TELEGEI

Home

Алапа

Қорғанбек Аманжолов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Алапа

Қазақтың белгілі ақыны Қорғанбек Аманжоловтың мерейтойлық жыр жинағына оның поэмалары, балладалары мен өлеңдері топтастырылған. Аңсарлы Азат тығымыз, бүгінгі таңдағы тəуетер Тəуелсіздігіміз, ұлты мыздың ұлық тұлғалары, жасын рухты жампоздары ақын жырларының алтын арқауына айналған.Терең ой, тебіреністі сезіммен толғай білген ақынның жыр жинағы оқырман қауымның көңілінен шығарына сенімдіміз. Кітап көпшілік қауымға арн

УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз-7 А52 Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне ақпарат министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитеті “Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару” бағдарламасы бойынша шығарылды

Аманжолов Қ.
А52 Алапа: (Поэмалар, балладалар, өлеңдер) – Алматы:
“Ана тілі” баспасы ЖШС, 2013. – 384 бет

ІSBN 978-601-251-080-5

Қазақтың белгілі ақыны Қорғанбек Аманжоловтың мерей-
тойлық жыр жинағына оның поэмалары, балладалары мен өлең-
дері топтастырылған. Аңсарлы Азат тығымыз, бүгінгі таңдағы тəу
етер Тəуелсіздігіміз, ұлты мыздың ұлық тұлғалары, жасын рухты

жампоздары ақын жырларының алтын арқауына айналған.
Терең ой, тебіреністі сезіммен толғай білген ақынның жыр
жинағы оқырман қауымның көңілінен шығарына сенімдіміз.
Кітап көпшілік қауымға арналады.

ІSBN 978-601-251-080-5

УДК 821.512.122

ББК 84 Қаз-7
© Аманжолов Қ., 2013
© “Ана тілі” баспасы ЖШС, 2013

Ақындық арын, даусыз дарын
1970 жыл. Алматы. Тамыз. Қазақ мемлекеттік
университеті. Журналистика факультетінің баспасөз
кабинетінде шамамен сексеншақты ұл мен қыз отыр.

Бұлар – емтихандардан сүрінбей өтіп, конкурсқа
жеткендер. Енді, міне, қабылдау комиссиясының
ұсынысы бойынша шығарылатын ректор бұйрығын
тыңдағалы жиналған. Сол сексеншақты ұл-қыздың

елуінің бағы жанғалы тұр. Жүрек шіркін лүп-лүп
соғады. Міне, декан да кірді. Атақты Тауман Амандо-
сов. Қаршыға жанарлы, сұсты кісі. Конкурстан өтіп,
студент қатарына қабылданған адамның фамилия-

сын атайды, орнынан тұрғызып бетіне бір қарайды
да қояды. Құттықтамайды да. Келесіге көшеді. Тек
бір фамилияға келгенде өйтпеді. «Аманжолов» дегенде
дембелше денелі қараторы бала жігіт көтеріле бер-

ген. «Ал, құтты болсын. Қалай, əділет бар ма екен?»,
деді декан. «Бар екен, аға», деді жаңағы жігіт. Екі
беті алабұртып, толқып кетті. Аң-таң қалып біз
отырмыз. Декан ағамыз келесі студенттің фамилия-

сына бірден көше салмай, сол арада жаңағы əңгіменің
жайын түсіндірді. Сөйтсе, емтихан күндерінде мына
жігітіміз комиссия жұмысындағы бірдеңеге назала-
нып, содан тура деканның кабинетіне жетіп барған

екен. Барған екен де баяғы Ғабең жазатын Ақанның

АЛҒЫ СӨЗ

Науан хазіретке айтатынындай етіп, «Əділет қайда, əділет?!» деп айқайға салған екен. Жас болсақ та байқаймыз ғой, деканымыз бұл əңгімені бер жағынан ғана кінəлағандай етіп айтқан сияқты, ар жағынан бір түрлі сүйсінгені, тіпті айызы қанғаны аңғарылып тұрды. Біз бəріміз де мектептен жаңа шыққан бала жігіттің батылдығына, рухының өрлігіне тəнтілікпен қарап қалдық. Оқу басталғанда біразға дейін оның атын əзілдеп «Əділет» атандырғанымыз да есімізде. Сол жігіт қазақтың қазіргі қабырғалы қаламгері Қорғанбек Аманжол еді. Осы кітаптың қолжазбасын Астанаға беріп жіберіп, маған телефон соғады. «Мен де келіп қалдым алпысқа, кітабымды шығарғалы жатырмын, алғысөз жазып берші», дейді. «Қой, саған қайдағы алпыс? Немене, ойыншық па сендерге алпыс жас?» деп соқтығып жатырмын досыма. «Қайдағың не? 2003 жылы сен жаңа ғана Ақпарат министрі болған алғашқы күндеріңде маған елу жасыма құттықтау жолдаған жоқ па едің? Содан бері он жыл өтті. Елуге онды қосқанда алпыс болатынын бастық басыңмен білмеуші ме едің өзің?», деп ол да есесін жібермейді. Иə, сонымен біздің Қорғаш та алпысқа келіпті. Зулап бара жатқан уақыт. Қарап отырсақ, курстасымыз, досымыз бұл жасқа жақсы жеткен екен. Журналистиканың аудандық, облыстық газеттерінің қайнаған қазанында əбден пісіп, Алматыдағы мүйізі қарағайдай талай ақын-жазушының түсіне кіретін «Жұлдыздан» бір-ақ шықты, одан жаңадан құрылған «Ауыл» газетіне барып, публицистиканың көрігін лаулатты. Негізінен сол жылдардағы жазғансызғандарынан құралған «Зұлмат пен ғибрат» деген кітабы – қазақ журналистикасындағы тамаша

туындылардың бірі, ерен еңбек, сирек табыс. Өлең
кітаптары да бірінен кейін бірі шығып жатты.
«Бастан асып барады қарыз деген, Арман болып қала
ма Париж деген» деп келетін бір өлеңін оқып, телефон-

мен: «Қорғаш, Парижге барғың келіп жүр ме, немене?»
дедім. Өзі аң-таң. «Парижге барғың келсе, «Егемен-
ге» жұмысқа кел. Жолыңды қалайда бір түсірерміз»,
дедім. Бұл 2007 жылдың күзі еді. Ақжолтайлығы ғой,

біздің редакцияға орналаса салысымен бірер ай өткенде
менің құрдасым Жүрсін Ерман айды аспанға шығарып,
дəл сол Парижде айтыс ұйымдастыра қалсын. Əрине,
Қорғанбек барды ол айтысқа. «Егемен Қазақстанның»

Алматыдағы
бөлімшесінің
жетекшісі
қызметіне

келісімен досымның шығармашылықтағы жаңа бір
тынысы ашылып сала берді. Мақаладан мақаланы,
сұхбаттан сұхбатты тоғытты дейсің келіп. Бірінен
бірі өтеді. Əлемнің талай елінен репортаждар да жол-

дады. Қазақтың қаншама асыл ұл-қыздарымен жан-
жүректі жылытатын əңгімелер жасады.
Қорғанбек Аманжолдың журналистік еңбектерін
оқыған адам автордың ақын екенін ағып тұрған

тілінен де, ой орамдарының ішкі ырғақтарға құрылып
келетін кернеуінен де, аяққа құйылған астай болып
төңкеріле қалатын пішін-бітімінен де анық аңғарады.
Ол өлеңді ерте бастаған. «Алапа» деген қазақтың

құйқалы да құнарлы сөзімен аталған осы жинағындағы
«Алғашқы менің өлеңім» сол сəттердің суреті. Универ-
ситетте жүргенде де Қорғанбектің талай-талай та-
маша жырларын тамсана оқығанымыз есте. Төменгі

курстардың бірінде жарияланған өлеңдерінің арасынан
«Шын сағыныш қайғыменен бір дейді, Шын бақыттар
мұңаюмен гүлдейді» деген жолдары əлі жадымда.

Мына жаңа жинағы Қорғанбектің қай жағынан да
кемеліне келгенін көрсетеді. Мағжан мəнерімен жо-
сылтып, Ілияс екпінімен төгілтіп түсірген «Қанай-
Абылай» поэмасы оның кəміл ақындық табысы деуге

лайықты туынды. Ақындық арынға салып, сол тұстағы
аса күрделі үдерістерді оңайлатыңқырап жібергеніне
сəл-пəл кеңшілікпен қарасақ, «Олжас» поэмасы да асыл
азаматты ардақтаудың əдемі үлгісі. Бір қарағанда

кейіпкер өмірін кезең-кезеңімен жыр арқауына айнал-
дыра бергендей де көрінетін «Бірəлі-дастан» – көп
адам біле бермейтін ғажап ғұмырнама.
Көкше өңіріне, Зеренді жеріне барсаңыз ойдым-

ойдым ормандардың бірінің шетінен үлкен тақтаны
көресіз. Ол тақтаға біздің Қорғанбектің «Зеренді
қарағайлары» деген өлеңі үлкен əріптермен жазылған.
«Осынау бақи ғұмырдың Жалғаса берсін тойлары.

Ұмытпа жырын ұлыңның, Зеренді қарағайлары!» деп
бітеді сол мөлдір жыр. Бүгінде Қорғанбек ақынның
жырлары өзі өскен өлкеге ғана емес, бүкіл қазақ дала-
сына да қадірлі.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ.
22 сəуір 2013 жыл.

Қорғанбек Аманжолов

Поэмалар,
балладалар,
өлеңдер

Қанай – Абылай
(поэма)
«Ту баста Абылайды хан көтерген
Қамқоры Қарауылдың шешен Қанай»

Мағжан.
Атыңнан айналайын Қанай баба,
Жырламай жайланайын қалай ғана.
Мұңданып аруағың мұнартқандай,

Жарқырап нұр шашқанда талай дана.
Тұсында Абылайдың құтпан едің,
Ұшына тілдің найза тұтқан едің.
Қазақта сөз қалдырмай қазып айтып,

Азаптан алып талай шыққан едің.
Семсердей қиып намыс жыртқан едің,
Серкесі, серек туған сырттан едің.
Суғарған шешендікті даналықпен

Сөгілген көкалалы бұлттан едің.
Халқына туғызбаққа күн мен айын,
Көтеріп ақ кигізге Абылайын,
Алашқа алтын заман орнатысқан,

Дариға, ұмытсын кім би Қанайын!?

Арғында,
Айнымаған ата жолдан,
Ұйытып қара суды бата қонған,
Құттымбет тақ әкесі би Қанайдың,

Ішінде Қарауылдың Қарашадан.
Батаның дарығаны сол емес пе,
Ұрпағы батыр Мәлік ер емес пе.
Жайлаған Зерендінің барқыт белін

Алты ауыл Қанай құтты ел емес пе.
Бүгіннің Қанайындай Баян ағам,
Ол дағы алты алашқа аян ағам.
Көкшенің көңілдегі биігі боп,

Қанайлық қасиетін жаяр ағам.
Балуан Шолақ ер де шалқақтамай,
Жар салған нағашым деп жалпақ Қанай.
Мен дағы бір жиенің

Қанай десе –
Жүрегім соға алмайтын атқақтамай!
Беу баба!
Батырлықпен қол бастадың,

Белсеніп билік айтып дауды ұстадың.
Басқыншы қалмақ сел боп төгілгенде
Бураша бұздың жайқап жау қыспағын.
Нар басын ел бағына байлап берген,

Талқыға түстің талай қайратты ермен.
Тар шақта жан сақтамай, арды сақтап,
Арқаға қонуға елін қайрап келген.

Қаратау қалды артыңда қайран қоныс,
Қалмақпен қан жұтысқан ойран соғыс.
Атығай-Қарауылдың серкесі боп,
Атыңды алты алашқа жайған сол іс.

«Ақтабан шұбырынды» шөкелеткен,
«Алқакөл сұламада» есе кеткен,
Еліне ес жиғызған ердің сойы,
Дес бермей дұшпанына дүсірлеткен.

Қазаққа –
Болмаса да хақтан қата –
Қан кешу қатты соққан ауырлата.
Арқаға бетті түзеп, көшті бұрды,

Атой сап балалары Арғын ата.
Сауырын Сарыарқаның жол қылыпты,
Сәйгүлік күн-түн қатқан болдырыпты.
Нәсілін Қарасопы Қанай бастап,

Көкторғын Көкшетауға қондырыпты.
Қошқарбай, Қосағалы, Есенберді,
Байқошқар, Түнқатардай көсемдерді,
«У жұтсаң – руыңмен» дегендей-ақ,

Ер Қанай ел-жұртымен есен көрді.
Сыр бойы сүмесінен сүрең кеткен,
Қаратау көзден жасты мөлдіреткен.
Бастаған батыр Қанай бахадүрлер

Көкшетау көк беліне келіп жеткен.

Бекітіп ел іргесін тыныс алып,
Бел бекем буылған соң бір іс анық:
Қалмақтың қорлығы өткен қайран ерлер
Деп тұрды «Қан майданда тұрысалық!».

Ертіске иек артып, Есілді өрлеп,
Атығай, Қарақайдың көңілі өргек.
Қайрылып қаскөй жаудан кек алмаққа
Құлшынып найзаларын көкке сермеп.

Оңтүстік жау қолында қанды қасап,
Орта жүз сауын айтып жиды жасақ.
Ызалы жолбарыстың күйін кешкен
Ұясын қас дұшпанда қалдырған шақ.

Құйылған қосынына бар қазақтың,
Сыйынған құдіретіне жалғыз хақтың,
Жасағын Қанай бастап, «Қарақайлап!»,
Ұрыс сап ұйтқып соққан қырғын шапқын.

Соңында үкілеген үміттері,
Атығай-Қарауылдың жігіттері.
Қаһары қотарылып лап қойғанда
Қалмақтың қан қақсаған сынып белі.

Итішпес, Аңырақай, Бұлантыда,
Қалмақтай,
Қырғын салып бұралқыға,
Қабанбай, Бөгенбаймен қатар шапқан

Қазақтың қасиетін ұран қыла.

Тіл безеп, найза кезеп батыр Қанай,
Жау күнін қараң қылып батырғаны-ай!
Алаштың аруағын асырысып,
Саңқылдап бірлікке елді шақырғаны-ай!

Қара тіл, қайқы қылыш – қос қаруы,
Даланың дана жүрек бостан ұлы,
Алатау бүркітіндей шаңқылдаған
Азаттық дабылына қосқан үні.

Есені қайтаруға жауда кеткен,
Ерлері еңсе тіктеп арман еткен.
Абыздай алысты ойлап, намыс қайрап,
Жортуыл, жорықтарда жаннан кешкен.

Қопарып қорғасындай ойды батпан,
Қотарып сөйлегенде қоймай айтқан.
Дау шешсе – төрелігін тура кесіп,
Кезі жоқ көздегенін алмай қайтқан.

Жақсының кеудесі алтын сарай деген,
Жан болмай қайран қалмай «қалай?» деген,
Сол шақта жалпақ жұртқа кетті тарап,
Бір есім айбыны асқан Қанай деген.

Елдің ер туғызатын кезі келген,
Төле мен Қазыбектің көзі көрген,
Қарауыл Қанай би деп атақ алып,
Кемеңгер даналардың ізіне ерген.

Сардала сабылдырып талай көшкен,
Саржелі олай да ескен, бұлай да ескен,

Қамалған ел тұйыққа тар заманда
Қамқоры Қарауылдың Қанай дескен.
Би Қанай, батыр Қанай, шешен Қанай,
Атығай, Қарауылға көсем Қанай.

Қорықпан қылдан тайып кетемін деп,
Қамқоры бар қазақтың, десем, Қанай.
Қолбасы, топтың басы суырылған,
Сірә да тайсалмаған ұлы дудан.

Қазақтың қара тілі, сөздің пірі,
Алты алаш айтқырлығын үлгі қылған.
Сол күнде би Қанайдың алтын басы,
Мүшелі – отыз жеті, ел ағасы.

Қан кешу, атыс - шабыс, ауыр майдан,
Қазақтың күңіренген сақарасы.
Тақ – жалғыз, тақ жолының таласы – мың,
Жау қалмақ – жойқын нөпір, қара шыбын.

Көкшеде толғаныпты Қанай бабам
Болжалдап болашағын Алашының.
* * *
Қапасқа күнін қазақ қоралатқан,

Жанына жауы салған жара батқан.
Жаяулап Үргеніштен қашып шығып,
Жапанда жалғыз жетім келе жатқан.
Артында қалған оның Қарсы, Ғұзар,

Аңдыған дұшпан көздің жансызы бар.
Түнерген алдындағы болашағы,
Түйілген қабағында зар сызы бар.

Кіреді қалың қазақ ішіне ендеп,
Кісіге ашылмайды түсі дендеп.
Үндемей отырса да, бәтшағардың
Басқаны басатындай мысы демдеп.

Ортаға опырылып шаңырағы,
Опынып қазақ іші қаңырады.
Намысқор назарымен бағып бәрін
Саяқтап сақарада сабылады.

Сол жеткін бір құпия жан болады,
Далада дәруіштей сандалады.
Қалаға Түркістандай келген кезде
Хандарға Әбілмәмбет жалданады.

Ішіне түйген сыры мол болады,
Ханның да қызметінен қорланады.
Жай - күйін жасырады жан біткеннен,
Айтуға ата-тегін арланады.

Келеді онан кейін Төле биге,
Көтерген дүйім қазақ төбе биге.
Түйесін Төле бидің бағып біраз,
Түседі бала тағы шемен күйге.

Балаға оңып кеткен бақ-бояғы,
Би атаң Сабалақ деп ат қояды.
Талқыға талай әлі салатындай
Тағдырдың кері кеткен шатқаяғы.

Сыртынан абыз Төле сырын барлап,
Тегін жан еместігін мұның аңдап,

Қосады батасына сол жеткінді –
Келешек көсем ердің дүрі болмақ.
Кемітпей, қорашсынбай, аласынбай,
Би баба күтіп тұрды баласындай.

Кебенек ішіндегі жасын жүрек
Кермеде жайланар ма аласұрмай?
Тілегін тәңірісі бере қалды,
Төтеннен қарт Бөгенбай келе қалды.

Арқадан аңыратып жеткен ерден
Абыз би аңқылдаған сәлем алды.
Көңілі Бөкеңнің де алаң екен,
Қалмаққа жортуылдап барады екен:

«Ер болса ерлік іздеп еретіндей,
Қасыма жолдас қылып ала кетем!».
Дегенін отырғанда оқыс тыңдап,
Көзінен Сабалақтың от ұшқындап,

Алдында би атаның басын иіп,
Бармаққа белін буып, алды рұқсат.
Жоңғардың жолын шолып, жерін шалып,
Жорықта әдіс алып, ебін салып,

Шалқыған от - жалындай орай соғып,
Оралды екі мәрте барымта алып.
Қадалып сегіз қиыр шартарапқа,
Қамалмай жау тықсырған жарқабаққа,

Атойлап ұлы қиқу төгіп жатқан
Ауаны ауа берді Арқа жаққа.

Қалмаған Әзірет Сұлтан кебеде де,
Тұрақтап тұра алмады Төледе де.
Бетке алып Сарыарқаны кетті тартып,
Болардай батыр, көсем көре-көре.

Сол бала Сарыарқаны жерім деген,
Қаймана қалың қазақ елім деген,
Хандардың қорлығынан қорынса да,
Халықтан қарапайым жерінбеген.

Шөңге мен шөгір қадап өкшесіне,
Арқаның жетті сұлу Көкшесіне.
Бекітіп бірте-бірте бұғанасын,
Сомдалып қаланардай текшесіне.

Сол кезде мекендеген Дәулет көлді,
Жақсылық Қарауылда Дәулеткелді,
Байлық пен билігін де қатар ұстап,
Көкшенің көркіне сай сәулет берді.

Сірә да болған шығар хақтың ырқы,
Сабалақ байға келіп бақты жылқы.
Елім деп келген бала бөтен емес,
Судай боп сіңбес бұлай жаттың ұрқы.

Әр жерде танытады текті мінез,
Бейәдеп бейпілдігі бек білінбес.
Бойында бекзаттығы байыз тауып,
Күпісін бүктеп биік соқты күмбез.

Күлкі мен қысыр сөзді малта қылмай,
Күпісін биіктетіп хан тағындай,

Тәкаппар бала кейде отырар-ды,
Тәңірдің бәйбішесі тапқан ұлдай.
Көкшеде ел иесі Қанай еді,
Кеудесі қазыналы сарай еді.

Назарын аударғаны Сабалаққа
Көрген бір керемет түс орайы еді.
Көлінен Караүңгірдің жағалатып,
Жорықтан шаршап Қанай келе жатып,

Ұйықтап сол арада түс көреді
Қиялын билеп алған таңырқатып.
Елестен сарсылғанда санаң үркіп,
Еліне әр уақытта дана бір құт.

Қанайдай киелінің қалғып кеткен
Қолына қонады алып қара бүркіт.
Аяқта балақ бауы зерлі екен деп,
Апырмай, жатқа неге қонды екен деп,

Басынан сол бүркіттің сипағанша,
Желпіген қанатынан жетті бір леп.
Күркіреп дем ішінде көк дүбірлеп,
Керемет қанатынан соқты бір леп.

Оянып сол арада кетті Қанай
Жанғандай кеудесінде от гүрілдеп.
Жар салып қасындағы жолдасына,
Жеткенде Қарамұрын қырқасына,

Көреді қоян бүрген сол бүркітті
Шығып ап таудың тарғыл жартасына.

Ойында көрген түсі жаңа ғана,
Оқиға болған мынау дем арада.
Алланың аянындай айқындалған
Сол сурет сұлбаланды санада да.

Ер Қанай тоқтатады серіктерін,
Жау келсе жапыратын берік белін.
Жаңағы түсін айтып жорытады
Қайсыңның бар, дегендей, көріпкелің?

Сол күнде ағайынды Малай, Қанай,
Тіл қатты Малай сонда: Қанайжан-ай!
Шеңгелін нәсібіне салды бүркіт –
Шошытып алмайықшы абайламай.

Шіркін-ай, көрген түсің тамашалы,
Боларсың қазағыңның дана шалы.
Қонады басыңа – бақ, еліңе – құт,
Қыран құс қарымыңа жол ашады.

«Әумин» деп жайды қолын Малай аға,
Ырымдап ел мен жерге, Қанайға да.
Аруақты Абылайдай хан келерін
Ақылгөй болжап білді қалай ғана!

Жетіпті жебе нақыл замандардан,
Зер көкірек, заңғар биік адамдардан.
Қанайға бақыт қара бүркіт болып
Қоныпты деген аңыз содан қалған.

Аңызы әдіптеліп шындықпенен,
Байланып бақас жауға кіндікпенен,

Қаһарлы Қалдан Серен уақытында
Қырқысы қазақ-қалмақ бір бітпеген.
Хабар кеп сауын айтқан жамағатқа,
Қайралған қайтадан ел қонады атқа.

Қанайдың қаптай шапқан қосынына
Қапталдан қосылыпты Сабалақ та.
Аттанған Дәулет байдың батасын ап,
Астында аңыратқан Шалқұйрық ат.

Жолдасты жортуылдас бір кездегі
Бауырға баса берді Бөгенбай қарт.
Тағдырдың шалдырғандай сал құйрығы,
Тәңірдің табылғандай дәл бұйрығы,

Таңдаған Дәулеткелді жылқысынан
Тәж-таққа алып ұшты Шалқұйрығы.
Сесінде селкеулік жоқ сол Сабалақ,
Жалғыз ат, жалаң қылыш, қату қабақ.

Жауменен ұрысардай, тұрысардай,
Намыстың найзасына сапы жалғап.
Қалың қол қарсы тұрған қазақ-қалмақ,
Қазақты іліктірген азап-қармақ.

Жүрегі қан қасаптан шайлықпайтын
Ер шықпай елі қайдан азат болмақ?
Сондай ер тудыруға толғатқандай,
Қан кешу толарсақтан жалдатқандай,

Бетпе-бет келген қолдың жекпе-жегі
Бар елдің батырлығын барлатқандай.

Мен деген талай ердің құты қашып,
Майданда Шарыш дәудің мысы басып,
Қазақтар жекпе-жекте жерге қарап,
Қарттары күрсінгенде уһыласып.

Бата алып Әбілмәмбет ханнан дара,
Ат қойды «Абылайлап!» жалғыз қара.
Аспанда атойынан бұлттар көшіп,
Дүбірі тұлпарының жерді жара.

Батыры баудай түсіп қаңтарылған,
«Бұл кім?» деп қазақ жағы аңтарылған.
Намысты Шарыш таптап тұрған сәтте
Онсыз да омақасып тау шағылған.

Ел көрді ес жиғанда Сабалақты,
Қайғырды қашырар деп бала бақты.
Халқымның үміт таңы тұрса да атып,
Күдігі көңілінен тарамапты.

Кезінде кеңесінен дегбір кеткен,
Найзасын толғай сұғып өндіршектен,
Шарышты шалқалатып ат үстінде
Өңгеріп кесті басын көк желкеден.

Жөнелді қанжығаға байлап басты,
Қазақтың қас дұшпаннан аруағы асты.
Қалың қол ұрыс салып, селдей қаптап,
Ұраннан үрейі ұшып қалмақ қашты.

Басына Сабалақтың бақ бөгелді,
Айбыны бет қаратпас шаққа келді.

Ардақтап ел көтерді алақанға
Ат қойып «Абылайлап!» шапқан ерді.
Әкеліп Әбілмәмбет хан алдына,
Өрлетті мәртебесін жоғарғыға.

Жаужүрек жас батырды тамашалап,
Жарқ етіп күн шыққандай қараңғыда.
Салмаған ұранды да асылық қып,
Тараған Есім ханнан асыл ұрық.

Тегіне тартып туған толағай ер
Тау-тасқа, туды қайта, басын ұрып.
Сабалақ алды солай сыйды көптен,
Себелеп қыдыр нұры құйды көктен.

Қуанып мұндай бауыр тапқанына,
Құшақтап Әбілмәмбет сүйді беттен:

– Белгілі бәрімізге асыл заты,

Баласы Салқам Жәңгір Уәлибақы.
Аруағын атасының аужал еткен,
Абылай болсын енді мұның аты.
Қаныққан жау қанына селебесі,

Қанішер Абылайдың немересі.
Көрсетті-ау қасиетін қаракөктің
Қозатын ұлы дуда делебесі.
Айтатын анық сөзім ағайынға,

Асықтай алшы түскен қолайыма.
Тақтың да ақ иесі сол емес пе,
Алла жар Абылайдың орайына!..

Сол сәтте саңқылдады шешен Қанай:

– Хан ием, қапысы жоқ айттың қалай!

Бас ұрған батырлыққа мәрттігіңе
Бас иер болашақта халқың талай.
Арсыдан жарылқанған алтын алап,
Ақсұңқар Көкшетаудан қақты қанат.

Еріме көрген түсті ырымдап ем,
Еліме ертең қонар бақты қалап.
Мың рахмет Жаратқанға, келді түсім,
Мың сан ел қыдыр - бақтың көрді түсін.

Атығай - Қарауылдың арзу хаты –
Датымның дәруғасын енді түсін.
Ат қойдың Абылай деп қыдыр-баққа,
Бақ бейіл ынтымаққа бұрылмаққа.

Тәңірім, тұғырымды төмендетпе,
Толайым ырымымды қырындатпа.
Жорасын бұрынғының жол қылайық,
Ордасын Көкшетауға қондырайық.

Қалмақпен көп соғысар орта жүзде
Хан тағын тұғырласақ, сол ылайық.
Алашта ақылы асқан нұр жазығым,
Алайық абыз Төле ырзалығын.

Жәнібек Шақшақұлы бата берсе,
Жасайды жалпақ Момын мырзалығын.
Атығай-Қарауылым өнікті орман,
Бақталас, бақастардан берік қорған.

Ұлықтап Ұлытауда хан көтеріп,
Абзалы Көкшетауға алып барған...
Осылай түйгенінде сөзді Қанай,
Ойларды сан-сапалақ кезді Қанай.

Ақжүрек Әбілмәмбет ханның дағы
Ақылға тоқтағанын сезді Қанай.
Қанайым ақ тілекті бастап тұрды,
Қабанбай, Ақтанберді қостап тұрды.

«Дулатып періштесін жұрт үстінен»,
Дүлейді Бұқар жырау жасқап тұрды.
Арқаның арыстаны қарт Бөгенбай,
Алашқа қорған болып жортқан ұдай,

Қанайдың қапияда тапқан жолын
Құп көріп күркіреді жағы тынбай.
«Жә!» деген білінгенде ханның райы,
Жадырап сала берді ел шырайы.

Жар салып дүниеге келді сол шақ
Қазақтың кеменгер хан Абылайы.
Шаттықтың шегі сол сәт болмап еді,
Алашқа алтын заман орнап еді.

Көкшенің көшіп келген орман елі
Көркем күй көкіректен толғап еді.
Алаштың асырғандай бағын айға,
Айналды Әбілмансұр Абылайға.

Дариға Хан асуы, Хан жайлауы,
Асатын Әзіретке жолы қайда?!

Абылай алапаның болды басы,
Аруақ аспандаған жиырма жасы.
Қанайдың хан көтерткен ақсұңқарға
Халқының ауа берді ықыласы.

Сөз бар ма халық өзі ұнатқасын,
Сын бар ма тәңірі өзі сынатқасын,
Көреген бабалар-ай, дәл көзеген
Мәңгілік ылайланбас бұлақ басын.

Би Қанай басшы болып, бүкіл елі,
Үш жүзден тоқсан жақсы үкіледі.
Жарқ еткен жалғыз сәтте сұлтан Абылай
Жұлдызын дүйім қазақ күтіп еді.

Жайылды жас жолбарыс даңы көпке,
Балады барлық қазақ бауыр етке.
Баяндап жайын Қанай айтқаннан соң
Батасын берді Шақшақ Жәнібек те.

«Әу бастан асыл тегін танып еді,
Мәпелеп баласындай бағып еді,
Төле би төрелігін берсінші» деп,
Абызға онан кейін алып келді.

Ағайын арасының жоралғысы,
Арналды тартуы мен таралғысы,
Ағадан ілтипатын аямаған
Би Қанай бірлік үшін алаң кісі.

Айғақтап алдаспандай жазылығын,
Айтады әділетті қазылығын.

Абылай Орта жүзді билесін деп,
Риясыз берді Төле разылығын.
Келтіріп әрбір істі ретке Қанай,
Қызметін қылды осылай көпке Қанай.

Қазына қара тілді қару етіп,
Қазағын жақындатқан шепке Қанай.
Көбесін қараңғының сөккен арай,
Қақпады ешкімді де шетке Қанай.

Ойқастап, елді бастап жүріп кетті
Алып бір Ұлытауды бетке Қанай.
Бауырдың бүтіндігін көрді Қанай,
Қоғамдап ұйыстырды ерді Қанай,

Бірлігі кетіңкіреп қалған елдің
Билігін берік қолға берді Қанай.
Тарқатып көңілдегі шерді Қанай,
Таңдады ту ұстайтын ерді Қанай.

Тірлігі тозыңқырап қалған елдің
Тізгінін темір қолға берді Қанай.
Тоқтамай, тыным таппай енді Қанай,
Кеудеде кеулеп қазды кенді Қанай.

Ұлытау, ұлан төбе көрінгенде
Үйірді бір жазыққа елді Қанай.
Ұлықтап ата-баба үлгі-үрдісін,
Ұшпаққа ұшырардай нұрдың құсын,

Ардағын ақ кигізбен көтергенде
Ұстады шешен Қанай бір бұрышын.

Алаштың шыққан сәті ерен белге,
Ауызы бармас ешкім төмен дерге.
Алтын тақ, ата мирас адастырмай,
Бұйырды Абылайдай кемеңгерге.

Хан тойы қалың жұртты жырғаттырды,
Қыранын қия шыңға самғаттырды.
Қанайдың қасындағы жігіттері
Қастерлеп хан киесін қорғап тұрды.

Ортада ұқсап Абылай туған айға,
Бөгелмей бет түзеді Бурабайға.
Орданы салтанаттап қондырудың
Билігі болып тұрды бір Қанайда.

Сарыарқа, сандал сағым, сары белі,
Көкшетау, көк бетеге, жәудір көлі.
Асқандай Оқжетпестің қиясына
Арналған Абылайға көңіл төрі.

Етегі кербез Көкше, шомбал тасы,
Қарағай, қалың жыныс, көлдің басы.
Аумағы ат шаптырым алаңқайға
Орнады Абылайдың Ақ Ордасы.

Басына Бурабайдың орда қонған,
Хан жайлау Қызылағаш ол да болған.
Қанайдың түсіндегі қара бүркіт
Қыдырлы Абылай боп самғады арман.

Көкшетау күмбірледі күйлі көкірек,
«Ақсарбас!» айтып тілек, ел дүркіреп.

Аруақты хан келгеннің белгісіндей,
Аспаннан жауып тұрды нұр сіркіреп.
Қалың ел қаумаласып етті ниет,
Ақжарма ағытылып кетті тиек.

Айна көл жағасында шаттанысып,
Ақ қайың ормандары кетті билеп.
Қоймастан сүйіншілеп алаш қауымын,
Қойнауын қыдыр кезді Көкшетаудың.

Ұлан-шу, ұлы думан
Арасында
Тәңірім тартқан сыйға бақша - баудың.
Жұмылтып жұдырықтай ел мен ерді,

Қалқандай тұтып берік бел - беренді,
Би Қанай бір ғажапқа бастай берді
Көкшеге хан қондырған сердебеңді.
Желіге мама бие байлатқызды,

Қотанға қоралы қой айдатқызды.
Қара үйде қара саба күрпілдетіп,
Қызметке төлеңгітін сайлатқызды.
Ақ Орда мәлім болып тігілгені,

Ақ туы Абылайдың желбіреді.
Құрмалдық болайық деп хан жолына,
Есілдей ақты құлдап ел тілегі.
Аспаннан ай сәулесі жалт үзілді,

Алламыз жарылқады халқымызды.
Жайнатып жасауымен түсірген шақ
Атығай – Қарауылдан алты қызды.

Көкшеге хан Абылай қонды құты,
Кернеді жүректерді өрлік оты.
Жау-жарақ, жігер-қайрат қайралғандай,
Ерлікке еңсерілді елдің беті.

Көкшенің көркі сұлу, серті мықты,
Көкседі ел бірлікті, еркіндікті.
Қазақтың басын құрап, бағын ашқан
Қанайым тапқан екен жер кіндікті.

Елдіктің тартылғандай сара жолы,
Қыдырдың нұсқағандай дара қолы,
Көкше мен Түркістанның арасында
Көлбеді Абылайдың қара жолы.

Шоқтығы қасқа жолдың асып тұрды,
Кеудесін кергігеннің басып тұрды.
Қанайдың қасиеттеп көтерген хан
Ырысын бар қазақтың тасыттырды.

Жылқысын қайырусыз бақтырады,
Қалыңсыз жар құштырып, шат қылады.
Қайғысыз ұйқы сыйлап қазағына,
Қоғамдап қалың елін жатты ұраны.

Қыранның аңсағаны зеңгір еді,
Армансыз тояттауға ділгір еді.
Қанайдың түсіндегі қара бүркіт
Қас жауға қара қайғы төндіреді.

Алашқа тәңірінің сыйы болған
Данамен қайта туған биік арман.

Абылай – азаттықтың алдаспаны,
Халқының несібесін қиып алған.
Қара орман ерлік рухын жиып алған,
Қалтқысыз тарқатылған түйіні алдан.

Қатардан Қанайды да қалдырмайық
Ақылшы, Абылайдың биі болған.
«Қылады Мекержеде байлар сауда,
Топ бұзар батыр жігіт қалың жауда.

Сұрасаң, Абылайдың тұрған жері,
Хан болған қырық сегіз жыл Көкшетауда».
Баласы Толыбайдың Арыстан ақын,
Найза тіл, Хан Кенені шанышқан ақын,

Жырлапты-ау осылай деп Абылайды,
Аруағы ұшып жүрген ғарышқа жақын.
«Ту баста Абылайды хан көтерген»,
Көш бастап Көкшетауға алып келген,

Қанайдың қарақұрым еңбегінің
Қызығын ата қазақ халық көрген.
Қотарып қасиеттің қормалынан,
Ұрпағын көз жаздырмай ардағынан,

Бағасын бабасының беріп кеткен
Айналдым Мағжанның да аруағынан.
Сан шешкен Абылайдың «Бұл қалайын?»,
Сырдесте орақ ауыз би Қанайын

Қазағы қастерлеуден жазбас, сірә,
Болжаған басындағы күн мен айын.

Күш қаулап, жау қалмақты түре қуған,
Шаңдатып жорық жолын сүре қылған,
Би Қанай Абылай асқан асуларда
Әсте де қалған емес ұлы дудан.

Хан сайлап Абылайды Түркістанда,
Бар қазақ мерей тауып, нұр құшқанда,
Онда да ер Қанайдың орны бөлек,
Биігі аласармас бір мысқал да.

Дананың Абылайдай жанабында,
Ұлыстың ұлы ханы талабында,
Ташкенттің төңірегін құзырға алып,
Билігін құрған Қанай заманында.

Ташкентке он екі қақпа жүрді әмірі,
Қанайдың ғибратының бұл да бірі.
Қырғыз бен өзбектің де дауын шешіп,
Білінген білігінің бір қадірі.

Қанайдан құт ұйыған қарабарқын,
Қазаққа Абылайдың заманы алтын.
Киесі сол ерлердің жеткізіпті
Күніме күлден өнген жаңа, жарқын.

Құт баба шыға қоймас қалай да естен,
Бүгінге келіп жетті арай көшпен.
Халқының жадындағы жәдігер сөз:
Қамқоры Абылайдың Қанай дескен.

Алашқа бақ - береке тіледі де,
Айналды Абылайдың тірегіне.

Қолдаса ел бағына туған ерді,
Жасаған жақсылығы-ау бұл еліне.
Шалқар көл, сақара бел, сайын далам,
Қанайды Абылайдан айырмаған.

Қапталда қалың елі тұрған кезде
Қылышын Қанай-Абылай майырмаған.
Абылайдың оң дізесін басқан биі,
Алдынан қара пәле қашқан биі.

Ақшора, Төле, Қазыбек, Толыбайдай
Бұл да бір келесінен асқан биі.
Ақылын кеңесіне қосқан биі,
Асауды сөзбен қайырып тосқан биі.

Дұшпанның ордасына даңы жеткен,
Аспаған басынан сөз бостан биі.
Ханнан да, қасқадан да ығынбаған,
Бектен де, басқадан да бұғынбаған.

Шағы жоқ зәһар ойы ем болмаған,
Шайпауға – шаян тілі сұғылмаған.
Дес бермес асып туған озғындайын,
Сөйлесе тамызар деп сөздің майын,

Аруақты Абылайдай бахадүр хан
Әмісе ардақ тұтқан би Қанайын.
Бұрынғы бұла жұрттың би Қанайы,
Бұл да бір бұлтқа жуық Бұланайы.

Тарихқа таңбаланып қалай түспес,
Жорықта жолдас етсе Абылайы.

Қалың қол жер қайысып дабылдаған,
Жақын-ау дүбірлеткен сарын маған.
Мәңгілік бесікте де Қанай-Абылай,
Дариға, қатар жатып дамылдаған.

Аламан асуында Абылай асқан
Қамшыгер емес пе еді Қанай бастан?!
Аруағы Қанай-Абылай, қолда елімді,
Ағында құлагер жыр, Қанай-дастан!

* * *
Құтпаны қазағымның Қанай баба,
Рухыңды тербетпеймін қалай ғана?
Арманы Абылайдың тұр желбіреп

Ақ Орда, алтын өрнек сарайда да.
Бұл күнде ұрпағыңнан қайғы қашқан,
Алты ауыл Қанай болып айдыны асқан.
Ардақтап аруағыңды ас беріліп,

Аяғы ұлан-думан тойға ұласқан.
Келісті Қанай аулы көркімен де,
Көршілес Кенесары кентімен де.
Ауылы Абылай хан аққуларша

Қонғандай абатталып зер кілемге.
Игілік, Қарабұлақ, Ескенжалы,
Өмірлік аламанда өскен жаны.
Ұялы, Жамантұз бен Қойсалғаны –

Қосылған көппен бірге көшке ордалы.
Қанайдың Көкшетауда алты ауылы,
Алаштың асқақ кеуде бар қауымы.

Ташкенттің түбінде де жұрат қалып,
Бабаның талып жеткен алқау үні.
Сап тыйып заманалар сарылысын,
Ұрпаққа қасиетің дарыды шын.

Қазаққа кемеңгер ұл тағы туып,
Қайтадан атқа қонды халық үшін.
Елдік бар, ерлік те бар, өрлік те бар,
Даналық, дарқандық пен кеңдік те бар.

Төрінде дүйім дүние билік айтып,
Қазағың күміс кемер белдік тағар.
Мұраты осы еді ғой би Қанайдың,
Арманы осы еді ғой Абылайдың.

Баянды болғай-ды деп баба тілек,
Жырыммен қыдыр-бақты жадылаймын.
Қанай мен Абылайдың үндестігі,
Би-бағлан, батырлардың бірлестігі,

Арқасы-ау сондай алып бабалардың
Ақын да ерттеп мінсе жыр-бестіні.
Асуда алмағайып қорғаламай,
Алашым, аса бергей алға қарай.

Асқарға Абылайды өрлеткендей,
Қамкөңіл қазағыңды қолда, Қанай!

Шақантай батырдың құдалығы
(әфсана-қисса)
Абыз қария Ырыздықбай
Тілеуберліұлының рухына

Қабанбайдың соңынан ерген еді,
Қалмақпенен соғысып жеңген еді.
Жүз он ұлы жүз он сан ауыл болған
Шақантайға қандай ер тең келеді?

Абақ Керей, атасы – Жастабан-ды,
“Ошыбай!”-лап жауларын жасқаған-ды.
Бақ-береке, белінің қуатымен
Аруағын асырып тастаған-ды.

Майлы, Жайыр, Сауырдай тауларым-ай,
Барқытбелдей кенен жер бар ма, құдай?..
Аққоян ат орғиды ай астында
Алып ұшып Алаштың ардағын-ай!

“Сартоқай!”-лап ұрандап сар желеді,
Жаман-жәутік жолдасты ар көреді.
Бегімбеттің ішінде белдесерлік
Батыр теңдес өзіне бар демеді.

-Өлме шалдан өндірдей өрен артық,
Құр жаппадан құрулы кереге артық,

Көтеремнен құлдыраң көбең артық,
Өз тұсымда бар ма екен менен артық?!
-Ағын суды тоқтатар жар дейді ғой,
Кең дүние кемелге тар дейді ғой.

Тоқбағында Найманның ерлігі асқан
Қасабайдай қара нар бар дейді ғой.
...Естіп мұны Ер Шақаң шамырқанды,
Шыққанына артық ер таңырқанды.

Қасақана барғанда
Қасабайды
Қораш көріп көңілі жабырқанды.
“Жоқшымыз” деп жай ғана айта салды,

Алдан күтті ерлікті байқасарды.
Сынасудың ертеңгі сәтін ойлап,
Ақылменен толғайды айқасарды.
Кір-қоңдарын жоқшылар жуғызады,

Құрыш құлақ ұйқысын түн бұзады.
Таң көбесі сөгіле Ер Шақантай
Кемер белдік кіселі буғызады.
Күн түспей-ақ түндіктен өлең айтты,

Қатындардан күтуші сәлем айтты.
Қырғауылға шығалы қаршыға алып,
Айтыңдар деп батырға және де айтты.
Барқытбелде сай-сала бұрма-бұрма,

Батырларың шығады қырғауылға.
-Қаршығаңды жіберме, ей, Қасабай,
Көріп қойдым мен сенен бұрнағыда!

-Сенің көзің қырғауыл сағаласа,
Менің көзім сайтанды тағаласа,
Жібермей-ақ қояйын қаршығамды,
Қалт кетуді қонағым қаламаса!

-Ойлап па едің: өзімнен кем қонағым,
Ер Шақантай, ендеше, мен боламын!
-Өй, сен бе едің Шақантай деген шері,
Кермесінде кездескен кең даланың?!

-Сені де бір шерменде ер деген соң,
Келіп едім өзіме тең деген соң.
Ерлігіңді асырсаң қыз бермекке,
Төс қағысып, сенімді демдеген соң.

Менің асса ерлігім – қыз аламын,
Астың дәмін келтірер тұз аламын.
Нағашысы Найман деп немеремнің
Нақылындай бабамның ұзарамын!

* * *
Асыруға ерлікті сәті келіп,
Екі батыр шабады екіленіп.
Олай-бұлай екпіндеп жер шолады,

Алдарынан құйғытып нөпір елік.
Қос қабылан жортады қапталдасып,
Қазақ-қалмақ отырған жапсарласып.
Торғауыттың сол тұста бір ауылы

Қыр астынан қылт етті қатпарласып.
Қалмақ ауыл көзге құрт салады енді,
Қорыл басқан қара түн дала, белді.

“А, құдайлап!” Қасабай озып алға,
Ал Шақантай іркіліп қала берді.
Арғымағы дегбірсіз жерді тарпып,
Аш күзендей қайыса демін тартып,

Желе-жортқан Қасабай әлден уақта
Үш түйеге тоғанақ келді-ау артып.
Қос батырдың көңілі жайланады,
Тоғанақтар тең қылып байланады.

Шақантайға ендігі кезек келіп,
Аттануға қалмаққа ойланады.
Тілегенге тәңірім береді екен,
Тамылжытып ай нұрын төгеді екен.

Торғауыттың сайланған бес батыры
Жортуылдап қазаққа келеді екен.
Нар қамыстар найқалған атырабы,
Аттарының тыйылып тапырағы,

Қырықшегеліге от жағып, тамақ істеп,
Торғауыттар жаланып отырады.
Аруақты шет қылмас бар уақта,
Ер Шақантай сыйынды аруаққа.

Қасабайды қалдырып ат қасында,
Жауар бұлттай төнеді қалмақ жаққа.
Қаһарланып, кәр төгіп, ақырады,
Оттай жанып көздері шатынады.

“Ұрып таста! Үрит соқ!” деп тигенде
Үрей буып бес қалмақ шатылады.

Мысы басып Шақаңның, ызбары асты,
Бес батыры қалмақтың тұра қашты.
Тырағайлап қашқанды не қылсын-ау,
Басып қалды жұртынан піскен асты.

-Әй, Қасабай, мінеки, менің олжам,
Ұрлап алған жоқпын-ау, шауып алғам.
Тартып алып тамағын бес батырдың,
Үрейлерін ұшырып, жанын алғам.

Әй, Қасабай, олжамыз жарар құтқа.
Бес батырды бұқтырған мен артық па?
Ал немесе ауылдың ұйқыдағы
Жүгін ұрлап әкелген сен артық па?

...Шақантайдың осылай ерлігі асты,
Қасабай да тұрады иіп басты,
Бермек болып батырдың баласына
Ұлмекендей алма жүз, имек қасты.

* * *
Бәйбішесі Шақаңнын Жаңыл еді,
Бас Қарауыл қонғаны – ауыл еді.
Бәйбішеде қате жоқ, өңшең серек,

Батыр балпаң ұлдарды тауып еді.
Байбарақ пен Байтөбет көкжал қасқа,
Текебай мен Серкенбай бір нарқасқа.
Барлығының ішінде Торғай дара,

Салатұғын қылыштай қайрап тасқа.
Бәрі бағлан, бірі жоқ тезек терген,
Өкініші болмаған өзекті ерден.

Ұлмекенді Торғайға айттырыпты
Қалыңдығын ойнауға кезек келген.
Дұшпан тағар міні жоқ күйе қылып,
Қиянатқа тартпайтын ие бұрып,

Тал бойында Торғайдың жалғыз ғана:
Туа біткен еріні түйежырық.
Құдалығы, киіті, жол-жорасы,
Келер жылы қалыңға малды аласы,

Қорланады Қасабай кемсітті деп,
Алады екен қызымды жырық баласы.
Қақыратып күмісін қоладай қып,
Қаңыратып көңілін қорадай қып,

Жырықтығын күйеудің намыс көріп,
Қыз беруден Қасабай қалады айнып.
Ұрайын деп тап мұндай “түйені” ішке,
Наразысын атасы түйеді ішке.

Шақантайдың ойында дәнеңе жоқ,
Ши шығар деп білмейді киелі істе.
Салық салып түндікті тамам ұлға,
Сияпаттап құдасын әр ауылда,

Ер Шақантай шығарып салады өзі
Орта және аяққы Қарауылда.
Шығарып сап құдасын Ер Шақантай,
Айрыларда аялдап тартпаққа най,

Най сұраса, найымыз таусылды деп,
Найын бермей кетіпті сол Қасабай.

Най таусылды деген соң кідірмеді,
Наза күмән толқытып, шіркін, ерді,
Былай шыға бұрылып қарап еді,
Будақтаған көкала түтін көрді.

- Әй, Қасабай, антбұзған, әттеген-ай,

Айрыларда таусылып таппаған най
Оңашада табылып қалған екен,
Көрісейік, ал, бәлем, қанжығада-ай!
...Қаһарланып Шақантай аһ ұрыпты,

Қатуланып және де қапылыпты.
Алай-дүлей ауылға келе сала,
Ашуменен Торғайды шақырыпты.
-Бермен қара, ей, ұлым, бермен қара,

Кетіп қалды Қасабай керден жаңа.
Қыз бермейді, пәтшағар, менсінбейді,
Кердең басты көрейін көрден ғана!
Шатақ істі ретіне келтіріп кел.

Қасабайды бар-дағы өлтіріп кел!
Құнын өзім берем!
Өлсең – құныңды алам!
Бармасаң сені қазір мен өлтірем!

Қасабайдың әулетін дертті қып кел!

* * *
Құдай басқа салғанын көрейін деп,
Қасабайдың қолынан өлейін деп,
Жолдас ертіп қасына, қайын жұртқа

Жетіп келді Торғай да күйеушілеп.

“Күйеукелді!” бір ырым білінбейді,
Торғай мырза тоңазып бір түнейді.
Құдасының батырға сәлемі бар,
Айтып соны кетем деп күркірейді.

Босағаға теңкитіп сырмақ салған,
Көпшіктерін көпіртіп жырғап салған,
Ақ үйіне сол Торғай кірді басып,
Татайын деп әлде бақ, әлде сордан.

Жіпси терлеп, сорғалап маңдайы аққан,
Отыр екен шай ішіп барлы аяқтан.
Қасабайды баса кеп жайғасады
Жүрегі ұшқан осы бір жағдаяттан.

Таппаған соң мұнда да жайған құшақ,
Қойынынан суырып бұйда пышақ,
Құдаң айтқан сәлемі мынау-ды деп,
Қасабайдың алдына қойды нықтап.

- Аз күн болсын ақ қойды сойған атам,

Ақ батасын сондағы жойған атам.
Мен атама салмаймын бұл пышақты,
Маған салғын, қанеки, сайлан, атам!..
Деп кеудесін ашыпты сонда Торғай,

Үш қайтара айтыпты толғай-толғай.

- Сен салмасаң, ал онда мен саламын,

Аш кеудеңді!- дегенде, нар Қасабай...
Сасқалақтап іргеге шегініпті,
Шайқалақтап қолда шай төгіліпті.
Бәйбішесі манадан бақылаған

Боздап сол кез еріне егіліпті.

-Әй, Қасабай, болса да ерні жырық,
Тұр екен-ау көзінен от төгіліп.
Екі ағасы бар екен, қақпа қолын,
Бер қызыңды, Қасабай, беттен үріп!..

Бәйбішенің аузынан балдай тамып
Шыққан сөзді алады Торғай қағып.
Қарғып тысқа сол сәтте шықты дейді,
Қалыңдығын алмаққа асық жар ғып.

* * *
Бітуана осымен бітті дейді,
Он сан ауыл
ұрпағы тікті дейді.

Балалары бай менен бәйбіше боп
Бірін-бірі жүрекпен ұқты дейді.
Сырт Шыңғыстан тапты Жер Ұйықты дейді,
Талай-талай өтіпті тұйықты дейді.

“Шақантайлап!” ұрандап, аруақ қолдап,
Қалың жұртын айрандай ұйытты дейді.
Байтағымның баяғы бір алыбы,
Қазағымның қайтпаған бұла күні,

Шері баба Шақантай батырымның
Болған екен осындай құдалығы.
Тұңғиықтан өскендей тұма гүлі,
Тамыр жайып таратқан құдалығы,

Ер Шақантай – бүгінгі ел Шақантай
Шұбартаудан, сенбесең, сұра мұны.

Сұра мұны Байқошқар, Бақанастан,
Сұра мұны қарындас, аталастан.
Ұрпағының береке, бақытына
Ұлағатты бабалар баталасқан.

Сұра мұны Балқыбек, Баршатастан,
Бейітінде ай күмбез, алқа тастан.
Бейішінде шалқыған баба нұрдан,
Аягөзден сұрашы Балқаш асқан.

“Шақантайлап!” сардала желпінеді,
Елі неткен еркеуде, еркін еді.
Ырыс, бағы көшкендей ұрпағына
Ұлық нұры көгінен сіркіреді.

Өткен шақтың елбескен елесіндей
Желдей ескен батырдың жебесіндей
Қасиеті бүгінге жетті келіп,
Топан судан өткен Нұх кемесіндей.

Арғымағын бабаның арытпаған,
Дарағына дауыл-құз дарытпаған.
Асқар тауы биіктеп
Ел Шақантай,

Аспанында қырандар
қалықтаған.
Жаса, елі бабамның!
Жаса, бабам!

Келіндерің көлбеңдер босағадан.
Шақантайға бел бала
бола алмайды
Мәрмәр тастан намысын қашамаған!

Олжас
(поэма)
Ғаламдық орбитаға көтеріле алған сирек қазақтар-
дың ішінде де Олжас Сүлейменовтің шыңы серек, оры-

ны бөлек. Алпысыншы-жетпісінші жылдардың арман-
шыл, аңсаршыл жастарына Олжас жырлары намысшыл
жүректің желбіреген жалауындай болатын. Қазаққа тəн
ғарышты нақ осы еркебұлан ақын еркіндеп игергендей

көрінетін. «Қыш кітабы» баба тарихымыздың арғыдан
арғы қойнау-қатпарларына алғаш тереңдеп тəнті қыла
үңілдірсе, атақты «Аз и Я» – ақын көзімен зерделенген көне
тарих тағы да ұлттық рухтың оянуының емес, өрлеуінің,

серпілуінің емес, сезімтал сергектігінің көрінісі болғаны
əлі күнге көз алдымызда. Отыздағы оттай жанған Ол-
жас Парижде Кеңес Одағының кең танылған шайырлары
қатарында жыр оқыса да, қамал алған 40 жасында «Остан-

кино» телемұнарасының залында төрт сағат бойы шабыт
қанатында самғаса да, соның бəрі туған халқымыздың
мерейін асырған жағдайлар еді.
Ызғарлы Желтоқсанда да азамат Олжас үнсіз қала алма-

ды, ЦК-ның пленумында наза-наразысын ашық айтты. Кол-
бин Жазушылар одағына келерде: «Жұбақа, сіз сөйлеңізші»
деп Жұбан Молдағалиевтің сондағы өршіл сөзінің қайрағы
болды. Одан соң ақиық ақын ұлы Абай туған атыраптағы

атомдық сынақтарға қарсы халықтық күресті баста-
ды. Қаншама жылдан бері Еуропа төрінде бостан елінің
атынан Олжас сөйлеп келеді. Олжас Сүлейменовтің
азаматтық-адами бітім-болмысы, бүкіл шығармашы лығы

қазақ ұлтының əлемдік өркениетке салған үлкен олжала-

рының бірі екендігі де бүгінде даусыз ақиқат. Олжекең
ағамыз өзіне деген зор-құрмет ілтипаттан туған осы да-
станды ықыласпен қабыл алар деп үміттенемін.
Атқандай болған ұлы таң,

Сол күнді қалай ұмытам.
Жадымда қалған суретпен
Жанымды жебеп жылытам.
Жұртбаев Тұрсын жолдас-ты,

Мағауин Мұхтар қолдасты.
Көкшеден көшіп
Сол қыста
Көрдім мен қыран Олжасты.

Туырылған ойдың тортасы,
Жазушы қауым ортасы.
Қосылдым келіп қытықсыз
«Жұлдыздың» қалап алқасы.

* * *
Қазаққа қырын сол уақыт,
Қалмаған сәуле алда түк.
Қаһарын Колбин төгетін

Ызбарын шашып, қан қатып.
Кеудесін елдің баспаққа,
Тозағын алдан тоспаққа,
Көтертпей езіп еңсені

Салады сайқы қыспаққа.

Ұмытылмаған Желтоқсан,
Ұртыңнан ұрар – тіл қатсаң.
Барар жер, басар тау да жоқ
Бұлқынып, тулап, бұлтарсаң,

Қамшыласа да алға атын,
Құлауға қазақ жар жақын.
Ашынып іштен күңіренді
Арындай ұлттың арда ақын.

ЦК-да болған жиында,
Қарамай қатер, қиынға,
Ұқсап та Олжас кеткен-ді
Орай бір соққан құйынға.

Өңменнен қадап өр қалпын,
Өрге бір сүйреп ер халқын,
Атасын сөздің өлтірмей,
Адақтап айтқан арлы ақын.

Жарқ етіп көктен күн ілді,
Ақиқат қайта тірілді.
Жұлқысқан бірі-бірімен
Жарқанаттардан түңілді.

Ақиық ақын, ақ жалын,
Атылған оқтай шер дарын.
Аласа залдан биіктеп,
Асқарға барып қонғанын.

Көлеңкелерді бұқтырған,
Көсемсымақты ықтырған,
Кездерін сонау көргенде
Көзіме менің шық тұрған.

Толағай тегі халықтан,
Тереңін оның тау ұққан.
Жаралап жанын жәутіктер,
Жырынды сұрлар жауыққан.

Жылымды сулар монтаны
Иіріміне тартады.
Жымысқы қулар білдірмей
Мойнына зілтас артады.

Жанартау іштен тынғандай,
Семсері серттің сынғандай,
Қалды үнсіз ақын
Алдында

Қазылған оры тұрғандай.
Қазылған орға баспаған,
Құрулы торға аспаған
Секемшіл, сергек құландай,

Қатерден және қашпаған.
Шамдағай жүрек атқақтап,
Шарасыз күйде шалт тоқтап.
Басынан ұрды тұлпарды

Батыраштарың тоқпақтап.

Аңысын бағып аңдысқан,
Қапысын тауып қаржысқан,
Ақынды құрттық деп ойлап,
Андағайлады көп дұшпан.

* * *
Тағы да қазақ мазалы,
Тағы да қазақ азалы.
Ата жұрт, ата мекенде

Атомнан жетіп ажалы.
Ұлы Абай туған Шыңғыста
Ұрпаққа ғұмыр тым қысқа.
Дүңкілдеп жарған бомбаның

Дүмпуі шалған тұрмыс та.
Қарауыл, Қайнар, Дегелең,
Ортайды неден кенерең?
Өзіне қыршын қол салып,

Керілмей қалды керегең.
Өкініш еді не деген,
Қасірет еді не деген.
Мүсәпір туды анадан,

Кісәпір туды енеден!
Құдайым, неткен шебер ең,
Зар-мұңға мұнша керең ең.
Құдайдай сенген Кеңесің

Қос қолдап ұрды төбеден.
Қырық жыл жарды бомбасын,
Уыты қалай алмасын.

Сутегі дейтін тажалы
Сойқанын қайтіп салмасын.
Нақұрыс етіп нар басын
Қырсығы қалай шалмасын.

Советің бұған селт етпес –
Сорласа қазақ, сорласын.
Ата мекенде ақың жоқ,
Айтуға арзу қақың жоқ.

Ауыздан қағып сөйлетпес
Боданға Мәскеу батым боп.
Қулыққа сұмдық жалғаған,
Қарғысын айтар бар ғалам,

Ібіліс ғалым дуасы
Қазақтың жерін қорлаған.
Уланды ұлы топырақ,
Қаңырап қалды атырап.

Жасайды сұмдар жарылыс
Бағытын желдің бақылап.
Қарқылдап ұшқан көп қарға,
Жалпылдап күнді жапқанда,

Жарады бомба
Қара жел
Қазаққа қарай соққанда.
Мәскеуің отыр мастанып,

Ішінен іріп, ластанып.
«Сынақтан зиян жоқ» деген
Зымиян сөзбен қасқарып.

Жарылыс болды тағы да,
Әлде сор, әлде, бағына.
Ғайыптан тайып
Соқты жел

Курчатов қала жағына.
Соғады улы бұлтты айдап,
(Бейне бір бейқам ақ тайлақ),
Зұлматты жасаушылардың

Өзіне қарай қақпайлап.
Бұлардың жаны тәтті екен,
Жел неге бұлай соқты екен?
Көз жасыменен қазақтың

Бұл қала болған бақ-мекен.
Қаладан ойбай шу шықты,
Аттандап айқай үн шықты.
Жасырған шындық ашылып,

Жағдайы, сірә, ушықты.
«Айырып кетсе жол басқа,
Азаматым, деп, нарқасқа»,
Ұшынған қазақ у жұтып,

Шағады мұңын Олжасқа.
Осы бір оқыс хабардан,
Найзағай намыс жанардан
Жарқ етіп,

Жалқын орнатып,
Олжекең отқа оранған.

Таусылмай қойған ығырдан,
Тағылған ғайбат, сыбырдан,
Таңылған өсек, жыбырдан
Шаршаған ақын сілкініп,

Қайнады бойда зығырдан.
Қиянат кешкен ел нендей,
Қайтпек-ау Олжас сенделмей.
Ардақтап жүрген әкенің

Аяр бір қалпын көргендей.
Сенімнің оты сөнгендей,
Он саққа ойы өргендей,
Опынды Олжас

Отанның
Опасыздығын көргендей.
Үрейге салып арманын,
Үргедек қылып мал-жанын,

Жарылыс сайын зәндемі
Жасырып келген зардабын.
Курчатов, Шаған, Семейден,
Хабарлар суық көбейген.

Суытып кетер жүректі
Сорлатқан сойқан өгейден.
Бұл пәле болған бұрыннан,
Бұрқ етіп бір күн тығыннан,

Сұмдықтың сыры ашылды,
Сумаң жел соғып қырыннан.

Құзғынның салған ұясы,
Маңайда солған миясы.
Арандап өзі қалғанда,
Ақтарылғандай қоясы.

Советім дейтін ұлы елін,
Үзгендей содан күдерін,
Түршікті жаны Олжастың
Тікенек шаншып жүрегін.

Ойына түнек орнайды,
Халыққа мынау зор қайғы.
Кесапат пәле кесірдің
Кеспесе жолын болмайды.

Суыңды зәһар былғайды,
Нуыңды тажал жалмайды.
Әлемге мұны әйгілеп,
Әшкере қылмай болмайды.

* * *
Аңсайды халқы ақынды,
Жанына медет жақынды.
Олжасты теледидарға

Оқуға өлең
Шақырды.
Тікелей эфир кезегі,
Өртенген ақын өзегі.

Ағына құдай жақтасқан,
Туғанын сәті сезеді.

Ақынға дәйім ар қайғы,
Ақиық Олжас толғайды.
Полигон жайлы ақиқат
Айтылмай қалса, сол қайғы.

– Армысың ардақ ел-жұртым,

Тағы да менен жыр күттің.
Өлеңді шалдым құрбанға
Өлмеуі үшін шындықтың.
Өмірдің туса сынағы,

Өлең-жыр күте тұрады.
Өлеңнен бүгін маңызды
Өмірдің қойған сұрағы.
Тәуекел сөзім желқайық,

Жанымнан шыққан зардай ұқ.
Өлмесін десек текті өлең,
Өмірді бүгін қорғайық.
Өмірдің жауы – полигон,

Елімнің жауы – полигон.
Жайқалып өскен жауқазын
Гүлімнің жауы – полигон.
Тауларым асқар жаншылып,

Даламның демі таусылып,
Сүлдері қалған
Сүргінге
Жасайық, достар, қарсылық.

Мойынға міндет алайық,
Тажалға қарсы шабайық.

Ұлылар туған мекеннің
Киесін қорғап қалайық.
Сөзімді ұғып алыңдар,
Шындыққа шырақ жағыңдар.

Халқының мұңын мұңдайтын
Жазушы деген қауым бар.
Халқының жоғын жоқтайтын,
Халықсыз таңы атпайтын,

Жазушы деген қауым бар
Үмітін елдің ақтайтын.
Бәтуасыз сөзді бақпайтын,
Кірлетпей арды сақтайтын,

Жазушы деген қауым бар
Жазықсыздарды жақтайтын.
Өмірді сүйсе кімде-кім,
Болмасын десе ел жетім,

Азамат парыз арқалап,
Көтерем десе міндетін.
Күтемін жалын күйімде,
Жазушылардың үйінде.

Келелі кеңес құрайық,
Келейік кемел түйінге.
Бірігіп майдан құруға,
Бекініп дабыл ұруға.

Ажалдың уын таратқан
Тажалға қарсы тұруға.

Шақырам, достар, сендерді,
Шақырам, жастар, сендерді,
Әміршіл қоғам лаңымен
Шайқасар, сірә, кез келді!

...Ақынның арзу жан үні,
Алапат қуат ағыны
Айналып ұшқыр ұранға,
Қағылды күрес дабылы.

Олжастың үні далада,
Олжастың үні қалада,
Саңқылдап дүйім дүниеге,
Салады дүбір санада.

Олжастың сөзі!
Ол қандай!
Жарқ етіп нұр күн жанғандай.
Еңкейген елі бір демде

Еңсесін тіктеп алғандай.
Олжастың сөзі армандай,
Шаншылған көкке самғаудай.
Қапалы халқы бір сәтте

Қадамын түзеп алғандай.
Бақ құсы қайта қонғандай,
Намысын өрге салғандай.
Жабырқау рухы қазақтың

Жарқырап қайта жанғандай.

* * *
Ағынға толды Алматы,
Сарынға толды Алматы.
Зұлматқа қарсы өршіген

Жалынға толды Алматы.
Көшеде нөпір ағылыс,
Жөңкіліп аққан сабылыс.
Ақынның өршіл үнінен

Санада сойқан жарылыс.
Ашулы рухпен оқталып,
Тартады шеру топталып.
Қаламгер қауым ордасы –

Қара шаңырақты бетке алып.
Менің де тапқан дертімді,
Лаулатқан іште өртімді.
Ұлтымның мұңын тербеген

Ұмытпан, сірә, сол күнді.
Бозінгендерін боздатты,
Қоламталарын қоздатты.
Қашанғы қазақ қайғысын

Қопарып түгел қозғапты.
Аңыраған ала өгізі,
Ақпанның жиырма сегізі.
Алматы бетін алғандай

Нала мен наза теңізі.
Қосылдым мен де толқынға,
Суреті көздің алдында.

Ұқсап та кеткен сонда Олжас
Құйылған көктен жалқынға.
Теңізден толқын жал қармап,
Қалғандай күміс шомбы орнап,

Тыңдадым ұйып
Аянды
Толғаған Олжас елге арнап.
Қарағай

Қайсар қалпында.
Дарағай
Дара нар тұлға
Нажағай найза заулатып,

Жарқылда, Олжас, жарқылда!
Саңқылда, айыз қандырып,
Сұрларды естен тандырып.
Атомнан ақын қуатты,

Ақынның жыры – мәңгілік.
Желбіреп Олжас жалаудай,
Жұлдыз боп көкте ағардай.
Жарығы залды толтырды

Жалындап жанған алаудай.
Аттанға адал жан сала,
Жиылған халық мұншама.
Сыймаған залға

Сел ағын
Сырттағы нөпір қаншама!

«Олжас!» деп салды ұранды.
Майданда қайтпай тұра алды.
Қазақты басқан қапастан
Булыққан зарын шығарды.

«Олжас!» деп салды ұранды,
Көңілдер көктеп уанды.
Тарихтың соғып сағаты
Самғатты көкке қыранды.

Кеуілді керез жалмаған,
Қорқыныш, үрей жаулаған.
Желтоқсан дауылынан соң
Толқыныс мұндай болмаған.

Ақынның алмас мір тілі,
Бейне бір күннің күркірі,
Қалғыған рухты оятты,
Намысты қағып-сілкіді.

–Еліме мені бел көрген,

Біргемін, достар, сендермен.
Нұр жұтсам елмен біргемін,
Уды да жұтам елмен мен.
Айтамын елге шындықты,

Қырық жыл бойы у жұтты.
Қырық жыл бойы халықтан
Жасырып келді сұмдықты.
Күн сайын ағып мың жұлдыз,

Құлайтын жері құрдым құз.

Қырық жыл
Қарсы халыққа
Жасалып келген бұл қылмыс.
Қасында атом дүңкілдеп,

Қара шал қалды күркілдеп.
Бесікте сәби у жұтып,
Болады мешел біртіндеп.
Бейбітшіл деген даңқымен,

Қырық жыл бойы халқымен
Соғысқан Совет Одағы
Сұмпайы мына қалпымен.
Әскерилерің өктеген,

Жалмауыз жоспар діттеген.
Полигон деген шырмауық
Қазақтың жерін көктеген.

Ырқыңды буып, матап бір,
Шалықтай берсе шатақ бұл.
Алашқа ғана емес-ау,
Әлемге төнген апат бұл.

Тұрайық қарсы апатқа,
Шығайық қарсы шатаққа.
Әлемге бүкіл жар салып,
Әйгіле мұны атаққа.

Зар-жапа шеккен жұртым-ау,
Зәр-зәһар ішкен ұлтым-ау,
Жер шарын жеті айналған
Желменен кетсін бұлтың-ау.

Картаға құйттай
Қарасаң,
Қазақстан қапас орасан.
Сан ұлттың болып түрмесі,

Жанына түскен жара сан.
Мен, сірә, ұлтқа бөлмеймін,
Әділдік қана бер деймін.
Адамның бәрін сүй деген

Абайдың күйін тербеймін.
Оғыздан туған оғланмын,
Түріктен туған тарланмын.
Майданмен өтер өмірі

Махамбет, Шоқан, Мағжанмын.
Дана да болам кейде мен,
Бала да болам кейде мен.
Тарихым тұнған қыш кітап,

Таңбалар тілі сөйлеген.
Жауымнан тілді тартпаймын,
Жаманға міндет артпаймын.
Асқақтатамын даламды,

Тауымды аласартпаймын.
Тағы да менің талабым,
Тазарсын удан алабым.
Ер аруақ болар,

Жер – тулақ,
Тоқтатсын атом тажалын.

Тоқтату керек қалайда.
Тоқтату бірақ оңай ма?!
Сынаққа қарсы бұл күрес
Сын болсын біздің талайға.

Семейде, Жаңа Жерде де,
Кер кесел талай елде де.
Адамзат атау кересі
Кездеспей тұр-ау кермеге.

Бұлттанған аспан Батыста,
Невада-гүрсіл АҚШ-та.
Асқынған апат ұясы
Алжаса қалар оқыста.

Жапония зарлық байғұсым,
Ұмытар, сірә, қай кісің?..
Нагасакидің наласын,
Хиросиманың қайғысын.

Үркітіп
Шығар таңды алдан,
Саңырауқұлағы жалданған,
Ажал у сеуіп Қытай да,

Атады жалын Лобнордан.
Миллиондар, мыңдар...
Мұңдассың.
Жорықта мына жолдассың.

Тажалдың көзін құртуға
Невада-Семей қолдассын.
Адал ұлдары-ау әлемнің,

Азаматтары-ау бар елдің,
Зәһарын шашқан өлімнің
Зұлматқа қалай көнермін?!
Көзіме сәуле күн көшсін,

Невада-Семей үндессін.
Атомның шегіп зардабын
Зарлаған бар жұрт бірлессін.
Ызаны ағыз өзен қып,

Саңылау қалса сезерлік,
Үкіметтерден сылынар
Қылмысты қаныпезерлік.
Саспайық сұмырай сұрлардан,

Қашпайық асыл арманнан.
Қаласақ бейбітшілікті,
Қаруды қаузау неңді алған!
Адамзат мінген бір кеме,

Көкдауыл теңіз іргеде.
Қатерлі қару жойылмай
Жету жоқ бейбіт күнге де.
Құрысын күйкі жанбағыс,

Қырандай көкке самғап ұш.
Қимылы көптің қорқытар,
Күрестің мәні – қозғалыс.
Жаныңды бұған жалдап ұш,

Жайпалмас көпке бар ма күш?
Апаттың бетін қайтарар
Қуаты көптің – қозғалыс!..

Қызғыш құсымдай зарлап ұш,
Күрестің мәні – ар-намыс.
Невада-Семей аталған
Өмірдің мәні – қозғалыс!..

* * *
Өр тілі
Мысы жасымай,
Өртінен аптап басылмай,

Толғады Олжас осылай,
Самғады Олжас осылай.
Ақ жолға түскен тілегі,
Ақпанның соңғы күні еді.

Атомдай сонда жарылған
Ақынның азат жүрегі.
Айтқаны қонды көкейге,
Арзуы жетті дөкейге.

Оқсатқан оқтай
Олжасты
Ұқсаттым Прометейге.
Армансыз көрдім сол сәтті,

Ағысқа ақын қарсы ақты.
Қаймықпай қастық болар деп,
Өмірдің жауын жамсатты.
Толқуын көрдім халықтың,

Шалқуын көрдім шабыттың.
Шарпуын көрдім
Жүректі
Самала сәуле жарықтың.

Ақтарылған жойқын сел көрдім,
Жалында мен де тербелдім.
От құйған Олжас жас кеудем
Оранып өртке

Тебірендім.
Одан соң өтті көп жылдар,
Тілеуі қабыл болғырлар.
Керемет күндер... көк жасын...

Кеудесі нұрға толғырлар.
Жансызды жебеп, дем үрлер
Толассыз күрес, шерулер.
Ғаламат сол бір қозғалыс,

Бекіген бекем сенімге ел.
Қарсылық толқын тынбастан,
Қиындық көрсе, қыңбастан,
Ақыным айтқан ақиқат

Әлемге болды жыр-дастан.
Күтумен елі сарғайған,
Елім демесе – ер қайдан!
Тажалды жеңді талассыз

Олжекең ашқан зор майдан!
Айтамын әлі ақсарбас,
Жібіткен солай тоңды алғаш.
Ақпанның соңы.

Апатты
Жоюдың жолын салды Олжас.

Санамды сілкіп,
Серпілдім,
Болаттай болып беркіндім.
Домбытпа доқтан ықпайтын

Домбыра күймен шертілдім.
Көрдім де азаттығымды,
Көтердім көкке туымды.
Ажал аждаһасының да

Араны таспен тығылды.
Боданнан шыққан бостан ел,
Бетіңді адал досқа бер.
Артыңда қалды азабың

Атомнан сорлап жас төгер.
Атомды жеңді елдігім,
Азаттық аңсар ерлігім.
Білмейді дейсің бұл күнде

Абылай аспас белді кім?
Атомды жеңді ақыным,
Ақыннан шыққан батыл үн.
Ажалдың шауып ордасын

Тажалды құртқан батырым.
Болады пақыр ол қалай?
Бабасы батыр Олжабай.
Мәрттігін Жаяу Мұсаның

Ұрпағы қалмас жалғамай.
Баяғы сұрлар қалмастан,
Балақтан өріп жармасқан.

Ғарыштың орбитасында
Олжасым заулап алға асқан.
Бермеген қолдан намысты,
Кернеген жыры ғарышты,

Тәңірге рахмет
Туғызған
Алашта мұндай арысты.
Сағына жүріп сақтарды,

Қазына сырды ақтарды.
Тарихта қалды мың бір сөз,
Таңбалар тілі қатталды.
Көтеріп көкке шумерін,

Күндей бір көрген ғұн елін,
Әлемнің тілін тербеген
Сүйемін іңкәр жүрегін.
Жанында гүлдеп қанша арман,

Жырына Париж тамсанған.
Адамзат ақыл, ойына
Алаштан асып жол салған.
Өресі биік еңселі,

Етпейді қажет кеңсені.
Гагарин досы сияқты
Ғарышта оның өлшемі.
Адамға керек ар, сана.

Ақында сондай бар шама.
Олжас деп қана қазаққа
Оқ атпас орыс қаншама.

Ұяты деймін ұлтымның,
Мияты деймін жұртымның.
Олжастың арман-аңсары
Мұраты ма екен бір күннің?!

Олжалы болар ұдайы,
Италақаздың құмайы.
Олжас боп сөйлер жаһанға
Қазақтың бар-ау құдайы.

Ақынның ғажап гүл жанын
Айызым қанып тыңдадым.
Ақпанның жиырма сегізі –
Бір күнін ғана жырладым.

Бірәлі-дастан
(поэма)
Дүниеден өтті жампоздар,
Ойласаң соны жан боздар.

Халық өлеңінен
Жыр басы
Құдайым рахметінен құр қылмасын,
Бастаймын Бірәліден жырдың басын.

Нар жүгін заманының көтерісіп,
Сүйсінтіп, сұқтандырған сұңғыласын.
Көшелі ердің сойы, ақыл-ойы
Аударған тамам жұрттың ықыласын.

Ерді де еске алмасқа бола ма екен
Өмірді өнегесі нұр қылғасын.
Қазаққа қайран ер деп аталғандай
Қарымы тас-түйін қып мыңның басын.

Аруағын асыл жанның тербеткенде
Менің де көкірегіме нұр құласын.
Жырымның тереңдегі мәнін ұғын,
Бірәлі – бірегейі дәуірінің.

Сұрыптап елегімен екшегенде
Замана жарқыратқан тәуір ұлын.
Шөп-шалам жиегінде қала берген
Тірліктің аққан судай ағынының.

Өрлеген қия шыңға арқасында
Бойдағы қайрат-жігер, жалынының.
Сан түрлі сұрапылдан аман өткен
Шалдырмай қырсығына қағындының.

Мен дағы бақыттымын, әз ағаны
Ардақтап аяласа ағын жырым.
Елімнің баһадүрі Бірәлі еді,
Есілді өрлей біткен шынар еді.

Төсінде Алтын Жұлдыз жарқыратып,
Тұғырда тұрпаттанып тұрар еді.
Тірелсе тығырыққа қандай ісің,
Тұйықтан алып өзі шығар еді.

Аталы сөз айтқызған алдына сап
Арқада қауым жұрттың ұраны еді.
Сом болат топшылары шәулі бүркіт,
Самғаған шырқау биік қыран еді.

Қабанбай, Бөгенбайы бүгінгінің
Мақтаныш етерліктей Тұран елі.
Ауыздан сөзді қалай қайтарамын,
Алашқа ардақты деп айта аламын.

Қолынан Қонаевтың жұлдыз ілген,
Жолына құт ілескен май табаным.
Қаршыға қағылез сары, құтқармайтын
Қашықтан қырық күндік байқағанын.

Жұрт көрген заманының батыры боп,
Жұмысты оңды-солды жайқағанын,
Жүйткіген уақытының тұлпары боп,
Дүбірі жер табанын шайқағанын.

Жастары Жақсы-Қима бүгін таңда
Бастасын Бірәлі деп айтар әнін.

Еңбексіз ер жігітке бақ қона ма?
Әйгілі Торғай менен Ақмолада.
Кеңестік кезең дейтін қилы кезде
Кеңшарын өрге сүйреп, тартқан алға.

Елінің ерім деген ақ үмітін
Бірәлі емес пе еді ақтаған да.
Бірәлі емес пе еді сан бейнетте
Сенімін жүрегінде сақтаған да.

Жанасып жақсыларға, жақын жүрген
Ұшпаққа шығаратын бақ-таланға.
Еліне танылатын ерен ісі
Ағаның шапағатты шақтары алда.

Артында қалған талай асқар ісі,
Бірәлі – баба жұрттың мақтанышы.
Өрлетіп өндірісті, әйгіленген
Әлемдік биіктерге аттанысы.

Бақытты болашаққа жол тартқанда
Болмаған кідірісі, тоқталысы.
Қиынға салған сайын қайсарланып,
Бітпейтін бойда қуат, оқ-дәрісі.

Кеудеде Күні бардай, сарқылмайтын
Шалқыған шалқар шабыт шаттанысы.
Баршаға береке-құт дарытқан-ды
Бірәлі Нұртазиннің батпан күші!

Өмірдің көрген талай азабын да,
Кешірген қияметтің тозағын да,
Бар шақта барқадарын жоғалтпаған,
Тар шақта тоздырмаған наза-мұңға,

Ауыр сын, алмағайып кездерінде
Көтерген дүлей ғасыр мазағын да,

Торынан мың бір пәле аман өтіп,
Өткерген өмір-дәурен ғажабын да,
Сескенбей озбырлардан, Құлагерше,
Сілтеген «шу қаракөк!» озарында,

Тағдырдың таңғажайып сыйы сынды
Бірәлі біртуар ғой қазағымда!
Гүлденткен терін төгіп туған жерін,
Жанкешті тәуекелге буған белін.

Бақыттың ордасына айналдырған
Есілдің бойындағы думанды елін.
Өзеннің қос қанаты жасыл жайлау
Ел-жұрты ырыс-құттың жырғар кенін.

Көгілжім көктің нұрын жұта-жұта
Керімсал күйге басып тұрған егін.
«Ешімнің» атырабын гүлге бөлеп,
Өлкенің шаттандырған орман-көлін,

Жүрегі айналайын Бірекемнің,
Мейірлі махаббатқа тұнған ба едің?!
Хан тұтқан орыс,қазақ, немісің де,
Қалдырмас наз-өкпені тегі ішінде,

Ешбірін алаламай бірдей көрген
Жалпақ ел, жалпы жұрттың тегісін де.
Бір үйдің баласындай күліп-ойнап,
Мыңғыртып мал айдаған өрісінде.

Ырыздық арпа-бидай ел ырысы
Ырғалып биге басқан егісінде.
Өсірген бау-бақшаны бағбандары
Күн сүйіп мәуелеткен жемісін де,

Орнатқан Бірекеңнің жер жұмағы
Тараған аңыз болып ел ішінде.

Сол жұмақ бұл күндері қайда кетті?
Саны түзде, сирағы сайда кетті.
Боршалап, бөлінгенді бөрі жеді,
Еңбегін Бірекеңнің ойран етті.

Бірекем болса мұндай болмас ед деп,
«Ешімнің» елі түгел байлам етті.
Есіл ер, арыстаным екен-ау деп,
Толғанып, тоқсан тоғыз ойға кетті.

Майда ескен ерке Есілдің сал самалы
Мазарын Бірекемнің жайлап өпті.
Ақын да әз ағаның өмір жолын
Маздатып жүрегінде ойлап өтті.

Тағдырмен арпалысқан жөргегінен,
Таңдайы татқан талай кермегінен,
Аштықта құдіретпен аман қалып,
Өмірде өрмелеген өрге кілең.

Соғыста жүрек жұтып ерлігімен,
Нұрланған бейбіт күнде еңбегімен,
Батырын қос майданның Бірәлідей
Қазаққа табу қиын жер-көгінен.

Пір тұтып Бірекемді мақтамаған
Еш жерде көрмедім-ау пендені мен.
Арнаған ардагерге дастанымды
Жырымның жайнатайын өрнегімен.

Қайран біздің бабалар!
Шарқ ұрып теңіздегі шағаладай,
Ойлаған халық қамын бабалар-ай.
Ұлысты Ұлан-ғайыр

Ұрпағына
Қалдырған қасиетті даналар-ай!

Қаржасып қалың жаумен ғасырларда,
Зор қалмақ өктемсініп басынғанда,
Егесіп білек күші, найза ұшымен
Ерлігін батыр бабам асырған да!

Баласы тізе қосса үш арыстың,
Көзінен жарқ-жұрқ етіп ұшады ұшқын.
Арттырып ынтымақпен берекені,
Бірлікпен қуат қосып, күш алыстым.

Талапты ері шырқар бұла жырын,
Тарақты – асыл тегі Бірәлінің.
Рухына ата-баба сыйынғанда
Аруақ қолдайтынын ұғады кім?

Маздатқан Абылайдың абат күнін,
Байғозы бас батыры Тарақтының.
Тегімнің – тарам-тарам тамырлардай
Шіркін-ай, шежіресін таратты кім?

Аңыздар болар ма екен бүгінге сеп.
Тарихтың, алтын ізде, күлін көсеп.
Түбіне ақиқаттың жетеміз бе,
Тарақты Ақселеуге жүгінбесек?

Алыстан іздемейік санатты біз,
Арыспен Бірәлідей қанаттымыз.
«Ешімнің» орыс, хохол, немістері
Деп айтқан: біздер-дағы тарақтымыз!

Олар да асыл текке бұрады ғой,
Жақсының жақсылығын ұғады ғой.

Біздер де тарақтымыз деген сөзді
Айтқызған арыстаным Бірәлі ғой.
Ұқтырды ағайынға қас-қабақты,
Біреуді таспен атқан – аспен атты.

Өзегін жұлып берген дос-жаранға,
Өзі ғой Бірекеңнің бас тарақты.
Бата алған Байғозысы Абылайдан,
Арқаның шұрайына қанат жайған,

Бертінде Бірекемдей асыл туған,
Тайпасы тарақтының шықты қайдан?
Дегенде деген-дағы деген екен,
Аса көп айтылмайтын өлең екен.

Арғынның ару қызы жүкті боп қап,
Ұялып шашын тарай береді екен.
Оң жақта туған бала елде қалған,
Ер жетіп балпанақтай батыр болған.

Тұқымын шашып-жайып таратқанда,
Тарақты лақап аты содан қалған.
Бұл сөзге ешкімнің де жоқ таласы,
Тарақты арғындардың ноқта ағасы.

Мекендеп Сырдың бойын өз алдына,
Болмаған алты алашта бақталасы.
Не түрлі жаугершілік заман өткен,
Дананы заман елдің дарағы еткен.

Ер шығып Тарақтыдан Боранбайдай,
Есілге елін бастап аман өткен.

Боранбай сол заманның данасы екен,
Батырдың Киікбайдай баласы екен.
Ұстайтын елдің сөзін хан алдында
Сол кезде «Жеті жарғы» жорасы екен.

Жарлыққа Әбілхайыр қаратыпты,
Ақылдың асыл кенін жаратыпты.
Сөз ғой деп үш жүзіңіз үш-ақ ауыз,
Боранбай шежірені таратыпты.

Хан сонда Боранбайға: аға, депті,
Болса да не бұйымтай, қала депті.
Қамқоры тарақтының би Боранбай
Қалауын түпке сақтап ала кепті.

-Хан ием, халқыңызға дем беріңіз,
Қараны қаракөкпен өңгеріңіз.
Алқакөл сұламада қаңғып қалған
Баласын Тарақтының теңгеріңіз.

Күн кешкен әр есікте арып-ашып,
Жүргенін намыс қылам беттен басып.
Баласын Тарақтының жинап бергін,
Бүйрегің шын-ақ бұрса, жарлық шашып!

- Дұрыс-ақ! Айтқаныңыз болсын, аға!

Ел болар!
Ел қонатын жер шыға ма?

- Сағасы Қайрақты мен Терісаққан,

Есілде еркін жатқан мол сыбаға!
...Келісіп осы сөзге тарасады,
Қуанып кері қайтып бел асады.

Інісі Боранбайдың Итен сонда
Иіліп ағасына сыр ашады!

- Алдына іні шықпас ұлы ағаның.

Ерлік қой елдің басын құрағаның.
Күні ертең азып-тозып келер елге
Мал неге жерге қоса сұрамадың?

- Ай, қарағым-ай!

Сабырмен істің артын тоспай ма екен,
Үш жүздің баласы бас қоспай ма екен,
Өзімнен енші басын алып ең деп,
Кіші атаң бетке сонда баспай ма екен?!

Ал енді, жер – құдайдың жері емес пе,
Байтағың ен далаға кен емес пе.
Сол үшін мал сұрамай, жер сұрағам,
Ұтылып қалмайын деп сөз егесте!

...Сөз – тамам,
Сапар шегіп, жол жүріпті.
Боранбай болмайтынды болдырыпты.
Жетпіс үй тарақтыны бастап әкеп,

Есілді ен жағалай қондырыпты.
Есілдің өрге тартқан бұрылысы,
Қайрақты, Терісаққан құйылысы.
Жайлауы Қалмақкөлге иек артқан,

Түбектің ырыс-құтқа тұнып іші.
Тайпасын тарақтының күтті ме екен?
Балқыған аспан нұрын жұтты ма екен?

Есілдің жағалауы ақтылы мал,
Еліме болды солай құтты мекен.
Көптен-көп тарақтының ерендері,
Бабалар ішіндегі кемелдері.

Бүгінде еркеленген Есілі мен
Еске алар толқын атқан кемер көлі.
Байғозы бас батыры, берен белі,
Бастаған би Боранбай кемеңгері.

Бірәлі – бабалардың сарқытындай,
Батыры бұл заманның, Еңбек Ері.
Өткен күн толы шаттық, толы мұңға,
Тоғысқан сан тарихтың жолы мұнда.

Бейіті Боранбайдай абыз бидің
Мүлгіген Еркіндіктің қорымында.
Еркіндік – Қима жаны, жасыл дала.
Ұрпағы тамыр жайған осында да.

Еліңді әз рухыңмен аялай бер,
Айналдым аруағыңнан, асыл баба!
Ұйтқысы ұлысымның солар еді-ау,
Ұранын біршіліктің салар еді-ау.

Би баба, Бірекеміз тірі болса,
Басыңа белгі-күмбез соғар еді-ау!
Бірәлі Еркіндіктен түлеп ұшқан,
Ортасын жарып шыққан бір арыстан.

Өткенді жалғастырып келешекке,
Рухымен бабалардың сыр алысқан.

Ту тігіп туған жерге, қалам алдым,
Тартамын таудай жүгін қара нардың.
Бесігін Бірәлі-жыр тербеткенде,
Қолдай көр, аруағы асыл бабалардың!

Атамекен
Пәниде туған жерге жер жетпейді,
Басқа жер көңіліңді өрлетпейді.
Жүректі елжіретіп, мұңға бөлеп,

Жаныңның сағынышын тербетпейді.
Сарыарқа Абылай асқан сары белі,
Алашқа айбын болған алтын төрі.
Бес мейрам, жеті момын еншілесіп,

Жайлаған жаһұт жерді арғын елі.
Есіл мен Атбасардың арасында,
Торғайдың теріскей жақ даласында,
Қайрақты, Терісаққан басын қосып,

Есілге ентелеген сағасында.
Ұйыған иман-нұрға дидар өңі,
Нәсіп пен берекені жиған елі,
Ежелден қазағыма атамекен,

Ерге –ырыс, елге – қоныс Қима жері.
Есілдің аты шыққан атырабы,
Аңыздың ғажайыбын сапырады.
Ақылгөй, абыз, шешен, ақын-жыршы,

Аз ба екен ел қорғаған батырлары.

Қанығып білуші едім сырын көптен,
Нарқасқа туған жерге туын тіккен.
Бектауыл Баубек батыр тұлпарының
Тұяғы сақараны дүбірлеткен.

Атанып батырлықпен бала Баубек,
Атойлап жасындықпен салады өрнек.
Жауға атқан хан Кененің жебесіндей
Есімі ел есінде қала бермек.

Ауылы Баубек батыр Ешімдегі,
Кішкене түбектегі Есілдегі,
Ас беріп аруағына, кесене сап,
Қима елі қастерлеген есіл ерді.

Бабалар сақтаңдар деп өсиет қылған,
Қойнына атамекен қасиет тұнған.
Киесін кесіп өткен кесірлерді
Сілейтіп туған жердің кепиеті ұрған!

Шөптікөл, Шұңқыркөлі, Қалмақкөлі,
Шалқытқан бақ-дәулетін саңлақ төрі,
Асылын атамекен кие тұтқан
Қима мен Жақсыдағы ардақты елі.

Еркіндеп Есіл тасып жайылмада,
Шұратын шұрқыратқан сайын дала.
Қолтығы, қолаттары көкмайсалы,
Шығатын түгін тартсаң майы ғана.

Бұлаңдап түлкі құйрық сағым алдан,
Шалғыны келетұғын белуардан,

Көркінің кереметі көзді сүйіп,
Көк өзен көрінбейді қалың талдан.
Сылдыры сұлу қыздың күлкісіндей,
Кәусары мөлдіреген нұр түсіндей.

Есілдің екі жағы гүлжазира
Құлпырған қалы кілем түр-түсіндей.
Жалпақ жон бетегесі белден асқан,
Ақындар берекесін жырға қосқан.

Моншаққа малшындырып аялаған,
Жаңбырлы жан нұрымен жырғап аспан.
Қаһары қыстың қатты қыр елінде,
Ақырған ақ бораны, суық желінде,

Табиғат қолдан соққан қора сынды,
Тебіндер жылқылары түбегінде.
Алаштан келе жатқан айбыны бар,
Қазақтың жары – құдай, байлығы – мал.

Айналдым атамекен, ер бабамның
Түлетіп төрт түлігін сайлы қылар.
Ырысты шұрайына ұйыған елі,
Құтымсың, қыдырымсың, Қима жері.

Атама алтын бесік, ая болған
Ардақты атамекен, сүйем сені.
Қимада талай-талай тарих өткен,
Ұлдары жаннан кешіп, жалын төккен.

Білікті баба жұрттың қасиетін
Бүлдірмей бұл заманға алып жеткен.

Сарыарқа – сары қарын, кең іргеден
Еншісі Жақсы-Қима бөлінбеген.
Ертеде салып патша бекіністі,
Ерлері жағаласқан елім деген.

Одан соң күркіреген Кеңес келді,
«Бақытты коммунизм» елес келді.
Қазақты аштықпенен алқымнан ап,
Толтырған ақ сөңкеге белестерді.

Бар шығар бұл қазақтың қырық жаны,
Құрымай аштықтан да тірі қалды.
Құрылған тозақ тордан тоза жаздап,
Құр сүлдер, алып шықты сірі жанды.

Қайбірін қасіреттің айта аласың,
Елбесіп ел көтерді қайта басын.
Қазағым қара нардай қайсарлықпен
Қоймады тіршіліктің тайталасын.

Бүгінгі Есіл, Қима, Жаңадала,
Жарқайың, Жақсыменен жекедара
Жалғыз-ақ Баранкөлдің ауданы боп,
Жылтырап жаққан шырақ сақарада.

Оятып дүбірімен Арқаны да,
Орнатып алтын көпір ел таңына,
Отарба темір жолы Ақмоладан
Тарамдап тартты желі Қарталыға.

Хорошо, орыс – жақсы, қазақ – жақсы,
Салынған темір жолдай ғажап – жақсы.

«Жақсы» деп жан жадырап көп айтылып,
Аты да стансаның содан – Жақсы.
Кеңдігі көз талдырған дала – жақсы,
Келтірген жақсылығын жаңа – жақсы.

Еліме көп жаңалық әкеліпті
Есілдің стансасы – тың қақпасы.
Торғайда Жақсы-Қима топты жарды,
Басынан ұшырмады бақ-қыранды.

Астығын Қазақстан еселеген
Абырой алқасында аты қалды.
Жаутаңдап телміргендей жат қораға,
Қарады одан кейін Ақмолаға.

Келісіп істемеген іс оңар ма,
Кеңесіп пішпеген тон шақ бола ма?
Тор құрып азаттыққа нарық келді,
Ханталау, қара қасап қажытты елді.

Пысықтар бүлінгеннен бүлдіргі алып,
Қысталаң қиындықты халық көрді.
Үкімет айналайын басы қатты,
Қиманы қайта-қайта ашты-жапты.

Қайран ел қиянатты көрсе-дағы,
Толайым құдіретпен тасқын атты.
Жарасып Жақсы-Қима қосты басын,
Бірлесіп, біріктіріп ықыласын.

Тұғырын туған жердің биіктеткен,
Ұйытып ынтымаққа кәрі-жасын.

Дүр етіп күл астынан қаулағандай,
Алауы атамекен лаулағандай.
Өркені Жақсы-Қима қайта туып,
Өндірге нұр-шапағат саулағандай.

Өңірге өнегемен өрнектелген,
Ер тұлға, ерен басшы Ермек келген.
Ұрпағы Біржан салдың алған қуат
Ән-жырын атамекен тербеткеннен.

Саулатып жүрегімнің нұр ағынын,
Жырладым туған жерін Бірәлінің.
Жасай бер қасиетті атамекен,
Парнасы поэзия пырағының!

Әзірейілді алдау немесе
Бірәлінің тууы
Алдағы шүкір айтып туар күнге,
Бұрайық аттың басын Бірәліге.

Ерлері Бірәлідей болмаса егер,
Ел сенім артады екен сірә кімге?
Ғажап қой өмірдің бұл өрнегі де,
Тылсымын тумай жатып көрмеді ме.

Тағдырмен тайталасқан Бірәлінің
Бір аңыз дүниеге келгені де.
Жігіттің Нұртаза да сұлтаны еді,
Намысын ағайынның жыртар еді.

Бір ғана өкініші, бала тұрмай,
Бір пәле қыршынынан қырқа берді.

Он құрсақ көтерсе де баласы жоқ,
Ажалға алып тынар шарасы жоқ,
Жан жары аңыраған Бибіғайша
Аңсайды ұл сүюді анасы боп.

Шарана тұрса екен деп зарығады,
Перзентсіз өтем бе деп торығады,
Сұм ажал шетінеткен сәбилердің
Ата-ана санынан да жаңылады.

Қызы еді Бибіғайша Қозғанбайдың,
Зар болып бір балаға қоздай ма мұң?
Ажал кеп әр бөбегін алған сайын
Қыс етті қасіретті жаздай жанын.

Тоқталмай сәби-ғұмыр өше берді,
Аңсарлы үміттерін кесе берді.
Құдайдың салғанына қапаланып,
Қайғысы Нұртазаның еселенді.

Ағайын, туыс-туған дағдарады,
Аллаға, медет тілеп, жалбарады.
Ажалға ара тұрар амал іздеп,
Шығатын тығырықтан жол қарады.

Таласбай немерелес бауыр еді,
Бауырдың бәйбішесі Балық еді.
Болар деп үміттеніп, ырым етті,
Көретін бір баланың жарығы енді.

Ұрпақты ниет қылып жалғамаққа,
Талпынып – тал да болса қармамаққа.

Бекінді жаналғышты жаңылдырып,
Дәндеген әзірейілді алдамаққа!
Қазақтың қағидалы ырымы еді,
Абысын қос білегін түрінеді.

Толғағы Бибіғайша қысқан кезде
Тағатсыз етегіне сүрінеді.
Шар етіп сәби туды.
Көрді халық.

Көтеріп шарананы алды Балық.
Ұстатып анасына иіскетпестен,
Аймалап бауырына салды Балық.
Иіскету тұрмақ

Көзге көрсетпеді.
Уыздан емізбеді емшектегі.
Кіндігін қызылшақа кесе сала,
Құшақтап тартты үйіне.

Бел шешпеді.
Жатса да сай-сүйегі тебіреніп,
Анасы сүйе алмады еміреніп.
«Жалғызға жар бола көр, жаббар ием» –

Деп қана күбірлеуге ерні келіп.
Бөбегін абысыны Балық алды.
Өбеді жалағандай сары балды.
Айтқаны айдай келіп ырымының

Ажалды алдап соғып жаны қалды.
Серігі пайғамбардың Әзірет әлі,
Жайратқан шыққанында жерден Мәді.

Қоршалып қасиетті есімменен,
Қойды атын болсыншы деп бұл – Бірәлі.
Өзі – Бір, өзі – Әлі, құдайға – жақ,
Қалдырмас алқауынан пайғамбар хақ.

Ажалмен арпалысып шиеттейден,
Тағдырға қайсарланып жайған құшақ.
Өренің қаймықпаған бетпе-беттен,
Өмірде өтер талай өткелектен,

Қасірет теңізінен қайық жалдап,
Қан кешу қиындықтан көктеп өткен.
Бастаған болашағын – бала шақтан,
Белгі жоқ берешектен, алашақтан.

Жылдарда жиырмасыншы замананың
Ағынды салалары таласа аққан.
Сәбиді сүйіп-құшып жөргегінде,
Ересен шаттық құйып өр көңілге,

Бағады Бірәліні Балық ана
Тигізбей титтейінен желге-күнге.
Жолатпай пәле-жала кесапатын,
Үйінде ата-анасы қысар тақым.

Көл-көсір көп тілеуі періштедей
Төгеді сары балаға шапағатын.
Есінен еш шығармай жалғыз хақты,
Баланы Балық шеше бес жыл бақты.

Жасатып сүндет тойын, тай мінгізіп,
Таласбай қайтарды енді аманатты.

Нұртаза ашылғандай бақ-таланы,
Баласы қолға тиіп шаттанады.
Бақытын Бибіғайша аяласып,
Есілдің шалқып-толқып жатты алабы.

Анасы басып ұлын бауырына,
Шаттығын ән қып айтты ауылына.
Сол сәтті бес жыл күткен сағынышын
Сапырып сар даланың сағымына.

Құлындай құлдыраңдап Бірәлі де,
Басады қуанышты жыр-әніне.
Тілеуі айналайын ағайынның
Жеткізген Нұртазаны мына күнге.

Табысты ата-анаға жас Бірәлі,
Жүректің жамырады тас бұлағы.
Ерекеш қорасында өскен солай
Болашақ қазағымның қас қыраны.

Зұлматты жылдарда
«В 1931 г. Аубакир женился на Ляйлим.
Был голод. Все собирали колоски. Была
сестра Орынбасар. Ходили на масак».

Бірəлінің өмірбаянынан.
Сарқылған жаңбыр жаумай суат құсап,
Жалт етіп өте шықты шуақты шақ.
Қазаққа қызыл қырғын қаптай төнді,

Қалдырмай аша тұяқ, ұранды сап.

Апаты отыз екі обыр тажал,
Алапат ашаршылық сеуіп ажал,
Қанішер қара дию сықылданған
Қазақтың қара түнек көрін қазар.

Ес кетіп, есіріктер әлек салды,
Еркіндік колхозына алды малды.
Ерекеш қорасынан көрер едің,
Сол шақта масақ терген сорлы жанды.

Жағасы қайран Есіл қаңырады,
Таяр деп кім ойлаған елдің бағы?
Нар жігіт Нұртазаны бүлікші деп,
Қуғынның құрбаны боп кете барды.

Аңырап Бибіғайша ана қалды.
Бірәлі тоғыз жаста бала қалды.
Жетектеп Орынбасар қарындасын
Миында масақ терген сана қалды.

Көрмеген азабы жоқ байғұс ана,
Ақ сөңке сүйек толған сай мен сала.
Нәубетке қос құлынын бермеймін деп,
Налиды жүрегіне қайғы сала.

Өмірде көтерсе де он бес құрсақ,
Өлмеген жарық көріп қос құлыншақ.
Ананың құдіретіне не жетеді
Аштықта қос ботасын қалған сақтап.

Босқын ел босағадан ауа көшкен,
Аш өзек, ақыл қашып, танады естен.

Көз жазып қалған құйттай жан қызынан
Қасіреті сол заманның қала ма естен.
Тағдырдың тауқыметін көріп еді,
Қарындас – Бірәліге серік еді.

Аштықта жан сақтауға паналатып,
Детдомға Атбасарда беріп еді.
Уақытта алақұйын, алмағайып,
Шарасыз мәжбүрлікпен қылдан тайып,

Ұлды алып, қызы қалып детдомында,
Хабарсыз Орынбасар болған ғайып.
Салғанға шара бар ма – шыдап баққан,
Отыз жыл өтіп барып бір-ақ тапқан.

Қасірет хикаясы тарау-тарау
Тауыпты сөйтіп ақыр тұрақ-тоқтам.
Көктейтін келешекте құрақ үшін,
Ер ана ауыр сынға шыдады шын.

Өзекті талдырмайтын талшық іздеп,
Жетектеп жүріп кетті Бірәлісін.
Көкшетау, Бурабайды бетке алады,
Сан мәрте сансырауға шақ қалады.

Степняк, Жөкей көлі, Қазгородок–
Сол жерге жетіп бір кез тоқталады.
Тапқандай талыққанда саябақты,
Детдомға Бірәлісін паналатты.

Тәңірдің несібесін үзіп-жұлып,
Ал өзі таңнан тұрып бұзау бақты.

Балаға басын тіккен қайран ана,
Кешпеді тақсіретті қайда ғана!
Тарихтың қилы-қилы қиындығын
Еске алып, ұрпақ бүгін ойлана ма?

Ауылы Даниловка дүбірлеген,
Ашылып алтын зауыт дүрілдеген.
Арыған аш-арыққа жұмыс беріп,
Қайтадан қайран өмір күлімдеген.

Әубәкір, Молдағали інісі еді,
Бибінің тар шақтағы тынысы еді.
Әпкесін бұл екеуі алып қолға,
Зауыттың жұмысына кіріседі.

Қадірі қайран бауыр осындайда,
Туысқа туыс күш боп қосылмай ма.
Жүректен мейірімнің бұлақтары
Жолындай жақсылықтың жосылмай ма!

Би-апаң жанталасып,жағаласып,
Қайнаған тіршілікке араласып,
Алтынның зауытына Бестөбеден
Атойлап ат-шанамен көмір тасып.

Зілбатпан мойымайды тауқыметке,
Жігері жүк болғандай он еркекке.
«Жаббар хақ, жалғызыма жар бол» деген
Жетуге жаннан кешіп зар тілекке.

Бауырлар қиын шақта бөлінбеді,
Тар үйді кеңіткендей көңілдері.

Абысын тату болса ас көптігін
Айғақтап Дәми, Ләйлім келіндері.
Айласқан ауыр тірлік жолдарында,
Айғаныш сіңілісі ол да мұнда.

Жұбайы Жаңабаймен бұл да медет,
Жұбатқан шалындырмай жанын мұңға.
Ие боп Бибіғайша ат басына,
Көмірдің тіке тартып шахтасына,

Әубәкір, Жаңабайлар артысып тез,
Қасқа жол қайта шығар қақпасына.
Жеткіншек Бірәлі де ер жеткендей,
Жылдармен ойда қиял тербеткендей,

Қажытқан ауыр бейнет ананы аяп,
Нышанын жақсылықтың белгі еткендей.
Аяғыш, аңғарымпаз, ашық көңіл,
Кеудесін намыстының басып па өмір?

Жаз болса жайдары бір жігерменен
Орнына анасының тасып көмір.
Көз салып сағымына сұр даланың,
Шырқатып Ақан сері, Біржан әнін.

Есейіп жылдан-жылға Бірәлі де
Толтырып келе жатты сырға жанын.
Мұңы көп өмірінің көктемінде,
Оқыды Даниловка мектебінде.

Жүректе оянғандай өршіл арман,
Талпынған шырқау биік көкте күнге.

Отан үшін от кешу
«27/XІІ – 41 года пришли меня провожать.
Я впервые выпил и закурил сигарету. 2 месяца
в Акмоле учили на снайпера. Пошел на войну».

Бірəлінің өмірбаянынан.
Басталды бір алапат тажал соғыс,
Қаптатқан халықтарға ажал соғыс.
Қанқасап қырғын салып обырланған,

Тойымсыз аждаһадай аран соғыс.
Үйінде болып қалған Бірәлі бас,
От жүрек,
Отан сүйгіш он тоғыз жас.

Артыңа дүлей соғыс қарата ма,
Шақырту желтоқсанда келді қағаз.
Қисын-ау жан баласын ана қайдан,
Сасқанда табылады сана қайдан.

Лап етіп жүріп кетті жас Бірәлі,
Артында – елі-жұрты, алда – майдан.
Ең алғаш шылым тартты, татты шарап,
Көк түтін, кермек тағдыр жан жаралап.

Белгісіз бейіті де әкесінің,
Өзінің сүйегі енді қайда қалмақ?
Тірліктің қалтарысы, қылтасы көп,
Ойлауға оның бәрін мұршасы жоқ.

Сыныққа соғыс сылтау айтқызбайды,
Томсарған жазмышының сұр тасы боп.

Өткізіп Ақмолада бірер айды,
Көзге атқан мерген болды құралайды.
Өреннің өнері мен өжеттігі
Өрлейді төңкерердей Бұланайды.

Толтырды елдің ішін зарға соғыс,
Қарамас ұят пенен арға соғыс.
Аттанды тәуекел деп Бірәлі де,
Артында – атамекен, алда – соғыс.

Ақпаны қырық екі ақырады,
Аспан-жер астан-кестен сапырады.
Волховтың батпағында барлаушы боп,
Атылған алғаш жауға запыраны.

Даусына жалпақ дала жаңғыратын,
Жырлаған Ленинград Жамбыл ақын.
Барлаушы Бірәлінің батылдығын
Құрметтеп жолдастары таң қылатын.

Майданы Ленинград, Волховтың да,
Көріндей қорқынышты Қорқыттың да.
Қаршыға қағылез сары ер Бірәлі
Жаудан «тіл» әкелетін жортып мұнда.

Ұрысқа талай кірді, жараланды,
Емделіп госпитальда, тағы оралды.
Ордені «Қызыл Жұлдыз» екі мәрте,
«Даңққа» қосып және медаль алды.

Достары Бірәліні «Борис» дейді,
Батылдық, батырлықта беріспейді.

Әндерін орыс, қазақ бірдей шырқап,
Беделі күннен-күнге өрістейді.
Ақжарқын, мәжілістің жайдарманы,
Жалғандық көрсе, сірә, қайнар қаны.

Қиындық басқа түссе қайғы алмады,
Бөстекі әңгімеге айналмады.
Қарулас жолдастардың ұйытқысы,
Әділдік, ар-намысы биік кісі.

Не керек айтып-айтпай, болған солай,
Бірәлі өз полкының сүйіктісі.
Айқаста аруағы асар еді,
Көзінен айбын отын шашар еді.

Шыңдалған шарболаттай
Шаршы топта
Мысымен талайларды басар еді.
«Борис Григорьевич»

Бірəліні қарулас жолдастары, əріптестері
соғыс ке зінде де, бейбіт өмірде де көбінесе
Борис Григорьевич деп атаған.
Автор

Қазақтың қаршадайын қас қыраны,
Соғысты ерлікпенен жас Бірәлі.
Отанды жаудан қорғау – асыл мұрат,
Фашистің көзін құрту – басты ұраны.

Барлаушы взводында жалғыз қазақ,
Қасиеті Бірәлінің болды ғажап.
Әсте де арына кір шалдырмайды,
Намысын қазағының жоғары ұстап.

Келбетті, күш-қайраты тасқын ерді
Комбаты Григорий жақсы көрді.
«Ты мой сын, ұлым менің» деп әрқашан,
Әкелік сезіміне бәс тігер-ді.

Бірталай Григорий жасқа келген,
Көңілде жасағандай асқақ әлем,
Әкелік төкті мейір, махаббатын
Сүйкімді Бірәлідей жасқа деген.

Қазақтың даласындай жаны дарқан,
Қамқоршы Бірәліге болды қалқан.
Бейне бір баласындай бауыр басып,
Сенеді сырын ашып алқам-салқам.

Асықтай Бірәлі де үйірілген,
Мінезі шым жібектей иірілген.
Шынайы адал жүрек, ақ пейілге
Перзенттік сезімінің күйін ілген.

Көңілі мұның дағы көктем еді,
Әкелік жақсылығын көп көреді.
Полкта Григорий ұлы болып,
Ізетті сый-құрметін шектемеді.

Бірәлі кәдімгідей баласы боп,
Әкесі Григорий панасы боп,
Еркелеп асқар таудай жанашырға
Жүріпті алтын тонның жағасы боп.

Осылай өкіл әкеден бата алады,
Атағын алыс жаққа апарады.

Ұмытпай дәуірлеген кезінде де,
Борис Григорьевич деп атанады!
Осылай қазағымның Бірекесі,
Болған ғой орыстың да Грекесі.

Жақсыға қай жерден де төр табылған,
Жырымның кіре берсін берекесі!
Бірәлі – барлаушы немесе
тыртық сыры

«5000 км. фронтовой дороги
прошел пешком пехота».
Бірəлінің өмірбаянынан
Бірәлі Қыдыр ата қолдауында,

Ғайып ерен, қырық шілтен қорғауында,
Топты орыс ішіндегі жалғыз қазақ
Полктың қызмет етті барлауында.
Жиылған өңшең батыр, ердің ері,

Шетінен қайсар пері, көкжал бөрі,
Епті ерен, мұздай сабыр, салған дабыл,
Темірмен құрсауланған төзімдері.
Бұл бақыт осалдарға бұйырмаған,

Әлсіздер айта алмайтын қиырдағы ән.
Бұлқынып іштен арман, отша жанған,
Бірәлі асқан жаңа жиырмадан.
Бұлтылдап бұлшық еті ойнап тұрған,

Жасындай жауға тисе жайраттырған,

Айналып кетпеймісің, ағайын-ау,
Атадан асыл туған қайратты ұлдан!
Шоқ болып екі көзі жайнап тұрған,
Зұлым жау ыза-кекті қайнаттырған.

Қысық көз, мысық табан, сары барыс,
Атылып, алуан амал сайлаттырған.
Жолын тар, кешулерін тайғақ қылған,
Барлауда басым жауға қайрат қылған,

Тапжылмай мықтап басқан, айласы асқан
Айналып кетпейсің бе айбатты ұлдан!
Таудағы оқшау біткен дара шыңдай,
Тұрпаты Бірәлінің дәл осындай.

Қайтпайтын қайсарлығы тұлпар аттың
Көк мұзда тайғанамас тағасындай.
Бір күні командирден алды бұйрық,
Қиынға жігіттерді салды бұйрық:

«Штабқа дереу бір «тіл» жеткізесің,
Немістің офицерін майлы құйрық!
Жай «тілдер» құпияны біле алмады,
Мардымды мәлімет-дерек бере алмады.

Жоқтығы мәліметтің қолды байлап,
Қаһарын қызыл ғаскер төге алмады».
Бейне бір майпаңдаған жорға-күлік,
Жөнелді барлаушылар түн жамылып.

Асынып автоматты, арқан алып,
Тағардай ай сұлуға сырға қылып.

Еңбектеп емпең қағып, шептен өтіп,
Қатердің қыл көпірін көктеп өтіп,
Бес жігіт жар астына жасырынды,
Қылт етсең жарылатын өтке жетіп.

Аңдиды екі-үш үйді неміс жатқан,
Барлауда құрды солай барыс қақпан.
Бес қадам сәттілікті жақындатып,
Бес қадам бар дүниені алыстатқан.

Ауғанда түн ортасы келді неміс,
Жағалап жардың шетін төнді неміс.
Ағытқан кителінің түймелерін,
Жай емес, бір марғасқа шенді неміс.

Бұлардың төбесінен шүмектетті,
Су қылып, жаңбыр жаумай, дірдектетті.
Қаққанда қараңғыда артынан кеп,
Астынан аяғының тірек кетті.

Құлатып, аузын басып, шегіп айбат,
Тас қылып аяқ-қолын және байлап.
Сүйретіп жөнеледі дедектетіп,
Сыбысын шығармаудың қамын ойлап.

Немісің жер ортаға жете бере,
Шешіліп аяқ-қолы ит жемеде,
Жан бермек оңай ма екен, айқайды сап,
Ойбайлап алас ұрып тебінгенде.

Етіктің өкшесінде темір таға,
Ышқынып қатты тепкен жемір таға,

Сыдырып Бірәлінің ет-терісін
Оңдырмай ойып салды бетке жара.
Немістер айқайды естіп бір жағынан,
Жандәрмен жанталасып оқ жаудырған.

Оттары прожектор жарқ-жұрқ етіп,
Сол жерде болып кетті улан-шулан.
Алғы шеп апыр-топыр азан-қазан,
Тарсылдап тұнды құлақ даңғазадан.

Жалма-жан жігіттер де жиып есті,
Немісті сарт еткізіп соқты ауыздан.
Талдырып өшіреді үнін солай,
Табады тіл-немістің қыбын солай,

Сүйрелеп әрі-бері азаптанып,
Жетті ақыр өзіміздің шепке қарай.
Жігіттер аман-есен келіп жетті,
Немісті тік тұрғызып дедектетті.

Тапсырма тап-тұйнақтай орындалып,
Алғысы командирдің жебеп кетті.
Тепкенде темір таға еткен ісі,
Жалбырап Бірәлінің бет терісі.

Салбырап пәрша-пәрша қызыл еті,
Немістің шықты-ау мүлде шектен ісі.
Тоқтатып аққан қанын, таңып дәке,
Апарып жатқызады лазаретке.

«Тіл» тартқан ерлігінің таңбасындай,
Тыртығы өмір-бақи қалды бетте.

Бірәлінің елге келіп-кетуі
«В августе 1945 г. приехал домой в
отпуск с лейтенантом Гопкало».
Бірəлінің өмірбаянынан.

Кеудеге құйылғандай таң самалы,
Жеңісті Ростокта қарсы алады.
Қуаныш ұлан-асыр, ұлы бақыт,
Жетпекке жарқын күнге жан салады.

Қырық жыл қырғын болса ажалды өлер,
Сыйы сол құдіреттің саған берер.
Мойнына бұршақ салды Бибіғайша:
Құлыным, деп, қалайда аман келер.

Ананың арсыға ұшып әні жетті,
Алламыз тілегін сол қабыл етті.
Жақсыда жарым көңіл отырғанда
Жалғызы жауды жеңіп келіп жетті.

Қоржыны ықшам ғана арқасында,
Лейтенант Гопкало бар қасында.
Бірәлі бір жасады аунап-қунап,
Қуанған ағайынның ортасында.

Көрісті көзайым боп анасына,
Есілдің естен кетпес саласына.
Иіліп перзенттік берді сәлем
Сағымды Сарыарқаның даласына.

Есілді, еміренген елді көрді,

Көкорай туып-өскен жерді көрді.
Ерекеш қорасында, Еркіндікте
Бас иіп баба рухқа тебіренді.

Баласы Айғаныштың Елеш еді,
Бес жасар құйттай ғана бөлесі еді.
Елешке құбыланама – компас сыйлап,
Дариға, болған сонда мәре-сәре.

Алпыс жыл өтті уақыт содан бері,
Сапырып сан құбылды заман желі.
Бірәлі компас тартқан сол бақытты
Елеш те ұмытатын адам ба еді?

Десек те, уақыт – тығыз, мерзім – қысқа,
Аз күндік келіп еді демалысқа.
Сағыныш, мауқын басып аттанды тез,
Ағайын, қош айтысып, ел-туысқа.

Өмірде қасіретті көп көрген-ді,
Қиямет, қиындығын өткерген-ді.
Бәрі де соның артта қалған шығар,
Бақытым алдан шығар деп сенген-ді.

Арттағы анасына қарайлаған,
Алдағы болашағын көп ойлаған.
Қара бұлт көңіл көгін қайтып шалмас,
Қайғы-зар қайта оралмас деп ойлаған.

Жұлдызым деп ойлаған жанды жаңа,
Алдынан күтеді аппақ таңды ғана.
Бірәлі білген жоқ-ты басталарын
Тағдырмен шын тайталас енді ғана.

Айнымас алла жазған тағдыр ма екен,
Несіне көрешегін қалдырды екен?
Қырғынның қияпатын өтсе-дағы
Тауқымет, тозақ әлі алдында екен.

Сәтсіз сапар
« ...отмылись и отправили в Днепропетровск в
казармы. Потом отправили в Одессу охранять
эшелон. А в эшелоне недостача обнаружилась

в 290000 р. Потом засудили на 25 лет».
Бірəлінің өмірбаянынан.
Әскери ар-ұжданын кіршік шалмай,
Міндетін өтей берді ары қарай.

Өмірі жауынгерлік казармада
Барқадар бейбіт күнде дамыл алмай.
Жігіттер шығарында жаны бірге,
Взвод бұйрық алды тағы бірде.

Эшелон ұн тиелген күзетуге
Жөнелді тастүйін боп бәрі бірге.
Айлағы Одессада соңғы нүкте,
Жауапты күллі взвод болды жүкке.

Жетіспей әр вагоннан бес қап ұннан
Жығады сақшыларды мол күдікке.
Жазықсыз жігіттерге жала жапқан,
Жандары суық соғып болады ақпан.

Ашқұрсақ өз халқына бұйырмастан,
Астық қой Африкаға бара жатқан.

Бар пәле басталғандай осы арадан,
Апырмай, қандай сұмдық тосады алдан.
Қыранның қанатын қырқып, шалды қырсық,
Тосқандай жазмыш-ұры Қособадан.

Соққандай соңғы түйін сағаттары,
Ай-шайға, асықтырып, қаратпады.
Әп-сәтте взвод түгел тұтқындалып,
Әкетті айдап бәрін қаматқалы.

Бетінің қуқыл тартып торғын нұры,
Ішінде Бірәлінің солды гүлі.
Кеудеге нала бойлап, ананы ойлап,
Өксігін солқылдатты жан дүбірі.

Тергейді, тексереді, жанды қинап,
Талайсыз маңдайыңа сор бұйырмақ.
Болса да жүрегің – тас, жүйкең – темір,
Қайнап бір зығырданың қан құйылмақ.

Айырмай ақ-қарасын асар-атар,
Советтің қаныпезер заңы қатал.
Наһақтан наһақ күйіп кеткендерді
Күтеді керең құлақ трибунал.

Жоқтығын кінәсінің құлаққа ілмей,
Артады ауыр айып зіл темірдей.
Сенбейді, статья басып, соттауға асық,
Тоқтамас тегершігін мойынға ілмей.

Айтса да адалдығын – тыңдау қайда?!
Басынан қоғам-бұлақ былғанбай ма?

Қорқыту, қодар қылық, қоқан-лоққы,
Қолданып әккі, аяр нелер айла.
Азапты тергеуменен үш жыл өтті,
Жүдетті қан-қиянат жас жүректі.

Кешегі сайыпқыран солдаттарға
Отаны қолдан жасап тас түнекті.
Асыл ана
«Бибіғайша Днепропетровскіде тергеліп

түрмеде жат қан Бірəліні іздеп,
жылап-сықтап, екі рет барып қайтты».
Бірəлінің бөлесі Бибісара
Жаңабайқызының əңгімесінен.

Баланың жанға батып зарлы халы,
Бұл жақта Бибіғайша қан жылады.
Қайысып қабырғасы ана жүрек,
Не істерге білмей, ойын дал қылады.

Өзегін өртеп осы нала, қайғы,
Бойына ішкен асы тарамайды.
«Түрмеде балаң!» деген суық хабар
Төбеден тарс ұрғандай табалайды.

Шырылдап қарлығаштай ана жаны,
Қаралы хабар сіңбей санаға әлі,
Ұшуға дәрмені жоқ, үнсіз жылап,
Қанатын жаралы аққу сабалады.

Дегені Днепропетровск жер түбінде,
Қол қысқа қайраттанып серпілуге.

Қажыған қайран ана жасығандай,
Құм болып жігері мен еркі мүлде.
Бар ма еді құдіретке берешегі?
Көрсеткен тағы қандай көрешегі!

Еңіреп салса дауыс, зар қосқандай,
Есілдің қабағынан жел еседі.
Аз ба еді бұған дейін жылатқаны,
Алдынан қашан туар мұрат таңы?

Төрт жылдық тозақ соғыс аз болғандай,
Тосады енді қандай сынақ тағы?
Жалғыздың жанды қинап тым алысы,
Жетуге дәрмен таппай тынады іші.

Не күйде екен-ау деп Бірәлісі,
Келеді зар еңіреп жылағысы.
Не пайда құр еңіреп жылағанмен,
Құтқарар амал қайда мына халден.

Тіледі тәңірінен қайрат-қажыр,
Алысқан жүз бір пәле, мың ажалмен.
Анасы Бибіғайша ер тұрпатты,
Ақылға салып салқын, сабыр тапты.

Бекініп Бірәліге бармақшы боп,
Бел буып тәуекелге күн-түн қатты.
Қайтсін-ай, қайран нала, асыл ана,
Өмірдің өрге тікті қосын ана.

Баласы – бауыр етін бір көрмесе,
Меңдеткен сағынышы басыла ма?

Інілер ақыл қосып барма дейді,
Қатерлі, шықпа, мұндай жолға дейді.
«Адамның басы – алланың добы» деген,
Қаңғырып бір қиырда қалма дейді.

Көнбейді бұған әсте ана жүрек,
Қайсарлық оты маздап жанады үдеп.
Шұбалған сұрқай күндер керуенін
Шыдамай ана жүрек санады көп.

Өмірдің ұмытылып шатты өлеңі,
Қарақшы ой қапияда тап береді.
«Жүдеді Борис қатты» деп мұңайған
Таныс қыз Мариядан хат келеді.

Бұдан соң Бибіғайша тоқтамады,
Бойына тасқайрақтай от тарады.
Жүрекке ұялатып жігер-сенім,
Жол қамын жасамаққа оқталады.

Қапшыққа құрт-ірімшік қалап алды,
Көп қылып пісіреді таба нанды.
Тайынбас перзенті үшін от пен судан
Қазақта қайран ана балажанды!

Әлі де тоғаймаған ел өзегі,
Соғыстан кейінгі тар кезең еді.
Күйзелген шаруасы жадау тірлік,
Қолынан туыстың да не келеді?

Аз-мұздан ағайыны жиып ақша,
Сәлемді сағынышты түйді қанша!

Зарыққан түрмедегі жалғызына
Жөнеліп жүріп кетті Бибіғайша.
Батысқа, Украинаға бетті бұрып,
Сыйынып бір құдайға кетті жүріп.

Жаһанда жалғыз қалған жандай-ақ бір
Көмейге назаланған кек тығылып.
Жолында қанша бейнет, азап көрді,
Әр жерде қорлық пенен мазақ көрді.

Жеткенде Бірәліге түрмені емес,
Түрме деп аталатын тозақ көрді.
Жүрегі қайран ана дүрсілдеді,
Бірәлі қалған екен құр сүлдері.

Ілініп қыстан шыққан көтеремдей,
Ас бермей ашықтырған шіркіндері!
Жүдеген жақ-сүйегі адырайып,
Көгерген сіңірлері, бадырайып,

Әлжуаз, әл құрыған, түртіп қалса,
Болғандай бұл дүниеден жаны ғайып.
Түрмеде тоқсан тобыр, мың түрлі адам,
Сұғанақ, содыр, сотқар, сұрқы жаман.

Көбінің адам сиқы қалмағандай,
Көзімен ішіп-жейтін құлқы жаман.
Шошынып мұны көріп жылап-сықтап,
Аймалап аялайды ана құшақ.

Күн сайын күлше нанын тығып беріп,
Бағады Бірәлісін бар жанын сап.

Ананың арқау болып күлше наны,
Талғажау аш өзекке нәр салады.
Қасықтап құрт-ірімшік қатық қылып,
Тілейді мың шүкір деп қалса жаны.

Сорпалап қақтап алған сүр етінен,
Сүр еттің айналсайшы құдіретінен!
Аймалап анасының махаббаты
Көңілі Бірәлінің күн етілген.

Бәйек боп абзал ана бақты-қақты,
Бұлағын мейірімнің атқылатты.
Қасында үш ай болып, әлдендіріп,
Жұбатып жан баласын күн-түн қатты.

Соққысы сұм тағдырдың аса қатты,
Көрді ғой небір бейнет, машақатты.
Жанының сірілігін тексеруге
Жаратқан жібергендей бұл сынақты.

Мойымай бәріне де шыдап бақты,
Нар төзім кеудесінен тұрақ тапты.
Әлемде айнымайтын бір-ақ нәрсе:
Аналық махаббатқа шуақтатты.

Құдайым қысылшаңда қуат берді,
Сарқылмас мейіріне бұлақ берді.
Алыстан туған жерді медет қылып,
Көзіне елестетті құрақ көлді.

Бір емес, Бірәліге екі келді,
Сарсаңға салып тағдыр екіленді.
Жігерін құм етпеді асыл ана,
Көруге не салса да бекіп енді.

Сібір-итжеккенде
«Потом засудили на 25 лет, отправили
на Соловки. Находились в селе,
учились на прораба...»

Бірəлінің өмірбаянынан.
Қайран не кер заманның сұмдығына?
Құлады қайтып шықпас құрдымына.
Әр күні ерлік сынды, елден ерек,

Бақыт қой Бірекемді жыр қылу да.
Ақпаны қырық сегіз, болды соты,
Бүйірден шаншығандай желдің өті.
Жалмаңдап жалаңдайды жеп қоярдай,

Сумақай сумаңдаған тамұқ оты.
Туғаннан маңдайының соры қалың,
Етіктей тулақ қылған сірі жанын.
Өндірдей өңшең жастар қалды білмей,

Өкшелеп қанды қақпан құрылғанын.
Сарт етіп үкім шықты – жиырма бес жыл!
Жалп етіп сөнгендей-ақ жиырма бес нұр.
Взводтың өңшең өрім өрендері –

Тарп етіп тапталғандай жиырма бес гүл!
Толған-ды Бірәліге жиырма бес жас,
Өшкендей мәз өмірден жиырма бес жаз,
Жиырма бес күзі, қысы, көктемімен,

Өшкендей мәз өмірден жиырма бес наз!
Командир Мирошниченко, ол атылды,
Ақ арман қия шыңнан құлатылды.

Тоздырған бұғалық сап бұла күнді,
Азған заң аяр дейсің сірә, кімді?
Арқалап жиырма бес жыл кете барды,
Бар байлық – иемденген жеке нарды.

Өзіне қарайды өзі жат көзбенен,
Жанына енгізгендей бөтен арды.
Үмітін топан басып, тажал алды,
Болды деп неге бұлай мазаланды.

Апыр-ау, әділ заңы советімнің
Аярлық жасады-ау деп азаланды.
Арының азаптады сан сұрағы,
Көмейге кермек жасы тамшылады.

Шер батып, жүрегіне шемен қатып,
Өз-өзін аямастай қамшылады.
Тірліктің қысқа жібі күрмеле ме,
Жолықпас адам бар ма бір бәлеге?

Өмірдің толас таппас тайталасы
Жалғасты темір торлы түрмеде де.
Қамаған жан-жағынан қара түнек,
Қасқыр ой, дөкір сойыл, дарақы кек.

Жылт еткен жалғыз сәуле жеткізер ме,
Түбінде көк мұнардың дара тілек.
Үш күнде үйренеді көрге деген,
Тырмысып түрмеде де өрмелеген.

Тереңнен бір ойы бас көтереді:
Түсірме ұнжырғаңды, өлме деген.

Түсіп пе түрмеге бұл текке өлгелі,
Өзеуреп ешкімге де кектенбеді.
Тағдырдың талқысы деп білді дағы,
Өнімсіз өкінішке бет бермеді.

Қайтадан қайраттанды ер Бірәлі,
Қайтадан өжеттенді өр Бірәлі,
Өшірмей өмір отын үрлеп қайта,
Қоздатып қоламтасын жандырады.

Атқарып бір жұмыстан бір жұмысты,
Меңгерді мамандығын құрылысшы.
Сібірді жеті айналып шыққанында
Игерді талай-талай құбылысты.

Қыр-сырын ұғынады прорабтың,
Өнерін үйді қалай құрамақтың.
Жасынан зейіні мол Бірәліден
Ақысын керек тастың сұрамақ кім?

Айналып өзі де бір абаданға,
Бой бермес анау-мынау қабағанға.
Ірбітте, Қиыр Шығыс, Салехардта,
Мекені мәңгі мұздың Магаданда.

Солтүстік, сірескен мұз, аязында,
Шыбыртқы саясаттың саязында,
Қажымай қара нарша тарта берді,
Пейіл мен парасаттың таязында.

Алынып қиындықпен бар қамалы,
Әр жерде ауыр азап арқалады.

Өзіндей он сан бейбақ, тағдыр айдап,
Көңілден бұлыңғыр бұлт тарқамады.
Кеудеде шалқымайды күй шанағы,
Қақаған үскірікте үй салады.

Ыңылдар Ақан сері, Біржан әнін
Күйкілеу күйдіргіге күйсе жаны.
Еңсесін ер Бірәлі түсірмеді,
Тілегі түнек түнде кесілмеді.

Алыста жылтыраған жарық сәуле
Аңсарлы үміт отын өшірмеді.
Уайымды жанабына жолатпады,
Пайымды қайрат-күшін жоғалтпады.

Бүркіттей тұғырдағы нық отырған
Бір сенім бойына кеп қонақтады.
Мұңайтып қайтқан құстың тізбелері,
Шағынып жоғарыға ізденеді.

Жалықпай арыз-хатын жолдай берді,
Жаз-көктем, қыс демеді, күз демеді.
Мықтыға Мәскеудегі мұң шағады,
Шынымен айыпты боп тұрса, қане?!

Жазықсыз, жалғыз шеше, жалған айтса,
Ант ұрып, талша болсын қылша жаны!
Дариға, тамшы мұзды теспей ме екен,
Замана ауық-ауық көшпей ме екен,

Зарығып нұр-шуаққа тұрған шақта
Бір самал бой балқытып еспей ме екен?

Сталин – қаталдықтың бас тұғыры,
Өлген соң мұзды қойып, тас жібіді.
Жарқанат жасауылдың жұмсарғандай
Тұтқынды тұншықтырған қасқыр үні.

Елемей қар-мұзыңды сере қатқан,
Сезеді бір шуақты келе жатқан.
Күтеді Чукотканың әрбір таңын,
Бір хабар әкелер деп бостандықтан.

Оралу
«Писали жалобу, она попала Ворошилову и
нас отпустили. В 1954 году вернулся в Казахстан,
через Петропавловск, в Акмолу. Назначили

мастером-прорабом в Жаксынский совхоз».
Бірəлінің өмірбаянынан.
Сарғайған сағыныштай қағаз-құжат,
Шертеді сараң сырын суыртпақтап.

Дастанын Бірәлінің жатқа соғып,
Айтады аңыздайын жырын сақтап.
Жеткізген бостандыққа, нұрлы таңға
Елу төрт - қоңыр күзін ұмытар ма!

Майда ескен қыркүйектің жиырма бесі,
Хабары келіп жетті ұрымталда.
Делосы таразыға салыныпты,
Сотталған деген айып алыныпты.

Әскери алқа-соттың шешімімен,
Бірәлі кінәсіз деп табылыпты.

Түнегі тоғыз жылдың сырылғандай,
Өмірдің сыйын қайта ұғынғандай,
Қадірін бостандықтың енді біліп,
Көрінген тәтті болып ғұмыр қандай!

Бір ғажап тебіреніс күйге кірді,
Құмарта, құштарлана сүйді өмірді.
Құстай боп ұшып жеткен хат арқылы
Алғанын азаттықты үй де білді.

Бойында баяғыша байсалдығы,
Сақталған жүрегінде қайсарлығы,
Құныға бостан өмір жұтты ауасын
Қайтадан оралғандай жайсаң күні.

Асықпай лагерь басшы сабаздарың,
Бұйрықпен реттегенше қағаздарын,
Тағы да ай жарымдай өтті уақыт,
Әуреге салғанынша араздарын.

Ішінде қарашаның алды мұрсат,
Үйіне құстай ұшар келді бір шақ,
Сыпырды темір ноқта, бұғалығын,
Тоғыз жыл тапжылтпаған жанды құрсап.

Көңілі дариядай толқып-шалқып,
Жүрегін сағыныштың оты шарпып.
Қайран ел Қазақстан қайдасың деп,
Бірәлі атажұртқа кетті тартып.

Тұрғандай таудай мақсат иығында,
Тағдырдың бар шығар деп сыйы мұнда,

Бетке алып Сарыарқаны кетті тартып,
Бірәлі бір құдайға сыйынды да.
Есінен шықпай қойған Ел мен Есіл,
Сағынған туған жерін ер кәдешіл.

Сыпсыңдап самал желі, торғын белі,
Дейтіндей Бірәліге: кеңге көсіл!
Селеулер желге шашын тарайтындай,
Балаға Бірәліні балайтындай.

Ой піскен, бой таралған, ми шыныққан –
Басқаша туған жерге қарайтындай.
Тоғыз жыл тар қапаста түңілмеген,
Өр басын еңкейтпеген, бүгілмеген,

Тозақтан тоқсан тоғыз өтіп келіп,
Бірәлі жолыққандай қыдырменен.
Қауышты кең сақара даласымен,
Есілде Қайрақтының сағасымен.

Жаһанда жан біткеннен артық көрген
Табысты Бибіғайша анасымен.
Көрісті Жақсыдағы еліменен,
Өбісті Қимадағы теңіменен.

Еркіндік, Ерекештің қорасында
Кір жуып, кіндік кескен жеріменен.
Көтеріп аруағын шырқатуға,
Кестелеп түсірейін жыр-хатыма.

Көзіме елестетіп, таңырқаймын
Сондағы Бірәлінің тұрпатына.

Қайраты, тау да болса қопарардай,
Қажыры тасқын селін қотарардай.
Еш кеткен жылдарынан есені алып,
Арманын алғы күнге апарардай.

Жігері жалын оттай лапылдаған,
Немесе сары аяздай сақылдаған.
Екпіні – тасығанда жардан асып,
Есілдің суындай-ақ лақылдаған.

Өрлігі құзар шыңды құлатардай,
Нұр шашқан мейірімі бұла таңдай.
Құлшынған құдіреті жан күшінің
Қамалды алмас дейсің, сірә, қандай?!

Бірәлі оралғанда ту алмаған,
Аумақта жан қалмады қуанбаған.
Басалқы айтып отыр ақсақалдар:
Адамның пешенесі бір Алладан.

Хабары сүйіншілеп байтақ елді,
Барша жұрт құтты болсын айта келді.
Бірәлі туыс-туған, ағайынды
Ырыс-құт, берекемен байыта келді.

Қуантып оралғаны байтақ елді,
Өрлігін өренінің байқады енді.
Дос-жаран, қыз-қарындас, жора-жолдас
Шаттықтың шалқар көлін шайқады енді.

Бір дейді қуанған да, қорыққан да,
Бар түсі жақсы болған жорытқанда,

Анасын– Бибіғайша жұбатады
Бір тосқын болды енді деп торыққанға.
Құдайдың бұл дағы бір уақыты шығар,
Оңалып енді алдынан бақыты шығар.

Бөленер болашақта бақытының
Төлеген, бұл бейнеті, ақысы шығар.
Зарыққан анасына өрен келді,
Жабыққан шаңыраққа өлең келді.

Пішенбай, Шәріп, Рақым үлкендерді,
Қарсылап ізетпенен сәлем берді.
Қуанып нағашысы Молдағали,
Тосты алға бар дәмдісін Ләйлім, Дәми.

Жүрекке бір шоқ тастап өткендей-ақ,
Жолында жолығып қап жас қыз Зәйни.
Көбейген кейінгі жас көбегендер,
Бүркітбай, Елеш, Абай, Төлегендер.

Жас өскін өрттей лаулап, көктей қаулап,
Қолтықтан Бірәліні демегендер.
Бірәлі кірісті өмір күресіне,
Көп еді алар одан үлесі де.

Аз күнде шебер болып кетті кіріп,
Жақсыда құрылыстың тресіне.
Азабын артта барлық қалдырғандай,
Жүректе жаңа бір от жандырғандай.

Дариға, қандай жақсы бостан өмір,
Қолына бақыт құсын қондырғандай.

Лақтырып қасіретін тастағандай,
Бақыт бар бостандықтан басқа қандай?!
Анадан қайта туып, белін буып,
Жаңадан жарқын өмір бастағандай.

Дариға, мына дүние қандай жарық!
Тамсанып таңданардай таңдай қағып.
Өмірде мастануға болмайды екен,
Жүргенге жарқанатша жарды айналып.

Дүние мұндай ма еді бұрын-дағы,
Ғажайып білмеппіз-ау сырын-дағы,
Бақытты дәурен сол-ау, жігіттер-ау,
Өзіңнің өз тағдырың қолыңдағы.

Бірәлі осылай деп толғанады,
Құрылыс қиын ісін қолға алады.
Жаңа бір леп кіргендей тынысына,
Жақсыда талай тірлік жанданады.

Бибіғайша ананың баласы
Бірәлімен көрісіп аңырауы
«В 1931 году умер отец. До меня было 13
детей. Все умерли. Потом остались я и сестра».

Бірəлінің өмірбаянынан.
Жан балам, есен келдің бе,
Қиямет-қайым көрдің бе?
Құдай басқа салғасын,

Қайтейін-ай қарағым,
Азабына көндің де.

Ел басына күн туса
Етікпенен су кешер
Мехнаты көп ердің де.
Айқасқанды жайратып,

Алысқанды жеңдің бе?
Айналайын, жан балам,
Амандығың Алладан.
Асқанымда алпыстан

Бел таянып қарманам.
Құдай берген бүгінгі
Қуаныштың үстінде
Запыран төгіп зарланам.

Кебенек киіп кетіп ең,
Келгенің олжа сол маған.
Бұдан артық бақытты
Тілемеймін Алладан!

Басқа салған құдайдың
Уақытына жылаймын.
Қуаныштың үстінде
Көздің жасын бұлаймын.

Шалқар дария жайылған
Өмір деген бір айдын.
Он бес құрсақ көтеріп,
Он үшінен айрылған

Сор басыма жылаймын.
Қолдан топырақ бұйырмай,
Қабірі қалған қиырда-ай,
Жолдасыма жылаймын.

Соның бәрін ойласам,
Сорлы басым, жазған-ай,
Неге ғана бұлаймын?

Бірәлі-жаным келгенде
Ойлап соны мұңайдым.
Тең құрбымен жарасып,
Қатар түзеп жүрмедім.

Жас күнімде бұлаңдап
Үкілі дәурен сүрмедім.
Заманымда жарқылдап,
Жайраң қағып күлмедім.

Той болғанда жарқырап,
Топты жарып кірмедім.
Зұлматы ма жазмыштың
Басымдағы бір менің.

Содыр заман сойқаны-ау
Сөгілгені іргенің.
Тағдыр салған қастығы,
Алды алқымнан аштығы.

Өзек талып, өртеніп,
Өксуменен өтті ғой
Бірәлінің жас күні.
Құртып болған бір өзі

Белге қамшы байланған
Белсенді шолақ бастығы.
Қанатымнан қайрылдым,
Қабырғамнан майрылдым.

Бүлдіргісі аштықтың:
Бүлдіршіндей қызымнан
Алас-күлес күндерде
Қапияда көз жазып,

Тірідей-ақ айрылдым.
Орынбасар жан қызым,
Қарындасы жалғыздың,

Запыраны қайғымның.
Жан қызым-ау, кеше көр,
Детдомда сені қалдырған
Анашыңның айыбын.

Қасіретті теңізден
Өтер ме екен қайығым,
Өтпес пе екен қайығым?!
Бордай болып егілдім,

Бейнетіне жегілдім.
Аранында қалмасқа
Аштық деген жемірдің,
Табанымнан тозғындап,

Қарамадым сірә да
Бүгілгеніне белімнің,
Төгілгеніне терімнің.
Ішімдегі жегінің

Қасіретін кемірдім.
Мұңлық жаным зарлады,
Зарлық жаным сарнады.
Пешенеме жазылған

Еркек кіндік атқарар
Ауыр жұмыс ол дағы.
Бағып бұзау, сиырды,
Тас көмірді тасыған

Айдадым ат-арбаны.
Бірәлінің сондағы
Кенептен көйлек-шалбары.
Одан келіп сұм соғыс

Лаң-бүлігін салғаны.
Бірәлінің майданға
Жауынгер боп барғаны.

Төрт жыл қырғын соғыстан
Аман-есен қалғаны.
Айттым шүкір құдайға,
Аруақ, пірлер алқалап,

Ғайып ерен, қырық шілтен
Жалғызымды қорғады.
Сонда дағы сор қалың,
Басыма, бақыт, қонбадың,

Көгімді, бұлттар, торладың.
Естімей-ақ өлсемші
Жабысып пәле жолына
Жалғызды қырсық шалғанын.

Кетер ме сірә есімнен
Еңіреп жылап, аһ ұрып,
Аруақ, пірді шақырып,
Алысқа іздеп барғаным.

Білдім-ау сонда, не керек,
Бұл дүниенің жалғанын.
Көрмей қайда кетерсің
Құдайдың басқа салғанын.

Бәрінен де сол батты,
Таңдайдағы жалбызым,
Маңдайдағы жұлдызым,
Айналайын Бірәлім,

Наһақтан наһақ сотталып,
Жалалы болып қалғаның.
Үмітін көктей солдырып,
Өшірген алау арманын.

Білдім-ау сонда, қайтейін,
Бұл дүниенің жалғанын!
Итжеккенге айдалды,
Бар бойымды қайғы алды.

Түн баласы жас төгіп,
Ойлайтынмын, ойпырмай,
Нелер сұмдық ойларды.
Желім болып жегенім,

Ірің болып ішкенім,
Сібірдегі ұл үшін
Жүрекке шемен байланды.
Жан дүнием қақырап,

Дауыл жайпап кеткендей
Салып сойқан ойранды.
Айналайын жан балам,
Амандығың Алладан.

Тоғыз жылғы түнектен
Құдіреттің күшімен
Келгеніңе есен-сау
Тәуба қылып, таң қалам!

Жаратушы Құдайдың
Құдіреті шексіз-ау,
Өшкеніңді жандырып,
Өлгеніңді тірілтіп,

Үзілгенді жалғаған!
Кеудедегі шыбыным,
Омыртқада – жұлыным,
Емшегімді идірген,

Емірентіп сүйдірген
Еріндегі күбірім,
Құлақтағы сыбырым.
Он бес құрсақ көтерген –

Ішіндегі жалғызым,
Тау басында жалбызым,
Тоғыз жылдық тозақтан,
Аман-есен келдің бе,

Анаңды тірі көрдің бе,
Айналайын құлыным!!
Құлағың сап тындасаң,
Жүрегімнің естірсің

Қуанышты дүбірін.
Айналайын жан балам,
Анашыңа кел, балам,
Құшағыма кір, балам,

Он бес жылдық сағыныш,
Өртін енді басайын.
Тоғыз жылдық дермене
Дертін енді басайын.

Тұмшаланған көңілдің
Шымылдығын ашайын.
Қабақтағы кірбіңді
Көз жасыммен жуып бір,

Есілдейін тасайын.
Маңдайыңнан иіскеп,
Мауқымды бір басайын.
Енді жүз жыл жасайын!

Тоғыз жылдық тозақтан
Келгеніңде дін аман,
Енді қайтып жыламан.
Бәйтеректі көктетіп,

Қайта тұрғыз әкеңнің
Шаңырағын құлаған.
Нұртазаның әулетін
Нұрыңменен алқа деп,

Бір Алладан сұрағам.
Құр қалдырмас сені де,
Ештен де кеш жақсы деп,
Жазмыштағы сыбағаң!

Айналайын жан балам,
Амандығың Алладан.
Толсын енді кенере,
Айтып-айтпай немене,

Арманымның үлкені,
Көкіректің нұр кені,
Көп ұзатпай, жан балам,
Сүйгіз маған немере!..

Зәйни
«В 1955, январе вызвали в Жаксы, мать, Ляй-
лим, Дами, Молдагали и сказали, что должен
жениться. Женился – февраль, 55-год».

Бірəлінің өмірбаянынан.
Қонақтап барғанында Ләйлімменен,
Есілден көрді бір қыз Зәйни деген.
Ауылы «Қазақстан» аталатын,

Ажары теңескендей ай-күнменен.
Тегінде, ағайындас жеңгесімен,
Сол қызды шығарсайшы енді есінен.
Үйленіп, үй болу да үлкен мұрат,

Ырысты болар десең ер несімен?
Бірәлі бір көргеннен ұнатады,
Бүрленіп махаббаты гүл атады.
Көз ілмей ұзақ түнде толғанады,

Қаңтардың атқанынша құба таңы.
Зәйнидің он жетіге келген шағы,
Бұрымын әдемілеп өрген шағы.

Оянып жүрегінде уыз арман,
Қиялға қыздың ерік берген шағы.
Ел іші еркелетіп Зекен деген,
Жат мінез білінбеген секеңдеген.

Інісін ізіне ерген жеткізуді
Көреді парызындай өтелмеген.
Әкеден ерте қалып, өсті жетім,
Ерке емес, шолжаң емес, есті жетім.

Он үште анасынан айрылғанда
Кезі еді кәдімгідей ес білетін.
Әке атын болашаққа алып өткен,
Ұл мен қыз қалды тұяқ Жәнібектен.

Құлындар өзім өтсем не болар деп,
Көңілін қайран әке жарым еткен.
Келместің шегін сонда аттағанда,
Айтар сөз аманатқа таппағанда,

Алам деп о дүниеде өз қолыңнан,
Ұл-қызын тапсырыпты Сақтағанға.
Сақтаған орындайды аманатты,
Соғыстан жан-тәнінде жара қапты.

Туыстың туыстығы сол емес пе,
Зәйни мен Жұмабайды паналатты.
Бірі емес, бірегейі сұңғыланың,
Бірәлі бұл жағдайдың білді бәрін,

Зәйниге оңашада сырын ашып,
Білдірді өмірлікке жар қылмағын.

Кернейді екеуін де ынтық сезім,
Қадайды сүйгеніне сыршыл көзін.
Бірәлі білегінен ұстап тұрып,
Айтады махаббаттың шыншыл сөзін.

Тағдыры жарастырып екі жасты,
Серттесіп сүйген жүрек уағдаласты.
Созбаққа салып енді не керек деп,
Бір түнде ер Бірәлі алып қашты.

Шығарар шын бақытын уыстан кім,
Жұптасу еншісі ғой ұғысқанның.
Зәйниді жөнелді алып оқып жүрген
Үйінде Қимадағы туысқанның.

Жақсыда уағаданы пісіреді,
Үйіне Молдағали түсіреді.
Алдынан туысының өтіп дереу,
Басты иіп құдаларға кішіреді.

Кит беріп танытады мырзалығын,
Көңілдің көрсетеді гүл жазығын.
Сонда да салыңқылау жүрді біраз
Сақтаған бере қоймай ырзалығын.

Шамасы, үлкенсінген сыңайы бар.
Болсын-ау үлкен болса – шырайы бар.
Бойында кернеп тұрған жастық жалын,
Кеудеде жарқыраған күн-айы бар.

Бос белбеу болбырағың Бірәлі емес,
Құрмайды езбелермен сірә кеңес.

Сұлтаны жігіттердің сол болатын
Шыңдаған шынықтырып өмір-егес.
Қыздан да сезілмеген көңіл бөтен,
Тапқаны жұртқа мәлім теңін Зекен.

Ішінен кебенектің ерді таныр,
Қате етпес қыз жүрегі тегін бе екен?
Бас екеу болғаннан соң сірә дағы,
Мал-жаны бірте-бірте құралады.

Отау боп өз алдына бөлек шығып,
Шалқыды шаттығының шығанағы.
Өмірге бір жыл өтпей Роза келді,
Шар етіп шаттық әнін соза келді.

Бергендей жанұяға жаңа тыныс,
Парағын жарқын дәуір жаза келді.
Жібиді мұны көріп Сақтаған да,
Шаттанып елі түгел мақтағанға.

Жұбанып Зекен бақыт тапқанына,
Бауырдың аманатын ақтағанға.
Жан жарын Зекенім деп еркелеткен,
Бірәлі домбырасын шертеді еппен.

«Асау кер ат жүрмейді-ау шалдыққанда...»,
Деп бастап көңілін әнмен көркем еткен.
Бек разы баласына Бибіғайша,
Елжіреп немерені сүйді Ғайша.

Біртіндеп үбір-шүбір көбейгенде
Отырды ортасында толған айша.

Өмірі Зәйниімен ажарланды,
Үйінде бала күлкі – базарланды.
Іңгәләп Аймұхамбет, Әдишалар,
Әжесі әлди айтып, созар әнді.

Жарқырап көңілінің лағыл тасы,
Одан соң келді өмірге Бәдишасы.
Әкелік бал сезімге бөленеді,
Қайтқандай қияметтің қарымтасы.

Тамсанып тәттіден де татып көрді,
Алдынан арай таңы атып келді.
Шаттығын шаңырақтың тағы еселеп,
Өмірге Әлихан мен Бақыт келді.

Зәйниі жаймашуақ, жарқын ғана,
Асыл жар, адал серік, алтын ана.
Жарқырап Бірәлінің күн кеудесі
Асыр сап ойнайды үйде алты бала.

Толтырып жүрегіне шуақ-нұрды,
Жадаған көңіліне гүл аттырды.
Сүйгізіп алты бала Зекен жары,
Қамалын жалғыздықтың құлаттырды.

Бақыт сол алған жарың керім болса,
Арада сүйіспендік, сенім болса.
Жақсының шал-кемпірі берді бата
Зекендей болсыншы деп келін болса!..

Баспалдақтар
«...назначили мастером-прорабом в «Жак-
сынский» совхоз... В 1962 г. отправили в
село Подгорное, управляющим».

Бірəлінің өмірбаянынан.
Бірәлі жігіт еді құдай берер,
Құдайым сүйген құлға құлай берер.
Күпсініп кекірейген кеудесі емес,

Өнері ер жігітке шырай берер.
Көтерген Бірәліні өнер болды,
Әуелі құрылыста шебер болды.
Алды – кең, жаны – дарқан, қолы – мырза,

Жаудырып жақсылығын төгер болды.
Атанып еңбекте де ерен батыр,
Салады жатпай-тұрмай элеватор.
Жағалап жас жігіттер Бірәліні

Жапырлап құрылысқа келеді ақыр.
Алдағы жанған шырақ, үміт көрген,
Құрады бригада жігіттерден.
Төлеген, Елеш, Бүркіт, Жұмабайлар

Құм тасып, кірпіш құйып, шынықты елмен.
Жақсыда өрбітеді нелер істі,
Ашады құрылысқа кең өрісті.
Әуелі құдай қолдап, жанын жалдап,

Маманы болып алды өте күшті.

Үй салып көркейтеді көшелерді,
Елі де еңселеніп өседі енді.
Дарыны топ ішінен дараланып,
Қарымы күннен-күнге еселенді.

Шаршауды білмейтіндей сірә дағы,
Еңбекке ештеңесі құрамады.
Шеберден бір сатыға өсіп енді,
Болады учаскенің прорабы.

Әр істі байыптайды ақылға сап,
Әсте де қалдырмайды басын бастап.
Әділдік – алдындағы нысанасы,
Әрқашан таразысы сабыр, ынсап.

Қайтпаған бойындағы жалын жастық,
Танылып қабілеті болды бастық.
Қазақтан сонда жалғыз Бірәлі еді-ау
Ден қойған құрылысқа ықылас қып.

Ауданда алғыр жігіт саналады,
Жілікті бір-ақ ұрып шаға алады.
Тресін құрылыстың таратқанда,
Совхозы Жақсыдағы қалап алды.

Біртіндеп таралады ғажап аты,
Өмірдің бәйгесінде озады аты.
Сыйлайды Бірәліні құрмет тұтып,
Жақсының жақсы, жайсаң азаматы.

Әдемі әуеніндей асқақ әннің,
Парасат белесіне бастап әр күн,

Бөліскен тіршіліктің қуанышын,
Басы да құралады дос-жаранның.
Бөліскен қуанышты, ренішті де,
Достарға өмірдегі өріс тіле.

Ойнайтын отырып ап преферанс,
Сол дәурен берген мәуе жемісті де.
Тарихқа тағзым етіп тік тұрайық,
Өткеннің өнегесін ұқтырайық.

Бір досы Бірәлінің емес пе еді
Полковник Кенжеш аға Түктібаев.
Есілдей еркелетсек жыр ағынын,
Ендігі қамқор досы Бірәлінің,

Үлгісін үрдіс қылып айтар едік
Банкир Оразбеков Нұралының.
Ағалар тау суындай тасып өтті,
Өмірдің алқабына асыл екті.

Замандас Бірекеңе сол тұстағы
Жауғашов жайсаң аға Жәшібек-ті.
Үшеуі Бірәліге береді дем,
Кең толғап, ойласады тереңінен:

Шыңдалған шетте жүріп серке жігіт,
Тағдырын таспадай қып өре білген.
Тұншыққан алыс жақта ізгі арманы,
Елдікті танытайық біздер дағы.

Доспыз деп құр даурықпай, дұрыс-ақ қой,
Достықтан шарапатты із қалғаны.

Жігіттер осылайша қолдасады,
Жұмысы Бірәлінің алға асады.
Жақсының жақсылары бірлікте боп,
Жарқырап еңбегінің жанған шағы.

Райпотреб-Союз деген мекемесі,
Шегесі, тақтай, шифер, бөренесі,
Бәрі де не керектің қолда тұрған,
Жәшібек барлығының нақ егесі.

Шынайы шын көңілден, салық артпай,
Тостырып дымын құртпай, дамылдатпай,
«Ләббай!» деп, не сұраса соны тауып,
Береді Бірәліге қолын қақпай.

Евдокия Зайчикова райком хатшы,
Әділ жан бірталайға келген жасы.
Көмектес бұл балаға – дейтін ол да,-
Қалатын жұмыс десе ішкен асы.

Бірәлі совхоздағы прорабы,
Өрлеткен өндірісті бір маманы.
Директор Таркиевский Иванменен
Шаруасын клуб салу қолға алады.

Ордасы мәдениет елге керек,
Биікке өнер сонда өрмелемек.
Халыққа қажет жұмыс болғаннан соң
Көңілін Бірәлі де бөлген ерек.

Клубты саңғыратып тұрғызады,
Ішінде ойын-сауық, жыр қызады.

Сәулеті көрген көзді сүйіндіріп,
Еріксіз мойындарды бұрғызады.
Ауданда әйгіленіп болған атақ,
Әуелгі қағазынан шықты шатақ.

Орнына сиыр қора клуб салған,
Банкте өткізбейді байлап-матап.
Қабағы директордың түйіледі,
Басына қара бұлттар үйіріледі.

Болмайды таппаса егер бір амалын,
Наһақтан күйіп кетсе, кім біледі?!
Бірәлі «тәуекел!» деп шықты сонда,
Болмасты болдырам деп алды қолға.

Қалдырмай әріптесті қиын шақта,
Турадан кетті тартып Москваға.
Табаннан таусылып, көп есік қақты,
Қағазын клубының дұрыстатты.

Бекітіп министрге қол қойғызып,
Бітіріп әкеледі жұмыс-бапты.
Иванның шаттығында шек болмады,
Пәледен Бірәлінің құтқарғаны.

Есінен ешқашан да шықпай әсте,
Өмірде Таркиевский көп қолдады.
Қолынан Бірәлінің іс келеді,
Жолында бөгет көрмес ештеңені.

«Жасаймыз!» деген ғана бір ауыз сөз,
Жалындап жігер-сенім күш береді.

Қажыры ұйымшылдық тас жарады,
Алдында алып міндет асқаралы.
Бір өзі бір совхозбен тең түсетін
Подгорный бөлімшесін басқарады.

Бір бақыт жұмыс істеу Бірәлімен,
Нұрлантар әр жүректі жыр-әнімен.
Жасты да, кәріні де жылытады
Парасат төккен мейір шуағымен.

Төске өрлеп тұрғанында бақ-таланы,
Ешқашан қиянатты жақтамады.
Бастықты бастық демей бетіне айтып,
Әлсіздің әділ ісін ақтап алды.

Айғақ көп айыратын ақ-қараны,
Ғибраты ел есінде сақталады.
Бір топ шал Белағаштың сайын құлдап,
Бел шешіп қол шалғымен шөп шабады.

Сол кезде Таркиевский келіп қалып,
Шалдарды шулыған қып беттен алып:
«Бұл жерден шөп шабуға рұқсат жоқ!» деп,
Қуады тым-тырақай ойбай салып.

Қуалап сүтке тиген мысықтай ғып,
Қаталдық танытады құнсызданып.
Шөп түгіл, шөңге де жоқ, кете барды.
Иванның қылығына шалдар налып.

«Ойпырмай, құдіреттің құрығын-ай,
Қайдағы келімсектің қылығын-ай.

Өзіңді өз жеріңе өгей қылды-ау,
Алсаңшы көрсеткенше мұны құдай!»
Шалдарың қылады да жағын зарда,
Опынып несібеден қағылғанға,

Амалы құрып ақыр кетті тарап,
Не опа табамыз деп шағынғанда.
Боларын бір пәленің сезген еді,
Бірәлі бұл шалдарға кез келеді.

Білген соң шөптің жайы не болғанын,
Ажары қуқыл тартып өзгереді.
Саспастан сабыр сақтап айтты сонда:
«Қарттарым, қамкөңіл боп уайымдама.

Жылдағы шапқан жерден шаба бергін,
Жауабын өзім берем директорға».
Содан соң директорға келді жайлап:
«Іс қылсақшы ақылға салып ойлап.

Бекерге ренжітесіз шалдарды анау,
Өнімсіз бос нәрсеге қолды байлап.
Матвеич, сайда сонау бар ма ақыңыз?
Шалдар да Айдан емес, өз халқымыз.

Онсыз да отыз мыңдық жерімізді
Оқсатып игілікке ұқсатыңыз.
Шалдардың ата-баба жерлері ғой,
Шөп шапса, құдайдың сол бергені ғой.

Қам қылса қайта осылай, қыстың күні
Шөп сұрап, мазаны алып келмейді ғой!»

Бірәлі қисынымен ой толғады,
Бұған уәж Матвеич те айта алмады.
Беделді басқарушы болғаннан соң,
Тоқтады сөзге, бетін қайтармады.

Бірәлі барған сайын көшеленді,
Күн санап абыройы өсе берді.
Сағымы сайын дала еркеленіп,
Самалы Сарыарқаның есе берді.

Алауы арманының сөнбейді енді,
Асқақ күй жан-жүрегін тербейді енді.
Адамдық бақытына биіктеген
Сатылап баспалдақтар өрлей берді.

Сырттан оқып жоғары білім алды,
Сырларын агрономдық біліп алды.
Сыртынан бәрі жақсы көрінгенмен,
Ішінде тобықтай-ақ мұңы бар-ды.

Кейде кеп анасына сырын ашар,
Шипасы табылар ма мұңын басар?
Көңілін күпті қылып мазалады
Жоғалған қарындасы Орынбасар.

Қайран қарындас!..
«Ағалап еріп соңыңнан
Анаңнан бетер аймалар.
Айың боп туар оңыңнан

Қарындас сезім қайда бар?!»
Автор.
Жабысқан жүрегіне шемендейін,
Мәңгілік зар-сағыныш өлеңдейін.

Өтсе де қанша жылдар ұмытылмай,
Шанышқан шаншу болып тебендейін.
Қайран сол қарындастың жоғалғаны,
Өрттей боп алаулайды жан арманы.

Дерттей боп өксітеді сол қайғысы,
Дәруін іздесе де таба алмады.
Нәубеттің салып кеткен мұң-наласы,
Детдомға беріп кеткен қыз баласы,

Жылдарда ашаршылық көз жаздырып,
Жылаумен қайғы шегіп жүрді анасы.
Детдомда қалдырдым деп неге ғана,
Өз-өзін өкінішпен сөгеді ана.

Баласы – бауыр еті емес пе еді,
Көз жасын көлдей қылып төгеді ана.
Бірәлі – жалғыз ұлы басыбайлы,
Екеуін ана қалай асырайды.

Заманы түзелген соң алам десе,
Зұлматта болды өзінің басы қайғы.

Одан соң соғыс келді күркіреген,
Ұйқы мен ұмытылды күлкі деген.
Дауылда дүркіретіп соғып өткен
Өрт шалған орны қалды бір түп емен.

Бұларға жауған шұға жетпей қалып,
Жеңістің қуанышы өтті айналып.
Тәңірден тілеп алған Бірәлісі
Түнекке тоғыз жылдық кетті айдалып.

Қашанғы жылатсын-ау құдайы да,
Қазірде туғандай-ақ күн-айы да.
Бірақ та ана жаны жабырқаулы,
Көзінен кетпес бір мұң ұдайыда.

Ол мұңы – жоғалған қыз Орынбасар.
Табылса, талайы сол шерін басар.
Шарт етіп сынып шыны үміттері,
Шақ қалып ұстатуға сағым қашар.

Біледі Бірәлі де ана мұңын,
Бірі өзі жаны шерлі жаралының.
Қайғысы қарындастың батпаса егер,
Несіне деп санайды саналымын?!

Есінде құйттай ғана қарындас та,
Бола ма қарындасты сағынбасқа.
Ойраннан аман-есен шықты ма екен,
Ойпырмай, шыныменен табылмас па!

Көмескі бұлдырайды елестері,
Талайсыз балалық шақ белестері.

Екеуі қол ұстасып аштық жылы
Аңызда масақ терген емес пе еді.
Қинайды ми-жүйкені бұрау салып,
Іздейді жатпай-тұрмай сұрау салып.

Жоғалған қарындасты тапсам деген
Жанайқай кеудесінде ұран салып.
Кездерде аласапыран тағдыр айдап,
Айрылған туысынан аз ба бейбақ.

Қарындасым деп қалып талай жанды
Қайтатын суып сосын көңіл жайдақ.
Үміті он алдады, жүз алдады,
Шаттықтың шалқарында жүзе алмады.

Күдігі күзгі желдей кеулесе де,
Күдерін қарындастан үзе алмады.
Сірідей төзімді ғой адам деген,
Сенімін жоғалтпады табам деген.

Бір жақта қыз шырқырап анам деген,
Бір жақта аңырады ана балам деген.
Бір күні қарындасты тапты ақыры,
Тағдырдың тас жаңғағын шақты ақыры.

Отыз жыл көз жаздырған Орынбасар
Табылып шаттық селін төкті ақыры.
Көрісіп Орынбасар көп жылады,
Тұншыққан іштегі өртті жандырады.

Анам-ау, Бірәліден неге айырдың,
Болмадық неге бірге деп жылады.

Алладан ажал келсе өлмес пе едік,
Бірге не көрсек те – көрмес пе едік.
Қарнымыз аш та болса, тоқ та болса,
Бір үзім нанды бөліп жемес пе едік!?

Дегенде босамаған жан қалмады,
Көзден жас ытқығанын аңғармады,
Қосылып ана мен қыз, аға-қарындас
Қайтадан жарды бүрін армандары.

Осылай өлген тіріліп, өшкен жанды,
Ерітті өмір күні түскен қарды.
Жадырап жарық дүние жазы келіп,
Жібітті жүректегі қысқы ызғарды.

Бар екен күйеуі де, баласы да,
Иілді Орынбасар анасына.
Сый-құрмет көріп барлық ағайыннан,
Табысты Бірәлідей ағасына.

Көздегі өмір нұры көнергенше,
Ұстаған өзін-өзі кемеңгерше,
Бірәлі жаннан артық жақсы көріп,
Сыйлады қарындасын өле-өлгенше.

Ешім
«В 1969 году переехал в
Ишимский директором».
Бірəлінің өмірбаянынан

«Ешім, ерке Есілдің суын емген,
Толысып жылдан жылға кемелденген.
Бірəлі, Əбдірахман ел мақтаны –
Үлгісі ұрпағына жігер берген».

Есмұхамбет Айтмағамбетұлы.
Ақырған аяз еді ақпандағы,
Жадында содан шығар жатталғаны.
Долырған дүлей қыста бет қаратпай,

«Ешімге» директор боп аттанғаны.
Бұрынғы директоры Берда деген,
Қоғамның малын ойлап қам жемеген.
Найқалған жүрісіне Берда-ағаңның

Айтыста айтады екен арнап өлең.
Берда-ағаң ол сыныңды мойынсұнбай,
Ақ ішкен, қызылыңды алымсынбай.
Жатса да мал қырылып, масаң күйде

Сабазың жүре берген сағы сынбай.
Бетімен жіберіпті бар жұмысты,
Қыс келіп алқымынан алды, қысты.
Тап мұндай ел көрмеген көптен бері

Қақаған үскірігі қарлы қысты.

Жіберген Бірәліні жол табуға,
Жағдайды тығырықтан құтқаруға.
Ақырған ақпаныңның аязында
Асықпас аялдауға құт та мұнда.

Шөбі жоқ, түк қалмаған шөмеледен,
Келерін қаһарлы қыс елемеген.
Жалқауға жаббар ие жар болмаған,
Кердеңді қыдыр әулие жебемеген.

Қиын қыс тимеді оңай малға-жанға,
Қайран жоқ жақыннан да дорбалауға.
Арқаның ақкөзінде тура келді
Алыстан ат арытып арбалауға.

Қыраулы қыстың көзі жанталаста,
Бірәлі ұрып басын тау мен тасқа,
Совхоздың малын жұттан сақтау үшін
Жан алып, жан беріскен арпалыста.

Сарыарқа сары аязы сақылдаған,
Дегендей соқты боран: ақымды алам!
Жұмысқа көзді жұмып қойып кетті
Бірәлі бойда жалын лапылдаған.

Бұйырып күндіз-түні тоқтамауды,
Тасытты бес облыстан шөп-сабанды.
Азамат, айдың-күннің аманында
Обал-ау аштан қырсақ қанша малды!

Өткен жаз артық етіп терген-жиған,
Алдырды біраз жемшөп Подгорныйдан.

«Алғанда жау жағадан, бөрі етектен» –
Өңмеңдеп ақкөз боран алдан қиған.
«Ешімнің» жұртын түгел жұмылдырды,
Ортақ іс екендігін ұғындырды.

Кердеңдеп кері тартқан кейбіреуін
Кең толғап, ақылына жүгіндірді.
Оңалып қиын жағдай кеңшардағы,
Біртіндеп түсті иықтан мол салмағы.

Барша жұрт Бірәліге сенім артып,
Қолдады әсіресе жастар жағы.
Қатырып қатал қыста бұғананы,
Шығынсыз малды жазға шығарады.

Бір сыннан тайталаспен өткені сол,
Қыруар іс күтіп алдан тұра қалды.
Кеңшарын білді зерттеп жан-жағынан,
Жоқ мұнда бөтен тілек ел қамынан.

Адамға арнаса бар игілікті,
Еңбегін сіңірмес пе ол да бұған?
Болса егер алған ғибрат, сабағы шын,
Қызмет етеді өмір дарағы үшін.

Толғанып келген сонда тұжырымы:
Жемісі еңбегінің адам үшін!
Ойында талай жоспар құраған-ды,
Мұны да талқыға сап сынаған-ды.

«Жұмыста ең бастысы не нәрсе?» – деп,
Министр Моторико сұраған-ды.

Күтпеген сұрақ еді, қалды ойланып,
Кідіріп, аспай-саспай толғай барып,
«Бастысы – адам!» деген сол сәтінде
Министр: «Дұрыс!» деді жайраң қағып.

Жанына ізгілікті мұра тұнған,
Қыран ғой Бірекең де тік атылған.
«Ешімді» басқарды аттай жиырма бір жыл,
Айнымай адам деген мұратынан.

Ұнатқан қағидасы бірегейді,
Жағдаймен танысады түбегейлі.
Кеңшардың келбетіне шіркеу салар
Көп екен келеңсіздік көлегейлі.

Селоның келіспейді сән-жобасы,
Ауылдың қақ ортасы мал қорасы.
Сұрықсыз үйлерінің түрі жаман,
Шашылған сайда саны, қырда басы.

Ешкімге ешкім аса бағынбайды,
Бастықтың босаң болса бәрі ыңғайлы.
Е, мейлі, түске дейін шөп жемесе,
Үкімет малы аштан қағынбайды!

Ешкімге ештеңенің керегі жоқ,
Техника, құрал-жабдық дерегі жоқ.
Көтерем жүдеу-жадау арық малдың
Не төлі, ет пен сүті, берері жоқ.

Онша көп алаңдатпас жұмыс жағы,
Көріксіз, көңілсіздеу тұрмыс халы.

Баршаны жайлап алған бойкүйездік:
Көргенде Бірәлінің «жыны» ұстады.
«Ешімді» көтере алмас десті мұны,
Емес қой өмірінің кешқұрымы.

Болсын деп: «жұмыста да соғыстағыдай»,
Қозады Бірәлінің ескі «жыны».
Көк езу, көлденеңді бұл не қылсын?
Құрылтай шақырады жиналысын.

«Ешімнің» ескілігі адыра қап,
Еліме жаңашылдық күй дарысын!
Бірәлі талдан таяқ таянбады,
Бағытын батыл айтып баяндады.

Жойылсын жалқаулық пен керенаулық,
Жасасын жасампаздың ой-арманы!
Тоқтады тыңғылықты бір нұсқаға:
Үлгілі сүрсін өмір үрдіс қана.

Кең ауқым, сұлу сапа, жедел қарқын –
Жұмыста, тұрмыста да, құрылыста да!
Даңғыл боп қай тұрғыға қарасақ та,
Бірдей боп берешекке, алашаққа,

Жобалы жоспар үлкен: таяу жылға
Және де жиырма жылдық болашаққа.
Белгілеп осылайша бағдар-бағыт,
Шамшырақ жарқыратып алдан жағып.

Ұйысып ұйымды боп ұжымымен
Ұмтылды нысанаға темірқазық.

Жұмысты кетті бастап кең көлемді,
Ұршықтай әрбір ісі дөңгеленді.
Іріктеп сай тасындай жігіттерді,
Жігерін жанып қойып дем береді.

Көтерді малшысы мен егіншісін,
Солар ғой еселейтін ел ырысын.
Бар күшті жұмылдырып салу керек
Береке, соның түпкі өнімі үшін.

Тазартып ауыл-село ордаларын,
Қиратты қора-қопсы қордаларын.
Батпағын аршып алып, боғын төгіп,
Тұрғызды қалашығын мал қораның.

Аулақта мал қоралар жаңарады-ай,
Аумағын мұнтаздай қып тазалады-ай.
Қора деп кемсітудің өзі қиын,
Жарығын төккен кезде самаладай!

«Ешімнен» өту қиын араламай,
Сап түзеп сәнді үйлері шағаладай,
Орталық мекенінде орта мектеп,
Ондаған ғимаратты бағаламай.

Аурухана, кафесі, асханасы,
Кішкентай балалардың нән бақшасы,
Үйінде Мәдениет ән шырқалып,
Өтеді спортзалда сан додасы.

Әр үйде жылу-суы мәніменен,
Қоршалған шарбақталып сәніменен.

Бақытқа бөленеді ешімдіктер
Арайлап атқан әрбір таңыменен.
«Қызыл ту», Монастырка, «Қазақстан»,
Бәрі де – бөлімшелер – ғажабстан.

Бірәлі айналғандай ақ сұңқарға
Есілдің жазирасын орап ұшқан.
Астығы, төрт түлігі, еті, сүті,
«Ешім» де болған енді елдің құты.

«Болмасты болдыратын директор» деп,
Дүркіреп Бірәлінің даңқы шықты.
Тұғырда өрлеп бағы тұрса-дағы,
Кей-кейде қас-қабағын мұң шалады.

Даңғаза, дабыра мен мақтан-мадақ
Астынан ар тұншығып үн салады.
Ауданнан тексереді күнде бастық,
Жылдағы ет, жылдағы сүт, жылдағы астық.

Құрдасы Жылқыбаев Әубәкірге
Айтады әзіл-шынын аралас қып:
Ойпырмай, осы күнгі басшыларды-ай,
Қозы-лақ, торпақ-торай, ет сұрайды-ай.

Ең ғажап асылымыз – адамдарды
Қаперге алып тіпті елең қылмай.
Адамның мән бермейді хал-жайына,
Қарамас азаматтың жағдайына.

Қанша жан жұрт болды деп сұрамайды-ау,
Шіркіндер, цифр тұнып таңдайына.

Жоспарды үсті-үстіне төге беред,
Бұйрықтар мәнді-мәнсіз келе беред.
Өмірдің біз жасаған ғажаптары
Болмаса адам үшін – неге керек?!»

Әбекең «Рентабельный» кеңшарында,
Сардар боп келе жатқан қанша жылдан.
Түрмеден шыға сала тыңға келген –
Ел қылған телі-тентек өңкей сұмнан.

Құптайды Бірәлінің сөзін ол да
Жасынан жанып тұрған жалын ол да.
Адамнан үкіметке сиыр артық,
Кереңге кеңес айтып мәні бар ма?!

Бірекең осылайша толғанады.
«Ешімді» көркейтуді қолға алады.
Қорғаннан екі вагон көшет әкеп,
Орнады ауылдарға орман бағы.

Орталық қоныстағы жасыл желек,
Ауылын саябақты нуға бөлеп.
Сәулеті қаланы еске түсіргендей,
Серуендеп өткен кезде көңіл жебеп.

Кәрі-жас сүйді «Ешімін» тағат таппай,
Асфальты, аллеясы – абат бақтай.
«Ешімде» болған адам кете алмас-ты
Шарықтап қиял көкке қанат қақпай.

«Ешімге» Бірәлімен бақ дарыды,
Тап мұны жас та білді, қарт та білді.

Ауылға сәулет, халыққа дәулет келіп,
Ырыс, құт, берекесі ақтарылды.
Салынды кірпіш құйған зауыты да,
Шүмегі лимонадтың ағытылған.

Өсіріп көкөністі қыста-дағы,
Қаңқылдап қаз-үйрегі тағы тұрған.
«Ешімге» қан жүгіртіп өмір берді.
Жемшөбін, отын-көмір тегін берді.

Балға дейін табылып бәрі өзінен,
Жұмыскерге жігер мен сенім берді.
Мама бір биелердей желідегі,
Көркем үй көше-көше өріледі.

Бір көше «Жастар» деген атақ алып,
Өңшең жас жанұяға беріледі.
Ән салып әр кеудеден кернейлер де,
Сенімді көмекшілер өрлейді елде.

Әкеміз, көкеміз деп Бірәліні
Жылқайдар, Келден, Виктор, Сергейлер де.
Қолдайтын айтқан әрбір бастаманы,
Бәрі де кеңшарының бас маманы.

Бақыт деп Бірекеңмен жұмыс істеу,
Аузынан өмір-бақи тастамады.

Тоған
Тұрса да жұмыс қайнап, өмір жайнап,
Толқиды тынши алмай көңіл-қаймақ.
Жыл сайын зығырданын қайнатады

Жемшөптің жетіспеуі қолды байлап.
Жыл сайын қыс ішінде алаңсырап,
Қол жайып, қайыршылап сабан сұрап.
Тасиды мал азығын басқа жақтан,

Көрші облыс кердеңдейді сараңсырап.
Қамыс та, құрақ-тағы, қияқ-тағы –
Жер түгі бәрі қорек тұяқтағы.
Есілді ен жайлаған елдің шөбі

Жетпесе, азаматқа ұят-тағы.
Қысы жоқ көңілді тоқ жайландырған,
Арық мал аузын қалай майландырған.
Есілдің ен жағасын жайлап жатып,

Ұят-ау шөп тасыған ойдан-қырдан.
Кеңшарда көп алқапты егін алған,
Мардымсыз жайылымда мал бағылған.
Жоспардың қыспағына түсе-түсе

Құлаштап шөп шабатын жер қалмаған.
Аңызғақ ыстық жазда ерте-кеші,
Шалғын шөп, селеуі мен бетегесі,
Табиғи шабындығы шүйгін емес,

Нөсерге тоймаған соң бел-белесі.

Солай-ау, су болмаса шөп болмайды,
Малың да шөп болмаса тоқ болмайды.
«Тоқ малдан төл өрбиді» дегендейін,
Бірәлі бұл жайларды көп толғайды.

Кеңесіп қарттармен де ақылдасты,
Қылтитып көп шындықтың бетін ашты.
Іргеде Есіл ағып жатқанында
Көктен су сұрағаның ненің ақысы?!

Алысқа жосығы жоқ сабылғандай,
Қасынан іздегені табылғандай,
Басында бір жасын ой жарқ ете қап,
Есілден телегей су ағылғандай.

Жазира даламыздың жыры мұнда,
Есілдің еркеленген бұрымында.
Біржола шөп түйінін шешетіндей
Бірәлі тоқтады бір тұжырымға.

Арқасын сүйемейді неге көпке?
Бірәлі бекінді бір кереметке,
Өзеннің арнасына тұсау салып,
Есілдің аққан суын бөгемекке.

Жағаға бөгеген су жайылмай ма,
Ойпаңға жалпақ табан ағылмай ма.
Шұрайы шабындықтың белуардан кеп,
Шешімі шөп жайының табылмай ма?!

Бірәлі айтты-бітті, іске кірісті,
Көрмеген Қима өңірі құрылысты,

Жобасын өзі бастап, дереу жасап,
Бастады қара күзде бұл жұмысты.
Қошқартай көлге құяр қырқасынан,
Өзеннің жіңішкелеу қылтасынан,

Үйгізіп тас-топырақ тоспа жасап,
Бекітті темір-бетон қақпасынан.
Болмаған бір ғаламат нәті мұнда,
Адамның шет-шегі жоқ ақылында.

Аңғарды орап жатыр бөгет-тоған
Созылған отыз екі шақырымға.
Алмаған аудан-облыс ұрұқсатын,
Бірәлі бұл жұмысқа тікті басын.

Кеңшардан жүз сан адам жапты осында,
Бульдозер, тракторы, техникасын.
Жартасын, тау мен тасын қопарады,
Тоғанның бөгетіне апарады.

Арбалап, мәшинелеп қарбаласып,
Бөгетін биіктетіп қотарады.
Қуалап сай-жыраны үйілді жал,
Тұрғызған топырақ-құмнан үймек дуал,

Көрінбей көз ұшында кеткен кезде
Шешкендей шаттанады түйінді бар.
Күндіз-түн жұмыс қызып қарбаласты,
Қараша, желтоқсаннан қаңтарға асты.

Бірәлі бөгеп жатыр Есілді деп
Бастықтар естігенде қатты састы.

Өтсе де қыстың боран, бұрқасыны,
Көктемнің келе жатыр су тасуы.
Бөгетін бұзып-жарып, ауылдарды
Не болар алып кетсе сел-тасқыны?

Жетеді облатком жедел ұшып,
Сұрайды Бірәліден келе қысып:
«Кім берді рұқсатты бұл бассыздыққа,
Көтенді жүрмейсіңдер неге қысып?

Жобасын жасаған кім, бастаған кім?
Салуға бұл тоғанды қыстаған кім?
Мәскеудің рұқсатынсыз байлауға өзен
Болмайды дегенге құлақ аспаған кім?».

Сұстанған төрағаға тура қарап,
Қасқайып Бірәлі де берді жауап:
«Басшысы бар жұмыстың мына менмін,
Ешкімнен сұрамадық бұған рұқсат.

Себебі, белгілі ғой сізге тегі,
Алғанша рұқсат қанша жыл өтеді.
Арық мал, жемшөбі жоқ, өлім-жітім,
Соның да обалын кім көтереді?

Су келіп, тоған салсақ – шөп болады.
Малымыз қысы-жазы тоқ болады.
Басы сіз боп басқа жаққа шапқылайтын
Жемшөптің проблемасы жоқ болады».

Дегенде облатком елжіреді,
Көз қылып қатайғаны белгілі еді.

Бөгетті вертолетпен бойлап ұзақ,
Көреді ұшып-қонып әрлі-бері.
Содан соң айтты бір сөз қоштасарда:
«Асаусың, ай, Бірәлі, от басарда.

Әдетің қалмай қойды партизаншыл,
Жамандық болмасын де алда-жалда.
Қызыл су жүріп кетпей алқын-жұлқын,
Қайырлы қыла көргей артын мұның.

Жамандық болса – өзің жауаптысың,
Еңкейіп батпағай-ды жарқын күнің.
Болса егер айтқаныңдай – болдың батыр.
Аяқта жұмысыңды ақыр-тақыр.

Сақтыққа шара қылып, сайлан, қамдан,
Моторлы құтқарушы қайық шақыр!» .
Кісі еді кеңпейілді нәті жұмсақ,
Кетті ұшып күтіп артын, сабырға сап.

Бірәлі қалың ойда қала берді,
Алысқан жаумен жалғыз батырға ұқсап.
Сырттай сыр бермегенмен, іші күпті,
Күбірлеп көп айтады шүкірлікті.

Қолдасып Қостанай, Ақмоламен,
Десантын құтқарушы түсіріпті.
Сәуірде мұз көбесі сөгіледі,
Жарылып сатыр-сұтыр сең жүреді.

Түйгіштеп бірін-бірі ойнақ салып,
Жөңкіліп жөнелердей көрінеді.

Сайланып сардар Бікең ол тұрады,
Қайтпаған жігіттерден қарқын әлі.
Бөгетке мыңдаған қап құм әкеліп,
Осал-ау деген жерді толтырады.

Арнадан тасып ағып, су келеді,
Ылдиға құйылады іргедегі.
Ойпатқа оң қолдағы жайыла көлкіп,
Тоғанға тосып алған тіреледі.

Лақылдап бірте-бірте көтерілді,
Қойтасты көрер емес шөрке құрлы.
Бөгетті сықырлатып қозғайтындай
Есілдің еркіндеген еркелігі.

Сілтідей тынып қалған қыр басында,
Қыруар жұрт қадалады ырғасынға.
Лап қойса бөгетіңді талқан қылып,
Қос ауыл қалғалы тұр сел астында.

Бір жерден – тоқтамайды – кетсе лықсып,
Топырақ қорғаныңды бұзып өтіп.
Меймілдеп тоған іші толған кезде
Жұрттан да, тықыршыды, дегбір кетіп.

Қырағы күзет, жасақ бөген басы.
«Ешімнің» қаулап өскен өрен жасы.
Бірәлі баулып өзі тәлім берген,
Жаңадан жасақтаған командасы.

Халықты қиындыққа қайрап салған,
Бар малды дөңге қарай айдап салған.

Орнынан жиырма күзет минут сайын
Жағдайды хабарлайды рациядан.
Ұйқысыз әбігерлі күндер өтті,
Толассыз төтен жағдай қауіп етті.

Үшінші күн дегенде: жайылма су
Өрлеуі тоқтады деп хабар жетті.
Дәл шығып Бірәлінің есебіндей,
Толқын су тоқтай қалды көтерілмей.

Сейілтіп жұрт бойынан қорқынышты
Тоқтады қауіп қылған шекке жетпей.
Сау етіп құйылды су жаңа арнаға,
Сүйініп ер қарады құмарлана.

Сапырған ел шаттығын сабадай боп,
Шүпілдеп меймілдейді тоған ғана.
Дария танытқандай жаңа қалып,
Дарытып нәріменен жағаға құт.

Тоғанның артық суы орағытып,
Есілге ескі арнамен барады ағып.
Халықта қарап тұрған ес қалмады,
Атылып сан бөріктер аспандады.

Жер – құты, ел – ырысы су жарықтық
Тапқан-ды берекелі басқа арнаны.
Аңғарда жалпақ табан мейірі қанып,
Ішеді Есіл суын қылқылдатып.

Жағалау нұрға балқып,суда шалқып,
Жайылма қызығына қырық күн батып.

Одан соң жібереді суды ағызып,
Шалғыны суда жүзіп, нұрға қызып.
Бойындай атты кісі жайқалды шөп,
Арқаның алтын күні мың тамылжып.

Аңыз боп Бірәлінің бұл ерлігі,
Бастады батыл іске жігерліні.
Осындай ерлер өтті-ау заманында
Ойлайтын он жыл бұрын ілгергіні.

Тамызда шүйгін шөпті орып алды.
Ауылмен, аумағымен жарылқанды.
Қол жайып жұрттан сабан сұрайтұғын
Азапты ауыр күндер артта қалды.

Жыл сайын шөп алады мая-мая,
Ауыздан ақ май аққан жал мен жая.
Ауданға артылғанын беріп шөптің,
Болмайды Бірәліде «твоя-моя».

«Ешімнің» шөбі шүйгін, малы семіз,
Табады жарқыратып саулығы егіз.
Тоғанды «БАМ» деп атап бүкіл аудан,
«БАМ» барлық берекеге болды негіз.

Бірәлі «БАМ»-ның осы бас сардары,
Атақ пен абыройы аспандады.
Анадан ел бағына туа салған
Алда еді азаматтың асқарлары.

Дариға, дүние жалған қас-қағымдай,
Дәуірдің болды ма ері басқа мұндай.
Шаттанам шабытты жыр туғанына
Бірәлі ерлігінің дастанындай.

Алтын жұлдыз
Алашта алыптардың бір кеніші,
Арқада дүбірлеген Торғай төсі.
Алладан тілегіңді тілер едім,

Уа, дүние, мінәжат қып ерте-кеші.
Ұласып бір дабылға бір дабылдан,
Қарт Торғай бір ашылып, бір жабылған.
Ардагер ерлерім-ай, сондай шақта

Тарихтың тайсалмаған сындарынан.
Толағай Торғайдағы ағалар-ай,
Талайы туа біткен даралар-ай.
Құла дүз, сар даланы шарықтатып,

Даңқына даңқ қосқан даналар-ай.
Қаратай, Өзбекәлі, Мақтай, Сақан1,
Құдайым төрт серкені қалай қосқан!
Дәл осы марғасқалар емес пе еді

Торғайды күллі Одаққа дабылдатқан.
Тауды тау көреді ғой алыстан-ақ,
Дүбірі жетіп жатқан дабыстан-ақ.
Төрт заңғар облыстағы жайраң қақты

Бірәлі екен-ау деп арыстан-ақ.
Дарасы аймаңдайлы Сақан еді,
Дариядай ақылы шалқып жатар еді.
1 Қаратай Тұрысов, Өзбекəлі Жəнібеков, Мақтай Сағдиев, Сақан

Құсайынов – 1971 жылы Торғай облысын алғаш құрған басшылары.

Құрметтеп алғырлығын Қонаев та
Сақан демей «Сәкең» деп атар еді.
Сақан да сақи жүрек көреген-ді,
Еңбекке Торғай төсін бөлеген-ді.

Жанымен жақсы көріп тұрушы еді
Ерлерін ескергенді, елегенді.
Сол Сақан Мақтайға айтып сыралғыны,
«Байқашы, деп қояды, Бірәліні.

Торғайдың директорлар корпусынан
«Жұлдызға» дайындармыз, сірә, мұны.
Байқаңдар, бұл жігіттің сыры терең,
Тегіннен шықпайды анау ісің ерен.

Есілді байлау деген ердің ері,
Шығады көзсіз батыр кемеңгерден».
Сақанның іш пікірін айтпай білген,
«Ләббай» деп кіріседі Мақтай бірден.

Еңбегі Мақаңның да ерен еді
Жүйрікті Бірәлідей баптай білген.
Бірден-ақ Бірекеңдей қолдап ерді,
Әуелден қасиетін танып көрді.

Аяулы азаматтан аясын ба,
Техника, жабдық-құрал, бәрін берді.
Бергенің Бірекеңе құр кетпейді,
Қызығын халық көріп, ел көктейді.

Жібекті түте білмес жүн қылғанша,
Қырандар шарықтасын өрлеп, мейлі.

Иіген жердің төсі, мал сүмесі,
Тасыған байлығы мен берекесі,
Кеңшарын шырқау көкке самғатқан ер,
Өсуге лайық еді мәртебесі.

Бола ма мұндай ерді қолдамасқа,
Жақсыны жең ұшынан жалғамасқа.
Әділі Алтын Жұлдыз алып берген,
Атағын асқақтатып алты алашқа.

Дәл осы Мақтайдың да көздегені,
Ауданмен тез өткізді лездемені.
Ресми цифрларын сәйкестіріп,
Созбай-ақ ұсынысын тез береді.

Болсын деп Бірәліге қалмай жаны,
Дүр Мақтай дүрілдетер талмай жағы.
Мақтайдың өзі дағы ел мақтаған
Толағай емес пе еді Торғайдағы.

Кеудеде мақтаныштың отын жағар,
Мәскеуден көп ұзамай жетті хабар.
Жұлдыз да кез келгенге құламайды,
Киені, қасиетті, текті табар.

Тегінде текке кетпей төккен тері,
Бірәлі болды солай елдің ері.
Сол кезде айдай әлем таңырқаған
Атағы Социалистік Еңбек Ері.

Шаттанып, сүйіншілеп ел қуанды,
Ердің де елім деген жанды бағы.

Таққаны алтын Жұлдыз болды абырой
Жұртына Торғай, Қима, Жақсыдағы.
«Ешімнің» қуанышы мүлде бөлек,
Ес қалмай қарындаста елден ерек.

Шашу мен құттықтаудың қисабы жоқ,
Қоярдай Бірәліні гүлге бөлеп.
«Ешімде» ел ырысы сел-жыр аққан,
Бастауын алғандай-ақ нұр бұлақтан.

Бірекең құт арнасын мол ақтарып,
Шығарды тағы бір ер – Әбдірахман2.
Осылай Бірәліге құдай берді,
Бергенде жырымдамай құлай берді.

Жарығын жұлдызының елге төгіп,
Халқына ер Бірәлі ұнай берді.
2 Əбдірахман Біргебаев – «Ешім» кеңшарының шопаны,
Социалистік Еңбек Ері.

Бірәлі мен Тұрсынбек Кәкішев
«Сөйтіп жүргенде Жақсы станциясында салынып
жатқан элеватор құрылысына барып, жөн-жоба сұрас-
тырып жүргенде 1935-1941 жылдарда Даниловка орта

мектебінде бірге оқыған Бірəлі Нұртазин кездесіп,
құшақтаса кеттік. Тұлғалы бойына табанды мінезі ғана
емес, шешімді ойы, толымды пікірі ажар дарытып, қасына
жақындағанды баурап алатын адамгершілігі еселей түскен

екен».
Тұрсынбек Кəкішұлы.
Айтсайшы қыдыр қонған бұл бір шақты,
Бірәлі өңіріне жұлдыз тақты.

Жинайды саңлақтарды астанаға,
Жиылыс Алматыда салтанатты.
Ордені, медальдары жарқырап бар,
Жиылған өңшең герой, шамшырақтар.

Бәрі де бір-бір облыс бағландары,
Қашан да қыздар жақтап, халқы мақтар.
Нұр-шуақ жүздерінен төгіледі,
Ғажапқа жан жадырап семіреді.

Алқалы топ ішінде ажарланып,
Бірәлі сонда да ерек көрінеді.
Жақын кеп Димекең де жігіттер деп,
Арналсын өздеріңе сый мен құрмет.

Мың алғыс төккен терге, деп тағы да,
Суретке танытты ыңғай бірге түспек.

Фотограф сол арада шырт еткізді,
Қобдидан от-сәулесін жылт еткізді.
Патшамен жүздестім-ау деген бір ой
Бүйірін Бірәлінің бүлк еткізді.

Айшықты астанада әсерленіп,
Тартады ғажабына әсем көрік.
Шіркін-ай, суретке де түсті-ау бірге
Қасына Қонаевтай көсем келіп.

Керемет кішіпейіл еді неткен,
Білетін адамдай-ақ мені көптен.
Атымды «Бірәлі» деп атап айтты-ау,
Сыпайы, салиқалы сөзі неткен!

Бөленіп бір әдемі күйге осылай,
Жеткенде қонақ үйдің дәл қасына-ай,
Бір адам бас салып кеп құшақтады:
«Бармысың аман-есен сұңқарым-ай!

Жүрмісің аман-есен, Бірәлім-ай,
Сөнбеген сұрапылда шырағым-ай.
Алғаның Алтын Жұлдыз құтты болсын,
Арқадан ұшып жеткен қыраным-ай!»

Құшағын сәл босатып жіберді көз,
Көрді де қайта құшты күлімдеп тез.
Дәл бүгін келгені іздеп қандай бақыт –
Тұрсынбек Кәкішевтей ежелгі дос.

Бір татқан балалық шақ кермек дәмін,
Өмірдің бірге салған өрнекті әнін,

Қаратал, Даниловка мектебінде,
Білімнің сол жылдарда терген дәнін.
Аштық та ауыр азап салған еді,
Есілден тарақтылар ауған еді.

Талғажау табылар деп аш өзекке
Алтынды руднигіне барған еді.
Көкшетау көк мұнарлы бері қалған,
Бурабай, Бүркіттіден ары қонған.

Тресі «Қаззолото» Степнякта,
Әудем жер Біржан салдың ауылынан.
Әндерін алаш тегіс мұра қылған,
Әудем жер Қожағұлдың бұлағынан.

Керейдің ортасына топ еткенде
Кеудеге әннің сыңғыр сыры ағылған.
Алтынды-Даниловка мектебінде,
Өмірдің мұң бөлеген көктемінде,

Табысып Тұрсынбек пен Бірәлілер,
Жүрекке достық нұрын сеппеді ме.
Оқыған сонда талай жалын жастар,
Әсия, Бибісара қарындастар.

Бірәлі балалардың ересегі
Серкедей серек туған тобын бастар.
Алты жыл – алтын дәурен тез өтті де,
Сұм соғыс бұзды шуақ мезетті де.

Қалқан қып зұлым жауға, ел қорғауға
Әкеткен Бірәлідей өжетті де.

Көз жазды Тұрсынбектен,талай достан,
Ағайын, туыс-туған, қимас жаннан.
Көріскен араға сап он бес жылды
Өтіп кеп талай-талай сұрапылдан.

Ол кезде элеватор Жақсыдағы,
Бірәлі салып жатқан бас қыраны.
Кәкішев келген уәкіл Алматыдан,
Бәрінің шырқағаны астық әні.

Миллиард Қазақстан беретін жыл,
Егіні ғаламат боп өнетін жыл.
Бірәлі алғыс алып, орден тағып,
Жұлдызды болашаққа сенетін жыл.

Сүйреген дәнекер боп жұмыс бабы,
Тап келіп таңданысып тұрып қалды.
Түс емес, өңі екенін білгеннен соң
Екі дос бірін-бірі құшаққа алды.

Көңілде шаттандырған шуақ қалды,
Еске алды күңгірт тартқан шырақтарды.
Зекеннің шайын ішіп, түн баласы,
Өткеннен сағынышты сыр ақтарды.

Шөлмегі босағанмен, сыр таусылмас,
Тиегі ағытылған жыр таусылмас.
Дүрсілдеп екі бірдей ұлы жүрек
Сауылдап құйылатын нұр таусылмас.

Бірәлі қуқыл тартып сол арада:
«Тұрсынбек, есіңде ме Бекжан аға?

Оқытқан жағрафия ұстазымыз,
Болған-ды немістердің тұтқынында.
Соғыстан елге келіп сотталыпты,
Осында былтыр ғана оралыпты.

Басымыз екі шәкірт қосылды ғой,
Ұстазға сәлем бере баралық-ты».
Екі дос осылайша уағдаласып,
Жетеді жел-құйынмен араласып.

Жақында соқталдай ұл суға кетіп,
Ұстазы отыр екен нала басып.
Жегіліп жазмышының арбасына,
Түссе де талай талқы нар басына,

Бәрінен мына қайғы басым түсіп,
Орнаған қаралы күй ордасына.
Келгені қос шәкірттің көтереді,
Болмаса шөгіп мүлде кетер еді.

Қамалын қасіреттің бұзып-жарып,
Парызы сәлем беру өтеледі.
Таянып Бекжан аға тұрды белін,
Тағы да тәуекелге буды белін.

Қос шәкірт жұбаныш қып құйғандай-ақ
Тірлікте табылмайтын қасірет емін.
Ішінде оянып бір мұңды сезім,
Айтады шәкірттерге алғыс сөзін.

Қоштасып Бекжан аға қала берген
Қос шәкірт дарытқандай сабыр, төзім.

Ойқастап асау кердей заман желі,
Жиырма жыл тағы өтіпті-ау содан бері.
Бірәлі биігінде абыройдың,
Құр кетпей еткен еңбек, төккен тері.

Тұрсынбек емес ол да құралақан,
Білгірі әдебиет ғалым болған.
Сұңқарды Сәкендейін кітап қылып,
Шығарған Москвада «ЖЗЛ»-дан.

Сағынып кездескенге қуанысып,
Табысын бір-бірінің құп алысып.
«Ал енді не тұрыс бар, тарттық үйге!» –
Тұрсынбек лыпылдайды құрақ ұшып.

Талай сыр сол кеште де шертіледі,
Қимайтын, қуанышы мол күн еді.
Ерекше ерен достар бір-біріне
Дәм-тұзы таусылмайтын жол тіледі.

Бірекең сомдағандай құз-арманын,
Сол жолдың тағы көрдік ұзарғанын.
Алладан адал достық даритындай,
Дөйлер-ай дос дегенде үзер жанын.

Әлбетте, әке көрген оқ жонады,
Жас қыран бүркіттейін қомданады.
«Ассалаумағалейкүм, Тұрсынбек әке!» деген,
Әлихан Бірәліұлы, сол болады.

Тойы боп жетпіс жаста Зекен апа,
Тұрсынбек Кәкішұлы абыз ата,

Әкенің өнегесін жалғастырған
Бірәлі ұрпағына берді бата.
Айқындап алаш рухын, ақтаңдағын,
Алыптар аялаған атпал дарын,

Тұрсекең – абзал аға тербетіп бір
Асыл дос Бірекеңнің бақты аруағын.
Қазақта қалт айтпайтын мәтелді білген,
Әлихан кереметті көтерді күлден.

Әулеті Бірәлінің жасай берсін,
Өлмесін ешуақытта әкеңді көрген!
Найзағайлы Нұртазин
немесе

Бірәлінің аудандық партконференцияда
сөйлеген сөзі
Заманның жалаң қаққан сұрқылтайы,
Төбеде ойнақтаған тұрымтайы.

Салиқа салтанатпен өтіп жатқан
Қимада коммунистер құрылтайы.
Жарқылдақ, жалт-жұлт еткен даңғазасы,
Жарамсақ, мақтау-мадақ дабырасы.

«Жасасын Компартия!» деп келеді
Сөзінде шешендердің бисмилләсі.
Төрінде обком хатшы Голубенко,
Қасында райком хатшы Касьяненко.

Қолпаштап қолтығына су бүріккен
Тізілген оң мен солы көп көкжелке.

Жалтақтап қарап қойып солар жаққа,
Лепіртіп көбік сөзді тасқындата,
Шешендер бір-бірінен асып түскен,
Осынау дәуір дертін асқындата.

Кезінде көбік тасқын толас тапқан,
Кәстөмі келбетіне бек жарасқан.
Мінбеге көтерілді көркем кісі,
Найқалмай, жас жігітше жылдам басқан.

Жасқанып ешкімнен де ықпайтындай,
Мойынын иығына тықпайтындай.
Байыпты сабырымен салмақтанып,
Бой тартып мықтылардан бұқпайтындай.

Келбетті кесек дене ер тұлғалы,
Көрінді шиыршық атқан серпін бары.
Асықпай айналаны шолды барлап,
Қимылы қаршығадай қағылез сары.

Ажары бірте-бірте қатаңданып,
Салмақты сабырынан сұс танылып,
Жаңылмай сыпайылық рәсімінен,
Шегелеп әрбір сөзін ұстамды қып.

Саңқылдап сөйлеп кетті орысшалап,
Жай-күйін кеңшарының бір баяндап,
Сөзінің бар уытын келе-келе,
Аңдатты тұрғанын да түпке сақтап.

Сілтідей залдағы жұрт тынып қалған,
«Ерім-ай, жарайсың!»деп қыбы қанған.

Семсер сөз ожарлықты осқылаған
Сол күні көп жүректің жыры болған.
«Құрметті құрылтайшы делегаттар,
Жатпасын жасырынып жаманаттар.

Мен – Интернационалистің нақ өзімін,
Ұлтшыл деп түсе алмайды маған ақпар.
Алалап қылдан тайып көрген емен,
Украин, орыс, қазақ, немісіңнен.

Тағдырым өмір-тарих соны үйреткен,
Кешегі Отан-соғыс от кештірген.
Алайда, райкомбюро басшылығы,
Қазаққа қаны қатқан тас қылығы.

Отырса – опақ, тұрса – сопақ қылып,
Түртпектеп, күн көрсетпей асқындырды.
Ысылған қабілетті ұлт кадрын,
Беруге қызғанады тұтқалы орын.

Қазақты жек көретін пасық пиғыл
Басады етегінен сырттан ұлдың.
Қоздырып қоламтаны дем беруші,
Қазақты басқалардан кем көруші.

Райкомның ұйыстыру бөлімінде,
Симакин, сиықсыздау меңгеруші.
Қазақтың қызметін күндей қалған,
Кейбірі тізімге де кірмей қалған.

Осындай бейбастықты Біріншіміз,
Қалайша Касьяненко білмей қалған?

Осыны әділ сынмен саралаймыз,
Қазақты басыну деп бағалаймыз.
Бұл сыннан қорытынды шықпаса егер,
Біз-дағы кім де болса қарамаймыз.

Үмітін коммунистер неге алдаймыз?
Мұншалық жолсыздыққа көне алмаймыз.
Ендеше, Касьяненко жолдасқа да
Бірінші хатшылықты сене алмаймыз.

Жолдас Голубенко, бек білерсіз,
Тым қатты мені, бәлкім, кетті дерсіз.
Әйтеуір бұл сөзімді Құсайынов
Жолдасқа бұрмаламай жеткізерсіз».

Осылай шешен сөзі аяқталды,
Демейік зал да қолын аяп қалды.
Дулатып шапалақты айыз қанып,
Намысын қай-қайдағы оятқан-ды.

Залдағы басым жұрт та қазақ еді,
Қылыққа шовинистік назалы еді.
Жаңағы қайрақтайын қайтпас сөздер
Жанының түкпірінде мазалы еді.

Бәрінің қойып жұрген сұрағы еді,
Алдынан әркімнің-ақ шығар еді.
Сілейтіп шовиниске соққы берген
«Ешімде» ер директор Бірәлі еді.

Зал толы жұртшылықты дем арасы
Дүр сілкіп, қалмай тегі дүбәрасы,

Алайды екі көзі Касьяненко
Тұрғандай алдарында дар ағашы.
Аспаннан ашық күнде жай түсірді,
Ықтырды Симакиннің шәйкісін де.

Бүрі жоқ Бірекеңмен айқасуға,
Бұрады Біріншінің гәйкісін де.
Батса да қатты сөздер шымбайына,
Әділдік тауып жүрген ұдайы да,

Асқынып кетер деген қауіппенен
Жығылды Бірәлінің ыңғайына.
Бетсіздер беттесуден тайқап қашты.
Тасада құр шәуілдеп айтақтасты.

Қазаққа жымысқысын жасауға да
Қимада аяқтарын байқап басты.
Қазақты қиянаттан арашалап,
Берілген бейпілдерге дара сабақ.

Осындай, оспадарды осып түсер
Жасынмен қандай бетпақ таласа алад?
Сыйлаймын сондай ерге жыр тәжімді,
Көзіме елестетем нұр сағымды.

Кеудесін кердеңдерге бастырмаған
Жырлаймын найзағайлы Нұртазинді!

Тайга дастаны
Бірекең жан-тәнімен құрылысшы,
Бастайды бірінен соң бірін істі.
Көрмеген көбегендер таң қалысқан,

«Ешімде» бұрын мұндай құбылысты.
Бейіл боп қайрат-күшін танытуға,
Ашады кірпіш құяр зауытын да.
Жастарға құрылысшы мамандығын

Құлшынып кіріседі дарытуға.
Кеңшарда көркейтеді құрылысты,
Шырқалды құрылыстың жыры күшті.
Сәулетін ауыл-село ғажап етіп,

Кеңінен өрістетті бұл жұмысты.
Мұнымыз бола қоймас оғаш дерек,
Табуға ақиқатты талас керек.
Ескірмес ережесі, ең алдымен,

Салуға құрылысты ағаш керек.
Есігі, едені мен терезесі,
Мәткесі, төбесі мен керегесі.
Ағашсыз үй салғанда іс бітпейді,

Тақтайы, сырғауыл мен бөренесі.
Жетем деп қалай ғана ен ағашқа,
Бірекең ұрды басын тау мен тасқа.
Рұқсатын Москвадан алды барып,

Тынымсыз түсіп жүріп жанталасқа.

Өлкесі Краснояр Тайгадағы,
Сол жаққа сапар шегіп, сайланады.
Ағашын дайындайтын учаске ашып,
Көңілі Бірекемнің жайланады.

«Ешімнің» іші сөйтіп майланады,
Вагондап ағаш келіп айналады.
Көркемдеп ғимаратын неше түрлі,
Сәулеті дәулетіне сай болады.

Лесхозын Таежныйда ашып алды,
Ағашты вагон-вагон басып алды.
Басқалар қаңқылдайды ағаш сұрап,
Қазындай Бірекеңнің асыранды.

Ағашын ағызады Ангарада,
Лықсиды тау-теңіз боп арман алға.
Мұндай сый бұйыратын сирек бақыт
Тек қана Бірекеңдей заңғарларға.

Телімі Чадевис деген жері,
Тайганың қарағайы, емендері.
Шығандап ұшар басы көкке бойлап,
Сібірдің өлеңдеткен өрендері.

Батпайтын ит тұмсығы қалың орман,
Тоқтайтын жүрегінің түгі бар жан.
Толағай ағаштарды құшақ жетпес
Аралап құлатар тек сырын алған.

Емені, қарағайы, самырсыны,
Шыдайтын ердің ері ауыр сыны.

Осында танылардай темір төзім,
Осында сыналардай сабыр шыңы.
Бірәлі сай тасындай өзі іріктеп,
Сұрыпты жігіттерін алады тек.

Абай Оразалин – бригадир,
Николай, Серік, Толик, Қуанышбек.
«Ешімнен» төрт жарым мың шақырымда,
Оппа қар, обыр жазмыш тақымында.

Әр ағаш жалғыз көзді дию-дәудей,
Шыдамас бұған ешбір батырың да.
Ангара кеткенінде жазда жүріп,
Арнаған асау арна аз ба бүлік?

Астында алып ағаш майып болма,
Бойдағы тасқын күшті аздап ірік.
Сібірлік ағаш, тақтай – мақтан қылып,
Айына тоғыз вагон аттандырып,

«Ешімнің» жігіттері Ангарадан
Жатады жерлестерін шаттандырып.
Бірекең оқта-текте өзі келіп,
Кетеді жігіттерге жігер беріп.

Ондайда өмір–бұлақ, көңіл–шуақ,
Қалғандай төрт құбыла түгелденіп.
«Жігіттер, әр нәрсені білу керек,
Өмірді әр қырынан көру керек.

Ауылда бос жүргенше, мынау деген
Емес пе романтика бір керемет!»

Бірекең деп қайрайды азаматты.
Тайганың тылсым сыры ғажап-ақ-ты.
Сібірде алау жақты армандарға
Перзенті өр халықтың қазақ атты.

Тайгамен жалғастырып Сарыарқаны,
Орманды вагондарға сол артады.
Бөрене, ағаш, тақтай сәулет құрап,
Өңірін ерке Есілдің жаңартады.

Тайгаға терезені шауып берген,
Ерлігін сол заманғы нарық дер ме ең?
Арманын самғатуға туған елдің
Орманын Сібірдің де алып келген.

Арқаның самалымен аймаласқан,
Жайнады ауыл-село, жайнады аспан.
Бірекең бедерлеген туған жерге
Осындай шертеді сыр Тайга-дастан.

Қарақойын
«Ешімнің» малы да көп бағыстағы,
Мыңғырған төрт түлігі қалыспады.
Ұлытау, ұлы дала, сары сағым,

Жайлауы Қарақойын алыстағы.
Алыс жер неше күндік мал айдаса,
Әйтпесе, айшылық жол жаяуласа.
Үп еткен самалына құлағың тос,

Шырылы шегірткенің баяуласа.

Бұл жерлер полигонның маңайында,
Мемлекет меншігінің орайында.
Айтпасқа мың алғысты амал да жоқ,
Қарасқан қазақ деген ағайынға.

«Ешімнің» малы көп те, өрісі тар,
Қаншама қыруар танап егісі бар.
Әр жазда Қарақойын тыныс берер,
Әркім-ақ малын айдап келгісі бар.

Бірекең алады ғой қалағанын,
Шырқатып сар далада салады әнін.
Жер қара, күн жылыда қарбаласып,
Айдайды үш мың тұяқ қара малын.

Қойнында Қарақойын жайлатады,
Қоң алып, малын күйлеп сайлатады.
Әкеліп шөпшілерін, пішен шауып,
Алдағы қыс қамын да ойлатады.

Алабы Қарақойын жатар шұбап,
Сарыкөл, Қонақай көл, Бақалы бұлақ.
Бір жақта жайлап аққан Қыпшақ өзен,
Құлындай кей тұсында құлдыраңдап.

Жайлауын әр малшының бөліп берген,
Шұрайын мамандары келіп көрген.
Жайылым, шабындығы бөлек-бөлек,
Бар құтын Қарақойын төгіп берген.

Айдатқан бес күн бұрын қара малдан,
Отыз бас жоғалды деп хабар алған.

Су құйып жібергендей суық сөзден
Жүрегі Бірәлінің жараланған.
Белгілі жүретіні ұры-қары,
Шіркін-ай, бұған енді кім кінәлі,

Күйеді кімнің жаны, кімнің ары –
Соны ойлап толғанады ер Бірәлі.
Біреулер ақыл салды қасындағы:
Айтайық милицияға осындағы.

Амалы құрып әттең тұрса-дағы,
Бірәлі бұл пікірге қосылмады:
«Мәлім ғой талай малдың жоғалғаны,
Бірін де милиция таба алмады.

Ұстаймыз бұл ұрыны біз өзіміз,
Құдайдың таймасын тек берген бағы.
«Ешімде» мылтығы бар түгел келсін,
Ішінде жарты сағат әзірленсін.

Алынсын артық бензин, керек-жарақ,
Завгар он мәшине дереу берсін».
Жоғалтпай бір минутты артық тіпті,
Қолма-қол Қарақойынға тартып кетті.

Басқарып бұл жорықты Бірәлі өзі,
Бәріне рациядан жарлық төкті.
Береді жігіттерге бағыт-бағдар,
Бөледі мәшинеге басшы сардар.

Тұп-тура әскердегі тәртіппенен
Құрады алғын, шолғын, торуылдар.

Сай-сала, ойпаң-жыра, кезіп бәрін,
Табиғат қолдан құйған қорықтарын.
Екінші күн дегенде бір көгалда
Түйіндеп тұжырады жорықтарын.

Бірәлі жекедара кезген еді,
Бір сәтте жағдай шұғыл өзгереді.
Ас қамдап айдалада, шай қайнатқан
Төбедей төрт жігітке кез келеді.

Жайылған анадайда көрді малды,
Ен-таңба малында да белгі бар-ды.
Басылып көзіне оттай, жігіттерге
«Тез жет!» деп рациямен хабар салды.

Жан-жақтан он мәшине қоршап алды,
Кезеніп мылтықтарын тұра қалды.
Тапжылтпай табан асты қысып сұрап,
Үрпитіп ұрыларды ұстап алды.

Және тұр тракторы вагонымен,
Жүретін көзге түспей қамағымен.
Ұрылар қан қақсатқан қанша жұртты
Осындай айла асырып амалымен.

Содырлар сорған елді лаңды қылып,
Соларға ер Бірәлі салды құрық.
Ұрлық та осыдан соң сап тыйылып,
Алғысын тамам елдің алды жиып.

Әкеткен қолды қылып тап іңірде,
Жүз отыз мал жоғалып тағы бірде,

Таба алмай үш күн іздеп дал болғасын
Амалсыз айтады елі Бірәліге.
Бірәлі бата тілеп бар халықтан,
Самолет алдырады Арқалықтан.

Аулынан Амантоғай малын тауып,
Тағы да тамам елін таңырқатқан.
Бірекең ұнатпайды өктегенді,
Дегенді аққа қара жек көреді.

Жаны қас жатып ішер жанбағыспен,
Сұм менен сұмырайға кектенеді.
Қолында қатты тиер бар қамшысы,
Бірәлі бейбіт күннің барлаушысы.

Жоламай ұры-қары маңайына,
Аяғын тартып басты алдамшысы.

Еркін Әуелбеков
Бір күні Алматыдан жедел бекіп,
Торғайға келді Еркін Әуелбеков.
Көкшеден самғап ұшқан сұңқарым-ай,

Көрмеген зеңгір көгін төмендетіп.
Еркін ғой ежелден-ақ сүйікті елге,
Лайық ер заңғардағы биік төрге.
Халқы мәз көтерер деп қалай дағы

Торғайды талай-талай биіктерге.
Қайран ер ол сенімді ақтады ғой,
Рахатын өзі бірақ таппады ғой,

Ебіде ескен желдей Еркінім деп,
Есімін есінде елі сақтады ғой.
Салса да қыран етіп әр қияға,
Жампозым жақпай қойған партияға.

Тәуелсіз елінде де талқылы боп,
Ақыры жұмды-ау көзін қапияда.
Өмірде оттай жанып лапылдаған,
Қырандай самғап биік саңқылдаған.

Жүргенде бір көруге ынтызар боп,
Торғайдың жайды құшақ халқы да оған.
Еркін де, Бірәлі де жұлдыз таққан,
Еліне екі батыр, екі мақтан.

Тірлікте екі жақсы сыйласқанын
Аңыз қып айтады жұрт көрген-баққан.
Құдайым қалай ғана шебер еді,
Соңынан жақсылардың сөз ереді.

Көре алмай Бірәліге қонған бақты
Кейбіреу көзі тұздай көгереді.
Сыртынан сөз таратып жамандайды,
Сыпсыңдап өсек таңып амалдайды.

Өзгені менсінбейді деп қояды,
Басқа мін мысы құрып таба алмайды.
Ер ме еді Ерекең де сөзге еретін,
Қыран ғой құбылысты тез көретін.

Қағида тектілігі тумысынан,
Құбылма мінезі жоқ өзгеретін.

Білетін Бірәліні дабысынан,
Ер емес ешкімнен де сағы сынған.
Шәуілін кандендердің елең қылмай,
Танбаған Құлагердей шабысынан.

Сыртынан атағына қанық еді,
Сүйсініп игі ісіне қалып еді.
Зерделеп Бірәліні тереңірек,
Пайымдап парасатын танып еді.

«Ешімде» еңселенген безбендерді,
Одан соң өзі барып көзбен көрді.
Мырс етіп миығынан қоя салған,
Елемей езулетіп езгендерді.

Риза боп атқарылған жұмысына,
Кеңшардың түрді құлақ тынысына.
Орнатқан жерде жұмақ Бірекеңді
Балайды бар ауданның ырысына.

Ақсақал Қимадағы дана құтып,
Жоспарын кең толғаған алады құп.
Өрелі әңгімені өріп айтқан
Сыйлайды Бірәліні аға тұтып.

Салмаған «Ешімде» бұл құрылысы жоқ,
Ғажайып істемеген жұмысы жоқ.
Тұрады аудан тұрмақ, обылысқа
Толайым жақсылығы жұғысты боп.

Мұнысын көрмесе тек соқыр көрмес,
Жөн іске бетпақ қана бетін бермес.

Батырын барақ итке талататын,
Ерлерін елемейтін Еркін емес.
Осылай атқара бер бар істі деп,
Ерекең кетті жөнеп табыс тілеп.

Тұз жалап, күйіп іші қала берді
Көрмейтін көрсоқырлар алысты көп.
Қазақтың екі бірдей ер батыры,
Күншілдер күйкісінен алда тұрды.

Жарасып жаныменен, арыменен,
Алдағы абат күнді арман қылды.
Ойланды, бәлкім, әлде, ойланбады,
Шабақтай шошаң етіп қайраңдағы,

Қиманың бір басшысы айтып қалған
Көпшілік кесір сөзге қайран қалды.
Басқарып Әуелбеков тізгін қаққан,
Обкомның бюросы еді жүріп жатқан.

Әлгі сөз қабағына қондырды бұлт,
Артынан андағайлап зілі батпан.
«Нұртазин Ешімдегі кетті керден,
Артықпын деп санайды өзін елден.

Меніңше, директорды менменсіген
Шығарып пенсияға жіберген жөн!»
Көтеріп алды басын Еркін сонда,
Жарқылдап жасын оты жанарында,

Саңқылдап сөйлеп кетті, сәл ойланып,
Басшыға барлап біраз қадалды да:

«Жолдастар, адам бізде басты байлық,
Байлықты шашып-төгіп сарп қылмайық.
Жұртыңа жақсы кадр құт емес пе,
Болмайды ол көрінгенге сулық-майлық.

Бірәлі облыстағы ардақты адам,
Аудан тұрыпты ғой, елге мақтан.
Еріңе ерек туған ит қосатын
Баяғы қалмай қойған әдет жаман.

Бірәлі – барымыз да, нарымыз да.
Жақсымыз аспанда емес, жанымызда.
Асылды Бірекеңдей сақтамасақ,
Сын болар бәріміздің арымызға.

Көбірек сол асылға бармайсың ба,
Үлгі қып өнегесін алмайсың ба,
Тұлпардың текті мінез тілін тауып,
Еңістен төске өрлетіп салмайсың ба!?

Тартпаңдар кежегеден, көшті кейін.
Несіне жөн білместі есті дейін?
Қорлайтын Бірәліні қораш сөзді
Қайтып мен кім-кімнен де естімейін!»

Еркін ер іреп сойып сақ еткізді,
От шашып көздерінен жарқ еткізді.
Пышақпен кескендей қып тыйды осылай
Күлбілте, қуыс кеуде, көлтек сөзді.

Жал-құйрық, қанат берген серпілерге,
Риза Бірәлі де Еркін ерге.

Сондай-ды серке туған серек шыңдар
Лайықты қазағымның көркі дерге!

* * *
Басынан өтті дәурен, Құлагер күн.
Қимаға Атбасардан құлап еркін,
Өзі де назалы бір күй кешкендей,

«Ешімге» аттың басын бұрады Еркін.
Жеткен-ді тірлікте де қадіріне,
Тәу етті Бірәлінің қабіріне.
Арыстан асып белден кеткеннен соң

Елдің де келмей қалған сәні мүлде.
Еркін ер әз ағамен сырласқандай,
Асылдың аруағымен мұңдасқандай,
Кірпішін мазарының сипай берген

Рухымен Бірәлінің жалғасқандай.
Мақамын Құран-кәрім тыңдай берді,
Жүрегі Бірекем деп жырлай берді.
Еркіннен Әуелбеков қалған бір сөз:

Болмайды марқұм деуге мұндай ерді!

Бышовец, Стрельцов,
Әбілсейіт Айханов һәм спорттың
досы Бірәлі
Қиманы өрлетуге жанды салған,

Райкомның біріншісі Ғабдысалам3,
Саласын әлеуметтік өркендетіп,
Халқынан қуанарлық алғыс алған.
Көп жайды Бірекеңмен кеңеседі,

Ауданның айдарынан жел еседі.
Көркейіп өнер-думан, ойын-сауық,
Дәулет пен сәулеті де тең өседі.
Ғабекең Бірәліні алға салып,

Жүреді ауданына олжа салып.
Інілер сыйлағанға ізет қылып,
Қалады Бірекең де бір жасарып.
Ағаға қандай ғана сын тағасың?

Ағадан қандай ғана мін табасың?!
Еңбекті ұштастырған демалыспен,
Қояды спорт десе ішкен асын.
Мазмұнды, мәнді қылып демалысын,

«Ешімде» өткізеді сан жарысын.
Спортзал саңғыратып салып берген,
Дегендей жас мұраты оңғарылсын.
3 Ғабдысалам Доскейұлы Жоламанов – Қима аудандық партия

комитетінің бірінші хатшысы

Арманның сан тиегін ағытады,
Спортты кеңшардағы дамытады.
Арнайы ақы төлеп, адам ұстап,
Жігерін балғын жастың жанытады.

Ғажабын білмек болсаң мынаны аңғар:
Мектебі музыкалық және де бар.
Кешені Мәдениет Сарайының
Жастардың жан-жүрегін бағындырар.

Бірекең спорт десе жан береді,
Спорттың жұлдыздарын хан көреді.
Футболы, палуан күрес, волейболы –
Ерекше бәріне де мән береді.

Елігіп, елегізіп футбол десе,
Қозады делебесі әсіресе.
Спортқа қатыстының барлығын да
Алдырар болса дағы бәсі неше.

Ұмтылып заманға сай жаңалыққа,
Көз ашық, көкірек ояу даналыққа,
Танытып әрбір жерде дегдарлығын
Бастайды бар ұжымын саралыққа.

Футболдың сол кездегі дүр ағасы,
Советтер Одағының құрамасы.
«Есілдің» кеңшарында ойнады ойын,
Жолдастық кездесу боп сыбағасы.

«Бышовец футболдың бір белесі» деп,
«Орыстың Стрельцов Пелесі» деп,

Бірекең таң қалдырып тамам жұртты,
Саңқылдап сол арада сөйлесін кеп.
Футболдың әлем сүйген ардақтары,
Бышовец, Стрельцовтай саңлақтары,

Мақтауы Бірекеңнің жанға жағып,
Шаттанды зеңгір көкке самғап бәрі.
Спорттың досы болған Бірәліні,
Тағы да қазағымның бір алыбы,

Айханов Әбілсейіт ардақ тұтып,
Сұңғыла сұлу жанын ұға білді.
Бас болып Ғабдысалам ел басшысы,
Қимада палуан күрес, ат жарысы,

Қыз қуу, көкпар тартпақ, теңге алыспақ,
Өткізіп ұлт ойынын жан салысты.
Ауқымы мерекенің байқалыпты,
Арқалық, Жақсы, Қима жайқалыпты.

Құрметті қонағы қып думан-тойдың
Шақырған Әбілсейіт Айхановты.
Қазақта күш атасы Қажымұқан,
Беттемей белдескеннің бәрі бұққан.

Алаштың бас палуаны Әбілсейіт
Орыстың Медведьтей нарын жыққан.
Сыйынған Қажекеңнің аруағына,
Зордан зор Әбілсейіт салмағы да.

Келгені Айхановтың бір мереке
Мұндағы күрес сүйген бар қауымға.

Төгеді Бірәлі де жан жарығын,
Спортта Айхановтай самғады кім?!
Бәрі де лайық көрген Бірекеңді
Қазақтың қарсы алуға палуан ұлын.

Бірекең көп ішінде дара-сынды,
Көркіне ақылы сай жарасымды.
Сәні де болмайды ғой мерекенің
Қоспаса бір асылға бір асылды.

Қарсылап Әбілсейіт палуан дүрді,
Айтады әңгімесін алуан түрлі.
Таңданып Бірекеңнің тарихына,
Тамсанып ғажабына тарлан тұрды.

Сабантой ерке Есілдің жағасында,
Киіз үй, қымыз толы сабасында.
Ошақта қазан асқан, алтыбақан,
Рахатты бұдан асқан табасың ба?

Құйқылжып ән мен күйі әуелеген,
Қара көз қарақаты мәуелеген.
Намысын жігіттердің қайрайтындай,
Дегендей: тартынасың, қане, неден?

Алапта түрлі дода, алуан жарыс,
Бастысы бәйге менен палуан жарыс,
Жүлдесі абсолюттік Айхановтың,
Осыны қолдан бермеу болды намыс.

Бірәлі, Ғабдысалам – ортасында,
Төрде отыр төрешілер алқасы да.

Айханов айдай толып тіл қатады,
Ұқсаған Ұлытаудың нар тасына:
«Кеудеде намыс болса – жеңбейтін кім?
Намысқа мен де тыным бермейтінмін.

Айханов атындағы бас жүлдені
Қаракөз жеңіп алар көрмей тұрмын».
Іштегі өзінің де тапқан ойын,
Бұл сөзге Бірәлі де бұрды мойын.

«Күрессін, деді,Сағат4, сол күрессе,
Көркейіп жүре берер думан тойың»
Намысты жігіттердің бірі Сағат,
Ойын-той, мәжілістің гүлі Сағат.

Бура сан, бұлшық еті білеу-білеу,
Сен тұр, мен атайынның дүрі Сағат.
Сағат та сескенетін емес еді.
Бірақ ол кілемдегі төреші еді.

Қонаққа құрақ ұшып қызмет қылған,
Ешкімге болмаса да берешегі.
Сағатты шақырып ап Ғабдысалам:
«Бірағаң күрессін деп отыр саған.

Біреуге ысқырықты тапсырып тез,
Бас жүлде жеңіп алғын бұл додадан!»
Бірағам айтса – болды, деді-дағы,
Сайысқа кірді Сағат келді-дағы.

4 Сағат Рамазанов – сол тұстағы Қима механикалан ды рылған жыл-
жымалы колоннасының бастығы.

Намысқа қазағым деп тырысқанда,
Сондайда жанады ғой ердің бағы.
Қамшы боп қайрағаны Бірекеңнің,
Жылдам-ақ алып ұрды бір-екеуін.

Бес-алты белдесуде беті қайтпай,
Жеңіске жеткен ерді жыр етемін.
Жүлдесін Айхановтың алды Сағат,
Бас иіп Бірекеңе барды Сағат.

Бірекең құшаққа алып сүйгенінде
Бір елі көкке жетпей қалды Сағат.
Бірекең өзі де бір орман еді,
Арманды үміттерге жалғап еді.

Талапты жігіттердің бәріне де
Қол созған қыдырдайын қорған еді.
Осындай болады ғой ер данасы,
Солардың ішіндегі таңдамасы.

Батасын Әбілсейіт Айхановқа
Берген-ді Бірекеңдей ел ағасы.

Аймұхамбет
Бейнет те, бақытың да құдай ісі,
Түк емес құдіреттен былайғысы.
Өзегін өртеп мәңгі өткені арман

Ішінде Бірекеңнің бір қайғысы.
Жапырақ жаңа ғана жайған көктеп,
Жанқұса запыраны – Аймұхамбет.

Қиылған қыршындай жас ұлды ойласа,
Ішкен – у, жеген – желім, ойы – кермек.
Таралып өскен еді өрімдей боп,
Жайлаудың жаны жарқын төріндей боп,

Зәйнидей анасын да аһ ұрғызған
Өмірлік өкініші жегідей жеп.
Жайнаған Аймұхамбет көктем еді,
Мүшел жас жиырма беске жеткен еді.

Кішкентай Айгүл-тайын еркелетіп,
Әкелік махаббатын шектемеді.
Сатыдан институт өткен еді,
Агроном болып еңбек еткен еді.

Бірекең жеңгейменен демалысқа
Карловы Вары жаққа кеткен еді.
Ауданнан комиссия келген екен,
Кеңшардың жер жағдайын көрген екен.

Есілдің аңғарында жолбасшы боп,
Соларға Аймұхамбет ерген екен.
Сол жазда тұрғандай-ақ суға тартып,
Сұрланған қап-қараңғы түн мұнартып.

Есілде жарқабақтан аударылған
Мәшине тереңіне кетті батып.
Жар шетін шөп екен деп аңдамаған,
Жалт етіп кете барды жалған-арман.

Талайы маңдайдағы солай болды,
Тағдырын адам өзі таңдамаған.

Төртеуі бес адамның тал қармады,
Әйтеуір аман қалды, аңғармады.
Аликті5 ажал-қармақ іліктіріп,
Тұншығып тұңғиықта арман қалды.

Таңертең бұл хабарды жұрт білгесін,
Күрсініп күңіренді бүкіл Ешім.
Аяулы Аймұхамбет жоқ деп енді,
«Ешімнің» күллі халқы еңіресін!

Жеделхат Бірекеңе хабар салған,
Қабдыраш6 күтіп алды Көкшетаудан.
Теңселіп ауыр қайғы азабымен,
Сөгіліп ми қатпары зіл мұнардан.

Қасында аңыраған Зәйни ана,
Қайғысы қандай қатты қайран бала!
Елестеп көз алдына Алигінің
Еркелеп тұратыны жайраң қаға.

Қайтсін-ай, Зәйни ана көп қайғырды,
Күйдіріп ет жүрегін шоқтай қылды.
Қуарып ақ дидары, шашы түсіп,
Өмірдің өзге мәнін жоқтай қылды.

Құдайдың салғанына шара бар ма,
Қайғысы жүк болғандай қара нарға.
Сабырын сақтаған ер Бірәлі еді,
Амандық тілеп басқа балаларға.

5 Аймұхамбетті Алик деп атаған.
6 Қабдыраш Қалиев – Бірəлінің шопыры.

Қайғыны ел де бірге көтерісті,
Тойтарып тағдыр салған төтен істі.
Болғанға болаттай боп Бірекең де,
Басынан әркімнің-ақ өтер істі.

Қайғыны қиып түсер алмас еді,
Орыны өндір ұлдың толмас еді.
Көтермей қасіретті шөгер болса,
Бірәлі Бірәлі де болмас еді!

Жұбатты Зекендейін жан қосағын,
Түн қатты күзетумен талма шағын.
Өмірлік өкініш боп Аймұхамбет,
Ұстатпай ұшты алдынан арман-сағым!

Бірәлі мен Рысты Сариева7
Деп жүрген халқым үшін жаным пида,
Ер қызы қазағымның Сариева.
Рысты Халесқызы – самғап ұшқан

Жасынан талай биік шың-қияға.
Ұрпағы Сырым батыр Датұлының,
Сіңлісі Мәншүк, Әлия батырының.
Торғайда талай дастан толғады жыр

Танытып алғырлығын ақылының.
Толғанам Рысты қызға қараймын да,
Дарыған нұр-қасиет қалай мұнда?!
7 Рысты Сариева – сол тұстағы Қима аудандық партия комитетінің

бірінші хатшысы.

Жалынын,
Жан-жүрегін жарқылдаған
Асыл тек киесіне балаймын да.
Ұйытып айналдырған ұлтқа бізді,

Танытқан талай-талай жұртқа бізді,
Ойлаймын Айпарадай аналарды,
Сағынам ақыл кені Құртқа қызды.
Осындай Рысты қыздың тектілігін,

Алмастай қиып түсер өткірлігін,
Арудың ажарына ақылы сай,
Елді де басқаруға ептілігін.
Бұлтартпай Бірәлі аға білді танып,

Бұл қызым от екен-ау тұрған жанып.
Дариға, дәл осындай өндір жастан
Өссеші ұл мен қызым өнеге алып.
Жұмысын үркіткенде бұла күшпен,

Сүйсініп Бірекең де тұрады іштен.
Ағаның тілектестік ақ көңілі
Керемет құйылады нұр ағыспен.
Көзінің ізгілік тұнған ұшқынында,

Кісілік қасиет тұрған ұстынында,
Ең алғаш кездескені Бірекеңмен
Есінде қалып еді Рыстының да.
Өр мақсат көкке өрлеген жолдарымен,

Есінде Қимада кең залға кірген.
Сыртымен сезіп еді сұқтанғанын
Соңынан сумақай көз сонда кілең.

Алдында аймаңдайлы аппақ арман,
Артына жай түсіре жалт қараған.
Қисайып қалған сонда көп бастарға
Көзінің өртін төгіп, шоқ қадаған.

Жанарға нажағайлы жасын шоқтай,
Жалғыз бас қисаймаған басылды оттай.
Сырбаз да салиқалы қалпыменен
Отырған түп-түзу боп атқан оқтай.

Маңқиған маңғаз келбет, шалқақ кеуде,
Нар тұлға, жарасқандай тұрпатты ерге.
Күйкентай пенделерден биік тұрған
Лайықты қарындасқа аға дерге.

Рыстының сол ағасы Бірәлі еді,
Әрдайым ағалығын қылар еді,
«Ләббай» деп ілтифат қып тұрар еді,
Бір-бірін жарты сөзден ұғар еді.

Рысты мен Бірәлі аға талапты ұғып,
Көз көрмес, тіні жібек одақ құрып,
Қиманы өрге тартып сүйрегенін
Айтады білетіндер сабақ қылып.

Басқадан Бірекеңде сана биік,
Әз аға аудандағы дара биік.
Саңқылдап салиқалы сөзін айтса,
Ел түгел құлақ түріп, қалады ұйып.

Рыстыға: «Айналайын, қызым!» дейді,
Дәнекер арадағы үзілмейді.
Қиманы көкке өрлеткен әке мен қыз
Баяғы даналардың көзіндей-ді.

Ақмола
Асуы Бірекеңнің жастарға сын.
«Ешімді» жиырма бір жыл басқарғасын,
Шығады абыроймен пенсияға,

Ұқсап-ақ өмір жолы дастанға шын.
Қоштасу халқына да ауыр болып,
Бір өзі бүтін дүние дәуір болып,
Құрметтеп шығарады пенсияға

Қимада облыс, аудан, ауыл болып.
Облысы бұл кездегі Ақмолада,
Бірекең мұнда дағы жеке-дара,
Толағай Торғайымнан қалған тұяқ,

Бәйгеден күнде келген жалғыз қара.
Торғайдың қайта-қайта күні батқан,
Бір ашып, бірде жауып, ыдыратқан.
Қазақтың қаймақтары тұнған жерге

Қашан да үкіметтің зілі батпан.
Айтысып кіммен енді опа таппақ?
Жетпіске жасы дағы қалған тақап.
Қайтсе де ары таза Бірекеңнің

Еліне еңсе тіктеп, болған атақ.
«Ешімі» болса дағы алтын бесік,
Бұйдалы танадайын мұрны тесік,
Билігі қолдан-қолға ауысқан соң

Бірекең Ақмолаға келді көшіп.
Қор қылмай жамандарға алтын басын,
Талқыда төмендетпей нар тұлғасын,

Алыстан сыйласқанды абзал көріп,
Бұрады Ақмолаға аттың басын.
Десе де елді қайтіп қия алады,
Нар басы тарға қалай сыя алады?

Төрінен Ақмоланың ойып тұрып,
Андрей Брауннан8 үй алады.
Ақмола – Арқадағы жер кіндігі,
Көгінде көтерілген ел түндігі.

Куәсі талай-талай естеліктің,
Бар еді Бірекеңе төркіндігі.
Ақмола Бірекеңе нұрлы қала,
Жүрегін аялаған жырлы қала.

Ерекше киесі бар ежелден-ақ,
Тарихтың тұғырындай сырлы қала.
Көшеде кездеседі таныстар да,
Біледі Бірекеңді алыстар да.

Аңысын заманның да аңғарғандай
Әрқилы әңгімеге барысқанда.
Бірекең сырын ашты Абай-жанға*,
Білмеймін бара жатыр заман қайда?

Бір ғана білетінім: жұмыс істеп,
Табады ебін тапқан адам пайда.
Сыр ашып осылайша толғанады,
Кешікпей тосын істі қолға алады.

Барғанда Украинаға көрген екен,
Қышадан түсер пайда мол болады.
8 Андрей Браун – сол тұстағы Целиноград облыстық партия
комитетінің бірінші хатшысы, кейін Ақмола облы сының əкімі.

Елдегі Келденге9 де хабар салды,
Жарамсыз деген үйді жалдап алды.
Жөндетіп, жабдық-жарақ орнаттырып,
Жайнатты жапсырма мен жарнамаңды.

Жарғысын серіктестік дайындады,
Әкесі Нұртазаның атын алды.
Банктен несиені жеделдетіп,
Кавказдан жеткізеді құтыларды.

Ескі көз пайдаланып танысты да,
Мол қамтып жақынды да, алысты да,
Ұятқа қалмайын деп ел алдында,
Қайрайды қайрат, жігер, намысты да.

Қарттықта қайрат тағы сыналады,
Қышаны заводской шығарады.
«Нұртаза ЖШС» деп айдар тағып,
Құтымен жөнелткенді құп алады.

Бірекең бес жыл бойы дүрілдетті,
Қышасы ұрым менен қырым кетті.
Ресейде тауарына сұрау салып,
Елінде Қазақстан шұғыл өтті.

Сібірге жолы түсіп барды Сағат,
Сапары аяқталып қалды Сағат.
Дүкеннен соңғы жәшік «Нұртазаны»
Ескерткіш базарлыққа алды Сағат.

*9 Абай, Келден, Болат, Жанат – Бірекеңнің күйеу
балалары.

Бұйымы табылғанда бар ғаламнан,
Бірекең Сібірді де жаулап алған.
Сол Сағат әлі күнге жыр қып айтар
Сондағы базарлығын таңдап алған.

Ақмола ақырғы әні Бірекеңнің,
Аруағын әлі талай жыр етермін.
Астана атына оның көше берсе,
Жырыммен сол көшені гүл етермін.

Ақырғы сапар
«Ешімде» тойлап келді жетпіс жасын,
Елінің көріп келді ықыласын.
Нұралы досы бастап асаба боп,

Мерейі өсіп келді, көңіл тасқын.
Бәрі де, барлығы да жақсы-ақ еді,
Арманы әлі дағы асқақ еді.
Қажымай қарт та болса, қыбыр-қыбыр,

Бөлек бір тіршілігін бастап еді.
Жазмыштың жолы басқа әттең бірақ,
Жетпіс үш мүшелінде сөнді шырақ.
Жабысқан кеселді дерт жетті түпке,

Адыра қалды мұрат, семді шуақ.
Тірлікте көппен жүрген, топқа кірген,
Алаштың бір арысы өтті өмірден.
Тағдырмен тайталасып жарып шыққан

Тар жолдан, тайғақ кешу өткелінен.
Танытты қайсарлығын қайтарда да,
Ақырғы аманатын айтарда да.

Есілдің жағасында, бейітінде,
Ерім деп есіп желі айтар дала.
Күйзелтіп, күңірентіп халықты, елді,
Сүйегін «Ешіміне» алып келді.

Салмағын тірліктегі қадірінің
Қайысқан қабір басы танып көрді.
Кеттің деп тастап қайда бізді тегіс,
Егілді «Ешімдегі» орыс, неміс.

Халқының махаббатын ілген қыран,
Қайран ер жатты-ау сұлық тартып көгіс.
Ғапыл қап, іште кеткен шері бардай,
Қамалып алынбаған тері бардай.

Қабағы болар-болмас түйілгендей,
Сәулесін жарық дүние сағынардай.
Торғайдан, Қостанайдан, Ақмоладан,
Басқа да көп ауылдан, көп қаладан.

Ақырғы сапарына Бірекеңді
Нөпір жұрт күңіреніп аттандырған.
Сөз емес, соңында көп іс қалдырған,
Ғажайып өмірде өрнек із қалдырған

Бола ма марқұм деуге мұндай жанды,
Бетке алып жарық күнді ұшқан қыран!!
Айтқан-ды ұлы дана Абай дағы,
Болмайды өлді деуге қалай-дағы.

Осындай тұжырымға келіп халқы,
Жұбанып, жүзінен нұр арайлады.
Ең ұлы ескерткіші – елі қалды,
Сарыарқа, Абылай асқан белі қалды.

Қолынан өзі орнатқан «Ешімі» мен
Есілде гүлжазира жері қалды.
Қимайтын Қимасы мен Жақсы қалды,
Құдайдан енді қандай бақ сұрар-ды?

Қалдырды тәрбие мен тағлым беріп,
Артында талай жайсаң, жақсыларды.
Еліне мақтан тұтар мұра қалды,
Сай-сала киесіне тұна қалды.

Есілім енді қашан туғызады
Қас батыр Бірекемдей ұлы адамды?!
Соңында қайсар намыс қияқ қалды,
Аппақ ар, мөлдіреген ұят қалды.

Әкеден алған туды асқақтатар
Өндір жас Әлихандай тұяқ қалды.
Мазарың мәңгіліктен күй ақтарды,
Қазағың қасиетіңнен сый ап қалды.

Рухың ту биіктен назар салып,
Есілді қорып тұрған сияқтанды.
Бірекем, өмір-сапар аяқталды,
Дастаным межесіне таяп қалды,

Мені де аруағыңмен алқай берші,
Демегін жырын Қорған аяп қалды!

Бірәліні аңсау
Заңынан қисса жырдың бұлжымастан,
Заманын Бірекемнің қылдым дастан.
Баяны он дастанға азық болар,

Алашта асып туған бір арыстан.

Табылар дастаныма сыншылар да,
Тайсалсаң сыншылардан жыр шығарма!
Жырыма әділ қазы Алла, құдай,
Жараным, жалпақ елім, білсін ол да.

Бірекем өткеніне он жыл өтті,
Он емес, оннан дағы мол жыл өтті.
Еңбегін есіл ердің желге ұшырған
Ессіздік, еренсіздік – сол жүдетті.

Мұңымды өлеңіме көшіремін.
Қайталап айта берем несін оның?
Тербеткен Бірекеңнің бесігі едің,
Нендей күй кештің, ойһой, Ешім-елім!

Есілдің есіп ерке нұр самалы,
Шарқ ұрып шағаладай үн салады,
Тіршілік толқынына тұншыққандай,
Рухына Бірекеңнің мұң шағады.

Аңсайды Бірекесін Ешім елі,
Самалы сағыныштың есіледі.
Еріне сел ықылас сарқылмайды –
Еліне тауып берген несібені.

Жөңкілтіп махаббаттың нұр ағынын,
Ерінің еске алады бұла күнін.
«Ешімнің» азаматы ту көтерді
Ауылы боламыз деп Бірәлінің.

Болса деп Бірекеңдей ер данасы,
Аңсайды қазағымның кең даласы.
Өмірге өрен керек тұлпар шыққан,
Өрлейтін оза шауып өрде басы.

Аңсайды нарқасқасын қазақ елі,
Заманы ондай ердің жаңа келді.
Дариға, құдіретпен қайта туса,
Бұл заман Бірекеңнің заманы еді.

Аңсайды Бірекеңнің үлгілерін,
Ақ пейіл, асыл тегін, сом жүрегін.
Қадірін халық солай білгеніне
Шым етіп ет жүрегім, елжіредім.

Аңсайды Бірекеңнің өнегесін,
Кең етер кім бар солай керегесін?
Өтсе де қанша уақыт
Қазағыма

Керек ер, керек тұлға, керек есім!
Аңсайды Бірекеңді және жары,
Өрбіген, өсіп-өнген балалары.
Әдиша, Бәдиша мен Роза, Бақыт,

Сарғайып сағынышпен саналары.
Аңсайды Әлихандай өндір тұяқ,
Асылдың сынығындай өткір қияқ.
Әкенің өнегесін жалғастырып,

Келтірмей келе жатыр аруаққа ұят.
Әкенің күн-кеудесін тік көтерді,
Намысын, абыройын нық көтерді.
Бірекең өлмегені сол емес пе,

Әлихан алып таудай жүк көтерді.
Аялап шаңырақты Сәуле келін,
Келтірер жар керегін, жан керегін.
«Ешімде» құлын-тайдай өскен бірге,

Табады жөн-жосығын әрнеменің.

Аңсайды немерелер, шөберелер,
Туашақ болар әлі неменелер.
Әулеті әр заманға сәулет беріп,
Ұрпақтан ұрпаққа озып келе берер.

Бірекең өлмегені сол емес пе,
Үміті болашақтан мол емес пе.
Бостан ел өз тағдыры өз қолында,
Кеудесі ұрпағының зор емес пе.

Қайда деп сұрарсыз-ау Зекен ана,
Кетті ұшып Москваға кеше ғана.
Немере Ботагөзбен оқып бірге,
Келеді алла жазса каникулға.

Аңсайды Бірекесін олар-дағы,
Аңсаумен асыл рухты жанар бағы.
Атасын аңсағанда Ботагөздің
Нұрланып сала берер жанарлары.

Сағыну Бірекеңді ол да бақыт,
Тұрады аңсағанды жан жаратып.
Шынымен аңсар болсаң жанып-күйіп,
Шаттығын әкеледі таңдар атып.

Артында күдік емес, үміт қалды,
Лай емес, мөлдіреген тұнық қалды.
Айналып Ақмоласы Астанаға,
Аңсары Бәйтерек боп тұрып қалды.

Аңсаумен жаздым мен де дастанымды,
Аңсаумен мәңгілікті, қас қағымды.
Аңсай бер жырым менің – пірім менің
Біртуар Бірәлідей асқағымды!

08.08.07-14.09.07.

Балладалар,
өлеңдер

Айдарбек

«Қызыл Жұлдыз» жəне Югославияның
үш орде німен марапатталған ержүрек
партизан Айдарбек Шаяхме товтың
өмірінен бір үзік сыр.

Айдарбек аға – бауырға,
Майдангер аға – ауылға.
Қар жастанып, мұз төсеп,
Соғысқан Альпі тауында.

Мінезі тіктеу, сөзі өктем.
(Соғыстың бәлкім сызы өткен).
Көлгірсу көрсе – кенеттен
Шырпыша жанып тыз еткен.

Түндерде ұйқы көрмейді,
Шылымы және сөнбейді.
Бесікке бөлеп алғандай,
Жауынгер ойлар тербейді.

Тыныштық үшін қалғыма!
Қарсы алар солай таңды да.
Отырар ұзақ ойланып,
Хаттарды жайып алдына.

Хаттар-ай...
Хаттар сыр айтар,
Қуантар дағы мұңайтар.

Қаһарлы жылдар суретін
Сағыныш сынды сарғайтар.
Майдандас достар азайып,
Қалыпты-ау – дабыл қағайық.

Мына бір хаттан тұр сөйлеп,
Генерал досы Желяев.
«Іздеп ек көптен қайда деп,
Көңілге бүккен жайлар көп.

Бармысың, бауырым, қымбатты,
Партизан досым Айдарбек!?
Есте ғой, достым, бәрі есте.
Айналмас шындық елеске.

Апталап, айлап нәр сызбай,
Талғажау таптық емес пе!?
Қайралып жауға шабылып,
Шайқаста жүрдік сабылып.

Жортуыл, жорық жолдары
Қатерін тосқан қағынып.
Бәрібір бастық ілгері.
Жеңіске жүрек үндеді.

Сықырлап ұйқы бермейтін
Альпінің аяз түндері.
Жігіттер жайсаң бар еді-ау,
Шетінен шіркін нар еді-ау!

Қасықтай қанын ел үшін
Қасқайып тұрып төледі-ау.

Ерліктің жайы хатта бар.
Ерліктің жыры жатталар.
Ерлердің жарқын бейнесі
Мәңгілік жас боп сақталар.

Өзің бір жанған от едің.
Оны айтпай қалай өтемін.
Парызды Отан-анаға
Айдарбек, сен де өтедің.

Жайдары көңлің аңқылдап,
Жігерің қайнап, жарқылдап,
Партизан болдың, от кештің,
Командир болдың саңқылдап.

Жай отын жауға түсірдік,
Үрейін сөйтіп ұшырдық.
Альпі мен Триест арасы
Жорықпен біздің дүрсілдеп.

Өлім мен өмір арбасты,
Біз жеңдік сонда, жау қашты.
Партизан соқпақтарында да
Жеңісті жолдар жалғасты».

...Сөйлейді хаттар осылай,
Сырларын асыл жасырмай.
Майдангер аға тыңдайды
Жүректе лүпіл басылмай.

Соғысқа кез боп жас шақтан,
Жорықта талай дос тапқан.

Жолдапты жүрек лебізін
Панкова Люба Ростовтан.
Партизан Люба... ол да есте.
Көрмеген жандар сенбес те.

Қарулас досын сағынған
Аяулы сезім сөнбес те.
Есінде аяз... қыс күні.
Жанардың отты ұшқыны.

Естіген жайсыз хабардан
Көтерілгендей ыстығы.
Төзер ме мұндай сұмдыққа,
Төзер ме мұндай зұлымдыққа?

Эшелон толы қыздарды
Барады айдап құлдыққа!
Құтқару керек қалай да.
Құтқару бірақ оңай ма?

Қарындасты беріп құлдыққа,
Жүргенің аман жарай ма?
Есінде, есте сол жорық,
Қан төгіскен, жан беріп.

Тұтқиыл тұстан ұрыс сап,
Эшелонды өңгеріп.
Эшелон тұрды көгенде.
Ұрандап келіп төменнен,

Айқара ашып есікті,
«Түсіңдер, қыздар!» дегенде.

Маңдайда тұлым желбіреп,
Көгілдір көзі мөлдіреп,
Панкова Люба жылаған,
Шаттықтан сонда еңіреп.

Партизан Люба, жалын жас,
Жолдас та болды қарулас.
Ауыр бір шақта соңынан
Ағалап ерген қарындас.

Еске алып жорық шақтарын,
Жазады бүгін хаттарын.
Кездескен сайын кең айтып,
Бейбіт күн берген бақтарын.

Майдангер аға оқиды,
Көңілге бәрін тоқиды.
Осынау бейбіт күнде де
Жауынгер оймен бекиді.

Айдарбек аға – бауырға.
Майдангер аға – ауылға.
Қар жастанып, мұз төсеп,
Соғысқан Альпі тауында...

1983 ж.
Қарсылық
Көзіме тигендей-ақ қамшы бүгін,
Шырқырап бара жатыр жан-шыбыным.

Айқайға бар дауыспен бассам ба екен –
Кеудемді кернеп кетті қарсылығым.

Тегінде тоғай өспес тал-шыбықсыз,
Құн болмас молшылықта таршылықсыз.
Дамудың дүниелік заңдылығы –
Өмірде Қозғалыс жоқ Қарсылықсыз.

Бұйығып бұға берсең не болады –
Киең мен қасиетің жоғалады.
Қарсылық жасай алмас халықтың да
Болмысы, бар мұрасы тоналады.

Тар жерде табан тіреп тиянаққа,
Қарсылық жасай білген қиянатқа,
Тілеуін тілеп текті азаматтың,
Аттарын аялаймын мың аятта!

Не дерсің бұл күндегі жамағатқа,
Болмады қарсылық та, қанағат та.
Келешек келер ұрпақ, ғұмыр үшін
Кетеміз не қалдырып аманатқа?

Татпаған Махамбеттің малтасынан,
Көбейіп намыссыздық дәл қасынан.
Ұлдары қорғамаған өзен, көлдер
Қазақтың жоғалатын картасынан!

Ұранның ұрпағымыз біз кешегі,
Су емес, Сырдың суы у деседі.
Беті сор бейбақ өңір бедеу болды,
Әйтпесе, туған жерден кім көшеді?

Бала мен баба біткен шөлдегенде,
Су қашып, қолдан қайран келмегенде,

Сыңсыған тоғайыңның несі қалды,
Қоғадай жапырылып өлмегенде?
Құтаймай құрығанда түгі жердің,
Көтерер ұлан қайда туын елдің?

Тоналған табиғатты кім қорғайды,
Алдында Ақиқаттың жүгінер кім?
Майысқан кім түзетер тал-шыбықты?
Сең соққан кім жұбатар заршы жұртты?

Тоқтатар табиғаттың тоналуын
Кім жасар құдіретті Қарсылықты?
Келмейтін Сырдың суы жұлығынан,
Құртатын тасырлықты ұрығынан,

Қайда жүр қайран намыс батырлары,
Бермей ме бейбақ елге тұнығынан!
Шыңғыстың Абай туған ұлы алабы,
Сәбиі сілкіністен уанады.

Шошынып жер жатқанда бұл дүрсілден,
Қозғалмай жүрек қалай тұра алады.
Сірескен балталамай сұрақтарды,
Бүйірлеп бас көтерер «бірақтарды»,

Түлемес Қазақстан табиғаты,
Алдымен тұншықтырмай сынақтарды.
Өлкесі Жетісуым жеті өзеннің,
Кез келдің кесіріне не кезеңнің?

Дарияны сегізінші қолдан жасап,
Ессіздік - әлденеше еселендің.

Жығылып қодар қылық нардан өлген,
Хабарсыз қодар қылық Ар дегеннен.
Жатқанда Арал құрып, Атом көлін
Тұрғызған тасырлыққа бар ма дәрмен?

Аспанға шәпкімізді лақтырдық.
Қуандық құдіретке бір-ақ күндік.
Қашан біз парасатқа құлақ түрдік?
Кеш кіріп ақылымыз, жылап тұрдық.

Есірік болмаушы ма еді мас адамда,
Мықты екен мақтан деген нашадан да.
Толқынды туабітті тұншықтырып,
Не таптық қолдан арна жасағанда!

Тізелеп, содыр-сойқан пәрменге сап,
Біреудің құзырына мәрмәр қашап,
Кей кезде қолдан жасап қастықты да,
Аламыз достықты да қолдан жасап...

Тәйірі-ай, табиғат кім?!
Әмір қылдық.
Күшпенен табиғатты «бағындырдық».
Қандай бір дарақылық жасасақ та,

Солардың мақтадық-ау бәрін жыр қып.
«Шіркін, Байқал, Байқал» деп Қасым ақын,
Сұқтанып сымбатына бас ұратын,
Шеңгелін Сібірге де салған жоқ па,

Жамылған құрылыстар ғасыр атын?!
Тоқырау – тасырлықты мадақтаған,
Табиғат жаһұттарын адақтаған.

Байқалдың сіңлісіндей Балқаштың да
Бұ күнде шер-шеменсіз таңы атпаған.
Баян мен Қарқаралы – Арқадағы ән,
Басынан әлі бұлты тарқамаған.

Жасыбай, Торайғыр мен Сабындыкөл –
Арқаны гәуһар тастай алқалаған.
Есілім, Ертісімді айт еркеленген,
Шеменді шерлі күйін шерте берген.

Жүзіне арулардың әжім түсіп,
Кәрілік қалайша бұл ерте келген?
Көлдері Көкшенің де мұңаяды.
Аяулы аруларды кім аяды?

Кір шалса күміс көлін азаптанып,
Өзге үшін ақын жаны ұялады.
Көгілдір Көкшетауым – көлдер елі,
Ақ күміс жарқыраған теңгелері.

Қоскөлін құрып кеткен іздеп бүгін,
Құлагер кісінейді кермедегі.
Мейірін қандыратын тұнығынан,
Тұлпардың келе ме көл жұлығынан.

Шіркін-ай, селқостыққа не шара бар,
Айырған Құлагердің құдығынан!?
Сәніндей Саумалкөлді қаңыратқан,
Көкірек тексіздікке жалын атқан.

Қарғаны Қоскөліне қондырмайтын,
Ақанды осынау жай аңыратқан.

Сал Біржан - ән-жырымның бәйтерегі,
Жөкейін аспандағы ай көреді.
Бұл күнде еңіреген есіл көлдің
Азабын біле қалса қайтер еді?

Сал Біржан көрсе бұны шамырқанар,
Домбыра шанағына дауыл қамар.
Болыс пен поштабайды былай қойып,
Бүгінгі біреулердің шаңын қағар.

Ақындар аялаған ән шығарып,
Айдынын Бурабайдың көрші барып.
Арнасын кім толтырар Айнакөлдің,
Шаң басқан бұлақ көзін аршып алып.

Ботакөз, кемерлі көл Зерендінің
Зер емес, зарға батқан көрем күнін.
Бомба боп Қасым айтқан жарыл, жырым,
Шайдай аш тоғышардың кереңдігін.

Мекені Көкшетауым серілердің,
Зар төгіп тұрғандай боп көрінермін.
Кір шалса көлдерімді мен қалайша
Жасамай бір қарсылық шегінермін.

Қалайша жүрек сөзін толғамаймын,
Қалайша көлдерімді қорғамаймын.
Көркейіп көз алдымда тұрса қайтер,
Аққуға бір кездерде толған айдын.

Имантау, Шортан менен Шабағымды,
Жақсы мен Арықбалық, Жаманымды,

Қамсақты, Қылшақты мен Қопа көлді
Көргенде ұлдарының жаны ауырды.
Әрі әкет өзен-көлден нала-мұңды,
Қайғыртпа, қан жұттырма қарағымды!

Халайық, бір Қарсылық керек бұған,
Құрттың ғой Қарсылықсыз Аралыңды...
Бар дәтім, бар қуатым, бар шыныммен,
Осылай көңіл кірін аршыдым мен.

Мен әлі Қарсылықтың өзі емеспін –
Оятар Қарсылықты қамшымын Мен.
1989 ж.
Зообақтағы аюлар

Əбубəкір Қайранға
Сезімді ғылым не қылсын,
Ғылымға ғылым қажет тек.
Ғылымды ғалым кемірсін,

Ақын қайтеді оған өбектеп.
Сабақ-ау бірақ әркімге,
Мысалы, мына тосын жай.
Мәскеудің зоопаркінде

Уақиға болған осындай.
Жамайтын ғылым жыртығын
Маңызды дерек алмаққа,
Бір топ аюды бір күні

Жіберді дейді аулаққа.

Жегені бал мен шекер деп,
Кәмелет жасқа толғанда,
Күндерін көрер ме екен деп,
Жіберді айдап орманға.

Аюлар қоңыр қолда өскен
Балпаң да балпаң басады.
Тағыны көріп жол кескен
Дүрлігіп ел-жұрт қашады.

Үріккен жұртқа мұншама
Қоңырлар қайран қалғандай,
Кідірді дағы біршама,
Тоғайға кірді қорбаңдай.

Тұнып тұр жазғы орманың:
Бүлдірген, саңырауқұлақ та,
Итмұрын, жидек жан-жағың –
Тартпайды тәбет бірақ та.

Жемістен мына жабайы
Теріп жеп тегін тою да –
Зәһаннам іс қой анайы
Зиялы біздің аюға.

Шолжақтап торпақ, торай да
Сүйкеніп өтсе қасынан,
Азуды баспай, алайда,
Аюдың өзі шошыған.

Адамға шаппақ түгілі
Бұзаудың шертпес басына,
Алыптар тура түңілді
Түк татпай қонақасыға.

Қазына толы тоғайдан
Таба алмай тамақ ашыққан,
Тағылар енді қалайда
Адамдар жаққа асыққан.

Шетінде жолдың шоңқайып,
Отыра қалып жүрелеп,
Аюлар сонда қол жайып,
Болған ғой қайыр тілемек.

Қолдарын жайса паркінде
Қызықтап халық келетін,
Сараңдық етпей әркім де
Тәттіні төгіп беретін.

Алаңсыз шақтың шаттығы
Қиялдың құртын қоздырып,
Қолдан бір татқан тәттіні
Қояды аңсап көз жұмып.

Жер басып тұрып табаннан,
Ербеңдеп алғы аяғы,
Қайырым күтіп адамнан
Аюлар қолын жаяды.

Қалтақ та құлтақ бастары,
Жаутаң да жаутаң көздері,
Адамдар бірақ қашты әрі,
Аюлық тілекті сезбеді.

Аюлар осы тосыннан
Албасты болып көрініп,

Әйелдер дереу шошынған,
Ойбайды салып, сүрініп.
Дәйімі торда тұрғанда,
Сыйлайтын көңіл хоштығын,

Түсінбей аң-таң бұл маңда
Адамның қаһар, сұсты үнін.
Аттандап халық сабылды,
Басталды аласапыран.

Милыларымыз да табылды
Милицияларын шақырған.
Бейнебір бейбіт аңдардан
Төнгендей қатер Мәскеуге,

Лақапқа лақап жалғанған,
Даурығып нелер боскеуде.
...Әйтеуір мына қағынған
Хайуандарды көп есіртпей,

Абырой болды – дабылдан
Жеткені жәрдем кешікпей.
Ақыл да болды табылған
Кісендеп бірден алғаны,

Аюлардың бұл лаңынан
Астананы қорғап қалғаны.
Абырой болды – дәл сүттей
Ұйытып жұртты тастады,

Оқиғаны бұл өршітпей,
Дабыралатпай басқаны!

Ертеңі күні-ақ қосылды
Ғылымға құнды жаңалық:
Қолда өскен хайуан бұл сынды
Күн көре алмайды, ол анық!

Адамдар еді айырған
Күнкөріс қабілетінен,
Ал бүгін олар артынан
Күл шашты лағынетімен.

Ашыққан аю, алайда
Адамшылығын сақтады.
Қарауытпай көзі қалайда,
Тағылыққа бармай тоқтады.

Көңілі болып жарадар,
Алданған тәтті елеске,
Аюлар осы ақадал –
Адамнан зият емес пе.

Жапырып, жайпап дүлей күш,
Қайтер ек салса қырғынды,
Білмейді кейбір күнкөргіш
Ізеттілікті де бұл құрлы.

Қамы үшін қара басының
Құрбандығы қып жіберер,
Санасы сіреу, тас ұғым,
Аз ба екен аусар немелер.

Мәскеудің зообағының
Аюы құрлы күн көрер,

Қол жайса нелер залымың
Зардабын оның кім шегер?
Тіршілік кейде қабаған
Арпылдақ, арсыз иттей-ді.

Тұрмысын тексіз сан адам
Қайыршыдан бетер күйттейді.
Құбылтып жанын мың бояп,
Емініп өмір сүрмей ме?

Қол жайып жолда тұрмай-ақ,
Қайыршы болып жүрмей ме?
Өткізсе солай дер шағын
Тұрмыстың зообағында,

Қайтер екен деп қорқамын
Тағдырдың зобалаңында.
Өткізсе тағы дер шағын
Өмірдің зообағында,

Қайтер екен деп қорқамын
Заманның зобалаңында.
«Қайда?» деп сонда налыдым,
Бекінген бекем шеп құрып,

Мәскеудің зообағының
Аюы тектес тектілік.
Қайдасың, рухтас бауырым,
Адамға дәйім болған құт –

Мәскеудің зообағының
Аюы тектес дегдарлық!

Шошала тас
Бала жастан ойымда, қиялымның көркі еді,
Шошала тас жайында ғажайып бір ертегі.
Алып келген әріден қариясы, данасы,

Жырлаушы еді сол жырды азаматы, баласы,
Туған жердің қайыңы, қарағайы, талдары,
Алтын бесік ауылдың қыздары мен ұлдары
жырлаушы еді сол жырды шыққанынша құмардан,

тынбаушы еді сол жырдан қанаттанған мың арман.
...Бір-біріне өлердей ғашық болған екі жас,
Махаббатын маңдайдан сипайтұғын ықылас
Таба алмапты маңайдан, таба алмапты туыстан,

Қол ұстасып содан соң жас жүректер ұғысқан.
Бір-ақ түнде қашыпты, талай қырдан асыпты,
Шіркін, жастар әлде бақ, әлде сорға асықты.
Ну қарағай қалыңның ішіне кеп кіріпті,

Қуанышы тіл жетпес тәтті ғұмыр сүріпті.
Ортасына қалыңның отауларын тігіпті,
Махаббатын мейрамдап ойнапты да күліпті.
Жұлдыз сөніп аспанда, ағараңдап таң атты,

Қуғыншылар осы кез жас отауды қамапты.
Зұлымдығын ойдағы іске асырмақ болыпты,
Ғашықтардың көзіне қанды жасы толыпты.
Болған екен сол бір сәт, болған екен, жамағат,

Құлақ естіп ешқашан, көз көрмеген ғаламат.
Ғашықтарды ақ отау құшағына алыпты,
Құдіреттің күшімен тас боп қатып қалыпты.
Қияметтен құтқарып ғашықтардан бата алған.

Содан бері ақ отау Шошала тас аталған.
Аяланған аңызбен Шошала тас әлі бар.
Серуен құрған жанында ғашықтар да табылар.

Шошала тас қазақтың киіз үйі кәдімгі,
Сұлулықпен сиқырлы әлдилейді жаныңды.
Сыр айтады бұл жерде қызға жігіт қиылып,
Жасайды-ай кеп бастаңғы келіншектер жиылып.

Шошала тас маңайын бөлейді олар ән-жырға,
Паналайды малшылар күркіреген жаңбырда.
Шай қайнатып мосыға отырғаны бір қызық,
Отты жағып ортаға әңгімені қыздырып.

...Шошала тас, сүйіктім, Шошала тас, қымбаттым,
Баурыңда өскен балаңмын, ақын болып үн қаттым.
Шошала тас – арманым, Шошала тас – орманым,
Ғашықтарды қорғасаң мені дағы қорғағын!

Шоқан сандықшасы
Орыстың ұлы жазушысы Ф.М.Достоевский
Шоқан сыйға тартқан сандықшаны көзінің
қа ра шығындай сақтап өткен.

Даңқы шырқап шыққан шақта асқарға,
Достоевский ақтарды сыр достарға:
Байқаңыздар сандықшаны мына бір,
Жан тербейтін жұмбағынан бос қалма.

Бұл сандықша жүрегіме тым жақын,
Аялайтын, ардақтайтын қымбатым.
Зергер өрнек зерлерінен сипасам,
Көргендеймін қимас достың сымбатын.

Теңеу жетпес, теңдесі жоқ тұрпатын
Елестету – ежелгі бір «сырқатым».

Бедеріне тигізгенде бетімді
Естігендей болам достың тіл-хатын.
Үзілгендей алтын жұлдыз құйрығы,
Қысқа ғұмыр – қатал тағдыр бұйрығы.

Бұл сандықша сақаралық жас досым,
Қазақ досым Шоқанымның сыйлығы.
Сақарадан самғап ұшқан сұңқар-ды,
Соңында жыр, соңында асқақ үн қалды,

Оның ғазиз жүрегіне аяулы
Менің шерлі көкірегім іңкәр-ді.
Айтайыншы көңіл кірін тазалап,
Бір басына біткен қасиет ғажап-ақ!

Шоқандайын болса, сірә, арман не,
Адам. Ғалым. Күрескер ұл. Азамат.
Қарар болсақ адамзаттық биіктен,
Көрсоқырлық тең емес пе күйікпен.

Бірге туған бауырымды да өмірде
Шоқан сынды көрмеп едім сүйіп мен.
Тағдыр бізді бір мұратқа теліді.
Болып едік мен – ағасы, ол іні.

Басылғанда шын достықтың көрігі,
Қайсар жүрек қалайыдай еріді.
«Әсте мені бөтеніңе балама,
Білесің ғой, сүйем сені, жан аға» -

Деп ағынан жарылғанда Шоқаным,
Самғаушы едім сыпырылып томаға.

Жарқындарым, таңданбаңдар, бұл расым,
Болған еді мұңдасым да сырласым.
Сандықшасын көрем оның көзіндей –
Жүрегімнің төрінде өзі тұрғасын.

Шоқанымды еске алатын ескеріп,
Бұл сандықша маған ыстық естелік.
Достың сыйын таса қылман көзімнен,
Рухын дәйім сезінуді хош көріп.

Өз жанымнан қалдырмаймын екі елі,
Белгілі ғой бойтұмарым екені.
Бұл сандықша – құйылатын қағазға
Ең бір асыл сырларымның мекені.

Қолжазбалар, күнделігім, хаттарым.
Қымбат тұтып қастерлейтін заттарым.
Менің үшін қасиетті не болса –
Бәрін Шоқан сандығында сақтадым.

Елге мұра бар байлығым осында,
Терең тамыр жайған гүлім осында.
Ең сәулелі, ең бақытты шақтардың
Кілті дағы Шоқан сандықшасында.

Қия шыңға Шоқан құлаш сермеді.
Арман, мақсат көкірегін кернеді.
Асау заман арнасынан лақтырды,
Өршіл ойға еркіндігін бермеді.

Жазушы еді жан сырларын саралап,
Төгуші еді запыранын ағалап.

Россияның адал ойлы ұлдарын
Сүюші еді жан-тәнімен бағалап.
Содан бері, сірә, жиырма жыл өтті,
Қатал ажал көңілімді жүдетті.

Сағынамын асыл досым Шоқанды,
Сағынамын сол бір ұлы жүректі!»...
Деп дидарын Достоевский жүдетті...
Содан бері жүзден артық жыл өтті.

Сағынамын мен де Шоқан бабамды,
Сағынамын сол бір ұлы жүректі.
Ұлыға ұлы солай құшақ жайғасын,
Сандықшаға қалай көңіл тоймасын.

Бедерінен бейуақыта сипайтын
Шоқанның сол сандықшасы, қайдасың!?
Мақтай – маршал
Сайын дала...

Сақарасы Торғайдың,
Сайын дала сағынышын толғаймын.
Тоқсан толғау –
Толағайдай Торғайдың

Шерін төгіп, сағынышпен сарғайдым.
Сап болмаған сақараның сайтаны,
Сағым қалқып бұлдыраған байтағы.
Мақтай-шері Сағдиевтің бір ісін

Торғай елі аңыз қылып айтады.

Кермедегі Кеңес кезі кешегі,
Кеңістікте арман желі еседі.
Киіктерше құйғытады құйын ой,
Кейкі батыр елесі боп көшеді.

Ұбақ-шұбақ жалпақ жапан түзді орап,
Ұлан-асыр дабылдатқан күзгі орақ.
Айдау жолда астық тасып жөңкілген
Мың сан әскер мәшинесі мұзбалақ.

Астық...
Айқас...
Желкем күнде шаң борап,
Алқап басын нөпір халық қаумалап,

Сыбдыр-сыбдыр сыр шертіскен сарбалақ
Егіндерін орып болған саумалап.
Қырық жаста қарағайдай нар биік,
Құйған мүсін – облатком Сағдиев.

Генералға қаратып сөз айтыпты
Қатар тұрған жарқанаттай жарбиып:

–Жолдас генерал!

Жоқты – жоқтай, барымызды – бардай ұқ,
Былтырғыдай биыл қапыл қалмайық.
Оңғарғанда орақ бітті бұл жақта,
Мәшіндерді Жангелдинге айдайық!

...Ал генерал сазарды да бір демде,

–Мен – генерал...

Әскеріме мен бастықпын бұл жерде.
Өзім білем, өзім шешем қайтпекті,
Маған мұнда әмір етпес бір пенде!

...Іс осылай шапты дейсің насырға,
Сөз өтер ме генералдай тасырға.
Жайдың отын төгіп-төгіп жіберген
Мақтай көзі ұқсап кетті жасынға.

Қатуланып генералға барды да,
Қолтығынан қармап ұстап алды да,
Кең далаға тебіреніп қарады,
Толғаныспен көзді салып арғыға:

– Осы сәтте генералсың.

Нанамын.
Атақ бірақ таппай қапты адамын,
Мынау жатқан ұлан-байтақ даланың
Баяғыдан – мен – Маршалы боламын! –

Деп Сағдиев жарылды да ағынан,
Жойқын күшпен уызынан дарыған,
Шелтірейген генералды сол жерде
Әдемілеп соқты дейсің қарынан!

Ойпырмай-ау,
Бос-ақ екен қуысы.
Генералдың бітті демде жұмысы.
Сұп-сұр болып қуарды да қызарды,

Тұрып қалды таусылғандай тынысы.
Сәлден кейін есін жиып, ойланып,
Қорлық мына кетсе дағы бойды алып,
Сағдиевқа иді басын генерал –

Жарқанаттан жайдарманға айналып:

– Жолдас маршал!

Жеткіздіңіз көзімді.
Майдан үсті.
Не қыламыз сезімді?!
Қол астында болсам сіздей Маршалдың,

Бақыттымын деп білемін өзімді!
Қарт Торғайдың жырлайтұғын әр шалы,
Мақтан етіп жүретұғын барша ұлы –
Генералға берген сабақ осындай,

Кең даланың Мақтай деген Маршалы...

Былғары табыт
“...Мен келемін, мен келемін, мен келем,
Күннен туған, Гүннен туған пайғамбар!”
Мағжан

Бермей жүр тыным ғұндарда болған бір ғадет,
Ғұндардың жайын айтпайтын болса – жыр
нәлет.
Мазасызданып

Маңайыма жиі қараймын,
Аруағы ғұнның айналып ұшып жүр ме деп.
Айналып ұшқан аруағы ғұнның қолдай ма,
Қолдай ма, әлде, аруақтың жолы болмай ма?

Қайыстырған жерді самсаған сансыз қол қайда,
Тұлпар тұяқтың ізі бар еді-ау, сол қайда?
Былғары киген,
Былғары күйлі ғұндарым,

Қобыз қияғын,
Тұлпар тұяғын шыңдадың.
Керімсал самал кермек бір татып кеткендей,
Мазалайды мені бағзы да бақи сырларың.

Былғары киген,
Былғары күймен балқыған,
Жабайы жуа...
Жұпарлы жусан аңқыған,

Қойнына жердің арулап қойып мәйітті,
Былғарыға бөлеп қоштасады екен артынан.
Бабалар солай былғары табытқа бөленіп,
Кетеді екен бақи сапарға жөнеліп.

Өмірінде де,
Өлімінде де – былғары,
Талайына жазған тағдыр сыйына кенеліп.
Сайран ғұмырлы сақарамызда ғұн бабам,

Қаранар тегі қыңбаған – сағы сынбаған.
Ғұндар дегенде – жүрегі жаудың мұздаған,
Жүрегі достың жырлаудан әсте тынбаған.
Досына достық пейіліменен таңы атқан,

Қастасқандарына қаһарын қардай боратқан.
Жазасы сұмдық бар екен жауға ... және де
Шыққан жандарға опа табарлық санаттан.
Сұп-суық болып сұр жылан шықса қойыннан,

Адалсып жүріп аярлығына бой ұрған,
Сұрқияларды
Қылқитып басын мойыннан,
Терісіне малдың тігіпті жаңа сойылған.

Жонарқасынан тіліп бір алған таспадан –
Азары ауыр,
Азабың одан аспаған.
Жаңа сойылған жас теріге тіккен пақырды

Аптапқа өртеп,
Астына күннің тастаған.
Қылқиып басы.
Жалаңаш тәнде жас тері,

Жабыса сорып жатқандай, тегі, аш пері.
Жұп-жұмсақ тері қақталып күнге құрысып,
Қатыгездіктің болады екен қас көрі.
Тартылып көні қалыбына барып қысқанда,

Көрініп көзге, шырқырап жаны ұшқанда,
Зарлатқан мына зәндемі күйдің азабын
Досың түгілі, тілемессің, тіпті, дұшпанға.
Ғұндардың сондай қатты да болған назары,

Ғұндарда сондай – былғары табыт азары.
Қатал заманда қылмысы ауыр болған соң
Қолданған, бәлкім, осындай ауыр жазаны...
Ғұндардан қалған нұрланып тұрған бұл ғалам.

Былғары киген,
Былғары күймен жырлаған,
Бабамның сыры былғары табыт ішінде
Науыт болғандай,

Қалып қойғандай мұңданам....

Шапағат
Туар деп күткем күн қашан?
Саулар деп күткем нұр қашан?
Аңсарлы азаттығыммен

Елжіреп дәйім сырласам.
Еске алам бұла бағымды,
Кеудесі биік шағымды.
Күннен де туған ғұндарды,

Сақ, үйсін, Тұмар ханымды.
Сенада атын суарған,
Алтынмен үсті бұланған,
Атилла ерді еске алам

Ай-күндей атын шығарған.
Елтеріс, Мөде, Күлтегін,
Көк түрік күйін шертемін.
Қашалған тарих көк таста,

Қаймығып неден үркемін?
Қуаты кенен кұт шағым,
Қыран бір құсқа ұқсадым.
Дабысы кеткен әлемге

Дүбірлі Дешті Қыпшағым.
Жаһанды жайлап жырғадым,
Еділде қара орманым.
Байтаққа билік жүргізген

Айбынды Алтын Ордамын.

Ноқтаға сыймас нар басым,
Тарихтың тартып арбасын,
Өзіме бөлек енші алғам,
Іргелеп Қазақ Ордасын.

Хандарым асқақ асылдар,
Жәнібек, Есім, Қасымдар.
Тәуекел, Салқам Жәңгірлер,
Жайратқан жауын жасындар.

Жоңғардың ұрған дабылы-ай,
«Елім-ай» деген сарын-ай...
Елдікті сақтап ерлеген
Бахадүр ханым Абылай!

Болады қайдан кіл ғажап?
Алдынан тосқан түрлі азап.
Бодауын беріп басқаға,
Бодан да болды бұл қазақ.

Көзінен қанды жас аққан,
Жайлауын жатқа босатқан.
Алауыз алты бақан боп,
Біріне бірі тас атқан.

Қорлыққа мына шыдамай,
Күңіреніп еді ұлы Абай.
Тәуелді болған заманда
Тәңірдің қатты сынағы-ай!

Жаралған дейтін намыстан,
Ерлерім өтті арыстан.

Әлихан, Ахмет, Міржақып
Азаттық үшін алысқан.
Ер де көп, айтар шер де көп,
Еске алам қайсын термелеп.

Батырған тізе қазаққа
Кеңестің кезі кермелеп.
Алашқа салған азапты ұқ:
Қасиет қалмай қазақтық,

Қан жылап тұрған кездерде
Аңсағам сені, азаттық!
Қайтадан атқан таң сәрім,
Азаттық, сенсің аңсарым.

Басыма қонған бақыт құс,
Бар шағым әмбе нар шағым.
Тар шағым алыс қалды артта,
Жан салып ұштық самғап та.

Өлгенде көрген бұл бақты
Баладым барлық қымбатқа.
Азаттық үшін қан бергем,
Азаттық үшін жан бергем.

Қанша деп құны сұрағын
Құрбандық болған ерлерден.
Тәуелсіздігім, қалайда,
Түскен жоқ әсте оңайға.

Қолда бар алтын қадірін
Кетіріп алмай, соны ойла!

Бостандығымның киесін,
Азаттығымның иесін
Қастерле, сыйла, құрметте,
Жұқтырма дұшпан күйесін!

Қанатты Қазақстан
Қазақстаным – қанаттым,
Жайдарлы шуақ жанаттым.
Құрыштай құйма алтыны

Азаттық атты сабақтың!
Қазақстаным – асқағым,
Жүрегімдегі басты әнім.
Тұңғиық, тұнық тереңім,

Мөп-мөлдір ашық аспаным!
Қазақстаным – ән-жырым,
Абайым менен Жамбылым.
Байқоңыр баспалдақтары

Ғарышқа тартқан даңғылым.
Қазақстаным – расым,
Жеті орар жерді құлашың.
Кермиық, кербез Мұхтарым,

Көмейі бұлбұл Күләшім.
Қазақстаным – қыраным,
Мәңгілік айтар ұраным.
Болашағымды байқатып,

Жарқырап жанған шырағым.

Қазақстаным – елдігім,
Тәуелсіздігім, теңдігім.
Өлшеуге өрең жетсеші
Кемеңгер елдің кеңдігін.

Қазақстаным – айбарлым,
Атыңнан әсем айналдым.
Кере бір қарыс маңдайлым,
Бақыттың кені – қайнарлым.

Қазақстаным – қазақтың
Алдынан шыққан азат күн.
Дана кезі сенсің қазақтың,
Аға кезі сенсің қазақтың.

Қазақстаным – ардағым,
Жерұйық мекен арманым.
Достықтың құрып отауын,
Он сан жұрт қонған ордалым.

Қазақстаным – жарығым,
Қаныштай дана дарыным.
Әлиям және Мәншүгім,
Бауыржан менен Мәлігім.

Қазақстаным – думаным,
Анадан бірге туғаным.
«Сарыарқа» болып селдеген
Күйіңді күй боп тыңдадым.

Қазақстаным – көріктім,
Ерке еткен мені еріктім.

Шырқалса «Қазақ вальсі»,
Әніңе ән боп еліттім.
Қазақстаным – Ар туым,
Шадыман шаттық шалқуым.

Олжастың орман ойлары –
Ғаламға тартқан тартуым.
Қазақстаным – ақ таңым,
Мың ғасыр іздеп тапқаным.

Көкірегің толы асыл жыр,
Жадымда тоқып жаттадым.
Қазақстаным – еңбегім,
Өркендеп, өсіп, өнгенім.

Өрнектеп жазған ер халқым,
Кемеңгер кітап сен бе едің?
Келмеске кетіп азабың,
Артыңда қалды тозағың.

Тәуелсіз тұғыр-тағыңда
Жасай бер мәңгі, қазағым!
Байқоңыр балладасы
Қоңынан ет кесетін жақын жанға,

Ағынан жарылатын асыл зада,
Апарған бізді бастап Байқоңырға
Қайран дос Құттаяқов Шәкизада.
Сол күні ашылып бір арман гүлі,

Қазақтың бақ жұлдызы жанған күні.

Тоқтардай арыстан ер айға атылып,
Жеті қат көкте заулап самғар күні.
Ғарышқа ұшады деп қыран құсым,
Бар қазақ тойлағандай қуанышын.

Мерейім, мақтанышым, жұбанышым –
Менің де жан-жүрегім жырлады шын.
Болмайды ұлы дуда ұсақтаған,
Қалайша сезімімді тұсап қалам.

Куә боп ғажапқа бұл
Тұрғанымда
Елбасы Нұрағамнан үш-ақ қадам!
Атылды бір-ақ сәтте кеме көкке,

Анталап қарап қалдық кереметке.
Кетердей көкке бірге көтеріліп,
Көмкеріп көңіл көктем-көбелекке.
Дүркіреп дүниемнен сел қоздаған,

Күркіреп зор үнімен жер қозғаған.
Шаншылып көкке кеме өрлегенде
Маңқиып қала берген маңғаз далам.
Бұрқ еткен от-жалыны қаулай берді,

Тік ұшқан көкке кеме заулай берді.
Арсыға амандасып қол созғандай
Көлдей нұр көкіректен саулай берді.
Қадалып қалт еткізбей жанарыммен,

Жүйткуін ғаламаттың бағамын мен.
Көрінбей көкке сіңіп кеткенінше
Әр сәтін бұл ғажаптың санадым мен.

«Он, он бір...» дегенімше сіңді көкке,
Себілді сүйіншілеп нұр жүрекке.
Ғарышқа кемені аман алып шыққан
Шаттандық алақайлап құдіретке.

Жердің де жеңгеніне тартылысын,
Көңілдер көктей бүрлеп шалқыды шын.
Кешегі Тоқтар айтқан сөзі қандай:
«Бұл ұшу қазағыма, халқым үшін!»

Мәз-мейрам, мәре-сәре сол арада,
Ұқсадық толқын өпкен шағалаға.
Бір-бірін құшаққа жұрт алып жатыр
Шарпыған шаттық күйден жаңа ғана.

Есімде шашудың да шашылғаны,
Аспаным сөгіліп бір ашылғаны.
Қасымда қызыл киген қырмызы қыз
Бас салып мойыныма асылғаны.

Алды ма шөп еткізіп сүйіп те бір,
Әйтеуір жүре берген иіп көңіл.
Қас-қағым қуаныштан алабұртып,
Асқандай ақша бұлтты биікке бір.

Ақсарбас айтарлықтай ғажап бұл іс,
Ғарышқа көтерілді қазақ тұңғыш.
Самала құйрығының құс жолымен
Соңынан ұшып кетпей аз-ақ тұрмыз.

Құс сезім құштарлығы тарқамады.
Тоқтардың қарындасы.

Қарқаралы.
Ағаға ақ жол тілеп келген екен
Арнайы ауылынан Арқадағы.
Ғажабын болған жайдың тербедім көп,

Ол қызды одан кейін көргенім жоқ.
Қалды тек қайта келмес сол бір сәттер
Өткеннің ұмытылмас өрнегі боп.
Кенесары хан ескерткіші

түбіндегі тебіреніс
Астана байтақ басында
Кенекем қонған тұғыр-ай!
Кекілік Сеңгір қасында

Қиылған шәһид ғұмыр-ай.
Тұғырға биік жарасқан
Тұрпатың көзді арбайды.
Ер туған асып Алаштан,

Болмаған саған жан қайғы.
Жан қайғы саған болмаған,
Хан ием, саған ел қайғы.
Халқының арын арлаған,

Рухың да мәңгі самғайды.
Еркіндік ерен желіндей
Есілді бойлап өрледің.
Қайнаған кектің селіндей

Есені берер ер ме едің?

Жалын ұстатпас заманның
Жағасын жыртқан заңғар-ай.
Зеңбірек тұтқан қамалдың
Жығасын жығып салғаны-ай!

Ақмола деген бекініс,
«Абылайлап!» шауып жерледің.
Болса да қанша нөпір күш
Намысты берер ер ме едің!

Жай түсіп, жауын күл қылған
Айналдым сол бір өртеңнен.
Тұғырға сені қондырған
Астанаң өнді-ау сол жерден.

Сары-Арқа сайын даламның
Жауына зауал желіндей,
Серпілген сері санамның
Жадында қалар шеріндей.

Қазаққа біткен намыс пен
Қаһардың қара бұлтындай.
Жақынды барлап алыс пен
Бағасың баба жұртыңды-ай.

Азаттық аңсар жолына
Садаға болған жан-құрбан.
Айналдым
Қазақ бағына

Қиылған сақи тағдырдан.

Хан ием, бірақ қайғы алма,
Алашың барда, сен барсың.
Күн барда көкте, ай барда
Кеудесі көрік көкжалсың.

Тәуелсіз елді жебеген
Тегіңде терең құдірет.
Рухың бар ұшқыр жебеден,
Тағзым еттім мың рет.

Тәу еттім саған, Хан ием,
Тәубемнен әсте жаңылман.
Тілеймін жылап тәңірден:
Тапжылма алтын тағыңнан!..

Махамбет сапары
Төңкеріліп дүние кезегімен,
Ақын кетіп барады өз елінен.
Ақтарылған жыр болып ашу-ыза,

Ар-намысы түйрейді өзегінен.
Өзегінде өкініш өрт жалатып,
Кеудесінде көксоқта кек боратып,
Ақын безіп барады

Бас имеген
Бір Тәңірден басқаға бет қаратып!
Ақын кетіп барады жағдайсыздан,
Бақ-талайы тайқыған маңдайсыздан.

Бұлдыраған болжалсыз болашағы,
Бұлт басады аспанын торлай сызған.

Айырылып Исатай – арыстаннан,
Қайырылып қанаты бағы ұшқаннан,
Амандаспай аттанды ағайынға,
Зәһар жұтып жөнелді зымыстаннан!

Қалды артында қамығып қайран Нарын!
Қайран халқым!
Жанады қайдан бағың?!
Белге садақ беркініп байланбадың,

Емен найза егетіп сайланбадың.
Қара қазақ!
Құмыққан қайран Нарын!
Құм астында бұйықтың.

Ойланбадың.
Зеңбіректің араны – тажалыңдай,
Білте мылтық – басыңнан тайған бағың.
Көкірегін көкдауыл ой қажалап,

Жарамады мініске жай қазанат.
Шыбын жанын түйіп ап шүберекке,
Жолдас болар жолсызда қайда азамат?!
Сақи күндер бар еді-ау дабылды ұрған,

Сары алтынға садағын малындырған.
Сұр жебесі жапанда сағым іліп,
Ерегіскен дұшпанын жалындырған.
Еңсегенде есесін бермейтұғын,

Атандайын ақыртып тергейтұғын.
Қара қазан, сары бала қамы үшін деп,
Қайқы қылыш қайратып сермейтұғын.

Ханға қарсы –
Қараны еңіреткен,
Ала өгіздей адырна мөңіреткен.
Ақын кегі Атырау тасқынындай –

Арғымақтың дүбірі тебіренткен!
Ата кегін қалдырып ата жауда,
Сар желеді мәрт ақын сақарада.
Қайрыла алмай артында қайран елге,

Жан құсасын жат жерде қотара ма?!
Қоқан ба екен алдында, Хиуа ма екен?
Қасіретін шектірді-ау дүния-мекен.
Тәңірі қосқан жарға да жолығыспай,

Құрбандыққа бір басын қиған екен!
Аққудайын аңсарын атып алған,
Шер-жолбарыс жортады қапы қалған.
Ақырып кеп теңдігін сұрау үшін

Ақты заулап жұлдыздай ақын-арман!..
Абай
Бір ғасыр бұрын өткен ақын адам,
Жаның жалын болған ба лапылдаған?!

Иіріміне сезімнің шым батырар,
Найзағайың қандай-ә шатырлаған!
Нендей күйде тербелді сенің жаның,
Қандай сәуле сүйгенің, сағынғаның?

Сел сезіммен тасқындап күркіреген,
Алапатты кеудеңнің өртіменен,
Қандай тәңір болды екен табынғаның?

Данышпандық дертіне амал бар ма,
Амал бар ма усойқы надандарға?
Өртің менен дертіңді еселепті
Қарқылдаған қанатсыз заман-қарға.

Арсыдағы аңсадың мөлдір көкті,
Заман саған өртіңді сөндір депті.
Кешірілмес күнә ғой, қателік қой,
Өзің – құдай екенін ол білмепті.

Әлиханның арманы
Жұртым қазақ деп елжіреген еді жүрегі,
Бақыт, махаббат жолына түсуін тіледі.
Заңсыздығымен күресу үшін заманның

Заң біліп шыққан заңғарлардың зият дүрі еді.
Ең асыл мұрат – Әлихан айтқан бірлікке,
Миллетің үшін мемлекет құрар тірлікке
Елдің де бетін, ердің де бетін бұруы

Көсемнің ғана қолынан келер ірілік пе?!
Ең асыл арман – Алаштың тігу ордасын,
Елдікке – тізгін, намысқа – тұғыр, арға –
сын.

Қараөткел анау қазаққа кіндік болар деп
Насихат айтқан үйіріп серік, жолдасын.
Серіктері, шіркін, Ахаң мен Жақаң серкелер,
Алаштың асыл арыстарына кім бар тең келер?

Иман-қасиет те, ізгі өсиет те соларда,
Соларда жалын елім деп еңіреп өртенер.

Даналық пенен даралығыңыз да соларда,
Ақыл мен нақыл, саралығыңыз да соларда.
Мағжан мен Мұхтар, Жүсіпбек, Сұлтанмахмұттар -
Ғаламат дарын ғажабыңыз да соларда.

«Өлсек – бір шұңқырда қалайық» дейтін серіктер,
«Шықсақ – бір төбеде болайық» дейтін серіктер.
Жарықсыз түнде жол нұсқар темірқазықтай
Шетінен әулие, шетінен абыз, көріпкел.

Арыстан жүрек Әлихан еді көсемі,
Алтын күректей ерлердің сойы көшелі.
Алдымыз үлкен той болар деген сеніммен
Алуға көшкен елімнен кеткен есені.

Шарттарын ызып, шеберін тізіп орданың,
Алыс мақсаттың ақылдасып қиян жол қамын,
Түбінде қазақ көтереді деп шаңырақ
Әлихан көсем айтқан ғой әулие болжамын.

Қараңғы қазаққа Абайды жарық күн деді,
Алаштан бөтен мақсатым бар деп білмеді.
Шырағы сөнбес Шыңғыс ханнан тартқан асыл тек
Еңсесі биік ел болсақ деді іргелі.

Арманын әзиз аңғартпақ болды-ау жұртына,
Үрім-бұтақтың бал жақпақ болды-ау мұртына.
Ұрпақтан алар алғыс-қарғысты да парықтап,
Елдіктің жолын таңдатпақ болды-ау ұлтына.

Есім мен Қасым ескі де қасқа жолдарын,
«Жеті жарғыны» жеткінге жаңа жалғадың.

Алтын күмбезді Алаш Орданың мұратын
Келешек күнге аманат еткен заңғарым.
Қағынан жеру қанында болмас текті ердің,
Керегем – ағаш, ұраным – Алаш деп те өлдің.

Әлихан көсем арманы болып қазаққа
Төге де бергей мейірлі нұрын көктен күн.

Абыз
Ардақ тұтпан сені қалай,
Әулиедей Ахмет абыз.
Кеткеннен соң хакім Абай

Тәуеп еткен қыбыламыз.
Кенесары, Абылайдай,
Жұртқа тұлға нағыз арыс.
Өтсін, мейлі, ғасыр талай,

Асыл ерді сағынамыз.
Қазағыңның кірпігінен
Үзілгендей бір тамшы жас.
Талайыңнан үміт еткен

Ұлтқа ұлы болдың ұстаз.
Дүниенің дүр түрінен
Даналығың ықпас, бұқпас.
Кеудесінің күні күлген

Жампозым-ау және сырбаз.
Ұйқы басқан, ұят қашқан
Заманында қазағына,
Ахаң еді-ау шын болысқан,

Арпалысқан назалы да.

Сырын ашқан, үнін қосқан
Ана тілдің ғажабына,
Қауым елін жалт қаратқан
Мысалдатқан ғазалына.

Түсті-ау отқа халқы үшін де,
Алаш ары жоқтағаны.
Айтты екен деп Марксің де
Абыз Ахаң тоқтамады.

Алай-дүлей талқы ішінде
Айыра алды ақ-қараны.
Осы-ау нағыз нар кісің де
Елге арналған бақ-таланы.

Ұлтын сүйген ұлы жүрек,
Алатаудай абыз Ахмет,
Асқақтай бер тірімін деп,
Алаш сені аңыз етпек.

Тұлғаланшы ірімін деп,
Қазақ сені қазық етпек.
Мияттанған мұңы гүлдеп,
Кемеңгердің жазы жетпек.

Келді-ау, келді, келді азат күн,
Көлеңке көп байқағанға.
Көзден жасты сорғалаттым
Тұнығымды шайқағанда.

Артта бәрі қалды азаптың
Деп әлі де айта алам ба?
Батагөйі бар қазақтың,
Рухың сенің жай табар ма?!

Қамшыгер
«Оян!» деді-ау қазағына, қанына,
Қамшы салды-ау намысына, арына.
Қапылумен,

Қамсыздықпен күн кешкен
Қатты батты-ау талайсыздық жанына.
Еренсіздік кетігендей ел белін,
Беренсіздік мүдірткендей ерлерін,

«Оян!» деді-ау шырқыраған жан дауыс,
Оттай көсеп шоқ қоздатқан шерлерін.
«Оян!» деді-ау Міржақыптың мір тілі,
«Ойлан!» деді.

Сананы Ахмет сілкіді.
Бар өмірін ел мұңына сарп еткен
Білмей өтті-ау бахадүрлер күлкіні.
Ахаң-Жақаң айбатымдай қос арыс,

Алашына бастап берген аталы іс.
Алда-разы қамшыгерге солардай,
Алшы түсіп жатса бүгін сақамыз.
Қазағының қасіретін ұғынып,

Қанат қақты қалғымаған ұлы рух.
Міржақыптың оятуы ой салған
Шыңға биік шығып тұрса бүгін ұлт.
Ақ теңіздің ақпанында ақ ісін

Аяқтауды арман еткен ар үшін.
Қызбелінің қызыл мия қырларын
Соңғы түсте көрді ме екен арысым?!

«Оян!» деген өсиеттен бір ғана
Өсіп шыққан Есілдегі нұр-қала.
«Оян!» деген дабылынан Жақаңның
Бостандығым бас көтерді бүр жара.

Биік, биік көтерілген бүгін Күн,
Биік рухтың тыңдамайды жырын кім?
Оттай шалқы, «Оян!» деген өсиет,
Қалғытпайтын қазағымның рухын.

Етек-жеңін жиып алған бекемдеп,
Елім менің қалғымаса екен деп,
Күнде-күнде айтып мың сан мінәжат
Көңілімде сар желеді тепеңкөк.

Алынбаған бар-ау әлі ащы тер,
Арыстарын еске жиі алсын ел.
Алашына жар болудан жалықпас
Жақаңдардай қайда бізге қамшыгер?!

Асылымды, аяулымды жоқтаймын,
Қамшыгерге Құлагерді баптаймын.
Қалғып кеткен қазақ рухын тағы бір
Оятатын Міржақыпты таппаймын...

Мағжан мұңы
Жебір заман былапытын жепті ғой,
Жалбыр тонын шешпей ақыр өтті ғой.
Тырнағына татымайтын жандарды

Жүз Мағжанға алмастырман депті ғой.

Жүз емес-ау, болса, сірә, он Мағжан,
Алаш ұлы асып қия жолдардан,
Азаттықпен әлдеқашан табысып,
Рухтанбас па Абылай-ұран арманнан?!

Мағжан-намыс бастырар ма кеудесін,
Мағжан болу болашақта ерге сын.
Мағжандайын ұраншысы болмаса,
Ұрпағына айтар еді ел несін?

Елдің жұлын-тұтасына жалғанған,
Қорқыт баба қобызындай зарланған,
Қазақ мұңы мүсін болып құйылса,
Қалар еді-ау аумай тегі Мағжаннан.

Алданбаған жалғанына жалғанның,
Көкірегі толған жалын, толған мұң.
Мені бір сәт аялайды, дем беріп
Мөлдіреген мұхит мұңы Мағжанның.

Ақын шері – таңның күміс шығында,
Балмен қосып жұтты өмірдің уын да.
Бір тамшы жас кәусәрдайын мөлдіреп,
Қатып қалған Мағжан ақын мұңында.

Мен Мағжанның мұңыменен уанам,
Мағжан мұңы болғанына қуанам.
Мағжан-рухпен көк бөрі боп қайтадан,
Тұранымда көк түрік боп туа алам.

Мағжан мұңы –шамырқанған сергек мұң,
Мағжан мұңы – өршеленген өргек мұң.

Кер заманның керез сөзін айтқызған,
Кеудесінде шүпілдеген кермек мұң.
Мағжан мұңы – қайсар кие, шалқар мұң.
Қазынасын қара нармен тартармын.

Қанып ішпей қасиетін сол мұңның
Сабырымды қалай ғана сарқармын?
Мағжан мұңы бөлеп мені шаттыққа,
Маңайлатпас сорлы дертке соқтықпа.

Өмірінде әлдилеген өлімін –
Мәңгілікке Мағжан қалар ақтықта.
Әулие Мағжан, сенген Алаш жасына,
Мұхит мұңға бата берме, жасыма.

Тұнығыңды лайлатпаған Ер едің,
Тұран Елің көтереді басына.

Сәкенім – шерім
Әупілдек көл басында
Әнмен жанын тербеген.
Ажал-құрық қасында,

Азабы жоқ көрмеген.
Ардагері Арқаның,
Ақсұңқары халқының.
Білді заман тарпаңын,

Қалды ішінде талқының.
«Отыз жеті» келді де,
От құйынын үйірді.

Қазып берді көрді де,
Қабақ біткен түйілді.
«Қазақ үшін кер бәлең
Анау қасқа баста» деп,

Әулие Мағжан әуелден
Болжап айтқан тас түнек.
Іштен жегі кемірді.
Кімге сенді?

Кімге ерді?
Қайран ердің ендігі
Қасіретін кім көрді?
Көрде өкіргір Советті

Құдай көрген Сәкен-ай.
Балшабектік белетті
Құран көрген Сәкен-ай!?
Алла-ау, шерім, алданды,

Запыран кек төкпеді-ау.
Құр тұлыпқа малданды,
Жауын біліп кетпеді-ау!
Алжастырған сенімнен

Өтті ме екен айнымай.
Таң шолпанын көгімнен
Адастырған қай құдай?
Арман емес,

Тажалдан
Шер Сәкеннің өлгені.

Сол өкініш, сол арман –
Сұм дұспанға сенгені.
Ақтық демін аларда
Айта алмады-ау қарғысын.

Кетті-ау ақын арманда
Ұшыра алмай зар құсын.
Ойлады ма Алашты,
Ахметі мен Мағжанын.

Қара жүрек қысасты
Қаралаған ақ жанын.
Өкпелесе өмірде,
Тағдыр заңы солай да.

Қимайтұғын өлімге
Азаматын алайда.
Ахаң абыз елуге
Келгенінде жебеген,

Орынбордың төрінде
Қолтығынан демеген.
Сәкен еді-ау, сезіммен
Елден ерек қуанған.

Енді, міне, көзінен
Бұл-бұл ұшқан бұл арман.
Айрылысқан аққудай,
Ақын жаны мұнданып.

Сынды-ау сағы қапыда-ай,
Сыр сандығы тоналып...

...Халқы бірақ перзентін
Қалдырар ма қапада?!
Сәнін бер деп Сәкеннің,
Айналды ақ батаға.

Наза
Алаштың ардагер арысы Нəзір Төреқұлов маздақ
ғұмырының соңғы он жылында туған ел-жұртынан аласта-
тылып, алыстағы Сауд Арабиясындағы елші лік қызметке

жер аударылған болатын. Зымыстан Мəскеу қайта
шақыртқанда алдағы аранды сезген қайран боздақтың
көкі регінің арман-құсасы былайша ақтарылмады дей місіз?!
Буыршын тектес ұл едім

Бұйдасын үзген жасынан.
Сезсе де сұмдық жүрегім,
Сескеніп әлі жасыман.
Алаштай елдің түлегі ем,

Әзелден көзін ашпаған.
Ақсұңқар құстай түлеп ем,
Азаттық аңсар бастап ән.
Шаңқылдап қия биіктен,

Тастүлек сынды
тіл қаттым.
Дермене дертті күйікпен
Мұратын діттеп милләттің.

Әлихан, Ахмет бастатқан
Боздақтар асыл бар еді.

Табандарына тас батқан,
Шетінен қара нар еді.
Жыртысын жыртқан жұртының
Өрт Намыс, Алау Ар еді.

Өшірген сондай нұр-күнін
Дүние неткен тар еді.
Ту еткен зарлық күнінде
Кенесары ханның арманын,

Тұңғиық түнек түбінде –
Мағжандай інжу-маржаным.
Қазақты салған құлыпқа
Дүлей бір дүние-жалған-ай.

Мөңіретіп алып тұлыпқа,
Арзымай қалған арман-ай.
Бостандық алдық дегенде –
Қайтадан түстік боданға.

Халықтың қамын жегенде –
Қас болып шықтық қоғамға.
Ту сыртын берген қырындап,
Тасбақа тағдыр қастығы-ай.

Мұрты мен ұрты жыбырлап,
Биледі бізді тас құдай!
Алланың нұрын көрсетпей,
Меккенің жолы жабылған.

Иманын жолдас, көрші етпей,
Сталин-пұтқа табынған.

Талықтырса да тар тұрақ,
Ұлтымның зарын тыңдадым.
Кеудеде Күнім жарқырап,
Ғаделет іздеп, тынбадым.

Расул Аллаһтың елінде
Елші де болған жылдарым.
Қасиетті Қаһба төрінде
Төгілді талай мұңдарым.

Түнекте жатыр өз елім,
Алладан Рахман – алыста.
Үзбестен үміт
Төземін,

Тігемін көзді ғарышқа.
Арабстанның көгінен
Жанымды жалын шарпыды.
Елімді ойлап,

Егілген
Аңсарлы азап әр түні.
Киелі түбек, арабы ел,
Алладан аян түсірген.

Арманым,өшпей жана гөр,
Тілеймін таупиқ ішімнен.
Шапағат сырға кенелдім,
Көңілде сол бір медетім.

Нығметке мен де бөлендім –
Темірқазығым сол сенетін.

Аждаһа Мәскеу шақырған,
Сұм жүрек, шіркін, сезеді.
Аранын ашып ақырған,
Ажалдың келді-ау кезегі.

Бұлағай дәурен бұлтарған,
Бақытты енді таба алман.
Жұлдыздай ағып жұртымнан,
Шәһиті болсам жоқ арман!

Әуезов ескерткіші
Ардақты дос,
Алматыға бардың ба?
Астананың сырларына қандың ба?

Мұхаң отыр мұхит оймен тербеліп,
Өзі құрған театрдың алдында.
«Айналайын, қай баласың, пәлі!» деп,
Сәлеміңді алатындай түрегеп,

Әуезовтің алдына кеп тоқтайсың,
Өн бойыңды кернеп сезім керемет.
Толқуыңды кенет сезе қалғандай,
Жымияды нұрлы дидар, кең маңдай.

Шалқар дала кеңдігімен үйіне
Қонақтарын қарсылап бір алғандай.
«Пәлі, бүгін келгендерің дұрыс» деп,
«Ойын ғажап,

көргендерің дұрыс» деп,
Мұхаң басын изегендей болады,
Маңайына халық-толқын толады.

Махаббатпен «Біздің Мұхаң» деп қана,
Театрға өтті бала, өтті аға.
Нөпір толқын, аялаған асылын,
Толастама.

Тоқтамашы.
Тоқтама!
1985 ж.
Ғабеңнің жұлдызы

Мөп-мөлдір сезім іздесең,
Елестер көзге мұздай таң.
Зергері сөздің кім десең,
Алдымен, Ғабе, сізді айтам.

Алыптар тобы қалдырған
Дәстүрді сақтап әкелдің.
Ізіне ерген балдырған
Би ағаң менен Сәкеннің.

Тулаған өмір толқынын
Өзің де бастан кешірдің.
Жырладың қазақ батырын,
Ардақтап ана есімін.

Өзіңдей талант ілуде
Бір ғана туар жаңғырып.
Қазақтың өнер көгінде
Жұлдызың жанар мәңгілік.

Бастау

Кеңес Одағының батыры, акаде-
мик Мəлік Ғаб дул линге арнаймын
«Бірғыздың» қалың қамысы
Уілдеп әнге салады.

Қарауытып салқын тау іші
Желтаудың баурын шолады.
Сықырлап табан темірі,
Желеді борт-борт шаналы.

Жолаушы қарттың серігі
Балғын жас – ойлы жанары.
Ақыл мен өрті тұтасқан
Қой көздер ондай сирек-ау.

Шолпаны жанған сүт аспан
Жол болсын деуді білмеді-ау!
Қараңғы таңда жосылған
Көрмеді-ау ешкім шана ізін.

Ұға алмай қалды-ау тосыннан
Жұлдызы сөнбес таң азын.
Әшейін жай бір күн деппіз
Сағызын созған баяғы.

Басталған таңды білмеппіз
Батырдың өмірбаяны.

Қасиет қазығы
Баян Жанғаловқа сағыныш хаты
Қасиетті зәузаты Қанай шалдың,
Қанайы деп бүгіннің сені айтармын.

Тоқпақ жалды тұлпарды, уа, дүния,
Тоқсан бестің торына қамай салдың!
Сендей асыл қамалмас торға бірақ,
Сыр алдырмас сом тұяқ жолда жырақ.

Ерте жетіп көмбеге елден ерек,
Отырғандай көріндің сәл дамылдап.
Зерендінің таңбалы жартасындай,
Қорытылған құнардың тортасындай,

Байыбысың өмірдің, Баян аға,
Баяндының баяғы балқашындай.
Сен десем де, сыйлығым, сіз десем де,
Шиырлаған жолыңнан із кесем бе.

Тасты жарған Зеренді қарағайын
Табармын ба шам алып іздесем де.
Қатпарланған шежіре қордасындай,
Қазыналы ойлардың ордасындай,

Қасиетін халқының құйып алған
Қормалым-ай салмағы қорғасындай.
Батырасың пайымды шым тереңге,
Барған сайын жолығам шын кемелге.

Дәуіріңде дәуренің жүрген аға,
Үн терем бе ізіңнен, сыр терем бе?
Толағайдай ағаға ақ сәлеммен,
Тоқсаныңның тойына патша келген.

Патша келіп қалған соң амал қайсы,
Пәруайсыздар алдыңда атша желген.
Өресізге өмірдің мәні шолақ,
Жетесіздің жететін жері сол-ақ.

Соларды да сөзіме қосып тұрған,
Адам жоқ-ау алатын мені сабап.
Асылдығың арымас саған біткен,
Асқақтығың астасқан адамдықпен.

Көкшетаудың көркіндей кенен жаның
Көп-ау әлі тылсымы маған бүккен.
Кең дүниеде кете алмас көзің қиып,
Көкше көркем, Көкшеде өзің биік.

Сексен көлдің сарылтып сағымдары,
Сергелдеңге салды ма сезім киік?
Аңсадың ба баяғы дер күніңді,
Сағындың ба саңлақ Еркініңді.

Сағындың ба нөсерлі өлеңімен
Еркелеген Еркештей өрт ініңді.
Көздеріңнен оқимын көп ойларды,
Сағындың ба жақсы інің Жанайдарды.

Қорғанбегім хабарсыз кетті деме,
Көк дөнені көңілдің талай барды.

Туған жердің медетін іздегенде,
Тулап жүрек, алаңмын сіз дегенде.
«Жүз ауызы жаздырмай, жұмысбасты»,
Жиеніңіз қосады ізгі өлеңге.

Бала кезден өзімді аялаған,
Бағаласын жырымды Баян ағам.
Бақытымды байқамай қалай жүргем,
Бата берген Алашқа аян ағам?

Қаракөктің болатын бабы сенде,
Қанай құтпан қалыпты қаны сенде.
Қалыбынан айнымас қара сабам,
Қасиеттің қазығы әлі сенде!..

Көкше десем...
Көкше десем —
Түседі еске көктемім.
Көкше десем –

Мейірленер көкте Күн.
Бір керемет жалын кернеп кеудемді,
Сезінемін шапағат нұр өпкенін.
Тарих сыры қаланғандай текшеге,

Бұдан артық мәртебені көксеме.
Аруағыңнан айналайын би Қанай,
Абылайды алып келген Көкшеге.
Абылайды Бурабайға қондырған,

Түркістан мен екі араны жол қылған.

Айналайын Атығай мен Қарауыл –
Хан көтеріп, қазақ бағын жандырған!
Айналаңа,
Бай далаңа қарашы.

Хан Ордасы, Ханның Қызыл ағашы.
Көкшеде бұл шежіредей қатталып,
Көп жазылған тарих шалдың наласы.
Өткен күндер –

Әрі шаттық, әрі мұң.
Тағдыр сыяр қауызына тарының.
Қауызында, қалыбында қалмаған –
Көкшесі бұл көкжал Кенесарының.

Заманының запыраны сол еді,
Қасірет пен қасиеті тең еді.
Кенекемді ер деуге де қимаймын,
Ерліктен ол заңғар еді, кең еді!

Көкшем менің сағынар Хан Кенені,
Елін, жерін аруағы жебеді.
Айтар Көкше: Перзентім деп ең ұлы
Кекілік тауда ұшып түскен жебені.

Хан Абылай, Хан Кенелер кемеңгер,
Көкше десем – түседі еске көп ерлер.
Көкше десем – ой аспаным биіктеп,
Көкше десем – сыр-сезімім тереңдер.

Сол сезімді бәз біреулер лайлапты,
Ел Көкшені бөлшектеуді ойлапты.

Көкшетаудың бел баласы Кәкімбек
Жетпіс жасын Қызылжарда тойлапты.
Кәкімбекте, ақын бекте жоқ кінә.
Өзегіме өрт салғандай шоқ мына.

Кім көрінген кете берер бөктеріп,
Көкше саған көгендегі тоқты ма?!
Көкшетауды айырыпты Ақаннан,
Көкшетауды айырыпты Шоқаннан.

Үкілі ата Ыбырайды бөліпті
Көкше деген қасиетті Отаннан.
Алафасы ортақ еді Алашқа,
Ел Ерлері түспесінші таласқа.

Тарихыңды айтып берер таратып,
Өтті-ау дүние Қозыбаев Манаш та!
Болған қыздар жайын білмес төркіннің.
Айнакөлдің қызықтайды көркін кім?

Қасиеттер серілердің сертін кім?
Көкшесі бұл аққу ақын Еркештің,
Көкшесі бұл Әуелбеков Еркіннің.
Қазағымның көп тарихы Көкшеде,

Қаланып тұр Оқжетпестей текшеге.
Қазынасын қалдырыпты-ау халқына,
Қайран шерлер армандаумен өтсе де.
Көкше десем –

Көңіл көлі толқиды.
Шалқып тұрған шанағыма шер құйды.

Көкше десем — көктеміме оралып,
Шерткім келер қуанышы мол күйді.
Беу, жүрегім,
Көкшетауды сүйесің.

Сұлу сырды сусардайын түйесің.
Көкшенің бұл ұмытпайық иесін,
Көкшенің бұл қастерлейік киесін.
Туған елім – тоғайым

Беу, жас ағаш,
Балғын өмір балапан,
Тұр ма сүйіп еркелетіп құба таң?
Сенің нәзік жапырағыңды қолаң шаш,

Тарап жатқан ақ самалды ұнатам.
Балғын, нәзік сымбатыңа сүйсінем.
Көкірегі күмбірлеген күйші ме ең?
Өміршең бір әуез төгіп шулаған,

Жапырағыңнан әлдебір сыр түйсінем.
Өзегіңе жер анамыз нәр беріп,
Өн бойыңа саулап көктен нұр келіп,
Жайқалып та, жасанып та өсерсің,

Тіршіліктің бояуымен түрленіп.
Жаз аптабы, қыс қаңтары ала алмас,
Жүрегіңе жасын жара сала алмас.
Саған келіп қиянатшыл әлдекім

Жас тәңіне қадамайды ақ алмас.

Ен тоғайдың ортасында тұрағың,
Тоғай сенің туған елің, шырағым.
Орман – сенің атамекен Отаның,
Сөндірмес ол бақытыңның шырағын.

Орманыма – Отаныма сүйенген,
Өзің тектес көкөрімтал ұл ем мен.
Көк тоғайың аман болсын деп тіле,
Туған елдің туын ұстап жүрем мен.

Отаным – еркіндігім
Жүрегімде жыр оты жанса егер де,
Парасаттан түйір дән болса менде.
Бәрі де, бәрі дағы сенікі – Отан,

Ақтық сыр да – ажал кеп алса демде.
Ізіме жүріп өткен көз тігерсің,
Ұланым үлгере алмай кетті дерсің.
Беу, Отаным, өзіңнің бір бөлшегің,

Мына менің кеудемде деп білерсің.
Жоғалтпаспын жүректі – бөлшегіңді,
Қорғаным деп біл мені ең сенімді.
Орманым деп біл мені Тайга сынды.

Арманым деп біл мені әмсе нұрлы.
Өлсем де өзім – саған кір келтірмеспін,
Тоқтатпас жүректегі толқынды ешкім.
Отан – анам, сен менің еркіндігім,

Кәмілмін жеңбесіне еркімді ешкім.

Желтоқсаным!..
Желтоқсаным!
Алынбаған қамалым,
Ашылмаған аралым,

Асқардағы Дарабоз,
Аспандаған Дарағым.
Желтоқсаным!
Жүрек әлі мұз бен қар,

Жібімеген ызғар бар,
Күншуағың – алданыш,
Көңілдегі сызды аңғар.
Желтоқсаным!

Алдаспаны рухымның,
Алға асқаны жұртымның.
Аңсарыңнан адасып,
Алжасқаны-ай шіркіннің!

Желтоқсаным!
Қара суық соғып тұр,
Қара жаңбыр жауып тұр.
Қарындастың көзінен

Қанды жасы тамып тұр.
Желтоқсаным!
Әзірейіл келіп тұр,
Темір тажал төніп тұр.

Қарындасты қорғамай,
Қалың жігіт неғып тұр?!

Желтоқсаным!
Қажытады қаяу-мұң,
Әлі ұйқылы-ояумын.
Өшірдім-ау отыңды,

Өл де маған, аяулым!
Желтоқсаным!
Желкілдеген арманым,
Жарты лашық, жардамын.

Жығылудан жалтақтап,
Жер бауырлап қалғаным.
Желтоқсаным!
Темірқазық Жұлдызым,

Томсарады нұр жүзің.
Жылтыраған сәулеңе
Жылына ма ұл-қызым?
Желтоқсаным!

Ділгір едің діліме.
Бақ тіледің тіліме.
Туған жердің тәу еттің
Үлбіреген гүліне.

Желтоқсаным!
Қайда казір сол мұрат?
Қаталады гүл жылап.
Арпалысқан рухыма

Асықпайды балбұлақ.
Желтоқсаным!
Бостандықта – боданмын,

Азаттықта – алаңмын!
Бордай үгіп намысты
Құмға сіңіп жоғалдым.
Желтоқсаным!

Сарық басып еңсені,
Саттым ба екен мен сені?
Ақиреттен тосатын
Ар-намыстың өлшемі!

Желтоқсаным!
Жорықтасың, жолдасың,
Алда – майдан, алда – сын.
Алаш рухын өшірмей,

Аллам өзі қолдасын.
Қазақтың Батысы мен Шығысы
туралы ой
Жүрегімнің қоздайтұғын жарасы,

Көңілімнің боздайтұғын наласы –
Қазағымның таусылмайтын таласы.
Тар боп бізге мынау байтақ кеңістік,
Сен Шығыс боп, мен Батыс боп керістік.

Түстік пенен Терістікті бөлістік.
Бір атымдық насыбайдан көңіл қап,
Түймедейден таптық таудай кемістік.
Шіркін, мұрнын сиыр екеш сиыр да

шүйіретін нәрсе үшін
О, құдая, жан алыстық, және жанды берістік.

Айтшы, ағайын, қашан шыннан сеністік?
Баласы боп бәріміз бір Отанның
Қашан ғана сүттей ұйып отырамыз
Ата жерін қоныс және өріс қып.

О, кесірлі кеселдер-ай, жып-жылы
Жүрегімді қатыратын беріш қып!
Бір-ақ қана кабинетте екі-ақ қазақ отырсақ,
Екеуіміз екі елміз.

Бауыр емес, бөтенбіз.
Екі бауыр өзара қасқырдайын қырқыссақ,
Жетіседі екенбіз!
Ұятынан осы айтқан сөзімнің

Осы бойда өртенуге аз қалдым.
Осы бойда өртенбесем –
Парқын қалай түсінемін жігіттегі мәрттіктің.
Нарқын қалай түсінермін

Қыздарымыздағы қазақи бір наздардың.
Осы бойда өртенбесем –
Қасиетімді қалай сақтап қаламын,
Қазақ болып қашан сонда маздармын!

Осы бойда өртенбесем –
Шоқан болып қашан шығам шыңға мен?
Мұхтар құсап жасаймын ба нұрлы әлем?
Иықтылармен теңестіріп иықты

Түсе алармын ба сынға мен?
Осы бойда өртенбесем –
Өмір бойы өтем батып мұңға мен!

Бар ма мәні мұншалықты назаның? Елдігімді есейтем деп жазамын. Неге мұнша қағам көңіл тозаңын? Өрлігімді күшейтем деп жазамын. Әзиз жүрек шындығын Осылайша шырқыратып аламын. Отан атты отбасының Күлін солай бұрқыратып аламын. Бәлкім, сонда өтеледі парызым – Аралымның ең айдынды кезі боп, Сонда мүмкін толамын. Қазақ деген қалың жұрттың Қасиетін, өсиетін, кепиетін, киесін, Тілі менен тағдырының дамитұғын жүйесін Сонда сақтап қаламын. Өтелгені парыздың Осы жырым сәуле болып құйылса Саңылауына сәулесі бар сананың. Сондықтан да ашпа араны сынадай, Ақиқатқа жүгінейік мынадай: Батыс пенен Шығыстың қанша болмақ арасы? Оны өлшеуге көз түгілі, Көңіл жетпес кеңжазира болса да – Кем соғады айналайын Ұлан-байтақ қазағымның даласы. Алаулаған Күн шығады Шығыстан. Мейірбан Күн күллі әлемге туысқан. Бейнетқор Күн қалжыраған жұмыстан Белдеулеп кеп Жер шарын

Батарында Батысымен ұғысқан.
Ғаламға ортақ Күн ана
Тіршіліктің көзі болып
Жарқыраған нарттай қызыл Туының

Оңтүстік пен Солтүстікке,
Шығыс пенен Батысқа да
Тең бөледі жылуын!
Жалғыз ұлттың, бір халықтың

Болмақ емес Шығысы мен Батысы.
Иемденуге Солтүстікті жекелеп,
Иемденуге Оңтүстікті жекелеп,
Жоқ ешкімнің хақысы!

Ғаламды Күн сондықтан да шарлайды.
Ортақ Ана
Кіндігінен жаратылған балаларын барлайды.
Күнделікті Күн шуағын сімірмей,

Жер бетінде адам мейірі қанбайды.
Сондықтан да Батыс пенен Шығысты
Картасымен қазақтың
Тұйықтауға болмайды.

Тұйықтасақ – сол қайғы.
Сен түстікке, мен болсам,
Терістікке қарап жатып ұйықтауға болмайды.
Ұйықтасақ – сол қайғы,

Тұйықтасақ – сол қайғы...
Салық Зиманов
Түлеген Тайсойғаннан тума дарын,
Дарияға айналдырған жылғаларын,

Ағаға академик бас иеміз
Ғылымның алып болған мың қамалын.

Ақылдың озып туған алыбысыз,
Ғылымның шын ғұлама дарынысыз.
Зиманов заман сөзін толғағанда –
Зиялы бар қауымның қазығысыз.

Биіндей баяғының жосыласыз,
Алаштың абызындай асыл жансыз.
Әлихан, Ахмет, Әлкей, Қаныштардай
Тобына алыптардың қосыласыз.

Асылдан тұяқ болып қалғаны – сіз,
Ғылымда шырақ болып жанғаны – сіз.
Даланың даналығын ұлықтаған
Заң мен замананың заңғарысыз.

Ұлттың да намыс-арын жібермейсіз,
Елдіктің шаңырағына тіреудейсіз.
Адами қасиетпен, абзал аға,
Алашқа ақ баталы тілеудейсіз.

Әрқашан жүгінетін арға ғана,
Беретін әділдікпен барға баға.
Тұғырың тоқсандағы берік болып,
Жасай бер Алатаудай заңғар аға!

Хамит тағы
Абыз ақын Хамит Ерғалиевтің алуан-алуан өлең, аңыздар
елі Көкшетауға келген бір сапарында Зеренді көлінің
жағасындағы табиғат-шебер жасаған тақталы түйе тас

“Хамит тағы” деп аталған болатын. Сол жолы Хамаңның
қасында ақындар Еркеш Ибраһим, Сағи Жиенбаев жəне
Қадыр Мырза-Əли еріп жүріп еді. Кейінірек Еркеш, Сағи
ақындар дүниеден өтті. Қайран Қадағаң да бақилық болды.

Сол “Хамит тағын” бүгінде жұрттың көбі біле бермейді.
Көкшеге келсе ғаламат:
Ақындар қунап қалады.
Арудай ажарланады,

Абыздай аруақтанады.
Есімде сол бір сері жаз,
Елуге толып Еркеші,
Көкшенің халқы болып мәз,

Дүбірлеп қалған өр төсі.
Ақын бір елдің еркесі,
Тең емес оған періңіз.
Әкелген бастап серкесі –

Атақты Хамит шеріңіз.
Аққудай Еркеш қалықтап,
Көкшені жырға қосатын.
Шығарды төрге қолтықтап,

Қадыр мен Сағи – қос ақын.

Көкшенің жұрты керемет,
Көңілдің гүлін бүрлетіп.
Ақынға нұрын себелеп,
Тұрғандай болды тербетіп.

Тербеткен алып бесіктей,
Сол сурет сіңген санама.
Кезегі сөздің кешікпей,
Келіп де қалды Хамаңа.

Ойпырмай деймін, сондағы
Хамаңдай шешен болмады.
Жауатын бұлттай торлады,
Күркіреп күндей толғады.

Екпіндеп ақын өр тілі,
Құдайым қуат бергендей.
Атырау теңіз толқыны
Көкшеге көшіп келгендей.

Арқаның орыс-қазағы
Қосыла қағып таңдайын.
Жырғайды тілдің ғажабы –
Хамаңның сүйіп маңдайын.

Хамаңның асып айдыны,
Ақынның мысы басқандай.
Арқалы жырау айбыны
Тулады “Көбік шашқандай”.

Көсіле толғап кеткенде
Көкейдің жанып шырағы,

Шешіле сөйлеп кеткенде
Көктеді Көкше құрағы.
Ақшулан самай жалбырап,
Ақшәулі Хамаң самғады.

Алай да дүлей арнаны
Тоқтатар пенде болмады.
От ауыз, орақ тілінің
Уы мен балы алмасып.

Шалқуы жалын жырының
Зеренді көлде жалғасып.
Сөйлесе Хамаң – комбайн,
Қадырға масақ тергізді.

Қалжыңның айтып қандайын,
Жусатып өзі өргізді.
Айтады Хамаң ақтара,
Ішінде сырын жасырмай.

Ішеді Хамаң ақ қана,
Ақбура шабыт басылмай.
Айтады толғап орманды ой,
Әз-Хамаң қайдан кемиді.

Шопырының өзі болған ғой
Қазақтың академигі.
Жығылмай жолдан Зеренді,
Қонаққа кәде арнады.

Жағада жаһут кемерлі
“Хамиттің тағы” орнады.

“Хамиттің тағы” қарайып,
Қарағай нулы қалыңнан.
Күн өткен сайын зорайып,
Күтеді хабар Қадырдан.

Хамиттің тағы – жыр тағы,
Көкшеге келсең көргейсің.
Келешек жырдың ұрпағы
Ұмытпай сәлем бергейсің.

Мен. Мұхтар Мағауин
Мен!.. дегенде алыс жатыр қаншама.
Мен!.. дегенде жақын жатыр қаншама.
Мен-жүректің қияметін кешуге –

Жету – дозақ...
Қанша жақын болса да.
Мен!.. болмаса – болмайды Ердің қарымы,
Алауламас «Мен!»-сіз жүрек жалыны.

Мен!.. болмаса, естілмейді мың жылдық
Қазағымның қобызының сарыны.
Болар оғлан «Мен!»-мен ғана қаржасқан,
Мен! – құдірет қара нардай алға асқан.

Мен!.. болмаса жасалмайды ғажайып,
«Мен!»-сіз, сірә, суырылмас алдаспан.
Қу дүниенің алданыш қып тезегін,
«Мен!»-і жоқтар шірітеді өзегін.

Мен!.. – тектілік,
Мен!.. – даналық,

Мен!.. – намыс,
Мен!-Мұхтарлар көгертеді өз елін.
Арқасына ауырларды теңдеген,
Құм Нарында шөлдегенде өлмеген,

Өлмегенді былай қойып...
Ерлеген...
Қайсарлықтың өзегінде Мен!.. деген.
«Мен!»-сіз, сірә, өркен жаймас Ел деген.

«Мен!»-сіз қаны қыза ма екен Ер деген?!
Менің Мұхтар ағатайым, Мәңгілік
Өзіңізге жарасады Мен!.. деген.
Мақаш Тәтімовке арналған

мадақ жыры
Академиксің, ардақтысың, доктырсың, аға,
Жан-жүрегің жұмсақ,
рухыңмен өткірсің,аға.

Жауырыншы Жүгіней бабаңнан дарыған кие –
Қоржыныңды қомақты қылып, тоқ тұрсың, аға.
Көк көрпе, шіркін, бүлкілдей берсін деп зыр

қаққан аға,
Селдіреген қазақ көбейсінші деп
елден бір ерек үн қатқан аға.
Жалпақ жұртыңның жауырыншысы енді өзің боп,

Санатымызды дүйім дүниеге тыңдатқан аға.
Ұлттың демографиясына үлес қостың
сөзбен де және іспен де,

Не жетсін бүгін Сіздің дастарханда
қуанып, шалқып ішкенге.
Қазақтың ырыс дастарханын ең ұлы Парламент деп,
Парасатпен бұлай, махаббатпен бұлай

айтқан жоқ еді бұрын еш пенде.
Кеше мен бүгін, ертеңімізді зерделеген аға,
Қазақтың әрбір миллиондық сатысына
статист болып өрмелеген аға.

Әлемде қазақ әлемет миллион болды деп,
Қалпағын көкке атып,
Қаламын газеттерде сермелеген аға.
Айтушы ең өзің:

Демография халық туралы ілім деп,
Халқыңа арнап,
сол халқың үшін шырқырап сөз айтқан күнің көп!
Кеңес кезінде шаба алмасаң да кең көсіліп,

Еуропа төсінде арман-мұратың
естіліп тұрыпты-ау дүбірлеп.
Оянған қазақты ойландыру ұлы мұратың,
Саннан – санаға көшіру керек дейсің ұлттың қуатын.

Демографиялық майданда жеңген халқыңды
Қара қазан, сары баласымен қоса сүйетін және

ұғатын...
Ғажап-ақсың! Азаматсың. Алдаспансың.
Өткірсің, аға.
Алаштың даңқы асады әлі деп тұрсың, аға.

Демография – мәңгілік жар боп өзіңе,
Ұзағынан сүйіндіріп,
мұратыңа жеткерсің, аға!

Ал, Мақаш аға,
әрдәйім елменен бірге,
Бажа мен бауыр, жора мен жолдас,
бірге өскен төлменен бірге,

Туыс пен туған, үрім-бұтақпен бірге,
Қосағыңмен қара ағарып
Майра жеңгеммен бірге,
Қазақтың қара шаңырағындағы

үбірлі-шүбірлі төрменен гүлде!..
Кішкентай Абайлар
Есенбай Дүйсенбаевқа
Өмір мынау өкініштен тұрады.

Бір жас ақын ғасыл болған мұрады:
«Сендер мені ұқпайсыңдар, шіркін-ай,
Мен кішкентай Абаймын» деп жылады.
«Мен – кішкентай Абаймын ғой, жарандар,

Менде Абайша жырлайтұғын қалам бар.
Сендер мені ұқпасаңдар – ұқпаңдар,
Ал түбінде ұғатұғын ғалам бар.
Мен – кішкентай, құйттай ғана Абаймын.

Ұқпасаңдар, көңілге мұң жамаймын.
Құйттай Абай жүрегіммен – Абайша
Тантық сөзді тарс ұруға жараймын.
Көкірегім қазірден-ақ көл-теңіз,

Маған көпей сіз жамылған көрпеңіз.
Күл астынан Күн боп шығам мен ертең,
Мейлі, мені бүгін жоқ қып өртеңіз.

Мен емеспін – мәпеленгіш еркеңіз.
Абай – мұхит.
Абай-күйді шертеміз.
Арыстан жал Абай мұхит айдынын

Ағыс қылып аттанамыз ерте біз,
Абай десе толқымайсыз қалай сіз?!
Өлеңіме өмір жоқ қой Абайсыз.
Менің Абай-сезіміме селт етпей,

Мөлдірімді мұң бұлтына орайсыз.
Түсін мені, тілегімді түн етпе,
Абайым бар – құдайым бар жүректе.
Құйттай Абай құйқылжиды ішімде,

Жол беріңдер құйттай Абай-тілекке!»
...Жыла, жыла, Абай-жүрек жас ақын.
Лапылдаған өрт сезімге мас ақын.
Бір алапат жүрегіңде бар сенің

Аруағы Алатаудан асатын.
О, кішкентай, құйттай ғана Абайлар,
Көздеріңде, жүздеріңде арай бар.
Қара өлеңнің құдіретін жасаған

Абай-жырдың асқағына қарай қал.
Сыйынатын Абай-жырдың піріне –
Сендер барда қазақ жыры тірі де!..
Айналайын Абайларым кішкентай,

Айнала бер Абай-бақтың гүліне!..

Үш Әлмерек
Атаның ұлы - Әлмерек сәби нәресте,
Келеге келіп, кірерсің әлі кеңеске.
Үш ғасыр бұрын ұлтының қамын ойлаған

Әлмерек батыр әулиенің аты әлі есте.
Әспеттеп әжең Әлмерек қойған атыңды,
Жоралғы-жора тұздықтай, шіркін, татымды.
Жырымдап емес, ырымдап қойған ныспысын,

Әулиеден дарыр қасиетің болғай батымды.
Аңыздан келген Әлмерек бабаң кешегі,
Қапылған дауда – қаранар тілдің шешені,
Жортуыл жауда – аламан қолдың көсемі,

Көріпкел абыз, әулие болған деседі.
Шапағатымен шарпыпты, шіркін, аймағын,
Ойнатып құлын, ботасы менен тайлағын.
Ұлылығы шығар – үш ғасыр салып араға

Көтерген тағы Әлмерек ауыл байрағын.
Киесін абыз бабаның сөйтіп тағы ұқтық,
Тереңнен тартып тағылым сырын таныттық.
Шырағын жағып,

Пырағын салып рухының
Ұрпағын жебей үн қатып тұр-ау, жарықтық!
Әлмерек ауыл оттары жанған белесте,
Әлмерек батыр әулиенің аты әлі есте.

Бабадан қалған бақилық арман-тілекті
Апарар алға Әлмерек сәби нәресте...

Жетісу
Алатау, Балқаш арасы,
Өрнегін салған өзендер.
Көзімнің ақ пен қарасы

Дейтіндей десте, кезең, бел.
Көзімнің нұры дейтіндей
Көксу мен Ақсу толқыны.
Көңілдің гүлі дейтіндей

Жетісу екен жер тіні.
Жәннаттың нағыз кейпіндей
Жерінің кесте, суреті.
Қимайтын қыздар төркіндей

Есік көл
Есте үр беті.
Тасына дейін таңбалы
Табиғат әні ерке Іле.

Алау гүл алқап, жондары
Тартады тосын көркіне.
Қарқара жайлау қайдасың,
Үш Мерке, айһай, Үшқараш.

Құмына құтын жайласын
Сексеуіл сырлы Бақанас.
Үшқоңыр, Күрті, Қаскелең,
Талғарым күнге талпынған.

Ақылға – кенен, жасқа – кен,
Осында шыққан нар тұлғаң.

Мұзартта тұрып қарасаң:
Көктұма, Көктал, Күреңбел,
Текелі, Қапал, Арасан,
Қызықтап дәурен сүрген жер.

Қаймағын қалқып ырыстың,
Қотарған қара орманым.
Тәуелсіз жаңа тыныстың
Тұнбасы – Талдықорғаным.

Сүйінбай, Жамбыл пірлерім,
Құлагер пырақ Ілияс,
Қабанбай, Балпық дүрлерім,
Нұрғиса күймен көңіл аш.

Жәннаттың жеті сипатын
Жекелеп өзі алғандай,
Жетісу гөзал қияпатын
Жеткізер, сірә, тіл қандай!..

Талғар
Алатауда асқақтаған Талғар шың,
Талғар шыңда қыран қанат қомдансын.
Абыз жүрек аңыз жайлы толғансын,

Көне тарих келешекке жалғансын.
Тарихымды танымауым ұят-ты,
Талғар десе – көкіректен күй ақты.
Жалғастырған жеті жұртын жаһанның

Жібек жолы – жүрек жолы сияқты.

Жібек жолы...Үйсін, Сақтар даласы,
Жібек жолы...Жетісудың саласы,
Жібек жолы...Алатаудың бөктері,
Жол бойында тарлан Талхиз қаласы.

Қасиетті Түркістанмен қолдасқан,
Бағдат, Мысыр, Шын-Машынмен жалғасқан.
Керуен сарай...кернейлеткен базарын
Талхиз шаһар тіршілігі талмастан.

Жолаушыға жайып салып дәм-тұзын,
Ұлы Жолда туын тіккен Талхизым.
Адамзаттың тарихының таңында
Арай шашты сан көктемің, сан күзің.

Қаһарланған қағанаттар, хандықтар,
Түбі бірге түркі жұрты – қарлұқтар.
Шыңғыс ханның тепкісін де көтерген,
Талхизімде тектілік пен нарлық бар.

Талхиз шаһар тағдырына таңданып,
Таңбалы тас қалдырыпты таңба қып.
Жетісудың қалалары-ай жерұйық –
Қорғас, Қойлық, қолтықтасқан Алмалық.

Талхиз-тарих толғамайды бекерден,
Дуалдарын қыштан өріп көтерген.
Әз бабалар мұнаралы шаһарға,
Керуендерін келтіріпті шетелден.

Қалайы мен мыстан құйған бұйымды,
Құбыр тартып, құт орнатқан үйіңді,

Бедерінен сипап қайран бабалар,
Ұрпақтарың аруаққа сыйынды.
Бағы заман шежіресін тыңдатқан,
Айқараңғы жұлдыздарын зулатқан,

Алтын адам – ата жұрттың тарихы,
Ғасырлардың қойнауынан тіл қатқан.
Құпиялы құмырадан сұрашы,
Таусылмайды Талғар-тарих куәсі.

Жәдігерлі сырларыңа бақилық
Бағышталған Шоқанымның дұғасы.
Аласапыран заманалар арбасқан,
Жау да болды жағамызға жармасқан.

Шуақтанып сәулесімен өмірдің,
Кәрі Талхиз жас Талғарға жалғасқан,
Талхиз еді Алмалықтың серігі,
Талғар енді Алматыға бел іні.

Талғар қала – ынтымақтың ұясы,
Ырыс-құтпен өркендеген өмірі.
Ата жұрттың асыл затын ұғар кім.
Аман болсақ, туар –Айың, туар – Күн.

Қыран болып саңқылдайды тұғырда,
Туған елі Рысқұлов Тұрардың.
Бабалардың баталарын қоштаған,
Бауыржанның батырлығын бастаған,

Талғар елі тектіліктен айнымас,
Талғар-толғау – толастамас асқақ ән!..

Наурыз жыры
Көтеріп моншақ аңғарда,
Көгілжім тартып тауларда,
Шалқытып сағым бауларда,

Наурызым келді бар маңға,
Наурызым келді бар жанға.
Ғажайып сәттер таянды,
Табиғат сергіп оянды.

Көзіме кесте тартылып,
Көкірек нұрға боянды,
Дүрілдеп дүние оянды.
Аңсарым, асыл Наурызым,

Жағаға біткен жалбызым.
Көз жазып қалып сан жылдар,
Көзайым болған жалғызым –
Армысың, ардақ Наурызым.

Қыдыр Наурызға ерейік,
Нәурізек құсын көрейік.
Бәйшешек гүлін терейік.
Ұлыстың күнін аймалап,

Алтын күрек желін өбейік,
Наурыз көжеде бал ұйып,
Ақ уызға арда жариық.
Семсерді сертпен жаниық.

Наурыздың нұрлы нақышы,
Кәусар тазалық деп таниық.

Қазаққа біткен жерұйық,
Халқыма құтты бол ұйық.
Адалға сақтап қориық.
Наурыздың қыдыр батасын,

Жақсылыққа ғана жориық.
Көгілжім нұрлар қалқыған,
Бусанып дүние балқыған,
Тіршілік толғау толқыған,

Тасқында бүгін толассыз,
Наурыздың күйі шалқыған.
Ұлысым болғай бақтылы,
Ырыздық тұнғай ақтылы.

Патшамыз тұрғай тақтылы.
Шапағат Наурыз шалқытқан,
Алаштың асқай шаттығы!
Қазақтың қызғыш құсындай

Асылы Османға
Қазақтың тілі дегенде
Жарқ етер көзде жасыны,
Жалғадым сені өлеңге,

Асыл бір әпкем – Асылы!..
Арқалы қызы қазақтың,
Ғажаптың қызы Асылы.
Қайсарлар сендей аз-ақ тым,

Айтылар болса ашығы.
Заманым бейбіт болса да,
Бопайдан кем бе ерлігің?

Тақсірет салды қаншама
Тіліме келген шерлі күн.
Аруақты көкке ұшырмай,
Арқарым ауса Арқада,

Қазақтың қызғыш құсындай –
Аяз боп батар арқаңа.
Дәстүрің ұмыт, діл жаутаң
Болғанда қайтіп тоқтайсың?

Лапылдап сонда тіл қатқан
Жанымда жанған оттайсың.
Өзекке түскен шоқтайсың
Шыжғырып айтар шындықты.

Әпкем-ау, өзің жоқтайсың
Анамның тілі мұңлықты.
Қазақпен сенің жаның бір
Айқарып ашқан бүкпесіз.

Қазақпен сенің бағың бір,
Сырларың үтір, нүктесіз.
«Қазақтан басқа мен кімге
Керекпін?» деп те айта алған.

Тіліме төнген өрттің де
Бетінен жайпап қайтарған.
Алаштың өжет ер қызы,
Алауың жанды маздап-ақ.

Өркенін жайған өрде ізі
Болсашы сендей әр қазақ.

Әпкем деп ерек сүйіппін,
Жалғанда рухың жалғансын.
Сен барда мен де биікпін,
Қазағың барда сен барсың.

Нью-Йоркке ұйқас іздеу
Сауытбек Абдрахмановқа
«Есе тиер, енші алар,
Ел болсам деп ойлаушы ем.

Қазақпын деп айта алар,
Мен болсам деп ойлаушы ем».
Қасым
Дауылдай жүргенімде тиіп өртке,

Ақындық ұшырадым қиын дертке.
Қолқасын достың жерге тастармын ба
Қиылған ұйқас тап деп Нью-Йоркке.
Ақынға ұйқас табу бұйым ба екен,

Десім пәс дей алмаймын, күйім бөтен.
АҚШ-қа аттандырар сапарлатып,
Ұйқастың болмай тұр-ау сыйы да кем.
Кеудемде күмбірлетіп тіздеп келген,

Қиялап қиялымнан іздеп көргем.
Ұйқасы Нью-Йорктің таптырмастан
Үмітсіз жазды жалғап, күзді өткергем.
Бодауын базынаның тоспады ма,

Бір күні хабар салды дос тағы да.
Бұйрықпен жеттім жедел Нью-Йоркке,
Әрі асып Атлантика аспанына.

Әуезов айтқан, міне, тас дастаны,
Аспанмен зәулімдердің астасқаны.
Ақ өлең ұзын-қысқа жолдарындай
Ақ бұлттар аясында бас қосқаны.

Әлемнің бас қаласы.
Әдеп еттім.
Тәжіне Бостандықтың сәлем еттім.
Қызықтап Бродвейдің тамашасын,

Көкесін көрдім небір кереметтің.
Көрдім мен және ғажап жиын жерін,
Тоғысқан бар әлемнің дүйім елін.
Төрінде Нью-Йорк төрелеткен

Толайым дүниенің түйіндерін.
Мінбесі – терезесі тең елдердің,
Мінбесі – нелер шешен кемеңгердің.
Ақ ниет адамзатқа алқа жиын

Арзуын айтам көпке дегендердің.
Үйіне кірдім мен де еркін басып,
Күйіне тостым құлақ көңіл ашып.
Дабысы дүйім дүние алуан тілде,

Дауысы бұлақтардай жамырасып.
Тұлғасы көрінеді парасаттың,
Сұлбасы танылады ғарасаттың.
Семсер тіл серт үстінде сермелгенде

Суреті салынады болашақтың.
Күттім де келер сәтін кезегімнің,
Дауысын естідім мен өз елімнің.

Ұмыттым ұлы төрде өмірбақи
Өртеген өкінішін өзегімнің.
Қазақтың ұлы төрде ұлы тұрды,
Қайғысы ғасырлардың ұмытылды.

Жайнатып жер-жаһанға жарқын жүзін,
Жарқырап Қазақстан күні күлді.
Көңілім күншуағын жасырмады,
Көз тіктім көп жалауға қасымдағы.

Кетер ме естен, сірә, уа, дариға,
Көк Туым көзіме оттай басылғаны.
Теңеліп осы емес пе ел болғаным,
Тел өсіп өзгелермен тең болғаным.

Көк Туға желбіреген айналғандай
Кеудемде жанартаудай жанған жалын.
Төрінде Нью-Йорктің қазақ бүгін,
Елінде еркіндіктің ғажап күнім.

Адамзат тарихының шеруіне
Алашым тікті әкеліп азат Туын.
Уа, таптым!
Ұйқасын да Нью-Йорктің,

Күмілжіп бостан-босқа күрмеліппін.
Ұйқасы Нью-Йорктің осы өлеңім,
Мен неге Нью-Йоркке құр келіппін?!
Тарихтан есе тиіп, енші алғаным,

Елдікке ерлігіммен жол салғаным.
Ұйқасы Нью-Йорктің сол емес пе,

Астанам,
Алда талай аңсарларым.
Ұйқасы Нью-Йорктің бостан қазақ,
Ұйқы ашып келесінен асқан қазақ.

Әлемнің кеңесінде өрлей сөйлеп,
Азаттық асыл кенін ашқан қазақ.
Осынау күйім неткен ғажап еді,
Досына ақын жырын жазады енді.

Ұйқасы Нью-Йорктің – Азаттығым,
Ұйқасы Нью-Йорктің – Қазақ елі!..
Артығали
Шүйкімдей дене шүмектей терге малшына,

Шулы өзеннің үстінен өтті таң шыға.
Қара жер шетін таба алмай талып келеді,
Қара жер бетін көрместей болған қаршыға.
Артығали Ыбыраев

Ақтық әлди, ақтық әлди...
Артығали, Артығали...
Қаршыға жыр қанатында
Кештің талай шалқыма күй.

Сарысуды сылқым деуші ең,
Сағынышқа іркілмеуші ең.
Асау ағыс толқынында
Арман болып бүлкілдеуші ең.

Бұлықсыған жан-жүрегің,
Буырқанған ән-жыр едің.

Бүйіріңде бүлкілдеген
Арманыңдай таң гүлі едің.
Бұла күшпен бұлқына алған,
Сәуір-самал сылқым арман,

Аңқа кебе аңсаттырып,
Тұрып алды-ау, шіркін, алдан!
Салқар дүние сәулелерін,
Сағымданған әурелерін

Тал бойыңа толтырғандай
Керемет бір дәурен едің.
Жарқылдады жаныңда жыр,
Жайнап тұрды бағыңда гүл.

Абайламай қалдық па біз,
Айналдың ба сағымға бір?
Жүрегіңнің шалқымасы –
Еді-ау нағыз ар тұмасы.

Жетпей қалды-ау жер шетіне
Жырдың ұшқыр қаршығасы!
Қайран бар ма қақпаншыға,
Тағдыр атты көкпаршыға...

Тас боп жерге құлдилаған
Көз алдымда – көк қаршыға...
Қайран бар ма қақпаншыға,
Тағдыр атты көкпаршыға?!

Көз алдымда – Артығали,
Көз алдымда – көк қаршыға...

Он жеті жасар алаудай...
Танабай Нармановтың рухына
Ардакүрең мінген, арманымыз бірге ұл едік,
Артығали-шерді алдымызға салып түледік.

Қылтиып өсіп қасат бір қардың астында,
Наурызын сағынған жауқазын-жасын гүл едік.
Балауса балғын қып-қызыл қыршын қарағай,
Арманшыл кім бар он жеті жасар баладай!?

Қызылға құмар балапан қыран секілді
Сонарға сонау көз тігіп едің, Танабай.
Қазығұрт тауың төбелер сынды тозғасын,
Қасиет-кие құр сүлдері қалып азғасын,

Жүрегің сенің жылайтын еді-ау егіліп,
Жасып бір жаның, жосылып ыстық көз жасың.
Қазығұрт таудан қоламта тартып қоздатып,
Шаңқобыз жырды төгуші ең, Танаш, боздатып.

Қайсар бір жалын ұйтқитын еді-ау көзіңнен,
Оянған сонда ақындық отын маздатып.
Арбайтын еді, алдайтын еді сұм заман,
Өзімізді де, сезімімізді де ұрлаған.

Асылың – жасық, адалың – арам боп шыққан,
Заманың зәһар шашатын еді бір жаман.
Жанымыз сонда зәһаннам зілмен жаншылып,
Налалы жүрек запыран құсып, зар шығып.

Жәдігөй заман зәндемі күйін білместен
Жасаппыз соған булығып іштей қарсылық.

Зымиян кімдер?
Зұлматы қайдан?
Білмеппіз.
Әйтеуір біздер жаурай да жүріп гүлдеппіз.

Булыққан іштей бұйығы ғана қарсылық,
Өртене жүріп, шер төге жүріп бүрлеппіз.
Студент, шіркін, қосылушы ма еді санатқа?
Сезімің албырт лапылдап кетер заматта.

Жүрегімізді ұстап,
Бір-бір Прометейге ұқсап,
Жетуші ек ұшып Оралхан менен Сағатқа.
Шамырқана қалар шамшылдығың да бар еді,

Қазағыңа тартқан қаншылдығың да бар еді.
Аялап өтер мөлдіріне кіршік түсірмес,
Аққуға бітер аршылдығың да бар еді.
Лапылдап жанған он жеті жасар алаудай,

Бозторғай таң боп атушы ең күнде талаурай.
Таң шапағында тоқтап бір қалған уақыттай,
Бұзылмай орда, алынбай қалған қамалдай.
Айтылмай өткен, арманда кеткен ардақ ән,

Он жеті жасар Алау боп қалдың сен маған.
Өлтірмей осы, сөндірмей осы алауды
Дәтке бір қуат - өренің өмір жалғаған.
Көшпелі жалған...кенеусіз атақ, даңқың да.

Білмей де қалды бозторғай жырды халқың да.
Лапылдап жанып тұрсың сен әлі, жан досым,
Он жеті жасар Танабай-дәурен қалпыңда.

Ақын және азаттық
Бостандықта бәсірем бар, ақым бар,
Медет етіп, марқаюға хақым бар.
Аспан жақты аңсап тұрар әу бастан,

Азаттықпен әмсе туыс ақындар.
Ақын рухы азат оймен серіктес,
Тар-таяңда тарпаң жыры беріспес.
Ақын халық әлімсақтан бер қарай

Күл болуға, құл болуға келіспес.
Ақын халық, батыр халық қазағым,
Аранына тартты талай тажалың.
Қалдың аман тамұқтардан неше сан

Қалқан етіп шайырлардың ғазалын.
Күл де болып қалғаныңнан көктедің,
Құл да болып қалғанынан жетті елім!
Жау қалмақты жапыратын жыр селін,

Аруақты асыратын нұр кенін
Білесің ғой Тәтіқара төккенін.
Азаттыққа арна салған бұлақтар,
Еркіндікке желдей ескен құр аттар.

Сарындатқан Ақтамберді, Бұқарлар,
Сағым қаққан Махамбеттер, Мұраттар.
Таусылардай болған шақта талқаның,
Таразыға салып талқы, ел қамын,

Көресің бе күңіренген Абайды
Кеудесінде туырылған торта мұң.

Тәңірі өзі құя салған ар-зардан,
Мағжанды айтшы!
Бебеулеген беу, Мағжан!
Ақындары кек пен шерді бір баспай,

Аңсар еткен алдындағы таңдардан.
Қазақ атын бойтұмар қып Қасымым,
Жер-жаһанға атқан жырдың жасынын.
Елім-ау деп, тілім-ау деп өртеніп,

Мұқағали маздатты өз ғасырын.
Жасын жырлар, түнектегі жарық ең,
Әр дертімнің ем дауасын тауып ең.
Ақындардың қаны, жаны, зарымен

Қауышқанмын Тәуелсіздік таңымен.
Бәйтерегім, бай кемелім!
Армысың!
Сәулетіме сай терегім, сән-мүсін.

Барлық ақын бәсіресі өзіңде,
Және менің бар бақытым, алғысым...
* * *
Алғашқы менің өлеңім

Аудандық газет бетінде
Жарқ еткен күні есімде.
Ауылдың арғы шетінде
Пошташы қарттың үйінен

Атылып шыққан бетімде
Ызғырық желдің өтінде,
Оппа бір қарда жүрелеп
Отыра қалып, бір ерек

Сезіммен сонда тербеліп,
Дауа мен дуа дем беріп,
Жырымды бастым кеудеме.
Қолымда қымбат газетті

Жұлады, шіркін, жел неге?
Ұшып бір кетпей аспанға
Омалып қалдым мен неге?
Айқайым іште тұншығып,

Көзімнің жасын бір сығып,
Шаттығым баспай аптығын
Асықтым үйге мен неге?
Таусылып дегбір, тағатым,

Бозторғай жырым қанатын
Бозала таңнан қаққандай,
Ең тәтті пейіш кәусарын
Таңдайым менің татқандай,

Ғажапты сүйіп өптім мен,
Ұшып та сонда кеттім мен!
Бәймәлім сырын көктің мен
Балқыған нұрдай сімірдім.

Заулаған жұлдыз-жүрекпен
Зеңгірге биік үңілдім.
Тұмасын танып ділімнің,
Дидарын көрдім пірімнің.

Көмекей Бұқар пырақты,
Махамбет жаққан шырақты,
Мөңкенің ұлы Мұратты,
Бабатайұлы Дулатты

Аңсарым ауып ұнатты.
Алақанымды күйдіріп,
Көзімнің жасы шын ақты.

Алапат қуат бір жасын
Жайнатып жайқын сұлбасын,
Гүрілдей жанып ішімнен ,
Қабартқан алау пішінмен

Көрдім мен заңғар Абайды,
Жырдағы жалқын арайды.
Өлеңге қонған бақ-құтты,
Ілиясты, Сұлтан-Махмұтты.

Алашым үшін зар жанды
Көрдім-ау мұңлық Мағжанды.
Падиша жыры қазақтың
Толған бір айдай көркімен,

Ақындық азар дертімен,
Қасымдай гөзал өртімен,
Мұқағали мұзарт мәртімен,
Төлеген тұнық сертімен

Жаныма менің жалғанды,
Жырымда жаһан толғанды.
Ұша да бердім, ұштым мен,
Айқара құштым әлемді.

Арсыға жолдап құс тілмен
Өлеңімдегі сәлемді.
Алғашқы сол бір өлеңнен
Өріліп шыққан өнермен,

Құс жолы қалқып төбемнен,
Қиқумен жаным жебелген,
Әлі де ұшып келем мен!..

Спектакль
Өмір үлкен спектакль,
Ұқсатпадым рөлімді.
Режиссерім зекіп жатыр,

Көзге шұқып кемімді.
Актер екем талантым кем,
Бағы ашылмас бейшара.
Солай едім бала күннен,

Маңдайыма не шара?!
Талабым бар, таланым жоқ,
Ниет түзу десем де.
Театрға амалым жоқ,

Құлқым да жоқ бөсерге.
Спектакль ұрып қойған
Садағасын жаныңның.
Құрық салған жүлік ойдан

Арашалар арын кім?
Жел көтеріп желіккен ел,
Желкілдейді тулары.
Бөрі көріп бөріккендер

Бөрік атып шулады.
Абай айтқан жынды судан
Ұрттап бәрі алғандай.
Күнде думан,

Қалың дудан –
Құрттап соған қалғандай.

Құрттамасаң сен де бірге
Қалдым дей бер бәлеге.
Өткір көздер – өңменіңде,
Тас ұрады төбеңе.

Бабалардан қалған нақыл:
Батырға да жан керек.
Жынды судан жұттым-ау бір
Әңгелектей дөңгелеп.

Алғыс алдым батпан-батпан,
Жүрген басым еленбей.
Режиссерім қақты арқадан
«Бәрекелді!» дегендей.

Халық дауысы
Күннің күркірі,
Зеңбіректің зіркілі,
Оянып ап атқылаған жанартаудың зор үні,

Сан мың тұлпар дүбірімен
Жер шайқалтқан қалың қолдың жорығы –
Соның бәрі халықтың,
Халық деген алыптың

Дауысынан басымырақ бола алмас,
Халық дауысы қасиетті ақ алмас.
Құрдым болып құмға сіңер дария емес,
Халық дауысы ешқашан да жоғалмас.

Халық дауысы, халық дауысы –
Ол дауысқа тең келетін теңеу жоқ.
Дүниеде тоқтата алмас ешкім де
Оның текті тасқынына бөгеу боп.

Туған халқым, даусың шырқап кетті алыс,
Ұланыңа бұл ұдайы мақтаныш.
Желтоқсанда жас алашым бастаған
Азаттыққа ең алғашқы аттаныс.

Сол дауыс қой,
Әні, нәрі, жалыны,
Қуат-күші, парасаты, дарыны
Махаббаты,

Мөлдір, таза, пәк үні,
Мол дауыс қой бойға нұр боп таралған.
Шаттығымыз сол дауыстан жаралған,
Жүрегіміз сол дауыстан нәр алған.

Туған халқым, сенің даусың қашан да
Ақ сәуле боп шақырады мені алдан.
Қазақ елім, қасиеттім, байтағым,
Саған сырды жасырмай-ақ айтамын.

Даусың бүгін бар ғаламға естілді,
Нұрландырып жер-жаһанның ой-таңын.
Шырқыраған шындық үшін дау болса –
Туған халқым, сенің даусың естілер.

Жағадан кеп алып жатқан жау болса –
Сенің даусың қылыш болып кескілер.
Дұшпан көңілін басатұғын мысы бар,
Аспаныңа ақ көгершін ұшырар,

Өзің барсың достық сөзін айтатын,
Достық қолын өзің барсың ұсынар.
Аулақ жүрген қулық, сұмдық, пәледен,
Сенің көңілің кіршігі жоқ ақ еден.

Шаң-тозаңнан аршып алған шындығын
Өз даусыңа құлақ түрді бар әлем.
Халық даусы – байтақ елдің жыр-әні,
Халық даусы – ұланының ұраны.

Халық даусы – Көк байрақ боп желбіреп,
Ақ Ордада көз қуантып тұр, әне.
Халқым барда көңілімнің хошы бар,
Көңіл көркем келешекке асығар.

Бүгін дағы ұланыңның бұл жыры
Туған халқым, өз даусыңа қосылар.
Абат
Құрметтедім күнесте Шығысымды,

Күн беттегі күнікей ұлысымды.
Адамзатқа арнаған махаббатын
Абайымның ақылман жыры сынды.
Ақиқатын айтқанда, бұра бермей,

Алашымның Шығысы бір әлемдей.
Аспанменен тілдесіп Алтай жатыр
Ата түрік даңқына мұрагердей.
Қазағымның қарымын қорғалатпай,

Қапталынан қорғаған жау-жарақтай,
Қатпарларын тарихтың теңдеп артып,
Нар түйедей шөгіпті Тарбағатай.
Елдігімнің ежелгі ордасындай,

Ендігінің еншілі олжасындай,

Қазағыма қашаннан темірқазық,
Қарт Шыңғысым қасиет Қағбасындай.
Қара Ертістен қаулап кеп өнер тұсым,
Төстен тартып өрлеген көк Ертісім,

Қажып аққан Қалжырым емес, сірә,
Құйып жатқан мұхитқа ерен күшім.
Тұнып жатқан тұңғиық қабатымды,
Алтынменен апталған абатымды,

Сүйемін-ау күптелген күміспенен,
Сары қымыз сапырған сабатымды.
Күдеріден бау таққан жайсаңдарым,
Күршім, Қатон, Марқа мен Зайсандарым.

Қабанбайдай қара нар қайсарларым,
Байқотандай баба би байсалдарым.
Өрел, Берел қанатты тұлпарлары,
Алтын адам – атаның алты арманы.

Бибігүлдей бал таңдай бұлбұлдары,
Қайсеновтей қаһарман арқарлары.
Ахау, Семей, айналдым, Алаш-қалам,
Алашыңа кезің жоқ қараспаған.

Қайымдарың киеге шырақшы боп,
Айымдарың кесірді аластаған.
Өмірімнің өркені – Өскеменім,
Көңілімнің көркі етіп кестеледім.

Керуенің көркейтіп көш көлемін,
Өскеменім, өркенде, өс!.. дегенім.

Өскеменім, көкке өрлей көш!.. дегенім,
Ерке желдей еркіндеп ес!.. дегенім.
Шығыстағы шырайлы ұлысыма
Бостан заман бақытын кеш дегенім!..

Жырұйық
«Қарайсың Қарауылдан Жидебайға,
Бергендей күнде сəлем ұлы Абайға».
Қасым

Жерұйық емес, жырұйық,
Жидебай зият мекенім.
Асылдың көзі тұңғиық,
Айналып қалай өтемін?

Жиделі Байсын дейтіндей
Жер құты және жыр құты.
Қырымнан толғап, еркіндей,
Қансонар салған бүркіті.

Көкала бұлттан сыр ашып,
Көңілін күңгірт делбеді.
Бейуақпен ақын мұңдасып,
Бесігін жырдың тербеді.

Жидебай жалқын арайы
Жар болып жанға жабыққан,
Ашылып алтын сарайы,
Аныққа көшкен танықтан.

Әз сәлем жолдап алғыға,
Жырғады жырды Жидебай.

Өзегін өртер зарды да
Өлеңмен өрді ұлы Абай.
Қамығып қапа дертімен,
Қазағым десе, қайғы ойлап.

Алапат жүрек өртімен
Жалындап жанып, жайды айдап.
Күн кешті солай мұңды Абай,
Дидарын көрген тәңірдің.

Меккесі жырдың Жидебай,
Тәу етіп саған, табындым.
Кіндігі қазақ жырының
Кесілген жері – Жидебай.

Өркенін ана тілінің
Өсірген жері – Жидебай.
Желбіреп туы рухымның,
Жидебай-Мекке құламай,

Киесі болып жұртымның
Жасай бер мәңгі, жыр Абай!..

Боран
Тоғайы торлап жағаны,
Ақ Жайық толқып ағады.
Толғантқан мені бір сауал:

Қасымның қай тұс Шағаны?!
Ақынның қайда жайлауы?
Көңілдің қайда байлауы?

Жырлатқан сол бір жүректі
Бар еді-ау бұлбұл сайрауы.
Жайықтың жасын Қасымы,
Жайықтай, сірә, тасыды.

Жайықтың зифа сұлуын
Өртеніп сүйген ғашығы.
Табылмай ойдың байыбы,
Заулады желдей қайығы.

Толқындап жатыр тағатсыз
Қасымның ерке Жайығы
Ағыл да тегіл жыр Қасым,
Думанға бөлеп ортасын,

Көшесін кешкен Оралдың
Кеудеде соғып бұрқасын.
Оралы барда оңғарған,
Орданы бұзып, жол болған.

Сайранды күндер шалқытып,
Шарықтап еді-ау алға арман.
Құлағым сырға елеңдер,
Көзіме сурет көлеңдер:

Оралда жауған ақ жаңбыр,
Оралда туған өлеңдер.
Қаусырып барлық байтағын,
Бөктеріп келіп Байқалын,

Соғысқа суыт өтсе де,
Оралға айтты-ау айтарын.

Жарқылдап жастық күндер де,
Елестеп өтті бір демде.
Ойнап та күлген Оралдан
Озарын ақын білген бе?

Қасымның қайран Оралы
Артында қалып барады.
Ақынның жаны жаралы,
Ақ Жайық толқып ағады.

Сонау бір үйдің орамы...
Жас терек... жоқ-ау амалы.
Самалды Сарыарқасы,
Сағынтар Сақыпжамалы...

Жадында жырдай жатталып,
Сыйлығын, сырын ақтарып,
Қалдырып бәрін Оралда,
Боранын ғана кетті алып.

Балқанды басты бөктерлеп,
Берлинде тұрды кек кернеп.
Соқтыртқан сол бір боранмен
Самғады Қасым көкке өрлеп.

Мұқағали музасы
Хан Тәңрінің биік ұшқан өрені,
Қарасаздың қара шалғын өлеңі.
Сел боп тасып ақтарылып шалқиды

Мұқағали музасының кемері.

Өзің жайлы небір өлең жазылар,
Әр жүректің саған айтар назы бар.
Қайран, Мұқа, қара өлеңін қазақтың
Көтеретін қара нар да табылар.

Қайран, Мұқа, ұлылықты ұқтырар,
Сен дегенде сәби халқың тік тұрар.
Арыстан жал поэзияң баяғы
Бұқа мойын бюрократты бұқтырар.

Ақ бурадай аласұрып кей-кейде,
Отаным деп басушы едің гөй-гөйге.
Сүйер ұлын сүйді енді Отан да,
Гөй-гөйлеген жүрек босқа сөйлей ме!

Сен дегенде дүйім қазақ шабылар,
Атақ, құрмет, махаббат та – бәрі бар.
Жалғасы деп пайғамбардай Абайдың
Қалың елің, Мұқа, сені сағынар.

Бәрі де бар...Ащы су да, азап та.
Не жетпейді қайран халқың қазаққа.
Өзің жоқсың...өзің жоқсың тек қана.
Мына бүгін болып жатқан ғажапта.

Жетпейтіні көңіл ғана баяғы,
Неге қысқа өмірдің бұл аяғы.
Бұл қазақтың даналары нарқасқа
Пәни соңын ерте жұтып қояды.

Қайран Мұқа!
Қадіріңе кім жеткен?!

Тірлігіңде көңіліңді кірлеткен –
Мұқағали сондай еді!.. деп қазір
Кейбіреулер көкіп жүр ғой дүрмекпен.
Амал қанша, ажал алса – от тісте.

Достар дағы тым өзгеріп кеткіш пе?
Саған адал алып халқың ардақтап,
Салтанатпен келдің, міне, жетпіске.
Жетпіс деген не тәйірі?.. Байқар ек.

Жетпіс жасар жігітсің деп айтар ек.
Өзіңе тек өкпелейтін бір ғана –
Жетпісіңе тірі келсең, қайтер ед!?
Мұқағали - өлеңдегі орманым,

Сен дегенде жалғыз ғана арманым.
Сен дегенде жүректегі жан зарым.
Жетпісіңде неге тірі болмадың?
Жетпісіңде неге тірі болмадың?!

Мәрт мұзарт
Жырларын Мұқағали
Жүрегіммен
Жатқа оқып, жандай сүйген ұл едім мен.

Көзіме елестейтін ақын кейпі
Қол бұлғап тұрғандай боп жыр елінен.
Қарасаз, қара шалғын, қара өлеңін,
Қарасу, қасиетті бар әлемін

Өмірдің өріміне санап едім,
Өлеңнің өрнегіне балап едім.

Құмарттым жан сырының тазасына,
Мұң арттым наласы мен назасына.
Табынып құдіреттей қарай бергем
Күйдіре тамып кеткен көз жасына.

Сұқтанып сұлулары көз қадаған,
Сулысай бөктерінде боз қараған.
Сиқыры мені алыстан арбаушы еді
Сыңғырлап сай-саласы саз даладан.

Күткенде күпті жүрек қарлығашын,
Есіркеп ескергенде тағдырласын,
Көргенмін Мұқағали музасынан
Мейір мен махаббаттың бар мұрасын.

Тәңіртау бұлтын емген арлы ақыным,
Шалкөде құтын емген арда құлын.
Құнығып өлеңіне кірген сайын
Жастайдан бола берген жан жақыным.

Жанымда жыр-киенің зарлығы бар,
Шайырды бір көруге болдым құмар.
Құдайым салды сәтін,
Отырды ақын

Жүзінде, жүрегінде мол мұңы бар.
Тілінен у да, бал да тамызатын,
Ділінен өлең селін ағызатын,
Шыныға шарап толы суық қарап,

Отырды қарсы алдымда нағыз ақын.
Мен үшін осы сәттің ыстығы шын:
Мәрт мұзарт, қыран қабақ, сұсты пішін.

Өткір көз, өршіл жігер өңменіңнен
Ойыңның бірдей баққан іші-тысын.
Жолығып қыдырыма таңғы армандай,
Тілсізбін дуаланып арбалғандай.

Қуанып күлімдейді жүрек іштен
Піріме қолым беріп жалғанғандай.
Төбемнен көздерінің төнеді оты,
Қалмады қапыл жанның зәре-құты.

Жарқылын жанарының жылытпастан
Бір кезде деді пірім: Өлең оқы!
Жыр толы дәптерімді жоғалттым мен,
Жап-жаңа жырлар еді ғажап кілең.

Жақсы өлең оқымасаң, ей, жас ақын,
Бетіңе шашам мына шарапты мен!
Мен қайбір оқуға өлең шаппай кермін,
Шошынып, өзімді-өзім жасқай бердім.

Оралған қапелімде тіл ұшына
Өлтірмес бір өлеңді бастай бердім.

– Жамылып сағыныштың сал шекпенін,

Сарғайып сенің үшін зар шеккемін.
Зарықтыр, о тәңірім, жалықтырма,
Мәңгілік ғашықпын мен, ант еткемін!..
...Оқылып біткенде өлең,

Пірім мені
Құшақтап: «Ғажап екен жырың!» – деді.
Жүзіне нұр ұялап, мейірленіп,
Көзіне күн ұялап күлімдеді.

Бетіме шарап емес, жырын шашты,
Жайқалып үлбіреген гүлін шашты.
Ініге жаны қалмай елбіреген,
Ақтарып төгіп салды ықыласты.

...Көтерді сағым жылдар атақ-атын,
Сағынам әлі де сол шапағатын.
Сағынам сағынышын ұлы жырдың,
Мәңгілік Мұқағали махаббатын.

Естай Мырзахметов
Арайлымың, Медетің, Хайроштарың,
Келмеп еді бәйгеден қай қосқаның?!
Үндемесе ағайын өзі білсін,

Күндесе де күліктей ойқастадың.
Жас күніңнің жолдасы – аңшылығың,
Жаның сері көрсетпес тамшы мұңын.
Шыдамның да шегіне жетті-ау, түге,

Шырқыратқан қасірет жан шыбынын.
Айрылдың да, ағажан, Абайыңнан,
Айрылғандай болғансың жан айыңнан.
Өкпе артпадың сонда да тағдырыңа,

Баз кешпедің тәңірлі талайыңнан.
Қай-қайдағы, қайтсе де, сырың іште,
Бой бермедің пендәуи бүгіліске.
Қасіреттің қамалын күйретіп өт,

Кеудедегі Күніңнің нұрын іш те.

Мін болмаған Мұсаға жаяушылық,
Керек емес өзіңе аяушылық.
Ұлы қайғы өртесе ұлық жанды,
Жолда қалар мүсәпір қаяушылық.

Алыстамыз, амандық біліспедік,
Ағамызға жүрсекші тыныс беріп.
Дауасына басқаның зар да емессің,
Дінің болат шыңдалған құрыш берік.

Азаптаса ойыңды жан құсалық,
Шарықтатсын нұр көкке шәулі шабыт.
Тілектерін рухыңның тоқтатпағай,
Таң алдына тағы бір таңды салып.

Қарт қыран
Саламат Хайдарұлына
Ойыңның оқыдым, аға, ұшқындарын,
Тағдырдың таттың талай қышқыл дәмін.

Қысастық болғанын да білді жұртың,
Жазыңды қызыл заман қыс қылғанын.
Қанықтым қасиетіңнің қормалына,
Атырау айдын салды арманыңа.

Асекең – қырғи ақын тұрды-ау сонда
Балықшы баласының жел жағына.
Жолықтың одан кейін Сәбеңменен,
Жалғастың бір ғажайып әлемменен.

Атақты Жамбыл ақын қолын ұстап,
Сиректің бірі сенсің сәлем берген.

Теңіздің тәбәрік ап самалынан,
Қанды асу кие көрдің қабағынан.
Мәйегін мақал сөздің жидың ішке,
Бал жалап даналықтың қаламынан.

Көңілдің көктем-күзі, қыс-жазысыз,
Тоқсанда тұйғын қанат ұшқаны – сіз.
Басқасы басқа болсын, бас игізер
Зейнолла Қабдоловтың ұстазысыз.

Елжіреп «Егеменге» жүрегіңіз,
Ішінде қара шаңырақ түледіңіз.
Оқытса Амандосов баршамызды,
Тауманға сабақ берген сіз едіңіз.

Өзіңді аға дейін, әке дейін,
Мейірлеп миятымдай мәпелейін.
Қариям, қадірменім, қарт қыраным,
Ардағым, ақылманым, батагөйім!

Алаш ұлы
Бекболат Əдетовке
Жал-құйрықтай есіліп есендесем,
Жарасады Бекемді көкем десем.

Ақ жайлаудай ағаның кеңдігін-ай,
Ақ самал боп аңқылдап есем десең!
Қаламыңның, ай, Беке, қайратын-ай!
Зұлпықарша жіберер жайратып-ай.

Арыстандай ақырын тұрмасаң да,
Академикке дес бермес айбатың-ай!

«ДТ»-лардай баяғы тегеурінің,
«СҚ»-дағы сал дәурен, ерен күнің.
Қыран-топан күлкі боп шашылардай,
Езуіңе жиылған емеурінің!

Айхай, Беке, аюдай алыптығың,
Қанға сіңген қапысыз халықтығың,
Жетпістегі жігіттер – алмас кездік,
Шығып тұр-ау жарқылдап жарып бүгін!

Торғай жақты, сағынасың, Талғар жақты,
Ағажан-ау, артта көп арман қапты.
Іңкәр көңлің білдіріп ірілігін,
Болашаққа тілегін мол жалғапты.

Баспасөздің, ай, Бекем, дара шыңы,
Басқа сөздің айтылған сан асылы.
Албанға да қимаймын, Арғынға да,
Ағажан-ау, сен нағыз Алаш ұлы!

Қолда, Құдай, түрік ұлын!
Əли бей Челикбашқа
Қара теңіз шайқалады,
Айтар әні толқын атып.

Ақ теңізім қайталады
Сол бір күйді буырқантып.
Қара теңіз шайқалады,
Хабар күтіп Каспий жақтан.

Алақанға ай толады
Толқын-арман тасқындатқан.

Босфор бұғаз айдынында
Махаббаттың мүйістері.
Қалар сіңіп қайығында
Қолаң шаштың иістері.

Ыстамболдың мың жұмбағы –
Топқапының сарайында.
Албыраған жер жұмағы –
Малынған таң арайында.

Әйәй София, Ахмет Сұлтан
Айға асылған мұнарасы.
Қос теңізден қосылған ән
Тыным таппас түн баласы.

Анкарада асқақтадық,
Кие көрдік Коньядан.
Әли бейім бастап барып,
Кәрдаштарым жанын жайған.

Дәулат – екеу, миллетің бір,
Бір ененің құлынындай.
Қазағыңа құрметің дүр
Бауыр ықылас шырынындай.

Тәркі болмас түркі дүние,
Жаса, жұрты Ер Тоғрылдың.
Арманы – асқақ, рухы – кие,
Қолда, құдай, Түрік ұлын!

1 наурыз. 2008. Париждегі айтыс
Жүрсін Ерманға
Байтақ елден бауыр іздеп біз келдік,
Бұланайды басып өткен із көрдік.

Бақ-талайың алмағайып алмасқан
Басқа түскен бұлыңғырлау күз көрдік.
Өтті-кетті.
Өксіп енді не керек?

Өр кеудеде алдаспан жыр керемет.
Алыстағы ағайынға дем беріп,
Айтыс келді арғымағын жебелеп.
Тұрмаса да ғажайыптар азайып,

Көрмей қалса тартсын дейміз көз айып.
Ұмытылмас
Қақ төрінде Париждің
Қазақ рухы қалықтаған ғажайып.

Бармасаңыз, келмесеңіз білсін кім?
Сілкінісі жүректегі дүрсілдің.
Жанартауын сағыныштың атқылар
Жер тарпыған жүйріктері Жүрсіннің.

Құйрық-жалсыз құлан қайтіп күн көрмек?
Қайсар қазақ келе жатыр күнге өрлеп.
Еуропаға білдірдік біз елдікті
Кеудемізді қасиетті жыр кернеп.

Шет жүрсең де шертпе, бауыр, шерлі күй,
Шалғай елде отау тіккен сен бір үй.

Аңсап келіп аттың басын тірейік,
Артта қалды азап шеккен сорлы күй.
Ән-Әміре ашқан алғаш түндігін,
Париждегі патша көңіл, жырлы күн.

Жаһандағы бар қазаққа жеткізсін
Домбыралы көкіректің күмбірін.
Ковбой
Жанболат Аупбаевқа

«Тырыли арық қараның»10
Тәртібі қатты темірдей.
Өтетін осы адамың
Мақтанға мүлде семірмей.

«Тырыли арық қараның»
Ақ қардан әппақ бар жаны.
Тағдырдан тартқан сорабын
Тәңіртау сынды арманы.

Тас жарып, тарпаң, тарамыс,
Талпынған күнге тамырдай.
Кернейтін еді бұла күш
Кергуге кердең бағынбай.

Тауларда тұнған тазалық
Тынысын ашып желпіген.
Тектілік онда бары анық
Қайтпайтын қайсар сертінен.

10 – Бауыржан Момышұлына өзін таныстырғанда Жан болаттың
айтқаны.

Арда еміп жастан арлы өсті,
Жылтырақ, жалған жат оған.
Рухымен биік жанкешті,
Жат оған жандар жатаған.

Жая да бермес сырды елге,
Намысшыл жаны тым нәзік.
Балаша мәз боп бір демде,
Қалады кейде құлазып.

Өлеңге іңкәр болса да,
Өмірді сүйген көбірек.
Тірілткен ғажап қаншама
Қаламмен тербеп, дем үрлеп.

Тылсымға талай тіл бітті,
Ашылды қанша аралдар.
Жырлайтын жұмбақ тірлікті
Жүректе сәл-пәл алаң бар.

Алаңсыз күні жоқ, сірә,
Номадтан аумай тал бойы.
Ұқсайды мәңгі жоқшыға
Қалғымас ардың ковбойы.

Сүлеймен сипат

Сүлеймен Мəметке
Сүлеймен деген атыңда
Қасиет кені жатқандай.
Тектілік барын затыңда

Жаныңның жазы айтқандай.

Сүлеймен – судың иесі,
Шапағат шашқан пайғамбар.
Сүлеймен – сөздің киесі
Болмайды неге?

Ойлаңдар.
Бір табан жақын тәңірге
Атыңмен және затыңмен.
Сүлеймен сипат сәніңде

Астасқан арлы ақылмен.
Жасыңнан жырды толғадың
Жүректен туып ойлы өлең.
Қара бас емес,

Ел қамын
Қаламың тербей сөйлеген.
Серт етіп қара сөзді де,
Семсердей, сірә, сермедің.

Көрмейін десең, көз, міне,
Көзқамандарды тергедің.
Тұғырлы жерге ту тіктің,
Азаның сенің – «Егемен».

Алатау ата бүркіттің
Қанаты қолдап жебеген.
Қымыздан жігер құйылып,
Қайнайды қаның қазақ деп.

Басыңа бақыт бұйырып,
Шайыңды демдер Азат тек.

Ақ жеңгем Азат, сол шайдан
Қайныңа құйшы бір кесе.
Шүлендеп ынтық аңсаудан
Сүкеңнің көңлі бүрлесе.

Алматы, ауыл, Астана –
Ыстық-ау саған бәрі де.
Аса бер асу асқарға
Сүлеймен сипат сәніңде!..

* * *
Темірге
Жадыңда жүр ме, керемет
Жайықта жүзген сол бір күн.

Жаныңның нұрын себелеп
Кеудені күйге толтырдың.
Тау-тас та болып кеттің сен,
Жартас та болып жаңғырдың.

Данышпан дала ұлы – сен,
Дарқан бір әнге салдырдың.
Дәнекер естің жібектен
Жететін өмір-бақиға.

Ұқсаттым сені гүл еккен
Сақара тектес сақиға.
Сапырып тұрып шашқандай
Жайықтың зүмрат толқынын.

Биіктеп кеттің аспандай
Сыңғырын іліп шолпының.

Жағада тұнған тоғайдың
Жасылын тұттың жанарға.
Жасынын күттім құдайдың
Жүректе бір от жағарға.

Қазақтың ұлы өзені
Қасымға сәуе сыйлаған.
Келген-ақ шығар кезегі,
Сәулесін көсіп құй маған!

Ғажап қой осы желпінген
Өмірдің өргек бір сәті.
Мұршаны соған келтірген
Темірдің берген мұрсаты...

Он екісі тамыздың...
Рахилаға
Қасиетті аққу құстай жаны ізгім,
Түптен таза тұнық тұма тәріздім.

Жыл он екі ай күтіп жүрер бір күнім –
Туған күнің, он екісі тамыздың.
Етжақыным болып кеткен ежелден,
Бал тамызар ерініме кезерген,

Маған деген бір махаббат дүниеге
Осы күні бүр жарғанын сезем мен.
Созылғанда сағым бақыт, сағыз күн,
Көлдей нұрды көкіректен ағыздың.

Тұнығыма оралатын сағынып,
Туған күнің, он екісі тамыздың.

Шылауында үміт пенен күмәннің,
Шығандағы шыңдарыма құмармын.
Тамыздың сол шарапаты болмаса,
Найзағайша шарт етіп мен сынармын.

Тоғысында шұбырынды сан іздің
Тамшы мұңды кірпігіңнен тамыздың.
Тәңірінің мейірімі бір мендік –
Туған күнің, он екісі тамыздың.

Тағдыр бізді бір талайға теліді,
Талайымыз - тарамыстың өрімі.
Айналайын ақ таңынан тамыздың
Шыр-шыр еткен өмірімнің серігі.

Сен дегенде селебесіз жан үздім,
Анамнан соң, бәлкім, саған қарызбын.
Жапырақтай жылда көктеп шығатын –
Туған күнің, он екісі тамыздың...

Сүйемін

Сүйемін тамызда да, ақпанда да,
Ақ қырау самайымды жапқанда да.
Жұлдызым жоғарыда тұрғанда да,
Көгімнен көз жасы боп аққанда да.

Сүюдің мына менде салты бөлек,
Ойлама оны күздің салқыны деп.
Талқанын тағдырымның бірге татқан
Өмірлік қосағымның тартымы көп.

Өзекте өкінішің аз ба сенің?
Табам ба талайыңның тозбас емін?
Сүйемін өкпелеткен сәтіңде де,
Сүйемін қайтқан кезде мәз меселім.

Сүйемін тұла бойы тұнығыңмен,
Баяғы, бәз баяғы гүл ұғыммен.
Жабырқау кездерімнің жалғыз емі -
Жаныңның жаз жайлауы күні күлген.

Сүйемін әрбір сағат, әр күні мен,
Маздаған махаббаттың бал тілімен.
Салауат сабатымның сабырымен,
Жастықтың бәз баяғы жарқылымен.

Көңілдің көлдей тұнық толқынымен,
Сезімнің селкеуі жоқ сел тілімен.
Күн сайын қуанышпен сүйем сені,
Сүйемін алаң жүрек қорқуымен.

Сүйемін көктем демей, күз демей-ақ,
Сүйемін содан рахат іздемей-ақ.
Жалғанда жарыместер бар ма, сірә,
Сүюді түсінетін біздей ағат.

Дұшпаным жоқ
Тағдырдың көрсем де сан қыспағын көп,
Тәңірге рахмет,
Дұшпаным жоқ!

Кеудемнен кек те, зіл де орын таппас,
Кеуілде кір мен татты ұстағым жоқ.

Мүйізім адалдықтан шықпаса да,
Мұңымды мүттәйімдер ұқпаса да,
Жаулықтың жолын, сірә, таңдамадым,
Жүректің түбінде сан дық қалса да.

Таңылып ағаш ат пен есекке мен,
Сыртымнан сан атса да кесекпенен,
Өмірде азат өттім өштесуден,
Өлермен өлтірсе де өсектеген.

Анадан қаражүрек боп тумадым,
Кірбіңді сақтамадым,
Кек қумадым.
Көңілім әуелден-ақ көлдария,

Көзімнен адам сүйген аттым жалын.
Жалғанда жалықпадым достасудан,
Жақтадым жақсылықты жас басымнан.
Құдайдың бергені де сол шығар-ау,

Қанымды қалдым сақтап қастасудан.
Зәуде де жауым бар деп санамаймын,
Қоймама қараңғыны қамамаймын.
Ауылда суын ішкен тұмадаймын,

Қырында дәурен сүрген даладаймын.
Момақан
Достарыма бұзаудаймын,
Желетін қызметіне ылаудаймын.

Дұшпандық көргенімде
Көңілімнің
Торлаған терезесін қыраудаймын.

Болсам да қыр аспайтын қырттан мезі,
Түспейді тереземнен дұшпан көзі.
Көгімде тымырсықты қалдырмайды
Көлімнен көкала үйрек ұшқан кезі.

Ақының айтқан сөзден тана алмайды,
Сәуеге сұм дұшпандық салар қайғы.
Сәуірдің сәулесімен жуынғанмын,
Сірә да менде дұшпан бола алмайды.

Қашықтық
Қарға адым жер –
Ақындық пен ақындыққа жақындықтын арасы.
Бірақ осы кеселдің

Ғасырларда жазылмаған жарасы.
Қарға адым жер –
Ерлік пенен етекбасты ездіктің де арасы.
Бірақ осы кеселдің

Ғасырларда табылмаған дауасы.
Қарға адым жер –
Жабылық пен жібек жалын жел тараған

жүйріктіктің арасы.
Бірақ осы кеселдің
Ғасырларда таусылмаған наласы.
Қарға адым жер –

Асылдық пен басқа түскен баспақшылдай

тасырлықтың арасы.
Бірақ осы кеселдің
Ғасырларда шайқалмаған шарасы.
Қарға адым жер –

Найзағайлы жасындық пен су қараңғы

басырлықтың арасы.

Бірақ осы кеселдің
Ғасырларда жайпалмаған қоғасы.
Қарға адым жер –
Мәрттік пенен арды аттаған нәмарттықтың арасы.

Бірақ осы кеселдің
Ғасырларда келмей қалған тобасы.
Қарға адым жер –
Ақ сүт емген адалдық пен көк сүт емген

арамдықтың арасы,
Сұңғақ бойлы адамдық пен шұнақ бойлы

жамандықтың арасы.
Бірақ осы кеселдің
Ғасырларда жыртылмаған жағасы.
Тайбурылдың қырық үш күн кемдігіне пара-пар

Кемдігінен керемет бір нөсердің
Шындық атты ұлылықтың
Өзі емес,
Көрінетін ербеңдеген сұлбасы,

Көрінетін көлбеңдеген жобасы.
Қарға адым жер –
Ғасырларда таусылмайтын қашықтық,
Шындық үшін таусылмайтын тіршіліктің таласы.

Қарға адым жер –
Өзіңді біз асылықпен аттап өтуге асықтық.
Ал шынында қарға адым жер –
Атты адамға жол емес пе миллион шақырым

шамасы!
... Қарға адым жер – қашықтықтың кереметін

қарашы!

Тілек
Жарқыл қағып жұлдыз біткен ақса алдан,
Жүрер жолдан жаңылыспа, жақсы арман.
Темірқазық нысанаңды ұмытпа,

Жүрегіңе жылт еткізіп от салған.
Пәктігіңе болсын сенің таң ғашық,
Жолдас етіп жақсыларды жолға шық.
Сенің мөлдір бастауларың кір түспей,

Жатсын ұлы мұхиттарға жалғасып.
Бүрін жарып, гүлін ашып бас алған,
Өскің келген, өнгің келген жас арман,
Сәл ғана бір мүдіруден мүлт кетіп,

Өмір бойғы өкініштер жасалған.
Жай жаныңды жазиралы жазық қып,
Адалдықты ұста алтын қазық қып.
Ерлік, мәрттік, батырлыққа бастасын

Көзіңдегі мөлдіреген нәзіктік.
Бұла күшің бұлқынумен таң асар.
Орақ орып, құрыш қақтап, қала сал.
Тепсе темір үзетұғын шағында

Жас арманға жасампаздық жарасар.
Лүпілдетіп шынайы бір сезімді,
Жас бөбектей жақсы көрем өзіңді.
Көрсетші тек, айналайын ақ арман,

Айдай толып аспандаған кезіңді.

Жауқазыны жақсылықпен гүлдеген,
Естірт маған өміріңнен күнде өлең.
Сол жас жігіт арманына жетіпті,
Сол жас арман азамат боп жүр деген!..

Жақсылықты аңсау
Жақсы адамдар көп әлі сырласпаған,
Кезекті күн есігін бірге ашпаған.
Бір ғажабы, кездескен жақсы ағалар

Туыс маған, дос маған, құрдас маған.
Құрдас олар сәбиге, үлкенге де,
Қырламайды беделін бір көрмеге.
Айқарылған алмауыт кеуделерін –

«Адалдық» деп аталған жыр кернеген.
Тымырсық ой тәлкегін кім көрмеген?
Оның ойы бұлтпенен бүркелмеген.
Дала болып көсілген ақ көңілін –

«Дарқандық» деп аталған жыр кернеген.
Ұсақ тірлік маңында күн көрмеген,
Жақсы жандар шоқ жұлдыз – Үркер деген.
Шынайылық көксеген жүрегін де –

«Шыншылдық» деп аталған жыр кернеген.
Сырлассам деп жанмен сол сырласпаған,
Шығам үйден күн сайын жырлап санам.
Шығам үйден күн сайын оймен ізгі –

Кездессе деп тағы да бір жақсы адам.

Жүз жылдық дерт
Қоскенге
Жүз жыл болды.
Жан досымды көрмедім.

Неге бұлай?
Өзімді өзім тергедім.
Жүз жыл бойы жан досымды ұмыттым,
Жүз жыл бойғы жалғыздыққа өлмедім.

Жар жалғыздық жапырағын жайды да,
Доссыз өтті қуаныш та, қайғы да,
Қалды қайда хош көңілдер сеніскен,
Дос жүректер семсер серттен тайды ма?

Солай ма еді?
Оңай ма еді сертіміз?
Сөнгені ме лапылдаған өртіміз?
Дауа таппай дуасынан достықтың

Жан шері боп қоздай ма енді дертіміз?
Жүз жыл бойы көріспеу де оңай ма,
Сері сезім суымай ма қалай да?
Кеуде соққан күндер қайда, көкем-ау,

«Мен достыққа адалмын» - деп алайда!?
Жалғыз күлдім.
Жалғыз жүрдім.
Жалғыз-ақ

Жар салыппын дүниеге жалбырап.
Жалғыз өзім қарсылаппын, құдай-ау,
Атқан талай ақ таңдарды албырап.

Арадағы – айыпты ма қашықтық?
Асқақ күйді неге сонша жасыттық?
Алдымыздан асқар-асқар белестер
Көрінгенде –жалғыз шауып асықтық.

Уағдаласқан достық қайда?
Дос қайда?
Құдай мені күнәһарға қоспай ма?
Құз басынан құлдыратып, құлатып,

Шырқыратып шыңырауға тастай ма?
Қалт еткізбей бағып тұрған Жаратқан
Қандай жаза қолданса да – сауаптан.
Даңғаза мен дарақыға алданып,

Қия бассам Достық деген Дарақтан!
Жүз жыл солай жан досымды көрмедім.
Жүрегімді жүкпен ауыр теңдедім.
Жүз жыл бойғы дертім болған сол достың

Маған деген мейіріне шөлдедім.
Көрмедім-ау...
Шөлддедім-ау...
Зарықтым!..

Күйін кештім құмда қалған балықтың.
Жүз жыл бойы дертім болса, дариға-ай,
Мен достыққа адал болып қалыппын...
Жыл жыры

Бір ғажайып келді жаңа жыл тағы,
Жанымызды жыл шуағы жылытады.

Әлди, әлди, жас балақан Жаңа жыл –
Уақыт деген ұлы патша ұрпағы.
Тереземе салып өрнек қырау гүл,
Келді, міне, ағыл-тегіл жырау жыл.

Сәби жылды бесігінде тербеткен
Көңілдерге түспесінші қылау бір.
Ұбақ-шұбақ ұлы көші уақыттың,
Жаңа жылым – жарқыраған жаһұттым.

Жаңа жылым, сыйла бізге қуаныш,
Татыр бізге балдай дәмін бақыттың!
Достар, достар!
Тағы да бір жыл жаңа.

Қадам басты ұрлана да нұрлана.
Жүректерде лүпілдейді жас үміт,
Ашылады, шашылады бүр жаңа.
Жаңа жылым, жұмбақсың-ау.

Кім білсін?!
Күміс күлкі, хрустальдай сыңғырсың.
Көкіректе арман толы күмбірсің.
Жаңа жылым жаз көңілмен жайнатып,

Жас сұлудай шаттандырып күлдірсін.
Жаңа жылдың шапағатты нұр таңы,
Достар, бізге құшақ жайып тұр тағы.
Артық болсын бір несібе, бір ырыс,

Биік болсын ән самғауы, жыр тағы.
Табыс та бар, шүкір, Алла, тұрмыс бар,
Жамандыққа бола берсін кім құштар?

Жаңа жылда жақсылықтың мерейі
Тым құрыса үстем тұрсын бір мысқал.
Жаңа жылда басқа бақыт іздемен.
Өз Отаным, өз үйімде – түзде емен.

Адал болсақ жылдың ақша қарындай,
Махаббат та, мархабат та бізбенен.
Өздеріңде, достар, барлық жақсылық,
Көздеріңде ұшқындаған жақсы үміт.

Жаңа жылда желбіретіп жалаудай,
Жақсылықты көтерейік бас қылып.
Қане, достар, көтерейік иықты,
Аңсайықшы қыран самғар биікті!

Құт дарытар Қыдыр ата сияқты,
Сәлем саған, Жаңа жылым сүйікті!..
Екі арман
Айырық жолдар айырған,

Арасы алшақ екі арман –
Жүздерін жылы мұң жауып,
Жағаны кезіп құмдауыт,
Ақ жаңбыр жауар күнді аңсап,

Кездесер шақты күнде аңсап,
Шыға алмай бірге сапарға,
Жүреді жылап жапанда.
Сыңары сынған сырғадай,

Мұңайса көкте туған ай,
Дүниені бөтен тыңдамай,

Сағыныш сазбен тербеліп,
Жүреді жалғыз сенделіп.
Екі арман – екі бал бұлақ,
Жалғыз да жалғыз жалбырап,

Аңызақ ескен жаз бойы
Шөліркеп ағып шөлейтте,
Жығылар күнде қалжырап.
Қараңғы, салқын түндерде

Баурына басып жылытып,
Қасіретін шеккен ұмытып,
Аймалар ғашық тамағын,
Ләззәтті бақыт қайда бар?

Екі арман екі жағада
Дәл осы жайлы ойналар.
Жай таңдап емес, ән таңдап,
Ашады көзін жаутаңдап,

Қарайтын досы елде жоқ,
Қайрылып келер пенде жоқ.
Жүздерін содан мұң жауып,
Жағаны кезіп құмдауыт,

Ақ жаңбыр жауар күнді аңсап,
Кездесер сәтті күнде аңсап,
Шыға алмай бірге сапарға,
Сарғаяр қайран екі арман...

Суалма
Суалмадан –
Құс дауысы шығады тыраулаған.
Тыраулаған –

Сол дауыс көкіректен сыр аулаған.
Сыр аулаған –
Түседі еске сол бір кез, Суалмадан.
Суалмадан –

Топтап жылқы қайырып құраулаған.
Алтынды жұлдыздармен зырлап аспан,
Суалма қойынына түн жарасқан.
Сол кезде ме, жаным-ау, сол жерде ме,

Жүрегім мейірленіп жырға басқан?!
Алтын ай – сыңар қанат, сырғалы аспан,
Ғажабын жарқырата жырғап ашқан.
Сиқырлы күйге еліккен көңіл-дөнен

Шарқ ұрып бір белден соң бір бел асқан.
Кездер-ай үйге қайтпас Суалмадан,
Суалма жалтырына нұр аунаған.
Жарықтықтың аймағын

Жыл жоқ еді-ау,
Жайқалып жасыл шалғын ну алмаған.
«Жылқыны әрі қайырып тастасыншы,
Суалманың шүйгінін баспасыншы» -

Деп атам отырғанда жоқ сияқты,
Туған жер киесіне басқа сыншы.

Толғандырып әнімен тыраулаған,
Құс дауысы шықты, әне Суалмадан.
Қаншама жыл өтсе де, құт-берекем,
Екенсің-ау әлі де суалмаған!

Жаттатқан жас күнімде мың ән маған,
Амансың ба, Суалмам, суалмаған?
Құс қиқуы көркейткен көктемеде,
Сағыныш па - өзіңнен суармаған...

Бауыржан Момышұлының
шөбересі – Нұрсұлтан
Момышұлы Бауыржан!.. деп дүние,
Балқушы еді батыр-шуақ күйіне.

Ерлігінің ерен жыры таусылмас –
Елі мәңгі айтып жүрер сүйіне.
Бауыржаннан кіндік кескен Бақытжан,
Ойы – дана, жаны – таза жаһұт жан.

Баукең ата немересі Ержанды
Қолға алатын тебіреніп бақыттан.
Уақыт жүйрік көрсеткендей өнеге,
Немереден өнді, міне, шөбере.

Баукең батыр шөбересі Нұрсұлтан –
Зейнеп әже шуағына бөлеген.
Мұсылмандық парыздың бір міндеті –
Құтты болсын Нұрсұлтанның сүндеті.

Нұрсұлтанға жаусын нұры Алланың,
Кірбің шалмай пәк періште гүл беті.

Ей, Нұрсұлтан, жасай берсін жарық Күн,
Атаң сенің қас батыры халықтың.
Момышұлы Бауыржанның киесін
Шөберелік негізіңе дарытқын.

Ел біледі асыл текті затыңды,
«Нұрсұлтан» деп ырым еткен атыңды.
Азамат боп атаңа тарт, құлыным,
Есте сақта атаң айтқан нақылды.

Момышұлы Бауыржанның ұрпағы,
Сен де болғай халқыңның Нұр-Сұлтаны.
Сүндетің мен міндетіңді сақтасаң,
Сонда ашылар өміріңнің нұр таңы.

Бауыржанның зәузатына оңай ма?
Батыр болу міндет пе екен қалайда?!
Ер болғанша, көктеп бірге көппенен
Ел болғаның дұрыс па, әлде, соны ойла...

Ассалаумағаләйкүм!
Қария көрсе өтеді қарамай кім?
Сәлем күтіп тұрғаның маған айқын.
Жүрісіңді сәл тежеп жөткіріндің,

Уа, қария, ассалаумағаләйкүм!
Ассалаумағаләйкүм, ақ қариям!
Ассалаумағаләйкүм, ақ дариям!
Аман ба өзің еккен қара орманың,

Бақуатты шығар-ау баққан ұяң?!

Алматының көшесі аққан ағын,
Сәлемімді бердім де тоқтамадым.
«Қай баласың, қарағым?» дегендейін,
Көлегейлеп көзіңді көп қарадың.

Көп қарадың, көңілді қажай ма мұң?
Кетті тарап ілезде жаз ойларым.
Азғанына заманның балайсың-ау,
«Ассалаумағаләйкүм!» азайғанын.

Сәлем сөздің киесін ұға алмаған,
Ұрпақтан ұлағатты шығар ма адам?
Қарсы алдында өзіңдей қария боп,
Тірі тарих тұрғанын кім аңдаған.

Болайықшы күпірлік ойларға абай,
Қарттар барда тартылар қайнар қалай?
Ата сәлем - Ассалаумағаләйкүм! –
Музейдегі мүлікке айналмағай.

Қарт жауынгер туралы жыр
«Ерлігі үшін» медалі бар төсінде,
Майдангермен сырласқаным есімде.
Бір мың төрт жүз он сегіз күн және түн

Осынау жан жүрген жорық көшінде.
Осынау жан өмір үшін күрескен,
Өмір үшін өлімменен тірескен.
Жанардағы жан шырағы – жарығы

Жел өтінде мың тіріліп, мың өшкен.

Қанды майдан, жорықты жол, сыз окоп,
Жүрегінде жауға деген ыза-кек.
Туған жерде жат тұрғанын ойласа,
Бойы суыр салғандай-ақ мұз әкеп.

Қарт мінезі әшейінде қатал-ақ,
Немереге отырар тек боталап.
Қарт жүрегі елжірейді, медалін
Сәби саусақ сипағанда «аталап».

Осы қартың қолға қызыл ту алған,
Қызыл әскер атанғанда қуанған.
Заман салған сұрқылтай да ол да бір –
Алғы шепке алдыменен сұранған.

Ордені жоқ, жалғыз ғана медалі,
Мақтаныш қып өңіріне тағады.
«Медаль ма?!» деп менсінбесе кей шіркін,
Қыран қабақ қырауланып қалады.

Мұндар ойға қайран көңіл жабырқап,
Ондайларға қарай қалар таңырқап.
«Ерлігі үшін» деген сөздің бағасын
Бастан кешкен біледі ғой аға ұрпақ.

Мәскеуіңнен жолды тартқан Берлинге,
Толған небір қырғын менен сүргінге,
Осы қазақ жауынгердің ерлігі
Дастан болып жазылған-ды әр күнге.

Ерлік жасау ойында еш болмаған,
Бар білгені – елін жаудан қорғаған.

Сондықтан да әр қадамы жеңіс боп,
Отанына бейбітшілік орнаған.
Соғысып па ерлік жасау үшін ол,
Туған елге сатпайды әсте күшін ер!

Отан бірақ ерлігі үшін деп берген
Сол медальдің салмағын жұрт түсінер...
Сейтен сарыны
Елестеп сонау жырақта,

Есілде – Балуан ауылы.
Құяды бір сыр құлаққа
Сейтеннің ұлы сарыны.
Дулатып өткен Шал ақын

Даладан теріп даналық.
Сабырлы сазбен ағатын
Жанында дария бары анық.
Қаршадай бала күнінен

Көзінде шоғы қоздаған,
Жүрегі ғибрат нұрымен
Тоқсанға дейін маздаған.
Сейтеннің сүре сарыны

Тағылым сырын ұқтырар.
Сақара кезіп сағымы,
Шәкірттер мың сан тік тұрар.
Ұлықтап ұлттың мұратын,

Ұлы ұстаз солай ұтады.

Сақтайды мәңгі қуатын
Сейтеннің сары кітабы.
Тал бойың зифа тектілік,
Кішік боп өткен кемеңгер.

Лайықты төрден шет тұрып,
Жайың жоқ сенің төмендер.
Өртенген өлең күлінен
Ізтөлин Баймағамбеттің,

Оянған ақын жырымен
Феникс құстай әндеттің.
Таусылмас әсте мәңгілік
Тағылым қазған, ей, кенім,

Санамда жүрші жаңғырып,
Сары алтын дана Сейтенім!..
Ақынның бауыры
Ғазиз аға Есмұқанұлына

Бойкүйез тартып бейуақыт,
Білмеппін, аға, сырыңды.
Ілтифатымды аңдатып,
Арнайын саған жырымды.

Бауырың ақын болыпты-ау,
Сыр-ағаң11 барып сырласқан.
Кеудеге күйі толыпты-ау,
Көзінде жайнап нұрлы аспан.

11 Ақын Сырбай Мəуленов.

Анасын шерге батырып,
Арманда кеткен сол ақын.
Бұрқанған шабыт сапырып,
Ғажайып жүрек болатын.

Сағынып сол бір бауырды,
Басыпсың сезім пернесін.
Күңірентіп іште дауылды,
Ақындар қыршын өлмесін.

Кеудеңнен жарық күн шығып,
Болдың да елдің ардағы,
Өлмесін, дедің, тұншығып,
Бейсенбай ақын арманы.

Ақынның жыры өлмесін,
Ақынның күні сөнбесін,
Ақынның сөзі өлмесін,
Ақынның нұры сөнбесін!

Серт етіп солай дедің де,
Түзедің тұлпар шабысты.
Халқымен мына өмірде
Бейсенбай ақын қауышты.

Кітабы шығып таралып,
Ауылды кетті аралап.
Киелі бейне тәбәрік,
Есілдің бойын жағалап.

Қызылжар қала қайталап,
Бейсенбай ақын жырларын,

Аспаннан ғашық ай қарап,
Шалқыта төкті нұрларын.
Елімен сөзі табысса,
Ескерткіш сол ғой ақынға.

Дәнекер жырын дарытса,
Алысы менен жақынға.
Ақынның жолын жалғаған –
Тастамас әсте бақ сені.

Періште жырды қорғаған
Жүрегің неткен жақсы еді!
Бейсенбай бауыр ақынның
Өлеңін қайта тірілткен,

Айналдым мұндай ерліктен,
Айналдым мұндай іріліктен!
Пейілің нұрдай таза екен,
Көңілімді соған мәз етем.

Бейсенбай-жырдың аруағы
Қолдасын, асыл Ғазекем!
Қызғыш құсым – шер құсым
(Махамбетше)

Махамбет шерлі қызғыш құс
Айналып ұшқан дүние
Астан да кестен болғанда –
Дүниеге мына кім ие?

Қызғыш құсы бабамның –
Болғандай-ақ бұл күнде

Қызғыш құсы адамның.
Қызғыш құсы даламның –
Болғандай-ақ бұл күнде
Қызғыш құсы ғаламның.

Қызғыш құсым шырлаған,
Бұлқан-талқан бұл ғалам.
Жеті басты аждаһа
Жындарын тажал қаптатып,

Өрмекші өлім торымен
Жаһанды жалпақ шырмаған.
Шығанағы Парсының,
Шырағындай Арсының,

Бағдаттайын шәһарды
Бомбалауға қарсымын.
Ғаделетті қорыған,
Ғадауатты торыған

Қызғыш құстай заршымын.
Һарон Рашид жайлаған
«Мың бір түннің» мекені,
Әл-Фараби ойлаған,

Мәлім еді ежелден
Ізгі қала екені.
Жайдың оғын заулатып,
Тозақ отын лаулатып,

Томырық күш төпеді.
Қызғыш құсы ғаламның,
Қызғыш құсы адамның
Жасын төкті-ау, қарашы!

Аждаһаның торынан
Айыруға нәһақты
Жетпей қалды-ау шамасы.
Сәбилердің көз жасы,

Көп халықтың қазасы,
Нәһақ жұрттың назасы –
Жаратқаннан болар-ды
Жалмауыздың жазасы...

Махамбет шерлі қызғыш құс
Шырлап ұшып көгімде,
Шырқырайды бүгін де,
Шырылдайды көлінде.

Қызғыш құсым – шер құсым,
Ереуіл салған ер құсым
Тау-шыңдарды басады,
Мұхиттардан асады.

Ғаделетті қориды,
Ғадауатты ториды,
Жалпақ жаһан төрінде!..
Бақтиярым, бауырым!..

Боз жорғадай тайпалды,
Боз жусандай шайқалды.
Ердің сойы болғасын
Ел намысын қайтарды.

Шаршы алаңда серт түйді.
Жалындатты өрт биді.
Ширықтырды мәрт күйді.
Жұдырығы дөп тиді.

Сары дәуді жамсатты,
Қара дәуді қаусатты.
Ақтұйғындай жарқылдап
Ақ түтекке қарсы ақты.

Тебіренбей теңселді,
Бетпе-бетке белсенді.
Жекпе-жекте жеңер деп,
Жүрекпенен ел сенді.

Қаламады қапылды,
Барыстайын атылды.
Бабалары жебеді
Біздің қайсар батырды.

Сайыпқыран сүрісті,
Салды сойқан ұрысты.
Жақпар тастың жарында
Тау текедей жүрісті.

Қайрақтанған сабыры,
Қайраттанған қарымы.
Қысқарғандай көрінді
Қара дәудің адымы.

Жігітіміз аймаңдай,
Жанын күнге жайғандай,
Төтеп беріп дүлейге
Тұрды-ау сабаз майданда-ай!

Қазақ ұлы құбақан,
Үміт артып тұр Отан.

Соққыларың сарт та сұрт
Жауған сәтін ұнатам.
Тиянақтан табылдың.
Тағы соқтың.

Тағы ұрдың.
Көк бөріше кеуделеп,
Көк байрақты жамылдың.
Бақтиярым, бауырым,

Тарттың жүктің ауырын.
«Ақсарбасын» айтты-ау көп
Алаш деген қауымың.
Дүйім елді шарпыды

Құралайдың салқыны.
Ашты-ау көңіл аспанын
Артаевтың алтыны!
09.09.2004 ж.

Перзент сәлемі
Шақырды мені Зеренді,
Алқалап бауыр, ағайын.
Жеткізген көкке төбемді

Жолымнан қалай қалайын!?
Нұр құйып ерек жаныма
Алыста қалған айлары,
Шақырды мені тағы да

Зеренді қарағайлары.

Көзімнің алдын кестелеп,
Сағыныш сурет салғандай.
Өткеннен болмай еш дерек
Көкірек дертіп толғандай.

Балалық балғын сонардың
Іздерін шолып көп тұрдым.
Сарылып іздеп соларды,
Миыма мехнат шектірдім.

Ай қарап, жұлдыз санаған,
Арманын арда теліген,
Бауырға бәрін балаған –
Мен де бір үйдің қоңыры ем.

Жаңбырлы күні жалдағам
Қыршалы сайдың өткелін.
Боранды күні барлағам
Қирасын таудың бөктерін.

Шыңдап та берген Сұңғат шал
Шалғыны қара сілтегем.
Шалғы сырылы тыңдатқан
Кезіккем сырға бір кенен.

Арқама шотты асынып,
Саздауыт жерден шым ойғам.
Асау бір көңіл басылып,
Тұсалған тайдай мұңайғам.

Сарғайған таңмен бір тұрып,
Түнемел қымыз ішкенмін.

Ішімде өртті бұқтырып,
Сақардай қайнап өскенмін.
Туған жер деген иенің
Болған-ды сондай киесі.

Зерендім, сені сүйемін,
Ұлыңды сен де сүйеші!
Күпті бір көңіл жарқырап,
Кетіріп іштен алаңды,

Сағыныш селі сарқырап
Баурыңа басшы балаңды.
Абылайды таққа қондырған
Бабамыз біздің би Қанай.

Ағыл да тегіл мол нұрдан
Бір шөкім сәуле сыйлағай.
Армысың, ардақ Зеренді,
Бармысың байтақ бауырлар.

Күмбірлеп тұрған өлеңді
Қоңыраулатып, қане, қағыңдар.
Зеренді көлдің зәмзәмі –
Сағыныш тұнған сілтідей.

Аңсарлы мейір қанбады,
Жаусыншы жаңбыр күркірей.
Саламат нұрдың жаңбыры
Сәлемім болсын еліме.

Аңсаған жүрек ән-жыры
Айтылсын туған төріме...

Нұрхан ағаның рухына
Көкшеде сенің барыңа
Қуанушы едім, қайтейін?
Жақын бір тартсаң жаныңа,

Жұбанушы едім, қайтейін?!
Қайысты-ау қара қабырғам,
Қапылды-ау қара орманым.
Жаралған едің сабырдан –

Ішіңде кетті-ау зар қалың.
Үнсіз де сүйген ұлтыңды
Ерлердің сойы өзің ең.
Жетімсіретіп жұртыңды,

Өтіпсің, аға, тезінен.
Күреске толы күндерде
Кеудеңде жанған жалын-ай!
Ұран боп кетті бір демде

Қазақтың ханы Абылай.
«Құланнан атып қодықты»,
Үмітке шырақ жалғадың,
Кенесары ханның жорықты

Жолдарыменен самғадың.
Зарлауың іште болса да,
Самғаумен өттің өмірден.
Төтеп те берген қаншаға

Төзімің сенің темірден!

Өкпесіз бауыр бар болса –
Сол бауыр, аға, сен едің.
Өсексіз қауым бар болса –
«Уа, бәрекелді!» дер едің.

Көпшіл де болған көбеген,
Көсем ең көзге көрінбес.
Алаш аруағы жебеген
Асыл бір рухың жеңілмес!..

Жылан
Бір үйден үш адамның жылы жылан
Болса егер – қыдыр дарып құрығынан,
Өзегі еш уақытта талмайды деп,

Айтылған сөз бар еді бұрынғыдан.
Жыланның абзалдығы бұ да болса,
Байлыққа болмасам да құмар онша,
Елінің берекесін ортайтпайтын

Ер қайда – етекбасты шыға қалса?
Ақ құйып шығаратын бұрынғыдан,
Жігіттер, жиырылма, жылым – жылан.
Оқжылан атылғанда мерт болатын

Құйғытқан сақарада ғұмыр-құлан.
Өмірге жамандықты жалмап келгем,
Жылан боп зұлымдықты арбап келгем.
Қайтарып итжеккеннен арыстарды

Қаңтарды жылымыққа жалғап келгем.

Жанымнан таратамын жылы шуақ,
Тұрамын жан біткенге жылы ұшырап.
Түксиген қабақтарға таңырқаймын,
Тұлданған әкесінің құнын сұрап.

Тұлымын бәсіремнің өрген едім,
Түнемел қымызбенен өнген едім.
Тұмадан қанып ішкен кәусарыммен,
Толқытпай тұнығымды мен келемін.

Тал бойым таңғы шыққа малынғанмын,
Тумыстан уызыма жарығанмын.
Мәлике-Маран патша қасиетін
Қаныма қотарып мен алып алдым.

Самғады содан мәңгі-бақилық ән,
Кеудеме шалқып жанған от құйылған.
Зәһарын жандауаға айналдырып,
Санама салған орда сақи жылан.

Жыланды жамандама жайдан-жайға,
У – балға, бал – зәһарға айналмай ма.
Тартатын негізіне салтыменен
Түйіні тектіліктің байланбай ма.

Келтірген бақсыдайын боз жыланын,
Киесін көкірекке көз қыламын.
Бойымда бұлқындырып бекзаттығын,
Жанды – жаз, көңілімді мәз қыламын.

Кекіртке кеудесімен көк тіреген,
Кесірге бетбақтыққа бетті берген,

Ызалы уытпенен сілтеп салар,
Қайдасың зұлпықардай өткір өлең?!
Тәңір-ай, таусылмаса құмар күнім,
Тұғырға тұрпаттанып шығар жырым.

Ындыны жамандарды ырылдатпай,
Ысылдап бас көтерсін жыландығым.
* * *
Азамат ерге ал енді

Ақындық мұрат – сол уайым.
Өлеңде берген уәдемді
Өмірде бұзып қоймайын.
Өлеңде салған суретім

Көрініп тұрғай көзімнен.
Білінсін мұңды келбетім
Балқытып құйған сезімнен.
Әр сөзім болсын шынайы:

Әр үтір, сұрақ, леп белгім.
Шындық қой жырдың Құдайы,
Сырғуды неге еп көрдім?
Бар еді-ау, батыр,айтпағым,

Боркемік тарттым мен неден?
Бетімнің неден қайтқанын
Білетін адам кемде-кем.
Шындықты күліп айтатын

Болған-ды ғажап бір ақын.

Тағы бір шайыр жайды атып,
Тақ атасынан ұратын.
Өлеңім менің өмір ме,
Өмірім, әлде, өлең бе?

Қызуым жетпей темірге,
Қоламта көсеп келем бе!
Жаутаңкөз етіп еркіңді
Жалынсыз болсаң сол уайым.

Өлеңімдегі өртімді
Өшіріп, сірә, алмайын.
Қайсыбір пақыр пенделер
Қойса да көзге мені ілмей,

Өмірім өрге өрмелер,
Өлеңім болар өмірдей.
Зеренді көлі
Зеренді көлдің түбінде

Жатады жайқын бір жылан.
Есіткен бала күнімде
Ғажабын соның жыр қылам.
Көлімнің бұлақ көзіне

Алтын боп шөккен киесі.
Киені тартып өзіне
Күзеткен жылан - иесі.
Айдаһар жылан оралған

Аруана сынды сом алтын.

Тұңғиық сырмен жаралған
Тылсымын сұрар одан кім?
Сәруар сәуле тарайтын
Тұмалы көлдің тереңі.

Күніге бір рет жалайтын
Жыланның
Алтын – қорегі.
Киесін көлдің күзеткен

Жатады жырғап мәрт жылан.
Құдіреті мұның кім екен
Алтынын бұлдап бақтырған?
Аяғын баспас еш пенде,

Әзәзіл, бәлкім, ториды.
Алтынды бермей ешкімге
Айдаһар жылан қориды.
Зеренді көлдің түбінде

Аруана кие алтын бар.
Сақилық сыйлап көңілге
Салтанат-сәнмен жарқылдар.
Ойқастап бірақ алдымнан

Күлігім менің – күдігім.
Киесін көлдің қор қылған
Кес-кестей берер бір ұғым.
Алтынды баққан сол жылан

Айдынға жүзіп шықпағай.

Халқымды қуып көл-нұрдан
Қуысқа айдап тықпағай.
Назалы мұңмен қамалай,
Кеудемді менің құсалап.

Зеренді көлді жағалай
Жатпасын жылан үш орап!..
* * *
Алғашқы күннің күркірі,

Есіттім кенет үніңді.
Шым етіп жүрек біртүрлі
Сағынғандаймын кімімді?
Айырып төсін аспанның,

Алыстан сонау ақтың-ау.
Зор үнге толып жас жаның,
Асығып келе жаттың-ау.
Жайнатып көктің реңін,

Жалтылдап шуақ ойнады.
Шапағат сүйіп нұр өңін,
Шаттығын дүние тойлады.
Күркіреп жеткен көктемім,

Көкжиектерден бері асып,
Сіркіреп жаңбыр төккенің
Сырыма сұлу жарасып.
Сырт та сырт қаққан әйнектен

Әр тамшың әйбәт хабаршың.
Жырымды менің сөйлеткен
Жылдарға бірге барарсың.

Аю туралы пікірталас
Аюдың жайын жырласам,
Алтайдың қонжық Асқары12,
Масаты күймен бір масаң

Маған бір әзіл тастады.
“Әспеттеп бұлай жыр қылған
Аюды қайдан алғансыз?
Көкшеде аю құрыған,

Алтайға, сірә, барғансыз.
Жаңғыртып тауды ақырған
Тұрқынан танып марқайдым.
Шабытыңызды шақырған

Аюы болды Алтайдың!”
Дегенде мен де шалқайдым,
Шам алып қалып көңілге.
Дүсірлей көшіп бар қайғым

Жылқыдай өрді тебінде.
Алаштың туын тіктеген
Арыстардан қалған құт мекен,
Көкшеде аю жоқ деген

Көкезу қайдан шықты екен?
Аюың тұрмақ,
Арыстан
Абылай тіккен ордасын,

Аңсарсың барлап алыстан
Тарихтың ашсаң қордасын.
12 Жазушы Асқар Алтай

Жолбарыс жортқан жонымды
Қорсылдап доңыз басса да,
Торуыл қаптап жолымды,
Басымнан дұшпан асса да...

Қайтпайтын көкжал Кенелер
Құтайған күні болмаған.
Би Қанай, Ақан серілер
Қазақтың күйін толғаған.

Көкшеге кие теліген
Заманның зарлық Мағжаны.
Мәлік пен Сәкен сері де -
Халықтың жаны, ел бағы.

Алтайдың аюлары да
Алашқа ортақ кіл асыл.
Оралхан, Қалиханы да,
Қайсенов Қасым – дүр асыл.

Боларсың аю сен де, Асқар,
Қонжықтан өскен бар аю.
Болмасын бірақ, жолдастар,
Қанына қатып қараю.

Асқаржан, бізге бәрі ортақ:
Алтайдың аюлары да,
Көкшенің көкжалдары да,
Арыстар армандары да...

16.06.2007

* * *
Қан. Қан.
Түсімде қан көремін.
Шырқыраған бір шыбын жан көремін.

Жоқ дегенім жол бермей жағаласып,
Жоғалады жым-жылас бар дегенім.
Бір.Бір.
Біріңді кетті өлтіріп,

Жарым жолға жолаушы жетпей тұрып.
Сақылдайды мыйымда қара қазан,
Деркүмәнім ішімде дерттей тынып.
Таң. Таң.

Талықсам таң атпайды.
Жеміт ойлар қасқырдай жалақтайды.
Меңдуана жеп қойып уланғандай,
Меңдетеді бойыма тарап қайғы.

Тән. Тән.
Тән жаннан қалды үзіліп.
Қалды тәркі дүние, қалды қызық.
Жеңе алмады зұлматты нәзік сәуле,

Өте алмады тасқамал жарды бұзып.
Жан.Жан.
Арсыға жан ұшады.
Ызыңдайды шыбындай ғарыш әні.

Жалғыздығын қалдырып жер бетінде,
Жаббар һақпен мәңгіге табысады.

Жоқ. Жоқ.
Жоқпенен мұңдасамын.
Жеткізбейтін жоқ қуып қырға асамын.
Түлкі бұлаң жалғанның сыңарындай

Тұрып алды-ау тербеліп сырға-сағым.
24.04.2007
Сылаң сұлу
Сылаң сұлу саясат –

Сырғанаған сынаптай.
Әдебі көп, аяншақ,
Сипаттырмай, сылатпай,
Секіреді құр аттай.

Сылқ-сылқ күлген сұлудай,
Мөлдіреген монтаны,
Тұңғиықтың суындай
Тереңіне тартады,

Мойныңа тас артады.
Обал, сауап дегенің
Саясатқа түк емес.
Өркенің мен өренің –

Үлбіреген гүл емес,
Құбыжықтай құр елес.
Саясатым, сайқалым,
Сусын берген зәһардан,

Тоздыратын байтағын
Орната сап жәһаннам,
Зәндемі һәм зәһаннам.

Сұр жыландай сумаңдап, Жылымына батырған. Құмай иттей қунаңдап, Қансонарға шақырған, Қансоқтадан татырған. Қан қасапқа елірген, Атаққұмар, қан құмар, Желбуазға семірген. Даңққұмар да даң қуар, Сол сайқалды жар қылар! Сайқал сұлу саясат Былғанышқа баттасқан. Бірді-бірге айдап сап, От көсеген, оттасқан, Шоқ төсеген, соттасқан. Сонда дағы шаң жұқпас Сылаң сұлу саясат. Бойына кір жуытпас, Арамға – сақ, аққа – жақ, Судан таза, сүттен ақ... Рас Бір әмірдің, бір тәңірдің бары рас, Сол Тәңірі жазғанынан жаңылмас. Содан басқа, Пайғамбар да, пенде де – Еш құдірет жан оты боп жағылмас. Сүйген құлға ұят берген, ар берген, Амал берген алып шығар тар жерден.

Дермене күй дерттендірген шақтарда
Дәрмен етер дауасы мол дәркермен.
Сол Тәңірдің тоқсан тоғыз аты бар,
Адамзатқа Құран Кәрім хаты бар.

Аян оған миыңдағы мың сан ой,
Аллаң өзі қалт еткізбей бақылар.
Сол Тәңірі адамзатты сүйеді,
Мейірімі нұрдай балқып иеді.

Рахманынан, Рахымынан құр қалмай,
Жұмсақ жүрек жұтар кәусар киені.
Үкім, кесім – бәрі соның қолында.
Зауал, жаза – Сүмбіленің шоғында.

Әзәзіл сұм арбағанға ерсең де,
Шырмалсаң да ібілістің торында.
Көк тұманда көңіл дерті жоғалар,
Сүйген құлда сүйе білер сана бар.

Ақиреттің ақ таңында, ақыры,
Адасқандар Алласына оралар.
Ақирет те, қиямет те – бәрі рас,
Арсыдағы Хақ Тағала бары рас.

Қара тасы Қаһбаның, саған серт,
Қара тілім кәлимадан жаңылмас.
Ұлық нұрға ұйып тұрған бар ғалам,
Айналайын әділетті Алладан.

Аяныңмен аялашы жанымды,
Адастырмас қыбылаңды бер маған.

Төрт ауыл
Көктерек, Қызылегіс, Қарашілік,
Ортағаш – ойды бөлген таң асырып.
Төрт ауыл, төрт бауырым

Көңілімнің
Көгіне көтерілген дара шығып.
Төрт ауыл –
Қатар қонып қанаттасқан,

Қадамын қара жерге қадап басқан.
Төрт бауыр –
Мұраты да, мұңдары да
Бір тағдыр соқпағында сабақтасқан.

Ежелден еншілері бөлінбеген,
Төрт ауыл –
Өмірімде кең іргем ең.
Жайраңдап қайсы үйіне кірсем дағы,

Жарасып отырушы ем төрінде мен.
Перзенттік
Әлі де ыстық көңіл менде,
Жөңкіліп нұр көшкінім төгілгенде,

Жүрегім бір туламай тұра алмайды
Төбесі төрт ауылдың көрінгенде.
Тауларың – Қара бие, Құла бие,
Қымызды ауылдарға бұ да кие.

Қаймағы бұзылмаған қазақылық –
Құтың сол бола білсек бұған ие.

Қараағаш, Ұзынағаш – ормандарың,
Тышқанды сайындағы аңғарларың.
Қара жол – ортасында егіндіктің,
Қымыздық – таңдайыма салған нәрім.

Аяулы алтын бесік – Көктерегім,
Сезімді сен дегенде шектемедім.
Азайып ақсақалдар қалса дағы,
Көзінен азаматтың от көремін.

Сағынып жаз келемін, қыс келемін,
Көзімді мұнар буған түс көремін.
Ауылым – мәңгі маған абыз ата,
Мен мәңгі ауылыма кішкенемін.

Төрт ауыл, төрт бауырым, сырластарым,
Осында құрдастарым, мұңдастарым.
Осында Байғабылым, Базарбайым,
Осында алғаш көрген нұрлы аспаным.

Төрт ауыл –
Төрт бауырда сыбағам бар,
Толғанып менің үшін мың алаңдар.
Осында көп ағалар, көп інілер,

Осында Асқарым бар, Тем-ағам бар.
Жырымда ауылымның алауы бар,
Туған жер –
Тағдырымда тарауы бар.

Зергердің зерлеп соққан зереніндей,
Зердемде Зерендінің жалауы бар.

Төккендей торғын шуақ таң самалы,
Төрт ауыл сағынышы тарқамады.
Желпінтіп жеңгелерім маздатқандай,
Жанымның жанып түскен жаңқалары.

Төрт ауыл – төрт бауырым,
Бірдейсіңдер.
Көгінде көңілімнің Күндейсіңдер.
Сендерсіз мені, сірә, кім дейсіңдер?..

Төрінде жүрегімнің гүлдейсіңдер!

Кітап
Көне кітап қолымда,
Кем көрмеймін Құраннан.
Тең табылмас жолында

Иран менен Тұраннан.
Көне кітап ішінде
Сөздер үнсіз томсарған.
Жабырқаған пішінде

Жүрегіме жол салған.
Аянындай Алланың
Ақыл, нақыл – бәрі бар.
Ойлайтұғын ел қамын

Өсиет те табылар.
Арнап жазған халқына
Абызының тәпсірі.
Тұрған шақта талқыда –

Айтылатын хақ сыры.

Жолаушыдай жұртына
Жолды ғаділ ұстаған.
Қырбайланған қыртына
Көзге шұқып нұсқаған.

Сол кітапқа жүгінсе,
Елдің бағы ашылар.
Ғибратын кім ілсе,
Намыстанар, ашынар.

Амал нешік, әттең-ай,
Сол кітапқа ел керең.
Соқыр, мылқау жұртым-ай,
Құрдымдасың сен терең.

Көне кітап – көн тері,
Тісім батпас тіліне.
Мен де шерлі, ел шерлі,
Тілін құртқан тіріде!

Отан туралы ой
Аялап тұрғанында туған Отан,
Тула, жүрек, кеудемде, тула, ботам.
Тула жүрек, сенің әр тынысыңмен

Лүпілдесін кеудемде бір ғана Отан.
Қалай айтам мен саған тулама деп,
Берілген өмір бізге бір ғана рет.
Бір лүпіл, бір-ақ тыныс, бір махаббат –

Өртеніп өмір сүйген бір ғана леп!

Өмірдің қояр алдан сұрағы көп,
Берілген ғұмыр бізге бір-ақ рет.
Берілген бір адамға бір ғана Отан,
Ал, жүрек – айтам оның тұрағы деп.

Соқ, соға бер кеудемде, тула, жүрек,
Тағдырдың тарамдалған сындары көп.
Қайда да, қашан дағы, қай сында да
Отан деп, Отаным деп жырла, жүрек.

Жарық сәуле өмірдің ғажабы шын.
Фәниде бірақ мәңгі қаламысың?
Мәңгілік сіңірілген санасына
Отаннан қымбат не бар адам үшін!

Сондықтан жырла, жүрек, Отан атын,
Арналсын түгел соған махаббатың.
Қаныңда қасиетті сезім болсын
Отан деп, тек Отан деп аталатын.

Тоқтатпа лүпіліңді, соқ, жүрегім,
Отыңды мен қалайша сөндіремін.
Сенде тек күйкі тірлік бас көтерсе,
Бірден-ақ өз қолыммен өлтіремін.

Бір ғана туған анаң, туған атаң,
Адамға берілгені бір ғана Отан.
Қантамырдың соғысы Отан үшін,
Отанды жырла, жүрек, жырла ботам.

Орман-тауы, өзені, көліменен,
Өрісті де егісті жеріменен,

Оттан ыстық Отанды жырла, жүрек,
Оттан ыстық махаббат деміменен.
Келешекке кең ашқан өрісімен,
Тар жол, тайғақ кешулі жеңісімен,

Жүректі Отан ғана алсын жаулап,
Шаттығымен, мұңымен, ренішімен.
Соқ, жүрек, секунд сайын лүпілдеген.
Жел сөз үшін емес-ау күпілдеген.

Жүрегіңнен без, досым, Отаным деп,
Толмаса ақ сәулеге шүпілдеген.
Дүниенің Шығысы, Батысы бар,
Бұл сөздің бәріне де қатысы бар.

Тек Отан деп соғатын жүрек қана
Жүрек деп аталуға хақысы бар!
Темір жол толғауы
Айдында заулағандай күміс қайық,

Темір жол тегеурінін нық ұстайық.
Болашақ ғасырларға самғасын деп,
Батасын берген екен Тынышбаев.
Жырлаған “Отарба” деп Сері Сәкен,

Жүйткіген қара айғырдай өрісі кең,
Болат жол белдеулеген байтағымның
Барар жер, басар тауы алыс екен.
Тартылған төсайылдай темір табан,

Өзіңнен өркені өскен өмір табам.

Түрксіб туғанында Мағжан ақын
Мұңданып, жалын атып, жабырқаған.
Болат жол бодан елді шырмағандай,
Шаттығын, сақарасын ұрлағандай.

Отарба тарсылынан тақуалар
Ойнағын жын-шайтанның тыңдағандай.
Отарба Отарды асқан, Шуды басқан,
Болғандай боз көделі, мұңды дастан.

Жайнатпай жазирасын қазағымның,
Жайлаған ашаршылық күнге ұласқан.
Тар кезең, тағы талай заман өткен,
Кірпікте көз жасындай нала кепкен.

Болат жол – боздақтарын алашымның
Батыста бір тозаққа ала кеткен.
Составтар көп әкетіп, аз әкелген,
Көріңді кейбіреулер қаза келген.

Тоғытқан миллиондап тыңгерлерден
Туған жер тозаңданып, наза көрген.
Қос табан – қос ішегі домбыраның,
Күйлерін көкейіме қондырамын.

Темір жол табанында жатқан тарих,
Қоздатып қоламтасын жандырамын.
Болат жол жарасады бостан елге,
Бәйгеге бозайғырын қосқан елге.

Торабы тоғыз жолдың тоқсан тарау,
Айбыны Алатаудан асқан елге.

Арсыдан күш алғандай арқар аспан,
Аруағын асырғандай алты алаштан,
Абылай - азат елдің тұғырында,
Екінші Алматыда қақпаны ашқан.

Қақпасы - Қазақстан темір жолы,
Болғандай болашаққа өмір жолы.
Сәлем ап сегіз қиыр, шартарапқа,
Сомдалған шын жүректен көңіл жолы.

Бұрымдай жетелеген қыз арманын,
Жолымнан үмітімді үзе алмадым.
Өмірдің күйін шерткен қос ішектен,
Тілеймін осы жолдың ұзарғанын.

Ертегі
Санама сіңген көп сурет
Сабырды сарқып ішкендей.
Сиқырын, сірә, көрсін деп,

Салмағы маған түскендей.
Күркіреп күні миымның,
Шатырлап кейде жай ойнап,
Шешуін таппас қиын мұң

Шертеді сырын баяулап.
Бабалар біздің ерте өткен
Сомдайды сөздің төркінін.
Сағынтып жеткен ертектен

Аяулы мыстан кемпірім.

Жүрегім жылу, от алған,
Шықпайтын әсте ойымнан,
Айналдым алтын сақамнан,
Айналдым қотыр тайымнан.

Құйрығы алтын құлынды-ай,
Көтеріп пері әкеткен!
Қерқұла атты Кендебай,
Кім екен сені жат еткен?!

Алпамыс шермен айтысқан
Бадамша сақау сүйкімді-ақ.
Кейқуат кесір қай тұстан
Асырды салар қутыңдап.

Ерназар шалдың баласы
Ер Төстік болып бір елес.
Кенжекей қыздың наласы –
Жеті жыл күткен – құр емес!

Құр емес – сондай мың елес
Санамды нұрмен шарпиды.
Ойнағын салған жын емес,
Тайбурыл тұлпар тарпиды!

Қараспан таудың бөктері
Жиделі Байсынмен мұңдасып,
Перінің қызы Бекторы,
Төстікке ол да шын ғашық.

Тербетіп тәтті қиялмен
Күнікей қыздың сәулеті.

Сыйыспас біздің зиялмен
Қарабай шалдың дәулеті.
Таусоғар палуан қасымда,
Желаяқ досым алға озған.

Көлтаусар басып жосынға,
Шөлдейді дерсің таң боздан.
Ертегі елес...көзімде
Басылған оттай мың сурет.

Шуағын құяр сезімге
Шаттанып дәйім жүрсін деп.
Ертегім осы, қайдасың,
Қайдасың, Шойынқұлағым?

Табудың айтшы айласын
Бәдіғұл-Жамал тұрағын.
Келтіріп көңіл күйін-ау,
Ойымның түрген аспанын,

Қайдасың, Аяз биім-ау,
Қайдасың Рүстем-Дастаным?
Дәруіш сынды тентіреп,
Дертіңмен жанды өртедім.

Алдымнан шықшы еркелеп,
Алыста қалған ертегім.
Киелі менің ертегім,
Кеңеске өзің кірмесең,

Көктемес, сірә, өркенім –
Кеудеме нұр боп сіңбесең.

Сиқыр бақ ашып есігін,
Сырыңа шомдыр, ертегім.
Әлдиін айтқан бесігім,
Ән-күйі шалқыр ертеңім!

Анамның дарып сүтімен,
Әл берген әуез, көркем үн,
Аймала қыдыр құтымен,
Аяулы менің ертегім.

Самұрық құсың іліп ап,
Самғатсын биік санамды.
Ертегі-бұлақ сылдырап,
Шарласын сайын даламды.

Ұрпағым құйып құлаққа,
Ұйысын қоңыр үніңе.
Ертегім, жеткіз мұратқа,
Еліткіз баба діліне!..

Мазмұны

Сауытбек Абдрахманов “Ақындық арын, даусыз дарын” ............ 3 Поэмалар, балладалар, өлеңдер Қанай-Абылай (поэма) ............................................................... 8 Шақантай батырдың құдалығы (эфсана-қисса) ........................ 34 Олжас (поэма) ......................................................................... 44 Бірәлі-дастан (поэма) ..............................................................68 Балладалар, өлеңдер Айдарбек ................................................................................. 208 Қарсылық .................................................................................212 Зообақтағы аюлар .....................................................................218 Шошала тас ............................................................................. 224 Шоқан сандықшасы................................................................. 225 Мақтай – маршал .................................................................... 228 Былғары табыт .........................................................................231 Шапағат .................................................................................. 234 Қанатты Қазақстан .................................................................. 237

Байқоңыр балладасы ................................................................ 239 Кенесары хан ескерткіші түбіндегі тебіреніс ............................. 242 Махамбет сапары ..................................................................... 244 Абай ........................................................................................246 Әлиханның арманы .................................................................. 247 Абыз ........................................................................................249 Қамшыгер .................................................................................251 Мағжан мұңы .......................................................................... 252 Сәкенім – шерім ...................................................................... 254 Наза ........................................................................................ 257 Әуезов ескерткіші ....................................................................260 Ғабеңнің жұлдызы...................................................................261 Бастау ...................................................................................... 262 Қасиет қазығы ......................................................................... 263 Көкше десем ............................................................................ 265 Туған елім – тоғайым ..............................................................268 Отаным – еркіндігім ................................................................269 Желтоқсаным!... ...................................................................... 270 Қазақтың Батысы мен Шығысы туралы ой ............................. 272 Салық Зиманов ....................................................................... 275 Хамит тағы .............................................................................. 277 Мен. Мұхтар Мағауин............................................................. 280 Мақаш Тәтімовке арналған мадақ жыры ..................................281 Кішкентай Абайлар.................................................................. 283 Үш Әлмерек ............................................................................. 285 Жетісу .....................................................................................286 Талғар ...................................................................................... 287 Наурыз жыры ..........................................................................290 Қазақтың қызғыш құсындай .....................................................291 Нью-Йоркке ұйқас іздеу ......................................................... 293 Артығали .................................................................................296 Он жеті жасар алаудай... .........................................................298 Ақын және азаттық ................................................................. 300 Алғашқы менің өлеңім ...............................................................301

Спектакль ................................................................................ 304 Халық дауысы ......................................................................... 305 Абат ......................................................................................... 307 Жерұйық ................................................................................. 309 Боран ........................................................................................310 Мұқағали музасы ......................................................................312 Мәрт мұзарт .............................................................................314 Естай Мырзахметов ..................................................................317 Қарт қыран ...............................................................................318 Алаш ұлы ..................................................................................319 Қолда, Құдай, түрік ұлын! ....................................................... 320 1 наурыз. 2008. Париждегі айтыс ............................................ 322 Ковбой ..................................................................................... 323 Сүлеймен сипат ........................................................................ 324 Жадыңда жүр ме, керемет ....................................................... 326 Он екісі тамыздың ................................................................... 327 Сүйемін .................................................................................... 328 Дұшпаным жоқ ........................................................................ 329 Қашықтық ................................................................................331 Тілек .........................................................................................333 Жақсылықты аңсау .................................................................. 334 Жүз жылдық дерт .....................................................................335 Жыл жыры .............................................................................. 336 Екі арман ................................................................................. 338 Суалма ..................................................................................... 340 Бауыржан Момышұлының шөбересі – Нұрсұлтан ...................341 Ассалаумағаләйкүм! ................................................................. 342 Қарт жауынгер туралы жыр ..................................................... 343 Сейтен сарыны ......................................................................... 345 Ақынның бауыры .................................................................... 346 Қызғыш құсым – шер құсым ................................................... 348 Бақтиярым, бауырым!.. ........................................................... 350 Перзент сәлемі ......................................................................... 352 Нұрхан ағаның рухына ..............................................................355

Жылан ..................................................................................... 356 Азамат ерге ал енді .................................................................. 358 Зеренді көлі ............................................................................. 359 Азамат ерге ал енді.. ............................................................... 358 Алғашқы күннің күркірі... ........................................................361 Аю туралы пікірталас ............................................................... 362 Қан. Қан .................................................................................. 364 Сылаң сұлу .............................................................................. 365 Рас ...........................................................................................366 Төрт ауыл ................................................................................ 368 Кітап ........................................................................................ 370 Отан туралы ой .........................................................................371 Темір жол толғауы ................................................................... 373 Ертегі ..................................................................................... 375

Қорғанбек Аманжолов

А Л А П А

(поэмалар, балладалар,
өлеңдер)
Редакторы Ш.Рақымбекова
Суретшісі Е.Қожабаев

Компьютерде беттеген Б.Мұстафина

ИБ№980

Басуға 30.04.2013 ж. Пішімі 84х1081/32
. Офсеттік басы-
лыс. Шартты баспа табағы 20,0. Көлемі 24,0 б.т. Таралымы:
Мемлекеттік тапсырыспен 2000 дана + баспа есебінен 240 дана.

“Ана тілі” баспасы ЖШС, 050009
Алматы қаласы, Абай даңғылы, 143 үй.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙