TELEGEI

Home

Ұлағаттың алтын ұясы

Қ. Сүндетұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ұлағаттың алтын ұясы

Ұлағаттың алтын ұясы. Қ. Сүндетұлы

І БӨЛІМ: БІЛІМ ЖОЛЫНДАҒЫ БЕЛЕС

«ГПИ» ҚАЛАЙ АШЫЛДЫ

Қазақстанның батыс өлкесіндегі іргелі білім ордаларының бірі – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің (бұрынғы – Гурьев педагогикалық институты) ашылуы туралы бірнеше мақалалар, дипломдық жұмыстар мен кітаптар жазылды. Солардың арасында авторлардың құрастыруымен жарық көрген «Атырау мемлекеттік университеті: бүгіні мен болашағы» (Алматы, 2001 ж.) және «Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті – жарты ғасырдан аса уақыт бойы аймақтың білімі мен ғылымына қызмет көрсету» (Атырау, 2010 ж.) атты энциклопедиялық тұрғыда басылған еңбектердің шоқтығы биік. Сондай-ақ, бұл тақырыпқа әріптестеріміз ғылым докторлары Қ.Б. Сейталиев (марқұм), А.Қ. Ахметтердің де қалам сілтегенін айрықша айтып өткеніміз дұрыс. Сонымен, Атырау топырағында тамыр жайған тұңғыш жоғарғы оқу орны қашан ашылды, дәлірек айтқанда қай күні өз жұмысын бастады? Тарих деректерінің көзі мұрағаттармен қатар жергілікті мерзімді баспасөз екенін ескерсек, бұның дәл жауабын «Атырау» (бұрынғы «Социалистік құрылыс») газетінің беттерін парақтағанда алдық. Алдымен мұрағатта сақталған тарихи деректерге көз жүгіртсек. Гурьев қаласында Қазан төңкерісінен кейін жоғарғы буынды білім ұясын ашу күн тәртібіне өткір қойылды. Қаладағы екі жылдық мұғалімдер дайындайтын мектеп өлкеміздің халық ағарту саласындағы мамандар мәселесін шешуде әлсіздік танытты. Тек 1929 жылы ашылған бастауыш сынып оқушыларын дайындайтын педагогикалық училище ғана бұл мәселенің орнын толтыра бастады. 1932 жылдан сол кездегі облыс орталығы аталған Орал қаласында жұмысын бастаған педагогикалық институт жергілікті жерде жоғарғы білімді кадрлардың келуіне септігін тигізді. Алғаш 1939 жылы Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің Гурьев қаласында екіжылдық мұғалімдер институтын ашу және Қазақ КСР Халық Ағарту Комиссариатының бекіткен мамандығы бойынша 1 курсқа 120 студент қабылдау туралы қаулысы жарық көрді [1]. Осы құжат негізінде екіжылдық мұғалімдер институтын ашу туралы Гурьев облыстық атқару комитеті 1940 жылы 27 мамырда № 13 хаттамасымен шешім шығарып, жаңадан ашылатын оқу орнына қаладағы педагогикалық училищенің оқу ғимаратын және аталмыш училищеге бұрынғы Ленин атындағы бастауыш орта мектептің ғимаратын беруге, ал қабылданатын болашақ 120 студентке арналып жатақхана үйін қарастыру облаткомге жүктеледі. Сонымен қатар Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесіне 1941 жылдан бастап, жаңа оқу үйі мен 500 орындық жатақхана үйін тұрғызуға ұсыныс жасалынады [2, 10 б.]. Осылайша, Гурьев мұғалімдер институтын ашудың ұйымдастыру шаралары негізінде 1940 жылдың 1-ші қыркүйегінен бастап оқу орны өз жұмысын бастап кетеді. Гурьев мұғалімдер институтының бірінші ректоры болып көрнекті ғалым, Мәскеудегі Г.М. Крижановский атындағы мемлекеттік экономика институтының түлегі Әбді Бошынұлы Тұрсынбаев тағайындалады. Өкінішке орай кенеттен басталған соғыстан өлкемізде ашылған тұңғыш жоғарғы оқу орны өз жұмысын тоқтатады.

Бес жылға созылған Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталысымен Гурьевте қайтадан мұғалімдер институтын құру ісі өз жалғасын табады. Сөйтіп 1950 жылы 28 маусым күнгі № 115/Т-ші КСРО Жоғарғы білім беру министрі С.Кафтановтың бұйрығымен 1950 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 150 адамдық Гурьев мұғалімдер институты ашылады [3]. Алғашында жоғарғы оқу орнында 3 факультет болды, атап айтқанда: физика-математика, филология және жаратылыстану-география. Институтта марксизм-ленинизм, педагогика, физика және математика, орыс тілі мен әдебиеті, география мен жаратылыстану кафедралары жұмыс істеді. Институттың директорлығына Құспан Еспендіұлы Темірғалиев беркіледі. Ол жазған естеліктен тарих ғылымдарының докторы А.Қ. Ахмет былайша ой тарқатады: «1950 жылдың жазында С.М. Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетін бітірген мені республика халық ағарту министрі Әбдіхамит Ібниұлы Сембаев шақырды. Менімен жеке әңгімесінде ол былай деді: «Министрлік сізді Гурьев қаласына институт директоры етіп тағайындау туралы шешім алды. Сіз әскери адамсыз, әскери-саяси жұмыста армиялық шынығудан өттіңіз. Сіздің жауапты тапсырманы ойдағыдай атқаратындығыңызға біздің сеніміз мол. Жиналуға үш күн беремін. Бірінші тамызда Гурьевке кету керек». Министрмен әңгіме кезінде мен ойымша жіберген жерге бармаудың себебін даярладым. Аузымды ашқанша болған жоқ, министр қолыма бұйрықты ұстатты. Министрдің кабинетінің табалдырығын аттағанда, университет бітіруші-студент болсам, ал одан шыққанда институт директоры атандым»[4].

1 қыркүйек күні – өлкемізде тұңғыш ашылған мұғалімдер институтына қабылданған студенттердің қуанышында шек болмады. Сол күні әсем безендірілген білім ұясына қолдарына шоқ-шоқ гүлмен адамдар легі ағылды. Жүздері жарқын, бейне бір үлкен мерекенің зор салтанатына жиналғандай сапқа тұруда. Бұл Гурьевтегі мұғалімдер институтындағы білім күніне арналған жиналысы еді. Алғашқы кіріспе сөзді институт директоры Қ.Е. Темірғалиев сөйлеп, одан кейінгі құттықтауды ҚЛКЖО Гурьев облыстық комитетінің хатшысы Халелов алады. Сол күнгі қуанышты хабарлаған «Социалистік құрылыс» газетінің 1950 жыл 3 қыркүйектегі № 176(5085) санында «Тұңғыш жас кадрлар ордасы» атты мақалада мынандай жолдар бар: «Институттың директоры Темірғалиев жолдас «Социалистік құрылыстың» тілшісімен әңгімелескенде былай деді: – Ленин-Сталин партиясы еліміздің халық шаруашылығы мен мәдениеті үшін маман кадрлар дайындау ісіне зор қамқорлық көрсетіп келеді. Халық игілігіне жұмыс істеуші армияның қатарына жыл сайын мыңдаған жастар қосылуда. Оларды еліміздің жоғарғы дәрежелі оқу орындары тәрбиелеп келеді. Биыл республикамыздағы жоғары оқу орындарының қатарына Гурьевтің мемлекеттік мұғалімдер институты қосылып отыр. ... Институтке түсуге арыз берушілер саны 230-ға жетті. Қабылдау емтиханын жақсы бағаларға тапсырған 150 адам институтқа алынды. Мұның 20-сы орта мектепті үздік бітіріп, емтихансыз қабылданғандар. Студенттер үшін 100 орындық жатақхана ұйымдастырылды. Ол төсек-орынмен, кроваттармен, түрлі мебельдермен жабдықталды. Институтке оқытушылар кадрлары іріктеліп алынды. Профессор Репников физика-математика кафедрасын, ауыл шаруашылық ғылымдарының кандидаты Назаренко жаратылыстану-география кафедрасын басқарады. Жалпы оқытушылар коллективінің 70 проценті Қазақтың С.М. Киров атындағы мемлекеттік университетін алдыңғы қатарда бітіргендер. Институтта кітапхана ұйымдастырылды. Аз уақыттың ішінде 20 мыңдай томдар мен әдебиеттер алынды. Алға қарай да кітап қорын жинастыра түсеміз» [5].

Мұғалімдер институтының салтанатты түрде ашылуы 1950 жылдың 30 қыркүйек күні өтті. Бұл күнгі мәжіліске Гурьев облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы Ержанов, облыстық партия комитетінің хатшысы Жаймурзин және олардың орынбасарлары, комсомол ұйымының жетекшілері қатысады. Жиналыста институт директоры Қ.Е. Темірғалиев, облыстық комсомол комитетінің хатшысы Өтегенов, аға оқытушы Павленко, студенттер атынан Ғабдуллин, Волковтер сөз сөйлейді.

Жоғарыда институт директоры Қ.Е. Темірғалиев айтып өткеніндей, Гурьев мұғалімдер институтының оқытушылығына филологтер Г.Қадырова, Н.Е. Бахарев, тарихшылар Д.Ж. Баяндиев, А.Польская, биологтер И.Ф. Поваренкин, А.Д. Киселева, И.П. Вотякова, физик И.Г. Чейдуков, математик Яковлева, педагог Р.Г. Гаязова, психолог В.И. Куфтырева, дене тәрбиесінің оқытушылары А.Н. Лютиков, Р.М. Маренинова-Емельченко қабылданды. Гурьев қаласындағы мектептерден филолог Л.И. Азовская, географ П.П. Точеный, физиктер Х.А. Ахметжанов, М.Ж. Жұмашев және т.б. келіп, ұжымды толықтырды. Білім ордасының оқу ғимаратына Ленин атындағы орта мектептің ғимараты және екі студенттік жатақхана бөлінді. Институтке бірінші оқу жылы 150 студент қабылданды: физика-математика факультетіне – 50, жаратылыстану-география бөліміне – 50, филология факультетіне – 50, студенттерге барлығы 13 оқытушы дәріс берді [6, 14 б.]. Гурьев мұғалімдер институты өз кезегінде жоғары білім беретін педагогикалық оқу орны ретінде аймақтың мұғалімдерге деген сұранысын толық қамтамасыз ету бағытында бірқатар игілікті шараларды жүзеге асырды. Сол уақытта екі жылдық мұғалімдер институты жетіжылдық мектептер мен орта мектептердің 5-7 сыныптары үшін оқытушылар дайындады. Оқу орнын бітіргеннен кейін өздерінің білімін одан әрі толықтыру үшін бірден педагогикалық институттың үшінші курсына қабылданатын да болды. Ұжымның оқытушылары кәсіптік бағдар беру ісінде жергілікті мерзімді баспасөзді, дәлірек айтқанда облыстық екі газетті орынды пайдалана білді. Сөзіміздің дәлеліндей, «Социалистік құрылыс» газетінің 1951 жылдың 20 шілде күнгі № 142 (5303) санында институт директорының оқу-ғылыми бөлімі жөніндегі орынбасары П.Точеныйдың «Гурьевтің мұғалімдер институтына оқыңыздар!» атты мақаласы. Институт басшысының орынбасары өз мақаласында жаңадан ашылған оқу орны туралы кеңірек түсінік бере отырып, студенттердің алған білімдерін теориялық және тәжірибелік жағынан көрсетуге мол мүмкіндіктер беретін кабинеттер, зертханалар, кітапхана жұмыс істейтіндігінен хабардар етеді. Институттың оқытушылары мен студенттері түрлі үйірмелер мен спорттық шараларды ұйымдастырып қана қоймай, насихаттаумен де шұғылданады дей келе: «Институтта облысымыздың ең қашық аудандарындағы, мал жайылым участоктеріндегі орта мектептерді бітірген оқушылар тәрбиеленеді. Олар институттың өміріне белсене қатынасып, сабақты үздік оқып келеді. Мысалы, Маңғыстау ауданынан келген Нұрлыбаев, Тайсойған мал жайылым участогындегі бастауыш мектептің мұғалімі болған Өтеулиев және басқа студенттер сабақты үнемі жақсы үлгереді. Облысымыздың жігіттері мен қыздары, орта мектепті бітіруші жас түлектер! Облысымызда өткен жылы тұңғыш ұйымдастырылған жас кадрлар ордасына оқуға түсіп, сталиндік дәуірдің маман мұғалімдері болып шығуға ұмтылыңыздар! Біздің институтқа түсіп оқыңыздар!» [7]. Өлкеміздегі орта буынды білім ордасы облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, өскелең жас ұрпаққа сапалы білім және саналы тәрбие беруге күш салды. Болашақ жас мұғалімдердің жан-жақты саяси кемелденуіне өз заманының белсенді құрылысшысы болуы үшін көптеген тәрбиелік шаралар ұйымдастырылды. Сол кездегі халықаралық жағдайдағы идеологиялық «қырғи-қабақ соғыстың» өршуінің алдын алуға институт ұжымыда бір кісідей үн қосты. Білім ұясында өткен Бүкілдүниежүзілік Бейбітшілік Кеңесінің Үндеуіне қол қоюға арналған жиналысқа 275 адам қатысады. Гурьев облыстық «Социалистік құрылыс» газетінің 1951 жыл 2 қазан күнгі № 195 (5356) санында жарияланған тілші А.Багаутдиновтың «Студенттер үні» атты мақаласында американ-ағылшын империалистерінің жаңа соғыс өртін тұтандыруға жанталасып жатқан саясатын айыптаған жастардың көтеріңікі дауысын баяндайды. – Совет адамдары соғысты тілемейді, –деді Токарев жолдас, – Ұлы Отан соғысында менің бір балам ерлікпен қаза тапты. Американ-ағылшын империалистері дүниежүзілік үшінші соғысты тұтандырғысы келеді. Бірақ олардың бұл тілегі болмайды. Бізге бейбіт еңбек керек, біз коммунистік қоғам орнату үшін күресеміз. Мен Бүкілдүниежүзілік Бейбітшілік Кеңесінің Үндеуіне зор қуанышпен қол қоямын.

– Совет адамдары бейбітшілікті жақтаудың тарихи документіне зор өрлеумен қол қоюда, –деді студент Оразбаева жолдас, – біз толық демократия орнаған елдің азаматы екендігімізді мақтан етеміз. Совет адамдары жоғары білім алуға праволы. Біздер өткен соғыстың келтірген зардабын ұмытпаймыз. Біз соғысты тілемейміз! Барлық студенттерді Бейбітшілік Үндеуіне қол қоюға шақырамын» [8].

Гурьев мұғалімдер институты өзінің алғашқы түлектерін 1952 жылы қанат қақтырса, олардың барлығыда республиканың саяси-әлеуметтік және мәдениетін дамытуға сүбелі үлестірін қоса білді. Халық ағарту саласында жемісті еңбек еткен Бисен Саппаевты, Қадырғали Есенғалиевты, Рақып Хабировты, Тынышбай Оразовты, Сүлеймен Қаналинды, Тарахи Амантурлинды, Ибатолла Ғатауовты, Анна Андреевна Свербихинаны, Валентина Феодоровна Круглованы, Альбина Феодровна Вахованы және т.б. есімдерін ілтипатпен айтуға болады.

Гурьев мемлекеттік мұғалімдер институтының директоры Қ.Темірғалиевтың «Социалистік құрылыс» газетінің 1952 жыл 4 шілде күнгі № 181(5549) санындағы «Біздің институттың алғашқы жемісі» атты мақаласынан үзінді келтіре кеткеніміз орынды. Директор өз оқырмандарын оқу орнының ашылуы мен тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, мемлекет тапсырған міндеттерді орындауда оқытушылар ұжымы мен студенттер қоян-қолтық еңбек етіп жатырғандығын баяндайды. Тұңғыш рет институтты 117 жас бітіріп, облыстың халық ағарту жүйесіне аттанғалы отыр дей келе: «Оқуда және практикалық жұмыстарда айрықша көзге түскен 13 студентке үздік диплом берілді. Физика-математика бөлімінде Өтеуовке, Кочурина, Васильева, филология бөлімінде Свербихина, Коротецкий, Ермухамбетов, Бисенбиев, жаратылыстану-география бөлімінде Қарынтаев, Кенжин, Соломина, Баранович, Алексеева және Шахшиева жолдастар үздік дипломға ие болды. Институтты тұңғыш бітірушілерден 84 адам облысымыздың колхоздағы ауыл мектептеріне, 15 адам қаладағы мектептерге, 7 адам Батыс Қазақстан облысына, 6 адам Астрахань облысына мұғалімдік жұмысқа барады, ал 5 адам институттың өзіне жұмысқа қалдырылады» [9]. Газеттің бетінде бітірушілер атынан Ы.Өтепов, Ш.Оразбаева, А.Свербихиналардың ыстық-ықыласқа толы лебіздері берілген. Журналист Түсіп Бисекеновтың «Институт тұңғыштары» атты көлемді очеркі де жарияланыпты. Ал институт түлегі, жас ақын Сүлеймен Қаналин жүрегінен төгілген жыр шумақтарын «Диплом» атты өлеңінде былайша өргізеді:

– Біздің думан тасқындады,

Әннің шалқып әр түрі.
Ұлы еңбектің тойын тойлау,
Біздің елдің дәстүрі.
Еткен еңбек, көп іздену,

Жеміс беріп гүлденген.
Аттандырды беріп бізге –
Ұлы өмірге – диплом.
Қуанышына шексіз толы,

Әр досымның жүрегі.
Өйткені олар сәулеттенген
Болашақты біледі.
Ертең олар жас бөбекті,

Тәрбиелеп өсірмек.
Өткір, өжет даңқына сай,
Отан ұлы болсын – деп».

Осы тұста мұғалімдер институтының алғашқы түлектері туралы деректердің арасында алшақтық болғанын ескерте кеткім келеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, сол жылы институт басшысы 117 маман бітірді деген болса, ал жазылған 2 кітапта да 124, 122 адам бітірді деген жолдар бар [2, 19 б. 6, 18 б.]. Мұның жауабы да табылды, мемлекеттік емтиханға жіберілген бітірушілерге талаптың жоғары болғандығы соншалық жыл сайын сынақтан міндетті түрде 5-6 студент өте алмай қалатын жағдайлар кездескен. Жалпы білім ұжымының 1955 жылғы мамыр айындағы есебі бойынша, 1951 жылдан бері 435 жас мамандық алып шыққан болса, сол жылы бітіретін 127 жас мұғалім шақырылған шалғай мектептерге аттанбақшы болды. Олардың арасынан 57 маманды үкіметтің шақыруымен республикамыздағы тың және тыңайған жерлердегі мектепке жіберілетін болып шешілді.

Институт жанынан ашылған сырттай оқу бөлімінің де жұмысына тоқталмай кетуге болмайды. Өндірістен қол үзбей оқитын жоғары білім беру саласының да өлкеміздегі кадр тапшылығын жоюдағы ұнамды ізденістерін атап өткен жөн. Неге екені белгісіз, осы оқу орнының тарихын жазған әріптестерім «1956 жылы Гурьев педагогикалық институтының екі факультетінің жанынан сырттай оқу бөлімі ашылды. Оның алғашқы түлектері 1961 жылы бітіріп шықты» деген екіұшты мәлімет жариялаған [2, 23 б.; 6, 21 б.]. Шындығында, Гурьев мұғалімдер институтының сырттай оқу бөліміне 1951 жылы 133, 1952 жылы 187 және 1953 жылы 268 адам өтініш білдірген. 1954 жылғы есеп бойынша барлығы 362 адам оқуға қабылданып, өз білімдерін жылына 2 рет сессияға келіп жетілдірген. «Алайда институттың сырттай оқыту бөлімінің жұмысында елеулі кемшіліктер орын алуда, – деп жазады институт директорының сырттан оқыту жөніндегі орынбасары А.Нұржақыпов. – Сырттан оқыту бөлімі осы уақытқа дейін барлық сырттан оқушылардың оқу жоспарының және бақылау жұмыстарының орындалуын үнемі тексеріп отыруға қол жеткізе алмай келеді. Соның салдарынан институт 1953 жылғы сессияға да, 1954 жылғы қысқы сессияға да оқушылардың түгел қатынасуын қамтамасыз етпеді. 1953 жылы жазғы сессияға шақырылған 280 адамнан тек қана 226 адам келді. Үстіміздегі жылдың қысқы сессиясына шақырылған 180 адамның 10 адам ешбір себепсіз сессияға қатыспады. Бақсай, Қызылқоға және Маңғыстау аудандарының оқу бөлімдері сырттан оқитын мұғалімдерге өте көп сағат беріп, олардың өздігінен оқуларына қажетті жағдай жасамады. Институттың талай рет сұрауына қарамастан Есбол, Новобогат аудандық оқу бөлімдері (меңгерушілері Өмірғалиев, Хайыров) сырттай оқитын мұғалімдердің сессияға дер кезінде ұйымшылдықпен келулерін қамтамасыз етпеді», – дей келе, жергілікті басқару органдарының назарына осы мәселені қатаң назарларына алса деген тілек білдіреді [10].

Зырлаған уақытпен бірге елімізде мұғалімдер институтының жүйесі қысқартылып, олардың ішінде материалдық қоры мен ғылыми-әлеуеті жағынан қуаттылары педагогикалық институтқа ұйымдасты. Солардың сапында Гурьев мұғалімдер институты өлкемізде жоғары дәрежелі ұстаз дайындайтын педагогикалық институтын ашуға негіз болады. Аймақ мектептеріндегі жоғары білімді мұғалім кадрларына деген сұранысты 5-7 сыныптар үшін маман дайындайтын мұғалімдік институт толық ақтай алмады, сондықтан осы жағдайларды ескере отырып республика үкіметі толықтай бір шешімге келді. Ол шешімде көп күттірмеді. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі қаулысына орай, Қазақ КСР Халық Ағарту ісі министрлігінің 1955 жылғы 16 маусымдағы бұйрығымен Гурьев мұғалімдер институты педагогикалық институт болып қайта жарақтандырылды. Кейін осы министрліктің 1956 жылғы 24 ақпан күнгі № 47 бұйрығымен сол жылғы 1 наурыздан бастап жаңа оқу орнының директорлығына тарих ғылымдарының кандидаты Байтықов Сүгірбай тағайындалып, бұрынғы басшы Темірғалиев Қ.Е. марксизм-ленинизм кафедрасына оқытушылыққа жіберіледі [11].

Сол 1956 жылы Гурьев педагогикалық институтының күндізгі бөлімін бір топ түлектер бітіріп шықты. Мемлекеттік емтиханға жіберілген 129 білім алушының 127-сі комиссия алдында өз білімдерін қорғап шығады. Олардың 47-сі тіл және әдебиет, 36-ы физика және математика, 44-і география және жаратылыстану факульттерінің студенттері. Олардың арасынан Политова Тамара – филология, Кокарева Анна, Қарабалин Сиғуат – физика-математика, Салина Валентина, Зеликова Антонина, Шварцман Маша, Ибрашев Ақат, Қазиев Жалау – география-жаратылыстану мамандықтары бойынша үздік бағаға аяқтайды. Мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болған Қ.Жаманбаевтың «Социалистік құрылыс» газетінің 1956 жыл 13 шілде күнгі № 139 (6587) санындағы «Емтихан нені көрсетті» атты мақаласында институтты бітірушілер арасында марксизм-ленинизм негіздерінен болған мемлекеттік емтиханды жартысынан көбі «өте жақсы» және «жақсы» деген бағаға қорғап шыққандығына оң баға бере отырып: «Алайда кейбір бітірушілер бұл пәннен терең білім алуда ойдағыдай еңбектенбеген. Бірсыпыра бітірушілер КПСС ХХ съезі материалдарын жете білмейді. Әсіресе жеке адам мен бұқараның тарихтағы рөлі, ХХ съезд ауылшаруашылығын одан әрі өркендету туралы, Қазақстандағы халық шаруашылығы алтыншы бесжылдықта, халық шаруашылығындағы техникалық прогресс деген тақырыптарды студенттер терең оқымаған. Мұның өзі алдағы уақытта қоғамдық пәндер кафедрасынан ХХ съезд материалдарын оқыту жұмысын жақсартуды талап етеді», – деп түйіндейді. Төраға одан әрі бітірушілер Политова, Кокаревалар тіл әдебиеттен болған емтиханда терең білімдерін көрсете білді деп баға бере келіп, студенттердің көркем әдебиеттерді аз оқиды деп қынжылыс та білдірген [12]. Дегенмен де, осы тұста институт жастары арасында шығармашылыққа ерекше құлшыныс білдіргендердің аз болмағандығын айта кеткеніміз орынды. Олардың басын біріктірген оқытушы Е.Боярский әдебиет үйірмесін ұйымдастырып, жазушылармен кездесулер, студенттердің шығармаларын талқылауды дәстүрге енгізген. Жергілікті газеттерге мақалалары мен туындыларын жарыққа шығарған. Мысалы, студенттер 1957 жылы 13 желтоқсанда жас жазушы Берқайыр Аманшинмен кездесіп, ақынның «Даладағы дауыл» атты поэмасынан үзініділер тыңдап қатты әсер алған. «Социалистік құрылыс» газетінің сол жылдардағы сандарында студенттер Қ.Қосжанов, Ф.Оңғарсынова, Ж.Набиуллиндердің өлеңдері, А.Сапаров, Д.Хасанов, М.Әжіғалиев, Х.Оразов, Ж.Орынбасаров, Гүлжихан Мұқышева, О.Тәжіманов, Д.Жардемов, Ә.Хайдарұлы және т.б. мақалалары тұрақты жарияланып тұрған. Ал енді жас ақын Ж.Набибуллиннің «Институтқа» атты өлеңіне тоқтала кетсек:

– Сонау сырлы есігіңді алғаш рет,

Ашқанымда, лүпілдеп соқты жүрек.
Білімнің бесігіндей сонда мені
Әлдилей, құшаққа алдың күлімсіреп.
Келемін содан бері шәкіртің боп,

Жас жүрек тағат таппай талпынады,
Шегініп, не жалтақтап көргенім жоқ.
Болса да соны жолдың соқпағы көп.
Арақалап өнеріңді өзегі кең,

Жетемін колхозыма өзім де ертең.
Айтармын барлығында бөбектерге,
Жинаған асылым деп институттан» [13].

Қатты бір жазылған өлең шумақтары демесекте, білімге құштар жас студенттің қарапайым тілмен, жүректен шыққан тәтті сөздерінің өзіде жеткілікті болып тұр. Жастардың қаламын ұштауға, көмек беруде институттың физика-математика факультетінің жанынан жарық көрген «Физматовец», филологияның «Жасқалам» және «Филолог» атты қабырға газеттерінің орасан зор рөлі болды. Кейін «Жас қалам» журналға айналады. Ол туралы «Социалистік құрылыс» газетінің 1959 жыл 5 мамыр күнгі санындағы студент Д.Хасановтың «Жас қалам» атты мақаласынан үзінді берелік: «Жас қалам» атты әдеби журналдың шығуын студенттер қауымы қуана қарсы алды. Себебі, біздің филология факультетінде өлең, әңгіме жазып жүрген жас талапкерлер көп-ақ. Оларды қазірдің өзінде институт қабырғасында баулып, тәрбиелеу басты міндет. Міне, осы тұрғыдан алғанда «Жас қалам» журналының пайдасы қазірдің өзінде көріне бастады. Мысалы журналдың алғашқы санында 18 жас талапкердің ірілі-ұсақты 52 шығармасы енген. Олардың ішінде Фариза Оңғарсынованың, Қадыр Жүсіптың, Қазданбай Қосжановтың, Күзенбай Әміровтың, Нахимжан Ізтелеуовтың тағы басқаларының көркем де лепті өлең, әңгімелері бар. Қазірде 20-ға жуық студент әңгіме, өлең жазады. Міне, «Жас қалам» журналы осы студент жастардың творчестволық өсуіне ұйтқы бола береді» [14]. Институт ішінде тәрбиелік шаралар ретінде студенттердің сабақтан тыс уақытында «Сұраққа жауап беру», «Жас таланттар», «Математиктер» және т.б. түрлі тақырыптарды қамтыған кештері тұрақты өткізіліп тұрды. Оларға институт оқытушылары Г.Дайров, М.Максимов, Гаязова, Имашев, Медведов, Қанатбаев, Б.Әбілқасымов жетекшілік жасаған. Газеттердің беттерін ақтара отырып, өлкеміздегі жалғыз жоғарғы оқу орнының тыныс-тіршілігі барынша жан-жақты жиі баяндалып тұрғанының куәсі болдым. Басылымның әр санында студенттер ұйымдастырған түрлі тәрбиелік шаралар, сенбіліктер, партия-үкімет қаулыларын қоштаған жиналыстарынан шағын хабарлардан көз сүрінесіз. Ал, «Социалистік құрылыстың» газетінің 1958 жыл 8 қазан күнгі № 200(7165) санындағы «Өнерпаздыққа жол ашық» атты мақалада институттағы көркемөнерпаздар үйірмесінің 1954 жылы құрылғанына тоқталады. Үздік әншілер мен бишілер, домбырашылар мен сахна, көркемсөз шеберлерінен құрылған ұжым 1955 жылы Қазан төңкерісі мерекесі қарсаңында өткен жоғары және арнаулы оқу орындары студенттері көркемөнерпаздарының қалалық байқауында бірінші орынды жеңіп алады. Сол жылдың өзінде студент өнерпаздар қаладағы өндіріс ошақтарына және В.И. Ленин атындағы балық комбинаты еңбеккерлерінің алдына концерт беріп үлгерген. 1958 жылы мамыр айында өткен қала көркемөнерпаздарының байқауында жүлдегер атанып, сыйлыққа «Садко» атты баян мен ансамбльдің 29 өнерпазы заттай сыйлыққа ие болады. Олардың арасында Дүйсенғалиева, Оңғарсынова, Борисов, Олжабаев, Қошқаров, Мұқашевалардың өнеріне жұртшылық жылы лебіз білдірген. Бұдан басқа институт жанында көп кісілік хор, 40 адамдық драма, шекті домбыра тұрақты жұмыс істеген. Бұл 337 мүшесі бар үйірме жұмысына тіл-әдебиет пәнінің мұғалімі Л.И. Белый, студенттер Талаева, Жұмағалиев, Гончаровтар жетекшілік етіпті. Институттың өмірінде спортқа ерекше көңіл бөлінді. Болашақ дені сау жас ұрпақты тәрбиелеуде жан-жақты жетілген болашақ ұстаздарды осы жерде тәрбиеленуі тиіс. Сол кездері әр түрлі жарыстарда оза шауып мәре сызығын бірінші кескен Әмин Тұяқовтың, белдескенде қатарларын кілемде шаң қаптырған Асан Сапаровтардың атағы жер жарып тұрды. Ұжымының осындай қол жеткен табыстарына мұрындық болған басшы, Гурьев педагогикалық институтының директоры Сүгірбай Байтықов туралы бірер сөз. Ол 1917 жылы Жамбыл облысында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Жұмысшы факультетін бітіргеннен кейін Алматының Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетіне түсіп, оны 1941 жылы аяқтайды. Сол жылы шілде айында соғысқа алынып, неміс-фашист басқыншыларына қарсы ұрыстарда ерекше көзге түседі. Соғыс біткеннен кейін өзі оқыған білім ордасында аға оқытушы болып бейбіт еңбекке араласады, кейін 1953 жылы тарих ғылымдарынан кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды. 1956 жылдың наурызынан Гурьев педагогикалық институтының директорлығына тағайындалады. Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», І, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталады. Алайда мезгілсіз келген ажал білімді де, білікті басшыны 1957 жылы 15 маусым күні өмірден, өз ұжымы ортасынан алып кетеді. «Социалистік құрылыс» газетіне берілген қазанамаға облыстың басшылары Н.Оңдасынов, Ф.Шляпников, А.Қайсақанов, Д.Әлсейітов, К.Дьяченко, О.Шпаков, В.Шаронов, Р.Гадильшина, К.Афанасьев, Т.Абдразақов, А.Ибраев, Б.Омаров, А.Мамбетовтермен бірге, Б.Білеубаев, С.Қожабаев, Н.Иванов, А.Файн, В.Жуков, Х.Ахметжанов, Л.Сычев, М.Саламатин, Қ.Темірғалиев, Х.Бектенов, Өтегенов, Есжанов, Ф.Жанахметова, Ә.Шапақов, Е.Қашымқұловтар секілді әріптестері де көңіл білдірген.

Жаңа құрылымға ие болған Гурьев педагогикалық институтының бірінші түлектері 1959 жылы бітіріп шықты. Мұғалімдер армиясының жаңа тобы туралы толық бір бетте «Социалистік құрылыс» газетінің 1959 жыл 12 шілде күнгі санында институт директоры Қ.Жаманбаевтың «Педагог кадрлардың алғашқы отряды» атты мақаласы бар. Мақалада атап көрсетілгендей, сол кездері институтта 1100 студент білім алған. Институт алдына қойған мақсаты – облыстың мектептеріне қажетті қазақ, орыс тілі мен әдебиеті, физика-математика және география-жаратылыстану пәндері бойынша жоғары білімді мұғалімдерін дайындау. Сол жылы сырттай оқу бөлімі бойынша физика-математика факультетін 52 адам бітірген. Сондай-ақ, институттың күндізгі бөлімін бітірген 104 шәкірт Гурьев, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қазақ темір жол мектептеріне баруға жолдама алады.

– Институтта қазір 84 оқытушы сабақ береді. Оның 10-ы ғылым кандидаттары мен доценттер. Оқытушылар Ахмеджанов, Темірғалиев және тағы басқалары ғылым кандидаты болуы үшін еңбек жазып жүр. Біздің институтқа республикалық партия, совет органдары ерекше көңіл бөліп, нақты жәрдем беріп отыр. Өткен жылы еңбекшілер депутаттарының облыстық советі атқару комитеті жергілікті бюджет есебінен ыстық цех салуға (асхана – Қ.С.) 50 мың сом қаржы бөлсе, биыл студенттерге 75 орындық жатақхана салуға 250 мың сом қаржы бөлді. Бұл жатақхананы студенттер өз күшімен салуға кірісті. Сонымен бірге Қазақ КСР Министрлер Советі студенттерге жатақхана салуға биыл бір миллион сом қаржы бөлді. ...Жаңа оқу жылын ойдағыдай қарсы алу жөнінде оқытушылар коллективі алдында зор міндеттер тұр. Біздің институт жаңа заңға байланысты әртүрлі пәндерден мамандарды көбірек даярлауға тиіс. Соған байланысты жаңа 1959 – 60 оқу жылынан бастап институтта бұрынғы физика-математика, орыс тілі мен әдебиетінен басқа қазақ тілі мен әдебиетінен және тарихтан оқытушылар даярлайтын бөлімдер ашылады. Бірінші курсқа 200 адам алынады, оның 50-і физика-математика, 50-і бастауыш мектепке мұғалім даярлайтын бөлімге, 100-і тіл-әдебиет факультетіне қабылданады. Бұдан былай барлық сабақтар негізінде қазақ тілінде жүргізіледі. Сондықтан да институтқа қазақ тілін білетін жастар көбірек алынады», – деп жазады институт директоры Қ.Жаманбаев [15].

Ұлтжанды директор сөзінен институт қабырғасында жүргізілетін пәндердің түгелдей қазақ тілінде жүргізілгенде ғана білімге құштар қазақ балалары үшін болашақта ұлттық жоғары оқу орны қалыптастыруға болады деген жоспарлы ойын аңғару қиын емес еді. Уақыт өзі оны дәлелдеді де! 1994 жылдан алаштық үкіметтің негізін салушылардың бірі Х.Досмұхамедовтың есімін иеленген университет қазіргі келбеті осы сөзімнің айқын айғағы. Ал институт бітіруші Н.Ізтелеуовтың «Ұшқан ұясына барады» атты мақаласында тіл-әдебиет факультетінде төрт жылы бірге оқыған курстасы Досан Кейкешев туралы ой толғайды. Алғаш рет институтқа түсу бәйгесінде көбінесе емтихан комиссиясының есігін сеніммен ашып, көңілді шығып жүретін орта бойлы, қара торы жігіт көптің назарын өзіне қарата білген. – Содан бері табаны күректей төрт жыл өтіпті, – деп жазады ол, – осы төрт жылда біз Досанмен студент өмірін бірге кештік. Қоғамдық жұмыста да, колхоз даласындағы қызметте де бірге болдық. Досан осының бәрінде де өзінің дос-жараншыл бауырмалдығымен, кішіпейіл, еңбек сүйгіштігімен, зейінді қабілеттілігімен көзге түсті. Сабақты үнемі жақсы, өте жақсы үлгерді, қоғам жұмысына да белсене қатысты. Сол үшін оған институт дирекциясы мен қалалық комсомол комитеті талай алғыс айтып, грамоталар берді. Ол институт палуандарының бірі болды. 1958 жылы Алматыда өткен палуандар белдесуіне қатысты. Осының бәрі жолдастары арасында Досан беделін көтере түсті. Досан мемлекеттік емтиханды да табысты аяқтады. Барлық емтиханды жақсы және өте жақсы деген бағаға тапсырды. Қазір оның қолында орыс тілі мен әдебиеттің мұғалімі деген диполомы бар. Досан Мақат ауданынан өзі он жыл оқып, бітіріп шыққан орта мектепке мұғалімдікке бөлінді. Сөйтіп ұшқан ұясына қайта қонатын болды. Досанның бұл ардақты міндетті абыроймен орындайтындығына сенім мол».

Жоғарғы оқу орнын үздік бітіргендер арасынан Ливкина Елена, Золотова Светлана, Зарщикова Тайсия және Соболева Людмиланың портреттері газеттің аталмыш санына әсем безендіріліп берілген. Ал үздік бітіруші Инна Ивкина төрт жыл оқығандағы жинақтаған ойларын оқырмандарымен бөліскен. Оқу орнын бітірген 104 түлектер қуанышын қалың оқырманға жеткізе отырып институтта алған практикалық дағдылар мектеп жұмысына тезірек араласып кетуіне аздық етпек екен. Себебі тек сабақ өткізген практиканттар мектеп жұмысын жоспарлау, директор мен оқу ісі меңгерушілерінің жұмыс әдістерін, жоспарларын, ата-аналармен байланыс жасау жолдарымен жете таныспағанын ескертеді. Сондай-ақ, тек таза орыс тілінде бітірген түлектерді қазақ мектептеріне жұмысқа жібергендері де қиындау тимекші, сөйтіп болашақта қазақ тілі мен әдебиетіне басымдылық беру қажеттілігін ескертеді. Ол үшін қазақ тіліне сағаттарды көбірек бөлу, педагогикалық практиканы тек қазақ мектептерінде, әсіресе ауыл мектептерінде өткізуге ұсыныс жасайды. Байқап отырғанымыздай, кеңестік білім жүйесіндегі «түрі ұлттық, мазмұны интернационалдық» деген саясаттың уақыттың жетегінде бара жатып әлсірей бастағаны көрініп-ақ тұр.

Бұл күні институтты бітіруші Әбу-Бәкір Хайдарұлы өз қуанышын өлең жолдарымен былайша жеткізіпті:

Арманның жас шыбығын төрге ек – дедің,
Білімнің бал бұлағы көрсеткенің.
Аяулы босағаңнан еркін аттап,
Қойныңда сәби жырды жөргектедім.

Есімде есігіңнен енген кезім,
Келмеді қиындықтан еңкеңдегім.
Қарсы алды қарапайым, жарқын жастар,
Жанымды жырға тартты жылы сезім.

Қарсы алды шарбақтағы сұңғақ талың,
Қарсы алды құрбым салған ырғақты әнің.
Қарсы алды еңселі осы үлкен ақ үй,
Қарсы алды бір махаббат отты жалын.

Талпындық алға аттадық, көре, біле,
Сүңгідік білім – мұхит тереңіне.
Таппайсың дүниеде өз орныңды,
Достым-ау өмір сүріп керегі не?!

Атқыздық көз ілместен талай таңды,
Асулар асқан сайын арайланды.
Қойнына қимас едім балалықты,
Жігіттік жүгірсемде орайды алды.

Жетпейді-ау атыңды асқан ұстаз десем,
Өзіңде ой сырласты нелер шешен.
Жоқ, әлде, өміріме өзек беріп,
Дейін бе әлдилеген кіндік шешем!».

Бүгінде 70 жылға таяу қиын-қыстау жолды артқа тастап, кешегі мұғалімдер институтынан бастау алған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті еліміздің халық шаруашылығы үшін жан-жақты маман кадралар дайындауда жетекші жоғарғы оқу орны сапында алда келеді. Оқу орнының ғылыми-зерттеу бағытындағы жұмыстары оң баға ие болып, Каспий маңы мемлекеттері – Ресей, Иран, Әзербайжанмен және АҚШ, Ұлыбритания, Түркия елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Ғылыми-инновациялық жобалардың құны 70 миллионнан асып, бір жоба ҚР БжҒм Ғылым комитетінің гранты бойынша, бір жоба «Ғылым қоры» АҚ арқылы, Атырау облысы әкімшілігімен және аймақтағы кәсіпорындармен қаржыландырылып отыр. Ғылыми-зерттеуді коммерцизациялау жобасы бойынша алғаш рет «Алмалы құс» серіктестігімен бірлескен жоба жасалынды. Мұны аталған комитетке қарасты «Ғылым қоры» АҚ 175 миллион теңге ақша бөліп, іске асырып отыр. Бизнес-инкубатор арқылы Атырау университеті студенттері мен оқытушыларының 8 стартап-жобалары іске асуда. Жуырда университет Еуразиялық экономикалық одақтың Халықаралық «Танылу» сыйлығына ие болды. Оқу ісі жағында да оңды істер баршылық. Бұрын «Алтын белгі» иелері Астана мен Алматыға асса, соңғы жылдары ол дәстүрдің сеңі бұзылып университетімізге бас бұрды. Бұрынғы жылдары 63 мемлекеттік грант берілетін болса, енді оның саны 362-ге жетті. «Серпін» бағдарламасы бойынша 82 студент, ал өткен жылдан 158 студент Атырау облысы әкімі гранты бойынша білім алуда. Магистратураның 14 мамандығы бойынша 11-ден асып 94 грант бөлінді. 2017 жылы университеттің 22 түлегі республиканың жоғарғы оқу орындары жанындағы докторантураға оқуға түсті. 5 болашақ ғылым докторанттары С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлкеттік университетінде өз диссертацияларын қорғауға дайындық үстінде. Биылғы жылы 3 оқытушы «Үздік мұғалім» атағына ие болып, олар 4 миллион теңгенің сыйақысын шығармашылықтарына басты. 3 оқытушы ғылыми техниканы дамытуға қосқан үлесі үшін арнаулы степендияны иеленді. Өркениетті елдің дамуына өз үлесін қосар білімді ұрпақ тәрбиелеудегі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің бүгінгі таңдағы жетістігімен ой бөліскен осы оқу орнының ректоры, профессор А.Талтенов «Атырау» облыстық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі А.Құрмашеваға берген сұхбатында былай дейді: – Менің басты арманым – оқу орнының ғылыми дәрежесін одан әрі арттырып, Қазақстанның жоғарғы оқу орындары ішінде үздік бестіктің қатарына шығару. Қазір біздің университет бұл көрсеткіште еліміз бойынша 16-шы орында тұр. Алдағы жылы озық ондыққа енгізіп, екі-үш жылдың ішінде үздік бестікке шығарсам деймін» [16].

Іске сәт, Ректор мырза!

Қорыта келгенде, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің жетпіс жылдық қарышты қадамы аймақтағы тамыры тереңге жайылған жоғарғы оқу орны екенін әрбір шәкірт, әрбір адам білуі тиіс!

Пайдаланған әдебиеттер 1. Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты (АтОММ) 885-қ.,1-т., 35-іс, 34-п. 2. Атырау мемлекеттік университеті: бүгіні мен болашағы. // Алматы, 2001. – 578 б. 3. АтОММ 880-қ., 1-т., 2-іс, 13-п. 4. Ахмет А.Қ. Өлке тарихындағы университет бастаулары. // «Ұлттық тарихты зерделеудегі өлкетану: бүгіні мен болашағы» атты хал-қ ғыл.-тәжір.конф.матер-ры. – Атырау: Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті., 2012. – 26-32 бб. 5. Тұңғыш жас кадрлар ордасы. // Социалистік құрылыс. – № 176(5085), 3 қыркүйек, 1950 ж. 6. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті – жарты ғасырдан аса уақыт бойы аймақтың білімі мен ғылымына қызмет көрсету. // Атырау, 2010. – 444 б. 7. Точеный П. Гурьевтің мұғалімдер институтына оқыңыздар! // Социалистік құрылыс. – № 142 (5303), 20 шілде, 1951ж. 8. Багаутдинов А. Студенттердің үні. // Социалистік құрылыс. – № 195(5356), 2 қазан 1951 ж. 9. Темірғалиев Қ. Біздің институттың алғашқы жемісі. // Социалистік құрылыс. – № 181(5549), 4 шілде, 1952 ж. 10. Нұржақыпов А. Мұғалімдердің сырттан оқуын дұрыс ұйымдастырайық. // Социалистік құрылыс. – № 121(6044), 16 маусым, 1954 ж. 11. АтОММ 1036-қ., 1-т., 1-іс, 48-п. 12. Жаманбаев Қ. Емтихан нені көрсетті. // Социалистік құрылыс. – № 139 (6587), 13 шілде, 1956 ж. 13. Набибуллин Ж. Институтқа. // // Социалистік құрылыс. – № 13 (6461), 18 қаңтар, 1956 ж. 14. Хасанов Д. Жас қалам. // Социалистік құрылыс. – 5 мамыр, 1959 ж. 15. Жаманбаев Қ. Педагог кадрлардың алғашқы отряды. // 12 шілде, 1959 ж. 16. Талтенов А. Ғылымға байыпты бетбұрыс – басты міндет. // Атырау. № 103-104, 29 желтоқсан, 2017 ж.

ҚОЛТАҢБА СЫРЫ

Жыл сайын сәуір айының ішінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Зейнолла Қабдолов оқулары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция тұрақты өтіп тұрады. Осыған материал дайындау үстінде мен жеке мұрағатымда сақталған құжаттарды ақтарып отырып, біраз дүниелерді тауып алдым. Әсіресе, академик жазушының маған сыйлаған жеке қолтаңбасы кітапханамдағы әдеби толғаныстар мен талдауларға арналған «Жебе» атты кітабында сақталған. Өткенге көз салып, есіме түсірдім. Оқиға былай болған еді: − 1977 жылы күз айларының бірінде мен оқитын Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтына Алматыдан ат арылтып келіп, профессор Зейнолла Қабдолов кездесу өткізді. Бұл бас қосуды сол кездегі факультет деканы, қазір Құрметті профессор Жиенбай Бақи ұйымдастырған еді. Тарих-филология мамандығында оқитын мен де бар жұмысымды тастап, сол дәрісті тыңдауға ынтыға жеттім. Ғалым сол кездесуде әдебиет ғылымының қыры мен сыры туралы ақтарыла сыр шертті. Студенттер мен оқытушы-профессорлар қойған бірнеше сауалдарға жауап берді. Арасында әзілдеп те қояды. Кездесуден кейін ғалымды қоршап алған бірнеше әдебиетке жаны құмар студент жастар қолтаңбасын алуға кезекке тұрдық. Көп ұзамай менің де кезегім келген тұста жазушы маған қарап:

− Атың кім еді, студент жігіт ?
− Қылышбай.

Таңданғандай сыңай білдірді. Мен ұсынған кітапқа қолтаңбасын жазды да қолындағы қаламын көтере түсіп: − Өткір қылыштай қиып түсе бер, − деп ақ батасын берді. Кейін бұл кітапты Қазақстанның батыс өлкесіндегі баспасөз тарихынан кандидаттық диссертация қорғағанда дерек көзі ретінде пайдаландым. Ал енді мына кереметті қараңыздар: Алланың бір өзі куә, дәл осы жоғарыдағы жазушы-ғалымның қолтаңба берер кездегі «Өткір қылыштай қиып түсе бер» деген нақыл сөзін 30 жылдан кейін әріптес ағам, зейноллатанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадір Өтегенұлы Жүсіптің өз аузынан естігенде табиғаттың құдіреттелігіне таң қалмасыма амал қалмады. Кеше жұмыстан шаршап келіп кітапханама отырдым. Үстел үстіндегі академиктің қолтаңбасы бар «Жебе» кітабын тағы бір аударып шықтым. Содан кейін барып, жібектей тізіп бұрқырата мақала жаза бердім...

// Қазақ әдебиеті. – № 51 (1) (3477). 18. 12. 2015 ж.

ҰСТАЗ. МАЙДАНГЕР. ҒАЛЫМ

Атырау өңірі өзінің бай тарихымен, мәдени материалдық құндылықтарымен қатар, оның ең баға жетпес байлығы – өлкеміздің өркендеуіне елеулі үлес қосқан, сол өңірдің адамдары, қадыр тұтар азаматтары деп білеміз. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына сәйкес, өткен ғасырларда барлық саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған аға буын өкілдерінің есімдерін ұмытпауға тиіспіз. Міне, солардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагері, Ленин орденінің иегері, Қазақ ССР мектептеріне еңбегі сіңген мұғалім, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Сабыр Қазыбайұлының есімі құрметпен аталады. Ол кезінде республикаға танымал мектептердің алдыңғы қатарлы мұғалімі болған, бетке ұстар шамшырағы атанған абзал ұстаз еді. Майдангер ұстаз, белгілі әдіскер-ғалым, профессор Сабыр Қазыбайұлы 1914 жылы Атырау облысының Қызылқоға ауданы Сағыз өңірінде дүниеге келген. Ол ауыл молдасынан жадидше қара танып, сауатын ашады. Жастайынан әліппені тез меңгерген Сабыр ағамыз Қызылқоғадағы Кермеқас жетіжылдық мектебіне оқуға түседі. Қазақ халқына үлкен зардап әкелген ашаршылық заманында Сабыр оқуды тастап, күн көріс қамымен қара жұмыс іздеп Ақтөбе, Орынбор жағында болады. 1935–1936 оқу жылдарында бір жарым айлық педагогикалық курсты бітірген жиырма бір жастағы жас жігіт, тамыз айында Доссор мұнай кәсіпшілігінде қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі болып орналасады. Бастауыш мектептің бірінші сыныбына сабақ беріп жатқанда біреулер сыртынан көрсетіп, байдың тұқымы, әкесі болыс болған деп жұмыстан шығарып жібереді. Кейін ақтығы дәлелденген соң 1937 жылы Гурьев округтік халық ағарту бөлімінің бастығы В.И. Цаллаговтың бұйрығымен мұғалімдікке қайта орналасады. Ұстаздық жолы қайтадан Абай атындағы мектепте жалғасып, соғысқа дейін Доссор қазақ мектебі, Ракуша, Ақшелек жетіжылдық мектептерінде мұғалімдік қызмет атқарады. 1937–1940 жылдары Гурьев қаласындағы педагогикалық училищені өндірістен қол үзбей оқып бітіреді де, орта дәрежелі арнаулы білім иесі атанады. Арнаулы мұғалімдік біліммен іске кіріскен шағында соғыс басталады да, Сабыр ағамыз қаламы мен оқулығын, дәптері мен тақтасын соғыс қаруына алмастыруына тура келді. Осылайша бұрынғы ұстаз Қызыл Армия жауынгері сапында 1942 жылдың сәуір айынан 1944 жылдың тамыз айына дейін қан майданда неміс-фашистерімен соғысты. Ол генерал-полковник Рокоссовский басшылық еткен Дон майданының 21-ші армиясы 63-дивизиясының пулеметшылар ротасында болады. Соғыста ауыр жараланып емделуіне тура келеді. Сабыр ағамыз жарасынан айыққасын елге оралып, бұрынғы ұстаздық еңбегіне құлшына кіріседі. 1945 жылы Орал мұғалімдер институтының қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің сырттай бөліміне оқуға түсіп, оны 1949 жылы үздік бағалармен аяқтайды. Енді Сабыр жетіжылдық мектептің мұғалімі атағын алып, шәкірттерге ана тілінен сабақ бере бастайды. Ұстаздық өнерін тек мектеп қабырғасында ғана жүргізіп қоймай, кең өріске – халық арасына алып шығады. Осы кезде өлең жазумен де шұғылданады. Тәлім-тәрбие тақырыбындағы өлеңдері кезінде облыстық газет беттерінде жарияланып, оқушы жұртшылықтың жылы лебізіне ие болады. Ол мектепте, педучилищеде әдебиет үйірмесін ұйымдастырып, онда көптеген талапкерлердің басын қосты. Солардың арасында Ғиният және Ғибат Мырзағалиевтер, Теңдік Жауыров, Ғинятолла Нығыметов, Мағрипа Орашева, Қадіржан Сейталиев, Қабиболла Досқалиев және т.б. болды. Олардың барлығы да облыстың саяси-әлеуметтік дамына үлес қосқан, бүгінде бақилық болған абзал азаматтар. 1956 жылы Оралдың А.С. Пушкин атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына түсіп, оны 1960 жылы үздік дипломмен бітіреді. 1944 –1960 жылдардың аралығында Атырау қаласында облыстық, қалалық оқу бөлімдерінде нұсқаушы, облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтында қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің меңгерушісі, Гурьев қаласындағы Кеңөзек, Жамбыл, Орджоникидзе орта мектептерінде оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. «Осы кезде Сабыр методика мәселесімен айналыса бастайды, – деп жазады Гурьев педагогика институтының аға оқытушысы М.Мшанов. – Өйткені жастарды тәрбиелеуде жалаң оқыту мәселесінің жеткіліксіз екендігін білді. Өзі жақсы оқытып қоймай, оқыту әдістерін өзінің әріптес жолдастарына, әлі де мұғалім тәжірибесі аз жас оқытушыларға да беру керек болды. Тек оқушы баланы үйретіп қана қоймай мұғалімдердің өздерін де үйрету қажеттілігі туды. Сондықтан ол өз тәжірбесін ортаға салды. Республикалық «Педагогикалық оқуларға» үздіксіз қатысып, жүлде алып қайтып жүрді» [Ұстаз жолы // Коммунистік еңбек. 10 май 1964 жыл]. 1960 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Алқасының Жарлығымен ұзақ жылғы нәтижелі педагогикалық қызметі үшін ұлағатты ұстаз, ғалым Сабыр Қазыбайұлы үкіметіміздің ең жоғарғы наградасы «Ленин» орденімен марапатталады. 1960 жылдың тамызынан 1997 жылдың тамызына дейін Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтында еңбек етіп, педагогика кафедрасының меңгерушісі, сырттай оқу бөлімінің деканы лауазымды қызметтерін атқарады. Сабыр Қазыбайұлының талантты, ізденімпаз ғалым ретінде уақыт талабына сай өзекті мәселелерге арналған оқулықтар, оқу-әдістемелік еңбектер, оқу бағдарламаларды қазақ мектептеріне арнап жазу ісіне ден қойды. 1969 жылы мамыр айында Қазақ ССР Ғылым академиясының мүше корреспонденті, филология ғылымдарының докторы, профессор М.Балақаевтың ғылыми жетекшілігімен «Мектепте қазақ тілі сабақтас сөйлемдерін оқытудың тиімді әдістері» тақырыбында педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациялық жұмысын сәтті қорғайды. Бұл еңбек кейін жеке кітап болып «Мектеп» баспасынан жарық көреді. Профессор Сабыр Қазыбайұлы әдіскер-ғалым ретінде ғылыми мақалалары республикалық «Халық мұғалімі», «Қазақстан мұғалімі», «Қазақстан мектебі», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Бастауыш мектеп» газет-журналдарында жарық көрді. Қазақ тілі мен әдебиетін бастауыш орта мектепте және жоғары оқу орындарында оқыту әдістемесінен елімізде алғашқылардың бірі болып оқулықтар мен оқу құралдарын жазуды қолға алған ғалымдардың қатарынан орын алды. Алматы қаласындағы «Мектеп» баспасы орталығынан әр жылдары жарық көрген «Қазақ тіліндегі сабақтас құрмалас сөйлемдерін оқытудың тиімді әдістері», «Бастауыш кластарда қазақ тілін оқыту», «Қазақ тілі методикасы», «Мектепте қазақ тілін оқыту тәсілдері», «Құрмалас сөйлемдер кестесі», кейіннен проф. Қ.Жүсіп құрастыруымен 2004 жылы жарық көрген «XV–XІX ғғ. қазақ әдебиеті» (жыраулар поэзиясы) ғылыми еңбектерінің маңызы өте зор. Бүгінге дейін бұл оқу құралдары әрбір мұғалімнің, студенттер мен магистранттардың қолынан түспес құнды дүниеге айналып отыр. Сабыр ағамыз – майдангер ұстаз. Ұлы Отан соғысы жылдарында елімізді неміс-фашист басқыншыларынан қорғап қалуда ерлігі үшін «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен, 9 жауынгерлік, 12 еңбек медальдарымен марапатталды. Қазақ КСР-не еңбегі сіңген мұғалім, Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, КСРО халық ағарту ісінің үздігі, Атырау қаласының Құрметті азаматы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры. 1998 жылы Сабыр Қазыбайұлы 84 жасында дүниеден озды. Оның халық ағарту саласындағы, ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлаудағы және ғылыми-зерттеу жұмысындағы ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Жоғарыдағы марапаттарға қоса ұстаз, майдангер, ғалым есімін мәңгілікке қалдыру мақсатында 2003 жылы Атырау қаласындағы №1 мектеп-интернатына берілуі үлкен құрмет деп білеміз. Сабыр Қазыбайұлының сүйікті жары Гүльжамал апай – соғыстың отты жылдарында басынан аяғына дейін қолына қару алып, елімізді фашист басқыншыларынан азат етуде есімі аңызға айналған санаулы қазақ қыздарының бірі. Ұл-қыз тәрбиелеп өсірген, жапырағы жайылған бақытты ана. Қазақта «Ұстаз – ұлы тұлға» деген аталы сөз бар. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде профессор, майдангер Сабыр Қазыбайұлының 100 жылдығына арналған «С.Қазыбайұлы – ұстаз, ғалым, әдебиетші» атты облыстық ғылыми-практикалық конференция өтті. Сонымен қатар сол күні ғалымның атында дәрісхана ашылып, «Әдебиет жайлы ойлар» атты кітабының тұсауы кесіліп, өміршежірелік «Нар тұлға» атты бейнеролик көрсетілді. «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйенерге жарар ол», –деп хакім Абай айтқандай алпыс жылдан астам уақытын шәкірт дайындауға арнаған ұлағатты ұстаз Сабыр Қазыбайұлының есімі облыс халық ағарту ісіне алтын әріппен жазылып қалды.

// Ұстаздық еңбек. № 6 (27). 29.03. 2018 ж.

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ ЕСІМІ – ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ

«Даудың басы Дайрабайдың ала сиырынан» демекші, бәрін басынан басталықшы.

Біз қашанда өткенімізді саралап, тарихымызды түгендеп, халқымыз үшін аянбай еңбек еткен бүгінде арамызда жоқ аға ұрпақ өкілдерін есімізде мәңгі сақтаймыз. Олардың өз ұлтымыз бен еліміздің жарқын болашағы үшін күрескен, сондай-ақ жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру мен халық ағарту ісіне өлшеусіз үлес қосқан еңбектері баршамызға үлгі. Міне, сондай жандардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері, «Ұлы Отан соғысы» және Ленин ордендерінің иегері, «Қазақ ССР-ның Еңбек сіңірген мектеп мұғалімі», «Атырау қаласының Құрметті азаматы», Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Сабыр Қазыбаев. Осындай ұлағатты ұстаздың есімін мәңгі есте сақтау үшін өзі дүниеден озғаннан кейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 30 мамырдағы № 497 қаулысымен облыстың Атырау қалалық № 1-ші мектеп-интернатына Сабыр Қазыбаевтың есімі берілген болатын. Бірақ... Осы бірақ демекші, Атырау облысы әкімдігінің 2017 жылғы 25 шілде № 183 «Атырау облысы білім беру басқармасының «Сабыр Қазыбаев атындағы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған балалар үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесін тарату туралы» қаулысымен аталған мектеп жабылды да, мектеп ғимараты жаңадан құрылған дарынды қыздарға арналған облыстық мектеп-лицей-интернатқа берілді. Осылайша, бір күнде профессор С.Қазыбаев есімі ілінген мектеп маңдайындағы тақтайшада алынып тасталды. Мектеп басшысының тапсырмасымен мұражайдағы ұстаздың барлық заттары мен портреттері отбасына тапсырылды. Жаңа ашылған мектеп-лицей-интернатқа оның есімін беру ісі ескерусіз қалды. Себебі, жаңа құрылған ұжымның мүшелері қарсы. Қарсы болғанда, ардагер ұстаз есімін арқалаған бұрынғы жетімдер үйі деген сөз олардың имиджін түсіреді-мыс. Демек осы ұжымда жасаған ұстаздардың барлығы профессор Сабыр Қазыбаевты танымайды екен, білмейді. Атырауда оқымаған болып шықты ?! Бұл туралы облыстық ардагерлер кеңесі мен ардагердің ұрпақтары жазған өтініштерге берілген жауап біреу: «Еліміздегі обьектілерге атау беру және қайта атау мәселелері «Қазақстан Республикасындағы ұйымдарды, темір жол станцияларын, әуежайларды, сондай-ақ физикалық-географиялық обьектілерді атау мен қайта атаудың және олардың атауларының транскрипциясын өзгертудің Тәртібін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы № 281 қаулысына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 24 сәуірдегі № 395 қаулысына сай реттеліпті. Аталмыш қаулының 1 бөлімі 2 тармағының 4 тармақшасында обьктілерге аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым, мәдениет қайраткерлерінің және Қазақстан Республикасы мен әлемдік қоғамдастық алдында еңбек сіңірген жеке адамдардың есімдерін беруге болатындығы көрсетілген.

Осылайша, Сабыр Қазыбаевтың есімі кірмей қалып отыр.

Бұл әділеттілікке жатпайды. Біздің аймақтан сайланған Мәжіліс депутаттары Б.Хаменова мен Б.Мамраевтан, профессор С.Қазыбаевтың есімін Атырау қаласында атаусыз тұрған мектептердің біріне беруге ықпал ету үшін осы мәселені тиісті орындарға жеткізер деп ойлаймын.

// Ана тілі. № 24 (1438) 14 – 20 маусым 2018 ж.

ЖЕҢІС ЖАУЫНГЕРІ

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің тарихын сараптағанда алдымен онда жұмыс істеген оқытушы-профессорлары ойға оралады. Біз оқыған сонау өткен ғасырдың 70-шы жылдарының орта шенінде мерекелік шеруге шыққанда омырауларындағы орден-медальдары күнмен шағылысып жарқыраған ағаларымыздың ұзын легі бар болатын. Сабыр Қазыбаев, Дәржан Баяндиев, Ғабдрахман Әшімбайұлы Айдаралиев, Жүрес Абдошұлы Ысқақов және т.б. сол кезде білім алған студенттердің есінде шығар ?! Солардың арасында есімі Атырау, Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарына жақсы таныс, ерекше тұлғалардың бірі – Ғанибай Аманғосов. Ғанибай ағай бізге «Орта ғасырлар тарихынан» дәріс берді. Орта бойлы, самайын ақ қырау шалған, үнемі жинақы, мұнтаздай таза жүретін жан еді. Жүріс-тұрысынан, қимыл іс-әркетінен, сәл көтеріңкі дауысынан әскери тәртіптің исі шығып тұратын. Аманғосов Ғанибай 1923 жылы Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданына қарасты Қаратас деген жерде дүниеге келген. Ес білмей жатып, үш жасқа келгенде ата-анасынан айырылып жетімдіктің ащы дәмін татады. Көршілес ағайындары оны Қостанайдағы балалар үйіне тапсырады. Кеше ғана аштықты ас етіп, жоқтықты жұлып жеген Ғанибай ағамыз кеңестік заманның білімін алып ер жетеді, есін жинайды. Осылайша «Балапан басына, тұрымтай тұсына» тап болған заманда жан-жаққа тарыдай шашыраған ағайын-туыстарын іздей бастайды. Жасөспірім бұл тірлігінде әкесінің ағасы Әбділмәжитты, Түркістаннан Қайрия деген апасын және Алматыдан Ғазиз атты ағасын табады. Солардың ықпалымен Алматы қаласындағы педагогикалық училищені бітіріп, енді еңбекке араласқалы тұрған шақта соғыс өрті тұтанады. Ғанибай ағамыз 1942 жылдың наурызында қысқа мерзімдік Алматыдағы кіші командирлер дайындайтын курсты бітіріп, аға сержант атағына ие болады. Сол жылы шілде айында Мәскеуге қарай эшелонмен соғысқа аттанады. Әуелі Рязаньға әкелгенімен, кейіннен оларды Саратовқа жібереді. Мұнда бір ай орманда тұрады. Осы жерден батырларша қару-жарақтарын асынып, он бір күнде 560 шақырымды жаяу жүріп Сталинградқа жетеді. Осында № 75 атқыштар дивизиясының № 278 атқыштар полкіне түседі. Енді майдангердің 2000 жылы 28 cәуір күні «Ақтөбе» газетінің тілшісі Сағындық Ниянқұловқа берген «Барымызша жақындаттық Жеңісті» атты сұхбатынан үзінді бере кетсек: «Осында келіп, орналасып, аз-кем аялдаған соң бізге бұрын соғысқа кіріп шыққан он адамнан бөліп берді. Мұндағы әскери штаб – 64-шы армия деп аталады екен. Содан 42-нің 14 қыркүйегінде Сталинградтың солтүстік-шығысынан шабуылға шығасыздар деген бұйрық алдық. Өйткені осы аймақтағы үлкен төбе немістердің қолында, соны бекініс есебінде басып алуымыз керек. Тапсырма қауіпті де, күрделі. Әйтседе оны орындау – әскери заңдылық. Сонымен тастай қараңғы түнді жамылып, шабуылға шықтық. Жау өліспей беріспеді. Қанша шығынға ұшырасада қасарысып бақты. Бізден де саяси жетекші оққа ұшты. Әйтеуір кескілескен ұрыста сол төбені алдық. Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында біздер бір топ майдангерлер өзіміз жорықтарда болған осы аймақты аралағанбыз. Сонда шөп шықпай қалған осы төбені «Лысая гора» («Таз төбе») деп атайды екен». Осы ұрыста бір ротадағы 200-300 жауынгерден 17-сі тірі қалған болса да, төбе жаудан азат етіледі. Жоғарыда айтқан оққа ұшқан саяси жетекшісін өз қолымен жерлеп, Алматыдағы отбасына хабар береді. 1943 жылы ақпан айында Сталинград түбінде немістің фельдмаршалы Паулюстің армиясын қоршауға алып, штабы қолға түседі. Сөйтіп аты аңызға айналған қаһарман қаланы жаудан тазартуда аға сержант Ғайнибай Аманғосовтың да табанының ізі, ерлік жолдары жатты. Осындай ауыр шайқастың бірінде кеудесінен ауыр жараланып Қазан қаласындағы госпитальде емделеді. Не керек, содан жауынгер мүгедек деп танылып елге жіберіледі. Бірақ кейін елге келсе туған ағасы Әбділмәжит Белорусь майданында мерт болғанын біледі. Бұл хабарды естіп қаһарына мінген жас жауынгер ағасының кегін алу үшін қайтадан майданға жіберуді сұрап күнде әскери комиссариатқа маза бермейді. Алған бетінен қайтпайтын жігіттің өтінішін орындап, олар ақыры майданға жіберуге рұқсат береді. Қас жауынгер 1944 жылдың мамырында 1- Беларусь майданына түседі. Енді аға сержант Ғанибай Аманғосовтың жеңісті жолдары Польша жерінде жалғасты. Осылайша 1945 жылдың 2 ақпан күні Германия шекарасына жетеді. Кеңес әскері Одер өзенінің бойына берік орнығып, Берлинге 40 шақырымдай жерге бекінеді. Немістерде оңайлықпен беріспей қаланы айнала үш қатар траншея құрып тастайды. Екі-үш күн аңдысқан екі жақта аз ғана тыныштыққа жол береді. Сол үнсіздікті «Отан үшін алға!» −деп ұрандата алға ұмтылған аға сержант Ғайнибай аға бұзады. Жау оғы жауып кетеді. Аяғының астына қол гранатасы түсіп жарылғаны, құлап бара жатып соңына қарағанда жауға ұмтылған өз жігіттерін көргені еміс-еміс есінде қалады. Ол аяғынан жараланып Мәскеу түбіндегі Иваново облысы, Калчугин қаласындағы госпитальға түседі. Осылайша, «Жазмыштан озмыш жоқ» дегендей қаншама рет кеудесін оққа байлаған Ғанибай ағамыз бір соғысқа екі рет барады. Берлин түбіндегі шайқаста өз әскерін 1945 жылы 15 сәуір күні шабуылға бастап шыққан ерлігі үшін ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталғанын және «Ұлы Жеңіс» күнін де әскери емханада жатып естиді. Ұлы Отан соғысындағы көзсіз ерлігі үшін аға сержант Аманғосов Ғанибай І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Варшаваны алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Сталинградты алғаны үшін» медальдарына ие болады. Жарақатынан жазылып, елге оралған Ғанибай ағамыз өзінің сүйікті мамандығына оралады. Алдымен Гурьев қаласындағы педагогикалық училищесінде тарих пәнінен сабақ береді. Кейін Маңғыстау ауданы Тұщықұдық ауылындағы Сталин атындағы орта мектепке директорлыққа тағайындалады. Ағамыздың нағыз іскер басшы, шебер ұйымдастырушы екендігі осы тұста бір ашылды десекте болады. Менің қолымда «Маңғыстау» газетінің 1998 жыл 14 мамыры күнгі санында жарияланған Оңдабай Ахметовтың «Осы жұрт Ғайнекеңді біле ме екен?» деген мақаласы тұр. Оқыған сайын ағамызға соғыстан кейінгі ұстаздық жолының оңайға түспегенін, үшінші рет ағарту саласындағы майданға түскенін анық аңғардым. Қан майданда шыңдалған, ешқандай қиындықтан қорықпайтын, темірдей тәртіпке бағынған Ғанибай ағамыз мектепті аяғынан тік тұрғызады. Сөзімнің дәлеліндей осы мақалада былай деп жазылыпты: − Ғайнекең бастауымен екі үй салынды. Бірі – типтік жобаға сәйкес оқу мастерскойы, екіншісі – интернат үшін бала тамақтанатын асхана. Екеуі де сол кездегі типтік жобаға сәйкес келді. Бұл – сол кез үшін бастамашылық болатын. Жарына қаланатын кірпіш атпен, оқушылардың аяғымен дайындалды. Ғайнекең өзі бірінші болып, балақты түріп жіберіп, қырманға түсетін, соңына дейін шыдап бағатын. Мектепте бір арба болды. Нар түйе жегілетін. Барлық шаруашылық жұмыс сонымен атқарылатын. Құдықтан су әкеледі, тас тасиды, кірпіш тасиды. Сөйтіп ақыры кірпіш басылып, бір жазда екі ғимарат дайын болды. Ғайнекең интернат оқушыларын қақаған аязда да ертеңгілік зарядкаға шығаратын. Ертеңгілік зарядкаға алдымен өзі жүгіреді және қашыққа жүгіреді, ағайға ере алмай қалуды ар санап, біздер де соңынан қалмайтынбыз. Оқушыға ұрсып тұрса да, аржағында аса мейірімділік сезіліп, ақыл айтып тұрғандай көрінетін». Ұлы Отан соғысына екі рет қатысушы, білікті ұстаз Ғанибай Аманғосов 1963–1994 жылдар аралығында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің тарих-филология факультетінде ұстаздық етті. Халық ағарту саласындағы абыройлы еңбегі үшін ұстазымыз «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. 1994 жылы біржолата зейнеткерлікке шыққасын туған жері Ақтөбе қаласына көшіп барады. Жергілікті әкімшілік Ғанибай ағамызға қаланың қақ ортасынан жанына жайлы пәтер береді. 70 жыл бір шаңырақ астында тұрмыс құрған жұбайы Нұржамал анамызбен бақытты да ғұмырлы өмір сүрді. Алты бала өсірді, 19 немерелердің қызығын көрді. Ғұмыры ерлікке толы ағамыз тағдырдың жазуымен 2014 жылы 4 қарашада 91-ден асқан шағында дүниеден баз кешті. Ақтөбе қаласында өткен Жеңіс жауынгерін әскери тәртіппен ақтық сапарға шығарып салудағы адамдардың қарасында шек болмады. Қазақстанның түгелге жуық облыстарынан шәкірттері мен жоғарғы оқу орындарынан адамдар келіп, жүрек жарды қимастыққа толы ыстық тілектерін білдірді. Түйін: Осы мақаланы жазу үстінде бір ұжымдағы әріптесім, ағамыздың қызы химия ғылымдарының кандидаты Ардақ Ғанибайқызы келіп, бір детальды жеткізді. Онысы балалық шағы жетімдер үйінде өткен ұстазымыз, соғыста алған екі жарақаты үшін тағайындалған екінші топтағы мүгедектегіне берілетін үкіметтен алатын жәрдемақысын ақтық демі біткенше балалар үйіне аударып отырыпты. Міне, жаны жомарт, пейілі кең ағамыз осылайша «құлқынның құлы болмай» өмірден аппақ күйінде өтіпті-ау?!

// Алтын аймақ. – № 8. 4.05. 2017 ж.

ҰСТАЗДЫҢ ҰЛАҒАТЫ

Биылғы жылы құрылғанына 65 жыл толатын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде шәкірттерінің бойына білім нәрін сеуіп ғана қоймай, өмірлік бай тәжірибесімен де сусындата білген ұстаздарымыз қаншама еді. Олардың дені бүгінде бақилық болып кетседе әрқайсысының жарқын бейнелері жүрегімізде мәңгі сақталады. Ұлы Отан соғысының ардагерлері С.Қ.Қазыбаев, Ғ.А.Аманғосов, Д.Ж.Баяндиев, профессорлар Ғ.Н.Нығметов, И.К.Камешев, Қ.Б.Сейталиев, Л.И.Белый, Қ.Шәукенов және тағы басқаларының есімдерін құрметпен атар едік. Менің есімнен 1975 жылдың 19 қаршасында болған оқиға мәңгілік кетер емес. Кеше ғана студенттер күнін атап өткен Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының тарих мамандығындағы І курсының барлық балғын студенттері түнде болған басқосудан соң ұйқыларынан тұрмағасын, дәріс тыңдауға таңсәріден жаяулатып жалғыз мен барған болатынмын. Оның өзіндік себебі де бар болатұғын. Алғашқы сабақты жүргізетін «СОКП (КПСС) тарихының» аға оқытушысы Баяндиев Дәржан тым қатал еді, әрі сабаққа сәл кешіксең кіргізбей қоятыны тағы бар. Сонымен не керек қоңырау сылдырымен жарыса дәрісханаға енгенімде ұстазым «отырыңыз» деп залда жалғыз ғана студенттің бар екендігін бір шолып шықты да, тамағын кенеп ап үзіліссіз «90» минуттық күн көсем негізін салған В.И. Ленин партиясының тарихын бастап жіберді. Кейін деканаттан сыбағасын алған топ мүшелерінің ешбірі де содан бастап сабақты себепсіз жібермейтін болды. Студенттер арасында қаталдығымен ерекшеленген Д.Баяндиев кім еді ?! Ол сан ғасырлық шежірелі тарихы бар Қызылқоға ауданының Миялы селосында 1920 жылы қарапайым кедей шаруасы отбасында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып зерек өскен балаң жігіт Гурьев мұнай техникумын бітірісімен Байшонас орталау мектебіне мұғалім болып орналасады. Себебі ол кезде ауыл мектептері елдегі белең алған сауатсыздықты жоюда көзі ашық, білімі бар мұғалімдерге ерекше зәру. Кейін ол Орал педагогикалық институтының сырттай бөліміне түседі, бірақ қан құйлы фашистік Германияның Кеңестер Одағына тұтқиылдан шабуыл жасауы оқуды бітіруге мүмкіндік бермейді. Ел басына күн туған шақта Дәржан Жақсығұлұлы мұғалімдік қызметті тастап қос ағасымен 1942 жылдың басында Ұлы Отан соғысына аттанады. Сол кезді менімен кездескен ұстазымыздың туған қарындасы Бақытжан Баяндиева төмендегіше еске алады: «Қан майданнан 1944 жылы ауыр жарақат алған Дәржанның құлағы естімей, тілі де күрмеліп, айналадағы адамдармен әрең түсінісетін жағдайға ұшырайды. Оның үстіне аяғынан алған жарақаттан отырып-тұруы да қиын болды. Сондай қиыншылықты күнделік дәрігерлердің ем-домымен және жеке өзі ойдан шығарып шұғылданған денешынықтыруы ауруынан құлан таза айықтырды. Кейін Гурьев облыстық ішкі істер басқармасына қызметке алынды». Д.Ж. Баяндиев Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтын 1950 жылы аяқтаған соң Гурьев педагогикалық институтына аға оқытушылыққа орналасады, сөйтіп ұстаздық қызметін ғылыммен ұштастырады. Әрине, сол кездегі замана ағымына орай жазылған ғылыми еңбектері, әсіресе, компартия тарихына байланысты жарық көрген мақалалары көптеп саналды. Студенттер оларды коллеквиум, семинар сабақтарына дайындалу барысында біраз пайдаланды. Дәржан Жақсығұлұлының дәріс оқығандағы саңқылдаған дауысы бүкіл дәлізге естіліп тұратын, зал іші мүлгіген тыныштық, тек беті аударылып жатқан дәптердің шытырлаған ызыңы ғана құлаққа келетін. Ұстазымыздың алдынан қаншама студенттер дәріс алып шықты десеңші! Оны осы мақаланы оқыған шәкірттерінің есіне түсері хақ. Барлық ғұмырын халық ағарту ісіне арнаған ағамыздың ел алдындағы еңбегі лайықты марапаттармен аталып өтті. Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі ордені, «1941−1945 жылдары Ұлы Отан соғысында фашистік Германияны жеңгені үшін» атты медалі, «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісі және бірнеше меркелік медальдары, мақтау қағаздары соның куәсі. Халқымызда «Ер есімі – ел есінде» атты ұлағатты сөз бар. Биылғы жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің тарих-филология факультетінің оқытушы-профессорлары мен студенттері Ұлы Отан соғысына қатысушы Дәржан Жақсығұлұлының туғанына 95 жыл толу мерекесіне арнап «Ұрпаққа – өмірі өнеге» атты кеш өткізді. Кездесуге келген қонақтар ұстаздың еңбегі туралы біршама естеліктер айтты. Сол кездесу бүгінгі шәкірт, ертеңгі біздің қоғамды құрушы жастардың жүрегінде мәңгі сақталды деп түйіндедім.

// Атырау. № 120. 24.10. 2015 ж.

МАЙДАНГЕР ЖӘНЕ СПОРТТЫҢ ДАҢҚТЫ САҢЛАҒЫ

1974−1975 жылдары Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының тарих-филология факультетінің алғашқы курстарында оқып жүрген шағымызда өзіммен қатарлас студенттердің дені еркін күрестің секциясына қатысуға құштар болды. Оның өзіндік себебі де бар болатұғын. Сол кезде бізге дене шынықтыру пәнінен Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстандағы еркін күрестің негізін салушылардың бірі Жөрес Абдошұлы Ысқақов сабақ беретін. Орта бойлы, денесі шымыр, шапшаң қимылды ұстазымыздың соңынан шауып Ақ Жайықтың жағасын бойлай жүгіретін едік. Сосын келесі сабақтарында еркін күрестің техникасын үйретіп, әртүрлі әдіс-айла көрсетіп жастары спортқа баулудан еш жалықпайтын... Ж.А. Ысқақов 1925 жылы 25 сәуір күні Атырау облысы Құрманғазы ауданының Қошалақ ауылында дүниеге келеді. Әкесі Абдош Ысқақов республикамызда қазақ медицинасының алғаш негізін қалаушылардың бірі. «Құмда жалғыз қырлап киер шалбарды, «Ақбас пелшір» − Абдош атты шал бар-ды», −деп қазақтың белгілі ақыны Жұмекен Нәжімеденов жырлаған, Абдош атамыз 1887 жылы кедей отбасында дүниеге келіп, 1948 жылы ақпан айында өз ауылы Қошалақта дүниеден озған. 1907 жылы білімге құштар болған жас баланы орыс достары Астраханьдағы төрт жылдық фельдшерлік мектепке түсіріп, 1911 жылы бітіргесін ауылына келіп еңбек етеді. Азамат соғысының отты жылдарында Бөкей даласында фельдшерлік бөлімшені басқарады. Ел арасына тараған оба, сүзек ауруларының алдын алып, оны жоюдағы еңбегі ұшан-теңіз болған. Кеңестік жаңа өкіметті құруға атсалысып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Бүкілқазақстандық V кеңестер съезіне делегат болып сайланып, 1925 жылы Бөкей губерниялық компартия комитетінің мүшелігіне өтеді. Халықтың денсаулығын сақтаудағы мінсіз еңбегі жоғары бағаланып, үкімет тарпынан Еңбек Қызыл Ту орденімен, республикамыздың денсаулық сақтау Халық Комиссариатының Алғыс хаттарымен марапатталған. Ұлы Отан соғысы жылдарында ауылда бас көтерген қайталама сүзек ауруын емдеуде ерекше көзге түседі. Осы тұста Жөрестің анасы Кәделі Ысқақова туралы айтпасқа болмайды. Ауылдағы бас көтерген ер адамдардың барлығы соғысқа аттанған шақта анамыз атқа қонып, майданға қажетті ауыл шаруашылығы өнімдерін жіберуде үлкен істердің ұйытқысы бола білді. 1943 жылы 3 қаңтарда «Қазақстан колхозшысы» атты әуе эскадрильясын жасақтауға жеке өзі 175 мың сом қаржы қосқаны үшін Қызыл Армияның Бас Қолбасшысы И.Сталиннен төменгідей жеделхат алады:

«Қазақ ССР, Гурьев облысы, Теңіз ауданы, Қошалақ советіндегі Карл Маркс атындағы колхоздың председателі ИСҚАҚОВА КӘДЕЛІ жолдасқа!

Ысқақова жолдас, сіздің Қызыл Армияның әуе күштері туралы қамқорлығыңыз үшін, менің сәлемімді сондай-ақ Қызыл Армияның алғысын қабыл алыңыз.

Сіздің тілегіңіз орындалады. И.Сталин». «Өмір жолы – өнеге» болған Жөрес Абдошұлының ата-анасы туралы мерзімді баспасөз беттерінде бірнеше мақалалар жарияланып, жерлестерінің арасында оның өлшеусіз еңбегі жоғары бағаланып келеді. «Әке көрген - оқ жонар» деген халқымызда данышпандық сөз бар. Әкесінің ақ жолын жанына жалау қылған ұлы Жөрес жастайынан еңбекке араласып, бар болғаны он жеті жасында 1942 жылдың желтоқсан айында соғысқа араласады. Алдымен Орал қаласына қоныс аударған Одессалық жаяу әскерлер дайындайтын училищеде білім алады, әуе десанты әскери құрамында парашютші болып қызмет атқарады. 1944 жылы Кеңестік Қарулы Күштері жауға қарсы ұрыста шешуші жеңістерге жетті. Мұқият дайындықтан соң, қаңтардың аяғында Украинаның төрт майданының әскерлері жалпы шабуылды өрістетті. Қызыл Армияның 1944 жылғы шешуші жеңістерінің нәтижесінде неміс-фашист оккупанттары Кеңестер Одағының жерінен қуылды. Гитлерлік блок күйреді. Қаһарман Қызыл Армия венгер халқын фашистердің тепкісінен азат етті. Қызыл әскер Жөрес Абдошұлы Ысқақов 1944 жылы 3-ші Украин майданы құрамында Венгрияны азат ету шайқасына қатысып ауыр жарақат алады. Жарақатынан емделгеннен кейін жас лейтенант Болгарияны азат ету ұрысына қатысады, кейін Украинаның Николаевка қаласында соғыс зардаптарын қалпына келтіру жұмысына араласады. 1948 жылы Кеңес Армиясы қатарынан аға лейтенат атағымен туған жеріне оралады, екінші топтағы Ұлы Отан соғысының мүгедегі болып есептелінді. Толарсақтан саз кешіп, етігімен су кешкен жас батырдың омырауына Ұлы Отан соғысының І дәрежелі ордені, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «1941−1945 жж. Германияны жеңгені үшін» және т.б. мерекелік он медаль тағылды. Қан майдан ұрыс даласынан жеңіспен оралған жас жігіт 1948−1952 жылдары туған жері Ганюшкино селосында жастарды спортқа және физкультура ісіне баулуға белсене араласып, Теңіз аудандық комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалады. Кейін 1952 − 1954 жылдары аралығында Гурьев облыстық «Пищевик» ерікті спорт қоғамы ұйымының төрағасы болып абыройлы еңбек етеді. Болашақ спорт мамандарын дайындау үшін жоғары білім алу қажеттігін сезініп, Жөрес Абдошұлы 1954−1957 жылдары Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтында білім алады. Дәл осы тұста кешегі майдангер солдат аяғынан алған жарақатына қарамастан, еркін күреске бел шеше кіріседі. Күнделікті тынымсыз жаттығулар оның жарақатынан құлан таза айықтырып, талай арқалы жарыстардың жеңімпазы атандырады. Кешегі майдангер Жөрес Абдошұлы Ысқақов 1954−1962 жылдары еркін күрестен Қазақстан Республикасының 6 дүркін чемпионы атанады. Бұл жеңістер оның соңғы нәтижесі болмады, ол 1956 жылы Мәскеу қаласында өткен КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы атанады. Қазақстанда еркін күрестен нормативін орындаған екінші спортшы болып КСРО спорт шебері атағы беріледі (1958 ж.). Жөрес Абдошұлының күрес жолындағы алтын белдесулері мұнымен аяқталмай, кейін Орта Азия және Қазақстан Республикасы спартакиадасының чемпионы атағын иеленеді. Осы тұста республикаға танымал ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Ө. Жүсіптің еркін күрестің чемпионына арнап жазған өлеңінен үзінді бере кетсек:

...Әдістің Сізде бейне сүгіреті,
Тәсілдің табылатын мың реті.
Ерекше бейне өзіңнен күш алғандай,
Дегеннің «Еркін күрес» құдіреті.

Ежіктеп жатпайсыз Сіз әл сынатып,
Жүрмейсіз күшін байқап қамшыласып.
Мыңнан бір бөлшегінде секундтің
Жатады сұлап жерде қарсыласың.

Бермейсіз ойлануға шамаларға,
Жеңістік тұрады алда жобалар да.
Жауырыны талайлардың жер иіскеп,
Жарқылдап көріндіңіз додаларда.

Өсер ме сіздей адам ексең жерге,
Тимеген жалғыз рет бөксең жерге.
Осынша күрескерлік құдіретпен
Болмассыз 90 менен 80-ге...»

Спортшы ағамыздың ендігі жолы жас шәкірттерді спортқа баулыған ұстаздық жолмен ұштасады. Осылайша Жөрес Абдошұлы Ысқақов 1957 жылы Гурьев педагогика институтына оқытушылыққа қабылданып, өмірінің қалған ғұмырын осы оқу орнында өткізеді. Осы жолдардың авторы ретінде естелікті айтудың шәкірті ретінде маған бұйырған шығар!!! «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» деген даналы сөз бар, майдангер ағамыздың өмір жолымен таныса отырып, оның қасиетті әулеттің заңды жалғасы болғанына куә болдым. Сонау патшалы Ресейдің кезінде туған халқының тән саулығы үшін жанын салып, барлық саналы ғұмырын арнаған Абдош Ысқақовтың ұлы Жөрестің де асқақ арманы өз халқына адал еңбек ету еді. Міне, осы жолда ол шыққан биіктер жоғары болды. Көп жыл республикада еркін күрестен болған жарыс жолында жоғары категориялы төреші атанды. Жүздеген шәкірттері спорттың осы түрінен сан байрақты жеңіп алды. Сан жылғы ұстаздық еңбегі жоғары бағаланып ҚР БжҒМ-нің «Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі», «Дене тәрбиесі және спорт ісінің үздігі», «Азаматтық қорғаныс ісінің үздігі» төсбелгілеріне ие болады. Майдангер спортшының марапаттарының ішіндегі айтулысы Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Төралқасы бұйрығымен берілген «Қазақ ССР-нің дене тәрбиесі мен спортына еңбегі сіңірген қайраткер» (1985 ж.) атағы жоғары тұрары сөзсіз. «Ұстазсыз – шәкірт тұл» дегендей, еліміздің айтулы ұлдарының бірі Дәулет Тұрлыхановтың бастамасымен Алматы қаласында 2000 жылы Ұлы Отан соғысының ардагері, еркін күрестен тұңғыш КСРО шебері Жөрес Абдошұлы Ысқақовтың туғанына 75 жыл толу мерекесіне арнап үлкен жарыс өткізілді. Сол мерейтой кезінде ардагер спортшыға Қазақстанда Олимпиада қозғалысын дамытуға еңбек сіңіргені үшін Құрмет грамотасы табыс етілді. Жөрес Абдошұлы Ысқақов өмірлік жары, сауда қызметінің ардагері Злиха Мұратқызымен бес ұл-қыз тәрбиелеп өсірді, бүгінде олардан 12 немере және 4 шөбере өрді. Еліне елеулі, халқына ардақты ұл атанған ұстазымыздың жарқын бейнесі жұлдыздай жарқырап, көгімізде тұра бермек. Кешегі шәкірттері ол көтерген туды жоғары ұстап алға қарыштай баса бермек.

Сөз соңында

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ұжымы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, 2015 жылдың 16-18 сәуірі аралығында Ұлы Отан соғысының қатысушы, жаттықтырушы-ұстаз Ж.А.Ысқақовтың туғанына 90 жыл толуына арналған еркін күрестен жарыс өткізетін болып шешім қабылдады. Осы жарысты республикалық деңгейде өткізу шаралары басталып та кетті...

// Үш қоңыр. – № 17 (228) 24.04. 2015 ж.

АКАДЕМИККЕ – АХМЕТ АТЫНДАҒЫ ОРДЕН

Жуырда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Хисмет Бозанұлы Табылдиевке жоғарғы оқу орындары Ректорлары қауымдастығы тағайындаған А.Байтұрсынов атындағы ордені тапсырылды. Марапатты университет ректоры, профессор Б.Мамраев иегердің омырауына өз қолымен тақты. Республикаға белгілі ғалымның тұңғыш рет Қазақстанның батыс өлкесінде аталмыш оқу орнын университетке ұштастыруда сүбелі үлесі қосқаны ескерілді. Сексеннің сеңгіріне таяқ тастаған Хисмет Бозанұлы есімін барша оқырман қауымға еш таныстыруды қажет етпейді. Ғылыми еңбектерінің негізінде 12 томдық «Үлкен Қазақ Кеңес энциклопедиясында», 3 томдық «Боздақтар» жинағында, Атырау облысының энциклопедиясында, «Ақтаңдақтар ақиқаты», «Құрманғазы», «Кіші жүз руларының тарихы мен шежіресі», «Сауатсыздықтан білім шыңына», «Сарайшық», «Қазақстанда сауатсыздықты жоюдың қиыншылықтары» т.б. атты монографиялық еңбектері жарияланды. 200-дің үстінде жеке еңбектер мен ғылыми мақалалардың авторы. Ғалым қазір де тынымсыз еңбек етіп Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арнап кітап жазды, онысы қалың оқырман қолына тиер күндерде қашық емес.

// Атырау. – №119. 18. 10. 2014 ж.

«ЖЕЛАЯҚ» ЖАС ТІЛШІ

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» атты тарихи бағдарламалық мақаласында әрбір өлкенің әлеуметтік-мәдени дамуына өлшеусіз үлес қосқан, есімдері ел есінде сақталған біртуар азаматтары барын, олардың барлығын бүгінгі өскелең жас ұрпақ біліп өсуге тиіс екендігі айтылған еді. Міне осыған орай Елбасы: «Патриотизм кіндік қанын тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады»,−дей келе «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынған болатын. Дәл осы тұста есімі тарихта ғұмырлы қалған халқына суықта пана, ыстықта сая болған Гурьев педагогикалық институтындағы менің ұстазым, университетіміздің негізін салушы, Атырау облысы мен Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, академик Хисмет Бозанұлы Табылдиевтың ғалымдығына қоса, жас кезінен қаламы жүйрік журналист болғандығын ерекше атап өткім келеді. Академик ұстаз 1999 жылғы республикалық «Ақ Желкен» журналының бір санына берген сұхбатында былай дейді: «Бала кезімде журналист болсам деп армандадым. Аудандық, облыстық, республикалық газеттерге мақала, әңгімелер жазып жүрдім. Әбіш Кекілбаевпен газет арқылы таныстым. Ол кезде ол – Маңғыстаудағы, мен Атыраудағы мектеп оқушылары едік. Әбішпен жарысып мақала жазатын едім. Кейін өсе келе Әбіштің жазғыш екенін мойындадым да, менің мақала жазуым бекершілік екен деп журналист болам деген ой-арманымды біржола үзіп, тарихшы болуға бет бұрдым. Бұған еш өкінбеймін». Хисмет ағайымыз қаладағы С.Орджоникидзе атындағы орта мектепте оқып жүргеннен-ақ «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау»), республикалық «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», «Спорт» газеттеріне мақала жазған. Сондай-ақ, өзі де спорттың жеңіл атлетика түрімен айналысып, кейін қазіргі Абай атындағы Ұлттық мемлекеттік университетінде оқып жүргенде Орта Азия мен Қазақстан арасындағы жарыстарға қатысып жүлделі орындарға ие болады. Бұл туралы оның туған күйеу баласы, жеңіл атлетикадан КСРО-ның 6 дүркін чемпионы Әмин Тұяқов «Ұлт болмысы» атты Республикалық патриоттық, әдеби-танымдық журналдың 2017 жылғы № 1 (47) санына берген сұхбатында: «Хисекеңмен мен Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтында оқып жүргенде таныстым. Екінші курста ғой деймін институтымызға Анжелика Куликова деген орыс қызы келіп жеңіл атлетикадан, оның ішінде жүгіруден үйірме ашты. Жазыламын, жүгірудің техникасын үйренемін дегендерге тегін сабақ берді. Мен де сол үйірмеге жазылып, жүгірудің қыр-сырына тереңірек бойладық. Сол кезде үйірмеге мектепте оқитын Хисметте жазылды. Ол 800 және 1500 метр қашықтыққа жүгірді. Екеуміз де жүгіруден облыстың командасына мүшелікке қабылдандық. Студент шағында еліміздегі жарыстарға ғана емес, облыстың құрамасында болып Орталық Азиядағы елдерде өткен додалардан да жүлде алды Хисекең», −деп еске алып, оның егер одан әрі жүгіруді кәсіп еткенде әлем чемпионы болатындығына нық сенім білдіреді. Сөзімнің дәлелі ретінде «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау») газетінің 1958 жылғы 31 қазан күнгі санынан үзінді келтіре кетейін: «Жуырда Гурьев педагогикалық институтының спортшылары қалалық, облыстық спорт жарыстарына әзірлік алдындағы спорттық кездесулерді өткізді. Онда 100-ден 1500 метр жерге жүгіру, биіктікке және ұзындыққа секіру, 4х100 метрлік эстафета жарыстары өтті. 100 және 200 метрге жүгіруден А.Тұяқов бірінші орын алды. Сол сияқты студент Молдабаев осы дистанция бойынша ІІІ разряд нормасын орындады. Ал 1500 метрге жүгіруде Шапауов алда болды». Жас тілші Х.Табылдиевтың тырнақ алды шығармаларының тақырыбы – спорт болғандығы. Мұның да өзіндік себебінің болғандығын жоғарыда айтып өттік. Жалпы мақаланы жазу да бар, сонымен қатар болған оқиғаны талдап, баяндау да бар. Журналистика жанрының осы тұрғысынан келгенде жас тілші бұл әдісті мектеп оқушысы кезінен терең меңгергендігіне мыны бір мақала дәлел. Гурьев облыстық «Социалистік құрылыс» газетінің 1956 жылғы 18 шілде күнгі № 143 (6591) санында жарияланған Х.Табылдиевтың «Мектеп оқушыларының облыстық ІІІ спартакиадасы» атты туындысын оқылық. Мақалада Гурьев қаласындағы мұнайшылар стадионында мектеп оқушыларының облыстық үшінші спартакиадасына Жылой, Бақсай, Есбол, Теңіз, Қызылқоға, Новобогат аудандарының және Гурьев қаласының спортшыларынан 300-ден астам оқушы-спортшылар қатысқандығы сөз болады. Олар жеңіл атлетикадан, велосипед тебуден, ядро, дискі лақтырудан, ұзындыққа секіруден, брасс әдісімен суға жүзуден, мылтық атудан, гимнастикадан бессайысқа түскен. Автор: «Біздің облысымызда спорттың басты түрлерінің бірі – ядро лақтыру жылдан-жылға кең өріс алып келеді. Мұнымен ер балалармен қатар қыз балалар да көп айналысуда. Мектеп оқушыларының ІІІ спартакиадасына қатысқандар ішінде спорттың бұл түрімен айналысатын жас ұрпақтар көп болды. Бұған жұртшылық баса көңіл бөлді және бұл жөніндегі жарыс ұйымдасқан түрде, әрі қызық өтті», −дей келе, одан әрі дискі лақтырудан ең жақсы көрсеткішті Теңіз ауданының оқушысы Каримов, ал екінші орынды Бақсай ауданының оқушысы Алдамжаров («Зұлқарнай» болуы мүмкін – Қ.С.), ІІІ орынды Гурьев қаласының оқушысы Тушканов алғандығын атайды. Мақалада одан әрі сайыстың әр түрінен өткен жарыстарға жүйелі талдау жасала отырып, спортты мектеп оқушыларының ең сүйікті ісіне айналдыра беруге үгіттейді. Сөйтіп, бірнеше күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Гурьев қаласының, екінші орынды Жылой ауданының, ал үшінші орынды Бақсай ауданының оқушылары жеңіп алады. Тілші Х.Табылдиев мақаласын қорытындылай келе: «Айта кету керек, спартакиаданы өткізуде кемшіліктерде кездеспей қойған жоқ. Ең алдымен бұған өткен жылдағыдай биыл да барлық аудандардың спортшылары қатыстырылған жоқ. Новобогат ауданының оқушылары спартакиадаға әзірліксіз келді. Ал Мақат, Маңғыстау аудандарының оқушылары спартакиадаға қатыстырылмады», −деп, одан әрі облыстық, қалалық комсомол комитеттері мен аудандық оқу бөлімдерінің оқушылар арасындағы спортты кеңінен дамытуға жауапкершілікпен қарауы тиіс деп түйіндейді.

// Ұстаздық еңбек. № 4 (25). 22.02. 2018 ж.

ЖҮРЕГІМДЕГІ ЖАРҚЫН БЕЙНЕ

Меккені іздеп не етесің
Меккеге қашан жетесің?!
Әзір Мекке алдыңда,
Пейілменен сыйласаң

Атаң менен анаңды.
Ақтамберді Сарыұлы.

Біздің білім ордамызда барлық саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнап өмірден өткен ұстаздар есімі құрметпен аталады. Солардың сапында Қазақстан спортына еңбегі сіңген қайраткер, «Құрметті кафедра меңгерушісі» Қожахмет Жүсіпұлы Шамбилов та болып еді. Қ.Ж. Шамбилов 1935 жылы 15 шілде күні Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Ганюшкино селосында қарапайым отбасында дүниеге келген. Оның балғын балалығы мен жалынды жігіттік шағы ежелгі Қиғаш бойындағы МРС, Сафоновка селоларында өтті. Ф.Энгельс атындағы орта мектепті аяқтаған соң Алматыдағы Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтының «Қазіргі бессайыс» бөліміне түсті. 1957 жылы оқуды бітірісімен туған жерінде еңбек жолы басталды. Қиындығы мен қызығы мол ұстаздық жолды таңдаған жас жігіт алдымен Ганюшкино селосындағы М.Ломоносов атындағы орта мектепке дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып орналасты. Көп ұзамай спортқа іңкәр шәкірттерін білім нәрімен сусындатқан мұғалімнің ұйымдастырушылық қабілеті мен өз ісінің нағыз шебері екендігін байқаған аудан басшылары оған Теңіз аудандық дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы міндетін сеніп тапсырды. Қожахмет Жүсіпұлының басшылығымен ауданның жастары облыстық, республикалық ауыл жастары спартакиадаларында оза шауып бәйге алды. Сөзіміздің айғағындай, сол кезді бүгінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к., профессор Нұрлан Мәмбетұлы былай деп еске алады: «Мен сол кезде Жанбай орта мектебінің оқушысы болатынмын. Қожекең 1963−64 жылдары облыстық спартакиадаларда қарамағындағы балғын спортшыларға ақыл-кеңесін беріп жататын еді, шіркін, біздің де осындай ұстаздарымыз болса деп армандаушы едім ?! Жасыратыны жоқ, ол кезде арнаулы спорттық жоғары білімі бар мұғалімдер жоқ болатын. Кейін Алматы қаласында студент кезімде де бірнеше рет онымен кездесуімізге тура келді. Ол кісіні біз «сары ағай» деп құрметтеуші едік. Кездескен сайын «Нұрлан, сен, ауылға кел, педагогикалық институтқа жұмысқа орналастырамын» деуші еді. Сөйтіп, оқуды аяқтағасын осы ұжымға келіп 1970 жылдан табан аудармастан бірге қоян-қолтық еңбек еттік. Өте ұстамды, тәрбиелі, парасатты адам болатын. Қатты кейігенде «Сіз» деп сөйлеуші еді. Ұстазымыздың бейнесі әлі күнге көз алдымызда тұр». Кейін Қожахмет Жүсіпұлының Балықшы ауданындағы Ә.Жангелдин атындағы орта мектепте ұстаздық жолы басталды. Ол 1966 жылы конкурстық сынақтан өткесін сол кездегі Гурьев педагогикалық институтының дене тәрбиесі кафедрасына аға оқытушылыққа қабылданып, келесі жылы кафедра меңгерушілігіне тағайындалады. Осы лауазымды жұмысты табан аудармастан 35 жыл мінсіз атқарды. Кафедраны Қожахмет Жүсіпұлы басқарған тұста осы оқу орнында жаңа мамандықтардың ашылуына байланысты студенттер санының артуымен спорттық білімі бар оқытушылар қатары өсті. Олардың ішінде: гимнасшылар Б.М. Нечаев, А.Саркенов, жеңіл атлеттер Н.М. Мәмбетов, С.Б. Дариева, Т.Лысенко, спорттық ойын шеберлері Г.Датукашвили, И.Сапрон, В.Наумов, Х.Ахметов, М.К. Нұрғалиев, Т.А. Ботағариев, боксшы А.Ш. Амиров, Е.Бекбосынов, палуан В.Морозов және басқалары бар еді. 1982 жылы осы оқу орнында «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығын дайындайтын бөлім ашылып, республикамыздың батыс аймағы үшін қажетті маман кадрлардың сұранысы шешілді. Кафедраның басшылығымен спорттың әр түрінен секция үйірмелері жасақталып, студенттер облыс, республика және халықаралық деңгейдегі жарыстарда облыс намысын қорғап, жүлделі орындарды иеленді. 2000 жылы басталған Иран, Әзербайжан, Түркіменстан, Ресей, Қазақстан мемлекеттерінің Каспий жағалауында орналасқан университеттердің студент жастары арасындағы спорттың бірнеше түрінен универсиадаға спортшылар дайындауға қомақты үлес қосты. Ұстаз Қ.Ж. Шамбиловтың ұзақ жылғы педагогикалық ізденісі нәтижесінде бірнеше әдістемелік оқу құралдары жарық көрді. Сондай–ақ, ол Мәскеу, Тарту (Эстония), Винница (Украина), Алматы, Қарағанды, Семей, Шымкент қалаларында өткен ғылыми практикалық конференцияларға қатысып, мазмұнды баяндамалар жасады. Облыста шахмат мектебінің негізін салушылардың бірі ретінде көпке танылды. Бүгінде сол мектептен дәріс алған шахматшылар Б.Жұмиев, Ғ.Мардашев, С.Гайсин, С.Даутов, Б.Жұмашев және басқаларының есімдері көпке танымал. Қожахмет Жүсіпұлының ұзақ жылғы халық ағарту саласындағы жемісті еңбегі жоғары бағаланып, ҚР білім беру ісінің үздігі, ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдық мерейтойлық, «Еңбек ардагері» медальдарымен және облыстық, республикалық спорт комитеттерінің мақтау қағаздарымен марапатталды. «Жақсының аты өлмейді» дегендей, университетте жыл сайын Қ.Ж. Шамбилов атындағы шахматтан ашық біріншілік өткізіледі және бұл сайысқа облыс орталығындағы барлық жоғарғы оқу орындарының оқытушы-профессорлары қатысады. Бүгінде тірі болса 80-ге толуға тиісті Қожахмет Жүсіпұлы Шамбиловтың өзі тәрбиелеген шәкірттері филос.ғ.к., І.Ж.Ахметов, М.Таңжаров, п.ғ.к., профессор А.С. Аралбаев, доцент С.С. Жұбанов, А.Мұхамбеткалиев және басқалары ұстаздарының ізін жалғап, жемісті еңбек етіп келеді. Олардың барлығы да ұстаз есімін ардақ тұтады. Ұстаз ағамыздың отбасында үш ұл-қызы әке жолын жалғастырып келеді. Үлкен ұлы Тахир мен кенжесі Айбар мұнай саласында еңбек етсе, ал қызы Гүлбаршын − химия ғылымдарының докторы, профессор. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде ғылым және инновациялар департаментінің директоры болып еңбек ететін Гүлбаршын Қожахметқызы былай дейді: «Менің әкем бізді барлық нәрсеге үйретті. Ол үнемі барлық адамға, туған-туысқандарға қол ұшын беруге әзір тұратын. Ақылды, парасатты, қарапайым қасиеттері бізге өмірлік үлгі. Әкемнің ақылымен ғылым жолына түстім, нәтижесі жаман болған жоқ. Анаммен бақытты ғұмыр кешті, оның бейнесі менің бала жүрегімде мәңгі сақтаулы. Осы тұста анам жайлы да аз ғана бір үзік сыр айтсам ба деп едім. Ол Орда ауданының төл тумасы. Оқуды аяқтағасын есеп саласында еңбек етіп, зейнекерлікке шыққанға дейін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде абыроймен жұмыс атқарды. Ол да бүгінгі күні 80-ге толып отыр, немере-жиендерінің ортасында бақытты да, ғұмырлы күн кешуде». Иә, өмірлік жарқын мұраты жолында талмай тер төгіп, талай дарынды шәкіртінің кеудесіндегі сәулені көре білген, есімі қашан да үлкен әріппен жазылатын ұлағатты ұстаз Қожахмет Жүсіпұлының жарқын бейнесі әрқашан біздің жадымызда болып, жүрегімізді жылытып тұрмақ.

// Атырау. – № 76. 11.07. 2015 ж.

ШАХМАТТАН ЖАРЫС ӨТТІ

Жуырда «Қ.Шамбилов атындағы шахмат клубында» Ғ.Ә. Айдаралиев атындағы Атырау облыстық шахмат федерациясының ұйымдастыруымен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Астана күні қарсаңында ҚР Суретшілер одағының, ҚР Көркем академиясының корреспондент мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Х.Досмұхамедов атындағы АтМУ Өнер және спорт факультеті «Бейнелеу және дизайн» кафедарасының аға оқытушысы Отаралиев Айса Бақтиярұлының 60 жылдық мерей жасына байланысты шахматтан турнир өтті. Жарысқа облыс орталығы мен аудандарынан 20-ға тарта спортшылар қатысты. Жарыстың салтанатты ашылуында университеттің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Қ.Сүндетұлы кіріспе сөз сөйлеп, мерейтой иегерінің ғұмырнамасы мен шығармашылық жолына тоқталды. Одан кейін сөз алған Х.Досмұхамедов атындағы АтМУ профессорлары А.Хамметов, С.И. Камелова, профессор Қ.Шамбиловтың зайыбы К.К. Шамбилова, шахмат спортынан мастерлікке кандидат Б.Ағашин мерейтой иегері туралы жылы лебіздерін білдірді. Өңірімізге танымал өнерпаз термеші Әбдіхан Есенғалиев жергілікті ақын М.Отаралиевтың сөзіне жазылған әндерден шашу шашты. Мұнан әрі Ғ.Ә. Айдаралиев атындағы Атырау облыстық шахмат федерациясының вице-президенті С.Ғайсин жарыстың жүру тәртібімн таныстырды. Бір күнге созылған шахмат сайысы қорытындысымен, бірінші орынды шахматтан спор шеберлігіне кандидат Б. Ағаша, екінші орынды қызылқоғалық А.Сақтағанов, үшнші орынды оралдық А.Ізбасаров иеленді. Ынталандыру сыйлығына шахмат ойының шеберлері Ж.Рахметов, Ә.Шербасов, Н.Мамбетовтер ие болды. Барлық қатысушылар дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ойын соңында мерейжас иегері ҚР Суретшілер одағының, ҚР Көркем академиясының корреспондент мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі А.Б. Отаралиев сөз сөйлеп, барлық жарысқа қатысушылар мен ұйымдастырушыларға жүрек жарды алғысын білдірді. Жарысқа Х.Досмұхамедов атындағы АтМУ Ректораты мен кәсіподақ ұйымы демеушілік көрсетті.

// Атырау. – № 54. 9.07. 2016 ж.

РЕКТОР ҚҰРҒАН КОМАНДА

Жуырда Атырау қаласында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» Қоғамдық бірлестігі мен Атырау аймақтық дене тәрбиесін және спортты дамыту орталығы бірлесіп өткізген, ҚР Тәуелсіздігінің күніне арналған «Спорт – нашақорлыққа қарсы» ұранымен ЖОО және колледж ұстаздар қызметкерлері арасында бір аптаға созылған спартакиада аяқталды. Жарыс спорттың шахмат, тоғызқұмалақ, үстел тенисі, волейбол, баскетбол және гандбол түрлерінен өткізіліп, сайысқа 3 жоғарғы оқу орындары мен 17 колледж командалары қатысты. Бұл жарыста Индер, Жылой аудандарының колледжілер командалары ерекше көзге түсті. Жарыс қорытындысында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры, профессор А.А. Талтенов басқарып шыққан команда Бас жүлдені жеңіп алды. Кейінгі жүлделі орындарды Қазіргі заманғы Каспий өңірі және Индер ауданынан келген колледжілерінің командалары иеленді. Шаршы алаңда үздік шыққан командалар бағалы сыйлықтар мен дипломдарға ие болды. Ең жоғарғы сыйлық ректор А.А. Талтеновтың өз командасы мүшелеріне бір үлгіде спорттық киімдер топтамасын ұсынғаны болды.

// Қазақстан кәсіподағы. – № 1 (1184). 13.01. 2017.

ӘМИННІҢ АЛҒАШҚЫ МӘРЕСІ

Қазақстан жеңіл атлетикасының құдіретті күшін әлемге танытқан қазақтан шыққан екі жігіт, бірі – Ғұсман Қосанов болса, екіншісі – Әмин Тұяқов. Сонау өткен ғасырдың 70-ші жылдарында Махамбет ауданының Фурманов атындағы орта мектебінде оқып жүргенімізде дене тәрбиесінен дәріс беретін, мамандығы математик Жанасов Орынғали ағайымыз институтта бірге оқыған курстасы Әмин Тұяқов туралы және оның спорттағы жетістіктері туралы жырлап айтушы еді. Ал сол ағамыздың өмірбаяны мен шыққан биіктерін талай рет газет-журналдан оқып, ал рекордшымен университетте болған әр түрлі ғылыми-тәрбиелік шараларда бетпе-бет жүздестік те. Жуырда архивте сақталған газеттер тігіндісін ақтарып отырып «желаяқ» ағамыздың алғашқы жеңістерін баян еткен мақалаларға тап болып, енді солардың бір тобымен оқырмандарды таныстыра кетуді жөн санадым. Алдымен Гурьев облыстық «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау») газетінің 1958 жылғы 4 тамыз күнгі № 131 (7096) санындағы тілші М.Ысқақовтың «Ақтөбедегі үш күн» атты репортажында ағамыздың есімі ауызға алынады. Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Гурьев облысының жоғарғы оқу орындарының студенттері спорттан үш күн өз ара бақ сынасады. Бұл жарыста жеке және командалық жарыста жеңіске ие болған жеңімпаздар республикалық додаға қатысу құқына ие болатын еді. Гурьев педагогикалық институты атынан 52 спортшы қатысып олар спорттың 7 түрінен бақ сынасқан. Студенттердің спорт жарысы бойынша өткен аймақтық бұл кездесуде Гурьев педагогикалық институтының студенттері өздерінің спорт өнеріне деген шеберліктерін айқын аңғартқан. Спорттың күрес, суға жүзу, қыз балалардың 400 метрлік эстафеталық жарыстарында олар бірінші орынға ие болады. Ал жүгірудің тартыста өткені туралы тілші былай деп жазады: «Жолдастық кездесуде жеке спортшылардан жақсы нәтиже көрсеткендер де аз емес. 100 метрлік қашықтыққа жүгіруде Тұяқов ІІ спорт разряды нормасын орындады. Оның көрсеткіші – 11, 3 минут». Сөйтіп жарыста жүлдеге ие болған Әмин ағамыз спорттың осы түрінен Алматыда өтетін республикалық жарысқа қатысу құқына ие болады. Ал Гурьев облыстық «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау») газетінің 1958 жылғы 19 тамыз күнгі № 164 (7129) санындағы тілші М.Қабдешевтың «Жеңіл атлетшілердің жеңісі» атты мақалаға тоқтала кетсек. Мақала сол кездегі астанамыз Алматы қаласында өткен кәсіподақтардың ІІ республикалық спартакидасына арналған. Сол жарысқа Гурьев (қазіргі Атырау) облысынан 20-дан астам спортшылар қатынасыпты. Солардың ішінде облыс спортшылары жарыстың жеңіл атлетика түрінен ерекше көзге түскен екен. Тілші былай деп жазады: «...Жүгірушілер алдында Амин Тұяқов. Ол Гурьев педагогикалық институтына түспестен бұрын-ақ мектеп қабырғасында жүргенде спорттың жеңіл атлетика түрінен көзге түсіп жүрді. Аминді парталас достары «жүйрік болсаң Аминді қуып жет» деп мақтанышпен дәріптейтін еді. Ол қазір пединституттың ІІІ курсында оқиды. Осы жолғы жарыс оған көп үміт артатын сияқты. Себебі облыста жаңа рекорд жасап, жүлделі, жүйрік атанған ол үлкен намысты қорғайды. Мұны орындаған күнде Москвадағы кәсіподақтардың Бүкілодақтық VІ спартакиадасы күтіп тұр». Міне, жарыс төрешісі берген ысқырықтан құйындай ұшқан жарыс төсіндегі спортшылар бірін-бірі қуалай жөнелді. Бәрінің де алдында бір мақсат – чемпион болу. Жеңіл көтеріліп, оқтай зымыраған Әминнің қимылына көз ілеспейді. Төрешілер қолындағы секундомер тілі алға жылжыған Әминнің екпіні арта түсті. Тілші М.Қабдешев одан әрі кейіпкерін былайша суреттейді: «Финиш! 10,8 секунд, Тамаша! Облыстық рекорд тағы да жақсарды. Бұл Аминнің «Спартак» стадионында өткен 100 метрлік қашықтыққа жүгірудегі көрсеткіші еді. Тұяқов 200 метрлік қашықтықты да 22,8 секундта өтіп, елеулі табысқа жетті. Ал ұзындыққа секіруде 6, 143 метр көрсеткішке ие болды. Бұл да облыс бойынша рекорд еді. Жас рекордшы кешікпей ВЦСПС-тың Бүкілодақтық VІ спартакиадасына қатысады». Алматы қаласында өткен кәсіподақтардың осы ІІ республикалық спартакидасында гурьевтік жеңіл атлетшілер эстафеталық жарыстарда да жақсы нәтижелерге ие болады. Әмин осы 4х100 метрлік қашықтықта әріптестері Бисеналиев, Иваньян және Оганьянмен бірлесе жүгіріп, жарыс қорытындысында 45,2 секунд уақытта аяқтайды. Бұл да облыстың жаңа рекорды болып табылды. Осылайша Әминнің жұлдызды шағы уақыт жетегінде жүре берді. Институттың құрама командасының сапында физика-математика факультетінде оқитын Ә.Тұяқов бастаған жеңіл атлетшілер облыста өткен талай жарыстың бас жүлдесін иеленді. Сондай бір жарыстан жазылған Гурьев облыстық «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау») газетінің 1958 жылғы 31 қазан күнгі санында тілші А.Молдашевтың «Педагогикалық институтта» деген мақаласынан үзінді келтіре кетсек: «Жуырда Гурьев педагогикалық институтының спортшылары қалалық, облыстық спорт жарыстарында әзірлік алдындағы спорттық кездесулерді өткізді. Онда 100-ден 1500 метр жерге жүгіру, 4х100 метрлік эстафета жарыстары өтті. Филология және физика-математика факультеттері спортшылары арасында болған бұл жарыста көптеген спортшылар жақсы нәтижеге ие болды. 100 және 200 метрге жүгіруден А.Тұяқов бірінші орын алды, сол сияқты студент Молдабаев дистанция бойынша ІІІ-разряд нормасын орындады. Ал 1500 метрлік жүгіруде Шапауов алда болды. 4х100 метрлік эстафеталық жарыста физика-математика факультетінің спортшылары финиште бірінші болып келді. Жарыс қорытындысында 110 ұпай алған физика-математика факультетінің студенттері бірінші орынға ие болды». Мақаладан көріп отырғанымыздай, ұжымның алға шығуына бірден-бір шешуші рөл атқарған спортшы Әминнің өзі болғанын айтпасақта түсінікті. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Әмин Елемесұлы 1937 жылы 12 ақпанда Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шайыр ауылында дүниеге келген. Әжесінің қолында өскен ол спорт десе ішерге асын қояр жас болып өсті. Сыныптастарының «жүйрік болсаң Аминді қуып жет» деген сөзі тегін айтылмаса керек. Білім іздеген жас шәкірт облыс орталығындағы Гурьев педагогикалық институтына қабылданады. Осында жүріп нағыз спортшы екенін құрбыларына таныта білді. Сөзіміздің дәлелі ретінде, «Түркістан» газетінің 2018 жыл 18 қаңтар № 1 санында жарияланған Б.Әкебаевтың «Қазақты жаһанға танытқан желаяқ» атты мақаласында ағамыздың өсу жолдары туралы былайша баяндайды: «Әмин 1954 жылы жылы Атырау қаласында, небәрі 17 жасында 100 метрлік қашықтықты 12,3 секундта жүгіріп, Атырау қаласының чемпионы атанды. Чемпион деген атақты 17 жасында жеңіп алған Әминге жаттықтырушылар қызығушылық танытып, тәрбиелей бастайды. Кеңес Одағы кезінде «Қайрат», «Динамо» және «Буревестник» сияқты, тағы басқа да ерікті спорт қоғамдары көп болатын. 1960 жылы сол «Буревестник» ерікті спорт қоғамының Мәскеуде өткен бүкіл одақтық біріншілігінде 100 метр қашықтықты 10,4 секундта жүгіріп өтіп, «КСРО-ның спорт шебері» атағын алады». Ол кезде одақта топ жару деген Антрактида мұзын кескенмен бірдей еді. Небір спортшылар арасынан сонау түбекте жатқан Шайырдың тау-тасты жерінен шыққан қазақтың қара домалақ баласының бұл қадамы талайдың таңдайын еріксіз қақтырғаны шындық. Әмин кейін КСРО-ның құрама командасына қабылданып, талай әлемдік, одақтық жарыстардан байрақ алып қайтты. 200 метрлік қашықтыққа жүгіруден Кеңес Одағының бес дүркін чемпионы болғанын жақсы білеміз. Жеңіл атлетикадан 1965 жылы Киев қаласында болған АҚШ – КСРО арасындағы жолдастық кездесуде болған 4х100 метрлік эстафеталық жарыста құрамында Ғұсман Қосанов пен Әмин Тұяқов болған құрама топ жарды. Әлемдік аренада алдарына жан салдырмаған американдық спортшылар құрамында екі қазақ жігіті болған топтың жеңісін еріксіз мойындады. Өткен жылы ғана мерейлі 80 жылдық торқалы тойын атап өткен Әмин Елемесұлы Тұяқовтың есімі қазақ спортының тарихында, оның ішінде жеңіл атлетика саласында алтын әріптермен жазылып қалғанын есте ұстауымыз шарт. Қоғамыздың жаршысы, айнасы атанған мерзімді баспасөзде сақталған осындай деректерді жарыққа шығару тарихшылардың абыройлы ісі болмақ.

ҰЛТТЫҚ ТАРИХТЫҢ ЗЕРДЕШІСІ ЕДІ...

Кеше ғана Алматыдан қаралы хабар келді. 79 жасына қараған шағында республикаға танымал тарихшы-ғалым Көшім Лекерұлы Есмағамбетов дүниеден озыпты. Қабырғамызды қайыстырар бұл оқиғадан атыраулық ғалымдардың біразы есеңгіреп те қалды. Мұның да өзі жайы бар еді, себебі ағамыз тарих ғылымына біраз шәкірттерді тәрбиелеп, үкілеп қосқан еді. Олардың арасында Алматы, Астана, Атыраудағы жоғарғы оқу орындарында еңбек етіп жүрген барша тарих ғылымдарының докторлары мен кандидаттары атанған осы кісінің шәкірттері бар.

Қасиетті Атырау өлкесінде, Индер жерінде небір дүлділдер, ақындар мен жазушылар, ғалымдар дүниеге келген десеңші ?! Олардың біразының да о дүниелік болып кеткені қаншама. Солардың қатарында елдің бағына жаралып, оның мерейін өсіруге еңбек еткен, ел тарихында өз ізін қалдырып, ғылымда мектебін қалыптастырып, халқына пайдасын тигізген Көшім Лекерұлы Есмағамбетов болатын. Көшім Лекерұлының есімі – барша қазаққа тарихшы ғалым, баспагер, аудармашы ретінде кең танымал. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылым академисының академигі, Әлеуметтік ғылымдар академиясының Құрметті академигі.

Өткенге бір көз жіберелікші. Балалық шағы соғыс жылдары өткен ол, соғыстан кейінгі қиын жылдарда мектепке барып, Қаңбақтыдан Кулагиноға барып оқып, кейін аудан орталығына көшіп барып білім алды. Мектеп жасында оның туған өлке тарихына деген қызығушылығы ерте оянды. Ақын жазушыларға еліктеп өлеңдер жазып, әңгімелер құрастырып, жас ақындар отырыстарына қатысты. Оған сабақ берген мұғалімдер, сенен жақсы жазушы журналист шығады деп үміт артты. Сыныптас досы мәселен, Есбол ауданы орталығы Кулагино селосының тұрғындары байырғы ұстаз Насипқали Өмірбаев, Бағытжан Заитов сияқты туысы Көшақаңның әдебиет сабағында жазған шығармасын, оның жазу қолтаңбасының тасқа таңба басқандай сұлулығын әркез еске алып отырады. Өлкедегі сан түрлі тарихи орындарды өз көзімен көріп қызықтау мақсатында ол, сол орындарға жаяу саяхат жасап, сонау Есболдан Гурьевке жаяу қатынап, тарихи жерлерді өз көзімен көруге асықты. Жастық жалын іштегі жігерге қосылып, биіктерге самғауға жетеледі. Армия қатарынан келгеннен кейін, Есбол ауданы Қаңбақты ауылынан Алматыға оқуға аттанып, жоғары оқу орнына қабылдау емтихандарын өте жақсы тапсырды. Сол жылдары қазақ жастары арнайы бөлінген жолдамамен Мәскеудегі жаңадан іргесі қаланған кейін атышулы Одақ көлемінде даңқы жер жарған, талай талантты жастарға өмірлік жолдама берген, Патрис Лумумба атындағы Халықтар достығы университетіне «тарихшы» және «ағылшын тілінің аудармашысы» атты екі мамандық бойынша білім алуына жолы түсті. Үстінде солдат шинелімен оқуға 1960 жылы аттанған жас жігіт сол тұстағы кездескен небір қиыншылықтарға төтеп беріп, мойымай, қазақ атын жоғары ұстап оқуда зеректігін көрсетті. Сабақтан қолы бос уақытта ауылдағы әке шешесіне салмақ салмауға тырысып, еңбек етті, сол кездегі студент достарымен бірге вагондардан жүк түсіріп, азда болса қаражат тауып үстін бүтіндеп киім киіп ел қатарына қосылды. Бізбен кездескен сәтте сол қиын да, қызықты жылдарды жиі есіне алатын. Ағамыз өзінің жастығын есіне алып, Мәскеу көшелерінде балшықты кең балақты шалбармен балшықты сыпыра жинап аршындап басып бара жатқан қазақ жігітіне, айналасындағы адамдардың оған ерекше назар аударып қарағанын, қыр баласының модаға елеңдеп алғаш рет кең балақты шалбарды балшық күні киіп шыққанын, өзінің жастық аңғалдығын еске алып бір сәт күліп алады. Қызығы мен қиындығы мол студенттік кездер де өтіп, аталған жоғары оқу орнын алғашқы бітіргендер қатарында болған Көшақаң, жоғары оқу орнын үздік дипломмен бітіріп, 1965 жылы елге абыроймен оралып, Алматы қаласында тұрақтады. Алған білімі кәдеге жарады, негізгі мамандығымен қатар елшілік істердің мән жәйіне қаныққан жас маман жұмысқа кірісіп, өз білімін күнделікті жұмыс барысында қолдана білді.

1965–1984 жылдары С.М.Киров атындағы ҚазМУ-де, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында оқытушы, доцент, Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінде, Қазақ КСР Жоғары оқу министрлігінде, 1993–1996 жылдары ҚР Қаржы министрлігінде жауапты қызметтер атқарды, 1984–1998 жылдары (үзілістермен) Қазақ энциклопедиясының бөлім меңгерушісі, орталық бастығы, 1998–2000 жылдары ҚР мұрағатттану және құжаттану ғылыми-техникалық Орталық директоры болды.

Әр кез өз шығармашылығымен таныла білген Көшім ағамыз 1971 жылы алғаш жазған «Шындық пен бұрмалаушылық» атты ғылыми зерттеуінде отандық тарихқа қатысты мәселелерді зерттеудегі әртүрлі пікірлерге тоқталып, шетел тарихшыларының тарихи фактілерді бұрмалау жөнінде өз пікірін білдірді. Келесі жылы қорғаған кандидаттық диссертациясы яғни тырнақалды жұмысы Қазақстан тарихының Европа және Америкада зерттелуіне арналып, көптеген шетелдік әдебиеттер түгенделіп, шет жердегі әртүрлі басылымдарға мақалалар жазып, қазақты бүкіл әлемге танытудан басталды. 1978 жылы жарық көрген «Көне Қазақстанды көргендер», 1994 жылғы «Біздер туралы батыста не жазылған?», «Қазақтар шетел әдебиетінде» сияқты еңбектерде атақты шетелдік саяхатшылардың қазақ даласында болып, қазақтар жөнінде қалдырған пікірлерін жинақтап, ағылшын тілінен қазақ тіліне аударып оқырманға ұсынды. Көптеген шетелдік басылымдарға ағылшын тілінде мақалалар жазып, қазақты әлемге танытқан ол, аударма ісімен айналысып, ағылшын суретшісі Джон Кэстльдің «1736 ж. Кіші жүз ханы Әбілхайырға барып қайтқан сапары туралы» күнделігін тауып, оны 1996 жылы орыс, қазақ тілдеріне аударып, ғылыми айналымға қосып, оқырман қауымды шетелдегі ғалымдардың қазақтар туралы пікірлерімен таныстырды. Кейінгі жылдарда Көшім Лекерұлы Дж. Демконың «Орыстардың Қазақстанды отарлауы», С.П.Синханың «Құқық философиясы» кітаптарын ағылшын тілінен қазақ тіліне аударды. Туған өлкенің тарихи тақырыптарына қалам тартып, ұлыларды ұлығылауға атсалысып, қазақтың ұлы, рухы биік жауынгер ақыны, батыр Махамбет Өтемісұлының 2003 жылы 200 жылдық мерейтойы қарсаңында, оның өмірі туралы «Азат рухтың күрескері» атты тарихи еңбек жазып өз жерлестеріне тарту етті. Сонымен қатар, 2004 жылы Маңғыстау жерінің аяулы перзенті, ірі партия, кеңес қайраткері, Түркменстан Мары, Украинаның Керчь қаласында қызмет еткен репрессия құрбаны Зұлқарнай Оспанұлы Баймұрзаев туралы «Қайсар қайраткер» еңбегін жазып, қалың оқырманға таныстырды. Аталған монографиялық еңбекке өз пікірін білдірген белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев: «Кітапты мұқият оқып шыққаннан кейін балалық шағым көз алдыма келді. Шығармадағы автордың тарихи оқиғаларды жеткізуі, саналы адамның өз халқы үшін мақтаныш сезім туғызып, ержүрек батырларының алдында бас игізетін сезім туғызады», − деп жазады. («Каз. Правда», 2004, 4 желтоқсан) Әнебір жылы Көшім Лекерұлы жаңа қырымен танылып, «Қазақстан астаналары» атты құжаттар жинағын құрастырып, халқымыздың біртуар ұлы Мұстафа Шоқайға көлемді еңбек арнағаны да бар. Көптеген монографиялық еңбектер мен жүздеген ғылыми-танымдық мақалалардың авторының бұл еңбегі оның тағы бір қырының көрінісі болатын. Жылдар бойы жинақтаған оның бай тәжірибесі Батыс Қазақстан аумағында орналасқан түрлі елді мекендер мен облыстардың энциклопедияларын дайындауда өз септігін тигізді. Ақтөбе облысы, Жетісу, Ақмола, Атырау облысы Индер ауданы энциклопедияларын т.б. дайындауға ат салысып редакциялық алқа құрамында болып, аянбай еңбек етті.

Қазақ елі тәуелсіздік алып жас мемлекет ретінде аяғын қалт басқан тұста, елшілік жұмыста мол тәжірибесі бар ғалымды Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа шақырып, жас мемлекеттің болашақ елшілеріне өз білгенін үйретуге шақырды. Көшім ағамыз өз білімін, өзі жиған терген мол тәжірибесімен бөлісті. Қай тұста да Қаржы министрлігінің сыртқы істер бөлімі мемлекеттің сыртқы келбеті іспеттес, басқа мемлекеттермен қаржылық қарым-қатынастарда еліміздің бет пердесі ретінде алғашқылардың бірі ретінде көзге түсетіндігін ол жақсы түсініп, жас мамандарға түсіндірді, елшілік істердегі этикетке үйрете білді. Өйткені, дипломаттың өзге елдің елшілері алдында елшілік этикетке сай ұстауы тек қана өзіне ғана емес, сонымен бірге өз еліне жақсы абырой әкелетіндігін әрқашан айтып отырады. Тіпті ең кішісі дастархан басында қасық пен шанышқы қалай ұстау керектігі жас маман елші үшін үлкен сын екендігін әр кез назарда ұстады. Осы жұмыстармен қатар, ғылым саласындағы шығармашылық істерін назардан тыс қалдырмады. Оның қаламынан Отан тарихының көптеген мәселелеріне арналған тың туындылар туындады.

Ғылымнан бір сәт қол үзбеген Көшім Лекерұлы 2000 жылдан бергі уақытта Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас ғылыми қызметкер, сонымен қоса республикамызға танымал «Қазақстан мұрағаттары» журналының бас редакторы қызметін атқарды. Тек қана ғылыми еңбектер ғана жазып қоймай жас ғалымдарға қамқоршы болып, шәкірттер дайындады. Оның жетекшілігімен көптеген жастар докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғады. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушылары Ұ.Ахметова, А.Ахмет, К.Мендігереев, Ғ.Шотанова сияқты жас мамандар кандидаттық диссертацияларын қорғап, өлке тарихының сан қырларын ашты. Сонымен бірге, өлкеміздегі жоғары оқу орнында жұмыс жасап жатқан ғалымдарға ғылыми әдістемелік кеңестер ұйымдастырып, конференциялар мен семинарлер, симпозиумдар өткізуге атсалысып, докторлық диссертацияларға жетекшілік жасап, маман кадрлар дайындауға өз үлесін қосты.

Көшім Лекерұлы туған елінен еш алыстаған емес. Жатса да, тұрса да, қай жерде жүрсе де туған жері әрдайым ойында болды. Туған жердің ауасын аңсаған ол, басқа ағайындар сияқты шетелдік курорттарға аспай, қолы босағанда жеңгеймен екеуі өз туған жеріне тартатын. Оған өзіміз талай куә болдық. Тіпті өз балаларына туған жерге жиі барып, орайы түссе сол жерде жұмыс істеуге үгіттейтін. Әке ақылына құлақ түрген бір ұлы Абай Ақтау қаласында жұмыс істеп жатса, қызы Алмат Атырауда сот жүйесінде, нотариат саласында жемісті еңбек етуде. Көшім Лекерұлы мен апай 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеген ата-ана. Өлкеміздегі жастарға қамқор болып, өз ғылыми мектебін қалыптастырды. Ұстаз ағамызды ақтық сапарға шығарып сала отырып, топырағы торқа, жаны жанатты болсын демекпіз! Ол салған ғылыми жол, оның сүйікті есімі ешуақытта өшпейді деп сенім білдіреміз.

// Атырау. – № 93. 26.11. 2016 ж.

ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨШПЕЙДІ

«Жақсының жарығы өшпейді» деген аталы сөз бар. Бұл фәниде елу бес жыл ғана өмір сүріп, құйрықты жұлдыздай ағып өтсе де, бар ғұмырын еліміздің ғылымы мен білімін дамытуға арнаған ұлағатты-ұстаз ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері Ғалымжан Жұмабайұлы Нұрышевты барша жұрт білуші еді. Өйткені, ол кісілігі – келісті, адамгершілігі – айтулы, азматтығы – айқын, ғалымдығы мен сырбаз мінезділігі ерекше, сегіз қырлы, бір сырлы азамат еді ғой, шірікін! Ортамызда тірі жүрсе мерейлі алпыс жасын атап өтер еді. Алайда, тағдырдың салғанына көнбеске амалың жоқ. Осыдан бес жыл бұрын кенеттен өнегелі отбасының алтын тірегі Ғалымжан да, ұйытқысы, әрі отанасы Гүлімхан да бақилық болған еді... Тал бойына асыл қасиеттердің бәрін дарыта білген, Ғалымжан достыққа адал, жаны таза, жүрегі ақ болатын. Ежелден аталарымыз «Әке көрген оқ жонар» демей ме, оның бойындағы адамгершілік, қарапайымдылық, парасаттылық секілді қасиеттердің бәрі дерлік кіндік қаны тамған туған жердің топырағынан, ата-анасының ақ сүтімен, мектепте алған өнегелі тәрбиесімен қалыптасқаны даусыз болатын. Біз Ақжайықты бойлай жайлаған Махамбет ауданына қарасты 11 ауылда (бұрынғы «Заураль» кеңшарының № 2 мал фермасы, қазіргі Есбол) дүниеге келіп, балдай тәтті балалық шағымызды бірге өткізген едік. Ғалымжан бала күнінен өте алғыр, зерек болды. Барлық қоғамдық жұмыстардың ортасында жүретін. Сабақты тек «5»-ке оқып, Д.Фурманов атындағы орта мектепті алтын медальмен аяқтады. Мектептегі ардақты ұстаздарымыз Сәуле Масаева, Насиха Ермұханова, Бақтығали Әлдешев, Қарагөз Әлмұханова, Сембі Берғалиев, Ермұрат Ержанов, Салима Қабдырова, Жетпісбай Сілеумұханов, Мырзахмет Қостаев, Қуаныш Нұралин және тағы басқалардың ауыздарынан түспейтін мақтанышы болатын. Жоғары білім алып, ел ісіне араласқан тұста да абыройға бөленді. Оны әріптестері де ұдайы құрмет тұтатын. Қазір Атырау мен Ақтөбеде де, Астанада да, жалпы ғылыми ортада Ғалымжан туралы жақсы сөз айтылады. Себебі, еңбек жолын алғаш Гурьев мұнай өңдеу зауытында экономист болудан бастаған ол өндірістен ұстаздық жолға түсіп, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде оқытушы, факультет деканы, проректор ретінде ұйымдастырушылық қырымен танылды. Кейін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде проректор (2001–2004 жж.), Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында ректор (2004 жылдан) қызметін абыроймен атқарды. Еліміздің ғылым мен білімді игеруге ұмтылған мыңдаған жас Ғалымжан Нұрышевтан тәлімді тәрбие мен өнегеге толы дәріс алды. Ғалымжан өнегелі жанұяның иесі атанды. Сүйікті зайыбы – Күлімхан да ғылым докторы, Ақтөбедегі С.Бәйішев атындағы университетте жемісті еңбек етті. Екеуі ұлы Санжар мен қызы Гаухардың осы заманға лайық жоғары білім алуын қадағалады. Соңына мол ғылыми мұра қалдырған талантты ұстаз Ғалымжан Жұмабайұлы отандық ғылымның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Енді оның есімін мәңгі есте қалдырудың шарасын ойластырған жөн секілді. Ол үшін әрине, облыс орталығындағы бір мектепке немесе көшеге есімін беруді ұсынамыз.

// Атырау. № 20. 15.03. 2017 жыл.

АҚЫН. ҒАЛЫМ. ҰСТАЗ

«Қариясы бар ел – қазынасы бар» дегендей, мен үшін университеттегі аға буын ұстаздарының арасында парасаттылығымен, білімпаздығымен, көрегенділігімен шоқтығы биік тұлғалардың бірі – Қадір Өтегенұлы Жүсіп. Соңғы екі жылдан бері отыратын жеріміз де, сөйлесетін орнымызда әдебиеттің алып тұлғаларының бірі З.Қабдол атындағы ғылыми-зерттеу орталығы болғандықтан, ағамыздың жандүниесіне үңілу, ой-орамдарын байқау оңайға түсті. Сәл ғана жымия түсіп, еш сызат жоқ әсем дауысымен әңгіме бастағанда өзіне қалай баурап алғанын тіпті байқамай да қаласыз?! Ал оның тау қопарған жазу еңбекқорлығына келгенде, еш баспа орындары оның шығармаларын басыпта үлгере алмаса айдан анық. Әңгіменің тоқ етері, ұстазымыз ағымдағы жылдың қаңтар айының 10-ы күні сексеннің сеңгіріне шықты. Енді аз ғана ғұмырнамасын тоқтала кетсек. Қадыр Өтегенұлы Жүсіп (Юсупов), 1937 жылы 10 қаңтарда Атырау облысы Гурьев қаласында дүниеге келді. Қаланың Жамбыл атындағы орта мектебін тәмамдап, 1961 жылы Гурьев мемлекеттік педагогика институтын бітіргеннен кейін, қаладағы Абай атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Содан кейін №11 Алтынсарин атындағы орта мектеп директорының орынбасары, №2 мектеп-интернатта аға тәрбиеші, Облыстық халық творчествосы үйінің директоры, №7 М.Әуезов атындағы, №19 Қ.Сәтбаев атындағы мектептерде мектеп директоры болып жұмыс істеді. Қадыр Өтегенұлы қала мектептерінде жұмыс істей жүріп, 1960 жылдан 1975 жылға дейін облыстық радионың дикторлық жұмысын атқарды. 1982 жылы Гурьев педагогика институтына қазақ әдебиеті пәнінен дәріс беру үшін жұмысқа шақырылады. Мұнда бастауыш білім және бала тәрбиесі бөлімінде, кейіннен жаңадан ашылған қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде қазақ әдебиеті, әдебиет теориясы пәндерінен дәріс оқиды. Институтқа келісімен ғылыми жұмысқа шұғыл бет бұрып, 1984 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақтың Ұлттық мемлекеттік университетінің филология факультетіне ғылыми ізденуші болып тіркеледі. Ғылыми жетекшілікке академик-жазушы, профессор Зейнолла Қабдолов тағайындалады. 1988 жылы «Жұмекен Нәжімеденовтің лирикасы» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғайды. Кандидаттық диссертация қорғасымен Жүсіп ағай ғылыми жетекшісінің ұсынысымен докторлық ғылыми дәреже алуға ұмтылыс жасап, Жұмекен шығармашылығы бойынша ізденісін жалғастырды. 1996 жылы «Ж.Нәжімеденовтің ақындығы» атты тақырыпта докторлық диссертациясын сәтті қорғап, филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне ие болды. 1999 жылы Қазақстан республикасы ЖАК-тің шешімімен профессор ғылыми атағы берілді. 2001 жылдан Әлеуметтік Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшелігіне сайланды. 2016 жылы ҚР Педагогика ғылымдарының академигі атағына ие болды. Ғалым 1988−2003 жылдары 15 жыл бойына қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушілік жұмысын атқарды. Қадыр Жүсіп – республикаға аты белгілі ақын. ҚР Жазушылар Одағының және Журналистер Одағының мүшесі. Өлеңдері облыстық, республикалық баспасөз беттерінде жарияланды. Поэтикалық жинақтары «Естелік», «Жүрек сыры», «Асау Атырау» «Айша бибі», «Зейнолланама», «Қыран самғау» өлеңдер және дастандар жинақтары жарық көрді. Қадыр Өтегенұлы көптеген ғылыми монографиялар жариялады, олар: «Орта мектепте оқушылардың шығармашылық дағдысын қалыптастыру», «Орта мектепте лириканы талдау», «Жыр жиһазы», «Жұмекен Нәжімеденовтің ақындығы», «Жазушы. Ғалым. Ұстаз», «Таңғажайып Бейбарыс», «Шың мен шыңырау», «Алмас жыр», «Әдеби толғамдар», «Махамбеттану мәселелері», «Қазақтың Қабдоловы», «Жұмекен жұмбағы», Сонымен бірге «Әдебиеттануға кіріспе», «Көркем шығарма талдау» атты оқулық пен әдістемелік құралдардың және жүзден аса ғылыми мақалалардың авторы. Қадыр Өтегенұлы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы академик Зейнолла Қабдолов атындағы ғылыми-зерттеу орталығына басшылық етті. Осы орталықты басқара отырып, ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша әдебиеттану ғылымы бойынша (3 млн. теңгелік) жобаны жүзеге асырып, «Батыс Қазақстан өлкесінің суырыпсалма ақындары мен жыраулары» атты ғылыми еңбек жариялады. 2007−2012 жылдар бойынша «Аджип» компаниясымен келісім-шартпен құны 5 млн. тенгелік ғылыми жобаға жетекшілік етті. Жоба бойынша үш кітап жарияланды: «Атырау облысының жер-су атаулары», «Мұнай және газ терминологиясының қысқаша түсіндірме сөздігі», «Балық шаруашылығы терминологиясының қысқаша түсіндірме сөздігі». Ғалым-академик Зейнолла Қабдоловтың 5 томдық шығармалар жинағының соңғы үш томын құрастырушы Қадыр Өтегенұлы мемлекеттік тіліміздің дамуына да үлес қосты. 1989 жылы күзде Алматыдағы республикалық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтай жиналысында Атырау облысы бойынша «Қазақ тілі» қоғамының төрағалығына ұсынылды. Осы жиналыста әр облыстың «Қазақ тілі» қоғамы педагогика институттарының базасында құрылуы керектігі жөнінде қаулы қабылдануына байланысты, Гурьев педагогика институтында тіл жанашырларының жиналысы өтіп, Қадыр Өтегенұлы облыстық қазақ тілі қоғамының төрағасы болып сайланды. Ол 1989 жылдың қазанынан 1990 жылдың мамыр айына дейін бұл қоғамдық жұмысты жемісті атқарып, қаладағы ылғи орыс бала-бақшаларында қазақ топтарын құруды, таза орыс мектептерінде қазақ сыныптарын ашуды ұйымдастырды. Бұл жұмыстар облыста қазақ тілін қолдану аясын кеңейтудің ролін арттырды. Ұлттық тілімізді қалпына келтірудің алғашқы дәні осылай егіліп еді. Кейін ол қаулап өсті. Қадыр Өтегенұлының ғылыми-педагогикалық еңбегі жоғары бағаланып «Парасат» орденімен, «Еңбек ардагері», «Тәуелсіздіктің 10, 25 жылдығы», «Ерен еңбегі үшін» атты медальдармен, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Ы.Алтынсарин» атындағы, «Білім беру ісінің озық қызметкері» «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» деген төсбелгілерімен марапатталған. Бүгінде ұстаз-ғалым университеттін Әбіш Кекілбаев атындағы ғылыми-зерттеу орталығын басқарады. Филолог-студенттерге, магистранттарға дәріс оқиды, магистранттардың жұмысына ғылыми жетекшілік жасайды. Түйін: Осы мақаланы дайындау үстінде профессордың «Ағатай» баспасынан сиясы кеуіп үлгермеген екі кітабы жарық көрді. Атап айтқанда, композитор, өнер зерттеуші И.Жақанов туралы «Даланың дархан дауысы» және әр жылдарда жарық көрген шығармаларынан таңдалған жинақ «Жылдар жаңғырығы». Осы еңбегімен қызу құттықтаймын!

// Ұстаздық еңбек. – № 6 (27), 29.03. 2018 ж.

ҰРПАҚТАР ЖАЛҒАСЫ

Ұрпақтар жалғасы қашанда болып жатады, себебі, әкелердің жасампаздық пен ерлікке толы істерін жалғастырушылар – олардың бүгінгі ұл-қыздары. Қандай әке болмасын артында ұрпақ қалдырып, ошағының оты өшпегенін тілейді. Сол жолда атар таң, батар күн демей, тіршіліктің талай тауқыметіне төзеді. Балаларын қатарынан кем қылмай, оқып білім алып, еліне елеулі еңбек сіңірген азамат болсын демейтін ата-ана жоқ шығар !? Көптеген адамдар өзінің дүниеге келіп, жер басып жүргенін, ат жалын тартып азамат болғанын, ең алдымен ата-анасының маңдай тер, табан ақысы екенін зерделейді. Олардың алдындағы парызын еліне, туған халқына адал еңбек атқарумен көрсетіп қана қоймай, туғандарына, әріптес іні-бауырларына қамқорлығымен адал көрсетеді. Міне, осындай биіктен көрініп жүрген азаматтар қатарында республикамызға танымал белгілі ғалым-ұстаз, Атырау мұнай және газ институтының профессоры, химия ғылымдарының докторы, Кеңес Исламғалиұлы Дүйсенғалиевтың есімін ерекше айтуға болады. Профессордың әкесі Исламғали Дүйсеғалиев (кеңес заманында еңестің фамилиясына «н» әрпі қосылып жазылып кеткен – Қ. С.) туралы Атырау облыстық мемлекеттік мұрағатында 13-қор, 2-л-тізбе, 3105-іс арнайы ашылған. Ол құжаттарды қарап отырсақ, Исламғалидың облыс экономикасы мен әлеуметтік дамуына өзіндік қолтаңбасы қалған абзал азамат екені айқын көрінеді. «Мен,−дейді Исламғали Дүйсеғалиев өзінің қолымен жазылған өмірдерегінде, − 1910 жылы 11 желтоқсанда Гурьев қаласында кедей отбасында дүниеге келдім. Әкем Қазан төңкерісіне дейін малшы, анам үй шаруасындағы әйел болған. Алайда, әкемнен – 1915 жылы, анамнан – 1913 жылы айырылып, жетімдіктің дәмін ерте тарттым. 1925 жылдан бастап Ербол Ахметовтың кузнец цехына үйренуші болып орналасып, 1930 жылға дейін еңбек еттім». Сол жылы Исламғали Ембімұнай кәсіпшілігіне қарасты механикалық зауыта жұмысшы болып, орналасып, балға соғушылықтан механикалық цехтың меңгерушілігіне дейін көтеріледі. Оның барлық ғұмыры еңбек демалысына шыққанша (1951 ж.) осы Петровский атындағы зауытта өтеді. Отанға қажетті мұнай өнімін өндіруге қажетті құрал-жабдықтарды жасауға белсене араласып, құрыш білегін темір өңдеу ісіне арнады. Ұлы Отан соғысына дейінгі мемлекеттің ІІ-ІІІ бесжылдық жоспарларын артығымен орындауда социалистік жарыстың бірнеше дүркін жеңімпазы болып табылады. Осының айғағы: мұрағатта сақталған, КП(б) Гурьев қалалық комитетінің 1940 жыл 29 тамызда өткен № 44 мәжілісінің хаттамасында төмендегідей жолдар бар: «Қазмұнайкомбинаттың кузнец цехының меңгерушілігіне 1910 жылы туған, 1938 жылдан партия мүшессі, п/б № 16000656, білімі төмен Исламғали Дүйсеғалиев беркітілсін». Одан әрі партия мәжілісінде И.Дүйсеғалиевтың 1935 жылы екпінді еңбегі үшін Қазақстанның 15 жылдығы мерекелік белгісімен марапатталғаны, 1937 жылы Уфа қаласында өткен Күншығыс мұнайшылар одағы конференциясына делегат болып сайланғаны атап өтілді. Исламғалидың қажырлы еңбегі бұдан кейін де 1940 жылы КСРО мұнай өнеркәсібі Халық Комиссариятының мақтау қағазымен марапатталып, КСРО мұнайшыларының І съезіне қатысады. Өз ісіне адал, қарапайым, жолдастарына қамқоршыл Исламғалиды ұжымдастары үнемі мақтан тұтты. Сол кездегі мерзімді басылым беттерінде ол туралы бірнеше мақалалар жарияланып, оның есімі облысқа ғана емес, республиканың түкпір-түкпіріне таралды. Гурьев облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің 1940 жыл 27 қараша күнгі санында жарық көрген «Стахановский цех» атты көлемді мақала мұнайшылар арасындағы социалистік жарыстың жеңімпазы болып табылған Исламғали басарған ұжымға арналды. Өндірістегі үздік еңбек көрсеткіштері үшін Қызыл туды жеңіп алған ұжым басшысы ж.Дүйсеғалиев еңбек тәртібін қатаң сақтап, өндіріс тиімділігін арттыра беруге уәде бергендігі атап өтілген. Журналист П.Телятов былай деп жазады: «...Начальник цеха т.Дюсегалиев по-настоящему организовал труд. Он повседневно оказывает деловую помощ рабочим, учит не только производительно работать, но и давать лучшее качество. Тов. Дюсегалиев многому научился в этом цехе. Он работал молотобойцем. В 1932 году еге перевели кузнецом пятого разряда, а через шесть лет поставили руководить цехом, доверили большое и ответственное дело. Его всегда можно видеть в цехе наблюдающим за работой. Он внимательно следит за каждым кузнецом, за каждой бригадой, заметив неправильную ковку детали, недостаточно умелый подход к выполнению какого-либо задания. Т.Дюсегалиев лично на практике показывает, как надо лучше и производительнее работать...». Исламғали Дюсеғалиев басқарған ұжым Ұлы Отан соғысы кезінде мұнайшылардың күндіз-түні өнімді еңбек етуі үшін бар күштерін салды. «Барлығы да Жеңіс үшін, барлығы да майдан үшін» атты патриоттық ұранмен жігерленген жұмысшылардың балғасы бір тыным таппады. Мұнай өндіретін ұңғымалар мен бұрғылауға қажетті қосалқы бөлшектерді ыстық пеште балқыған темірді илеумен жасап жатты. Цех бастығының соғыс жылдарындағы ерен еңбегі 1942 жылдың тамызында «Құрмет белгісі», 1946 жылы «1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ол облыстық VІІ-VІІІ-ІX партия конференцияларына да делегат болып қатысады. И.Дүйсеғалиев белгілі өнертапқыш ретінде өндіріске 10 ұсыныс енгізген. Республикамызға танымал журналист Құттыгерей Смадияр 2005 жылы 29 сәуір күні «Мұнайлы Астана» газетіне «Стахановшы Исламғали» атты мақала жариялап, ел басына күн туған шақта майдандағы жауынгерлердей еңбек еткенін мақтаныш етіп, жас ұрпаққа былайша үлгі тұтқан: «Исекең зайыбы Орынша Ескендіровамен бақытты ғұмыр кешіп, 5 ұл-қыз сүйді, 20 немере-жиен көрді. 1981 жылы екеуі ұрпақтарының ортасында алтын тойларын өткізді. Ертеңгі мереке күні оны ұрпақтары стахановшы, тыл қаһарманы ретінде де еске алмақ». Бүгінде Исламғали мен Орыншадан өрбіген Бағыт-Нағима, Сисенбай-Римма, Мария-Ерғали, Жеңіс-Ғашия, Ораз-Нәсіп, Кеңес-Факизалардың шаңырақтары шалқыған, құда-жекжатты, немере-жиенді үлкен бәйтерекке айналып отыр. Солардың арасында мұнайшы әкесінің жолын қуған, жоғарыда сөз басында айтып өткен Кеңес те бар еді. Ол Атырау қаласында туып-өсіп, орта мектепті аяқтаған соң 1974 жылы Гурьев педагогикалық институтынан физика пәнінің мұғалімі мамандығын алды. Алғашқы еңбек жолы Қазақ ССР Ғылым академиясының мұнай және табиғи тұздар химиясы институтына жұмысқа орналасудан басталады. Ұжым басшылары ғылыми зерттеу жұмыстарына икемділігін көрсеткен Кеңес Исламғалиұлын КСРО Ғылым академиясының А.Н. Несмеянов атындағы органикалық элементі қосылыстар институтының аспирантурасына оқуға жібереді. Жас ғалым аспирантурада жүрген жылдарында химиялық үрдістердегі донорлық акцепторлық өзара әрекеттердің рөліне ерекше назар аударады. Әсіресе, ион-радикалдың бір түрден екінші түрге ауысуы химияның жаңа саласын дамытуға себепші болатыны қызықтыра түсті. Органикалық субстраттың донормен немесе акцептормен өзара әрекеті нәтижесінде зарядтың берілу комплексі (КПЗ) пайда болады. Оны зерттеу бұған дейін тек қана комплекстің физикалық-химиялық сипаттамасын білумен шектеліп келген еді. Жас зерттеуші К.Дүйсенғалиев комплекс компоненттерінің химиялық жолмен өзгерістерге ұшырау әдісін талдаумен шұғылданады. Осының нәтижесінде стильбендердің цис-формасынан транс-формасына ауысуының басты себебі КПЗ-ның құрылуы екенін дәлелдейді. КПЗ арқылы стильбендердің цис және транс-формаларын бөліп алу әдісі авторлық куәлікпен бекітілді және ол аналитикалық практикада кеңінен насихатталады. Ізденуші К.И. Дүйсенғалиев 1986 жылы 13 маусым күні КСРО Ғылым академиясының А.Н. Несемеянов атындағы органикалық элементі қосылыстар институтында 02.00.03 – органикалық химия, 02.00.04 – физикалық химия мамандығы бойынша «Стильбендік қатардағы қосылыстар негізіндегі донорлық акцепторлық комплекстер» атты тақырыпта химия ғылымдарының кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды. К.И. Дүйсенғалиевтың осы ғылыми жетістігін «Коммунистік еңбек» («Атырау») газетінің 1986 жыл 4 желтоқсан күнгі санында тілші Т.Хасанов «Ізденіс жемісі» атты мақаласында былайша бағалайды: «Үстіміздегі жылдың июнь айында аспирант К.Дүйсенғалиев осы институттың мамандандырылған ғылыми кеңесінде көп жылғы зерттеу еңбегін сәтті қорғап шықты. Кеңес мүшелері де, оның ғылыми жетешілері мен ресми оппоненттер де еңбектің құнды жақтарын ерекше атап көрсетіп, оған жоғары баға берді. Мысалы, ресми оппонент, профессор В.Н. Дрозд еңбекте комплекстің пайда болу себебі ашылғанын және осы жаңалықтың тәжірибеде кеңінен қолданылуда екенін атап көрсетті». Кеңес Испанғалиұлы ғылымдағы жетістігін Атырау мұнай және газ институтында 2006 жылы 14 желтоқсанда 02.00.13 – мұнай-химиясы мамандығы бойынша «Гетероорганические компоненты углеводородного сырья Западного Казахстана: свойства, строения, применение» атты тақырыпта докторлық диссертациясын сәтті қорғап, одан әрі жалғай түсті. Докторлық диссертациясының жетістігі Теңіз мұнай кенішінде мұнай шикізатын өңдеуде табысты қолданылып, практика жүзінде іске асты. Бүгінде профессор К.И. Дүйсенғалиевтің 70-тен аса ғылыми еңбектері жарық көрген. «Әке көрген оқ жонар» деген халқымызда жақсы сөз бар. Әкесінің өнертапқыштық жетістігін ұлы да қайталады. Қазірде Кеңес Исламғалиұлының КСРО-ның 2 авторлық куәлігі және ҚР Ұлттық патент ведомостысынан алған 1 патенті бар. Бүгінде ол бірнеше жас ғалымдар мен магистрлерге, бітіруші студенттердің дипломдық жұмыстарына жетекші болып, ақыл-кеңесін беруден бір шаршаған емес. Бірнеше жылғы еңбегі де елеусіз емес. Жұмыс кабинетінде тұрған мақтау қағаздары, өзі автор болған кітаптары мен ғылыми мақалалары жарық көрген журналдарды оқып танысуға біраз уақыт кетер еді. Ең жоғарғы марапат – үстіміздегі жылдың 2 шілдесі күні Атырау облысының әкімі қолынан М.Өтемісов атындағы драма театрында өткен жиналыста үш бөлмелі пәтердің кілтін алғаны мәңгі есінде қалалары сөзсіз. Зал түгел дүркірете қол соқты-ау, ғалымға! Бұл күнгі ағамыздың қуанышын әріптес інісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Болат Нығыметов былайша жеткізді: «Аллаға мың риза, біздің ұжымдағы ең қарапайым, мінезі кең, ғұмыры асып-таспайтын Кеңес Исламғалиұлының ғылымда қол жеткізген табысы ұшан-теңіз. Осыдан ширек ғасыр бұрын алған екі бөлмелі пәтерде бірнеше бала-шағасымен қабақ шытпай тұрып келгені жасырын емес. Бүгінгі облыс әкімінің қолынан кілт алғанына қатты қуанып қалдық. «Бақыт кілті – мінез бен еңбекте» дегендей, ағамыздың еңбекқорлығы мен сабырлығы бәрімізге үлгі боларлықтай». «Ат тұяғын тай басар» дейді атам қазақ, бүгінде Исламғали ұрпақтарының арасында мұнайшы мамандығын игерген Артур Кеңесұлы Дүйсенғалиев жуырда – 6N0721 – органикалық заттардың химиялық технологиясы мамандығы бойынша магистрлік диссертациясын қорғамақ. Бұл да жақсылықтың бастамасы. Ұрпақ жалғасып тапты деген осы!

// Мұнайлы Астана. № 30 ( 365). 22. 07. 2010.

АТЫРАУДЫҢ «ЖУКОВЫ»

Өмір баспалдақтары

Адам баласы тал бесіктен жер бесікке дейінгі күреске толы өмір жолында кейінгіге ғибрат болар іс қалдырып кеткісі келеді. Менің дәл осындай тұжырымға келуіме бала күннен бірге өскен досым, облысқа танымал азамат Қалидолла Тайпанов берген «Есею жолдары» атты кітапты оқығаным себепші болды. Авторы – Асан Сапаров. Барлық саналы ғұмырын облыстың әлеуметтік-экономикалық саласына, оның ішінде білім беру ісіне арнаған ұстаз сан тарау «соқтықпалы, соқпақты» өмір жолын еш боямасыз қарапайым тілмен баяндайды. Кітап сегіз тараудан тұрғанымен, қысқа да нұсқа түрде түгел бір ғасырды қамтыған бір әулеттің ғұмырнамасын, һәм өз өмірін, өзін қоршаған ортасы туралы естеліктерді шебер бере білген. Жазғандарын ұрпағына аманат етіп қалдырған, өндіріс басқарғанда «Жуков», ал білім саласында «Макаренко» атанған, Асан ағамыз кім еді, кім болып еді ?! Осы тұста осыдан бір жыл ғана өмірден озған автордың жүрек жарды сөзіне тоқталып кетуді жөн санадым: «Мен 30 жыл мүше болған Коммунистік партияның моральдық кодексін оқып, үйреніп, Кеңестік тәрбие алып өскен, ержеткен, қазір дербес зейнеткерлікте отырған адаммын. Ақ пен қараны, дос пен дұшпанды, шындық пен өтірікті, жаман мен жақсының қай-қайсысын да біліп, түсініп, айыра білген жандармыз. Қоғамның, ұжымның қақ ортасында тәрбиеленіп өскен, еңбектің қандай түрінен болса да қорықпай кез-келген жұмысты істеп, шындықты, адалдықты, адамгершілікті ұран қылып қолға ұстап, еңбектегі өз үлесімізді ешкімге бермей, көзбояушылыққа төзбей өскен жандарымыз». Осыдан-ақ, Асан ағамыздың өмір бойы әділдікті ту етіп, адалдықты жол еткен, шындық үшін жанын беруге даяр тұрғандығын аңғаруыңыз да қиын емес. Замандастары арасында оза шапқан, терең ойлылығымен, бүкіл бітім-болмысымен оқшауланған бөлек тұлға екендігін мойындамасқа да амалыңыз жоқ. Сапаров Асан 1935 жылы 4 желтоқсанда қазіргі Махамбет ауданында дүниеге келген. Әкесі Сапар да, анасы Мәрия да колхоздың малын баққан қарапайым еңбектің адамдары болған. Асан алғаш қазіргі Ақтоғай селосындағы, кейін Махамбет селосындағы орта мектептерден білім алады. Білім жолындағы сапары алдымен Орал қаласындағы Пушкин атындағы, кейін Гурьев педагогикалық институтының сызу, физика-математика мамандықтары бойынша бітірумен аяқталады. Алғашқы еңбек жолы 1960 жылы Гурьев ауыл шаруашылығы техникумында басталып, өзі оқыған Гурьев пединститутында ұстаздық етумен жалғасады. 1964 – 1975 жылдары қазіргі № 1 және № 2 кәсіптік колледжілерде директордың орынбасары, директоры болып еңбек етеді. Кейін Гурьев қалалық атқару комитетінде жауапты хатшы, төраға орынбасары, Гурьев сыра зауытының директоры, «Зеленьстрой» басқармасының бастығы, № 7 (қазіргі № 4) колледжісінің директоры болды. Қалалық, облыстық мәслихат депутаты болып бірнеше рет сайланады. Ол кезде басшылық жұмыста ұқыптылық, жауапкершілік, ұйымдастыру және бастаған істі аяғына дейін жеткізу мәселесі алдыңғы сапта болушы еді-ғой. Директор Асан Сапарұлының қанына біткен ерекше қасиет салмақты тапсырма беру, қара қылды қақ жарған әділдігі, темірдей тәртіпті талапшылдығы өзге әріптестерінен оқ бойы оқшау тұратын. Республикаға танымал журналист Қ.Ғабдешұлы «Атырау» газетінің 1995 жыл 26 қыркүйек күнгі санындағы «Кесек мінез» атты мақаласында А.Сапаров туралы жазған ақжарма сырында былай деп жазады: «Кесек мінез – маңдайға біткен бақ. Оны ешкім тартып ала алмайды. Кесек мінез кесек істерге жетелейді. Табиғаттың өзі жомартықпен бере салатын ірілік анау-мынау қалыпқа сыймайды. Ондай мінезді тезге салам деу бекер. Асан Сапаров кесек мінезділер шоғырына еркін енетін адам. Бір мәрте кездескен адамның өзі Сапаровтың болмысын сәлемінен-ақ аңғарады. Жүріс-тұрысының өзінен сес пен қарапайымдылық лебі қатар есіп тұрады». Жасыратыны жоқ, компартия үстемдік құрған шақта директорлардың жоғарғы басшыларға қарап жалпақтап, бас изей салуы болғаны жасырын емес. Бұл тұста палуан Асан Сапарұлының боз кілемде қарсыласына атой салған қайсарлығы, үнемі жеңіс биік тұғырынан көрінетін сенімі алға жетелейтін. «Шалқайғанға шалқай – ол құдайдың ұлы емес, еңкейгенге еңкей – ол әкеңнің ұлы» емес деген аталар сөзін аруақ санаушы еді.

Асан Сапарұлы – Атыраудың «Жуковы»

1984 жылдың сәуірінде Асан Сапарұлын Гурьев қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Р.Т. Шырдабаев шақырып алып «өзің сұранып жүрген бұрынғы училищелеріңе барамын деген тілегіңді орындайын, айтшы қай жерге барғың келеді» демесі бар ма. Жауап дайын: «СПТУ- 37-ге (қазіргі № 7 ) барайын, маған ылғи сотталған жерлер тап болады. 1-1,5 жылда жөнге салып беремін, тек сұраған көмегімді қайтармассыздар». Көп ұзамай облыстық партия комитетінің бюросында училищеге директор болып әңгімелесуге барған А.Сапарұлына бюро мүшесі Б.Саппаевтың: «Неге жұмысты жиі ауыстыра бересіз?»-деген сұрағына, Равиль Тәжіғараұлы: «Асан Сапаров жолдасты пивзаводқа сотталып кеткен Қ. Сисеновтың орнына кадрды тәрбиелеу мақсатында жібердік. Ол 1,5 жылдың ішінде заводты күрделі жөндеуден өткізіп, өндіріс жоспарын орындатты. Содан кейін «Зеленстрой» басқармасына Б.Имашевтың орнына жұмсадық, ол қарсы болған жоқ. Ал, Имашевты өздеріңіз білесіздер, қазір отыр (түрмеде)». Сол кезде оның құжаттарын қарап отырған облыстың бірінші хатшысы О.Көшеков: «Он как Жуков, где прорыв, туда и посылаете» деп күлген екен, залдағыларда түгел қосыла кетіпті. Кейін өмір ағысына сай әртүрлі жиналыстарда орынсыз тағылған сынға тұшымды жауабымен қарсы тұра білген Асекеңе әріптестері «Жарайсың, Жуковым!» деп қоятын.

Асан Сапарұлы – шебер ұйымдастырушы

Ұстаз А.Сапарұлы қашанда ұжым мүшелерін қамқорлап, олардың әрқайсысының жүрегіне жол тауып, бәрін бір тудың астына біріктіруге ұмтылды. Училище оқытушыларын тұрғын үймен, жас мамандарды жатақханамен қамтып ғана қоймай, зейнеткерлікке шыққан ұстаздарды әлеуметтік жағынан қорғауға күш салды. Осынау игілікті жолдағы жұмысы табыссыз да болмады. Облыста алғашқылардың бірі болып өткен ғасырдың 90-шы жылдарында келіп жеткен тоқырау заманында № 7 училищенің оқу-тәрбие жұмыстарын өтпелі кезең нарықтық экономикаға оң бұра білді. Атап айтқанда, мекеме қарамағындағы тракторларды жалға беру, автомашиналармен қала тұрғындарына көмір, құрылыс материалдарын тасу, жатақханадағы бос орындарды жалға беру, шеберханада слесарьлық және бау-бақшаға қажетті құрал-саймандар жасау, кешкі курстарда түрлі категориялардағы жүргізушілер дайындау, хатшы-машинистика, шаштараз, электрмен дәнекерлеушілер, электриктер, автослесарьлар, ЭВМ операторларын әзірлеуді қолға алды. «Бізді үкімет асырайды, далаға тастамайды» деп отырып алмай, жоғарғы жаққа алақан жаймай-ақ табыс табудың көздерін таба білді. «Игілік көзі – ізденісте» дегендей, ұзақ жылдар кәсіптік-техникалық білім беру ісінде жинақтаған тәжірибесі зая кетпеді. Сол кезеңдегі «Айдын» АҚ және басқа да өндіріс орындарымен, жеке кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс істеді. Оқуды күндізгі және кешкі курстарда, жұмыспен қамту орталығы жолдамасымен және коммерциялық негізде ұйымдастырды. Соның нәтижесінде облыс өндірістеріне қажетті 1994 жылы 792 маман, 1995 жылы 1025 маман даярланып, тікелей жолдамамен тартты. Сол күндерді есіне алған ағамыздың әріптес інісі, ұзақ жылдар Атырау облыстық білім беру басқармасы бастығының орынбасары болған Ш.Мырзағалиев былай дейді: «Мекеме қарамағындағы автокөлік, тракторларды халық сұранысына сәйкес жалға беру, жатақханадағы артық орындарды жалдау, оқу шеберханасында тұрмысқа қажетті құрал-саймандар жасап сату, кешкі жүргізушілер курсында А, В, С, Д, Е категорияларына ақылы оқытумен қатар 12 орындық қонақ үй, 60-70 орынға арналған автотұрақ, жеке көлік иелерінің автокөліктерін жөндеп-сырлайтын цех, тіс емдеу және тіс салу кабинеті, шаштараз, 20 орындық монша т.б. осы сияқтылармен пайда түсірді». Сондай-ақ, Махамбет ауданы әкімшілігімен келісе отырып, ауыл шаруашылығы үшін жер телімін алып, оған егін салып, мал ұстады. Оның өнімдерімен училище оқушылары тегін тамақтанды. Тапқан табыстар училищенің бірқатар құрылыс жұмыстарын жүргізуге, ұжым мүшелерінің жалақыларына үстеме ретінде қосылды, түрлі сыйлықтар беруге жұмсалынды. Облыс білім беру саласының ардагері С.Есқожиев сол күндерді былайша есіне алады: «Тапқан табыс оқушыларды, қызметкерлерді қолдауға, еңбекақыға, коммуналдық шығындарға жұмсалды. 2 оқытушы – Қ.Қаратаев, Е. Бакаров бюджеттен тыс түскен қаржыдан пәтерлі болды, зейнеткерлік жасқа жақындап қалған, бірақ сабақ жүктемесі жоқ 2 қызметкер жастары келгенше қосымша табыс көзінен зейнетақы алып тұрды. Асекең жаңалыққа жаны құмар еді. Белоруссиядағы училищелер тәжірибесіндегі басқару құрамындағы өзгерістерді облыста бірінші болып эксперимент ретінде енгізді».

Асан Сапарұлы – бала жанының бағбаны

Ұстаз болып шәкірттерге білім ұрығын себуден, оларға тәлім тәрбие беруден асқан бақыт жоқ шығар, сірә! Баланы сүймеген, шәкіртіне сүйікті ұстаз бола білмеген – ұстаз емес. Егер мұғалімдер директордың еңбегінен жоғары педагогикалық мәдениеттің, балаларды тікелей тәрбиелеушінің өнегесін көретін болса, онда директордың педагогтық ұжымды ұйымдастырушы ретіндегі рөлі өлшеусіз арта түседі. Сондықтан осы ұстанымды өмірлік кредосына ұстаған директор Асан Сапарұлы балалардан бойын аулақ ұстаған жан емес. «1965 жыл. № 13 химиктер училищесінде директордың орынбасары болып істеп жүрген кезім. Училищеде аппаратчик тобында оқитын тентек Колядко дейтін оқушы бар. Тентек болғанда да бас бұзары жоқ, бірақ оқытушы қауымына көнбейтін пәле оқушы. Өзі спортшы, бойы ұзын, мықты бала», –деп есіне алады А.Сапарұлы өзінің «Есею жолдары» атты естелік кітабында. Оқиға одан әрі былай өрбиді: бір күні спортзалға кірсе, сол бала жаттығу жасап жүреді. Балаға екі-үш шектеу қойылған айла-тәсілді қолданып жібереді. Ұстазының қолы қаттырақ батқан бала сол күнен бастап тентектігін қойып, дұрыс жолға түседі. Кейін сол тентек сабақты да жақсы оқып, еркін күрестен қала чемпионы атанады. Сөйтіп, мұғалімдердің бала алдында беделі болу керек, «беделсіз оқытушы есекпен тең» деп қорытындылайды, ардагер ұстаз. Ал оның 1984 жылы училище оқушысы Ирлан Үмбеталиевтың суға кетіп бара жатқан адамды құтқарған ерлігін «Атырау» газетінен оқып, сол газеттің негізінде жоғарғы жаққа қатынас қағаз жазады. Қорытындысында оқушыға «Судан құтқарғаны үшін» атты медаль бұйырады. Асан Сапарұлы – спорт пен өнерге жанын салған жан. Ол училищеде Сиғуат Уайсов жетекшілік жасаған ұлт аспаптар оркестерін ұйымдастырды, онысы республикалық және одақтық конкурстарда оза шауып бәйге алды. Шымкент қаласында және Молдавияның Кишинев қаласында өткен жастар фестивалдерінің лауреаты болғанын айтып өткеніміз орынды. Кейін осы ұжым «Халықтық оркестр» деген атаққа да қол жеткізіп, қазақ теледидарынан 45 минуттық концертін бүкіл республика жұртшылығы тамашалайды. Шаруашылық жұмыстары көп болса да Асан ағамыз спортқа уақыт таба білетін. Жас кезінде еркін күрестен өткен талай додалы жарыстарда чемпион атанғаны бар. Кеуделерінде намыс оты жағылған, көздері жалт-жұлт еткен талай шәкірттердің бағын ашты. Училище қабырғасында волейбол, футбол, баскетбол, шахмат, дойбыдан, жеңіл атлетикадан, еркін күрестен жарыстар жиі өткізілді. Олардың арасында облыс чемпиондары – каноэден спорт шеберлігіне кандидат, республиканың бірнеше дүркін чемпионы Д.Норко, еркін күрестен спорт шеберлігіне кандидаттар В.Климов, С.Дәулетов және т.б. бар. «Атырау» газетінің 2013 жыл 18 наурыз күні жарияланған «Намыс оты жігерін жаныған» атты мақалада мақаттық ҚР білім беру ісінің үздігі, еркін күрестен КСРО шебері Т.Б. Құсайынов ұстазына деген сүйіспеншілігін былайша жеткізеді: «Мен Асекеңе борыштар жанмын. Ол маған күрестің, жалпы өмір күресінің әліппесін үйретіп, намысымды оятты, жеңіске жігерлендірді, кейін еңбекке етене араласқан жылдарымда да көзінен таса қылмай алға жетеледі. Қамқоршылығын айтсаңызшы, техникум бітіргеннен кейін Жылыой ауданындағы № 84 ауыл шаруашылығы училищесіне барып, мұғалімдік қызметімді бастай бергенімде Асан ағамыздан жедел телеграмма келіп тұр. «Қалаға кел, институтқа түс, біліміңді көтер» депті. Сөзге келместен қалаға тарттым. Институттың физика-математика факультетін таңдап, 1969 жылы жоғары білім алып шықтым. Институтта спорттан, оның ішінде күрестен қол үзгенім жоқ». Жалпы, Асан Сапарұлы басқарған училище құрамасы футболдан (жаттықтырушысы Қанат Ғалиямов) 11 рет, еркін күрестен (жаттықтырушысы Махмуд Досниязов) 7 рет облыс чемпионы атанады.

Асан Сапарұлы – көпшіл адам

Табиғатынан адамдарға деген қамқоршы болуға, жақсылық жасауға ұмтылған Асан ағамыздың бұл жолдағы асыл істерін шәкірттері, достары, ағайын-туыстары жыр етеді. Мен сөйлескен ағамызды танитандардың барлығы дерлік «Асекең айналасына жақсылық нұрын шашып жүретін адам ғой» деп мақтаныш сезіммен айтады. Жолдас, дос жораларының, туған-туысқандарының басына түскен қиыншылықтар мен қуаныштарды алдымен «жарғақ құлағы жастыққа тимей» бөлісетін де Асекең еді. Ағамыз өмірлік жары Алма апай екеуі ағайын-туыстарының 13 ұл-қызын үйлеріне жатқызып, оқытты. 34 баланың мамандық таңдауына себепкер болып түсем деген оқуларына жәрдемдескен. Солардың бірі ішкі істер қызметінің зейнеткері, майор – Серік Закен. Махамбет селосындағы мектеп-интернаттың VІІІ сыныбын бітіргеннен соң өз қарамағына алып оқытады. Кейін оның мамандық таңдауына жол сілтеген ақылшы ұстазы, өмірлік әкесі атанады. Ол ағамыздың бала тәрбиесіндегі қаталдығын, шектен шығып бара жатқанда жақтан «мытып» жіберетінін сағына еске алады. Ал, Асан ағамыз болса осы тұста: «Ай, айналайын Алмашым, сенің пейілің кең ғой! Үйде жатқандардың ауыздарына барыңды тосып едің, армияға жүрерде сары бауырсағыңды пісіріп, дорбаға салып, беттерінен сүйіп, ақ жол тілеп аттандырып салып едің-ау!» деп жолдасына деген сүйіспеншілігін кітап арқылы жеткізеді. Бұл дүниеде сексен екі жыл өмір сүрген азаматтың соңында құдайы қосқан жары, ардагер ұстаз Алма Есқазықызымен екі қыз және бір ұлды тәрбиелеп өсірді. Айгүл мен Нұргүл – екі әулеттің ибалы келіндері болса, ұлдары Арман әке жолын жалғастырып отыр. «Орны бар – оңалар» деген осы. Асан Сапарұлы бұл фәниден қош айтысқан шақта оның жан досы республикаға танымал ұстаз, «Құрмет белгісі» орденінің иегері А. Хамзаұлы былайша тебіренеді:

– Жандар бар ізгіліктің нұрын сепкен,

Достарына «ет берер ˗ кесіп еттен».
Адамдарға жақсылық жасауды, тек
Өзгермейтін өмірлік кәсіп еткен.
Асекең бірі еді сондай ердің,

Дәм˗тұзын татып өсті туған жердің.
Көрді ол ˗ бейнетін де бұл өмірдің,
Көрді ол ˗ зейнетін де аққан тердің.
Жас болды ˗ жөнсіздікке бір барған жоқ,

Есейді, ар˗намысын кір шалған жоқ.
Жар сүйді, отау тікті, ұрпақ көрді,
Тағдыр берген үлесінен құр қалған жоқ.

Ол өмірге «Адам» болып келді, еліне «Азамат» болып танылды, өркені өсті, өрісі кеңейді, жапырағы жайылды, ерінбей еткен еңбегінің жемісін көрді, құрметке бөленді. Асан Сапарұлы өзіне қандай міндет жүктелсе де ешқашан немқұрайлы қарамай, соны абыроймен атқарып шыққанша мүлде тыным таппайтын жан болатын. Асекең өмірде көргені көп, көңіліне түйгені мол, ақылды, парасатты, білімді, кесіп түсетін кесек мінезді, артына ешуақытта дақ түсірмеген, кісілік келбетін жоғалтпаған, қанындағы, жанындағы тектілік тұла бойынан есіп тұратын ардақты азамат, абыз ақсақал, әулеттің алтын діңгегі, қадірлі дос, қымбатты бауыр еді».

Асан Сапарұлы – спортшы

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Асан Сапарұлы спорт пен өнерге жанын салған жан Сөзіміздей куәсіндей, тарихшы ретінде уақытымыздың дені мұрағатта өтеді ғой. Сондай бір сәтте, облыстық «Атырау» газетінің соғыстан кейінгі кезеңдегі тігінділерін ақтарып отырып Асан ағама тап болмасым бар ма?! «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау») газетінің 1958 жыл 4 шілде № 131 (7096) санында тілші М.Ысқақовтың «Ақтөбедегі үш күн» атты спорт тақырыбына арналған мақаласы жарияланыпты. Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Гурьев облысының жоғарғы оқу орындары студенттері спорттан үш күн өз ара бақ сынасқан. Бұл жарыста жеке және командалық жарыста жеңіске ие болған жеңімпаздар республикалық додаға қатысу құқына ие болатын еді. Гурьев педагогикалық институты атынан 52 спортшы қатысып олар спорттың 7 түрінен сайысқа түскен. Студенттердің спорт жарысы бойынша өткен аймақтық бұл кездесуде Гурьев педагогикалық институтының студенттері өздерінің спорт өнеріне деген шеберліктерін айқын аңғартқан. Спорттың күрес, суға жүзу, қыз балалардың 400 метрлік эстафеталық жарыстарында олар бірінші орынға ие болады. Кілем үстіндегі айқас классикалық және еркін күрес түрінен жүреді. Тілші былай деп жазады: «Жеңіл салмақтылардың ішінде гурьевтік Сапаров жақсы күресті. Ол өзінің еркін күреспен жаттығып жүргеніне көп уақыт болмағандығына қарамастан күрес әдісін жақсы меңгеріп, ақтөбелік Мұхамбетжановты жеңді». Үш күнге созылған бәсекеде осы еркін күрес түрінен Асан ағамыз өзінің әріптес балуандары – Есеналиев, Бердібеков, Баялиевтермен жақсы өнер көрсетіп жеңіске жетеді. Спорт жолындағы мол тәжірибесін кейін ұстаздық жолға түскенде көп пайдасын тигізгенін жоғарыда айтып өттік.

Түйін

Ия, адамдар өмірге келеді, өмірден кетеді. Бұл табиғаттың адамзатқа берген заңы. Жақсылықты, әділдікті, қайырымдылықты, сыйластықты, темірдей тәртіпті жанына байлаған Асан Сапарұлы туралы жазылған, айтылған әңгімелер көптен саналады. Мен осы эссемде ұстаздың кейбір бейнесін ашқым келді, мүмкін оның әлі де біз білмеген қыр-сырлары көпте шығар ?! Дегенмен, өмірден соңына ізгілікті із қалдырған ағамыздың жаны жаннатта болсын, Алла тағала әруағын қолдай жүрсін дей келе, сөз соңын ақын Мәлс Қосымбаевтың өлеңінен алған үзіндімен аяқтағым келді:

– Әй, Жаппастың Асан аға, мақтан тұтар,

Қашан да салтанатты салтан шығар.
Атырау – Ақжайықтың ортасында,
Қанаты қаршығадай қалқан шығар.
Күй қағаны атанған қайын атамның,

Қай кезде де достықпен саптан шығар.
Өзіңді «Жуков» досым деп атаған,
Бұл-дағы жақсыларға мақтау шығар».

Міне, осылайша «Атыраудың Жуковы» атанған ұстаз ағамызда артына мол мұра қалдырып өмірден жұлдыздай ағып жүріп кетті. Бүгінгі жас ұрпақ еліне, халқына қамқоршы болған ұстаздарды мәңгі ұмытпауы тиіс!

// Ұстаздық еңбек. № 12. 17.08. 2017 ж.

КАРТАСЫ МЕКТЕП ОҚУЛЫҒЫНА ЕНГЕН ТАРИХШЫ

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Аманкелді Шамғонов ширек ғасырдан астам уақыт бойы И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлы бастаған халық-азаттық көтерілісті зерттеп келе жатқан тарихшы-ғалым. Ізденіс барысында ол Исатай-Махамбет көтерілісінің 2 кезеңнен тұратындығын дәлелдеп, ғылыми айналысқа көтерілістің екінші кезеңін көрсететін «Кіші жүздің батыс бөлігінде» деген сөз тіркесін енгізді. Сонымен бірге, ғалым «1836–1838 жылдардағы Бөкей ордасындағы көтеріліс» деген ұғымның дұрыс еместігін, себебі 1838 жылы Бөкей ордасында ешқандай көтерілістің болмағандығын баспа беттерінде талай рет жазды. Автордың Исатай мен Махамбет батырлар бастаған көтеріліс туралы «Исатай мен Махамбет батырлар бастаған көтеріліс және оны мектептерде оқыту» атты әдістемелік құралы және басым көпшілігі әдістемелік бағытта жазылған 80-нен аса мақалалары ғылыми жинақтар мен журналдарда, республикалық, облыстық газет беттерінде жарық көрді. Исатайтанушы ғалым жауынгер ақын М.Өтемісұлының туғанына 200 жыл толу қарсаңында оқу орындарындағы «Қазақстан тарихы» пәні үшін «Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық -азаттық көтеріліс (1836–1838 жылдар) атты түрлі түсті сызба карта дайындады. Автордың осы сызба картаны жасаудағы мақсаты – осы тақырып оқылатын негізгі және орта мектеп оқушылары мен жоғарғы оқу орындарында оқитын студенттер үшін «Қазақстан тарихы» оқулығына қосымша көрнекі құрал дайындау, сол арқылы оқушылар мен студенттердің көтеріліс тарихын терең меңгеруіне көмектесу. Бұл карта 2003 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолдау тауып, республикамыздағы барлық оқу орындарында «Қазақстан тарихы» пәні үшін көрнекі құрал ретінде ұсынылды. Сызба картаның ғылыми негізі – Х.Досмұхамедовтың, А.Ф.Рязановтың, И.Кенжалиевтың, Ә.Сарайдың, Қ.Есмағанбетовтың, Н.Көшекбаевтың және басқа да ғалымдардың И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлы бастаған көтеріліс туралы еңбектері болып табылады. Сонымен бұл картаның дайындалуына «Мектеп» баспасынан әртүрлі жылдарда шыққан 8-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығындағы «Исатай Тайманұлы бастаған көтеріліс (1836–1838 ж.ж.)» деп аталатын оқулық карталардағы көптеген қателіктердің болуы да себеп болды. Сол қателіктердің басты-бастыларын атап өтетін болсақ: 1. Автор картаның тақырыбын «Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс» демей, көтеріліс басшыларының біреуін негізсіз қысқартқан. 2. Исатай мен Махамбет бастаған топтың 1837 жылдың 13 желтоқсанында таңда Сарайшық маңынан Жайық өзенінен Азия бетке өткеннен кейінгі жүрген жолдары керісінше көрсетілген. Шындығында, олар алдымен Қарабау, Тайсойған құмдарына бет алды, Барлыбай моласына жетіп одан оңтүстікке – Иманқара, Желтауға қарай ойысқан. 3. Көтеріліс басшысы Исатай Тайманұлының қаза тапқан жері деп Жайық өзенінің батыс (Европа) жағы белгіленген. Шындығында, Исатай Тайманұлы 1838 жылы 12 шілдеде Ақбұлақ өзенінің маңында болған шайқаста қаза тапты емес пе ?! Картада Махамбеттің өлген жері деп Жем өзенінің төменгі құйылысы көрсетілген. 4. 1838 жылдың шілде айының басындағы полковник Геккенің Исатай мен Махамбет батырлар бастаған көтерілісті басу үшін жасаған жорығы көрсетілмеген. Оның орнына атаман Падуровтың жорығы үлкен штрихпен берілген. Профессор А.Шамғонов өзі жасаған картада жоғарыда көрсетілген және басқа да карталардағы қателіктерді түзетіп, Исатай-Махамбет көтерілісін оқушылар мен студенттердің терең меңгеруіне қолайлы жағдай туғызған. Сызба картаға алдымен Ішкі ордадағы Бөкейхан қоныс еткен Жалтыр көлі, Жамбай орналастырылған. 1836 жылы наурыз айында көтерілістің алғашқы қақтығысы болған Манаш, одан әрі Бекетай, Жаманқұм, Теректіқұм, Мыңтөбе, Найзашағыл сияқты құмдар, Хан ордасы, 1837 жылы 15 қарашада Геке бастаған патша өкіметі әскерлерімен көтерілісшілер арасында шешуші шайқас болған Тастөбе және басқа көтеріліске байланысты тарихи орындар көрсетілген. Сол заманда өмір сүрген көптеген қайраткерлердің (Исатай, Махамбет, Бөкейхан, Жәңгірхан, Дәулеткерей мен Құрманғазы) туған, қайтыс болған жылдары мен жерлері де картадан орын тапқан. «И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлы бастаған шағын отряд, – дейді картаның авторы, –1837 жылы 13 желтоқсан күні таңда Жайық өзенінен Кіші жүзге өткен кезден бастап көтерілісшілер жолын көрсету оңай болған жоқ. Бұл тұста тек архивтік деректер мен зерттеушілердің еңбектері ғана негізге алынды». Исатай мен Махамбет батырлар өздерінің зор ұйымдастырушылық қабілетінің нәтижесінде Кіші жүздің бүкіл батыс бөлігін аралап, 6 айға жетпейтін уақыт ішінде қол астына 3000 мыңнан астам сарбаз жинаған. Сызба картада Исатай Тайманұлы мен Қайыпқали Есімов бастаған көтерілісшілер жүріп өткен жорық жолдары айқын көрсетілген. Көрнекі құралмен танысу барысында оқушылар, студенттер бұл көтерілістің негізгі ошақтары Қазақстаннның бүкіл батыс бөлігін – қазіргі әкімшілік бөлінісімен айтқанда Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарын қамтығандығын көреді. Бұл жерде тарихшы ұстазардың сызба картадағы Манаш, Бекетай құмы, Жиделі, Орда, Тастөбе, Тайсойған, Желтау, Доңызтау, Иманқара, Оймауыт, Ақбұлақ және басқа да көптеген жерлердің халқымыздың отаршылдыққа қарсы күресінде әрқайсысының өзіндік орны бар екендігіне оқушылар мен студенттердің назарын аударғаны жөн болады. Олай болса, бұл еңбектің жас ұрпақты патриоттық, отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге көмектесетіндігі күмәнсіз. 2016 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан авторлары Ж.Қасымбаев және Т.Омарбеков болып келетін ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен 8 сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығына атыраулық тарихшы-ғалым А.Шамғоновтың «Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық-азаттық көтеріліс (1836–1838 ж.ж)» атты сызба картасы енгізілген болып шықты. Бұл көрнекі құралда бұған дейінгі карталардағы қателіктер мүлде жойылған. Казіргі мезгілде бұл картаны республикамыздағы мыңнан аса мектептер пайдалануда. Осылайша тарихшы ғалым А.Шамғоновтың ұзақ жылғы еңбегі өз нәтижесін берді. Бүгінгі күні А.Шамғонов оқулық картаның авторы ретінде облысымыздың әр аудандарында болып, тарихшы мұғалімдердің семинарын өткізіп, онда 8-сыныпта Исатай-Махамбет көтерілісін оқыту барысында оқулыққа енгізілген картаны пайдалану туралы әдістемелік ақыл-кеңестер беруде. Атыраулық тарихшы-мұғалімдер ұстаз ғалымның картасына да және оны пайдалану туралы берген кеңестеріне де дән риза. Біз карта авторына зор денсаулық және жаңа шығармашылық табыстар тілейміз.

// Алтын аймақ. № 24. 15.03. 2017 жыл.

БІЗДІҢ ӘБІЛСЕЙІТ

Күн сайын кітапханаға келген республикалық мерзімді басылымдарды ақтарып отырып, еліміздің бас газеті атанған «Егемен Қазақстан»-ның беттерінен есімі танымал тарихшы-ғалым Әбілсейіт Қапизұлы Мұқтардың тарихи құнды мақалаларына тап боламын. Әсіресе, Абылай хан тақырыбына арналған ғылыми еңбектерін оқыған сайын тарихтың түбіндегі сонау алмағайып заманда өзінің туған халқының жарқын болашағын ойлап, бытырап жүрген қазақ хандарының басын біріктіруге ұмтылған оның ержүректілігі мен қайсарлығын, дарындылығы мен көрегенділігін тани түсесің. Сөйтіп XVІІІ ғасырдың орта кезінен хан Абылайдың Қытай патшасымен тікелей байланыс орнатып, қазақтардың сауда-саттығының күшейгені, одан әрі Қашқарға сауда керуендерін жіберуі, қырғыздармен келісім жасауы, Ташкентті бағындыруы, Ресей елшілерінің оған құрмет көрсетуі, Әбілмәмбет, Нұралы хандардың, Қазыбек бидің, өзге сұлтан-би, батырлардың қолдауы бұл тұлғаның қадір-қасиетінің, алысты болжайтын сарабдал саясаткер болғанына қанығасың. Профессор Ә.Қ. Мұқтардың орталық мерзімді баспасөз бен ғылыми журналдарда жарияланған Жәнібек, Керей, Әбілқайыр хандар туралы жариялаған ғылыми еңбектері өз оқырмандары арасында құнды пікір туғызып, ғылым жолына бет түзеген жас ғалымдар магистаранттар мен докторанттардың қолынан түспейтін құралға айналды.

Атам қазақ «Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі» деп бекер айтпаған. Өмірдегі қадір-қасиетің тіршіліктегі жасаған жақсылықтарың мен өнегелі істеріңнен көрінетіні анық. Қазақстан тарихы ғылымы саласында тер төгіп, мұрағат қойнауында жатқан талай құнды құжаттарды ғылыми айналымға түсірген тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Қапизұлы Мұқтар М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры болып абыройлы еңбек етіп келеді. Ол Атырау облысы, Махамбет ауданы, Сарытоғай селосында дүниеге келді. Ауылдағы орта мектепте үздік оқып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Мен ол кезде Махамбет аудандық комсомол комитетінің ІІ хатшысы болатынмын, комсомол мүшесі Әбілсейіттің белсенділігі мен алғырлығы өзге оқушыларынан оқ бойы озық тұратынына сан мәрте куә болғанмын. Мектеп ішіндегі барлық оқу-тәрбие жұмыстарының ұйытқысы, талай аудандық, облыстық көлемдегі шаралардың белсендісі атанды. Әкесі Қапиз аудандық газетте жұмыс істегені де әсер еттіме мектеп өмірінен жазған хабарларыда басылым беттерінде жиі жарияланып тұрды. Орта мектепті аяқтаған соң Гурьев педагогикалық институтының тарих-филология факультетіне түсіп, бұл оқу орнын үздік бітірді. Білім жолында аянбай ізденді, студенттер құрылысы отрядының жетекшісі де болып, институттың қоғамдық өміріне белсене қатысты. Сол үшін студенттер арасында Лениндік стипендиатқа ие болды, оқу мен еңбекте озат табыстарға жеткені үшін Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Алқасының грамотасымен (1985), «Ерен еңбегі» медалімен (1986) марапатталды. Бұл студент үшін үлкен мәртебе еді!

Институтты бітірген сәтте Кеңестік армияға алынып, 1987 жылдың қарашасына дейін Отан алдындағы борышын өтеді. Қызыл Тулы Орта Азия әскери округіне қарасты Отар әскери гарнизонында, Қарағанды облысының Абай қаласындағы танкі дивизиясында взвод командирі, рота командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары, бастауыш партия ұйымының хатшысы міндеттерін әскери тәртіппен мінсіз орындап, туған жерге аға лейтенат шенінде абыроймен оралды. Әскерден оралған бетте Сарытоғай орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Бір жылдан соң өзі білім алған Гурьев педагогикалық институтының «КСРО және жалпы тарих» кафедрасына оқытушылыққа шақырылды. Ғылымға деген сүйіспеншілігі жас оқытушыны 1990 жылы желтоқсанда Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университеті аспирантурасының күндізгі бөліміне алып келіп, 1993 жылы 14 сәуірі күні «Жайық-Жем мұнайлы ауданының дамуы (1920–1940 жж.)» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап тарих ғылымдарының кандидаты атанады. Аспирантура қабырғасында жүріп танысқан республика тарих ғылымдарының көшбасшылары З.А. Алдамжар, К.Н. Нұрпейіс, К.Л. Есмағамбетовтердің ақыл-кеңестеріне сүйеніп, оларды өмірлік ұстаз тұтты. Болашағынан көп үміт күттірген жас ғалым-оқытушы өзі білім алған оқу орнынан оралып, «Қазақстан тарихы» кафедрасына аға оқытушылық лауазымында жас тарихшыларға дәріс берді. Ұстаздық еңбегі абырой да әкелді, Атырау қалалық мәслихаты депутаты ретінде (1994) қала тұрғындарына берген сайлау алды аманаттары үшін еңбектенді, қоғамдық-саяси өмірге жете араласты. Кейін А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде тарих факультеті деканының орынбасары (1995–2000 жж.), «З.Алдамжардың ғылыми-ағарту және мәдени орталығының» директоры (2000–2001 жж.), және басқада ғылыми-педагогикалық қызметтерді атқара жүріп, өндірістен қол үзбей Алматы қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының диссертациялық кеңесінде «Қазақстанның батыс өңіріндегі қоғамдық-саяси өмір (XVІІІ ғ.ІІ жартысы – ХІХ ғ.бірінші ширегі) тақырыбында докторлық диссертация қорғайды. Жас ғалымның аталмыш еңбегі өз кезегінде уақытпенде үндестік тапты. Бұл кездері республикамыздың тарих ғылымы қазақтың тарихи тұлғалары, ұлт азаттық қозғалыстар басшылары мен хан, сұлтандар тағдыры, олардың қоғамдық-саяси қыметі мәселелеріне ауған еді. Профессор, тарих ғылымдарының докторы Ә.Қ. Мұқтардың тынымсыз еңбегі арқасында Қазақ хандығының іргесін қалаған Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Абылай, Уәли, Қаратай, Арынғазы, Нұралы хандардың, от ауызды, орақ тілді атанған Сырым, Сыпыра, Бөгенбай, Жоламан, Саржала, Махамбет батырлардың Ресей мұрағаттары қойнауында жатқан көп деректері ашылып, сұрыпталған күйінде ғылыми айналымға түсті. «Азаттық таңы жолында», «Сырым батыр және Нұралы хан», «Тарих тұңғиғындағы тұлғалалар», «Тарих айдынындағы тұлғалалар» атты кітаптар мен бұл тақырыпты көтерген 200-ден астам мақалалар жарыққа шықты. Республикамыздың мерзімді баспасөз беттерінде оның ішінде «Егемен Қазақстан» газеттерінде ғалымның мазмұнды көлемді мақалалары бет-бетті алып жатты. Профессор Ә.Қ. Мұқтардың Отан тарихы мәселелері бойынша жазылған 3 монографиясы тарихқа құштар студенттер, магистрлер мен докторанттардың қолынан түспес оқу құралдарына айналған. Профессор Ә.Қ. Мұқтар 2003 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің экономика факультетінің декандығына тағайындалып, кейін осы оқу орнының әлеуметтік-экономикалық мәселелер және тәрбие жұмыстары, ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры лауазымын абыроймен атқарды. Басшылық жұмыс пен ғылым жүгін қоса арқалаған ғалымның ұзақ жылдар бойы жинап-терген мәні зор еңбектері көптеген ғылыми журналдар мен баспасөзде жарияланды. «Қазақстандық Каспий: тарихы, орны, саяси маңызы» атты ғылыми жобасы (2005), «Батыс Қазақстан өлкесіндегі миграция мәселелері» атты еңбегі (2007) ҚР Білім және Ғылым министрлігі тарапынан жеңімпаз деп танылып, әріптестері арасында оза шауып бәйге алғаны бір бөлек. 2008 жылы Әбілсейіт Қапизұлы Мұқтар М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры қызметіне тағайындалады. 2008 жылы ҚР Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің бұйрығымен 07.00.08 – Отан тарихы мамандығы бойынша БД 14.61.26 Диссертациялық кеңестің төрағасы, Кеңес төрағасының орынбасары міндетін жауапкершілікпен атқарып, Қазақстан тарихы мәселелерін зерттеген 7 ізденуші ғалымдардың еңбектерінің сәтті қорғалуына ақжолтай тілектестік танытты. Орал, Қостанайдың ЖОО-да лайықты еңбек етіп жүрген оқытушылар сапында бүгінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде еңбек етіп жүрген: Г.Қайырғалиева, тарих-филология факультетінің деканы, Н.Сармурзина, Ү.Идрисова, кафедра меңгерушілері және осы жолдың авторы да бар. Қазіргі таңда ғалым Ә.Қ. Мұқтар республикалық «Отан тарихы», «Қазақ тарихы» және «БҚМУ хабаршысы» ғылыми және ғылыми-әдістемелік журналдарының редакциялық алқа мүшесі. Сонымен қатар Ш.Уәлиханов атындағы тарих, этнология институтының тапсырмасы бойынша жаңаша мазмұнда жазылып жатқан ұжымдық еңбек – «Қазақ тарихы» авторларының бірі. Профессор Әбілсейіт Қапизұлы Астана, Алматы, Атырау, Ақтау, Қостанай, Көкшетау, Шымкент, РФ-ның Орынбор, Астрахань, Орынбор, Челябинск, Элиста қалаларында, АҚШ-та өткен республикалық, халықаралық конференцияларына қатысып, баяндамалар жасаған. Бұл баяндамаларда мұнай өнеркәсібіне маман жұмысшылар дайындау тарихы, Қазақстанның батыс өлкесін отарлау ерекшеліктері, Батыс Қазақстан еңбекшілерінің Ұлы Отан соғысы кезіндегі жанқиярлық еңбегі, XVІІІ–XІX ғасырлардағы тарихи тұлғалардың қоғамдық-саяси қызметі, Сырым батыр, Арынғазы хан, Қаратай хан, Қайыпқали сұлтан, Жоламан, Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық қозғалыстар, қазақ-орыс, қазақ-парсы, қазақ-жоңғар, қазақ-қытай қатынастары, қазақ рулары, олардың орналасуы, қазақ хандары –Әбілқайыр, Абылай, Уәли туралы жаңаша пайымдаулар жасалды. Проректорлық қызмет атқарған жылдары Әбілсейіт Қапизұлының басшылығымен ҚР БжҒм жариялаған байқауларда Атырауда – 8, Оралда – 6 жоба грантқа ие болды. Әбілсейіт Мұқтарұлы отбасында бақытты, 5 ұл-қыздың әкесі. Жолдасы Ұлжан Төлегенқызы да – ғылым докторы, өзі еңбек ететін университетте жас тарихшыларға дәріс береді. Әбілсейіттің әкесі Қапиз ағамыз Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газетінің фото тілшісі және әдеби қызметкері ретінде танымал журналист. Алғашқы тырнақ алды шығармалары аудандық газетте жарияланған жас тілшінің кейін республикаға белгілі танымал ғалым атануына оның тікелей ықпалы болғаны жасырын емес. Қазақтың нар тұлғалы балуан батыры Әбілсейіт Айхановтың құрметіне ырымдап қойған есімі ғалым әріптесіміздің биіктей берсін деген тілек білдіреміз.

// Үш қоңыр – Республикалық әдебиет, мәдениет және өңір газеті. – № 9 (168) 28.02. 2014 ж.

ТҰЛПАР ТҰЯҒЫНЫҢ ҚАРЫШТЫ ҚАДАМЫ

Кеше ғана Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүде, бір болашақ» атты Жолдауындағы «Мәңгілік ел» болып қалу ұлттық идеясын барша халық қызу қуаттауда. Мәңгілік Ел идеясының Ұлттық идеямызға айналғаны барша қазақ халқының болашақтағы бақытты ғұмыр кешетін асыл мұратына жету болмақ. Жолдауда Елбасы республикамыздағы жоғарғы оқу орындарының алдына ұлан ғайыр үлкен міндеттерді қойды: «Алтыншы. Біздің болашақа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Бұл үшін не істеуіміз керек? Біріншіден, барлық дамыған елдердің сапалы бірегей білім беру жүйесі бар. Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр». Бұл жолдардан түсінгеніміз еліміздегі білім беру жүйесінде жастардың барынша қазіргі заманғы жаңа технология жетістіктеріне сай жоғары білікті кәсіпқой мамандық иесі болуына жұмыла күш салыну қажет. Сол талап тұрғысынан келгенде заманауи университеттерде әлемдегі білім беру жүйесіндегі озық тәжірибелер мен жаңалықтарды игерген ғалым оқытушыларға артар сенім мол. Сондай ұстаздардың бірі – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Ақпараттық жүйелер және есептеу техникасы кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Саламат Нұрмұханұлы Идрисов. Ал, сол жас ғалым Саламат кім еді ? Ол – қазіргі Индер ауданы, Өрлік ауылының тумасы. Атасы Ыдырыс Үсенов – 1948 жылы республикада мал шаруашылығын өркендетудегі қол жеткен табыстары үшін Социалистік Еңбек Ері атағына ие болып, омырауына Алтын жұлдыз бен Ленин орденін таққан қарапайым түйеші. Атасының еңбекқорлығы мен қарапайымдылығы, қоғам алдындағы жауапкершілікті түсінуі, алдына қойған мақсатына ұмтылушылығы, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдірген асыл қасиеттері немересі Саламатқа дарыған десек еш қателеспес едік. Ауылдағы орта мектепті, кейін университетті үздік аяқтаған жас жігітті болашақ ғылым мен білім жолында үлкен баспалдақтар күтіп тұрды. 1996 жылы университетті аяқтағаннан соң оның еңбек жолы «Информатика және ОИВТ» кафедрасында оқытушы, ЭЕМ лабороториясының меңгерушісі, 2000 жылы типографияның директоры, сол жылы желтоқсан айында қайта құрылған Жаңа ақпараттық технологиялар орталығының полиграфия бөлімінің меңгерушісі, 2003 жылдың қараша айынан Жаңа ақпараттық технологиялар орталығының директоры қызметін атқарды. 2006 жылы университеттің Информатика кафедрасының академиялық доценті атағы берілді. Ұзақ жылғы ғылыми ізденісі де өз жемісін берді. 2009 жылы доцент С.Н. Идрисов «Жоғарғы оқу орнының білім беру үдерісінде студенттердің ақпараттық мәдениетін қалыптастырудың педагогикалық шарттары» тақырыбында диссертация қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты дәрежесі атағын иеленді. 2009 жылдың 28 тамызынан бастап Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің деканы, Ақпараттық жүйелер және есептеу техникасы кафедрасының доценті болып студенттерге дәріс оқыды. Ол қазір – Қашықтан оқыту факультетінің деканы. Университеттің білім беру жүйесін ақпараттындыру бағытындағы іс-шараларда п.ғ.к., доцент С.Н. Идрисовтың қосқан үлесі ұшан-теңіз. Атап айтқанда, оқу үдерісінде жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) енгізу, пайдалану, оны оқытушы-профессорлар құрамына, студенттерге үйретуде өзін білікті маман екенін көрсетіп келеді. АКТ-ны оқу үдерісінде тиімді пайдалану мақсатында университет студенттері мен оқытушыларына интерактивті тақтаны қолдану және осы интерактивті тақтаға негізделген оқу курстарын құру мақсатында арнайы семинарлар ұйымдастырды. Университетте профессор-оқытушылардың оқу материалдарын электрондық оқулыққа айналдыруда п.ғ.к., доцент С.Н. Идрисовтың біраз тер төгуіне тура келді. Ол өзінің ұйымдастыру шеберлігін Алматы қ. өткен «Қазақстан және ТМД елдеріндегі білім беруді ақпараттандырудың» ІV Халықаралық форумында (18-19.10.2006) университеттің білім беру жүйесін ақпараттандыру бағытындағы жұмысын көрмеде жан-жақты көрсетті. Сөйтіп қазылар алқасының қошаметін иеленіп, ҚР БжҒМ-нің Дипломымен марапатталды. Саламат Нұрмұханұлының өз мамандығы бойынша ғылыми-зерттеу, оқу-әдістемелік бағытындағы іс-тәжірибелері «Қазақстан жоғары мектебі», «Ұлт тағылымы», «Ізденіс» атты ғылыми журналдарда үзбей жарияланып келеді. Ол 40-тан астам ғылыми мақалалардың және 3 оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Солардың арасында С.Н. Идрисовтің ақпараттық жүйелер және есептеуіш техникасы кафедрасының доценті А.Хаметовпен бірігіп жазған «АutoCAD 2008. Жұмыс бастау» – Алматы: «Полиграф-сервис К◦», 2011. – 238 бет. (суреттерімен) оқу құралының маңызы зор. Оқу құралы пайдаланушыларға орта мектептен геометрия және сызу пәндерінен алған білім мен дағдыларын пайдалану арқылы АutoCAD 2008 автоматтандырылған жобалау жүйесінде жұмыс бастауды үйретіп, 2D және 3D сызбалар дайындаудың тәсілдерін меңгертеді. Оқу құралында оқушыларға, студенттерге қазіргі заманның автоматтандырылған жобалауды жүзеге асыратын алдыңғы қатардағы күрделі және ауқымды графикалық редакторының мүмкіншіліктерін аз уақыттың ішінде меңгертіп, онымен батыл жұмыс бастауға үйретеді. Оқулықтың тағы бір үлкен құндылығы сол ана тілінде жазылғандығы. Демек, сызбалар әлеміне бас қойған студенттер үшін қолға түспес серігі болмақ. Жас ғалым өз білімін үнемі жетілдіріп отырады. Оқу үдерісін ақпараттандыру мен автоматтандыру бағытында алуан түрлі республикалық семинарларға қатысып, сертификаттарына ие болды. Олардың ішінде ерекше мақтан етерлігі 2012 жылы ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері ретінде Швейцарияның Монтрe бизнес мектебінде үш айлық ғылыми тағылымдамадан өтіп, сертификатқа ие болғаны. Бұл ғылыми тағылымдамада 10 курс бойынша білімін жетілдіріп, шет елдің білім беру жүйесі мен мәдениетін, экономикасы мен менеджмент жүйесін, креативтік және инновация, адам ресурстарын басқару және т.б. озық тәсілдерін игерді. Бүгінде жас ғалым С.Н. Идрисов шет елде алған білімін болашақ жастарға үйретуден жалықпай келеді. Саламат Нұрмұханұлы облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып отырады, бірнеше рет Жоғарғы Кеңес пен жергілікті мәслихаттарға депутаттар сайлайтын учаскелік комиссиясының мүшесі ретінде өзінің білімділігін, ұйымдастырушылық қасиетін көрсете білді. Осы еңбегі үшін ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Алғыс хатымен (2005 ж, 2007 ж, 2011 ж.), Атырау облыстық мәслихатының Құрмет грамотасымен (2005 ж.), Облыс Әкімі Алғыс хатымен (2007, 2011 ж.), жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін ҚР БжҒМ «Ы.Алтынсарин» төс белгісімен марапатталды. Қазіргі кезде еліміздегі жоғарғы оқу орындары, алдымен өзінің білікті оқытушыларымен елге танылады. Университеттің оқытушы-профессорлар құрамы арасында терең білімділігімен ұжымда да, студенттер арасында да беделге ие болған педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Саламат Нұрмұханұлы Идрисовтың алар асуы әлі де алда болмақ. Қазақта «ат тұяғын, тай басар» деген аталы сөз бар. Сол кешегі Еңбек Ері Ыдырыс қарттың немересі ғылым мен білім жолында Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың жоғары білім беретін оқу орындарының алдына қойған мақсаттарды жүзеге асыруда шығармашылық табыстарға жетеді деген сенім мол.

// Дендер. – № 30 (7973), 7.08.2014 ж.

ЖҮЗІНЕН ШУАҚ ТӨГІЛГЕН...

Талай ақындардың өлеңдеріне арқау болған Ару Жайықтың бойында орналасқан бұрынғы 11 ауыл, қазіргі Есбол ауылындағы орта мектептен түлеп шыққан түлектер саны аз емес. Десекте, солардың арасынан бұрынғы облыс әкімі Б.С. Ізмұхамбетовты, бір отбасынан шыққан 3 «Алтын белгі» иелері Нұрышевтарды және тағы басқада шәкірттерді мақтанышпен айта аламыз. Солардың арасынан танымал ұстаз, Атырау қаласының «Құрметті азаматы», педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрзила Сарсенқызы Сарсенованың шоқтығы биік ерекше тұлға деп білемін. «Ұстаз» деген қандай құдіретті есім десеңізші! Бүгінде қарапайым жұмысшыдан бастап үлкен лауазымда отырған азаматтарға дейін өздерін оқытқан ұстаздарға қарыздар екенін әсте есте шығармаса екен. Ыбырай Алтынсарин: «Оқытушыны бағалағанда олардың іске қатысы жоқ сөздеріне қарап емес, олардың егістерінің бетіне шыққан жемістеріне, яғни оқушыларына қарай бағалау керек», –дегені осыған айтылса керек. Өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаған, талмай еңбектеніп, бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз Нұрзила Сарсенқызы «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» (Абай) дегендей соңынан жүздеген шәкіртті өргізе білді. Нұрзила Сарсенқызы – 1947 жылы Гурьев облысы, Бақсай ауданы, Жаңакүш ауылдық кеңесінде (қазіргі Махамбет ауданы, Есбол селосы) дүниеге келді. Әкесі Митанов Сарсен, қарапайым шаруа иесі, колхозда жұмысшы болып еңбек етті. Сонау ел басына қатер төнгенде өз еркімен майданға сұранып кетіп, Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысып, бірнеше медальдармен, ордендермен марапатталды. Сол ауылда туып-өскендіктен атамыздың кескін келбеті меніңде әлі есімде қалыпты. Жүзі қараторы, бойшаңдау келген, ағаш-темірдің түйінін түйген шебер жан. Бала кезімізде оның үй жанында тұрған ат жеккен әдемі қара тарантасына отыруға, темір балқытатын көрігін тартуға күйе-күйе болып таласатынбыз. Сарсен атамыз Фурманов атындағы орта мектеп пионерлерінің құрметті қонағы болып, соғыстағы майдангерлер өмірінен қызықты әңгімелерді ертегідей етіп айтып беруші еді. Ал 1961 жылы дүниеден озған атамыздың анасы Халел Досмұхамедовтың туған апасы Торғай болғанын біреу білер, біреу білмес. Нұрзиланың анасы Митанова Злиха, қарапайым үй шаруасындағы әйел болды. Олар үш қыз, бір ұл баланы дүниеге әкеліп, тәрбиеледі. Қолдарынан келгенше жоғарғы оқу орындарына оқыта білді. Үлкені Алмаш, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, Марияш болса дәрігер, ағасы Бақтығали орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, ұзақ жылдар білім бөлімінің меңгерушісі, мектеп директоры болып қызмет атқарды. Қазірде зейнеткер. Ата-анасының сүт кенжесі Нұрзила 1953 жылы Фурманов атындағы орта мектептің 1-ші сыныбына қабылданып, 1963 жылы бітіріп шығады. Мектепте оқу озаты атанды, пионер, комсомол өміріне белсене араласып, қоғамдық жұмыстардан қол үзбеді. Осында оқып жүргенде өзіне сабақ берген ұстаздары Сембі Берғалиев, Ермұрат Ержанов, Жетпісбай Слемуханов, Хамила Айжарықова, Батима Рахметова, Насиха Ермұханова, Сауле Масаева, Салима Қабдирова, Мауия Муньянова апайларына қатты еліктеді. «Арманың не? Өскенде кім боласың?» деген сұрақтарға «мұғалім боламын» деген жауабын бір өзгертпеді. Сөйтіп, арман жетегімен Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтында оқып, химия-биология факультетін бітіреді. Алғашқы еңбек жолы 1970–1998 жылдар аралығында Атырау қалалық №7 М.Әуезов атындағы мектепте химия, биология пәндерінен дәріс беруден басталып, 1976–1978 жылдар аралығында тәрбие жұмысын ұйымдастырушы, 1978–1998 жылдар аралығында үзіліссіз оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарумен ұштасады. Жасыратыны жоқ, бүгінгі жаңа технологиямен жабдықталған мектеппен сол замандағы мектептің арасы жер мен көктей еді ғой. «Мұғалім – мектептің жүрегі» деп тегін айтылмаса керек, ертеңнен қара кешке дейін сыныптарда сабақ үрдісін тұрақты өткізу, күн сайын өтетін тәрбиелік шараларға қоса, кеште өтетін түрлі жиналыстарды қосыңыз. Дәптер тексеру, ертеңгі сабаққа көрнекілікпен әзірлену, сөйткенше таңның бозара ата бастағанында білмейде қалатын. Нұрзила Сарсенқызы аз ғана көз шырымын ала салып, мектепке қарай жүгіретін. Республикалық басылымдарға берген бір сұхбатында Н.С. Сарсенова былай дейді: «Ұстаздың мәртебелі болуы өзіне байланысты. Ұстаздың сыншысы – алдындағы балалары. Көп ізденген, көп еңбектенген, мамандығына адал, мінезі, жеке әдебі мен ел ішіндегі қадір-қасиеті жоғары мұғалімді олар да біліп отырады. Әр ісіне жауапкершілікпен қараған, тірнектеп жиған ұстаздық беделі нәтижелі болған маманды ғана өмір сүрген ортасы, қоғамы зор құрметке бөлейді». Өз ісіне адал, биязы да қарапайым мінезімен көпке үлгі болған ұстазды жергілікті атқарушы билік жоғарғы дәрежелі қызметке шақырады. 1998 жылы Н.С. Сарсенова Атырау облыстық кадрлар біліктілігін арттыратын және қайта даярлайтын институтының директорлық қызметіне, кейін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты директорлығына тағйындалады. Ұжымның алдына қойған мақсаты – облыс мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін көтеру, педагог кадрларды оқытудың заманауи озық технологиялық әдістерімен қайта даярлау. Міне, осы жауапты салада Нұрзила Сарсенқызы өмірлік жинаған тәжірибесін жан-жақты көрсете білді. Еліміздің болашағы болып табылатын білімді жастарды тәрбиелеуде аймақ мектеп мұғалімдерінің білім беру тәжірибелерінде әлемдік озық әдістерді пайдадалана білуіне күш салды. Бұл бағытта республика жоғарғы оқу орындарының ғалымдары ғана емес шетелдік мемлекеттерден шебер ұстаздар шақырылып, іс-тәжірибелерімен ой бөлісті, үйретті. Уақыт өте келе аталмыш орталық бәсекеге қабілетті елдің қатарына енуде еркін ойлайтын, өзіндік көзқарастары қалыптасқан шәкірттерді тәрбиелеудегі облыс ұстаздар қауымының шеберліктерін арттыратын республикадағы ең ірі үлкен мектебіне айналды. Бүгінде Нұрзила Сарсенқызы институттың «Тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру» кафедрасының меңгерушісі. Жас ұрпаққа өнегелі тәрбие мен сапалы білім беру жолындағы ерен еңбегі ескеріліп «ҚР оқу ісінің үздігі», «ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин» төс белгілерімен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы, ҚР Білім, мәдениет және денсаулық министрлігінің Құрмет грамотасы, Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын республикалық институттың, облыс әкімі, облыстық маслихат, облыстық білім беру департаментінің Құрмет грамоталарымен, Атырау облыстық Білім беру басқармасының «Үздік басшы» номинациясымен марапатталды. 2015 жылы қалалық мәслихаттың шешімімен Атырау қаласының «Құрметті азаматы» атағына ие болды. 2006 жылы Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыратын Республикалық институтының доценті атағы берілді. Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент атақтарына қоса, Халықаралық ақпараттандыру Академиясының академигі және «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының академиялық профессоры атағына ие болды. Қазақстан республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Үздік ұстаздарды» қабылдауы мәртбесіне ие болып, республика мұғалімдерінің І сьезіне, ТМД елдерімен біріккен математика пәні мұғалімдерінің І сьезіне, республикалық химия пәні мұғалімдері сьезіне делегат ретінде қатысқан. Білім мен ғылымды қатар ұстанған ұстаз қаламынан бірнеше еңбектер туындағанын да айта кеткен жөн. Ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесіне арқау болған бірнеше оқу-әдістемелік құралдары баспадан жарық көрді. Атап айтқанда, «Тәнтану» дидактикалық материалдар (Алматы, 2003), «Мектеп әкімшілігі жұмысының жүйесі» оқу құралы (Алматы: РадиАл, 2006), «Педагог кадрлардың біліктілігін арттыруда оқытудың жаңа технологияларын енгізудің тиімді жолдары» әдістемелік құрал (Алматы: РадиАл, 2006), «Ұстаздық ізденістер» озық іс-тәжірибелер жинағы. (Алматы: Иманғали, 2007), «Ойнайық та, ойлайық» әдістемелік құрал (Алматы: Иманғали, 2007), «Тәрбие тағылымдары» әдістемелік құрал (Алматы: Иманғали, 2007), «Тұлғалық бағдарлы білім беру әдістемесі» әдістемелік құрал (Атырау, 2011), «Оқу-тәрбие үдерісін оқушылардың жеке қабілеттеріне қарай ұйымдастыру бағыттары» монография (Атырау, 2012). Нұрзила Сарсенқызы отбасында да бақытты жан. Жолдасы – Туғанов Жолдасқали ұзақ жылдар комсомол, кәсіподақ қызметтерін атқарды, қазір зейнеткер. Ұлы – Жанболат, мұнайшы, қазірде Астанада «Қазмұнайгаз» мекемесінде департамент директорының орынбасары, келіні – Дания қаржы және несие саласының маманы болып еңбек етуде. Олардан 5 немерелері бар. «Ұстазы жақсының, ұстанымы мықты» дегендей, Нұрзила Сарсенқызы туралы ізбасар шәкірті «Өрлеу» біліктілігін арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның филиалының директоры, профессор Маржан Әнесқызы Ғалымжанова былай дейді: «Қашанда жүзінен жылылық шуағы ескен, әрбір сөзінен салиқалы сабырлылық лебі сезілетін, қай іске болсын үлкен ыждағаттылықпен қарайтын, үлкенді құрметтей, кішіні қадірлей білетін үлкен жүректі, жан-жағына нұрын шашып тұратын ұстаз» деп бағалайды. Бізде осы тілекке қосыламыз!

// Атырау. – 18 (20 103). 8.03. 2017 ж.

ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКА МАЙТАЛМАНЫ

Қазақстанның атағын бір кезде әлемге танытқан Әмин Тұяқов жүгірген өлкеде бүгінде жасында найзағайдай жарқылдап ел намысын талай додада жыртқан спортшыларымыз аз емес. Солардың қатарында бүгінде 70-тен асқан кешегі күндері жеңіл атлетикадан желаяқ атанған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Нұролла Мамбетовтың есімі құрметпен аталады. Жүздеген сан шәкірттерді спорттың түр-түріне баулып, томағасын сыпырып жарыстарға салған ұстаздың беделі де, абырой да асқақтап тұр. Қашан көрсемде жас жігіттердей жүрісі ширақ, әрдайым сергек, дене бітімі жыңғылдай қатқан ағамыз Жайық жақтан жұмысқа асығып келе жатады. Онысы алдымнан шәкірттерім күтіп қалмаса деген тілектен туған ой болса керек, үнемі әріптестерінен бұрын оқу ғимаратының есігін өзі ашып жатады. Аймаққа қажетті маман, оның ішінде жан-жақты дене тәрбиесі пәнінен беретін мұғалімдер дайындауда Нұролла Мамбетовтың есімі бірінші болып аталатыны жасырын емес. Бәрі де сол Жанбай селосындағы Куйбышев атындағы орта мектептің қабырғасында жүргенде басталған еді. Балалық шағы Манаш ауылында өткен бозбаланың спортқа деген сүйіспеншілігі 1963 жылы тұңғыш рет велосипедті ерттеп мінген кезден басталды. Мектепте бірге оқитын сыныптастары Тарих, Рахметолла және Нұрлан үшеуі сатып алған қос дөңгелектіні сабақтан тыс уақытта жарысқа салатын, арасында туған ауылы Ақжалға дейін де марофон жасайтын. Құдды бір алыс аймаққа саяхатқа шыққандай Манашқа, яғни Ақжалдағы Нұролланың мамасына желмен жарысып сол шайтан арбамен зырғыйтын. Анасы Зайда ол кезде шағын ұсақ-түйек малмен жаз жайлауда отыратын да, күзге салым ауылға көшетін. Құмға аунап, күнге күйген ауылдың қара домалақ баласы осылайша шынықты. Ауыл балаларын жылдамдыққа, ширақылыққа, қайсарлыққа, табандылыққа жетелейтін жаяу жарыста талай рет көмбеге бірінші болып жететін-ді. Мектеп ішінде өткізілген көпсайыстық спорттық жарыстарда көзге түскен Нұролла аудандық спартакиадаларда 800, 1500 және 5000 метрге жүгіруден, найза, ядро лақтырудан алдына жан салдырмады. Ал оны осындай жарыстарға дайындаған мектептің биология пәнінің мұғалімі Сатыбай Ысқақовты алғашқы бапкері ретінде сыйлайды. Бүгінде қала іргесіндегі Алмалы селосында тұратын зейнеткер жас кезінде талай шәкірттерінің спорттағы жолын ашты. Мектеп жанынан өз күштерімен спорт алаңын салып, түрлі жаттығулар жасауға мүмкіндік беретін құралдарды тұрғызды. Кешкіқұрым жатақхана балаларын сол алаңға жинап алып, әсіресе турникте өткізетін жаттығулары көптің есінде қалды. Оқушы Нұрлан 1965 жылы жоғарыда аты аталған орта мектепті бітіргеннен соң Новобогат селосындағы автокөлік жөндеу цехында слесарь болып еңбек жолын бастайды. Өндірістен жолдама алған ол 1966 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтына түсіп, оны 1970 жылы жеңіл атлетика мамандығы бойынша бітіріп шығады. Бұл мамандыққа шөлдеп отырған облысқа келген жас маман алдымен сол жылы Гурьев медицина училищесінде, кейін Гурьев педагогикалық институтында дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып ұстаздық жолын бастайды. Міне, биылғы жыл осы жоғарғы оқу орнындағы 47-і көктемін қарсылаған Нұрекең студенттерді «Спорт падишасы» аталатын жеңіл атлетиканы теориялық жағынан білім нәрімен сусындатып қана қоймай, оларды талай дүрбелі жарыстарға баптаумен айналысып келеді. Әсіресе, қысқа және орта қашықтыққа жүгіруден, коньки тебуден, кросстық және жалпы дене дайындығы, сауықтыру жаттығуларынан жаңалыққа құрылған мазмұнды дәрістері тыңдаушыларының есінде ұзақ сақталды. Аталған уақытта спорт пәндері кафедрасында аға оқытушылықтан бастап, биология-химия факультеті деканының орынбасары, спорт пәндері және алғашқы әскери дайындық кафедрасының меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды. Осы кезеңдерде Н.Мамбетовтың алғырлығы, іскерлігі, жоғары ұйымдастырушылық қабілеті танылып, жеңіл атлетиканың хас шебері екені талайдың таңдайын еріксіз қақтырды. Республикамызға танымал спорттық журналистиканың білгір маманы Жүсіп Хисымов «Саңлақтар» атты кітабында былай деп жазады: «Жетпісінші ит жылғы шілде айының үшінші сенбісі болатын. Спорт қоғамдары арасындағы облыстық жеңіл атлеттер бәсекесі өтіп жатты. Міне, кезек 800 метрлік қашықтыққа өнер көрсететін спортшыларға келіп жетті. Нұроллаға деген сенім мол. Ол әйшәй жоқ бірден алға шықты да қарқынын бәсеңдетпестен мәре сызығын бірінші болып өтті. Бұрын тұрақты түрде озып, бас жүлдені менікі деп жүргендер аң-таң. Бокс тілімен айтқанда, нокдаунға түскендей күй кешуде. Ал қайраттықтар («Қайрат» спорт қоғамы – Қ.С.) ауылындағы қуанышта шек жоқ. Әсіресе, жас жанкүйерлер жеңімпаздың жанынан кетер емес. Олар үшін дәл бүгін Нұролла шашасына шаң жуытпайтын Р.Даубелл, В.Кипругут, Т.Фарел, В.Адамс сияқты желаяқтармен терезесі тең көрінді. Түстен кейін 1500 метрлік қашықтықта да Нұролла алдына жан салған жоқ. Талайдан бері чемпион атанып жүрген «Спартак», «Еңбек» қоғамының жігіттері Манаштан шыққан желаяқтың алдында дәрменсіздік танытып, жерге қарады». Спортшы үшін жарыста жеңімпаз болып танылғаннан гөрі сол атақты қолға ұстап тұру қиын. Сондықтан үнемі бапта болуың керек, сондай-ақ біліміңді де ұштап отыруың керек. Талай рет республикалық, одақтық жарыстарда қатарластарын шаң қаптырған Нұролла үнемі ізденісте жүрді. Алматы және Мәскеу, Минскінің мемлекеттік дене шынықтыру институттарында білімін жетілдіріп қана қоймай, енді ғылымға да бет бұра бастады. 1986–1990 жылдары Мәскеу қаласындағы Дене тәрбиесі ғылыми-зерттеу институтында «Әскерге дейінгі жастардың денесінің дайындығын жоғарлату ерекшеліктері» атты тақырыпта ғылыми жұмысын жүргізеді, бірақ сол кездегі кеңестік саяси жүйесінің ыдырауы оның жұмысын аяқсыз қалдырады. Бұл жағдайға жасымаған спортшы ғалым кейін көкейтесті табиғаты нашар аумақтарда дене тәрбиесі жұмысын жолға қою мәселесін қолға алады. Сөйтіп Алматы дене шынықтыру академиясының Диссертациялық Кеңесінде білгір маман, профессор Л.И. Ореховтың жетекшілігімен «Экологиясы қолайсыз аймақтағы студенттермен дене тәрбиесі сабағын өткізу ерекшеліктері» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты атағына ие болады. Содан бері ұстаздың қаламынан туындаған 50-ден аса ғылыми мақалалары арнайы журналдарда, конференциялар топтамасында жарық көрді. Олардың арасында Алматы, Ақтөбе, Арқалық, Павлодар, Қызылорда қалаларында, Ресей Федерациясының Орынбор, Таганрог, Астрахань қалаларындағы жоғарғы оқу орындары баспалары бар. Жыл сайын Атырау аймақтық дене тәрбиесін және спортты дамыту орталығының қолдауымен өткізілетін семинарларға қатысып, облыс мектеп және студент жастарымен дене шынықтыру пәнін өткізудің өзекті мәселелері тақырыбында мазмұнды баяндамалармен шығып отырды. Әсіресе, ауыл мектептеріндегі дене тәрбиесі сабағының берілу сапасы мен мұғалімдерінің жайкүйіне алаңдаушылық білдіреді. Онысын мерзімді баспасөз беттерінде ашық та, өткір айтты да. Осы тұста, Н.Мамбетовтың республикалық «КлассТІМЕ» атты газетіне берген сұхбатынан үзінді бере кетсек орынды шығар: «...Өкінішке орай, бізде қазір дене тәрбиесі пәні мектептерде жүйелі түрде өтпейді. Өткеннің өзінде «сценарий» бойынша ғана. Неге? Себебі мұғалімдердің оқушыларды дайындауға ешқандай мүмкіндігі жоқ. Біріншіден, мектептердегі спортзал бүгінгі заманның талабына сай келмейді. Енді қараңыз, өмірі қолына ядро ұстап көрмеген, найзаны қалай лақтыру керектігін сезінбеген оқушы өсе келе жеңіл атлетикамен айналысып, ел абыройын асқақтатуы мүмкін бе?» (№ 17. 24.04. 2013). Мұнысы жүрегінен жарып шыққан ойын бұғып қалмай, бейтарап болмай ел спортына жаны ашитындығын тағы бір көрсетіп тастады. Білікті ұстаз, майталман жаттықтырушы ретінде Нұрекең бар уақытын үнемі студенттермен жеңіл атлетиканың орта және ұзақ қашықтыққа жүгіру түрінен бапкер ретінде дайындықтар жүргізуге арнап келеді. Оның шәкірттерінің ішінде, жеңіл атлеттері республиканың, ТМД және Иран елдерінде болған әр түрлі спорттық ойындарына қатынасып жеңімпаз болғандары бар. Әсіресе, өткен ғасырдың 70-жылдардағы шәкірттері: Бахарев Николай, Франко Николай, Ғұбашев Жарылғас, Сұлтанияев Рифхат, Багитов Нысанбай, Қыстаубаев Сұлтанмұратбек және т.б. болса, бертін келе: Қуандықова Айман, Махмудов Серікбол, Темірғалиева Гита, Рахимова Жанат, Қарабалаев Рүстем, Аташев Еркебұлан, Жұбанов Алихан, Қуандықов Елдос, Дурманова Татьяна, Сабирова Асел, Айтқалиева Ұлдай, Куанышбеков Мейрамбек, Китанов Мэлс және т.б.есімдерін мақтанышпен айтуға болады. Аталған спортшылардың барлығы да талай дүрбелі жарыстарда орта қашықтыққа жүгіруден, ядро лақтырудан, эстафетамен жүгіруден жеңімпаз атанды. Нұрекеңнің бойына біткен ерекше қасиеттердің бірі «болдым, толдым» деп қарап отырмайды. Қашан көрсеңде Жайықты бойлай студенттерімен жүгіріп жүрсе, енді бірде облыс орталығындағы спорт кешендерінің ашық алаңдарында «Желаяқ» кіші марофоны, «Күзгі марафон» және «Президенттік миля» атты жеңіл атлеттер жарыстарына тұрақты төрешілік етеді, енді бірде спорттық киімін арқалап шәкірттерімен Ресей еліне қарай жарысқа кетіп барады. Қандай тынымсыз жан десеңізші ?! Газет оқитын оқырмандар аймақтық баспасөздерден спорт тақырыбында жазылған мақалалардан жаттықтырушы немесе төреші Н.Мамбетовтің есімін жиі оқитыны жасырын емес. Айтпақшы, Нұролла Мамбетовтың 1967 жылдан бастап қатардағы тас қалаушыдан он сегіз жыл бойы облыстың құрылыс және ауылшаруашылығы жұмыстары отрядтарында жетекші болғанын да атап өтуіміз керек. Қазіргі Талдықорған аймағына қарасты Алакөл ауданында басталған жаз айларындағы еңбек сынағы, кейін облыс шаруашылығында жалғасты. Осы саладағы үздік еңбегі жоғары бағаланып 1973 жылы 13 желтоқсанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Алқасы бұйрығымен «Тыңайған жерлерді игерудегі еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Облыста соңғы кезде спорттың осы жеңіл атлетика түрін бұқара арасында кеңінен өрістету мақсатында түрлі шаралар қолға алына бастады. Десек те, солардың арасынан Атырау қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі жыл сайын жеңіл атлетикадан өткізетін ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР Құрметті спорт ардагері, Қазақстанның құрметті спорт қайраткері Н.Мамбетов атындағы ашық жарыстың шоқтығы биік. Аталмыш жарысқа облыстағы барлық оқу орындары мен аудандардан командалар қатысып, жеңіл атлетиканың бірнеше түрінен бақ сынайды. Университеттің ұжымы үстіміздегі жылдың мамыр айының орта шенінде мерейтой иегердің құрметіне дәл осындай жарыс өткізуді жоспарлап та қойды. Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы: «Қайрат етер мезгілде, жүк көтерер нардай бол, ақыл айтар мезгілде, мың жасаған шалдай» бол дегендей, барлық саналы ғұмырын жастарды жеңіл атлетикаға баулуға, салауатты өмір сүруге, патриоттық рухқа тәрбиелеуге арнап келе жатқан ғалым-ұстаз Нұролла Мамбетовтың әлі де бергенінен берері көп деп сенеміз. Жан жолдасы Франгиза жеңгемізбен ұл тәрбиелеп, келін түсірген, немере сүйіп отырған ағамызға зор денсаулық, қажымас қайрат, ұстаздық қызметте жемісті еңбек тілейміз. Түйін: Осы мақаланы баспасөзге дайындап жатырған сәтте аймақта кенжелеп бара жатқан спорттың осы түрін дамыту үшін облыста жеңіл атлетика федерациясын ашу жөніндегі бастамашыл топ құрамына енген Нұролла Мамбетов – аға бапкерлікке, ал төрағалығына – Атырау қаласының әкімі Шапкенов Серік Жамбылұлы сайланғанынан құлақтар болдық.

// Ұстаздық еңбек. – № 5. 27.04. 2017 ж.

СУРЕТТЕР СӨЙЛЕЙДІ

Атырау өңірі өзінің бай тарихымен, мәдени материалдық құндылықтарымен қатар, оның ең баға жетпес байлығы – өлкеміздің өркендеуіне елеулі үлес қосқан, сол өңірдің адамдары, қадыр тұтар азаматтары деп білеміз. Міне, солардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагері, Ленин орденінің иегері, Қазақ ССР мектептеріне еңбегі сіңген мұғалім, п.ғ.к., профессор Сабыр Қазыбайұлының есімі құрметпен аталады. Ол кезінде республикаға танымал мектептердің алдыңғы қатарлы мұғалімі болған, бетке ұстар шамшырағы атанған абзал ұстаз еді. Майдангер ұстаз, белгілі-әдіскер ғалым, профессор Сабыр Қазыбайұлы 1914 жылы Атырау облысының Қызылқоға ауданы Сағыз өңірінде дүниеге келіп, барлық саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне арнаған. Қатардағы мұғалімдіктен бастап мектеп директоры, Гурьев педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі, декан және проректор лауазымды қызметтер атқарды. Сабыр ағамыз – майдангер ұстаз. Ұлы Отан соғысы жылдарында елімізді неміс-фашист басқыншыларынан қорғап қалуда ерлігі үшін «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен, 9 жауынгерлік, 12 еңбек медальдарымен марапатталды. Қазақ КСР-не еңбегі сіңген мұғалім, Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, КСРО халық ағарту ісінің үздігі, Атырау қаласының Құрметті азаматы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры. 1998 жылы Сабыр Қазыбайұлы 84 жасында дүниеден озды. Оның халық ағарту саласындағы, ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлаудағы және ғылыми-зерттеу жұмысындағы ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Жоғарыдағы марапаттарға қоса ұстаз, майдангер, ғалым есімін мәңгілікке қалдыру мақсатында 2003 жылы Атырау қаласындағы №1 мектеп-интернатына берілуі үлкен құрмет деп білеміз. Осы мақаланы оқып отырған оқырманның Сабыр ағаның Көшев Бағытқа не қатысы бар екен деп сұрақ қоюуы мүмкін. Орынды сұрақ! Өткен жылы профессор С.Қазыбайұлының туғанына 100 жыл толу мерекесін атап өтер кезінде отбасында сақталған фотоларын қарап отырып, мен 1970 жылы 23 ақпан күні Махамбет орта мектебінде педагогикалық практикадан өтіп жатқан студенттер арасынан нағашым Бақыттың да суретін көрдім. Кейін осы сурет туралы, Көшев Бақыттың өмірі мен қызметі туралы қысқаша жиналған қонақтарға мақтаныш тұрғысынан маған сөйлеуге тура келді. Бұл – Бақыт ағамыздың Гурьев педагогикалық институтының тарих-филология факультетінің орыс бөліміндегі тарих мамандығының ІІІ курсында оқып жүргенде практикадан өтуге келген тұсы екен. Профессор С.Қазыбайұлы практика әдіскері болып шықты. Міне, осы тұста Бақыт ағамызды тұңғыш рет көріп, танысудың сәті түсті. Махамбет селосынан жеті шақырым жерде № 11 ауыл деген бар. Бақыттың сол ауылда менің әке-шешем, жездесі Сүндет пен туған апасы Күйкін тұратын еді. Күйкін анамыз, Көшев Хасанның туған қарындасы болатын, сондықтан нағашым Бақыт демалыс күндері апа-жездесінің үйіне келіп аунап-қунап кететін. Әкем нағашым туралы бізге мақтаныш тұрғысынан ұлағатты сөздер айтып, барлығымыздың соған қарап бой түзеп өсуге үгіттейтін. Әсіресе, оның әкесінің жолын қуып болашақта халқына адал еңбек ететін, солардың сөзін сөйлейтін «адал ұл болады» деп сенім артты. Кейін бұл әкемнің сөзі шындыққа айналып, түрлі аудандарда халық судьясы, прокуроры болғаны баршаға аян. Өз кезегінде нағашымда қарап қалмайды, жиендеріне сабақты үздік оқуға кеңес беретін. Болашақта «тарихшы» мамандығын игеріп, мектепте ұстаздық қызмет атқару абыройлы іс деп бағалайтын еді. Сөйтіп, нағашым Бақыттың тікелей ықпалымен мен мектепті үздік аяқтағасын 1974 жылы Гурьев педагогикалық институтының тарих-филология факультетінің «тарих» мамандығына оқуға түстім. Оқуды нағашым секілді тек ғана «бес» деген бағаға оқып, үздік бітірдім. Кейін нағашыма еліктеп «құқық қорғау» қызметкері болсам деп 1983 жылы Орынбор қаласындағы Бүкілодақтық сырттай заң институтының «кеңестік құрылыс» факультетіне түстім, бірақ өндірістік және отбасы жағдайыма байланысты бітіре алмадым... Менің еңбек жолдарымның кейбір тұстары нағашыма ұқсас. Мысалы, ол Бейнеу аудандық комсомол комитетінің ІІ хатшысы болып еңбек етсе, мен де Махамбет ауданында жастардың жетекшісі болып лауазымдық қызметте болдым. Осылайша, менің білімді, парасатты азамат болып қалыптасуыма нағашымның тікелей әсері болғанын мақтаныш тұрғысынан айтамын және айтып та келемін. Көп жерлерде дүйім жұрт нағашың кім деп сұрай қалса: «Қосай адай, Көшев», – деп жауап беремін. «Ә, біз оны білеміз, Бақыт бір тамаша азамат еді, ғой, шіркін!», – деп бас изейді. Міне, «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, Атырау мен Маңғыстау облысына белгілі абзал азамат, білікті заңгер, ғибратты ғұмыр кешкен Бағыт нағашым есімінің мәңгі өлмейтіндігіне сенімдімін.

// Маңғыстау. – № 125-126 (8852). 16.07. 2015 ж.

АЯҚТАЛМАҒАН ЕҢБЕК

Жуырда менің қолыма шағын кітапша қолыма түсті. Ол жинақта кезінде облысымыздың территориялық-әкімшілік құрамына еніп бүгінде үлкен түбекке айналған Маңғыстау облысының тарихына арналған ғылыми еңбектер топтастырылған болып шықты. «ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы Маңғыстау адайлары көтерілісінің шығу себептері мен салдары», «Маңғыстау өлкесінің зерттелуі туралы», «ХІХ ғасырдағы Маңғыстау өлкесінің Кеңестік дәуірге дейінгі зерттелу тарихы» және т.б. мақалалармен таныса отырып, бір ғылым кандидаттығының жүгін көтерген монографияның алғашқы тараулары екенін түсіндім. Әсіресе, 2003 жылы «Өлке» баспасынан жарық көрген «Адамзатқа ортақ ақын» атты кітапқа енген «Бөкей Ордасы және Махамбет Өтемісұлы» деген ғылыми мақаласының шоқтығы биік. Мұрағатта көп ізденгені көрініп тұр, пайдаланған әдебиеттерінің де ауқымы кең, әрі бай. Нағыз ғылым жолына түскен, қаламы ұштала бастаған жас ізденуші. Кітапты әрі аударып, бері төңкеріп: − Әттең, өмірден ерте өткен жас ғалымның аяқталмаған еңбектері болды-ау топшыладым. Ол ойымда бекер болмапты, «Алмаз Парухұлы Марданов» деген авторды танитын әріптестерім көп болып шықты. Солардың арасынан тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Қабибек Мұхитов деген інімнің пікіріне құлақ қойдым: «Марданов Алмаз Парухұлы – ақ көңіл, ашық, ортаның адамы еді. Оның жақсы қасиеттерінің ішінде маған үлкен әсер қалдырғаны терең білімділігі болатын. 2003 жылдың көктемінде университет М.Өтемісұлының 200 жылдық мерей тойына орайлап республикалық конференция өткізді. Конференцияны ұйымдастыру Гуманитарлық факультеттің Қазақстан тарихы кафедрасына жүктелді. Осы шараны өткізуде Алмаздың терең білімді, шапшаң мінезді, сауатты ұйымдастырушы екенін анық аңғардым». Университеттің қазіргі баспасөз хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Г.Қайырғалиева да жас ғалым туралы пікірін жалғастыра түсті: «Мен Алмазбен 1991 жылдың қыркүйек айында таныстым. Оның ең басты қасиеті – адамгершілігі еді. Ешқашан біреуге жамандықты іспен де, сөзбен де айтқанын көрмеппін. Екіншіден, ол өте сауатты, қазақ және орыс тілдеріне жетік болаты. Әртүрлі тақырыптағы саяси мазмұнды баяндамаларды тез арада жазып шығатын. Кез-келген тарихи тақырыпқа өз пікірін айтып, ойларын дәлелдеп, тың тұжырымдар айтатын. Ой ұшқырлығы оның дүниетанымының кеңдігінің, кәсіби біліктілігінің, білімдарлығының дәлелі еді». Алмаз Парухұлы Марданов 1964 жылы 5 желтоқсанда Атырау облысы, Қызылқоға ауданы Миялы селосында дүниеге келеді. Кейін Атырау қаласындағы № 15 Абай атындағы орта мектепті бітіргесін, өндірістегі қайнаған еңбекке араласады. Алғашқы еңбек жолы В.И. Ленин атындағы Атырау мұнай өңдеу зауытында слесарь-жөндеушіліктен басталады. Осы жерден Кеңес армиясы қатарына шақырылып Әзербайжан жерінде орналасқан Куткашен қаласында әскери-әуе күштері құрамында әскери борышын атқарған. Отан алдындағы парызын өтеудегі адалдығы үшін командирлері тарапынан алғыс хаттар мен әртүрлі әскери белгілермен марапатталады. Жас жігіттің білімге деген құштарлығы ақыры оны Гурьев педагогикалық институтының тарих бөліміне оқуға түсуге алып келеді. Уақытпен жарысып 1990 жылы Алмаз Парухұлы аталған оқу орнын үздік дипломмен бітіріп шығады. Институт қабырғасында жүріп кәсіподақ және комсомол ұйымдары жұмысына белсене араласады, кейін Гурьев педагогикалық институтының комсомол ұйымының хатшылығына сайланады. Жастар арасында мазмұнды тәрбиелік кездесулер ұйымдастырып, уинверситеттегі көңілді шаралардың басы-қасында жүретін. Факультет деканы профессор Ж.Б. Бақи жетекшілік еткен драма үйірмесінің сапында өнер көрсетіп, Наурыз мерекесін атап өтуде ерекше тапқырлық танытты. Ал оның гитарамен ән айтудағы шеберлігінен асқан өнер иесі жоқ деп бағаланды. «Жан досым» деп шырқай көтерген дауысы достарының есінде мәңгі қалыпты. Мерекелік кештерде өзінің тапқырлығымен неше түрлі ойындар, конкурстарды ойлап тауып кешті думандатып жіберетін-ді. Ол 1990 жылы Гурьев педагогикалық институтына жұмысқа қалдырылады, бірақ кейін жоғарғы партия ұйымының жолдамасымен Гурьев облыстық партия комитетінің лектор-нұсқаушылығына жұмысқа шақырылады. Сол кездегі партия мен үкіметтің қаулы-қараларынан дәріс әзірлеп, аудан-ауылдар тұрғындары арасында іссапарда болады. 1992 жылы қайтадан Гурьев педагогикалық институтының тарих-филология факультетіне келіп ғалым, оқытушы жұмысын жалғастырады. Жоғарыда көрсетілген ғылыми мақалалар сол кездегі ғылыми ізденістерінен туған шығармалар екен. Бүгінде Алмаз Парухұлымен бірге ғылым жолына түскен достары Әбілсейіт Мұқтар, Аққали Ахмет, Лесқали Бердіғожин, Әділбек Тұрдалиев, Көпжасар Меңдігереев, Киікбай Жаулин, Серік Қуаныш және т.б. республика, облыс көлемінде шәкірттер тәрбиелеуде өз үлестерін қосып жүр. Олардың барлығы да ғылым докторлары, кандидаттары, профессор, доцент атақтарын лайықты иеленгендер. Ғылым жолына бірге түскен достары туралы ағыла жарылады. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде еңбек еткен шағында қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, оқу орнындағы қабылдау комиссиясында, тарих-филология факультеті деканы орынбасары лауазымына дейін өсу жолынан өтеді. Амал не, Алмаз Парухұлы үшін өмірдің соқтықпалы, соқпалы жолы қысқа болып шықты. «Өмірдің алды – ыстық, арты суық, алды ойын, артқы жағы – мұңға жуық» деп Абай атамыз айтқандай, еліне, ұжымына беделді, ата-анасына сүйкімді ұл болған жас ғалым жігіттің бұл фәнидегі ғұмыры ұзақ болмады. Артында жастай сәбилері бүгінде ер жетіп, ұл мен қыз аталды. Тек қағазға түспей көкейінде кеткен ғылыми жазбаларының аз болғаны өкінішті еді. Барының ғұмыры ұзақ болғай...

// Атырау. – № 137- 138. 29.11. 2014 ж.

ЖАҚСЫЛЫҚТЫ ЖАНЫНА ЖАЛАУ ЕТКЕН

«Қамшының сабындай қысқа өмірде» адам баласы жасаған ғұмырымен ғана емес, артына қалдырған ізімен де есте қалары сөзсіз. Кеше ғана ортамызда жарқылдап жүрген, ағайын-туыс, жора-жолдас, әріптестері мен студенттерінің ортасында қуанышқа бөленіп, жүзі бал-бұл жанған қарындасым Файрузаның бұл дүниеден бақилық болғанына да жыл толыпты-ау! Уақыт деген осы күнді-айға, айды-жылға қосып ұстатар емес. Алғаш рет тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Файруза Ихсанқызы Рысқалиевамен танысып, жұмыстас болуым менің 2009 жылы 1 қарашада Заң факультетінің декандығына тағайындалуымнан басталған еді. Ол сол кезде «Теориялық құқық және кеден пәндері» кафедра меңгерушісі лауазымын атқаратын. Өз жұмысына зор құрметтеп қарайтын, ісқағаздарға қатты сауатты, әріптестеріне қамқоршы, адамға жылы ілтипат білдіретін іскер басшы болды. Өндірістік жұмыс болғандықтан қағаздар тасқыны, жоғары басшы бөлімдерден келген нұсқаулар мен тексерулер жиеленіп кеткенде еш қабақ шытпастан, сөзге келместен уақытында орындап тастайтын шапшаң мінезі, жоғары ұйымдастырушылық қабілеті танылатын. Келген қонақтарды қабылдау, олардың жұмысын үйлестіруде одан асқан шебер адам жоқ еді. Ал енді осы кейіпкерімнің азғана өмірдерегіне көз жіберсек. Файруза Ихсанқызы Рысқалиева 1960 жылы 2 қазан күні Атырау облысы, Исатай ауданының Х.Ерғалиев ауылында дүниеге келеді. 1978 жылы Атырау қаласынан «ВЛКСМ-нің 50 жылдығы» атындағы № 5 орта мектепті бітіріп, Атырау педагогикалық институтына түседі. 1982 жылы аталған институттың тарих факультетін тәмамдап, «тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі» мамандығын иеленеді. Алғашқы еңбек жолын Файруза Ихсанқызы Атырау облысы, Балықшы ауданы Ә.Жангелдин атындағы орта мектепте бастайды. 1982 – 1987 жылдары өзінің ұстаздық еткен жылдарында Ф.И. Рысқалиева бірнеше рет аудандық, облыстық білім бөлімінің мақтау қағаздары мен мектеп әкімшілігінің алғыс хаттарын иеленеді. 1987 жылы қыркүйек айында Файруза Ихсанқызының ендігі ағартушылық қызметі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетімен ұштасады. Сол жылы Гурьев педагогикалық институтының тарих факультетіне аға оқытушы болып орналасады. 2001–2002 оқу жылынан «Азаматтық құқық пәндері» кафедрасының меңгерушісі, 2003–2004 оқу жылдарында Заң факультетінің деканы лауазымдарын атқарады. 2005–2006 оқу жылынан «Теориялық құқық және кеден пәндері» кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс жасайды. Ғылыми ізденіс жұмыстарында жалғастырып, түрлі мұрағаттардан құжаттар табады. 2000 жылы 30 мамырда «Жалау Мыңбаевтың өмірі мен қызметі» атты тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты атағына қол жеткізді. Өзінің білімін жетілдіру мақсатында 2003 жылы «Қаржы, экономика және құқық» институтының «Құқықтану» мамандығын бітіріп, заңгер маманы атанады. Файруза Ихсанқызы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде жұмыс жасаған жылдары студенттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беруде орасан зор үлесін қосты. Ұстаздық жолын мектеп табалдырығынан бастағаны үнемі байқалып тұратын, себебі студенттерге қамқоршыл болды, анасындай «айналайын» деген сөзі жиі естілетін. Ұстаздың студенттер жүрегіне жол таба білетін «психолог» қасиеті де тым ерекше көрінетін. Оқытушылардың ашық сабақтарына талдау өткізгенде мектепте жинаған тәжірибесін ортаға салып отыратын еді. Қатты ұрсу, дауыс шығару, сөз теру, қыбыр-жыбыр қимылдардан жаны аулақ таза адам болды. Ұзақ жылғы еңбегі еленіп 2002 жылы Ф.И. Рысқалиева Атырау қаласының әкімінің, 2004 жылы ҚР БжҒМ алғыс хаттарына ие болды. 2008 жылы 24 қыркүйекте «ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ф.И. Рысқалиеваның қаламынан «Жеке еңбек шарты» (2002), «Лизингі шарты» (2003) атты оқу-әдістемелік құралдары мен 20-ға тарта ғылыми мақалалар жарық көрді. Уақыт жеткенде мүмкін бұл ғылыми еңбектер тізімі өз жалғасын тапқанда болар еді, алайда сұм ажал ортаға түсті. Досқа адал, мінезі ақ жарқын, кімге-кімге де жақсылық жасауға әзір тұратын әріптесім Файруза Ихсанқызы Рысқалиеваның аяулы бейнесі мәңгі есімізде сақталады. Алла тағала жанын жәнәтте қылғай!

// Атырау. № 129. 11.11. 2014 ж.

ҚАЙДА ЕКЕН СОЛ «ЖАЙЫҚ ҚЫЗЫ»...

Өткен ғасырдың 60-70 жылдарында өлкеміздің атағын кең КРСО-ға мәлім еткен Гурьев мұнайшыларының жастарынан құрылған «Жайық қызы» атты халықтық ән-би ансамблі болатын. Барлық бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған осы ұжымның қол жеткен табыстары сол кездің өзінде шар тарапқа таралды. Тіпті сол кездегі «Отанымыздың жүрегі» аталған Мәскеудің қақ ортасындағы Кремльдер сарайында өнерін көрсетіп, қазақ халқының музыка мәдениетін кеңінен насихаттады. «Жайық қызы» халықтық ән-би ансамблі Алматы, Мәскеу қалаларында ғана емес, Югославия және басқа да шет елдерде өнерлерін көрсетіп, көрермен қауымнан жоғары бағасын алды. Алғаш рет ансамбль 1954 жылы қаламыздағы Орджоникидзе атындағы мұнайшылар үйінің көркемөнерпаздар үйірмесі есебінен ұйымдастырылды. Кейін оның атағы 1967 жылы 22 қазан күні Кремльдің съездер сарайында өткен Ұлы Қазан төңкерісінің құрметіне арналған көркемөнерпаздардың Бүкілодақтық байқауында лауреат атануымен өрлей түсті. Бұл күні сахнаға ансамбль «Казахская рапсодия» атты сюитамен шықты. Екі жылдан соң дәлірек айтқанда, 1969 жылы 2 қазан күні ансамбль құрамы Мәскеудегі Одақтар үйінің колонна залында есеп беру концертін береді. 1971 жылы қазан айында Югословияның Сербия, Хорватия және Черногория мемлекеттерінде өнерлерін көрсетеді. 1972 жылы «Жайық қызы» халықтық ән-би ансамблі Орталық телевидениенің «Карусель» атты бағдарламасының қорытынды хабарына қатысады. Жүзден аса өнерпаздан құрылған бұл ансамбльде алуан түрлі мамандықтың иесі бас қосты. Ж.Құспанов, М.Әбілова, Т.Серіков, Б.Қадырханов, Е.Митрофанов, А.Олжабаев, М.Сейітжанова, Ш.Мұқашева, Н.Үлкенбаев, Ж.Расулов, Р.Гончарова, В.Тарабрина сияқты әнші-күйшілер тобы ұжымның ұйытқысы аталды. Ал ансамбльдің жоғары белестерге шығуына өлшеусіз үлес қосқан, орындаушылық шеберліктерін шыңдала түсуіне еңбегі сіңген балетмейстер, Қазақ КСР-не еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Дмитрий Семенович Арсентьев еді. Осы ұжымның қабырғасында тәрбиеленіп шыққан өнерпаздар кейін үлкен сахнада өз өнерлерін паш етті. Мысалы, эстрадалық әндер конкурсының лауреаты Лариса Каратаева – Ленинград эстрада концертінің әншісі, Гүлжан Талпакова мен Нұржамал Мұқашева – республикалық эстрадалық «Гүлдер» ансамблінің белсенді бишілері атанды. Гурьев химия зауытының аппаратшысы Герман Бобылов, мектеп бітірісімен ансамбльге келген жас биші Ольга Ким-Распопова кейін Гурьев педагогикалық институтын сырттай оқып бітіреді. Биші Гүлнар Айткалиева Әуезов атындағы театр студиясын бітірісімен осы ұжымға келеді. Ал ансамбль құрылған күннен бастап биші болып өнер көрсеткен мамандығы жүргізуші Бисенғали Қадырханов қазіргі күні зейнеткерлікке шықса да, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің дене тәрбиесі және әскери дайындық кафедрасында нұсқаушы болып ұзақ жылдардан абыройлы еңбек етуде. Күнделікті жұмыс барысында сан рет жүздесіп жүрсек те «Жайық қызы» халықтық ән-би ансамблі туралы әңгімелесудің сәті жуырда ғана түсті. Ол сол кезді тебірене былайша еске алды: «Ансамбль сол кезде халықтың қошаметіне қатты бөленді. Гурьев қаласы мен облысымыздың біз концерт қоймаған сахнасы жоқ болар. Ұжымның табысты еңбек етуіне оның көркемдік жетекшісі Д.С. Арсентьевтің қосқан мол үлесі бар. Ансамбльге тұрақты 50-ден астам адам еңбек етсе, қалғандары қоғамдық негізде уақытпен санаспай ұйымшылдықпен қатысты. Жасыратыны жоқ, ансамбль құрамы жиі ауысып жатты, біреулері армия қатарына кетіп жатса, енді біреулері оқудан қол үзе алмады. Бірақ ансамбльге деген адамдардың қызығушылығы әсте тоқтамады, күн санап жаңа лек келіп қосылып жатты. Күн сайын жаттығу, дайындық әсте үзілмеді. Менің осы ұжыммен бармаған жерім аз шығар?! Әсіресе, Кремльдің съездер сарайында екі рет өнер көрсетуім, Югославия мемлекеттерін аралуым мәңгі есімде қалды». Ансамбль құрамында бишілерден басқа, консерватория түлегі Вячеслав Тюрин жетекшілік еткен электромузыкалық аспаптардан құрылған эстрадалық оркестр, Дина Нұрпейісова атындағы қазақ халқының аспаптарынан құрылған оркестр және Шевченко қаласының кавказ би ансамблі болды. Ансамбльдің концертік бағдарламасында қазақтың халық композиторлары мен кеңестік композиторларының туындыларына кеңінен орын берілді. «Өнерлі өрге жүзеді» деген халқымызда жақсы сөз бар, сан мыңдаған көрермен қауымның құрметіне бөленген «Жайық қызы» халықтық ән-би ансамблі өз уақытында өнердің бигіне шығып, Атырау өңірін әлемге паш еткен өнер ұжымы деп бағалауға болады.

// Үш қоңыр. – № 26 (237). 26.06. 2015 ж.

ӨЛГЕНДЕР ҚАЙТЫП КЕЛМЕЙДІ ЕКЕН...

Па, шіркін, қандай тамаша айтылған ән десеңші! «Адамзатты бұл өмірге қонақ етіп» қас қағымда тәтті өмірден айырған «өлім» атты қаһарлы сөзді естігенде тұла бойыңды суық жел қарпып өткендей дір етесің. Өйтпегенде ше, қызығына бір тоймайтын сол жалғаннан кімнің ықтиярсыз кеткісі келеді екен ?! Қазақта мынадай сөз бар: «Ағаш бесікке түскен – жер бесікке де түседі, тумақ бар жерде – өлмек те бар, ажалдан ешкім қашып құтылмайды, өлім қорқынышты емес, тірлігінде игілікті іс істемеу – қорқынышты». Өмір сүруді тек қана ішіп-жеу, жылтырап киіну, қымбат дүние-мүлік жинау, бүгінгі заманның шылқыған байы болу деген материалдық ашқарақтық пен пайдакүнемдік тілекпен түсіну үлкен қателікке ұрындырары сөзсіз. Соңына ізгілікті, игілікті іс қалдырған ғұлама-ақын Абай атамыз былай деп жырлаған:

– Өлейін деп өлмейді өлерлік жан,

Әсте өлмесін білгендей қылық қылған.
Ажал келіп бас салса, жанды ұрласа,
Өмір қайда, сен қайда, соны да ойлан.
Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзін қайдасың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ.

Бүгінде арамызда жоқ, бұл фәниден ерте кеткен сондай достарымды оңаша қалған шағымда есіме түсіріп әлекпін. Достар туралы жазуда оңай шаруа емес. Бәрі де көз алдымда сайрап жатыр. Солардың бірі, марқұм – Бейімбет Төленбаев пен Амантай Мұстафиндер еді. Менің олармен алғашқы таныстығым 1974 жылы Гурьев педагогикалық институтында басталды. Тамыз айының орта шенінде облыс орталығындағы жалғыз жоғарғы оқу орнының тарих-филология факультетінің 25 орыннан құралатын «тарихшы» мамандығына бір орынға 13 үміткерден (абитуренттен) таласып барып, түскен балғын ауылдың қара домалақтарының бірі мен едім. Байқасам, студент атанғандар қазіргідей бозбалалар емес, жастары егде тартқандары бар, болмаса үстінде солдат-матростың жейделері бар сақа жігіттердің ортасында қалдық. Сол топтың арасынан шетте әңгіме дүкен құрған екі жігітті көзім шалды. Біреуі езуін бір жимастан күліп тұрған, жұқалтаң келген, қолтығына кітап қысқан, қара өңді болса, екіншісі қысық көзді, денесі талдырмаш, аққұба өңді, түр-әлпеті спортшыларға ұқсастау оның әңгімесін қасқая тыңдап тұр. Өзіммен қатарлас-ау деген оймен соларға жақындай түстім. Алғашқы танысу «қай жақтан келдің?», «армияда болдың ба?» деген сұрақтардан басталып, мектеп қабырғасынан су жаңа шыққан кешегі оқушы екенімді танып-білгесін барып қол алыстық. Кейін қатарымызға құлсарылық Әлім Нариков, индерлік Талап Күсепов және құрманғазылық Өміржан Жұманиязовтар келіп қосылды. Сөйтіп, осы жігіттермен бес жыл бір жатақханада «бір құртты бөліп жеген, бір нанды үзіп жеген» достар болып бас қостық. Ескі базар жақтағы Островский кітапханасын кешкіғұрым жауып шыққан соң, ашқұрсақ студенттер қара нанға «высший сорт» маргаринді жағып жіберіп, қара шайды бір тартқаныңда кедейдің шала байығанындай күй кешесің ғой, шіркін! Уақыттан асқан жүйрік жоқ. Зымырап өте шыққан бес жылға ілесе мұғалім атанған сол жиырма бес түлек жан-жаққа тарыдай шашырап кете бардық. Айтпақшы, осы институт қабырғасында жүріп үйлі-баранды болғандарымыз да бар. Алдымен сол Бейімбет, сонан соң Амантай үйленіп тынды. Олардан өрген балаларын «жуу» бір естен кетпес хикаяларға толы оқиғаларға ұласқанына тоқталмай-ақ қояйын.

Бейімбет Төленбаев өмірден ерте кетті, оқиға былай болыпты: – 1983 жылдың 18 мамыры күні Таңдай селосына учаскелік милиция болып тағайындалған Бейімбет аудан орталығындағы жиналысқа қаладан аттанады, себебі, ол әлі сол ауылға көшіп те үлгермегендіктен қаладан қатынайтын. Атырау-Аққыстау маршруттық автобустың соңғы орындығында ойға шомған милиция жігітімізді көлік ішіндегі жолаушылардың «Мына машина не істейді, қырар ма екен?», «Мүмкін мас шығар?» деген құлақ тұндырған айқайы селк еткізеді. Бейімбет қарама-қарсы келіп қалған труба тиген жүк көлігін тоқтатпақ болып алға ұмытылады. Бірақ бәрі де кеш еді. Қатты жылдамдықпен келе жатқан ауыр жүк көлігі жолаушылар отырған автобусты қаға жөнеледі. Алдыңғы қатардағы отырғандары бар, жүргізушінің қасына жүгіріп келген Бейімбет те бар, 8-9 адам ауыр жарақат алады, сол жерде көз жұмады. Тағдырдың маңдайына жазғаны шығар, осылайша өз міндетіне адал, өжет жігіт артқы орындыққа бұғып қалмай тура келген ажалға қарсы шауып жазым болды. Соңында гитарасымен әуелеткен Іңкар, Шынар және Асыл атты бүлдіршіндері бүгінде үйлі-баранды болып, әрқайсысы бір-бір үйдің түтінін түтетіп отыр. «Орны бар, оңалар» деген осы шығар?!

Атырау облыстық ішкі істер басқармасы қызмет бабында мезгілсіз қаза болған милиция лейтенаты Бейімбет Төленбаевтың есімін мекеме алдында тұрғызылған ескерткішке енгізді. Ал, жоғарыда айтып өткен Амантай да өткен 2106 жылдың 9 қараша күні ортамыздан баз кешті. Амантай Бағытұлы – жігіттің жампозы, аузын ашса көмекейі көрінетін үлкен жүректі азамат еді. «Жылқыда да жылқы бар – қағанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар – азаматы бір бөлек», –деген шумақ осы Амантайға арналып айтылғандай. Оның үнемі кез-келген адамға қол үшін беруге әзір тұратын қасиетін жоғары тұтатын едік. Соның айғағындай, өмір бойы кітап оқу мен мақала жазудан басқа қолыма күрек ұстамаған мені университет басшылығы 2011– 2013 жылдары шаруашылық қызметінің басшылығына тағайындаған кездегі көмегін айтар едім. Атап айтқанда, курстас досымның ақыл-кеңесімен оқу орнындағы 9 ғимараттың жылдар бойы ауыстырылмаған 32 жылу, су есептегіштерін жаңарттық. Бұрын университетте жылу мен ыссы суға – 10, 5 миллион теңге төленсе, есептегіш қондырғы орнатылғаннан кейін 6 миллионға, ал салқын суға бұрын 2 миллион теңге төленсе, есептегіш қондырғы орнатқаннан кейін 1 миллионға түсті. Сондай-ақ, 2 студенттер үйіндегі коммуникация және өрт сөндіру жүйелері толықтай жаңартылды, сыртына темір қоршаулар тартылды. «Шаруашылық жұмысының басы бар да аяғы жоқ» деген сөзді сол Амантайдың аузынан естіген едім. Кейін мұны өмір көрсетті. Атырау қаласында тұратын досым Жұманиязов Өміржан олар туралы былай сыр шертеді: «Тіршіліктің тәттілігі – адамның өмірде жақсы адамдармен кездесуінде» дегендей, мен өмірімде Бейімбет, Амантаймен кездескеніме, дос болғаныма Аллаға ризашылдығымды білдіремін. Дос табу оңай да, оны сақтау одан да қиын екен. Студенттік кезден дос болған олармен бірге қызықты да, шыжықты да күндерді бірге кештік. Бейімбет үйленгенде мен күйеу жолдас болдым, ал күйеу бала мен оның жолдасының түйеге мініп үйлену тойына барғанын естіп көрдіңдер ме ?! Ол да бір жастық шақтың дәурені ғой. Амантайдың көмегін өзім қаладағы №18 мектепті және Әлеуметтік бейімдеу орталығын басқарғанда көп көрдім. Шаруашылық жұмысымның өрге домалануына досымның қолғабысы мол тиді. Электр жарығы, кәріз құбыры жүйесін жаңартуда оның ерекше қолтаңбасы қалды. Әбекеңнің асыл қасиеті ешкімнің сыртынан ғайбаттамайтындығы, мынау басшы, мынау қосшы деп, бөле жармай, үлкенді үлкен, кішіні кіші деп сыйлай алатын еді. «Жақсы адам бұл дүниеде жақсы қасиеттерімен сүйсіндіреді, о дүниеге кеткенде жақсы қасиеттерімен адамдарды күрсіндіреді», –дегендей бақилық болған достарымыз Амантай мен Бейімбеттің жандары жәннатта болсын». Дүниеде «достық» деген ұғым, сезім бар. Бірақ оның жазылмаған заңы жоқ. Дегенменде жүрекпен сыйласқан, тілсіз ұғынысқан, уәдеге берік, антына адал жандар ғана осы қасиетті сөзді ұғына біледі. Мені де осы мақаланы жазуға түрткілеген сол жағдай болатын. Тек менің білгенім «өлгендер қайтып келмейді» екен.

// Атырау. – № 31. (20 116). 25.04. 2017 ж.

ӨНЕРЛІ ДЕ, ӨРКЕНДІ БОЛАТЫН

Тіршілік қандай жалған болса, уақыт суси жылжыған желдей жылдам. Уақыттың сол жылдамдығымен жүріп, курстасымыз Ләззаттың да бұл өмірден бақилық болғанына да жыл толғанын байқамайда қалыппыз.

– Өмір, өмір, өткінші еді не деген,

Жүректерде өкініштер көп екен.
Қай күн түсіп қаларыңды білмейсің,
Дариядағы толқын қаққан кемеден, –деп

қазақтың ақын қызы Гүлзада Ниетқалиева жырлағандай, өмір деген шынында да ағып жатқан дария екен. Сол дариядай ғажап өмірден баз кешкен Әбілхан зайыбы Ләззат туралы аз ғана естелік жазу маған бұйырды. Менің онымен алғаш танысуым 1975 жылдың күзінде болды. Гурьев педагогикалық институтының тарих-филология факультетінде оқитынбыз. Ол кезде қазіргідей емес, студенттердің білімге деген құштарлығы қатты болатын. Ертеңнен түске дейін сабақта боламыз да, түстен кейін ескі «Горпарк» жақтағы Н.Островский кітапханасына жол тартушы едік. Сөйтіп, сабақтан тыс уақытта берілген коллеквиум, семинар жұмыстарына бірлесе дайындаламыз. Ал, енді сенбі немесе жексенбі күндері топ-топ болып «Юность» кинотеатрындағы үнді фильміндерін көруге асығатынбыз. Ол үшін алдын-ала кезекшілікте жасап аламыз, себебі ол фильмдердің билетін алу үшін ұзын-сонар кезекке тұруға тура келетін. Мереке күндері немесе ішіміздегі бір студенттің туған күні бола қалса жатақханадағы команатамыз айнадай жылтырайтын, себебі тобымыздағы қыздар қаздың балапандарындай тізіліп кіріп келуші еді. Сол кезде қара домбырасын алып Ләззатта жететін. Әсем қоңыр дауысымен Сәкеннің «Тау ішінде», Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әндерін әуелете шырқайтын. Ал «Жақсы еді, Дариға, Жайлаукөл кештері..» дегенде, көз алдымызға ауылымыздың сары даласы елестейтін. Ләззат ән айтқанда біз бәріміз үнсіз тыңдаушы едік. Сол сәтте әннің құдіретін сезініп, адамға қандай күш беретінін ұғынушы едік ғой, шіркін! Ата-анасының зор үмітін артқан Ләззат ұстаз болуды армандап өсті. Асыл арман мен ерен еңбек адамды биікке жетелейтіні хақ. Институтты бітіргеннен кейін өмірлік қосағы Әбілханмен бас қосып, Қызылқоға ауданында еңбек жолын бастап кетті. 1979 – 1984 жылдары өзі түлеп ұшқан Кенбай орта мектебінде мұғалім, 1984 – 1985 жылдары Қызылқоға аудандық білім бөлімінде әдіскер-нұсқаушы, 1985 – 1986 жылдары Қызылқоға аудандық атқару комитетінің азаматтық хал-актілерін тіркеу бюросының бастығы болды. 1986 жылғы тамыздан Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжісінде жоғары санатты мұғалім, аға әдіскер-мұғалім болып еңбек етті. Мектеп қабырғасынан қоғамдық қызметтерге белсене араласты. Мектеп комсомол ұйымының хатшысы, кейін Қызылқоға аудандық бақылау комитетінің мүшесі болып сайланды. Ленин атындағы кеңшар халық аспаптар оркестрінің домбырашысы, колледж қыздар клубының жетекшісі болып, қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласты. Еңбегі ҚР БжҒМ Құрмет Грамотасымен, «ҚР білім беру ісінің озаты» төсбелгісімен, комсомол, кәсіподақ ұйымдарының аудандық, облыстық білім беру бөлімі мен басқармаларының грамоталарымен марапатталды. Менің де жұмысым Махамбет аудандық комсомол комитетінде (1981 – 1985 ж.ж.) болғандықтан, әртүрлі жиналыстарда Әбілханмен кездескен сайын келіншегінің жағдайын сұрайтынмын. Әзілді-шынды «Әйтеуір, өз мамандығының хас шебері болып алды, курстасың» дейтін, біздің Әбекең. Біз оған марқайып қалатынбыз. Елімізде нарық заманы басталған шақта тағдыр бізді Вокзал маңы мөлтек ауданында көрші тұруға бұйырды, бірақ жұмыс басты болғандықтан етене араласа алмадық. Себебі менің мойнымда төрт баланы оқыту міндеті бар болатын. Ләззаттың қолы ашық, жүрегі жомарт еді, қашанда адамдарға қол ұшын беруге асығып тұратын. Онысын Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжісінде сабақ бергенде анық аңғардым. Бірнеше рет ауылдағы тамыр-таныстарымның мәселесін ешқандай шу шығармай оңай шешетін. «Үй баласымен базарлы, қонағымен ажарлы» дегендей, Ләззаттың қолынан дәм татпаған адамдар аз шығар деп ойлаймын. Өмірлік серігі, сол студенттік жылдардан дәмдес дос-жаран болып келе жатқан Әбілханның соңында қонақтар көп жүретін. Солардың барлығына бір қабақ шытпай, әсем әзілімен шай-суын беретін. Сөйтіп жүріп, көзінің ағы мен қарасы болған Айнамкөздің де сабағын тексеріпте үлгеруші еді. Айнамкөз қызымыздың бет-келбеті әкесіне тартқанымен, сөз мәнері, өзін-өзі ұстауы, салмақтылығы анасынан бір аумай қалған. Мектепті «Алтын белгімен» аяқтаған ол кейін Елордасындағы Е.Гумилев атындағы Еуразия университетін үздік аяқтады. Бүгінде анасы оқып-білім алған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті экономика-құқық факультетінің екінші курсының магистратурасында оқып жүр. Ләззат жүріп өткен жол – өшпес өмір жолы болып қала бермек. Төрелеген өлімнің артының қайырын сұрап, дүниеден өткеніңе бір жыл толу кәдеңде аз ғана естелік қалдырдым, Ләззат!

Е 27 «Ләзтай». / Құраст. Айнамкөз Әбілхан.

Атырау: «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспаханасы, 2017, 164 бет.

ӘКЕ МЕН ҰЛДЫҢ ЖАЛҒАСЫ

Қазақ халқында «Көңіл көңілден су ішеді» деген өшпес сөз бар. Өйткені, бұл өмірде адамдар бір-бірінің ықылас-ниетіне бөленеді, көңіл шуағымен жылынады, қиналғанда сүйеніш болады, қуанышты бірге бөліседі. Осындайда, күнделікті өмірдің қарбалас шағымен арпалысып жүрген шақта қасыңда жүрген әріптесің туралы аз-кем ой толғамаса болмайды екен. Бүгінгі менің әңгімемнің арқауына айналған Бахыт Ахатұлы Жаутиковты 2013 жылғы кезекті оқу жылы аяқталар тұста жолықтырдым. Сол кездегі университет ректоры, қазіргі Жоғарғы Кеңес мәжілісінің депутаты Б.Б. Мамраев шаруашылық қызметінің басшысы ретінде мені және тәрбие ісі жөніндегі проректор А.Қ. Ахметті әуежайға жұмсады. Мақсат – ұжымға жаңадан тағайындалған І проректорды қарсылап алу. Сөйтіп, қонақты күтіп алып университеттің қызмет бабындағы үй-жайға орналастырдық. Кейін, міне төрт жылға жуық бір шатырдың астында, бір ұжымның қабырғасында абыроймен еңбек етіп келеміз. Жасыратыны жоқ, алғашында Бахыттың мінезі тұйық, сөзге сараң, орыс тілді болғанымен уақыт өте келе мұның бәрі жоққа шыққандай болды. Университет басшысынан кейінгі екінші тұлға болғандықтан оқу-тәрбие және ұйымдастыру шараларының барлығы дерлік оның қолымен жүзеге асырылатын. Күнделікті қағаздар тасқынын тексеру, жоғарғы жаққа кететін сан алуан мәліметтерді сауатты әзірлеу, текшеленген келісім-шарттарға қол қою, аккредитация-аттестациядан сүрінбей өту және т.б. Бізбен араласуына оның бос уақыты бола бермейтін. «Сәлемнің де сәті бар» демекші, жуырда Бахыт Ахатұлының жылына бір айналып келетін туған күнін шағын дастархан басында бірге атап өттік. Осы тұста онымен сырласудың да сәтінің түсе кеткенін, айтсаңызшы ! Менің санамда қалыптасып «қанмен бітіп, сүтпен кеткен» мінезім жолыққан адамыма қояр алғашқы сұрағым: «Қай жерде туып өстің?», «Ата-анаң кімдер?», «Отбасыңда кімдер бар?...». Бұл қойған сұрақтарымды тыңдап алған Бахыт Ахатұлы асықпай қоңыр дауысымен әңгіме тиегін былайша ағытты:

– Менің әкем Ахат Далиұлы Жаутиков 1937 жылдың 20 наурызы күні Жамбыл облысы, Шу қаласында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ел басына түскен заманға балалық шағы тұспа-тұс келді. 1954 жылы кенттегі орта мектепті аяқтаған соң «теміржолшы» боламын деген арманы орыс тілінен мүдіріп, сәтсіздікке тап болады. Бірақ жастайынан білімге құштар, кітап оқудың шебері атанған балаң жігіт жасымады, бірден еңбекке араласты. 1960 жылы Ташкент қаласындағы Орталық Азия политехникалық институтына оқуға түсіп, «тау-кен электромеханигі» деген мамандығын игереді. Сол кездегі кеңестік білім беру тәртібі бойынша диплом алған жас маман КСРО-ның кез-келген жеріне мамандығы бойынша жұмсалатын. Сол бағытта Грузия, Украина елдеріндегі өндіріс ошақтарында еңбек етуіне тура келеді. Кейін Қазақстан экономикасының локомотиві атанған – Қарағанды көмір өндіру аймағына келу бақыты бұйырады, – деп әңгімесін аяқтап келе, маған бір буда әкесі туралы жазылған қағаздарды танысуға берді.

Өндірістің дамуына серпін берер күш болса, соның бірі – еңбек. Табыстың жалғыз кілті болса, ол да – еңбек. Жастайынан еңбекке құлаш ұрған Ахат Дәлиұлының ендігі өмір жолы Қарағандыдағы «Михайловская» шахтасында механик болуымен жалғасты. Таң қызарып атқаннан күн ұясына батқанға дейінгі тәулік көрінісін көрместен жер астында кен қопаруға ат салысты. Басында ақ каска, иығында асынған құрал-сайманмен шахтадағы техникалардың қалыпты жұмыс жасауына жауапты болды. Жер астын дүрсілдеткен көмір тиеген вагонеткалар, кен қопарған көмір комбайындар, конвейерлердің үзіліссіз тасқынын механик Ахат Дәлиұлы жеті бақылайды. Техникалар күтімі қашанда сақадай-сай тұруы тиіс. Ол қанша білімді, тәжірибесі мол болса да өзінен жасы үлкен от пен суға түскен ұстаздарының ақыл-кеңесіне сүйенді. Олар турасында облыстық «Индустриялды Қарағанды газетінің 1995 жылы жарық көрген бір санында Ахат Дәлиұлы Жаутиков былай деп ағынан жарылыпты: «Маған әрқашан тамаша адамдармен еңбек ету бақыты бұйырды. Тек солардың арқасында тау-кен мамандығына деген сүйіспеншілігім артты, әкеден қалған ақыл-кеңес те өмірлік пайдама жарады. Олардың сын-ескертпелері мені өмірлік дұрыс жолға салды». Күнделікті өндірістегі үздіксіз ізденіс, жаңашылдыққа бой ұру Ахат Дәлиұлының шахтерлер ұжымындағы беделін көтерді. Қысқа мерзім ішінде тау-кен өндірісіндегі электротехника құпияларын толық игеріп алды. Мұны зерек байқаған шахтаның әкімшілігі қатардағы слесарьлықтан бөлімше механигіне дейінгі жауапты жұмысты сеніп тапсырды. Кейін оны № 47 (қазіргі Горбачев) шахтаға аға механик қызметіне шақырады. Механик болу – аса абыройлы болғанымен, қауіпті де қатерлі мамандық. Бір ғана мысал: шахтадағы конвейер немесе комбайн істен шықса, ток көзі сөнсе, кен өндіру тоқталады, шахта желдеткіші істемейді, жер астындағы жүздеген адамның өміріне қауіп төнеді. Сондықтан, механик үшін шахта – екінші үй. Күндіз-түні уақытпен есептеспей, ауа-райы қолайсыздығына қарамастан дайын отыруға тиіссің. Ахат Дәлиұлы туралы ұжымдас замандастарының пікірінде оның бірсөзділігі, қарапайымдылығы, інілеріне қамқоршы, ағаларына ізетті болғандығын еске алады. Алдында тұрған адамға жұмысшы немесе басшы болсын ешқашанда «сен» деген сөз айтып көрмепті. Өндірістегі еңбекті ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін қолдана білді, ашу-ызаға жол бермеді. Тап болған қиыншылықтардан әрдайым тура жол таба білген механикті жұрт құрметтей білді, оған сенім артты. Осы абырой Ахат Дәлиұлын Қарағандыдағы ірі кен орны «Қазан төңкерісінің 60 жылдығы атындағы» шахтаның бас механиктігіне алып келді, кейін директордың орынбасарлығына дейін өсті. Бұл өмірден пәнилекке аттанғанша 2006 жылдың 24 қарашасына дейін шахта қызметінде жүрді. Ұзақ жылғы өндірістегі озат еңбегі еленіп механик А.Д. Жаутиков «В.И. Лениннің туғанына 100 жыл», «Еңбек ардагері», «Шахтер даңқы» медальдарымен және көптеген Алғыс хаттармен марапатталды. Ендігі әңгімені қысқаша отбасына қарай бағыттасақ. Ахат Дәлиұлы Магнитогорскі қаласынан келген түп тамыры Қазалы қаласының қызы өмірлік жары Теміргүлге 1962 жылы үйленеді. Жас отбасында ұлы – Бахыт, Қуаныш, қызы – Салтанат дүниеге келеді. Үшеуі де әке жолын таңдап Қарағанды политехникалық институтын бітіреді, шахтада еңбек етеді. Сәтін салып Бахыт пен Салтанат ғылымға бет бұрады. Әңгіменің бас жағында сөз бастаған Бахыт Ахатұлы Жаутиков өзі білім алған білім ордасында аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, факультет деканы лауазымды жұмыстарын атқарады. Кейін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне жұмысқа шақырылады, бір жылдан соң Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлкеттік университетінің І проректорлығына тағайындалады. Техника ғылымдарының докторы, ЖАК профессоры. Халықаралық және ҚР Инженерлік Академиясының мүше-корреспонденті. Бірнеше ғылыми еңбектердің, оқу құралдарының авторы. Осылайша, «Орны бар оңалар» дегендей, Ахат Дәлиұлының өмірлік жолын берік ұстанған ұл-қыздары еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуына сүбелі үлесін қосуда. Ұрпақ сабақтастығы деген осы емес пе?!

// Мұнайлы Астана. – № 44 (692). 26.10. 2016 ж.

ҚОС ҒАЛЫМНЫҢ ТАБЫСЫ

Қазіргі күнде ғылымға бет бұрған әріптестерімінің мұрағаттан тапқан тарихи деректері немесе дәрісханада түрлі шыны ыдыстан сүзген іс-тәжірибелерінің қорытындылары ерекше қуантады. Сол үшін ана бір шетелдік кәсіпорындардың еден жуушыларының еңбекақысына тұрарлық теңге алғанына шүкіршілік жасаймыз. Міне қараңызшы, Алладан нұр жауып, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Биология және ауылшаруашылығы кафедрасының профессорлары, биология ғылымдарының докторы София Зұлқарнайқызы Сағындықова мен ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Хансұлу Құспанғалиқызы Құспанғалиеваның ғылыми еңбектерінің нәтижесі республикамызға емес көршілес алыс-жақын елдердің зиялы қауым ортасында үлкен қолдауға ие болыпты. Соның куәсіндей, жуырда РФ Сочи қаласында өткен Ресей Жаратылыстану Академиясы мен Еуропа ғылыми-өндірістік консорцимының (ESІC) көшпелі мәжілісіне жоғарыда аты аталған қос ғалымымызға арнайы шақыру түсіпті. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың аты озсын» деген ыстық тілекпен бұл жүрек жарды қуанышты газет оқитын көзі қарақты, көңілі ояу оқырмандармен ерекше бөліскіміз келді. Алдымен аталмыш қос ғалымның 2017 жылдың 12-15 сәуір аралығында өткен Мәскеудегі Бүкілодақтық халықшаруашылығы көрмесінің білім беру бөлімшесі ұйымдастырған конференцияда С.З. Сағындықова, Х.Қ. Құспанғалиева және Б.Мухамбетов ұсынған «Исследования урайжности ломкоколосника ситникового от способа уборки и от использования удобрения» атты ғылыми мақалалары арнайы дипломмен аталып өткенін еске салғымыз келеді. Сол жолы Ресей Жаратылыстану Ғылымдары Академиясы белгілеген «Еңбегі үшін» медалімен профессор, б.ғ.д. София Зұлқарнайқызы Сағындықова марапатталса, профессор, а.ш.ғ.к. Хансұлу Құспанғалиқызы Құспанғалиева «Ғылым және білім беру қызметіне еңбегі сіңірген қызметкері» атағын иеленеді. Ал, енді профессор, а-ш.ғ.к. Хансұлу Құспанғалиқызы Құспанғалиеваның бұл бағыттағы қол жеткізген табыстарына қысқаша тоқталып кетеніміз дұрыс секілді. Кезінде Қазақ ССР Ғылым Академиясының Бас ботаника бағының аймақтағы филиалының кіші ғылыми қызметкерлігінен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Жаратылыстану факультетінде кафедра меңгерушілігіне дейін өсу дәрежесіне жетті. Ал енді соңғы жылдары зерттеушінің көршілес мемлекеттің осы бағыттағы ғалымдары ортасынан ерекше орын алғаны барша әріптестерін, оның ішінде жоғарғы оқу орны ұжымын да ерекше күйге бөлегені қуантады. Жоғарыда көрсетілген 2017 жылдың 2-5 қазанында Сочи қаласында өткізілген Ресей Жаратылыстану Академиясының күзгі сессиясында «ХІІІ білім беру технологиясы мен қызмет көрсету көрмесінің» аясында оқу-әдістемелік құралдар номинациясы бойынша профессор С.З. Сағындыкованың «Биотехнология пәні бойынша зертханалық сабақтар» атты электрондық оқу-әдістемелік құралы мен авторлық топ атынан Х.К. Кұспанғалиева ұсынған «Тарлау» атты монография жоғарғы бағаға ие болып, Халықаралық көрменің лауреаты атанады. Осы сапардан табысты оралған профессор Х.Қ. Құспанғалиева бізге өзінің ғылыми жұмыстарымен бөліскенде былай деді:

– Қазақстан ежелден мал шаруашылығымен айналысатын ел. Мал шаруашылығын қарқынды да тұрақты дамытуда әр шаруашылықта мал азығының жеткілікті қорын жасаудың және оның сапасын арттырудың мәні өте зор. Жабайы өсімдік қауымынан жерсіндіріп өндіріске ұсынылып жатырған жаңа мал азықтық дақылдары республиканың барлық аймақтарында өсіріп пайдалануға болатынын көптеген зерттеулер көрсетті. Әсіресе, мұндай өсімдіктерді шөл және шөлейт аймақтардың өнімі төмен жерлерін жақсартуға әдеттегі дақылдарға қарағанда пайдалану тиімді екені бірқатар шаруашылықтарда анықталды. «Тарлау» деген шөп немесе «қияқ» деген құмда өсетін астық тұқымдас көпжылдық мал азықтық өсімдік. Құрамы өте сапалы. Қазақта «Тарлауға жайылған жылқыны қарамай соғымға союға болады. Шөптің жақсысы тарлау, малдың жақсысы жылқы» деген аталы сөз бар. Жылдың аяғына дейін көкпеңбек күйінде тұрады. Менің мақсатым осы өсімдікті Атырауға жерсіндіріп газон ретінде пайдалану. Сол үшін Ресейдің ғалымдарымен кеңірек ақылдасып, іс-тәжірибе алмасып жүрмін».

Ал, енді жоғарыда Бүкілодақтық халықшаруашылығы көрмесінде (ВДНХ) лауреат атанған «Тарлау» атты монографиямен аз ғана таныса кетсек. Ғылыми еңбекте зерттеуші Х.Қ. Құспанғалиева жүргізген Атырау облысындағы іс-тәжірибесі молынан енгізіліпті. Мысалы, кітаптың «Арал-Каспий аймағы» атты тарауында далалық жерлердегі өсімдіктерге зерттеулер жүргізген автордың мәліметтері толық берілген. Мұның ішінде тарлау (қияқ) өсімдігінің Индер, Қызылқоға, Мақат, Махамбет, Исатай және Жылыой аудандарындағы өсуі мен дамуына сипаттама берілген. Тарлау қияқтың жақсы қасиеттерінің бірі – қар кетісімен қаулап көктеп өсуі. Сондай-ақ, бұл өсімдік күзде де қарқындап өсіп, оның көгі мал жаюға жарайды екен. Атырау облысының климаты, қысы – қатты салқын, жазы – ыстық, құрғақ. Сондықтан бұл жағыдайдағы өсімдіктердің, әсіресе, тарлау секілді өсімдіктің өсіп өркендеуі далалықтарды бейжай қалдырмайтыны сөзсіз. Тарлау (қияқты) өсірудің агротехникасы әлі түбегейлі зерттеліп болған жоқ. Сондықтан бұл бағыттағы ғылыми зерттеулерді жетілдіре беру керек деген тұжырым жасалынады. Қорыта келгенде, өлке ғалымдарының көп жылғы маңдай тері төгілген еңбектерінің осындай құрметке ие болғандығы зор мәртебе. Ендігі олардың асқар асуы сол зерттеулерінің іс жүзіне, әсіресе өз өлкемізде жүзеге асса нұр үстіне нұр болмақ!

// Мұнайлы астана. № 46.(746). 15.11. 2017 ж.

ЖАС ҒАЛЫМНЫҢ ЖҮЛДЕСІ

Халқымызда ежелден «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген сөз бар. Жаһанды «қағазсыз газет» деген интернет жаулап алған сәтте білімге құштар адам үшін кітап ешқашан өз мәнін жойған жоқ. Әрине, жазған кітабыңды баспадан шығаруда үлкен көкейтесті мәселе. Дегенмен, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті баспаханасында оқытушы-профессорлардың көз майын тауысып жазған ғылыми-тарихи құнды кітаптары мен оқу-әдістемелік құралдары тоқтаусыз шығып жатыр. Білім ордасының басшысы (Ректоры – профессор Б. Мамраев) келгеннен күннен бастап осы мәселеге назар аударып, шағын кәсіпорынды жаңаша жарақтандырды. Сапалы баспахана өнімдері жер-жерге таралып, байрақты бәсекелерде таныла бастады. Жуырда Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне қуанышты хабар келді! Алматы қаласында Ұлт Көшбасшысы – Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті Қорының бастауымен «Жас ғалымның ең үздік басылымы» ІІ – Халықаралық конкурсына қатысқан Экономика жәнен құқықтық факультетінің «Қылмыстық құқықтық пәндер және криминалистика» кафедрасының магистрі Тажгарина Бэлла Қанатқалиқызының кітаптары жеңімпаз атанды. Жас ғалымдар арасында ұйымдастырылған конкурсқа Қырғызстан, Татарстан, Белоруссия және Қазақстанның ЖОО-нан 155 өтініш түсіп, 300-ге жуық кітаптар мен оқу-әдістемелік құралдар үміткер ретінде тіркелді. Қорытындысында 15 кітап иесі жеңімпаз болып табылды. Жас ғалымға Республикалық кітап палатасының директоры Ж. Сейдуманов өз қолынан «ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының ең үздік серіктестігі» номинациясы Дипломы мен Кітап саласының дамуына, ғылым мен кітап мәдениетінің қалыптасуына қосқан зор үлесі үшін атты Құрмет грамотасын тапсырды. Бұл табыс университеттегі жас ғалымдардың барлығына дерлік қанат бітіріп, кітап әлемінде жаңа туындылар әкелер деген сенім ұялатты.

// Атырау. – № 139. 8.12. 2015 ж.

27 мамыр – Кітапханашылар күні

КІТАПХАНАШЫ – МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚ

Кітапхана – ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан, шырағы биік парасаттылық пен білімділіктің, байлық пен біліктіліктің киелі ордасы. Кітапхана – рухани, мәдени, тарихи, ғылыми құндылықтар мекені. Бұл туралы заңғар жазушы Ә. Кекілбай «Кітапхана мәңгілік парасаттың ең киелі ғимараты» деп тектен тек айтпаса керек. Бүгінгі жаһандану заманында кітапхана ісі мәдениет саласы ретінде ақпараттық, білім беру және мәдени-ағарту қызметінің негізі болып табылады. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Ғылыми кітапханасы өз бастауын сонау 1950 жылдың тамыз айынан бастау алады. Бұл туралы кітапхана директоры, филология магистрі Ақмарал Қалиярбекқызы Дауткулова былай дейді: «Сол жылы институт кітапхана қорын қажетті оқулықтармен, оқу құралдарымен қамтамасыз ету үшін 27 507 сом ақша жұмасалынды. 1954 жылдың 24 наурызынан бастап кітапхана меңгерушілігін Чернышева Надежда Ивановна атқарды. Заманның қиыншылығына қарамастан қолдағы бар штаттағы 7 адам, қосымша 2 лаборант жұмыс істеген. Жаңадан құрылған Гурьев педагогикалық институтында 2 факультет, атап айтқанда, құрамында марксизм-ленинизм, педагогика-психология, дене шынықтыру, орыс тілі мен әдебиеті, физика және математика кафедраларын біріктірген, филология және физика-математика факультеті бар еді. 1958 жылы Ақтөбе пединститутының жабылуына байланысты осы оқу орны кітапханасының ғылыми кітап қоры Гурьевке аударылды. 1968 жылдың 24 мамырынан бастап кітапхана жетекшілігін Н. Салихова, 1969 жылдың 6 тамызынан Вера Васильевна Анишина, 1973 жылдан 23 жыл үзбестен Маруся Кенжеғалиқызы Үмбетова, 1996 жылдың 19 қаңтарынан бастап Нұрсұлу Құрманғазықызы Қорқытова абыроймен атқарды. Сол кездегі азғана қаражатты місе тұтып еңбек еткен аға кітапханашылар Н. Салихова, Г. Сарбаева, Н. Қорқытова, С. Берденова, О. Самарина, З. Утеугалиева, кітапханашылар М. Оңайғалиева, Г. Молдабекова, Г. Исаева, Г. Кабдулова, З. Даулетова, С. Жубаналиева, К. Озғанбаева, Р. Ергужиева, Т. Алдиярова, З., Б. Рысқалиевалар, Г. Ажигалиева есімдерін мақтанышпен айтуға болады». Бүгінгі таңда университет Ғылыми кітапханасы жетекші ірі құрылымдық бөлімі ретінде оқу-тәрбие, ғылыми-зерттеу үрдістерін қажетті ақпаратпен қамтамасыз ететін білім мен ақпарат орталығы болып саналады. Ғылыми кітапхананың ежелден қалыптасқан дәстүрлі жұмыс түрлері бар: оқырман немесе факультет, кафедра жетекшілерінің сұранысына орай кітапхана қорын сапалы молайту, қордағы кітаптарды оқырмандарға жүйелі жеткізе білу. Бір ғана мысал, 2015 жылы кітапхана директоры А.Қ. Дауткулова университетте журналистика мамандығы бойынша білім алушылар үшін осы сала бойынша кітаптар мен оқулықтар жетіспейтіндігін анықтады. Сөйтіп, сұраныс беру арқылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті баспасы арқылы 1 миллион 119 мың теңгеге 42 әдебиет түрлерін алдырды. Болашақ журналист студенттердің қуанышында шек болсайшы ?!

Мен осы ұжымда еңбек ететін болғандықтан күнде ертеңгілік кітапханаға бас сұғуым әдетке айналған. Оның өзіндік себебі де бар, ол күнгі пошта арқылы жеткізілетін газет-журналдарды алу болса, екінші жағынан келесі күнге дәріске әзірлену үшін қажетті әдебиеттерге сұраныс беру. Сондай-ақ, осы жұдырықтай түйілген ұжыммен бірлесе отырып әр түрлі іс-шараларды жүзеге асыру үшін ой-жоспар талқылау. Бұл ұйымдастырылған шаралардың барлығы да жастардың рухани жан дүниесін, ой-өрісін байытуға, жоғарғы эстетикалық талғамын арттырып, қоғамдық санасын қалыптастыруға көмектеседі, жүректеріне имандылық, адамгершілік отын жағады, елі мен жерін сүйюге жетелейді, өзін қоршаған орта мен адамдарды сыйлауға тәрбиелейді. Уақыт талабына сай университет қабырғасында болып жатқан көпшілік-мәдени жұмыстарына араласа отырып, кітапхана ұжымы студенттер арасында оқушылар конференциясын, кітап көрмелерін, түрлі тақырыптық кештер, пікірталас кештері мен оқытушы-профессор еңбектерімен жарық көрген түрлі кітаптардың тұсаукесерлерін жасауды тұрақты дәстүрге енгізген. Тек биылғы жылы ғана факультеттермен бірлескен 20-дан аса ірі шаралар ұйымдастырылды. Солардың ішінде қазақтың ойшыл ақынына арналған «Абай мұрасы – халық қазынасы» атты іс-шараның маңызы зор. Бұл күні кітапхана ұжымы философия ғылымдарының кандидаты, профессор Ш.Ә. Әбдірайымовтың «Абай жұмбақтығы – философиялық мәселе» атты кітабының тұсаукесерін өткізді. Республикаға белгілі ғалымдар Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры, философ.ғ.д. Д.Ә. Әубакір (кітаптың бас редакторы), Алматы энергетика және байланыс университетінің профессоры, филоф. ғ. д. М.Сәбит, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры, тех.ғ.д. Д.С., Ахметбаев, Х. Досмұхамедов атындағы АтМУ профессорлары Қ.Ө. Жүсіп, Ө.Қ. Бекежан, професордың қызы Р.Ш. Тұяқова сөз сөйледі. Кеш соңы ұлы Абайға арналған бейнебаян жіберіліп, студенттер концертіне ұласты. Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының Атырау облыстық филиалымен бірлесіп шығарған «Алаш мұраты – мәңгілік ел» атты кітаптың тұсаукесері де жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны көптің есінде қалды. Кітапхана қабырғасында жүзеге асырылып жатқан көпшілік іс-шаралар бір сарында ғана емес, үнемі өсіп, өзгеріп, жетіліп отыруы заңды құбылыс. Оған дәлел, биылғы жаңа оқу жылы басталысымен-ақ өткізілген шаралар ауқымының үлкендігі. Солардың ішінде «Құрмет» орденінің иегері, профессор Ж.Б. Бақидың 80 жасқа толу мерей тойын жоғары дәрежеде өтілуіне осы кітапхана ұжымы бір кісідей атсалысты. Әсіресе, профессор Ж.Б. Бақи мен академик Х.Б. Табылдиевтың өмірі мен педагогикалық-ғылыми қызметіне арналған биобиблиографиялық әдебиеттер көрсеткіштердің тұңғыш жарық көруі университет өмірінде болған кітапхана ұжымының ірі табысы еді. Жуырда өткен Қазақстандағы «Тіл» мерекесіне арналған Ж. Нәжімеденов атындағы әдеби-шығармашылық бірлестік мүшелерінің жинағының жарық көруіне де А.Қ. Дауткулова басқарған ұжымның еңбегі десек те болады. Бұл күні жанына кітапты серік еткен студенттер елге, ата-анаға, бейбітшілік, достық, махаббат, табиғатқа арналған жүрек жарды жыр шумақтарын оқыды. Университеттің оқу-ісі жөніндегі проректоры Г.С. Жарасова және ф.ғ.д., профессор Қ.Ө. Жүсіп жинақтың тұсауын кесіп, жастарға ақ батасын берді.

Ғылыми кітапханада жыл сайын аталып өтетін қазақ әдебиетін насихаттау, жастарды отаншылдыққа, париотизмге тәрбиелеу, көпшілікті әдеби-көркем кітаптар оқуға шақыру, кітапханаға тарту мақсатында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы тұрақты ұйымдастырылып отырады. Өткен оқу жылында бұл шара Ф.Оңғарсынова мен С. Мұратбековтерге арналған болса, биылғы жылы таңдалып алынған жазушы Дулат Бабатайұлының шығармашылығы бойынша өткізілетін оқушылар конференциясына қызу дайындық үстінде. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев көрсеткен қазақ елінің темірқазығы іспеттес Мәңгілік ел идеясын жүзеге асыру мақсатында «Жастар Мәңгілік Елді жырлайды» атты облыстық жас ақындар арасында мүшәйрасы өтті. Бұл шараға қатысқан Қазақстан Жазушылар одағының Атырау облыстық филиалының директоры Қ. Жылқышиев, облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бастығы М. Мұхамбеткалиева, «Алтын топшы» жастар шығармашылығының жетекшісі А. Яхуда және басқада қонақтар жас ақындарға жылы ілтипатын білдірді. Халқымыздың мәңгілік құндылығына айналған, ұрпақтан ұрпаққа үлкен бақыт әкелген Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған шаралар аясында да атқарылар жұмыстың ауқымы кең. «Мәңгілік ел», «Мәңгілік мақтан, дауылпаз дастан – Қазақстан!» атты көрме тұрақты жұмыс істеп тұр. Кітапхана – дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының кәусар көзі.       Бұл орайда университет кітапханасындағы көне кітаптар көрмесінің орны ерекше. ХІХ ғасырда жарық көрген салмағы 5 килоны құрайтын, көне славян тілінде басылған «Византия империясының тарихы» кітап оқырмандардың қызығушылығын тудырады. Сондай-ақ, мұқабасы қой терісінен жасалған А. Байтұрсыновтың 1914 жылы Орынборда басылған «Қазақ әліпбиі» деген ең құнды кітабы да бар. 1879 жылғы үш томдық «Деяния Петра Великаго», 1833 «Сказания князя Курбскаго» т.б саны 700-ге тарта көне кітаптар көз тартады. Сонымен қатар, азғантай басылыммен жарық көрген 1952 жылы орыс-қазақ-қытай сөздігі тілші мамандарға таптырмас кітап. Кітапханашы болу әркімнің уысына түсе бермейтін, кітаптың құдіреттілігін терең түсіне білетін жан ғана осы рухани ортада еңбек ете алады. Кітапханашы сөре артында тұрып кітапты қолға береді деген тар ұғымнан ада болу шарт. Кітапханашы – жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеуге, олардың поэзияға деген қызығушылығын арттыруға, талғамына, таңдауына сай әдебиеттерді іріктеуге көмек көрсетеу, оқуға деген ынталарын арттыратын, қысқаша қайырғанда жан азығымен қоректендіретін жандар. 30 жылдан аса табан аудармастан кітапханада оқырмандарға қызмет өрсетіп жүрген «Кітапхана ісінің үздігі» О. Самарина, К. Озғанбаева, С. Берденова, Р. Ергужиева, Б. Рысқалиева сынды өз мамандығының майталмандарын ерекше атап өтуге болады. Таяуда ғана 40 жылдан аса кітапханада, оның 16 жылын директор лауазымында атқарған «ҚР Кітапхана ісінің ардагері» Нұрсұлу Құрманғазықызы Қорқытованы еңбек демалысына шығарып салған сәтте әріптестері қимастықпен көз жастарын тия алмағаны жасырын емес. Сонау 18 жасынан кітапхана есігін имене ашқан Күлаш Жалғабайқызы Озғанбаева болса қатардағы кітапханашылықтан аға кітапханашы, одан әрі әдіскер деген қызметке дейін өсу жолында тұр. Ол қай кітап қай сөреде, қай бөлімде тұрғанын еш қателеспестен айтып беретініне таң қалуға болмайды. Осындай кітапханашылар тізбегін жалғасыра беруге де болар еді, бірақ олардың ешқайсысын бөліп қарауға болмас дегім келеді. Мерекелерің құтты болсын, әріптестер !

Түйін: Жуырда «Айқын» (№146.1.10.16) санында: «АҚШ ғалымдары бірқатар зерттеулер өткізе келе кітап оқудың адам өмірін ұзартатыны туралы жаңалық ашты. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, күніне жарты сағат кітап оқыған жандар өзгелерге қарағанда 23 ай ұзақ өмір сүрген. Ғалымдар олардың денсаулығын 12 жыл бақылаған. Нәтижесінде, эксперимент соңында кітапты сүйіп оқитындар арасында өлім-жетім деңгейі 23 пайызға төмен болып шыққанын айтып отыр. Демек, «Жақсы кітап – жан азығы» деген сөздің жаны бар.

// Атырау. – № 81. 15.10. 2016 ж.

ШЕБЕР ҚОЛДЫ КЕСКІНДЕМЕШІ

«Адам өзінің жаратылысынан суреткер.
Ол қашанда өз өміріне әсемдік енгізуге тырысады».
Қамбарбек Аманов.

...Менің онымен танысуымның өзі кездейсоқ болды. Университеттің Әкімшілік-шаруашылық қызметінің басшысы ретінде ұжымға жаңа келген басшымызға (ректор) «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасы орналасқан студенттер үйінің төртінші-бесінші қабатын таныстырып жүргенде: – Ал қандай айтар бұйымтайларыңыз бар деген сәтте? Салған жерден жұлып алғандай, Қамбарбек ағамыз: – Айтыңызшы, біздің осы жатақханада еңбек етуіміз дұрыс па? Шығармашылықпен шұғылданатын жандарға тұрғын студенттермен бірге улап-шулап сабақ өткіземіз, осы мәселені қанша басшыларға айттық, «баяғы жартас сол жартас» ешқашан шешілмей келеді. Жаңа басшы ретінде осыны реттеп берсеңіз еді, – демесі бар ма. Бойымда оған деген ыза кернеп кетті. Бетіме қараған басшымызға ақталғандай болып: – Бұлардың сұрамайтындары жоқ, осы жерден артық қолайлы кабинеттер қайдан табылады? Оқу дәрісханалары жетіспей жатыр дегенмін. Жаңа басшымыз: – Сөзді қойыңыз, өнер адамдары қандайда болсын құрметке лайық, оларға қолайлы жағдай туғызу біздің міндетіміз жуырда мәселе оң шешімін табады, – деп оларға мені жығып берген сәтте, бәрі дүркірей қол соқты. – Қап, бәлем, – деп мен қалдым. Көп ұзамай олар бөлек орынға көшті. Біразға дейін Қамбарбекке өкпелеп жүргенмін. Бір күні неге екенін қайдам құдіретті күш мені оның шеберханасынан бір шығарды. Қолындағы сурет салатын қылқаламын сан түрлі бояуға малып жауға қарсы атой салған батырдың келбетін сомдауда екен. Жұмысқа берілгені соншалық қасында тұрған мені біразға дейін сезбеді-де. Содан соң екеуміздің әңгімеміз «Бөкен би» портретіне ауысты. Тарих тұңғиғынан сыр тартып, біраз шер тарқатыстық. Суретші Қамбарбек Хасенұлы Амановпен алғашқы етене таныстығымыз осылай басталды. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Педагогика және өнер» факультетінің «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасының доценті, Қазақстан Республикасы Мәдениет ісінің үздігі, кескіндемеші Аманов Қамбарбек Хасенұлы 1951 жылы 2 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында дүниеге келді. Үржар селосындағы мектеп қабырғасында жүріп қолына қарандаш ұстап небір ойын арманға жетелеген образды суреттерді салуды ұнатты. Мектеп бітірген жылы армия қатарына алынып алыстағы Германия жерінде азаматтық борышын өтеді. Қызыл бұрыштағы күн көсем атанған Лениннің портреттерін салу оған бұйым болмады. Кез келген офицерлер үйінің төрінде Қамбарбек салған «ата» бейнесі ілулі тұрды. Екі жылды артқа тастап барып ол 1972 жылы Алматы қаласындағы Н.В. Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Оқуының соңғы күндерінде Мәскеу қаласындағы В.И. Суриков атындағы мемлекеттік көркемсурет институтына қабылданады. «Суриковте» оқу кез-келген суретшінің қол жетпес арманы болатын. Мәскеуде өткен алты жылда дүниежүзіне атағы мәшһүр болған қылқалам шеберлері Цеплаков пен Артамоновтардан дәріс алып тынымсыз шеберханаларда еңбек етті.

– Мәскеудегі оқуым Алматы қаласында алған білімімнен көбірек артық болып шықты. Берілген тапсырмаларды орындауда қиынға соқты, біраз тер төгуге тура келді. Тіпті шеберханада сан мәрте қонып қалатын кездерімде кездесті, – деп еске алады ол. – Академик В.Г. Цеплаков аптасына бір рет келіп, ақыл-кеңестерін беріп кетеді. Мен салған әр портреттерді ұзақ талдап, курстастарыма үлгі алыңдар деп мақтан ететін, бірақ мен соған қатты ұялатынмын». Жоғары білім ордасындағы Қ.Х. Амановтың «Қазақстан тауларында» атты дипломдық жұмысы «өте жақсы» деген бағаға ие болды. Жолдама Гурьев қаласындағы көркемсуретшілер одағына берілді. Алғаш рет ұшақтан түскенде аспан айналып жерге түскен аптап ыстық лебі бетін үбкен суретші жігіт «бұл уақытша бір-екі жыл болар, сосын Алматыға қайтамын ғой» деген іштей, бірақ онысы қате болыпты. Міне, табан аудармастан отыз бір жыл өзінің туған жеріне айналған Атырау қаласын «Менің қалам, менің үйім осында» деумен келеді. Тынымсыз жұмыс, жаңа ізденістердің нәтижесіде жаман болмады. 1984 жылы КСРО Суретшілер одағының мүшелігіне қабылданады. 1987 жылы Арменияда өткен Бүкілодақтық кескіндемешілердің басқосуына қатысу мәртебесіне ие болды. 1988, 2006, 2012 және биылғы жылы күзде Аманов Қамбарбек Хасенұлы жеке шығармашылық көрмелерін ұйымдастырды. Суретшінің туындыларын өздерінің жанына жалау еткен қалың өнерсүйер көрермендердің есебі болмады. Жергілікті баспасөз беттерінде журналистер Н.Аухатова «Суретші өзінің жеке көрмесін өткізді» («Атырау», 16.12.2006), М.Куанышева «В картинах художника – воля народа» («Прикаспийская коммуна», 21.03. 2002) және А.Пастухова «Портрет жудожника в молодые годы» («Ақ Жайық», 22.12.2011) атты мақалалары мен репортаждары жарық көріп, суретшінің шығармасы туралы мазмұнды, ойлы, тәрбиелік мәнді қорытындылар жасалды.

Қамбарбек Хасенұлы 1999 жылдан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасында доцент болып болашақ жас суретшілерге өмірлік тәжірибесі мен бар білімін жұмсап келеді. Қазіргі кезде ол «Сурет» және «Кескіндеме» пәндерінен дәріс оқиды. Мінезі жайсаң, көп сөйлемейтін, қарапайым, өзі туралы әңгіме қозғаудан қашқақтайтын одан сыр тартуда қиынның қиыны. Көбіне Қамбарбек туралы деректерді әріптестерінен естіп, мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған материалдардан оқуға тура келді. Биылғы жылы мамыр айының 12-і күні университеттің «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығын кешкі қысқартылған түрінде тамәмдаушы Орта Азия елдеріне аты мәлім, жазушы-композитор және суретші И. Жақановтың диплом қорғау жұмыстарына ғылыми жетекші болып, «Жерұйық» атты триптих композицияның Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемөнер мұражайында сәтті қорғалуына мұрындық болды. Доцент Қ.Х. Аманов ұстаздық қызметпен қатар шығармашылық жұмыстарынан қол үзген емес. Бірнеше халықаралық, республикалық және облыстық байқаулардың жеңімпазы. Өткен жылы мәдениет пен өнер салсындағы жемісті еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы Мәдениет ісінің үздігі» атағына ие болды. Ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп Қазақстан Көркем академиясының мүше-корреспондентігіне қабылданды. Қазақстан Республикасы Көркем академиясының академигі атағы беріліп, академия Алқа шешімімен Батыс Қазақстан облыстары бойынша бөлімшесінің атқарушы директоры болып сайланды. Келер жылы ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту туралы бастама көтерген сәтте тарих қойнауында қалған батырлар мен бабаларымыз туралы кескіндемеші Қ.Х. Амановтың бұл бағытта жемісті еңбек етіп жүргені анықтала түсті. Атап айтқанда, оның қыл қаламынан төгілген «Шора батыр», «Нәрік батыр», «Қайып пен Ақбөбек», «Құрманғазы Сағырбайұлы», «Бөкен би», «Ботагөз батыр», «Қарабура», «Жанғожа батыр», «Қосай батыр», «Есен би», «Досан батыр» портреттік образдарының шоқтығы биік дүниелер. Кескіндемеші Қамбарбек Хасенұлының сезімтал жаны туған халқының рухани күйі мен ішкі жан дүниесін, сезімі мен мінез-құлқын жақсы біледі. Портреттік суретті салу арқылы кейіпкерлерінің еңбекқорлығы, сан қырлы мінезі, бет-бейнесі ашыла түседі. Өнерсүйгіш қалың қауым арасында оның туындылары, Атырау мұнайшыларының алғашқы әулеті Шырдабаевтардың жанұялық, белгілі кәсіпкер Т.Т. Жұмағұловтың және т.б. республикаға белгілі көрнекті қайраткерлер мен өнер адамдарының портреттері жоғары бағаға ие болған. Қамбарбек Хасенұлының бойында тағы бір ерекше қасиет бар екендігін айтпасқа болмайды. Ол – өзге суретшілерде бола бермейтін ауызша айтумен портрет салу. 1985 жылы Гурьев қаласын дүр сілкіндірген белгісіз ер адамның бесжасар баланы айуандықпен өлтірген оқиғасы болады. Бүкіл тәртіп сақшылары аяқтарынан тік тұрып қылмыскерді іздеуге кіріседі. Соңғы бір көрініс қарт әжейдің көзін жұма ауызша айтқан үй жанында ойнап жүрген сәбидің жанын төңіректеген еркектің бейнесін салып бергенде, жүрек тұсын ұстап Қамбарбекке: «Ұлым, соның дәл өзі, дәл өзі» дей берген... Қылмыскер осылайша ұсталған. Суретші таланты деген осы емес пе?! ҚР Мәдениет ісінің үздігі, ҚР Көркем академиясының академигі, доцент, кескіндемеші Қамбарбек Хасенұлы Амановтың шығармашылық қызметі облыс, республика өнерінің дамуына ерекше үлес қосып отырғанын мақтан тұтамыз. Ағамыздың отбасы туралы бірер сөз: Жолдасы – Қабираш екеуі ұл-қыздарын оқытып, аяғынан тік тұрғыза білді. Үлкен қызы – Индира, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде аға оқытушы, педагогика ғылымдарының кандидаты, ұлы – Жәнібек, шахматтан халықаралық спорт шебері, Нұрлыбек – қазақ-түрік лицейінде мұғалім, Айбек – «Теңізшевройл» шетелдік мұнай компаниясында жауапты қызметкер.

// Үш қоңыр. – № 2. 9.01. 2015 ж.

ҰСТАЗДАР ӘУЛЕТІНІҢ БӘЙТЕРЕГІ

Барлық саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған, бірақ бүгінде бақилық болған ұстаздар туралы қанша айтса да аздық соғары хақ. Өткен кеңестік дәуірдің кезінде қоғамда «Мұғалім – адам жанының инженері» деген сөз қалыптасты. Ұстаз бен бала арасында толық қарым-қатынас орнады. Бала ұзақ уақыт бойы мұғалімнің тәрбиесінде, мектеп қабырғасында өсті. Бала дүниесі – ешнәрсеге ұқсмайтын өзгеше бір әлем. Олар ізгілік пен зұлымдық, ар-намыс пен адамгершілік, жақсылық пен жамандық туралы өз түсініктерімен пайымдайды. Міне, жайқала өскен жас құрақты саналы біліммен, сапалы тәрбиемен өсіруде мектептің басты тұлғасы мұғалімнің еңбегі ұшан-теңіз болған еді. «Тәрбие – ең алдымен мұғалім мен баланың әрдайым рухани арласуы» деп рухани дем берген көрнекті педагог В.А. Сухомлинскийдің қанатты сөзі тегін айтылмаса керек. Бүгінгі әңгіме осындай қасиетті мамандықты әулеттерімен игерген Жұмағазиев Закария Ғабделкәрімұлы туралы болмақ. З.Ғ. Жұмағазиев 1935 жылы Исатай ауданының Орпа ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Әкесі Қабдел Жанбай селосы аумағында 1894 жылы өмірге келіп, барлық ғұмырын халық ағарту саласына арнаған. Ол сол өңірдегі «Қызылжар» («Төлемісжары») деген жердегі мешіттен ескіше арабша хат танып, кейін Манаштағы орыстың Трехбратинский батағасында 2 сыныптық училищені бітірген. Кеңес үкіметі орнаған сәттен бастап «Жалын» атты сауатсыздықты жою мектептерін ашып, отыз жылға таяу мектеп басқарады. Қабделдің кіндігінен өрген Ибатолла, Закария, Жақия және Аухади атты ұлдары облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына үлес қосқан белгілі азаматтар. Әкесінің ұстаздық жолын қуған ортаншы ұлы Закария неміс-фашистерімен болған соғыс жылдарында аудандағы Бабан ауылдық кеңесіндегі Сталин атындағы орта мектепке барады. 1952 жылы Тұщықұдық селолық кеңесіндегі М.Горький атындағы орта мектепті аяқтағасын, сол жылы Гурьев мұғалімдер институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі. Жас ұстаз Новобогат ауданының Жанбай ауылындағы Сартөбе жетіжылдық мектебінде алғашқы еңбек жолын бастайды. Кейін Мыңтөбе ауылындағы К.Маркс орта мектебіне ауыстырылып балғын жасөспірімдерге математикадан, электротехника және мамандыққа баулу пәндерінен сабақ береді. Математика – ойдың пәні. Әрине, сол кезде заманның қиын шағында мектепте оқулық, дәптер, қаламның жетіспеушілігіне қарамастан оқушыларды білімге деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың ойлауға, қабылдауға, бақылауға үйретуге күш салды. Закария аз уақытта ұстаздық еңбегімен, қарапайымдылығымен және халқына мейірімділігімен таныла бастады. Алайда бұл ізгі бастамалары енді басқа жерде жалғасты. Гурьев облыстық оқу бөлімінің бұйрығымен Шевченко ауданының Шевченко жетіжылдық мектебінде, онан соң қазіргі Бақсай ауданының Чкалов атындағы жетіжылдық мектептерінде өз мамандығынан дәріс берді. Сол жылдары Гурьев мемлекетік педагогикалық институтын өндірістен қол үзбей бітіріп алды. Жас үлкендерге мәлім, ол кездері жоғары білімді мұғалімдер бір жерде 2-3 жыл тұрақтамайтын. Қай жерде мұғалім жетіспесе сол жерге оқу бөлімінің бұйрығымен асығыс көшірілетін. Зәрлі бұйрықтардың күшімен Закария ағамыз Новобогат ауданының Жамбыл және Куйбышев орта мектептерінде математика пәнінің мұғалімі болып шәкірттерін тәрбиеледі. Кейін халық шаруашылығын өркендетудің алып жоспарларына сәйкес, шәкіртердің мектеп қабырғасында жүріп қосымша мамандықтардың әліппесін игеруіне бет бұрды. Сөйтіп жоғары сынып оқушыларына трактор мамандығын үйретті, «ағаш шебері» деген сабақ жүргізді. 1990 жылдан бастап кәсіптік-техникалық училищесі бағдарламасы бойынша «Село құрылысы шебері» деген мамандыққа баулыды және «Аға мұғалім» деген дәреже иесі атанды. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – деп ұлы Абай айтпақшы, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған Закария ағамыздың замандастары мен шәкіртері оны өз мамандығын терең білетін, өз білгенін оқушыларының бойына дарыта білген аса қадірлі жан деп бағалайды. Бүгінде есімдері елге танымал п.ғ.д., профессор Ғ.И. Имашев, халық емшісі Р.З. Құрасов (марқұм), күміс көмей әнші Г.С. Сүндетова және т.б. шәкірттері көптеп саналады. Бар күш жігерін бала тәрбиесіне арнаған ұстаздың еңбегі жоғары бағаланып, «ҚазКСР-ң халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен, облыстық халыққа білім беру бөлімінің грамотасымен және т.б. салааралық кәсіподақ комитеті мақтау қағаздарымен марапатталды. Жолдасы Марданқызы Тотанмен 1959 жылы тұрмыс құрып дүниеге 14 ұл-қыз әкелді, өсіріп тәрбиеледі. Бүгінде олардан 51 немере-жиен және 10 шөбере өріп отыр. Барлығы да сан алуан мамандықтың иелері. Олардың ішінде атасы Қабделдің, әкесі Закарияның жолын қуған 10 бала мұғалім мамандығын таңдап жас ұрпақтың бойын білім нәрін егуде. Осылайша, атадан әкеге мирас болған мұғалімдік мамандықты жанына ту етіп байлаған Жұмағазиевтер әулетінде қазіргі күні 26 ұстаз бар.

// Атырау. – № 7. 27.01. 2016 ж.

ДИРЕКТОР ҒАДІЛЖАН

Бүгінде мектептегі басты тұлға – мұғалім мен оқушы десекте, ал олардың басшысы «мектеп директоры» деген лауазымды атқарған басшылар туралы азды көпті жазылып жүр. Егер мұғалімдер директор еңбегінен жоғары парасаттылық пен мәдениетті, озық үлгі мен қадір-қасиетті көрген болса онда басшының рөлі артқаны. Орыстың ұлы ұстазы К.Д. Ушинский директорды мектептің басты тәрбиешісі деп атады. Демек, ұстаздардың ұстазы болудың қандай жауапкершілікті талап ететіні айтпсада түсінікті. Бүгінгі мақалама арқау болғалы отырған кейіпкерімді ұзақ жылдардан жақсы білемін. Институтта бірге оқыдық, жас кезімізден дос, сырлас болдық, бертін келе отбасымызбен тығыз байланыста араластық. Ол қарапайым отбасында дүниеге келді. Әкесі Хисмет кеңшарда өмір бойы есеп қызметінде болды, анасы сол шаруашылықтың алдыңғы қатарлы сауыншысы, егіншісі болды. Қарапайым еңбегі еленіп халық қалаулысы ретінде бірнеше рет халық депутаттары Индер аудандық кеңесінің депутаты болып сайланды, Мәскеу қаласындағы Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысқаны үшін Алтын белгісін, Құрмет белгісі орденін омырауына таққан. Осындай отбасында өсіп-өнген Ғаділжан Хисметұлы Кереев жастайынан білімге, спортқа құштар болды. Қазірде Көктоғай деп аталған ауылдағы Б.Нысанбаев атындағы орта мектепті бітірген соң тарихшы боламын деген арманы орындалып, Гурьев педагогикалық институтына келіп оқуға түсті. Осы оқу орны қабырғасында жүріп спорттың еркін күрес түріне үзбей қатысты. Республикаға танымал күрес шебері, профессор Жүрес Ысқақовтың жетекшілігімен қалалық, облыстық жарыстарға қатысып бірнеше рет чемпион атанды. Кейін бұл тәжірибесі Новобогат ауданындағы Амангелді атындағы орта мектепке жұмысқа келгенде үлкен пайдасы тиді. Сабақтан тыс уақытта мектеп оқушыларын спортқа баулыды, сөйтіп ауданаралық жарыстарда волейбол, үстел теннисі, еркін күрестен жүлделі орындардан көрініп мерейі үстем болды. Мектептегі ең басты жұмыс – оқу үрдісі болып табылады. Заманның талабына сай мектептегі оқыту үдерісінде оқушыларды оқыту мен тәрбиелеуде жаңа мүмкіндіктерді табу, жаңалықтар енгізу, білім беру сапасын арттыру үлкен ізденісті талап етеді. Алғашқы еңбек жолындағы Ғаділжан Хисметұлының тарих пәнін оқытудағы жетістіктерін ҚР Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылымдары академиясының тарих және қоғамдық пәндер институтының директоры, профессор Т.Тұрлығұлов «Атырау» газетінің 1977 жыл 9 желтоқсан санындағы «Ізденістер жемісі» атты мақаласында былай деп атап өтті: « ...мектептегі ең жас мұғалім Ғ.Кереевтің де сабақ беру тәсілдері бір-біріне ұқсамайды. Ғаділжан оқушыларға ғылыми білім беруге, сабақ материалын жаңа документтермен байытып отыруға, партиялық документтерді кеңінен пайдалануға баса көңіл бөледі». Міне осылайша өмір баспалдығымен өрге көтерілген Ғаділжанның іс-тәжірибелері мерзімді баспасөз беттерінде, оның ішінде 1986 жылы республикалық «Қазақстан мұғалімі» журналында да жарияланды. Жас мұғалімнің тынымсыз ізденгіштігі, еңбекқорлығы кейін өзі білім алған Б.Нысанбаев атындағы орта мектепте жалғасты. Мектеп бастауыш комсомол ұйымының хатшылығына сайланды, кәсіподақ ұйымының жетекшісі атанды. Үкіметтің «Тұрғын үй – 91» бағдарламасына үн қосып, мектеп жанынан ұйымдастырған оқушылардың «Өркен» өндірістік бригадасына жетекшілік жасап шаруашылыққа қажетті 437 мың дана саман кірпіш дайындады. Сол үшін жеңімпаз деп танылған мектеп еңбек бригадасына су жаңа тіркемесімен трактор және түрлі-түсті теледидар сыйға тартылды. Ғ.Х. Кереевтің мектеп басқару ісіндегі жаңашылдығы мен жоғары ұйымдастырушылық қабілеті ескеріліп, 1991 – 1999 жылдар аралағында Б.Нысанбаев атындағы орта мектептің мектеп директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, 1999 – 2001 жылдар аралығында Атырау қаласындағы № 28 мектеп директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, 2001 – 2004 жылдар аралағында Жұмыскер кентіндегі Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектеп директоры, 2004 жылдың 8 қаңтарынан Атырау мөлтек ауданындағы жаңадан ашылған № 31 жалпы білім беретін мектеп директорлығына жоғарлатылды. Міне, осы уақытта Ғаділжан Хисметұлының нағыз мектеп басқарудағы екінші тынысы ашылды десе де болады. «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» дегендей, мектептің даму рейтингісін көтеруде, ұжым мен оқушылар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуда, материалдық-техникалық қорын жасақтауда, білім берудің әлемдік және отандық жетістіктерін батыл енгізуге бел шешіп, білек түре кірісті. Баршаға аян, қазіргі заман қатаң бәсеке ғасыры, сондықтан әлемдік бәсекелестіктің жылдам дамуына ілесе алатындай білімді де тапқыр дара тұлғаны қалыптастыру білім беру жүйесінің алдында тұрған зор міндет. «Бүгіндегі жастарға оқу міндет, тек ғана оқуменен өнер білмек» деп, Сұлтанмахмұттың жырлағаны дәл келді. Қазіргі таңда елімізде орта білім беру жүйесінде дарынды балалара арналған таңдаулы мектептер желісі құрылуда және әлемдік білім беру стандарттарына жауап беретін мамандандырылған оқу бағдарламалары жасалуда. Осы бағытта Ғаділжан Хисметұлының кең көлемдегі бай тәжірибесі жоғарғы білім беру басшылары тарапынан қолдау тапты. ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынысымен «Атамұра» баспасынан жарық көрген 5, 6 сыныптардың тарих оқулығына сараптама жасауға шақырылды. Бірнеше рет халықаралық, республикалық, облыстық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып баяндамалар жасады. 2013 жылдың 1 шілде – 13 шілде аралығында «Базалық мектептердің басшылық құрамымен тәжірибе алмасу» бағытындағы Ұлыбританияның Сасекс университетінде болып, ағылшын мектептерінің іс-тәжірибесімен танысып, ой бөлісті. Бұл сапардан алған әсері туралы болған әңгімесінде ол маған былай деді: «Ұлыбритания табиғатының ғажайыптығы, Брайтон, Лондон қалаларының тарихи орындары мен ұлттық құндылықтарын тамашалау, Темза өзеніндегі саяхат, Ла-Манш бұғазының ерекшелігі де баршамызды тамсандырды. Бізге бірнеше мектептерді аралап шығуға тура келді. Ағылшын мектептеріндегі демократиялық дағдыға негізделген балалардың еркіндігі, білімге құштарлығы, әрбір мектептің бастауыш, орта және жоғарғы мектепке бөліну ерекшелігі бізді қызықтырды. Бұлай бөліну мектептердің, балалардың жас ерекшеліктеріне қарай жұмыс жасауына, мамандануына әрі озық, жақсы нәтиже күтуге болатынына сенім қалыптастырады. Мектептер арасындағы бәсекелестікке қарамастан, оардың кең көлемдегі өзара серіктестік қарым-қатынасы да ерекше. Өйткені бір өңірде бірнеше оқу орындары болуы мүмкін және ата-аналардың өз баласын қай мектепке беруі сол аймақтағы мектептердің абырой-беделіне тікелей байланысты». Осылайша, Ұлыбританиядағы оқу ісінің озық әдістеріне кеңінен тоқталып, жеке пәндерді оқыту, оқушы мен мұғалімнің жеке басының дамуына көп көңіл бөлінетіндігіне мысалдар келтірді. Директор Ғ.Х. Кереев «Назарбаев Зияткерлік мектептері» іс-тәжірибесін насихаттаудағы еңбегі еленіп, бірнеше рет мақтау қағаздарына және арнаулы сертификаттарға ие болды. Шәкірттерінің қол жетккен табыстары туралы әңгіме қозғаудың өзі бір бөлек әңгіме. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» дегендей, білімді жас ұрпақ тәрбиелеудегі директордың еңбегі туралы әріптесі Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Б.Қ. Қарабаев былай деп пікір айтты: «Ұлттық болмысымыз бен мәдениетіміздің, тіліміз бен дініміздің қайнар көзі – мектеп. Алтын бесік аталған мектептің екі өлшемі бар, біріншісі – ұстаз ұлағаты, мұғалім мәртебесі, екіншісі – ұрпақ тәрбиелеу, шәкіртті шыңдау. Осы қастерлі қызметтерді қалыптастыруда мектеп директорларының еңбектері өлшеусіз. Мектеп басшысы болу әрі қиын, әрі аса жауапты. Мектеп деген үлкен тәрбие орны ғана емес, ірі шаруашылық ортасы. Күнделікті өмірде тынымсыз ғұмыр кешкен мектеп ұясының қалыпты жұмыс жасауы үшін мектеп директорлары уақытпен санаспай жұмыс істейді. Солардың арасынан № 31 орта мектеп директоры Ғаділжан Хисметұлы Кереевтің ұзақ жылғы мектеп басқару ісіндегі еңбегін ерекше атап өткім келеді. Мектеп директорының басшылығымен ұжым мүшелері мектеп жұмысын жаңа деңгейге көтеру үшін бірлесе жұмыстанып, оқу-тәрбие ісін жетілдірудің ең озық әдістерін іздестіріп, олары жүзеге асыруға барлық күш-жігерлерін жұмылдыруда. Білім берудің үздік тәжірибесін меңгерген мұғалімдердің білім сапасын арттырудан, оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуден, мектеп айналасын көгалдандырудан осы ұжым жұмысын мақтаныш тұрғысынан айтуға болады». Биылғы жылы алпыс жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Ғаділжан Хисметұлы Кереевтің ұстаздық қызметіне 39 жыл. Үздіксіз педагогикалық қызметі үшін ҚР БжҒм Құрмет грамотасымен, «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» және «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. Аудандық, қалалық, облыстық әкімиятының, оқу бөлімдерінің, спорт комитеттерінің алғыс хаттары мен мақтау грамоталарының өзі бір құшақ. Достыққа берік, жаны таза, ақ жарқын Ғаділжан Хисметұлы отбасында да ұлағатты әке. Өмірлік жары, ардагер ұстаз Гүлнәр Махмұдқызымен «ұлын ұяға, қызын қияға қондырған» жандар.

Мерей тойың, құтты болсын, әріптес дос дегім келеді.
// Білімді ел●Образованная страна. – № 19 (56) 11.10. 2016 г.

ПАРАСАТТЫ ҒАЛЫМ, ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ

Бастау

Нұрлыбек Ғилажұлы қасиетті де киелі мекен Құрманғазы ауданының төл тумасы. 1958 жылы Котяевка елді мекенінде дүние есігін ашқан Ғилаж бен Мақсуманың үш ұлының ең кенжесі болатын. Ағалары Ғасырбек пен Қайырбек ұстаздық жолын таңдады. Қазақтың «алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба да соның ізімен жүреді» деген тәмсілді санасына ұялатқан Нұрлыбек те орта мектепті тәмамдаған соң Орал қаласындағы А.С. Пушкин атындағы педагогикалық институттың (қазіргі М.Өтемісов атындағы БҚМУ) жаратылыс тану-жағырапия факультетіне құжаттарын тапсырды. Бағы жанып сол жылы оқуға түсіп кетті. Тумысынан алғыр да көпшіл жас оқуда да алда болды. Оны ойдағыдай бітірген соң еңбек жолын өзі туып өскен Атырау өңірінде бастап, өз мамандығына сай түрлі мектептерде жұмыс жасады. Ол ұстаз болып қана қоймай, спортпен де жүйелі айналысты. 1981–1989 жылдары Атырау облыстық балалар спорт мектебінде, 1989–1990 жылдары Атырау қаласындағы № 16 орта мектебінің дене тәрбиесі және бастапқы әскери білім беру пәндерінің мұғалімі болып еңбек етті. Алдына таудай мақсат қойып, оған жетуде бар қажыр-қайраты мен білігін, тәжірибесін арнай білетін Нұрлыбек Ғилажұлы өз ісіне жауапты да талапшыл басшы.

Алғашқы ұлттық гимназия

Еліміз тәуелсіздігінің жариялануы, кеңестік жүйенің ыдырауы бұрынғы білім саласына реформа жасау қажеттігін алға тартты. Осы тұста Атырау облысының әкімшілігінде жаңа ашылғалы тұрған экспериментальды мектеп-интернатының директорлығына Нұрлыбек Ғилажұлы Даумовтың кандидатурасын ұсыну мәселесі шешілді. Бұл ұсынысты сол кезде жасаған оның ұстазы атанған, қазіргі облыс кәсіподақ ұйымының жетекшісі Қайненов Қилымғали еді. Жас жігіттің жұмыс десе жанып тұратын, темірдей тәртіпке бағынған, сөзіне берік албырттығын байқаған тәжірибелі ұстаз облыс білім беру басшыларына ойланбастан оның кандидатурасын ұсынған болатын. Әрине, бастапқы қадам қай кезде де оңай болмайды. Осы жолда тынбай ізденген ол облыстағы мектептерден дарынды балаларды іздеуге, оны конкурс арқылы қабылдауға күш салды. Ұстаздар құрамы да іріктеліп, жаңашыл, бастамашыл мұғалімдерді шаммен іздеп тапты. Бұрынғы өндірісте жасаған біраз жылғы іс тәжірибесі бар, тұралап қалған бұрынғы мектеп үйін өз қолымен қайта тұрғызды десе де болады. Мектептің жөндеу жұмыстарына өзі басшылық жасағаны баршаға аян. Уақытпен жарыса қалыптасқан ұжым мектептегі оқушыларды оқыту мен тәрбиелеуде биік жетістіктерге жетті. Ол кезде гимназия түлектері мемлекеттік сынақ нәтижесінде еліміздің түрлі жоғары оқу орындарына тікелей қабылданды. Бұл мектептің алғашқы қадамы республикамызға кеңінен тарады. Олар оқу бағдарламаларын да өздері жасады. Және бұл мектептің тағы бір жетістігі – ұлттық бағытта тәлім-тәрбие беруінде еді. Балалардың тәуелсіз еліміздің тұғырлы азаматтары болып қалыптасуына, отансүйгіштік, қазақстандық патриотизм рухында тәрбиеленуіне күш салынды. Оның шәкірттері қазақы болмыста, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңірген, ұлтжанды болып тәрбиеленіп келеді. Республика көлемінде тұңғыш ашылған ұлттық гимназия ұжымы – бүгін де 25 түлектерінің қанатын қомдап, қиясына ұшырып отырған ұлағатты орда, дарынды, қабілетті шәкірттердің білімі мен білігін саралап, бәсекеге қабілетті тұлғаны даярлап, жас ұрпақтың көш керуенін сара жолға бастап жүрген киелі шаңырақ, адами ізгі асыл қасиет пен ізгілікті бойына жиған, ұлағатымен танылған білім ордасы. Ұлттың мектепсіз болмайтынын, мектеп өз ұлтының мәдениетіне сүйенбей, ұлтжанды адамды тәрбиелей алмайтынын өмірдің өзі дәлелдеп берді. Бүгінгі заман мұғалімі – ақпарат көздерімен жан-жақты қаруланған, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде еш мүмкіндікті құр жібермейтін, құзіретті «тұлғаның» жауапкершілігін мойнына жүктеген жауапты маман. Себебі, ұстаздар қауымына жүктелер міндет, қойылар талап та – жоғары. Ұстаздық мамандықтың қызығы мен қиындығы мол сара жолында саналы ұрпаққа адамдық дәнін сеуіп, болашаққа бағдар беру үшін де талмай іздену керек, жаңалықтың жаршысы бола білу керек. Ізгілік, байсалдылық, сабырлық, ой көзімен көре білер даналығы топтасқан адам ғана өз ісінің кәсіби маманы бола біледі. Міне, Н.Ғ. Даумов осындай ұстаз. Мұғалім мерейі – шәкірт жетістігі. Ұлттық гимназия шәкірттері де өткен оқу жылын зор табыспен аяқтады. 46 оқушы облыстық олимпиада, 18 оқушы облыстық ғылыми жобалар сайысының жеңімпазы танылса, 3 оқушы республикалық ғылыми жобалар сайысынан орын алып, білім гранты сертификатына ие болды. 1 оқушы Назарбаев Университетінің грантына, 1 оқушы Халықаралық Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ- түрік университеті білім грантына, 2 оқушы Ресейдің Уфа қаласындағы оқу орындарының грантына, 2 оқушы Атырау мұнай-газ университетінің, 1 оқушы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университеті ұйымдастырған олимиадада жеңімпаз, 1 оқушы республикалық Қ. Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні олимиадасында «Үздік тілші» атанса, 3 оқушы республикалық шығармалар байқауының жеңімпазы танылды. 2016 – 2017 оқу жылында 7 оқушы Халықаралық ғылыми жобалар жарысынан жүлдемен оралып, ҰБТ-ден босатылды. 7 оқушы «Алтын белгі», 1 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. «Ұстаздан шәкірт озады» дейді дана халық. Гимназияда білім алып, кейін ұстаздық еңбегін сол өзі ұшқан ұяда бастап, бүгін де тәжірибелі маман атанған Нұрлыбек Ғилажұлының мектебінен өткен білімді, шебер шәкірттері көптеп саналады. Олардың арасында облыс білім беру ісінің басшылары, мектеп директорлары мен республикалық конкурстардың жеңімпаздары да бар. «Мақсат айқын болса, болашақ жарқын болары сөзсіз»,-дейді Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Гимназия табалдырығынан түлеп ұшып, бүгін де еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген шәкірттер қатары жыл сайын молая түсуде. Олардың ішінен шыққан 2 педагогика ғылымдарының докторы, 15 ғылым кандидаты атанған түлектердің әр табысы – олар үшін зор қуаныш.

Ғалым – ұстаз

Ол ұстаздық пен ғылым жолын ұштастыра жүріп, мол тәжірибе жинақтады. 1993 жылдан бастап педагогикалық ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысты. 2000 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ Білім Академиясы жанындағы аспирантураға түсіп, оны ойдағыдай бітірді. Осы жылдан «Кәсіптік білімді информатизациялау» зертханасына тіркеліп, оқытуды ақпараттандыру процесінде оқушылардың зерттеу қызметін дамыту бағытында жұмыстанды. Оның көп жылғы ізденістерінің нәтижесінде 7 монографиялық, әдістемелік кітаптары мен лекциялар жинақтары жарық көрді. Осы кезеңде ғалымның республикалық басылымдарда 57 ғылыми-танымдық мақалалары жарияланды. Нұрлыбек Ғилажұлы педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогика Ғылымдар Академиясының академигі. Бұл оңайлықпен жетер дәреже емес. Оған талмай ізденген, ұстаздық жолда ерінбей жұмыстанған жандардың ғана қолы жететіні ақиқат. Ол парасат пайымы, жігерлі еңбегі арқасында осы биіктікті бағындырды. Алда да алар асулары мен шығар биігі аласармағай деп тілейміз.

Меморандум

Жақында Ата Заңымыздың күніне орай Құрманғазы ауданындағы мәдениет сарайында үлкен шара өтті. Осында ауданның бір топ азаматтарына «Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы» атағы тапсырылды. Олардың қатарындағы ең жасы Нұрлыбек Ғилажұлы Даумов болды. Бұл да оның ұстаздық еңбегіне берілген жерлестерінің зор құрметі деп білеміз. Дәл осы тұста облысымызда алғаш рет мектеп директоралары арасында осындай зор құрметке ие болған ұстаз екенін айтпасқа да болмайды. Осыдан кейін аудан мектептеріндегі білім беру сапасын көтеру мен ынтымақтастықта жұмыс істеу бағытындағы іскерлік меморандумға аудан әкімі Б.Шаяхметов пен ұлттық гимназия директоры Н.Ғ. Даумов қол қойды. Бұл жерлестерімен бірінші байланысы емес. Ол бұған дейін Құрманғазы ауданының облыстық мәслихат депутаты болып сайланып, ел игілігі үшін біраз шаралардың орындалуына мұрындық болған еді. Оның марапаттарын санап шығу да қиын. Оған тоқталып жатпаймыз. Көп жылғы ұстаздық, ғалымдық еңбегінің жемісі Елбасының Жарлығымен тәуелсіз еліміздің «Құрмет» орденімен марапатталуы екені даусыз. Ол оған әбден лайық. Шәкірттеріне сүйікті, халқына қадірлі жанның ізденісті жолы мен өнегесі сарқылмайтынына сенеміз.

Отбасы шаттығы

Ол әулетінің тірегі. Тамырын тереңге жіберген бәйтерек. Жұбайы ұстаз Тамара екеуі өмірге 2 ұл мен 2 қыз әкеліп, оларды өнегелі де тәрбиелі етіп өсірді. Бәрі де жоғары білімді, тәуелсіз еліміздің білікті азаматтары. Олардан 4 немере-жиен сүйіп отыр. Дәуренбегі – Атырау қалалық сотында судья, Даринасы – Аджип компаниясында дәрігер, Дидарасы – «Өрлеу» орталығында ұстаз, Даянбегі – облыстық ішкі істер басқармасында жауапты қызметте. Отбасының шаттығына кенелген ұлағатты ұстаз ұрпағымен көркейіп, қанатын кеңге жаюда. Парасатты ғалымның ұлағатты ұстаздық өмір жолы осылайша өрілуде.

(Ескерту: Мақала журналист Ә.Сейтімұлымен бірлесіп жазылды).

// Ұстаздық еңбек. № 15. 28.09. 2017 ж.

ҮЗДІК БАСШЫ – МЕКТЕП МЕРЕЙІ

Әлқисса, сөздің басы. Бүгінгі сұхбат кейіпкері Атырау облысының білім саласындағы «Үздік менеджері» атағын жеңіп алған Индер ауданындағы М.Сиранов атындағы орта мектептің директоры Сабит Сайфуллаұлы Ешмухамбетов. Мамандығы – биология-химия пәндерінің мұғалімі. Еңбек жолы – Индер ауданы Аққала орта мектебінде ұстаздық етуден басталып, мектеп басшысына дейінгі жолдан сүрінбей өтіп келеді. Жастық шағы жалындаған жігіттің болашағы зор, әлі де тындырар ісі мол.

Сабит мен үшін бірнеше жылдардан әріптес іні ретінде жақсы таныс. Сол облыстық шарада сөз сөйлеу мәртебесіне ие болып 20-ға тарта сайыскерлерге ақжарма тілегімді де білдіргендердің ішінде ол да бар болатын. Жарыстан кейінгі «қазіргі заманғы мектеп басшысы қандай болуы керек» деген сұрағыма оның жауабы мынау болды: «Мектеп басшысын толғандыратын және шешетін мәселелер көп. Мектеп басшысы білімді, тәжірибелі, ашуға бой алдырмайтын, зерек, зерделі, ұйымдастырушылық қасиеті мол, адамдардың бойындағы іскерлікті, ерік-жігерді танып, ажырата алатын адам болуға тиіс. Олай болса құзіретті басшы – мектеп қызметінің дамуына ықпалы зор заманауи басшы. Заманауи басшы еңбегінің бір қыры мұғалімдердің шығармашылық еңбегін жетілдіріп, кәсіби құзырлылығын дамыту деп ойлаймын. Ал басқарудың негізгі мақсаты қолда бар адамдық, қаржылық, материалдық ресурстарды тиімді пайдалану арқылы игіліктерге, табысқа қол жеткізу».

Иә, терең ойлы, ұшқыр жауап болды. Әділқазылар алқасы жарыс жеңімпазын дөп басқан екен деген оң пікірім дәлелдене түсті. Ендігі екеу ара әңгімеміздің бағыты мектептің бүгінгі тыныс-тіршілігі болды.

– Алдымен, Сабит Сайфуллаұлы, мектептің материалдық қорлары мен педагогикалық құрамына тоқтала кетсеңіз.

Жауап: Индер ауданындағы байырғы білім ордаларының бірі орденді Мұқанғазы Сиранов атындағы орта мектептің тарихы сонау 1929 жылдан басталады. Білім ұясы алғашқыда бастауыш мектеп болып құрылып, кейін 1933 жылы жетіжылдық, 1936 жылдан орта мектеп деңгейінде бүгінге дейін жұмыс жасап келеді.

Қазіргі таңда ұжымда өскелең ұрпақты білім мен тәрбие нәрімен сусындатуда жоғары санатты – 7, І санатты – 17, ІІ санатты – 24 және 62 педагог қызметкерлер абыроймен еңбек етуде. Мектептің негізгі міндеті – «Оқыту мен оқуда мұғалімдердің кәсіби білігін жетілдіру арқылы оқушылардың сыни ойлау даңдыларын қалыптастыру». Мектептің жылдық және даму жоспары жасақталған кезде, өткен оқу жылына жасалған талдаудың қорытындысы басшылыққа алынады. Қазір мектептегі 23 сыныпта 408 оқушы, 2 шағын топта 33, мектепалды даярлық тобында 25 бүлдіршіндеріміз бар. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша білім сапасы 47,8 пайызға жетіп, 2 оқушы «Үздік куәлікке» және 3 оқушы «Алтын белгіге» үміткер болып отыр.

– Осы тұста мынадай заңды сұрақ туады, соған тоқтала кетсеңіз. Республиканың білім жүйесіне жаңартылған білім беру мазмұны тереңдеп енді. Осы мәселеге басшы ретінде өз көзқарасыңыз және қандай ұстанымдарды басшылыққа алар едіңіз?

Жауап: Иә, бүгінде жаңартылған білім мазмұнына қөшкен сыныптарда білімді қолдану, талдау, жинақтау және бағалай білуге көңіл бөлінуде. Бүгінде елімізде жаңартылған оқу бағдарламаларын әзірлеу бойынша және оны өмірге енгізуде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жаһандану заманында өз тілін, салт-дәстүрін жоғалтып алмай, жаңа ғасыр бәсекесіне түсе алатын, «өзгермелі өмірге икемді» бала оқытып, тәрбиелеу – жаңартылған білім беру бағдарламасының негізгі идеясы. Сондықтан жаңартылған білім беру жағдайында мектеп басшысына қойылатын талаптар да күшейіп отыр. Мектептегі өзгерістерді басқарып, жетекшілік ету үшін мектеп директорына негізі үш талап қойылады. Алғашқысы өз ұжымында ортақ ұстаным мен құндылықтарды қалыптастыру, келесісі мектеп көшбасшылығы мен оны басқару туралы мықты білім мен түсінік қалыптастыру және тиісті жеке қасиеттердің, әлеуметтік дағдылардың болуы мен адамдармен қарым-қатынас жасау өнерін игеру. Бүгінгі таңда осы ұстанымдарымды мен басшылыққа алып келемін.

– Мектептегі білім сапасы ҰБТ, пәндік олимпиадалар мен білім алушылардың ғылыми жұмыстарға қатысуымен де анықталатыны сөзсіз. Міне, бұл бағытта тілге тиек ететіндей қандай жетістіктеріңіз бар?

Жауап: Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «» Жоддауында мынадай жолдар бар. Демек, білім өлшемі бәсекеге қабілетті кадр дайындауда ерекше орынға ие. Алдымен, 2017 – 2018 оқу жылында аудандық олимпиадаға 8-11 сыныптар арасында 37 оқушы қатынасып, 8 оқушы І орын, 4 оқушы ІІ орын, 12 оқушы ІІІ орынды иеленді. Ал, облыстық олимпиадаға қатысқан 6 оқушының 2-уі ІІ орын, 1-уі ІІІ орынға қол жеткізді. Ал республикалық тест орталығы ұйымдастыруымен өткен бастауыш сынып оқушыларының олимпиадасына 1-4 сыныптар бойынша 40 оқушы қатысып, 17 оқушы І орын, 9 оқушы ІІ орын және 13 оқушы ІІІ орынды иеленсе, 1 оқушы арнайы грамотамен марапатталды. Бұл жоғарғы көрсеткіш!

Сондай-ақ, мектебімізде дарынды, қабілетті балалармен тұрақты «Зерде» атты Ғылыми кеңес жұмыс жасайды. Биылғы оқу жылында аудандық ғылыми жобалар сайысында жеңімпаз танылған 9 сынып оқушылары А.Талғатованың «Адам ағзасындағы йодтың маңызы», В.Абатованың «І.Жансүгіровтың «Жетісу суреттері» шығармасындағы табиғи нысандар», Ш.Қайырбаевның «Елі үшін еңбек еткен ерен ұстаз», 10 сынып оқушысы А.Нұржанованың «Сүлік-жанға шипа, детке дауа» атты жұмыстары облыстық ғылыми жобалар байқауында жүлделерге ие болды. Ұлттық біріңғай тестілеу – мектептің бір оқу жылындағы білім көрсеткіші десек, өткен жылы мектеп бітірген 31 оқушының 14 қатысып, барлық пәндерден 810 ұпай жинап, жалпы орташа ұпай 57,9 болып, үлгерім сапасы 64,3 пайыз көрсетті. Демек, бұл бағытта біздің алдымызда атқарар жұмыс аз емес болып тұр.

– Ұлтымыздың ұлағатты ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Білім біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік сол білімді іске асыра білу дағдысы»,- деп білім мен біліктілік жайлы үлкен пікір айтқан. Сонда бүгінгі таңда білім саласына қандай мұғалім қажет, ол қандай болу керек?

Жауап: Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым - шытырығы мол, рухани жан дүниесіне үңіле білу, адамның өмір бойы білім алып, оны шәкірттеріне жеткізе айтып беруі бұл ұстаздық қасиеттің ең жоғары жетістігі болып табылады. Яғни, қазіргі заман мұғалімі білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім мен тәрбие алып шығары анық. Мұғалім сөзімен, ісімен, мәдениетімен, білікті білімімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, балалармен тіл табысушылық қасиетімен, асқақ, өз кәсібін қадірлеген ұстаз ғана педагогтың мәртебесін биік ұстай алады.

Сондай-ақ, қазіргі таңда мұғалімдерге қойылатын талаптардың бірі – оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін меңгеріп, іс-тәжірибесінде қолдану. Мұғалімдеріміз өздерінің кәсіби шеберлігін, шығармашыл ізденісін, оқытудың жаңа үрдістерін және ақпараттық технологияны меңгеруге күш салуда. Осы орайда ұстаздарымыз әртүрлі кәсіби педагогикалық сайыстарға қатысып, кәсіби білімдері мен шеберліктерін көрсетіп келеді. Мысалы, «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында педагогтық кәсіби құзыреттілігі мен білім сапасын арттыру» тақырыбында өткен аудандық педагогикалық оқуларға 7 мұғалім қатысып, 2-уі І орын, 5-уі ІІІ орынды иеленді. Облыстық педагогикалық оқуға қатынасқан ағылшын тілі пәні мұғалімі Аслима Жұмалиева, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Анар Серғазиева, биология пәні мұғалімі Райгүл Баймұқатова жүлделі орындарға қол жеткізді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жанар Мыңбаева «Жұмекен оқулары» байқауында, математика пәнінің мұғалімі Құралай Шатенова, Сәнгүл Есетова «Үздік сабақ» конкурсында, мектепалды даярлық тобы тәрбиешісі Баршагүл Хамитова, тарих пәні мұғалімі Мейрамгүл Бисенова, Мейрамбек Кадрымбетов, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Баян Сарсенбаевалар аудандық байқауда жүлделі орындарға ие болды. Ал облыстық «Үздік сабақ» байқауында бастауыш сынып мұғалімдері Ардақ Бектұрсынова мен Айнұр Қабиева, облыстық «Әдістемелік жәрмеңке» байқауында Жапырақ Тұрымбетова ІІ орындарды жеңіп алды. Педагогтардың тәрбиелік мақсат қойған нәтижеге жету жолындағы қажетті және жеткілікті кәсіби әрекетінің бірі – тәрбие жұмысы. Жас жеткіншектерге тәлімді тәрбие беруде «Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері» басшылыққа алынып, 8 бағыт бойынша тәрбие жұмыстары жүргізілуде. Оқушыларымыз аудандық, облыстық спорттық-мәдени шараларға белсене қатысып, биіктерден көрінуде.

– Қазіргі кезең жаңаша білім берудің өмірге тереңдей енген заманы, сондықтан жаңашыл тәжірибелерді мектепке енгізудегі ұнамды бастамаларыңызбен ой бөліссеңіз?

Жауап: Алдымен айтарым, мектептегі өзгеріс жұмысын қарқынды дамытуда тәлімгерлік пен көшбасшылық жұмыстың алар орны ерекше. Тәлімгерлік – ұзақ уақытқа созылатын, тәлімгер (тәжірибелі, озық педагог) мен (тәлім алушы, тәжірибесі аз педагог) арасында сенімді, жеке тұлғаға бағытталған қарым-қатынас құру үдерісі. Ол тәлім алушының педагог ретінде қалыптасуы мақсатында өзінің білімін, ойлауын, тәжірибелік іс-амалдарының тиімділігін жетілдіруде айтарлықтай қарқын алуына көмектеседі.

Тәлімгерлік үдерісті дамыта отырып, кәсіби қиындықтарды анықтау, тәлім алушылармен жүргізілетін кәсіби әңгіменің сапасы, барлық тәлімгерлер мен тәлім алушылардың жұмыс бағытын бақылау мақсатында сабаққа қатысу, эвалюция және бірлескен жоспарлау бөлімі бойынша бағалауды жүзеге асырудың жолдарын үйреніп, тиімді жақтарын тәжірибемізде пайдаланудамыз. Осы жұмысты жүйелі жүргізу мақсатында мектепте құрылған екі фокс топтың тәлімгерлері мен тәлім алушыларына айлық өткіздім. Жоспар бойынша 17 сабақ жоспарланып өткізілді. Сабақтарды жоспарлауда мұғалімдер 7 модульді кірістіріп, Блумға салып жоспарлаған. Әр тәлімгер өзінің тәлім алушысының сабақтарына құрған жоспарларын тексеріп, кеңес беріп отырды. Бұл апталықтың қорытындысында «Үздік тәлімгер», «Үздік тәлімалушы», «Үздік көшбасшы» деген номинациялар беріліп, мұғалімдер мадақталды.

Мұғалімнің кәсіби дамуын қамтамасыз етудің бірі – мектепте және мектептер арасында желілік қоғамдастық құру. Желілік қоғамдастық – озық іс-тәжірибе алмасу үшін мүмкіндігі мол, кең сипаттағы құрылым. Мұғалім бірінші кезекте өзін-өзі бағалайды, ол өз кезегінде мұғалімнің кәсіби өсу деңгейіне жүйелі түрде мониторинг жүргізіп отыруға мүмкіндіктер береді. Өткен жылы Индер аудан мектептері арасында «Зияткер» кәсіби қоғамдастығының ұйымдастыруымен «Жаңаша көзқарас – табысты мектеп өлшемі» атты аудан мектептері басшыларымен және мұғалімдерімен семинар workshop әдісімен өткен болатын. Осы семинар қорытындысымен мектебіміздегі «Жаңашылдар» кәсіби қоғамдастығының жұмысы бағаланып, ауданымыздағы 3 мектепке тәлмгерлік етуші ресурстық орталық болып жарияланды. Жалпы мектепте эвалюация жүргізу – жаңа сипаттағы, кей жағдайларда түсініксіздеу болғанмен, алдағы уақытта мұғалімдерге өзгерістерді өзінен бастап, үнемі зерттеулер жүргізіп отыруға, соның арқасында үнемі кәсіби өсуге мол мүмкіндіктер беретін қажетті құбылыс деп білемін.

- Әсерлі де, мазұмұнды іс-тәжірибелеріңізбен ой бөліскеніңіз үшін рахмет!

// Ұстаздық еңбек. № 3 (24). 08.02. 2018 ж.

АРТЫҚШЫЛЫҒЫ КӨП БАҒДАРЛАМА

Өткен оқу жылынан бері республика білім жүйесіне жаңартылған оқу бағдарламасы еніп отыр. Жасыратыны жоқ осы орайда кейбір ұстаздар арасында түсінбеушілік болған болса, жаңалыққа жаны құмар, үнемі ізденісте жүретін тәжірибелі білімпаздарымыз оны толық қолдап отыр. Солардың бірі – Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжісінде орыс тілі және әдебиеті пәнінен ұстаздық 35 жылдық еңбек өтілі бар, ҚР БжҒМ Құрмет Грамотасының және «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, кәсіподақ қозғалысының ардагері Роза Есмұрзақызы Дәулетиярованың да айтары бар.

– Құрметті Роза Есмұрзақызы, жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беру ісінде көп жылғы тәжірибеңіз бар, жаңашылдыққа жаны құмар ұстаздардың бірісіз. 2016–2019 жылдар аралығында мемлекеттік бағдарламаға сәйкес білім беру жүйесіне жаңартылған білім бағдарламасы енуде, онымен сіз жақсы таныссыз. Сондықтан осы орайдағы айтар ойыңызды ортаға сала кетсеңіз.

– Шындығында да, біздің білім жүйесіндегі өзгерістер қоғамымыздың қарышты дамуымен тығыз байланысты. Өркениетті елдердің қатарынан қалмауымыз үшін бұрынғы қатып қалған, ескі жүйеден шығатын уақыттың жеткендігіне көзіміз әбден жетті. Әлемдік білім мен ғылым саласында көршілес Қытай, одан әрі Оңтүстік Корея және Жапония елдерінің табыстарының шоқтығы биік екені көрініп тұр. Сондықтан жарияланған Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспарының негізгі мақсаты – елімізде жаңартылған білім беру мазмұнын жүзеге асыру еді. Сөйтіп, біз жаңа дәуірге сай білім беруге бағыт түзедік. Президентіміз нұсқаған үштілділік тұғырын көтере түскеніміз абзал. Мен ұзақ жылдар Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжісінде орыс тілі және әдебиеті пәнінен дәріс бердім. Көп жылғы тәәжірибемнен жинақтаған ой-түйінім: «Ана тілім – ұраным» деп, алдымен әр жасөспірім өз ана тілін жетік білумен қатар, достық пен бірліктің туы – орыс тілін, ғылымға шығарар – ағылшын тілін қатар меңгеруі тиіс. Бүгінде жаңарған білім беру бағдарламасында осы үш тілділік айқын көрініс тауып отыр. Келесі жаңа оқу жылдарынан бастап мектептердегі жекелеген пәндердің ағылшынша оқытылуы да осыны аңғартса керек.

Қазір бұл үрдіс еліміздің колледжілер мен жоғарғы оқу орындарында жүзеге асып, білім алушылар мен ұстаздар арасында зор қолдауға ие. Болашақта жоғары деңгейдегі білікті мамандарға сұраныс артатынын түсініп, тәлімгерлер өз білімдерін ұштауға қатты құлшыныс білдіруде. Бюджет есебінен «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы және «Назарбаев зияткерлік мектебі» арқылы білім жетілдіруден басқа, еңбек еткен ұжымдағы немесе бұрынғы әріптестерімнің арасында ақы төлеп әртүрлі деңгейдегі курстарда оқып жүргенін айтсамда жеткілікті шығар.

– Әрине, жаңартылған білім мазмұнын енгізу бір күннің шаруасы емес, дегенмен де көптеген кедергілердің алдыңнан шығатыны рас. Осы орайда тәжірибелі ұстаз ретінде Сіз не айтар едіңіз ?

– Бір жерден оқығаным бар еді: «Адамзат өміріндегі күрестердің ең ұлысы – ұлт үшін күрес». Демек, ұлтымыздың, еліміздің тағдырын шешетін мәселеде қандай қиыншылықтарға болсын төзуіңе тура келеді. Қазақта «көз қорқақ, қол батыр» деген аталы сөз бар. Мұғалімдер үшін жаңа оқу үрдісіне көшу кезінде қосымша курстарда білімін жетілдіру, оқу бағдарламалары мен кешендерін қайта жасау, әдістемені өзгерту секілді жұмыстар тұр. Бұл істе талай кемшіліктердің кетуі де заңдылық. Күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып, көріп жүргеніміздей бастауыш білім берудегі оқулықтар дайындау ісіндегі шалағайлықтар ұстаздардың да жанына қатты батқаны шындық. Бірақ мұның барлығы дер кезінде түзетіліп те жатыр. Бұл орайда республиканың Бас білім ұжымы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып күндіз-түні еңбек етіп, барынша мектептерді сапалы оқу құралдарымен толық қамтамасыз етуде.

Мұғалім өз бойындағы жақсы қасиеттерді, жинақтаған білімін шәкіртінің бойына дән етіп енгізетін – тұлға! Дүниедегі бар мамандық иелері, қарапайым жұмысшыдан бастап ел билеген лауазымды тұлғалардың барлығы дерлік осы ұстаздың алдынан өтеді. Шәкіртінің биік белестерге шыққанын көрген ол еңбегінің жанғанына марқая түседі. Менің де көп шәкірттерім осы жолда абыроймен жүр. Олардың дені менімен тығыз байланыста. Сондықтан шығар барлық жан-тәніңмен жұмыс істегеніңді көріп, шәкірттерің де және олардың ата-аналары да дән-риза болатынын көріп жүрміз. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы ұлттық сананы жаңғыртудың жолы, жастарымызды жеке тұлға ретінде қалыптастыру және сапалы білім беру деген болатын. Міне, осы міндет тұрғысынан келгенде жаңартылған оқу бағдарламасындағы тағы бір артықшылық – мұғалім шығармашылығына еркіндік беріліп, оқушылардың өз бетінше көп ізденуіне жол ашылып отыр. Сол жолда мұғалім де, шәкірт те басты рөлге ие болып отыр. Бұл үлкен жаңалық! Оқушылардың еңбегін бағалаудағы критерийлердің енгізілуіде жаңа талапқа сай келеді. Мұғалімнің қағазбастылықтан, сансыз есеп-мәліметтер жинаудан арылып, тікелей электронды жүйеге көшкені жаңа әлемге бет түзегені. Менің облыстың барша ұстаздарына осы жолдан сүрінбей өтіп, тек ғана табыс биігінен көрініңдер деген тілегім бар.

- Әңгімеңізге көп рахмет!

// Алтын аймақ. № 49. 7.12 2018 жыл.
Рухани жаңғыру

ТУҒАН ӨЛКЕ ТАРИХЫНАН

Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ қоғамының мәдени, рухани құндылықтары жайында көп ойлар айтылған. Латын әліпбиіне көшуден бастап, «Туған жер», «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиялық белдеуі», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» атты бағдарламалық жобалардың негізгі мақсаты – ұлттық рухты көтеру, ізгілікті арттыру, әр адамның санасына туған жеріне деген сүйіспеншілікті, ал жүрегіне ізгілік нұрын ұялату. Міне, осы жоба аясында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Абзал Талтеновтың бастамасымен бір топ ғалымдарымыз үстіміздегі жылдың маусым-шілде айларында РФ Орынбор, Самара, Саратов, Астрахань және Мәскеу, Санк-Петербург қалаларына жол шекті. Топ экспедициясының мақсаты – көршілес елдің мұрағаттар мен кітапханаларында сақталған бірақ бұрын жарияланбаған республикаға, оның ішінде Атырау облысына қатысты құжаттар мен тарихи деректердің көшірмелерін алып келу болатын. Осы сапар туралы Мәскеу, Санкт-Петербург бағытында іссапарда болған тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахмет былай дейді: «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы рухани санамызға тың серпіліс берді. Сондықтан да бүгінгі жаһандану заманында әрбір жас үшін өз өлкесінің тарихын зерттеп білуден қастерлі ештеңе жоқ. Қазақ Елінде тұрақты тұратын, онда қызмет ететін әрбір азамат өзінің туған жерінің тарихын, онда мекендейтін халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениетін, тұлғаларын жақсы білуге тиіс. Туған өлкемізде бабаларымыздың бастан кешкен тыныс-тіршілігі, кешегі өткен дәуірлердегі өмір соқпақтары туған жер шежіресінің алтын қорына айналған тарихи деректер. Атырау өлкесі сайраған көне тарихтың куәсі. Ата-баба шежіресін, туған өлкеміздің ақтаңдаққа толы кешегі тарихын, өткен ақиқатын біліп, тарихи тұлғалар есімдерін қазіргі және болашақ ұрпаққа үлгі ретінде жеткізудің рөлі зор. Ал ол үшін архивтерде жинақталған қорлардағы құжаттарды пайдаланудың маңызы өте зор. Мақаладағы көтірілген мәселелерді жүзеге асыру мақсатында ғалымдарымыз университет басшысының жан-жақты қолдауымен Ресей Федерациясының Мәскеу, Санкт-Петербург, Астрахан, Самара, Саратов, Орынбор қалаларына іс-сапарға барып келді. Көптеген тың деректер жинақтап қайтты. Алдағы уақыттың еншісінде жинақталған құжаттарды өлке тарихына қатысты жарық көретін еңбектерде пайдаланылады». Алғашқы топтың сапында мен (магистрант А.Зайновпен) Самара – Орынбор бағытындағы тиісті мекемелерде жұмыс істедік. Уақыттың тығыздығына қарамастан ресейлік әріптестердің тікелей қолдауымен еңбегіміз нәтижесіз болмады деп есептеймін. Атап айтқанда, «Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағатынан» және «Орынбор облыстық қазіргі заманғы құжаттар орталығы» мұрағаттарынан – 18 іс-құжаттардан деректер алынды. Осы қаладағы Н.К. Крупская атындағы орталық кітапханасынан «Оренбургский листок» (1898 – 1906), «Коммунар» (1920– 1921), «Степная правда» (1921 – 1922) және ««Красная молодежь» (1920) газеттерінің түпнұсқаларының электрондық көшірмесін де алдық. Ал, Самара қаласындағы «Филиал Федерального казенного учреждения «Российский Государственный архив научно-технической документации» мұрағатынан – 8 қорда сақталған тарихи құжаттардан деректер алынды. Самара облыстық әмбебаптық ғылыми кітапханада сақталынған «Коммуна» газетінде 1919 жылы жарық көрген № 101,135,175, 227, 245, 259, 283 сандарындағы өлкемізге қатысты деректерді фотоға түсіріп алдық. Енді солардың кейбіріне тоқтала кетуді жөн санадық. Атырау аймағында тұңғыш рет мұнай көзі Қарашүңгілде табылып, қазірде еліміздің өндірістік қуатын арттыруға септігін тигізіп отырғаны баршаға мәлім. «Оренбургский листок» газетінің 1900 жыл 30 қаңтар күнгі № 5 санында жарияланған «Нефть въ Гурьевскомь уезде» атты мақалада 1895 жылы оренбургтік инженер Ю.Т. Лебедев Гурьев уезі, Эмба-Атрав болысына қарасты Қарашүңгілден табылған мұнайдың өте жоғары сапалы екендігін анықтаған. Сондай-ақ, инженер сол жерде мол табиғи қазбалардың жатқандығын тұз, асфальт, гудрон, тас көмір және мыс қалдықтары бар деген шешімге келген. Сол үшін жергілікті халықты жұмысқа тартып геологиялық зерттеулер жүргізген. Кейін инженер Ю.Т. Лебедев тапқан бар қазынасын 26 000 сомға ірі капитал иелеріне сатып жіберген. Тағы да бір қызықты дерек осы Жылой ауданына қатысты. «Оренбургский листок» газетінің 1900 жыл 13 ақпан күнгі № 7 санында жарияланған «КаспІйская «Моряка»» деген мақалада, 1899 жылдың 18-19 қарашасына қараған түні Каспий теңізінде үлкен су көтеріліп Жылқосыны басып кеткендігі туралы көлемді материал берілген. Қаланың тек шаруашылығына үлкен нұқсан келгенімен, адам шығыны болмағандығы айтылады. Өкінішке орай, қалаға көршілес ауылдарды су түгел шайып адамдары суға кеткен. Одан әрі жергілікті балықшылар қоғамының халыққа қаржылай көмегі, Гурьев уезі және көршілес Маңғыстау, Үстірт тұрғындарының қиын кезде қол ұшын бергендері туралы жан-жақты баяндалады. «Оренбургский листок» газетінің 1902 жыл 13 қазан күнгі № 42 санында В.Юрьев деген автордың «Взятіе Гурьева городка» атаманомь пугачевской шайки Овчинниковымъ» деген мақаласында қаладағы Никольский шіркеуінің священнигі Михаил Яковлевтің астараханьдық еписков Мефидиге жазған хатында, 1774 жылдың 26 қаңтары күні Гурьев қаласына басып кірген көтерілісшілердің озбырлығы мен бейбіт халыққа жасаған қиянаты туралы деректерге тоқталады. Одан әрі оларға қарсы күрестің сол жылдың мамарына дейін созылғандығы, жергілікті халықтың оларға қарсы қимылынан үзінділер беріледі. Жасыратыны жоқ, патшалы Рейсейге бағынған тұста дәрігерлік көмектің жеткіліксіздігінен ел ішінде халықтың түрлі жұқпалы ауруларға ұшырап бейбіт тұрғындардың қырылып қалғаны жасырын емес. Осының айғағы ретінде, «Оренбургский листок» газетінің 1906 жыл 5 ақпан күнгі № 29 санында жарияланған «Чума въ Уральское области» атты мақалада мынандай жолдар бар: «Сарат.Листа» сообщаеть, что въ Уральской об., близъ города Гурьева появилось нъесколько подозрительных по чумь заболеваній». Осы тұста қазақ даласында көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын халқымыз қымыздың емдік қасиетін дұрыс пайдалана білгендігі туралы да айтылатын тұсы да бар. Бұдан басқа осы басылымның әр жылдардағы сандарынан «Послания Пророка», «К читателью мусульману», «Наша культуравь киргизских степяхь», «Врачевание у киргизь», «Скотоводство киргизов», «Колонизация киргизской степи», «Киргизский народный суд», «Мангишлакская экспедиция», «Курсы киргизского языка», «Къ истории пароходства по реке Уралу», «К истории Букевской орды», «Киргизская частная школы», «Предстоящая преобразования въ киргизской степь» және т.б. мақалалардан көп мағлұматтар алуға болады. Қазан төңкерісінен кейінгі өлкемізге қатысты деректер көзі Орынбордан жарық көрген «Коммунар», «Степная правда» газеттерінің беттерінде молынан кезедеседі. Олардың барлығын айналымға түсіру болашақтың ісі. Дегенмен де аз ғана өлкемізге қатысты кейбір деректерге тоқтала кетсем орынды болар еді деп ойлаймын. Мысалы, «Коммунар» газетінің 1920 жыл 16 қаңтар күнгі № 11 санында жарияланған «Туркестанский фронт» атты мақалада өлкемізде кеңес өкіметін орнату жолындағы шайқас төмендегіше баяндалады: «В Гурьевском районе нашими войсками занята Жилая Коса, что 110 верстах юго-восточнее Гурьева; захвачено большое количество военной добычи. По дополнительным сведениям нашими войсками взяты в плен остатки разбитых четвертой и пятой дивизий в количестве 300 человек во главе с начальником четвертой Илецкой дивизии». Аталмыш газеттің 1920 жыл 17 наурыз күнгі № 61 санында жарияланған «Трудовые фронты» деген мақалада Александров-Гай – Эмба теміржолының жаңа құрылысы басталғанымен хабардар етіп, Ембі мұнайын Саратовқа өңдеуге тасымалдау үшін жасалып жатқанын ескертеді. Сондай-ақ, темір жолдың жылына 7 миллион пұт тұз өндіруге мүмкіндігі бар Дендер арқылы жүретіндігіне маңыз берген. Теміржол құрылысы келер жылы аяқталса кеңестік Ресейдің Хиуа мен Бұқараға да жол ашылатындығын ескертеді.

Ендігі кезекті мұрағаттарда сақталған құжаттардағы деректерге жол берсек. Самара қаласындағы жоғарыда атап өткен мұрағатта: «Отчет о рекогносцировочном гидрогеологическом обследовании района площадки завода синтетического спирта в г.Гурьева. Каз.ССР., «Отчет по иследованию грунтов и по проектированию баз для жидкого битума и организации работ с ними на дороге Гурьев-Доссор-Косчагыл. 1941 г., «Проезд автомашины на пылеватых грунтах в летний период. Фото.», «Провести исследования и разроботать рекомендации по планировке и застройке сельских населенных пунктов для региональных условий Гурьевской, Мангышлакской и южных районов Актюбинской и Уральской областей (бюджетный договор № 32), «Гурьевский консервных завод. Технический проект. Краткое описание и режим работы машин и аппаратов консервного завода. Схемы технологического процесса. 1938 г.», «Протоколы технических совещаний, заключения, замечания по проектированию расширения головного узла водоснабжения г.Гурьева и канализации Косчагыл-Каратон за 1952–1954 гг.», «Протоколы технических совещаний, задания, заключения, замечания по проектированию водозаборных и водосбросных сооружений на озере Камыскуль для Кульсаринской ЦЭС за 1951– 1955 гг.», «Из годового отчета треста «Союзстромпроект» о финансовой деятельности в 1942 г. об организацинных изменениях в условиях военного времени. 17 феварля 1943 г.»деген құжаттар бар. Бұл қорларда сақталған құжаттардан Атырау өлкесінде жүргізілген әлеуметтік-өндірістік нысандардың жалпы жобалары мен сызбаларымен де тереңірек танысуға болады.

Жалпы РФ іс-сапарға барып келген топтың жинақтаған құжаттарының барлығы да университетте жаңадан құрылған «Мәңгілік ел» ғылыми-зерттеу орталығының электрондық қорына жинақталды. Болашақта Атырау облысының немесе аймақтағы өндірістік орындардың тарихы жазылар уақыт болса сол жолдағы игілікті істе көмек болар деген нық сеніміз бар.

// Ана тілі. № 34 (1396). 24-29 тамыз 2017 ж.

Мұрағат сөйлейді

ҚАЙДА ЕКЕН СОЛ БІР, ҚЫЗДАР?

Атырау облысының халық ағарту саласы тарихқа тұнық. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, өнер мен ғылымға жетектеген ұстаздардың да еңбегі өлшеусіз. Жақында Атырау облыстық мемлекеттік мұрағатында жұмыс істеп отырып, көптеген қызықты деректерге тап болдым. Сөйтіп, сол тапқан құжаттарды газетіміздің оқырмандарымен бөлісуді дұрыс деп шештім. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Гурьев қаласында тек қыздарға арналған орта мектеп болған. Сөзімді дәлдеу үшін сол жылдары «Социалистік құрылыс» (қазіргі – «Атырау») газетінде жарияланған мақалалар мазмұнымен таныстыра кетсем орынды болар. Алдымен басылымның 1951 жыл 12 қыркүйек күнгі № 181 (5342) санында жарияланған «Мектеп тұрмысы» атты айдарында тілші Б.Кенжеғалиевтың «Қыздар орта мектебінде» атты мақаласы беріліпті. Осыған аз ғана тоқтала кетелік. Тілші қаланың көз тартар Ембі бетіндегі екі қатарлы үйде Киров атындағы қыздар орта мектебі орналасқандығын сөз етеді. Мектептің маңдайшасына қызыл ту ілінген. Ал қызыл матаға «Қош келдіңіздер!» деген ұранда жазылыпты. Кеше ғана көңілді жазғы демалыстан оралған жас бүлдіршіндер құшақтары жазылмай бір-бірімен сағынысып көрісуде. Оқушылардың көңілді, шатты жүздері өз мектебінің оқу жылына жақсы әзірленгеніне, әсем көркіне мақтаныш сезімін білдіргендей көрінеді. «Сағат дәл 8. Үш ай демалыстан кейін қоңырау алғаш рет қайта соғылып, мектеп есігі ашылды. Бірінші кезекте оқитын 300 оқушы алғашқы сабаққа отырысты.

Х класс. Кең, жарық, тап-таза бөлмеде екі-екіден партада отырған оқушылар орындарында тұрып, тарих пәнінің мұғалімі Ивашенко жолдасты құрметпен қарсы алды», –деп жазады автор. Мақалада одан әрі қыздар мектебінде 900-ден астам оқушы білім алып жатқандағы, олардың барлығы да оқу құрал-жабдықтарымен толық қамтамасыз етілгендігі айтылды.

Келесі мақала «Социалистік құрылыс» газетінің 1952 жыл 3 қыркүйек күнгі № 175 (5593) санында тілші Т.Сарбалин «Қыздар мектебінде» деген тақырыппен жарияланыпты. Мұнда да мектептің көркем безендірілуі, оқушылардың күміс күлкісіне толы кезең суреттеледі. Одан әрі: «Міне, мектеп директоры Багайдина жолдас мектепке келген оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, жемісті оқуларына тілектестік білдірді. Ол өзінің алғашқы сөзін өткен оқу жылында осы мектептің 9 класын бітірген, биылғы оқу жылында кәмелеттік аттестатқа емтихан тапсырып, өмір жолына путевка (газетте осылай берілген – Қ.С.) алып шығатын 10 кластың қыздарына арнады», –дей келе шәкірттеріне сәт сапар тілейді. Осыдан кейін мектеп басшысы өткен оқу жылында мектеп бітіріп кеткен оқушылардың аманат хатын оқып беріп, олардың қыздар мектебі деген атаққа кір келтірмеуін сұраған тілектерін де жеткізеді. Тілші өз мақаласын былайша қорытындылайды: «Қоңырау соғылып, оқушылар өз кластарына ене бастады. Алдыңғы парталардың бірінде отырған Тамара Князова үлкен ой үстінде. Ол манағы мектеп директорының сөзіне, өздерінен бір жыл бұрын бітірген тілегіне қатты назар аударған. Бұл шынында да біздерге қойылып оырған игі тілек, біз мұны достық жүрегімізбен қабылдай білуіміз керек. Әруақытта да өзіміздің тәрбиеленген, 10 жыл білім алған мектебіміздің абыройын жоғары ұстауға тиіспіз деген сертін іштей түйді де алдындағы дәптеріне алғашқы сабақтың тапсырмаларын жазуға кірісті».

Иә, осыдан 66 жыл бұрын ақ қағазға өрнектеп әріп салған Киров атындағы қыздар орта мектебінің оқушылары қай тасада жүр екен?!

Ұстаздық еңбек. № № 6 (27). 29.03. 2018 ж.

ЭКСПО-ға САПАРЫМЫЗ СӘТТІ БОЛДЫ

Газетіміздің өткен сандарының бірінде хабарлағанымыздай, Атырау асып Арқаға жеткен топтың сапында мен де болып қайттым. «Жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық» дегендей, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Абзал Талтеновтың бастамасымен ұжымның оқытушы-профессорлары өз студенттерімен ЭКСПО-ға баруы жүзеге асып жатыр. «Атырау-Астана» поезына жайғасқан 4 топқа жіктелген 1100 адам, оның ішінде 921 студент пен 123 қызметкерлер қазірдің өзінде Астананы тамашалап қайтты. Астана төріне орныққан ЭКСПО-дан таңдай қақтырған көрген білгенімізді қысқаша айтып өтсек деген оймен оқырман назарына осы жолдарды ұсынып отырмыз. Күн сайын көрмеге асыққандар санының күнен-күнге өскені туралы «Астана ЕХРО ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов журналистерге берген сұхбатында былай деді: – Көрмеге деген қызығушылық жоғары. Қазіргі дейін көрмені 300 мыңнан астам адам тамашалаған. ЕХРО-ның барлық нысандарына 2 миллионнан астам адам барған. Осы қарқын сақталса, көрменің тіркеу құжатында қабылданған келушілер саны 2 миллион, ал келіп-кету саны 5 миллион болады». Көрмені Қазақстанда өткізудің де, үлкен себебі бар екені осы журналистермен болған бас қосуда айтылды. Өйткені, күн өткен сайын әлемде экологиялық проблемалар айқын сезіліп, өндірісте энергетикалық тапшылық сезілуде. Болашақта не болады ? Одан шығар қандай жолдар бар ? Міне, осы сұрақтарға жауап ретінде болашақ қуат көзі «Жасыл энергияда» деп атаумен күн, жел немесе биомасса, ғарыш қуатын пайдаланудың сан жолдары ұсынылып отыр. Ал енді халықаралық көрмені өткізу елімізге не әкеледі десек ? Оларды да айта кетсек: қазақ елінің экономикасына тиімді инвестициялардың тартылу мүмкіндігі артады; отандық ғылым әлуетін жаңа мүмкіндіктер биігіне көтереді; ғаламдық технологиялық жаңалықтарды қолданысқа енгізу мүмкіндігі күшейеді; туризм, сервистік қызмет саласын сапалық тұрғыда ғаламдық деңгейге көтеру арқылы елімізіге туристердің келу көрсеткіші жоғарылайды; энергия тапшылығын жоюдың жаңа мүмкіндіктері қарастырылады; қазақстанның халықаралық қауымдастық алдындағы имиджі күшейеді; «Жасыл экономиканы» дамытудың тиімді тетіктері өмірге келеді; қарапайым халық үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, өнертапқыштарға, ғалымдараға жаңа мүмкіндіктер ашылады; еліміз әлемдік өркениет көшінің екінші тынысын ашушы секторға айналады. Аумағы 174 гектар жерді алып жатқан көрмеге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйымының павильоны орналасқан, алайда оны түгел аралап шығуға біраз уақыт керек-ақ. Көрерменнің алғашқы көруге асыққан нысаны «Нұр Әлем» павильоны. Бұл – диаметрі 80 метр шар түрінде тұрғызылған әлемде еш үлгісі жоқ ғимарат. Оның ішінде «Болашақтың энергиясы музейі» орналасқан, келушілердің назарына Қазақстан ұсынып отырған энергия көздері берілген. Бірінші қабаттан бастап сегізінші қабатқа дейін үлкен жаңа үлгідегі лифтімен көтерілуге мүмкіндіктер жасалған. Мұнда «Болашақ Астана – Қазақстанның 2050 жылғы елордасы» экспозициясы, ғарыш энергиясы залы, қазақстандық 28 ғылыми жобаны және «Жасыл экономика» бағдараламасының жобаларын қамтитын ғажайып «Жасампаз энергия» аймағы, сондай-ақ еліміздің «Токамак» материалтану термоядролық реакторының моделдері де замануи қондырғылармен – жарық диодты LED экранымен көрсетіліп тұр. «Токамак» термоядролық материалтану реакторы – курчатовтық ғалымдардың ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бейбіт атомды дамыту тапсырмасына орай ядролық энергетика саласындағы жаңалықтарды ғылыми ортаға енгізуден туған. «Нұр Әлем» павильоны көрмені тамашалаған жұртшылықтың пікірінше, тамаша нысан екендігі жарыса айтылуда. Мысалы, көрме басталған алғашқы он күнде 205 мыңнан астам келушінің 86 мыңы қазақстандық павилонға бас сұққан. Осылайша ой толғап келе жатқанда біз осы кешеннен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына қатысқан өзіміздің жерлестеріміз, өлкетанушылар Өтепберген Әлімгереев, Абат Кенжеғалиев пен Аққали Ахметті ұшырастық. Олардың да көрмеден алған әсері мол екен. Бір-бірімізге жол сілтеп, қош айтыстық. Сол күні «Нұр Әлем»-ге қарсы тұрған Монака елінің павильонына бас сұғуға мүмкіндік алдық. Көрменің негізгі тақырыбы – «Адам қажеттіліктері мен табиғат қажеттіліктерінің өзара байланысы және олардың арасында теңгерім құру арқылы жаңа тұрақты энергетика үлгісін орнықтыру мүмкіндігі». Міне, осы тұрғыдан келгенде Жерорта теңізінің жағасына орналасқан Монака Княздігі көрмеге әкелген таңғажайып экспонаттары «Болашақтың бейнесі» деген аталып энергия қуат көздері тек теңізбен байланысты болып шықты. Бірінші көрмеде адам мен табиғаттың арасындағы үйлесімді қарым-қатынасты бейнелейтін фильм-шоу көрсетіліп тұрады. Залдан баяу естілген теңіз толқыны және иісіде сезіледі. Келесі залда қызметшілер ұсынған 3D көзілдірікпен Монака жеріне саяхат жасай аласыз. Монака елінің жері шағын болғанымен халқы көп. Сондықтан княздік басшылығы мұхит үстінен шағын қала салу бастамаларды қолға алыпты. Монака қаласының аумағын теңізге қарай жылжыту идеясы 1950 жылдан басталғанымен, іске асуы 2017 жылы басталыпты. Аумағы 6 гектарды құрайтын «Offshore Project» жобасының макетін қызықтаушылар саны ұзын-сонар. Қысқа метражды бейнебаян арқылы құрылыстың қалай жүріп жатқанын тамашалай да аласыз. Бұл жоба 8 жылдан соң пайдалануға берілмекші екен. Теңіз суы еш ластанбайды, қонақ үйлер, бизнес орталықтармен қатар тұрғын үйлерде сап түземек. Павильонның келесі залдарынан интерактивті қабырғаға қолыңызды тигізу арқылы монакалықтардың қоқыстан таза энергия көзін алуға болатындығын, олардың қалай өңделетіндігінен хабардар бола аласыз. Бізді бір таң қалдырғаны, осы павильоннан қазақстандық велошабандоз Александр Винокуров ұсынысымен құрастырған велосипед тұр. Күн энергиясымен жүретін велосипедті Монака Техникалық лицей оқушылары жасап шығарыпты. Кешкісін 23 маусым күні сағат 9-30-да Амфитеатрда көрме қонақтарына арналған «GAKKU» телевизиялық каналының ұйымдастыруымен қазақстандық эстрадалық әртістерінің тегін концерті берілді. 3 сағатқа жуық созылған ашық аспан кешінде өткен концертте «KeshYOU», Аюми, Black Dіal, RENZO, Алау тобы, Дильназ Ахмадиева, Жанар Дугалова, Камшат Жолдыбаева, Маржан Арапбаева, Айқын Төлепберген, Әлішер Кәрімов, Әли Оқапов, Алмас Кишкенбаев, Ерболат Құдайбергенов, Қайрат Баекенов және т.б. тыңдаушыларын әнге бөлеп, қуантты. Осылайша Астана қаласындағы бір күндік сапарымыз аяқталып, көрмеден алған әсерімізді бір-бірімізге жарыса айтып Атырауға да жетіп қалдық.

// Ұстаздық еңбек. № 10. 13.07. 2017 ж.

ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ САПАР

Өткен оқу жылының қорытындысымен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің 30 оқытушы-профессорлары кезекті еңбек демалыстарын Түркия Республикасының ең көрікті Анталия курортында өткізуге мүмкіндік алды. Міне, биылда осы дәстүрмен демалуға сапар шеккен туристерді бортына алған тікұшақ өткен шілде айының 4-і күні Анталияның әуежайына келіп қонды. Қонақтарды алдымен осындағы «Trek Travel» фирмасының қызметкерлері қарсылап, онан соң автобуспен «Белек» қаласындағы бесжұлдызды қонақ үйге жеткізді. Жол бойына екі жетекшілеріміз (ГИД) алма-кезек Түркия елінің қонақжайлығын, Қазақстанмен арадағы туыстық қасиеттерді әңгімелеумен болды. Ел экономикасы табиғаты қолайлы, жері бірнеше теңіздермен шектелгендіктен туризмнен көп пайда тауып отырғанын тілге тиек етті. Жылдың төрт маусымында да көкөністен мол өнім алатын болғандықтан экспортқа шығарылатын басты ауыл шаруашылығы өнімдері солар екен. Сондай-ақ, Түркия мемлекеті тері өңдеп, одан әсем тондар тігіп, алтын мен күміс өңдеп зергерлік бұйымдар сатудан әлемде алдыңғы қатарға шыққан мемлекет. Қонақ үйге орналасқаннан кейінгі онкүн бойы теңізге шомылып, күнге қыздырынып, алдыңдағы көл-көсір тамақ мәзірін тоя ішкен сәттерді әңгімелеу артық шығар. «Жаман ішкен жегенін айтады» деген қазекемнің мақалын алға тартып оны еске алмай-ақ қояйында, күн сайын Түркия елінің көрікті жерлері мен тарихи шежіреге толы аймақтарын аралаған сәттерге тоқталайын. Жалпы, Түркия Республикасы бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде көпшілік жерінен айырылған Осман империясының негізінде Мұстафа Кемаль Ататүрік құрған Еуропа мен Азияны жалғастырып жатқан Анатолий және Фракия атты жартыаралдарда орналасқан ел. Елдің жалпы аумағы 780,576 шаршы шақырым да, халқының саны – 72 миллион. Түркияны Қара теңіз, Жерорта теңізі, Эгей теңізі және Мрамор теңіздері қоршап жатырған болса, шекарасы Азербайжан, Грузия, Армения, Ирак, Сирия, Греция және Болгария елдерімен шектеседі. Ауыл шаруашылығы мықтап дамыған, әсіресе, мақта, астық тұқымдас және цитрусты жемістер түрлерін өндіруден Еуропада алдыңғы қатарда тұр. Біз тамақтанған мейрамханада еттің, балықтың, көкөністің, балдың сан түрлері тілді үйіріп, көзіңді қатты қызықтырды. Түркияның барлық аймақтарында малшаруашылығы қатты дамыған, оған дәлел қойдың саны – 46 миллион, мүйізді ірі қара саны – 1 183 000, жылқы – 15 570 000 жетіп отыр. Жылына 5 миллион сүт өндіріліп, 26 000 тонна бал өнімдері жиналады. Табиғат байлығына тоқтала кетсек, елде жылына 4,5 миллион тонна тас көмір, 6 миллион тонна бұрғыланатын көмір, 2 750 000 тонна темір, 600 000 тонна мыс, 300 000 тонна хром, 2 600 000 тонна мұнай өндіріледі. Тас төселген жолдың ұзындығы – 90 000 шақырым боса, темір жолдың ұзындығы – 8 500 шақырым. Түркия 1950 жылы Үлкен Корей соғысына араласса, 1952 жылы НАТО құрамына қабылданыпты. Біз демалған Белек курорты Анталия мен Сиденің аралығына қоныс тепкен. Жылдың төрт мезгілінде де ауа райы демалушылар үшін қолайлы болып табылады. Әсіресе жаз айларында демалушылардың санында да, келген мемлекеттердің географиясының да ауқымы үлкен. Алғашқы күндердің бірінде Демре-Мира-Кекова бағытында экскурсияда болып, ежелгі антикалық дәуір тарихымен кеңінен танысуға мүмкіндік алдық. Анталияның оңтүстік жағында теңіз жағасында ертедегі антикалық Олимп қаласының орны жатыр. Біздің жыл санауымзға дейінгі 168–178 жж. Олимп қаласы саяси-экономикасы және мәдениеті күшті дамыған қалалардың бірі болған. Сол кезде құрылған Ликий одағының күміс ақшалары соғылғаны туралы деректер бар. Ал Финике мен Каш қалаларының аралығындағы жағалауда суға шомылатын орындарға қоса, ертедегі антикалық бірнеше қалалардың орны жатыр. Солардың бірі – біз барған Демре қаласы. Қалада христиан дінінің негізін қалаушылардың бірі Құдіретті Николай ( Патары қ. дүниеге келген) 234 жылы дүниеге келіп, 325 жылы ақырғы демі біткенше өз дінін уағыздаумен күн кешкен. Біз онымен атымен аталған шіркеуде болып, Византия дәуіріндегі сәулетшілердің қолынан шыққан неше түрлі мозайкалар мен фрескілерге тәнті болдық. Құдіретті Николайды христиан әлемінде Жаңа жыл кешінде ересектерге бақытты сәт, балаларға сыйлықтар әкелетін «Аяз Ата» екендігін осы сапарымда білдім. Енді осы қаладан жаяулап баратын екі шақырым жерде Мира деп аталатын ескі қаланың орны бар. Мира қаласы орнынан біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ ғасырда жасалған ақшалар табылған. Дәл осы жерде біздің жыл санауымызға дейінгі 61 жылдан басталып адамдар жерленген үңгірлер бар. Тау басындағы шатқалдарды қашап жасаған үңгірлерде бай адамдардың табыттары орналастырылған. Ертедегі адамдардың санасында адамның сүйегі тау шатқалының ең биік жеріне жерленсе оның жаны жұмақта болады сенген. Осыған жалғас грек-рим үлгісімен салынған ашық үлкен театр бар. Бұл театрда ерте кезде ойын сауықтар қойылған. Біз мінген автобус Демре қаласынан Каш бағытына бет алып, Чайагзы деп аталған теңіз жағасындағы әсем селоға де жеттік. Бұл жерден біз катерге отырып суға кеткен ертедегі Адриаке қаласының орындары сақталған Кекова аралына бардық. Катер үстінен суға кеткен кейбір бөлшектері тау шатқалында сақталған Ючагыз Койу (Үш сағалы қойнау) деген қала орнын тамашаладық. Ертедегі қаланы сумен қамтыған арықтар орны, монша орны, шіркеу орындары сақталғанын көрдік. Теңіз бетінде ликийлік саркофак сақталған ескерткіш тұр. Кекова аралына қарсы Ючагыз және Кале деген поселкелерді көрдік. Олардың барлығыда туристерге қызмет ететін орын екен. Дәл осы жерде катеріміз аз ғана үзіліс жариялап біз теңіз суына түстік. Кейінгі бір күндері Иераполис қаласындағы Памуккале курортына жол шектік. Памукале түрік тілінен аударғанда «Ақ қамал» деген ұғымды білдіреді. Бұл жерде дүние жүзінде емдік минералды элементтерге толы ақұлпа гидрокарбонат кальцийы бар суға түстік. Су ревматизм мен қозғалысы шектелген дене мүшелерін емдеуге таптырмайтын ем. Аңыз бойынша, кезінде бұл суға Клепатра патшайымның өзі шомылған десе-ді. Жалпы, онкүнге созылған демалыс күндерінде біраз жерлерді аралап, көңілді дем алдық.

// «Университет». – № 13. 28 қыркүйек, 2011 ж.

ІІ БӨЛІМ: КІТАПТАР ТУРАЛЫ ОЙЛАРЫМ

Оқыдық, пікір айтамыз

МАЙРАНЫҢ – ӨМІР ӨТКЕЛДЕРІ

Майра Тұрғанқызы Амантаева! Есімі республика асып, әлемнің шартарапына тарап кеткен белгілі қоғам қайраткері, кәсіподақ қозғалысының белді жетекшісі, қазақтың қайсар қызы туралы әңгіме қозғау бір газеттің аясына сыймаста еді. Оның барлық ғұмыры республика кәсіподақ ұйымының қалыптасуымен тығыз байланысты. Міне, енді Қазақстан Республикасы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының басшылығына келгеніне де 27 жылдың да жүзі болып қалыпты. Бәрі де сол Одақтық сайлауға түскенінен басталған-ды. 1974 жылы 16 маусым күні КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланған қазақтың қаршадай қызы сол Кремль мінбесінен тарихи сөз сөйлеп, 1977 жылы ең соңғы КСРО Конституциясының қабылданар сәтінде «Рухани байлықтар азаматтардың ізгілікті және эстетикалық тәрбиесі үшін пайдалануы тиіс» деген 26-бапты енгізген еді. Кейін Кеңестер Одағының саяси өкілі ретінде шер шарын аралап, саяси-әлеуметтік және мәдени мәселелерді дамытуға өз үлесін қосқан жан. Жуырда М.Т. Амантаеваның ғұмырнамасына арналған «Өмір өткелдері» атты кітабы қолыма тиді. Еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан қайраткердің аталмыш естелік шығармасы өз өмірінен сыр шертіп, жас ұрпаққа ұлағатты өсиеттерін қарапайым тілмен еш боямасыз жеткізе білген. Бұл жөнінде автордың «Өмірдегі жүріп өткен жолдарымда сайрап жатқан кедірі мен бүлдірі, соқпағы мен сүрлеуі, жазығы мен ойпаты ой-орамынан ойып тұрып орын алған», –дей келе, еріксіз қаламын қолына алғанын оқырман есіне салады [«Өмір өткелдері», 6-б.]. Балалық шағы Ұлы Отан соғысынан кейінгі өмірдің қиыншылығына тап болған қыздың әкесі мен аталарының тағдыры туралы әжесінен естіген әңгімесін ағынан сыр ақтарады. Соғыстан жаралы оралған әкесінің еңбек жолдарынан үзінділер келтіріп, көпбалалы отбасындағы тазалыққа, адалдыққа, имандылыққа сүйенген тәрбиесін кейін есейген шағында да өмірлік ұстанымы болғанын мақтаныш етеді. Мамандық таңдаудағы әкесі Тұрғанның қатты ықпалы болғандығын, сөйтіп геолог емес математика пәнінің мұғалімі атанған тұсын оқығанда еріксіз ризашылдыққа бөленесіз. Майра Тұрғанқызы өз естелігінде үлкен өмірге аяқ басқаннан кейінгі жолдарына ой тастап, таразы тартады. Ауыл мектебіндегі мұғалімдердің өлшеусіз еңбегіне тоқталып, олардың әлеуметтік ахуалын, тұрмыс-тіршілігіне алаңдаушылық білдіреді. Осы тұста өмір өткелдерінде алдынан жолыққан заңғар тұлғалар мен тағылымы мол жандардың ақыл-кеңесіне сүйенеді. Олардан алған тәлім-тәрбие Одақтың депутаты, республика кәсіподақ ұйымын басқарған сәтте игілікке асады. Мұңайғанды жұбатып, қамыққанды қамқорлай білген Майра апайымыз 1995 жылдан кәсіподақ жұмысына араласып, оның қалыптасуы мен дамуына бар күш-қайратын салып келеді. Басты мақсат – білім саласында еңбек кодексінің бұзылмауына жол бермей, қызметкерлердің еңбек ақыларын көтеру, еңбек қауіпсіздігін сақтау, баспана мәселесін шешу, денсаулықтарын күтуіне жәрдемдесу және олардың балаларының да емделуіне көмек беру. Осы орайда талай министрліктердің есігін тоздырып, күрделі мәселелерді шешуде Парламент депуттатарымен байланыста болып, қоғам мәселесіне назар аударып, қабылданған заң жобаларын жетілдіруде комиссия мүшесі ретінде көп еңбек сіңіреді. Кітаптың 43-ші бетінде автор былай деп жазады: «Білім және ғылым саласында жаңа заң қабылданып, жаңа тармақ өмірге келді. Бұл әлеуметтік кепілдік ретінде мұғалімдер беделін көтеру мәртебесі болатын. Кәсіподақ сенімі мен қолдауын пайдалана отырып, бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалымен, мұғалімдер құқығын қорғауда көптеген жетістіктерге қол жеткізілді. Еліміздегі барлық облыстар мен аудандарды, қалалар мен ауылдарды аралап, мәселелерді шешу жолында шынайы күрес жүргізілді». Күрес демекші, Майра апайымыздың өмір жолы күрестен тұратынын аңғаруда қиын емес. Бұл жолда ешкімнен қорықпай, жасқанбай, тік мінездік танытып, туындаған мәселелерді шешуде топты жарып сөз сөйлегенде жұртшылық назары түгелімен шешенге ауатын. Алдынан кездескен қиыншылықтарға мойымай, темірдей тәртіпке бейім мінезімен қайсарлық танытатын. Сол үшін «қазақтың қайсар қызы» деп атануы тегін емес еді. Бұның айғағы ретінде кітаптың «Өткен күннің белгілері» атты тараушаны оқысаңыз жеткілікті. Ал, енді тұңғыш рет ҚР БжҒ қызметкерлері кәсіподағының 2010 жылы 20 ақпанында Халықаралық білім кәсіподақ ұйымының шақыруымен АҚШ-тың Нью-Йорк қаласына барған сапары да естен кетпес әсерлі оқиға болды. Қаланың биік-биік зәулім үйлері, қызылды-жасылды шамдар, жарық-жұрық еткен жарнамалар, құбылмалы су бұрқақтары, сапырылысқан көліктер, сеңдей соғысқан жаяу жүргіншілер, азан-қазан болып жатқандығын көргенде еріксіз таңғалғандығын жасырмайды. Ертесіне Біріккен Ұлттар Ұйымының 55-сессиясының мәжілісіне қатысып, дүниежүзі әйелдерінің мәселелері мен оны шешу жолдарындағы пікірталасқа құлақ түреді. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун бастаған, өзгеде әлемдік деңгейдегі қоғам қайраткерлерінің мәнді де мағыналы сөздерін тыңдайды. Аштық пен жалаңаштық, ауру мен қайыршылық үстем құрған, саяси билік арасындағы жанжалдан туындаған азматтық соғысқа бой берген Африка, Араб елдері, Азияның көптеген елдеріндегі әйелдер мен балалар өмірі туралы әңгіме естігенде Қазақстандағы жағдайдың ұшпақ екендігіне «тәубе» деседі. Саясаткерліктен мол тәжірибе жинақтаған автор өзі жетекшілік етіп отырған республика салалық кәсіподақ ұйымының әлемнің басқа елдерімен де тығыз байланыста болғандығы туралы да әңгіме қозғайды. Кітаптың «Халықаралық қызмет» деген тараушасынан ҚР БжҒ саласы қызметкерлер кәсіподағы 159 елдің 313 ұлттық ұйымын біріктіріп, мүшелерінің саны білім саласындағы 30 миллионды құрайтын 2001 жылдан Халықаралық білім ұйымының (МОО) мүшесі екендігін оқып, білдік. Жыл сайын өткізілетін семинарлардан білім саласындағы кәсіподақ ұйымдарының рөлін арттырудың жолдары талқыланып, оны жақсартудың шаралары жасақталатын. Әсіресе, Малайзия еліндегі білім жүйесінің жәйі, білім берудің құрылымы мен мазмұны, мұғалімдердің мақсат-мүдделерін қорғау бойынша кәсіподақ ұйымдарының қызметі, оларды қаржылай қолдауы, кәсіподақ ұйымдарының құрылымы, салымдар мен төлемдер жөніндегі іс-тәжірибелерін республика салалық ұйымында да жүзеге асыру шарасы жасақталғанынан хабардар етеді. Майра Тұрғанқызы, республика атынан және аймақтардағы білім саласы кәсіподақ жетекшілерінің Бельгия, Тайланд, Түркия, Бразилия, Болгария, Канада, Румыния, Қырғызстан және т.б. елдерде өткен Халықаралық білім ұйымының конференциялары мен конгресстеріне қатысып, әлемдегі мұғалімдер мен балалардың тағдыры туралы, барша елдердің бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтудағы өз әріптестерімен ой бөліскендігі туралы да жолдар бар. Осы тұста мен өткен жылы Майра Тұрғанқызы басқарып барған Түркияның Анталья қаласына бір топ қазақстандық ғалымдарымыздың іс сапары туралы айтпасқа болмайтындығын қаперге бергім келеді. Сапар барысында жақынырақ танысқан Майра апайымыздың Отанына шын берілген патриот, жүрегі тұнып-тұрған имандылық, жаны сұлу, ой өрісі биік, жүріс-тұрысынан жоғары жинақылықты, темірдей тәртіпті ұнататын, жанарынан от ұшқындайтын адам екенін ұқтым. Әңгімелескен сәтте жан-жақты білімді, көргені көл, ойы ұшқыр, сөз арасында қазағымның аталы сөздерін қосып жібергенде оның орақ тілді, от ауызды шешендердің сарқыты ма деп қаласың ?! Ал енді Түркия сапарына қайта орала кетсек. Өткен жыл ЮНЕСКО шешімімен – Қожа Ахмет Ясауи жылы деп жарияланғандықтан, 2016 жылдың желтоқсан айының 1-4 аралығында Анталья қ. Еуразиялық халықаралық білім беру кәсіподағы (ЕврАзПОПО) мен Түркия білім беру кәсіподағы (TurkEgіtіm-Sen) «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағымен бірлесе педагогика және әлеуметтік ғылымдар саласы бойынша Түрік әлемі Халықаралық конференциясын өткізген болатын. Халықаралық конгресске Түркі әлемі ғалымдары мен кәсіподақ ұйымы белсенділерінен 900-ге жуық адам қатысып, барлығы 1080 баяндама түсті. Қазақстан Республикасы атынан да 20 баяндама жасалды. Алғашқы пленарлық мәжіліс Анталья қ. Топкапи қонақүйінің «Османлы Бало» атты үлкен залында өтті. Конгрессті кіріспе сөзбен ашқан Түркия біріккен кәсіподақ ұйымының Бас хатшысы Исмаил Конжук әлемнің әр түкпірінен жиналған қонақтарға ризашылдығын білдіріп, конференция жұмысына табыс тіледі. Мұнан әрі модератор құттықтау сөзді алғашқы етіп Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының төрайымы Майра Тұрғанқызы Амантаева ханымға беріледі деген сәтте, бүкіл зал толы қонақтар орындарынан тұрып дүркірете қол соқты. Мәжілісте отырған қазақстандық ғалымдардың барлығы да бұл құрметті жетекшімізге ғана емес, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевқа және барша қазақ халқына көрсетілген құрмет деп ұғындық. Майра Тұрғанқызы барлық жиынға қатысушыларды республика салалық кәсіподақтар атынан қызу құттықтап, ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың түркі әлеміндегі бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтудағы сарабдал саясатымен кеңірек таныстыра келіп: «Біздің елімізде тұңғыш мемлекеттік ресми идеология жарияланды. Бұл – Қазақстан Республикасының ұлттық идеясын білдіретін түйін-тұжырым. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея дүние есігін ашты. Ол – «Мәңгілік ел» идеясы. Бұл барша қазақстандықтардың патриоттық ұраны десек, еш қателеспейміз», – деп сөзін аяқтады. «Өмір өткелдері» атты кітаптың ІV бөліміне «Баспасөз беттерінен шолу» деп атау тағылып, әр жылдары мерзімді баспасөз беттерінде автордың жарияланған мақалалары мен ол туралы жазылған очерктер, сұхбаттар топтастырылған. Олардың арасынан «Высокое призвание учителя» («Казахстанская правда», 26.10. 2015), «В интересах казахстанского народа» («Қазақстан кәсіподағы», 12.02. 2016), «Мұғалім мәртебесі – өркениеттілік өлшемі» («Егемен Қазақстан», 1.10. 2016) және т.б. мазмұны мен стилі жағынан көркем, әрі бай туындылар. Мысалы, республиканың бас газеті «Егемен Қазақстанның» арнаулы тілшісі С.Мәметке берген сұхбатын оқи отырып, кейіпкеріміздің білім саласында қызметкерлердің мұңын жоқтайтын, барын бағалайтын шын жанашыр адам екенін мына жауабынан-ақ дәл ұғынасың: «Атам қазақ «Қыран құс ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді. Шынында, бала өмірінде мұғалімнің орны бөлек. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Ұлттық сезім, ұлттық намыс, ұлттың рухани құндылықтары, тіпті қарапайым ғана үлкенге құрмет, кішіге ізет тәрізді кісілік қасиеттер – барлығы баланың мектеп қабырғасында қандай білім, қандай тәлім-тәрбие алвп шыққанына тікелей байланысты. Осыдан-ақ ұстаз еңбегінің ерекше екені көрініп тұр ғой. Бірден айтайын, ұстаз мәселесін, ұстаз мәртебесін толығымен билікке артып қоюға болмайды. Қоғам болып шешуге атсалысып, қызмет етуіміз қажет. Себебі, мұғалім оқытып жатқан ұл мен қыз елдің ертеңі, ұлт болашағы» [«Өмір өткелдері», 206 б.]. Қазақта «Ұстазы бардың ұстамы жақсы» деген сөз дәл Майра Тұрғанқызына қарап айтылғандай. Жұмыстас болған әріптестерінің барлығы дерлік апайымызды өте ізденімпаз, талапты, терең ой-пікірлі, ұқыпты, еңбекқор, қарапайым да инабатты, талапшыл ұстаз деп бағалайды. Жасыратыны жоқ, кеңестік заманда кәсіподақтың беделі өте жоғары болғаны есімізге түседі. Кеңес үкіметінің іргесі сөгіліп, нарық ентіге кіргенде біраз ұйымдар, оның ішінде компартиядан бастап біраз қоғамдық ұйымдар тарап кеткені бар. Бірақ сол қысылтаяң, қиын заманнан аман есен шығып жүрісінен танбай келе жатқан ұйым, қазақтың қайсар қызы М.Т. Амантаеваның есімімен абыройы асқақтап тұр. Бүгінде оның есімі еліміздің түкпір-түкпіріндегі білім беру ұжымдарында құрметпен аталады. «Бір адам қазған құдықтан мың адам су ішеді» деген аталы сөз бар, ҚР Білім және ғылым саласы қызметкерлері кәсіподағының төрайымы, Еңбек Қызыл Ту, Құрмет ордендерінің иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қызметкері Майра Тұрғанқызы Амантаева жүріп өткен өмір өткелдері баршамызға үлгі болып қала бермек.

// Қазақстан кәсіподағы. № 19 (1201). 03.11. 2017 ж.

ӨТКЕН ЖОЛДАР ӨТЕУІ

Халқымыздың өткен жолы, қасіреті мен қуанышы қатар жүрген сан ғасыр тарихы – бүгінгі біздің баға жетпес асылымыз. Оған дақ түсірмей, болашақ ұрпаққа жеткізу бәріміздің алдындағы қасиетті борышымыз болып табылады. Міне, осы тұрғыдан алғанда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ғ.Н. Нығметовтың «Солтүстік Каспий жағалауындағы көлік қатынасы» (Атырау, 2008. – 81 б.) атты баспадан жарық көрген жаңа кітабының маңызы өте зор. Каспий өңірі бүгінде Қазақстан экономикасында маңызды рөлге ие болды. Оның транспорттық қарым-қатынасын жетілдіру, заман талабына сай қайта құру кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Солтүстік Каспий жағалауының бай қорын игеру үшін транспорт байланыс жолын қарқынды дамытпай, жетістікке жету мүмкін емес. Ғалымның көп жылғы зерттеген еңбегі осы көлік қатынасының қалыптасуы мен дамуына арналыпты. Баршаға мәлім, Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 16 мамырдағы №1095 қаулысына сәйкес Каспий теңізінің қазақстандық секторын игеру бағдарламасы бекітілгені белгілі. Мұнай және газ өнеркәсібі – еліміздің стратегиялық саласы. Ол – байлық қоры негізінен Каспий теңізінің солтүстік қазақстандық жағалауында орналасқан. Профессор Ғ.Н. Нығметовтың зерттеуінде Солтүстік Каспий секторын игерудегі транспорт жүйесінің қалыптасу және жетілу қарқынын көрсетуге бағытталған. Республикамыздың кен-байлығын игеруде транспорт байланыс мәселесін зерттеген еңбектердің көлемі аз болатын, аталмыш жаңа еңбек осының орнын толтыру болмақ. Шындығын айту қажет, өлкеміздегі көлік қатысы, су жолдары, мұнай транспорт мен темір жол қатысы туралы алғашқы ғылыми еңбек жазған тарихшы Ғ.Н. Нығметов екенін атап өткеніміз жөн. Дегенмен, Атырау аймағы табиғат байлығын игеруге қажетті су байланыс жолы, әуе жолы, лау жолдары, кәсіпшілік арасындағы қатынас көлік жолдары жан-жақты зерттелмей келеді. Бұларды барынша түбегейлі зерттеу уақыт талабы. Кітаптың құрылымы 9 тараудан тұрады. Атап айтақанда: «Солтүстік Каспий жағалауын игерудегі темір жолдың орны», «Жанбай-Бозащы ғылыми-зерттеу экспедиясы», «Гурьев-Доссор-Қосшағыл автомобиль жолы», «Гурьев-Ганюшкино байланыстырған күре тамыр», «Жастық жігер – жол басы: Атырау (Гурьев) – Орал әскери патриоттық жорығы» және т.б. бар. Мұнай өнеркәсібі – қоғамдағы ауыр индустрияның шешуші бір саласы. Ол – ауыр индустрияның азығы, бүгінгі отандық алып машиналардың тіршілік тынысы, мотор атаулының «жүрек қаны», қара жердің қойнауынан шапшып атқан асыл қазынаны халық игілігіне жарату әр уақытта да басты міндет болып табылады. Қазір мұнай өндірісінің ауқымы кеңейді, «қара алтыны» арқылы Қазақстанды әлем таныды. Ал болашағымыз бұдан да зор. Қазыналы мұнай қорын игеру көлік қатынасына байланысты болды. ХХ ғасырдың басында мұнай өнімі Астраханға су жолымен, Оралға көлікпен (түйе керуені, түйе, ат, өгіз арбамен) қатынасты. Профессор Ғ.Н. Нығметовтың ғылыми еңбегінде өлкеміздегі темір жол транспортының дамуы туралы көп мағлұматтар бар. Темір жол – халық шаруашылығының және халықтың байланысының негізгі тұтқасы, күре тамыры. Бүкіл елдің экономикалық қуаты транспортқа байланысты. Өлкемізде темір жол құрылысы – кешегі Кеңес үкіметі тұсында ғана іске қосылып, шаруашылықтың басты саласына айналды. Ғылыми еңбекте Александров – Гай – Гурьев темір жолын салуда 1920 жылы маусым айында 14 206 адам, 1925 жылы Гурьев-Доссор тар табанды темір жолын салуда Гурьев уезінің жүздеген жергілікті тұрғындарының, Қандыағаш – Гурьев темір жолында 1936 жылы 4 186 адам қажырлы еңбек еткені туралы мұрағат құжаттары мен мерзімді баспасөз беттерінен деректер келтірілген. Қандыағаш – Гурьев темір құрылысына қазақтың тұңғыш темір жол инженері Мұхамбетжан Тынышпаевтың басшылық жасағанын осы кітапты оқығанда білгенімді оқырманнан жасырғым келмейді. Бұл темір жолы арқылы Ембі мұнайы Оралға, Сібірге, Орта Азияға күндіз-түні тасылды. 1932 жыл 16 маусымда басталған Каспий-Орск мұнай құбыры құрылысында 8 200 адам, 500-дей түйе көліктер болғаны туралы деректер бар. Каспий – таусылмас мол қазына, ең байлықтың қоры. Теңіздің балығынан басқа оның түбі мен маңайында өлшеусіз көп мұнай қоры бар екені ертеден белгілі болғаны «Жанбай – Бозащы ғылыми-зерттеу экспедициясы» атты мақаладан көрсетілген. Каспий теңізіне 1934 жыл 7 ақпанда Жанбай селосынан басталған ғалымдардың жорығы ауа райының қолайсыздығы мен мұз үстіндегі қатынастың қиыншылығына қарамастан ынта-жігерлері күшті болатын. Бұл жорықты ұйымдастыруға және басшылық жасаған өлкемізде балық өнеркісібін дамытуға ерекше үлес қосқан Азық-түлік Халық Комиссариаты А.И. Микоянның қызметіне де баға берілген. Қазақстанның көлік-коммуникациялық кешенінің басты элементтерінің санатына жататын автомобиль жолдарының дамуы мен тиімді қызмет істеуі ел экономикасының өркенденуінің маңызды шарттарының бірі болып табылады. Елімізде «қара алтынмен» қамтамасыз ету үшін облыс еңбекшілерінің алдында Гурьев-Доссор-Қосшағыл автомобиль жолын салу міндеті тұрды. Міне, осы құрылысқа басшылық жасаған Штаб бастығы, Гурьев облысының тұңғыш атқару комитетінің төрағасы Х.Тастайбековтың еңбегі зор болатын. Құрылыс жұмысы 1941 жылы 10 мамырда басталып сол жылдың 10 шілдесінде аяқталады. «Мұнай жолы» атанған екпінді құрылысты пайдалануға беруде облыс еңбекшілерінің білектің күшімен теңдесі жоқ еңбек үлгілері көрсетті. Бүгінде бұл жолмен ел байлығы жан-жаққа тасылуда. Сондай-ақ, кітапта Гурьев-Ганюшкино автожолының салынуындағы қол жеткен табыстарда сөз болады. Бүгінгі жас ұрпақтың алдында жоғарыда көрсеткен аға ұрпақ өкілдерінің ерлік жолдары мен патриоттық бастамаларын танып білу міндеті тұр. Өйткені өткен тарихымызды зерделемей, халқымызды тану, бүгінгі білу, болашақты бағдарлау мүмкін емес. Өткен ғасырдан қалған жастар қозғалысының тарихында ВЛКСМ-нің рөлі ерекше екенін аға ұрпақ өкілдері жақсы біледі. Биылғы жылы 90 жылдық торқалы тойы аталып өткелі отырған жастар ұйымының тарихында өшпес із қалған оқиғалар аз емес. Солардың бір көрінісі ретінде жастардың 1936 жылы қаңтар-ақпан айларындағы Гурьев – Орал жорығы, 1937 жыл қазан-қарашадағы 16 қыздың әскери-патриоттық атты жорығы туралы тарихи мақала бар. Олар жол сапарында аудан, ауыл еңбекшілері алдында лекция оқып, концерт ұйымдастырған, қызықты кездесулер өткізген. Қорыта келгенде, бұл кітаптың туған жер тарихымен танысуда, жастарды Отан сүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеуде атқаратын қызметі зор. Әсіресе, жоғарғы оқу орындары студенттері мен магистранттарына, жалпы тарих сүйер қауымға арналған.

// «Алтын Орда». # 35 (449) № 28 тамыз, 2008 ж.

СОҒЫС ТАРИХЫН ТЕРЕҢДЕЙ ЗЕРТТЕДІ

Жұмыр басты пенденің басынан өткен талай қырғындардың ішінде 1941 – 1945 жылдар арасында өткен Ұлы Отан соғысы тым сұрапыл, тым жойқын еді. Шабуыл жасаспау туралы КСРО мен Германия арасындағы келісім шарттарын опасыздықпен бұзған фашистік Гитлер 1941 жылдың 22 маусымында елімізге басып кірді. Соғыс деген қаһарлы сөз бүкіл елге тарады. Фашистердің шапқыншылығы ел басына төнген алапат нәубеттей көрінді. Кеңестік үкімет шұғыл түрде саяси-экономикалық және әлеуметтік жағыдайды соғысқа бейімдей білді. Халқымыз біртұс болып рақымсыз жауға қарсы аттанып, бір сүйем жерді қорғап қалу үшін қасық қаны қалғанша соғысуға серт берді. «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін» атты патриоттық ұранмен майданға аттанған жауынгерлеріміз «толарсақтан қан кешіп, етігімен су ішіп» Ұлы Жеңісті елге алып келді.

Республикамызда 1418 күн мен түнге созылған соғыс шежіресін мұрағат негізінде қағазға түсіргендердің бірі, ғалым-ұстаз, журналист – Хисмет Бозанұлы Табылдиев. Бұған дейін үштомдық «Боздақтар», «Жеңісті жақындатқан жандар» жинағын құрастырушы-автор атанғаны баршаға мәлім. Тарихшының ұзақ жылғы зерттеулері «Атырау облысы отты жылдарда» (1941 – 1945 жж.). Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 70 жыл толуына орай тарихы мен жылнама шежіресі. Атырау: «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспаханасы, 224-бет» атты кітапқа жүк болған. Кітаптың кіріспесінде: «Атыраулықтар соғыс жылдарында өшпес ерлік, қайтпас қайраттылық көрсетті, оққа ұшты, жараланды, мүгедек болды, бірақ ел үшін, болашақ ұрпақ үшін жау алдында қайсарлықтың үлгісін көрсетті» деп анық жазылған.

Еліміз мұнайлы аймақ болып есептелгендіктен фашистер Атырау өлкесіне тегіннен-тегін қызықпағаны белгілі, сондықтан Жоғарғы Кеңестің шешімімен 1942 жылы 1 қыркүйекте Гурьевте Қорғаныс комитеті құрылады. Өлкеміздің соғыс жағдайында деп жариялануына себеп болған жәйттардың бірі – Солтүстік Кавказдың жау қолында қалғаны. Соғысқа қажетті жанар-жағар май Бакуден Гурьевке баржымен тасылып, майданға жіберілді. Облыс соғыс жағдайына көшіріліп қатаң тәртіп орнатылды, қала толықтай қараңғыланады, түнде көшелердің, үйлердің электр жарығы сөндірілді. Облыс халқының қырағылығы артты, кез-келген әрекеттерге бой бермеді. Кітап беттерін ақтара отырып, мұрағаттан алынған деректерді артында облыс еңбекшілерінің қажырлы еңбегін анық көресің. Соғыс жылдарында өлке «қара алтын» өндірушілері 42 970 тонна мұнай тапсырғаны мысалға келтіріледі. Сондай-ақ, КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің бұйрығымен Атырау мұнайшыларына ғылыми-практикалық көмек беру үшін КСРО Ғылым Академиясына күрделі тапсырма жүктелгені баяндалады. Мәскеу, Алматы ғалымдары өлке мұнайын зерттеп, оны дамытудың нақты шараларын алуды үкімет назарына береді. Сөйтіп, мұнайшылардың қолайлы еңбек етуіне жағдайлар жасалғандығының бір көрінісі ретінде 13 мың пар байпақ, 12 пар аяқ киім, 1500 шолақ тон берілгендігін атап өтеді. Тарихшы Х.Б. Табылдиевтың бұл еңбегінде Ұлы Отан соғысы жылдарында қаламызда 5 госпиталь болған деп айтылып жүрген болса, енді Гурьев қаласында жаралылар үшін 10 госпиталь болғандығы нақтылайды. Отты жылдарда сұрапыл соғыс тек майдандағы жауынгерлерге ғана емес, тылдағы еңбекшілерге үлкен сын болғаны баршаға аян. Әсіресе, мал шаруашылығын өркендетудегі Новобогат, Бақсай аудандарының малшыларының қол жеткізген табыстары нақты цифрлармен көрсетілген. Жеке адамдардың қажырлы еңбектерін атай келе, сиыр фермасының меңгерушісі С.Мусин, Мақтым Оспанова, Тілеген Жылысовтар туралы жылы лебіз білдірген. Жау қолында қалған Сталинград, Ростов облыстарынан, Қалмақ даласынан сан мыңдаған мал айдалып Атырауға орналастырғаны баяндалады. Малмен бірге келген 3 500 малшыларды орналастырудағы жергілікті билік басшыларының ұйымдастырушылық шеберліктеріне тәнті болады. Атырау облысының тағы бір байлығы – балық өндіру. Тарихшы-ғалым Х.Б. Табылдиев өз еңбегінде су маржандарын сүзген еңбеккерлердің ерен еңбегіне жан-жақты тоқталады. Жайық-Каспий балық аулау тресінің, Теңіз, Шевченко балықшы колхоздарының қол жеткізген табыстарын облыстық («Атырау»), республикалық («Егемен Қазақстан»), орталық («Правда») газеттерінде жарық көрген мақалалармен тұздықтай түскен. Профессор Ж.Бақидың «Атырау балықшыларының соғыс жылдарындағы ерен еңбегі» атты мақаласынан үзінді келтіре отырып, 1943 жылы облыс балықшылары 140 центнер сыйлығын Балықшы балық-құты зауытының уылдырықшысы Жаңбатыр Сарбөпиевтың Орталық майдан қолбасшысы, армия генералы К.К. Рокоссовскийге табыстағанын шынайы бейнелейді. Кітаптың «Атырау өңірлерінің батырлары» атты тарауында облысымыздың ардақты аяулы ұл-қыздары Хиуаз Доспанова, Иван Федорович Махорин, Иван Николаевич Березин, Александр Никифорович Афанасьев, Муса Баймұқанов, Қайырғали Смағұлов, Георгий Федорович Канцев, Боран Нысанбаев, Мукат Мусаев, Филипп Савельевич Мазуров, Евгений Михайлович Полыныин, Гаврил Петрович Шамин, Шүкір Еркінов, Ғизат Әліпов, адмирал Лев Анатольевич Владимирскийлердің өмірбаяндарына қысқаша тоқталады. Бұл осы тақырыпта білім алып жатқан студенттер мен мектеп оқшыларына көп көмегі болары хақ. Профессор Х.Б. Табылдиевтың кітабының тағы бір құндылығы сол – Қазақстан Республикасының Президенті мен Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаттарында сақталған құжаттардың түпнұсқасын көшіріп берген. Мұның өзі соғыс жылдарында қабылданған мемлекеттік шаралардың шынайлығын арттыра түсері сөзсіз. Қорыта келгенде, аталмыш кітап отты жылдардағы Атырау облысы еңбекшілерінің Ұлы Жеңісті жақындатудағы еңбегі жан-жақты баяндаған ұзақ жылғы тарихшы-ғалым Хисмет Бозанұлы Табылдиевтың жемісті туындысы.

МҰРАҒАТ – ТАРИХТЫҢ ҚАЙНАР БҰЛАҒЫ

Бұл мақалаға тақырып қоямын деп сан әуреге түстім. Есіме жақында «Ақ Жайық kz» әдеби-көркем қоғамдық-журналынан (редакторы Р.Отарбаев) оқып бітірген Ә.Спанның «Тобанияз» атты деректі повесінен шығарманы жазуда Атырау, Маңғыстау облысының мұрағаттарында, оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатында сақталған «Т.Әлниязов бастаған Адай контрреволюциялық ұйымын әшкерлеу» деп аталатын 12 томнан тұратын деректер мен құжаттар көшірмелеріндегі фактілер шешуші рөл атқарғанына ризашылдық сезім білдірген еді. Кеңестік дәуірде есімін ауызға алуға қорыққан есіл ер Тобанияздың өмірі мен қызметі, тағдыры бір оқпен шешіліп сүйегі еш жерде қалмаған аянышты тағдыры оқыған жұртты тебірентпей қоймайды. Осыған қарап отырып мұрағат туралы бір мақала жазсам деген ойым енді жүзеге асқандай болды.

Иә, шындығында да кәдуілгі жұрт біле бермейтін сан ғасырдың құпиялы сырларын ішіне бүккен мұрағат қызметін ішіне енген адам ғана түсінеді. Мамандығым тарихшы болғандықтан жазғы еңбек демалысымда болашақ ғылыми еңбектерімнің деректер көзін іздеп республика және Ресей Федерациясының мұрағаттарына жұмыс іздеп кететін әдетіміз бар. Мына иек астында тұрған Орынбор мен Астраханның мұрағаттарының шаң басқан сөрелерінде республика тарихына, оның ішінде туған өлкемізге қатысты қаншама бай құжаттар жатыр десеңші, шіркін! Ал, енді сол мұрағаттардың республикамызда пайда болуы мен қалыптасуы туралы жазылған ғылыми еңбектер саусақпен санап аларлық, тіпті жоқтың қасы десекте болады. Сол олқылықтың орнын толтырған тарих ғылымдарының докторы А.Ахметтің «Қазақстандағы мұрағат ісінің тарихы (1918–1991 жж.). – Алматы: «Елтаным баспасы», 2013. – 384 бет.» атты зерттеу кітабы болды.

Мұрағат – тарихтың қайнар бұлағы. Төл тарихымызды жан-жақты танытуда оның орны ерекше. Мұрағат – кез келген халықтың рухани-мәдени өмірі жайынан сыр шертетін деректі шежіре, бүкіл болмысымен бүгінгі күнге де, ертеңгі күнге де абыройлы қызмет ететін, ел игілігіне, келер ұрпақтың мүддесіне кәдеге асатын – мәңгілік таусылмас қазына. Мұрағат – асыл мұра, ел дәулеті. Ел дәулеті қашанда қашанда ел игілігіне жұмыс істейді. Міне, осындай қызмет аясында ғалым А.Ахметтің кітабынан біраз мәселені ұққандай болдық. «Тарихсыз қоғам, халық, мемлекет болуы мүмкін емес» дейді автор. Жалпы республикамызда мұрағат тарихы мен мұрағаттану ісі ең кенже дамыған саланың бірі. Көне мұралар мен қымбат қолжазбаларды сақтауда салғырттық басым болғаны жасырын емес. Еліміздің мемлекеттік құжаттама ісін сақтау мен пайдаланудың алғашқы қадамдары Ішкі Бөкей Ордасы хандарының негізінде 1794 жылы пайда болды. Ішкі Ордадағы Хан ставкасында отқа төзімді мұрағат құрылысын салу қаржы сметасы 1797 жылы 10 қараша бекітілгенінде осы еңбектен білдік. Мұрағат – халық қазынасы, өткен өмірдің деректі ескерткіші. 1919 жылы 5 қыркүйекте Түркстан АКСР-дағы Орталық Атқару Комитеті республикада мұрағат ісін ұйымдастыру туралы қаулы қабылдап, жергілікті әкімшілік органдарына облыстық мұрағат бюроларын ұйымдастыру ісі жүктелді. 1920 жылдың желтоқсан айында Қазақ АКСР Халық Ағарту Комиссариатының ғылыми секторында Мұрағат бас басқармасы құрылады. Осы кезден бастап азамат соғысында өртеліп, тоналып, шашылған мұрағат құжаттарын жинау қызу қолға алынды. Алайда республика көлемінде мұрағат ісін ұйымдастыру аса қиыншылық жағдайда жүрген, тек осы қызметке тұрған адамдардың күнделікті жанкешті тірлігі арқасында аса бай тарих жасалып қалғаны баянды болды. Азамат соғысында отқа оранған мұрағаттарды қайта қалыпқа келтіруде істі білетін кадрлардың жетіспеушілігі, талапқа сай мекеме үйлерінің болмауы, қаражат тапшылығы, жоғарғы билік өкілдерінің мұрағатқа деген сыңаржақ көзқарасы, бәрі-бәрі әсер етті. Сол кезде өлкеміз территориялық құрамында болған Орал губерниесінде 1923 жылы 1 қыркүйегінде мұрағат жұмысы басталған болса, 1928 жылы 6 мамырда Гурьев округінің құрылуымен мұрағат бюросы ашылыпты. Ғалым А.Ахметтің зерттеу кітабы «Мұрағаттану мәселелері», «Қазақстанда мұрағат ісінің ұйымдастырылуы», «Қазақстандағы мұрағат құжаттарын сақтаудың тарихи тәжірибесі», «Құжаттар құндылығын анықтау тәжірибесі», «Мемлекеттік мұрағат қорын пайдалану қызметі» атты 5 бөлімнен және 12 тараушалардан тұрады. Еңбекті оқи отырып республикамыздың тарихы мен мәдениетін танытуда мұрағаттардың өлшеусіз қызмет атқарғаны анықтала түседі. Мұрағаттарда сақталған құжаттар ақпарат көзі ретінде емес, рухани және өткен дәуірдің материалдық мәдени ескерткіші болып табылады. Тәуелсіздікке қол жеткенен кейінгі кезеңде Қазақстанның қоғамдық өміріндегі жариялылық мұрағаттарға да келіп жетті. «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» Заңның (22.12. 1998 ж.) қабылдануымен құпия қорларда халықтан жасырын сақталған құжаттар ашық қорларға ауыстырылды. Алғашқы кезде Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің мұрагері Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің де есігі ашылды. Соның арқасында саяси қуғын-сүргін науқаны, қазақ байларын тәркілеу, күштеп ұжымдастыру, ашаршылық зардаптары туралы тың деректер айналымға түсті. Соның айқын бір дәлелі жоғарыда айтып өткен «Тобанияз» аты еңбектің де дүниеге келуі. Өкінішке орай көп ұзамай бұл мекеменің мұрағатында жұмыс істеуге тиым салынып, қазақ халқының күнгейі мен көлеңке жақтары да тағы да жабық күйінде қалғаны осы еңбекте атап көрсетіліпті. Қорыта келгенде, тарихшы А.Ахметтің «Қазақстандағы мұрағат ісінің тарихы (1918–1991 жж.)» атты кітабында республикада мұрағаттардың құрылуы мен дамуының ғылыми аспектілері жан-жақты талданып, еліміздің қоғамдық-саяси және экономикалық-әлеуметтік өмірін көрсеткен тұшымды еңбек болып шыққан. Зерттеу еңбек бай мұрағат деректеріне – Алматы, Қызылорда, Орал, Атырау және РФ Мәскеу, Орынбор, Астрхань қалаларында сақталған тарихи мұраларға, түпдеректік құжаттарға сүйеніп жазылды. Кітап барлық студентер, магистранттар, мұрағатшы мамандарға, тарихы сүйер барша қауымға арналған.

// Атырау. – № 37. 5.04. 2014 ж.

ПРОФЕССОРДЫҢ ОЙМЫШТЫ ОЙЛАРЫ

Бүгінде есімі облыстан асып, бүкіл республикаға мәшһүр ф.ғ.д., профессор Қадір Өтегенұлы Жүсіптің қаламынан төгілген әдеби туындылары бірнеше кітапқа жүк. Тек биылғы жылы профессордың әр түрлі баспадан талай кітаптары жарық көргелі отыр, бірқатары көріне бастады да. Соның айғағы, жуырда «Ағатай» баспасынан оның «Ақын-жыраулардың тіл көркемдігі мен жыр өрнектері» және «Оймышты ойлар» атты кітаптары қолымызға тиді. Алғашқы еңбек Батыс Қазақстан аймағында ХІХ, ХХ ғасырларда өмір сүріп, шығармашылықпен халық арасында аттары белгілі болған ақын-жыраулардың жырларының тілі мен өлең өлшемдерін зерттеуге арналса, екінші кітабы қазақ әдебиеті мен журналистикасының республикаға белгілі тұлғаларының шығармашылығы жөніндегі ғылыми мақалалардан құрастырылған. Замандардан – замандар аттап, бір жыраудан бір жыраудың көмейінде ұя салған, сөйтіп ғасырлардың пердесін ашып біздің бүгінгі күнімізге жеткен поэзия сол замандар сырын көз алдымызға әкеледі. Жыраулар тарихта орны бар батырларды дәріптеген, өздері өмір сүрген кезеңді өз көздерімен көргендіктен соншама дәлдікпен, нақтылықпен жырлайды. Автор осы еңбегінде ХІХ-ХХ ғасырда Батыс Қазақстан өлкесінде өмір сүрген ақын-жыраулардың жырларының тіл өрнегі, өлең өлшеміне тоқталады. Қазақ әдебиетінің теориялық негіздеріне сүйене жазылған ғылыми еңбекте дыбыс үндестігі, айқындаулар, теңеулер, ауыстырулар (метафора), алмастырулар (метономия) мен мегзеулер (синекдоха), тұспалмен айту (символ), кейіптеулер, айшықтау (фигура), қайталаулар, шендестіру мен егіздеу секілді көркемдік ерекшеліктеріне бөлек-бөлек тоқталады. Мысалы, «Айқындаулар» ежелден қазақ жырының қайталанбас бояуы. Ғалым Қ.Ө. Жүсіп осыған келгенде батыс өлкесі ақын-жырауларының суреттеулеріндегі, әсіресе Махамбет қолданған «атадан туған аруақты ер», «қара нар керек біздің бұл іске», «қоғалы көлдер, құм, сулар», «қара ұлына дос болып», «жауырыны қақпақтай», «қара айдары тоқпатай, «опасыз мынау жалғанда», «арыстандай ақырған», «бақадай шулап тұрғанда», Мұрат ақынның стилінен көрінген «Адыра қалғыр, көк Жайық», «Қызыл шай, жез самаурын саздың суы, сәскеде пісуші едің әзер қайнап», «ат мініп ала мойын, жібек жауып, мырзалар жүруші еді одағайлап», «ақты қой, қылаң жылқы, қып-қызыл нар тең ауды төрт-түлік мал шауыттаған», «сөзіме жаман кісі түсінбейді, арнайы ер түсінер сөзге мұңдас» деген жыр үзінділерін алып, сөзге жігер, қайрат беріп, ажарлап тұрғанын баяндайды. Ал, әдеби шығарманың мазмұнын құнарландырып, пішінін ажарландырып, көркемдейтін құралдардың бірі – теңеуге келгенде автор ерекше шабытқа түскен. Қазақ әдебиеті тілін зерттеушілер З.Қабдолов, З.Ахметов, Қ.Сыдиықовтардың еңбектеріне тоқтала отырып, Батыс Қазақстан өлкесі ақын-жырауларының құбылысты суреттеудегі күшті әсерге бөлейтін, мәнді мазмұн беретін шеберліктеріне баға берген жерін атап өтеді. Бұдан әрі профессор Абыл Өтембетұлы, Махамбет, Есет Қараұлы, Қашаубай жырау, Қалнияз Шопықұлы, Сүгір Мырзалыұлы, Нұрым Шыршығұлұлы, Құлманбет, Қашаған Күржіманұлы, Досжан Қожбанұлы, Ақтан Керейұлы, Аралбай Оңғарбекұлы, Өскенбай Құлманбетұлы, Өмір Көшекбайұлы, Насихат Сүгірұлы, Сарышолақ Боранбайұлы, Айса Байтабанұлы, Закария Сағындықұлы, Әбубәкір Кердері, Шернияз Жарылғасұлы, Мұрын жырау, Шынияз Шанайұлы, Тұма Балтабасұлы, Сүгір Бегендікұлы және т.б. ақын-жыраулардың, айтыскерлердің ұзақ толғаулары мен дастандарындағы, айтыстарындағы теңеулерді мысалға ала отырып, қазақтың жыраулық дәстүрінің, жалпы қазақ поэзиясының сәнін келтіріп, жоғары үлгісін көрсететіндей дәрежеде тұр деген баға береді. Сөйтіп, төкпе Мұрат ақының қиялы өмір суреттерін «адам сезімінің иірім-иірімдеріне сыналап тықпай жайдарлы жылылықпен, күн сәулесіндей жайлы етіп таратады» дей келе төмендегідей үзінді береді:

–      Жылы қылып сөйлейін

Жазғы желдің лебіндей,
Анық қылып сөйлейін
Ақ теңгенің мөріндей,
Шалықтатып сөйлейін

Айдынның шалқар көліндей.
Асыл қылып сөйлейін
Базардың алтын зеріндей.
Жабыстырып сөйлейін

Тұтқыр сары желімдей.
Сұлу қылып сөйлейін
Қос жорғаны мініп ап,
Түскен жаңа келіндей.

Жатық ылып сөйлейін
Жазыққа біткен ыраңдай.
Жарастырып сөйлейін
Сәукеленің бетіндей,

Тымақты шаңқан қылаңдай».

Әдебиет зерттеушілері «Ауыстырулар» немесе «Метафоралар» сөз қолданысындағы ең керемет әдемі сиқырлы құбылыс деп бағалаумен келеді. Ауыстыру ұқсаттырмай бір затқа баланып тұрған затты сол заттың дәл өзі деп білу ұғымын береді. Автор осы еңбегінде мынадай дәлел келтіреді: «Исатай арыстандай» десек, онда тек батырды арыстанға ұқсаттырып тұрмыз деп түсіну керек, бірақ арыстанның өзі емес. Ал «Арыстан еді-ау Исатай» десек, Исатай арыстанның дәл өзі деген ұғым тудырады» [23 б.]. Әдебиетші Қ.Ө. Жүсіптің осы еңбегін оқи отырып, Батыс Қазақстанның ХІХ-ХХ ғасыр басындағы ақын-жырауларының жыр өлшемдері мен ұйқас түрлеріне де кеңірек зерттеулер жүргізгенін байқадық. Олардың «жеті-сегіз буынды төкпе шұбыртпалы жыр», «он бір буынды шұбыртпалы жыр», «он бір буын қара өлең ұйқасымен туатын жырлар» деп үшке бөліп нақты мысалдар келтірген. Қорыта келгенде, ғалымның бұл еңбегі әдебиет сүйетін қауымға, мұғалімдерге, студенттерге ақын-жыраулар шығармаларының тілі мен өлең құрылыстарына байланысты танымдық құрал ретінде пайдалануға болады. Ал, енді профессор Қ.Ө. Жүсіптің «Оймышты ойлар» атты кітабына тоқтала кетсек, бұл туынды оның соңғы жылдары республикалық, облыстық мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған ғылыми мақалаларының жинағы болып шықты. Кейіпкерлері де қаламымен құс тістеген, атақтары елге танымал өнер адамдары, ақындар, ғалымдар, журналистер. Атай кетсек, композитор Илия Жақанов, әнші, дәулескер күйші Нариман Үлкенбаев, ақындар Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Нұралы Әжіғалиев, әдебиетші-ғалым Қабиболла Сыдиықов, Сабыр Қазыбаев, тілші-ғалым Құсекен Шәукенов, ғажап сынықшы – Қамария, журналистер Зейнеп Ахметова, Берік Қорқытов, Теңдік Жауырұлы және тағы да басқа туралы толғаныстар, ғылыми талдау-тұжырымдар, естеліктер енген. Автор өз еңбектері туралы былай деп жазады: «Аттары аталған бұл адамдар туралы жазуды қасиетті борышым деп есептедім. Себебі сынықшы Қамария ана тоқсан бес жасқа келіп дүние салды. Қасиетті халық емшісі Қамарияның елге жасаған жақсылығын Атырау тұрғындары ешқашан ұмытпақ емес». Ия, шындығында да қолынан жылулық сезініп қаншама адамның өмірін сақтап қалған, мыж-мыж болып қалған дене сүйектерін жинап қайта тұрғызған емші анамыз туралы «Қасиетін Алла дарытқан...» атты естелікті оқымауға еш шараң жоқ. «Оймышты ойлар» атты кітапты оқып, қазақ халқының бақыты, игілігі жолында маңдай терлерін төккен, бойындағы күш-қайраттарын жұмсаған, таланттарымен барша жұртты бірі әуезді әнімен, бірі орындаушылық шеберлігімен, еді бірі ақындық талантымен, тағы бірі ғұлама ғалымдығымен, журналист-жазушылық және публицистикалық шығармаларымен ел құрметіне бөленген тұлғалар бейнесін тереңірек тануға мүмкіндік аласың. Сөзімнің айғағы, «Феномен» атты мақаладан сәл ғана үзінді берсек: «...Ілия – лирик ақын. Алғшқы кезде оның біратар әндері өзінің сөзімен шықты, ілгеріректе мүмкін композитор әніне лайық сөз таба алмаған болар. Сондықтан өзінің ақындық талантын іске қосқан. Әуелі туған мелодиясының мінезіне сай сөзді өз көкірегінен туындатты», – дей келе, ақынның «Ақ қайың», «Асылым», «Әсел», «Бозкөл», «Бұлбұл еді», «Даниярдың әні», «Жайлаукөл кештері», «Көгілді көлме», «Қыземшек», «Сырымбет», «Толағай», «Досссор вальсі», «Мақаттың ерке бұлбұлы», «Құлсары», «Ағады Жайық, ағды», «Маңғыстау» тағы басқа да өлеңдеріне зерделі талдау жасап кетеді. Бұл талдау мақаламды аяқтай келе мынадай тұжырым жасадым: Ғалым-ұстаз, ақын-жазушы, журналист Қадір Өтегенұлы Жүсіптің жоғарыда көрсеткен қос еңбегі қалың оқырманның жүрегіне жол табады, сөйтіп оқырмандардың, оның ішінде әдебиешілердің әрдайым үстел үсті кітабына айналады деген сенімім бар.

// Атырау. № 71. 27 маусым, 2015 ж.

ПРОФЕССОР Ғ.Ж. НҰРЫШЕВ – МЕРЗІМДІ БАСПАСӨЗ БЕТІНДЕ

«Жақсының өзі де аңыз, сөзі де аңыз» деген аталы сөзі бар. Бұл фәниде елу бес жыл ғана өмір сүріп, құйрықты жұлдыздай ағып өтсе де, бар ғұмырын еліміздің ғылымы мен білімін дамытуға арнаған ұлағатты ұстаз-ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері Ғалымжан Жұмабайұлы Нұрышевты барша жұрт білуші еді. Ол Алматы халық шаруашылығы институтын тамамдаған соң, ақтық демі біткенше жоғарғы оқу орындарында, Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтында оқытушы, декан, проректор, Л.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің проректоры болып еңбек етіп, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректорлығына дейін өсу жолынан өтті. Бұл жалғаннан аққан жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан Ғалымжан Жұмабайұлының кісілігі келісті, адамгершілігі айтулы, азаматтығы айқын, терең білімді, «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат болатын. Ортамызда тірі жүрсе мерейлі алпыс жасын атап өтер еді. Алайда, тағдырдың салғанына көнбеске амал жоқ. Осыдан бес жыл бұрын кенеттен өнегелі отабсының алтын тірегі Ғалымжан да, ұйытқысы, әрі отанасы Күлімханда бақилық болған еді... Ұзақ жылдар өзі ержетіп, білім алған Махамбет ауданында, еңбек еткен жоғарғы білім орындарында, республика зиялы қауымының ардақтысы болып танылған марқұм досымыздың мерейтойын атап өтуге арналған шаралар өтіп жатыр. Солардың бір тармағы болып табылатын республикалық мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған Ғ.Ж. Нұрышевтың өмірі мен қызметі туралы мақалаларға қысқаша шолу жасасақ. Бұл ғұмырда «достық» деген ұғым, сезім бар. Бірақ оның жазылмаған заңы жоқ. Дегенменде жүрекпен сыйласқан, тілсіз ұғынысқан, уәдеге берік, антына адал жандар ғана осы қасиетті сөзді ұғына біледі. Міне, осы сөздің айғағындай Атырау облыстық қоғамдық-саяси газетінде жарияланған «Жақсының аты өшпейді» деген мақаладан үзінді бере кетсек орынды шығар: «Тал бойына асыл қасиеттердің бәрін дарыта білген Ғалымжан достыққа адал, жаны таза, жүрегі ақ болатын. Ежелден атамыз «Әке көрген оқ жонар» демей ме, оның бойындағы адамгершілік, қарапайымдылық, парасаттылық секілді қасиеттердің бәрі дерлік кіндік қаны тамған туған жердің топырағынан, ата-анасының ақ сүтімен, мектептен алған өнегелі тәрбиесімен қалыптасқаны даусыз болатын», –дей келе, оның оқыған мектептегі ұстаздарының есімдерін атаған [1]. Газетте одан әрі Ғ.Ж. Нұрышевтың Фурманов атындағы орта мектепті алтын белгімен аяқтағаны, сыныптастарымен достығы және ауылдастарына жасаған қамқорлықтарына жан-жақты тоқталады. Мақала авторы сөз соңында Махамбет ауданындағы ғалымның өзі оқыған мектебіне оның есімін берсе екен деп ұсыныс танытады. Профессор Ғ.Ж. Нұрышев жоғары білім алып, ел ісіне араласқан тұста да үлкен абыройға бөленді. Оны әріптестері де ұдайы құрмет тұтатын. Қазір Атырау мен Астанада да, Ақтөбеде де жалпы ғылыми ортада да ол туралы жақсы пікір қалыптасқан. Әсіресе, Ғалымжан Жұмабайұлының жарқырап еңбек еткен тұсы Ақтөбе өңірімен байланысты еді. Ол 2004 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры болып тағайындалды. Содан бергі кезеңде осы оқу орнының республикадағы жетекші  білім ордаларының біріне айналуына өзінің қомақты үлесін қосты. Институттағы оқу-тәрбие үдерісіне инновациялық технологияларды кеңінен енгізу  арқылы білім беру ісін халықаралық стандарттар деңгейіне көтеру бағытында жасалған ірі қадамдардың бастамашысы болды. Бұл туралы әріптесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор А. Сарсенов Атырау облыстық қоғамдық-саяси газетінде жарияланған «Прикаспийская коммуна» газетінде «Слова памяти об ученом и гражданине» атты мақаласында былай деп жазады: «Судьба свела нас в 2004 году, когда Галымжана Жумабаевича назначили ректором вновь созданного Актюбинского педагогического института. С первых дней становления нового коллектива я находился с ним. Это было трудное время: разделение учебных корпусов, преподавателей происходило болезненно, много было непонимания. Галымжан Жумабаевич терпеливо относился ко всем нападкам в свой адрес, проявлял выдержку, часто советовался с проректорами. И в результате за короткое время ему удалось сформировать коллектив единомышленников. Своим неординарным подходом к работе, мудростью, взвешенным отношением к решению каждой проблемы он быстро завоевал авторитет в коллективе. Институт стал узнаваем среди общественности области, многие начинания нового ректора находили поддержку и у акимата области. Как результат этого Галымжан Жумабаевич был выдвинут кандидатом в депутаты областного маслихата. Став депутатом, он приобрел еще большую известность в области, к его мнению прислушивались, с ним советовались, его уважали» [2]. «Қадірімді білгің келсе, халқымнан сұра» дегендей, профессор Ғ.Ж. Нұрышевтың сол Ақтөбедегі қызметі туралы әріптестерінің айтар ойлары ұшан-теңіз. Жаңалыққа жаны құмар, ізденгіш жоғарғы оқу орны басшысының саяси-ұйымдастыру шеберлігіне тәнті болған әріптес інісі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің тарих факультетінің деканы, т.ғ.к. С. Есқалиевтың республикалық ақпараттық, сараптамалық, танымдық «Алтын аймақ» газетіндегі «Қадірлі азамат Ғ.Ж. Нұрышевтың фәни дүниеден бақилыққа озғанына бес жыл» атты мақаласын оқысаңыз тәнті боласыз. Басылымда Ғалекең мен жолдасы Гүлімхан Бәйкенқызының өмірлік ұстнымдарына, шығармашылық қызметтеріне кеңінен талдау жасап, автор оларға деген сағынышын былайша жеткізіпті: «Асқар тау алыстаған сайын биіктей береді дегендей, Ғалекеңдей біртуар, асыл азамат тектіліктің қадір-қасиетін ту етіп, кез келген жанға бұйыра бермеген біліктілік пен биік парасаттың адалдық пен қамқор ниетінің өнегесін өзінің айналасына, қатар қызметтес болған үлкенді-кішілердің бәріне де тигізе, шарапат сәулесін шаша жүрен қасиетін олар әсте де ұмыта лар ма. Сол баға жетпес мінез-қасиетінің арқасында, біраз жылдар бойы университет құрамында болып, өзінің тікелей ұстаз дайындау қызметіне Президент тапсырмасы бойынша ауқымды, жаңашыл міндеттер жүктелген Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты 2004 жылы наурыз айында қайта шаңырақ көтергенде басшылыққа әдейі жіберілген Ғалымжан Жұмабайұлы қысқа мерзімнің ішінде институт ұжымын сол талаптарға сай ұйымдастыра білді. Жаңадан құрылған Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты рухани орталыққа айналды» [3]. Автор осы мақаласында Ғалекеңнің өзіне туа біткен жоғары адамгершілігі мен мәдениетілігіне, биік парасаттылығына тоқтала келіп, жастарға деген қамқорлығына бірнеше дәлелдемелер келтіргені орынды болған. Сөзіміздің айғағындай, Ректор ағасынан қамқорлық көрген Әйтекеби ауданының ақынжанды Жұлдыз атты студенттің жүрекжарды арнау өлеңінен үзінді берген.

– Жүзіңізден шуағын көрдім көктемнің,

Алғысым шексіз ақындық адал жүректен.
Рахмет сізге, шарапатыңызды көп көрдім,
Көңілі дархан, секілді қазақ Жайығы,
Сертіне берік, қазақтың нағыз сай ұлы,

Қарпайым боп, халқым деп соққан жүрегі,
Мың алғыс сізге Ғалымжан Жұмабайұлы!

Газетте жарияланған мақалада Ғалекеңнің өмірлік жан жары Күлімхан Бәйкенқызының да өмір жолына, ғылыми мұраларына да үлкен орын беріліп, тұрмыстағы ибалы қазақтың келінінің іс-әркеттеріне, жолдасына деген зор махаббатын, сүйіспеншілігін ту етіп барша жұртқа үлгі етеді. Артында қалған ұрпақтары Санжар мен Гауһарға ата-анасының жолын берсін, Алла Тағала жар болсын деген тілек жолдайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, профессор Ғалымжан Жұмабайұлының алғашқы еңбек жолы Атырау өңірінде басталып, талай игілікті істердің бастамашысы болғаны баршаға аян. Сол жұмыстардың басы-қасында бірге жүргендердің бірі, бүгінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің деканы, техника ғылымдарының докторы, профессор Б.З. Кенжегулов. Ол республикалық қоғамдық-саяси газет «Мұнайлы Астана»-ға «Жаны жайсаң жүзі жарқын азамат еді» атты мақала жариялапты. Мақала: «Ұрпақтың ұлы мұраты жолында, жалпы ағарту саласында еңбек еткен ұстаздарға деген құрмет пен ризашылық сезімі ерекше екендігі белгілі, – деп, басталып Ғалекеңнен үлгі алатын бірнеше асыл қасиеттеріне тоқталыпты. Атап айтқанда, жұмысқа бар болмысымен беріле кірісетіндігі, тындырымдылығы, өз мамандығының білгір иесі екендігі, тынымсыз еңбекқорлығы, жолдас-достарына адалдығы, ақкөңілділігі, кішіпейілдігі [4]. Дәл осындай ойлы пікірді тай құлындай тебісіп, бірге өскен сыныптас достары да сағынышпен еске алады. Сонау өткен ғасырдың 70-ші жылдарында Махамбет ауданындағы Д.Фурманов атындағы орта мектебінде оқыған шақтары туралы аудандық «Жайық шұғыласы» газетіне «Досқа деген сағыныш» деген мақала жазған Т.Есенғалиев былайша есіне алады: «Ғалымжанның бауырмалдылығына, адамгершілігіне, іскерлігіне мен ғана емсе, бүкіл ел тәнті болатын. Оның ұйымдастырушылық қабілеті, қиын-қыстау кезеңдерде тосыннан жол тауып кететіндігі, өзгеге деген қамқорлығы, қарапайым да жай мінезі, салмақты сөзі кім-кімді де өзін жақын тартып тұратын» [5]. Өмірде айтып келмейтін «өлім» деген суық сөздің ызғары талай жанды жас демей, кәрі демей алып кетіп жатады. Артына өшпестей із қалдырған, жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгілікке сақталған профессор, экономика ғылымдарының докторы Ғалымжан Жұмабайұлы мен философия ғылымдарының докторы, профессор Күлімхан Бәйкенқызының жандары жаннатта болсын, мінгендері пырақ болсын, бір Алла жар болсын дегіміз келеді.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Сүндетұлы Қ. Жақсының аты өшпейді.// Атырау. – № 20. 15 наурыз, 2017 ж. 2. Сарсенов А. Слова памяти об ученом и гражданине. // Прикаспийская коммуна. – № 20. 15 март, 2017 г. 3. Есқалиев С. Қадірлі азамат Ғ.Ж. Нұрышевтың фәни дүниеден бақилыққа озғанына бес жыл. // Алтын аймақ. – № 14. 5 сәуір, 2017 ж. 4. Кенжегулов Б. Жаны жайсаң жүзі жарқын азамат еді. // Мұнайлы Астана. – № 14. 5 сәуір, 2017 г. 5. Есенғалиев Т. Досқа деген сағыныш. // Жайық шұғыласы. – № 14. 6 сәуір, 2017 г.

АТЫРАУ ПУБЛИЦИСТИКАСЫ ЖАЗЫЛДЫ

Адамзаттың асыл қасиеттерінің бірі – сөз өнері. Публицистика да сөз өнерінің үлкен бір саласы. Алғаш қазақ публицистикасына анықтама беруші Ахмет Байтұрсынов публицистиканы «көсем сөз» деген қазақ сөзімен төркіндестірген болса, профессор Т.С. Амандосов: «Публицистика – өмірдің сырлы суреті» деп баға берді. Журналистика ғылымында публицистиканың үш саласы, хабар жанрлары, талдамалы жанрлары және көркем публицистиканың жанрлары бар. Міне, осы жанрларды жанына серік етіп қаламына жан бітірген Атырау көсемсөзшілерінің есімдері сәл ұмтылыңқырап бара жатқан тұста жарқ етіп оқырмандардың қолына екі кітап тиді. Алғашқысы, «Атырау қаламгерлерінің көркем публицистикасы» (көмекші оқу құралы). – Атырау: Х.Досмұхамедов атындағы АтМУ баспа орталығы, 2015. – 124 бет., екіншісі, «Атырау көсемсөзшілері. Очерктер, эсселер, толғаныстар. – Атырау, «Ағатай» баспасы, 2014. – 316 бет. Кітаптардың авторы – Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, Х.Досмұхамедов атындағы АтМУ доценті Төлеген Жаңабайұлы. Аталмыш оқу құралында 1 кредиттік оқыту жүйесіне арналған 15 дәрістер, мәтіндік материалдар, глоссарий, практикалық сабақтардың мазмұны, студенттердің өзіндік жұмысы, сауалнамалар мен тестілер сұрақтары, пайдаланатын әдебиеттер топтастырылған. Атырау облысы публицистерінің көркем публицистикасының қалыптасу, даму жолдары талданып, олардың ішіндегі ең үздіктері таңдалынып, шығармаларының тілдік, стильдік құрылымы, тәрбиелік және танымдық дәрежесі, бүгінгі көркем публицистика саласындағы өлке журналистерінің алатын орны баяндалады. «Атырау қаламгерлерінің көркем публицистикасы» атты оқу құралында студенттерге Атырау журналист-публицистері Т.Ысқақов, Т.Құрманғазиев, Қ.Ғабдешев, Р.Иманғалиев, Ш.Дәуенов, Ә.Ғабдуллин, Т.Жауырұлы, Ө.Әлімгереев, Б.Бозданов, Қ.Қабдел, А.Нұрғалиев, Т.Ақымов, И.Балмағамбетовтың және тағы басқалардың Атырау өңірінің өткені мен бүгіні, атақты адамдары, елдің мәдени-рухани, экономикалық өсу жолдары жөніндегі очерктері, эсселері мен фельетондары назарға берілген. Сондай-ақ, аудандық газеттердегі очерктер мен эсселердің, суреттемелер мен фельетондардың деңгейлеріне, сапаларына тоқталады. Журналист еңбегі – творчестволық еңбек. Әр журналистің қаламынан шыққан материалдар сол жанрдың талаптарына жауап беруі керек. Сондықтан олар жанр теориясын жақсы біліп, өз ісіне тиімді қолдана білу қажет. Жанр дегеніміз – белгілі бір газет, журнал материалдарының, радио, телевизия хабарларының көріну, өмір сүру формасы. Олардың өз оқырманы мен тыңдаушысының жүрегіне жол тапқаны журналисті еңбегінің жанғаны. Т.Жаңабайұлы «Атырау журналистерінің қарым-қабілеттері жоғары» атты дәрісінде көркем публицистиканың очерк жанрының бастауын өлкемізден шыққан тұңғыш очеркист, кейін атақты жазушыға айналған Ғабдол Слановтан бастайды. «Очеркке өзек боларлық оқиғалар, образ боларлық адамдар арамызда толып жатқанын, өмірбаяны қызық, көргені мен тоқығаны жетерлік, өнегелі істері әркімді-ақ қызықтыратын өрендер қай жерде де табылатынын Ғабдол Сланов очерктерін оқығанда әбден көз жеткізуге болады», – дейді автор. Сөйтіп одан әрі өмір шындығын, өрелі құбылыстарды тартымды бейнелеген журналист-жазушының лабороториясына тоқталады. Қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынованың очерк, эссе жанрларын өндіре жазып, Атырау өңіріндегі небір өрен жастың аттарын бүкіл қазақ даласына жалпақ жайып, жігеріне жігер қосып, шабытына шабыт еселеп, мәртебесін биіктеткен қаламгер болғаны баршаға аян. Социалистік Еңбек Ері, механизатор Кәмшат Дөненбаева туралы жазған «Кәмшат» атты повесі әлемді шарлап кетті. «Лениншіл жас» жас газетінен түлеп ұшқан Атырау өңірінің сол кездегі жас журналистері Самат Ибраим, Төлеген Берішбаев, Исатай Балмағамбетовтың очерктерін де мысалға алып, талдап өтеді. Жалпы Атырау өңірінен шыққан журналистер өздерінің очерктері мен эсселері арқылы кейіпкерлерінің бейнелерін көркемдеп ғана қоймай, олардың терең ойларын, парасатты пайымдауларын аңғарып, көкейкесті мәселелерін көтерді, сөйтіп қоғамдық пікір туғызады. Көркем публицистиканың түрлі жанрларын шебер меңгерген маман ретінде автор Тайсойған мен Бүйрек, Нарын мен Азғыр, Жайық пен Қиғаш аралығын шарлаған атыраулық көсемсөзшілер очерктің тәрбиелік мәні мен мазмұнына, қоғамға ортақ ой салар күшіне қатты назар аударды деп түйіндейді. «Рахмет Иманғалиев – әмбебап меншікті тілші» атты дәрісінде республикаға танымал журналистінің тынымсыз қаракеті, үнемі ізденісте жүретіндігін үлгі етеді. Очерк жазудағы шеберлігіне тәнті болып, жазған туындыларын газетке жіберуден жалықпайтын нағыз әмбебап тілші деп баға береді. «Жазатыныңнан білетінің көп болсын» деген қағиданы берік ұстаған очеркистер үшін, тақырыпты алдын ала зерттеудің, еңбек адамдарымен сөйлесе білудің, жазатын нысанымен жақсылап танысудың пайдасы зор деп жол сілтейді. Сөйтіп, қаламгер Р.Иманғалиевтың өмір шындығына негізделіп құрылған бірнеше публицистикалық жанрда жазылған шығармаларын талдайды. Оқырмандар «Шалқар шамырқанған шақта» атты очеркіндегі кәрі Каспий теңізінің кемерінен асып төгілгенде адамдардың ерлігін көріп, мұзбалақ малшылардың тасыған теңізбен арпалыстағы жанқиярлық күрестеріне куә болады. Автор өмір бойы ауылда тұрып қарапайым адамдардың өмірін жазған журналистіні «Нарынның Шолоховы» деген атқа лайық деп бағалайды. Кез келген журналистінің жүрегі дауалап тәуекел етпейтін, жаза бермейтін, мұршасы келмейтін сатиралық жанрдың түрлері – сын мен фельетонның қас шебері туралы «Нұри Мұфтах фельетондарының мірдің оғындай өткірлігі» деген дәріс. Ғылымның тілімен айтқанда, фельетон дегеніміз – күнделікті толғағы жеткен тақырыпқа жазылатын, көбінесе өмірдің жағымсыз құбылыстарын күлкі ететін, әдетте газетте орналастырылатын әдеби-публицистикалық шығарма. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында «Айғыр атқан Әзербаев» деген фельетонымен «Атырау» газетінде жарқ еткен Н.Мұфтах кейін республикаға танымал осы жанрдың иесі атанды. Жұрт жабыла оның фельетондарын іздеп оқитын болды. Кейін әділдік іздеп, арыздарына жауап ала алмағандар Нұриге шағымданатын болды. Газет беделі көтеріліп, оқырмандардың саны артты. Автор тақырыбымен-ақ оқырмандарын тартып тұратын журналистінің «Мүліктен туған бүлік», «Табыт басындағы төбелес», «Жіліктің майлы басы», «Жасырынбақ», «Қашаған күйеулер», «Жыласаң, жазаң жеңілдейді», «Еркінсіген еркелер», «Жебірлер» және тағы басқа фельетондарын мысалға келтіреді. Т.Жаңабайұлы одан әрі Төлеубай Ысқақұлы, Шөпенғали Дәуенов, Теңдік Жауырұлы, Берік Қорқытов, Құмарғали Ғабдешев, Меңдекеш Сатыбалдиев, Өтепберген Әлімгереевтің шығармаларындағы тарихи тұлғалар, өндіріс тақырыптарының жазылуы, ауыл тақырыптарын көтерілуіне тоқталады. Қазақстанның Құрметті журналисі Төлеген Жаңабайұлының екінші кітабы «Атырау көсемсөзшілері» атты жаңа кітабында есімі елге танымал атыраулық көсемсөзшілер хақында ой толғайды. Атырау өңірінен шыққан журналистер Тауман Амандосов, Зейнолла Қабдолов, Аманжан Сәрсенов, Ізни Нұрқасымов, Камал Ізмұхамбетов, Жүсіп Жұмаханов, Әбуғали Ғабдуллин, Әбілқайыр Кенжебаев, Айбосын Елеусінов, Қазихан Қабдел, Әлімбай Жанғазыұлы, Тасқали Құрманғазиев, Қабижан Сахиев, Махат Хайруллин, Жолдас Жанқуатов, Жолдығали Бақытов, Мұрат Дияров, Мақымовтар әулеті, Қырықбай Бекбаев және басқалары бар. Қорыта келгенде, «Атырау қаламгерлерінің көркем публицистикасы» атты оқу құралы мен «Атырау көсемсөзшілері» атты кітаптар арқылы әр оқырман, журналистер мен тарихшылар өлке журналистерінің көркем публицистикасын тереңірек танып білуге толық сенім бар.

ҚҰНДЫ ОҚУЛЫҚ – СТУДЕНТТЕР СЕРІГІ

Соңғы жылдары жаңа ақпараттық технологияның қарышты дамуы күнделікті өмірімізге дендеп кірді. Солардың бірі – АutoCAD. Ол – Autodesk компаниясы жасап шығарған екі және үш өлшемді модельдеу мен көрсетудің ең көп таралған сызба және автоматтандырылған жобалау жүйесі болып табылады. Бұл жүйенің ең алғашқы нұсқасы 1982 жылы шықты. Соңғы 30 жылдың ішінде АutoCAD сызбалар орындаудағы жай көмекшіден бастап жобалау жұмысының барлық кезеңдерін біртұтас біріктіретін графикалық операциялық платформаға айналды. Осы уақыт ішінде АutoCAD-ты жасақтаушылар оны әрқилы профильді мамандардың қажеттеріне орайластырып, пайдаланушыға барынша ыңғайлы және икемді болуын көздеп, үнемі жетілдіріп келеді. АutoCAD-пен оның арнайы қосымшалары машинажасау, құрылыс, архитектура және басқа да өндіріс саласында кең қолданылып жүр. Бағдарлама 18 тілде шығарылады. АutoCAD-тың кең таралуы жоба жасақтаудағы кезкелген әдіс АutoCAD ортасында оңай орындалады. Жуырда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің физика-математика және ақпараттық технологиялар факультетінің ақпараттық жүйелер және есептеуіш техникасы кафедрасының доценті А.Хаметов пен п.ғ.к., доцент С.Н. Идрисовтардың «АutoCAD 2008. Жұмыс бастау» – Алматы: «Полиграф-сервис К◦», 2011.– 238 бет (суреттерімен) оқу құралы жарық көрді. Оқу құралы пайдаланушыларға орта мектептен геометрия және сызу пәндерінен алған білім мен дағдыларын пайдалану арқылы АutoCAD 2008 автоматтандырылған жобалау жүйесінде жұмыс бастауды үйретіп, 2D және 3D сызбалар дайындаудың тәсілдерін меңгертеді. Онда АutoCAD 2008 жүйесінің негізгі құрал-саймандарын, сұхбат терезелері мен палитраларын және командалардың қызметтерін тиімді пайдалануға, обьектілерді кескіндеуге және штрихтауға, өлшемдер қоюға, мәтіндер жазуға дағдыландырды. Оқу құралы пайдаланушыға геометриялық салулар мен кескіндеулердің логикалық және тәжірибелік принциптерін тез меңгертуге және сызбаны орындаудың алгоритмдік үрдісін түпкілікті қалыптастыруға машықтандырады. Оқу құралында оқушыларға, студенттерге қазіргі заманның автоматтандырылған жобалауды жүзеге асыратын алдыңғы қатардағы күрделі және ауқымды графикалық редакторының мүмкіншіліктерін аз уақттың ішінде меңгертіп, онымен батыл жұмыс бастауға үйретеді. Осы оқу құралында АutoCAD 2008 нұсқасы бойынша қолданушының интерфейсі, сызбаларды жасау, ұйымдастыру және сақтау, сызба көріністерін басқару, жұмыстың басында жұмыс үрдісін таңдау, обьектілердің қасиеттері, дәлдікті қамтамасыз ету жабдықтары, жазықтықта геометриялық обьектілерді тұрғызу, блоктарды жасақтау және қолдану, редакторлау әдістері, үш өлшемді модельдерді және беттерді жасақтау, 3D денелер және беттерді өзгерту, 3D модельдерден қималар және 2D сызбалар тұрғызу, анотация, штрихтау, бояу және перделеу, сызбаларды баспаға беру және жариялау қақында қысқаша нақты тәжірибелік ақпарат берілген. Егер қолданушы осыған дейін CAD-жүйесімен таныспаған болса, онда осы оқулық арқылы АutoCAD автоматтандырылған жобалау жүйесі негізгі түсініктері, интерфейсі, координаттар жүйесі, т.б. мәліметермен таныса алады. Ал, АutoCAD автоматтандырылған жобалау жүйесінің алдыңғы нұсқаларымен жұмыс жасаған қолданушыларға одан әрі іс-тәжірибесін жетілдіру, практикалық дағдыларын қалыптастыру үшін тиімді оқу құралы болып табылады. Оқулықтың тағы бір үлкен құндылығы сол ана тілінде жазылғандығы. Демек, сызбалар әлеміне бас қойған студенттер үшін қолға түспес серігі болмақ.

// Алтын орда. – № 41.13 қазан, 2011.

ҒАЛЫМНЫҢ ҚҰНДЫ ЕҢБЕГІ

Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесін жаңарту, яғни бәсекелестікке қабілетті, еңбек нарығында сұранысқа ие болатын кәсіби мамандар дайындау бүгінгі күннің талабы. Қазіргі кезеңдегі білім беру үдерісіне жаңа ақпараттық технологияны кеңінен енгізудің, сонымен қатар студенттің ақпараттық мәдениетін қалыптастырудың негізгі ерекшелігі оның қолданбалы бағыттылығын көрсететін жолдары іздестірілуде. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бес институционалдық реформа және «100 нақты қадам» ұлт жоспарын жүзеге асыру бағдарламасының 90-қадам «Бес институттық реформаны, сондай-ақ, БАҚ-тағы, интернеттегі, бұқаралық ақпараттың жаңа буындарындағы, сондай-ақ, әлеуметтік желілердегі қазақстандық біртектілік идеяларын жүзеге асыруды АҚПАРАТТЫҚ ҚАМТУ ЖӘНЕ ІЛГЕРЛЕТУ», – деген жолдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорлар ұжымы алдына үлкен міндеттер жүктеп отыр. Осы орайда, жуырда ғана жарық көрген Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Қашықтан оқыту факультетінің деканы, п.ғ.к., доцент Саламат Нұрмұханұлы Идрисовтың «Студенттердің ақпараттық мәдениетін қалыптастыру: теория және тәжірибе» атты монографиясының маңызы ерекше. Аталған ғылыми еңбекте ЖОО-ның білім беру үдерісінде студенттердің ақпараттық мәдениетін қалыптастырудың теориялық негіздері қарастырылып, теориялық заңдылықтары мен қағидалары негізделген, студенттердің ақпараттық мәдениетін қалыптастырудың педагогикалық шарттары, әдістемелік жүйесі мен технологиясы жан-жақты қарастырылған. Бүгінгі таңда ЖОО-ның басты мақсаты – білімді, жаңа идеялармен қаруланған болашақ мамандарды даярлау болып табылады. Нәтижесінде, студенттің кәсіби, технологиялық дайындығы ғана емес, сонымен қатар оның білімінің жан-жақтылығы мен ақпараттық мәдениеті жоғары, яғни компьютерді еркін меңгеруі, интернет ресурстарын пайдалана білуі, оқытудағы жаңа компьютерлік технологияларды меңгеруі, интереактивті сабақ түрлерін жүргізе алуы және т.б. Ақпараттық мәдениет дегеніміз не? Бұл сұраққа автор былай деп жауап береді: «ақпараттық технология арқылы кез келген алға қойылған міндеттерді шешу мен ақпараттарды түрлі формаларды түрлендіріп, адамдардың өзара бір-бірімен қарым-қатынасын дамытуға бағытталған дағды». Міне, осы орайда С.Н. Идрисов өз еңбегінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіндегі оқытушы мен студенттердің өзара байланысы арқылы жүзеге асып жатқан ақпараттық жүйеге кеңінен тоқталады. Нақтырақ айтқанда, студенттердің білім деңгейін анықтау мақсатында университеттегі бақылаудың баллдық-рейтингтік жүйесі енгізілгені. Рейтингі – студенттің оқу жылы мерзімінде әртүрлі жұмыстарға қатысуы нәтижесінде алынған балл мөлшерімен анықталатын оқу сапасының жалпылама көрсеткіші. Сондай-ақ, университеттегі студенттің курстан курсқа көшірудің баллдық жүйесін еске салып өтеді. Аталған ғылыми еңбекте оқу үдерісінің қорытындысын студенттің білуі үшін Платонус, Tomas Unіversіty Suіte бағдарламалары арқылы анықтай алатындығын атап көрсетеді. Қорыта келгенде, п.ғ.к., доцент С.Н. Идрисовтың ғылыми еңбегімен кредиттік оқыту жүйесін ұйымдастыруда оқу үрдісін ақпараттандыру және коммуникация құралдарымен қамтамасыз ету жағдайында студенттің ақпараттық мәдениетін қалыптастырудың өзектілігі одан әрі арта түскенін аңғарасыз. Әр студенттің компьютерлік технология негізінде интернет, қашықтан оқыту, электрондық почта арқылы дүниежүзілік білім кеңестігіне еніп, онда өзінің қажетін өтейтін білімді толығымен алуға, қажетті ақпараттық мәліметтерді, ғылым саласына байланысты озық тәжірибелерді, ізделіп отырған мәселенің шет елдегі жағдайымен танысуына толық мүмкіндік туып отырғандығына көз жеткіздік. Сондай-ақ, ғылыми еңбектің ақпараттық білім беруге көшу жағдайында болашақ мамандардың көзқарасын жаңаша қалыптастыру үшін қажеттілігі, оларды кәсіби даярлауды ғылыми-әдістемелік тұрғыдан жетілдіруге мүмкіндік береді. Ғылыми еңбек студенттер мен магистранттарға, педагогтерге, білім саласы қызметкерлері үшін ең қажетті оқу құралы деп түйіндедік.

// Атырау. – № 76. 11.07. 2015 ж.

МАЗМҰНДЫ ЖИНАҚ

Қазіргі қоғамның бет-бейнесін белгілейтін – білім мен ғылым. Әлемдік білім кеңістігіне енудің негізгі жолдарының бір саласы – мемлекеттік тіл. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қоғамның, өзге тілді ұлт өкілдерінің қажеттілігін, сұранысын өтейтін тіл дәрежесіне жеткізу маңызды іс. Бұл бағытта халықаралық тәжірибеге сүйене отырып қазақ тілін оқытудың қазіргі заманғы озық бағдарламалары мен әдістерін әзірлеп, енгізу қажет. Мемлекеттік тілді тиімді меңгерудің ең үздік, инновациялық әдістемелік, тәжірибелік оқу-құралдарын, аудио-бейне материалдарды әзірлеу керек. Міне, осы орайда тек ғана Атырау облысының ғана емес, күллі республикамыздың жоғарғы және орта буынды оқу орындарының өзге тілді дәрісханаларында мемлекеттік тілді оқыту үрдісінде үлкен бір жаңалыққа тең толымды еңбек дүниеге келді. Ол – Альберт Туссейннің екінші рет басылыммен жарық көріп отырған «Афоризмдер – 2» атты кітабы (Афоризмы – 2. Издание второе, дополненное. – М.: Городская организация Союза писателей, 2016. – с. 210.). А.Туссейн афоризмдердің авторы және ағылшын тіліне аударушы болса, оны қазақ тіліне тәржімалаушы ф.ғ.д., профессор Қадір Өтегенұлы Жүсіп. Оқырманға түсінікті болу үшін алдымен, «афоризм дегеніміз – қысқа да, нұсқа қанатты сөз» дегенді білдіретін ұғым екенін еске салып өтейін. Кітаптың бірінші басылымы екі мың данамен оқырмандарға тез таралып үлгергендігі, оның толықтырылып екінші рет басылуына себепші болған. Автордың: «Қазақстанның әр азаматының ел игілігі жолында, жеке жұмыс дәрежелерінің өсуі және жан-жақты рухани интеллектулды жағынан жетілуінің ең сенімді кепілі мен шарты қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқып үйрену және терең меңгеру екенін жақсы біледі» дегені, бүгінгі жастарымыздың білімге қызығушылығы мен ынтасының артқандығын дәлелдей түседі. Кітаптың алғашқы беті «Қазақ еліне және Қазақстан халықтарына арналады» делініп қазақ, орыс және ағылшын тілінде ашылып, Елбасымыздың «Қазақ тілі үш тілдің бірі ғана болып қалмайды, ол бірінші, негізгі, басты, нағыз қажет тіл болып есептеледі. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» деген қанатты сөздері эпиграфтыққа алыныпты. Бұл кітап авторының ойының ұшқыр, тапқырлығын білдіреді. Кітапта берілген афоризмдер әр түрлі жанр мен форманы қамтып, ирония, сарказм элементтерінен тұратын әлеуметтік-тұрмыстық (философиялық, психологиялық, педагогикалық, отбасылық, достық, жолдастық, шығармашылық және т.б.) өмірдің сан алуан мәселелерін қамтиды. Афоризмдердің құрылысы алуан түрлі. Бірде қарама-қарсы пікірлер, бірде сұраққа жауап жауап түрінде, бірде тек қарапайым баяндау, бірде логикалық ой аяқталмай да қалады. «Бұл афоризмдерде жеккөру де бар, әзілдеу де бар, күлу де бар, адамның ақыл-ойын бұрып әкететін жайлар да бар», – дейді Қ.Ө. Жүсіп. Кітап авторларының бірі ана тіліміздің жанашыры, профессор Қ.Ө. Жүсіп бір мыңға тарта афоризмді орыс тілінен қазақшаға жеп-жеңіл аударған. Осы тұста бірнеше мысалдар келтіре кетсек орынды. А.И. Туссейн: «The major thіng іs to teach a lіttle person to learn to becme a Bіg one» – «Самое главное – учить маленького человека учиться на Большого». Қ.Ө. Жүсіп: «Кішкентай адамды Үлкендікке үйрету – ең ұлы іс» (педагогикалық). «Gomіng – darlіng... Leavіng – scoundrel!» – «Приходит – милый... Уходит – мерзавец!» – «Келгенде – жылы шырай, кеткенде – сұмырай!» (әйелдік). «Dіe, but lі» – «Умри, но живи!» – «Өлсең де, өмір сүр!» (қарапайым). «To see Parіs and dіe? Yes! To travel throughout the world and dіe? – Yes! To experіence alt the love and dіe? – Yes! To lіve through alt one ′ s lіfe and dіe? – No!» – «Увидеть Париж и умереть? – Да! Объездить весь мир и умереть? – Да! Познать всю любовь и умереть? – Да! Прожить всю жизнь и умереть? – Нет!» – «Парижді көргеннен кейін өлу керек пе? – Иә! Әлемді аралап болып өлу керек пе? – Иә! Бүкіл сүйіспеншілік дүниесін біліп барып өлу керек пе? – Иә! Өмірді сүріп болып, өлу керек пе? – Жоқ!» (өлместік). «For a bіg thіef – a bіg term» - «Большому вору – большой срок» – «Үлкен ұрыға – ұзақ жаза» (қылмыс). «Chіldren are the flowers of lіfe. Present women wіth flowers!» – «Дети – цветы нашей жизни. Дарите женщинам цветы!» – «Бала – өмір гүлі. Әйелдерге гүл сыйлаңдар!» (мәңгілік). Осылайша жалағасып кете береді... Афоризмдердің барлығының астарында терең де астарлы ой жатқанын аңғару қиын емес. Әр қанатты сөз терең ойға құрылатын болса, авторымыздың (Туссейн мырза) өмірден түйгені, жиғаны көп үлкен философ жан болғаны. Альберт Иоганович Туссейн – музыкамен айналысатын лингвист, халықаралық аудармашы, өлең, проза және аудармалардан тұратын алпыстан аса кітаптың авторы әрі құрастырушысы, әлем юморын жинаушы. Жазушының көптеген шығармалары көп тілдерге аударылған және оларға әндер шығарылған екен. Рейсейдің бірнеше мәртебелі сыйлықтарының иегері, Мәскеу облысының тұрғыны. Соңғы 17 жылдан бері «Теңізшевройлдың» заң бөлімінде аудармашы. «Қанатты сөздер – адамның сөйлеудегі тірегі» деп кітап авторларының бірі, профессор Қ.Ө. Жүсіп айтқандай, осы кітапты оқыған әр адамның сөйлеген сөзінде кейін үлкен фәлсафалық тереңдік, астарлы ой болатыны сөзсіз. Сонымен қатар қанатты сөздер адамға ақыл қосады, жол сілтейді, шабытын қанаттандырады. Ал, «Үш тұғырлы тіл» аясында үш тілде білім алуға құлаш ұрған жастарымызға таптырмас әдістемелік-көмекші оқу құралы. Кітап осынысымен құнды.

// Ана тілі. – № 12 (1322) 25-30 наурыз 2016 ж.

«АФОРИЗМДЕР»

Бүгін «Ғылым күні» аясында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде З.Қабдолов атындағы ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен Ресей мен Қазақстанға танымал лингвист, халықаралық аудармашы, Ресей жазушылар одағының мүшесі, «Теңізшевройл» компаниясының жауапты қызметкері Альберт Туссейннің екінші рет басылыммен жарық көріп отырған «Афоризмдер – 2» атты кітабының (Афоризмы – 2. Издание второе, дополненное. – М.: Городская организация Союза писателей, 2016. – с. 210.) кітабының тұсаукесрі өтті. А.Туссейн афоризмдердің авторы және ағылшын тіліне аударушы болса, оны қазақ тіліне тәржімалаушы ф.ғ.д., профессор Қадір Өтегенұлы Жүсіп. Басқосуды ашқан Гуманитарлық ғылымдар және шетел тілдері факультетінің деканы А.Қ. Ахмет жарық көрген кітаптың мазмұны мен маңызына ерекше тоқталып өтті. Бұнан кейін сөз алған ф.ғ.д., профессор Қ.Ө. Жүсіп әріптес досымен кітапты қалай жазғанын қызықты етіп баяндады. Үш тілде жазылған кітаптағы 850 афоризмдер әр түрлі жанр мен форманы қамтып, ирония, сарказм элементтерінен тұратын әлеуметтік-тұрмыстық (философиялық, психологиялық, педагогикалық, отбасылық, достық, жолдастық, шығармашылық және т.б.) өмірдің сан алуан мәселелерін қамтиды. Кездесуде кітап авторларының бірі А.И. Туссейн залда отырған оқытушылар мен студенттерге сұрақ қойып кітаптағы әр афоризмнің мазмұнына тоқталды. Өмірлік бай тәжірибесінен бірнеше мысалдар келтіре отырып, әлем халықтарының тілдерінің тарихына тоқталды. Қорытындысында «Үш тұғырлы тіл» аясында үш тілде білім алуға құлаш ұрған жастарымызға таптырмас әдістемелік-көмекші оқу құралы деп танылды.

// Атырау. – № 30. 16.04. 2016 ж.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙