TELEGEI

Home

Алғашқы сапар

Нығмет Ғабдуллин

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Алғашқы сапар

Белгілі қаламгер Н.Ғабдуллиннің бұл жинағына жас жеткіншектер өмірінің қыры мен сыры қызықты да тартымды бейнеленген әңгімелері мен повестері беріліп отыр. Жинақ көншілік бқырманға арналған.

Нығмет Ғабдуллин

Алғашқы сапар

ББК 84(5Қаз) 7-44

Ғ 13

Ғабдуллин Н.
Ғ 13 Алғашкіы сапар. Әңгімелер мен повестер. Алматы:
Атамұра, 2008.— 272 бет.

І8ВК 9965-34-791-3

Белгілі қаламгер Н.Ғабдуллиннің бұл жинағына жас
жеткіншектер өмірінің қыры мен сыры қызықты да тартымды
бейнеленген оңгімелері мен повестері беріліп отыр.
Жинақ көншілік бқырманға арналған.

Ғ 𝟒𝟕𝟎𝟐𝟐𝟓𝟎𝟐𝟎𝟏−𝟎𝟏𝟕 𝟒𝟏𝟖(𝟎𝟓)−𝟎𝟖 Хабарлавдырусыз-2008 ББК 84 (5 Каз)7-44

І8ВК 9965-34-791-3

© Ғабдуллин Н., 2008
© “Атамұра”, 2008

Әңгімелер Бала жаны Осы бір өткір қара көзді, шот маңдайлау келген, ақ сарғыш жүзінде аздаған секпілі бар, жас мөлшері он-он бірлер шамасындағы баланың қылығы мен мінезі әрқашан көз алдымда тұрады. Өзін еске алсам-ақ, еңбек сүйгіш, кішіпейіл, жомарт жанды нағыз азамат өсіп келеді деп қуанамын. Сол баламен ең алғаш қызық бір оқиға үстінде танысып едім. Ауданнан колхоз орталығына тығыз шаруамен шығып, виллиспен келе жатқанбыз. Күн кешкіріп қалған. Машинада отырған адам үшеу едік. Жер лайсаң. Еріген қар суы жолды қуалап, бұраң-бұраң жіңішке жыралармен иіріліп ағып жатыр. Шұқыр-шұқанаққа жалтырап көк су тұрыпты. Күн бата ширыға түскен қатты желден шімірігіп, беті діріл қағады. Бар ажарынан айрылып, қыстан көтерем шыққан дала қурайы бүрсеңдеп ығып тұр. Бәрін де бағып, көріп келеміз. Кей тұсқа жеткенде машинамыз тайғанақтап жүре алмай да қаламыз. Дәл бір кезеңнен өте бергенде машина қою сазға килігіп, жылжи алмай, дөңгелегі бір орында зырылдап тұрып алмасын ба? Не амал істерсің. Жолға төсей салатын жақын маңда ағаш та жоқ, машинаны үшеулеп, итеріп шығаратындай жер емес. Шофер машинаның алды-артын байқап көріп келіп: – Біреу кезігіп, көлігімен сүйреп шығармаса, осы батпақта түнерміз, сірә, – деді кейістігі бар қабақпен. Лажың қайсы, ешкім кездесіп, көмек етпесе, таң атқанша осы арада тапжылмай отыратынымызға дау жоқ. «Не айла тапсақ болар» деп үнсіз ойласып қалып ек. Арбаның салдыры естілді. Құлағымызды түре қойдық. Әлгі дыбыс жасырынбақ ойнағандай тына қалды. Сөйткеше болмады, жіңішке бір дауыс бізге жетті: – Машина батып қалды ма? – Солай болып тұрғаны, – деп дауысын созып, бізден бұрын шофер жауап қайырды. – Қазір көмекке барайын... Арба салдыры тағы естілді. Қара көлеңкеде әрең байқадық, қос өгіз жеккен біреу бізге қарай бұрылып алып, оң жағымыздан ентелеп келеді. «Міне, енді сәті түсті!» деп қуанған шофер оның алдынан шыға берді. Жолаушы бала екен. – Неғып байқамадыңыздар? Бұл арадан машиналар ылғи айналып өтеді. Тура жүрсе-ақ батып қалады. Жазғытұрым бұл жердің сазы көпке дейін кеппей жатады, – деді ол арбаның үстінде тұрып, өзі нақ бір ересек адамдарша байыпты сөйледі.

– Мұның сырын қайдан білейін. Қараңғыда байқамай қалғаным. Беті жылтырап тобарсып жатыр еді, асты ми екен қудың, – деп шофер күліп,шынын айтты. – Өзім де осылай ойлап едім, – деді бала. – Қазір сіздің машинаны –өгіздерімен сүйреп алып шығамын. Ол шаңырақ мүйіз екі қызыл өгізді жетектен шығарып,алды да,мойын ағашының ортасындағы дөңгелек шығыршыққа жуан арқан тартты. Өгіздерін жетелеп, машинаның алдына барып,шоферға: – Сіз арқанның анау ұшын машинаңызға мықтап байлаңыз, – деп жеңіл әмір етті. Семіз қызыл өгіздер иесі ақырын ғана ысқырып,үстерінен қамшы үйіріп қалғанда виллисті орнынан бір жұлқып, тіресе тартып,саздан суырып алып шықты. – Сіздер енді мына жолды жиектеп жүріп отырыңыздар. Көп жерге дейін жол саз, – деді бала. Біз оның өгіздерін арбасына жегісіп бердік. Бұл баланың манадан бергі ісі мен мінезіне ерекше сүйсініп едік. «Түн ішінде өзі қайда бармақ екен?» деп ойладым мен. Сұрағыма бала жөнін айтты. – Әкеме бара жатырмын. Ол күндіз ағаш кесуге кеткен. Осы уақытта көлік алып кел деген маған, – деді. – Күн кешкіріп кетті,қараңғы ғой, қорықпаймысың? – деп едім: – Неменеден қорқам. Қасқырдан ба? Қолымда балтам бар.,-деді ол. Арбасына міне беріп, біртүрлі көтеріліп сөйледі. Арбасын шұғыл бұрып, «Хош болыңыздар» деп, келген ізімен жөнеліп кетті. – Қандай жақсы бала еді, – деймін одан көз алмай қарап қалған серіктеріме...

Бұл жолы танысыммен өз үйінің алдында жолықтым. Күн түс ауа жылынып, сызды дала бусанып, ауыл сыртында әдемі бір көрініс туып еді. Жібіген жер бетінде жаңаша тіршілік бар. Қылтиып-қылтиып әр алуан жасыл шөп бой көрсете бастады. Қырбық қана болса да далаға көгілдір рең береді. Алыс түстіктен арып ұшып келген ұзақ қарғалар бұл жерді сағынып қалғандай. Біресе жазық бетіне қона жайылып, енді бірде тобымен көтеріліп барып, төмен құлдилай ұшып, топшысымен ауаны тіліп, қанатымен суылдап, бой сергітеді. Бұл да бір қызығып қарағың келетін құс сауығы.

Көшеде, үй ығында әлі де жатқан қар сілемі бар. Етегі суға малынып, еріп таусылып барады. Әл-дәрмені бітіп, егіліп жылап жатқандай. Сыртта біраз жүріп келіп, аялдап отыр едім. Қарсыдағы үйдің нақ терезесінің алдын қоршауға кіріскен жас шеберге көзім түсті. Қолында кішірек балтасы бар ол, жіңішке жұмыр қадалар арасына жұқа тақтайларды қолдың саласындай етіп шегелеп жүр. Баланы бірден таныдым. Үстіне шаңғышының костюмін киіпті. Жұмысына бөгет жасамайын деп, сыртынан сүйсініп көп отырдым. Ол шеткі ашаға соңғы тақтайын қаға бергенде ғана қасына барып, өзіне қол беріп амандастым. – Сәлематсыз ба?..Машиналарыңыз сосын еш жерде батып қалған жоқ па?-деді мені көрген бойда, өткен жолғы оқиғаны еске алып. – Жоқ... аман-есен жеттік... Ал өзің мына іске қашан кірістің? – дедім мен жайын білгім кеп. – Бүгін. Тақтайларды әзірлеген әкем. Мен соларды шегелеп жатырман. Сіз білесіз бе, осы қоршаудың ішіне біз тал егеміз. – Бала қанша түп тал отырғызатындарын, оның көшеттерін әкесі қашан әкелетінін айтып берді. Біздің ешкіміз де көп. Сол кебенек келгірлер талды жеп қояды. – Бірақ олар енді мына қоршаудың арасынан басы түгіл тұмсығын да өткізе алмас – дедім мен. Жас шебердің ісін ұнатып тұрмын. Бала ақырын ғана жымиды. Томпақ бетінде мақтаныш сездіргендей әсерлі толқын білінді. – Менің әкем ағаш шебері. Сіз егер оның жасаған заттарын көрсеңіз... О-Һо! Сіз көрген үлкен көк арбаны да ол жасаған, – деді бала. Ол маған өзінің ежелден таныс,үйреншікті адамындай дидармен қарап: – Мен әкемдей шебер бола аламын ба? – деп, тұтқиыл сұрады. – Әрине,– деймін мен.Бала күлімдейді... Сол сүйкімді ажарынан әке өнерін қалаған жас азаматтың ыстық көңіл ынтығы танылғандай еді. ... Келесі күні ол екеуіміз өзенге балық аулауға бардық. Өзенді жоғары өрлеп барып, бір жайпауыттау тұсына бөгелдік. Күн желсіз, ыстық еді. Біз өзеннің ұйысып тал өскен аласа қабағына шығып, мөлдіреп ағып жатқан суға қарап біраз тұрдық. Қолымызда қармағымыз бар. – Сен қармақты осы бір тұстан сал. Мен әрірек барып отырайын, – дедім балаға. – Жоқ, сіз осы жерде қалыңыз, мен әрмен барайын, – деді ол. Осыны айтып жалма-жан жүгіре басып ілгері кетті. – Бұл өзенде балық көп, қазір-ақ бір қапшығын ұстаймыз, – деп дауыстады бұрылып. – Әрине, әрине, – деймін оны қостап...

Мен қармақтың ұшына қызыл құрт шаншып, суға алғаш салып жібергенде-ақ бір балық қармағымды тартып қалды. Қармақсабымды іле тіке көтеріп ем, бауыры ағараңдап, тулап, жылтыр шабақ ілініп шыға келді. Өзін тамақтан іліп жоғары көтеріп әкеткен пәлемен, әліне қарамай, су ішінде жұлқынып алыса шықты. Осыдан кейін де қармағыма қайта-қайта ұсақ шабақ іліне берді. Енді осы шабақтың өзін қармаққа шаншып жемге тосуға тура келді. Байлаулы азыққа қомағай шортан неғып ұмтылып қалмас екен? Қармақты шабағымен суға салып, қармақсабымды молтақ талға байлап, кейін шегіндім. Баланы байқадым. Ол бұта арасынан бір нәрсеге сығалап қарап, қозғалмай тұр. Не көрді екен? Нені аңдыды? Қармағыма бір қарап қойып,серігімнің қасына бардым. Аяғымды ептеп басып жақындадым да: – Нені аңдып тұрсың? – дедім ақырын ғана. – Ағай ,өзіңіз қараңызшы, қандай тамаша! – деді бала су бетін қолымен нұсқап. Бойымды жазбай бұта арасынан сығалап мен де қарадым. Тымық мөлдір суда балықтар ойнап жүр. Біресе көлбей жүзіп,бірде су бетін айыр құйрығымен салып қап шолп еткізіп, төмен сүңгиді. Бір сәт көзі шегірейіп кеп,жағадан төмен иіліп ұшы суға тиіп тұрған көк шөптің шетінен тістеп жұлып кетеді. Бұл кезде бүкіл жоны мен жарқ еткен бауыры көзге тұтас шалынады. – Олар бәрі мәз болып ойнап жүр екен. Мені көрсе бәрі қорқып қашып кетеді. Сосын бұға қойдым, – деді бала өз жайын баяндап. Сәлден кейін ол: – Мейлі, ойнай берсін. Оларды мен шошытпаймын. Қармақты басқа жерден саламын, – деді... Бұл күні олжамыз аз болған жоқ. Екеуіміз де балықты көп ұстадық. Баланың су жағасында айтқан әлгі бір сөзі ойымнан кетер емес. Бұл жайды кейін де талай еске алдым. Шынында да сол сөз бала жанының асыл бар сипатын танытпай ма. Оған қалай жолыққанымды жазуыма түрткі болған да осы сөзі. Ұмытпаймын ол баланы.

Екі дос Терезенің нақ түбіне келіп орнығып, кешкі қарбаласта ақ қайыстан өзектеп ат қамшы өріп отырған Баянжан жылқышы ағасының бір сөздерін естіп елең ете қалды. «Алтай деген бір өжет бала. Өзі қандай пысық, тапсырған ісіңе қандай тиянақты» деп, ағасы Алтайды аула алдында тұрған көп кісінің көзінше мақтады. Енді не айтар екен дегендей Баянжан еңсесін ілгері салып,құлақ түріп еді,бірақ әңгіме әрі өрбімей,үзіліп қалды. Ағасының әлгі айтқаны,сірә, манадан

бергі сөздің түйіні болса керек. Баянжан Алтаймен түйдей құрдас еді. Өзінің есімі ауызға да ілінбей, ал құрбысының мақталғанын онша ұната қоймады. Әркімде де өзіндік намыс бар ғой. «Өжет дейді, сондайлық нені тындырыпты? Өзімізден артық ешқандай батырлығын көргеміз жоқ» деп мұқатты Баянжан құрдасын. Ол өріп отырған қамшысын белінен бір бүктеп жан қалтасына сұға салды да, орнынан асығып тұрды. Ағасы мақтаған өжет баламен күш сынасып байқайын деген ой келді оған. «Кімнің батыр екенін көрерміз сонда» деді ішінен. Ертеңіне таңертең Алтай мұны қақпа алдында күліп қарсы алды: – Тал түске дейін қорылдағанда не таптың? Менің түрткілегеніме оянбадың ғой, тіпті... – Ерте тұрғандағы сенің олжаң қайсы? – деп,Баянжан қырын жауап қатты. Бұл сөзге құрдасы мән берген жоқ, «қабағыңа көрінсін андағы, қос жұдырықтай боп ісіп кеткен» деп ажуалай күлді. Өткір күн нұрынан көзі ұялып, маңдайын алақанымен қалқалап Алтай жаққа бұрылып қараған Баянжан, көлеңкеде ат ерттеп жатқан жатқан өз ағасын көрді. – Расында көзің оңбай қалған екен, – деп ағасы да езу тартты. Ол енді Алтайды иегімен нұсқай сөйледі, – әдейі шақырдым. Қазір екеуің қорадағы қос жиренді көлге апарып щомылдырып қайтыңдар. – Одан соң не істейміз? – деп сұрады Алтай. – Екеуіне де жем салыңдар, – деді жылқышы. – Ал, сосын ше? – деп, Баянжан көзін уқалап, ағасына жақындады. – Сосынғыны кейін көрерміз, – деп ағасы атқа қона беріп еді: – Жоқ, қазір айтып кетіңіз, сосын қайтеміз? – деп Баянжан қайыра өтінді. – Атаң өзі біледі, аттарды жайлауға алып барады... Ал жақсы, сау болыңдар, балалар. Жөнелейін. – Ол аяғымен жер тарпып, пысқырынып, тыпыршып тұрған көк атының басын оңға бұрып, шоқытып кетті. – Аттарды жайлауға өзіміз алып барамыз, – деп дауыстады Баянжан. Ағасы кейін бұрылып бір қарады да, қамшысын көтеріп, көл жақты нұсқады. Не тұрыс бар, жүр, Баян, аттарды алып көлге тартайық, – деп Алтай ат қораға беттеді... Екеуі екі сәйгүлік атқа мінгенімен жол-жөнекей желікпей, көлге аяңмен келді. Бір-біріне жөнді тіл де қатысқан жоқ. Аттарын жетелеп суға түсіріп, сылап-сипап ұзақ шомылдырды. Бұл қызметке екеуі де әккі еді. Талай атты шомылдырып, талай сатты суға жүзіткен. Алтай салалы саусақтарымен өз атының жалын салалай жуып тұр еді. – Мықты болсаң, кел, ат үстінде аударыспақ ойнайық,–деп, Баянжан жарысқа шақырды.

Құрдасы қабыл алды. Екі дос аттарын шаужайлап,су ішіндн қатарласа берді. «Ал,бастадым» деп Баянжан бұрынырақ қимылдап, Алтайды жалаңаш иықтан алақанымен пәрменімен қағып жіберді. Құрдас атынын ауып қала жаздап, жантайып барып, жуас жиреннің жалына жармасып, бойын әрең түзеді. Осы сәт Баянжанның қолы мұны кеудеден итере қақты. Бірақ,бұл жолы Алтайдың отырысы нық еді. Баянжан атын тебініп, сол жағынан төне бергенде, ол оң иығын қырындата бұра беріп, қатты ұмтылып, жолдасының білегінен алып,өзіне қарай жұлқып тартып қалды. Құрдасы делбең етіп суға құлады. – Қапы қалдым, қапы қалдым, – деп намыстанды Баянжан. Ол атын жауырынға сабалай, Алтайды қуып жетіп, онымен қайыра тартыспақ еді. Құрдасы атын жетелеп судан шығып кетті. – Біраз алыстық, енді жетеді, жүр, қайталық, – деді Алтай. – Өй, сенің өжеттігің қайда? Менімен қайта ұстасуға қорықтың ғой,иә?.. Мейлі, жарайды, кетсек кетейік, – деп Баянжан маңғазси сөйледі. Ол, бірақ, жолда үндемеді. Құрдасының екі-үш сұрауы жауапсыз қалды. «суға құлатқаныма өкпелеп келе жатқан болар» деп ойлады Алтай. Бірақ ойынды өзі бастап, енді жығылғанына неге өкінсін, Баянжанды ақылсыз деймісің? Ол өкпелемейді, көңілінде еш қаяу да жоқ. Оның ойы тым биікте самғап жүр еді. Алтайдың сұрауына жауап қатпайын деген жоқ,сол құрбысының не дегенін естімей қалды. «Өзімнен күші артық емес екен. Мен тек қапы қалдым ғой,әйтпегенде...Қайыра келгенде суға бір сүнгітіп шығаратын едім» деп ойлап келе жатты ол. Оның көңілі тағы да көтерілді. – Анау жүрген бұзауға дейін жарысамысың? Кел, қане... Атыңды қатарластыр...Әйт-шүу! – деп, Баянжан шаңы бұрқыраған жолдың жиегімен дүрсілдетіп шаба жөнелді. – Баян-ау, саған не болған? Үйдің іргесіне келгенде ат жарыстыра ма екен? – деп Алтай тоқтау айтып, ере түсіп еді, бұған аялдар Баянжан болмады. Атының сауырына қамшыны бір басып, ызгытып кетті... Ол шеткі үйдің бақшасына жетіп, шарбақтан қиқулап айналып өте бергенде, жайылып жүрген бес-алты тауық, ат дүбірінен шошып, қанаттарын сабалап, даңғаза қып, шашырай ұшты. Құс әбігерінен жалт беріп үріккен ат бір жағына қарай бұра тартты. Басына ырық бермей, сыңар езулеп қырындай шауып барады. Баланың да зәресі ұшты. Баянжан тізгінге қос қолдап-ақ жабысты, бірақ еті қызып алған жиренді бұра алмады. Желіккен ат, шапқылаған бойында, қақпасы аздап қана ашық тұрған ат қораға таман бұрылды. Аты қақпаға жетіп қалғанда Баянжан тізгінді қоя беріп,төмен еңкейіп,жасқанып қөзін жұмып, жиреннің шоқтығына жабысты.

– Баян-ау, секіріп кет деймін. Ағашқа соғады, – деп, атын қамшылай Алтай да жолды кес-кестеп, көлденеңдеп шапқылап келеді. Ол қораға бұрынырақ жетіп, үріккен аттың алдын тоспақ еді. Үлгірмеді. Баянжанның жирені еліре желіккен күйінде ағындап келіп қораға еніп кетті. Есік алдындағы ашаға атын байлап, Алтай қораға енді. Жирен аттың желігі әлі де басылмай, шылбырын сүйретіп,ойқастап жүр екен. Алтай дереу қақпаны жаба қойды. Ол құрдасын бірден көре алмады. Алақтап жан-жағына қарады. – Баян, қайдасың? – деп дауыстады Алтай. – Мын-да-мын, – деп дыбыс берді құрдасы. Алтай осылай қарай ілгері жүрді. Жуан ашаның ығында, бір бұрышта, тізесін уқалап Баянжан отыр еді. Құрдасы қасына келгенде ол оң аяғын басып орнынан тұрды. – Жирен ат ашаға тіземді оңдырмай соқты. Көрдің бе, міні, тіземді көгертіп кеткенін, – деп, Баянжан шалбарының балағын жоғары түріп, тізесін көрсетті. Үріккен ат құрдасын қораға қарай бұрып ала жөнелгенде тұла бойын үрей билегенін Алтай да жасырмады. «Ат ашаға соғып,бір жеріңі зақым келсе қайтесің? Секіріп кетуің керек мұндайда» деп, жолдасына ақылын да айтып жатыр. – Қызықсың ғой өзің, – деп Баянжан мұның сөзін бөлді, – құйындатып бара жатқан аттың үстінен қалай қарғып кетпексің? Қарғиын деп бір оңтайланып едім, батылым бармады. Ол бұл сөзді айтуын айтып қалғанмен,өзінің осылай дегеніне соңынан өкінді. Тайталас құрдасының алдында осалдығын сездіріп алғаны несі екен? Баянжан ботинкасының тұмсығымен жер шұқылап, төмен қарап сәл тұрды да, тез сергіп, ширақ үнмен: – Бұ не тұрыс? Асауымды ұстайын. Оның сазайын тысқа шыққан соң мықтап тұрып береміз! – деп, құрдасына жымиып иек қақты. Бірақ, ол сыртқа шыққан соң жирен аттың сазайын тартқызбады. Тізгінді тежеңкірей қыса ұстап, атын ақырын ғана жортақтатты. Ертеңіне Алтай екеуі екі атқа салт мініп жайлауға тартқанда да Баянжан бұрынғы әдетінше жол-жөнекей жарысуды қаламады. «Күн ыстық,аттарды буламайық» деп, көбінесе жорға бүлкілмен отырды. Тек малшылар қосының қарасы көрінген кезде ғана Алтаймен үзеңгі қағыстырып, ілгері ұмтылып, атын сар желдіріп кетті. Жолдасының одан озғысы келмеді. Баянжан қосқа бұрынырақ жетті.

– Бұл жерде біраз күн боламыз деп аттарды әдейі өзіміз алып келдік. Жылқы бағысамыз, – деді ол қосқа кіріп, жайланып отырған соң жылқышы –ағасына. – Мал баға келдім деушілерді біздің жылқышылар қуанып қарсы алады,-деді ағасы күлімсіреп. – Мал бақтырам деушіні біз де жақсы көреміз, – деп Алтай көздері күлімдеп қуаныш білдірді. – Әрине сүйтеміз. Біз мал бағудан тайынбаймыз, – деп Баянжан да серігінің сөзін бас изеп құптап қойды. – Жылқышы болғың келе ме? – деп ағасы одан әдейі сұрады. – Әрине. – Жылқы бағудың қиыншылығы көп. Аязға да қарыласың, нөсерге де малшынасың. Бұған көнбістік керек. – Біз бәріне де көнеміз. – Көну өз алдына. Ең әуелі табандылық пен қайратың жетсің. – Екеуі де жетеді. Баянжанның екілене сөйлегеніне Алтай мырс етіп күліп жіберді. Құрдасы мұны өзгеше жорыды. Өзімді кекетіп отыр деп ойлады. – Сен күлме. Сенің ерлігің де белгілі, – деді қызараңдап Алтайға. – Қайсыңның мықты екеніңді бүгін көреміз, – деп жылқышы күле сөйледі, сірә, құрдастарды сынағысы келгендей, – көптен құр жүрген бір жорға дөнен бар. Соны құрық салып,жылқы ішінен екеуің ұстайсың... Кешкі салқын түсе жылқышылардың бірі жанына Баянжан мен Алтайды ертіп, бір топ жылқымен бірге жорға дөненді қос маңына қақпалап айдап әкелді. Алтай құрығын сүйретіп жылқының алдын бөгеп иіре беріп еді. – Ал, балақай, анау көк биені жанамалап барып дөненге құрығынды салып қал, астыңдағы атыңды тежей ұста, – деді егде жылқышы Баянжанға. Демін ішіне тартып,тістеніп алған Баянжан көк биенің тұсынан жанай өте беріп, оңтайлап ұстаған құрығын дөненге сілтеп қалды. Қолы мүлт етпеді. Мойнына сарт етіп тұзақ түскенде дөнен қатты шошып, орғып түсіп,құрықты жұлқып жоғары қарғыды. Ал үстінен ұшып кете жаздаған Баянжан құлармын деп жасқанып, қарысуға тайсақтап,саусақтарын жазып жіберді. Бала уысынан бір ұшы жылт ете қалған құрықты сартылдатып, тепкілей сүйретіп, жорға дөнен топ жылқыдан жарыла қашты. Алтай бұған қапталдаса ұмтыла берді. Дөненнің алдын орағыта беріп, Алтай бұған тұзақша құрықпен қашағанды мойнынан ілді. Құрық тимеген құр асау мұны да сүйреп кетуі мүмкін еді. Бала өзінің торысымен оған ілесе шауып, құрықтан айрылмады. Осы кезде егде жылқышы да жетіп,құрыққа ол да жармаса кетті. Екеулеп тежеп, дөненді тыпыр еткізбеді.

– Ие бол,ие бол. Бүлк еткізбе! Жүген әкеле жатырмын! – деп айқайлады Баянжан,атына үсті-үстіне қамшы басып, шапқылап келе жатып. Кешке ұйықтар алдында Баянжанды бір ой ұзақ мазалады.Бүктемелі жеңіл кереуетке етпетінен жатып,жылы көрпеге қымтанып оранып алса да сол тынымсыз ой түрткілеп, дегбірін кетірді. «Шынымен-ақ, Алтай менен мықты ма? Шынымен-ақ ол өзімнен өжет пе?» деп,өзіне өзі іштей сұрау қойып,оған жауап іздеді. Бүгінгі оқиғаны көз алдына әлсін-әлі елестетіп өтеді. Әуелі құрық салғанда асау дөненнің бұған ырық бермей кеткені рас. Ат мойнына сырғанап, өзі жалбаң етіп құлай жаздады ғой. Сол сәтінде жүрегі де дір ете қалған-ды. Зыта жөнелген асауға қайыра ұмтылуға дәті бармады. Атымнан жығып кетер деп сақтанды. Жылқы ортасынан жарыла қашқан дөненді тарсылдатып Алтай қуып кеткенде, Баянжан таңырқай қарап тұрса да, кекесінмен мырс етіп еді. «О,мақтаншақ, сен құрық сап ұстасаң ғажап болар. Әліңе қарасайшы!» деп бетін тыржитты. Алтай асау қашағанды бөгеген кезде Баянжан өз көзіне өзі сенбей, алақанын маңдайына тосып,үн-түнсіз қалшиып қалды. – Балақан-ау, неғып тұрсың? Мә,мынау жүгенді аналарға жеткіз!-деген өктем дауыстан селт етіп бойын жиды. Жүгенді ала-мала құрдасына қарай жөнеліп еді. «Кішкене бала құсап,неге бүйттім екен» деп ойлады ол. Дегенмен құрдасы осал бала емес-ау! «Я,рас,ол менен әлсіз болмауы керек» деген ой келді Баянжанға. Алтайға бір сөз айтқалы басын көтеріп,дыбыс беріп еді, құрдасы тәтті ұйқының құшағына еніп кеткен екен. «Асыққаным не,ертең күндіз айтпаймын ба?» деді ішінен Баянжан. Өзі бір қырына аунап түсіп,көрпесін жоғары тартып, басын бүркеді. Таңертең ол ертерек оянды. Көзін сығырайта ашып, оң жағында жатқан Алтайға қарады. Құрдасы да ояу еді. – Қайырлы таң, Баян! Қалай, ұйқың қанды ма? – деді ол қой көзінің жанарында күлкі ойнап. – Мен оянғалы қашан! Ұйқым мықтап қанып қалыпты, – деп,жолдасы көрпесін кейін ысырып, тұруға оңтайланды. Екеуі де қатар киініп,тысқа шықты. Күн нұрына малынып тұрған дала келбеті бұларға соншалық ыстық,соншалық сұлу көрінді. Көз ұшында шашырай жайылып, қалың жылқы жүр. Ауыл жақтағы биік адырдың иығына асылып жатқан қара жолмен екі-үш салт атты төмен құлап келеді. Көгілдір аспанда түтілген түбіттей ақшыл бұлттар жүзіп барады. Дала гүлінің әдемі хош иісі аңқиды. Алтай бар төңірекке құмартып көз қыдыртып,жаны аса бір рақат тауып тұр еді.

– Сен кеше сескенген жоқпысың? – деп,Баянжан тосын сұраумен оның көңілін бөлді. – Неменеден? – деді Алтай түсініңкіремей. – Асау атқа құрық салғанда құлатып кетер деп қорықпадың ба? – Оның несі қорқыныш? Ал өзің қорқып па едің? – Жоға... – Ендеше құрықты неге уысыңнан босатып жібердің? – Аттан аударып кетер деп қорықтым. – Ә, солай ма, – деп күлімсіреді Алтай, – бірақ жасқанудың өзі қорқумен ағайын ғой. – Мүмкін солай шығар,– деді Баянжан солғын үн қатып... Құрдасының әлгі бір сөзі оның көңілінде ұялап қалды. «Шынында неге қорықтым екен?» деп ойлады ол. Бірақ өзін қорқақтар қатарына қосқысы келмеді... Ол түнде жылқышы ағасына еріп, Алтаймен бірге жылқы жаюға бара жатқанда да құрдасының таңертеңгі айтқаны есіне түсе берді. Ол ойлы көзбен төңірегіне көз салды. Айсыз қараңғы түн. Дала күндізгідей емес,үнсіз мүлгіп тұр. Алдан ескен салқын жел бар. Жылқының кісінегені, пысқырғаны естіледі. Аң ба, құс па әйтеуір бір тағылардың шақылдаған даусы құлаққа келеді. Ат үстінде үнсіз қатып Баянжан бәріне де құлақ түреді. – Келіп қалдық! – деді жылқышы. Баянжан ұйқыдан шошып оянғандай селт етіп, тізгін қағып, атын тебініп, Алтайға қатарласты. Бұл екеуі өздері тілек білдіріп, бір қарт жылқышының кезегіне келіп еді. Бұларды бастап әкелген жылқышы әр сөзін қысқа-қысқа қайырып,екі балаға міндет жүктеп,тапсырма берді. – Жылқының бір шетінде өзім боламын. Екеуің екінші шетіне ие боласыңдар. Ұқтыңдар ма? Қорықпайсыңдар ғой? – деді жылқышы. – Ұқтық. Қорықпаймыз!

Жылқышы мұртын сипап,балаларға жымия қарады. Сірә, екі жас жылқышыны сынап тұрғандай. Сынағаны да, барлағаны да жөн. Сенімі артады ғой. Елгезек жылқы малын кім көрінген баға алар ма?!

Жас жылқышылардың бірінші түні қатері мол қиын сын үстінде өтті. Астына семіз торы ат мініп, көп жылқының арасында жүрген Алтай мана, қостан аттанар алдында, күнбатыс жақтан. Түйіліп келе жатқан қара сұр бұлтты байқап еді. Түн ортасына таман төбедегі көмескі жұлдыздардың беті бүркеле бастады. Жел де күшейе түскендей. – Жаңбыр жауатын түрі бар. Сақ бол, – деп дауыстады ол Баянжанға.

Бір мезгілде күн қатты күркіреп, найзағай жарқ ете қалғанда, жайылып жатқан жылқының бір шеті кейін жапырыла үрікті. Алтайдың астындағы семіз торының құлағы елеңдей қалды. Айнала қап-қараңғы, ештеңе көрінбейді. Алтай атын тебініп жіберіп, дауыс салып, үріккен жылқының алдынан шықты. Осы кезде сатырлап өткінші жаңбыр құйып қоя берді. Найзағай тағы да бір жарқ еткенде, жылқышы бала шеттей жайылған бір тайды қамалап қуа жөнелген екі-үш көкжал бөріні ап-анық көрді. Баянжан да байқап қалды. Ол құрығын кезей ұстап, атой сап,дала жыртқыштарына тұра ұмтылды. Даланы басына көтере қиқулап, бөрілерді қуып кетті. Дабырды естіп,егде жылқышы да осылай қарай ат қойды. – Сен жылқыға ие бол! – деп Алтайға әмір етті де, ол Баянжанның соңынан жөнелді. Баянжан қасқырлардан тайды арашалап алып,оны үйірге қарай қайырып тастады да, ілгері шауып жөнелді. Айғайға басып, бөрілердің зәресін ұшырып қуып келеді. Ол кері бұрылғанда, атын алқынтып бұған жылқышы да жетті. – Әттең, атым жүйрік болмады, әйтпегенде қасқырдың біреуін соғып алатын едім, – деп, Баянжан даурыға сөйледі. – Соғып алмасаң да, әбден естерінен таңдырдың. Жүрегінің түгі болмаса,енді өздері де бұл маңды баспас, – деп жылқышы оған разы болды. Екеуі аттарының ентігін басып,жай аяндатып, үйірге келді. Нөсерге малшынған Алтай семіз торысын жортақтатып бұлардың алдынан шықты. Сен дұрыс айтқан екенсің, Алтай, жасқанбаған кісі қорықпайды екен! – деді Баянжан.

Құбақан құлын туралы аңыз Айдын көл баяу ғана толқып жатыр. Бірін-бірі қуалап ойнаған ерке толқын жағада тұрған қайықты ақырын ғана тербетеді. Күннің көзі сарғылт реңденіп, көлеңкесі ұзарған қалың жыныс ағашқа иек артып, төмен еңкейіп барады. – Екі жолаушының жолыққан кезі нақ осы мезгіл шамасы еді, – деп Жаңбыршы аңшы батып бара жатқан күнге қарады. Көлге сұғына біткен сүйір түбек жағасында,екі-үш аңшы серігіне өткен күннің ұмытылмас бір әңгімесін шертіп отыр. Бұдан елу шақты жыл бұрын, жас бала кезінде өзі көріп, куәсі болған бір оқиға еді ол. Көл беті күлімсірегендей құлпыра түседі. Жиекте сыңсып тұрған қалың қамыс назбен ғана ырғала теңселеді. Бәрі де қарт аңшының сөзін ұйып тыңдағандай. Тек екі ақ шағала ғана дамыл таппай, су бетін торуылдап ұшады. Ауық-ауық бір орында қадалып тұрып алып, балық аңдиды. Енді бірде «осылар неғып отыр» деп

танырқағандай аңшылардың төбесінен ән салып ұшып өтеді. Ертеден қара кешке дейін сабылған неткен байғұс! – Сол бір оқиға әлі күнге көз алдымда тұрады. Құлынымен шұрқырап табысқан күрең биенің көзінен моншақтай түйір жас домалап түсіп еді, – деп Жаңбыршы аңшы сөзін тәмамдады. Ол шерткен әңгіме тарихы былай еді.

*** Жайлаубай дейтін кісі ата-бабасына да дәулет дарымаған кедей адам болды, жасында тұрмыс таршылығының тақсыретін көп тартып өсті. Есейіп жігіт болған шағында да жоқшылық шеңгелінен сытылып шыға алмады. Қалай жүрсе де, қайда барса да кедейлік аяғына шырмауық шөпше орала берді. Мал құралмады. Жайлаубай бір жылы нағашысына қонаққа барғанда, қарт нағашысы өзінің кедейлігіне қарамай, жарлы жиеніне бір құла жабағы сыйлады. Бірер тұяқ ұсақ малы болғанымен, әзірге ірі қара біте қоймаған Жайлаубай,жабағыны жаны қалмай мәпелеп бағып-қақты. Шағын ғана ат қора салды. Қыстың үскірік боранды қақаған суығына жаяу малтығып, жабағысына алыстан талай-талай шөп арқалап әкеп жүрді... Еңбегі еш кетпеді. Жабағысы екі-үш жылда сұлу мүсінді бие боп шыға келді. Иесінің бағына қарай әрі сүтті, әрі жылдам болды. Күрең бие тұңғыш құлындайтын жылы Жайлаубай тыным таппады. Шырт ұйқыда жатқанда талай шошып оянып жүрді. –Уа, Жайлаубай, қайдасың! Күрең биені қасқыр жарып кетті! –деген айғай шықты бір күні. Жайлаубай аяғына сірімет ұйығын сұға салып,сыртқа көйлекшең,жалаң бас жүгіріп шықты. Ат қораның қақпасы ашық қапты. Күрең бие орнында жоқ. Жайлаубай зыр жүгіріп, қора маңын шолды. Қыбыр еткен еш нәрсе көзге түспеді. Жайлаубайдың әйелі де май шамын сықситып, қораны қарауға шығып еді. – Көрінбей ме? – деп сұрады ол сұры қашқан күйеуінен. –Жоқ, – деп күрсінді Жайлаубай. Терезенің дәл түбінен жаңағы дауыстаған кім? Естідің бе сен? –Естімедім. –Жаным-ау, қалайша естімедің? Күрең биенің өзі кісінегендей болып еді. Зымзия жоғала қалды бәрі. Өңім бе, түсім бе?.. Жайлаубай ұға алмай тұр. Шынында оның үйінің терезесінің түбінен дауыстаған ешкім жоқ еді. «Күрең бие осы бүгін түнде құлындар» деп, өзі ұйықтай алмай елеңдеп жатқан. Таң алдында ғана көзі ілініп кетті. Түс көрді. Биесі құлындап,әйелі қымыз сапырып,өздері асқа жарып, мәз-мейрам боп жатыр

еді. Жайлаубай шара аяқ қымызды қолына алып, ернінің ұшын тигізіп, енді ғана тата бергенде, ту сыртынан айғай шықты. Ол шошып оянды. – Япырай, қайда ұшып кетті! – деп дегбірі қашиы Жайлаубайдың. Ол әйеліне: «Сен осы маңайдан қара,мен мына төңіректі шолып келейін» деп, қолына қақ сойылын алып,жүгіре басып жөнелді. Қарауытып көрінген шоқ ағашқа бет алды. «Япырай, тасқапқырға тап болды ма» деп жан ұшырып келеді. «Мүмкін далада құлындап қалған шығар. Құлыншағы аман болса жарар еді. Жүрегім неге аттай тулап барады?.. Әлде ұрылар алып кетті ме?..» Жайлаубайдың тұла бойы қалтырап қоя берді... Ол үйінен бес шақырымдай ұзады. Шоқ ағаштан күрең биені ұшыратпады. Таң әбден ағарып атты. Көз жетер жерден қыбырлаған еш қара көрінбейді. Жайлаубай ентігіп, ұшып келе жатыр еді,кенет жылқының екі қайтара кісінегенін естіп қалт тоқтай қалды. «Күрең биенің өзі... Жануарым, иесін сезді ғой... Қай тұстан шықты дауысы!» Күрең бие тағы да кісінеді. Әлденеден қатты үркіп, шошыған жылқының жәрдем іздеп кісінеуіндей. Жайлаубай ұмтыла жүгірді. Ұйыса өскен толп шіліктің ығында құлағын тігіп тұрған күрең бие иесін танып, оқыранып қоя берді. Өзі судан шыққандай қара терге малшыныпты. Танауы делдиіп,бүйірін соғып ентігеді. Жалы желкілдеп басын шұлғып, құбылаға қарап, жер тарпыды. Жылқы малының мінезіне бала жасынан қанық Жайлаубай күрең биенің бөрімен алысып шыққанын сезе қойды да, оның жер тарпып,құлағын тіге қараған жағына көз аударды. Жалғыз арлан қасқыр Жайлаубайдан ығысып,тасатасамен жылысып барады екен. Жайлаубай сойылын көтеріп ұмтыла беріп айғай сап, қатты ақырып қалды. Ол кері бұрылғанда шіліктің түбінде қызарып жатқан құлынды енді ғана көрді. Сойылын лақтыра салып, қуанып жүгіріп келді. Жас құлын жіңішке, нәзік алдыңғы екі аяғын ілгері созып, тәлтіректеп түрегелді. Жал-құйрығы жібек шашақтай үлбіреген, төбесіне шаншыла біткен қос құлағының арасында үкідей желбіреген қысқа кекілі бар,сұлу мүсінді құбақан құлын. Жайлаубай ентелеп қасына жетіп барғанда, жас төл адамды жатырқа-ғандай,мөлдіреген үлкен қара көзін төңкеріп бір қарады да, құлағын жымитып, енесінің бауырына тығылды. Күрең бие мойнын қайырып, құлынын жалынан иіскеді. Жас құлын Жайлаубайға анасының алдында талпынған нәрестедей көрініп кетті. «Құлыншағым...ырысым... Маңдайға біткен дәулетім» – деп сығырая күлімсіреп,құрғақ ернін тамсанып, қыбырлата берді ол... О, Жайлаубайдың сондағы қуанғанын тілмен сипаттап жеткізуге болмас! Қуанышында шек жоқ еді оның. Ол жас құлынды баладай әлпештеп, үйіне шейін көтеріп әкелді. Келісімен-ақ,есік алдына желі тартып,бие бие байлаудың қамына

кірісті. Құлын күндіз тұратын саялы орын жасады. Әйелі жас құлынға шақтап ноқта есті. Зыр жүгіріп, көрші-қолаңның бірінен қымыз ашытатын мес сұрап әкелді. – Ие, енді біздің үйде сары қымыз күпілдеп сапырылады,-деп қуанды Жайлаубай месті көріп. Аз күн өткен соң ол өзінің кішкене үйінің қақ төрінде шарт жүгініп отырып: – Қане, қымызыңнан құйшы, – деді әйеліне. Зайыбы сыпайы жымиып,сабадағы қымызды пісті де, дөңгелек сырлы аяқты шүпілдетіп әкеп күйеуіне ұсынды. Жайлаубай қымызға ернін тигізіп, ақырын ғана бір жұттыда, тамсанып,күлімсіреп әйеліне қарады. Қымызда ерекше бір тәтті дәм бар, аңқыған иісі сарай ашады. Ол тамсана берді. Таңдайында тәтті бал жабысып тұрғандай. «Шөлдесең сусын болған, ауырсаң дәру болған, шіркін бал қымыз-ай! » – деп ойлады Жайлаубай... Күрең биенің құлыны ұрғашы еді. «Тегі асыл мал ғой, төлі енесіне тартқан сүтті болады»-деп, қызығып, құба құлынды қалаушылар әр жақтан ат сабылтып,келіп жатты. Әсіресе тақыр бас,қайқы мұрын Әшірбек дейтін саудагер жиі келгіштеп, Жайлаубайды көп дөңгелетті. – Өзгеден саған не пайда,құлыныңды маған сат, не қаласаң соны,– деп Жайлаубайдың алды-артын сөзбен орады. – Жоқ... Күрең бие қашан өзі қожырап суалғанша, құлынын енесінен айырмаймын, –деді Жайлаубай. Күз туып қалған кез еді. Жайлаубай әйелімен бірге таудан отын әкелуге кеткен кезінде жер ошақтан от шығып, үйі өртенді. Жұрт жиналып сөндіргенше,кішкене отаудың шаңырағы қайысып ортаға түсті. Азын-аулақ жиған дүние,төсек-орын, ыдыс-аяқ-бәрі де өртеніп кетті. Күз түскен. Қыс жақын. Баспана керек. Үстіне жамылар жөнді лыпа да жоқ. – Тірі жанбыз ғой, бір тіршілік жасармыз, – деп көңіл жұбатты Жайлаубай. «Күрең биенің құлынын сатпасқа лажым қалмады», – деп қынжыла ойлады. Әшірбек саудагер бұлардың осы күйзеліс жағдайын бір жүргіншіден естіп, Жайлаубайдың халін білгелі шыққан кісі болып, ойда жоқта салдыратып келе қалды. Болған апатты тыңдап отырғанда ол қатты қиналған пішін көрсетіп, қайтақайта басын шайқай берді. Жайлаубайдан бұрын сөйлемей, оның айтарын көңілмен аңғартып, сөзіне еппен ерді. Күрең биені төлінен айырып, екі айдай ерте суалтып, құба құлынды қаражат үшін сатуға Жайлаубай амалсыз көнген екен. «Иесі шын күйзеліп қалыпты, мүмкін құлынды арзанға сатып қалар», – деп ойлады Әшірбек. «Қой онша бұлданбайыншы, бұл құлынға қызығушы көп, біреуі төтеден қағып кетіп жүрер»,– деген бір күдік және кес-кестеді. – Жарайды, айтқаным айтқан, бір айтқаннан қайтпан. Сұрағаныңды аласың, – деп, Әшірбек Жайлаубайдың алақанына қолын сарт еткізіп соқты. Бір жабағының жарты құнындай ақшаны қолма-қол есептеп беріп және он кез арзан бөзді

Жайлаубайдың әйелінің алдына тастады. «Қақымды жібере қойған жоқ шығармын, бұл құлынның бағасы ертең қалай шырқағанын көрерсің», – деп Әшірбек ішінен жымиды. Сол күні Әшірбек құба құлынды тыпырлатып арбаның жетегіне байлап, сүйрелеп алып кетті. Құлынның кісінегенін естіген күрең бие көзі жайнап, қайыра-қайыра жер тартып, жұлқынды. Қыл шылбырын үзе алмады. Арада бес жыл өтті. Тамылжыған май айының іші еді. Ен дала жасыл барқыт жамылғандай құлпырған шақ. Жеңіл қазақы арбаға жегілген күрең бие сүрлеу жолмен бүлк-бүлк жортып келеді. Арба үстінде ыңылдап ән тербеген Жайлаубай анда-санда делбе қағып, «шүу, жануар» деп қояды. Бір белеске көтеріле бергенде, қарсыдан қылтиып ат құлағы көрінді. Күрең бие кісінеп қоя берді. Жас құлынның даусындай нәзік бір жылқы үні бұған жауап қайырды. Күрең бие құлағын тігіп, арқырай кісінеп, ілгері шаба жөнелді. Жайлаубайға арық бермей, ағындап кетті. Әлгі көрген жегулі құла жылқы – ол да иесіне бой бермей, ауыздықпен алысып, шауып келеді. «Бұларға не көрінді, жаным-ау! Арбаны қиратып тастады-ау... Екі арада өзімді таптап кетпесе неғысын!» – деп сескенді Жайлаубай. Әлгі жегулі құла, қамыты сартылдап, жетіп қалды. Жайлаубай жасқанып, басын қорғап, көзін жұмып, төмен бұра берді... Арба кілт тоқтады. Жайлаубай сығырайтып көзін ашты. О ғажап! Жегулі құла екі аяғын бүгіп жіберіп, күрең биені жанасып еміп жатыр. Күрең бие еміреніп, оны сауырынан иіскеп тұр. Бөтен арбада екі кісі қатар отыр:бірі шал, екіншісі бала. – Мұндай ғаламатты кім көрген! – деп шал жағасын ұстап, қайран қалды. – Бұл құланы қайдан алып едіңіз! – деді Жайлаубай. – Бір қайқы мұрт саудагерге бір бие, екі сиыр беріп, тай кезінде алған едім. Иә, оны неге сұрадыңыз? Жайлаубай үндемеді. Үн-түнсіз арбадан түсіп, күрең биені жетелеп бұрғалы шылбырынан ұстап еді, биенің үлкен қара көзінің бұрышында мөлтілдеп іркіле қалған жасты көрді. Жайлаубайдың жұлын-тұтасынан суық бір ызғар өткендей болды. Буындары дірілдеп, иегі кемсеңдеп, жетекке сүйенді. – Сіз жылап тұрғаннан саумысыз! – деп шал арбадан түсті. – Берік – ақпын деуші едім, сұм жоқшылық өткенді еске түсіріп, көзіме жас алдырды, – Жайлаубай ауыр күрсініп, қамшысымен бүйірін таянды...

Күннің көзі сарғылт реңденіп, көлеңкесі ұзарған қалың жыныс ағашқа иек артып, төмен еңкейіп барады. – Екі жолаушының жолыққан кезі дәл осы мезгіл шамасы еді. Шалдың қасында отырған бала мен болатынмын. Содан бері елу жыл өтіп кетіпті-ау, – деп, Жаңбыршы аңшы жалпақ алақанымен буырыл тартқан сақалын сипады. Екі шағала ғана бұлардың су жағасында отырып алғанын ұнатпай мезіленіп ұшып жүр. Адам сырын қайдан ұқсын!

Қонаққа барғанда

- Сен қайда барғалы жатырсың Нұржан? – деді үйден тысқа желбегей жүгіріп шыққан жасы сегіздер шамасындағы, сары бұйра шашты алтыншы класта оқитын ең үлкен ағасына. – Осы сен-ақ кісіні мазалай береді екенсің, Қарлығаш. Кеше ғана айттым ғой. Таңертең ерте тұрамын дедім. Орманшы ағайдың үйіне барамын дедім. Баруға уәде бергемін. Біз орман аралаймыз. Ұқтың ба? Енді қайыра сұрама, - деді ерттеулі көк атты жетелеп келе жатқан Нұржан бөгеле беріп. – Ал , жарайды, енді бәрін де ұқтым... Сонда қалың ағаштың ішінде осы атпен қыдырасыңдар ма? – Жоқ, жаяу... – Ендеше мен де барамын! – Сен асықпай тұра тұр, – деді сәл жымиған Нұржан Қарлығашқа ескертіп, – әуелі жол жүруге рұқсат алып кел. – Ә, өзің алдың ба? – Әрине... біз үлкен адамбыз ғой. Ал, сен болсаң, шынашақтай ғанасың... – Ондай емеспін, мен де үлкен адаммын. Мамам мені де жібереді... – Қарлығаш жыпылдай сөйлеп, жалт бұрылып, жүгіріп үйге еніп кетті. Көк атты ілгері жетелеп, қайыс тізгіннің тұйық ұшын қора алдындағы ашаның айыр бұтағына іле салып, Нұржан да үйге беттеді. Ол тұтқадан енді ұстай бергенде, есікті қатты игеріп, серпе ашып, Қарлығаш қарсы жолықты. – Айттым ғой... Мамам мені жібереді дедім ғой, – деп аптыға сөйледі қарындасы. – Жарайды, жарайды... барасың. Орманды бізбен бірге кезетін болдың... Бірақ, өзің қорықпаймысың? Кім біледі, қалың ағашта адасып кетсек... Мүмкін бірнеше күн қараңғы орманда түнеп қалсақ, – деді Нұржан Қарлығашты сынағысы келгендей қасақана. – Мен ештеңеден қорықпаймын... Немене, мені жас бала деймісің? – деп Қарлығаш аузын томпитып, қабағын шытты. – Әрине, қорқатын ештеңе жоқ. Сен бірақ ашуланба. Жол жүретін адам ашуланса, оның жолынан адасып кетуі мүмкін, – деп ескертті ағасы. – Мен жұқа биялайымды киіп алдым, – деп Қарлығаш өзінің жолға дайын тұрғанын соңғы рет білдіргенде: – Ал, кеттік ендеше! – деп, Нұржан жіңішке қамшысын алып, тысқа беттеді. Бұлардың біржола шыққанын көк аттың да іші сезді білем, ауыздығын сылдырлатып, ілгері ұмтылып, аяғымен жер тарпып оқыранды. Жұмсақ ерге Қарлығаш қонды да, оң қолына шылбырдың бір ұшын іліп, сол қолымен ердің артқы қасынан тұтып, көк аттың жалпақ жонына Нұржан орнықты. Қарлығаш тізгін тартып, атты бұра бергенде Нұржан қамшы үйіріп, тебініп қалды. Көк ат бір ышқынып, дүсірлетіп желіп ала жөнелді. Қарлығаш ерге жабысып еңкейіп алып, есік алдында өздері шығарып салған мамасына бұрылып қарауға да шамасы келмей кете барды...

Бұл күні аспан буалдыр тартып тұр еді. Жол лайсаң. Отын артқан арбалы біреудің жирен аты мықшыңдап, жүгін әрең-әрең сүйреп келеді. Иесі көлігімен қатарласа жүріп, ебелектеп «шу-шулеп» қояды. Арбалының тап сұсынан өте беріп Нұржан: - Жолдың былығып жатқандығын көрмей ме? Отынды үйіп тұрып артуын қарашы, – деп, сөзін қарындасы ғана естірлік етіп мін тақты. Бұдан әрі ол сөз қатқан жоқ, өзімен-өзі болып үнсіз келе жатты. Әлдебір ойға еліккендей. – Ой, өзенге келіп қалдық, Нұржан. Мен түсем енді, жаяу жүрем, - деді кенет Қарлығаш оның ойын бөліп. – Үндеме, отыра бер. Жары онша биік емес қой, салт түгіл арбамен де желдіртіп өте шығасың, – деп, Нұржан оның көңілін орнықтырып қойды. Олар өзен қабағына жетіп сәл бөгелді. – Ал мына тұстан ойға қарай құлдырап шауып түссек те, көк аттың аяғы тайғанамайды, – деді Нұржан. – Жо-жоқ, онда мен түсем... Түсірші аттан, – деп жалынды Қарлығаш. – Жай айтам. Көк атты ырқына жіберсек, өзі-ақ асықпай алып өтеді. – Сөйт, сөйт, Нұржан... Ырқына жібер!. Орманшының үйі өзеннің арғы бетіндегі қалың ағаштың бергі қолтығында еді. Оның терезелеріне дейін ап-айқын көрініп тұрды. Қарлығаш кейін бұрылып қарады. Ауыл да жап-жақын жерде жатыр. Екі аралықты осы бір өзен ғана айырады. Қазір сай-саланың қары ағыл-тегіл ери қойған жоқ, әрлі-берлі қатынау оңай.Жазда да қиын емес.Өзеннің тайыз-тайыз өткелдерінен жолаушы велосипедімен де кешіп өте береді. Тек көктем шағы туған кезде ғана... Жылы көктемде суы тасығанда осы өзен көбік шашып, бұрқан-тарқан боп долданатыны бар. Өткен жылы суы кемерінен асып төгіліп, қатты тасып, қайықсыз жүргіншіні бірнеше күн ұдайы әрлі-берлі қатынатпай қойған-ды. Ересек балалармен бірге келіп, өзен тасқынын Қарлығаш та көріп, қызықтаған еді. Сонысы есіне түсіп кетті білем: – Қайтарда өзен тасып кетсе қайтеміз, ә? – деп Нұржанды иығынан тартты. –Тасымайды. Жылдағы уақыты әлі болған жоқ... Өзен жайындағы сөз осыған жетіп үзілді де, екеуі көк аттың басын оңға бұрып, қиғаштай жүрді. Бұлар өзенді тік кесіп өтіп, жоғары өрледі. Орманшының үйіне елу қадамдай қалғанда екеуі де аттан түсті. Әуелі Нұржан жеңіл секіріп түсті де, Қарлығашты ат үстінен өзі көтеріп алды. Осыдан соң ол тізгін мен шылбырды шумақтап жиып, жүгенге мықтап шалып байлады да, көк атты жолға салып, «тура үйге бар, ешқайда бұрылма, жөнел» деп жауырынға қағып қалды. Көк ат келген ізімен бүлк-бүлк жортақтап ауылға тартты. Қонақтарды үстіне етегі тізеден жоғары қара пальто киген, жұқалау жүзінде аздаған секпілі бар, ұзын бойлы, сары бала қақпа алдында қарсы алды. – Дені сау ма, Нұржан? – Хал жақсы ма, Әйтім? Бір мектептің бір класында оқитын Нұржан мен Әйтім көптен көріспеген достарша қуанысып, бір-бірінің қолын ұзақ қысысып тұрып қалды.

–Уәдемді орындамадым ба? – деп сұрады Нұржан. – Орындадың, – деп жымиды Әйтім. – Орманды аралаймыз ғой? Аралаймыз. Демалыс көңілді өтеді. – Мен де бірге барамын, – деді Қарлығаш. –Әрине , деп күлімсіреді анау екеуі... Бұлар шамасы бір сағаттан кейін орман аралап, серуен жасап қайтуға жөнелді. Әйтім үйден шыға бере жапалақ жайында бір қызықты әңгіме бастады. – Орман ішінде неше түрлі қызықтар бар, – деп тыңдаушыларын әуелі ынтықтырып қойды ол, – кей күндері далаға шығып құлақ түрсең, ғажап кереметтерді естисің. Бір құстар бар кейде кәдімгі жас балаша жылағандай болады, енді бірде сақылдап тұрып күледі... - Бұл қасқыр шығар, -деді бөрі дегенді естігені болмаса бұрын көрмеген Қарлығаш әңгімешінің сөзін бөліп. – Жоқ, құс...Ал,қасқыр дегенің түні бойы жортып жүреді екен. Аш қасқырдың ұлығанын өзіміз жеті қараңғы түнде талай естідік, – деп, Әйтім енді сөз бетін бөтен әңгімеге бұрды. – Ой, қалай қорықпадың? – деп, Қарлығаш үрке сұрады. – Мен екі рет қақпанға түскен қасқырды көрдім. Екі жолы да әкеме еріп барып едім, – деді Әйтім, – вот, қақпанға сирағынан іліккен қасқырдың арсылдағанын көрсең. Көзі қызара шатынап, тура кісіге шапшиды. Бұл әңгімені бұрын естімеген соң Нұржан да қызыға тыңдап келе жатыр еді. – Сонда қасқырды қалай өлтірдіңдер. Мылтықпен аттыңдар ма? – деп сұрады ол. – Фу,оқты текке шығын ғып... Қолға түскен дұшпанды өлтіру қиын боп па! –деп мырс етті Әйтім... Осы әңгіме үшеуін ну орманға жеткізіп салды. Бұлар ағашқа ене бергенде бір топтал басында жыпырлап отырған ақ құрлар үркіп ұшып, қанаттарын сабалап тіке жоғары көтерілді. – Бұқ, бұға қал. Әріректе тағы да көп құр отыр, – деп қолымен нұсқап, Әйтім өзі етпетінен жата қалды. Оған тақау кеп Нұржан да жығыла кетті. Қарлығаш жүгіріп барып жуан қайыңның ығына жасырынды. - Мен қазір тасаланып барып, оларды фотоға түсіріп алайын, – деп күбірледі Нұржан жолдасына. Ол мойнына теңселтіп асып алған фотоаппаратын жалма-жан қолына алды да ілгері еңбектеді. – Әне бір теректің түбіне жетсең болды. Шырт еткіз, – деді оған Әйтім. Сол межеге Нұржан жеткенше құрлар ұшып кете ме деп өзінің дегбірі қашты. «Орныңнан тапжылма» дегендей Қарлығашқа екі-үш саусағымен сес көрсетіп қойды. Бұтақ басында әдемі ақ гүлге ұқсап жарасып отырған құрлар кенет сатырлап ұшты. – Шошытып алды – ау, қап! – деп, Әйтім жатқан жерінен өкіне түрегелді. - Іс бітті, қу кетті, – деп күліп тұрды Нұржан. – Фотоға түсіре алдың ба? – Әрине.

– Ой, қандай ептісің, Нұржан! – деп Қарлығаш қуанды. – Біз қазір сол ақ құрдың біреуін тірідей ұстап аламыз, – деді де, Әйтім жан қалтасынан үйден сала шыққан қыл тұзақтарын алды. Ол жуандау бір қайыңның төменгі бұтағына асыла кетіп, ырғып үстіне шықты да, жіңішке бұталарды ортасынан үзіп-үзіп алып жерге түсті. Қырат-қыраттың қары ерте кеткенмен, ағаш арасындағы күкірт тез ери қоймай, көп уақыт сылқылдап жібіп жататын дағдысы ғой. Айнала қалың тал қоршап, нақ ортада дөңгеленіп жатқан осындай күртіктің бетінен ептеп басып келіп, Әйтім құрға тұзақ құруға кірісті.Әуелі қолтығындағы бұталарын қарға дөңгелете шаншып-шаншып қойды да, бір жағын ашық тастап, сол ауызға тұзақ желісін тартты. – Құр ұшып келіп, әуелі талға қонады. Сосын төмен қарап, мына бұталарды көреді. Оның бүршігін жеу үшін қасына келеді. Бұталардың бүршікті басын ішке қарай иілте қадаудың мәнісі бар. – Бұл тәсілді Нұржан да білетіндіктен, Әйтім ендігі сөзін қарлығашқа қарап айтты. – Бұталардың арасы жиі, ақ құр өте алмайды.Бүршіктерді жеу үшін ол қоршауды бір айналып шығады да, ішке мына ауыздан енеді. Дәл осы жерде мына үш тұзақтың біріне қыл мойыннан ілігеді.. Әйтім мен Нұржан екеуі тағы да екі жерге бұта қадап, алдына тұзақ құрды. Осыдан соң кейін серпіліп әрмен кетті. Біршама уақыттан соң бұлар қайта оралғанда, жолдарының сәті болып, екі желідегі тұзаққа екі құр іліккен екен. Үшеуі дабырлай жүгірісіп кеп, мәз болысып, аңқау құсты тұзақтан ағытып алып, қанаттарын топшысынан нық байлады. – Біреуін мен көтеріп жүрейін, – деп өтінді Қарлығаш. – Мына үлкендеуін саған басы бүтін берейік, – деп жымия күлді Әйтім. – Мен мұны асырап бағамын деді, – деді Қарлығаш... Бұлар қызықпен жүріп, аспанды қою бұлт бүркеп, қатты нөсер жауғалы келе жатқанын аңдамады. Бір мезгілде орман шуылдап, дауыл соқты. – Ау, тоқта. Күн бұзылып барады. Үйге қайтайық, – деп дауыстады Әйтім, өзінен озыңқырап кеткен Нұржанға. Қарлығаш аң-таң боп жоғары қарағанда денесі дір-дір етті. Зәулім биік ағаш белінен сынып кете жаздап теңселіп тұр. Долы жел оның тәкаппар басын еріксіз иіп, ебелек қақтырады. Әлдене желге үн қосып, азан-қазан шулап жатқандай. Әйтімнің сақылдап күледі деген құстары төбесіне ұшып келіп қалғандай көрінді Қарлығашқа. – Жүрші, жүгірейік! – деп, ол Нұржан мен Әйтімнің қолынан жабысып ұстап алып, ілгері ұмтылды. Бір бұтаға сүрініп кетіп, жығылып қала жаздады. Басы көтеріп алғанда жел ұшырған сұп-суық жалғыз тамшы маңдайына тиді. Білегімен сүртіп тастап еді, тағы бір тамшы тиді бетіне, тағы да бір тамшы... – Жаңбыр жауып кетті! Үстім су болады. Енді қайтеміз? – деп Қарлығаш жыламсырап бетін басты. – Өткінші жауын болса тез ашылады.Киімдерімізді суламай, ағаштың панасында кідіре тұрайық, – деді Нұржан Әйтімге бұрылып. Жолдасы бұған көнді. Екеуі Қарлығашты орталарына алып, иілген жуан бір бұжыр қайыңның ығына тығылып, суық нөсерден бой тасалады...

Қыруар уақыт өтті. Жаңбыр басылмады. Қарлығаш бойы қалтырап тоңа бастады. Оның үстіне бір жағынан өзі қорқып та тұр. Ойы да қырық саққа жүгіреді. Күлетін құс бір жақтан жетіп келмесе жарар еді! – Ма-ма! – деп бақырып жіберді Қарлығаш. – О не? – Әйтім мен Нұржан селк етіп шошып кетті. – Әне-әне ... Қасқыр, – деді Қарлығаш сөзін тісінің арасынан шығарып әрең айтып. Әйтім де, Нұржан да ол мегзеген жаққа жалт бұрылып қарап еді, ағаш арасымен артына жалтақтап, құйрығы бұлаңдап зыта жөнелген кішкене аңды көздері шалды. – Түлкі ғой ол, түлкі ғой, – деді Әйтім күліп. – Сен қорықпа, Қарлығаш. Бұл маңайда күндіз қасқыр жүрмейді. – Жарайды, енді қорықпаймын, –деді Қарлығаш өкпелеген балаша. Жаңбыр ұлғайып алды, сыбдыры да күшейді. Дала күңгірт тарта бастады. – Жоқ, бұдан әрі күтсек, түнге қаламыз. Жауынның бүгін ашылар түрі жоқ, -деді аулақ барып, жан-жағына мойнын созып қараған Нұржан. – Ендеше жөнелейік. Бәрібір суға малшынатын болдық, – деді Әйтім. – Кетейік, кетейік, – деп Қарлығаш та іле қостады. Күтпеген жерден жаңбыры қайдан ғана жауып еді, Қарлығаштың әдемі көк пальтосы бүлінетін болды – ау! Бірақ, лажың қайсы, көнесің де. Біздің серуеншілер мөлдір суға қалың киімдерімен бір-бір сүңгіп шыққандай боп, бойлары да тоңазып, орманшының жылы үйіне жетті. Бұлар да келді, ымырт үйіріліп, даланы қою қараңғылық та жапты. – Пальтом таң атқанша кебеді. Сосын өзім утюгтеп аламын,–деді Қарлығаш, су киімдерін шешіп жатып. Әдемі пальтосының ертең суға тағы да малшынарын ол қайдан білсін! Таңертең жұрттан бұрын тысқа шыққан Әйтім бөлмеге жүгіре еніп Нұржанды оятты. – Өзен тасып кетіпті. Осы қазір тап қасына барып, көріп келдім, – деп ентіге хабарлады ол. Басын жастықтан шапшаң көтеріп алған Нұржан « қатты тасып жатыр ма?» деп асығып сұрады. –Долданып жатыр, – деді Әйтім. Екеуінің дабырын естіп, қарсыдағы бөлмеден қастарына Қарлығаш келіп үлгірді. – Судан қайтіп өтеміз? Сабаққа қалай барамыз? – деп абыржи бастады ол. - Әуелі шашыңды жөндеп өріп кел, – деп ескертті Нұржан бұған. Қарлығаш жүгіріп, бөлмесіне еніп кетті. Нұржан жалма-жан киініп, Әйтім екеуі өзен басына барғалы сыртқа бет алғанда, соңдарынан Қарлығаш ере шықты. – Маған баруға бола ма? – деп дауыстады ол табалдырықта тұрып. – қорықпасаң жүре ғой... – деді Әйтім. – Қорықпаймын...

Қарлығаш екеуіне еріп өзен жағасына келді. Жуас қана өзен еді, ерекше әл бітіп зорайып алыпты. Мөлдір суына да бір қуатты үн бітіп, ағысы гүрілдеп естіледі. – Мына долы судан өту оңай болмас. Бірнеше күнге сабақтан қалған шығармыз, – деп күдіктенді Нұржан. – Оп-оңай өтеміз, – деп сендіре сөйледі Әйтім. Ол әкесінің жуырда жаңа қайық жасатып алғанын, сонымен өзеннің арғы бетіне жүзіп өтуге болатынын сөз етті. – Әрі жүзіп өткен соң қайықты сіздікіне апарып қоямыз, – деп тоқтады. – Әрине, апарып қоямыз, деді Қарлығаш оны құптап. Түске қарай бұлар қайықты өзен жағасына көлікпен жеткізіп алды да, аздан соң ол-пұл жүктерін салып, қайықты суға түсірді. – Ал, орнығып отырыңдар. Болдыңдар ма?... Жөнелдік ендеше! – деп, Әйтім сүйір қайықты тұмсығынан тежеп тұрған ескектің қалақша ұшын сәл жоғары көтергенде, ағынды су жеңіл қайықты қағып әкетіп, ықтырып ала жөнелді. Ескектің біріне Әйтім, екіншісіне Нұржан жабысып, қайықты жөнге бұрамыз деп тіресе қалды. Қозғаларға дәрмен жоқ, қалшылдап Қарлығаш отыр. Қайықтың бүйіріне соққан су тік шашырап, оның бет-аузын бір шайып кетті. – Ескегіңе берік бол! – деп қояды әйтім мен Нұржан бір-біріне... Арнасы толып, жайыла аққан өзен бетінде қалтылдаған жалғыз қайық, қырындай жүзіп, арғы жиекке тақап та қалды. Тап алдарында, жоны ағараңдап, үлкен сең қалқып жүзіп барады. Соңдарынан бір сең қуып келеді. – Сақтан, Нұржан, қайықты соқпасын, – деп айғайлады артына жалт қараған Әйтім. Қарлығаш селк ете түсті. Желкесі күжірейген үлкен сеңді ол да көрді. – Ой-бай... Суға батамыз, – деп жан ұшырды Қарлығаш. Жіңішке ащы даусы Нұржанның құлағына өтіп кетті. – Құлайсың, тапжылмай отыр, – деді ағасы жалт бұрылып, қабағын түйіп. – Ескекке мен ие болайын. Сен таяуыңды алып, сеңнен қорған! – деп әмір етті Әйтім жолдасына. Нұржанды таяуын кезентуге үлгіртпей, қуып жеткен сең қырындай өте беріп, қайықты жамбасынан сүзіп қалды. Қайық лықып, алдыңғы сеңнің үстіне шығып кетті. – Баттық, баттық суға!... – деп еңіреп жылап жіберді Қарлығаш. Қайық сеңмен бірге ыға жөнелді. Ойланатын уақыт емес. Не амал табасың енді? – Ағынға қарсы есейік қайықты. Сең сонда астынан сусып кетер, – деді Әйтім. Екі бала тізелерін түйістіріп, күш жиып, қайықты ағынға қарсы лықсыта есіп қалып еді, сең бұлт етіп сытылып кете барды. Қайық та ойнап шыға келді. Бұлар өзеннің жайпауыттау бір қолтығына барып қалып еді. – Ес-ес ескегіңді. Сал жанды, бұл тұстың суы тайыз. Оңға қарай кішкене жүрсек, бәрінен құтыламыз,– деп қуана дауыстады. Нұржан. Жанды өзі де салды, барын Әйтім де аямады.Қарлығаш та езу тартып күлімсіреп отырды. Қайық жиекке жетті. – Тағы да келісіп тұрып суға малшындық, – деп қырға шыққанда, Әйтім бетін қол

орамалымен сүртіп тұрып күле сөйледі... – Бұл ештеңе етпейді, – деп жымиды Қарлығаш. Менің анам

Қайыңды табандатып тиеген жалпақ шананы қозы күрең ат жеңіл сүйреп келеді. Атты еркіне жібермей, тежеңкірей ұстап, құлақшынымның бір құлағын тіке қайырып қойып, шананың нақ басында мен отырмын. Әкемнің үлкен тонын астына жайып жіберіп, екі қолын айқастырып әкеп желкесіне төсеп, інім жұмсақ төсекте көсілгендей-ақ шалқасынан түсіп жатыр. Әлсін-әлі маған қысқа-қысқа бұйрық беріп қояды: – Атың жолдан шығып кетпесін. Қыспалама, тура жүр, шанаға ауыр болады. Өзі бір егде адамдай-ақ сөзін салмақпен айтады. Көңілі әрқашан көтеріңкі шағында оның осылай қоқиланып кететіні бар. Әйтсе де сөйлер сөзі өз басында жарасып тұрады. – Қалай, Сырым шаршаған жоқпысың, – дедім ініме бұрылып, бір қырындай отырып. – Түу, шаршау қайда! Шаршау дегенің ойыма кіріп те шыққан жоқ, – деді ол селдір қасын керіп, маған маңдайынан қарап. Сырымның сыр білдірмейін дегені болар. Еріксіз езу тарттым. Ағаш кескенде араның бір құлағын ұстаған ол «қолым талды», – деп, жиі-жиі дамылдап отырғанды. Тынығып алған соң араны жұлқи тартып, ентелей жөнеледі. Барымды мен де салам, тырысып ол да қалмайды. Өстіп, біраз жарысып барып, ентігіп қалып, үлкен көзі жыпылық-жыпылық етіп, маңдайы тершіп, жалт беріп қарға отыра кетеді. Сәл әл жиып, егеске қайта түседі. Осылай жұлқылап мені де қалжыратқан, өзінің де сілесі қатып еді. Енді айтып жатқан сөзіне қарашы! Қасақана емес, шыны. – Шаршамадым дейсің, ә! Ағаш кескенде қолың талып, тыныстауың аз емес еді ғой, – дедім оған сәл жымиған қалпымда. Сырым ол жақ қырына аунай беріп, оң қолын шұғыл жоғары көтеріп: – Күлме, күлме, Бақытжан. Мен онда болдырғам жоқ, азырақ демалдым, – деді. Өзі және дәлел айта бастады. – Мен көп отырғаным жоқ қой. Тынығып алғаннан кейін араны қалай құйқылжыттық біз. Демалмағанда, бәрібір, араны бір тартып, бір созып кешке дейін отыратын ек. Рас па, мұным? Солай деші! – Иә, солай. Шананың темір табаны қатқақ жолды скрипканың сым шегіндей қатты ысқылап, үзілместей ащы бірсықыр үнмен шыңғыртып келеді. Күн аса суық болмаса да, бет қарырдай ызғары бар. Семіз жұмыр күрең аттың тершіген ұзын түктері қырауытып, жон сауыры ағараң тартты. Бұл атты әкем биыл күзде сатып алып, ерекше баптап жүрген. Жаз жарысқа қосамын деген де ойы бар. Бүгін демалыс күні отын алып келуге біз жегіп шыққан едік. Көптен мінілмей құр жүргендіктен бе,әлде шанада қоқиып отырған Сырым екеуіміз екенін білді ме, қозыкүрең ауылдан шыға бере-ақ әрлі-берлі ойқастап, бір жағына жұлқи тартып, бізбен біраз алысып еді. Делбенің бір ұшына мен, екінші ұшына Сырым жабысып,

оған ырық бермедік-ау! Жолға жөндеп түсіріп алған соң ат та көсілді, біз де бірекі рет қамшыны көміп жібердік. Жүгі ауыр қозыкүрең қазір енді мырсыңдай боп қамыстай тіп-тік қос құлағының арасынан желбірей түскен кекілі желк-желк етіп, қатты аяңмен келеді. Осы өңірдегі бар ағаштың қожасы – орманшының үйі көз ұшында, бір қойнауда жасырынып қалды. Біз сусыз сайды жағалап жүріп отырып, шалқайып қырға шықтық. Аулымыздың биік-биік ақ үйлері көзге бірден шалынды. Кешкі оттарын ерте жаққан шеткі үш-төрт үйдің төбесінен бұлғандай шалқыған түтін көрінді. Біреуінің мүржесінен қою бозғыл түтін қатты будақтап тұр. Не де болса, шірік теректі, яки сусіңді қайыңды пешке толтырып тастаған ғой, сірә! Аю терісінен тігілген шолақ қара тонының жағасын төмен қайырып жіберіп, орнынан шапшаң ұшып түрегелген Сырым, жамбасымды баса, менің ық жағымнан келіп отырды. Суық сорған ақсары жүзі бозаң тартып, менің бетіме қарады да, ол: – Бүгін аз жұмыс істеген жоқпыз. Мамам кереметтей риза болар-ақ, – деді. – Әрине, – деймін мен. Балаларының ісіне қуанып, шешемнің алғыс айтарын білемін.Ол бізді мейірлене жақсы көреді. Оның жүзінен әрқашан да жылы нұр төгіліп тұрғандай болады. Біз бірдемені бүлдіріп алсақ та, қабағына ол кейістік жиырмайды. Бір жолы, шешемнің мені қасына оңаша шақырып алып, сабырмен сөйлеп, мінімді өзіме ақылмен ұғындырып отырғанда, өзім қатты ұялып, дуылдап жанған екі бетіме басуға мұз таппағандай шағым болған-ды. Ол кезде мен бастауыш мектептің үшінші класында оқитынмын. Мергендігімді байқап, тас атып жүріп көршіміздің үйінің терезесін салдыратып сындырып алған едім. Енді қайда, содан бері талай жыл өтті. Қазір орта мектепте оқып жүрміз. Бірақ, сол бір абайсыз ісім еске түскенде, бетім әлі күнге дейін дуылдап кетеді. Әлгі айтқан Сырым сөзіне өзім шынымен разы болып келемін. Анаңды сүйсінтер іс ете алсаң, тамаша ғой! Ауылға қарай ылди еді. Қозыкүрең бүлк-бүлк желіп кетті. Сырым әлдене бір ойға сүңгігендей үнсіз отыр.Алдыма барлай көз салып едім, сиыр фермасына таман үлкен ұзын мая көшіп келеді екен. Алыстан аңдағанда, маяның жанында өрмекшідей-ақ көрінген шынжыр табан трактор мол шөпті сым арқанға орап алып, өрмекші ауына шырмалған шыбындай ғып бүрістіріп тартып барады. Сиыр қорасының алдында ақ халатты бірер адамдар жүр. Жол осы қораның тап тұсынан жанай өтеді. – Бақытжан, менің бір сөзімді орындашы! – деді Сырым, ойымды бөліп. – Не сөз? – Фермаға әдейі бұрылып, мамама жолыға кетсек қайтеді? Ол қазір сонда ғой. – Неменеге, отыныңды көрсетіп мақтанайын деп пе едің? – Жо-жоқ, – деді ол, менің тік сөйлегенімнен абыржып қалып. – Мамам біз кешікті деп алаң болар. Қашан келгенімізді білсін. Жолдан айта кетейік. Не ойы барын қайдам, әйтеуір оның мына сөзі орынды да дәлелді болды. Өзім де қостадым. Біз отын тиеген шанамызбен бұрылып келіп, атты қақпа алдындағы биік бағанаға байладық та, кең қораға ендік.

Бұрын да талай келген, талай көрген жер ғой. Арғы шетте сауыншылар бөлмесі бар-ды. Тура соған бет алдық. Қарсымыздан дөңгелек қара сықылды бақташы шал жолықты. – Е, балалар, жол болсын? – деді ол бізбен жайдары амандасып. – Шешеме барамыз, – деді Сырым іле жауап қайырып. – Ә-ә. Осы сен әлгі төртінші класта оқитын ұлымысың? Өзің бізге жиі келесің ғой. Жақсы мұның, – деп, бақташы Сырымға көзін сығырайта қарап, бізге жөн нұсқады. – Ә-ә шешем деген екенсің ғой, Зылиха анда... Сауыншылардың жиналысы өтіп жатыр... Ауыз үйге кіріп, аялдай тұрыңдар. Қазір бітіреді... Есігін сықырсыз ашып, шал нұсқаған ауызғы үйге ендік. Екінші бөлмеден бір әйелдің нық-нық сөйлеген ашық үні құлаққа тиді. Бізде үн жоқ, тым-тырыс, тына қалдық. Әлгі дауыс енді тіпті айқын естілді. – Өй, Бақытжан, бұл сөйлеп тұрған менің мамам ғой!Сол ... Тап өзі! – деді алып-ұшып Сырым. Шешем даусы салмақты да қатқыл шығады. Біреудің мінін көріп, айыбын бетіне басып тұрғандай: – Дұрыс емес, мүлде дұрыс емес. Әр сиырдан жазда күніне қанша сүт алынса, қыста, тіпті аязды-боранды үскірік күндерде де сонша литр сүт саууға болады. Жаз айында сүтті болған сиырдың қыс айында тандыры тартылып қала ма? Жоқ. Бақ оңдап, сүтті қалай алар екенсің... – Бағып-қағудан кенже емес қой. Басы –қасынан шықпаймыз, –деген әлсіз бір дауыс шешеме қарсылық білдірді. – Жақсы күт деген күндіз-түні күзетіп отыр деген сөз емес, – деді шешем, - ал сенің қарауыңдағы сиырдың сүті қалай молықсын, күнделікті жемін баптаусыз бересің. Сиырдың үстін мезгі-мезгіл тазалап, желінін жуып, сүртіп отырмайсың. Мұның бәрін басыңа машақат көресің. Салақтық пен кір басқан жерде таза жұмыс бола ма?.. Сырым жиналыс жүріп жатқан бөлменің есігін ақырын ғана ашып, сығалап, шешеме қарамақ болып еді. – Жоқ, бұл жөн емес. Мұндай салғырт қылыққа, еріншек мінезге қатаң шара қолдану керек, – деген арғы жақтаншыққан дауыс тап осыны аңдып, бұған арнап айтылғандай, Сырым дереу кейін шегініп кетті. – Жүр, жөнелейік үйге!- деді ол мені асықтырып. Жиналыс әзір аяқталай қоймас деп ойлап, мен де бекерден-бекер тұра беруді мақұл көрмедім. «Жарайды, бақташыға келгенімізді жеткізе салыңыз, деп айталық та, жөнелейік», – дедім Сырымның көңілін тындырып. Отынды алып үйге де жеттік. Ішке енгізіп, ағаштарды қораның бір бұрышына дестелеп үйдік. Ақ қайыңдарды шанадан тез-тез түсіріп, ретімен жүкше жинадық. Жүгіре басып, шашаны сыртқа итеріп шығарды да, Сырым қора ішін тал сыпырғышпен тап-таза ғып сыпырып-сиырып тастады. - Атты тысқа апарып, дұрыстап байла суысын, – деді маған. – Сонша аптығып саған не болды? – деймін оған. Үндемейді .Әбігерлік басып, өзімен өзі болып жүр. Ашуланып жүрген жоқ, әлденеге сабыры кеткендей.

Бар жұмысты бітіріп, үйге кіргенде де ол жылдам шешініп, шапшаң жуынып, портфелін ашып, арифметикадан есеп шығаруға кірісті. «Азырақ демалсаңшы, Сырым» деген менің сөзіме, «Жолда, шана үстінде-ақ тынығып алғанмын», – деп кейіссіз, сыпайы ғана тіл қатты. Ал, есебін шешуге ерекше бір тың, мол күшпен түйіле төнді. Енді мен де оның назарын бұрмауға тырыстым. Бұл кезде күн кешкіріп, үй іші қара көлеңкелене бастап еді. Электр шамды жақтым. Ән тыңдағым келіп тұрса да, математикті елеңдетпейін деп, радионы тұншықтыра бұрап қойдым. Өзім шеткерірек дөңгелек столға барып отырып, бүгінгі келген «Комсомольская правда» газетіне көз жүгірттім. Сырым бірер есебін қағып-ақ тастады білем, көңілденкіреп қозғалақтап отырды. Менің ойымша шешем айтқан әлгі бір сөздер түсті. Я, ол колхоздың озат сауыншысы ғой. Барлық жұрттың тек алдыңғы лекте болуын көңілі қалайды. Еріншектерді жаны жек көреді-ақ. Рас, мен де ұнатпаймын ондайларды. Шешем жаңа кімді сынады? Кімнің айыбын алдына жайып салды? Манағы бір «бағыпқағудан кенже емес қой» деген әлсіз қарсылық кімнің аузынан ілбірей шыққанын аңдап та қалғанмын. Шешем сол сәтте қабағын да шытып қалған шығар. Соның табы, бәлкім, сәл тарамай жүзінде тұрып қала ма? Осы ойымның тап үстінен түсті Сырым. – Мамам үйге келгенде ренжімес пе екен? – деді ол, өзінің таза көңіліндегі бір ойын жасырмай сыртқа ағытып. – Неге? – дедім шұғыл. – Жиналыста біреуге қатты ұрысты ғой. Мамам, сірә бүгін бір жайға ашуланған болу керек, – деп топшылады Сырым. Мұның манадан бері дегбірсізденіп жүргенінің себебін енді сездім. Ініме не десем екен? Сырым бірдеме айтқысы келіп, оқтала беріп еді, сырт етіп алдыңғы бөлменің есігі ашылды. Шешеміз екен. – Е, өздерің келе кітапқа жұмылыпсыңдар ғой, – деп, ол көңілді сойлеп, үйге күлімсірей енді. – Көрдім жұмыстарыңды. Азамат кісі өстеді! Ол Сырымға жақын келіп, оның маңдайынан сүйіп: – Сен шаршаған жоқпысың, күнім? – деді, інімнің бұйра шашын алақанымен сипап. – Тамақ әзірлеп қойып кетіп ем, ішпегенсіңдер ме? – деп, менен сұрады. – Шаршағамыз да жоқ, қарнымыз да ашқан жоқ, – деді Сырым еркелігі бар жайраң үнмен. Ол шеше өңіне сәл көз тоқтатып, барлай қарап еді, көзінің етегінде азырақ ұсақ әжімі бар жайдары қоңырқай жүзден өз жорамалының еш нышанын көре алмады. Інім қипақтай түсіп: - Сіз ол сауыншыға неге қатты ұрыстыңыз? – деп, шешеме төте сұрақ қойды. Шешеме қасын сәл көтеріп, ақырын ғана жымиды. – Неге ұрсайын, ұрысқамын жоқ. Кемшілігін атадым. Өзі аңдамай жүргенін аңғарсын. Сол ұрысқан бола ма екен. Мұны жолдасқа жаны ашығандық, көмектескендік дейді. Ұғып қой, Сырымжан, – деді... Дәл келесі күні кешқұрым , шешем кешегі жиналыста өз қатты сынға алған сол сауыншы әйелмен біздің үйде, оңаша бөлмеде ұзақ әңгімелесіп отырды.

Сабақтан дабырлап қайтқан бойда Сырым олар отырған бөлмеге аңғалданып кіріп барды. Шешеммен де, бөгде әйелмен де қысқа-қысқа сәлемдесіп, күлім қағып, қайтадан кері шықты. – Сен бүгінгі сабағыңның жайын маған айтпастан неге өте шықтың? – дедім мен Сырымға. Ол жымыңдап маған: «бәрі де қалпынша. Көңілдегімдей болды!» – деді де, сырт киімдерін шешініп, гардеробқа апарып ілді. Содан кейін менің қарсы алдымдағы стулға келіп сүйене қалды да: – Анау кісі мамаммен сиыр сауу жайында сөйлесіп отыр екен. Бір сөзінен-ақ аңғарып қалдым, – деді сыбырлап. Мен үндемедім. Тек оның сөзін құптап, басымды изедім. Бұл қимылым Сырымға жұмбақтау көрінді білем, ол кескініме алақ-жұлақ қарады да: – Неге үндемейсің? О кісі мамама келгеніне көп болды ма? Жай кеп пе? – деп ынтыға сұрады. – Кеше мамамның жиналыста сынаған адамы осы әйел, – дедім мен. – Еһе, өздері қазір күлісіп сөйлеп отыр ғой, – деді Сырым шын таңырқағандай. – Әрине, екеуі де сауыншы болған соң, әңгімелері де сиыр мен сүт жайында. Аңдаймын, осы сөзім Сырымға ой түсіріп кеткендей. Өзімнің де есіме бұған айтқан нақылдай ақыл сөзі түсті. – Менің мамам қандай тамаша адам! Ол ешкімге де ұрыспайды. Ол әрқашан ақыл айтады, – деді Сырым қуана сөйлеп. Осы сәт маған аласа ғана бойлы өзімнің анам, жай қарапайым сауыншы ғана емес, кең пейілді, сезімтал, сабырлы, мейірімді үлкен ұстаздай көрінді. Алмагүл апай

Тіршілік-тұрмыс мүддесі үшін әр адамның өзінше құрған жоспары болады.Бірақ ол жоспарды өмір ағыны өз ырқына бұрып әкете береді... Бұл күнде жасы елудің жуан ортасына келген Алмагүл осы ғұмыры ішінде мұндай күйді басынан сан кешірді. Өмірден есе алмай опық жеген жері жоқ, бірақ өз тіршілік-тұрмыстарының мүддесін ойлап іштей құрған талай жоспары, күтпеген жерден, бұзылып қала беретін. Алмагүл бұл үшін өзін жазғырмайтын, кейбір әйелдердей құр өкініп қапаланбайтын, болған жайға өмірдің өзінен себеп тауып, көңілі соған дауалайтын да, тіршіліктің жаңа күйіне тез бейімделетін. «Адамның есейгенге дейінгі өмірінде өзгерістің жиі болуы табиғи нәрсе», – деп ойлайтын ол. Ал қазір, Алмагүл өмірдің басқа заңын қадір тұтатын болған. «Адамның жасы ұлғайғаннан кейінгі тіршілік-тұрмысы орнықты болып, бірқалыпты сарынмен тыныштықта өтуі жарасымды», – деп ұғады. Соңғы он жылдан бері өмір оның осы ойын құптап, Алмагүлдің іштей құрған жоспарының шырқы бұзылмай келе жатыр еді. «Ерім Рамазан да пенсияға шығатын жасына келді. Балалар болса ер жетті. Ендігі қалған өмірімізді, көп жылғы сіңірген еңбегіміздің рақатын көріп, осы отырған құтты мекенімізде тыныштықпен өткіземіз», – деп ол әсіресе соңғы кездерде жиі айтатын болған.

Бұлар ауданның ең ауқатты бай колхозында тұратын. Өздерінің еңбек ақы, маңдай терімен салып алған бес бөлмелі сәнді үйі бар. Жасынан қолына күрек ұстап үйренген Алмагүл, ерінбей-жалықпай өзі еңбектеніп, үйдің маңын баубақшаға айналдырып, неше алуан жемісті ағаштар, гүлді бұталар өсіріп, құлпыртып тастаған. Ауылдың дәл іргесінде шымырлап ағып жатқан өзен бар. Жағасы – жасыл тоғай. Жазды күнгі ауасы қандай, шіркін! Бұл жердің ауасының шипалық қасиетін Алмагүл артықша бағалады. «Дүниеде бұдан көрікті де, қасиеті артық та жерлер бар шығар, сонда да оларды осы отырған сар жайлауыма теңгермеймін!» – деп отырады ылғи. Алмагүлге бұл мекеннің ерекше қадірлі көрінетін және де бір себебі – олардың төрт баласының төртеуі де балалық шақтарын осы жерде өткізіп, орта мектепті осы ауылда бітіріп шыққан. Балаларының өскен ұясы, асыр салып ойнаған жері анаға сондықтан да аса ыстық тартып тұратын. Сөйтіп қалған ғұмырымыз осы құтты мекенде өтеді деп, еш алаңсыз тіршілік етіп жатқанда, өмір ағыны Алмагүлдің бүкіл ішкі жоспарын тағы да бұзды да кетті. Бірақ бұл жолы Алмагүл мұның себебін тек ерінен көріп, бар кінәні Рамазанға ғана аударды. – Менімен, ағайын-туғандармен ақылдаспай бұл неткенің? Жасың ұлғайды, қайратың кеміді, енді елпілдеп қайда бармақсың? Құптамаймын бұл ісіңді. Үйжайымыз бар, он жылдан бері осы ауылда әбден ірге бекітіп, орнығып қалдық... тағы да қопарылып, басқа жерге қоныс аудармақпыз ба?... Жоқ, құтты орнымнан тапжылмаймын мен, – деп, Алмагүл наразылығын айта отырып: – өзің де әліңе қара, баяғы жігіт күнің жоқ қазір, жасың алпысқа келді, тізгінге ие бола алмай, құр күлкіге қаласың,- деп, біо жағынан күдік те білдірді. Рамазан әйелінің бұл сөзіне күліп жауап қайырды. – Сен мені жасы алпысқа келгенде басы қалтылдап алжып қалатын жаман шалдардың бірі ғой деймісің. Әлде сеніңше, алпысқа келдім деп, екі қолды жылы суға малып қойып, арқаны пешке қыздырып, маужырап-мүлгіп отыруым керек?! – деді. Ол бурыл тартқан қою мұртын бір сипап қойды да, әйелінің кескініне сабырлы жүзбен барлай қарады. – Рас айтасың, баяғы жігіт күнім жоқ, жасым ұлғайды, өңім тозды... Бірақ, бойыма еңбектен сіңген қасиет бар, ол тозбақ емес... – деді салмақты сөйлеп. Сәл бөгеліп, сөзін әрі қарай жалғастырды. – Он жасымда қозы бағып, еңбек дәмін татқан ем, содан бері де еңбектен бір күн жалтарған жерім жоқ. Абыройсыз болған күнім және жоқ... - Білемін ғой өзім де, мұны несін айтып отырсың маған, – деді әйел оның сөзін бөліп. – Білетінің рас. Бірақ бүгін мені құптамай, дау айтып отырғаныңа қайранмын. – Дау емес, жөнін айтып отырмын мен. Бұдан бұрын осылай қарсы болған күнім бар ма?.. Бар ісіңді ылғи құптап келгенмін. Ал бүгінгі қарсылығым қисынды. Пенсияға шыққалы отырған қызмет ауыстырып, жаңа жерге қоныс аудармақ боласың... Ойланшы өзің, дұрыс па осының? – Дұрыс деп ойлаймын.

– Не дейін саған... Бүкіл жақсы ойымды, жоспарымды өзің бұзғалы отырсың... Жоқ, қарсымын мен. Бұл жерден ешқайда да көшпейміз!.. Қартайғанда тентірер жайым жоқ. – Жаным-ау, сабыр етші өзің, – деді Рамазан, әйелі даусын көтеріп қаттырақ сөйлеп бара жатқан соң. – Мен саған қиыр шығысқа көшеміз деп қыспақ сап отырған жоқпын ғой. Егер кететін болсақ, осы отырған ауылдан отыз шақырым ғана ұзап барып қонамыз. Бір ауданның аймағы... – Сонда да көшпейміз... қарсымын... – Қимайтының не сонда? Он жыл бойы үйреніп қалған осы ауылымыз ба, әлде мынау үй-жайымыз ба? – Екеуін де қимаймын... Жайлы қоныстан, құтты мекеннен қозғама бізді. Екі балаң өз алдына үй болып, олар да осы ауылда қызмет істеп отыр. олардан жырақ кете алмаймын... Ойлан, отағасым, әлі де кеш емес, айны пікіріңнен... Жас кезің емес, кәріліктің сыбағасы – тыныштық өмір. – Ал, мен қалай алмадым сол тыныштықты. Бұрқасынға үйренген адаммын, алпысқа келсем де, дауылға қарсы жүруге құмармын, деді Рамазан. Алмагүл ауыр күрсініп үндемей отырып қалды. Ерінің табанды мінезін жақсы білетін ол, Рамазанды өзі үгіттеп райынан қайтара алмасын ұғынып, ендігі сөзді артық көрді. Ішінен ойға шомып, үн-түнсіз біраз отырды да, орнынан жайлап қана түрегеліп, ақырын қозғалып, үйден шығып кетті. Бұлардың үлкен ұлы Сабыр былтыр үйленіп, өз алдына отау боп шыққан болатын. Алмагүл ешқайда бұрылмастан, тұп-тура жүріп отырып осы баласының үйіне келді. Сабырдың даладағы жұмыс басынан жаңадан ғана келіп отырған беті еді. Анасы есіктен кіріп келе жатқанда оның томсарыңқы жүзін шапшаң байқаған Сабыр, орнынан ұмтыла түрегеліп: – Апа, өңің неге сынық? Бір жерің ауырған жоқ па? – деп асыға сұрады. – Жоқ, сырқаудан аманмын, балам, – деп, Алмагүл төрге қарай өтіп, диванға барып отырды да, – әкеңнің үстінен арыз айта келдім,– деді баласына. – Ә, солай деңіз, арыз етер деп өзім де ойлап едім, – деді Сабыр езу тартып. Алмагүл баласының бұл сөзіне таңданғандай болып, Сабырға көзін тіктеп қарап: – Әкең сенімен ақылдасып, әңгімені әбден пісіріп қойған екен ғой, – деді. – Иә, бұл әңгіменің ішінде болдым мен, – деді Сабыр. – Ауданда партком сектетарының алдында ұсынысты әкемнің өзі жасады. Бұл ұсынысқа бәрі қуанып қалды. Мен де қуандым. Жолда ауданнан келе жатқанда әкем: «Агроном балам, сенің көзің менен гөрі жітірек қой, қалай дейсің, арқаға алған жүгін көтере алмай әкең ертең жұртқа күлкі боп жүрмей ме?» деп сұрады. «Кәрілігіңе қарамай, осындай ұсыныс айтуыңның өзі батылдық, талайға өнеге болатын жай», дедім мен», дедім мен. Расында да солай емес пе, апа-ау! – Ә, қойшы... әкеңе жел берген сен екенсің ғой. Әкеңді күннен күнге жасарып келе жатыр деп ойлаймысың? «Алпысқа келдің, енді жаныңды жей бермей, пенсияға шық. Көп жылғы еңбегіңнің рақатын көр, жаныңды күт» демеймісің қайта... О несі, мен бұған жөн айтқалы келсем, әкесін жақтайды ғой...

Алмагүл бұдан кейінгі сөзді артық көріп, төмен қарап, тұнжырап отырып қалды. Біраздан соң орнынан күрсіне түрегеліп, баласына ренішті қабақпен бір қарады да, бірақ ештеме демей, үйден үнсіз шықты. Ол өз үйіне бұрылмады, тұрмысқа шыққан мұғалім қызы Күләннің пәтеріне бет алды. – Қалқам, басым ауырып кетті... терлесем айығар, шай қойып жіберші, – деді Алмагүл, қызының үйіне есіктен ақырын қозғалып кіріп келе жатып. – Самауырымыз қайнап тұр, апа, – деп, Күлән шапшаң қимылдап, аласа дөңгелек столға дастарханды жайып жіберіп, шайды тез қамдады. Алмагүл қаймақ құйылған ыстық қою шайдың иісіне сүйсініп, қолындағы кішкене сырлы кесені аузына таман апара берді де, қызына бұрылып: – Әкеңнің жаңалығын естідің бе сен? – деп сұрады. – Ағайдан естідім. Мен де қуанып жатырмын, – деді Күлән. Алмагүл шайдан ұрттамастан, кесесін столға қойды. – Шырағым-ау, әр нәрсенің жөнін білетін балам едің ғой.Мені жақтап, әкесіне тілін алғызар деп келсем... Өзің байыптап ойлап көрші, бауыр басқан ағайын жұртымыз, орнығып қалған үй-жайымыз бар, осының бәрін тастап, көшіп кету оңай ма?.. Бұрынғы қайратты күніміз емес, әкең де, мен де кәріліктің құрсауына іліндік... қоныстан қозғалу оңай тимейді бізге... Алмагүл Күлән ойлансын дегендей әдейі бөгеліп, сәл күтті де: – Әсіресе әкеңді ая,басына бейнет тілеп алғалы отыр, – деді. – Әй, апа-ай, қандай қызықсыз! Осы жасқа келгенше өз жөнінен бір жаңылып көрмеген менің көкем, қолынан келмесіске ешқашан да ұмытылмайды. Ал, ұмтылса, жеңіп шығады! Кәміл сенем бұған! – деді Күлән өңі жайнай сөйлеп. Ана қызының райын осы сөзінен әбден ұқты да, енді ләм демеді. Біраз үнсіз отырды. Кеседегі шай суып қалды... «Жас қой бұлар, өмірдің азабы мен тұзабын қайдан білсін», – деп ойлады Алмагүл. Ол енді Рамазанмен жасы құрдас, қазір пенсияға шығып отырған, өздерінің ең сыйлас адамы – Ақпаймен ақылдасуды мақұл көрді. «Рамазанға дұрыс ақылды сол ғана бере алады», – деп дәмеленді... Ақпай – қырық жылдай бала оқытып, ұстаздық қылған кісі еді. Ойындағысын мәймөңкелемей тура сөйлейтін ашық адам болатын. Ол Алмагүлдің арызын әуелі бастан-аяқ түгел тыңдап алды. Сөзін бөлген жоқ. Әйел сөйлеп болғаннан кейін ғана Ақпай оған екі-үш сауал берді. – Ал енді мені тыңда,- деп, ол осыдан соң өз ойын айтты. – Мен пенсияға жасым алпысқа келгендіктен шыққан жоқпын, денсаулығым нашарлап кетті. Еңбекке үйренген адамның еңбектен қол үзгені қиын болады екен. Бірақ не шаруа, денсаулық кем... Рамазанның ісіне қызығамын. Ол – табаны тағалы кәрі тарлан ғой. Көк мұзға түссе де тайғанамайды. Рамазанның сүрінгенін көрдік пе? Әуелі колхоздың малын бақты – жүлде алды. Бригадир сайланды – озып шықты. Төрт жыл майданда болды – жауды жеңіп оралды. Тұралап қалған екі колхозға, бірінен кейін біріне, председатель боп барып еді – екеуін де алдыңғы қатарлы шаруашылықтар санатына қосты. Өзің де білесің, бұдан он жыл бұрын осы

колхоз қандай еді? Ал, Рамазан председатель болып келгеннен кейін қалай көтерілді.? Аудандағы ең бірінші колхоз! Рамазанды «бұрқасынға үйренген адаммын, дауылға қарсы жүруге құмармын» деп айтты дедің ғой. Бойдағы қайратты білдіретін жігерлі сөз! Оның аудандағы ең нашар колхозға председатель боп баруға тағы да тілек білдіргеніне мен шын жүректен қуанамын. Ерлік! – Бүгінгі Рамазан кешегі Рамазан емес қой... Құрдасың алпысқа келді емес пе... – деп еді Алмагүл. – Біздің ұғымымызда бір-ақ Рамазан бар. Ол – табанды,жігерлі, ер Рамазан, – деді Ақпай салмақпен. «Менің жайымды сен де ұға алмадың ғой...», – деп Алмагүл ішінен ренжіді. Ол буындарынан әл кеткендей боп, бұл үйден ілбіп шықты. Өз үйіне, аяғы талып, әрең жетті. – Бәйбішем –ау, қайда жүрсің? Сені күтіп отырмыз манадан,– деді Рамазан, әйелі есіктен күйбеңдеп кіре бергенде. Алмагүл ләм-мим деместен, үнсіз қозғалып, жоғары шығып отырды да, еріне жүдеу жүзбен қарап, ауыр күрсінді. – Жүргелі отырсың ба? – деді ернін қыбырлатып. – Жүргелі отырмын. Колхозшылардың жалпы жиналысы болады, – деді Рамазан. – Сол колхозға председатель боп баруға біржола бекінгенің бе? – Бүгінгі жиналыста шешіледі. Колхозшылар қабыл алса, мен әзір, – деді Рамазан. Алмагүл қабағын шытынды. Екі-үш минуттай үнсіз отырды да, еріне салмақты жүзін бұрып: – Бұл ісіңді мен құп көрмеймін. Тыныштығымыздың сәнін бұзба... тағы да айтамын, бұрынғы жігіт күнің емес... ойлан...– деді... Бірақ, Рамазан жөнеліп кеткеннен кейін, қалың ойдың қоршауында Алмагүлдің өзі қалды. Ойы әуелі бытырап, әр жайға бір ауыса берді де, жел иірген бұлттай бірте-бірте тұтасып, қоюланып алды. Есептеп көрсе, Рамазан екеуінің отасқанына қырық жыл болыпты. Екеуі бірге өткізген осы өмірлерінің ішінде талай қуанышты да көрді, талай ауыр күндерді де бастан кешті. Бірақ ерімен екеуі осы уақытқа дейін бір-біріне қатқыл сөз сөйлеп, көңіл қалдырысқан күндері жоқ екен. Рамазанның осы соңғы әрекетіне дейінгі барлық ісін Алмагүл жөн көріп, ылғи құптап келген. Ерінің әр ісіне сәт тілеп, көңілі алаңдап, алабұртып отыратын. Балаларының алды өз алдына үй болып, Рамазанның жасы пенсияға шығуға тола бастаған кезде, «енді қалған ғұмырымызды тыныштықта алаңсыз өткіземіз» деп, көңілі жайлана бастаған еді. Міне, тағы да көңілге алаң кірді. «Жоқ, ендігі қалған өмірімізге тыныштық керек. Қозғалмаймыз жылы орыннан. Рамазанды райынан қайтарамын», – деп ойлады. Алмагүл. Осы мезетте бөтен бір суық ой оқыстан келіп, оның жүрегін тітірентіп жіберді. Рамазанды бүгінгі жиналыс председатель етіп сайламай тастаса жақсы болар ма еді? Ол барғысы келгенмен, колхозшылар қабыл алмаса, осы ауылда, өз орнында қала бермей ме?

Алмагүл өз ойынан өзі шошып қалды. «Ерім осы жасқа келгенше, оған жұрттың сенім білдірмеген жері жоқ еді ғой. Енді шашына ақ кіргенде, сол сенімнен айрылып, қор адам болғаны ма? Мүмкін емес... Иланбаймын...» – деді күбірлеп. Буыны сытыр етіп, орнынан жылдам түрегеліп, терезеден сыртқа көз салды. Қолын маңдайына қалқалап, кәрі көзін сығырайтып, ерінің келетін жолына ұзақ сүзіліп қарады. Бір мезетте, дөңнен асып, даңғыраған күзгі қара жолмен төмен құлап зырлап ағып келе жатқан жеңіл машина көрінді. Көк зеңгір «Волганы» Алмагүл бірден таныды. Машина үйге таяп қалғанда, ол шапанын иығына желбегей жамылып, есік алдына шықты. Күлімдеген жас шофер «Волганы» Алмагүл тұрған табалдырыққа жанастыра әкеп тоқтатты. Рамазан әйелінің жан толқынын реңінен таныды ма: – Көңіліңді орнықтыра бер енді, колхозшылар қабыл алды, – деді машинаның есігін ашып жіберіп. – Бірауыздан қуанып сайлады! – деді шофер көңілді үнмен. Алмагүл еріне сүйсіне қарап, салмақпен жымиды.

Жаңа бұлақ

Ауылдың тап қасындағы кішкене көлді жиектеп өтетін үлкен тас жолмен екі бала келе жатты. Бірі – қоңыр шалбар, қысқа жең көйлек киген, орта бойлы, қызыл шырайлы бала Кәкімжан, екінші – матростарша киініп алған, селдір, жұмсақ шашын сол жағына сәндеп қайырған, кішірек көзді, сары бала Мұқан. – Өзің қаттырақ аяңдашы. Қазір-ақ жетеміз,–деп, Мұқан қолын сөз нақысына келтіре сермеп тастап, жып-жып етіп сөйлеп барады. Серігі оның сөзін үнсіз ғана тыңдап келеді. Әлсін-әлі бас изеп, жолдасына құптау ғана білдіріп қояды. – Көлге шомылып алсақ қайтеді, Мұқан? Жолда ыстықтаймыз ғой, – деді ол көлге жақындағанда. – Жарайды. Анау біреу қамыстың тұсынан түсейік,–деп Мұқан іле қостады. Бұлар көлдің жағасына барып енді шешіне бергенде, ауыл жақтан бір машинаның қарасы көрінді. – Әй, Кәкімжан, машинаны қара! Тез ки ботинкаңды. Мен оны қазір тоқтатайын, – деп Мұқан бас киімін қолына алып, жүгіре жөнелді. Ол жолдың дәл ортасына кеп тұра қалды. Асыға аяңдап Кәкімжан да жетті. - Шофер бізге тоқтай қойса жарар еді, – деді ол әрі қуана, әрі күдіктене сөйлеп. – Фу, Неге тоқтамайды?Біз кімнен кембіз! – деп Мұқан қолды сермеп тастады. Олар машина жуық келгенде оның кузовына артқан жүгі жоқ екенін, тек шофердің қасында бір адам отырғанын анық байқады. Мұқан жолдың сол жағына шығып қолын көтерді. Машина бұлардың өте беріп тоқтады. – Не керек сендерге? Қайда бармақсыңдар? – деп сұрады мұртты шофер кабинадан басын шығарып.

– Ал, сіз өзіңіз қайда барасыз? –деді Мұқан кабинаға жақындап. – Пионер бұлағына. Одан минерал су тиеп алып, ауданға тартамыз. – Біз де пионер бұлағына. Бізді ала кетесіз бе, ә? – деп өтінді Мұқан. – Қане, отырыңдар! – деп, шофер басымен кузовты нұсқады. Екі бала баллонға шығып, кузовтың ернеуінен ұстап, машинаға секіріп мініп алысты. – Өзі бір жақсы шофер екен, – деп күбірледі Кәкімжан. – Мен әлі ешбір жаман шоферді көргенім жоқ. Мені бәрі де машинасына мінгізеді, – деді Мұқан көтеріле сөйлеп. Екеуінің шофер жайындағы сөзі осымен үзіліп қалды. Машина түзу, даңғыл жолмен құстай ұшып зырлап келеді. Жолда кездескен ағаш, бұта бас иісіп, сәлем етіп қалып жатыр алыстан сағым көтерген тау бұлдырап, көгілдір тартып көрінеді. Екі бала төңірекке құмарта қарайды, зымыраған машина емес, өздері самғап ұшып бара жатқандай кейіпте. «Шіркін, біздің ауылдың табиғаты қандай тамаша, – деп ойлайды балалар, – созылып жатқан ағаш, айнала көл, даласы кілем төсеп тастағандай, анау көрінген иір өркеш жоталар қандай әдемі!» Бұл жермен бұрын машина да жүрмейтін еді. Былтыр ғана осы тас жол салынған. – Біздің бұлаққа енді машиналар да тынымсыз ағылатын болды, – дейді көңілді Мұқан. Екі бала өткен жылы өздері тапқан осы жолдың салынуына себеп болған жаңа бұлақтың тарихын естеріне алды. Бір күні төртінші кластың бір топ пионерлері жазғы каникул кезінде Салпақ дейтін жақын тауға серуенге шығып еді. Олар таудың етегіндегі шоқ ағашқа келіп, біраз демалып отырды. Мұқан мен Кәкімжан доптаяқ жасайтын тал кесіп аламыз деп ағаш ішін аралап, ұзаңқырап кетіп еді. Кенет таңғажайып, жас нәрестенің алыстан естілген жіңішке күлкісіндей нәзік бір сылдыр естілді. Екеуі үнсіз тыңдай қалды. Көктем айында қар ерігенде тау басынан домалап, сылдырап ағатын мөлдір бұлақ сияқты. Бірақ қазір жаз ортасы ғой. Бұл қыраттың қары еріп кеткелі қашан. Бұрыннан бұлаңдап ағып жатқан бұлағы да жоқ еді. Кәкімжан осыған таңырқап тұр. Мұқан етпеттей жата қалып, демін ішіне тартып, әлгі дыбысқа құлақ түрді. – Тіпті тап қасымыздан ағып жатқан кәдімгі бұлақ. Кәне, тауып алайықшы өзін, - деп атып түрегелді ол. Жұқа секпілді бетінде адам аса қуанғанда ғана туатын нұрлы шырай ойнайды. Екеуі сәл ілгері жүре беріп, мөлдір бір жаңа бұлақтың үстінен шықты. – Айттым ғой бұлақ деп. Әй, бұ не керемет! Бұрын мұнда бұлақ жоқ еді ғой, - деп, Мұқан басын шайқап, күлім-күлім етті. – Жүр, мұның нағыз көзін табайық, – деді ол Кәкімжанға. Әлі еркін арна сала алмай, қысыла бұраңдап ағып жатқан бұлақтың бойын қуалай екі бала жоғары өрледі.

Көп ұзамай-ақ бұлақтың көзін тапты олар. Шағын ғана ойдым шұңқыр. Терең жер астынан мөлдір су шып-шып қайнап шығып жатыр. Тауда ғана пайда болған жас бұлақ. Екі бала төмен еңкейіп, суға ауыздарын тосты. – Мынау қандай қызық су, ә? – деді Мұқан. – Өзінің бір түрлі дәмі де бар ғой, – деп Кәкімжан тамсанып қойды. – Қандай дәм? – Кәдімгі судың дәміндей емес. – Рас, ондай емес. Бір өзгеше су. Екеуі судың дәмін қайта-қайта татып, тамсана түсіп біраз отырды. Ақыры «бұл суда бір сыр бар» деген қорытындыға тірелді. – Сен осы жерден тапжылма.Мен балаларды ертіп келейін, – деді Мұқан Кәкімжанға. Ол сөйдеді де ағаш ішін жаңғырта айғайлап, дем алып отырған жолдастарына қарай жүгірді. Жаңа бұлақтың басына серуенші пионерлер түгел жиналды. Судың дәмін бәрі де татып, түрлі-түрлі пікірлер айтты. Содан кейін олар ауылға барған соң тексереміз деп бір құтыға су құйып алды да, жаңа бұлаққа ат қоюға кірісті. – Бұлақты тапқан Мұқан мен Кәкімжан. Солардың атымен аталсын, – деді бір бала. Қалғандары осы сөзді қуаттай бергенде Мұқан қолын жоғары көтеріп: – Жоқ, бұларың дұрыс емес. Бұлақты Кәкімжан екеуіміз емес, жорыққа шыққан бәріміз таптық, – деді. – Я, бәріміз, – деді Кәкімжан оны құптап. Мұқан жолдастарына бір қарады да, дәл осы шақта жиналыс басқарып тұрғандай-ақ салмақты дауыспен: – Біз пионерлерміз. Бұл бұлақ – Пионер бұлағы деп аталсын. Қосылатындарың қол көтер, - деді. Балалар бір-біріне қарасып сәл бөгеліп қалды да, дереу бәрі бірден қол көтерді. Жаңа туған жас бұлақ пионер есімімен аталды. Пионер бұлағының аты көп ұзамай бүкіл елге тарады. Оның суы асқазан ауруларын емдейтін аса қадірлі, минералды дәру су болып шықты. Бұл суды ішіп, емделіп дертінен жазылған талай адамдар сол бұлақты тапқан пионерлерді құрметпен еске алмай ма? Пионер бұлағына бүгін саяхаттап барып қайтуға шыққан екі бала жол үстінде жаңа бұлақтың кішкентай ғана осы тарихын еске түсіріп, оның суы халық игілігіне жарағанын қуана әңгімелеп келе жатты. Бұлар мінген машина тау бөктерін айналып өтіп, шоқ ағашқа келіп ене берді. Жаңа бұлақтың үстінде желбіреп тұрған пионер жалауы көрінді. Екі құрбы

Күндегіден ертерек тұрып, таңертеңгі асты дағдылы уақыттан бұрын әзірлеген Гүлсім ас үйден шығып, кішірек бөлменің есігін ақырын ғана ашып ішке енді. Күніне талай кіріп, талай шығатын осы шап-шағын бөлме дәл қазір анаға ерекше

нұрлы, әрі үлкейіп кеткендей көрінді. Адамның көңілі өсіп қуанған шағында, аздың молайып, ауырдың жеңілденіп көрінетін әдеті болады. Гүлсімнің көңілінде де сондай бір көтеріңкі толқын бар еді. Ол екі қолын кеудесіне айқастыра ұстап, бір кісілік жіңішке көк кереуеттің қасына келіп, тәтті ұйқы құшағында жатқан қызына күлімсірей қарады. «Мама, өзің тұрғанда мені де бірге оят», – деп еді қызы жатарында. Гүлсім мұны орындай алмады. Ол тым ерте тұрды. Осы кереуеттің қасына да келді. Бірақ, сүйікті қызының тәтті ұйқысының шырқын бұза алмады. Бөлменің есігін ақырын жауып шығып кеткен. Біраздан соң қайта оралған еді. Гүлсім қол сағатқа үңілді, ұзақ уақыт әлі ерте, көше бойындағы шамдардың жарығы әлі сөнбеген. Ана бөлме ішін көзімен тағы да бір шолып еді,бәрі де таптұйнақтай, жинақы. Төрдегі дөңгелек столдың бір бұрышында қызының мектепке бүгін апаратын бар бұйымдары тұр. Өзіне қажет заттарын рет-ретімен орныорнына әзір етіп жиыпты. Сол әрбір істен епті қолдың бабы білінгендей. Гүлсім осыны танып ерекше қуанып та, қызына сүйініп те тұр. Ана көзіне түлегінің тым балғын шағы да елестеп кетеді. Бұдан бес жыл бұрын оны мектепке тұңғыш алып барған да өзі еді. Қызы нәзік саусақтарымен қырлы қарындашты қатты қысып ұстап, алғашқы әріпті қағаз бетіне түсіргенде, Гүлсім қандай қуанды десеңші! Қызы оқуды үздік оқып, жылма-жыл мақтау грамотасын алып келеді. Осының бәрі Гүлсімді қуантады. Ана үшін баласының үлгі-өнерін көруден артық қуаныш бар ма! Жібек абажуры бар электр шамы Гүлсімнің бетіне көгілдір сәуле түсіріп тұр. Ананың жымиған жүзіндегі күлкі ізі жылы лептен сәл ғана шіміріккен мөлдір, тұнық айдынның ұсақ толқынына ұқсайды. Ол қызының ұйқыдан қызара балбыраған жүзіне қарап осылай тұра беруі де мүмкін еді. Гудоктың зор қоңыр үні естілді. Сол дыбыс ұйқы құшағында жатқан сергек адамды селт еткізіп оятты. Қоңыр бұйра шашты, ақсары қыз жастықтан басын көтеріп алды. – Ой, маматай, кешігіп қалғаным жоқ па? – деп, асығып сұрап, кереуеттен лып етіп жерге түсті. – Қайырлы таң, Роза!.. Айтқан уақытында тұрдың, – деп жымиды Гүлсім. – Рахмет, мама!.. Ә, бірақ, өзің қашан тұрдың? – Бір сағаттай бұрын. – Ендеше мені неге ерте оятпадың. Мен саған көмектесуге тиіспін ғой, – деді Роза жайраңдаған үнмен. – Бүгінше саған мен көмектесейін, – деп, үлкен қара көздері күлімдей сөйледі Гүлсім. Оның Розаны ертерек оятпауының мәнісі де осы еді. Жаңа оқу жылының алғашқы сабағына баратын мерекелі күні ғой, уақытында ұйықтап, уақытында тұрсын, – деп ойлаған Гүлсім. Бүгінгі таңертеңгі асын әзірлеуге ерте кіріскені де сол себепті.күнде өзіне Роза көмектесетін. Ал, бүгін Роза тұрғанда бәрі де әп-әзір болып қалыпты. – Әлі де уақытым көп екен. Сәулеге баруға еркін үлгіремін, – деп қуанды Роза төрдегі аспалы сағатқа көз аударып.

Сәуле Розаның сабақтас құрбысы еді. Екеуінің де алтыншы «В» класында оқитынын білген күні ол Розаға бір партаға отырайық деп тілек білдірген. Роза қарсы болмаған. Кеше кешке жолыққанда Сәуле: «Қасыңа ешкімді отырғызба, өзіміз бірге отырамыз, жарай ма?.. Және сен маған ертең сөзсіз кел, жарай ма... Менің ұйқым қатты, өзім ояна алмай қалсам, сабақтан қалып қоямын ғой. Сен келетін бол, жарай ма?» – деп, Розадан қайыра-қайыра өтініп, сөзін әбден нығарланған. Уәде бойынша Роза мектепке барар жолында әдейі бұрылып, үшінші этажбен жүгіріп жоғары көтеріліп, оның үйінің есігін қақты. Әуелі іштен еш дыбыс білінбеді. Роза қағуын қайталап жауап күтті. Дыбыс жоқ. «Үйлерінде ешкім бар ма өзі? Ұйықтап жатса неге оянбайды ?» – деп ойлады Роза. Ол есікті қарындашының түбімен қаттырақ тықылдатқанда, іштен әйелдің жіңішке даусы шықты: – Бұл кім? Кім керек сізге? – Мен Розамын. Сәулемен бірге оқимын. Мектепке барарда маған келе кет деп еді Сәуле. Уақыт болып қалды. Тұрды ма Сәуле? – деді Роза дауыстап. – Білмеймін қандай Роза екеніңді. Сәуле мектепке өзі де бара алады. Жүре бер, – деді әйел даусы. Роза кетерін де, кетпесін де білмей сәл аңырып тұрып қалды. «Мұнысы несі? Неге ашуланып сөйледі? Соншама менің не жазығым бар екен?» Роза қабағын сәл шытынып, келген ізімен төмен жүгіріп түсіп кетті. Онымен сөйлескен әйел Сәуленің шешесі – Бибі еді. Жұмсақ диван үстінде қисайып отырған ол, есікті қайта-қайта қағып, өзін мезгілсіз мазалаған біреуді тым-ақ ұнатпай, онынан әрең тұрып барған. Сүйір мұрнының тыжырына қалған дәл ұшы жақсылықты аңғартпап еді. Бибі іште тұрып тік-тік сөйлеп, аяғын дік-дік басын орнына қайта келді. – Менің қызымды жетелеп оқытып жүрген адам сияқты, – деп өзінен-өзі мырс етіп кекетті. Бибі ас үйдің есігінен басын сұғып: – Сен, немене, бірдемені күйдіріп алған жоқпысың, қоңырсыған не иіс?.. Асың дәмді болсын... Тездет енді, тамағың піскен кезде хабар ет, Сәулені сонда бір-ақ оятамын, - деп ескертті үйдегі қызметші әйелге. Бибі столға ас жасаудан сәл ғана бұрын Сәулені оятты. Қызын өзі киіндіріп, тіпті оның шашын да өзі сәндеп тарап берді. Шынында Сәуле шашын өзі өруге онша епті емес еді, біресе тарқатып, біресе өріп көп әуреге түсетін. Сондықтан болу керек, кинотеатр сияқты бір жерге барарда шашын ылғи шешесіне өргізетін. – Тұлымыңа қызыл лента байлайын. Шоқ гүл секілді әдемі көрінеді, – деді Бибі, Сәуленің қысқа шашын екі бұрым ғып өріп болған соң. – Үстіме қай көйлегімді киемін? – деп сұрады Сәуле. Бибі үш-төрт көйлектің түсін атап өтті де қызына: – Бүгін ақ жібек көйлегіңді киіп барасың, – деді. Таңертең тамақтан кейін Сәуле асықпай киінді. Бибі оның төрт жағынан бірдей тұрып қарап, қызының үстіндегі киімнің қонымын байқады. Бұл киімдері осы

жазда қымбат жібектен әдейі арнап тіккізіп еді. Енді қазір Бибі солісіне іштей сүйінді. «Мұндай киімге екінің бірінің қолы жете бермейді»,- деп масаттана ойлады ол. Баланы өз теңінен оқшау етіп, артық мақтап көтеру үшін ғана оны қымбат киімге орап-шымқап тастаудың пайдасынан залалы көбін ол еш ойлаған жан емес. Сәулені қаршадайынан мамыққа құндақтап келеді. Үй ішіндегі ешбір шаруаға оның қолының ұшын да тигізбей, еңбек атаулыдан арашалап келеді. Сәуле есейген сайын шешесінің бар незін өзіне біртіндеп жұқтырып отырды. Осы соңғы кездерде қызы Бибінің тек қана бойды сылап-міней беретін ұнамсыз сылаң әдетіне елігіп бара жатқандай. Мұның ақыры неге соғарын кім білсін! Сәуле киініп болғанша сабаққа баратын уақыт та болды. Ол портфелін алып үйден асығыс баратын уақыт та болды. Ол портфелін алып үйден асығыс жүгіріп шықты. «Қарның ашып қалмасын, печенье алып же,» – деген Бибінің сөзін есікті жаба беріп шала естіді. Басқыштан түсіп келе жатып ол кілт бөгелді. « Кешегі байласқан уәде қайда? Роза неге соқпады екен маған? Ұмытып кетті? Жоқ, ол ұмытшақ емес...Әлде өзі ұйықтап қалған шығар. Үйіне барсам ба екен? Жарайды, келер өзі, соншама жерге қайдан барып жүремін», – деп ойлады ол. Сәуле мектепке келгенде, барлық кластарда да сабақ басталып кеткен екен. Ол өз класының алдына тақап келіп, аз бөгеліп, біртүрлі ыңғайсызданып, ақырын ғана есік қақты. Оқытушының өзі есік ашып қарады да, мұны көріп, кешіккен себебін сұрап, басын шайқап, бір жолға рұқсат етті. Кешігуші класқа енгенде барлық көз оған жабыла бір қарады да, бәрі бірдей сәл таңырқап қалды. «Сәуле сабаққа емес, қонаққа баратындай сыланып келіпті»,– деп мырс беріп күлді шеткі партада отырған бала көршісіне сыбырлап. Тұстарынан жанай өте бергенде, Сәуле олардың бұл сөзін естісе де естімеген кісідей боп, кейінгі жақтағы партада оңаша отырған қыздың қасына барып, жібек көйлегі судыр етіп отыра кетті. Роза бір партаны өзі жалғыз иемденіп, оқушылардың бәріне : «бұл партаға өзім және Сәле отырады», – деп жария еткен. Сәуле класқа енген бойда, Роза оған иегімен ым қағып, қасына шақырып еді. Бірақ, құрбысы қызыл туфли киген аяғын жып-жып басып, тап тұсынан өтіп кетті де, келесі партаға барып отырды. Розаға тым болмаса көз қиығын да тастамады. Енді бір мезгілде Розаны алдына бүктелген төрт бұрышты кішкене қағаз келіп түсті. Ашып қарап еді, бір-ақ ауыз сөз жазылыпты. «Әдейі мені сабақтан кешігіп қалсын дедің ғой». Роза қып-қызыл болып кетті: «О, Сәуле, басына қандай жаман ой келген!»

Сәуленің үйіне өзінің ертемен барғанын оған айтайын деп, Роза алғашқы үзіліске шыққан бойда оқталып еді. Бірақ құрбысы қабағын түйіп, бұдан сырғақсып, тысқа шығып кетті. Сәуле Розамен сөйлесуді тап осы жолы мүлде қаламады. Ал, Роза онымен түсініскісі келеді. Онда ешқандай кінә жоқ қой. Сәуле мұны бекерге неге жазғырады?

– Жоқ, мен саған бүгінгі жайды айтуға тиістімін. Ал сен тыңдайсың, – деді Роза, сабақтан шығып үйлеріне қайтып бара жатқанда Сәулені қуып жетіп, қатарласа беріп. – Нені? – деп, Сәуле қасын жоғары секіртіп, оған басын қисайта бұрып қарады. Әр нәрсеге таңырқай қалғанда мұның шешесі ылғи осылайша қарауды дағдылы машығына айналдырған адам. Сәуле де қас пен көздің осы қимылына қызыға еліктеп жүрген. – Мен таңертең сіздің үйге келдім. Тықылдатып есікті де қақтым... Күттім, көп күттім... Ақыры ар жақтан біреу келді де: «Сәуленің өзі де бара алады, жүре бер» деді маған. Өзі тіпті ашуланып айтты. Сонда маған не істеу керек? Кетіп, отырдым, – деді Роза болған жайды айтып. – Қайдан білейін келген келмегеніңді. Барған соң мамамнан сұраймын, – деп, оның сөзіне Сәуле оншалық сене қоймады. Сәулені иландыра алмағанына Роза ішінен қиналды да, әрі оның шын сөзге сенбегеніне үнсіз таңырқады. Өз үйіне жеткенше ой жүгіртіп, осының әр түрлі себебін іздеді. Бұл келгенде үйде ешкім жоқ еді. Мамасы да қызметінен әлі келмепті. Кіші інісін папасы күнде таңертең балалар бақшасына апарып, өзі жұмысынан қайтарда бірге ала келетін. Қазіргі сәтте осы үйдің үлкен қожасы Роза ғана. Сол сезім оның әлгі ойын сейілтіп жіберді. Ол төрдегі сағатқа қарап еді, шешесінің келуіне әлі біраз уақыт бар екен. Роза сырт киімдерін гардеробқа іліп, қолы-басын жуынып жіберіп, түскі ас әзірлеу қамына кірісті. Буфеттен жылтыр ақ электр шайнекті алып, мөлтілдеп тұрып су құйып, шай қойды. Төменгі этаждағы азықтүлік магазиніне жүгіріп барып нан да алып келді. Осыдан кейін дөңгелек столдың бетіне таза дастархан жайып, тамақ жасап, мамасының келуін күтті. Күн ашық, шуақ еді. Үлкен терезеден үй ішіне күн сәулесі мол төгіліп тұр. Роза терезе алдына келіп сыртқа көз салды. Биік үйдің балконынан қала келбетіне қараған қандай тамаша. Өзің жоғарыда тұрасың, ал төменде қайнап жатқан бір өмір бар: тротуарда тынымсыз қыбырлаған адамдар, түзу көшелермен ағылған машиналар, көше бойына егілген зәулім ағаштар да өзіне қызықтырып қаратады, сарғайып қалған жапырақтары әлі түсе қоймаған бұл ағаштар қазіргі күзгі күнде қызылды-жасылданып, батсайы ала шапандай ерекше құлпырып көрінеді. Роза жанды көріністің бәріне қызықтай қарап, терезе алдында ұзақ тұрды. Бір сәт ол жаңадан салынған биік үйдің мұнарасын жасап жүрген бірнеше адамды көріп қадала қарады. Бойын бір түрлі ыстық қуаныш кернегендей болды. Роза кішкене ғана жүрегінің қуанған лүпілін де байқады. Ол мақтаныш сезіміне бөленді. Розаның папасы құрылыс инженері болатын. Есік қоңырауы сыңғыр етті. Роза жүгіріп барып есікті ашты. – О, маматай, немен құттықтаймын! – деп, Роза жұмыстан оралған мамасын қарсы алардағы күндегі дағдылы сөзін айтып, шешесінің мойнынан күлімдей құшақтады. – Екі жүз он, – деді Гүлсім. Бұл аталған сан – тігінші шешенің бүгінгі жұмыс нормасының орындалу проценті еді.

Гүлсім қызынан алғашқы оқу күнінің жайын сұрады. Ас ішіп отырғанда да оның әңгімесі бастапқы сабақ жөнінде болды. Өзі танитын оқушыларды да сұрастырды. Роза бар сұрауға көңілді, жайдары жауап беріп отырып, кенет өңі құбыла қалып, сәл бөгеліп: – Бір қолайсыз іс болды, – дегенде,Гүлсім көздерін кең ашып,бүкіл денесімен бұрылып, қызына селт етіп қарады. – О не, жаным, қандай іс? – деп үрке сұрады. – Жай әншейін, түсінбестік, – деп күлді Роза бар сұрауға көңілді, жайдары жауап беріп отырып, кенет өңі құбыла қалып, сәл бөгеліп: - Бір қолайсыз іс болды, – дегенде, Гүлсім көздерін кең ашып, бүкіл денесімен бұрылып, қызына селт етіп қарады. – О не, жаным, қандай іс? – деп үрке сұрады. – Жай әншейін, түсінбестік, – деп күлді Роза. Ол Сәуле мен өзінің арасындағы бүгінгі халді жасырмай, әрлемей баяндап берді де: - Мен ешкімді алдаған емеспін. Сәуле менің сөзіме неге сенбейді? Бұрын ол ондай емес еді. Неліктен мама, ә? – деді шешесіне. – Біреудің жолсыз әдеті әсер етіп жүрген болар? – деді Гүлсім салмақты пішінде. – Сонда кімнің? – деді Роза ынтығып. – Бұған жауапты өзің тап. Құрбыңның теріс қылығын көрсең, оның туу себебін білу сенің міндетің, – деді анасы. Қызына осы сөзді айтып отырғанда, Гүлсімнің көз алдына Сәуленің шешесі Бибі елестеді. Бибі үйде болғанда үстіне сусылдаған жібектен ұзын халат киіп жүруді ерекше ұнататын, тек ашық, жылы күндерде ғана кербез киініп көшеге шығуды жаны сүйетін бір оқшау жан. Бойы өзіне аласалау сияқты көрінгендіктен, үйінде отырғанда да аяғынан биік өкшелі мәнерлі туфлиін бір тастамайды. Жұрт тұрғанда бұл да тұрады, жұрт жатқанда бұл да жатады. Бірақ ол әр күнді қызықсыз, мағынасыз өткізіп келеді. «Мұны өзі аңдамайды, сезбейді», – деп ойлайды Гүлсім. «Ешбір пайдалы іс атқармай ертеден қара кешке дейін бекерденбекер қалай жалықпай отырады екен?» – деп, ішінен таңырқап та қояджы. Сәуледен басқа баласы жоқ, істеп отырған қызметі және жоқ, дені сап-сау Бибінің өз үйінде қызметкер әйел ұстағанына да ауыр кінә тағады. « Масылдық, қоғамға пайдасы жоқ», – деп жек көре сынайды. Бір сәт аналық мейірімді жүрегі өз-өзінен мазаланып, қобалжу кіріп, Сәуленің тағдырын ойлап кетеді. «Шешесінің дерті жұғады-ау» деп, аяп ойлайды. – Достар ренжіспейді.Сен Сәулемен шындап сөйлесіп көр, – деді Гүлсім Розаға. Сәуле мектептен келген бетінде шешесінен: «Бүгін таңертең мен ұйықтап жатқанда, ешкім есікті қақты ма?» – деп сұрағанда Бибі ұнатпай сөз қатты. – Танымаймын, тықыршыған біреу ғой деймін өзі. – Ол Роза ғой келген, мама. Ол маған уәде еткен, – деді Сәуле түсіндіріп.

– Е, қойшы осыныңды. – Бибі қолын сілтеді. – Ол соншама немене, сенен артық па? Өз бәсіңді кемсітіп, «Мені оята кет» дегенің, о не қылғаның? – Ол екеуіміз бір партада отыруға уәделескен едік, – деп Сәуле енді жасқана сөйледі. – Ондай тықыршықтармен дос болма. Роза құдды шешесі сияқты тынымсыз. Оның шешесі әлі күнге дейін «жұмыс, қызмет» деп, зыр жүгіріп жүрген жоқ па? Сонда бір жоғары дәрежелі іс болса екен. Тігін фабрикасының қарапайым жұмыскері. Бұдан да үйінде тыныш қана отырмай ма? Күйеуі инженер, соның тапқаны күн көрісіне мол жетеді ғой, – деп, Бибі қызының көзінше Гүлсімді едәуір сөкті. – Тынымсыз адам болған соң сүйтеді-дағы. Отырмыз ғой өзіміз, қандай рақат, – деп өзін мақтап барып тоқтады. Сәуле сабақ қарағалы отырған кезде, Бибі оған тақау келіп отырып, тағы да сөз бастады. – Осы бастан есіңде болсын, қызым, – деді сұқ қолын маңдайының алдын апара шошайтып, - бір тақырыпты жақсы оқып барған күні көтеріп айта ғой. Тәуір баға аласың. Сосын мұғалім көп күнге дейін сенен сұрамайды. Тәуір баға алу жөнінде осы үлгілес айла-тәсілдерді үйретіп келіп, Бибі Сәулеге бір жайларды ескертті. – Сен дәудей бір комбинаттың директорының қызысың. Көріп отырған тәрбиең де басқалардан жақсы. Мектепте де өзіңді солардан жоғары ұстай біл. Бүгінгі таңертеңгіңді ендігәрі қайталама, – деп Сәуленің Розаға оята кет дегенін тағы да есіне салды. Сәуле Бибінің сөзін үнсіз тыңдап, жадына тоқып отырды. «Әрине, мамамның айтқаны дұрыс, менің папам директор ғой», – деп ойлады ол. Осы сәтте өзін-өзі құрбыларының бәрінен де жоғары көтеріп қойды. Келесі күні Сәуле сол оймен мектепке барды. Жаңа оқу жылының алғашқы күндері осы көңіл күйінің құшағына еніп, тез сырғып өтіп жатты.

Бір күні Сәуле өзі күтпеген қолайсыз жайға амалсыз душар болды. Шешесі үйреткен тәсіл бойынша география пәнінен бір жолы жақсы әзірленіп келіп, алғашқы сұрауға қол көтеріп жауап беріп, тәуірлеу баға алған соң, «енді менен жуыр маңда сабақ сұрай қоймас» деп сеніп еді. Содан нақ келесі күні өтілген сабақты оқытушының одан сұрап қалғаны. Сәуле кітабының бетін де ашпай келген еді, ол үшін тұтқиыл бір іс болды. Берілген тапсырманы орындап келмегені үшін, күнделікті сабаққа жүйелі әзірленбегені себепті Сәуле нашар баға алды. Бір жолға оған кешіруге де болатындай еді. Тәжірибелі оқытушы оның бұл қулығын біліп қойды. – Сабаққа әзірленіп пе едің? – деп сұрады ол. – Оқыдым, деді Сәуле солғын үнмен. – Оқысаң, білер едің. Сірә, бүгін сабақ сұрамас деп сенгенсің ғой, – деді оқытушы.

Мұғалімнің нашар баға қойғанын Сәуле шешесіне шағынып айтты. Бибі екі беті қызараңдап отырып, қызын жақтап, әжептәуір ашу шақырып, сөйледі. Дереу мектепке телефон соғып, география пәнінің мұғалімімен сөйлесіп, оған кінә тақты. «Менің қызым алғыр оқушы, әр нәрсенің байыбын жақсы түсінеді. Ол сіздің сабағыңызға жақсы әзірленіп барған, бірақ сіз оқушыңыздың психологиясын танымағансыз. Сәулеге қойған бағаңыз әділ емес», – деп міней сөйледі. Бұл сөздерді тыңдап отырған Сәуле ішінен сүйінгендей кейіпте еді. «Кінәлі мұғалімнің өзі. Кісіге тосын сұрақ қояды. Басқалар білгенді мен білмейді дей ме екен? Үйде оқып келгенде, мен бәрінен де артық жауап беретін едім», – деп өкпелей ойлады ол. Бибі мұның тап көкейінде тұрған ойының үстінен түсті. – Мен аңғарамын, сабақты сен олардан артық білесің,– деп, ол он иығын жоғары бір көтеріп қойды. Ал, Сәуле жалғыз озып кетуді шын тілесе де, алға түсіп оқшау ұзап кете алмады. Қайта бұрынғы дәрежесінен төмен ойыса берді. Ол кітап оқуға отырғанда, қайдағы бір қиял жетегіне еріп кететін болды. Құрбылары қолын созса, өресі жетпестей шырқаубиікке шығып кетсем деп көп ойлайды. Өр шыңына оймен самғап өзі шығып кетеді де, кітаптан бар оқығаны бас құраса алмай, ыдырап, бытырап қалады. Осыдан соң жарытып не айта алсын ол. Соңғы кезде өзі көпшілік іске араласуды да қаламағандай. Бір құрбысы оған: «Біздің көркемөнер үйірмесіне қатыссайшы, жақсы ән-күй үйренесің», – деп тілек білдіргенде, Сәуле : «Біздің өз үйімізде пианино бар», – деп қолын бір-ақ сілтеді. Бибі тыйым салғаннан бері ол Розамен салқын жүздесіп, солғын амандасып қана жүрді. Роза жарқын сөйлесіп, жайдары, көңілді қалпында оған жуысса, Сәуле ұнатпағандай ажар танытады. Ренжігендей қабағын шытынып қалады. Әуелі Роза «баяғы бір өкпелегені әлі тарқамай жүрген болар» деп жорып еді. Енді Сәуленің сабақ үлгіруі төмендеп бара жатқан соң « Өзі аурудан сау ма екен?» – деп, тосын бір ойға килікті. « Сәулемен еркін шешіліп сөйлесу керек», – деген қорытындыға келіп, Роза бір күні оның үйіне барады. Бұл сәтте Сәуле жабырқау, көңілсіз күйде отыр еді. Бүгін мектептен оралып, алдыңғы бөлменің есігін ақырын ғана ашып үйге ене бергенде, ол жайсыз сөздердіестіген-ді. Папасы әлденеге ашуланып, қатты сөйлеп жүргені және әкесінің ашулы сөзін тұңғыш естіген Сәуле, қалт тоқтап, қалшиып тұрып қалған. Төргі бөлмеден зілді, ауыр бір сөздер құлағына шалынып еді. – Сенсің, бәріне кінәлі сенсің! Сәулеге өз басыңның дертін жұқтырып барасың. Ернің тырнағыңды қызарта бояғаның өнеге болып па? – деген папасының сөзі Сәулені дір еткізді. Тұла бойы кенет қалтырап, ақсары өңі бозара қалып, денесі тоңазығандай болды. – Сен ылғи солай дейсің. Өз қызыма жаным ашымайды деймісің? – деген Бибінің даусы жарықшақтанып шықты. – Солай деймін, – деді папасы. Оның асығыс сыртқа шығуға бет алып, бері бұрылған тықыры білінді. – Ой, мен бақытсызбын, – деп, оған ілесе Бибінің булығып жылағаны естілді.

Сәуле үріккен лақтай үйден атқып шығып, баспалдақтан жүгіре түсіп, үйді айналып, бұрыштағы ұзынша орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Осы арада делсал болып қанша отырғанын өзі де білмей біршама уақытта үйге үнсіз келіп кірген еді. Папасы да, мамасы да үйде жоқ екен. Сәуле жалғыз түйір қантпен бір шыныаяқ шай ғана ішті де, терезе алдындағы дөңгелек столды шынтақтап, жағын таянып, ойға шомып, мұңды пішінде отырған. Әлгі бір естіген сөздері құлағында шуылдап тұрып алды. Әсіресе, әкесінің айтқаны жанға тиіп қиналтады. «Сәулеге өз басыңның дертін жұқтырып барасың»,– дегенді қалай ұғарсың? Сәуле бірге оқитын құрбыларын көз алдына елестетті. Соңғы кезде олар бұдан неге сырғақсып жүр? Кеше бүкіл класс оқушылары болып ұйымдасып киноға барған, Сәулені ертпей кетті.Өзін ешкім де елемеген сияқты көрінді Сәулеге. Коллективін сыйламаған адам, әрқашан осындай жан азабынтартады. «Папамның дер дегені әлде осы ма екен?» – деп ойлады. Сәуле. Сол ойына тиянақ таба алмай жалғыз күйзеліп отырған шағында үйге Роза келіп кірген еді. Бұның келгеніне Сәуле қуанып, орнынан ұшып тұрды. – Тіпті көңілсіз едім. Жақсы болды ғой. Сен асықпа, Роза, жарай ма? –деп, Сәуле құрбысы құшақтап өзіне тартты. – Асықпаймын. Әдейі сөйлесе келдім. Түрің бір түрлі ғой, сен өзің ауырып отырған жоқпысың, Сәуле? – деп Роза асығып сұрады. Сәуле басын ғана шайқап, оған қарап мұңая жымидыда: « бір сөз айтсам, ренжімейсің бе?» – деді. Роза күлімдеп басын изеді. – Мен сені жақсы көрем. Бірақ, менің мамам сенің шешеңді жақсы көрмейді, – деп қысылып сөйледі. – Оның себебін білемін, деді Роза күлімсіреген қалпын өзгертпей. – Еңбек етпейтін, дені сап-сау болып, үйде бостан –бос отыратын әйелдерді менің мамам өте жек көреді. Мен де жек көремін. Ал, сенің мамаң... Роза бөгеліп қалды. – Ол менің мамамды да сол үшін жек көреді. Ал, сен мені ...– деп, Сәуле сөзінің соңын айта алмай, көзіне жас келіп, буындары дірілдеп, бетін басты. – Неге олай дейсің, Сәуле. Мен ... мен сені өте жақсы көремін, – деп Роза ұмтыла түсіп, оны құшақтай алды... Осыдан үш күн өткеннен кейін оқу жылының бірінші тоқсанының қорытындысы шығарылғанда, Сәуленің есімі үлгермеушілер есебінде аталады. Роза мұны естігенде қалың оқушылар арасында отырып, қызарып төмен қарады. Ал, Сәуле үйіне мұңайып келді де, шешесіне бір ауыз сөз де қатпастан, бір түйір дәм де татпастан төсегіне бетін басып жата кетіп, солқылдап ұзақ жылады. Шопан

Аласа дөңгелек столға дастарқан жайылып, тамақ жасалып, Оспан шопан іңір асын ішуге енді орнығып отыра берген кезде есік алдына бір жеңіл машина келіп тоқтады. – Балғаным, тамағыңды қоя тұр, қонақ келді ғой деймін, қарсы алайық, – деп Оспан асығып түрегеліп, әйелін ертіп тысқа шықты.

Машинадан үш адам түсті. Біреуі – мол денелі, кесек жүзді, егде тартқан кісі – колхоз председателі Есенгелді. Екіншісі – тығыршықтай қара жігіт – таныс шофер Әділғазы; үшіншісі – орта бойлы, ақшыл жүзді, талдырмаш қыз Шәмшинұр. Оспан бұл үшеуімен де қол беріп, қуанып амандасты да, Шәмшинурға бұрылып: – Онжылдықты жақсы бітіргеніңді әкең Жылқайдардан естіп едім. Енді Алматыға оқуға барасың ба, қарағым? – деді. – Мен осында, сіздің қарауыңыздағы оқуға келдім, – деп, Шәмшинур күлімсіреп сөйледі. – Не дейді, жаным-ау! Менің қарауымда нендей оқу бар еді? – деп Оспан таңырқап қалды. – Отағасы, қартайып қалғансыз ба, оп-оңай сөзге жас балаша түсінбей тұрғаныңыз қалай? – деп тығыршық Әділғазы оған әзіл айтты да, « бір ауыз сөзбен қатырдым ғой өзін» дегендей Шәмшинурға қарап көзін қысып қалды. Жігіттердің осындай бір сүйкімсіз қылығын Шәмшинур ұнатпаушы еді. Өз сөзіне өзі мәз боп күлген Әділғазыға қабағын түйіп, суық қарады. – Біз секілді қария түсінбей қалса кешірімді болар, өзін дүр санап жүріп, қатарынан қалып қоятын, сонда да өз мінін көрмейтін қайсыбір жастар туралы не айтамыз? Ауылдағы оқуды бітірген соң, қаладағы оқуды тауысамын деп, екі жыл бойы бұрау басын сындырмай, бос сенделіп шерменде атанған кім еді осы? – деп, Оспан Әділғазының бұдан төрт ай бұрын ауылда текке жүргенін мысқылдап, түйреп айтып қалғанда, Шәмшинур қарт шопанның сөзіне қатты сүйсініп, сыпайы жымиды. Әділғазы қызарақтап төмен қарады. Оспан шопан енді оны жұбата сөйледі. – Әзілім ғой, шырағым, көңіліңе ауыр алма. Осы бетіңнен танба! – деді. Шәмшинур қарт шопанның бұл сөзіне де іштей сүйсініп, күлімсіреп тұр еді. – Дұрыс айттым ба, қызым? – деп Оспа бұған бұрылғанда: – Өте дұрыс! –деп Шәмшинур басын изеді. – Ал енді жаңағы сөзіңнің мәнісін түсіндірші. – Мен сізге шәкірт боламын. – Не дейді, жаным-ау! – Ауылдағы орта мектепті бітірген бір топ жас колхозда жұмыс істеуге тілек білдіріп, өтініш етті. Біз қабыл алдық, – деп председатель Есенгелді мән-жайды ұғындыра сөйледі. – Ал мына Шәмшинур сіз секілді шопан болуды қалады. – Бәрекелді! Ұзағынан сүйіндірсін, қарағым. « Сіздің қарауыңыздағы оқуға келдім» дегеніңе енді түсіндім ғой. Көп жаса! – деп қуанды Оспан. – Ал енді не тұрыс бар, үйде асымыз да әзір еді, – деп киіз үйдің есігін шалқайта ашты да, қонақтарды дәмге шақырды.

Бұл кеште қонақтар қарт шопанның әңгімесін тыңдаумен болды. Алыс жайылымдарда отырған малшылар тіршілігіне жөнді қанық емес Шәмшинур Опанның сөзінен көп жайларға қанды. Кең иықты, дөңгелек қара сақалды

Оспанның жасы қазірде алпыс беске толған. Ұзақ жылдар мал баққан момын адам, жаңа бір кеселге душар болып қалмаса, өзінің осы бауыр басқан ісінен қол үзгісі келмейді екен. Бүгінгі заманда шопан еңбегі ерекше ардақталып отырғанын мадақтай сөйледі. «Бұл сөздерді мен үшін әдейі айтып отыр-ау» деп ойлады Шәмшинур. Осы сәт оның көңіліне бір күдік те оралды. Мал бағу оңай шаруа емес қой. Шілденің күйдірген ыстығында, қаңтардың қақаған суығында жүреді шопан. Жаңбырға да талай-талай малшынады, үскірік боранға да ұрынады. Жапан далада қой жайып жалғыз жүргенде кеш батпайтын да шығар. « Осы қиындықтарға төзе аламын ба?» деп күдіктенді Шәмшинур. Оспан оның дәл осы ойының үстінен түсті. – Малшыға ең керек қасиет – қайрат пен ынта. Бір бойға осы екеуін сыйғыза білсең, ешқандай қиындықтан қаймықпайсың,– деп ол Шәмшинурға қарап сөйледі. Әңгіме үстінде Шәмшинурдың ендігі бір аңғарғаны – Оспан киіз үй тіккен бұл жайылымда бес отар бар екен. Шопандар қосы бір-біріне көрші қонған. Оспан қонақтарын бастап сыртқа шыққанда әр жерден жылтырап солардың оты көрінді. Түн желсіз, тымық еді. Мүлгіген дала. Бар төңірек тыныш ұйқыға енгендей. Қой шетінде жатқан сақ төбеттің анда-санда бір маңқ етіп үргені естіледі. Шәмшинур көрші отарлар жақтан жылтыраған оттарға қарап біраз үнсіз тұрды да Оспанға: – Атай, көршілеріңізбен қарым-қатынастарыңыз қалай?– деп қызыға сұрау берді. – Өзара шаруамыз болса қатысамыз. Шаруамыз болмаса – жоқ,– деді Оспан. Шәмшинур бұл сөзге таңырқағандай болды. – Бірақ күнде таңертең қойды өріске шығарғанда бір-бірімізді ат үстінен алыстан көріп жүреміз, – деді Оспан. – Ал жұмыстан қолдарыңыз бос уақытты қалай өткізесіздер, – деп Шәмшинур тағы да бір жай-күйді білуге ынтықты. – Шопанның бос уақыты аз-ау, шырағым. Дегенмен кейде қолың бос уақытың болады. Мұндайда жатып дем алғанды тәуір көремін өзім. Біз жым-жырт тыныштыққа үйренгенбіз, оны ұнатамыз. Әлі өзің де, осыған үйреніп аласың. Шәмшинур үндеген жоқ. «Мен ондай мүлгіген тыныштықты қаламаймын», – деді ішінен.

Арада біраз күндер өтті. Шәмшинур әуелгі кезде күндіз қой бағуға қарт шопанмен бірге шығып жүрді. Қойды қалай өргізіп-жайғызудың, қай кездерде суарудың көп-көп сырын жас бақташыға Оспан қадағалап үйретті. Шәмшинур бұрын: «Дала кең емес пе, жер жетеді, малды қалай қаптатып жайса да болады ғой» деп ойлайтын. Енді байқаса, мұнда да есеп бар екен. Даланың құлпырып тұрған әсем түгін мал тұяғына бет алды таптатып жаныштата беруге болмайды. Қойды еркіне жіберсе, жердің отын қуалап, ентелеп өре жайылып, шырқай

беретін мінезі бар екен. Сондықтан алдын қайырып, бетін қағып отыру керек. Сөйтіп бір өңірдің шөбін тықырлаған қойды жаңа өріске түсіреді. – Күзге қарай бастапқы өрістерге тағы да ораламыз, бұл кезде ол жерлердің шөбі қайтадан жетіліп қалады, – деп түсіндірді Оспан. Қой бағудың осы секілді тәсілдері, жұмыс жағдайы турасындағы бұл әңгімені Шәмшинур соншалық зор ықыласпен қойып тыңдайтын еді. Көрген-білгені көп, тәжірибелі қарт шопанның ақыл сөзін көңіліне тоқитын. Көп ұзамай Шәмшинур күндіз қой жаюға өзі жалғыз шығатын болды. Шопан қыз қойды өріске шығарып бара жатыр еді. Таңғы дала шырайы қандай әсем! Күншығыс жақ көкжиек әуелі бозғыл тартып тұрды да бірте-бірте сарғышқызыл түске еніп құлпырды. Боз торғай аспанда сергіп ұшып ән салды. Бұл әсем құс күн шапағын әр таңда әнмен қарсы алады. Шәмшинур кішкентай ғана жуас құстың үлкен өнеріне таң-тамаша қалады... Міне, аспанға күннің көзі жүзіп шықты. Күн ашық, шуақ. Кең далада еркін көсіліп, жайылып жатқан сәнді түлік. Әсем даланың құп-құрғақ, тап-таза жұпар ауасы. «Қандай рақат!» деп сүйсінеді Шәмшинур. Қойлардың өткір тісімен көдені бырт-бырт үзгені естіледі шопанға. Ол бұған да тамашалап қарайды. Бір ауық кең атырапқа қуана көз салады. «Табиғат қандай әсем!» деп сүйсінеді. Енді бір кезде басына бөтен бір ойлар келіп, көңілін қобалжытып кетеді. «Шопан күн ұзын далада қой жайып жүргенде, осы өзім құсап, тек табиғат көркіне сүйсініп, жапан түзде үн-түнсіз, оңаша тұйық жүргені келіспейді-ау расында,–деп ойлады Шәмшинур, – осы ұзақ күн ішінде ел өмірінде қаншама жаңалық туып жатады. Мойынға асып алатын кішкентай радиоқабылдағыш болса ғой, жаңалықты далада жүріп-ақ уақытылы естіп отырамыз. Сонда шопанның өмірі өте көңілді болар еді». Шәмшинур аға шопанға жәрдемші боп келгеннен бері көрші отарларға барып, ондағы қойшылардың да жай-күйімен танысқан еді. Әр қоста үлкен радиоқабылдағыш бар екенін көрген. Бірақ шопандар бір арыз айтқан. Осы радиоқабылдағыштың бір тетігі бұзылса, оны біз оңдай алмаймыз, қашан тілін білетін адам келгенше сөйлемей қалады, апта ғана емес-ау айлар бойы үнсіз тұрады деп ренжіген. Жаңа газет-журналдар да алыс жайылымда отырған малшыларға мезгілінде жеткізілмейді екен. «Он бес – жиырма күнде бір түйдектеліп келіп қалады. Соған шейін еш нәрседен бейхабар боп отырамыз», – деді Оспан, Шәмшинур бір күні одан газет жайын сұрағанда. Бірақ Оспан да, өзге шопандар да, Шәмшинурдың байқауынша, бұл жағдайды елемейтін сияқты, жымжырт тіршілікке көндігіп алған. «Жаңалық қайда қашар дейсің, естиміз ғой кейін. Малды жөндеп бақсақ – сол абырой", – дейді. Шәмшинур осы жайларды ойлағанда қабағын түйіп алды.Әлдебіреуге ашуы бардай. Бүгін таңертең қойды өріске шығарысарда Оспан айтқан бір сөзі есіне түсті. «Түнеукүнгі уәдесінде тұрса, Есенгелді бүгін біздің отарымызға келіп қалар» деген ол. Шәмшинур колхоз председателіне айтатын ұсыныстарын әзірледі. Ымырт үйіріле Оспан шопанның үлкен киіз үйіне көрші отарлардағы шопандар түгел жиылды. Жиналыс басталып кетті.

– Бүгінгі жиналысты осындағы бір жас шопанның орынды тілегі бойынша өткізгелі отырмыз. Қаралатын мәселе біреу-ақ: малшылардың мәдени-тұрмысын жақсарту туралы, – деді председатель Есенгелді. – Е, жақсы мәселе қаралады екен! – Тұрмысымыз жақсара бергенін бәріміз де тілейміз ғой, – десіп шопандар құптау білдірді. – Бірінші сөз номер бесінші отардың жас шопаны Жылқайдарова Шәмшинурға беріледі, – деді председатель. Шәмшинур екі беті ду етіп қызарып, орнынан лып етіп түрегеліп еді. – Қарағым-ау, отырып-ақ сөйлей берсеңші, – деді Оспан. Шопандардың бәрі де іргеге айналдыра төселген сырмақтар мен көрпелердің үстінде малдас құрып отырған-ды. Ортаға құрылған, аласа сирақ дөңгелек столда керосин шам жанып тұр. Шәмшинур жиналыста отырып сөйлеуді ұят көреді. «Тіпті ерсі ғой» деп ойлады ішінен. Ол сәл кідіріп, күндізгі ұсыныстарын есіне түсірді де нәзік майда даусымен жайлап сөйлеп кетті. Шопан еңбегі – барша жұртымыз қадірлейтін қаиетті еңбек екенін әсерлі тілмен қысқа ғана айтып өтті де, әдемі бі ой түйді. – Осы қадірлі еңбектің иесі өзінің ісімен ғана емес, бар өмірімен, тіршілігімен, семьясын, өз басын ұқыпты, мәдениетті ұстауымен де басқаларға өнеге көрсететіндей болуы керек,–дегенде отырғандар Шәмшинурдың сөзін тамсана құптап, бас изесті. – Ой, бәрекелді! Өте ойлы сөз айттың, қарағым, – деп Оспан шопан өз шәкіртіне қатты риза боп қалды. – Бірақ осындағы шопандардың мәдени тұрмысынан көптеген кемшілікті, ірі мінді көргенде өте қынжыласыз,– деп Шәмшинур үлкен бір мәселені қозғады. Отырған жұрт осы сәт оның сөзіне ерекше зейін қойып, қадала қарасып қалып еді. «Жаным-ау, осы қызым мені сынайын деп келем ме өзі?» деп Оспан шопан күдіктеніп қойды. Шәмшинур анық, дәл деректер келтіре сөйлеп, көп сырды ашты. Күндіз қой жайып жүргенде ойына келген ұсыныстарын кеңейтіп айтты. Ауылдан жырақтағы малшылар мәдени қызмет көрсету жайы нашарлығын, киноның тым сирек келетіндігін, шопандарға газет-журналдар, жаңа кітаптар уақытында жеткізілмейтіндігін– зор кемшілік деп көрсетті. Осы аса маңызды мәселеге колхоз председателі қалайша көңіл бөлмей келгеніне таңырқады. Шопан қыз: «Менімше бұл – еңбек адамының өміріне жеңіл-желпі қараушылық» дегенде председатель жалпақ жүзі күреңдене қызарып, тұнжырап төмен қарады. – Бірақ өз үйінің ішін сәндеп, мәдениетті ұстауға ең алдымен әр адамның өзі жауапты, – деді Шәмшинур. Үні қаттырақ шықты. – Мысалды алыстан іздемей-ақ қояйын. Осы отырған үйімізге жақсылап қараңыздаршы. Іргеге тақап, жерге жиылған жүк. Кереует дегенің жоқ. Кісі келсе отыратын орындық, биік стол дегенің және жоқ. Оспан атайдың өзі жақсы хат таниды, бірақ үйінде бір әдеби кітабы жоқ. Ал осы кісінің табысы аз ба? Жоқ. Былтыр еңбеккүнге бір өзі ғана бес мыңға тақау ақша алды. Қысқасы үйін қалай сәндеп жасаулаймын десе де, ол кісінің қаржысы жетеді. «Кереует, шкаф, буфет секілді қажетті заттарды неге алмайсыз? дедім атайға бір күні. «Ой, қарағым-ай, соларыңның не керегі бар,

әшекей кереуетіңнен гөрі көрпені қалың салып жерге жатқаным жайлы ғой», – дейді ол. Бұрынғы заманда көшіп-қонып жүрген ата-бабаларымыз осылай десе. Бұл сөздің реті бар шығар. Ал бүгінгі озат шопанның мұндай сөз айтуы келіспейді ғой. Шәмшинурдың сөзін Оспан шопан төмен қарап үнсіз ғана тыңдап отырған еді. Өзінің ісін жек көріп, аса қысыла қоймаған. Шопан қыздың соңғы сөзі оның жанына батып кетті. Оспанның осы уақытқа дейін ешкім айтпаған мінін, еңбекке жаңа ғана араласқан жап-жас қыз – өз шәкірті бадырайтып тұрып көрсетті. Қарт шопан Шәмшинурдың ендігі сөзіне жөндеп құлақ қоя алмай, өзімен-өзі болып іштей бір ойларға шомып қалды. Ол осылай үнсіз төмен қарап отыра берді. Жиналысқа жиылған аз ғана адам бәрі де сөйледі. – Ал, Осеке,сіздің айтарыңыз бар ма? – деді председатель Есенгелді. Шәмшинурдың сөзі есінен кетпей қалың ойда отырған Оспан шопан өзінің аты аталғанда селт етіп, басын көтеріп: – Қызымның айтқанының бәрі дұрыс, менің ешқандай қосарым жоқ, – деді. Қылаңдап таң атып келе жатты. Шәмшинур қойды өріске шығаруға тұрып еді. Ол тысқа шыққанда алдында ерттеулі тұрған өзінің аты мен Оспан шопанның атын көріп таңырқап қалды. – Екі атты бірдей ерттеп қойған себебім – өзім де қазір жол жүремін, – деді Оспан. Үстіне жеңіл қаптал шапан киіп, белін буынып, тобылғы сапты кішкене қамшысын етігінің қонышына қыстырып алыпты. Екеуі кекілі жалбыраған жуас аттарын шылбырынан жетелей жүріп, қойды өріске беттетті. Жүз метрдей ұзаған соң Оспан атқа қонды. – Ал, қызым, малға сақ бол, мен түнделетіп ораламын. Ауылға барамын. Үйіме өзің айтқан керек-жарақтың бәріне ақшаны бүгін төлеп қайтамын, –деді де, атын тебініп, жортақтатып жүріп кетті. – Жолыңыз болсын, ата! Деп дауыстады Шәмшинур. Ол қойын өргізіп келе жатып, бірнеше рет кейінбұрылып қарады. Салт атты жолаушы бозғыл таңда қылаңдап ұзап бара жатты...

Нұрлан мен Әсет

– Мен өзімнің алдымда сөйлегендердің пікірін қайталамаймын, бір досым туралы айтамын, – деп, жіңішке, сұңғақ бойлы Нұрлан сөзін шұғыл бастады да,– ол досым мынау Әсет,– деп, қасында отырған көршісіне бір қарап қойды. Әсет пен Нұрлан екеуі араларынан қыл өтпестей дос болатын. Бірі мен бірі жанжалдасып, керісіп көрген бала емес. Екеуінің үйлері де көрші, қораларының қақпасы біріне-бірі қарап тұрады. Әсет пен Нұрлан күнде мектепке бірге барып, сабақтан ылғи бірге қайтатын. Өздері сырлас;бірінен-бірінің ешқандай жасырған ісі жоқ. Олай болса, Нұрлан Әсет досы жайында не айтпақ екен? Әсет Нұрланға жалт етіп қарады. Досын санынан түртіп, «мақтайсың ба?» деп күбір еткісі келіп еді, алдында отырған сары қыз естіп қалар деп қаймықты. «Әрине мақтайды. Мені

нағыз досым Нұрлан мақтамағанда кім мақтайды!» деп ойлады Әсет. Ол Нұрланға қарап жымыңдап отырды да, кенет селк етіп, түсі бұзыла қалды. – Мен Әсетті мақтамаймын...сынаймын,– деді Нұрлан. Өңі қызарыңқырап, сәл бөгелді. Оқушылар Нұрланға тегіс бұрылып қарап, таңырқасып қалыпты. Әсет пен Нұрланның ерекше достығын бұлардың бәрі де білуші еді. Сондықтан Нұрланның сөзі оларға оқыс көрінгендей жәйі бар. – Кідіріп қалдың ғой, Әсет жайында не айтқың келіп еді? Ойыңдағыны түгел айт, естиік, – деп, класс жетекшісі Нұрланды жетелеп жіберді. – Әсетті мен өте жақсы көремін, мұны өзі де біледі. Әсет жаман оқымайды, тәртіпсіздігі де жоқ... Мұны бәріміз де білеміз. Әсеттің үлкен бір кемшілігі бар. Әсет – олақ және мұның үстіне жалқау. Ол үйге барғанда ешбір жұмысқа қолының ұшын тигізбейді, көмектеспейді. Мәселен, кеше, әкесі жұмысқа асығып кетіп бара жатып Әсетке: «Есіктің алдының қарын сен күреп қоярсың» деп тапсырды. Ол мұны орындаған жоқ. Әкесі жұмыстан келген соң түн ішінде қарды өзі күреді. Мен Әсетке: «Әкеңнің тапсырғанын неге орындамадың?» деп едім, ол: ұмытып кетіппін дей салды.Әсеттің бұл сөзін өзім бірнеше рет естідім. Терістігін айттым. Ал ол менің сөзіме ешқандай мән бермеді.Осынысы дұрыс па? Бұл сұрауға Әсеттің өзі жауап берсін... Өзге сөзім жоқ.Мен болдым. Нұрлан орнына отырды. Әсет оған арқасын беріп, теріс қарады. Оқушылар өздіөздері күбірлеп, сырласып, класс іші гуілдеп кетті. Мұғалім столды тықылдатып, балаларды тәртіпке шақырды. – Сұрау бар ма? Енді кім сөйлейді? – деді ол. – Әсет сөйлесін. – Біздің Әсетке қоятын сұрауымыз бар, – десіп оқушылар Әсетке сөз берілуін қалады. Әсет орнынан құлақ-шекесі қызарып түрегелді. Сөзі де қысқа болды. – Есіктің алдының қарын күремегенім рас. Бірақ мен жұмыстан қашқан жоқпын, ұмытып кеттім. Мен олақ емеспін, жалқау емеспін. Нұрланның сөзі өтірік, – деді. Алдыңғы партада отырған сары қыз бұл сөзге қатты күліп жіберді. Әсет қабағын түйіп, орнына отыра кетті.

Әсет класс жиналысында қатты сыналып шықты. Бірге оқитын құрбылары оның жұмысқа қырсыздығын, жалқаулығын бетіне басты. Манағы сары қыз Әсетті «Нәуетек, еріншек» деп кетті. Тілінің өткірін қарашы! Әсеттің арқасына біреу біз сұғып алғандай болды. «Саған не жоқ, сабақтан себепсіз екі рет қалғаның үшін түнеукүні жиналысқа өзің де түсіп едің ғой» деп, Әсет сары қыз сөйлеп тұрған кезде ішінен ызаланып отырды. Бірақ оның сөзін естімеуге амал бар ма? Жиналыстан шығып кетуге болмайды. Бұлай етсе, барып тұрған тәртіпсіздік болар еді. «Бар пәлені бастаған Нұрлан! Өзінше пысықсынып, көзге түскісі келіп, мені сынады. Көрерміз әлі.. тұра тұр бәлем!» деп ызаланып ойлады Әсет. Жиналыстан шыққан соң, оңаша Нұрланның сазайын тартқызғысы келді.

Күн кешкіріп, қара көлеңке түсіп қалған уақыт еді. Әсет мектептен бұрынырақ шығып, ілгері озып кетті де, Нұрланды бір үйдің тасасында күтіп тұрды. Қолына жерде жатқан бір кірпіштің сынығын қыстырып алды. Басына қандай ой келгенін кім білсін, Әйтеуір Әсет үлкен үйдің қараңғы бұрышына жабысып тұрып, Нұрланды күтті. Көшеде келе жатқан балалардың күлкісі естілді. Әсет сығалап қарады. Нұрлан қасындағы екі жолдасына бір сөздерді айтып күлдіріп келеді екен. Әсет анық естіді, Нұрлан бір шалдан естіген әңгімесін айтып келеді екен.Бір күні осы қария киноға кештеу барып қалады да, билетте көрсетілген орнын тауып отырғанша фильм басталып кетіпті. Шал амалсыздан босағаға сүйеніп тұрып қалады. Шеткі орындықта отырған бір бала шалға екі-үш қайтара бұрылып қарайды да, қараңғыда танымаған кісі құсап, орнынан тапжылмапты. Шал да әдейі байқамағансиды. Қарияның түрегеп тұрғанын көрген бір әйел өзі тұрып, оған орнын беріпті. Шеткі орындықтағы бала енді әлгі әйелді көрмегенсіп, алақанымен бетін қалқалай беріпті. Келесі бір жолы осы баланың өзі кинодан кешігіп қалып, залға фильм басталып кеткен кезде кіреді. Дәл есік жақта манағы шал отыр екен, ол орнынан жалма-жан түрегеледі де балаға: «Қарағым, шаршап келген түрің бар екен, менің орындығыма отыра ғой, түрегеп тұрсаң аяғың талар» депті. Бала не дерін білмей, өткен жолғы қылығы есіне түсіп, ұялғанынан бетін басып, сыртқа шығып кетіпті. «Осы әңгіменің несі қызық? Жоқ нәрсеге күледі екен бұлар деп, Әсет тасада тұрып, Нұрланның сөзін күліп қостап келе жатқан құрбыларын ұнатпай қалды. Олар мұның тұсынан өте беріп, кідіріп бөгелді де, Нұрлан екі жолдасынан бөлініп, үйіне қарай жалғыз беттеді. Әсет сыртқы көшемен жүгіріп отырып одан озды да, Нұрланның алдынан шығып, жол үстінде күтіп тұрды. Құрбысы жақындай бергенде, ол нақ бір күреске түсетін адамша оңтайланып, бір иығымен қырындай бұрылып, ілгері жүрді. Еш күдіксіз қасына тақап келген Нұрланды қос қолымен жағадан ала түсті. – Өй, Әсет, не болды саған? Жындандың ба? – деп Нұрлан сескеніп қалды. – Сенің менде қанша қақың бар? Осыған жауап бер қане! –деп Әсет бұрқ ете түсті. – Өзің қызық екенсің! Жібер деймін! Жағамды жыртасың. – Жібермеймін! Сазайыңды тартқызамын! Жиналыста мені жамандағыш адамсың ғой... – Ә, солай ма, өш алмақ екенсің ғой,–деп,Нұрлан қатты бұлқынып, Әсеттің қолын қағып жіберді. Әсет қайта ұмтылды. Екеуі ұстаса кетті. Нұрлан аяқтан шалып, қайырып қалғанда, Әсет қалпақтай ұшып түсті. Бірақ ол жығылып жатса да, Нұрланды жағадан алып босатпады. – Жібермеймін! Сазайыңды беремін сенің!– деп, әрі айбат шегіп, әрі жығылғанына намыстанып жатыр. – Саған төбелес керек. Мен төбелеспеймін. Босат қолыңды, жібер! – деп, Нұрлан бұлқынды.

Екеуі осылай тіресіп жатқанда дәл қастарынан біреудің қатқыл жуан даусы естілді. – Бұларың не? Не жетпеді екеуіңе? Өй, екі дорақ! Нұрлан басын көтеріп жалт етіп қарағанда, қарсы алдында, қолында имек таяғы бар, өзінің атасы тұр екен. Бала қатты қысылып қалды. Ұяла түрегеліп, теріс айналып, үстінің қарын қақты. Әсет те үнсіз түрегеліп еді. Ол малақайы мыжырайып төмен қарағанда, жерде жұлынып түскен үлкен қара түймеге көзі түсті. Нұрланның пальтосының түймесі екенін тани қойды. Етігінің тұмсығымен білдіртпей түймені қар астына сүңгітіп жіберді.

*** Көшеде жағаласып, керісіп қалған екі дос үйлеріне келген соң өздерінше ойға шомды. «Менің еш жазығым жоқ еді. Әсеттің кемшілігін жиналыста айтқаным дұрыс. Бұған дейін ол менің сөзімді жүре тыңдады ғой. Жұрттың көзінше сынағаным жөн. Бір адамнан гөрі көп адамның ықпалы күшті емес пе? Әсеттің жұмысқа дегенде жалқау екені рас. Күрек ұстаса қолы лезде аппақ боп күлдіреп шыға келеді. Қыздардан да нашар. .. Ұят емес пе!.. Ай, өзімнен де бір қателік кетті-ау, Әсетпен көшеде неге алыстым екен? Ол қатты ашуланды, ал мен ызақорланып кеттім...Әй-әй, дұрыс болмады. Біздің мұнымызды ертең өзіміздің балалар білсе, күлетін шығар... Қыздар естімесе екен... Олар оңдырмай мазақтайды...» деп қинала ойлады Нұрлан. «Нағыз дос қандай болады? Нұрландай бола ма? Жоқ. Нағыз досың сені әрқашан қадірлейді, сыйлайды, жамандамайды, жиналыста жұрттың көзінше сынамайды, – деп ойлады Әсет. – Кемшілік деген немене? Біреуден біреу кем емес, артық та емес. Бірдей. Ал өзін артықпын дейтіндер басқаларды сынағыш келеді. Білгішсінеді. Нұрлан тап сондай. Өзінің ең жақсы көретін жолдасын жиналыста сынайтын дос бола ма екен? Мен көргем жоқ ондай досты... Тоқтай тұр, Нұрлан, кімнің көк жалқау екенін білерміз әлі...Асықпа!» Сөйтіп, екі достың арасында осындай бір қолайсыз хал туды. Әсет Нұрланның жолдастық сынын теріс түсінді. «Оның жиналыстағы сөзінің есесін қайтарамын» деп байлау жасады. Сонымен, арада бірталай күн өтіп те кетіп еді. Бұл уақыт ішінде Әсеттің өз басында бір өзгеріс болған сияқты. Бұл бұрынғыдай емес, үй ішінің әр түрлі жұмысына көбірек қолғабыс тигізіп жүрді. Таңетең тұрып құдықтан ат суара қою, бұзауға шөп салу, отын ұсақтау секілді жұмыстарды айтқызбай-ақ өзі істеп жүрді. Бір күні қораның төбесінің қарын күреді. Екі алақанын бірдей күлдіретіп алды. Бірақ мұны тірі жанға сездірген жоқ, ешкімге сырын білдірмеді. Келесі күні есіктің алдын тазалайын деп, қолына күрек алып еді, екі алақаны удай ашыды. Сонда да төзді, күректі лақтырып тастамады. Әсеттің күнбе-күн көзге түсіп, осындай түрліше істерді атқарып жүргенін Нұрлан да байқап еді. Кей күндері құдықтан ат суаруға екеуі қатар барып та қалып жүрді. Нұрлан құрбысымен бұрынғыша жарқылдап сөйлескісі келеді. Бірақ

Әсет оны көргенде қабағын түйіп, сырт береді. Нұрланмен тілдесуді қаламайтындай. Баяғы ашуы әлі тарқамағандай. Мектепке сабаққа барғанда ол Нұрланға жуымай, салқын қабақ танытып, бөлектеніп жүрді. Ал, Нұрланда Әсетке деген реніш-ыза жоқ. Алып-ұшқан жас көңілі жақсы достықты ғана қалайды. Бұрын ылғи күнбе-күн кеш батарда Әсет екеуі таза ауада сейіл құрып, бірер сағат жүруші еді. Қайда кетті сол тәтті сәттер! Нұрлан тысқа шығып еді. Өз үйінің алдында қақпаға сүйеніп Әсет тұр екен. Нұрлан бұған үнсіз тақап келді де, баяу үн қатты. – Не ойлап тұрсың? – деп, ашық көңілмен жымиып сөйледі. Әсет үндемеді. – Жай тұрсың ба? – деді Нұрлан. Әсет жауап қайырмады. –Жүр, біразырақ серуен жасап қыдырайық... әңгімелесейік. – Бара бер өзің. Сенімен бірге жүргім келмейді, – деп, Әсет қолын сілтеді. – Әнеукүнгі ашуың әлі тарқаған жоқ па? – деді Нұрлан күлімсіреп. – Оны өзі білемін. Сенің қандай бала екенің енді маған мәлім. – Менің саған ешқандай жамандық ойлаған жерім жоқ. Біз доспыз ғой. – Сен сияқты мақтаншақпен бұдан былай ешкім де дос болмайды. Бар тайып тұр! Әсет теріс айналды. Нұрлан келген ізімен үн-түнсіз кейін қайтты. Екеуі тағы да табыса алмады. Осылайша бір-біріне қабақ түйісіп жүре бермек пе?! «Жиналыста оны бекер сынаған екем. Сондағы сөзімнің еш пайдасы тимеді ғой Әсетке» деп қынжылып қалды. Нұрлан. «Біз доспыз» дейді тағы да! Дос болса, бүкіл кластың алдында мені неге сынайды? Неге жалқау дейді? Достық сөздің қандай болатынын білемін мен!» деп ойлады Әсет. Бірақ ол достық сөздің қандай болатынын келесі күні басқаша естіді. Ауладан шыға берген Әсет өз әкесінің бұл жайында сыртта біреумен сөйлесіп тұрғанын көріп, сөздерін естігісі кеп, қақпаның сыртына бойын тасалап, тоқтай қалды. Әкесінің даусы оған анық естілді. Әкесі Әсет сыналған жиналыстың мән-жайына қанық екен. Соңғы кезде баласының ерекше ширағанын, үй ішіне көп қолғабыс тигізіп жүргенін қуанып айтты. – Құрбылары өзін мықтап тұрып сынаған екен, содан бері Әсетім пысық боп алды. Көресіз бе, достық сөздің қандай әсер еткенін! – дейді әкесі. Әсет бұл сөзді естімеген кісі болып, тамағын қырып өтірік жөткірініп, бері шықты. Қақпаға сүйеулі тұрған айырды алып, мал қораға таман бұрылды. – Балам, қайда беттедің? – деді әкесі. – Бұзауға шөп салатын уақыт болды, – деді Әсет кетіп бара жатып...

Тоқтар

«Осы менің-ақ жолым оңғарылмай қойды, өзгені – бақыты алдынан тосып тұрады» деп мұңая ойлады жасы жиырмаларға енді ғана толған, дені де сап-сау, кескіні де әп-әдемі Мәлімбаев Тоқтар дейтін бала жігіт. Өзі бір ата-ананың әлпештеген жалғызы. Бұл туғанда әке-шешесі қандай қуанып еді! Алдыңғы балалары тұрмай келген ата-ана осы перзентінің ғұмыры ұзақ болуын тілеп, есімін Тоқтар қойған. Енді баласы есейген шағында «тілегім қабыл болды, бұл

ұрпағым тоқтады» деп, әкесі ішінен шүкірлік етіп жүретін. Тоқтардың ата-анасы діни уағызға қаны ұйыған, бірақ ниеті түзу, көңілі ақ, адал жандар еді. Жалғыз ұлының ер жетіп, жақсы азамат болуын, пәтуалы қызмет етуін жақсы үмітпен күтетін. Соңғы бірер жылдарда көңілдеріне күдік оралғандай. Әкесінің бақташы деген лауазымының кішілігі болмаса, үй ішінің әл-ауқаты, дәулеті ешкімнен кем емес. Меншікті малы да, астығы мен ақшасы да мол. Әке-шешесінің жанына бататын бір ғана дерті – осы жалғыз баласының жолы болмай, құтты орынға қонақтай алмай келе жатқандығы. Мейлі, Тоқтар өмір бақи жас нәресте күйінде болып, ата-анасының алдында жөргекте ораулы отырып, олардың ырысын еме берсін. Жалғыз оның бүкіл ғұмырына жетер азығын әке жиып бере алады. Бірақ қадірлі ұлы өзінің қанаттас құрбыларынан қара үзіп, қалып қоймасын. Әке осыны ған ойлады. Ал баласының ойы бөлек. «Жоқ, құрбыларымның менен еш артықшылығы жоқ. Олардың тек жұлдызы оңынан туып, жолы болып жүр... Ой жағынан да, білім жағынан да олар өзіммен тең. Ал, талап жағынан... Иә, бұл жағынан мен тіпті олардан асып түсемін». Тоқтар он жылдықты бітірген жылы заң институтына түсуді ойлап, Алматыға тартқан. Өзінің есіл-дерті прокурор боп, екі иығына жарқыратып погон іліп бір шығу еді. Сонда бұдан кейбіреулер ығысып қалса... – О, азамат, жасқанбаңыз. Біздің заң нақақтан ешкімді күйдірмейді. Біз әділдігін айтамыз, – десе сонда прокурор Тоқтар Мәлімбеков. «Әй, шіркін, прокурорлыққа қолым бір жетсе, жуликтердің сазайын мықтап тартқызар едім-ау» деп, Тоқтар мектепке жүрген кезінде талай бір тәтті ойдың құшағына енуші еді. Бірақ кім кінәлі, орта мектепті жығылып-сүрініп әрең бітірген ол, заң институтына түсу үшін қабылдау сынағын тапсырғанда конкурстан өтпей қалды. Емтихан алған доцентке, институт директорына алыстағы ауылдан келгенін, әке-шешесі қартаң кісілер екенін және олардың бұдан басқа сенер баласы жоғын айтып, мұңын шағып көріп еді, еш нәтиже шықпады. «Институтқа емтиханды үздік тапсырғандарды ғана іріктеп аламыз. Бізге жақсы оқушылар ғана керек» деген сөзді естіді. Қабылдау комиссиясы документтерін қайырып берді. Ендігі амалы нешік? Оқуға түсе алмай, ауылға қайтып барғаннан жаман нәрсе жоқ. Тоқтар үйге қайтуды намыс көрді. Ол әйтеуір бір институтқа түсуді ойлады. Екі күндей әрлі-берлі сабылып еді, жоғарғы оқу орындарының бәрінде де қабылдау бітіп қалыпты. Тоқтар емтиханда өзі секілді екшеліп қалған бір серіктер тауып, біраз күн соларға ілесіп, техникумдар мен арнаулы училищелерге де бір-бір бас сұғып шықты. Бәрінде де бас-артық орын жоқ. Тоқтардың серіктері селдірей бастады: кейбірі амалы таусылып үйлеріне қайтты, қайсыбіреуі кері қайтуды намыс көріп, әйтеуір қолы іліккен бір жұмысқа тұрып қалды. Тоқтар үйіне телеграмма жолдап, қыруар ақша алдыртып, не де болса ақырын күтті. «Жұрт аяғы басылар, оқу басталған күнде де кейбір қаражаты жоқтар шыдамай кетіп қалар. Соның бірінің орнына ілігіп кетермін» деп дәмеленді ол. Бір ай өтті, үміті ақталмады. Келесі ай туды, үміті ақталмады... Лажы болмай Тоқтар үйге қайтты.

– Орта мектептегідей емес, институттың сабағы ауыр болады екен. Денсаулығым көтермейтінін білдім. Алматының білгір бір дәрігеріне қаралғанымда: «қаның аз, ауруға шалдығасың» деген соң, оқуды тастап кетуге мәжбүр болдым, – деп мұңайды ол. Әке-шешесі де, жақын көршілері де бұл сөзге иланып, келгенің тәуір болған, адамға ең қымбаты денсаулық қой, оқу қайда қашар дейсің... Басың әлі жас десіп, оның көңілін жұбатты... Сонымен арада ай өтті... жыл өтті. Тоқтар бұрау басын сындырмай үйінде бос жүрді. Сынықты сылтауратуды көбейді. Бұрын темекіні үй ішінен жасырып тартып жүруші еді, енді есейіп қалғанын паш еткісі келгендей, әке-шешесінің көзінше, сояудай шылымды тісіне қыстырып, көк түтінді будақтатып отыруды шығарды. «Темекі ысы көкірегіңе жаман ғой» деп күдіктенген әкесіне: «Жоқ, көке темекі шегу кісінің көңілін жадыратып, қанның толығуына себепші болады» деп дәлел табады. Әкесі басын шайқайды да: «Көк түтіннің де бір қасиеті болғаны ғой, сірә. Әйтпесе сыпыра жұрт неге шылым тартады. Осы балам бірдемені білетін шығар» деп ойланып қалды. Бір күні Тоқтар әкесіне: Тек жүргенше бір қызмет істеп, ақша тапқым келеді» деп, ниет білдірді. – Он екі ай аунап-қунадың ғой, қарағым. Тең құрбыңнан қалмағаның жақсы. Әйтпесе күн көрісіміз ешкімнен де кем емес қой. Өзің адам боласың. Қызмет етсең, ысыласың, – деп қуанып қалды әкесі. – Ауданға барып, бір жайлы қызмет іздестірмесем... Ауылда шеті көрініп тұрған ештеңе жоқ, деді Тоқтар. – Мейлің, – деді әкесі. Тоқтар заң институтына түсе алмаса да, прокурорлықтан дәмесі зор еді. Аудандық заң орнының біріндегі, кішігірім болса да бір жұмысқа ілігіп кетсе, бара-бара ірі қызметкер болып шығуы мүмкін ғой. Ауданға келісімен Тоқтар сот мекемесіне барды. Қатшылық орынның бос екенін білді. Араға біреулерді салып, өйтіп-бүйтіп, әйтеуір сол қызметке қолы ілікті. Қажетті документтерін реттеп тапсырып, бір аптадан соң соттың қатшылық қызметіне кірісті. Өзіне жеке стол, жеке орындық тиді. Оңаша бөлмеде жалғыз отыратын болды. Келген адам сыртынан есік қағып кіреді. «Да, кіріңіз» деп дауыстайды Тоқтар. Біреуге жөн сілтеп, біреуге ақыл айтып жібереді. Көңіл көтеріңкі. «Өзім дөй болдым ғой... Асықпасаңыз, екі-үш жылда Тоқтардың прокурор боп шіреніп отырғанын көресіз!» Тоқтардың атағы өз ауылында да дүңкілдеп жатты. Кейбір желбуаздар оны : «Ойбай, біздің Тоқтардың несін айтасың, өсті ғой ол! Бүкіл ауданда оның әмірі жүрмейтін кісі жоқ көрінеді. Жуырда бір ұрының ісін қарағанда сақалын сыпситып өзінің әкесін де куәге шақыртыпты» деп, қырық саққа жүгіртті. Осы сөздер сыпсыңдап қатшы жігіттің де құлағына жетіп жатты. Тоқтар оңашада жымың қағып, иығын қомдап қояды. Бөлмесіне біреу кірсе, қабағын түйіп сөйлейді. Ауданға келген сапарында мұның амандығын білгелі әдейі бұрылып түскен ауылдас құрбысына да жылы ұшырамады. «Ие, бұл нағыз прокурор болуға лайық екен» деп ойлап кетті құрдасы. Баласының пәтуалы қызмет атқарып

жүргеніне ата-анасы да қуанды. Бірақ не керек! Бұл қуаныштың ғұмыры қысқа болды. Қызметке тұрғанына толық бір ай, бес күн дегенде Тоқтар салы суға кетіп, чемоданын арқалап, өз үйіне қайтып келді. «Бір ай сынақпен қатшылық қызметке алынсын» деген пәлесі бар екен, мерзімі толған күні «қолынан іс келмеді» деген бір жапырақ қағазды ұстатыпты да қоя беріпті. – Өзі бір шатақ іс екен. Осы бір айдың ішінде-ақ басым мәңгіріп қалды. Сең соққан балықтаймын, – деді Тоқтар мұңын шағып. – Қылмысты аударып-төңкеріп тергеу қайдан оңай жұмыс болсын. Әу баста килікпейтін-ақ шаруаң еді... Өзіңнің аман қалғаныңа шүкір... Көзің шүңірейіп, тіпті жүдеп кетіпсің, – деп әке-шеше аяныш білдірді. Тоқтар тағы да бұрынғы қалпына түсті. Ерте жатып, кеш тұрады. Көңілі қаласа, күндіз сейіл құрады. Бірде аңға шығуға зауқы соғады. Жалғыз шүрегей бұйырмай, қара кешке дейін құр салпаңдайды. Кейде ол терең ойға шомып, өз-өзінен мұңайып та қалады. Болашағына көз жібереді. Алдағы күннің не қуаныш әкелері мәлім емес. Буалдыр, тұман, күңгірт... Тоқтар ауыр күрсініп алды. «Шынымен-ақ осы менің бағым, талантым жоқ болғаны ма? Талабымның неге ғана бір сәті түспейді» деп кейіп те қалып жүрді. Рас-ау, қолынан келетін бір қызмет бұған қайтіп табылмайды?! – Жоқ, ағай, қолына қағаз-қарындаш алып стол басында отыратын жеңіл-желпі қызмет болмаса, басқа жұмысты атқаруға денсаулығым көтермейді. Институттан да ауырып қайттым ғой... Орта дәрежелі білімім бар, кеңсе маңынан бір қызмет тапсырыңыз, – деді Тоқтар, колхоз председателі оны кабинетіне шақырып алып оңаша сөйлескенде. Председатель әзірше ондай қызмет жоқ деп, сиыр фермасында есепші болып істейтін әйелдің жас босанғандығын, соның орнына ғана кісі керектігін айтып еді. – Мейлі, уақытша болса да, соның орнына есепші бола тұрайын. Есепті кімнің жақсы жүргізгенін кейін көрерсіз! – деп, Тоқтар кішірек көздері күлім қағып, орнынан шапшаң түрегелді. Аса қуанып кетіп еді. Ол есепшінің міндетін он сегіз күн ғана атқарды. Бар шатақты бір сауыншы әйел шығарды. – Мұндай керенау жалқаудың бізге бес тиынға керегі жоқ,– деп лаң көтерді әйел. Соның сөзі басқаларға қамшы болды да, Тоқтар тағы да қызметінен айырылып қалды. Өзіне де обал жоқ. Әуелгіде «жас қой, жаңа келген бала ғой, түзелер, ысылар» деген үмітпен сауыншылар да, ферма бастығы да Тоқтарға ескертіп жүрді. Бірақ жаңа есепші мұның бәрін шам көріп кері бақты. Сонда да «жөнге түсер» деп дәме етті фермадағылар. Он шақты күннен соң: «мінезін былай қойғанда, өзі істің ретін білмейтін олақ екен, тайға таңба басқандай анық нәрсенің жөнін таппайды» деген сөз тарады. Ақыры ферма бастығы Тоқтарға: «Шырағым, басқа кәсіп қылып пайда келтірмесең, мына іске қырың жоқ екен» деген ауыр сөзді естіртуге мәжбүр болды. Осы бір халден кейін Тоқтардың әке-шешесі жалғыз баласының қылығына ренжіп қалып еді. «Бұл шіркін он жыл бойына несін оқыған. Бесінші класты баяғыда бітірген. Мәрпуға жұлындай ұшырып отырған

есепшілік қызмет қолынан келмегені ұят-ау өзі. Қара есеп пен шотқа сол әйелден шорқақ болғаны ғой бұл» деп кейіді әкесі. Содан былай Тоқтар қиялшыл болып алды. Кейде жұрт көзіне түсе бермеу үшін қораның төбесіне шығып кетіп,күн шуақта маужырап отырып, тәтті бір ой құшағына енеді. Көңіл шіркін шартарапқа жүгіреді, жігітті алысқа, биікке самғатады. Бірде оны погондарын жарқыратып прокурордың столына шірентіп отырғызып та қояды. Жүйріксің-ау, көңіл! «Көк дөнен жүйрік пе, көңіл жүйрік пе?» дейміз ғой. Көңілге де тізгін керек. Тежемесең лағып кетеді. Тоқтар да ойын тежейді кейде. Ол бұл кезде өзін сиыр фермасының есепшісі Мәрпуғаға ұқсатып көреді. Сол ғұрлы беделі болса, ешкімнен кем болмас еді-ау! Өз әкесі ферманың сиырын бағатын жуас қана шал. Оны бүкіл ауыл қадірлейді, жақсы көреді, қошемет көрсетеді. Қарап жүргенше, осындай бір іске Тоқтар қолын іліктіріп көрсе қайтер еді? «Он жылдықты бітіріп, бақташы бопты деп ешкім сөге қоймас. Әкеме ілесіп сиыр бағып көрейінші. Орта мектепті бітіріп, шопан боп жүргендер аз ба?» деп ойлады Тоқтар. Көктем туып, жер құлпырып қалған кез. Тоқтар осы ойын әкесіне айтып отырды. Әке оның ниетін құп көрді. «Өзімнің дәулетімді тасытып, қадірімді арттырған осы бақташылық еңбегім. Құдайға шүкір, ешкімнен кем емеспін» деп көңілдене сөйледі. «Баққан малыңды жұтатпасаң, күйлі,өсімтал болса, кімнің еңбегі жанбасын. Абыройың артады, ырысқа кенелесің» деп ақылын айтты. Тоқтар күлімдеді. Сонымен бірер күннен соң ол астына жуас құлатөбел ат мініп, қолына тобылғы сапты әдемі қамшы ұстап, әкесіне еріп мал жаюға шықты. Ауылда туып-өскен Тоқтар әр түлік малды қалай бағып-қағудың жайын, бұрын бақташы болмаса да білетін. Кең өрісте, таза ауада, ешкімге тәуелді болмай емінеркін жүруді көңілі теріс көрмейді. «Ат үстіндегі адамның жаны да тыныш болмай ма?» Бірақ ол бір ғана нәрседен жасқанушы еді. Қыстың қақаған суығында, боранды күні малмен бірге ығатын кездер болады. Жаздың шыжыған ыстығына күйіп, кейде судан шыққан тышқандай боп жаңбырға малшынатын шақтар туады. Түні бойы дамыл алмай, көз ілмей шығатын күйге де ұшырайды малшы. Бәрінен де ұлыған боранда қойны-қоншыңа қар толып михнат кешкенді, жазда өткінші жауынның астында қалып, мойынға су кетіп азап шеккенді айтсаңшы. «Осыған қалай шыдайды екен?» деп тітіренетін Тоқтар. Қазір ат үстінде келе жатып ол осы бір жайларды ойлағанда, тұла бойы тоңазығандай болып, көзін жұмды. – Солай шырағым, малшы адамға үлкен төзім керек,- деген әке даусын естігенде Тоқтар селк етіп көзін ашты. Бөтен біреудің үні емес пе дегендей жанжағына алақ-жұлақ қарады. Ешкім көрінбейді. Қайда барса да осы бір төзім дегені алдынан шыға беретін болды-ау. Тоқтар мектепте оқып жүрген кезінде: « Сабақты жақсы үлгіру үшін төзім керек» деп мұғалімі де мұның құлағының етін жеп, әбден мезі ғып еді. «Ой, мейлі, айта берсін, өз ақылы өзіне» деп, Тоқтар оңашада күңк етіп қалатын. Ал қазір үндемеді. Қабағын шытып, әкесінің сөзін жақтырмай қалды...

Малшылар қосы жайлауда болатын. Сауын сиырлардан бір бөлек бағылатын тана торпақтарды күндізгі өріске Тоқтар шығаратын болды. Жас бақташының әуелгі күні көңілді өтті. Күн шуақ болды. Аспанда қалықтап тұрып бозша торғай шырылдап ән салады. Нелер бір әсем дауысты құстар тоғай арасынан оған үн қосады. Дала ән мен күйгебөленгендей. Қыр гүлінің аңқыған хош иісі мұрынға келеді. Бүкіл төңірекке жұпар шашып қойғандай деп рақаттанды Тоқтар. Жамырай жайылып жатқан малға көз қыдыртып қарайды. « Жаныңа қандай тиыш!» Тоқтар атын тұсап қойып, бір ағаштың көлеңкесінде жайланып отырып, үйден орап алып шыққан етін жеп, тобатайдағы қымызын ішті. Осыдан соң көсіліп дем алды... Кешке мал өрістен қайтып, әкесі баласынан хал-жай сұрағанда: – Дүниедегі ең рақат жұмыс мал бағу екен ғой, – деп көңілдене сөйледі ол. ...Үш күннен кейін аспанды бұлт бүркеп, сіркіреп жаңбыр жауды. Тоқтар көп күйбеңдеп, малды кеш өргізіп әкетіп еді. Күн батпай ерте оралды. Өзіне су өтіп, қалшылдап тоңып келді. Алып шыққан тамағын да іше алмапты. Тоқтар киімдерінің суын бұрап сығып отырып жаңбырға кейіді. «Не деген суық жаңбыр, иегіме дейін дірдек қағып кеттім». Бірақ келесі күні де аспан айықпады, ақ жауын себеледі де тұрды. Тоқтар жылы фуфайканың сыртынан брезент шекпен киіп, көңілі жабырқап, амалсыз атқа қонды. Жауынға әбден малшынып, киім ауыстырғалы, жылынып қайтқалы түс кезінде қайта айналып келді. Су сіңіп, сіресіп қалған шекпенімен иліге алмай, атынан әрең түсті. – Түу, жауынды күні мал баққан деген қып-қызыл сор екен өзі, – деп кейіп, қосқа шұбатылып кірді. Ол шекпенін, фуфайкасын шешіп, енді орныға бергенде, сырттан дүрсілдетіп кеп тоқтаған салт атты әкесі: - Ау, Тоқтар, бермен шық!- деп дауыстады. Оның мұнда отырғанын есік алдында қаңтарулы тұрған құлатөбел аттан аңдаған болу керек. Тоқтар күйбеңдеп тысқа шыққанша әкесі : «Малыңды егінге түскен жерінен қайырып тастадым. Дереу жет. Дәндеген мал егінге тағы барады. Мұнда отырғаны несі омалып!» деді де жөнеліп кетті. Тоқтар сірескен шекпенді қайта киіп, асығыста белбеуін орнында ұмыт қалдырып, құла атты шаужайлап, өрістегі малына қарай далбаңдап шаба жөнелді. Қолынан қамшысын түсіріп алып, бұған да бөгеліп, едәуір мехнаттанып қалды... Сол күні Тоқтардың зықысы әбден шықты. Бұл барғанда малдың алды егінге тағы да жетіп қалған еді. Қайыру бермей, көзінен ыршып жас та шығып кетті. Діңкесі құрып, өлдім-талдым дегенде, малды әзер жөнге бұрды. Бүкіл киіміне су өтті. «Құрысын бұл жұмысы... Бұл бейнетті енді қайтіп көрмеспін» деп түңілді Тоқтар. Ертеңіне ол «Мұндай ауыр жұмысқа денсаулығым жарамайды» деп сұңайып сылтау айтып, үйге қайтуға әкесінен рұқсат сұрады. – Осы ғой сенің ісің, осы ғой... Қиындыққа шыдамай тайқып шыға келесің ылғи! Сенің астыңа жұмсақ көрпені кім салып отырады? Бармайсың үйге. Бағасың малды! – деп әкесі өмірінде тұңғыш рет өз баласына қатты жекіп ұрысты.

– Менің-ақ жолым бір оңғарылмайды... Кімнен көрейін мұны... Кімнен көрейін мұны... Кімнен көремін, – деп қынжылды Тоқтар...

Сурет

– ...Әрине, солай. Жауды жойып, қарасын өшірерсің. Бірақ, жау азабын, соғыс зардабын ұмытасың ба? Жүрекке түскен дерт, жара оңай айыға ма? – деп, Ұлы Отан соғысының мүгедегі Мәдіхан Айдаров. Бізге ана мен баланың кішірек қана суретін көрсете берді... Соғыстың алғашқы күні-ақ Мәдіхан өзінің еңбектес достарымен бірге колхоздың егіс даласынан өздері тіленіп майданға аттанған еді. Ол тұңғыш рет Украина даласында соғысқа араласты. Бір күні рота командирі оны шақырып алып: – Жолдас Айдаров, сен бүгін үшінші рет жау тылына өтіп, барлау жасап қайтасың. Қане, қасыңа кімді аласың? – деді. Мәдіхан өзіне сеніммен қараған қарт командирінің алдында сәл ойланып тұрды да: – Бөлімше командирі сержант Айбасовты! – деді. – Айбасов!.. Білемін. Өжет жігіт. Тілегің орындалады, – деп, командир сөзді келте қайырды... Біржарым сағаттан кейін барлаушылар ерекше тапсырмамен жолға шықты. Кешкі уақыт. Қызыл сәулесі жалынша шашырап күн батып бара жатқан кез. Терістіктен уілдей соққан салқын желдің лебі бетке тиді. Жер шөбіне ұқсас көкала жапырақ түсті халат киген екі жауынгер ентелей басып, сақ жүріп келеді. Біраздан соң түн қараңғылығы қоюланып, айнала қара түнек басып, түк көрінбей кетті. Күндізгі ап-ашық алаңқы дала қазір тілсіз, меңіреу. Екі жауынгер шыққалы бірнеше сағаттай уақыт болып қалды. Бір-біріне сыбырлай үн қатып, алды-артын терең барлап жүріп келеді. Оқ тонап кеткен сирек, сидаң ағаштар әр жерден бір қараңдап, мылтығын кезенген жау сақшысындай селт еткізіп қалады. Айбасовтан Мәдіхан арқан бойы ілгері келе жатыр еді. Жолдасын күтіп алды да: – Байқайсың ба, жау тылына көп сүңгіп кетіппіз. Жау артиллериясының бекінісі осы арадан онша қашық емес, біздің оң жағымызда.Тсс... Естисің бе, солтұстан талып жеткен дауысты? – деді күбірлеп. – Естіп жатырмын. – Біз деревняның сол жағын айналып өтіп, тура сыртынан келуіміз керек, – деді Мәдіхан аз үнсіздіктен соң. – Ол тұстың қалың ағашы бізді жасырады. – Онда жау жоғын қайдан білдің? – Қарақшылардың есіл-дерті алда болады ғой, –деп күлді Мәдіхан, – көк желкесінен келсең, бассалғаныңды бір-ақ біледі. Осы сөзден кейін екі жауынгер жаңабағыт ұстап, асыға жылжып, ағашқа қарай беттеді. Сол тұстан деревняға барлау жүргізбек болды.

Түн суытып, салқын тұман түсе бастады. Алыстан атылған жау зеңбірегінің даусы тынымсыз естіледі. Тым әріден жарқ етіп ракета да көрініп қалады. Барлаушылар межелі жерге тақала бергенде жау минометінің қаңғырған снаряды ызылдап ұшып келді де, дәл қастарына түсіп жарылды. Меңіреу түн селк еткендей бір ырғалып қалды. Мәдіхан денесі дір етіп, шошып тоқтады. Қасында қатар еңбектеп келе жатқан серігі көзден ғайып болды да, кеудесіз бас доптай ұшып келіп домалап алдына түсті. Мәдіхан да: «қош, жан досым...» деуге ғана тілі келіп талықсып кетті. Снаряд сынығы оны да ауыр жаралаған еді. Ол екінші күні ғана есі кіріп, не болғанын, қайда жатқанына түсіне алмай, басын көтеріп айнала қаранды. Кішірек келген күңгірт бөлме. Әлдекім өзін ағаш кроваттың үстіне жатқызып, жылы жауып қойған.Ұялғандай иіле жанып май шам тұр. «Қайда жатырмыз», – деді жауынгер өзіне-өзі. Екі –үш оқталып көріп еді, тұра алмады. – Жат, ұлым, – деді тап қасынан шыққан дауыс. Мәдіхан оң жағында тұрған қоңырқай өңді, көз де қара, дәл өз шешесіндей мейірімді жүзді, жасы қырықтар шамасындағы ананы көрді. – Жат, ұлым, – деді ана жұмсақ үнмен, – аяғың сынған. Тұруға болмайды, әлгінде ғана дәрігерлік көмек көрсетілді... Мәдіхан қадірлі ананың сол бір шақтағы кейістігі жоқ нұрлы, ойлы дидарын көз алдына келтіріп, үндемей едәуір отырды. Ауыр күрсініп тағы да сөйлеп кетті. – Ананың туып-өскен мекені осы жердегі деревня екен. Соғыстың алғашқы күні-ақ күйеуі өзі тіленіп, Отан қорғауға майданға аттаныпты. Фашистер деревняны алғанда партизандармен астыртын байланыс жасап тұру мақсатымен ана осы үйде науқас, мүгедек адам ретінде елеусіз тұрып қалған. Төсек тартып жатқан сырқат әйелден жаулар онша сезіктене қоймаған. Сол ана мені үй астынан жасалған қауіпсіз бөлмеде өз баласындай күтті. Деревняда неміс коменданты мен солдаттары тұрды. Өте қуіпті, ауыр күндер еді... Мен көпке шейін айыға алмадым. Бұл жағдайыма қатты назаландым. Бірақ бұл азапқа көнбеске лажым жоқ, жаралымын. Күннің тез батып, тез шығуын тілеймін. Аяғымның тәуір болар сағатын күтіп сабырсызданамын, алабұртамын. Арада екі айдан аса уақыт өтті. Бір күні түн ортасы ауған кезде терезені біреу ақырын ғана қаққандай болды. Ана ауызғы бөлмеде жүр еді. Мезгілсіз терезе тықылынан сезіктенген ол терезе алдына үнсіз жақындай бергенде, әйнек тағы да қағылды. Бұл жолы саусақ тықылымен бірге «есігіңді аш, ана» деген сыбыр естілді. Фашистердің ағаш ұлтанды ботинкасының тарсылы мен беймаза дауыстарына құлағы қанып, сақ боп алған анаға мына бір епті жүрісті адамның үні сүйкімді естілді. Дауыс қайыра шыққанда ана сырттағы адамның кім екендігін де таныды. Ол жылдам барып есікті ашқанда ұзын қара мұртты, кең жауырынды, өткір көзді, қару асынған мосқал адам сып етіп ішке енді. Беліне қыстырған гранаты мен қанжары бар. Ол анамен қысқа амндыққа келді де деревняда орналасқан жау жөнінде, олардың қару-жарақ қоймалары мен бекіністерін түгел сұрап, көңіліне

түйіп алды. Үңгірімнің саңылауынан сығалап тұр едім. Маған оны ананың өзі ертіп келді. Бөгде адам жалпақ алақанымен қолымды қысып: – Халің қалай, жауынгер? – деді күліп. Ол бұл жолы көп кідірген жоқ, «кейін тағы оралармын» – деп қош айтысып, шығуға беттеді... Келесі жолы келгенде мен оған тура тілек етіп: – Жолдас партизан, мен де сізбен бірге кетемін. Жауға оқ атпай тұра алатын емеспін. Ерте кетіңіз мені, – деп өтіндім. – Сөзді ойланып айту керек, жауынгер, – деді партизан. Ол жаныма келіп біраз ғана отырды да салмақты жүзбен көзіме тура қарап: – Партизан кім, ә? Қане айтшы. Кім партизан?.. – деп сұрады да, жауапты өзі қайырды. – Ол – жолбарыс. Бүгін мұнда болса, ертең онда, күндіз тау қиясында өрмелеп жүрсе, түнде сай бойымен жортып жүреді. Атпен емес, мына екі аяқпен. Партизанның аяғы жүрудени жалыққан емес. – Мен де жалығуға тиіс емеспін. Өйткені мен совет солдатымын. – Әлі ұқпадың, – деді партизан енді тура ақылын айтып, – мына аяқпен қалай жүгірмексің? Тыңда... Әлі де тыныға тұр. Аяғың жазылсын. Содан кейін өзіңе ауыр тапсырма да жүктейміз. Ерлікті сонда көрсет. Ұқтың ба? Партизанның сөзін ана да қостады. Сол күннен бастап партизан деревняның шетіндегі оқшау тұратын ана үйіне жиі келіп хабарлас боп тұрды. Бір күні ол партизандардың жаудың қару-жарақ қоймасына түнде шабуыл жасйтындығын бізге айтты да шұғыл тапсырмалар берді. – Уақыт тез әрекет етуді тілейді. Түнгі сағат бесте тиісеміз. Сол кезде неміс офицерлері жатқан үйге граната тастап, оларды жою керек. Белгі – шабуыл алдында ақ ракета атылады, – деді. Мен тапсырманы орындау жабдығына кірісе бастап едім. – Жоқ, сен бармайсың, – деді ана. – Бұл қауіпті, сақтық пен тездікті керек ететін тапсырма. Сенің аяғың әлі еркін жүруге келмейді. Қолға түсіп қалуың мүмкін, мен барамын, – деді де: – Партизан жолдас, бұл тапсырманы маған орындауға рұқсат етіңіз, – деп өтініш етті. Мосқал партизан ана жүзіне ұзақ қарап тұрды да Мәдіханға: – Ана сөзі бала үшін жалған айтылмайтын. Саған ауыр болар, жауынгер. Тапсырманы ана орындасын. Әзірше маған бағынуға тиіссің. Мен осылай деп ұйғарамын, – деп тұжырды. Ол осыны айтты да шығып кетті... Түн қараңғы еді. Көзге түртсе көрінбейді. Күткен уақыт жақындап келеді. Ана әлі үнсіз отыр. Әлсін-әлсін жабық терезенің саңылауынан сығалап, барлап қояды. – Балам, – деді әлден уақытта ана маған, – енді кетейін. Ол орнынан еппен тұрып келді де, өзінің балбырап ұйықтап жатқан үш жасар кенже баласы Коляның маңдайынан сүйді. – Үлкен ұлым, сен де кел, – деді маған. Қос ұлын бір аналық мейірбандықпен құшақтап сүйген ана: – Сақ бол, балам, – деді жөнеле беріп, – ана жеңіп оралады!

Я, ана жеңіп оралады. Қандай ерлік десеңізші! Не бары жарты сағат ішінде ана қайта айналып үйге келді. Кірпіктерінің қимыл қағысы да, ұшқынданған көз жанары да ана ерлігін айтпай-ақ ұқтырғандай еді. Ол сондай ер ана еді. Не бары жарты сағат ішінде бір қора қанды көз қорқауларды өмір бетінен мүлде өшіріп келді... Біз Отан майданы жауынгерінің сөзін ұйып тыңдап отырмыз. Жігіт көзінде қимастық сағыныш белгісіндей жас моншағы мөлдіреп тұрды. – Сол анам, украиналық ер анам, жас сәбиі Коля – екеуі көз алдымда қаза болды, – деді Мәдіхан жасты көзін бізге бұрып, – ана жүрегіне мылтық кезенуге қалай қолы барды десейші сұм жаудың? Жүрек бар ма еді оларда! Жоқ! Оларда адамдық тұлға болғанымен, айуандық қан сезім бар! Мәдіханның жүзі ашулы адамдай қызыл күреңдене қалды. Осы сәт өткен күннің қаралы елесі ойына түскен оның мөлді қара көздерінен қаза болған ана мен бала суреті көрінгендей еді. – Ана үйіне ешкімнің көзіне түспей оралғанымен, сол түні фашистер қатты үрейленіп, көп дүрлікті. Ғайыптан пайда бола қалғандай партизандар тобы жау қоймаларын қиратып, өртеп, әп-сәтте түн тұңғиығына сүңгіп кеткен. Абыржыған, сасқалақтаған жау естерін жинасымен-ақ, түн ішінде үй-үйді тінтуге шықты. Поселканың іші-сырты ербиген немістерге толып кетті. Маңына сақтана қарап, аяқтарын үрке басып, топ-тобымен жүріп тіміскіледі. Олардың бір тобы ана үйіне де есікті қиратып кіріп келді. Ана да, мен де тысқа шығуға үлгірмей қалдық. Ана алдыңғы бөлмеде еді. – Аһа..фрау,– деді аласа бойлы фашист офицері. Ол пистолетін кезеніп анаға жақындай түсіп: – Түзу тұр. Шапшаң жауап бер! Қайда партизан? Айт жылдам! – деді тістеніп. – Мен білмеймін, – деді ана ақырын сөйлеп. – Жасырасың!.. – Білмеймін, – деп қайталады ана. Офицер пистолетінің аузын жас балаға бұрды: – Күшігіңді өлтірейін бе, әлде айтасың ба? Ананың отты көзі офицерге қадала қарады. Офицер үрейлене шегініп, шегір көздері жыпылықтап, бетін анадан тайдыра беріп, балаға мегзеген мылтығын басып қалды. Шаңқ еткен ащы дауыстан үй дір етіп қалғандай болды. Елбелектеп құлап бара жатқан бала көрінісі ана жүрегін өткір қылышпен жарып өткендей еді. – Жауыздар!.. Құзғындар! – деп айғайлады ана көкірегінен жалын атып... Бұдан арғы сөзді айта алмады ана. Оқ оны да қиып түсірді. Ана құлашын жайып, ұлына ұмтыла беріп, етпетінен құлады. Жау үйге кіре бергенде-ақ «суырдай іннен шықпай өлгенше, тобына шауып алысып өлейін» деген тоқтамға бекіп, үнемі жанымда жүретін кішірек сүйір қанжарымды қолыма нық ұстап, есікке тақау келіп әзер шыдап тұр едім. Мылтық даусымен жарыса шыққан ана айбарын естігенде, тасадан мысықша атылып, офицерге тап бердім. Мүлт кетпеді қанжарым. Жалғыз едім бірақ. Қалған жау

үстіме жабыла түсті. Дәл қарақұсымнан сарт етіп мылиықтың түбі тиді. Одан әрі не болғанын білмеймін, көзім қарауытып есімнен танып қалдым... Әлден уақытта есім кіріп, көзімді ашсам, көрдей қараңғы бір қуыста жатыр екем. Орнымнан тұрмақ болып талпынып едім, тұла бойым қозғалтпады. – Япырай, тірімісің? Жаның қандай сірі еді, – деп, біреу аяныш білдіріп, құлағымның дәл түбімнен, қарлыққан әлсіз дауыспен үн қатты. – Қайда жатырмын? – дедім тілім сөйлеуге зорға келіп. – Қамауда... – деді әлгі дыбыс берген адам күрсініп... Бізді сол қапастан, сонада ана үйіне келетін өзіме таныс партизан бастаған топ құтқарды. Олар мені тек бір ай үш күн өткеннен кейін ғана өзіміздің тылға жіберуге мүмкіндік алды. – Мен сыңар аяғымнан айырылып, госпитальда ұзақ жаттым. Жанға батқан жалғыз-ақ өкінішім болды: жаудан ана мен баланың кегін алу шайқасына өзім қатыса алмадым, – Мәдіхан төмен қарап сәл үнсіз отырды. – Бірақ өкініші жоқ, кекті достар қайтарды. Олар ананың туып өскен жерін жаудан азат етті. Басқыншылардың талқанын шығарды. Сол жауынгер достарым ана қабірінің басына ескерткіш орнатып, гүл екті. Жауынгер жігіттің сөзін ұйып тыңдап отырған біз: – Ана есімі ұмытылмайды, мәңгі жасайды, – дедік үніміз қосылып. – Ол ананың есімі Нина Николаевна Кравченко еді, – деді Мәдіхан. – Мына суретке соғыс басталмай тұрған кезде түскен екен. Маған ескерткішке беріп еді. Біз жас сәбиді қос қолымен көтеріп, күліп түскен ана суретінен көз алмай ұзақ қарадық.

Жұмбақ тас

Жаңа ғана алыстан көрінген қара бұлт түнере түйіліп, келіп те қалды. Әлсін-әлі аспан қақ айрылғандай шатұр-шұтыр етіп найзағай жарқылдайды. Тау қойнауында отырған үш бала төніп келген қара бұлтқа қарап тұр. – Қатты жауып келе жатыр, – дейді жорық командирі Самат екі жолдасына. Жаңбырдың алды суылдап келіп қалғанда ғана үш бала өздері құрған кішкене шатырға кірді. Жел әлі саябырлаған жоқ, кішкене шатырды екпіндей соғып, жұлқып-жұлқып өтеді. Жаңбыр күшейейін деді, шелектеп төгіп тұрғандай. – Өткінші жаңбыр екен, қазір ашылады, – деді Самат шатыр саңлауынан тысқа көз жіберіп. Ол қойнынан дәптерін алып, үйден шыққалы қанша жер жүргендерін есептей бастады. Қағаз бетіндегі шартты белгілердің ара қашықтығын түгел қосып білді де: – Шыққалы 10 километр жүріппіз, – деді қуана сөйлеп. – Кешке дейін 6 километр жолды шолып шығуымызға болады. Саматтың қағазына үнсіз қарап отырған Достай: – Жаңбыр ашылмаса, ертең жүру керек, – деді.

– Сонда осы арада түнемекпісің? – деп орақ мұрын, өткір қара көзді бала Кемел оған қарсылық білдірді. – Жаңбыр жауған екен деп, біз бүгінгі тапсырманы орындамаймыз ба? – Тоқтай тұр, деді Самат оның сөзін бөліп, – өлкетану тапсырмасы үшеуімізге бір берілген еді ғой. Жазғандарымызды салыстырайық. Зерттеуімізде қандай айырма бар екен. Бұл жолғы жорықта оларға берілген тапсырма Салпық тауының күнгей жағында өсетін өсімдіктердің түрін зерттеу болатын. – Менің байқауымша, – деді Кемел бұрынырақ сөйлеп, – таудың батыс жағымен салыстырғанда шығысында қарағай көбірек өседі. Оған себеп: бұл тұстың тастақтау болып келуінен болуы керек. – Мен де солай ойлаймын, – деді Достай. Кемел дәптеріндегі жазғанына қарап отырып, тағы да жылдамдата сөйлеп кетті: Таудың етек жағында аралас өскен қайың мен терек жоғары өрлеген сайын селдірей береді. Одан әрі терек тіпті кездеспейді. Талдардың түр-түрін үнемі кездестіріп отырдым. – Шие ағашы тіпті көп екен. Үнемі кездесіп отырды, – деп, Достай оның сөзіне жалғастыра сөйледі. – Мұның бәрі дұрыс, үшеуміздің де ойымыз бір жерден шықты, – деді Самат, – бірақ сендер ағаш түрін байқаймыз деп, бұл араның басқа өсімдіктерін ұмытып кеткен жоқсыңдар ма? – Жоқ, жоқ, – деді ана екеуі, – біз әр түрлі өсімдіктен дәптер арасына салып та алдық. – Дұрыс, дұрыс, – деді Самат, біз бұл зерттеуді оңайырақ болған себепті, әрі кеңірек қамти білу мақсатымен бір-бірімізден едәуір қашық жүріп жүргізген едік. Жазу жобамыз бір екен. Біз қазір бүгінгі өлке зерттеу жорығымыздың екінші тапсырмасын орындауға шығамыз. Ол – осы бағытымыздағы тау жотасын, мұндағы гранит тастардың құрылысын байқау. Бұл кезде өткінші жауын басылып, жел де саябырлаған еді. Әлгі бір мезетте аспанды торлап, түнерген қара бұлт серпіліп, тұс-тұсқа ыдырай бастаған. Жорықшылар кішкене шатырды жиып, бүктеп алды. Аздан соң қапшықтарын иығына іліп, компаспен жол бағдарлап алды да, тау бөктерін жағалай, жоғары көтерілді. Тау арқасына өрмелеген үш бала жан-жаққа қатты назар аударып қарап келеді Кейде жол бойында кездескен жақпар тастарға тамашалап қарап, демалуға отырысады. Қойындарындағы дәптерлерін алысып, тас суретін, ол туралы өз ойларын жазады. Аздан соң тағы жоғары өрлейді. Аласа бойлы Салпық қандай сұлу мүсінді тау! Иініне шоғырлана біткен қалың ағаш, ық жақ етегінде айдын шалқар көлі бар. Салпық өзінің ұсақ төбелерімен жалғасып, жоталанып, терістік шығысқа қажет созылып кетеді. Тау басына шыққан жорықшыларға төңіректегі көріністің бәрі де тап аяғының астында

тұрған сияқты. Едәуір жерде өздерінің ауылы мұнартып тұр. Достай екі жолдасынан оқшауырақ бұрыла бергенде, ұзын талшықты, салалы кендір секілді, бұрын-соңды көрмеген ғажайып тас тауып алды. «Жер бетінде көп кездесетін тастың бірі – алтынды кварц. Әлде бұл сол ма екен?» –деп ойлады ол. Жас жорықшы бұл ойына сене алмады. Өйткені алтын, руда түрінде, жабайы кварц болып кездескенімен онда көзге әрең ілінетін жылтыраған тозаң болады. Егер сол ақшыл тасты лупамен не микроскоппен қараса, ұсақ алтын тозаңдарын тіпті анық көруге болады. Бұл қасиет Достайдың қолындағы мына таста жоқ. Кәдімгі дала тасына ұқсағанымен, ондай қатты емес, жұмсақ. «Мұнда үлкен құпия сыр болуы керек» – деген қорытындыға келген Достай, өзінен сәл ұзаңқырап бара жатқан Саматтарды шақырып алып, өз көргенін айта бастады. – Мұндай тасты көрген емеспін, – деді ол, – өзі тасқа да, өсімдікке де ұқсамайды. – Бұл кендір тектес өсімдік шығар, деді Кемел. – Өсімдік болса, жерге бойлаған тамыры қайда? – деді Самат. – Қурап қалған болар. – Қураған өсімдікті үгіп сындыруға болады ғой. – Сонда тас болғаны ма? – Тасты да ұрып сындыруға болады. – Онда бұл не болғаны? Тас та емес... – Я, тас та емес, – деп Самат терең ойға шомғандай болды. Манадан үнсіз тыңдап тұрған Достай: – Отқа жағып көрсек қайтеді? – деді жолдастарына. – Кендір болса отқа жанады ғой. – Дұрыс, деді балалар оны қостап, – жанбаса, басқа бір ерекше зат болғаны. Қане көрейік... Үш жорықшы қол күректерін алып, шағындау жер ошақ қазды да, қу бұтақ жинап әкеп, отқа жақты. Табылған жұмбақ затты от әбден шоқтанып, қызған кезде отқа салды. Тау басында кішкене жер ошаққа анталай төнген үш бала жаңағы заттың жануын күтіп, ұзақ отырды. Отты қаншама қыздыра жаққанымен, ғажайып тас жанар емес. Қызулықты байқау үшін жуандығы сұқ қолдай домалақ темірді отқа салып, әбден қызарғанша күтті. Кендір сияқты талшықты зат әлі жанған жоқ. – Бұл отқа жанбайды екен, – деді Кемел. – Я, жанбайды, – десті Самат пен Достай да. – Заты тас нәрсе отқа жанбайды. Бұл да сондай. Бірақ кәдімгі тастан жұмсақ. Қандай ғажайып тас өзі! Жас жорықшылар бұған жауап таба алмай, ұзақ ойланды. Әлден уақытта Самат: – Мен бір ақыл таптым, деді қуанып, көзін алға қадап. – Осы арадан онша алыс емес, мына тұста кен зерттеуші экспедиция бар, – деді қолымен нұсқап. – Мен ағайыммен бірге оларда кеше ған болып қайтқанмын.Компас арқылы тура бастап алып бара аламын. Соларға көрсетсек қайтеді? Бұл сөз Достайларға қатты ұнады. «Барайық», – деді олар да.

Достай жұмбақ заттың табылған жеріне белгі жасады. Самат жол компасын туралап ұстап тұрды да компастың тілшесі 101 градусті көрсеткен кезде: – Біздің жүріп келген бағытымыз оңтүстік пен шығыс арасындағы 104 градус, – деп жазды. Одан кейін ол тұрған жерінен қанша градус батысқа қарай бұрыла жүретіндерін компастың магнит тілшесі арқылы белгілеп, екі өлшеудің арасындағы айырманы тапты. Бұл кезде Кемел мен Достай осы жердің сырт көрінісін картаға түсіріп алған еді. Аздан соң жорықшылар экспедиция жатқан жаққа асыға жүріп кетті.

Жорықшылардың жұмбақ тас тапқан алқабын геолог Жақып ұзақ қарап, көп тексерді. – Осы тастардан, – деді Жақып тау бауырындағы жақпарлы қара тасқа келгенде, – табиғаттың өз күшімен көк-жасыл әдемі теңбіл тастар пайда болады. Он «серпентин» деп атайды. Серпентиннің кендір секілді талшықты түрі бар. Оның ұзын салалы сапалы түрін «асбест» дейді. Сендердің бұл тапқандарың сол асбест. Үш жорықшы геоглогтің сөзін ынталана тыңдап тұр еді: – Асбестің өндіріс үшін қандай пайдасы бар? – деп сұрады Самат. – Асбесті құрылыс жұмысына, қағаз өндірісіне қолданады. Жылу-электр және дыбыс өткізбейтін зат есебінде кең пайдаланылады. – Кендірден жасалатын арқан осыдан жасалмай ма? – деді Кемел. – Жасалады. Асбестен киім де тоқиды. Ол киімдер берік және отқа күймейтін артықшылығы болғандықтан, оны көбіне өрт сөндірушілер киеді. Металлургия заводтарында жұмысшылар асбестен жасалған қолғап киеді. Олар бұл қолғабын жуып әуреленбейді. Кірлегенде жанып тұрған пеш ішіне тастап, әбден қызарған соң барып алса, тап-таза болып шыға келеді. Өзі отқа жанбайды, сыртындағы майлы кірі күйіп кетеді. Оған әдейілеп жуудың ешқандай керегі жоқ, – деді геолог. Ол бұдан кейін де балаларға бірнеше қызық-қызық әңгімелер айтып берді. Жас жорықшылардың ісіне сүйсініп тұрып, қуана сөйледі. – Бұл тастар Салпықтан 12 километр қашықта тұратын Көкшелі тауынан да жақында табылған еді. Бірақ оның көлемі аз, әрі сапасыз болып шықты. Салпықтан тапқан сендердің бұл алғашқы табыстарың жаңа табыс. Менің зерттеуім бойынша, мұның көлемі де, қоры да мол сияқты. Сендер Отанымыздың қоғамдық шаруашылығына көп пайда келтіретін болыңдар , – деді Жақып. Ол үш жорықшының кезек-кезек арқасынан қағып, беттерінен сүйді. Балалар қуанып: – Біз әлі де көп жаңалықтар табамыз! – деді қосыла сөйлеп. Жақып балалардың қуанышты жүзінен зор келешек жемісінің үмітін сезінгендей, оларға күлімсірей қарады.

Жылқышы

Балалар, сендер жылқышы деген құсты білесіңдер ме? Ол қара тағандай ғана құс. Бірақ одан биік, аяғы ұзын, көбіне қара сулы, көлді, батпақты жерлерді жағалап жүреді. Тұмсығы да ұзын, су түбіндегі өсімдіктерді тез жұлып алуға икемді-ақ. Осындай жылқышының бірі Омар дейтін қарт аңшының аулына жақын жердегі кішкене қамысты көлдің жағасына ұя салған еді. Оны ешкім көрген жоқ болатын. Бір күні аңнан кештетіп қайтып келе жатқан Омар атай, дәл аяғының астынан ұша жөнелген жылқышыны байқамай қалды. Жылқышы оқ бойы ұшып барды да жерге қонып, қанатын жайып жүгірді. Анда-санда даусын шығарып ,тап жылқы баққан жылқышыларша ысқырып, Омар атайға жалтақ-жалтақ қарап қояды. Омар атай таңданып, тоқтай қалды. Жанталасқан құс бір кез жоғары көтеріліп, алысқа ұзап ұшып барды да, аңшы орнынан жылжи қоймаған соң, қайта бұрылды. Аңшыға жақын келіп қонып, тағы да ысқыра бастады. «Бұл неге бүйтіп жүр?» деп ойлады Омар атай. Ол маңына көз салып, оң жағына бұрыла беріп еді, дәл алдынан әдемі дөңгелек ұяда бұғып жатқан кішкентай балапандарды көрді. Кенет тоқтай қалып, ұяға үңілді. – Қандай тату достар! – деді таңырқап. Бұларға сүйсіне, таңдана қараған қарт аңшы иығындағы мылтығын жерге қойды да, балапанның біреуін қолына алып көрмек болды. Ол қолын соза беріп еді, жас балапандар қорыққандай біріне-бірі тығыла түсті. – Қорықпа, қорықпа, – деді аңшы ақырын ғана күбірлеп. – Мен тимеймін. Ол ілгері созған қолын дереу кейін тартып ала қойды. «Сенен неге қорықты олар?» - деп таңданғандай алақанына қарады. Ұядағы балапандар төртеу. Оның бірі Омар атайға тым кішірек секілді көрінді. – Сен жұмыртқадан жаңада ғана жарыққа шыққан шығарсың-ау? Ұзын аяғың әлі еркін басуға келмей жатыр-ау! – деді Омар атай жымиып. – Әйтпесе ендігі жүгіріп, қалың шөп арасына сүңгіп кеткен де болар еді –ау, ә? Манадан бір қонып, бір ұшып жүрген жылқышы, қарт аңшының төбесінен бірекі рет жанай өтті де, бір кез түйіліп кеп, оның басындағы бөркін қанатымен қағып кетті. Омар атай шошынғандай «әй!» - деп қалды. Бөркін екі қолымен ұстай алды. Бірақ қасында бөтен адам жоқ еді. Омар атай өзін шошытқан жылқышы екендігін түсіне қойды. – Ә, сен екенсің ғой! – деп күлді ол. Төбеде ұшқан жылқышыға: –Тимеймін балаларыңа, тимеймін! – деп дауыстады. Мылтығын дереу иығына іле салып: «Үйім ана жақта, енді кетемін», дегендей, бөркін алып, бұлғап қалды. – Ал, сау болыңдар,достарым! – деді ол кетерде ұядағы балапандарға. – Мен сендерді қорғыштап жүрермін...

*** Омар атай ұзай берісімен –ақ, жылқышы ұясына келіп, балапандарын екінші бір жерге көшірді. Содан бері қарт аңшының көзіне түспей, көлдің батыс жақ

шетіндегі қалың шөптің арасында күнелтіп жүрді. Балапандары да қарақанат болып, жетіліп қалды. Күн батып бара жатқан кез еді. Жем іздеп, селдір сояу шөптердің арасымен тіміскілеп жортып кезген бір түлкі, әлі ұшуға еркін жетіле алмаған балапандарды көріп қалды. Ол көл жиегіндегі қалың шөптің арасына сүңгіп кеткен балапандарды иіскелеп, ізіне түсіп, қуа жөнелді. Жылқышы балапандарын ілгері асырып жіберді де түлкі өзіне тақала бергенде, оңға жалт бұрылып, кейін қарай жер бауырлай ұшты. Түлкі оны қуа жөнелді. Жылқышыға түлкі жетер-жетпестей болып, баяу ұша берді. Түлкі тоқтай қалса, ол да қалықтап жерге қонып, қанатын сүйрете жүгіріп, мойнын созып, ысқырып қояды. Дәмеленген түлкі оны ұстамаққа тағы қуып ала жөнелген еді, жылқышы бірден апанға көтеріліп кетті. Көп қуып, ашынған түлкі енді оның ұстатпасын біліп, алғашқы балапандарды көрген жеріне қайтып келді. Шөп арасымен бұға қашып бара жатқан балапандарды көріп те қалды. Аузын кең ашып, көзі қанталап, балапанды қағып түспекке ұмтыла бергенде, сол жақтан кенет тарс еткен мылтық даусы шықты. Екпіндей алға қарғыған түлкі басын төмен ала шаншыла құлады. Мұны атқан Омар атай еді. Ол үйге қайтып келе жатқан бетінде: «Алғашқы достарым кездеспес пе екен?» – деген оймен әдейі осы маңға көз жүгіртіп келе жатқан. Өзіне таныс балапандарды қуған түлкіні көріп қалған еді. Ол өлген түлкінің қасына келіп, қарап тұрды да: - Біреуге өлім іздеген өзін өлтіріп тынады, – деді. Омар атай түлкіні сирағынан көтеріп, ауылға қарай беттегенде, жылқышы құс разы болғандай, алдынан әлденеше рет кесе-көлденеңдеп ұшып, оны көп жерге дейін шығарып салды. Бозша торғай

Түні бойы жауған жаңбыр таң ата ашылды. Жер саз. Күндегіден ерте тұрып, кітап оқып отырған Серік дем алуға тысқа шықты. Өзінің жақсы көретін ақ күшігі оны есік алдында қарсы алды. Мойнына секіріп, иесін көргеніне қатты қуанып қалды. Серік оны ертіп алып, үйдің сырт жағын айнала бергенде, бір топ аласа жусанның ығына бұғып отырған кішкене бозша торғайды көрді. Қанаты жетіліп, жақында ғана ұшуға жараған боз торғайдың балапаны. Әбден жаңбыр өтіп жаураған, қанаты салбырап дір-дір етеді. Ақ күшік оның қасына жетіп барып, таңданғандай тоқтай қалды. Кішкене құс, өзінің тоңып отырғанына қарамастан, қасына жақын келген ғажайып аңға қорқа қарап, құтылып кеткісі келді. Салбыраған қанатын жиюға шамасы келмей, сүйреткен бойы, жусанды сырт айнала берді. Бірақ, тез жүгіріп кете алмады. Шөп арасынан аяғын ала алмай, сүрініп қалды. Қайта ұмтылып еді, тұра алмады. Саз топырақ енді оны жіберместей болып жабысып, ұстап қалды. Кішкене бозша торғайды Серік жерден көтеріп алды. Алақанын қойып, аз ғана уақыт қарап тұрды. Кішкене құс тіпті қатты тоңып қалған екен. Үсті-басы су-су: әрі тоңып, әрі қорқып, дір-дір етеді.

Серік кішкене құстың қалш-қалш етіп, сонша қорыққанына қарап, жымиып күлді. Тез жүгіріп, үйге келді де, бозша торғайды күн сәулесі түсіп тұрған терезе алдындағы стол үстіне отырғызды. Содан кейін, оның алдына кішірек ыдысқа салып, жем әкеп қойды. Бозша торғай қарны ашып отырса да жемді жемеді. Қорыққандай Серікке жалт-жалт қарай берді. Серік оның бұл сырын сезіп, әдейі тысқа шығып кетті. Ол сәлден кейін, терезеден ішке сығалап қарап еді, кішкене құс ыдыстағы жемді теріп жеп жатыр екен. Үсті құрғап, кеуіпті. Бір мезетте ол ыдыстың ернеуіне ұшып қонды. – Ә, солай ма екен... Енді менен қорықпайсың ғой, – деді Серік. Ол үйге бозша торғай әбден тойып болғанда ғана кірді. Үсті құрғап, жемге тойып, әлденіп алған бозша торғай үй ішінде еркін ұшып жүр екен. Серік ептеп келіп, терезені ашты. Кішкене құс жып етіп терезе алдына қонып, Серікке бұрылып қарады да, сыртқа ұшып шығып кетті. Аспанға тіке ұшып, жоғары көтерілді. Әуеде қалықтап тұрды да, есік алдында өзіне қарап жатқан ақ күшікті көріп, әндете бастады. Серік те сүйсінгендей оған ұзақ қарап тұрды. Бозша торғайдың шырылдап салған әнін құмарта тыңдады. Бозша торғай ұзап ұшып кете бергенде ғана: – Даусың қандай жақсы! Жолың болсын! – деді дауыстап. Күтпеген еді

Жақып атай сыртта доп ойнап жүрген немересі Манапты терезеден дауыстап шақырды. Манап үйге алқынып жүгіріп кірді. Атасы тапсырма берді. – Қарағым, Манап! Қартбай аңшының үйіне барып, біліп келші: кеше ол маған «таңертең келем, бір шаруам бар» деп еді. Не шаруа екен? Атам сұрады де. Таң атқалы күтіп отырмын. Қырман басындағы балаларға барып қайтсам ба деп ем. Кетіп қалсам, таба алмай қалады ғой. Атам жіберді де. Асығып отыр де. Ұқтың ба? Манап атасының сөзін үнсіз тыңдап, үйден үнсіз шықты. Допты шалбарланып алған қысқа жең, көк көйлектің ішіне салып жіберіп, оң бүйірін бұлтитып қойды. Биік қораның тақтай қақпасына сүйеніп біраз тұрды. Аңшының үйі көшенің екінші бір шетінде еді. Манапқа қазір сол үй ат жалдап баратын ең қиыр шалғайдай көрінді. «Соншама жерге қайдан барып жүрем. Тіпті ап-алыс» деп бармауды бір ойлап өтті. Аяғын сылбыр басып, орнынан әзер қозғалды. «Сызықты басып кеттің» – деген жіңішке дауыс оны еріксіз жалт қаратты. Көрші үйдің алдындағы тықыр алаңда дөңгеленіп үш жас қыз тұр екен де, енді бір қыз ақсаңдап секірген қалпы, сол аяғын кейін бүге көтеріп, кілт кідіріпті. Жерге сызылған терезе көздердің бір сызығына қызыл туфлиінің сүйір тұмсығы абайсыз тиіп кеткен болу керек. Үш құрбысы үш жақтан «сызықты басып кеттің» деп екінші рет қайталағанда, ол көңілін қалдырған өз аяғына басын шайқап, кезектегі қызға жол беріп, кейін шегінді.

Манап бұлардың қасына келіп, ойындарына қарап қызықтап тұрды. Ретін тауып, қыздарға «ептерің жоқ» деп мін тағып та қойды. Бір ауық бұл ойынға өзінің де зауқы соғып кетті. Оның осылай тұра беруі ықтимал еді. Біреу өзін шекеден түртіп қалғандай болды. Манап жан-жағына жалтақтады. Мұны нұқып қалардай тап қасында ешкім де жоқ-ты. Жақып атайдың әлгі бір тапсырмасы есіне сап ете қалып еді. Манап басын төмен салып, иығы салбырап тағы да ілгері жөнеле берді. Тағы да көшенің арғы шетіндегі аңшының үйіне қарай амалсыз ілбіп барады. Бұрын ылғиақ тоқтамастан жүгіріп отырып бара беретін жер еді ғой! Бүгін қалайша алыстап кеткен? Манаптың жуырда жетер сиқы жоқтай, аяғы ауырып та, шаршап та келеді. Табанына көшенің кедір-бұдыр балшығы да бата берді. Жан-жағына мойнын бұруы да көбейіп, осы аяншақ жүріспен Манап колхоз клубының тұсынан өте бергенде, бір топ ересек балалар волейбол ойнап жатыр еді. Манап соларға таман бұрылды. Майка, труси киген өңшең епті жастар үлкен допты жерге түсірмей аспанда ұшырып жүр. Қолдан қолға секектеп келген доп, бір сәт тор-сетканың үстінен төмен құлдия түсе беріп, қарсы тегеурінге ұшырап, қайта серпіліп кейін шалқаяды. Манап допты көзімен қуып, басы бұраңдап тұр. Құлағы да қалқиып, аузы да ашылып, қастары да керіліп, ойынға кәдуілгідей елтіді. Түйіліп келген допты ойыншының бірі маңдайымен ұрып жібергенде ол сақылдап кеп күлді. «Мұрны бұзыла жаздады» – деп шек-сілесі қатты. Манаптың қасында, ойынға қызығып, өзіне тете бір балалар да тұр еді. Ұшқыр доп шеткі ойыншының қолынан мүлт тайып, жантая ұшып, бұлардың ортасына келіп түсті. Басқалардан бұрын допты Манап іліп әкетті. Ілгері ұмтыла беріп, допты аяқпен тепті. Жанталас үстінде ұзын бақайы бүгіліп кетіп, буынын шығарып ала жаздады. «Өзі жығылған өкінбестің» кері. Үн-түнсіз, тек құлақ шекесі қызарып қана, бір аяғын өкшесінен басып тайқи берді... Манап енді жолдың ортасымен тура жүріп келеді. Бақайының ауырғаны да басылды. Бірақ аңшының үйі бұған жеткізбестей көрінді. Ол кейін бұрылып қарап еді, өз үйінің қарасынан әлі жүз метр ғана ұзапты. – Манап-ай, неге қалқиып тұрсың? Жүр көлге барайық. Суға түсейік, – деп дауыстады оның сыртынан өте берген топ баланың бірі. – Кәне, жүр! Бол!Күн ыстық, шыжып барамыз, – деді көйлегін қолына шешіп алған біреуі. Бәрі де Манаптың өз достары. – Тоқтаңдар! Мен де барамын!– деді Манап. Ол осы топқа қосылып көлге тартты. Аңшының үйіне бармағы жайында қалды. Манап атасының тапсырмасын ешкімге айтпап та еді. Көл басына барған соң бәрі де ұмытылып жүре берді. Достар келе суға қойысып кетісті. Жарыса жүзісіп, күш сынасты. Қырға шығып, арқаларын күнге тосып, шуақтап жатысты... Сөйтіп, көл басында ойын-думанға бөленіп көп уақыт өтті. Балалар үйді-үйіне тарасты. Атасының тапсырысы жолда Манаптың ойына түсті. Есінен мүлде шығып кетіпті. Енді қайтпек керек? Кідірместен, ешқайда бөгелместен аңшының үйіне

қазір барып қайтса қайтеді? Жүгіріп отырса лезде-ақ жетеді ғой. Бірақ аңшының үйінде барын, яки жоғын қайдан білесің? Осы уақытқа дейін отыр деймісің? «Ендігі ол аңға шығып та кеткен шығар», – деп ойлады Манап. «Аңшының үйіне қазір барсам, бәрібір оны таба алмаймын, босқа барамын», – деп топшылады ол. ... Манап қораға келіп кіргенде, Жақып атай ауызғы үйдің есігін ақырын ғана ашып, ішке ене беріп еді. Немересінің тықырын естіп бұрылып қарады. – Ие, балам, не хал? – деді табалдырықта бөгеліп. Манап мүдіріңкіреп: – Таппадым, ата... үйіне барып едім, өзі жоқ екен... Сұрап едім, аң аулауға кетіп қалыпты, – деді күмілжіп. Ол атасының соңынан төргі бөлмеге еніп еді. Диванның үстінде жантайып алып, қоңыр үнді домбырамен баяу ғана бір шуақ әнді тық-тық шертіп жатқан дөңгелек қара сақалды Қартбай аңшыны көріп, қалшиып тұрып қалды. Аңшы басын көтеріп: – Ә, балам, денің сау ма? Мені үйден таппаған шығарсың. Мұнда келгенімеде біраз уақыт болып қалды. Күн қайнап кеткен соң бүгін аңға шықпауға ұйғарып едім... Өзің көп кешіктің ғой. Мені іздедің ? Үйдегілерге жөнімді айтып кетіп ем ғой, – деп, Манапқа жылы шыраймен байсалды қарады. Манапта үн жоқ. Аңшымен тап қазір өз үйінде жолығып қалармын деп ойламаған да, күтпеген де еді.

Әбілдің өкпелеуі

– Көздегенім сол болсын! Дәлдегенім дәл болсын! Бір, екі, үш!.. Әбіл осылай деді де, қора бұрышын сүзгілеп жатқан жұп-жұмыр семіз көк торпаққа ұзындығы жарты метрдей жеңіл қайың таяқты жіберіп қалды. Баланың қолынан екпіндей ұшқан кішкене таяқ бұрыштағы сүйеулі тұрған үлкен ашаға сарт етіп тиіп, ортасынан қақ бөлінді. Көк торпақ шошып кетті. Сол жағына оқыс бұрылып, зыта жөнелді. Қора алдындағы биік күртіктен қар ойып, зыта жөнелді. Қора алдындағы биік күртіктен қар ойып, адамның суретін жасап жатқан Әбілдің кішкене інісін көк торпақ басып кете жаздады. Зәресі ұшқан көк торпақ есін енді жинағандай анадай жерге барып, дауыс шыққан жаққа едірейе қарады. Әбіл бар дауысымен қарқылдап күліп тұр. – Бұл маңнан енді жүрмейтін болған шығарсың, ә? – деп, Әбіл оған ұмтыла түсіп еді, көк торпақ құйрығын көтеріп алып, қаша жөнелді. Әбіл аулаға кірді. Ойына әлдене түскендей, үйге жүгіріп еніп кетті де, іле-шала қайта шықты. Бұл жолы қолында шумақталған жібі бар. Ол көп кідірген жоқ, жіпті ауланың қақпасына керіп байлады да, жіптің үстінен секіруге кірісті. Бұл оның өзінше бүгінгі тапқан ерекше бір орынды жаңалығы еді. – М... – деді Әбіл өзіне-өзі сүйсінгендей. – Жіп өте жақсы керілді. Әуелі осыдан секіремін.

Ол жіптің екі ұшын да қақпа жақтауына мықтап байлаған еді. «Дәл бұдан құламаймын», – деп ойлады ол, өзіне-өзі сеніп. Әбілдің бірінші секіруі сәтті болды. Алыстан екпіндеп жүгіріп кеп, еркін қарғыды. «Бұдан кейін жіптің екі ұшын шешіп алып жоғарырақ байлады. «Бұдан секірсем, чемпион боламын», – деп ойлады жымыңдап. Бұл жолы да алғашқы әдетінше алыстан бар пәрменімен жүгіріп келіп: – Бір!.. – деп секіріп қалды. Оның оң аяғы кедергі жасады. Жіптен жоғары аса алмай, мықтап ілінген күйінде бір қырынан ұшып түсті. Қақпа алды тақыр еді. Ол қатты жығылды. Шынтағын да ауыртып алды. Баламер оның құлағанын алыстан көріп келе жатыр еді. Ол жақын келгенде, Әбіл түк сезбегендей, қар болған киімін қағып, қайта секіруге дайындалып жатқан-ды. – Әбіл, мынауың не? – деп сұрады Баламер жіпті көрсетіп. Ол Әбілдің бұл қылығын ішінен жаратпай-ақ тұр. – Көріп тұрсың ғой, спорт! – Қақпаның аузында спорт алаңын жасаған спортшыны енді көріп тұрмын. Әбіл оның сөзін шам көріп, аузын бұртитып сөйледі. – Сен, немене, мені тағы сынай келдің бе? – Әбіл, сен қызық екенсің. Өзің бесінші класта оқисың. Осы ісің өзіңе лайық па? Баламер Әбілдің мектеп жасына толмаған екі інісін көрсетіп: – Бұл мына бөбектердің ойыны емес пе? – деді. – Ой, сен маған ақыл үйретпей-ақ қой! Одан дағы келген шаруаңды айт, қане. – Сенімен сөйлескелі келдім. – Ал, айт. Әбіл көзін жыпылықтатып, Баламерге жақындай түсті. Қазір оның өңінде ашу жоқ, жолдасына өкпелеген кейіп бар. – Екеуіміз, – деді ол Баламерге тура қарап, – керемет тату дос едік қой. – Мен әлі де доспын. – Жоқ, мен сені соңғы күндерде жек көре бастадым, – Әбіл оның сөзін бөліп кетті. – Не үшін? – деді Баламер оған қадала қарап. – Класс жиналысында тәртіпсіз дегенім үшін бе? – Иә, сол үшін... Жұрттың алдында мені сынадың. Сондай достық бола ма екен? Мен тәртіпсіз болып не істедім? Біреудің мүлкін қиратқаным жоқ, ешкімнің нәрсесін ұрлағаным жоқ. Сабақтан себепсіз қалмаймын. Менің не мінім бар? – Әбіл шапшаң сөйлеп, Баламерді сөзбен бастырмалатып алды да, – Сенің айтқаның тіпті дұрыс емес! – деп, шалбарының қалтасына қолын салып, қалшиып тұра қалды. – Сен өзіңнің не істегеніңді білмейсің, – деді Баламер. – Көшеде осылай даурығып сөйлеп, едірейіп тұра қалуыңның өзі тәртіпсіздік. Самұраттың ақ лағына таяқ лақтырып, аяғын ақсатқаның тәртіпсіздік емес пе?

– Е, ол терезенің дәл түбіне келіп, неге ойнақтайды. Терезенің бір көзін сындырып та кетті. – Терезе алдын қоршап қою керек. Ол мал, білдің бе? Ахметтің дәптеріне сия төгіп кеттің. Өзің отыратын партаны шимайлап, атыңды жазғансың. Осыларың дұрыс па? – Ал жарайды, бұлар жиналыста айтылды ғой. Одан кейін мені қабырға газетіне тәртіпсіз деп, неге жазды? Дұрыс емес. Соншама не істедім мен? Аты бір шықты деп, мені айта береді. Басқаның тәртіпсіздігін көрмейді, - деп, Әбіл қызараңдап дау айтты. – Сен кімді айтып тұрсың? – деді Баламер. Әбіл Баламерді менсінбегендей, кекете сөйледі: – Отряд советін айтам. Сен де оған мүшесің ғой. Менің жақсылығым жоқ па осы? – деді. Баламердің бұған жауабы қысқа болды. – Сенің тәртіпсіздігің өте орынды айтылды. Жақсы болсаң, оныңды да көреді, – деп нық сөйледі.

Содан бері бірнеше күн өтті. Бүгінгі үйірме жиналысына мектептегі көркемөнер үйірмесінің мүшелерімен бірге басқа да бірқатар оқушылар қатынасты. Төменгі кластардан да келуші балалалар көп болды. Жиналғандар көремөнер үйірмесі жетекшісінің сөзін сабырмен тыңдап отыр. Жетекші үйірменің соңғы жұмысын баяндап тұр. Ол бір алуан жетістіктерді атап келіп, алдағы міндеттерге тоқтады. Әбіл алдыңғы қатарда отырған. Пиджагінің түймесін ағытып қойып, ерекше көңілді, шат сезімде отыр. Көздерін ойнақшытып көршісіне қарап қояды. Оның жүзіндегі қуаныш құбылыстары Баламер топ алдына сөйлеуге шыққан мезгілде, қолмен сыпырып алғандай жоқ болды. Қоңырқай жүзі қып-қызыл болып кетті. Маңдайы шып-шып тершіп, мектептің биік кең залы ысып кеткендей болды. Тура қарауға беті ұялып, көршісіне сәл бұрылып, ұрлана қарап еді, ол Әбілдей қызарған да жоқ, терлеген де жоқ. Жай дем алып, еркін отыр. Өз өзінен тынышы кетіп, қысылып отырған тек Әбіл. Ана бір күнгі қақпа алдындағы істері көз алдына келіп, өзіне тым ерсі, өрескел болып көрінді. «Баламер бәрібір соны айтады», – деп ойлады Әбіл. Өз мінін енді байқап, ұялып, өкінгендей қалыпта отыр. «Тағы да тәртіпсіз дейді. Қазір көпшіліктің көзінше мені тағы да сөгеді. Топ арасында бірінші класта оқитын інім де отыр. Ол да маған ренішпен қарайды. Бұдан ұят не бар?» Осы ойлар Әбілді анталап алды. «Тек аты бір шығып қалған мені ғана көреді, мені ғана сынайды», – деген өзіндік түйін, топшыдан да құр емес. Баламердің анық, нық даусы Әбілдің ойын кілт бөліп, бар назарын өзіне аударды.

Жиналыста қаралатын мәселе біреу ғана. Оқушылардың қысқы демалысы кезінде көркемөнер үйірмесінің істейтін жұмыстары туралы мәселе болатын. Үйірме жетекшісінің де айтқаны осы жағдай. Баламер үйірменің, жеке орындаушылардың есімін қуана атады: – Біздің кластан бес оқушы жеке ән орындауды үйренді. Тақпақ айтушы жеті оқушы мәнерлеп, жақсы сөйлеуді үйренді, – деп, бас-басына санап айта келіп, Әбілдің өткен аптадағы мектеп клубында оқушылардың ата-аналарына арналған концертте тамаша өнер көрсеткенін баяндады. Әбіл көркемөнер үйірмесінің мүшесі.Көркем әңгіме, өлең жазатын да талабы бар. Ол әнді жақсы салады. Өткен аптада қазақ халқының атақты әншісі Біржанның «Көкшетау» атты әнін және Лебедев-Кумачтың бірнеше өлеңдерін жақсы орындап берген. Бұл жас әншінің соңғы бірер аптадағы олжасы еді. Жұрт қуана қол соғып, қатты сүйсінген болатын. Өз аты аталғанда Баламерге тура қараған Әбіл дос көзінен өз сұрағына жауап тапты. «Жақсы болсаң, оныңды да көреді». Өз ісінің терістігін енді жете түсінгендіктен ұялып отыр. Сонау бір өткен жиналыста өзін сынаған жолдастарының сөзін қайта-қайта есіне түсірді. «Олардың сөзі дұрыс екен», – деп ойлады ол жиналыстан шыққан кезде. Баламерге жолығып, өзінің қателігін айтқысы келіп еді, оның ретін таппады. Мектептің алдында аз ғана кідіріп, тұрып қалды. «Мен достарымның айтқанын іс жүзінде ақтаймын», – деп түйді ол. Әбіл ұзаңқырап кеткен жолдастарын қуып жетейін деп, көңілі көтеріліп жүгіре жөнелді. Жолаушы

Күз. Жел жоқ, тымық. Ағаштар да маужырап, үнсіз, сұлық тұр. Тек Мұқаш сүйенген биік теректің сарғая бастаған үлкен жапырақтары ғана сәл қозғалып, нәзік үнмен бір-біріне сыбырлағандай болады. Оң жақта ауыл бар. Ауылдың күнгей жағы қалың ағаш. Оның бір шеті Ағадыр қыратын жағалап, темір жол станциясына қарай созылып кетеді. Мұқаш күндегі әдетінше сабақтан қайтқан соң, Ақтөс дейтін аңшы итін қасына ертіп, осы ағашты аралап, дем алып қайтатын-ды. Бүгін де сол дағдысымен үйден шығып еді. – Ақтөс, бері кел! – деді Мұқаш дауыстап. Ит ағаш арасымен келе жатқан жолаушыны алыстан көріп, абалап, үріп тұр. Ол иесінің шақырғанын естімеді ме, әлде тыңдағысы келмеді ме құлағын жылмитып, кейін бұрылып бір қарады да, жолаушыға қарай жүгіре жөнелді. – Тоқта! – деп айқайлады Мұқаш ілгері ұмтылып. Жолаушы тым жақын келіп қалып еді. Үстінде жұқа жеңіл қара пальтосы бар, етігінің қонышын қайырып алған, қою қара мұртты, орта бойлы адам Ақтөсті көріп, оң қолындағы кішкене чемоданын жоғары көтере қойды. Мұқаштың әмірлі даусын естіп, жүрісі баяулай қалған ит,

бөтен адамға жақындап барып, таңданғандай тілін шығарып, шоқайып отыра кетті. Мұқаш та келіп еді. – Итің қапапай ма? – деді жолаушы. Ол чемоданын жерге қойып, қалпағын қолына алып: – Балақай, бері жақында... Атың кім? – деп сұрады. – Мұқаш! Жолаушы да өзінің мән-жайын айта бастады. – Курортқа келіп едім, екі ай болдым. Енді үйіме қайтып барамын, – деп тершіген маңдайын жұқа ақ орамалмен сүртті. Жолаушы ішінен: «бұл жақтың табиғаты қандай тамаша!» – деп таңырқағандай төңірекке сүйсіне көз жіберді. – Сіздің ауыл курортқа небәрі екі-ақ километр тұрады ғой, – деді ол, – әдейі ағаш ішін аралап, жер байлығын көріп барайын деп ойлап едім. Біздің жақта өспейтін кейбір өсімдіктердің жапырақтарын теріп алдым. – Оны қайтесіз? – деді Мұқаш таңдана. – Балама апарамын, ол жас мичуринші, сіздің жақтың ауа райы қандай екенін, хош иісті алуан түрлі жемістер өсетіндігін ол енді өз көзімен көреді, менен естиді. Мұқаш жолаушының сөзін құмарта тыңдап тұрды да: - Сіз қай жерде тұрасыз? Ол нешінші класта оқиды? – деп сұрады. – Мен ненецпін., – деді жолаушы, – атым Ваом. Наррьян-Марда тұрамын. – Бұл жерді картадан білемін, – деді Мұқаш күлімдеп, – Печораның бойында... – Дұрыс, Нарьян-Мар Печораның теңізге құяр арнасына жақын тұрады, – деді жолаушы оның сөзін қостап. – Балам биыл бесінші класта оқиды. – Мен де бесінші класта оқимын. Балаңыздың аты кім? – Лек. Жолаушы ішкі қалтасына қолын сұғып, кішкене блокнотын алды да, үстінде қысқы киімі бар, күліп түскен баласының суретін Мұқашқа көрсетті. Мұқаш суретке қызыға қарап күлімсірей сөйледі: – Үстіндегі тоны үлкен екен. Сіздің жақта қыс өте қатты болатын шығар?.. – Иә, суық болады. Оның үстіндегі тонды своик дейді. Бұны бұғы терісінен тігеді, өте жылы болады. Мұқаш фотосуретті Ваомға қайта ұсына беріп: – Ол қалай оқиды? – деп сұрады. – Төртінші класты мақтау грамотасымен бітірді. – Мен үш сабақтан төртім болғандықтан грамота алғаным жоқ. Класс жетекшіме биыл тек беспен оқимын деп уәде бердім. – Тек солай оқу керек,– деді жолаушы. Ол осы сөзді айтты да, қол сағатына: – Бүгін поезбен жүретін едім, тездетуім керек, – деді де балаға бұрылып: – Ал, Мұқаш, вокзалға осы арадан тура шығатын жол жоқ па? Көрсетіп жібер, деді... – Бар. Білемін, – деді Мұқаш. Ол жолаушыға бағыт көрсетіп, өзі сол арада қоштасып қала берді. Станция ауылға онша алыс емес еді. Бер жағы қалың ағаш болғандықтан жолаушыға көрінген жоқ.

Ваом Мұқаш нұсқаған жалғыз аяқ жолмен асыға басып кете барды. Аздан соң алғаш тасасына түсіп көзден ғайып болды. Мұқаш қиыр солтүстіктен келген адаммен танысқанына іштей қуанып тұрды. « Ваом ағай өз ұлына мен туралы сөзсіз айта барады», – деп көңілдене ойлады ол. Өзінің бүгінгі серуеніне аса разы пішінде кейін бұрылып еді, кенет өңі өзгере қалды. Ваом түскен жол әрі ұзай беріп екі айырылатын еді. Бірі – тура колхоздың мал фермасына кетеді; екіншісі – ағаштың сол жағын жағалап өтеді. Бұл вокзалға баратын жол... «Мұны түсіндіріп айтпадым ғой», – деп ойлады Мұқаш. «Жолды дұрыс таба ма, жоқ па?» деген сұрақ бала ойын қырық саққа жүгіртті. Мұқаш сабырсыздана бастады. «Тура асатын жолға түссе, тіпті теріс кетеді, адасуы мүмкін» – деді ол өзіне-өзі кейігендей сыбырлап. Кішкене жұдырығын бір ашып, бір жұмды, «Айқайласам қайтеді?» – деп ойлады. Бірақ ол: «мұным әдепсіздік болар», – деп күйзелді. «Қуып жетіп айтсам ба екен?» Бала жүгіре түсіп, ойына әлдене оралғандай тоқтай қалды. Жалт беріп ауылға бет қойды. Ол үйіне келгенде шешесі тамақ әзірлеп жүр еді. Мұқаш табалдырықтан аттай беріп: – Апа, – деді дауыстап. – Не айтасың, қалқам. – Апа, мен дұрыс жасамадым. Ол адасуы мүмкін, – деді Мұқаш ентіге дем алып. Шешесі абыржып қалды. «Балам бір тәртіпсіздік жасаған екен», – деп ойлады да, ілгері аттай беріп: – Не болды? Түсің қашып кетіпті ғой, – деді сасқалақтап. Мұқаш болған жайды анасына асығып айтып шықты. – Шығарып салмағаның ұят болған екен, – деді анасы. – Апа, әлі кеш емес. Мен торы атпен оны қазір-ақ қуып, жетем, – деді Мұқаш. Осылай деп анасының қолынан ұстай алып: – Маған көмектесші, апатай... Қазір бәрі де дұрыс болып шығады, апа! – деп жымыңдады да, өзі аттың қамыт-сайманын әкелуге сарайға кіріп кетті. Анасы қорада тұрған жеңіл тарантасты сыртқа шығарды. Мұқаш торы аттың қамытын кигізіп, жетектеп алып келді. Атты екеулеп тез жекті. Мұқаш тарантасқа секіріп мініп: – Міне, кеттім! – деді қуана дауыстап. Ол екі жолдың түйіскен жеріне лезде ағызып келді. Атын тежеп тоқтай қалып, арба үстінде түрегеп тұрып, мойнын созып ілгері қарады. «Ескі сүрлеуге түспеген шығар», – деп топшылады да, ат басын фермаға апаратын даңғыл қара жолға бұрды. Мұқаштың жобасы тура келді. Жолаушы осы жолмен кетіп барады екен. Дөңгелек салдыры мен ат дүбірі құлағына жеткен ол кейін жалтақтап, жолдың оң жағына шыға берді. Жолаушы арбалының Мұқаш екенін анадайдан танып, бөгелді. Торы ат жолаушыдан өте беріп тоқтады. Мұқаш арбадан секіріп түсіп, Ваомға жүгіріп келіп:

– Ағай, мен дұрыс жасамадым, – деді төмен қарап. Екі беті қызарып ду-ду етті, – жолдың екі айырылып кететіндігі сіз ұзап кеткен соң ғана есіме түсті. Айқайлап тоқтатуды әдепсіз болар деп ойладым, – деп сөзін бөліп айтты. – Оқасы жоқ, – деді жолаушыкүліп, – айыра сұрамаған өзім айыпты. Сенің әдейі келіп айтқаның – мені сыйлағаның. Әдептілік деген осы болады. Ол осы сөзді айтып, Мұқаштың ісіне сүйсінгендей арқасынан қақты. Баланың бойы жаңа сергіді. Иығынан басқан ауыр салмақ кейін серпіліп, көңілі жадырап қоя берді. Олар сол бетінде кейін бұрылып, вокзалға келді. Ваом поезға билет алып, арба қасына қайтып келгенде Мұқаш бір нәрсе ойлағандай, жағын таянып отыр еді. Ваом поездың енді бірер сағаттан соң келетінін айтқанда бала қуанып кетіп жолаушыға: – Ендеше мен қазір ораламын! – деді де, торы аттың делбесін қағып алып, қамшы үйіріп, ауылға қарай шаба жөнелді. Ол поезд жүргелі тұрған кезде келеді. – Ваом ағай, – деді Мұқаш ақ қағазға сәндеп оралған кітапты жолаушыға ұсынып, – Лекке берген сәлемдемем. Биыл жазғы демалысқа келгенде үлкен ағайымның Алматыдан өзіме арнап ала келген «Қазақ ертегілері» деген кітап. Өте әдемі. Алыңыз, алыңыз. Өзімде және біреуі бар... Ал, мынау Лекке жазған хатым. Ол маған хат жазып тұрсын, жарай ма? – деді. Паровоз жүруге белгі берді. – Жақсы, Мұқаш, бәрін де айтамын, – деп, Ваом Мұқаштың кішкене саусақтарын қысып, – Қош! – деді. – Қош болыңыз, Ваом ағай! Поезд баяу қозғалып, орнынан жылжыды... Гүл

Өзімді оқу үйінің меңгерушісі етіп тағайындағанда, «бұл міндетті жұрт талабына сай атқара аламын ба», – деп жүрексінгенім де шын еді.Меңгеруші деген оқушыға оқуға берген кітабын тіркеп қана отыратын санақшы емес қой. Сан сала мәселе алға қойылады. Күнбе-күнгі жұмыстың өз барысы ілгері алып шығар жайлар да көп. Оқу үйін ауылдағы өнегелі мәдени орталыққа айналдыра алармын ба? Жүрексіне жүріп іске кірістім. Өз өрем жетпегенді басқадан мазалап сұрай да беремін. «Жол нұсқаңыз, кеңес беріңіз, үйретіңіз» деп өтінемін... Сөйте жүріп ысылып, бұл жұмыстың мән-жайына бірте-бірте қана бастадым. Уақыт сырғып қана білінбей өтіп жатады... Күнде қызу өмір. Кітап оқушылар мәжілісін өткіземіз, қабырға газетін шығарысамыз, өнерпаз жастар жиылып, ойын-сауық құрамыз... «Оқу үйіндегі жұмыс қандай қызғылықты, сүйікті қызмет!» – деймін өзіме өзім риза болғандай. Әр күн сайын оқу үйіне кісінің көп келуін ішімнен тілеп тұрамын. Столды шынтақтап, жым-жырт болып, қалың-қалың кітап бетіне үңіліп отырған жұртқа барлап қана қараймын кейде. Біреу жағын таянып, терең ойға шомғандай, енді

бірі қабағын түйіп, қату түрге енгендей, қайсыбіреуі езу тартып, қызық бір оқиға көргендей алуан сыр аңғартады. Кімнің не оқып отырғанын реңінен танығандай боласың. Кейбіреулер дәптеріне бірдемені асығып жазып алып жатқаны. Журнал бетін тынымсыз ақтарып, тек суретін ғана қарайтын әуесқайлар да көзіңе түсіп қалады. Бұларға ескерту жасауға қақым бар. Шын сырым: кітап қызығына терең бойлап, үлкен бір өмірге еніп, тып-тыныш отырған адамды ған жаным соншалық жақсы көреді. Осындай сабырлы мінезімен, кітапқа деген ынта-зейінімен алғашқы күні-ақ өзіме қатты ұнаған адам – тракторшы Шәріп еді. Оқу залының бұрышындағы оңашалау бір столға барып отырып алады ол. Қашан кеткенінше сол орнынан тапжылмайды да, ешкімге бұрылып қарамайды да. Өңінде бір түрлі ажарлы шырай ойнап, сәл ғана жымиып, өзімен өзі болып рақаттанып отырғаны. Басқаға білдіртпей ғана көзімнің қиығын тастаймын оған. Кей қыздардың әдемі жігітке қарағыштай беретін әдеті бар ғой. Бірақ, Шәріптің түрі қыз қызығатындай әдемі түр емес. Орта бойлы, дөңес мұрынды, қара өңді ғана жігіт. Шәріп қандай кітап оқыса да, қойын дәптеріне бірдемені асығып жазып алып жатқанын байқаушы едім. Бір жолы, алған кітабын қайыра өткізіп тұрғанда оған: – Роман оқысаң да қағазың қасыңнан қалмайды. Не жазасың ылғи? Дәптеріңді көруге болмас па екен? – дедім әдейі. – Көремін десең, қарсылық жоқ. Әр шығарманы оқығанда, оған әр адам өзінше баға береді ғой. Бұл дәптердегі жазулар – шығармаға берілген бағалар... Өз ойым, – деді Шәріп жымиып... Бір күні ауылдық клубта жастардың демалыс кеші өтіп, үлкен би болды. Кең залда жігіттер мен қыздар дөңгеленіп билеп жүрді. Жұп-жұбымен жайдары ғана сөз қатысып, жас жүздер күлімсірейді. Би білмейтіндер шетке таман сырылып, оларға тамсана қарап, жымиып қана тұрғаны. Өзімнің Мағрифа дейтін құрбыммен жайма-шуақ вальсті айналып келіп, азырақ аялдайық деп, солардың қатарына қосыла беріп едік, Шәріп қасымызға келіп, әуелі серігімнен кешірім өтініп, мені биге шақырды. Сәл ыңғайсызданып, бөгеліп қалып едім, «шақырғанда бармауға болмайды, шық биге, ал өзім сендерге қарап қана тұрайын» деп Мағрифа ақырын ғана күліп, қоштау білдірді. Биге шықтым. Музыка толқынды бір күй төгіп сызылып тұрды. Жігіт оң қолымен алақанымды ақырын ғана демеп, қыздарша сызылып биледі. Менің аяғымды байқамай басып қалып ұятқа батып жүрмейін деп тырысқандай. Бір кезде ол маған: – Біз сенің ісіңе өте ризамыз, Сара. Бұрын мұндай көңілді кешті он екі айдың жүзінде әрең көруші едік. Әсіресе біздің жас тракторшылардың саған деген алғысы зор, – деді. Сөзін өзіме ғана естіртіп. – Жұрт алғысына татырлықтай ісіміз жоқ қой әлі, – дедім мен шын пейілмен. – Саған баға беретін өзің емес, біз. Біліп қой мұны. Жақсы істі, жақсы адамды жек көруге кімнің қақысы бар?.. – Оқу үйіне қуаныш ала келетін өздерің ғой. Сол себепті алғысты сендерге мен айтуға тиіспін. – Қыз сөзін, қыз жүрегін қабыл алмас қақым жоқ.

Шәріп өңі қызарып, күлімсіреді. Би үстіндегі сөзіміз осымен үзіліп қалды да, екеуміз де музыка жетегіне үнсіз ердік... – Айып көрмесең, сені үйіңе дейін шығарып салайын, – деді Шәріп ойынсауық тарағанда мені есік алдында күтіп. – Мейлің... Екеуіміз көше бойлап, ақырын ғана жүріп келеміз. Кешкі қоңыр самал жүзіңді желпиді. Төбемізден зеңгір қанатын жайып тұрған биік теректің жасыл жапырағының бірі қалықтап ұшып келіп, Шәріптің иығына қонақтады. Шәріп маған махаббат турасында бір әңгіме шертіп келеді. Сөзінің бір орайында ол менен «махаббатта қызғаныш бола ма?» – деп сұрады. – Менімше, қызғаныш болады және де бұл бір-бірін шын сүйген қыз бен жігіттің екеуінде де кездеметін мінез, – дедім мен. – Қызғаныш неден туады? – деді Шәріп. – Әрине, шын сүйгендіктен тумай ма? – Жоқ, қызғаныш сенбеуден туады, – деді Шәріп, – Адал махаббат иелері біріне-бірі шын сенеді, бірін-бірі құрметтейді, сыйлайды. Мұндай асыл достар арасында ешқендай қызғаныш болудың қисыны жоқ... Шәріп өз сөзіне дәлел тауып сөйледі. Ден қойып тыңдап келемін. Ойлап қарасам, айтқанының бәрі де жөн сияқты. Сөзбен келе жатып үйге қалай тез жетіп қалғанымызды аңдамадық. – Жолыққанша сау бол! Жақсы ұйықтап, әдемі түс көр! – деді Шәріп, қат-ты қолымен саусақтарымды ақырын ғана қысып. – Өзің де!.. «Шәріп басқа әңгіме білмейтіндей-ақ осы кеште тек махаббат жайын сөз ете бергені несі екен? Бұрын бүйтпейтін еді ғой» деп, кейін жиі-жиі ойға шомып жүрдім. Қанша ойламайын десем де, Шәріптің сол бір сөзі жадымда ұялап қалғандай қайта-қайта есіме түсе берді. Көңілге түрлі сұрау салады. Өз бөлмемде оңаша отырып қалған кей шақта жүрегіме нәзік бір сағыныш оралып, Шәріпті көруге асығып ынтыққандай боламын. Түнде төсегімде жатқанда да осы бір ой ұйқымды ашып, көңілім алабұртады. Жүрегім елжіреп, неге лүпіл қағады? Сол жігітті ұнатып қалды ма екен әлде? Білмеймін... Әйтеуір, бір түсініксіз күйде жүрмін... Бір күні облыстық газеттің жаңа номеріне көз жүгіртіп отыр ем, таныс есім алдымнан шыға келді.өзіміздің осы Шәріп туралы үп-үлкен очерк басылыпты. Асығып оқып шықтым. Өз-өзімен отырып, әлденеге көңілім өсіп қалғандай қуанамын. Қайталап оқыдым очеркті. Мұны жазған авторды танымаймын, сонда да оны мадақтап, алғыс айтқым кеп отыр.Шәріптің бүкіл мінезін, қылығын айнытпай суреттеп жазыпты. "Осының бәрін қалай біліп алды екен?" деп таңданамын. Шәріп қазір егіс басында, дереу барып хабарласам қай» еді деймін ішімнен. Егіс басына кітап алып, ертең барып қайтармын деген бір жоспарым бар еді. Күте алмадым, ертеңге қарамай-ақ, аялдамай жүріп кеттім. Мен келгенде, Шәріп тракторының радиаторына су құйып жатыр еді. Көрмей қалды мені.

– Сәлеметсіз бе? – дедім ту сыртынан. Ол басын жалт бұрып қарады. – О, Сара екенсің ғой! – деді күліп. – Саған әдейілеп естірте келген қуанышым бар. – Тұрмысқа шығу қуанышы ма? – Жоға... Басқа. Оның әзілін біреу естіп қоймады ма деп, жан-жағыма қарадым да, жалма-жан сумкадағы газетті алып трактордың шынжыр табанының үстінде тұрған Шәріпке ұсындым. – Мә, екінші беттің оң жағына тез қарады да, өзіме қайырып бер! Ол майлы қолымен газеттің екі шетінен ептеп ұстады да мен айтқан бетке үңілді. Көзімнің астымен Шәріпке сездіртпей ғана қарап қойдым. Қайтіп қуанар екен ол?! – Кейін оқып көрерміз, қазір уақыт жоқ, – деп Шәріп салқын ғана үнмен үн қатты. Оның сөзі маған біртүрлі жабыраңқы естілді. Көңілсіз сияқты ғой өзі деп ойладым да, себебін сұрағалы оқтала түсіп, тартынып қалдым. Үнсіз тұрмын. Жігіттің қоңырқай көзінде бір сырдың бары анық. Кім білсін бірақ... Трактор үлкен соқаларын сүйретіп, бораздаға түскенде, көзін алға қадап, сәл еңкейіңкіреп, кабинада отырған Шәріпке қарап қалшиып қалыппын. Ұзап барады трактор. Бір жағында жап-жалпақ кең тақта, жазық; бір жағы – бұйра жыртылған жер. Белгіге қойған қазықтай неғып тұрмын мен? Жүгіре басып, тракторшылар үйінің нақ алдына ілінген көрсеткіш тақтаға келдім. Шәріптің суреті бірден ұшырады көзіме. Озаттар тізімінің ең басында өзі тұр күлімсіреп. «Мін жоқ қой ісінде, әлгінде маған неге солғын үн қатты екен ол?» деймін ішімнен. Шәріп жұмысынан оралғанда осының мәнісін айтшы деп тілеп едім: – Маған ылғи жаның ашып жүретінін сезеді ішім. Жабырқау да, самарқау да емеспін, Саражан. Қайнаған еңбек ортасында жүрген адамды көңілсіздік тұманы баса алар ма? Осы дала көңілді жыр мен күйге бөленіп тұрған жоқ па! – дейді күліп. – Сонда да тұнжырап жүретін кей жігіттер бар ғой, – деймін мен. – Жүрегің сезімтал-ау өзіңнің... Сені жар еткен жігіттің... – дей беріп бөгеліп қалды, екі беті қып-қызыл болып кетті, біртүрлі ыңғайсызданып, алақанымен тықыр шашын сипады. Неге екенін білмеймін, Шәріптің осы сөзіне өзім де қызарып, ұялып төмен қарадым... Келесі күні мені аудандық комсомол комитетіне шақырып, ертемен ауданға жүріп кеттім. Ыстық июльдің ұзақ күнін сонда өткізіп, ауылға күн бата оралып, үйде оңаша отыр едім. Кенет телефон шылдырады. – Сара, сәлем бердік! Қашан келдің? – деді телефон трубкасынан естілген қоңыр дауыс. Шәріп екенін біле қойдым. Жөнімді айттым. – Қолыңды қатты қысып, құттықтаймын... Қазір өзім де жетемін... – дейді Шәріп... Аузыма сөз түспей қалды. Сол сәт жүрегім алқынғандай, бойым қалтырағандай бір халге түстім. «Аудандық комсомол комитетінің секретары маған БЛКЖО

Орталық Комитетінің мақтау грамотасын тапсырғанын кімнен естіді екен ол? – деп ойлаймын да таңырқаймын. – Бұл хабар ауылға өзімнен бұрын жеткені ме? Жұрттан бұрын Шәріп қалай білді екен?.. Өзі және «қазір келемін» деді ғой... Бір жаққа асығыс жүретін болды ма, маған жол-жөнекей соға кетейін дегені ме?..» Жүрегімде белгісіз бір толқын туды. Шынымен-ақ махаббат толқыны ма? Бұл жігітті жақсы көретінім де рас. Бірақ екеуіміздің арамызда махаббат туралы сөз болған жоқ еді ғой... Сыртқа шығып, баққа қарай беттедім. Бір машина тұсымнан өте беріп тоқтады.. Кузовынан Шәріп секіріп түсті. Ол қолындағы бір шоқ әдемі гүлін маған ұсынып тұрып: – Өзім терген қырдың гүлі! Жүрегім сыйы... Қуанышыңа ортақпыз, - деді жүзі сәл қызарыңқырап. – Рақмет! – дедім ақырын ғана. Гүлді бетіме бастым... Екеуміз бақ ішімен келе жатырмыз. Жапырағы төгіліп, алдымызда ақ қайың тұр. Шешек атып, құлпырып тұрған гүлдер иісі аңқиды. Тынысың кеңіп, бойың сергігендей. Бір кезде Шәріп дірілі бар үнмен: – Жүрегімде көптен бері ұялаған бір сырым бар еді... Өзіңе ғана арналған... Өзің ғана еститін... – дей беріп, мүдіріп қалды. Көзімді Шәріпке аудардым. Кенет ол мені қатты құшақтады да, ернімнен сүйіп алды. Жүрегім лүпілдеп кетті. Құшағынан жұлқынып шығып, бетімді гүлмен басып, үйге қарай тұра жөнелдім. Екі бетім дуылдап барады. Жолда тұрған бір таныс қыздарға қарсы кездесіп қалдым. Бұрылмадым оларға, жүзімді де көрсетпедім. Үйге келісімен жатып қалдым. Бірақ көпке дейін ұйқым келсейші. Көз алдыма Шәріп елестей береді. «Қыздардың көзінше сүйіп алғаны несі екен!» Бірақ кінә тағып жатқаным жоқ Шәріпке. Өзін ертең көргенше асыққандаймын. Жүрегіме ыстық бір сағыныш оралғандай. Шәріптің ұсынған гүлін тап жанымдағы орындықтың үстіне қойып, соған ұзақ қарап жатып, көзім ілініп кетіпті... Әнуәр

Ай сәулесі терезеден дірілдей түсіп түсіп тұр. Жазғы, жылы желдің әлсіз ғана ызыңы естіледі. Әнуәр бірде осы үнге құлақ түреді. Бірақ бұған да аялдамай көңілі бөтен жайға тарта береді. Бір сәт ол басын жастықтан көтеріп алып, төсегінде мазасызданып отырды. Тағы да Балқияның сөзі түсті есіне. Дәлелсіз жұмбақ сұрай қайта-қайта тіл ұшына келіп, таңдайына жабысып қалғандай жұтылмай тұрып алады. Әнуәр мұндай ауыр да мазасыз ойдың шырмауына түсіп көрмеген еді. Тек бүгін... Аудандық партия комитетінің өкілі пар жыртушыларға келіп, қараңғы кеште, жұмыстан кейін, жастармен көп кеңесіп отырған-ды. Ол жеке тәжірибелерді сұрай отырып, аудан бойынша алда келе жатқан кейбір тракторшылардың жаңа әдістерін де үлгі ғып айтқан.

Әңгіме осылай өрістеп барып мәдени-көпшілік жұмысына ойысқан бір сәтінде: - Араларыңызда кітап оқымайтындар жоқ болар? – деді ол күліп. – Ондай жалқаулар болуға мүмкін емес, – деп Әнуәр жұрттан бұрын жауап берді. – Ал некен-саяқ байқалып қалатын жағымсыз жайлар бар ма? Мәселен адам санасындағы ескінің қалдықтары сияқты... Әнуар бұған іле жауап қайыра алмай, кідіріп қалды. – Ескінің қалдықтарынан бұл жігіттің өз басы құр емес, – деді Балқия. Отырғандар қыздың сөзін қостағандай ду күлді. – Балқия дұрыс айтады, - деді оған көрші отырған тракторшы Мұқаш. Әнуәр қызарып, Мұқашқа шүйіле қарады. – Сен қайдан білдің? Ауызға келгенді айтпау керек, білдің бе? Мұнда бала жоқ, ойлап сөйле! – деді. – Міне, осы сөздерің өзіңе мінездеме беріп тұрған жоқ па, – деді Балқия оның сөзін іліп әкетіп, – мен саған бұдан бұрын талай ескерттім, тыңдамадың. Саған тек өзіңнің айтқаның дұрыс. Жұрттың көзінше бетіңе айтайын, Әнуар, сенің менмендік мінезің бар, өз дегенің болмаса, басқаның сөзіне бой ұсынғың келмейді. Жақсы тракторшыға, сен сияқты комсомолецке сол лайық па? Өзің айтшы қанекей? Әнуәр булығып отыр. Қыздың сөзін ашумен қарып тастағысы да келді. Ол Балқияның сөзін басқаша жорыды. Орнынан атып тұрды да: – Күттіріп жүргенде айтарың осы екен ғой. Жұрт алдында келеке еткің келді ме? – деді түнере қызарып. Әнуәр аудандық өкілмен сыртта оңаша жолыққанда оған: – Сіз Балқияның айтқанын дұрыс деп ойлайсыз ба? – деп сұрап еді. – Жолдастық сын. Әділ сын әрқашан да шын болады, – деді өкіл. Әнуәр үнсіз біраз тұрды да, ләм деместен кетіп қалды. Сол бетінде төсегіне келіп, асығыс шешініп жата кетіп еді. Шым-шытырық бір ойлар өзін қоршап алды .Әнуәрдың ұйқысы әбден ашылды. Оның көз алдында сын сөзін Балқия әлі айтып тұрғандай. «Аудандық партия комитетінен келген өкіл көзінше мені мұқатпақ қой. «Оның санасында ескіліктің қалдығы бар», – деді білгішсініп. Кертартпа адам мен бек екен! Тапқан екен, кімді сынарын? –деп ойлады ол. – Ал, оның айтқаны дұрыс-ақ болсын... Бірақ жұрт алдында менің беделімді неге түсіреді? Егер ол мені шын сүйген болса, сөйтер ме еді? Жоқ, мұнда бір мән бар...» Жігіт ойы өзінің жастық өмірінің ыстық тәтті сыры мол ұмытылмас бір күніне самғап бара жатты. Балқия трактор бригадасының учетшігі еді. Екеуінің туыпөскен жері де осы – Фрунзе атындағы колхоз. Ауылдың гүлді бағында жарқын болашақ туралы сөйлесіп талай отырушы еді олар. Міне, міне, елес берді. ...Жас қайыңның үлкен көк-жасыл жапырағы жел лебімен бір-бірін қағып ойнап сыбырласқандай болады. Саясында отырған жігіт пен қызды бөгде көзден жасырып, төңірек назарын өзіне ғана аударғысы келгендей. – Табиғат қандай көркем, Балқия! – дейді, Әнуәр қыздың күн шалып, күрең тартқан жүзінен көз алмай сүйсіне қарап отырып, - ал, сен одан да...

Қыз көзінің жанары да сырын жасыра алмағандай еді. «Сен де жақсы жігітсің, Әнуәр. Мен де сені сүйемін» дегендей күлімсірейді. Ажарлы балғын жүзінде ерекше нұрлы, жылы толқын ойнап шықты. Балқия Әнуарға қарайды. Әнуар оған қарайды. Бір-біріне ұяла үңілген сыпайы көздер жан сырын ұғысқандай еді. –Жаңылған жоқсың деші! – деді Әнуәр даусы дірілдеп үн қатып. – Жаңылған жоқсың... – Қыздың жанары еркелік назбен төмен төңкеріліп кетті... Балқияның өткен жаздағы осы бір нәзік үні мен сүйкімді қарасы Әнуәрді бүгін одан да әсерлі, толқытады, мазалайды оны. «Мен білмеймін... Мүмкін оның маған деген бұрынғы көзқарасы өзгерген шығар, - деп ойлады ол. – Сонда бұл табиғат заңы болғаны ма?..» Жігіт өз сұрауына жауап таба алмады. Әнуәр күндегіден ерте тұрды. Тракторға май құятын жерге келгенде, онымен социалистік жарысқа түскен тракторшы Мұқаш өз тракторының жұмысқа дайындығын толық тексеріп болып, қанша килограмм керосин, бензин, афтол алғанына қол қойып жатыр еді. Екеуінің тракторы да бірдей – «СТЗ-НАТИ» болатын. – Қанша ерте оянам дегеніңмен бүгін кешігіп қалдың ғой, Әнуар, – деді Балқия әзілдеп. – Сөз сарыны нені ескерткенін сезген шығарсың? – деді Мұқаш күліп. Ол Әнуарға бұрылып: - Бұл қыз шешен болып барады өзі. Екеуіміздің ортамызға тастаған сөзін байқадың ба? – деді. Әнуар оның да сөзін ұнатқан жоқ: – Ерте келгендеріңмен бітіре қойғандарың шамалы ғой. Сендердің неге асығып жүргендеріңді білемін. Сендер жұмысқа асығып жүрген жоқсыңдар! Ол өз тракторына келді. – Беретін жанармайыңды тез жазып бер, деп дауыстады Балқияға, – мені бір минут кідіртер болсаң, ереше жауап бересің. Балқия оның тракторының багіндегі керосинді өлшеді. – Жеті килограмм қалдық бар. – Өзім де көріп тұрмын. Тездетші, бол!.. Күтіп тұрар уақытым жоқ... Балқия жанармай құйылған үлкен цистернаға жалғастырған сорғыш нассостың екінші ұшын трактордың керосин багіне батырды. Керосин насос бойымен өрлеп кеп бакка лақылдап құйыла бастады. Бұл жұмыс та тез бітті. Әнуәр Балқияның журналына қол қойды. – Табысқа жетуіңе тілектеспін! – деді қыз жымиып. – Сенің тілегіңсіз де бір жөні болар... Трактор от алды. Әнуәр жоғарғы жылдамдыққа салып, жүріп кетті. Жыртылатын участкеге тез жетті. Тың сауырға тісін қадай қалған тіркеуді қос плугті ауырлап трактор жүрісі бәсеңдей қалса да, Әнуәр рульді нық ұстап, алға тұқырған күйі алғашқы қалпын өзгерткен жоқ.

Ол бұл күні жыртар жерінің топырағының қатты яки жұмсағына қарамады, машинасын тек жоғары жылдамдықпен жүргізді. Сонда да тракторы шабан көрінді бүгін. «Не болды бұған, не болды бұған? Тұсаулы аттай кібіртіктеп?..» дейді ішінен ызаланып. Ашулы бүркіттей ызғарлы отыр. Егер оның қасында біреу болса, трактордың өнімсіз жүруі сенің қырсығың дер еді. Бірақ трактордың қазіргі қожасы тек өзі, әлсін-әлсін тіркелген плугке қарап қояды. Оның сол жағында жер жыртып жүрген Мұқаштан асыра орындап, Балқия жақтаған жігіттен өзін бір зор етіп көрсеткісі келеді. Көрерміз жарыста кімнің озғанын! Учетчик қыз график бойынша сменалық жұмыс аяқталған соң, жыртылған жаңа жерді өлшеп жүр еді. Әнуәр Балқияны алыстан көрді, өз жүзін суық етіп ұстағысы келгендей, қалпағын маңдайынан басын төмен тұқыртып қойды. Трактор жыртылған жердің басына жетіп тоқтады. – Бүгін неше гектар жер жырттым? – деп сұрады Әнуәр трактордың үстінен айғайлап. – Нормаңды орындадың. – Оны өзім де білемін, маған бүгін қанша артық айырғаным керек... Ол қызға: «сен ұнатқан жігіттен» деген сөздіайта жаздап, кідіріп қалды. Балқия Әнуәрдің қасына келді. – Бүгінгі қарқының жақсы, Әнуәр, – деді қыз, жігіт ісіне сүйсінген көңілді үнмен. – Мұқаш қанша жер жыртты? – Екеуінің де табысың бірдей, – деді Балқия қойын дәптеріне бірдемелерді жазып жатып. – Сен қыз, ойыңнан шығарып тұрған жоқсың ба? – Әнуәр Мұқаштан бүгін озған шығармын деп ойлаған еді, – қане жазғаның? – деп көзімен анықтап көргісі келгендей, Балқияның қолындағы қағазға үңілді... Әнуәр смена ауыстырып, пар басындағы тракторшылар жататын үйге беттегенде, Мұқаш бір жұмыспен, жақын жердегі шөпшілер бригадасына жетті. – Бүгінгі кеш қандай тамаша, – деді Балқия Әнуәрға қатарласа беріп. Әнуәр салмақты. Май болған алақанын сүртіп үнсіз келеді. – Өзің тіпті қандай сабырлы бола қалғансың? – деп күлді Балқия, – мұның тым жасанды сияқты маған. – Жоқ, шындық. – Жоқ, жасанды. Балқия ойына әлдене түскендей кілт тоқтай қалды. – Қап, ұмытып кеткенімді қарашы, – деді Мұқаш кеткен жаққа көз жіберіп, әлі ұзаған жоқ екен. Ол пиджагінің ағытылып кеткен жоғарғы түймесін салды да, қолындағы портфелін Әнуәрға ұстатып: – Сен ақырын аяңдай бер, мен қуып жетемін, – деп Мұқашқа қарай жүгіре жөнелді. – Бізге қонақ келеді! Киномеханик! – деп дауыстады ол жүгіріп бара жатып.

– Қонақ! Білемін сенің нені ұмытқаныңды, – деді Әнуәр. Бірақ оның сөзін Балқия естіген жоқ. «Сөз жоқ, оның сүйгені Мұқаш, – деп ойлады Әнуәр, – ал, мен ше?» Ол қабағын түйіп алды. Ішінде қызғаныш оты лау етіп жанып, бір орнында қозғалмай аз тұрды да, Балқияның портфелін қолтығына қысқан күйі, артына да бұрылып қарамастан, алғашқы бағытына қарай аяңдай жөнелді. Ертеңіне ол Мұқашпен де сөйлеспеді, жұмыс аяғында Балқиядан қанша жер жыртқанын да сұрамады. Ешқайда бұрылмастан тракторшылар жататын үйдің алдындағы көрсеткіш тақтаға келді. Ондағы жазуларды дәл үстіне орнатылған әлектр шамы айқын көрсетіп тұр екен. Көрсеткіш тақтада бір күнгі жұмыстың нәтижесі, әр тракторшының қанша гектар жер жыртқаны, қанша килограмм жанармай үнемдегені – бәрі де жазылатын еді. Тракторшы жұмыстан қайтқанда, өз еңбегінің сол тақтаға жазылған әр күнгі көрінісі алдынан қарсы алатын. Мұны істейтін учетчик қыз – Балқия. «Лезде қалай жаза қояды осы қыз», – деп ойлайтын оның ісіне сүйсінген тракторшылар. Әнуәр өз еңбегінің көрсеткішін көргеннен кейін Мұқашты іздеді көрсеткіш тақтадан. Оның есімінің тұсына сәндеп жазылған ірі цифр Әнуәрдің көзіне бірден шалынды. «Жоспардан тыс 10 га жыртыпты». «Мен одан неге қалып қойдым?» Әнуәр өз міндетьіне өзі жауапты еді. Тракторды ұқыптап күтеді. График бойынша жұмыс істеуді бұл бригадада бірінші болып қолданған да сол. Трактордың үздіксіз бір қалыпты жұмыс істеуінде және орта тәуліктің жұмыс өнімділігін арттыруда озық үлгі де көрсеткен-ді. Әнуәр Мұқаштан қалып қойғанына қатты қынжылды да, намыстанды да. – Бұл қалай? – деп ойлады ол. Мұқалған түренмен жұмыс істегендіктен, плугтің ауырлығы артып, агрегаттың жұмыс өнімділігі бүгін мықтап кемігендігін ол байқамады. Әнуәр осы түні өзінен өзі есеп алып, ұзақ уақыт ұйықтамай жатты. Бірақ ертеңіне жұрттың бәрінен бұрын тұрды.

– Қада соқаңды! – деп дауыстады ол плугшіге, жыртылатын жаңа участкеге жете бергенде. Бүгінгі жарыс қызу болды. Әнуәрдің тракторы тоқтаусыз жүрді. Бұған таяу екінші участкеге Мұқаш түскен. Екі тракторшы бір-бірінен қалыспайын дегендей барлық қимылды бір жасайды. Екеуі де жаңа участкеде, екеуіне берілген тапсырма да бірдей. Мұқаш өз участкесінің арғы басына жетіп, қайта оралып, екінші бетке түсті. Әнуәр радиаторға су құюға кідіріп қалып, әлі орта жолда келеді. «Қыздан ұттым, жұмыстан да ұтамын дейсің ғой, деп ойлады ол Мұқашпен іштей егесіп. – Болмас ол пиғылың».

Бір кез ол Мұқаштың тракторының кенет тоқтағанын көрді. Мұқаш іле жерге түсіп, трактордың моторына, керосин жүретін түтіктеріне қарай бастады. «Бір жері бүлініп қалды ма» деп сезіктенгендей плугші де оның қасына жүгіріп келіп үңіле қалды. «Бұларға не болды екен» деп ойлады Әнуәр. Ол Мұқашқа деңгейлес келіп қалды. трактор әлі қозғалар емес. «Сынған ғой бір жері», – деді ішінен Әнуәр. Ол Мұқаштың турасына келгенде тракторын тоқтатып, мотор үнін бәсеңдетті де: – Ей, епті жігіт, неге мүдірдің! Тракторды сындырдың ба? – деп айғайлады, «СТЗ-ның» шынжыр табанында түрегеп тұрып бар даусымен. – Тракторым ауырып тұр, – деп жауап қатты. Мұқаш. – Нені қираттың? – Корбюраторы жүруге жарамсыз болып тұр. Енді кідірмегенімде мүлде істен шығарып алады екем. – Енді қайтпексің? – Жылжымалы жөндеу мастерскойының келуін күтем. Орнына сала қоятын өзімде запас жоқ. – Ол қиналған жүдеу пішінмен шынжыр табанға арқасын сүйеп қисайып тұрды. – Запасың жоқ болса, тұр солай мөлиіп, – деді Әнуәр. Ол жалт бұрылып өз орнына қайта келді. «Бұған берсем бе екен, бермесем бе екен, – деп Әнуәр, – жылжымалы мастерской кемі бір сағатсыз келмейді. Соған дейын трактор тек тұра ма? Бір сағатта қаншама іс бітеді?... Берсем бе екен? Я, беруім керек». Осы сәт Балқияға ұнаған жігіттің кешегі күні бұдан озып кеткені есіне түсіп, Әнуәр өзін-өзі тежей қалып еді, екінші бір ұшқыр ой самғап жетті. «Біреудің сүрініп кеткен сәтін күтіп жарыстан озбақпын ба? Жоқ, бұл абырой емес. Шықсын жекпе-жекке» Әнуәр өте сақтықпен алып жүретін темір қобдишасын ашты. Мұнда трактордың өте қажетті запас бөлшектері болатын. Өзі облысқа барғанда ала келген, ешкімге білдірмей көптен сақтап жүрген жаңа корбюраторды тез алды да, Мұқашқа қарай жүгіре жөнелді. – Мә, мынаны орнына сал да тез жөнел, – деді әрі жылдам, әрі бұйыра сөйлеп. – Өзіңнің корбюраторыңды маған кейін жөндеп берерсің. – Мен мұны сенде де жоқ шығар деп ойлап едім, – деді Мұқаш, енді тоқтамайтын болам, рақмет, Әнуәр! – Бүлдіргіш адамның рақметі керек емес маған. Сөзді көбейтпей, тез іске кіріс те, жөнел, – деді Әнуәр. Ол өз тракторына қарай жүгіріп бара жатып, кейін бұрылып қарады да: – Жөндеп берген корбюраторыңның бір жерінде қылдай қылауы болса, алмаймын. Жаңасын тауып бересің онда, – деп айқайлады. Әнуәрдің тракторы жүріп те кетті. Мұқаш өз құрдасының сөзіне сүйінді де, ұялды да, «рақметің керек емес» дегеніне әрі таң қалды.

Ескіні алып, жаңа корбюраторды оның орнына орнатып жатып, «көктемгі егіс бойына менің тракторым бірде-бір рет бүлініп тоқтаған жоқ, қазір пар жыртып жүрміз, мені неге бүлдіргіш деп атады» деп қынжыла ойлады ол. – Мұны кейін шешеміз жолдас, деп күбірледі де, тракторына от алдырды. «СТЗ» дүр-дүр сілкініп қалып, ауыр денесін баяу қозғап ілгері жылжыды. Әнуәр Мұқаштың қимылын бағып, кабинадан жиі қарағыштап отырған. Қол сағатына үңіліп: - Мамырламадың. Міне, енді рақмет! – деп қалды. Ол бұл сөздің аузынан қалай шығып кеткенін өзі де аңғармады. Қызғылт жүзіне қызғаныш оты лаулап шығып ду-ду етті. Тұла бойы ыссылап, майлы алақанымен тершіген маңдайын сүртті де, салқындағысы келгендей, комбинезонның жоғарғы тамақ түймелерін ағытып жіберді. Трактор жалпақ табаны күнге жарқылдап, шапшаң жүріп келеді. Мотор үні даланы жаңғыртып, басына көтереді. Жер қыртысы соқа тілі бауырын тіліп, төніп келіп қалғанда шошынғандай дір ете түседі де, жалтара алмай, жарық етіп аударылып қалады. Дымқыл топырақ арқасын күнге тосып шуақтап мәз. Қара бұйра жыртылған жер тымық күнгі тұңғиық бетіндей жұқа толқынмен көрінеді. Трактор гүрілі осы даладағы қызу еңбек әуезіндей жаңғыра шалқып, қиыр алыстан естіледі. «Біздің жарысымыз қыза түседі», – дейді ішінен Әнуәр, рульден қолын алмай нық ұстаған күйі Мұқаш жаққа бір қарап қойып. Ол бұл сөзге Балқия туралы ойларын да араластырып жіберді.

Жұмыс басынан қайтып келе жатып, Әнуәр механизаторлар қызыл отауының нақ есігінің алдына келіп тоқтаған, бүйірінде «Кино» деген жазуы бар күймелі автомашинаны алыстан байқады. Қызыл отаудың сол жақ қабырғасына фильм суреті түсірілетін ақ шымылдық құрылып та қалыпты. Кино аппараттың қасында тұрған, шашын сәндеп өріп әкеп, екі иығына асылдыра алға түсірген, үлкен қара көзді, аққұбаша қызды Әнуәр бірден таныды. – Бағила-ау, қашан келіп қалдың? – деді ол келген бойда қыздың қолын алып амандасып. Бағила киномеханиктер даярлайтын курсқа оқуға кеткен еді. Жақсы бітіріп шығыпты, колхозға келген күннің ертеңіне оны ауданға шақырыпты да, киномеханиктердің кеңесі болып, екі-үш күн сонда кідіріп қалыпты. – Мұнда келіп тұрғаным осы. Ауданда болдым. Мені өзіміздің колхозға бекітті, – деді Бағила. – Ал, өздеріңнің жұмыстарын қалай? Халдерің жақсы болар? – Өз басымда едәуір жаңалық болар? Басқада шаруам жоқ, – деді Әнуәр. – Білуге болатын шығар? – Кейін болады. Бүгін қандай жаңа кино әкелдің. – «Жомарт жаз». – Тракторшыларды көрсете ме?

– Әрине. Әнуәр осылай қарай асыға жүріп келе жатқан Мұқаш пен Балқияны көріп, теріс айналып кетті. Қыздар құшақтасып амандасты. – Сен өзің қандай кереметсің! – деді Балқия күліп, – киноңды да бірге ала келгенсің. – Ол Мұқашқа бұрылып, – сен неге ұяла қалдың! Жаңа ғана батырсынып келе жатыр емес пе ең? – деді. – Бір-бірімізді сағынып қалғандықтың белгісі ғой, – деді Мұқаш салмақпен жымиып. – Екеуіңнің араларыңа тұрып алыппын ғой өзім, – деп Балқия сыңғырлап күліп. Кейін шегінді. Әнуәр оның сөзін ести алмаған адамша, сәл бұрылып, көз қиығын қызға салып еді, қасына келуін күткендей Балқия күлімсіреп қарап тұр. – Жолдас тракторист, сіз неге оңашалана қалдыңыз? – деді Мұқаш Әнуәрға. – Мен аспандағы жұлдыздарды тамашалап тұрмын... Кино басталғанда да дара отырды Әнуәр. Қат-қабат шытырман ойларына ұзақ уақыт тиянақ таппады. Экранға қарап отырып Мұқашты, Балқияны, Бағыланы көз алдына елестетіп өтеді. Балқияға таққан айыбының шеті сетінеп, ыдырап бара жатқандай. Кінә жігіттің өзіне ауып бара ма, қалай? Әнуәр ақырын қозғалып, жеңіл күрсініп қояды. Фильм аяқталды. Ай әлі тумаған, аспан қараңғы еді. Жымыңдаған сансыз жұлдыздардың болмашы ғана солғын сәулесі бар. Әнуәр қызыл отаудың қасында үнсіз отыр. Түнгі салқын ауау бойын аздап қалтыратқандай. Киноаппаратын жиыстырған Бағилаға көмектесіп Мұқаш жүр. Екеуі бірдемелерді айтып күлісіп қояды. Қимыл-наздары жарастықты білдіргендей көрінді Әнуәрға. Бірақ ол бұл екеуінің күлуін жаратпай тұр. – Кімге күледі? – деді өзіне-өзі. – Маған ба?.. Жоқ, ол мүмкін емес. Жоқ, ол мүмкін емес. Оның даусы қаттырақ шығып кетті. – Дұрыс айтасың! Әнуәр тап қасынан шыққан дауысқа елең ете қалды. Жалт бұрылды. Қос бұрымын алға жіберіп, шашымен ойнап тұрған Балқияны көрді. Қыз бұған күлімсірей қарайды. Үстіндегі жібек көйлегі қозғалған сайын сәнмен дір етіп қалады. – Жаңа фильм саған ұнады ма? – деді Балқия. Балғын жүзі құбыла түсіп, еркелік еткендей. Қара көзі жаудырап тым ажарлы, сүйкімді көрінді Әнуәрға. Әнуәр өз-өзінен әлденеге қысылып, қара торы, сопақша беті қызарып кетті. – Балқия! – деді де ол, сөз таппағандай кідіріп қалды. – Сен мені әділ сынаған екенсің... – Енді түсіндің бе? – Иә... 1951

Егін орағында

Ғайша машина гүрілінен оянды. Басын жастығынан ақырын ғана көтеріп қарап еді, қатар жатқан комбайншы қыз әлдеқашан тұрып, тап-тұйнақтай ғып төсегін де жиып кетіпті. Сырттан күле сөйлеген біреудің қоңыр даусы естілді. «Хадиша мені неге оятпады екен?» – деп ойлады Ғайша. Ол орнынан тез тұрып, асығыс киіне бастады. Шашын пионер қыздарша өріп, бұрымына қызыл лента тақты. Үстіне комбинезон киіп, төрдегі үлкен айнаға қарағанда, осы қалпы өзіне қатты ұнады. Түзу сұңғақ бойына бұл киім әсем қонып тұр. Аяғында аласа өкшелі туфли бар. Айна алдында икем денесін сәнмен қозғап, өз тұлғасына қызыға көз жүгіртеді. Нұрлы, ақылды қара көзі күлімдейді. Осы сәт оны жарқын мінезді, көңілді шофер атанған әдемі жігіт Амантай көрер ме еді! Ғайша жымиып күліп жіберді. Жіңішке қасы сәл көтеріліп, жұқа ерні дір еткенде, жүрегінің де дір ете қалғанын өзі аңдамай қалды. Механизаторларға арнап егіс басындағы жаңадан салған биік үйден Ғайша жүгіріп тысқа шыға келгенде, комбайншылардың кейбірі машиналарының әр жеріне үңіліп, енді біреулері май құйып алып жатыр еді. Колхоздың тың даласына келіп, қаз-қатар тізіліп қалған комбайндар Ғайшаға ерекше әсерлі көрінді. Бүгінгі күннің қуанышы да мол, құрметі де үлкен. Жаңа жерде жайқалып тұрған бітік егін бар. Комбайндар сол айдынға осы қалпымен қатар барып, жарыса жүзгелі тұр. Қыз көзіне осы елестеп, қуанды. Трактор бригадасының бригадирі, Ғайшаның ағасы Ғазиз колхоз председателімен бірге комбайншыларды аралап, әзірлігін байқап жүр еді. – Сапарларың сәтті болсын! Құттықтаймын, жолдас! Ал, әзірлік қалай? – деген Ғазиздің жуан даусын естіді Ғайша. Ол ілгері баса түсіп, өздігінен жүретін комбайнның жанында Амантаймен күле сөйлесіп тұрған Хадишаны көрді. Шофер жігітке өз комбайнының кейбір ерекшеліктерін айтып мақтанып та қояды Хадиша. Олар қастарына келген Ғайшаны байқамай қалды. – Мені оятпай кеткенде, бітіргенің қайсы? Сені ендігі егінді жусатып орып тастаған шығар десем! – деп, қасақана Хадишаны кекете сөйледі Ғайша. – Өзің де, сөзің де ұшқыр-ау, Ғайша, алдымен мына жігітке сәлемің қайда? – деп күлді Хадиша. – Қандай сәлем керек? Көріп тұрғамыз жоқ па? – Егін орағы басталар күні ерекше сәлемдесу керек. Құттықтау, тілек... – Қалай-қалай тұспалдап кеттің, Хадиша? Ғазиз Айбеков те үніңді естіп елеңдеп қалды ғой. Жүрегіңнің лүпілін тез сезер-ау, сірә! – деп жымың қақты Амантай. Бұл сөзге екеуі де күлді. Хадиша әзіл бетін Ғайшаға бұрып: – Мына қыз қонаққа баратындай-ақ сыланып шығыпты ғой, үстін былғап алады-ау! – деді жігітке.

– Біздің Ғайша салдықты ғана сүйеді. Үсті-басы май-май бізді қайтсін! – деп, Амантай шофер де әзілдеді. – Ғайша махаббатқа жеңіл қарайды деймісің? – Кім біліпті, қыз сырын ұғу оңай ма? – деді шофер. – Шынайы жүректер кез келсе, ұғысады да табысады. Махаббат жайы осылай емес пе? – Әрине, – деп мойындады Амантай. Ғайша біртүрлі ыңғайсызданып қалды. Әлгі айтылған – сол ұғысқан жүректердің өзі ме? «Махаббат жайы» дегені осы болар. Жігіт сөзінің әйтеуір бір астары бардай сезілді Ғайшаға. Тосын қысылып, бұлардан бөгделеніп оқшау тұрғандай болды. Ол сырт айналып өзінің комбайнына қарай жүгіріп кетті. – Ех, көгершін! Кімнің қолына келіп қонар екенсің! – деді, одан көз алмай қарап қалған Амантай. Ғайша өз машинасына жете беріп, сәл ғана бұрылып, келген жағына көз қиығын салғанда, Хадишаның қасынан өз ағасын көрді. – Пысық адамдар бар-ау, өзі! – дейді Ғазиз қою қасының астынан кішірек көздері Хадишаға ұрлана қарап. – Егін орағы аяқталғанша машинамыз сыр алдырмас деген ойым бар, – дейді Хадиша. – Комбайн да иесіне тартқан екен онда. Темір ғой. Сыр бермесе бермес, бірақ өзің... Хадиша мен ағасының арасындағы әзілді Ғайшаның тыңдағысы келмеді. Ол өз комбайнының үстіне асығып шықты. Енді оған бұл төңірек тіпті анық көрінді. «Бұл комбайншы қыз менің ағайымды ұнататын шығар, – деп ойлады бір шақ, – мүмкін ол маған...» ...Ғайшаның «жеңге болар» дегісі келіп еді. Бірақ бұл ойы тұғырға қонақтамай кетті.

Самолетке отырып ап, ауылдың астық алабын айнала шолып ұшсаң, көзіңе бір ғана бітік шыққан егін шексіз жарқырап жатқан теңіздей алыстан баяу толқып көрінер еді. Барқыт дала мотор үніне бөленіп, алып машиналар егін толқынына белдеулей сүңгіп, алыс көкжиекке қатар самғап барады. Осы көрініс бір кезде Ғайшаға да алыста жатқан армандай қылаңдайтын. Комбайн жүргізуге қызығушы еді ол. Өзінен бірер-ақ жас үлкен Хадишаның алып машинаны асаудай үйретіп алған өнеріне сүйініп, таң-тамаша қалатын. Ғайша сол күндерді есіне алды. Ол кезде уылжыған жас еді өзі. – Совет комбайндарының түрлері көп. Адамша мақта теретін, картоп қазатын, қызылша жиятын машиналар да жақсы, – деген Хадиша сөзінде: – Менің қалайтыным да сенің мамандығың, – дейтін ол, комбайншылар даярлайтын курсты бітіріп келген қызға өз ойын ынтыға айтып, – егін оратын комбайнды жүргізсем... теңіздей толқыған егіндікте машинаны барынша, тіпті бар жылдамдығымен жүргізіп келе жатсам!.. Қандай тамаша, Хадиша! Жақсы комбайншы болсам! Бұдан бөтен арман да болмас еді.

Бір күні ол: – Американдықтар «алғашқы комбайнды жасаған біздерміз» деп даурығып жүр ғой. Жақында бір мақаладан оқыдым, – деді комбайншы қызбен кешкі салқын ауауда серуендеп жүріп. – Алғашқы комбайн біздің елімізде жасалғанына тарих куә, – деді Хадиша. – Андрей Романович Власенко деген есімді естуің бар ма? – Ол жөнінде бір кітаптан оқыған едім. – Ендеше, дүние жүзінде бірінші рет алғаш комбайнды жасаған сол адам. Ол өзі агроном болған. Өз қаржысымен екі машина жасап, алғаш 1868 жылы сол машиналарының жұмысын тексеріп көрген. Осыдан он бір жыл өткеннен кейін ғана Америкада комбайн деп аталған егін бастыратын машинаға байқау жасалған. Бұл машина егін оруда Власенконың комбайнынан көп сапасыз еді. Бұлардың әңгімесі осыдан басталып ұзара, ширатыла берді. Хадиша алғашқы совет комбайндары «Коммунар» мен «Сталинец-І» машиналарының құрылысын да кеңінен баяндаған. Ол өзінің комбайншылар курсына оқуға қалай түскенін, оқуды бітіріп келгендегі қуанышын тебірене отырып, ұзақ жыр ғып төккен-ді. – Өзің жүргізетін комбайнмен алғаш егін орған қандай қуаныш десеңші! – деді Хадиша. Бойын ерекше бір шаттық билегендей, үлкен қоңырқай көздері күлімдеп, аққұбаша жүзі құлпырып жайнап кетті. Тек комбайның тоқтаусыз жүрсін!.. Сол күннен бері Ғайша Хадишаны ерекше жоғары бағалап, жардай сүюші еді. – Ашық мінезді, ақжарқын адам. Ойлы, іскер, өте тамаша қыз! – дейтін ол, комбайншы Хадиша туралы сөз бола қалса-ақ. ...Ғайша да комбайншылар даярлайтын мектепке оқуға баратын болып, ол тап жүретін күні, шығарып салуға Хадиша да келген еді. – Арман етуші ең, жүзеге асты ойың. Асығып ең, жеттің. Үздік бітіріп кел. Озат комбайншы бол! – деді ол, Ғайшаға аттанарда. Шын достық тілектен туған шынайы адал жүрек сөзін айтып, үміт етті. Тілеулес құрбысына қарап жымиып тұрып, бойды қуаныш билеп, Ғайша бір ғана ауыз сөз қатып: – Рақмет, Хадиша! – деген-ді.

«Махаббатты басқа қыздар қалай түсінеді? Қызғаныш сезімі оларда да бола ма? Әлде тек менде ғана ма?.. Жүрегім неге тынши алмайды?» – деп ойлады комбайн үстінде тұрған Ғайша ерте себілген жазықтың басына жете бергенде. Ол бұрын сүйіспеншілікте қызғаныш болу дегенді адам санасында әлі қарасы өше қоймаған ескіліктің қалдығы деп санайтын. Міне, енді қызғаныш сезімінің қат-қабат шытырман ойларына бойлап кете жаздап, өзі келеді малтығып, «Ескіліктің сарқыншағы ма?.. – деп ойлады ол. – Жоқ... Олай емес... Амантай екеуіміздің арамызда ешқандай сөз де болған жоқ қой! Әлде – білмеймін...» Бітік егін толқи жайқалады. Бастарын көтере алмай шұлғып тұрған бидай сабағы баяу ескен желдің лебінен біресе білезігінен төмен иіліп, біресе сәнбен

сәнмен бұралып қайта жоғары толқыған биші қыздың қолындай көз тартады. Бір кез бір-бірін қағып ойнап, сыбырласқандай болады. Даланы жаңғырыққа бөлеген мотор үні егін ырғағына қосылып әуенін өзгерте қойды. Комбайн хедерінің егін қаққышы зырылдап айналып кетті. Жаңа ғана тұңғиық қараңғылықта жасқана жүрген адамдай кібіртіктеп, тарамтарам ойлардың арасынд қалған Ғайша жадырап кетті. Жүзі жайнап, жұқа ерні дірілдеп, сөйлегісі келіп тұр. Комбайнды толық бабына келтіріп алған ол: – Үшінші жылдамдықпен тартыңыз! – деп дауыстады тракторшыға. Комбайн қалтқысыз жүріп келеді. Машина орағы қырқып түсіп, хедердің биік қабырғасына тағзым ете құлаған бидай сабақтарын жылжымалы полотна барабанға қарай жөңкілтіп алып кетеді. Ендігі бағытын өзі аңдаған дәнді сабақ жылдам ағып комбайн көмейіне келеді де, құрығымен суды бір салып тереңге тартқан шортандай ішке сүңги жөнеледі. Айқыш-ұйқыш темір тістер арасынан өтіп, жол бойы жел желпіп, елеуіште еленіп, бір дәнінен айырылған, жұрдай болған сидаң сабақтар комбайнға ерген сабан жиғышқа атқып түсіп, оқыс бастарын қосысады. Осының бәрі көкейінде сайрап тұр Ғайшаның. Машинаның барлық қимылын жете бақылап қадағалап отыр. комбайнның хал-жайын даусынан сезіп, аңғарады. – Хедердің адымы біркелкі болсын. Масақ қалмасын! – деп қояды жәрдемшісіне. Тісті дөңгелектері зырылдай айналып, алып денесі селкілдеп, жоғары шапшаңдықпен келе жатқан комбайнның әр тамырының соғуын дәрігердей бақылап отырған Ғайша бункерден бидай алуға қапталдаса келіп қалған жүк автомобилін байқамай да қалды: – Комбайншы қызға бір сәлем! Охо, солай де! Хал қалай? – деп даурыға сөйледі Амантай шофер. – Жақсы болғанда, Амантай көрмеген жақсы болар. Комбайнның жүйткуін көрмеймісің! – деді Ғайша өз қуанышын ірке алмай. – Егін де тамаша-ақ екен! Гектарынан 30 центнерден асып түседі. Сен неге күлесің? Сөз жоқ асып түседі? – Оған еш күдігім жоқ... Күдік басқада... – Немене? Қалжыңдауға келдің бе? Кәне, машинаңды бункердің аузына тос!.. Ал, бидай жіберемін. Біркелкі жүргіз машинаңды... Жақсы, сәл ілгері. – Күдігің тарқаса, жөнел! – деді Ғайша, машина жәшігі астында лық толған кезде. – Күдік басқада! – Амантай машина кабинасынан басын шығарып, Ғайшаға анық естілерлік етіп. – Сен, көгершін, кімнің қолына қонар екенсің! – деді күліп. Ол кабинаның есігін тарс еткізіп жапты да, аңызды көлденең кесіп өтіп, егінді бойлай созылып жатқан даңғыл түзу жолға түсіп зырғыта жөнелді. Осы комбайншы қыз туралы не ойлап жүр өзі! «Сен көгершін кімнің қолында қонар екенсің!» Жүрегіңде қайнап жатқан сыр болса, көзі ашылар кезі болмады ма? Осы оймен Ғайша Амантай көрінбес пе екен дегендей, зымырап кетіп бара жатқан автомобильге жалт етіп бір қарады.

Жеңіл машина егін басындағы үлкен ақ үйдің алдында ентелей келіп тоқтады. МТС директорының машинасы. Директордың өзі алып тұлғалы, сабырлы адам болғанымен, жедел бір қауырт жұмыспен жүрсе, машинасын ентіктіріп әкеп, осылай ентелете қоятын әдеті. Өзі де жеңіл атлетшілерше шапшаң қозғалып, ширап кетеді. Ақ үйдің кіреберіс бөлмесінде бригадирдің кабинеті бар-ды. Директор еш нәрсеге назар салмастан тура сонда кірді. Ғазиз енді ғана тысқа шыққалы отыр еді. – Сабыр , сабыр, Айбеков. Өте маңызды мәселемен келдім, өте! – деп сөйлей енді директор. – Мынадай әңгіме, Ғазиз жолдас, – деді ол, столдың оң жағында тұрған орындықты асығыс жылжыта сап, бригадирге тақау отыра беріп. – «Қазақстанның 30 жылдығы» колхозының кейін себілген жаздың егіні әлі пісе қойған жоқ. Орып жатқан жаздық егіннің ендігі қалғаны екі-үш комбайнға бірер күндік қана жұмыс. Содан соң машиналардың бос тұрып қалуы да мүмкін. Ал, көршілерің «Бірлікте»хал мүлде басқаша. Олардың биылғы еккен жаңа сортты жаздық егіні түгел пісіп тұр. Жел болса-ақ бар дәні түсіп қалатын түрі бар. Аялдауды күтпейді, көрдің бе? Күрт қимыл керек. Директор бұл мәселені екі колхозды председателімен бірлесе отырып алдын ала шешкендерін айтты да, ұйғарындысына көшті. – Бүгіннен қалдырмай өздігінен жүретін бес комбайнды сонда жіберу керек. Қалған комбайн сендерге әзірше жетеді. Не бары үш-төрт күн. Сонан соң қайта қосылады. Бұл кезде сендердің Кубань сорттарың да пісіп үлгіреді, – деді. Директор келген жұмысын жедел тындырғаннан кейін ғана бөлме ішіне көз жүгіртті. Сол жақ бұрышта үлкен шкаф бар. Оған таяу диван. Қабырғада үлкен диаграмма, жұмыс жоспарлары, комбайн, трактор бригадасының қарамағындағы егістік жердің картасы ілінген. – Сендерге неше келсем де аудандық партия комитетінің кабинетінен бір кем емес. Жайнайды да тұрады! – деді ол Ғазиздің ұқыптылығына , әрі тыңғылықтылығына таңырқағандай. Директор комбайншылардың жұмыс барысы өрнектелген көрсеткіш тақтаға үңілді. – Міне тамаша! Бүгінгі цифрлардың мөлшерлері кешегіден бір жарым – екі есе артып кетіпті ғой... Мынау нормасын үш есе орындағаның кім?.. Хадиша екен ғой... Осы қызымыздың өзі жас та болса, іскер адам. – Тек ол ғана емес, біздің механизаторлар шетінен солай, – деді бригадир сәл жымиып. Бірер сағаттан соң директор жүріп кетті. «Бірлік» колхозына баратын комбайншылар түнделетіп шығып, таң ата егін оруға бірден кірісетін болды. Бригада мүшелерін түгел тосып, Ғазиз осы ұйғарымды айтқанда: – Комбайннан астық алуға машина бармай ма? Олардың шоферлары біздің агрегатымызға ілесе алмай жүрер, – деп Хадиша езу тартып күліп, ойнақы сұрау қойды.

– Қосымша машиналар жібереміз. Бұл мәселе де келісілген. Мүмкін Амантай да аттанып кетер... – деді Ғазиз. Манадан бергіні үнсіз ғана тыңдап отырған Ғайша ағасының соңғы сөзін іштей ұнатпай қалды. Күндер сырғып өтіп жатты. Көрші колхоздың егінін орысуға кеткен комбайншылардың оралатын кезі де болды. Ғайша участок басынан кештетіп қайтып, вагон-қосқа қарай жай аяңдап, баяу ыңырсып ән толғап келе жатыр еді. Безек қағып ылғи асығып, жүгіріп жүретін ерке қыздың мінезі күрт өзгеріп, тым байсалды бола қалыпты. Жалпақ даланы қою қараңғы түн жапқан. Қыз қасындай қиылып жаңа туған ай жүзін де кес-кестеп бұлт бүркеп ала қойыпты. Жеті жерге жетеуі тұрып алып, «Қарақшылар» ғана бұлт жабығынан сығалап, қыз дидарына қарағандай болады. Жылы ескен ұяң, майда самал бар. Комбайншы қыздың елеусіз әнін шырқай көтеріп әкетіп, өзімен бірге қиырға қалқытып ұшырғысы келгендей. Ғайша әнші емес-ті. Ол ән айтып келе жатқан жоқ. Ештеме ойлап келе жатқан жоқ сияқты. Тек әшейін... Жарқ етіп машина жарығы түсті бір бүйірден. Көңілді шофер тынымсыз сигнал беріп келеді. – Немене бұл? Мені керең дей ме? – деді, жолдың бір жағына машинаның бірінші сигналын естігенде-ақ шыққан Ғайша. Шофер оның сөзін естіп қалғандай, машинасын кілт тоқтатты. – Еһе, біздің көгершін ғой! Амансың ба, Ғайша, – деді Амантай кабинадан басын шығарып. – Көгершін түнде де жалғыз ұшады екен-ау! Алдымыздан шықты, жолымыз болар, – деп оған қатар отырған Хадиша да ойнақы әзіл қатты. Бірақ оның бұл оспағы Ғайша көңіліне қатқыл тиді. Осы күйді аңдамады, сезбеді Хадиша. – Үш күнде жеті комбайн оратындай егінді бір өзің жайғапсың. Құттықтаймыз Ғайша! – деді ол, шын көңілмен. – Кеш қалдың. Ғайша тік қайырды жауапты. – Бензинді текке жағуға болмайды. Қанеки, бойжеткен, кабинаға отырыңыз, – деп, асықтырды Амантай шофер. – Рақмет, жаяу да барамын. – Қане, қане бол! Қосқа дейін біраз жер... Саған жұрттың жаны ашып тұрса... – Жарайды... Мен бірақ, мұнда... Ғайша машинаның баллонына аяғын салды да, кузовқа секіріп шықты. – Сен қайда ұшып кеттің? Амантай кабинаның есігін ашып, Ғайшаға қарамақшы еді, Хадиша: – Аспандап үйренген көгершін жоғарыда тұрғысы келді де. Кабинаға еніп, қасыңда бөденеше бұғып қалай отырсың. Кеттік ! – деді күліп. Хадишаның сөздерін анық естіді Ғайша. «Қызық қой өзі. Күледі! Мені бір паң дей ме екен? – деп ойлады ол, - менің сөзімді неге аңди сөйлейді ылғи?.. Әлде...»

Машина алға оқыс ұмтылып қалғанда бейғам тұрған Ғайша кузовтың ернеуінен екі қолымен бірдей ұстай алды.

Ұдайымен бірнеше күн бұлт қабағы салбырап, егінді алқапқа дым бүркіп тұрып алды. Комбайндар егін су болғандықтан желіп кете алмай, баяу қозғалып мамырлап жүр. Бар тетіктерінің жұмысы ауырлап, ентіге демалады. Таңдайым құрғақсымасын, бере бер майды үсті-үстіне, бере бер дегендей. Ғайша өз комбайнын тоқтаусыз жүргізді. Ашық күндердегі қалыпты бір шамадан бір танбады. «Менде неге мұндай көрсеткіштер жоқ, – деп ойлады Хадиша, – оның комбайнының қандай сыры бар екен». «Білу керек жедел. Үйрену керек. Өнері болса, үлгі ету керек» – деп түйді ол ойын. Хадиша Ғайшамен осы жөнінде кең отырып сөйлесуге асықты. Еркін шешіліп, жұмыс жайында Ғайшамен мол пікір алысып, тәжірибе алмаспақ еді. Бір жолы жұмыстан оралған бетінде ол: – Ауа райы құбылғаннан бері күндік нормамды әрең орындап жүрмін. Комбайныма өзімше енгізген жаңалығым да бар. Бірақ оған орай комбайнды қақалтып тұруым да бар. Қалай екенін білмеймін, тіпті, - деп Ғайшаға шын сырын айтты. – Мен де білмеймін ғой, – деді құрбысы көзін төмен салып. Ғайша оның тұтқиыл бастаған сөзіне таң қалды. «Озат комбайншының қай мінезі бұл, – деп ойлады ол, – мен оның комбайнының сырын білетіндей-ақ! Маған мұңын шағып...» - Егін су болса да, сенің комбайның тоқтаусыз жүреді. Бүгін де бәрімізден оздың, тамаша табыс! – деді Хадиша, – машинаңның қандай сыры бар осы? Не дерін білмей Ғайшаның көңілі толқиды. Ағытар ма екен іс сырын? Әлде іште бүгіп, үнсіз түйіліп қала ма? Мұның жүрегіне махаббат қызғанышын тұтатып кеткен адамға өз үлгісін ұсынар ма? Әуелде ду етіп қызара қалған өңі, баяу суынып, ақшыл тартып, жүдеу күйге енген Ғайша бір кезде: – Бар сыры. Бірақ, әлі... – дей беріп кідіріп қалды. Оның «бұл сырды әлі жете меңгергенім жоқ», – деп, шынын айтқысы келіп еді: – Неге томсара қалдың? – деді Хадиша оның ойын сезгендей. – Жай... тіпті бір... – деп, Ғайша төмен қарап отырған күйі қолындағыбір жапырақ қағазды сығымдай берді. Бір кез ол өзіне үнсіз қадала қарап қалған Хадишаға: – Битерлерді сабаннан тазартуға көп уақыт кететінін білесің бе? – деді кенет. – Осы жағдай жиі кездесіп жүр. – Комбайн сондай себеппен тұрып қалмау үшін өзімше ойлап тапқаным бар. Егін су болса, жентектеліп, комбайн қабырғасы мен битер торқаларының арасына кептеліп, валдарға оралады. Міне, осыдан комбайн жиі қақала береді.

– Бұл да белгілі. – Мен әлі айтып болғаным жоқ, – деп Ғайша шешіле сөйледі, - мен бұлай еттім: битердің ұштарын жіңішке брезентпен қаптап қоямын. Ол комбайнның қабырғаларына сәл тиіп тұрады. Мінеки, көрдің бе? Сонда битер торқалары мен комбайн қабырғасының арасына егін сабағы түспейтін болады. Ғайша ауа райы жауын-шашынды болғанда да комбайнды өнімді пайдалану үшін машинаның тетіктеріне енгізген өзгерістерін, өзінің іс тәжірибесін түгел айтты. Жас жүзі құлпыра жайнап, құрбысының да үздіктігіне тілектес көңілден туған шынайы сөз оралды тілге. Өз білгенін Хадишадан бүкпеді ол. – Ойларың қандай әдемі еді, – деді оның сөзіне сүйсінген Хадиша, – бәрі де білім мен істің тоғысуынан туып жатыр. Өте жақсы, өте! Барлық комбайншылар үйренуі керек. Жақсы тәжірибе – көпке ортақ. – Жоқ, Хадиша, әлі ерте. Ол айтқандарымның біразын әлі толық меңгергем жоқ. Піспеген жемісті же деп ұсынуға бола ма? – Жетілмесе, жетілдіреміз. Піспесе , екеулеп пісіреміз. Күннің көзі екі жақтан шығып қыздырса, не жаны шыдаушы еді! – деді Хадиша жадыраңқы жүзбен, – көп алдында сөйлеуге әзірлене бер. Комбайншылардың тәжірибе алмасу кешін өткіземіз. Оның ертең кешке өткізілуін талап етеміз. – Қалай жылдам! Кімнен талап етесің? – Сенің ағаңнан, бригадирден. («Сенің ағаңнан» деген сөзді құбылтып айтуын қарашы оның!), – мәселені іле көтеруді жақсы көреді ол. Кешіктірмейді.біз Ғазизді!.. – Хадиша сәл бөгеліп. – Біз бір-бірімізді жақсы білеміз, - деді жымиып. – Жақсы білеміз дейсің бе? Осы сәт Ғайшаның үміт қиялында бір от лып етіп жанып, көңіліне сәулесін түсіріп тұра қалды.

Күн ашық, жайдары. Сары егін желсіз күнгі теңіздей толқынданады. Комбайн штурвалында тұрған Ғайша бойын ыстық бір қуаныш кернеп, бар төңірекке биіктен шола қарайды, разы болады, күлімдейді. Осы өңір талай жылдар құлазып жатқан жапан дала еді. Сол соны жазықтың бүгін шырайы кіріп құлпырып жатыр. Биылғы көктемнен жарыса келіп, осы өңірді қуатты жаңғырыққа бөлеген мотор үні бір тынбап еді. Көктемде алып тракторлар жүріп өткен ізден енді құлпырып егін өніп тұр. Бітік егін баяу ғана жел лебінен толқи түсіп, бұралаң қағып жайқалады. Бір кезде мойындары иіліп кетіп, Ғайшаны тап қасына қол бұлғап шақырғандай назданады. Қыздың нәзік, сұлу, ұшқыр қиялы егін бетімен қалқып ұшып, қиыр шалғайға, заңғар биікке самғағандай. Комбайн үшінші жылдамдықпен жүріп келеді. Ғайща екінші участоктегі өздігінен жүретін комбайнға деңгейлес келіп, қатарласа бергенде, аса қуанып қалады. «С-4-тің» дөңгелек шатырының саясында отырып алып, машинаны жалғыз меңгеріп, желе-жортқызған Хадишаның өнеріне сүйінеді. Жарыстың қыза түсуі қуантады оны. Жел қағып тотығы молайған қараторы жүзі балбырап, күлімсірейді. Қыз көзінде еңбектен, шаттықтан туған күлкі бар.

– Көгершінге бір сәлем! Автомобиль сигналымен жарыса шыққан дауысқа Ғайша жалт бұрылып қарады. Амантай екен. «Бірнеше комбайннан бидай алуға қалай үлгіріп жүр осы жігіт!» Ғайшаға осы ой келіп еді, көңілді шофер оны айтуға мүмкіндік бермеді. – Тіпті ажарланып кетіпсің ғой өзің! Қасыңа барып, жүзіңе елжірей қарап, аз ғана тұрар ма едім! «Қойшы қалжыңды» дегісі келді Ғайшаның. Аузынан бөтен сөз шықты: – Жылдам, жылдам!Тура жүр. Ал, бидай жіберем!.. Шофер машина кузовын қызыл бидайға толтырып алып асығыс жөнеле бергенде ғана: - Тез орал, Амантай! – деп, дауыстады Ғайша. Осы кез қыз көзіне көзі түсіп кеткен шофер жүрегі дір еткендей болып, жеңіл күрсініп, машинаны бар екпінімен жүйткіте жөнелді...

ПОВЕСТЕР

Мазасыз түнде

Жатақханадағы тәртіпті қатаң қадағалап жүретін кезекші шал қоңырау шырылдатып, балаларға жатуға белгі бергеніне бірталай уақыт болса да, Жарқын әлі ұйықтаған жоқ. Ол қалың ойдың қамауында жатыр. Бірінің артынан бірі тізбектеліп келген ойлар оны мүлде иықтап алды. Әсіресе, қатты мазалап, берекесін алып, ұйқысын кетірген бүгінгі жай. «Махметпен неге ғана жағаласып қалдым? Жағасына қол салмай-ақ, сөзбен ұялтсам етті. Неге үйтпедім?» – деп өкіне ойлады Жарқын. Жылы көрпесінің бір шетімен иегін бүркеп, ақ құба дөңгелек жүзі қызғылт тартып, ол көпке дейін ұйқысыз жатты. Ойы әр саққа жүгірді, бірақ тиянақ таппады. Жарқынның ұйқысы қашып, өмірде бірінші рет қиналғаны осы шығар. Ол ой тереңіне қанша бойласа да, өзімен бірге оқитын, әрі түйдей құрдас Махметпен қалайша қағысып қалғанының себебін таба алмады. Қызбалықтан болды ма? Әлде менмендіктен туды ма? Жарқын комсомол тобының жетекшісі еді, сондықтан ол өзін басқадан жоғары санауы да ықтимал ғой. Махмет, міне, дәл осылай ойлады. Жарқын Махметті ашық мінезді, ақ көңіл адал дос деп бағалаушы еді. Онымен ең алғаш танысқан сәтте-ақ, Махметтің мінезі Жарқынға қатты ұнаған. Көңілі алабұртып, ойы онға бөлініп жатқан Жарқын бір мезгілде, сол көңілді досымен ең алғаш танысқан күнді есіне түсірді. Теміржол училищесіне оқуға түсуге келген күні, түс кезінде Жарқын училищенің спорт алаңында волейбол ойнап жатқан балаларға бір шеттен қызыға қарап тұрған еді. Ойын аяқталған кезде орта бойлы,толықша, сығыр көз бала оған жүгіріп келіп: – Біздің команда қалай ойнады, балақай, ә? – деді жымыңдап. Ол күлімдеп сөйлегенде кішкене көздері Жарқынға біржола жұмылып кеткендей көрінді. – Ойынды басынан қарап тұрмысың өзің?.. Ендеше біліп қой. Біздер осал спортшылар емеспіз. Біздің команда, мінекей осымен үш рет қатарынан жеңеді. Енді ең таңдаулы волейболшылармен ған ойнаймыз. – Ол кейін бұрылып сетканың қасына барды да, бір баланың қолындағы допты қағып алып, қолтығына қысып, бар даусымен әмір бере сөйледі. – Қане, кім өзі тіленіп шығады? Қол көтеріңдер!.. Бір, екі... алты. Түсіріңдер, жетер енді. Команда толық...

Жарқынға бұл бала асқан спортшы сияқты болып көрінді. «Мүмкін ол керемет чемпион шығар» деп ойлады ол. Келесі күні Жарқын училище директорының кабинетінен шыға берген бетінде, залда кешегі сығыр көз бала кездесе кетті. – Амансың ба, ей, бала? – деді ол Жарқынды бұрыннан білетін ересек адамша даусын көтере сөйлеп. – Неғып жүрсің өзің мұнда? – Теміржол училищесіне оқуға түсуге келген едім, – деп Жарқын жөнін айтты. – Қайдан? – «Алғабас» колхозынан. – А-а-а, - деді анау даусын созып, шұлғып тұрып. – Соданмын де. Білемін. Жақсы білемін. «Алғабаста» болғаным бар. «Алғабас» бұл арадан он километр жерде ғой? – Я, он километр. – Ал, қалай болды? Училищеге алды ма? – Я, алды. – Қай бөлімге түстің? – Машинистің жәрдемшісін даярлайтын бөлімге. – Бірге оқитын болдың ғой онда бізбен, – деді анау Жарқынға кішкене көздерін одан сайын сығырайтып. – Кел, танысайық... Атың кім? – Жарқын. – Менің атым Махмет. Фамилиям Оразбеков. Ұмытпа! Мен көрші станциядан келдім. – Ол залдағы арнаулы тақтаға жапсырылған қағазды көрсетті. – Расписаниені оқыдың ба? Үш күннен соң бірінші қабылдау емтиханын тапсырамыз. – Жоқ, мен емтихан тапсырмаймын, – деді Жарқын. – Неге тапсырмайсың? Соншалық қайдан келіп ең сен? – Мен ауылдағы жетіжылдық мектепті «беспен» бітірген едім. Училище директоры мені сынақсыз аламыз деді. Жарқын бұл сөзді, мақтанышын сәл білдіріп, салмақпен айтты. – Охо! – деп, Махмет түсін кенет құбылтып, Жарқынға абайлап қарады. – Жарайсың онда! –деп сүйінішін де білдірді. Жарқын басқадан бұрын Махметпен танысқанына қуанды. Оған жақындай түсіп: – Маған бесінші бөлмеге орналасуға қағаз берді. Мұнда кімдер тұрады екен, ә? Өзің қай бөлмеде тұрасың, Махмет? – деді. Махмет оның қолындағы қағазды тез алып оқыды да, оқыс мінез көрсетіп: - Жүр ендеше! – деп Жарқынды қолынан жетектеп ап, жатақханаға қарай дедектетіп ала жөнелді.

Бесінші бөлмеде төрт бала тұрады екен. Екі қатардан қойылған біркелкі әдемі койкалардың үстіндегі оқушы төсегі сәнді жиналған. Койкалардың аралығында, қоңыр сырмен боялған, шағын-шағын тумбочкалар тұр. – Бұл бала осы бөлмеде жатады. Бізбен бірге оқиды. Оқу отличнигі, – деп, Жарқын жайында есіктен сөйлей енген Махмет бөлмедегі балалардың аты-жөнін айтып, әрқайсысына жеке-жеке мінездеме беріп, жаңа келген балаға жағалай таныстырып өтті. Бұл кезде бөлмедегілердің бәрі де орындарынан түрегеліп еді. – Ал, енді біліп қойыңдар. Бұл – Жарқын Досов деген бала, – деп, Мехмет Жарқынның да аты-жөнін,қай жерден келгенін, жетіжылдықты үздік бағамен бітіргенін, оқуға емтихансыз алынғанын – бәрін сыпыртып айтып шыққанды... Жарқын әлі ояу, ұйықтаған жоқ. Өзінің училищеге тұңғыш келген күнін, Махметпен алғаш танысқанын, бесінші бөлмедегі осы сөздерді еске алады. Көңілді бала! Тарам-тарам ойларын түйіндей алмай, ұйқысы қашқан Жарқын Махмет жөніндегі осы өз бағасының салмағын енді өлшеп жатқандай. Үлкен қара көздерін ашыңқырап, қабағын сәл жоғары көтеріп, сол жағына аунап түсіп, қайта ойға шомды. Оның училищеге оқуға келгеннен бергі бірінші рет тынымы кетіп, ұйқысы қашқан түні осы еді. Бірінші оқу жылының бастапқы айларында–ақ Жарқын өзінің ұғымталдығымен, сабырлы тәртібімен көзге түскен. Ол училищенің бірінші жылын үздік бітірді. Алдыңғы қатарлы озаттар тобына қосылды. Бір оқығанын ұмытпайтын, бір көргеннен есінде берік сақтағыш, сабақта өзіне қойылған сұрауларға әуелі ойланып алып, анық етіп дәл жауап беретін. Жарқынды оқушылар да, оқытушылар да жақсы көретін, қадірлейтін, сыйлайтын. Өндірістік оқудың мастері, қарт теміржолшы Иван Павлович оның училищеге түскен жылғы мастерскойда жасаған балға, қашау, темір сауыт сияқты алғашқы жаттығу жұмыстарының жақсы сапасын айтып, өзі жоқта Жарқынды әрқашан мақтаушы еді. Озат шәкіртінің өнегелі ісін басқаларға үлгі ететін. Ал, бүгін ше?.. Жарқынның ескерту алуына кінәлі кім? Махмет кеп қақтықпағанда, ол төсегіне, күндегі дағдысынша, тыныш қана келіп жатушы еді ғой. Я, я, сол Оразбеков... Бірақ, Махметті кеудесінен итеріп жібермей-ақ сабырлы сөйлесуге, терістігін сөйтіп ұғынтуға болмайтын ба еді? Қанша керек еді қызбалық?.. Махметпен қалай қағысып қалғанын есіне алды Жарқын. Кеше, оқушылардың техникалық конференциясында, екеуі де баяндама жасаған-ды. Балалар екеуін де мақтаған. Жұрттың соңын ала сөйлеген Жарқын ғана Махметтің баяндамасының бір кемістігін көрсетіп еді. Махмет паровоздың бу трубаларын оңдау жолын саралап баяндап келді де, трубаларды жөндегеннен

кейін олардың сапасын су қысымы арқылы сыннан өткізу қажет екендігін айтпай кетті. Балалардың білгісі кеп күтіп отырған ең маңызды мәселені елеусіз қалдырды. Жарқын осы мінді дұрыс танып айтқан. Оразбеков оның бұл сынын ұнатпай қалды. Орнынан ұшып тұрып дауласа кеткісі келді. Бірақ, конференция ғой. Ол бұртиып, қабағын түйіп, Жарқынға көзін алайтып бір қарады да, шалбарының қалтасынан көк тысты дәптерін жедел суырып алып, қарындашпен әлденені асығыс жаза бастады. Жылтыр дәптер бетіне мынадай сөздер түсіп еді: «Жарқын, сенің айтып тұрғаның мүлде қате. Дұрыс емес. Менің докладымның кемшілігі болса, жаңағы сөйлегендер неге айтпады. Дұрыс емес сөзің. Жол бермеймін! Махмет!» Оразбеков осы қағазын Жарқынға жөнелтіп жіберіп, оның қимыл құбылысын баға қалып еді. «Өзіңнің баянмаң басқанікінен артық болсын дейсің ғой. Болмас оның» деген кекесін оймен қараған. Конференциядан шыққан бетінде ол «сенімен сөйлесуім керек, тоқтай тұр» деп Жарқынға жанаса кетіп еді. Жарқын кідірді. – Сөз біреу-ақ, – деді Оразбеков зілі бар қатқыл үнмен, – менің баяндамамды сынағандағы сенің ойың не? Бұл тұтқиыл сұрауға Жарқын таңырқай жауап қатты: – Қандай ойды сұрайсың? – Екіленіп сөйледің ғой. Сондағы ойың не деймін? – ол ойым ба? Саған көмектесу. – Сенің көмегің маған қажет емес. Сен білгенді мен де білемін, – деді Махмет ашулы беті қызарып. – Өзіңнің баяндамаң басқадан артық болсын деп сынадың сен мені. Рас па? Рас . Байқап қара көзіңе . Мұныңа көнбеспіз, группорг! Ол соңғы сөйлемін мысқылмен қайырды. Жарқынның қабағы сәл түйіліп, өңі қызараңдай қалды. Ашу қысқандай. – Махмет, байқап сөйле! – деді тік келіп. - Байқасаң, өзің байқа. Маған ақыл үйрететін сен емес. Білдің бе? – деп, махмет ұшы жұмырлана біткен шолақ мұрнын жоғары көтерді. Екеуі жатақханаға дауласа жетіп, табалдырыққа қатар шыға беріп еді. Махмет Жарқынды жеңінен тартып тоқтатты. – Бұдан былай менде шаруаң болмасын, – деп ескертті. – Ерсі мінезіңді сен де тый, – деді Жарқын. «Ерсі мінез» дегенді Махмет шам көріп қалды. – Ал, егер қоймасам... Мені училищеден шығартып жібермекпісің? Не істемекші ең сонша? – деді қалың ерні дірілдеп. – Оны өзім білемін. Көресің, – деді Жарқын.

– Қарай гөр, мықтымсынуын, – деп, Махмет сүзіп қалатындай басын тұқырып алып, оны иығынан қағып өтіп, кимелей ішке кіре беріп еді. Жарқын кеудесінен серпе итеріп жіберді. Махмет оқыс шайқалып, құлай жаздап, тәлтіректеп барып қалды. Есіктің оң жағындағы үлкен терезеге шынтағы тиіп, бір көзін салдыратып сындырып кетті. Ол етегі желбең етіп, табалдырыққа іле секіріп шығып, Жарқынды жағадан ала түсті. Жарқын да оның жағасына жармасты. Бірін бірі итерісіп, қатты жұлқысып қалғанда, екеуінің де жағасы дар-дар айрылып кетті. дәл осы мезетте екеуі де ту сырттарынан: – Досов, Оразбеков, сендерге не болды? – деген дауысты естіді. Арттарына жалт бұрылып қарады. Жағаға жармасқан қолдары жазылып кетті. Бұлардың сәл қашық, училищенің комсоргі, сұңғақ бойлы, ат жақты, ақ құба жас жігіт Есен келе жатыр еді. – Ертең комитетке келіп кетіңдер, – деді ол екеуіне... Досов комитетке келгенде өндірістік оқудың мастері Иван Павлович пен Есен Махметпен сөйлесіп отыр еді. Залда бойын түзеп, бас киімін қолына алып, есікті сыпайы қағып, ішке енген Жарқын, кіре беріп, босаға жақта тұрып қалды. Кейбіреулер болады, бір бастықта үлкен шаруасы болып келгенде, егер сол адамды көп кісінің ортасында жай ғана отырса да, қажет жұмысын айта алмай қибыжықтап қалады. Бұл жағдайда оның осы аяулы халін танып, аузына сөз салып жіберетін жанашырды ол күтіп-ақ тұрады. Ешкім ештеңе дей қоймаса тұрып-тұрып, өзінің бұл тұрысына және қатты қысылып, сөзін айта алмай шығып та кетушілер болады. Бұл әдет те жақсы емес, ол сыпайының жағдайын ұқпаған ьастық та жақсы емес. Кешегі оқиғадан соң Иван Павловичтің Махметпен кеңесіп отырғанын көрген Жарқын, өз шаруасын бастыққа көп кісінің ортасында айтуға душар болған әлгіндей сыпайының халіне ұшырады. Жаңа көргендей ботинкасының тұмсығына қарай береді. Есен алдында жатқан қағазды столының бір шетіне алып қойды да, оң қолымен Жарқынға қарсысындағы екінші орындықты нұсқап: «Отыр, Досов», – деді. Жарқын Махметке қарсы келіп отырды. Махмет бұған енді қайтіп қарамастай боп қырындап кетті. Тікшіл келген иығын көтеріп, қысқа мойнын ішіне алып, өзінше түсін суытып, ол Жарқынға ерекше бір қыр білдірді. «Ал, Махмет екеуің неге қағысып қалдыңдар, Досов? Қайсыңның ісің жөн? Қане, екеуің біздің алдымызда кінәласып көріңдерші. «Сөз жоқ, Иван Павлович қазір осылайц дер деп ойлады Жарқын отыра беріп.

Махмет елеусіз пішінмен Жарқынға көз қиығын тастады. Осы әт Жарқынның көзі де бұған түсіп кетіп еді. Қара көздер кенет кездесіп, тайсалмай қарасып қалды да, бір-бірін жасқанта алмай тайқақтап кетті. Бәріне де айыпкер Махмет пе? Жоқ, ол мұндай ойдан мүлде аулақ. Жарқынға көзі түсіп кеткенде Махмет: «бәріне кінәлі сенсің!» дегендей қабағын түксите қойды. Оған қарамауға тырысып, Жарқын көзін төмен аударып жіберді. – Бұларың қалай, достарым? – деп әуелі сауал беріп, Иван Павлович сәл бөгелді. – Біз сендерді ертең өзіміздің орнымызды басатын нағыз теміржолшы етіп тәрбиелеп шығаруға бар күш-қайратымызды жұмсап жүрміз. Сендерге зор үміт артып отырмыз. Ертең –ақ екеуің де паровоз жүргізуші боп шығасың. Болашақ машинист! Осы ардақты атқа лайық па кешегі қылықтарың? Кәне, өзің айтшы, Оразбеков, лайық па? – Лайық емес, деп күмілжіді Махмет. – Әрине срлай. – Бірақ кінәлі мен емеспін ғой, Иван Павлович. Мынау отырған Досов бар шатақты шығарған, – деп, Махмет бүкіл айыпты Жарқынға аударғысы келді. Өзін ақтап, аптығып сөйлей бастады. Комсорг Есен оның сөзін үнсіз тыңдап, біраз барлап отырды да: – Жә, тоқта енді, түсінікті болды, – деді Махметтің сөзін бөліп. Ол мастерге бұрылып, бір ұсыныс айтты. – Иван Павлович, сіз қалай қарайсыз, бұлар осы сөздерін өздерінің жолдастарының алдында айтса қайтер еді. Байқаймын, тапа-тал түсте бірінің бірі жағасын жыртып төбелескенді өздері жеңіл-желпі нәрсе деп ойлайтын секілді... Иван Павлович әжімді маңдайын сипап, сәл үнсіз отырд да: – Әрине, көп талқысының әсері жақсы болады, – деді комсоргтің ұсынысын құптап. Бұл ұсынысқа Махмет те ішінен қуанды. «Менде кінә жоқ, мен жеңіп шығамын. Жолдастарым маған сүйсінетін болады» – деп ойлады ол. Ал, Жарқын еңсесін төмен салып, екі беті дуылдап қызарып, өте қиналып отырды. «Әбден ұят болды-ау. Жолдастарымыздың бетіне қайтіп тура қарай алармыз. Төбелестің ұят екенін жас бала да түсінеді ғой», – деп, қинала ойлады ол. Мастер мен Есен Жарқынды оңаша алып қалып және сөйлескен болатын. – Өзің оқу озатысың, әрі комсомол тобының жетекшісісің. Басқаға үлгі болудың орнына, төбелеске білек сыбанып өзің шығасың. Масқара емес пе бұл! Мұны естіген жұрт не айтады? Өзің ой жіберіп қарашы... Әуелі группада, сосын бүкіл училищеде сөз болады. Жамандық хабарды тұншықтыра алмафйсың. Ертең бүкіл ауданға, тіпті қалаға тарап кетсе қайтесің? Сонда бар ұятты өзім ғана

көтеремін ғой деп ойлаймысың? Жоқ! Ұяттың ең үлкені, ең ауыры өзің оқып жүрген училищенің атына келеді. Сендердің тәртіпсіздіктерің үшін коллектив қызарады, мына ұстаздарың – біз жермен-жексен боламыз, – деп, қарт мастер группоргке ауыр кінә қойып еді. Жарқынның дөңгелек жүзі бір қызарып, бір қуарды. Қарт мастердің әсіресе соңғы сөзі оның жанына қатты батты. – Иван Павлович, қалай жағаласып қалғанымды өзім де білмей қалдым... тіпті оқыстан болды... Бірақ өзімді ақтамаймын... кінәлімін, – дегенде, Жарқынның екі беті дуылодап, тұла бойы ысып кеткендей болып, мұрнының ұшынан шып-шып тер білінді. Жарқынның училищеге оқуға түскелі бірінші алған ескертуі осы еді. Училищені біржола бітіріп шығуға аз айлар қалғанда, таяуда үлкен тапсырма алып, өндірістік тәжірибеге шыққалы отырғанда алған ескертуі. Ол екі беті жанып жатқандай дуылдап, комитеттен ұялып шықты. Өзін өзі іштей кінәлай, сынай шыққан-ды. Енді міне, ойлар буып, ұйқысы қашып жатуының мәнісі сол еді. Бесінші бөлмедегі бұдан басқа балалардың бәрі де мана ұйықтап қалды. Көпті армандайтын қиялшыл Саша Бондарчук мүмкін күндізгі әдемі ойлары түсіне еніп, рахаттанып жатқан-ақ болар-ау. Жүн байпағын шешпестен аяғын еппен басып келіп, шамды өзі өшіріп жатқан жұмсақ мінезді, момын Жақанның тіпті, дем алғаны да білінбейді. Бөлме іші тым-тырыс. Терезеден жарық айдың өлеусіреген әлсіз нұры еденге дірілдей түсіп тұр. Залдан кезекші шал мен тәрбиешінің сөйлескен дауыстары естіледі. Жарқыннан басқаның бәрі де тәтті ұйқы құшағында. Ол тағы бір аунап түсіп, ақ простынямен басын тұмшалап орап алып, ұйқысыз көзін еріксіз жұмды. Жемге тойған бөденедей бұғып жатса да ұйқысы келмеді оның. Бүгінгі жайлар, шегеленіп қалғандай,ойында іркіліп тұрып алды. Бұлардан айықпай Жарқын қалай көз ілсін!..

Талқы

Мехмет Есеннің сөзінен көңіліне бір жайды түйіп қалып еді. «Ыңғайынан білдім, комсоргтің мені құптайтыны айдан анық», – деп көңілдене ойлады ол. Расында да Махметте жазық бар ма? Ол әрі ойлап, бері ойлап, бірақ өзін жазғыруға ешқандай себеп таба алмады. Бәріне кінәлі Жарқын. Соның ғана кесірінен Махмет сөзге ілінгелі отыр. Жиналыста балалар мұны да, сөз жоқ, өлтіре сынайды. Жоқ, мүмкін олар Мехметті жақтап, Жарқынды сынға алар. Әрине, әрине, дәл осылай болуға тиісті. Махмет әуелі өзі шығып сөйлейді де, бар

кінә Жарқында екенін дәлелдеп тұрып айтып береді. Содан кейін балалар бірінен кейін бірі сөз алып, Жарқынды оңды-солды түйрейді найзамен! Машинист жәрдемшісі бөлімінің оқушылары өндірістік сабақтың соңынан комсомол тобының жиналысына жиылғанда Махмет осы ойларға келіп еді. Группорг Жарқын «қаралатын мәселе біреу: Оразбеков Махметтің тәртібі туралы» дегенде ол екі көзі Жарқынды жеп жіберердей жайнап, оған қадала қалды. Толық бет, аузы ашумен долырып, бетіне қаны ойнап шыға келді. Жарқын Махметтің кешегі қылығын баяндап тұрғанда ол ішінен «мен бе екем айыпты? Өзіңді неге айтпайсың? Тәртіпсіздігіңді неге жасырасың» – деп ызаланып, қызараң-қызараң етіп отырды. – Ендігісін Оразбековтың өзі айтсын, – деп ұсыныс тастады алдыңғы қатарда отырған бір бала. Бұған ұласа бірнеше дауыс қосыла кетті: - Болған істі өз аузынан естиік. – Бәрін де айтсын... «Несі бар. Айтамын бәрін» деп Махмет орнынан атып тұрды. Жел жайқаған егіндей талай бастар оған жапырыла қарай қалып еді. – Сөйлей берейін бе? – деді Махмет зілді дауыспен Жарқынға. Комсомол жиналысында тәртібі қаралып отырған оқушының бұл содыр өктемдігін Есен ішінен жақтырмайды. – Оразбеков, бері шық. Жолдастарыңның алдында тұрып айт, – деді ол қатқыл үнмен. Аяғын тік-тік басып, Махмет көптің алдына шықты. Жарланып түйіле қалған қабағының астанан кішкене көздері от шашып тұр. – Мен айыпты емеспін. Бәріне кінәлі мынау, – деп, ол мойнын бұра беріп, көзін жарқ еткізіп Жарқынға аударды. – Өзінің баяндамасы басқадан артық болу үшін конференцияда Досов мені әдейі сынады. Бұл бәріңе де белгілі. .. Ол өзін басқа балалардан артық санайды. Мен бәрін білемін деп кеудесін қағады. Мұндай адамның группорг екені кімге қажет. Досов өзінің тәртібі туралы неге айтпады жаңа. Ол айтпаса, мен айтайын. – Сен әуелі өзіңнің тәртібің жөнінде сөйле. Жолдастарыңның сенен күтіп отырғаны осы, – деді президиум столында отырған Есен Махметтің сөзін бөліп. – Өзім туралы не айтамын? Деп таңырқады Махмет. – Техконференциядан шыққан бойда қандай тәртіпсіздік жасадың? Мәселе осы жөнінде болып отыр ғой, – деді Жарқын. – Мен ешқандай тәртіпсіздік жасағаным жоқ. Өз мінін сезіп шімірікпейтін кісіні Жарқын ұнатпаушы еді. Ол орныдығынан ұшып түрегеліп:

– Конференциядан шыға беріп «мені неге сынадың» деп, маған тиісе кеткен сен емей кім?.. Мені жағадан алып, қол жұмсамақ болдың ғой. Бұл тәртіпсіздік емес пе? – деді. Махмет бар денесімен артына бұрылып, Жарқынға тура қарап, бетпе-бет тұрып салғыласа кетпек болды. – Сенің тәртібің жетісіп тұрған шығар, – деп сыңар танауынан мырс беріп кекетті. Орта шеңде отырған, үстіне қара китель киген , сұңғақ бойлы, томпақ бет бір оқушы қолын көтеріп: – Бір ұсыныс айтуға бола ма? – деді түрегеле беріп. – Болады, – деді Жарқын. Әлгі оқушы физкультура сабағында оқытушыға рапорт берген кезекшідей тақтақ сөйледі: – Оразбековтың осы тұрысы мен жаңағы сөздерінің өзі-ақ оның тәртіпсіздігін дәлелдейді. Сұрақ біреу-ақ: Оразбеков тәртіпсіздігін мойнына ала ма, жоқ па? Турасын айтсын. Тосыннан қойылған осы бір сұрақ Махметті селт еткізді. Балалардың барлығы мұны жақтаса керек еді ғой. Енді байқаса олардың беті бұдан ауып бара жатқандай. Мына сұрау соны аңғартады... Махмет ойланып тұр. «Не деп жауап қатсам екен, – дейді ішінен, – сөзімді неден бастағаным жөн?.. жарқыннан бастап, Жарқынмен аяқтайын. Білсін бәрі. Көрсін. Көзі жетсін» Көкейіне осы ой қона қалғанда, тіл ұшына бір сөздер лықылдап келіп те қалды Махметтің. Түйіскен еріндері бірінен-бірі сәл қашықтай бергенде, көмейіндегі сөздер төгіліп те кетті. Кешегі жайды айтты ол. Өзіне шаң жуытар түрі жоқ. Жарқынды сынаудан басталды да, бар кінәні соған аударып барады... Ол сөзінің соңын ұсынысқа әкеп түйді. – Комсомол жиналысы ең алдымен Жарқынның тәртібін қарау керек. Ол өзін ақтап, мені қаралағысы келді. Маған тәртіпсізсің деп балалардың ешбіреуі айта алмайды. Өйткені, бұған ешқандай дәлелі жоқ... Мінін Жарқынның өзі мойнына алсын, – деді. Ол оқушылар қойған сұрауларға бөгелмей тез-тез шолақ жауап қатып, аяғын нығарлай басып, орнына барып отырды. Басқадан өзін жоғары көріп, еңсесі көтеріле түскендей. «Балалар назары өзіме ауды. Олар қазір Жарқынды сынайды. Халін сосын қалай болар екен, Жарқын» деп көңілдене ойлады Махмет. Маңына көзінің қиығын тастап, барлау жасады. Машинист жәрдемшісі бөлімінің старостасы, орта бойлы, талдырмаштау келген сары бала Жақан сөз алды. Махмет әнтек шалқая түсіп, оған жүзін аударып, сол жағына бұрылыңқырап отырды.

Жақан салмақты, мінезі ауыр бала еді. Әр істің жайын әуелі байымдап алып, сосын өз ойын түйіп бір-ақ айтатын. Кейбіреулерше бірі болмаса, бірі көңілден шығар деп, көп ұсыныс жасауды жаны сүймейтін. Сөзді қысқа-қысқа етіп, тұжырымдап айтуды ұнатады. Ол дәлелді жақыннан тапты. Махметтің осы әлгінде жұрт алдында, өзін қалай ұстап, қалай сөйлегенінен жай ғана бастады да, сөзін асықпай өрістетіп, әрі дамытып әкетті. Дәлелі ойлы.Оразбековтың өзімшілдік қылығын ол өзі де соңғы кездерде аз-аздап сезіп жүрген. Бықсып келген сол мінез лап етіп жанып отыр. Кінәсін мойындамады Махмет. Әлі лапылдап тұр. Бүгінгі жиналыс оны тезге салуы керек. Жақанның ойында осы ғана бар. Ол бір сұрақтар тастап, сәл бөгелді: – Комсомол жиналысы Махметтің тәртібін неге қарап отыр? Махмет қазір не айтуы керек еді? Өз-өзінен тынышы кетіп, қозғалақтап, мазасызданған Махмет басын жоғары көтеріп алды. Жақанның сөзі ашуын қыз-қыз қайнатып кеткендей. – Жарқын Махметтің баяндамасын техконференцияда әдейі сынады ма? Жоқ. Баядаманың кемшілігі бар. Ол соны көрсетті. Бұл – жолдастық көмек. Махмет мұны түсінбеді, – деді Жақан. – Мен түсінемін. Ол мені әдейі сынады, – деп Махмет үн қатып қалды. – Әлі түсінген жоқсың, – деді Жақан. Ол Махметтің бар мінін бетіне басты: – Өзімшілсің. Менің айтқаным тура дейсің. Жолдастарыңның сөзін тыңдағың да келмейді. Бұл тәртіпсіздік емес пе? – Әрине, деді Махметтің оң жағындағы көршісі. Оразбеков оған қабағын түйіп бір қарап қойды. Жақан соңғы күндерде Махмет бойынан өзі аңдаған кемістікті жайып келіп, енді оның бүгінгі жиналыстағы тәртібіне тоқталады. Бұл арада дауысы көтерңкі де, қатты шықты. – Ол жиналыстың өзін елемей отыр. Жолдастарын менсінбеді. Комсомол жиналысының үстінде тәртіпсіздік жасады. Мұндай ерсі мінез теміржол училищесі оқушысының атына лайық емес, – деді. Жақанның сөзі балалардың ойымен ұштасып кетті. Зал іші гу-гу етті. – Комсомол жиналысы Оразбековке сөгіс беру керек. – Оның тәртібі училище комсомолецтерінің жалпы жиналысында қаралсын. – Ол жөнінде дирекцияға да айтылсын. – Ерсі мінездерінің бәрін қалдырмай тізіп, оның үйіне де хат жазу керек, – десіп оқушылар жамырай ұсыныс енгізіп жатты. – Балалар, тиышталыңдар, пікірлеріңді кезектесіп айтыңдар, – деді жиналыс басқарушы.

Бірнеше қол қатар көтерілді. Бойы да ұзын, қолы да ұзын Саша Бондарчук сөз алды. Ол аласа орындығынан сұңғақ бойы иіліп түрегелгенде, Махметтің көңілінде үміт оты тұтана қалды. Екеуі ерекше дос болатын. Және де техникалық конференцияда Махметтің баяндамасын жұрттан бұрын ең алдымен мақтаған сол еді. «Мені Саша жақтайды, деп ойлады ол, – Саша істің жайын жақсы түсінетін бала... Сынап бір берші Жарқынды. Мақтап бір жіберші мені». Махмет әлгінде Жақанды да ұнатпай қалған еді. «Саша қазір оны да сөзбен іледі» – деген тағы да бірой Оразбековтың басына жүгіріп келді. Саша Бондарчук оң жағына жыға қайырған сары бұйра шашын кейін ысыра бір сипап, бойын түзеп: – Біздер болашақ машинистерміз. Біздер даңқты совет жұмысшыларының қатарына қосылатын резервтерміз. Сондықтан біз қандай болуымыз керек? – деп, көптің жүрегіндегі сөзін алға тартты да, шұғыл бұрылып, Махмет жайына ойысты. – Турасын айту керек: Махмет, сенің ісің дұрыс емес... Ең басынан түсейік. Конференцияда сенің баяндамаңды ең алдымен мен жақтадым. Бірақ, кемшілігін көрсете алмадым. Ал, Жарқын оны көрді. Және жақсы дәлелдеді. Баяндамаңда олқылық бар. Онда ешбір кіршік жоқ деуің теріс. Ол сөйлер алдында көңілін үміт көтере қойған Махмет, басы сылқ етіп, төмен қарап отырып қалды. Ең жақын деп сенім артқан досының өзі бұған айып тағып тұр. – Өзінің кемшілігін өзі білмеген оқушы, біреу мінін көрсетсе, оны беттен алып ұрсыса кететін оқушы – нағыз менменшіл, өзімшіл сол. Турасын айтсақ, ол тәртіпсіз. Баяндамамды сынады деп, Махметтің Жарқынға соқтығуы тәртіпсіздік. Мұндай мінез біздің бөлімнің атына, училищенің атына кір келтіреді. – Әрине, кір келтіреді, –деп, Сашаны қостады бір оқушы. «Кір келтіреді». Осы бір сөз жанына батып кетті Махметтің. Өзінің сүйікті училищесін ол да жақсы көреді. Мамандыққа баулыр ұясын ол да қадірлейді, сонда оқып жүргеніне мақтанады. Өз ұясының жақсы түлегі болғысы келеді. Махмет училище атағына ешуақытта да кір келтірмек емес. Бірақ енді абайлап қараса, көпшілік пікірі бір арнаға сайып барады; «Оразбеков тәртіпсіз, ол училище атағына кір келтірді». Тағар кінә осы ғана сияқтанады. Жоқ, жоқ. Махмет училищесін сүйеді... «Бірақ, бәріне кінәлі мен бе? Жарқын ше? Мені бар пәрменімен кеудемнен итеріп жіберген сол ғой. Бұл тәртіпсіздік емес пе?!» деп ойлады Махмет. Саша: «Енді біраз сөз Жарқын туралы» дей бергенде Махмет төмен иілген басын тез жоғары көтеріп алып Бондарчукке қарады. Шаяндай қызарып отырған жүзіне ақшыл рең шыға келіп, кескіні сұрғылт тартты.

Саша жылдам сөйлейтін, сөзін ажарлап айтуды сүйетін, көңілі ұнатқан іске ынтыға берілетін құмаршыл оқушы еді. Ерлік жайындағы өзі көп оқитын кітаптарының геройлары туралы балаларға әсерлеп әңгімелеп беруге қандай шебер ол. Газет мақалаларын, халықаралық жағдайлар туралы мәселені талдап тұрып түсінік айтқанда, осының бәрін қалай біліп алған деп таңданар ең. Ал, жолдасының бойынан мін көрсе... Саша онда тура келіп, бетке басады. Ұсақ мін болса да, жабу астында қалдыруға жаны қарсы. Ол бүгінгі осы жиналыс үстінде Жарқынның басынан бір кемшілік тауып отыр еді. Сол ойын сыртқа шығарды. – Жарқын, сенде де кемшілік бар. Біріншіден, жатақхана алдында керісулерің теріс. Екіншіден, Оразбековты кеудеден итеріп қалуың теріс. Махмет саған жөнсіз соқтыққан екен, жанжал шығарған екен. Олай болса, көпшіліктің алдында ол жөнінде мәселе қою керек еді. Бүйтудің орнына, сен оған қол жұмсайсың... Ал, бүгінгі жиналыста өз кемшілігің туралы ештеңе айтпадың. Бұл да теріс, - деді. Шын жүректен шыққан дос сыны. Группорг қызара түсіп төмен қарады. Саша дұрыс айтып тұр. Жарқын өз кемшілігін де көрсетуі керек еді. Кеше Иван Павлович пен комсоргтің алдында ол өзін де жазғырып, кешірім өтінген еді ғой. Сол сөзін бүгінгі жиналыста қалайша айта алмады? Ал, комсорг Есен мұның себебін біліп отырды. «Өз мініңді жолдастарың алдында айтуға намыстандың-ау, Досов. Мұның теріс. Дәл қазір достарыңның біреуі осы сөзді айтады саған. Сонда бұрынғыдан бетер ұялып, екі бетің оттай қызаратыны анық», – деп ойлады Есен. Расында да, солай болды. Саша Бондарчук сынаған кезде Жарқынның беті шиедей боп қызарады. Ол өзінің терістігін біліп тұрып, бұл жөнінде ләм демегеніне іштей өкінді. Сашаның сөзінен кейін сөйлейін деп оқталып еді, бірақ, қисынын таппады. «Әуелде айтпағаннан кейін, ендігі сөздің қадірі жоқ, балалар мазақтап күледі», – деп қауіптенді. Өзімшіл Махмет те осы жиналыста тезге мықтап түсті. Көп сынның ортасында қалғанда қатты қызарып, маңдайынан тер бұршақтады. Кең зал оған сол сәт тарылып кеткендей көрінді. Қабырғалар арасында қысылып қалғандай қиын халге түсті. Бірақ, көңілінде әлі де тарқамаған, әлі де жете сезіне қоймаған бір ойы бардай. Жиналыстан шыққан бетінде ол Сашаға оңашалап: – Шыныңды айтшы, бәріне кінәлі менмін бе? – деп еді. – Жиналыс қалай ұйғарды. Мен оны қостаймын, – деді Саша. – Жиналыс Жарқынның да кемшілігін көрсетті. Менің білгім келетіні мынау: бәріне басты кінәлі кім? – Балалар не деді? Кінәлі сол, – деді Бондарчук. Махмет үнсіз тұрып қалды.

Бұл сәтсіздік пе?

Осы соңғы күндері Иван Павлович ерекше көңілді еді. Машинист жәрдемшісі бөлімінің соңғы жылдарында оқитын түлектері арнаулы тапсырма алып, жуырда өз беттерімен паровоз жөндеу тәжірибесіне шықпақ. Бұған дейін олар өндірістік сабақтары кезінде депо жұмысшыларына көмектесіп қана келен-ді. Алып паровозды енді өздері жөндемек. Мемлекеттік тапсырма алады. Жауапты міндет атқарады. Я, енді оларды нағыз совет жұмысшылары деп атауға да болады. Мастерді қуанышқа бөлеген осы жай еді. Бүгін ол өз кабинетінде Жақан, Жарқынмен жұмыс тәртібін сөйлесіп отырған-ды. Істі қалай бастамақ? Күрделі машинаны қай жүйемен жөндемек? Әр оқушы нендей міндет атқармақ. Осыларды өндірістік тәжірибеге шықпас бұрын алдын ала шешіп алу керек еді. – Практикаға барған оқушылар паровоздың басты бөлшектері бойынша мбірнеше топқа бөлінуі керек. Әр топқа бір-бір басшы сайланады, – деп, Иван Павлович жұмыс жүйесін білдірді де, салмақты сұрау қойып: – Кімді қай топқа жауапты басшы етіп сайлауға қосар едіңдер? Ойларыңды білейін деп едім, – деді. Иван Павловичтің өз ұйғауы бар еді, сонда да группорг пен старостаның пікірін білгісі келді. Столды шынтақтай отырған Жақан түрегелді де: – Паровоздың маңызды бөлшектерін жөндейтін топқа бастық етіп сайлауға Жарқын мен Сашаны ұсынамын, – деді. Ол оқушылардың тізімі жазылған бір жапырақ қағазды Иван Павловичке ұсынды. Мастер қағаз бетіне үнсіз ғана бір белгі жасады да: – Поршень тобына Досовты ұсынамыз ғой, – деді старостаға бұрылып. Жақан тақыр басын сипалай түсіп: – Мен де қостаймын, – деді де Жарқынға қарап жымиды. Бұл жымиысы «біздің пікірімізді өзің де қоштарсың» дегеннің бет-жүзінде білінген ишарасы болса керек. – Экипаж тобына Оразбеков басшы болсын. Бұған қалай қарайсың? – деп мастер әдейі сұрады. Жақан жағын таянып ойланып қалды. – Махмет жиналысқа түсті. Жолдастарының алдында қызарды. Енді өзін істе көрсетсін. Махметке жауапты міндет жүктеу, бір жағынан оған қойған сынағымыз болады, – деді мастер.

– Олай болса дұрыс екен, Иван Павлович, – деп Жақан езу тартты. – Менің ойым да сол, – деді Жарқын... Сонымен осы кеште бұлар әр топқа бір-бір озат оқушыны басшы етіп және де оның қарауына адам бөліп, жас теміржолшылардың өз беттерімен мемлекеттік тапсырма орындауының алғашқы дайындығын жасаған еді. Осыдан екі күннен соң, сап түзеп депоға беттеген оқушылардың алдында, оларды бастап, училище директоры мен қарт мастер Иван Павлович келе жатты. Алдыңғы оқушының қолындағы қызыл шашақты жалау толқи желбіреп, етегі бұлаң қағып келеді. Жіңішке қоңыр үндердің қосыла салған шаттық әні шырқалып барады. Толқынды, жігерлі ән екпіндей жоғары көтеріліп аспанда қалқығандай. Бір кезәсем ырғағы нық-нық қайрылып барып, қайта өрши түсіп, алға оқыс ұмтыла ұшқандай болады. Жаңа толқын жастардың іс мінезін, өршіл жігер-қуатын сездіргендей сүйкімді ән. Топ алдынан рақат еңбектің жылы самалы есіп тұр. Мастердің қуанышын нұрлана қалған ажары аңғартқандай. Көзі күлімдей түсіп келе жатыр. Балалардың бәрі де үстеріне қаракөк әдемі комбинезон киіп алыпты. Олар жел тербеткен гүлдей құлпыра жайқалып, депоға кіреберіп еді. Қандай тамаша! Алып паровоздар, сан алуан әнге басқан станоктар, зыр жүгірген көтергіш крандар! Депоға алғаш барғанда сөз жоқ, осының бәріне де көз алмай құмарта қарап, бір орында тапжылмай қалар ең. Жөндеуге келіп, кезек күткен алып паровоздар қақпа жақта тұр. Барлық дөңгелектері мен басты бөлшектері бөлек алынған бір паровоз, әлпеншек тепкепкендей, жоғары асылып қалыпты. Бұдан әріректе, белінен қырқылғандай, машинаның жарты денесі – тендер тұр. Паровоз дөңгелектерінің қажалған табанын тегістеп,қырып, жонып жатқан бандаж станоктың гуілдеп шыққан үні естіледі. Міне, міне, жуан темір ілгешекті көтергіш кран ақырын жылжып кеп, дайын дөңгелекті бүріп алып, жерден жаңқадай көтеріп әкетті. Депоның сонау-сонау шетінде дайындау цехының ірілі-уақты станоктары – бәрі қосылып, әр үнмен жабыла әндетіп депоны басына көтереді. Ал, сен болсаң, осы үнді әсем ырғақты, жан толқытарлық сырлы күйлі музыкадай-ақ, ұйып тыңдай бергің келеді. Сонда біреу жұмысшыға тән зор дауыспен «алыстан үңілме», ән шығарушы еңбек адамын қасына барып көр» деп те қалар өзіңе. Еңбек күйіне қызығасың да, сүйінесің. Абырой, атақ әперіп, ер атандырар осы еңбек емес пе, достарым! Дәл осы сәтте Жарқынды көрсең егер! Оның ақ құба жүзі нұр жайнап кетіпті. Үлкен қой көздері күлімдеп, Иван Павловичке қарай береді. Жүрегі алып ұшып әлденеге асыққандай. Мүмкін ол оқушылардың мемлекеттік тапсырма алып, арнаулы заказдарды орындайтынына қуанып келе жатқан болар; мүмкін ол алып

паровозды еркін оңдайтын машина қожасы болғанына мақтанатын шығар. Әйтеуір оны ұшқыр қиял шарықтатып көтеріп әкеткендей сезімде еді. Жарқын бұрын паровозды көргенде оған таңырқай, тамашалай қарап, бұл алып машинаны жүргізушіні асқан талантты, ерекше дарыны бар адам деп ойлайтын. Іскерлік, шеберлік те оқу мен білімнен туатынын, әр адам әр өнерге оқи, үйрене келе жетілетінін бұл кездерде ол онша терең біле де қоймайтын. Қазір бәріне қанық. Деподағы шиқылдап, гуілдеп, тарсылдап, сан алуан әнге салып тұратын станоктар да, ғажайып көрінетін паровоз да оған бұрынғыдай жұмбақ сырлы емес. Темір шапқанда діріл қағатын бір кездегі жасқаншақ қолдары қазір епті де, нық сияқты. Күн озған сайын Жарқынның ойы да марқая түскендей. Жарқын жолдастарына көз салып еді. Бәрі де қуанышты, көңілді. Оның дөңгелек жүзі қызара құлпырып, көзі күлім қақты. Депоға жөндеуге жаңадан келген үлкен «СО» паровозының алдында аласа бойлы, жасы елулер шамасындағы, бірақ, өңі жап-жас болып көрінетін аға мастер Сыдықбек тұр еді. Ол оқушыларға екі қолын бірдей көтеріп, сәлемдесті де: – Міне, біздің нағыз резервтер келді, – деді қуанып. – Я, біздің балаларды нағыз теміржолшылар деуге болады! – деді оқушыларының алдында келе жатқан Иван Павлович Сыдықбекке басын изеп. Оқушылар легі паровоздың оң жағына келіп тоқтап еді. Иван Павлович Сыдықбекпен күбірлеп сөйлесті де балаларға: – Депоның аға мастері сендерге алда тұрған негізгі міндеттерді түсіндіреді, - деп хабарлады. Оқушылар аға мастер сөзін ынта қойып тыңдады. Сыдықбек сөзін әуелі: – Бұл депода бұрын да талай рет болдыңдар, – деп бастады. – Біздің паровоз жөндеушілердің қасында болып, олардың істерін көрдіңдер. – Әрине, көрдік, – деді оқушылар. – Біздің еліміздегі транспорттың басты түрі – теміржол. Бұл жолы одақтағы барлық облыстар мен аудандарды бір-бірімен байланыстырады. Өндіріс және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қалыпты айналымын қамсыз етеді, жабдықтарды керекті жеріне мерзімінде жеткізіп тұрады. Түйіндеп айтқанда темір жол – біздің елімізде халық шаруашылығының күре тамыры. Міне, сол үшін де темір жол транспортына қатысты жұмыстың барлығы жүйелі, сапалы болуына керек. – Сыдықбек аз кідіріп геометриялық ережелерді айтқандай ғып: – теміржол транспортының барлық қызметкерлері еңбектің қатаң тәртібіне сай жұмыс атқарады, – деді. – Әрине, бұл – заң, – деді оқушылардың біреуі. – Сендердің алдарыңда тұрған бірінші міндет – осы еңбек тәртібін қатаң сақтау болып табылады, – деді Сыдықбек, – сендер әуелі паровозды көтере жөндеуде

боласыңдар. Паровоздың осы жөндеуге келген уақытынан бастап, толық өңделіп біткенге дейінгі мерзімі бізде арнаулы айлық жоспарда көрсетіледі. Ал сендерге арналған жоспардың бұдан өзгешеліктер бар. – Аға мастер енді осы жөнінде түсінік сөйлеп кетіп еді. – Біз норманы ересек жұмысшылардың артық орындасақ ше? – деп қалды сөздің бір ыңғайында Махмет. – Онда тіпті жақсы, – деп жымиды Сыдықбек, - бірақ, сендердің тәжірибелі, білімді жұмысшылардан бірден оза қоюларың оңай болмас. Оған сол озаттардың ұтымды әдістерін терең зерттеу, білу арқылы, білімдеріңді үсті-үстіне өсіре түсу арқылы бірте-бірте жетесіңдер. Әрине, бұған ешкімнің де күмәні жоқ. Ал, қазіргі мақсаттарың – өздеріңе жүктелген тапсырманы мұқият, сапалы орындау. – Аға мастер оқушыларға міндет жүктеп жүктеп жауаптылықты тағы да ескертіп өтті. – Сендер практикаға келдіңдер. Осы мерзімнің ішінде өз беттеріңмен бірнеше паровозды жөндеп, іске қосасыңдар. Өздерің жөндеп! Бұл – үлкен тапсырма... Алғашқы жөндейтін локомотивтерің, міне, мынау тұрған, – деп Сыдықбек үлкен «СО» паровозын нұсқады. Оқушылар алып машинаға көз жүгіртті. Қай бөлшекті қалай жөндеу керек? Бәрі де көңілдерінде сайрап тұр. Депоның аға мастері оқушыларға: – Жұмыстарың сапалы болсын. Міне көрдің бе, біздің жас буындарымыздың жөндеген паровозын деп мақтанатын болайық! – деді де Иван Павловичке: – балаларды көтеру цехына апарып, жұмысқа кірісе беріңіз, – деп жол нұсқады. Мастер Иван Павлович өз түлектерінің үлкен сенімінің иелері болғанына қуанулы еді. – Рақмет! Жақсы! – деді ол көңілденіп Сыдықбекке, – сәлден кейін біздің жөндеушілер балғасының дүрсілі де бүкіл депоға жаңғырығады, – деп, аса бір нұрлы шырайға еніп, мақтанып қойды... Жастар тапсырманы алып-алып, іске бірден кірісіп кетуге асығып еді. Иван Павлович саспады. Ол көтеру цехында оқушыларға қауіпсіздендіру техникасы туралы сөйлеп, әр жайды әбден пысықтап біраз отырды. «Бұл ережелерді балалар білмейді дей ме екен? Училищеге оқуға түскен бірінші жылдың алғашқы өндірістік сабақтарында-ақ оқушылардың бұл шарттарды жетік біліп алған жоқ па? Тақа ойсыз болмаса, кім ұмытып қалады екен оны?» Шыдамы таусыла қап, дегбірі қашқан Махмет осыны ойлап кетіп еді. Оның бұл қалпын тыпыршыған ыңғайынан тани қойған Иван Павлович: – Оразбеков, міне, осы ережелерді мұқият орындау – жұмыстың сапалы болуының көзі, – деді.

Махмет алақ етіп мастерге қарағанда, өзінің фамилиясы аталғанға таңырқап қалды. Иван Павлович оған емес, басқа оқушыға қарап сөйлеп тұр. – Ал, паровоз жөндеудің сапасы жоғары болса, оның нәтижесі де жоғары. Поездың қалтқысыз, тоқтаусыз жүруіне сенім де мол, – дейді. Бұл міндетті Махметке ғана арнап айтқандай, оразбеков осылай ұғып, салмақты бола қалды. Бір кезде Иван Павлович әр топқа тапсырмалар беріп, оқушыларына тағы да бір жүйе міндеттерді атап өтті. Ақ сұр кейпі бір шырайдан айнымай отырып, еңбектің қатаң тәртібін ескертті. – Қазір цех қоймасынан паровоз жөндеуге керекті құрал-саймандар аласыңдар. Содан соң «СО» паровозының басты бөлшектерін бөлек-бөлек алып, ажыратуға кірісеміз, – деп, мастер сөзін аяқтағанда, оқушылар мәз болысып, алақандарын шарт-шарт соғып жіберді. Біразда зәулім депо ішінде жаңғырыққан еңбек әуеніне жаңа бір жас әуез ұласты. Мемлекеттік тапсырма алып, алғашқы паровозды жөндеуге жұмылған жас теміржолшылар балғасының, Иван Павлович айтқан жаңғырық үні шыққанды. Жарқындар тобы паровоздың поршень бөлімінің басты тетіктерін бөлек алмақ еді. Топ бастығы Жарқын тапсырма берілген соң-ақ, өздері атқаратын жұмыстың жалпы жүйесін әуелі ішінен қайталап, байымдап ойлап алды. Неден бастау керек? Поршеннің әр бөлшегін дара-дара бұзып алудың рет-ыңғайы қалай? Осының бірін Жарқын өз көңілінен қарманған кейіпте. Бұған жауапты ол өзі оқыған кітаптарынан, оқытушыларының ақыл-түсінігінен іздейді. Сақа жөндеушіге бұрын көмекші болып қана келген бала, қазір сол істі бастап кетуге батылы жетпегендей. Өңінде қобалжу да бар. Оның бұл күдігі мастер ақылын естігенде таралып бара жатты. Иван Павлович тендерді жөндеушілерге : «Асықпау керек. Ең керегі – аптықпау. Жұмыс сонда сапалы болады. Әуелі қалай жасауыңды ойланып ал. Сонсоң соныңды орында», – деп кеңес беріп тұрған еді. Мастер Жарқындарға назарын салды. Досов ұстазына қарайлай берді. Саған да айтарым осы дегендей, Иван Павлович бұған бас изеп, енді бастап кетіңдер деп белгі берді. Жарқын паровоздың сол жағындағы цилиндрдің қақпағын бекіткен қалың қырлы винтті үлкен кілтпен кейін қайыра бұрап қалды. винт сықыр етіп кері айналды. жарқын винттерінің бәрін де тез-тез бұрап алып, цилиндрдің ақапағын ашты. паровоздың жүріс екпінін тудыратын басты тетігі – золотник міне осы қуыста бүк түсіп жатыр еді. Бір жолдасының көмегімен Жарқын оны ішінен сумаң еткізіп суырып алды. Жас жөндеушінің осы кездегі қалпы, алып дәудің қабырғасын бір-бірлеп сөгіп алып жатқан ертегінің батырларындай-ақ еді.

Жарқын золотникті айналдыра қарап, оның ұзақ жүрістен қажалған, бүлінген жерін анықтап, дайындау цехына тапсыратын көрсеткіш қағазына жазып алмақ еді. Ол золотниктің дөңгелек дискаларының көзіне сұғына қалған төрт қырлы кішкене тиянақ темірді тескішпен қағып, шегеріп жіберді де, дисканың бірін алып көрмек болды. Жұмыр білекке нық бекіген диска оның жай қолымен бұрай тартқанына сусып шыға қоймады. Ол кілтінің қырымен дисканы шекесінен ақырын-ақырын қағып көріп еді, дөңгел темір шың-шың етіп сіресіп алды. Жарқын үлкендеу балғамен дисканы қаттырақ ұрып жіберді, ашулы темңршытынап қоя берді. Дисканың бір шеті шырт етіп жарылып кетті. Жарқын бүтін дисканы бүлдіріп алып, сілейіп тұрды да қалды. Жөндеудің орнына бұзып тұр. Май жұққан комбинезонының жеңімен маңдайынан шыққан салқын терін бір сүртіп, төмен бүгіліп, мұңайып қалды. Мұны көріп қасына келген мастерге ол: – Иван Павлович... байқамай... мен...сындырып алдым... – деп, беті дуылдап қызарып, әрең үн қатты. Мастер дисканы әрлі-берлі қозғап, байқады да: – Я, енді жарамсыз болып қалған екен. Золотникті дайындау цехындағы станокке апарып, дисканы сонда алу керек еді, – деді. Кейістігі жоқ баяу үнмен ақыл қып айтты. Жарқын мойны түсіп ұялып отыр. өзіне ауыр айып артқандай. Істің қиюын таппай оқыс қимыл жасады. Аңғырттық емес, аңдамады. Бүтін затты бүлдіріп алды. Көптің ісіне кіршік боп жұғардай мұнысы. Осыған күйзелді. «Жөндеушілер емес, сындырушылар келіпті дейтін болды енді. Барлық балалардың ісіне мен кір келтірдім» деп ойлады ол. Қарт мастер шәкіртінің бұл халін танығандай еді. Ол жалпақ алақанымен Жарқынды арқасынан қағып: – Оқа емес, Досов, оқа емес. Алғашқы бетте ондайондай болады, – деп, оқушысын еркелете сынап, жымия берді. – Сәл аңдамай бір жерін бүлдіріп алсаң, еңбек иесін осылай қызартып та алады... Паровоздың тендерін сығалап қарап жүрген Махмет бұларды көріп, оттай қызарып отырған Жарқынның қасына жүгіріп келген-ді. Шытынап жарылып кеткен дискаға үңіліп, сығырая қалды да: – Міне рекорд! Бұған кінәлі кім? Мен бе?.. Дәл өзің! – деп, кішкене көздерін Жарқынға тіктеп қадады. Онсыз да күйзеліп отырған жанға түрпідей тиер қияңқы сөзбен іліп өтті. Жарқынның сонау бір жиналыстағы сөзін әдейі еске салып тұр. Мастер Махметке елеусіз ғана көз салды. Бір күйді іші сезе қалғандай... Бірақ, дәл қазір ешбір сөз қатпағаны несі?!

Жарыс

Иван Павловичтің сол сәтте-ақ түйе қойған бір ойы бар еді. Күтпеген істен кенет туа қалған ой. Өзі жақсы көретін екі оқушысының ана жолғы техникалық конференциядан шыға беріп қақтығыса кеткеніне мастер қатты қиналып еді. Махметтің өзімшіл өрлігі көзге ілікті де, тезге түсті. Көп талқысы Жарқын мен оның арасына тұра қалған бөгетті лақтырып тастағандай еді. Ал, бүгін жолдасының сәтсіздікке ұшырар сәтін күткендей Махметтің Жарқынға кеп, мұқата сөз тастауы мастерді қатты ойлантты. Өз кемшілігін мойынға алмады да Махмет? Жоқ әлде көп талқысының әсері аз болды ма оған? Олай болмаса керек еді. Махметтің жиналысқа түсіп, көптің қатал сынын естіп қызаруына Жарқын себепші сияқты. Сол ойдан Оразбеков әлі арыла қоймағандай. «Я,я, осылай. Мұны елеусіз қалдыруға болмайды» деді ішінен мастер. Иван Павлович әр шәкіртінің мінез ерекшелігін жақсы білуші еді. Оқушының өңіне барлай ғана қарап, оның көңіл күйін ұға қоятын. Ол деподағы сан алуан жұмыс сырына да соншалық жетік адам. Отыз жыл бойы темір жол жүйесінде қызмет істеп келеді. Осы жұмыс саласында оның дәмін татпағаны аз-ақ шығар. Ұлы Отан соғысында ол жау тылында қимыл жасаған қаһарман партизандар тобында болып, гитлершіл фашистермен үш жыл ұдайы шайқасқанды. Оң жақ қасының үстіндегі тыртық сол сұрапыл ауыр күндердің өшпес таңбасы еді. Майданнан қайтқаннан соң Иван Павлович өзінің бұрынғы мамандығы бойынша темір жол училищесіне мастер болып келген. Адамның ішкі сезімін бет құбылысынан ұғатын психолог адам еді. Мастер Махметке жолдастары алдында ескерту жасауды мақұл тапты. Жұмыс соңынан староста күндегі әдеті бойынша оқушыларды сапқа тұрғызды. – Қалай, жөндеушілер, шаршаған жоқсыңдар ма? –деп жымия сұрады Иван Павлович. – Шаршағанымыз жоқ, – деп, балалар қосыла жауап берді. Иван Павлович күлімсіреп, оқушыларға жағалай қарап өтті де, жас жөндеушілерді көңілдендіре сөйледі: – Бүгін жұмысты жақсы істедіңдер, балалар. Әркім өзіне берілген міндетті шама-шарқынша ұқыпты атқарды. Кейбіреуің әлбетте, істің жөнін біле алмай, сәтсіздікке де ұшырадыңдар. Үйрену жолындағы алғашқы қадамда мұндаймұндай болады. Бұл үшін ол оқушыны кінәлауға, мінеуге немесе әжуалауға болмайды. Қайта оған шын ықыласпен көмектесу керек. Ол істің жайын, не ретін білмей тұр екен дейік. Сонда сендер білгендеріңді үйретіп жіберулерің керек. Мастер бір қолын пиджагінің қалтасына салып, сәл бөгелді.

– Ал, кей біреулер бүйтудің орнына жолдасын кекетеді, сықақтайды. Бұл жөн бе? – Әрине, жөн емес, – деді балалар. Мастер сұрауды қойды: – Біздің арамызда ондайлар бар ма? – Оқушылар бұған еш нәрсе дей алмады. – Бар, – деді мастер. Ол кім екен дегендей балалар елеңдей қалды. – Махмет Оразбеков, – деді Иван Павлович. Мастер оның бүгінгі қылығын балалрдың алдына жайып салды да, сап алдында Махметке ескерту жасады. Оразбеков үнсіз қатып тұр. Мұқау сөздің аузынан қалай шығып кеткенін өзі аңдамай қалғанын мастерге айтуға бір оқталып, қайта іркілді. «Өзімнің қандай оқушы екенімді іспен көрсетемін» деп ойлады ол. Жүйрік үміт алға жетелеп әкетті Махметті. Ол депоның озат слесарьларына теңеле кетпек те, балалардың ең алдына самғап шықпақ. Қазір бөгелген түйіні, қалаған тұжырымы осы еді. Бірақ оны балаларға айтудың да, айтпаудың да орайын таппады. ...Келесі күні депода жаңа бір қарқын туып еді. Түскі үзіліс кезінде Жарқын өзінің бір ойын мастерге айтты. – Иван Павлович, менің бір ұсынысым бар. Біз паровоз жөндеуде депо жұмысшыларының күндік тапсырмасын бір күнде орындай алмаймыз. Бұл рас. Бірақ, жөндеу үшін бірдей уақыт, бірдей күш жұмсалатын тетіктерді бір мезгілде оңдауға болмай ма? – Ал өзің қалай ойлайсың. Бола ма, жоқ па? – деді Иван Павлович Жарқынның шешімін білгісі кеп. – Әбден болады, Иван Павлович. Менің ұсынысым мынау : әр топ өзара жарысқа түссе ... сонда тіпті тамаша болар еді. Әр жұмысты алға бастырып өршітетін, екпін туғызатын әдіс – социалистік жарысты ұйымдастырудың қажеттігін Иван Павлович, оқушылар тәжірибеге келген күні-ақ, депоның аға мастеріне айтқан-ды. «Әр бастама – істің барысында туады. Жарыс туын балалардың өзі бастап көтерсін. Бұл қызықты да, екпінді де болады» деп еді ол. – Балалар, Досовтың пікірін қалай көресіңдер? Қосылуға бола ма? – деді ол Жарқынның ұсынысы өз ойынан шықса да, оқушылардың пікірін білмек боп. – Қосылғанда қандай! Өте дұрыс ұсыныс, Иван Павлович. Жаңа бастама! – деп, Саша Бондарчук жұрттан бұрын сөйлеп, өзінің жарысқа түсуге әзір екенін білдірді. Махмет Жарқынмен бәсекелесе кетуге әзіп еді. Енді сәті жеткен сияқты.

Ересек жөндеушілірдің міндеті бірден атқаруға көшпек ойы бар. Жарқынды осыған шақырмаққа бекінді ол. Бір кезде Махмет Жарқынға жарыс шартын ұсынып тұрды: – Берілген тапсырманы мүлтіксіз орындау. Және асыра орындау. Еңбек тәртібін берік сақтау. Бұларды дұрыс дейсің бе? – Айта бер, – деді Жарқын селқос. – Жауабыңды айт: қиындықтан қорықпайсың ба... Бері қара ендеше, паровоз жөндеудің жайы бізге бұрын да таныс болғандықтан, біз ересек жұмысшылардың нормасын олардан қалыспай орындауға бірден кірісеміз. Сені осы үшін социалистік жарысқа шақырамын! – Бірден кірісеміз деймісің? – Я, солай деймін, – деп, Махмет кішкене көздерін ойнақшытып тұрды. – Ондай күш саған қайдан келді? Ересек жұмысшыларға теңелу қайда саған? Одан да... Махмет оның сөзін жіпше үзіп жіберді: – Маған турасы керек. Менімен жарысқа түсесің бе? Жоқ па? – Сенімен жарысқа түспеймін, – деді Жарқын. – Қорқасың ғой? – Пәлі, сенен қорқам ба! Сенімен жарысқым келмейді әуелі. – Үлкен міндеттен жасқанатындар осылай дейді. Жарыспасаң жарыспа. Маған қиын болды-ау, мұнын! – деп, кекесінмен күлді Махмет. Сүйдеді де өзінің күшін көрсетті. – Бар, тая бер! Шаңымды бір-ақ көрерсің ертең!... ...Көтеру цехындағы көрсеткіш тақтада жаңа-жаңа міндеттер жазылған тарақтарақ шақыру қағаздар ілініп қалыпты. Оқушылар топырлап келіп жазуға үңіліп еді. Әріптерін дөңгелете сап, мөлдіретіп тізіп тастаған мына жазу Жарқын Досовтікі ғой! «Біз, поршень тобының жөндеушілері, өзімізге берілген тапсырмаларды ұқыпты және дәл уақытында орындаймыз. Әр тетікті мінсіз сапалы жөндеу үшін бар күшімізді, өнерімізді саламыз. Осы міндеттерді айта келіп, Саша Бондарчук басқаратын екінші топты социалистік жарысқа шақырамыз...» Осылай деп жазып, соңына бірнеше оқушы тізілтіп қолдарын қойған. Бәрі де орынды, бәрі де жарасымды. Бірақ, Махметтің аты көрінбегені несі? Жарқынды басқадан бұрын жарысқа шақырған сол еді ғой. Әлде мұның жазған қағазын біреу жыртып тастады ма? Паровоздың экипаж бөлімін жөндеушілер бір топ еді. Осы топқа теңіз адмиралынша команда беріп, Махмет жүрген-ді. Машинаның білігіне кигізіліп

оны қаптап тұратын букстың болттарын төбеден ұрып, шегінтіп-шегінтіп жіберіп, Махмет қасындағыларға: – Тез болыңдар, ей! – деді. Паровозды жоғары көтеретін кранға қарап тұрып айқайлап сөйледі. Сірә, тағы бір керемет істі ойлап қойған сияқты. Асығыс, әрі тым шапшаң осы қимылы сол қалпын аңғартқандай. Мастер жұмыс ыңғайын бағып жүрген. – Паровозды жоғары көтергенде дөңгелектері ілесе кетпесін. Тез көріп, тұтып қал орнында, – деп ескертті Иван Павлович, алып кран саусағын иіп әкеп, паровозды қос бүйірінен бүріп көтере бергенде. Топ мүшелері әзірленіп, машинаны екі жағынан анталап тұрған-ды. – Әркім өз міндетін атқарсын. Ал, байқаңдар, – деп дауыстады Махмет. Паровоз жоғары көтерілді. Экипажшылар дөңгелектерді оның астынан аулақ шығарды. Алып кран үлкен паровозды баяу жылжытып әкеп төске қойды. – Буксты бөлек алуға! – деп команда берді Махмет. – Ей, сен немене? Көтергіш механизмді жаңа көргендей аңқиып тұрсың ғой, – деді ол қалпағының күнқарағын желкесіне қарата бастырып, теріс киіп алып, аспанға қарап тұрған жолдасына. – Қандай тамаша өзі! – деді анау вржақтап. – Тамашаны көрсетемін мен саған, бүйтіп аңқиып тұра берсең!... Анау үндеген жоқ сол ыржақтаған қалпы, езуі жиылмастан, букстың болттарын суыруға кірісті. Махмет экипаж тобының бөлек-бөлек алған ттіктерін байқап шығып, оның қаншасын жөндеуге беру қажеттігін, жаңаға ауыстырылатын жарамсыздары қанша екенін анықтап жазып алды. Оның ойында осы бір сәт жарқ етіп, тұтана қалған үміт оты бар еді. « Асықпа, таңдандырамыз бәріңізді! Паровозды ересектермен бірдей жөндейтін боламыз! – деп ойлады ол. Махмет тендерді жөндеуші Жақандарға сығалап қарады да: – Машинистің жәрдемшілері, бері жүріңдер! – деді өзі басқаратын топқа. Комбинезондары май-май болып, беттеріне де қара май жұққан төрт оқушы Жақандардың қасына келіп, сіресіп тұра-тұра қалды. – Слесарь, Жақан! Сендерді социалистік жарысқа шақыруға келген экипаж бөлімі, – деді Махмет бойын түзу ұстап, басқалар түгел естісін дегендей қатты сөйлеп... Жақан: – Несі бар, қарсы аламыз, – дей беріп еді, Махмет оның сөзін бөліп жіберіп, өзі сөйлей жөнелді: – Ендеше тыңда. Жарыс шарты мынадай, – ол комбинезонының қалтасынан ораулы бір қағазды суырып алып, заулатып оқи жөнелді. – Жұмысқа уақытынан

да бұрын келеміз. Паровоздың қандай да күрделі бөлшектері болмасын, тек қатырып жөндейміз... Үнсіз ғана тыңдап тұрған Жақан Махмет ұсынған шарттарды түгел мақұланды. – Шақыру орынды. Жарысқа қосыламыз, – деді ол. – Ал, енді осы міндеттерді орындаймын деп қазір қолдарыңды қоясындар. Қане, келіңдер. Тездетіңдер! – деп Оразбеков асықтыра бастады. Әуелі Жақан, одан соң тендерді жөндеуші топтың бәрі де шақыруға өз қолдарын қойды. – Енді бізден қалып қоймауға тырысыңдар! – деді Махмет ескертіп. – Ол жарыс шарты жазылған қағазды көрсеткіш тақтаның ең көрнекті жеріне апарып ілді... Достар сөзі

Күн ерте батқанмен кеш жарық еді. Бүгін таң алдында ұшқындап қар жауды да, түске таман аспан шайдай ашылып кеткен. Ай дөп-дөңгелек боп, бетінде дағы айқын көрініп, училищенің биік шатырына иек артып тұрғандай. Терістіктен ескен салқын леп бар. Қара шинелерінің қалтасына қолын салып, жатақхананың алдында жүрген Махмет бір әнді баяу ысқырып әндетіп қояды. Рельспен зырлап келе жатқан трамвайдың көлденең көшеге тақала бергендегі электр қоңырауының шылдыры естіледі. Анда-санда ағынды «Победа» қоңыр қазша сыңғыр үнімен қаңқ етіп қалады. Қаланың тынымсыз осы үндері Махмет құлағына жетпегендей. Ол өз ойымен әлек.Махмет кенет тоқтай қап. Жоғары қарады. Оң аяғын қозғалақтатып, ботинкасының өкшесімен мұздақ қарды сықыр-сықыр үгіп тұрды. « Я, қайткенде де орындаймын» деп қалды, даусы қаттырақ шығып кетті . – Нені орындайсың? Махмет жалт қарап еді. Дәл артында ұп-ұзын боп Саша тұр екен. – Қане айтшы, неменеге серт беріп тұрсың, – деді ол күле сөйлеп. Махмет сырын бүкпеді: – Айтайын ба?.. Менің ойымда қазір мынадай жоспар тұр. Ертеңнен бастап, үлкендердің тапсырмасын орындауға шұғыл кірісемін. Паровоздың бір тетігін олар қанша минутта жөндейтін болса, мен де сонша уақытта оңдап шығамын... Неге күлесің? Қолымнан келмейді дейсің бе? Қолдан келгенде қандай! Батылдығың жетсе, болды! – Тәжірибең жетпесе қайтесің? – деді әлі жымиып тұрған Саша. – Үлкендермен жарысуға бізге әлі ерте. – Ешқандай ертелігі жоқ. Қазірден бастау керек. Сонда ғана озып шығасың. Социалистік жарыстың міндеті сол, – деді Махмет сөзін нығарлап. – Жарыс шарты осы ғана ма? – дей беріп еді Саша.

– Білем, білем. Еңбек тәртібін сақтаймыз. Ертең бәрін де көресің, - деді Махмет оның сөзін бөліп. Ол бұл әңгімені одан әрі созуды қаламады да: «Балалар келгелі қашан. Манадан бері қайда жүрдің өзің?» – деп сөздің бетін бұрып жіберді. – Аға мастерде бір жұмысым болып, депода алданып қалдым, – деді Бондарчук. Махмет өзінің Сашаны күтіп тұрғанын айтты да: «Тез жуынып шық, кешкі тамақты ішуге асханаға бірге барайық» – деді. Екеуі сәлден кейін асханаға кіріп, шет жақтағы бос столға барып отырды. Буы бұрқырап, алдарына майлы сорпа да келе қалды. Махмет тарелкенің бетінде жүзіп жүрген майлы етті күміс қасығымен бір аунатып көрді де, сорпадан ұрттап еді, тілін күйдіріп алды. Саша мырс етіп күліп жіберді: – Сорпа тәтті ме? – Тәтті екен. Рас, - деп жымиды Махмет сырын сездірмегенсіп. – Солай болар. Көзің қызара қалды ғой, – деп күлді Саша. – Жарайды, жарайды. Суытпай асыңды іш, – деді Махмет қолын сермеп... Асхана тәртібі бойынша екеуі тамақтың екі-үш түріне сылқиып алып, артынан бір-бір стакан шай ішіп еді. Кішкене қасығын сыңғырлатып, шайға салған қантты араластырып отырған Махмет асханаға кірер алдында үзіліп қалған сөзін қайта жалғады.: – Сені күткендегі мақсатым, ойымды баяндайын деп едім. Әлгінде айттым ғой. Сол . Рекорд жасауымыз керек. – Жоқ, Махмет, ересек жұмысшылардың ісін біз әзір атқара алмаймыз, қолымыздан келмейді. Біз практикада жүрміз... біздің міндетіміз не? Ересек жұмысшылардан үйрене беруіміз керек. Олар бізге бәрін де үйретеді. Ал, қазір тапсырманы бірден асыра орындай алмаймыз, – деді Саша Бондарчук. Махмет өз пікірінен таймады. – Орындаймын десең, орындайсың, – деп сөзін шарт түйді...Ертеңіне Махмет жөндеу жұмысына жаңа бір жүйемен кірісті. Ол мұны кеше кешке, жатар алдында ойлап пішіп алған-ды. Өз ақылымен әбден қорытып, осынымды ертең іс жүзінде қолданып көремін деп шешкен. Іске келе шұғыл кірісіп еді. – Тезірек, жолдастар! Уақыт аңқиып ауыз ашып қарап тұрғанды күтпейді. Жарысқа түскеніңді білемісің, өзің, – деп күндегісінен де әбігерленіп, жолдастарын да асықтырып барады. Қимылы тым қауырт. Шып-шып тершіген маңдайын комбинезонының жеңімен сүртіп тастап, бізге қызыға қараушылар бар ма дегендей, әлсін-әлсін маңына көз жібереді. Ол қолына ұзын сапты кілт алып, жөндеуде тұрған үлкен паровоздың оң жағына шыға беріп еді, мастер оның қасына келді.

– Сен болттарды қалай бұрап жатырсың? – деді Иван Павлович оған. – Бүйтіп тұрып бұранданы бекітуге болмайды ғой. Мастер оған жұмыс үстінде техникалық ережелерді сақтамау, орынсыз асығу жұмысшыға зақым келтіруі мүмкін екенін ескертіп, ілгері жүріп кетті. Махмет мастердің бұрылған жағына кекшие қарап, қозғалмай тұрып қалды. Оразбеков техникалық ережелерді білмейді дей ме екен?! «Жоқ, Иван Павлович, ол ережелерді мен жақсы білемін!» деп, мастерге ескерте айғайлап жібергісі келді Махметтің. Оқтала түсіп тоқтады. «Иван Павлович маған ренжіген жоқ, – деп ойлады ол, – мен тапсырманы жұрттың бәрінен бұрын асыра орындап, оны қуантамын..» Ол фуражкасын күнқағарынан қағып жіберіп, желкесіне таман сырғытып киді де, букс болттарын шапшаң бұрап алмақ болып, қайта төнді. Бірінші болтты кілтіне тістетіп ап, еңкейіп тұрып, бар екпінімен ілгері толқып қайырып қалды. Осы бір асығыс, әрі оқыс қимылы шағында Махмет еңбек ережелерін сақтамап еді. Қолындағы балғалы кілт мүлт етіп тайып кетті. Махмет ілгері ұшып, омақата құлады. Иван Павлович механикалық цехтан бір кішірек тетіктерді алып, бері шыға беріп еді. Ол етпетінен қатты жығылған Махметті жүгіріп келіп, басқадан бұрын көтеріп алды. – Жаным-ау, байқамайсың... Асығу неге керек еді. Қарашы енді... – деді Махметтің сол жақ бетін қан жуып кеткенін көріп, өңі қуара қалған Иван Павлович демі дірілдей, ентіге сөйлеп. Балалар да жүгірісіп кеп, бұларды қоршалай қалып еді. Махмет бойын жиып алды, абыржып, қысылған да жоқ. – Оқасы жоқ, Иван Павлович, ақылдырақ боламын енді, – деп жымиды ол, сол жақ бетін алақанымен басып тұрып...

Ет қызуымен өзінің елемегені болмаса Махмет темірге қатты жығылып еді. Букстың ұзын болатына нақ қабақ тұстан келіп соғылған. Осыдан сол жақ көзінің үсті көгеріп ісіп, жұмылып қалды, қанталап кеткен, түйіліп аштырмайды, жарадар болған күнінің ертеңіне ол ауруханаға түскен-ді. Қазір көзі жазылып келеді. Бірақ, училищеге баруына дәрігер рұқсат етпейді. Жел тиеді деп, көзін орай таңып, көшеге шығуына дәрігер және де тыйым салып қойды. Ауруханада түнеген бірінші түнде Махмет өзінің жіпсіз байланып, мұнда жатқаныга қынжылып, көпке дейін ұйықтай алмаған. Салқын таң алдында ғана көзі ілініп еді. Күн көтеріле оянды. Халін білгелі келіп отырған құрбыларын көріп, көңілі жай тапқан-ды.

Ол бүгін ерекше жадырап, көңілденіп, жұмсақ кереуеттің үстінде шалқасынан түсіп, кітап оқып жатыр еді. Жарқын мен Саша үстеріне аппақ халат киіп, шағаладай болып, Махмет жатқан бөлмеге енгенде, ол бұларды байқамады. Саша есікті жаба беріп, ақырын дыбыстағанда ғана Махмет жалт қарап, орнынан ұшып тұрды. Шұбатылған боз шұға халатының омырауы ашылып, ұмтылып кеп: – Сендердің келетіндеріңді жүрегім сезіп жатыр еді, – деп, ол екеуінің қолын қатты сілкіп амандасты. – Қалайсың, сауықтың ба мүлде, ішің пысқан жоқ па? – деп, Саша мен Жарқын қосарлана сұрады. – Жайым жақсы. Көзім таңулы болғанымен ауыруын қойған. Жазылдым, – деді Махмет көңілді пішінмен жадырай сөйлеп, – Врачтың өзі бір қызық кісі. Мен соғыста миынан жараланған адамдай-ақ, басымды айналдыра таңып тастап, «шешпе» дейді. Мен оған «жазылдым» деймін. Ол маған басын шайқап тұрып, «өзім уақыты жетті, енді ал деймін, сонда бір-ақ шешесің» дейді. Міне, дәрігер мен біздің арамыздағы күндегі тартыс осы. – Менімше врач жөн айтады. Сен мұны орындауың керек, деді Бондарчук. Оған сау көзімен алақ етіп қараған Махметтің өңі біресе ақсұрланып, біресе қызарып отырып: – Немене, мені мүгедек деймісің? Жайдан-жай осында жата берем бе? – деді. Жарқын Махметті күтіп сөйледі: – Сашаның сөзі дұрыс. Дәрігер айтты ма, оны орындау тәртіп. – Әрине, сендер солай дейсіңдер ғой, – деді Махмет күбірлеп... Бұлар коридорға шығып, есік жақтағы шағындау диванға барып отырды. Сөзді Махмет қозғады. – Біз тапсырма алдық. Мемлекеттік тапсырма! Біз кеше паровозды өзіміз жөндеуге шықтық! Бұған дейін депо жұмысшыларына көмекші болып қана келген ек. Солай ма, солай. Олар өз бетімен паровоз жөндей алса, қазір біз де жөндей аламыз. Солай ма, солай. Олар атқарған міндетті біз де атқарамыз. Олар орындаған норманы біздер неге орындай алмасқа? Мен осыны ойлап ем... Бірақ не керек, асығыстық жасап, ойымды орындай алмадым. Өкінішім сол ғана. Бірақ, көздеген мақсатыма жетпей тынбаймын, – деп шынын айтып кеп тоқтады ол. – Сен әлі де түсінбепсің, Махмет. Ересек жұмысшыларға бір күнде теңелемін дейсің. Олар кімдер? Олар депода талай жыл паровоз жөндеген мамандар емес пе! Ал, біздер ше?.. қысқасы, олармен жарысқа түсуге болмайды, – деді Жарқын. – Неге? – деді Махмет. – Тыңда! Біз әуелі ересек жөндеушілердің тәжірибесін үйренуіміз керек. Иван Павлович те сан рет осылай деді. Ал, сен олармен жарысамын дейсің. Тәжірибені

үйренбей, әдісті білмей тұрып, құр асыққанмен олардан озуға бола ма? Болмайды. Ондай жұмыс сапасыз, және... Жарқын сәл бөгелді. Махметке ауыр тиер, ойландырар достық сөз қатты ол. – Және орынсыз асығудың неге әкеп соққанын өзің көрдің ғой, - деді. Бұл дәлелі Махметтің бар мінін көз алдына елестетіп кеткендей еді. Оразбеков ләм-мим демей төмен қарады. Жұқа құлағы терек жапырағының күзгі түсіндей қып-қызыл бола қалды. Өз ісінің ағаттығын сезгендей. Жарқынның айтқаны шын жүрегінен төгілген жанашыр сөз сияқты. «Ол дұрыс айтып отыр, – деп ойлады Махмет, – оның сонау комсомол жиналысында айтқан сыны да, мүмкін, дұрыс шығар...» – Ұға бастадым, – деді төмен қарап қалған Оразбеков бір кезде. – Нені? – деді Жарқын жымиып. – Өзімнің кемшілігімді... Осы ой басыма енді ғана келді, – деді Махмет қызара сөйлеп. – Кеш болса да басыңа келгені қандай жақсы болған, ә, солай емес пе, Махмет!– деп Саша қулана күлді. Жарқын да көңілденіп күлді. Махмет төмен түскен еңсесін жоғары көтеріп алды. Жолдастарының жүзінен шынайы достық ажарын танығандай. – Алайда, менің үлкендердің жұмысын келешекте атқарамын деуім орынсыз ба? – деді жүзінде күкі ізі білінген ол Сашаға бұрылып. – Өте орынды. Дауым жоқ. Махмет манағы бір оқып жатқан кітабын өзімен бірге ала шығып еді. – Міне, мынаны оқудамын,– деп, ол Иван Павловичтан алған, сол көк тысты кішірек кітапшаны бұларға мақтанышпен көрсетті. Осы кітапшаны әкеліп беретін жолы, мастер ауруханаға келе жатқанда, бір көзі таңулы Махмет бөлмедегі радиодан естілген әнге ыңылдай қосылып, терезе алдында тұрған еді. Ол Иван Павловичті көріп, залға жүгіріп шыққан-ды. – Менің балам әбден айықты ма, халі қалай? – деп Иван Павловичтің ішке кіре беріп, кезекші әйелден өзін сұрап жатқанын естіген-ді. Махмет. – Халім өте жақсы, Иван Павлович,–деп ол жүгіріп келіп, мастерді құшақтай алған. Иван Павлович оны арқадан қағып: – Айықтың ба?.. Жақсы... жақсы. Бірақ, көзі таңулы адамға әлі қатты жүгіруге бола ма екен, – деп аса бір әкелік мейір төге, Махметті бауырына қысып еді. Махмет те еркелеп, мастердің қолтығына ене түсіп, оның күлгенде көбейе қалатын терең әжімдеріне қызыға қараған. Сол жолында Иван Павлорвич оқушысымен біраз әңгімелесіп отырып, тап кетерінде: – Сен, балақай, рұқсатсыз далаға шығушы болма. Дәрігер маған үстіңнен арыз айтып келіп жүрмесін, – деп жымиып тұрып, Махметке берік ескерткен.

Махмет ұстаз ақылын құп тыңдап, бас изеп отырып, мастерге өз көкейіндегі сөздерін де айтып салған. – Білем-білем, арманың үлкен сенің, Махмет! Міне саған мына кітапты әкеп отырмын. Осы кітаптан арманыңа жетудің жолын табасың, -деген қарт мастер. – Бұл кітапты талдап тұрып оқимын. Озаттар тәжірибесін әбден біліп алғанша оқимын. Сонсоң білгенімді іс жүзінде қолданамын да! – деп еді Махмет қуанып. Енді ол сол мақсатына жеткендей, Жарқындарға жағдайын айтып, сөзінің әуеніне орай қолын сермеп тастап ағып отыр. – Көп жерін жазып алдым. Паровоз жөндеушілердің тәжірибесі туралы жазылған басқа да қағаздарым бұрын бар-ды. Мына кітапшада ылғи стахановшылардың әдістері жазылған. Өздері қандай көп десейші. Соның бәрін тоқып жатқан біздің бас та осал емес! – деп көтеріліп қойды. Төрге ілінген дөңгелек сағаттың жіңішке ұзын тілі әр минут сайын секіріп түсіп, басы қайқайып, жоғары жылжып бара жатыр еді. Ұзын тіл енді бір ырғып қалғанда сағатқа қараған Жарқын: – Уақытымыз болып та қалыпты ғой, – деп тұруға ыңғайланды. – Сонымен, солай. Бәрі де жақсы! – деп, Махмет Жарқынның оң тізесіне алақанымен шарт еткізіп соғып қалды да, сығырая жымың қағып, – жарысқа енді шындап түсеміз ғой, ә! – деді. – Әрине, сөз жоқ, жарысамыз, Махмет, – деді Досов жымиып. Махмет те ұшып түрегеліп: – Менің басым жақсылықты ойлауға ғана міндетті. Бұдан былай екеуіміз керіспейміз. Сол әкел қолыңды, Жарқын! – деді көңілденіп. Жарқын қолын алды оның. Екеуі бір-біріне қарап күлімсіреді...

Қуанышты күндерде

– Рас, Саша, онда өте жақсы болар еді. – Әрине, үлкен бір паровозды жөндеп, алғашқы ісіміз сыннан өтеді екен. Бұл күні қалай қуанбасқа! Концерт қоямыз. Жұрттың алдында шығып: «жас теміржолшылардың бірінші паровозды жөндеп бітірген күніне арналған концертімізді бастаймыз» деп жар салғанның өзі қандай! – Бұған дейін бірнеше жаңа әндерді үйреніп алуымыз керек болар. – Ну конечно, жаңа істен жаңа ән туады. Жақанның бір өзі ғана ұлы құрылыстар жөніндегі бірнеше жаңа әнді скрипкада қазір-ақ ойнап бере алады. – Есенге бәрін айтайық. – Бірінші паровоз жөнделіп біткен күні ойын қоюға дайынбыз дейік. – Жақсы шығуы үшін концертке күні бұрын әзірлену керек.

– Бұл өзінен өзі белгілі, әрине, солай етеміз... Жарқын мен Саша осылай сөйлесіп келе жатыр еді, вагондарына жуан-жуан бөрене тиеген жүк поезы алдарынан өте берді. Біреу паровозбен жарысқандай боп, құйындай ұшып, көлденеңінен қосыла кетті. – Жарқын, Махметті қара! – деп дауыстап жіберді Саша. Қабаған иттен шошына қашқандай. Махмет дедектеп келеді екен. Ол зырлап жеткен бойда құлашын жая, екеуін қапсыра құшақтай алды. – Екі көзім депода еді, содан шыға берген сендерді көрдім де ұштым, - деді Махмет ентігіп. Ол су жаңа комбинезонының алдыңғы қалтасына қолды сұғып жіберіп, бет орамалын желбең еткізіп суырып алды да, шып-шып тершіген маңдайын сүртті. Ана екеуін сөйлеуге де үлгіртпей: - Балалар қазір депода ма?.. Ал, жүріңдер сонда. Бәріміз бірге қайтамыз, - деп қолтықтап алды. Махмет, көп жылдар көрмеген адамдай, сабақтас достарымен жағалай құшақтасып, амандасты. Бұған тұс-тұстан сұрақтар да жауып кетті. – Көзің мүлде жазылды ма? – Енді ауырмайды ғой, ә? – Көзіңнің қарашығына еш зақым келген жоқ па? – Көруің қалай? Дәрігер не деді шығарыңда? – Ауруханадан сенің бүгін шығатыныңды естіп, жұмыстан кейін бәріміз ұйымдасып барғалы жатыр ек... Махмет күлім-күлім етіп, балалардың ортасында тұрды. Кішкене көздерін айнала жүгіртіп, жан-жағына тынымсыз қарайды. Достарын да, депоны да сағынып қалғандай. – Емханадан машинамен зырғытып алып келді. Өзімнің бұйрығым бойынша тура училищенің нақ есігінің алдына әкеп түсірді, – деп, қуанған үнмен аптыға сөйледі ол. – Келсем, сендер жоқ. Кезекші: «деподан әлі келген жоқ» деді. Қалай шыдап күтіп отырайын! Жұмыс киімдерін алып кидім де, осылай қарай ұштым... Енді орталарыңда тұрмын... Жақаң қайда кеткен? Ә, мұнда тұр екенсің ғой... Жаңалығыңды сен айтшы алдымен. – Жаңалық міне мынау. Бірінші паровозды жөндеп болуға жақынбыз – деді май-май болған алақанын шүберек пен ысқылап тұрған Жақан. – Мұны білемін, басқаларын айт. – Мінеки, түзеліп өзің де келіп қалдың, – деді күліп Жақан. – Вот, нағыз жаңалық! – деп, Махметтің өзі де сақ-сақ күлді. Бір слесарьмен сөйлесіп отырған Иван Павлович Махметті көріп, сәл аңырып қалып еді. Балалармен келген бойда құшақтаса кеткен Оразбековтің достар арасында жайраң қағып тұрғанына сүйіне қарайды. Балбырап ұйықтап жатқан баладай, көзінің алды жыбыр-жыбыр тартып, қартаң жүзі күлімсірей қалды.

– Сәлеметсіз бе, Иван Павлович? – деді Махмет мастерге қолын беріп амандасып. – Еһе, келіп қалдың ба? Әбден сауықтың ба? – деп, қарт мастер оның саусақтарын жалпақ алақанымен қатты қысты. – Бірақ, біз айтпай тұрып, депоға өзің кеп қалғаның қалай? – Достарымды сағынып қалдым, Иван Павлович. Сонсоң міне, жетіп келдім, – деп, Махмет шынын айтқанда, Иван Павлович қалың қасын жоғары көтеріп, езу тартып күлді.махметтің мөлдір таза көңілін ұғып тұрды. Орзбековтың бұл келісі құр қызығу, желігу емес, паровоз жөндеп жатқан жолдастарын, коллективті, еңбекті сүю екені, шынында да, ақиқат еді.

Жылжып күндер өтіп жатты. Көтере жөндеудің алғашқы күндерінде туған жарыс, жалаудай желбіреп, алға бастап барады. Бір ғана машинистер жәрдемшісін даярлайтын бөлім емес, социалистік жарысқа паровоз слесары, вагон слесары бөлімдерінің жөндеу тәжірибесіне шыққан барлық оқушылары да қызу келіп қосылған-ды. Депода еңбектің жаңа бір ер толқыны көтерілгендей. Ысыла, үйрене түскен, алға нық-нық аттаған жастар легін көреміз. Үзіліс кезінде балалар көрсеткіш тақтаға үңіледі. Қай топтың оқушылары паровоз жөндеуде алда келе жатыр екен? Группорг басқаратын топтың еңбек көрсеткішін көрейікші!» деп, жабырласып кеп қарайды. Көрсеткіш тақтадағы цифрды оқығанша асығады. Бұл күндері Жарқын аса көңілді жүрді. Ол істе өзінің топтан ерек, дара озықтап кетуін ұнатпайтын-ды. Жекеге емес, көпке ортақ игілікті қуанышты ерекше қадірлейтін мінезі бар. Жарыстас адымының бір мүдіру шағын аңдып, қапысын тауып, ілгері шырқап кетпек ойы жоқ, оған жөн айтып, жәрдем етіп, жолдасының нысанаға өзімен қатар келуін мақсат та, мақтаныш та көреді. Қазір Саша екеуі тең келеді, жарыстың алғы легінде бара жатыр. « Бәріміз де алда болсақ» деп ойлайды Жарқын. Бүгін де ол осыны жиі-жиі еске алумен болған-ды. Өз тапсырмасын ертерек орындап кетті де, котелға су айдайтын инжекторды орнатып жатқан Махметтердің қасына келіп: «Халің қалай, Махмет» деп еді. – Міне, мынау ең соңғысы, – деп, Махмет аппақ тісін ақсита күлімдеді. – Оң жақтағы инжекторды бекітіп болдым. Кеше бұл кезде екі инжекторды бекітуге уақытымыз жетпей қалған еді, бүгін толық үлгірдік... Халіміз өте жақсы!..

Өз істерінің жақсы нәтижесіне Махмет қуанып тұр. Ол соңғы кезде әрі сабырлы, әрі ұқыпты болған. Көптен ерек көрінемін деп дара жөнелетін бұрынғы мінезіне енді ұялатын сияқты. – Өздеріңде жай қалай? – деп, ол Жарқыннан ынтыға сұрады. – Бізде де өте жақсы! – деді Жарқын көңілді үнмен. – Паровоздың қалған жөндеуін кешке дейін бітіре аламыз ба? – Сөз жоқ!.. Өндірістік тәжірибеге келген оқушылар бірінші паровоздың жөндеу жұмыстарын түс ауа толық аятап еді. Сырттан созылып кеп депоға енген жылтыр рельстің үстінде алып машина тұр. Жастар жөндеген «СО» паровозы осы. Заводтан жаңадан ғана әкеп түсіргендей, қабырға –бүйірлері жалт-жұл етеді. Үлкен дөңгелектерінің аппақ табандары күмістей жалтырайды. Оқушылар паровозды анталай қоршап тұрды. Байқау комиссиясы қазір сыннан өткізеді. Не дер екен олар? Жөндеуден кемістік табар ма? Бала қолынан шыққан іс қой, мына бір жері осал оңдалыпты дей ме? Жоқ, әлде... «Я, жарайсың, жігіттер!» деп мақтар ма? Бәрінен де қабылдап алғанын айтсаңшы! Жөнделген паровоз жолға әзір! Ұзақ сапарға шығуға дайын! Отан жүгін тартады! Өз ісіңнің жемісін көресің. Бұдан артық қуаныш болар ма! Осы бір ойлар әркімнің-ақ көңілінде бар еді. Жас жүректер лүпіл қағады. – Ей, жолдастар, жол беріңдер, жол! Паровоздың оң жағына шығыңдар түгел. Машина арнаулы комиссияның бақылауынан өтеді, – деп, жайдары Саша Бондарчук топты жарып, алға шыға берді. Тұрғандар да дабырлай жөнелді: – Әй, қалай болар екен, ә? – Жүрегім аттай тулап барады. – Немене, қорқып тұрсың ба? Біздің жөндеген паровозымыз жөндеуден зырғып өтеді. – Әрине, әрине, үлкендерден кем түспейміз! – Былай тұрсаңшы! Оң жаққа шық деді ғой саған... Депо іші гу-гу етеді. Темір жонған қыру станогінің қоңыр үні гуілдейді. Ақ бауыр болат жаңқалар ширатыла иіріліп, төмен түсіп жатыр. Бір бұрышта электр балғасы дүңкілдейді. Иван Павлович оқушылардан тыныштық күткендей қолын көтерді. Балалар командамен қарағандай, бастарын мастерге бұрып еді. Қарт мастердің әжімді жүзінде терең бір ойдың ізі бардай. Я, оқушылар жүрегінің соғуын ұғып тұр еді ол. Өз түлектері жөндеген бірінші паровозды комиссия қалай бағалар?! Сапалы біткен іс деп қабылдар ма? Немесе... Жоқ, мастердің сенімі мол. «Біздің балалар шалағай емес» дейді ішінен Иван Павлович. Байқау басталды. Тексерушілер машинаның бар тетігін үңіле-үңіле қарап, ежіктей көріп, зерттеп шықты. Енді қазір паровозды жүргізіп байқайды.

Иығындағы ақшыл погогнында кішірек үш жұлдызы бар орта бойлы жігіт машинист будкасына жып етіп енді де, паровоздың реверсін бұрай бастады. Оттығы қып-қызыл болып, шоқтығындағы жіңішке түтіктерінен пысылдап бу шығып тұрған паровоз ішін тартып қалғандай болды. Қайсар екен, досым! Жарқын золотник ұясына үнсіз ғана қадала қарап тұр. Өзі сындырып алған, өзі жөндеген тетік қой. Аздаған күдіктен де бойы құр емес. Қасы сәл түйіліп, ұзын кірпіктері тікірейе қалыпты. Поршень мен тиянақ шайба берік жымдаспаған болса, осы байқауда бұлардың астасқан жерінен қысылып, ызыңдап бу шығады. Кім біледі, поршень сығымдап жібергенде, қысылған бу сол тұстан саңлау тауып сыртқа ұмтылар. Паровоз –күрделі машина, оны жөндеу жұмысы да күрделі. Осы алып машинаның бір ғана тетігін оңдауға қаншалық, дәлдік керек десеңші! Сен жөндеген сол кішкентай бөлшекте бір мін болса, ол паровоздың басқа тетіктерін жұқпалы аурудай-ақ бүлдіреді. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дейді қазақ мақалы. Тап соның кері болады. Жарқын өз ісіне қаншама сенгенмен, істің ақырын қобалжи тосуда еді. Бір кезде алып машина пыс-пыс етіп, дышлосын қозғап қалды. Сәлден соң тез-тез деміге тыныстап, баяу ғана ілгері жылжи берді... Оқушылар паровозға жымың-жымың қарап еді. Иван Павлович мұртын сипап, күлімдеп олардың алдында тұр. Байқау бітті. Тексеруші комиссия оқушылар жөндеген бірінші паровозды сапалы біткен іс деп қабылдады. Бір паровоз алыс сапар шегуге әзір! Осы хабар жас жөндеушілерді қандай еңбек қуанышына бөледі десеңші, достарым! Жас балғын жүздері бал-бұл жанып, олар бір-бірін ұзақ құттықтады. Иван Павлович балалардың ортасында тұрып алып: – Міне, көрдіңдер ме, балаларым?.. Сүйіп істеген жұмыс әрқашан осылай қуанышқа бөлейді. Еңбегінің көркі осы! – деді көңілденіп. Қарт мастер жас түлектерінің алдына үлкен міндет тартты: – Еңбектің зор қуанышы әлі алдарында. Бұған талмай оқып, ерінбей ізденіп, жігермен талпынған адам ғана жетеді... Бүгінгі табыстарың сол жеңістің алғашқы бір баспалдағы. Жуырда паровоз жүргізу тәжірибесіне барасыңдар. Училищені біржола бітіріп шығар күндерің де тақау. Бұдан кейін өмірге жолдама аласың. Теміржолшылар армиясына қосылып, жауапты қызмет атқарасың. барған жерлерің "міне, қандай тамаша жас мамандар келді, училище бұларды қалай жақсы тәрбиелеген» деп сүйінер болсын... Совет жұмысшысы болу ардақты ат! Осы сөзді әрқашан жүрегіңде сақта. Ұмытпа!.. Оқушылар ұстаз ақылын зейін сап тыңдап қап еді. – Ұмытпаймыз әрқашан, Иван Павлович, – деді Махмет, даусы нық та, сенімді шықты. Оның бүкіл достарының көңілінде тұрған жүрек сөзі де осы еді...

Сол қуанышты күннің кешінде училищені көркемөнершілерінің сауық кеші болды. Клубқа жан көп жиналады. Осы көңілді жұртта мол бір еңбек шаттығы бардай. Жас жөндеушілер ісіне сүйсінуден туған қуаныш сезіледі. – Қазір менің балаларымның өнерін көреміз! – деді алдыңғы қатарда отырып Иван Павлович көршісіне мақтанышын сездіріп. Торғын шымылдық сыр етіп ашылып, екі айырылып, кейін шалқая берді. Бір бүйірден сахнаға шыға келген хабаршы: – Жолдастар! – деді сыңғыр даусымен, – біздің жас теміржолшылар бір паровозды мінсіз, сапалы жөндеп бітірді. Комиссия қабылдап алды. Осы еңбек қуанышына арналған концертімізді бастаймыз!.. Топ торғайдың дүр етіп үркіп ұшқанындай, алақандар соғылып. – Ертіс туралы ән. Скрипкада орындаушы Жақан... Ол көп кідірген жоқ, скрипкасын көтере ұстап сахнаға шықты. Сұлу Ертіс туралы әсем ән кетті тербеліп. Сым шектен сызыла шыққан әуез қатты сазбен екпіндей келіп, бір кез үзіле жаздап төмендеп кетеді. Бірауық сық-сық күлген жұқа толқындай жымыңдай ағады. Өзен бетінде қалқыған қайықтай, епті саусақ перне үстінде дірілдейді. Көңіл толқуының қалтыры емес, ән ырғағын құбылтатын қол нақысы. Енді бірде көтеріңкі шуақ үнмен скрипка Ертіс суының қуаң далаға барғанын шертті... Иван Павлович сәл еңкейе түсіп, үнсіз ған, қозғалмай тыңдап қапты. Скрипкашының перне үстінде жүгірген жүйрік саусағына көз алмай қарайды. «Біздің балалардың қолы барлық іске де икемді» деп ойлады ол, сүйініп те, қуанып та отыр. Солай, досым, біздің жұмысшылар іске де шебер, білімді де, өнерлі де! Скрипка үні сызылып барып үзілді. Енді бір сәтте украин халқының көңілді би күйі кетті. Аккордеон тартқан Саша. Махмет бойын жазып, гимнастеркасын түзеп, алақанын шарт еткізіп соғып жіберіп, құлашын жайып, дөңгелене билей жөнеліп еді. Оның музыка әуеніне дәл-дәл келген әр қимылына сүйсіне басын шұлғып тастап Саша отыр. Ақ саусақтары пернені секіре басады. Махмет ұзақ биледі. «Ә, көңілді бала, қара мұның үйірілуін!.. Білем, білем, сенің қолыңнан бәрі де келеді. Сен паровозды да билетерсің әлі» деп, мастер оған кәрі көздері күлімсірей қарайды, өз түлегінің әржақты өнеріне қуанады. Сахнаның сол жағында артистер кіріп-шығатын бөлме бар еді. Жарқын шымылдық тасасында тұрып, Иван Павловичке көз салды. Қарт мастер екі қолын айқастырып әкеп алдына қойып, жымиып отыр. Осы бір ажарынан әкелік сезімнің нұры төгілгендей. Жарқынның есіне үй іші түсті. Өз анасы Жамал да

оған осылай қарайтын-ды. Кіп-кішкене тұлымына үп-үлкен лента тағып алуды сүйетін қарындасы Розаға да сол мейірін төгетін анасы. Жарқын мастердің жүзінен осы бір шырайды көрді. Иван Павлович бүкіл оқушы-ларына жымия қарап отырған сияқтанады. Әрине, өз шәкіртінің өнегелі ісіне ұстазы қашан да сүйінеді, мақтаныш етеді! «Сізді біз әрқашан да қуантамыз» дейді Жарқынның ыстық жүрегі. Көңілді би сазы құбыла бұралып, ойнақы қайрылып, көпке дейін естіліп тұрды...

Алғашқы сапар

Арада көп айлар өткен-ді. Темір жол училищесін бітіріп, кочегар міндетін атқарып жүрген жастарға жаңа бір қуанышты шақ жеткен-ді. Олар енді машинист жәрдемшісі атағын алып, тұңғыш сапарға шықпақ! Жарқын кеше үйіне барып қайтуға рұқсат алып еді, ол бүгін ерте тұрып, қамданып, түс кезінде автобуспен жүріп кетті. Ұзын автобус отырғандарды бесікше шайқап келе жатыр еді. Көңілді Жарқын терезеден әлсін-әлсін қарап, орныға алмай қопақтап отырды. Ұшар басына дейін қанатын жайып қарағай өскен көгілдір таудың ығындағы дөп-дөңгелек көлді жиектеп өтетін тас жолмен, автобус Жарқынның аулына қарай тартты. Терезеден басын шығарып қарады бала. Училищенің қызыл шатыры бұлдырап қана көрінеді. Жарқынның бойын ыстық бір толқын биледі. «Училищем, – деді ол ішінен. Қимағандай көңілі. Жұқа ерні дірілдеп, бір сөздерді айтып отыр. – Ұмытпаймыз сені. Әрқашан келіп тұрамыз. Хат та жазамыз жиі-жиі..» Үйіне бармағалы Жарқынға көп күн болған. Оның бұл жолғы барысы өте орынды және қуанышты келіс. Ол училищені үздік бітірген-ді. Кочегар болды. Бүгін міне машинистің жәрдемшісі! Бұл – бір жүйе шаттығы. Басқа қуанышы тағы бар: ол ұлы құрылыстың заказдарын тартатын поезға машинистік жәрдемшісі болып барады. Жарқынды ерекше қуантқан осы жайлар еді... Автобустан секіріп түскен бетінде ол алды-артына қарамай жүгіре басып, тура үйіне бет алды. Жарқын үйіне қуанып кіргенде, қысқа жең көйлек киіп, тұлымына шоқтай лента тағып алған бес-алты жасар қарындасы Роза кішкене саусақтарымен бір кітапты жып-жып аудара ақтарып, суреттеріне қарап отыр еді. Ол ағасын көріп, тез ұшып түрегеліп, жүгіріп кеп, Жарқынды құшақтай алды. Жарқын реңдес домалақ жүзі балбырап, ағасына еркелей қарап: – Мамам қазір келеді. Ол магазинге кеткен, – деді де төргі терезеге жүгіріп барды. – Әлі көрінбейді, шақырып келейін бе? Сен кетіп қалма, жарай ма, деді Роза.

Жарқын өзінің рұқсат алып келгенін айтып, Розаны қолынан жетелеп, оң жақтағы ұзын скамейкаға барып отырды. – Сен маған поезды жүргізуді қашан үйретесің? Бүгін үйрет, жарай ма, – деді Роза Жарқынға жаудырай қарап. – Үйретуге болар еді, бірақ, сен кітапты оқи алмайсың ғой, – деп күлді Жарқын. Өзі кішкене Розаның білмекке талпынуына ішінен сүйсініп қалды. – Жоқ, мен оқи аламын. Міне көрші... Роза ағасынан бұрын үйреніп алған сөздерін айтып, кітапты шын танып оқып тұрған адамша, іркілмей заулата жөнелді. – Паровоз жүк тартады. Көмір, темір, май, сүт, ірімшік... Ол бумен жүреді. Паровоз жүргізушіні машинисит дейді. Оның жәрдемшісі болады. Бір бала пешке көмір салып тұрады... Бірінші паровозды ойлап тапқан кім еді? – деп мүдіріп қалып, амалсыз тоқтады. – Ұмытып қалдың ба? Алғашқы паровоз біздің елімізде жасалған. Оны ойлап шығарған орыс оқымыстысы Че-ре-па-нов, – деп, Жарқын өткен заманнның жаңашыл, ойшыл, ғалымның есімін қарындасына анық етіп жіктеп айтты. – Жарайды. Енді ешуақытта ұмытпаймын, – деді Роза. Ол бір кез өзінің туған күні құрметіне Жарқынның тартқан ойыншық паровозын алып, столдың үстімен әрлі-берлі сүйрей жүгіртіп тұрды да: – Тыр-р-р! – деп алақанымен баса қойды. – Сен поезды осылай тоқтата аласың ба? – деді Жарқынға. Жарқын қарындасының сұрағына езу тартып жымиып түрегелді. – Паровоз кез келген жерге тоқтай бермейді, – деді ол Розаға түсіндіріп, - темір жолдың бойында ұзын темір бағана болады. Оны семафор дейді. Оның ең басында қозғалып тұратын қанаты болады. Егер семафордың қанаты жоғары көтеріліп тұрса, жол ашық. Поезд кідірмей жүре береді. Егер қанаты көтерілмесе, онда паровоздың жолы бос емес. Тоқтайсың. Станцияға жақындағанда екі қанатты семафор болады. Оның төменгі қанаты жоғары көтеріліп тұрса, поезды онан әрі жүргізуге болмайды. Сонсоң қайтеді? – деді қызыға тыңдаған Роза. Семафордың үстіңгі қанаты жоғары көтерілгенде ғана жүру керек. Төменгі қанат машинистке поездың қай жолмен жүретінін көрсетеді. – Оны... саумапорды қалай көресің? – Саумапор емес, семафор, – деп, қарындасыныңі сөзін түзеп айтты Жарқын. – Паровозды жүргізуші машинист оның қанатының қалай тұрғанын күндіз анық көреді. Ал түнде бұл белгілер жарық арқылы беріледі. Жол ашық болса, семафордан көк жарық көрінеді. Ал қызыл жарық көрінсе, жол бос емес. Жүруге

болмайды. Машинист поезды тоқтатпады. Семафордан кейде сары түсті жарық көрінеді. Ол «байқаңыз» деген ескерту. – Қандай ақылды! – деп таңырқады Роза. – Ақылды ол емес, адам, – деді Жарқын. – Темір жолды бақылайтын арнаулы кезекші болады. Семафорды солар басқарып отырады. «Жарқын бәрін біледі. Оның қолынан бәрі келеді. Ол паровозды өзі жасай да алады. Мен де Жарқындай боламын!» Кішкентай Розада осындай бал-бұл ой бар еді. Күлім қаққан көздерін ағасынан алмай қарайды. – Паровозды өзің көрдің ғой? – деді Жарқын оған. – Аһа, - деп бас изеді Роза. – Жеті-сегіз жылдан соң паровозды оқуға сен де жарайсың. Сонан соң паровозды жүргізе де аласың... Сонда екеуіміз де машинисит боламыз. Екуіміз паровозбен жарысамыз! – деп, Жарқын қарындасын қуанта сөйлеп, шашынан сипады. – Мен сенен онда озып кетемін! – деп, Роза мәз бола күлді. Ол шешесінің келе жатқанын терезеден көре сала: – Мамам келді, Жарқын! – деп, есікке таман тұра жүгірді. Жарқын Розаның қолынан ұстап, тысқа бірге шықты. Орта жастағы, толық денелі, ақсары келген Жамал теміржолшы баласын құшағына алып «Қалқам-ау, сағынып қалдым ғой!» деп Жарқынды бетінен сүйді... Әр ана өз баласының өнерлі ісін мақтан етеді, сүйсінеді. Сенің бірінші тәрбиеші ұстазың сол ана! Жамал бүгінде Жарқынның жаңа мамандыққа жолдама алып келгеніне жүрегі елжіреп қуанып еді. Көз алдында есейген, ержеткен адам тұр. Қарап отырса, баласының сөздері де сабырлы, ойлы шығады. Кішкентай Розаға ақылшы боп, қамқор төгуіне қараңыз! Я, өзі кәдімгі тәрбиеші сияқты. Әлгінде сыртқа жүгіріп шығарда қарындасының еденге тастап кеткен кітабын еңкейіп көтеріп алып: «Мұның жарамайды, Роза. Бұл кітап. Мұны жақсы көр» деп ескертіп жатыр. Сыпайы сөйлейді. Қимылы икем. Бойы да таралып өскендей. Белін қынай буынған қаракөк гимнастеркасы өзіне өте жарасып-ақ тұр. Училище бұған мамандық беріп қана қоймапты. Жанына әдептілік те еккендей. Солай, солай, училище нағыз адамдарды тәрбиелеген. Рақмет оған! Үйге еніп, дөңгелек столды ортаға ала шай ішіп отырып, Жамал баласынан сөз тыңдағанда, осылар ойына келген еді. Жарқын кеңесті өзінен бастамады. Әр жолдасының өнерлі ісін, кочегар кезіндегі еңбек жолын көңілденіп отырып баяндады. Енді бір кезде достарының жаңа мамандық алған қуанышын шертті. Бар тамашаны, өз әсерін жырдай ғып шешесіне төгіп отыр. Бабында тұрған домбыра шеберінің қолына тигендей, әсем нақысты ырғақпен тартылып кетіп еді. Жамал қастарын кере түсіп, оған мейірмен қарайды. Өз баласының өнер иесі

болғанына қуанады, сүйінеді, мақтанады. Білгір Роза әлсін-әлсін сұрақ қойып, ағасының сөзін бөліп отырды. Жамал кочегар ұлының машинист жәрдемшісі болып алғашқы сапарға шығатынын естіп шексіз қуанды. – Жаңа ісіңде жақсы табысқа жет. Бұдан артық не тілек айтайын, балам. Совет жұмысшысы деген құрметті атағыңды әрқашан кіршіксіз жоғары ұста! – деп, өзіне еркелей қараған Жарқынды аймалап құшақтап, арқасынан қақты. – Мамам екеуіміз сені станцияға барып шығарып саламыз. Жарай ма, Жарқын, – деді Роза еркелей күліп. – Жарайды, Розочка, – деп жымиды ағасы...

Станция бастығының қабылдауында болып шыққан Жарқын депоға барып аға машинистке тағы бір жолықпақшы болып еді. «Мен де барам. Маған ешкім ұрыспайды. Сенің паровозыңды көрем» деп, Роза қоймай өтінді. – Барсын... Бара ғой, - деді Жамал да, Жарқын қарындасын ертіп алды. Бұлар депоға тез жетті. Роза жан-жағына алақтап қараумен барады. Рельс үстінде үп-үлкен паровоздар тұр. Құлағына даңғырлаған, гуілдеген тынымсыз бір үн естіледі. Дәл төбесінде, қармағын түсіріп, жап-жалпақ бірдеңе сырғып келеді. Роза одан көз алмайды. Темір ілгек паровоздың үлкен дөңгелегін жерден жаңқадай көтеріп әкетті. – Анау немене? – деді қызық көрген Роза ағасына. – Көтергіш кран... Олар дабырлап сөйлесіп, оң жаққа бұрыла бергенде, арттарынан Жарқынға таныс дауыс естілді. – Мынау кішкентай қыз мұнда неғып жүр? Жарқын кейін бұрылып қарағанда, өзіне таныс аға машинисті көрді. – Мен оның паровозын көре келдім, – деді Роза әлгі сөздің өзіне айтылғанын аңғарып. – Ештемені бүлдірмеймін... Мен кішкентай емеспін ғой. Өткір қара көзді, ақ сұр келген аға машинист кішкентай қыздың пысықтығына сүйінгендей: – Жасың нешеде? – деп сұрады жақын келіп. – Отызда. Розаның өзі білетін сандардың ішінен аузына бұрын түскен цифры осы болды. – Үлкен екенсің ғой?

– Аһа! Мамамның әкеліп берген кітаптарын жыртпаймын. – Роза үлкен адамдарша асықпай сөйлеп, орнында тұр ма дегендей, тұлымына таққан лентасын оң қолымен байқап қойды. Оның бұл қылығына қызыға қарап тұрған аға машинист Жарқынға көзін қысып. – Міне, нағыз сыншы. Паровозды көрсетейік, – деп, жуан даусымен күліп сөйледі. Ол Жарқынға: – Ал, машинист жолдас, өз халің қалай? Жолға әзірмісің? Сенің алғашқы маршрутың қуанышты сапар болды. Коммунизмнің ұлы құрылысының заказын тартамыз. Ертең тұңғыш сапарға шығасың. Бұдан артық не қуаныш керек! – деп еді. – Мамам екеуміз сендерді шығарып саламыз. Біз колхоздан сол үшін келдік, – деп Роза сөзге араласып. Жол жүрер адамның көңілі елегізіп тұратыны қандай! Қашан аттанып кеткенше асығулы еді Жарқын. Ертеңіне ол депоға тым ерте келді. – О, жарайсың, жігіт. Паровоз жүргізушілер ұйқышыл болмайды, – деп, көңілді амандасты аға машинист. Ол Жарқынға екі сағаттан соңсапарға шығатынын ескертіп, «Жолға толық әзірмісің?» деп сұрады. – Я, дайынмын, – деп нық айтты Жарқын. – Жақсы. Өте жақсы онда, машинист жолдас! Аға машинистің бұл сөзіне Жарқын көтеріліп қалды. Бұлар өз паровозын соңғы рет байқап, тексеріп өтті. Жарқын қолына майлы шүберек алып, котел мен тендерді жарқыратып сүртті. Ол бір кез тендердің үстіне шығып, тастай көмір кесектерін ауыр балғамен ұнтақтап жатты. Біразда аға машинистің біреуге рапорт бергендей тақ-тақ сөйлеген сөзін естіп, бұрылып қарады. – Паровоз жолға шығуға дайын! – деп дауыстады аға машинист. – Түсінікті. Машинистің маршрутын алыңыз, – деп, депо кезекшісі оған графаға бөлінген бір қағазды ұсынды. Машинистің маршрутында поездың ауырлығы, составтың ұзындығы, қысқасы, сол поезд жайында барлық ақпар болады;ал, жол үстінде – әр станция арасында поезд қанша уақыт жүргені, кідіргені – барлықжай сол қағазға жазылады. Машинистке пездың салмақ мөлшерін білуең маңыздысы. Өйткені, шапшаң жылдамдықпен жүрер болса, паровоз шамадан артық жүк тарта алмайды. Тек әбден ысылған тәжірибелі, шебер машинистер ғана паровозына мөлшерден тыс ауыр жүкті тартқызып әкете алады. Оларды – ауыр салмақты поезды алып жүрушілер деп атайды. Осының бәрі Жарқынның көкейінде сайрап тұр. Аға машинист оған:

– Келесі сапарда ауыр салмақты поезды алып жүреміз! – дегенде, Досов қатты қуанды. Паровозбен алғашқы қуанышты сапарға жүргелі отырған оқушысын шығарып салуға келген Иван Павлович Жарқынның шешесі Жамалмен станция алдында сөйлесіп тұр еді. – Міне, енді есейіп, жұмысшы болған, өнер иесі болған балаңыздың шеберлігін көресіз, - дейді мастер жайдары үнмен. Жамал жүзінде шаттық ойнап, көңілі толқығандай болып, өз баласының қадірлі қарт ұстазына жүрек алғысын айтады. – Рақмет, Иван Павлович! Менің балам – сіздің оқушыңыз. Оны бұл өнерге сіз үйреттіңіз. Рақмет! – дейді. Үстіне комбинезон киіп алған Жарқын машинистің будкасына асыға еніп кетті де, іле қайта шықты. Будканың табалдырығында тұрып, Розаға қарап жымиып күлді. Асығып жүргенде маңдайына қара май жұқтырып алыпты. – Мама, Жарқынға қарашы! Роза ағасынан көз алмай манадан бағып тұр еді. – Бетіне күйе жағып алыпты, – деді ол сықылықтап күліп. – Жаңа анаған енгендебетін әдейі бояп алыпты, – деп, кішкене саусағымен машинистің будкасын нұсқады. – Сен неге күлесің, Жарқын?.. Бетін күйе-күйе! Хи-хи-хи... Жарқын бұған қымсынған жоқ. Кеудесін шалқақ ұстап, масаттана түскендей. Оның бұл қалпы: маңдайға жұққан күйе – «жұмысты беріліп істегендіктің белгісі» дегенді аңғартқандай. – Үстім бүлінеді деп жұмыстан қашқан болса, Жарқын мына үлкен паровозды жүргізе де алмас еді, – дейді Жамал қызына. Жарқынның бірге оқитын жолдастары да станция басына келген-ді. Паровоздың қасында жүрген Махмет күлімдеп келіп: – Сигнал берілді. Қане, Жарқын, әкел қолды! Сен бірінші болып сапарға шықтың. Жолың болсын! Бүгін Жақан екеуміз де сапарға шығамыз, – деді жас машинистке қолын беріп. Жымыңдап барып Жарқын оның қолын қысты. Иван Павлович көпті көрген көздері күлімсіреп, тату достарға қарайды. Жарқын мен Махмет арасындағы бір кездегі керіс те есіне түсіп кетті. Енді міне, бүгін көрші! Қаяуы жоқ, шынайы көңілдер бар. Қарт мастер соған қуанады, сүйінеді. Паровоз пыс-пыс етіп ақырын дем алып тұр. Тізілген вагондар: біріне жер қазғыш үлкен экскаваторлар, жүк машиналары тиелген, енді бірнеше жуан-жуан бөренелер, алып трубалар бар. Роза бәріне де құмарта қарайды. Бар ықыласы

Жарқынның паровозды қалай жүргізгенін көру. Өз көргенін кейін құрбыларына айтып беруге және де қандай шебер ол! Паровоз маңдайындағы әдемі үлкен қызыл жұлдыздың үстінде «КОМСОМОЛЕЦ» деген жазу бар. Одан сәл төменірек «Коммунизмнің ұлы құрылысына!» деп қызыл матаға сәндеп жазылған. Жүруге белгі берілді. Аға машинист ребрсті жылжытты. Паровоздың дышлосы керіле қозғалып, поезд ақырын жылжи жөнелді. Роза қолын бұлғап, аз үндемей тұрды да: – Жылдамырақ, жылдам!!.. Тез!.. Шапшаң! – деп, ағасына бұйрық беріп айғайлап жіберді. Бірақ, Жарқын оның даусын естіген жоқ. Ол будкадан басын шығарып қарады да, «Міне енді жүйткітеміз» дегендей паровозды ысқыртып қалды. Иван Павлович поезға қарап күлімдеп тұр. Көзінің етегіндегі терең әжімдері қарт мастердің өзі жетілтіп, әр бағытқа өзі ұшырған түлектерінің тарам-тарам сапар жолдары сияқты. Ол ойлы көзі алысқа қадалып, жас өрендерінің нұрлы болашағын көргендей сезім құшағына енеді. «Менің бақытым осы емес пе!» – деп күбірледі қарт мастер. Станциядан ұзап шыға паровоз екпінді ағынға басты. Дөңгелектері сыртылдап, биік маңдайы ауаны тіліп жүйткіп келеді. Мұржасынан будақ-будақ шыққан түтіні иреңдей шұбатылып еріп барады. Тендер үстінде жел ойнады. Жарқын көмір үгіні түспесін деп көзіне жұмысшының жалпақ көзілдірігін киіп алды. Ол темір күрекпен лодкаға көмір үстеп салды да, балбырап қызарған жүзінде сүйкімді шырай туып, машинист будкасының сол жақ терезесінен далаға тамашалап қарап тұрды. Көк барқыт жамылғандай кең жазық алыстан дөңгелене айналып кеп, дәл паровоздың бауынына шыр үйіріліп еніп кеткендей болады. Жол қуалаған көрсеткіш бағаналар Жарқынның көз алдынан зу-зу етіп өтеді. Ол жасқана түсіп, көзін жұмып қалады. Алдан ескен қатқыл жел терезеден басы қылтия қалған жас машинистің томпақ бетіне ойнағандай ұрғылап кетеді. Жаны осыны сүйгендей Жарқын қалпағын күнқағарынан басып, төмен тұқыртып, құмаршыл көздерін алысқа қадайды. Сүйіне түсіп, қызықтай қарайды. Жүйрік поезд мол шабындық алқапты қақ жарып өте беріп еді. Көз ұшында өздігінен жүретін шөп машиналары сырғып барады. Бір шөпшінің жайдары түсін тап тұсынан өткенде, анық байқады Жарқын. Ол бұған күлімсірейді. Оған қарап Жарқын да жымиды. Құлағына шөп қырыққан машинаның сусылы естілгендей болды. Енді бірде үйілген мая-мая биік шөптер көзге түсті. Әріректе бір трактор кірелерді таудай ғып ысырып-ысырып әкеп, бір жерге үйіп жатыр. Жарқын бәрін де тамашалап барады...

Теңіздей толқынданған көк егін көрінді. Егін сабағы биші қыздың біресе білезігінен төмен иіліп, біресе назбен қайта жоғары толқыған сұлу қолындай бұлғақтап көз тартады. Бойжеткенін паш еткендей. Поезд бітік егінді жиектееп тартқанда: «ерте пісетін жаздық бидай болу керек. Бастары сарғайып қалыпты» деп ойлады астықты колхозда өскен Жарқын. Жас машинист көңілді. Поезд жер бауырлай ұшып бара жатқан сияқты. Бір сәтте ол жап-жасыл қалың орманға заулап келіп кіре беріп еді. Әр алуан ағаш бас шұлғысып, сыбдырласып, сәлем етіп қалғандай. Жұпар иісін сіміре жұтып, отыра берер ме едің саясында! Орман шеті селдіреп, таусыла бергенде, паровозбен жарыса кеткендей асыға ағып, бұраңдап өзен шықты. Ерке су көп жер қалмай жарысып келді де, ере алмасын енді сезгендей, еңіске қарай жалт бұрылып кетті. Поезд екпіні үдей түскендей. Жаңа ғана сонау алыстан көрінген құба бел бұлдырап кейін қалды. Телеграмма бағаналары, сымдары гуілдеп, жалт-жалт етіп жатты. Бір ұшқыр құс деңгейден ілесіп еді, қалбаңдап көз ұшында ол да қалды. Жол бойына егілген қорған ағаштар ған қапталасып еріп келеді. Күн ыстық. Будка терезесінен аңызақ жел еседі. Жарқын паровоз екпініне сүйінеді, қуанады, өз ісіне шат болады. Судың қай шамада екенін білу үшін көрсеткіш шыныға әлсін-әлсін қарап қояды. – Қалай, жігітім, су азайып қалған жоқ па екен? – деді аға машинист. – Жеткілікті! Аға машинист паровоз жүрісін шапшаңдата түсті. Ол тершіген маңдайын алақанымен сыпыра сүртті де, комбинезонының түймесін ағытып жіберіп: – Саясыз шөлде екілене ескен бұл аңызақты енді бірер жылда білмейтігн боласың, – деді Жарқынға. – Ұлы құрылыс талай жерді суландырады. Кешегі құмды дала жасыл алқапқа айналады, гүлге оранады. Ауасы жұпар. Саялы самал. Көңіл шат. Бақытты тұрмыс... Міне бізге деген қамқорлық... Мысалға сені алайық. Темір жол училищесіне кеше ғана түстің. Енді міне, машинистің жәрдемшісі, паровоз жүргізушісің. Ертең біздің мереке – Бүкілодақтық теміржолшылар күні. Сол жолшылардың бірі сенсің! Жарқын оның сөзін аса бір ынтызарлықпен тыңдады. Жас адам өзінің өткеніне оймен оралып, қиялға қанат қақтырып, болашағын шолдырады. Бақытты келешек қол бұлғап мұны күтіп тұрғандай. Жарқын тұла бойын ыстық сезім билеп, жүрегі алып ұшты... Дөңгелектері зырыл қағып, поезд зымырап келеді. Дөңгелене айналып, артта қалып жатқан сұлу далаға Жарқын терезеден қызыға қарап тұр. Поезд ілгері ұмтылған сайын мұның көңілі түскендей. Жас қиялы талпынып, қанатын алға қағады. Ол училищені бітірді. Мамандығы бар. Осы жеткілікті ме? Бі өнермен ғана шектеліп қалу керек пе? Көп өмірі әлі алда оның. Нағыз адам болу арманы

үлкен-үлкен міндет тартады. Машинист будкасының ішінде тербеле түсіп, Жарқын қазір осы ойлар соңында келеді. Осындай тәтті үміт үстінде отырып Жарқын жақсы арман туралы көп айтатын Саша жолдасын есіне алды. Бондарчук конструктор болуды аңсайды. Жоғары білімді инженер тболып алып, паровоздың жүйрік, күші де мол жаңа түрін жасауды ойлайды. Бос қиял емес, жүзеге асар нұрлы арман. Мұндай ой Жақанда да бар. Бірақ, ол Махметше жұртқа жар салып жүрмейді. Училищені бітірген күні айтқан оның бір сөзі Жарқынның есіне түсті. «Енді бес жылдан соң қандай боламыз? Біреу машинист, біреу мастер, енді біреу паровоздың жаңа түрін ойлап табар... Біздің балалардың бәрі жақсы!» деген-ді ол Досовқа. Жарқындар аттанарда «Жақан екеуіміз де бүгін сапарға шығамыз!» деп еді ғой Махмет. Жүйрік поезда ол да келе жатқан болар. Көңілді бала! Сенің қолыңнан бәрі келеді. Сен жақсы машинист бола аласың. Әкел қолыңды, мен де сене қалыспаймын! Жарқын ойында осы бар. Ол ақырын ғана жымияды. «Сен қазір не ойлап отыр екенсің, Махмет!» – деп ыстық сезімнің ынтығына беріледі. Бұл кезде көмір тартқан екінші бір поезд бара жатқан Махмет селдір мұртты, шикіл сары машинисті сығырайта күлдіріп, өзінің паровоз жөндеу кезінде көзін оңдырмай ұрып алғанын соғып тұрған еді. – Стахановшылардың тапсырмасын орындамақ болдым. Асықтым. Бір кезде ұшып түстім. Қабағыма болт сарт ете қалды. Мұнан кейін бірнеше күн ауруханада жаттым... Ничего. Бұл ештеме емес. Практиканың соңында біздің балалар үлкендердің нормасын орындауға бәрібір жетті, – деп мақтанды. Бір сәтте озат машинист болғысы келетінін ынтыға айтып кетіп еді... Ымырт үйіріліп, қараңғылық түсіп келе жатты. Көк жиекке еңкейіп келген күн қызыл сары сәулесін биік аспанға шашыратып, жүзі күрең тартып, батып бара жатты. Енді біраздан соң даланы қою түтін басты. Жылт-жылт етіп, аспанда жұлдыздар жыпырлай қалды. Бозарып, көкте ай қалқып барады. Маңдайындағы үлкен шамы жарқырап, паровоз заулап келеді. Вагон дөңгелегінің сырт-сырт етіп зырыл қаққан үні алыстан естіледі. Жол бойында түнде жанған қызыл, сары, көк жарықтар поезға көзін қысып, жол нұсқайды. Семафор тілін қиядан ұғып, машинист отыр. жарқын сыртқа көз салып еді. Оның ыстық бетіне салқын леп тиді. Алыстан жылтылдап кеп от көрінді. Аспан жұлдыздары төмен түсіп, асылып-асылып тұра қалғандай. – Қандай тамаша еді! – деп, Жарқын дала нұрына қызыға қарап қалды. – Электрлі ауыл. Бұл жұлдыздар сол ауылдың үстінде жанған электр оттары, – деді аға машинист.

Жарқын асығады. «Паровозды бұдан да жылдам жүргізер ме еді», деп ойлады ол. Өзі келе жатқан осы жүк поезы станцияға тез жетсе, далада жанған нұр оттары молаярын сезгендей. Түнгі сұлу көрініс оны ерекше сүйіндіріп, бойын балқытады. Аға машинист Жарқын жүзінен оның сезім күйін танығандай еді. Паровоз екпінін үдете түсті. Терезеден жолды барлай қарап отырып, бір кезде ол ажарлы бетін Жарқынға бұрып: – Паровозбен түнде сапар шегу қандай қызықты, ә! – деді. – Өте жақсы! – деді Жарқын. – Солай, солай, досым, әрқашан да тамаша. Сен машиниссің. Сен ел жүгін, халық ырысын тартасың. Бұл – үлкен бақыт, үлкен шаттық емес пе! – деді аға машинист, Жарқынның арманын ұштап, қуантып кетті. Машинист жәрдемшісінің жұқа ерні дірілдеп, бір сөздерді іштей қайталап тұрды: «Сен ел жүгін, халық ырысын тартасың». Осы сөз оның бар құрбы, сабақтас достарына арналғандай. Қанатты ой Жарқынды сол жолдастар ортасына ұшырып алып та барды. Бір сәт ол сүйікті мастерінің ақыл-кеңесін тыңдап қалған түрге енеді. Ойшыл кәрі көздері күлімсіреп, Иван Павлович оқушыларының арасында тұрғандай. Енді бірде жақсы, тәтті тілекпен, сенімді үмітпен сонада Жарқынның үйінде айтылған ана сөзі еске түседі. «Мен нағыз совет жұмысшысы боламын» деген берік ой бар Жарқында. Арман қиялы тек соған – жақсы азамат болуға талпынтады... Машинист жәрдемшісі болып жолға шыққан көңілді, қызықты алғашқы сапарында Досов Жарқын жол үстінде осындай ыстық бір ұшқыр сезімнің құшағына еніп еді. Коммунизм құрылысының жүгін тартқан поезд жүйткіп келе жатты...

ЖАҢА ҚОНЫСТА

...Біз өзен жағасында отырмыз. – Үй ішіміз жаңа қонысқа көшіп келгеннен бері өз басымнан кешкен жайларды ретімен баяндайын, – деп бастады әңгімесін, денесі талдырмаштау келген сұңғақ бойлы, ақ құба өңді Қалтай...

Әкем қалада көп жыл қызмет істегенімен, ауылда туып өскен, ауыл шаруашылығының жайын жақсы білетін кісі еді. Ауылға қызметке баруға өзі тілек білдірді де, бір күні жолдама қағазын алып келді. Июль айының бас кезі

болатын. Жазғы каникул уақыты. Он жасар інім Мұратпен ермек үшін шахмат ойнап отыр едім. – Шаруа жақсы тынды. Ауылға қызметке баратын болдым, – деп, әкем үйге көңілденіп сөйлеп кірді. – Папа, ауылға бәріміз көшеміз бе? – деп, Мұрат қуанып, орнынан ұшып тұрды. – Бәріміз көшеміз, – деді әкем жымиып... Үй ішінің келісімі бойынша ауылға әкем, мен, інім үшеуіміз жүріп кететін болдық. Шешемізді бір жаңа қонысқа барып орныққаннан кейін біржола көшіріп әкелуді мақұл көрдік. Ауылға көшетін болғанымызға өзім мәзбін, қуанышта шек жоқ. Рас-ау, колхозға баруға әке-шешем қуанып отырғанда, мені көңілсіздік тұманы қалайша баса алмақ! Бірақ, сіз ұятқа санай көрмеңіз, ауылға көшеміз дегеннен бері Мұрат інім біртүрлі көңілсіз күйге ұшырады. Өз ақыл-үгітімді, шама келген насихатымды оған айтып-ақ бақтым. Бірақ, бір қалпы: мұңаяды, өзіме көңіл күйін төгеді. Ұзақ жыл қатар отырған бауырмал көршіміздің баласы бірінші кластан бері Мұратпен бір мектепте бірге оқып келе жатқан-ды. Інім сол қимас досының есімін аузына жиі алады. Рас, ол ұмытуға болмайтын бала: өзі сондай ақкөңіл, кішіпейіл, сабақты қандай үздік үлгіреді десейші!.. Ертеңіне жол жүреміз деген күні ертерек жатып қалып едім, біреу бүйірімнен ақырын ған түртіп оятты. – Қалтай, сенен үлкен бір сұрай сұрайын, жауап берші, – деген Мұраттың күбірі құлағыма келді. Жастықтан басымды көтердім. Мұрат екі қолын тізесіне тіреп, маған төніп, еңкейіп тұр. Ақсары сопақша бетінде сүйкімді қызыл шырай бар. Дәл бір, суықта коньки теуіп келіп, жылы үйге кірген адамның жүзіндей. – Өңің балбырап тұр ғой, – дедім ініме таңырқай қарап. – Манадан пешке арқамды сүйеп тұрып бір ой ойладым, – деді Мұрат. – Айта ғой. – Біз ертең ауылға көшеміз ғой. Досыма ескерткішке не берсем екен? – деп сұрады Мұрат. –Көңілің нені дұрыс десе соны бер... Мәселен, жақсы фотосуретіңді беруге болады. – Менің апаммен түскен бір суретім оның үйінде бар ғой. – Әдемі кітап беруге де болады. – Жоқ, бұл да жарамайды... Қызық екенсің өзің, – деді кереуетімнің бір бұрышына сүйеніп тұрған Мұрат, – өзің ойласайшы, мендегі бар кітап онда жоқ деймісің?

– Ендеше ертең таза мимен ақылдасайық. Қазір жататын уақыт болды. Төсегіңе бар да, ұйықта. Жақсы ма? – деп едім, Мұрат үндемеді. Таңертең мен оның тықырынан ояндым. Күн шашырап шығып қалыпты. Еденге терезеден күн сәулесі төгіліп түсіп тұр. Мұрат төрдегі дөңгелек столдың үстіне газетті жайып жіберіп, көк қатырма тысты бір дәптерді айнала мәнерлеп бояп жатыр.» Осы інім түні бойы ұйықтамағаннан сау ма өзі?» – деп ойладым. Ол менің оянғанымды көріп, қасыма келді. – Мынау тапқаным саған сөз жоқ ұнайды! Байқап көрші өзің, – деп жымың қақты ол. Мұрат әрқашан да көңілге алған ісін маған жария ғып, ақыл сұрап отырушы еді. Бірер ауыз сөз жөн айтқаным болмаса, көсемсіп оның алдына қайбір тәжірибемді жая салайын. Өзімнің де білгенімнен білмегенім, көргенімнен көрмегенім көп қой. Бірақ Мұраттан жасым үлкен. Сол себепті ол мені өзінің ірі ақылгөйіне санайтын болса керек. – Бұл ой есіме түнде түсті, – деді Мұрат көңілді үнмен. – Ал, айтшы қанекей, дедім естуге асығып, әрі қызығып. Мұрат көк түсті дәптерін көрсетіп: – Мынау күнделік. Альбомнан жасадым, – деді. Енді маған дәптер мәнісін түсіндірді. – Осы күнделік дәптерді беремін досыма. Мектептегі және өз басында болған жаңалықтарды әр күн сайын ол осыған жазып отырады. Содан кейін күнделігін маған жібереді. Ауылға барған соң мен де оған арнап күнделік жазамын. Ол маған, мен оған осындай ескерткіш ұсынамыз. Оқимыз да, бірбірімізді еске аламыз. – Жақсы ойлапсың. Мұның тамаша ескерткіш! – деді шын құптап. Нақ ауылға аттанар алдында Мұрат «Ұмытылмас сөздер жаз!» деп, досына осы күнделік дәптерін ұсынды. Түс ауа көп жолдастар біздерді станциядан қол бұлғасып шығарып салды. Менің жанымда, вагонның терезесінен қарап, Мұрат тұр еді. Поезд баяу ырғалып жүре бергенде, ол кемсеңдеп, екі көзі жасқа толып, үнсіз қысылып, солқылдамасын ба! – Ауылға бара жатқан адам жылай ма екен? Өзің жасық болмасаң игі едің? – деп, әкем сәл күлімсіреп кеп, оның басынан сипап еді. – Енді ондай дос табыла ма? – деп, Мұрат жасты көзін жұдырығымен сүртіп, ыстық бетін алақанымен басты. Жүрек елжірін баса алмай тұрғандай. Өзімнің де көңілім біртүрлі босап кетті. Сөйтіп тұрып, иегі кемсең қаққан інімді мазақтағандай, оған қарап, сығырайып жымиямын. Қызықпын-ау өзім!

– Бұл досың қалада қалса, ауылда сені жаңа достар қарсы алады, – деді әкем ініме. Ол Мұраттың маңдайынан сүйді де, онымен қатарласа отырып, вагон терезесінен вокзал жаққа көз салды. Поезд ұзаңқырап кетіп еді... Біз күн бата бір станцияға келіп түстік те, сол түні вокзалда қонып, таңертең автобуспен аудан орталығына барып жеттік. Жасыл темір шатырлы, терезелерінің маңдайы әдемі қазақ оюларымен көмкерілген, үлкен қонақ үйдің жеке бір бөлмесіне келген бойда жайғасып та алдық. Әкем аудандық партия комитетіне кетті... Мұрат екеуіміз тысқа шығып, қонақ үйдің биік табалдырығында сөйлесіп тұр едік, қатарлап қос құла ат жеккен, құндыз бөрікті, селдір шоқша сақалды біреу биік тоқыма қорапты солқылдақ тарантаспен көлденеңдеп келіп тоқтай қалды. Семіз аттар танаулары делдиіп, омыраулары ақ көбіктеніп, тыпыршып тұр. «Қандай сұлу аттар, мініп алып, жарысар ма едік екеуіміз. Қалтай, ә!» деді Мұрат өкшесін көтере беріп, құлағыма аузын тақап. «Сөзімді құндыз бөрікті естіп қалмасын» дегендей. – Әй шырақтарым, осы ауданның балаларымысыңдар? – деді делбені, айрылып қалатындай, қос қолдап ұстаған атшы. – Жоқ. Бөтенбіз, – деп, Мұрат менен бұрын жауап қатты. – Қайдан жүрсіңдер? – Қаладан. – Кімнің баласысыңдар? – Нұғмановтың, – деді Мұрат. – Кәдімгі өзіміздің Шегеннің бе? – деді атшы сенбегендей. Оның бұл сұрауына Мұрат таңырқай қалды. «Қайдан өзіңіздің Шеген болады? Қызық екен!» деп, маған ғана естірте күбір етті. Атшының сөзі өзіме де тосын көрінді. «Осы ауданда әкеммен аттас біреу бар шығар. Мына кісі соны айтып тұрмасын?» деп ойладым да: – Біздің әкеміз қалада қызмет істейтін осы ауданның қарамағына енді ғана келді, – дедім жайды баяндап. – Білем-білем. Қаладағы ауылшаруашылық институтының доценті ғой. Колхоз қызметіне баруды қалап газетке мақала жазған жоқ па? Оқымады деймісің?.. Сол ғалымның өз колхозымызға келетінін де естіп жатырмыз. Көкірегіміз ояу, құлағымыз түрік, шырағым, - деп, атшы жылы ұшырай сөйледі де, құндыз бөркін оң жақ шекесіне басыңқырай киіп, -ия, өзі қайда әкеңнің? – деп сұрады. – Аудандық партия комитетіне кетіп еді. – Ие, солай де. Кел ендеше, балақайлар, мініңдер арбаға, кеттік сонда! – деді атшы. – Біздің мұнда чемодандарымыз бар, – деп састы Мұрат., атшы өзін бір жаққа біржола алып кететіндей-ақ.

– Кім тиер дейсің оған. Қайтіп ораламыз қазір-ақ, қане бол! – деді атшы асықтырып. Мұрат маған қарады. Былқылдақ тарантасқа өзінің мінгісі келіп-ақ тұр. – Қанекей, балалар..трр-р! Ай, осы қос қаланның-ақ желігі бір басылмай қойдыау. Трр-р, құрр-р, жануар... Үлкен ұлым, сен де отыр, кел, – деді атшы маған. Біз тарантасқа көтеріліп отыра берген кезде, еті қызып тұрған қос ат алып ұша жөнелді. Екі этажды биік қызыл үйге лезде келдік. Әкем мекемеден енді ғана шығып келеді екен. Бізді көріп, кідіре берді. – Мына сұр қалпақты кісі ме? – деді атшы. Ақырын ғана басымды изедім. Атшы аттарды шұғыл тоқтатып, өзі тарантастан жеңіл ырғып түсіп, әкеме қол беріп сәлемдесті. – Аман-есен жеттің бе? Жақсы ниетіңе сырттан қанық боп жатырмыз. Жолың оң, адымың құтты болсын! –деп, тілегін де айтып жатыр. – Әлгінде ауылмен сөйлескенімде, алдымыздан ат жібердік деп еді. Қалай тез жеттіңіз?.. Енді не тұрыс бар, кеттік колхозымызға! – деді әкем. Көз аударсам, ұзын бойлы әкемнің қызыл шырайлы жүзіне қарап, Мұратым да күлімсірейді... Даңғыл қара жолмен ауылға қарай ызғытып тартып келе жатқанымызда, арба үстінде, Мұрат сол бір көңілді, ажарлы қалпында дала келбетіне қызыға қарап отырды. Күн тымық сияқты еді, аттар аса қатты жүргендіктен бе, алдымыздан жел есті. Арба дөңгелектері ұршықша зырылдайды. Біз бір қамысты көлді жиектеп өтіп, қайқаң белеске шықтық. Бар төңірек түгел шалынды көзге. Сол жағымыздан аласа тау көрінді. Жасыл қарағайлар таудың көк желкесіне ұйысып шығыпты да, дәл тықыр төбесіне, айдарға ұқсап, мықыр, бұйра қайың өсіпті. – Қандай қызық тау өзі. Доп-домалақ. Адамның басы сияқты, – деді Мұрат одан көз алмай келе жатып. Шолақ жең шолақ көйлегінің сүйір жағасы ашық омырауын сабалап келеді. Кең маңдайы жалтырап, жұқа ернінде бір әсерлі күлкі ойнады. «Мына жұмыр тауды Мұраттың адам басы сияқты деуі қалай дәл, қандай үйлесімді» деп, інімнің тапқыр теңеуіне іштей сүйініп, мен де тауға ықылас салып қызығып қараймын. Әкем де көз қиығын бір аударып қалғандай болды. Ол атшымен қатарласып алып, манадан әңгімелесіп отырған. Аттар сар желіп келеді. Төбемізден бір топ үйрек қанаттары сусылдап ұшып өтті. Оларды көзіммен ұзатып салдым бір кез Мұратқа бұрылып ем, ол еңсесін төмен салып, томсарып отыр екен. Тағы бір ойлар қамап алған ғой сірә! – Мұрат, әлгі үйректер қандай ұшқыр, ә! – деп едім. – Білмеймін... Мен қаладағы достарымды ойлап отырмын. Олар қазір волейбол ойнап жүрген шығар, ией, Қалтай? – деді ол. – Мүмкін...

Осы тұста жол екі айрылып, атшы қос құланы солға бұрды. Алдымыздан, ұзын қорғанға ұқсап, қалың ағаш көрінді. Жол тура барып осы ағашқа енеді. Біз жасыл ағашқа тақала бергенде кезеңнен екі-үш салт атты тасырлатып шапқылап, үздік-создық шыға берді. Жарыса шауып, тұп-тура бізге қарай ағызып келеді. – Біздің батырлар осылай құйқылжытады! – деді атшы қария масаттанып. Мұраттың да, менің де көзім алда. Баскиімін уысына жұмарлап ұстап, қолын бұлғап келе жатқан біреуі атына қамшы басып, озып алға түсті. Көк атқа жайдақ мінген жолдасы пиджагінің етегі жалпылдап, оны өкшелеп келеді. Бірдеме деп айғайлады. Бірақ сөзін айқын естімедім. – Анау көк атты бала мана маған жолығып еді. Жөнімді айтқам. Бұлар, дәу де болса, сендерге келе жатыр, – деді атшы қария сол иығымен әкеме бұрыла қарап. Оның айтқаны келді. Балалар бізге жақындағанда аттарын тежеп, жолдың екі жағына жарыла берді. Арбаға қатарласа кетіп, дабырлап амандасты. Атшы да делбені сіресе тартып, қос құланы әрең тоқтатты. – Қарсы алғандарың өте орынды. Бірақ қонақ балалар мінетін ат жетелей келмегендерің не? – деді атшы қулана күліп. Байқаймын, мыналарды сынағалы әдейі айтып тұрғандай. – Білмей қалдық, – деді көк атты бала кішкене көздерін сығырайта жымиып, – астымдағы атымды қонаққа берем де, өзім мынаның құлагеріне мінгесіп аламын, –жеп, жолдасын нұсқады. Ол тізгінін тежеңкірей ұстап, Мұрат екеуімізге: – Дұрыс қой, ие? Қай атты таңдайсыңдар? – деді. Інім қопақтай бастады. Өзім бұл балалардан жасым үлкен болған соң ғана тартынып қалдым. Осы күйімді таныды ма, кім білсін, әлгі бала Мұратқа: – Атқа мінесің бе?.. Болсаңшы ендеше. Қызықсың ғой өзің. Аттан қорқасың ба? – деді. – Жоқ, қорықпаймын, – деді Мұрат, – бірақ, сенің атыңа мінгесейін. – Кел ендеше! – деді көк атты. Мұрат тарантастан секіріп түскенде, ол дереу келіп, інімді қолынан тартып, атына шапшаң мінгестіріп алды. – Құшақта белімнен! – деді де, атын тебініп қалып, ағашқа қарай төтелей шаба жөнелді. Менің екі көзім Мұратта.»Құлап қалады-ау», – деп күдіктеніп, ақырын жүріңдер деп дауыстағалы орнымнан көтеріле беріп едім, есту қайда, олар шапқылаған бойларында ағашқа енді де кетті.

Біз ауылға шаңқай түс кезінде жеттік. Сол күннің кешінде колхозшылардың жалпы жиналысы болды. Ол көп кешікті. Інім ұзақ күтіп отыра алмады. Маужырап қалғи бастаған соң төсек салып берген едім, жастыққа басы тиісімен ұйықтап қалды. Мен үн-түнсіз отырмын. Пештің үстінде керосин шам сығырайып жанып тұр. Бұл ауылда электр жарығы екенін, кеше жолда, атшы қарияның әкеме айтқан әңгімесінен аңғарғанмын. «Біздің колхоз – аудандағы ең артта қалып отырған колхоз. Басшылық оңбай келді. Ендігі үміт өзіңде», – деп, ол әкеме сенім білдіре сөйлеген. Ауылда кинотеатр да жоқ екен. «Қандай көңілсіз...» деп қынжылдым. Ауылға келе жатқандағы лепірген көңіл жүдей бастады. Қаланың қайнаған тіршілігі еске түсті. Сағынатын секілдімін... Бір мезгілде сырттан тықыр білінді. Есікті ақырын ашып, әкем үйге күлімсіреп кірді. – Жиналыс бітті ме? Қандай мәселелер қарадыңдар? Өзің сөйледің бе? – деп, қызығып сұрап жатырмын. – Жиналыс бітті. Колхозшылар мені өздерінің председателі етіп бірауыздан сайлады. Маған үлкен міндеттер жүктеді, – деді әкем. Ол Мұраттың қасына барып, ініме күлімсіреп қарап сәл тұрды да, маған бұрылып: – Қалтай, саған да ұйықтайтын уақыт болды. Ертең ұйқыңнан ояна алмай сәскеге дейін пырылдап жатсаң ауылдағы құрбыларың келемеждеп жүрер, – деді күліп сөйлеп. Мен сырт киімімді шешініп, төсегіме келіп жатып едім, бірақ ұйқым келмеді. Әкем пиджагін іліп, омырауы кестелі ақ көйлегінің екі жеңін сыбанып жіберіп, салқын суға жуынып сергіп алды. Содан кейін дөңгелек стол бетіне ораулы бір қағазды жайып тастап, терең бір ойға шомып, ұзақ отырды. Қолында автомат қаламы. Тап жүрерде қалалық магазиннен сатып алған көгілдір тысты үлкен блокнотына әлденелерді оқтын-оқтын жазып қойып отыр. Бірде қабағы шытынып, қағаз жүзіне қадала қарайды, ендігі бір сәтте дәмді тағам татқандай тамсана түсіп, басын шайқайды. Әрине, ол қым-қиғаш оқиғалы көркем шығарма оқып отырған жоқ. Колхоз шаруа-шылығының тұңғиық бір сырларына сүңгіді. Мұны ішімнен сезіп, біліп жатырмын. «Қандай жалықпайтын адам!» деп, әрі таңданамын, әрі сүйінемін. Осындай сезім күйінде жатып, көзімнің қай кезде ілініп кеткенін байқамаппын... – Қалтай, түрегел, тұр шапшаң. Кешке шейін көсіліп жата бересің бе? – деп, таңертең Мұрат мені бақайымнан тартып оятты. Мұны қызық көргендей, езу тартып қасында әкем тұр.

– Ұйқың қандай қатты өзіңнің. Мұрат жұлқыламаса, тіпті дауысқа оянар түрің жоқ. Үстіңнен дүбірлеп бұзау жүгіріп өтсе де сезер емессің ғой, деп күлді ол. Мұрат та күліп жіберіп, теріс айнала берді де, қайта шапшаң бұрылып: – Көрдің бе, бәрі дап-дайын. Түрегел шапшаң, тез киін де, бетіңді жу... Асты саған қаратып отырмыз, - деді. Жаңа байқадым, дөңгелек стол бетіне ақ дастархан жабылып, үстіне тағам жасалып қалыпты. Таңертеңгі ас. Кішірек жез құманның шүмегінен ыстық шайдың буы бұрқырайды. Біразырақ қуырдақ қуырылыпты. Қырлы стақанға толтыра салған қаймақ бар. Жайпақ тарелкаға таба нанды көл-көпір ғып үйіп турап қойыпты. Соңынан білдім, дастарханға ас жайғанда Мұраттың үлесіне осы нан турау тиген екен. Шайды қайнатқан да сол екен. Шынымды айтайын, мұндай іске ол менен гөрі ептірек еді. Астың артынан жуып-сүрткен ыдыстары мұнтаздай таза болатын. Сол ұқыптылығы үшін анамыз оны сан мақтаған. Таңертеңгі шай үстінде әкем маған бір ұсыныс айтты. Ауылдағы мектеп оқушылары қырман басына жексенбілікке бармақшы екен. Колхоз егін оруға біз келерден бірер күн бұрын ғана кірісіпті. Жаздық бидай күрт пісіпті. Шөп науқаны және қызу. Адам күші жетіспей жатқан көрінеді. Қырманға келген астықты елеп, ұшырып, машинаға тиейтін кісілер керек. Осыған көмектесу қажет. – Ауылға кеше ғана келген қонақ қой деп сыйлап, құрбыларың саған ештеңе дей қоймас. Тобына өзің барып қосыл. Жұмысқа шақырмаса да барғаның жөн. Қалай көресің мұңымды? –деп, әкем сөзін сұрауға түйіп, жауап күтті. – Барамын. Барғым келеді, – деп ықылас білдіргенімде, Мұрат та ілесе қосылып: – Мен де барам. Менің де барғым келеді, – деп еді. Бірақ, қырманға барушылар кілең жоғары класс оқушылары болғандықтан, бұл жолы інім талабының сәті түспей қалды. Өзім асыға басып келсем, ықшамықшам киінген оқушы жастар мектеп алдына жиналып жатыр екен. Бір-бірін көптен көріспеген сағынышты кісілерше, жиынға жете бере-ақ құшақ жайысып, күлімдеп амандасып, хал сұрасып, мәз-мейрам. Мен қастарына тақала бергенде олар жалт-жалт бұрылысып, күлкілерін тыйып, таңырқап қараса қалды. Енді ғана анық байқадым, көңілді топтың ортасында жасыл пиджакты, басына аспан реңді жұқа жібек орамал тартқан, орта бойлы, толықшалау келген бір әйел ғана күлімсіреп тұр. – Ә, сәлемат па? Бізбен бірге қырманға барғалы келдің бе? – деді ол маған жылы ұшырай қарап. Басымды изедім. – Танысып қойыңдар! Бұ бала өздеріңмен бірге биыл жетінші класта оқиды. Жаңа председатель Шеген Нұғмановтың ұлы, – деп, жібек орамал тартқан әйел

оқушыларға таныстырды да, кескініме тура қарап, – есімің Қалтай ғой? –деп сұрады. Бас изедім. – Өте жақсы! Сен Қалтай болсаң, мен Нұртай! –деп оң жағымда тұрған ұзын бойлы, қоңырқай өңді, үстіңгі ерні шошақ, сүйір мұрынды бала мырс етіп бір күліп қойып: – Кел, таныс боламыз! – деп, маған қолын созды. Екеуіміз қол алыстық. «Ал, мына кісі, – деді ол қабағымен әйелді ымдап, құлағыма қолын қалқалай сыбырлап. – Біздің ең жақсы көретін оқытушымыз. Химия пәнінің мұғалімі Сана апай». Қос-қос ат жегілген жәшікті екі көк арба қасымызға салдырлап келіп тоқтады. Алдыңғы арбада делбе ұстап отырған, өткір қара көзді, тұрқы қысқалау біткен қыр мұрынды, ақ құба өңді қыз бишігімен нұсқап: – Бұл арбаға Сана апаймен бірге тек ғана біздің отрядтің оқушылары мінеді. Басқаларың екінші арбаға марш! – деп әмір етті. Ащы жіңішке даусы құлағыма жайсыз естілді. Дөңгеленіп тұрғандар екі бөлініп, абыр-сабыр арбаға мініп жатқанда, қайсысына қарай бұрыларымды білмей, аңырып қалып едім. Нұртай делбеші қыздың құлағына бірдеме деп күбір етті. – Қалтай Нұғманов, сіз біздің арбаға отырыңыз. Келіңіз, мына тұстан орнығыңыз, – деп, қыз өзінің оң жағынан орын берді. Бұ жолы оның жіңішке нәзік үні құлағыма жұп-жұмсақ боп, біртүрлі майда тиді. – Оңдалып отырдыңдар ма? Нұртай, сен неге күйбеңдей бересің! Болдыңдар ма?.. Кеттік ендеше! – деп, көңілді қыз делбені қағып жіберіп, қамшы үйіріп, аттарды желдірте жөнелді. Арба жолға түскен соң, ол маған қырындай бұрылып: – Бұл екі атты шүу дегенде әлгідей жасқап алмасаң, ауылдан қара үзгенше бұлғаңдап, жүрмей қоятын мінезі бар, – деп, аппақ тістерін көрсетіп күлімсіреді де, – біздің оқушылармен таныс болдыңыз ба? – деп сұрады. Мен жымиып бас изегенімде өзі рақаттанып сыңғырлап күліп алды да: – Тіпті тамаша! Ендеше менімен де таныс болыңыз. Есімім –Гүлнар. Мүмкін бір класта оқырмыз. Бұрын қай мектепте оқып едіңіз? – деп, өзімді сөзге тартты. Мен қай қалада, қай мектепте оқығанымды баян еттім. Гүлнар қала жайынан, ондағы өзіміз оқыған мектеп өмірінен әр нәрсені қызығып сұрады. Гүлнар өзі туралы қысқа ғана сөйледі. Шешесі он жылдан бері колхоздың сиыр фермасында сауыншы екен, жуырда орден алыпты. Кенжесі – Гүлнар. Гүлнардың әкесі жоқ екен. Қызының сүйікті әкесі дәл қырық бір жасында, Гүлнары үшінші класта оқып жүрген жылы көктемде, ауыр науқастан қайтыс болыпты. Әке жайын Гүлнар төмен қарап, жұқа ернін қыбырлатып қана ақырын айтты. Осыдан кейін өзі ауыр бір ойға шомғандай, өңі біртүрлі құбылып, ұзақ үнсіз

отырып қалды. Әкеден айрылу қандай ауыр дерт! Жүрегім әлденеден қысылғандай болады. гүлнарды аса қатты аяп кеттім. кескініне тура қарай да алмай, көзімнің қиығымен байқап келемін. не дерімді, қандай Сөз айтарымды біле алмай қиналып қалдым. – Қалтай, сен жетіншіні қалай бітірдің? – деп, бір мезгілде Гүлнар кенет сұрау бердіү – Кәдуілгідей... Гүлнар кескініме күлімсіреп қарады. – Жақсы бітірдің бе? – Солай десе де болады... Жылдық қорытынды бойынша тарихтан – бес, алгебрадан – төрт, геогрфиядан – төрт... Қысқасы екі төртім бар. – Үштік бағаң жоқ па? – Бірінші тоқсанда алгебрадан үшім болды. Содан кейін үштік баға алғаным жоқ... Бірақ, шынымды айтайын. Жалпы есеп жағына онша емеспін. Ал өзің ше? – Мен математиканы өте жақсы көремін, – деді Гүлнар. Осы сөзді айтқанда екі беті ду етіп қызара қалды. Мұны өзі де сезе қойды білем, жүзін алақанымекн қалқалап, күліп жіберді... Сәлден кейін әңгімеміз қайта өрбіді. Сөз ыңғайына қарап аңғарғаным – Гүлнар бірінші кластан бері оқуды мақтау грамотасымен аяқтап келеді екен. Орта мектепті бітіруіне арада әлі дардай үш жыл жатқанына қарамастан, дәрігерлік институтқа түсуді ұйғарып қойыпты. «Врач боламын, үстіме ақ халат киемін» деп екі қайыра айтып та жіберді. Гүлнар өзіне мәлім емес нәрсенің мән-жайын тәптіштеп, егжей-тегжейіне дейін сұрап, жіті қанып алуды ұнатады екен. Өзі сөйлесе, ырқыңа қоймай тыңдатады да, сен сөз бастасаң, бар зейінін салып, қыбырсыз құлақ қояды. Ақшыл жүзіндегі жұқалаң қызғылт шырайының құбылуына қарап, әңгіменің оған еткен әсерін де ептеп-ептеп аңдауыңа болар еді. – Гүлнар, Қалтай, сендер неге әнге қосылмайсыңдар! – деген дауыс ойымызды бөлді. Арбадағылар ауылдан шыға бере ән шырқаған еді. Бірталай ән айтылды. Оқушылардың ендігі үн қосып шырқап кеткені көңілді ырғақты, майда лепті «Көктем желі» дейтін орыс әні. Орыс тілінде айтып келеді. Бізге ескерту жасаған Сана апай еді. Оқушыларға қосылып, жүзі жайнап ән салып отыр. «Ал, қане, еріңдер, қалмаңдар» дегендей, бізге бұрылып, екі қолымен бірдей белгі етті. Өзім әнді жақсы көргенмен әнші емес едім. Сөйлегенде сып-сыпайы үнім ән салғанда беймазалау. Жарықшағы бар. Құлаққа түрпідей тиеді. Сол себепті әрі қысылыңқырап, әрі нашар даусыммен көршімді мезі қылмайын деп, жақсы әнге баяу ғана сылбыр қосылып едім.

– Ән айтқан соң шырқатып айту керек. Ыңырсу ұят. Кел, бар дауыспен қосылайық, – деп, Гүлнар өзіне ілестіріп, әсем үнімен жарықшақ даусымды көтермелеп әкетті. Жол үстінде шалқыта шырқаған әніміз көңілді көтеріп, сергітіп, қырманға жеткізіп салды. Арбадан секіріп түсіп, үстімнің шаңын қағып жатқанымда Гүлнар қасыма келіп: – Даусым жаман деп ән айтпаған әдеп пе? Жоқ, ерсі ғой. Тіпті ұят емес пе? Қысылатындай дәнеңесі жоқ, даусың әп-әдемі, – деп баға берді. – Ән салсақ екеуіміз тең түседі екенбіз, – деп, Нұртай маған қарап, көзін сығырайтып күлді. Ән жайындағы сөз осымен үзіліп қалды. Сана қырман бастығының нұсқауымен оқушыларды әр жұмысқ бөлді. Іске кірісер алдында бәрімізге қысқа ғана ақылын айтып, сенім білдірді. Өзі қолына үлкен ағаш күрек алып, бір топ оқушы қыздармен бірге бидай жаюға кірісті. Қырманда үйіліп қалған астық мол еді. Енді қыбырлап жүрген адам саны да көбейді. Бір шетте бидай елегіш екі үлкен «ВИМ» машинасы кішкене ғана мотор қуатымен тынымсыз жүріп тұр. Төрт-бес оқушы, біреуі менмін, соның төңірегіндлегі жұмысқа қосылдық. Біздің қызметіміз – үйіліп жатқан астықты күрекпен, итергімен ысырып, машинаның бидай сырғыш қанатының астына түсіріп тұру. Нұртай ең биік астық шоқысының басына қызыл жалау қадап келді. Қырманда жұмыс қызды... Бірақ бәрінен бұрын сыр алдырған мен болдым. Арада бірер сағат өтті ме, өтпеді ме, білмеймін, бір мезгілде алақаным удай ашып, күректі қолымнан тастап жібердім. Қарасам, алақанымның әр жер ағарып, қолдырап қалыпты. Менің жайымды Нұртай тез аңғарып, қасыма жүгіріп келді. Алақанымды жайдырып көрді де: – Ойбай, қолыңның шаруасы бітіп қалған екен. Енді күрекке жолама! – деді. «Әттеген-ай, биялай кимегені-ай», деп өкінді. Жүгіріп келіп екі алақанымды Гүлнар да көрді. «Келемеж ғып күледі ғой» деп ойлап едім, бірақ ол мені достар алдында ұялтқан жоқ. – Бұрын мұндай ауыр жұмыс істемегендікі ғой. Оқасы жоқ, шынығасың, – деді қарақат көздері күлімдеп.

Біз қырманнан күн бата қайттық. Ауылға жеткенде қас қарайып, ымырт үйіріліп қалған еді. Үйге келсем, есікте құлып тұр екен. «Әкем кеңсесіне кеткен болар, – деп ойладым. – Ал, Мұрат қайда жүр? Әкеме еріп кетті ме? Бірақ оған кеңседе не бар? Әлде бір досының үйіне барып, сонда қонып қалды ма? Жоқ, үйтпеске

керек... Мүмкін, үйде ұйықтап жатқан шығар, далаға шықпасын деп, әкем сыртынан әдейі құлып салып кеткен болар». Осы бір ойлар әр саққа сілтеп, есік алдында аз-кем дамылдап отырдым да, үй маңынан жөн сұрарлық ешкімді ұшырата қоймаған соң, салып ұрып кеңсеге бардым. Председательдің кабинетіне есік қағып, рұқсат сұрап кірдім. Дауысы қатқылдау шығып сөйлеп отырған әкем, сәл бұрылып, маған көз қиығын салды да, қарсы алдындағы қара мұртты үлкен кісіге: – Қалай дейсіз, жөн бе осыңыз? – деп айбарланып қарады. – Ұрласам тапа-тал түсте қотаннан өтпей, жасырып әкелген болар едім. Иланыңыз, ұрлағам жоқ, – деп қара мұртты дәлел айта бастап еді, әкем оның сөзін бөліп: – Ұрламасаңыз, колхозға жасаған қиянатыңыз бұл. Бір арба түгіл, он арба шөпті сұрасаңыз береміз ғой. Еңбегі бар кісінің – сұрауға да қасһқысы бар, – деді. – Сұрағалы келіп ем, сіз де, бригадир де егін басына кетіп қалған екенсіздер. Арба , көлік әзір тұрған соң, жүре бергенім. Әйтпесе... – деп, қарам мұртты мүдіріп қалды. Сөзінің сыңайын байқасам, бұл кісі колхоздың шабындық даласына барып, мая үйгелі иіріп сырып қой шөптен, қорасына жабуға, бір арба ғып сықитып тиеп әкеле жатып, председательдің көзіне түсіп қалыпты. Өз бетімен барып, ешкімнен сұрамай алыпты. « Мұрты едірейген үп-үлкен адам да өстеді екен? Өзіміз катокке сырғанақ тебуге бару үшін де шешемізден рұқсат сұраймыз ғой» деп, қара мұрттының қылығын ішімнен сөгіп тұрмын. Әкем оның сөзін қабағы түйіліп, салқын тыңдап отырды да, өз байлауын кесіп айтты: – Сіз колхоз мүддесінен өз мүддеңізді жоғары санайтын көрінесіз. Әкелген шөбіңізді қазір апарып, сиыр қорасының жанындағы маяның іргесіне дереу үйіңіз. Ұқтыңыз ба? Және ендігәрі мұндай тәртіпсіздіктен тыйылыңыз!.. Қара мұртты қызарғаннан күп-күрең боп, шығып кетті. Есік алдында өзіне тесірейе қараған менен де ұялған болар-ау! Әкем ұзын скамейкада манадан үнсіз отырған өзі шамалас кісіге бұрылып: – Сіздің тілегіңізді бригадиріңіз де айтқан. Облысқа барып қайтсам дейсіз ғой? Мақұл. Қарсы болмасаңыз біз де бір бұйымтай тапсырайық. Өз шаруаңызбен қатар соны да тындыра келіңіз, – деп еді, анау «тапсырыңыз, тапсырыңыз, орындаймын» деп ризалық білдірді. – Лесхоздың бастығымен телефон арқылы сөйлестім. Колхозымызда жаңадан салынатын құрылыс көп. Жергілікті материалдың тапшылығын айты, ағаш сұрап едік. Ол да әрең-әрең көнді-ау, – деп, әкем сәл ғана езу тартты. – Колхоз жіберген арнаулы адам ретінде осы істі тиянақтап қайтыңыз.

Ол сөзін аяқтай берген кезде есікті шалқайта ашып, бөлмеге ұзын сақалды, үстіне шолақ жең қамзол киген, қолына басы имек сырлы таяқ ұстаған қария келіп кірді. Әкем орнынан шапшаң түрегеліп, сәлем беріп, «отырыңыз» деп қартқа қарсысындағы орындықты нұсқады. Келуін келіп қалғанмен есіктің кілтін сұраудың да, кері шығып кетудің де орайын таба алмай тұрған маған әкем енді ғана тіл қатып: – Жаңа келдіңдер ме? Сәл кідір, – деді де. – Ия, ақсақал, шаруаңызды айтыңыз, – деп, қарттың сөзін тыңдады. Бұл қария осы колхоздың іргетасын қаласқан адамдардың бірі екен. Туған колхозы үшін ыстыққа да күйіп, суыққа да тоңып, ұзақ жылдар жан аямай еңбек етіпті. Енді қартайған шағында жұмыс істерлік қауқары жоқ. Жалғыз баласы Ұлы Отан соғысында хабар-ошарсыз кетіпті. – Бір үйде оңаша қалған, қаусаған кемпір мен шал бармыз. Осы колхоз жаралғалы кемпіріміз екуіміздің еңбегіміз сіңгендей-ақ сіңіп еді. Бізге неге пенсия беріп отырмайды. Бұрынғы басқарма «бұзау күзетсең ғана астық аласың» деп, маңына жуытпай келді. Сонысы жол ма? Бұзауды күтер едім, шырағым, көзім көрмейді, түн ішінде айрылып қалып, масқара боламын ба деп қорқамын. Қартайған сайын өзіңе өзіңнің сенімің азая береді екен. Көзің ашық, жаңа адамсың ғой, жәй-күйімді өзіңе ғана айтып отырмын, арғы жағын өзің білесің, шырағым... Енді кетемін, – деп, қария көңіліндегі сөзін түгел ақтарды да, таяғына сүйеніп түрегелді. «Қандай тамаша адам. Қартайса да еңбек еткісі келеді. Әттең көзі нашар көреді екен. Сөзі қандай ширақ, жүріс-тұрысы қандай пып-пысық» деп, қарияға іштей сүйсініп тұрдым. Шал шығып кеткеннен кейін ғана, әкем маған бұрылып сөз қатты. – Қазір жұмыстың өте қауырт кезі. Ұзақ күн даладағы жұмыс басында болып, кеңсеге әлгі әзірде ғана оралдым. Сен үйге бара бер, мен мұнда біраз бөгелемін, – деді. Мұраттың жөнін сұрап едім, әкем: – Сол жігіттің өзі ауылға келгесін тіпті қызық боп алды, – деп күліп жауап берді. – Құмарлық па, әлде таңсық көре ме, әр нәрсеге бір талаптанады. Бүгін қоярда-қоймай өтініп, бір жылқышыға еріп жайлауға кетті. Ертең оралады, – деді. Мен кілтті алып , үйге қарай аяңдадым. Қараңғы көшемен ақырын жүріп келе жатқанымда, өзімнің бүгін қырманда жарытып жұмыс істей алмағаным, алақанымның қолдырап қалғаны есіме түсіп, біртүрлі ыңғайсыздандым. «Әкем қандай қайратты кісі, шаршауды білмейді. Сонда мен әкеме тартпағаным ба?» – деп, сөктім өзімді өзім. Гүлнардың сөзі есіме түсті: «Бұл бірінші жолғы жағдай ғой. Әрине, шынығамын!» – дедім ішімнен, өзіме өзім серт етіп.

Көңілденіп, үйге келген соң тамаққа сықиып тойып алып, төсегіме барып жатқанымда, тез маужырап ұйықтап кеттім... Таңертең ерте ояндым. Бірақ, жылы төсектен тұруға ерініп жатыр едім. Мұның себебі бар еді. Шынымды айтсам, кешегі жұмыстан денем қозғалтпай қалыпты. Былай бұрсам иығым, былай бұрсам бүйірім ауырғандай болады. Олай-бұлай қозғап байқасам, мойным да сау емес сияқты. Терезенің дәл түбіне салдырлап келіп арба тоқтады. Мұрат дыбыс берді. Мен ініме ешқандай сыр бермеуге тиіспін. Сондықтан, жалма-жан ұшып түрегеліп, жүгіріп барып, есік аштым. – Оһо, Мұратай, халің жақсы ма? – дедім күліп. – Жақсы, – деп жымиды інім. Ол маған жайлаудан көрген-баққанын жырдай гөйітіп, әңгіме соқты. Жылқышылар тіршілігін, өзінің бару, келу сапарын өте қызықтырып баяндады. Інімді жайлауға ертіп барған жылқышы, бұған малшылар өмірінен талай қызық әңгіме шертіпті. Жылқы малының мінезі, күтім-бағымы жайынан көп түсінік беріпті. Жылқышылардың қашағанды қалай ұстап, асауды қалай үйреткенін Мұрат өз көзімен көрген екен. Басын шайқап, егде кісілерше тамсанып қойып, ерекше сүйсініп сөйледі. – Мен өскенде жылқышы боламын! – деді көңілденіп. Інімнің сөзіне жымиып күлдім. Ол бұдан бұрын ұшқыш, матрос, врач, машинист болатынын сан мәрте айтқан болатын. Бір жолы екеуіміз қаладағы «Динамо» стадионынан боксшылар жарысын көріп қайтқанда, «мен боксер боламын» деп құлшынған еді. Бірақ Мұратты кінәлауға болмайды; ол түгіл өзіміз де талай жайға қызығамыз. Бірде тіпті қос бүйіріңе қанат байлап алып, биік аспанды шарлап ұшар ма едім деп ойлайсың. Ең әуелі айға ұшып барып, ғаламаттарын тексеріп келер едім-ау! Інім айтпақшы жылқышы болған да теріс емес. Қалың жылқы көз алдыңда қаптап жайылып жатады. Сен бір шетте әскери сақшыдай бағып тұрасың. Жылқының ең сұлуын, ең жүйрігін таңдап мініп, желмен жарысып, жүйткітесің ғой! Інімнің әңгімесін тыңдай отырып, жайлауға баруға мен де қатты қызықтым. «Кең далада жүйрік сәйгүлікпен ызғытар ма еді шіркін!» деп құмарттым. Біреу терезе қақты. Мұрат жалт қарады да, «почташы» деп, сыртқа жүгіріп шықты. – Телеграмма!.. Мамамнан!! – деп, үйге қуанып, жүгіріп кірді. Телеграммада екі-ақ ауыз сөз жазылған екен. «Жайлы орнықтық деген хабарларыңды алдым, көшуге әзірмін», – депті шешем. Сол күні түнде әкем жолға асығыс қамданып, інімді қасына алып, шешемді көшіріп әкелуге қалаға жүріп кетті.

Мен олар аттанысымен төсегіме кеп жаттым да, таңертең ерте тұрдым. Шешем келгенде таңырқасын деп, үйдің ішін жуып-сүртіп, еденді, есңктерезелерді айнадай ғып жарқыратып қойдым. Содан кейін тысқа шығып едім, біздің үйге қарай Нұртай жүгіріп келе жатыр екен. – Қалтай, сәлем! – деп, ол қасыма кеп тоқтай қалып, әсери адамша қолын шекесіне апарып, өкшесіне өкшесін тақ еткізді. Аяғындағы қара ботинкасы жалтжұлт етеді. – Өзің асығыссың ғой. Жайшылық па? – дедім сұрау беріп. – Ие, асығыспын. Саған келе жатыр едім. Қолың бос па қазір? – деді Нұртай. Бас изедім. – Жүр ендеше кеттік! – деді Нұртай. – Қайда? –дедім таңырқап. – Барған соң көресің, - деді де, Нұртай мені қолымнан жетелей жөнелді. Ол өз үйінің ауласына ертіп келді. Қақпа алдында қос жирен ат байлаулы тұр. Жондары жұп-жұмыр, семіз сәйгүліктер. – Екеуі де көптен құр жүрген арғымақтар. Ертең елу шақырым жерге сапар шегеді, - деп түсіндірді Нұртай. – Ал екеуіміздің қазіргі қызметіміз мынау, – деді ол маған, – қос жиренді көлге апарып шомылдырамыз. Жылқы жалдау қандай тамаша! Тұмсықты көтеріп алып, қос құлағы қылтиып малтығанда, қасқалдақ үйрекше жүзеді. О, ғажап қой! Бірақ сен жылқының жүзгенін көрмеген шығарсың-ау... Бәсе айттым ғой. Ендеше бүгін саған бәрін де көрсетемін. Шеш мына жиреннің шылбырын, осы жуасырағына сен мін. Ал мынау шайтан асауырақ, саған ырық бермей кетер, бұның шоқтығына өзім қонжияйын... Екеуіміз екі атқа жайдақ мініп, көлге тарттық. Жол-жөнекей желікпей аяңмен жүрдік. Жолшыбай Нұртай өзінің үш рет суға кетіп қала жаздаған тарихын әңгіме қылды. – Бірінші оқиға былай болды, – деді ол маған сығырая қарап: – Үш-төрт жастағы кезім болатын. Ауыл сыртында бір жаман құдық болушы еді. Соның аузына қиып салған ағашына асылдып су бетіне түсе қалған көлеңке суретіме мәз болып қарап тұр едім. Біреу итеріп қалды. Етпетімнен түстім. Шалбарымның балағы бір жуан шегеге ілініп, салбырадым да қалдым. Ұзын мұртты бір үлкен кісі сирағымнан тартып, шығарып алды. Ол болмағанда құдықтың түбіне кетіп едім. Үйлері құдықтың қасында тұратын бір ақсақ қыз бар еді, мені ойнап итеріп қалған сол екен. Шешесінен өзі де таяқты мықтап жеді-ау... Екінші рет суға кете жаздағаным былай: көлге қой тоғытып жатқандардың қасына келіп, үлкен бір сарық қойды жетелеп, тереңге апардым. Қойлар да үйрекше жүзеді. Өзім жөнді малту білмейтінмін бір мезгілде шұқанаққа түсіп кеттім. Су төмен тарта жөнелді. Әлгі қой жүзгіш болмағанда, су түбіне кетіп едім... Ал, үшінші рет, өзімнің

қомағайлығымнан суға кетіп қала жаздадым. Бұл оқиға жайлауда болған. Шешем колхоздың биесін сауатын. Бір күні киіз үйдің сыртындағы томардан су әкелуге бара қалайын... Суының тереңдігі кісі бойынан асатындай жайпақ бір шұңқыр бар болатын. Өзінің айналасына қалың тал өскендіктен, көлеңкеленіп, суы қапқара боп түнеріп тұратын. Соған ұзын жіңішке сырғауылды көлденең тастапты да, бір жақ басына шелек асып байлапты. Өзіміздің үйдің ақ шелегі. Жақынырақ келіп, шелектің бетін таяқпен ашып қарасам, шүпілдеген қаймақ. Қызығып кеттім. Сырлы тостағанды оңтайлап, аяқты ептеп басып, төмен еңкейе бергенімде, тайғанап кетіп, суға күмп бердім. Шелектің тұтқасына сыңар қолым ілікпегенде, осы күні өзіміз жер бетінде жүрмеген болар едік. Сөйтіп, тұтқадан ұстап, тыпырлап «апалап» бақыра бердім. Шешем келіп судан шығарып алды. Әй, сондағы ұялғаным-ай!.. Көлге тақау келгенде Нұртай сөзін шұғыл үзіп түйді де: – Несін айтасың, сондай талай қызықтар болған. Ендігі қызықты қазір ат жалдағанда көресің, – деп атының үстінен секіріп түсіп, көк құраққа отыра қалып, етігін, киімдерін шешті... Біз аттарды жетелеп суға түсірдік. – Қалтай, ер соңымнан! – деді де, Нұртай өз атының арқасына ырғып шығып, тебініп, тереңге қарай тартты. Мен де бөгелгенім жоқ., өз атымды оның атының соңынан салдым. Бір мезгілде астымдағы атым лық етіп шұқанаққа түсіп кеткендей болды да, мойнын созып жіберіп, жүзе жөнелді. – Қатарлас маған! – деп дауыстады Нұртай. Атымды тебіне түсіп, оған қатарласа бергенімде: – Әкел қолыңды, күш сынасайық! – деді ол. Нұртай қолын маған соза бергенде, білегінен шап беріп шапшаң ұстай алып, өзіме қарай жұлқып тартып қалып едім, ол делбең етіп, ат үстінен аударылып қалды. – Қапы қалдым, қайтадан кел! – деді намыстанып. Ол атын шаужайлап, қатарласа берді де, мені иықтан қатты қағып жіберді. Бұл жол ат үстінен мен аударылып қалдым. Екеуіміз, осылайша, бір-бірімізді суға кезек құлатысып, біраз күш сынастық. – Мен сені өзімнен осал ғой деп ойлап едім, күшіміз тең екен! – деп мойындады Нұртай... Ауылға қарай қайтып келе жатқанымызда Нұртай мені тағы да бір сынамақ болды. – Кел, анау шарбаққа дейін жарысайық. Қайсымыздың атымыз озар екен, - деді. – Мақұл! –дедім басымды изеп.

– Ал ендеше, ызғыт! Әйт-шу! – деп, Нұртай ұзын шыбыртқысымен менің атымды сирақтан осып қалды да, өзі жолдың шаңын бұрқыратып шаба жөнелді. Даланы басына көтеріп, қиқулап барады. Менің астымдағы жиреннің қамшысы тисе, айғай шықса, еліріп кететін мінезі бар екен. Бірден ыта жөнеліп, ышқына шапқанда, Нұртайдың өзі де сескенді білем: «Тарт тізгінді, тарт! Басы қатты, бой бермей кетеді» деп айғайлады. Тізгінге қо қолдап-ақ жармастым, бірақ елірген ат басына ырық бермеді. Сыңар езулеп, қырындай шауып, тал шарбаққа жақындай бергенде, бір оңбаған әтеш атымның дәл аяғының астынан баж етіп ұшқаны ғой. Жирен ат жалт беріп үркіп, шарбақтан қарғып кетті. Көзімді жұмып қалдым. Аттың үстінен қалпақтай ұштым. Бірақ, еш жерім ауырған жоқ. Жерге допша топ ете түстім де, жалма-жан атып түрегелдім. – Өлді-ау қызыл бұзауым, өлді-ау! – деген дауыс шықты. Жалт бұрылып қарасам, Гүлнар екен. Оның жүгіріп бара жатқан жағына көз аударып едім, шарбақтың бергі іргесінде бір қызыл бұзау, бауыздалған малша, тыпырлап жатыр. Сонда ғана байқадым, бишара бұзау менің атымның аяғының астында қалған екен. Жүрегім зу ете түсті. Денем дірілдеп, орнымнан қозғала алмай тұрып қалдым. – Қалтай... Қалтай, – деп сыбырлады біреу жеңімнен тартып, Нұртай екен. – Сен оңбаған... атымды сираққа ұрып шошытып...– деп тістеніп, оны кеудеден түйіп жібердім. Бірақ Нұртай қарсылық көрсетпеді. – Жұдырығың тіпті темірдей ғой өзіңнің, – деп, сүйір ернін шошайтып күлді. – Неменеге ыржақтайсың!.. Тәртіпсіз... – дедім мен ашуланып. Сөзім ауыр тиді-ау деймін, Нұртайдың өңі қызара қалды. – Қалай жазғырсаң да мейлің... кінә менен болды, – деді төмен қарап... Аттың аяғының астында қалып мертіккен қызыл бұзауды бір шал келіп көрді де: «Бұл енді мал болмайды. Жаны қиналмасын»,– деп, бауыздап тастады. Гүлнар бетін басып жылап жіберді. Мен енді оған тура қарауға батылым бармай, оның көзіне көрінбеуге тырысып, үйіме қарай жылысып кеттім. Содан үш күнге дейін көшеге шықпадым. Жұрттың көзіне түсуге ұялдым. Бәрінен де бұрын Гүлнарға қайтіп көрінбекпін? Ол да мені көруге құштар деймісің. Қызыл бұзау оқиғасын талай адамға жария еткен шығар. «Неткен есер, неткен даңғой бала» деп, маған келістіріп мінездеме де берген болар. «Барып тұрған содыр, жарымес» деп, мені қатты сөкпегенін қайдан білем. Ия, оған қалай десе де рауа ғой...

Арада үш күн өтті. Көше жақ терезенің пердесін аздап қана қайырып, сыртқа көз салып отыр едім. Түс ауған шақ. Күн ыстық. Қарсыдағы үйдің үлкен қорасының көлеңкелі ығында екі жылқы үйездеп тұр. Ұзын қорапты арбаға үлкен темір бөшкені дөңбекшітіп бос салып алған бір әйел, торы атқа қамшы үйіріп, терезенің дәл түбінен даңғырлатып жортып өтті. Оң жақтан біреудің сықылықтап күлген даусы естілді. Таныс үн. Әйнектен сығалап едім. Гүлнар жып-жылы сөйлеп, күліп қойып, Сана апайға бір нәрсені айтып келе жатыр екен. Жүрек зуылдай қалды. «Е, әрине, мені сөз ғып келеді ғой» деп ойладым. Пердені түсіріп жіберіп, терезенің алдынан сәл кейін шегіндім. Сана апайды сонау қырманға жұмысқа бірге барғаннан бері көргенім осы. Бұдан біраз күн бұрын мұғалімдер оқытушылардың аудандық конференциясына жүріп кетті дегенді Нұртайдан естігем-ді. Гүлнардың даусы дәл терезенің түбінен естілгендей болды. Пердеден тағы да сығаладым. Сана апай екеуі тура біздің үйге қарай беттеп келеді. «Ал енді қайтпекпін? Үйден ұрлана шығып, бір жаққа жылыса тұрайын» – деген ой келді басыма. Бірақ, орнымнан қозғалар емеспін. Тұрған жерімде, мойным күнбағыс сабағындай иіліп, қалшидым да қалдым. «Мейлі, келе берсін үйге... Қашанғы жасырына бермекшімін, – деп ойладым, – бар жайды түгел баяндап айтайын. Гүлнар ақылсы қыз емес, менің жазықсыз екенімді түсінер...» Бірақ, бұл жолы босқа дәмеленіппін. Олар біздің үйге бұрылмай, ілгері ұзап кетті. Мен диванға үнсіз келіп отырдым да, ойға шомдым. «Гүлнар Сана апайға мені не деп жамандады екен,» – деген ой көңілімді қатты қобалжытты. Арада шамасы үш сағаттай уақыт өткен мезгілде біреу есік қақты. – Ия, я, кіріңіз, – дедім дауыстап. Есік сықыр етіп ашылғанда, өзіме таныс адамның жүзі көрінді. Сана апай! Қатты қысылып, абдырап қалдым. «Гүлнар бұ кісіге қызыл бұзаудың тарихын тәптіштеп тұрып айтқан болар. Сондықтан Сана апай кінәмді бетіме басып, мені ұялтқалы келген шығар», – деп ойладым. – Қалтай, сәлемат па? – деді Сана апай күлімсіреп. Ол менің қиналып тұрған күйімді тез ұқты да, жұмсақ үнмен жылы ұшырап сөйледі. – Бұның қалай, Қалтай, құрбыларың сені күндіз-түні үйінен шықпайды дейді ғой, рас па? – деді жымиып. «Әдейі жұмбақтап сұрап тұр ғой» деп ойладым ішімнен. Бар шынымды айтуға оқталдым да, бірақ өзімді өзім тежеп, үн-түнсіз бөгеле бердім. «Несін айтам, Гүлнардан бәрін де естіп, қанып келіп отыр ғой», – деп ойладым. Сана апай өз анамдай аса бір мейірімді шыраймен жүзіме барлай қарап отырды да: – Шешеңді сағындың ба? – деді. Басымды изедім.

– Бұл ауылдағы құрбыларыңмен түгел таныс болдың ба? Олар сенен жатырқап жүрген жоқ па? – деп сұрады Сана апай. – Жоқ, – дедім күмілжіп. Сана апай оқушылардың каникул уақытындағы іс-әрекеттерімекн танысу үшін үйді-үйді аралап, ата-аналармен, балалармен сөйлесуге шыққан екен. ол менімен әр тақырыпта әңгімелесті. Бірақ, қызыл бұзау тарихына байланысты ләм демеді. «Мұнысы қалай? Әдейі сөйтті ме? Әлде бұл туралы Гүлнар оған ештеме айтпады ма екен?» – деп, мен Сана апай кеткеннен кейін ойға шомып көп отырдым... Сол күні түнделетіп папамдар келді. Шешем үй ішінің жинақылығын, тазалығын көріп, менің ісіме жақсы баға беріп қуанды. Бірақ мен масайрай алмадым. Сонда да көңілімдегі қобалжуды білдірмеуге тырыстым. Қызыл бұзау оқиғасын айтар болсам, әкем де, шешем де қатты ренжиді ғой. Олардың көңілін жабырқатқым келмеді... Арада үш күн өтті. Түс кезі еді. Әкем үйге біртүрлі ренжіп келді. Ол есіктен кіре берген мезетте-ақ оның осы күйін қас-қабағынан тани қойдым». Қызмет бабында бір қолайсыз жағдай болған ғой» деп топшыладым ішімнен. – Мұратжан, сен тысқа шыға тұршы, Қалтаймен оңаша сөйлесетін бір сөзім бар, – деді әкем. Мұрат оның кескініне бір қарады да, үндемей шығып кетті. – Ие, шырақ, мәселенің үлкенін бізден бүгіп жасырып жүр екенсің ғой, - деп, әкем дөңгелек столдың шетіне шынтағын тіреп, маған қарама-қарсы келіп отырды. – Бұ қалай болғаны... Қылмысты жасырған кісіні не деуге болар? – Әкем қатты кейістік білдіріп, үнсіз отырып қалды. Бетім дуылдап, төмен қарадым. Бір кезде әкем жұмсақ үнмен: – Өлер бұзау өліпті... Болған жайды өз аузыңмен түгел айтшы қані... Бірақ ақталма, – деді. Мен күмілжи сөйлеп, олар жоқта басымнан кешкен оқиғаны әзер айтып шықтым. Әкем сөзімді үндемей отырып тыңдады. Мен айтарымды айтып болғаннан кейін ғана салмақты үнмен: – Осы жағдайды біреуден емес, күні бұрын өзіңнен естісем, тап мұндай кейімес едім. Әсіресе қылмысты айтпағаның, жасырғаның жаныма қатты батады, – деді де, тағы да үнсіз отырып қалды... Әкем үйден шыға бергенде Мұрат ішке жүгіріп кірді. Орнымнан тапжылмай мөлиіп отырған мені иығымнан ақырын ғана түртіп: – Папам саған ұрысты ма? – деп сыбырлады. Төмен иіліп кеткен басымды ептеп қана шайқадым. Мұрат еңкейіп, кескініме таңырқай қарады...

Күндер сырғып өте берді. Бір үйдегі ойы да көп, уайымы да көп адам – жалғыз мен. Кейде басым зеңіп тамаққа да зауқым соқпайды. Көшеге шығып, серуен жасап, бо жазғым, көңіл көтергім келеді. Бірақ өз-өзімнен қысылып тартына беремін. «Жаңа қонысқа келмей жатып, содыр бала атандым-ау» деп, жұрттың көзіне түсуге ұяламын. Әсіресе ең қысылатын кісім – Гүлнар. Оған барып жолығуға, кешірім өтінуге әлі бетім күйіп жүр. Баруға талай оқталып, талай тартындым. «Неге осынша батылсызбын» деп, оңашада өзіме мықтап кейіп те аламын. Менің осылай қиналып жүргенімді әкем сезіп, бір күні ол менімен оңаша сөйлесті. – Байқаймын, балам, түнеугүні ағат қылығыңнан соң жұрт көзіне түсуге өте қымсынатын көрінесің. Бүйтіп бұға берсең, сенің жақсы адам екніңді кім біледі, кім көреді, – деді ол мен басымнан ақырын ғана сипап. Сол сәтте жан дүниемде қандай өзгеріс туа қалғанын білмеймін, әлде жылағым келгендей, әлде қуанғандай бір халге түстім де, аяғымның буындары дірілдеп, қалшиып үн-түнсіз тұрып қалдым. Әкем күлімсіреп, арқамнан қақты, бірақ үндемеді. Менде үн жоқ. Сәлден соң әкем: – «Үш мушкетерді» үш күн бойы оқығанда елу шақты бетінен әрі ұзай алмапсың ғой, – деді күліп. Ертеден кешке дейін қолыма кітап ұстағанмен мандытып оқи алмай, көбінесе жым-жырт боп ойға шомып отырғанымды сыртыьнан ылғи байқайды екен ғой. Өзінің бір басының жұмысы да аз емес, ерте тұрады, кеш жатады. Біреу асығыс шаруасы болып, түн ортасында терезе қақса да, төсегінен ерінбей түрегеліп, келген адаммен ренжімей, жадырап сөйлеседі. Бұрын қалада жүргенде қызметіне тиісті уақытында барып, тиісті уақытында қайтатын. Баратын, келетін мезгілін өзіміз біліп отыратынбыз. Енді қазір шаруа жағдайы уақытпен санаса бермейтін болды, кейде мезгілсіз ерте тұрғызады, түн ұйқысын бөледі. Жұмыстың сала-сала тармағы қандай көп! Асылы, колхоз шаруашылығын басқарудан күрделі, жауапты іс бола қоймас деймін. Осындай қиын істің басында жүрген кісіні ренжітуге бола ма?! «Қадірлі әкем, сені ренжіте көрмеспін, асыл сертім болсын осы!» – деймін ішімнен толғангып. Жазым болған қызыл бұзау тағы да көз алдыма елестей бастайды. «Болған жайды неге жасырдым әкемнен? Неге ренжіттім оны?» – деймін өзімді іштей жазғырып. «Ал енді жұрттың көзіне көрінуге батылым бармай тығылып жүргенім

не болғаным? Жоқ, мұның теріс, Қалтай. Гүлнарға барып кешірім сұрауға тиістісің сен!» – дедім, өзімді өзім қырға алып... Мен осы оймен оның үйіне барғанымда, Гүлнар қақпа алдында жеңіл арбаға ат жегіп жатыр еді. Тым асығыс түрі бар. Мен дәл қасына келгенде ғана байқап, жалт бұрылып, көзіме тіке қарады да, таңырқады ма кім білсін, үн-түнсіз тұрып қалды. Қапелімде менің де аузыма сөз түспеді. Мен де үнсіз тұрып қалдым. Гүлнар езу тартып күлімсіреді. – Амансың ба, Қалтай? Көптен көрінбей кеттің ғой, – деді. Үнінде мен күткендей мысқыл да жоқ, зіл де жоқ. – Өзің қайда барғалы жатырсың? – деппін. Аузыма бұдан басқа сөз түспей қалды. Гүлнар жөнін айтты. Үйге отын әкелуге жүргелі жатыр екен. – Мен бірге барайын. Көмектесейін. Қазір қолым бос, – дедім мен . Шын ниетпен білдірген тілегім. Әйтпесе сол сәтте өз кінәмді осымен өтейін деген ешқандай ой басыма келген жоқ. Екі қайыра өтініп, Гүлнардың рұқсатын алған соң, әкеме жөнімді айтып, ықшам киініп, беліме өткір балта қыстырдым да, Гүлнармен бірге отынға жөнелдім. Қарагер ат бүлк-бүлк жортып келеді. Ауылдан екі шақырымдай ұзадық. Гүлнар сұрау қойғанда ғана қысқа жауап қайырып, көбінесе үнсіз отырмын. Қызыл бұзау тарихы есіме түсе берді. Ал, Гүлнар бұл жайында ләм деген жоқ. Менің кешірім өтінгім келеді. Бірақ әуелгі сөзді қалай қисындап бастаудың ретін таппай, көп қиналдым. – Қалтай, неге төмен қарай бересің? Кескінің неге жабырқау? – деп, Гүлнар маған салмақпен қарады. Біртүрлі ыңғайсызданып қалдым. Гүлнар мені барлағандай сәл үндемей отырды да, ойымдағы сөзді өзі қозғады. – Бізден ұялып жүрген шығарсың... Кінәлімін деп ойлайсың ба? Жоқ, сен кінәлі емессің. Сенің атыңды үркіткен Нұртай екен ғой. Бәріне кінәлі сол Нұртай. Өзі біздің үйге келіп, кешірім сұраған. Біз ренжіген жоқпыз. Ренжігеннен не пайда, қызыл бұзау қайта тірілмейді ғой... – деді Гүлнар. Ол мені жазғырмаса да, бүкіл кінәні Нұртайға аудара сөйлегенін ішімнен мақұл көрмедім. – Менің де кінәм бар. Қызыл бұзаудың аттың аяғының астында қалуына мен де себепкер болдым...– деп, өзімді де жазғырып, Гүлнардан кешірім өтіндім. – Бәрінен де өзіңнің аман қалғаныңды айтсаңшы. Аттың үстінен ұшып кеткенде, шарбаққа кеп құласаң, бір жерің жазым болатын еді, – деді Гүлнар.

Бишара қызыл бұзаудың аттың аяғының астында қалып мертіккенін тағы да бір рет есіне алды да: – Нұртай да осындай жағдай болар деп ойлаған жоқ қой. Бірақ ойынның да жөні бар, аңғал ойын бір пәлеге кезіктірмей қоймайды, – деп салмақты үнмен сөйледі. Мен оның сөзін құптап, басымды изедім. Гүлнар сәл үндемей отырды да, бір кезде есіне әлдене түскендей боп күліп жіберді. – Түнеукүні Сана апай екеуіміз көшеде сөйлесіп келе жатқанда, мен сенің терезеден сығалап тұрғаныңды көріп қалдым. Біз жақындағанда терезенің пердесін неге түсіре қойдың? Қасымдағы кісіге сені жамандап келе жатыр ғой деп ойладың ба? Жоқ, мен Сана апайға қызыл бұзау тарихын айтқан жоқпын. Мен ешкімді де сыртынан жамандамаймын, – деді. Сана апай мен Гүлнардың сөйлесіп келе жатқанын терезеден көргенімде, нендей ойға берілгенім есіме түсіп. Өзім де еріксіз күліп жібердім. Неше күндей еңсемді басқан зілден енді ғана арылып, бойым жеңілдеп қалғандай, жадырап серги бастадым. Біз орманнан бір арба отын алып кейін оралғанымызда, Гүлнардың үйінің алдына Нұртай бізді күтіп тұр екен. – Жолдастар, үлкен жаңалығым бар. Ауылға көшпелі кино келді! Мен сендерді салтанатпен киноға шақырамын. Билеттерің қалтамда! – деп, ол біз жақындай бергенде қолын көтеріп дауыстады. – Қалтай, қалай ойлайсың, біздің Нұртай, көңілінде еш қаяу жоқ, жақсы бала емес пе? – деді Гүлнар маған қарап күлімсіреп. – Әрине, ол жақсы дос, – дедім шын құптап. Сөйтіп, жаңа достарымның ыстық ықыласына қайтадан бөлендім. О, өмірде достықтан қымбат не бар!

Қалтай әңгімесін осылай аяқтады. – Әрине , өмірде достықтан қымбат еш нәрсе жоқ! – дедік біз де оны құптап...

ҚАМАЖАЙ

(Көріністер)

Сүйікті қызы Қамажайдың ұзатылу тойы жақындаған сайын Бағила ананың уһілеуі көбейе берді. Үлкен баласы Әбіл, оның әйелі Шәмшия – екеуі де ол кісінің бұл мінезін көріп күледі. Күледі де аяйды. Аяйды да жұбата бастайды. Ал, Бағила ананың айта беретін сөзі біреу: – Япырай, – дейді, – уақыт қалай тез зымырап өтіп кетеді! Қамажайым жаз айының дәл осы мезгілінде, пішен уақытында туып еді. Кеше ғана уілдеп бесікте жатқан нәресте, енді, міне, «бой жеттім, өстім» дейді «Топшым қатайды, ұямнан ұшамын» дейді. Бағила ана әуелі күлімсірейді де, сосын көзіне жас алады. – Апа, бұныңыз не? – деп таңырқанады келіні Шәмшия. – Қуанғаным ғой, – дейді Бағила ана. Жаулығының шетімен көзінің жасын сүртеді. Қайтадан күлімсірейді. Қайтадан сөйлей бастайды. – Қамажайымның бала кезіндегі бар мінезі көз алдымда. Ең алғаш күлгені, ең алғаш былдырлап сөйлегені, аяғын апыл-тапыл басып ең алғаш жүргені... Бәрі көз алдымда тұр. Өзі бой жеттім, өсіп кеттім десе де, ол маған сол баяғы сәби қалпындай. Жығылып бір жерін ауыртып алмады ма, бірдемеге арандап қалмады ма деп, бала кезінде қандай алаңдасам, қызым үйде болмаса, кешіксе, қазірде де дәл солай алабұртам ылғи. – Барлық ана біткен осындай-ау! – дейді Әбіл, – Баласының есейгенін байқамайды ол. Перзенті көзіне бәз-баяғы нәресте кезіндегідей балғын көріне береді. Ал, бала деген өзінің ер жетіп қалғандығын, үлкейгендігін қашанда дәлелдегісі кеп тұрады. – Бұл – тіршілік заңы ғой, – дейді Шәмшия оны құптап. – Адам тіршілік заңына қанша мойынсұнбаймын десе де, тіпті оған қарсы күресіп жүрсе де, жүзінде, күнбе-күнгі қарекетінде, сол заңның шарттарын орындап отырады. – Дұрыс айтасың, Шәмшия. Өзімнен үш-ақ жас кіші Қамажай қарындасым-ның бой жетіп қалғандығын күні кешеге дейін мен де мойындаған жоқ ем. Оған ылғи бала деп қарап, өзімді одан ақылдырақ, естірек санайтынмын... Бірақ шынымды айтайын, кейде бір мәселе жайында таласа кеткенімізде, ыңғайына өзімнің қалай оп-оңай көше қалғанымды ылғи аңғармай қалатынмын. Соңынан барып сезетінмін де, жеңілгенімді ішімнен түсініп, үндемейтінмін. – Қамажай сені ерекше сыйлайды, айрықша жақсы көреді. – Мен де оған жан баласын теңгермеймін. Қарындасым алтын! Мынадай кісінің қызы жаман бола ма?! –деп, Әбіл шешесіне күлімдеп қарап еді.

– Қызыма ризамын, – деді Бағила – Тең құрбысынан кем қалған жоқ. Оқыды. Үнстетін бітірді. Қолыма келіп қызметін атқарды. Кішкентай кезінде айтушы еді: «апа, сені өзім асыраймын», дейтін. Орындады айтқанын. Ақ сүтімді ақтады. Баласының жақсы боп жетілгенін көргенде, әр ата-ана:» перзентіміздің алдындағы борышымыз өтелді» деп қуанбақ. Құдайға шүкір, көңілім тоқ енді. – Мәпелеп күтпесе, жас шыбық жайқалып өсер ме?! Бәрі де сенің арқаң, апа! – деді Әбіл, өздерінің қарыздар екенін білдіріп. – Бізді адам қылған өзіңсің. Осы жолда бейнет те шектің, талмадың. Әкеміз өліп, бар ауыртпалық өз арқаңа түсті, қиындыққа шыдадың. Біз үшін шыдадың. Сенің алдыңдағы борышымыз асқар таудай! Қарасам ұшар басына көзім жетпейді, апа. Дәл осындай ойын Қамажай да жеңгесіне толқып отырып айтқан еді. «Ұлдың жөні басқа ғой, шаңыраққа ие болып қалады. Ал ұзатылған қыз – ұядан ұшып кеткен құс секілді көрінеді», – деп мұңайған-ды. Шәмшия қайын сіңлісінің сол сөзін айтып: « Қамажай сүйдеген кезде өз көңілім де біртүрлі босап кетті», – деп еді. – Пәлі! – деп күлді Әбіл. – Қыздың ұзатылуы – табиғаттың заңы емес пе! Қыз – жаман болса төркінін танымайды. Әйтпесе, құс екеш құс та өскен ұясына жылда айналып соғады. – Ата-анаға ұл да бірдей, қыз да бірдей, – деді Бағила ана. – Ұлы өссе – оның отау тігіп орнығуын, қызы бой жетсе – оның теңін тауып, құтты орнына қонуын тілейді. Сол тілегі қашан орындалғанша, ата-ананың көңілі тыншымайды. – Ал сізге енді кеп алдабұрта беруге себеп жоқ. Ұлың болса, міне, көз алдыңда тұр. Келінің болса, міне, қара көзі мөлдіреп қарсы алдыңда отыр. менен кейінгі перзентің Қамажай – ол да құтты орнына қонады ертең. Ал кенжең Шолпан әлі жас, оныншы класқа биыл көшті. Оған құтты орын тілеуің ертерек болар. Шәмшия ерінің сөзін құптай, басын изей түсіп: « Қамажай өзінің нағыз теңін тапты ғой деп ойлаймыз біз. Күйеу балаңыздың ақылы десе – ақылы, білімі десе – білімі бар», – деп, мақтай бастап еді. – Білемін ғой, – деді Бағила ана. Ақырын ғана күрсініп қалды. Сонсоң үндемей біраз отырды да, көкейіндегі бір сырын қозғады. – Күйеу баланың кішіпейіл, инабатты екенін танығанмын. Тек жалқы жігіт... Алдында не ағасы мен не апасы, артында не інісі мен қарындасы жоқ. Осы жағдайын ғана ойлай беремін. – Жалқы болу – жарым болу емес қой, деді Әбіл, – Туған туысқанның көптігі, әрине, жақсы, бірақ адамның бағасы ағайынның көптігімен өлшенбейді, әркім өз басының қадір-қасиетімен ардақталады. Ал, қадірі артқан кісіде дос көп.

– Солай ғой... әйтсе де, біреу туған туыстың жөні бөлек-ау, балам. Жалғыздықтың аты – жалғыздық... Со бір жері ғана жүрегімді кей-кейде сыздатып жібереді. – Ой, ардақты асыл анам-ай! Күйеу балаң жалқы жігіт атанбайды енді. Мен аға болуға жарасам, ол іні болуға жарайтын азамат. Бұдан артық не керек?! Әлде құдағиым да жалғызілікті әйел деп, тұрмысы да жұпыны деп, со жағын олқысынасың ба? Бағила ана Әбілге «бұл сөзді ретсіз айттың» дегендей раймен қарады да: – Мен дәулеті шалқыған, мансабы биік құда мен құдағи іздеп отырған жоқпын, – деді салмақты үнмен. – Маған ұлымның да, қызымның да қайын жұртының бақдәулеті, атақ-дәрежесінің биіктігі даңқ емес. Біреудің даңқы біреуді аспанға шығармайды., біреудің дәулеті біреуге құт болмайды, – деді де сәл ұндемей отырып қалды. Сосын бастапқы сөзінің желісін қайта жалғап, көкейіндегі ойын анық етіп айтты: – қызының ұзатылып барған жерінің төрт құбыласы тең болғанын қай ата-ана тілемейді? күйеу баланың кімі бар, кімі жоқ? Атасы мен анасы қандай? Ағайыны, жекжаты қандай? – деп алабұртса, ата-ана қызына тек бақыт тілеп алабұртады. Мен де – сондай ата-ананың бірімін. Әбіл анасына қарап, кызарып күлімсіреді. Қолында ораулы заты бар, үйге Қамажай кіріп еді. Біртүрлі ұяла жымиып, босаға жақта бөгеліңкірей берді. – Қасыма келші, қалқам, – деді Бағила ана қолын созып. Қамажай қасына барғанда, қызын құшақтап, бетінен сүйді – Ал енді барлық жайды өздерің боп ақылдасыңдар. Маған түйінін айтыңдар, – деп, орнынан жайлап түрегеліп, есікке қарай ақырын ғана қозғалды. Күйеудің, құдалардың келетін күні, тойдың уақыты белгіленген болатын. Той жабдығы, қыздың жасауы – бәрі де әзір еді. Бұл жасалған әзірліктен Бағила ана ешқандай кемшілік таппаған. Бірақ, кім біледі, мыналардың тағы да бір ойлаған жоспары бар шығар; баласы да, келіні де, қызы да – үшеуі де институт бітірген білімді кісілер. Әбіл мен Шәмшия – дәрігер, Қамажай – мұғалім. Бұлардың кейбір сөзін Бағила ана түсіне алмай қалуы да ықтимал. Сондықтан өздері оңаша отырып ақылдассын. Бағила ана осыны ойлап шығып кетіп еді. Шәмшия Қамажайға күлімдеп жақындап: – Тойда киетін көйлегіңді бітіріп әкелдің бе? – деді де, Қамажайдың қолындағы ораулы затты ашып, үлбіреген ақ жібек көйлекті алып қарады. – Оо, өте әдемі екен! Ақ көйлегің иығыңа бақыттың ақ көгершіні болып қонсын, сәулем!

Ол Қамажайды қуанып сүйді. Осы мезетте оң жақтағы бөлмеден, тұлымы желкілдеп, Шолпан жүгіріп шыға келді. Ол шешесінің кенже қызы, ерке қызы. Осы үйдегі үлкендердің бәріне де жас балаша еркелейді. Өзінің жасы онжетіге аяқ басып, бой жетіп қалғанын ұмытып та кете береді. – Тәте! – деп, жүгіріп кеп Қамажайды мойнынан құшақтай алды ол. Сосын көйлекке көзі түсіп; – О-һо! – деді. – Қандай тамаша көйлек. Тәтежан, киші үстіңе! Қалыңдық қандай болады екен, көрейін. – Шолпан, сені кім шақырды осы араға? Бар, музыкаңды ойна! – деді Әбіл. – Жоқ, кетпеймін. Мен керекпін. Бұл арада мен емес, сенсің артық тұрған кісі. Сенің алдыңда тәтем көйлегін қалай киіп көрсетеді маған. Шолпанның сөзіне Шәмшия мен Қамажай сүйсініп күлісті. – Япырай, сөз тапқанға қолқа жоқ, – деп, Әбілдің өзі де күліп, сыртқа шығып кетті. – Тәте, киші көйлегіңді! Көрейік! – деп өтінді Шолпан. Қамажай үлбіреген ақ көйлекті үстіне кигенде, қызара күлімсіреген жүзі балбұл жанып, өңі ерекше ажарланып, сұлу көрінді. Жеңгесі Шәмшия өте сүйсініп, тамашалап қарады. – Ой, қандай әсем! – деп қызықты Шолпан. – Ағатай, қарашы, – деді Шәмшияға, – менің тәтем қандай сұлу! Ақ көйлек, қара шаш... біздің айнакөлдің биік жарына қонып отырған ақ шағала сияқты емес пе! Біреу ақырын ғана тықылдатып есікті қақты. – Кіріңіз! – деді Шолпан. Қамажай шапшаң қозғалып, екінші бөлмеге еніп кетті. Келген кісі – орта бойлы, дөң мұрынды Әділғазы еді. Қамажайдың орта мектепте бірге оқыған құрбысы болатын. Қамажайда ежелден көңілі бар жігіт еді. – Есенсіздер ме? – деді есіктен кіре беріп, басын иіп. – Әділғазы ағай, жоғары шығыңыз, – деді Шолпан ізетпен. Әділғазы сыпайы қозғалып, жоғары қарай өтіп: – Қамажай үйде ме? – деп сұрады. Шолпан басын изеді. Сосын Шәмшияға : «Осы кісі қызық өзі. Келген сайын тек тәтемді сұрайды ылғи», – деп сыбырлады да, Әділғазыға қайта бұрылып: – Тәтемде бір шаруаңыз бар ма еді? – деді. – Бар еді... – Бізге білуге болмай ма? Қандай шаруа? Құпиясы болмаса айта беріңіз. Әділғазы ыңғайсызданып қалды: – Құпиясы жоқ... Бірақ, біреуге арналған сөзімді басқаға айта алмайтын едім... – Қызық екен! – деді Шолпан оң иығын көтеріп.

Қамажай көйлегін ауыстырып киіп, қайтадан бері шықты да, Әділғазыны көріп, онымен қолдасып, қуанып амандасты. Амандық-саулығын, жай-күйін сұрады. Әділғазы бәсең үнмен ақырын ғана сөйледі. Өзінің Қамажайға оңаша ғана айтар бір сөзі барын білдірді. Шәмшия оның жайын түсінді де, Шолпанға да «соңымнан ер» деп белгі етіп, есікке қарай беттей берді. Әділғазы көкейіндегі сырын ағытқалы келіпті. Төмен қарап, үн-түнсіз біраз отырды да, демі дірілдеп сөйледі. – Қамажай, жүрегімдегі өшпейтін бір сезім тағы да жетелеп әкелді алдыңа... айып етпе... Жанына жай таба алмай жүрген, көңілі құлазыған бір бейбақ пендемін мен. – Ой-бой, тіпті күңіреніп кеттің ғой, – деді Қамажай күліп. Әділғазы сөзін айта берді: - Бала жастан бірге өстік, бірге оқыдық. Менің жанымның сырын бір кісі ұқса, ол сен болар деп ойлаушы ем. Сол ойдан көңіліме үміт ұялап, жүрегіме ыстық сезім оралған... Бірақ сен осы күйімді ұқпадың... Сонда да көңілімдегі үміт оты жылтырайды да тұрады... Қамажай Әділғазының өзінде көңілі барын бұрыннан сезетін еді, бірақ, қыздың жүрегінде ол түсірген махаббат ұшқыны жоқ болатын. Әйтсе де Қамажай оны кемсітпейтін, Әділғазының адамгершілік қасиетін бағалап, оны адал жолдас, жанашыр дос тұтып сыйлап келген. Қазір де оның күйін терең ұғып, аяп кетті. Сөзін толқып айтты: – Асыл құрбым, Әділғазы! Мен сені ежелден адал дос, жақсы жолдас деп таныған ем. Сөзіңді елемеген, өзіңді сыйламаған жерім жоқ. Сені өзіме әрқашан тілектес құрбымдеп, қамқоршы көрем. Сыр айтсам – жанымды ұғасың, ақыл сұрасам – бәйек боласың. – Осындай ақылды сөзің мен асыл мінезің ғой менің жүрегімде баураған! – Бұған менің еш жазығым жоқ шығар деп ойлаймын. – Кінәлі өзім... Жазығым – сені шын сүйетіндігім... – Бұл күйіңді ұғамын. Адам баласы сүю үшін жаралған. Біреуді біреу сүйгені үшін жазықты емес. Бірақ, бір жүректе тұтанған сезімнің кейде екінші жүректен өзіне өріс таба алмайтыны болады. Шын махаббат болуыс үшін екі жүректегі сезімнің бірдей тұтанып, бірге лаулауы керек қой... – Тілегенім сол еді менің.. – Қадірлі Әділ... Өзің де білесің ғой, менің сүйген жігітім бар. Сол адамға қол ұшымды бердім...

– Амалым қайсы... Өз жүрегіңнің әміршісі – өзіңсің. Көңілімдегі үміт оты шоғы қарайып бір сөнер... Бақытты бол!.. Әділғазы шығып кетті. Қамажай терең ойға шомып қалды. Бөлмеге күліп сөйлеп Шолпан кіре берді. – Жаңағы кісіні көрсем, ылғи күлкім келеді. Өзі біртүрлі... Қамажай сіңлісіне ойлы жүзін бұрып қарады да: – Түсіне алмаған екенсің, ол – жақсы адам, – деді салмақты үнмен. – Мүмкін, – деді Шолпан, - бірақ өзі қызық! Біреумен сөйлескенде, автомат қаламы мен блокнотын қолына алып, ылғи бірдемені жаза бастайды. Талай көргем. Сонда не жазады. – Ол – журналист қой, аудандық газетте қызмет атқарады. – Журналист болған соң кісінің аузынан шыққан әр сөзін жазып ала бере ме? – Бәрін емес, керегін жазады. – Мақұл, сөйсін –ақ. Бәрібір өзі бітүрлі қызық кісі. Шәмшия кірді. Ол Қамажайдың ажарынан оның қатты толқыған күйін бірден таныды. Ақырын ғана сөз қатты: – Көңілің тағы да тербеліп қалды ма? – Бір толқын тербетіп кеткені рас.. – Сеземін... түсінемін... – Біреудің қиналғанын көру қандай ауыр,– деді Қамажай. Сосын төмен қарап, жүдеп отырып қалды. Шолпан оның күйін ұққан жоқ. «Сөздеріңіз түсініксіз боп кетті», – деп, терезенің алдына барып, сыртқа көз салды. Қарсы жақтағы көшеде жиыла қалған жұртты көріп, жайын білгісі кеп, тысқа жүгіріп шықты. – Шәмшия, сен дәрігерсің ғой, айтшы маған, – деді Қамажай толқыған үнмен, – ауруханада, сырқаты жанына батып қиналып, науқас жатады. Сонда қалай шыдайсың? – Дәрігер дертпен, ажалмен күреседі. Күрес үстінде адам әрқашан мықты боп кетеді, – деді Шәмшия. – Білмеймін, мен дәрігер болсам да, қолымнан ондай мықтылық келмейтін шығар. Сен қажырлысың, Шәмшия. Шолпан үйге өңі қашып, шошып, жүгіріп кірді. – Ой! Бір сұмдық бопты! Жансыз біреуді машинадан түсіріп жатыр, – деді үрейі кетіп. Қамажай мен Шәмшия да шошынып, жылдам келіп, терезеден қарап еді. Осы мезетте дауыс сап жылаған әйел үні шықты. Қамажай терезенің алдынан кейін

шегіне берді. Мынау үн– таныс үн. Оның сүйген жігіті Ақжолдың анасының даусы. Қамажайдың көзінің алды бұлдырап, жер айналып, үйдің қабырғасы төңкеріліп құлап бара жатқан секілденіп кетті... «Бұл не? Өң бе, түс пе? Қайдасың Ақжол? Сені аварияға ұшырап, мерт болды дейді мына жұрт. Рас па? Жоқ жалған бұл сөз! Тірісің сен!» Қамажайдың құлағына Ақжолдың үні келгендей болды. Қамажайды қуанып шақырып тұр. – Қамажайым, келші бермен, сәулем! – дейді. – Көкірегіме қысып тұрып, сүйіп тұрып құттықтайын! – дейді. Әдемі бақ ішінде, жапырағы төгілген ақ қайыңның қасында, Қамажайдың да сол ақ қайың секілді құлпырып, бал-бұл жайнап бір тұрғаны бар еді. Ақжол оған қолындағы қызыл гүлін ұсына берген. – Қамажайым, жас өмірің осы қызыл гүлдей боп, нарттай жайнасын. Тек биікке қанат қақ! – деп еді қуанып тұрып. – Рахмет! Осы тілеуді мен де саған тілеймін, – деп, Қамажай да қуанып күлімсіреген. Ақжол сонда шалқып сөйлеп кетіп еді: – Екеуіміздегі тілек те біреу, үміт те біреу, үміт біреу. Өткені қос жүректің лүпілі біреу. Махаббаттан жеңілмейтін нәрсе жоқ бұ ғаламда! Енді бізге өмірдің асуы да аласа, тереңі де – тайыз! Бірімізді – біріміз қанатымызбен демеп, тек жоғары самғай берейік қиынға ұмтылайық! Қиындықпен жеткен жеңістің қуанышы мол болады. Ұзақ болады! Қамажай да толқып тұрып сөйлеп еді: – Институтқа кеше ғана келіп түскен секілді едім, қалай шапшаң өтіп кетті төрт жыл уақыт. Институтты бітіріп шыққаныма сенбей тұрмын тіпті... Енді өзімнің туған ауылыма мұғалім болып барамын. Кешегі өзім оқыған мектепте әдебиеттен дәріс берем. Бір кезде өзім отырған партада қара көзі мөлдірей, тұлымы желбіреп, бір кездегі дәл өзі секілді боп, жап-жас қана қыз отырады. Бір кездегі дәл өзім секілді боп, ол да ұстазына қуанышпен, үмітпен ғана қарайды... көк орам жас түлек! Сен оның қауырсынын жетілтіп ұшырасың! Ол ұясынан көтеріліп ұшып бара жатқанда, қанатының қағысына сүйсініп қана, қызығып қана қарап тұрасың. Көкіректі мақтаныш кернейді сол шақта. Қандай қадірлі – ұстаз еңбегі! Қандай бақыт ұстаз болу! – Арманың сұлу! Ісің де сұлу болсын, сәулем! – деп еді Ақжол. – Осы тілек – өмірімнің мақсаты... Тағы да қиялдайықшы? Келер күндер көзімізге елестесін! – деп еді Қамажай.

Сонда Ақжол, бейне артист секілденіп, толғай сөйлеп, арманын айтып кетіп еді: – «Құс ұшарында аспанға қарап қанатын қомдайды, шырқап шығар биігін межелейді» деп, тағылым үйретуші еді шешем ылғи. Екеуіміз де өмірге жолдама алып, қатар түзеп ұшқалы тұрмыз ғой. Ал биікке қарайық та, қомдайық қанатты!.. Міне, шырқап көтерілдік биікке. Енді жоғарыдан көз жіберші төменге қазақтың тақтайдай жазық байтақ сұлу даласы! Телегей теңіздей боп жайылған сары егін. Ұш-қиыры жоқ. Шеті, шегі көрінбейді. Майда желдің лебінен ырғалып тербелген сары егін – ақырын ғана толқындап жатқан сары теңіз секілді. Көз ұшында комбайндар жүзіп барады. Бұлар суда қалқыған желкен тақылетті. осының бәріне жоғарыдан шолып көз тігіп, биікте біреу тұр. мына жайқалған егінге қарап әрі таңданғандай, әрі мақтанғандай. Бұл бітік егінді өсірген – соның өзі. Яғни мына тұрған – Ақжол. Міне, осы – менің арманым. Мен – егін ішінде өскен диқанның баласымын. Ал диқан дегеніңіз егіннің жағдайын ойлап, қыста да, жазда да ылғи алабұртып отырады. Қыста күн борамаса, «егін үстінде қар жұқа тұрды-ау, көктемде ылғал аз болады-ау» деп қам жейді. Жазда аңызақ соға берсе, жауын жаумаса, «жер қаңсыды-ау, егін күйіп кетер болды-ау» деп қиналады. Кей жазда жаңбыр көп боп кетсе, жаңбырмен де ұрсысып, мазасы кетеді... Мені үнемі мазалайтын бір ой бар. Біздің егінші жұрт табиғатқа қашанға дейін кіріптар бола береді? Өзіміздің Қазақстанның солтүстік аймағын мысалға алайын. Мың-мыңдаған гектар егін салынады. Егер жазда көктен тамшы тамбай, қуаңшылық болса, осынша мол егінге, самолетпен бүріксең де, су жеткізе алмайсың. Егін күйіп кетеді. Немесе, жазда жаңбыр үздіксіз жауа берсе, күзде де толастамаса, бітік шыққан егін, дәні қатпай, көк күйінде қалады. Пісіп үлгірмеген осындай көкбурыл егіннің қар астында қалғанын, былтыр практикаға барғанда, өз көзіммен көрдім. Ішім удай ашыды. Содан бері үнемі толғап жүрген бір ойым бар. Жазы қысқа, салқыны мол терістік аудандарда шапшаң өніп, тез пісетін сапалы егін сортын тапсам деймін. Осыны қызығып іздеу – мақсатым. Үміт үлкен, арман зор. Бәрін де бірге көрерміз!.. Осы сөзін қуанып айтып тұрған Ақжол ілезде ғайып боп кетті, Қамажайға бар дүние тағы да шыр айналып бара жатқан сияқтанды...

«Ақжол, қайдасың сен? Анаң неге дауыс сап жылап отыр? Жұрттың сөзі рас па әлде? Ақжол, неге дыбыс бермейсің? Қайдасың сен?» – Қамажайым, жан сәулем, тап қасыңда отырмын ғой міне. Шын көрмей тұрсың ба мені, – деп күледі Ақжол.

Қамажай тағы да аң-таң. Әлгінде ғайып боп кеткен Ақжолы қасында отыр. екуінің алдында – бір қағаздар; бұл қағазда тізілген – бір цифрлар. Қамажай қызығып, таңданып қарайды. – Ақжол, түсіндірші мына көп цифрыңның мәнісін, – дейді үлкен нұрлы қара көзін сүйіктісіне аударып. – Бұл цифрлар – дәннің топыраққа түскен күнінен бастап, көктеп шығып, толысып піскенге дейінгі өсу жолының сырын шертеді, - дейді Ақжол. – Бұл цифрлар – егін сабағының күн сайын қанша ұзарып биіктеп отырғанын айтып беретін көрсеткіштер. – Сөйлейтін цифрлар десеңші. – Рас, дәл айттың, сөйлейтін цифрлар. Күнде бір сырласып қоям. – Әр цифрда сенің ойың тұр екен ғой! – деп сүйсінді Қамажай. – Айтшы, Ақжол, – деді сосын, – өзің сепкен дән биыл керемет бітік боп өсті ғой. Сол егін қарсы алдыңда теңізше тербеліп жатқанда, өзің соған қызығып, қарап тұрған шағыңда, жүрегіңді қандай сезім биледі? – О, бұл ғажап! Суреттеуге тілім жетпейді. Ал өзің не дер ең осы тектес сауалды мен саған қойсам? Бір кезде өзің оқыған мектепке мұғалім боп кеп, алғашқы сабағыңа кіргенде, бүкіл класс өзіңе жаудырап қарай қалған мезетте, өз жүрегіңде қандай сезім болып еді? – Ерекше тебіренгем. Бірақ бұл күйді мен де саған сипаттап бере алмаймын, тілім жетпейді. Өзім ғана іштей терең ұғамын. – Ендеше мені де, жайқалған егінді көріп, қуанып тұрған шағымда, дәл осындай ерекше бір нәзік сезім құшағына бөленіп тұрды деп біл. – Ұқтым енді! – деді Қамажай жымиып. – Саған жұмбақ сырым жоқ қой, жаным, – деді Ақжол оң қолымен оны иығынан құшақтап. Дәл осы кезде Ақжолдың анасы Қанипа есікті ашып, үйге кіре берген болатын. Ол Қамажай өзінің болашақ келіні екенін білетін-ді. Қуанып, жалма-жан шай дайындап, дастархан жасап, әбігерленіп қалды. Бәрі де іп-ілезде дайын болды. Столдың үстіне шарап та, рюмкалар да әкелінді. – Жарасып бір отырайықшы анамыздың қасында! Қамажай, сен қымсынба,– деді Ақжол, – менің апам баяғының ескішіл қарты емес, прогрессивный адам! – Ол рюмкаларға шарап құйды. – Қане, апа, өзің бастап алдыртып жіберші осы бір балдай тәтті шарапты. – Мені қыстама, қарағым, – деп, Қанипа рюмканы әрі сырғытып қойды. Сосын Қамажайға бұрылып: – Татып көрген нәрсем емес, дәмін де білмеймін, – деді.

– Ішпесең де ырымын жаса, апа. Осы күнгі салт бойынша, рюмканы қолыңа ұстап, бізге, Қамажай екуімізге арнап бір ауыз сөз айт, – деді өтініп. Қамажай да Қанипа ананың бір тілек айтқанын күткендей рай білдірді. – Жарайды, қарақтарым, айтайын, – деді Қанипа. Сәл ойланып, салмақты сөз айтты. – Мен өмірдің тепершін көп көрген адаммын. Шеккен бейнетім де, жұтқан қайғым да аз болған. Шыдадым, төздім... Қырық төртінші жылы әкесі майданда қаза болғанда Ақжол бес жаста еді. Жетім бала, жесір әйел.. күнімізді көре алмай азып-тозып кетеміз бе деп қорықтым да.. Әйтеуір үмітім сөнген жоқ. Жалғыз перзентім – Ақжолымды демеу тұттым. Ұлымның жақсы болашағын көруге ынтықпын. Сол сезімнен бойыма қуат алдым... Енді, құдайға шүкір, балам ер жетті, азамат болды... Бақыттымын! Арманым жоқ! Бір баланы екеу болатынын да көріп отырмын. Қос қарғам – қос қанатым, алдарыңда жарқырап жанып тек қуаныш тұрсын! Уайым-қайғы аулақ болсын. Осы – бар тілеуім. – Ақ тілек, асыл тілек! Рахмет, апа! – деді Ақжол Қамажай екеуі рюмкалары сыңғыр еткізіп соғыстырды да, еріндеріне таман апара берді. – Бақытты болыңдар» - деді Қанипа шешей. – Менің апама берген бір антым бар, – деді Ақжол Қамажайға, – жасымда мен көп ауырып, тіпті өлім аузына барып қалып, шешемді көп үрейлендіріп-пін. Соның есесін өтеп, апамды тек қуанышқа құндақтап қоямын деп серт қылдым. – Әдемі серт! Дүниеде ана борышынан үлкен борыш жоқ, – деп құптады Қамажай. – Жасында Ақжолдың көп ауырғаны да рас, - деді Қанипа, – Талай-талай қорқытқаны да рас. Және өзіміз, бұдан бұрынғы балаларымыз тұрақтамай, жүрегіміз шошып, әбден зәрезап боп қалған ек. Әйтеуір тілеуіміз оң екен, Ақжолымыз небір қатты науқастан сауығып, аман қалған. – Аурумен алысып, жасымда солай шынығып алғаным жақсы болды,– деп күлді Ақжол. – Есімді білгелі еш ауру жуыған жоқ. Енді мүлде жуымайды! – Олай деме, балам, асылық болады, ауруды ешкім де тілемейді, тосыннан жабысады, – деді Қанипа. – Қорықпа, апа. Балаң қазір баяғы ауыра беретін кезіндегідей әлжуаз емес. Және өзім еркін күрестен спорт жарысына қатысып жүрген жоқпын ба?! Ақжол аппақ тісін көрсетіп күлді. Ол тағы ғайып боп кетті...

Бұның бәрі де өткен күндердің еске түскен елесі еді. Қамажайдың көзінің алды тұманданып, тағы да қараңғы тарта берді. Қатал тағдыр бұның басына айықпас ауыр қайғы салған. Сонада көшеден кенет естілген, оны қатты шошытқан зарлы

дауыс тегін емес еді. Зарлап жылаған, жоқтау айтқан Қанипа болатын. Жалғыз ұлының қазасын сорлы ана. Ақжол таңертең ғана шайын ішіп аттанып кетіп, сол бетінде жолда тап келді оған бұл сұмдық. Машинамен егін басына бара жатқан. Бір қырға көтеріле бергенде, оң жағында, ылдиға қарай жолсызбен жылжып бара жатқан автобусқа көз түседі. Шошып қалады. Автобустың алдында терең сай бар. Құлайды ғой! Шоферінің есі дұрыс па? Автобюустың жүрісін неге бәсеңдетпейді! Әлде машинасының бір жері бұзылып, рульге ие бола алмай, тоқтата алмай бара жатыр ма? Ойлануға уақыт жоқ, Ақжол өз машинасын шұғыл бұрып жіберіп, автобустың соңынан ұмтылады. Ілезде қуып жетеді. Автобусқа қатарласа беріп, шоферге айқайлайды, бірақ, рульде отырған ешкім жоқ еді. Автобус ылдиға қарай өзі сырғып кеткен екен. (Әрине, шофердің салғырттығынан болған ғой). Екпінімен құлдилаған автобус терең сайға тақап қалған. Ішіндегі адамдардың жан даусы шығады. Қалай құтқарасың? Ақжол машинасын оздырып, алға ұмтылып шығады да, автобустың жолына көлденең әкеп, қалт тоқтатып, өзі кабинадан шапшаң секіріп түсіп, жерде жатқан қазандай тасқа қарай жүгіреді. Автобустың доңғалағын таспен және тірейін деп ойлайды. Жолына тұра қалған машинаға автобустың маңдайы дүрс етіп соғылған секундта, Ақжол да тасты шапшаң көтеріп ап, доңғалақтың астына әкеп сұғып жібереді. Бірақ өзі жалтара алмай, автобустың ауыр доңғалағы оны да тұтып қалады. Ол осылай қаза тапқан, адамгершілік парызын өтеу жолында мерт болған. Ол енді жоқ, бірақ, ерлігі ел жүрегінде қалды. Ол енді жоқ. Кеше Ақжолдың жетісі берілді. Оны бұл өмірден кетті деп, ортаңа енді оралмайды деп, тағдыр дәлелдеп-ақ жатыр. Қамажайдың көз жасы тыйылмады. – Асыл жеңгем Шәмшия, не дауаң бар дертіме? Жүрегім уға малынып тұр.... – Келешегің алдыңда ғой, соны жұбаныш ет, сәулем, – дейді Шәмшия оны жұбатып. – Келешегім де бұлдыр тартып кетті. Көзімнің алды күңгірттене береді... – Ақжолдың артында мәңгі өлмес ерлік ісі қалды. Сол ерлікті кейінгі жұрт жыр ғып айтып, ұрпаққа өнеге етеді. Сол медеу болсын жаныңа. – Арман... арман... есіл арман үзіліп кетті. Арманы үлкен еді ғой Ақжолдың. Жете алмады ғой аңсағанына... – Арман өшпейді еш уақытта да. Оның арманы жүрегімізде мәңгі сақталады. – Анасы да артында зарлап қалды ғой... Бүгін білдің бе халін? Сорлы ана не күйде екен? – Бардым, болдым қасында. Зар еңіреп отыр байғұс.

– Жалғызынан айрылған ғаріп ана... Ендігі күйі не болар... Бар қуанышым, тынысым – жалғызымның көз алдымда жүргені дейтұғын еді... – Ел бар, жұрт бар, жұбатармыз бәріміз. Күн көрісіне көмектесерміз, – деді Шәмшия. – Ішер ас, киер киім болар –ау. Қайғысына ем табылар ма? – Мынадай зор қасіретке қартайып келген шағында тап болды байғұс. Құсаменен өтеді де ендігі қалған ғұмыры. – Қандай ауыр... қандай ауыр...- деп күрсінді Қамажай. Көзінде мөлтілдеп жас тұрды...

Удай қайғыны арқалап, тағы да бір күн өтті. – Аяймын ғаріп ананы. Көңіліне медеу, жанына демеу болар кімі бар енді? – деп, Қамажай жүдеп отырды. – Құлазыған дала емес, ел ішінде ғой, жылатпаспыз, жұбатармыз. Ауырса, сырқаса, басын сүйер, күтер кісі көп. – Асыл жеңгем Шәмшия-ай, шерлі ананың қайғысына соның бәрі ем бола ма? Қамажайдың сөз сарынынан Шәмшия бір жайды аңғарғандай болды: – Бекінген бір ойың бар секілді-ау. – Сырымды сен сезесің ғой, жеңеше. Сол ойдың ыңғайына көшіп бара секілдімін. .. Ақжолдың жылап, зарлап отырған шешесінің аянышты халі жанымды қинай береді. Қалай жалғыз қалдырам... Көз алдында жүрейінші, қасында ылғи болайыншы...

Қамажайдың бұл ойына бүкіл үйінің іші қиналды. – Ұзатылғалы отырған қыздың атастырған күйеуі жазатайым болғанда, оның артында қалған жесірін жігіттің я ағасы, я інісі, бұрынғының әмеңгер-лік салтымен алғанын көргенім бар еді. Ал ұзатылмаған қыздың, басына қара жамылып, тұл атанып, өлген ижігіттің ата-анасының қолына кіргенін, осы жасыма келгенше, көрген емен, тіпті естіген де емеспін. Сұмдық қой бұл, – деп күйзелді Бағила ана. – Қамажайдың осы қылығына мен де қайранмын, – деді Әбіл. – Өзінің дені сау ма? Ес-ақылы бүтін бе? Оқыстан болған аса қайғылы жайлардың зардабынан кейде адам ақылынан ауысады...

– Шошымаңыздар, Қамажай ондай күйден аман, – деді Шәмшия. – Бірақ жүрегіне серттей ғып түйген бір ғана сөзі бар, соны айта береді. – Райынан қайтар түрі бар ма өзінің? – деді Әбіл. – Райынан қайтар түрі жоқ. «Ұғыңдаршы жан күйімді, жазғыра көрмеңдерші» деп өтінеді. – Өй, жасаған-ай, бұл қай азабың еді тартқызған, – деп күрсінді Бағила ана. – Азап деп айтпаңызшы қиналады Қамажай. – Азап емей, енді не бұл? Азап! Зілдей азап! Салмағынан еңсеміз езіліп отыр қазір. – Мұның қатал сөз, Әбіл. – Қатал болса да, Қамажайға жаным ашығандықтан айтамын. Қарындасымның тағдырына немқұрайды қарай алмаймын. Алдында ұзақ өмір бар, болашағын бұлт баспауын тілеймін. – Қамажайдың өз тілегі де осы ғой, деді – Шәмшия. – Жоқ, ол өзін қалың сорға, қу бейнетке киліктіргелі отыр. – Олай емес, Қамажайдың тілейтіні бақыт қана. – Өксумен, өкінумен кісі бақытқа жете ала ма, шырағым-ау! Қамажай соны қалап отыр ғой, – деді Бағила ана. – Өлген жігіттің шешесінің қолына барып кіремін дейді. Сонда не ойлайды ол? Не көздеген мақсаты бар?.. Тағдыр оның бақытын бір күйдірді. Оған лаж жоқ. Сол күйікті сөндіре алмай, өмір бойы өртене бермек пе? Сөнген шоқша қарайып қалмақ па жас ғұмыры?! Жоқ, ана жүрегі шыдай алмайды бұған. – Шәмшия, ертіп келші Қамажайды. Төрт көзіміз түгел отырып, тағы да бір сөйлесіп қаралық өзімен, – деп тілек қылды Шәмшия. Ол шығып кетті. – Қызымызды ұзатамын деп, жасауын әзірлеп отырғанымда тап болдық қой бұл күйге. Қуанышым ілезде күйінішке айналып жүре берді... Үш ұйықтасам ойымда бар ма еді бұл. Не дауа? Басқа түскен соң көнбеске шара жоқ, – деп күрсінді Бағила ана. Енді, міне, Бағила ана, Әбіл, Шәмшия, Қамажай төртеуі де төмен қарап үнсіз отыр. – Қарағым Қамажай, ұға алмадық ойыңды... Райыңнан айнымайсың, не көздеген мақсатың бар сонда? – деп сұрады Бағила ана бір кезде. – Қайғымызға жамап бұ неткенің? Неге ойламайсың өз келешегіңді? Азапқа неге қол созасың? – деді Әбіл. – Ұғыңдаршы , азап емес тілегенім... – деп қиналды Қамажай. – Мына райыңнан өзгермесең, қалың азапқа, тілемесең де килігесің, қарындасым. Сор орнайды басыңа. Аясаңшы өзіңді де.

– Бәріңді де аяймын. Сол үшін қиналамын. – Ең алдымен өзіңді ая, – деді Бағила ана. – Өз жүрегімнің қайғысына шыдармын, апа . Жаныма басқаның дерті қаттырақ батады... Сол көбірек қинайды... – Бұл сөзіңді теріс демейміз, бірақ, өмірдің бұлжымайтын өз заңы бар ғой, – деді Әбіл. – Қанша өксігенмен, аһ ұрғанмен, өлген адам тірілмейді... Ақжол асыл азамат еді... тағдыр ортамыздан алып кетті, енді ол жоқ... Осы жоқ деген суық сөзге жүрегіміз тітіреніп отырып көнеміз... Өмірдің бұлжымайтын тағы да бір заңы бар. Өлгеннің атынан өлмек жоқ. Тірі адам қашан да тірлігін жасайды. Бір үміт сөнсе, екінші жаңа үміт тұтанып жатады. Мұны да мойындау керек. – Өмірдің бұл заңдарына қарсы емеспін мен, бірақ, жетегіне дееріп кете бермеймін... Өз жүрегімнің , арымның өмірі бар. Алдымен соған көнем. – Шешімің өзгермейді дегенің бе бұл? – Ұқшы, Әбіл жан күйімді! Ұқшы, апа, сен де! Ақжолдың ғаріп анасының күйін ойлаңдаршы! Жапа-жалғыз қалды ғой бір үйде. Кімі бар жұбаныш болар?.. Аяймын... қатты аяймын... Бағила ана күрсініп, көзіне жас алды. – Ақжолдың шешесі Қанипа өзімнің де ежелден сыйлас қадірлі адамым еді. Мұндас та ек, – деді даусы дірілдеп. – Менің отағасым мен оның ері – екеуі қырық екінші жылы майданға бірге аттанды. Сонда үйде қалған Қанипа екеуіміз басымыздан бірдей күй кештік, үмітіміз де, үрейіміз де бірдей болған... Оның ері майданнан оралмады. Менің отағасым бір қолынан айырылып, кемтар боп қайтты. Сол жарақатының зардабынан денсаулығы кеміп, үш жылдан кейін ол да дүние салды. Содан бері, мінеки, он бес жыл өтіпті... Әкелерінен жетім қалған балаларымыз ер жетіп, азамат болған соң, Қанипа екеуіміздің жүрегімізге қуаныш толып, көп қайғы шеккен кәрі көңіліміз жайлана бастаған еді... Өмірінің шырағы – жалғыз ұлынан айрылып, тағы да сорлап қалды Қанипа байғұс... Ет жүрегім езіліп, мен де аяймын оны, бірақ, біреудің аяғаны ем бола ма? – Қайғының емі – жұбаныш қой ежелден. Қамажай сол жұбанышты іздейді, – деп, Шәмшия айта беріп еді, Әбіл оның сөзін бөліп: - Қаралы үйге барып қара жамылып отыру... Қандай жұбаныш ол? – деді. Сосын Қамажайға бұрылып: – Ақжолдың анасының қасында болсаң, оның қайғысы жеңілдер деп ойлаймысың? Жоқ, жеңілдемейді. Қайта, қасында болсаң, баласын сәт сайын есіне түсіріп , дертіне дерт қосасың.Сонсоң оның қиналғанын көріп, өзің жапа шегесің. Өмірің уланады. Бірге туған туысымсың, мұндай күйді тілемеймін мен саған. Уды неге жұта бергің келеді? Үмітің қайда? – деді. – Бұл сөзің, Әбіл, ауыр тиеді маған. Мені өмірден түңілген жан емеспін. Үмітім бар, жоғалған жоқ...

– Олай болса, айтшы анық сөзіңді! Қайттың ба райыңнан? – Бұл шамамнан келмейді... – О, бақытсыз болған қарындасым! Ойға шомып жүдеген, мұңайған Қамажай үйде қазір өзі ғана қайғы шегіп отыр еді. Әділғазы келді. – Жай күйің қалай, Қамажай? – Халімді күнде келіп біліп тұрсың, рахмет, Әділғазы... Бір қалыпты күйім бар, бір қалыпты мұңым бар... – Тек айыға берші, Қамажай. Барша досыңның тілегі осы. – Бәріңе де рахмет. – Анаңа, ағаңа, айтқан шешіміңді естідім, Қамажай... Жаның қандай сұлу еді! Жалғыз ғана тілеуім – енді қайғы жоламасын басыңа! Әрқашан да сау болшы! Осы мезетте үйге Қанипа шешей келіп кіре беріп еді. Әділғазы қоштасып шығып кетеді. Қанипа Қамажайға, Қамажай оған қарай үнсіз қозғалды. Шерлі ана Қамажайды көкірегіне қысып құшақтсап, ұзақ сүйді. Сонсоң ақырын барып диванға кеп отырды. Көзін сүртті. Сөзін қиналып айтты: – Қарағым, ақылымды айтқалы келдім өзіңе... Мені аяп, ғаріп анаға жұбаныш боламын депсің. Ризамын бар пейіліңе. Маған тап келген қайғыны көріп, жүрегің шыдамаған шығар... Қайтейін, қарағым, тағдыр салған шараға не дауа қылайын. Амалым жоқ, көнемін де қасіретіңе... Сен жассың ғой, келешегің алда... Жас өміріңді маған теліп, бағыңды байлама, қарағым... Анаң, ағаң – бәрі сенің тағдырыңа алаңдаулы, ешбіреуін ренжітпе. Ел-жұрттың, ағайынның арасында отырмын ғой, өйтіп-бүйтіп күнелтермін. Енді қанша ғұмырым қалды дейсің, жұртқа да көп масыл болмаспын... – Апажан, аузыңызға алмаңызшы мұндай сөзді! Қорқамын! – Қарағым-ай, сені аяймын. Қиналамын, қимаймын... Ақжолымдай көруші ем... – Қайғыңызға ем еді іздегенім. Өз Ақжолым тіріліп кеп қарсы алдыма тұр деп қана айтыңызшы, апажан! – Жарығым-ай! Ақжолым – айым! Келші, кірші құшағыма! – Балаңызбын... Ақжолыңызбын бірге туған қызыңызбын мен енді... Қанипа шешей Қамажайды еміреніп құшақтайды. Арада үш жыл өтті. Тіршіліктің заңы билейді екен адамды. Қамажайдың қанша көнгісі келмесе де, қарсы болса да, бұл заң оған иілмеді. Оның ыңғайына Қамажайдың өзі бірте-бірте көше берді. Мұны оның осалдығы деп ұғамыз ба? Жоқ, тіршіліктің, өмірдің заңына адамның бой ұсынуы – табиғи нәрсе. Қайғы мен қуаныш, реніш пен сүйініш, өкініш пен жұбаныш секілді, адамның басынан

өтетін күйлердің бірде-біреуі бір кісінің басында мәңгі орнап тұрмайды, кезектесіп, алмасып жатады. Қамажайдың ойынша адамның жүрегінде, көңілінде өзгермей тұратын тек қана екі күй бар; олар: өткен күннің сағынышы мен алдағы күннің үміті. Сағыныш тәтті күндерді еске сап, риза етеді. Үміт алға жетелейді, сенім береді. Екеуі де көңілді тоғайтады, тек жақсылықты ғана тілейді. Қамажай да өмірінің заңына мойынсұнған. Өзімен бір мектепте қызмет істейтін Есен деген мұғалімге тұрмысқа шыққан еді. Қанипа шешей бұлардың қолында болатын. Есеннің өз анасы Сақып қытымырлау кісі еді. Ол Қанипаның бұл үйде тұрғанын ішінен жақтырмайтын. Қамажай мен Есен Қанипа шешейді, осыдан біраз күн бұрын, путевка сатып әперіп, санаторийге дем алуға жіберген болатын. Әсіресе содан бері Сақып кемпірдің өңі жадырамай, наразылығын қабағымен сездіріп жүрді. Қамажай мұны түсінді, үнсіз қиналды. Жаны жадап, ойға шомып қалады, жүдеп мұңаяды. Оның бұл күйін Есен байқап жүрді. «Неге бүйтеді? – деп ойлады ол, – көңілі жабырқай ма? Неге жабырқайды? Үй-күйі бар, тұрмысымыз түзу, қызметі жақсы, коллективте абыройлы... Әлде көңілінде бір реніш бар ма?... Неге ренжиді? Кім ренжітеді? Өзімнің сүйіп алған жарым. Бірімізді-біріміз ұғып, ұнатып қосылдық. Екеуіміз де мұғалімбіз. Қамажай әйелім ғана емес, әрі әріптесім, еңбектес жолдасым. Ерекше қадір тұтамын оны. Бұған арым куә. Қабағынан еш кейістік білінбесе екен деп қана тілеймін. Бірақ кейде неге жабырқап қалады ол? Көңілінде не қаяу бар? » Бір күні есіктен кіре беріп, Есен Қамажайдыңы осылай жүдеп отырған күйін тағы да байқады. – Жаным, бұның не, жападан –жалғыз үн-түнсіз жабығып отырғаның? - деп алабұртып сұрап еді. – Көңілімді бір ойлар қобалжытып кетті... – Қамажай ақырын ғана күрсінді... Қыршын кеткен есіл Ақжол! Қамажай оны шын сүйіп еді ғой, басынан адал махаббат күйін кешкен. Сол бір кезін сағынатын секілді. Сол кезінің жүректі лүпілдеткен тәтті сезімдері есіне келеді. Адам аз өмірінің тәтті шақтарын әр кезде сағынып еске алады ғой. Қамажайдың есіне Ақжол түсіп отыр еді...

Бұл уақыт – жаздың іші болатын.Есік алдына кеп тоқтаған машина дыбысы білінді. «Рахмет,балам! Көп жаса!» – деп, шоферге алғыс айтқан Қанипа шешейдің үні естілді. Қамажай елең етті.

– Апамның даусы! Апам ғой мынау кеп қалған! Ол орнынан шапшаң тұрып, сыртқа жүгіріп шықты. Қанипа шешейді қуанып кеп құшақтады. Қанипа да оны емірене құшақтап, бетінен сүйіп: – Сағынып қалдым ғой, күнім! – деді, Есенді де құшақтап, бетінен сүйді. – Шығарыңызда неге телеграмма бермедіңіз? Алдыңыздан күтіп алатын едік қой, – деді Есен. – Үлгірмедім. – Дәл бүгін келетініңізді біз де білмей қалдық, апа, – деді Қамажай. – Менің есептеуімше, путевкаңыздың бітуіне әлі де бес күн бар. – Есебің дұрыс, қалқам, асыққан өзім. Жабығып қалдым. Путевкенің мезгілі бітуіне шыдай алмадым. – Неге, апа? Санаторий жайсыз болды ма? – Жоқ, онда мін жоқ. Жарқыраған көлі, сыңсыған орманы бар, ауасы жұпар, өзі бір әйбат жер екен. Тамағы, емі – бәрі жақсы. – Бәсе, солай болса керек еді, - деді Есен. – Күтулерінде мін жоқ. Дәрігері, сестрәсі – бәрі лыпып, бәйек боп тұрды. Бірақ сендер көз алдымда жүрмеген соң, өз көңілімнің тынышы болмады. Қатты сағындым. – Дәрігердің рұқсатынсыз кетіп қалған жоқсыз ба, әйтеуір? – деп күліп сұрады Есен. – Жоқ, заңдарын бұзған жоқпын. Жайымды айтып ұқтырған соң, рұқсаттарын берді. Міне, қағазыма қолдарын да қойып берген. – Әй, апа-ай! – Қамажай Қанипа шешейді еркелеп құшақтады. Осы мезетте үйдің қасындағы шошаладан Сақып шыға беріп еді. – Бұ не дабыр десем, Қанипа келген екен ғой. Ат-көлігің аман ба, Қанипа? Неғып ерте кеп қалдың? Мына балалар әлі бес күн бар деп отыр еді ғой. – Балаларымды сағынып қалдым. – һім! Сенің –ақ емешең құрып тұрады екен ылғи. Ақша шығындап барған соң, тиісті уақытын түгел өтеп қайтпайсың ба? Бес күн болса да қайда жатыр, осы күнгі дүниенің бәрі де есептеулі. Есен оның бұл сөзін тәуір көрмегенін білдіріп, шешесіне «қойсаңызшы» дегендей ажармен қарады да, сонсоң Қанипа шешейге бұрылып: – Жолдан келдіңіз ғой, шаршаған шығарсыз, үйге кіріп, дем алыңыз, – деп тілек қылды. – Жақсы, қарағым... Қанипа үйге қарай беттегенде, Есен оның чемоданын көтеріп, соңынан ерді. Қамажай да қозғалды. Сақып қана орнында тұрып қалды. Қамажай оған бұрылып: – Апа, жүріңіз... курорттан келген шешем не базарлық әкелді екен, чемоданын ашып, бірге отырып көрелік, – деп тілек қылып еді.

– Маған тиесісі болса, ешқайда қашпас. Қазір бір шаруам бар тындыратын. Бара бер өзің, бара бер – деді Сақып салқын үнмен. Чемоданды көтеріп верандаға кіре берген Есенге дауыстады. – Әй, Есен! Бері кеп кетші!.. Есен қасына келгенде Сақып кемпір оған қабағын түйіп қарады: – Сен немене, елп-елп етіп жүргенің?! Өлген әкең тіріліп келді ме? Сонша құрақ ұшатын әулие ме едң Қанипа! Меккеден кеп тұр ма?! – Апа-ау, бұ не дегенің? Зіл бар ғой мына сөзіңде. – Ызам келеді саған, – деді Сақып тістеніп. – Әйеліңнің жетелеген жағына бүлкектейсің де жүресің. Сенің осы бостығыңнан ұстап отырмыз анау кемпірді қолымызда масыл ғып. – Масыл емес ол кісі. – Құт-берекең шығар, – деді Сақып кекетіп, – ендеше хан көтер басыңа. Тағы да жібер курортқа. Соның ғана жолына шаша бер бар дүниеңді. – Жазғырма, апа. Жазығы жоқ ол адамның. – Көрмеймісің текке кетіп жатқан шығынды? Бес күннің ақшасын босқа жіберіп, уақытын түгеспей, не бар ерте келетін? Емшекте жас баласы жылап қалып па еді?! – Апа, бұ не болды саған? Неге сонша тарылдың? – Тарыламын! Тілемеймін басы артық адамды. Бас артық адам – жұт. Мына кемпір – сол қырсық. Сақыптың мына сөзінің әлпетінен Есен қатты түршігіп қалды. – Шошынатын түгің де жоқ, – деп, Сақып даусы қатқылданып сөйлей берді. – Бұрын да айтқанмын, анау қуарған кемпірдің не керегі бар бізге? Есен: – Қуарған деп айтпаңыз. Ол шешей де біздің семьяның қадірлі бір мүшесі, – дей беріп еді, Сақып тіпті шатынай түсті: – Ә, солай ма, айырылғың келмейді екен ғой. Ендеше туған анаң мен айырбаста оған. Мені қуыңдар бұл үйден! – Түу, не айтып кеттіңіз тағы да, – Есен өте кейіп қалды. – Құдай жолын оңғармаған кемпірді сен бақытты етпек пе ең? Өл де маған! – Сақып ашуланып, теріс айналып жүріп кетті. Есен сол орнында төмен қарап тұрып қалды...

Ол шешесінен естіген бұл ауыр сөзді Қамажайға да, Қанипаға да сездірмеуге тырысты. Бірақ ішінен қатты күйзеліп, өте қиналды. Қанипаның осы үйде тұрғанын шешесінің неге ұнатпайтынын түсіне алмай жүруші еді. «Тамақ та, киім де жетеді, тұрмысымыз жақсы, үйіміз де кең. Қанипа шешейді осы менің апам

неге ауырсынады? Қайта екі қарияның бір жерде болғаны өздерінің көңілденіп, әңгімелесіп отыруына жақсы емес пе?» – деп ойлап таңданатын. Басына және бір ой келетін. Балалары өліп, солардың артында қалған кәріні «қу бас» дейтін бір қатігез жұрт бар. Қаза көріп, қайғыға батып қалған сорлыны «Оның жолы ауыр, тілеуі теріс» деп, өзімізге «бір қырсығы тиіп кетеді» деп, оған шошына қарайтыны болады. «Қанипа шешейдің біздің қолымызда болуын шешеміз сол себепті қаламайтын шығар» – деп те ойлаған Есен. Енді байқап қараса, шешесінің Қанипаны жартпауының себебі – «оның жолы ауыр, «қырсығы тиеді» деп қорқудан туып отырған жоқ екен. Біреуге бір суыртпақ бергісі келмейтін сараңдық мінез кейбіреуде болады. Сақып кемпірдің басында сол мінез бар-ды. Біреу мұның үйіне, дәм үстіне келіп қалып, бір шыны аяқ шай ішіп кетсе, ол соның өзін қара шығын көретін, анау адам шығып кеткен соң артынан күстәналайтын. Есен оның бұл мінезіне жұрттан қысылатын еді, бірақ, туған шешесіне қарсы кеп, қатты сөз айтып көрген емес. Шешесінің Қанипаны ұнатпауының себебін оның әлгі сөздерінің сарынынан Есен енді анық түсініп еді. Сол себепті тіпті қатты қиналды өзі. Оның бұл жағдайын Қамажай да ішінен сезіп еді.

Жазғы каникулда демалысқа келіп жатқан Шолпан мұның бірін де аңғарған жоқ. Оның қазір бойы таралып өскен, сымбатты қыз болған. Алматы консерваториясының екінші курсын тәмамдады. Болашақ музыкант. Ол Есендердің үйі алдындағы бақ ішінде, алма ағашының саясында отырып, қызыл тысты кішентай блокнотын қолына алып, бір сөздерді ойланып оқып отырды. Оның блокнотына жазылған мынадай сөздер бар еді: «Өзің ғашық болғанмен, сүйіктіңнің өзіңе деген дәл сондай сезімін тұтата алмасаң, яғни, махаббатыңа оның махаббаты ұштаспаса, ғашыққа тән бар қасиет-қылығыңмен сүйгеніңе өзіңді сүйікті ете алмасаң, онда махаббатыңның әлсіз болғаны, мұндай махаббат– күйік» – Карл Маркс. «Сүю дегенің – сүйгенің-нің бар күйін онымен бірдей кешу» – Лев Толстой. «Жақсы күйеу кез келсе – ата-енеге ұл болар, жаман күйеу кез келсе – ата-енеге мұң болар» – Демокрит...» Шолпан ұлы адамдардың осы айтқандарын ішінен оқып өтіп, жездесі Есен туралы ойлады. Сол пікірлердің тұрғысынан оған баға беріп қарады. Есенді ең таңдаулы кісілердің қатарына қосты. Әпкесі Қамажайдың өз тағдырын осы адамның тағдырына сабақтағанына ішінен қуанды. Мұндай жұбайлардың өмірінде ешқандай кейістік, реніш болуы мүмкін емес деп ойлады. Осы мезетте журналист Әділғазы мұның сырт жағынан аяғын ақырын басып кеп, қасына таяу барып еді, Шолпан оны байқамады.

– Сәлемет пе, Шолпан қарындасым? Шолпан селк ете түсіп, жалт қарап, Әділғазыны көріп, таңданып қалды. – Есенсіз бе?..Кешіріңіз... бұл үйге не жұмыспен келдіңіз? – Оны неге сұрадың? – Тағы да бір құпияңыз бар шығар?.. Әділғазы жымиып күлді: – Баяғы мінезің өзгермепті-ау. – Сіз де өзгермегенсіз, – Шолпан да жымиып күлді. – Консерваторияда оқисың ба? Неше курсын бітірдің? – Екі курсын... Өзіңіз ше, бұрынғы қызметіңіздесіз бе? Очерктер жазасыз ба? – Иә... – Сіз менің Қамажай тәтем туралы неге очерк жазбайсыз? – Мүмкін жазармын. – Міндетті түрде жазыңыз. О кісінің тағдыры – күрделі тағдыр. Шамам келсе, мен өзім де осы тақырыпқа музыкалық поэма жазар едім. Осы кезде үйден Қамажай шыға беріп еді. Әділғазыны көріп, бұрылып кеп амандасты: - Есен бе, Әділғазы? Үй ішің аман ба? Жұбайыңның дені сау ма? – Бәрі де сау-саламат. Өмір өз әуенімен жылжып өтіп жатыр. – Диалектика заңы! – деді Шолпан. Сосын: – Тәте, өздеріңіз сөйлесе беріңіз, – деп, үйге қарай жүгіріп кетті. – Иә, өз өміріңнің сәні қалай? – деді Әділғазы Қамажайға. – Шағымым жоқ, әп-әдемі тіршілік етіп жатырмыз, – деді Қамажай. – Бәрекелді! Ләйім солай болсын, қуанышың молая берсін! – Рахмет! – Мен саған ежелден тілеулес адаммын ғой, Қамажай. Әр уақыт ойлап жүрем өзіңді... Көп күндер көрмей қалсам, сағынам да... – Әділғазы Қамажайдың жүзіне біртүрлі толқып қарады. – Осылай қарай жолым түсе қалса, өзгеше күйге түсіп, тағатым кетіп, сені тезірек көруге асығамын. Жүрегімде бір лүпіл туады... – Жақсы құрбым, кешірім ет, мұндай сөзге жәбірленіп қаламын, ауыр тиеді маған... Сен де қазір семьялы адамсың, өтінемін, сабырлы сөзіңді ғана айтшы. Бірге өскен құрбым, тілеулес досым деп қана қадірлеші!.. – Кешір, Қамажай ... Көңілімнің бір күйі ғой толқып кеткен... Енді оны тыяйын... Бірақ жүрек жек көре алмайды, өмір-бақи дос тұтып өтермін... Әділғазы толқып кеп, Қамажайды маңдайынан сүйеді. Дәл осы сәтте ауланың есігінен кіре берген Сақып кемпір бұларды көріп, байбаламға баса жөнелді: – Ойбай-ау, ойбай! Бұ не деген бейбастық! Есіктің қақ алдында, тапа-тал түсте сүйісіп тұр ғой мыналар! Масқара-ай, масқара!

Әбіл: – Шешей, сабыр етіңізші. Тектен-тек жазғырмаңыз, – дей беріп еді: – Ой, көргенсіз! Жоғал әрі! – деп жекіді Сақып. – Шешей, беталды сөкпеңіз кісіні. – Жоғал, жоғал әрман! – Сақып адуындап кеп, Әділғазыны кеудесінен итериелеп, қақпадан шығарып жіберді. – Өл де маған! Жылмиып біздің үйге неге келе береді десем, көздегені бар екен ғой. Жұлынқұрт! Қамажай: «Апа, жазығы жоқ ол жігіттің», – деп, араша сөз айтып еді, Сақып кемпір шайпау тілімен келінін бетінен алып тастады: – Ұятсыз! Не бетіңмен айтып тұрсың бұл сөзді! Жерге неге кіріп кетпейсің! Сақыптың тепсінген даусын естіп, үйден әуелі Шолпан жүгіріп шықты, оның соңынан Қанипа мен Есен көрінді. Әділғазы қақпаның есігін ашып, Сақып кемпірге: «Шешей, жөнсіз жәбірледіңіз мені. Балаңыздай едім, зілдей сөзіңізге қатты қорландым...» – деп, ренжіп айтты да, ақырын бұрылып, әрі қарай жүріп кетті. – Аулақ! Аулақ! Өшір қараңды! – деп, Сақып Кемпір оның соңынан кесек сөзін лақтырды, Шолпан шошып қалды. – Неге қудыңыз? Жазығы не ол адамның? – деді ара түсіп. Сақып кемпір бұған алая қарады: – Сұра анау апаңнан! Жүзі қызармай не дер екен? – Шолпан Қамажайды құшақтай алып: «Тәтежан-ай, не боп қалды соншама!» – деді үні дірілдеп. – Шошыма, жаным. Ештеме де болған жоқ. – Қарашы міз бақпауын!.. – Сақып кемпір Қамажайға оқты ата қарады да, сұмдық сөзін айтып қалды. – Ал, естіңдер ендеше. Жат жігіттің қолтығына кіріп, үздігіп сүйісіп тұрған үстінен түстім әлгінде! – Жалған! Сенбеймін! Жаппаңыз жалаңызды! – Шолпан қатты ызаланып кетті. Қамажай ашуға булыққан жоқ, бірақ жаны өте жәбірленіп, сонда да өзін-өзі ұстап, ақырын үнмен қиналып сөйледі: – Апа-ай, осындай ма едіңіз!.. адамның ақ көңілін қаралап, жүрекке неге жара саласыз? Ол жігіт сіз ойлағандай жат емес, өз балаңыз Есен мен маған бірдей дос. Сол адам өзінің адал көңілімен кеп, достық пейілін білдіріп, маңдайымнан сүйгені рас. Оның осы ақ пейілін қаралауыңыз әділ ме? – деді. – Әділ емес! – деді Шолпан. – Әй, шырағым, саған деген сөз жоқ, жайыңа тұр, – деді Сақып кемпір жақтырмай. – Ал сіз неге мән-жайды ұқпай тұрып, оларды сөге жөнелесіз? Неге ауыр сөз айтасыз?

– Қыстырылма дедім ғой саған! – Қамажай тәтемтуысым. Оған оқ боп тиген сөз менің де жүрегіме қадалады! – Шолпан жәбір сөзге шыдай алмай жылап жіберді. Қамажай оны құшақтап, жұбаты, бұл арадан әкете берді... Сақыптың әлгі сөзі Қанипа шешейдің де жүрегіне инедей қадалып еді. – Жазығы жоқ қызымды неге жәбірлейсің, Сақып? – Өйбәй, сорлы, сенің шәруәң қанша?! Жөніңді біл де жайыңа отыр. төрімнен орын беріп отырғаным аз ба саған. Өнес-ай, киліккені! Тұлыпқа мөңіреген сорлы! Сақыптың мына сөзі Қанипаның жүрегін тіліп кетті. Ол көкірегін басып, көзінің алды бұлдырап, теңселіп, құлай жаздап қалды. Есен ұмтылып кеп, қолтығынан сүйеді. Енді бұлардың үйіндегі тіршіліктің шырқы бұзылатын болды. Сақып кемпір Есенді оңашаға шығарып алып, түсі сұрланып, ұрсып сөйледі. – Айтпап па едім, о баста-ақ, осы кемпірден тек қана сор көресің деп! Болдың ба? Көндің бе? Тарт енді тақсіретті. – Кінәсі жоқ ол қарияның бәрін қолдан тұтатып отырған өзіңсің, – деді Есен. – Әй, шырағым, не деп тантып тұрсың? – Сақып Есенге түйіле түсті. – Сен өзі мені айыптамақшымысың? – Әділін айтамын, – деді Есен. – Жә, қысқарт! Осының дені дұрыс емес-ей! Сенің басыңды дуалаған ғой ол кемпір! – Денім де дұрыс, есім де түзу... – Түзу болса көрмеймісің, басыңды қара бұлттай қоршаған пәлені! – Нені айтасың пәле деп? – Анау қу бас кемпір – осы үйдегі қара пәле сол. Сені маған қарсы сөйлетіп отырған да сол. Әйелің де жүр тымсырайып. Оны бүлдіріп отырған да сол. – Бұлай деуің қиянат. Обалы қайда? – Обалы жоқ оған. Тілеуі теріс адамға неғылған обал. Пейілі түзу емес. Шүңірейген көзі жаман көр құсаған! – Шеше, сұмдық бұл сөзің. Қойыңыз енді. – Ендеше кетір анау Қанипаны осы үйден. Сол пәле кетпей тыныштық орнамайды. – Қуа алмаймыз ол қарияны. Жазығы жоқ, – деді Есен. – Қуасың! Қудыртамын ! – деп Сақып өршіді... Ал үйде Қанипа шешей мен Қамажай отырған. – Естірмін деген сөзім бе еді... Инеше қадалып тұр жүрегімде, – деп ауыр күрсінді Қанипа.

– Апа, сабыр етіңізші! Ұмытызшы со сөзді, – дейді Қамажай толқып. – Қалай ұмыта алайын, қарағым-ай! – Біз бармыз ғой қасыңызда, – дейді Қамажай. – Сақыптың ащы сөзі сүйегімнен өтіп кетті... Енді қалай отыра алам бұл жерде. Бір рет естідім ғой сөккенін, со сөзін күнде естірмін... Қарағым, Қамажай, маған рұқсат бер, кетейін мен бұл үйден... көзге күйік болмайын... Саған да қырсығым тиіп жүрер... – Апа, айтпаңызшы бұ сөзді! Қанипа шешей көңілі босап, біраз үндемей отырды да, сонсоң даусы қалтыраңқырап: «Өз қайғымды тартып оңаша отырайын...» – дейді. Тағы да үндемей отырып қалды. Қамажай оның бетіне қатты толқып қарады. – Кетемін деп шын айтып отырсыз ба? Қимаймын сізді, – деді ерні дірілдеп. – Бірақ, апам енді сорлап қалды-ау деп ойлама, қызым, – деді Қанипа. – Апаңның жаны сірі... Дем-тынысым біткенше ешкімге масыл бола қоймаспын... Міндетімді біреуге артпаспын, қайғырармын... бірақ, жау таңдамаспын... Мен де қимаймын сені... Есенді де қимаймын... бірақ қайтейін... лажым жоқ... Рұқсат бер... – Қимаймын, апа! – Қамажай Қанипаны құшақтап жылап жіберді. Әбіл келіп, Есенмен оңаша сөйлесіп, ол Есенді жазғырып отырды. – Өзің білімді, саналы азаматсың, семьяның шырқын бұзуға неге ол жол бересің, – деп, Әбіл бірден кінәлай сөйледі. – Қате айтасың, семьяның шырқы бұзылған жоқ, – деді Есен. – Үйде жанжал шықса, бұл – шырықтың, тыныштықтың бұзылғаны емей немене?... Әуелде-ақ бір күдігім бар еді, айтып едім қарындасыма, қалың бейнет пе сорға килігесің деп ем. Міне сол болды. – Бұл сөзің көңіліме келеді, Әбіл. – Неғыл дейсің? Өзіңнен көр! Семья-кеме. Дұрыс ұстай алмадың рулін. Жарға соқтырдың. Енді бұл авариядан қайсыңның сау қаларыңды құдай білсін! – Мұның ауыр сөз, Әбіл... – Есен, ойлашы өзің. Жанжал туған жерде береке –бірлік бола ма? Сол жанжал сенің үйіңде туып отыр. Тұтатқан – өзіңнің шешең. – Шешемнің сол қылығын құптап отырмын ба мен?! Құптамаймын! – Қош, құптама. Сонда не етпексің? Ылаңның, бүліктің көзісің деп, өз шешеңді үйден қуамысың?.. Жоқ, қақың жоқ өйтуге!.. Сонда басқа амалың қайсы? – Терістігін ұғындыруға тырысамын, – деді Есен. – Ал ұғынбаса ше? Өз жөнім – жөн дей берсе ше? – Ұғынуға тиісті... – деді Есен.

– Білмеймін, білмеймін, – деп қиналды Әділ. – Семьяңның іргесіне түсті міне бір жарықшақ. Енді не жағып сыласаң да, сызаты білініп тұруы анық. Сол сызатты түсірмеуге тырысуың керек еді. Бар жәйді алдын ала абайлап, сетінеп бара жатқан жері болса, күні бұрын көріп, амалын табуың керек еді. Неге бейқам жүресің? – Әбіл, сен де қинай бермеші... өзім де қатты күйзелудемін... – Есен жүдеп күрсініп, төмен қарады. «Бағы ашылмаған сорлы қызым... Тағы да міне, қайғы орнады басыңа. Үйде шатақ бір туған соң ізсіз-түзсіз басыла қала ма. Қызымның жаны азапқа түсер болды-ау», – деп, Бағила ана күйзелді. «Апа, айтпаңызшы мұндайды. Айығады бәрі де», – деп, Шәмшия жұбаныш тілей береді...

Жүдеп отырған Қанипа шешейдің қасына Есен келіп сөз қатып еді: – Сіздің көңіліңізге қаяу түсірмеспіз деуші едік... – Есен, балам, жазғырмаймын сені, жақсы жаныңды ұғамын,– деді Қанипа шешей. – Кетем деген райыңыздан қайтыңызшы... – Жоқ, балам, маған бола өз шешеңді ренжітпе. Үй ішіңнің шырқы бұзылмасын... Маған рұқсат беріңдер... ренжімеймін...

Ол Қамажай мен Есенге айтқан осы сөзін Бағила мен Шәмшияға да жүдеп отырып айтты. – Бәріңнің де тілейтінің – үй ішінде шырықтың бұзылмауы ғой, мен де соны тілеймін... Кетемін деуім сондықтан. Бұл үйде енді отырсам, семьяда жайсыздық туа беруіне себепші болармын деп ойлаймын.. – деді. – Осы бір сөзді қайта-қайта айта бердіңіз-ау, – деп күрсінді Есен. – Енді қайтсін айтпағанда, жүрегін езі тұрғасын... – Бағила ана ауыр күрсінді. – Бірақ осы үйден кеткенде жағдайың қалай болады? – деп Қанипаға бұрылып. – Біреу ғұрлы күнімді көрермін, бұдан да ауыр төздім ғой... Қанипа шешейдің мұңды жүзіне қарап, Бағила ана тағыс бір сөз айтты: – Түсінемін бар жайыңды... жеңіл емес. Бірақ сенің осы үйден жәбір көріп кеткеніңді білгенде, ағайын не дер? Қамажай мен Есенді сөкпей ме жұрт? Қатал кінә тақпай ма? Бұл да ауыр. Мұны да ойла.

– Қамажай мен Есен екеуің де өз ішімнен шыққан перзентімАқжолымдай көремін ризамын екеуіне де, оларға менің тағар кінәм жоқ болса, ағайын-жұрт неге сөксін. Білер, түсінер мән-жайға ... жазғырмас, – деді Қанипа шешей. – Олардың сөзі емес қинайтын. Қайғы жұтып, қасымыздан сіз кетесіз, сол батады жаныма. Дертіңіз, уайымыңыз молаяды, соған қиналам. Асыл апам, ұғыңызщы осы жайымды! Аяңызшы өзіңізді де, мені де! – деп Қамажай қатты толқып сөйлеп еді. – «Қалқам-ай, қинала берер болдың-ау..» – деп, Қанипа шешей көңілі босап, көзіне тағы да жас алды. – Кетем деген сөзді шыным емес деңізші! – деп өтінді Қамажай. – Ақжолыма ұқсап кеттің-ау!.. – Қанипа Қамажайды құшақтап, көкірегіне қыса берді. – Жан саям!..

Сырттан Сақып кірді. Үйдегілерге суық көзбен бір қарады да, Бағилаға бұрылып, қатқыл үнмен сөйледі: – Сен де мені жазғырғалы келдің бе? – Бұ не дегенің, Сақып? – Бағила ана оның бетіне таңдана қарады. – Әуелі амандығың қайда? – Амандық жоқ бұл үйде. Тек пәле бар, ылаң бар. Қақ төрімде отыр сол қырсық. – Япырай, Сақып-ай, сөзіңнің әлпеті қандай жаман. – Ә, осы ма еді ғой бәрін құтыртып отырған. Пәленің көзі сенде жатыр екен ғой! Шырқымыздың бұзылғанын, шаңырағымның ортаға құлап түскенін тілеймісің? – Сақып, тый мұндай сұмдық сөзіңді! – деді Бағила ана даусың қатайып. – Өтінемін, ащы сөз айтпаңыздаршы бір-біріңізге! Деп, Қамажай екеуінің арасына араша түсе беріп еді. – Аулақ! Ақыл үйретпе маған! – деді Сақып жақтырмай. –Ақыл үйретіп тұрғам жоқ, жөнін айтуға болмай ма?! – деді Қамажай. – Иә, жөнін айтуға болмай ма? Біз де ересек адам емеспіз бе? – деді Есен. – Ойбой, немене, бірің бастап, бірің қостап. Аулақ әрман! – Шеше, шырықты кетіре берме енді, үлкен кісісің, жөніңді біл, – деді Есен. Сақып оған алайып қарады. – Жақтап тұрғаның Қанипа ғой, – деді зілді үнмен. – Иә, жақтаймын. Ол да осы үйдің қадірлі адамы, ол да біздің анамыз! Қанипа шешей төмен қарап, мұңды күйде отыр еді. Есен алдына барды. – Қадірлі апа, көңіліңізге еш қаяу түспесінші, – деді толқып. Қанипа шешей көңілі тағы да босап, көзіне жас алды...

Бақыт – Сәлім... Сәлімтай... Тұр, тұра ғой, ботақаным. Жылы төсекте балбырап ұйықтап жатқан баланы қарт әжесі ақырын ғана оятты. – Тұра ғой, күнім. Ұйқыңды аш. Мектемке барасың ғой бүгін... Мектептерде оқу жылының басталатын мерзімі-бірінші сентябрь таянған сайын қарт әже көңілінің алабұртуы көбейіп еді. Сәлімнің оқитын кітаптарын, дәптер, қалам, сия, сызғыш секілді оқу жабдықтарын күніне бір түгендеп,тексеріп қоятын. Кеше мектепке барып, мұғалімге осыларын көрсетіп: «Енді не алуым керек? Ұмыт қалған ештемесі жоқ па?» деп, пысықтап сұрап та қайтқан. Түнде жатар алдында Сәлімнің портфеліндегі оқу құралдарын тағы да бір түгендеп қарап қойған. Қарияның бүйтіп алабұртуының жөні бар: Сәлім биыл мектеп табалдырығын тұңғыш аттайды. Бірінші класқа барады. Әжесінің «Мектепке барасың ғой бүгін...» деген жұмсақ үні құлағына келгенде Сәлім көзін ашып жіберді. Төсегінен шапшаң түрегелді. Әжесіне күлімдеп, қуанып қарады. – Әже, мектепке менімен бірге барасың ба? – Иә, күнім. – Сені класқа кіргізе ме? – Кіргізеді. – Онда өзімнің қасыма отыр, жарай ма? – Сөзіңнен айналайын! Кішкене ғана қоңыр қозым сол. Сәлімнің әжесі Ақық қария-жасы жетпістен асқан кісі. Сәлім оның үлкен ұлының жалғыз баласынан туған шөбересі еді. Титтейінен әжесінің бауырында өсіп келеді. Сәлімнің өз әке-шешесі – екеуі де қойшы; қыста да, жазда да мал басында, далада болады. Ал даланың жағдайы белгілі– жауын-шашыны, қайнаған ыстығы бар; қысының қақаған аязы, үскірігі бар. Жапан түзде, жел өтінде тұратын, әрі малмен бірге жылжып көшіп отыратын қойшы қосында жас балаға жайлы орынды қайдан табасың? Ауырып-сырқап қалса, апарып қарата қоятын, дәл қасында дәрігерің жоқ.«Қой, шырақтарым, сене алмаймын. Сәлімтайым өз қасымда болады. Сағынсаңдар үйге өздерің кеп тұрыңдар», – деп, Ақық қария шөбересін қолынан шығармайтын. Тек күн жылынып,жаз туған кезде ғана, Сәлімнің әке-шешесіне, баланы қастарына алуға рұқсат қылатын. Бірақ, онда үйде оңаша қалған соң, қарияның өз тынышы қашатын еді. Жатса да, тұрса да шөбересін ойлап, ауырып-сырқап қалмады ма деп, көңілі күніне мың қобалжитын. Сәлім жоқта, үйде оның барындағы көңілді дабыр-дұбырдың бәрі де жоғалып, үй қаңырап қалғандай көрініп, Ақық әжейдің тіпті жайы кететін-ді. Таң атса – кеш батпай, кеш батса – таң атпай, бір күн-бір жылдай боп созылып

тұрып алатын. Ақық әжей ақыры шыдамайтын да, жайлауға барып,шөбересін алып қайтатынды. Сәлім әке-шешесінің тұңғышы,әрі жалғыз бала. Сондықтан олар да Сәлімнің өз қастарында болғанын жақсы көреді. Тек Ақық әжейдің көңіліне қарайтын да және оның дәлелді сөзіне қайтарар жауаптары болмаған соң, қарияның алдына шықпайтын. Қарт әженің мінезін қызық көріп, күлісетін де қоятын. Сәлімнің әкесі Хайдар осыдан біраз күн бұрын үйге келіп кеткен еді. Биыл мектепке баратын ұлының жабдықтарын қамдағалы келіпті. Ал оған қалған жұмыс жоқты, бәрін де Ақық қария өзі реттеп қойған. Сәлімге әжесінің алып берген әсем киімдерін, су жаңа құралдарын көріп, Хайдар қарт әженің ісіне қатты сүйсінді. Және,бір жағынан, өзінің кешеңдеу қимылдағанына ішінен қысылды да. Бірақ Ақық әжей оған мін тақпайды,сынамайды. Малдағы кісінің жұмыстан қолы босай бере ме, кейде,тіпті,бұрылуға мұршалары болмай жатады. Малшы тіршілігінің қарбаласы көп. Хайдар анда-санда бір үйге келгенде: «Шырағым, даладағы малың көзден таса қалмасын. Басы-қасында жүргенің тәуір», – деп, оны Ақық қарияның өзі ылғи асықтырып отыратын-ды. Бұл жолы да асықтырды. – Бір отар қойды Зылиқа келініме жалғыз қалдырып кеткенің неткенің? Күн райы күрт бұзылып, нөсер құйып, дауыл тұрып, қой ықса, Зылиқа бір өзі қалай ие бола алады отарға? Қарағым, тезірек жет малыңа. Сәлімнің оқуына алаңдама. Кәрі әжең тақа қара жаяу емес екенін білесің ғой,шөберемнің оқуын өзім де қадағалаймын. Баяғыда сені де мектепке алғаш өзім апарып, сенің де оқуыңды өзім тексеріп отырғаным есіңде ме? Ендеше алаңдамай жөнеле бер. Күздің күні-құбылмалы. Малыңа абай бол, – деді Ақық әжей. Хайдар әжесінің қолынан рақаттанып жақсылап шай ішіп алды да, енді аялдамай жүріп кетпек болып,тысқа шығып, сыртта байлаулы тұрған атының ертұрманын түзеді. Кәрі әженің келініме апарып бер деп, шүберекке ораған сәлемдемесін томпайтып қойнына тығып алды. Үзеңгіге аяғын сап, жеңіл ырғып, атына қонды. Ақық қария мен Сәлім де сыртқа онымен бірге шығып еді. Хайдар атын тебініп жөнеле беріп, кенет ойына әлдене түскендей тоқтай қалды да,артына күлімдей бұрылып: «Әже, шөберең мектепке жаяу бармаймын десе қайтесің?» – деп дауыстады. – Онда арқалап апарам-дағы, – деді қария. Хайдар қарқылдап күлді. Ақық әжей езу тартып жымиды. Сәлім аң-таң болды. Енді міне бүгін қарт әже шөбересін қолынан жетелеп,мектепке әкеле жатып,сол бір жолы Хайдардың неліктен қарқылдап күлген себебін есіне түсірді.

Хайдардың дәл қазіргі Сәлімдей кезі, оқу жылының дәл бүгінгідей басталатын күні еді. – Мен мектепке бармаймын! – деп, Хайдар аяқ астынан қырсықты. – Неге,жаным?-деді Ақық әже таңданып. – Менің анау Асандікіндей былғары портфелім жоқ. Ақық әжей мектепке тұңғыш баратын Хайдардың да керек-жарағын,дәл бүгінгі Сәлімнің жабдығындай етіп, күні бұрын әзірлеген еді. Бірақ ол кезтапшылық көп соғыс уақыты болғандықтан оның іздегенінің бәрі бірдей табылмаған. Портфельді шүберектен тігіп берген. Хайдар қуанған болатын. Оның ойында ештеңе жоқ еді, сірә анау Асан деген мұнымен түйдей құрдас бала,бұған жылтырақ портфелін көрсетіп,мақтанған болу керек. – Сондай портфель тауып бермесең, бармаймын мектепке, – деп қиястанды Хайдар. Ақық әжей бұл немересіне даусын қатты шығарып ұрсып,зекіп көрген емес-ті. Хайдардың туған анасы мұның бір жасқа толар-толмас шағында жүрек сырқатынан қайтыс болған. Бала шешесінің өңі-түсін білмейді. Ал әкесінің жырақта жүргеніне үш жылдан асып барады. Ол майданда. Ұлы Отан соғысы басталған жылы кеткен. Баланың қасында отырған не шешесі, не әкесі болмағандықтан,әжесі оны,көңіліне еш қаяу түспесін деп, бетінен қақпайтын. Хайдар тентектік жасап,бірдемені бүлдіріп келгенде де, оған айқайлап ұрыспайтын. Баланың терістігін ақырын ғана сөйлеп ұқтырып, ақылын айтатын. Хайдар еркелеу болды. Бірақ еркелігін әжесіне ғана жасайтын. Ал әжесі еш уақытта ренжіп көрген емес, қабағын түймейді, түсін суытып алая қарамайды. Немересі алысып ойнап, киімін жыртып келсе, ләм демей тігіп береді, кір ғып келсе-ілезде жуып береді. Уақытында кеп тамағын ішпесе,әжесі оны шарқ ұрып іздейді. Үйде дәмді бірдеме болса тек соның аузына тосады. Сүйікті әжесі ол не айтса да орындайды. Оның қолында тек аспандағы айды ғана алып бере алмайды. Хайдар осының бәріне үйреніп алған. Оның ойынша-әжесінің қолынан бәрі де келеді. Соғыс уақытының қиындығында,тапшылықта мұның шаруасы жоқ. – Маған былғары портфель әпер. Әйтпесе оқымаймын,– деп, кесірленіп отырып алды. Әжесі осы портфелі түскірді жаз бойы іздеп, қолға түсіре алмаған. Ауданға,тіпті облыс орталығына барған біреулерге де ақша қосып тапсырып еді, олар да таппай келген. Осы жайды немересіне әрі айтып, бері айтып әзер түсіндірді. Әлі де іздетіп, оған қайткенде былғары портфель сатып алып беруге уәде қылды.

Бірақ ойындағысы дереу орындалмаған соң Хайдардың көңілі тез жадырай қоймады. – Ендеше мектепке арқалап апар, әйтпесе бармаймын,– деп аузын бұртитты ол. Ақық әжей езу тартты. «келе ғой», – деп, еңкейіп, немересіне арқасын тоса берді. Ол оны екі-үш жастағы бала секілдендіріп, ауладан арқалап шыға берген мезетте,қақпаның дәл алдынан Хайдар құалпас төрт-бес бала дабырлап өте беріп еді. «Жібер, босат аяғымды!» деп, Хайдар әжесінің арқасынан тез сырғанап түсе қалды. Өз қылығына әлгі құрбыларынан ұялған түрі. Бірақ, мұның екі аяғын салақтатып, әжесінің арқасында отырғанын олар абайлаған жоқ, әйтпегенде мазақтап күлетіні анық еді... Ақық әжей енді қазір шөбересі Сәлімді мектепке ертіп келе жатып,мұның әкесі Хайдардың бала кезіндегі сол қылығын көз алдына елестетіп күлімсіреді. Оған бұрыш-бұрышы ақжемделген ескі портфельдің өзін әзер тауып әпергеніесіне түсті. Саудагерден бір шелек бидай беріп алған еді. Есі-дерті осындай бір портфель ұстау боп жүрген Хайдар, оны ескі деп өкпелеген жоқ,қатты қуанған болатын. Бәрі де Ақық әжейдің есінде. Хайдардың сондағы мәз болғаны,көшеге портфелін мақтана ұстап жүгіріп шыққаны көз алдына елестеп кетті. Қарт әженің жүрегі біртүрлі елжіреді. Қасында келе жатқан шөбересі Сәлім, дәл осы шақта оған, сол бір кездегі кішкене Хайдар секілденіп көрінді. «Құлындарым... Өрендерім... Сендерсің менің қуатым. Сендерсің өмірімнің өзегі! – деп, Ақық әжей ішінен тебіреніп қалды. – Көңіліме жүдеулік кірмейтіні, жадырап отыратыным-осы сендердің арқаң. Сендер аман болыңдаршы! Сендер қуанып жүріңдерші!..» Мектепке таялғанда бұлардың алдынан орта жастағы әйел – Сәлімнің мұғалімі күліп шығып қарсы алды. Ол қарт әжеге қуанышын білдіріп, оның мектеп табалдырығын тұңғыш аттағалы отырған шөбересінің қадамына құтты болсын айтты. – Рахмет, көп жаса, жаным! – деді Ақық әжей көңілі өсіп. – Ал, Сәлім, оқуды жақсы оқып, әжеңді қуантатын бол сен, жарай ма? – деді мұғалім. – Жарайды!– деп жымың-жымың етті бала. Әжесі оны арқасынан қақты. – Енді Сәлімге оқитын класын көрсетейін,– деді мұғалім. – Рұқсат болса мен де көрейін, – деді Ақық әжей. – Неге рұқсат болмасын. Жүріңіз, жүріңіз,– деп күлімсіреді мұғалім. – Мектеп бүгін шәкіртердің келуін күтіп,ерекше жарқырап-жайнап, құлпырып тұр еді. Сәлімдердің оқитын класына кіргенде Ақық әжей кең, жарық бөлменің

ішкі сәніне сүйсіне қарады. Еш жерінне сызат түспеген біркелкі жаңа парталар, қабырғаға ілінген жылтырақ қара тақта мен әр алуан көрнекі құралдар, бұрыш жаққа қойылған екі аяқты үлкен есепшот-бәрі де жарасып тұр. Жалпақ терезелерден төгілген күн нұрынан жалтырап көрінді. – Сәлімтайымның отыратын партасы қайсы, қарағым? – деп сұрады Ақық әжей. – Бүгін бірінші күн ғой, шешей. Сабақ басталар алдында балаларымды өзім реттеп отырғызамын, – деді мұғалім. – Ә, мақұл ендеше, – деп қария басын изеді. –Менің Сәлімтайымның бойы кішірек қой, алдыңғы партаға отырғызарсың, – деп тілек қылды. Мұғалім жымиып күлді. Еш алаңдамаңыз, шешей. Оқушыларыма бәрі де тек жақсы болуын қалаймын. Бұл-ұстаздық парызым ғой. Бәрекелді,қарағым! Еңбегің жансын! Мұғалімнің сөзіне Ақық әжей ішінен қатты риза болды. «Жұрт бұ мұғалімді өте инабатты адам деп мақтайтын еді. Рас екен, – деп ойлады Ақық әжей үйге қайтып келе жатып. – Өзі қандай сыпайы, сөзі қандай орнықты! Әрі балажан екен. Бар баланы өз баласындай жақсы көріп тұр. Мінезі де көнтерлі көрінеді. Мұғалімге ең керегі осындай сабыр ғой. Баланың аты – бала. Баланың балалығын көтере алмайтын адамның қолынан ұстаздық келмейді. Сәлімтайымның мұғалімі ондай кісі емес. Ұқтым жанын. Оңды ұстаз! Мектеп есігін тұңғыш ашқан шөбереме оның дәріс бергені қандай жақсы болды!.. Ақық әжейдің көңілі енді орныққандай. Оның айрықша санайтын бір қағидасы болатын. Жас баланың жаны пәк; буыны бекіп, топшысы қатпаған балауса шағында оның мөлдір сезіміне дақ түспеу керек. Ал дақ түссе, мұның таңбасы өмір бойы өшпейді және баланың жан дүниесін улайды. Есейген адамның басында кездесетін әр қилы ұнамсыз жәйттер, Ақық әжейдің ұғымынша, ең әуелі сондайлардың зардабынан болады. Міне, сол себепті, мектеп табалдырығын алғаш аттап, жаңа қауымға кірген жасөспірімге дәріс үйрететін бірінші ұстаздың өнегесі артықша зор. Оның қылығы жағымды болса, жас шәкірттің бойына жақсы сапа дарытады. Ақық әжей Сәлімнің мұғалімін осындай өнегелі ұстаз деп бағалады. «Түсі игі кісі екен. Жанының асылдығы нұрлы өңініе білініп тұр», – деп сүйсінді. Мұғалімнің жылы ұшыраған жүзі көз алдына елестей берді. «Иә, бала оқимын деп, жүрегі алып-ұшып қуанып барғанда ұстазы оның алдынан күліп шығып қарсы алса, мұның өзі бір ғанибет нәрсе-ау», – деп ойлады

қария. Өз өмірінің сонау алыс балалық шағының бір суреттері ақырын жылжып келіп есіне түсті. Жасы тоғызға толған кезі. Әкесі Нұрмағамбет, кедей болса да, көңілі зерек кісі еді. «Менің жұрағатымнан да қара танитын біреу шықсыншы», – деп қызын оқытқалы молдаға алып барды. Ақ сәлделі, ісінген қалың қабақты, қара сұр өңді молда оның сөзін тас кереңше көзін жұмып отырып тыңдады да: «Баламды оқыт десең,әуелі ақысын сал алақаныма»,– деп екі қолын ілгері созды. Екі ешкім бар еді, біреуін және семізін жетелеп алып келіп, есігіңіздің алдына байлап қойдым, – деді Нұрмағамбет. Молданың салбыраған қабағы көтеріле қоймады. – Ешкіні санатқа алмаймын,– деді салқын үнмен. – Япыр-ай, енді қайтейін? – деп қиналды Нұрмағамбет. Бір үйлі жанды ағымен асырап отырған жалғыз сиырының бұзауын аузына алды. Мына ешкіге қосып соны берейін. Ірі марқа бұзау. Ал, өсіріп, үлкейтіп бер десеңіз, бір қыс бағу-қағуын өз мойныма алайын. Әйтеуір мынау баламның жолынан аянарым жоқ, қара таныса екен, – деді. Молда сыңар езуін қисайтып, кекетіп мырс етті: – Оқыттың-оқыттың – ер балаңды оқытпаймысың, бейбақ. Қыз қара танып, көсегеңді көгерте ме? Бұл сөз Нұрмағамбетке ауыр тиді. Оның Ақықтан өзге баласы жоқ еді. Басқа балалары тұрақтамай жастай өле берген. Ата-ананың күндіз-түні алаңдап саулығын тілеп, ендігі жұбаныш қып отырғаны – осы Ақық. Әкесі оның ешкімнің ұлынан кем көрмейтін . «Менің қара шаңырағыма ие боп, қалатын ұлым осы», – деп ардақтайтын қызын. Молданың сөзіне әкесінің қатты жәбірленіп,ішінен күйзелгенін Ақық оның өңінен білінген құбылыстан байқады да, молдаға қабағын түйіп қарады. Молданың қорғасындай сұрғылт кескіні әрі суық, әрі жат көрінді. Жүрегі дір етіп, шошып қалды. Әкесінің жеңінен ақырын ғана тартып: «Көке, кетейікші үйге», – деді. Ал Нұрмағамбет қозғалмады. Төмен қараған күйінде біраз отырды да, сосын молдаға қайтадан жағдайын айта бастады. Көп жалынды. – Жә, құлағымның етін жеме енді! – деді молда бір кезде қатқыл үнмен. – Қызың ертең келсін оқуға. Бірақ есіңде болсын, құдай тағала әйелдің ақылын еркектің ақылынан кем жаратқан. Қызыңның басына сабақ қонбаса, мен кінәлі болмаймын, өзіңнің осал тегінен көрсін. Ұқтың ба? Ал сабақ уақытында жыбыр еткен артық қимылы болса, жонынан қайыс аламын. Естідің бе?

– Балам тәртіпті, сізді ренжітпес, – деді Нұрмағамбет... Сонымен молданың қатал шартына мойынсұнып, ертеңіне Ақық оқуға келді. Әкесі ертіп барды. Қолына ұстаған не кітабы, не қағазы жоқ, не оқитынын өзі де білмейді, әкесі де білмейді. Молданың үйінің алдында он шақты бала иіріліп тұр екен. – Оқуға келдіңдер ме? – деп сұрады Нұрмағамбет. – Иә, – деп жамырады балалар. – Қайда отырып оқисыңдар? – білмейміз... – Молда қайда? – Дәрет алып жатыр. – Молда сендерге кітап, қағаз берер ме екен? – деді Нұрмағамбет. – Біз қайдан білейік, – деді балалар. Есіктен шыға келе жатқан молданың ақ сәлделі басы көрінді. Балалар жым бола қалды. Ақық әкесінің ығына қарай жасырынып тұрды. Молданың қабағы тым түксиіп, қарауытқан өңі кешегісінен де сұсты сияқтанады. Ашулы қалпын байқатты. Нұрмағамбет сәлем беріп еді, оған жөндеп амандаспады. Балаларды суық көзбен шолып өтті де: «Кіріңдер ауызғы үйге!» – деп, өзі шыққан есікті таяғымен нұсқады. Балалар есікке жапырлап ұмтыла берген: «Топырлама!» – деп ақырды. Ақық дір ете түсті. Молданың қолындағы ақ таяғы арқасына төніп қалған сияқтанып, есіктен жасқанып кірді. Әкесі сыртта қала берді. Ақық артына бұрылып қарауға қорықты. Ол үйге кірген соң да бойының дірілін біразға дейін жеңе алмады. Шымнан қаланған ауызғы үйдің қара көлеңке іші, жер едені, қоңырайған қабырғасы көзіне әлдебір үңгірдей елестеп, денесі тітіркенді. Балалар босаға жақта, не отырарын, не түрегеп тұрарын біле алмай, үрпиісіп тұр еді. Молда кіріп, әрқайсысының орнын таяғымен сілтеп, бәрін тарыр дымқыл еденге жүрелерінен қатарластырып отырғызды. Өзі төрдегі жұмсақ төсенішке барып малдас құрып жайғасты да, мұның әр қимылынан қорқып жаутаңдаған балаларға тағы да суық көзбен қадала қарап өтті. Молданың оң жағында жіңішке екі көк шыбық жатты. Соған көзі түскенде Ақықтың тұла бойы мұздап, қалтырады. Мұның әкесіне молданың кеше айтқан қатал сөзі – сабақ үстінде қыбыр етсе, жонынан қайыс аламын дегеніесінде тұр. Солқылдақ көк шыбық сусылдап кеп жалаңаш арқасын дәл қазір осып тіліп жіберетіндей сияқтанды. Ақық күнде сабаққа келгенде молданың оң жағында жататын екі көк шыбыққа күнде көзі түскенде, оны ылғи сол үрей билейтін-ді. Көк шыбықтын тыныш жататын күні жоқ. Күнде бір-екі баланың арқасын осқылайды. Жаза шегушінің

ойбайы қаттырақ шықса, көк шыбық тіпті құтырып кетеді. Жыланша ысылдайды. Тиген жерін пышақтай тіледі. Ақық қатал молданың алдында, қазықтай қатып, қыбыр етпей отыратын. Сабағынан да мүдірмей келе жатқан. Сол себепті көк шыбықтың жазасынан аман еді. Бірақ ол да бір күні кінәлі болып қалды. Қасындағы бала молданың үйреткен сөзіне тілі келмей, бұзып айтты да, соған мырс етіп күліп жіберіп еді. – Тәйт! – деп ақырып қалды молда. Ақыққа ала көзімен түйіліп қарады да: – Құран сөзіне неге күлесің? Бүйіріңнен шайтан түртіп күлдіріп отыр ғой сені. Кел бермен! – деп гекірді. Ақық көзі жаутаңдап көк шыбыққа қарап еді, оның ұшы жыланның құйрығынша қимылдап, бұған қарай жылжып келе жатқандай секілденді. Қыз қорықса да, дыбысын шығармады. Құрбыларының жазаға ұшырап қалғанда жасайтын дағдысынша, дірілдеп молданың алдына барып,көк шыбыққа жалаңаш арқасын тосып, бүк түсіп жатты да, тістеніп көзін жұмды. Бі мезетте көк шыбық арқасына шарт ете түскенде, көзінің оты жарқ ете қалды. Арқасы тілініп кеткендей болды. Молданың темірдей саусағы кішкентай қызды әлсіз иығынан және бүріп ұстай алды да, орнынан тыпыр еткізбеді. Көк шыбық еркін ойнақтады... Ақық үйіне жылап қайтты. Нұрмағамбет оның көзінің жасын көріп: «Кім ренжітті, қарағым?» – деп алдына бара бергенде, қызы даусын қатты шығарып еңіреп жіберіп, әкесінің құшағына құлады. Оның арқасына білеу-білеу боп түскен соққының ізін көргенде, Нұрмағамбет шошып кетті. Көк шыбықтың осқан жерлері қанталап, қарауытып тұр еді. «Неткен имансыз еді мына молда», – деді Нұрмағамбет қиналып. – Енді бармаймын алдына Керегі жоқ сабағының, – деді Ақық жылап сөйлеп. – Жәрайды, қарағым, жәрайды, – деп жұбатты әкесі. – О жауыз молданың өзі де, сабағы да құрысын Әліпті таяқ деп білмейтін әкең де күн көріп жүр ғой. Тірі болсаң, денің сау болса, қор болмассың... Сөйтіп, баласының хат тануын армандаған әкенің де үміті үзіліп, оқуға талпынған баланың да талабы қиылған еді. Молданың сұрланған суық кескіні, қолындағы солқылдақ көк шыбығы есіне түсіп кеткенде, Ақықтың денесі түршіге қалатын. Кейде түсіне де кіріп, шошып оянатын. Көк шыбықтың денедегі қанталаған ізі тез өшкенмен, жанға түскен жарасы айықпай қалды. Кейін Ақық ер жетіп, үйлі-баранды боп, басынан қуанышты күй кешіп отырғанда да, сол оқиғаны есіне алғанда, біртүрлі жүдеп мұңаятын. Мұның арқасын тілгілеген көк шыбықтың білеу-білеу ізін көргенде өңі бұзылып қиналған әкесінің езілген аянышты кейпі көз алдына елестейтін.

«Ата-анаға баласының жәбір шеккенін көруден ауыр азап жоқ. Менің байғұс ата-анам бұл жәбірді көп көрді», – деп, баяғыда қайтыс болған әке-шешесін аяп, ақырын ғана күрсінетін. Шөбересі Сәлімді класына кіргізіп, көңілі орнығып, енді үйге жайымен қайтып келе жатқан Ақық әжей , өзінің лалалық шағының сол ауыр күні есіне түскенде, жүрегі шаншып, тынысы біртүрлі тарылып кеткендей болды. Дәл осы мезетте үш дөңгелекті мотоцикл мұның оң жағынан жанасып өте беріп, қалт тоқтады. – Әже! Ақық әжей селт етіп бұрылып қарады. Мотоциклші Хайдар еді. Қасына әйелі – Зылиқаны отырғызып алған. – Түу, әже-ай, тіпті көретін емессіз ғой бізді! – деп күліп айтты Хайдар. Зылиқа мотоциклден шапшаң түсе қалып жүгіріп кеп, Ақық әжейді қуанып құшақтады. Қарияның амандығын-саулығын асығыс сұрап жатыр. Ақық әжей көңілді толқып, келінін көкірегіне қыса түсіп, үні дірілдеп: «Сендерсің – тынысым, сендерсің – тынысым!» – дей берді. – Әже, біз бүгін құр қызылмай болдық, – деп күлді Хайдар. – Сәлімтайдың мектепке барған қуанышын біз де көрмекші едік, үлгермедік, – деді Зылиқа. – Орта жолда мына құрғырдың май жүретін түтігі бұзылып, соның қырсығынан кешігіп қалдық, – деп, Хайдар мотоциклін жазғырды. – Біз келсек, сабақ басталып қалған екен. Сәлімді терезеден сығалап көрдік, дәптеріне қолы майысып бірдемені жазып жатыр өзі! – деді Зылиқа қуанып. Қарт әже екеуінің сөзіне күлімсіреді. Үйге келген соң Ақық әжей: «Жұмыс адамысыңдар, әрі жол соқты боп шаршаған шығарсыңдар, демалыңдар, қарақтарым», – деп, өзі оларға ас қамдауға кіріспек болып еді. – Біз қонақ емеспіз ғой, әже. Бәрін де өзіміз әзірлейміз. Төрге шығып отырыңыз да, сіз демалыңыз, – деп өтінді Зылиқа. – Иә-иә сөйт, әже! – деді Хайдар, әйеліне қарап, күліп иек қақты. – Әжеме бір көрсетші өнеріңді! Бірақ байқа, самауырды су құймай қыздырып, оттығын ағызып алып жүрме! – Хайдар, қойшы әзіліңді, – деді Зылиқа. Дала тотықтырған қоңырқай өңі лып етіп қызарып, төмен қарап жымиды. Ақық әжей де езу тартты. Хайдардың күліп айтқан әзілінде бір шындық бар еді. Зылиқаның осы үйге жаңадан келін боп түскен кезі еді. Жаңа жұртта жас келінге сын қандай көп. Оның отырыс-тұрысын әр басқан қадамын, әсіресе,

ауылдың қатындары аңдып-бағып отырады. Келіннің бойынан тіпті елеусіз бір кемшілікті көрсе де жетеді оларға, сөзді сыпсыңдатып, қырық саққа жүгіртіп әкетеді. Ал Зылиқаның білмейтін нәрсесі көп болатын. Зылиқа қалада туып, қалада өскен. Әрі төрт ұлдың ортасындағы жалғыз қыз болды да, ата-анасы оны өңге балаларынан артығырақ қадірлеп, оған үйде ешқандай шаруа істетпейтін. Мұның бәрі Зылиқаға жас кезінде жайлы болғанман, кейін ержеткенде есесін қайтарды. Киім өтектеймін деп, ыстық өтекке қолын талай қарып алды. Ас пісіремін деп, жасаған тамағының не тұзын ащы ғып жіберіп, не күйік татытып, талай ұялды. Үйдің шаруасына қыбы кем оны тағдыр жетелеп, ауыл жігітіне қосты. Қалада тұрса бәрі оңай ғой, от жақпайсың, сиыр саумайсың, нан пісірмейсің, дайын тағамды магазиннен сатып әкелесің де, дастарқаныңа жаясың. Кірлеген киімің болса, оны да өзің жуып әуреленбейсің. Кір жуатын орынға апарасың да өткізесің. Тап –таза ғып, ине – жіптен жаңа шыққандай жалтыратып қолыңа қайтарады. Қалада жадырап дем алатын мәдени орындар да көп. Жұмыстан кейін театрға барасың ба, кино көресің бе, концерт тыңдағың келе ме – өз көңіліңнің қалауы біледі. Қала өмірінен жырақ кету деген ой Зылиқаның басына келмеген еді. Туыпөскен үйі қалада, ата-анасы қасында. Тұрмыс жақсы, көңіл хош. Жіп иіру фабрикасында алаңсыз жұмыс істеп жүрген-ді. Бірақ адамды тіршілік заңы өз ырқына бұрып әкетеді екен. Адам оның жетегіне қалай ергенін сезбей де қалады. Зылиқа жазғы бір демалысында санаторийге барғанда, сонда, ойда жоқта, бір сүйкімді жігітпен танысты да, сол танысудың аяғы ұлғая келіп зор махаббатқа айналып, екі тағдырды ұштастырды. Ұғысқан жастарға ата-аналары қарсы болған жоқ, ризалықтарын білдірді. Жігіт ауылда тұратын. Қалыңдығын ауылға алып келді. Ол – Хайдар еді. Зылиқаның бала жасынан үйренген қала өмірі мен ол келін боп түскен ауыл өмірінің арасында көп айырмашылық бар екен. Мұнда қаладағыдай заңғар үйлер, сәнді театрлар, асфальт көшелер жоқ. Әр үйге қаладағыдай түтікпен кеп тұрған су, көгілдір газ және жоқ. Ас пісіргің келсе, қазандықтың астына от жағасың, суды құдықтан барып әкелесің. Таңертең тұрғаныңда сиыр мөңіреп, қой маңырап, тауық қыт-қыттап – бәрі шуылдасып жатады. Малды өріске айдап салып, құсқа жем шашуың керек. Ауыл адамы сонан соң ғана тыным тауып, таңертеңгі асын ішуге отырады. Сосын жұмысына кетеді. Кешке үйге келгенде, оны көп іс тағы да күтіп тұрады. Ауыл адамы жұмыстан шаршап қайтқанына қарамай, үйдің шаруасына кіріседі. Күнде осылай... «Бұл тіршілікке бала жасынан көндікпеген адам төзе алмайтын шығар», – деп ойлады Зылиқа әуелгі кезде. Оған ауыл өмірі қызықсыз сияқтанды. Көңілі қаланы аңсай берді. Бірақ бұл күйін өзі ғана білді, еріне сездірмеуге тырысты. Тағдырын

оған қосақтағаннан кейін, ендігі жерде не көрсе де ерімен бірге көрмекке, оның айтқанынан шықпасқа ішінен серт қылды. Дегенмен, жасынан қалада өскен кісіге ауыл өмірінің қалыбына түсу оп-оңай болған жоқ. Ауылдың сөзуар қатындары жас келіннің әр ісін сықақ қып, оған сыртынан күліп жүрді. «Әлгі Хайдардың қаладан әкелген келіншегі қазандықтың астына от жаға алмапты. Табаға нан пісірген екен, қап-қара ғып күйдіріп жіберіпті. Өзі, сірә, ғұмырында мал көрмеген бе немене, бұзаудан да қорқады. түкке ебі жоқ көрінеді. құдықтан су алуға биік өкше туфлиін киіп барып, буынын шығарып ала жаздапты. отын ұсақтаймын деп, ағашты темір төске салып қойып шауыпты," – деп таратты. Сыпсыңдаған қатындардың сөзін жаратпай, Ақық әжей оларға ұрсып тастаған. – Немене, бәрің шетіңнен білімпаз боп көктен бір күнде түсе қалыппеңдер?! Білемін, көргенмен бәріңді де. Атаңның, енеңнің жетелеуінсіз қайсың бірден жөн біле қалып едіңдер? Көш жүре түзелмей ме? Кемшілікке есті кісі күлмейді. Кекесін күлкі – кесек атқаннан да жаман. Менің келінім – жас адам. Оны сыртынан сөз ғып сықылықтағандарыңды ендігәрі естімейтін болайын! – деп қатаң ескерткен-ді. Қатындардың кекесін сөздерінің төркінінде біраз шындық та бар еді. Зылиқаның қазандық астына от жағам деп, үйдің ішін көк түтінге қаптатып алған бір жағдайы болған; ағашты бер жағынан сықай беріп, қазандықтын, көмейі бітеліп қалғанын білмеген; түтін кейін қарай шалқыған. Жас келіннің шай қайнатпақ борлып, самауырға әуелі су құюдың орнына, алдымен шоқ салып қыздырып, оттығын балқытып ағызып түсіргені де бар. Мұның бәрі де өткен іс. Тек Хайдар анда-санда әзіл үшін айтып қояды. Ал Зылиқа бұған кәдуілгідей қызарып ұялып қалады. Бірақ оқасы жоқ, өткен іс өкіндірмесе, қайта осылай әзіл боп айтылып, жұртты күлдірсе – мұның өзі бір жарасытық! Зылиқа қазір ауыл өмірінің ойықырын байырғы адамның ешбіреуінен кем білмейді. Шаруаның қыбына да әбден жетік боп алды. Адамға терін төгіп өз қолымен жасаған ісі қашан қадірлі болмақ. Бастаған жұмысының жақсы тынғанын көру – адамның көңілін өсіреді, қуантады. Зылиқа жүре-бара, үйрене келе, ауыл өміріне қызу араласып кетті. Қазір оған мұндағы тіршілік қызық та, қымбат та. Көңілі әуелгі кездегідей қаланы аңсай бермейтін болған. «Осының барлығы әжемнің арқасы», – деп ойлады Зылиқа. Ақық әжей оны туған қызындай жақсы көрді. Жас келіннің алғашқы уақыттағы епсіз істеріне, жөнін білмей бүлдіріп алған шаруаларына ренжімеді, қабақ шытып кейімеді. Езу тартып, жай ғана күлетін де қоятын. Сосын үйрете бастайтын. – Әже, сиырды бүгін мен сауып көрейінші, – деп тілек қылды Зылиқа бір күні.

– Мақұл, қарағым, – деді Ақық әжей. Келінінің қимылына сыртынан қарап тұрды. Ақық әжейге үйренген кәрі сиыр, бауырына жанасып отыра берген жас әйелге мойнын бұрып қарады да, күйіс қайыруын қоя қойды. Иімеді. Зылиқа оның емшегін қанша тартқылап созғыласа да, сүт шығара алмады. – Сені, сірә, жатырқап тұр-ау , – деді Ақық әжей өзі отырып сауып еді, сиырдың емшегінен сүт саулай жөнелді. Зылиқа таңданып тұрды. «Жаңа келген кісіні мал да жатсынады екен ғой», – деп ойлады. – Малда тіл жоқ болғанымен, өзіне жылы қарағаныңды ол да ұғады. Көзі үйренген соң, жатырқауын қояды ғой бұл, – деді Ақық әжей сонсоң сиырының өзіне мәлім мінездерін айта бастады. Бүкіл ғұмыры мал өсірген ауылда өтіп келе жатқан, өзі де малды талай баққан Ақық әжей қазақтың әр түлік малының мінезін әбден білетін-ді. Сол білімін жас келінге үйрете берді. Басында Зылиқаға бәрі де қиын сияқтанатын. Қалада фабрикада істеп жүргенде, жіп иіретін ұршықты зыр қақтыратын оның епті қолы, мұнда ауылда сиырдың бас жібін де әдепкі әзірде дұрыс таға алмай, байлаған малы шешіліп кетіп жүрді. Бірақ бұған налымайтын, бас жіпті мүйізге қалай орағанын әжесіне, Хайдарға көрсетіп тұрып күлетін. Өзінше тастай ғып байлаған жібінің мүйізден қалай сыпырылып қалғанына таңданатын. Байқаса, малдың басына жіп тағудың да тәсілі бар көрінеді. Осының бәрінен Зылиқа бір нәрсені айқын ұғына бастап еді. Мал бағу – кез келген адамның қолынан келе бермейтін жұмыс екен. Ерінбейтін, жалықпайтын, бейнет көрсе кейімейтін төзімді кісі ғана бұл жұмысты жөндеп атқара алмақ. Және оның, ең алдымен, осы еңбекке ықыластанып құмартуы керек. Сонда ғана ісінен өзі де ләззат таппақ, қарекетінебасқаны да сүйінтпек. Зылиқа Хайдардың бойынан осы қасиетті көрді. Қой бағатын Хайдар бұл жұмысына еш нәрсені теңгермейді. Өңге істің, бәрінен де қой бағуды артық көріп, масаттанып отырады. Әуелгі әзірде Зылиқа далада мал соңында жүрген ерінің жәйін ойлап: «Күн ұзаққа сарылып жүру оңай ма? Жалықпай ма?» – деп, үйде отырып жиі қобалжитын еді. Көңілінің бұл күйін ерінен жасырмайтын. – Сәулем-ау, неге жалығам?! – деп күлетін Хайдар. – Алдыңда қаптай еріп қалың қой жайылып жатады. Сен көзіңмен шоласың. Қыбырлаған мал далаға жан бітіріп, көңілің біртүрлі өседі. Бәріне өзің қожа секілді көрініп, кеудені шалқақ ұстайсың, аяқты алшаң-алшаң басасың. Сол кезде өзім көңілденіп ән салып жіберемін. Неге жабығам?! Төбемде көгілдір аспан, маңым толған жұпар гүл, алдымнан самал еседі, құлағыма даланың неше алуан әсем үні кеп тұрады. Қойлардың жердің түгін өткір тістерімен бырт-бырт үзгеніне де қызығып

қараймын. Көде арасынан шырылдап ұша жөнелген бозторғайға да тамашалап мкөз тігем. Қойнымда оқитын кітабым да бірге жүреді, бір мезет соған үңіліп кетемін. Әйтеуір өзім уақыттың қалай өткенін аңғармаймын. Әрине, күн ылғи күліп тұрмайды. Кейде төпеген жаңбырдың астында қалып, мойныңнан су сорғалап сүмектейсің. Қыста боранға ұрынып, ұйтқыған қар көзіңді аштырмайтын кездер де болады. Осының бәрі жеңіл емес. Бірақ сен алысасың онымен. Берілмеймін деп айқасасың. Ал жеңіп шыққаннан кейін өзіңе өзің сүйсінесің. Міне, мұның рақаты осында. Малшылар бұл күйді басынан күнде кешіреді. Хайдар осылайша тебіреніп сөйлегенде, Зылиқа ынтығып тыңдайтын. Ерінің ісіне сүйсініп қызығатын. «Менің қолымнан мал бағу келер ме еді? Жағдайына көндіге алам ба?» – деп ойлап, өзін-өзі сынағандай болатын. Малды ерлермен қатар, әйелдердің де бағатынын көріп жүрді. Ері малшының әйелі де малшы; қыста да, жазда да ерімен бірге далада, мал басында болады екен. Зылиқа оларды ішінен жақсы көрді, өзін сол әйелдерге ұқсатып байқады. олардың бойындағы қасиет өзінің де бойында бар сияқты. Олардың атқарып жүрген ісі өзінің де қолынан келетініне сенді. Ол осы ойын әбден түйіп алып ерімен ақылдасты. – Өзіңмен бірге мал бағып, сен ұшыраған нөсерге бірге ұшырап, сен ұрынған боранға бірге ұрынғым келеді, – деді Зылиқа. Өңі құлпырып, күйеуіне еркелей қарап айтты. – Мен бұған қуанамын ғой! – деді Хайдар разы боп. Келіншегі иығынан құшақтады. – Әжем біле ме бұл ойыңды? – деп сұрады. – О кісіге әлі айтқан жоқпын. Қарсы бола ма? – Мүмкін... – Неге? – Далаға барсаң, жел қағып, күн күйдіріп, ақ құба өңің тотығып қараяды. Ал әжем келінінің үйден шықпай, әппақ болып, үлбіреп қана, өз қасында майысып отырғанын жақсы көреді. – Қойшы әзіліңді. – Жоқ, рас айтам... Ақық әжей Зылиқаның қалада өскен жағдайын ескеріп, оның кеңсе маңындағы бір таза қызметке орналасуын ішінен мақұл көрген. Бірақ әуелі өздері қалап, өздері ұйғарсын, сосын менімен ақылдасады ғой деп, және мен ойлағанды олар да ойлар деп, пікірін Зылиқаға да, Хайдарға да айта қойған жоқ. Қарияның бір сөзінің ретінен ғана Хайдар оның көкейіндегі бұл ойын аңғарып қалды. – Әже, келінің кенсе қызметін керексінбей, далаға қой бағуға барамын десе қайтесің? Рұқсат етесің бе? – деп қасақана сұраған. – Сен азғырып жүрсің бе оны? Қой, қарағым, бұл жұмыс ауыр болады оған. Ауыл ішінде де қызмет толып жатқан жоқ емес пе, – деген Ақық әжей...

Хайдар келіншегіне әлгі әзілді айтқанда қарт әженің осы сөзін еске алып еді. Бірақ әжесінің мінезі өзіне аян: Ақық әжей адамға қысас жасағанды жақтырмайды., «Көңіл қаламаған істе береке болмайды», – деп біреуге сүймеген ісін зорлап істеуге қарсы боп отыратын. Келіні Зылиқа кеңсе маңындағы қызметті қаламаса, ерімен бірге мал бағамын десе, Ақық әжей оның жолын кесекөлденең тұрмайды. Ұсынысын, тілегін айтар, бірақ өзімнің ырқыма қайтсем де бұрамын деп қасармайды. Хайдар мұні біледі, сонда да ол өз көңілінде тұрған осы ойын ашпай, әзілін келіншегіне шын құсатып айтты. Күлген жоқ, әйеліне салмақты пішінмен қарап, бір сөз күтті. Мұның сүйікті әжесі туралы жас келін не дер екен?! – Әжеммен өзім сөйлесемін бүгін, – деді Зылиқа. – Мақұл... Кешкі ас үстінде, дастархан басында өздері ғана оңаша отырғанда, жас келін Ақық әжейден бір жәйді сұрады. – Әже, ауылдағы ата-енелер келіндерінің жұмыс істемей үйде отырғанын жөн көре ме? – Неге бұлай сұрадың, қалқам? – Келінің от қасыошақ басынан ұзатқысы келмейтін енелер бар дейді. – Бары рас... – Жөн бе солары? – Әркімнің өз еркі өзінде ғой. – Мен таң қаламын. Сап-сау адам ертеден кешке дейін тек ошақты күзетіп қайтіп отырады? Іші пыспай ма? Басы айналмай ма? Ақық әжей езу тартты. – Ауыл адамында бір минут қарап отыр деген болмайды ғой, – деді. – Ерінбеген кісіге үйде де шәруә көп: қарайтын мал бар, әкелетін отын-суы бар. үй іргесіндегі өгереті және тұр, оған да күтім керек... Қысқасы бір үйде бір кісіні күнде болдыртып жығатын жұмыс болады. Үйдің күйбең-күйбең шәруәсімен жүрген әйел күннің қашан шығып, қалай батқанын байқамай да қалады. – Обал емес пе сол? Бір үйдегі жұмысты бір үйдегі жанның бәрі жабылып атқаруы керек емес пе? – деді Зылиқа. – Лажы болмаса қайтеді? Ері далада жұмыста жүрсе, ата-енесі дімкес болса, үйде басқа бас көтерер кісі болмаса не шара қылады? Бір үйдің бар шаруасын бір әйел өзі атқарады. – Осы дұрыс емес қой. Обал ғой. Обал екені рас, – деді Хайдар, – сен білетін қаланың жағдайы мұнда әзірше жоқ. Ауылда әйелдің үлесіне тиетін жұмыс әлі де ауыр.

– Бұған, алдымен, еркектер – сендер кінәлісіңдер, – деді Зылиқа. – Неге жақсы жағдай туғызбайсыңдар? Сосын және «Мынау – әйелдің, мынау– еркектің жұмысы» деп бөлуің де дұрыс емес. Еркек атқарған іс әйелдің қолынан келмей ме? Келеді. Әйел атқарған іс еркектің қолынан келмей ме? Келеді. Тек ықылас керек, – деді. Ақық әжей Зылиқаның сөзіне сүйсініп қалды. Және оның нені меңзеп айтқанын ішінен сезді де, келініне ойлы пішінмен қарады. Осы қалыпта бірер минут үнсіз отырып, сосын сұрау берді: – Хайдармен бірге мал баққың келе ме? Шопан болуды қалаймысың? – Иә, – деді Зылиқа. – Бұл жұмыстың қиындығы көп екенін білемісің? – Хайдар айтқан. – Төзе аламысың? –Тырысам. Хайдар да төзіп жүр ғой... –Хайдардың жөні бөлек. Ол қаршадайынан малды ауылда өскен. Үйренген. Сенің жағдайың басқарақ... – Мен де үйренемін. – М-м...– деді Ақық әжей. «Ықыласы шын ауған екен. Құр қызығу емес», – деп түйді ішінен. Ойланып аз-кем үнсіз отырды. Зылиқаның сөзін теріске санамады, бірақ, мал бағудың жөнін білмей азап көреді ғой деп аяды оны. «Үгіттеген сенсің-ау» – деп , Хайдарға салқын көзбен бір қарап қойды. Ақық әжейдің үн-түнсіз отырып қалғанына Зылиқа да қобалжыды. «Бұл кісі, сірә, пікірімді құп көрмеді-ау», – деп ойлады. Кәрі әже мақұл демесе, оның тілін алмау да қиын; өз талабыңды біреудің әмірімен тұсау да қиын; Зылиқа шын қиналды. Ақық әжей оның толқыған қалпын өңінен таныды да, келіннің көңілін жабырқатқысы келмеді. Зылиқаның өзіне жайлырақ, ауыл ішіндегі бір жұмысқа тұруын ішінен қалап отырса да, бұл ойын айтпады. – Қой бағуды шын қаласаң, қиындығына төзем десең, бұл талабыңа ешкім де қарсы емес. Шопан еңбегі – қадырлы еңбек, тілектеспін, – деді. Бірақ Зылиқа даладағы отар басына кеткен күні түнде кәрі әже үйде тыныш ұйықтай алмады. Зылиқаны ойлай берді. Жатар алдында өзі аспанның бұлт жауып, қараңғы тартып, теріскейден салқындау жел білініп, күн райының бұзылғалы тұрған сыңайын байқап еді. Төсегіне кеп жатып, көзі енді ғана іліне бергенде, терезенің әйнегі сықырлағандай болды да, оянып кетті. Жастығынан басын ақырын ғана көтерді, құлағына уілдеген қатты желдің сарыны естілді. Ақық әжей төсегінен ептеп түрегеліп, терезенің алдына барып, әйнектен сыртқа үңіліп қарады. Көзіне ештеме көрінбеді. Аспан, жер-түгел қап-қараңғы боп

тұтасып алыпты. Жел күшейген; ішін тартып гуілдейді. Ақық әжей қатты бір нөсердің дауылдатып келе жатқанын сезді. Жаңбырдың иісі білінеді. Кәрі әженің көңілі қобалжи бастады. Осылай дауылын ұйтқытып кеп, нажағайын шатырлатып, төпелей жөнелген нөсер жаман. Мұндайда мал үркіп ығады, қайыру бермейді. Осы алай-дүлей кезінде малға және дала жыртқышы – бөрінің бүйірден кеп тиісетін ғадеті бар. Міне сонда ие болып көр шошыған малға? Табиғат долысымен алыс, қасқырмен айқас, жеңіліп қалма! Ақық әжей Зылиқаны ойлапалабұртты. «Ыққан малды Хайдармен бірге қайырамын деп, қараңғыда өзі бірдемеге ұрынып қалмаса жарар еді. Су өтіп, суық тиіп ауырып қалады-ау», – деп күдіктенді. Зылиқаны далаға жібергеніне өкінді. Келіні ауылда кеңсе маңындағы бір қызметте істеп жүрсе, дәнеме жоқ еді ғой. Нажағай жалт ете түсті. Аспан қақ айырылғандай шатыр ете қалды. Тасырлап жаңбыр құйып кетті. Ақық әжей терезенің пердесін тартып, әйнекті қараңғылап бүркеңкіреді де, ақырын қозғалып өз орнына кеп қайта жатып еді, енді ұйқысы келмеді. Даладағы Зылиқаның жағдайына көңілі алаңдап, тынышы кете берді... Жаңбыр түні бойы жауды, таң алдында ғана басылды. Ақық әжей тысқа шығып байқады, жердің беті жарқырап көлкіп қапты. «Зылиқамның жайы кетті-ау. Су өтіп, тоңды-ау», – деп ойлады қария. Қақпаның алдында тұрып, біреуді іздегендей жан-жағына қарады. Көзіне ешкім көрінбеген соң, аяғын ақырын басып, қораны жағалап, оңға қарай жүрді. Бірінші, екінші үйден өтіп, қорасының алдында ерттеулі ат байлаулы тұрған үшінші үйдің қақпасына тақау кеп тоқтады да: – Запперма! Үйдемісің? – деп дауыстады. Үстіне қалың плащ киіп, күләпәрәсін көтеріп алған, орта бойлы, жасы отыздар шамасындағы жігіт қақпадан шыға келіп, Ақық әжейді көргенде таңданып қалды. – Ой, әже-ау, таң атпай неғып жүрсіз? Тыныштық па? – Көңілім қобалжып, түні бойы ұйықтай алмадым. Даладағы мал басындағы балаларымды ойлап... Түнде жел де, жауын да өте қатты болды ғой. – Ой, әже-ай, бекер алаңдайсыз. Хайдар мұндай қоқайдың талайын көрген. Мыңқ етпейді ол. Өзі де, малы да аман екендігіне еш шүбәм жоқ. – Айтқаның келсін шырағым. Бірақ, кім біледі. Әсіресе Зылиқаға қатты алаң боп, тынышым кетіп тұр. Барып, жағдайларын өз көзіңмен көріп келіп, айтшы маған. Осы еді өтінбегім. – Басқа отарға жүргелі жатыр едім, – деді ферма меңгерушісі. – Басқаны қоя тұр, әуелі кәрі әжеңнің көңілін орнықтыр, – деді Ақық әжей. Ферма меңгерушісі өз жоспарының бұзылатын болғанына ішінен қиналса да, Ақық әжейді сыйлап, оның тілегін орындауға уәде қылды. Хайдардың отары жатқан жер едәуір жырақта болатын. Ешқайда бұрылмай, бөгелмей, тіке барып, тіке қайтқан ферма меңгерушісі ауылға түнделетіп оралды.

Ақық әжей оның кешіккеніне қатты алаңдап отырған. Есік алдына тоқтаған салт аттының дыбысы білінгенде, Ақық әжей сенекте жағулы тұрған фонарын қолына алып, сыртқа асығып шықты. Ферма меңгерушісі аттан түсіп жатыр еді. – Балаларым аман ба екен? – деп сұрады қария. – Аман болғанда қандай! – деді ферма меңгерушісі көңілді үнмен. – Зылиқа суық тиіп ауырып қалған жоқ па екен? – О не дегеніңіз! – Түндегі алай-дүлейде мал қасында болып па? – Болғанда қандай! Келініңіз өзіңізге тартқан қайратты кісі көрінеді. Ақық әжей бұл сөзге сүйсініп қалды. «Біздің әулетімізде нәуетек адам жоқ еді. Келінім де көңілімнен шықты. Бағы жансын қарағымның», – деді ішінен. Алыстағы отарға ренжімей барып келген ферма меңгерушісіне ризалығын білдіріп алғыс айтты. Осыдан бір аптадан соң Ақық әжей бригадирден ат-көлік сұрап алып, Хайдар мен Зылиқаға өзі де барып қайтты. Қастарында бірер күн болып, олардың жақсы хал-жағдайын өз көзімен көріп, істеріне сүйсініп келді. Әсіресе келініне өте разы болды. Зылиқа даланың жағдайына, малшының тіршілігіне тез-ақ бейімделіп алыпты. Ақық әжей оны даладағы жым-жырт өмірге көндіге алмай, шуы, қыбыры мол қаласын сағынып, жадап жүрген шығар деп ойлаған еді. Зылиқаның ондай түрі байқалмады. Қазіргі осы кәсібіне дән риза секілді. Келінінің көңілді қалпынан, қуанып айтқан сөздерінен кәрі әже сол күйді ғана ұқты. – Бізге мүлде алаңдамаңыз , әже. Көрдіңіз ғлй, жағдайымыз өте жақсы. Сосын және Хайдардан мені осал екен деп ойламаңыз, онда өкпелеймін, - деп, Зылиқа Ақық әжейге еркелей қараған. – Жан күнім, қайратыңды таныды әжең. Сонда да бірақ сендерге, алаңдамай отыра алмаймын, – деп еді Ақық әжей. – Әже-ау, біз жас бала емеспіз ғой. Дырдай кісіге «суық тиіп қалды-ау, бірдемеге басын соғады-ау» деп елеңдеп отыруыңыз ерсі емес пе?! – деп Хайдар күлгенде, Ақық әжей жәй ғана езу тартып: – Балам, мұның жайын өзің балалы болғанда білерсің, – деген. Рас екен, кәрі әже айтқан сол сөздің мағынасын Хайдар да, Зылиқа да қазір терең ұққан секілді. Жас бала жылдан-жылға өскен сайын ата-ананың алаңы азаймай, қайта ұлғая беретінін енді өздері де бастарынан кеше бастаған. Бүгін, міне, бозала таңнан қозғалып, қыруар жерден бала үшін асығып, алқынып келіп отыр. Ауылға таңғы сағат алтының шамасында жетерміз деп мөлшерлеп шығып еді, жолда мотоцикл бұзылып, амалсыз бөгеліп Сәлімнің мектепке баратын уақытынан кешігіп келген соң, көңілдері тіпті қобалжыған. «Баламыз ерте тұра алды ма? Киімін жөндеп киді ме? Тамақ ішті ме екен?» – деп екеуі де бірдей қатты алабұртқан.

Ақық әжей Хайдар мен Зылиқаның салып ұрып бірден мектепке барған жайынан-ақ олардың бұл күйін түсініп еді. Үйге келген соң да Хайдар мен Зылиқаның сөзі тек өздерінің ұлы туралы болды. Қазір сабақтағы Сәлімнің дәл осы минутта қайтып отырғанын, қаламын қолына қалай ұстап, дәптеріне нендей ирек салғанын көз алдына ойша елестетіп, ананы бір, мынаны бір қуанысып айтысты. Екеуінің масайраған қалпына Ақық әжей сүйсініп қарап, үнсіз ғана езу тартып отырды. Осындай қуаныш үстінде Ақық әжейдің ылғи айтатын бір сөзі бар еді. – Тірі болса, бүгінгі осы қуанышты олар да көрер еді-ау, – дейді. Көп жыл бұрын қайтыс болған ері Қалиасқар, майданнан оралмаған екі ұлы – Есен мен Бекен, жүрек дертінен көп зардап шегіп дүние салған келіні – мына немересі Хайдардың шешесі Рахима – бәрі есіне түседі. Көңілі біртүрлі толқып кетеді. Көзіне лықсып жас келіп те қалады. Бірақ өзін-өзі жұбатады. Жүрегінде бекінген бір үміт бар. Сол демейді. Осы үміт ең алғаш рет оны сонау бір өткен жылдарда, Ақықтың енді-енді ғана бой жете берген кезінде, басына аса қиын хал туғанда қолынан жетелеп еді. Он жасында ата-анадан айрылып жетім қалған Ақық әкесінің бір жамағайынының қолында болатын. жасының он беске жаңа толған кезі. Бір күні үйге, Ақық бұрын көрмеген, бөтен екі адам келіп түсті. Қонақ болды. Үйдегі үлкендермен оңашада әңгімелесті. Екі бөгде қонақтың, қара сақалды, бадырайған үлкен көзді біреуі, Ақықтың үйден кірген-шыққан кездерінде жас қызға сұқтана қараған еді. Бір ретте оның көзіне түсіп кеткенде Ақық жүрегі дір етіп шошып қалды. Қара сақалды, түксиген қалың қасты жат қонақтың алақан көзі қараңғы үңгірде отырған жапалақтың көзіндей бажырая қызарып зәресін ұшырды. Жас қыз есікті шапшаң ашып, үйден қорқып атып шықты. Бөтен кісілер қашан аттанып кеткенше, үйге қайтып кірген жоқ. Жат қонақтар күнді батырып, ымырт үйіріле аттанды. Жай кетпеді, бұлардың соңынан даланы қап-қараңғы ғып басқан түндей қара түтекті жетім қыздың басына орнатып кетті. Жапалақ сияқтанған бажырақ көз қара сақал Ақықты малға сатып алатын боп кетті. Қатын үстіне тоқалдыққа алмақ. Қалың малын байлап-матап беріп, үш күннен соң Ақықты әкетуге сөз байлапты. Бұ сұмдықты естігенде Ақық зар илеп жылады. Бірақ қалыңның малына қызығып, ындыны құрыған ағайын жетім қыздың зарына құлақ ілмеді, жібімеді.

Ақықты әуелі алдап-сулады. Бұған оның жұбанар түрі болмаған соң, қатал мінез көрсетіп, зекіп ұрсып, қыспақ жасады. Сорлы жетім енді кімге шақсын зар-шерін? Кімі бар пана болар? Ақық тұңғиыққа батып бара жатқандай боп, демі тарылып, жылаудан әлсірей берді... Күн кешкірген уақыт екен. Бір жылы үн естілді құлағына. – Ақық, жылама. Көтерші басыңды... Бүк түсіп, жастыққа бетін басып жылап жатқан Ақық басын ақырын ғана көтерді. Өзінен екі-ақ жас үлкен Қалиасқар дейтін бала кеп тұр қасына. – Сені қара сақалдан құтқаруға келдім, – дейді. Қалай құтқармақ? Мұның кімге әлі жетеді? Бірақ, бұл ой Ақықтың басына келген жоқ. Талықсыған дауыспен: «Құтқаршы! Құтқара көрші!» – деп, үні дірілдеп, Қалиасқарға қолын созды. Қалиасқар шапшаң ұмтылып, оны қолтығынан демеп тұрғызды да: «Бекіт буыныңды. Қорықпа. Аңдып тұрған ешкім жоқ. Бәрін барлап, байқап кіргенмін», – деп сыбырлады. Маңай қараңғы тарта бастаған кешкі алас-қапаста бұлардың үйден шыққанын да, ауылдың дәл іргесіндегі сайға жүгіріп түсіп кеткенін де еш адам байқамады. Қалиасқар бір ерлік іс істеуге бел буыпты. Үйден ерттеп ат мініп шығып, оны сайдың ішіне, қалың талдың арасына байлап кетіпті. Аттың қасына келгенде Ақыққа қайрат беріп: «Енді еш қауіп ойлама. Бар пәледен мына тұлпармен қашып құтыласың!» – деді. Ақықты атқа мінгізіп, қолына тізгінді ұстатты. – Қалай қарай жүрем? Қайда барам? – деді Ақық оның ойын түсіне алмай. – Қорықпа! Өзім бастаймын. Қалиасқар үзеңгіге аяғын салып, аттың үстіне жеңіл ырғып шықты да, сол қолымен алдындағы Ақықты демей ұстап, оң қолына тізгінді алып, атты ақырын тебінді. Сайдың ішімен жоғары өрлеп қозғалды. Ауылдан он бес шақырымдай қашықта бір орыс поселкесі бар болатын. осында Қалиасқардың шешесінің туған інісі Жаңбырбай дейтін кісі жұмыскер болып істейтін. Сол нағашысы кеше ауылға келіп кеткен екен. Ақыққа жаны ашыр деген ағайыны малға қызығып, зорлық жасағалы отырғанын естігенде, Жаңбырбай жетім қызды аяп, қатты күйзеледі. «Бишараға араша тұрар басқа жекжаты жоқ па екен?» – деп қиналады. «Ешкімі де жоқ. Панасыз жетім қызға қиянат қып отыр тас бауыр ағайыны», – дейді Қалиасқар. «Сіз араша түсіңізші! Зорлыққа жол бермеңізші!» – деп тілек қылады нағашысына. Бұдан кейін екеуі оңаша сөйлеседі, жетім қызды құтқарудың жолын ақылдасады.

Қалиасқар Ақыққа осы жайларды айтты да, тізгінді қағып, тебіне түсіп: «Ал енді ердің қасынан ұстап, мықталып отыр», – деп ескертті. Атты қырға екпіндетіп шығарып, сосын өзіне таныс бағытпен күннің шығысына қарай тіке тартты. Поселокке жақындағанда үрген иттердің даусы естілді. Әр жерден жылтырап от көрінді. Қалиасқар ат басын тежеңкіреп, аяңдатып жүргізді. Поселокке бүйір тұсынан кеп кіріп, бір шарбақты үйдің алдына кеп тоқтады. Шарбақ ішінен қараңдаған біреу бұларға қарай қозғалды. – Жиенбісің? – деп дыбыстады. – Нағашым осы кісі, – деді Қалиасқар Ақыққа ақырын ғана. Аттан секіріп түсті. Қолтығынан демеп, Ақықты да жерге түсірді. Ірі денелі адам аяғын жайлап басып қастарына таянып келгенде, бұрын көрмеген бөтен кісіден Ақық әрі ұялып, әрі жасқанып, төмен қарады. Осы кісінің соңынан еріп үйге кіргенде де именіп енді. Қол-аяғының біртүрлі дірілін сезді. Пеш алдында ұршық иіріп отырған әйел орнынан түрегеліп, бұған қарай жүріп: «Қарағым-ай, қаршадай ғана екенсің ғой», – деп Ақықты мүсіркеп маңдайынан сүйді де, құшағына қысты. Әйелдің мейірімді жүзі жетім қызға дәл өз анасының жүзіндей елестеп кетті. Үні де өз анасының жұп-жұмсақ үніндей боп естілді. Ақық әйелдің бауырына бетін басып, жылап жіберді. – Лағынеттер-ай, баланың көз жасының обалынан қорықсайшы! – леп, әйел жетім қызға қиянаи көрсетушілерге қарғыс айтты. Ақықты алдына алып, жасбалаша тербетіп отырып жұбатты. – Мынау ағаң сені енді ешкімге жәбірлетпейді, қарғам. Бұл ағаңның, қолынан сені ешкім де тартып әкете алмайды, – деді. – Ол иттер осылай қарай аяғын қия басып көрсін, менің нағашым желкелерін үзіп жібереді, - деді Қалиасқар. Жаңбырбай бұ сөзіне езу тартып жымиды. Осы мезетте оған басын ақырын ғана бұрып қараған Ақық та, оның жымиған жүзінен әкелік жылы шырай көріп, көзіне іркілген жасы мөлтілдеп күлімсіреді. Қалиасқар нағашысының үйінен шай ішті де, келген ізімен дереу кейін аттанып кетті. – Сені жоғалтып, ағайының бүлініп жатқан шығар. Мейлі, мұнда екеніңді біреуі де сезбейді, еш қауіп ойлама, – деді Ақыққа. Бірақ, қатты шошыған жас жүрек қайдан тынши алсын. Бұл түні Ақық көз ілмеді. Басына неше түрлі үрейлі ойлар келді. Қатал ағайыны мұның осында екенін біліп қалып, зіркілдеп жетіп келсе, оңдырар ма? Аямайды. Жетім қызды жүндей түтері анық. Қара сақалдың күйеу боп келетін күні де бүгін жеткен. Бәрі жабылып, даланы шарлап іздеп келе жатқан сияқтанды. Осы озбыр топ мына үйге сау ете түсе ме? Қалиасқардың нағашысы Жаңбырбай

аянбай айқасар, бірақ бұл жалғыз, олар көп. Озбырлар жайпап кетеді. Бажырақ көзі қызара алайған қара сақал түксиіп келіп, аю тырнағымен бүреді панасыз, әлсіз жетімді. Бишара қызды шашынан сүйреп сабап, байлап – матап алып, атқа көлденең өңгеріп, қорлық көрсетіп әкетеді... Ақықтың көзіне осы бір сұмдық суреттер елестеді. Ол өзінің бүгінгі еткен әрекетінің ауырлығын енді ойлай бастады. Ағайыны мұны бір жігітпен көңіл қосып, сонымен қашып кетті бейбақ деп жазғырады. Байбаламдап, жер сабалап жатқан болар. Ақықты тауып алса, аямас. Қызымызды азғырды деп, жігітке де өлердей өшігіп отыр. Қолдарына түссе, оны да оңдырмас. Япыр–ай, Қалиасқар үйіне аман–есен жетті ме екен? Түнделетіп беймезгіл жүрген біреу–міреудің көзіне шалынып, сезікті боп қалмады ма? Ақықтың көңіліне күдік кіріп үрейленді. Қолына білеулеп қамшы ұстаған қара сақал көзіне түксиіп елестей берді... Таң білінді. Үйдің іші бозараң тарта бастады. Ақық ояу. Құлағына бір үн шалынды. Алыстан талып естіледі. Біреуді көмекке шақырғандай ма? Қалиасқар болар ма? Ақық елең ете қалды. Тағы шықты дауыс. Анығырақ естілді. Уһ, бөтен екен. Мал қайырған жылқышының даусы болды. Таң әбден ағарып атты. Үйдің түні бойы қорқыныш елестеткен қараңғы бұрыштары ап–анық боп көрінді. Ешқандай қауіпті білдіріп тұрған жоқ. Сыртта далада да жым жырт тыныштық. Жат үн, суық сарын сезілмейді. Таңнан басталатын дағдылы тіршіліктің әуені ғана естіледі. Өріске қосуға сиырын қайырған әйел даусы шығады. Арба сықыры білінеді. Біреулер дауыстап сөйлесті. Ыңғайы, жұмысқа бет алған аламдар. Ақықтың қобалжыған көңілі орныға бастады. Қалиасқардың сөзін есіне алды: «Сенің мұндам екеніңді ешкім де білмейді. Еш қауіп ойлама», – деп еді ғой. Оның соңындағы сенімді үні қыздың құлағына келе берді. Қалиасқар бұған сол сөзін тағы да қайталап тұрған сияқтанды. – Еш қауіп ойламашы! – дейді. Ақықтың көңіліне сенім кірді. – Жәрайды, жәрайды, еш қауіп ойламауға тырысайын, – деді ол Қалиасқармен ішінен сөйлесіп. – Өзің аман–есен жеттің бе үйіңе? – Жеттім. – Көзге түсіп қалмадың ба? – Тірі жан байқаған жоқ! – Ұйықтап жатырсың ба қазір? – Жоқ, ояумын. Ұйқым келетін емес. – Неге? – Сені ойлап жатырмын...

Ақықтың жүрегі біртүрлі лүпілдеп кетті. Бұрын білінбеген, ерекше бір дірілі бар елжіреген лүпіл. Бұл – алғашқы махаббаттың жүректе туған нәзік толқыны еді... Арада екі жыл өтті. Бірін–бірі шын сүйген Қалиасқар мен Ақық екеуі қосылды. Бұлар алғашқы жылы Жаңбырбайдың қолында тұрды. Қалиасқар нағашысы істейтін кәсіпорынға жұмысқа кірді. Келесі жылы ол өзі қолдан кірпіш соғып, Жаңбырбайдың үйі қасынан баспана тұрғызып алды. Сол жылы осы жер үйде Қалиасқар мен Ақықтың тұңғышы Есен дүниеге келді. Екі жылдан соң бұлардың екінші перзенті – Бекен туды. Бала – бақыт. Ата– анасының қуанышы өсіп, жас отаудың сәні артып, қызығы көбейе бастаған еді. Кенет бәрін ұйқы-тұйқы қып, құйын соғып кетті. Жас семьяны бірінші дүниежүзілік соғыстың ызғырығы қарыды. 1916 жылы патша үкіметі қазақтан майданның қара жұмысына солдат алуға жарлық қылғанда, сол өмірдің құрығына алдымен іліккендердің бірі – Қалиасқар болды. Оны майдан шебіне, алды–артына қаратпай, аттандырып жіберді. Сол кеткен сапарынан ол төрт жылдан соң оралды. Үйден аттанғанда үстінде түйе жүн шекпені, басында түлкі малақайы, аяғында ұзын қонышты байпақты етігі бар еді, енді үстінде әскери киім: омыраудағы жапсырма ілгектері, жағасының ұштары шоқтай қызыл сұр шинель, басында төбесі шошақ, Ақық бұрын көрмеген, біртүрлі бөрік. Мұның да маңдайында қызыл белгі бар, – бес тармақты жұлдыз бейнесі. Осы әскери киімді кісі есіктің алдына кеп аттан түсіп жатқанда, Ақық иығына күйентесін асып, құдықтан су әкеле жатқан, аңырып тоқтай қалды. Жолаушының түсі таныс та, киімі бөтен. – Ақық–ау, танымай тұрмысың?! Бұл – менмін! Қалиасқардың даусы ғой! Ақықтың күйентесі иығынан сырғанап кетті. Екі шелегі жерге дүрс етіп құлап,суы жарқ етіп төгілді. Қалиасқар шапаң ұмтылып кеп жарына қолын созғанда, Ақық буыны әлсіреп, ерінің құшағына жығыла берді. – Сағындық қой. Есен сау оралдың ба, асылым. Біржола келдің бе? – дейді үні дірілдеп. – Саумын, еш жерімде қылау жоқ. Біржола келдім, – деп тұр Қалиасқар. Төрт жыл ішінде ол көп нәрсені басынан кешіріпті. Майданның қара жұмысына алынған бұларды соғыстың дәл іргесіне апарып жұмыс істетеді; жер қаздырады, бекініс жасатады. Бірақ қолдарына қару бермейді, сенбейді. Патша өкіметінің ұсақ ұлттарды кемсітетін саясатын олар осы шақта тереңірек түсіне бастайды, бойларын намыс кернейді. Солдаттар арасында патшалық самодержавияға, мағынасыз, үмітсіз соғысқа қарсы өршіген наразылық бұларға да тарайды, саяси

саналары оянады. Революцияшыл солдаттар мен матростар қаруларын бұрып самодержавияға қарсы лап қойғанда, солардың сапына кеп қосылады. Сөйтіп, Қалиасқар Қызыл Армияның жасағы қатарында жауынгерлік жол шегеді, революция жорығына қатысады, азамат соғысына араласады. Жау күйреп, елде тыныштық орнаған соң туған жеріне, үйіне, семьясына оралып отыр. Төрт жыл ішінде ол өмірдің үлкен мектебінен өтіпті. Ойы тереңдеген, арманы ұлғайған. Бұрын оның әңгімесі үй–тіршілік мәселенің шеңберінен аспайтын, өздерінің күн-көріс қарекетінің жағдайын ойласудан әріге ұзамайтын Қалиасқардың ендігі айтып отырған сөзінің әуені жаңа. Ел күйін көп толғанады. Соғыстан, жоқшылықтан азап-қалжыраған халықтың ауыр тұрмысы жанына қатты батады. Бірақ өзінде жігер, сенім мол. Болашақтың Ақық Қалиасқардың сөзінен оның жан дүниесінің осы сырын ұқты. Өзіне көмескі ойлар көп жайлар Қалиасқардың әңгімесінен кейін айқындала берді. Ескі қоғам күйретіліп, жаңа қоғам орнаған ендігі шақта өмірдің сипаты, дамудың беталысы қалай болатынын аңғарды. Жас бала секілденіп, ерінен әр нәрсені бір қызығып сұрай да берді. Жарының бұл мінезіне Қалиасқар қуанып отырды. – Жаның жаңалыққа құмар–ау! – деп сүйсінді. – Тілегенім – жақсы күн. Тек соған жетелей берші! – деді Ақық. – Бұл – маған ғана емес, саған да қойылар міндет. Қызыл жауынгердің жарына жетекте жүру жараспайды, – деп күлді Қалиасқар. – Мен кімге жөн көрсете алам, өзім көп нәрсеге түсінбеймін. Тым құрыса, хат танысам екен. Қараңғымын ғой, – деді Ақық. – Мұны жеңеміз. Қазақ елінің түбіне жеткен қалың сор – осы қараңғылық, сауатсыздық. Ендігі ғұмырымда сол кеселге қарсы күресіп өтемін. Және де бұл күресті ең алдымен өз отымның басында, өз ошағымның қасында бастаймын, – деді Қалиасқар. Оның бұл сөзінің мәнісіне Ақық еркін түсіне алмай, оған таңырқағандай пішінмен қарап еді. – Өзім білетін оқуымды, осы бүгіннен бастап, үйретемін саған. Хат тануың керек. Ендігі жерде сауатсыз боп отыру келіспейді, – деп түсіндірді Қалиасқар. Ақық кейін балаларына, немересіне өзінің жазу–сызуды қалай үйренгенін қызықты әңгіме ғып айтып отыратын. О кезде қағаздың тапшы уақыты, дәптер табылмайды. Қалиасқар бір жалпақ тақтайдың бетін сүргілеп жалтыратады да, соны алдарына жайып қойып, ақ қағаз ретінде пайдаланады. Жылтыр тақтайға өзінің, әйелінің, екі баласының есімдерін, үйдегі таныс заттардың аттарын ірі етіп жазады да, сол сөздердегі әр әріпті Ақыққа жаттатады. Сан қайтара жаздырып жаттықтырады. Бұрын қарындаш–қалам ұстап көрмеген қолдың әріп сызуға ебі жоқ Ақықтың салған әрпі иә қисайып, иә сопайып, реңі келмей бұзыла береді.

Жұмсақ қағаз емес, қатты ағаш болған соң, тақтайдың бетімен қарындаштың ұшы да түзу сырғанамайды, тайғанап кетеді. – Осымыздан ештеме өнер ме екен? – дейді Ақық. – Өнгенде қандай! Осылай қиындықпен игерілген нәрсенің қадірі артық. Есіңде мәңгі қалады! – дейді Қалиасқар. Тақтай беті ирек–ирек әріпке толып, шұбарланған кезде жазуды сүргімен сыпырып тастап, тақтайды қайтадан шапшаң жалтырата қояды. Ерінбейді. Өстіп ол аз күнде Ақыққа әріп танытып шығарады. Ақықтың жас кезінен бойына сіңген бір ғадеті – ынта қойған ісін әбден жеңіп меңгеріп алғанша жаны сабыр таппайтын. Әріп танығаннан кейін ол қолына кітап алып, әр сөзді ежіктеп оқып, күнбе–күн ұзақ шұғылданатын болады. Сөйтіп, бар зейінін сап ден қоюының нәтижесінде, көп ұзамай–ақ кітапты мүдірмей оқитын дәрежеге жетеді. – Бәрекелді! Қызыл әскердің жары құлашты осылай сілтесе керек-ті! – деп, Қалиасқар әйелінің зеректігіне қатты сүйсінеді. Ерекше көңілденіп, қуанып тұрып, бір арманын айтады. – О, шіркін, туып–өскен ауылымның кәрі–жасы түгел хат танып, шетінен сауатты болғанын көрсем екен! – Аманшылық болса көресің. – Тезірек көрсем деймін. Сол үшін бойдағы бар қайрат–күшімді қараңғылықпен күресуге жұмсармын ендігі жерде, – деп Қалиасқар серт бергендей болады. Оның мақсат-мұраты айқын еді. Елдің бақыты үшін күресті. Сол күрес жолында шәйіт болды», – деп, Ақық әжей кейінгі ұрпағына Қалиасқардың ел үшін еткен еңбегін мадақтап айтып отыратын. Бір мезет өңі сынып, кәрі жүзі жүдей қалушы еді. Сұмдық бір оқиға көзінің алдына елестеп кететін-ді. Қара суық есіп тұрған күз ортасы болатын. Көк жиек алаулап қызарып, күн ұясына батып бара жатқан кез еді. Ықшам киініп, белін буынып алған салт атты әйел ауылдың іргесіне таяна бергенде, өз үйінің қақпасының алдында топтанып жиылып тұрған көп адамды көріп, атының тізгінін тартып тоқтай қалды. Бұл неткен жұрт? Қуанышқа жиылған болса, абыр–дабыры неге естілмейді? Мойындары салбырап, сілтідей тынып тұрғандары несі? Әйелдің жүрегі зу ете түсті. Қолынан тізгін босап кетті. Ат ақырын қыбырлап, ілгері аяңдады. Салт атты әйел – Ақық еді. Даладағы ферма басына, малшыларға барып қайтып келе жатқан беті болатын. Жұрт қазір Ақықты – жаңалықтың жаршысы дейтін. Бұлай деуінің мәнісі – ол ауылдағы қызыл отау бастығы. Даладағы егіншілер мен малшылар ортасына күнде келіп, дауыстап газет оқып береді, әр алуан тақырыпта әңгіме өткізеді. Жұрт одан күнде жаңа хабар күтеді, тек жақсылық дәметеді. Өздеріне көмескі жайларын Ақықтан қайта–қайта сұрай беріседі. Ақық өз

білгенін айтады. Кейде «Осы жауабым дұрыс болмады–ау, сірә?» – деп күдіктеніп те қалады; үйге келген соң Қалиасқарға тексертіп көреді. «Дұрыс, дұрыс, – дейді Қалиасқар риза болып, – осылай өз білгеніңді ғана айтсаң, қаталеспейсің. Тек жорамалмен сөйлеме. Олай етсең, іске пайда емес, залал келтіресің. Білмейтінің болса, жұрттан оны жасырма, шыныңды айт. Шынды айту – мін емес. Біздің бәріміздің де білмейтін нәрсеміз көп әлі. Алдымыздан талай қиындық кездесетінін түсінемін, бірақ, сол қандай қиындық десе, – оған дәл жауап бере алмаймын. Уақытында көремін. Біз тыңнан жол тартып бара жатырмыз ғой. Ал тың жолда не кездеспейді? Құр қиындық қана емес, қауіп–қатер де кезігер. Басыңа ажал да төніп қалар. Тек рухың жеңілмесін». Қалиасқар ауылдық советтің председателі болатын. Мұның туып–өскен жерінде, әр қойнауда шашырап отырған ұсақ ауылдар бір артельге бірігіп былтыр колхоз боп құрылғанда, ол бұл қызметке осы жердің көзі ашық азаматы ретінде сайланып қойылған–ды. Кедейлерге жер бөлу, ірі байларды конфискелеу сияқты мелекеттік шараларды жүзеге асыруға белсене алараласқан. Мал–мүлкі конфискелеген ірі байлар әулеті сол себепті оған тісін қайрап жүретін. Мұны Қалиасқардың өзі де, Ақық да сезетін, үнемі сақтанатын. Сол сұмдар бір қастандық жасады ма? Ақық өз үйіне жақындай берген кезде, есік алдында тұрған жұрттың арасынан бір әйелдің аңырап жоқтау айтқан даусы шықты. «Қайран, сабаз, есіл боздақ қапыда кетті–ау!» – дейді. Ақық шошынып тоқтады. Бес-алты еркек үнсіз кеп, оны ат үстінен сүйемелдеп түсіріп алмақ боп, қолдарын соза берді. Ақықтың жүрегң қысылып, көзінің алды тұманданып кетті... Бір мезгілде есі кіргенде, ақырын сөйлеп отырған қария адамның сөзі құлағына келді. – Бетін бояп, бұғынып жүрген залымның тасадан атқан оғы асыл азаматымыздың өмірін қиып кетті. Қапамыз көп, қайғымыз қалың. Ел күңіреніп отыр. Бірақ аңыраған зар, төгілген көз жасы өлгенді тірілте алмайды. Тағдырдың басымызға түсірген салмағына төзбеске лаж жоқ. Қалиасқардың ел үшін сіңірген еңбегі бар, бұ еңбегі ұмытылмайды. Бастаған жақсы ісі бар, бұл ісі өрістейді. Осыған шүкірлік қылайық. Қалиасқар құйрық-жалсыз емес, артында қалғанекі перзенті ер жетер. Әке жолын дамытар. Соларға саламаттық тілейік. Ақық, қарағым, әліңді жи, қайратты бол. Осы отырған жұрттың бәрі қайғыңа ортақ. Солардың демеуін медет тұт... Қария осылай жұбаныш айтып бөгеле беріп еді. Екі жағынан екі әйел сүйеп отырған Ақық жылап қалтыраған дауыспен: – Айналайын, ағатай–ай, жарыма оқ атқан жауыз ұсталды ма? Көрсетіңдерші көзіме! – деді. Төмен қараған жұрт үндемей, тым–тырыс бола қалды. Кібіртіктеп, ақырын үнмен тағы да әлгі қария сөйледі. Жағдай былай болыпты: Қалиасқарды атқан

жау ауылдың сыртындағы сайды өрлеп қашып, тау бөктеріндегі қалың ағашқа еніп кетеді. Астында аты, қолында мылтығы бар. Оны соңынан қуған бес жігіт қарулы жауға жақындауға бата алмай, ағашқа кірген жерде одан мүлде көз жазып қалады. Ағаш арасын сүзіп іздеп әрі қарай жүруге жудың мылтығынан тайсақтайды. Олардың бар білетіні – жаудың түсін танып, кім екенін білген. Конфискеге ілінген Жұман деген байдың інісі екен Қалиасқарды атқан. Тап жауының жасаған зұлымдығы. – Бәрібір ешқайда құтылмайды. Ауданға, ГПУ–ге хабарлауға кісі жөнелттік, – деді қария. Өзге жұртта үн жоқ, тым–тырыс отыр. Жауды ұстай алмағандарына әрі күйзеліп, әрі бұған өздерін кінәлі санағандай. Бір мезгілде Ақық оң жағындағы әйелдің иығына сүйеніп, орнынан ақырын түрегелді. Шәлісінің шетімен көзінің жасын сүртті. Қалиасқардың бұрышта ілулі тұрған қос ауыз мылтығына қолын созды. – Әперіп жіберіңдерші, – деді. Үні суық естілді. Отырған жұрт шошынып қалды. «Мына ауыр қайғыға шыдамай өзіне-өзі жазым жасай ма?» деген жат ой бәрінің де жүрегін зу ете түсіріп еді. – Жаудың жатқан жеріне барамын. Кегімді аламын. Әлім жетпей мерт болсам, Қалиасқардан артық емеспін... Ақық қолына қос ауыз қара мылтықты алып, есікке қарай ақырын қозғалғанда, жұрт орнынан түгел көтеріліп, оның соңынан сыртқа бәрі шықты. Бірнеше жігіт атқа қонды. Қалиасқардың ерттеулі тұрған жирен қасқа аты Ақықтың алдына көлденең тартыла берді. Әйел жаудан кек қайтаруға аттанды. Ақықтың сондағы ерлігі, батылдығы төңірекке жыр боп тараған еді. Қасындағы он шақты кісімен жаудың ізіне түскен Ақық, таудың қуысында тығылып жатқан бандитке күн батып, маңай қара көлеңке тарта бастаған мезгілде кезігеді. Жау қараңғыны жамылып сытылып кетпек боп, тауды қиялап қашады. Оның соңынан сатырлап ұмтылған аттылардың алдында Ақық бара жатады. Жау артына бұрылып, оны көздеп, бірнеше рет оқ атады. Ақық жасқанбайды да, шегінбейді. Жауды өкшелеп, көк желкесіне төніп келеді. Нақ осы мезетте бандит атын оған қарат жалт бұрылып, мылтығын әйелдің дәл көкірегіне кезене бергенде, Ақық оны бұрынырақ атып қалады. Жаудың қолынан қаруы ұшып түседі. Бірақ атынан жығылмайды, оқ тиген сол иығын басып, аттың жалына еңкейіп жабысып алып, қайта қашады, Ақық бұлтартпайды. Қуып жетіп, желкесінен бүріп, алдына салып ауылға өзі айдап әкелген. – Міне, осындай оқиғаны бастан кешіріп ек, – деп, Ақық әжей әңгіме шерткенде, бүгінгі немере-шөберелері қарияға қызығып қарап, сөзін ұйып тыңдап

отырғаны. Ақық әжейдің өмірі – үлкен дастан. Сен тыңдауға қажымасаң, ол айтудан жалықпайды. Мақтану үшін айтпайды, кейінгі ұрпақ аталарының, әкелерінің өмір тарихын, ел үшін жасалған ісін білсін деп айтады. Қалиасқар қаза болғаннан кейін Ақықты жұрт оның орнына сайлайды. Ерінің бастаған ісін Ақық ілгері апарады. Кәрілік жетіп, қашан пенсияға шыққанға дейін ол осы жауапты істің басында болды. Талай–талай қиындықтар кездесті, қажыған, шаршаған, тіпті налыған, мұқалған кездері де болған, бірақ, сары уайымға салынбады, қайрат-жігерін мұқалтпады.

Ақық әжейге аса ауыр тиген тағдыр соққысы екі баласынан бірдей айырылғаны еді. Ұлы Отан соғысы басталған жылы екі ұлы – Есен мен Бекен майданға бір күні аттанған-ды. Екуі де оралмады. 1943 жылдың күзінде Есен қаза тапты деген қара қағаз келді. Екі айдан кейін Бекен жөнінде осындай суық хабар болды. Екуінің қазасын да ауылдың қариялары жиналып келіп естіртті. Екеуінен келген қара қағазды да Ақық өз қолына алып оқыды. Сенбесіне лаж жоқ, бірақ, көңілден үміт өшпеді. «Мүмкін, жазатайымда айтылған жаңсақ хабар болар. Екі ұлым да тірі шығар. Бір күні үйге достарымен сау етіп келіп қалар», – деп дәмеленді. Күнде осы дәмемен ерте оянады, күнде осы дәмемен қарайлап кеш жатады. Екі ұлына сақтаған сыбағасы бар, оны ешбір кемітпейді, қайта үстіне қосып, үстеп қойып отырады. Соғыс бітті. Жауынгерлер үйлеріне оралды. Кейбір хабар-ошарсыз кеткен жігіттер де табылды. Тіпті өлді деп қара қағаз келген бір жігіт тірі шықты, ауылға аман-есен келді. Бірақ Ақықтың екі ұлы оралмады. Өлгені анық адам тірілмеді. Сонда да оларды өлді дегенге ана жүрегі иланбады. Есен мен Бекеннің майданға үйден аттанып кеткен кезі есінен кетер емес... Соғыс тоқтаған жылы Хайдар бастауыш мектептің үшінші класын тәмәмдаған. Әкесінің майданнан соңғы жазған хатын қалтасына ылғи салып жүретін. Күнде бір ашып қарайды: «Жан балам Хайдар, ер жеттің бе? Әкең жауды жеңіп, көп кешікпей үйге қайтады. Жолға қарап жүр, алдымнан әжеңді жетелеп жүгіріп шық», – деп әкенің жазған сөздерін қайталап оқи береді. Қораның төбесіне шығып, елеңдеп жолға қарайды. Келе жатқан бір арбалы көрінсе, жүрегі лүпіл қағып кетеді. Сол арбада әкесі отырған сияқтанады. Жас бала, қозғалмай бағып тұрады. Арба ауылға жақындайды. Үстінде отырған кісі Хайдардың әкесі емес, ылғи бөтен боп шыға береді. Баланың ет жүрегі езіліп, жүдеп, мүңайып қалады. Әжесіне кеп: - Менің әкем неге кешікті? – деп алабұртып сұрайды. – Қамықпа, күнім. Әкең келеді, келеді, – деп жұбатады Ақық әжей.

Тағы да біраз күндер өтеді, әке келген жоқ. – Өлді деген рас па? – деп сүрайды бала. Ақық әжей төмен қарап күрсінеді. – Жаман сөзді айтпа, балам, – дейді. – Әкем тірі ғой, келеді ғой?! – Иә,иә. Ақық әжей немересін алдына алып, маңдаынан ұзақ иіскейді. Бала жадырап, сыртқа қуанып шығып кетеді... Сөйтіп, қарт әже немересінің жас жүрегін «әкең өлді» деген сұмдық сөздің ызғарынан қорыды. Ер жетіп естияр болған соң, Хайдардың өзі бәріне де түсінеді. Екі ұлынан бірдей айырлған қарт ананың ауыр дертіне ем болу үшін ол өзінің барлық ісімен, мінезімен әкесі Есенге, ағайы Бекенге ұқсауға тырысты. Хайдардың кескін-кейпі әкесінің пішіні сияқты болатын. Есік алдында топырақ үйіп ойнап отыратын қаршадай кезінен бастап, бүгінгі толысып өскен, азамат атанған шағына дейін ол Ақық әжейдің көзіне біресе Есен смяқтанып, біресе кәдуілгі Хайдардың өзі болып, ылғи қатар елестейді. Қарт әже кәрі жүзі күлімсіреп, немересіне сүйсініп қарап қалады. «Есенім өлген жоқ, тірі. Міне, көз алдымда жүр ғой!» - деп, қуанып күбірлейді. Хайдардың мінезі де Есеннің мінезіне ұқсайды. Әкесінше жарқылдап еркелеп тұрып: – Әже, әкем мен сияқты ма еді? – деп әдейі сұрайтыны бар. – Сен әкең сияқтысың, күнім! – дейді әжесі. – Ал, Сәлім ше? – Сәлімтайым – жас кезіңднгі құдды өзің. Хайдар қарқылдап күліп жібереді. Өзі мектепке тұңғыш барғанда әжесіне арқалатып апаратыны есіне түсе қалды.

Сәлім мектептен қайтып келе жатқанда Ақық әжей, Хайдар, Зылиқа – бәрі сыртта есіу алдында отыр еді. Бала бұларды көріп жымың-жымың етті де, үйге қарай қуана жүгірді. Мектепке тұңғыш барып, тұңғыш рет мұғалімнен сабақ алып, қолына портфель ұстап, мақтанып, масаттанып, қайтқан баланы әуелі әжесі құшағвна орап, маңдаынан сүйді. Сосын әкесі мен шешесі қатар кеп құшақтап сүйді. – Сәлімтай, мектеп ұнады ма саған? – деп сұрады әжесі. – Мектеп өте жағсы! – деп қуанып айтты Сәлім. –Не оқыдыңдар бүгін? –Өте көп! Ақық әжей де, Хайдар да, Зылиқа да жымиып күлді.

Міне, қаращы өзің! –деп, Сәлім портфелін ашып жіберіп,дәптерін шапшаң алды да, бүгін класта жазғандарын әжесіне мақтаны көрсетті. Қармақ сияқтанған, «о» әрпі секілденген және таяқшаға ұқсаған бір таңбалары біркелкі боп маржандай тізіліп тұрған жоқ; бірі – үлкен, бірі – кіші, бірі – еңкек, бірі – шалқақ. Дөңгелектерінің біреуі – долтай жұмыр, біреуі – қиярдай сопақ. Бірақ әжесіне оның бұл ирек-ирек жазуы ерекше сұлу көрінді. Сүйсініп, қуанып, ұзақ қарады. Бір ыстық қолтаңбалар көз алдына келеді.Немересі Хайдардың, балалары – Есен мен Бекеннің бір кездегі, бұлардың да нақ осы Сәлімдей мына жазуы айнымай-ақ ұқсап тұр. Жазуың қандай көркем! Қолыңнан айналайын, күнім, – деді Ақық әжей. Әженің бұл сөзіне бала да, оның әке-шешесі – Хайдар мен Зылиқа да масаттанып қалды. Бала өзінің дәптердегі жазуына мақтанып күлімдеді. Ата-анасы өздерінің осындай сүйкімді ұлы болғанына мақтанып масайрады. Ақық әжей бұлардың осы бал-бұл жайнаған жүздеріне жүрегі елжірей қарап, тебіреніп тұрды. «Қарақтарым, тек қуаныш көріңдер өмірден. Сендердің қуанғаныңды көріп мен қуанып отырамын», – деп тіледі ішінен. Ұрпағының қуанышын көріп отыру – қарт адамға қандай зор бақыт!

МАЗМҰНЫ

ӘҢГІМЕЛЕР Бала жаны.........................................................................................................................3 Екі дос...............................................................................................................................6 Құбақан құлын туралы аңыз.........................................................................................13 Қонаққа барғанда...........................................................................................................18 Менің анам.....................................................................................................................24 Алмагүл апай..................................................................................................................28 Жаңа бұлақ.....................................................................................................................33 Екі құрбы........................................................................................................................35 Шопан.............................................................................................................................43 Нұрлан мен Әсет............................................................................................................48 Тоқтар.............................................................................................................................52 Сурет...............................................................................................................................58 Жұмбақ тас.....................................................................................................................62 Жылқышы.......................................................................................................................66 Бозша торғай..................................................................................................................67 Күтпеген еді...................................................................................................................68 Әбілдің өкпелеуі............................................................................................................70 Жолаушы........................................................................................................................73 Гүл...................................................................................................................................76 Әнуәр..............................................................................................................................80 Егін орағында.................................................................................................................88

ПОВЕСТЕР Алғашқы сапар...............................................................................................................97 Жаңа қоныста...............................................................................................................139 Қамажай........................................................................................................................161 Бақыт.............................................................................................................................186

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙