Бес дос. Пьеса
Мұхтар Әуезов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...
БЕС ДОС
Ұлы Отан соғысының батыры
ТӨЛЕГЕН ТОҚТАРОВҚА арналған
Төрт актылы, алты суретті опера либреттосы
Қатысушы адамдар
Бес дос — баршылар, Жадай бұлардың бастығы:
Төлеген Тоқтаров — қазақ
Жадаев Александр (Жадай) — орыс
Баймат — қырғыз.
3ариф — татар
Саттар — ұйғыр
Люба (Маша) Жадаева — Жадайдың әйелі, жаулар
арасында әрекет ететін хабаршы.
Fайни — санитарка және хабаршы.
Рахман — хабаршы.
Канцель — неміс офицері.
Генерал-майор — дивизия командирі.
Командирлер, жауынгерлер, жаудан азат етілетін ел,
неміс штабының офицерлері. Баршы, хабаршы топтары.
І АКТ
Бірінші сурет
Сахна үлкен келісті бөлме. Бұл дивизияның уақытша штабы. Соғысып келе жатқан дивизия уақытша бір үлкен завод корпустарын мекендеген. Терезеден биік корпустар, трубалар, вышкалар көрінеді. Сыртта әскер өтіп жатыр. Әскер хоры.
Әскер әні (Жамбыл өлеңімен).
Ер сүйікті еліне
Ел намысын жықпаған,
Қару байлап беліне,
Кегін алған дұшпаннан!
Қасиетті халыққа
Отанымның жорасы
Жаудан тайқып ықпаған,
Тұтқиылдан саспаған.
Ойы терең теңізден,
Бойы биік асқардан,
Айдынын зор Отанның
Естісе жау жасқанған! (Үйде, генерал терезеге қарап тұрған, енді бұрылады. Тосып тұрған адъютантқа.)
Генерал
Бар ма, мұнда шақырғандар?!
Адъютант
Шалқар полк командирі,
Дивизия комиссары
Сізді тосад, генерал! (Генерал белгі етеді. Екі офицер кіреді, амандасады.)
Генерал (полк, командиріне).
Жарлық тығыз, полковник,
Таптыңыз ба, айтыңыз
Мен сұраған адамды?
Полковник
Комиссар мен екеуміз
Полк ішінен таңдап ап,
Ерді әкелдік жарамды!..
Генерал
Келтіріңіз өзін мұнда!
Адъютант Жадайды ертіп кіреді. Жадаймен Генерал орнынан қозғалып барып амандасады
Жадай
Лейтенант Жадай,
Әміріңізге әзірмін,
Жолдас генерал!
Генерал
Тыңдаңыз, жолдас лейтенант!
Бұл сапарда бәріміз
Бас штабтан,
Бас команда өзінен
Әмір алған халдеміз!
Жан аямас жолдамыз...
Сегіз күндей дивизия
Қалың сазбен, жолсызбен,
Тоқталмастан осы арадан
Жау сыртынан шыққанда
Найза болмақ қадаған,
Соқпақ жақын қаладан!
Ол Трашково қаласы,
Қалың жаудың панасы,
Жалғыз-ақ түн ішінде
Сол қаланы алмақпыз,
Әзір сәтте, осы түнде
Сіз баршыға бармақсыз.
Штабы бар, склад бар,
Станция мен көпірлер бар,
Бәріне әлек салмақсыз!
Ондағы жау штабта
Маша дейтін әйел бар,
Сол сіздермен жалғассын!
Міндет осы, лейтенант,
Енді айтыңыз, көмекке
Қанша кісі алмақсыз?!
Жадай
Маған салса, бұл сапар
Бесеу жетер керекке!
Генерал
Бар ма, сондай сіз білетін
Ер жігіттер ерекше?!
Жадай
Рұқсат болса, генерал,
Әкелейін алдыңызға,
Төрт жауынгер серік бар ед.
Сынасып ек талай тайғақ белесте...
Генерал рұқсат етеді. Жадайдың белгісімен Төлеген, Саттар, Баймат,
Зариф кіреді.
Генерал (алғаш кірген Төлегенге қарайды, бәрімен амандаса тұрып, Төлегеннен жөн сұрайды).
Қай жерденсіз, жауынгер?!
Төлеген
Қазақстан, Алтайдан ем.
Генерал
Фамилияң қалай ед?
Төлеген
Мен Тоқтаров ем.
Генерал
Тоқтаров па? Мен білемін.
Есімде, Руза бойында,
Автоматпен жойғаныңыз
Жаудың түгел ілегін...
Енді мына сапарда
Тағы да ер атанғын...
Бес дос болып қосыла,
Таппағыңыз тілегім! (Кейін бәріне арнап сөйлейді.)
Жолдарың болсын, жолдастар!
Ер сапарды абыроймен
Соңдарыңнан қол қостар...
Серт сол болсын бұл кеште —
Осы түнде тыным алмай алысып!
Таң сәрімен табысайық,
Трашковта жауды жойып егесте!
Жадай
Отан үшін айқасуға әзірмін!
Генерал жігіттердің қолдарын қысып қоштасады. Жадайлар әскери
тәртіппен жөнеле береді.
ШЫМЫЛДЫҚ
Екінші сурет
Айналаның бәрі сарғайып, қызарып сан бояуға малынып тұрған күз көрінісі. Қалың дүм тоғайдың шеті. Қалғыған қарт алыптай боп, мызғымай тұрған
бірі сары, бірі қызыл екі ағаш бар. Осы ағаштарды бетке ұстап, алдын
барлап совет әскерлері шығады. Ол баршылардың үлкені Жадай. Айналаны
аңыстап алып, артына қол бұлғайды, кейіннен төрт баршы шығады.
Олар да алдын бағып, аңдумен келе жатқандар.
Жадай
Тоқта, достар!
Жай басыңдар, берігеңдер (Жадай қасына жолдастары топтанады.)
Халді айтайын сендерге,
Ер серіктер, мергендер... (Алдын нұсқап көрсетіп.)
Бұл арада бес қала бар...
Бергі мынау Трашково,
Оқшау жатқан қалың күшпен
Кең жайғасқан баспана бар.
Осыны алып дивизия,
Біздің үлкен шабуылға
Жолды салып сермесін.
Сондай талaп алдында,
Біз баршыға келгесін,
Қапылыстар болмасын.
Трашковта бар күштің
Белгісізі қалмасын,
Склад бар, арсенал бар,
Үлкендерін жоюды
Дәл осы топ қолға алсын...
Табысармыз Ақкөпірде,
Барды жайпап болғасын.
Төлеген
Бұйрық ет,
Тапсырмаңды тосамыз!
3ариф
Міндет тапсыр, командир!..
Баймат
Қайсысымыз қай жұмысқа барамыз?!
Жадай
Трашково — ең үлкені
Жау бекінген бес қаланың,
Штабы мен резерві де осында,
Бәріңменен мен де сонда боламын!
Төлеген
Мен не міндет аламын?!
Жадай
Сен барасың складқа,
Саттар, саған — станция,
Зариф Саттар көмегінде,
Баймат жүрсін связнойда!
Достар
Құп, жолдас старшой!
Әміріңді орындауға әзірміз!
Жадай
Асықпаңдар, қас қарайсын,
Бой көрсетпей кеткен жөн!..
Рахман, Ғайни келеді.
Рахман (Жадайға).
Жолдас командир, рұқсат болса,
Айтарым бар!
Жадай
Тыңдаймын, не бұйрық бар?
Рахман
Мен хабаршы, көмекшіге жіберілген,
Таңғы төртте сізден сигнал,
Ақкөпірдің тұсынан,
Трашково қасынан
Батальон командирі тоспақшы!
Жадай
Құп! (Ғайниға.)
Сіз де бізге көмекшіге кеппедіңіз?
Fайни
Мен де сондай хабаршы,
Санитарка және дағы бола алам...
Төлеген
Қандай жақсы келгенің!
Fайни
Өзіңменен осында,
Бір болғанға қуанам...
Жадай
Мәлім болсын, достарым,
Аңдап, ойлап алыңдар Үлкен міндет аз уақытқа бергенін.. (Сәлден соң Маша туралы ариясы басталады.)
Достар, біз сын сапарға берік жанбыз,
Бұл жолда ерлік қана серік жалғыз.
Онан соң алдымызда тағы дос бар,
Маша деп аталады анық сол қыз...
Бас байлап тәуекелмен жау штабта,
Өткізіп әр сағатын жан қыспақта,
Дәл хабар біздің жаққа жеткізеді,
Ерлікке еркін құлаш қарыштап та...
Билеген бес қаланы бір штаб бар,
Аямай айналаның елін таптар.
Сол топта өзі болып істеп жүріп,
Маша кеп сыр ағытар неше қатпар.
Бәрің де өз жолында сол Машаны,
Кез болсаң, ебін тауып оңашаны.
Білер ең, әттең, оны табу қиын.
Осы кеш бізге керек тамашаны!..
Сол Машаға кездесуге
Бір хабаршы бізге керек.
Төлеген
Кім барады, әкелуге
Бәрімізге қымбат дерек?!
Жадай Менің өзім барсам да
Жетерліктей мол себеп...
3ариф
Сен баруға болмайды.
Баймат
Ортамызға командир,
Басшылық керек қарсаңда...
Fайни
Мен барайын бұл сапарға,
Әйелмін ғой, танылмаспын.
Аз киімді ауысып,
Өң өзгертіп алсам да...
Жадай
Мақұл екен, қас қарайсын,
Сонда бәрің тарайсың!
Тек Рахман қайта берсін,
Сағат төртке деген кезге,
Ақкөпірге қол келсін!..
Рахман кетеді. Достар Ғайниды жөнелтпек боп сырт киімдерін ауыстырып жатады.
Ашылсын сақтаған сыр, серіктерім,
Талай жол бірге кешкен беріктерім.
Алыстан аңсағаным айнымастан
Анау тұр, жау қолында туған жерім.
Анау су жағасында ойнап-өстім,
Екі жыл айрылуда күндер кештім.
Марфадай анам қалған, жарым Люба.
Любаша жастан сүйген жандай достым!
Бауырында жаңа туған Гаврик қалған,
Ойласам от боп жанад жүректе арман.
Қан шеңгел халық анаға батқан шақта,
Бар ма екен аман қалған жан солардан?!
Қарағай анау тұрған бұ дағы айғақ,
"Саша, Люба, май" деген жазу сайрап,
Мына тур алғаш асыл сыр ашқан жер,
Тақат жоқ, көңілімде кегім қайнап.
Төлеген (Ғайни дуэті).
Жадай дос, ашқан сырың жетті жанға,
Бермекке антым берік бар-ды Отанға.
Ғайнидей қазақ қызы жан серігім
Аттанса, мен аялдап түн тосам ба!
Туған жер шеті мұнда, шегі Алтайда,
Алтайдан мені әкелген қарыз қайда,
Анаң мен жарың, балаң қорғанымыз,
Бар қайрат атар шағым осындайда.
Fайни
Мен Ғайни, алыс өлке елден келгем,
Отан деп өздеріңдей ерлерге ергем.
Ана мен балаларға бар қуатым,
Төлеген, бауырым да досым едің,
Мен дағы сын сағатты тосып едім,
Бауырлар, жолы болсын бұл жорықтың,
Бәріңмен бір тілекті қосып едім.
Төлеген, Ғайни кете береді, олар сахна шетінде.
Төлеген
Аязда көк аспанда табысқандай,
Биікте күнге қанат шатысқандай,
Ер де өзің, ару да өзің, асыл досым,
Күн санап көңілім сен деп қабысқандай.
Ғайни
Өзіңмен бірге ойлаймын қалыс қалмай,
Бастаған екеуімізді намыс талмай.
От іші, аяз үсті сүйген шағым,
Тыныштықты сүймес те едім алыс болмай.
Төлеген
Сақ бол, жаным, оң сапарың тілеймін!
Ғайни
Қасымда сен, қай қиынға жүдеймін?
Кетіседі.
Баймат
Жіберген мені мұнда елім қырғыз,
"Жолында ана, бала — жан" деп жүрміз.
Сол ана өз анамдай алдымда тұр,
Тілек пен жүрек барда бір бауырмыз.
3ариф
Ақ Еділ, Самар сулар сәнім бар-ды,
Бесіктен анам айтқан әнім бар-ды.
Ұл мен қыз ана қойны қарыз деген,
Өсиет тастамаспын, арым бар-ды.
Саттар
Алатау, Шелек бойы — менің өлкем,
Амалсыз қоштасарда менің еркем,
Азамат намысымен ел қорға деп,
Аузымнан сертімді алған кеште көркем...
Квартет Алатау, алыс Нарын жерім еді,
Ел-жұртым аманымда белім еді.
Қаптаған қанішерге қарсы бар деп,
Отаным ақ бұйрығын беріп еді.
Жадай дос, ашқан сырың қалмайды бос,
Сабырмен сау көрісер сағатты тос.
Болғанда анаң — анам, балаң — балам,
Өзіндей жан аямас досыңа қос.
Сан ана, сансыз жарлар кекті тосад,
Көңілде бар тілекті сол зар басад,
"Кешікпе, күн-түн деме, асыға гөр",
Дегендей "қанды азаптан шапшаң босат!"
Ал, достар, арман үшін алыс керек,
Жау қайда, қолымызда біздің дерек,
Серт болсын — осы түннің бар бейнетін
Ерлерше атқарайық елден ерек...
Осы кезде Төлеген немістің бір кукушкасын сүйретіп әкеледі.
Төлеген (жаралы неміске).
Кәп пе солдат Трашковта?
Айт! Айт! (Немісті аунатып.)
Айт жаныңның барында...
Неміс
Трашков.... майор... Канцель...
(Жұдырығын Төлегенге зорға түйіп)...
Трашков... русь... капут!.. (Өліп кетеді.)
Төлеген
Русьтан бұрын өзің капут!
Солай келмек сенің бабың...
Квартет ("Бес дос" әнімен).
Біз достар, бес дос серік қатар атар,
Бес достан жаулар жусар қатар-қатар.
Автомат тына білмес, қыра білер,
Тон тозар, аял қылмас, ат арытар...
Біз бес дос,
Біз бес дос
Келмеспіз кеш,
Атпаспыз бос!
Біз достар жатқа кәрлі жаза берер,
Біз емес жау штабқа маза берер,
Бөгесе бөгеп көрсін ажал тартқан,
Қалт етпей, қырдан аспай қаза көрер.
Біз бес дос, біз бес дос,
Келмеспіз кеш, атпаспыз бос! (Кетіседі.)
ШЫМЫЛДЫҚ
ІІ АКТ
Үшінші сурет
Трашково қыстағының бір көрінісі. Сахна төрінде жау склады, оның маңында жырақта жүрген күзет аңғарылады. Түн. Жым-жырт. Сахнаға Люба шығады. Конвоймен өтіп бара жатқан топ адам бұған қарайды да, қарғыс атқандай үн салады. Люба (Маша) қинала тұрып амалсыз тыңдайды.
Хор
Қарғыс атсын азғынды!
Жақынына қас болып,
Досына көр қазғанды!
Маша бопты Любадан,
Көріңдер анау жазғанды!
Жау тепкісі батса да,
Көрмес халық қызынан
Бұндай ары тозғанды.
Келер дәурен, жетер шақ,
Азбай соны тосамыз,
Сазайын беріп жазалар
Жауларға қол созғанды.
Жұрт күңіренген кекті ажармен өте береді.
Люба (Маша. Қиналып толқыған күйде).
"Азғын" дейді, "азғын" дейді өз елім,
Алсын мені сондай болсам тез өлім.
Қарғыс атқан мен болмаспын, қайран ел,
Сен адаспа, не десең де төземін!
Ант еткен аянбасқа мен жалғыз жан,
Санамды, кегім деген, бастайды заң,
Қара түн қараңғысы қаламда тұр,
Атсын деп алысамын ағарып таң.
Өсірген азат Отан баласымын,
Бақ тосқан жазықсыз ұл анасымын,
Қор өмір, қорлық күнге көнерім жоқ,
Серт сонда, арманы сол таласымның.
Сол жолда, сенің әкең алысып жүр,
Сол жолда, көнбеске анаң қарысып жүр.
Сол жолда, балапаным, айып етпе,
Азаппен, тозақпен де табысып жүр.
Люба ақырын барып, склад маңын аңыстап өтіп кетеді. Осы кезде тағы бір әйел жағалап шығады. Ол Ғайни. Мұны бағып екі неміс жүр.
Неміс
Сізге не бар, не керек?
Не қып жүрсіз бұл арада?
Ғайни
Сіз тергемек пе едіңіз
Кімдер барын бұл қалада?
Неміс
Жөніңді айтып жауап бер,
Айт жөніңді!.. (Мылтығын суырады.)
Болмас десең ажалыңа себепкер...
Ғайниді екі неміс қоршап алады. Тұтқынға алысады.
Неміс (Ғайниге).
Тарт ілгері, жүр былай!
Алып кетеді. Төлеген шығады. Складты барлап келе жатады. Сонда жаңағы Ғайниды ұстаған екі немістің бірі мұны сыртынан андып шығады. Екінші жақтан Люба шыққан. Ол аңыстап тұр. Төлегенге неміс ұмтылады.
Тағы бірі табылды! Тоқта! (Ұмтылады.)
Төлеген
Мә, даурықпа, сыр сақта!
Немісті қанжармен өлтіреді. Оттай шапшаң Люба бері шығады. Ол Төлегенге
жау тәрізді емес... Барлай қарайды.
Люба
Қапы бол мас дос екен,
Жақын болар біздің қол,
Анық белгі осы екен... (Төлегенге сенімдірек, батылырақ қарайды.)
Нені керек етесіз,
Кімді іздейсіз бұ тұстан?
Төлеген
Рас еді іздегенім
Хабаршы бір қарлығашты...
Маша!..
Люба
Сақ болыңыз, қолға түсті
Жолдасыңыз жаңа келген,
Жақсы болды өлмесе...
Төлеген
Қандай хабар айттыңыз!
Есіл Ғайни, кеттің бе?
Тез бекініс жерлерін айт,
Аял қылмай, ес жиғызбай
Соқтығатын жеті түнде...
Люба (әр тұсты, алыс-жақынды нұсқап көрсетіп тұрып сөйлейді).
Мынау тұрған склад
Алдыменен жоятын,
Станция бар мынау шетте,
Жау штаб бар сонау үйде
Тегіс құртып қоятын.
Төлеген
Соқтығармыз сол жерлерден,
Жауды ұйқыдан оятып!
Жөнін айтшы енді, Маша!
Амал бар ма боларлық
Қапыда кеткен Ғайнидың
Ажалына араша?..
Люба
Мен батайын оның жайын,
Қай штабқа әкетті екен? (Жөнеледі.)
Төлеген
Тап болдым достың асыл тазасына,
Сәт болған жау тартатын сазасына...
Талай жан ажал тапқан осы жерде
Ғайни де жетті ме екен қазасына?
Қыз Ғайни, асыл ару, арманда өттің,
Қалдырып қатарыңнан неге кеттің?
Бірге өлмей, асыл затым, жаным қиып,
Артыңнан айрылудың зарын шектім.
Жолында жауға арналған әділ кектің
Барымды бойымдағы құрбан еттім.
Бір көрмей, бірге шықпай кетерім жоқ,
Айқастым жалынымен жанған оттың...
Бес достың қалғандары келеді. Ортада Жадай.
Жадай
Төлеген, қандай хабар білгенің бар?
Төлеген
Ғайни тұтқын бір хабар...
Барлық достар
Ғайни тұтқын?!
Қандай жаман хабар ед?
Төлеген
Үмітке бір жалғыз ұшқын,
Қасымызда Маша бар ед.
Жадай
Таптың ба, сен Машаны?
Біле ме екен жау қорғанын,
Қандай сырлар ашады?
Төлеген (бұ да көрсетіп, көзеп сөйлейді).
Атап берді соғар жерді,
Бірі — мынау склад!
Бірі — станция анау мұржа!
Тағы бірі — сонау үйде жау штабы!..
Жадай
Болды, достар, кірісейік,
Мезгіл жетті, сертті ұстап.
Саттар, Зариф,
Табысамыз сағат үште
Ақкөпірдің жанынан!..
Ал тараңдар, жалғыз-жалғыз
Қатер жердің маңынан.
Жөнеліседі. Жалғыз қалған Төлегенге Люба келеді.
Төлеген
Қайда әкетті Ғайниды,
Маша, қандай білгенің бар?
Люба
Әкетті Канцель кесел штабына,
Салмаққа қанішерлер қыспағына,
Аяр деп ойламаймын есіл жанды,
Текке оны келмей жатып ұстады ма!
Ол штаб қанды қасқыр жын ойнағы,
Азабы қандай болса бар ойдағы,
Бәрін де біздің жандар сонда тартқан,
Қатерлі осы түнде сау қоймағы.
Барды сап мен бағайын айналасын,
Тексермей тым құрмаса жайламасын.
Ақылдас достарыңмен, кешікпесін,
Қояр деп ертеңге аман ойламасын!
Төлеген, Люба дуэт айтады.
Төлеген
Қосылғанда қос тілек,
Жәрдем тосса дос тілеп.
Тартынар ма ажалдан
Намысы бар жас түлек.
Аянбасқа ант етем,
Аялдамай тез жетем.
Жауға жара, жар азат
Болмас болса, бір кетем!..
Люба
Ара түспей болмайды,
Менсіз кімдер қорғайды?
Азабын сап аш аю,
Сыр айтқызбай қоймайды.
Бір баршы емес, бар талап
Жойылардай сәт санап...
Қарыспасам болмайды,
Аз күшімді көп балап!..
Екеуі кете береді.
ШЫМЫЛДЫҚ
Төртінші сурет
Трашководағы әскер штабы. Майор Канцель мен екі-үш неміс офицері әбігерде. Шымылдық ашыла бергенде алыстан жарылған взрывтың үні естіледі. Сахнаның алыс түкпірінде лау етіп, аспан атып жанған өрт белгісі байқалады.
Канцель
Шапшаң, шапшаң, хабар ал!
Не қылған, кім салған?..
1- oфицep
Жай өрт емес, қас қимыл.
2- офицер
Жау қолынан жанған өрт!
Канцель
Тағы да қас! Тағы жау?!
Бар амалы аямау!
Жүрген шығар және де
Партизандар кеп таяу!..
Тағы взрыв, енде шам өшеді, сахна алакөлеңке.
Тағы өрт, неткен өрт?!
Қыру керек, бұл елді!.. (Телефонда.)
1- офицер
Аямастан бұйрық ет!
2- офицер
Әлде тақап қол келді?
Канцель (телефонда ақырады).
Станцияны бұзған ба?!
Жоямын мен, күл қыламын,
Шыдап көрсін ызғарға!.. (1-офицерге.)
Бар да орында, жар қыламын,
Бұл қаланы жау қала деп. (2-офицерге.)
Күйретемін бар планын,
Қоса өртеңдер көп үйлерді,
Айтып көрсін бос жала деп!
Офицерлер жөнеледі. Канцель күзетіне бұйрық етеді.
Келтір мұнда партизанды!
Ғайниды әкеліседі.
Айт, партизан жатағын айт!
Айт, саны мен қаруын айт!
(Қинайды. Ғайни үнсіз, жазалайды.)
Айт, партизан жайын айт!
(Жаза. Ғайни үнсіз).
Тағы жаза, қорлық жаза керек пе?!
Ұмтылып атуға бейімделеді. Люба кіреді.
Люба
Канцель мырза, тоқтаңыз!
Азға сабыр сақтаңыз... (Ара түсіп).
Мен алайын жауапты,
Жасық, жаман тіл білмес,
Маған өзін тастаңыз...(Канцель тacтaп жөнеледі.)
Ғайни
Қайда жүрмін,
Қайда келдім,
Тағы қандай жазасы бар?!
Люба (сыртты барлап, сақтана сөйлеп).
Қорқасың ба?
Әлде жаза ауырласа,
Дегеніңнен кайтасың ба?
Сақтаған сыр айтасың ба?
Fайни
Орыс қызы, өзі жау?.. (Өзіне.)
Өтірік пе, шыны ма
Көрінісі осынау?
Люба
Жауап тосам сөзіме!
Fайни
Өлшейсің бе өзіңе?
Азғындай боп көрінем бе,
Кесел баққан көзіңе?
Люба
Жасырмасаң жаның қалад,
Ерегессең отқа салад.
Ойлайсың ба жеткеніңді көзіңе!
Fайни
Бір от емес, жүз от болсын,
Азар болсам атым өшсін!
Люба
Шының ба осы?
Сертің берші,
Советтік ер жауынгердің!
Ғайни (таңдана тұрып, Любаны барлап).
Ол жасырар сыр емес,
Бұғарласа кескілеп,
Өртесе де шыдармын,
Серт қана емес, ант бердім!..
Люба
Олай болса мен дағы
Антыңа орай айтармын:
Төртеу емес, барлап едім,
Берік жансың байқадым.
Өзің деп біл мені де,
Көріп пе ең бұл тамашаны!
Ғайни
Тапқаным да ендеше,
Мен іздеген Машаны?!
Люба
Сені мұнда жау қолында
Қалдыруға болмайды.
Аяр залым, алар жанын
Оңайлықпен алмайды. (Терезені ашып.)
Терезені ашамын,
Мені шапшаң жық-тағы,
Аялдамай қаша бер!..
Ғайнидың қолын тез босатып жіберіп, өзі жығылады. Наганы ұшып кеткен болады. Ғайни терезеге ұмтыла береді, сол сәтте Канцель атқып кеп Ғайниды ұстап, Любаның жөнін біледі. Енді халдер шұғыл өзгерген.
Канцель. (Любаны айуандай ашумен байлай береді, сабап жазалайды).
Осылай ма? Солай ма?
Жау үлкені сен бе едің?
Өл! Өлесің!
Тез өлесің қолымнан. Тез! Тез!
Әзірлесін!.. Әзірлетем жаза жайын!
Жөнеледі.
Люба (зорға ес жиып, Ғайниға).
Шыда, жаным, қайрат ет.
Не көрсек те енді біз
Шыдамасқа болмайды...
Ғайни
Мен Ғайни, алыс өлке елден келгем,
Еркіммен жауға аттанған ерлерге ергем.
Қан кешу дивизия өткен шақта
Төлеген жаным деген досты көргем.
Тапқам мен өз ойыма алғанымды,
Отанға арнағамын жан, қанымды.
Жайымды айт Төлегенге көрер болсаң,
Қапыда жау қолында қалғанымды.
Барлауға бір топ адам келген едік,
Тұтқында шыдап өлем жаза шегіп,
Қол жөнін айтпақ түгіл, ауыз ашпан,
Жолында бұл жорықтың қаным төгіп...
(Ғайни, Люба дуэт айтады.)
Ғайни
Менің сырым аз-ақ еді,
Өлерімде өз елімнен
Жалғыз жанның жүзін көріп,
Кездессем деп ем еліммен.
Жау қатал деп жеңілмен,
Қайсар қызы Отанның,
Бақылдасам өзіңмен,
Досым деген көңілмен.
Люба
Оқпен атпай, отпен атсын,
Талай жалын жанға батсын,
Ер шыдайды өзіндей,
Нелер удың зәрін татсын.
Менің де азап басымда,
Ажалдасым соң сапарда
Ар қарызы бізді қосқан,
Бауырымсың қасымда!.. (Пауза.)
Неге бұндай толасы бар?
Көптен осы болар деп,
Ажалға да қарсы басқам,
Енді тағы қандай жалын
Өлерімде алдым тосқан?
Арманым тек, балам қалды,
Жанымдағы жалғыз жара,
Есітіп ал өлер достан!..
Fайни
Мен ажалға арналған жан,
Құтылмаспын бұл қамалдан,
Өкінемін сен үшін,
Сұмдық болды сен қамалған!
Аз-ақ сәтке көріссек те,
Жүз жыл қосқан жақындайсың,
Сен бақыл бол, асыл дос,
Қаным бірге жанымдайсың...
Канцель келіп Любаны ұрып, eкі әйелді де атуға әзірлейді.
Канцель
Алдадың ба сен мені,
Аман қалам дедің бе?
Балаң, анаң құтылмайды қолымнан,
Жансын отта жас балаң! (Ұрады.)
Люба
Жоғал, жауыз, жолымнан!..
Канцель екі әйелдің қолдарын қысып байлатып, енді далаға алып шықпақ, атуға әзірленеді. Тағы тепсініп наган төсеп тақай береді. Осы кезде үйге терезеден атқып кеп Төлеген кіреді.
Төлеген (Канцельдің сыртынан қанжар салады).
Жаза ма? Олай емес, былай жаза,
Ит өлімін ит алсын тартып саза...
Люба
О, дос!..
Fайни
Жаным Төлеген!.. Сақтан!..
Люба
Сақтан!
Төлегенге екінші бөлмеден жүгіре шыққан екі офицер жабыла береді.
Төлеген (екеуін кезек лақтырып).
Жайратамын, қас дұспан!
Офицерлер екеулеп Төлегенді қоршап, қысып барады. Тағы бір офицер шығып ұмтылады. Әйелдер қолы байлаулы. Төлеген енді бір офицерді лақтырып ұшырады.
Офицер
Өлім, өлім саған!
Қысады. Төлеген қатерде. Осы кезде үш дос — Зариф, Баймат, Саттар терезеден
ырғып түсіп тап береді.
Достар
Төлеген! Бізге бер,
Жеке жібер... Өзіме бер!..
(Шапшаң ұйпап, үш офицерді жайратысады.)
Люба
Ал, шапшаң жөнелейік,
Айналада жау мығым...
Төлеген
Қайда, қалай тартамыз?
Люба
Қала сырты Ақкөпірдің қасында,
Балаған бар огородтың басында,
Сонда болар мені тосқан
Жалғыз жарым досым да...
Ал кетіңдер тез-тездеп!
ШЫМЫЛДЫҚ
ІІІ АКТ
Бесінші сурет
Айнала күзгі өсіп тұрған огород. Сонда үлкен балаган. Достар осында біртіндеп
келіседі. Төлеген жаңа жетеді, оны Баймат қарсы алады. Трио айтысады.
Баймат
Алтай ері Төлеген
Жауға жаза береген,
Лайық па екен осылай
Бір болайық демеген?!
Саттар
Таймаса да алыстан,
Достарын тастап, бір өзі
Бір штабпен алысқан,
Асығыстық не деген?
3ариф
Төрт досының көмегін,
Есіне алмай керегін,
Асыға түзеп бермек пе
Шабан штаб дерегін!
Төлеген
Қарыздармын, достарым,
Асыққаным ақталды,
Ара түсіп, ажалдан
Өздерің кеп ап қалдың.
Ғайни, Маша екеуін
Құтқарушы сендерсің!
Люба
Бауыр, бар алғысым,
Бар тілегім жолдарында.
Fайни
Рас па, жаным достарым,
Түс емес пе көргенім?
Қандай жауды жойдыңдар,
Осы ғой деп ем өлгенім!..
Саттар
Ғайнижан, Ғайнижан,
Қадірің артық қарындас!
Баймат
Бірге аттанған бауырлас,
Құшағында ажалдың
Қалды деп ем қайрылмас.
3ариф
Маша, Ғайни, қадірлейміз
Аман шыққан сапарды. (Достар.)
Тек Сашадан бұйрық бар,
Тосып қалған хабарды...
Бір міндетті бітірсек,
Енді шапшаң жету қажет,
Тез жөнелсек жарар-ды!
Төлеген (квартет).
Жолымен жалынды ерлер барармын мен,
Жауымнан аяусыз кек алармын мен!
Атағын сегізінші әлемге ақтап,
Ұранын Клочковтың салармын мен!
Баймат Намыстан басқа тілек тілерім жоқ,
Жасқанар бүгін жаудан жүрегім жоқ,
Табысқан қалың бауыр қатарында
Аянар сау тұрғанда білегім жоқ.
3ариф
Бар тілек тоғысқаны осы майдан!
Талаптың бастағаны осы майдан!
Жау қашып, дос қуанар іс етпесем,
Наразы болсын маған осы майдан!
Саттар
Осы түн сынға салар кезім болсын,
Осы түн не көрсем де төзім болсын.
Адал ер атағына дақ салғызбай,
Осы түн асыл сертте сөзім болсын!
Fайни
Таптым мен ойға көптен алғанымды,
Ар көрем бас амандап қалғанымды.
Төлеген, асыл досым, аңдармысың
Мойныма қандай қарыз салғаныңды!
Люба
Көнген ем жаудың оты атқанына,
Қуанам елім ерін тапқаныма.
Осы түн арманым сол ойымды алған,
Шаттансам, шаттыққа жұрт батқанына!
Өзгелер кетіседі, біртіндеп тарасады. Төлеген, Ғайни артта қалған, екеуі дуэт айтады.
Төлеген
Қыз Ғайни, қасымдағы асыл серік,
Ер сапар тілегіне басың беріп,
Ергелі қадірің асты қатарыңа,
Ғайни қыз, серт жолына досың берік.
Шыққанда алыс елден қасыма еріп,
Өзгеше қадір тұтқам досым көріп.
Жүрек пен тілек қосқан қимасымсың,
Қиналсаң ара түсем басым беріп.
Ғайни
Ғайни қыз менің атым, қазақ — затым,
Жар тұтам Отанның ер-азаматын.
Ғайни қыз бұрын әнді айтар болса,
Ерлікпен ақтамақпын қыздың атын!
Төлеген, дос серіктің бәрі жақын,
Бәрінен азаматтың ары жақын,
Досың да, серігің де, сүйгенің де,
Ғайнидың сен дегенде жаны жақын!..
Люба бастап балағанға көп аналар, әйелдер кіреді. Қартаң еркектер огородшылар
да бар. Бәрінің қоршағаны Люба.
Шал
Люба, қызық, Любаш,
Сен азапта қала ма деп
Дос ата-ана келіпті
Хабарласа, таласа...
Люба
Алғыс айтам өзгеше,
Талай жандар қалада
Мені жауға санаса,
Жүрегіме жұбаныш
Өздеріңдей ата-ана
Өз қызына баласа.
Қарт ана
Отпен ойнап алысқан
Аналардың асылы,
Балалардың басымы,
Тілеулеспіз алыстан!
Халық хоры (бар достар да қосылады).
Жалғыз-ақ жанда тілек кек алынса,
Жетпекпіз сол арманға көп алыса,
Амандық, барлықпенен бар асылды
Құрбандық еттік түгел деп алысад!
Жауынгер, бәрің қымбат жалындайсың,
Жау жеңбейд, біз бас иіп жалынбаймыз.
Өлтірсе, өртесе де көндіре алмас,
Отымен талас өсіп қабындаймыз.
Тек қана жауды жайпар күн жетсе екен,
Келем деп айбынды әскер белгі етсе екен.
Тосамыз кек сататын азу басып,
Соғамыз желкесінен ерше бекем.
Тез, тез! Тез жетсін, сол сағат!
Ерлер қоштасып кете береді.
ШЫМЫЛДЫҚ
ІV АКТ
Алтыншы сурет
Трашково қыстағының шеті. Үлкен өзен үстіне созылған Ақкөпір, алыста қалың тоғай. Жақын жерде өртенген үйлер қалдығы байқалады. Осы маңға Жадай келеді.
Жадай (өртенген үйлерді көріп келеді).
Өртеніпті жаңа ғана,
Қаза шеккен қалайша,
Бір үй емес, бар қала?!
(Өз үйін көреді, ол да өртенген.)
Ария
Жас қайың өзім еккен ер жетіпті...
Панасыз, бұл маңайдан ел кетіпті...
Өртенген орын қалған момын жайдың
Күл-көмір өткен шақтан белгі етіпті!..
Қайдасың, анам, балам, жарым менің?!
Сендер деп жанушы еді жалын демім!
Не болған, аман қалған бар ма бірің?
Қайтермін, жұмбақ бопты халім менің.
Жарайды, не көрсем де шыдатамын,
Отан деп өз бағымды сынатамын.
Қатал жау өрт үшін де өсірерсің
Салмағын бізден алар сыбағаңның.
Әйелдер тобы келеді, жай басып өте береді. Артында конвой. Бұлар — жау
тұтқынындағы совет адамдары.
Әйел хоры
Қарғыс атсын қатал жау!
Ойлағаны өзгеше.
Аздыруға амалдау,
Қинамақшы көргенше!
Қарысармыз, өлерміз,
Азғын болып шатылмай,
Жазаға да көнерміз,
Параңа да сатылмай!..
Саған әсте бас ұрмай,
Тосармыз таң атқанын,
Танытармыз жасырмай
Жанда жалын жатқанын!..
Жадай (шеткі бір әйелден жөн сұрайды).
Білесіз бе, туғандар!..
Кімдер еді, қайда екен
Мынау үйде тұрғандар?
Әйел
Оның жайын сұрама!..
Жадай
Неге олайша деп айттың?
Әйел
Бұнда Люба деген болған,
Жау боп кетіп жұртына,
Омырауы шенге толған,
Сал болып жүр сыртына!..
Конвой
Шығарма сөз, сөйлеме! (Ақырып әйелдерді айдап кетеді.)
Жадай
Қандай сұмдық сөз есіттім?!
Көрмегенім жөн болған ба?
Босағасын бұл есіктің
Азғындықпен тозғанда!.. (Зариф келеді.)
3ариф
Жадай, мәлім етейін,
Орындалды бар мұрат!..
Жадай
Отан алғыс, тек асығыс
Алу керек бас құрап...
Бесеу-ақпыз, алдымызда
Ауыр кешу жол тұрад!
3ариф
Бесеу емес, Ғайни бар,
Маша дағы қол сұнад,
Анық ердің сипаты бар,
Кенелсін жөн сұрап!
Ария
Орыста талай жақсы жан көріп ем,
Көргенге сеніспекке ден беріп ем.
Машадай асыл әйел білген емен,
Әдейі ауыр кешу жолға еріп ем.
Қасиет болса лайық оның аты,
Қауіптің оны үркітпес қат-қабағы,
Өз бойым өскендей боп қуанамын,
Маша сол ел мақтанар асыл заты.
Төлеген, Ғайни Саттар келеді.
Жадай (Ғайниға).
Жолың болсын, аман кепсің!
Ғайни
Алғыс айтам тобыңа,
Барлық мақсат осылай
Ойлағандай шаққа жетсін!..
Жадай
Баймат қайда, тағы кім бар?
Соңғы асу бар, барлық топ
Соны алмаққа серт етсін!..
Төлеген
Баймат қазір жетеді,
Машаменен екеуі!
Анық ердің жаңа көрдік
Маша сынды екенін.
Fайни
Мені ажалдан құтқарған,
Бар қайратын көзбен көрдім,
Жорықтағы бар әйелге
Машаны үлгі етемін.
Жадай
Жә, жолдастар, әзір бол!
Артта жау мол, алда қол.
Арасында солардың
Қатты қайрат атарлық
Ауыр кезең келді сол...
Қазір біздер тараймыз,
Бекінеміз әр тұстан,
Орай келсе автоматты
Зеңбірекке санаймыз!
Қажет болса өзімізге
Жаудың оғын аударып,
Жалғызды да жеке қолға балаймыз!..
Жетіп қалды сағат төрт!
Бекініңдер, бауырлар,
Шыға қалса бекінісі
Жеткізбестен көпірге,
Деп біліңдер өзіміз
Бөгеуге де жараймыз!
Осы кезде Байматты ертіп Люба келеді.
Төлеген
Көрмесең де, көп есіттің,
Міне, Маша, таныс бол!
Жадай
Люба?! Сен бе Маша?
Люба
Жадай?! Саша! Саша!
Жадай
Люба жаман, жақсы Маша,
Бұл не қылған тамаша?..
Люба
Жаным Жадай, жайым солай,
Жұрт қарайды маған қырын,
Артқы қолдан есітерсің
Анық адал Маша сырын.
Жадай
Люба, Любаша!
Қуанамын сен үшін,
Маша жайын естігемін,
Бұндағы дос көптен бұрын. (Екеуі сүйіседі.)
Жадай
Бауырлар, осы сағат естен кетпес.
Дуэт
Өмірде бұдан озған мезгіл өтпес.
Бар жайды жаңа ғана таныдым ғой,
Жасырсам ендігіні арым кешпес!
Отанда жарық жұлдыз мәңгіге өшпес!
Жорықта батыр жолын жаулық кеспес.
Қайтадан жар досымды тауып тұрмын,
Қарсы алар әні қайда біздің "Бес дос"?
Люба
Сағынып көп сарғайтқан ерім келді.
Дуэт
Жыламан, бұрын зармен егілгем-ді.
Сенемін алтын шапақ алдымда тұр,
Дейтін күн: "Отан жауы жеңілген-ді".
Амандық анаң менен балаң айтад,
Демейді "үйге қайтып өзің жай тап,
Ер болып, елдің жауын жайлаған соң",
Деседі "содан кейін бізге қайтад!.."
Енді "Бес дос" әнін бар достар майдан алдында тұтас айтады.
Бәрі
Біз достар, бес дос серік қатар атар,
Бес достан жаулар жусар қатар-қатар.
Автомат тына білмес, қыра білер,
Тон тозар, аял қылмас ат арытар.
Біз бес дос,
Біз бес дос
Келмеспіз кеш,
Атпаспыз бос!
Біз достар, жатша кәрлі қаза берер,
Біз емес жау штабқа маза берер!
Бөгесе бөгей берсін ажал тартқан,
Қалт етпей, қырдан аспай қаза көрер.
Біз бес дос,
Біз бес дос
Келмеспіз кеш,
Атпаспыз бос!
Жадай
Ал тараңдар, баршылар!
Қол жеткенше бағындар,
Ойламаған бөгеттер
Алда талай бар шығар!
Сағат төрт!.. Бекін, достар! (Ракета атады.)
Бердім сигнал, жеткен болар,
Жақын болса қолдың оғы
Аялдамас, бізді қостар!
Тарап-тарап бекініңдер!
(Жолдастары тарайды, соғысқа әзірлік.)
Сақтарымыз Ақкөпір!
Төлеген, сен осы арада
Автоматпен сал нөпір!
(Өзі кетеді. Сыртта соғыс.)
Төлеген (өз тұсына беттеген жауды көріп.)
Бұл толқынды тойтармай,
Қан құстырып қайтармай,
Қалар болсам, бар жорық
Бекер болар, мезгіл жетті байқардай!
Атысады. Жау ықтайды. Ғайни жетеді. Жау жалтара береді.
Ғайни
Тайқып қалды талайы
Көргеннен соң алдынан
Өжет оттың тосқанын!..
Төлеген
Анау шетте жалтарып,
Көресің бе қашқанын!
Тек маған да оқ тиді,
Аятымнан тигендей,
Көрдің бе қан басқанын!
Ғайни асығып көмек бере бастайды, жараны таңады.
Fайни
Төлеген, жаным, ардақты ер,
Жарым күннің ішінде
Бастан кешті талай кер.
Сонда дағы азаймас
Бойыңдағы от, жігер.
Қадіріңді ұмытпас,
Ауыр қатер алдында
Сен құтқарған,
Талай ана атынан,
Бір құшайын, ерік бер!..
Төлегеннің жарасын таңып болып сүйеді.
Төлеген (шетке қарап).
Тағы келед қалың сел!..
Ортасында танкі де бар! (Шетке.)
Не де болса жалғыз өзім көрейін.
Жаным Ғайни, қимаймын,
Ажалдан сен аман қал!.. (Ғайниға.)
Менің оғым таусылыпты,
Анау жатқан Жадайға бар.
Жарым-жарты оғын ал!..
Баршы жылдам, ептеп бар!.. (Ғайни жөнеледі.)
Танк келед көпірге,
Ажал шашқан кәрі бар,
Қаймықпаспын сонда да,
Отанымның ары бар! (Танкті қарсы алуға гранаттарын топтап байлап, әзірлене береді. Ария.)
Арыстан айта шауып мертіксе де,
Баласы арыстандық етпей қоймас.
Ақсұңқар аңқып ауға шырмалса да,
Балапан сұңқарлығын етпей қоймас.
Жау санап ер майданға араласпас,
Алысқан мұратына жетпей қоймас!
Отан мен партия, елім үшін
Танк түгіл, тамұқтан да ерің таймас.
Қаптаған қалың жауға сермер семсер,
Жастығын ала жатпай кекке тоймас!
Алтын Отан, сен үшін!
Асыл елім, сен үшін!
Ұмтылып барып сахнаға шыға берген танкке соқтығып, аспан атқан от. Танк тоқтап қалады, жана береді. Осы кезде көпірдің аржағынан, сахна сыртынан қалың "ура" естіледі. Арттағы қалың қол жетіп, жау қашып жатыр. Бәрі де Төлегеннің басында. Арада Рамазан. Бәрінің кеудесінен "Жас қазақ" әні туады.
Бәрі
Қан сапырған қан майдан ер талғады,
Ердің бағын тілемес ел қалмады.
Жалын жұтқан жас қыран сонда келіп,
Отанынан айналып оқ толғады.
Жас қазақ!
Жауға шықты уралап!
Куә болды елінің аспан, жері,
Алтайдың асыр салды ашулы ері,
Жер құшып, қан боп ақты қайғы-шері.
Жас қазақ,
Жауға шапты уралап!
Ер арманы — арттағы қол арманы,
Жау ордасын ойрандап, кек алмағы.
Алып талай жолында қайран қыршын,
Ажал кесел шырмады жез қармағы.
Жас қазақ,
Жауға шапты уралап!
Қалың топ әскер сахнаға толған. Дивизия командирін тосады. Генерал шығады, көп қоршаған айбынды тобы бар.
Генерал
Ойдағылар орындалды,
Жолы ақталды жорықтың!
Дивизия абыройын
Сақтады полк, жауларына
Ойдағыдай салып ойын!
Осы арада үлкен түйін шешілді,
Алып жатқан аймақ бойын,
Қалың жаудың қыр желкесі кесілді.
Жауды сайған найза болса, барлық полк,
Автоматшы қас қырандар
Алға түсті өжет боп,
Болат найза жебесі боп!..
Орындалды бас команда әмірі,
Дивизия жеңіс тапты тағы ірі.
Ардақты асыл Отанды
Сүйген ерлер жорығы бұл,
Жетсін жұртқа, жеңген батыр дабылы!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру