Абылай мен Олжабай
Kitap.kz
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Абылай мен Олжабай
«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН
ТАРИХИ ЖЫР
Уағында бақыты асқан Олжабайдың,
Бақытын ашқан екен бір құдайым.
Орта жүздің ордасы сол уақытта,
Хан болған орта жүзге Абылайың.
Олжабай мен Абылай арасында
Бір уақиға болыпты, тағы айтайын.
Абылай хан болыпты заманында,
Естіген білген есен-аманында.
Хан болып орта жүзге тұтқа болып, 10. Көндірген, қалай айтса, амалына.
Алдына келген жандар алдиярлап,
Болмайды ешкім қарап жамалына.
Хан болған ол Абылай қаһарланып,
Келмейді маңайына ешбір халық.
Қаракесек елінде Бошан1 деген
Қолында Абылайдың өлгені анық.
Құдыққа салып қойып өлтіріпті,
Қатарға ешкім келмес теңдік алып.
Қолынан сонда жұрттың келері жоқ, 20. Ішінен қалған екен қайғыланып.
Бір уақыт осыменен күндер өтті,
Қаз дауысты Қазыбек әділетті.
Бекболат – Қазыбектің бел баласы,
Ол-дағы заманында хүкім етті.
Бекболаттың баласы Жанатайдан2
Айталық бір хадиса болған кепті.
Қадірін Жанатайдың әркім білді,
Айттырмай білер болды ішкі сырды.
Аулында Абылайдың бір төлеңгіт, 30. Бір күні қыз ұзатып ойын қылды.
Жанатай жүрген жігіт тойды бағып
Той дегенде, тұрады жігіт не қып?
Бозбала тұрған жері ойын-сауық,
Бір-бірін жанып сөйлеп, тұрған шалып.
Абылайдың аулында бір баласын,
Басынан түсіріпті бөркін қағып.
«Хан ұлының қарада теңі ме?» – деп,
Сол жерде қалған екен намыстанып
Жанайдан көрген ісін бастан-аяқ, 40. Арыз қып Абылайға айтқан барып.
Абылай ашуланып мына сөзге,
Жанайды байлап қойған кісен салып.
Жанайды осылайша байлап салды,
Бұл істен елдің бәрі хабарланды.
Сол жерде барлық Мейрам3 намыстанып,
Алдына Олжабайдың бұлар барды.
– Көрген қорлық бұл болды Абылайдан.
Жазықсыз Жанайыңды ұстап алды.
Хан етіп біз қарадық Абылайға,
50. Сүйіндік риза болды Олжабайға.
Жазықсыз Жанайыңды байлап отыр,
Олжеке, етесіз бе бұған айла?
Аулына барған жанды бүйте берсе,
Абылайдың пайдасы бізге қайда?
Ботақанды сұраусыз жіберіп еді,
Әрқашан қастық етті ғазиз жанды.
Бекболат сырын айтты ерге шағып,
– Тұрамыз бұл қорлыққа біздер не қып?
Сүйіндік атқа мінсін, – дейді Олжабай, – 60. Шабам, – деп, – Абылайды ашуланып.
Айтқанын Олжабайдың қабыл көріп,
Жеті жүз адам болды даярланып.
Жасыбай Олжабайға сөз айтады:
– Бекболат Абылайға келсін барып.
Абылай адасқаннан қайтар ма екен?
Барған адам қайтады түрін танып.
Олжабай деп айтады: – Өзім барам,
Туымды ұстап қырындап жақын тұрам.
Өз лағым өзіме тиген болды, 70. Өзім барып ашуды бір шығарам.
Олжабай жасыл туын қолына алып,
Сол заман жолдас болған қанша халық,
Гулетіп Сарыарқадан сары дала,
Аулына Абылайдың тұрды барып.
Көтеш ақын дейтұғын шешен еді,
Бұлардың қалай келген түрін танып:
«Жанатайды жоқтаған Олжабай», – деп,
Сөйлейді Абылайға сыр шығарып:
«Абылай, Ботақанды сен өлтірдің, 80. Жазықсыз жас баланы неге өлтірдің?
«Ботақанша Жанайды байлаймын», – деп,
Үстіне ақ орданың ту келтірдің.
Хан тайса әділеттен, қара болар,
Хан басыңа қарадан сөз келтірдің.
Абылай, күйіп кетсін ағаш қалаң,
Бошанға4 қалай еді жапқан жалаң.
Ботақанша Жанайды байлаймын», – деп,
Жем болды жеті жүзге қатын-балаң.
Көтеш ақын айтыпты барлық сөзін, 90. Абылай қате қылған бір мінезін.
Олжабай топтан шығып жалғыз өзі,
Айтайын Абылайға барған кезін.
Олжабай келіп сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Абылай деген ханым ең,
Бұл Орта жүз ішінде
Лаулап оттай жанып ең.
Батыр болсаң басында,
Ұлы жүзде Үйсіннің –
100. Төле бидің түйесін
Сонда не қып бағып ең?
Жаман тоның үстіңде,
Жалаң бұт не қып қалып ең?
Орта жүзге хан болып,
Бақ қонып, жұртты танып ең.
Қалмақпенен соғысып,
Қолға түсіп қалғанда,
Ажыратып алып ем.
110. Сарттығыңа бақпасаң,
Жөнімді байқап қалып ең.
Ботақанды өлтіріп,
Басына қаза келтіріп,
Одан бір аман қалып ең.
Жазықсыз неге байладың
Бекболаттың баласын?
Алалықпен ұстама
Орта жүздің баласын.
Жанай ерді босатып, 120. Соның тапқын шарасын.
Еріккенге, Абылай,
Ордаң түсіп ортаңа,
Олжа болып қалмасын.
Қатын-балаң жесір боп,
Сыр бойына сымпиып,
Босқа шұбырып бармасын.
Орта жүздің Сүйіндік,
Ханы болдың, Абылай.
Сеніменен жауласып, 130. Көрсетіп тұр қарасын.
Абылай естіп тұрды сөздің түрін,
Білетін Олжабайдың бұрын сырын.
– Алатуым, қателігім кешкін, – деді, –
Егер де айып болса, менің мұным.
Босатып Жанайын да қолға беріп,
Тарту беріп, көрсетті қанша сыйын.
Олжабай достықпенен елге қайтқан,
Олжаға Абылайдан әбден батқан.
Қазыбектің жиені – Едіге би
140. Сол жылда Олжабайға бір сөз айтқан:
– Ұл туса, сендей тусын, Алатуым,
Абылайдың жоқ еді беті қайтқан.
Аққан көзім анық көріп, айтып тұрмын,
Бұл-дағы сырым емес көзге мақтан.
Олжабай, бақытың өрлеп аса берсін,
Әрқашан жәрдем болсын жалғыз хақтан.
Ел-жұртым риза болды Олжабайға,
Жау жеңіп тигізіп еді елге пайда.
Сонымен қазақ, қалмақ атыс-шабыс,
150 Өмірін өткізіпті Баян тауда.
Ел шетіне Ерейменге келген қаптап,
Олжабай қалың елін жүрген бастап.
Бір күні ер Олжабай науқастанып,
Қайғыға қалған екен, жұрты тоқтап.
Көшкен ел соныменен тұрып қалды,
Сыртында Ерейменнің малды топтап.
Бұл науқас Олжабайды кетті жеңіп,
Өлеріне ақиқат көңілі сеніп.
– Атқан оққа шыдаған Олжабай ем.
160. Зәрім жүрмей барады, бойды керіп.
Пендеге тағдыр қаза жақын келсе,
Адамзат қалар екен босқа өліп.
Олжабай өлуіне көзі жетті,
Алдына жиып алды барлық көпті.
Қоштасып құрбы-құрдас, замандаспен,
Сол жерде бір осылай уағыз етті.
Сүйіндік, барлық Арғын жиылыпты,
Айтқын деп бір өсиет құзыр етті.
Сіз өлген соң, Алатуым құлайды ғой, 170. Ұран боп әр тарапқа даңқың кетті.
Олжабай деп айтады: – Қайран елім,
Ерің кетсе, сынады сенің белің.
Аттың жалы, түйенің қомында ғой
Сарыарқа – сансыз жатқан асқар белің.
Тілімді алсаң, Жиделібайсынға көш.
Бұл жерде қорған болар бар ма ерің?!
Солайша ер Олжабай дүние салды,
Ел көшпей сол бетімен тұрып қалды.
«Әзіреті Сұлтанға апарам», – деп, 180. Бір айдай сағанада5 жатып қалды.
Сол кезде Едіге6 де қаза болып,
Олжабаймен бір жерге қабырланды.
Едігең Олжабайды ару етті,
Ел тарап жай-жайына қайтып кетті.
Дүние кімге жолдас болады дейсің?
Не жүйрік, не шолпандар өліп кетті.
Олжабай жас шағында үйленіпті,
Қарауыл Атығайды қайын етті.
Сол елді талай елден тәуір көріп, 190. Өзі өлгенше тым жақсы құрмет етті.
Бірінші Қарауылдан алған еді,
Екінші қалмақ қызы Лағбан еді,
Барғанда Қарақалпақ елдеріне,
Үшінші содан болып қалған еді.
Қырмызы деген қызды, Абылай хан
Қырғызға барған жерде алған еді.
Қояныштағай елінде бір батырдың
Қатыны жесір болып қалған еді.
Ол қатын Олжабайға қалап тиіп, 200. Бес қайын осылайша болған еді.
Айдабол – Олжабайдың арғы атасы,
Сөзімнің бар ма, жоқ па көп қатасы?
Толыбайдың Олжабай бел баласы,
Орман ба деп айтады жұрт ағасы.
Дулат би Олжабайдың бел баласы,
Соның тарап тұсында замандасы.
Құлжа деген ағадан Қойыт батыр,
Олар да болып өтті елдің басы.
Солардың ұрпағынан Жаяу Мұса, 210. Осымен аяқталды сөз сарасы.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру