Әкесі күткендей емес, оқуға онша болмай шықты. Түрлі түсті қарындашпен әрқилы сурет салғанды жақсы көруші еді, онысы ермек екен, оқуға мүлде құлқы жоқ. Ұғымсыз деуге ауыз бармайды, мүлде ынтасыз. Алғашқы күннен бастап, әкесі ғана емес, шешесі де арнайы сабақ өткізеді, бәрібір қонбайды. Дайындық кезеңінде онға дейінгі санды әрең жаттап, небәрі бес-алты-ақ әріп танып, сол қалпы шықты. Бірінші кластың жыл ортасында қаріптердің көбін танығандай еді, буынға бөліп, сөз құрап үйрене алмай-ақ қойды. Не керек, мұғалім әкесі де, сауатты шешесі де қиналды, уайымдады, тіпті, соншама топас па, ақыл-зердесінде кемшілік бар ма деп қайғыға батты, бірақ қайран таппаған. Не ұғындыра алмайды, не ұрса алмайды. Ақыры, түңіліп, қамығып, оқудың бір жөні табылар, оқымаса да аман болсын деп, шаршап-шалдығып тоқтаған. Міне, дәл осы кезде жақын көрші, үш үйден кейін тұратын, екі жас үлкен Асқан деген бала ойын арасында қызық суреттер көруге келіп еді. Бұлар баласына арнап сатып алып, қабырғаға бекітілген төрт-бес сөрені түгел толтырып қойған, кішкентайларға арналған, ертегісі, әңгімесі, өлең-тақпағы бар, әрқилы бояу суретті қаншама кітап. Аю мен қасқыр, түлкі мен жолбарыс, қаз пен тырна – аң мен құстың неше атасы. Ақтарыстап отырған. Ақыры өзі оқыды. Асқан. Суреттерді көрсетіп, мысалын айтып. Содан соң, қызық көріп, Айсынға ежіктеткен. Кенет... әлде әке-шешесінің жыл бойғы реніші көңілде тұр ма, әлде тетелес баланың сабақ үйрету тәсілі ұтымды ма, кенет тіл бітіп, оқып кеткен. Әріпке әріп қосып, буыннан сөз құрап, кәдімгідей. Зуылдап кеткені шамалы, бірақ жазудан жаңылмайды. Уһ. Енді тығырықтан шығып, алға жылжыды. Ақыры, қар кетіп, жаз жақындаған, көктемгі тыныс қарсаңында, басқа балалар жыл ортасында бітірген әліппені түгесті. Соған керісінше, бұлар мән бермепті, есепке тәуір екен. Қосу, алу – тақ-тақ. Екінші класта қатарға ілінді. Ең соңында болса да, үлгерімі анық. Рас, қызметтес әрі сыйлы ағаның баласы деп, мұғалімдері көтермелеп қояды. Әйтеуір алғашқы жылғы кейіс жоқ. Сол қалпында бастауышты тәмамдап, төртіншіге өткен.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру