Дворян ұясы
Мұхтар Әуезов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...
РОМАН
(И. С. Тургеневтен аударған)
І
Көктемнің ашық күні кешке тақалды; аспанда, шырқау биікте ұсақ қызғылт бұлттар көрінеді, олар ауа кешпейді, көк тұңғиыққа батып бара жатқандай. 1842 жыл еді, губерниялық шаһар. Оның шет көшелерінің біріндегі сұлу үйдің ашық терезесінің жанында екі әйел отырды, біреуі елу жастарда, екіншісі жетпіс шамасындағы кемпір еді. Біріншісі Мария Дмитриевна Калитина болатын. Мұның күйеуі губернияның прокуроры болған, өз уақытында іскер, батыл, қажырлы, затор және қыңыр адам еді, оның өлгеніне он жылдай болған. Өз уақытында жақсы тәрбие алған, университетте оқыған, бірақ кемтар ортадан шыққандықтан, өзіне жол салуды қажет біліп, пұл да жиған кісі еді. Мария Дмитриевна оған сүйіп тиген: өйткені бұл кескіні жақсы, ақылды және тілесе сүйікті бола білетін кісі еді. Мария Дмитриевна (қыз күндегі фамилиясы Пестово) ата-анасынан ерте айырылып, бірнеше жыл Москвада институтта боп, одан қайтқан соң О... шаһарынан елу шақырым жердегі Атамекені Покровск қыстағында кәрі апасымен, ағасымен бірге тұратын-ды. Ағасы тез уақытта қызметке Петербургке ауысты да, қарындасы мен апасын күйзеу күйде қалдырып, бірақ аз заманда ол өзі қайтыс болып, оның тәртібінен әйелдер құтылған еді. Мария Дмитриевна өзіне мұра ғып Покровскіні алғанмен, онда ұзақ тұрған жоқ; мұның жүрегін өзіне бірнеше күнде бағындырған Калининмен қосылған соң, оның қаласы Покровск басқа бір мекенге айырбасталды; мұнысы пайдалы болғанмен, көрікті жер емес еді; тұратын үй де жоқ еді; Калитин О... шаһарынан үй алды да, ұдайы тұруға сол шаһарға көшті. Шаһардағы үйдің жанында үлкен бақша бар-ды, бұл бақшасы қаланың сыртына, жазыққа шығатын. Қыстақ тыныштығын сүймейтін Калитин енді онда барудың қажеті жоқ деп ойлады. Мария Дмитриевна өзінің жақсы қыстағы Покровскіні, ондағы көңілді өзенді сағынушы еді, өйткені онда кең шалғын, жасыл тоғай да болатын; бірақ бұл әйел ешуақытта еріне қарсы келмей, оның ықпалына, өнерлі қауымды білетініне түгел ден қойып табынатын. Кейін, он бес жыл бірге өмір сүрген соң, күйеуі өліп, одан бір ұл, екі қыз қалған-ды. Мария Дмитриевна өзінің шаһардағы үйіне, ондағы тіршілігіне мейлінше қалыптанып кеткендіктен, О... шаһарынан шықпай тұрып қалған. Мария Дмитриевна жасында сүйкімді, ақсары сұлу атанды; елу жасқа келіп, өңі толып, жайыла түскенмен, әлі де ажары көрікті. Өзі мейірімді болмаса да, сезімтал болатын; жасы жетсе де, институт тәрбиесінің әдетінен құтылмағанды; тез ренжігіш, кейде өз айтқаны болмаса, жылап та қойғыш боп, еркелікті дағды еткен; әдетте өз айтқаны болып, ешкім алдына шықпаса да, ол сыпайы мінезді бола білетін. Мұның үйі қаладағы ең бір жайлы, жақсы үй саналатын. Мұрасы көп болмаса да, ерінің табысы арқылы жиылған мүлкі де мол еді. Екі қызы мұның қолында өскен де, ұлы Петербургте, ең бір жақсы қазыналық тәрбие орнында оқитын. Мария Дмитриевнаның қасында, терезе жанында отырған кемпір мұның әкесімен туысқан апасы, бір замандар Покровскіде бұл екеуі көп оңашалық шақтарын бірге кешірген. Кемпір - Марфа Тимофеевна Пестова. Ол қызық адам, мінезі бірбеткей, ойындағысын кімге болса да көзіне айтады; мүлкі аз болса да, өзін-өзі ұстауына қарағанда, сан мыңдар сандығында жатыр деп ойларсыз. Марқұм Калитинді бұл аса жек көретін. Немере сіңлісі оған тигенде, бұл өзінің қыстағына кетіп, он жыл бойы мұжықтың жаман үйінде тұрды. Мария Дмитриевна бұдан қорқатын. Шау тартса да, шашы қара, көзі өткір, үшкір тұмсық, кішкене бойлы Марфа Тимофеевна жүрісте шапшаң, бойы тіп-тік, сөйлегенде анық етіп, жылдам айтып, жіңішке шыңқылдаған дауыспен сөйлейтін, басына ақ қалпақша, үстіне ақ кофта киетін.
- Немене, ненің жайы? - деп, ол Мария Дмитриевнаға шұғыл бір сұрау беріп: - Неге күрсіндің, апасы?! - деді.
- Жай! Қандай ғажайып бұлттар! - деген жауап естіді.
- Немене, сенің оларға жаның ашып отыр ма? - Мария Дмитриевна түк айтпады.
- Гедеоновский не ғып келмей жатыр? - деп, Марфа Тимофеевна қолындағы тоқыма бізді жүгірте түсті. (Бұл бір үлкен шарф тоқып жүрген-ді.) - Ол келсе, сенімен бірге күрсінер еді, әлде бір өтірік соғар еді.
- Сол туралы үнемі қатал сөйлейсіз - ау, Сергей Петрович қадірлі адам емес пе?
- Қадірлі! - деп, кемпір кінәлай кекетті.
- Ол менің марқұм еріме дос еді! - деп, Мария Дмитриевна: - Әлі күнге ерім жайлы қобалжумен еске алады! - деді.
- Әрине, мұны батпақта жатқан жерінен құлағынан сүйреп, құтқарып алған сол болатын! - деп, Марфа Тимофеевна тоқыма бізді тағы да жүгірте түсті. Және сөйлей бастады.
- Сырты мүләйім, басы аппақ, ал аузын ашса болды, не өтірік, не өсек гулейді. Өзі ғой статский советник! Бірақ қайда барсын! Поптың тұқымы ғой.
- Кінәсіз кісі бар ма, aпa? Ондай әлсіздігі бар екені рас. Әрине, Сергей Петрович тәрбие көрмеген, французша сөйлемейді, бірақ не десеңіз де, ол жағымды адам.
- Е, ол ұдайы сенің қолыңды жалап жүреді ғой. Французша білмейді, сол сөз бе екен? Француз "диалектіне" мен өзім де мығым емеспін. Тіпті, ешбір тіл білмесін, тек өтірік айтпаса екен. Ауызға алдың болды, оның өзі де келеді, тілге жеңіл емес пе? - деп, Марфа Тимофеевна көшеге қарады. - Әне, сенің жайлы адамың сидаңдап келеді. Бойының ұзыны - ай, қарабай тәрізденіп!
Мария Дмитриевна шашын түзеп қойды. Марфа Тимофеевна мұнысына күлімсірей қарады.
- Немене, сенің ағарған шашың бар ма, апасы?! Ана күтуші Палашаңа ұрыссаңшы. Не қарап жүр өзі?
- Сіз болсаңыз, апай, әрдайым... - деп, Мария Дмитриевна күбір етті де, орындығының таянышына саусақтарымен сытырлата соқты.
- Сергей Петрович Гедеоновский! - деп, есіктен қызыл жүзді жас казак малай бой көрсетті.
ІІ
Үйге ұзын бойлы адам кірді. Үстінде таза сюртугі бар, шалбары қысқа, сүр ұлпадан перчатка киген және біреуі қара, біреуі ақ, екі галстук тағыпты. Өне бойы - әдеп пен сыпайылық тәрізді, жүзі де келбетті, самай шаштары жабыса таралған; сықыры жоқ, өкшесіз етігіне шейін сыпайы. Бұл кісі әуелі үй иесіне иіліп, сонан соң Марфа Тимофеевнаға тағзым етті де, перчаткаларын асықпай шешіп, Мария Дмитриевнаның қолына иілді. Әйел қолын құрметпен екі рет сүйіп алып, креслоға асықпай отырды да, саусақтарының ұшын сипалай түсіп, сөз бастады.
- Елизавета Михайловна cay ма?
- Иә, ол бақшада еді.
- Елена Михайловна да сау ма?
- Леночка да бақшада. Немене, жаңалық жоқ па?
- Неге болмасын, неге болмасын, - деп, қонақ кірпігін жай қағып, ернін соза сөйледі. -Ім!.. Міне, мәлім етейін, таңғаларлық жаңалық бар: Лаврецкий Федор Иванович келіпті.
Марфа Тимофеевна таңғалып:
- Федя! Немене, жаныңнан шығарып отырған жоқсың ба, әкем - ау? - деді.
- Жоқ, тіпті өз көзіммен көрдім.
- Е, ол әлі дәлел емес.
Гедеоновский Марфа Тимофеевнаның кекесінін естімеген кісі боп:
- Денесі қатты ірілепті. Жауырыны бұрынғыдан да жалпайыпты. Бетінің қызылы да молайыпты.
Мария Дмитриевна жай сөйледі.
- Ірілепті дейсіз бе? Ірілейтін не жөні бар еді?
Гедеоновский бұл сөзді құптай кетті.
- Рас-ау, оның орнында басқа болса, жұрт көзіне көрінуден ұялар еді.
Неменесі бар? - деп, Марфа Тимофеевна кие сөйледі. - О не деген сандырақ? Туып-өскен жеріне кепті, қайда кетсін деп едіңіз? Және өз басынын айыбы болса екен-ау!
- Ханым, мәлім етейін, әйел өзін жаман ұстаса, әрқашан оған ері кінәлі.
- Е, әкесі, оны өзің бойдақ болған соң айтасың ғой.
Гедеоновский зорлықпен езу тартты. Аз үндемей отырып:
- Білуге болар ма екен, мынау көркем шарф кімге арналған екен? - деді.
Марфа Тимофеевна бұған жалт етіп қарады да, жауап қатты:
- Бұл, кім өсек айтпай, аярланбай жүретін болса және сондай адам дүниеде бар болса, соған арналады. Федяны мен жақсы білемін, оның бар жазығы әйелін еркелеткені, үйленгенде де ғашық боп үйленген. Ал сол бір ғашықтықпен үйленген тірліктен ешуақытта татымды іс шықпайды! -деп, кемпір Мария Дмитриевнаға қиыс қарады да, орнынан тұрды. - Ал енді сен, әкесі, азуыңды тілесең маған да баса бер, мен кетейін, бөгет болмайын! - деп, Марфа Тимофеевна жүріп кетті.
Мария Дмитриевна апасын көзімен жөнелтіп салып:
- Бұл кісі әрдайым осындай. Әрдайым! - деді. Гедеоновский қостай түсті:
Жасы сондай ғой, не істерсіз. Сөзін көрдіңіз бе, "кім аярланбаса" дейді. Осы күнде аярланбайтын кім бар екен, заман солай емес пе? Менің бір аса құрметті досым бар еді, шені де үлкен адам болатын, сол айтушы еді, бұл күнде тауық та дән көрсе қулықпен ұмтылады, тура бармай, қырындап келуге тырысады деп. Ал сізге қарасам, менің бекзадам, сіздің ғана мінезіңіз анық періштедей, маған аппақ қолыңызды ұсыныңызшы. Мария Дмитриевна аз күлімсіреп, Гедеоновский мұның қолын сүйіп отырғанда, әйел өз орындығын тақай түсіп, аз иіліп, ақырын ғана сұрады:
- Сөйтіп, оны көрдіңіз бе, өзі шын дені сау, көңілді ме екен?
- Көңілді, жаман емес, - деп, Гедеоновский сыбырлай жауап берді.
- Ал қазір әйелі қайда екен, оны естідіңіз бе?
- Соңғы кезде Парижде болған-ды, ал естуімше, қазір Италия мемлекетіне көшсе керек.
Япыр-ай, Федяның хәлі масқара ғой, қалай төзеді екен, ақылым жетпейді. Рас, мұндай әркімнің де басына келеді, бірақ, былай айтқанда, мұны бүкіл Европаға әшкереледі ғой.
Гедеоновский күрсініп алды.
- Рас, рас! Айтуынша, ол әйел артистермен, күйшілермен және оларша қалай деуші еді, арыстандармен, айуандармен де ашына-жай дейді ғой. Ар-ұяттан мүлде безген ғой...
Мария Дмитриевна қостай сөйледі.
- Соншалық, аяныш, туыс жағын санасақ, Сергей Петрович, білесіз бе, ол менің немере інім болады ғой.
- Әрине, әрине, сіздің үй ішіңізге қатынасы барды мен білмей қоям ба? Білем ғой.
- Бізге келер ме екен? Қалай ойлайсыз?
- Қисыны... келетін болар. Бірақ естуімше, өзінің қыстағына бармақ білем.
Марья Дмитриевна көзін аспанға көтере сөйледі.
- Ах, Сергей Петрович, ойласам, бізге, әйелдерге, өзімізді ұстауға қандайлық сақтық керек десеңші!
- Әйелдің де әйелі бар ғой, Марья Дмитриевна. Бақытсыздыққа қарай, туысқандар бар... Әрине, жасы да бір сәрі және жастайынан жолды үйретпеген болар. (Сергей Петрович қалтасынан көкшіл орамал алып, соны жаза бастады.) - Ондай әйелдер болады, әрине. (Сергей Петрович орамалының ұшын көздеріне кезек тигізді.) - Бірақ, жалпы айтсақ, аңғарсақ бар ғой... Қаланың шаңы сұмдық қой! - деп сөзін аяқтады.
- Маман, маман! - деп, үйге бір он бір жас шамасындағы сүйкімді жүзі бар кішкене қыз жүгіріп кірді. - Бізге Владимир Николаевич атқа мініп келді! -деді.
Марья Дмитриевна орнынан тұрды, Сергей Петрович те тұрып, иіліп:
- Елена Михайловнаға біздің құрмет! - деді, содан соң үйдің бұрышына қарай барып, әдеп сақтап, сырт айналып, өзінің түзу біткен ұзын тұмсығын ұстап, сіңбіре бастады.
- Аты не деген тамаша! - деп кішкене қыз сөйлеп тұр. - Ол жаңа қақпа жанына келіп еді, Лиза екеумізге қазір сыртқы есікке келем! - деді.
Осы кезде ат дүбірі шықты да, сұлу торы атқа мінген, көрнекті салт атты көшеден бұрылып, ашық терезенің түбіне тоқтады.
ІІІ
- Есенсіз бе, Марья Дмитриевна! - деп жайлы, сүйкімді үнменен дыбыс қатты салт атты. - Менің жаңа саудам сізге ұнай ма?
Марья Дмитриевна терезеге тақалды.
- Есенсіз бе, Вольдемар! Ах, қандай жақсы ат. Мұны кімнен сатып алдыңыз?
- Әскерге ат жинаушыдан алдым. Бірақ қымбат сатты,соққан.
- Мұның аты кім?
- Аты - Орландо. Бірақ жаман ат, басқа ат қоямын, - деп французша сөйлеп, - қой, қой, менің балақайым! Тынышсызын қарашы! - деді.
Ат осқырып, тыпырлай түсіп, басын шұлғып, көбігін шашты.
-Леночка, сипаңызшы, қорықпаңыз...
Кішкене қыз терезеден қолын созып еді, Орландо тік шапшып, жалт берді.
Бірақ жігіт сасқан жоқ, тебініп жіберіп, шыбықпен аттың мойнынан салып қалды да, оны өз ырқына көндіріп, терезенің алдына қайтып келіп тұрғызды.
- Сақтаныңыз, сақтаныңыз, - деп Марья Дмитриевна французша сақтық айтты.
- Леночка, сипаңыз, мен оның ырқына көнбеймін, - деді салт атты.
Кішкене қыз қорқақтай тұрса да, қолын созып, Орландың дірілдеп тұрған танауына қол тигізді. Ат діріл қағып, ауыздығын шайнап тұр. Марья Дмитриевна дауыстап: -Браво! Ал енді түсіп, мұнда келіңіз! -деді. Жігіт атын шапшаң бұрып, тебініп қалып, көше бойына лекіте шауып барып, қораға кірді. Бір минуттен соң қолындағы шыбықты ойнақшытып, қонақ үйге жүгіре кірді, осы сәтте, екінші есіктен сұңғақ бойлы, он тоғыз шамасындағы қара шашты қыз кірді, ол - Марья Дмитриевнаның үлкен қызы Лиза болатын.
ІV
Оқушыға біз жаңа таныс еткен жас жігіт - Владимир Николаевич Паншин атанатын. Ол Петербургте ішкі істер министрлігінде дербес істер чиновнигі боп істейді. О... шаһарына бұл жігіт уақытша қазыналық бір тапсырмамен келген. Қазір мұндағы губернатор, генерал Зонненбергтің қарамағында істейді, оған өзі туыс есепті. Паншиннің әкесі отставкаға шыққан штаб - ротмистр, белгілі карташы, жүзі ажарсыз, көзі күлімсіреп тұратын, ерні жыбырлағыш адам еді, өзінің бар өмірін ұлықтар арасында, екі астаналық шаһардың ағылшын клубтарында өткізген, онша сенімді болмаса да, сүйкімді, бірақ тәсілқой адам саналатын. Бірақ онша тәсілқой болса да, өмірі әрдайым қайыршылыққа жақын болып өтіп, өзінің жалғыз ұлына болымсыз ғана, бүлінген мүлік қалдырған-ды. Бірақ өзінше, баласының тәжірибесін тәуір ескерген-ді: Владимир Николаевич французша тамаша сөйлейді, ағылшын тілін жақсы біледі, немісше тілі нашар еді. Әдет солай, тәуірсіген адамға неміс тілінде жақсы сөйлеу ұят саналады ғой; неміс сөзін кейде көбінесе күлкі түрде қолданып, Петербургтің парижандары сияқты, французша бұл тіпті әсемдей жүруге де болады ғой. Владимир Николаевич он бес жасынан - ақ қонақ үйлерге қысылмай кіре кетіп, сүйкімді көрініс беріп, мезгілімен жөнелуді де білетін. Әкесі бұл ұлына көп таныстар қалдырды, екі роббер арасында карта араластырып отырып, немесе винт ойыны біткен соң өзінің Володькасының жайын кейбір білікті адамдарға айтып қалудан жаңылмайтын. Нелер бір ірі адамдарға, сауда ойынына жүйрік жандарға да болсын білдіре жүретін. Владимир Николаевич өзі де университетте жүргенде, толық студент шенін алып шығу үстінде, бірнеше туысты жастармен таныс болып, атақты үлкен үйлерге де барғыш болатын. Бар жер де оны жақсы қарсы алатын, өңі сүйкімді, бойы кең, әзілқой, дені сау, неге болса да дайын жігіт көретін; керегінде ол сыпайы, мүмкін болған жерде ол асқақ, тамаша жолдас, ғажайып жігіт! Жігіттің арманы майданда ашылды. Паншин сыпайылық ғылымның сырын таныды; оның шарттарына барынша да ден қойды; паңдықпен күле отырып, болымсызды алданыш ете білу, елеулі істің бәрін болымсыз санай білу сияқты өнердің де бәрін білді, биге жүйрік, киімді ағылшынша киетін. Сөйтіп, аз уақыт ішінде ол Петербургтегі ең бір сүйікті, оңтайлы жас жігіт саналатын. Паншин шынында әкесінен де бетер оңтайлы болатын және ол аса өнерлі еді. Қолынан бар іс келетін: сәндеп ән айту, ерекше сурет салу. өлең жазу, сахнада жақсы ойнау - бәрін де біледі. Жасы қазір жиырма сегізде - ақ, ал бұл күнде камера - юнкер шені де салмақты. Паншин өзінің ақылына, қырағылығына қатты сенетін; ол алға қарай батыл басып, еркін құлаштап келеді, өмірде сүт үстінде қаймақтай. Кәрі мен жастың бәріне жағатын, өз ойынша, адам атаулыны, әсіресе әйелдерді жақсы білем дейтін, ол әйелдердің ұсақ әлсіздіктерін шын білетін де. Суретшілікке бейімділігі болғандықтан, оның ішінде қызу да бар, ынтықтық, қызыққыштық сияқты сипаттар болу себебінен ол кейде өзін еркін де ұстайтын. Ішкілікпен, өзіне тең емес адамдармен таныс болу әдеті де бар, қысқасы, өзін мейлінше еркін ұстайды; бірақ дәл ішін алсаң, ол салқын қу адам еді, қаншалық қатты ішкілік үстінде де оның ақылды, қоңырқай көзі барды қарауылдап, бағып отыратын, сыртқа батыл сияқты, еркін жігіт ешуақытта өзін-өзі ұмытып, барымен беріле алмайтын. Тек бір қасиеті - өзінің жүрісіне мақтанбайтын. Марья Дмитриевна үйіне, О... шаһарына келісімен, тез араласып кетті. Марья Дмитриевна мұны жанындай көретін. Паншин үйдегілердің бәріне бас иді. Марья Дмитриевна мен Елизавета Михайловнаның қолдарын ұстап, Гедеоновский иығынан сілкінтіп қойды, өкшесімен айналып, Леночканың басынан ұстап, маңдайынан сүйіп алды.
- Сондай асау атқа мінуге қорықпайсыз ба? - деп сұрады Марья Дмитриевна.
- Кешіріңіз, ол тіпті жуас; мен неден қорқатынымды айтайын, мына Сергей Петровичпен преферанс ойнаудан қорқам; кеше Беленицына үйінде бұл кісі мені тұттай тонады.
Гедеоновский шиқылдап, жағына күлді: Петербургтің көрікті чиновнигі, губернатордың сүйіктісі болған жас жігітке ол жорғалап тұратын. Өзінің Марья Дмитриевнамен сөйлескен кеңесінде ол Паншиннің ерекше өнерін көп мақтайтын. Сондай кезде оның айтатыны: "қайтіп қана мақтамассың, жақсылар арасында беделді жігіт, қызметі болса ойдағыдай және титтей паңдығы жоқ", - дейтін. Паншинді Петербургте іскер чиновник санасатын. Жұмысқа берік және жұмыс жайын әрбір сыпайы адамша әзілмен айта біледі, өз еңбегіне ерекше мән бермегендей болса да, ол іс орындағыш. Ондай қызметкерді ұлықтар сүйеді; өз ойынша, егер бұл тілей қалса, бір заманда министрлікке жетуіне де Паншин күдіктенбейтін.
Гедеоновский бұған сөз қатты.
- Мен сізді ұтты дегендей болдыңыз, ал өткен жұмада менің он екі сомымды кім ұтып еді? Және де...
Паншин мұның сөзін бөліп, еркеленіп, біраз астам жүзбен:
- Қатал, қаталсыз! - деді де, осыдан кейін оны елемей, Лизаға тақап келді.
- Мен осында Обертон увертюрасын таба алмадым, - деп сөз бастады. - Беленицына барлық классикалық музыка бізде бар деп бос мақтаныпты, анығында үйінде полка мен вальс терден басқа түк жоқ; бірақ мен Москваға хат жаздым, сіз бір жұмадан соң ол увертюраны аласыз. Айтпақшы, кеше мен романс жаздым, өлеңі де өзімдікі. Айтып берейін бе сізге? Не шыққанын білмеймін, Беленицына аса сүйкімді деді, бірақ оның сөзінде мән жоқ, мен сіздің пікіріңізді білсем деймін. Тек менше кейінірек болсын.
Марья Дмитриевна сөзге араласып:
- Неге кейін? Қазір болса қайтеді? - деді.
- Бұйырыңыз! - деп, Паншин жарқыраған тәтті күлкімен жымия түсті, бұл күлкі онда тез туып, шапшаң жоғалып тұратын; енді орындықты тізесімен қозғап, фортепьяно жанына отырып, бірнеше аккорд берді де, ән айтып кетті, әсіресе сөзін анық айтты, романсы мынау еді:
Ақ бұлттар арасында,
Биік көкте ай қалқиды.
Ғажайып нұр төгіліп,
Теңізде толқын шалқиды.
Менің жаным теңізі
Айы етеді бір сені,
Қуаныш пен қайғы да
Бір өзіңсің білгені.
Ғашықтық пен тілсіз арман
Жанға толды:
Мен қиналдым, сен салқынсың,
Алыстағы айдай болдың...
Өлеңнің екінші ауызын Паншин ерекше бейілмен күш салып айтты, фортепьяно үнінде де ырғалған толқын лебі бардай. "Мен қиналдым" деген сөзден соң ақырын күрсініп, көзін төмендетті, үні де бәсеңдеп морендоға ауысты. Ол айтып болған соң, Лиза әнге мақтау айтты; Марья Дмитриевна "көркем" деді, ал Гедеоновский даурығып, "ғажайып! Поэзия мен музыка бірдей тамаша" деген еді. Леночка балалық табынғыш жүзбен әншіге қарады. Қысқасы, мұндағылардың бәріне де жас дилетанттың шығармасы ұнап еді, бірақ қонақ үйдің сыртында жаңа кірген бір қарт адам тұр екен, оған Паншиннің романсы тәп-тәтті көрінсе де, бет ажарына қарағанда, оншалық жақсы әсер етпегендей. Ол адам біраз тұрып, етегінің шаңын қалыңдау қол орамалмен қағып түсіріп, көзін қысыңқырап, ернін мұңая жымырып, өзінің онсыз да күдірейген жауырынын бүгілте түсіп, жай басып қонақ үйге кірді.
- А, Христофор Федорович, амансыз ба! - деп, Паншин жұрттың бәрінен бұрын үн қатып, орнынан атып тұрды. - Мен сіздің мұнда екеніңізді сезбедім, болмаса романсымды сіздің көзіңізше айтуға әсте батпас едім. Білем, сіз жеңіл музыканы сүймейсіз ғой.
Мен тыңдағам жоқ! -деп, жаңағы кірген кісі орыс тілін шала сөйлеп, жұртқа бас иді де, бөлменің ортасында тұрып қалды.
- Сіз, мосье Лемма, Лизаға музыка сабағын бергелі келдіңіз бе? - деді Марья Дмитриевна.
- Жоқ, Лафет Михайловна емес, Елена Михайловнаға.
- Е, жарайды. Онда жақсы. Леночка, жоғарыға Лемма мырзамен бірге бар. - Қарт кішкене қыздың соңынан кете беріп еді, Паншин оны бөгеп қалды.
- Сабақтан кейін кетіп қалмаңыз, Христофор Федорыч. Елизавета Михайловна екеуміз төрт қолдап, Бетховен сонатасын ойнаймыз.
Шал бірдеме деп міңгірлеп еді, Паншин неміс сөзін бұза сөйлеп кетті.
- Маған Елизавета Михайловна сіз ұсынған дұғалық кантатаны көрсетіп еді, әсем екен! Алда риза болсын. Сіз мені салмақты музыканы бағаламайды демеңіз, қайта ол кейде іш пысырғанмен, пайдалы ғой.
Қарт құлағына шейін қызарды да, Лизаға қиыс көз тастап, асығып жүріп кетті. Марья Дмитриевна Паншиннен романсты тағы бір айтуды сұрап еді, бірақ ол білімді немістің құлағын қажамайын деді де, Лизаға Бетховен сонатасын ойнайық деді. Бұдан соң Марья Дмитриевна күрсінді де, Гедеоновскийге өзімен бірге бақшаны аралап қайтуды ұсынды.
- Менің сізбенен, әлі де біздің байғұс Федя туралы ақылдасып, сөйлеспегім бар-ды! -деді.
Гедеоновский жымиып иілді де, қос саусағымен шляпасын ұстап, перчаткасын алып, Марья Дмитриевнамен бірге кетті. Бөлмеде Паншин мен Лиза қалды. Қыз сонатаны ашты, екеуі де үндемей, фортепьяноға қатар отырысты. Жоғары үйден Леночканың әлсіз саусақтары тартқан гамманың үндері шала естіліп тұрды.
V
Христофор – Теодор - Готлиб Лемма 1786 жылы Саксон корольдығында, Хемниц шаһарында туған. Әке-шешесі кедей музыканттар болатын. Әкесі валторнада, шешесі арфада ойнайтын; бала бес жасында үш түрлі аспапта ойнауға машықтана бастаған. Бірақ сегіз жасында жетім қалып, он жасынан бастап өз өнерімен нан тауып жүруші еді. Көп заманнан қаңғыма өмір кешіп, трактирлерде, жәрмеңкелерде, Крестьян тойларында, балда да ойнайтын; бір уақыт оркестрге кіріп, саты - саты көтеріліп, дирижерлікке да жетіп еді. Өз ойыны нашар болатын, бірақ музыканы аса жақсы білуші еді. Жиырма сегіз жасында Россияға келген. Оны жаздырып алған бір үлкен мырза музыканы өзі жек көрсе де, оркестрді мақтан үшін ұстайтын. Лемма оның қолында капельмейстер болып жеті жыл тұрып, кейін құралақан шықты. Мырзасынып, бұған вексель бермек еді, кейін онысын да орындамады, қысқасы, бір тиын төлемеді. Бұған еліңе қайт деген мәслихат берісіп еді, бірақ үлкен Россиядан қайыршы боп қайтуға көне алмады, артистер алтын қазына деп санайтын ұлы Россияда ол қала тұрып, әлі де бағын сынамақ болған. Сорлы неміс сол бағын жиырма жыл сынады: Москвада, губерниялық қалаларда талай мырзаларға қызмет етіп, көп кемшілік көрді, мұқтаждықтан қысылып, қайраңдаған балықтай болғаны да бар: не қорлықтар көрсе де, ол өз отанына қайтпақты мұрат ететін: сүйеніші сол еді. Ал тағдыр мұның ең соңғы тілегін де орындатпады. Елу жасқа келгенде, ерте қажыған жан, ауру күйінде осы О... қаласында мәңгіге қалып қойды, осы өзі жек көрген Россиядан құтылармын деген үміт болмаған соң, ендігі тірлігін сабақ беріп, соны болымсыз талшық етумен өткізіп келеді. Леммнің өңі мұны сүйкімді жан дегізе алмайтын. Бойы аласа, жауырыны қисықта күдіс, іші жабысқан, аяғы үлкен еді; сірескен саусақтарының тырнақтары көкшіл, қолы қызыл болатын: бетінде әжімі көп, жағы солған: шүңкиген жұқа еріндерін үнемі қозғап, бірдеме шайнап отырғандай, әдетте соншалық сүйкімсіз, жексұрындау көрінетін; ағарған шаштары тар маңдайына төгіле салбырайтын; сөніп бара жатқан көмірдей, кішкентай, қозғалысы аз көздері де бір алуан; көңілсіз денесін зорға сүйрегендей аяғын ауыр басатын; кейбір қозғалыстары торда отырған жапалақтың сөлекет түрде сыланғаны сияқты; жапалақ өзіне біреудің қарағанын сезіп, үлкен сары көзімен шошына қараса, осындай қозғалыстар жасайтын. Кешірімі жоқ кәрі уайым сорлы күйшіге өзінің өшпес таңбасын басып, мұны бүкшитіп, суқитып қойған; онсыз да көңілсіз бойын соншалық ажарсыз еткен; бірақ алғашқы алған әсерге қарамауды білген адам болса, осы жанның тозған күйінде де мейірімділік, адалдық, бір өзгешелік барын байқайтын. Бах пен Гендельдің өнеріне табынған, өз ісіне берік бұл адамда сезгіш қиял, өткір ой да бар: тұқымының мінезі сондай, Леммді кім біледі? Заманы келіссе, ол өз отанының ұлы композиторының бірі болар ма еді, тек бұл жұлдызы жанбаған пенде болды. Өз өмірінде жазғандары көп еді, жалғыз-ақ бірде-бір шығармасын бастыра алмады, батыл қимылдап, біреуге жағынып, біреуден өтініп іс етуді ол білмеді. Бір заманда, оған да көп жыл болыпты, мұның досы және өнерін бағалаушы кедей бір неміс өз қаражатына Леммнің екі сонатасын бастырып еді, бірақ олар да музыка магазиндерінің подвалында жатып қалды, үнсіз, із - тозсыз жоғалды, түн ішінде біреу апарып суға тастап жібергендей. Ақырында Лемма күдер үзді, жасы болса да жетіп қалды: сезім тұтқырланып, қазіргі сірескен саусақтарындай боп өзі де қасаң тартты. Өмір бойы үйленген жоқ еді, кем-кетіктер арасынан тауып, жалдап алған бір кемпір қызметкермен О... шаһарында, ол Калитиндер үйіне жақын бір кішкене лашықта тұрады; өзі ұзақ уақыт серуен етіп жүретін, оқитыны Інжіл және протестант дұғалықтары, онан соң Шельдің аударуынан Шекспирді оқитын. Көптен шығарма жазған жоқ еді; тек мұның жақсы шәкірті Лиза Леммаға қозғау салғандай екен; жаңағы Паншин айтқан кантатаны ол Лизаға арнап жазып еді. Күйдің сөзін дін кітаптарынан алған, кей өлеңдерін өзі де қосып еді. Мұнысын екі хор айтатын, біреуі бақыттылар, бірі бақытсыздар хоры, кейін екі жағы табысып, бірге айтатын: "мейірімді тәңірім, біздей күнәһарды кеше гөр, дүниенің үмітінен, бұзық ойларынан бізді құтқара көр" деген сөздер болатын. Бірінші бетке көркем, әшекей жазумен мынадай сөздер жазылған еді: "Тек күнәсыздар әділ. Дұғалық кантата. Бұл шығарманы менің сүйкімді шәкірт қызым Лизавета Калитинаға арнадым, жазған оның оқытушысы Х.Т.Г. Лемма" деген. "Тек күнәсыздарға" және "Лизавета Калитинаға" деген сөздерді күн шұғыласындай сызықтармен қоршап қойыпты. Сол беттің ең төменінде "тек өзіңе ғана" деп орысша да, немісше де жазыпты. Жаңа Леммнің Лизаға қиыс қарап қызарғаны да осыдан; Паншиннің бұл жазған кантата туралы сөйлеуі оған аса ауыр тиіп еді.
VІ
Паншин сонатаның алғашқы аккордын қатты соғып, батыл ойнай бастап еді (ол екінші қолды ойнайтын), бірақ Лиза өз партиясын бастамады. Жігіт тоқтап, қызға қарады. Лизаның бұған қараған көздері наразылық білдіреді: ернінде күлкі жоқ, жүзі салқын, тіпті мұңды сияқты.
- Сізге не болды? - деп еді, қыз жауап қатты:
- Сіз неге сөзіңізде тұрмадыңыз? Мен сізге Христофор Федорычтың кантатасын көрсеткенде, оған бұл туралы түк айтпаңыз дегенім қайда?
- Айыптымын, Лизавета Михайловна, бір орайы кеп қап еді.
- Сіз оны да, мені де ренжіттіңіз. Енді ол кісі маған да сенбейтін болады.
- Амалым қане, Лизавета Михайловна! Тырнақтай күнімнен неміс көрсем тек тұра алмаймын, мазақ еткім кеп құмарта берем.
- Сіз не айтасыз, Владимир Николаевич! Бұл неміс - бейшара және жалғыз, өлі жан тәрізді, аямайсыз ба, әлде қорлағыңыз келе ме?
Паншин қысылып қалды.
- Сіздікі рас, Лизавета Михайловна! - деді. - Бар айып менің ұдайы ойланбайтынымда. Жоға, дауласпаңыз, мен өзімді жақсы білемін, осы ойланбайтыным маған көп залал келтіреді. Соның салдарынан мен өзімшіл де саналам.
Паншин үндемей қалды. Ол әдетте сөзді неден бастаса да, аяғын әкеп өзіне соғатын, сонысы және сүйкімді, майда боп, өздігінен туғандай жайлы келетін. Ол сөйлеп кетті:
- Мысалы, сіздің үйде де... Әрине, сіздің анаңыз маған мейірімді, осы кісі сондай мейірбан, сіз болсаңыз... сіздің мен туралы не ойлайтыныңызды білмеймін, ал бірақ, ана сіздің кәрі апаларыңыз мені мүлде жек көреді. Тегі, мен ол кісіні де, қайда бір ойланбай айтқан ақылсыз сөзбенен ренжіткен болармын. Ол кісі мені сүймейді, рас емес пе?
Лиза біраз бөгеле отырып:
- Я, сіз ол кісіге ұнамайсыз! - деді.
Паншин клавиштерді жылдам басып өтті де, сәл жымиып:
- Ал сіз ше? Мен сізге де өзімшіл көрінемін бе? - деді.
- Мен сізді тіпті аз білемін, бірақ өзімшіл санамаймын; мен қайта сізге алғыс айтуым керек.
- Білем, білем, не айтатыныңызды да білем, - деп, Паншин оның сөзін бөліп, тағы да клавиштерді жылдамдата басты. - Мен сізге әкеп жүрген ноталар, кітаптар үшін, нашар суретімді альбомыңызға салғаным үшін, тағы, тағы сондайлар үшін ғой. Мен соның бәрін істеп жүріп те, өзімшіл болуым мүмкін. Өз ойымда сіз менімен бірге болуға жалықпайсыз, мені жаман жан деп санамайсыз деп ойлаушы едім; бірақ сонда да сіз мені, қалай деуші еді? Желік сөзде әкесін де, досын да аямас деп білесіз бе деймін.
Лиза баяу ғана жауап қатты:
- Сіз, барлық биік орта адамындай салқам және ұмытшақсыз, бары сол-ақ! - деді.
Паншин біраз күңгірт тартты. Артынан:
- Тыңдайсыз ба, енді менің жайымды қояйық, келіңіз біздің сонатамызды ойнайық, -деді. - Бірақ өтінішім бар, - деп, жаюлы қағазды қолымен жаза түсті де, - мен туралы не тілесеңіз де айта беріңіз, тіпті өзімшіл деңіз, солай-ақ болсын, тек биік орта адамы демеңіз; ол атақ маған бәрінен ауыр. Мен де артистпін, жаман да болса артист екенімді қазір-ақ іс жүзінде көрсетейін. Ал бастайық! -деді.
- Бастасақ бастайық, - деді Лиза да.
Бірінші адажиода Паншин бірнеше рет жаңылса да, жалпы дұрыс шықты. Өз шығарғаны мен жаттап алғанды ол сүйкімді тартады, бірақ нотаға шорқақтау. Сондықтан сонатаның екінші бөлімі, жылдам ойналатын аллегро тіпті шықпады: жиырмасыншы тақтыда қыздан екі такт кейін қалған Паншин өзі де шыдамай күліп жіберіп, орындығын кейін сырғытты. Дауыстап сөйлеп:
- Жоқ, мен бүгін ойнай алмаймын, Леммнің естімегені де жақсы болды. Ол тіпті талып қалар еді, -деді.
Лиза орнынан тұрып, фортепьяноны жауып, Паншинге бұрылды.
- Енді не істейміз? - деді.
- Осы сұрағыңыздан өзіңізді танып тұрмын! Сіз қол қусырып, бос отыруды әсте білмейсіз. Несі бар, күн кешкірген жоқ, сурет салайық. Әлде, суретшілік музасы, қалай аталушы еді? Ұмытып қалыппын, маған мейірімдірек болар. Альбомыңыз қайда? Мен бітірмеген бір пейзаж бар секілді еді ғой?
Лиза екінші бөлмеге альбомға кетті, Паншин оңашада қалтасынан бәтес орамал алып, тырнақтарын сүртіп, өз қолына өзі қиыс қарады. Саусақтары аппақ, сұлу еді. Сол қолының бас бармағында бұрама алтын жүзігі бар. Лиза қайтып келді, Паншин терезе қасына отырып, альбомды ашты.
- Аға! Менің пейзажымды көшіре бастапсыз ғой, әсем шығыпты. Тіпті жақсы! Тек мына жері ғана, қарындашты беріңізші, көлеңкені айқынырақ салмапсыз. Көресіз бе!
Паншин еркін сызып, ұзын штрихтер салды. Ол әрдайым бір пейзажды салатын: алдыңғы қатарда үлкен ағаштар болады, одан әрі дала, содан әрі аспан құшқан таулар. Лиза мұның сыртынан суретке қарап тұр. Паншин біресе оңға, біресе солға қисая түсіп, сөйлеп отыр.
- Суретті жалпы өмірдегі сияқты жеңіл, батыл салу қажет! - дейді.
Осы кезде үйге Лемма кіріп, салқын ғана бас иіп, жөнеле бастап еді, Паншин альбом мен қарындашты қоя салып, Леммнің жолын бөгеді.
- Қайда барасыз, сүйікті Христофор Федорыч! Шайға қалмайсыз ба?
Лемма жабырқау үнмен:
- Қайтамын, басым ауырып тұр! - деді.
- Ну, сөз бе екен, қалыңыз, екеуміз Шекспир туралы дауласамыз.
Шал тағы да:
- Басым ауырып тұр! - деді.
- Біз сіз жоқта Бетховен сонатасына кірісіп ек, - деп, Паншин қартты құшақтай түсіп, жымия қарады, - бірақ іс шықпады. Білесіз бе, менің екі нотаны қатар ала алмағаным.
- Сіз одан да өзіңіздің романсыңызды айтыңыз! - деп, Лемма Паншиннің қолын белінен сырғытты да, шығып кетті.
Лиза оның артынан жүгіріп, басқышта қуып жетті де:
- Христофор Федорыч, білесіз бе, - деп немісше сөйлеп, қартты қақпаға шейін көк шөптің үстімен шығарып салып бара жатып: - Мен сізге айыптымын. Кешіріңіз! - деді.
Лемма үн қатпады.
- Мен Владимир Николаевичке сіздің кантатаны көрсетіп едім; ол орнымен бағалайды деп сенім көрсетіп ем, шынында да оған кантата қатты ұнады.
Лемма тоқтай түсті.
- Ол ештеңе емес, - деп әуелі орысша, кейін өз тіліне көшті. - Бірақ ол ештеңе түсіне алмайды ғой, соны қалайша көрмейсіз? Ол дилетант, бары сол ғана.
Лиза дауласып:
- Сіз оған әділ қарамай тұрсыз, ол бәрін түсінеді және өзі де көп нәрсе істей біледі.
- Рас, көп, екінші номер, арзан пұл, асығыс жұмыс оның қолынан келеді. Сонысы жағады ғой, өзі де жағады, ол өзі де соған риза, ендеше қайыр! Мен ренжімеймін; кантата да, мен де кәрі ақымақпыз; мен азғана ұялып қалдым, бірақ ол оқа емес.
- Мені кешіріңіз, Христофор Федорыч, - деп Лиза тағы өтінді.
- Оқа емес, оқа емес! — деп шал орысша сөйледі: - Сіз мейірімді адамсыз... әне, біреу сіздерге келе жатыр. Қош! Сіз өте мейірімді бойжеткенсіз.
Лемма асыға басып, қақпаға қарай тартты, бұған қарсы сұр пальто, кең салом шляпа киген таныс емес бір мырза келеді екен. Лемма ол адамға әдеппен амандасып (О... шаһарына жаңа келген адамға ол әрдайым амандасқыш болатын, ал таныстарын көшеде көрсе, сырт айналатын, бұл оның бір алуан мінезі еді), шығып кетті. Жаңа адам оған таңдана қарады да, енді Лизаға көз салып тұрып, тура қасына келді.
VІІ
- Сіз мені танымайсыз ғой, - деп, жаңағы кісі қалпағын алды. - Мен сізді соңғы рет көргеніме сегіз жыл болса да, танып тұрмын. Онда сіз бала едіңіз. Мен Лаврецкиймін. Анаңыз үйде ме? Көрісуге болар ма екен? - деді.
Лиза:
- Анам сіздің келгеніңізді естіген, қуанышпен қабыл алады, - деп жауап қатты.
- Сіздің атыңыз Елизавета ғой! - деп, Лаврецкий жоғары жүрді.
- Я!
- Мен сізді жақсы білемін, сонау кезде сіздің жүзіңіз бір көргенде ұмытылмастай болатын, онда мен сізге конфет әкелетұғым.
Лиза қызарды да, ішінен "өзі қандайлық адам" деп ойлады. Лаврецкий алдыңғы үйде сәл тоқтап қалды. Лиза қонақ бөлмеге кірді, онда Паншиннің күлкі аралас сөздері естіледі, бұл бақшадан қайтқан Марья Дмитриевна мен Гедеоновскийге қаланың бір өсегін айтып, өз сөзіне өзі қатты күліп тұр. Лаврецкийдің атын естігенде Марья Дмитриевна қысылып, өңі сұрланды да, қонақтың алдынан шықты.
- Амансыз ба? Амансыз ба, менің сүйікті кузинам! - деп даурығып сөйлеп, көзінің жасы аралас үнменен: Көргенім қандай қуаныш! - деді.
Лаврецкий оның қолын дос пейілмен қысып тұрып:
- Амансыз ба, менің мейірімді кузинам, тәңірге сиынып жүрсіз бе? - деді.
- Отырыңыз, отырыңыз, қымбатты Федор Иваныч. Ах, қандай қуанттыңыз! Рұқсат етіңіз, ең әуелі қызымды таныстырайын, Лиза...
Лаврецкий оның сөзін бөліп:
- Мен Лизавета Михайловнаға өзімді таныс еттім, - деді.
- Мосье Паншин... Сергей Петрович Гедеоновский!.. Я, отырсаңызшы! Түсіңізге қараймын да, өз көзіме сене алмаймын. Саушылығыңыз қалай?
- Көріп тұрсыз ғой, гүл жайнаймын. Өзіңіз де кузина, тек көзім тимесін, сегіз жыл бойында жүдемепсіз.
Марья Дмитриевна аз қиял еткендей:
- Сонша уақыт көріспеппіз. Қазір қай жақтан келдіңіз? Анау қайда қалды?.. Жоға... -деп сасқалақтап, - айтайын дегенім ол емес, қанша уақытқа келдіңіз? - деді.
- Қазір Берлиннен келдім, ертең қыстаққа жүрем, ұзаққа барамын.
- Сіз, әрине, Лаврикте тұрасыз ғой?
- Жоқ, Лаврикте емес, осыдан жиырма бес шақырым жерде бір кішкене қыстағым бар еді, соған барамын.
- Ол сізге Глафира Петровнадан қалған қыстақ па?
- Сол еді.
- Оныңыз қалай, Федор Иванович? Сіздің Лавриктегі үйіңіз сондайлық тамаша емес пе?
Лаврецкий сәл ғана қабағын түйді.
- Рас, мынау қыстақта да бір кішкене үй бар, ал маған содан үлкен үйдің керегі де жоқ. Бұл әзірше ең жайлы орын болар.
Марья Дмитриевна тағы да қысылып, сасқалақтап, бойын түзеп, екі қолын жайды. Паншин мұның ыңғайсыздығын сезіп, Лаврецкиймен өзі сөйлесе бастады. Марья Дмитриевна енді ғана қалпына келіп, орындыққа шалқайып отырып, анда-санда бір сөз айтып отырды; бірақ өзінің қонағына соншалық аянышпен қарап, әдейілеп күрсіне береді; мұңайып, бас шайқап қоймаған соң қонағы шыдай алмай, қатқыл үнмен:
- Деніңіз сау ма өзі? - деп сұрап еді.
Марья Дмитриевна:
- Құдайға шүкір. Неге олай дедіңіз?
- Жай, маған сіз қысылып отырған көріндіңіз.
Марья Дмитриевна салмақтанып, сәл ренжігендей болды.
Ішінен: "е, солай болса, маған бәрібір, байқауымша, мырзам, су жұқпастың өзі көрінесің, басқа болса қайғыдан солар еді, сен тіпті семіре түсіпсің" деп ойлады. Марья Дмитриевна өзімен-өзі болған кезде сыпайы сөйлемейтін; ол дауыстап сөйлегенде ғана сыпайы тілді болушы еді. Лаврецкий шынында да тағдырдан сорланған кісі тәрізді емес. Бетінің қызылы қалың, ақ маңдайлы, таза орыс пішінді, мұрны кесектеу, жүзінде сахара адамының саушылығы бар, мықты, төзімділік байқалатын. Дене бітімі де мығым еді. Ақшыл сарғыш шаштары жас жігіттің шашындай бұйраланып тұратын. Тек, аз томпақтау келген қара көзінде ойдың ба, қажығанның ба, аумастай белгісі бар және үні де өте бір қалыпты, баяу тәрізді. Бұл кезде Паншин әңгімеге араласқан. Ол сөзді қант қайнату жайына аударып, өзі оқыған французша екі кітапты еске алып сөйледі; сабырлы, момын жүзбен кітаптағы мазмұнды өз пікіріндей баяндап отыр. Осы кезде көрші бөлмеде, есіктің ар жағынан сөйлеп келе жатқан Марфа Тимофеевнаның даусы шықты.
- Федя ғой! -деп, кемпір үйге асыға кіріп: Федя, дәл өзі! - деді.
Лаврецкий орындықтан тұрып болғанша, кемпір мұны құшақтай алды:
- Кәне, көрсетші, көрсетші бойыңды? - деп, шалқая түседі. - Е, қандай көрікті болғансың. Қартайсаң да ажарың тіпті бұзылмапты, тамаша! Немене өзің, менің қолымды сүйесің? Одан да, әжімді жүзімнен жиренбесең, өзімді сүйсеңші. Келгелі ғой мен туралы сұрамадың? Апам тірі ме демедің, ә? Ал сен менің қолымда өсіп едің-ау, тентек. Бірақ оны қайтейін, мені қайдан есіңе аласың. Тек келгенің үшін ақылдысың деймін.
Содан кейін Марья Дмитриевнаға бұрылып:
-Я, апасы, қонаққа не сый көрсеттің? -деді. Лаврецкий асыға сөйлеп:
- Маған еш нәрсеңнің керегі жоқ! - деді.
- Жоға, тым құрыса шай іш, әкесі! Жасаған ием - ау, қаншалық жерден кеп отырса, бір шай бермес пе? Лиза, бар. Әзірле шапшаң бірдемені. Мен білемін, бала күнінде бұл сондайлық мешкей болатын, қазір де асты жақсы көретін болар.
Паншин көп сөйлеген кемпірге көлденеңнен тақап кеп, бас иді де:
- Есенсіз бе, Марфа Тимофеевна, - деді. Марфа Тимофеевна:
- Ғафу етіңіз, мырзам, мен қуанғаннан сізді байқамаппын! -деп, Лаврецкийге тағы бұрылып:Жүзің апаңа, менің көгершініме көп тартыпты. Тек мұрының ғана, бұрын да әкендікі тәрізді еді, сол әкеңдікіндей болып қалыпты. Ал ұзақ уақытқа келдің бе бізге?
- Мен ертең жүремін, апай.
- Қайда?
- Қыстағыма, Васильевскіге.
- Ертең бе?
- Ертең.
- Жарайды, ертең болса, ертең болсын. Тәңір жолыңды қылсын. Жөніңді өзің білесің. Жалғыз-ақ енді байқа, кетеріңде қоштасып кет, - деп, жігіттің бетінен сипай түсіп сөйледі. - Сен келгенше тірі болармын демеуші едім; рас, өлгім келгеннен емес, әлі бір он шақты жыл тұрамын да; біз, Пестов тұқымы, төзімдіміз ғой, сенің үлкен әкең марқұм бізді қос тарамыс дейтін; бірақ сені құдай біле ме, шет елде қанша жүретініңді кім білсін. Сонда да жігітсің, жігітсің, әлі де бұрынғыдай он пұтты бір-ақ қолыңмен көтересің бе? Әкең марқұм қанша затор адам болса да, саған швейцар тәрбиешіні жалдап бергені жақсы болды ғой, онымен екеуің қандай жұдырықтасушы едіңдер; "гимнастика" деуші ме едіңдер соларыңды. Бәтір - ау, мен неғып бытқылдап кеттім осы? Паншин мырзаның шешен сөзін бөлдім - ау! (Ол Паншиннің фамилиясын дәл айтпай, бұзып айтатын.) Бәрінен де шай ішейік: терраса отырып ішейік; біздің қаймағымыз сендердің Лондон, Парижіндей емес, аса жақсы, жүріңдер; ал, Федюша, сен маған қолыңды бер. О, қолың өзі не деген жуан. Сенімен жүрген жығылмас - ақ.
Барлығы орындарынан тұрып, террасқа беттеді, тек Гедеоновский ақырын ғана қайтып кетті. Лаврецкий мен Марья Дмитриевна, Паншин мен Марфа Тимофеевна сөйлесіп отырған кезде, ол бір бұрышта үндемей ғана кірпігін қағып, ернін балаша қызығып созып, сөз тыңдап отырған. Енді жаңа қонақтың жайын қалаға шапшаң таратпақ болып, асыға жөнелді. Сол күні кешкі сағат он бірде Калитина ханымның үйінде мынадай хал болып еді. Төменде, қонақ үйдің жанында, оңаша бір мезгіл тауып, Владимир Николаевич Лизамен қош айтысқан, қыздың қолын ұстап тұрып:
- Мені бұл үйге тартатын кім екенін сіз білесіз, не себепті сіздің үйге дамылсыз келетінімді де білесіз, соншалық анық жайды сөзбен айтудың қажеті бар ма? -деген.
Лиза бұған жауап берген жоқ, күлімсіреген де жоқ, қасын сәл көтеріп, қызарды да, төмен қарады, бірақ қолын тартып алған жоқ; ал жоғарғы үйде Марфа Тимофеевнаның бөлмесінде, ескі икондар алдында жанған кішкентай шамдалдар жарығы бар еді, Лаврецкий кең орындыққа екі тізесіне шынтағын тіреп, алақанымен бетін басып отыр еді. Кемпір оның алдында тұрып, оқта-текте үнсіз ғана қозғалыс жасап, жігіттің шашын сипады. Үй қожасы әйелмен қоштасқан соң, Лаврецкий мұнда келіп, сағаттан артық отырды; бірақ ол өзінің мейірімді қарт апасына ешнәрсе де баянды еткен жоқ. Апасы да мұның жайын сұрастырмады. Нені сөйлеп, нені сұрастырсын? Апасы онсыз да жайды түсінетін, мұның жүрегінде бардың бәріне ол барынша тілеулес болатын.
VІІІ
(Біз бұрынғы әңгімеміздің желісін үзе тұратын болғандықтан, оқушыдан кешірім өтінемін.) Федор Иванович Лаврецкийдің арғы атасы Пруссиядан шығып, Божецкіден мол жер сый алған болатын. Оның кейінгі нәсілі де әр түрлі мансапқа ие болысты, кейде князь қол астында, кейде шеткері өлкеде істеп жүргендері болды; бірақ ешбірі де үстел басынан жоғарылап, мол мүлік те жия алмаған. Лаврецкийдің бар тұқымында ең көрнекті, ең бай болған кісі Федор Ивановичтің ұлы атасы - Андрей болатын, ол қатал, өр, ақылды, тәсілқой адам еді. Осы күнге шейін сақталған аңыздарда оның сотқарлығы, бүлік мінездері туралы және орасан мырзалығы мен тойымсыз қомағайлығы туралы әңгімелер айтылатын. Өзі жуан, зор денелі, жүзі қара сұр, көсе, тілі быдық және ұйқышы кісі тәрізденетін; ол неғұрлым ақырын сөйлесе, маңындағылар соғұрлым қалтырап тұратын... Қатынды да өзіне сай тауып еді, онысы бадырақ көз, қаршыға тұмсық, тұрым сары, сыған текті әйел, кекшіл, ызақор болғандықтан күйеуіне дес бермейтін; сондығынан оны ері өлтіре жаздап жүрсе де, ақыры күйеуінен соң өлді. Бұлардың ұлы Петр, Федордың үлкен әкесі, өз әкесіне тартпады; бұл сахараның жабайы мырзасындай тәртібі аз, айғайшыл, тімтінгіш, қатал мінезді, бірақ жауыз адам емес, қонақшыл және итпен аңшылық жасауды сүйетін кісі еді. Әкесінен қалған мұра отыз жасында қолына тиген, екі мың құл Крестьян болатын, шаруа мығым еді; бірақ бұларын Петр еркінсітіп жіберіп, мүліктің біразын сатып та қойған-ды. Мұның айналасына тарақанша жиналып жүретін ұсақ адамдар нөпірі көп болды; күтімсіз болса да кең, жылы үйлерінде қонақ мол болатын; ол адамдар аузына тигенді тоя жеп, мас болғанша ішіп, қонақуар байды мақтап, дүниелігін де жан-жаққа таратып алып кете беретін; бай ашуланған шақта өзінің қонақтарын арамтамақтар, қулар деп ұрсады да, олар болмаса тағы іші пысатын. Петр Андреевичтің әйелі момақан болды. Мұны оған әкесі өзі таңдап, көршілес таныстардың бірінен айттырып берді; әйелдің аты Анна Павловна болатын. Ол әйел ештеңеге араласпайтын, қонақтарға жүзі жарқын, өзі де қонаққа барғыш, бірақ бетіне опа жағуды елердей жек көруші еді. Қартайған шағында бұл жөнінде әңгіме еткенде, "басыңа киіз қаптап, шашыңды жоғары түре буып, майлап тастайтын, бетіңе ұн жағып, темір түйреуіштермен өне бойыңды түйрейтін, кейін бетіңді жусаң тазара алмай жүретін ең, ал қонаққа опа жақпай барсаң ренжиді, азап еді" дейтін. Өзі желіскер аттар жектіріп, сейіл құруды сүйетін, картаны ертеден қара кешке дейін ойнауға жалықпайтын; ойнап отырғанда күйеуі маңына барса, жалғыз тиын ұтқызса да, жасыруға тырысатын; өзінің үйінен әкелген еншісін күйеуінің еркіне түгел беріп қойған-ды. Бұдан екі бала туып еді, біреуі - Иван, Федордың әкесі, екіншісі қыз - Глафира болатын. Иван үйде тәрбиеленбей, княжна Кубинская деген, байлығы мол, кәрі апасының қолында өсті, ол апасы мұны өз мүлкіне мұрагер еткен (әйтпесе Иванды әкесі жібермес еді); апасы Иванды қуыршақтай киіндіріп, оған неше алуан тәрбиешілер жалдаған; күтуші, тәрбиеші етіп, бұрын аббат болған Жан-Жак Руссо шәкірті Курцтен деген бір французды жалдап алған; француз епті, сұңғақ адам болатын; Кубинская мұны жамандай жүрсе де, жасы жетпіске жетер кезде соған күйеуге тиді; бар мүлкін де соның атына шығарды; кейін бетіне қызыл бояу жағып, Ришелье иісті майын сеуіп, айналасына қара құлдар жиып, бірақ көп жасамай, XV Людовик заманынан қалған жібек жапқан қисық диван үстінде, қолына насыбай сауытын ұстап жатып қайтыс болды; күйеуі тастап кеткен еді. Айлакер француз мырза Курцтен мұның ақшасын алып, Парижге тайып кеткен. Иван княжна мүлкінен оның күйеуге тиюі арқылы қаза көріп айырылатын болғанда, жасы жиырмаға жеткен еді; кейін мұрагердің орнына апасының үйіне тек тамақ асыраушы боп қалуды ол өзіне ар көрді; Петербургте бұл араласып өскен қауымға енді барар жол қалмады; төмен шеннен, қиыншылықтан бастап, кызмет етуге ол жирене қарады (бұл халдың барлығы Александрдың патшалығының алғашқы кезінде болған еді); Иван амалсыз қыстаққа, өз әкесінің қолына келді. Бірақ туған ұясы енді бұған көрнексіз, кір, татымсыз болып көрінді: сахарадағы күй -тұрмыстың меңіреулігі мен құнарсыздығы мұны ыза қылатын; іш пысу да үлкен дерт болды; соның орайында, бір шешесінен басқасының бәрі мұны да жақтырмады. Әкесіне оның үлкен қаладағы тәрбиеден алған әдеттері жақпады; үстіндегі фрагы, кітаптары мен кернейі, тақтиған тазалығы - бәрі де жиренішті көрінді; баласына ашуланып, ұрсып сөйлейтін. "Бұған түк жақпайды, үстел басында шұқынып отырады, ас ішпейді, адамның исінен, үйдің жылылығынан жиренеді, мастарды көрсе, кейпі бұзылады, мұның көзінше кісіні ұруға да болмайды, қызметті және істемейді. Саушылығым нашар деген болады, қарасаңшы нәзік немені! Бәріне себебі, мұның басына Вольтер орнаған", - дейді. Шал Вольтерді әсіресе жақтырмайтын және қарғаған Дидеротта ұнамайды. Олардың кітаптарынан өзінің жалғыз жол оқымағанын және кітап оқуменен жұмысы жоқтығын ескермейді. Петр Андреевич қателескен жоқ-ты, оның баласының басында Дидерот пен Вольтер көп орын алатыны рас, олар ғана емес, Руссо, Рейналь, Гальвеций және соларға ұқсаған, өзге көп жазушылар да оның басында болатын, бірақ тек қана басында жүретін. Мұның тәрбиешісі болған аббат көп білімді адам, өзінің шәкіртіне жалғыз XVІІІ ғасырдың даналығын құйған да, бұл соны ғана сақтап жүретін; ол білім мұның қанына сіңбеген, жанына жайылмаған, өз ойындай боп қонбаған-ды. Әрине, бұдан елу жыл бұрынғы жігіттен оны талап етуге болмайды, біз бүгін де оған жетіп отырғанымыз жоқ қой?! Иван Петрович әкесінің қонақтарына да жайлы емес-ті. Бұл оларды мазақ ететін, қонақтар болса бұдан қорқатын-ды, жігіт өзінен он екі жас үлкен апасы Глафирамен біржолата ұғыспады: қыз Глафира бір алуан жан еді, ол сұлу емес, арық, бүкір келген, көздері салқын болатын: жұқа еріндерін жымырып жүретін әдеті, даусы және шапшаң қозғалыстары - барлығына қарағанда, ол өзінің үлкен шешесі, Андрейдің әйелі, сығанға ұқсаушы еді. Қайратты, қажырлы болғандықтан байға тиюді де есіне алмады. Иван Петровичтің кайтып келгенін ол жақтырмаған. Княжна Кубинская інісін қолына ұстап жүргенде, бұл кем қойса әкем мүлкінің жарымына ие болармын деуші еді: өзінің сараңдығы да үлкен шешесіне тартқан-ды; Глафира бауырына қызғанышпен де қарайтын; ол болса оқымысты: французша соншалық жақсы сөйлейді; Париж адамдарының нақысымен сөйлейді; ал мұның білгені тек "бонжур" және "коман ву, порте ву?" сияқты ғана болатын. Рас, мұның әкесі, шешесі французша тіпті түк білмейтін, бірақ оның бұған жұбаныштығы аз болды. Иван Петрович болса, іш пысып сарғаюдан қайда қашарын білмеді: қыстақтан шықпай бір жыл тұрғанда, сол мезгіл оған он жылға бергісіз болды. Тек шешесінің қасында ғана толас тауып, оның кішкене аласа бөлмесінде, болымсыз әңгімесін тыңдап, варенье жеп қана отыратын. Анна Павловнаның күтуші қыздарының ішінде бір көркем қыз болды, оның өңі нәзік, көзінде момындық бар, ақылды, Маланья дейтін қыз еді. Иван Петровичке сол қыз алғашқы көргеннен ұнады да, соған ғашық болды: қыздың сыпайы жүрісін, ұяң жауабын, ақырын үнін, үнсіз жымиюын бұл түгел ұнатты: күн санап қыз ыстық көрінді. Иван Петровичке қыз да, барлық орыс қызыңдай, өзінің бар жанымен берілді. Шынымен қосылып еді. Қыстақтағы бай үйінде ешбір сыр ұзақ уақытқа жасырын боп қала алмайды. Аз уақытта жас мырзамен Маланья жақындығын жұрттың бәрі білді; сол хабар ақыр-аяғы Петр Андреевичке де жетті. Өзге уақыт болса, әкесі мұны болымсыз іс деп елемес еді, бірақ баласына көптен зығыры қайнап жүрген әкесі енді Петербургтің білгішсіген сәнқой жігітін жерлеп, ұялтуға бекінді. Үлкен айғай, шаң-шұң шығып, Маланьяны апарып қараңғы үйге қамасты, Иван Петровичті әкесі шақыртыпты. Бұл дырдуға Анна Павловна да келген болатын. Ол күйеуін тоқтатпақ еді, бірақ Петр Андреевич енді сөз тыңдамайтын болды. Баласына қырғидай соқтығып, оны ұятсыз, алдампаз, құдайдан безген деп айыптады, Иван Петрович басында үндемей шыдап көріп еді, бірақ әкесі мұның намысына тиіп, жазалайтынын көрген соң шыдамады. Ішінен "құдайдан безген Дидерот тағы сахнаға шықты ма? Ендеше, тоқтай тұрыңыз, мен оны іске жұмсап, сізді таңғалдырайын" деп ойлады. Сол арада іштей дірілдеп тұрса да, жай салмақты дауыспен әкесіне дау айтты; ұятсыз деген айыпты мойнына алмады; бірақ ол мүлде айыбы жоқ демейді; енді сол айыбын болымсыз сөздерді елемей, түземекші; қысқасы, ол Маланьяға үйленбекші екенін білдірді; осы сөздерді айтып, Иван Петрович өзінің мұратына дәл жетті. Петр Андреевичтің жаңағы сөзге таңғалғандығы сонша, басында екі көзі бадырайып, үн шығара алмай қалды; бірақ артынан лезде есін жиып, үстіне тиін ішік киіп тұрған, жалаңаяқ аяғына башмақ киген қалпында жұдырығын түйіп, Иван Петровичке тап берді; жігіт бүгін әдейі де емес, шашын сыпайы тарап, үстіне ағылшын фрак киіп, шашақты етік, аса кербез ақ шалбар киген екен. Анна Павловна шошынғаннан айғай салып, бетін басты: жігіт зыта жөнелді, қашқан бойда бар үйден өтіп, қораға шығып, бақшаға қарай безіп, одан да өтіп жолға шықты: артына қарамай, зытып барып, әкесінің мұны қуған тысыры мен ауыр дем алысы басылғанша қашты. Әкесі ақырып: "Тоқта, бұзық, тоқта, теріс батамды берем" деп еді, Иван Петрович тоқтамай кеткен бойда бір көршісінің үйіне тығылды. Петр Андреевич қиналып, терлеп, демін зорға алып, үйге келе бере, баласына бата бермейтінін айтты; оның барлық құраған кітаптарын өртетпек болды; ал Маланья қызды қолма-қол алыс қыстаққа айдап жіберуге бұйрық етті. Иван Петровичке дос-жар адамдар табылып, оған жайдың бәрін мәлім етті. Ол ұялса да қатты ызаланып, әкесінен кек алуға ант етті. Сол түнде, крестьян арбасына мінгізіп апара жатқан Маланьяны жолшыбай тартып алып, қасына отырғызып, жақындағы қалаға қашып барды да, өздерінің некесін қиғызды. Бұған ақша берген көршісі үнемі ішкіліктен босамайтын, бірақ мейірімді адам болатын. Ол өзі айтқандай, осы алуандас ғажайып тарихтарға жаны құмар кісі. Иван Петрович келесі күні әкесіне шанышпа тілмен, сыпайылау хат жазды, ал өзі шөберелес жақыны Дмитрий Пестовтың қыстағына кетті; Дмитрий Пестов бізге мәлім Марфа Тимофеевна атты қарындасымен бірге тұратын. Бұларға Иван Петрович өзінің бар жайын айтып, енді Петербургке қызметке баратынын білдірген және мыналардан уақытша мұның әйелін қолдарына ұстауды сұраған. Әйелім деген жерде бұл жылап та жіберген, өзінің үлкен шаһардағы оқу тәрбиесіне, философиясына қарамай, бейшара ғана, мүләйім ғана орыстың бірі болып, туғандарының аяғына да жығылып бас иген, еденге маңдайын да тақ еткізген. Пестовтар қайырымды, мейірбан адамдар еді, мұның өтінішіне оңай ризалық білдірді; жігіт мұнда үш жұма тұрып, ішінен әкесінің жауабын күтіп еді, жауап келмеді, келуге мүмкін емес еді. Петр Андреевич баласының некеленіп қойғанын білгенде төсек тартып жатып ап, енді оның атын атаушы болмаңдар деген; тек шешесі ғана күйеуінен жасырып, поптан бес жүз сом алып және кішкене иконды келініне арнап жіберген болатын; хат жазуға қорғанған, бірақ баласына елші ғып жіберген жүрдек мұжықтан сәлем айтыпты; "күйінбесін, құдай бұйырса бәрі ойдағыдай болады, әкесі ашуын тастап, мейірленеді" депті; ойлаған келіні бұл болмаса да, құдайдың жазғаны сол шығар деп, Маланья Сергеевнаға аналық батасын беріпті. Хабар әкелген мұжық бір сом ақша алды, сонан соң жаңа ханыммен көрісуді өтініп, оның қолынан сүйіп жүріп кетті, Маланьяға бұл туыс есепті болатын. Иван Петрович Петербургке көңілді күйде кетті. Алдында белгісіз келешек бар; мүмкін, мұқтаждық та кезігер, бірақ бұл соншалық сұм көрінген қыстақ тірлігінен құтылды; онан соң, әсіресе өзінің ұстаздарын қор етпеді; оларды шынымен іске жұмсап, Руссо, Дидероттың аттарын ақтап, "адамның, азаматтың хақы турасындағы шартнаманы да" ақтап шықты. Кеудесінде қарыз ақтадым, жеңдім дегендей мақтаныш та бар еді, әйелінен айрылудан көп сескенген жоқ, бұған қайта онымен ұдайы бірге тұру қиын соғар еді. Бір іс істелді, енді екіншісіне кірісу керек. Петербургте мұның ісі ойдағыдан тыс жақсы болып шықты. Княжна Кубинская мосье Курцтен тастап кеткеннен әлі өлген жоқ еді, немересінің алдындағы өз айыбын ақтау үшін ол мұны көп достарына тапсырып және өзіндегі барын жиып, бес мың сом ақша берді, онан соң періштелер суреттерімен әшекейленген бір сағат сыйлады. Үш ай өтпестен жігіт Лондондағы орыс елшілігінің кеңсесінен орын алды. Сөйтіп, Англияға баратын кеменің (пароход ол кезде мүлде жоқ болатын) ең алғаш жүретініне мініп, теңіздің арғы жағасына кетті. Осыдан бірнеше айдан соң ол Пестовтан хат алды. Мейірімді помещик Иван Петровичті жаңа туған ұлың бар деп құттықтапты: бала Покровскі қыстағында 20 августа 1807 жылда туыпты; атын әулие Федордың әруағына арнап, Федор қойысыпты. Торалып болмаған Маланья Сергеевна хатқа өз жанынан бірнеше жол ғана сөз қосқан екен, бірақ осы азғана жолдардың өзі де Иван Петровичті таңғалдырды; мұның әйелін Марфа Тимофеевнаның оқытып жүргенін ол білмеуші еді. Бірақ Иван Петрович аталық сезімге соншалық балқыған жоқ, бұл кезде ол атақты сұлулардың біреуінің соңында жүретін; Таильвит бітімі жаңа ғана болған кез еді, жұрттың бәрі масайрап, бар дүние тынымсыз құбылып, шырқ айналып жатқан кез болатын, ерке сұлудың қара көздері сол кезде жігіттің де басын айналдырған еді. Рас, мұның ақшасы болатын; бірақ картадан қолы қатты шығып жүрді, жаңадан таныстар тауып, қызық атаулының бәрін көрді; қысқасы, өмір кемесі құлаш ұрып аққандай болатын.
ІX
Шал Лаврецкий көпке шейін баласына оның айыбын кешпеді; егер Иван Петрович жарым жылдан соң мұның аяғына жығылса, кешірер ме еді, басында ұрсып, айбар шексе де басылар еді, бірақ Иван Петрович шет елде жүрді, мұндағыны елемеді. "Үндеме! Қысқарт! Ол күшік менің оны қарғамағаным үшін өмір бойы алғыс айтсын әуелі; марқұм әкем болса, ол есуасты өз қолымен өлтірер еді, бәрінен ақыл сол болар еді!"-деді. Анна Павловна мұндай сұмдық сөзді естігенде, тек ақырын ғана дұға оқитын. Иван Петровичтің әйелінің жайы болса, Петр Андреевич әуелі ол туралы тыңдағысы да келмеді. Пестовтың бір жазған хатына "менің келінім жоқ, қашқан қызды сақтау заңға қарсы, соны ескертемін!" депті; бірақ кейін немересі туғанын естігенде жұмсарып, әйелдің саушылығын сұрастырып, көлденең біреудің атынан азырақ ақша да жіберді. Бірақ Федя бір жасқа шығар-шықпас та Анна Павловна өлімші науқас болды. Өлерінен бірнеше күн бұрын төсектен тұра алмай, көзі жасаурап жатып, көптің көзінше күйеуіне соңғы бір арманын білдірді; келініне кешірім айтып, немересіне бата беруді арман етті. Күйініп жүрген шал әйелін тыныштандырып, сол арада келініне өзінің ат-арбасын жіберіп, ең алғашқы рет Маланья Сергеевна деп атап шақыртты. Келін баласымен және мұны ешкімге ренжітпеймін деп қорғаған Марфа Тимофеевнамен бірге келді. Маланья Сергеевна Петр Андреевичтің кабинетіне келгенде қорқып, құр сүлдері кірді. Артында күтуші әйел Федяны әкеле жатыр еді. Петр Андреевич келінге үнсіз қарады, келіні мұның қолын сүйді, дірілдеген ерні үнсіз ғана сүйіп еді. Шал сөз қатып: "Ну, шала піскен бекзада, аман ба? Жүр ханымға барамыз", - деді, орнынан тұрып, Федяға жақындады. Нәресте жымиып, бұған ақшыл қолын созды. Шал бұған қатты өзгерді.
- Ох, жетімек! Әкең үшін кешірім алдың - ау! Тастамаспын, балапаным, - деді.
Маланья Сергеевна Анна Павловна бөлмесіне кіре бере есік алдына тізерлеп отыра кетті. Енесі мұны қасына шақырып, құшақтады да, немересіне бата берді; осыдан кейін қатты науқас кемірген, жүдеу көзін күйеуіне бұрып, бірдеме айтпақ болып еді. Петр Андреевич өзі сөйледі:
- Білемін, білемін, не тілейтініңді, уайымдама, келін осында қалады, бұл үшін Ваньканың айыбын да кешірдім! - деді.
Анна Павловна есін жиып, күйеуінің қолын ұстап, ерніне басты. Сол күні кешке ол қайтыс болды. Петр Андреевич уәдесін бұзған жоқ. Баласына хат жазып, оның анасының өлім сағатында кішкене Федор үшін бұған кешірім білдіргенін және Маланья Сергеевнаны өз үйінде қалдырғанын айтқан. Келінін өз үйінде екі бөлмеге орналастырды; қадірлі қонағы соқыр бригадир Скурехин мен оның әйеліне келінін таныс етті; келініне қызметкер етіп екі қыз және бір жігіт жалдап берді; Марфа Тимофеевна жас келінмен қоштасып кетіп қалды; ол Глафираны соншалық жек көріп, жалғыз күн ішінде үш-төрт ұрысып алған еді. Мұнда тұру жас әйелге әуелде қиын, ыңғайсыз болғанмен, кейін төзім тауып, қайын атасына үйреніп алды. Атасы да бұған үйреніп, тіпті жақсы көре бастады, бірақ тіл қатып сөйлеспейтін, бұған мейірленген кезде де әлдеқандай менсінбеушілік байқалушы еді. Маланья Сергеевна бар қиыншылықты күйеуінің апасынан көрді. Глафира шешесі барда да үйді өз қолына алып қалып еді; тіпті әкесі де бұған бағынатын, оның рұқсатынсыз жалғыз түйір қант та ұсталмайтын, енді басқа бір әйелмен келісіп, әлдекімді бұл үйге ие қылғанша Глафира өлгенін артық көріп еді. Інісінің үйленуі мұны әкеден бетер ашуландырған болатын; тәубесін ұмытқан келінді ол енді қысып ұстамақ; сонымен, алғашқы күннен - ақ Маланья Сергеевна мұның күңі есепті болған-ды. Омырау, өзімшіл Глафирамен ол қайдан алыссын, өзі үнсіз, үнемі ұялшақ, қорғаншақ және саушылығы нашар адам еді. Күн сайын Глафира мұның бұрынғы жайын айтып, сонысын ұмытпағанын мақтап қоятын. Маланья Сергеевна ол кекесіндерге зәредей болса да көнер еді, бірақ Глафира бұдан Федяны алып қойды, бәрінен сол батты. Маланья баланың тәрбиесіне айналыса алмайды деп сылтауратып, енді өз баласына өзін жолатпай қойды, тәрбиені түгелімен өз қолына алды. Уайымды Маланья Сергеевна өзінің хаттарында Иван Петровичке тез қайт деп өтініш жазатын, Петр Андреевичтің де баласын көргісі келетін; бірақ жігіт құр ғана хат жазып, әйелі үшін, ақша жібергені үшін әкесіне алғыс айтады, тез келуді серт етеді; жалғыз-ақ келмейтұғын. Тек он екінші жыл уақиғасы ғана оны шет елден еріксіз қайырды. Алты жылдай көріспеген әке мен бала құшақтасып амандасып, бұрынғы кейістер туралы бір ауыз сөз айтыспады; айтысар уақыт та емес еді, барлық Россия жауға қарсы көтерілген кезде, бұл екеуі де өздерінің тамырында орыс қаны ағатынын сезінетін-ді. Петр Андреевич өз пұлына бір полк әскер киіндірді; бірақ соғыс бітті де, қауіп кетті; Иван Петровичтің енді тағы іші пысты, тағы да өзі біте қайнасқан, өз үйіндей боп кеткен алысқа, басқа ортаға жетуге ынтықты. Маланья Сергеевна оны бөгей алмады, күйеуіне мұның салмағы аз болды. Одан күткен үміті де ақталмады. Федяның тәрбиесін әкесі де Глафираға тапсыруды мақұл тапты. Иван Петровичтің бейшара әйелі бұл соққыны көтере алмады, екінші айрылуды да көтере алмады; үн қатпай, бірнеше күнде өшіп сөнгендей болды. Өзінің бар өмірінде ешнәрсеге қарсылық ете білмеуші еді, аурумен де алыса алмады. Тіл-ауызын қойып, бетіне өлім көлеңкесі түсіп тұрған шақта да оның жүзінде мүләйім момындық, сабырлы таңырқау бар еді; үнсіз күйде бағынып, Глафираға қарап, Анна Павловнаның өлердегі мінезіңдей бұ да Глафираның қолын сүйіп, жалғызын тапсырды. Осылайша бір момын мейірбан жан жердегі тіршіліктен қол үзді, өзінің туған топырағынан жұлып алып, тамырын солдырып, күн көзіне тастаған жас талдай сорлы жан ізі қалмай сөнді де, ғайып болды. Ол үшін қайғырған да жан болмады, аз өкініш білдірген күтуші әйелдер мен Петр Андреевич еді. Шалға оның мейірімді жүзі, үнсіз момын тірлігі қажет екен. "Кеш, кеше гөр, менің үнсізім, момыным!"-деп, ол шіркеуде соңғы рет сыбырлап сөйледі. Қабіріне бір уыс топырақ салып жатып, жылап та алды. Осыдан кейін өзі де ұзақ тұрмады, бес жылдан соң қайтыс болды. 1819 жылы қыстыгүні Москвада Глафира, немересі - бәрі тұрған шақта қайтыс болды, өзін Анна Павловнаның және Маланьяның қасына қоюды сұрады. Иван Петрович бұл кезде өз қызығымен Парижде жүретін, ол 1815 жылы отставкаға шыққан. Әкесінің өлімін естіген соң Россияға қайтпақ болды. Мүлік, мекенді басқаруды ойлап және Глафираның хатына қарағанда, Федя он екі жасқа шығыпты, енді оның тәрбиесін мықтап қолға алатын шақта болған еді.
X
Иван Петрович Россияға ағылшын құмар болып қайтты. Шашын қысқа қырқады, крахмалдаған жабо, ұзын етік, шұбар сюртук киеді; қатырма жағалары көп, тыжырынғыш ажары бар, кісімен сөйлессе салқын; сөйлессе паңданып сөйлеп, күлсе оқыс қарқылдап, бірақ қуанбай күледі; әңгімесі тек саясат пен шаруашылық жайы; етті шала пісіртіп жейді, портвейн құмар әдеті бар; қысқасы, бар мінезінен Великобритания белгісі көрінетін, өне бойына со жақтың исі сіңген. Бірақ бір ғажабы тағы бар! Ағылшын құмар болумен қатар, ол өзін патриот санайды, Россияда аз болса да, соның патриотымын дейді, бірақ орыс әдетінің біреуін де ұстанбайды; орысша сөзі бір алуан болатын: жай әңгімеде сөзге олақ, салбыр және француз сөзін көп қосады; бірақ салмақты мәселені сөйлей бастаса, Иван Петровичтің аузынан "өз талабыңның жаңа тәжірибесін көрсет", немесе "бұл жай табиғи жағдаймен үйлеспейді" деген сияқтылар шығатын. Иван Петрович мемлекетті ондау, ретке қою жөнінде өзімен бірге бірнеше қолжазба жоспарлар әкелді; ол мұнда көргенінің бәріне де риза емес, мұнда тәртіптің жоқтығы әсіресе зығырын қайнататын. Апасымен көріскенде ең алғашқы сөзден - ақ бұдан былай жаңа тәртіп кіргізетінін, шаруаны өзінше жүргізетінін айтқан. Глафира Петровна жауап қатқан жоқ, тек тістеніп тұрып қана ішінен ойлағаны "онда мен қайда кетеді екем?" деген ой еді. Сөйтсе де, қыстаққа інісі мен немересін ертіп қайтысымен тезінен көңілі тыныштанды. Үйде біраз өзгерістің болғаны рас: бұрынғы арамтамақтардың бәрі қуылды, сол ретте екі кемпір сорлап қалды. Біреуі -соқыр, екіншісі өнебойы сал болған сорлы еді; және баяғы заманнан тамақ асырап жүрген кәрі майор болушы еді; оны мешкейлігі үшін тек қана нанменен, көжеменен асырайтын, ол да қуылды. Және бұрынғы қонақтарды қабылдамасын деген бұйрық болды; олардың орнына жырақтау тұратын сарғыш шашты, дімкәс барон келгіш болды; бұл өте жақсы тәрбие алған, бірақ өте ақылсыз адам еді. Москвадан үй ішіне жаңа жиһаз келді; әр жерге түкіргіштер қойылып, кішкене қоңыраулар мен бет жуғыштар орнады; таңертеңгі ас та жаңаша әзірленді, орыс арағының орнына шет ел шараптары кірді; қызметкерлерге жаңа ливрей тігілді; аталық мөрге латынша "өзгелік - шындықта" деген жаңа жазу қосылды. Ал іс жүзінде Глафираның өмірі түк кеміген жоқ; алық - беріктің бәрін соның өзі басқарады; Эльзастан әкелінген камердинер мұнымен тайталасып көріп еді, мырза оны сүйемек болса да, шет ел адамы орнынан айрылды. Көп мүлікті басқару ісіне Глафира Петровна араласатын, бұл жөнінде Иван Петрович сан рет жаңа тәртіп орнатам десе де, барлық жай бұрынғы қалпында қалды: оның есебіне мұжықтардың міндетті еңбегі бұрынғыдан да молайып, ауырлап кетті және оларға Иван Петровичке тура келіп арыз айтуға рұқсат берілмейтін болды. Патриот өзінің отандастарына жирене қарайтын. Иван Петровичтің жаңа тәртібі түгелімен тек Федяға жаңалық әкелді: оның тәрбиесі шынында негізінен өзгеріп, әкесінің өз қолына көшті.
XІ
Иван Петрович шет елден қайтқанда, Федя тек Глафира Петровнаның қолында өсетін. Шешесі өлгенде, бұл сегіз жаста еді. Анасын күнде көрмесе де, ол барынша сүюші еді: жүдеу жүзді, мұңшыл көзді, момын анасының бар бейнесі және мұны ұялшақ күйде еркелетуі бала жүрегінен мәңгіге орын алған болатын. Бала анасының бұл үйдегі халін көмескілеу түсінетін; өзі мен анасы арасында бір кедергі барын, соны анасы бұза алмайтынын да сезетін. Әкесін үнемі жатырқайтын, Иван Петрович өзі де мұны еркелеткен емес; үлкен әкесі кейде мұның басынан сипап, өз қолын сүйгізсе де, әрдайым мұны ақымақ санап, жат бауыр бала дейтін. Маланья Сергеевна өлген соң, апасы мұны түгелімен өз қолына алды. Федя одан қорқатын, апасының көргіш, көкшіл көзінен, қатқыл үнінен де қорқатын; ол барда қыбыр етпейтін; кейде орындықта сәл қозғалса, апасы ысқырып, "не болды, тек отыр" деп қоятын. Жексенбі күні таңертеңгі намаздан соң бұған ойнауға рұқсат беріледі, ондағысы қолына қалың бір кітапты беретін, сыры мәлім емес кітапты Максимович - Амбодик, кітап аты "Символдар мен эмблемалар" делінген. Бұл кітапта мыңға жуық жұмбақ, суреттер бар және бес тілде жазылған жұмбақ түсініктер болатын. Суреттерде жалаңаш, мамық етті Купидон көп орын алатын. Бір суретте Шафран мен кемпірқосақ деген атқа берілген түсінік бар: "мұның әсері зор" деген; енді бір суретте - тұмсығына гүл тістеп ұшқан аққұтанның астындағы жазуда "саған мұның бәрі мәлім" деген. Купидон мен кішкене баласын жалап тұрған аюдың суретіне "аз-аздап" деген түсінік жазылған. Федя бұл суретті көптен білсе де, тыңнан қарайды, кейбіреулері айнымаған бір қалыпта тұрса да, кейде мұның қиялын қозғап, ойға қалдырады, баланың өзге ермегі жоқ болатын. Мұны оқу оқытатын, музыка үйрететін кез болғанда, Глафира арзан ақшаға бір кәрі қыз - швед қызын алды; бұл қоян көз әйел французша мен немісшені де шала біледі; фортепьянода сәл ғана ойнайтын, тағы бір қасиеті - қиярды жақсы тұздайтын. Осы тәрбиеші мен апасының және қартаң әйел Васильеваның жанында Федя төрт жыл болды. "Эмблемаларды" қолға алып, бұрышта күн ұзын отыратын; аласа бөлмеде герань исі болады, май шам күңгірт жанады; іші пысқандай болып, шырылдауық шегіртке шақырады; қабырғадағы кішкене сағат асыға жүреді; ұрланып келген тышқан қабырғаны тықырлатады; ал үш кәрі қыз үнсіз отырып, тоқыма бізді шапшаң қозғайды, олардың қолының көлеңкесі біресе жүгіріп, біресе қалтылдап, баланың басына неше түрлі күңгірт ойлар келтіретін; өңі қуаң, бірақ денесі жуан, сөлекет біткен, Глафираның айтуынша, нағыз мұжықтай, таза ауаға жиі жіберсе, мұның жүзінен жүдеулік кетер еді. Оқуды тәуір оқыды, бірақ көбінше жалқаулана беретін; өзі ешуақытта жыламайды, бірақ кейде бір жабайылықпен қыңырланатын шағы болады, онда ешкімнің бұған құдіреті жетпейтін. Федя маңындағы адамның бірде-бірін сүймейтін... Жасынан сүйе білмеген жүрек сорлы ғой! Иван Петрович баласын осындай күйде тауып, енді уақыт өткізбестен оған өзінің тәртібін қолданды. Ол Глафираға "мен бұдан жақсы адам шығарамын!.. Жай адам емес, спартанец шығарамын" деген. Өз мақсатын орындауды Иван Петрович бастағанда, баласына шотланд киімін кигізді. Он екі жасар бала балтырын ашып, басындағы картузына қораздың қауырсынынан үкі тағып жүрді; швед әйелінің орнына гимнастиканы тамаша білетін жас Швеция адамы келді; музыканы еркекке лайық іс емес деп, мүлде доғарды; табиғат ғылымы, халықаралық право, математика және Жан-Жак Руссо өсиеті бойынша ағаш ұсталығы, одан соң, рыцарьлық сезімге үйрету үшін геральдика сабақтары оқылатын болды; болашақ "адамның" кәсібі осы болды; баланы сағат төртте тұрғызып, суық суменен шомылдырып, биік діңгек айналасында жүгіртетін; күніне бір-ақ рет бір ғана тамақ жеп, салт атқа мініп, мылтық ата білетін болды; әкесінің үлгісімен әр кезде өзінің қайратын өсірмек болатын және әр күні кешке айрықша кітапшаға өткен күннің есебін, өзіне еткен әсерін жазып отырады; ал Иван Петрович баласына өз тарапынан француз тілінде өсиеттер жазғанда оны французша "менің ұлым" дейтін және баласына "сіз" деп сөйлейтін. Федя орысша сөйлегенде әкесін "сен" дейді, бірақ әке көзінше ылғи тік тұрады. "Тәртіп" баланың басын айналдырды, ойын шым-шытырық етіп, қыспаққа салды; бірақ саушылығына бұл жаңа өмір аса жақсы әсер етті; басында ол суық тиіп ауырып та қалып еді, кейін тезден оңалып, мықты азамат боп кетті. Әкесі бұған қарап мақтанып, "табиғаттың ұлы, мен жаратқанмын" дейтін. Федя он алты жасқа жеткенде, Иван Петрович әйел жынысынан алдын ала жирентіп өсірмек болды, сондықтан жас спартанец қайраты мен қаны, қажыры мол болса да, жүрегі үркектеу болса да, сыртымен салқын, қатаң, тұрпайы болуға тырысатын. Осымен мезгіл өтіп жатты. Иван Петрович жылдың көп мезгілін Лаврикте өткізетін (бұл оның ең үлкен ата мүлкі қыстағы еді), ақ қыс түсе ол Москваға жалғыз өзі келіп, трактирге түсетін: клубтарға дамылсыз барып, шешендік құратын: қонақ үйлерде өз пландарын айтып, мұндайда, әсіресе ағылшын құмар, паң мемлекет адамы боп көрінеді. Бірақ 1 825 жыл келді де, көп қайғылар әкелді. Иван Петровичтің жақын таныстары, достары ауыр азапқа түсті. Бұл кезде Иван Петрович қыстаққа жетуге асығып, өз үйінде тығылып отырып қалды. Енді бір жыл өткенде Иван Петрович жүдеп, әлсіреп, төмендеп кетті: денсаулығы да бұзылып еді. Еркін ойлы адам енді шіркеуге барғыш боп, діндар болды; европаша адам моншада шабынатын болды, түскі тамақты сағат екіде жеп, кешкі тоғызда жатарда кәрі қызметкердің ертегісін тыңдағыш болды; мемлекет адамы өзінің бар планы, бар жоспарын, сақтаулы хаттарын түгел өртеп, енді губернатордан қорқатын, исправникке жағымпазданатын болды; қайратты, берік адам түймедей сыздауық шықса, немесе салқын тамақ келсе, уайымдап күйзелгіш болды. Глафира Петровна барлық үйді тағы өзі баурап алды: тағы да артқы есіктен приказчик, малайлар, жай мұжықтар "кәрі сараң" қызға келгіш болды. Иван Петровичтің өзгеруі баласын қайран қып жүрді: мұның жасы он тоғызға жеткенде, әр жайды ойлап, өзін сығымдап ұстаған қолдан енді босана бастады. Ол бұрын да әкесінің сөзі мен ісі қарама-қайшы екенін аңғаратын: жүйесі либералдық болса да, ұсақ, қаталдық, өзімшілдік барын байқайтын, бірақ әкесі қазіргідей шұғыл өзгерер деп ойламаушы еді. Енді кәрі өзімшіл жан бір-ақ танылды. Жас Лаврецкий бұл күнде Москваға барып, университетке түсуді ойлады, осы кезде Иван Петровичтің басына жаңа сор пайда болды: ол бір-ақ күнде су қараңғы боп, қор боп қалды. Орыс дәрігерлерінің өнеріне сенбей, ол шет елге баруды талап етіп еді, бұған рұқсат болмады. Бұдан соң қасына баласын ертіп, үш жыл бойына бүкіл Россияны кезіп, бір доктордан бір докторға барды. Өзінің шыдамсыздық, әлсіздігімен қызметкерлерін, баласын және дәрігерлерді қинап жүріп, бір қаладан бір қалаға келді. Ақыры жылауық, ренжігіш, мүлде қайратсыз адам болып Лаврикке қайтты. Енді бұдан маңындағының бәрі азап шегетін болды. Тек тамақ уақытында ғана тыныштық табады, бұрын ешуақытта асты қазіргідей қомағайланып, көп ішпеуші еді, астан босаған уақыттың бәрінде де ол ешбір жанға тыным бермейтін. Біресе намаз оқып, бірде тағдырына күйінеді, өзін жерлеп, саясатты сөгіп, өзінің тәртібін де жамандайды: бұрын мақтаныш еткен жайларының барлығын кінәлайды, баласына үлгі еткен жайларын да жамандайды, ешнәрсеге сенбеймін деп отырып, тағы да дұға оқиды, бір сәтке жиылып, әңгіме айтып, алдандырып отырсын дейді, ал әңгіме айтқандарға: "ылғи өтірік айтасыңдар, қандай сандырақ!" деп тағы жазғырады. Әсіресе Глафираға қиын болды: бір жағынан онсыз отыра алмайды, апасы мұның бар айтқанын орындап, үндемей кетуге тырысады: үндесе - оған деген ызасы даусынан білініп қоятындай. Өстіп, екі жылдай қиналған Иван Петрович майдың алғашқы күндерінде, балконда күн көзінде отырып қайтыс болды. "Глаша! Глаша! Сорпа,, кәрі, ах..." дей бере тілі күрмелді де, соңғы сөзін тауыса алмай үні өшті. Глафира Петровна малайдың қолынан жаңа алған сорпаны ұстап тұрып, бауырының жүзіне қарады да, жай салқын салмақпен шоқынып, үндемей шығып кетті; әкесінің қасында отырған ұлы түк айтқан жоқ; ол балконға сүйеніп бақшаға қарап қапты; бақша исі тамаша, қалың көк қаулаған көктемнің жылы күнінде алтын нұрға бөленген дүние көрінеді. Мұның жасы жиырма үште: қаншалық байқалмай, соншалық шапшаң өткен жиырма үш жыл! Енді өмір жаңа басталғалы тұр.
XІІ
Әкесін қойып болған соң, тағы да Глафираға шаруаға бас-көз болуды тапсырып, жас Лаврецкий Москваға кетті, оны бір күңгірт, бірақ күшті сезім тартқандай болды. Ол тәрбиесінің кемшілігін біліп, бұрынғы олқысын толтырмақ еді. Соңғы бес жыл ішінде ол тек көп кітаптар оқып, көп нәрсені көргендей болатын, басынан кеп ойлар да кешкен: кейбір саладағы тапқан біліміне профессор болса да қызғаныш етер еді; сонымен қатар әрбір гимназист білетін жайлардан мұның білмейтіні де бар-ды. Лаврецкий өзін еркін сезіне алмайтын; іштей ойланғанда өзін-өзі күлкі адамдай көретін. Ағылшын құмар әке ұлын мазақ еткендей із қалдырды: айнымалы тәрбие өзінің жемісін бермей қойған жоқ. Әкесінің алдында көп жылдар ойсыз бағынумен болғаны бар еді; кейін жас жігіт әкесін танып болған кезде, көп әдеті мұның бойына сіңіп, іс бітіп қалған екен. Ол ешбір адаммен жақындаса алмайтын: жасы жиырма үшке келіп, қорғаншақ жүрегінде асықтық құмарын сақтап жүрсе де, әлі күнге бір әйелдің көзіне тура қарап көрген емес. Мұның ашық, сергек, бірақ шабандау ақылына қарағанда және қыңырлық аралас баяу жалқаулығына қарағанда, ол ерте жастан қызу өмірге араласу керек еді. Ал мұны ықтиярсыз оңашалықта ұстады... Енді міне, тұсау кесілді, бірақ бұл бір орыннан аттай алмай, өз-өзінен түйілген бір халде жүр. Мұның жасында студент мундирін кию күлкі сияқты, бірақ ол сескенбеді. Жасынан алған қаталдық тәрбиесі бұл жерде керекке жарап, ол жұрттың сынын еске алған жоқ: ұялмай-ақ студент мундирін киді. Оқуда физика - математикалық бөлімге түсті. Сақалы шығып қалған қызыл жүзді, момын, балғын жігіт өзінің жолдастарын таңғалдыратын; сабаққа пар ат жеккен қыстақ шанасымен кешікпестен келіп жүретін, салқын жүзді жігіттің іші жас баладай екенін жолдастары аңғармайтын. Оларға бұл ұқыпты, ақылгөй тәрізді көрінетін; сондықтан олар бұған жоламаса, бұ да бойын жолдастарынан қашық ұстайтын. Университетте екі жыл болған шағында өзіне латын тілін оқытатын бір-ақ студентпен жақын болды. Бұл - қызуқанды, өлең шығарғыш Михалевич деген студент. Лаврецкийді шын жақсы көретін. Және ойда жоқтан мұның тағдырындағы үлкен бір өзгеріске сол жолдасы себеп те болды. Ол кез Мочаловтың сахнадағы атағы зор кез еді. Лаврецкий сол артист араласқан ойындардан қалмайтын. Бір күні театрда бельэтаж ложасында отырған бір қызға жас жігіттің көзі түсті, әдетінде мұның түнерген бойына әйел болса да әсер етпей қоймаушы еді, бірақ мынау әйелді көргенде, оның жүрегі ерекше қобалжыды. Ложаның барқытында шынтақтаған қыз тапжылмастан отыр, сезімтал жас өмір оның қоңырқай келген сүйкімді дөңгелек жүзінде өзгеше көрініс береді; жіңішке қастарының астынан қараған сұлу көздерінде көркем ақыл бар сияқты; тез күлетін ұнамды еріндері бар; қозғалысы, қолы мен мойны, әсем киген киімі - бәрінде бір жұмбақ биязылық бар. Қыздың қасында жасы қырық беске келген, әжімі мол әйел отыр. Оның кигені иығы ашық қара киім, мағынасыз жүзінде тырысқан сүйкімсіз күлкі бар сияқты; ложаның артқы орнында орта жаста еркек көрінеді; оның үстінде кең сюртугі, кербез галстугы бар; топас тоқмейілдік аралас жағымпаздық кішкене көздерінен, бояулы сақал, мұртынан, мағынасыз кең маңдайынан, тозған ажарынан танылады. Бар белгісіне қарағанда, бұл отставкадағы генерал тәрізді. Лаврецкий өзін қайран еткен қыздан көзін ала алмай отырған бір сәтте олар отырған ложаның есігі ашылып, Михалевич сонда кірді. Барлық Москвадағы жалғыз танысы бұған қатты әсер етіп отырған қыздың қасынан барып шыққаны Лаврецкийге ғажап көрінді, тағдыр белгісіндей танылды. Ложаға қарай отырып, байқаса, Михалевич ол адамдардың бәріне үйреншікті ескі таныс тәрізді. Сахнадағы ойын Лаврецкийді алаң қыла алмады; бүгін Мочалов қызуменен ойнаса да, жігітке бұрынғыдай әсер етпеді. Ойынның аса бір күшті жерінде Лаврецкий ықтиярсыз өзінің сұлуына қарап еді, ол алға қарай еңкейіп, жүзі жанып отыр екен; бірақ жігіттің қадала қараған көзі әсер етіп, сахнаға қарап отырған қыз жай бұрылды да, жігітке көз тоқтатып ұзақ қарап қалды... Қыздың осы қараған көзі түн бойы жігіттің есінен кетпеді. Ақыры, сөйтіп, қолдан жасалған қорған, қамал бұзылды; ол бір қалтырап, бір күйіп, келесі күні Михалевичке барды. Жолдасының айтуынша, қыз Варвара Павловна Коробьина екен, ложада отырған кемпір мен шал - әкесі мен шешесі. Михалевич бұларменен осыдан бір жыл бұрын Москва түбінде граф Н - ның үйінде танысыпты. Қызу жігіт Варвара Павловнаны қатты мақтады.
- Ол қыз, шырағым, - ән деп сөйлейтін әдеті бойынша бастап, - ғажайып тамаша жан, толық мағынасында артистка және сондай мейірімді, - деді.
Лаврецкийдің сұрауларынан қыздың бұған қаншалық әсер еткенін аңғарып, ол өзі жігітті қызбен таныстыруды мақсат етті, анау үйге өзінің аса жақын екенін айтты; генерал тәкаппар адам емес, шешесі болса ақылы жоқ, күлкі адам деп білдірді. Лаврецкий ұялғанынан қызарып, ұғымсыз бірдеме деп міңгірледі де, қаша жөнелді. Осыдан кейін бес күндей үркектеп жүріп, алтыншы күні жас батыр үстіне жаңа мундир киіп, Михалевичтің ықтиярына көнді, жолдасы тек шашын оңдап тарады да, қыз үйіне күнде барып жүрген қалпынша Лаврецкийді ертіп, Коробьиндердің үйіне кетті.
XІІІ
Варвара Павловнаның әкесі Павел Петрович Коробьин, отставкадағы генерал-майор, өзінің барлық өмірін Петербургте қызметте өткізген: жасында ыңғайлы биші, сәнқой атанған; кедейлік себебінен екі-үш сәл ғана генералдардың адьютанты болып жүрді; олардың біреуінің қызына үйленіп, жиырма бес мың енші алып, кейін әскерлік оқудың, көріністің барлық тетігін білді; сүйретіле - сүйретіле жүріп, ең аяғы жиырма жылдан соң генерал атағы мен бір полкты басқару жұмысын алды. Осымен, бір жағынан, тыным алып, екіншіден, асықпай мүлік жинау керек еді, өзінің есебі де сол болатын, бірақ істі сақтықпен жүргізе алмады; қазынаның ақшасын іске жаратудың жаңа бір есебін ойлап тапқан еді - ол әдіс шебер болатын, бірақ орынсыз жерде сараңдық етіп қап, мұның үстінен шағым жүріп жатты; соның арты жайсыз, тіпті жаман уақиға болды. Генерал шатақтан зорға құтылды, бірақ шен іздеу жұмысы талқан болды. Бұған отставкаға шығыңыз деп мәслихат айтысты. Одан соң бір жыл бойы Петербургте тағы бір жылы орын табыла ма деп үміт етіп жүріп еді, ол орын табылмады. Қызы институттан шықты, күн санап расход артты... Генерал амалсыздан Москваға арзан нанға үміт етіп көшті де, ескі Канюшенный көшесінен бір кішкене аласа үй жалдап алды, сөйтіп Москваның отставкадағы генералы боп, жылына екі мың жеті жүз елу соммен өмір сүретін болды. Москва қонақуар шаһар, келген мен кеткенді тең көреді, генерал десе, әсіресе қонақуар: сондықтан Павел Петровичтің кесек бейнесі аз уақыт ішінде Москваның жақсы қонақ үйлерінің көбінде көрініп жүрді. Бояулы шашы салбыраған, тақыр желкелі генерал шендерін таққан кір ленталарымен, барлық үйреншікті бойымен, қонақ үйлерге де, карта үстелдерінің айналасында солғын жүзбен билеп жүретін жігіттерге мәлім боп алды. Павел Петрович қауым ортасында өзін ұстай біледі; ол аз сөйлейді, ескі әдеті бойынша шені үлкен емес кісілерге сөз қатқанда мұрнынан сөйлейтін; картаны сақ ойнайды, өз үйінде тамақты шақтап ішеді, ал қонаққа барса, алты кісінің асын бір өзі жейтін. Оның әйелі туралы айтар сөз де жоқ, аты Каллиопа Карловна болатын; оның сол көзінен ылғи жас ағып отырады, сол әдетін (неміс текті Каллиопа Карловна) өзінің сезімталдығынан деп ойлайтын: бұл әмісе асқа тоймаған кісідей ылғи қорғаншақтап жүреді, киетіні тек барқыт киім болады, ажары кеткен қабартпа білезік киетін. Бұл екеуінің жалғыз қызы Варвара Павловна жаңа ғана он жеті жасқа толған кезінде Н. институтынан шықты; ол институтта бірінші қатар сұлу саналмаса да, бірінші қатар ақылды және музыкант қыз саналып шықты; Лаврецкий оны бірінші рет көргенде, қыздың жасы он тоғызға тола қойған жоқ еді.
XІV
Коробьиндердің сәлдеу қонақ бөлмесіне Михалевич ертіп келіп, үй иелерімен таныстырғанда, жас батырдың буыны қалтырап тұрды. Бірақ алғашқы үркектігі оның бойынан тез тарады: генерал барлық орыс адамдарындай мейірімді болу үстіне, әрбір былғанған адамдарда болатын әдет бойынша, ашына-жай; ханым тез уақытта елеусіз болып қалды; Варвара Павловна болса, байыпты және өзіне-өзі сенген күйде еркелеу болатын; мұның қасында кім де болса, өз үйінде отырғандай бойын ерке ұстайтын-ды: оның үстіне, қыздың көркем денесінде, күлімсіреген көзінде, салбыраңқы иығында, ақшыл - қызғылт қолында ерекше жұмсақ бір ажар бар; баяу жақсы жүрісі, әдемі ақырын үні сонша бір ұғымсыз, бірақ нәзік хош иістей леп беретін; мұның жарастығы әлі ұяң, биязылықта, оның қасиетін бір сөзбен ұғындыру қиын: тек бар сипаты адамға қозғау салғанда үркіткендей болмайтын. Лаврецкий әңгімені театрға, жақында болған спектакльге бұрды: қыз сол кезде Мочалов туралы өзі сөйлеп кетті, ол құр ғана тамашалау, таңдау сөздерін айтқан жоқ, әйелдік қырағылықпен актер ойыны туралы бірталай дәл дұрыс пікірлер де айтты. Михалевич музыка жайын сөз қылып еді: қыз бәлсінбей фортепьяноға барып, сол кезде жаңа ғана модаға кірген Шопен музыкаларын дәл орындап берді. Түскі тамақтың уақыты жеткенде Лаврецкий кетпек болып еді, үй иелері оны жібермеді, ас үстінде генерал бұған жақсы лафет ұсынды, ол арақты генералдың лакейі извозчикке мініп барып, Депренің лавкасынан әкелген-ді. Сол күні түнде қайтқан Лаврецкий көпке шейін ұйықтамай, шешінбей, бетін қолымен басып, ынтығудың тұтқынында болды. Мұның ойынша, не үшін өмір сүру керек екенін ол жаңа ғана түсінгендей; бұған дейінгі бар талабы, мақсаттары соншалық болымсыз тәрізденіп, біржолата жоққа шыққандай; енді бар жаны бір-ақ сезімге, бір ғана тілекке, бақытты тілеген, әйел махаббатын, тәтті махаббатын арман еткен тілекке ауысты. Сол күннен бастап ол Коробьиндер үйіне жиі баратын болды. Жарым жыл өткен соң Варвара Павловнаға өзінің жүрек сырын ашып, бұған тиюін тіледі. Оның тілегі қыз үйінде қабыл алынды; генерал тіпті Лаврецкийдің алғашқы келмесінен бұрын Михалевичтен сұрап, әлдеқашан Лаврецкийдің қаншалық құл, крестьяны бар екенін біліп қойған; Варвара Павловна болса, жігіт мұның соңынан жүрген кездерінде және ынтықтығын айтқан сағатында өзінің бірқалыпты салмақты күйінен ауыспаған-ды. Күйеуінің бай адам екенін Варвара Павловна да жақсы білетін; Каллиопа Карловна болса, "менің қызым өз теңін жақсы тапты" деп, киім сатып алған.
ХV
Сөйтіп, күйеудің тілегі қабыл алынды, бірақ бұған бірнеше шарттар қойылды. Ең әуелі, Лаврецкий университеттен шығу керек, өйткені студентке кім күйеуге тиеді және бай алпауыт жиырма алты жасында жас балаша сабақ алып жүрген деген не? Екінші - Варвара Павловна өзінің жасауын өз таңдауымен сатқызып алмақ. Қалыңдық іске шебер, жарастықты жақсылап сүйетін, әр нәрсені нәзік танитын, өзіне әсем сән жасай білетін боп шықты. Қалыңдығының сәнді өмір құруға шебер екендігі Лаврецкийді таң қылған-ды, әйелдің өзі сатып алған жақсы күймеге мініп, екеуі Лаврикке келгенде, ол шеберлік әсіресе байқалды. Варвара Павловна мұның өмірінде болатын жай-күйдің барлығын қалайша алдын ала ұғынып, танып, ойланып, шешіп те қойған! Әрбір ұқыпты жиналған бұрыштарда тамаша қол сандықтар, өте сәнді айналар, кофейниктер пайда болыпты; күнде таңертең кофені Варвара Павловнаның өзі қайнатқаны қандай сүйкімді! Лаврецкий бұл шақта өздігімен бір нәрсені ойлайтын күйде емес; енді оның өмірі рахат, бар тірлігі бақыт тәрізді боп, жігіт сол халіне баладай барынша берілген болатын... Жас Алкид шынында да баладай! Сүттей таза, түк көрмеген еді. Сондықтан жас әйелдің барлық тұлғасы бұған ғажайып нұрдай көрінетін; бұл татып көрмеген тәтті рахаттың құпия сезімдерін ол бұған бермекке серт етсе, кейін іс жүзінде сол сертінен де артық қуаныш берді. Лаврикке жаз ортасында келген соң, жас әйел ондағы үйді кір, қараңғы деп бағалады; күтушілерді күлкі, түрлі көне заман адамдары деп таныды, бірақ өз байқағанын күйеуіне сәл де болса сездірген жоқ. Егер ол Лаврикте тұрып қаламын десе, онда үйдің өзінен бастап, барлық жайды жаңадан өзгертер еді; бірақ сахараның мынадай бір түкпірінде қалармын деген ойды ол басына келтірген жоқ; далада шатырсыз тұрғандай боп, мұндағы тұрмыстың жайсыз жақтарына амалсыздан уақытша көне тұрып, сол күйлерді қызық тілмен әзіл етіп, күлкіге айналдыра жүретін. Марфа Тимофеевна өз тәрбиесінде өскен жігітті көруге келген еді; Варвара Павловнаға ол аса ұнаса да, Варвара Павловна оған ұнаған жоқ. Жас әйел Глафира Петровнамен де келісе алмады; бірақ қартаң әйелге бұл тимей-ақ қояр еді, тек шал Коробьин күйеуінің ісіне өзінің қолын созды; ол мұндай жақын адамның мүлкін басқару тіпті генералға да ұят емес дейтін болды. Шынға келсек, Павел Петрович тіпті бөтен адамның мүлкін басқарудан да қашарлықтай емес еді. Варвара Павловна өзінің әрекетін үлкен еппен жүргізді; алға омыраулап шықпай, көбінше ерімен кешкен бақытты қызығына беріле жүріп, қыстақ тіршілігінің тыныштығына бой ұрып, музыкаға, кітап оқуға көңіл бөліп жүрді; бірақ сөйте жүре аз-аздап қысу арқылы Глафираны жетер жеріне жеткізген екен, бір күні таңертең Глафира Лаврецкийдің етіне құтырған адамдай жұлқынып кіріп, көп кілтті үстелге лақтырып тастап, шаруаны енді басқаруға мұршасы жоқ екенін және бұл қыстаққа енді тұрғысы келмейтіндігін бірақ айтып салған-ды. Бұл халге алдын ала еппен әзірленіп қойған Лаврецкий апасының кетуіне сол арада ырзалық берген. Глафира Петровна бұл мінезді күткен жоқ еді. Екі көзі қарауытып кетті, ол шыдай алмай: "Жақсы, мен мұнда артық адам екенімді көріп тұрмын, әке-бабам ұясынан мені кімнің қуып тұрғанын білемісің. Бірақ осы сөзім есінде болсын, бауырым, сен де ұя баспассың, өмірі қаңғырып өтерсің. Менің саған айтар соңғы сөзім осы-ақ", - деген. Глафира сол күні өз қыстағынан кетті. Содан бір жұма кейін генерал Коробьин мұнда келіп, әр қозғалысы мен көзқарасында жабырқау салмағы бар адам боп, барлық мүліктің әмірін өз қолына алды. Сентябрь айында Варвара Павловна күйеуін ертіп, Петербургке кетті. Екі қысты қатарынан Петербургте өткізді (жаздыгүні олар Царское селода тұратын), онда көркем, жарық және жақсы жиһаздалған пәтерлері бар; бұлардың орта қауым және жоғарғы қауымдар арасынан шыққан таныстары көбейді; өздері қонаққа барғыш, қонақ қабылдағыш болды, өз үйлерінде әсем қып күйдің, бидің сауық кештерін өткізгіш болды. Варвара Павловна қонақтарды отқа ұмтылған көбелектей тартатын, Федор Иванычқа мұншалық еркін өмір ұнай қойған жоқ еді. Әйелі оған қызметке түсуді мәслихат етті; бірақ Лаврецкий әкесінің әдетінше және өз ұғымы бойынша қызметке түсуді тілемеді, тек Варвара Павловнаға бағыну ретімен Петербургте тұра берді. Енді аңғарса, мұның оңаша болуына ешкім бөгет жасамайды екен, оның кабинеті Петербургтегі ең бір жайлы тыныш орын болыпты. Қамқор әйелі мұның өз бетінің оңаша болуына барынша жәрдем етіпті, содан әрі тірлік жақсы бір жай тапқандай болды. Енді ол өз ұғымынша жетіп толмаған тәрбиесін тереңдетіп, кітап оқығыш болды. Тіпті ағылшын тілін де оқуға кірісті. Жауырынды, батыр денелі тұлғасымен мұның жазу үстеліне жабысып, қызғылт жүзін әр алуан сөздіктерге, тетрадьтарға үңіліп отырғанын көргенде, өзінше бір тамаша сияқтанатын. Әр күн таңертең ол осылай жұмыс істейді, түскі тамақты баппен ішеді (Варвара Павловна үй тұрмысын аса жақсы басқарушы еді), әрбір кеште жігіт соншалық жақсы иісті жарқыраған топтың ортасында болады; ол топта өңшең көңілді жастар жиылатын, бар жиын ортасында мұның әсем сәнді өз әйелі жүреді. Бір шақта әйелінен бір ұл да туып еді, бірақ бейшара бала аз өмір сүріп, көктемде қайтыс болды, жаздыгүні дәрігер мәслихаты бойынша, Лаврецкий әйелін шет елге, ем суларымен емдеуге алып кетті. Көрген қазадан соң әйелінің сергуі қажет болды және оның саушылығы да жылы ауа райын қажет етті. Жаз бенен күзді бұлар Германияда, Швейцарияда өткізіп, қысты ендігі қисыны бойынша Парижде өткізуге кетті. Парижде Варвара Павловна гүлдей жайнады, Петербургтегі сияқты мұнда да тез уақытта үлкен еппен өзіне әдемі ұя жасап алды. Париждің дырдуы аз, бірақ сәнді көшелерінің бірінен көркем пәтер алды; күйеуіне бұрын ол әсте киіп көрмеген плафрок тіккізіп кигізді; сәнқой әйелден күтуші алып, жақсы аспазшы, жылпос лакей де жалдап алды; өзгеше сәнді күйме, әдемі пианино да алған еді. Бір жұма өтпестен - ақ ол көшеге шыққанда, шәлі тарту, шатырды ашу, қолға перчатка киюде асыл парижанкалардың өздеріндей үлгі мәнер көрсететіндей болды.
Таныстарды да ол тез тапты.
Әуелгі келушілер тек орыстар еді, кейін француздар да келе бастады; олар ерекше әдепті, сыпайы, өңшең бойдақ, тәрбиелері өзгеше, фамилиялары да айтуға әсем болатын; бұлар көп сөйлейді, өздері шапшаң сезді, иілуі сылқым, көздерін сәнмен сығырайта қарайтын әдеттері бар; қызыл еріндерінің арасынан ақ тістері ақсиып күлгендері қаншалық! Әрқайсысы өздерінің достарын да ала келетін, сөйтіп Лаврецкая сұлу Париждің бірталай көшелерінің мәлім адамы болды. Бұл 1836 жылдың кезі еді, ол кез талқандаған илеуінде босып жүретін құмырсқадай қаптап жүретін фельетоншы хабаршылардың аса көп кезі болатын; Варвара Павловнаның салонына келетін топтың ішіне мистер Жюль деген біреу келіп араласты; сырт кескіні жаман адам сияқты, бейілі арам, құнсыз жан еді. Варвара Павловнаға бұл кісі өте жирен ішті көрінсе де, оны үйінде амалсыз қабылдайтын; өйткені бұл әрбір газеттерде сөз жазған сайын: "П. орамында тұратын аса көркем, аса қабілетті орыс ханымы Лаврецкая" дей беретін. Осылайша жұртқа жайып, бірнеше жүз оқушыларының мадам Лаврецкая туралы ешбір жұмысы болмаса да, оның жайын ақыл жағынан нағыз француз әйелі деп, қошеметтей беретін; француздардың ең үлкен мақтауы өзгелерді француздай деп мақтау болатын; соны айтып, әйелді сүйкімді, әдепті, ғажайып музыкаға шебер дейтін және вальсты тамаша билейді дейтін. Варвара Павловна вальсты билегенде өзінің киімінің етегіне талай жанның жүрегін ілестіре тартқандай болады... - деп, жаңағы адам бұл туралы соншалық лақап таратты, ал ондай даңқ, не десеңіз де, адамды қызықтырмай ма! Сұлу қыз Марс ол кезде сахнадан тайғанды, ал көркем Ришель әлі сахнаға шыққан жоқ еді; бірақ Варвара Павловна театрларға барғыш болатын. Ол Италия музыкасына қайран қалатын, Одри ойранына күлетін, француз комедиясында сыпайы ғана есінеп қойып, Дорваль ханымның сезімтал мелодрамадағы ойынына жас төгіп жылайтын; бәрінен қызығы, мұның үйіне Лист келіп, екі рет күй тартты, ол сондай сүйкімді, сондай жағымды жан екен, тамаша болды! Осындайлық жақсы жайлар арасында қыс өтті, көктем кезінде Варвара Павловнаны сарайға да таныс еткендер болды. Федор Иванович болса, оның іші пысқан жоқ, рас, кейде өмір соншалық мағынасыз болғандықтан, иығына ауыр салмағын салып қойғандай боп та жүруші еді. Ол газеттер оқитын және Сорбонна мен Колледж де Франсқа барып лекциялар тыңдайды. Палатадағы таластарды бақылайды; ирригация турасындағы бір ғылымдық еңбекті аударып та жүрді. Кей кездер ойланғанда ол "мен уақытты текке өткізіп жүргем жоқ, мұның бәрі пайдалы іс, бірақ қысқа қарсы неғылса да Россияға қайтып, іске кірісу керек" дейтін. Бұл сөзінде оның ісі не екендігін өзі анық түсіне ме, оны айту қиын еді, құдай білсін, қысқа шейін Россияға қайта алар ма еді... Қысқасы, әзірше ол әйелін ертіп, Баден - Баданға беттеп еді... Бірақ ойда жоқ бір уақиға мұның бар планын бір-ақ бұзды.
XVІ
Бір күні Варвара Павловна жоқта оның кабинетіне кірген Лаврецкий еденде әдемілеп бүктелген қағазды көрді. Жерден жұлып алып, шапшаң оқып жіберсе, французша мынадай жай жазылған екен:
"Сүйікті періште Беци! (Мен сені әлдеқандай Варвара деп атауға батпаймын.) Бульвардың бұрышында сені бекерге көп тостым. Ертең сағат бір жарымда біздің кішкене пәтерімізге кел. Сенің мейірімді сезімің әдетте бұл кезде кітапқа көміліп отырады. Екеуміз қосылып, өзің маған үйреткен ақындардың, Пушкиннің "Кәрі күйеу, кәрлі күйеу" дейтұғын өлеңін айтамыз. Қолдарың мен аяқтарыңа мың мәртебе сүюлер жолдаймын. Өзіңді тосам.
Эрнест ".
Лаврецкий әуелде не оқығанын түсіне алмады; қайта оқыды, сонда барып басы айналандап, табанының астындағы еден толқынды теңіздегі кемедей шайқалды. Ол айғай да салып, булығып, бір сәтте жылап та жіберді. Ол есінен шатасты. Әйеліне соншалықты соқырлықпен иланушы еді, алдау, азу деген ойына келмепті. Мынау Эрнест, мынау әйелінің ғашығы ақшыл жүзді, шырайлы, жиырма үш жасар бала жігіт болатын, мұрны шолақтау, мұрты жіңішке осы жігіт мұндағы таныстардың арасында ең құнарсызы еді. Бірнеше минут, жарым сағат өтті; Лаврецкий әлі күнге сұмдық қағазды қатты қысып ұстап, еденге тесіліп қарап тұрып қалды; әлдеқандай күңгірт құйын арасында жүдеу жүздер көрінгендей, жүрек қысылып мұздайды; бір сәт бұл құлап - құлап, тоқтаусыз құлап бара жатқандай. Осылайша жатқан күйінен мұның есін жібек киімнің таныс жеңінің сусылы жиғызды, шляпа мен шәлі тартқан Варвара Павловна сейілден асығып қайтқан екен. Лаврецкий қалтырап кетті де, ыта жөнелді; дәл осы сәтте әйелді өлімші қып, мұжықша сабап, талқан етіп, өз қолымен тұншықтырып өлтіруі де мүмкін сияқты. Таңғалған Варвара Павловна мұны тоқтатайын деп еді; бірақ ол "Беци" деп сыбыр етті де, үйден қаша жөнелді. Лаврецкий күймеге мініп, қаланың сыртына тартты. Күш келер таңға шейін тынымсыз сарп ұрды, қайта-қайта тоқтап, пұшайман күйде алақанын алақанына ұрды; біресе құтырғандай, кейде күлкі қысқандай, тіпті көңілденгендей көрінді. Таңертең тоңазып, қала сыртындағы бір жаман трактирге кіріп, бөлме алды да, терезе алдына орындық қойып отыра кетті. Денесі құрысып, есіней берді. Буынын зорға басқандай, өнебойы қажыған, ал өзі шаршамаған сияқты, бірақ талықсу бары анық еді; тыныш отырып, айнала қарағанмен түк түсінбейді; өзінің жөнін де түсінбейді, мұздаған денесі ме, бұнда қалай келді; аузының дәмі де ашығандай; бос, бөтен бөлмеде кеудесінде тас жатқандай осы отырысы не? Варяны да түсінбейді, сол французға не деп берілді! Және қалайша ғана қиянатшыл бола тұра бұған соншалық майда, сенгіш ерке де боп көрінеді? Кебірсіген еріндері "түк түсінбеймін!" деп күбірлейді. Петербургте тағы осындай болмағанға кім кепіл!.. Өз ойын аяқтатпай тағы да есінейді де, бар денесі құнысып, қалтырай түседі. Қараңғы мен жарқын естегілер қатар қинайды; бір сәт соңғы күндерде Эрнестпен мұның көзінше әйелі фортепьяно тартып, әнге қосып "Кәрі күйеу, кәрлі күйеу" жырлағанын еске алды. Сондағы өз әйелінің жүзіндегі қызғылт ажарды. жұмбақтау көзқарасты еске алып, орнынан тұрды; бір есептен оларға барып: "Сендер менімен бекер ойнағансыңдар, менің үлкен атам мұжықтарды қабырғасынан ілгізіп асатын; үлкен әкем өзі мұжық болған" деп тұрып, екеуін де өлтірсе деп ойлады. Біресе оған осының бәрі түс тәрізді, немесе түс те емес, болымсыз шатасу тәрізді көрінеді; сілкінсе, анықтап қараса, бәрі де тарқап кететін тәрізденеді; айнала қарап көреді де, ұстаған құсын қаршығаның сығымдағанындай болып, мұның жүрегінде шер де ауырлап бата түседі. Азаптың қиыны, енді бірнеше айда Лаврецкий әке болмақшы еді. Мінеки, өткені де, болашағы да, бар өмірі де уланып отыр. Ақыры Парижге қайтып, гостиницаға түсті де, Варвара Павловнаға Эрнесттің хатына қосып, төменгі сөздерін жазып жіберді: "Мынау қағаз сізге барды аңғартар. Ескерте кетейін, мен сізді танымай қалдым: сіз сондай ұқыпты едіңіз, сонша қажет қағазды қалайша түсіріп алғансыз. (Осы сөйлемді сорлы Лаврецкий бірнеше сағат бойында өз ойында әзірлеп сақтаған еді.) Men енді қайтып сізді көре алмаймын, менің ойымша, сіз де қайтып көрісуді тілемегеніңіз мақұл. Сізге жылына он бес мың франк тағайындаймын; артық бере алмаймын. Адресіңізді деревнядағы конторға жіберіңіз. Не істесеңіз, тілегіңіз ше тұрыңыз, сізге бақыт тілеймін. Жауаптың қажеті жоқ ". Лаврецкий әйеліне жауаптың керегі жоқ деп жазса да, өзі сол жауапты күтіп, соған құмар боп, мынадай, түсініксіз ақыл жетпес істің шешуін тосып еді.
Варвара Павловна сол күні бұған французша үлкен хат жіберді. Хат мұны мүлде сорлатты, соңғы күдіктері де жойылды, енді өзінің үміті үшін ұялып еді. Варвара Павловна ақталмапты: ол тек мұны көрмекші екен және мүлде өкім шығармауды тілеп жалыныпты. Хат қиналып жазылған болса да, кей жерінде көз жастың табы болса да, салқын жазылған екен. Лаврецкий ызалы мысқылмен күлді де, жіберген кісіден барлық жай жақсы деген боп, жауап жолдады. Үш күн өткен соң ол Парижден жоқ болды; бірақ Россияға қайтпай, Италияға тартты. Италияны неге таңдағанын өзі де білмейді; тек үйге қайтпаса болды, одан әрі қайда барса бәрібір тәрізді. Өзінің қызметкеріне жазған хатында әйелінің пенсиясын этап жазды және генерал Коробьиннен мүлікті билеу жұмыстарын алып, ол бекзаданың есеп-қисапты аяқтамай-ақ Лавриктен кетуі қажет екенін айтты; қуғынға түскен паң генералдың қысылып, қиналуын бұл көз алдына келтіргенде, өзінің бар қайғысына қарамастан, ызалы ризалық сезгендей болды. Глафира Петровнаға да хат жазып, Лаврикке қайтып орнауы туралы доверенность жіберді. Бірақ Глафира Петровна Лаврикке қайтпады, доверенностіні жойғанын газетке де жазды, мұнысы бекершілік еді. Италияның кішкене бір қаласына жасырынған Лаврецкий көпке шейін әйелінің жайын бақылаудан тыйыла алмады. Газеттерден білуінше, әйел бұрынғы ниет бойынша Парижден Баден-Баденге кетіпті; баяғы мырза Жюль тағы да қол қойған кішкене мақалада оның аты жүр екен. Дағдылы жеңілдіктің арасында бұл мақалада әйелге сол жанашыр білінгендей; соны оқығанда Федор Ивановичтің жүрегіне жиреніш сезілді. Кейін ол әйелінің қыз тапқанын білді; екі айдан соң қызметкері Варвара Павловнаның өзіне тиісті жалақыдан үштен бірін алдырғанын жазыпты. Осыдан әрі, бірінен-бірі асқан жаман сыбыстар келе бастады; ақыры, бар журналда даурыққан шатақтай, мазақ күлкі бір хал баян етілді, онда мұның әйелінің рөлі нашар аталыпты. Барлық іс біткені осы, Варвара Павловна енді "атаққа" ұшырады. Лаврецкий бұдан әрі әйелінің жайын аңыстауды қойды, бірақ өз бойын тез жеңе алмай жүрді. Кейде әйелін сонша сағынып, ойлап, барын берсе де, тіпті кешірсе де, әйтеуір, соның еркелеген үнін естіп, қолынан ұстап отырса дегенді де арман етті. Әйткенмен мезгіл текке өткен жоқ. Ол зар үшін туған жан емес-ті. Сау табиғаты өз правосын білдірді. Көп жай көңілге анықтала түсті. Мұны күйреткен соққының өзі де енді оқыс көрінген жоқ; әйелін анық аңдады, - тегінде, жақын адамды одан айрылған кезде шақтану бар ғой. Бұл қайтадан жұмысқа, еңбекке ауысты, рас, бұрынғыдан жалын азайыпты; өмір тәжірибесі мен тәрбиесі әзірлеген скептик мінез мұның жүрегіне толық орнады. Көп нәрсеге елеусіз, салқын қарайтын. Төрт жыл өткен соң отанына қайтып, жақындарымен көрісуге әзірлігін сезді. Жолда Петербург, Москваға соқпастан, өзіміз айрылған О... қаласына келді, енді ардақты оқушыны да бізбен бірге, сонда оралуға өтінеміз.
ХVІІ
Біз баяндаған күннің ертеңіндегі сәскеде, сағат он шамасында Лаврецкий Калитиндер үйінің баспалдағына басты. Оның алдынан шляпа, перчатка киген Лиза шықты. Жігіт:
- Қайда барасыз? - деп сұрады.
- Ертеңгі намазға, бүгін жексенбі ғой.
- Сіз ертеңгі намазға барғыш па едіңіз? - Лиза бұған үндемей, тандана қарады.
- Алдар ыза болсын, ғафу етіңіз! - деп Лаврецкий: - Мен, оны айтайын демеп едім. Сіздермен қоштасып, бір сағатта деревняға жүрмекші боп келіп ем, - деді.
- Ол бұ жерден алыс емес қой?
- Жиырма бес шақырым.
Есіктен күтуші әйелге ерген Леночка көрінді. Лиза баспалдақтан түсіп бара жатып:
- Ал бізді ұмытпаңыз! - деді.
- Сіздер де мені ұмытпаңыздар. Я, және де... - дей түсіп, - шіркеуге барасыз ғой? Мен үшін де дұға оқыңыз, - деді.
Лиза тоқтап, бұған бұрылды да:
- Мақұл, - деп, мұның жүзіне тура қарап, - мен сіз үшін де дұға оқимын, жүр, Леночка! - деді.
Қонақ үйде, Лаврецкий кіргенде, Марья Дмитриевна жалғыз екен. Одан одеколон мен мятаның исі келеді. Айтуынша, ол кісінің басы ауырып, түнді тынымсыз өткізіпті. Әйел өзінің дағдылы сыршыл сыпайылығымен қарсы алып, аздан соң сызыла сөйледі.
- Шын - ақ Владимир Николаевич сүйкімді жас жігіт емес пе? - деп сұрады.
- Ол қандай Владимир Николаевич?
- Әлгі Паншин. Кеше осында болды ғой. Сіз оған өлгенше ұнапсыз. Мен сізге сыр ғып айтайын, менің қымбатты туғаным, ол менің Лизама ынтығып жүр. Несі бар? Ол жақсы фамилиядан, қызметі де жақсы, өзі ақылды; камера юнкер болсын, қысқасы, тәңірі бұйыртса, мен өз тарапымнан аналық көңіліммен қуаныш етер ем. Әрине, жауаптылығы үлкен; әрине, баланың бақыты ата-анадан, солай болғанда да, осы күнге дейін жақсы ма, жаман ба, бәрін де бір өзім, жапа-жалғыз өзім атқардым ғой; тәрбиелеп оқытқан да жалғыз өзім; міне, қазірде де Болюс ханымнан мамзельді алдырып отырмын...
Марья Дмитриевна өзінің қамқорлығын, аналық сезім талаптарын баяндауға кірісті. Лаврецкий оны үндемей тыңдап, қолындағы шляпасын айналдыра берді. Мұның ауырлау, салқын көзқарасы көп сөзді ханымды енді кеп қысылдырғандай болып еді.
- А, Лиза сізге қалай көрінеді? - деп сұрап қалды.
- Елизавета Михайловна тамаша бойжеткен! - деп, Лаврецкий орнынан тұрып қоштасты да, Марфа Тимофеевнаға кірді. Марья Дмитриевна мұның сыртынан жақтырмай қарап қалып, ойлағаны"неғылған келеңсіз мұжық, енді түсінем, әйеліңнің қиянат қылуы да неден екені мәлім" деді.
Марфа Тимофеевна өзінің дағдылы қоршауымен отыр екен. Бұлар оның бірдей жақсы көретін бес жан иесі болатын: біреуі - жемсаулы, оқымысты, сайрауық торғай; ол ысқырғанын, су таситынын қойғаны үшін қадірлі, екіншісі - кішкентай және қорқақ жуас ит Роска; одан кейінгі долы мысық Матрос; және тоғыз жасар, үлкен көзді, үшкір тұмсықты, тынымсыз қара қыз Шурочка бар. Олардан басқа елу бестер шамасындағы, ақ орамалша тартқан, күрең көкірекшелі, қара киім қоса киген Настасья Карповна Угаркова. Шурочка тұттай жетім мещанка болатын. Марфа Тимофеевна ол қызды Роскамен екеуін де көшеден тауып, жаны ашып қолына алған; екеуі де аш, арық күйде, күзгі жауын астында жүдеп тұрғанда бұған кездескен; Росканы ешкім іздеген жоқ; ал Шурочканы оның немере ағасы Марфа Тимофеевнаға қуана-қуана қосып берді. Ол тегі маскүнем етікші болғандықтан, өзі де, мынау қарындасы да аш болатын және Шурочканы қалыппен басқа ұра беруші еді. Настасья Карповнамен Марфа Тимофеевна монастырьде мінәжат жолында танысқан; намаз уақытында оның сонша дәмді жалбарынуын ұнатқан Марфа Тимофеевна шіркеуде қасына өзі барып, сөз қатып, кейін шайға шақырған-ды. Сол күннен кейін екеуі айрылысқан жоқ. Настасья Карповна момын және көңілді мінезі бар, баласыз кедей дворяннан шыққан тұл әйел еді; басы үлкендеу, ақ шашты, жұмсақ аппақ қолы бар, етшең кесек жүзі мейірімді келген, тек мұрны ғана күлкілеу шошайыңқы біткен әйел; бұл Марфа Тимофеевнаға бар жанымен берілді; анау да мұны өте жақсы көріп, кейде оның нәзік жүректігін әзілдеп қана қоятын; өйткені ол әйел жас еркектің бәріне қызыға қарап, болымсыз әзілден де жас қыздай ұялып, қызара қоятын. Мұның бар сомасы мың екі жүз сом еді; сондықтан Марфа Тимофеевнаның есебінен күн көрсе де, екеуі теңдік дәрежеде болатын, өйткені Марфа Тимофеевна кішкентайлық мінезді барынша жек көретін.
- А, Федя! - деп, жігітті көре салысымен сөйлеп, Марфа Тимофеевна: - Кеше кешке сен менің үй ішімді көрмегенсің, ал тамашала! Біздің бәріміз шай ішкелі отырмыз; бұл біздің мейрамдық екінші шайымыз. Бұлардың бәрін де еркелетуіңе болады. Тек Шурочка көнбейді де, мысық тырнап алады. Сен бүгін жүремісің? - деді.
- Бүгін, - деп, Лаврецкий аласа орындыққа отыра бере, - мен Марья Дмитриевнамен қоштастым. Лизавета Михайловнаны да көрдім, - деді.
- Лиза де оны, әкем! Ол неғылған саған Михайловна! Өзің тыныш отыр, әйтпесе Шурочканың орындығын сындырасың.
- Ол ерте намазға барады екен, - деп Лаврецкий, - өзі сондай діндар ма? - деді.
- Я, Федя, өте. Сен екеумізден, тегі, ол әлдеқайда бұл жағынан артық.
- Сіз діндар емессіз бе? - деп сыбырлай түскен Настасья Карповна: Бүгін ертеңгі намазға бармасаңыз да, түстегіге барасыз ғой? - деді.
- Әй, жоқ. Сен жалғыз барасың. Жалқау тартыппын, шешекем, - деп Марфа Тимофеевна, - өзімді шаймен бұзғам ғой, -деді.
Настасья Карповнамен тең дәрежеде тұрса да, оған бұл "сен" деп сөйлейтін, өйткені текке Пестова болсын ба: Пестовоның үшеуі Иван Васильевич Грозныйдың шежіресінде де аталған, Марфа Тимофеевна оны бек білетін.
Лаврецкий тағы сөйлеп:
- Айтыңыздаршы, алдарыза болсын, маған, Марья Дмитриевна, жаңа әлгі бір кім еді? Паншин деген туралы сөйледі. Сол неғылған мырза?
Марфа Тимофеевна жақтырмай сөйледі.
- Пай, неғылған тәңірі кешіргір мылжың әйел. Дәу де болса саған сыр қылып, осындай күйеу оралып тұр деді - ау. Өзінің анау бекзадасымен - ақ сыбырлассашы; ол аз болыпты, көресің бе? Ешнәрсенің елесі жоқ, тіпті, сонысына шүкір, ал ол болса оттап отыр.
Лаврецкий:
- Шүкіріңіз қалай? - деді.
- Себебі азамат маған ұнамады. Тегі, қуанатын да несі бар?
- Ол сізге ұнамай ма?
- Е, жұрттың бәрін таң қылсын ба? Мына Настасья Карловна ынтық болыпты, со да жетерлік оған.
Тұл әйел барынша тыпырлап қалды.
- Сізге не болған, Марфа Тимофеевна?! Құдайдан да қорықпайсыз ғой! - деп, сөйлегенінде қызыл рең барлық бетіне, мойнына шейін жайылады. Марфа Тимофеевна оның сөзін бөліп кетті.
- Қудың немен қызықтыруды білгенін айтсаңызшы, сауытша сыйлапты. Сен бұдан иіскеуге насыбай сұрашы, сонда насыбай салғыш сауытшасын көресің, қақпағында салт атты гусарь бар. Шешекем, өйткенше ақталмай-ақ қой.
Настасья Карповна тек қолын ғана сілке берді. Лаврецкий тағы сұрап:
- Ал Лиза қалай? Оған қызыға ма? - деді.
- Ол бұған ұнаса керек, бірақ анығын құдай білсін. Кісінің іші, өзің білесің, қараңғы орман ғой, қыздың көңілі одан да арман. Тіпті, мына Шурочканың ішін аңдап, танып көрші әуелі. Неге тығылады? Ал сен келгелі қашпай отырғаны несі?
Шурочка күліп жіберді де, ыта жөнелді. Лаврецкий орнынан тұрып, жай сөйлеп:
- Иә, қыздың жанын танып болмас, - деді. Ол қоштаса бастады, Марфа Тимофеевна:
- Немене, енді сені тез көреміз бе, жоқ па? - деді.
- Кім білсін, апай, жер алыс емес қой.
- Рас, сен Васильевскіге барасың ғой. Лаврикте тұрғың келмейді, ол өз жұмысың; бірақ шешеңнің қабіріне қарап қайт! Және әжеңнің де басына бар. Сен анау шет елде көп ақыл тапқан шығарсың; бірақ кім білсін, олар өз қабірінде сенің барғаныңды сезінер әлде. Және, Федя, Глафира Петровнаға да дұға оқыт; мынау бір сомды алшы! Ал, ал! Бұл менің дұға оқытқаным болсын. Тірлігінде өзін жақсы көрмеуші ем, мінезі бөлек қыз еді, несін айтайын, ақылы мол болатын және сені де ренжіткен жоқ-ты. Ал енді жолың болсын, болмаса мен сені түңілте бастармын.
Сонымен, Марфа Тимофеевна інісін құшақтап қоштасты.
- А, Лиза Паншинге тимейді, тынышсызданба; бұл күйеудің одан зорына да татитын қыз.
- Жоға, мен түк те тынышсызданбаймын, - деп барып, Лаврецкий жүріп кетті.
XVІІІ
Төрт сағат шамасы өткенде ол қыстағына қарай жүріп келе жатты. Күймесі қыстақ арасының жұмсақ жолында қатты жүріп келеді. Екі жұмадан бері құрғақшылық болатын; сүт тәрізденіп аспанды жапқан ақшыл тұман алыс тоғайларды да мұнарға бөлейді; аспанда өрттің исі бар. Сансыз көп ұсақ қоңырқай бұлттардың жиектері әр алуан боп ақшыл көк аспанда жиылып барады; қатқыл жел ыстықты сейілтпесе де, үзілместен құрғақ екпінімен соғады. Лаврецкий басын жастыққа қойып, екі қолын кеудесіне салып, қатарда ілесіп келе жатқан далаға қарайды; ағып өтіп жатқан бұталарға көз тастайды; кейде жүргіншілерге қырындап қарап, топас сезікшілдікпен бақылайтын ессіз қарғалар мен ұзақтарды аңдады; бір ауық ұзын бөліктер бойындағы жусан, көде және жабайы жемістерге ұзақ қарайды; мынадай жаңа күйдегі сахараның жалаңаш мейірімі, меңіреулігі, мынау көк әлем, анау ұзын жоталар мен аласа мығым емен өскен сайлар қандай! Сұрғылт қыстақтар, сұйқыл қайыңдар қандай өзгеше! Осының бәрі бұл көптен көрмеген орыс табиғаты болғандықтан, мұның жанына әрі тәтті, әрі мұңды сезімдер толтырады; кеудесін сонша жайлы бір салмақпен қысқандай болады. Мұның ойы да жай кезеді; ол ойларының да аспандағы кезбе ұсақ бұлттардың қалпыңдай жиегі, шегі жоқ тәрізді. Бір уақыт жастығын, бала шағын, анасын еске алды, ол өлер шағында мұның басын кеудесіне басып, дауыстап жылай бастап еді, бірақ Глафира Петровнаны көріп, жым болған еді. Әкесін де есіне алды, басында ол ширақ бітімсіз қатқыл дауысты болса, кейін жылауық және ұйысқан ақ сақалды адам болды; бір шақ әкесінің ас үстінде артық рюмка арақ ішіп, үстіне тұздық төгіп алып, оқыстан күлгенін еске алады; ол қызарған көк көзін жыпылықтатып, өзінің бұрынғы ер қайратын мақтан етіп еді; тағы бір шақта Варвара Павловнаны еске алды да, еріксіз көзін жұмып, іштей бір нәрседен ауырсынған адамша басын сілікті. Содан соң мұның ойы Лизаға тоқтады.
Оның ойынша, міне, жаңа бір жан енді ғана өмірге кіреді.
Әдемі қыз, бірақ не боп шығар екен! Өзінің көркі де жақсы ғой. Уыздай таза ақшыл жүзі бар, көзі мен еріндерінде соншалық салмақ бар, көз қарасы адал, жазықсыз жан. Жалғыз бір аянышы, ол тез қуанғыш емес пе екен? Бойы да әсем, жүрісі жеңіл, үні де жұмсақ. Оның кейде бір тоқтай қап, ықыласпен сізді тыңдап, күлімсірей ойланып қалып, шашын кейін сілкіп тастағаны маған сонша ұнайды. Дау жоқ, өзім де аңғарам, Паншин оған татымайды. Дегенмен оның жамандығы қайсы? Рас-ау, мен нені қиялдап кеттім осы?! Көптің жүгірген, жортқан жолымен о да кетеді де, бәрінен де ұйықтап алайыншы, - деді де, Лаврецкий көзін жұмды. Ол ұйықтай алмаса да, жолдың қалғу тыныштығына кетті. Өткен шақ бейнелері мұның жанында қайтып оянғандай елес беріп, кейде басқа бір ойлармен араласып кетеді. Неліктен екенін құдай білсін, бірде Лаврецкий Роберт - Пилді еске алды. Француз тарихын ойлап, егер ол генерал болса, сол соғыста жеңер еді дейді. Біресе құлағына атылған мылтық даусы, айғай естілгендей болады... Басы жастықтан сырғып кеткен екен, ол көзін ашты... Сол дала, сол сахара бейнесі, толқыған шаң арасында шеткі аттардың тозған тағалары жарқылдайды; қызыл гүлді сары көйлегі бар жәмшіктің етек-жеңі желден қампайып желбірейді. Бір сәт Лаврецкийдің басына "туған жерге келісіп-ақ келем!" деген ой келді де, ол дыбыстап әмір етіп, "айда!" деді; өзі шинеліне орана түсіп, жастығына жабыса берді. Күймені сілкінткендей болған соң Лаврецкий бойын көтеріп, көзін ашып алды. Көз алдында, дөңесте кішкене қыстақ көрінеді; оңға таман терезе қақпағы жабылған, басқышы қисайған, ажары ескі, қожалық үй көрінеді; кең қораның қақпасынан бастап қалың жасыл қалақай өсіпті, тәрізі кендірдей; жақын тұста еменнен салынған мықты сарай тұр. Васильевское осы еді. Жәмшік қақпаға жетті де, аттарын тоқтатты; Лаврецкийдің малайы козладан көтеріліп, секіруге бейімделді де, дауыс беріп: "гей!" деді. Мыңқ етіп үрген ит даусы естілсе де, иттің өзі көрінген жоқ; малай тағы да түсуге әзірленіп және айғайлап: "гей!" деді. Кәрі төбеттің тағы да үрген үні естілді. Содан соң, қайдан шыққаны белгісіз, жұпыны кафтаны бар, басы қардан да аппақ бір кісі пайда болды: ол әуелі көзін күннен қалқалап, күймеге қарады, сонан соң екі санын салып қалып, сәл ғана бір орнында тыпырлады да, содан ентелей басып, қақпаны ашуға ұмтылды. Күйме қораға кіргенде дөңгелектері қалақай арасында сусылдап келіп, басқышқа кеп тоқтады. Ақ бас адам өте ширақ екен, төменгі басқышта қисықтау аяқтарын талтита басып тұрып, асыққан күйде күйменің былғары алжапқышын ағытты және мырзаны қолтықтап жерге түсіріп, оның қолынан сүйді.
- Аман ба, аман ба, туған! - дей түсіп, Лаврецкий: — Сенің атың Антон болса керек еді ғой? Әлі бармысың? - деді.
Шал үнсіз бас иді. Кілт іздеп жүгіріп кетті. Ол кеткеннен соң жәмшік тапжылмай қадалып, жабық есікке көз салды, Лаврецкийдің малайы жерге түскен бойда бір қолын козлаға асып, сәнмен тұрғандай. Шал кілттерді әкеліп, орынсыз түрде жыланша ирендеп, екі шынтағын көтеріп, есік ашты; өзі шетке тайқып және де төмендеп бас иді. "Міне, мен үйдемін. Міне, қайтқаным осы" деген ойменен Лаврецкий кішкентай ғана алдыңғы үйге кірді; бұл кезде терезе қақпақтары тарсылдап, шықырлап ашылып, иесіз бөлмелерге күн сәулесі түсе бастады.
XІX
Лаврецкий келген кішкене үйде осыдан екі жыл бұрын Глафира Петровна қайтыс болған; бұл үй өткен ғасырда мықты қарағайдан салынған, сырты және көне тартқанмен, әлі де елу жылдай тұрарлық. Лаврецкий бар бөлмені аралап шығып, арқаларын ақшыл шаң басқан кәрі сылбыр шыбындарға үлкен беймазалық жасады; бар терезені ашуға бұйырды, олар Глафира Петровна қазасынан бері қарай ашылып көрмеген еді. Үй іші баяғысындай екен; қонақ үйдегі сирағы жіңішке ақшыл диван тоза түссе де, Екатерина заманын еске түсіреді; сол қонақ үйде үй иесі әйелдің сүйікті жұмсақ орындығы тұр; оның арқасы биікте тіп-тік, иесі қартайған шағында да бұл арқаға сүйенбейтін. Көрнекті қабырғада Федордың үлкен атасы Андрей Лаврецкийдің ескі портреті тұр; қарауытқан, сарғыштанған ызалы жүзі айналасындағы қоңырқай дүниеден бөлінбей тұрғандай; кішкене қатал көздері ісінгендей, салбыраған қабақ астынан күңгірт қарайды; ағы жоқ, қара шаштары айғыздалған маңдайының үстінде шөткедей тікиіп тұр. Портреттің бұрышында шаң болған дала гүлінен тоқылған гүл алқа тұр. "Глафира Петровна өзі тоқыған еді" деп мәлім етті Антон. Жататын үйде биік тар төсек бар; оның үстінде ескі, бірақ қымбат бағалы аладан тігілген шымылдық бар; тыстары оңған жастықтар кішкене таудай үйіліп тұр, жұқалау жүн тартылған көрпе де сол төсек үстінде; бас жақта Марья ананың құдай үйіне кіру сәтін көрсеткен икон тұр; осы төсек иесі кәрі қыз, өлер сәтінде салқындаған еріндерімен осы иконды соңғы рет сүйіп, өзін жұрттың бәрі ұмытқан өмірден жол кешкен еді. Қымбат ағаштан істелген кішкене үстелде қисық айна бар, бір кезде алтын жалатқан жері қазір қарауытқан. Жататын үйдің жанындағы кішкентай бөлме намаз орны; мұнда бұрышта ауыр, үлкен киот - икон сандығы бар; жерде балауыз тамған тозған кішкене кілем жатыр; Глафира Петровна осы жерде сәжде қылатын. Антон мен Лаврецкийдің малайы атқора мен сарайды ашуға кетті. Енді Антонның орнына онымен жасы барабар кемпір кірді; маңдайына тартқан орамалы көзіне түседі; басы қалтақтап, екі көзі ажарсыз қараса да, бар бейнесінде қызметке әзір болған күйі бар; құрметінде сәл өкініш көрінгендей. Ол Лаврецкийдің қолын сүйіп, есік алдында тоқтап әмір күтті. Лаврецкий кемпірдің атын білмеуші еді, мұны тіпті көргені де есінде жоқ екен, кемпірдің аты Апраксея боп шықты; қырық жыл бұрын Глафира Петровна оны мырзалар үйінен айдап, құс бағушы еткен екен; бірақ сөзі азғана алжи бастағандай болса да, кемпір жағына қарайды. Осы екі қарт пен және қарындары қампиған, ұзын көйлек киген Антонның шөбересі үш баладан басқа мырзаның үйінде шолақ қол бір мұжық тұрады екен; ол кемдік себепті міндетті жұмыстан босатылған, өзі құрдай қырқылдап, міңгірлеп сөйлегені болмаса, қолынан түк келмейтін адам; бұдан көрі болымсыз пайдасы бар қартаң ит, ол бағана Лаврецкийдің келісін қарсы алған; мұның өзін он жыл бойы ауыр шынжырмен ұстап, Глафира Петровна қалдырған күйде әлі сақтайтын, сол ауыр жүгін ол бүгін де зорға сүйреп тірлік етеді. Үйді көрген соң Лаврецкий бақшаға шықты да, оның көрінісіне риза болды. Қалың жапырақ, тікенек басса да, мұнда шие мен алша өседі екен; көлеңкесі мол, ескі жөке ағаштары өзгеше мол бұтақтарымен таң қылғандай; ағаштар жиі отырғызылған болса да, жүз жыл бұрын күзелген қалпынан өзгермепті. Бақша кішкене мөлдір көлшікке тіреледі, қол жағалай аласа қызғылт ағаш өсіпті. Адам ізі тез сөнеді ғой: Глафира Петровнаның мекен-жайы мүлде тозбаса да, ерекше бір тыныштық күйде қалғандай, адамның мазасыздық дерті жұқарған дүниенің бәрі де жер үстінде осындай қалғуда тұрмақ. Федор Иванович қыстақты да аралап өтті; бұған өз үйлерінің есік алдарына шығып, жақтарын таянған қатындар қарайды; мұжықтар алыстан бас иеді, балалар бұдан қашып тығылады, иттер салмақпен үреді. Ақыры, Лаврецкийдің қарны ашты, бірақ оның қызметкерлері мен аспазшысы кешке жетуі керек; Лавриктен тартқан обоз әлі келген жоқ, сондықтан ол Антонға тамақ жайын тапсырды. Антон сол арада қимыл етіп, бір кәрі тауықты ұстап сойып, жүндеп жатты. Апраксея тауықты киім жуғандай ұзақ жуып барып, кастрюльге салды, тауық піскенде Антон үстел әзірлеп, үш аяқты ескі түз сауытты және жұмыр шыны пробкасы бар, мойны жіңішке қырлы графинді қойды; содан соң әндеткендей дауыспен Лаврецкийге ас әзірлігін мәлімдеді; өзі мырзаның орындығының сыртына тұрып, қолына орамал ұстап, қызмет етті; шалдың бойынан ескі кипарис ағаштың исіндей айқын көне иіс келеді. Лаврецкий сорпаны ішіп, тауықты қолға алып еді; оның бар терісі бұжырайып, екі аяғы сіңірлі, еті ағаш иістенеді және ащының да исі бар. Астан кейін Лаврецкий шай сұрады, "қазір, сәт ішінде әкелем" деді де, шал уәдесін тез орындады. Кішкентай қызыл қағазға оралған бір шөкім шай табылды; алып-ұшып шуылдаған кішкене самауыр және ерігендей ұсақ түйірлі қант табылды. Лаврецкий шайды үлкен шынымен ішті, бұл шыныны ол бала күнінен білуші еді: сыртына карта суреті салынған бұл шыны тек қонақтарға берілетін; әзір Лаврецкий де сол қонақ есепті ішті. Кешке қызметкерлер келді, апасының төсегіне Лаврецкийдің жатқысы келмеді. Өз төсегін ас ішетін үйге салғызды. Шамды өшіріп, айналасына ұзақ қарап, көңілсіз ойларға кетті; әрбір иесіз мекенге алғаш қонған адамның көңіліне келетін сезімдер бар; мұның ойынша, айналадағы қараңғылық жаңа адамға үйренбегендей, тіпті үйдің қабырғалары да бұған таңырқағандай. Ақыры ол күрсінді де, көрпесін тарта түсіп, Апраксеямен көп сыбырласып, күрсіне береді, екі рет шоқынып та алды; мұның екеуі де мырзаны Васильевскоеге келер деп күткен емес; жақында сондай әдемі мекен-жайы бар, жақсы мүлкі тұрғанда мұнда келмес дейтұғын; ол мекеннің Лаврецкийге жиренішті жай екенін бұлар сезген де емес. Лаврецкийге ол орында ауыр естегілер азап салғандай болар еді. Сыбырға қанып болған соң, Антон таяғын алып, сарай жанындағы асулы тұрған тақтайды бірнеше рет қақты да, сол орынға қораның ішіне жайғасып жатып қалды. Өзінің аппақ басын бүркеген де жоқ. Майдың түні тыныш, әсем еді, шал тәтті ұйықтады.
XX
Келесі күні Лаврецкий ерте тұрып, старостамен сөйлесті, қырман басына барып, қорадағы кәрі итті шынжырдан босаттырды, ит сәл ғана үрді де, өз үйшігінен ұзамады. Лаврецкий үйге қайтып, тыныш бір меңіреу күйге батты да, күн ұзын сол қалпынан аумады. Өзіне бірнеше рет қайталап айтқаны: "өзеннің дәл түбіне батқан шағым осы болар" деді. Терезе жанына қозғалмастан отырып, мұны қоршаған тыныш өмірдің ағымына беріліп, меңіреу қыстақтың сирек үндерін тыңдайды. Қалақайдың ар жағында әлдекім жіп - жіңішке үнмен ән созды. Оған маса ызыңы қосылады. Міне, ән басылды, бірақ маса тынымсыз, көп шыбынның беймаза ызыңының арасында үлкен сонаның төбе тақтайға соқтыққан күйдегі үні естіледі, тыста қарлыққан үнмен қораз айғайлайды; салдырлап арба өтті, қыстақтың қақпалары сықырлайды. "Немене?" деп бажылдаған бір қатын айғайы шықты, қолына көтерген екі жасар қызды әлдилеп Антон қарт "ох, менің сәулешім" деп қояды. Жаңағы қатын даусы "квас әкел!" деп бұйырады, содан әрі және өлім тыныштығындай жым-жырттық басады; бір тықыр, бір қыбыр жоқ; жел де жапырақты сілкінтпейді, қарлығаштар ғана бірі артынан бірі жер үстінен үнсіз ағып етеді; олардың дыбыссыз ағынынан да жанға уайым білінеді. Лаврецкий тағы да ойлана түсті, "міне, өзен түбіне батқаным!" дейді. "Әр заманда, әрдайым осындай баяу, сылбыр өмірді көресің мұнда; мұның ауқымына кіресің, бағына бер; мұнда толқыну, електену қажет емес; мұнда тек қана өзінің өмір соқпағын диқан айдаған боразда тәрізді асықпай тарта берген жан ғана олжа табады. Бірақ қандай қуат, қандай саулық бар дәл осы әрекетсіз тыныштықтың өзінде! Анау жерде, терезе түбінде қалың шөп арасынан табақтай атқұлақ өсіп шығыпты; одан бойы асып, қурай сабағын созыпты; жіңішке шыбықта биіктен алқызыл шашағын атады; анау жырақ далада көк найза жылтырайды, сұлы да бүркене бастаған; әр ағаштың жапырағы барынша кең жазылған, әр шөптің сабағы нығайған". Лаврецкий ойлана түсіп: "менің жақсы жылдарым әйел махаббатына кетіпті; тарылу мен іш пысу енді мені бардан айықтырсын, тыныштық тапқызсын; сонымен де асықпай, іс істеуге әзір болайын" дейді. Ол қайтадан жаңағы тыныштыққа құлақ салады; ешнәрсе күтпегендей болса да, бір жағынан тынбастан әлденені тосқандай болады; бірақ тыныштық оны жан-жағынан құшағына алғандай; көкшіл тыныш аспанда түн баяу жылжып барады; ақырында бұлттар ауады, олар қай жаққа, не үшін маңып бара жатқанын білетіндей көрінеді. Дәл осы кезде жер үстінде көп жерде тірлік қайнап, асығып дабыр салғандай; бірақ мұнда сол өмір үнсіз ағады; көп мая шөп арасынан су аққандай сезіледі; кеш батқанша Лаврецкий осы өтіп бара жатқан, ағып өтіп жатқан өмірді көз алмай тамашалай отырды; өткен шақ қайғысы мұның жүрегінде көктемгі қардай еріп жатқандай және бір ғажайып хал! Ешбір заманда мұның жүрегінде отанын сезіну жайы дәл осы шақтай терең, күшті түрде аңғарылмаған тәрізді.
XXІ
Екі жұманың ішінде Федор Иванович Глафира Петровнаның кішкене үйін ретке келтіріп, қора мен бақшаны да тазартты; Лавриктен бұған жайлы үй іші аспаптарын әкелді; қаладан шарап, кітап, журналдар әкелісті; атқорада жақсы аттар пайда болды; қысқасы, Федор Иванович бар керегін жайғастырып алып, әлдебір алпауыттай немесе қашқын жалғыздай өмір кеше бастады. Әрбір күні айнымаған бірқалыпта өтсе де және ешкімді көрмесе де, оның іші пысқан жоқ; шаруасын орнымен, ықыласпен басқарды; маңайға салт атпен сейіл құрады, кейде кітап оқиды, бірақ кітапқа көп сарылған жоқ; көбінше Антон шалдың әңгімесін жақсы тыңдаушы еді. Әдет бойынша, Лаврецкий трубкасын алып, салқын шайды шыныға құйғызады да, терезе жанына орналасады; Антон екі қолын артына ұстап, есік жанында тұрып, өткен замандар жайындағы өзінің ұзақ әңгімесін шертеді; ол ертегілік заманда сұлы қапшықты екі-үш тиыннан сатады екен; ол заманда атыраптың бәрі қалың жыныс тоғай болып, қалаларды да түгел қоршайды екен, сахаралардың көбіне жан баспайды екен. Шал уайым етіп, сексен жылғы өмірінің ендігі жеткенін санағанда: "Енді болса, бар ағаш кесілген, бар жер жыртылған, тіпті аяқ басар орын жоқ!" дейді. Антон және өзінің иесі болған Глафира Петровна жайын көп айтады; оның ақылы, шаруаға ұстамдылығы қандай еді, осыны айтады; бір кез жас мырза жақын көрші оған келгіш болып алыпты; ол келерде әйел сары көйлегін киіп, басына мейрамда киетін лента таққан бөрікшесін киіп, қарсы алады екен; артынан әйел ол мырза көршіге бір жайдан ашуланып қапты; анау: "Ханым, сізде жиған ақша көп болу керек қой" депті; содан кейін оны үйге жолатпай қойыпты және сол күндерде өзінен қалған бар мүлік, бар киім - бұйымды да түгелімен Федор Ивановичке табыс етіңдер деп тапсырыпты. Айтқанындай, апасының бар жиған-тергені жаңағы бөрікшесі, сары көйлегі - бәрі түгел бұл үшін сақталған екен. Лаврецкий қызық көріп, осыдан табылар деп күткен ескі қағаз, қызық документ атаулыдан мұнда ештеңе болмай шықты: тек бір ғана ескі кітапша бар екен, сонда мұның атасы Петр Андреевич жазған бір қағазда "Петербургте түрік патшалығы мен князь Александр Александрович Прозоровский жасаған бітім шеніндегі той туралы" депті; тағы бір жерде "өкпе науқасына ем жайы" айтылыпты: "Үшбу өсиет генерал қатыны Просковья Федоровына Салтыковкаға Федор Авксентьевич ғажайып шіркеуінің ұстазынан берілген" деп жазылыпты; бір жерде мынадай саяси хабар да бар екен: "Жыртқыш француздардан хабар болмайтын боп кетті" депті, және соның қасында бір жазуда "Москва ведомості" баяндауы бойынша, мырза ұлық майор - Михаил Петрович Колычев өліпті. Петр Васильевич Колычевтің баласы емес пе екен?" депті. Лаврецкий және бірнеше ескі календарь, түс жорығыш кітаптармен қатар, Амбодиктің ғажайып шығармасын да тапты; көптен ұмытылған, бірақ соншалық таныс "символдар мен белгілер" бұған көп нәрселерді еске салды. Глафира Петровнаның айнасы тұрған үстелдің ішінде бір кішкене түйіншек бар екен, оны қара лентамен орап, қара сорғышпен желімдепті де, құнттап тығыпты. Сол түйіншектің ішінде мұның әкесінің жас күйіндегі бұйра шаш қалыптағы суреті бар екен; және жүдеу жүзді ақ киім киген, қолына ақ гүл ұстаған, тозыңқыраған бір сурет Лаврецкийдің анасының суреті екен. Глафира Петровна өз суретіне тартқызбайтын. Антон Лаврецкийге әңгіме айтып келіп: "Мен, әкем Федор Иванович, мырзалар үйінде тұрмасам да, сіздің ұлы атаңыз Андрей Афанасьевич жақсы білемін; қайда, ол кісі қаза болғанда мен он сегізге қарай басып ем. Бір күн бақшада кездесіп қап ем, бар сіңірім қалтырап кетті: бірақ ол кісі тұқ айтпады, тек"атың кім?" деп сұрап, содан соң үйден "орамал әкел, әкел!" деп жұмсады. Мырза болғанда қандай еді, өзінен жоғары бар деп білген емес. Мен сізге айтайын, оның себебі, сіздің ұлы атаңызда сондай бір ғажайып сауыт болған, әулиелік Афон тауында бір сопы сыйлаған екен. Сол монах айтыпты ғой: "Шырағым, мырзам, осыны қуанышыңа сыйлаймын, жоғалтпай сақта және ешбір соттан қорықпа!" депті. Әкем - ау, со заманның өзі қандай десеңші, мырзаның жаны нені тілесе соны істеген ғой. Тіпті басқа мырзаның біреуі көлденең бірдеңе десе де, бұ кісі тек бір қарайтын да, жалғыз-ақ сөз айтатын: "саяз жүзесің, шырағым" дейтұғын; бұл ең бір жақсы көретін сөзі еді. Марқұм сіздің ұлы атаңыз тұрғанда да кішкене ғана ағаш үйде тұрды; ал қалдырған қазынасын айтсаң, күміс пенен басқа байлықтың өзі де подвалда лық толы болушы еді. Ие болғанда нағыз иенің өзі еді. Әлгі сіз мақтаған графин сол кісінікі еді ғой, арақты содан ішетін. Ал енді сіздің атаңыз Петр Андреевич болса, өзіне сарайды тастан салғызды, бірақ дүние жимады; ісінің бәрі қыңыр кетіп, әкесінен көп төмен өмір сүрді, өз басына рахатты да көп таппады; ақшаның бәрін тауысып, өзіне ас берерлік те қалдырмады; жалғыз күміс қасық та қалған жоқ еді; тек Глафира Петровнаға рақмет, сол кісі құрастырды ғой".
Лаврецкий оның сөзін бөліп:
- Глафира Петровнаны "кәрі сараң" деп атандырғандары рас па? - деп еді.
Антон жақтырмай жауап берді:
- Қай жөнді кісі айтады дейсіз?
Бір уақыт шал батылданып:
- Немене, әкем? Біздің жас ханым қай жерде тұрып жатыпты? - деп сұрап еді. Лаврецкий қиналып жауап қайырды:
- Мен қатыныммен айрылысқанмын, тілеуің берсін, ол туралы сұрама! - деді.
Шал мұңайып қана жауап қатып:
- Құп, құп! - деді.
ХХІІ
Үш жұма өткеннен кейін Лаврецкий салт атқа мініп, О... шаһарына барып, Калитиндерде бір кеш болып қайтты. Лемма сонда екен, ол Лаврецкийге қатты ұнады. Әкесінің кесірінен Лаврецкий ешбір музыка ойнай білмесе де, классикалық мағыналы музыканы өте жақсы көруші еді. Калитиндерде бұл кеште Паншин болған жоқ. Оны губернатор қаланың сыртына бір жұмысқа жіберіпті. Лиза күйді жалғыз тартып, жақсы орындап отырды; Лемма көңілденіп, бой жазып, бір қағазды ширатып таяқша жасап ап, дирижерлік істеді. Марья Дмитриевна әуелде бұған қарап күліп еді, кейін ұйықтауға кетті; оның айтуынша, Бетховен жүйкесін қозғайды екен. Түн ортасында Лаврецкий Леммді пәтеріне шейін ұзатып, соның үйінде таңғы сағат үшке дейін отырды. Лемма көп сөйледі; оның күдіс жауырыны жазылып, көздері жайнап, кең ашылып алыпты; шаштары да төбе тұсында тікірейе түскен. Көп заманнан бері мұның жайын ойлаған жан болмай кетіп еді, ал Лаврецкий бұл адамға қызыққандай, үлкен ықылас бейілмен жай-жапсарын көп сұрастырады. Сонысы қартқа қатты әсер етті. Ақыры ол қонағына өзінің жазып жүрген музыкасын көрсетіп, өлімсіреген дауыспен әндетіп айтып та берді; өзі Шиллердің "Фридон" атты балладасына музыка жазған екен. Лаврецкий мұны мақтап, кейбір шығармаларын қайтадан ойнатты; жүрерінде қонаққа шақырып, біраз күн мейман боп кетуін өтінді. Лаврецкийді далаға ертіп шыққан Лемма баруға көніп, жігіттің қолын қатты қысты; бірақ салқын дымқыл ауада жалғыз қалған соң айнала қарап, таң келе жатқанын аңғарып, бүрісе түсіп, әлденеге кінәлі кісідей сезінді, өз бөлмесіне күйбеңдей жөнеліп, немісше "мен есімнен айрылсам керек" деген сөзді міңгірлеп, әлденеше қайырып айтты да, өзінің әрі қатты, әрі қысқа төсегіне жантая берді. Осыдан бірнеше күн өткенде, Лаврецкий күймеге мініп кеп шақырғанда, Лемма ауруын сылтау еткісі келіп еді, бірақ Федор Иванович оның бөлмесіне өзі кірді де, еріксіз көндірді. Емге әсіресе ерекше көрінгені, Лаврецкий бұған арнап өз қыстағына қаладан фортепьяно апарғызыпты. Екеуі кешке жақын Калитиндерге барып еді, бірақ бұл кешті екеуі де алдыңғыдай көңілді өткізе алған жоқ. Паншин сонда екен, ол өз сапарын әңгіме ғып, кездескен алпауыттарды өте күлкі түрде мазақтап отырды; Лаврецкий күліп тыңдаса да, Лемма үндемей жым-жырт отырды; бұрыштағы өрмекшідей ақырын ғана қозғалып, ойсыз мұңмен қарайды; тек Лаврецкий үй ішімен қоштаса бастағанда ғана ажары түзелді. Ол күйменің ішінде де тығылып бүрісе түскен болып еді, бірақ тыныш, жылы ауа, жеңіл жел, сәл көлеңке, шөптер исі, жұлдызды айсыз аспанның сүлелеу жарығы, аттардың пысқыра түсіп, ентелеп жортқан дүбірі, қысқасы, бар жолдың, көктемнің, түннің әсері жиылып, сорлы немістің жанына төнгендей болды да, Лаврецкиймен әңгімені өзі бастады. Ол музыка туралы, Лиза туралы сөйлеп, кейін тағы музыкаға ауысып отырды. Лиза туралы сөйлегенде әр сөзін жайырақ айтқан сияқтанады; Лаврецкий әңгімені Леммнің шығармаларына ауыстырып, қалжың ретінде, Емге арнап либретто жазып бергісі келетінін айтты. Лемма дау айтты. -Ім... либретто! Жоқ, ол маған болмайды; операға қажет болатын қиял өрісі мен оттылық менде жоқ қой, мен қазір қуаттан айрылғанмын ғой. Егер қолымнан бірдеңе келсе, романс жазуды да қанағат қылар ем, әрине, сөзі жақсы болса дер едім... Ол үндемей, көпке дейін қозғалмай, аспанға қарап отырды. Ақыры, айтқан сөзі:
- Мысалы, әлде мынадай ма екен: сіз жұлдыздар, о сіз пәк жұлдыздар! - деді.
Лаврецкий бұған сәл бұрылып, тура қарап қалды. Лемма сөйлеп кетті.
- Сіз жұлдыздар, пәк жұлдыздар. Сіздер айыптыға да, айыпсызға да бірдей қарайсыздар... бірақ тек қана жүрегі күнәсыздар... деген дей ме... сіздерді түсінетін, яғни, жоқ, - сіздерді сүйетін десе бола ма? Бірақ мен ақын емеспін, қайда бізге! Бірақ не де болса, осы тәрізді биік сипатты бірдеңе болса.
Лемма шляпасын қалқита киді; жарық түннің жұқалаң қараңғысында, ала көлеңкесінде, оның жүзі ақшылданып, жасара түскендей. Барған сайын баяулай түскен дауыспен сөйлеп отыр.
- Сіз де сондай... кімнің сүйетінін сіз білесіз, сүйе білетінін де аңғарасыз. Өйткені сіз, таза жұбата білетін адамсыз. Жоқ, мұның бәрі ол емес! Мен ақын емеспін, бірақ не де болса, осы тәрізді бірдеңе болсам екем.
Лаврецкий жауап қатып:
- Менің де ақын еместігім өкіндіреді! - деді.
Лемма:
- Бос қиял ғой, - деді де, күйменің бұрышына тығыла түсті. Ұйықтағысы келгендей көзін жұмды.
Сәл мезгіл өткен еді... Лаврецкий тыңдаса, "жұлдыздар, пәк жұлдыздар, махаббат" деген сөздерді шал сыбырлап айтып отыр екен. Лаврецкий өз ішінен: "махаббат!" деген сөзді қайталады да, ойланып қалды, жаны қысылғандай болды. Ол қатты дауыстап сөйледі:
- Христофор Федорович! Сіз "Фридолинға" тамаша музыка жазыпсыз. Қалай ойлайсыз, осы Фридолин оны граф өз әйеліне әкелгеннен кейін сол әйелдің ғашығы болды ғой,ә?
- Олай дегеніңіз, тегі, тәжірибеден мәлім бе? - деп Лемма сөз бастады да, артынан шұғыл тоқтап қап, өзінен-өзі қысылып сырт айналды.
Лаврецкий зорлықпен күлді де, солға қарады, бұл да сырт айналды. Күйме Васильевскідегі үйдің алдына жеткенде, аспан ақшыл тартып, жұлдыздар жүдей бастаған-ды. Лаврецкий қонағын оған арнаған бөлмеге апарып кіргізді де, өзі кабинетке қайтып кеп, терезе алдына отырды. Бақшада бұлбұл соңғы таңғы сазын шырқатып тұр. Калитиндер бақшасында да бұлбұл сайрап қалғанын Лаврецкий есіне алды; Лизаның көзі баяу қозғалып, бұлбұл үні алғаш шыққанда қарауытқан терезеге бұрылған еді. Лизаны ойға алғанда мұның жүрегі тыныштық тапты. "Таза қыз" дей түсіп, "Таза жұлдыздар" деп ақырын ғана айтты да, сәл жымия түсіп, тыныш ұйқыға кетті. Лемма көпке шейін ұйықтамай, төсегінің үстінде нотаның тетрадын тізесіне жайып, ұзақ отырды. Бұрын әсте оралмаған әсем ырғақ мұны енді табатын тәрізді, ол қызынып, толқына бастады; бойы балқып, жақсы бір туыс жақындағанына сүйсініп, исінгендей болады. Бірақ солай тосқанымен, ол саз оралмады. Ақыры сыбырлап: "ақын да, музыкант та емеспін" деді.
Талып, қажыған басы жастыққа салмақпен сұлай түсті.
XXІІІ
Келесі күні қонақ пен үй қожасы шайды бақшада, қартаң жөке ағашының түбінде отырып ішті.
- Маэстро , - деп Лаврецкий сөз бастап, сіз әлі жақында "Қуаныш кантатасын" туғызатын боласыз! - деді.
- О қай себепті?
- А, Паншин мырзаның Лизамен қосылуы себепті. Кеше жігіттің қанша құрмет тұтып, қызға оралғанын көрмедіңіз бе? Істері піскен тәрізді ғой.
- Ол болмайды, — деп Лемма қатты айтып қалды.
- Неге?
- Ол мүмкін емес. Бірақ... - деп, сәл бөгелді де, - бұл дүниеде бәрі мүмкін. Әсіресе осында, сіздерде, Россияда, - деді.
- Россияны мазаламай-ақ қояйық; олар үйленсе де не өрескелдік бар деп ойлайсыз?
- Бәрі өрескел, бәрі... Елизавета Михайловна әділетті, салмақты, жарқын сезімді қыз, ал ол. Ол, бір сөзбен айтқанда, дилетант .
- Бірақ қыз оны жақсы көрмей ме?
Лемма орнынан тұрды.
- Жоқ, ол оны жақсы көрмейді. Жоға... Оның жүрегі аса таза, ол махаббат дегеннің не екенін әлі білмейді. Мадам фон - Калитин ананы жақсы жігіт дейді, Лиза мадам фон -Калитинді тыңдаумен жүр, өйткені жасы он тоғызда болғанмен, ол әлі мүлде бала: таңғы намаз, кешкі намазды оқиды, мұнысы аса мақтарлық іс, бірақ ол ананы жақсы көрмейді. Өйткені ол тек тамашаны ғана сүйе алады, ал жігіт тамаша емес, оның жаны тамаша емес.
Лемма бұл сөздерді шай үстелінің жанында аяңдап жүріп, екі көзі төмендеп, алаңдай түсіп, өзінше бір қызумен орынды қып айтты. Лаврецкий тез жауап қатып:
- Қымбатты маэстро, менің байқауымша, сол менің сүйікті туысымды сіздің өзіңіз жақсы көресіз бе деймін! - деді.
Лемма қалт тоқтай қалды. Даусы өзгеріп:
- Тілеуіңізді берсін, мені осылай әзіл етпеңіз. Мен ондай есуас емеспін: қараңғы көрге қарап тұрған адаммын, гүл атқан келешекті күткен жан емеспін! - деді.
Шалға Лаврецкийдің жаны ашып, одан кешірім сұрады. Шайдан кейін Лемма өзінің кантатасын қайта ойнап шықты, ал обед үстінде Лаврецкийдің қозғауымен тағы да Лиза туралы сөйлеп кетті.
Лаврецкий оның сөздерін ықыласпен қызығып тыңдады. Кейін барып:
- Қалай ойлайсыз, Христофор Федорыч, біздің бақшамыз толық гүл атып тұр. Мұндағы тәртібіміз оңдалған емес пе? Лизаны анасымен және менің кәрі апаммен қоса осында шақырсақ қайтеді? Сізге сол ұнар ма? - деді.
Лемма тарелкаға басын тұқырта беріп, сәл ғана естіртіп:
- Шақырыңыз! - деді.
- Ал Паншиннің керегі жоқ қой?
- Керегі жоқ! - деп, шал балаша жымиды.
Екі күн өткен соң Федор Иванович қалаға Калитиндерге кетті.
XXІV
Бұл келгенде үй иелері түгел екен, бірақ ол өз ниетін тез білдірген жоқ; әуелі Лизамен оңаша сөйлеспек еді. Мұның орайы тез келіп, бір сәтке қонақ үйде екеуі оңаша қалды. Әңгімелері оңай басталды; қыз бұған үйреніп қалған еді және ол, тегінде, ешкімнен де үрікпейтін. Жігіт оған қарай түсіп, сөзін тыңдап, өз ішінде Леммнің сөздерін қайталап, құптап отырды. Тегінде, кей шақта өңі таныс, бірақ әлі бір-біріне жақын емес адамдар бір-ақ сәтте шапшаң жақындасатыны бар ғой; сондай жақындасу олардың көз қарастарынан, достықпен ақырын күлісуінен, сәл-ақ қозғалыстарынан аңғарылады. Дәл осы жай қазір Лаврецкий мен Лиза арасында байқалып қалды. "Бұл сондай екен-ау!" деп қыз ойлап, жігітке рақымды жүзбен қарады. "Сен осындай екенсің - ау!" деп жігіт те ойлаған еді. Сондықтан қыз біраз бөгеле тұрып, оған айтайын деп жүрген, жүрегінде сақтаған сөзі барын және оны айтуға өкпелетіп алам ба деп қорғанатынын білдіргенде, Лаврецкий таңданған жоқ.
- Қорғанбаңыз, айтыңыз! - деді де, қыздың алдына тақап келді. Лиза бұған өзінің ашық жарқын көздерін аударды.
- Сіз сондай мейірімді адамсыз, - деп бастады да, ол ішінен "рас, ол анық мейірімді адам деп" ойлап алып, - маған, кешіріңіз, бұл жөнінен сөйлеуге батылым бармаса да керек еді.. Бірақ сіз қалайша, неліктен осы әйеліңізбен айрылыстыңыз, - деді.
Лаврецкий дір еткендей болды да, Лизаға көз салып, қасына отырды.
- Қарағым, бұл жараға тимеңіз, тілеуіңізді берсін; сіздің қолыңыз нәзік екені рас, бірақ маған бәрібір ауыр тиеді! - деді.
Лиза оның сөзін түгел естімегендей сөйлей берді.
- Мен білемін, ол сіздің алдыңызда жазықты, ақтағым келмейді; бірақ тәңір қосқанды қалай айыруға болады?
Лаврецкий қатаңдау жауап қатты.
- Бұл жайға келгенде, Елизавета Михайловна, сіз екеуміздің иланышымыз екі басқа, бір-бірімізді түсінісе алмаймыз.
Лизаның өзі сұрқыл тартса да, бар денесі дір еткендей боп, тоқтағысы келмеді. Ақырын ғана үн қатып:
- Өзіңізді кешіргенді тілесеңіз, оған сіз де кешірім етуіңіз керек, - деді.
Лаврецкий тез жауап айтты:
- Кешіруге ме? Сіз әуелі кім үшін кешірім сұрап тұрғаныңызды білуіңіз керек емес пе? Ол әйелді кешіріп, сондай қуыс кеуде, рақымсыз жанды қайтадан өз үйіме кіргізу ме? Және оның маған қайта оралғысы келетінін сізге кім айтты. Мәлім болсын, ол өз халіне тіпті риза... Қысқасы, несін айтамыз, оның атын сіз атай көрмеңіз. Сіз аса таза жансыз, ондай затты сіздің, тіпті, түсінуіңіз де мүмкін емес.
- Неге қорлайсыз? - деп қысылып жауап қатқан Лизаның қолы дірілдей түсті. - Оны тастап кеткен өзіңіз емес пе, Федор Иваныч?
Лаврецкий ықтиярсыз шыдамнан айрылды:
- Мен айттым ғой сізге, сіз ол заттың қандай екенін білмейсіз демедім бе?
- Ендеше, неге үйлендіңіз оған? - деп Лиза сыбырлады да, көзін төмен салды.
Лаврецкий орындықтан шапшаң тұрды.
- Неге үйлендіңіз дейсіз бе? Мен онда жас едім, тәжірибесіз едім; сырт сұлулығына қызықтым да алдандым. Мен әйелді де және басқа ештеңені де білмеуші ем. Тәңір сізге бақыт берер жар кездестірсін! Бірақ иланыңыз, ешнәрсеге алдын ала кепіл болуға мүмкін емес.
Лизаның даусы бөгелеңдеп, ақырын сөйледі.
- Әрине, мен де бақытсыз болуым мүмкін, бірақ онда көну керек; мен айта алмай тұрмын, егер біз көнбейтін болсақ...
Лаврецкий екі қолын айқастырып, тақтайды теуіп қалды. Лиза асығыс сөйлеп:
- Ашуланбаңыз, маған кешірім етіңіз, -деді. Осы сәтте Марья Дмитриевна кірген еді. Лиза орнынан тұрып, кетуге айналды. Лаврецкий оған оқыс дауыстап:
Тұра тұрыңыз, менің сіз бен анаңызға үлкен өтінішім бар: менің жаңа мекеніме рақым етіңіздер. Білесіздер ме, мен фортепьяно тауып алдым, Лемма біздікінде қонақ боп жатыр; қазір сирень гүл атты, сахараның ауасымен дем аласыздар және сол күні-ақ қайтуға болады, мақұл ма? - деді. Лиза анасына қарады, ал Марья Дмитриевна дімкәс адамның жүзін көрсете беріп еді, Лаврецкий оның аузын аштырмастан екі қолын сүйіп алды. Марья Дмитриевна өзін сыйлағанды аса ұнататын, әсіресе мынадай құрметті, өзі ибалық дейтін Лаврецкийден күткен жоқ еді, енді жаны елжіреді де, көне қалды. Ол қай күні жүретінді ойлап қалғанда, Лаврецкий Лизаға әлі де толқынып тұрған жүзбенен тақап келіп, сыбырлап сөйледі:
- Алда риза болсын, сіз сондай рақымды бойжеткенсіз, мен айыптымын! - деді.
Қыздың ақшыл жүзі көңілденіп, қып-қызыл боп, ұяң күлкі пайда болды, көздері де қоса күлгендей; мұның алдында ол жігітті ренжітіп алдым ба деп қорғанып қалған еді. Марья Дмитриевна сөз қатып:
- Бізбен бірге Владимир Николаевич бара ала ма? - деді.
Лаврецкий:
- Әрине, бірақ біз өз жақын тобымызбен болғанымыз артық болмас па еді? - деді.
Марья Дмитриевна:
- Бірақ сонда да! - деп сөз бастады да: - Мейлі, еріктеріңіз білсін! - деді.
Бұлар Леночка мен Шурочканы да ертпекші. Марфа Тимофеевна бармайтын болды. Оның айтқаны:
- Маған ауыр ғой, жарығым. Кәрі сүйегімді қинама. Сендер жататын жер де жоқ шығар. Мен болсам, бөтен төсекте ұйықтай алмаймын. Анау жастар шапқылай берсін! -деді.
Лаврецкий бұдан соң Лизамен оңаша бола алмады, бірақ оған қарағаны соншалық еді, қыз бір жағынан аз ұялып, бір жағынан оны аяды да, сонымен қатар өте сүйгендей болады. Екеуі қоштасарда жігіт қыздың қолын қатты қысты; оңаша қалған қыз ойланып қалды.
XXV
Лаврецкий үйіне қайтып келгенде, қонақ үйінде бұған қарсы шыққан ұзын бойлы, ашаң жүзді адамды көрді; оның үстіндегі көкшіл сюртугі тозған, әжімді көзі көңілді, бурыл тартқан бакенбардысы жиыла түскен, ұзындау тұмсығы тура кеткен, кішілеу көзі қызарыңқы адам еді. Бұл Лаврецкийдің университеттегі жолдасы Михалевич болатын, Лаврецкий басында танымай қалды, кейін қонақ өзін атаған жерде жабыса құшақтай алды. Москвадан соң бұлар көріспеген еді. Әр жайды кезектесіп сұрасып, талайдағыны еске ала бастады. Бір трубкадан соң біреуін тартып, шайын сирек ұрттап, ұзын қолдарын сермеп сөйлеп, Михалевич өзінің қандай өмір кешкенін баяндап кетті; ол әңгімесінде онша қызық ештеңе де жоқ, мақтанарлық олжасы және жоқ болса да, ол қайта-қайта күліп отырды. Күлкісі сырылдаған үнмен шығатын ұсақ күлкі. Осыдан бір ай бұрын бір бай көтермешінің конторынан қызмет алыпты, ол жер де О... қаласынан үш жүз шақырымдай екен. Жақында Лаврецкийдің шет елден қайтқанын естіп, әдейі бұрылып, ескі жолдасын көруге кепті. Жас күндегісіндей Михалевич әлі де шапшаң, қатты үнмен қайнап сөйлейді екен. Лаврецкий өз өмір жайын айта бастап, Михалевич оның сөзін тез бөліп, міңгірлеп кетті:
- Естідім, шырақ, естідім. Бүйтер деп кім күткен! - деді де, сөзді басқа бір жайларға аударды.
- Мен ертең кетуім керек. Бүгін, туғаным, айып етпе, біз кеш жатамыз. Мұны менің сонша білгім келетіні, сенің ендігі нанымдарың, көзқарасың, кім болғаның, өмірдің саған нені үйреткенін білмекшімін,-деді.
Михалевич әлі отызыншы жылдардың үлгісінде сөйлейді екен.
- Мен болсам көп жайдан өзгердім, туған өмір толқыны кеудеге соқты деп кім айтып еді? Рас, негізгі анық жай да өзгерген жоқ, мен бұрынғыша жақсылыққа, ақиқаттыққа сенемін; бірақ мен сеніп қана қоймаймын, бүгінге де иланамын, дінге де иланам! Білесің бе, мен өлеңді де жазып қоям; поэзиясы болмаса да, шындығы бар өлеңдер. Мен өзімнің соңғы жазғанымды оқиын; мұнда бар иланышымды баян еттім. Тыңдашы! - деді де, Михалевич өлең оқуға кірісті, онысы бірталай ұзақ өлең екен. Соңғы жолдары былай бітеді екен:
Бар жүрекпен жаңа жайға ауыстым,
Жас балаша жаңғырғандай жаным да,
Бұрынғы бір өртенгенмен табыстым,
Табынғаннан тат қалмады жадымда.
Соңғы жолдарын оқи отырып, Михалевич жылай жаздады; үлкен толқын белгісіндей боп, еріндері дірілдеп, сүйкімді пішіні де өзгере жадырағандай болды. Лаврецкий көп уақыт тыңдаумен отырды... бірақ ішінде қарсылық оянып еді; Москва студентінің әр сәтте дайын тұратын алып-қашпа, қайнаған мінезі мұны ыза қылушы еді, ширек сағат өтпей-ақ екеуі таласып кетті, орыс адамдары құмар келетін өмірі бір аяқталмайтын, көп таластың бірі еді. Көп жылдар көріспей, шалғай дүниелерде өмір кешкен адамдар бірін-бірі түсіну былай тұрсын, өз ойларын да анық аңғармай, құр сөзге байланысып, құрғақ сөзбен ғана таласады; өте қиын, керек жайларды бақасқа салды; қызулары екеуінің өмірі мен өлімі үшін таласқандай болды; екеуінің күжілдеген айғайы ауладағы бар адамдарды үркітті. Ал Лемма байғұс Михалевич келгеннен бері өз бөлмесіне тығылған болса да, енді сасқалақтап, әлденеден қорқақтай берді.
Михалевич түнгі сағат бір шамасында айғайлап сөйлеп тұр:
- Сен кім болғаның сөйтіп? Торыққаның ба?
- Торыққан кісі осындай бола ма? Олар ауру, жүдеу келеді. Мен болсам, сені жалғыз қолыммен аспанға көтерейін бе!
Торыққан болмасаң, скептик бопсың, оның мүлде жаман (Михалевичтің кей сөзі оның туған елі Малороссия әдетінше айтылатын.) Ал скептик болуға сенің қандай правоң бар? Айтайық, өмірде саған өкініш түскен болсын, өзіңде сенің жазығың да жоқ еді: сен құмарлығы күшті, махаббатшыл жан боп туған едің, ал сені әйелден жырақ етіп ұстапты, сондықтан саған бірінші кездескен әйел сені алдауы оп - оңай еді.
- Ол сені де алдады, - деп Лаврецкий жақтырмай жауап берді.
- Рас, рас, мен бұл тұста тағдырдың құралы боп кеттім; рас-ау, бекер айтады екем - ау, тағдыр мұнда жоқ қой; дәл сөйлемейтін ескі әдет. Ал бірақ бұл нені дәлелдейді?
- Дәлелдейтіні сол - мені бала шағымнан мертіктіріп өсірді.
- Ал сен... мертігіңді түзе! Адамсың, еркексің, сол үшін міндеттісің, қайратты кісіден сұрайтын емессің! Бірақ қайткенде де жеке бір мысалды жалпылық заңға айналдыру, өзгермес жол деп ұғыну мүмкін бе екен? Лайық па екен сол?!
Лаврецкий дау айтып, "не қылған заң, мен ондайды білмеймін" дей берді.
- Жоқ, ол сенің жолың, сен жол деп тұрсың.
Енді бір сағат өткенде Михалевич айғайлап, қыза сөйлеп:
- Сен өзімшіл, білдің бе, сен тәттіні тіледің, өмірден бақыт күттің, бірақ бәрін өзің үшін ғана тіледің... - деді.
- Тәттіні тілегені несі?
- Тек бәрі сені алдады да, аяғыңның астынан сол жалғанды ғана көрдің.
- Тәттіні тіледің деген не деген сөз, мен соны сұраймын?
- Ол да ойран болды. Өйткені сен тірек іздегенде оны таба алмайтын жерден тіледің; өйткені сен үйіңді құмның үстіне салмақ болдың.
- Теңеусіз - ақ анық сөйлеші! Әйтпесе не дегеніңді мен түсінетін емеспін.
- Әйтпесе күле бер! Әйтпесе, сенде наным жоқ, жүрегіңде жылау да жоқ, тек қана ақыл сымақ, бір тиындық ақыл ғана бар. Сен жай айтқанда, өмірден қалып қойған бейшара вольтериянен боп қапсың, білдің бе?
- Кім? Мен вольтериянен пе?
-Я, өзің сезбесең де, дәл өзіңнің әкеңдей вольтерияненсің.
Лаврецкий қатты үнмен:
- Бұлай болса, мен сені фанатик деуге хақым бар, - деді.
Михалевич мұңая түскендей, дау айтты:
- Бәрекелде, сортыма қарағанда мен ондай ұлы атаққа татымаймын.
Сағат үште Михалевич тағы айғайлап жатты.
- Мен енді кім екеніңді білдім. Енді айтсам, сен скептик те емессің, торыққан вольтериянен те емессің, сен кещесің. Ақыл-санасы бар, түзелмес кещесің, аңқау кеще емессің. Аңқау кещелер пеш үстінде түк істемей жатады да қояды; олар ешнәрсе істей де білмейді, олар ойлай да білмейді; ал сен ойлайтын адамсың, бірақ сен де жатып алғансың; қолыңнан бірдеңе істеу келер еді, соны істемейсің; тойған қарыныңды аспанға қаратасың да жатасың; жатпасқа шараң да жоқ; өйткені адам баласының бар әрекетін болымсыз, татымсыз деп түсінесің.
Лаврецкий әлі де дауласып:
- Мені жатып аласың дегенді қайдан шығардың? Осы айтқаныңдай олар менде бар дегенді қайдан таптың?-деді.
Бірақ тынымсыз Михалевич үдеп соқты.
- Бәрінен бұрын сендердің бәрің шетіңнен кітапты көп оқыған кещесің. Сендейлер немістің қай аяғының ақсайтынын, ағылшын мен француздың неменесі жаманын - бәрін білесіңдер; сол сорлы білімдерің сендерге жәрдем етіп, бойларыңдағы жалқаулықты, ұят түрдегі әрекетсіздікті қорғап отырады. Кейбіреулерің мақтан да етесіңдер ғой; "мен ақылдылықтан жатырмын, анау ақымақтар тыпырлай берсін" дейсіңдер ғой. Я... бізде тағы бір мырзалар бар, оларды дәл сен тәрізді демеймін; кейбіреулері іш пысудың өзін тамашалап, соған үйреніп, соған қаймаққа батқан саңырауқұлақтай, - деп, өз теңеуіне өзі күлді де Михалевич, - белшесінен батады да отырады. О, сол іш пысуды тамашалау орыс адамының соры со ғой! Қуарған кеще және өмір бойына бірдеңе істеуге әзірленіп жүрген кісімсиді! - деді.
Лаврецкий де қызып сөйлеп:
- Ұрысатының не осы сенің? Қызмет... жұмыс... дейсің. Одан да дәл не жұмыс екенін айтсаңшы, өзіміздің Полтаваның ұрысқақ Демосфені - ау!
Ал Демосфен мұны мақтанып, дау айтты:
- Қара, талабын! Оны мен саған айтпаймын, шырақ! Не істейтінді әркім өзі табу керек. Алпауыт, ақсүйек өзі не істейтінді білмейді! Иланышың жоқ, ол болса білер едің, дінің жоқ, сондықтан табарың да жоқ.
Лаврецкий енді жалынып сөйледі.
- Тым құрыса, дем алдырсаңшы, сайтан - ау; айналаны танып көруге мезгіл берсеңші! -деді.
Михалевич әмірлі қолмен сілтеп сөйлеп:
- Бір минут демалыс, бір секунд тыным керек емес. Ажал тоспайды екен, тірлік те тосуға міндетті емес,-деді.
Таңғы сағат төртте ол біраз қарлығып қалған дауыспен тағы айғайлап жатты:
- Қай шақта ғана, қай жерде ғана осылар кеще бола қалды? Бізде, осы күнде Россияда! Әр адамның құдай алдындағы, халық алдындағы, өз алдындағы қарызы сонша көп боп жатқан шақта, біз ұйқыдамыз, мезгіл өтіп барады. Біз әлі ұйқыдамыз...
Лаврецкий жай ғана ескертіп:
- Мен сенің есіңе салайын, біз мүлде ұйқыда емеспіз; қайта өзгелерге ұйқы бермей тұрмыз. Екеуміз де қораздай көмейімізді керіп тұрмыз. Тыңдашы өзің, қораздың үшінші айғайлауы болса керек мынау, - деді.
Бүл мінез Михалевичті әрі күлдіріп, әрі тыныштық тапқызды.
- Ертеңге шейін, - деп ол жымиды да, трубкасын кисетіне салды.
- Ертеңге шейін! - деп Лаврецкий де айтып еді, бірақ екі дос әлі де сағаттан артық әңгімелесті. Тек ендігі үндері қатты шыққан жоқ. Бұл кездегі сөздері мұңды, ақырын, мейірімді сөздер еді.
Лаврецкий қанша тоқтатса да көнбей, Михалевич ертеңінде жүріп кетті. Федор Иваныч оны көндіре алмаса да, бірақ сөзге молынан қанып алды. Михалевичтің жанында қара тиыны да жоқ екен. Лаврецкий оның баяғыдан бойына сіңген жоқшылық белгісін алғаш көргенде-ақ байқап еді, етігі тозған, сюртугінің артында бір түймесі үзілген; қолы перчатка көрмегендей, шашына мамық ұйысып қапты; келген жерде жуынуды да тілемеді; ал кешкі астың үстінде етті қолымен жұлмалап, өзінің қарайып кеткен мықты тісімен тартқылап жегенде ашқарақ жайындай көрінді. Қызметтен ештеңе өндіре алмапты, енді соңғы үміті көтермеші бай екен; ол өзінің конторында бір оқыған адам ұстаймын деп осыны алған көрінеді. Соның бәріне қарамай, Михалевич мұңнан аулақ, ұлы циник, өзі идеалист, әрі ақын және адам баласының тағдыры, өз өнері туралы үлкен ойлар ғана ойлап жүреді; өзінің аштан өлмеу жайын тіпті аз ойлайды. Михалевич үйленбеген, бірақ ғашық болуында сан жоқ еді; және әрбір жақсы көрген әйеліне өлең жазатын; мұның әсіресе ынтық болғаны, әсем жырлағаны, ғажайып сыры бар қара бұйра шашты "панна" болатын. Рас, жұрттың арасында ол панна жай жабайы ғана жидовка деген өсек және оның жас офицерлерге аса мәлім ханым екені де сөз боп жүрді; бірақ, ойланып қарасаңыз, оның бәрі бір емес пе? Лемма мен Михалевич екеуі келісе алмады. Михалевичтің қатты айғайлайтын сөздері, оқыс қимылдары бұрын бұған үйренбеген немісті үркіткендей болды. Уайымды жан өзі уайымдыны тез-ақ таниды, бірақ кәрілік те онымен қосыла алмайды; бірақ таңғаларлық ешнәрсе жоқ, екеуіне ортақ не бар? Ортақ үміт те жоқ. Жүрер алдында Михалевич Лаврецкиймен тағы да көп әңгімелесіп, бұл сергімесе қаза табатынын айтты; крестьяндардың өмірін түзе деп жалынды; бір уақыт өзін мысал етіп, сордың арасында жүріп, мұның өзінің тазарғанын мысалға келтірді; бірнеше рет өзін "аспанның азат құсындаймын, даланың еркін гүліндеймін" деп, "бақытты жан" деп те айтып өтті. Лаврецкий гүлдің жайына тоқтап:
- Даланың тікен гүлі боларсың, - деді. Михалевич ызасыз жауап қатты:
- Е, шырағым, ақсүйексіме. Қайта өзіңнің бойыңда да құлдың қаны ағатындығына, тәңіріңе шүкірлік ет! Бірақ ендігі байқағаным бойынша, саған бір асыл жан керек екен. Ол сені мынау жалқау күйден шығарар еді.
Лаврецкий сәл кекетіп:
- Рақмет, туғаным, маған ол асыл заттарың жеткілікті болған, - деді.
- Үндеме, цынык!
Оның сөзін Лаврецкий түзетіп:
- Циник! - деді.
Михалевич қысылмастан өзінікін қайталап:
- Дәл, цынык, - деді.
Тарантасқа мұның жұқа чемоданын салып, өзі жүруге әзірленіп, өне бойын испан плащымен қымтап жатып та сөйлеуден тыйылған жоқ; қолын аспанға созып, болашақтың игілігі ұрығын сеуіп жатқан кісідей боп, Россияның тағдыры туралы ойлар айтып жатты. Ақыры аттар қозғала берді. Жүріп бара жатқанда арбадан кеудесін созып, артқа бұрылып айқайлап:
- Менің соңғы үш сөзімді ұмытпа, ол: дін, прогресс, адамгершілік! Қош!-деді.
Көзіне төндіре киген фуражкасы бар басы осыдан кейін көрінбей кетті. Лаврецкий басқышта жалғыз қалып,тарантас көзден ғайып болғанша қарап тұрды. Үйге қайта бере ойланып қап: "Апырау, осының айтқаны рас-ау, мен шын кеще шығармын" деді. Михалевичтің көп сөзі жөнінде бұл дау айтып қарсыласса да, соның сындары мұның жанына сіңгендей екен. Адам тек мейірімді болсын, сонысы шын болса, сыртқа тебу мүмкін емес.
XXVІ
Екі күн өткеннен кейін Марья Дмитриевна уәде бойынша өзінің жастар тобын ертіп Васильевскіге келді. Қыздар лезде бақшаға жөнелісті, ал Марья Дмитриевна салмақпен бөлмелерді аралап, көргенін салмақпен мақтап қойды. Лаврецкийге келуін ол үлкен бір кеңшіліктей қарап, тіпті жақсылық деп те санағандай. Антон мен Апраксея ескі малайлар әдеті бойынша мұның қолын сүйіскенде, ол жылы шыраймен жымиды да, әлсіреген үнмен күңгірт сөйлеп, шай сұрады. Әдейілеп ақ перчатка киген Антонның көңіліне дақ салып, мұның орнына қонақ ханымға шайды Лаврецкийдің жалдама камердинері, Антонның айтуы бойынша, түк тәртіп білмейтін адам берді. Оның орайына Антон обед кезінде өз дегенін өткізді: Марья Дмитриевнаның орындығының сыртында тапжылмай тұрып алды да, енді бұл орынды ешкімге берген жоқ. Көп заманнан қонақ келмеген Васильевскіге бұл қонақтардың келуі шалды қуантып та, қобалжытып та қойып еді: өзінің мырзасына жақсы жандардың араласуы оған жайлы көрінген. Тегі, жалғыз ол ғана емес, бүгін Лемма де толқуда болатын, бұл темекі түстес, арты үшкір келген шолақ фрагын киіп, мойын орамалын қыса байлап алып, дамылсыз жөткіріп, үнемі жұртқа жол беріп, сыпайы биязылық көрсетіп тұр. Лаврецкийдің жұбанышына қарай Лиза екеуінің жақындығы әлі де байқалғандай: ол үйге кіре сала бұған дос ажармен қол созған еді. Обедтен кейін Лемма өзінің қолын қайта-қайта созып тұрған қалпында фрагінің артқы қалтасынан ораулы нота қағаздарын алып, ернін үнсіз жымырып, сол ноталарды фортепьяноға қойды. Бұл романсты Леммнің өзі жақында жұлдыз жайын айтқан ескі неміс өлеңіне жазған еді. Лиза тез ғана фортепьяно қасына отырып, романсты ойнай жөнелді... Әттең, бірақ! Музыка әлдеқандай жағымсыз, ауыр, түсініксіз болып шықты. Композитордың үлкен құмарлықпен терең бір нәрсе айтқысы келген болса да, ешнәрсе шықпағаны көрініп тұр; тырысуы тырысу болған да ғана қалған. Лаврецкий мен Лиза бұл жайды қатар сезді, соны Лемма де түсінді: ләм-мим деместен романсты қалтасына салды да, Лизаның тағы ойнайық дегеніне басын шайқап, мәнді ғана сөз қатып: "Енді-бітгі!"-деді, сөйтіп, бүгіле түсіп құнысты да, тайқып кетті. Кешке жақын барлық топ балық аулауға жөнелді. Бақшаның сыртындағы көлшікте аққайраң мен шабақ көп болушы еді. Марья Дмитриевнаның аяқ астына кілем төсеп, жағаға кресло қойып, көлеңкеге отырғызып, қолына ең жақсы қармақ берісті; ең тәжірибелі балықшы қарт Антон оған өзі қызмет етті. Бірақ ынтасымен қармаққа құртты шаншып, түкіре түсіп, сипалап суға да өзі тастап, бар денесімен ұмтыла түсетін. Марья Дмитриевна сол күні бұл туралы Федор Ивановичке көнелеу француз тілімен: "бүгінде бұлардай баяғының малайы да жоқ" деді. Лемма екі кішкене қызды алып арырақ, салға кетті; Лаврецкий Лизаның қасында. Балық сонша жиі қапқан еді; жұлып алынған аққайраңдар аспанда алтын, күміс бойларымен жарқылдап, қыздар қуана айғайлаудан дамыл алмады; Марья Дмитриевнаның өзі де екі рет нәзік үнмен шыңғырып қалды. Ең аз қапқан қармақ Лаврецкий мен Лизаныкі болатын, себебі бұлар ауға көңіл бөлмей, қалтқыларын жағаға айдап келгенше байқамай отыра беретін. Айналасында биік қызғылт қамыс ақырын сусылдайды, алдарында қимылсыз су да баяу жарқырайды, бұлардың сөзі де ақырын, баяу еді. Лиза кішкене сал үстінде тұр, Лаврецкий майысқан үйеңкінің үстінде отыр; Лизаның кигені белін кең ақ лентамен қынай буған ақ көйлегі болатын; салом шляпасы оның бір қолында асылып тұр да, екінші қолымен ол майысқақ қармақ ағашын ұстап тұр. Лаврецкий мұның соншалық таза және сәл жинақы жүзіне, құлағының артына қайрылған шашына және жас баланың реңіндей қызыл шапақ атқан жүзіне қарап ойға қалды; "О, менің көлшігімнің жанында қандай көркем түрде тұрсың" деп ойлады. Лиза бұған бұрылған жоқ, суға қарап тұрды да, не көзін сығырайтқандай, немесе жымиғандай. Жақындағы үйеңкінің көлеңкесі мұның екеуіне де түсіп тұр.
- Білесіз бе, - деп сөз бастады Лаврецкий, - біздің соңғы әңгімеміз туралы мен көп ойландым да, сізді соншалық мейірімді жан деген байлау жасадым.
- Менің ойымда мүлде ондай жоқ еді... - деп Лиза жауап қатты да, ұялып қалды.
- Сіз мейірімдісіз, - деп Лаврецкий тағы айтты. — Мен орашолақ адаммын, бірақ сеземін, сізді бар жан сүю керек. Мысалы, Леммді алыңызшы, ол сізге мүлде ғашық.
Лизаның қастары түйілмей сілкініп қалды; әр кезде жайсыз бір нәрсені естігенде осылай болушы еді.
- Өзіне бүгін қатты жаным ашыды, - дей түсіп, Лаврецкий: - романсы сонша жолсыз болып шықты. Жас болып дәрменсіз болуға шыдауға болады; ал әрі қартайып, әрі дәрменсіз болу - ол ауыр. Ең қиыны, реніштісі, күшіңнің қашан кетіп жатқанын аңғармайсың ғой, ондай соққыны қарттың көтеруі қиын!.. Байқаңыз, сіздікін қауып тұр...-деді сәл тоқтап барып, - Владимир Николаевич өте сүйкімді романс жазды деседі ғой? -деді.
- Я, - деп жауап қатты Лиза. - Ол болымсыз да болса, сүйкімді шыққан.
- Ол өзі жақсы музыкант па, қалай ойлайсыз?
- Менің ойымша, оның музыкаға үлкен зейіні бар, бірақ ол бүгінге шейін анықтап өтпеген сияқты.
- Солай, ал өзі жақсы адам ба?
Лиза күліп жіберді де, Федор Ивановичқа жалт қарады.
- Қандай қызық сұрақ! - деді де, қармағын суырып алып, қайтадан алысқа сілтеп қалды.
- Неге қызық дейсіз? Мен мұнда жаңа келген адам болғандықтан, сізден оның жайын туысқанша сұрап тұрмын ғой.
- Туысқанша дейсіз бе?
- Я. Жаңылмасам, мен сіздің ағаңыз емеспін бе?
- Владимир Николаевичтің жүрегі рақымды, ол ақылды адам, мамам оны өте жақсы көреді.
- Ал өзіңіз жақсы көресіз бе?
- Ол жақсы адам. Жақсы көрсем неменесі бар?
- А! - деді де, Лаврецкий үндемей қалды. Сәл мұңды, сәл мысқыл аралас бір ажар жүзінен белгі берді. Қадала қараған қалпы Лизаны қысылта түссе де, қыз әлі жымиып тұр. "Ендеше, тәңірім оларға бақ берсін!" деп жігіт күбір етті де, бетін бұрды.
Лиза қызарып кетті.
- Сіз қателесесіз, Федор Иваныч, сіздің ойыңыз бекерлік. Сіздің өзіңізге Владимир Николаич ұнамай ма? - деп сұрай қалды.
- Ұнамайды.
- Неліктен?
- Мен білсем, дәл жүрек деген онда жоқ болса керек.
Лизаның жүзінен күлкі кетіп қалды.
- Сіз адам туралы қатал ойлап үйренгенсіз, - деп, бірталай үнсіз тұрғаннан кейін жауап қатқан еді.
- Олай емес-ау деп ойлаймын. Мен өзім жұрттың кешіріміне мұқтаж бола тұрып, өзгелер туралы қайтіп қатал ойлай аламын? Ұмытқан ба едіңіз, мені тек жалқау ғана күлкі етпейді ғой? Айтпақшы, сіз уәдеңізді орындадыңыз ба? - деді.
- Қай уәде?
- Мен үшін дұға оқыдыңыз ба?
- Мен, оқыдым және күнде оқимын. Ал сіз, тілеуіңіз берсін, бұл жайды жеңіл сөз етпеңіз.
Лаврецкий Лизаға өзінде ондай ой жоқ екенін айтып, әркімнің ұжданын өзінің құрмет ететінін білдірді; содан әрі дін жайын, оның адам баласы тарихындағы мәнін және христианствоның мәнін сөйлей бастады.
Лиза біраз қинала тұрып сөйлеп еді.
Христианин болғанда сонау алысты... аспанды,не жерді ойлап болмау керек, әр адам өзінің өлетінін ойлап болу керек. Лаврецкий ойда жоқтан таңданып бұрылғанда, Лизаның да оған қарап тұрғанын аңғарды.
- Қандай ғана сөз айттыңыз! - деді.
- Ол менің сөзім емес! - деді қыз.
- Сіздікі емес... Бірақ неге сіз өлім жайын қозғадыңыз?
- Білмеймін, мен ол туралы жиі ойланамын.
- Жиі дейсіз бе?
- Я.
- Сіздің қазіргі жүзіңізге қарап, мұны айту мүмкін болмас еді: жүзіңіз соншалық көңілді, жарқын, сіз қандай жымиясыз...
- Я, қазір мен аса көңілдімін, - деп Лиза жеңіл жауап айта салды.
Лаврецкий ішінен оның екі қолын алып, қатты қысқысы келіп еді.
- Лиза, Лиза! - деп сол кезде Марья Дмитриевна дауыстады да: - Бері кел, менің қандай аққайран ұстағанымды көрші, - деді.
- Қазір, мама, - деп жауап қатты да, Лиза жүріп кетті, Лаврецкий өз орнында қалды. "Мен мұнымен әлде бір заманы өтпеген адамша сөйлестім - ау!" деп ойлады. Лиза кетерінде өзінің шляпасын бір бұтаққа іліп кетіп еді; қазір Лаврецкий сол шляпаға нәзік сезіммен қарап, оның ұзын және бүктелген лентасына көз салып тұрды. Лиза тез оралды да, сал үстіне қайта тұрды.
- Неліктен сізге Владимир Николаевичтің жүрегі жоқ көрінеді? - деп сұрап қалған еді.
- Мен сізге айттым ғой, қателескен болуым да мүмкін деп, түбінде уақыт бәрін танытар.
Лиза ойланып қалды. Лаврецкий өзінің Васильевскідегі тұрмысы жайынан, Михалевич жайынан, Антон жайынан сөз қозғады; бұл Лизаға барын айтып, өз кеудесіне сыйғанның бәрін оған білдіргісі келгендей болады: қыз болса соншалық сүйкімді ықыласпен тыңдайды, оның оқта-текте айтқан даулары мен ойлары бұған соншалық ақылды, орнықты көрінеді. Бұл сол жайды қызға айтып та салды. Лиза таңғалған еді.
- Шын ба? - дей түсті де: - Ал мен өзім, біздің қызметкер қыз Настя сияқты, өз сөзім жоқ шығар деп ойлаушы едім,-деді.Ол бір күні өзінің күйеу жігітіне: сенің менімен отырғанда ішің пысатын шығар, өйткені сен маған сондай жақсы сөздер айтасың, ал менің өз сөзім жоқ депті.
"Онысы қандай шүкірлік!" деп Лаврецкий іштей ойлады.
XXVІІ
Сол шақта кеш те батып қап еді. Енді Марья Дмитриевна қайтуды ниет қылды. Қыздарды көлшіктен зорға қайтарып, жолға әзірлесті. Лаврецкий қонақтарды жарым жолға шығарып салмақ боп өзіне де ат ерттетті. Марья Дмитриевнаны күймеге отырғызып жатып ол Леммді іздеп еді, бірақ шалды ешқайдан таба алмады. Балық аулау біте салысымен ол жоқ боп кетіпті. Антон өзінің жасынан тыс қуатпен күйменің есігін серпе жапты да, қатқыл үнмен: "Ал, тарт, көшір!" - деді. Күйме қозғала берді. Артқы орынға Марья Дмитриевна мен Лиза отырған, алда қыздар мен күтуші әйел бар. Кеш тыныш, жылы екен, күйменің екі жақ терезесі де ашулы. Лаврецкий күйменің Лиза жағында жортып келе жатып, жайлы, келісті атының мойнына тізгін шылбырын тастап қойып, қолын күйменің есігіне салып, оқта-текте қызбен бірер ауыз сөз қатысып келе жатты. Қызыл арай айықты да, қас қарайды; ал әуе тіпті жылына түскен тәрізді. Марья Дмитриевна аз уақытта қалғуға кірісті, қыздар мен күтуші әйел де ұйықтап қалды. Күйме шапшаң, майда жортып келеді; Лиза ілгері еңкейе түскен; жаңа ғана туған ай оның жүзіне түсіп, түнгі хош иісті жел лебі көзіне, жүзіне соға берді. Ол қазір шат көңілде. Мұның да қолы Лаврецкийдің қолымен қатap, күйменің есігіне сүйенген. Лаврецкий де қазір шат еді. Түннің жайлы тыныштығында жортып келе жатып, ол өзінің көзін мейірімді жас жүзден шетке бұрмайды. Сыбыр аралас сыңғырлай түскен жас үнді тыңдап, жай мейірлі сөздерге құлақ салады; жарым жолдан қалай асып кеткенін ол байқамай да қалды. Марья Дмитриевнаны оятқысы келген жоқ, Лизаның қолын сәл ғана қысты: "Біз енді достармыз, солай емес пе?" - деді. Қыз бас изеді, Лаврецкий сонда тоқтады. Күйме ақырын ырғалып, сүңги түсіп, ілгері тарта берді; Лаврецкий аяңмен үйге қайтты. Жаз түні мұны елтіткендей; айналаның бәрі де оқыстан ғажайып көрінгендей болады және сонымен қатар соншалық көптен бергі өзгеше тәтті тынысындай сезіледі; жақында да, жарықта да көз көп нәрсені көрмегенмен, анықтап ажырата алмаса да, бар дүние тыныштыққа шомылған; бұл гүл атқан жас өмір осы тыныштықтың өзінен де елес бергендей. Лаврецкийдің аты оңнан солға баяу ғана ырғала түсіп, сергек басып келеді; оның қап-қара көлеңкесі өзімен қатар ілесіп отыр. Сондайлық құпия бір рахат, ат тұяғының тықырынан да соншалық бір көңілді және ғажайып күй бұлдырықтың бытпылынан естілгендей болады. Жұлдыздар әлдеқандай жарық буалдырға шомылғандай, әлі толмаған ай бағып жарқырайды; оның сәулесі аспанға көкшіл мұнардай жайылып, жұқалаң бұлттарға күңгірт алтындай сәуле шашып түр; әуенің дымқылы бар дене мен көзге де салқындап білініп, кеудеге еркін лептей құйылады. Лаврецкий рахат күйде және сол рахатқа қуанады. "Ну, біз әлі көреміз, әлі түгел жойылған жоқ болармыз" деп ойлады ол, бұл айтқаны кім туралы, не туралы екенін жеткізе айтқан жоқ... содан әрі ол Лиза туралы ойлап, Паншинді сүймейтін шығар деп топшылады; кейбір өзгеше жағдайда кездессе тәңір білсін не боларын; бұл Леммді түсінеді, "өз" сөзі болмаса да түсінеді. Сол жайдың өзі дұрыс та емес; оның өз сөзі бар... "бұл жайдан жеңіл сөйлемеңіз" дегені Лаврецкийдің есіне түсті, ол көпке шейін төмен қарап келе жатты да, бір уақыт бойын түзеп алып, жай ғана:
Бұрынғы бір өртенгенмен табыстым,
Табынғаннан тат қалмады жадымда, -
дей сала, атын қамшылап, үйге шейін шапқылаумен келді.
Атынан түсіп жатып ол айналаға алғыс айтқандай жымия қарады. Үнсіз ерке бір түн тауларда, далаларда жым-жырт жайғасқандай, жырақтан, хош иісті алыс бір түкпірден, тәңір білсін, аспаннан ба, жерден бе - тыныш қана, жұмсақ қана жылы бір леп келеді.
Лаврецкий Лизаға соңғы сәлемін жолдады да, басқышқа жүгіре шықты. Келесі күн сылбыр өтті. Таңертеңнен күн жауды. Лемма қабақ түйе қарап, ернін жымыра береді, енді қайтып аузын ашпасқа серт бергендей. Жатар алдында Лаврецкий төсегіне француздың көп журналдарын ала жатты, екі жұмадай үстелінде ашылмай жатқан журналдар еді. Селқос күйде сыртқы орауларын жыртып, жөнді жаңалығы жоқ газеттердің беттерін шолып өтті, енді бұларды тастайын деп еді, сол шақта бір нәрсе шағып алғандай төсектен атқып тұрды. Бір газеттің фельетонында бізге мәлім мосье Жюль өз оқушыларына қасіретті хабар жазыпты: "Тамаша, ғажайып Москва ханымы, Париж салондарының көркі, моданың бекзада ханымдарының бірі мадам де Лаврецкая тосыннан қайтыс болды" депті және осы хабар қайғылы болса да, Жюль мырзаға жаңа жеткен дәл хабар. Содан әрі жазуында өзін өлген ханымның досы деп санарлық адам депті... Лаврецкий киініп, бақшаға шықты да, таң атқанша бір ғана жолмен әрлі-берлі жүріп қалды.
XXVІІІ
Келер күн таңертең шай үстінде Лемма Лаврецкийден қалаға қайтуға көлік сұрады. "Мен қайтып іске, сабаққа кірісуім керек, әйтпесе мұнда уақытты босқа өткізіп жүрмін", - деді қарт. Лаврецкий тез жауап берген жоқ; ол салғырт сияқтанды: ақыры "жақсы, сізбен өзім де жүремін" деп қойды. Малайдың көмегінсіз кішкене чемоданын қинала жүріп, ызалана жүріп Леммнің өзі жиды да, нота жазған біраз қағазды жыртып, өртеп жіберді. Аттар әзірленді. Кабинеттен шығарында Лаврецкий кешегі газеттің номерін қалтасына салды. Жол бойында Лемма мен Лаврецкий аз сөйлесті: әрқайсысы өз ойымен болып, бірін-бірі сол ойдан бөлмегеніне риза болатын. Екеуі салқын ғана айрылысты, тегі, бұл Россияда көңілдес адамдар арасында жиі болатын жай еді. Лаврецкий шалды үйіне әкелгенде, ол чемоданын алып, қоштасуға қол да созбады (чемоданын екі қолымен төсінде ұстап тұр еді), жүзбе-жүз қараспастан да орысша: "Прощайтес!" дегенде, Лаврецкий де "прощайте" деп қайталады да, көшіріне өз пәтеріне қарай жүруге бұйырды. О... қаласында жалдама квартира ұстайтын. Бірнеше хат жазып, асығыс қана тамақ ішіп, Лаврецкий Калитиндерге қарай тартты. Қонақ бөлмеде бұған жалғыз Паншин кездесті де, Марья Дмитриевна қазір шығады деп, одан әрі өте қуанышты биязылықпен сөйлесе бастады. Бұдан бұрын Паншин Лаврецкийге асқақ қарамаса да, кешіріммен қарағандай болатын; бірақ Лиза өздерінің кешегі сапарын Паншинге айтумен қабат, Лаврецкийді өте жақсы, ақылды адам деген болатын; сол жеткілікті, Паншин: "өте жақсы адамды" өзіне қаратып алмақ болған. Ол Лаврецкийге қошемет көрсете сөйлеп, Марья Дмитриевнаның барлық үй іші Васильевскоены соншалық тамашалап қайтқанын айтты. Содан әрі, дағдысы бойынша үлкен еппен өзіне қарай сөзді бұрып, өзінің қызметін айта бастады, өзінің өмірге, қауымға, қызметке деген көзқарасын баяндап, Россияның келешегі туралы да екі сөз айтып, губернаторларды қолда қалай ұстау керек екенін сөйледі; және сол сәтте өзін-өзі мысқылдап, Петербургте бұған кадастр жайын үгіттеуді тапсырғанын айтты. Ол ұзақ сөйлеген уақытында көп доптармен ойнаған фокусшы сияқтанып, әрбір қиыншылықты салқамдық және өзіне сенгіштікпен шеше сөйлейді, ең ірі деген әкімшілік, саясат мәселелерін де ойлай шешеді. Сан рет "мен өкімет болсам, былай етер едім", "сіз ақылды адам болғандықтан менің сөзімді, әрине, мақұлдайсыз" деген сөйлемдер аузынан кетпейді. Лаврецкий Паншиннің шұбыртпа сөздерін салқын тыңдады; оған мына тұрған сұлу, ақылды, орамды көркем жігіт өзінің жарқыраған күлкісімен де, сыпайы даусымен де, бақылағыш көздерімен де ұнамады. Паншин өзінің өзге адамдардың сезімін танығыштық әдеті бойынша Лаврецкийге жақпағанын аңғарды да, оны еліктіре алмағанын да танып, бір болымсыз нәрсені сылтау етіп, тайқып кетті; кетерінде Лаврецкий туралы өте жақсы болса да сүйкімсіз екен, французша "күңгірт" және "жалпы алғанда" біраз күлкі адам екен деп кетті. Марья Дмитриевна Гедеоновскиймен бірге шықты, кейін Марфа Тимофеевна мен Лиза шықты. Өзге үй іші содан кейін келісті; кейінірек музыка құмар Беленицына келді, бұл арық қана, кішкене бойлы, біраз шаршағандай, бірақ сұлу бала жүзді, судырлаған қара платье киген, шұбар бедері бар және қолында жуан алтын білезігі бар әйел; оның қасында күйеуі де бар, бұл қызыл жүзді, толықша, қол-аяқтары үлкен, ақ кірпік және қалың еріндерінен күлкі айықпайтын адам; қонақта болғанда әйелі онымен сөйлеспейтін, ал үйде нәзік сезім шақтарында күйеуі "кішкентай торайым" дейтін; Паншин енді оралды: бөлмелерде адам көбейіп, даурық молайды. Лаврецкийге жұрттың көптігі жақпады, әсіресе бұған лорнетін кезеп қарай берген Беленицына ыза қылды. Ол Лиза болмаса тез жөнелмек еді, оңашада Лизаға екі ғана сөз айтпақты, бірақ көпке шейін орайы келмей, қызға құпия қуанышпен ғана қарап отырған жайын қанағат қылды; ешуақытта оның жүзі бұған дәл қазіргідей сүйікті, қасиетті көрінген емес еді. Беленицынаның қасында Лиза өзгеше ұта түскендей, анау болса орындықта жиі қозғалып, кішкентай иықтарын дамылсыз сілкінтіп, еркеленген үнмен күле түсіп, біресе көзін сықситып, тағы бірде көзін үлкен аша қалады. Лиза момын ғана жүзбен тура қарап күлместен отыр. Үй иесі Марфа Тимофеевнамен, Беленицынмен және Гедеоновскиймен карта ойнауға кірісті, Гедеоновский қайта-қайта жаңылып, көзін жыпылықтатып, бетін орамалмен сүрте беріп, картаны өте жай ойнады. Паншин енді күңгірт жүзге кіргендей, сөйлесе қысқа ғана мәнді етіп және мұңая сөйлегендей болады - айнымаған іші терең суретші дерсіз, бірақ бұған сонша пейіл берген Беленицынаның көп өтінішіне қарамастан, ол өзінің романсын айтуға көнбеді: Лаврецкийден ол қысылғандай. Федор Иваныч та аз сөйледі; бөлмеге кірген жердегі оның жүзіндегі ерекше бір қалпы Лизаны қайран етті: мұның өзіне айтылатын бір нәрсе барым сәтте сезді де, соны сұрауға қыздың өзі қорыққан тәрізді. Ақыры шай құймақ боп залға қарай қозғалғанда, Лаврецкийге ол ықтиярсыз басын бұрды, жігіт сол сәтте мұның соңынан еріп еді.
- Сізге не болды? - деп, Лиза шайнекті самауырдың үстіне қойды.
- Немене, сіз бірдеңе байқадыңыз ба?
- Сіз бүгін менің бұл күнге шейін көріп жүрген қалпымнан басқасыз.
Лаврецкий үстел үстіне иіле түсті.
- Мен сізге бір хабар айтайын деп ем, бірақ қазір мүмкін емес. Сөйтсе де, мына қарындашпен көрсетілген тұсты мынау фельетоннан оқыңызшы,-деп, журналдың номерін беріп жатты да, - тек өтінемін, құпия болсын, мен ертең таңертең соғамын, - деді.
Лиза таңғалды... Есікте Паншин көрінген еді: қыз журналды қалтасына салды.
- Лизавета Михайловна, сіз Оберманды оқыдыңыз ба? - деп Паншин ойлана сұрады.
Лиза оған жүре жауап берді де, залдан жоғарғы үйге кетті. Лаврецкий қонақ бөлмеге қайтып, карта ойнаушыларға тақап келді. Марфа Тимофеевна бас киімінің лентасын шешіп, қызарған жүзбен өзінің одақтасы Гедеоновскийдің жүріс білмейтінін айтып, шаға бастады.
- Көрдің бе, карта ойнау өсек тарату емес көрінеді, - деді.
Анау болса көзін жыпылықтатып сүртіне береді. Лиза қонақ бөлмеге келіп, бір бұрышқа отырып қалды, Лаврецкий қарағанда ол да бұған қарап еді, екеуі де бір нәрседен қатты сескенгендей болды. Қыздың жүзінен Лаврецкий таң болғанын және құпия түрлі наз белгісін оқығандай. Қанша тілесе де сөйлесуге мұрша болмады; өзге қонақтар арасында қонақ боп, онымен бір бөлмеде қалу ауыр тиді: сонымен кетпек болды. Қызбен қоштасып тұрып, айтып үлгіргені - ертең келмекші және оның достығына үміт ететінін білдірді.
Әлі де қайран болған жүзбен қыз оған: "келіңіз!" - деді.
Лаврецкий кеткен соң Паншин сергіп қалды. Гедеоновскийге мәслихат бергіштеп, Беленицынаға мысқылдай биязылық көрсетіп, ақыр аяғы романсын да айтып берді. Бірақ Лизаға ол сөйлегенде де, көз салғанда да бұрынғыша: мәнмен және сәл мұңмен қарайды. Лаврецкий болса бұл түнде де ұйықтамады, қайғылы емес еді, көп толғанған жоқ, бірақ барынша тыныштыққа бойлаған, бірақ ұйықтай алмайды, ол өткен шақты да ойлаған жоқ; өз өміріне баяу ғана қарағандай: жүрегі ауыр, ақырын соғады, сағаттар жылжып өтіп жатады, ұйқы оның ойында да жоқ. Қай шақта көңілінде бір ой оянып: "осы бекер, осының бәрі жалған", - дейді де, сонымен тоқтап қап, басын төмен салып және де өз өміріне өзі қарап отырғандай болады.
XXІX
Марья Дмитриевна келесі күні Лаврецкий келгенде онша қуанып қарсы алған жоқ. "Көрдің бе дәндеуін" деп ойлады. Мұның өзі де оншалықты ұнамайтын және Паншин де өзінің бұл әйелге ететін әсері бойынша кеше жігітті аса арам түрде және бір астамшылықпен мақтаған болған. Марья Дмитриевна Лаврецкийді қонақ санамай, туысы, өз адамы есепті болғандықтан, онымен көп отыруды да тілеген жоқ, сол себепті жарым сағат өтпестен Лиза мен Лаврецкий бақшаның ішіндегі жолмен оңаша келе жатысты. Леночка мен Шурочка бұларға жақын, гүлдер маңында жүгіріп жүрді. Лиза дағдысы бойынша сабырлы, бірақ дағдысынан тыс ақшыл тартқандай. Ол қалтасынан көп бүктелген журнал қағазын алып, Лаврецкийге созды.
- Мынау сұмдық қой, - деді. Лаврецкий түк айтқан жоқ.
- Әлде бұл тіпті өтірік те шығар, - деді Лиза.
- Менің сізге ешкімге айтпа дегенім де содан.
Лиза біраз жүрген соң:
- Айтыңызшы, сіз қапаланған жоқсыз ба? Түк қапаланбадыңыз ба?
- Мен не сезгенімді өзім де білмеймін.
- Бірақ сіз бұрын оны жақсы көрмеп пе едіңіз?
- Жақсы көргем.
- Аса жақсы көрдіңіз бе?
- Аса жақсы көрдім.
- Сонда да өліміне қайғырмадыңыз ба?
- Ол мен үшін бүгін ғана өлген жоқ.
- Бүл күнә ғой, не айтып тұрсыз... Маған ренжімеңіз. Сіз мені досым дедіңіз ғой: дос бәрін айта алады. Мен, шыным, тіпті шошынғандаймын... Кеше сіздің жүзіңіз сондай жақсы еді. Есіңізде ме, жақында сіз оны кінәлап едіңіз ғой? Ал ол, мүмкін, сол күндерде бұл өмірден кеткен болса қайттіңіз? Бұл сұмдық қой. Дәл бір сізге жіберілген жазадай.
Лаврецкий мұңмен күлді.
- Сіз солай ойлайсыз ба?.. Не болса да, мен қазір азатпын.
Лиза сәл селк етті.
- Қойыңыз, олай сөйлемеңіз. Сізге азаттығыңыз неменеге керек? Оны ойлау емес, сіз кешірімді ойласаңызшы.
- Мен оған әлдеқашан кешіргем, - деп Лаврецкий жарыса сөйлеп, қолын сілікті.
- Жоқ, ол емес, - деп Лиза дау айтып, қызарып кетті, — сіз мені дәл түсінбедіңіз. Сіз өзіңізге кешіруді талап етуіңіз керек.
- Кімнің маған кешіруін?
- Кімнің? Құдайдың! Бізді құдайдан басқа кім кешіруші еді?
Лаврецкий оның қолынан ұстай алды.
- Ах, Лизавета Михайловна, илансаңызшы, - деп даусы қатаң шығып: - Мен онсыз да көп жаза шектім ғой. Иланыңыз, мен бар айыбымды өтегемін, - деді.
- Оны сіз білуіңіз мүмкін емес! - деп Лиза ақырын ғана айтты да: - Сіз ұмыттыңыз ба, жақында ғана, менімен сөйлескенде ғана сіз оның айыбын кешкіңіз келмеп еді ғой... - деді.
Екеуі де үнсіз басып аллеяда келеді.
- Ал қызыңыз қалай? - деп Лиза шұғыл сұрады да, тоқтай қалды.
Лаврецкий сілкінгендей болды.
- О, қапа болмаңыз, мен бар жерлерге хат жазып жібердім, сіз айтқандай, сіз атағандай, менің қызымның болашағы... қамсызданған. Қапа болмаңыз.
Лиза уайымды жүзбен жымиған еді. Лаврецкий сөйлей түсті.
- Бірақ сіздікі рас қой. Мен өз азаттығыммен не істей аламын? Маған оның қажеті не?
Лиза оның сұрауына жауап бермей:
- Бұл журналды қашан алдыңыз? - деді.
- Сіз келген күннің ертеңінде.
- Япыр-ай, япыр-ай, сіз жылаған да жоқсыз ба?
- Жоқ. Мен таңғалдым; бірақ жас қайдан шықсын? Өткен үшін жылайым ба, ол менде түгел өртенген ғой! Оның айыбы менің бақытымды ойран еткен жоқ, тек менде сол бақыттың болмағанын ғана білдірді ғой. Нені жоқтап жылайын? Бірақ кім білсін? Бәлки, мен бұл хабарды осыдан екі жұма бұрын алсам, көбірек күйінген болар ма едім...
- Екі жұма бұрын дейсіз бе? Бұл екі жұмада сонша не болып еді?
Лаврецкий жауап бермеді. Лиза сәтте қып-қызыл боп кетті.
Лаврецкий шапшаң ғана:
- Ия, ия, сіз таптыңыз, осы екі жұманың ішінде мен әйелдің таза жаны нендей екенін білдім де, өткен шағым бұрынғыдан да алыстай түскенін аңғардым...
Лиза ұялды да, ақырын басып, гүлдер маңындағы Леночка мен Шурочкаға қарай жүрді.
Лаврецкий оның артынан келе жатып:
- Мен өзімнің осы журналды сізге көрсеткеніме ризамын; сізден ешнәрсені жасырмауға үйрендім де және сіз де маған сондай сеніммен өтеуін қайырасыз ғой деп үміттенемін! - деді.
- Сіз солай ойлайсыз ба? - деп, Лиза тоқтай қалды. - Олай болғанда, мен міндетім бойынша... Жоқ, олай емес! Ол мүмкін емес, - деді.
- Қалай дейсіз? Айтыңыз, айтыңызшы?
- Жоға, менің ойымша, менің міндетім емес... Бірақ сөйтсе де, - деп, Лиза Лаврецкийге жымия қарады. - Жартылаған шындық іс бола ма? Мен бүгін хат алдым, -деді.
- Паншиннен бе?
- Я, сол кісіден... Сіз қайдан білдіңіз?
- Ол сіздің қолыңызды сұрай ма?
- Я, - деп, Лиза Лаврецкийдің көзіне тура, салмақпен ғана қарады.
Лаврецкий де Лизаға салмақпен қарады. Сәлден соң:
- Сөйтіп, сіз оған не жауап бердіңіз?
- Мен не айтарымды да білмеймін, - деді де, Лиза айқастырған қолдарын төмен түсірді.
- Қалайша? Сіз оны сүйесіз ғой?
- Я, ол маған ұнайды, байқауымша, ол жақсы адам сияқты.
- Сіз осы туралы, дәл осы сөзбен маған төртінші күні де айтқан едіңіз. Менің білмегім, сіз оны біздің әдеттегі махаббат деген берік, ыстық сезіміңізбен сүйесіз бе?
- Сіздің түсінуіңіз бойынша айтсам, жоқ деймін.
- Сөйтіп, сіз оған ғашық емессіз бе?
- Жоқ және оның керегі бар ма?
- Қалайша?
- Маминкама ол ұнайды, өзі қайырымды адам, менің оған қарсы ештеңем жоқ.
- Сөйтсе де, сіз екі ұдайсыз ғой?
- Ия... Мүмкін, бәлки, сіз, сіздің сөзіңіз соған себеп шығар. Үшінші күні айтқаныңыз есіңізде ме? Бірақ ол әлсіздік қой...
- О, жаным-ай! - деп Лаврецкий үн қатқанда, даусына діріл кірді. - Құрғақ ақылға ермеңіз, махаббатсыз берілгісі келмеген жүрегіңіздің айғайын әлсіздік демеңіз. Өзіңіз сүймей тұрып берілмек болған адамыңыздың алдында ондай қауіпті жауаптылықты өз мойныңызға алмаңыз...
- Мен өз мойныма ешнәрсе алғаным жоқ, тек айтқанға ғана көнемін, - деп еді Лиза...
Лаврецкий жарыса сөйлеп:
- Жүрегіңіздің айтқанына ғана көніңіз, сізге шынды айтатын жалғыз сол ғана. Ақыл, тәжірибе дегеннің бәрі жалған, тұман. Өзіңіздің жер үстіндегі жапа-жалғыз, ең артық бақытыңызды жоймаңыз.
- Осыны айтып тұрған сіз - Федор Иванычсыз ба? Ғашық болып үйленген сіз емес пе едіңіз, содан бақыт таптыңыз ба?
Лаврецкий таң болып, бір қолын бір қолына соқты.
- Ах, айтпаңыз менің жайымды! Өзі жас, тәжірибесіз және сорақы түрде тәрбиеленген бала нені махаббат деп білгенін сіз түсіне де алмайсыз!.. Және несіне өзім үшін жалған айтам, мен жаңа сізге бақыт дегенді білмедім деп едім ғой... жоқ! Мен бақытты болғам!
- Мен білсем, Федор Иваныч, - деп бастаған Лизаның даусы баяу шықты. (Сөйлескен кісімен келіспеген уақытында оның даусы осылай баяу шығатын және ондайда ылғи толқып, қиналатын.) - Жер үстіндегі бақыт біздің ықтиярымызда емес қой!..
Ықтиярымызда, ықтиярымызда, иланыңыз маған, - деп, жігіт қыздың екі қолынан ұстай алды. Лиза аппақ боп кетті де, үрке тұрып, Лаврецкийге бар ынтамен қарады: - Тек біз өз өмірімізді өзіміз бұзбасақ екен. Кейбір адамдарға махаббатпен қосылу, бәлки, бақытсыздық болар, бірақ сіздей салмақты мінезі бар, сіздей ашық жанды адамдарға ол бақытсыздық әкелмейді. Жалынамын, тек қана қарызды ойлап, бардан безіп, махаббатсыз күйеуге тие көрмеңіз... Бұл да бір дінсіздік, бұл да бір есеп, немесе тіпті одан да жаман. Иланыңыз, менің осыны айтуға правом бар, мен сол право үшін көп төледім. Және, егер сіздің тәңіріңіз... Осы сәтте Лаврецкий байқаса, Леночка мен Шурочка Лизаның қасына кеп, бұған үнсіз түрде таңдана қарап қалған екен. Лаврецкий Лизаның қолдарын босатты да, жылдам ғана сөйлеп, "маған кешірім етіңіз, тілеуіңізді берсін", - деді де, үйге қарай жөнелді.
Кейін Лизаға қайта оралып:
- Тек сізден бір-ақ нәрсе сұраймын, шапшаң шешпеңіз, сабыр етіп, менің айтқанымды ойлап қана алыңызшы. Тіпті менің айтқаныма сенбеген болсаңыз, ерге тигенде есеппен тиер болсаңыз, сонда да сіздің тиетініңіз Паншин мырза емес; ол сіздің еріңіз бола алмайды... Шын емес пе, сіз маған асықпауға уәде бермеп пе едіңіз?
Лиза Лаврецкийге жауап берейін деп еді, бірақ бір ауыз сөз айтпай қалды, онысы "асығуға" бекінгеннен емес, жүрегі сонша қатты соғып, қорқыныш сияқты бір сезім тынысын тарылтқандай болып еді.
ХХХ
Калитиндерден кете беріп Лаврецкий Паншинге кездескен еді; екеуі біріне-бірі салқын ғана бас изесті. Лаврецкий өзінің пәтеріне қайтып, есігін бекітіп алды. Бұрын басына түсіп көрмеген сезімдер толқытқандай. "Тыныштықпен сірескендей" күй кеше ғана мұның басында емес пе еді? Кеше ғана өзі айтқандай, бұл өзін су түбіндемін демеуші ме еді? Енді мұның жайын не өзгертті? Не нәрсе тұңғиықтан алып шықты? Кәдімгі дағдылы, әр кезде оқыс көрінетін өлім бе? Я, бірақ бұл әйелінің өлімін, өзінің азаттығын ойлаудың орнына Лизаның Паншинге беретін жауабы туралы ойланды. Өзінің сезуі бойынша, соңғы үш күн ішінде Лизаға бұл басқаша қарай бастады; түн тыныштығында үйіне қайтып келе жатып ол туралы ойланып, өзіне-өзі "егерде..." дегенін есіне алды. Сондағы "егердесі" өткеннің түзелмес бір түйініне арналған болса да, өз ойындай боп шықпаса да, енді мұның өзінің азаттығы жеткілікті емес екен. Ішінен ойланып, "қыз шешесінің тілін алады", - деп және "Паншинге тиеді; егер тимей, көнбей қойса да, мен үшін бәрібір емес пе?"-деп ойлады. Айнаның алдынан өтіп бара жатып өз жүзіне көз тастады да, иығын көтерді. Осындай ойлармен күн тез өтті де, кеш те батты. Лаврецкий Калитиндерге жөнелді. Жүрісі шапшаң болса да, үйге жақындағанда баяу басты. Сыртқы есік алдында Паншиннің ат-арбасы тұр екен. "Ну, өзімшіл болмайын" деді де, Лаврецкий үйге кірді. Үйде ешкімді кездестіре алмады, қонақ бөлме де тыныш екен; сонда кіргенде пикет ойнап отырған Марья Дмитриевна мен Паншинді көрді. Паншин бұған үнсіз бас иді, үй қожасы әйел дауыстап "бәрекелді, күтпеген сый!" - деді де, сәл қасын түйді, Лаврецкий оның қасына отырып, қарай бастады.
- Сіз пикетті білуші ме едіңіз? - деп әйел бұдан сұрады да, құпия мұң аралас ажармен өзінің ұтылғанын білдірді.
Паншин тоқсанға дейін санап, сыпайы салмақпен өзіне тиісті алымын ала бастады; жүзінде салқын маңғаздық бар. Дипломанттар осылай ойнау керек; тегі, Петербургте әлдеқандай мықты ұлықпен ол осылай ойнап, өзінің салмақты адам екенін осылайша танытатын шығар. "Жүз бір, жүз екі қызыл айыр, жүз үш , - деп санаған дауыс қана естіледі; сол даусының үнінде кінә бар ма, ризалық бар ма, оны Лаврецкий айыра алмады. Паншиннің және де салмақтанып, карта сапыра бастағанын байқады да, Лаврецкий:
- Марфа Тимофеевнаны көруге бола ма? — деді. Паншинде қазір суретші дерлік елес те қалмаған-ды.
Марья Дмитриевна Лаврецкийге жауап қатып:
- Көруге болатын шығар деймін. Ол жоғарыда, өзінде, біліңіз,-деді.
Лаврецкий жоғарыға кетті. Марфа Тимофеевна да карта ойнап отыр екен, ол Настасья Карповнамен бес карта ойнап отыр. Роска Лаврецкийге үрсе де, кемпір мұны көңілді қарсы алды; әсіресе Марфа Тимофеевна жақсы күйде екен. -А, Федя рахым ет, отыр, менің әкем! Біз қазір бітіреміз. Варенье жейсің бе? Шурочка, бүлдірген банкесін әкелші. Жегің келмей ме? Ну, онда жай отыр, тек темекі тартпа; сол темекілеріңе төзе алмаймын және одан Матрос та түшкіре береді. Лаврецкий темекі тартпақ ниеті жоқ екенін шапшаң мәлім етті. Кемпір бұған қарап сөйлеп отыр.
- Төменде болдың ба? Онда кімді көрдің? Паншин әлі секиіп отыр ма? Лизаны көрдің бе? Жоқ дейсің бе, ол осында келмекші еді, ә, әне өзі де: "кімді айтсаң сол келеді".
Лиза бөлмеге кіріп, Лаврецкийді көрді де, қызарып кетті.
- Мен сізге бір-ақ минутке, Марфа Тимофеевна, - дей беріп еді...
Кемпір жарыса сөйлеп:
- Неге бір минутке? - деді. - Бұл немене, осы сендер, жас қыздар, сондай орнықсыз боп кеткенсіздер. Көресің бе, менде қонақ отыр: мұнымен бірдеме десіп алдандырсаңшы.
Лиза орындықтың шетіне ғана отырып, Лаврецкийге қарағанда, өзінің Паншинмен кездесуі немен тамам болғанын бұған айтпасына болмайтынын сезді. Бірақ қалай істесе екен?
Ол бір ұялып, бір қысылды.
Бұл адаммен танысқанына көп болды ма, мұның өзі болса шіркеуге сирек баратын, әйелінің өліміне салқын қарайтын адам, енді оған Лиза өзінің құпия сырын айта ма... Рас, ол бұған ниеттес; бірақ сонда да өзінің таза, жас қыз бөлмесіне әлдебір бөтен жан кіргендей ұяла береді.
Марфа Тимофеевна енді жәрдемші болды.
- Мұны сен алдандырмасаң, сорлы жанды кім алдандырады? Мен бұған кәрімін, ол маған тым ақылды. Ал Настасья Карповна үшін ол кәрі, жас болмаса ондайды тілемейді.
- Федор Иванычты мен немен алдандырамын, ол тілесе мен әлде фортепьяно ойнайын ба,-деп Лиза қорғана сөйледі.
- Өте тамаша, сен менің ақылдымсың ғой, - дей түсіп Марфа Тимофеевна, - төменге барыңдар, қарашықтарым, кейін қайта келіңдер! Ал мен болсам, қалып қойдым, соған өкінгеннен ұтқым келеді, - деді.
Лиза түрегелді. Лаврецкий оның соныңнан ерді. Басқыштан түсіп келе жатып Лиза тоқтай қалды.
- Жүрек толы қайшылық деп дұрыс айтысады екен. Сіздің мысалыңыз мені махаббатпен қосылған өмірден сескентсе керек еді, ал мен...
Лаврецкий жарыса:
- Сіз одан айныдыңыз ба? - деді.
- Жоқ, бірақ көнгем де жоқ. Мен оған бар сезгенімді, барымды айттым да, тоса тұруын сұрадым. Сіз ризасыз ба? - деп, ол шапшаң ғана жымиды да, жүгіріп түсті. Фортепьяно қақпағын көтеріп жатып ол:
- Сізге мен нені ойнасам екен? - деді.
- Не тілесеңіз, соны! - деді де, Лаврецкий қызды анық көріп отыратын жайға орналасты.
Лиза ойнай бастағаннан ұзақ уақыт бойына өз саусақтарынан көз алмады. Бір шақта Лаврецкийге қарап еді, оқыс тоқтай қалды; жігіт жүзі сондай ғажайып және таң-тамаша боп көрінді.
- Сізге не болды? - деп еді. Лаврецкий:
- Жай, маған сонша жақсы; сіз үшін шатпын, сізді көруге шатпын, ойнай беріңіз! -деді.
Сәлден соң Лиза сөйлеп:
- Менің байқауымша, ол мені анық жақсы көрсе, анау хатты жазбас еді, менің оған енді жауап бере алмайтынымды сезуге міндетті еді, - деді.
- Онда мән жоқ, - деп сөйлеп Лаврецкий, - мәннің бәрі сіздің оны сүймейтіндігіңізде! - деді.
- Қойыңызшы, осы неғылған сөз! Маған ылғи сіздің марқұм әйеліңіз елестейді де, өзіңізден шошынамын!
Осы кезде Марья Дмитриевна Паншинге:
- Байқаңыз, Вольдемар! Қандай жақсы ойнайды, қызым Лизет! - деді.
- Я, өте сүйкімді! - деді Паншин.
Марья Дмитриевна ойнаушы жігітке нәзік жүзбен қарағанда, анау бұрынғысынан да қоразданып, салмақпен зілденіп, он төрт корольді жариялады.
XXXІ
Лаврецкий жас адам емес-ті; ал бұған Лиза әсер еткен сезім жөнінде алдануға мүмкін емес еді; осы күні өзінің қызға ғашық болғанына анық көзі жетті. Бірақ бұл наным әкелген қуаныш шағын еді. Өзінің ойында: "Тағы да отыз бес жаста басқа іс таба алмай, жанымды әйел қолына берем бе, бірақ Лиза анау емес: бұл менен ұят құрбандық тілемейді, менің кәсібімнен де жырақтатпайды; ол мені адал, салмақты еңбекке шабыттандырар еді; сөйтіп екеуміз де алға, ғажайып мақсатқа қарай беттер едік. Я, - деп ол өзінің ойын қорытып, -мұның бәрі жақсы-ау, жалғыз-ақ маған тигісі келмейтіні мәңгілік байлау ғой. Менен шошынамын деп текке айтты дейсіз бе. Соның орайына ол Паншинді де сүймейді... Әлсіз жұбаныш!" - деді. Лаврецкий Васильевскіге қайтты; бірақ онда төрт күнге де төзе алмай, соншалық іші пысты. Бір нәрсені күту қажытқандай: Жюль мырзаның айтқан хабарын анықтауды тілейді, бұл болса бірде-бір хат та алған жоқ. Сөйтіп, қалаға қайтып келіп, кеш бойы Калитиндерде отырды. Марья Дмитриевнаның әлденеден бұған қарсы көңілде екендігін байқау қиын болған жоқ; бірақ әйелді мейірлендіріп, пикет ойыны кезінде он бес сом ұтқызды да, Лизамен жарым сағаттай оңаша болуға үлгірді, қызға шешесінің осыдан бұрын сондай күлкі жайлары көп адаммен оңаша ашына болуға қажет емес дегені бұл екеуіне бөгет бола алмады. Қыз біраз өзгеріп қалғандай екен: бұрынғыдан көбірек ойланатын тәрізді, мұның келмегенін кінә қып сөйледі және келесі күні таңертеңгі намазға шіркеуге бірге бармайсыз ба деп сұрады(келесі күні жексенбі еді). Жігіт жауап бергенше, ол өзі сөйлеп:
- Барыңыз, екеуміз қаза болған адам үшін дұға оқиық! - деп тұрып, содан әрі Паншинді енді мұның өз байлауын күткізу керек пе, жоқ па, сол туралы өзінің не істеуге білмейтінін айтты.
- Неліктен? - деп сұрап еді Лаврецкий.
- Себебі байлаудың не болатыны мәлім сияқты! - деп қыз жауап берді.
Содан соң, басым ауырды деп Лаврецкийге баяу түрде саусақтарының ұшын ғана созды да, жоғарыға кетті. Келесі күні Лаврецкий таңертеңгі намазға барды. Бұл кезде Лиза шіркеуде екен. Сырт айналмай-ақ ол мұның келгенін байқап қалды. Ол ынтасымен жалбарынып тұр екен, көзінде баяу шұғыла бар, басы да жай ғана иіліп, жай ғана көтеріле түседі. Жігіттің байқауынша, қыз бұл үшін де жалбарынып тұрғандай, сондықтан жанын ғажайып бір мейір кернегендей болды. Өзі, бір жағынан, рахаттанып, екіншіден, ұялғандай. Сапта тұрған халық, таныс жүздер, үйлескен ән, ладан исі, терезелерден түскен мол сәуле, шіркеу қабырғаларының биікке созылған қоңырқай күйлері - бәрі де жүректі шіміркентеді. Бұл көптен шіркеуде болмаған, тәңірісін де көптен ойламаған болатын, қазірде де ешбір дұғалық сөз айтқан жоқ, тіпті жалбарынған да жоқ; бірақ көңіл қалпында денесімен болмаса да, ой - ынтасымен бір сәтке басын сәждеге қойып, мүләйімдікке түскендей болды. Бала күніндегісі есіне түсті, бұрын шіркеуде ол маңдайына бір леп соққандай болғанға дейін жалбарынатын; ол кезде қамқор періште өзімді кінәсыздар қатарына қосты деп ойлайтын. Бір сәтте Лизаға қарап... Ішінен "мені мұнда өзің әкелдің ғой", "жанассаңшы, жаныма жанасшы" дегендей болды. Қыз әлі де баяу ғана жалбарынуда; жігітке оның жүзі қуанышты тәрізді; сол мұны елжіретті де, оның жанына тыныштық бер, өзіме кешірім ет деген тілек айтты. Екеуі шіркеу баспалдағында кездесті; қыз бұған көңілді және еркелі салмақпен амандасты. Шіркеу қорасында жас шөпті және шұбыртқан көйлектер мен әйелдер орамалдарын күн әсем жарқыратып тұрды. Биікте жақын шіркеудің қоңыраулары қаңғырлайды, құймаларда торғайлар шырылдайды. Лаврецкий бас киімін кимей күле қарап тұр; баяу жел оның шашын қыбырлатып, Лиза шляпасының ленталарын қозғайды. Лиза мен оның қасындағы Леночканы күймелеріне апарып отырғызып, қалтасындағы бар ақшасын қайыршыларға беріп, Лаврецкий жай басып үйіне қайтты.
XXXІІ
Федор Иванычқа ауыр күндер туды. Ол үнемі безгек ауруы буған кісідей. Әр күн ертемен поштаға барып, хаттар мен журналдарды асығып, ақтармалап қараса да, бірде-бір кезде анау суық хабарды растаған белгі болмады. Кей уақыт өзіне-өзі жиренішті көрінетін: "Бұл немене, мен бір қара қарғадай өз әйелімнің өлімін, қанын тілегендей болғаным ба?" деп ойлайтын. Калитиндерге ол күнде барады, бірақ онда да жеңілдік таппады: үй қожасы әйел бұған наразыдай, амалсыз қабылдаған тәрізді; Паншин өте-мөте әдепті жүзбен қарағандай болады; Лемм болса бір мұңға батқандай, мұнымен зорға амандасады, ал бәрінен қиыны, Лиза бұдан қашатын тәрізді. Кейде екеуі оңаша қалса, бұрынғы иланғыштық орнына енді бір қысылу пайда болғандай; қыз бұған не айтарын білмегендей, бұл болса бірдеңеден ұялғандай. Ал аз күн ішінде Лиза бұған мәлім қалпынан өзгеріп кетті: оның қозғалысында, дауысында, тіпті күлкісінде де жасырын бір мазасыздық, бұрын болмаған өзгеріс бардай. Марья Дмитриевна анық өзімшіл адам болғандықтан түкті сезген жоқ; бірақ Марфа Тимофеевна өзі сүйетін қызға қадалып қарай бастап еді. Лаврецкий Лизаға анау журналдың нөмірін көрсеткені үшін өзін сан репет кінәлады: мұның көңіл күйінде таза сезімі бар адамды түршіктіргендей жағдай болғанын ол сезбеске мүмкін емес еді. Лизаның өзгерісін ол өзімен өзінің алысуынан және Паншинге қандай жауап беру жөнінде күдіктенуден болған деп ойлады. Бір күні бұл берген Вальтер Скоттың романын қыз мұның өзіне әкеліп берді. Жігіт:
- Бұл кітапты оқыдыңыз ба? - деп сұрап еді, қыз:
- Жоқ, кітапсыз да маған жеткілікті! - деп, кеткісі келді.
- Бір минут тоқтаңыз, мен сонша көптен бері сізбен оңаша бола алмадым. Өзіңіз менен қорыққан тәріздісіз ғой?
- Я.
- О, неден, жанымау?
- Білмеймін.
Лаврецкий сәл үндемей қалып, кейінірек:
- Айтыңызшы, сіз әлі бекінген жоқсыз ба? — деді. Қыз көзін төмен қаратқан қалпында:
- Сіз не айтпақ боласыз? - деді.
- Сіз мені түсініп тұрсыз ба?..
Лиза тез қып-қызыл боп кетті. Қызына сөйлеп:
- Менен ешнәрсе сұрамаңыз, мен түк те білмеймін, мен өзімді өзім де білмеймін! -деді. Және ол сол арада жөнеліп кетті.
Келер күні Лаврецкий Калитиндерге түстен кейін келгенде, олардың кешкі намазға әзірленіп жатқанын білді. Ac ішетін үйде төрт бұрышты үстел үстінде таза асжаулық үстінде қабырғаға сүйелген, алтын қоршауы бар, асыл таспен безендірген, кішілеу икондар тұр екен. Сұр фрак пен башмак киген қарт малай асықпай басып келіп, икондар алдында жіңішке шамдалдарға орнатқан шамдарды қойып, шоқынды да, иіле түсіп, ақырын шығып кетті. Жарығы жоқ қонақ үй бос тұр. Лаврецкий ас ішетін бөлмеде біраз жүрді де, "біреудің туған күні ме?" - деп сұрады. Оған біреу сыбырлап, "жоқ" десіп, "кешкі намазды ұйғарған Лизавета Михайловна мен Марфа Тимофеевна" десті; ғажайып иконды көтермек екен, бірақ ол отыз шақырымдағы бір ауруға алып кетіліпті. Сәл уақытта дьякондар мен поп келді, бұл жас емес, үлкен қасы бар адам екен. Ауыз бөлмеде ол қатты жөткіргенде әйелдердің бәрі кабинеттен шұбатыла шығып, поптан бата алуға ұмтылысты; әйелдерге Лаврецкий үнсіз иілгенде, олар да бұған үндемей бас изесті. Поп біраз тұрып, тағы жөткіріп, жуан даусымен ақырын ғана:
- Бастауға бұйырасыз ба? - деді. Марья Дмитриевна:
- Бастаңыз, хазірет! - деді.
Поп киініп, әзірлене бастады. Дьякон жағымпаздана сөйлеп, кішкене көмір сұрады; тұтанған ладанның исі шықты. Ауыз бөлмеден қызметкер әйелдер, малайлар шығып, тұтасқан топ болып есік алдына тоқтасты. Жоғарыдан әсте түспейтін Роска қазір ас ішетін бөлмеге кеп, қуса да кетпей қойды, бір малай оны қолтығына қысып алып кетті. Кешкі намаз басталды. Лаврецкий бір бұрышта тығылып тұрып қапты: көңіл сезімі ғажайып мұңды тәрізді, өз сезімін өзі дәлдеп айыра алмағандай. Марья Дмитриевна жұрттың алдында тұр еді; ол нәзік солғын ғана қозғалыспен шоқынады да, біресе айнала қарап, біресе көзін жоғары қаратады, іші пысқан адамдай. Марфа Тимофеевна мазасызданған тәрізді; Настасья Карповна сәжде қылып, мүләйім жүзбен ақырын сыбырлай көтеріледі; Лиза бір тұрған қалпынан, бір орыннан селт етіп қозғалған жоқ; жүзінің салқындығына қарағанда, ол барынша ыстық жанмен жалбарынған тәрізді. Намаз біткенде кресті сүйіп, сонан соң поптың қып-қызыл қолын да сүйді. Марья Дмитриевна попты шай ішуге шақырды; ол сыртқы сәнді киімін шешіп, шырайы жылынып, әйелдермен бірге қонақ бөлмеге келді. Онша көңілді болмаса да, сөз басталды. Поп төрт шыны шай ішті, маңдайының қасқасын сүрте бастады. Авошников деген көпестің шіркеу күмбезін бояуға жеті жүз сом бергенін айтты және беттің секпілін кетіретін емнің жайын сөйледі. Лаврецкий Лизаның қасына отырып еді, бірақ қыз сонша қатал, салқын қалыпта, бұған бір рет қараған да жоқ. Әдейі байқамаған кісі сияқты, жүзіне бір паң салтанат, салқын күй жиғандай. Неліктен екені мәлімсіз, әйтеуір, Лаврецкийдің күлгісі, әлдебір әзіл айтқысы да келіп еді, бірақ жүрегінде қысылу болғандықтан іштей таңданды да, ақыры кетіп қалды... Өзінің сезуінше: Лизаның басында бұл сырын біле алмаған бір күй болған тәрізді. Келесі жолы Лаврецкий қонақ үйде Гедеоновскийдің жағымпаз, бірақ икемсіз сөздерін тыңдай отырып, бір шақта артына айналып қарағанда, Лизаның бұған қарап отырған көзінде әлдебір терең, ықыласты сұрақ белгісін байқағандай болды... Ол жұмбақ көздер бұған ғана қадалғандай. Лаврецкий кейін түн бойы осы көзқарастың жайын ойлаумен болды. Ол балаша сүйген емес, күрсіне қиналу бұған қонбайды да және Лиза да ондай сезім тудырмайды; бірақ махаббат әр жасқа өзінің ғазабын салады, бұл соны толығымен өз басынан кешіріп жүр.
XXXІІІ
Бір шақта Лаврецкий дағдысы бойынша Калитиндерде отыр еді. Адамға ауыр, ыстық күннің соңынан ғажайып кеш келді де, Марья Дмитриевна өзінің қарсы желді жек көретініне қарамай, бақшаға шығатын барлық есік-терезені ашқызып, карта ойнамайтынын айтып, мұндай шақта табиғатты қызықтамай, карта ойнау күнә, - деді.
Қонақ жалғыз Паншин болатын.
Кеш шабыттандырса да, Лаврецкийдің алдында ән салғысы келмей, бірақ көркемдікті сүйген сезімін және де ірке алмай, Паншин поэзияға берілді: Лермонтовтың бірнеше өлеңдерін керексіз нәзіктікпен оқыса да, жалпы тәуір оқып шықты (бұл шақта Пушкин қайтадан модаға кірмеген кез болатын). Паншин бір сәтте өзінің сезімталдығынан ұялғандай боп, "ой" өлеңі турасында жаңа буынды сынап, кінәлай бастады және өзі болса, әкімшілік қолына тисе, бар дүниені басқаша өзгертетінін де айтып үлгірді, өзінің сөзінде ол "Россия Европадан артта қалды; алдыңғыны қуып жету керек. Бізді жас дейді - ол жалған; бізде және тапқырлық жоқ; Хитің өзі айтуынша, біз тіпті тышқан қақпанын да ойлап шығарған емеспіз. Ендеше, біз амалсыздан өзгеге еліктейміз. Лермонтов біз дерттіміз дейді, мен сонысына қосыламын, дертіміз - жартылай ғана европаландық; неден мертіксек, сонымен емделуіміз керек" (кадастрмен ғой деп ойлады Лаврецкий). Паншин сөйлеп отыр: біздегі жақсы ойлаушылардың көбінің көзі жеткен; анығында бар халықтар бірдей, жақсы кеңселер ғана орнатыңызшы, іс тамам болады. Және халықтың қалыптанған салтына да үйлесу керек болар, ол біздің ісіміз (мемлекет адамының ісіміз дей жаздап барып), біздей қызметкерлердің ісі; бірақ қажет болғанда, қорықпаңыздар, кеңселердің өзі сол салтты өзгерте алады, - деді. Марья Дмитриевна Паншинге сүйсініп бас изеп отыр. Өз ішінен "менің үйімде қандай ақылды адам сөйлеп отыр" дегендей. Лиза терезеге сүйеніп үнсіз отыр; Лаврецкий де үндеген жоқ; бұрынғыша өзінің дос әйелімен карта ойнап отырған Марфа Тимофеевна бір нәрсені жақтырмай күбірлеп сөйлеп қалды; Паншин бөлме ішінде арлы-берлі жүріп, сұлу сөйлегенде ішінде құпия ыза бар сияқты; тегі, бар буын емес, өзіне белгілі бірнеше адамды ғана кінәлағандай. Калитиндер бақшасында үлкен бір түп сирень арасында бұлбұл болатын. Жаңағы шешен сөздің араларында бұлбұлдың кешкі, алғашқы үндері естіле тұрған. Қабырғасы үйеңкілердің биік бастарынан жоғарыда, қызғылт аспанда алғашқы жұлдыздар көрінді. Лаврецкий түрегеліп, Паншинге қарсы сөйлеп, дау басталды. Лаврецкий Россияның жастығы мен өздігін қорғап сөйледі; өзі мен өзінің буынын құрбандыққа берсе де, жаңа адамдар мен олардың жаңа нанымы, талабы турасын қорғай сөйледі; Паншин ызалана қатаң жауап берді, ақылды адамдар бар дүниені жаңғырту керек деді және шектен асып, өзінің камера - юнкер дәрежесін, чиновниктің шенқұмарлығын ұмытып, Лаврецкий артта қалған консерваторлар деп және де алыстан орағытып тұспалдап, мұның қоғам ішіндегі орнын жалған дегісі келді. Лаврецкий ашуланған жоқ, ол Михалевичті есіне алып, соның да мұны артта қалған -бірақ вольтериянен дегенін еске ала отырып, салмақпен сөйлеп, Паншинді бар мәселеде жеңіп шықты. Ол секіріп өсудің мүмкін емес екенін айтты және өзімшіл чиновниктердің биікте тұрып асқақтықпен өзгертем дегеніне болмайтынды, өйткені ол чиновниктер туған жерін білмейтін, ешбір дүниеге сенімі жоқ жандар екенін айтты; мысалға өзінің тәрбиесін алып, халық шындығы барын және соған бағынудың талабын айтты; бұл бағыну әрбір батылдықтың, жалғанға қарсы батыл болатынын білдірді; және де уақыт пен қуатты жауапсыз жеңіл шығын ету жолындағы кінәнің орынды болатынын айтуды да ұмытқан жоқ.
Кейін Паншин қапаланған күйде сөйлеп:
- Ал бәрі жақсы болсын! Мысалы, сіз Россияға қайттыңыз, сіз не істемек боласыз? - деді.
Лаврецкий:
Жер айдаймын және шамам жеткенше жақсы айдауға тырысамын! — деді.
Бұл өте мақтаулы, даусыз нәрсе. Бұл жөнде сіз үлкен өнер тапты деп те айтысты, бірақ білесіз бе, мұндай кәсіпке жұрттың бәрі қолайлы келе бермейді...
Осы кезде Марья Дмитриевна жартылай французша:
- Сізде ақын табиғаты бар, әрине, жер жырта алмайсыз және де, Владимир Николаевич, сіз ұдайы зор нәрселерді істеуге арналғансыз! - деді.
Бұл тіпті Паншинге де өрескел жай еді: ол қысылып қап, сөзді доғара берді. Әңгімені аспанның сұлулығына, Шуберт музыкасына бұрып көріп еді, ендігі сөздер жабыспады. Ақыры ол Марья Дмитриевнаға пикет ойнайық, - деді.
- Қалайша, осындай кеште ме? - деп әйел күдік айта бастаса да, ақыры картаны әкелуге бұйырып еді.
Паншин жаңа колоданы қатты жұлып, жыртып ашып жатқанда, Лиза мен Лаврецкий уәделескендей қатар түрегеліп, Марфа Тимофеевнаның қасына барысты. Бір сәтте екеуіне де ендігі жай сонша жақсы көрініп, бірақ оңаша қалудан екеуі де қорқысқандай болып және сонымен бірге соңғы күндерде болған қысылу, ыңғайсыздық енді біржолата қайта оралмастай боп жойылғандай еді. Кемпір елеусіз түрде өзгеге байқатпай Лаврецкийдің бетін сипады да, көзін қулықпен қыса түсіп, басын шайқап сыбырлап: "ақылды немені сойдың ба, рақмет", - деді. Бөлмеде тып-тыныш, оқта-текте балауыз шамның сытырлағаны және қолдардың үстелге соққаны, карта ұтысының сандары ғана естіледі және де терезелерге сырттан кірген дымқыл салқынмен аралас ғажайып қуатты, соншалық зор үнді бұлбұл жыры естіліп тұр.
XXXІV
Лаврецкий мен Паншин дауының кезінде үндемесе де, Лиза бар ықыласымен олардың сөзін тыңдап, өзі Лаврецкий жағында болған еді. Бұл саясатпен аз шұғылданатын, бірақ бекзадасыған чиновниктің асқақ үнінен ол жиренетін (қазір сол чиновник бұрын көрінбеген бар қалпында байқалды); оның Россиядан жиренуі Лизаға қорлықтай көрінді. Қыз өзін отаншылмын деп ойлап көрген емес еді, бірақ орыс адамдарын ол жан тартатын; орыстың ойы оны қуантатын; ол өзін бекзадамын демей-ақ, паңсымай-ақ, шешесінің мүлкін басқаратын староста қыстақтан келгенде бірнеше сағат бойында сөйлесе беретін. Лаврецкий осының бәрін сезуші еді; жалғыз Паншинге ол жауап та қатпас еді, ол Лиза үшін сөйлеген. Бұл екеуі бір-біріне ешнәрсе айтпаса да, тіпті көздері де сирек қарасса да, екеуінің түсінгендері, сүйгендері мен сүймегендері бірдей екенін білісті. Бір-ақ нәрседе екеуінің шалғайлығы бар: Лиза жігітті құдайына да дұрыс табындырамын деп құпия үміт ететін. Екеуі Марфа Тимофеевнаның қасында оның картасына қарап отыр, анығында оның ойынын да аңдып отырысқандай; ал шынында әрқайсысының кеуделерінде жүректері ұлғая түскендей; бұлар үшін бір нәрсе де мәнсіз жоғалып жатқан жоқ, бұлбұл бұлар үшін сайрап тұр, жұлдыздар бұлар үшін жанады, жаз рахатымен жылылықта ұйқыға қалғып бара жатқан ағаштар да бұлар үшін баяу сыбырлағандай болысады. Лаврецкий өзін билеген толқынға барынша бағынып, қуанады; бірақ таза жанды қыз кеудесінде не боп тұрғанын айтуға сөз жетпейді: ол қыздың өзіне де жасырын, құпия; ендеше, өзгелер үшін де ол жасырын боп қала берсін. Тегінде, тірлікке, гүлдеуге арналып нәр жиып, жер құрсағында піce бастаған дәннің қалай өзгергенін ешкім көрген, ешкім ешбір шақта білген емес еді ғой. Сағат онды соқты. Марфа Тимофеевна мен Настасья Карповна жоғарыға кетісті; Лаврецкий мен Лиза екеуі бөлмеде сәл жүрісіп, бақшаға шығатын есіктің алдында тоқтасып, қараңғы тартқан жыраққа, содан бір-біріне бұрыла қарасты да, қатар жымиысты; бір-бірінің қолын ұстап, барды айтысып, ұғысар тәрізді еді. Екеуі де Марья Дмитриевна мен Паншинге келгенде, пикет ойыны ұзаққа созылған екен. Соңғы "король" біткенде барып, үй қожасы орнынан қозғалды да, айналасын қоршаған жастықтарды жерге төге түрегелді. Паншин шляпасын алып, Марья Дмитриевнаның қолын сүйіп, кейбір бақыттылардың ұйықтауына, немесе түнді тамашалауына бөгет болмаса да, мұның таңға шейін қырсық қағаздармен айналысуы міндет екенін айтты. Лизамен салқын амандасып (өзінің тілегіне қыз тоса тұруды сұрайды деп ойлаған жоқ еді, сол себепті Лиза өкпелі болатын), енді жүріп кетті. Оның соңынан Лаврецкий де кетті. Екеуі қақпа алдында айрылысқан еді; Паншин өзінің көшірін қолындағы таяқпен мойынға түртіп оятып, күймесіне мініп, жортып кетті. Лаврецкий үйге қайтқысы келмеп еді, ол қаладан шығып, далаға қарай тартты. Түн тыныш, ай болмаса да, жарық екен; Лаврецкий шық түскен шөпті басып ұзақ жүрді; бір уақытта тар ғана жалғыз аяқ соқпақ кездесіп, соған түсіп кетіп еді, сол соқпақ бір ұзын құймаға, содан қақпаға әкелді; не үшін екенін өзі білместен, бұл қақпаны түртіп еді, қақпа сықыр етті де, ашыла берді, дәл бір мұның қолы тиюін тосқандай. Лаврецкий бақшаға кірді. Бірнеше қадам жер жүріп, жөке ағаштың арасымен келе жатып, қайран боп тоқтай қалды. Мұнысы Калитиндер бақшасы екенін енді ғана білді. Бұл жаңғақ ағашының қара көлеңкесіне шапшаң тайды да, өзіне-өзі таң болып, ұзақ уақыт қозғалмай тұрып қалды, "мынау тегін емес-ау!" деп ойлады. Айнала тып-тыныш; үй жақтан ешбір дыбыс білінген жоқ. Бұл ақырын ғана ілгері басты. Аллеяның бұрылар жерінде енді барлық үй бұған өзінің қарауытқан бойымен түгел көрінді, жоғарғы екі терезеде ғана әлсіз жарық бар екен: біреуі Лизаның бөлмесінде, ақ перденің ар жағында шам жанғандай және Марфа Тимофеевнаның бөлмесінде икондар алдындағы кішкене шамдар қызыл сәуле төгіп, икондардың жиегін жарқыратады, төменде балкон есігі шалқасынан ашық екен. Лаврецкий ағаш орындыққа отырып, қолын бүйіріне таянып, сол ашық есіктен Лизаның терезесіне қарап қалды. Қалада түн ортасының сағаты соқты. Үйде кішкене сағат жіңішке үнмен он екіні соқты, күзетші тақтайын тықылдатып жатыр, Лаврецкий ешнәрсені ойламай, ештеңені тоспай, тек қана Лизаның жақында екенін сезіп, оның көп отырған орындығында отырудан рахат тапты... Лизаның бөлмесінде шам өшті. Лаврецкий сыбырлап "қайырлы түн, менің сүйіктім" деп, қараңғы тартқан терезеге көз алмай қадала қарап отырды. Бір шақта жарық төменгі бір терезеден көрініп, одан екінші, үшіншіге ауысты... Біреу шам ұстап бөлмелерді аралап келе жатқандай. "Лиза ма. батыр-ау? Мүмкін емес..." дей түсіп, Лаврецкий орнынан тұрды... Мәлім жүз жылт еткендей болып, қонақ үйге Лиза шықты. Ақ көйлек киген, тарқатылмаған бұрымдары екі иығынан асылған қалпында ол үстелге ақырын басып тақап келіп, шамын қойып, еңкейіп бір нәрсені іздеп жүр; осыдан соң жүзін бақшаға бұрып, ашық есікке тақап, барынша аппақ, жеңіл ғана сымбатты қалпымен табалдырыққа басып тоқтай қалды. Лаврецкийдің бар денесі дір еткендей болды.
- Лиза! - деген шала-жансар сөз аузынан амалсыз шыққандай болды.
Қыз дір етіп, қараңғыға қарай қалды.
- Лиза! - деп Лаврецкий қаттырақ айтты да, аллея көлеңкесінен шыға келді.
Лиза шошыған күйде басын созып кейін серпіле қалды да, жігітті тани қойды. Жігіт қыздың атын үш рет атап, соған қарай қол созып еді, Лиза есіктен бері шығып, бақшаға қарай басты.
- Сіз бе, сіз мұндасыз ба?
- Мен... Мен, тек қана тыңдаңызшы, - деп сыбырлап, Лаврецкий қыздың қолынан ұстап, орындыққа қарай бастады.
Қыз мұның соңынан қарсылықсыз ерді; оның ақшыл жүзі, қозғалыссыз көздері, бар қимылы ғажайып таңданғанын білдіруші еді, Лаврецкий мұны орындыққа отырғызып, өзі алдында тұрды.
- Менің келем деген ойым жоқ еді. Мені әкелген... Мен, мен... Мен сізді сүйемін, -деп, ол ықтиярсыз шошығандай сөйледі.
Лиза бұған ақырын ғана қарап, енді ғана, осы сәтте ғана өзінің қайда екенін, не болғанын аңғара бастағандай. Оның тұрғысы кеп еді, бірақ тұра алмай, екі қолымен бетін басты.
- Лиза, Лиза, -деп екі айтты да, Лаврецкий оның аяғына шейін иілді.
Лизаның иықтары дірілдеп, аппақ болған саусақтары бетіне барынша жабыса түскендей. Сізге не болды, - дей тұрып, Лаврецкий қыздың ақырын еңіреп жылағанын естіді,жүрегі тоңазып кетті... Бұл жастың мәні не екенін ол түсінді.
- Шынымен мені сүйесіз бе? - деп сыбырлап барып, қыздың тізесіне қолын тигізіп еді:
Тұрыңыз, -деген қыздың үні естілді,-тұрыңыз, Федор Иваныч. Бұнымыз не сіз екеуміздің? Жігіт тұрып, орындыққа, қыздың қасына келді. Қазір қыз жылаған жоқ, бірақ жігітке өзінің жасты көзімен бар ықыласымен қарады.
- Мен қорқамын, біз не істедік? - деп қайта айтты.
- Мен сізді жақсы көремін, - деп бұл да өз сөзін қайталап, - мен сізге өз өмірімді беруге әзірмін, - деді. Қыз және дір етіп, бір нәрсе оны шаққандай болды да, аспанға қарады.
- Мұның бәрі тәңірімнің әмірінде, - деген еді.
- Сіз мені сүйесіз бе, Лиза! Біз бақытты боламыз ба?
Қыз көзін төмен түсірді; жігіт ақырын ғана қызды өзіне тартқанда, Лизаның басы мұның иығына құлай сүйенді... Лаврецкий өзінің басын сәл бұрды да, қыздың қазірде қаны қашқан ерніне сүйе жабысты. Жарым сағат өткенде Лаврецкий қақпаға келіп еді, ол жабық екен, сондықтан қақпадан секіріп түсті. Қаланың ортасына қарай беттеп, ұйқылы көшелерді аралап келе жатты. Ойда жоқ ұлы қуаныш жанын кернегендей, бар күдік өшкендей. Өз ойында "бұрынғының сұм елесі, өш көзімнен, ол мені сүйеді, менікі болады" дейді. Сол сәтте аспанда, жоғарыда ғажайып бір әсем күй төгілді; бұл тоқтай қап еді, күй аспандап серпе түсті; сондай-ақ көркем, күшті тасқын тәрізді және барлық күй бұның үн салып тұрған бақыты сияқты. Жігіт жалт қарап еді, кішілеу үйдің жоғарғы қос терезесінен төгіліп тұрған күй екен.
- Лемм! Лемм, Лемм! - деп қайта-қайта қатты айғайлаған Лаврецкий үйге қарай ұмтылды.
Күй басылып қалды да, жеңіл киінген шалдың бойы ашық терезеге тақап келді. Кеудесі ашық, шаштары үрпиген бойда төмен қарады.
- Аға! Бұл сіз бе едіңіз! - деп шал салмақпен сөйледі.
- Христофор Федорыч, жаңағыңыз не деген ғажайып күй! Құдай үшін мені үйге кіргізіңізші.
Қарт бір ауыз сөз айтпастан салмақты қимыл жасап, сыртқы есік кілтін терезеден лақтырып тастады. Лаврецкий жоғарыға жүгіре шығып, үйге кіре бере Леммді құшақтай алайын деп еді; бірақ анау бұған әмір еткен жүзбен орындықты көрсетті де, орыс тілінде шолақ қайырып: "садитесь и слушить" деді де, өзі фортепьяно қасында отырып, айналаға асқақ салқын жүзбен қарап, ойнай жөнелді... Бұған ұқсаған нәрсені Лаврецкий көптен естіген жоқ еді. Құмарлығы күшті тәтті күй ең алғашқы үннен - ақ жүректі қармайды; бұл сондай жарқыраған және бір шабыттан елтіген бақыт пен сұлулыққа толы күй; өсе түсіп еріп жатқандай, жер үстіндегі барлық қымбат дүниеге, құпия мінәжатқа - бәріне де арналғандай; мәңгі өлместік мұнымен тыныс алады да, өлмек үшін аспанға шырқап кетіп жатқандай. Лаврецкий тік басып тұрып алып, шаттанғаннан аппақ болып тоңазығандай. Мынау үндер бұның жанына жармаса араласады, ол махаббат бақытымен елтіген жан еді, бұл күйдің өзі де махаббатпен лаулағандай. Соңғы аккорд біте сала Лаврецкий сыбырлап, "тағы тартыңызшы" деді. Шал бұған қыранша көз тастап, кеудесін қақты, өз тілімен сөйлеп: "бұны мен шығардым, мен ұлы музыкантпын", - деді де, өзінің ғажайып шығармасын қайта ойнады. Үйде шам жоқ, жаңа көтерілген ай сәулесі терезеден қиғаштай түсіп тұр; сергек әуе үн салып аласұрады; кішкентай кедей бөлме мінәжат орнындай, күміс араласқандай көкшіл сәуле арасында шалдың басы шабытты, сергек күйді білдіреді. Лаврецкий бұған тақап келді де, құшақтап алды. Лемм әуелі бұның құшағына шіміркенбей, қайта шынтағымен қаға берді. Қыбыр етпей тұрып, бір қалыпты салқын, қатаң қарап, екі рет қана "аға!" деді. Кейін оның қатты құбылған жүзі тыныштық алып,бәскіл тартты. Лаврецкийдің жаңағы қуанышты құттықтауына орай қазір ол әуелі жымиды да, кейін балаша әлсіз өксіп жылап жіберді.
- Бұл ғажап, дей түсіп, дәл қазір келгеніңіз ғажап қой; бірақ мен білем, бәрін білем, -деді.
Лаврецкий қысылып қалды.
- Сіз бәрін білесіз бе?
Сіз жаңа мені тыңдадыңыз, мен барды білетінімді түсінбей қалдыңыз ба? Млирецкий түн бойы ұйықтай алмай, таң атқанша төсек ішінде отырды. Лиза да көз ілмей дұға оқумен болды.
XXXV
Лаврецкий қалай өсіп, есейгенін оқушы біледі; енді Лизаның тәрбиесі туралы біраз сөз айталық. Әкесі өлгенде бұл он жаста болатын, тегінде, әкесі бұған айналысқан да емес еді. Жұмыс басты, баюға салынған, өзі ызақор, шыдамсыз, қатал әке оқытушылар мен тәрбиешілерге деген ақшаға сараң болмайтын, балалардың киімі мен өзге керегін де ірікпейтін, бірақ өз айтуынша, "шіңкілдектерді әлдилеуді" өлердей жек көретін, оларға алдануға уақыты да жоқ болатын; өйткені жұмысы көп, ұйқысы аз, оның үстіне, карта ойнап, тағы жұмысына жөнелетін; бұл өзін молотилкаға жегілген атпын дейтін. Ол өлім сағатында кебірсіген еріндері қайғылы жымиып, "менің өмірім шапшаң шауып өтті-ау" деген еді. Марья Дмитриевна жалғыз өзім балаларымды асырадым деп Лаврецкийге мақтанғанмен, Лизаға ол да аз айналысқан болатын, бұны қуыршақтай киіндіріп, қонақтар көзінше басынан сипап, көзінше ақылдасып, жаным деген болатын, бірақ бары сол ғана: жалқау ханым ұзақ қамқорлықтан қажи беретін. Әкесі барда Лиза Парижден келген Моро деген гувернантка қыздың қолында болды; ал әкесі өлген соң, Марфа Тимофеевнаның қарамағына ауысты. Бұл әйелді оқушы біледі; ал қыз Моро кішкентай ғана, торғайдай құбылған, торғайдай ғана ақылы бар құрысқан жан болатын. Ол жас шағында еркінше жүріп, қартая бере екі құмарлықты ұстап қалды: біреуі - тамақсаулық, біреуі -картақұмарлық. Тоқ кезінде карта ойнамайтын, көп мылжыңдайтын да - жүзі өлі кісідей тынышталып, тек қана отырып, қарап, тыныс ала беретін - басында бірде-бір ой қыбыр етпейтін тәрізденетін. Мұны тіпті қайырымды деп айтуға да келмейтін, өйткені құсты кім қайырымды дейді. Әлде жас шағын желікпен өткізгеннен бе, болмаса бала кезінде Париждің ауасын жұтқаннан ба, әйтеуір бұнда бір арзан сенімсіздік ұялаған, соның белгісі французша айтылған: "оның бәрі ақымақшылық" деген сөзден көрінетін. Теріс сөйлесе де, Париждің таза жаргонымен сөйлесуші еді, өсек айтпайтын, көп құбылғыш болмайтын — ендеше, гувернанткаға одан артық не керек? Лизаға оның әсері аз тиді, сондықтан оның асыраушысы Агафья Васильевнаның балаға деген әсері молырақ болды. Ал бұл соңғы әйелдің тағдыры тамаша болатын. Өзі крестьян ортасынан шыққан, он алты жасында күйеуге беріліп еді, бірақ өзінің құрбылас крестьянка қыздарынан бұл мүлде бөлек болатын. Әкесі жиырма жыл староста болып, көп пұл жиып, қызын ерке қып өсірген. Бұл өзі тамаша сұлу және бүкіл өлкедегі бірінші кербез, ақылды сөзуар, батыл қыз болды. Бұлардың мырзасы, Марья Дмитриевнаның әкесі, жуас, момын Дмитрий Пестов бір шақта, егін басу үстінде бұл қызды көріп, барынша құмартып қалды. Бірақ әйел тез тұл қалды! Пестов үйленген әйел болғанымен, бұны өз үйіне кіргізіп, үй қызметкерлеріндей киіндірген еді. Агафья мәңгі осылайша тұрғандай өзінің жаңа халіне оп-оңай үйлесе кетті. Өзі ағарып, семіріп алды. Жұқа жеңінің астынан білінген қолдары көпестер әйелінің қолындай аппақ, жұп-жұмыр боп алды, үстелінен самауыр кетпеді, жібек пенен барқыттан басқаны кигісі де келмеді, жатқанда құс төсекке жататын. Осындай балқыған өмір бес жылға созылған соң Дмитрий Пестов қаза болды, оның тұл әйелі мейірімді ханым еді, күйеуінің әруағын аяп, күндесін қыспады, өйткені Агафья бұның алдында кішіліктен жазған емес-ті. Бірақ үлкен ханым бұны бір малайына күйеуге тигізді де, көз алдынан аулаққа жіберді. Содан үш жыл өтіп еді. Жаздың бір ыстық күнінде ханым өзінің мал қорасына келген еді, Агафья мұны сондай тамаша салқын қаймақпен сыйлап, өзін момын ұстап, бір жағынан тазалық танытып, барына риза көңілді көрінді, бұнысына ханым мейірленіп, кешірім айтып, енді үйге келіп жүруге рұқсат етті: одан алты ай өткен соң Агафья қайтадан қуат алып, тағы да семіріп, ағарып алды, ханым бұған біржолата сенді. Осылайша тағы бес жыл өтіп еді, бірақ Агафьяның басына тағы да сор орнады. Өзі лакей дәрежесіне жеткізген бұның күйеуі ішкілікке салынып, жоғалып кете беретін болды, ақыры мырзалардың алты күміс қасығын ұрлап, соңғы көзі жеткенше деп әйелінің сандығына тыққан еді. Бұл сыр білініп қалды. Еркектің өзін мал қораға қайта айдап, Агафьяға да айып салысты, оны үйден қуып шықпаса да, «экономикалық» орнынан алып, тігінші етті және қалдақ орнына басына жай орамал тартқызды. Жұрттың бәрін таң қылып Агафья бұл қорлығына мүләйім күйде көне қалды. Бұл шақта ол отыздан асып еді, бар баласы өлген, енді күйеуі де көп жасамады. Ой түсетін шақ жетті: оған ой түсті, ол үнсіз және намазқой болып алды, таңғы, түскі намаздың бірін босатпай, өзінің жақсы көйлектерінің бәрін жұртқа сыйлады, сөйтіп он бес жыл бойында жуас, момын, салмақты боп, ешкіммен ұрыспай, бар адамға жол бергіш болды. Біреу қатты айтса да, ол иілетін де, алғыс айтатын. Ханым бұны көшіріп, жазасын жойып, тіпті өз басындағы қалпағын да . сыйлады. Бірақ Агафья орамалын алғысы келмей, үнемі қоңырқай көйлек киетін, ал ханым өлгеннен кейін ол тіпті момын, мүләйім боп алды. Орыс адамы қорқып барып, тез үйреніседі, бірақ оның құрметтеуін табу қиын. Ол тез келмейтін және кім болса соған кез келмейтін мінез еді. Агафьяны үйдегінің бәрі қадірледі, оның бұрынғы күнәсін еске алған жан жоқ, тек қарт мырзамен бірге ол жайларды қабірге қоса қойғандай. Марья Дмитриевнаны алған соң Калитин Агафьяны үй шаруасын басқарушы етпек еді, бірақ ол қызығудан аулақ деп көнбеді. Калитин бұған ақырса да, әйел бас иіп,төмен иіліп болды да, шығып кетті. Ақылды Калитин адамды түсінуші еді. Ол Агафьяны да түсініп, оны ұмытпайтын болды. Қалаға көшкен соң, Агафьяның ризалығы бойынша, Пестов Агафьяны Лизаға күтуші етті. Бұл кезде Лиза беске қарай басқан-ды. Әуелі Агафьяның салқын салмақты жүзі Лизаны қорқытып еді, бірақ ол артынан тез-ақ жаңа күтушіні аса жақсы көріп, бұған үйреніп алды. Лиза өзі де байыпты бала болатын: оның жүзі тура салқын қалпында Калитиннің өзіне ұқсайтын, тек көзі ғана әкесінікіндей емес, балада сирек болатын мейірімді, момын ықыласты сәулесі білініп тұрды. Ол қуыршақ ойнамады, ақырын күлетін де, паңдықты білмейтін. Жиі ойланбаса да, тегін ойламайтын: кейде үндемей қалып, ақыры үлкендердің біреуінен кейбір жайды сұрағанда, сезгені туралы бұның басында ой бар екені білінуші еді. Тілінің сақаулығы ерте қойылып, төрт жаста таза сөйлейтін болды. Әкесінен қорқатын, шешесіне деген сезімі анық емес, одан қорықпаса да, еркелемеуші еді: тегі, өзінің жалғыз жақсы көрген адамы Агафья болса, оған еркелемек. Агафья бұдан айрылмайтын, екеуін оңаша көру ғажап болушы еді. Агафья бастан-аяқ қара киім киіп, балауыз шамдай аппақ жүдеу, бірақ, әлде де тамаша сұлу жүзіне, басына қара шәлі жамылатын, солайша тіп-тік отырып, байпақ тоқитын: бұның аяқ тұсында кішкентай орындықшада Лиза орналасып, о да бірдемені істеп, өзіне әңгіме айтқан Агафьядан көз алмай тыңдаумен болатын; Агафья бұған ертек айтпайтын: біркелкі, ырғақты даусымен ол әулие қыздардың өмірін айтады, құдайшыл, діндар, сопылар өмірін, әулие қыздар жайын Лизаға айтып, жапан түзде аштық, жоқтыққа шыдап, патшалардан қорықпай, Ғайсаның жолын тұтқанын айтатын. Оларға аспан құстарының азық әкеліп, жабайы аңдар бағынғанын баяндайтын; сол әулиелердің қаны тамған жерде гүлдер өскенін әңгімелейтін. Бір шақта Лиза өзінің гүлдерді жақсы көретін әдеті бойынша "ол сарфиол ма?" деп сұраған еді... Агафья Лизамен момын салмақпен сөйлесетін, өзі айтқан әулиелер, қасиетті сөздерді өзіне көпсінгендей болатын. Лиза бұны тыңдағанда бар жерде бар, барды білетін тәңірі сондай бір тәтті қуатпен бұның жанына кіргендей еді. Сөйтіп, бұны тазартып, тазалық қорғанышын ойлайтын. Ал Ғайса болса, бұның сондай жақыны, танысы, туғанындай көрінуші еді; Агафья бұны дұға оқуға да үйреткен; кейін Лизаны таңсәрісінен оятып, шапшаң киіндіріп, жасырын түрде таңғы намазға әкететін. Лиза аяғының ұшынан басып, демін де жасырып, оның соңынан еруші еді; алакөлеңкедегі таң салқыны, шіркеу ішінде адам аздығы және өздерінің жасырын жөнеліп, үйге сақтанып қайтуы, төсекке қайта жатуы - осындай барлық тыйым салынған жай мен діндарлық күйдің бәрі кішкентай қызды қобалжытып, оның өне бойын билегендей болатын. Агафья ешкімді кінәламаушы еді, Лизаны да тентектік үшін сөкпейтін. Бірдемеге риза болмаса, үндемей қалушы еді, Лиза сол үндемейтін мәнін түсінетін; сезімтал баланың жүрегімен Агафьяның Марья Дмитриевнаға немесе Калитиннің өзіне кейде наразы болған жайын да жақсы танитын. Агафья Лизаны үш жылдан аса күтті, кейін оның орнына Моро келді; бірақ өзінің дағдылы "оның бәрі ақымақшылық" дейтін сөзімен, бар сөлекет әдеттерімен бұл жеңілтек француз әйелі Лизаның жүрегінен оның сүйікті күтушісін, ұмыттыра алмады: Агафьяның еккен ұрықтары бұның жүрегінде терең тамыр жайған еді. Агафья Лизаға күтуші болмаса да, осы үйде қалғандықтан, кішкене қызбен көрісіп жүретін, бала болса оған бұрынғысынша сенетін. Бірақ Калитиндер үйіне Марфа Тимофеевна келген соң, Агафья онымен сыйыса алмады. Шыдамсыз, өзімшіл кемпірге бұрынғы бәйбішесымақтың салқын салмақтылығы ұнамады. Агафья құдай жолына құлшылыққа барам деп, бір жолы сұранып кетті де, содан қайтқан жоқ: кейбір қараңғы сыбыстарға қарағанда, оны әлдебір сопылар тобына кетті десті. Бірақ Лизаның жанына ол салған із жойылмады. Ол бұрынғыша түскі намазға мейрамға барғандай барып, өзінше ұяң бір сабырмен рахаттанып жалбарынатын, бұнысына Марья Дмитриевна іштей таңғалатын, Марфа Тимофеевна болса, Лизаны қыспағанымен, оның өзгеше діндарлығын ірке беріп, болмаса жиі сәжде қылудан бөгей беретін, бұл ақсүйектер әдеті емес дейтін. Лиза жақсы оқыды, бірақ сабақ соңында көп отырушы еді: үлкен ақыл, үлкен зейінді бұған тәңірісі бермегендей, нені алса, көп еңбекпен алатын. Ол фортепьяноны жақсы ойнайды, бірақ сол ойнауы қаншалық еңбекке түскенін жалғыз Лемм ғана білетін. Кітапты аз оқушы еді, оның "өз сөзі" болмаса да, өз ойлары болатын, сондықтан өз жолымен жүріп келе жатыр еді. Әкесіне текке ұқсамаған, ол да өзінің не істейтіні жөнінде кісі ақылын сұрамаушы еді. Осылайша жай, баяу ғана өсіп, он тоғыз жасқа жетті. Өзі байқамай, тамаша сүйкімді жан боп шықты. Әрбір қозғалысында өзінен-өзі ыңғайсыз туғандай болса да, нәзік сұлулық болушы еді: даусы кінәсіз жастықтың күміс қоңырауындай шығатын, сәл ризалық белгісі сүйкімді түрде жымиған қалпын көрсететін, шамдай жанған көздерінде құпия еркелік пен терең бір сәуле байқалатын. Бар жаратылысында қарыздарлық сезім күшті болғандықтан, ешкімді ренжіткісі келмей, мейірімді мінезді жүрек танытатын, ол жұрттың бәрін жақсы көргенмен, ешкімді ерекше бөліп сүймейтін: оның ең нәзік қорқынышпен, қуанышпен сүйетіні жалғыз тәңірісі еді. Сол қыздың тыныш қана ішкі өмірін ең бірінші рет қобалжытқан Лаврецкий болды.
Лиза сондай болатын.
XXXVІ
Келесі күні сағат он екіге қарай кеткенде Лаврецкий Калитиндерге қарай жүрді. Жолда ол бұның қасынан салт атпен өткен Паншинді көрді. Бұл жігіт шляпасын көзіне түсіре киген екен. Калитиндер бұл үймен танысқалы ең бірінші рет Лаврецкийді қабыл етпеді. Лакейдің айтуынша, Марья Дмитриевна "жантайып жатыр" екен, "ол кісінің басы ауырады" екен. Марфа Тимофеевна мен Лизавета Михайловна үйде жоқ боп шықты. Лаврецкий әлсіз үмітпен Лизаға кездесермін деп бақша жанында біраз жүргенмен, ешкімді көре алмады. Екі сағаттан соң қайта оралып соғып еді, алғашқы жауапты тағы да алды, енді лакей бұған қиғаш қарағандай. Лаврецкий бір күнде үш мәртебе соғуды лайық көрмей, біраз жұмысы болғандықтан Васильевскоеға барып қайтпақ болды. Жол бойында бірінен-бірі тамаша пландар ойлап еді, бірақ апасының қыстағында бұған уайым түсті; Антонмен сөйлесіп еді, әдейілегендей шалдың ойының бәрі де көңілсіз боп шықты. Оның айтуынша, Глафира Петровна өлерінде өз қолын өзі тістеп өліпті дей отырып, ол күрсінді де: "...әр жан өзін жеуге бұйырылған ғой, мырза", - деді. Лаврецкий қайта шыққанда мезгіл кеш еді. Кешегі күй бұның ойын тағы кернеп, кеудесінде Лизаның елесі сондай момын, жарқын білінеді; қыз өзін сүйеді деп ойлағанда елтігендей болады, сөйтіп өзінің қаладағы үйіне барынша тыныштанып, бақыт сезіп оралды. Алдыңғы алаңға кіре бергенде, пачуля иісті майының бұл өте жек көретін лебі келді, қарсы алдында әлдебір биік сандықтар мен сөмкелер тұр, өзіне қарсы жүгіре шыққан кызметкерлерінің жүзі бұғантаң көрінеді. Сезгеніне есеп берместен қонақ үйіне кіре беріп еді... Диваннан бұған қарсы қара жібек киген әйел тұрды да, бәтес орамалын жүдеу жүзіне басып, бір-екі аттады да, әдемі таралған хош иісті шашы бар басын төмен иіп, бұның аяғына құлай қалды... Енді ғана таныса бұл ханым, өзінің әйелі екен.
Лаврецкийдің тынысы біткендей болды... Ол қабырғаға сүйене беріп еді:
- Теодор, мені қумаңыз! - деп әйел французша сөйлегенде оның үні Лаврецкийдің жүрегін пышақтай тіліп өткендей көрінді.
Ол мағынасыз қарап тұрған әйелдің бұрынғыдан жүдеп, ағарып және ісінген қалпын аңғарды. Әйел кейде көзін жалт еткізіп, өзінің сәнді қызғылт тырнағы бар, тамаша сұлу саусақтарын қысып, қинай түсіп сөйлеп тұр.
- Теодор! Теодор, мен сіздің алдыңызда айыптымын, өлгенше айыптымын; - одан да әрі айтайын, мен қылмыстымын, бірақ сіз мені тыңдап өтіңіз: мені өкініш қинайды: өзіме -өзім жиреніштімін, бұл хәліме ендігәрі төзе алатын емеспін! Сан рет сізге айтайын десем де, ашуыңыздан қорықтым, мен өткеннің барлық ілігін үздім, мен сондай қатты ауырып едім, - деп, қолын маңдайына, жүзіне тигізді де, - сол кезде мені өлді деп тараған сыбысты пайдаланып, бардан безіп қаштым, аял етпестен, күн-түн бойы осында жетуге асықтым; менің өкінішім - сіздің алдыңызға келуден көп іркілсем де, ақыры сіздің айнымас мейірімділігіңізді еске алып, өзіңізге келуге бекіндім: адресіңізді Москвадан білдім. Иланыңыз, - дей түсіп, ол еденнен ақырын көтеріліп, орындықтың шетіне ғана отырып: -Мен өлім туралы көп ойладым және өзімді жоярлық қайратты табар да едім, ах, өмір мен үшін қазір тек азап, жүк! Бірақ менің қызым, менің Адочкамның жайы бөгей берді, ол осында, көрші бөлмеде, сорлы нәресте ұйқыда. Ол шаршаған еді, сіз оны көресіз, не болса да ол сізге жазықсыз, ал мен сонша сорлы, сондай сорлымын, - деп, қатты үн шығарған ханым Лаврецкая еңіреп жылап жіберді.
Енді ғана есін жиған Лаврецкий қабырғадан серпілді де, есікке қарай жөнелді. Әйелі қапаланып үн салып:
- Сіздің кеткеніңіз бе, бұл қаталдық қой! Маған жалғыз сөз айтпастан, жалғыз ауыз кінә тақпастан... бұлайша жирену мені өлтіру ғой! Бұл сұмдық қой! - деді.
Лаврецкий тоқтап қалды. Үнсіз бір дауыспен:
- Сіз менен не естімек боласыз? - деген еді.
- Түк - түк тілемеймін! - деп, әйел шапшаң ғана ентелеп: - Мен білемін, менің ешнәрсе талап етуге хақым жоқ, иланыңыз, мен есуас емеспін, мен сіздің кешіріміңізді үміт етуге де бата алмаймын, үміт етпеймін, батылым барып өтінетінім, сіз маған әмір етсеңіз екен, мен енді не істейін, қайда тұрайын? Енді мен күң болдым, қандай да болса бар бұйрығыңызды орындайын, - деді.
- Мен сізге бұйыратын түк те жоқ, - деп Лаврецкий бұрынғы үнмен, - біздің арамыз үзілген, оны білесіз... Және қазір әсіресе солай. Сіз қайда тілесеңіз сонда тұрыңыз; егер алатын пенсияңыз аз болса... - дей беріп еді, Варвара Павловна онымен жарыса сөйлеп:
- Ах, айтпаңыз ондай сұмдық сөзді, аяңыз мені тым құрыса... Тым құрыса мынау періште үшін аяңыз! - дей салып, Варвара Павловна екінші бөлмеге ұшып барды да, тамаша сәнді киінген кішкентай қызды қолына алып, шапшаң жетіп келді. Қоңырқай, бұйра шашы әдемі қызғылт жүзіне және ұйқыдан жаңа оянған үлкен қара көзіне түскен кішкене қыз жарықтан ұялып, көзін сығырайтып жымияды да, томпиған қолын шешесінің мойнына тірейді. Варвара Павловна қызының бұйра шашын оның көзінен кейін қайыра түсіп, қатты сүйіп алып, французша сөйлеп:
- Ада, көресің бе, мынау сенің әкең, менімен бірге сұрашы,-дегенде, қыз сақаулана сөйлеп "папам осы ма?"-деді.
- Я, менің жарығым, сенің оны жақсы көретінің рас емес пе?
Лаврецкий бұны бұдан былай көруге төзе алмады:
- Дәл осындай сахна қай мелодрамада болушы еді?—деп күбірледі де, шыға жөнелді.
Варвара Павловна сол орнында біраз тұрып, иығын сілікті де, қызын екінші бөлмеге апарып, шешіндіріп қайта жатқызды. Содан кейін кітап алып, лампа жанына отырып, сағатқа жуық тосып, ақыры өзі де төсекке жатты. Бұның Парижден ертіп шыққан күтуші француз әйелі ханымның көрсетін шешіндіріп жатып, "ал қалай болды, мадам?" деп еді, әйел: - "Жай, Жюстина, - дей түсіп, - ол қатты қартайыпты, бірақ байқауымша, әлі бұрынғыдай мейірімді. Түнге қарай менің перчаткамды беріңіз, ертеңгі күнге омырауы жабық сұр көйлегімді әзірлеңіз және Адаға қой етінен котлет әзірлеуді ұмытпаңыз... Рас, оны бұнда табу қиын, бірақ тырысып көріңіз!" - деді. Жюстина шамды өшіріп жатып, «соғыс кезінде соғыстағыдай» деген француз мақалын айтты.
XXXVІІ
Қаланың көшесінде Лаврецкий екі сағаттан аса сенделді. Париж айналасында өткізген бір түн есіне түсті. Жүрегі қиналады, мең-зең болып, бос қуыстай көрінген басында қайта-қайта бір қараңғы нәрсіз ызалы ойлар орала ереді. "Ол тірі, ол мұнда" деп, үнемі қайран болып сыбырлай береді. Бұл Лизадан айрылғанын сезеді. Ызадан тұншыққандай; "мынау соққы сондай оқыстан кеп ұрды; сондай бір жапырақ қағаздың жалған, былшыл фельетонына қалай ғана сендім екен!" - деп және бір кез: "Ал мен сенбеген болайын, сонда қандай айырмыс бар, Лизаның мені жақсы көретінін білген болар ем,оның өзі де соны білмес еді" деп, өзінің қазіргі ойынынан әйелінің кескінін, үнін және көзқарасын кетіре алмай қойды... сөйтіп өзін және бар дүниені қарғаумен болды. Таң алдында барынша талған күйде Леммге келіп еді, көпке шейін есік қағып оята алмады; ақыры терезеден шалдың қалпақ киген басы көрінді, қазір оның бейнесі көңілсіз құрысқандай, осыдан жиырма төрт сағат бұрын шабытпен көркейген, биіктен қараған ұлы суретшінің ұлы кескіні мүлде жоқ.
- Сізге не керек? Мен түнде ойнай алмаймын, өзім де кокк іштім, - деп тұрып, шал Лаврецкийге қарағанда, жігіт жүзі сондай таңғаларлық еді. Шал күн салып қарап алды да, түнгі қонағының жүзіне анықтап қарап, оны кіргізіп алды.
Лаврецкий үйге кіріп, орындыққа отыра кетті; шал өзінің жыртық шапанының етегін қаусыра түсіп, құнысқан ернін жыбырлатты, Лаврецкий:
- Менің әйелім кепті,-деп, басын көтере беріп, бір сәтте ықтиярсыз күліп жіберді.
Леммнің жүзінде тандану бар, ол жымиған да жоқ; шапанын қымтана түсті.
- Сіз әлі білмейсіз ғой, ол менің ойымша... газетте оқығаным бойынша, мен оны бұл дүниеде жоқ деп жүр ем ғой, — деді Лаврецкий.
- Оһо, сіз соны жақында оқыдыңыз ғой, ә?
- Жақында.
- Оһо,—деп, шал қасын жоғарылата көтеріп, енді ол келді ме? - деді.
- Келіп қалды, ол қазір үйімде; ал мен... мен сорлы адаммын. - Лаврецкий және күле түсті.
- Сіз сорлы адамсыз, — деп Лемм баяу ғана қайта айтты. Лаврецкий бұған:
- Христофор Федорыч, сіз бір хат апаруды мойынға аласыз ба? - деген еді.
- Мм. Кімге екенін білуге бола ма?
- Лизаға...
- А, ия, ия, түсінемін. Жақсы. Ал хатты қашан апару керек?
- Ертең ертерек.
- Мм, менің ас пісірушім Катринді жіберуге болады. Жоқ, мен өзім барам.
- Және маған жауап та әкелесіз ғой?
- Және жауап әкелем. - Лемм күрсінді.
- Я, менің бейшара жас досым, сіз анық бақытсыз жан екенсіз.
Лаврецкий Лизаға екі сөз жазды: әйелінің келгенін айтып, енді бұнымен кездесуді сұрап еді. Содан соң диванға құлай кетіп, бетін қабырғаға бұрды; шал төсегіне жатып, көп аунақшып, өзінің декортын ішіп, жөтелумен болды. Таң атып, екеуі де тұрған еді. Бір-біріне таңданған жүздерімен қарасады. Лаврецкий бұл сәтте өзін-өзі өлтіргісі келгендей. Ac пісіруші әйел Катрин бұларға жаман кофе әкелді. Сағат сегізді соқты. Лемм шляпасын киіп, Калитиндерге сағат онда болса да қазір сылтау табамын деп жүріп кетті. Лаврецкий тағы да диванға құлағанда, жүрегінің түбінен және де өкінішті күлкі туғандай болды. Ол өз үйінен әйелі қуып шыққанын ойлайды; біресе Лизаның халін есіне алып, көзін жұмып, екі қолын желкесіне қояды. Ақыры Лемм қайтып, кішкентай ғана қағаз әкелді, Лиза қарындашпен "біз бүгін көрісе алмаймыз, болса, ертең кешке болар. Қош болыңыз" деп жазыпты.
Лаврецкий Леммге салқын ғана алғыс айтып, үйіне кетті.
Әйелі таңертеңгі ас үстінде екен. Аданың шашында бұрамалар, ол көкшіл лента таққан ақ көйлек киіп, қой етінен котлет жеп отыр. Лаврецкий үйге кірісімен, Варвара Павловна тұрып, барынша бағынған жүзбен бұның қасына тақады. Жігіт оған өзінің соңынан ер деді де, кабинетке тартты. Есікті жауып алып, арлы-берлі жүре берді; әйел бір қолын бір қолына салып, момын жүзбен қарап, әлі күнге сұлу көрінген, сәл боялған көзін аудармайды. Лаврецкий көпке шейін сөйлей алмады: ол өзін билей алмайтын сияқты; Варвара Павловна бұдан түк қорықпайтынын бұл анық көріп тұрса да, әйел қазір-ақ талып жығылатын кісі боп көрінбекші. Ақыры ол ауыр тыныс алып, кей шақта тістене түсіп, сөз бастады:
- Тыңдаңыз, ханым, біздің бір-бірімізге аярсуымыз қажет емес; мен сіздің өкінішіңізге сенбеймін; ол шын болған күнде де, сізбен қайта табысып тұру маған мүмкін емес.
Варвара Павловна ернін жымырып, көзін сығырайтты, ішінен: "бұнысы жирену, әрине, мен оған әйел де емеспін" деп ойлады. Лаврецкий бір түймесін салып:
- Мүмкін емес, білмеймін, сіздің мұнда неғып рақым еткеніңізді түсінбеймін: тегі, сіздің ақшаңыз болмай қалған шығар! - деді.
Варвара Павловна сыбырлап:
- Япыр-ай, сіз мені қорлайсыз ғой, - деді.
- Бірақ қалай болғанмен, сорға қарай, әйтеуір, сіз менің әйелімсіз. Сізді мен қуып тастай алмаймын ғой... Ендеше, ұстанатыным мынау. Сізге бүгін-ақ Лаврикке жөнелуге болады; сонда тұрыңыз, онда өзіңіз білесіз ғой, жақсы үй бар; сіз бар керегіңізді аласыз, пенсиядан тысты айтам... соған разысыз ба?
Варвара Павловна жібек шеккен орамалын жүзіне тақады, ішкі толқыннан дірілдеген ерінімен сөз қатып:
- Мен сізге айттым ғой, өзіме не бұйырсаңыз да ризамын деген ем ғой, ендігі сұрайтыным бір-ақ нәрсе: тым құрыса сіздің осы қайырымдылығыңыз үшін сізге рақмет айтуыма рұқсат етесіз бе? - деді.
Лаврецкий асыға сөйлеп:
- Өтінемін, алғыстың қажеті жоқ, сол жақсы. Сөйтіп... - деді де, есікке тақап барып, -мен сене аламын ғой, - дей бергенде, Варвара Павловна құрмет көрсетіп, орнынан атып тұрды.
- Мен ертең-ақ Лаврикте боламын. Бірақ, Федор Иваныч... (Қазір ол Теодор деп атауын қойыпты.)
- Сізге не қажет?
- Мен білем, мен әлі кешірім тілей алмаймын; бірақ тым құрыса мезгіл жеткенде үміттенуіме бола ма? - дегенде, Лаврецкий жарыса сөйлеп:
- Ex, Варвара Павловна, сіз ақылды әйел болсаңыз, шынында мен де ақымақ емеспін ғой; мен білем ғой, сізге түк қажеті жоқ. Ал сізді мен әлдеқашан кешіргем, бірақ екеуміздің арамыз әрдайым түпсіз терең жар болатын, — деді.
Варвара Павловна басын иіп:
- Мен бағына білемін, мен өз айыбымды ұмытқам жоқ, тіпті сіздің өлді деп естігенде қуанған жайыңызды білсем де, таңданбас едім, - деп, момын жүзбен сөйледі де, қолымен нұсқап, үстел үстіне Лаврецкий ұмытып қалдырған журналын көрсетті.
Федор Иваныч селт етті: фельетон айналасы қарындашпен сызылған-ды. Варвара Павловна бұрынғыдан да мүләйімсіп қарады. Ол бұл сәтте тамаша сұлу еді. Париждің сұр көйлегі оның талдырмаш, дәл он жеті жасар қыздай бойын әсем көрсетеді; оның жіңішке, нәзік мойнын ақ жағасы қоршай түскен. Кеудесі баяу тыныс алады, қолында жүзік, білезіктер жоқ, жылтыраған шашының сәл ғана ұшы көрінген, ботинкасына шейін барлық бойы соншалық көркем... Лаврецкий бұған ызалы көз тастады да, "браво" деп айғайлап жібере жаздады. Ызасынан жұдырықпен бір қойғысы келді де, бірақ тұра жөнелді. Бір сағаттан соң Васильевскоеға кетті. Ал екі сағаттан кейін Варвара Павловна бұл шаһардағы ең жақсы күймені жалдап алып, басына жай ғана салом шляпа киіп, қара вуаль салып, биязы ғана монтилия киіп, қызын Жюстинаға тапсырды да, өзі Калитиндерге тартты; малайлардан сұрап білуі бойынша, бұл үйге күйеуінің күнде баратынын аңғарған еді.
ХХХVІІІ
Лаврецкийдің әйелі О... шаһарына келіп, жігіт үшін болған күн Лизаға да ауыр күн болған. Ол төменге түсіп, шешесімен амандасып үлгергенше, терезе түбінде ат дүбірі естілген; сонда қыз құпия қорқыныш сезе отырып, Паншиннің қораға кіріп келе жатқанын көріп еді. Ішінен "бұл бүгін байлаулы жауап естігелі әдейі ерте келді-ау" деп ойлаған-ды, сонысы бекер болмады; қонақ үйде сәл айналып, енді ол Лизаны бақшаға шақырды да, өз тағдырын анықтап шешуді талап етті. Лиза бойына қайрат жиып алып, оған жар бола алмайтынын жариялады. Жігіт бұның бар сөзін қырын тұрып, шляпасын көзіне түсіре киген қалпында тыңдап алды да, сыпайы, бірақ өзгерген үнмен бір жайды сұрай қалды: сұрағаны қыздың жаңағы жауабы соңғы сөзі ме және бұның өз мінезі қыздың осындай байлануына себеп болмады ма деген сұрау болатын. Содан кейін бір қолын көзіне басып, қысқа қатаң ғана күрсінді де, қолын бетінен тез түсірді. Енді күңгірт үнмен сөйлеп:
- Мен тақ-тақ болған жолмен жүрмесем деп ем, өмірлік серігімді жүректің әмірі бойынша алсам деген ем; бірақ, тегі, ол бұйырылмаған екен. Бақыл бол, қиял! –деп төменшілікпен иіліп, үйге қарай кетті.
Лиза оны сол сәтте кетер деп ойлап еді; бірақ ол кабинетке - Марья Дмитриевнаға кіріп, сонда сағатқа жуық отырды. Кетерінде Лизаға французша "сізді анаңыз шақырады, мәңгі бақыл болыңыз" деп, атына мінді де, тура есік алдынан - ақ шапқылай жөнелді. Лиза үйге кіре бере шешесінің жылап отырғанын көрді: Паншин оған өзінің бақытсыздығын баяндаған екен.
Қапаға түскен анасы өзінің мұңын шағып, қызына:
- Мені не үшін ойран еттің, не деп мені өлтірдің. Бұдан артық кім керек еді саған, ер болмастай несі бар еді. Өзі камера юнкер, жетпеді ме. Ол Петербургте таңдаған бекзадаға үйлене алады... Мені айт, менің үмітімді айтсаңшы. Бұдан қашан айнып едің. Бір жақтан бұлт айдап келген пәле ме, өздігіңмен бүйтпес ең, әлде әне бір дүлей ме. Тапқан екенсің ақылшыңды,-деп тағы сөйледі,Ал мынау қайғысының өзінде қандай әдепті, биязы еді, қарағым!..
Мені ұмытпауды серт етті. Ах, мен өлермін бүйткенше. Ах, менің басым өлердей ауырып барады. Палашаны жіберші. Қайта ойланбасақ, сен мені өлтіресің, ұқтың ба. - Сөйтіп, Лизаны екі мәртебе қарызды ұмыттың деп кінәлады да, жөнелтіп жіберді. Лиза өз бөлмесіне кетті. Паншиннен жауаптасудан, шешемен сөйлесуден енді тынығармын дегенде, тағы бір соққы мүлде күтпеген жағынан кеп соқты. Марфа Тимофеевна бұның бөлмесіне кеп кірді де, есікті жауып алды. Кемпірдің жүзі сұрланған, қалпағы қисайып кетіпті, екі көзі жарқырап, қолы мен ерні дір-дір етеді. Лиза қайран қалды: өзінің сондай ақылды, салмақты апасын мұндай күйде көрген емес еді.
Марфа Тимофеевна қобалжып, салмақпен сыбырлап сөйледі.
- Бұ не қылғаның, ханым, не қылғаның... Бұл қылықты сен кімнен үйрендің, шешекем - ау... Су бер, сөйлей алмай отырмын.
- Тынышталыңыз, апатай, сізге не болды, - деп, Лиза стаканмен су беріп жатып: -Паншин мырзаны өзіңіз де жақтырмаушы едіңіз ғой , - деді.
Марфа Тимофеевна стаканды шетке қойды:
- Іше алмаймын: ең соңғы қалған тістерімді сындырамын. Паншиннің не. Паншинде не жұмыс бар. Сен одан да маған айтшы, саған түнде жігітпен кездесуді кім үйретті, а, шешекем.
Лиза аппақ боп кетті.
- Сен, тілеуің берсін, танба. Шурочка бәрін өзі көріп, маған баян етті. Мен оған аузыңнан шығарма дедім, ал ол өтірік айтпайды.
Лиза шала ғана естіртіп:
- Мен танбаймын, апатай, - деді.
- А. Солай ма еді, шешекем, сол бір кәрі күнәкарға, жалған мантыға оңаша көрісейік деген өзің бе едің?
- Жоқ.
- Енді қалай?
- Мен төменге қонақ үйге кітап іздеп барып едім, ол бақшада екен, мені шақырып алды.
- Сөйтіп, сен бардың ба? Тамаша. Сен немене, ғашықсың ба, өзіне?
Лиза ақырын ғана дауыспен жауап қатып:
- Ғашықпын,- деді.
- Ой, жасаған, бұл оған ғашық бопты, - деп, Марфа Тимофеевна өз басындағы қалпағын жұлып алып, — әйелі бар еркекке ғашық бопты, а, ғашық болған, - деді.
- Оның маған айтуынша...
- Немене, оның айтуынша, қандай екен ол сұңқар?
- Оның айтуынша, әйелі қаза болыпты.
Марфа Тимофеевна шоқынып алып:
- Бетінен жарылғасын, - деп сыбырлады да, - нәрсіз қатын еді, қара жер айта бармасын. Сөйтіп, бұл тұл еркек болған екен. Тегі, байқасам, бар нәрсе қолынан келеді екен, о, бір қатынды серейтіп, тағы біреуін қамдапты ғой. Қара, момынсынған немені. Бірақ, туғаным, мен саған айтайын, мен өзім де жас болғанмын, біздің заманымызда бұндай қылықтардың арты қыздарға аса ауыр соғатын. Сен маған ашуланба, шешекем, шын сөзге ақымақ қана ашуланады. Бүгін оны кіргізбеген де мен. Мен оны өзім жақсы көрем, бірақ мынау ісін ешуақытта кешпеймін. Қара, тұл еркекті. Су берші маған... Ал анау Паншинді мұрнынан жетелеп айдап тастағаның үшін, жігітсің деймін; жалғыз-ақ түн баласында сонау теке текті еркектермен отырушы болма. Қинама мендей қартты. Болмаса, мен тек еркелетпей, тістеп алуды да білемін... Қара, тұл еркекті, - деді.
Марфа Тимофеевна кетті де, Лиза бұрышқа отыра қалып, жылап жіберді. Бұндайлық төменшік хал оның жанына ащы тиді, бәрі орынсыз еді. Махаббат бұған әлі шат көрінген жоқ, кешегі кештен бері екі рет жылап алды. Өзі күтпеген жаңа сезім жүрегінде жаңа ғана туысымен бұл сол үшін ауыр жапа шегеді, бөтен қолдар бұның құпия сырына қатал сұғынады, әрі ұялып, әрі қиналып ауырсынғандай, бірақ ешбір күдігі де, қаупі де жоқ және Лаврецкий бұған бұрынғыдан да қымбат бола түсті. Өзі түсініп жеткенше ғана қобалжыған еді: бірақ кешегі кездесу, кешегі сүйісуден соң ол енді күдіктене алмады; өзінің сүйгенін біледі, сүюі адал, бұл ойын емес, мәңгіге барынша берілген еді және ешбір қауіптен сескенбейді; еш"бір зорлық бұл табысуды үзе алмайтындай сезеді. Варвара Павловна Лаврецкая келді деп мәлім еткенде, Марья Дмитриевна сескеніп қалды, оны қабыл алар - алмасын да білмеді: қорыққаны - Федор Иванычты қорлағандай болам ғой деген еді. Бірақ сыбыс құмарлық бойды жеңді. Өз ішінен: "несі бар, о да туыс қой" деп, орындығына жайғасты да, малайына: "шақыр" деді. Келесі сәтте есік ашылған еді; Варвара Павловна дыбыссыз басып, Марья Дмитриевнаға шапшаң келіп, бұны орнынан тұрғызбастан алдына тақап, тізесін иді.
- Кешіре көріңіз, апатай, - деп қобалжыған ақырын дауыспен орысша сөйлеп, - мен сіздің мұндай кешірім етуіңізге үміттене алмап едім; сіз періштедей мейірімдісіз, - деді.
Осы сөзді айтып, Варвара Павловна Марья Дмитриевнаның бір қолын өзінің сарғыш перчаткелі қолымен қысып ұстап алып, барынша жағынған күйде сол қолды қызғылт, толық еріндерімен сүйе бастады. Марья Дмитриевна осыншалық сұлу, тамаша киінген әйелдің бұның аяғында отырысынан сасып қалды; өзінің не қыларын да білмеді, қолын тартып алайын деп еді, оны қатарына отырғызбақ, бір жылы сөз айтпақ та болып еді, ақыры сәл көтеріліп, Варвара Павловнаны хош иісті жазық маңдайынан сүйіп алды. Варвара Павловна бұл сүюден еріп кеткендей болды.
- Есенсіз бе, - деп Марья Дмитриевна сөз бастап, - әрине, мен күткем жоқ... бірақ мен, әрине, сізді көргенге қуанамын. Сіз түсінесіз ғой, сүйіктім, ер мен әйел арасына қазы болатын мен емес... - дей берді.
Варвара Павловна бұнымен жарыса:
- Менің күйеуім бар жайда айыпсыз, кінәлі жалғыз мен,, - деді.
- Бұл өте мақтарлық сезім, аса мақтарлық. Келгеніңізге көп болды ма? Өзін көрдіңіз бе? Я, отырыңызшы, тілеуіңізді берсін.
Варвара Павловна орындыққа баяулап қана отырып жатып:
- Мен кеше келдім, Федор Ивановичті көрдім, мен онымен сөйлестім, - деді.
- А. Ну, ол қалай?
- Мен өзімнің оқыстан келуім оны ашуландыра ма деп қорқып едім, бірақ ол мені жалғыз қалдырған жоқ.
- Сөйтіп, ол онша... Я, түсінемін. Ол тек біраз сырттай ғана көрінеді, ал оның жүрегі жұмсақ қой.
- Федор Иваныч маған кешірген жоқ; оның мені тыңдағысы келген жоқ... Бірақ ол соншалық рақым етіп, маған Плирикті үнемі тұратын мекенім етті.
- А. Ол - ғажап мүлік.
Мен ол кісінің бұйрығын орындап, ертең-ақ сонда жөнелемін; бірақ ең алдымен сізге соғып кетуді өзіме міндет санадым.
- Сізге өте-мөте ризамын, менің сүйіктім. Туғандарды ешуақытта ұмыту керек емес. Ал, білесіз бе, мен сіздің орысша сонша жақсы сөйлейтініңізге қайран қалдым, - деп, французша: - бұл ғажап қой, - деді.
Варвара Павловна күрсінді:
- Менің шет елде аса көп жүргенім рас. Марья Дмитриевна, оны мен білемін, бірақ мен жүрегіммен орыс едім, өз Отанымды ұмытқаным жоқ.
- Солай - солай, бұл бәрінен тамаша. Ал Федор Иваныч сізді мүлде тосқан жоқ еді... Я, менің тәжірибеме иланыңыз, бәрінен қасиеттісі туған жер ғой. Ах, көрсетіңізші, тілеуіңізді берсін, мынау мантильяңыз не деген тамаша еді.
Варвара Павловна сырт киімін иығынан шапшаң ғана түсірді.
- Сізге бұл ұнай ма, тек әншейін ғана, мадам Баудран тіккен еді.
- Ол салғаннан-ақ көрініп тұр. Мадам Баудран... қандай сүйкімді, қандай тауып істеген. Әрине, сіз талай тамаша нәрселер әкелдіңіз ғой, мен тым құрыса көрсем екен.
- Менің бар бұйымым сіздің құрметіңізге, мейірімді апатай. Рұқсат етсеңіз, сіздің күтуші әйеліңізге кейбірін көрсетуіме де болады, менің Парижден әкелген қызметкер әйелім - тамаша тігінші.
- Сіз сонша мейірімдісіз, менің сүйіктім. Бірақ шынында мен ұяламын.
- Ұяламын... - деп, Варвара Павловна кінәлай қайталады да, - мені бақытты етем десеңіз, өз мүлкіңіздей бұйыра беріңіз, - деді.
Марья Дмитриевна ерігендей болды.
- Сіз ғажайып жақсысыз, - дей түсіп, - шляпаңызды, перчаткеңізді неге шешпейсіз? -деді.
Варвара Павловна сәл ғана қуанғандай боп, қолдарын майыстырып:
- Қалайша. Сіз рұқсат етесіз бе? - деді.
- Әрине, мен сізді бізбен ас ішесіз ғой деп үміттенемін. Мен... мен сізді қызыммен таныстырамын... - деп, Марья Дмитриевна біраз күдіктенсе де, "ну, қайтушы еді" деп ойлап: - Бүгін ол біраз сырқаттау еді, - деді.
Варвара Павловна қуанғандай:
-О, сіз қандай мейірімдісіз, апатай, - деп, орамалын көзіне апарды.
Малай Гедеоновскийдің келгенін білдірді. Кәрі мылжың қайта-қайта иіліп, күлімсірей кірді. Марья Дмитриевна оны қонақ әйелімен таныстырды. Басында ол қысылып қалып еді, бірақ Варвара Павловна соншалық ойнақы құрмет көрсеткендіктен, құлағына шейін қызып алып, әр алуан өсектер мен жалған сыпайылық сөздер бұның аузынан балдай тамды. Варвара Павловна бұны тыңдай отырып, тартына жымиса да, кейін өзі де аз-аздап сөзге араласты. Ол момын түрде Париж жайын айтты, өзінің Бәденге барған сапарын баяндады: бір-екі рет Марья Дмитриевнаны күлдіріп алып, әр кезде сәл ғана күрсініп, өзінің орынсыз шаттығын өзі кінәлағандай болады; Аданы әкелуге рұқсат сұрап алды: перчаткесін шешіп, өзінің жылтыраған қолымен әртүрлі әшекей шілтер, бүрме, бастырмаларды қай жерге орнату керек екенін көрсетіп отырды: ағылшын иісті майы бар бір сауытты әкелуге уәде қылғанда, Марья Дмитриевна бұл сыйды алатынын айтып еді, соған жас баладай қуанды: бірінші мәртебе орыс шіркеулерінің қоңырауын естігенде, өзінің қатты толқығанын еске алып, жылап жіберді.
- Жүрегіме соншалық терең сезілгендей болды, - деді.
Осы сәтте Лиза кірген еді.
Таңертең Лаврецкийдің сәлемін оқыған минуттағы шошынып, тоңазыған кезден бері қарай Лиза осы әйелге кездесуге әзірленген: бұны көретінін сезгендей еді. Өзінің айтуынша, қылмысты үміттеріне жаза есебінде сол әйелмен кездесуден қашпауға бекінген. Бұның тағдырындағы шұғыл өзгеріс барын ойран етті: барлығы екі-ақ сағат ішінде жүзі сонша жүдеп қалса да, ол бір тамшы жас тамызған жоқ. "Саған керегі сол" деп, кеудесіндегі бұның өзін шошытқандай әлдебір ащы, ызалы толқындарды баса сөйлейді. Лаврецкий әйелінің келгенін біле салысымен, "ну, бару керек" деп ойлады да, келіп кіргені сол еді... Қонақ үйдің есігін ашар алдында ол ұзақ тұрып қалып, өз ойында: "мен бұған жазықтымын" десе де, табалдырықтан аттаған соң әйел жүзіне қарап, жымиюды өзі бұйырғандай болды. Варвара Павловна бұны көре салысымен қарсы жүріп, сәл ғана, бірақ сыпайы түрде иіліп қалды. Ол тартымды дауыспен үн қатып, "менің өзімді сізге таныс етуге рұқсат етіңіз, сіздің анаңыз маған сонша мейірімді болғандықтан, сіз де рақымды боларсыз деп үміттенемін", - деді. Осы соңғы сөзді айтқандағы Варвара Павловнаның бар жүзі, аяр күлкісі, әрі салқын, әрі майда көзқарасы, қолдары мен иығының қозғалысы, тіпті үстіндегі көйлегі және бұның бар жаратылысы Лизаға соншалық жиренішті көрінгеннен, ол тек жауап айта алмай, зорлықпен ғана қолын созды. Варвара Павловна ішінен "бұл бойжеткен менен жиренеді" деп ойлады да, Лизаның салқын саусақтарын қатты қысып қойып, Марья Дмитриевнаға бұрылып, ақырын ғана сөйлеп французша:
- Қандай ғажайып, - деді.
Лиза сәл қызарып кетті: жаңағы сөзде бұны ренжітерлік мысқыл бар сияқты; бірақ өлексе сенбеуге бекініп, терезе жанына барып, тоқымаға қол созды. Варвара Павловна оны бұл жерде де тыныш қоймады: қасына келіп, оның өнерін, биязылығын мақтай бастады... Лизаның жүрегі қатты бір ренішпен соғады: өзін зорға жеңіп, осы орында зорға отырғандай. Бұның көңілінше, Варвара Павловна барды біліп, іштей асқақтық жасап, мысқыл етіп тұрғандай көрінді. Лизаның бақытына қарай Варвара Павловна мен Гедеоновский сөйлесіп кетіп, әйелді Лизадан бұрып алды. Лиза тоқымаға үңілгенмен, андаусыз түрде үнемі әйелді бақылаумен болды. "Осы әйелді сүйді - ау" деп ойлады. Бірақ сол сәтте өз басынан Лаврецкий жайындағы ойды жойып жіберді: ақырында, басы айналып тұрғанын сезіп, өзін билейтін еркінен айырылып қалам ба деп қорықты. Марья Дмитриевна музыка жайынан сөз бастап:
- Менің естуімше, сіз тамаша шебер ойыншы болсаңыз керек,ә, сүйіктім, - деп еді.
Варвара Павловна шапшаң ғана фортепьяноға отырып, саусақтары клавиштердің бойына батыл жүгіре беріп:
- Мен көптен ойнаған жоқ ем, бұйырасыз ба, - деді.
- Рақым етіңіз.
Варвара Павловна шын шеберлікпен Гарцтың сондай бір жарқыраған қиын этюдін ойнап шықты. Өзінде сонша күш пен шапшаңдық бардай.
Гедеоновский қуанып:
- Сильфида, - деді.
Марья Дмитриевна да қостады.
- Өзгеше, - дей түсіп, бірінші рет ол әйелді өз атымен атады, - ну, Варвара Павловна, шын айтам, сіз мені қайран еттіңіз; сіз концерт беруге де әзірсіз. Біздің осында бір музыкант бар, өзі неміс шалы, күлкі, бірақ аса білімді адам; ол Лизаға сабақ береді, сіздің ойыныңыздан ол есінен танар еді.
Варвара Павловна сәл ғана бұрылып:
- Лизавета Михайловна да күйші ме? - деді.
- Я, ол тәуір ойнайды, музыканы өте жақсы көреді, бірақ сізбен салыстыру қайда. Тек мұнда бір жас жігіт бар, сіздің танысатыныңыз сол. Оның жаны артист - өзі сонша сүйкімді күй шығарады. Сізді толық бағалайтын сол ғана.
- Жас жігіт дейсіз бе? Ол кім? Кедей адамның бірі ме?
- Кешіріңіз, біздегі, тіпті біздегі ғана емес, Петербургтен де бірінші әсем жігіт. Камера юнкер, ең жақсы қауым қабыл еткен адам. Сіз әлде естіген боларсыз ол туралы; Паншин Владимир Николаич, ол бұнда қазына ісімен келген... болашақ министр деп біліңіз.
- Және артист пе?
- Жаны артист және сондай сыпайы. Сіз көресіз. Соңғы кездердің бәрінде ол менің үйіме жиі келетін; мен оны бүгінгі кешке де шақырып едім, ол келер деп үміттенемін,-деді де, Марья Дмитриевна ақырын күрсініп, кейіспен езу тартты. Бұл жымиюдың мәнін Лиза түсінсе де, көңіл бөлген жоқ.
Варвара Павловна саусақтарымен әр тонды теріп талғап:
- Өзі жас дедіңіз бе? - деді.
- Жасы жиырма сегізде, жүзі де сондай келіскен. Тамаша жас жігіт.
Гедеоновский де үн қосып:
- Нағыз жігіт деуге болады, - деді.
Варвара Павловна оқыстан Штраустың бір үнді вальсын ойнай жөнеліп, соншалық бір күшті шапшаң құбылыстар төгілте бергенде, Гедеоновский селк етіп қалды; бірақ вальстың дәл ортасында әйел тез ғана мұңды күйге ауысып, "Лучияның"бір ариясын ойнап аяқтады... Өзінің халіне ойнақы күй дәл келмейтінін енді аңғарған еді. Сезімтал кездеріне көп бейіл берген "Лучия" ариясы Марья Дмитриевнаны қатты қобалжытты.
Ол Гедеоновскийге күбірлей сөйлеп:
- Қандай жан, - деді.
- Сильфида, - дей түсіп, Гедеоновский көзін аспанға қаратты.
XXXІX
Обед кезі болып еді. Марфа Тимофеевна келгенде, сорпа үстел үстінде тұрған-ды. Варвара Павловнамен ол өте салқын ғана кездесті. Бұның биязы сөздеріне болымсыз ғана жауаптар айтып, жүзіне қараған да жоқ. Варвара Павловнаның өзі де бұл кемпірден түк шығара алмайтынын аңғарып, оған орала беруін қойған еді; оның орайына Марья Дмитриевна қонағына өзгеше мейірімді болды: апасының әдепсіздігіне ол ызаланған болатын, Марфа Тимофеевна болса, Варвара Павловна ғана емес, көзі соншалық жалтылдап отырса да, ол Лизаға да қараған жоқ. Қыз өзі іштей сарғыш тартып, ернін жымырып, тастай боп отыр. Лиза сырттай тыныш сияқты, анығында да оның жаны тыныштала түскендей; ғажайып бір сезімсіздік, жазаға бұйырылғанның сезімсіздігі бұған оралғандай. Обед үстінде Варвара Павловна аз сөйледі: ол тыңдап сескенген кісідей боп, өз жүзіне мұңды уайым кейпін жиған. Жалғыз Гедеоновский ғана әңгімені созып, әр түрлі жайды сөз ғып отырды; әр кезде өтірік айтарда Марфа Тимофеевнадан жасқанып жөткіре беретін әдетіне басып, қазір де жөткіреді де, кемпірге қорқа қарай береді, бірақ қарт әйел оның сөзін бұзып бөгеген жоқ. Астан кейін Варвара Павловна преферансты жақсы көретінін білдірді; Марья Дмитриевнаға бұнысы соншалық ұнаған еді, ол мейірленген бойында іштей: "тіпті Федор Иванович не деген ақымақ еді. Осындай әйелді түсіне білмегені несі екен" деп ойлады. Сөйтіп, бұл қонақ әйелмен, Гедеоновскиймен карта ойнауға кірісті, ал Марфа Тимофеевна Лизаға сенің басың ауырып отырған болу керек, өң-түсің жоқ деп, жоғарыға ертіп әкетті. Марья Дмитриевна көзін құбылтып, Варвара Павловнаға қарап:
- Ия, оның басы қатты ауырады, менің өз басымның сондай сақинасы болатын, - деді.
Варвара Павловна "солай ма еді" деп қана қойды. Лиза апасының бөлмесіне кіре бере талықсыған күйде орындыққа зорға отырды. Марфа Тимофеевна бұған ұзақ уақыт үндемей қарады да, ақырын ғана тізерлеп тұрып, қыздың екі қолын үн қатпай сүйе бастады. Лиза ілгері ұмтыла түсіп, қызарды да, жылап жіберді; бірақ Марфа Тимофеевнаны тұрғызған жоқ, қолын да тартып алмады; оны тартып алуға өзін ықтиярсыздай сезді; өйткені кемпірдің кешегі үшін кешірім сұрап отырған жайын ойлап, оған бөгет болуға өзінің хақысы жоқтай көрді; Марфа Тимофеевна да мынау жүдеген, аппақ, әлсіз қолдарды сүюге тоймайтындай, оның өз көзінен де, Лизаның көзінен де үнсіз жастар төгіледі; ал Матрос атты мысық жердегі түйіншек жанында пырылдап жатыр, икон алдындағы кішкене шырақтың ұзынша оты әлсіз ырғалып жанады, көрші бөлмеде есік сыртында Настасья Карповна түйіншектелген шұбар орамалымен көз жасын ұрлап сүртеді.
XL
Ал бұл шақта төменде, қонақ үйде преферанс жүріп жатты. Марья Дмитриевна ұта бастап көңілді болатын. Бір уақыт малай кіріп, Паншиннің келгенін мәлімдеді. Марья Дмитриевна карталарын түсіріп алып, қозғалақтай бастады; Варвара Павловна бұған сәл мысқылмен қарап, енді көзін есікке бұрды. Бір сәтте Паншин кіріп еді, қара фрак киген, ағылшынның биік жағасын салған, тамағына шейін түймеленген қалпы бар. Оның жаңа ғана сақал қырған жүзі, күлкісіз кескіні: "менің көнуім ауыр болса да, көріп тұрсыз, келіп тұрмын" дегендей.
Марья Дмитриевна дауыстап:
- Мархабат қылыңыз, Вольдемар, бұрын сіз мәлімдемей келуші едіңіз ғой, - деді.
Паншин Марья Дмитриевнаға тек көзқарасымен ғана жауап беріп, әдеппен иіліп қойды, қолынан сүйген жоқ. Жігітті Варвара Павловнамен таныс еткенде, ол бір адым кейін шегініп, зор әдеппен иілді де, биязы тағзым танытты, енді карта үстеліне келген еді. Преферанс тез бітті. Паншин Лизавета Михайловна туралы сұрастырып, оның сырқат екенін біліп, көңіл қостық айтты; содан соң Варвара Павловнамен сөйлесіп, оның әр жауабын ақырына шейін құрметпен тыңдап, өзінің әр сөзін дипломаттық қалыпта өлшеп, салмақтап айтып отырды. Бірақ дипломаттық сәні, паңдығы Варвара Павловнаға әсер еткен жоқ, сезілмеді. Керісінше, әйел жігіт жүзіне күлкілі пейілмен қарап, сөйлегенде селқос сөйлейді, өзін күлкіден зорға тыйып отырғанын жұқалаң танауының жиі қозғалысы білдіріп отырды. Марья Дмитриевна бұның талантын мадақтай бастап еді; Паншин оның биік жағалары мүмкін еткен дәрежеде сыпайылап бас изеп, ''бұл жөнде күмәнсіз иланған болатынмын" деді де, енді тіпті Меттернихтың өзі туралы сөйлегендей болып кетті. Варвара Павловна өзінің қоңыр көздерін сығырайта түсіп, ақырын ғана "сіз де артист туғансыз ғой" деп бастап, тағы да баяулай түсіп, "бері жүріңіз" деп, басын фортепьяно жаққа изеді. Осылай тасталған: "бері жүріңіз" деген жалғыз сөз сиқырдай құбылтып Паншиннің бар жүзін өзгертіп жіберді. Оның салмақтаған қалпы жоғалып, енді жымиып, көңілденіп, фрагінің түймелерін ағытып:
- Увы, мен қайдан артист болайын, ал менің естуімше, шын артистка сіз ғой, - дей түсіп, Варвара Павловнаның соңынан еріп, фортепьяноға қарай басты. Марья Дмитриевна дауыстап, оның "Ай қалай қалқиды" деген романсын айтқызыңыз деді. Варвара Павловна өзінің жігітке бұрылып, жалт етіп жарқыраған көзқарасымен оның бойын шұғыламен жапқандай болды да: "Сіз ән саласыз ба, отырыңыз" деді.
Паншин тартына бастап еді, әйел орындықтың сыртын бұйырған белгімен қаға түсіп және де "отырыңыз" деді. Жігіт енді отырып, жөткіріп, жағасын ағытты да, өзінің романсын айтты. "Тамаша" деп Варвара Павловна сүйсініп және де: "Сіз өзгеше айтасыз, сізде үлгі бар, тағы айтыңыз", - деді. Ол фортепьяноны айналып, Паншиннің қарсы алдына шықты. Жігіт романсын айтқанда өзінің даусын дірілдетіп, әсіресе сезімділік бергісі келді. Варвара Павловна өзінің аппақ қолдарын еріндерінің тұсына көтеріп, фортепьяноға шынтағын сүйеп, жігітке қадала қарап тұр. Паншин ән салып болған еді, әйел: "Тамаша, идеясы тамаша", - деп білгір адамша салмақты сөйлеп: "айтыңызшы, сіздің әйел даусына арнап, меццо-сопраноға жазғаныңыз бар ма", - деді.
- Жоқ, мен ешнәрсе жазбаймын, мынау әншейін жұмыс арасындағы бір нәрсе ғой... -деп, Паншин: - Немене, сіз ән салушы ма едіңіз, - деді.
- Ән саламын.
- Оһо, бізге бір нәрсе айтыңызшы, - деп Марья Дмитриевна өтінді.
Варвара Павловна қызарыңқыраған жүзінен шашын кейін қайырып, басын сілке түсіп, Паншинге қарап:
- Біздің дауысымыз үйлесетін болар, дуэт айтайық, - деп итальянша сөйлеп, өлеңнің атын айтты: - "Айдың әлсіз сәулесін" білесіз бе? - деді.
Паншин әннің атын қайта айтып:
- Мен бұны бұрын айтушы ем, бірақ көп уақыт болды, ұмытып қаппын, - деді.
-Оқа емес, біз ақырындап репетиция жасайық, кәне, мен отырайыншы, - деп, Варвара Павловна фортепьяно жанына отырды. Паншин бұның қасында тұрды. Әуелі дуэтті ақырын айтысып еді, бұл кезде Варвара Павловна бір-екі рет жігіт әнін түзеп берді, кейін жаңағы әнді екі рет қайталап бірге шықты. Варвара Павловнаның даусы жастық сәнінен айрылса да, ол өз даусын тамаша билей біледі екен. Паншин басында қорқақтап фальші айтып тұрды, кейін екіленіп, онша әсем жырламаса да, иықтарын қозғап, денесімен ырғалып, нағыз әншілер құсап, қолын да сермеп айтты. Варвара Павловна Тальбергтің екі-үш нәрсесін ойнап және көңілді түрде французша бір ариетка айтты. Марья Дмитриевна өзінің ризалығын қалай танытарын да білмеді; бірнеше рет Лизаны шақыртайын деп еді: Гедеоминский де айтарға сөз таба алмай, тек қана басын шұлғи беріп, бірақ оқыстан есінеп қалып, аузын басуға әрең үлгерді. Бұл есінеуді Варвара Павловна байқамай қалған жоқ: фортепьяноға сырт айналып, французша: "Музыка жеткілікті, одан да әңгімелесеміз", - деп, екі қолын бір-біріне айқастырды. Паншинде французша: "Я, музыка жеткілікті",-деп көңілдене қостап, енді француз тілінде ойнақы жеңіл әңгімелесе жөнелді. Марья Дмитриевна бұлардың орағытқан, қиялағыш сөздерін тыңдап отырып: "дәл бір Париждің салонындағыдай" деп ойлады. Паншин барынша көңілді болатын; көздері жарқырап, жымия түседі, әуелгі кезде Марья Дмитриевнамен көздері ұшырасқанда, бетін сипап, қабағын түйіп, шұғыл күрсіне қалушы еді; бірақ кейін оның бәрін ұмытып, мынадай жарқын көркемдік әзіл әңгімеге барынша мәз бола кірісті. Варвара өзін үлкен философ қып танытты: оның бар мәселеге өз жауабы бар; ол ешбір жайда күдіктенбейді, іркілмейді; кезінде әр алуан ақылды адамдармен көп те, жиі де әңгімелесіп жүргені байқалады. Оның бар ойы, сезімдері Париж айналасында. Паншин әңгімені әдебиетке ауыстырып еді: әйел де бұның өзі сияқты тек қана француз кітаптарын оқитын боп шықты, Жорж Санд бұны ыза қылады екен, Бальзак қажытса да, оны бұл сыйлайды екен. Сю мен Скрибі анық жүрек шеберлері екен; аса құрметтейтіні - Дюма мен Феваль болып шықты; іштегі шынын айтса, бұл аталғандардың бәрінен де оның артық көретіні Поль де Көк болса да, әрине, бұл жерде оның атын атамады. Анығына келгенде, бұны әдебиет онша алаң етпейтін. Варвара Павловна өзінің халін еске түсіргендей жайлардың бәрінен үлкен еппен жалтара біледі; бұның сөздерінде махаббат жайынан белгі де жоқ; қайта әр алуан құмарлық атаулыға қатал қарайтын, түңілген, тоқтаған жан тәрізді. Паншин бұнымен дауласа берді; әйел оған көнген жоқ... бірақ бір ғажап хал бар, бұның сөзімен, аузы кінәлап, сынап сөйлесе де, дәл сол сөздерді айтқан үні еркеленіп, биязыланып шығады және бұның көздері... сондай тамаша көздері басқаны айтады, бірақ нені айтқанын білу қиын, тек байқалатыны, шын қаталдық жоқ, мәлімсіз тәтті жай дегендей. Паншин осы көздің анық мәнін білгісі кеп, өзі де көзімен сөйлеп көріп еді, бірақ оныкінен түк шықпады; бұның байқауынша, Варвара Павловна анық шет елде тәрбиеленген ұрғашы арыстандай, бұдан әлдеқайда шебер, жоғары сезіледі де, жігіт өзін оңдап билей алмады. Варвара Павловнаның кейбір әңгіме кезінде сөйлескен адамының жеңіне сәл қол тигізетін әдеті болушы еді; сондай сәт жанасулары Владимир Николаичті қатты қобалжытты. Варвара Павловна кіммен болса да тез жақындасуды білетін; енді екі сағат өтпестен Паншин бұл әйелді бір ғасырдан бері білетіндей сезінді. Ал бұның жақсы көретіні және жар болуын сұрағаны Лиза болса, ол қазір бұл үшін тұманға батқандай болды. Шайдың үстінде әңгіме бұрынғыдан да еркіндей түсті. Марья Дмитриевна малайын шақырып, Лизаның басы тәуір болса, төменге келсін деп еді. Паншин Лизаның атын ести сала, құрбандыққа еркек пен әйелдің қайсысы төзімді екенін сөз қып еді. Марья Дмитриевна тез қобалжып, әйел төзімдірек деп және соны екі сөзбен дәлелдеймін деді де, шатасып барып, бір қолайсыз теңеумен тоқтады. Варвара Павловна нотаның тетрадын алып, сонымен өз бетін жартылай бүркеп, Паншинге қарай иіліп, бисквитті асай отырып, көзі де, еріндері де жымиып, ақырын ғана французша: "бұл сүйкімді ханымның дәрісі от алмай қалды", - деді. Паншин сәл шошып, Варвара Павловнаның өжеттігіне таңғалды; бірақ ол бұндай оқыс шыншылдықта бұның өзіне қаншалық жирену арналғанын түсінген жоқ; ол қайта Марья Дмитриевнаның бұған деген адалдығын, бұны сан рет әдеппен сыйлағанын, қарызға ақша бергенін - бәрін ұмытты; енді бұ да жымия түсіп, французша: "мен де солай ойлаймын" деп бірнеше қайтарып айтты. Варвара Павловна бұған достықпен көз тастап, орнынан тұрды. Осы кезде Лиза кірген еді; Марфа Тимофеевна жібермеймін десе де, ол бүгінгі сынды барынша көтеріп көрмек. Варвара Павловна бұған қарсы қозғалғанда, Паншин қасына ерді, жігіттің жүзіне бұрынғыша дипломаттық шырай пайда болған еді. Ол Лизадан: "саушылығыңыз қалай?"-деп сұрады.
- Алғыс айтамын, қазір жақсы.
- Ал біз мұнда азырақ музыкаға айналыстық; сіздің Варвара Павловнаны естімегеніңіз аяныш болды. Бұл кісі тамаша айтады, анық, толық артистка.
- Бері келіңізші, менің сүйіктім, - деп Марья Дмитриевна дауыстады.
Варвара Павловна сәтті, тіл алғыш жас баладай жетіп барып, аласа ғана орындыққа төмендеп отыра қалды. Марья Дмитриевнаның бұны шақырғаны қызының қасында оңашада, бір сәтке болса да, Паншин қалса екен деп еді: бұл ішінен әлде болса қызы қайта ойланар деп үміттенетін және қазір басына бір ой келіп, соны дәл осы арада айтып қалмақшы боп еді.
- Білесіз бе, - деп ол Варвара Павловнаға сыбырлап, - мен сізді күйеуіңізбен татуластырсам деймін; ойдағыдай шыға ма, көзім жетпейді, бірақ талап етемін. Ол, білесіз бе, мені құрметтейді, - деді.
Варвара Павловна көздерін Марья Дмитриевнаға баяу ғана көтере қарап, қолдарын сондай әсем ғып айқастырды. Қайғылы ғана үнменен сөйледі.
- Сіз менің қорғаным болар едіңіз, апатай. Маған деген рақымыңызға қайтіп алғыс айтарымды білмеймін; бірақ мен Федор Иванычқа соншалық айыптымын; ол маған кешіре алмайды.
Марья Дмитриевна сыбыс құмарлықпен ентелей түсіп:
- Әлде сіз... шынымен-ақ... - дегенде, Варвара Павловна оның сөзін бөліп:
- Оны менен сұрамаңыз. Мен жас едім, ақылсыз болдым... бірақ мен ақталғым да келмейді, - деді.
Марья Дмитриевна бұның бетін сипай түсейін деді де, жүзіне бұрыла қарап, сескеніп қалды. Ішінен "момын - момын, ал өзі ұрғашы арыстандай" деп ойлады да:
- Бірақ байқаса неменесі бар, түңілмеңіз, - деген еді.
Бұл кезде Паншин Лизаға:
- Сіз аурусыз ба? - деген.
- Ия, мен сау емеспін.
Жігіт бірталай үнсіз тұрып:
- Мен сізді түсінемін, ия, мен сізді түсінемін, - деді.
- Қалайша?
Паншин жаңағы сөзін салмақтап, тағы да мен сізді түсінемін десе де, не айтқалы тұрғанын өзі де білмеуші еді.
Лиза басында қысылды да, кейін ішінен "мейлі" деді.
Паншин бір сыры бар кісі тәрізденіп үндемей қалып, шетке таман салқын қарады. Бұл кезде Марья Дмитриевна дауыстап:
- Осы, сағат он бірді соқты - ау, - деді.
Қонақтар бұл емеурінді түсініп, қоштаса бастады. Варвара Павловна келер күн обедке келуге және Аданы ала келуге уәде берді; бұрышта отырып ұйықтап қала жаздаған Гедеоновский әйелді ұзатып салуға әзірлігін білдірді. Паншин жұрттың бәрімен сәнденіп қоштасып, басқыш алдында Варвара Павловнаны оның күймесіне мінгізіп, қолын қысты да, французша "көріскенше" деді. Гедеоновский әйелмен қатар отырған еді. Жол бойында байқамаған боп әйел бұның аяғының үстіне өз аяғының ұшымен баса берді. Анау бұдан ұялып, әйелге ылғи тағзым сөздер айтады; онысына әйел күле түсіп, күймеге көше фонарьінің жарығы түскен сайын көзін құбылтып, ойнақылана қарайды. Бұның өзі тартқан вальс көкейінде сайрап тұрғандай боп қобалжытады; ол қай жерде болса да, жарық оты жайнаған музыкаға бағынып, айнала билеген балдардың залын есіне түсірсе - сол сәтте жаны жалындағандай болатын. Көзі тұмантып, әлденеден жымиып, бар бойына сиқырлы биязылық, келісім, сең тарағандай болушы еді. Үйге жеткенде Варвара Павловна күймеден лезде ытқып түсті. Осылай түсу тек ғана ұрғашы арыстандарда болады, енді Гедеоновскийге айналып қарады да, оның дәл мұрнына тақай беріп, өте үнді дауыспен сақылдап күліп жіберді. Статский советник өзінің пәтеріне келгенде, бұның малайы сауытқа құйған аподельдокты ұсына берді, бірақ бұл ішінен: "сүйкімді ханым... менің салмақты адам болғаным да тәуір екен... бірақ ол неге күлді?" - деп ойлады.
Марфа Тимофеевна түн бойы Лизаның бас жағында отырды.
XLІ
Лаврецкий бір жарым күн Васильевскоеде болғанда бар уақытын айналаны кезумен өткізді. Ол ешбір жерде байыздай алмайды: уайым кеміргендей; бұны айықпас ағыны бар, бірақ байлаусыз бір талаптар дамылсыз қинайды. Қыстаққа алғаш келген күннің ертеңінде ойлаған сезімін еске алып еді, сондағы ниеттерін де ескертіп, өзіне қатты наразы болатын. Бұның болашағының жалғыз міндетінен, өзінің қарызы деп білген жайынан бұны кім айырушы еді. Бақыт құмарлық, тағы да бақыт құмарлық. "Михалевичтікі рас" деген де бір ой келді. Өзіне-өзі: "Сен өмірде екінші рет бағыңды сынамақ болдың, сен бақыттың адам өмірінде бір оралуының өзі де ойда жоқ сый екенін ұмыттың. Ол толық болмады, жалған болды дейсіз ғой, ендеше, толық, анық бақытқа қандай хақың барын білдірші. Айналаңа қарап, кімнің рахатта, бақытта жүргенін көрші, аңдашы. Әне, шөп шапқалы мұжық кетіп барады, мүмкін, ол өз тағдырына риза шығар... несі бар. Бірақ сен онымен өз жайыңды айырбастар ма ең. Анаңды есіңе алшы; оның талабы қандай аз еді, бірақ тағдыры ие болды. Сен Паншинмен сөйлескенде Россияға келіп жер жыртпақ болдым деген сөзді мақтан үшін айтқан боларсың; қартайған шағыңда қыздар соңынан сүйретілгелі келген жоқпысың. Сенің азаттығың туралы еміс хабар келе сала, барды тастап, барды ұмытып, көбелек қуған баладай болмадың ба..." Осы ойларының арасында Лизаның бейнесі оған үнемі елестейтін; бұл сол елесті қинала тұрып жырақтатқысы келеді және тағы соңынан қалмас бір елес, қысылмайтын аяр сұлу, бұған соншалық жиренішті емес боп және де ойына келе береді. Шал Антон мырзасының көңілі жадау екенін біліп, есік сыртында бірнеше рет күрсініп, ақыры бұған келіп, жылырақ бір нәрсе ішкенді кеңес етіп еді, Лаврецкий әуелі бұған ақырып шығарып жібермек боп, артынан одан кешірім сұрады; Антон оған бұрынғысынан да қайғыра түсті. Лаврецкий қонақ үйде отыра алмады; бұған суреттегі үлкен әкесі Андрей ездігін мазақ етіп қарап тұрғандай көрінеді. Атасының түйілген еріндері бұған "эх, сен дәрменің жоқ" дегендей, өзінің ішінен "шынымен-ақ өзімді билей алмаймын ба, бағынам ба осы... болымсызға" дейді (соғыста ауыр жараланғандар өз жарасын әр кезде "болымсыз" дейтін. Адам өзін алдамаса, жер үстінде тұра да алмайды ғой). Кішкене баламын ба, не болды осы. Ну, рас, жақыннан көрдім, бар өміріме жетерлік бақыт мүмкіншілігін қолыма ұстап тұрғандай болып ем, бірақ ол сәтте жойылды; лотерейде де дөңгелек сәл айналып, кей кедей сәтте байып та шығушы еді ғой. Бұйырмаса болмайды, бітті де. Іске кірісем де, тістеніп aп, өзіме-өзім үн шықпа деп бұйырамын; бір тәуірі, өзім қолға алуым бірінші рет емес қой. Осы қашуымның өзі немене. Осы араға келіп ап, түйеқұс тәрізденіп, басымды жапырақ арасына сұғып тығылып отырғанымның өзі не. Сордың жүзіне қарауға қорқам ба - болымсыз, - дей түсіп, "Антон" деп қатты айғайлады да, - тез ат жеткіз, - деді. Ендігі ойлағаны: "өзіме үн шықпауды бұйыруым керек, өзімді тастай қымтап ұстауым керек..." -деді. Осындай ойлармен Лаврецкий өз қайғысына ем іздеді. Бірақ ол қайғы мол, ауыр еді; оны ақылдан айрылмаса да, бар сезімнен ажыраған Апраксея да байқады, басын шайқап, мұңды көзбен қарап, тарантасқа мініп жатқан Лаврецкийді ұзатып салды. Аттар жортып келеді; ол тапжылмастан тура қарап, тапжылмастан алдағы жолға қарайды.
XLІІ
Лиза Лаврецкийге хат жазып, кеше өздеріне келсін деген еді; бірақ Лаврецкий әуелі өзінің пәтеріне келді. Үйінде әйелі де, қызы да жоқ екен, үйдегілерден білгені - олар Калитиндерге кетті десті. Бұл хабар оны таң қылумен бірге, жынын келтірді. Жүрегінде ыза толқыны қайнап, "Варвара Павловна, тегі, маған өмір сүргізбейін деген екен", - деп ойлады. Ол арлы-берлі жүріп, кейде қолымен немесе аяғымен жолында кездескен баланың ойыншығын, кітапшаларын, әр түрлі әйел заттарын лақтырумен болды. Жюстинаны шақырып алып, жаңағы бар "қоқсықты" жинауға бұйырды. Жюстина французша "я, мырза" дей түсіп, қылмиып бөлменің ішін жиыстыра бастады, әрбір сәнді қимылында Лаврецкий оның сонша тозған, бірақ өзгеше мысқылшыл париждік жүзіне, ақ қолғабына, жібек алжапқышына, жеңіл қалпақшасына да жирене қарады. Әйелді жөнелтіп жіберіп, көп толқудың соңынан (Варвара Павловна әлі қайтқан жоқ еді) енді Калитиндерге баруға бекінді, бірақ Марья Дмитриевнаға бармайды (өзінің әйелі отырған қонақ үйге ол ешуақытта кірмекші емес), бармағы Марфа Тимофеевна болатын; бұның білуінше, қыздар кіретін есіктің артқы басқышы тура кемпірдің үйіне апарушы еді. Лаврецкий сол есіктен кірді. Сәті келіп, қорада Шурочка кездесті де, бұны Марфа Тимофеевнаға қарай ұзатып салды. Қарт әйел дағдыдан тыс жалғыз отыр екен. Ол бұрышта, шашы жайылып, бүкшиіп, екі қолын кеудесіне айқастырып отыр. Лаврецкийді көріп, кемпір қысылып қалып, бөлмесінде арлы-берлі қозғалып, өзінің қалпақшасын іздегендей. Жігіттің көзіне қараудан жалтарып, сасқалақтап:
- А, бұл сенбісің, кеше сен қайда болдың? Ну, ол келді, Ну, ия, ну, енді сөйтіп... бірдеңе ету керек қой, - деді.
Лаврецкий орындыққа отырды. Кемпір әлі де сөйлеп:
- Ну, отыр, отыр, сен тура үске тарттың ба? Ну, ия, әрине, солай ғой. Несі бар, сен мені көрейін деп келдің бе? Рақмет, - деді.
Кемпір енді үндемей қап еді, Лаврецкий не айтарын білмеді, бірақ мұны қарт әйел түсінді.
Қол сөмкесін бір жауып, бір ашып отырып, Марфа Тимофеевна сөйлеп отыр.
- Лиза... ия, Лиза қазір осында болған еді. Ол оншалық сау да емес. Шурочка, сен қайдасың? Бері келші, шешекем, немене сен отыра алмайсың. Менің де басым ауырып отыр. Тегі, әне біреу ән мен музыкадан болса керек.
- Қандай ән?
- Е, бар емес пе, мұнда әлгі, не деуші едіңдер, әне бір дуэттерің басталған жоқ па. Үнемі және итальянша: чи - чи мен ча - ча, айнымаған сауысқандар. Көтеріп айта бастаса, жаныңды бірге суырғандай болады. Анау Паншиннің, сенің мынауың. Және қандай тез үйлесті десеңші: дәл бір туысқан жандардай, қысылу да жоқ. Бірақ тағы ойласаң, ит екеш ит те бас пана іздейді, өлсін бе, жұрт болса қумайды.
Лаврецкий дау айтты:
- Шынымды айтайын, не десеңіз де, мұны күткен жоқ ем, бұл үшін үлкен батылдық керек қой.
- Жоқ, жаным, бұл ерлік емес, есеп. Е, құдайы жарылқасын, сен оны Лаврикке жібереді дейді, рас па?
- Ия, мен ол мекенді Варвара Павловнаға бердім.
- Ақша сұрады ма?
- Әзір сұраған жоқ.
- Ну, онысы кешікпес. Ал мен сені жаңа ғана анықтап көріп тұрмын, өзіңнің денің сау ма?
- Cay.
Марфа Тимофеевна дыбыстап:
- Шурочка, барып Лизавета Михайловнаға айтшы, а, жоға, сұрашы... Ол төменде ғой.
- Төменде.
- Ну, ия, ендеше сұрашы, менің кітабымды қайда қойды екен, ол біледі.
- Мақұл.
Кемпір және де қозғалақтап, шкафының тартпаларын аша бастады. Лаврецкий орындықта қозғалмай отыр.
Бір шақта басқышта жеңіл басқан аяқ дыбыстары білінді де, үйге Лиза кірді. Лаврецкий тұрып иілген еді, Лиза есік алдында тоқтап қалды. Марфа Тимофеевна асыға сөйлеп:
- Лиза, Лизочка, сен менің кітабымды қайда қойдың? - деді.
- Қандай кітапты, апатай?
- Е, кітапты ше, тәңірім-ау, айтпақшы, сені мен шақырғам жоқ... Ну, бәрібір немене, сендер ана аста не істеп жатырсыңдар? Мұнда, міне, Федор Иваныч келді. Сенің басың қалай?
- Жай.
- Сен ылғи жай дейсің де тұрасың. Немене анау аста, тағы музыка ма?
- Жоқ, карта ойнап жатыр.
- Е, ол өзі төрт тарап екен ғой. Шурочка, сенің бақшада жүгіргің келсе керек. Баршы.
- Жоқ, Марфа Тимофеевна...
- Қой, тілеуің берсін, бар. Настасья Карповна бақшаға жалғыз кетті, сен қасында бол. Күтсеңші кемпірді. - Шурочка сонымен кетіп қалды. - Бұл менің қалпағым қайда кетті? О, қайда кетті екен шынымен, - деп еді, Лиза араласып:
- Рұқсат етіңіз, мен іздейін, - деді.
- Отыр, отыр. Менің өз аяғым да әлі үзіліп қалған жоқ; тегі, ол жататын бөлмеде шығар.
Сөйтіп, Лаврецкийге қырынан көз тастап, Марфа Тимофеевна кетті. Басында есікті ашық қалдырып еді, бірақ тез оралып, жауып қойды. Лиза орындықтың арқасына сүйеніп, екі қолын жүзіне ақырын ғана көтерген еді; Лаврецкий бұрынғы орнында отыр, Ақыры ол:
- Біз енді, міне, осылай көрісетін болдық, - деді.
- Лиза қолдарын бетінен алды да, күңгірт үнмен:
- Я, біз тез жаза шектік, - деді.
- Жаза шектік, сіз неліктен шектіңіз?
Лиза бұған өзінің көздерін көтере қарады. Қайғы да, қобалжу да жоқ сияқты; бірақ көздері шікірейіп, мұнарланғандай. Жүзі сұрланып, сәл ашыла түскен еріндері де қансыз. Лаврецкийдің жүрегі аяныш пен махаббаттан қалтырағандай болды; ол сыбырлап қана:
- Сіз маған баршасы тамам болды деп жаздыңыз, я, басталмай жатып баршасы тамам болды.
- Бұның бәрін ұмыту керек, келгеніңізге қуанамын, мен сізге жазайын деп едім, бірақ осының өзі артық. Жалғыздық осы минуттермен тез пайдалану керек. Сіз екеуміз де қарызымызды ада қылуымыз шарт. Сіз, Федор Иванович, әйеліңізбен татуласуыңыз керек. - Лиза...
- Мен сізден осыны өтінемін: бар болғанды осының өзімен ғана жоюға мүмкін. Сіз ойланасыз да, менің өтінішімді тастамайсыз.
- Лиза, құдай үшін, сіз мүмкін еместі талап еттіңіз ғой. Meн сіз бұйырғанның бәрін істеуге әзірмін; бірақ қазір онымен татуласу деген не... Мен бәріне көнемін, барды ұмыттым; бірақ өз жүрегімді көндіре алмаймын ғой... Рақым етіңіз, бұл қаталдық қой.
- Мен сізден тілемеймін, сіз айтқанды тілемеймін, мүмкін болмаса онымен тұрмай-ақ қойыңыз, бірақ татуласыңыз,-деп, Лиза қолын қайтадан көзіне апарды.Қызыңызды еске алыңыз, осыны мен үшін істеңіз.
Лаврецкий тістеніп отырып:
- Жақсы, бұны мен істейін дейін, ол менің қарыз өтегенім болсын, ну, ал сіз, сіздің қарызыңыз не болады? - деді.
- Оны мен өзім білемін.
Лаврецкий селк еткендей болды.
- Әлде Паншинге тимек боласыз ба?
Лиза сәл жымиып қалды.
- О, жоқ.
Лаврецкий дабыстап:
- Ах, Лиза, Лиза, біз қандай бақытты болар едік.
Лиза бұған тағы да қарады да:
- Енді сіз өзіңіз де көріп отырсыз, Федор Иваныч, бақыт еркі бізде емес, тәңірден екен, я, өйткені сіз... дей бергенде, көрші бөлменің есігі ашылып, қолында қалпақшасы бар Марфа Тимофеевна кірді. Ол Лаврецкий мен Лизаның екі арасына тоқтап:
- Зорға таптым, өзім тығып қойып ем, кәрілік деген осы екен, бір сор. Ай, тегі, жастық та содан артық емес қой, сен немене әйеліңмен Лаврикке өзің де барасың ба? -деп, Федор Иванычқа бұрылып еді.
- Онымен Лаврикке, мен бе? Білмеймін, - деп Лаврецкий жай жауап берді.
- Сен төменге бармайсың ба?
- Бүгін бармаймын.
- Ну, жақсы, өзің білесің; ал саған, Лиза, мен білсем бару керек, ах, жазған құдай-ай, мен әлі шымшығыма дән де сеппеппін - ау. Я, міне, тұра тұрыңдар, қазір... - деп, Марфа Тимофеевна қалпағын киместен тұра жөнелді.
Лаврецкий шапшаң ғана Лизаның қасына келді, "Лиза! - деді жалынған үнмен сөйлеп: -Біз мүлде айрылысамыз, жүрегім қақ жарылғандай, қоштасарда маған қолыңызды беріңізші". Лиза басын жоғары көтерді. Оның талған, сөнгендей болған көздері бұған қадалған еді. "Жоқ, - деп, ол соза берген қолын алып, - жоқ, Лаврецкий, - деді. Ең бірінші рет осылайша атап еді. - Мен қолымды сізге бермеймін, не қыласыз, өтінемін, барыңыз, сіз білесіз ғой, мен сізді сүйемін... Я, мен сізді сүйемін, - деп ол қинала тұрып айтты да: - бірақ жоқ... жоқ", - деді. Сөйтіп, орамалын өзінің ерніне тигізді.
- Тым құрыса мынау орамалды маған беріңіз. - Есік сықырлап еді... Орамал Лизаның тізесінен төмен сырғып кетті. Бірақ ол жерге түскенше Лаврецкий ұстай алып, қалтасына салып, сырт айналғанда, Марфа Тимофеевнамен көздері кездесті. Кемпір:
- Лизочка, мен білсем, сені шешең шақырады ғой деймін, -деді.
Лиза шапшаң тұрды да, жүріп кетті. Марфа Тимофеевна
Қайтадан өз бұрышына отырды. Лаврецкий онымен қоштаса бастап еді.
- Федя, - деді кемпір.
- Немене, апа?
- Сен адал адамсың ғой.
- Қалайша?
- Мен сенен сұраймын, сен адал адамсың ғой?
- Я, солай деп сенемін.
- Мм... Ендеше, адал адаммын деп маған ант етші.
- Бұйырыңыз, бірақ қажеті не.
- Не екенін мен білемін. Жақсылап ойлансаң, шырағым, сен оны өзің де білесің, сен ақымақ емессің ғой, неге сұрап отырғанымды түсінесің. Ал қазір қош бол, әкем. Жайымды білгеніңе рақмет; ал айтылған сөзді ұмытпа, Федя, мені сүйіп кетші. Ох, жаным, саған ауыр, білемін; бірақ ешкімге де жеңіл емес, мен бір шақта шыбынға қызығушы ем; дүниеде өмір кешу осыған рахат шығар - ау деп ойлаушы едім; бірақ бір түнде өрмекшінің қолына түскен шыбынның ызыңын естіп, оның да соры бар екен дедім. Не істерсің, Федя; ал бірақ жаңағы сөзді ұмытпа. Бар, бара бер.
Лаврецкий артқы есіктен шығып, қақпаға тақап қалғанда, артынан малай қуып жетті. Лаврецкийге:
- Марья Дмитриевна сізді өзіне шақырғанын айтуға бұйырып еді, - деді.
Федор Иваныч әуелі:
- Айта бар, туған, маған қазір мүмкін емес... - дегенде, малай тағы сөйледі.
- О кісінің бұйырғаны, қатты өтінген, қатты өтінгенін айт деп еді, жалғыз боламын деген.
- А, қонақтар кетті ме? - деді Лаврецкий.
- Дәл, солай, - деп, күтуші қалбаң қақты. Лаврецкий иығын қозғап таңданды да, малайдың соңынан ерді.
XLІІІ
Марья Дмитриевна өз кабинетінде Вольтер креслода одеколон иіскеп жалғыз отыр екен: апельсин қосқан бір стакан су үстел үстінде, жанында тұр. Ол қобалжи түсіп, бір нәрседен қорыққандай, Лаврецкий кірді. Бұл салқын сөйлеп, иілді де:
- Сіз мені көрмек пе едіңіз? - деді. Марья Дмитриевна:
- Я, - дей түсіп, судан жұтты да:
- Сіздің апайға кеткеніңізді біліп едім; содан сізді келсе деп сұрадым: менің сізбен сөйлесуім керек. Отырыңыз, тілеуіңізді берсін, - деп, Марья Дмитриевна біраз дем алып алды. - Сіз білесіз ғой, - деп сөз бастап, - сіздің әйеліңіз келді, - деді.
Лаврецкий баяу ғана: "ол маған мәлім" деген еді.
- Ну, ия, менің айтайын дегенім: ол маған келіп, мен қабылдап едім; осы жөннен сізбенен, Федор Иваныч, түсініспек болдым. Мен, тәңірге шүкір, бұл дүниеде, ешуақытта лайықсыз істеп көрмегендіктен, барлық жұрттың құрмет ықыласын көріп жүрмін. Сізге жайсыз болатынын білсем де, мен оны қабылдамауға батылым бармады, Федор Иваныч, ол сіз тараптан маған жақын адам: менің хәлімді аңғарыңызшы, оны үйіме кіргізбеуге қандай хақым бар, ойлаңызшы.
- Сіз бекер қиналасыз, Марья Дмитриевна, өте жақсы істепсіз, мен титтей ренжімеймін. Варвара Павловнаны өзінің жақындарын көруден тыямын деп ойлаған емеспін. Бүгін сізге келмегенім, тек қана онымен көріскім келмегені, міне, бәрі сол-ақ.
Марья Дмитриевна көңілденіп:
- Ах, бұны маған сізден есту қандай сүйікті, Федор Иванович, тегі, мен сіздің биік таза сезіміңізге сенгендіктен осыны тосушы ем. Ал менің қобалжығанымды айтсаңыз, ол ғажап емес, мен әйелмін, анамын ғой. Және сіздің жұбыңыз... Әрине, мен сіз екеуіңізді тергей алмаймын, мен оны өзіне де айттым; бірақ ол сондай тамаша ханум, адамға ризалықтан басқаны ойлатар емес, - деді.
Лаврецкий күлді де, шляпасымен ойнады.
- Жаңа сізге айтайын дегенім, Федор Иваныч, - деп, Марья Дмитриевна бұған қарай сәл қозғала түсіп: - сіз оны көріп, биязылықпен өзін ұстауын білсеңіз, адамға деген тағзымын көрсеңіз етті — анығында бұл жанашырлық қой. Ал оның сіз туралы сөйлегенін естісеңіз. "Мен оның алдында айнала айыпты едім" дейді; "мен оны бағалай алмадым; ол адам емес, періште" деп сөйлейді. Анық солай деп отыр, періште дейді. Өкініші сондайлық... мен, құдай біледі, мұндай өкінішті көрген емеспін, -деді.
Лаврецкий жауап қатып: Я, Марья Дмитриевна, қызықты сұрауға рұқсат етіңіз, Варвара Павловна сіздің үйде ән салды деді ме, ол немене өзінің өкініші кезінде айтты ма, әлде қалай болды? - деді.
- Ах,сізге солай айту ұят емес пе! Ол ән салып ойнағанда тек мен үшін істеді, оған бұны бұйырып істеткен мен. Анық бұйрығым. Байқасам, хәлі сондай ауыр екен, соны немен алаң етем дедім де, оның сондай ғажап талантты екенін естіп ем, рақым етіңіз, Федор Иваныч, ол сондайлық қорлық шеккен, тым құрыса Сергей Петровичтен сұраңызшы, қайғыдан мүлде өлген әйел, соны ойласаңызшы.
Лаврецкий иығын ғана көтерді. Онан соң, анау Адочка қандай періште, не деген ғажап, ол қандай сүйкімді және ақылды; французша сөйлегенін айтыңызшы, орысша да түсінеді мені апатай дейді, әлгі оның жасындағы балалардың жатырқайтыны бар ғой, бұнда ол мүлде жоқ. Онан соң сізге ұқсағаны, Федор Иваныч, сондай өзгеше, көзі, қастары айнымаған сіз. Мен өзім ондай кішкене балаларды сүймеймін, шынымды айтайын, бірақ сіздің қызыңызға тура ғашық боп қалдым. Лаврецкий шұғылынан бір нәрсе туралы сұрап: Марья Дмитриевна, сізден сұрауға рұқсат етіңіз, осыңызды маған неменеге айтып отырсыз? - деді.
Марья Дмитриевна одеколон иіскеп, су жұтып алды:
- Неменеге дейсіз бе? Федор Иваныч, менің айтатыным... мен сіздің туысқаныңызбын ғой, сіздің ісіңізге мен барыммен араласам, мен білем ғой, сіздің жүрегіңіз сондай мейірімді, тыңдаңыз, туғаным. Мен, не десеңіз де, тәжірибелі әйелмін, желге кететін шығасы сөз сөйлемеймін: кешіріңіз, піріңіз әйеліңізді.
Марья Дмитриевнаның көзі осы сәтте жасқа толып:
- Ойлаңыз, жастық, тәжірибесіздік... Ну, бәлки, жаман үлгі әсер еткен болар, оны жолға салып отыратын ана да болған жоқ, оны кешіріңіз, Федор Иваныч, шеккен жазасы жеткілікті,-деді.
Марья Дмитриевна көз жасы екі бетінен тамшылап отыр, ол сүртінген жоқ: өзі жылағанды жақсы көруші еді. Лаврецкий қызыл шоқтың үстінде отырғандай, ішінен ол: "құдай-ау, бұл не ғажап, бүгін қандай күн туды маған?" деп ойлады. Марья Дмитриевна тағы сөйледі:
- Сіз жауап бермейсіз, мен қалай түсінейін. Шынымен сіз сондай қатал ма едіңіз. Жоқ, мен оған сене алмаймын, мен өз сөзім сізге әсер етті деп сеземін, Федор Иваныч, сіздің мейірімділігіңіз үшін құдай иеді, ал қазір, менің қолымнан әйеліңізді қабыл алыңыз.
Лаврецкий ықтиярсыз орнынан тұрды; Марья Дмитриевна да түрегеліп, шапшаң ғана ширманың ар жағына барып, Варвара Павловнаны алып шықты. Өңі қашқан, көздерін төмен салған, құр сүлдері ғана бар әйел сияқтанып, өз ойынан, ықтиярынан түгел жұда болған әйелдей, Варвара Павловна барымен Марья Дмитриевнаға берілген сияқты, Лаврецкий бір адым кейін шегінді де:
- Сіз әлі осында ма едіңіз? - деп айғайлап қалды. Марья Дмитриевна шапшаң ғана сөзге араласып:
- Ол кісіні айыптамаңыз, мұнда тіпті қалғысы келмеген еді, бірақ мен оған бұйырдым да, осы ширманың ішіне отырғыздым. Бұл сізді әсіресе ашуландырады деп айтып еді, мен онысын тыңдамадым; бұ кісіден де сізді мен артық білем ғой, сөйтіп менің қолымнан жарыңызды қабыл алыңыз; бері келіңіз, Варя, қорықпаңыз,тізе бүгіңіз,-деп(әйелді қолынан тартты да), — менің батам болсын, — дей бергенде, Лаврецкий оны бір күңгірт, бірақ қалтыратқандай дауыспен бөгей берді:
- Тоқтаңыз, Марья Дмитриевна. Сіз, тегі, сезімтал сахналарды сүйетін боларсыз (Лаврецкий қателескен жоқ еді: Марья Дмитриевна тіпті институт заманынан - ақ кейбір театрлық хәлдерге құмар болатын); ол сізді қызықтырады ғой, бірақ бұл өзгелерге ауыр келеді, жә, мен сізбен сөйлеспеймін: бұл сахнада бас герой сіз емес қой, - деп, әйеліне бұрылды да, - ханым, сізге менен не керек? - деді. - Қолымнан келгенді сізге мен істемедім бе? Мына кездесуді сіз істегенім жоқ деп дау айтушы болмаңыз; мен бәрібір сізге сенбеймін және сене алмайтынымды сіз білесіз. Сіз не тілейсіз. Сіз ақылды адамсыз, мақсатсыз ешнәрсе істемейсіз. Менің сізбен бұрынғыдай тұра алмайтынымды сіздің түсінуіңіз керек; ол сізге ашуланғанымнан емес, бүгінде мүлде басқа адам болғандығымнан. Мен осыны сіз келген күннің ертеңінде айтқанмын, соны дәл қазір сіздің ішіңіз біліп тұр. Бірақ сіз көпшілік көзінде өзіңізді көтермек боласыз; менің үйімде тұруыңыз аз болғандай, менімен бір шатырдың астында тұрғыңыз келеді, солай емес пе?
Варвара Павловна көзін жоғары көтерместен:
- Мен сіздің кешіруіңізді тілеймін,-деді.
Марья Дмитриевна да бұл сөзді қайталап:
- Бұл кісі сіздің кешіруіңізді сұрайды, - деді.
Варвара Павловна:
- Өзім үшін емес, Ада үшін, - деп сыбырлай түсті.
Марья Дмитриевна тағы қостады:
- Өзі үшін емес, сіздің Адаңыз үшін.
Лаврецкий қиналып тұрып:
- Жақсы. Сіз осыны тілейсіз ғой. Бұйырыңыз, мен соған да разымын, - деді.
Варвара Павловна бұған қарап жалт етіп көз тастағанда, Марья Дмитриевна қуанып кетті.
- Я, құдай, - деп, Варвара Павловнаны тағы да қолынан тартып, - қабыл алыңыз енді менен... - дегенде, Лаврецкий оның сөзін бөлді.
- Тоқтаңыз дедім ғой, мен сізбен тұруға көнемін, Варвара Павловна, яғни мен сізді Лаврикке апарып, мұршам жеткенше бірге тұрам да, содан соң кетемін, кейде соға жүремін. Көрдіңіз бе, мен сізді алдағым келмейді; бірақ бұдан көпті талап етпеңіз. Біздің мына құрметті туысқан әйеліміздің тілегін орындап, сізді мен құшағыма алсам, еткен істер болған жоқ десем, кесілген ағаш қайта гүлденеді десем, оған сіздің өзіңіз де күлер едіңіз. Бірақ, көріп тұрмын, көнуге қажет боп тұр. Сіз бұл сөзді басқаша түсінесіз... бірақ оның бәрібір. Тағы да айтайын, мен сізбен тұрамын... яки, жоқ, оны серт ете алмаймын... Мен сізге ораламын да, сізді өзімнің әйелім деп санайтын боламын...
Бұл шақта көз жасы әлдеқашан құрғаған Марья Дмитриевна:
- Тым құрыса осы үшін өзіне қолыңызды беріңізші, -деді.
Лаврецкий көнген жоқ:
- Мен бұл күнге шейін Варвара Павловнаны алдаған емеспін, ол бұған онсыз да сенеді. Мен өзін Лаврикке апарамын; және есіңізде болсын, Варвара Павловна, сіз ол жерден бір жаққа шығар болсаңыз, біздің шартымыз сол сәтте бұзылады. Ал маған кетуге рұқсат етіңіздер, - деп, екі ханымға иілді де, асыға басып шығып кетті.
Марья Дмитриевна оның соңынан айғайлап:
- Сіз өзін ерте кетпейсіз бе? - деп еді.
Варвара Павловна сыбырлап:
- Оны қоя - ақ қойыңыз, — дей сала, енді үй иесін құшақтап, оған алғыс айтып, қолдарынан сүйіп, бұны өзінің құтқарушысы деп алғыс айтты.
Марья Дмитриевна оның құрметін пандықпен қабыл ала тұрса да, іштей Лаврецкийге де, Варвара Павловнаға да және барлық әзірленген сахнаға да риза болмады. Сезімпаздық аз шықты; оның ойынша, Варвара Павловна күйеуінің аяғын құша жығылу керек еді. Енді түсіндіріп:
- Сіздің мені ұқпай қалғаныңыз қалай. Мен тізе бүгіңіз дегенім қайда? - деді.
- Жаңағының өзі артық, сүйікті апатай, қиналмаңыз, бәрі де өте жақсы.
- Ну, бірақ ол мұздай салқын қанды ғой, рас, сіз де жылаған жоқсыз, оның алдында мен ғана жас төктім. Сізді Лаврикте тұсап қоймақ, сөйтіп сіз маған да келе алмайсыз ба? Еркектің бәрі де топас, - деп, сөз аяғында басын шайқап қойды.
- Мейір мен кешірімді бағалай білетін тек әйелдер ғана ғой, - деп, Варвара Павловна тізесін бүгіп, Марья Дмитриевнаның толық бойын құшақтап, басын иді. Жүзінде үнсіз жымию бар еді, ал Марья Дмитриевнаның көзінің жасы аға жөнелді.
Лаврецкий өз үйіне келіп, күтушісінің бөлмесіне кіріп, есікті жапты да, диванға құлай түсіп, таң атқанша тапжылмай жатып алды.
XLІV
Келесі күн жексенбі болатын. Таңғы намазға шақырған қоңырау үні Лаврецкийді оята алған жоқ, ол түн бойы көз жұмған жоқ-ты, бірақ кейін Лизаның тілегі бойынша өткен жексенбіде өзінің шіркеуге барғанын есіне алды. Ол шапшаң тұрып киінгенде, жасырын бір дауыс "бүгін де қыз сонда" дегендей болып еді. Үйден ақырын шығып, әлі ұйықтап жатқан Варвара Павловнаға өзінің түскі тамаққа ғана оралатынын айтуды бұйырып, енді адымдай түсіп, бір қалыпты мұңды қоңырау шақырған жаққа қарай беттеді. Ерте келген екен, шіркеуде әлі ешкім жоқ. Клироста дьячок дұға оқиды; анда-санда жөткіргені болмаса, зор даусы бір бәсеңдеп, бір дәуірлей түседі. Лаврецкий есікке жақын тұрды. Намазға келгендер бір-бірлеп кіріп, жай тоқтап, жан-жағына бұрыла шоқынысады. Бұлардың аяқ тықыры қуыс үйдің ішінде, тыныштықта, биік күмбез астынан жаңғырығып естіледі. Ескі бөрік, шапан киген алжыған бір кемпір Лаврецкийдің қасына тізе бүгіп тұрып, бар ынтасымен жалбарына бастады; оның тісі жоқ, сарғайған, құрысқан жүзінде барынша тырысқан мүләйімдік бар; қызарған көздері жалтармастан жоғары қарап, көп икондағы әулие жүздерге қадалады; салдыраған сүйегі ғана қалған қолдары жиі қозғалып, баяу салмақпен үлкен кең крес жасайды. Қалың сақалы бар күңгірт жүзді бір мұжық шашы үрпиген, құнысқан қалпында шіркеуге кіріп, қос тізерлеп тұра қалып, салғаннан шоқына бастады. Әрбір сәждесінің артынан басын кейін шалқайтады. Бұның жүзінде, бар қозғалысында соншалық ащы зар білінгендіктен, Лаврецкий қасына келіп, жөнін сұрады. Мұжық сескеніп, салқын тартып тайқи беріп, бұған қарады да... "балам өлді" деп шапшаң айта салып және де сәжде қылуға кірісті. Лаврецкий ішінен "бұлар үшін шіркеуден басқа жұбаныш бар ма" деп, өзі де дұға оқып көріп еді, бірақ жүрегі ауырлап, қатаң тартты, ойлары да тәңірісінен жырақ еді. Ол үнемі Лизаны күткен. Бірақ Лиза әлі келмей тұр. Шіркеуге халық тола бастады; ол сонда да келмей тұр. Ертеңгі намаз басталып, дьякон енді інжілді оқыды. Үлкен дұғалықтың қоңырауы да қағылды; Лаврецкий сәл ілгері қозғалып еді, сол сәтте Лизаны көрді, ол бұдан ерте келсе де, жігіт оны байқамаған екен. Қабырға мен клиростың арасына жабыса жайғасып, ол ешқайда қарамай, қыбыр етпей тұрған-ды. Лаврецкий намаз біткенше қыздан көзін алмай қарап тұрып, онымен іштей бақыл айтысып қоштасумен болды. Халық тарай бастаса да, ол әлі тұр еді, Лаврецкийдің кетуін тосып тұрғандай. Ақыры ол соңғы рет шоқынды да, бұрылмастан жүріп кетті; қасында бір ғана күтуші әйелі бар. Лаврецкий шіркеуден Лизаның артынан шығып, оны көшеде қуып жетті. Қыз басын төмен салып, бетіне вуалын түсіріп, аса жылдам басып барады екен.
- Есенсіз бе, Лизавета Михайловна, - деп, ол өзін зорлап, қатаң үнмен, - сізді шығарып салуға рұқсат па? - деді.
Қыз түк айтқан жоқ. Бұл оның қасына ерді. Енді даусын бәсеңдетіп:
- Сіз маған ризасыз ба, кешегі болғанды естіген шығарсыз, - деді.
Қыз сыбырлап сөйлеп:
- Ия, ия, бұныңыз жақсы, - деді.
Енді қыз бұрынғысынан да шапшаң басты.
- Сіз ризасыз ба?
Лиза тек басын ғана изеді. Енді жай әлсіз ғана дауыспен:
- Федор Иваныч, мен сізден өтінейін деп едім: енді бізге келмеңіз, тез жүріп кетіңіз; біз тек кейін көрісе аламыз, бір шақта, мүмкін бір жылдан соң. Ал әзір осыны мен үшін етіңіз, осы тілегімді орындаңызшы, тәңір үшін! - деді.
- Мен сізге бар жайдан бағынуға әзірмін, Лизавета Михайловна, бірақ тек осылай ғана айрылысқанымыз ба? Маған бір ауыз да сөз айтпағаныңыз ба?
- Федор Иваныч, міне, сіз қазір менің қасымда келесіз, ал сіз бірақ менен енді соншалық жырақ - жырақсыз. Және жалғыз сіз ғана емес, Лаврецкий дауыстап:
- Өтінемін, айтып бітіріңіз, не айтпақ боласыз, - деді.
- Сіз естірсіз бәлки... бірақ не болса да, ұмытыңыз... Жоқ, мені ұмытпаңыз, мені есіңізде тұтыңыз.
- Мен бе сізді ұмытатын.
- Жетті, бақыл болыңыз, ермеңіз соңымнан.
Лаврецкий "Лиза" дей беріп еді, қыз вуалын төмен тарта түсіп, енді жүгіре басып, тағы да:
- Бақыл болыңыз, бақыл болыңыз! - деді.
Лаврецкий оның соңынан басын төмен салып қарап қалды да, енді көше бойлап қайта жүрді. Жолда Леммге кездесіп еді, ол да шляпасын мұрнына түсіре киіп, екі аяғының астына ғана қарап келеді екен. Екеуі бір-біріне үнсіз қарады. Ақыры Лаврецкий:
- Ну, не айтасыз? - деп еді, Лемм уайымды жүзбен жауап қатты:
- Мен не айтайын, мен түк айтпаймын, бәрі де өлді, біз де өлдік, сіз оңға бұрыласыз ғой.
- Оңға.
- Ал маған солға. Бақыл болыңыз.
Келесі күні Федор Иваныч әйелімен Лаврикке жөнелді. Әйелі Ада мен Жюстинаны алып алдағы күймеге мінгенде, Лаврецкий арттағы тарантасқа мінді. Әдемі кішкене қыз барлық жол бойында күйменің терезесінен кеткен жоқ; ол бар нәрсеге таңғалады: мұжықтар, қатындар, жолдағы жаман үйлер, құдықтар, доға мен қоңыраулар да, жол бойындағы көп ұзақтар да оны таңғалдырады; Жюстина да осы балаша таңданды; Варвара Павловна олардың сөздері мен мінездеріне күліп келе жатты. Ол қазір көңілді, О... шаһарынан шығар алдында ол өзінің күйеуімен арыла сөйлесіп алған. Бұл оған: "мен сіздің хәліңізді түсінемін" дегенде, ол бұған ақылды көзінің ажарынан еркек халін анық түсініп отырғанын аңғарған-ды. Сонда бұл әйел: "сіз тым құрыса менімен тұру жеңіл екенін білуіңіз әділ емес пе? Мен сізге жабыспаймын, қыспаймын; менің тілегім тек қана Адамның болашағын қамсыз ету; содан өзге маған түк те керегі жоқ" деген-ді.
Бұған Федор Иваныч:
- Ия, сіз бар мақсатыңызға жеттіңіз, - деп жауап қайырған.
- Ендігі менің жалғыз қиялым бар: қараңғы түкпірге тығылып, сіздің жақсылығыңызды мәңгі есіме тұту, бар қиялым осы.
- Фи, жетер, - деп, Лаврецкий арғы сөзін жеткізе айтқызбаған. Әйел сонда да өзінің әзірлеген сөзін жеткізе түсіп:
- Сіздің азаттығыңыз бен тыныштығыңызды мен құрмет ете білермін, - деген болатын.
Лаврецкий ол үшін барынша иілген еді. Варвара Павловна күйеуінің бұған іштей алғыс айтқанын түсінген болатын. Лаврикке бұлар келесі күні кешке жетті; бір жұмадан соң Лаврецкий әйелінің ендігі тұрмысына арнап бес мың сом қалдырып, өзі Москваға жүріп кетті, ал Лаврецкий кеткен күннің ертеңінде, "оңашалық жайында мені есіңізден шығармаңыз" деген Варвара Павловнаның өтініші бойынша, мұнда Паншин келді. Әйел оны өте жақсы қарсы алды. Түн ортасына шейін биік бөлмелерде, бақшада музыка даусы мен ән естіліп, француздың жеңіл әзілдері орын алды. Варвара Павловнаның қасында Паншин үш күн қонақ болды; онымен қоштасып, әйелдің тамаша сұлу қолын қатты қысып тұрып, "тез уақытта қайта ораламын" деп еді, ол сол уәдесін орындады.
XLV
Шешесінің үйінің екінші қабатында Лизаның жеке кішкене бөлмесі болатын, бұл таза, жарық, ақ төсегі бар, бұрыштар мен терезе алдында гүлдер қойылған, кішкентай жазу үстелі бар, бір топ кітап тұрған, қабырғада Ғайсаның суреті бар бөлме еді. Өзін бала бөлмесі дейтін; Лиза осында туғанды. Лаврецкий көрген күні шіркеуден келісімен Лиза дағдыдан тыс, өз үйіне өзгеше тәртіп орнатты, бар жердің шаңын қағып, бар нәрсесін қайта қарап, жаңа жіңішке лентамен өзінің бар тетродтарын және құрбы қыздарынан алған хаттарын қайтадан орады. Бар тартпаларын жауып, гүлдеріне су құйып, әрбір жеке гүлді өз қолымен сипап өтті. Осының бәрін ол асықпай, дыбыссыз мейірленіп, қамқорлық жасаған жүзбен істеді. Ақыры бөлмесінің ортасына кеп тоқтады да, Ғайса суреті тұрған қабырғаға бұрылып, қос тізерлеп, екі қолын басына қойып, тапжылмай тұрып қалды. Марфа Тимофеевна үйге кіргенде, бұны осы халде көрді. Лиза оның келгенін байқаған жоқ еді. Кемпір есік сыртына аяқ ұшымен басып қайта шығып, бірнеше рет қатты жөткіріп алды. Лиза сонда ғана шапшаң тұрып, көзінде тұрып қалған жарқыраған жас тамшыларын енді сүртті. Марфа Тимофеевна жас бір гүл бар құмыраға иіліп:
- Байқасам, сен өзіңнің намаз үйіңді тағы тазалапсың - ау, мынаның исі қандай жақсы, -деді.
Лиза апасына ойлана қарады. Сыбырлап қана:
- Сіз қандай сөз айттыңыз? - деді. Кемпір жабыса түсіп:
- Қандай сөз, қандай! Сенің не айтқың келеді? Бұл сұмдық, - деп, - ол қазір қалпағын жұлып тастап, Лизаның төсегіне отыра қап, сөйлей жөнелді. Бұған менің қуатым жетпейді. Төрт күн болды қазанда қайнағандаймын. Түк байқамаған кісі боп енді күлгірсіп жүре алмаймын, сенің өңің жүдеп, түсің қашып, жылап жүргеніңді көре алмаймын, төзе алмаймын бұған! - деді.
- Оныңыз не, апатай, мен әншейін...
- Әншейін, оны сен маған емес, өзгеге айт, әншейін... Ал жаңа тізерлеп тұрған кім, кірпігіңде іркіліп жас тұрған кім. Әншейін, сен өзіңе қарашы әуелі, жүзіңді білдің бе, көзің қайда жоғалды осы сенің, әншейін, мен барды білмейді дейсің ғой.
- Бұның бәрі жоғалады, апатай, тек тоса тұрыңыз.
- Жоғалады, қашан жоғалады. Жасаған ие - ау. Сен оны соншалық жақсы көріп қап па едің. Ол шал ғой, Лизочка. Рас, мен таласпаймын, ол жақсы адам, ол итше тістемейді: бірақ неменесі бар, біздің бәріміз де жақсы адамбыз. Жер, дүние бітті деп пе ең, ол мақұлықтар әр кезде мол табылады.
- Мен сізге айттым ғой, бәрі де тез бітеді, тіпті бітіп те қалды.
Марфа Тимофеевна Лизаны өз қасына төсекке отырғызып, оның шашы мен басындағы орамалшасын түзей отырып, сөйлей жөнелді:
- Мен бір нәрсе айтайын, тыңдашы, Лизочка. Сенің қайғыңа шығар жол жоқ сияқты боп, алғашқы қызу үстінде ғана солай көрінеді, эх, жаным менің, тек өлімге ғана дәрі жоқ. Сен өзіңе мынаны айтсаңшы, "көнбеймін, берілмеймін, бара берсін" деші, сонан соң қандай жеңіл, оңай өткенін өзің де байқамай қаларсың. Тек қана шыдап көрші.
- Апатай, ол енді өтті, бәрі де өтті.
- Өтті, қайдан өтті. Мінекей, қазір мұрның да үшкірленіп қалыпты, а, сен өтті дейсің. Өткен - ақ екен.
Сол шақта Лиза шапшаң өзгеріп, Марфа Тимофеевнаның мойнынан құшақтай алып:
- Я, өтті деймін, апатай, тек сіздің маған көмек еткіңіз келсе екен, жаным апатай, менің досым болыңыз, жәрдем етіңіз маған: ашуланбаңыз, түсініңізші мені... - деді.
- О не, о немене, шешекем - ау, тілеуің берсін, қорқытпашы мені, өзің маған бұлай қарамашы, қазір айғай саламын; шапшаң айтшы, о не?
- Мен, менің тілегім... - деп, өзінің жүзін Марфа Тимофеевнаның кеудесіне басты да, Лиза: - менің тілегім... монастырьға кетпекпін, - деп, соншалық күңгірт үнмен сөйледі.
Кемпір отырған жерінен ырғып түсті.
- Шоқына көр, шешекем. Лизочка, есіңді жи: құдай сақтасын, бұның не? — деп сасқалақтай сөйлеп: - Жатшы, көгершінім, ұйықтап алшы кішкене: сенде бұның бәрі ұйқысыздықтан ғой, жаным! - деді.
Лиза басын көтере қарады, екі беті оттай жанып тұр екен.
- Жоқ, апатай, бұлай демеңіз, мен бекіндім, мен жалбарынып, тәңірімнен ақыл сұрадым. Бәрі тамам, менің сіздермен кешкен өмірім тамам. Алғаш ойлағаным бұл емес еді, енді мына сабақ тегін емес: маған бақыт оралмады, бақытты үміт еткен шағымда да жүрегім шанша беруші еді. Мен барда білуші ем, өз кінәмді да, өзгелердікін де білемін. Соның бәрі үшін жалбарыну - жалбарыну керек. Сізді де, апамды да, Леночканы да қимаймын: бірақ басқа шара жоқ, сеземін, бұнда маған тірлік жоқ: мен бар дүниемен, мұндағы үйдің бәрімен арыздасып, қоштастым, мені басқа дүние шақырады, жүрегім лоблып, мәңгіге бір жерге жабылып, бекініп қалғым келеді. Мені бөгемеңіз, айнытам демеңіз, көмек етіңіз, болмаса өзім - ақ кете барам...
Марфа Тимофеевна "бұл ауырған ғой, сандырақтағаны шығар, докторға жіберу керек, қайсысын шақырсақ екен. Анада бір Гедеоновский әлде бірін мақтап еді: ол ыңғай өтірік айтса да, әлде осы жолы шын айтқан болар" деп ойлаған еді. Бірақ кейін Лизаның ауру да емес екенін, сөздері сандырақ емес екенін және Лизаның бұған берген әр жауабының айнымас бірқалыпты екенін көрген соң, Марфа Тимофеевна шошыды да, шынымен қайғыра бастады.
- Сен білмейсің ғой, менің көгершінім, монастырьдегі өмір қандай, ойлаймысың! -деді, өз айтқанына көндіргісі кеп. - Сәулешім, сені жап-жасыл зығыр майын жегізіп, үстіңе қатты, қалың көйлек кигізіп, суыққа айдап салады. Сен бұның бәріне шыдамайсың ғой, Лизочка. Бұның бәрі саған Агашаның қалдырған ізі ғой, сол ғой, сені адастырып тұрған. Ол өзі өмірін қызықтан бастап, бар тәтті, дәмдіні көріп алған жоқ па еді: сен де әуелі өмір сүрсеңші. Тым құрыса мен тыныш өлейін, содан соң ойдағыны істесеңші. Бүйткені, әлдебір, құдай сақтасын, әлдебір теке сақал еркектер үшін монастырьға кеткенді кім көріпті. Тіпті шыдамасаң, сопыға барып, жалбарынып дұға қыл, тек басыңа анау шошайған қара пәлені кие көрме. Әкем менің, шешетайым менің...
Сөйтіп, Марфа Тимофеевна егіліп жылап жіберді.
Лиза оны жұбатып, көзін сүртіп, өзі бірге жыласа да, дегенінен қайтқан жоқ. Марфа Тимофеевна қайғы үстінде шошытып көріп еді: барды шешеңе айтам деп еді... бірақ оның да көмегі болмады, тек кемпірдің аса қатты жалбарынуы бойынша, Лиза өз ниетін орындауды жарым жылға қалдыра тұратын болды: оның орайына Лиза өз ниетінен қайтпайтын болса, Марья Дмитриевнаның ризалығын өзі алып беруге Марфа Тимофеевна серт етті. Күздің алғашқы суығы түсе бере, Варвара Павловна меңіреу түкпірде бекініп отырамын деген уәдесіне қарамай, ақшаны молырақ етіп алып, Петербургке көшті. Бұдан бұрын О... губерниясынан қайтқан Паншин сыпайы, бірақ аса сүйкімді пәтер әзірлеп қойған екен, соған кірді. О... қаласында тұрған кезінің соңғы шағында ол Марья Дмитриевнаның құрметінен айрылған-ды. Бұл үйге бармайтын болып, көбінше Лавриктен шықпайтын да болған, Варвара Павловна оны құл ғып алды, анық құл етіп алды: әйелдің бұған деген шексіз, айнымас жауапсыз әкімшілігін басқа сөзбен айтып болмастай еді. Лаврецкий қысты Москвада өткізді. Ал келесі көктемде бұған Россияның жырақ бір шетіндегі Б... монастырьіне барып, Лиза сопылар қатарына қосылыпты деген хабар жетті.
ЭПИЛОГ
Сегіз жыл өткен еді. Тағы да көктем келді... Бірақ Өзгеден бұрын Михалевич, Паншин және Лаврецкая ханымның тағдырлары туралы аз сөз айтайық та, олармен айрылысайық. Михалевич ұзақ уақыт кезіп жүріп, ақыры дәл өзінің жұмысын тапты: бір қазыналық кеңседе бас бақылаушысының орнын алды. Ол өз тағдырына дән риза: бұның тәрбиесіндегілер сыртынан мазақ ете жүрсе де, оны "құрметтейтін". Паншин шен жағынан көп ілгеріледі, енді директор болғалы жүр; біраз өзі еңкіштеніп жүреді: тегі, мойнына ілінген Владимир кресі ілгері үңілте түскен болар. Суретшінің орнына бұдан нағыз чиновник шықты: оның өлі де жасаң түсі сарғайыңқырап, шаштары да сиреген және ол енді ән де шырқамайды, сурет те салмайды, бірақ жасырын түрде әдебиетпен айналысады: "мақалдар" деген тәрізді бір кішкене комедия жазады және жұрттың бәрі қазір біреуді бейнелеп жазуды машық еткен соң, ол да бір жеңілтек әйелді бейнелеп жазып, өзіне тәуір қарайтын екі-үш ханымға сол жазғанын жасырын оқитын. Сан рет тамаша жағдайлар болса да, ол тегі үйленбеді: бұған айыпкер Варвара Павловна болатын. Бұл әйел болса, баяғысынша ұдайы Парижде тұрады: Федор Иваныч оған өз атынан вексель беріп, әйелдің ойда жоқтан екінші рет қайта оралмауын ойлап, өз басын өзі сатып алды. Ол әйел бүгінде қартайып, жуандаған еді, бірақ әлі де сүйкімді және сұлу. Әр адамның өз қиялы бар ғой, Варвара Павловна сол қиялын жас Дюманың драмалық шығармаларынан тапты. Ол театрларға ұдайы барып, сахнадағы сезімтал, бірақ көкірек аурулы ханымдарды көрді; Дош ханым тәрізді болу оған адам арманының зоры тәрізденді: бір шақта ол өз қызына осыдан зор ырысты тілемейтінін де айтқан еді. Бірақ илануға болады, бойжеткен Ада ондай рахаттан жырақ болар: себебі бұрынғы қып-қызыл толық баланың орнына, қазір кеудесі құнысқан, өңі жүдеу және нервтері тозған қыз болып еді. Варвара Павловнаның сүйгендерінің саны азайған, бірақ олар жойылған жоқ: кейбіреулерін ол өз өмірінің ақырына шейін сақтайтын болар. Бұлардың ішіндегі ең бейілдісі соңғы кезде араласқан Закурдало - Скубырников дейтін біреу, өзі мұрт жіберген отставкадағы гвардеецтердің ішінен шыққан, жасы 38-де, ерекше кесек біткен адам еді. Лаврецкая ханымның салонына келетін француздар бұны французша Украинаның жуан бұқасы дейтін; Варвара Павловна өзінің сәнді кештеріне оны ешуақытта шақырмайтын, бірақ әйелдің мейірбандығын ол толық пайдаланушы еді. Сөйтіп... сегіз жыл өтті. Тағы да аспаннан көктемнің жарқыраған бақыты аңқыды: ол көктем жерге, адамзатқа тағы да күле қарайды: оның еркелетуі арқасында айнала гүлдер махаббаттанып, жырлай бастады. О... шаһары бұл сегіз жыл бойында аз өзгерген-ді, бірақ Марья Дмитриевнаның үйі жасарған сияқты: жақында боялған қабырғалары көңілді түрде ағарып, кешкі шақта ашық терезелері қызара жасарып, жалтырай түседі. Бұл терезелерден көшеге қуанышты жастар үндері, үздіксіз күлкілер естіледі. Барлық үй ернеуінен асқан қуанышпен толқып, тірлік қазаны қайнап жатқандай көрінеді. Үй иесі ханым әлдеқашан қара жерге кірген-ді. Лиза сопылыққа кеткеннен кейін екі жылдан соң Марья Дмитриевна қайтыс болған. Бұдан Марфа Тимофеевна да ұзақ тұрған жоқ, қала зиратында екеуінің қабірі қатар тұр. Настасья Карповна да қайтыс болған соңғы бірнеше жыл бойында бұл адал кемпір жұма сайын өзінің дос әйелінің басына дұға оқуға барушы еді... Мезгіл жетіп, оның да сүйегі қара жерге жайғасты. Бірақ Марья Дмитриевнаның үйі бөтен адамның қолына ауысқан жоқ, өз тұқымынан кетпеді; ұя бұзылмады; сұңғақ бойлы, сұлу қыз боп өскен Леночканың күйеуі - ақсары шашы бар, гусар офицері; Марья Дмитриевнаның ұлы Петербургте үйленіп, осы көктемге өзінің жас әйелін және оның қызыл жүзді, сүйкімді көзді он алты жасар институтқа сіңлісін ертіп келген; Шурочка да ержетіп, көріктенген болатын. Калитин үйінің көркін енгізген күлкі мен кеңес осы жастардікі еді. Бұл үйдің бар нәрсесі өзгеріп, барлық жайы жаңа тұрғындарына бейімделген. Күлегеш, затор, сақалсыз малайлар бұрынғы салмақты қарт малайлардың орнына тұрыпты: бұрын семіз Роска салмақпен жүретін жерлерде екі тазы ит ойнақ салып, диванға шейін секіреді, атқорада жарау жорғалар, құтырып тұрған түпкі аттар және жалдары өрілген, жұлқынған шеткі аттар, салт мінетін Дон сәйгүліктері пайда болған: таңертеңгі, түскі, түнгі тамақтардың бәрінің мезгілдері өзгеріп, ауысып кеткен; көршілердің айтуы бойынша, "болмаған тәртіп" орнаған. Біз сөз қып отырған кеште Калитин үйінің тұрғындары (бұлардың ең үлкені, Леночканың күйеуі жиырма төрт қана жаста болатын) болымсыз ойынға айналысқан болса да, күлкілеріне қарағанда, солары өздеріне сонша қызықты еді: бұлар бөлмеден бөлмеге жүгіріп, бірін-бірі қуып жүр, иттер де қоса жүгіріп, үре түседі. Терезелер тұсында ілулі тұрған тордағы үнпаз торғайлар да үй ішінің даурығын күшейтіп, тынбастан шырқап сайрасады. Осындай аспанды басына көтерген қуаныш дырдудың қайнар кезінде қақпа жанына шаң басқан бір тарантас кеп тоқтап, соның ішінен жол киімін киген, жасы қырық бес шамасына келген бір адам шығып, қайран боп қарап тұрып қалды. Ол біраз уақыт тапжылмай тұрып, үнді байыптап қарап алып, қақпадан кіріп, жай ғана басқышпен көтеріле бастады. Алдыңғы үйде ешкім қарсы алған жоқ, бірақ зал есігі шапшаң ашылып, қып-қызыл болған Шурочка жүгіре шықты және сол сәтте шулаған бойда барлық жастар тобы да қаптап келіскен еді. Шурочка оқыс тоқтай қап, бөтен адамды көріп тына қалды: бірақ қонаққа қараған көздер әлі де қуанышпен қадалып, жүздерден күлкі де айыққан жоқ-ты. Марья Дмитриевнаның ұлы қонаққа жақындап кеп, сыпайы түрмен бұл адамға не қажет екенін сұрады. Қонақ:
- Мен Лаврецкиймін, - деді.
Бұған жауап ретінде жастар шулай үн қатысты - бұнысы бұл күнде ұмытылған алыс туысқанның келуіне бар жастың қуанғаны емес, тек не жөнінен болса да шу етуге әзір тұрған жастық қана белгісі еді. Бұлар Лаврецкийді лезде қоршап алды: Леночка ескі таныс есебінде өзін алдымен атап, енді біраз болса, не қылса да таныр едім деді де, қалған қауымды түгелімен бәрінің аттарын кішірейтіп атап, соның ішінде өз күйеуінің де атын кішірейтіп атап таныс етті. Барлық топ ас үйден өтіп, қонақ үйге ауысты. Екі бөлменің де қабырға бояулары өзгерген екен, бірақ жасаулары бұрынғыдай. Лаврецкий фортепьяноны таныды. Терезе алдындағы өрмекте бұрынғы орнынша, тіпті сегіз жыл бұрын бітпей қалған тоқымасы да сол күйінде қалғандай. Лаврецкийді жайлы орындыққа отырғызып, өзгенің бәрі салмақпен бұны қоршай отырысты. Сұрақтар, таңданулар, әңгімелер үзілмей айтыла жөнелді. Леночка аңқаулықпен сөз бастап, "біз сізді көрмегелі көп болды, Варвара Павловнаны да көрмедік", - деді.
- Қайдан! - деді ағасы сөзге араласып. - Мен сені Петербургке әкеткенімде, Федор Иваныч қыстақта тұрушы еді.
- Одан бері апам қайтыс болды ғой.
- Марфа Тимофеевна да, - деп Шурочка қостады. - Және Настасья Карповна, - деп Леночка сөйлеп, - мосье Лемм де, - дегенде, Лаврецкий:
- Қалайша, Лемм де өлді ме? - деді.
Енді жас Калитин жауап беріп:
- Ия, ол бұл жерден Одессаға кеткен еді; біреу сонда шақырып қызықтырыпты деседі, сонда ол қаза тауыпты, - деді.
- Сіздер білмейсіздер ме, оның музыкасы қалды ма екен?
- Білмеймін, қалды ма екен.
Жұрттың бәрі үндемей, біріне-бірі қарасты. Барлық жас жүздерге уайымның жұқа бұлты төнгендей. Леночка сол кезде "ал Матроска тірі" деді. Ағасы: "Гедеоновский де тірі", -деді. Гедеоновскийдің аты естілгенде, жастар сақылдап күлісті.
Марья Дмитриевнаның ұлы:
- Я, ол тірі және өтірікті баяғысынша соғады, білдіңіз бе, мынау сотқар қыз, - деп, "ол өзінің" балдызын көрсетіп, - кеше оның шақшасына бұрыш сеуіп қойыпты, - деді. Леночка айғайлап: "оның түшкіргенін көрсеңіз" дегенде, жастар тоқтай алмай күле жөнелісті. Жас Калитин енді біразда: "біз жақында Лизадан хабар алдық" дегенде, айнала жұрт тына қалды; "қазір жақсы екен, саушылығы аз-аздап түзеліп келе жатқан көрінеді", -деді.
Лаврецкий қинала отырып:
- Ол әлі де сол, мінәжат орнында ма? - деді.
- Әлі де сонда.
- Өзі сіздерге жаза ма?
- Жоқ, тіпті жазбайды: хабары кісі арқылы ғана жетеді.
Бір сәтке ауыр үнсіздік хал туды; бәрінің ойы "момын періште ұшты" дегендей. Калитин Лаврецкийге бұрылып: "бақшаға шыққыңыз келе ме, біз оны біраз күтімсіз етсек те, қазір тіпті жақсы боп кетті", - деді. Лаврецкий бақшаға шыққанда көзіне алдымен түскені, бір шақта Лизаның соншалық бақытты, қайта оралмас бір сәтті бірге өткізген орындықты көрді; ол қазір қарайып, қисайып тұр. Салған жерден танығанда бұның жүрегі теңі жоқ, тәттілік пен уайымның бірде-біріне ұқсамайтын күйге толды, - ол өтіп кеткен жастықтың, бір заманда қолың жеткен бақытың жайындағы жалынды уайым сезімі болатын. Жастармен бірге аллея бойларын аралады; жөке ағаштары сәл қартая түсіп, көлеңкесі қалыңдапты; оның орайына ұсақ бұталар тегіс көтеріліп, малина күшіне кіріпті, жаңғақ солған екен, айналаның бәрінен ағаштың, шөптің, сирень гүлінің исі аңқиды.
Леночка оқыс айғайлай түсіп, ағаштар қоршаған жасыл алаңға шыға беріп:
- Төрт бұрыш ойнайтын жер мынау ғой, өзіміз дәл бесеу екенбіз, - деді. Бұның ағасы: "сен Федор Иванычты ұмыттың ба, әлде өзіңді санамай тұрмысың" деді. Леночка сәл қызарып қалды. "Федор Иваныч бұл жасында ойнай ала ма" дей беріп еді, Лаврецкий оны қостап:
- Рақым етіңіздер, ойнаңыздар, маған қарамаңыздар. Менің сіздерді қыспайтын болғаным өзіме бәрінен жайлы болады. Ал мені сіздер алдандыру қажет емес; біздей қарттардың әлі сіздер білмейтін және ешбір алданыш оның орнын баса алмайтын бір кәсібі болады, ол естегілер, - деді.
Жастар Лаврецкийді сыпайы, бірақ сәл мысқылшыл жүзбен, әлдебір оқытушының сабағын тыңдағандай естіп болысты да, жаңағы алаңға қарай жүгіре жөнелісті; төртеуі төрт ағаштың қасына тұрып, біреуі ортаға тұрды да, ойындары бастала жөнелді. Лаврецкий үйге қайтып, ас ішетін бөлмеге кіріп, фортепьяноға жақындады да, бір тілін басып еді; әлсіз де болса сондай таза үн шыққанда, бұның жүрегінен жасырын бір орын тепкендей болды: осы нотадан Лемм марқұмның бұны сонау бақытты бір түнде тамаша қуантып тартқан шабытты күйінің алғашқы кезі басталушы еді. Кейінірек Лаврецкий қонақ бөлмеге ауысып, көпке шейін содан шықпады. Лизаны ең жиі көрген бөлмесі осы болғандықтан, оның бейнесі осы үйде әсіресе айқын еске түседі: оның ізі айналасында айқын сезілгендей, бірақ уайым қинайды, ол жеңіл емес, бұнда өлім ойлататын тыныштық та жоқ. Лиза әлі тірі, әлдебір алыста, меңіреу шетте; бұл ол туралы тірі жандай ойлағанмен, бір шақта өзі сүйген қызын танымайды, ладанның түтін толқыны қоршап, сопы әйелдер киімін киген жүдеу әруақ тәрізді бейне бұның көңіліне қонбайды. Лаврецкий ойша: Лизаға қараған қалпымен өзін сондай етіп қараса, дәл өзін де танымас еді. Соңғы сегіз жыл бойында ақыры бұның өміріндегі қайта жаңғыру анық болып өтті. Бұндай жаңғыру көпшілікте болмаса да, онсыз адам анық жақсы адам да болмас еді: ол шынымен өзінің бақыты, өзімшіл мақсаты дегеннің бәрін ойлаудан безген. Ол жуасып, енді несін жасырамыз, жүзі ғана емес, денесі де, жаны да қартайды; кейбіреулердің айтысындай, өзі қартайса да, жүрегін жас етіп ұстау қиын да, күлкі де; өзіне риза болатындар жақсылыққа сенуін жоймаған, тұрақты еріктен айрылмаған және әрекет етуден қажымаған жандар болар. Лаврецкийдің өзіне риза болуға хақысы бар еді: ол анық жақсы шаруа иесі боп алды, шынымен жер жыртуды үйреніп және еңбекті бір өзі үшін ғана істемейтін болды; қолынан келгенше өзінің крестьяндарының тұрмысын да қамсыз етіп, күшейтуге тырысты. Лаврецкий үйден бақшаға шығып, өзіне таныс орындыққа отырды; және осы қымбат жайды, өмірінде соңғы рет рахаттың алтын шарабы қайнап ойнаған бір шараны алсам деп қол созған үйдің алдында отырып, ол бүгіндегі жапа-жалғыз панасыз жолаушы екенін ойлады, бүгінде бұның орнына келген жас буынның қуаныш - дырдуын ести отырып, өзінің бар өмірін шолып өтті. Жүрекке уайым оралды, бірақ ол ауыр емес, ғазап емес: өкінетіні көп, бірақ ұялатыны жоқ екен. "Ойнаңдар, шаттаныңдар, өсіңдер, жас қуаттар" деп ойлайды және бұл ойында дерт жоқ. "Сендердің өмірің алдыңда, сендер бізден жеңілірек өмір кешесің, біздерше қараңғы тұман ішінде, өз жолын алысумен, бір жығылып, бір тұрумен іздеу болмайды; біз аман қалсақ деп тырысатынбыз және қанша жандар аман қалмай жойылды. Ал сіздер іс етуге, қайрат етуге міндеттісіздер, сонда біздей қарттардың тілек, батасы сендермен бірге болмақ. Ал мен бүгінгі күннен соң, мынау сезімдерден соң сіздерге соңғы рет қош айтып, мұңды болсам да, ешбір қызғанышсыз, ешбір қараңғы сезімсіз алдымды тосқан тәңірімді және тірлігімнің соңын көре тұрып айтарым: "есен бе, жалғыздықтағы кәрілік, сөне бер, пайдасыз тірлік". Лаврецкий ақырын тұрып, ақырын жүріп кетті; оны ешкім байқаған жоқ, ешкім бөгеген де жоқ; шат дыбыстар бақша жақтан, биік жөке ағаштарының арасынан бұрынғыдан да қатты естіліп жатты. Ол тарантасына мініп, көшіріне атты қатты айдамай, үйге қарай тартуға бұйырды. Қанағаттанбаған оқушы әлде бізден "осы соңы ма?" деп сұрар. "Ал Лаврецкий кейін қандай болды? Лиза қайтты?" десер, бірақ әлі тірі болғанмен, жер мекенінен кеткен жандар туралы не айтамыз, оларға несіне ораламыз. Естуіміз ше, Лаврецкий Лиза жай тапқан сонау алыс монастырьге барып, оны көріпті. Клиростан клиросқа ауысып, әйел мұның қасынан өтіп кетіпті; жүрісі баяу, барынша мүләйім табынған сопы әйелдің жүрісіндей екен, бұған қарамапты да, тек бұл жақтағы көзінің кірпіктері әнтек қана дір етіп, жүдеу жүзін бұрынғысынан да төмен иіп өте беріпті. Айқасқан қолдарын таспиқ қоршаған бойда бір-біріне қыса түсіпті. Бұл екеуі не ойлап, нені сезісті? Кім білсін, кім айтсын. Өмірде мұндай сәттер, мұндай сезімдер бар ғой... Ондай күйлерге нұсқап қана қасынан өтуден басқа не бар.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру