, діңкесі құриды. Сонан кейін олар әр түрлі айла, сан қилы шарғы ойлайды. Ақыры, Масаттың жауынгерлікте қолға түскен, жап-жас тоқалына жол табады. Сол тоқалмен жаудың жансызы әуес болады. Оған жас тоқал Масаттың осал тұсын айтып қояды. Сөйтсе, Масат таң намазына ұйып отырған кезде, оның алпыс екі тамыры иіп, тұла бойы пенделік қалыпқа түсіп, бусанып кететін көрінеді. Тіпті, ол намаз кезінде, Масат мекен ететін қара тас баланың еңбегіндей болып, былқылдап жатады екен. Сонан соң жансыз Масаттың осы осал тұсын пайдаланып, таң намазы кезінде оның басын шауып түсіреді. Сол кезде алдына домалап түскен басын Масат жерге түспестен етегіне салып алып, жас баланың еңбегіндей болып былқылдап, еріп жатқан, көк тастың үстімен жүгірген екен дейді. Оның соңынан, бұл сұмдықты көріп тұрған Масаттың құлынды биесі де кісінеп, ілесе жөнеледі. Масат тұтасып жатқан көк тастың жиегіне жете бергенде, әлдеқандай бір құдірет күшімен аспан күңіреніп, қара жер қақ айырылады да, оған етегіне басын салған қалпы алдымен Масат, соңынан биесі кіріп кетеді. Осы аңыздың көрінісі, күні бүгінге шейін, көк тасты алаңқайдың үстінде сарнап жатыр. Алшаңдап, аттап басқан Масаттың да, құлынды биенің де іздері, шашырыған қып-қызыл қанның дақтарына дейін сол қалпында сақталған. Тіпті, сол сұмдық оқиға күні кеше ғана болғандай. Сонан ел жаңағы жерді «Масат ата» деп атап кетеді.
14. Толағай (2-нұсқа)
Бұрынғы өткен заманда, апайтөс Арқаның бел ортасында бір қауымдық жұрт өмір сүріпті. Жағалары жайлауда, жындары рахатта, тамаша ғұмыр кешіпті. Шұрайлы жерден қоныс алған малға да, жанға да бай өлкенің тұрғындарында: "Бізде барлығы да бар. Бірақ сол мал-жанды қорғайтын батырымыз болса екен" деген бір ғана армандары болыпты. Күндердің күнінде бір отбасында алтын айдарлы, алып бала дүниеге келіп, ел-жұрты болып, үлкен той жасайды. Сол нәресте жыл санап емес, күн санап ержете бастайды. Туған-туысқандары да көркейіп келе жатқан баланы өз атымен атамай, көз тимесін деп, Толағай дейтін болыпты. Сөйтіп баланың аты «Толағай» атанып кетеді. Күндердің бір күнінде жер қуаңшылық тартып, жаңбыр болмай, ел күйзеліске ұшырайды. Халықтың басына түскен ауыртпалық Толағайды да қатты мазалапты. Сонан бері Толағай Дана деген қарт ақсақалға барып, ақыл сұрапты. Сонда қарт айтқан екен: "Қарағым, Толағай, біздің жеріміз жазық, бұлт үйіріліп тоқтайтын тауы жоқ. Жаңбырдың болмауы сол себептен" дейді. Толағай айтқан екен: "Ата, сіз рұқсат етсеңіз, мен барып, бір жерден тауды арқалап, алып келсем болмай ма" дейді. Сонда қарт айтқан екен: "Шырағым, Толағай, еліңді ойлап егіліп тұрсың-ау! Тау арқалап, әкелу оңай болмас, дегенмен ондай талабың болса, оңтүстік өлкеде Алатау деп аталатын алып таулардың ақсақалы бар, рұқсатты сонан сұрарсың" деп батасын береді. Сөйтіп, тауды арқалап әкелуге сайланған Толағай сапарға шығыпты. Арада ай өтеді, жыл өтеді. Бір күндері ақ басты Алатауға жетіп, "Ассалаумағалейкум!" деп сәлем беріпті, өзінің талап-тілегін айтыпты. Маңғаз Алатау талапты ерге зор қошемет көрсетіп, етегінде орналасқан бала тауды Толағайға арқалатып қоя береді. Алғашқыда аяғын ширақ басқанымен иығына түскен салмақ еңсесін езіп, бірте-бірте әлсірете бастайды. Арада көп уақыттар өтеді. Арқасында тау, әлсіреген, қансыраған Толағай елінің шетіне іліге бере тізесі бүгіліп, құлап түседі де ұйқыға кетеді. Арқасындағы тау болса батыр жігіттің үстінен басып қалыпты. Сонан сол Толағай күні бүгінге дейін тау астында ұйықтап жатыр дейді. Ал, жаңағы бала тауды ел "Толағай" деп атап кетіпті.
15. Отаутас
Баяғыда бір байдың жалғыз қызы болыпты. Сол қызға бір шал құда түседі. Әне-міне той болады деп отырғанда, қыз бір кедейдің жігітімен қашады. Бұған ашуланған бай: "Екеуін қуып жетіп, бауыздап өлтіріңдер!" – дейді. Қыз бен жігіттің аттары болдырып, қуғыншылар жетіп қалады. Сонда қыз: "Е, Құдай, өзің мыналардан құтқара көр!" – деп, Құдайға жалбарынады. Сонда үлкен тас қақ айырылып, қыз бен жігіт тасқа кіріп кетеді де, тас жабылып қалады. Қуғыншылар көргендеріне сенбей, кері қайтады. Бұл таудың "Отаутас" деп аталуы осылай, таудың пішіні алыстан қарағанда ақ отауға ұқсайды.
16. Ұйқыдағы батыр
Бұрынғы өткен заманда адал тірлігімен тіршілік еткен бір қауым жұрттың тап қасына келіп, бір жеті басты айдаhар орын тебеді. Елге қаhарын төгіп, күн сайын жеті басына жеті жылқы, жеті сиыр, жеті қой және жеті адам алып отырыпты. Бұл жаңағы айдаhардың күнделікті тамағы екен. Осындай қатершілік заманнан ел әбден ығыр болады. Күндердің бір күнінде құрмалдыққа белгіленген мал-жанды апара жатқан топқа бір жолаушы қарсы кезігеді. Бойы ересен биік, алып мүсінді тұлғалы адамның келбетіне сүйсінген жігіттер уақиғаны бастан-аяқ баян етеді. Сонда жаңағы батыр ел үшін айдаhарды өлтірмекке бел буып, қолына алмас қылышын алып, жалғыз өзі кетеді. Ашуланғанда айдаhардың аузынан от-жалын шығады екен. Айқасқа түскен батыр жеті баспен жеті күн арпалысады. Жетеуінде жеңген, ақ алмасымен ажал қаптырған батыр қатты қалжырап, ұйқыға кетеді. Шала жансар жаны қалған айдаhардың бір басы соңғы күшін жинап, ұйықтап жатқан батырға от сеуіпті. Соның салдарынан жанағы батыр тасқа айналып кеткен екен. Сол кезден бастап халық сол тасты "Ұйқыдағы батыр" деп атап кетеді.
17. Тас оба
Бұл Бетпақ далада болған. Сол жердегі бір қариядан естіген. 1976 жылы ол сексен жаста еді. Бетпақ далада бір бай бар екен. Сол байдың елді жалғыз өзі күзететін сенімді иті болыпты. Бір күні сол ит ауылға жақындай береді. Бір күні төбеден төмен түсіп, бір күні қораның төбесіне келіп жатады. Соны сезген бай ауылдың мықты жігіттерін жинап, ескертеді: «Мына итке тықыр таянды. Бұл бұрын ешкімнен қорықпаушы еді. Соны аңдыңдар», – деді. Екі жігіт итті күндіз-түні қарауылға алады. Бір күндері ит есіктің алдына келіп жатады. Енді бір күні жүк аяқтың астына жүгіріп кіреді. Артынша төбеге бір топ қасқыр келеді. Соның ішінен біреуі иіскелеп, үйге қарай жүгіріп, есіктен кіре бергенде, аңдып тұрған екі жігіт басын шауып алады. Қасқырдың құлап түскенін көрген ит өлген қасқырдың үстінен секіре төбедегі қасқырлармен айқасады. Қасқырлар қанша көп болса да шетінен жайратады. Ит те, қасқырлар да өледі. Ұзамай сол жерге оба тас пайда болады. Сондықтан «Тас оба» деп аталған.
18. Түлкібас
Түлкібас ауданының "Түлкібас" аталуына байланысты ел аузында әр түрлі әңгімелер бар. Соның бір нұсқасы төмендегідей. О баста бұл жер Майлыкент аталған екен. Осы Майлыкент өңірінде Түлкібас деген әулие кісі өмір сүріпті. Кезінде елге көп жақсылығы тиген, әр түрлі ауруларды емдеп, жазыпты. Өзінің әулиелігіне қарамай, ол кісі өте қарапайым болғанға ұқсайды. Бірақ, ел ішінде оған сенбейтін, күле қарайтын адамдар да бар екен. Қасиетті Түлкібас оған еш мән бермеген. Бір күні Түлкібас әулие қазіргі Түлкібас ауданының орталығы "Ванновка" мен "Азаттылық" колхозының шекарасында орналасқан, Қосемшек деген төбенің етегіндегі өзенге түйесін суғармақ боп, жетелеп бара жатады. Сол кезде оған сенбейтін, сол ауылдың біраз адамы артынан әжуалай қарап, күліп тұрады. Бұған шыдамаған Түлкібас әулие артына қарап, әлгі адамдарға түкіріп қалыпты. Сол сәтте олар езіліп кетіп, барлығы он екі адам бір-бір бастауға, бұлаққа айналады. Осыдан бастап ел оның қасиеттілігіне сене бастайды. Кейіннен ауырған адамдар "қасиетті әулиенің түкірігі бар" деп, сол бастаудан су ішетін болыпты. Сонымен Түлкібас әулие өмірінің соңына дейін жұртты емдеп, елге көп жақсылық істеген. Өлер алдында ол кісі былай деп айтқан екен: "Мен өлген соң, мені Қосемшектің жоғары төбесіне жерлеңдер. Үстіне үш дәу тас әкеліп, біреуін оңға, біреуін солға, біреуін аспанға қаратып қойыңдар", – депті. Оның бұл тілегін халқы өзгеріссіз орындапты. Күндердің күнінде осы елге жау шабады. Бірақ, елге жақындағанда жаудың аттары аяқтарын алға баспай қойыпты. Әбден әуреге түскен жау, аттарын алға бастыра алмаған соң кері қайтады. Естіген ел аң-таң қалады. Кейін Түлкібас әулиенің үстіндегі оң жаққа қарап тұрған тастың жоқ болғанын көрген жұрт бұл кереметтің сырына түсінгендей болыпты. Тағы бір жылы қатты қуаңшылық болады. Көктен бір тамшы тамбай, ел ашаршылыққа ұшырайды. Сол кезде бүкіл ел жиылып, елдің беделді бір адамын басшылыққа алып, Түлкібас әулиенің басына келіп, жалбарынады. Әлгі елдің беделді кісісі: «Егер осыдан көмектессең, атыңды өмір бойы ұмытпаймыз», – дейді. Сол кезде қабірдің үстіндегі аспанға қарап тұрған тас домалап түсіпті. Тастың үлкендігі сонша сол тастан бірталай адам мерт болады. Дәл сол мезетте аспанды бұлт торлап, жаңбыр сіркірейді, артынша ақ жауынға айналады.
Содан соң жұрт, уәде бойынша, сол өңірге "Түлкібас" атын беріпті.
19. Түйе тас
Біздің ауылдан онша алыс емес жерде "Түйе тас" деген жайлау бар. Ерте кезде елдердің жайлау қонысы болып тұрған екен. Ол жерге ешқашан жаман нәрсе жоламаған екен. Жаман ойлы адам барса, кері қайтпай, жылан шақпай, жылқы теппей, өзінен-өзі қырсыққа ұшырайды екен. Елі ынтымақты, кішісі үлкеніне тік қарамаған, ынтымақты ел екен. Күндердің күнінде қайдан келгені белгісіз, ауылда бір түйе пайда болады. Мал-жанға тыныштық бермей, тік келген адам болса да, мал болса да тістеп, өлтіріп тастай береді. Ешбір адам оны ұстай алмай қояды. Сонда ауылдағы жас-кәрінің бәрі жиналып, оны әбден қарғайды: «Осы түннен аспай, жатқан жерден тұрмай, үстіңді түгел тас қаптасын!» деп қарғайды. Ертеңіне тұрса, әлгі түйе тасқа айналып қалған екен. Қазірде шөгіп тұрған түйе сияқтанған сол тас бар.
20. Қоңырат
Ерте кездерде осы өңірдің терістік шығысында қатігез бір бай болыпты. Қайырымсыз да қатал бай, жалшыларын ұрып-соғады екен. Бірде құлын байлап, бие сауызып жүретін пысық бір жігітті ұзын желідегі құлынның біреуінің буынып өлгенін байқамай қалады. Мұны естіген бай ерттеулі тұрған атына міне сала жігітті желіні айналдыра қуып жүре сабап, қызыл қанға бояп, үлкен жарақатқа ұшыратады. Жатып қалған жолшыны көп жылқышының бірі үйге алып келеді. Бітеу жара болып ісініп кеткен жігіт, айдан аса жатып, әрең жазылады. Содан кеудесін кек кернеген жас қаңғырып өлсе де бұл байға қызмет етпеуге бел байлайды. Бай баласының ел арасындағы қара жарысқа түсу үшін жаратып, кермеге байлап қойған бәйге қоңыр атын бір түнде мінеде де, Балқаш көлін бетке ұстап тартып береді. Ондағы ойы көл жағасындағы балықшыларға қосылу, не болмаса көлді жағалап отырып арғы жақтағы Ұлы жүз еліне өтіп кету еді. Ертеңіне ізіне түсіп жабыла қуған қуғыншыларға қарасын да көрсетпей, елсіз даламен тартып кетеді. Үшінші күні түс кезінде өзі де, ат та қалжырай бастайды. Шілденің ыстығы бетті шарпыған, аңызақ жел таңдайды кептіріп жүргізбейді. Көрмеген жердің ой-шұқыры көп дегендейін, арқаның көк қасқа бұлағы болмаса да шөліркеген жігітке бар үміті алдынан бұлдырап көрінген жалғыз шоқы болады да соған қарай жылжи береді. Бірақ үлкен үмітпен зорға жеткен шоқы маңайынан су табылмайды. Ат бұдан әрі жүруге жарамай, шөлден сілесі қатып, жата кетеді. Қайыра басын көтеруге шамасы келмейді, сол жерге мәңгі тас болып қатады. Сонан былай бұл жер «Қоңырат» атаныпты.
21. Алтайтас
Ертеде Тілеуберді деген бай жердің ең шұрайлы, ең әдемі жерін мекендеген екен. Оның малы өте көп, көптігі сондай құмырсқаның илеуіндей болыпты. Тілеуберді қаншама бай болса да жастай шаңырақ көтермейді, өзіне лайықты қалыңдық іздейді. Бірде ол сұлу Алтынайды естіп, мың жылқы қалың беріп, айттырып, өзіне жар етеді. Қалыңдық өзінің жасауымен бірге құлы Шұнақты, күңі Күн атты қызды ала келеді. Арада екі жыл өткенде қожаларының рұқсатымен үй болған екеуінен, Шұнақ пен Күннен Алтай атты ұл туады. Екеуі қайдан той жасасын, өздері біреудің есігінде жүргенде. Сөйтіп Алтай өсе берді. Қозы бағып, отын тасыды, таяқ жеп, талай тепкі де көрді. Сол кездерде бай үйінде де Сұлушаш атты қыз дүниеге келеді. Үлде мен бүлдеге оранған бай қызының ішкені алдында, ішпегені артында болыпты. Сұлушаш аққудай әсем болып бойжетеді, әрине, оған көз салушы жігіттердің де саны жоқ. Сұлулығы сондай: екі көзі қарақаттай, шашы қап-қара, қолаң шаштың өзі, оның мүсінін көрген адам таңданып, тамсанбай өте алмайды екен. Жасынан бірге өскен Алтай мен екеуінің балғынды балалық шағы бірге болып, есейе келе, бір-біріне деген сүйіспеншілігі оянады. Бірақ, Тілеуберді бай өзінің туған айдай толықсыған қызын дәулетті адамға ұзатпақшы болыпты. Сұлушаштың: "Мені сүймеген адамыма берме" деген қарсылығына ешкім мән бермейді.
Атастырған жігіт Растай бір күні жүз шақты жігіттерімен ауылға келіпті. Сұлушаш болса киіз үйде жылап, күннен-күнге уайымға батып, күн кешеді. Сол үйге бақсының кейпіне еніп, құтқаруға Алтай келеді. Екеуі ақырында бірге қашып шықпақшы болып келіседі де, уәде байласады. Сөйтіп, Сұлушаш, Алтай және досы Қайсар үшеуі туған ауылын тастап, жолға шығады. Олардың соңынан шыққан қуғыншылар қуып жетеді, бірақ Растай Сұлушашты дегеніне көндіре алмайды, тартып әкетуге Алтайдан қорқады, сөйтседе соңдарынан қалмай қояды. Бір кезде алдарынан үлкен өзен кездесіп, Алтай тобы аттың күшімен аман-есен екінші жағына өтеді. Ал қуғыншылар болса, өзеннен өтуге жүректері дауламай, қалып қояды. Олардың армандары ебін тауып, Алтайды қолға түсіріп, Сұлушашты еріксіз әйел ету еді. Міне, сүйіскен екі жас пен досы Қайсар үшеуі Қарқаралы тауларына жетіп, "Шайтан көлді" қоныстанады. Таудың бір жартысына Сұлушашты жасырып, досы екеуі аң аулап, тамақ тауып күнелтеді. Бірде арқар соңына түскен досы Қайсар жартастан құлап, қаза болады. Ал, қуғыншылар болса әйтеуір өш алу үшін тоғайды өртепті. Сұлушаш түтіннен тұншыға бастайды да еріксіз көлге қарай жүгіреді. Сол жүгірген Сұлушаштың алдынан жолбарыс шыға келіпті. Қатты шошынған қыз құтылу үшін көлге секіреді. Оның соңғы сөзі "Алтай, құтқар" болып, тау жаңғырығы сол айқайды Алтайға жеткізеді, "жазымыштан озмыш жоқ" дегендей жүгіріп жеткен Алтай Сұлушаштың көлге кеткендігін, оның жалт-жұлт еткен су бетіндегі тақиясынан біледі. Көл жағасында бүк түсіп отырып, сарыуайымға салынған Алтай тасқа айналыпты. Сонымен ел сол тасты «Алтайтас» деп атап кетіпті.
22. Бұл қалайдың ауылы
Бұрынғы өткен заманда бір аңшы болыпты. Ол аңнан қайтқан сайын ылғи бір әулиенің қасынан өтеді екен. Әулиенің қасынан өткен кезде мола басында күбір-күбір сөйлескен дауысты естиді. Бір күні сол әулиенің қасынан өтіп бара жатса, баяғы дауысты тағы естиді. Аңшы жақын жердегі ауылға барады да, бірінші жолыққан адамнан сұрайды:
– Осы әулиенің қасынан өткен сайын күбірлеп сөйлескен дауысты естимін. Олар кімдер?
Сонда жаңағы адам:
– Е, бұл жер "Бұл қалайдың ауылы" деп аталады, – дейді.
– Неге? – деп сұрайды аңшы.
– Қашан осы әулиеге барсаң, күбірлеп сөйлескен дауыстарды естисің. Бірақ, кім екен деп молаға кірсең, сөйлесіп отырған жан көрмейсің. Сондықтан "Бұл қалайдың ауылы" аталады, – деп жауап беріпті әлгі адам.
Келесі жолы аңнан қайтқан аңшы сол баяғы дауысты тағы естиді. Ол біраз тұрады да, не де болса кім екенін байқап көрейінші деп, ат басын әулиеге бұрыпты. Дауыс шыққан тұсты жағалай келсе, бір моланың басында өзімен-өзі сөйлесіп отырған бір жігітті көреді. Аңшы қасына жақындап келеді. Жігіт аңшыны көріп, орнынан тұрып, сәлем беріпті. Аңшы:
– Сен бұл жерде не істеп отырсың? Кіммен сөйлесіп отырсың? – деп сұрайды. Жігіт:
– Сенің келгеніңді байқамай қалдым. Енді сен мені көрдің ғой. Мен саған бұл жерде отырған себебімді айтайын.
Мен бір кемпір мен шалдың жалғыз ұлы едім. Өлгеніме бір жыл болды. Ол дүниеде Құдай мені өзінің есепшісі етіп қойды. Мен әр жұма күні тіріліп, осы мола басында, қасымдағы жатқан адамдармен сөйлесемін.
– Құдайға есеп бергенің қалай?
– Мен пенденің есебін беремін.
– Қалайша?
– Мен осы жерде отырып, әлемде не болып жатыр бәрін көріп, біліп отырамын.
– Олай болса менің өмірімді айтып берші?
– Өзің үйленбеген, бойдақ жігіт екенсің. Аңшылықпен күн көресің. Сен үйленетін қыз осы ауылда. Кеше ғана өмірге келді. Ол қыздың ажалы аттың ер тоқымынан. Перзент көрмейсің.
Аңшы жігіттің сөзіне сенбейді. Бірақ, біраз әңгімелесіп кеткеннен кейін, екеуі сол жерде Құдай қосқан, ажырамас дос болып, қол алысады. Аңшы кететін кезде жігіт:
– Достым, сенен сұрайтын бір өтінішім бар. Мені көргенің туралы ешкімге тіс жарма. Егер менің тірі екенімді әке-шешем білсе, олар сол мезетте, осында мені көруге келеді. Ата-анам мені көрмеуге тиіс. Көрсе, мен мәңгі бақи өлемін.
– Жақсы. Мен ешкімге айтпаймын. Бұл кездесу екеуіміздің арамызда қалады. Енді менің де сенен сұрайтын бұйымтайым бар.
– Айт, не бұйымтайың бар?
– Бағанадан бері қолыңдағы пышаққа қызығып отырмын. Маған осы пышақты адал достығымыз үшін сыйласаң қайтты?
– Жоқ. Достым ренжіме. Басқа нәрсемді берсем де, бұл пышақты бере алмаспын. Егер бұл пышақты әке-шешем көріп қалса, менің тірі екенімді біліп қояды.
Аңшы қанша сұраса да, жігіт пышағын бермейді. Бірақ қоярда қоймай аңшы пышақты алыпты. Сөйтіп, жігітпен қош айтысып, қайтып кетеді. Келе жатып ойға кетеді. "Жаңағы жігіт маған үйленетін қызың осы ауылда деді. өзі кеше туған қыз болса, мен оған қашан үйленемін. Жасымда біраз болды. Мен одан да ол қыздың көзін құртайын" – деп ауылға барады. Барса, жігіт айтқан қыз киіз үйде, бесікте ұйықтап жатыр екен. Үйде ешкім жоқ. Аңшы үйге сыбысын білдірмей кіреді. Ол бесікке жақын келеді де, қолындағы пышағымен қыздың қарнын жарып жібереді. Қыз шыңғырып жылайды. Аңшы атына мініп, қашып кетеді. Ол ауылына келсе, той үстіне түседі. Тойда табақ тартылады. Аңшы баяғы жігіт берген пышақпен ет турай бастайды. Сол кезде төрде отырған шал аңшыға жармаса кетеді.
– Мына пышақты қайдан алдың? Мен бұл пышақты баламның басына қадаған едім. Шыныңды айт, қайдан алдың пышақты? Аңшы айтпайды. Қанша жалтарса да шал сұрап болмайды. Ақыры аңшы шалға болған мән-жайды, баласының тірі екендігін түгел айтып береді. Шал кемпірімен сол күні-ақ әулиеге, баласын көруге барады. Бірақ баласы бұл кезде мәңгі өлген еді. Арадан көп жылдар өтеді. Аңшы үйленеді. Бір күні жатар алдында әйелінің қарнындағы тыртық ізді көреді де, әйелінен не болғанын сұрайды. Сонда әйелі:
– Бұрында, кішкентай кезімде, біреу бесікте жатқан жерімнен қарнымды жарып кетіпті. Бұл – содан қалған тыртық із – дейді. Аңшыға баяғы жігіттің айтқаны есіне түседі. Енді әйелінің ажалы ер тоқымнан болуы керек. Сол күннен бастап аңшы әйелін аттың қасына жақындатпайды. Әйелі қырық жыл бойы атқа жақындамайды. Бір күні әйелі тезек тере кеткенде, жолдан ер тоқым тауып алады. Әдемі ер тоқымға қызыққан әйел оны арқасына арқалап алады. Сүйретіліп келе жатқан шылбырды байқаусызда басып қалады. Сонда сүрініп жығылған әйелдің ішіне ер тоқымның үзеңгісі кіріп кетіп, құлаған жерінде қайтыс болады. Әйелінің өлгенін естіп, аңшы артында тұяқ қалмағандығын бір-ақ біледі. Көп ұзамай, артынан аңшы да қайтыс болады.
Сөйтіп, "Бұл қалайдың ауылы" жұмбақ күйінде қала беріпті.
23. Ақсу - Жабағылы жері
Баяғы өткен заманда, Ақсу өзенінің жағасын үш басты айдаhар мекен етіпті. Ол маңайындағы ел-жұртқа тыныштық бермей, талабы бойынша күніне үш қой, екі қыз, екі жігітті жеп отырыпты. Сол елде бір жалғыз басты кемпір, жалғыз қызымен өмір сүріп жатқан екен. Қыздардың бәрі таусылып, кезек жаңағы кемпірдің баласына келіпті. Жұрт жиналып үш қойды, қызды айдаhарға апара жатады. «Енді бір жігітті қайдан табамыз?» деп келе жатқанда, жабағыға мінген бір жас боз бала қарсы жолығады. Мән-жайды түсінген жаңағы жігіт қызға:
– Үш қойды сойып, сен айдаhарға бара бер, мен де көп ұзамай артыңнан жетермін, – дейді.
Айдаhар үш қойды жеп болып, қызды жұтуға оқтала бергенде, жүгіре басып жеткен жігіт қолындағы қылышымен айдаhардың ішіне еніп кетеді. Сөйтіп, жүрегін жарып, айдаhарды да өлтіреді өзі де өледі. Жиналған жұрт қараса, жаңағы өлген жігіттің мініп келген жабағысы өзеннің жиегінде жайылып жүр екен. Ерлік көрсеткен жігітті еске сақтау үшін, көпшілік сол жерді "Ақсу - жабағылы" деп атаған екен.
24. Еділ мен Жайықтың құдалығы
Қазақтың Алау батырының заманында болса керек, аттары Еділ, Жайық деген екі адам болыпты. Еділ Еділдің арғы бетін, Жайық Жайықтың шығыс бетін қоныстаныпты деседі. Еділдің ұлы бар екен, Жайықтың қызына құда түседі. Еділ келінін алмақ болып, баласын бір жыл бұрын жіберіпті. Қайнына келіп, бала аттанарда, қалыңдығы күйеуінен сұрайды: "Енді қашан келесің?" деп. Күйеуі: "Алдағы жылдың көктемінде қазбен бірге келемін" депті. Көктем шыға Жайық келіндеріне ақ отаудың киізін тіктіреді, жеңгелері киіз тігіп жатқанда қастарында ұзататын бикеші отыр екен, мырс етіп күліп жіберіпті. Өмірінде бір күлмеген қыз екен. Жеңгелері жабыла сұрапты: "Айналайын, бикешжан!" Күлгеніңді көрмеген едік, не нәрсеге күлдің, айт?" – деп. Қыз айтпайды. Ақыры кіші жеңгесіне айтады: "Былтыр күйеу шіркініңізден аттанарда енді қашан келесіз?", – деп сұрағанымда, "Алдағы жыл көктем қазбен бірге келемін", – деген еді. Қаз – қанатты құс, жердегі адам ұшқан құсқа ілесе ала ма екен? Ал, келсең көрейін, кәзір бір топ қаз өтті. Соған күлдім" – депті қыз. Сол мезетте біреу: "Анау төбе басындағы атын ұстап отырған адам банадан отыр, не қылған адам?" – депті. Білуге барса, күйеу екен. Ауылдағы қыз-қатын алдынан шығыпты. Күйеу: "Мен әзір отырамын, менің өзіме бір отау, атыма бір отау тіктіріңіз, сол біткен соң барамын", – дейді. Аттың отауының ішіне сирақтан екі астау жасатыңдар, біріне сүт, біріне су толтырыңыздар", – депті. Бәрі де бітіпті, күйеуді апарыпты, аттың бір жағына бір астау сүтті, екінші жағына бір астау суды қойып суытады. Күн тумай, ойын-тойдан үйіне қайтып бара жатқан бір сусылдаған қатын «арнайы отау тіктірген неғылған ат, көрейінші» деп, сабау мен туырлық етегін көтеріп қалғанда, суып тұрған ат шошып кетіп, ышқынғанда, кеңірдегі үзіліп кетіп өліпті. Аттың сүбелігінде артқа қарай біткен, қысқа екі қанаты бар екен, суығанда бірін сүтке малып, бірін суға малып, суып тұр екен. Атты тау басына апарып, адамша жерлеп, басын нарөркеш топырағына орнатады. Мұнан кейін күйеу қайғыланып, отауда теріс қарап жатып алған. Атасы Жайық күйеуіне: "Тұрсын, болып болғанда сырты түк, іші боқ бір айуан ғой, мен оның орнына бір ат беремін, сол атпен ертең шығып, бір күнде аулына жетсін, бір қонып қайтып, бір күнде мұнда жетсін. Бару-келуінде жолында не көрсе де маған баян етсін", – депті. Күйеуі орындапты, ат та сондайын жүйрік, жақсы ат екен. Атасы амандасып болған соң күйеуінен жолдан көргенін сұрапты. Күйеуі: "Баруда ештеңе көрмедім, қайтуда, жапан түзде, адамсыз қосақта тұрған көп қойды бір жетімек қозы емеді, бірақ та тоймайды, мұны көрдім; онан кейін ми далада тұрған аппақ отауға келіп, айқайлап едім, дыбыс бермеді. Атымнан түсіп, есігін ашсам, адам жоқ, іші – тола сасыған өлімтік. Онан өткенде, жөніне қарай кетіп бара жатқан бір топ қыз-келіншек көрдім, жетейін деп қаттырақ жүрсем де жете алмадым, ақыры ұзай-ұзай ғайып болды" – депті. Атасы Жайық: "Жапан дүздегі қосақта тұрған көп саулық – халық, еміп жатқан жетімек қозы – әкімдерге мысал, халықты қанша жесе де тоймайды; ми даладағы ақ отау – осы күндегі адам, біз, сыртымыз сондай әдемі, ішіміз – өліктей, арам ой, алдыңда жөніне қарай жүріп бара жатқан бір топ қыз-келіншек осы келудегі мақсатың еді, бұл мақсатың саған жеткізбей кетсе, мақсатыңа жете алмай, бос қайтады екенсің, шырағым", – депті. Күйеу кейін аулына кеткен күні қалыңдығы "ауырдым" деп жатып қалған екен, бүгін ауруы қатаң батыпты, бір-екі күннен кейін дүниеден қайтыпты. Күйеу қалыңдығын қолынан торы аттың қасына қойысып, жылап-жылап еліне қайтыпты. Осы күні Орал қаласының шығысындағы "Торатбасы, Қыземшек, Шыңғырлау" деген жер аттары сонан қалыпты деседі.
25. Дән мен Бұлан
Ағайынды Дән мен Бұлан бір ауылдың баскөтерер азаматтары болса керек. Дән халқына үнемі сыйлы, сабырлы, алдынан ешкім кесіп өтпеген беделді кісі болыпты. Жаздың бір жаймашуақ күнінде ойламаған жерден жау шабуыл жасайды. Осы шайқаста Дән ауыр жараланады. Ауылы қонысын тастай, беті ауған жаққа, жөңкіле көшеді. Көш ешбір тоқтаусыз үш күн, үш түн жүреді. Жолды көтере алмаған Дән үшінші күні көшті тоқтатып: "Осы жерге аялдаңдар, мен де бұдан әрі бара алмаспын, мені сонау көрініп тұрған қызыл шоқыға қойып, басыма күмбез соғыңдар, өлсем, денем жауымның аяғының астында қалмасын" – деп, аманатын айтып, дүниеден кеткен екен. Ел-халқы ақ жауып, арулап қойған соң, биік шоқыға күмбез тұрғыза алмай, әбден тығырыққа тіреледі. Сонда інісі Бұланның әйелі: «Бұл күмбезді мен қалай аламын, бірақ, бейітті қалап болған соң мен де осы жерде көз жұмамын, өйткені қайнағамның әруағы мені басына шыққаным үшін кешпейді, мені осы кісінің аяқ жағына жерлеңдер», – деп іске кіріседі. Бейіт қаланып біткен соң келіншек те дүниеден өтеді. Ағайын-туысы оның өтінішін орындап, өзі көрсеткен жерге қойып, басына төртқұлақ бейіт соғыпты. Содан бері бұл жазық "Дәнбұлан" аталып кеткен екен.
26. Әулиешоқы
Ертеде бір топ аңшы тау-тасты кезіп, бұғы, маралдарды атып жүреді. Бір күні, арайлана таң атып келе жатқанда, шығыстан күнмен бірге ақ киімді ана көрінеді. «Бұл – не қылған жан, ертедегі жезтырнақ болып жүрмесін» деп ойлаған жігіттер, аттарына қамшы басып, жанына жетіп бармақшы болады. Бірақ, ару анадан ешқандай қауіп байқамағаннан кейін, сырттай бақылап тұра береді. Ал, ана болса, қолындағы бөбегін шуақтана шығып келе жатқан күн нұрына шомылдырғандай асқақтата көтеріп, баласының мәз болып күлгенін тамашалайды. Сөйтіп біраз жүреді де, жігіттерді байқап қалады. Дереу бөбегін бауырына салып, құшақтаған күйі жоқ болып кетеді. Аппақ киімді ана мен сәбиден бір түрлі секем алып қалған жігіттер ел ішіне келіп, болған оқиғаны айтады. Жігіттердің әңгімесін тыңдап болғаннан соң жиналған жұрт бұл жайды анықтау үшін Кешубай молданы жібермекші болады. Жанына сақтық үшін екі-үш жігітті алып және екі жастағы немересін алған күйі, таң атпастан жүріп кетеді. Сөйтіп, таңның атуын күтеді. Оқиға болған жерге келеді. Келсе, ештеңе жоқ, мамыражай қалыпта болады. Күте-күте таң да атады, таң намазын оқымақшы болған Кешубай молда жайнамазын алып келмекші болғанда-ақ адамды көреді. Ол да қарт адам мен жігіттерді байқап қалып, ғайып болады. Бұл жұмбақтың сырын түсінгендей болған қария ертеңінде, тау үстіне баланы алып, оңаша отырады. Бір уақытта бөбегін құшақтаған күйі ана да көрінеді. Кенет көзі қарияға түсіп кетеді де кілт тоқтайды. Қарт адамның жүзінен қауіп төнетіндей кейіп байқамағаннан кейін және мейірлене шақырған қарияның алдынан тәй-тәй басқан балдырған бөбекті көргенде ғана жүрегі орнына түседі. Ана бір-екі басып, жанына келеді. Біраз үнсіздіктен кейін, көзін әбден үйретіп алған соң, өзінен сыр тартқан қарияға жауап бере бастайды. "Менің жападан-жалғыз, тек сәбиіммен серуен қылатыным, адам баласынан қорқамын. Ал сәбилер күнәдан таза болған соң тым жақын көремін", – дейді.
– Мен о дүниенің адамымын. Бұл өмірден қайтқаннан кейін, о дүниенің есігін аштым. Сол кезде ғажайып көрініс көрдім, лаулап жанған отты, көптеген адамдарды көрдім. Адамдардың оттан өте алмай, шыжғырылғанын көрдім. Ал өтіп кеткендері басқа бір дүниенің есігін ашып, еніп жатты. Иә, оттан өту кезегі маған да жетті. Алдыма қарасам, қылдай жіңішке қыл көпір екен. Сескеніп біраз тұрдым да, қылдың бойымен жүре бердім. Ортасына жеткенде, жүре алмай, кідіріп қалдым. Құлаймын-ау деп тұрғанымда мына сәби қолымнан жетектеп, алып шықты. Сөйтіп, көпірден де аман өттім.
Жаңа өмір басталды. Мекен ететін жерім жап-жарық, құстар сайраған, іші жеміске толы "Жұмақ" атты сарай екен. Осыдан кейін мен балалардың қамқоршысына айналдым, – деп ана сөзін аяқтады. Содан кейін көпті көрген, дана қарт оның балаларының періштесі екенін, сондықтан үнемі жанына бала алып жүретінін анықтайды. Халықтың айтуынша, бұл баяғы өткен заманда, қазіргі Әулие-шоқы деген жерде болған екен. Сондықтан жер аты "Әулиешоқы" деп аталып кетіпті.
27. Бәйеш тауы туралы
Ақтүбек ауылы Жаңаарқа ауданынан батысқа қарай, елу шақырым жерде орналасқан елді мекен екен. Талай ғасырлардан бері Қуандықтан тарайтын Алтай, Қарпық ұрпақтары мекен еткен, жері шүйгін, топырағы құнарлы, маңайы адыр, жоталы, құт мекен. Осы Алтай мен Қарпықтан есімдері аңызға айналған, ел қорғаған батырлар мен от ауызды, орақ тілді шешендер, ақындар, әнші-күйшілер шыққан. Қыдыр дарып, бақ қонған, қасиетті мекен. Ақтүбек ауылының күншығыс жақ беткейінде, бес шақырым жерде "Бәйеш" деп аталатын тау бар, оның өзіндік тарихы бар. Бұл тауға қазақ халқының басындағы ауыр кезең "Ақтабан шұбырынды" жылдары елін, жерін арымен, жанымен, қасықтай қанымен қорғаған батыр бабамыз, Алтай ұрпағына Бәйештің есімі берілген. Бәйешпен Алтайдың үлкен баласы Алтайдан тарайтын Ізбасар бабамыздың ұрпағы "Ақтабан шұбырынды" жылдары «ел шетіне жау келе жатыр» деген суық хабарды естісімен, шағын қолмен жау алдына тосқауылға шыққан. Осы сапарында ат сауырын суытуға, дем алуға тоқтайды. Бәйеш сол жолы туған бауырларының бірі, балгер інісіне жауырын аштырыпты. Сөйтіп жауырыншы інісі жаудың кері қайтқанын айтады. Сөйтсе, қалмақ батырының да керемет жауырыншысы болған екен. Ол көптен аңдысып, ала алмай жүрген Бәйеш батырдың жақын маңға келіп қалғанын айтады. Жаны қысылған қалмақ батыры жауырыншыдан: «Осыған қандай айла-шара жасауға болады?» деп кеңес сұрайды. Балгер жауырын ашудың құпия сырларын ашып отырғанда, болжамның жауырыннан айнадағы бейнең сияқты көрінетінін айтады. Осыны естіген қалмақ батыры әскеріне киімді теріс киуге бұйрық етеді де, жортуын жалғастырады. Бағанағы ат сауырын суытып жатқан Бәйеш баба азанмен ерте жаурыншысына бал аштырған, жаурыншы інісі "Аға, қалмақтар сіздің атқа қонғаныңызды біліп, кері қайтты" деген сүйіншілі хабар айтады. Міне, өстіп күдігі сейіліп, шамалы уақыт тосқауылда бола тұруды ойлап, алаңсыз жатқан бабамызды жаудың қалың қолы қоршап алады. Осы кезде жаудан енді құтыла алмасына көзі жеткен бабамыз астындағы арғымағын інісіне мінгізіп, былай деп аманат еткен екен:
– Бауырым, біздің жау қоршауында тұрғанымызды көріп тұрсың. Жау қолы бізден бес есе артық. Сондықтан сен ауылға, елге қайт. Ауылдағы шал-кемпір, бала-шағаға басшы болып, әрі қарай, ел ішіне көшір. Мен жаудың бетін қайтарып, бөгей тұрайын. Тірі қалсам, елге аман-есен барамын, жетпей қалсам, мынау аманатым болсын деп, қынабынан кездігін алып, сол қолының бас бармағын алып, інісіне кесіп береді. Бірақ, інісіне ескертеді:
– Сен елді дүрліктіріп, шошытпа, ел шетіне жеткеннен кейін осы бармағымды табыс ет. Егер мен оралмай қалсам, бармағымды Бәйеш деп қоярсыңдар, – дейді. Сөйтіп, найзагер, батыр бабамыз жаумен шайқаста мерт болады. Содан бабамыздың аманаты орындалып, Ақтүбек ауылының күншығыс беткейіндегі биік тауға бабамыздың бармағын жерлеп еді. Кейіннен денесін әкеліп қойған екен. Басына саз балшықтан күмбез орнатылып, «Бәйеш тауы» деген бабамыздың есімі берілген.
28. Бектауата
Ерте-ертеде ешкі жүні бөртеде, халқының қамын ойлаған, елінің жайын ойлаған бір әулие, қарт адам өмір сүріпті. Ол жай ғана әулие емес, айтқаны екі болмайтын, қасиетті әулие болыпты. Оқуының күштілігі сондай ауруды жазып, құлантаза айықтырып жібереді екен. Әулиенің ауылына күн демей, түн демей толассыз, жапа шеккен, қасірет көрген, қайғы жамылған адамдар ағылып жататын болыпты. Бір күні сол әулиенің ауылына жау тиеді. Ел-жұртын соңынан ерткен қария жаяу-жалпылы, алыстан көрген тауға паналамақшы болып қашады. Соңынан түскен қуғыншылар да қалмай қойыпты. Көп жүріп шаршаған әулиенің ел-жұрты ағысы қатты бір өзенге келіп, ат басын тірейді. Алдында өткел бермес өзен, соңында дұшпан болып түскен қуғыншылары, тығырыққа тірелген көпшілік әулие қарияға жалтақтай беріпті. Елінің жай-күйін түсінген қарт ұзақ уақыт өзенге қарап тұрып, қолын сермеп қалған екен. Сол сәтте тасып жатқан өзен қақ жарылып, арғы бетке жол түседі. Келесі жағаға көпшілік өтіп болғаннан кейін, өзеннің суы бұрынғы қалпына келіпті. Әулие болса елін: «Енді жау өзеннен өте алмайды. Осы жер сендерге жайлы қоныс болсын. Мен анау тұрған таудың басында үлкен үңгір бар, соны мекендеуге барамын. Тілектерің болса, менің үңгірімнің алдына келіп, өтініш жасарсыңдар», – дейді. «Бірақ үңгірімнің жоғары жағына шықпаңдар. Шықсаңдар, ренжимін" деп, өсиет айтып, тауға қарай жол жүріп кетеді. Арада біраз уақыт өткенде, есін жинаған ел тауға барып қараса, әулие айтқандай үңгірді көреді. Араларындағы бір адам әулиенің айтқанына сенбей, үңгірден де жоғары өрлеп, тау басына да шыққан екен, құлап, мерт болыпты. Сонан бері осы тауды халық "Бектауата" деп атап кетіпті.
29. [Шырақ Тас]
Біздің жақта «Шырақ Тас» деген тау бар. Ол таудың Шырақ Тас деп аталып қалған себебі бар. Сол таудың үңгірінде шырақ жанып тұрғандықтан аталған. Бұл шырақ қазіргі уақытқа шейін жанып тұрады. Үңгірде жанып тұрған шырақ па, әлде басқа нәрсе ме ешкім білмейді. Осы уақытқа шейін бұл тауға ешкім шыққан емес. Себебі бұл кереметті тауға шығуға болмайды. Бұл таудың өзінше адам баласы шеше алмаған сырлы түйіні бар. Сол Шырақ Тас жөнінде қариялар айтқан мынадай әңгіме бар. Бұрынғы уақытта сол Шырақ Тас тауының жанында бір топ адам өмір сүрген екен. Сол адамдар қатты шіріген бай болыпты. Барлығы тыныш өмір сүріпті. Күндердің бірінде тыныш жатқан халыққа жау келіп қалады. Бұл кезде қатты, ызғарлы қыс болып тұрған екен. Өздерінің байлығын тығу үшін амал іздейді. Араларынан бір ақылды шығып, "Байлығымызды үңгірге тығамыз" дейді. Үңгірге тығу үшін олар малдарын сойып, терілерін сыпырып, ыссы күйінде тасқа жапсырады. Олар терідегі жүнге жармасып шығып, әлгі үңгірге тығып, сол жерге белгі қылып, шырақ жағып қойған екен. Осы таудың ең қызығы, әзірге дейін сол үңгірден кешке қарай бір нәрсенің үлпілдеп, шыраққа ұқсап жанып тұрғаны.
30. Оқжетпес
Бұдан жүз жыл бұрын ба, әлде мың жыл бұрын ба, кім біледі. Арқаның Көкшетауының бауырындағы бір алаңқайда әрі батыр, әрі асқан аңшы бір кісі мекендепті. Кәсібі бүркіт салып, аң аулау болыпты. Ол кезде Көкшеге ауып келген "Оралдың ақ отығы" атты орасан күшті бүркіттер мекендейді екен. Батыр аңшы бір күні аң аулап келе жатып, қазіргі "Оқжетпес" аталатын бейне алып, күшті дәу қолмен текшелеп, үйіп қойғандай, үшкір найзаланған, биік тас-таудың шың басына, бір бүркіт адам тәрізді жәндікті бүріп, қона бергенін көріп қалыпты. Сол арада "Апырмай, мұның жемі адам тәрізді ғой" деп ойлайды да, жалма-жан садағын ала салып, бүркітті көздеп, тартып жіберіпті. Зулаған оқ, үшкір таудың ортасынан аса, көзделген шың басқа жетпей, жерге түсіпті. Құтқара алмайтынын сезген батыр аңшы, көңіліне жаман ой түсіп, дереу үйіне жүгіріп келсе, әйелі зарлап, жылап отыр екен. Жаңағы бүркіттің бүрген жемі батыр аңшының жалғыз баласы екен. Ашына күйінген батыр аңшы "ең болмаса, қызымның сүйегін көмейін" деген оймен "құлап өлсем, жаным артық па" деп, тәуекелге бел байлап, құс болмаса, бұрын адам шықпаған, найза тауға шығып, қызының сүйегін алып, түбіне жерлепті. Ал тас тауға "Оқ жетпес" деп ат қойған екен.
31. Ақмешіт туралы
Ертеде Ақ ишан деген адам болады. Ол мешіт салдырмақшы болады. Құрылыстың басы-қасында болып, нұсқау беріп жүреді. Алғашқы құрылыс басталғанда-ақ ол салып жатқан адамға: "Ертең ертемен кім бірінші боп мешітке келсе, соны қалап жібер" деп нұсқау береді. Ертесіне, ең алдымен, құрылыстың маңына ишанның жалғыз ұлы келеді. Қалап жіберейін десе, ишаннан қорқып, қаламайын десе, нұсқау бар, құрылысшы қатты ойланады. Ақыры оны қаламайды және ұлына да ләм деп ешнәрсе айтпайды. Содан кейін құрылыстың маңына бір ит келеді. Алып итті қалап жібереді. Ертесіне ишан келіп сұрайды. Құрылысшы: "Ең алдымен, ит келді, қалап жібердім" дейді. Ишан болса сенбейді. Ақыры салып жатқан адам, ең алдымен, ишанның өзінің ұлы келгендігін, ишаннан қорқып, қаламағанын айтып мойындайды. Ишан оған: "Бекер қаламадың, менің де, басқаның да баласы болса да қалауың керек еді. Ит қалағандықтан енді бүкіл қазақты орыс басқарады" – деген екен. Сол мешіт ақыры қаланып болып, оған Ақ ишан құрметіне "Ақ мешіт" деп аталған екен.
32. [Қос терек]
"Қос терек" – қазіргі Қазалы ауданы, "Қазақстанның қырық жылдығы" атындағы совхоздағы мекен жай. Бұл жердің аты төмендегіше аңыз болып қалған. Совхоз бірікпей тұрғанда, бұл жер "Ерназар" колхозы болған. Колхоз председателі – Күнтуар Мырзағұлов. Бұл колхозда тоқсан қаралы адам тұрған. Колхоз орталығында үлкен мешіт болыпты. Кейін бұл мешітті дүкен есебінде құрады. Соңғы жылдары оны бұзып тастайды. Міне, осы кезден бастап киелі орынның әсері көпшілікке тие бастайды. Біраз адам жынданып кетеді. Кей адамдар өледі. Екі қабат әйелдер босана алмай, қайтыс болады. Сонымен, мұндағы қалған жұрт басқа жерге көшіп құтылады. Ол жерде тек біреулердің еккен қос терегі ғана қалыпты. Қазір бұл теректің біреуі құлаған, сыңары әлі күнге дейін осы совхозда өсіп тұр.
33. [Ақкөл]
Менің әжем, Ермекбаева Айша, алпыс жеті жаста. Ол кісінің аузынан мынандай әңгіме естігенмін. Өзімнің туған жерім, яғни Жамбыл облысы Мерке ауданында, тауға кететін жолда, Қарақыстақта, Ақкөл пайда болды дейді. Бұл құдіретті көл Алланың бұйрығымен болған. Онда, судың ішінде, анда-санда бір ақ бура шығып, айқайлайды екен. Содан кейін, оның етегіне жауған қар қалмай, еріп кетеді екен. Бұл Ақкөлдің қасиеті неде екенін әлі күнге дейін ғалымдар таба алмай келеді. Бұны келіп көптеген дәрігерлер, ғалымдар көрген. Бірақ, Ақкөлдің суына түскен сырқат адамдар сырқатынан жазылып жатыр. Ақкөлді өзім де көргенмін, оған барған адамдар ол суға, неге екенін білмеймін, ақша тастайды.
34. Құланөтпес
Ерте кезде қазақты билеген "Алашахан, Жошыхан" дейтін хандар болған дейді. Сол кезде ханның жалғыз ұлы болады екен. Басқа баласы өле берген екен. Бір күні жалғыз баласын жақсы көріп отырып: "Япыр-ай, осы ұлым да қайғылы қазаға ұшырап, маған тағы да осының қазасын естіртетін адам бола ма екен?" – деп өзінен-өзі ойлап отыр еді: «өлді» деп естіртсе, сол естірткен адамның аузына балқытып отырып, қорғасын құяр едім, естірткенді өлтірер едім" – дейді. Бала қайда барса да қасында күзетші жүреді екен. "Бұл баланы міндетті түрде сақтау керек" – деп, хан ылғи маңайына бір топ жасақшы адамдар қояды. Ол кездерде қазақтың сары даласына толып жүрген құлан өскендігі сондай, тіпті бағып жүрген жылқыдай жайылып, тарап жүреді екен. Бірде бала аңға шығады. Астында жүйрік аты бар. Құландарды қуыпты, бір құлан жеткізбей қашады, жүйрік аты бар бала қуа береді, қуа береді. Ақырында құлан ақсайды, баланың астындағы ат та қалжырайды. Бірақ осыған қарамай бала құланның соңынан қалмай қояды. Ал қасындағы адамдар балаға ілесе алмай, артта қалып қойыпты. Бір уақытта әбден ыза болған құлан ат үстіндегі баланы теуіп түсіріп, шайнап өлтірген екен. Артта қалған жасағы келіп жетсе, бала өліп жатыр. Бұлар әбден сасып, қорқады. Не істерін білмейді. Ханның айтқан сөзі естеріне түсіп, әбден абыржиды. Осылай тұрғанда қастарына бір қазақтың қарапайым күйшісі келіпті: "Сендер айтып жеткізе алмасаңдар, мен естіртемін" – дейді.
– Япыр-ай, сен қалай естіртесің?
– Өзім білемін, күймен естіртемін, – депті.
Таң ата келе хан әйелі екеуі ұйқыдан тұрады. Сол кезде күйші келіп, қайғылы күйін шертіп отыр екен. Зарлы күй құлағына жеткен хан әйеліне: "Япыр-ай, сен тұршы! Құлыншағымыз өліп қалмаса, не қылсын! Мына күйдің сарыны жаман екен!" – депті. Ақырында күй әуенімен жалғыз ұлынан айырылғанын біліп: "Әй, ұлымнан айырылған екенмін, енді айтылған уәдемде тұрамын, сұңқылдатып отырған күйшінің аузына ыстық қорғасын құямын! – депті. Осы сөзді естіген күйші: "Хан ием, мен сізге балаңыздың өлгенін естірткенім жоқ! – депті. Қолындағы домбырасымен мұңды күйін қайта-қайта шертеді:
Алаша хан, Жошы хан
Қырда құлан жосыған.
Балаңды құлан теуіпті,
Наныңыз енді осыған.
Осылайша күйін тартып, баласының өлгенін өзі емес, қолындағы домбырасы естірткенін айтады. Сол кезде хан домбыраға ыстық қорғасынды құйып жіберген екен. Домбыраның тесігі болмаушы еді, қорғасын тигеннен кейін, тесік пайда болыпты. Ашу үстіндегі хан: "Баламды өлтірген құлан болса, сол құландарды қырып өлтіремін" деген екен. Сонда құландарды қуып әкеліп, қамаған жері өзен екен. Сол өзеннен құландар өте алмай, қырылыпты. Сонан бері өзен "Құланөтпес" аталып кетіпті.
35. Алаша хан һәм оның баласы Жошы хан турасынан қазақ арасында бар сөз
Шежіренің һәм елдің айтуынша, қазақтың әуелгі ханы Алаша хан деген болған екен Түркі халқының бәрі де өздерін өзінің батырларының, не хандарының есімімен атамақ рәсім екен. Сол себепті қазақтар өзін «алаш» деп, яки «алаштың халқы» деп атаған. Мұны қазақтың мақалы да көрсетіп тұрады. Мәселен: «Алаш алаш болғалы, Алаша хан болғалы» деген қазақтың мақалы бар. Қазақтар һәм қайсы бір Сібірдегі ноғай халықтары «Алаштың азаматымыз» деп айтады өзін-өзі. Бұл сөздерге қарағанда бір күндерде қайсы бір ноғай халқы һәм қазақ халқы бір хан болып тұрған деп ойлауға мүмкін. Қиыншылық болған уақытта қазақ һәм ноғайлар бір-біріне айтады «Алаштың азаматы емеспіз бе!» деп. Алаша ханның кім екенін, оның қайдан шыққаның мынадай қылып айтады: Алаша хан Бұқар ханының баласы екен. Бұхар ханының баласы әлденеше екен. Хандық орынды жалғыз-ақ үлкен баласына береді екен де, өзгелеріне бір-бір облыс қана билеп тұруға қалдырады екен. Алаша кенжелерінің бірі болып, мінезі бұзық, өзі күшті жарадкер ер туған. Бір шаһарға бас болып тұрғысы келмей толық, хан болғысы келіп, Бұқарда толық хан бола алмайтын болған соң, өзге жерден хандық іздеуді ойлап, бөтен жаққа баруға әкесінен сұрады. Әкесі оған рұқсат қыла қоймады. Анау ыңғайы келген жерде сұрай берді. Ақырында әкесі қасына қол жиып алып, бөтен жақтан өзіне бақ іздеуіне рұқсат берді. Алаша ханға көп ерлер жиылды. Осы әскерменен Алаша хан жүріп кетіп, көп жерлер аралап жүріп, нешелер мехнат көріп, кезіп жүріп-жүріп, Алаша хан қазақ ішіне келген екен. Бұлар көп құрмет тұтып, көп меймандостық көрсетіпті. Қазақ халқы өзіне ұнаған соң Алаша хан мұнда қалған. Қазақ сол уақытта көшпелі екен. Жан-жағындағы көршілес халқыменен өштес, атыс-шабыс бола береді екен. Ер, өзі шешен, зейінді адамды өздеріне бастық қылып қойып, қазақтар соның айтқанына ұйиды екен. Біраздан кейін Алаша хан ерлігін де шешендігін де, зейіні барлығын да көрсетті. Қазақтар мұны құрметтей бастады һәм кешікпей-ақ өзін қол басы қылды. Өзінің қолыменен Алаша хан әр қайда жауды жеңе берген. Әрі-беріден соң өзін қазақтар хан қойған. Алаша ханның аты өзге екен «Алаша хан» деп қазақтардың қойған аты, себебі: өзі ала киімге әуес екен. Мүлде ала киім киеді екен. Алаша хан жасында алапес болған соң өзіне кісі нөкер беріп, шаһардан қуып жіберген екен «алапесің жазылғанша мұнда келме» деп. Неше жерді аралап, аяғында қазақ жеріне келген екен. Оны мұнда бек құрмет көрсетіп, қонақ қылыпты. Сонан кейін қазақ арасында тұрып қала беріпті. Біразда-ақ қазақтар ол ақылды ер болған соң, өзін жақсы көріп, хан қойыпты. Алаша хан өзі мықты, ер хан болыпты. Оның уақытында қазақ айналасындағы жауларының бәрін жеңісіпті, жалғыз атын айтса, дірілдеп қорқатын етіп. Қазақ ханының ерлігі, күштілігінің даңқы алысқа кетті. Мұны Алаша ханның әкесі Бұқар ханы да естіді. Әкесі баласының мұндай болғанына қуаныш қылып, көруге құштар болып, мынау деген жігіттен жүз жігіт жіберді «барып Алаша ханды тауып, Бұқарға шақырып кел» деп. Онан-мұнан сұрап, Алаша ханды іздеп жүріп, ақырында тауып, әкесінің хатын беріпті. Бұл хатта әкесі өзінің сағынғанынын айтып, кел деп шақырған екен. Алаша хан барамын деп айтса да жүре қоймады. Өзін іздеп келген жүз жігіт, Алашаның құрмет қылып сыйлағанына бек шат болып, жата берді. Ақырында мүлде сонда тұрып қалды. Ол кезде Бұқар ханы бұлардан ешбір хабар таппай, тағы бір жүз жігіт іздеуге жіберді. Бұлар да келіп іздеп тауып шақырып еді, Алаша хан онда да бармай қалды. Келген екінші жүз кісі де мұнда тұрып қала берді. Алаша хан өлгеннен кейін қазақ үшке бөлінді, Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз болып. Әлгі оны іздеп келген жүз жігіттің әрқайсысы бір ру ел болды. Бұрын келген жүз жігіт Ұлы жүз аталған. Онан соң келгені Орта жүз аталған, онан соңғы келгені Кіші жүз аталған. Алаша хан Бұхар ханының баласы еді. Бұхар ханы солтүстік жақтағы халыққа аттанып, көп хандарды орнынан тайдырып, неше елді өзіне қаратып, оларға хан қылып өзінің жақын ағасын, інісін, баласын қойған еді. Сонда қазақ халқына хан қылып өзінің баласы Алаша ханды қойған екен. Қазақтан ықтиярсыз, зорлықпен хан болған себепті Алаша хан қорқып, өзіне Бұхарадан һәм өзге жерден жалдап, көп нөкерлер ұстапты. Сол көп әскері болған себепті қазаққа хан болып, халықты жөнге салып ұстап тұрыпты дейді. Қазақ халқы да Алаша ханды өзі ер, әділ, ақылды болған соң жақсы көріпті. Және ол хан болып тұрған уақытта қазақтар айналасындағы жауласқан халқын жеңіп тұрыпты, һәм қайсы біреулерін өзіне қаратыпты. Алаша ханның жалғыз Жошы хан деген баласы бар екен. Өзі жасынан-ақ мінезі қаттылығын, ерлігін, қуатын, қисық мінездігін көрсете бастапты. Хан баласының мұндайлығына разы болып, ойлайды екен «балам менің орнымды басуға тұратын» деп. Жошы ханды әкесі де һәм қазақ халқы да еркелетіп, күтіп өстірді. Баланың не қыламын дегенін ешкім қақпай, қазір даяр қылып тұрды. Кішкентай ашуланса, айналасындағы адамдардың бәрі қорқып, дірілдеп тұрушы еді. Бәрі де Жошы ханның айтқанын қылып, оған жағуға жаһат қылатын еді. Жошы хан өскен соң әкесі өзінің не қыламын деген ықтиярына жіберіпті. Өзі теңдес жастарды қасына жиып, той қылып, ел жиып, ат шаптырып, балуан тұрғызып, мылтық атып ойын қылар еді. Тойға келген халықтар күні-түні ойын-күлкіге батар еді балуандардың күресін көріп. Сонда Жошы ханға ешкім не күреске, не ат үстіне не мергендікке шақ келмес еді. Алаша хан баласына қарап қуанады екен. Әрбір сондай тойдан кейін қасына теңдестіріп алып, Алаша хан аңға шығар еді. Сонда аңның қызығына түсіп кетіп, Бетпақ далада неше жұмадай жоғалып кетер еді. Ол кезде Бетпақ далада құлан, киік, һәм өзге аңдар көп екен. Алаша хан баласының нөкерлеріне қатты бұйрық береді екен: «Жошы ханның қуғында қасынан қалмай, күтіп жүріңдер, жазым болмасын. Егерде бір жаманшылық бола қалса, бәріңе де жаман болады. Кім, балаң жазым болды деп айтса, соның аузына еріткен қорғасын құямын» деп. Жошы хан аңды көп алған сайын қызыға берді. Бір күні бір аңды қуып, жолдастарынан көп озып кетті. Алдындағы қуып келе жатқан құланы өзге бір үйір құланға садақ атып еді, олар қашпады, қайта өзіне ұмтылып, басып-жаншып, тістеп, өлтіріп кетіпті. Жалғыз бір шынашағы сау қалыпты. Өзгесін аң жеп кетіпті. Жошы ханның жолдастары артынан ізіменен келіп, сүйегін жинаған екен, жалғыз шынашағынан басқасын таба алмапты. Бұл шынашықты бір жібек бұйымға орап алып, нөкерлері елге келіп, ешқайсысы Алаша ханға айтуға батпапты. Сол уақытта Кетбұға деген Алаша ханның жақсы көретін ақыны бар екен, қарт екен. Кетбұға Жошы ханның өлгенін есіттірмекші болды. Домбырасын алып, сұраусыз ханың үйіне кіріп келіп айтты:
– Құдай тағаланың рахметі жаусын саған, һәм сенің қол астыңдағы барлық жанға, бұлардың тыныштығын тілеймін, – дейді.
– Саған не керек? – деп бұдан Алаша хан сұрады.
– Тақсыр хан, сенің қуанышың – менің қуанышым, сенің қайғың – менің қайғым, – деді Кетбұға. Мен бүгін бір жаман түс көрдім, менің қайғым қатты, жүрегім жарылып бара жатыр. Сол себепті үйіңе рұқсатсыз кіріп келдім жалғыз-ақ саған басқа түскен қайғымды айтуға. Басымда не қайғы түскенін айтпаймын, бұл турадан менің домбырам айтсын, – деді Кетбұға.
Домбыраның шегін күйге түзеп алып, Кетбұға тарта бастады. Мұның ұзын саусағы домбыраның бетін тарсылдатып, шегін зырылдатып сөйлетіп, әр түрлі мұңды күй тарта бастады. Алаша хан құлағын салып, тартылған мұңды күйді есітіп отырып айтты:
– Не себептен сен маған мұндай зарлы күйлерді тартасың? – деп.
– Басыма бір қайғылы күн туды, тақсыр хан! – деп, домбырашы қысқа жауап берді де, тоқтамастан домбырасын шерте берді, зарлы күйге салып.
– Бұл не ғажап!? – деп Алаша хан айтты: – Япырмай, менің Жошы ханым бірдеңе болып қалды ма, мұны аң жеп қойды ма?..
– Тақсыр хан, Жошының өлгенін жалғыз өзіңізден естідік, – деп, үйдің сыртында халық шулап қоя берді.
Бұл хабар сондай жаман хабар болды, хан Жошы баласының өлгенін есітіп, талып қалды. Жиылған халық ханды су бүркіп, тұрғызып алды. Есін жиып алып, Алаша хан зарлап жылады. «Жошы, Жошы!.. қайдасың, жалғызым» деп... Мұның екі көзінен бұлақтай болып жас ақты. Еш адам үйге кіріп, ханды уатуға бата алмады. Осындай жылаумен тамақ ішпей, Алаша хан үш күн, үш түн жатты. Мұның халқы жиылысып, ақылдасты, қалайша ханды уатып, көңіл айтып, жылағанын қойғызсақ екен деп, ешбір адам Алаша ханның үйіне кіруге батпай, барша жиылған адамдар тыста қамалып тұрады. Алаша ханның бір ақылды қатыны бар еді, еріне ой түсіріп, көңілін баспаққа амал қылды:
– Хан, сен қайғырып жатырсың, халқың ғау-ғау көтеріп, бүлік шығарып жатыр, – деді. «Неге менің халқым бүлік шығарып жатыр?», – дейді хан.
– Сенің халқың екі дай болып жатыр. Себебі бір бай өзінің тамырына бір уақытта ат басындай алтын сыйлаған екен, уақытында мұндай бірдеме берер деп. Ол тамыры ештеме бермеген соң, «өзім бергенімді бер», – деп жатыр. Жуырда бұлар биге түсті. Билер әділдік қылмады. Билердің жартысы: «бергенін қайыруға тиісті» дейді. Жартысы: «қайырмауға тиісті» дейді.
– Ах, олары қалай?! Билікті әділ айтпаған, сыйды ала білген кісі, бере де білсе керек емес пе?! Алтын алғанды шақыр мұнда! – дейді Алаша хан.
– Ұлы хан, кішкентай сабыр етіп, маған сөз айтуға рұқсат қылыңыз. Алла тағала баланы саған өзі берді, өзі алды. Құдіреттің хүкіміне көну керек. Алла тағала Жошы ханды саған сыйлап еді, сыйлаған Аллаға сен де сыйлай біл, қайғырып жылама, Құдайдың рахметі көп, таусылмайды, – деді. Бұл сөз көңіліне кіріп, Алаша хан қайғыруын қойды.
Алаша ханың бір Домбауыл деген бек қуатты құлы бар екен. Өзінің байына ақ көңілімен қызмет қылатындығына, һәм ерлігін Жошы хан бек жақсы көреді екен. Домбауыл да Жошы ханды жақсы көреді екен. Жошы ханның өлгенін естіген соң ант ішіпті: «Құланның бірі қалғанша қырармын», – деп. Домбауылдың екі жүйрік аты бар екен. Біреуі – «Қабанқұлақ» деген, біреуі – «Әнкей» деген. Сол аттарының бірін мініп, бірін жетектеп алып, Жошы ханды өлтірген құлан жатқан аралға қарай жөнеліпті. Құландар Домбауылды көрген соң-ақ Бетпақ даладан өте Шуға қарай қашқан екен. Домбауыл қуып жетіп, қыра беріпті. Соншадан бес-ақ құлан тірі қалып, қорқып, сол бесеуі де Шудан өтіп кетіпті. Ол бес құлан өткен жерді осы күні «Бес құлан» деп атайды. Бес құлан деген жерден бес шақырымдай арада таудың бауырында Қабанқұлақ деген аты зорығып өліп, ол араны «Қабанқұлақ» қойыпты. Онан әрмен бес шақырымдай барған соң, екінші аты – Әнкей ұшып өлген екен. Ол араны «Әнкей» деп қойыпты. Осы күні сол араны «Әнкей» деп атайды.
36. Бурабай (1-нұсқа)
Арқадағы Көкшенің өңірінде елі мен жұртын әулиедей санаған ақбас бура мекен етіпті дейді. Ол бураның әсемдігі, сипаты көрген адамды таңырқатпай қоймайды екен. Соның сұлулығына қызыққан бір батыр аңдып жүріп, жаңағы бураны қос жебемен атады. Ауыр жарақат алған бура биік тауды айнала қашып барып, бір тұстарға жеткенде, шөге кетеді. Боздаған даусын естуге, көзден аққан жасын көруге дәті бармаған батыр да, ел де көп уақытқа дейін жаңағы тұсқа жолай алмапты. Бураның үні тоқтап, көңілі басылғаннан кейін әлгі батыр бір топ серіктерімен, әлгі жерге келсе, сол бура тасқа айналып, көзінен аққан жасы көлге айналыпты. Содан бері көпшілік сол көлді "Бурабай" деп атап кетіпті.
37. Бурабай (2-нұсқа)
Тағы бір ақбас бура, емес атан,
Жүріпті Көкшетауды қылып Отан...
Тағы екен жанға ұстатпай жүрген қашып,
Күркіреп, тұрады екен көбік шашып.
Бір көлді мекен қылып күнде келіп,
Су ішіп кетеді екен алшаң басып.
Дүниеде әрбір бөлек жердің аты,
Себеппен қойған бәрі елдің аты.
«Бурабай» атаныпты содан бері
Ақ бура мекен қылған көлдің аты.
Ақ бура көп жыл тауды қылған мекен,
«Бір үлкен іс боларда сезеді екен».
Ол істі елге айтқандай маңайдағы,
Бақсыдай тауды азынап кезеді екен...
Бақсыдай бура азынап жүреді екен,
Мал шулап, иттер ұлып үреді екен.
Қалың ел маңайдағы құрбан шалып,
Құлақты алдағы іске түреді екен...
Білген соң бураның бұл қасиетін,
Үлкеннің кіші тыңдап өсиетін.
Түнеріп, долы бұлттай күрілдеген,
Бураға болмапты енді жұрт тиетін.
Баласы Абылайдың Қасым төре,
Жасынан сотқарлығы басым төре.
Бір күні тау ішінде келе жатты
Өзіндей бір топ жігіт қасында ере...
Сол кезде шыға кепті ақбас бура,
Жап-жалбыр төсін басқан әппақ шуда.
Қасым хан тұра қалып ақ бураны
Шіреніп атып сапты нақтап тура.
Өкіріп ақбас бура көбік шашып,
Шиқылдап тісін қайрап, аузын ашып.
Қасымды бір айналып бура қотан,
Қан ағып, кеткен тулап таудан асып.
Бақсыдай сарнап бура тауды кезген,
Күңіреніп мекенінен енді безген.
Ел естіп хан ұлының бұл жұмысын,
Зор іске ұшырарын бәрі сезген.
Жоқ болып ақбас бура көп күн өткен,
(Қасымның қан қолынан қаза жеткен.)
Бір күні таудай болып, шөгіп жатқан
Бураны жұрт көреді өткен, кеткен.
Құбылаға басын беріп, шөгіп жатқан,
Көк мұнар, қалың ойға шомып, батқан.
Ақ бура қабақтарын қарс жауып,
Қозғалмай, мәңгі жатып, тас боп қатқан.
Ақ бура таудың тағы түйесі деп,
О дағы қасиетті бір иесі деп.
Тұқымы сотқар ханның оңбағаны,
Жұрт айтад «сол түйенің киесі»деп.
38. [Шыңғырлау өзені]
Ертеде Жайық атты хан болыпты. Оның Шыңғырлау деген асқан сұлу қызы болыпты. Қызы бой жетіп, ақылдылығымен, көрегендігімен көзге түсіпті. Бұл қызға қызығушылар көп болыпты. Жайық хан қызын жұрттан асқан өнерлі, сегіз қырлы, бір сырлы жігітке бермекші болады. Ол барлық елге жар салады. "Аты бәйгеден озған, күресте өзі жеңген жігітке берем" – деп жарлық таратады. Халық көп жиналыпты. Бірнеше күннен кейін астында торы аты бар, бір жас жігіт те келіп қосылады. Күресте әлгі жігітке жан шақ келмейді. Жайық хан өз жігіттерінен мерейі үстем болған жігітке қызғанышпен қарай бастайды.
Ертең бәйге басталды деген күні Жайық хан жігіттің атын көрмек болады. Жігіт атын киіз үйдің ішіне ұстайды екен. Жігіттің шыққанын аңдып тұрып, екі-үш жігіт киіз үйге кіреді. Ай сүттей жарық болады. Ішке кірген жігіттер таң-тамаша болады. Торы аттың алдында бір астау су, екі жанында екі астау су қойылған екен. Алдындағы астаудан су ішіп, жанындағы суға екі қанатын салып, салқындап тұр екен. Оны көрген ел жігіттері бәйгенің де өздеріне жоқ екенін түсініп, жауыздық ойлай бастайды. Көрші ауылға ат жіберіп, көзінің сұғы бар кемпірді алдырып, атқа кемпірдің көзінің сұғын өткізеді. Ертеңіне бәйге басталады. Шыңғырлау сұлу күресте жеңген жігіттің атының озып келуін қалайды. Алайда Шыңғырлаудың арманы орындалмайды. Бәйге жолының орта тұсынан асқаннан кейін, торы ат жығылып өледі. Жанынан артық көретін тұлпарынан айырылған жігіт қыздан үмітін үзіп, ауылына қайтады. Жолда сүйікті атының басын жарыс болған таудың биігіне қояды. Сүйген жігітінен айырылған Шыңғырлау ағып жатқан суға кетеді. Жалғыз қызынан айырылған ханның көз жасы көл болыпты. Ол ұлғая келе "Жайық" өзеніне айналыпты. Жігіт атының басын қойған төбе "Торы ат бас" тауы атанып, қыз кеткен су "Шыңғырлау" өзені атаныпты-мыс деген сөз бар.
39. Райымбектің бұлағы
Райымбек онда жас еді. Кезекті қалмақтармен болған шайқаста қазақтың қолы жеңіліп, шегінуге мәжбүр болады. Олар Бұғыты тауы мен Торайғыр таулары арасындағы Көкпекті жазығын өтіп барып, Торайғыр тауының етегіне келіп тығылады. Қанша күнгі ұрыстан әбден қажыған әскер су іздеп, тәлкекке түседі. Сонда Райымбек батыр бір тамшы суды аңсап, жерді қылышымен шұқып жібергенде, белгісіз бір бұлақтың суы атқып шығады деседі. Содан қазақтың қолы әлгі суды ішіп, бұлақтың жағасында екі күн жатып, тынығады да, бар күш-жігерлерін бойына жинап, жауға қарсы шабады. Әскер осы жерде жеңіске жетеді. Ал, әскерді құтқарған бұлақ "Райымбектің бұлағы" деп аталып кетеді. Ол бұлақ қазір де бар.
40. Көзата бұлағы
Бағзы замандардың бірінде Қазығұрт тауын әрі әулие, әрі емші адам мекендепті. Ол емші болғанда көз ауруын ғана жазады екен. Сондықтан зағип болғандардың барлығы осы емшінің дақпыртын естіп, дертінен айығу үшін арнайы іздеп келіп, емделіп жүріпті, бірақ бір ғажабы шын ниетімен емделуге келген сырқаттардың барлығы айығып кететін көрінеді. Жанары ашылып, жарық дүниенің келбетін көрген пенделер емшіге шексіз алғыстарын жаудырыпты. Өмір бар жерде, өлім де бар демекші, күндердің күнінде дәм-тұзы таусылған емшіге ажал жетіп, көз жұмады. Жақсылығы жалпақ дүниеге жайылған әулиенің қонағасына шегі мен шеті жоқ дүйім жұрт жиналыпты. Ақ жуып арулап, Қазығұрттың баурайына әулиені жерлейді. Арада қырық күн өткенде әулие мазарының дәл жанынан, жерді жарып, бұлақ ағып шығады. Бір ғажабы осы бұлақтың суынан ішіп, беті-қолын жуған адам көз ауруынан құлантаза айығатын болыпты. Сөйтіп, халық бұл бастауды "Көзатаның бұлағы" деп атап кетеді.
41. Ырыс – Сыр
Бұрынғы заманда Қарақұм мен Қызылқұмда байларға жалданып жүрген Ағыбай, Арнабай деген ағайынды екі жігіт болыпты, күндерде бір күн әлгі екі жігітке бір айдаhар тап болып, жұтуға оңтайланыпты. Сол кезде екеуі айла таба қойып, аузын ашқан сайын айдаhарға бір қойдан беріп отырып, қойды тауысады... Екі жігіт байлардың ызғарынан қорқып, беталды құла түзге қаңғып кетеді. Екеуінің де барар жері, басар тауы жоқ, келешегі бұлдыр. Сөйтіп келе жатса, бұлардың алдынан ақсақалды, ақ киімді шал шығып, жөн сұрайды. Жігіттер сырын жасырмай, қариядан ақыл сұрайды. Қария бұларға мынадай кеңес береді:
– Балалар, сендердің ақ жүректеріңде арамдық жоқ, бірақ оны бай шіркіндер білуші ме еді? Енді сендер осы беттеріңнен аумай жүре берсеңдер, оттай жанған Қызылқұмнан шығып, нулы жерге, сулы жерге кез боласыңдар. Ол жерде адал еңбектеріңді аямай, тіршілік етсеңдер, жер сендерден байлығын аямас, – депті. Жігіттер:
– Баба, ол қандай жер, аты не? – деп сұрапты, қария:
– Ол жер аты – Сыр, – депті де ғайып болыпты.
Бақыт іздеген жігіттер арып-ашып "өлдім" дегенде Сырға жетіпті. Сырдың шырын суын мейірлене ішіп-ішіп, қанып алған соң, ел іздейді, Сырды жағалай отырған көп ауылға келсе, бұлар егіншілердің ауылы екен. Олар да егіншілерге қосылып, егін салып, Сырдың суын ішіп, балығын жеп, күнелтеді. Еткен адал еңбектері өнімді болып, ұзамай әлгі екеуі мал-малданып, жан-жанданыпты дейді.
42. Байқал мен Аңғара
Ертеде барлық Сібірді билеп-төстеп жүретін бір бай адам болыпты. Оның байлығына қоса ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс екен. Байлығына батырлығы сай болып, барлық Сібірді аузына қаратыпты. Сондықтан Байқалдың лақап аты "Сібір" атаныпты. Байқалдың байлық, батырлық-ерлік, жақсылық қасиетіне қоса, қаhарлы, ашулы, ызғарлы сипаттары да болыпты. Байқалдың бір іске көңілі түспей, ашуы келсе, ол бетін түстікке бұрып қараса, барлық Сібірдің келбеті өзгере бастайды екен: күн өздігінен суытады, аспан түнеріп бұлттанып, бұлттар ерсілі-қарсылы көшіп, ызғарлы қар-жаңбыр жауып, жел соғып, теңіз тулап, жағаны соғып, орман да бойын жазып, тік тұра алмай еңкейіп, басын иіп, мөлтиіпті. Жер бар сырын ішіне тартып, тоңып, қатып қалыпты. Жануарлар батырдың бұл қаhарына шыдамай, бойын көрсетпей, бас паналап, көрінген ін-шұңқырға тығылыпты да, батырдың ашуының қайтуын күтіпті. Ал батырдың ашуы қайтса, бетін терістікке бұрғаны. Онда манағы құбылыстың бәрі өзгеріп, барлық Сібір жайбарақаттыққа айналып, барлық жаратылыс рақат табады екен. Байқалдың Зарлық деген жалғыз қызы бар екен. Ол қыз дүниеде теңдесі жоқ Аңғара деген батырға ғашық екен. Жастардың бұл сырын білсе, Байқал барлық Сібірді екінші түрге айналдырып жібереді, өйткені бір жорықта Аңғарамен кездесіп қалып, екеуі бірін-бірі көрместей болған екен. Екі ғашық Байқалдың бұл мінезін біліп, енді не істерін білмей дағдарысады, сөйтіп жүргенде бұлардың сырын Байқал сезіп қалып, алдымен қызы Зарлықты өлтірмекші болып ұмтылады. Зарлық қорқып, тауға барып тығылады. Сол тау артынан "Мұңлық–Зарлық" атанады. Ал Аңғара қорықпады, бірақ атасына қарсы келмей, бетін солтүстікке қаратып, жан-жағына қарап тұрды да, алға жүре берді. Бұл кезде Байқалға да ой түсті ме немене, ойланып қалды. Аңғара "Кезеңі келсе, көрісерміз" деп терең ойланып, артына қарай-қарай, тартып отырды. Ал Байқал осы қылған қаталдығына өкініп, жер бауырлап жата кеткен екен. Қайғысының күштілігінен жер ойылып, түпсіз терең көлге айналыпты. Одан шыққан су Аңғараның ізімен жүріп, ағып отырып, үлкен өзенге айналыпты.
43. Темірланның оры
Алтынемел бекетіне алты шақырымдай жерде дәл Алматы қаласына қарай жүретұғын почта жолының үстінде бихисап үлкен уа белгілі мидай даламенен жүріп кеткен ор – қаһарлы мәшһүр Орта Азия жайдарын жаулап алған Темірланның, кейбір жерлері жер болып өсіп кеткен. Осы күнде белгісіз де боп қалған, неше уақыттар өткен соң бұ айтылмыш оры, мұсылмандардың айтуынша, Балқаштан Іле суына шейін барса керек. Осы ор турасынан мағынасын тұрмыс жайындағы қазақтар әлі ұмытқандары жоқ өздеріне ие болған адамының істегеніне көре һәм біздерге әр нешік мағынадарын көрсетіп берген еді.
Төменде жат айтылмыш: “Темірланның бастап жалғыз-ақ баласы бар еді. Оны әрдайым атқа мінгізіп, жалғыз жүргізуші еді ешқашан нөкер, яки жолдас бермейінше. Темірланның мұндай қылғанының себебі мынау деп айтады: Жалғыз баласы болған соң, соның өзіне «рәуіш атқа мықты, шыдамды, ширақ болсын жас балам» деп тілеуші еді дейді. Бір күні жас бала өзінің жақсы көретұғын атына мініп алып, далаға шығып кеткен. Елден алыс далаға барып, бір топ құланға кез келіп, қаю құландармен бірге шауып кете берген мидай елсіз далаға шығып. Сол жерде аттар со қадары баланың быт-шытын шығарған, жалғыз оның үзеңгісінде аяғының басы ғана қалған, баласы құрыған. Сансыз қолдарының адамдарын шақырып алған және қанша баскер адамдарын шақыртып, со қадары жастары бірдей қыздары да шақыртып алған. Оларды қатарлап қойып, бір еркек бір қыздан Балқаштан Ілеге шейін. Берген еркектерге кетпен, ұрғашыларға күрек, бұйырған: «терең қып ор қазыңдар» деп, егер де оның әмірін тез орнына келтірсе, оларды бір-біріменен қосып қоюға уағда қылған. Қашан қисапсыз үлкен ор даяр болған соң, бұйырған өзінің баскер адамына: «атқа мінісіп, сол жайдағы бар құландарды орға айдаңыздар» деп, тым болмаса осылайша қып өзінің жақсы көретұғын баласының құнынан бір нәрсе таппас па екен деп. Қалай айтылды, солай өздерінің бас иелерінің қалағанын орнына келтіріп, әр тараптан бар құландарды айдап, орға келтірген. Айтады, бірақ құтылып кеткен бір ақсақ құлан ғана деп. Өңгелері орға түсіп, қырылған екен. Сол құландарменен Темірланның баласының мінген аты да өлген. Сол өлген аттан тапқан екен оң үзенгісінде қалған баланың аяғын ғана. Соны тапқан соң Орта Азия жұртының үкім иесі риза болған дейді. Темірланның баскерінен құтылған ақсақ құлан турасынан қазақтар өлең қылған. "Ақсақ құлан – Жошы хан, жүрегім жаман шошыған", яғни Темірлан дегені. Мұндай шығарғандары қазақтардың көрсетіп тұрады қаһарлы Темірланнан қорыққандарын. Міне, осылайша» деп тәмам еткен бихисап үлкен Темірланның оры турасынан.
44. Қалмақтолағай яғни қалмақтың басы
Қалмақтолағай деген – бір жеке тұрған тау. Өскемен жолында Қалба тауынан қалған шаһар Көкбектіге шыға берісте. Сол Қалмақтолағайдың тас топырағы, шөбі ғайрыдан бөлек болмаса да, сондағы көшпелі халық қазақтарға һәм тұрғын орыстарға мейлінше атақты. Көп адамдар сол тау турада көп қайғылы, қасірет сөздер айтып жүреді, көшпелі халықтар біртүрлі көріп, ардақтап тұрады. Халықтың сол таудың біткені турада бұрынғыдан қалған сөздері бар: Бұрынғы заманда солтүстік тараптан қазақ һәм ғайри халықтар қаптап қалмақтарды қыса бастаған мезгілде Тарбағатайда қалмақтың екі атақты батыры тұрады екен – аталы, балалы. Сол батырлар жаудың келе жатқанын біліп, халқы сұраған соң құрмандық шалып, ұрғашыға жақындаспауға сөз бекітіп, Тарбағатайдың қасынан бір тауды алып, көтеріп, Ертіске алып кетіпті. Ертістің ағысын байлап, далаға су жайып жіберуге. (Сол тауды көтеріп алған жерін осы күні де көрсетеді, орнында ешбір шөп жоқ, Тарбағатайдың солтүстік жығылмасында Хабар-асу кезеңі менен Емілдің даласына шығатын Саясу кезеңінің арасында). Сол Қалмақтолағай тұрған жерге батырлар дем алуға тоқтап тұрғанда, батырдың баласы әкесінен сұрапты, жақындағы қалыңдығына барып келуге, қалың малы тегіс төленген жоқ екен. Әкесі баласына рұхсат беріп тұрып, "бекіткен сөзге берік бол" деп қоя беріпті. Бала бекіткен сөзде тұрмапты, сол себептен батырлар екінші күні тауды көтере алмады дейді. Әкесі ашуланып, баласын өлтірді дейді. Осы күнгі Қызылтас деген төбе тұрған жерде осы төбе баланың денесінен, қанынан пайда болды дейді. Сөйтіп, әкесі Дәуіркезеңі деген шаттағы үңгірге кетіпті, сол үңгірден батырдың дем лебізі шығып, батыр бұрынғысын ойлап, қаһарланған уақытта дауыл болып жатады дейді. Батыр баласын өлтірген соң шешесі естіп, баласының өлген жеріне келіп, Қызылтасты көріп, баласын біліп, осы күнгі Ақтас деген төбе тұрған жерге отырып жылап, қайғыдан өліпті. Сол қатынның денесінен Ақтас төбе пайда болды дейді. Қазақтардың сөздерінше, Қалмақтолағайда қазақ пенен қалмақтың ең соңғы, белгілі соғысы болыпты. Сонда қалмақтар жеңіліп, батырынан айырылыпты. Осы соғыстан соң қалмақтар Тарбағатайдан асып кетіпті. Сол жерде көп қорған, оба тастарды көрсетеді, сол Қалмақтолағайдағы соғыста қырылған қалмақтың батырларын көмген деп.
45. Жидебай Қыстауы
Жоңғарлармен жауласқан баяғы заманда Жидебай деген батыр болыпты. Абылай хан Жидекеңді айрықша құрметтейді екен. Үйсін елінің тұлпарларының тұқымынан шыққан ақ шабдар атты алғызып, сыйға тартыпты. Жидекеңнің көріпкел қасиетінің сырын ханнан басқа ешкім білмейді екен. Сұрағандардан хан: "Оның қызыл түлкісі бар" дейді екен. Бірде сенбеген біреуге Абылай хан: "Ұйықтап жатқанда, өзің барып қара" деген екен. Сол адам аңдып жүріп, ақырын барып қарапты Сөйтсе, тура кеудесінің үстінде қызыл түлкі жатыр екен. Жалт қараған түлкіден қатты қорыққан ол, қаша жөнеліпті. Көп ұзамай екі көзі суалып, су қараңғы соқыр болып қалыпты. Ханның кезекті мәслихатында отырғанда жоңғарлар жайында әңгіме қозғалды. Батырлардың бірі: "Жауымыз іргелі екен" – депті. Сонда Жидекең: – Іргелі болса жағдайы белгілі болды, өйткені, іргесіз жау емен ағашқа емінеді, іргелі жау күнде семіреді" – дейді. Үлкен бір шайқаста әскерлер жеңіске жетіп, той жасалады. Абылай хан батырларын мақтан тұтып, әңгіме айтады. Сонда Жидекең былай депті: "Уа, хан ием! Алғаң алшақ, маңдайың шалқақ тұр екен, күшіңе қарай мақтан, найзаң мақұл емес пе, садағың тұқыл емес пе, қамаған жауыңнан сақтан!".
Батыр билік айтқан осы жер кейін келе "Жидебай қыстауы" атанып кетеді.
46. Сарыарқа
Есте жоқ ескі заманда дүниені жаратушым Тәңірі ұлан байтақ Сарыарқаны көз сүрінер бұдыры жоқ, жазық дала етіп жаратса керек. Дауыл болса, ығы жоқ, аяз болса, панасы жоқ, кең даланы мекен еткен тірі жан атаулы әбден ығыр болыпты. Жер анадан тіршілігіне тірек болар қызық таба алмай, күйзеле беріпті. Сол шақта Асанқайғы сияқты елінің қамын ойлап, болашағына қамқор болған біp дана қарт жаратушы Тәңірге халқының мұң-мұқтажын жеткізсе керек.
– Уа, жаратушы, Тәңірім! – депті дана қарт: – Сарыарқа деп аталатын жерден едім, халқымның өтінішін жеткізуге келдім. О шеті мен бұ шетіне қыран құстың қияғы, тұлпардың тұяғы талатын байтақ даламызды тұлдырсыз жаратқаның қалай?! Өзің мол пішіп, жарата салған даладан малымызға пана, жанымызға сая таппаған соң, алдыңа келіп тұрмын!
Бұл сөзді естігенде жаратушы Тәңірі Сарыарқаның сағымды даласына күн сала қарады дейді. Қарайды да, сарғая керілген даланы көреді. Шынында да көз сүрінтер тұлдыр жоқ екен. Сонда жаратушы Тәңірі ыңғайсыздана тіл қатыпты:
– Япыр-ай, айтты-айтпады, оңтүстігінен керегедей керіліп Алатау, Қаратау көрінеді. Шығысында көкке қос соза көсіліп Алтай, Тарбағатай жатыр. Ал мынадай ұшы-қиыры жоқ даланы қауыратып тастағаным жараспайды-ақ екен. Болмас, болмас! – деп, өкінген қалпы қоржынына қол салады. Қол салса, ірі кесектердің бәрі де жер бетіне сілемді таулар болып, әлдеқашан жұмсалыл кеткен, қалғаны ұсақ екен дейді. Тәңірі әрі ойланып, бері ойланып отырады да:
– Жарайды! – дейді, – барына қанағат етіңіздер. Ұсақ болса да, игілігі аспанмен таласқан таулардан кем болмас. Шағын деп қомсынбай, қабыл алыңдар, қолтық-қойнауына мәңгі ортаймас береке дарыттым!
Тәңірі осылай дейді де, бес-алты ұсақ қиыршықты Сарыарқаның бетіне шаша сальпты. Сол ұсақ қиыршықтардың бірі осы күнгі Көкшетау, Баян, Қарқаралы, Қызыларай, Ұлытау сияқты таулар болса керек.
47. Қаратау
Баяғы өткен заманда бір бай өлкелердің бірінде бір қауымды ел-жұрт өмір сүріпті. Қанша заман өткенін кім білсін, күндердің бір күнінде жетібасты жалмауыз сол өңірде пайда болыпты дейді. Сонан елге қырғидай тиіп, күн сайын қырық қой, қырық жылқы, бір жігіт, бір қызды жеп отырыпты. Әбден зәрезеп болған ел жаңағы жалмауыздан құтылудың жолын іздейді. Жапанды шарлап келе жатқан бір саудагерлер оңтүстік өлкеде Дәубек деген батырдың бар екендігін хабардар етеді. "Жетібасты жалмауызды бір жеңсе, сол ғана жеңеді" дегенді айтады. Оның еліне жету үшін өте ұзақ жүру керек. Шөлді, құмды жерлерді басып жүру керек. Әбден бір қалжыраған шақта, алыстан тау сілемі көзге шалдығуы мүмкін. Жаңағы дәу сол тауды мекендейді. Ел болып жиналып, бір батырды басшы етіп, қырық жігітті қосшы етіп, жолға аттандырады. Олар арада күн жүріп, ай жүріп, құмды далаға кездеседі. Шаршайды, қалжырайды, сусайды. Күндердің бір күнінде көкжиекке көз тігіп келе жатқан жаңағы жігіттердің бірі:
– Қара тау, Қара тау – деп айқайлап жібереді. Барлығы жаппай жаңағы жаққа назар салса, сағымданған таудың сұлабасынан көзге шалынған сияқты болады. Сол сағымды бетке алып жүрген жолаушылар ақыры тауға жетіпті. Сөйтіп Дәубек деген батырды ертіп алып, елдеріне қайтады. Ол батыр жеті басты жалмауызды өлтіріп, елге тыныштық орнатады.
Сонан жаңағы дәу мекендеген тауды ел "Қаратау" деп атап кетіпті.
48. Жеке батыр
Болыпты баяғыда Жеке батыр
Тау бағып, жатады екен тігіп шатыр.
Бір күні қарауылда қалғып кетіп,
Сол батыр бүгінгеше ұйықтап жатыр.
Сол батыр – осы күні бір үлкен тау,
Көз жұмған көкке қарап, сыры үлкен тау.
"Ұйықтаған батыр" дейді таудың аты,
Адамша көлбеп жатқан қыры үлкен тау.
Батырдың қырыққа таяу келген жасы,
Денесі биік жота, таудай басы.
Сақалы төсін жапқан, қыр мұрынды,
Киюлі баста жатыр дулығасы.
49. [Шұбар киік]
Ертеде құралайды көзден ататын бір аңшы болыпты. Тәңірінің бұйыртқан несібесін түзден теріп жеп, аң аулап, күн көреді екен. Күндердің бір күнінде сағым шалған, сары далада өзегі талып, өкпесі өшіп, аң аулап келе жатса, бетегелі белде жайылып жүрген, жалғыз, шұбар киікті көреді. Иіс шалдырмау үшін ық жағын алып, сайды жалдап, беткейді қолдап, садақ тартым жерге келеді. Баспалап қараса, желіні жер сызған ешкі екен. Аң деген көздің құрты, аңшы сол жерде "сенде жазық жоқ, менде азық жоқ" деп, садағын кезенеді. "Түз тағысы табиғатпен тілдес" деген емес пе, бір қатердің төнгенін сезген шұбар киік селт етіп, басын көтерсе, садағын кезеп тұрған сұр мергенді көреді. Оқтан жүйрік емес, енді қашып құтылмасын білген шұбар киік көзі мөлдіреп аңшыға қарайды да, жалбарына тіл қатады:
– Ей, Сұрмерген, жаныма сауға сұраймын. Әлі бауыр көтеріп үлгермеген егіз лағым бар еді. Сол панасыз лақтарымды аңсап, жүрегім елжіреп, желінім дертіп келемін. Мені атпа. Тілімді алсаң, "атқан оғың жерге түспесін" – деп батамды берер едім. Сонда сен ұшқан құс пен жүгірген аңды құтқармас, несібелі аңшы боласың. Өле-өлгенше тарықпай өтесің! Жаныма сауға сұраймын, атпа! – дейді.
Аңшы бұл сөзді тыңдамайды. Күнімен табанынан таусылып, дала кезген аңшы бұл киіктен айырылса, үйіне құр қол баратындай болады да, садағын тартып жібереді. Сонда киелі киік аңшының көз алдында шұбар тасқа айналыпты дейді.
Осыдан кейін Сұрмергеннің жолы болмайтын болыпты.
50. Мұрынқарақ тауы туралы аңыз.
Қарақ (Мұрынқарақ), Қамыр,Үшширек, Құлшоқы ағайынды төрт жігіт екен. Елдерінде ағайындарымен келіспей өкпелеп, төртеуі елінен шығып кетеді.Бірнеше айла жол жүріп, Қызылқұмның шетіне жетіне жетіпті. Құмның бір шетінен толқыны тулаған, қамысы ырғалып, тоғайы сірескен, алуан-алуан мәуе мен жеміс-жидек өскен Сырдың сұлу дариясы ағып жатады. "Керемет өлке екен, Сыр жағасы – сүтің, құм жағасы – құтың" – епті. Мұрынқарақ дегені ең үлкені. Ағайындарына өкпелеген төрт жігіт еңбеккер, бейнеткеш болса керек, күннің атысы –батысына дейін тыным таппай еңбек етіпті. Ағайынды төрт жігіттің ынтымағының қаймағы бұзылмапты. Отау тігіп, шаңырақ көтеріп, төртеуі де үйлі, күйлі болыпты. Өкпелеп кеткен төрт жігіттің өкпе-наласын жазу үшін ағайындарының ішіндегі ең қарт кісі жігіттерді іздеп жолға шығыпты. Ұзақ жол жүріп шаршап-шалдығып әрең дегенде Қарақ, Қамыр, Үшширек, Құлшоқыны тауыпты. Елден араздасып шығып кеткен жас жігіттер елінен іздеп келген қарияға риза болып, елін, ағайын-туыстарын сұрап, мауқын басыпты. Жігіттерді іздеп келген қария бірнеше күн жатып, еліне қайтарда туыстарын ала кетпекші болады. Еліне араздасып шыққан жігіттер елге қосылуға әлі даярлығы жоқ екендіктерін айтып, көшпей қалады. Қария еліне барған соң ағайынды төрт жігіттің еңбекқорлығын, жоқтан бар жасап, ұқсата білетіндігін, аз жылдың ішінде байып кеткендігін айтып, еліндегі өкпелетіп жіберген ағайындарына қатты-қатты сөздер айтады. Ағайындылардың елден кетуіне себепкер болған туысы жауыздықпен олардың көзін жоймақшы болады. Айрандай ұйып, бір қауым ел болып отырған жігіттерді көре алмай дуа оқып, тасқа айналдырыпты. Мұрынқарақ Сырдың жағасында қырын қарап тұрады. Алыстан қараған адам айтпай-ақ Мұрынқарақты таниды. Адамның маңдайы мен мұрыны қарауытып көрінеді. "Мұрынқарақ, тұрмысың қырын қарап"- деген ән ел арасында осы күнге дейін айтылады. Қамыр, Үшширек, Құлшоқылар кішігірім тау шоқылары. Қазірге дейін Қамыр әулиеге адамдар зиярат етеді.
51. "Тас келіншек"
"Тас келіншек" аңызы бойынша айтылып жүрген жер – Күлтөбе бекінісінің оңтүстік жағындағы 7-8 шақырым жердегі, таудың ұшар басындағы кереге тас. Тастың сыртқы бейнесі шөгіп жатқан түйе сияқты. Оны ел әңгімесі бойынша, «Қыз әулие» деп атайды. Ал осы жердің солтүстік жағындағы 200-. жерде "Тас келіншек" деген жер бар. Сыртқы бейнесі келіншекке ұқсайды. Аңызда «Қыз әулие жеңгесімен көшіп келе жатып, қуғыншы жаудың қаптап келе жатқанын көреді. Жау қолына түспеу үшін, отарға қарай қашып, құтылуға әрекет жасайды. Алайда, құтылуға мүмкіндік жоғын білген қыз: «жау қолына түсіп, қор болғанша, тас келіншек бол!» деп, жеңгесін тасқа айналдырып жібереді. Ал одан кейін өзі де айдап келе жатқан түйесін жүгімен бірге тасқа айналдырыпты-мыс.
52. Жылан жаулаған қала.
Келінтөбеден ары күнбатыста 10 шақырым жерде Мирамтөбе деген қала болған. Бұл Мирамтөбеде бір кемпір тұрған екен. Кемпірдің ешкімі болмаған, тек оның үш ешкісі бар екен. Сол үш ешкіні сауып, күнін көріп жүре береді. Бір күні ешкілерін сауып, құмыраға құйып, кепенің маңлайшасына қойса, сүті жоқ болып шығады. Бірақ құмыраның ішінде бір ділдә жатады. Содан кемпір аң-таң, бұл қалай болды деп қалады. Бір күні кемпір аңдиды. Бір кезде таңға жақын келіп, бір жыланның сүт ішіп жатқанын көреді. Ол ішіп болғанша қарап тұрады. Ол ішіп болған соң әдетінше бір ділдә тастап бара жатыр екен. Әлгі жылан әйел келбетіне келіп, кемпірге: «Тісіңнен шығарушы болма, егер тісіңнен шығарсаң, бұл қаладан бір адам аман шықпайды» дейді. Содан кемпір ешкімге айтпай, жүре береді. Кемпірдің байып бара жатқанын көре алмаған жұрт: «Бұл қалай байып барады?» деп байға жеткізеді. Бай да таң қалып, екі ақылшысын андуға жібереді. Бұлар кемпірді қинайды, ақыры не керемет екенін айтпайды. Бай ақылшыларын кемпірдің үйінде жатып аңдуға жібереді. Бұлар аңдып жатса, баяғы жылан сүтті ішіп, ділдә салып кетіп бара жатыр екен. Бұлардың біреуі қылышпен шаппақшы болады. Оны кемпір біліп «тиме!» деп айтуынша шауып өлтірді. Сөйтіп жыланды да, кемпірді де, байдың алдына алып келеді. Осы кезде кемпір тұрып: «Бекер өлтірдіңдер, енді біздің тұқымымызды құртады» дейді. Сонымен жыландар қаланы жаулап алып, барлық адамын жойып жіберген екен. Содан бастап Мирамтөбе қаласына жан баласы жуымай, құм ішінде, қу мекенге айналыпты деседі.
53. Өзгент қаласы туралы.
Осыдан сегіз ғасыр бұрын Өзгент ірі, әрі бай қала болған көрінеді. Оның ауқымы 70 шақырымдай жерге созылып, Аққорғанға жетіп жатады екен. Қалада сауда мен егіншілік кәсібі өрістеп, отырықшылық бел алған. Өзгенттіктердің де тұрмыс-тіршіліктері жаман болмаған. Бірде, жақын жердегі тау арасынан тоғыз басты айдаһар шығып, жергілікті халыққа қатер төндіреді. Шетінен жұтып, қырғидай тиеді. Бастарына қара түнек орнаған халық айдаһармен келісімге келіп, оған күніне 30 ұл, 30 қыз беріп тұратын болыпты. Ұзақ уақыт халық айдаһардың осы талабын орындап тұрады. Бәрі де Құдай Тағалаға жалбарынып, төтелей келген мына пәледен құтқаруды сұрайды. Ақыры Құдай ел тілегін қабыл алып, олардың құтқарушысы етіп, Өзгент билеушісінің баласы Қылыш Бұрханды жібереді. Бала айдаһар мекендейтін тауға барып, онымен айқасады. Бірақ қүрес ұзақ мерзімге созылып, еш нәтиже бермейді. Бала айдаһардың бір басын кесіп алса, сол сәтте-ақ екінші басы шығып, қайтадан орнына келеді екен. Сонда батыр бала айдаһардың тоғыз басын бірдей шауып тастау керектігін түсінеді. Бірақ ол оңай іс емес еді. Бойындағы ең соңғы қажыр-қайратын жинап, бала айдаһардың барлық басын кесіп тастайды. Жылан өледі, оның ізінше әбден шаршап, әлсіреген жеңімпаз бала да мерт болады. Өлі жылан биік таудың басынан Қарадарияның жиегіне құлап түседі. Жылан түскен жерде үлкен, терең шұңқыр пайда болады. Айдаһардың өлгеніне масаттанған халық той-думан жасап, оны көмуді ұмытып кетеді. Өлі дене бұзылып, бойынан у шығарып, ауаны ластайды. Соның салдарынан Өзгент халқы індетке шалдығады. Халқының бәрі ауырып, қырылады. Сол кезден бастап Өзгент бос қалған екен деседі.
54. Қаражал
Бір заманда, Солтүстік Қазақстан өңірінде бір бай қазақ өмір сүріпті. Бірақ шалдың байлығын басып қалатын ұлы болмапты. Байдың өте сұлу Ажар деген қызы болыпты. Ажар бала кезінен ұл балалармен асық ойнап, ұлдың киімін киіп, түнде жылқы күзететін жігіттермен күзетке шығатын. Бір күні Жаппас атты жылқышы жігітпен танысып, екеуі бір-бірін жақсы көріп қалады. Бірақ Ажардың әке-шешесі оны басқа адамға күйеуге бергелі отырыпты. Сонда Ажар мен Жаппас ата-аналарынан басқа, алыс жаққа қашуларын тура көріпті. Бір кеште екі сүйікті жар ең жақсы аттарды таңдап, көрінбей, оңтүстік жаққа қарай қашыпты. Ажардың ата-анасы жіберген қуғыншылар оларды Атасу өзенінің бойында қуып жетіпті. Амалы жоқтығынан «қара бет» болып қайтқысы келмеген Ажар Құдайға жалбарынып, жер астына кіріп кеткенін ұсыныпты. Қуғыншылар дәл қуып жеткен сәтте екі қашқын жер астына өздерінің аттарымен кіріп кетіп, тас болып, қатып қалыпты, тек аттардың жалдары жердің бетінде қалыпты. Содан бері жер аты Қаражал атаныпты.
55. Соналы
Аңыз бойынша, бұл жерде айдай алмай, шайнай алмай отырған, бір шылқыған бай адам тұрыпты. Байлығының көптігі сонша байлыққа қарамай ол бай ешкімге өмірі ештеңе беріп көрмеген, қайыры жоқ, қара жүрек адам екен. Оның бұл сараңдығын естіген бір кейуана өз көзімен көрмекке жолға шығады. Бір күні әлгі байдың үйінің тұсына келіп, жарапазан айтады. Бай үйінен дыбыс жоқ. Кейуананың дауыстағанына үйден «Кет, жоғал әрі, қайыршы!» деген жауап келеді. Сонда үйге кейуана кіріп келіпті де, төрде жатқан байға қарап: «Тұр, орныңнан!» деп қаһарлана айғайлайды. Бай кейуананың көзінен от көріп, шошып кетеді де, орнынан атып тұрады. Сонда кейуана: «Құдай жолына садақа бересің бе?» – дейді. Бай басын шайқайды. Ол енді беліне дейін жерге кіреді. Кейуана сұрағын қайталайды. Бай тағы бас шайқайды. Со кейуана: «Әй, сараң, мейлі, бермесең берме. Бірақ қарғысы, көз жасы жібермейді. Малыңның елге пайдасы жоқ, жоғалсын ендеше!» - депті. Бай жерге түгелімен кір жоқ болыпты да, оның малы сонаға айналыпты. Содан әлгі көп сона осы жерді жайлап алған екен.
56. Айдаһарлы - Құдайберлі
Ерте, ерте, ертеде, Ешкі жүні бөртеде...
Құдайберлі деген батыр өмір сүріпті. Оның батырлығы сондай, бір ұрғанда тасты үгітіп, тауды құлатады екен. Сол Құдайберлінің жан дегенде жалғыз жолдасы болыпты. Ол – алып айдаһар екен. Сол айдаһар Құдайберлінің жылқысын жаудан қорғаушы болса, сол үшін Құдайберлі айдаһарға күніне бір жылқы беріп тұрады екен. Екеуі тату-тәтті ғұмыр кешіпті. Күндердің бір күнінде Құдайберлінің жылқыға келген жалғыз баласын айдаһар шыдай алмай жұтып қояды. Ашуға мінген Құдайберлі батыр келе сала айдаһармен айқасқа түседі. Күші басым болып, Айдаһарды алып соғып, қылышын сермеп қалғанда, құйрығын шауып түсіріпті дейді. Жанын сауғалай қашқан Айдаһар:
– Әй, Құдайберлі, мен құйрығымды ұмытпаспын, сен жалғыз балаңды ұмытпассың, қош бол! – деп, тауды жарып, кіріп кетіпті.
Сонан халық Айдаһар кірген үңгірді «Айдаһарлы-Құдайберлі» деп атап кетіпті.
57. Саржал мен Қосшоқы
Саржал мен Қосшоқы апалы-сіңлі болады. Анасыз жастайынан әкесінің қолында тәрбиеленеді екен. Бой жетіп, туған ұясынан ұшамын деген Саржалға әкесі қатты өкпелейді. Ол қыздарын ешкімге де бергісі келмейді. Содан бір күні Саржалға апасы Қосшоқы көмектесіп, екеуі қашып бара жатқанда, әкесі көріп қойып, арттарынан үлкен тас лақтырып: «Тас боп қат», – дейді. Содан бері сол тас үлкен тауға айналыпты.
58. Шайтанкөл
Бір күні кешке қарай, тау басындағы көлге барса, дыбыс шығады, ағаш арасынан бақылап тұрса, адам бейнелі біреулер суға шомылып жүр екен. Егделеу еркек бейнелісіне барлығы: «Әплит, әплит» деп бәйек болып жүрген сияқты. Әлгілерге білгізбей шегініп, кетіп қалады. Ертесіне елең-алаңда тағы келеді, сөйтсе, әлгі ібілістер тағы шомылып жүр екен. Әйел бейнелі егделеу біреуіне: «Жәплит, жәплит» деп бәйек болып жүр екен. Сонда Жиренсақал әулие: «Бұл өсіп- өнетін ібіліс екен ғой. Әплиті - әкесі, Жәплиті - шешесі ғой» деп шыдай алмай дұға оқып, айқайлап жіберіп: «Малғұндар! Енді кездессеңдер, маймылға айналдырып жіберемін!» деп ақырған. Әулие одан кейін де көлге бірнеше рет барған және түнеген де екен, бірақ шайтандарды қайтып кездестірмеген. Содан кейін ол шағын көл «Шайтанкөл» атанып кеткен екен.
59. [Алтай мен Ертіс]
Біздің жерді кенді Алтай жері деп те атайды. Сол кенді Алтай аңыз бойынша, Алтай қарттың қоймасындағы байлық бүкіл төңіректі таң қалдыратын. Оның алтыны мен күмісін, мысы мен темірін сұсты құз жартастар күндіз-түні кірпік қақпай күзететін. Осындай күндердің бірінде Алтай қарт өз көршісі Тянь-Шаньға: «Әттең, ұлым болса, өзіме көмекші болып, осы байлықтың барлығын суық көздерден қорғар еді ғой», - деп өкінішін білдіреді. Сол Алтай қарттың арманы орындалып, тау құздарының терең шатқалының саңылауынан тамшылаған судан пайда болған мұздай суық ұл дүниеге келеді. Ол күн сайын емес, сағат сайын өсіп, қайратты, алып батыр болады. Ол - осы Ертіс өзені. Күші бойына сыймай тұрған Ертіс, тау аңғарларын бұзып-жарып, тесіп тастайды. Сондықтан оған «Жертесер Ертіс» деген ат беріпті. Бұған қатты ренжіген жартастар Ертістің әкесіне шағым айтқан екен. Ұлына көңілі толмаған Алтай қарт баласының күш-қайратын әке байлығын қорғауға жұмсау керек екенін айтып, ақыл береді. Сонда ұлы:
– Әке, маған мына таулардың арасы өте тар, қысып барады. Байлығыңыз да маған қажет емес. Одан да мені өз еркіммен жіберіңіз, – дейді. Осы кезде аспанда қалықтай ұшқан бүркіт төмендеп, су бетіне жақындап:
– Жарайсың, батырым! Өзіңнің күш-қайратыңды сынайтын кезің келді. Сені алыста сұлу қыз Обь тосуда!..
Қараңғы түнде Ертіс тау құздардан қашып шығып, тар шатқалдан өтіп, жолында кездескен жартастарды жан-жаққа домалата ағыза отырып, алға екпіндей жылжиды. Таң сәріде ұйқысынан оянған Алтай, ұлын таба алмай, таң-тамаша қалады. Қашып кеткенін білгеннен кейін ашуға булығып, борандатып, қашқынның соңынан үлкен-үлкен жартастарды жан-жаққа лақтырады. Бірақ ұлына жете алмайды. Алды-артына қарамай, буырқана аққан Ертіс кең далаға тап болады. Сұлу Обьті қайдан іздерін білмей, көз жасы көл болған Ертіске үш шағала кездесіп, Обь сұлудың мұзды теңіз мұхитқа бет алғанын хабарлайды. Қуанған Ертіс кең даланы өзінің суымен нәрлендіріп, көңілі жадырап, жайлы болады. Көптен іздеген Обьті алыстан көріп, оның өзіне қарай иілгенін байқайды. Осы кезде Ертіс алып судың өзіне тең екеніне көзі жетеді. Сөйтіп, екі өзен қосылып, бір арнаға түсіп, мұзды теңіз мұхитқа жол тартады.
60. Көгершін
Бұрынғы өткен замандарда Қаржас руынан шыққан Тасбас деген бай өмір сүріпті. Өзінің малы соншалықты көп болған, тіпті көрші отырған Айдабол руының ауылын Торайғыр көлінің арғы шетіне қуып тастауды ойластырады. Содан бір себеп тауып, қуып жібереді. Көпшілік ауыл тұрғындары бұған келіспей, қарсылық білдіреді. Тасбастың апасы Көгершін Айдабол руының келіні еді. Көгершін бұл жағдайды естіген соң, татуластыруға асығады. Жақын жерде ат болмаған соң, маңайда жайылып жүрген түйені ұстап мінеді. Бірақ ол тез арада жете алмайды. Сол кезде Көгершін құсқа айналып, ұшып барады. Көгершін ұшып өткен жерден соғысушылардың қолдарынан сойыл, шоқпарлары түсіп, татуласа бастайды. Әлгі Көгершін құс үлкен жартасқа отырып, тасқа айналады. Ел бұл соғысудың себепсіз екенін түсініп, татуласа бастаған екен. Елдің қарғысы Тасбасқа тиіп, тас болып қатып қалған екен. Торайғыр көлі мен Жасыбай көлінің арасында бір жалғыз тас тұр, сол тасты қазіргі кезде «Тасбас» тасы дейді.
Торайғыр ауылының жанында тас түйе тұр, ол Көгершіннің мінген түйесі екен.
АЛЫП, БАТЫРЛАР ТУРАЛЫ
1. Күшікбай батыр
Семейден Абай ауылына бара қалсаңыз, жолшыбай Күшікбай асуын басып өтесіз. Бұл асудан қыс кезінде өту қиын-ақ. Семейдегі ашық, желсіз күн асуға таянғаннан-ақ борандатып, қарлатып тұрады. Бұл кезді жергілікті халық "Күшікбай батыр ашуланып жатыр" – деседі. Елдің айтуынша, ертеректе осы маңды мекендеген Күшікбай атты батыр болыпты. Батыр сондай ержүрек, қайратты да қаhарлы болған екен. Айналадағы жау батырдың исінен қорқып, жолай алмапты. Күндердің бір күнінде Күшікбай ауырып, төсек тартып жатып қалады. Осыны пайдаланып, аурулы екенін естіген жауы батырдың ауылын шауып алмақ боп, шабуылға шығады. Батырдан басқа қарсы шығатын адам жоқ, оп-оңай басып алмақшы болады. Жаудың келіп қалғанын естіген батыр аурудан тұра алмай, іштей ыза кегі қайнап, шарасыздықтан жата береді. Күшікбайдың тұра алмайтынын, әлсіздігін байқаған жау басынып, ауылды азан-қазан қылады. Мұндай қорлыққа шыдамаған батыр жалаңаш денесіне тонын жамыла сала атқа қонады. Күшікбайдың атта отырғанын көре сала жаулары қатты сасып, қаша жөнеледі. Күшікбай қуып береді. Сөйтіп, жауын бірнеше қырдан асырып қуып, қайтып келе жатқанда, ауруы меңдеп, бір төбеге келіп, жантая кетеді. Сөйтіп жатып, ұйықтап қалған екен, содан әлі тұрмаған екен деседі. Сол төбешекті қазір "Күшікбай асуы" деп атайды. Боранды, желді күндерді «Күшікбай батырдың жауына деген ашу, ызасы ғой» деп жатады.
2. Кейден батыр
Кейден батыр – Қарашаның бел баласы. Сол заманда бір айдаһар елге тыныштық бермепті. Елдің билеушілері айдаһардың амалын таппай, оған жылына жүз қой, бір қыз беретін болып бәтуа етсе керек. Құбыжық айдаһар сонда ғана тыныштанады екен. Оған қарсы баруға ешкімнің жүрегі дауаламайды. Хан «елде қандай батыр бар?» деп сұрау салады. Оған «Айдаһарды өлтіру бір келсе, Қарашаның баласы Кейденнің қолынан ғана келеді» деген хабар тиеді. Хан жасауылын жұмсап, Кейденді шақыртады. Ханның не оймен шақырғанын білмеген Кейден қаруын тағынып, «бұзық ойы болса, қапы қалмайын» деп, айбынын жасырмай барады. Ханның тілегін білген соң, Кейден келісім беріп, көптен бата тілек етеді. Көпті көрген бір ақсақал Кейденге «балам айдаһарға үңгірінде жатқанда тиіспе, қаһары қатты болар, жолын өрістен, суаттан қайтқанда тос, сонда қимылы шабандау, уы зәрсіздеу болар» деп кеңес береді. Бірақ өзіне сенген Кейден айдаһарға тура барады. «Көкелеп» соңынан ерген балалары Қожамберді мен Қожақты айдаһарды көріп, жүрегі қысылмасын деп қалдырып кетеді. Кейден айдаһардың басын шауып алады. Қатты соққыдан басы алысқа ұшып кетеді. Зәрлі уынан Кейден де қаза болады. Қазіргі Самарқан обылысының Майлыбұлақ қорғаны деген жерде Кейденнің зираты бар. Жергілікті халық оған әулие деп сыйынады. Сол жерде тасқа айналған алып айдаһардың бейнесі де бар.
3. Әзберген (Әжі) батыр
Әзберген батыр - Қожақ батырдың баласы атса, оқ өтпейтін, шапса, қылыш кеспейтін батыр болады. Самарқан, Бұхараға аттанған әр жорығында олжамен оралады екен. Онымен бетпе-бет шайқасудан қаймыққан жаулары оның құпиясын білмей дал болады. Өзара ақылдасып, батырдың аулына бір кемпірді диуана кейпінде, тыңшы етіп жібереді. Жорықтан қайтқан бір қауышуында әйелінің қылымсыған назына шыдамай (тыңшы кемпірдің арандатуымен) сырын ашып қояды. Сөйтіп, ол жауларына мәлім болады. Әзберген батыр жорықтан оралып ел шетіне келгенде көңілі шалқып, сырнай тартады екен, сонда денесі балқып, бойы босайтын болса керек. Қараша тауының Ұқым, Тызбан деген асуында аңдушылар мерген қойып, ақыры Әзбергенге оқ тартады. Әзбергеннің денесі сонда жерленген. Өлерін сезген Әзберген қасындағыларға «мені сүйемелдеп, алға қарай түк болмағандай жүре беріңдер» дейді де, өзі сырнайын тоқтатпай тарта береді. Батырдың құламағанын көрген жау шабуға бата алмайды.
4. Шал Шияз
Бұрынғы заманда бір үлкен теңіздің жағасында кемпір мен шал тұрыпты. Бұлардың мал дегенде бір сауулы ешкісі һәм бір балық ұстайтын ауы болыпты. Шалдың аты Шияз екен. Шал аумен балық ұстап жүргенде кемпір ешкіні бағып жүріпті. Ешкінің сүті мен балық бұлардың бар қорегі болған екен. Кемпір, шал әр уақытта бір түлкіден қорлық көріп жүріпті. Шал Шияз қалай теңізден ау салып, балықты суырып алса, судың жағасына түлкі келіп, мұның балығын тартып жеуші еді. Түлкі өзінен күштірек болған соң шал Шияз мұны жеңе алмай жүріпті. Түлкіден басқа кемпір-шалдың, бір өзге Ботакөз деген бек күшті, мінезі жаман алып дұшпаны болыпты. Ботакөз алып шал Шияздың үйінің қасындағы бір үңгірде тұрып, кісінің етін жеп тұрушы еді. Сақтап қойған кісінің еті таусылғанда, Ботакөз алып қасындағы аймақтан балаларды һәм кемпір, шалдарды жиып әкетеді екен. Бұл алыптан бір айламен құтылуға шал Шияз өзінің кемпіріне айтады: «Кемпірім Ботакөз алыпты қонаққа шақырайын деп едім, ешкіні союға маған болыс. Әрдайым Ботакөзден қорқа бергенше мен мұнымен соғыс салайын деп тұрмын». Жалғыз ешкісін қимаса да кемпір байғұс шалдың айтқанынан шықпапты. Кемпір, шал үш күнде ешкісін әрең-пәрең жығып, сойыпты. Шал ешкінің ішек-қарнын һәм миын саз балшыққа көміп, үстіне кебу топырақ жауып қойыпты. Мұнан соң шал Шияз Ботакөзді қонаққа шақырған екен. Ол мұның үйіне келіпті. Үйдің тұсында Ботакөзді ешкінің етімен сыйлап болған соң, шал Шияз: «Күш салыстырмақ үшін әуелі жердің ішек-қарнын, одан соң миын шығарайық», – депті. Ботакөз ашу шақырып, бар мейлінше жерді тепкенде, белбуарына шейін жерге кіріпті. Сүйтсе де жердің ішек-қарнын шығара алмапты. «Қанеки, мен қимылдап көрейін», – деп, шал Шияз саз балшықтың үстінде тұрып жерді теуіп, белбуарына шейін балшыққа еніп, ешкінің ішек-қарнын суырып алғанда, мұның күшіне алып аң-таң қалыпты. «Енді жердің миын шығарайық», – деп Шияз айтқанда, Ботакөз бұрынғысынан да жаман ашуланып, жерді тепкенде, жерге белбуарынан жоғары еніпті. Сөйтсе де жердің миын шығара алмапты. Сонда шал Шияз жерді теуіп, алыптай болып жерге еніп, саз балшықтан ешкінің миын суырып алыпты. «Мінеки, жердің миы. Ботакөз, менің күшіме разысың ба?» – деп. «Рас, сен күштісің. Кел, ағаш жұлысайық», – деп бұған алып айтты. «Жарайды», – деп, шал Шияз жауап қайтарды. Ботакөз жүгіріп барып, бір емен ағашты тамырымен қопарып, жеті таудан асырып, лақтырып жіберді. Шал Шияз бір үлкен еменді құшақтап тұрып айтты: «Бүгін мен күшімді көрсетемін. Ал, ай, аузың бұзылмасын, күн, көзің шықпасын», – деп. Мұндай сөздерден қорқып Ботакөз жүгіріп келіп, шалдың аяғына жығылып сұрайды: «Еменді лақтырма, ай мен күнді жаралайсың», – деп. Ботакөз алып шал Шияз бір күшті адам ғой деп ойлап: «Кел, екеуміз өле-өлгенше дос болайық», – депті. Шияз: «Жарайды, дос болсақ болайық. Сен тағы да жақын арада маған қонаққа кел», – дейді. Ботакөз үйіне кеткенде шал Шияз қылған айласына қуанып, қатынына айтады: «Кемпірім, алыпты тағы да қонаққа шақырдым. Бұл жолы бұған мұндай қорлық істемеймін. Алып келе жатканда, мен өтірік ұйықтап жатайын, ол үйге енгенде, мені оята баста», – дейді. Не қадар уақыт өткен соң, Ботакөз қонаққа келіп, кемпір, шалдың үйіне әрең-пәрең сыйып, басы шаңырақтан шығып отырды. Кемпір шалды оятты: «Шалым, саған достың қонаққа келді. Мұны немен сыйлаймыз? », – деп. Шал айтты: «Басқы алыптан бас қалған, соңғы алыптан төс қалған. Соны жиып ас. Егер де бұл аз десең, осы отырған алыптың өзін ас», – деп. Мұндай сөзден Ботакөз қорқып, шал мен кемпірдің үйін көтере қашыпты. Ботакөз алып көзі қараған жаққа қашып бара жатқанда, бұған жолда бір түлкі кез келді: «Сен қайдан, қай жаққа барасың, Ботакөз? Сен де біреуден қорқады екенсің. Маған айтшы, басыңа не күн туды? Мен саған бір қызмет қылайын», – деп. «Ой, қарағым түлкі, менен де күшті адамдар бар екен. Айтшы, қарағым, қалайша, қайда барып шал Шияздан құтылам? Мені ол өлтіреді ғой», – деп Ботакөз айтты. «Шал Шияздың күші жоқ, мен оның әр уақытта балығын тартып жеп тұрған едім. Мен оны жеңіп берейін», – деп бұған түлкі айтты. «Қой, түлкішім, қой, сен оған пар болмассың», – деп алып айтты. «Бекер айтпаймын, егер де маған нанбай тұрсаң, менің құйрығымнан мықтап ұста, мен алдап бара жатқандай болсам, маған не қылсаң да ықтияр сенікі», – деп түлкі айтты. Ботакөз алып түлкімен еріп, кемпір мен шалға баруға қайтадан қайтты. Кемпір мен шал сынып қалған үйінің оны-мұнысын жиып жүріп, бұларды көрді. Шал айтты: «Тәңір жарылқасын сені, қарағым түлкішегім, Ботакөзді алдап әкелдің бе? Ұста, мен оны отқа салайын», – дегенде, Ботакөз бек жаман қорқып: «Түлкі мені шалдың қолына ұстап бергелі жүр ғой», – деп, мұны құйрығынан алып, жерге бір қойғанда, түлкі өліп кетті. Ботакөз жеті жылда қос атпен бара алмайтын жерге қашып кетті.
Осылайша кемпір мен шал Ботакөз алыптан һәм түлкіден құтылыпты.
5. Қылтибостан батыр
Бостан деген адам өзі кішкентай болған екен. Ана жерден бір, мына жерден бір көрініп жүрген соң, жұрт «Қылтибостан» атап кетіпті. Оның ата-тегі ұлы жүздің үйсін деген руынан тараған, Байшахан ұрпағы екен. Елге атағы тарап, әрі ержүрек, әрі қайратты боп аты шығады. Батыр бір күні көрші ауылға қонаққа барыпты. "Батыр келді" дегенді естіп халық жиналып, ет асып, ет жеп, көрген, білгендерін әңгіме етеді. Жол жүріп шаршаған батыр бір сәт ұйықтап кетеді. Бір кезде батыр айқай-шудан оянып кетеді. Шалқасынан жатқан батыр аузын ашып ұйықтап жатқан екен, көзін сығырайта ашса, үстінде дәу жылан аузына қарай өрмелеп келеді екен. Аузын барынша ашқан батыр, сусылдап, іні екен деп кіре берген жыланды шайнап-шайнап жеп қояды. Міне, содан кейін Қылтибостан аты жойылып, «жылан жұтқан батыр» атаныпты. Бұл аңыз осы күнге дейін ел аузында бар. Қазіргі үйсін руының ұрпақтарын «жылан жұтқан батыр ұрпақтары» деп те атайды екен.
6. Майлық руының бір атасы
Қазіргі Майлық руының бір атасы Көтен деп аталады. Осы кісі алып, батыр болған деген аңыз бар. Қысы-жазы жалаң аяқ жүреді екен. «Бір жегенде, бір өгізшенің етін жеп қояды екен» деп аңыз қылады үлкендер. Әлгі кісі қарны ашқанда, өрістегі сиырлардың арасынан ұстап алып, өзі сайлаған үңгіріне апарып, қақтап, жей береді екен. Әлгі үңгірде өзінің сайлап қойған үлкен бақырашы және үлкен ағаш астау тұрады екен. Бақырға су құйып, отқа бір қайнатып, жей береді екен. Ал бақырдағы сорпаны астауға жинай береді екен де, артынан бір-ақ ішеді екен. Әлгі кісі сол өңірдегі әпербақан бір байдың өгізін өрістен әкетіп, әлгідей қып жеп қойыпты. Сосын әлгі бай қолына темір шоқпар беріп, бір батыр адамын "Көтен батырды ұрып өлтір" – деп жіберіпті. Әлгі батыр үңгірге кірсе, Көтен өгізшенің етін орталап, астауға сорпа толып қалған екен дейді. Әлгі аяғының сыбдырын білдірмей кіріп, шоқпармен дәлдеп тұрып желкеден ұрса, Көтен селт етпепті. Сонда ол өз көзіне өзі сенбей, тағы бір ұрғанда ғана, Көтен оң жағына бұрылып: "Әй, бұл қайсың, енді сорпа төгіліп, ойының осылып жүрмесін" – деп айтыпты деседі. Сонда әлгі батыр шоқпарын тастап қашыпты, – дейді ақсақалдар.
7. Елеңке батыр туралы
Елеңке деген батыр қалмақтармен соғысқанда, сарбаздарының бәрі майданда қырылып, жалғыз өзі ғана қалыпты. Қашып құтылуға шамасы келсе де қашу, шегіну дегенді өлімнен жаман көретін батыр "Әлім біткенше соғысайын" деген оймен соғыса беріпті. Қалмақтың қол бастаған әрі батыры, әрі ханы Елеңкенің батырлығын бұрыннан біледі екен. Енді өз көзімен бұл соғыста орасан өжеттігі мен батырлығын көріп: "Тұтқынға алыңдар!" – деп бұйрық беріпті. Самсаған қалың жау шыдата ма, жүздегені батырдың алты кез ақ семсерінен ол дүниеге кетіп, ақыры әр жерін найза, қылышпен шанышқылай қанын ағызып, әлсіретіп құлатыпты. Ханның бұйрығы бойынша, жақсы емшілерге емдеткізіп, асыл тамақ ішкізе тез арада жараларынан сауықтырыпты да, бұл хандықтағы сұлу қыздардың күніне біреуін, Елеңкемен бөлек үйге қамайды екен. Елеңке жауының бұл ісіне түсініп, сұлу қыздармен ойнамақ түгілі, бетіне де қарамапты. Хан батырдың бұл ісін естіп, қаhарлана алдына алдырып, былай депті: "Сен біздің қыздарға неге мойын бұрмайсың, егер бұдан былай мойныңды бұрсаң, еліңе жіберемін, ал осылай көнбей қойсаң, басыңды алдырамын". Елеңке: «Жауыма тұқым тастап құтылғанымша, өз халқым үшін адал өлгенім артық" – деп жауап берген екен. Хан ісінің оңға аспайтынына көзі жетіп, дереу басын алып, өлтіруге бұйрығын береді. "Бұл иттің жүрегін алдыма келтіріңдер" – депті. Елеңкенің жүрегі алдына келтірілгенде сыншыларына: "Осының жүрегі адамзаттың жүрегі ме, әлде басқа бірдеменің жүрегі ме, қараңдаршы" – депті, орасан қайратты, өжеттілігіне таңданып. Сонда жүректі қақ жарып, қарағандарында, ортасынан бір тал түкті көріпті. Біздің қазақ халқы біреудің өжеттік ісіне таңданғанында, "Жүрегіңнің түгі бар ма" – деп мәтелдей сөйлейтіні Елеңкенің осы оқиғасына байланысты екен деседі жұрт.
8. Есей қалай қорықты
Есей жасынан батыр болып өскен. Өмірі қорқып, бұғуды білмейтін, өте қайсар адам болған. Ылғи да тауда жорытқан көкжал бөрідей жалғыз жортуды ұнататын. Талай жауға жалғыз өзі шауып, жеңістерге жетіп жүрді. Ол қолына жөнді қару ұстамаған. Бар қаруы өгіз терісінен илеп жасаған үлкен сегіз өрме қамшымен ғана жүрген. Сол Есей бір күні түнде жолаушылап бара жатқанда, қатты нөсер жаңбыр құйып береді. Үсті су бола бастаған батыр жаңбырдан ықтамақ болып, анадай жерде тұрған жалғыз молаға жақындайды. Осы кезде жаңбыр толастап, жер-әлем тып-тыныш бола қалады. Артынша моланың үстінен лапылдап от көрінеді. Оттың ішінде шырылдап жанып жатқан, жалаңаш әйел пайда болады. Әйелдің шырқыраған жан даусы Есейдің тұла бойын шымырлатып, денесін қалтыратады. Өзіне-өзі келу үшін қорқарын алып, шылым тартпақшы болады. Бірақ қатты жаңбырдан су-су болған оттығы тұтанбайды. Есей не істерін білмей дағдарған сәтте, екі көзі жанып тұрған отқа түседі. Отқа жақындамай, алыстан айғай салады:
– Ей, бейбақ, қорқарымды тұтатып жібер, – дейді. Жалаңаш әйел қолымен көлегейлеп:
– Ей, адам, онсыз да қиналып жатқан жанымды одан сайын қинама, – деп теріс бұрыла береді.
Жасынан бірбеткей болып, өз айтқанын орындататын Есей батыр мына әйелдің сөзіне намыстанып:
– Бол тез! Жаныңның барында отты әпер! – деп, жер-көкті жаңғырта ақырып қалады. Әйел жүзін төмен салып, жерге қараған күйі отын әкеліп, қорқарын тұтатып береді. Есей әрі қарай жүріп кетеді. Жүз қадам жүрген соң артына бұрылып қарайды. Әйел сол күйінде әлі жанып тұр. Ащы да зарлы үні адамның сай-сүйегін сырқыратады. Енді бір бес жүз қадам жүрген соң артына бұрылып тағы қарайды. Әйел әлі жанып тұрады. Елес дейін десе, қорқарын қыздырып, түтіні будақтап, жанып келеді. Шын дейін десе, бұл айдалаға, түн ішінде қалай келеді? Аруақ дейін десе, мұның айтқанына қалай көнеді.
Кейін сол Есей батыр қартайған кезінде, біреу сұрақ қойған екен "Өмірде қанша рет қорықтың?", – деп сонда Есей: "Мен бұл өмірімде талай рет жаулармен де айқастым, солардың біреуінде де жүрегім селт етпеп еді. Тек қана өмірімде бір-ақ рет қорықтым, – деп, осы әңгімені айтқан екен. Егер де қорықпасам, сонда артыма екі рет бұрылып, неге қарадым?" – депті.
9. Қисса алаңғасар Әлиф
Бұрынғы өткен заманда бір Алаңғасар атты дәу адам болған екен. Оның бір баласы бар екен. Арсалаң Әлиф деген. Екеуі жолаушылап осы уақыттағы Әулие Ата оязы, Дөңбота, Мойнақ, Алмалы уәлістінің Алмалы, Қараша деген жайларына барған екен. Сол заманда Әулие Ата оязындағы Талас өзенінінің жағасында, күншығыс жағында қалмақтың шаhары бар екен. Ханның аты Күрең деген, оның бір қызы бар екен, аты – Түйме. Сол шаhардың орны осы уақыттарда бар, төрт Күлтөбе болып тұрады. Халық Түймекент деп атайды. Сол Түймекентке Россия қыстақ салды. Түймекент намлық – бұ күнде намы өзгерілген Шиповаловка. Әуелгі жайланған орыстың намы бойынша, Алаңғасардың баласы Арсалаң Түйме сұлуға ғашық болып «Маған ти» десе, «Тастан шаhар соқсаң, тиемін» деген екен. Сонда Алаңғасар шаһар соқпақшы болып, Бота Мойнақ тауының Ұзынбұлақ деген бұлақтың аяғына келіп, баласын басына он шақырымша жерге жіберіпті. «Сен тас лақтырып тұр, мен шаhар соға берейін» деп, бірақ айтыпты: «Еш жаққа қарама» деп. Арсалаң тас лақтырып тұрды, атасы шаhар соға берді. Арсалаң әр лақтырғанда түйедей-түйедей тас лақтырар еді. Бір уақыттарда Арсалаңңың көзі Түйме сұлұға түсті. Екі арасы жиырма шақырымша бар. Осы уақыттарда тастаған тастары атасына жетпей, жолға түсе беріпті, қызға алаң болған себепті. Сонда атасы Алаңғасар айтты: «Неге тастаған тас жетпеді, баламның көңілі бір нәрсеге бұзылған сияқты» деп, баласына ашу қылып, келіп қараса, баласының көзі Түйме сұлуға түсіп, биhуш болып қалған екен. «Сен тілімді алмай қарадың» деп, баласын өлтірмекке қолына ашуменен тоқсан батпан күрзі алып, қуған екен. Баласы қашып бара жатып, Талас өзенінің басына таман Үлкен қақпа деген жерде демалыпты. Қолында тоқсан батпан келетұғын кетпені бар екен. Бір кетпен топырақ алып, үстіне шығып отырыпты. Сол топырағы осы уақытта бір үлкен төбе Құмтөбе атты Россияның Іскендір қыстағына жақын әр жерде сондай бір-бір кетпен топырағы бір-бір төбе болып қалыпты. Әулие Ата шаhарынан Алматы шаhарына жүргенде шаhардан он шақырым шыққан соң жолдың жағасында Жетітөбе бар. Соның атырабын Жетітөбе деп атайды. Сол төбелер Алпамыс Әліфтің кетпенменен тастаған топырағы екен. Арсалаң Әліф қашып барып, бір шаhарда тұрыпты. Атасы қапалықпен өліп кетіпті. Арсалаң сол шаhарда біраз уақыттар жүріп, мекен қылыпты. Шаhар халқы мұны көріп, таң қалар екен. Бір күні шаhардың ханы Занкау қасына шақырып алып, жауап сұрапты: «Сенің не өнерің бар, өзің таудан үлкенсің? Сонда Арсалаң айтты: «Бұйрық болса, әр нәрсе қыламын, бірақ көңілім қаласа». Хан айтты: «Олай болса, біздің шаhарымызды су басып кетті, тоқтатшы», – деді. Оған Арсалаңның ашуы келіп, бір тауға барып, аңғарына бес саусағын сұқты, әр саусағының орнынан бір-бір дария ақты, әрбірінің үлкендігі Сырдариядай. Хан «шаhарымызды су басты» деп қулықпенен айтқан еді. Шаhарында су болмай, жүдә ғарып болған еді. Мүбәдә су келтір десе, барлық суын байлап қойса, ықтимал еді. Таспенен бастырып, әлгіндей деп айтқан соң су келтіріпті. Хан оның сырынан хабардар екен. Тағы бір күні шақырып алып айтты: «Әй, тақсыр, біздің шаhарымызды отын басып, керуен жүруге жол болмай қалды. Осы отын ағаштарды бір жоқ қылсаңыз екен» дегенде ашуы келіп, Қызылкұмға барып, барша құмға біткен жүзген, сексеуіл ағаштарын жиып, арқалап келіп, шаhарға тастағанда шаhардың іші бүтін отынға толып, жаман-жұман үйлерді басып, ішіндегі адамдары қорыққаннан қашып, бас аламан болған екен. Лекін шаһар отынға молығып қалған екен. Әрдайым осылай алдап жұмсар екен. Асылы өзі үлкен болғанменен, ешкімге зорлық не зұлымдық қылмас екен. Бір күні Занкау хан Арсалаңның қайратынан қорқып, Арсалаңға бір қағаз жаздырыпты, құтылайын деген ойменен көңіліне келіп. Бір күні қаhары келсе, бәрімізді қырып кетер деп. Жазған қағазы осындай екен: «Мағлұм болсын, Арсалаң батырға атаңыз Алаңғасар сәлем де балама іздеп бара жатырмын. Егер де менен хабар естісе, кетпесін. Занкау ханның қасынан тауып аламын деп hәм Түйме сұлудың қасынан шаhар соғып алайық деп». Сонда Арсалаң баяғы ерегіспе кеселі ұстап «Мені осы жерде торыған-ау» деп, ол шаhардан қашыпты. Зарафшан дариясына барып, мекен қылыпты. Бірнеше жыл ол жерде тұрып, ажалы жетіп, өлерге келген екен. Жатып ауырыпты, түрегеліп жүріп ауырыпты. Бір күні өлейін деп, олай-бұлай сандалып жүргенде, халықтың көзінше құласа, тау құлайтын болып, «қандай амал қыламыз» деп ойда болған екен. «Шаhарға құлатпай, арман құлаталық» деп, барша халық жиылып, бір қатар тұрып, қатты дауыспенен шулаған екен дейді. «Арсалаң ары құламайды, бері құлайды» деп. Сонда Арсалаң «Саған қарап құлағанша» деп ерегісіп, ары жығылып кетіпті, сөйтіп, халық аман қалыпты. Осы уақыттарда Арсалаңның бір жілігі сол Зарафшан дариясында көпір дейді. Сол көпірменен көшкен ел өтеді дейді hәм көпірді әр жыл жүз серкенің майыменен майлап тұрады екен.
10. Қорқыт
Қорқыттың кіндік қаны тамған ата мекені Қараспан тауы еді дейді. Ол дүниеге келерде, анасы құлан етіне жерік болып, құрсақтағы баласын үш жыл, тоғыз күн көтерген екен. Сол үш жылдың әр жылында толғақ қысып, дүниеге нәресте келетіндей қамданып, Қорқыттың анасы бебеу қаға қиналатын болған. Бірақ бірінші жылы да, екінші жылы да бала тумайды. Содан үш жыл, тоғыз күн дегенде Қорқыттың анасын шын толғақ қысады. Бұл жай толғақ болмайды, дәл осы күні Қорқыттың анасымен бірге бүкіл дүние қоса толғатып, қиналғандай, көк жүзін түнерген қара бұлт торлайды. Күн күркіреп, найзағай ойнап, дауыл соғып, дүниенің астан-кестеңі шығады. Мұның бәрін дүниеге келер нәрестенің киесіне жорыған жұртты үрей билейді. Бұл жөнінде ел есінде сақталған мынадай сөз бар:
Қорқыт туған кезінде
Қараспанды су алған,
Қара жерді құм алған.
Ол туарда ел қорқып,
Туғаннан соң қуанған!
Шынында да, Қорқыт туысымен жел тынып, бұлт ыдырап, күн шығып, дүние-тіршілік маужыр күйге түседі. Жұртшылық мұны да жақсы ырымға балап: "Бұл бізді корқытып, дүниеге келген бала болды, есімі Қорқыт болсын!" — деп, құлағына үш рет айқайлап, атын Қорқыт қояды. Қорқыттың дүниеге келуі қандай бөлек болса, оның өмірі де сондай ерекше болады. Жастайынан ұшқан құс, жүгірген аңға, соққан жел, жауған жауынға ден қойып, табиғатпен тілдес болып өседі. Күндердің бір күнінде, бойы өсіп, бұғанасы қатқан Қорқыт түс көреді. Түсінде ақ сақалы беліне түскен, ақ таяғы көк тіреген әулие қарт аян береді: "Уа, Қорқыт, тұр! – дейді әулие. –Сен бір аспап жаса. Аспабың алты жасар нар атанның жілігіндей болсын, шанағы қара бақырдай болсын, көні аруананың бауыр терісінен болсын, тиегі ор текенің мүйізінен болсын, ішегі бесті айғырдың құйрығынан болсын. Аспабыңның аты қобыз болсын. Сол қобыз қиялыңа қанат, жолыңа шырақ, жаныңа араша болар!" Қорқыт осы сөзді өңінде естігендей болып оянса, көкірегі күйге толып, көмейінен сөз саулағандай халде екен дейді. Сол бетінде қобыз жасауға кірісіп, әулиенің қойған барлық шарттарын орындайды. Сонан соң қобызды қолына алып, құлағын бұрап, қияғын шалып көрсе, сарнап қоя береді. Әлгі көкірегін кернеген күй қобызына көшіп, аспан асты сазды сарынға бөленеді. Ұшқан құс, жүгірген аң, ескен жел – бәрі сүттей ұйып, қобыз күйін тыңдайды.
11. Төбекөз дәу мен Бисат жыры
Бір күні оғыз еліне түнде жау тиіп, ел қашады. Аруздың бесіктегі баласы қоржын басынан түсіп қалып, оны арыстан асырайды. Өскен соң ол жылқыға тиіп, малды құрта бастайды. Ел арыстанды өлтіріп, баланы Арузға береді. Қорқыт оған Қиян-селжүк елінен шыққан Бисат (Басат) деп ат қояды. Аруздың қырда Сары қойшы деген малшысы бар еді. Жайлауға елден бұрын көшкен ол Ұзынбұлақ деген бұлаққа барса, суда перілер бар екен, қойлар үркіп шығады. Қойшы перінің бірін ұстап алып, сонымен жақындасады. Пері ұшып бара жатып: «Сен бұл ісіңмен оғыз еліне бүлік салатын болдың, келер жылы балаңды (аманатыңды) осы жерге келіп, алып қал», – дейді. Уәделескен мезгілде қойшы келсе, су түбінде бір алабажақ мес жатыр екен. Судан теңбілі жұлдыз болып көрінеді. Сары қойшы месті су жағасына шығарып, тастап кетеді. Аң аулап жүрген Баяндүр хан сол бұлаққа келіп, месті көреді. Қамшысымен ұрса, мес үлкейіп, жарылады да, ішінен жалғыз көзді дәу шығады. Аруз баланы ауылына апарып, асырайды. Емшегін емген әйел қансырап өлетін болған сон, Аруз баланы қазан-қазан сүтпен бағады. Оның жұдырығы тиген балалар өле берген соң, Аруз оны сабайды. Бір күні бала қашып кетіп, тау үңгіріне орналасады да ( қойшы-қолаң, өткен-кеткеннің етін жейтін болады. Қазан өзінің батырларымен барып, жеңе алмайды. Соғысқанда ол үлкен теректі тамырымен жұлып алып, ұрады екен. Қиян-Сейілханның қарыны жарылады, Қазанның аузынан қызыл қанын ағызады. Дондаз баласы Рүстем Әмен де түк қыла алмайды. Дәудің төбесінде жалғыз көзі бар еді, пері оған сиқырлы жүзік кигізіп кеткендіктен, оқ өтпейді. Оғыздар қонысынан жеті рет көшіп қашқанда, оларды Төбекөз жеті рет қонысына қайта айдап әкеледі. Қорқыт барып: «Сен бұл түріңмен адам тұқымын құртасың ғой», – деп, күніне 2 адам, 500 қой салық төлейтін болып қайтады. Кебәп пісіруге Жоқли-қожа, Жапағли-қожа дегендерді алады. Қапық-хан дегеннің үш баласы бар еді, екі ұлын дәуге беріп, кезек үшінші ұлына келеді. Бисат жаудан қайтқанда, алдынан соның кемпірі шығып, елдің Төбекөзден көріп отырған қорлығын айтады. «Дәу сенің ағаңды өлтірді, әйелі жесір қалды» дейді. Бисат тауға кетіп, ұйықтап жатқан дәуге садақ атса, оған оқ батпайды екен. Қанжарын отқа қыздырып дәудің көзін шығарады. Дәудің сиқырлы қылышын тауып алып, Төбекөздің басын кеседі.
12. Ақжан батыр
Ертеде бір бай болыпты, малы көп болыпты. Әсіресе, жылқысы сондай көп болыпты. Жылқысының саны алты айғыр үйір болыпты. Жаз өтіп, күз таянғанда жылқыларды бағу қиынға түседі. Бір жағынан жылқыларға қасқыр тисе, екінші жағынан, жылқыны шетінен білдірмей ұрлайтын белгісіз, бір ұры пайда болады. Бай қыстың таянып келе жатқанын ойлап, қар түскенде жылқыларды далаға бақтыру, әрі күнделікті жоғалуын тыю үшін, жылқы бағушы адамды іздеуге кіріседі. Сол кезде елге аты шыққан жылқышы, әрі батыр, әрі мерген, мал дегенде жалғыз торы аты бар, Ақжан деген кедей бар екен. Ол туралы бай ести сала, Ақжанның үйіне барады. Ақжан батырға жалынып: «Алты үйір жылқымды бағып бер, қыстан аман-есеп алып шықсаң, бір айғыр үйір жылқыны ақың үшін аласың», – дейді. Ақжан батыр: «Қасыма бес кісі бер», – дейді. Бай: «Қасыңа өзімнің інімді берем, қалған төрт жылқышы ауыл адамдары болады», – дейді. Ақжан батыр «құп» деп торы атына мініп, байдың ауылына келеді. Одан кейін ол түгел санап, алты айғыр үйір жылқыны, бес кісі бақташысымен қарамағына алады. Бұдан кейін бұлар қостанып, алты айғыр үйір жылқыны шөбі қалың, суы мол қопалы жерге айдап әкеледі. Қопаның ішінен ыңғайлы жерге жылқышылар алты қанат киіз үй тігеді. Онда тамақ ішеді, басы артық киім-кешектерін қояды, кезекпен демалады, боран күндері паналайды. Күндер артынан күндер, айлар артынан айлар өтіп жатады. Бірақ жылқы ішінен жылқы жоғалу деген болмайды. Күндерде бір күн Ақжан батыр алты үйір жылқымен жалғыз өзі қалып, қалған туаршыларын үйге тамақтануға қайырады. Кешке қарай бесеуі келісімен бір ту биені сойып, етін тай қазанға салып, киіз үйдің ортасына жер ошаққа асады. Бесеуі етті пісіріп, жеп, жайғасып болған соң жылқыға бармақ болады. Бірақ, байдың інісі ту биенің етіне тойған соң, ұйқысы келіп «ауырады» да, ол киізге оранып, үйде қалады. Қалған төртеуі аттарына мініп, жылқыға барып, Ақжан батырды үйге тамаққа жібермек болып жөнеледі. Бұлар барған соң Ақжан батыр үйге қайтады. Оның торы аты сондай жүйрік болған екен дейді, тіпті алдынан кеткен қараға жетпей тынбайды екен, артынан қуған қараға ешбір ізін білдірмейді екен. Ақжан батыр атын желдіріп келе жатса, алты қанат киіз үй орнынан төрт сүйем жоғары көтеріліп, астынан оттың сәулесі көрініп тұр екен дейді. Есіктің тұсына таман қарсылай жүрсе, үйдің нақ ортасында жалғыз көзді дәу қолына үйде қалған байдың інісін алып, оны отқа қақтап жеп отыр екен дейді. Ақжан батыр киіп кетіп, жалғыз көзді дәудің тап көзінен көздей отырып, саржамен атады. Сол кезде дәу алты қанат киіз үйді көтеріп ала жөнеледі. Бақса, Ақжанның жолдастары жылқыға үйден аттанып кетісімен, дәу үйге келіп, қазандағы етті жеп, одан кейін киізге оранып жатқан жалқауды ұстап алып, отқа қақтап, жей бастаған екен дейді. Бұдан кейін Ақжан батыр дәудің ізіне түсіп, соңынан қуған да отырған екен дейді. Таң қараңғысы болған кезде барып жаудың үңгіріндей бір інге кіреді, Ақжан батыр атын қаңтара тастап, қолына саржасын ұстап, дәу кірген інге кіреді. Көп жүрмей-ақ қолы жалаңаш дәудің денесіне тиеді. Сүйреп алып шықса, дәу өліп қалған екен дейді. Көңілі тынған Ақжан батыр құйғытып жолдастарына келеді. Оқиғаны түгелдей айтып, киіз үйін қайтадан құрап, тігіп береді. Ақжан батыр жолдастарына: «Мен елге барып, байға болған оқиғаны айтайын, бұл дәу үш ағайынды дейтін еді. Қалған екі тумасы маған келер, сендерге тимес, жылқыны жақсы бағыңдар, мен барып қайтайын», – дейді. Жолдастары мақұлдап, қош айтысып, Ақжан батырды шығарып салады. Елі салт аттыға үш күндік жол екен дейді. Ақжан батыр шыққан күні кешке бір ауылға қонбақ болып, келіп түседі. Кешке түскен үйіне бір жат адам келіп, Ақжан батырмен сөзге кіріседі. Әлгі жат адам кетерінде Ақжаннан кешке, қай жерге ұйықтайтынын сұрап, өзінің бұның қасына жатқысы келетінін айтады. Ақжан батыр оған: «Есіктің алдына, ақ жадағайымды айқара жамылып, торы атты беліме байлап жатармын», – дейді. Ақжан батыр мұның жат адам екенін сезіп, түнде есіктің алдына томар ағаш тастап, оның үстіне ақ жадағайын айқара жауып, атын томарға байлап, өзі есік алдындағы сайға жасырынып, саржасын қолына ұстап, бақылап отырады. Түн ортасы ауған соң, бір кезде аспаннан бір үлкен қарақұс ұшып келіп, ат байлаулы тұрған томарды келе бүреді. Ақжан батыр саржамен атып қалады. Дәу томарды сүйрей жөнеледі. Атына мініп, ізімен Ақжан батыр барса, өліп те қалған екен дейді. Одан кейін қонған үйімен қоштасып, Ақжан батыр бағытымен еліне жөнеледі. Келесі күні де жолда қонған үйінде осындай оқиға болып, сонымен үшінші дәуді де өлтіреді. Ақжан батыр еліне жетіп, барлық болған оқиғаны айтады және де байға байдың інісін дәу өлтіргенін айтады. Бай інісінің өлгеніне жылап, малдарының аман қалғанына қуанып, елін жиып, той жасап, ат шаптырады. Ақжан батыр да кері оралып, жылқыларға барып, жолдастарымен байдың жылқыларын айдап әкеліп, байға тапсырады. Бай жылқыларын аман алып шыққаны үшін, дәулерді өлтіргені үшін Ақжан батырға келісім бойынша бір үйір жылқыны береді. Ақжан батыр бір үйір жылқыны үйіне айдап келеді. Бұрын басынан өткен кедейлігі ұмытылып, Ақжан батыр барша мақсатына жеткен екен дейді.
«Еңбек етсең, дұрыс ет» деген мақал осыдан қалған екен дейді.
13. [Орақбай батырдың басынан кешкені]
...Бір күні Орақбай батыр өзінің сарбаздарымен бірге қалың зираттың жанынан өтіп бара жатса "өлдім-ау, өлдім" деген аянышты дауыс естиді. Батыр жолдастарын жұмсаса біреуі де батып бара алмайды. Содан батыр әлгі дауыс шыққан қабірге жетіп барса, бір көкжал қасқыр қабірді қазып жатыр екен дейді. Көкжал көрге ортан белінен кіріп кетіпті. Сонда батыр қасқырды құйрығынан тартып, суырып алып, зиратқа бір қойып өлтіреді. Енді қабірдің ішіне қараса, бір бұрышында бала отыр екен. Баланы алып шығып, аузына су тамызып, әбден есін жиып, сөйлеуге әлі келгенде мұның мәнін сұрайды. Сонда бала айтыпты: "Батыр аға, мен үлкен өзеннен қой айдап бара жатып, суға құлаған едім. Есімді жисам, көрде жатырмын. Одан арғысын көрдіңіз" дейді жыламсырап, батыр баланы алып үйіне тартады. Баланың үйіне жақындап келіп қараса, ел деген қаптап кетіпті, мұның ата-анасына жұбату айтып, көрісіп жатыр екен. Орақбай батыр ешкіммен көріспей, жәй ғана амандасып, төрге отырады да үй иесінен: "Бұл не жиын?" деп сұрайды білмеген болып. "Балам қайтыс болып, соның жетісін беріп жатырмыз" дейді баланың әкесі. Сонда Орақбай батыр отырып қолын жайып: "Қайғың тойға ұлассын, өлгенің тірілсін" деп бетін сипапты. "Ондай жақсылық қайда бізге" деп, мұңдана күрсініпті үй иесі. Сонда батыр одан әріге шыдамай: "Сүйінші, балаңыз тірі" депті қуана күлімсіреп. Бірақ баласын өз қолымен көмген үй иесі сеніңкіремей: "Егерде балам тірі болса, бір үйір шұбар ат атадым" – депті. Батыр қайта тірілген баланы алып келіп, ұлан-асыр той жасатып, олжасын алып қайтқан екен дейді.
14. Көкжан батыр мен айдаһар
Ертеде бір ханның үш қызы болыпты. Екі үлкен қызын ұзатқаннан кейін, хан қолында қалған кенже қызын күйеуге беріп, ойын-тойын жасайды. Тойға қол астындағы бір кемпір мен шалды да шақыртады. Кемпір үйде қалып, шал жалғыз өзі тойға кетеді. Бұл шал мен кемпір де ұлға зар екен. Құдайдан жылап күні-түні бала сұрайды екен. Шалы кеткен соң, кемпір қалың ойға батып жатып, ұйықтап кетеді. Ұйықтап жатып ғажайып түс көреді. Түсінде ұзын бойлы қара кісі келіп аян береді. «Мен саған сегіз қарбыз, бір қауын беремін, тоғыз балаң болады. Қауыннан туған кенже балаңның атын Көкжан батыр қой», – дейді. Кемпір көзін ашып алғанда, қасында сегіз қарбыз, бір қауын жатыр екен. Қауын, қарбызды кемпір жалғыз өзі жеп, тойып алады. Тойдан шал келеді. Кемпір шалға сырын айтпайды. Көп ұзамай кемпір жүкті болады. Тоғыз ай тоғыз күн дегенде кемпір толғатып, тоғыз ұл табады. Кенжесінің атын Көкжан батыр қояды. Балалары ержетіп балиғатқа толады. Балалар аңға шығып, сейіл құрып жүреді. Балалары жоқта кемпір-шал тысқа шығып қараса, тау басынан етекке қарай бір қыз қой жайып келе жатыр екен. Қыз қойын тастап кемпір мен шалға келеді. Аман-саулықты сұрасқан соң, шөлдеген қыз сусын сұрайды, мейірімді кемпір қызға сусын береді. Манадан бері қыздан көзін айырмай ойланып тұрған қарт:
– Бір үйде неше қызсыңдар? – деп сүрайды.
– Бір үйде тоғыз қызбыз, – деп жауап қайырады қыз.
– Ең кенжесінің аты кім? – деп сұрайды қарт.
– Ең кенжесі мен, – дейді қыз. Қыз сөйтіп қойына кетеді. Кемпір мен шал қыздың үйіне барып, құдалық сөйлеспек болады. Кемпір мен шал өзді-өзі келісіп, шал атқа мініп, жол тартады.
Төрт күн дегенде шал қыздың ауылына келіп, әкесімен сөйлесіп, құда түсіп қайтады. Болған әңгімені бастан-аяқ кемпіріне айтады. Енді шал балаларын қайын жұртына ертіп апарудың қамына кіріседі. Балалары бір-бір ат мінеді, бір-бір түйе жетегіне алады. Бұл сапардан қалғысы келген Көкжан батыр:
– Маған қызын сенсе берер, сенбесе бермес, – дейді. Жолда бір үлкен тау бар, соған бара жатқанда да қайтқанда да қонбаңыздар, – дейді.
Көкжан батыр үйде қалады. Басқалары жол жүріп, бағанағы үлкен тауға күн батқанда әзер жетеді. Шалдың үлкен баласы: «Түн болды, қонайық», – дейді әкесіне. Шал тұрып: «Көкжан батыр қонба деген, қонбаймыз» – дейді. Түн қатып жол жүріп, құдасының үйіне келеді, бірнеше күн жатып, келіндерін алып қайтады. Қайтқанда жолдағы тауға тағы да кеш келеді. Балалары болмай әкесін көндіріп, ақыры сол тауға қонады. Таңертең тұрып қараса, астарына мінген аттары мен жүк артқан түйелері жоқ, мұнартқан тау, жым-жырт дала, жан-жаққа жүгіріп малдарын іздейді, таба алмайды. Сөйтіп абыр-сабыр болып, шуылдасып жүріп, бір жартасқа келсе бір айдаһар аузымен құйрығын тістеп, барлық малға қара болып иіріліп жатыр екен. Шал келе сала айдаһарға жалынады: «Ей, малғұн, ең болмаса малымның жартысын қайтарсаңшы!» – деп. Сонда айдаһарға тіл бітіп, адамша сөйлеп, былай дейді.
– Мен сенің малыңның бәрін қайтарайын, егер сен үйіңдегі кенже балаң Көкжан батырды маған берсең, – дейді.
– Жарайды, берейін, – дейді шал. Жылан шалдың малдарын өзіне қайтарады. Шал балаларымен аттарына мініп, түйелерін жетектеп, бос малдарын айдап, үйіне келеді.
Көкжан батыр ағалары мен әкесінің алдынан шығып:
– Енді сіздерге мен жоқпын, – деп тұлпарымен жандарынан жанап өте береді. Сол уақытта әкесі:
– Шырағым, тым болмаса, жарыңның қасына бір түнеп кетсейші, – деп жалынады. Әкесінің сөзін қайталап ағалары да жалынады. Әкесі мен ағаларының сөзін қимаған Көкжан бір түн тоқтап, жарының қасына түнейді.
Ертеңіне Көкжан батыр айдаһарға қарай жол тартады. Бірнеше күн жүріп айдаһарға келеді. Келісімен айдаһар Көкжан батырды алыс жерге алтын шашты қызды алып келуге жұмсайды. Көкжан батыр жолда бір салт атты адамға жолығады. Екеуі танысып Көкжан батыр: «Әңгіме айт», – деп қолқалайды.
– Естігенімді айтайын ба, білгенімді айтайын ба? – дейді танысы.
– Естіген жалған болады, білгеніңді айт, – дейді Көкжан батыр.
– Білгенімді айтсам, менің білетінім: түнде қарсақтың ізіне түсем, – дейді.
Екеуі әзілдесіп келе жатса, тағы бір салт аттыға кездеседі. Онымен танысып, оған да: «Жол қысқарсын, әңгіме айт!» – дейді Көкжан батыр.
– Естігенімді айтайын ба, жоқ білгенімді айтайын ба? – дейді екінші адам. Сонда Көкжан батыр:
– Естіген жалған болады, білгенінді айт! – дейді. Сонда әлгі кісі.
– Мен аспандағы жұлдыздың санын білем, – дейді. Сонда үшеуі достасып келе жатса, оларға тағы бір салт атты кісі тап болады. Онымен де танысып Көкжан батыр: «Әңгіме айт!» – дейді.
– Білгенімді айтайын ба, естігенімді айтайын ба? – дейді ол да. Көкжан батыр тұрып:
– Естіген жалған болар, білгеніңді айт! – дейді.
– Мен жер үстіндегі барлық балықтың санын білем, – дейді ол.
Енді төртеуі достасып жүріп келе жатса, бір бай жұртына жар салып жатыр екен. «Кім тігілген алтын қабақты атып түсірсе, кім күресіп балуанымды жықса, соған қызымды беремін», – деп. Жиналған жұрттың біреуі де байдың алтын қабағын атып түсіре алмайды, балуанын жыға алмайды. Тойға кез болған Көкжан батыр бағын сынап, өнер жарысына түседі. Алтын қабығын атып түсіріп, өгіз балуанын алып ұрады. Жұрттан өнері асып, байдың қызын алады. Олжа қызын Көкжан қасына ерген әуелгі жолдасына береді. Қызды алып жол жүріп келе жатса, той болып жатқан тағы бір ауылды көреді, ол да жамбы тігіп, балуан шығарып, қыз ұзатып жатқан той екен. Бұл бай да жамбымды атып түсірген, балуанымды жыққан кісіге қызымды қосамын», – деп жұртқа жар салыпты. Көкжан батыр тағы да бағын сынауға тәуекел етіпті. Мұнысын жолдастары да қош көріпті. Жамбысын атып түсіріп, балуанын жер қаптырып, қызды алыпты. Екінші қызды екінші досына сыйлапты. Алтау болып жол жүріп келе жатса, қыз ұзатып, той жасап жатқан үшінші ауылға кезігеді. Мұнда да қызды қабағын атып, балуанын жыққан кісі алады екен. Көкжан батыр тағы да балуанын жығып, алтын қабағын атып түсіріп, қызды алады. Үшінші қызды қасындағы үшінші жолдасына қосады. Енді жетеу болып жолға шығады. Бірнеше күн жол жүргеннен кейін үш қыз алған үшеуі Көкжан батырдан бөлініп қалады. Көкжан батыр жалғыз өзі бір ауылға келсе, үлкен той болып жатыр екен. Естіген құлаққа қыз беделі жер жарады. Ай десе аузы, күн десе көзі бар, бір байдың керемет керім, алтын шашты сұлу қызы екен. Байдың шарты: «Алтын қабақты атып түсірген, балуанын күші асып жыққан кісіге қызын атастырмақ екен», – дейді. Жұрттың бірде-бірі байдың бұл шартын орындай алмапты. Тек шеттен қеліп қосылған жолаушы Көкжан батыр ғана байдың шартын түгел орындап, қызын алады да айдаһарға жол тартады. Екеуі жол жүріп келе жатып, айдалада тұрған ақ отауды көреді. Ақ отаудың қасында сарқырап аққан үлкен өзен бар екен. Оның аржағында алқа-қотан тігілген шағала аппақ ауыл көрінеді. Сол иесіз ақ отауды паналап, Көкжан батыр мен қыз аң аулап, күн көреді. Бір күні Көкжан батыр аң аулауға кеткенде, қыз өзеннің жағасына басын жууға барса, Еділдің ар жағынан бір кісі келіп, ол да басын жуады. Қыздың бір тал алтын шашы сумен ағып, жігіттің алдына барады. Шашты қолына ұстап жігіт күркеде жатқан жалмауыз кемпірге алып келеді.
– Мынау менің айырылып кеткен әйелімнің алтын шашына ұқсайды, менің әйелім болмаса игі еді, ол біраздан бері Еділдің ар жағындағы ақ отауда белгісіз біреудің қолында көрінеді. Соны маған қалайда алып бер, – деп жалынады. Кемпір:
– Жарайды, алып берейін, тек маған бір алтын қайық, бір торсық шарап даярла, – дейді.
Жігіт алтын қайығы мен шарабын даярлап, кемпірге алып келеді. Кемпір шарабын алып қайықпен Еділдің ар жағына өтеді. Еділ жағасындағы қалың қамысқа қайығын байлап, отауда отырған қызға келеді. Келіп аман-саулықты сұрасқаннан кейін, одан қашан, қайдан, не үшін, кімнен келгенін сұрап біледі. «Мынау ақ орда менің үйім еді, рұқсатсыз кірдіндер!» – деп зіркілдейді кемпір. Қыз үндемейді. «Айтпасаң өлтіремін, ағаңның жанын айтсаң, өлтірмеймін», – дейді.
– Жарайды, сұрайын айтса, – дейді қыз. Кемпір келетін күнін айтып, шығып кетеді. Көкжан батыр аңнан қайтып келеді.
Қыз ағасынан:
– Көке, осы сіздің жаныңыз қайда болады? – деп сұрайды. Ағасы айтпайды. Көкжан батыр тағы да аңға кетеді. Жалмауыз кемпір келіп: «Не білдің?» – дейді. Қыз тұрып: «Көкем айтпады», – дейді. Залым кемпір қызға ақыл береді. «Енді келгенде айтпаса, сен менің ағам емессің, мен сенің қарындасың емеспін деп жыла, сонда айтады», – дейді. Соны айтып кемпір тағы кетіп қалады.
Көкжан батыр аңнан қайтып келген соң, қыз сұрап еді, ағасы айтпады. Айтпаған соң, қыз жылады. Сонда Көкжан батыр ойланып: «Айтсам айтайын, жылап болмадың ғой!» – дейді.
– Менің жаным оң жақ көрпенің астында, бәкінің ұшында, тірі жанға тіс жарып, айтушы болма, – дейді де, ертеңіне тағы аңға кетеді.
Кемпір келіп сұрағанда қыз айтады: «Көкемнің жаны оң жақ көрпенің астында, бәкінің ұшында екен», – дейді. Оны естіп қуанған қу кемпір қызды шарап беріп, мас қылып, оң жақ көрпенің астындағы бәкіні алып, отқа қыздырып, суға лақтырып жібереді. Ес-түсінен айырылған қызды қайыққа салып, кемпір Еділдің аржағына өтеді. Барысымен қызды алтын сарайға қамап тастайды. Сол уақытта баяғы бірге кеткен үш кісінің көңілдері қаяу, қабақтары кірбең тартып, бір сезік пайда болады. Сонда жұлдыздың санын білетін кісі: «Жарық жұлдыз ағып түсті. Көкжан батыр дүниеден өтіпті. Енді оның сүйегін іздеп табу керек», – дейді. Қарсақтың ізіне түсетін кісі Көкжан батырдың ізімен манағы ақ орданың үстінен шығады. Келсе, Көкжан батыр өліп жатыр екен. Балықтың санын білетін кісі балықтарын түгелдесе, шортан жоқ екен. Ол дереу шешініп, суға түсіп, Еділдің терең жерінен шортанды тауып алады. Үйге әкеліп, шортанның ішін жарса, ішінен бәкі шығады. Оны Көкжан батыр жатқан көрпенің оң жақ астына тығады. Сол уақытта қозғалғандай болады. Көкжан батырдың жаны екенін олар сонда біледі. Бәкіні алып, отқа қыздырып, суға малады да, көрпенің астына қайта тығып қойып еді, Көкжан батыр оянып: «Қатты ұйықтап кеткен екенмін ғой», – деп, орнынан ұшып түрегеледі. Қарсақтың ізіне түсетін кісі:
– Жоқ, сен ұйықтаған жоқсың, өліп қалыпсың, біз тірілтіп алдық, – дейді. Соны айтып, олар қайтып кетеді.
Енді Көкжан батыр қызды іздеп, Еділдің аржағына өтеді. Ауыл шетіндегі жерге келсе, бір кемпір отыр екен. Кемпірмен сөйлесіп, көп хабар естиді. Сол ауылда бір хан қызын ұзатайын деп жатыр екен. Көкжан батырдың тұлпары да сонда екен. Кемпірге Көкжан батыр өзінің кім екенін айтпайды.
– Шеше, жүріңіз, – дейді. – Тойға бірге барайық! – дейді батыр.
– Барсақ барайық, – дейді кемпір. Тойға барса, бәйге жарысы болғалы жатыр екен. Бәйгеге қосайын десе, Көкжан батырдың тұлпары маңайына тірі жанды жолатпайды. Мұны көрген Көкжан батыр: «Тұлпарды маған беріңіздер, мен мініп, үйретіп берейін», – дейді. Оның сөзін ешкім елемейді. «Сен түгіл, әкеңдей кісі үйрете алмай жүр, саған ондай өнер қайдан келді?» –дейді жұрт. Сұрап болмаған соң, ақырында атты береді. Көкжан батыр үстіне мінгенде, тұлпар танып, оқырынады. Жиналған жұрт оны да елең қылмайды. Көкжан батырдың қару-жарағы киімінің ішінде буулы екен, тұлпарына мініп алып, қылышын қолға алып айғайлап:
– Үйрету олай емес, былай! – деп шаба жөнеледі. Былай шығып, бір сарайға келеді. Сарай жабық екен. Кілтін бұрап сындырып, ашып қараса, ішінде мас болып жатқан қызды көреді. Көкжан қызды сарайдан алып шығады. Екеуі баяғы алтын қайыққа отырып, тұлпарды жүздіріп, Еділдің бергі жағына өтеді.
Енді Көкжан батыр айдаһарды іздейді. Бірнеше ай жол жүріп айдаһардың тұрған жеріне келсе, айдаһардың қасында торы атты бір қара жігіт жатыр екен. Анадайдан көріп, қара жігітті Көкжан батыр атады. Қара жігіт қозғалмайды. Қанша атса да оғы дарымайды. Ата-ата батырдың оғы таусылады.
Тіпті болмаған соң, Көкжан батыр қара жігіттің қасына келіп, жөн сұрайды:
– Мына сенің өлтірген айдаһарың менің досым еді. Сен оны неге өлтірдің? – дейді Көкжан батыр.
– Мен неге өлтірмейін. Мен анамның құрсағында жатқанда, ол менің әкемді алып кетіпті. Сондықтан мен оны өлтіріп, кегімді алдым, – дейді қара жігіт.
– Әкең аты кім?
– Көкжан батыр.
Сөйтсе, ол Көкжан батыр елден кеткенде, іште қалған баласы екен. Әкелі-балалы екеуі сол жерде құшақтасып көрісіп, табысыпты, аман-есен еліне келіп, барша мұратына жетіпті.
15. Алтын мүйізді киік
Ертеде Бұлды мерген деген аңшы болыпты. Өзі әрі мерген, әрі қарулы, ақылды, ержүрек адам екен. Бір күні ол аңға шығады. Орманды, тауды аралады. Шаршаған аңшы бір ағаштың көлеңкесіне келіп демалады. Ол қарсы алдында ағып жатқан бұлаққа карап отырады. Сөйтсе байқамапты, бұлақтың арғы жағасында, үлкен жартастың түбінде бір киік жайылып тұр. Аңырайған екі мүйізі күнге шағылысып жарқырайды. Тіпті көз қаратпайды. Бұлды мерген өз көзіне өзі сенбей таңдана қарайды. Шын киік. Екі мүйізі қарағайдай, алтыннан жаралған екен. Ол атып алмақ болып, мылтығын кезейді. Сонда алтын мүйізді киікке тіл бітіп:
– Сабыр ет, балам! – деп, Бұлды мергенді тоқтатады. Аңшы оның жанына келеді. Ол аң аулап жүріп, бұрын-соңды мұндай ғажапты көрмеген еді. Қатты таң қалады.
Алтын мүйізді киік әп-сәтте алтын мүйізді, ақ сақалды шалға айналады. Үстіндегі киімі күмістей жарқырайды. Ал екі алтын мүйізі сол қалпында қалады. Бұлды мерген ештеңе демей ғажапқа таңдана қарайды.
– Осы тауда Бұлды мерген деген атақты аңшы батыр бар деп естіп, соны іздеп шығып едім. Оны білмейсің бе, балам? – дейді ақ сақалды шал.
– Отағасы, ендеше, сол Бұлды мерген мен боламын! – дейді аңшы.
– Рұқсат болса, балам, сені іздеп шыққан шаруамды айтайын.
– Айтыңыз.
– Менің балам жер асты елінің ханы еді. Мен соның туған әкесімін. Қаламызға жақын жерде терең сай бар. Жиырма жыл болды, сонда бір жеті басты айдаһар мекендейді. Жұма сайын бір ұл, бір қыз, он мал алғызып жейді. «Салығыма көнбесең, бүкіл қалаңмен адамыңды жұтамын», – дейді. Және сол сайдың маңына барған адам болсын, мал болсын, әйтеуір, жандыны құтқармайды. Соған ешкімнің де күші жетпейді. «Оны тек Бұлды мерген ғана жеңеді» деген соң, халқымызға бір жақсылық бола ма деп, іздеп шығып едім! – дейді ақ сақалды шал жылап.
– Малға у жағып, айдаһар жатқан сайға жібермейсіздер ме? Соны жұтса, улап өлер ме еді! – дейді Бұлды мерген ойланып.
– Оны жасап көрдім, балам. Жауыз улап өлмеді. Халқымды жұтып тауысатын болды. Қолыңнан келсе, көпшілік үшін аянба, шырағым! – дейді шал өтініп.
– Жарайды! – деп Бұлды мерген сауыт-сайманын дайындап, алтын мүйізді шалға ілеседі. Олар жер үсті мен жер астын жалғастыратын үңгірден өтіп, қарттың қаласына барады.
Бұлды мерген бойына бар күшін жинап, қолына жүз құлаш алмас семсер алып, айдаһар жатқан сайға келеді. Жотаға шықса, боран соғып тұр екен. Желдің қаттылығы соншалық, таудың екі бетіндегі тасты ұшырып кетіп жатыр. Бұлды мерген қаһарланып, семсерді беліне көлденең ұстап, күшті леппен тартып жатқан айдаһарға қарай жүреді. Сұрапыл боран оны ұшырып отырып, айдаһардың аузына бір-ақ апарады. Өткір семсер жауыздың екі езуін тіліп, құйрығынан бір-ақ шығарады. Ортасынан қақ бөлінген айдаһар қимылдауға шамасы келмей өледі. Әлей-түлей соққан боран да тоқтайды. Боран айдаһардың лебі екен. Айдаһардан жапа шеккен жұрт қуанып, Бұлды мергенді қоршап алады. Олар батырды құрметтеп, қалаға әкеледі. Қалада жұрт жиылып, үлкен той болады. Халық Бұлды мергенге қатты риза болып, алғыс айтады. Оның ерлігін көрген алтын мүйізді шал:
– Сен өзің шаруаның баласы екенсің. Аң аулап қана тіршілік ететін көрінесің. Бізде дүние, мал деген жетеді. Жүр, көрсетейін! – деп болмаған соң, жауап айтпастан батыр оған ереді. Қаладағы бүкіл үлкен сарайлар хандікі екен. Бәрін де алтыннан жасатыпты. Іші – толған асыл жиһаз. Бірақ көшесінде қайыршылар көп екен, оларға хан ештеңе бермейді екен. Баласынан жасырып, көптің қамын ойлаған алтын мүйізді шал қайыршыларға аздап қарасады екен.
– Бұлды мерген қатты ойланады. Ол елін, елде қалған кәрі әке-шешесін, кедей көршілерін есіне түсіреді. Олардың бәрі де кедей еді. Бұлды мерген оларды аң аулап, асыраушы еді. Енді олардың көрген күні не болды. Соларды ойлап, батырдың қабырғасы қайысады.
– Осында қал, балам. Асыл дүние мынау. Батырлығынды хан да жек көрмейді. Оған бірінші уәзір боласың. Бүкіл халқымызға билігің жүреді,— дейді алтын мүйізді, ақ сақалды шал.
– Жоқ! Еліме барам, ақсақал! Асыл дүние, бәрі де менің елімнен табылады. Мен бұл
жерде қалмаймын! – деп, Бұлды мерген кідірмей еліне қайтады.
15. ДИҚАН БАБА
Сонау-сонау атам заманда, адам жаңа адам болып келе жатқанда, аспан ата мен жер ана "Жан бергенге дән беріп" жан біткенді жарылқап, Диқан баба жыл сайын жаңбыр орнына арпа-бидай, қар орнына аппақ ұн жаудырып отырған екен. Сонан соң егін бейне жердің шөбі сияқты жыл сайын өзі өніп-өсіп, мезгілімен пісіп тұратын болыпты. Ол замандағы ел-жұрт "сенікі-менікі" демей дайын астықты жинап алып, шетінен жей береді екен. "Ашаршылық" дегенді білмейді екен. Бір жылы егін аққұла қалың шығыпты да, орасан аста-төк болып, ішуге ауыз, қоярға жер табылмапты. Мұндай молшылықты көтере алмай мейманасы тасыған адамдар: "Диқан баба, биылдан көп беріп, қиқаңдама" деп кепият сөздерді айтыпты. Көл-көсір астықты аяқ асты етіп, қорлапты. Бұл оспадарлыққа өкпелеп, шамданған Диқан баба үш жыл ұдай теріс қарап: "Ас қадірін білмесең, ашаршылық берсін жазаңды" депті де көктен жаудырғанды қойып, жер бетіне бір түбір дән өсірмей тастапты. Ашаршылыққа тап болып, тентіреген жұрт Диқан бабаға қайтадан жалынып-жалбарыпты, шұбырып алдына барып, аяғына жығылып, кешірім сұрапты. Алдына келіп, аяғына жығылған жұрттың білместігін кешірген Диқан Баба оларды қайта есіркепті. Бірақ бұрынғыдай аспаннан арпа-бидай, ақ ұн жаудырмай, оның орнына жазда жаңбыр, қыста қар жаудырып: "жауын-шашынның суына өздерің егін егіп, тер төгіп, керектеріңе қарай қоректеріңді алып отырыңдар" – депті. "Ашаршылық тартып, ас қадірін білген" жұрт маңдай терін төгіп, өз қолымен егін еккен соң, егіннің қадіріне жетіп, бұрынғыдай ас-азықты төгіп-шашып "нан тептілік" істемейтін, кесірлі-кепият сөздерді айтпайтын болған екен.
СУ ИЕСІ
16. Су көтерген көк жайын жөнінде
Жер жүзіндегі телегей теңіз суларды көк жайын көтеріп тұрады. Бұл жайын көл-теңіздердегі барлық байлықтың қожасы. Ол қозғалса, телегей теңіз астан – кестең болып, асты-үстіне шығады. Оның денесі өлшеусіз үлкен болғандықтан құлқыны да адам айтқысыз, зор. Сонау атам заманда, су иесі Сүлеймен патша су көтерген көк жайынды қонаққа шақырмақ болып, қасындағы қарашы – кеңесшілеріне себет салыпты. Олар қатты түршігіп: – Тақсыр, көк жайынды қонаққа шақырғанды қойыңыз, оны тойғызу біздің қолымыздан келмейді. "Шақырған бұлт – басқа еңбек" деген сөз бар, оны әдейілеп шақырып алып, күтімін келістіре алмасақ, киесіне жолығамыз, – десіпті. Алайда айтқанынан қайтуды ар көрген патша, ойына келгенін орындамақ болып, көк жайынды қонаққа шақырып, разы-хош етіп қайтаруға бел байлапты. "Патшаның ісі пәрменмен" орындалады ғой, қолма-қол жер-жаhанға жарлық шашып, төңіректің төрт бұрышына жидашы мен жасауылдарды аттандырып, аламан-салық салып, алуан түрлі ішіп-жем, тамақ-тағам, жеміс-жидектерді жинатыпты. Хан жарлығын қапы етпейтін жидашылар мен жасауыл – бөкеуілдер қолға ілінердің бәрін қотарып әкеліп, таудай-таудай тағамдарды үйіп-төгіп, жалпақ жерді дарқан дастарқанға айналдырыпты. Мұны көріп, көңілі көншіген патша: "Бір ғана көк жайын емес, барлық біткен жабыла жеседе алты айлық азық болар" деп ойлапты. Сонымен көк жайынды қонаққа шақырыпты. Телегейдей толқынып келген көк жайын дастарқан басына келісімен барлық тамақты бір-ақ асаған екен, қарны тоймақ түгіл тісіне сыздықта болмапты. Көк жайын: "Бұдан басқа берерің бар ма?" дегендей Сүлейменге қарапты, қатты қысылып, қара терге түскен Сүлеймен жерге қарапты.
– Мынауың жұмырыма жұқ та болған жоқ! Тойғыза алмасың бар, тойға неге шақырдың? – деп қынжылыпты жайын. Өзінен зор шығып, екі көзі тас төбесіне шыққан патша:
– Тойымдықты Тәңір берсін! – дегеннен басқа ештеңе айта алмапты.
[Су иесі]
19-ғасырда Алтайда су құрылысын жүргізетін Кеншін деген қазақ болыпты. Ол жер шаршысын, судың жайын тексеріп, тоғанның алынатын жерін нұсқап, арық табанының тегістігін өзі кептіріп әзірлеген түйенің шегіне су жүгіртіп анықтайды екен. Кеншіннің Ертіс өзенінен алған тоғандарының бәрі сәтті болып шығыпты. Мұны көрген жұрт "су иесінің киелі бұйдасы Кеншіннің қолында, ол өзеннің суын тіркеулі түйедей жетектейді" десіп жүріпті. Бір рет Ертіс өзенінің бір жерінен тоған алып, арық қазып жатқан он үш жұртқа Кеншін кенеттен кеңес айтып: "Біз жаңылыппыз, бұл тоғанға су шықпайды, енді әуре болмай жұмысты тоқтатайық" депті. "Оны қайдан білдің?" деп сұрапты жұрт. Кеншін оларға: "Маған су иесі аян берді, қазылып жатқан арыққа су иесі ақ бура болып келіп, көлденең жатып алды. Мен енді алатын ақымнан кештім" деп кетіп қалыпты. Көп еңбек жұмсалған жұмысты тоқтатқысы келмеген жұрт арықты қаза беріпті, бірақ жер астынан көлденең ақ жартас шығып, ақыры арық қазуды тоқтатуға мәжбүр болған екен.
18. Су аяғы құрыдым
Бейне жер жүзіндегі сияқты көк аспанда да күміс өзен, көк теңізі бар, осы өзен тасып, көк теңізі толқығанда, жер бетіне жаңбыр жауады. Жер жүзіндегі сулардың басы, асқар таулар арқылы аспандағы көк теңізі мен күміс өзенге жалғасады. Көк төсінен жерге келген сулар – бастау, бұлақ, жылғалар бірі-біріне қосылып, аға-аға телегей теңізге құяды. Одан соң жердің астына өтеді. Осылай үртіс ұдай аққан су, ең соңында, су аяғына барады. Сулар аға-аға су аяғына жеткенде, ол арадағы оппалар ұйып, мүлде құриды. Басы көк аспаннан басталып, бүкіл жер бетін саяхаттай ағып, ең соңында су аяғына жетіп, өзінің құритынын білген сулар бұрынғыдай сылдырамай , күңірене үн қатып: «құрыдым, құрыдым!» деп қайғы – қасіретпен ағады екен. Соның үшін бұл жер « су аяғы құрыдым» деп аталыпты. Су аяғы құрыдым – су біткенді сіміріп, дым қалдырмайтын, орасан үлкен оппалардан құралған, сұмдық жер. Бұл арада ешқандай тіршілік жоқ. Өсімдік атаулы да өспейді. Осы қаңсыған, құрыдым орынның қожалары – «сұмырай» деп аталатын құбыжықтар екен. Бұл сұмырай – су біткеннің қас жауы. Ол кей жылдарда жер жүзіне де келеді. Сұмырай келген жылдарда, жаңбыр жер бетіне түспей, аспанды жайлап, су тарылып, жер қысырап, асау өзендер батпақ бұлаққа, айдын көлдер шоқанаққа айналып, ерекше қуаңшылық болады. Мұның аяғы қысқа айналғанда, Ақсүйек жұтқа, ашаршылыққа апарып соғады. «Сұмырай келсе, су құриды» деген сөз осыдан шыққан екен.
19. Жел иесі
Тарбағатайдағы Ор Қашар тауынан оқтын-оқтын Сарғосынға қарай соғатын боранды жергілікті жұрт "ебі" деп атайды. Осы ебі туралы ел аузында ертеден мынадай әңгіме бар: "Бұл ебі Ор Қашар тауындағы "Қара пұшық" деген үңгірден шығады, ол үңгірдің ішінде ауық-ауық үрлеп, ебі соқтыратын жел иесі бар екен. Ерте кезде осы үңгірдің бір әкімі ебі шығатын "Қара пұшық" үңгірін бір жолата бітеп тастамақ болып, көп әскер шығарып, елден тоқсан өгіздің терісін жинап, таспамен тіктіріп, әскерін саты арқылы тасқа шығарып, әлгі өгіз терілерін үңгірдің аузына шегелетіп, оның сыртынан бастырып тас жинатқан екен. Олар бұл жұмысты тындырдық деп масайрап отырғанда, үңгірдегі жел иесі оянып кетіп, қаhарланып бір үрлеген екен, тас бұршақтай, терілер қаңбақтай ұшып, оларды төбесінен жай түскендей жайратып, жым-жылас етіпті.
АҒАШТАР
20. Қарағай мен сексеуіл туралы
Тым ерте заманда қарағай да, сексеуіл де ойпаттардағы жасыл алқапта өседі екен. Бұлар қонысқа таласып: "Әрі отыр, бері отыр!" деп қыжақ болып, ең соңында сойылдасып соғысыпты. Олардың арасына түсіп арашалау, ешкімнің қолынан келмепті. Тал мен терек ақылдасыпты да, бұлардың жасақ сайлап, соғысып жатқан майданына сел қаптатып жіберіпті. Сексеуіл селден қашып, шөлге кетіпті, қарағай судан қашып, тауға шығыпты. Сексеуіл мерген екен, қарағайдың өн бойын түйреген, ішкі бұтақтар сексеуілдің атқан оқтары екен. Қарағай найзагер екен. Сексеуілдің тұла бойындағы тыртықтар қарағайдың найзасынан қалыпты. Содан бері қарағайлар «сексеуіл келіп қалмасын» деп, тау басында тұрып, қарауыл қарайды, ал, қарағайдан қорыққан сексеуіл құм-шөлге бұғып, сояуын кезейді. Қонысқа сыйыспай соғысқан екі мықтының бірі үркіп, тауға шығып, бірі ығып, шөлге бұққан соң, кең өзенді өңір тал мен терекке қалыпты.
21. Тобылғы, Баялыш, Арша
Бір-екі үйлі жан бір-біріне жақын тұрыпты. Бірі – Сексеуіл, оның ұлы – Баялыш, енді бірі – Қарағай, оның қызы – Арша болыпты. Алғаш солар көрші болып, жақсы тұрыпты. Баялыш Аршаға қалың беруге ойланғанша, Арша Баялышты бек сүймепті, түсі қара болған соң hәм разылық бермепті. Сонда әкелері ұрысып, Тобылғы келіп, татуластырса да болмапты. Сол уақытта Сексеуіл менен Баялыш тұрудың қиын болғанын көріп, Тобылғыға қосылып, оңтүстікке кетуге ойлапты. Солар кеткен соң, Қарағай тәкаббарланып, басын жоғары көтеріп, мейлінше созылыпты. Сексеуіл қайғыдан бүкірейіп кетіп, Тобылғы Сексеуіл мен Қарағайды татуластыра алмағанына ұялып, қызарып кетіпті. Сонан соң бір талайға шейін Қарағайдың қызынан хабар болмапты. Сонан соң Аршаның тасқа ғашық болып, шешесінен қашып барып, осы күнге шейін таспенен бірге тұрғаны.
22. Киелі бәйтерек
Жер мен көктің кіндігінде жападан жалғыз өскен киелі бәйтерек бар. Бұл бәйтеректің басы аспанмен тілдескен. Түп тамыры жер астымен жалғасқан. Ол – көзге көрінбейтін киелі ағаш. Бұл бәйтеректе жайқалып өскен әрбір жапырақ – жер жүзінде жасаған әрбір адамның өмір тіршілігінің нышаны. Жер жүзінде тіршілік етіп отырған әрбір адам осы киелі теректегі жапырағы жарылғанда, өмірге келеді (туылады). Жапырағы жайқалып өскенде өсіп, үлкейіп, кемеліне келеді. Жапырағы мезгілсіз сарғайса, қайғы-қасіретке тап болады. Жапырағы солып, қураса, қартаяды. Жапырағы үзіліп, жерге түссе, қазаға ұшырайды (өледі). Осы үзіліп түскен жапырақ басқа адамның жапырағына соғылса, ол адамның құлағы шақырады (шулайды). Оң құлағы шақырса, бұл адам үшін хауіп-қатерлі болмайды. Сол құлағы шақырса, жаманаттың жаршысы болады. Осы киелі теректің (әлемдік ағаштың) нышаны ретінде жапанға біткен жалғыз ағашты ардақтап алуан түрлі ырым-кәделерді істейтін болған. Жапанда өсіп тұрған жалғыз ағашты қадірлеп, оның басына түнейді. Оның бұтақтарына әлем (шүберек) байлайды. Оған ыдыс тастайды. Тіпті, құрбандыққа мал шалады. Иә, болмаса, аттың жалын түйіп тастайды.
Райхан гүл қалай өскен
Ертеде бір хан болыпты. Ханның аты Сұмырай екен. Ол: «Елде жоқ зат өзімде болса екен, менде бар зат ешбір адамда жоқ болса екен» – деп ойлапты. Осы мақсатын іс жүзіне асыру үшін Сұмырай хан кімнің жақсы аты, асыл жиһазы, қымбатты мүлкі болса, барлығын да тартып алып, өз қазынасына сала беріпті, сала беріпті. Сонда да көзі тойып, көңілі толмапты. Ол бір күні жалғыз отырып: «Осы мен мал, жиһаз қазынаны қанша ала берсем де халықтың малы да, қазынасы, жиһазы да бір бітпей қойды. Құлақ естіген жердегі жақсы ат, асыл кілем, қыран бүркіт, жүйрік тазы, асыл жиһаздың бәрін де жинап алдым. Енді мұндай асыл қазына тек жалғыз менде ғана шығар деп, талай рет ойладым. Бірақ жақсы ат та, асыл зат та бір таусылар емес. Менде бар зат халықта да бар болып шыға келеді. Мен біреудің құралайды құрықтап ұстайтын бәйгесін алып қойсам, – оның орнына тағы сондай бір қарапайым адам ұшқан құсты құтқармайтын тұлпар өсіріп мінеді. Қысқа күнде қырық үйрек ілген сұңқарын тартып алсам, оның орнына тағы қарапайым бір адам қысқа күнде қырық емес, жүз үйрек ілетін қаршыға баулып салады, мен алтынын алып қойсам, гауһары шығады... Қысқасы, мен – әлі де кедеймін. Менде бардың бәрі де халықта бар», – деп жылапты. Хан өз ойының тап осы бір кезеңіне келгенде, оның ызаланғаны соншалық – өкіріп, бақырып, өз шашын өзі жұла алдындағы алтын текшеге маңдайының қалай сарт етіп жығылғанын да аңғармады. Халық қазынасының құру орнына молая түсуі, ханда бар заттың халықта да бар болуы, қайдағы бір белгісіз күштің оны әдейі мазақ етіп тұрған қорлығы болып сезілді оған. Сөйтті де ол бүктүсіп жата берді. Осы жатқаннан мол жатты. Сарай маңында, ханның алдына ешбір пенде аяқ басып, жақын келе алмады. Ханның қырық уәзірі: – Хан ойланып жатыр, сарай маңына жан жоламасын, – деп хабар таратты. Бұл хабарды естігенде кейбіреулер:
Хан қорқар Құдайынан,
Қайтар райынан,
Зорлық-зомбылығын қояр.
Бір жақсылық болар!
деп үміт етсе, халықтың көпшілігі:
«Ханнан құлақ дәметкенше,
Қасқырдан лақ дәмет»,
– «Ел жыламай, хан күлмес,
– Хан құламай, ел күлмес» –
– «Құста сүт жоқ,
– Жылқыда өт жоқ,
– Ханда қайырым жоқ» –
деген. Ханның оңаша ойлануынан жақсылық жоқ. Тағы қандай қанішерлік ылаң болар екен, – деп шуласыпты. Сол бетімен жатып, отыз күн ойланып, қырық күн толғанған хан, ақыры бір күні ой түбіне де жетіпті.
Қан сасыған қара ағаш,
Хан жарлығы — дар ағаш,
Кісі өлтіргіш жендеттер,
Бас шабатын дөңбектер,
барлығы да майдан басында әзір болды. Халықды жинап, хан жарлығын жариялады:
– Көкте Құдай бұйрығы, жерде хан жарлығы, – деп бастады, ханның әмірін оқыған бас уәзір: – Жер бетіндегі барлық теңіздер, көлдер, өзендер, құдықтар мен бұлақтар – ұлы дәрежелі ризық иесі Сұмырай ханның өз меншігі. Кімде-кім ханның рұқсатынсыз оның меншігінен бір тамшы су алатын болса, басы кесіледі. Бүгіннен бастап, жер бетіндегі су иесі мәртебелі Сұмырай хан болады.
Хан жарлығы екі емес. Сусыздықтан адам да, мал да, құстар да қырыла бастады. Өліп бара жатқан жас баласына бір тостаған су алып ішкізген талай ана сәбиімен бірге дарға тартылды, талай ер балтамен шабылды, қара ағаш қан сасыды. Хан қуана түсті. Жер бетінен су татуға еркі болмаған халық, мал сойып, құрбан шалып, көктегі Құдайдан жаңбыр сұрады. Жаратылыс жағдай мен әуе райының заңды құбылысынсыз, қанша жылап тіленсе де көктегі Құдай да халыққа су молшылығын бере алмады, бейне хан жарлығын Құдай да қолдап тұрған сияқты болды. Көзі аршылмаған бұлақ, түбін тазартпаған құдық, балығы тулап, батпағы шайқалмаған көл көзі бітеліп, құрып кетті. Жан-жануар қырғынға ұшырады, жер беті тозаңға толды, өсімдіктердің тамыры күйді. Су иесі болып алған Сұмырай хан тағы да бірнеше елді жаулап алып, оларға да өз тәртібін орнатыпты. «Сұмырай келсе, су құриды» – деген кәрі мақал осы қасіреттің қайғылы ызасынан қалыпты, – деседі Алтай халқы. Тартылған көлдің жағасында, тарыққан елдің арасында сұлулығы ай мен күндей, адамгершілігі баршаға бірдей, он сегізде жасы бар, он бұрым өрген шашы бар, әрі шешен, әрі шебер Райхан деген қыз тұрып жатыпты.
– Сұмырай ханға барайын,
Бар өнерді салайын.
Он саусақты ойнатып,
Өткір тілді бойлатып,
Керегіне елімнің
Шаңы шыққан жерімнің
Құрбаны болып жарайын –
депті де, Райхан Сұмырай ханның ордасына келіпті. Келгенде бос келмепті, жібек жіппен кестелеп, асыл таспен түймелеп, атласпен әдіптеп, құндызбенен жұрындап, тамаша бір шапан тігіп әкеліпті де, ханның иығына жауыпты. Дүние құмар, озбыр хан сұлу қыз бен асыл шапанды көргенде есінен тана қуанып, жас балаша жұбаныпты.
– Бұл өнерің үшін не тілегің болса да аласың, сұлу қыз. Бірақ алдымен менің үш түрлі сұрағым бар, соған жауап беріп көрші, – депті хан. Райхан:
– Алдияр тақсыр, бір-ақ сұрақ: жауап болған соң сын болғаны ғой, сынға түсер болған соң шын болғаны ғой. Сіз бен екеуміздің сынымыз бен шынымызды тыңдап отыратын бір қария адам қасымызға қоса отырсын, төреші болсын, – деп өтініпті.
– Хан қыз сөзіне келісіп, сол елде екі жүз елу жасқа келген бір қария бар еді, соны алғызыпты да сұрақтарын айта беріпті:
– Әкем айтушы еді,— ер адамның алдынан қара мысық жол кесіп өтсе, жаман ырым деп. Кеше дардан қайтып келе жатқанымда, бір қара мысық жолымды кесіп өтті, бұл қандай ырым болады дер едің?
– Тақсыр, мысықтың алдынан өткені, немесе артынан өткені адам үшін ешбір ырым емес. Бірақ, халың үшін зияны бар қаптесер мен тараққұйрық үшін жаман ырым екен.
– Өзің тігінші екенсің. Менің денемнің ауыр, етімнің семіз екенін көріп те отырсың. Маған қандай түсті матадан киім кию ұнасады деп білесің?
– Мысалы қоянға ақ, түлкіге қызыл, құндызға күрең түс жарасады. Семізде – доңыз семіз. Олардың қарасы да, ағы да, ала-құла теңбілі де өздеріне жарасып тұрады ғой. «Байға тай мінсе де жарасады» демекші, тақсыр, сізге қандай түсті киім кисеңіз де, хандығыңызға ұнасып тұрады деп айтар едім.
– Әкемнің тағы бір сөзі есіме түсті. Ер адамның алдынан бос шелек ұстаған қатын кездессе, жаман ырым деуші еді, о кісі. Біраздан бері қайда барсам, алдымнан бос шелек ұстаған қатындар кездесетін болды, ол қандай ырым?
– Менің әкем: «Надан адам ырымшыл болар, жаман жылқы арыншыл болар» деуші еді. Бірақ қазіргі жағдайда сіздің әкеңіз білгіш екен, тақсыр. Ол шелектерді кептірген өзіңіз ғой, – депті қыз. Дәл осы араға келгенде, манадан бері үндемей, тыңдап отырған қария күліп жіберіпті.
Бұған ашуланған хан: – Сен, шал, неге күлесің, сөзім мазақ, па, өзім мазақ па саған! – деп ақырыпты. Сонда қария:
Сен хан болсаң, мен – қариямын,
Сен зындан болсаң, мен – дариямын.
«Жүйелі сөз жүйесін табады,
Жүйесіз сөз – иесін табады» –
деген екен біздің ата-бабаларымыз. Өзің берген сұрақ та, қызым қайтарған жауап та, қайырымсыз, қанішер ханды тез құртудың ырым-нышаны екенін көрсетті ғой. Мен соған қуанып күлдім. Ал, күлкі деген – жақсы ырым. Көп ұзамай ханның көзі жоғалып, халқым күлкіге бөленеді екен, – депті. Бұл сөзге қатты ашуланған хан қарияның басын алыпты да, Райханның оң жақ қолын білегінен шауып тастапты. Қарияның өнер іздеп, жолаушы кеткен отыз ұлы, отыз қызы бар екен. Халқының қайғылы хабарын естіп, еліне келген олар хан сарайына келіп түссе, қан-жосық қырғыншылықты көреді. Қарияның ұрпақтары Сұмырай ханды өлтіріп, сарайын өртеп, өздері барып, бітеліп қалған бұлақ, құлап қалған құдық, батпақ басып, тартылып жатқан өзен, көлдерді аршып, көздерін тазартыпты. Ел де, жер де, малдар мен аңдар да жауыз ханнан құтылып, суға тойып, құлпыра түсіпті. Сонда жер анамыз асыл қызы Райханның халық үшін шабылған шебер бес саусағын жер бетіне бес жапырақты гүл етіп өсіріпті. Осы күнгі бес жапырақты, құлпырған, әсем гүлдер Райхан өнерпаздың бес саусағының ескерткіші екен. Оның Райхан гүл аталуы содан қалыпты-мыс. Жер ана мұндай ескерткіш жасағанда, Ел анамыз да бос қалмапты. Ол жауыз ханға қарсы су үшін болған күресті – «Ризық үшін күрес» – деп атап, халықтық ою-өрнек, әшекей өнерінде «су» деген өрнек кестелепті. Сөйтіп, қазақтың ою-әшекей өнерінде «су», «Райхан гүл» деп аталатын өрнектер осы хикаяның ескерткіш бейнесі екен деседі.
ЖЕР
23. Жер көтерген көк өгіз жайында
Көк өгіз жасаған жер мен көкті ең алғаш жаратқанда, әуелі айнадай дөңгелек, жерді тебіңгідей төртбұрыш, жалпақ етіп жаратқан екен. Кейін бұлар бірте-бірте өсіп, үлкейе беріпті. Сонан соң Жасаған жерді көк өгізге көтертіпті. Бірақ жалпақ жер көк өгіздің арқасына тоқтамай, ауытқып, аударылып, төңкеріліп, қалтылдап, толқи беріпті. Мұның салмаған теңгеру үшін төңіректің төрт бұрышына таларды әкеліп, орнатып, тау мен жазықты реттеп, бәймөңкелеп бекітіпті. Сонымен жалпақ жер көк өгіздің арқасында аумай-талмай тұратын болған екен. Бұл өгіздің айтуынша, жер жүзінде ізгілік, жақсылық молайса, көк өгіздің жүгі жеңілдейді. Бұған көк өгіз де сүйсінеді. Жер үстінде қылмыс, қылапат қабындап, жауыздық, жаманат өршісе, оның жүгі ауырлайды. Бұлардан жиренген көк өгіз, жер үстіндегі лас-жылыс, жаманатты аластау үшін сілкінеді. Осыдан жер сілкінуі туылады. Жердің сілкінуі, жерге аунаған малдың үстіне жабысқан шаң-тозаң, шөп-шолаңды түсіріп тастау үшін сілкінетін әдетіне тақылет етілген. Жасаған Тәңірдің жерді арқалаған көк өгізі, бейне кәдімгі көш-көлігі болып жүрген өгіздер сияқты, кәртейе береді. Замандардың заманында көк өгіз әбден кәртейіп, күш-қуатынан айырылып, ажалға тап болады. Көтеріп тұрған көлігінен айырылған жер-жаһан зауалға ұшырайды: тау қаңбақтай, тас бұршақтай ұшып, жер көкке шығып, көк жерге түсіп, қиямет зілзала туылып, заманақыр болады. Бұ дүние құрып, бітіп, о дүние басталады.
24. [Жер жұмыртқадай]
Жер жұмыртқадай, ол көк өгіздің мүйізіне қойылған, бір мүйізі талғанда, көк өгіз екінші мүйізіне ауыстыра салады. Сол кезде жер сілкінуі болады.
25. [Шешем жердің...]
Шешем жердің пайда болғаны жөнінде мынадай әңгіме айтып берген. Жерді екі өгіз көтеріп тұрады екен. Жер жалпақ болады екен. Әрбір мезгіл алмасқанда, осы екі өгіз бір мүйізінен екінші мүйізіне өткізіп тұрады екен. Егер екі өгіз орнын ауыстырса, жер қозғалады екен.
ЖАСАҒАН, АЛЛА ТАҒАЛА, ПАЙҒАМБАРЛАР,
ӘЗІРЕЙІЛ, АЛДАШЫ-АЖАЛ
1. [Рух]
"Рух – тәнді қырық күн бұрын тастайды. Сөйтіп құсқа (көгершінге) айналады, барып байтүлектің бұтағына өз адамының аты жазылған жерге қонады. Жан адам өлгеннен кейін, шыбын болып, қырық күннен кейін барып, үйді тастайды. Бәйтеректің діңгегі арқылы жан жерге түсіп, не жерге шығып, әйелдің құрсағына қонады, сөйтіп жаңа өмір пайда болады. Жануарлар да, өсімдіктер де солай..."
2. Жасаған жайында
Сонау-сонау соны, меңіреу заманда, жер мен көк жаралмай тұрғанда, барша ғалам бір тұтас қара түнек, шетсіз-шексіз кең, түпсіз терең, лай су бейнесінде болған. Ол кезде көк те, жер де, ай да, күн де болмаған. Ұшы жоқ өзен, түбі жоқ терең, ұшы-қиыры жоқ от, су, жел, топырақ, төрт түрлі заттан басы құралып, астан-кестең мидай араласып, сапырылысып, қайнап жатқан бір дария еді. Осылай суды тұндырып, қара түнек апатты айықтырып, жер мен көкті жарату, мидай былыққан әлемді реттеу – Жасағанның жасампаз шеберлігі арқылы жарыққа шыққан.
3. [Жасаған]
Сонау-сонау соны меңіреу заманда, арғы-арғы, аңғырт тұйық алаңда, ерте-ерте, ертеден де ертеде, астан-кестең аунаған лай теңіз ішінде, жұмыртқадай жұмыр малта тас жүзіп келе жатыпты. Жалғыз жаратушы Жасаған бұл тасқа ынта-мейірімен, таңырқай қарапты. Қолына алып байқаса, оң беті оттай қызыл, астар беті судай мөлдір, таңғажайып, тамаша тас екен. Жасаған өзінің шебер қолымен бұл тамаша тасты қоспасынан қақ жарыпты. Қарш етіп айырылған жұмыртқадай жұмыр тастың қақ жартысы отқа, қақ жартысы суға айналыпты да, от пен су қайта қосылып, қайнап, одан көтерілген будан көк аспан қайнап, тандыр болған қабыршағынан қара жер жаралыпты. Ең алғашында, жер де, көк те тым кішкене – әуе айнадай, жер тебінгідей ғана болған екен. Жер мен көк бірте-бірте өсіп, үлкейе беріпті. Өскен сайын, көк аспан кеңейіп, көтеріле беріпті де, қара жер қатайып, қалыңдап, салмағы ауырлап, төмендей беріпті. Мұны көрген Жасаған қара жерді киелі, көк өгізге көтертіпті. Алайда қара жер өгіздің үстіне орнықпай, ауып-тала беріпті. Жасаған оны орнықтыру үшін, жалпақ жердің әр өңіріне ұлылы-кішілі тауларды тұрғызып, салмағын теңгеріп, ауып-талмайтын етіп, тиянақтырған екен. Жер мен көк жаралғаннан кейін де қара түнек айыға қоймаған. Жасаған өз қолымен ашқан жер мен көкті жылы мерейімен есіркеп, жарық нұрымен жарылқап, олардың арасынан екі асыл перзент – күн (ұл) мен ай (ару) сынды екі жарықты туғызыпты. Сөйтіп, әлемге таң атып, күн шығып, қара түнек апат айығыпты. Күн мен ай әлемді алма кезек айналып, жер-көкті жылу жарығына бөлеп, қақаған аяз бен қараңғылықты айдап отыратын болыпты. Алайда, алғаш айыққан аспан әлі де аласа еді, қара жер тыр жалаңаш, тақыр қалпында, қаңырап жатқанды. Шебер жаратушы Жасаған көк еңсесін көтеріп, қаңыраған жерге тірлік көркін енгізу үшін, ең алдымен, жер бетіне жалғыз ағаш – "Киелі терек" жаратыпты. Бұл ағаш әуелеп өсіп, көк күмбезінің түңлігін көтеріпті. Өмір тірлігінің өркені алғаш рет осы теректе жапырақ жарып, мәуелепті. Жасаған енді жердің иесін жарату үшін, жер кіндігінен топырақ алып, бір ер, бір әйелдің мүсінін жасап, күнге кептіріп, аузынан үрлеп, жан енгізіпті. Олар орнынан тұрып, өмір тірлігін бастапты. Бұл адамзаттың алғашқы ата-аналары – Адам ата мен Хауа апа екен. Кейін Адам ата мен Хауа апа бірі-біріне қосылыпты. Хауа апа жиырма бес құрсақ көтеріп, егіз-егізден (бірі ұл, бірі қыз) жиырма бес рулы ел тарап, жер жүзіне жайылыпты. Жасаған балшықтан илеп, адамның мүсінін жасағанда, оның кіндігінен ойып тасталған бір шөкім балшықтан итті жаратқан екен. Иттің үнемі адамнан айырылмай, қайда барса да иесінің мал-мүлкін қорып, адамға серік болып жүретін себебі сол дейді. Сонау арғы атамзаманда, аспан-ата, жер-ана, тау пана болғанда, адамзат жер жүзіне жаралғанда, жер мен көктің арасындағы күллі зат, аң-құс, жан-жануарлардың алғашқы ата-аналары да жаралған екен. Жаратушы Жасаған жолын оңдап, ата-бабалары қорғап, қолдап, бұлардың бәрі өсіп-өніп, өмір тіршілігін өрбітіпті. Жер мен көктің арасынан ай мен күн туылып, әлемді бір тұтас қара түнектен құтқарса да, қараңғылық атаулы бір жолата айығып кетпей, бір тәуліктің күндізі жарық, түні қараңғы, бір айдың он бесі жарық, он бесі қараңғы болып, алма-кезек ауысып отыратын болыпты. Қара түнектен туылған қаскелең құбыжықтар өмір тіршілігінің жауы еді. Олар қараңғылықты жамылып келіп, өмір тіршілігіне кесір келтіріп, ауру, апат, ажал төндіріпті. Күн мен ай өзінің жылу жарығы арқылы өмір тіршілігін қорғап, қараңғылықты қуғындап отырыпты. Ізгі иелер мен киелер өмір тіршілігін қорғап, қаскелең құбыжықтармен шайқаса беріпті. Сөйтіп, қараңғы мен жарық, жақсылық пен жамандық, ізгілік пен жауыздық, өмір мен өлім арасындағы жаугершілік заманнан-заманға созыла беріпті. Жаратушы Жасағанның жарылқап, есіркеуі арқылы, жер мен көкке жылу, жарық беріп отырған ай мен күн азаланып, қам-қайғыға батып, аспанды қара бұлт қаптағанда, жарық нұрдан қорқып, жасырынып жатқан қаскелең құбыжықтар қағынып, анталап, адамзат, жан-жануарға ажал-апат төндіруге ұмтылады екен. Бұған қатты қаhарланған Жасаған қаскелең құбыжықтарды жазалау үшін ажағай киесін аттандырады. Ажағай киесі "Жазайылдан" оқ атып, жауларды жазалайды. "Жазайыл" садағы тартылғанда күн күркіреп, оның оғы жасын болып жарқылдап, жауларын жайратады екен.
4. Жер мен көктің жаралуы жайында
Жалпы жаралым атаулының ең арғы аңғырт заманында, жер де, көк те, жалпы жанды, жансыз заттардың ешқайсысы да болмаған. Алғашында әлем қара түнек, қаптаған қараңғы түн, астан-кестең толқып тұрған, лайсаң, лайлы телегей теңіз бейнесінде болған. Бұл телегей теңіздің өзі төрт нәрседен: от, су, топырақ және желден құралып, мидай былығып, сапырылысып, қайнап жатқан.
5. Тәңір туралы
Тәңір аспанның әміршісі саналған. Яғни Тәңір – ең жоғарғы Құдай, ол – аспан мен жердегі тылсым тіршіліктің иесі адамды да, жер бетіндегі нәрселердің бәрін де, аспанды да, ондағы жұлдыздарды да жаратушы. Көк Тәңірі не істеймін десе де ерікті. Жарылқайтын да, жазғыратын да сол. Адамның, халықтардың жақсы, жаман болуы соның еркіне байланысты. «Тәңір жарылқасын», «Көк соққан», «Көк соққыр» деген сөздер осыдан шыққан.
6. [Алтай шамандарының...]
Алтай шамандарының бас қойып табынатын ұлы тәңірі – Қарахан екен. Оның құдіретті ұлдарының бірі – Ерғұн (кейде Өлгін, қазақта Еренқайып деп те аталады) Тәңір. Ерғұн шексіз кеңістіктегі Ай мен Күннің аралығында, жұлдыздардың үстінде тұрады. Оған алып баратын жолда жеті (кейде тоғыз деп те айтылады) бөгет, жолы қиын, тосқауыл бар екен. Бұл бөгет-тосқауылдар тек еркек шамандар мен абыздар барғанда ғана ашылады. Соның ішіндегі ең қиын бөгет Темірқазық (Алтын қазық) жұлдызына орнатылған. Ерғүн тәңір өзінің сарайындағы алтын тақтың үстінде отырады. Оның денесінің бітімі адам баласының тұрпатына ұқсайды. Көктен сорғалаған жылы жаңбырдың тамшылары сол Ерғұн тәңірдің аузынан төгіледі деп жорылады. Түріктердің жеті, тоғыз және қырық сандарын қасиетті санауы да осы сеніммен қабысып жататын секілді. Қазақта Ерен-ғайып құдіреттің әмірін орындайтын нөкерлері «Қырық шілтен» деп аталады. Бұл шілтендер сол тәңірге қызмет етеді. Бұл сандардың қасиетті болуы да сондай сенім салдарынан туған. Ерғұн тәңірдің жеті ұлы, тоғыз қызы болған. Ұлдары – Қаршыт, Бурахан, Жасылхан, Боршыхан, Қарақүс (Қартал), Бақытхан, Ерхан деп аталады. Олар да көкте (аспанда) тұрады. Әр қайсысы – өз алдына жеке-жеке құдірет иелері. Ал қыздарының аттары жеке-жеке айтылмайды. Тек «Ақ қыздар» немесе «Қияндар» деген жалпылама атаумен аталады. Бұл қыздар да шамандарды (тәңір елшілерін) жебеуші құдірет иелері. Олар да Ерғұн тәңірдің әміріне бағынышты. Ерғұн тәңірге басқа да күш-қуаты мығым киелер қызмет етеді. Олар – Жарық, Сәуле, Қар сияқты жеке, өз алдына қасиеттері бар, дара-дара киелері. Бұлардың ішінде Жарық – адам баласы мен Ерғұн тәңірдің өзара қарым-қатынасын жалғап, нығайтып тұратын байланысшысы. Ерғұн – Ата тәңірі сипатында көк жүзіндегі барлық тәңірлер мен киелерді және өзінің жер бетіндегі өкілдері саналатын шамандар мен абыздарды басқарып отыратын құдірет.
7. Мұхаммед пайғамбардың нұры
Хақбихана уа тағала өз қалауы жүзеге асуы үшін ең алдымен Мұхаммед салла аллаhу алайhи уа салламның нұрын жаратты. Бұл нұр қараңғы тұңғиықты жарқыратып, неше мыңдаған жыл бойы бос кеңістікте сайран салды. Күндердің күнінде нұр кемеліне әбден келді. Осыдан кейін нұрды алдына келтіріп, басын сәждеге қойды. "Нұр-наме" кітабында бұл жайында былай делінген: "Раббу-л ғиззат Нұр Мұхаммедке тіл қатты: "Ей, менің нұрым! Ей, менің сүйіктім! Ей, менің асылым! Ей, менің пәк пендем! Ей, менің досым! Саған деген шексіз сүйіспеншілігімнен жеті дария жараттым. Бірінші – ғылым дариясы, екінші – сабыр дариясы, үшінші – ақыл дариясы, төртінші – хикмет дариясы, бесінші – фақырлық дариясы, алтыншы – Алланы тану дариясы, жетінші – кешірімділік дариясы. Осы дарияларға шомыл". Нұр Мұхаммед осы дариялардың әрқайсысында он мың жылдан тұрды. Жетпіс мың жыл өткеннен кейін Алла тағала тағы тіл қатты: "Ей, менің нұрым! Ей, менің сүйіктім! Ей, менің асылым! Ей, менің пәк пендем! Ей, менің досым! Дариядан шық, тебірен!" Нұр Мұхаммед тебіренді. Бір жүз жиырма төрт мың тамшы мүбарак ағзаларынан тамды. Барлық пайғамбарлардың рухы пайда болды. Оның ішінде басынан үш жүз он үш тамшы тамған еді. Олардан (кейін) пайғамбарлардың абзалдары өмірге келді. Екі тамшы мүбарак оң көзінен тамған еді: Лаух, Қалам дүниеге келді. Екі тамшы мүбарак сол көзінен тамған еді: Ғарыш, Күрсі пайда болды. Екі тамшы мүбарак бетінен тамған еді: Ай, Күн жаратылды. Осы тәртіппен Алла тағала досының нұрынан он сегіз мың ғаламды алты күнде жаратып шықты. Оның алты мың ғаламын жанды, он екі мың ғаламын жансыз етті.
8. [Үрім-бұтағы түсінде көрінген]
Үрім-бұтағы түсінде көрінген күні Адам алайhи с-салам бір нұр көрді. Бұлардың арасында толған ай сияқты нұр сәуле шашып тұр. Алайда, жылаудан қолы бос емес еді. Хақбихана уа тағаладан: "Ол нұр – кімнің нұры?" – деп сұрайды. Жауап қайтарды: "Бұл – сенің әулетің. Ұлық пайғамбарлардың бірінің нұры". Адам алайhи с-салам: "Жылауының себебі неліктен?" – деді. Хақбихана уа тағала айтты: "Ол бір іс етеді. Соның қайғысынан қырық тәулік күндіз-түні жылайды". Адам алайhи с-саламның тәулік рақымы келді: "Ғұмыры қанша?" – деп сұрады. "Ғұмыры – жүз алпыс жыл", – деді. "Менің ғұмырым қанша?" – деді. "Сенің ғұмырың – мың жыл". "Олай болса, менің ғұмырымнан қырық жылды Дәуітке бердім", – деді. Бұл сөзді періштелер де естіп тұрған еді. Уақыты келіп, Адам алайhи с-саламның тоғыз жүз алпыс жыл ғұмыры тәмам болды. Әзірейіл алайhи с-салам: "Аманатқа келдім", – деді. Адам алайhи с-салам: "Сабыр етіңіз. Менің ғұмырым мың жыл болатын. Және қырық жыл өмірім бар", – деді. Әзірейіл алайhи с-салам айтты: "Қырық жыл өміріңізді Дәуітке беріп едіңіз". Адам алайhи с-салам: "Егер берген болсам, өзіме де керек болып тұр", – деді. Әмір болды: "Пендеме жан көп шырын. Әзірге қоя тұр. Қырық жыл өмірді Дәуітке мен беремін", – деді. Адам алайhи с-салам тағы қырық жыл өмір сүрді. Дәуіт алайhи с-салам екі жүз жыл жасады, – делінген.
9. [Бір күні Алла Тағала Жебірейіл періштеге...]
Бір күні Алла Тағала Жебірейіл періштеге өкім етеді: "Досым Мұхаммедтің дүниеге келетін уақыты жақындап келеді. Жер бетіне барып, бүгін таң бозарғанша ұйықтамай отырған мұсылман пендемнің үстіне пайғамбарымның нұрын шаш", – дейді. Жебірейіл алайhи с-салам жер бетіне барып, ұйықтамай отырған мұсылман таба алмай келеді. "Бір кәпір ғана бұт жонып отыр екен", – дейді. Қайта жібереді. Бұл жолы да мұсылман таба алмайды. "Әлгіден басқа ояу отырған бір адам жоқ, бәрі ұйқыда", – дейді. "Олай болса, сол кәпірдің үстіне шаш", – дейді. Ұйықтамай ағаш құдай жонып отырған Ибраhим пайғамбардың әкесі Азар еді. Осы нұрдың шарапатынан Ибраhим бірыңғай кәпірлердің арасында болса да, мұсылмандық жолына түсіп, халықты тура жолға бастайды. Осы оқиғадан кейін пайғамбарымыздың нұры кемерден кемерге, бір құрсақтан екінші құрсаққа өте отырып, ақырында Әбдул-Мүтәліптің баласы Абдуллаға келіп жетеді. Мұны Шам шаhары патшасының Фатима атты қызы болжамдап шамалайды. Тауратты терең біледі екен. Ол оқыған кітапта Мұхаммедтің нұры туралы жан-жақты сипатталып, туылатын уақыты, қай жерде дүниеге келетіндігі анық көрсетілген көрінеді. «Болашақ пайғамбарды мен босансам, екі ғаламның ғиззат, құрметіне бөленер едім» деп армандайды. Осы ниетін жүзеге асыру үшін Мекке атырабына бүкіл сән-салтанатымен көшіп келеді. Жарқыратып шатырларын құрып тастайды. Нөкерлерімен той-думан жасап жатады. Бір күні Абдулла аңға шығады. Кенет айдалада құрулы тұрған шатырларды көреді. Бұрын мұндай сән-салтанатты байқамаған еді. Таң қалып, жақындап барады. Фатима Абдулланы көріп, маңдайында жарқырап тұрған нұрды аңлайды. Қошаметтеп түсіріп алып, қонақ етеді. Оған Таурат кітабынан оқыған әңгімелерін баяндайды. Өзінің келген мақсатын айтып: "Үйленейік", – деп ұсыныс жасайды. Абдулла: "Олай болса, әкемнен рұқсат сұраймын", – дейді. Фатимамен уәделеседі де, өз үйіне қайтып келеді. Сол түні Әминамен жақындасады. Нұр Әминаға көшіп кетеді. Таңертең Абдулла әкесіне көрген-білгендерін, Фатима қыздың ұсынысын айтып береді. Тауратта айтылған әңгіме болғандықтан, әкесі қарсылық білдірмейді. Абдулла, уәдесі бойынша, қызға қайтып келеді. Рұқсат алғанын айтады. Бірақ маңдайына қараса, нұр кетіп қалыпты. Фатима түсіне қояды. Одан әрі Абдулланы керек етпейді. Шаhарына көшіп кетеді. Бір күні Мұхаммед пайғамбар Жебірейіл періштеден сұрайды: "Осы екеуіміздің қайсымыз үлкенбіз?". Жебірейіл алайhи с-салам: "Кеңістікте Насрақи атты жұлдыз бар. Отыз мың жылда бір-ақ рет көрінеді. Мен сол жұлдыздың отыз мың мәрте шыққанын көрдім", – дейді. Мұхаммед пайғамбар: "Ол жұлдыз менің нұрым еді. Хақ тағала жаратқаннан кейін менің нұрым кеңістікті елу мың мәрте айналып шықты. Ең алдымен, менің нұрым жаратылды, одан кейін бүкіл жаратылыс пайда болды. Олай болса, мен үлкенмін, – деп сырын айтады.
10. [Мұхаммед пен Жебірейіл періште]
Құдай Тағала Мұхамбет пайғамбарға періште жібереді: "Мұхамбеттің өмірі бітті, алып кел" – деп. Періште есіктен келіп, хабар береді, есіктен бері кіре алмайды. Періштені Мұхамбет пайғамбардың қызы Бибі Батима көріп, Мұхамбет пайғамбарға оның сәлемін айтады. (Бибі Батима – Мұхамбет пайғамбардың қызы. Оның әйелдердің пірі болу себебі: Ол Құдай Тағаланың жіберген періштесін Мұхамбет пайғамбармен жүздестіріп, араларында сәлемші болған). Мұхамбет пайғамбар қызын періштеге жібергенде былай депті: "Маған бір-екі күн мұрсат берсін". Періште Құдай Тағалаға барып, Мұхамбеттің осы сәлемін жолдайды. Рұхсатын береді де екі күн өткен соң, періште Мұхамбет пайғамбардың жанын алуға келеді. Мұхамбет пайғамбар екі күнде елімен қоштасып, өзінің мойнында кімнің қарызы бар екенін сұрайды. Сонда бір сақаба: «Мұхамбетте менің қарызым бар, ертеде мені сабаған, мен де Мұхамбетті шешіндіріп сабап, қарызымды қайтарып аламын" – дейді. Оның шешіндіріп, сабаудағы мақсаты – Мұхамбет арқасындағы мөрді көру. (Мөр – Құдайдың өзінен кейінгі оң қолы Мұхамбет екенін білдіреді) Сақаба Мұхамбетті шешіндірген соң арқасындағы мөрін көріп, пайғамбардың мойнынан сүйіп, оған бас иіпті.
11. [Топан суы туралы]
Нұх 950 жасқа келген кәрия екен. Топан суы апатының туыларын алдан білген Нұх адамзат, жан-жануардың ұрығын осы жойқын апаттан аман алып қалу үшін, күні бойы бұрын қамданып, кеме жасаған және қауым жұртқа болашақ апатты айтып, жар салған. Бірақ жұрттың көбі бұл сәуегөйлікке сенбепті. Кейбіреулер: "Мына шал әбден алжыған екен" деп ажуа-сықақ етіпті. Бірақ Нұх кәрия өз дайындығын тоқтатпапты. Сөзіне иланған қауымды қасына ертіп, кемесін жасай беріпті. Кеме жасап болған кезде, Нұхтың от жағатын ошағынан атылып су шығыпты. Бұл сұмдық су апатының алғашқы нышаны еді. Топан апатының басталғанын білген Нұх сөзіне ықылас-ықтиқат байлаған адамдарды және жер жүзіндегі жан-жануарлардың әр қайсысынан бір еркек, бір ұрғашысын кемеге әкеліп, орналастырыпты. Лезде-ақ топан суы жер жүзін қаптап, кемені қалқытып ала жөнеліпті. Бұл кемеге шықпаған адамзат, жан-жануардың бәрі тұңғиық, топан суына ғарық болыпты. Бүкіл жер жүзіндегі жан иесі түгел суға батқанда, жалғыз ғана Құж деген алып адам батпапты. Оның бойының биіктігі сонша ұсынған қолы көктегі күнге жетеді екен. "Топан суы тобығынан келмепті". Ол қайрандап су бетіне шыққан балықтарды іліп алып, көктегі күнге қақтап жеп, су кешіп, көп жүріпті. Алып тұлға, асқан күштің иесі болған Құждың "бері жығыл" десе, ары жығылатын қылжыр-қиқар мінезі бар екен. Толқын қуып, қалтылдаған Нұх кемесі бір кезде қалқып, Құждың қасына келгенде, кемедегілер Құжды құтқарып алмақ болып: "бері жығыл!" деп кемеге шақырса, Құж ерегісіп, ары жығылыпты да, суға ғарық болыпты. Қазақтың қайраты мол, алып адамды "Мынау бір Құж екен" дейтін теңеуі осыдан шыққан дейді. Жер-жаһандағы алып, асқар таулардың бәрі топан суына тоғытылып, тәрк болғанда, қазақ даласындағы Қазығұрт тауы топан суына батпапты. Үш жыл ұдайы су үстінде жүрген Нұх кемесі қайрандап келіп, осы тауға тоқтапты. Осыдан соң су тартылып, апат айығыпты. Дүниедегі алғаш рет жаралып, өсіп-өнген адамдар айтылмыш топан апатында тәрк болып, кемеге түсіп, топаннан құтылғандардан тек Нұхтың үш ұлы: Хам, Сам, Иафас қалған. Кейінгі адамдардың бәрі осы үшеуінің ұрпағынан тараған деседі.
12. [Нұх пайғамбар]
Ерте заманда бір жалғызбасты кемпір өмір сүреді. Нұх пайғамбарға: "Топан су қаптағанда, мені кемеңе салып, алып кетерсің", – деп өтінеді. Өтінішін пайғамбар қабыл алады. Бірақ қарбаласып жүріп, ұмытып кетеді. Қатты ұялады. Топан су тоқтап, тыйылғаннан кейін келіп қараса, әлгі кемпірді баз қалпында көреді. "Топан суды көрмедіңіз бе?" – деп сұрайды. "Көрмедім, бірақ сиырымның аяғы шалшық-шалшық болып келетін. Топан су дегендерің сол шығар", – дейді. "Құдайдың құдіретіне тіл жетпейді екен-ау", – деп Нұхтың өзі таңырқайды. Топан су азайғанда "Нұхтың кемесі менің төбеме қайырлайды" деп, биік таулар өзара таласқан. Нұх аласа тауға тоқтау жөнінде бұйрық алады. "Аласа тау дегені осы болуы мүмкін" деп, Нұх пайғамбар арабтардың Жудысына келсе, періштелер "бұл емес" дейді. Армяндардың Араратына келсе, тағы да "бұл емес" дейді. Қазақтардың Қазығұртына келеді. "Бұл да емес" деген соң, қазіргі Бұқар облысы, Тамды ауданы маңайындағы Нұрата тауына қарай жылжиды. Нұх пайғамбардың кемесін қабыл алған киелі тау осы еді. Аласа таулар Нұхтың кемесі тоқтайды деп үміттенгендіктен, балбырап, балқып кеткен. Сондықтан жоғарыда аталған таулардың бәрінде де кемеге ұқсас белгі қалған.
13. Сұрмерген мен Мұхаммед пайғамбар
Ертеде несібесін түзден терген бір аңшы болыпты. Бір күні аң аулап жүріп, шұбар киікке ұшырасады. Жас лақтаған, желіні жер сызған киік екен. Бірақ, аң деген көздің құрты емес пе, аңшы «сенде жазық жоқ, менде азық жоқ» дейді де, садағын кезенеді.
Осы кезде шұбар киікке тіл бітіп:
– Ей, Сұрмерген, мені атпа. Әлі бауырын көтермеген егіз лағым бар еді. Жүрегім елжіреп, желінім дертіп келеді. Сен маған мұрсат бер, сол лақтарымды тойғыза бір емізіп, соңғы рет бауырыма алып, мауқымды басқан соң өзіңе қайтып келейін, – дейді.
Аңшы ойланып калады. Нанбайын десе, адамша сөйлеп тұр, нанайын десе, басқа кепіл болар ештеңе жоқ.
– Мен сені атпай жіберер едім, бірақ, қайтып келетініңе кім кепіл болады? – дейді аңшы.
Осы сөздің айтылуы мұң екен, аспан шарт етіп, найзағай жарқ етіп, жерге Мұхаммед пайғамбар түседі де:
– Мен кепіл боламын!- дейді.
Мұнан соң аңшы киікті босатады. Кепілдікке келген Мұхаммед пайғамбар жанында, енді аңшы лақтарын емізуге кеткен киіктің қайтып оралуын күтеді. Арада біраз уақыт өтеді. Күн батуға айналады. Сол кезде аңшы таңырқап, Мұхаммед пайғамбарға тіл қатады:
– Сіз мені бұйырған ризығымнан қақтыңыз-ау, киік опасыз болды!– дейді.
Сонда Мұхаммед:
– Сабыр ет, аңшым, он сегіз мың ғаламда мені ешкім алдаған емес!– депті.
Осы сөзді Мұхаммедтің айтқаны сол екен, таңы жарқылдап, шұбар киік те жетіпті дейді.
Бұл оқиғаны естіген күйші домбырасына келтіріп күй тартса керек».
14. Сүлеймен пайғамбар мен диқаншы
Баяғы өткен уақытта, халық дінге бағынған заманда Сүлеймен пайғамбардың уақтысында әлемдегі барлық хайуандар, өсімдік, өзен, тау... тіршіліктегі барлық заттың бәрі Сүлеймен пайғамбарға бағынған екен. Барлық жан-жануарлардың патшалары жыл сайын пайғамбарға келіп, есеп беріп, үлкен жиын құрады екен. Сол Сүлейменнің уақтысында бір адам жасаған екен. Ол өте керемет диқаншы болған екен. Жыл сайын еккен диқандары өте бітік шығып, әлемді қызықтырып, жанына өткен жанды еріксіз өзіне тартады. Сол диқаншының еккен диқанын көруге жыл сайын көптеген періштелер жиналып тұрады екен де, оңтүстіктен Сүлеймен пайғамбарға жиналысқа келе жатқан құс патшалары періштелердің арасынан әрең өтіп, жылда жиыннан екі-үш күн кешігіп келеді екен. Тағы да жиынға келе жатқан құс патшалары диқаншының еккен егінін көруге келген періштелердің арасынан үш күнде әрең өтіп, тағы кешігіп келеді. «Бұл қалай болды екен» деп ойлайды олар. «Білейікші осы диқаншыны. Диқан еккенде Сүлейман пайғамбарды ауызға бір алар ма екен өзі. Осыны пайғамбардан сұрап білейікші». Бұрынғыдай он шақты күнге созылған үлкен жиналыс болады. Жиналыста әр патша өзінің жұмыстары жайында есептерін береді. Барлық патшалықтар сөйлеп болғаннан кейін қорытынды сөзді пайғамбар сөйлейді. Пайғамбар сөйлеп болғаннан кейін жаңағы құс патшалары Сүлейменге сұрақ қояды.
– Тақсыр, әлемнің патшасы, рұқсат етсеңіз сізден бір сұрақ сұрағалы отырмын.
– Айта ғой, сұңқарым, сұра сұрағыңды.
– Тақсыр, осы жолда бір диқаншы бар. Оның еккен диқаны өте бітік шығып, жылда сол бітік егінді көруге түкпір-түкпірден барлық періштелер жиналып, жиналған періштенің көптігі сондай, арасынан біз екі-үш күнде әрең өтіп, жиыннан ылғи кешігіп келеміз. Сізден сұрайтын сұрағым: «Сол диқан жылда егін еккенде және оны ысырапсыз таза жинап алғанда сізді аузына бір рет алар ма екен? Менің ең білгімнің келетіні осы, тақсыр».
– Сұңқарым, бұл сұрағыңның анығын біліп, келесі жылғы жиналыста айтып берейін, – деп, пайғамбар барлық патшаларды таратып жіберіп, өзі диқаншыны іздеуге шығады. Желге өзін сол диқаншыға апарып тастауын бұйырады. Жел айтқанын екі етпей көзді ашып-жұмғанша пайғамбарды диқаншыға алып-жетіп келеді.
Диқаншы Сүлейменді танып, келіп сәлем береді. Пайғамбар сәлемін алып, өзінің диқаншы еккен таңғаларлық мол диқанды көруге келгенін айтады. Диқаншы оны қуанышпен қарсы алып, орылып-басылған бидайларын, онан соң әлі орылып бітпеген, кісі бойы қалың бидайын көрсетеді. Сүлеймен пайғамбар диқаншының еткен еңбегіне разы болып, енді бұл диқаншының өзін аузына алатынын, әлде алмайтынын білгісі келіп: «Сіз өте еңбекшіл, қарапайым, жігерлі, ақылды, өнерпаз адам көрінесіз, еккен диқаныңыз өте бітік шығып, көруге әлемдегі жанды нәрселер мен періштелер еріксіз жиналады. Менің білгімнің келгені, сіз дәнді алғанда не деп аласыз?» – депті.
– «Бисмилда» деп себемін. «Қара қазан, сары баланың қамы үшін бере көр, табиғат» деп, еңбегіммен аламын, – дейді диқаншы Сүлейменді аузына алмайды...
Бұған ашуланған Сүлеймен бидай, жер, суға: «Бидай, сен ендігі жылы өнбе, ал жер, сен қанша бидай сепсе де өндірме, ал су, қырық кез төмен түс»,- деп әмір береді. Диқаншы мұны біледі. Біледі де даярлықты күшейте бастайды. Күш-көлікті, құрал-саймандарды күзден сайлап, көктемге дейін бәрін де сай ғып қояды. Күткен көктем де туады. Диқаншы еңбек етуге кірісе бастайды. Себетін бидайды жеті күн ұдай судан шығармай бөктіріп, бір айдаған жерін шаршылай жеті рет айдап, жеті рет тырмалап бидайды себеді. Біраз күн өткеннен кейін егін бұрынғы жылғыға қарағанда он есе артық боп бітік шығады. Ендігі суаратын кез келеді. Суға келсе, су өз деңгейінен қырық кез төмен түсіп кеткен. Диқаншы жүгіріп, Сүлеймен пайғамбардың әкесі Дәуіт пайғамбарға кеп, не істейтінін білуге ақыл сұрайды. Дәуіт пайғамбар оған ара, балта беріп: «Сол өзеннің жоғарғы басында бір жырада көктеген үлкен түп ағаш бар. Соны кесіп, көмір ғып жағып, алып кел», – дейді. Диқаншы ара мен балтаны алып, айтқан ағашын тауып алады. Ағаш көлемді, үлкен әдемі ағаш екен. Кесуге де қимайды, бірақ кеспеске де болмайды. Ақыры ағашты кесіп, жағып одан тоғыз қап көмір алады. Тырмыштап жаяу арқалап құдықтың басына жеткізеді де, Дәуіт пайғамбарға қайта барады. Дәуіт төсті, балғаны, көрікті қосып арқалатып, суға келіп, бір жерінен шығыр орнатады. Оған қырық шелекті қатарынан салып, шығырды айналдыра бастайды. Мұндай күшке шыдай алмаған су аспанға шапшып, барлық суландыратын сол аймаққа тарайды. Суарылып, суға қанған егін бұрынғысынан да жақсы көтеріліп, былтырғы жылына қарағанда он қиса артық боп шығады. Енді оған көруге жиналған періште былтырғыдан он қиса артық жиналады. Бүкіл сол алаңды періштелердің жиыны басады. Бұрынғы әдетінше құс патшалары тағы уақытынан кеш қалып келеді. Сүлеймен пайғамбар жиналысын бітірген соң, құс патшасының бірі тағы да былтырғыдай: «Тақсыр, осы былтырғы айтқан диқаншым сізді аузына алар ма екен? Биылғы еккен егіні былтырғыға қарағанда он қиса артық бітік шықты, оған жиналған періште он қиса көп болды. Солардың көпшілігінен әрең өтіп, биыл бұрынғыдан да көп уақыт кешігіп келдік», – деп сұрайды. Бұл сөзге іштей ашуланған Сүлеймен: «Мұны мен осы жолы біліп келейін», – дейді. Желге мініп, ашуланып келген Сүлеймен, тұқымға: «Сен неге менің бұйрығымды орындамадың. Менің шықпа дегенім қайда?» – деп ашулана сұрайды.
– Тақсыр, мен орындамайын дедім бе, жеті күн суға салып, тұншықтырып есімді тандырды, – дейді тұқым.
– Ал сен неге өндіріп шығарасың? – деп жерге ақырады.
– Тақсыр, менің өндірмесіме қойды ма, жеті рет жыртып, жеті рет тырмалап әбден есімді тандырды. Су ішіп, қазір ғана есімді жиып тұрмын, – дейді жер.
– Су, мен саған жер бетіне шықпай, қырық кез төмен түсіп кет дегенім қайда? Неге орындамайсың?
– Тақсыр, мен сіздің айтқаныңызды орындадым. Қырық кез төмен түсіп те кеттім. Бірақ оған Дәуіт қойған жоқ, еріксіз аспанға шығарды...
Бұдан еш нәрсе шықпайтынын көріп, еңбектің түбі нені де болса жеңетінін білген Сүлеймен: «Еңбек қылған алсын» деп, жүріп кетіпті.
15. [Бағзы дүниенің...]
Бағзы дүниенің тоғыз жүз жетпіс үшінші жылы дүние жүзін топан су басқан. Дүниені топан су басып қалатынын білген Нуhі үлкен кеме жасаттырған. Сөйтіп, жер үстіндегі жанды атаулының бәрінен бірі – еркек, екіншісі ұрғашы алып, кемеге салғызған. Адам баласынан еркек-әйелді сексен адам кемеге кірген. Алты айға созылған су тасқыны бірте-бірте басылған соң, кемедегілер жер үстіне түсірілген. Осыдан бастап, дүние қайта қалыптаса бастаған. Нуhі кемесі ең алдымен Қазығұрт тауының үстіне қайырлаған. Қасиетті осы таудың жоталарына төрт түлік малдың арып-ашып тұқымы түскен. Кемеден түскен сексен адам қала салуға кіріскен. Қала аты – Сохл-Сомали. Осы қаланы салу кезінде жетпіс үш адам өліп кеткен. Сөйтіп Нуhінің үш баласы: Хам, Сәм, Япас, үш келіні: Әшиат, Ләйлә, Айша қалған. Нуhінің өзін қосқанда бір жеті адам болған. Адам ұрпағы осылардан өркендеп өскен.
16. Қырғыздардың шығу тегі жөніндегі аңыз
Біз өзіміздің арғы бабамыз Әзірет Адам жөнінде сөз етеміз. Аспаннан берілген Құдайдың аянында Әзірет Адам жұмақта болған кезде оның бидай ағашының жемісін татып керуіне Тәңір Құдай қатаң тиым салып, егер тыңдамаса, жұмақтан қуатынын ескерткен. Шайтан, иә, оны қарғыс атсын, түрлі амал-айламен Хауа Анамызды жолдан тайдырып үлгерген. Ол бидайдың жемісін жегеннен кейін Әзірет Адамға да әкеліп: "Бұл жемістің тәттілігіне тең келер ештеңе жок, жеп көріңіз!" – деген екен. Әзірет Адам, иә, жаны жәннәтта болсын, қызығып, бидайды жеп қойған. Әзірет Адамның (бидайдың жемісін жегесін) иығынан сол сәтте жұмактың лыпасы түсіп қалып, олар жалаңаш қалған. Олар ағаштың жапырағын қанша сұраса да (жамылу үшін), ағаш жапырағын бермеген. Ақыр аяғында құрма ағашы оларға жапырағын берген, олар жалаңаш денелерін сол жапырақтармен жауып, жұмақтан шыққан. Әзірет Адам мен Хауа Ана жұмақты тастап шыққан сол уақытта бұл дүниеде ай да, күн де болмай, өте қараңғы болған. Осы қараңғылық кесірінен Әзірет Адам мен Хауа Ана бір-бірін жоғалтып, жүз жыл бойы қаңғырып, іздеген. Әзірет Адам көз жасын көлдете дүниені кезіп: "Адам сен өз жұбайыңмен жұмақта өмір сүре бер: қай жерде болсын, оның барлық жердегі ырзығын же; бірақ өзің қылмысқа батқың келмесе, мынау ағашқа жақындама!" – деген Құдайдың аянын үнемі қайталай берді. Жүз жыл өткен соң (Адам) Хауамен кездеседі... Әзірет Адам Хауамен кездескен соң, арғы әжеміз Хауа жыл сайын бір ұл, бір қыздан туа бастаған. Хауаның бірінші ұлын Қабыл (Қайн) – деп атаған; келесі жылы Хауа тағы бір ұл мен бір қызды туған. Бұл жолы жаңа туған ұлды Әбіл (Апель), деп атайды. Көп күндер өткен соң, Қабыл мен Әбіл ержеткен. Күндердің күнінде олар аң аулауға шыққан. Аң аулау кезінде Қабыл (Әбілге): "Егер біз үйленетін болсақ, мен онда жақсы бойжеткенді аламын", – дейді. "Жоқ, менің бауырым, Жоғарғы Жаратушы әркім өз жұбын алсын", – деп бұйырған, – деді Әбіл. Мынаны айта кету керек, Қабылмен бірге туған қыз өте ажарсыз да, ал Әбілмен бірге туған қыз өте ажарлы еді. Қызға бола жанжалдасқан Қабыл Әбілді таспен ұрып, оны өлтіріп тастайды. Әбілдің өлгенінен күдіктенбеген Қабыл оны арқалап, далада он күн жүрді және Әбілге не болғанын ешбір түсіне алмаған. Ақыр аяғында, аштық пен ауыртпалықтан әлі құрыған ол жерге отырған. Осы кезде аспаннан екі қарға түсіп, бір-бірін шұқып, шоқи бастайды. Біреуі екіншісін шоқып өлтіреді; тірі қалғаны шұңқыр қазып, шоқып өлтірген қарғаны көміп тастайды. Осы қарғадан үлгі алып және Әбілдің өлгеніне көзі жеткен Қабыл шұқыр қазып, оған Әбілді көміп тастайды да, содан соң үйіне аттанады. Қабыл келгеннен соң Әзірет одан Әбілдің қайда екенін сұрайды, ашығын айтудан қорыққан ол Әбілдің қайтыс болғанын, оны өзінің жерлеп келгенін айтты. Әзірет Адам Қабылдың Әбілді өлтіргенін жорамалдап, оны қарғап, балағаттап, оған екі қызды (жоғарыда айтылған) беріп, қуып жібереді. Бұдан соң Қабыл тауға кетіп, сол жерден жабайы аңдарды аулап, өз күнін сонымен көреді. Сонымен, қырғыздар Қабылдан шыққан, содан бері тауда тұра бастаған екен. Қырғыз әйелдерінің арасында өте сұлулары да, өте ажарсыздары да кездеседі. Мұның төркіні мынада екен: әдемі әйелдер Әбілмен бірге туған қыздан, ал ажарсыздары Қабылмен бірге туған қыздан тарайды екен. Әзірет Адам мен арғы Хауа ана әжеміз жұмақтан шыққанда өздерінің жалаңаш денелеріне кұрма жапырағын жамылған деп жоғарыда айтқанбыз. Қазіргі уақытта біздің киімдеріміз мақтадан дайындалған материалдан жасалады. Мақта алғаш рет құрма пальмасынан жерге түскен тамшыдан өсе бастаған да, кейіннен біз одан мақта өндіре бастаппыз. Ал біз киім-кешекті мақта кездемесінен осы себеппен кие бастаппыз, мұның өзі бізге ежелгі заманнан мұра болып қалған.
17. Қырғыздардың қайдан шыққанының хикаяты
Мұхаммет пайғамбарымыздан кейінгі замандарда Заба-Ақшиба дегеннің Мансұр деген бір ұғлы болған екен. Бұл Мансұр халыққа шариғат айтып: «Құдайға құлшылық қыл, ораза тұт, намаз оқы», – деп өсиет айтар екен. Халықтар мұның айтқанын тыңдамастан: «Әуелі өзіңді жақсылық жолға сал, үлгі көрсет», – дер екен. «Сенің қарындасыңның мінезі жаман, аяғын қия басып, жаман жолға жүреді һәм түн сайын бір жерге жолықпаққа барады», – депті. Қарындасының күнәсын анықтап білмек үшін, бұл күнәсынан ақтамақ үшін, Мансұр қарындасының артынан аңдымаққа талап етіпті. Қашан түн болған соң қарындасы Әнелдің тұрып кеткенін ап-анық көзі көріпті. Мансұр мұның артынан білдірместен жүріп отырыпты. Қарындасы Әнел судың үстінен қара жердей басып өткенін көріп, таңғажайыпқа қалыпты. Тағы да Мансұр мұнан да қаттырақ таңғалыпты, қашан өзі де қарындасының жүрген ізіменен судан өткеннең соң. Теңізден өтіп, Әнел қырық шілтендер тұрған үйге кіріпті. Мұның артынан Мансұр да кіріп қараса, қарындасының шілтендерге қызмет етіп, күтіп жүргенін көріпті. Сол арада шілтендер Мансұрды көріп: «Бұ кісі кім?» – деп Әнелден сұрапты. Қыздың ағасы екенін біліп, қырық шілтендер Мансұрға «әулие суды іш» деп құйып беріпті. Бұл себептен Мансұрдың өзі де әулие болыпты. Мансұр қайтып келіп, халайықтарды тағы да шариғат жолына өсиеттей бастапты. Мұнан соң халайықтар ашуланып, қазының қолына табыс қылыпты. О қазы Мансұрды өлтірмекке бұйырыпты. Мансұрды өлтірген соң: «Мен де һәм қарындасым да күнәкар емес», – деп, оның өлген денесінен дауыс естіліпті. Қазы қорыққанынан: «Мансұрдың денесін отқа өртеп, күлін теңізге тастаңдар», – деп бұйырыпты. Теңізге тастаған соң да күлінен тағы да баяғыдай дауыс естіле беріпті. Мұнан соң күлі көбік болып, теңіздің бетінде жүзіп жүріпті. Дәл сол уақытта бір патшаның қызы сопылық жолына кіріп, құлшылық етемін деп, қырық қызымен сол теңіздегі бір аралға шығып кетіпті. Бір күні бұлар суға шомылып жатып, аралға қарай жүзіп келе жатқан бір түрлі көбікті көріпті уа бұл көбіктен «Мен де һәм қарындасым да күнәкар емес», – деген дауыс есітіпті. «Бұл Құдай Тағаланың жіберген жақсылығы шығар» деп, көбіктен алып, тәндеріне сүртіпті. Недәуір уақыт өткеннен соң, бұлардың баршалары жүкті болып, бала табуға жақындапты. Патша біліп, ашуланып, бұларды өлтірмекке әмір етіпті. Енді патшаның бұйрығы бойынша, бұларды өлтірмекке жіберген жендеттер қыздарды аяп, қу дала, қу медиенге оларды жасырып жіберіпті. Бұл жерде қыздар аң, құс алып келіп, берген тамақтарыменен күн көріп тұрыпты. Қашан уақыты жеткен соң, жиырма қыздан ұл, жиырма қыздан қыз туыпты. Қашан бұлар өскен соң бірін-біріне қосыпты. Бұлардан халықтар пайда болыпты. Бұл халықты «қырық қыз» деп атапты, уа кейінгі замандарда «қырғыз» деп аталыпты.
18. [Қабыл мен Әбіл]
Хақ тағала бұйырады: "Ей, Адам Лабуданы Қабылға, Ақлиманы Әбілге бер". Бұл сөзге Қабыл разы болмады. Ал Әбіл разы еді. Адам алайhи с-салам айтты: "Ей, Қабыл, Ақлима саған ретті емес". Қабыл айтты: "Ол маған қандай қарындас болса, бұл да сондай". Адам алайhи с-салам айтты: "Ондай болса, екеуің де құрбандық шалыңдар. Қайсыңыздың құрбандықтарыңыз қабыл болса, Ақлиманы сол алсын". Әбіл бір семіз қойды құрбандық беретін жерге апарып қойды. Қабыл шығымы нашар, бір бау бидайды апарып қойды. Көктен от түсіп, Әбілдің қойын күйдірді. Қабылдың бидайын күйдірмеді. Ібіліс алайhи лана келіп Қабылға айтты: "Әбілдің құрбандығының қабыл болатын себебі, Хақ тағалаға беделі бар атаң Әбілді жақсы көреді, сүйеді. Және дағы Адамның ішкі арамдығы мынау: халифалықты да, қызды да Әбілге береді". Қабыл ашуланып айтты: "Әбілді өлтірейін, қыз да маған қалсын, халифалық та маған қалсын". Сөйтіп, өлтіру мақсатына түсті. Қабыл шынында да Әбілді өлтірді. Бұл қылмыс шайтанның оған деген ықпалын одан сайын күшейтті Оны Ібіліс былай деп үгіттеді: "Ей, Қабыл! Сен отқа сәжде қылмағаның үшін Құдай тағала сенің құрбандығыңды қабыл алмады. Оның үстіне арақ та ішкенің жоқ. Әбіл жапан далада жүріп, арақ ішті, отқа сәжде жасады. Сол себептен құрбандығы қабыл болды. Қабыл: "Олай емес", – деп еді. Ібіліс алайhи-л лана бір пәсте жетпіс мәрте ант ішті. Одан кейін Қабыл арақ ішіп, отқа сәжде жасауды әдет етті.
19. [Алланың шерісі]
Алланың шерісі – хазірет Әли қайтыс болғаннан кейін мұсылман қауымы құрметтеп жерлеуге дайындалады, жаназасын шығарады. Осы кезде ақ түйеге мінген бір кісі келеді де: "Хазірет Әлиді мен жерлеймін", – дейді. Халық аңтарылып қалады. Ол мүрдені ақ түйеге таңып алады да, шығысқа қарай жөнеп береді. "Қай жерге жерлер екен" деп, соңынан бір топ адам сайланып ереді. Түйелі кісі жеткізбейді, көз ұшында қылаңдайды да отырады. Бір кезде түйені шөгеріп, жерді қаза бастайды. Көмген сияқты әсер қалдырады. Адамдар жақындап қалған кезде, тағы да ілгері жөнеледі. Көрді ашып көрсе, хазірет Әлидің денесі жоқ. Бұл жерге көмбегенін түсінеді де, тағы соңынан ереді. Тағы бір жерге келіп, жер қаза бастайды. Ашып көрсе, еш нәрсе жоқ. Бұл құбылыс қырық рет қайталанады. Ақырында ақ түйелі кісі жоқ болып кетеді. Сонымен хазірет Әлидің мәйіті қайсы қабірде қалғанын ешкім білмейді. Түйе шөккен барлық қабірінде де елді мекен бар. Ол қабірлердің шырақшылары «Хазірет Әлидің денесі бізде» деп таласады. "Неге бұлай болды?" деген сұраққа ғұламалар мынадай жауап қайтарады: "Асқан батыр болғандықтан, хазірет Әлидің дұшпандары өте көп еді. Денесін қорламасын деп осылай жасады". "Ақ түйемен келген кісі кім еді?". Бұл жөнінде мынадай жорамал бар: "Ақ түйелі кісі – Мұхаммед пайғамбардың өзі немесе Жебірейіл періште".
20. [Иса пайғамбар]
Жазалаушылар басқа біреуді Иса деп есептеп, өлтіріп жіберген. Исаның тірі екенін біліп, қайтадан аңди бастаған. Бұл жолы өртеп жіберуді ойластырған. Асты темір, үсті темір, жан-жағы темір үй салдырған. Адам тұншығып қалмас үшін, адам басы зорға сиятындай мұржа қалдырған. Айналасына отын төктірген. Жұрт көзінше өртегісі келген. Көп ұзамай Иса пайғамбарды ұстап алады. Темір үйге қамайды. Қасына екі адамды қарауыл етіп қояды. Оларға: "Сиқырлық жасап, қашып кетпесін", – деп қатты тапсырады. "Исаны ұстап алдық, өртенген қызығын көріңдер" – деп бүкіл халықты шақырады. Бірақ масқара болады. Темір үйдің ішінде Иса пайғамбар жоқ болып шығады. Екі қарауылдан сұрайды: "Кетерінде не істеді?". "Исаға кірпік қақпастан қарап тұрдық. Саусақтарымен алдымен басын көрсетті, сосын иығын, кеудесін көрсетті. Сөйтті де, дым жоқ болып кетті". "Неше саусағымен көрсетті?". Біреуі екеу десе, біреуі үшеу дейді. Сол жерде айтыса кетеді, бірін-бірі жеңе алмайды. Жиылған адамдардың бір бөлегі "екі саусақ" деп тұрған қарауылды мақұлдаса, бір бөлегі "үш саусақ" дегенін ақылға сыйымды деп табады. Христиандардың "православие", "католик" тармақтарына бөлінуіне осы оқиға себеп болыпты. Екі саусақпен шоқынатындар "католик", үш саусақпен шоқынатындар "православие" шіркеуі аталады. Темір үйдің ішінде Иса пайғамбар қатты қиналыпты. Шын өлетін болдым деп, Аллаға мінажат етіпті. Осы кезде мұржадан "Қолыңды бер" деп, Жебірейіл періште ым жасайды. Иса пайғамбар ымына ыммен: "Мұржадан басым сыйғанмен, екі иығым, кеудем сыймайды ғой", – дейді. Жебірейіл періште: "Алла Тағала көмектеседі", – деп қолын ұсынады. Иса пайғамбар ғарышқа көтеріліп кетеді. "Иса пайғамбар қайда барса да әуелі ғибадатханаға барып, қалың ел алдында Алла атынан сөйлеп, тебірене сөз қозғаушы еді. Бір жолы ғибадатханада ол тағы да көк Тәңірі атынан өзінің құпия сыр мен қызыққа толы хикаясын шертіп тұрған. Әрине, діндар қауым сілтідей тынып тыңдағанымен, ішінара сенбеушілер де бар болатын. Олар өздерінше ой қорытып, Исаның ел алдында абыройын төккісі келеді. Иса әулие жаратушымен сырласып, алтын қанат періште мініп, әлемді шарлайды, тіпті ғұмыры жазылмаған жындылардың өзін жазады дейді. Соның растығына көз жеткізейін деп, олар екі жындыны өздерімен ала келеді. Оның бірі шын жынды еді де, екіншісі әншейін әлдебіреудің сөзіне еріп, қасақана жындысымақ болған сау адам еді.
Иса сөз сөйлеп біткен соң, дінсіздер тобы:
– Ей, әулие, біздің саған қоятын бір шартымыз бар, – дейді.
Иса:
– Айта бер, – дейді.
Дінсіздер:
– Біздің ішімізде екі жынды бар. Соны жазып, қатарға қос, – дейді.
Иса:
– Әкеліңдер бері, – дейді.
Дінсіздер екі жындыны сүйрелеп, ортаға шығарады. Иса әуелі нағыз жындыны дұға оқып жазады да, екіншісіне:
– Ей, ақымақ неме, сен сап-саусың ғой. Сөзіме құлақ сал. Дереу ғибадатханадан шық та, көретін күніңді көріп, тіршілігіңді жасай бер, – дейді.
Жынды ештемені елемегенсіп, қасақана қағынып, ойнақ салады. Бір орында тұрмай, өз киімін өзі жыртып, құтырына түседі.
Иса:
– Жарайды, ақымақ, әрекетіңді осымен тоқтат та, жайыңа кет, – деп екінші рет ескертеді.
Жынды бұл жолы да Иса сөзіне құлақ аспайды. Әулігіп, албаты сөйлеп, жан-жағындағыларға ұмтылып, қитыға түседі.
Иса:
– Соңғы рет ескертемін. Лезде бұл арадан тайып тұр, – дейді.
Жынды бұл жолы да тыңдамаған соң, Иса "ендеше өз обалың өзіңе" дейді де, жаңағы жынынан айырылып, өң мен түстің арасында аң-таң боп тұрған кісінің жынын оған қондыра салады. Есер неме енді шын жындыға айналып, шыңғырып, елеуреп шыға келеді.
Сөйтіп, ол далаға шығады. Күн ыстық, күйіп тұр екен.
Иса:
– Ей, халайық, ыстықтадыңдар ма? – дейді.
Қалың ел:
– Иә, ыстықтадық, – дейді.
Иса көк аспанның сонау бір шетінде, әлдеқайда ауып бара жатқан бұлтқа қол бұлғайды. Бұлт кенет бері жүзеді де, артынша-ақ жаңбыр құйып кеп береді. Айнала сел-селемей болып, жұрттың тынысы кеңіп, рахатқа батады.
Иса:
– Әй, Құдай жолындағылар. Осы жауын жете ме, жоқ әлде құя түссін бе? – дейді.
Қалың ел:
– Болды, болды, осы да жетеді, – деп шу ете түседі.
Иса қолын сермеп қалады. Жауын сап тыйылған соң, Симон оны үйіне ертіп келеді. Иса үйге кірген кезде, бір босағада дірілдеп жатқан ауру әйелді көреді. Бұл – Симонның шешесі еді. Иса қолының ұшын тигізгені сол, әйел лезде сауығып, бұлт арасынан шыққан күндей жарқ етіп, күлімдеп шыға келеді. Ол осы түн ішінде талай-талай адамды, неше алуан аурудан айықтырып, жазып шығады.
Қалың ел қуаныштан айғай салады:
– Сен Құдай ұлысың, нағыз масихансың, – деп даурығады.
Бұл сөзді естігенде Иса оларға жақтырмай қарап, зекіп тастайды.
– Олай деп айтқандарың қате, барып тұрған астамдық, – дейді ол. – Кім айтты мені Құдайдың ұлы деп. Құдайда ұл да, қыз да болмайды. Адам қанша ұлық болса, ол сонша кіші болуы тиіс. Мен – Құдай Тағаланың ізгі хабарды жер бетіне таратуды жүктеген уәлиімін, – деп асыға басып, Ғалияға аттанып кетеді.
Оның Алланың шын елшісі екеніне көзі жеткен жұрт Исаның артынан телміріп, ұзақ қарап тұрады.
21. [Мұхаммед пайғамбардың заманында...]
Мұхаммед пайғамбардың заманында, бір таудың үңгірінде өте жарлы отбасы тұрыпты. Ері, әйелі, қызы – үшеуіне ортақ бір ғана шапан бар екен. Қайсысы сыртқа шықса, сонысы киіпті. Бір күні олар Мұхаммед пайғамбардың даңқын есітеді. "Біз осынша кедейміз. Бәлкім, бізге көмектесер. Аллаға өтінішімізді жеткізер", – деп, ері шапанын киіп, жолға шығады. Сұрастырып-сұрастырып пайғамбарды намазға бара жатқан кезде оңай кездестіруге болатынын біліп алады. Таң алагеуімде жолын күтіп отырады. Келе жатқанда: "Ассалаумағалейкум", – деп сәлем береді. Пайғамбар сәлемін алмайды. Естімеген адамдай сахабаларымен ілгері кете берді. Кедей естімеген шығар деп, отырып қалады. Іші пысады да, айналасындағы шөпті алып, қолымен сындыра бастайды. Біраздан кейін пайғамбар сахабаларымен кері қайтады. Әлгі кедей қайтадан сәлем береді. Бұл жолы сәлемін алады. Мұндай сәттерді сахабалар қалт жібере ме, сұрайды: "Жаңа намазға кетіп бара жатқанда сәлемін алмап едіңіз. Енді алдыңыз. Себебі не?". "Бұл кедей – өмірінде шөптің басын сындырып көрмеген адам. Еңбек етпеген адамды Алла Тағала сүймейді. Тәңірі ұнатпаған адамды мен де қаламай, сәлемін алмап едім. Қайтарымда шөп сындырып отырғанын көрдім. Қолы қимылдағаны, әрине, еңбек қой", – дейді. Сахабалар таңырқасады. "Мұддығаңызды айта беріңіз" – дейді пайғамбар. Кедей: "Өмір бойы жоқшылық көріп келемін. Сізді "Құдаймен хабарласып тұрады" деп айтады. Байлық берсін. Менің өтінішімді Тәңірге жеткізіңіз", – дейді. Сол мезетте Жебірейіл періште келіп: "Бұл – ешқашан еңбек етпеген адам. Өлмейтіндей нәпақасын Жаппар хақ жеткізіп қойған. Осы дәрежесімен өмірден өтеді", – дейді. "Құр қол жібергенім пайғамбар атыма жараспас. Алла Тағала көмектессін" – деп өтініш жасайды. Жебірейіл көкке көтеріліп, Раббіден жауап әкеледі: "Пәлен өзендегі пәлендей ағаштың қасына барып, суға сүңгіп, су астында тілек тілесін. Үшеуіне де бір-бір тілегін беремін", – деп айтты", – дейді. Бұл әңгімені естіп, кедей жүрегі жарыла қуанады. Үйіне келіп, айтып береді. Кемпірі де, қызы да шаттанады. Бұдан кейін үшеуі ойласады: "Қайсымыз қандай тілек тілесек екен" деп бастары қатады. Түнімен ұйықтамай, әбден шаршайды. Зорға дегенде келісімге келеді. Шал – патша, кемпірі – патшаның сұлу әйелі, қыз – төрт түлігі сай бай болғысы келеді. Пайғамбар айтқан өзенді, ағашты тауып алады. "Алдымен кім сүңгиді?" деп біраз таласады. Ақырында әйел шалды итеріп тастап, сүңгіп кетеді. Елден асқан сұлу қыз болып шыға келеді. Сол мезетте бұлардың сорына қырық жігітін ерткен бір ханзада тап ете қалады. Сұлу қызды көріп: "Маған лайық екен", – дейді. Сұлу қыз дереу ыңғай береді. Шал жатып келіп ұрысады: "Денің сау ма, мен де қазір суға сүңгіп, тамаша патшазада боламын. Сәл шыдай тұр". "Ой, қақбас, жап аузыңды", – дейді де ханзаданың артына мінгеседі. Қанша жалынса да іс шықпайды. Ілгері жүріп кетеді. Шал ашуға басады. Суға сүңгиді де: "Шошқа бол", – дейді. Кемпірі қорсылдаған шошқаға айналады. Ханзада: "Мыналар сиқыршылар екен ғой", – деп, шошқаны лақтырып жібереді. Шал мен қыз шошқаны ұстап қала береді. Екеуі әрі ойласады, бері ойласады. Ақырында қыз анасын шошқа етіп қоюға қимайды. Суға сүңгіп: "Анам бұрынғы қалпына келсін", – дейді. Бұрынғы қалпына келеді. Сөйтіп, үш тілек босқа кетеді.
22. [Тафашат]
Мұхаммед пайғамбардың заманында Тафашат атты бір көзі бар әйел болыпты. Егер ол тасқа назар салса, тас ұсатылып кетеді екен, жолбарысқа назар салса, сол сәтте құлайтын болыпты. Кәпірлер, Мұхаммед пайғамбарды мұқату мақсатымен, атышулы әйелді оның немерелеріне айдап салыпты. Тафашат Хасан мен Хұсайынға назар салған екен, олар қалтырап-дірілдеп, естерінен танып түсіпті. Пайғамбар қапаланады. Сол сәтте Жебірейіл періште бір дұға әкеп беріпті. Оқиды. Тафашаттың екі көзі ағып түседі. Мұсылман оқымыстылары біледі: бұл дұға қазірге дейін бар. Көз тигенде оқылады.
23. [Алланың күш-қуаты...]
Алланың күш-қуаты өлшеусіз, қаhарланса, он сегіз мың ғаламды тарының жарты қауызына сыйғызады. Осылайша Алланың ұлы-ұлы сипаттарын, сапаларын, қадір-қасиеттерін санай берсек, мың да бір болады. Соларға лайықты мың да бір есімі бар. Оның біреуін Алланың өзі ғана біледі, жаратқан пенделерінің бірде-біреуі білмейді. Мыңыншы есімі де – құпия. Бірақ оны періштелер біледі. Жануарлардан түйе ғана біледі. Сондықтан түйені әулие деп танимыз. Жүнін аяқпен баспаймыз. Адамдардан Алланың аса сүйікті құлдары білсе білген болар, бірақ олар ешкімге айтпаған. Мысалы, Сүлеймен пайғамбар Алланың мыңыншы есімі жазылған жүзікке ие болғаны үшін жан-жануарлардың, құстардың, жәндіктердің, перінің, желдің, тағы басқалардың тілін білген. Зуhра сұлу періштелерден Алланың мыңыншы есімін үйреніп алғаннан кейін Шолпан жұлдызына айналып кеткен, тағы басқалар. Сонымен мұсылмандардың ең мықты деген ғұламалары Алланың 999 есімін ғана біледі. Мың да бір есімінің ішінде аса ұлық болып есептелетіні – жүз де бір.
24. [Періштелер жер бетінде]
Періштелер жер бетінде өмір сүріп жатқан адамдардың істерін үнемі бақылап отырады, назарларынан еш нәрсе тыс қалмайды, әрбір салтты қалт жібермейді. Бірде «ана кісі пейішке барады, мына кісі тозаққа барады» деп өзара қатты таласады. Бұлардың дауларына Алла Тағала төрелік етеді. "Ей, періштелер! Дауласа бергенше, араларыңыздан біреу жерге түсіп, адамдарды сынап келіңіздер!". Алланың өкімімен бір періште адам сипатында жерге түседі. Ол бір ағаштың көлеңкесінде намаз оқып отырған бір молдаға кездеседі. Намазы ұзаққа созылады. Адам психологиясында келген періштенің шыдамы әбден таусылады. Өлдім-талдым дегенде барып молла-екең намазын бітіреді. Ол алдында тұрған адамның періште екенін қайдан білсін, бірден тиісе кетеді: "Неғып күн ұзағына сексиіп тұрсың?". Періште: "Кішкентай ғана сауалым бар еді. Мына бір иненің көзінен түйенің керуені өте ала ма?" – деп инесін көрсетеді. "Неғылған ақымақ едің. Ол заманда бұл заман иненің көзінен түйе керуені өтуші ме еді?! Құры, маңайыма жолама", – деп молда оны қуып жібереді. Үлкен тоғайлы жер екен. Бір бұрышына келсе, бір мас жатыр. Тұрғызуға әрекет жасайды, тұрғыза алмайды. Қанша уақыты босқа кетеді. Әбден қажиды. Түңілуге айналғанда мас көзін ашып: "Қандай ақымақ адам едің?! Енді рақаттана бастап едім, ұйқымды бұздың ғой". Оған да: "Мына бір иненің көзінен түйенің керуені өте ала ма?", – деп инесін көрсетеді. "Өзің нағыз топас екенсің ғой, Құдай өткізейін десе, керуені түгіл, тау да өтіп кетеді. Құры маңайымнан", – дейді де мас жерге қайтадан сылқ ете қалады. Періште мекеніне қайтып кетеді. Алла Тағала сұрайды: "Қайсысы пейішке барады екен?". "Кешіріңіз, Жаббар ием, менің байымдауымша, мас барады". Алла Тағала: "Мен айтпаушы ма едім, ғайыпты мен ғана білемін. Пенделерім біле алмайды деп. Ақылдарыңыз жетпейтін іске араласпаңыздар". Періштелердің барлығы тәубаға келіпті. Бұл жерде "мастың бәрі бірдей пейішке бара береді" деген ұғым тумайды. Бұдан алатын ғибрат сол – Құдайға шын сенетін, қарапайым адам – тақуа молдадан артық деген сөз. Алла Тағала кейде періштелерді өзі сөзге тартады. Бір күні Әзірейіл періштеден сұрайды: "Осы Сіз адамдардың жанын кеудесінен ала жүріп, аяушылық көрсеткен кезіңіз болды ма?". "Болды, Жаратушы жаббар ием! Бірде теңізде кетіп бара жатқан кемені талқандауға әмір бердіңіз. Әміріңізді орындадым. Бір тақтаның бетінде бір жасқа жетпеген нәресте шырылдап, суға ағып бара жатты. Кемедегі барлық адамдар ауыр күнәлі бола-ақ қойсын. Мына бір сәбидің қандай жазығы бар екен, – деп ойладым. Аяп кеттім. Екінші. Шаддад малғұн өзін «Құдаймын» деп жариялап, қолдан пейіш жасатты. Пейіш біткеннен кейін өзі аралап көрмекші болды. Босағадан енді аттауға ниет еткенде: "Жанын алыңыз", – дедіңіз. "Сонша еңбегіне ең болмаса пейішінің ішін де аралап көре алмады-ау", – деп аяушылық білдірдім". "Ендеше, сол аяған адамыңыз бір-ақ адам еді. Суға кетіп бара жатқан сәби өзін құдаймын деп жариялаған Шаддад малғұн еді. Сіздің аяушылығыңыздың арқасында аман қалған болатын. Менің ісімді бағалауға шамаларыңыз жете ме екен?".
Әзірейіл кешірім сұрап, тәубаға келеді.
25. [Ілгеріде бір қарақшы]
Ілгеріде бір қарақшы жүз адам өлтіреді. Жүзінші адамды өлтіргенде, жаны шошып кетеді. "Тозақтың терең түбінде қалатын болдым ғой. Бұл қылмыстарымның жазасын тартпауым мүмкін емес. Алла рақымды деуші еді. Осы істерім кешіріле ме екен, сұрап көрейінші", – деп, пірге – ғұлама молдаға келеді. Пір: "Кешірілмейді, – дейді. – Бірақ бір ғана амал бар. Адам көп жүретін жолмен жүріп отырып, елсіз, күнсіз айдалаға барасыз да, жолдың шетінен құдық қазып, қауын егесіз. Жолдан кім өтсе, ол өтсін, шақырып алып, қауын сыйлайсыз. Күнәңіздің кешірілгенін, кешірілмегенін білу үшін бір қурап кеткен ағашты жер астына көміңіз. Жылына бір тексеріңіз. Егер ағаш көктесе, бүкіл күнәңіздің кешірілгені". Әлгі қарақшы бұл ақылды құп алады. Айдалаға барып, айтқандарын бұлжытпай істейді. Қанша жыл қауын ексе де, қураған ағаш көктемейді. Әбден қажиды. "Бұл тіршілігімнен іс шықпайды, биылдан кейін қоямын", – деген тоқтамға келеді. Қауын көтерілгенше отырады. Бір күні әлгі жолмен атты кісі кетіп бара жатады. Қауыншы болған қарақшы жалбаңдап алдынан шығып: "Қауын жеп кетіңіз. Шөлдеген шығарсыз", – дейді. Үндемейді, атынан да түспейді, кете береді. "Бір асығыс кетіп бара жатқан адам шығар", – деп, қауын жұлып алып, артынан жүгіреді. "Ең болмаса, қауын ала кетіңіз". Естімеген адамдай артына да бұрылып қарамайды. Қарақшының қатты ашуы келеді. Келіп, атына мінеді де, тұра қуады. "Жүз адам өлтіріп едім, енді жүз бірінші болсын", – дейді. Жетіп алып, басын қағып тастайды. Енді Құдайдан үмітін мүлдем үзеді. "Дегенмен қарай салайыншы", – деп, көмген ағашын қазып алады. Ғажап. Қураған ағаш көкпеңбек болыпты. Әрі қуанып, әрі таңырқап, баяғы піріне келіпті. "Мұнда не сыр бар дейді?". "Ол кетіп бара жатқан кісі – адам шайтан еді. Бірін-бірі қатты сүйетін екі жасты ажыратуға асығып бара жатқан беті болатын. Ол жастардан ұлық адам дүниеге келуі мүмкін еді. Сен кездесіп, адам шайтанды өлтіріп, сауабына қалдың. Жүз адамды өлтірген күнәңнан бір адам шайтанды өлтірген сауабың зор болды. Осы себепті айыбың кешірілді", – дейді.
26. [Құм сахаба]
Мен Жаңақорған қыстығына жерленген Құм сахабаның рухын, сол бейіттегі өзге де рухтарды өз көзіммен көрдім. Оқиға былай болды. 1968 жылдың жазы еді. Кезекті еңбек демалысыма шығып, апамның үйіне қыдырып барған болатынмын. Қыстақтың оңтүстігінде үлкен бейіт бар. Жылда қыдырып келгенімде соған барып, құран оқып қайтатынмын. Бейіттерге арнайы құран оқу жас кезімнен қалыптасқан дағдым еді. Сол жылы барғанымда бейіттің құбыла жағына шығып, құран оқығым келді. Күн бейсенбі еді. Бейітті қақ жарып өтетін машина жолға түстім де, құбыла жаққа бет алдым. Бейіттің оңтүстігінде жары биік үлкен арық бар екен. Жарға шықтым да, бейіт жаққа қарап, құран оқыдым. Намаздігер уақыты, күн батуға таялған. Құранды оқып бітіргеннен кейін зікір айтып тұра бердім. Бір кезде көзіме сонау алыстан бейіттің шетінде жүрген "қойшы" түсті. Олай-бұлай жүріп, алдарындағы "қойларын" қайтарып жүргенге ұқсайды. Онша мән бермедім де, көзімді аударып, алып кеттім. Бір кезде күн батты. Жарық азая бастады. Мен әлі зікір айтып тұрмын. Кенет көзім бейіт шетіндегі "қойшыға" түсті. Осы кезге дейін бір орында тұрған неғылған қойшы деп, анықтап қарай бастадым. Қойшы дегенім адамға ұқсамайды. Тілмен айтып жеткізуге келмейтін қарайған дене. Қой дегенім де қарайған денелер. Бәрі де қозғалақтайды. Жүрегім аузыма тығылып, қорқа бастадым. Бірте-бірте қою қараңғылық келе жатыр. Бейіттің оңтүстік-шығысы – үлкен көл. Оңтүстік-батысында әлгі көрген ғажайыбым. Баяғы машина жолмен кері қайтпасам, өзге жол жоқ. Бейіттің қақ ортасы тағы қорқынышты болып қалды. "Неде болса, тәуекел" деп, үйіме қарай жүре бастадым. Бейіттің ішіне келгенде зәре қалмады. Әлгі көргендерім бір жағымнан шыға келіп, "қағып кетер ме екен" деп қорқамын. Шүкір, қорқа-қорқа апамның үйіне аман-есен келдім. Апам мен жездеме көрген-білгенімді айтып жатырмын. Олар да қатты қорықты білем, тілсіз қалды. Ләм-мим демеді. Бұдан кейін де әлгі көргендерімнің әсері кетпеді. Ұзақ уақыт ұйықтай алмадым. Бір жақтан келіп қалатын сияқты болды да тұрды. Әйтеуір ұйықтап кетіппін. Таңертең тұрсам, сап-саумын. Қуандым. Енді қауіп-қатер болмайтынын анық сездім. Апама жақсылап тапсырдым: "Осы қыстақта атақты ғұлама молдалар бар ма? Бар болса, менің көрген оқиғамды айтып беріп, мәнісін сұрап көріңіз. Анық-қанығын білгеннен соң хат арқылы жазып жіберерсіз". Менің бақытыма көзі қарақты кісілер бар екен. Көп ұзамай мына мазмұнда хат келді: "өзің көрген ескі қабір Құм сахабаның бейіті аталады екен. Мұхаммед пайғамбардың сахабаларының бірі көрінеді. Соғыс кезінде қайтыс болыпты. Ал сен туралы жақсы пікірде. "Қасиетті бала екен. Қорықпасын, байлыққа, бақытқа жолығады. Құм сахабаның рухы анда-санда бізге де көрініп тұрады", – деп айтты". Бір рет, жастау кезімде, рухтарды түсімде көрген едім. Өңімде көргеніммен айна-қатесіз сәйкес келді. Рухтардың көлемі үлкенді-кішілі болатынын осылайша білдім.
27. [Сиқыршылықтың негізі...]
Сиқыршылықтың негізі Адам ата дәуірінде, дүниеге үшінші келген пайғамбар Ідірістің тұсында қаланады. Алла Тағалаға қарсы келем деп һарут, Марут атты періштелер жазаланған-ды. Олар Бабыл (Вавилон) төңірегіндегі бір құдыққа басы төмен, аяғы жоғары қаратылып, ілініп қойылды. Күн батқаннан кейінгі алас-қапас уақытта ғана бір мезгіл бостандық беріледі. Бір күні бір адам осы құдыққа байқаусызда түсіп кетеді. Оны һарут пен Марут қамқорлыққа алады. Сиқыр үйретеді. Себебі, сиқырдан басқа олардың қолында адамды құдықтан шығаратын, аман сақтайтын, жол жоқ еді. Періштелер игі мақсат тұтынады және сиқырды теріс іске қолданбау жөнінде әлгі адамға қатты тапсырма береді. Бірақ пенденің аты – пенде. Пендешілік жасап, сиқыр таратады. Сол сиқыр дамып, ұлғайып, өзге де теріс дұғаларды қосып алып, біздің заманымызға келіп жетті.
28. [Мұхаммед пайғамбар]
Мұхаммед пайғамбар да заманында кәпірлердің талап етуі бойынша, амалсыздан бірнеше мұғжиза көрсеткен. Соның бірі мынадай. Бір топ кәпір шарт қойып: "Егер өлген адамды тірілтіп берсең, қолма-қол мұсылман боламыз", – дейді. Пайғамбар не дерін білмей, қатты қиналады. Осы кезде Жебірейіл алайhи с-салам келіп: "Қысылма, уәде бере бер", – деп, дем береді. "Өзім қалап, біреуді тірілтсем, тағы бір нәрсе деп жүрер" – деп, билікті өздеріне береді. Олар бір өте ескі қабірге әкеледі. Жермен жексен болған бір көрді көрсетіп: "Осының ішіндегі адамды тірілтіңіз", – дейді. Пайғамбар Алла Тағаланың жәрдемімен дұға оқиды. Құдайдың құдіретімен сүйектер секіріп сыртқа шығады. Бір-бірімен қиюласа бастайды. Бүкіл сүйектер жиылып біткеннен кейін, бірте-бірте ет пайда болады. Ақырында адам сұлбасы толық қалпына келеді. Іс барысындағы барлық процесстер адамдардың көз алдына өтеді. Бір кезде әлгі адамға жан кіріп: "Ассалаумағалейкум", – деп ұшып түрегеледі. Пайғамбар сұрайды: "Кім боласыз?". Тірілген өлік жауап береді: "Пәлен патшаның тұсында пәлен деген оқымысты кісінің баласы едім. Пәлен деген соғысқа қатысып, жиырма бес жасымда шәйіт болғанмын. Әкем айтушы еді: "Мұхаммед пайғамбарға үммет боласың", – деп – сол айтқаны рас болды, мені дініңізге қабылдаңыз", – дейді. Дінге қабылданады. Өзгелер де қалағанынша сұрақ қояды. Бәріне жауап береді. Айтқан сөздері түгелдей шындыққа сай келеді. Пайғамбар: "Енді не істейін?" – дейді. "Бұрынғы қалпына келтіріңіз", – дейді отырғандар. Пайғамбар тағы дұға оқи бастайды. Кері процесс жүреді. Ең соңында сүйектер сүңгіп-сүңгіп, көрге кіріп кетеді. Осы оқиғадан кейін кәпірлердің бір бөлегі тілге келместен мұсылман болады.
29. [Әуелден ақырға дейін]
Әуелден ақырға дейін бірде-бір пенде Жаратушыны көре алмайды. Тіпті періштелердің өзі көрмеген. Өйткені Алла Тағаланың дидарын көруге бұл дүниенің бірде-бір заты төтеп бере алмайды. Еріп, жоқ боп кетеді. Осы заңдылықты білмегендіктен, Мұса пайғамбардың өзі дидар асы (Алланың жүзін көремін деп күнә табу) болған. Аңыз бойынша, Алла тағаланың дидарын көру ниетімен Мұса пайғамбар екі таудың аралығына барып тұрған. Жаратушы Жаббар ие бір түйір ғана нұрын жібергенде бір жағындағы тау тозаңға айналып ұшып кеткен де, екінші жағындағы тау шалқар көлге айналған. Өзі бір апта бойы сана-сезімінен айырылып, талып қалған. Мұса пайғамбар осыдан кейін ғана тәубасына келіп, Алла Тағаланы көруге болмайтын себебін түсінген.
30. [Мұхаммед пайғамбардың миғраж оқиғасы]
Мұхаммед пайғамбар миғраж оқиғасын Алла Тағала рұқсат еткеннен кейін сахабаларына бір ай бойы арнайы әңгіме етіп айтады. Сөзінің соңында: "Менің асыққаным соншалық, кетерімде байқамай, көзені құлатып кеткен едім. Келгенімде, көзенің суы әлі төгіліп болмаған екен, есіктің ілгегі теңселіп тұр екен", – дейді. Бір сахаба ішінен: "Пайғамбардың барлық әңгімесі рас болғанымен, көзе, ілгек туралы айтқаны өтірік шығар. Бір ай бойы айтылған оқиғалар қас-қағым уақытта болды дегенге кім сенеді?" – деп шәк келтіреді. Уағыз аяқталғаннан кейін әлгі сахаба үйіне қайтып кетеді. Үйіне бас сұқса, әйелі нан илеп отыр екен. "Отағасы, дегендей келдің, өзеннен су әкеле қойшы", – дейді. Екі шелек суды өзеннен шарпып алады да, жағаға қоя салады. Суға түсуге аңсары ауып кетеді. Сүңгиді. Ғажап! Күтпеген жерден әйелге айналып кетеді. Төңірегіне көз салса, судың жиегінде шелегі де, киімі де жоқ. Қатты дағдарып тұрғанда, анадайдан бір атты кетіп бара жатады. Дауыстап, қол бұлғап, шақырып алады. Болған оқиғаны айтады. Ол есіркеп, үстіндегі киімінің бірқатарын береді де, атына мінгестіріп алады. Екеуі үйленеді. Екі балалы болады. Ол да сол өзеннің төменгі сағасында тұратын кісі екен. Бір күні әлгі сахаба тағы суға түседі. Бір сүңгіп, басын көтеріп алса, ер қалпына қайта келіпті. Қараса, киімі де, шелегі де орнында тұр. Шелектің ішіндегі су шарпып алғандағы қалпымен әлі шайқалып тұр екен. Арада алты жыл өткен сияқты еді. Бұл қалай деп есінен танады. Үйіне келсе, әйелі әлі нан илеп отыр. Болған оқиғаны әйеліне жыр етіп айтады. Әйелі "есің ауысқан шығар" деп нанбайды. Ақырында, ішіне сыймай, пайғамбарға барып айтады. Пайғамбар: "Мен миғраж оқиғаларын айтқанда "пайғамбардың барлық әңгімесі рас болғанымен, көзе, ілгек туралы айтқаны өтірік шығар" – деп едіңіз. Құдай құдіретімен әр нәрсені жасай алатынына көзіңіз жетті ме?" – деп жауап қайтарады. Сахаба жылап-еңіреп, кешірім сұрайды. Тәубаға келеді.
31. [Аспанның жеті қабаты бар]
Аспанның жеті қабаты бар. Бірінші қабатында Адам ата отырады. Егер ол оң қолымен алса, пейішке, егер сол қолымен алса, тозаққа барады. Тозақтан адамдарды айдап «айуан» деп атайды. Пайғамбардың ата-анасы тозақта отыр екен "Бұл қалай?" – деп Пайғамбар Алладан сұрайды. Сонда Алла "бір адамға екі тілек бермеймін. Не ата-анасымен, не үмбетімен болсын", – дейді. Пайғамбар ойланып тұрып, үмбетімен ілесіп кетіпті. Ата-анасы аспаннан алтын табыт жіберсе, "Жоқ, мен үмбетіммен қаламын", – деген екен. "Саған оны кім айтты?", – деп сұрағанда, "Алла" деп жауап беріпті.
Содан: "жақсы аянды Алла, жаман сөзді шайтан береді" дейді екен. Адам бейішке шыққанда үрдің қызы мен баласы болып шығады. Онда не жеймін, не ішемін демейсің. Ішпек бар да, тышпақ жоқ. Үрдің қызы өте әдемі, сұлу, көрікті болып туады.
Содан "Үріп ауызға салғандай" деген сөз қалыпты.
32. Бұзау Жабыр
Баяғыда ашаршылық кезінде мың әскерді тамақтандыру керек болыпты. Бір кедейдің жалғыз бұзауы болыпты. Күйеуі әйеліне "осы бұзауды бауыздап, пайғамбарға тамақ берейік және әскердің бәрін тойдыра алмаймыз, онын ғана шақырайық" – дейді. Осы уақытта үлкен балалары қаладан, оқудан келеді. Шешесі тапсырманы беріп, өзі жұмысымен кетіп қалады. Қайтып оралса, үлкен баласы інісін бауыздап тастапты. Шешесі үлкен баласына ұрсып, қуып жүргенде ол да тамның үстінен құлап өледі. Содан бірдей екі баласы бірақ өледі. Күйеуіне айтуға қорқып, екі баланың өлігін мықтап тығып қояды. Күйеуі келіп, бұзауды бауыздап: "енді онын ғана шақыр" дейді. Пайғамбар да келеді. Ол ерлі-зайыптыларға "барлық әскерді тамақтандырамыз, тек он-оннан кірсін" – дейді. Барлық әскерді он-оннан кіргізе береді. Бәрі тойып шығады. Әскерді тамақтандырып болған соң "Енді балаларды шақыр, бірге тамақтанайық" – дейді Пайғамбар. Шешесі "Олар ойнап кетті" деп айтады. Бірақ Пайғамбар "Балаларды шақыр, мен оларсыз тамақтанбаймын" – дейді. Көнбегеннен кейін шешесі екі баласының өлігін әкеледі. Пайғамбар Жәбірейлі періштеге сыбырлайды. Сол заматта күйеуіне Алла аян беріп, былай дейді: "Сабыр түбі – сары алтын, сабырлықтың арқасында бүкіл әскерді бір бұзаудың етімен тамақтандырды, ол нәсіп еді. Екінші, балаларының өлгеніне қарамай, "ойнап кетті" деп сабырлылық етті. Дұға оқысын. Мен балаларды тірілтемін".
Осыны айтып, екі баланы тірілтіп беріпті. Бәрі тамақтарын ішіпті.
33. [Әзірет Шері]
Әзірет Шері жүйрік дүлдүлімен жер әлемді кезіп жүреді. Бір күні намаз оқып тұрғанда көңіліне бір астам ой келіпті. "Шіркін, жердің кіндігін қолыма берсе, шыр көбелек айналдырсам" – деп ойлапты да, артынша ұмытып кетіпті. Дүлдүлімен келе жатып, бір қарайғанды көріп, қасына келсе, бір қария ешегімен тұр екен. Жерге түскен қобдишаны алып беруді өтінді. Әзірет Шері оны таяқтың ұшымен іліп алмақшы болғанда, ала алмай, дүлдүл төрт аяғымен жерге кіріп кетіпті. Сонда қария таяғымен қобдишаны бір ілді де, жүріп кетті. Ашуланған Шері дүлдүлге қамшыны басып, аңыратып келе жатса, алдынан қарыстай жылан ұшып шықты. Қамшымен бір салғанда, айдаhарға айналды, тағы ұрам дегенде "енді ұрсаң, жұтам" деді. Ашумен тағы желіп келе жатса, алдынан қарақұйрық қашыпты. Ештеңені құтқармайтын дүлдүлі қамшы басса да жете алмай, айырылып қалыпты. Сонымен күннің жүзі жабылып, Әзірет ертеңгілік намазын оқып болғанда, алдына Пайғамбар шығып: "Иә, не көрдің, не білдің?" деді. "Естігенімді айтайын ба, көргенімді айтайын ба?" дегенде. "Естігенің ғайып болар, көргеніңді айт" деді. Көргенін түгел айтып бергенде, пайғамбар сылқ-сылқ күлді. Әзірет Шері ыза болды. Сонда пайғамбар "Әнеукүні намаз оқып тұрғанда, көңілің бұзылды. Жерді айналдырғың келді. Қай кезде де қанағат жақсы, нысап жақсы" деп сөзін қайырды.
34. [Иса пайғамбар]
Иса пайғамбар "не ішем, не жеймін" демейді, азығы таусылмайды, ортаймайды. Еш қайғысы жоқ, дүлдүлімен жүреді. Бірде намаз үстінде "Алла маған патшалық берсе, байлық берсе" деп көңілі бұзылыпты. Бір күні "Аллаға жетсін" деген хабар жетіп, келе жатқанда, малын көкке жайып жүрген патшаға кезігіпті, Пайғамбарға риза екенін айтыпты. Иса пайғамбар қарапайым адам кейпінде патша елінде жүреді. Бір күні ешкім шығара алмаған патшаның атанын суырып шығарады. Тегін кісі еместігін сезген патша оны аңдытыпты. Не ішіп, не қойып жүргенін білгісі келеді. Бөктергідегі қоржыннан ас алып ішетінін, асы ортаймайтынын біледі. Көктемде мал жайлауға шыққанда патшадан кетуге рұхсат сұрайды. Патша әрең жібереді. Аллаға жеткенде, ол: "Бірде сен патшалық сұрап едің ғой..." – деп есіне салғанда. "Жоқ, мен қайтып алдым. Бұл өзі құр бейнет екен. Малдан пайда жоқ екен" – депті. Алла оған "Сен кәпірлерді бағындыр, бағынбағанын қыр" деп әмір беріпті. "Олар көп, мен жалғыз, жабдығым жоқ" десе, "Асай-мүсей таяқты ал да, айқаса бер" дейді. Иса таяқты алып, кәпірлерді көп шығынға ұшыратып, ақыры өзі қолға түсті. Кәпірлер зыңданға қамап, төрт бұрышына төрт адам қойды. Төбеге қараса, тақиясы түсетіндей зынданда пайғамбар мұңайып жылапты. Көзінен аққан жастың ізінен таяқ сай-сай боп қалған екен. Асай-мүсей таяқ содан қалыпты. Осы кезде Алла тілдеседі. "Шық" дейді. "Қалай шығам?" дегенде, Алла маңлайын, екі иығын көрсетіпті. Алла үш рет айтқанда, пайғамбар зынданнан шықты да кетті. Кәпірлердің шоқынуы осыдан қалған екен.
35. Укаша ата
Укаша – Мұхаммед пайғамбардың сахабаларының бірі, оның ісін жалғастырушы адамдардың қатарында болған ізбасары. Ол туралы аңыз Шәді төре Жәңгірұлының "Назым Сияр Шәріп" дастанында да айтылады. Бірақ, Укашаның ат-тұяғы оңтүстікке жетті ме, жетпеді ме – ол жағы беймәлім. Қазіргі Қарнақ аулынан жоғары, Қаратаудың етегінде күмбез орналасқан Укаша ата әулие сол Мұхаммед пайғамбардың сахабасы болған Укаша ма, әлде сонымен аттас кейініректегі тұлғалардың бірі ме бұл да анық емес. Укаша - дін жолын берік тұтқан, көзі тірісінде әулие атанған жан, бойының ұзындығы 40 кез, шапса, қылыш, атса, оқ өтпейтін қайратты ер болған. Оны жеңе алмаған жаулары әйелі арқылы Укаша намаз оқығанда ғана денесі балқитынын біледі. Сөйтіп, намаз оқып отырған сәтінде, басын шабады. Сонда Укаша Алладан: "Басымды дұшпанның қолына түсіре көрме" деп сұраған екен. Батырдың кеудесінен жан шыққанға дейін жер дүние түгел балқиды. Оның қолының іздері тас бетіне түсіп қалады. Ал, батырдың басы сол сәтте аяқ астынан ойылған он екі құдықтың біріне түсіп, жоқ болады. Оны ешкім іздеп таба алмайды. Укашаның қолының ізі қалған ақыртас әлі күнге сақталған деседі. Ал, батырдың мазарының батыс тұсында құдықтардың бірі сақталған. Биік жерге орналасқан құдықтың суы өте тереңде, ол біреуге шығып, біреуге шықпайды. Мұны "Адамның пейіліне байланысты" деп түсіндірсе, біреулер бұған қоса: "құдықтың түбінде қырық метрлік жылан шіреніп жатады, ол жоғары толқығанда су шықпайды, төмен түскенде шығады"- деседі. Кезінде құдыққа тасталатын ақшаны алу үшін екі жігіт оның түбіне түспек болады. Біріншісі ұзақ уақыт шықпаған соң, екіншісі оны іздеп түседі. Құдық түбі жайлаудай кең, сарқыраған өзен ағып жатса керек. Жігіт жақын маңда тасқа сүйеніп отырған күйі жан тапсырған досының өлі денесін табады... Укаша-атаның бейітін Кеңес үкіметі тұсында қозғағанда, яғни қазғанда, бұзылмай сақталған, алып адамның денесі табылған деседі. Бірақ оның басы бар ма, жоқ па, кейінгі тағдыры не болды – ол жағы тағы да беймәлім. Қазірде сақталынып тұрған әулие құлпытасының ұзындығы ондаған метрге жетеді. Кейінгі жылдары оның үстіне жаңадан күмбез көтерілген. Укашаны жоңғар-қалмақ шапқыншылығы кезінде өмір сүрген қазақ батыры дейтін де әңгіме бар. Оның басын алған жаулары – қалмақтар. Дұшпанына осал жерін айтып берген әйелі - қалмақ қызы болған деседі.
36. [Мұхаммед пайғамбар мен Укаша]
Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с арғы дүние сапарына шығарында барлық сахабаларын шақырып: "Енді менің бұл дүниедегі өмірімнің таусылғанын сіздерге білдіргім келеді. Және де айтарым, менде кімнің аласы қарызы болса айтсын, қияметке қалдырмай, төлеп кетейін" – дейді. Сахабалары мұңайып, бастарын иіп, ешкімнің қарызы жоқ екенін білдіреді. Сонда Укаша есімді бір сахаба: "Тақсыр, менің сізде бір аласым бар, соны төлеп кетсеңіз" – дейді. "Бір шабуылдың кезінде атқа ұрған қамшыңыз маған тиген еді, сол үшін мен де сізді қамшымен ұруым керек" – дейді. Бұл сөзден барлық сахабалар түршігіп, бұл істің бетін қайтармақ болады. Оған Расулаллах көнбейді, өзін қамшымен ұруды рұқсат етеді. Сонда Укаша: "Маған қамшы тигенде күн ысып, көйлегімді шешкен еді, сіз де көйлегіңізді ешіп, жалаңаш болыңыз" депті. Расулаллах арқасын шешіп, Укашаға тосқанда, Укаша еңіреп, пайғамбардың алдына жығылады. Сонда оның мақсаты – пайғамбардың арқасында Алланың мөрі барын естіген және соны көрмекші болған екен. Сол аты аталған Укашаның мазары Қаратаудың қойнауында, Шерт қыстауының жоғарғы жағында. Қазіргі күнде мұсылмандар қауымының зиярат ететін жеріне айналған. Елдің айтуы бойынша, Укаша атаға зиярат қылғандарға "тозақ оты арам" екен деседі...
37. [Укаша сахаба]
Укаша деген кісі сахаба екен. Жаулары әбден аңдиды. Өзі де үлкен, алғыр батыр болыпты. Бетпе-бет келуге қаймыққан кәпірлер оқ атса, өтпейтінін біледі. Өлтірудің амалын іздейді, таппайды. Ақырында бір жансыз көп дүние ұсынып, тоқалынан сыр тартады. Алтын, күмісті көрген тоқалы сахабаны сатып кетеді. Жауға оның киелі кісі екенін, тек таңғы намаз кезінде ғана денесі балқып, оқ даритын сырын жайып салады. Тоқалының айтқан сырын білген жансыздар таңсәріде келіп, сахабаны намаз үстінде басын қылышпен шабады. Сахаба еңкейе бергені сол етпеттеген күйі құлайды. Қылыш қиып түскен бас құбылаға қарай домалай жөнеледі... Шошып оянған сахабаның баласы, оны көрген анасы далаға жүгіріп шығады. Баласының көз алды тұманданып, құбылаға қарап, домалап бара жатқан әкесінің басын көреді. Еңірей жылаған бала да, есі шыққан анасы да зарлай дауыс көтеріп, соңынан жүгіреді. Сахабаның шөгіп жатқан түйесі де қазықты айнала жұлқынып боздайды. Домалай қашқан әкесінің басына жете алмасын білген бала боздаған түйенің қасына келіп тұрады, соңынан анасы да келіп, құшақтай зарлайды. Үшеуінің үнінен бүкіл Қаратау жаңғырады. Анасының құшағынан бұлқынып шыққан бала: "Ата, ата, ата!", – деп дауыстайды. Сол кезде қыр басына жетіп қалған әкесінің басы тоқтай қалыпты деседі... Баласының үш қайтара жаңғырыққан даусы шыққанда Укаша әулиенің басы бұрыла қарағандай болып, бір сәт тұрып қалады да артынша қайта қозғалып, өзінен-өзі жоқ болып кетіпті. Әйелі мен баласы жүгіре келіп қараса, құдықтың түбіндегі таста әкесінің басының ізі қалыпты. Ал сахабаның басы құдыққа түсіп кеткен бойы Меккеден бірақ шыққан деседі.
38. [Укаша ислам дінін таратушы]
Укаша туралы дінді уағыздаушылар былай дейді. "Мұхаммед пайғамбардың тапсыруымен келіп, Укаша (Ғәкаша) ислам дінін таратады. Бірде жергілікті халық ұстап алып, оны қылышпен шауып өлтіреді. Бірақ мойнынан шорт кесілген бас ешкімге ұстатпастан қаша жөнеледі. Сонда Құдай Тағаланың әмірімен жер жарылып, бір шұңқыр пайда болады да бас соған түсіп, жоқ болады. Үңгірдің ішіне ғайыптан су келіп, басты ағызып, Меккеден шығарады. Меккедегі діндарлар судың бетінде қалқып жүрген бас Укашаның басы екенін танып, оны Меккеге жерлейді. Ал денесін мұндағы мұсылмандар осында жерлеген."
39. Арыстанбап мазары туралы
Ақсақ Темір Қожахмет Яссауи мешітін салғызып болып, Айша бибі мазарын салғызады. Соған бара жатқан жолында тоқтап, бір жерге түнеген екен. Сол түні түс көреді. Түсіне Арыстанбап кіріп: "Сен менің шәкіртіме мазар салдың, неге маған салмайсың", – деп өкпелеген екен. Қой, бұған салдырмасам болмас деп, оған да салғызады. Жалпы құрылысы жағынан бірдей етіп, тек көлемі жағынан сәл кішірек етіп салғызады. Осы екі мазардың ара қашықтығы алпыс шақырым екен. Бұл туралы елде мынадай аңыз бар. Арыстанбап өте ұзақ жасаған екен. Алты жүз жасаған шағында ол Мұхаммед пайғамбармен кездеседі. Оған дейін түсінде бұл кездесудің осындайда бір таудың арасында болатын әулиелер келіп айтады. Сөйтіп сол тауды іздеп келіп, бір үңгірде тығылып, пайғамбарды тосып жатады. Үңгірдегі тесік біткенді өзінің шапанымен тығындап қояды. Ең соңында екі тесікке тығып, бітеп қоятын ешнәрсе таппай, екі табанымен жауып, тосып жата береді. Тесікті бітеген себебі, жылан кіріп, шағып алар деп қорқады. Бір күні жауынан қашқан екі адам келіп кіреді үңгірге. Бірі пайғамбар екен. Қуғыншылар жақындап қалады. Сонда әулие өрмекшіге «үңгірдің аузын торлап таста» деп бұйырады. Әп сәтте үңгірдің аузы өрмекшінің торымен торланады. Қуғыншылар келіп, іздей бастайды. Бастаушы мында кірді деп үңгірді нұсқайды. Оған қалғандары: «Қалай мұнда кіруі мүмкін, торды көрмейсің бе» деп, басқа жақтан іздеуге кетіп қалады. Сол кезде Арыстанбап ойбайлап қоя береді. Не болды деп қараса, табанын сырттан келіп, бір жылан шағып алған екен. Пайғамбар жыланға ұрсады "Неге шақтың адам баласын?", – дейді. Сонда әлгі жылан өзінің он екі мың жыл жасағанын, осы уақытқа шейін пайғамбарды көрсем деген тілекпен тосып жүргенін айтады. Дәл он екі мыңыншы жылы пайғамбарды кездестіретінін жылан да түсінде көрген екен. Пайғамбар қолын түкіріктеп, Арыстанбаптың жарасын сылайды. Сөйтіп оның жарасы әп-сәтте жазылып кетеді, тек жылан өліп қалады. Пайғамбар Арыстанбапқа "Алты жүз жылдан кейін өмірге Қожахмет атты бір данышпан келеді, соған мына құрманың дәнін кім апарып береді десем, жанымдағылар күмән келтіреді, мұны сен апарып бере аласың" деп, әлгі дәнді береді. Арыстанбап әлгі дәнді тілінің астына сап, алты жүз жыл жүреді. Сөйтіп елден Қожахмет бала туралы сұрастырып іздейді. Бірде біреулер "Ана қамыстың арасында бір жетім пақыр бала жүр, іздеген Қожахметің мүмкін сол болар дейді. Қамысқа Арыстанбап жақындай бере алдынан бір бала жүгіріп шығып "Әкел аманатымды", – деп қолын жаяды. Арыстанбап тілінің астындағы құрманы бере қояды. Алты жүз жыл тілдің астында сақталғандықтан, әлгі құрмадан жіп-жіңішке боп, сүйегі қалған екен. Қожахмет ауызға сала беріп, күтірлетіп, жеп қояды. Арыстанбап балаға "алты жүз жыл сақтағанда маған дәм татырмадың" деп ренжиді. Сонда бала "Алты жүз жыл дәмін сорып, маған кұр сүйегін жеткіздің ғой", – деп дүрсе қоя береді. Сөзден жеңілген Арыстанбап жалт бұрылып қашады. Елдің айтуынша, алты аттап барып, құлаған екен. Сонда Арыстанбап мың екі жүз жыл жасаған шағы екен. Қазіргі Қожахмет Яссауи мавзолейі мен Арыстанбап мазарының арасы алпыс шақырым болуының өзі осы әулие Арыстанбаптың алты аттаған қадамы деседі.
40. [Залым патша – Пырғауын-Намруд]
Залым патша – Пырғауын-Намруд Ибраhимнің пайғамбарлығын мойындамай, алаулап жанып жатқан отқа лақтырыпты. Құдайдың құдіретімен арнайы жіберілген Ризуан бастаған періштелер оны дереу қағып алып, оттан аман шығарады. Құдайдың қарғысына ұшыраған Намруд араға таланып, миын маса жеп, әбден қор болып өледі. Екінші бір аңыз Ибраhимнің Бибі Сара есімді жұбайы болыпты. Ол көп уақыт перзент көрмепті. Бұған іштей қапа болып жүрген Ибраhим Бибі Ажарға үйленеді. Екі әйелдің күндестігі асқына-асқына екіқабат Ажарды айдалаға апарып тастауға келіп тіреледі. Бұл жер Сафа мен Мәруа тауларының аралығы екен. Бибі Ажар анамыз Ибраhимге жалынышты көзбен қарап: "Тақсыр, маған обал емес пе?" – дегенде ол: "Бір Құдайға тапсырдым", – депті. Бибі Ажар босанып, ұл туады. Кіндігін анасының өзі кесіп, көйлегінің етегінен жөргек жасап орайды. Жуынайын, нәрестені шомылдырайын десе, маңайда су жоқ. Жанұшыра су іздеп, Сафа мен Мәруа тауларының арасында жеті рет жүгіріп шыққан екен дейді. Содан әбден сілелеп, су таба алмай, қамығып қайтып келсе, баласын тастап кеткен жерде бұрқырап су шығып жатыр екен. Сөйтсе, нәресте жылай-жылай, өкшесімен тепкілей берген жерден бұлақ көзі ашылған екен де содан атқылаған мөп-мөлдір су айналаға жайылып барады екен. Ажар анамыз қос қолымен құмды қамсаулап, қоршау жасап: "Зәм-зәм!" – дей беріпті. Бұл: "тоқта-тоқта!" – деген сөз көрінеді. "Зәм-зәм суы" деген бұлақ аты содан қалған екен. Кешікпей Ибраhим де келіп, бәрі қауышып, мәз-мәйрам болып қалады. Перзентке Ысмайыл деген есім қояды. Бәрі осы жерде біраз тұрыпты, Қағбаның іргесі сол кезде қаланыпты. Мекке қаласы да содан бастап салыныпты. Ысмайыл – Ибраhимнің Ажардан көрген баласы екені айтылады. Бір қиын жағдайда Ибраhим осы баласын Құдай үшін құрбандыққа шалуға тиіс болыпты. "Құдайдан аяр ештеңем жоқ!" – деген Ибраhим баласын бауыздарман болған сәтте, аспаннан hәуез келіпті. Ибраhимнің шын берілгендігіне риза болған Алла дереу Жәбрайыл арқылы жедел хабар түсіріп, тоқтатқан екен. Құрбандыққа шалуға көктен бір көк қошқар түсіріпті. Құрбан шалу дәстүрі содан басталған екен.
41. Шек шалу дәстүрі қайдан шыққан?
Мұхаммед пайғамбар 570 жылы туған екен. Одан бұрынғы Ыбырайым пайғамбарға Алладан бір үн келеді. Сосын ол өмірінде Мұхаммедке, Аллаға бір құрбан шал дейді. Мұхаммед: – Түйе шалайын ба, жылқы шалайын ба? – деп төрт түлікті атап шығады. Сонда ол: – Жоқ, жалғыз ұлың Ысмағұлдың өмірін қи! – дейді. Ысмағұл: – Атамның құрбандығына жарасам маған басқа не керек? – деп ризалығын білдіреді. Содан әкесі мен баласы Қандалаға жол тартып кетеді. Жолда Ыбылыс кездесіп, Ысмағұлға: "Әкең сені өлтіруге апара жатыр деп" азғырады. Бірақ Ысмағұл оны тыңдамастан оған бір тас лақтырып қалғанда, ол Ыбылыстың көзіне тиіп, соқыр боп қалады. Қандалаға жеткен соң Ысмағұл әкесіне: «Аяқ-қолымды байлап, бауызда» дейді. Әкесі: "Жоқ, онда мен сені қорлықпен әкелген болам, байламаймын" дейді. Баласын тамақтан алып жібергенде, Алладан рахым келіп, пышақ баласына дарымай, қара тасты қақ жарады. Одан бір қошқар шыға келеді де, мойнын ұсынады. Осыдан құрбандық малдың аяғын байламай сою деген қалады. Бұл әдет қалыптасқалы бес жүз мың жылға жуық болды дейді.
42. Аййуб пайғамбар
Аййуб пайғамбардың тұла бойын жара басып, жеті жылдай жанына адам жуи алмай жатқан. Әйелі Рахмет қана жиренбей, қызмет етіп, күткен. Мал-мүліктен, денсаулықтан жұрдай болып, төсек тартып жатқан сол уақытта бір рет те болса Аллаға асылық келтірер бір де сөз айтпаған, көңіліне де алмаған, ғибадатын үзбеген. Жәбрайылдың жәрдемімен бір бұлаққа шомылып, үсті-басы бүкіл жарадан әп-сәтте, құлан таза болып шыға келген. Бұхара қаласында "Аййуб бұлағы" атанған бір ғажайып бұлақ бар. Аңыз бойынша, Аййуб пайғамбардың аса таяғы тиген, содан көзі ашылған киелі бұлақ.
43. [Ертедегі адамдар...]
Ертедегі адамдар етті шикідей жей береді екен. Адам баласының Адам атадан кейінгі екінші атасы саналған Нұх пайғамбар заманындағы топан су апатынан кейін, ол өзінің аман қалған үш баласына жер бетін бөліп береді. Сонда Яфас деген баласын күншығысқа ие болуға жібереді. Осы Яфас түрік халықтарының түпкі атасы саналады. Яфас қалың қарағайлы бір тауға жетеді. Сол арада кенет аспан күркіреп, жер-дүниені қалтыратып жібереді. Әлемді қара түнек қаптайды. Әлден уақытта қараңғылықты қақ жарған бір алаулы ұшқын таудың ішіне түседі. Қалың қарағай лаулап жана бастайды. Сонда Яфас әкесі Нұх пайғамбар тасқа ойып жазып берген бой тұмардағы дұғаны оқиды. Сол-ақ екен, аспаннан жаңбыр сорғалап жауады да, өртті сөндіреді. Яфас жолын әрі қарай жалғастырады. Кетіп бара жатып, жол үстінен отқа күйіп қалған бір бұғыны кездестіреді де, етін жеп көреді. Бұрын жеп әдеттенген шикі етке қарағанда өте дәмді әрі нәрлі сезіледі. Яфас осы піскен еттен қолына азық үшін алады да, жол бойы жеп жүре береді. Таудан әрі асқан соң, ұшы-қиырсыз шөл далаға кезігеді. Сол тақырда кетіп бара жатып жемек болады да, етті қолына ұстай бергенде жерге түсіріп алады. Етті жерден көтеріп алады да аузына салады. Сонда ет бұрынғыдан да тәтті, сөлді болып сезіледі. Бұл тақыр соры көп, тұзды жер екен. Яфас бұл сырдың мәнін аңғарады да, тұздан қоржынына салып ала жүреді. Содан кейін өзіне серік болған үмбеттеріне әлгі піскен еттен үлестіреді де, үстіне тұздан себеді. Сонда тұз себілген піскен етті жеген жұрт оның дәмді және сөлі нәрлі болуының себебіне түсінеді. Содан бастап Яфастың соңына ерген үмбеттері етті пісіріп, тұз сеуіп жеуді үйренеді де, оны әдетке айналдырады.
44. [Манас Сақаба]
Пайғамбар заманында Манас Сақабада бала болмапты. Алладан тілек тілеп, Алланың елшісі пайғамбардан өзінің тілегін жеткізеді. Сақаба өмірімде артымнан із қалмас деген оймен жеті жасар өмірлік болсада тілек тілейді. Алла оның тілегін қабылдап, бала берген екен. Елі жиналып, үлкен той думан жасап, жетім-жесірлерге құдайы беріп, сол құдайыны жеті жыл бойы тілеп шығып, бәріне беріп отырған. Жеті жыл өткен соң, Сақаба өзінің баласының өмірін Алладан қысқа ғұмыр тілегеніне қатты реніш білдіреді. Содан пайғамбарға барып: "Алла Тағала тілегім орнына бала берді, енді алатын уақыты болды" деген екен. Сонда Алла Тағаладан былай хабар беріпті: "Ол кісінің баласы өсіп-өркендеп, жүз жасайды. Себебі халық жиналып, тілек тілеп, құдайы берді. Сол үшін ұзарттым", – депті.
Қазақтың құдайы беруі осыдан қалған.
45. Дариға батыр туралы әңгіме
Баяғыда Дариға деген кәпірлердің батыр қызы болыпты. Бір тамақтанғанда қырық қойдың етін жейді екен. Бірде-бір батыр жеңе алмай кете берген екен. Мұсылманның Әзірет Шері деген батыры қызбен күресуге барады. "Егер жеңсем, мұсылман қыламын", – дейді. Пайғамбардан бата алып, күресуге шығады. Он бес күн Құдайға құлшылық етіп, намаз оқиды. Сөйтіп екеуі қырық күн, қырық түн күреседі. Қыздың күші басым болып, Әзірет Шері жеңіліп қалады. Он бес күнгі намазым бекер болды, тағы да оқиын деп, тағы он бес күн намаз оқиды. Құдайға құлшылық етеді. Сонда Жәбірейлі періште келіп "Сен енді күресуіңе болады. Алла Тағала саған сексен адамның күшін берді", – дейді. Алла аян беріп "Сен жеңесің" – деп айтады. Сонымен Әзірет Шері қызбен тағы күреседі. Сексен адамның күші бар Әзірет Шері Дариғаны аспанға атып жібереді. Алла тағы аян беріп "Қызды тосып ал, әйтпесе, күлпаршасы шығады" – дейді. "Я, Алла, медет ете көр", – деп, қызды тосып алған екен. Қыз жеңілгенін айтып, қосылуға келісімін береді. Екеуі қосылып, Дариға мұсылман болып, күндер өте береді. Бір күні әзірет Шеріге Алла тағы аян береді. "Бүбатпа сені күтіп, күнде жылап жүр, еліңе қайт", – дейді. Әзірет Шері Дариғаға өзінің жары бар екенін, олардың елінде күтіп отырғанын айтып түсіндіреді. Дариға оны еліне аттандырады. Күндердің күнінде елді бір жас бала шауып, тыныштық бермей, жолындағының бәрін қырады. Әзірет Шері оған қарсы шығады. Екеуі кездесіп, күреске шыққанда бала ұрандап: "Я, Алла, Әзірет Шері жаса" деп айқайлап күреседі. Сонда Әзірет Шері баланы тоқтатып, өзінің баласы екенін таниды. Бала да әкесін танып: "Өз әкеме қол көтердім, жарыл, жер, жарыл" – деп жерге кіріп кетіпті.
Осыдан "Аспаннан Иса түссе, Жерден Мәді шығады" деген сөз қалған екен.
46. [Мәді – хазірет Ғалидің ұлы]
Мәді – хазірет Ғалидің ұлы. Орта Азияда өмір сүрген балуан Дариқа қыздан туады. Азамат болған соң туабітті көрмеген әкесін іздеп, сапарға шығады. Кездеседі. Алдымен жөн сұрасып алмай, әкесімен белдесіп күрескені үшін қатты ұялады. Әкесінен қашып, өзінің өтініші бойынша, тілегін Алла қабыл етіп, таудың ішіне кіріп кетеді. Адамзат баласын Тажал әкелген ауыртпалықтан құтқару үшін Мәді тығылған жерінен шығады. Аспаннан Иса пайғамбар түседі. Тажалдың көзін жояды. Елшілікке жіберілген екі хазіреттің арқасында жер бетінде қырық жыл мамыражай заман орнайды. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайды. Адамдар түгелдей мұсылман болады.
47. [Суға батпайтын, отқа күймейтін Әзиз]
Ысқақ бап Шашты Әзизді уәзір етіп алған соң, сол кездегі қамалдардың халқын бірінен соң бірін үгіттеп, мұсылман дініне кіргізеді. Бірақ ол кезде шаман дінін ұстанатын түркі тектес халық өз құдайлары Тәңірге ғана табынып, Исламды қабылдай қоймайды. Тіпті ара-кідік бас көтерулер да болады. Алайда, Ысқақ бап қайткенде де өз ойын жүзеге асыруды көздейді де Шашты Әзизді салып, әр қамалдан елге ықпалы бар, беделді кісілерден он шақты адамнан Құмкент (Қойкент) шаhарын Ислам дінін қабылдауға үгіттейді. Сонда жиналған жұрт: "Біздің өз дініміз – Тәңіріміз бар, оның кереметін күнде көреміз, ол Күн болып шығып, шуағын төгеді, Ай болып, аспаннан шапағын шашады, ал сенің Құдайыңның қандай кереметі бар, көрсет, егер сенің Құдайың шынымен құдіретті болса, көзімізді жеткіз", – деген шарт-талап қояды. Сонда Ысқақ бап Баба түкті шашты Әзизден көмек сұрайды. Әзиз келіседі. Ысқақ бап сол жерге алпыс түйеге арттырып әкеліп, шеңгел үйдіріп, үйілген шеңгелдің ат тоқымындай жеріне темірді қояды да, оның үстіне Шашты Әзизді шығарып: "Ал, жамағат, қазір біз мына шеңгелге май құйып, өртейміз. Бірақ, мұсылман дініндегі мына пендені от шалмайды. Міне, Құдайдың құдіретіне сонда сенерсіңдер" деп, шеңгелге от қояды. Құрғақ шеңгел бір демде лаулай жанып, Шашты Әзиз жалаңдап, жалын шашқан оттың арасынан көрінбей кетеді. Сол тұста жиналған ел өре түрегеліп: "Сендер біздің қасиетті адамымызды өртеп жібердіңдер, егер ол тірі қалмаса, бәріңді қалдырмай қырып саламыз" деп қаруларына жармасады. Бірақ Ысқақ бап арабтарға: "Құбылаға беттеріңді бұрып, Алла Тағаладан тілеу тілеңдер", – деп өзі де аят оқып, Құдайға жалбарыныпты. Біршама уақыттан соң оттың жалыны сөніп, түтін сейілгенде қараса, Шашты Әзиз ештеңе болмағандай қолындағы құранын аударып отыр екен. Мынандай кереметке таң қалған жұрт Әзизді шоқ үстінен көтеріп алып, Ысқақ бапқа: "Ал, дініңе кірдік", – деп, сол жерден мұсылман болып аттаныпты. Айтушылар: "Бұл тек Алланың әмірімен болған нәрсе, мұндай керемет тек жаратушы жалғыз Алланың ғана қолынан келеді", – дегенді айтады.
48. Дарияға айналған бұлақ
Бірде Құмкент шаhарының адамдары Шашты Әзизге келіп: "Қаратаудың баурайы қуаңшылықтан қуарып, ел де, мал-жан да шөлден қаталап тұр. Құдіретіңе бас иейік, бізге су тауып бер" – деп жалыныпты. Сонда Әзиз қазір «Жылыбұлақ» деп аталатын саздауыт жерге келіп, аса таяғымен жерді бір ұрғанда, болар-болмас су шығыпты. Ал Шашты Әзиз болса, сол асасын шаншыған жерден бастап, сүйретіп жүріп отырғанда артынан көз жасындай су ілесе ағып отырыпты. Ертесіне, кереметті қараңыз, сол жерде Ніл дариясындай толқыған су жатыпты. Тіпті, ел дариядан өте алмай қалыпты. Енді бұл дарияның суы қала астына кіріп, қаланың жер астына түсіп кету қаупі төніп, баяғы ел Әзизге қайта келіп: "Уа, құдіретті Әзиз, мына суды тоқтат" деп жалыныпты. Сонда Шашты Әзиз келіп, екі рәкат намаз оқып, дарияның көзіне бір үлкен тас тастатқаннан кейін, су сап тыйылыпты. Сол Жылыбұлақ – әлі бар. Жылыбұлақ Шашты Әзиздің мазарынан алыс емес.
49. [Айуп]
Ілгері заманда Айуп деген іскер адам өмір сүріпті. Іскерлігінің арқасында төрт түлігі сай болып, әбден байыпты. Бір аймақтағы сән де, салтанат та Айупта екен. Күндердің күнінде біреу үстін құрт жеген бір мүсәпірді Айуптың үйінің тұсындағы көшеге әкеп тастайды. Жел соққанда ол мүсәпірдің сасық иісі Айуптың үй-жайын түгел алып кетеді, қолқаны атады. Бірде Айуптың ашуы келіп, мүсәпірді сүйреп, алыс жерге апарып тастайды. Сонда мүсәпір жылап отырып, Алла Тағалаға мінәжат етеді: "Ей, Алла Тағала! Мені қор-зар етіп қойғаның өзіңе белгілі. Өзіме жайлы жерде қайыр сұрап, напақамды айырып отыр едім. Оны да көп көрдің. Алла Тағала екенің рас болса, менің құртымды ал да, Айуптың денесіне сал. Мен тәуір болып, өз ризығымды адалдан тауып жейін!" Мүсәпірдің тілегін Алла Тағала қабыл алады. Айуптың денесін құрт жей бастайды. Айуп ауырып жатып қалғаннан кейін байлықтың да берекеті кетеді. Малдары жоғалады, қырылып қалады. Бірнеше әйелі бар екен. Әрқайсысы бұйырған мүлкін алады да бет-бетіне кетеді. Ақырында Айуп өзіне берілген, адал бір-ақ әйелімен қалады. Айуптың сасықтығы әлгі мүсәпірден де өтіп кетеді. Ауылдастары сасық иіске тұншыға бастайды. Болмаған соң, алыстағы тауға апарып тастайды. Адал әйелінің арқасында жан сақтайды. Айуп кінәнің өзінен болғанын біліп, ауыр жағдайына сабыр етеді. Тіпті сабырын құрт бүкіл денесін жеп, сүйегін қалдырғанда да жоғалтпайды. Ақылға сыймайтын сабырға ие болғаны үшін Айупқа Алла Тағала риза болады. Ол Жаббар иенің рақымымен бұрынғы қалпына келеді. Пайғамбаршылық қонып, дәрежесі өседі.
50. Найман сүйек
Наймандар жалайырды шауып алмақшы болады, жолда бір батырға жолығып, жорыққа шақырады. Сонда жаңағы батыр айтады: "Олардың Ескелді деген әулиесінің жолбарысы жібермейді", – дейді. Содан оған көнбей, наймандар барып шабады. Содан барып наймандар қырылыпты. Ана "Найман сүйек" деген жер содан аталған екен.
51. Мунафиқ адам
Ерте заманда мунафиқ адам болып, оның бір ізгі қатыны болады. Ол қатын тұрса да, жүрсе де, жатса да, бір нәрсені істесе де «бесмелла рахман рахимны» айтпай тұрушы емес екен. Онымен ері риза болмай жүреді. Бір күні бір дорба ақшаны қатынына береді, "Мұқият бақ" деп, ол ақшаны дорбасыменен қатыны алып қояды. Қатын жоқта ері келіп, ақшаны ұрлап алып, дорбаны басқа бір жаққа қояды. Енді қатыны келген соң: "Менің ақшамды алып берші" дейді. Қатын бармастан бұрын, Алла Тағала Жәбірейілге айтады: "Анау ұрлап алып қойған ақшаны дорбасына салып барып, әуелгі орнына қой" деп. Жәбірейіл оны орнына келтіреді, сонан барып қатын «бесмилласын» айтып, дорбаны ақшасыменен алып барады. Ері бұған таң тамаша етіп ғажаптанады, тәуба етіп, жақсылардан болады, әм қатыны бисмелламаны дайымшылық айтқан құрметі үшін, бәледен құтылып, ерін ізгілер қатарына қосыпты дейді.
52. Көңіліңе астамшылық алма
Ертеде бір патша болыпты. Сол патша қанша кітап сөзін, кұран сөзін білетін білімі терең кісі болыпты. Бір күні ескіше қазақ кітабын ашып отырған кезінде «адам баласы қандай жүйрік болса да, кемшілік келейін десе, оңай екен» деген сөзді тауып алады. Сонсоң «мен өзім бірсыпыра елді билеп тұрмын, білімім артық, маған не кемшілік бар» дейді. Сүйтіп отырғанда көшеден айқай шығады. Бір уәзір келеді де: «Бір нәрсе көрдім не екенін білмеймін, соны, патшам, сізге көрсетуге келе жатырмын», – деді. Патша далаға шығып қараса, заулап жанып бір от бара жатқанын көреді. Уәзірге: «Менің дүлдүлімді әкел», – дейді. Уәзір дүлдүлді әкелді. Оған мінеді де тұра қуады. Қуады да шаһардан екі шақырым шыққаннан кейін жетеді. Жетіп келіп қараса, жүні сусылдаған алтын киік. Әлгі жарқыраған сол киік болып шыққан. Киік бір батпаққа қабырғасынан батып жатқан. Патша «енді бұған барсам ат жығылады, киімім былғанады» деп, барша киімін сыпырып тастап жаяу, жалаңаш киікті ұстауға қасына келеді. Патша қасына келгенде санынан батпаққа батады. Киік сілкініп-сілкініп қойып еді, айдары беліне түскен ақ жігіт болды. Сонсоң патшаның киімін киіп, атын (дүлдүлін) мініп, «қош, патша» деп, шаһарға қарай жүріп кетеді. Хан (патша) батпақтан бір мезгілде шығып шаһарға келіп еді, балалар тас лақтырып қуып, шаһарға жуытпай тастады, «жалаңаш жүрген жынды кісісің» деп, сонан кейін «бүйтіп тірі жүргенше суға ағып өлейін» деп өзен шетіне келсе, судың жағасында бір кемпір-шал отырады. Патша келісімен «суға түсіп өлем» дейді. Шал «өлме» дейді. «Өлмей қайтем, киімім жоқ, тамақ жоқ». Сонсоң кемпір-шал бір ескі көйлегі мен кішкене нан береді. Шал: «Сен бүйтіп жүрме, қалаға барып, қайыр тіле», – дейді. Мойнына бір дорба салып алады да шаһарға келеді. Садақа сұрап, төрт-бес күндік тамақ тауып алады. Патша бір мезгілде «үйіме барып көрейін, шын бар ма екен, қатын-балаларымды, уәзірлерді көрейін, мені таныр ма екен» деп келеді. Келіп ханға «ассалаумағалейкүм!» деп, «қайыр-садақа» деп, уәзірлерді қағып тастап, тура ентелеп ханның алдына барады. «Сен кімсің, қай жердің кісісісің?», – дейді хан. Сонда «осы шаһардікімін» дейді. Шаһардікі болсаң қай рудан таралдың, атың-жөнің бәрін шапшаң айт?», – деп сұрады. Көрген-білгенін тегіс баян етеді. Сонсоң бір уәзірін шақырады да: «Мынаны жеті қайта боз биенің сүтіне шомылдырып, алып келіп бер»,– дейді. Жеті қайта шомылдырып, ханның алдына әкеліп бергеннен кейін, мүсәпірдің қолынан ұстайды. «Кітаптың бетін ашқаның рас па?» – деді. Ол «рас» деп жауап қайырады. «Бұдан былай көңіліңе астамшылық ойлама!» –дейді де: «Міне тағың, міне жұртың, міне уәзірің, міне елің, мен – Жәбірейіл періштемін», – деп, тағын өзіне беріп, жоқ болады.
53. [Тариқ қазірет]
Бұрынғы уақытта Тариқ деген қазірет қателікпенен иесіз бір терең құдыққа түсіп кетіп, шыға алмапты. Сол құдықтың түбінде отырып, ғибадат етіпті. Мұның соңында бұл аздай, хажыға кетіп бара жатқан адамдар тап болып, баяғы құдықты көріп, қатаменен біреу-міреу түсіп кетер деп, барлығы бірігіп, құдықтың аузын бір таспенен бекітіп кетеді. Тариқ қазірет бұларға дыбыс жібермейді: "Егер хабар берсем, қазасына риза болмаған болармын" деп, құдық іші қараңғы болып қалған соң, неғыларын білмейді, тек "Алланың берген қазасына ризамын" деп, ғибадатын жасай береді. Бір уақытта Құдайдың құдіретіменен құдықтың ішіне екі шырақ пайда болып, сондай жарық болады, бұған шүкір етіп тұрған мезгілінде бір үлкен жылан пайда болып, өте қорқады. Жылан Тариқ қазіретке қарамай, құдықтың аузындағы тасты басыменен барып итеріп, лақтырып жіберіп ашып, құйрығыменен қазіретті шырмай лақтырып, сыртқа шығарады. Алланың қазасына, бәлесіне риза болып, сабыр еткен хақында болған жағдай осы болыпты дейді Рахматғали.
54. Алдашы-Ажал
Бұрынғы қазақ қауымы адамдардың және барлық жан иелерінің жанын алатын, қайырымсыз, қатал, өте үрейлі "Алдашы" деген кие бар деп білген. Алдашының қару-қарымы мен қолғанаты – ажал, аларман Алдашы "алып келген" ажалды жұмсайды. Кімнің жанын алуға сұғын қадаса, соның жанына ажал жеткізеді де, жанын алады. Алдашының қолданар амал-тәсілдері мен себеп-сылтаулары да санап таусықсыз. Қаптаған сел, қаулаған өрт, дерт-дербез, ауру, апат сияқтыларды сыртқы көрініс ретінде жамылып, соларды сылтауратып, аларманға келгенде бір айласын табады да, мұртын келтіріп, жанды жазым етеді. Алдашы мен ажалдың жау-жарағы жеткілікті: "Алдашының ала арқаны", "Алдашының құтқармас құрығы", "Ажалдың қатулы қармағы", "Қазаның қақпағы", "Ажалдың атқан оғы", "Өлімнің тұзақ торы" делінетін адам баласы қолданатын қару-құралдардың бәрі де олардың қолында сақадай сай сияқты. Өмір – сылаңдап, жорытқан алқызыл түлкі, Ажал – арсалаңдап жүгірген, алғыр тазысы. Үнемі өмір тіршілігін қуып, оны алуға ұмтылады. Өмір тіршілігі одан құтылудың барлық амал-айласын істейді. Айналдырған ажал ақыр бір күн індетіп, алмай қоймайды.
55. Жазмыш пен тағдыр
Бұл әңгімені "өз көзіммен көрдім" деп, бір кісі әкем Сағындыққа айтыпты. Оқиға ХІХ ғасырдың аяқ кезінде болған. "Бір күнде ағайынды үш бірдей азаматты жерледік", – депті әлгі кісі. Ауылымызда шешектен екі жігіт қайтыс болды. Қабірге қойдық. Мазар басында әлгілердің туған інісі күтпеген жерден: "Мен осында қаламын", – деді. Қалғанда да жай қалмай, қолындағы балтасымен ағасына келген «Нәңкір-Мүңкірді шауып өлтіретіндігін» айтты. Біз бәріміз жабылып: "Періште көзге көрінбейді, Аллаға асы болма", – дестік. Тыңдамады. Қатты күйінген болар. Үгітімізден еш нәрсе шықпаған соң, «өзі үшін үйге қайтар», – дедік те қалғандарымыз ауылға қарай беттедік. Онша алыстай қойған жоқ едік. Қатты шыңғырған дауыс естілді. "Не болып қалды?!", – деп, кері бұрылдық. Келсек, балтаның сабы бос, анадай жерде жатыр. Қылдай ұңғысы әлгі жігіттің мойнында. Көкпеңбек болып, шиқылдап жатыр. Зәреміз ұшты. Не істерімізді білмедік. Ішіміздегі молдамыз айтты: "Бұл – құдайлық іс. Біз еш нәрсе жасай алмаймыз. Былайырақ, қырық қадам жерге барып, құран оқиық". Құран оқыдық та, қайтып келдік. Балта қайта сапталыпты. Жігіт өліп жатыр, мойнында балтаның ұңғысы жоқ. "Пенделерім тобаға келсін деп, Құдайдың көрсеткені шығар", – дестік те, ауылға қарай аяңдадық.
56. Қорқыттың көрі
Өмір бойы желмая мініп, ел аралап, жер кезіп, көпті көріп, көпті түйіп, ақылгөй ата, дарынды жырау, даңқты күйші болған Қорқыт өлмес өмір іздейді. Алдашының ажалды құрығынан құтқаруды арман етеді. "Өлім" деген сөзді аузына алмайды. Бір күні байлаулы тұрған өгізі босанып, қашып, соны ұстаймын деп қуып, жете алмай, әбден ыза болады да, ашу үстінде: "Бәлем, өлсем де сені ұстамай қоймаймын" деп салады. Бірақ "өлім" сөзінің қапылыста аузынан шығып кеткеніне қатты өкінеді оның "өлсем де" деген сөзін құлағы шалған Алдашы атына қарғып мінеді де, Қорқытқа ажалдың қанды құрығын төндіреді. Қорқыт Желмаясына мініп, Алдашының ажалды құрығынан қашып құтылмақ болады. Төңірегінің төрт бұрышын түгел кезеді. Қайда барса да алдынан қазылған көр, құтылмас ор тап болады. Ол көр қазып жатқандардан: "Бұл – кімнің көрі?" деп сұрайды. Бұлардың бәрі де: "Қорқыттың көрі" деген жауапты береді. Қазақтың "Қайда барсаң да Қорқыттың көрі" дейтін тәмсілі осыдан шығады. Барған жерінің бәрінен түңілген Қорқыт ең соңында, өзінің туып өскен жері Сырдарияның жағасына келіп, астындағы Желмаясын сойып, терісімен қобызын қаптап алады да, Сыр суының төсіне қырмызы кілем төсеп, оның үстіне отырып "Өмір күйін" толғайды. Қорқыттың қобыз күйі арғы-бергіні қозғап, барлық табиғатты тебірентеді: аққан су, соққан жел, ұшқан құс, жүгірген аң, күллі адамзат, жан-жануар күйді жан жүйесімен тебірене тыңдап, тым-тырыс болады. Асау өзен Сырдарияның суы да ағысын тоқтатып, ұйып қалады. Тіпті қанды құрығын қоқаңдатып, қуып жүрген Алдашы да ақылынан адасып, есінен танады. Қорқыт қобыз күйін толған қырмызы кілем Сыр суының үстінде қалқып, өлімнен аулақ "Өмір аралы" болып тұра береді. Көңілі жай тапқандай болған Қорқыт: "Алдашының ажалынан құтылудың амалын таптым" деп ойлайды. Алайда, күнді-түнге жалғап, күйді тарта-тарта талыққан Қорқыт кенеттен ілініп қалғып кетеді де, күй кілт үзіліп, тоқтай қалады. Сол сәтте селт етіп, есін жиған Алдашы су жылан болып, сүйреңдеп келіп, Қорқытты шағып, жанын жазым етеді.
57. [Жаналғыш]
Ерте кезде адам жанын алатын жаналғыш көзге көрініп келіп, жан алады екен. Бір байдың баласы жолға шығып келе жатса, алдынан аса таяғы бар ақсақалды қария қарсы кездеседі. Бала сәлем береді, жөн сұрайды:
– Ата, кім боласыз? "Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл" деуші еді әкем, – дейді.
Қария:
– Қалқам, қайтесің менің кім екенімді, сен білмей-ақ қой, мен айтпай-ақ қояйын, – деген екен. Сонда да болса, бала қоймай жалына бастайды. Қария: – Е, е, қалқам, болмадың ғой, айтсам айтайын, мен – жаналғышпын, – депті де, бұрылып жүре беріпті. Бала біраз ойланып: "Қой, не болса да жөнін білдім ғой, енді менің жанымды қашан алатынын сұрап алайын" деп қайта тоқтатады. "Әй, қарағым-ай, сенің жаныңды алу маған қиынырақ соғып тұр. Әкең саған бір қызға құда түскен екен. Сол қызды алған соң, отыз күн ойын, қырық күн тойың өткеннен соң, қалыңдығың екеуің оң жаққа жатқан түні, таң алдында келіп, жаныңды алам", – деп жүріп кетіпті. Сонымен баланың көңілі бұзылып, елге қайтады. Ешкімге ештеңе деп тіс жармайды. Бала уайыммен күннен күнге солып, жүдей бастайды. Не керек, күндердің күнінде әкесі айттырған қалыңдығын алып беріп, отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізеді. Бірде қалыңдығы күйеуінің жүдеп жүргенін байқап: "Саған, не болды, бір жерің ауыра ма, әлде мені ұнатпайсың ба" деп сұрайды. Сонда күйеуі құпиясын ішіне одан әрі сақтай алмай бәрін айта келіп: "Қош бол, бүгін менің таң алдында жанымды алады" дейді. Қыз таза ниетпен ақ жамылып, Құдайдан тілеу тілеп, көз ілмей, таңды қарсы алады. Сол кезде асатаяғын асынып, есіктен Жаналғыш та кіріп келеді.
Қыз аяғына жығылып, жалына бастайды: "Екі жасты айырғанның обалы бар, екі жасты қосқанның сауабы бар" – деуші еді ғой, Алла Тағала, бізді айыра көрме" деп жылай бастайды. Сонда Жаналғыш райынан қайтып: "Алланың рақымы жауды сендерге, бақытты болыңдар, қосақтарыңмен қоса ағарыңдар" деп, батасын берген екен. Міне, содан бері Алла Тағала Әзірейілге өзінің пендесінің жанын көрінбей келіп алуға әмір беріпті.
58. [Әзірейіл]
Ертеде өрісі толған жылқысы бар бай болыпты. Оның он сегіз жасқа толған жалғыз ұлы бар екен. Бір жылы қыс қатты болғандықтан баласын басшы етіп, қасына жылқышыларды қосып, жылқыны шөбі шүйгін қыстауға жібереді. Жылқышылардың барған жерінде де қыс қатты болады. Жылқылар жайыла алмай, боранға ұшырап, шетінен азая береді. Сонда байдың баласы жұртты босқа қырып алмайын деп, жолдастарын ауылға қайтарып жібереді. Сөйтіп, жалғыз өзі қалады. Қылышын сүйретіп қыс өтіп, қырларға қызғалдақ толып, көктем келіп, жадырап жаз шығады. Жылқының біразы жоғалып, суықтан қатып өліп, тек қана жолдасы бағуға берген бір тай қалады. Аман қалған қотыр тайды жетектеп, жаяу еліне қайтады. Бірнеше күн жүреді. Шаршағанда мінейін десе, қотыр тай арық әрі жолдасы сеніп, аманатқа қалдырғандықтан жаны ашиды. Сөйтіп, қиналып келе жатқанда, кешке қарай ақбоз атты, ақ сақалды қария жолығады. Ол: "Шырағым, мына тайға мінбей, неге жетектеп келесің, мұнда қандай сыр бар?" – деп сұрайды. Сонда бала: "Ата, бұл тай, аманат еді. Мұсылманда аманатқа қиянат етпе, деген өсиет бар емес пе? Сондықтан да мінбей келемін" деп жауап береді. Қария балаға риза болып: "Иә, шырағым, сенің мұның адамгершілік екен, аманатқа қалдырған нәрсеге қиянат жасауға болмайды. Сен сол аманатты орындай білдің, жолдасыңның алдында арың таза. Енді ауылға мініп баруыңа болады" деп, тайдың жалынан сипап жібереді. Сол мезетте қотыр тай есік пен төрдей арғымақ ат болып шыға келеді. Аң-таң болып, атқа мінген жігіт қарияның соңынан еріп жүре береді. Жігіт жол бойы келе жатып: "Бұл кісі менің кім екенімді, жылқыларымның өлгенін қайдан біледі?" деген ойда қалады. Бірақ оның себебін сұрай алмайды. Бір күн өткен соң, кешке қарай, бір үйге келіп түседі. Үйге кірсе, бір кісі ауырып жатыр екен. Қарт әлгі кісінің бас жағына таман, жігіт төменгі жағына отырады. Сол кезде ауру қатты қинала бастайды. Қарт болса жігітке "жүр, кетейік" дейді сыбырлап, екеуі сыртқа шығып, аттарына мініп, кете барады. Бұлар кеткеніне ұзақ уақыт өтпей-ақ, әлгі үйден жылап, жоқтау айтқан дауыстар шығады. Жігіт таңданып, үлкен кісіге қарайды. Ол ештеңе байқамағандай, көңіл аудармайды. Таң ата олар сорға тігілген тоғыз үйге кез келді. Ортасында үлкен ақ үй бар екен. Қарт жігітке үйге таянғанда: "Қарағым, мына пышақты анау ақ үйдің туырлығына тыға қойшы" депті. Жігіт ештеңе түсінбесе де, қарттың айтқанын істейді. Кетіп бара жатып артына қараса, тоғыз үйден ешкім шықпайды. Киіз үйдің түңліктері де ашылмайды. Сол күні түске таман әлгі қарт пен жігіт тағы бір үйге келіп түседі. Жаңағы үйдің жалғыз баласы қатты науқастанып жатыр екен. Сонда қария баланың бас жағына отырады да, жігіт әдетінше төменгі жағына жайғасады. Олар келген соң ауру бала одан әрмен қысыла бастайды. Сол кезде қолында екі жасар баласы бар бір әйел келіп, жаңағы үйдің әйелінен бір үзім нан сұрайды. "Балам аш, екі күннен бері нәр татқан жоқ" деп жылайды. Ауру баланың анасы "жарлының батасы жалғызыма шипа болсын" деп, үйдегі жарты таба нанды бере салады. Баласына нан сұраған ана қолын жайып: "Балаңның ғұмыры ұзақ болсын" деп бата береді. Мұны байқап отырған жігіт қасындағы қарияға қараса, оның қара терге түсіп отырғанын байқап қалады. Бір уақытта қарт орнынан тұрып "Жүр, балам, кетейік" дейді. Сонда екеуі үйден шығып, аттарына мініп жүріп кетеді. Біраз жүргеннен кейін, ауылға таянғанда, екеуіне екі жаққа кетуге тура келеді. Қоштасарда жігіт: "Сізге қояр сұрағым бар" депті. Қария болса "Тезірек айтқын" деп шыдамсыздана жауап береді. «Ата, біз кеше ауырып жатқан кісінің үйіне бардық. Сіз ол кісінің бас жағына отырғансыз. Сол кезде ауру қысыла бастады. Біз кеткеннен кейін, үй-іші шулап қоя берді. Бүгін таң ата сордағы тоғыз киіз үйге кез келдік. Сіз маған пышақ беріп, оны "ақ үйдің туырлығына тығып қой" дедіңіз. Айтқаныңызды орындадым. Үйдің түңлігі ашылмады. Ешкім үйден шыққан жоқ. Ал бүгін түсте ауырып жатқан біреудің жалғыз баласының бас жағына отырдыңыз. Бір әйел ауру балаға батасын бергенде, сіз қатты терлеп, қиналып отырдыңыз. Осының себебін айтыңызшы?» дейді жігіт. Сонда қарт біраз үнсіз тұрып: "Балам, сенің сұрағың дұрыс. Мен – Алланың жаналғыш Әзірейіл деген періштесімін. Мен алғашқы науқас кісінің жанын алдым. Киіз үйдегі адамдардың өлігіне себепші болдым. Бірақ, әлгі әйелдің жалғыз баласына шамам келмеді. Себебі, баланың анасы үйдегі ең соңғы үзім нанын аш балаға берді ғой. Сол қайырымдылығына бола, жалғыз баланың жанын алмадым" деп сырын ашты. Жас жігіт қорқып кетіп, "Ата, біздегі аманатыңызды қашан аласыз?" деп сұрапты. Сонда жаналғыш Әзірейіл "Қайырым жасаған адамдарға тиіспеймін, бірақ сенің жаныңды үйленген күні алармын" – деп кете барыпты. Жігіт ауылына келгенде ештеңе айтпайды. Сөйтіп жүргенде арада үш жыл өте шығады. Құрдастарынан және ата-анасынан естімеген сөзді естиді. Айттырып қойған қалыңдығына бармаған жігітке жұрттың бәрі ренжиді. Ақыры амалы таусылған соң ата-анасына: "Құдаларыңа хабар беріңдер. Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасасын. Сол уақыт біткеннен кейін, оңаша отауда қалыңдығыммен кездесемін" – депті. Қыздың ата-анасы құдалардың тілегін қабыл алады. Той біткеннен кейін, қыз бен жігітті кешке қарай, оңаша отауға кіргізеді. Жігіт қалыңдығымен жеке қалған соң басынан кешкен оқиғаны, жаналғыш – Әзірейілмен кездескенін, оның келіп-кетіп тұратынын бастан-аяқ баяндайды. Қыз ақылды болса керек, жігітке білдірмей, шара табаққа сүт құйып, есіктің алдына қоя салады. Түн ортасы ауған кезде жан алатын періштенің сырттан келгені білінеді. Бірақ қыз бен жігіт іштен дыбыс бермейді. Әзірейіл түсіп, үйге кірер кезде асты көріп, дәмін татып, бұл жолы райынан қайтып, кейін кетіп қалады. Жас жұбайлар бұған қуанып, бір түн бірге тыныш ұйықтап шығады. Екінші түні, кешке қарай қыз шара табаққа айран құйып, есіктің алдына қояды. Түн ортасы ауғанда жан алатын періште келіп, дыбыс береді. Бірақ қыз бен жігіт сыртқа шықпайды. Әлгі періште аттан түсіп, үйге кірмек болғанда босағадағы айранға көзі түседі. Дәм татады да, ішке кірмей, кетіп қалады. Бұл күні де қыз бен жігіт түнді тыныш өткізеді. Қыз үшінші күні тағы да табаққа айран құйып, есіктің алдына қояды. Түндегідей мезгілде періште келіп, дыбыс береді. Қыз бен жігіт үнсіздік танытады. Бірақ бұл жолы періште шолақ періге айранды шарасымен ұрлатады да, жігіттің жанын алмаққа отауға жақындайды. Бәрін естіп жатқан жігіттің қалыңдығы бір сұмдықты сезіп, сыртқа жүгіріп шығып, айранның ұрланғанын байқайды. Сонда жас қалыңдық жаналғыш періштенің атының шылбырынан ұстап, жылап тұрып: "Ата, енді алдар амалым жоқ, айран толы табағым да жоқ, соңғы тілегім, күйеуім сізбен жолдас болды ғой. Жолдастық ақыңды неге бермейсіз" деп егіледі. Періште болса қыздың басынан сипап "ақылды екенсің, жолдастық ақым – алпыс жас ғұмыр, соны күйеуіңе тіледім" деген екен.
59. [Шашты Әзиз бен Алдашы]
Бұрынғы заманда, бір үлкен өзеннің бойында, шөп күркені мекен етіп, балық қақтап, су сақтаған кедей кемпір болыпты. Оның бар медеуі жастай жетім қалған жалғыз ұлы екен. Ұлы енді ержетіп, "ес жиып, ел қатарына қосылам ба" дей бергенде, аяқ астынан Алдашы жетіп келіп, қанды қармағын жалғыз баланың жанына салыпты, жан ұшырған кемпір жүгіріп, Бабай Түкті Шашты Әзизге келіп: "Әлгі алдашы дегенің жалғыз баламның жанын шырылдатып әкетіп барады, қолдар болсаң, енді қолда, ара түсіп қал, айналайын бабам!" деп, аяғын құшып жалыныпты. Шашты Әзиз атына мініп, Алдашыны қуып жетіп: "Сен мына сорлы кемпірдің жалғыз баласының жанын неге аласың? Тастап кет!" деп айғайлапты. Алдашы оған ажырая қарап: "Мен оның жанын Тәңірдің жазмыш жарлығы бойынша алдым. Ажалға ара түсуге кімде-кімнің ақысы жоқ" деп жүре беріпті. Ашуы қысқан Шашты Әзиз шапалақпен бетке тартып кетіпті. Алдашы теңселіп, тәлтіректегенде оның қолынан бұлқынып шыққан баланың жаны қайта ұшып барып, өзінің бойына еніпті. Алдашы қашқан беті Тәңірінің алдына барып: "Жер бетінде Бабай Түкті Шашты Әзиз деген тентек бар екен, Тәңірінің тағдырына қарсы келіп, ажалға ара түсті, құлыңызға қол тигізді" деп арыз етіпті, Тәңір оған: "Сен оның адамдардың әулиесі екенін білмеуші ме едің, ол не істеймін десе, еркі өзінде, оның тілін алмаған өз обалың өзіңе!" депті. Шашты Әзиздің шапалағы тиген соң, Алдашының көзі шапыраш болып қалған екен.
60. [Алып күштің иесі – Дұмрұл батыр]
Алып күштің иесі – Дұмрұл батыр бір көпірдің аузында көшіп келе жатып, аяулы азаматынан айырылып, күңіреніп жылап жатқан бір ауылға кез болады да: "Неге жылайсыздар, аяулы азаматтарыңды кім өлтірді?" деп сұрайды. Олар: "Оның жанын қызыл қанат періште, Алдашы алып кетті" дейді. Дұмрұл батыр әлгі азаматтың жанын арашалау үшін Әзірейілмен, Алдашымен соғысады. Алдашы оған: "Сен мұның жанын қайтарып алам десең, орнына басқа бір жан тауып әкел" дейді. Бұл жігіттің әке-шешесі баласы үшін жанын беруге разы болмайды. Тек оның келіншегі: "Күйеуімнен қалып, көрер күнім жоқ, жарымнан аяр жаным жоқ, менің жанымды алсын" дейді. Бұған разы-хош болған Алдашы жігіттің әке-шешесінің жанын алады да, келіншек пен күйеуіне жүз қырық жастан өмір береді.
61. Доқа Қожаұлы Дели Домрул әңгімесінің баяны
Оғызда Доқа Қожаұлы Дели Домрул дейтін ер бар еді. Сол бір жайдақ өзеннің үстінен көпір салғызыпты. Өткенінен отыз үш теңге, өтпегенінен ұрып-соғып, қырық теңге алады екен. "Мұның қалай?" деп сұрағандарға: "Менен күшті кімің бар?! Шықсын, менімен соғыссын, ерлігім, батырлығым, қаһармандығым, жігіттігім Румға, Шамға жетсін, жәрия болсын" дейді екен. Күндердің бір күнінде оның көпірінің жанына шағын ауыл келіп қоныпты. Сол ауылдың көптен сырқат бір жақсы жігіті Алланың әмірімен опат болады. Біреулер "ұлым" деп, кейбірі "бауырым" деп жылайды. Сөйтіп, ауыл маңы азан-қазан болады.
Кенет шауып жетіп келген Дели Домрул:
– Ей, жарандар, неге жылайсыңдар? Менің көпірімнің жанында бұл не қылған айғай-шу? – дейді.
– Бір жақсы жігітіміз дүниеден өтті, соған жылаймыз, – деді халық.
Дели Домрул тұрып:
– Ол жігітті кім өлтірді? – сұрайды.
– Бек жігіт, Алла Тағаладан бұйрық болды, қызыл қанатты Әзірейіл келіп, жігіттің жанын алды.
Дели Домрул тұрып: – Ей, Әзірейіл дегеніңіз адамның жанын алатын қандай кісі өзі? Менің көзіме көрсетіңдер оны, соғысайын, шекісейін, тіресейін, жақсы жігіттің жанын құтқарайын, тағы бір жақсы жігіттің жанын алмасын, – деді. Сөйтіп кейін қайтқан Дели Домрул үйіне келді. Хақ Тағалаға Домрулдың сөзі қош келмеді. "Паһ, паһ, есер неме-ай! Ол менің билігімді қабыл алмаса, тірлігіне шүкір қылмаса, ұлы һүзүрыма бағындыр! – деп, Әзірейілге бұйрық етті. – Әзірейіл, сен бар да ол есердің көзіне көрін, үрейін ұшыр, қырылдатып жанын ал", – деді. Дели Домрул қырық жігітімен ішіп-жеп, сауық құрып отырғанда, кенет Әзірейіл кіріп келді. Әзірейілді не күзетші, не қақпашы байқамады. Дели Домрулдың көрер көзі көрмес болды, тұтар қолы тұтпас болды, дүние-әлем күңгірт тартты. Ақырып жіберген Дели Домрул сөйлей жөнелді, тыңдалық, не дер екен:
– Ей, сен неткен кезбе шалсың?
Қақпашылар сені көрмеді,
Күзетшілер сені білмеді,
Көрер көзім көрмес болды,
Тұтар қолым тұтпас болды.
Жаным тітіреп, зәрем ұшты,
Алтын кесем қолдан түсті.
Аузымның іші – бейне мұз,
Сүйектерім – бейне тұз.
Ей, сақалы бурыл,
Көзінің нұры жоқ, шал,
Неғылған жансың, сөйле, қане!
Кесепатым тиеді бүгін саған! – деді.
Мұны естіген Әзірейілдің ашуы келді:
– Мөлдір көз арулардың жанын көп алғанмын,
Көзімнің нұрсыздығы содан болар.
Қара сақал жігіттердің жанын көп алғанмын,
Сақалымның буырылы содан болар, – деді.
"Қызыл қанатты Әзірейіл менің қолыма түссе, өлтірер едім, жақсы жігіттің жанын құтқарар едім" депсің. Міне, мен алдыңа келдім, жаныңды аламын, беремісің, әлде менімен күресемісің?! Сонда Дели Домрул тұрып: – Қызыл қанатты Әзірейіл сенбісің? – деп сұрады.
– Иә, менмін.
– Жақсы жігіттердің жанын алатын да сен ғой?
– Иә, мен.
– Ей, Әзірейіл, кең жерде кездессең, көрсетер едім, тар жерде қолыма түстің, сонда да болса көзіңді жойып, жігіттің жанын өзіне қайтарайын, – деді.
Сөйтіп, Дели қара қылышын суырып алып, Әзірейілді шабуға ұмтыла бергенде, Әзірейіл көгершін болып, терезеден ұшып кетті. Адам затының аждаһасы Дели Домрул қолын қусырып, қарқ-қарқ күлді:
– Жігіттер, Әзірейілдің өзін қалай қорқыттым, көрдіңдер ғой?! Кең қақпадан шықпай, тар терезеден қашты, көгершін құсқа айналып, ұшып кетті, енді мен оның миын қаршығаға жегізбейінше тынбаспын, – деді.
Ол атына мініп, қаршығасын қолына алды да, Әзірейілдің соңына түсті. Бір-екі көгершінді өлтіріп, үйіне қайтып келе жатқанда, Әзірейіл оның атының көзіне көрінді. Аты үркіп, Дели Домрулды құлатып, жерге домалатты. Сол кезде Әзірейіл оның кеудесіне қонды. Демін зорға алып, қысылған Дели енді қырылдай бастады:
– Ей, Әзірейіл, бол аман,
Тәңірінің жазғанына жоқ қой шараң!
Мен сенің мұндай күшіңді білмейтін едім,
Асқақтап, көзіме ілмейтін едім.
Төбесі биік тауларымыз бар,
Ол тауларымызда бауларымыз бар.
Баулардың қара салпыншақ жүзімі болар,
Жүзім шарабының қызылы болар.
Ол шараптан ішкен мас болар,
Көп адамға қас болар.
Шарап іштім, тоймадым,
Көп сөйледім, қоймадым.
Бектіктен жалықпадым,
Жігіттікпен шалықтадым.
Жанымды алма, Әзірейіл, мұрсат бер! – деді.
Сонда Әзірейіл тұрып:
– Ей, есер, маған неге жалбарынасың? Алла Тағалаға жалбарын, менің қолымда не бар дейсің, мен де бір әмір құлымын, – деді.
– Сонда жан беретін, жан алатын Алла Тағала ма?
– Иә, солай, – деді Әзірейіл. Дели Әзірейілге бұрылып:
– Сен тек орындайтын пәлесің ғой, онда бұл арадан кет, мен Алла Тағаламен тілдесейін, – деді.
Дели Домрул сөйлей жөнелді, тыңдалық, не дер екен:
– Биіктердің биігісің! Ешкім жетпес жүйрігісің, Тәңір ием!
Қанша надан сені көкке қарап, жерден іздер,
Сен дәйім момындардың көңіліндесің, Тәңір ием!
Жанымды алар болсаң, өзің ал,
Бұл халіме көзің сал! – деді.
Алла Тағалаға Дели Домрулдың бұл сөзі қош келді де, Әзірейілге былай деді:
– Мына есер менің жеке дара екенімді білді, билігіме бағынды. Дели Домрул жан орнына басқа жан берсін, оның өз жаны азат болсын! – деді.
Әзірейіл тұрып:
– Ей, Дели Домрул, Алла Тағаланың әмірі бойынша, сен жан орнына басқа жан бересің, өз жаның азат! – деді.
– Онда кімнің жанын беремін? Қарт әкем мен қарт анам бар, жүр барайық, екеуінің бірі жанын берер, бәлкім, – деді Дели Домрул.
Сөйтіп, ол әкесінің алдына барып, қолын сүйіп, былай деді:
– Ақ сақалды, ізетті, жаным әке,
Білермісің ұлыңа не болғанын?
Күпірлік сөз сөйлеймін деп,
Көздеріме қанды жастың толғанын.
Хақ Тағала қош көрмеді сөзімді,
Әзірейіл кеп, жоймақ болды көзімді.
Ұшып келіп, кеудемді баса қонды,
Қырылдатып, жанымды алар болды.
Әке, сенен жан тілеймін, берермісің?
Ұлың үшін тәуекелге келермісің?
Сонда әкесі тұрьш:
– Ұлым, ұлым, ей ұлым, ырыс-бағым,
Туғаныңда тоғыз бура сойғызған, арыстаным!
Терезесі ордамның, тірегі – ұлым!
Құрбылас қыздардың тілегі – ұлым!
Қарсы жатқан Қара тауым керек болса,
Әзірейілге айт, жайлау етсін!
Салқын сулы өзендерім керек болса,
Әзірейілге айт, сусын етсін!
Сәйгүлік аттарым керек болса,
Әзірейілге айт, көлік етсін!
Түйелерім керек болса,
Әзірейілге айт, жүгін артсын!
Ақтылы қойларым керек болса,
Әзірейілге айт, соғым етсін!
Алтын, күміс керек болса,
Әзірейілге айт, қаржы етсін.
Дүние қымбат, жан тәтті,
Жанымды қиман, біл, ұлым.
Менен әзіз анаң бар,
Барайық соған, жүр, ұлым! – дейді.
Дели Домрул әкеден қайыр болмаған соң, анасына келеді.
– Анашым, білермісің не болғанын?
Жанарына ұлыңның жас толғанын.
Қызыл қанат Әзірейіл ұшып келді,
Ұшып келіп, кеудемді баса қонды,
Қырылдатып, жанымды алар болды.
Әкемнен жан тілеп ем, бермеді ол,
«Балам ғой» деп, мәмілеге келмеді ол.
Өзіңнен жан тілесем берермісің?
Ұлың үшін азапқа көнермісің?
Болмаса "ұлым-ай" деп жылап-сықтап,
Ащы тырнақ жүзіңе салармысың,
Қара мақпал шашыңды жұлармысың? – деді.
Бұны естіген анасы сөйлей жөнелді, тыңдалық, не дер екен:
– Ұлым, ұлым, ей ұлым, жаным ұлым!
Тоғыз ай тар құрсақта жатқан ұлым!
Толғатып, тоғыз күндей тапқан ұлым!
Кертпе бесікке мәпелеп, бөлеген ұлым!
Ақ сүтімді емізіп, демеген ұлым!
Мұнаралы қамалға тұтылған болсаң,
Кәпірдің қолына түсіп, ұтылған болсаң,
Алтын ақша күшімен құтқарар едім.
Жаман жерге бармассың, мен де барман,
Дүние шырын, жан тәтті, түсін, ұлым. – деген анасы да жанын бермеді. Бұны естіген Әзірейіл Дели Домрулдың жанын алуға келді. Сонда Дели Домрул тұрып:
– Ей, Әзірейіл, бол аман, Тәңірінің әміріне жоқ қой шараң! – деді.
Әзірейіл тұрып:
– Ей, есер, тағы не мархамат тілейсің? Ақ сақалды әкеңнің алдына бардың, жан бермеді, ақ самайлы анаңның алдына барып едің, ол да жанын бермеді, енді кімнен сұрамақсың? – деді.
– Бір қасіретті адамым бар еді, соған кездесейін, – деді Дели Домрул.
– Ей, есер, қасіретті адамың кім?
– Жат елден алған әйелім, одан туған екі ұлым бар, айтар аманатым бар, соны тапсырайын, сонан соң жанымды аларсың...
Сөйтіп, ол әйелінің жанына келді:
– Білермісің, жан жарым, не болғанын?
Жанарына еріңнің жас толғанын.
Қызыл қанат Әзірейіл ұшып келді,
Ұшып келіп, кеудемді баса қонды,
Менің шыбын жанымды алар болды.
Әкеме барып едім, жан бермеді,
Анама барып едім, жан бермеді,
"Дүние шырын, жан тәтті" – деді.
Биік-биік тауларым жайлау болсын өзіңе,
Салқын сулы бұлағым сусын болсын өзіңе.
Сәйгүліктей аттарым көлік болсын өзіңе,
Түндігі алтын отауым сая болсын өзіңе.
Түйелерім тізілген жүкші болсын өзіңе,
Қорадағы қойларым азық болсын өзіңе!
Көзің түсіп біреуге, көңілің сүйсе, тартынба,
Екі ұлымды бірақ та тақсіретке қалдырма!
Мұны естіген әйелі сарнай женелді. Тыңдап көрелік, не дер екен:
– Не деп тұрсың, не дедің?
Көзімді ашып көргенім,
Көңіл беріп сүйгенім,
От боп жанып, суйіскенім,
Бір жастықта бас қосып, түйіскенім.
Қалар болсам өзіңнен, тауларыңнан не пайда?
Жайлар болсам, көрім болсын!
Суық сулы бұлағыңнан не пайда?
Ішер болсам, қан боп ақсын!
Сенен басқа бір жігітті сүйер болсам, бірге жатсам,
Жылан боп шақсын.
Қорқағын-ай әкеңнің,
Бір жанын саған қимаған!
Қорқағын-ай анаңның,
Бір жанын саған қимаған!
Ғарыш куә, көк куә,
Аспан куә, жер куә,
Тәңірім соған куә болсын!
Жаным саған құрбан болсын! – деп, разылығын берді. Әзірейіл қатынның жанын алуға келді. Адам ұлының арыстаны әйелін қимады. Алла Тағалаға жалбарынды тыңдалық, қалай жалбарынды екен.
– Биіктерден биіксің!
Теңдесі жоқ ұлықсың, Тәңірім!
Қанша надан сені көкке қарап, жерден іздер,
Сен өзің момындардың көңіліндесің, Тәңірім!
Ұлы жолдар үстіне ғимараттар жасайын бір сен үшін!
Аш көрсем, тойдырайын бір сен үшін!
Жалаңаш көрсем, киіндірейін бір сен үшін!
Алсаң, жанымызды бірге алдыр,
Қалдырсаң, жанымызды бірге қалдыр, Тәңірім! – деді.
Хақ Тағала Дели Домрулдың сөзін қош көрді. Әзірейілге әмір берді:
– Дели Домрулдың әкесі мен анасының жанын ал, мына ерлі-зайыптыларға жүз қырық жыл өмір сыйладым! – деді. Әзірейіл оның әкесінің, анасының лезде жанын алды. Дели Домрул әйелімен бірге көп жасап, жүз қырық жыл өмір сүрді.
62. Сарын
Қорқыт жиырма жасқа толғанда, ақ сақалы беліне түскен, ақ таяғы көк тіреген әулие келіп, тағы да түсінде аян береді: "Уа, Қорқыт, бұл жарық дүниеде саған қырық жыл ғұмыр маңдайыңа жазылған, одан артық жүрмейсің!" дейді. Ояна келсе, түсі екен, әулиенің айтқан сөзі өңіндегідей құлағында қалып қояды. Осыдан кейін-ақ Қорқыт қатты тіксініп, өлмеудің амалын іздеп, Желмаясын мініп, дүниені кезіп кетеді. Күндердің күнінде Қорқыт дала кезіп келе жатса, үпір-шүпір болып, жер қазып жатқан бір топ адамға ұшырасады. "Ау, бұл қазып жатқандарың не?" – деп жөн сұраса, әлгілер: "Қорқыт әулиенің мүрдесін қазып жатырмыз" – деп жауап береді. Мұны естіген Қорқыт Желмаясын бұрып, келесі бір қиырға бет түзейді. Бірақ шаршап-шалдығып, енді бұйда тартып, тынығам дегенде, алдынан тағы да көр қазушылар ұшырасады. Жөн сұраса келсе, олар да Қорқыттың мүрдесін қазушылар болып шығады. Осылайша Қорқыт өлімнен қашып, дүниенің төрт бұрышын шарлағанымен, алдынан өзіне арнап көр қазушылар кездесе береді. "Қайда барса, Қорқыттың көрі" – деген ескі сөз осыдан қалыпты дейді. Содан әбден тарығып, титықтаған Қорқыт «жер ортасына жетсем, жаным қалар» деп, өзінің туған жері Сырдың жағасына жетеді. Сол жерде Желмаясын сойып, оның терісімен қаңсыған қара қобызын қаптайды. Сонан соң «судың бетінен көр қазылмас» деп, Желмаяның жабуын Сырдың суына жаяды да, соның үстіне жайғасады. Сол жерде осындай халіне қамыға отырып, қара қобызын мұңды сарынға салған екен. Осы сарынның бір қайырымы ұрпақтардың есінде сақталған ғой. Қорқыт Сыр суының үстінде жүз жыл бойы өмір сүріпті дейді. Бұл уақыт ішінде қобызын тоқтаусыз сарнатып, ажалды маңайына жолатпайды дейді. Қорқыт қобыз тартқанда жел тынып, су ағысын токтатып, жан-жануар ұйып тыңдайтын болса керек.
62. [Қорқыт пен Жаналғыш]
Қорқыттың қырық жыл ғана өмір сүретіні аян болады. Осыдан кейін Желмаясын желдей ұшырып, өлімнен қашады ғой. Қашқанмен Жаналғыш алдын орап, қайда барса, Қорқыттың көрін қаздырып жатады. Бірақ, көпке дейін Жаналғыш Қорқыттың жанын алуға бата алмай, құр босқа төңіректеумен болады. Ақыры бір күні Жаналғыш алтыннан сандық соқтырып, Қорқыттың жанын алуға бел буып, сайланып шығады. Мұны күні бұрын болжап білген Қорқыт ажалдың тұзағына түспеудің амалын ойлайды. Күндердің күнінде Жаналғыш ақыры Қорқытпен бетпе-бет келіп: "Кір мына сандыққа! деп бұйырады. Қорқыт болса күні бұрын ойластырған амалына салып: "Кіруін кірер едім, бірақ мына қалпымда сандыққа қалай сиямын? Алдымен өзің кіріп көрсет, сонан соң дегенің болсын!" – дейді. Сол жерде Жаналғыш сандыққа кіріп көрсетпекші болғанда, Қорқыт оны тарс жауып, аузын ашылмастай бекітеді де, дарияның суына ағызып жібереді. Жаналғыш сандыққа қамалған қалпы ағып кете барады. Сөйтіп халық көпке дейін өлім дегенді білмей, шат-шадыман ғұмыр кешетін болады. Сол кезде дарияның аяғында ауы бос шықпайтын, керемет бір ақжолтай балықшы болады екен. Бірде Жаналғыш қамалған сандық әлгі балықшының ауына түседі ғой. Балықшы «Бұл неғылған сандық?!» деп аузын ашқанда, сандық ішінен долдана ақырып, Жаналғыш шығады. Ашу үстінде көзіне көрінген балықшының жанын алады. Сонан соң Қорқыттың жанын алу үшін кектенген қалпы іздеп кетеді. Ал Қорқыт болса, бұл кезде Жаналғыштың өкшесіне түскенін есіне алып, «Аңдыған жау алмай қоймас!» деп мұңайып, сол көңіл күйін қоңырлатып, қобызына салған екен.
64. Қорқыт
Жаналғыш Қорқыттың жанын алмақшы болып, өкшелей қуып қоймайды. Сонда Қорқыт тағы да бір амалын келтіріп, өзінен аумайтын қырық сурет салады да, қырық бірінші болып, қатарына өзі отыра қалады. Содан зәрін шашып, қаһарын төгіп, Қорқыттың жанын алмаққа Жаналғыш жетіп келеді ғой. Келсе, қаздай тізіліп, бір-бірінен айнымайтын қырық бір Қорқыт отыр дейді. Жаналғыш әрі қарап, бері қарап, қайсысының Қорқыт екенін айыра алмай амалы таусылады. Жаналғыштың шын түйіліп келген бір жолғы қаһарынан Қорқыт осылай құтылып еді дейді. Осыдан кейін бұрынғыдан да жабырқап, қобызынан мұңды қоңыр күйлерді азыната төгетін болады. Қорқыттың қоңыр күйлерінің тартылу мәнісі осы болса керек.
65. Тарғыл тана
Қорқыттың Желмаясы астында, қара қобызы қолында, үнемі ел аралап, адасқанға жөн сілтеп, аңырағанға ақыл беріп, сәуегейлік құрады екен. Төңірегіндегі көзі көріп, көңілі түскенді қобызына күй етіп қосып, алдағыны қырық жыл бұрын болжайтын болыпты. Күндердің бір күнінде ақ сақалы беліне түскен, ақ таяғы көк тіреген бір әулие Қорқытқа түсінде аян береді: «Уа, Қорқыт, сен өлімді аузыңа алмасаң, оған еш уақытта өлім жоқ»- дейді. Қорқыт осы сөзді өңінде естігендей болып оянады да, «Тәңірінің бұл да бір сыны болар» деп, көкейіне түйіп алады. Содан жылжып жылдар, сырғып күндер өтеді. Ақ сақалды, ақ таяқты әулиенің айтқан өсиетін естен шығармай, өлім туралы сөзді аузына алмай, қобызын тартып, ел аралап, жүріп жатады. Бірде бір ауылдың тайлы-таяғы қалмай жабылып, қашаған өгізді қайыра алмай жүргенін көреді. Сол жерде Қорқыт Желмаясына міне салып, қашаған өгізді қайырып бермек болады. Бірақ өгіз Қорқыттың Желмаясына да бой бермейді. Қуа-қуа әбден титықтап шаршайды. Сонда Қорқыт: «Қап, саған өлсем де жетпей қоймаспын!» – деп Желмаясын тебіне түседі. Осы сөзді айтуы мұң екен, тарғыл тана тасқа айналып, қатып қалады. Тасқа айналар алдында тарғыл танаға тіл бітіп:
Мен өзім қара едім,
Қарадан туған ала едім,
Туған жерім – Қазалым,
Мына тау болды-ау ажалым! – деп дөңбекши ыранған екен. Сол жерде өлім туралы сөздің аузынан шығып кеткеніне Қорқыт қатты өкініп, мұңға батады. Бірақ болар іс болды, енді тағдырдың жазуынан қашып құтылудың амалын ойлайды. Сөйтіп, Желмаясын желдіріп, дүниенің төрт бұрышын кезіп кетеді. Осы оқиға Қорқыттың қобызына «Тарғыл тана» деген күй болып шалынған екен.
66. "Башпай"
Атадан балаға жеткен қария сөздің айтуында "Башпай" Қорқыттың ең соңғы тартқан күйі еді дейді. Қырық жыл өлімнен қашқан Қорқыт ақырында Сырдың суынан сауға тауып, дарияның бетіне Желмаясының жабуын төсеп, соның үстінде қобызын сарнатып, ажалды аластап отырады ғой. Сол күндерде Қорқыттың Ақтамақ атты қарындасы дарияны кешіп, тамақ алып келіп тұрады екен. Бірде Қорқыт қарындасының дәмін татып отырғанда, алай-дүлей жел соғып, толқын тұрып, бұлардың берекесін алады. Сол бір аласапыран шақта Қорқыттың башпайы қарындасына тиіп кетеді. Байқаусызда болған жағдай өле-өлгенше Қорқыттың есінен кетпей, өзін күнәлі сезініп, пұшайман болады екен. Күндердің күнінде, дарияның бетінде жүз жыл бойы ажалды жолатпай өмір сүрген Қорқытқа қапысын тауып, ажал шіркін жетіпті дейді. Сол күні әдеттегідей Ақтамақ ағасына дарияны кешіп, тамақ алып келеді. Тамақтан соң Қорқыт маужырап, қалғып кетеді. Дамылсыз сарнаған қобыз үні бір сәт толас тауып, қарындасы ағасының оянуын күтіп отырады. Осы кезде қобыз үнінің тынған сәтін пайдаланып, дәм салған қоржынмен ілесіп келген сақиналы, зәрлі жылан өрмелеп келіп, Қорқытты шағып алады. Қорқытты жүз жыл бойы андыған ажал осылайша жылан болып келіп, қапысын тауып еді дейді. Айтқанша болмайды, Қорқыттың бойына ажал уы жайылып, өлімге бой ұсына бастайды. Сонда, көз алдында дәрменсіз шырылдаған қарындасымен арыздасып, қоштасып, көптен көкейінде жүрген соңғы тілегін айтады. "Ажал шіркін қапыда тұзаққа түсірді. Бір өкінішім – осы. Екінші өкінішім, баяғыда, Сырдың бетін дауыл шалғанда, өзіңе башпайым тиіп кетіп еді. Кешілмейтін күнәм – сол. Қасиетті Сыр-ананың жағасында маған арналған мүрде қазулы тұрған болар. Мені жерлегенде екі башпайымды ашық қалдырыңдар. Өміріме серік болған, қасиетті, қара қобызымды өзіммен бірге көміңдер. Мен өлсем де, менің атымды атап, ұрпағымның есіне салып жатар. Хош, жарығым! Жылама, жылама, жылағанмен бола ма?!" – дейді Қорқыт. Қарындасы: "Аға, ағатай, асқар тауым, алтыным!" – деп еңіреп қоя береді. Сол жерде Қорқыт соңғы күшін жиып, қобызын қолына алып, қарындасын жұбатқандай болып, бірер қайырым күй шалған екен. Қорқыттың осынау соңғы күйі "Башпай" деген атпен ұрпақтарының есінде қалыпты. Ал, қара қобызы болса, Қорқыт өлгеннен кейін мүрденің ішінен "Қорқыт, Қорқыт!" деп, күңіренген дыбыс шығарып жататын болыпты.
67. Хикая қара қырғыздардың қайдан шыққандары турасынан
Қазірет Адам атамыз турасынан сөз қозғалық. Алла Тағаланың жіберміш хабарларында айтады. Қашан кім Хазіреті Адам ұжмақта болған мезгілде Алла Тағала қатты тоқтау етіп рұқсат берген жоқ еді: "Ағашта өсміш тұрған бұғдайды оған жеме! – деп, егер де тыңдамай жесең, ұжмақтан қуылып шығасың" деп. Шайтан ләғин Хауа анамызды неше түрлі һайламенен жолдан шығарып, азғырып салды. Онан кейін Хауа анамыз ағашта өсміш бұғдайды өзі жеп, онан хазірет Адамға алып келіп айтты:
– Бұл бұғдайдардың тәттілігіндей ешнәрсе болмас, жеңіз, – деді. Хазіреті Адам Алла Тағала рақыммен айласын, сөзіне еріп, қызығып, бұғдай нанын жеп жіберді. Қалай хазіреті Адам (бұғдай нанын жеп жіберді) сол заманы үстіндегі ұжмақ түндей түсіп, өздері тырдай жалаңаш қалды. Олар қалай қып ағаштардан жапырақтарын (үстерін жабуға) сұраса да бергендері жоқ. Ақыры інжір ағашы одарға өзінің жапырағынан берген һәм одар со жапырақтарменен жалаңаш тәндерін жауып, ұжмақтан шығып кетті.
Дәл сол мезгілде, хазіреті Адам мен Хауа анамыз ұжмақтан шыққан уақытта, бұ дүниеде Ай мен Күн болмай, қараңғы болып тұрған екен. Со қараңғыда себеп болып хазіреті Адам менен Хауа анамыз бір-бірінен айырылып, адасып кетіп, жүз жыл бөлек жүрді. Хазірет Адам адасып жүріп, зар илеп жылап жүрді, Алла Тағаладан сұрап, "хабар бер" деп: "Адам, тұр өзінің жұбайғаныңмен ұжмақта рақат тауып, көңілдерің не қаласа соны жеп, бірақ мынау ағашқа жақын келмеңдер, күнәлі болып қалмас үшін". Жүз жылдан кейін хазіреті Адам Хауа анамызбен қауышты. Жүз жылдай бір-бірінен айырылып жүргендері турасынан біздер мұнда баян етпейміз, онда көп жерін алып кетер еді, бірақ қара қырғыз турадарын айталық. Қалай қауышты хазіреті Адам біздің Хауа анамызбен, біздің Хауа анамыз жыл сайын бір ұл, бір қыздан таба бастады. Хауа анамыздың әуелгі тапқан ұлын Қабыл (Каин) деп ат қойды. Келесі жылы Хауа анамыз бір ұл, бір қыз тапты. Бұл жолы және туған ер баласын Абыл деп атады (Афил). Бірнеше уақыт өткен соң Қабыл, Абыл кәміл болды. Күндерде, бір күні одар аң аулауға шықты. Аң аулап жүріп, Қабыл Абылға айтты: "Егер де біздер қатын ала қалсақ, мен ең көркем қызды аламын деді". "Жоқ, аға, Алла Тағала дірман еткен: "әркім өз жолдасын алсын" деп айтты. Абыл бұ жерде білуі керек, Қабылмен бірге тұған қыз бек сиықсыз, көркем емес еді. Абылменен туған қыз қатты көркем, сұлу еді. Қыз үшін араз болысып, Қабыл Абылды таспенен салып жіберіп ұрып, өлтіріп қойды. Абыл өлгенін білмей, Қабыл далада он күндей арқасына салып арқалап, Абылды алып жүрді. Ешбір мағынасын білмеді Абылға не болғанын. Ақыры барып аштықтан халі кетіп, һәм арқасындағыдан шаршап, жерге отыра кетті. Дәл сол мезгілде аспандан екі қарға жерге түсіп, бір-бірін шұқи бастады. Біреуі біреуін шұқып өлтірді. Тірі қалғаны жерден шұңқыр қазып, өзінің шұқып өлтірген қарғасын көміп, жауып салды. Бұ қарғалардан үлгі алып, Абылдың өлгеніне көзі жетіп, Қабыл жер қазып, Абылды көміп салып, онан кейін үйіне қайтты. Қабыл қайтып келген соң, хазіреті Адам сұрады онан: "Абыл қайда?" деп. Қабыл шынын айтуға қорқып айтты: "Абыл өлді, оны мен салып қайттым", – дірман еткен деді. Хазіреті Адам Қабылдың Абылды өлтіргенін біліп, соғып, оны ұрып, өзінен қуып жіберді. Оған (жоғарғы айтылмыш) екі қызды беріп. Сонан кейін Қабыл тауға барып тұрып, аң аулап, өзінің ауқатын кешіріп тұрды. Міне, осылайша боп, қара қырғыздар Қабылдан туып, сонан бері қарай тауда тұрып қала берді. Қара қырғыз ұрғашыларының араларында бек көркемдері де бар көріксіздері де. Бұларының мағынасы мынау: көркемдері Абылменен бірге туған қыздан туып қалғандары және көріксіздері Қабылменен бірге туған қыздан туып қалғандары. Бұ хикаяларды кейбіреулер (қазақ) айтады басқа түрлі қып, бірақ біздердің мұнда айтқандарымыз дұрысырақ болса керек. Жоғарыда біздер айтқан едік: қашан, кім хазіреті Адам атамыз бен Хауа анамыз ұжмақтан шыққан мезгілде жалаңаш тәндерін інжір ағаш жапырағымен жауып шықты деп. Біздердің уақыттарымызда киімдік нәрселеріміз жібек нәрсесінен даярланады, мақтадан алынып. Мақта әуел бастан өсе бастады. Інжір ағашынан тамшылаған жерге, онан кейін біздер сонан мақта ала бастаған екенбіз. Біздер киімдерімізді мақтадан кие бастағандарымыздың себебі бар. Бұдардың бәрі де біздерге қадымдан рәсім боп қалған.
68. Қабыл мен Әбілдің оқиғасы
Хазрат Хауа жүкті болды. Бір ұл, бір қыздан туды. Біраз уақытқа дейін сол қызды сол ұлға алып беріп жүрді. Мерзім өте келе егіз сыңарларын бір-біріне аумастырып беретін болды. Мама он тоғыз мәрте ұл мен қызды егіз туды. Шиш 'алайһи с-саламды жалғыз туды. Одан кейін Ақлима атты қыз бен Қабылды туды. Лабуда деген қызбен Әбілді туды. Хақ Тағала бұйырды: «Ей, Адам! Лабуданы Қабылға, Ақлиманы Әбілге бер. Бұл сөзге Қабыл разы болмады. Ал Әбіл разы болды. Адам 'алайһи с-салам айтты: "Ей, Қабыл, Ақлима саған ретті емес". Қабыл айтты: "Ол маған қандай қарындас болса, бұл да сондай". Адам 'алайһи с-салам айтты: "Ондай болса, екеуің де құрбандық шалыңдар. Қайсыңыздың құрбандықтарыңыз қабыл болса, Ақлиманы сол алсын". Әбіл бір семіз қойды құрбандық беретін жерге апарып койды. Қабыл шығымы нашар, бір бау бидайды апарып қойды. Қөктен от түсіп, Әбілдің қойын күйдірді. Қабылдың бидайын күйдірмеді. Ібіліс 'алайһи л-ла'на келіп, Қабылға айтты: "Әбілдің құрбандығының қабыл болатын себебі Хақ Тағалаға беделі бар атаң Әбілді жақсы көреді, сүйеді. Және дағы Адамның ішкі арамдығы мынау: халифалықты да, қызды да Әбілге береді". Қабыл ашуланып айтты: "Әбілді өлтірейін, қыз да маған қалсын, халифалық та маған қалсын". Сөйтіп, өлтіру мақсатына түсті. Өлтіруді білмейтін еді. Шайтан алайһи л-ла'на адам суретінде келіп, бір құсты ұстап алып, таспен ұрып, басын жанышты. Ол құс өлді. Қабыл оны көріп, өлтіруді үйренді. Әбілге айтты: "Мен сені өлтіремін". Әбіл айтты: "Мен саған қиянат жасамаймын. Хақ Тағаладан қорқамын". Адам 'алайһи с-салам бір күні Меккені тауап етуге кетті. Әбіл адырда қой бағып жүретін еді. Қабыл келіп, бір таспен ұрып өлтірді. Есін жинап алып, қасына барды: тұрмайды. "Мен кеткеннен соң тұрар" деп, қасынан кетті. Үш күннен кейін келіп қараса, орнында жатыр. Қалай жасырарын білмеді. "Адам келсе, бұл істі менен көрер, яки мені де осындай қылар. Енді не істеймін" деп, берекесі кетті. Қасқырлар мен құстар да жеуге әрекет жасады. Әбілді бір қапқа салып алып, үш күн арқалады. Бини Қалибтің рауайаттарында қырық күн көтеріп жүрді делінген. Қасқырлар, құстар жиналып "арқасынан жерге түсірсе, біздер жейміз" деп, соңынан еріп жүрді. Өлтіргеніне пұшайман болды. Осындай халде жүргенде қасына екі қарға келді. Бір-бірлерімен ұрысып, ақырында біреуі біреуін өлтірді. Тірі қарға тұмсығымен жерді қазып, өлген қарғаны көмді. Қабыл оны көріп, көмуді үйренді. Әбілді солай етіп көмді. Белгісіз болып қалды. Уақытысында Адам алайһи с-салам Меккеге барар алдында Әбілді аспанға тапсырды: "Мен келгенше жақсылап сақта", – деді. Қабыл етпеді. Одан кейін жерге айтты. Қабыл етпеді. Ақыр соқында Қабылға айтып еді, ол қабыл етті. Мынадай әнгіме бар: Қабылдың Әбілді аман-есен сақтамақшы болғанына бір түп қаратал куә болды. Егер Хақбихана уа тағалаға тапсырса, Әбіл сау-сәлемат болатын еді. Уақытында Адам алайһи с-салам Әбілді іздеп, қараталдан сұрады. Жауап бермеді. Сол себепті жеміссіз болды. Әбіл жиырма жаста еді. Қабыл Әбілді өлтіргенде жер қатарынан жеті күн, жеті түн тебіренді. Адам 'алайһи с-салам қажылықтан қайтып келді. Перзенттерінің барлығы қарсы алды. Әбіл көзге түспеді. "Әбіл қайда?" – деп сұрады. Қабыл: "Әбілдің қойы менің егіндігіме кіріп кетіпті. Сол себепті ұялып келмеді". Адам 'алайһи с-салам: "Сен бұлай дейсің, алайда мен Әбілдің қанын анау жерде көріп тұрмын", – деді. Қабыл айтты: "Мен өлтірдім". Адам 'алайһи с-салам: "Әбілдің қанын сыртқа шығармаса, сол жерге Тәңірінің лағынеті болсын", – деді. Әбілдің қаны айтқан жерден қайнап шықты. Сол күннен бастап Адам 'алайһи с-саламның перзенттерінің қаны жерде жатпайды, әшкере болады. Әбіл көмілген жер сор, тікенегі көп шеңгел болды деп айтады. Бұрынғыдан қалған әңгіме бар: "Мұхаммед салла аллаһу 'алайһи уа саллам уақытысында бір кісі кіріп: "Малым қисапсыз көп. Малдарымның соңында күйбеңдеп, Құдайға кұлшылық етуден қалып жүрмін. Малым аз болса", – деді. Расул 'алайһи с-салам: "Шеңгелден таяқ жасап, тұтын", – деді. Солай жасады. "Бірнеше жылдан кейін малы азайып қалыпты", – деп айтады. Әлқисса, Қабыл Әбілді өлтірді. Түйе, ат, есек, және басқа жануарлар тауға қашып шықты: "Бауырдың бауырға рақым шапағаты қалмады", – деп. Өйткені бұрын мұндай іс болған емес-ті. "Адам перзентінен ешкім өлген емес еді", – деп. Хикайатта былайша әңгімеленеді: "Қабыл Әбілді өлтірді. Ібіліс айтты: "Ей, Қабыл! Сен отқа сәжде қылмағаның үшін Құдай Тағала сенің құрбандығыңды қабыл алмады. Оның үстіне арақ та ішкенің жоқ. Әбіл жапан далада жүріп арақ ішті, отқа сәжде жасады. Сол себептен құрбандығы қабыл болды. Қабыл: "Олай емес", – деп еді. Ібіліс 'алайһи л-ла'на бір пәсте жетпіс мәрте ант ішті. Одан кейін Қабыл арақ ішіп, сәжде жасауды әдет етті. Адам 'алайһи с-салам бұл жағдайды есітті. Қабылды бұл істен тыйылуга шақырды. Қырық кісіні жіберіп еді. Барған кісілер арақ ішудің тамашасын көрді. Барлығы да Қабылдың жолына түсті. Күнәға бату, асы болу рәсімі Қабылдан қалды. Әлқисса, Адам 'алайһи с-салам бұларды қарғады. Олардан азар да безер болып, қасынан қуалады. Бірсыпырасы қашып, тауға барды, бірсыпырасы далаға кетіп, аң аулады. Осы жерлер де бәле ордасына айналды, тұқым-жұрағаты көбейіп кетті. Хабарда былайша әңгімеленді: "Адам 'алайһи с-салам мінажат етіп: "Ей, бар Құдайым! Жерді менің әміріме бағындырсаң", – деді. Құдай Тағала жерге өкім етті: "Адам не десе, солай ет". Адам 'алайһи с-салам Қабылды алдына келтірді. Айтты: "Ей, жер! Қабылды тарт!" Жер аяғының асығына дейін тартты. Қабыл қорқып айтты: "Әке, маған рақым жаса!" Әкесі айтты: "Сен бауырыңа рақым жасамадың. Мен саған не үшін рақым жасаймын". "Ей, жер, тарт". Жер тізесіне дейін тартты. Қабыл тағы былай деді: "Ей, әке, сен де күнәкар болдың. Сол үшін Құдай Тағалаға жалбарындың. Күнәңды кешірді. Менің де күнәмды кешір!" Адам 'алайһи с-салам айтты: "Мен бір дана бидай жедім. Сен нақақтан-нақақ қан төктің". Және: "Ей, жер, тарт", – деді. Жер беліне дейін тартты. Қабыл айтты: "Ей, әке! Рамазан айында әр кеш сайын жүз бөлік рахмет жауар. Соның тоқсан тоғызы барлық мұсылмандарға, бір бөлегі бүкіл заттарға тиіседі деуші едің. Бүгін сол бір бөліктен маған да тіле". Адам 'алайһи с-салам: "Рақымсыздарға ол рахметтен несібе болуға тиіс емес", – деді. Және: "Ей жер, тарт!", – деді. Жер тамағына дейін тартты. Қабыл Адам 'алайһи с-саламнан үмітін үзді. Айтты: "Ей, Алла! Әкемнен үмітімді үздім. Сенен үміт етемін. Ол Рахман, Рахим есімдерінің құрметі үшін мені бұл азаптан құтқар. Әйтпесе, Рахман, Рахим есімдеріңді өзіңнен өшір. Әуез есітті: "Ей, Қабыл! Таудай-таудай күналарыңды Рахман және Рахим есімдерінің құрметі үшін кешірдім". Жерге өкім болды: "Қабылға тиме". Жер Қабылды одан әрі тартпады. "Адам 'аллайһи с-саламның көңілі өзгеше болмасын" деп, Құдай Тағала бір-бір періштеге өкім етті. Қабылды көтеріп алып, дүние жүзін жеті мәрте айналдырып, жерге соғып өлтірді. Әлқисса, Адам 'алайһи с-саламның Әбілге деген сүйіспеншілігі өте үлкен еді. Қаза болғанына қайғырып, жоқтау айтып, жылап жүретін. Бір күні Жебірейіл алайһи с-салам келіп, көңілін жұбату үшін былай деді: "Ей, Адам! Көп қайғыра берме! Жақын арада Құдай Тағала саған бір жақсы перзент сыйлайды: Әбілден де ізгі, ақылды және саналы болады. Құрметі бөлек болып, қараңғы дүниеден, жарық дүниеге келеді. Әлқисса, бес жылдан кейін Шиш алайһи с-салам өмірге келді. Бүкіл патшалардың патшалығы осы тұқымнан өрбіген ұрпаққа берілді. Пайғамбарлардың бабалары да осылар еді. Нұх 'алайһи с-салам да осы әу-леттен болатын.
69. [Нұх пайғамбар]
Арақ ішуге, шошқаның етін жеуге мына себептен тыйым салынған. Жер бетінде өмір сүріп жатқан адамдар толық кәпір болғандықтан, топан су қаптайды. Уақытша өмір тоқтайды. Ат төбеліндей мұсылмандар Нұх кемесімен су бетіне қалқып шығады. Жер бетіндегі бүкіл хайуанат, құс, жәндік ұрпақ шашатын жұптарымен, ағаш, өсімдік дәндері тұтастай кемеде еді. Алла тағала Нұх пайғамбарға "Әзәзілді кемеге енгізбе!" деп тапсырады. Құдайдың құдіретімен мақұлқат жұп-жұбымеи есіктен кемеге еніп жатады. Бір кезде есек есіктің алдында кептеліп тұрып алады. Сыпайы сөйлеп «кір» десе, былқ етпейді. Кейінгілер кезек күтіп, жиылып қалады. Нұхтың ашуы келіп: "Кір, малғұн", – дейді. Сол кезде зымп беріп, шайтан кеменің ішіне кіріп кетеді. Нұх: "Ей, Әзәзіл, шық кемеден! Саған рұксат жоқ", – дейді. "Өзің ғой кір деген, малғұн есек емес, мен емес пе?". Сөйтсе, есектің кұйрығынан ұстап, оны жібермей тұрған шайтан екен. "Бұл қалай болды?" – деп, Нұх пайғамбар Алла Тағалаға шағынады. Рабб: "Кірген екен, енді жүре берсін", – дейді. Сонымен шайтан да кемедегілермен араласып тұрып жатады. Уақыт өте береді. Бір күні кеме іші хайуанаттың, мақұлқаттың нәжісінен сасиды. Дем алуға келмей қалады. Нұх ғибадат ететін таза жер таба алмайды. "Не істеймін?" – деп Алла Тағалаға мінәжат етеді. Жаратушыдан хабар келді: "Пілдің арқасын сипап жібер". Сипайды. Құдайдың құдіретімен мұрнынан шошқа түседі. Шошқа бүкіл нәжісті сыпырып жеп қояды. Мұны көріп тұрған шайтан шошқаның арқасын сипап жіберген. Танауынан тышқан секіріп түскен. Ол кемені тескен. Кеме қарқ болуға айналғанда, жылан көмектескен. Ол су тартылған соң ең тәтті қанды соратын болып шарттасқан. Бір жерді тескен тышқан басқа жерді теспей ме? Нұх: "Ей, Алла Тағала, не ылаж қыламын? " – дейді. "Жолбарыстың арқасын сипап жібер", – дейді. Бұл жолы Құдайдың кұдіретімен мысық түседі. Тышқан қорыққанынан ағаштың арасына жасырынып калады. Содан кейін қашан жер бетінде су құрғағанша ағаштан шыға алмайды. Нұх пайғамбар шайтанның бір зиянкестігінен осылайша құтылады. Әзәзіл енді басқа бір залал келтіруді ойластырады. Бір күні жүзімнің дәнін ұрлап алады. Нұх пайғамбар кемеде не бар, не жоғын тексеріп қараса, жүзімнің дәні жоқ. Жан-жануарлардың бәрінен сұрайды. "Көрмедік" дейді. Іздемеген жері қалмайды. Табылмайды. Бір кезде шайтанға көзі түсіп: "Дәуде болса, ұрлаған сен шығар", – дейді. "Иә, мен, – дейді шайтан. – Шарт қоямын, соны орындасаң, беремін". "Орындаймын". "Ертең су тартылып, жер құрғаған соң, бұл жүзімнің дәнін егесің. Сол кезде маған үш рет суғаруға рұқсат ет". Нұх пайғамбар: "Мақұл", – дейді. Жер құрғайды. Жүзім егілетін күн туады. Алдымен, өзі пейіштегі бұлақтардың суынан алып, екі рет суарады. Кезекті шайтанға береді. Ол алдымен түлкінің кіші дәретін алады да, өз дәретімен араластырады. Содан соң жүзімді суарады. Екінші рет иттің кіші дәреті мен өз дәретін араластырып суарады. Үшіншіде, шошқанікін пайдаланады. Нұх пайғамбар пейіштегі бұлақтың суымен суарғандықтан, жүзімнің суы тәтті болады, кептірсе, мейізі де қант татиды. Бұдан кейін шайтан суарғандықтан, жүзімнен ішімдік (арақ) дайындалады. Оны ішкен адам әуелі түлкіге ұқсайды. Көңілденеді, бірін-бірі алдап-арбайды, немесе достасады. Нормасынан асса, итке ұқсайды: ырылдасады, таласады, төбелеседі. Есінен тана ішсе, шошқаға ұқсайды: батпаққа, лас жерге аунайды.
70. Сүлеймен патша
Сүлеймен патшаның баласы болмапты. Бір күні Сүлеймен Алла Тағаладан бала сұрап жүреді екен. Бір күні: «Е, Алла Тағала, маған енді бірдеңе берсеңізші» десе керек. Күндердің күнінде әйелі екі қабат болып, домалақ, бас-аяғы жоқ бірдеңе туыпты. Сонда Сүлеймен: «Е, Алла Тағала, мен сізден бала сұрап едім, не бердіңіз?» деп қамықса керек. Түсінде Алла Тағала аян беріп: «Сен өзің бірдеңе бер дегесін осыны бердім» депті. Сонда Сүлеймен өзінің асылық айтқанын біліп: «Жаздым, жаңылдым, маған бала беріңіз» деп жыласа керек. Сонда Алла Тағала айтыпты: «Қасында жүрген бас уәзіріңді, әйеліңді ертіп алып, өзеннің жағасына барып, ешкім жоқ жерде іштегі құпия сырларынды үшеуің де жасырмай ақтарыңдар, егер шындарыңды айтсаңдар осы мес бала болады» деп шарт қойыпты. Айтқандай Сүлеймен бас уәзірін, әйелін ертіп келіп, бірінші өзі бастап сырын айтыпты.
– Мен, маған келген әр адам сый-сияпат, көп қазына әкелсе екен, байыған үстіне байи түссем екен деп тұрам – дегенде, меске бас пайда болыпты.
Уәзір: – Менде дүние де бәрі жеткілікті, тек бір ғана ойым, сіз өліп, орныңызға патша болып, елді басқарсам деп ойлап жүруші едім – дегенде, қол пайда болыпты. Әйелі айтыпты: – Мен сіздің 40 әйеліңіздің бірімін, әйтсе де ең сүйікті әйелдеріңіздің бірімін. Бірақ құл да болса жеке байым болса, деп армандаушы едім – дегенде, меске аяқ бітіп, бала болыпты. Осыдан барып, үшеуі оңашада сыр айтқандықтан ол өзеннің аты "Сырдария" аталыпты.
71. [Құдай Тағала бір бөлек жануарларды жаратты]
Құдай Тағала бір бөлек жануарларды жаратты. Дүние жүзін ол жануарларға берді. Жеті мың жылдан кейін дүниені Бини ал-жанға (жындарға) берді. Олар да жеті мьң жылдан кейін күнә жасап, қан төкті. Содан соң олардан алып, періштелерге берді. Бұлар да жеті мың жыл ұстап тұрды. Ішінде Әзэзіл бар еді. Періштелермен дос болатын. Періштелер де дүниеге көңіл беріп, сыр алдыра бастады. Хазірет Алладан хабар келді: «Жер жүзіне арнап бір халифа (орынбасар) жаратамын. Барлық жаратылғандардан оны асыл етемін», – деді. Бұл сөз жоғары әлем періштелеріне, жоғары көктің, жердің, желдің қызметші рухтарына түгелдей естілді. Хабарға достар сүйінді, дұшпандар күйінді. Дұшпан Бини ал-жан мен Әзәзіл еді. Олардың барлығының жүзі қабарды. Әзәзіл періштелерге былай деді: «Ей, періштелер, оны жаратса, Бини ал-жаннан бетер күнә жасайды. Хисабсыз бұзақылықтар солардан шығады. Тіпті сіздерді де адамның қызметіне салып қояды. Оны мансұқ етіңдер. «Егер таспиқ (Алланың ұлық аттарын қайта-қайта айту) пен салауат үшін жаратар болсаң, оны біздер істелік», – деңдер. «Егер біздер тағат пен ғибадатта кінәрат жіберіп алған болсақ, оны көбейтелік», – деңдер. Періштелер бұл оқиғаның түпкі мақсатынан хабарсыз еді. Былай деді: «Ей, Алла, адамды жаратуыңыздың себебі не? Егер күнә, асылықтар үшін болса, оны Бини ал-жан жасайды. Тағат-ғибадатты біз жасаймыз. Хақ Тағала айтты: «Егер оларды жаратсам не болады?». Періштелер айтты: «Оларды жаратсаң, жер жүзін бұзақылыққа, асылық істерге толтырады. Бір-бірлеріне ғайбат айтады, шарап ішеді, зина қылады, нақақ қан төгеді, екі жүзділік көрсетеді, ата-аналарына азар береді, қақақалап күледі, жетімнің ақысын жейді, ұрлық жасайды», – деп, бүкіл күнәларын санап береді. Хақ Тағаладан әуез келді: «Ей, періштелер, олардың істерін мен білемін, сіздер білмейсіздер. Қан төгетінін білдіңіздер, бірақ қылған ісінен пұшайман болып, тобаға келіп, көзінен жас төгетінін білмедіңіздер. Олардың бір-бірлеріне ғайбат айтатынын білдіңіздер, алайда, олар мен біздің арамыздағы мейірімділік пен махаббатты білмедіңіздер. Күнәлары мен асылықтарын білдіңіздер, өксікке толы налаларын, зарларын білмедіңіздер. Сырттан байқалатын асылықтарын білгендеріңізбен, күнә себебінен көзінің қанды жасын ішетіндіктерін білмедіңіздер. Көзге ұрып тұрған кінәларын білгендеріңізбен, жасайтын тағат-ғибадаттарын білмедіңіздер. Жансақтықтары мен қателіктерін білдіңіздер, біздің ғафу етіп, оларға көрсететін сый-сыяпаттарымызды білмедіңіздер. Орынсыз ашу, қамсыз күлкілерін білдіңіздер, оларға біз жасайтын рақым-шапағатты білмедіңіздер. Ей, періштелер! Менің мәңгілік қалауымды теріске шығарушы кімдер? Мен ғылым құдіретімен білемін, сіздер білмейсіздер: досым Мұхаммед Мұстафа адам ұрпағынан. Бұл жиһан, жер мен көк, пейіш пен тозақ, Ғарыш пен Күрсі, Лаух мен Қалам, адам мен хайуанаттар, періште мен дию, пері мен барша жандар досым Мұхамедтің есебінен пайда болып тұр. Бұл құпияны мен білемін, менен өзгелер білмейді. Сіздердің ғибадаттарыңыз даңқ құмарлық пен екіжүзділіктен шығады. Адам ұрпағының бұзықтықтары әртүрлі себептерден, теріс ұғымдардан шығады. Менің құдірет сарайымда даңқ құмарлық пен екіжүзділік барша күнәлардан қаттырақ жазаланады. Пақырлық пен бишаралықтан жақсы еш нәрсе жоқ. Кімде-кім маған қарсылық етіп, менің мәңгілік қалауымды теріске шығаратын болса, шығып тұрсын менің ғаламымнан», – деп сәл-пәл ашу-ызамен қарап еді, сол тұрған періштелер толығынан қарайып кетті. Айтқан сөздеріне жүз мың мәрте пұшайман болды. Бірақ еш пайда бермеді. Барлығы тынышталып, жерге телміріп қалды. Сол бір сәтте періштелерде теріс ұғым пайда болып, соның себебінен пенделіктерін ұмытып кетіп, оғаш сөйлеген еді. Ақыр соңында: «Біз қателестік», – деп, толық мойындады. Хақбихана уа тағала айтқан еді: «Олар {адамдар – Б. С. М.) күнә жасап, маған асы болады. Және пұшайман болып, тобаға келсе, қанша күнәларың болса да бір-ақ тобамен пәк қыламын».
72. [Хазірет Адам]
Әлқисса, хазірет Адам суреті қырық жыл уақыт осы жерде жатты. Бұл суретті көру үшін періштелер тайпа-тайпасымен, тобыр-тобырымен, топ-тобымен келуші еді. Оның кемеліне келген мүсін әлпетін көріп, таңғажайып қалушы еді. Өйткені бұдан бұрын бұл сипатты, әдеттен тыс, ерекше айдынды мүсінді көрмеген еді. Бір күні Әзәзіл қасындағы бір топ періштелерімен бірге бұл суретті көру үшін келді. Шаһарстан денені көрді. Жер жүзінде, барлық аспанда, пейіш пен тозақта, Ғарыш пен Күрсіде, Лаух мен Қаламда не көрсе, бұл денеден соларды көрді. Тіпті ұмытып қалған ғажайыптар мен тамашаларды осында көріп, қайран қалды. Бұл суретті қолымен ұрды: бір дыбыс шықты. Әзәзіл дыбысты есітіп, достарына айтты: «Ей, періштелер! Қам жемеңдер. Сурет кеуек екен. Қандай бір нәрсе кеуек болса, ол – кемшілік пен олқылықтың белгісі. Аузын, мұрнын, құлақтарын сипалап көрді. Қарынға кезек келгенде, айтты: «Ей, періштелер! Мұның ішкі құрылысын осы қалпында тұрғанда тез барып көрмесе, ертеңгі күні жан кіргенде, көру мүмкін болмай қалады». Осылай деді де үңгір тәріздес кең қуыс мекенге кіріп кетті. Мұндай әшекейленіп, әсемденген кең ғимаратты бұрын-соңды көрмеген еді. Бейне бір қазына: екі ғаламның барлық заттары мұнда даяр тұр. Жоғарғы ғаламда және төменгі ғаламда не нәрсе көрген болса, баршасын, іші-сыртымен осында, толық көрді. Барша кереметтерді тамаша қыла-қыла жүрек қамалына келді. Ғажап та биік қорған екенін байқады. Ешқашан бұл сипаттас ғимаратты көрмеген еді. Әртүрлі қиял ойлады, бірақ бұл үйдің ішіне кіруге ешқандай мүмкіндік болмады. Құдай Тағала қамал жүрекке жол бермеген еді. Танып-білу құрметінен мақрұм қалып, үміті үзіліп, көңілсіз шықты. Достары: «Не көрдің?» – деді. Әзәзіл әр не көргенін бір-бірлеп баян етті. Айтты: «Ей, жарандар! Құдай басқа бермесін, егер бұл топырақ денені біздерден артығырақ әрі беделдірек етсе, оның үстіне жақсылап дәрежелесе, сіздер не жасар едіңіздер?» Періштелер айтты: «Құдай Тағаланың бұйрығына бағынамыз». Әзәзіл ант ішіп айтты: «Егер оны менен жақсы етсе, мен мойын ұсынбаймын. Егер мені одан жақсы етсе, өлтірмей қоймаймын». Сол сағаттан бастап, діннен шықты. Кімде кім «осы істі қайтсем де қыламын» деп ант ішсе, ол кісі Алла Тағала даргаһынан (сарайынан) аласталады. Бұдан кейін қаншама уақыт өтті. Бір күні Хақбихана уа тағала Жебірейіл алайһи с-саламға әмір етті: «Ей, Жебірейіл, Нұр Мұхаммедті алып кел, осы топырақ денеге аманат етемін», – деді. Хазірет Жебірейіл Нұр Мұхаммед алайһи с-саламды алып келді. Оны Адам 'алайһи с-саламның маңдайына қойды. Нұр Мұхаммед алайһи с-саламды (Адам атаның) қалып денесіне рухтан бұрын қоюының себебі мынау еді: қандайда бір аңшы қайсы бір жануарға тұзақ құрса, алдымен оның айласын біліп, сол тұзаққа жем жасырады. Айладан бейхабар жануар жемге қызығып, тұзаққа ілінеді. Сол сияқты шын аңшы – Хақбихана уа тағала. Ол өзінің ықтиярымен қараңғы, қапас денедегі дәнге кұс рухты пенде етіп қойды. Шын дән – Нұр Мұхаммед еді. Оны топырақ денеге жасырды да, сүйкімді де нәзік рухты оған кіруге әмір етті. Уақыты келгенде, қалып дене даяр болды. Хазірет Хақбихана уа тағала өз құдіретімен иманды көкірек сақиналарына байлап, асқақ бақыт, бақылаушы тақт болып табылатын санаға табыс етті. Бұдан кейін рухқа: «Ей, рух», – деп үн қатты. Ол рух бұл үнді естісімен көз ілеспес жылдамдықпен: «Тыңдап тұрмын, ей, Паруардігерім», – деді. Хақбихана уа тағала айтты: «Ей, рух! Кір, бұл денеге! Бұл денені өз құдірет қолыммен жасадым». Сүп-сүйкімді, нәзік рух бұл денені қарап көрді: бір қап-қараңғы бөлмеге, тіпті тас қараңғы көрге ұқсайды. Қорқынышты үрей пайда болды. Ешқашан бұлайша қорықпаған еді. Айтты: «Ей, Алла, жүз мың түрлі жыртқыш аран аузын ашып тұрған сияқты көрінеді, қорқамын. Қалайда кірейін десем, шыдам-тағатым жетпей тұр. Кірмейін десем, сенен қорқамын. Нәпсі маған дұшпан сияқты байқалып тұр. Олар көп, мен жалғызбын. Олардың мекен-жайы бар, мен кірмемін. Қандай ылаж-айла жасауға болады? Егер кіре қалсам, ақыр-соңы не болар екен?», – деп мінажат етті. Әлқисса, үш мәртебе «кіргіл» деген әмір болды. Рух қорқып, дәлелді жауап қайтарды. Ақыр соңында хазірет Рабб әл-ғиззаттан әмір келді: «Зорлықпен кіріп, зорлықпен шық!». Осыдан кейін Нұр Мұхаммедті қойды. Бір тіл жеткісіз жарық пайда болды: нұр сәуле шашқан күн сияқты еді. Осы мезетте жеңімпаз рух шат-шадыман күйге түсіп, топырақ дененің тас төбесінен енді. Қауашақ баста талай заман тұрды. Одан кейін ми сарайына келді. Жылжып, әр жерге келсе, жұмсарды, ет пен теріге айналды. Көзге келгенде, адамшылық өресінде тұрды. Аталмыш рух өзінің топырақ дене ішіндегі тор перделерде кіріптар болып тұрғанын көрді. Ол сонымен бірге дертті топырақтан жасалған қуыс дененің жақсы жақтарымен игіліктерін де білді.
73. Әзәзілдің шайтан болуының баяны
Уақытымен Адамға періштелер сәжде жасады. Бұл сәждеге жүз жыл кетті. Енді бір рауаййатта бес жүз жыл кетті делінеді. Бастарын сәждеден көтерді, көрді: алдарында ұсқынсыз, жиренішті бір дию сурет тұр. Доңыз айбат, қатыгез, безбүйрек, жүзі қара, көзі шегір, лағынет қамыты мойнына кигізілген, қолында шынжыр, аяғында кісен. Байқап қараса, қарғыс атқан шайтан Әзәзіл екен. Әзелден мәңгі-бақи лағынетке лайық, шүбәшыл малғұн болып, азап-ахиретке түсіп тұр. Сол мезетте Әзәзілді осындай халде көріп, періштелер бастарын тағы сәждеге қойды. Бұл шүкіршілік ету сәждесі еді. Құдайға шүкір, бізге болмай, басқа біреуге болғанына деп. Хақбихана уа тағаладан үн келді: «Ей, малғұн, не үшін менің халифама сәжде етуді ұят-ар, намыс санадың?». Малғұн айтты: «Ей, Алла, мені оттан, оны балшықтан жаратып едің. Мен одан артығырақпын. Не үшін оған сәжде етіп, мойын ұсынуым керек. Менің одан айырмашылығым бар». Осы салыстыруының арқасында әуелден ақырға дейін жауыз болды. Хақбихана уа тағаладан әуез келді: «Сен одан не себепті жақсысың?». Шайтан айтты: «Отта бар сипат топырақта жоқ. Оттағы нұр күнде де жоқ». Ғайыптан үн келді: «Ей, малғұн, мұндай сөздердің барлығы – бос сандырақ. Сен әуелден шүбәшіл, мәңгі-бақи түзетілмейтін тәкаппарсың. Менің даргаһымда (сарайымда) мұндай өзімшілдер санға алынбайды. Тәкаппарлық көрсетушілерді истағна (керек етпеу) тасымен басынан ұрамын. Дәмді де шырын сөздерді мүшкіл халден құтқарып, аман-есен сақтаймын. Шектен шыққан абыржушылық та, сабырсыздық та отта. Құрмет те, жетекшілік те топырақта. Пейіштерді топырақпен беркіттім. Пейіште от жоқ. Сол үшін оны жақсы дейді. Тозақты оттан жараттым, сол үшін барлығы одан қашады. Азап, қиналыстардың ең жаманы от арқылы болады. Топыраққа оттың қажеті жоқ. Алайда оттың топырақтың үстінде мекен етпесіне ылажы жоқ. Ей, Ібіліс, барып тұрған суайт, опасыз мекер неме! Моп-момақан, сүп-сүйкімді топырақпен көп дау-дамайға келме! Егер бұл жайында шүбәң болса, от пен топырақ өздерімен-өздері сөйлессін! Әрқайсысының артықшылығы, ізгілігі болса өздері айтсын!».
74. [Уақытымен Құдай Тағала]
Уақытымен Құдай Тағала Адам 'алайһи с-саламның денесін жасап қойды. Әзәзіл келіп, масқара етіп түкірді. Құдай Тағаладан Жебірейіл 'алайһи с-саламға әмір болды: «Ол түкірікті алып, лағынет қамытын жаса», – деді. Оны лағынет қамыты етіп, Ғарыштың төңірегіне асып қойды. Әзәзіл ол лағынет қамытын көріп: «Бұл не?» деп сұрады. Періштелер: «Тез арада Алла даргаһына жақын жүргендердің біреуі Алла даргаһынан қуылады. Мұны соның мойнына салады», – деді. Әзәзіл: «Мың лағынет ол пендеге! Мұндай пәле оның мойнына лайымда түссін», – деп оған және түкірді. Кетпейтін дақ болып қалды. Еш уақытта оған қару кәр жасай алмайды, суда езілмейді, отқа күймейді, мүжілмейді. Ауырлығы – жүз батпан. Ол қазір Ібіліс 'алайһа ал-ла'наның мойнында дейді. Әлқисса, кезек тауысқа (тотыға) келді. Әуез келді: «Ей, тауыс! Барлық бәлелердің басы сен болдың». Тауыстың сегіз жүз қанаты бар еді. Әр қанаты алуан түрлі реңмен әшекейленген еді. Соған орай тұмсығы қызыл лағылдан, басы зумрадтан, мойны зубаржадтан, аяқтары жақұттан еді. Қанаттары төгіліп, екі-ақ қанаты қалды. Шайтанға қызметкер болғаны себепті пейіштен ұрып шығарды. Нәубет жыланға келді. Түйенің аяғы сияқты төрт аяғы бар еді. Аяғы жасыл зубаржадтан еді. Денесі әр түрлі рең беріп, жарқырап тұратын. Тістері меруерттен, тілі – пейіш айпарысынан еді. Арқасында күннің реңі сияқты рең бар болатын. Қысқасы, денесінен көздің жауын алатын жауһарлар жоқ болды. Шайтанға аузы арқылы жол бергені үшін, ауызына у кұйылды. Пейіштен шығарылды. Әуез келді: «Бұл пәленің басы сен болдың. Сені адам перзенті дос тұтпайды. Басыңмен тік тұрып ұйықта. Көкірегіңмен жылжып жүр. Қорегіңнің көбі топырақ болсын. Өмірің қорлық, зорлықпен өтсін. Әр жерде адам перзенті көрсе, басыңды жаншып өлтірсін». Әлқисса, Адам 'алайһи с-салам айтты: «Жаратушы Құдайым! Менің дене суретімді өз қолыңмен жасамап па едің. Өзіңнің қас рухыңнан дем салып үрлеп, періштелерге сәжде қылдырып, пейіште тыныштықта бол демеп пе едің. Құдайым-ау, мен білмедім. Білмей істеген күнәм үшін бұдан әрі рәсуа етпесең. Ей, Алла! Өзің берген кереметтеріңді заяға жібермесең. Дұшпандарымды бұдан көп қуантпасаң», – деп әбден нала болып, зар жылады. Раббу-л ғиззаттан әуез келді: «Бұл күнәкарды қуыңдар». Періштелер қуалады. Адам 'алайһи с-салам қатты нала болып, зар жылады. Айтты: «Жаратушы Құдайым-ау! Сенен күнәдан пәк әнбиелерді, әлемге әйгілі әулиелерді, салиқалы мұсылмандарды, тақуаларды шығарам демеп пе едің. Солардың құрметі үшін маған рақым жасап, пейіштен шығармасаң етті». Алайда періштелер қолдан қолға көтеріп алып, ілгері жүрер еді. Адам 'алайһи с-салам: «Ей, біздің панамыз әрі иеміз! Мұса калим аллаһты сенен шығарып Тур тауында сөйлесермін, Ибраһим халил аллаһты, Жақып исра'ил аллаһты, Жүсіп садиқ аллаһты, Мұхаммед хабибімді сенен шығарармын демеп пе едің. Мені бұл сипатта рәсуа етпегейсің. Сол шын досың Мұхаммедтің құрметі үшін маған рақым жаса», – деп еді, сол мезетте әуез келді: «Ей, малаикалар! Сүйіктім Мұхаммедті менің шапағат жасауым үшін атады. Енді мұны жұмсақтық көрсетіп, қажет жерінде көмектесіп, алып жүріңдер. Хабибімнің (сүйіктімнің) берекесінен не тілегенін табады», – деп, пейіштен үлкен құрметпен шығарды. Жебірейіл 'алайһи с-саламнан сұрады: «Жебірейіл, мені қайда алып бара жатырсыз?». Жебірейіл 'алайһи с-салам айтты: «Асылың топырақ еді. Қазір жер бетіне, топырақтың қасына алып бара жатырмын. Адам 'алайһи с-салам қайғыланып айтты: «Ей, Жебірейіл, жоғары әлемде рәсуа болып едім, төменгі әлемде рәсуа етпесеңіз қайтеді?». Жебірейіл алайһи с-салам айтты: «Ей, Адам, сіз - ұлық кісісіз. Хал-жағдайыңыз жоғарғы әлемге де, төменгі әлемге де мағлұм». Адам 'алайһи с-салам аса көп жылады, зар-наласынан тастар суға айналды. Осыдан кейін аялдап, періштелермен бірге Құдайдан қорқып, тәуба қылысты. Сонымен әр күнәкарды жер жүзінің бір түкпіріне тастады. Адам 'алайһи с-салам Сарандиб тауына түсті. Хауа Жудда тауына түсті. Тауыс жыланмен бірге Қабулға түсті. Шайтан 'алайһил-ла'на Асфаһанға түсті. Әлқисса, Адам 'алайһи с-салам Сарандиб тауына келіп түскен бойда, шайтан 'алайһил-ла'на жер жүзіндегі жануарларға хабар берді: «Ей, жарандар! Жер жүзінде бір нәрсе пайда болды. Өте күшті. Ол сіздерді жұмсайды. Өлтірмесеңіздер, оның жапасынан құтыла алмайсыздар. Әйтпесе, күні ертең перзенттері көп болады, күштеріңіз жетпейді». Бір бөлек жыртқыштар жиылып келіп, қамалады. Адам 'алайһи с-салам қорықты. Әуез келді: «Ей, Адам, иттің басын сипа. Иттің басын сипады. Ит ол жыртқыштарды қуалап, күш көрсеткендерін өлтірді. Опа қылған себепті ит адамға жолдас болды. Әлқисса, Адам 'алайһи с-салам түскен жерінде көп жылады. Көзінің жасы тамған жерлерден ауруларға ем болатын ащы шөптер өніп шықты. Мама Хауаның жасынан алое, амбар, сүнбіл, қалампыр, қына, осма өнді. Қиямет күніне шейін ол шөптерді әйелдерге сәндік үшін пайдалану мирас болып қалды. Теңізге тамған жастары гауһар мен жауһарға айналды деп айтады. Адам 'алайһи с-салам ұялғаны соншалық жоғары қарай алмайтын. Көзінен аққан жасты жабайы аңдар мен құстар, әр түрлі жануарлар ішуші еді. Қыста да қатпайтын. «Жақсы су» деп таласатын, шырындығын көп мадақ ететін, Адам 'алайһи с-салам «бұлар мені күлкі қылады» деп сенбейтін. Үн келді: «Ей, Адам, рас айтады. Ол су сенің көзіңнен, менің рахметім дариясынан келіп тұр. Рахметім дариясы жалпылама ашуға яки жылап-сықтауға бола келмейді. Көз бұлақтарыңды жай төгілген жас деп ұқпа». Бұл сөзден кейін жаны біраз тынышталды. Әлқисса, Жебірейіл 'алайһи с-салам келді. Айтты: «Ей, Адам, не себепті осыншама тоқтаусыз жылай бересің?». Адам 'алайһи с-салам айтты: «Жоғарғы Фирдаус пейішінде едім. Жұбым Хауадан айырылдым, қаншама ғиззат, құрметтен бос қалдым. Қалайша жыламай тұрайын». Жебірейіл алайһи с-салам айтты: «Мүлік егесі қаласа, береді, қаламаса, қайтып алады». Адам алайһи с-салам жер бетіне түскенде уақытында инжир берген жапырақтармен әуретін жауып келіп еді. Қурап, жыртылып, желге ұшып кетті. Әр жерге барып түсті. Ол жерлерден хош иісті өсімдік өнді. Ибн 'Аббас рауайаттарында былай әңгімеленеді. Бұл бес жапырақтың біреуін киік жеді, мүйізінен жұпар пайда болды. Бірін жібек құрты жеді, жібек пайда болды. Су өгізі жеді. Тезегі амбар болды. Ара жеді, тезегі бал болды. Уақытымен Адам мен Хауа жер бетіне түсті. Ұяттан барлық кезде жоғары қарай алмайтын еді. Қырық тәулік күндіз-түні тағам жемеді. Өздері жалаңаш, қарындары аш еді. Тамақтарынан еш нәрсе өтпейтін. Қарындарына құмырсқа кіріп кеткен сияқты тырналайтын. Шыдамдары әбден таусылды. Жебірейіл 'алайһи с-салам келіп, хал-ақуалын сұрады. Адам 'алайһи с-салам өте мұқалғанын шағым етіп айтты. Тағы да жасаған шағымынан қорықты. Адам бидайды жеген уақытта оның сабағы күмістен, мұрттары алтыннан, жапырақтары зүбаржадтан еді. Жемісі тәтті, ірілігі құстай болатын. «Сол бидайды бір жесем» деп Адам алайһи с-салам көп армандайтын. Үн келді: «Ей, Адам! Менің рақымымды тілесең, Мекке жаққа бар. Қалағаныңды жейсің». Адам 'алайһи с-салам айтты: «Ей, Алла, ол жерді білмеймін. Қайда?». Құдай Тағала бір құсты жол басшы етіп берді. Араб тілінде аты – «ахил» делінеді. Түркі тілінде – «көк қарға» деп аталады. Ол ақырын ұшты. Адам 'алайһи с-салам соңынан жүріп отырды. Сонымен Қағбаға келді. Хақбихана уа тағала күнәларын ғафу етті. Пейіштен жылқы, түйе, сиыр, өгіз, қой жіберді. Түйені жүгін тасу үшін, сиырды сауып ішу үшін, өгізді жегу үшін, қойды сүтін ішіп, етін жеу үшін, жүнін жаз киімі ету үшін, терісін қыс киімі ету үшін сыйға тартты. Әр кісі қой, сиыр сақтаса, ол кісіден құт-береке кетпейді. Періштелер ондай адамға аманшылық тілейді. Әлқисса, Адам 'алайһи с-салам бір қошқарды сойып жеді. Жүнін иірді, тоқыды. Адам 'алайһи с-саламға күрте, хазірет Хауаға көйлек болды. Осы себепті Адам баласына бұларды кимек сүндет болып қалды. Етін жеп, қуаттанды. Бұдан кейін үш дана бидай келтіріп берді. Айтты: «Екі данасы Сізге, бір данасын Хауаға бер». Бидайдың ұзындығы жүз сексен мың дирем еді. Адам 'алайһи с-саламның жегісі келді. Жебірейіл 'алайһи с-салам: «Егіп, көп етіп жеңдер», – деді. Әлқисса, Адам 'алайһи с-салам ерте тұрып екті. Бидай өніп, сол күні кеш болғанша пісті. Ұнтап ұн етті, нан етіп көмді. Арқасының қалыңдығы мың бес жүз дирем еді. Нан қолынан түсіп, домалап қашты. Адам "алайһи с-салам қуалады. Осы себепті адам перзенттері тағам нәпсісі үшін жүгіреді. Ол нанды Жебірейіл 'алайһи с-салам үшке бөліп, екі бөлегін Адам 'алайһи с-саламға, бір бөлегін Хауаға «несібелерің» деп берді. Адам 'алай-һи с-салам ол нанды жеді, қарыны ауырды. Жебірейіл 'алайһи с-салам қолдарынан ұстап, далаға алып барды. Адам 'алайһи с-салам ауруынан жазылу үшін отырып еді, бір қатты жел пайда болды. «Ей, Жебірейіл, бұл не нәрсе?». Жебірейіл 'алайһи с-салам: «Сенің қатеңнің сұмдығы деп біл», – деп жауап берді. Және бір рауайатта былай делінген: «Уақытысында Жебірейіл 'алайһи с-салам пейіштен үш дана бидай әкеліп, бір данасын Хауаға, екі данасын Адам 'алайһи с-саламға берді. Екеуі де бидайды жерге тікті. Адам 'алайһи с-саламның тіккені бидай болды, мама Хауаның тіккені арпа болды. Арпа пейіште жоқ еді. Ол уақыттағы бір күн қазіргі бір жылға тең. Бидай пітік болып өсті. Енді өгіз қосып егіп, өнімді бұрынғыдан да көп етуді ойлады. Өгізді жер жыртуға қосты. Ол бұрын пейіште от жеп жүретін еді. Өгіз жер жырта-жырта арыды. Қарны ашты. Жүрмей тоқтады. Таяқпен ұрды. Өгіз айтты: «Ей, Адам, мені не үшін ұрасың?» Адам 'алайһи с-салам: «Әміріме бағынбай тұрсың», – деді. Өгіз айтты: «Сен өзің де Құдай Тағаланың өкімін орындамап едің, ол үшін сені ұрған жоқ қой». Адам 'алайһи с-салам: «Алайда Алла Тағала сені ұру үшін таяқ жібергенмін деп еді», – деді. Өгіздің лажы құрып қалды. Әлқисса, бидай пісті. Орып алып, сабағынан, қауызынан айырып, желге суырып, жинап қойды. Өгізден сұрады: «Бұл істе маған серік болып едің, біреуін сен ал». Өгіз бидайға қарады, аз көрінді. Сабанға қарады, көп көрінді. Сабанды алды. Бидай Адам 'алайһи с-саламға қалды. Бір күні бидайдан ұрлап жеді. Тәтті екенін біліп, пұшайман болып, пысқырып жүрді. Пайда бермеді.
75. Мұстақым
Ертеде Мұстақым деген бай болыпты. Оның еркек баласы болмапты. Он бес жасар әйел баласы болыпты. Байдың байлығы сондай асқан, басқа түгіл патшаға да жеткен. Бай сапарға бір шыққанда отыз қоспен шығады екен. Бір-бір қоста отыз мың сом сауда істейді екен. Күндердің күнінде көп жолдастары бар отыз қоспенен саудаға шығыпты. Түстік жерге барып қоныпты. Түсте екі малшысы суға бара жатқанда қалың шөптің арасынан бір адамның қу басын көріпті. Ол қу басқа қараса, екі көзінің ішінен екі көк шөп шыққан. Әлгі екі малшы тамашалап, «қалай шыққан» деп қарап, су алып қайта қайтқанда басты айналдырып тағы да қарайды. Қараса, қу бастың маңдайында бір жазу бар екен. Бірақ жазуды екеуі оқи алмай, Мұстақым байға алып келеді. «Мұстақым бай, біз суға барған едік, сонда кетіп бара жатқанда қу басты көріп едік, көзінің ішінен шығып тұрған көк шөпті көріп, қайта қайтқанда маңдайындағы жазуды көріп, сізге оқытуға алып келдік»,-деді. Мұстақым әлгі жазуды оқыды. Оқыды да, тамсанды да сосын «мына басты өртеші» деді. Өртеді де талқандатып, оқшантайға салып алды. Сонан соң түстенді де, Мұстақым бай да көшіп кетті. Не заман саудасын істеді де, үйіне қайтып келді. Қайтып келіп, оқшантайды сандығына салды. Өзі де саудасын істеді де, тағы сапарға кетіп қалды. Бағанағы он бес жастағы әйел баласы он жеті-он сегізге келіп қалды. Еркелікпен сандықтың бәрін ақтарып қарап жүрді. Қарап жүрген уақытта әлгі оқшантайды тауып алды. Әлгінің не екенін білейін деп дәмін татты. Дәмінен ештеңе білінбеді. Сонан соң әлгінің исі бар ма екен деп иіскеді. Иіскеп еді, бойы балқып, арақ ішкендей иіп кетті. Сонан соң: «Апырай, мынау бір дәрі не қылған күшті екенін білмеймін, саған әкем айтып па еді»,- деп шешесінен сұрады. Сонда шешесі: «Әкеңнің бір жақсы сақтап қойған, ешкімге айтпай буып-түйіп жүрген дәрісі ғой, баяғыда, орнына салып қой»,- деді. Соны иіскегеннен кейін қыз екі қабат болып қалды. Ол уақытта, Сүлеймен деген патша заманында ол патшаның өмірі бойынша бойжеткен күйеусіз бала табатын болса, қайдан болса да тапқызып, баласы мен екеуін де дарға асқызады екен. Сол уақытта патшаның әмірінен қорыққанынан байдың әйелі өзінің ішіне жастық тығып, елге мәшһүр болыпты. Сонан қызы ай-күніне жетіп, бір ұл тапты. Қызын басқа бір үйге кіргізіп жіберіп, әлгі тапқан баланың үстіне өзі отырып, кіндік кесуге елдерден әйелдерді шақыртты. Әйелдер келсе, баласы бақырып жатыр. «Ойбай, байдың әйелі босаныпты» деп, қатындар у-шу келеді, баланың кіндігін кесіп алады. Байдың бәйбішесін тамашалап, шілдеханасын жасап, сауық-сайран істейді. Сол уақытта Мұстақым байдың саудаға кеткелі алты ай болған кезі еді. «Бай келе жатыр» деп, бір күні хабарын естіді. Келе жатыр деген соң-ақ, алдынан үш күншілік жерден сүйінші сұрауға бір кісі кетті. Байға барып: «әйелің еркек бала тапты» деп сүйінші сұрады. Бай қуанғанынан тоғыз түйе тоғанақ жүк берді. Сонан соң бай үйіне келсе, баласы туғалы алты ай болған екен, баласы талпынып отыр екен. Бай қуанғанынан «әйелдер немене той істеді дейсің» деп, қайтадан қырық күн тойын, отыз күн ойын жасап, ат шаптырды. Сонан соң баласы бес жасқа келіп, ер жетті. Бала бес жасқа жетіп, ер болған соң, молдаға оқуға берді. Таңертең оқыған баласын кешке молдасы ертіп алып келді. «Балам қалай, жас болып, оқу оқи алмады ма, қалай?» – деп сұрады. Сонда молда: «Бұл бала менің өз өнерімнің оқуын бітірді», – деді. Онан соң «өзіңіздің оқуыңызды бітірген болса, артық оқыт деп, айта аламыз ба» деді. Сонан соң «тіл ашарлыққа малды бағалаймыз ғой» деп, ақша берді. Баласы күндіз-түні ұйықтамай қағаз жазатын болды. Мұстақым бай «бұл шал берген баланы түнде де оқыттым деп еді, сонан қорқып жүрді. Бала сегіз жасқа келді. Сегіз жасқа келген соң Мұстақым байға ой түсті. «Балам оқу оқып, хат таныды. Енді балама өз өнерімді үйретейін» деді. «Өзімнің өнерім не, баяғы сауда жағы, осыны үйретейін» деді. «Баяғы ел танытсам, жұрт танытсам» деді. Баяғыдай отыз қоспен басқа патшалыққа баласымен жүрмек болды. «Жә, ал енді» деп, басқа патшаға бет алып, жүріп кетті. Бұл жүре тұрсын, енді алдыңғы патшадан біраз әңгіме айталық. Алдыңғы патшаның жиырма қатыны бар екен, жиырма қатынын кезекпен қойнына алып жатады екен. Күндіз түнеген бір әйелін сейілге алып шығады. Сейілге өзімен бірге жеті-сегіз жастағы балаларды алып шығады екен. Балалардың ойнауына бір көлден су бұрып, әкеліп қояды екен. Сол бұлақтан балалар балық сүзіп ойнайды екен. Соның тамашасына патша әйелімен екеуі қарап отырады екен, жиырма қатынын да осылай сейілге алып шығып жүреді екен. Бір күні үлкен бәйбішесін сейілге алып шықты. Бағанағы балалар балықты сүзіп алып, бір суы бар шұңқырға жинайды екен. Түске тамаққа қайтарында балаларға патша: «Балығыңды өлтірмей суға салыңдар», – дейді екен. Сонда бәйбішесі балаларға да, балыққа да ешбір қарамайды. Патша айтты:
– Ей, бәйбішем, не себептен балалардың ойынына қарамайсың? Балықтың неше түрлісі бар, оған неге қарамайсың? – деді. Сол уақытта бәйбішесі айтты:
– Мен бұл балықтын несіне қарайын, балықтың жақсысы да, жаманы да бар шығар һәм зинақоры бар шығар, – деді. Сол уақытта сидалау келген бір аққайран суда тік тұрып, сақ-сақ адамша күлді. Патша әлгіні көріп, «бұл не ғажайып?!» деп шошып кетті. Сонан соң патша үйге қайтып келді де, сарайына келіп, халқын, уәзірлерін, бектерін жиды. Жиып алып халықтарына: «Мен бір тамаша ғажайып нәрсе көрдім. Менің жиырма қатыным бар, жиырмасын жиырма күн сейілге алып шығатын едім, бүгін үлкен қатынымды сейілге алып шығып едім, қатыным балалардың ойынына ешбір қарамады. Сонан соң мен қатыныма айттым: «Жиырмаңа жиырма күн түнеуші едім, сен оған көңілің толмай жүр ме, ол әділ емес пе, болмаса неге қарамайсың мына тамашаға, өзеннен бір бұлақты бұрып әкелдім, неше түрлі бұлбұлдарды сайратып қойдым, солардың тамашасына неге қарамайсың»,- дедім. Сонда қатыным айтты: «Бұл балықтың несіне қарайың, жақсысы да, жаманы да бар шығар», – деді. Сол уақытта сидалау келген аққайран судан басын шығарып сақылдап күлді. Ол не себепті күлді, осыны табыңдар», – деп айтты.
Халқы ары ойланып, бері ойланып таба алмады. «Ал енді осыны тапқан кісіге астымдағы тағымды, басымдағы тәжімді, жалғыз қызымды беремін», – деп жар шашты. Сонда да ешкім таба алмады. «Қырықтың бірі қыдыр деп, басқа патшадан да келген болса да маған жолықтырмай жібермеңдер», – депті. Сол уақытта Мұстақым бай сауда қылып сол шаһарға келіп еді. Әңгімелесіп отырғанда патшаның әлгі сөзін байға біреу айтып еді, сол уақытта баласы тұрып айтты:
– Бір-ақ ауыз сөз екен ғой, бір патша халқы таба алмады, – деді. Баланың сөзін әлгі келген кісі естіп, патшаға барып айтты.
«Осындай бір бөтен патшадан бір саудагердің баласы «бір-ақ ауыз сөз екен ғой» деді. Сол бала осыны не қылса да табады, шақырып алдырыңыз», – деді. Одан кейін Мұстақым байды шақырып сұрады. Ол: «бір патша таба алмаған, мен қайдан табамын» депті. Сол уақытта патша қайғырады. Сонда бағанағы кісі «баласы табады» деді. Сонан соң баланы әкелуге бұйрық берді. Мұстақым мұны естіп, шошып кетті. «Ойбай, тақсыр, балам еркелікпенен айтады. Он үш жасар бала нені біледі», – деді. Оны тыңдаған жоқ. Баланы шақыртып әкеліп, баладан «соны табасың ба?» деп сұрады. Бала тұрып: «бұның өзі бір әйгілі сөз» деді. «Мен бұны бұл жерде шешпеймін, халықты жи, халықтың алдында айтамын», – деді. Сонан соң патша бір күнде барша халықты жиғызып алады. Жұрт жиналғаннан кейін, бала патшаға айтты: «Бұны тапқан кісіге қандай нәрсе беруіңізді жұрттың алдында айтып өт», –деді. Патша әуелі бағанағы оқиғаларын айтты. «Осыны тапқан кісіге тақтығымды, тәжімді, жалғыз қызымды берейін және жұртымды билетейін дегенмін. Сол айтқаным айтқан». Оны естіп бала орнынан ұшып тұра келді: «Тақсыр, сөзіңіз екі ме, бір ме?» – деді. Патша: «Бір!» – деді. Бала сол жерде тұрып: «Сөзіңіз бір болса, орныңызды бер!» – деді. Патша орнын берді. Бала таққа мінді. Тәжін берді. Сол уақытта патшадан бала сұрады: «Жиырма қатыныңыздың кәнизектері бар ма?» – деп. Патша: «Бар», – деді. «Бар болса, жиырма қатыңды жиырма кәнизегімен шақыр», – деді. Барып, кәнизегімен қырқын шақырып әкелді: «Өзді-өзін ауыстырмай, кәнизегін ерсілі-қарсылы жүргіздіріп отырғыз», – деді. Сонан соң үлкен бәйбішесінің кәнизегін «шешіндір» деді. Шешіндіріп жатыр еді... жиырма кәнизектері еркек болып шықты. Бала патшаға қарап: «Бұл не оқиға? Бағанағы аққайранның күлу себебі осы еді. «Өз басындағы боғын көрмей, кісі басындағы шоғын көрді-ау» деді. Ол аққайран балықтың патшасының қатыны еді. Осы себепті күліп еді. Патша, енді бұны өзің қалай қыласың?» – деді.
Патша айтты:
– Менен кетті, саған жетті. Бұның жазасын өзің бер, – деді. Сол уақытта бала «қырқын да дарға асып өлтір» деді. Сол жерде қырқын да өлтіртті. Жұрт сонымен тарқады. Патшаның орнына бала тұра қалды. Халық патшаны есекке айналдырды. Халықтар айтты: «Патшалығынан, қызынан һәм жұртынан айырылды. Балықтың күлгенінде жұмысы не еді?» Патша осы сөзге шыдай алмай, Мұстақымды шақырып алды. «Сенің балаң – осы күнде патша, балам патша деп, көңіліңде дәнеңе жоқ. Сенің балаңды патша қойған жалғыз-ақ мен, менің халқым басына көтеріп, патша қойған жоқ еді. Егер де мен ашулансам, екеуіңді де өлтіремін. Осы бала сенің өз балаң емес, шыныңды айт, әйпесе, шыныңды айтпасаң, басыңды аламын», – деді. Сол уақытта патшадан әлгіндей сөз естіген соң, баласына Мұстақым бай жылап келді. «Мен патшаны қалай сендіремін», – деді. Сонан соң баласы айтты:
– Әй, әке, жоқтан өзгеге қорқасың. Бір-ақ ауыз сөз емес пе! Әкесі: «Бір ауыз сөз болса, не деп жауап беремін, ақылың болса үйрет», – деді.
Сонда баласы айтты:
– Баланың бітуі атаға күмән, анаға аян деп айт, сонда сен құтыласың, – деді. Мұстақым әлгі сөзді естіп алып, патшаға келіп: «дат» деді. Патша тұрып: «Сөзің болса айт», – деді. «Тақсыр, менше баланың бітуі атаға күмән, анаға аян», – деді. «Олай болса, бала мен шешесін әкел», – деді. Мұстақым байдың қатыны мен қызы екеуін алдыртты. Сонан кейін шешесі баладан барып сұрады: «Мен қалай айтамын?» – деді. Сонда бала айтты: «Түбінде адал орнына барады, шеше, – деді, – көріп-білгеніңнің расын айт». Содан соң Мұстақым бай қатын, қызымен патшаның үйіне келді. Патша Мұстақымның әйелінен сөз сұрады:
– Осы бала өзіңіздің балаңыз ба? Шыныңызды айт, – деді. Сол уақытта Мұстақымның әйелі айтты:
– Бала – өзімнің балам емес, баламның баласы. Сіз айт деген соң, тақсыр, шынымды айтайын. Мына отырған Мұстақым бай бұл баланың жәйін білмейді. Балам еркелікпен сандықтан сандық қоймай ақтарып жүруші еді. Бір күні сандықтан қағазға ораған бір ақ дәріні тауып алыпты. Дәмін татып көрген екен, ешбір дәмі жоқ, иіскеп қалған екен, өне бойы арақ ішкен құсап балқып кетіпті. Сонан соң маған балам айтты: «Апа, саған айтқан әкемнің дәрісі не дәрі? – деді, – бұл – не қылған күшті дәрі». Одан кейін мен айттым: «Әкеңнің күшті дәрісі шығар, қайтадан буып, орнына салып қой», – дедім. Ол иіскеген дәріден қызым екіқабат болып қалды. Осы бала мына қызымнан туған, – деді. Сол уақытта Мұстақым бай санын бір салды: «Ол дәрінің жайын мен айтайын. Ерте күнде сауда қылып бара жатып, бір адамның қу басын тауып алдым. Басқа қарасақ маңдайында жазуы бар. Жазуға қарасам, «өзім Дағыстан деген кісі едім, тірі күнімде қырық кісіні ажалдан құтқардым. Енді өзім - өліп жатқан қу баспын, қырық кісінің ажалы енді менен» депті. Онан кейін «тірі күні қырық кісіні өлімнен құтқарған шығар. Енді өзі қу бас қалай қырық кісіні өлтіреді?» деп, мұны сынайын деп, отқа салып өртеттім, темір келіге салып түйгіздім. Әбден талқандаттым. Сүйттім де сандыққа салдырттым. Мынаны қарашы енді, тамаша, мына қырық кісінің ажалы осылай келді».
Сонан соң патша: «Сенің де балаң емес, менің де балам емес, ғайыптан пайда болған бала екен, бұның атын Ебіні-ғайып қояйық», – деді: Сөйтіп патшаның қызын Ебіні-ғайып алды. Ебіні-ғайыптың шешесін патша алды.
76. Талапты жасқа атаның өсиеті
Бұрынғы өткен заманда бір үлкен бай болыпты. Ол бай шалдың екі көзі соқыр екен. Баласы жас екен. Бір күні басқа байлардың балалары мал айдап дүниелік әкелуге бір шаһарға жүрмек болып дайындалыпты. Солардың дайындығын естіген соқыр шал отырып қатты күрсініпті. Сол кезде қасында отырған баласы: «Әке, неге күрсіндіңіз?» – деп сұрақ қояды. Сол кезде әкесі:
– Балам, сенің жастығың есіме түсіп отыр, сен ересек болсаң осы балалармен бірге сонда барып келер едің ғой, – депті. Әкесіне сөзін аяқтатпастан, баласы:
– Әке, мен барам, мал бөліп бер, – деп мазасын алыпты. Баласы әкесінің мазасын алып болмаған соң, әкесі: «Барсаң бар, балам, бірақ та өзіңе тиісті жолдас ізде. Ол жолдастың ақысын төлерміз. Ал жолдас іздеп, тапқан жолдасыңды үйге ертіп келе жатқанда, ауылға жақындағанда ол әкеле жатқан жолдасыңа былай де: «Біздің үй анау тұрған. Сіз жүре беріңіз, мен алдында жатқан малды қайырып барайын де». Сол кезде саған қарамай үйге келсе, ол адам саған жолдас бола алмайды», – депті. Баласы:
– Жарайды, – деп жолдас іздеуге кіріседі. Атқа мініп жолдас іздеп келе жатса, бір адам кездесіпті. Сол адаммен сөйлесіп жолдас етуге келісіп, үйіне алып жүреді. Сөйтіп малының шетіне келгенде әкесінің айтқаны есінде бар, бала:
– Қария, сіз жүре беріңіз. Біздің үй анау тұрған. Мен мына малды қайырып барайын, – депті. Сол кезде ол жолдасы тура тартып үйіне кетіпті. Сөйтіп бала да келді.
Ертесіне ол кісінің алып келген айыбын төлеп қайтарыпты. Міне, бала тағы жолдас іздеуге жол шығады. Сөйтіп ол келе жатса, алдында бір бала көтерген жас әйел жылап келе жатыр екен. Оның артынан бір сарт келеді, иығында кетпені бар. Міне бұл бала оларды тоқтатып: «Бұл нендей уақиға, сіз неге жылайсыз?»-депті. Сол кезде әйел:
– Менің күйеуім қайтыс болып еді, соны қою үшін кебін таба алмай мына сарттан қарызға алып қойып едім. Міне сол кебінді уақтында тауып беруге қаражатым келмеді. Енді соны ашып алам деп мені ертіп келеді,- депті. Сонда бала сартқа:
– Кебініңнің құны қанша тұрады? – депті. Сонда сарт.
– Кебінім жиырма бес ділда, – депті.
Сонда бала жанынан елу ділда беріп, «енді ризасың ба» деп сұрапты. Сонда сарт «ризамын» деп үйіне қайтыпты. Әйел балаға қайдағы алғысын айтып ол да қайтады. Сөйтіп бала жолдасын іздеп өз жолымен кете береді. Ол бала бір шаһарға келіп бір көшені бойлап келе жатса, алдынан бір ақ боз атты бір жігіт көшеден көлденең өтіп барады екен. Соның артынан бала келіп сәлем беріп, оны тоқтатып әңгімелесіп оны жолдас болуға үгіттей бастайды. Сол кезде ол кісі қынжылып бір-сыпыра көнбей тұрады да: «Жарайды, қарағым, қабырғаң қатпаған жас бала екенсің, болсам болайын», – деп жолдас болып балаға еріп жүреді. Сөйтіп баланың малының шетіне жеткен кезде бала оған: «Ағай, сіз жүре беріңіз, біздің үй анау тұрған. Мен мына малды қайырып барармын», – депті. Сол кезде жігіт: «Жоқ, қарағым, сенің қабырғаң қатпаған жас баласың ғой, сен үйіңе барып сусындай бер. Малды мен қайырып барайын», – деп баланы үйіне жіберіп, малды өзі қайтарып келеді. Сөйтіп баланың жолдасы енді табылды. Келесі күні малды бөліп беріп баласын жолдасымен екеуін байлардың баласына қосып шаһарға аттандырып, шал өзі кемпіріне жетелетіп арттарынан айқайлап, мынадай тапсырмалар айтады:
– Осы барғаннан күн бата Сарыөзек деген жерге жетесіңдер. Шөбі шалғын, суы мол жер оған қызығып қонбаңдар. Одан ары барғанда Ақмола деген жерге күн бата жетесіндер. Оған да қонбаңдар, одан ары кеткенде Қызылжар деген жерде күн бата жетесіңдер. Оның да суы мол, шөбі шалғын жер. Оған да қонып жүрмеңдер. Міне, осы үш жерге қонбаңдар,- деп шал қала береді. Басқа бай балалары «алпысқа келген атаңнан ақыл сұрама деген, ол шал не біледі дейсің, жүріңдер, кеттік» деп жүріп кете береді. Сөйтіп олар жүре-жүре күн бата Сарыөзекке жетеді. Айтқандай, шөбі шалғын, суы мол жер екен. Баяғы баланың жолдасы бұл араға қонбаймыз десе, басқа бай балалары «қонамыз, алпыстағы атаңнан ақыл сұрама деген, сол соқыр шал не біледі» дейсің деп болмапты. Балалар тіпті болмаған соң бәрі де сол араға қонады. Кешке жатқаннан кейін бай балалары ұйықтап қалады. Баланың жолдасы ұйықтамай атының қалқасында тұрып күзетіп тұрады. Сол арада елден арттарына бір сары қаншық еріп шығыпты. Сол қаншық шаңқылдап үріп болмапты. Әрине, бұл баланың жолдасы бар жан-жануарлардың тілін біледі екен. Иттің даусын тыңдап тұрса, ол ит: «Байқа, ақ боз аттың қалқасында аңылып тұр», – деп хабарлап тұр екен. Сол арада ол иттің басын кесіп алып, иттің миын түгел алып, қағазға орап, қалтасына салып алып, басқа аттың қалқасына келіп тұрыпты.
Бірсыпыра уақыт өткеннен кейін біреу сол аттың белін сипап өте бергенде, оның басын қағып тастапты. Сөйтсе, ол жалғыз көзді жалмауыз екен дейді. Оның көзін ойып алып, қағазға орап, қалтасына салып алып, бәрінің қан-жынын қоймай суға ағызып жіберіпті. Енді жалмауыз кемпірдің келген жағына жүгіріп барса, жер астында үйі бар екен. Ол үйі алтын ділдаға толып тұр екен. Оны көріп, есігін жауып, орнына келіп, жатып ұйықтай береді. Сөйтіп таң атады. Балалар орнынан тұрып жатып, қарқ-қарқ күліп, киініп «алпысқа келген атаңнан ақыл сұрама деген, сол шалдың айтқан сөзіне ілесіп, қонбай кетсек әлде қайтетін едік» деп, тамақтарын ішіп, жүріп кетіп, күн бата Ақмолаға келіп жетіп, баланың жолдасы қонбаймыз десе, балалар болмай отырып тағы қонады. Сөйтіп баланың жолдасына тағы ұйқы жоқ, соларды күзетумен тағы да тұрады. Сөйтіп, таң алдында бір жалмауыз келе жатыр екен. Оның басын алып, оның келген жағына барып қараса, соның да үйі алтын ділдаға толып тұр екен. Оның есебін тауып, белгілеп кетіпті. Содан қайтып келіп, орнына жатып ұйықтап тұрса, балалар күліп, тұрып жатыр екен. Тамақ ішіп болып, тағы да жүріп кетеді. Сөйтіп күн бата Қызылжарға келіп жетеді. Міне, бұл жерге де балалар қонамыз деп болмай отырып қонады. Баланың жолдасында еш ұйқы жоқ. Тағы күзетіп тұра береді. Сөйтіп тұрғанда, түн ортасы болған кезде, анандайда бір қызыл жар бар екен, сол қызыл жардан бір от шығады. Сол от жағалап жақындағанда, күбірлеп сөйлескен сөз естіледі. Сөйтсе, бұл жеті басты жалмауыз екен. Ол шетте тұрған атты сипап өте бергенде оның да басын алып тастап, сол қызыл жарға қарай жүгіріп кетіпті. Сол қызыл жарға келсе, бір үлкен үңгір екен, ішінде ат басы алтын тұр екен. Сол үңгірді жарық етіп тұрады екен. Сөйтіп ол жан-жаққа қараса, бір дәу ұйықтап жатыр екен. Оны өлтіреді. Енді бір ай мен күндей сұлу қыз жатыр екен. Оны олар сиқырмен өлтіріп қойыпты. Міне осыларды көріп, бәрін қайтарда алмақ болып дайындап кетіп, орнына келіп жатып, таңертең тұрса, балалар күлісіп тұрып жатыр: «Міне, алпысқа келген атаңнан ақыл сұрама деген, міне, үш жерден де өттік, ештеңе болған жоқ» десіп, тамақтарын ішіп, тағы жүріп кетті. Сөйтіп, тиісті шаһарына келіп, саудаларын жасап болып, енді елге қайтпақшы болып жүріп кетеді. Жол-жөнекей бір ауылда бір жиын топты көреді. Сол арада баланың жолдасы балаға: «Сен жүре бер, мені Қызылжардан тос, ал басқалары қарамаса, өзің қал» – депті. Бала «жарайды» деп жүріп кетеді. Сөйтіп әлгі жиын топқа келсе, бір байдың қызы сары қотыр болып, ауырып жатыр екен. «Соны кім жазса, соған қызымды берем» деп жатыр екен. Оған баяғы баланың жолдасы:
– Мен жазам, – деп келіпті. Оған бай: «Жазсаң, қызымды еншісімен бөліп беремін», – депті. Сөйтіп ол жігіт баяғы иттің миымен сылап жіберсе, қыз әбден жазылып кетеді. Сөйтіп ол оған: «Сен әкеңнен еншіңе он екі түйе қомдап ал», – депті. Қызы әкесіне:
– Маған еншіге он екі түйе қомдап бер, – депті. Байға бұл қиын емес қой, он екі түйені қомдап береді. Міне, ол қызды алып, он екі түйені алып, Қызылжарда жолдасын қуып жетеді. Оның жолдасы мұнда тосып жатыр екен. Сөйтіп ол Қызылжардағы дүниені үш түйеге артып, қызды тірілтіп алады. Сөйтіп Ақмолаға келіп, ондағы дүниені үш түйеге артып алып, жүріп кетеді. Енді Сарыөзекке келіп, ондағы дүниені үш түйеге артып алып, еліне қарай жүріп кетеді. Сөйтіп, еліне жақындағанда баланың жолдасы: «Ал, балалар, елге жақындап қалдыңдар, енді өздерің келерсіңдер. Мен байдан барып сүйінші сұрайын», – деп жүріп кетеді. Сөйтіп ол байға келіп, сүйінші сұрады:
– Балаңыз көп табыспен келеді, екі әйелі бар, – депті. Сол кезде бай:
– Енді арманым жоқ, жалғыз бір арманым – екі көзім, – депті. Сол кезде жігіт: «Екі көзіңді мен жазам!» – деп, жалмауыздың көзімен екі көзін сүйкеп қалса, көзі шырадай жанып жазылыпты. Сонда шал:
– Ал, енді балам келсін. Үш күн, үш түн той жасаймын, содан қалған дүние, мал-жан бәрі сенікі. Міне, сенің сұраған сүйіншіңе, – депті.
– Сөйтіп баласы келіп, үш күн, үш түн той жасап, төртінші күні екі келіні, баласы, әйелі – бесеуі қол ұстасып, үйден шығыпты да:
– Ал, қарағым, қалған мал-дүние сенікі, – депті. Сол кезде жігіт бәрін шақырып алып:
– Сізге рахмет. Сіздің және балаңның пиғылына көп рахмет, маған ештеңе керек емес. Сіздің балаңыз жолдас іздеп жүріп, бір әйел мен сартқа кездесіп, әйелді сарттан құтқарып еді. Сол әйелдің өлген күйеуі сол мен едім, Қыдыр болып, осыған кездескен едім, – деп, аспанға ұшып кетіпті.
Сөйтіп, шал байқұс өте жақсы тұрмыста ғұмыр сүріп қала беріпті.
77. Көзіңмен көргенге сенбе
Қызыр әулие кең дүниенің төрт бұрышын аралап, талай шөлдерден, белдерден өтіп келе жатып, Мұса ғ.с.-ға кездеседі. Екеуі амандасып, жөн сұрасқаннан кейін Мұса ғ.с. «Сізбен серіктес, жолдас болайын. Ендігі баратын жеріңізге бірге ерте жүріңіз» дейді. Бірақ Қызыр баба: «Менің саған қояр шартым бар. Мен не қиын істер істермін, тіпті, ерсі де көрінер. Бірақ, «мұныңыз не?» деп сұрамайсыз. Осының бәріне төзсең ғана маған серік боларсың» дейді. Мұса ғ.с. көнеді. Уәделесіп, шарттасқан соң екеуі кең жаһанды кезіп жүре береді. Артқа талай белді тастап, жаяулап бір байдың ауылына келеді. Алты қанат ақ үйдің ішіне кіріп, сәлем береді. Бірақ бай әулеті бұлардан амандық-саулық та сұрамай, жақтырмаған сыңай танытып, отыра береді.
– Ел кезіп жүрген біз бір саяқ едік, үйіңізге қонуға рұқсат етіңіз, – дейді қос пайғамбар.
Бұл бай пейілі тар, дүниеқоңыз, өзінің қара басынан басқаны ойламайтын, пасық, нашар адам еді. Мыңғырған малын өзінен аяп, дұрыс тамақ ішпей, тәуір киім кимей, байлығының рахатын көрмей, өлген малының терісін төсеніш қылып, тірлік еткен сараң адам болатын. Әйелі – ерінен өткен зұлымның дәл өзі. Алдын-ала ақылдасып алғандай екеуі:
– Сендерді күтетіндей күйіміз жоқ, тұрмысымыз нашар, өздерің көріп тұрсыңдар ғой, – деп, өтірік көлгірсиді.
Шаршап-шалдығып келе жатқан қос жаһанкез шығып жүре береді. Кетерінде Қызыр баба колын жайып: «Дамысын дәулеттерің жылдан-жылға», – деп бата береді. Қызырдың бұл ісіне Мұса ғ.с. іштей: «Мұнысы қалай болды?» деп таңқалады. Сұрауға бата алмайды. Үйіне қондырмаған сараң байға бата бергеніне налиды. Бұлар аялдамай, өзен бойлап жүре береді. Шыжыған ыстық ми қайнатардай. Жүре-жүре өзеннің жағасында қалқиып тұрған, жалғыз лашыққа кез болады. Лашық деген аты ғана, тозығы әбден шегіне жеткен, жыртылып, іріп, әйтеуір, әупіріммен тұрған тәрізді. Екеуі кідірмей ішке еніп, сәлем береді. Лашық ішінде ерлі-зайыпты екі жас отыр екен. Екеуі де өре түрегеліп, жарыса сәлем береді. Жігіттің зайыбы төрге көрпе салып, бәйек болады. Үй ішінде іліп алар ештеңе көрінбейді. Жұпыны. Тақыр кедей болса да, сараң бай сияқты қонақтан безінбей, барын алдыға қойыпты. Қонақтар шайға қанып, далаға шықса, үй иесі бес ешкісінің біреуін: «Бізге де қонақ қонды, о, Құдай!» деп сояды.
Ертесі аттанарда Қызыр баба батасын береді:
дейді де жүріп кетеді.
Сәлден кейін «Ойбай, қасқыр!» деген жанкешті дауыс шығады. Көзді ашып-жұмғанша төрт ешкіні төрт жаққа жайратып, қасқырлар үйірі тауды бетке ұстап, бүкең-бүкең жортып бара жатыпты... Көз алдында болған әділетсіздікке Мұса ғ.с. ашуы келеді. Бірақ сабыр етеді, сол жүргеннен талай жаһанды кезіп, күн бата бір қыстаққа жетіп жығылады. Қонаға қыстақтың шетіндегі қараша үйге кіреді. Үйде жүздерін мұң басқан, көңілдері қаяу, үш бала отыр екен. Жөн сұрасып, бейбақтардың ата-анасы қатар өлгенін біледі. Балалар жас, үйдің тозығы жетіп, төбесіне тіреп қойған тіреудің кейбіреуі қисайып, құлағалы тұр. Екі қонақ осы үйге қонады. Балалармен сөйлесіп, дәм ауыз тиеді. Ертемен Мұса ғ.с.тұрып, жанындағы Қызыр әулиенің жоқтығын байқайды. Сәлден соң Қызыр әулиенің дуал түбін қазып жатқанын көріп, Мұса ғ.с. таң-тамаша болып «Мына үйдің төбесін ілдәлдамен ұстап тұрған тіреу кұласа, үйдің де құлағаны. Сонда мына жетім балалар далада қалғаны ма?» деп налиды іштей. Айтқандай-ақ, аз жүргеннен кейін арттарына қараса, түбінен қазған дуал жерге құлап түседі. Екеуі талай белді артқа тастап, сан-сан асулардан асады. Қызыр баба істеген ісіне абыржымайды да, өкінбейді. Аспай-саспай айналасына қарап, ширыға түседі. Бұлар жүре-жүре бір жерге жетіп, аяқ суытады. Жол бойындағы істі еске алады. Мұса ғ.с. айтады: «Қызыр әулие, сізге үлкен рахмет. Айырылысар шақ туған секілді, бұл сапарда сіз көп ағаттық жасаған сияқтысыз. Соның себеп-салдарын, мәнісін түсіне алмай отырмын». «Бар жайды айтып берейін. Бұл сапарда көп нәрсе сізге жұмбақ көрінген болар. Әуелі сараң байға «дәулетің тасысын» деп бата бердім. Рахатты білмейтін ол бір пасық. Малы өсе берсін, екі көзін былшық басып, сол малының соңында сүмеңдеп жүрсін. Өмірі михнатпен өтсін дедім. Ал кедейге «Ешкіңді қасқыр жесін» дегенім, бар бәле сол бес ешкіде еді. Не өсімі, не пайдасы жоқ. Енді олар азаптан құтылып, байып, бастарына бақ қонады. Екеуі бір балаға зар болып жүрген. Пәруардігер мақұл көрсе, бір баланы атадым екеуіне. Үш жетімнің құлағалы тұрған үйінің тіреуін құлатқаным, ол балалардың әкесі пысық еді. Тіреудің астына кезінде «артымда қалған ұрпағым керегіне жаратсын» деп, мол қазына көмген. Мен әдейі құлаттым. Жетімдер соны алып, ел қатарына қосылады», -депті. Бұдан жақсы мен жаманды маңдайдағы екі көз көргеніне қарап емес, көкірек көзімен қарап, таразыла дегенді түйген ләзім.
ҒЫЛЫМИ ҚОСЫМШАЛАР
ТОМҒА ЕНГЕН МӘТІНДЕРГЕ ТҮСІНІКТЕМЕ
Бұл томда Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің және Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультеттері студенттерінің Қазақстанның әр түрлі аймақтарында, фольклорлық практиканы өту барысында жинаған материалдары беріледі. Қазақ ұлттық университетінің студенттері жазып әкелген материалдарды жинаушы Ш.Ибраев болса, ал Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттері тапсырған материалдарды жинаушылар – Б.Рахимов пен М.Әбдуов. Томдағы жинақталған мәтіндер мен ғылыми түсініктердегі нөмірлер бір-бірімен сәйкес келеді. Атаулары жоқ мәтіндерге тік жақшалар қою арқылы жаңадан атау берілді.
І. КОСМОГОНИЯЛЫҚ МИФТЕР
Аспан денелері
1 – [Ай - ару мен күн – күйеу]
Мәтін Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (Үрімжі, 1996. 26-27; 113 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (құрастырып, түсініктерін жазғандар: Ш.Ибраев, П.Әуесбаева. Алматы, 2002. 12-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Н.Мыңжанұлының жинағынан алынды.
2. Ай мен күн туралы
Мәтін Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (26-27, 113 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (12-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Н.Мыңжанұлының жинағынан алынды.
3. [Күн – күйеу, жер – қалыңдық]
Мәтін Абай Құнанбаев. Шығармаларының толық жинағы. 1-том. (Алматы, 1954, 156-157бб.), Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» жинақтарында жарық көрген. Томға мәтін А.Құнанбаевтың шығармаларынан алынды.
4. [Аспан ата мен Жер ана]
Мәтін Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (29-бет) жинағынан алынды.
5. "Жетіқарақшы" мен "Үлпілдек" жайында
Мәтін Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (221-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (13-бет), «Ежелгі Қазақстан мифтері» (Құрастырған О.Жанайдаров. Алматы, 2008. 205-206 бб.) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Н.Мыңжанұлының жинағынан алынды.
6. [Үркер, негізінде, жеті жұлдыз екен]
Мәтін Х.Әбішевтің «Аспан сыры» (Алматы, 1962. 12-бет), «Казахский фольклор в собрании Г.Н.Потанина» (Алма-Ата, 1972. С.54, С.298), С.Қасқабасовтың «Қазақтың халық прозасы» (Алматы, 1984. 74-бет), Н.Мыңжанұлы «Қазақтың мифтік аңыздары» (117-119 бб.), А.Тойшанұлының «Түрік-моңғол мифологиясы» (Алматы, 2009. 123-127 бб.) жинақтарында жарық көрген. Айырмашылығы тек бір мәтінде ғана сиырдың орнында ешкі айтылған. Томға ұсынылған мәтін Х.Әбішевтің жинағынан алынды.
7. Үркердің қызы
Мәтін Х.Әбішевтің «Аспан сыры» (79-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (14-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Х.Әбішевтің жинағынан алынды.
8. Жетіқарақшы (Жеті ұры)
Мәтін Х.Әбішевтің «Аспан сыры» (1-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (16-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Х.Әбішевтің жинағынан алынды.
9. Үркердің жерге түсуі
Мәтін Х.Әбішевтің «Аспан сыры» (97-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (15-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Х.Әбішевтің жинағынан алынды.
10. [Үркер алтау ғана]
Мәтін Х.Әбішевтің «Аспан сыры» (115-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (15-бет), «Ежелгі Қазақстан мифтері» (206-208 бб.) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Х.Әбішевтің жинағынан алынды.
11. [Үшарқар - үш, ірі жұлдыз]
Мәтін «Живая старина» журналында Г.Н.Потанин жариялаған «Қазақ-қырғыз аңыздары» ішінде кездеседі. (11-бет). «Казахский фольклор в собрании Г.Н.Потанина» (С.54). Х.Әбішевтің «Аспан сыры» (127-бет), М.Дүйсеновтың «Біз – күн перзентіміз» (Алматы, 1984. 12-13 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (15-бет), А.Тойшанұлының «Түрік-моңғол мифологиясы» (119-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Х.Әбішевтің жинағынан алынды.
12. Қамбар жұлдызы
Мәтін Х.Әбішевтің «Аспан сыры» (142-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (15-16 бб.) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Х.Әбішевтің жинағынан алынды.
13. Сүмбіле
Мәтін Х.Әбішевтің «Аспан сыры» (157-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (16-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Х.Әбішевтің жинағынан алынды.
14. Үшарқар
Мәтін алғаш рет Г.Н.Потаниннің жариялауымен «Живая старина» журналында жарық көрген. Оны Г.Н.Потанин Д.Сұлтанғазиннен жазып алған. Кейін «Казахский фольклор в собрании Г.Н.Потанина» (С.54), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (16-бет), «Ежелгі Қазақстан мифтері» (210-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Г.Н.Потаниннің жинағынан алынды.
15. Жетіқарақшы
Мәтін «Казахский фольклор в собрании Г.Н.Потанина» (С.54), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (16-бет), Х.Әбішевтің «Аспан сыры» (83-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Г.Н.Потаниннің жинағынан алынды.
16. Үркер
Мәтін Ш.Уәлиханов «Таңдамалы» (Алматы, 1985. 180-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (16-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Ш.Уәлихановтың жинағынан алынды.
17. [Жетіқарақшы - жеті жұлдыз]
Мәтін Ш.Уәлиханов «Таңдамалы» (180-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (16-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Ш.Уәлихановтың жинағынан алынды.
18. [Жетіқарақшы - жарқырап тұрған, жарық жұлдыз]
Мәтін М.Исқақовтың «Халық календары» (Алматы, 1980. 207-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (16-17 бб.) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін М.Исқақовтың жинағынан алынды.
19. [Ақбозат пен Көкбозат]
Мәтін Х.Әбішевтің «Халық астрономиясы» (Алматы, 1959. 284-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (17-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Х.Әбішевтің жинағынан алынды.
20. [Жетіқарақшының біреуі]
Мәтін «Казахский фольклор в собрании Г.Н.Потанина» (С.54), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (17-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін «Қазақтың мифтік әңгімелерінен» алынды.
21. [Таразы - атақты мерген]
Мәтін Х.Әбішевтің «Халық астрономиясы» (248-бет), М.Дүйсеновтың «Ғасырлар сыры» (Алматы, 1988. 51-52 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (17-18 бб.) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін М.Дүйсеновтың жинағынан алынды.
22. [Жер бетін ызғар]
Мәтін М.Дүйсеновтың «Ғасырлар сыры» (52-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (18-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін М.Дүйсеновтың жинағынан алынды.
23. [Айдың бетіндегі қара дақ туралы]
Мәтін М.Дүйсеновтың «Ғасырлар сыры» (52-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (17-18 бб.) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін М.Дүйсеновтың жинағынан алынды.
24. [Қызды әуелі Күн алған]
Мәтін М.Дүйсеновтың «Ғасырлар сыры» (52-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (18-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін М.Дүйсеновтың жинағынан алынды.
25. Айдың бетіндегі дақ
ҚазМУ-дың филология факультетінің студенті З.Асанованың фольклорлық практика кезінде жинаған материалынан алынды, жинаушы – Ш.Ибраев. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (18-19 бб.) жинағында жарық көрген. Мәтін ұсынылған томға қолжазбадан алынды.
26. [Айда кемпір бар]
Мәтін Ш.Уәлиханов «Таңдамалы» (180-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (19-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Ш.Уәлихановтың жинағынан алынды.
27. Ай
Мәтін Ш.Уәлихановтың шығармалар жинағы (4-том. Алматы, 1985. 58-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (19-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға мәтін Ш.Уәлихановтың жинағынан алынды.
28. Ай мен Күн
Мәтін Х.Әбішевтің «Халық астрономиясы» (230-бет), Х.Әбішевтің «Аспан сыры» (28-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (19-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Х.Әбішевтің «Халық астрономиясы» жинағынан алынды.
29. Үркер жатыр
Мәтін А.Машановтың «Аспан ертегілері» «Жұлдыз» журналында (1958, № 7), Х.Әбішевтің «Аспан сыры» (12-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (19-20 бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Х.Әбішевтің жинағынан алынды.
30. [Бұрын Үркер он екі болған]
Мәтінді айтушы – Тәжібай Бошанов. 1908 жылы туған, Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Қарағайлы поселкасының тұрғыны. Жинаған – ҚазМУ филология факультеті, 2-курс студенті Аяужан Таусоғарова. Кейін Х.Әбішевтің «Халық астрономиясы» (41-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (20-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін қолжазбадан алынды.
31. [Үркер бұрын құрт екен]
Х.Әбішевтің «Аспан сыры» (12-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (20 бет) жинақтарында жарық көрген. Басқа мәтіндерден айырмашылығы: Үркер бұрын құрт болыпты. Томға ұсынылған мәтін Х.Әбішевтің жинағынан алынды.
32. [Үркер жерге түскеннен кейін]
Мәтін Х.Әбішевтің «Халық астрономиясы» (41-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (20 бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Х.Әбішевтің жинағынан алынды.
33. [Өткен заманда]
Мәтін Ш.Уәлиханов «Таңдамалы» (179-бет), Н.Мыңжанұлы «Қазақтың мифтік аңыздары» (110-112 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (21-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Ш.Уәлихановтың жинағынан алынды.
34. Күн, Ай және Қораз
Мәтін Ш.Ибраевтың жинаған материалдарынан алынып, «Қазақтың мифтік әңгімелері» (21-22 бб.), «Ежелгі Қазақстан мифтері» (204-бет) жинақтарында жарық көрген. Мәтін қолжазба негізінде ұсынылды.
35, 36, 37. Кемпірқосақ
Мәтін Ш.Уәлиханов «Таңдамалы» (181-182 бет), Н.Мыңжанұлы «Қазақтың мифтік аңыздары» (14-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (22-бет), «Ежелгі Қазақстан мифтері» (212-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Ш.Уәлихановтың жинағынан алынды.
38. Зуһра
Мәтін Б.Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» (Алматы, 1997. 114-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (22-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Б.Сағындықұлының жинағынан алынды.
39. [Хансұлу]
Мәтін М.Дүйсеновтың «Ғасырлар сыры» (95-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (22-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға мәтін М.Дүйсеновтың жинағынан алынды.
40. [Күн нұрынан пайда болған Шыңғыс]
Мәтін «Қорқыт ата» (Алматы, 1999.-36 б.) энциклопедиялық жинағынан алынды.
41. [Даланың сәулесі]
Мәтін «Қорқыт ата» (Алматы, 1999.-37 б.) энциклопедиялық жинағынан алынды.
42. Нұрдан жаралған Адай
Белгілі күйші, домбырашы Өскенбаев Мұраттың айтуында хатқа түскен. ОҒК-ның қолжазба қоры, 398-папкада (79-87 бб.) сақтаулы: Қашаған Күрімжанұлының «Адай тегі», Қ.Сыдықов «Ақын жыраулар» (Алматы, 1974, 124-128 бб.), А.Сейдімбек «Бейпіл сөздер» (Алматы, 2000, 14 б.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (167 б.), жинақтарында жарияланған. Томға мәтін А.Сейдімбектің кітабынан алынды.
43. Есекқырған
Мәтінді Г.Н.Потанин Сырымбетке барғанда Бейсембі деген кісіден жазып алған. Кейін «Казахский фольклор в собрании Г.Н.Потанина» (С.54), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (23-бет), Х.Әбішевтің «Халық астрономиясы» (218-219 бб.) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін қолжазбадан алынды.
44. Күн күркіреді
Мәтін Ш.Уәлиханов «Таңдамалы» (182-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (23-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Ш.Уәлихановтың жинағынан алынды.
45. Ажағай киесі жайында.
Мәтін Н.Мыңжанұлының ««Қазақтың мифтік аңыздары» (43-бет) жинағынан алынды.
46. Аспандағы күннің баяны
Мәтінді Ә.Диваев 1896 жылы Ташкент уезі Ақжар болысындағы молла Көбей Тоқболатұғылынан жазып алған. Кейін «Туркестанский сборниктің» 462 томында (Ташкент, 1940. 5-9 бет), Ә.Диваев «Тарту» (Алматы, 1992. 63-66 бб.) жинағында жарық көрген. Томға мәтін Ә.Диваевтың жинағынан алынды.
47. Аспандағы жүлдыздардың баяны
Мәтінді Ә.Диваев 1897 жылы 30 шілдеде Ташкент уезі Ақжар болысындағы К.Тоқболатұғылының қолжазбасынан жазып алған, кейін «Туркестанский сборниктің» 462-томында (Ташкент, 1908. 1-4 стр.), Ә.Диваев «Тарту» (66-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін «Туркестанский сборник» 462-томынан алынды.
48. Көк күмбез шырақтары туралы.
Мәтін Н.Мыңжанұлының ««Қазақтың мифтік аңыздары» (110-112 бб.) жинағынан алынды.
ІІ. АНТРОПОГОНДЫҚ–ГЕНЕОЛОГИЯЛЫҚ МИФТЕР
Ұмай ана
1. [Аю батыр мен Айсұлу]
Н.Мыңжанұлы «Қазақтың мифтік аңыздары» (36-40 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (24-25-бб.) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Н.Мыңжанұлының жинағынан алынды.
2. [Әйел тәңірі – Ұмай ана]
Мәтін А.Нұрғалидың «Қазақ ілкі тектерінің дәстүрлі мәдениеті» (Алматы, 2000. 21-бет) жинағының негізінде ұсынылды.
3. [Ұмай ана]
Мәтін А.Нұрғалидың «Қазақ ілкі тектерінің дәстүрлі мәдениеті» (24-бет.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (96-бет.) атты жинақтарда жарияланған. Ұсынылған мәтін А.Нұрғали жинағынан алынды.
4. [Қалша қыдыр]
Мәтін М.Баталов пен М.Сильченконың «Очерки по казахскому фольклору и казахской литературе» (Алматы-Москва, 1935. С.19), Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (142-143 бб.), Диваев Ә. Тарту (Құрастырған, алғы сөзін және түсініктерін жазған Ф. Оразаева. – Алматы: «Ана тілі», 1992. 240 бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (47-бет), «Ежелгі Қазақстан мифтері» (244-бет) жинақтарында жарық көрді. Томға ұсынылған мәтін Н.Мыңжанұлының жинағынан алынды.
5. [Түріктердің ата-бабалары]
Алғашында мәтін Ә.Рахманның «Ұйғыр фольклоры туралы баян» (Үрімжі, 1989. 298-бет), М.Дүйсеновтың «Сағанатас сырлары» (Алматы, 1992. 95-96 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (49-бет) жинақтарында жарық көрді. Томға ұсынылған мәтін М.Дүйсеновтың жинағынан алынды.
6. [Ашина]
М.Дүйсеновтың «Сағанатас сырлары» (95-96 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (49-бет), «Ежелгі Қазақстан мифтері» (144-148 бб.) жинақтарында жарық көрді. Томға ұсынылған мәтін М.Дүйсеновтың жинағынан алынды.
7. [Сазды көлдің маңын]
Томға ұсынылған мәтін А.Нұрғалидың «Қазақ ілкі тектерінің дәстүрлі мәдениеті» (Алматы, 2000. 153-154 бб.) жинағынан алынды.
8. [Көк Бөрі]
Мәтін Л.Н.Гумилевтің «Древние тюрки» (Москва, 1967. 23-бет), Н.Я.Бичуринның «Собрания сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена (т.1. М-Л.: 1950, С.220), Ә.Қабаның «Мыңнан бір мезет» (151-бет), Н.Мыңжанұлы «Қазақтың мифтік аңыздары» (141-142 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (50-51 бб.) жинақтарында жарық көрді. Томға ұсынылған мәтін Ә.Қабаның жинағынан алынды.
9. [Гун елінің...]
Мәтін Н.Я.Бичурин «Собрания сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена (214-215 бб.), Ә.Қабаның «Мыңнан бір мезет» (152-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (51-бет) жинақтарында жарық көрді. Томға ұсынылған мәтін Ә.Қабаның жинағынан алынды.
10. [Көк түркілер]
Мәтін Ә.Қабаның «Мыңнан бір мезет» (153-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (51-52 бб.) жинақтарында жарық көрді. Томға ұсынылған мәтін Ә.Қабаның жинағынан алынды.
11. [Төбет]
Мәтін Алматы облысы, Шелек ауданы, Ассы селосында тұратын Айшахан Кіндікбаевадан жазып алынған. Ә.Қабаның «Мыңнан бір мезет» (141-143 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (66-69 бб.) жинақтарында жарияланды. Томға ұсынылған мәтін Ә.Қабаның жинағынан алынды.
12. [Ителгі руы]
Ақтөбе облысы Алға ауданының тұрғыны Р.Бимағанбетовадан жазып алынған мәтін Ә.Қабаның «Мыңнан бір мезет» (141-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (69-70 бб.) жинақтарында жарияланды. Томға ұсынылған мәтін Ә.Қабаның жинағынан алынды.
13. [Ит елі]
ӘӨИ қолжазба қорының 936-бумасындағы мәтін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (70-бет) жинағында жарық көрді. Томға мәтіннің қолжазба нұсқасы жіберілді.
14. [Ай ата мен Ай апа](1-вариант)
Мәтін Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (88-бет.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (80-бет.) жинақтарында жарияланды. Томға енген мәтін Н.Мыңжанұлының жинағынан алынды.
15. Ай ата мен Ай апа. (2-вариант)
Томға ұсынылған мәтін А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» (Астана: Фолиант, 2008.- 212-213 бб.) жинағында жарық көрген.
16. [Жалаңаш баба]
Мәтін Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (89-90 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (80-бет.), А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» (Астана: Фолиант, 2008.- 222 бет) жинақтарында жарияланды. Томға енген мәтін Н.Мыңжанұлының жинағынан алынды.
17. Хақ Тағаланың Адам алайһи с-саламды жаратуы
Томға ұсынылған мәтін Б.Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» (Алматы, 1997. 240-243 бб.) жинағында жарық көрген.
18. [Топырақтан жаралған адам]
Мәтін Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (87-бет.) жинағынан алынды.
19. Қазақтардың қайдан шыққаны турасынан бұрынғыдан қалған сөз
Поручик Бекметовтың айтуынан жазылып алынған мәтін «Дала уалаяты газетінің» 1894 жылғы 26-санында, «Дала уалаятының газеті» (Алматы, 1989. 540-541 бб.) жинағында жарияланды. Томға мәтін өзгеріссіз жіберілді.
20. Қырғыздардың қайдан шыққанының хикаяты
Мәтін алғаш «Дала уалаяты газетінің» 1894 жылғы 19-санында (Қ.Болатов бастырған), «Дала уалаятының газеті» 1888-1894 (Алматы, 1989. 521-523 бб.), «Дала уалаятының газеті» 1889-1902 (Алматы, 1992. 459-461 бб.) жинақтарында жарияланды. Томға енген мәтін «Дала уалаятының газеті» (Алматы, 1989) кітабынан алынды.
21. [Со деген тайпа]
М.Дүйсеновтың «Сағанатас сырлары» (96-97 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (304-бет) жинақтарында жарық көрді. Томға ұсынылған мәтін М.Дүйсеновтың жинағынан алынды.
22. [Түріктер — ғұндардың бір түрі]
Томға ұсынылған мәтін А.Нұрғалидың «Қазақ ілкі тектерінің дәстүрлі мәдениеті»(Алматы, 2000. 41бет) жинағынан алынды.
23. [Елжау би]
Томға ұсынылған мәтін Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (153-бет) жинағынан алынды.
24. [Оғыз]
А.Нұрғалидың «Қазақ ілкі тектерінің дәстүрлі мәдениеті», «Қазақтың мифтік әңгімелері» (305-310 бб.) жинақтарында жарық көрді. Томға ұсынылған мәтін А.Нұрғалидың «Қазақ ілкі тектерінің дәстүрлі мәдениеті» (Алматы, 2000. 45-51 бб.) жинағынан алынды.
25. [Кісі аю]
Мәтін М.Дүйсеновтің «Бір аспанның астында» (43-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (88-бет) жинақтарында жарияланды. Томға кірген мәтін М.Дүйсеновтің кітабынан алынды.
26. [Апалы-сіңлілі екі қыз]
Мәтін М.Дүйсеновтің «Бір аспанның астында» (43-44 бб.), «Сағантас сарылар» (43-44 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (88-89 бб.) жинақтарында жарияланды. Томға енген мәтін М.Дүйсеновтің кітабынан алынды.
27. Аюбала
ОҒК қолжазба қорының 34-бумасындағы мәтін. «Қазақ ертегілері» (3- том. 88-93 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (93-94 бб.) жинақтарында жарияланды. Томға енген мәтін түпнұсқа негізінде жіберілді.
28. Аюдәу
Мәтіннің ОҒК қолжазба қорындағы, 205-бумасындағы Ү.Құлшымбаев нұсқасы «Ертегілер» (4-том. 89-101 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (90-91 бб.) жинақтарында жарияланды. Томға ұсынылған мәтін «Ертегілердің» 4-томынан алынды.
29. [Сіргелі ұрпақтары]
ӘӨИ қолжазба қорының 90-бумасындағы мәтін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (310-313 бб.) жинағында жарық көрді. Томға мәтіннің қолжазба нұсқасы жіберілді.
30. Таңба
Мәтін А.Сейдімбектің «Бейпіл сөздер» (14-15 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (33-бет) жинақтарында жарық көрді. Томға ұсынылған мәтін А.Сейдімбектің жинағынан алынды.
ІІІ. ЭТИОЛОГИЯЛЫҚ МИФТЕР
1. [Көкек]
Мәтін Б.Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» (Алматы, 1997. 95-96 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (30-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Б.Сағындықұлының жинағынан алынды.
2. Байұлы (1-нұсқа)
Мәтін Ш.Ибраевтың жинаған материалдардың негізінде «Қазақтың мифтік әңгімелері» (32-бет) жинағында жарық көрді. Томға қолжазба нұсқасы ұсынылды.
3. Байұлы (2-нұсқа)
Мәтін Ш.Ибраевтың жинаған материалдардың негізінде алынды. «Қазақтың мифтік әңгімелері» (33-бет) жинағында жарық көрді. Томға қолжазба нұсқасы ұсынылды.
4. Құс жолы
Томға мәтін Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (15-бет) жинағынан алынды.
5. ["Қызылқан"]
Мәтін А.Сейдімбектің «Күй шежіре» (108-109 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (33-бет) жинақтарында жарық көрді. Томға ұсынылған мәтін А.Сейдімбектің жинағынан алынды.
6. Тәтті ауылы
Мәтінді айтушы – Т.Көпбайқызы. Жамбыл облысы, Мерке ауданының тұрғыны, зейнеткер. Жинаушы ҚарМУ-дың филология факультетінің студенті С.Қарынбаева. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (34-бет) жинағында жарық көрді. Томға мәтіннің қолжазба нұсқасы ұсынылды.
7. [Баяғыда бір құс ...]
Мәтін Ш.Ибраевтың жинаған материалдары негізінде «Қазақтың мифтік әңгімелері» (34-бет) жинағында жарық көрді. Томға мәтіннің қолжазба нұсқасы ұсынылды.
8. [Бір үйдегі апалы-сіңлі]
Мәтінді Г.Н.Потанин тарбағатайлық қазақтан жазып алған қолжазбасы ғалымның жеке мұрағатында сақталған. Кейін «Казахский фольклор в собрании Г.Н.Потанина» (С.51) жинағында жарық көрді. Мәтін томға осы жинақтан алынды.
9. [Итала қаз]
Мәтін алғашында «Алматы ақшамы» (1990, 20 ақпан) газетінде, кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (34-бет) жинағында жарық көрді. Томға мәтіннің қолжазба нұсқасы ұсынылды.
10. Тауқұдірет
Мәтін А.Сейдімбектің «Күй шежіре» (Алматы, 1997. 105-106 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (35-бет), А.Тойшанұлының «Түрік-моңғол мифологиясы» (51-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін А.Сейдімбектің жинағынан алынды.
11. Бөдене hәм Түлкі
Мәтінді алғаш рет Жағфар Айманов «Дала уалаяты газетінің» 1894 жылғы 32-санына бастырған. Кейін «Қазақ ертегілерінің» 2-томында (Алматы, 1962. 183-184 бб.), «Әдеби мұра» (Құрастырып, ғылыми түсінігін жазған Ү.Сұбханбердина. Алматы, 1970. 92-93 бб.), «Бозинген» (Алматы, 1985. С.54-55), «Өлген қазан» (Құрастырған К.Сейдаханов. Алматы, 1985. 330-331 бб.) «Қазақ ертегілерінің» 1-томында (Алматы, 1988. 230-231 бб. және 231-234 бб.), «Хайуанаттар туралы қазақ ертегілері» (Құрастырушылар: С.Қасқабасов. Е.Костюхин, Н.Смирнова, Е.Тұрсынов. Алматы, 1979. 127-128 бб.), «Дала уалаятының газеті» (583-584 бб.) «Қазақтың мифтік әңгімелері» (35-37 бб.) жинақтарында жарық көрді. Томға мәтіннің ОҒК-ның қолжазба қоры, 204-буманың 6-дәптеріндегі түпнұсқасы алынды.
12. Бөдененің құйрығы неге қысқа?
Мәтін ӘӨИ–ның қолжазба қорының 520-бумасында сақтаулы. Жазып алған – Ә.Тәжиев, жинаған – Н.Төреқұлов. Оңтүстік Қазақстан экспедициясы. «Қазақ ертегілерінің» 1-томында (63-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (37-бет), А.Тойшанұлының «Түрік-моңғол мифологиясы» (21-бет) жинақтарында жарық көрді. Мәтін томға қолжазба негізінде ұсынылды.
13. Қарлығаштың құйрығы неге айыр? (1-нұсқа)
Мәтін алғаш 1896 жылы «Тургайская газетаның» 24-санында, кейін осы нұсқа 1898 жылы «Материалы по этнографии киргиз Тургайской области. – Приложение к Тургайской газете» басылымында (Оренбург, 1898), «Адам мен қарлығаш неліктен дос болды?» деген атпен «Қазақстан әйелдері» (Алматы, 1960. 8-саны) журналында, осы атаумен «Казахские сказки» жинағының 2-томында (Алматы, 1964), «Қазақ ертегілерінің» 1-томында (Алматы, 1988. 245-247 бб.), Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (134-135 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (37-39 бб.) жинақтарында жарық көрді. Томға ұсынылған мәтін «Қазақ ертегілерінің» 1-томынан алынды.
14. Қарлығаштың құйрығы неге айыр? (2-нұсқа)
Томға ұсынылған мәтін Н.Мыңжанұлының жинағынан (134 бет) алынды.
15. Жарқанат неге түнде ұшады?
Мәтін алғаш рет «Дала уалаяты газетінің» 1888 жылғы 25-санында «Жарқанат турасынан бұрынғыдан қалған сөз» деген тақырыппен басылған. Кейін «Әдеби мұра» (Алматы, 1970. 75-бет), «Хайуанаттар туралы қазақ ертегілері» (271-бет), «Бозинген» (С.44), «Қазақ ертегілерінің» 1-томында (60-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (39-40 бб.) жинақтарында жарық көрді. Томға ұсынылған мәтін «Әдеби мұра» жинағынан алынды.
16. "Жапалақ көрсең, атып ал..."
Мәтін «Қазақ ертегілерінің» 1-томында (Алматы, 1988. 264-265 бб.), «Ел аузынан» (285-286 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (40-41 бб.) жинақтарында жарық көрді. Томға ұсынылған мәтін «Қазақ ертегілерінің» 1-томынан алынды.
17. Сауысқан мен көкек
Мәтінді М.Төрежанов «Қазақ әдебиеті» газетіне (1965, 29 октябрь) алғаш жариялады. Кейін «Хайуанаттар туралы қазақ ертегілері» (57-бет), «Бозинген: Казахские народные сказки» (С.165), «Ақ сандық, көк сандық» (208-209 бб.), «Қазақ ертегілерінің» 1-томында (62-63 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (41-бет) жинақтарында жарық көрді. Томға ұсынылған мәтін «Хайуанаттар туралы қазақ ертегілері» жинағынан алынды.
18. Жарқанат
Мәтін «Қазақ ертегілерінің» 1-томында (183-184 бб.), «Дала уалаятының газеті» (44-45 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (42 бет), А.Тойшанұлының «Түрік-моңғол мифологиясы» (20-бет) жинақтарында жарық көрді. Томға ұсынылған мәтін «Қазақ ертегілерінің» 1-томынан алынды.
19. Сауысқан
Мәтін «Бозинген» (С.16-17), «Қазақ ертегілерінің» 1-томында (Алматы, 1988. 268-269 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (42-43 бб.) жинақтарында жарық көрді. Томға ұсынылған мәтін «Қазақ ертегілерінің» 1-томынан алынды.
20. Байғыз (1-нұсқа)
Мәтін Г.Н.Потанин Сиырбай деген тарбағатайлық қазақтан жазып алған қолжазба НБТГУ мұрағатында (18-дәптерде 61-63 бб.) сақталған. Г.Н.Потаниннің «Очерктерінің» ІІ-басылым 147-148 беттерінде, ІV- басылым 367-бетінде нұсқаларымен басылған. Кейін «Бозинген» (С.46-47), «Қазақ ертегілерінің» 1-томында (Алматы, 1988. 265-267 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (43-45 бб.), «Мәдени-әдеби өрнектер» (145-149 бб.) жинақтарында жарық көрді. Томға ұсынылған мәтін «Қазақ ертегілерінің» 1-томынан алынды.
21. Байғыз (2-нұсқа)
Мәтін «Бозинген: Казахские народные сказки» (Алматы, 1985. С. 63), Н.Мыңжанұлы «Қазақтың мифтік аңыздары» (Үрімжі, 1996. 132-134 бб.) жинақтарында жарық көрген. Мәтін томға Н.Мыңжанұлының жинағынан алынды.
22. Қарлығаш пен дәуіт
Мәтін «Бозинген: Казахские народные сказки» (С.155-156), «Қазақ ертегілерінің» 1-томында (Алматы, 1988. 258-259 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (45-46 бб.) жинақтарында жарық көрді. Томға ұсынылған мәтін «Қазақ ертегілерінің» 1-томынан алынды.
23. Әтеш пен Тоты
Мәтін «Бозинген: Казахские народные сказки» (С.113), «Қазақ ертегілерінің» 1-томында (234-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (46-47 бб.) жинақтарында жарық көрді. Томға ұсынылған мәтін «Қазақ ертегілерінің» 1-томынан алынды.
24. [Тыный]
Мәтін ҚазМУ-дың, филология факультеті студентінің фольклорлық практика кезінде жинаған материалынан алынып, «Қазақтың мифтік әңгімелері» (47-бет) жинағында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін қолжазбадан алынды.
25. Аққу-арулар туралы
Мәтін Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (141-142 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (48-бет) жинақтарында жарық көрді. Томға ұсынылған мәтін Н.Мыңжанұлының жинағынан алынды.
26. Бейбітшілік туралы
Томға «Ел аузынан» (Құрастырушылар: Б.Адамбаев, Т.Жарқымбекова. Алматы, 1989. 290-292 бб.) жинағында жарияланған мәтін алынды.
27. Махаббат кегі
немесе Бегім Ана туралы аңыз бен ақиқат
Мәтін Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қаратерең ауылының тұрғыны Қуатбай Жаңайбекұлының тапсыруымен «Жас Алаш» газетінде (№107. 05.09.2000ж.) жарияланған. Томға осы нұсқасы алынды.
ЖЫЛАН ЖАЙЫНДА
1. Шақыру
А.Сейдімбек Қарағанды облысы, Жезді ауданының тұрғыны Тай Тілегеновтің айтуынан жазып алған. Мәтін «Күй шежіре» (114-115 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (61-62 бб.) жинақтарында жарияланды. Томға ұсынылған мәтін А.Сейдімбектің жинағынан алынды.
2. Айдаһар
Мәтіннің қолжазбасы ӘӨИ-нің қолжазба қорының, 187-бумасында сақталған. Жинаушысы – Х.Өтеғалиева. «Қазақ ертегілері» (2-том. 154-161 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (62-63 бб.) жинақтарында жарияланды. Томға ұсынылған мәтін қолжазбадан алынды.
3. Ордабұзған
Бұл мекен оңтүстік өңірдегі Қазығұрт ауданының аймағында орналасқан. Айтушы – Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Кемеқалған ауылының тұрғыны Ашарбеков Бексұлтан. Жазып алған ҚарМУ-дың филология факультетінің студенті А.Қодарова. «Қазақтың мифтік әңгімелері» (63-64 бб.) жинағында жарияланды. Томға қолжазба негізінде ұсынылды.
4. Қызжыланның үңгірі
Мәтінді Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Кемеқалған ауылының тұрғыны Б.Ашарбековтың аузынан жазып алған ҚарМУ-дың филология факультетінің студенті – А.Қодарова. «Қазақтың мифтік әңгімелері» (64-б.) жинағында жарияланды. Томға қолжазба негізінде ұсынылды.
5. Түйме
Т.Бекхожина Семей облысының тұрғыны, 1888 жылы туған С.Төлебаевтан жазып алған мәтін. «Қазақтың мифтік әңгімелері» (64-65 бб.) кітабында жарияланды. Томға мәтіннің қолжазба нұсқасы ұсынылды.
6. [Кетпеннің ортасы қалай тесілді]
Мәтін Ә.Қабаның «Қасиет» (49-б.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (65-66 бб.) жинақтарында жарияланды. Томға ұсынылған мәтін Ә.Қабаның жинағынан алынды.
7. [Сұрмергеннің ажалы]
Мәтін ОҒК қолжазба қорының, 1418 (фотокөшірме), 92-бумаларындағы (жинаушысы – С.Бейсебаев) «Қара жылан мен ақ жылан» (196-198 бб.т) деген атпен берілген. «Қазақ ертегілері» (2-том. 230-231 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (83-85 бб.) жинақтарында жарияланды. Томға енген мәтін түпнұсқа негізінде ұсынылды.
ИТ ЖАЙЫНДА
1. Кісі hәм Ит
Мәтін «Дала уалаятының газеті» (Алматы, 1989. 238-239 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (66-бет), А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» (Астана: Фолиант, 2008. - 221 бет) жинақтарында жарияланды. Томға ұсынылған мәтін «Дала уалаятының газеті» кітабынан алынды.
2. Иттің еншісі
Мәтін Ш.Ибраев жинаған материалдардан алынды. «Қазақтың мифтік әңгімелері» (69-бет) жинақтарында жарияланды. Томға мәтіннің қолжазба нұсқасы жіберілді.
3. Ит пен Мысық адамға қалай үйренді?
Мәтін «Бозинген: Казахские народные сказки» (С.74-76), «Қазақ ертегілері» (Алматы, 1988. 1-том. 221-223 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (70-72 бб.) жинақтарында жарық көрді. Томға ұсынылған мәтін «Қазақ ертегілері» 1-томынан алынды.
4. Ит пен Мысық неге араз?
Мәтін «Бозинген: Казахские народные сказки» (С.78-79), «Қазақ ертегілері» (Алматы, 1988. 1-том. 223-224 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (72-73 бб.) жинақтарында жарық көрді. Томға енген мәтін «Қазақ ертегілері» 1-томынан алынды.
5. Жеті қазынаның бірі
Томға «Ел аузынан» (Құрастырушылар: Б.Адамбаев, Т.Жарқымбекова. Алматы, 1989. 284-285 бб.) жинағында жарияланған мәтін алынды.
6. Жыл басы
Мәтінді ел аузынан жинап «Дала уалаятының газеті» 1889 жылғы 9-санында бастырған Д.Сұлтанғазин. Кейін Ә.Диваевтың қолжазбасынан табылған туынды 1962 жылы «Қазақ ертегілерінің» 2-томында (190-191 бб.), «Бозинген: Казахские народные сказки»» (С.46-47), «Қазақ ертегілері» (1-том. 59-60 бб.), «Дала уалаятының газеті» (93-бет.), «Әдеби мұра» (71-72 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (73-74 бб.) жинақтарында жарық көрді. Томға енген мәтін «Қазақ ертегілерінің» 2-томынан алынды.
7. Түлкі мен қоян
Мәтін «Дала уалаятының газеті» 1890 жылғы 48-санында, «Әдеби мұра» (77-78 бб.), «Дала уалаятының газеті» (258-бет.), «Бозинген: Казахские народные сказки»» (С.62), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (74-бет.) жинақтарында жарық көрді. Томға кірген мәтін «Әдеби мұра» жинағынан алынды.
8. [Қоян]
Мәтін Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (131-бет.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (75-76 бб.) жинақтарында жарияланды. Томға ұсынылған мәтін Н.Мыңжанұлының жинағынан алынды.
9. Қоянның ерні неге үшеу?
Томға «Қазақ ертегілері» Хайуанаттар туралы ертегілер». (2-бөлім. Алматы, 2008. 75-76 бб.) жинағынан алынған нұсқа ұсынылды.
10. [Түлкі мен маймыл]
Мәтін А.Нұрғалидың «Қазақ ілкі тектерінің дәстүрлі мәдениеті» (62-63 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (74-75 бб.) жинақтарында жарияланды. Томға енген мәтін А.Нұрғалидың жинағынан алынды.
11. [Сиыр]
Мәтін Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (131-132 бб.) және «Қазақтың мифтік әңгімелері» (76-бет.) жинақтарында жарияланды. Томға ұсынылған мәтін Н.Мыңжанұлының жинағынан алынды.
12. Үй хайуандарының ата тегі
Г.Н.Потаниннің «Очерктер» (4-басылым, 367-368 бб.) еңбегінде және «Казахский фольклор в собрании Г.Н.Потанина» (С.56), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (76-бет.) жинақтарында жарияланды. Томға жіберілген мәтін Г.Н.Потаниннің жинағынан алынды.
13. Түйенің қасасы неге артқа қараған?
А.Сейдімбектің Ақтөбе облысы, Қарабұлақ ауданының тұрғыны, 1925 жылы туған Қ.Маңғытбайдан жазып алған мәтіні. «Бейпіл сөздер» (15-бет.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (77-бет.) жинақтарында жарияланды. Томға ұсынылған мәтін А.Сейдімбектің жинағынан алынды.
14. "Сымбатты" сиыр жайлы әңгіме
Мәтін «Хайуанаттар туралы қазақ ертегілері», «Бозинген: Казахские народные сказки» (С.146-147), «Қазақ ертегілерінің» (Алматы, 1988. 1-том, 161-бет), «Ақ сандық, көк сандық» (214-бет.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (77-78 бб.) жинақтарында жарияланды. Томға енген мәтін «Хайуанаттар туралы қазақ ертегілерінен» алынды.
15. Ала сиырлар
Алғаш рет «Дала уалаяты газетінің» 1890-жылғы 49-санында басылған. Мәтін «Дала уалаятының газеті» (1989. 260 бет) жинағынан алынды.
16. Түйені көрсе жылқы неге қалтырайды?
Мәтін «Бозинген: Казахские народные сказки» (С.161), «Қазақ ертегілерінің» (Алматы, 1988. 1-том, 172-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (78-бет.) кітаптарында жарияланды. Томға енген мәтін «Қазақ ертегілерінің» 1-томынан алынды.
17. Сәйгүлік тұлпар жылқы қайдан туады
Мәтін Каспий теңізінің жағасында тұратын қазақтардың арасында көп тараған. И.Қасымжановтан жазып алған – Т.Бекхожина. Туынды «Хайуанаттар туралы қазақ ертегілері» (45-бет.), «Қазақ ертегілерінің» (1-том. 62-бет.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (78-бет.) кітаптарында жарияланды. Томға ұсынылған мәтін «Хайуанаттар туралы қазақ ертегілерінен» алынды.
18. Қасқыр неге ұлиды?
Мәтін «Бозинген: Казахские народные сказки» (С.9), «Қазақ ертегілері» (Алматы, 1988. 1-том. 110-111 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (79-бет.) кітаптарында жарияланды. Томға енген мәтін «Қазақ ертегілерінің» 1-томынан алынды.
19. Адам hәм оның ғұмыры
Ж.Көпеев жинаған мәтін «Дала уалаятының газетінде» 1889 жылғы 6, 7 сандарында, «Қазақ ертегілері» (2-том. 321-233 бб.), Әдеби мұра (69-70 бб.), «Бозинген: Казахские народные сказки» (С.45-46), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (81-82 бб.), «Дала уалаятының газеті» 1899-1902 (501-503 бб.) жинақтарында жарияланды. Томға ұсынылған мәтін «Қазақ ертегілері» 2-томынан алынды.
20. Адамзатты жаратқан турасынан
Ж.Көпеев жинаған мәтін «Дала уалаятының газетінде» 1889 жылғы 6, 7 сандарында, «Қазақ ертегілері» (2-том. 321-233 бб.), Әдеби мұра (69-70 бб.), «Бозинген: Казахские народные сказки» (С.45-46), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (81-82 бб.), «Дала уалаятының газеті» 1899-1902 (501-503 бб.) жинақтарында жарияланды. Томға ұсынылған мәтін «Қазақ ертегілері» 2-томынан алынды.
АДАМДАРДЫҢ АҢҒА АЙНАЛУЫ
1. [Кірпіге айналған адам]
Томға мәтіннің «Қазақтың мифтік әңгімелері» (87-бет.) жинағында жарияланған нұсқасы алынды.
2. [Жайық пен Тоқтағұл]
Мәтінді Г.Н.Потанин Байжігіт руынан шыққан тарбағатайлық қазақтан жазып алып, «Очерктер» еңбегінде (2-басылым. Москва, 1890. С.151) жариялаған. Кейін туындының НБГТУ мұрағатында (18 дәптер, 78-бет.) сақталған түпнұсқасы «Казахский фольклор в собрании Г.Н.Потанина» (С.48.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (87-бет.) жинақтарында жарық көрді. Томға ұсынылған мәтін «Қазақтың мифтік әңгімелері» жинағынан алынды.
3. [Жайық мерген]
Мәтін - алдыңғы [Жайық және Тоқтағұл] туындысының бір нұсқасы. Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (125-бет.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (87-бет.) жинақтарында жарық көрді. Томға енген мәтін Н.Мыңжанұлының жинағынан алынды.
4. Қарынбайдың суырға айналуы
Мәтінді Г.Н.Потанин жастабан руынан шыққан тарбағатайлық қазақтан жазып алып, «Очерктер» еңбегінде (С.151-152), «Казахский фольклор в собрании Г.Н. Потанина» (С.49), Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (126-бет.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (87-88 бб.) жинақтарында жарық көрді. Томға кірген мәтін Н.Мыңжанұлының жинағынан алынды.
5. Қарынбайдың хикаяты
Туындының Г.Н.Потанин Ақмола округінде тұратын бір қазақтан естіген нұсқасын В.Н.Харузина «Казахская степная газетаның» (1894. 17-санында) «Ертегілер» топтамасында жарияласа, О.Әлжанов «Дала уалаяты газетінің» 1894 жылғы 17-санында тағы бір нұсқасын жариялаған. М.Баталов, М.Сильченко. Очерки по казахскому фольклору и казахский литературе (Алматы, Москва, 1933. С.27), «Казахские сказки» (С.23-24) сияқты зерттеулерде, С.Қасқабасовтың «Казахская волшебная сказка» (Алматы, 1972. С.34) еңбегінде, «Казахский фольклор в собрании Г.Н.Потанина» (С.294) еңбегінде, «Дала уалаятының газеті» (Алматы, 1989, 512-514 бб.), Құран Кәрім. Қазақша мағына және түсінік. (Аударған Х.Алтай). Қасас сүресі, – Медине, 1991. – 394-395 бб.) кітаптарында жарық көрді. Бұл нұсқалардың айырмашылығы: бірінде Қарынбайды сынап келетін Мұса пайғамбар, бірінде Жәбірейіл, бірінде Қызыр еді деседі. Томға енген мәтін «Дала уалаятының газеті» жинағынан алынды.
6. Қарынбай
Мәтін томға «Бабалар сөзі – даналық көзі» (құрастырған: О.Исмаилов. –Алматы: Білім, 1996. – 89-92 бб.) жинағынан алынды.
7. [Көртышқан мен мәлін]
Мәтінді Г.Н.Потанин тарбағатайлық қазақ Сиырбайдан жазып алып, «Очерктер» еңбегінде (С.148) жарияланған. «Казахский фольклор в собрании Г.Н.Потанина» (С.48-49), С.Қасқабасовтың «Қазақтың халық прозасы» (75-бет.), Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (124-125 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (88-бет) жинақтарында жарияланды. Томға ұсынылған мәтін С.Қасқабасовтың «Қазақтың халық прозасы» еңбегінен алынды.
8. [Кеңес өкіметі орнағаннан кейін]
Мәтін Б.Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» (72-бет) және «Қазақтың мифтік әңгімелері» (95-бет) жинақтарында жарияланды. Томға жіберілген мәтін Б.Сағындықұлының кітабынан алынды.
9. [Орал қойшы]
Мәтін Үрімжі қаласының шығысындағы Боғда тауын қоныстанған қазақтар арасынан алынған. Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (150 бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (53 бет) жинақтарында жарық көрген.
10. Бөрі бике
Мәтін Үрімжі қаласының шығысындағы Боғда тауын қоныстанған қазақтар арасынан алынған. Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (Үрімжі, 1996. 151-152 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (53 бет) жинақтарында жарық көрген.
11. Жігіт пен өнерлі қыз
Мәтін ОҒК-ның қорында, 40-папкада сақтаулы. Жинаушысы -Тұрсынбаев Б., Макеев Л. құрастырған «Казахские и уйгурские сказки» (Алматы, 1949. 96-107 бб. «Жігіт пен қасқыр» деген атпен басылған), В.Сидельников құрастырған «Казахские народные сказки» (Алматы, 1952. 151-160 бб.), Е.Смайылов құрастырған «Қазақ ертегілері» (1 том. Алматы, 1957. 96-107 бб.), «Қазақ ертегілері» 2 том. (Алматы, 1988. 154-161 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (Алматы, 2002. 53-56 бб.) жинақтарында жарық көрген.
12. Қасқырдың жасаған қамқорлығы
Мәтін «Қазақ ертегілері» 2 том. (Алматы, 1988. 154-161 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (құрастырып, түсініктерін жазғандар: Ш.Ибраев, П.Әуесбаева. Алматы, 2002. 53-56 бб.) жинақтарында жарық көрген.
13. Ағыбай шал
Мәтіннің қолжазба нұсқасы ОҒК-ның қолжазба қорында сақтаулы: 121-папка, Жинаушысы С.Тортаев. Кейін «Қазақ ертегілері» 2том. (Алматы, 1988. 118-122 бб.) жинағында жарияланған. Томға қолжазба нұсқасы алынды.
ЖЫЛАН ЖАЙЫНДА
14. Жылан қабықты жігіт
Мәтіннің түпнұсқасы ӘӨИ-ның қолжазба қорында, 481-папкада сақтаулы. Айтушы: Ж.Нұрқожаев, жинаушы: Т.Байжанов. Мәтіннің тағы бір нұсқасы ОҒК-ның қолжазба қорында, 121-папкада сақтаулы. Кейін «Қазақ ертегілері» 2 том (Құрастырғандар: Т.Алпысбаев, Қ.Қабдолова, М.Шафиғов, С.Шоқпарова. Алматы, 1988. 14-22 бб.) жинағында жарияланған. Томға ӘӨИ-нің нұсқасы алынды.
15. Айдаһар қатын
Бұл мәтінді 1896 жылы Ә.Диваев Шымкент уезінің қазағы А.Еркінбековтен жазып алып, «Сборник материалов для статистики Сыр-Дарьинской области» /вып.5, стр. 52-55/ атты жинағында бастырған. Кейін «Қазақ ертегілері» 2том. (Алматы, 1988. 149-150 бб.) жинағында жарияланған. Томға осы жинақтан алынды.
16. Адам болған жылан
Мәтіннің қолжазбасы ӘӨИ-дің қолжазба қорында, 125-папкада сақтаулы. Жинаушы: Қ.Әбішев. Кейін «Ертегілер» 3 том (құрастырып, ғылыми түсініктерін жазғандар: Т.Алпысбаев, Б.Әзібаева, С.Қасқабасов. М.Шафиғов. (Алматы, 1988. 235-243 бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (Алматы, 2002. 60-61 б.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін қолжазбадан алынды.
17. Адам мінезі неге әртүрлі
Мәтін Б. Әбдікерімқызының тапсыруымен «Жас Алаш» газетінде (№38. 29.03.2001ж.) жарияланған. Томға осы нұсқа алынды.
18. Аңшы мен сиқыршы әйел
Мәтін «Қазақ ертегілері» 3-том. (110-111 бб.) жинағында жарияланған. Ертегінің қолжазба нұсқасы ӘӨИ-ның қолжазба қорында, 123-бумада сақтаулы. Жинаушы С.Төлепов. Томға қолжазба нұсқасы алынды.
АДАМДАРДЫҢ ТАУ-ТАСҚА АЙНАЛУЫ
ЖЕР-СУ, ТАУ АТАУЛАРЫНЫҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ
1. Бәйбішетас hәм Келінтас
Мәтін алғашында Екатеринбург оязының Алабұға қыстағынан жазып алынған. «Дала уалаяты газетінің» 1988 жылғы 34-санында, «Дала уалаятының газеті» 1888-1894 (А, 1989. 57-58 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (96-97 бб.) жинақтарында жарияланды. Томға ұсынылған мәтін «Дала уалаятының газеті» жинағынан алынды.
2. [Шілтер әулие]
ӘӨИ қолжазба қорының 1200-бумасында сақтаулы (95-бет). Жинап, тапсырғандар: Б.С.Рахимов, М.І.Әбдуов. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (97-бет) атты жинағында жарияланды. Томға ұсынылған мәтін түпнұсқа негізінде жіберілді.
3. Толағай (1-нұсқа)
Туындыны О.Әлжанов ел аузынан жазып алып, «Дала уалаяты газетінің» 1894 жылғы 29-санында жариялаған. Кейін осы мәтін «Дала уалаятының газеті» 1888-1894 (А, 1989. 576-577 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (98-бет.), М.Баталов пен М.Сильченко. «Очерки по казахскому фольклору и казахской литературе»: «Сартақтай туралы аңыз» атты тағы бір нұсқасы» (С.15) жинақтарында жарияланды. Томға кірген мәтін «Дала уалаятының газеті» жинағынан алынды.
4. Бөрітастаған
Туындыны О.Әлжанов ел аузынан жазып алған. «Дала уалаятының газеті» 1894 жылғы 29-санында жарық көрді. Кейін «Дала уалаятының газеті» 1888-1894 (А, 1989. 577-бет.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (98-бет) жинақтарында жарияланған. Томға ұсынған мәтін «Дала уалаятының газеті» жинағынан алынды.
5. [Кіндіктөбе]
Туындыны О.Әлжанов ел аузынан жазып алған. «Дала уалаятының газеті» 1894 жылғы 29-санына жариялаған. Кейін «Дала уалаятының газеті» 1888-1894 (А, 1989. 318-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (98-99 бб.: Мұнда мәтін «Бөрітастаған» деген атпен берілген.) жинақтарында жарық көрді. Томға енген мәтін «Дала уалаятының газеті» жинағынан алынды.
6. [Тазтау]
Н.Жетпісбаев деген азамат «Дала уалаяты газетінің» 1891 жылғы 14-санында жариялаған мәтін кейін «Дала уалаятының газеті» 1888-1894. (А, 1989. 316-318 бб.) жинағында басылым көрді. Томға жіберілген мәтін «Дала уалаятының газеті» жинағынан алынды.
7. Азанұр жайлы әңгіме
Ш.Ибраевтың жеке мұрағатынан алынған. Мәтін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (99-бет) жинағында жарық көрген. Томға мәтін түпнұсқа негізінде ұсынылды.
8. Жылаған ата
Ел аузынан жазып алған ҚазМУ филология факультеті, 201-топтың студенті Ж.М.Қарманова. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (99-бет) жинағында және тағы бір нұсқасы Б.С.Рахимов пен Ж.Шекен «Жер шежіре» (Қарағанды, 2006. 14-16 бб.) жинағында жарияланды. Томға енген мәтін түпнұсқа негізінде ұсынылды.
9. Келіншектау
Мәтін Д.Досжановтың «Келіншектаудағы тас түйелер (Алматы, 1979. 7-бет), С.Қасқабасовтың «Қазақтың халық прозасы (76-77 бб.), Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (122-123 бб.) және «Қазақтың мифтік әңгімелері» (100-бет) жинақтарында жарияланды. ӘӨИ қолжазба қорының, 1200-бумасындағы мәтіннің тағы бір нұсқасын Б.С.Рахимов пен Ж.Шекен «Жер шежіре» (104-105 бб.) жинағына енгізді. Томға ұсынылған мәтін С.Қасқабасовтың еңбегінен алынды.
10. [Мұхамбет байдың қызы]
Мәтінді ел аузынан жазып алған – ҚазМУ-дың филология факультетінің студенті З.Асанова. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (100-101 б.) жинағында жарияланды. Томға енген мәтін түпнұсқа негізінде алынды.
11. Қырық қыз жөніндегі әңгіме
Ш.Ибраевтың жеке мұрағатындағы бұл мәтін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (101-бет) жинағында жарияланды. Томға жіберілген мәтін түпнұсқа негізінде алынды.
12. [Қырық қыз]
Мәтін Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (122-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (101-бет) жинақтарында жарық көрді. Томға ұсынылған мәтін Н.Мыңжанұлының еңбегінен алынды.
13. [Масат ата]
ӘӨИ қолжазба қорының 1200-бумасында сақталған мәтінді Маңғыстаулық Темірхан қариядан жазып алған ҚарМУ-дың студенті Н.Башенова. «Масат ата» деп аталатын жер Қазақстанның батысындағы Маңғыстау өлкесінде орналасқан. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (101-102 бб.) жинағында жарияланды. Мәтін томға қолжазба қорындағы түпнұсқа негізінде ұсынылды.
14. Толағай (2-нұсқа)
ӘӨИ қолжазба қорының 1200-бумасында сақталған туындыны (44-45 бб.) жинап, тапсырғандар: Б.С.Рахимов, М.І.Әбдуов. Ақсу-Аюлы кентінің тұрғыны М.Сатыбалдиннен жазып алған ҚарМУ-дың студенті – А.Айнабаева. Толағай – қазіргі Қарағанды облысы, Шет ауданына қарасты Ақшатау кенті мен Ақсу-Аюлы кентінің орта тұсында, жазық далада орналасқан, қос өркешті тау. Екі шақырымдай жерде «Бала Толағай» деп аталатын төбе бар. Мәтін кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (102-103 бб.) жинағында жарияланды. Томға түпнұсқа негізінде ұсынылды.
15. Отаутас
ӘӨИ қолжазба қорының 1200-бумасында сақталған шығарманы Д.Кәрібаевтан жазып алған Б.С.Рахимов пен М.І.Әбдуов. Отаутас – Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының оңтүстігіндегі Ақтаудың бір бөлшегі. Мәтін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (103-бет), «Жер шежіре» (77-бет.) жинақтарында жарияланды. Томға түпнұсқа негізінде ұсынылды.
16. Ұйқыдағы батыр
ӘӨИ қолжазба қорының 1200-бумасында сақтаулы. Көкшетау өлкесіндегі «Ұйқыдағы батыр» тауына қатысты бұл туындыны 1991 жылы фольклорлық практиканы өту барысында ҚарМУ-дың студенті А.Жұмабеков Көкшетау қаласының тұрғыны Ж.Қожамсейітовтің айтуымен жазып алған. Мәтін томға түпнұсқа негізінде ұсынылды.
17. Тас оба
Ел аузынан жазып алған ҚазМУ-дың филология факультетінің студенті. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (104 бет) жинағында жарияланған. Мәтін томға түпнұсқа негізінде ұсынылды.
18. Түлкібас
ӘӨИ қолжазба қорының 1200-бумасында түпнұсқа (24 бет) сақтаулы. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түлкібас ауданы Керегетас ауылының тұрғыны, зейнеткер М.Шаймерденовадан 1994 жылы фольклорлық практика өту барысында ҚарМУ-дың студенті С.Әйімбетова жазып алған. Мәтін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (104-105 бб.) жинағында жарияланды. Мәтін томға түпнұсқа негізінде ұсынылды.
19. Түйе тас
Ел аузынан жазып алған ҚазМУ-дың филология факультетінің студенті. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (106-бет) жинағында жарияланған. Мәтін томға қолжазбадан алынды.
20. Қоңырат
Балқаш қаласының маңындағы Қоңырат елді мекенінің байырғы тұрғыны, сексен жастағы Бәйра әжеден жазып алған ҚарМУ-дың студенті А.Игенова. Мәтін ӘӨИ қолжазба қорының 1200-бумасында (26-27 бб.) сақтаулы. Тағы бір нұсқасы 520-бумада (62-64 бб.) сақталған. Шығарма «Жер шежіре» (22-23 бб.) жинағында жарияланды. Томға мәтіннің 1200-бумадағы нұсқасы ұсынылды.
21. Алтайтас
Орталық Қазақстандағы аңызды өлкенің бірі – Қарқаралы. Алтайтас та осы өлкедегі қойтастың атауы. Мәтінді Қарқаралы қаласының тұрғыны А.Әріповтің айтуынан жазып алған – ҚарМУ-дың студенті А.Бабайбекова. ӘӨИ қолжазба қорының 1200-бумасында сақталған туынды «Қазақтың мифтік әңгімелері» (115-116 бб.), «Жер шежіре» (50-52 бб.) жинақтарында жарияланды. Мәтін томға түпнұсқа негізінде ұсынылды.
22. Бұл қалайдың ауылы
ҚарМУ-дың студенті Ж.Өзбекова 1995 жылы, 23-тамызда фольклорлық практика өту барысында, Қарақалпақстандағы Тақиятас қаласының тұрғыны Қ.Өсерқызынан жазып алған. Мәтін ӘӨИ қолжазба қорының 1200-бумасында (82-84 бб.) сақталған. Туынды «Жер шежіре» (120-121 бб.) жинағында жарияланды. Мәтін томға түпнұсқа негізінде ұсынылды.
23. Ақсу – Жабағылы жері
Оңтүстік Қазақстан өлкесінде «Ақсу-Жабағылы» қорығының бар екендігі мәлім. Бұл атау аңыздағы жер атымен байланыстырыла аталса керек. Шығарманы ҚарМУ студенті А.Қодарова Қазығұрт ауданы Кемеқалған ауылының тұрғыны Б.Ашарбековтен жазып алған. ӘӨИ қолжазба қорының 1200-бумасында (151-бет) сақталған. Мәтін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (114-115 бб.), «Жер шежіре» (28-бет) жинақтарында жарияланды. Мәтін томға түпнұсқа негізінде ұсынылды.
24. Еділ мен Жайықтың құдалығы
Мәтін Жамбыл облысы, Луговой ауданының тұрғыны А. Мырзалиевтен жазып алынған. Кейін «Қазақ ертегілері» 2 том (Алматы, 1962. 101-102 бб.) жинағында жарияланған. Осы нұсқа ӘӨИ қолжазба қоры, 1200 бумада (108-109 бб.) сақтаулы. Жинап, тапсырғандар: Б.С.Рахимов, М.І.Әбдуов. «Қазақтың мифтік әңгімелері» (құрастырып, ғылыми түсініктерін жазғандар: Ш.Ибраев, П.Әуесбаева. Алматы, 2002. 108-110 бб.), «Жер шежіре» (құрастырып, ғылыми түсініктерін жазғандар: Б.Рахимов, Ж.Шекен. Қарағанды, 2006. 138-140 бб.) жинақтарында да жарияланған. Мәтін томға «Қазақ ертегілері» 2 томнан алынды.
25. Дән мен Бұлан
Түпнұсқа ӘӨИ, қолжазба қоры, 1200 бумада (96-97 бб.) сақтаулы. Орталық Қазақстандағы Ақтоғай ауданында «Дәнбұлан» деп аталатын өлке бар. Осы өлке туралы жазып алған ҚарМУ-дың филология факультетінің студенті – Ж.Бабашева. Мәтінді айтып беруші: Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Қаратал ауылының тұрғыны – Мақсұтбек Бабашев. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (Алматы, 2002. 108-110 бб.) жинағында жарияланған. Мәтін томға қолжазбадан алынды.
26. Әулиешоқы
Түпнұсқа ӘӨИ, қолжазба қоры, 1200 бумада (60-62 бб.) сақтаулы. Мәтінді айтушы Қарқаралы қаласының тұрғыны - Әбіл ақсақал. Жазып алған ҚарМУ-дың филология факультетінің студенті – Кенжебай Сандуғаш. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (Алматы, 2002. 111-112 бб.) жинағында жарияланған. Мәтін томға қолжазбадан алынды.
27. Бәйеш тауы туралы
ӘӨИ қолжазба қоры, 1200 бумада (62-63 бб.) сақтаулы. Жинап, тапсырғандар: Б.С. Рахимов, М.І.Әбдуов. Тау Қарағанды облысы, Жаңаарқа аймағында орналасқан. Айтушы: Ақтүбек ауылының тұрғыны – Рахымұлы Серікбай. Жазып алған: ҚарМУ-дың студенті – Құлжанов Ардақ. Кейін «Сөз асылы халықта» (Қарағанды, 1999. 14 бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (112-113 бб.), «Жер шежіре» (46-47 бб.) жинақтарында жарияланған. Мәтін томға қолжазбадан алынды.
28. Бектауата
ӘӨИ, қолжазба қоры, 1200 бумада (60-62 бб.) сақтаулы. Бектауата – Сарыарқадағы белгілі тау. Балқаш қаласының солтүстігінде, 60 шақырым жерде орналасқан. Айтушы: М.Сатыбалдин. Жазып алған: ҚарМУ-дың филология факультетінің студенті – А.Айнабаева. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (114 бет) жинағында жарияланған. Мәтін томға қолжазбадан алынды.
29.[Шырақ Тас]
Мәтін - ҚазМУ-дың филология факультетінің студенті З.Асанованың фольклорлық практиканы өту барысында жазып алған материалы. Жинаушы: Ш.Ибраев. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (117-118 бб.) жинағында жарияланған. Мәтін томға қолжазбадан алынды.
30. Оқжетпес
ӘӨИ, қолжазба қоры, 1200 бумада (57 бет) сақтаулы. Мәтін «Өлген қазан» (құрастырған: К.Сейдеханов. Алматы, 1985. 42 бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (122 б.) жинақтарында жарияланған. Мәтін томға қолжазбадан алынды.
31. Ақмешіт туралы
ҚазМУ-дың филология факультеті, 201-топтың студенті Ж.М.Қарманованың фольклорлық практиканы өту барысында жазып алған материалы. Жинаушы: Ш.Ибраев. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (122-123 бб.) жинағында жарияланған. Мәтін томға қолжазбадан алынды.
32. [Қос терек]
ҚазМУ-дың филология факультеті, 201-топтың студенті С.Дәрібаевтың фольклорлық практиканы өту барысында жазып алған материалы. Айтушы: Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, ҚазССР-ның 40-жылдығы атындағы совхозының тұрғыны, 1922 жылы туған, руы – қаракесек С.Байниязов. Жинаушы: Ш.Ибраев. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (123-124 бб.) жинағында жарияланған. Мәтін томға қолжазбадан алынды.
33. [Ақкөл]
ҚазМУ-дың филология факультетінің 2 курс студенті Салықбаева Әсия Абылайқызының 1991 жылы, фольклорлық практиканы өту барысында жазып алған материалы. Айтушы: Жамбыл облысы, Мерке ауданының тұрғыны, 67 жастағы А.Ермекбаева. Жинаушы: Ш.Ибраев. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (124 б.) жинағында жарияланған. Мәтін томға қолжазбадан алынды.
34. Құланөтпес
ӘӨИ, қолжазба қоры, 1200 бумада (97-98 бб.; 127-128 бб.) екі нұсқасы сақтаулы. Жинап, тапсырғандар: Б.С.Рахимов, М.І.Әбдуов. «Қазақтың мифтік әңгімелері» (124-125 бб.) жинағында жарияланған. Басқа нұсқалары «Алаша хан һәм оның баласы Жошы хан турасынан қазақ арасында бар сөз», «Темірланның оры» деген атаулармен «Дала уалаятының газеті» (Алматы, 1990) жинақтарында жарияланған. Мәтін томға қолжазбадан (127-128 бб.) алынды.
35. Алаша хан һәм оның баласы Жошы хан турасынан қазақ арасында бар сөз
Мәтін «Дала уалаяты газеті» 1897 жылғы 13,14,18-сандарында басылған. Оны О.Әлжанов Атбасар уезі, Бағаналы қазақтарының арасынан, ел аузынан жазып алған. Кейін «Дала уалаятының газеті». Әдеби нұсқалар. 1895-1898 (құрастырушы: Ү.Сұбханбердина. Алматы, 1990. 395-400 бб.) жинағында жарияланған. Мәтін томға «Дала уалаятының газеті» кітабынан алынды.
36. Бурабай (1-нұсқа)
ӘӨИ, қолжазба қоры, 1200 папкада (122 бет) сақтаулы. «Қазақтың мифтік әңгімелері» (125-126 бб.) жинағында жарияланған. Мәтін томға қолжазбадан алынды.
37. Бурабай (2-нұсқа)
С.Сейфуллин. 5 томдық шығармалар жинағы. 2-ші том. (Поэмалар мен пьесалар. Алматы, 1987. 9-11 б.) жинағында жарияланған. Томға осы мәтін алынды.
38. [Шыңғырлау өзені]
Ш.Ибраев жинаған материалдарынан алынды. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (126-127 бб.) жинағында жарияланған. Осы мәтіннің екінші нұсқасы «Қазақ ертегілері» 2 томында (құрастырғандар: Б.Адамбаев, Г.Сұлтанғалиева, Б.Уахатов. Алматы, 1962. 101-102 бб: «Еділ мен Жайықтың құдалығы» деген атпен) жарияланған. Мәтін томға қолжазбадан алынды.
39. Райымбектің бұлағы
Мәтінді айтушы: Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Тоғызбұлақ аулының тұрғыны, руы албанның ішіндегі – майлы, 1924 жылы туған Ә.Нұрахметова. Жазып алушы: ҚазМУ-дың филология факультетінің 3 курс студенті С.Нәжімеденова. Жинаушы: Ш.Ибраев. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (127 б.) жинағында жарияланған. Мәтін томға қолжазбадан алынды.
40. Көзата бұлағы
ӘӨИ, қолжазба қоры, 1200 бумада (117 бет) сақтаулы. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (127-128 бб.) жинағында жарияланған. Мәтін томға қолжазбадан алынды.
41. Ырыс – Сыр
ӘӨИ, қолжазба қоры, 123 бума, 7-дәптерде. (1-2 бет) сақтаулы. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (129 бет) жинағында жарияланған. Мәтін томға қолжазбадан алынды.
42. Байқал мен Аңғара
Мәтін «Өлген қазан» (45-46 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (129-130 бб.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін «Өлген қазан» кітабынан алынды.
43. Темірланның оры
Мәтін – 1899 жылғы 50 санында басылған «Ақсақ құлан» әңгімесінің бір нұсқасы. Жазып алушы: Д.Н.Жетпісбаев. Бұл туралы дерек Ш.Уәлихановтың «Очерки Джунгарии» деген еңбегінде кездеседі. (Сочинение Ч.Уалиханова. Под ред. Н.И.Веселовского. – СПб. стр.48-49). Келесі бір нұсқасын А.Мельков. Материалы по киргизской этнографии. В кн.: «Труды общества изучения киргизского края. – Оренбург, 1922. Вып. ІІІ. С. 169-170» деген еңбекте, тағы бір нұсқасы В.Г.Тизенгаузеннің жинап, бастырған парсы тіліндегі жинағында кездеседі (В.Г.Тизенгаузен. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой орды. Т.2. М-Л, 1941. с.202-209, 263-264). Кейін «Әдеби мұра» (42-43 бб.), «Дала уалаятының газеті». Әдеби нұсқалар. 1899-1902 (163-164 бб.). «Жошы хан туралы аңыздың» қолжазбасы ОҒК-ның қолжазба қорында, 300 бумада сақтаулы. Мәтін томға «Әдеби мұра» жинағынан алынды.
44. Қалмақтолағай яғни қалмақтың басы
Мәтін алғаш рет «Дала уалаяты газеті» 1890 жылғы 19-санында басылған. Бұл мәтіннің басқа нұсқалары «Сибирский вестник» (1890, 40-санында), «Этнографическое обозрение» (1890, 1-санында) журналдарында және «Дала уалаяты газетінің» 1894 жылғы 29-санында жарияланған. Г.Н.Потаниннің «Восточные мотивы в средневековом европейском эпосе» деген еңбегінде осы нұсқа туралы деректер берілген. Кейін «Әдеби мұра» (46-47 бб.), «Дала уалаятының газеті» Әдеби нұсқалар. 1888-1894 (құрастырушы: Ү.Сұбханбердина. Алматы, 1989. 178-179 бб.) жинақтарында жарияланған. Мәтін томға «Әдеби мұра» жинағынан алынды.
45. Жидебай Қыстауы
ӘӨИ, қолжазба қоры, 1200 бумада (34 бет) сақтаулы. Мәтін томға осы қолжазбадан алынды.
46. Сарыарқа
ӘӨИ, қолжазба қоры, 1200 бумада (39 бет) сақтаулы. Мәтін томға түпнұсқа негізінде жіберілді.
47. Қаратау
ӘӨИ, қолжазба қоры, 1200 бумада (52-53 бб.) сақтаулы. Мәтін томға түпнұсқа негізінде жіберілді.
48. Жеке батыр
Мәтін С.Сейфуллин. Шығармалар. 6 томдық. 2-том. (Алматы, 1987.- 12бет.), Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (Үрімжі, 1996. 121 бет) жинақтарында жарияланған. Мәтін томға С.Сейфуллин жинағынан алынды.
49. [Шұбар киік]
Мәтінді А.Сейдімбек Орал облысы, Орда ауданының тұрғыны, домбырашы А.Тоқтағановтың айтуынан жазып алып, «Күй шежіре» (110-111 бб.) кітабында, сюжеті өзгеше, екінші нұсқасы «Күй шежіре» (80-81 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (82-83 бб.) жинақтарында жарияланды. Томға енген мәтін А.Сейдімбектің жинағынан алынды.
50. Мұрынқарақ тауы туралы аңыз.
ӘӨИ, қолжазба қоры, 1206 бумада (74-бет. Жинап, тапсырған: А.Дүйсенбі) сақтаулы. Мәтін томға түпнұсқа негізінде жіберілді.
51. "Тас келіншек"
ӘӨИ, қолжазба қоры, 1206 бумада (79-бет) сақтаулы. Мәтін томға түпнұсқа негізінде жіберілді.
52. Жылан жаулаған қала.
ӘӨИ, қолжазба қоры, 1206 бумада (82-бет. Жинап, тапсырған: А.Дүйсенбі) сақтаулы. Мәтін томға түпнұсқа негізінде жіберілді.
53. Өзгент қаласы туралы.
ӘӨИ, қолжазба қоры, 1206 бумада (82-83-бб.) сақтаулы. Мәтін томға түпнұсқа негізінде жіберілді.
54. Қаражал
Томға «Жер шежіре. Хрестоматия» (Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2006. 19-20 бб. Құрастырып, ғылыми түсініктерін жазғандар: Б.С.Рахимов, Ж.Шекен) жинағында жарияланған мәтін алынды.
55. Соналы
Томға «Жер шежіре. Хрестоматия» (33-34 бб. ) жинағында жарияланған мәтін алынды.
56. Айдаһарлы – Құдайберлі
Бұл мекен Ақмола облысы, Теңіз ауданының аймағында орналасқан. ӘӨИ, қолжазба қоры, 1200 бумада (55-бетте) сақталған. Әңгімелеп беруші тілші-ғалым, ф.ғ.д. Т.Жантас Жақыпов. Кейін «Жер шежіре. Хрестоматия» (Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2006. 33-34 бб. Құрастырып, ғылыми түсініктерін жазғандар:Б.С.Рахимов, Ж.Шекен) жинағында жарияланған. Томға қолжазба нұсқасы алынды.
57. Саржал мен Қосшоқы
Томға «Жер шежіре. Хрестоматия» (88 бет) жинағында жарияланған мәтін алынды.
58. Шайтанкөл
Томға «Жер шежіре. Хрестоматия» (144-145 бб.) жинағында жарияланған мәтін алынды.
59. [Алтай мен Ертіс]
Томға «Жер шежіре. Хрестоматия» (161-162 бб.) жинағында жарияланған мәтін алынды.
60. Көгершін
Томға «Жер шежіре. Хрестоматия» жинағында жарияланған мәтін алынды.
ХІІІ. АЛЫП, БАТЫРЛАР ТУРАЛЫ
1. Күшікбай батыр
ҚазМУ-дың филология факультеті, 201-топтың студенті Ж.М.Қарманованың фольклорлық практика өту барысында жазып алған материалы. Жинаушы: Ш.Ибраев. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (Алматы, 2002. 177 б.) жинағында жарияланған. Томға қолжазба нұсқасы алынды.
2. Кейден батыр
ӘӨИ, қолжазба қоры, 1206 бумада (37-бет) (Жинап, тапсырған: А.Дүйсенбі) сақтаулы. Мәтін томға түпнұсқа негізінде жіберілді.
3. Әзберген (Әжі) батыр
ӘӨИ, қолжазба қоры, 1206 бумада (37-бет) (Жинап, тапсырған: А.Дүйсенбі) сақтаулы. Мәтін томға түпнұсқа негізінде жіберілді.
4. Шал Шияз
Алғаш рет мәтін «Дала уалаяты газетінің» 1894 жылғы 30-санында Ж.Аймановтың дайындауымен басылған. Кейін «Дала уалаятының газеті» (1989, 579-581 бб.) жинағында жарияланған. Томға осы нұсқасы алынды.
5. Қылтибостан батыр
ҚазМУ-дың филология факультеті, 201-топтың студенті Ж.М.Қарманованың фольклорлық практика өту барысында жазып алған материалы. Жинаушы: Ш.Ибраев. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (Алматы, 2002. 177178 бб.) жинағында жарияланған. Томға қолжазба нұсқасы алынды.
6. Майлық руының бір атасы
Айтушы: Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Қарағайлы поселкісінің тұрғыны, 1908 жылы туған, руы-тобықты Т.Б.Бошанов. Фольклорлық практика өту барысында жазып алған: ҚазМУ-дың филология факультеті, 2 курстың студенті А.Қ.Таусоғарова. Жинаушы: Ш.Ибраев. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (177-178 бб.) жинағында жарияланған. Томға қолжазба нұсқасы алынды.
7. Елеңке батыр туралы
Томға алынған мәтіннің түпнұсқасы ӘӨИ, қолжазба қоры, 123 - бума, 7-дәптерде (7-8 бет) сақтаулы.
8. Есей қалай қорықты
Мәтін Ш.Ибраев жинаған материалдардан алынды. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелерінде» (180-181 бб.) жарияланған. Томға қолжазба нұсқасы алынды.
9. Қисса алаңғасар Әлиф
«Записки Восточного отдела императорского Русского археологического общества» 1899-жылғы 2-томында «Рассказ об Алангасар Алифе» (киргизская былина) деген атпен жарияланған. Кейін «Протоколы заседаний и сообщения членов Туркестанского Кружка любителей археологии». Год 10-й. Ташкент, 1905. (Киргизская легенда о постройке Акыр-таша. 37-39с.), «Туркестанский сборник» 566, 568 томдарында «Легенда о великане Адж, по прозвищу Алангасар Алиф (алып)», Ә.Диваев «Тарту» (А, 1992. 60-62 бб.) жинақтарында жарияланған. Томға Ә.Диваев нұсқасы алынды.
10. Қорқыт
Мәтін томға «Қорқыт ата» (Алматы, 1999. 105 б.) энциклопедиялық жинағынан алынды.
11. Төбекөз дәу мен Бисат жыры
Томға мәтін Ә.Қоңыратбаевтың «Қазақ эпосы және түркология» (Алматы, 1987.-171-172 бб.) жинағынан алынды.
12. Ақжан батыр
Томға мәтін «Өлген қазан» (Құрастырған: К.Сейдеханов.- Алматы: Жалын, 1985. 78-80 бб.) жинағынан алынды.
13. [Орақбай батырдың басынан кешкені]
Мәтін Әділбек Қабаның «Мыңнан бір мезет» (99-100 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (85-86 бб.) жинақтарында жарияланды. Томға енген мәтін алдыңғы жинақтан алынды.
14. Көкжан батыр мен айдаһар
Мәтін «Қазақ ертегілерінің» 4 томынан (1988, 243 бет) алынды.
15. Алтын мүйізді киік
Мәтін «Қазақ ертегілерінің» 2-томынан (1988, 256-257 бб. бет) алынды.
15. ДИҚАН БАБА
Мәтін Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (65-66 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (26-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Н. Мыңжанұлының жинағынан алынды.
СУ ИЕСІ
16. Су көтерген көк жайын жөнінде
Мәтін Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (104-105 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (27-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Н. Мыңжанұлының жинағынан алынды.
17. [Су иесі]
Мәтін Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (73-74 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (27-28 бб.) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Н.Мыңжанұлының жинағынан алынды.
18. Су аяғы құрыдым
Томға ұсынылған мәтін Н.Мыңжанұлының жинағынан (99 бет) алынды.
19. ЖЕЛ ИЕСІ
Мәтін Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (77-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (29-бет), «Ежелгі Қазақстан мифтері» (212-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Н.Мыңжанұлының жинағынан алынды.
АҒАШТАР
20. Қарағай мен сексеуіл туралы
Мәтін Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (130-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (30-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға мәтін Н.Мыңжанұлының жинағынан алынды.
21. Тобылғы, Баялыш, Арша
Мәтін «Дала уалаятының газеті» (Алматы, 1989. 116-бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (30-бет), «Ежелгі Қазақстан мифтері» (216-бет), «Мәдени-әдеби өрнектер» (Алматы, 2008. 50-бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Н.Мыңжанұлының жинағынан алынды.
22. Киелі бәйтерек
Томға ұсынылған мәтін Н.Мыңжанұлының жинағынан (95-96 бб) алынды.
ЖЕР
23. Жер көтерген көк өгіз жайында
Томға ұсынылған мәтін Н.Мыңжанұлының жинағынан (101-103 бб.) алынды.
24. [Жер жұмыртқадай]
Мәтін Х.Әбішев. Аспан сыры (11 бет), Н.Мыңжанұлының (14 бет) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылған мәтін Х.Әбішевтің жинағынан алынды.
25. [Шешем жердің...]
Ш.Ибраевтың жеке мұрағатындағы мәтін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (96-бет) жинағында жарияланды. Томға жіберілген мәтін түпнұсқа негізінде ұсынылды.
ЖАСАҒАН, АЛЛА ТАҒАЛА, ПАЙҒАМБАРЛАР,
ӘЗІРЕЙІЛ, АЛДАШЫ-АЖАЛ
1. [Рух]
Бек Ибраев. Космогонические представления наших предков //Декоративное исскуство СССР, 1980. №8, «Қазақтың мифтік әңгімелері» (Алматы, 2002. 131 б.) жинақтарында жарияланған. Томға осы мәтін алынды.
2. Жасаған жайында
Мәтін Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (Үрімжі, 1996. 21 б.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (Алматы, 2002. 131 б.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін Н.Мыңжанұлының еңбегінен алынды.
3. [Жасаған]
Мәтін Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (23-27, 85 б.) жинағында жарияланған. Томға осы мәтін алынды.
4. Жер мен көктің жаралуы жайында
Мәтін томға Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (84 бет) жинағынан алынды.
5. Тәңір туралы
Мәтін Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (Үрімжі, 1996. 31 б.) жинағында жарияланған. Томға осы мәтін алынды.
6. [Алтай шамандарының...]
Ардақ Нұрғалидың «Қазақ ілкі тектерінің дәстүрлі мәдениеті» (Алматы, 2000. 19-20 бб.) жинағында жарияланған. Томға осы мәтін алынды.
7. Мұхаммед пайғамбардың нұры
Б.Сағындықұлы «Ғаламның ғажайып сырлары» (А, 1997. 30-31 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (Алматы, 2002. 134 б.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін Б.Сағындықұлы кітабынан алынды.
8. [Үрім-бұтағы түсінде көрінген]
Б.Сағындықұлы «Ғаламның ғажайып сырлары» (65-66 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (Алматы, 2002. 133-134 бб.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін Б.Сағындықұлы кітабынан алынды.
9. [Бір күні Алла Тағала Жебірейіл періштеге...]
Б.Сағындықұлы «Ғаламның ғажайып сырлары» (Алматы, 1997. 33-34 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (Алматы, 2002. 135 б.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін Б.Сағындықұлы кітабынан алынды.
10. [Мұхаммед пен Жебірейіл періште]
Айтушы: Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Қарағайлы поселкісінің тұрғыны, 1908 жылы туған, руы-тобықты Т.Б.Бошанов. Фольклорлық практика өту барысында жазып алған: ҚазМУ-дың филология факультеті, 2 курстың студенті А.Қ.Таусоғарова. Жинаушы: Ш.Ибраев. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (Алматы, 2002. 155 б.) жинағында жарияланған. Томға мәтін қолжазбадан алынды.
11. [Топан суы туралы]
Мәтін Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (Үрімжі, 1996. 106-108 б.) жинағында жарияланған. Томға осы мәтін алынды.
12. [Нұх пайғамбар]
Б.Сағындықұлы «Ғаламның ғажайып сырлары» (Алматы, 1997. 40-41 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (Алматы, 2002. 136 б.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін Б.Сағындықұлы кітабынан алынды.
13. [Сұрмерген мен Мұхаммед пайғамбар]
Мәтін томға А. Сейдімбектің «Күй шежіре» (Алматы, 1992. 122 б.) жинағынан алынды.
14. Сүлеймен пайғамбар мен диқаншы
«Қазақ ертегілері» 2-томында (248-250 бб.), «Қазақ ертегілері» 3-томында (А, 1988. 178-180 бб.) жарияланған. Мәтіннің қолжазба нұсқасы ӘӨИ-ның қолжазба қорында сақтаулы: 123-папка, айтушысы С.Жұманов, жинаушысы Е.Сәлімбаев. Томға қолжазбадан дайындалды.
15. [Бағзы дүниенің...]
Ш.Ибраевтың жинаған материалынан алынды. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (Алматы, 2002. 154-155 бб.) жинағында жарияланған. Тағы бір нұсқасы Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (Үрімжі, 1996. 108 б.) жинағында жарияланған. Томға мәтін қолжазбадан алынды.
16. Қырғыздардың шығу тегі жөніндегі аңыз
«Дала уалаяты газетінің» 1901 жылғы 2-санында басылған. Мәтінді Ташкент уезінен табылған қолжазбадан көшіріп, орыс тіліне аударған Ә.Диваев. Кейін Ә.Диваев. Тарту. (құрастырған, алғы сөзін және түсініктерін жазған Ф.Оразаева. Алматы, 1992. 223-226 б.), «Дала уалаятының газеті» 1899-1902. Әдеби нұсқалар (құрастырушы: Ү.Сұбханбердина. Алматы, 1992. 372-374 бб.: «Хикая қара қырғыздардың қайдан шыққандары турасынан» деген атпен берілген.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін Ә.Диваев «Тарту» еңбегінен алынды.
17. Қырғыздардың қайдан шыққанының хикаяты
«Дала уалаяты газетінің» 1894 жылғы 19-санында Қалмақ Болатовтың тапсыруымен басылған. Кейін «Дала уалаятының газеті» 1888-1894 (Алматы, 1989. 521-523 бб.) жинағында жарияланған. Томға осы мәтін алынды.
18. [Қабыл мен Әбіл]
Б.Сағындықұлы «Ғаламның ғажайып сырлары» (Алматы, 1997. 84-85 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (Алматы, 2002. 137 б.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін Б.Сағындықұлы кітабынан алынды.
19. [Алланың шерісі]
Б.Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» (115-116 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (137-138 бб.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін Б.Сағындықұлы кітабынан алынды.
20. [Иса пайғамбар]
«Қазақ елі» газеті 1996 ж. 27-қыркүйек: Д.Ахметұлы «Құдайда ұл да, қыз да болмайды». Б.Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» (Алматы, 1997. 91-93 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (Алматы, 2002. 138-140 бб.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін Б.Сағындықұлы кітабынан алынды.
21. [Мұхаммед пайғамбардың заманында...]
Б.Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» (74-75 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (140-142 бб.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін Б.Сағындықұлы кітабынан алынды.
22. [Тафашат]
Б.Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» ( 68 б.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (142 б.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін Б.Сағындықұлы кітабынан алынды.
23. [Алланың күш-қуаты...]
Б.Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» (26-27 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (144 б.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін Б.Сағындықұлы кітабынан алынды.
24. [Періштелер жер бетінде]
Б.Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» (47-49 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (144-145 бб.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін Б.Сағындықұлы кітабынан алынды.
25. [Ілгеріде бір қарақшы]
Б.Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» (51-52 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (145 б.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін Б.Сағындықұлы кітабынан алынды.
26. [Құм сахаба]
Б.Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» (53-54 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (146-147 бб.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін Б.Сағындықұлы кітабынан алынды.
27. [Сиқыршылықтың негізі...]
Б.Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» (Алматы, 1997. 19 б.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (Алматы, 2002. 148 б.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін Б.Сағындықұлы кітабынан алынды.
28. [Мұхаммед пайғамбар]
Б.Сағындықұлы «Ғаламның ғажайып сырлары» (20 бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (148-149 бб.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін Б.Сағындықұлы кітабынан алынды.
29. [Әуелден ақырға дейін]
Б.Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» (14 б.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (149 б.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін Б.Сағындықұлы кітабынан алынды.
30. [Мұхаммед пайғамбардың миғраж оқиғасы]
Б.Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» (15-16 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (149-150 бб.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін Б.Сағындықұлы кітабынан алынды.
31. [Аспанның жеті қабаты бар]
Мәтінді айтушы: Жамбыл облысы, Талас ауданы, Бостандық совхозында, 1914 жылы туылған Б.Биқанбайқызы. Жазып алушы: ҚазМУ-дың филология факультеті, 3 курс студенті А.А.Шымырбаева. Жинаушы: Ш.Ибраев. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (Алматы, 2002. 150 б.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін қолжазбадан алынды.
32. Бұзау Жабыр
Мәтінді айтушы: Жамбыл облысы, Талас ауданы, Бостандық совхозында, 1914 жылы туылған Бүбия Биқанбайқызы. Жазып алушы: ҚазМУ-дың филология факультеті, 3 курс студенті Айнұр Абайқызы Шымырбаева. Жинаушы: Ш.Ибраев. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (150-151 бб.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін қолжазбадан алынды.
33. [Әзірет Шері]
Мәтінді айтушы: Жамбыл облысы, Шу ауданы, Киров совхозының, 2-ші бөлімшесінің тұрғыны, 1924 жылы туған, руы-шымырдың ішінде көкірек, Мұсалиев Жұматай. 1970 жылы фольклорлық практика кезінде жазып алушы: ҚазМУ-дың филология факультеті, 302-топтың студенті Мұсалиева Ләйла. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (Алматы, 2002. 151-152 бб.) жинағында жарияланған. Томға мәтін қолжазбадан алынды.
34. [Иса пайғамбар]
Мәтінді айтушы: Жамбыл облысы, Шу ауданы, Киров совхозының, 2-ші бөлімшесінің тұрғыны, 1924 жылы туған, руы-шымырдың ішінде көкірек, Мұсалиев Жұматай. 1970 жылы фольклорлық практика кезінде жазып алушы: ҚазМУ-дың филология факультеті, 302-топтың студенті Мұсалиева Ләйла. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (Алматы, 2002. 152-153 бб.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін қолжазбадан алынды.
35. Укаша ата
ӘӨИ, қолжазба қоры, 1206 бумада (99-100 бб.) (Жинап, тапсырған: А.Дүйсенбі) сақтаулы. Мәтін томға түпнұсқа негізінде жіберілді.
36. [Мұхаммед пайғамбар мен Укаша]
ӘӨИ, қолжазба қоры, 1206 бумада (100-бет) (Жинап, тапсырған: А.Дүйсенбі) сақтаулы. Мәтін томға түпнұсқа негізінде жіберілді.
37. [Укаша сахаба]
ӘӨИ, қолжазба қоры, 1206 бумада (100-бет) (Жинап, тапсырған: А.Дүйсенбі) сақтаулы. Мәтін томға түпнұсқа негізінде жіберілді.
38. [ Укаша ислам дінін таратушы]
ӘӨИ, қолжазба қоры, 1206 бумада (100-101 бб.) (Жинап, тапсырған – А.Дүйсенбі) сақтаулы. Мәтін томға түпнұсқа негізінде жіберілді.
39. Арыстанбап мазары туралы
ҚазМУ-дың филология факультеті 201-топтың студенті Ж.М. Қарманованың фольклорлық практиканы өту барысында жазып алған материалы. Жинаушы – Ш.Ибраев. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (153-154 бб.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін қолжазбадан алынды.
40. [Залым патша – Пырғауын-Намруд]
Қожа Ахмет Иассауи. Хикметтер (Аударған және түсініктерін жазған –Ә.Жәмішұлы. Алматы, 1995), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (155-156 б.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін «Хикметтер» жинағынан алынды.
41. Шек шалу дәстүрі қайдан шыққан?
Түпнұсқа ӘӨИ-ның қолжазба қоры, 936-бумада сақтаулы. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (159 б.) жинағында жарияланған. Томға мәтін қолжазбадан алынды.
42. Аййуб пайғамбар
Қожа Ахмет Иассауи. Хикметтер (Аударған және түсініктерін жазған Ә.Жәмішұлы. Алматы, 1995), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (157 б.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін «Хикметтер» жинағынан алынды.
43. [Ертедегі адамдар...]
Ардақ Нұрғали «Қазақ ілкі тектерінің дәстүрлі мәдениеті» (Алматы, 2000. 60-61 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (157-158 б.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін Ардақ Нұрғалидың кітабынан алынды.
44. [Манас Сақаба]
Ш.Ибраевтың жинаған материалынан алынды. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (Алматы, 2002. 158 б.) жинағында жарияланған. Томға мәтін қолжазбадан алынды.
45. Дариға батыр туралы әңгіме
Айтушы – Жамбыл облысы, Талас ауданы, Бостандық совхозының тұрғыны, 1914 жылы туған, руы-дулат Б.Диқанбайқызы. Жазып алушы – ҚазМУ-дың филология факультетінің 3 курс студенті А.А.Шымырбаева. Жинаушы – Ш.Ибраев. Ал, басқа нұсқалары Ә.Қабаның «Мыңнан бір мезет» (Алматы, 1995. 165-166 бет), Ясауи тағылымы. (Түркістан, 1996. 132-133 бб.), Б.Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» (Алматы, 1997. 42 б.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін қолжазбадан алынды.
46. [Мәді – хазірет Ғалидің ұлы]
Б.Сағындықұлы «Ғаламның ғажайып сырлары» (42 б.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (Алматы, 2002. 136-137 бб.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін Б.Сағындықұлы кітабынан алынды.
47. [Суға батпайтын, отқа күймейтін Әзиз]
Ә.Қаба «Мыңнан бір мезет» (Алматы, 1995. 167-168 бет), Ясауи тағылымы. (Түркістан, 1996. 133-134 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (165-166 бб.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін Ә.Қабаның кітабынан алынды.
48. Дарияға айналған бұлақ
Ә.Қаба «Мыңнан бір мезет» (169-170 бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (166 б.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін Ә.Қабаның кітабынан алынды.
49. [Айуп]
Б.Сағындықұлы. Бір адам – бір мемлекет //Ақиқат. 1999. 9-10 санында, Қожа Ахмет Иассауи. Хикметтер (Аударған және түсініктерін жазған Ә.Жәмішұлы. Алматы, 1995), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (167-168 б.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін Б.Сағындықұлы еңбегінен алынды.
50. Найман сүйек
Түпнұсқа ӘӨИ-ның қолжазба қорында, 926-бумада сақтаулы. «Қазақтың мифтік әңгімелері» (169 бет) жинағында жарияланған. Томға мәтін қолжазбадан алынды.
51. Мунафиқ адам
Түпнұсқа ӘӨИ-ның қолжазба қорында, 365-бумада (72 бет.) сақтаулы. Жинаған: Құсниев Мұрат. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (171 б.) және тағы бір нұсқасы Б.Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» (Алматы, 1997. 118-119 бб.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін қолжазбадан алынды.
52. Көңіліңе астамшылық алма
Түпнұсқасы ОҒК-ның қолжазба қорында сақтаулы: 84-бума, жинаушысы М.Нұртазин. «Қазақ ертегілері» 3 томында (Алматы, 1988. 276-277 бб.) жарияланған. Томға қолжазбадан алынды.
53. [Тариқ қазірет]
Түпнұсқа ӘӨИ-ның қолжазба қорында, 365-бумада (72-73 бб.) сақтаулы. Жинаған: Құсниев Мұрат. Кейін «Қазақтың мифтік әңгімелері» (Алматы, 2002. 171-172 бб.) жинағында жарияланған. Томға мәтін қолжазбадан алынды.
54. Алдашы-Ажал
Мәтін Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (Үрімжі, 1996. 45-46 бб.) жинағында жарияланған. Томға осы мәтін алынды.
55. Жазмыш пен тағдыр
Б.Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» (Алматы, 1996. 64 бб.) жинағында жарияланған. Томға осы мәтін алынды.
56. Қорқыттың көрі
Мәтін Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (48-50 бб.) жинағында жарияланған. Томға осы мәтін алынды.
57. [Жаналғыш]
Ә.Қабаның «Мыңнан бір мезет» (Алматы, 1995. 94-95 бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (172-173 бб.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін Ә.Қабаның кітабынан алынды.
58. [Әзірейіл]
Ә.Қабаның «Мыңнан бір мезет» (Алматы, 1995. 96-99 бет), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (173-175 бб.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін Ә.Қабаның кітабынан алынды.
59. [Шашты Әзиз бен Алдашы]
Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (52-53 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (176 б.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін Н.Мыңжанұлының кітабынан алынды.
60. [Алып күштің иесі – Дұмрұл батыр]
Н.Мыңжанұлының «Қазақтың мифтік аңыздары» (53-54 бб.), «Қазақтың мифтік әңгімелері» (176 б.) жинақтарында жарияланған. Томға мәтін Н.Мыңжанұлының кітабынан алынды.
61. Доқа Қожаұлы Дели Домрул әңгімесінің баяны
Томға мәтін «Қорқыт ата» (Алматы, 1999. – 164-168 бб.) энциклопедиялық жинағынан алынды.
62. Сарын
Томға мәтін «Қорқыт ата» (Алматы, 1999. – 107-108 бб.) энциклопедиялық жинағынан алынды.
63. [Қорқыт пен Жаналғыш]
Томға мәтін «Қорқыт ата» (Алматы, 1999. – 106 б.) энциклопедиялық жинағынан алынды.
64. Қорқыт
Томға мәтін «Қорқыт ата» (Алматы, 1999. – 106 б.) энциклопедиялық жинағынан алынды.
65. Тарғыл тана
Томға мәтін «Қорқыт ата» (Алматы, 1999. – 108 б.) энциклопедиялық жинағынан алынды.
66. Башпай
Томға мәтін «Қорқыт ата» (Алматы, 1999. – 109-110 бб.) энциклопедиялық жинағынан алынды.
67. Хикая қара қырғыздардың қайдан шыққандары турасынан
Алғаш рет мәтін «Дала уалаяты газетінің» 1901 жылғы 3 санында жарыққа шыққан. Ташкент уезінен табылған қолжазбадан көшіріліп, Ә.Диваев орыс тіліне аударған. Кейін «Дала уалаятының газеті» (1992, 372-374 бб.) жинағында жарияланған. Томға осы нұсқасы алынды.
68. Қабыл мен Әбілдің оқиғасы
Б.Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» (Алматы, 1997. 274-278 бб.) жинағында жарияланған. Мәтіннің тағы бір қысқа нұсқасы осы кітаптың 84-85 бетінде берілген, бұл туралы айтылған. Томға мәтін 274-278 беттегі нұсқасы алынды.
69. [Нұх пайғамбар]
Томға Б.Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» (97-98 бб.) жинағында жарияланған мәтін алынды.
70. [Сүлеймен патша]
ӘӨИ, қолжазба қоры, 1206 бумада (83-84 бб. Жинап, тапсырған: А.Дүйсенбі) сақтаулы. Мәтін томға түпнұсқа негізінде жіберілді.
71. [Құдай Тағала бір бөлек жануарларды жаратты]
Томға Б.Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» (236-237 бб.) жинағында жарияланған мәтін алынды.
72. [Хазірет Адам]
Томға Б.Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» (244-246 бб.) жинағында жарияланған мәтін алынды.
73. Әзәзілдің шайтан болуының баяны
Томға Б.Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» (253-256 бб.) жинағында жарияланған мәтін алынды.
74. [Уақытымен Құдай Тағала]
Томға Б.Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» (268-273 бб.) жинағында жарияланған мәтін алынды.
75. Мұстақым
Түпнұсқасы ОҒК-ның қолжазба қорында сақтаулы: 35-бума, жинаушысы М.Нұртазин. «Қазақ ертегілері» 3-томында (Алматы, 1988. 139-143 бб.) жарияланған. Томға қолжазбадан дайындалды.
76. Талапты жасқа атаның өсиеті
Қолжазба нұсқасы ӘӨИ-ның қолжазба қорында сақтаулы: 125-бума, жинаушысы Ә.Нұртазин. «Қазақ ертегілері» 3-томында (Алматы, 1988. 219-222 бб.) жарияланған. Томға қолжазба нұсқасы алынды.
77. Көзіңмен көргенге сенбе
Мәтін Талдықорған қаласы, «Достық» шағын ауданының тұрғыны Мұрат Байділдановтың тапсыруымен «Жас Алаш» газетіне (№7. 25.07.2000ж.) жарияланған. Томға осы нұсқа алынды.
П.Т.Әуесбаева
МӘТІНДЕРДЕ КЕЗДЕСЕТІН ТАРИХИ ЖӘНЕ ДІНИ ЕСІМДЕР
Абылай хан (1711-1781) – қазақтың ұлы ханы, мемлекет қайраткері, қолбасшы және дипломат. Арғы тегі – Жошы хан, бергі бабалары – Қазақ ордасының негізін салған Әз-Жәнібек, кейін ер Есім хан, Жәңгір хан. Абылай – Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Жәңгірдің екі әйелі болған: біріншісі – қазақтан Уәлибақы, қалмақтан –Тәуке хан туады. Уәлибақыдан Абылай. Абылай жекпе-жекке шыққанда жауы шақ келмейтін батыр болған. Тұтқындарды аямай жазалағандықтан «қанішер Абылай» атанған. Абылайдан – Көркем Уәли, одан – Абылай (Әбілмансұр) туады. Ол «Ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, үйсін Төле бидің қолында тәрбиеленеді. Аш-жалаңаштықтан жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап, Төле би оған «Сабалақ» деп ат қойып, түйесін бақтырады. Жаугершілік заманның талабы Абылайдың ел өміріне ерте араласуына себепші болды. Бұқар, Үмбетей жыраулардың мәліметтеріне қарағанда, Абылай хан жиырма жасында қан майданда ерлігімен көзге түскен. Қалмақтың батыры Шарышты жекпе-жекте өлтіруі абыройының өсуіне себепші болады. «Абылайлап» жауға қарсы шыққан Әбілмансұрды жеңістен кейін Әбілмәмбет хан шақыртып алып танысады. Таныса келе туысқан адам болып шығады да, кейінірек хандық тағын Абылайға (Әбілмансұр) береді. Абылай қаһарлы хан болуымен қатар, қазақ халқының рухани мұрасынан еркін сусындаған дарынды күйші ретінде де белгілі. Оның «Ақ толқын», «Алабайрақ», «Шаңды жорық», т.б. күйлері сақталған. Жетпіс жасында жорықтан келе жатып, Арыс өзенінің жағасында қайтыс болған. Сүйегі Түркістандағы Қожа Ахмет Йасауи кесенесінде жерленген.
Адам ата, Хауа ана – діни аңыздар бойынша, Алла Тағала топырақтан жаратқан алғашқы адамы. Балшық-мүсін ұзақ жылдар жансыз тұрады. Ақырында Алла Тағала Адамға жан кіргізеді. Адамның бір қабырғасынан Хауаны жасайды. Алғашында екеуі періштелер қатарында болып, олардың арасында “беделді”, “құрметті” орынды иемденеді. Періштелер Алланың жарлығы бойынша, Адам мен Хауаға бас иіп, ғибадат етеді. Бірақ Ібіліс атты періште бұл жарлықты орындаудан бас тартады. Сол үшін Алла Тағала Ібілісті жұмақтан қуып жібереді. Осыған өкпелеген Ібіліс Адам ата мен Хауа анадан өш алудың жолын іздейді. Ақырында олар Ібіліс шайтанның сөзіне иланып, алдауға түсіп, тыйым салынған жемісті жейді. Осы күнәлары үшін Адам мен Хауа бейіштен аласталып, Көктен Жерге түсіріледі. Олардан бүкіл адамзат тарайды.
Айуб – Құран Кәрімде аты аталған ежелгі пайғамбарлардың бірі. Інжілдегі Иов. Айуб (ә.с.) Хаурандағы бай, адамгершілігі мол адам, тіпті пайғамбар болған. Алла сынайын деп оған шайтанды жібереді. Шайтан жіберген аурудан Айубтың денесіне іріңді жара қаптап кетеді, ол әйелі екеуі адамдардан оқшау тұруға мәжбүр болады. Шайтан жіберген неше түрлі жаңа қырсықтарға қарамай, Айуб Алланың рақымына сенімін жоғалтпайды. Оның көмек сұрап жалбарынғанынан кейін Жәбірейіл оған “аяғыңмен жерді теп” деп бұйрық береді, ол тепкен жерден бұлақ суы атқылайды да, Айубтың жарасын жазып, шөлін қандырады. Фольклор мен әдебиетте Айуб сабырлылық пен төзімділік, шыдамдылықтың символы ретінде қастерленеді.
Айша (арабша – “ғайш”, яғни, “өмір” деген сөз) – Мұхаммед пайғамбардың сүйікті әйелдерінің бірі, Расул Алланың тілеулес досы және бірінші халиф Әбу Бәкірдің қызы. Кейбір ислам зерттеушілерінің айтуларынша, Айша хазірет Мұхаммедке (ғ.с.) қосылғанда он жаста болған. Пайғамбар мен Айша хазірет сегіз жыл отасады. Мұхаммед (ғ.с.) қайтыс болғаннан кейін Айша саяси қозғалыстарға белсене қатысады. Халифат билігі үшін болған соғыстарда Айшаның үлкен ерлік көрсеткені тарихтан белгілі. 656 жылы Айша Пайғамбардың жақын достарының бірі Талх әз-Зубайрамен жақтасып, бір кезде өзін өкпелеткен қайнысы, әрі күйеу баласы Әлиге қарсы соғысады. Бұл шайқаста Әли Арыстан жеңеді де, халиф боп сайланады. Айша бастаған әскер түйеге мінгендіктен бұл соғыс –“түйелілер шайқасы” деген атпен тарихқа енді. Айша – өте ақылды, өжет, әрі аса беделді дін қайраткері болды. Кейбір деректер бойынша, Айша Мұхаммед пайғамбардан қалған мың екі жүздей хадисті әңгімелеп, қағаз бетіне түсірткен. Айша хазірет, кейбір шииттіктерді қоспағанда, барша мұсылмандардың, әсіресе, әйел қауымының қадірлі адамы болып табылады. Оны көбінесе, Айша Ана, Айша әулие, хазірет Айша деп құрметпен атайды. Айша есімі – қазақ қыздарына қойылатын есімдердің бірі.
Ақсақ Темір – Әмір Темір, қолбасшы, мемлекет қайраткері. Барлас тайпасының биі – Тарағай бектің баласы. Осман империясы мен Орталық Азия аймағында ол «Ақсақ Темір», ирандықтарға Тимурләнг, еуропалықтарға Тамерлан есімімен белгілі болды. Қазақ жерінде мәңгілік өшпес ескерткіш, қасиетті Қожа Ахмет Иасауи кесенесін салып қалдырды.
Алаша хан – 14 ғасырдың аяғы мен 15 ғасырдың басында өмір сүрген батыр, би. Аңыздарда оның есімі қазақтың шығу тегін баяндайды және «Алты алашты» құраған тайпалардың атасы делінеді. Шежіре бойынша, Алаша ханның шыққан тегі қарапайым болған.
Арыстан Бап (Арыстан баб) – әулие, Мұхаммед с.ғ.с. пайғамбардың замандасы, Ахмет Ясауидің ұстазы. Діни аңыздар бойынша, ол Мұхаммед с.ғ.с. пайғамбардың аманат қалдырған киелі құрмасын (финики) тілінің астына сақтап келіп, Ахмет Ясауиге тапсырған. Халықта “Арыстан Бапқа түне, Қожа Ахметтен тіле” деген ұлағатты сөз бар. Арыстан Баптың басына орнатылған күмбез Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданындағы Қоғалы ауылында.
Ашина – (Аналық Бөрінің кемтар баладан туылған он ұлының бірін Ашын деп атаған) Бұл - аса қайырымды Бөрі деген мағына береді.
Әзәзіл – діни аңыздар бойынша, “Адамға сәжде қылыңдар” деген Алла Тағаланың бұйрығын орындамаған Ібілістің есімі; азғырушы, жолдан тайдырушы.
Әзірейіл – Аллаға жақын періштелердің бірі, жан алғыш періштенің есімі. Адамды жаратар алдында Алла жердің әр тұсынан саз әкелуге періштелерін жұмсайды. Жер оған қарсылық көрсетеді. Жәбірейіл де, Мекайыл мен Ысрапыл да жерден бір шөкім саз үзіп ала алмайды. Бұл шаруаны Әзірейіл ғана атқара алған, осы қаталдығы үшін ол жан алғыш бас періште болып тағайындалған. Адамға ажал мезеті жеткен кезде Алла Тағаланың жанында өсіп тұрған ағаштан әлгі адамның есімі жазылған жапырақ үзіліп түседі. Әзірейіл қырық күн мерзім ішінде сол адамның жанын алуға тиіс.
Әзірет Ғали (Әли Әбу Талип, т.ж.б. 21.01.661) – «әділ халифтердің» төртіншісі және соңғысы. Шын аты-жөні – Әбул-Хасан әл-Мұртада. Мұхаммед пайғамбардың немере інісі және күйеу баласы (қызы Фатиманың күйеуі). Осман өлгеннен соң 656 жылы халиф болып жарияланды. Оны Египет, Ирак, Мекке және Медине қолдады. Бірақ Сирия билеушісі Муавия мен Пайғамбардың жесірі Айша қарсы болды. Бұл мұсылмандардың Әли жақтастары (шииттер) және оның қарсыластары (суниттер) болып екі бөлінуінің басы еді. Екі жақтың арасындағы қайшылықтардың салдарынан өзі де қайтыс болады. Әли суниттер үшін қарапайым пенде, адалдықтың, батырлықтың, қайырымдылықтың үлгісі ретінде қалса, шииттер үшін ол - Мұхаммедтің тікелей мирасқоры, оның Алламен байланысын жалғастырушы. Кей шииттік секталарда дүниеде теңдесі жоқ жан ретінде бағаланады. Қазақтар арасында Әли есімі «Әзірет Әлі», «Әзіреті Әлі» тұлғасында аталып, оған үлкен құрмет білдіріледі.
Әзірет Әли – Османнан кейін билік басына келген төртінші “әділетті халиф”. Хиджраның 656-661 жылдары Мекке қаласында тұрып, мұсылман жұртына басшылық жасаған. Хазірет Әли – Мұхаммед пайғамбардың немере інісі, әрі оның Фатима атты қызын алған күйеу баласы. Мұсылман елдерінің ауыз әдебиетінде Әли – орасан алып, күш иесі. Жаулары Әлидің айғайынан-ақ өліп, талып қалатын болған-мыс. Фольклорлық туындыларда оның “зұлпықар”, “қам-қам”, “сам-сам” деген үш қылышы болғаны айтылады. Әсіресе, Әли “зұлпықарын” сілтегенде бірнеше жүз кәпірді шауып түсіреді. Әлидің есімі көптеген шығыс қиссаларында, оның ішінде, діни дастандарда жиі ұшырайды. Әдетте, хазірет Әли сол қиссалардың басты кейіпкері, жеңілмейтін батыр, халықтың қамқоршысы, мұсылмандардың қорғаны, бетке ұстар қаһарманы ретінде көрінеді. Дастандарда Әли (ғ.с.) өткен замандарда атақты Рүстемнің өзі жеңе алмаған жауларды жеңген деп дәріптелген. Хазірет Әлидің атына “шаһимардан”, “қайдар”, “арыстан”, “шері”, мұртаза” сияқты бірнеше теңеу, эпитеттер тіркесіп отырады. Әлидің астындағы аты “Дүлдүл” де ауыз әдебиеті үлгілерінде кең тараған ұшқыр, жүйрік, ақылды пырақ-аттың нышанына айналған. Әлидің бірнеше әйелінен тараған он сегіз баласы болған. Олардың бәрі де әкесімен бірге әскери жорықтарға қатысып, Ислам мақсаттары жолында жан аямай соғысады. Әсіресе, Әлидің Хасен, Хұсайын, Мұхаммед-Ханафия секілді ұлдары ғазауат майдандарында ерекше көзге түсіп, түрлі діни аңыздардың сюжеттеріне басты арқау болғаны белгілі. Хазірет Әли Мұртаза ибн Әбу Тәлиб 661 жылы Куфа мешітіне кіре берісте хауариждердің (хариджилер) атқан оғынан жараланып, көп ұзамай қайтыс болды. Бір айтатын нәрсе, хазірет Әлидің Осман халифтің туыстары мен Расул Алланың жесірі – хазірет Айшамен, сондай-ақ, хариджилермен болған соғыс қимылдары Исламның екі тармаққа – суннит және шиит (шиға-жақтастар) – ағымдарына бөлінуіне әкеп соқтырады. Әли ұрпақтары мен оның жақтаушылары кейін шииттік ағымның көсемдеріне айналды. Олардың көпшілігі қазіргі Иран, Ирак және Орта Азияның кейбір бөлігінде өмір сүреді.
Баба Түкті Шашты Әзіз – қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездесетін бейне. Ол туралы аңыздардың бірінде есімі Баба Туклас деп көрсетіледі. Әкесі – Керемет Әзіз. Мұсылмандар арасында әулие саналған. Меккеге қажылық сапармен барушылар ең алдымен Мұхаммедтің, онан кейін Әли Муртаза Сейіттің, содан соң Баба Тукластың қабіріне барып тәу еткен. Баба Түкті Шашты Әзіз – Қожа Ахмет Ясауидің арғы бабалары, ислам діні Орталық Азияға тарай бастаған кезде өмір сүрген кісі деген болжамдар бар.
Бибі Ажар – Ибраhим пайғамбардың екінші әйелі.
Бибәтима (Фатима) – Мұхаммед пайғамбардың қызы, төртінші халифа Әлидің әйелі, Хасен мен Хұсайынның анасы, мұсылман әлемінде ерекше қадір тұтатын тұлға. Пайғамбар қаза болғанда қасында болып, әкесін арулап көмген, аза тұтқан адал перзенті де осы Фатима хазірет. Бұл кісі - тек халал жар, Расул Алланың қызы ретінде ғана емес, Әли қайтыс болғаннан кейін мұсылмандардың басын қосуға, шариғат істерін одан әрі дамытуға біраз еңбек сіңірген дін қайраткері. Фатимаға табыну, шамасы, Х-ХІІ ғасырларда, содан тарайтын әл-фатимийун әулиетінің ықпалы күшеюіне байланысты туып, қалыптасса керек. Фатима – шииттердің діни хикаяларының ең басты қаһармандарының бірі. Көптеген мұсылман елдерінде алақанды белгілейтін ежелгі нысана “Фатиманың қолы” деген атақ алған. Оның небір үмітсіз ауруларға да ем қондырып, дәру дарытатын қасиеті бар деп саналған. Қазақ әйелдері басқа мұсылман қыздары секілді Фатиманы өздеріне қамқоршы – пір, қолдаушы – қыдыр деп санаған. Көбінесе, оны Бибі Фатима деп атайды.
Бибі Сара – Ибраhим пайғамбардың жұбайы
Дариға қыз – «Дариға қыз» дастанының басты кейіпкері. Аңыз байынша, Әзіреті Әлимен күрескен және оның жары болған. Түркі халықтары арасында «балуан қыз» деген атпен танымал болған қыпшақ қызы.
Дәуіт – Қасиетті Құран кейіпкері, пайғамбар, Сүлеймен пайғамбардың әкесі. Көне еврей тілінде Давид. Дәуіттің отыз баласы болған. Жаратқан Иеміз құдіретімен отыз баланың жанын бір мезетте алып кетеді. Мұны көрген Дәуіт Алла Тағалаға зар илеп жылайды. Сонда Алла: «Дәуіт, саған отыз балаңның орнына отыз бала берейін бе, әлде отыз балаға татитын бір бала берейін бе?» – деп сұрағанда Дәуіт: «отыз балама татитын бір ұл беріңіз» деген екен. Иеміздің берген ұлы осы Сүлеймен пайғамбар болатын. Сүлеймен мал-құстың тілін түсініп, сол тілде тілдесе алатын болған.
Жақып – пайғамбар, Жүсіптің әкесі, Інжілдегі Иаков. Құран Кәрімде Ыбраһым ұрпағы ретінде Ысқақпен қатар аталады. Оның тақуалығы мен болжау қабілеті Алла Тағаланың бүкіл Ыбраһым (Авраам) руына ризашылығын білдіру ретінде суреттелген. Құран Кәрімде Жақыптың екінші есімі – Ысрайыл. Ал оның ұрпағы бәни Ысрайыл деп аталады.
Хан Жәнібек – (15 ғасырдың басы – 1470) – Қазақ хандығының негізін қалаған хандардың бірі, Орыс ханның ұрпағы, Барақ ханның кіші ұлы. 1457-58 жылдары туысы Керей ханмен бірге Қазақ хандығының негізін қалаған. Керей ханнан соң, 1465-66-жылдан 1470-жылдардың басына дейін Қазақ хандығының екінші ханы болды. Дешті Қыпшақтың басым бөлігінде Жәнібек хан басқарған Қазақ хандығының билігі орнайды. Қазақ хандығы жеке ел болды. Жәнібек ханның артында тоғыз ұл қалды. Бұлардың ішінде Қасым мен Әдіктің 15-ғасырдың соңы мен 16-ғасырдың басында Қазақ қоғамындағы рөлі өте зор болды. 16-ғасырдың соңынан 19-ғасырға дейінгі барлық қазақ хандары Жәнібек ханның ұлы Жадық сұлтаннан тарайды.
Ресей патшайымы Елизавета Петровна 1743 жылы 11 шілдеде "тархан" атағын берген. 1752 жылы қайтыс болған Жәнібек тарханның денесі Түркістанға жеткізіліп, Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне жерленген.
Жәбірейіл – Аллаға жақын періштелердің бірі, Алла мен пайғамбарлар араларында жүріп, оларға Алланың аянын айтушы. Ол Алла Тағаланың әмірімен Мұхаммедке (ә.с.) Құран аяттарын жеткізген. Жәбірейіл Адам Атаға бейіштен қуылғаннан кейін де қамқор болған, Нұхтың құтылуына көмектескен және ұлы Ыбраһымды құтқарған. Жүсіпке көп тіл үйреткен, Дәуітті сауыт жасауға баулыған, сонымен қатар, Сүлейменге көмектесіп, Зәкарияға Жақияның қашан дүниеге келетінін болжап берген.
Жошы (1187-1227) – Шыңғыс ханның үлкен ұлы. Жошы ұлысының негізін салушы, қазақ хандарының атасы. Жас кезінен бастап аса көрнекті әскери қолбасшы ретінде көзге түсіп, Шыңғыс хан жүргізген барлық жорықтарға белсене араласты. 1223 жылғы құрылтайда Ертістен Оралға дейінгі және онан әрі Батысқа қарай бағынған жерлердің бәрі Жошының иелігіне өтті. Ордасы Ертіс өзені бойына орналасты. Жошы әкесінен алты ай бұрын қазаға ұшыраған. Оның өлімі жөнінде халық арасында әр түрлі аңыз әңгімелер бар. Оны бірде «аң аулап жүргенде құланның айғыры шайнап өлтірген» десе, кейбір деректерде «өзіне қарсы келуі мүмкін» деп, құпия түрде әкесі Шыңғыс хан өлтірткен. Мазары Жезқазған қаласынан 45 шақырым жердегі Кеңгір өзенінің сол жағалауында орналасқан.
Жүсіп – Жақып пайғамбардың кіші ұлы, пайғамбар, Құранда оған үлкен сүре арналған. Сүреде оның тарихы толық қамтылған. Інжілде ол Сұлу Жүсіп (Иосиф Прекрасный) деп аталған. Жүсіп пайғамбар туралы аңыз-әңгімелерді негізге ала отырып, Фердауси Тусиден бастап көптеген шығыс ақындары жүзден астам дастан, жыр, поэма жазған. Қазақтарда да осы тақырыпқа арналған ХІХ ғасырда баспа бетін көрген дастан бар.
Зеңгі баба – қазақ халқының мифологиялық сеніміндегі төрт түлік малдың бірі – сиырдың пірі. Халық нанымында әр түліктің өз тәңірісі, иесі болады деп есептелген. Соның ішінде сиыр малының тәңірісі, қамқоршысы Зеңгі баба деп түсінген. Соған сиынып, малының аман-сау өсіп, көбеюін тілеген.
Ибраһым (Ибраһим, Ибрагим, Авраам) – Құран Кәрім мен басқа да көптеген аңыздарда ол “Алланың бірлігін танып, оның досы саналатын” алғашқы пайғамбар. Ибраһым өзінің сүйікті ұлы Ысмайылды Алла Тағаланың әмірімен оған құрбандыққа арнап шалмақшы болады, сонда Ибраһымға разы болған Алла Тағала Ысмайылдың орнына көктен ай мүйізді қошқар түсіреді. Ибраһым (ә.с.) мен оның ұлы Ысмайылдың өмірі араб әлемімен, әсіресе, Мекке, Қағба төңірегімен тығыз байланысты әңгімеленеді. Бұл жайында Құран Кәрімде де арнайы (сурат-ул Ибраһым) сүре бар. Онда Ибраһым пайғамбар мен оның баласы Ысмайылдың Қағбаны тұрғызғаны айтылған. Мұсылмандардың Меккедегі қасиетті Қағба мен оның маңындағы Мина, Арафа тауларында өткізілетін жыл сайынғы дәстүрлі қажылық рәсімдері (шарттары) де осы Ибраһым пайғамбардың “үлгісін” толықтай қайталайды.
Иса (Исус, Ғайса, Ғиса, Айса)– Иса Мәсіхтің (Иусус) есімі христиан дініндегі сияқты исламда да ілтипатпен еске алынады. Құран Кәрімде Иса пайғамбарға біраз орын берілген, оның анасы Мәриям хазіретке арналған сүре бар. Алайда ислам қағидасы бойынша, Иса (а.с.) – бар болғаны Алланың сүйікті құлы, “кітап түсірілген” төрт пайғамбардың бірі. Христиандар Исаны Құдайдың ұлы деп есептейді, оның өзін Құдай дәрежесінде дәріптеп, оған құлшылық жасайды. Кейбір дін зерттеушілері (әсіресе еуропалықтар) Мұхаммед пайғамбардың христиандарға жылы ықыласпен қарағанын айтады. Шариғат зерттеушілері Исаны “Мұхаммедтің дүниеге келерін алдын ала білген” және Аллаға шын жүрегімен берілген хақшыл пайғамбар ретінде мойындайды. Ислам ғалымдары “Иса Құдай емес, оған еруші жұрт адасты” деп санайды.
Қабыл, Абыл (Әбіл) – діни аңыздар бойынша, Адам ата мен Хауа ананың алғашқы перзенттері. Қабыл жер жыртып, егін салады, інісі Абыл мал бағады. Алла уаһи келтіріп, Қабылға Абылдың егіз сыңар қарындасын, Абылға Қабылдың егіз сынар қарындасын қосуды ниет етеді. Қабыл бұған көнбейді, өзінің сұлу өңді қарындасын алғысы келеді. Адам ата екі баласына шарт қояды: кімнің тасаттығын Алла қабыл алса, сол өзінің көңіліне ұнаған адамын алады. Абыл бір түйесін шалды, Қабыл бидайын атады. Сонымен, Қабыл жеңіліп, қызғаныштан інісі Абылды өлтіріп, тұңғыш күнәһарға айналды.
Қарынбай – қазақ фольклорындағы көзі тоймайтын тойымсыз, сараң, қарау байдың бейнесі. Ол Құрандағы жетім-жесірге қайыр-садақасы жоқ, қолда бар байлығын нысап етпейтін Харун туралы аңызға байланысты қалыптасқан. Қазақ аңыздарында Харун есімі Қарынбай болып өзгерген.
Қожахмет Иасауи – түркістандық ғұлама, әулие, атақты сопы, түркілік суфизмнің негізін салушы, философ, ақын. Шамамен 1093 жылы Түркістан шаһарының маңындағы Сайрам (Исфиджаб) қаласында туылып, ХІІ ғасырдың аяқ кезінде қайтыс болған. Оның есімі Түркістанның “Кіші Мекке” деп аталуына тікелей қатысты. Қожа Ахмет Иасауидің мол мұрасынан бізге жеткен негізгі шығармасы – “Диуани хикмет”. Кей деректерде Қожа Ахмет Иасауидің Ибраһим атты ұлы, Гауһар Хошназ атты қызының болғандығы айтылады.
Қорқыт – тарихи жазба мәліметтер мен аңыздар, халық шежірелері бойынша, Қарақожа ұлы Қорқыт Ата қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданына қарасты Сырдария өзенінің төменгі жағасында, Жаңакент (Ианикент) қаласында (VІІІ-ІX ғ.ғ.) өмір сүрген. Өз халқының бақыты үшін “Жер ұйығын” іздеп, көптің мүддесін көздеген Қорқыт Ата – ақын, жырау, композитор, әнші, күйші, қобызшы, өз дәуірінің ойшылы болған адам.
Құм сахаба – Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбардың сахабаларының бірі.
Маһди, Мәді – Алла Тағаланың нұсқауымен тура жүруші һәм тура жол көрсетуші, құтқарушы (мессия), ақырзаманды хабарлаушы. Яғни, Маһди – адам аты емес, ол – титул. Ал дастанда Маһди немесе Мәди деп өзгеріп, адам атына айналып кеткен.
Сүннилердің сенімінде Маһди – дінді тазартушы, Мұхаммед пайғамбардың ең соңғы ізбасары, жолын қуушы. Шииттер болса, Маһдиді “ғайып болған, жасырын имам” деп қабылдайды. Олар Маһдидің Әли әулетінен шыққан соңғы имам, Пайғамбар ісін жалғастырушы екендігіне және оның белгілі бір дәуірде қайта оралып жер бетінде әділдік орнатарына сенеді. Шииттердің сенімі бойынша, Маһди “Құдайдың өзі сыйлаған” Әли әулетінің имамдық хұқын өзіне қайтаруға тиіс. Мессиандық идея шииттер арасында кең тараған. Маһдидің келетініне деген сенім – олардың шариғаттағы басты ілімдерінің бірі. Маһди идеясын өзінің діни немесе саяси мақсаттары үшін пайдаланған жеке тұлғалар әр дәуірде ұшырасады. Мәселен, Фатима әулетінің негізін қалаушылардың бірі исмайылшыл Убайдуллаһ, судандық маһдишілер қозғалысының көсемі Мұхаммед ибн Ахмад өздерін Маһдиміз деп жариялаған.
Мәңкір, Нүңкір (Нәңкір-Мүңкір) – діни ұғым бойынша, о дүниеде, қабірдің ішінде, адамның істеген істері бойынша сұрақ-жауап алатын періштелер.
Мекайыл – Аллаға жақын төрт періштенің бірі, Адам (а.с.)-ға табынған алғашқы періштелердің бірі. Мұхаммед (с.а.с.)-ның көкірегін ашып, жүрегін тазалағандардың ішінде болды. Бадр түбегіндегі меккеліктерге қарсы соғыста басқа періштелермен бірге мұсылмандарға көмекке келген. Мұсылмандардың магиялық күштерге байланысты ілімінде Мекайыл періштенің есімі кеңінен қолданылған.
Мұса пайғамбар – Құран кейіпкері, пайғамбар, Алла Тағаладан кітап жіберілген төрт пайғамбардың бірі. Інжіл бойынша – Моисей.
Аңыз бойынша, Мұса (ә.с.) – Алла Тағаламен тілдескен және онымен жүздескен бірінші пайғамбар (Адам атадан соң). Алғаш рет Алла Тағала Мұса (ә.с.)-ға Мысыр маңында “от” болып көрінеді. Оны перғауынға (фараон – Мысыр патшасының атағы, титулы) өзінің елшісі етіп жіберетінін, перғауын елінде бір Алланың жолын уағыздауы тиісті екенін білдіреді, көмекші етіп, оның бауыры Харонды қосады… Алла Мұсаға: “Өз халқыңды Мысырдан түн жамылып алып шық”, – деп бұйырады. Мұса таяқ сермеп қалғанда, теңіз қақ жарылып, ашылады. Израильдіктер сол жолмен өтіп шығады. Перғауын мен оның қалың қолы жеткен кезде теңіз тұтасып кетеді де, олар суға батып өледі. Тек күнәсін мойнына алған перғауын ғана кешірім алып, аман қалады. Мұса өз халқын бастап, шөл далаға шығады. Сол жерде таяғының құдіретімен он екі бұлақтың көзін ашады. Алла Тағала оның тілегін қабыл алып, адамдарына азық береді. Мұса Алла Тағаламен екінші рет Синай тауында кездеседі. Алла Тағаламен сөйлескендіктен, Мұса пайғамбарды Мұса Кәлим (Алламен тілдесуші) деп дәріптеген.
Мұхаммед – ең соңғы пайғамбар, Ислам дінінің негізін салушы. Мұхаммед (ә.с.) 570 жылы Мекке қаласында дүниеге келген. Пайғамбардың әкесі Абдулла Мұхаммед өмірге келместен екі ай бұрын қайтыс болған. Ал, анасы Әмина Расул Алла алты жасқа толғанда дүниеден өтеді. Мұхаммед Мұстафа (ә.с.) алғашында сүт анасы Халиманың, онан соң атасы Ғабдулмүтәліптің, ол қайтыс болған соң ағасы Әбутәліптің тәрбиесінде болған. Алғашқы уахи хазірет Мұхаммед Меккеден үш шақырым жердегі Хира үңгірінде ғибадат етіп отырған түні, таң алдында, рамазан айында түсті. Мұхаммед 610 жылдары 40 жасында Алланы, яғни бір Құдайға табынатын дін – Исламды уағыздай бастайды. Мұхаммед (ә.с.) Ислам дінін жария еткенде арабтардың басым көпшілігі пұтқа табынатын. Олар Ислам дініне қарсылық білдіріп, түрлі қастандық жасады. Сондықтан б.д. 622 жылы Мұхаммед (ә.с.) өзінің жақтастарымен бірге Меккеден Мәдина қаласына қоныс аударады. Бұл жыл Ислам жыл санауының басы деп есептеледі. Оның арабша атауы – “хижра”, яғни “қоныс аудару” деген сөз. Мұхаммед Мұстафа (ә.с.) бин Абдулла 633 жылы Мәдина қаласында қайтыс болды. Мұхаммед пайғамбардың “Мұстафа” (таза, нұрлы, сипатты), “Расул” (елші), “Хабибулла” (Алланың сүйіктісі), “Сағидулла” (Алланың көмекшісі), т.б. эпитет есімдері бар.
Нұх – Құранда есімі аталатын пайғамбарлардың бірі. Інжілдегі Ной. Құран Кәрімде оның аты 43 рет аталады және 71-сүре осы Нұх пайғамбар мен оның әулеттеріне арналған. Дүние жүзі халықтарының көбінде Нұхтың есімі “топан су оқиғасымен” байланысты айтылады. Аңыз бойынша, жер бетін топан су қаптағанда Нұх пайғамбар оны Алланың жәрдемімен алдын ала сезіп, алып кеме-күпшекті жасайды да, күнәсіз адамдар мен жан-жануарлардың әр түрінен жұптан алып, әлгі кемеге мінгізеді. Осы кемеге мінген тіршілік иелері апаттан аман қалып, өмір қайта жалғасады.
Пайғамбар – Алла Тағаланың Адам баласының арасынан таңдап алған, ең сенімді өкілі.
Пырғауын, Перғауын, Фараон – Құран кейіпкері, Мысыр патшасы. Алла оған уағыз айтуға Мұсаны жіберген. Перғауын Зу-л-аутад деп те аталады. Ол зәулім мұнара, пирамида сияқты мәңгілік берік ғимараттардың иесі деген мағынаны білдіреді. Құранда Перғауын өзін-өзі тәңірі санайтын, Мұсаның айтқанына сенбейтін, қатігез, озбыр ретінде көрінеді. Дінге сенетіндерді қудалайды.
Райымбек батыр – батыр, қолбасшы. (1705-1785), Алматы облысында туған. Ұлы жүз албан руынан. Көзі тірісінде «көріпкел», «әулие» атанған.
Самұрық – мифтік аңыз, әңгімелерде, ертегі мен жырларда кездесетін алып құс; мифологиялық ұғым бойынша, бүркіт атаулының ең үлкені, зоры.
Сәтемір – Орта Азияның билеушісі, ұлы жаулап алушы Ақсақ Темірді (1336-1405) қазақтың халық ауыз әдебиеті үлгілерінде осылай атаған.
Сұраншы Ақылбайұлы – (1815-1864) қазақ батыры. Ұлы жүздегі шапырашты руынан. Атасы – Қарасай батыр.
Сүлеймен – Құранда аты аталған пайғамбарлардың бірі, Дәуіт пайғамбардың баласы, Інжілдегі Соломон. Шамамен б.д.д. 965-928 жылдары бұрынғы Иудей патшалығын билеген деп есептеледі. Сүлеймен Иерусалим қаласындағы Яхус храмын салдырған. Сондай-ақ ол мұсылман елдерінің ертегі, дастандарында “аң мен құстың, пері мен жынның, жан-жануарлардың тілін білген” деп дәріптеледі.
Тоқтамыс –Алтын Орда ханы. Тоқтамыс – Шыңғыс ұрпағы, әкесі Төлеқожа – Көк Орда ханы Орыс ханның ағайыны. Тоқтамыстың бала кезінде Төлеқожа Орыс ханмен билікке таласқандығы үшін өлтіріледі. Тоқтамыс ер жеткенге дейін Ордада болады да, кейін өзі Орыс ханмен, одан кейінгі Темір-Мәлік ханмен билікке таласа бастайды, билікке жету үшін Ақсақ Темірден көмек те сұрайды. Ақыры 1380 жылы Тоқтамыс Алтын Ордада хандық билікті қолына алады. Алтын Орда мен Мәуәраннахр билеушілері арасындағы қайшылыққа сай, енді хандық билікке ие болған Тоқтамыс пен Ордадағы бұлғақтың созыла беруін көздеген Ақсақ Темір арасында үш ірі шайқас болған. Тоқтамыс үшеуінде де жеңіліске ұшырайды. Соңғы жеңілістен кейін, Тоқтамыс Ордадағы биліктен біржола айырылады. Алдымен Қырымға, кейін Литва жеріне қашып, бас сауғалайды. Литва князі Витовтың қолдауымен, кейін, өлерінен бірер жыл бұрын, Ақсақ Темірге барып, соның көмегімен хандық билікті өзіне қайтармақшы болады. 1406 жылы, бір деректер бойынша (орыс жылнамалары), Шәдібек ханның қолынан, енді бір дерек бойынша (араб тарихшысы Ибн Арабшах), Едігенің қолынан қаза табады. Бұл Сібірде, Түмен маңында болған. 1869 жылғы “Тобольские губернские ведомости” (№ 23) хабарлауынша, сол маңдағы бір қорымды жергілікті мұсылман қауым «Тоқтамыс ханның моласы» деп қастерлейді екен. Мұны Әбубәкір Диваев та жазады. Енді бір аңыз бойынша, Тоқтамыс Ұлытаудың бір шоқысына қойылады. Кейін, өмірінің соңында Едіге: “Мені де осы таудың басына қоярсыңдар”,– депті-міс. Бұл – ешбір шындыққа келмейтін әңгіме. Біріншіден, Тоқтамысты өзінің жауы есептеген Едігенің аузынан мұндай сөздің шығуы мүмкін емес. Екіншіден, Тоқтамыстың Сібірде өлгені тарихтан белгілі, талассыз ақиқат. (Едіге. А. Айқап. 1993.)
Хам, Сәм, Япас (Яфас) – Нуhтің үш баласы.
Хасан – Мұхаммед пайғамбардың қызы Фатимадан туған, Әли ибн Әбу Тәлибтің баласы, шииттердің екінші имамы. Әли 661 жылы қаза тапқаннан кейін, Хасан Иракта халифа болып жарияланды. Әкесімен бірге, басқа бауырлары секілді, ол да ислам болашағының беріктігі үшін күрескен тарихи тұлға. Ислам елдері, әсіресе, шииттер аса қадірлейтін дін қайраткері. Олар Хүсейін сияқты, Хасанды да “ұлы азап шегуші” деп санады. Хасан ибн Әли 669 жылы Мәдинеде қайтыс болды. Кейбір аңыз-деректерге қарағанда, оған қарсыласы халиф Мағауия адамдары қастандық жасап, у берген.
Хүсейін (Хұсайын) – Мұхаммедтің қызы Фатимадан туған Әли ибн Әбу Тәлибтің кіші баласы, шииттердің үшінші имамы. Діни әңгімелерде Хүсейіннің есімі Хасанмен бірге аталады. 669 жылы Хасан өлгеннен кейін Әли ұрпақтарына басшылық етеді. Алайда 680 жылы халифа Мағауия қайтыс болғаннан соң, Иракта үмийалықтарға қарсылық күшейеді. Осы кезде куфалық халифа Иазидтың белсенділігі де арта түсті. Оның адамдары Хүсейіннің немере інісі Мүслімді дарға асып өлтіреді. Куфаға келе жатқан Хүсейін қайғылы хабарды естісе де, сапарын жалғастыра береді. Оның Кербала шөлінде ат суытқанын білген Иазид Хүсейінге қарсы төрт мың әскерін аттандырады. 680 жылдың 10-қазанында күші басым жаумен ерлікпен айқасқан Хүсейін жолдастарымен бірге, ұрыс даласында шейіт болады. Имам Хүсейін қайтыс болғаннан кейін Кербала шииттер табынатын қасиетті орынға айналады. Ал оның өлген күнін барша шиит қауымы аза тұтып, құрметпен еске алады.
Шопан ата – әйгілі Қожа Ахмет Иассауидің шәкірті. Ол ХІІ ғасырдың 2-жартысында өмір сүріп, ел ішінде мұсылман дінін уағыздаған әулие адам. Шопан ата тұрғызған жер асты мешіт пен қорым ел ұғымында киелі, қасиетті орын саналады.
Ысқақ Бап – VІІІ ғасырда өмір сүрген, алғаш ислам дінін алып келушілердің бірі. Әзірет Әлінің әулетінен. Қожа Ахмет Ясауидің он үшінші атасы. Қабірі қазіргі Созақ ауданындағы Жартытөбе ауылында (Ескі Баба Ата қалашығы).
Ысмайыл (Ысмағұл) – Құран кейіпкері, пайғамбар, Ыбраһымның (Ыбырайым) баласы, Інжілдегі Исмаил. Ол Алланың әмірімен, әкесі Ыбраһым екеуі тасқын қиратқан Қағбаны қалпына келтіреді. Аңыздарда Ысмайылды Ыбраһымның күңі Ажардан туған үлкен ұлы екендігі жайлы егжей-тегжейлі сипатталады. Әйелі Сараның қызғаншақтығы мен қастандығынан сескенген Ыбраһым Ажар мен Ысмайылды Арабияға әкетуге мәжбүр болады және оларды сусыз далаға тастап кетеді. Бала қатты шөліркеген соң шешесі ас-Сафа мен әл-Маруа биігінің төбесіне шығып, алыстан құдықты, көгалды жерді көреді. Оларға Жәбірейіл көмекке келеді. Соның әмірімен Ысмайылдың өкшесі тиген жерден қасиетті Зәмзәм бұлағы атқылайды.
Ідіріс – Адам ата дәуірінде дүниеге үшінші келген пайғамбар.
СӨЗДІК
Айпары – үлкен, көрнекті.
Алагеуім – елең-алан мезгіл, апақ-сапақ уақыт
Әуез, ауаз, hәуез /п/ – 1. дауыс, үн, дыбыс. 2. өлең
Азар /п/ – азап, қорлық
Айле, әйлә /т/ – жаса, істе орында
Аққұла – 1. Бекерге, босқа, зая. 2. Ерекше, өзгеше, айрықша
Албасты – Наным бойынша әйел бейнесіндегі қас күш, марту
Алла шері арышлан – Алланың шері деп көбінесе Әзіреті Әлиді айтады
Алымсақ – алуға тиісті, алашақ адам
Амбра – кит тұқымдас ірі теңіз жануарларынан алынатын хош иісті, қоңыр түсті зат
Аңлау – байқау
Арсалақта – 1.Еркелей қарсы алу, арсалаңдау. 2.Жақын тарту еркелеу, арсаңдау
Асай-мүсей – ұсақ-түйек, кәкүр-шүкір
Асы болу – Құдайға күнаһар болу, асылық ету.
Аталақта – тайраңдау, шоқырақтап кету
Атпал – денелі, ірі, алпамсадай; таңдаулы, іріктелген
Ашкара – мешкей, ашқарақ
Аят /а/ – белгі, ғажайып, өлең; құран кәрімнің ең шағын бөлігі
Әңгүдік – даңғой мінезді, жарымес, делі-құлы
Әулігу – желігіп-өршіп еліру
Бағзы /а/ – кейбір, кейде, біраз, бірсыпыра
Бақан – жоғарғы жағы екі аша келген, киіз үйді тіккенде шаңырақты көтеретін, түңдікті ашып-жабатын ұзын сырық.
Бамдат намаз – таң намазы
Батин көзі – /а/ – ішкі, жасырын, киелі көз; күллі жан иесінің ішкі дүниесін білуші; Алла тағаланың 99 есімінің бірі
Бәкене – аласа, тапал
Бәңгі – есалаң, жынды, есуас
Бибілері – күңдері, қыздары
Бийнеке қыз – бейнеке қыз, некесіз қыз
Биһуш болу /п/ – естен тану, ессіз құлау; көңілсіз болу
Бихисап – сансыз, қисапсыз, есепсіз көп
Бөктергі – 1. Тышқан және сол сияқты ұсақ жәндіктерді аулайтын кішірек жыртқыш құс. 2. Ердің қанжығалығы, бөктерме бөктеретін жер
Бөртешін – монғол тілінде сұр Бөрі деген сөз, ал түркі тілінде бұл Көк Бөрі деген мағына береді.
Бұғаз – /т/ – тамақ, мойын, бұғақ
Бұлдырық – сыртқы жүні сұр, бауыры қара, аяғы қысқа, үйректен сәл кіші құс.
Билән, білән, бірлә, бірлән, илән /т/ – мен, бен, пен; бірге
Бірәдәр /к/-/п/ – тақуа, діндар адам, сопы; аға; бауыр
Бір пәс – бір сәт
Ғазап /а/ – ауыр бейнет, қиыншылық
Ғазауат, ғазат /а/ – дін соғысы, қасиетті соғыс
Ғаяр, ғайар – аяр, мекер, алдамшы, сиқыршы
Ғайбат /а/ – кісінің сыртынан айтылатын жалған сөз, өсек-аяң
Ғайры /а/– басқа
Ғайыл /а/ – қастық, бақытсыздық; ерегес, мазасыздық
Ғайып /а/ – жоқ болу
Ғам, ғәм /а/ – қам, уайым
Ғамкін /а/ – көңілсіз, жабырқау, қайғылы, дерті
Ғамма /а/ – жөнінде, жайында
Ғарық /а., тат/ – батып кету, бату
Ғаскер /а/ – әскер
Ғибадат /а/ – Құдайға құлшылық, дінге бой ұсынушылық; сыйлау, қадірлеу, құрметтеу; қызмет ету, табыну.
Ғизат /а/ – ізет, құрмет
Ғилаж, иғлаж /а/ – ем; дауа; шипа
Ғилман /а/– жұмақта қызмет көрсететін қызметші бозбалалар
Дайым /а/ – әрдайым
Дақпырт – лақап, алып қашты сөз
Дарақ /п/ – ағаш, терек
Дәргаһ /п/ – салтанатты сарай; құдай үйінің дарбазасы; табалдырығы
Дарқан – емін-еркін алаңсыз өмір, кең дүние
Датқа /п./ – хан сарайындағы жоғарғы лауазым, атақ
Дәрхал /п/ – сол сәт, сол уақыт
Дөдеге – киіз үйдің сыртын айналдыра үзік етегіне салатын әшекейлі киіз.
Дуақан /т/ – сиыну, құлшылық жасау
Дүйім – түгел, тұтас, тегіс
Дүлдүл – діни аңыздарда Мұхаммед пайғамбардың күйеу баласы, Фатиманың ері Әлидің тұлпары. Кейін ерекше жүйрік аттарды атаған.
Ділдә, тіллә /п/ - алтын ақша; кейде алтын, зер мағынасында да қолданылады
Дірмән, пәрмен /п/ – бұйрық, нұсқау.
Ебі: ебі желі – жоңғар алатауының шығысында болатын дауылды, еспе қатты жел.
Еру – көшіп-қонғанда, жол жүргенде, ұзақ сапарға шыққанда жолаушылардың жолда аялдап жасайтын дем алысы
Жабал /а/– барлық, жаппай, күллі
Жабық – киіз үйдің үзігі мен қос туырлығының қосылған жері
Жадағай – астар салмай тігілген, жұқа сырт киім
Жамағат /а/ – жиналған топ, халық, жұрт; әйел
Жансебіл – көнбіс, төзімді, ит жанды
Жәмшік /о/ – ямщик, арбакеш, ат айдаушы.
Жедеғабыл – артынша, іле; тез жедел
Жидашы /к/ – алым-салық жинаушы
Жүдә /а/ – аса, өте, қатты риза болу; бөлек, жеке, дара
Зағип, зағиф /а/ – әлсіз; ауру; нашар; аз; соқыр
Запыран, зағыпыран – сары түсті гүл; мәтінде ауыспалы мағынада қолданылған: сарғайып зағыпырандай
Заңғар – 1.Зәулім, биік. 2. Жексұрын, оңбаған, жауыз
Запыс – ығыр болды, жүрегі шайлықты
Заһар – у, улы зат
Зәрезеп – ығыр, мезі, запыс
Зеңгі баба – Сиырлардың әкесі, Адам атаның тұсында өмір сүрген
Зина /а/ – нәпсіқұмарлық, жезөкшелік, тұрақсыздық, бұзықтық; неке бұзушылық.
Зікір /а/ – Алланы еске алу
Истағна – керек етпеу
Ишан – дін басшыларының жоғарғы атақтарының бір атауы
Иінағаш – екі жағына шелек іліп, иыққа салып, су таситын құрал; әкпіш, мойынағаш, күйенте.
Кәнизек, кәнизак – хан сарайындағы қызметші қыз
Кәпір – пұтқа табынушы; көпқұдайшыл; шындықты мойындамаған, мұсылман елдерінде Аллаға сенбеген бүкіл мұсылман еместерді кәпір деп атаған.
Кәр – қаһар, ашу-ыза, ызбар; қиыншылық, таршылық.
Кебенек (к.с.) – малшылар аязда, жауын-шашында киетін жұқа киізден тігілген сырт киім.
Кейуана – кемпір, жасы үлкен ана.
Кемер – белбеу
Кепе – 1. Уақытша баспана, лашық. 2. Ерте туған марқа қозы
Кепият, кепиет – 1. Ерекше, қасиет, кие; құпия күш. 2. Кесір, кесапат, қырсық.
Кеуек – 1. Ішінде ештеңе жоқ бос жер, қуыс. 2. Қоянның жатағы, іні.
Көзе – қышты күйдіріп жасаған құмыра
Қарақ – ашқарақ, ашкөз, тойымсыз
Көксоқта – ерігеннен суы бетіне шығып, көкшіл тартқан қар
Күнгей – 1. Күннің шуағы мол түсетін жер. 2. Оңтүстік тарап, үнемі күн түсіп тұратын жақ
Күрен – қол, әскер, жасақ
Күрсі /а/ – орын, орындық, тақ
Кіреші – кіре тартушы, кірекеш
Қабағат, қабаһат /а/ – қауырт, қатты, берік; орасан, керемет, өте, тез
Қадар /а/ – аз; кішкентай ғана
Қада тас – бірдемені байлау, ілу, тіреу үшін жерді қазып орнататын діңгек.
Қалпе /а/ – ислам дініндегі хазіреттен кейінгі атақ
Қарашы (к) – хан ордасындағы ақылшы, кеңесші
Қарқара – мәртебе, мерей
Қауға – құдықтан су тартып алуға арналған көнтеріден жасалған шелек
Қауләhу тағала уәмә халақат әлжан уәләнса әл лә яғбүдүн – ей, бенделерім, сендерді мен халық қылып және де адам қылдым, хайуан қылмадым.
Қауләhу тағалә ләу ләке лимә халақат илә фаләк - Әй, Мұхаммет, сені жараттым, уа сенің тәфиліңнен ол дүние бұл дүние он сегіз мың ғаламды жараттым, уа тәқи сені жаратпасам еді, еш немені жаратпас едім деген болар.
Қаю, қайу /а/– күшті, зор
Қиямет қайым /а/ – өлгендердің тірілуі, ақыр заман
Қоқыр – 1.Қоқтық, ұсақ-түйек қалдық. 2. Хан-сұлтандардың зерлеп киетін бас киімі
Қоңылтақсы – 1. Киімі жұқа болып, тоңа бастау. 2. Бір нәрсенің іші босау, қаңғырап қалу. 3.Қарны ашу, ашығу.
Қорқар – қорқор, темекі, есірткі салып тартатын трубка
Қорым – 1. Ыстық пен суықтың, желдің әсерінен ұсақталған қиыршық малта тас, сынған жарғышақ тас үйінділері. 2. Өлгендердің сүйегі қойылған қалың бейіт.
Қоя – 1. Құстың бөтегесі мен иттің асқазанында жеген асынан қалып қоятын жүн-жұрқа, қоқсық заттар. 2. Жасырын пікір, ашылмаған сыр, былық.
Құбыла /а/ – мұсылмандардың намаз оқығанда бет бұратын жағы. Алғашында Мұхаммед пен оның серіктері беттерін шығысқа, Иерусалимге қарай бұратын; кейіннен хижраның екінші жылы қасиетті Қағбаны белгілейді.
Қырық шілтен, шілтен; ғайып ерен қырық шілтен – [шілтен /п/ – қырық дене] – мүмін-мұсылмандарды жебеп, қолдап жүретін, көзге көрінбейтін, киелі бейне. Кейбір аңыздар бойынша, ғайыптан пайда болатын шілтендер құс бейнесінде көрінуі де мүмкін. Олар әдетте алыс сапарда жүрген, арып-ашып жолынан адасқан жолаушыларға жәрдемдеседі.
Мұғдарлы /ж/ – мөлшерлі, межелі
Лаң – 1. Малда, адамда кездесетін жұқпалы індет; ұшпа. 2. Елді дүрліктіретін, әлекке түсіретін, әбігер қылатын әрекет.
Лаух /а/ – [лаух-тақта] – құран кәрім бойынша әр адамның тағдыры күні бұрын жазылып қояды. Сол жазу тақтасын лаух-улқалам, лаух-улмахфуз деп аталады.
Ләкин, лекін, ликән /а/ – алайда, бірақ, онда
Лек /т/ – бірінен соң бірі тізбектелген топтардың қатары, сап
Лыпа – денесін жабардай, болар-болмас, жұқа қорғаны
Мағлұм /а/ – белгілі
Мәжид /а/ – даңқты; Алла тағаланың 99 есімінің бірі
Мазар – әулие мұсылманның мазары
Майқан – іс; жағдай
Майып – зақымдану
Мақлұқат – жаратылған пенделер, күллі жанды мақлұқтар
Мансұқ – жарамсыз, қолданудан қалған
Маңлай – маңдай
Мархамат /а/ – рақым; қайырым
Мәшһүр /а/ – атақты, даңқты, белгілі
Мекиен – тауық тұқымдас құстардың ұрғашысы
Мес – 1. Қапшық тәрізді ыдыс. 2. Семіз, жуан
Месел – көңіл, кейіл
Мехнат /а/ – ауыртпашылық, бейнет
Ми – батпақты, балшықты жер
Миғраж /а/ – көкке көтерілу. Діни аңыздар бойынша, арабша ережеп айының жетінші кешінде, Мұхаммед пайғамбар Алланың әмірімен ғарышқа ұшқан. Мұхаммед Қағбаның жанында ұйықтап жатқанда, оған пырақпен Жәбірейіл келеді. Мұхаммед пырақпен Меккеден Иерусалимдегі Мориа тауына жетеді. Пырақты Иерусалимде қалдырып, Мұхаммед Жәбірейілмен көкке көтеріледі. Ол Алламен жүздесіп, пайғамбарлармен кездеседі және жұмақ пен тозақты көріп, Меккеге оралады. Сол себепті күллі мұсылман қауымы бұл күнді қасиетті күн деп санайды.
Мұғдар /ж/ – мөлшер, шама, мұрша
Мұнафиқ /а/ – сырттай мұсылман, ішінен ислам дініне қарсы, екі жүзді адам
Мускус /а/ – хош иіс
Мұғжиза /а/ – таңғажайып оқиға; керемет
Мұддаға, мұддыға /а/ – мүдде, мақсат, ой; өтініш, тілек
"Мұрт" /ж/ – мүрид, иманға бағынған адам.
Мүбәрак /а/ – берекелі, қасиетті, құтты
Мүбада /а/ – алда-жалда, егерде
Мүрид /а/ – шәкірт, оқушы
Мүсәпір /а/ – жолаушы
Мінәжат /а/ – жалбарану, құлшылық ету
Нам /п/ – ат, есім; даңқ, атақ, мәшһүрлік
Намаздігер – күн батар алдында оқылатын намаз мезгілі
Нәһан – үлкен, денелі
Нәпақа – табыс; көрек; ризық; пайдаланылатын нәрсе
Нәубат /а/ – кезек, рет
Нөпір – қалың, қаптаған, көп, қосын
Оғыз – орта ғасырларда Орталық Азияда өмір сүрген, түрік тілдес тайпалар. Махмұт Қашқаридің (11ғ.) деректерінде Оғыздың алғашқы 24 тайпадан кейін, 22 тайпадан құралғаны айтылады. 9-ғасырдың соңы мен 10-ғасырдың ортасында Арал теңізі, Каспий теңізі және Сырдарияның төменгі алқаптарында Оғыз мемлекті құрылды. Мемлекет орталығы – Янгикент (Жаңакент) қаласы болды.
Ойсыл қара – түйелердің арғы атасы, суға салса, батпайтын, ескі саба
Оқап – кедір-бұдыр, ойлы-қырлы, бөгеті көп жер
Оппа – адамды, малды тартып кететін ми батпақ, тартпа.
Оспадар – өрескел қылықты, мінезді адам
Өтен /ж/ – отан, ата қоныс
Пақыр /а/ – бейшара, байғұс
Паруардігер – /п/ – Тәңірі, Құдай
Пәтуа – белгілі бір іс жөнінде бітім, келісім, уәде
Пейіш, бейіш,/а/ – жұмақ
Пұшайман – бейшара, сорлы, қайғы
Рабиғул ахир айы /а/ – мамыр айы
Рабиғ әл-әууәл /а/ – ай күнтізбесі бойынша үшінші ай атауы
Рәсуа /п/ – қорлану, масқара болу, жәбірлену
Рәсім /а/ – сурет
Рауайат, риуаят /а/ – әңгіме, аңыз
Рәуіш /п/ – тәсіл, әрекет, қалып
Саз – көгал жер, көкорай шалғынды жер
Саид /а/ – билеуші, мырза, қожа
Салауат /а/ – дұға; мінәжат, жалбарыну
Саржа – сүйекпен әшекейленген әдемі садақ
Сауға – батырдан сұрайтын бұйымтай, сөз, тілек
Сахаба (асхаб, асхабалар – көпше түрі) /а/ – пайғамбардың артына ерген серіктері.
Сәжде /а/ – тәжім, бас ию; иілу, сәжде қылу
Себет – ыдыс
Себет салу – жас шыбықтан өріп тоқыған, зат салатын бұйым.
Сормақта – сыздап ауырған жерге тартып байлайтын, шипасы бар, қайнатылған түйе жүні
Сотанақ – сотқар, тентек
Сояу – ағаш, бұтақ
Суын – теңіз жылқысы. Өте әдемі, құйрық, жалы жерге сүйретіліп, үстінен тоқтамай су тамшылап тұрады-мыс.
Сүмбіле – ай аты. Қазіргі август айы
Сыздықта – бастапқы кездегідей емес, сәл баяулау, ақырын; түкте, болар-болмас, ештеңе
Таға – аға; нағашы
Тағриф /а/ – мән, мағына, түсінік, анықтама
Тақылетті /ж/– сияқты, іспетті
Тақуа – діндар, діншіл
Талшық – қоректену, тамақтану
Тамам /а/ – барлық, күллі, дүйім; бітті, аяқталды
Тауфиқ /а/ – мойынсұну; жәрдем, келісім, көмек; табыс, бақыт
Таурат – Алла Тағаланың Мұса пайғамбарға жіберген кітабы
Тәбәрак /а/ – бақыт, жақсылық тілеу; бата беру
Тебінгі – ер-тұрман әбзелдерінің тірі, былғары
Теңбіл – дақ, шұбар ала
Тоғаю – ауқаттану, тойыну
Томаша – ағаштың кепкен, кішкентай түбірі, томарша
Топшы – адам қолының, құс қанатының кеудеге жалғасқан жері
Түгеу – аяқталу, бітіру, тауысу
Түйнеме – адамның ішкі ағзасы түйіліп ауыратын ауру
Түнек – 1. Көзге түртсе көрінбейтін қараңғылық. 2. Ауыртпалық, қаңғы-қасірет
Тұт –/т/ – ұстау, сақтау
Уағда /а/ – уәде
Уәли /а/ – басқарушы
Уәлі – айтқаны келетін қасиетті, дуалы
Ұжмақ – жұмақ, о дүниедегі рахат орын; пейіш; ауыспалы мағынасында: жайлы мекен
Үдере – қаптай көшу
Үйек – табиғаты тіршілікке қолайлы, күні жылы, шөбі шүйгін жер
Үлек /қ/– нар түйенің таза тұқымды бурасы
Үмбет, үммет /а/ – ел, қауым, жамағат, жол; Мұхаммедтің үмбеттері, мұсылмандар мағынасында қолданылады
Үшбу – осы, осынау
Фатиха /а/ – беташар, кіріспе, Құран кәрімнің бірінші сүресі; бата
Фақыр, пақыр, /а/ – бейшара, байғұс
Хазірет, әзірет /а/ – «ұлы мәртебелі, мырза» деп патшалардың, хандардың, әмірлердің, діни қайраткерлердің атына, титулына қосылып айтылып, жазылатын құрметті атақ.
Халифат – патшалық, ел басқарушы
Хараб, харап /а/ – қирау, быт-шыт болу; қиратушы
Хасыл /а/ – нәтиже; жүзеге асу, мақсатқа қол жеткізу; дайын
Хикмет, хикмат /а/ – даналық, кемеңгерлік; нақыл сөз, мақал, ақылды дәйектеме; негіз; Құдайдың әмірі, кереметі, ғажайып; дана сөз
Хисаб /а/ – есеп
Хоп зияда /а/ – көп, артық
Хүкім /а/ – үстемдік, қожалық; үкім, кесім, билік, билеу; бұйрық, басқару
һамма, Һамме /п/ – барлық, бәрі
Һауа – ауа
Шәр, шаһар /а/ – қала
Шариф /а/ – құрметті, ұлы, қадірлі, ақсүйек, текті; Пайғамбардың ұрпақтарына берілген атақ
Шайтан – ібіліс, албасты, жын-пері
Шанаш /ж/ – қойдың бітеу терісінен жасалған ыдыс, қап
Шапыраш – көзі қисық, қыли
Шарғы – шариғат заңы, ислам дінінің жолы
Шариғат /а/ – адам өмірінің барлық жай-жапсарын қамтитын мұсылман дінінің заңы, ережелері
Шаһид, шәһид /а/ – құрбан болу, мерт болу
Шәк – күмән, күдік, шүбә
Шейх /а/ – қарт; көсем; оқымысты; мұғалім
Шерік – әскер, сарбаз
Шолки – егер
Шомбу – су түбіне бату, сүңгу
Шопақ – қауын, қарбыз, асқабақ, қияр
Шора /т/ – күң
Шүлен – жомарт кісі, мырза
Шыжу – майды отқа қыздыру
Шынашақ – ең кішкене, бесінші саусақ
Ықылым /а/ – жер; бөлім, бөлік; таныс емес, бөгде ел
Ылау, лау – қызымет бабымен келген, лауазымды адамды бір ауылдан екінші ауылға жеткізіп тастайтын күш көлік.
ЖЕР-СУ АТАУЛАРЫ
Ағытпа – Өзбекстан Республикасының Бұхара облысы, Ғыждуан ауданына қарасты ауыл.
Азаттылық – Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданындағы бұрынғы ұжымшар атауы.
Ақмешіт – қазіргі Қызылорда қаласының орнында болған көне бекініс орны. Ол 1817 жылы салынған. А.И.Добросмысловтың дәлелдеуі бойынша бекіністі Қоқан ханы Омархан салдырған. Бекініс ішінде саз балшықтан салынған елуге жуық үй, екі мешіт, медресе, оқ-дәрі қоймалары, құдықтар болған. Бекініс орыс әскерлері келген кезден «Перовск форты» болып аталған. Қазан төңкерісінен кейін Ақмешіт аты қайта берілді. 1925 жылы оған Қызылорда аты беріліп, 1929 жылға дейін Қазақстанның астанасы болып тұрды.
Ақмола – Есіл өзенінің бойында ескі керуен жолы өтетін Қараөткелде орналасқан, аққайрақ тастан әдемілеп жасалған ескерткіш белгілері; Қазақстанның бас қаласы Астананың ежелгі атауы.
Ақсу – Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би, Сайрам аудандары жерімен ағып өтетін өзен. Сырдария өзенінің алабындағы Арыс өзенінің сол жақ саласы. Талас Алатауының солтүстік беткейіндегі Мұздықтан бастау алады. Жоғарғы ағысында аңғары тар шатқалды, тік жарлы, бұралаң келеді. Негізінен мұздықтар мен қар суымен толығады. Суы бау-бақша, егістік суаруға пайдаланылады. Өзеннің жоғарғы ағысы бойында Ақсу-Жабағылы қорығы орналасқан. Алабында ежелгі Сайрам (Исфиджаб) қаласының орны бар.
Ақтөбе – қала, Ақтөбе облысының әкімшілік орталығы (1932). Қазақстанның ірі өнеркәсіп және мәдени орталықтарының бірі; теміржол, әуе һәм автомобиль қатынастарының маңызды торабы. Мұғалжар тауының оңтүстік батысында Елек өзенінің сол жағалауын айнала орналасқан.
Ақтүбек ауылы – Жаңаарқа ауданынан батысқа қарай, елу шақырым жерде орналасқан елді мекен.
Алатау – 1) Орталық Азия мемлекеттері мен Ресей Федерациясының Сібірдегі тау жоталарының жалпы атауы. Оларға Күнгей Алатауы, Кузнец Алатауы, Талас Алатауы, Қырғыз Алатауы, Жетісу Алатауы, Іле Алатауы т.б. жатады. 2) Жетісу және Іле Алатауының халық ұғымындағы жалпылама атауы.
Алматы – Алматы облысының орталығы. Республикалық мәртебесі бар қала. Қазақстанның оңтүстік шығысында Іле Алатауының солтүстік баурайында орналасқан. 1927 жылдан 1997 жылға дейін Қазақстанның астанасы болды.
Алтай, Алтай тау жүйесі – Азия құрлығының орта тұсындағы таулы өлке. Ұзындығы батыстан шығысқа қарай 2000 км-ге созылып жатыр. Алтай Солтүстік батыстан оңтүстік шығысқа қарай Батыс Сібір ойпатынан Гоби жазығына дейін жан-жаққа таралған. Оңтүстіктегі табиғи шекарасы Қара Ертіс өзені мен Зайсан көлі, ал батыс бөлігі Сарыарқадан Қалба жотасы арқылы бөлінеді. Солтүстік шығыста Шығыс Алтайдың Шапшалы жотасы Батыс Саянмен жалғасады.
Алтынемел – Алматы облысының Кербұлақ ауданындағы ауыл, ауылдық, әкімшілік округінің орталығы. Аудан орталығы Сарыөзек кентінің оңтүстік шығысында 30 шақырым жерде, Алтынемел жотасының солтүстік батыс беткейінде орналасқан.
Андреев – Ақмола облысы, Шортанды ауданының орталығы. Андреевка атымен Қазақстанда бірнеше аудан, ауылдар бар.
Арарат – Түркияның шығысында, Армения мен Иран шекарасына жақын орналасқан биік тау.
Арқа – Қазақстандағы аса ірі географиялық нысан. Бұл Сарыарқа деп те аталып, тұтас алғанда Орталық Қазақтанды білдіреді. Шындығында, Арқа –Орталық, Шығыс, Солтүстік Қазақстанды қамтитын үлкен аймақ. Арқа туралы тарихшы Құрбанғали Халидтің «Таварих-и Хамсайи шархи» атты еңбегінде көп деректер бар. Әбілғазы Бахадүр «Түрікмен шежіресі» атты еңбегінде Арқа-Дешті-Қыпшақ деген үш сөзді бір топонимдік атау ретінде пайдаланған.
Асфаһан, Аспаһан (Исфаһан) – Иранның орталық бөлігіндегі қала. Зайендеруд өзенінің жағасына орналасқан. Исфаһан провинциясының әкімшілік орталығы. Тегераннан кейінгі өнеркәсіп – сауда орталығы.
Атбасар – Көкшетау облысына қарасты қала. Іргетасы 1846-жылы қаланған. Астана қаласынан солт.-батысқа қарай 232 шақырым жерде, Жабай өзенінің (Есіл өзенінің бір саласы) оң жағалауына орналасқан.
Аякөз – Алматы, Шығыс Қазақстан облысы аумағы арқылы ағатын өзен. Тарбағатай жотасының солтүстік сілемдерінен бастау алады. Балқаш көлінің солтүстік шығыс бөлігіне құяды.
Әндіжан – Өзбекстан Республикасы, Ферғана облысының орталығы.
Әулиеата – ежелгі Тараздың орнына ХVІІІ ғасырда салынған қала. 1864 жылға дейін қоқандықтар қол астында болды. 1938 жылы Жамбыл есімі беріліп, 1997 жылы көне атауын қайта иеленді.
Бабай қорған – Түркістан маңында орналасқан көне елді мекен.
Бабыл – Қасиетті Құран, тарихи және ғылыми еңбектерден аты белгілі көне Вавилон қаласының арабша атауы.
Байқал – әлемдегі ең терең көл және ең ірі тұщы судың табиғи сутоғаны. Көл іші мен жағалауы өте бай флора мен фаунасымен ерекшеленеді. Жергілікті тұрғындар тарихи көлді «теңіз» деп атайды.
Балқаш – Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы тұйық көл. Аумағы жөнінен Каспий, Арал теңіздерінен кейінгі 3-орында. Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарының шегінде, Балқаш-Алакөл ойысында, теңіз деңгейінен биіктікте жатыр.
Бетпақдала – Қазақстанның орталық бөлігіндегі кең байтақ аймақты алып жатқан шөлді өңір. Қарағанды, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары аумағында орналасқан. Батысында Сарысу өзенің төменгі ағысымен, шығысында Балқаш көлімен, оңтүстігінде Шу өзені аңғарымен, солтүстігінде Сарыарқамен шектеседі. Сай-жырылармен тілімденген Батпақдала жазығында сор, тақыр және жазда құрғап қалатын тұзды көлдер кездеседі. Көктемде жауын суымен толығып, жазда құрғақ арнаға айналатын Қарқаралы, Қарасу, Талдыеспе сияқты кішігірім өзендер бар.
Бурабай – Астана мен Көкшетау қаласының арасында орналасқан өзен. Жағалауында аққайың, қарағай орманы бар. Бурабайда қымыз, тұзды емдеу курортты кешені орналасқан.
Бұқар – Өзбекстандағы көне қалалардың бірі. Қызылқұм шөлінің оңтүстігінде орналасқан.
Бұқар, Бұқара (санскритше вихара – монастырь) – Б.д. І ғасырда іргесі қаланған, Зарафшан өзенінің төменгі ағысында орналасқан, Орта Азиядағы көне қалалардың бірі. Қазірде Өзбекстан Республикасының осы аттас облысының орталығы.
Гурьев – қазіргі Атырау қаласы. Каспий теңізінің солтүстігіне қарай, . жерде, Жайықтың екі жағасын бойлай орналасқан. Қазақстанның байырғы қалаларының бірі. 1640 жылы патша өкіметі ағайынды Гурьевтерге қалашық салуға рұқсат етеді. 1662 жылы қала үлкен қиындықтармен салынып бітеді. Патша жарлығымен Гурьев деп аталады. Ал, 1992 жылы ақпан айының 21-күні ҚР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы Гурьев қаласын Атырау қаласы деп атау жөнінде қаулы қабылдады.
Еділ (Волга) – Европадағы ең үлкен өзен. Еділ бастауын Валдай қыратынан алып, Каспий теңізіне құяды. Еділге 200-ден астам сала құяды. Еділ өзенінің әдеби – тарихи деректердегі орны ерекше. Оны барша түркі халықтарының ақын – жыраулары құрметпен атап, өз шығармаларына арқау еткен.
Ертіс – Батыс Сібір мен Қазақстан жеріндегі өзен. Обътың сол саласы. Монғол Алтайының оңтүстік батыс беткейіндегі мұздықтардан басталады. Өскемен, Семей, Павлодар, Қарағанды облыстарының өнеркәсіп орындары және шаруашылықтары өзен суын кеңінен пайдаланады.
Жайық – Каспий теңізі алқабындағы өзен. Ол Ресейдің Башқұртстан, Челябинск, Орынбор әкімшілік аймақтарының және Қазақстанның Орал, Атырау облысының территориясымен ағады.
Жанкент, Жаңакент – орта ғасырлардан сақталған көне қала орны. Сырдарияның Арал теңізіне құяр тұсында орналасқан. Жувейнидің, Несевидің және Омаридің тарихи еңбектерінде айтылады. Жанкент X–XІ ғасырларда Оғыз бірлестігі билеушілерінің қысқы ордасы, мұсылмандар қонысы. Сауда жолы болды. Қала Шыңғыс хан шапқыншылығына дейін Х-ХІІ ғасырлар аралығында өркендеген.
Жетісу – еліміздегі ең ірі өлкелердің бірі. Жері сулы, нулы Жетісу туралы ғалымдар түрлі пікірде болып келгені белгілі. Кей деректерде Жетісу құрамына Іле, Қаратал, Ақсу, Бүйен, Лепсі, Басқан, Сарқант өзендері жатқызылса, танымал зерттеуші Ә.Тұрлыбаев Бүйен, Басқан, Сарқант өзендерінің орнына Аякөзді, Талас пен Шуды кіргізеді. Жетісудың аумағында 1867 жылы Семиреченская облысы құрылып, ол 1922 жылы Жетісу облысы, 1924 жылы Жетісу губерниясы болып аталып, 1932 Алматы облысы бөлініп шықты.
Зарафшан – Өзбекстан Республикасында орналасқан өзен.
Кавказ – батыста Қара теңіз бен Азов теңізіне дейін, Шығыста Каспий теңізіне дейін созылып жатқан таулы өлке. Солтүстігінде Кума-Маныч ойпаңымен шектеседі. Оңтүстігінде шекара айқын емес – Алдыңғы Азия таулы қыраттарына ұласып жатады. Ресей, Грузия, Әзірбайжан және Армения мемлекеттері жерінде орналасқан.
Көкшетау – жақпартасты, орманды-көлді таулар жүйесі. Сарыарқаның солтүстігінде, Көкшетау қыратының солтүстік-шығыс бөлігінде, Шортанды ауданында оқшау орналасқан.
Қағба – Меккедегі мұсылмандар құлшылық ететін, аса қастерлі орындағы тұңғыш ғимарат. Ол мұсылмандар аспаннан түсті, Құдай жіберді деп санайтын үлкен қара тасты қоршай салынған.
Қазалы – Қызылорда облысы, Қазалы ауданындағы қала (1867 жылдан). Аудан орталығы – Әйтеке би кентінен оңтүстікке қарай 12 шақырым жерде, Сырдарияның оң жақ жағалауына орналасқан. Кейбір деректер бойынша, елді мекен аты “Қаза” деп аталатын балық аулау жабдығынан шыққан болса, басқа деректерде мұнда әділ қазылығымен аты шыққан, халыққа жаққан бір адамға байланысты “Қазы” атанып, кейін “Қазалы” болып өзгерген дейді.
Қазығұрт тауы – Талас Алатауының оңтүстік-батыс сілеміндегі аласа келген жота. Шымкент қаласынан оңтүстікке қарай 35 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Ежелгі аңызда, дүниені топан су басқанда, Нұқ пайғамбар кемесі Арабияның Жуда тауында, Х ғасырдағы аңызда Арарат тауына тоқтаған делінеді. Қазақ (түркі) аңызы бойынша топан су қаптағанда Нұқ пайғамбар (“Топан су” мифінің көне нұсқасында Нұқ пайғамбардың есімінің орнында “Йвшқар-ата” (“Жылаған-ата”, “Жылауық ата” деген кісі есімі де қолданылады) кемесі Қазығұрт тауының шыңында тұрып қалған. Сөйтіп, топан су қайтқан соң, адамзаттың жаңа ұрпағының тіршілігі сыртқы бітімі кемеге ұқсас Қазығұрт тауынан басталған. Кейін ислам дінінің таралуына байланысты Нұқ пайғамбар туралы аңызбен ұштасып, ежелгі мифтің жаңа нұсқасы пайда болған.
Қалба – Ертіс өзенінің сол жағындағы тау қыраттарының атауы.
Қарақалпақстан – Өзбекстан Республикасының құрамындағы ұлттық –мемлекеттік құрылым. Астанасы – Нүкіс. Әкімшілік жағынан 15 ауданға (тұманға) бөлінген. 12 қала, 16 кент және 112 ауыл бар. Ресми тілі - өзбек, қарақалпақ тілдері. Ақшасы - өзбек сумы. 1993 жылы 9-сәуірде қабылдаған конституция бойынша елді Президент басқарады. Қызылқұмның солтүстік- батыс бөлігінде, үстірттің оңтүстік-шығыс жағы мен Әмударияның сағасын ала орналасқан. Арал теңізінің оңтүстік бөлігін қамтиды. Жері, негізінен, жазық.
Қарақұм – Балқаш және Сасықкөл көлдері аралығындағы құм.
Қаратау – Қазақстанның оңтүстігіндегі тау жотасы. Сондай-ақ осы аттас тау биіктіктері еліміздің оңтүстік батысында да кездеседі.
Қарқаралы – Қазақстанның байырғы қалаларының бірі. Қарағандыдан оңтүстік-шығысқа қарай 220 шақырым жерде.
Қармақшы – Қызылорда облысының орталық бөлігінде орналасқан. 1928 жылы құрылған. Аудан орталығы – Жосалы кенті. «Қармақшы» атауы 15-ғасырдан бастау алған.
Қопа – станция, Алматы облысындағы теміржол бекеті. Бұл атау республикамыздың көптеген жерлерінде кездеседі.
Қостерек – Қызылорда облысы, Қазалы ауданына қарасты елді мекен.
Құмбел өзені – Алатаудан бастау алып, Ыстықкөлге құятын өзен.
Құмкент шаһары – орта ғасырлардағы қаланың орны. Оңтүстік облысы, Шолаққорған ауданынан 30 шақырым жерде, Байқадам поселкесіне барар жолдың бойында орналасқан. 1946 жылы Орталық Қазақстан (Ә.Х.Марғұлан), 1947 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (А.Н.Бернштам) зерттеген. Марғұланның пікірінше, Құмкент араб деректерінде кездесетін Қамукент қаласының орны. Ол 13-14 ғасырларда Таластан Сайрамға қарай созылған керуен жолы бойындағы ірі сауда орталығы болған.
Қызылжар – станция, Қарағанды облысында. Таулар, Ақадыр ауданы Итмұрынды тауынан жерде Приозер ауданы, Түлкібай қыстағының солтүстік шығысында: Қазіргі Петропавл - бұрынғы аты.
Қызылқұм – Сырдария мен Әмудария аралығындағы құмды алқап.
Майлыкент – Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түлкібас аулының бұрынғы атауы.
Маңғыстау – Қазақстанның оңтүстік-батысында орналасқан өлке. Ел аузында Маңғыстаудың ойында 360 әулие өмір сүргені туралы ауыз, әңгімелер сақталған.
Мекке – мұсылмандардың қасиетті қаласы. Онда бас мешіт әл-Мәсжид әл-Харам мен Қағба орналасқан. Исламның негізін қалаушы Мұхаммед (с.ә.с.) осы қалада дүниеге келген. Мұхаммед (с.ә.с.) Меккеден кеткенімен Мәдинедегі жаңа құлшылық ету үйін Қағбаға қарама-қарсы қойған жоқ, қайта оның есігін соған қаратты (құбыла). Мұсылмандардың Меккені 630 ж. жаулап алуы оның діни орталық ретіндегі айрықша жағдайын қалпына келтіріп қана қоймай, одан да жоғары дәрежеге көтере түсті. Меккеге барып, тәуап ету исламның бес парызының бірі болып саналады.
Мысыр – араб елінің африкалық бөлігіндегі көне шаһар әрі ел атауы. Жергілікті арабтар Египетті де, оның астанасы Қаһираны (Қайыр) да Мысыр деп атайды. Қазақ фольклорында, сондай-ақ, көптеген шығыс халықтарының ауыз әдебиеті шығармаларында Мысыр шаһары жиі ұшырасады.
Нарынқол – Алматы облысы, Райымбек ауданындағы ауыл. Бұрын Нарынқол ауданының орталығы болған.
Нұра – Қарағанды және Ақмола облыстары жерімен ағатын өзен. Нұра Қарқаралы тауының батыс сілемдеріндегі бұлақтардан басталып, Теңіз көліне құяды.
Ніл – Африка құрлығындағы ірі өзен.
Орал – қала, Батыс Қазақстан облысының орталығы. Қала Жайық өзенінің жағасында, Шағанның Жайыққа құяр тұсында орналасқан.
Сайрам – Оңтүстік Қазақстан аумағындағы орта ғасырлық ірі қалалардың бірі. Бұрынғы аты – Исфиджаб. Орналасқан жері қазіргі Сайрам кентінің Оңтүстік батысында, Шымкент қаласынан 12 шақырым жерде. Сайрам жайлы алғашқы дерек Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғати-т-түрк» атты еңбегінде кездеседі. Моңғол шапқыншылығынан кейін Сайрам маңызды орталықтардың біріне айналған. ХV-VІІІ ғасырларда қазақ хандықтары кезінде ірі сауда, діни және мәдениет ошағы болған.
Самарқан – ІV ғасырда Марақанда деген атпен белгілі болған, Зеравшан өзенінің аңғарында орналасқан Орта Азиядағы көне қалалардың бірі. Қазір Өзбекстан Республикасының осы аттас облыс орталығы.
Сарандиб, Сарандел, Сарандип – Цейлон аралының арабша атауы. Діни аңыздар бойынша, жұмақтан қуылған Адам атаның түскен жері.
Сарыарқа, Арқа – Қазақстанның бүкіл орталық бөлігін алып жатқан аймақ. Солтүстікте Қазақ жазығынан басталып, оңтүстікте Бетпақдала мен Балқаш көліне дейінгі аралықта орналасқан. Батыста Торғай үстіртіне тіреледі. Шығыстағы шекарасы Балқаш көлінің солтүстік – шығыс шетінен Тарбағатайдың етегіне, онан әрі Зайсан қазаншұңқырының шетін ала Қалба жотасына дейін жетеді.
Сарыөзек – кент. Алматы облысы, Кербұлақ ауданының кенттік орталығы. Талдықорған қаласынан оңтүстік батысқа қарай . жерде, Жетісу Алатауының аласа таулы үстіртінде, тауаралық далада орналасқан.
Сауран – Оңтүстік Қазақстан аумағындағы орта ғасырлық ірі қалалардың бірі. Сауран қаласы туралы алғашқы мәлімет Х ғасырдағы деректерде кездеседі. Араб тарихшысы Мақдисидің жазуы бойынша «Сауран - жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат, мешіт» болған. ХІІІ ғасырда Ақ Орданың астанасы ретінде танылған. ХІV ғасырда Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Тарихи деректерде, Сауранда шайқалмалы мұнара, қаланың ішін сумен қамтамасыз ететін кәріздер жұмыс істеген. Қала ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда әлсіреп, ХІХ ғасырда біржолата күйреген.
Сафа, Мәруа – қажыға барғандар тәу ететін Меккедегі бір төбенің аты.
Семей – Ертіс өзенінің жағасында орналасқан, Шығыс Қазақстан облысына қарасты қала. Іргесі ХVІ ғасырда қаланған қаланың алғашқы атауы Доржынкент.
Созақ, Хұзақ – ежелгі қаланың орны. Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Созақ аулының оңтүстік шетінде орналасқан. Қала 13-ғасырдың жазба деректерінде Хұзақ деген атпен аталады, ал 16-ғасырдан бастап, Созақ деген атпен белгілі. Қаланың сырты дуалмен және ормен қоршалған. Онда 500-ге жуық үй болған. Қала маңында егіншілікпен айналысқан мекендер орналасқан.
Сыр – Орта Азиядағы ірі өзен. Қарадария мен Нарын өзендерінің Ферғана қазан шұңқырының шығыс бөлігіндегі қосылған жерінен бастап Сырдария аталынып, Арал теңізіне құяды.
Сібір – Азияның Орал таулары мен Тынық мұхит жағалауының және Солтүстік Мұзды мұхит жағалауы мен Моңғолия шекарасы, Сарыарқа етегі аралығындағы бөлігі.
Талас – Қырғыз Алатауынан бастау алып, Талас жазығы арқылы Мойынқұм құмдарына сіңетін, V ғасырдан белгілі өзен. Оның бойынан шаһар салынып, қала VІ ғасырдан кейін Тараз деген атпен мәшһүр болған. Бұл аттас Талас өзені Алматы облысының Райымбек ауданында да бар.
Талдықорған – Алматы облысы орталығының атауы. Жер атының мән-мағынасы атаудың шығу тегін айқындап тұрғаны анық.
Тарбағатай – Зайсан және Балхаш – Алакөл арасындағы су айырық жота. Семей, Шығыс Қазақстан облыстарының жерінде орналасқан. Жота ендік бағытта батыстан шығысқа қарай 300 шақырымға, ені 30-50 шақырымға созылып жатыр. Аягөз ауданында Тарбағатай ауылы бар.
Ташкент – қазіргі Өзбекстанның астанасы. Қазақ хандығы дәуірінде Ташкент қазақ хандары үшін айрықша геосаяси маңызы бар өңірлердің бірі болған. Тарихи деректер Ташкенттің Тәуекел және Есім хандары тұсында қазақ билеушілерінің ықпалында болғанын аңдатады. ХҮІІІ ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы кезінде де Ташкент бірде басқыншылардың, бірде қазақ халқының қолына өтіп тұрған. Ташкенттің ХҮІІІ ғасырда қазақтардың айтулы ордаларының бірі болғанын оның маңында Төле бидің және Әйтеке бидің бар екендігі де айғақтайды.
Тұр тауы (Тор тауы – Синай тауы) – аңыз бойынша, осы арада Мұса пайғамбар Алла Тағаламен тілдескен делінеді. Бұл қазірге дейін мінәжат тауы деп аталады. Құран Кәрімде бұл атау он мәрте кездеседі.
Түрген – Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы ауыл, округ орталығы. Аудан орталығының Есік қаласынан шығысқа қарай 12 шақырым жерде, Түрген өзенінің жағалауында, Іле Алатауының солтүстік баурайында орналасқан.
Түркістан – Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түркістан ауданының орталығы, Сырдарияның оң аңғарында орналасқан. 2000 жылы көне қаланың 1500 жылдығы тойланды. Арабтардың географиялық жазбаларына қарағанда ІV-Х ғасырларда бұл қаланың орнында Шавгар (арабша Шавагар) мекені болған, бірақ бұдан із қалмаған. ХІІ-ХІV ғасырларда Түркістан “Ясы” деп аталады. Қожа Ахмет Иасауи ғимараты салынғаннан кейін түркілердің діни орталығына айналды.
Шам – Сирияны арабтар осылай атаған. Теңеу ретінде “шариф” сөзі қосылып, көбінесе “Шам шариф” делінеді. Шариф арабша – құрметті, қадірлі, ұлы мәртебелі деген мағынаны береді.
Шу – Қырғызстан мен Қазақстан жеріндегі өзен. Ұзындығы . (Қазақстан аумағында ), Теріскей Алатау мен Қырғыз Алатауынан бастау алатын Жуанарық және Қошқар өзендерінің қосылған жерінен бастап Шу аталады. Ірілі-ұсақты 80 саласы бар, ірілері: (Қазақстанда): Қорағаты, Мерке, Қарабалта, Ақсу т.б. Теріскей Алатау мен Қырғыз жотасын кесіп өте бере Шу Жоғарғы Ортотоқой және Төменгі Ортотоқой шатқалдарын қалыптастырған. Соңғысының тұсына Ортотоқой бөгені салынған. Төменде Шу Ыстықкөл қазаншұңқырына шығады.
Іле – Қазақстан мен Қытай жеріндегі өзен. Алматы облысының Райымбек ауданынан бастау алып, Қытай жері арқылы елімізге оралып, Балқаш көліне құяды. Шекарадан бері аталған облыстық Ұйғыр, Іле, Балқаш аудандарының жерлерін басып өтеді.
"У-сунь (үйсін) – Үйсін – Ақарыстан: Жұмабай, Ұзынсақал Ыбырайым; осылардың бірінен Кейкі би; Кейкіден – Майқы би; одан – Бақтияр; Бақтиярдан: Үйсін, Ойсыл. Үйсін өз ішінде Ақсақал (Абақ), Жансақал (Тарақ) болып жіктеледі.
ТОМҒА ЕНГЕН МӘТІНДЕРДІ АЙТУШЫ ҺӘМ ЖИНАУШЫЛАР ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТ
1. А.Сейдімбек – фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор. 2. Ш.Ибраев – Түркі академиясының президенті, фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор. 3. Б.Рахимов – «Болашақ» университетінің директоры, фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор. 4. М. Әбдуов – Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор. 5. Р.Каренов – Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, экономика ғылымдарының докторы, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері. 6. А. Дүйсенбі – «Хабар» телеарнасының редакторы, фольклортанушы, филология ғылымдарының кандидаты. 7. Ә.Диваев – фольклортанушы 8. Ж.Көпеев – фольклортанушы 9. Мәтінді айтушы – зейнеткер Тәжібай Бошанов. 1908 жылы туған,
Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Қарағайлы поселкасының тұрғыны. 10. Мәтінді айтушы – зейнеткер Т.Көпбайқызы. Жамбыл облысы, Мерке ауданының тұрғыны. 11. Айтушы – Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Кемеқалған ауылының тұрғыны Ашарбеков Бексұлтан. 12. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түлкібас ауданы Керегетас ауылының тұрғыны, зейнеткер М.Шаймерденова. 13. Айтушы – Балқаш қаласының байырғы тұрғыны, сексен жастағы Бәйра әжей. 14. Қарқаралы қаласының тұрғыны А.Әрінов. 15. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Кемеқалған ауылының тұрғыны – Б.Ашарбеков. 16. Жамбыл облысы, Луговой ауданының тұрғыны - А. Мырзалиев. 17. Мәтінді айтып беруші: Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Қаратал ауылының тұрғыны – Мақсұтбек Бабашев. 18. Айтушы: Ақтүбек ауылының тұрғыны – Рахымұлы Серікбай. 19. Айтушы: Жамбыл облысы, Мерке ауданының тұрғыны, зейнеткер А.Ермекбаева. 20. Мәтінді айтушы: Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Тоғызбұлақ аулының тұрғыны, руы албанның ішіндегі – майлы, 1924 жылы туған Ә.Нұрахметова. 21. Жамбыл облысы, Талас ауданы, Бостандық совхозында, 1914 жылы туылған Б.Биқанбайқызы. 22. Жамбыл облысы, Шу ауданы, Киров совхозының, 2-ші бөлімшесінің тұрғыны, 1924 жылы туған Мұсалиев Жұматай. 23. Тапсырушы: Семей облысы, Үржар ауданы, Үржар селосының тұрғыны Ш.Хаймолдин. 24. Жамбыл облысы, Талас ауданы, Шәкіров атындағы совхоздың тұрғыны Қ.Әлиева. 25. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы, Талап совхозының тұрғыны Ә.Тілеубергенова. 26. Шымкент облысы, Киров ауданының 20-партсъезд атындағы совхоздың тұрғыны Ә.Мақұлбеков. 27. Жезқазған облысы, Жезді ауданының тұрғыны Ә.Оразалинова. 28. Шымкент облысы, Жетісай ауданы, Ленин колхозы, 2-бөлімшесінің тұрғыны – О.Сабденов. 29. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Аманкелді совхозы, Талап селосының тұрғыны К.Талдыбаева. 30. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Сергеевка селосының тұрғыны Ш.Наметова. 31. Шымкент облысы, Киров ауданы, XX-партсъезд атындағы совхоздың тұрғыны С.Әбдиев. 32. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Н.Әбдіров атындағы совхоздың тұрғыны М.Баймұханов. 33. Жамбыл облысы, Шу ауданы, Киров атындағы совхозы, 2-бөлімшесінің тұрғыны Н.Байғондиева. 34. Семей облысы, Абыралы ауданы, Қайнар совхозының тұрғыны К.Дүйсебаева.
ШАРТТЫ ҚЫСҚАРТУЛАР
ДУГ – Дала уалаятының газеті
ҚЕ – Қазақ ертегілері
А – арабша
П – парсыша
Т – түрікше
Ж – жергілікті
К.т – көне түркі
Тат – татарша
К.с – көнерген сөз
О - орысша
ӘӨИ – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
ОҒК – Орталық Ғылыми кітапхана
ҚҚ – Қолжазба қоры
Ш – шифр
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1. «Ақиқат» журналы. – Алматы, 1999. 9-10 саны. 2. «Алматы ақшамы» газеті. – Алматы, 1990. 20 февраль. 3. Живая старина /Под ред. В.И. Ламанского. Отделение этнографии Императорского Русского Географического Общества. – СПб.: тип. В.П. Мещерского, 1899. – Год 9, Вып. 1. – 149 с.: 1 карта. 4. «Записки Императорского русского географического общества по отделению этнографии» журналы. - СПб, 1888. т.10.- Вып.3. 5. «Казахская газета». – 1894. № 17. 6. «Казахская степная газета». – 1894. 17-саны. 7. «Қазақ әдебиеті» газеті. – Алматы, 1965. 29 октябрь. 8. «Қазақ елі» газеті. – Алматы, 1996. 27-қыркүйек. 9. «Қазақстан әйелдері» журналы. – Алматы, 1960. 8-саны 10. «Народный университет» – 1918. №50. 11. «Парасат» журналы. – Алматы, 2010. № 1-2: қаңтар-ақпан. 12. «Сибирский вестник» журналы. – 1890, 40-саны. 13. «Средняя Азия» журналы. – 1910, №11. 14. «Тургайская газета» 1896. 24-саны 15. «Этнографическое обозрение» журналы. – 1890, 1-саны.
16 «Этнографическое обозрение» журналы. – М, 1916. № 3-4 17. Қазақ тілінің сөздігі. – Алматы, 1999. 18. Орфографиялық сөздік / Құрастырғандар: Н.Уәлиұлы, А.Фазылжанова, Қ.Күдеринова, Ғ.Әнес. – Алматы: Тіл білімі институты, 2007. 480 б. 19. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 968 б. 20. Ясауи тағылымы. Ғылыми мақалалар мен жаңа деректер жинағы. – Түркістан: Мұра баспагерлік шағын кәсіпорны, 1996. – 152 б. 21. Абылқасымов Б. Телқоңыр. – Алматы: Атамұра, 1993. – 176 б. 22. Ақ сандық, көк сандық. Құрастырып, алғы сөзін жазған: Ш.Ибраев. Түсініктерін жазған: К.Матыжанов. – Алматы: Жазушы, 1988. – 256 б. 23. Арабско-русский словарь // Составитель Х.К.Баранов. – Москва, 1968. 24. Әбішев Х. Аспан сыры. – Алматы: Қазмем.саяси әдебиет баспасы, 1962. - 252 б. 25. Әбішев Х. Халық астрономиясы. - Алматы, 1959. 26. Әдеби мұра. Құрастырған, ғылыми түсініктерін жазған: Ү. Субханбердина. – Алматы: «Жазушы» баспасы, 1970. – 256 б. 27. Бабалар сөзі – даналық көзі. Құрастырған: О.Исмаилов. – Алматы: Білім, 1996. –184 б. 28. Баталов М., М.Сильченко. Очерки по казахскому фольклору и казахской литературе. - Алматы-Москва, 1935. – 96c. 29. Бичурин Н.Я. «Собрания сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена . т.1. – М-Л, 1950. – 220 с. 30. Бозинген: Казахские народные сказки – Алма-Ата: Жалын, 1985. – 208 с. 31. Валиханов Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Т.4. – Алма-Ата, 1985. – 560. 32. Гумилев Л.Н. Древние тюрки. - М, 1967. 33. Дала уалаятының газеті. Әдеби нұсқалар. 1888-1894. Құрастырушы: Ү.Субханбердина. – Алматы: Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы, 1989. – 656 б. 34. Дала уалаятының газеті. Әдеби нұсқалар. 1895-1898. Құрастырушы: Ү.Субханбердина. – Алматы: Ғылым, 1992. – 576 б. 35. Дала уалаятының газеті. Әдеби нұсқалар. 1899-1902. Құрастырушы: Ү.Субханбердина. – Алматы: Ғылым, 1992. – 576 б. 36. Диваев Ә. Тарту: Құрастырған, алғы сөзін және түсініктерін жазған Ф. Оразаева. – Алматы: «Ана тілі», 1992. - 256 б. 37. Досжанов Д. Келіншектаудағы тас түйелер. Алматы, 1979. 38. Древнетюркский словарь. – Ленинград, 1969. 39. Дүйсенов М. Біз – күн перзентіміз. – Алматы: Жалын, 1984. – 232 б. 40. Дүйсенов М. Бір аспанның астында. – Алматы, 1986. 41. Дүйсенов М. Ғасырлар сыры. – Алматы: Жалын, 1988. – 328 б. 42. Дүйсенов М. Сағанатас сырлары. – Алматы: Балауса, 1992. – 287 б. 43. Ежелгі Қазақстан мифтері. Құрастырған: О.Жанайдаров. – Алматы, 2008. – 256 б. 44. Ел аузынан. Құрастырушылар: Б.Адамбаев, Т.Жарқымбекова. – Алматы: Жазушы, 1989. – 368 б. 45. Жер шежіре. Хрестоматия. Құрастырушылар: Б.С. Рахимов, Ж. Шекен.– Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2006. - 192 б. 46. Исқақов М. Қазақтың байырғы календары. – Алматы, 1960. 47. Исқақов М. Халық календары. – Алматы, 1980. - 207 б. 48. Казахские и уйгурские сказки. Составители: Б.Турсынбаев, Л.Макеев. – Алматы, 1949. 49. Казахские народные сказки. Составитель: В.Сидельников – Алматы, 1952. 50. Казахские сказки. 2-том. – Алматы, 1964. 51. Казахский фольклор в собрании Г.Н. Потанина. – Алматы, 1972. – 383 с. 52. Каскабасов С. Казахская волшебная сказка. – Алматы, 1972. – 260 c. 53. Қаба Ә. Мыңнан бір мезет. – Алматы: Шартарап, 1995. - 223 б. 54. Қазақ ертегілері. 1 том. Құрастырған: Е.Ысмайылов. – Алматы: ҚазМем, көркем Әдбиет баспасы. 1957. – 447 с. 55. Қазақ ертегілері. 1-том. Құрастырып, ғылыми түсініктерін жазғандар: Т.Алпысыбаев, Б.Әзібаева, С.Қасқабасов, Қ.Қабдолова, Е.Тұрсынов. Алматы: Жазушы, 1988. – 288 б. 56. Қазақ ертегілері. 2 том. Құрастырушылар: Адамбаев Б, Сұлтанғалиева Г, Уахатов Б. – Алматы: Көркембаспа, 1962. – 471 б. 57. Қазақ ертегілері. 2 том. Құрастырып, ғылыми түсініктерін жазғандар: Т.Алпысбаев, Қ.Қабдолова, М.Шафиғов, С.Шоқпарова. – Алматы: Жазушы, 1988. – 288 б. 58. Қазақ ертегілері. 3 том. Құрастырып, ғылыми түсініктерін жазғандар: Т.Алпысбаев, Б.Әзібаева, С.Қасқабасов, М.Шафиғов. – Алматы: Жазушы, 1988. – 320 б. 59. Қазақ ертегілері. 4 том. Құрастырып, ғылыми түсініктерін жазғандар: А.Айдашев, Т.Алпысбаев, Б.Әзібаева, С.Қасқабасов, М.Шафиғов, Ғ. Мамутова. – Алматы: Жазушы, 1989. 304 б. 60. Қазақ ертегілері. ІІ – бөлім. – Алматы: Алматы кітап, 2009. - 160 б. 61. Қазақ халық ертегілері. – Шыңжаң, 1980. 62. Қазақтың бақсы-балгерлері. Құрастырғандар: Ж.Дәуренбеков, Е.Тұрсынов. – Алматы: Ана тілі, 1993. – 224 б. 63. Қазақтың мифтік әңгімелері. Құрастырып, ғылыми түсініктерін жазғандар: Ш.Ибраев, П.Т. Әуесбаева. – Алматы: Ғылым, 2002. – 320 б. 64. Қасиманов С. Алтай аңыздары. – Алматы: Жазушы, 1975. – 88 бет. 65. Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасы. – Алматы: Ғылым, 1984. – 272 б. 66. Қожа Ахмет Иассауи. Хикметтер (Аударған және түсініктерін жазған Ә.Жәмішұлы. – Алматы, 1995. 67. Қоңыратбаев Ә. Қазақ эпосы және түркология. – Алматы: Ғылым, 1987. – 368 б. 68. Қорқыт ата. Энциклопедиялық жинақ. – Алматы, 1999. – 800 б. 69. Құнанбаев Абай. Шығармаларының толық жинағы. 1том. – Алматы: Қазақ ССР Ғылым академиясының баспасы, 1954.- 323 б. 70. Құран Кәрім. Қазақша мағына және түсінік. (Аударған Х.Алтай). Қасас сүресі, – Медине, 1991. 71. Машанов А. Аспан ертегілері. «Жұлдыз» журналы. 1958, 7-саны. 72. Мәдени-әдеби өрнектер. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 500 б. 73. Миропиев М. «Демонологические рассказы киргизов». – СПб, 1888. 74. Мыңжанұлы Н. Қазақтың мифтік аңыздары. – Үрімжі: Шынжаң халық баспасы, 1996. – 195 б. 75. Нұрғали А. Қазақ ілкі тектерінің дәстүрлі мәдениеті. – Алматы: Атамұра, 2000. – 168 б. 76. Өлген қазан. Аңыздар. Құрастырған: К.Сейдеханов. – Алматы: «Жалын», 1985. – 336 б. 77. Пантусов Н.П. «Материалы к изучению казах-киргизского наречия». - Қазан, 1901. Вып.ІІІ. 78. Потанин Г.Н. «Очерктер» ІІ – басылым. 79. Потанин Г.Н. «Очерктер» ІV басылым. 80. Потанин Г.Н. «Очерктер» ІІІ-басылым, 81. Протоколы заседаний и сообщения членов Туркестанского Кружка любителей археологии. Год 10-й. Ташкент, 1905. 82. Радлов В. Алтын сандық. Құрастырып, алғы сөзі мен түсініктемелерін жазғандар: С. Қасқабасов, К.Ісләмжанұлы. – Алматы: «Ана тілі», 1993. – 254 б. 83. Радлов В.В. Образцы народной литературы тюркских племен, живущих в Южной Сибири и Дзюнгарской степи. – СПб, 1870. часть ІІІ. Киргизское наречие. 84. Рахман Ә. Ұйғыр фольклоры туралы баян. – Үрімжі, 1989. - 298 б. 85. С. Сейфуллин. Ғылыми түсініктерін жазып, томды баспаға әзірлегендер: Ә.Нарымбетов, М.Хасенов, С.Сейітов, А.Нағыметов, С.Баймолдин. Бес томдық шығармалар жинағы. Том 2: Поэмалар мен пьесалар. – Алматы, 1987. – 272 б. 86. Сағындықұлы Б.М. Ғаламның ғажайып сырлары. – Алматы: Ғылым, 1997. – 296 б. 87. Сборник материалов для статистики Сыр-Дарьинской области. - Қазан, 1904. Вып.11. 88. Сейдімбек А. Бейпіл сөздер. – А, 2000. – 270 б. 89. Сейдімбек А. Күй шежіре. – Алматы: Ғылым, 1997.- 224 б. 90. Тизенгаузен В.Г. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой орды. Т.2. -М-Л, 1941. 91. Тойшанұлы А. Түрік-моңғол мифологиясы. – Алматы, 2009. – 192 б. 92. Төреқұлұлы Н. Қазақтың жүз шешені. – Алматы, 1994.- 251 б. 93. Труды общества изучения киргизского края. – Оренбург, 1922. Вып. ІІІ. 94. Туркестанский сборник. 462 том, 463 том. – Ташкент, 1908. 95. Уәлиханов Ш. Таңдамалы. 2 – бас.- Алматы: Жазушы, 1985. – 560 б. 96. Ұлы пайғамбарлар және ұрпақтары» Шежіре кітап. 2-басылымы. – Астана: Парыз, 2009. Құрастырғандар: С.Құрбанқожаұлы, А.Жолдасов, М.Омартайұлы, Т.Жүнісов, Б.Мырзаев, К.Жүністегі, О.Есәліұлы, Н.Мүтәлиев. 97. Хайуанаттар туралы қазақ ертегілері. Құрастырушылар: С.Қасқабасов, Е.Костюхин, Н.Смирнова, Е.Тұрсынов. - Алматы, 1979.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру