Ата жұртым – алтын діңгегім
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қамажай Дәуітбаева — «Ата жұртым – алтын діңгегім». (Отыншы Көшбайұлының деректі әңгімесінің желісі бойынша)
/uploads/a98a93ed-790a-5c46-b594-787450864644/cover.png
(Отыншы Көшбайұлының деректі әңгімесінің желісі бойынша)
"АТА ЖҰРТЫМ - АЛТЫН ДІҢГЕГІМ"
Рөлдерде:
1. Қарт Демеген - 70 жаста
2. Бала Демеген - 15 жаста
3. Әлпен – Демегеннің шешесі
4. Нұрмағанбет – Демегеннің әкесі
5. Бәли – 50 жаста
6. ОГПУ қызметкері, бай
7. Молда
8. Айша-Демегеннің кемпірі
9. Оразмағанбет
10. Дәмежан
11. Бала
12. Автор
Бәйбішелер, келіншектер, қыздар (Сахна жабық. Сырттан өлең оқылады)
Алтын ордам, көрейінші деп келдім,
Қолым ұшын берейінші деп келдім.
Шетте тудым, шетте өстім, ағайын
Дәл ортаңда өлейінші деп келдім.
Атамекен, нәр алайын деп келдім,
Шертіп бір күй уанайын деп келдім.
Сен жыласаң жоқтау айтып тоқтаусыз,
Сен қуансаң қуанайын деп келдім.
(Сахна ашылады. Сахнада оралман Демеген қарт отырады. Журналист келеді.)
Журналист:
— Сәлеметсіз ба, ата! Денсаулығыңыз жақсы ма? Мен «Маңғыстау» газетінің журналисі едім. Сіз – шет жұрттан келген адамсыз. Басыңыздан кешкендеріңізді айтып берсеңіз.
Демеген:
— Басымнан кешкендеріңді айт дейсің-ау, қарағым. Нені айтам. Жат жерде өткен сол жылдар сағыныш пен мұңға толы, желісін сағынған аруана құсап осы жылдар Маңғыстауга жанарымыз талғанша қараумен өтті ғой. "Үмітсіз – шайтан" демейтін бе еді. Бірақ кейде сол үміттің де тым ұзаққа созылып, торықтыратын кездері болады екен. Баяғы шешемнің өмірден өтер алдында үй алдындағы биік төбеге шығып, көзінен парлаған жасын жаулығымен үнсіз сүртіп, көз ұшында бұлдырай көрінген жақты көрсетіп былай деп еді.
(Сахнаға бала Демеген мен шешесі шығады)
Шешесі (баласына айтып отыр):
— Сонау көрінген сенің туған жерің еді, құлыным. Кіндігің сол жақта кесілген. Ой-хой, шіркін дүние-ай. Сен өмірге келгендегі Үстірттің үстінің отын айтсаңшы. Жұпар иісі аңқыған жусан мен еркек тізеден келетін. Қайран Үстірттің кешке таман соғатын, жаныңды сергітер ауасын айтсаңшы, жердің өкпеңді сығар ыстығы емес еді ғой. Сол кезде әлгі самалға қосылып ырғалып тұрар селеулі дала әлі есімнен кетпейді. Немерелі болдым деп марқайып атам бір тайды алып ұрған. Ол жақта осы қазір біздер құсап ешкім құмырсқа илеуінше бір жерге тығылысып отырмайды. Ана төбенің, ана қырдың үстінде бөлек-бөлек отырғандар сол күні артынан сызылған шаң қалдырып, жан -жақтан біздікіне ағылған. Ат жарыстырып, белдесіп күресіп, ән айтып, мәре-сәре болып еді. Немере сүйгізіп, тағдырдың қолтығымнан сүйегені шығар деп, сонда атыңды Демеген қойып еді, атам жарықтық. Бірақ тағдырдың аяусыз тәлкегіне түсетінін ол кезде кім білген. Азын-аулақ малға байсыңдар деп қудалау басталды.
(Шілдехана көрінісі. Әйелдер. қыздар (Сахна жабылады)
1 — әйел:
— Әй, келін, балаңның бауы берік болсын! Өмір жасы ұзақ болсын!
2 — әйел:
— Немерелеріңнің бауы берік болсын! Өмірі ұзақ болсын! Құтты болсын!
(Дастархан жайылып, думан басталады.)
1- келіншек:
— Қалжаға сойылған малдың омыртқасынан ауыз дәм татпадық. Бәленше бар-ау деп ойламайды. О несі екен?!
2- келіншек:
— Ең құрығанда бір мүжуге тісіміз тимеді. Ауыз тигізуге бұл үйде бір жан табылмас па? Әлде омыртқа мүжімей босқа қайтамыз ба?!
3- келіншек:
— Әй, келін, мыналар ат кекілін кесуге дейін барады. Одан да ана қатындарға омыртқа мүжіт. Ырым қылып тұрғандағысы шығар. Әйтпесе жайшылықта омыртқаға қарайтын ба еді? «Сүйек-саяқ беріп қорлауын қарашы» деп лақтырып жібереді бұлар.
(Бір әйел омыртқаның етінен бәріне ауыз тигізеді. Бәрі мәз боп жеп жатады)
1-келіншек:
— Омыртқаның етінің тәттісін-ай! Керемет екен! Біз де мына келіншек құсап бала көтеріп, бала табуға құштармыз. Осылар секілді тезірек босанармыз дейміз.
(Күлкі. Мәз-мейрам)
(Әбден мүжілген омыртқа уыққа байланады. Бесік әкелінеді. Бәйбіше келіп қасына орналасады.)
Бәйбіше:
— Биссимилла-Рахмани -Рахим! Балаңның дені таза болсын, бесікті аластап алайын.
1-әйел:
— Бала қырандай болсын! Бүркіттің тұяғын ілейін!
2-әйел:
— Бала аман болсын! Пайғамбар қолдап жүрсін! Қажылықтан келген тұмар болсын.
(Бәйбіше баланы бесікке салады)
Молда:
Биссимилла-рахман-рахим! Баланың аты Демеген болсын! Сенің атың - Демеген! Демеген - сенің атың. Баланың бауы берік болсын! Жасы ұзақ болсын!
1- келіншек:
— Молдеке, бата беріңіз, бата! Молда:
Нәрестенің бауы берік болсын,
Ата-анасына серік болсын.
Азамат болып ер жетіп,
Ақсақал боп төрлетіп,
Азамат болсын ардақты
Мінезі болсын салмақты
Өнері болсын жан-жақты
Осы айтқанның бәрі келіп,
Алла берсін зор бақыт! Аллау акбар!
(Бәрі қолдарымен бата қылады)
(Сахна жабылады) (Көрініс. Қудалау. Үйдің іші. Адамдар отыр. Сахна сыртында айқай-дабыр)
Дауыстар:
— Ойбай, атып кетті, атып!
— Соғып кетті! Алла сақтасын!
— Ауылда әскерлер қаптап кетті. (Үйге ОГПУқызметкері кіріп келеді)
Милиция: — Сен бе, бай? Оңбаған иттің күшігі! Тұр былай! Сен халық жауысың ғой! Сендейлерге біздің арамызда орын жоқ. Жапон шпионының отырған жерін қара! Тыныш жерде отырып, құпияның бәрін жіберіп отырған сен екенсің ғой! Сен сияқтыларды атып, асып, итжеккенге айдау керек.
(Тепкінің астына алады. Жағаласып сүйреп кетеді. Әйелдер жылап қалады)
(Шеше мен бала көрінісі)
Шешесі (баласына әңгімесін айтып отыр): - Содан атамдар түрікпен жерінде қалды. Біз одан шығып шығандап, осында парсы жеріне келдік. Алдынан кесе-көлденең өтпеген атам өмірден өткенде топырақ салу бақыты да бұйырмады бізге. Соны ойласам, әлі күнге дейін жанымды қоярға жер таппаймын. Елдің іші ғой, әйтеуір бір мұсылман бетін жапқан шығар. Бірақ өз балаларының орыны бөлек қой. Енді міне, сол жақты сағына мен де өмірден өтіп барам. Ең болмаса, сүйегім барса деп армандаумен болып едім. Бірақ ол болмады, құлыным. Енді Құдайдан сұрарым, сендер жетсеңдер екен сол жерге, ондай заман туа қалса туған жерге менен де сәлем айт. Сағынғанымды айт, сағынышымның шексіз болғанын айт. Тұла бойым жанып барады. Шіркін-ай, осы кезде тісіңді сындырар шымырау суы болар ма еді? Бірақ ол қайда? Жоқ қой! А, Құдай, қайырымың мол еді ғой, маған қимаған, менен қызғанған сол қуанышыңды осыларға бере гөр. Сөйте гөр, әулием. Мен титтей де ренжімей өтейін.
(Сахна жабылады) (Шеше мен бала көрінісі бітеді. Демеген қарт пен журналист шығады)
Демеген:
— Көп ұзамады. Әкем екеуі Иранның Күмістөбе дейтін жерінде қалды. Түрікпен жерінде қазақтың қауымы бар. Ол жақтың салты бойынша басына белгі қойылмайды. Оралу бақыты маңдайыма бұйырып, бастарына дұға оқып кетейін деп барғанымда әйтеуір, осы жер болар деп шамаладым. Өйткені, бастапқы барған кезімде біздерден адамдар көп өлді ғой, кең далада өскен маңғыстаулықтардың жерсінбегені сондай, алғаш жер ауып барғанда әйелдер бала туудан да қалған. Табиғаттың сондай да кереметі болады екен. Жүректерін сағыныш кернеген шерлі көңілдердің қасіреті ме ол, кім білген. Әйтеуір, туған жерге деген сағыныш, мұң ұмытылғанша көп уақыт болды ғой.
Әлі есімде. (Демеген қарт ойланып қалады.)
(Сахнаға жетім бала Демеген шығады. Жылап отырады.)
Автор:
— Әке-шешеден айырылып, айдалада қорғансыз жетім қалған, көз жасымды тыя алмай, есік алдында өксіп отырған мені, баяғы елден жүк артып келген түйе боздап келіп иіскеп еді. Қарасам ол да жылап тұр екен. Күн сайын ол мені иіскемесе, мен оның мойнынан құшақтамасам, мауқымыз басылмаушы еді. Ойлап отырсам, сонау туған жерден бірге келген түйе екеш түйенің маған деген демеуі екен ғой. Маңғыстаудан бірінші Түрікменстанның Жебел жеріне келіп паналаған мен, кішкене молдалығы бар деп тағы да қудалап, ұсталып кету қаупі бар болғаннан кейін осында аудық қой. Сонда шешем Әлпен, үш інім мен бір қарындасымды арқасына мінгізіп, артына зарлай боздап, қарағыштап келген жері еді бұл.
Автор:
— Көктем мезгілі. Туған жерден орын таба алмаған Түрікменстан мен Иран шекарасына көш келеді.
(Арт жақтан айқайлаған дауыстар естіледі.)
Дауыстар:
— Ау, халайық, тоқтаңдар! Сәл кідіріңдер! Түйелер батып қалды.
— Не дейді? Не айтып жатыр?
— Тоқтаңдар! Кішкене аялдаңдар.
Бәли (өз тобының кері қайтатынын Демегеннің әкесіне айтып жатқан кезі):
— Айып етпе, Нұрмағанбет. Қасыңа еріп, көшіңнің санын көбейте алмадым. Тар жерде қолтығыңнан демей алмадым. Мен әлсізбін бе, әлде туған жердің құдіреті күшті ме, білмедім, әрі қарай жүре алар емеспін. Мен онсыз, туған жерсіз, дем ала алмайды екем. Туған жердің бозторғай шырылынсыз ояна алмайды екем. Мен мәңгілік түнекке келе жатқан адамдаймын. Өзімді емес, ана белгісіз өмірге келе жатқан, көздері жәутеңдеген балаларымды аядым. Не де болса кейін қайтамын. Қол-аяғымды бұғаулап, етімді турап жесе де, туған жерде өлгім келеді.
Нұрмағанбет:
— Бәли шырағым, дұрыс айтасың. Алдымызда ненің күтіп тұрғаны бізге белгісіз. Мына уақыт адамның бір-біріне өкпе айтатын кезі ме? Мүмкін дұрыс шешім жасаған шығарсың. Жақсылық айдап бара ма, әлде сорымыз ба ол жағын мен, ақ-қарасын айыра алып тұрғаным жоқ. Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен заманда ненің ақ, ненің қара екенін кім біліп жатыр дейсің. Апақ-сапақта іргемізді көтеріп, алыс жолға шықтық. Тағдыр басқа салған соң, көнеміз де қайтеміз? Ал жағдайымыз мынау болса, қаламын десең өзің біл. Сенікі де дұрыс шығар. Анда барғанда бізді кім қарсы алар дейсің. Елде қалып, тағдырдың басқа жазғанын көрем десең, ол жаты өз еркің. Олай болса, мына менің екі баламды алып қал, сендермен бірге болсын.
Әлпен:
— Не дейді?! Не қыл деп тұрсың сен, отағасы-ау?! Екі баланы жұртқа тастап қалай кете барасың?! Өз туғаныңды қалайша ажыратып отырасың, а?!
Демеген (құшақтап):
— Апа,мен қалмаймын! Бірге кетем!
Дәмежан (құшақтайды)
— Апа, бізді тастамаңдар! Өздеріңмен алып кетіңдер!
Нұрмағанбет:
— Қарақтарым-ау, сендердікі де дұрыс шығар! Қалай тастап кетем балапандарымды. (әйеліне қарайды) Мен байғұс бұлардан жиреніп тұр дейсің бе?
Менің ойлап тұрғаным, болашақ уақыт қой. Жаңа айттым ғой, алдымызда не тұрғаным кім біледі? Жағдайымызды кім түсінеді? Құшақ жайып кім қарсы алады бізді? Ойымыздағыдай болмаса, күн көріс қалай болмақ? Мына балалардың болашағы қалай болады? Ал елде қалса, елдің аты - ел ғой. Бірдеме қылып күн көрер. Мына Бәлиге тапсырамын. Егер барған жеріміз жақсы болып, көзіміз ашылатын болса, қайта келіп алып кетемін. Ал жолда немесе анда олай-бұлай болып жатсақ, өз күндерін өздері көреді-дағы. (Балаларын басынан сипайды) Құлындарым, сүйтіңдер. Ақылдарың бар ғой. Кейіннен келіп алып кетемін. Қазір жол ауыр, түсініңдер, қарақтарым! (Бәлиге қарайды)
Ал, Бәли шырақ, мынау балаға бас-көз болғайсың. Ал кейін қайтуға менен рұқсат. Елге сәлем айтыңдар.
Әлпен (балаларымен құшақтасып тұр):
— Қарақтарым, әкелеріңдікі дұрыс шығар. Кейіннен келіп алып кетемін деді ғой, жыламаңдар! Бәли үйінде жүре беріңдер. Біздерден хабар болмай жатса, есейгенде іздеп келерсіңдер. Бірақ Құдай сақтасын ондайдан! (құшақтап айырылмайды).
Бәли:
— Ал, жолдарың болсын! Сау болыңдар!
(Жұрт жамырасып қоштасады. Жылап жатқандары да бар, ана мен балалар айырылмайды. Екі топ адамдары айырып алып кетеді. Әлпен қол бұлғап көш соңында қалып қояды)
Автор:
— Арада алпыс күн өтті. Нұрмағанбет бастаған көш парсы жеріне табан тіреп жетті. Кері қайтқан Бәли тобы быт-шыты шығып бытырап, Түрікменстанның ең шет жерінде жүріп жатты.
(Сахнаға екі бала – Демеген мен Дәмежан шығады.)
Дәмежан:
— Әй, Демеш, мен жүруден қалдым. Шаршадым. Аяғым өз-өзінен бүгіле береді. Кішкентай дем алайын. Дем алсам жүре алатын сияқтымын.
Демеген:
— А, олай болса, дем ал. Мен талғажау іздейін. Бәлкім табылар. (кішкене жүрген соң жерден көсік тауып алып, қуанып кетеді.) Әй, Дәмежан, мен көсік тауып алдым, көсік. Мә, жартысын сен же!
(Екеуі бөліп көсік кеміріп отырады.)
Дәмежан:
— Ой, шіркін, нан болар ма еді?! Баяғы кішкентай кезімізде апам күлге көміп пісіретін еді ғой, есіңде ме?! Сондай бір күлше алдымызда жатса ғой, шіркін. Бірақ ол қайдан болсын! Тәтті ғой, тәтті! Бірақ соның өзін тойдық деп жемейтін едік-ау!
Демеген:
— Мына көсік те тәтті емес пе?! Өте тәтті екен мынау! (Екеуі үнсіз қалады)
Дәмежан:
— Әй, Демеш, ана бір кісі кім болады екен? Жүрісі біздің әкеге ұқсайды екен, ә? Неге келмей жатыр екен?
(Осы уақытта сахнаға Нұрмағанбет шығады).
Нұрмағанбет:
— Айналайындар-ау, Дәмежан мен Дәмешімбісің-дер! Қарақтарым-ау, аманбысыңдар. (құшақтап сүюіп жатады.) Күйлерің не болған сендердің?! Жаным-ау, бұндай халге түседі деп ойлаған жоқ едім! Жетімдік тартып қалыпсыңдар ғой! (Арқасындағы дорбасынан тамақ алып береді.) Мә, жеңдер. Қарындарың ашып қалыпты. Обалдарың мына заман мен заманды басқарған адамдарға болсын. Біздерді осындай халге жеткізген. Мен сендерді алып кетуге келдім. Енді жетімдік тартпайсыңдар. Жақсы өмір сүреміз. Жыламаңдар! (Тағы да құшақтап сүйеді). (Аз кідірістен соң) Бәлилер қайда? Әйелі Қатша қайда? Сендер қайда жүрсіңдер?! Солармен бірге болыңдар деп едім ғой!
Демеген:
— Олардың қайда кеткенін білмейміз. Осыдан біраз күн бұрын солдаттар келіп-кетіп жүрді үйге. Екінші рет келгеннен соң ол кісілер де көрінбей кетті. Содан кейін мүлде көрген жоқпыз.
Дәмежан:
— Олардан басқа ауылдың біраз адамы жоғалып көрінбей кетті. Әйтеуір ауылда жоқ. Тек «жау» деген сөздер естіледі.
Нұрмағанбет:
— Е, солай деңдер, (күрсінеді) қарақтарым! Қап, бекер болды-ау! Қап! Бекер қалдырдым-ау сонда, өзімнен болды-ау! Неге ғана ілестіріп алып кетпедім? Неге ғана кері кетуге рұқсат бердім, а? Неге?! (Жылап жер тоқпақтайды, балаларын құшақтайды.)
(Сахна жабылады) (Кешқұрым. Сахна күңгірт. Бала Демеген шаршап ұйықтап, түс көріп жатыр.)
Автор:
— Қарағым, Демешім, сен жылай берме! Міне, біз бәріміз де тіріліп келдік. Енді өлмейміз. Сен қорғансыз, жетім емессің! Енді сен жыламайсың! Сенің көз жасың бізді дүниеге алып келді. Сені енді байдың үйінен алып кетеміз. Туған жерге барамыз. Жылаушы болма, енді. Көзіңнің жасын сүрт. Өксігіңді бас. Бізге ер.
(Сырттан дауыстар естіледі)
— Малға сақ болыңдар!
— Малға сақ бол! Шығып кетпесін!
— Ықтырманы баға көріңдер!
— Шық тысқа тегіс, көз айырма малдан!
(Сахнаға бай шығады. Ұйықтап жатқан Демегенді көреді).
Бай:
— Қайда жүрсің, сен сүмелек? Неге жатырсың, сен ит?!
Бала:
— Көке, мен күндіз малдан келдім ғой!
Бай:
— Қарашы, сөзін қарашы, әкеңнің, жоқ қылайын, сен итті! Өлгенді көрсетейін мен саған, түрікпен! Мә! (қамшымен бастан тартып жібереді)
(Бала жылап кетеді. Боранның гуілі мен малдың дыбысы шығып жатады. Баланың дауысы естіліп жатады.)
Бала:
— Айт, құрғыр! Қайт! Иттің малы!
Айт, шу! Айт!
Автор:
— Қатты дауыл үстіне сабалап жауын да құйып кетті. Әп-сәтте сол жауын қиыршық қарға айналды. Қой қайтіп шыдасын. Ықтай алған бетімен бастарын төмен салбыратып, жондарын суыққа беріп, бірін-бірі паналай түсіп, жосып барады. Демеген айғайын үзбей отырып, әбден өкпесі күйген шағында ыққан қойды қуып жетеді. Қолының, мойынының, бетінің ашық жерлеріне тиген қиыршық қар темірдей тиеді, жүзіне шанышқыдай сұққылап, солқылдайды.
Міне, осылай Демегеннің жас өмірі жетімдікпен, қорлықпен өтіп жатты. Жылдар өтті. Естияр жігіт ағасы болды. Кәмелетке толар-толмаста жасы асып кеткен бір мықтының баласының орнына соғысқа еріксіз аттанды. Қарғыс атқан соғыс Демегеннің жолына тұсау болды.
Енді жетілдім, өстім, болдым деген шағында Иран - Ирак соғысынан бір-ақ шықты. Отан үшін мерт болу арман әрі ерлік болатынын Демеген қанша сезіп-білсе де соғыста кім үшін, не үшін қолына қару алғанын түсінбеді. Кеше ғана адам төзбес зорлық көрсеткен жат жер енді Отан үшін деп отқа салады. Қайткен күнде, қайда жүрсе де Демеген бір-ақ нәрсені ұмытпады. Ол – өзінің туған жерден жырақ жүргендігі.
(Сахнада Демеген қарт пен журналист)
Демеген қарт:
— О, тоба, тіліңнен, діліңнен айырылғаннан сақтасын. Ондай маңдайының бағы ашылмаған халық аз ба еді? Баламыз ғой, көп нәрседен хабарсыз болып өстік. Ақсақалдардың айтуы бойынша, атақты Оразмағамбет болмағанда, бытырап кетеді екенбіз. Сол Орекең әр жерде тарыдай шашылып жүрген қандастарын жинай бастады.
(Сахна жабылады) (Сахнада Оразмағамбет адамдармен кеңес жасап тұр)
Оразмағамбет:
— Армысың, әлеумет! Бәрің де бармысың?!
Жат жерде табанымыз жарылып, өзгенің қоқан-лоқысын көргеніміз – өзіміздің бірлігіміздің жоқтығы. Кез келген жат маңдайымыздан шертіп, жағамыздан атып түсері мұнымен шектелмейді. Қашанғы төзе бермекпіз?! Біз де ел емеспіз бе?! Тірлік етпейміз бе?!
Дауыстар:
— Дұрыс! Дұрыс!
— Әділ сөз! Сөз Сіздікі!
Оразмағамбет:
— Сондықтан маған тоқтаңыздар. Кешеге дейін түрікпен деп, шурави деп аталдық. Солай емес пе? Ал біз кімбіз?! Қазақпыз! Неге өз ұлттығымызды сақтамаймыз?!
Дауыстар:
— Иә, солай! Біз – қазақпыз!
Алдыңнан жарылқасын!
Оразмағамбет:
— Олай болса, бірлесіп күш біріктірейік. Мынау – бір шыбық. Мұны оңай сындыра аламыз. Ал мынау – топ шыбық. Мұны сындыру қиынға соқпақ. Сондықтан бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білейік. Патшаға арыз жазып жер сұраттым. Бізге егін егетін жер, өгіз, тұқым беретін болды. Уәдесін беріп отыр. Әй, сен, мал бағатындарды басқарасың! Елдің малының бәрі сенің мойныңда. Егін шаруасымен, Жалбыр, сен айналысасың!
(Осы уақытта бір бала жігіт сырттан айқайлай қосылады)
Бала жігіт:
— Халайық, патшадан хабар келіпті, қазақтарды орналастыратын болыпты.
Дауыстар:
— Ореке, мынау тамаша жаңалық қой!
— Жақсы болған екен!
— Құтты болсын!
(Жұрт абыр-сабыр, қуанып, құшақтасып жатады. Осы қуанышпен кетеді)
Автор:
— Біз сөйтіп Гургенде тұрып қалдық. Итшілеп жүріп өлместің қамын жасадық. Біріміздің қуанышына ортақтасып, қайғымызға көңілімізді айтып, қолтығынан сүйедік. Демегеннің басы екеу болды. Баяғы жетім Демеген шаңырақ көтерді. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген, Айшаны алғаннан кейін тұрмысы жақсара бастады. Мал ұстап, шаруа жайы оңалды. Араға жылдар салып дүниеге қарадомалақтар келе бастады. Тұңғышы Еркін – бостандықты аңсағаннан туған бала. Күнім аман болсын деп Күнімай дүниеге келді. Ал Гүлімай – адамзаттың амандығынан жаратылды.
(Сахнада қарт пен журналист)
Демеген қарт:
— Ол жақта болған жылдарымызда бір ғана нәрсеге шүкіршілік ететін едік. Қалың парсы, ұйлыққан түрікпен ішінде жоқ болып кетпей, ұлттығымызды сақтап қалыппыз. Ұлдарымызды намысшылдыққа тәрбиеледік. Қыздарымызды жат қойнына салмадық. Ендігі тілек солардың болашағы еді. Баяғы шешеміздің тілі сөйлесе болды, көкірегі қарс айырылып, көз жасын төгіп армандайтын туған жер деген сағыныш біздің бойымызда да өшкен жоқ. Еліміз көк байрағын тігіп өз алдына ел болғанда, біздер қандай қуандық десеңші.
(Ойланып отырып қалады)
(Сахна жабылады) (Көрініс. Үйдің іші. Демеген бала-шағасымен отыр. 1991жыл)
Айша (сырттан кіреді):
— Мына Құдайдың күні қайтеді, ә? Үскіріп тұр ғой! Малға қиын болды-ау! Ай, шал-ау, анау Сарыбайдың үйі бір мал құдайы садақа беріп жатқан көрінеді. Бармайсың ба? Міне, мен кетіп барамын. Жүретін болсаң артымнан ер.
Демеген:
— Ай, кемпір, мен мына радио тыңдап барамын. Осы әлемде күтпеген көп жаңалық болайын деп жатқан көрінеді. Ана біздің еліміз бен жерімізді боданда ұстап отырған Кеңестер тарайтын көрінеді. Соның хабары не болар екен? Соны тыңдап барармын садақаға. Сен жүре бер қазір.
(Радионың құлағын бұрап, тыңдай бастайды.)
Диктор:
— Осымен парсы халқының халық әндерінен құралған бағдарламамызды аяқтаймыз. Халықаралық жаңалықтарымызды бастаймыз.
Кеше, желтоқсанның 16 күні Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі елдің тәуелсіздігін жариялады.
Араға 84 жыл салып өз бостандығын алды.
Демеген (құлағын түріп):
— Тәуелсіздік! Тәуелсіздік алыпты! Айша, біздің еліміз тәуелсіздік алыпты! Міне, керемет! Еліміз бар екен ғой, ерлері ер екен ғой! Жеңіс! Жеңіске жеттік! Еркін, тұр, Молдабайға Саршаға тағы басқа ауыл ақсақалдарына жаңалықты жеткіз. Осында шақыр. Ақсарбас шалуға дайындалайын. Айша, сен үйді тазала. (Осылай шығып кетеді, ақсақалдар сөйлесіп отырады.)
Милиция:
— Бұл үйдің қожайыны кім? Сен бе? Сұмырай түрікпен! Елді шулатып жүрген? Не қылған тәуелсіздік?! Саған тәуелсіздік керек пе? Мә, тәуелсіздік!
(Төбелеседі. Халық арашалайды.)
Демеген:
— Әй, топас бастық! Сен өйтіп енді қоқаңдама! Мен түрікпен де, шурави де емеспін. Мен - қазақпын. Ана жақта іргелі елім бар. Тәуелсіздік алған Отаным бар. Мені кемсітуге ешқандай құқың жоқ. Мен түрікпен де, шурави де емеспін. Мені қазақ деп ата. (шуласып шығып кетеді.)
Автор:
— Міне, осылай күндер өте берді. Тоқсан екінші жылы күзде Президентіміз келеді деген күні Гургенде, Бендершахта, Күмбетте тұратын бар қазақ Тегеранға ағылды. Елінің елдігін білдіріп, бар қазақтың бірнеше жыл бойы үзілген сағынышын арқалап келді ғой Нұрекең. Кешегі қазақ деп айтуға тілі келмейтіндердің қасиетіңнен айналайын көк байрақтың алдына сымша тізіліп, патшамызға бас игенін көргенде, жүрек түкпірінде шер боп қатқан біздің сағынышымыз жол бойы төгілмегенде қайтушы еді.
(Көрініс. Көк байрақ.)
Бала:
— Байрақтағы сурет не қылған сурет, көке? Күн мен құстың суреті неге салынған?
Демеген:
— Күн астында самғай көтерілген құс – Қыран. Ондай құс биіктікті, бостандықты сүйеді. Ашық аспан астында еркін ұшып жүрген қыран, ол – Қазақ, тәуелсіз Қазақстан. Біздің Отанымыз сол Қазақстан, біздің ата-бабаларымыз сонда жатыр, қарағым. Туған жерге бару – мұрат. Өз Отаныңда, өз туған жеріңде өмір сүрсең бақыттың бақыты сол, балам. Құс екеш құс та өз мекенін сағынады. Жыл құстары да өз Отанына оралмақ.
Бала:
— Көке, анау қазды көрдіңіз бе? Сол құстарды атайықшы, атшы ана ұшып бара жатқанын.
Демеген:
— Жоқ, балам, бұл қаздарды атуға болмайды. Бұлар да жолаушы ғой. Алысқа кетіп барады. Жолынан қалдырмайық.
Бала:
— Алысқа дейсің бе? Қайда барады сонда?
Демеген:
— Туған жеріне кетіп барады?
Бала:
— Туған жері қайда?
Демеген:
— Алыста, сонау таудың ар жағында. (қолымен тауды нұсқайды.)
Бала:
— Көке, сонда біз де құстар сияқты басқа Отанда жүрміз бе?
Демеген:
— Иә, балам, сен не білейін деп ең? Бұл – өзгенің Отаны. Мұнда біз шетқақпай көріп, өзіміздің қазақ екендігімізді мойындата алмадық. Қорлықта, зорлықта көрдік. Намыстың да тапталған кездері болды. Бірақ жасымадық. Күнкөріс үшін әркімнің жерін жыртып, малын бақсақ та, алақан жайып қайыр сұрасақ та бостан, аяқтың астындағы боқты шұқуға емес, сонау биікте самғап, арпалыспен өмір сүруге жаралған халық екенбіз ғой. (сахнадан кетеді.)
Автор:
— Біз бақытты екенбіз. Сағындырған, сарылып күттірген туған жерге тоқсан бестің күзінде табанымыз тиді.
Көрініс. Туған жерге оралу
Демеген карт:
— Айналайын, туған жер! Сені де көретін күн болады екен ғой! Қайран жерім. Ух! (Басын жерге тигізеді. Сүйеді. Бір уыс топырақты маңдайына басады)
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру