Мазмұнға өту
Home

Тарих мәні

Николай Александрович Бердяев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Тарих мәні

Николай Александрович Бердяев — «Тарих мәні» (Көркем әңгіме). ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА

ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА

НИКОЛАЙ БЕРДЯЕВ

(Аударған Затов Қ.)

X БӨЛІМ

...ПРОГРЕСС ТУРАЛЫ ІЛІМ ЖӘНЕ ТАРИХТЫҢ СОҢЫ

Метафизика тарихы үшін ілгерілеу (прогресс) идеясы негізгі болып табылады. XVIII ғасырдың соңынан бастап және XIX ғасыр бойы ол Еуропа адамзатының дүние түйсінуінде айқындаушы роль атқарады. Бірақ, ең алдымен прогресс «алдыңғы» қатарлы адам санасының соңғы кезеңінде туындаған өте жаңа идея болғанымен, барлық ақиқаттар тәрізді оның да көне және терең діни тамыры бар екендігін айта кету керек. Ол терең тарихи өмірмен тығыз байланыста болғандықтан, езінің шығу тегінің ежелден пайда болғанын көрсетпей қоймайды. Ілгерілеу идеясын жеткілікті дәрежеде түсіндірілген эволюция идеясымен шатастыруға болмайды. Ілгерілеу идеясы тарихи ілгерілеу мақсатын қамтиды және оның мәнінің айқындалуының осы соңғы мақсатқа тәуелді екенін көрсетеді. Тереңірек айтқанда, ілгерілеу идеясы тарихқа іштей тән емес, яғни тарихқа енбейтін, белгілі бір заманмен, өткен заманның, қазіргі уақыттың және болашақтың кезеңдерімен байланыспаған, бірақ уақыт үкімінен жоғары тұратын, сондықтан да тарихи үдерістің өн-бойында ұяланғанды ғана мәнді деп танитын тарихи процестің мақсатын қамтиды. Бұл идеяның көне тамырлары діни мессиандық болып табылады. Бұл - тарихтың мессиандық шешілуі туралы ескі юдаистік идея, болашақта келетін Құтқарушы туралы, барлық халықтардың тағдырына айналған Израиль тағдырының осы дүниедегі шешілуі туралы, ерте ме, кешпе іске асуға тиіс Құдай патшалығы, кемелділік патшалығы, әділеттілік пен шындық патшалығы туралы идея. Бұл мессиандық және хилиастикалық идея ілгерілеу туралы ілімде секуляризациялынады, яғни өзінің айқын діни сипатын жоғалтып осы дүниелік, дінге қарсы сипатқа ие болады. Ілгерілеу туралы ілім көптеген дінде кездеседі, яғни ілгерілеу діні болған, оны XIX ғасырдың адамдары ұстанған, олар үшін прогресс діні христиан дінін алмастырған деп ауыз толтырып айтуға болады. Өз ұмтылыстары бойынша діни болып табылатын осы прогресс идеясының негізгі ішкі қарама-қайшылықтарын анықтау үшін оған талдау жасау қажет'.

Адамзат тарихының соңғы кезеңінде прогреске деген сенімге күмән келтірілді, прогресс кумирлері тақтан түсіріліп, бұл идеяны сынға алуда көп істер жасалынды. Ілгерілеу туралы ілімдегі ашылуға тиісті негізгі қарама-қайшылығы, менің метафизика тарихымның аясында айқын белгілі болғандай, прогресс туралы ілімнің уақыт мәселесіне - өткенге, казіргі кез бен болашаққа деген жалған қатынасында ұяланған. Ілгерілеу, яғни прогресс туралы ілім, бұл ең алдымен, ғылыми көзқарас тұрғысынан да, философиялық көзқарас тұрғысынан да, моральдық көзқарас тұрғысынан да ақтауға болмайтын болашақты -қазіргі уақыт пен өткеннің есебінен жалған дәріптеу. Прогресс туралы ілім бұл діни тәубешілдік пен сенім, себебі прогресс туралы ғылыми-позитивтік ілімді негіздеуге болмайды, өйткені ғылыми-позитивтік тұрғыдан тек эволюция теориясын негіздеуге болады, ал прогресс туралы ілім тек сенімділік пен үміттің нысаны болып табылады. Прогресс туралы ілім бұл "көзге көрінбейтін зат"- болашақты әшкерелеп ашу, "болашаққа үміт артқандардың хабары"2. Прогресс туралы ілімімен байланысқан осы сенімнің, үміттің арқасында метафизика тарихының ең қасіретті мәселесі — уақыт мәселесін шешу мүмкін емес. Мен метафизика тарихы үшін негізгі болып табылатын уақыт мәселесінің мәнін анықтадым және өткен шақ пен болашаққа бөлінетін уақыттың кеселді табиғатын анықтауға тырыстым. Уақытты уысыңда ұстап қалу мүмкін емес, себебі онда бүкіл шындық тозаңға айналады, жұлым-жұлым болып ыдырап, үзіліп кетеді. Прогресс туралы ілім осы жұлым-жұлым болған қиындының билігінде. Прогресс туралы ілім бойынша адамзаттың бүкіләлемдік тарихи мақсат-міндетері болашақта шешіледі, адамзаттың тарихы мен тағдырының белгілі бір сәтінде жоғары кемелділікке қол жеткізіледі, осы кезде адамзаттың барлық қарама-қайшылықтары жойылып, барлық мәселе шешіледі. Конт та, Гегель де, Спенсер мен Маркс та осыған сенген. Осы болжам-ойлар дұрыс па? Осыған сенудің қандай негізі бар, тіпті, егер бізде мұндай негіз болса да, ол бізде энтузиазмды қалай туындатады, неліктен біз оны адамгершілік тұрғысынан қабылдаймыз және не үшін бұл үміт біз үшін қуанышты болу керек? Бұл үшін еш бір негіздер жоқ, сонымен қатар прогресс ілімінде әлемдік тарих шешімін табады деген көмескі саналық діни үміт ұяланған. Бұл - бүкіл әлемдік тарихтың қасіреті аяқталады деген үміт. Осы қасіретті шешу прогрестің мақсаты болып табылады. Алайда, XIX ғасырда пайда болған прогресс туралы позитивті ілімдерде мұндай діни сенім мен діни үміт басып - жаншылған және саналы түрде теріске шығарылған. Керісінше, прогрестің әр түрлі теоретиктері прогреске деген сенімді, үміт артуды осы тәрізді діни сенімдер мен үмітке қарама-қарсы қойған. Бірақ, егер прогресс идеясындағы осы діни сенімді мүлдем алып тастаса, онда одан не қалады? Неліктен прогресс іштей қабылдана алады? Позитивті түсінілген прогрестің мәні, адам тағдыры шешілетін уақыт ағымында, бір ұрпақты екінші ұрпақ алмастырып, адамзат маған белгісіз және жат шыңдарға қарай жылжып, алға, жоғарғы күйге көтерілуінде емес пе. Бұл күймен салыстырғанда барлық алдыңғы ұрпақтар өзіндік мақсат емес тек бір буын, құрал, сайман ғана болып табылады. Прогресс әр бір адамзат ұрпағын, әр бір адамның бейнесін, тарихтың әр бір дәуірін соңғы мақсат — болашақ адамзаттың кемелділік пен құдіреттілікке, рахаттануға жетуінің құралы ретінде қарастырады, ал онда біздің ешқайсымызға орын жоқ. Прогресстің позитивті идеясын іштей қабылдап, оған діни және моральдық тұрғыдан жол беруге болмайды, себебі бұл идеяның табиғаты сондай, ол өмір азаптарын шешуге, барлық уақыттарда өмір сүрген бүкіл адамзат ұрпақтарының азапқа толы тағдырларының қасіретті қарама-қайшылықтары мен қақтығыстарын шешуге мүмкіндік бермейді. Бұл ілім алдын-ала және саналы түрде қалың халық бұқарасы мен сансыз коп адамзат ұрпақтары, сансыз көп уақыт тізбегі мен дәуірлер үшін тек өлім мен мола ғана бар дейді. Олар жетілмеген, азап пен қарама-қайшылыққа толы жағдайда өмір сүрді. Тарихи өмірдің әлде бір шыңында, барлық өткен ұрпақтың күлге айналған сүйектерінің үстінде шыңға көтерілетін бақытты ұрпақ пайда болады. Толыққанды өмір, жоғарғы шаттық пен кемелділік тек солар үшін ғана мүмкін болады. Барлық өткен ұрпақтар осы рахатқа толы өмірге жетудің, біз үшін жат және белгісіз болашақта пайда болуға тиіс бақытты таңдамалы ұрпақтың тек құралы ғана. Прогресс діні барлық адамзат ұрпақтарын, барлық адамзат дәуірлерін өзінше құндылығы мен мақсаты бар, өз бетінше мәні жоқ, тек болашақтың құралы мен қаруы деп қарастырады. Бұл - прогресс ілімінің негізгі діни және моральдық қайшылығы, ол бұл ілімді іштей қабылдап, іске асыруға мүмкіндік бермейді. Прогресс діні тірі жанды мәңгілік өмір үшін қайта тірілтіп, қалпына келтіру діні емес, ол өлімнің діні. Болашақта шыңдарға көтерілетін және бақыт пен шаттық тек солар үшін дайындалатын ұрпақтардың тағдырын маңдайына азап пен кемелсіздік жазылған барлық басқа ұрпақтардан артық қоюға ешқандай ішкі негіздер жоқ. Ешқандай болашақтағы табыстар өткен ұрпақтардың азабын ақтай алмайды. Болашақта прогрестің шыңына шыға алатын ұрпақтың әлде бір мессиандық тойы үшін барлық адамзаттың тағдырын құрбандыққа шалу адамзаттың діни ар-ұятына кір келтіреді. Болашақ бақытты ұрпақты осылайша құдіреттендіретін прогресс діні - қазіргі уақыт пен өткенге қатыгездікпен қарайды. Ол болашаққа деген шексіз оптимизмді өткенге деген шексіз пессимизммен байланыстырады. Ол барлық ұрпақтардың, қайтыс болғандар мен ата-бабалардың қайта тірілетініне үміт артатын христиандық сенімге тым қайшы келеді. Христиандық идея тарих барлық қасіреттер тарихының, қарама-қайшылықтар тарихының кетуімен аяқталады, оған барлық адамзат ұрпағы қатысады, әр заманда өмір сүрген барлық адамдар қайта тіріліп, мәңгі өмір сүреді деген сенімге үміт артуға негізделген. XIX ғасырдың прогресс идеясы бұл мессиандық тойға бұдан бұрын тіршілік еткен ұрпақтардың қанішерлері болып табылатын бізге беймәлім бақытты ұрпақты ғана жібереді. Болашақтағы бақытты адамдардың ата-бабаларының азапқа толы тағдырын ұмытып, олардың бейітінің басына той жасауы біздің тарабымыздан прогресс дініне деген энтузиазмді тудыра қоймас, бұл тым пасық энтузиазм болар еді.

Уақыт мәселесінің шешілмеуі прогресс теориясының негізгі кемшілігі болып табылады, себебі егер бүкіләлемдік тарих тағдырын, оның қарама-қайшылықтарын шешу мүмкін болса, оған тек уақытты жеңгенде ғана, яғни өткен мен болашақ арасындағы үзікті жалғастырғанда, уақыттың өзара жауласқан және өзара бір-бірін жалмап жатқан элементтеріне ыдырауын тоқтатқанда ғана қол жеткізуге болады. Бүкіләлемдік тарих тағдыры шындығында шешімін табуы үшін уақыттың бұл кесірлі табиғаты түпкілікті жеңіліс табуы қажет. Бірақ прогресс туралы ешбір ілім мұндай үміт арттыратын сенімдерді қамтымайды, өз алдына мұндай мақсаттары қоймайды және олардың мұндай мәні де жоқ. Прогресс теориясы адамзаттың тарихи тағдырын уақыттан тыс мәңгілікте, бір ұдай тұтастықта, тарихтың өз шегінен тыс қарастыруға бағытталмаған. Ол бұл мәселенің тарих ішіндегі уақыт ағымында, болашақтағы уақыттың бір сәтінде шешілетіндігін мойындайды, ал бұл сәт - барлық қалған сәттер үшін жалмауыз қансорғыш, себебі болашақ өткеннің жалмаушысы, осы бір өткеннің қанішері болып табылады. Прогресс мәңгі өмірге, қайта тірілуге емес, мәңгі өлімге, болашақтың өткенді, алдыңғы ұрпақты кейінгі ұрпақты мәңгілік жалмауына айналады. Барлықтың бәрін шешетін рахат-шаттық тек болашақтағы уақыттың бір сәтінде ғана келеді, ал болашақтағы уақыттың кез-келген сәті жұлым-жұлым, быт-шыт, жалманған және жалмаушы - өткенді жалмайтын және болашақта жалманатын. Уақыттың бұл қарама-қайшылығы бүкіл прогресс туралы ілімді кеселді және қажетсіз етеді. Прогресс ілімі XIX ғасырдағы еуропалық адамзат санасының шектелген сипатын, осы уақытқа қойылған барлық шектілікті бейнелейтін XIX ғасырдың уақытша ілімі. Ол белгілі дәуірге сай келеді, онда адамзат тарихы тағдырының шешілетініне деген бұрмаланған көмескі саналық діни үміттің ақиқатын санамағанда, өтпес, мәңгі ақиқат жоқ.

Жердегі жұмақ пен осы дүниелік шаттық прогресс туралы ілімімен және прогреске үміт артумен тығыз байланысты болды. Бұл жердегі жұмақ утопиясы сонымен қатар, тарих соңында Құдай Патшалығының жерде орнауы туралы діни идеяның өңін айналдырып, бұрмалау, яғни көмескі саналық хилиазм болып табылады. Жердегі жұмақ туралы қиял соққы алуда, ой еңбегі оны практикалық тұрғыдан да, өмірлік тұрғыдан да талқандады. Жердегі жұмақ утопиясы ілгерілеу ілімінің негізгі қайшылықтарын ез бойына сіңірді, себебі ол да уақыт аралығында, тарихи процестің аумағында әлде бір кемелденген қалыптың орнау мүмкіндігін болжайды. Ол адамзаттың тарихи тағдыры тарихи күштердің тұйықталған шеңберінде шешілуі мүмкіндігін қабылдайды. Осы шеңбердің ішінде халықтар тарихы мен адамзат тарихы жүзеге асады. Ол бүкіләлемдік тарих қасіретінің имманентті шешілуі және кемелденген қалыптың келуі мүмкін деп санайды. Кез-келген ілгерілеу, яки, прогресс идеясы тәрізді ол да уақытқа деген жалған қатынасқа негізделеді, онда да уақыт қасіреті болашақта шешіледі деген жалған ілім бар. Болашақта іске асуы тиіс жердегі жұмақтың утопиясы (біреулердің айтуынша өте жақын арада орнайды, басқалардың айтуынша жақын арада іске аспайды, қазіргі жағдайда оның принципиалды маңызы жоқ), өткеннің толымдылығын өзіне қабылдамаған болашақтағы кемелділік пен шаттықты ойша елестетеді. Жердегі жұмақ утопиясы бүкіл тарихи процесс тек соны жүзеге асырудың дайындығы, құралы ғана болды дейді. Тарихи үдерістің соңына қарай дүниеге келетін бақытты жандардың көретін рахаты мен кемел өмірі оларға дейін өмір сүрген барлық адамзат ұрпақтарының тартқан тауқыметімен азаптарын ақтайды. Жердегі жұмақты қиял утопиясы осы дүниелік және тарихи уақыттағы өмірдің салыстырмалы жағдайларында адам өмірінің абсолютті күйі орнайтынын болжамдайды. Бірақ анығында жердегі шындық абсолютті өмірді толық қамти алмайды. Абсолютті өмір жан-жағынан қыспақталған, шектелген шындыққа сыймайды. Бірақ жердегі жұмақ утопиясы, егер бұл осыған дейін болмаса, онда бұл абсолюттік әлде не тарихи салыстырмалы шындықта түпкілікті жүзеге асатын сәт келеді деген сенім болып табылады. Ол салыстырмалы тарихи шындықтың шегінен асуды, болмыстың басқа бір күйіне, шектелген үш өлшемділіктен әлде бір төртінші өлшемге өтуді қарастырмайды. Ол осы үш өлшемді кеңістікті тұтасымен абсолютті өмірдің төртінші өлшеміне сыйдырғысы келеді. Оның метафизикалық қарама-қайшылығы да осыда. Бұл ішкі қайшылық оны жүзеге асырмайды, себебі, абсолютті өмірге жетуді жердегі тарихтан көктегі тарихқа өтуден іздестірудің орнына жердегі жұмақ утопиясы адамзат тағдыры осы салыстырмалы жерлік шындықта түпкілікті шешіледі, толығымен үш өлшемділікке (олардың барлық шектілігіне қарамастан) сыйып кетеді дейді және тек көктегі шындықта ғана қол жететін, төртінші өлшемге ғана сыйатын абсолютті кемелділік пен шаттықты соған сыйдырғысы келеді. Әртүрлі әлеуметтік ілімдер мен тарих философияларына тән бұл жердегі жұмақ утопиясына философиялық ой мен діни сана есеңгірете соққы береді. Бүкіл тарихи процестің терең трагедиялық және екі ұшты сипаты біртіндеп айқындала бастайды. Тарихта болашақ ұрпақ өткен ұрпақтан жоғарырақ тұратын кемелділіктің, жақсылықтың жүзеге асатын прогресивті даңғыл жолы жоқ; тарихта адам бақытының прогресі де жоқ, тек болмыстың ішкі бастауларының трагедиялық ашылуы, қарама-қарсы бастамалардың, жарық пен түнектің, құдайылық пен шайтандық жақсылық пен жамандық бастамалары ашылуы ғана бар. Адамзаттың тарихи тағдырының ішкі мәні - осы қарама-қайшылықтарды ашып, айқындауда. Егер адам санасы тарихында әлде бір прогресс бар десек, бұл сананың шиеленісуі, ал ол осы адам болмысының трагедиялық қайшылығын іштен ашудың нәтижесі болып табылады. Бірақ ілгерілік, яғни, прогресс - теориясында бекігендей оң (жақсы, жағымды) тек терістің (жаманның, жағымсыздың) арқасында ғана үнемі өсіп отырады деуге болмайды. Тарихи процесте бастамалар күрделене түседі, ол әртүрлі қарама-қарсы бастамаларды қамтиды. Егер прогресс абсолютті Құдайылық өмірге жақындау деп сенетін болсақ, онда бұдан тарих шыңында дүниеге келетін ұрпақтар Абсолюттілікке ерекше жақын болады, ал қалған ұрпақтар осы Құдайылық өмір көздерінен өте алыста немесе онымен ешқандай байланыста болмайды және тарихтың соңғы ұрпақтарының құралы ретінде ғана Құдайылық өмірмен байланысады деген қорытынды жасау дұрыс емес. JI. Ранке сияқты барлық адамзат ұрпақтары бүкіл тарихи үдеріс барысында Абсолюттілікке өзіндік қатынаста болады, олардың барлығы Құдайылыққа жақындайды - Құдайлық әділеттілік пен Құдайылық шындықта осында деп дұрысырақ болды3. Егер тек прогресс шыңына шыққан ұрпақтар ғана Құдайылық өмірдің құпияларына қанығатын болса, бұл асқан әділетсіздік болатын еді. Прогресс туралы осындай ілімдер Құдайылық мақсаттың бар екендігіне күмән келтіруге итермелейді, себебі бүкіл адамзат ұрпақтарын өзіне жақындау мүмкіндігінен айырып, тек тарих шыңында тұрған ұрпақтарға ғана өзіне жақындауға мүмкіндік беретін Құдай қанішер Құдай болатын еді және адамзаттың басым бөлігіне қатысты оның бойында әділетсіздік пен зорлық-зомбылық қана қалар еді. Осының негізінде Иван Карамазов өз билетін Құдайға қайтарып береді4. Шындығында, осыған ұқсас еш нәрсе жоқ; шындығында әр ұрпақтың оз мақсаты бар, олар келер ұрпақтың құралы мен тәсілі ретінде емес, керісінше өздерін Құдайылық өмірге жақындататын құндылықтарды мен рухани өрлеулер арқылы өз өмірлерінің ақталуы мен мағыналығын айқындайды. Басқа ғасырдың адамдарына қарағанда XIX ғасырдың адамдары Құдайдан алыстап кетті ме?

Прогресс туралы қалыптасқан ілімің түпнегіздерін шайқалтатын ғылыми-позитивтік сипаттағы тағы бір келіспеушілік бар. Егер тарихтағы халықтардың, қоғамдардың, мәдениеттердің тағдырын алып қарасақ, онда осы барлық мәдениеттер, қоғамдар және халықтар өз тағдырында түрлі кезеңдерді - дүниеге келу, балалық шақ, есею, гүлденіп даму және соңында кәрілік пен қартаю, солу мен өлу кезеңдерін бастан кешіретінін көреміз. Барлық ұлы ұлттық мәдениеттер мен барлық қоғамдар қартаю мен өлу процесстеріне ұшыраған. Мәдениет құндылықтары - мәңгілік, мәдениетте өлмейтін бастама бар, бірақ халықтарда тірі организм сияқты тарихта өз тағдырын тамамдап, ажал құшады - өзінің жоғарғы гүлдену кезеңінен кейін олар құлдырап қартая бастайды. Прогресс теориясының ең көрнекі терістелуі ретінде Р.Х.- тен 3000 жыл бұрын тіршілік еткен Вавилон мәдениетін айтуға болады. Ол XIX ғасырдың мәдениетін болжамдаған, тіпті кей жақтарында одан да асып түскен дамудың жоғарғы кемелділігіне жетті. Бірақ ол да ажалынан қашып құтыла алмады, тіпті іссіз жоғалып кеткендей болды. Көп уақыт бойы оның тіршілік еткенін ешкім байқамады, тек археологиялық қазбалар мен көне мәдениетті танудың жетілдірілген әдістері ғана бұл мәдениеттің бар болғанын ашып, панвавилонизммен әуестенуді туындатты. Бұл Э. Мейер сияқты ірі тарихшыны бір бағытты тікке өрлейтін адамзат прогрессінің бар екендігін батыл түрде теріске шығаруға итермеледі5. Мәдениеттің тек бөлек типтері ғана дамиды және осы мәдениеттер бұрын болған мәдениеттердің шыңына жете де алмайды. Бұл ойлардан пессимистік тұжырымдар жасалмауы тиіс. Себебі өз оптимизміңді, өз сергектілігіңді болашақ ұрпақтың маңызын асыра бағалаудан сарпуға және өмірге деген шығармашылығыңды сол арқылы анықтауға болмайды. Олар барлық өткен ұрпақтарға қарағанда анағұрлым нақты деген сенім еш бір нәрсеге негізделмеген. Бұл мәселені тереңірек қарастыратын болсақ, осы шақта (бұл термин өте осал және екі мағыналы, себебі «осы шақ» әр кезде жоқ болады) өмір сүріп жатқан ұрпаққа жататын біздің әрқайсымызды немесе 50 әлде 100 жылдан кейін туатын болашақ ұрпақты біздің санамыз үшін бұдан 50,100 немесе 5000 жыл бұрын тіршілік еткен ұрпақтармен салыстырғанда әлде қайда нақты және құндырақ деп санауға ешбір негіз жоқ. Уақытты осы, өткен, келер шаққа бөліп, болашақ өткенге қарағанда анағұрлым нақты деуге еш негізіміз жоқ. Осы кездің көзқарасы бойынша болашақ өткенге қарағанда анағұрлым нақты (реальды) емес және біздің шығармашылық жұмысымыз болашаққа үшін емес, мәңгі осы шақ үшін жасалынуы керек, онда болашақ пен өткен бір тұтас. Өткен шақ жоқ, ол тек біздің есімізде ғана өмір сүреді, болашақ та әлі келген жоқ, оның болатыны әлі белгісіз. Шын мәнінде өткен шақ болашаққа қарағанда рас нақты және өткен адамдар әлі туылмаған адамдарға қарағанда рас нақты. Болашақ болады және болашақта өмір сүретін адамзат ұрпақтары үшін біз жоғарғы өмірді дайындауға тиіспіз дейді. Осының езі біздің өмірімізге мағыналық, өмірдің шарттылығы мен сергектігін беру керек. Міне, бұл XIX ғасырда насихатталған прогресс дінінің ең өкінішті сандырағының бірі. Шындығында біз болашаққа деген осындай байланыстағы сенімді, үміттерді түпкілікті үзуіміз керек. Біз өзімізді осы шақтың бір сәттілігінен жоғары көтеріп, үзілген осы шақтың ғана емес, ұлы тарихи тағдырдың адамдары ететін өз сенімімізде, өз үмітімізде жұлым-жұлым болған кесірлі уақытты - осы шақ, өткен шақ пен болашақ уақытын түпкілікті жеңіп, ақиқат уақыты - мәңгілікке енуіміз керек.

Біздің барлық сенімдеріміз бен үміт артуымыз мәңгілікте адам тағдырының шешілуімен байланысты болуы тиіс және біз өмірдегі өз перспективамызды үзілген болашақ перспективасында емес, бүтін мәңгілік перспективасында құрастыруымыз керек. Біздің шығармашылық әрекетіміздің жемісі бөлшектелген уақытта қандай болатынын, яғни болашақта қандай болатынын біз білмейміз және шешпейміз. Мұны тек басқа ұрпақтар шеше алады. Бірақ тарихи тағдырымыздың әр кезеңіне, әр сәтінде, мәңгілік пен мәңгілік соты алдында өмірге және тарихи міндеттерге өз қатысымызды анықтау біздің ісіміз. Біз адам тағдыры мен тарихи тағдырды мәңгілік перспективасына қойғанда, болашақ өткенге қарағанда анағұрлым нақтырақ (реальдырақ), ал осы шақ өткен мен болашаққа қарағанда анағұрлым нақтырақ болмай қалады, себебі мәңгілік соты алдында кез келген бөлшектелген уақыт іштей күнәһар және кеселді. Бірақ прогресс діні осы күнәһарлық пен кеселді қасиеттендіргісі және заңдастырғысы келді.

Прогресс туралы ілімнің күнәһарлық қарама-қайшылықтары прогресстің жүзеге аспауының ішкі шарасыздығын және гуманисттің алғы шарттарының жалғандығын ашып, әшкерелейді. Жаңа заман уақытының гуманизмінің негізінде жатқан іргелі бастаулар адамның жүзін мәңгілікке бұрмады, олар адамды осы дүниелік бөлшектенген уақыттың (земное время) тасқынына тастады. Сондықтан олар адам өмірінің тағдырын, адамзат тарихының тағдырын дұрыс шеше алмады. Бұл гуманистік алғы шарттарда ішкі қарама-қайшылықтар мен ішкі кемшіліктер болды, ал олар ерте ме, кеш пе ашылуы тиіс еді. Осы ашылуды мен гуманизм дағдарысы немесе Ренессанс соңы деп атаймын. Гуманистік прогресске одан әрі сенуге болмайды. Прогресс идеясы тарихтың гуманистік кезеңінің ұлы идеясы болды, прогресс иллюзиясы XIX ғасырды түгелімен қамтыды. Діни-ақиқаттық өзегінен айырылған дінсіз формадағы прогресс туралы ілім бұл адам өзіне өзі билік жүргізе алады, өз тағдырын иманентті адами күштер арқылы шешуге қабілетті және құдіретті күштер мен өмірдің құдіреттік мақсатын қажет етпейді деген негізгі гуманистік болжамды тұтас бір жүйе, бүтін бір теория деңгейіне көтеруден басқа ештеңе емес. Егер прогресс туралы ілімде гуманистік алғы шарттардың жалғандығы мен иллюзиялары ашылып жатса да, басқа жағынан алғанда гуманизмнің ешқандай жағымды (оң) нәтижелері болмады деп айтуға болмайды. Мен гуманизмде адамның болашақ тағдыры мен оның тарихы үшін маңызы зор үлкен оң бастама бар деп ойлаймын. Адам өзін өзі гуманистік тұрғыда бекемдеуден (самоутверждение) және езін өзі гуманистік қанағаттандыру сатысынан өтуі керек. Ол өз күшін бостандықта ашып, тәжірибе жүзінде осындай гуманизмнің нені білдіретінін және неге алып келетінін тексеруі тиіс еді. Гуманизмде ез өздігінен оң нәтижелерге алып келе алмайтын адам мүмкіндіктері ашылады, бірақ тарих гуманистік кезеңнен біздің алдымызда тұрған басқа, бірақ әлі белгісіз кезеңге ауысқанда, бұл ашылудың одан арғы адамзат тағдыры үшін үлкен маңызы бар. Гуманистік мәдениеттің рухани өрлеуінде жаңа діни аян мүмкіндігі ашылады. Бұл кезеңнің даналығында өзінің рухани ұстанымдылығы (духоносиость) болады.

Анығында тарих өзге әлемге апаратын жол - оның діни мазмұныны да осыда Бірақ тарихтың өз ішінде қандайда бір абсолютті кемел күйдің орнауы мүмкін емес, тарихтың міндеті оның шегінен тыс жерлерде ғана шешіледі. Тарих метафизикасы осындай негізгі және басты қорытындыға келеді, тарих процесінің ішкі құпиясы да осы. Адамзат бір дәуірден екіншісіне өту барысында тарихтағы өз тағдырын шешу үшін жан таласады. Ол өзі күтпеген нәтижеге келгенде тарих шеңберінен шығар жолдың жоқ екенін сезіне бастайды, сонда адамзат өз міндетін тарих процесінің ішінде шешудің мүмкін емес екенін және тек трансцендентті шешім ғана тарихты тарқата алатынын түсіне бастайды. Уақыт табиғатымен ажырамас байланыстағы тарих міндетін шешу үшін тарихтың барлық перспективасын ішке қарату керек және оны тарихи уақытта жүзеге асыру арқылы шешуге талпынудың орнына оны тарих шеңберінен тыс шығу, тарихтың тарихилықтан жоғарыға (сверхистория) ұмтылысы арқылы, тарихтың тұйықталған шеңберіне тарихтан жоғары күштерді енгізу, яғни жаңа ноуменальді аспан оқиғасының жерлік және феноменальдік құбылысы - Христостың болашақта келуі (грядущего явления) арқылы шешуге өту керек. Тарих метафизикасы келіп тірелетін және сопымен қатар тарих метафизикасының алғы шарты болып табылатын негізгі идея - тарих соңы сөзсіз болады деген идея.

Егер тарихи процеске онда қойылатын міндеттерді иманентті шешу тұрғысынан, оларды уақыттың ішкі ағымында шешу тұрғысынан қараса, онда ең пессимистік, ең үмітсіз нәтижелерге келмеу мүмкін емес, себебі барлық кезеңдегі тарихи міндеттерді осы тұрғыдан шешу талпыныстары түгелімен сәтсіздік ретінде мойындалады. Шын мәнінде, адамның тарихи тағдырында ештеңе орындалмады және ештеңе ешқашан орындалмайды да деп ойлауға негіз бар. Тарихи үдерістің - процестің барысында жобаланған бірде бір ой жүзеге аспады. Қандай да бір тарихи дәуірдің міндеті мен мақсаты ретінде қойылған, қалай болса да іске асуы тиіс идея ретінде ұсынылған нәрсе ешқашан орындалмады. Егер тарихи үдерісті бүтіндей алсақ, онда осы үдерісті жайлайтын түпкілікті сәтсіздік деп онда Құдай Патшалығының орындалмауын мойындау керек, ал егер Құдай Патшалығы тарихи процесте адам тағдырының шешілуі ретінде берілген болса, онда ол бұл тарихи процесте орындалмады және ешқашан Құдай Патшалығының іске асуына жақындай алмады. Егер тарихтың жеке кезеңдерін онда қойылған міндеттерімен бірге алсақ, оларда осы міндеттердің іске аспайтындығының ішкі дертіне шалдықты. Егер біз жаңа гуманистік тарихты тұтастай алсақ, ол түгелдей сәтсіздікке ұшырады, себебі Ренессанс жүзеге аспады және Ренессанстың жаратқанының барлығы оның нағыз міндеттері мен жоспарларына сәйкес келмеді. Ренессанстың христиандық әлем ішінде мүмкін еместігі анықталды -христиандық әлем ренессанстық ой-жобаның тұтастығына қол жеткізбейтін екі ұштылық дертіне шалдыққан, христиандық әлем мазмұнының антикалық мағынада рәсімделуі мүмкін емес. Өз алдына діни бостандықты нығайтуды ұлы мақсат ретінде қойған, алайда діннің қирауына алып келген Реформация да, бауырластық, теңдік және бостандық орнына XIX ғасырдың буржуаздық қоғамын орнатқан француз революциясы да осындай сәтсіздіктерге ұшырады. Революция XIX ғасыр бойы барған сайын айқындала бастаған қарама-қайшылықтарды тауып, француз революциясы идеологиясының бар жалғандығын түбегейлі ашып, әшкереледі. Теңдіктің, бауырластық пен бостандықтың орнына теңсіздік пен адамдардың бір-бірін жек көруінің жаңа түрлері ашылды. Біздің дәуір өмір сүретін негізгі идеялар мен міндеттер де орындалмайды деп дәл осылайша алдын-ала сенімділікпен айтуға болады. Іске асыруға талпынып жатқан социализм де ешқашан жүзеге аспайды. Мүмкін, біз аяқ басқан тарихи кезеңде социализм үлкен роль ойнайтын да шығар. Социализм өзін жүзеге асыру тәжірибесі барысында социалистер талпынғаннан мүлде басқа нәрсе болып шығады. Ол социалистік қозғалыс қойған міндеттерді жүзеге асырмайтын адам өмірінің жаңа ішкі қарама-қайшылықтарын ашады. Ол еңбекті байланыстыру арқылы Маркс қол жеткізгісі келген адам еңбегінің азаттығын ешқашан іске асырмайды, ешқашанда адамды байлыққа, теңдікке жеткізбейді, керісінше адамдар арасындағы жаңа дұшпандықты, жаңа алауыздық пен қанаудың бұрын соңды естімеген жаңа түрлерін тудырады. Социализммен бәсекелесетін анархизм де жүзеге аспайды. Ол ешқандай тұсауды білмейтін өзі насихаттаған шексіз бостандықты ешқашан жүзеге асыра алмайды, керісінше ол одан өткен құлдықты ашады. Анығында, тарих ауқымында бірде-бір төңкеріс орындалмады, себебі егер төңкерістер халықтар тағдырындағы маңызды сәт болса да, бүкіл алдыңғы тағдыр итермелеген және оның әрі қарай іске асуын туындатқан шарасыз ішкі сәт болса да, олар ешқашан оларға таңылған міндеттерді шешпеді - бұл ешқашан болмаған және болмайды да. Ақыр соңында тек тарихи сәтсіздіктердің ұлы тәжірибесі ғана жемісті болды, өйткені онда адамзат үшін жаңа бір нәрсенің ұшы ашылатын. Әдетте, адамдар жоспарлап, болжаған, ұмтылған нәрседен мүлдем басқа бірдеңеге қол жеткізетін. Әдетте революциялармен бірге көптеген теріс көріністер орын алып, адамзат қоғамы кері кетсе де, олар жаңа бір нәрсе ашылатын, бастан кешірген тәжірибені ой елегінен өткізетін реакциялармен аяқталатын. XIX ғасыр басындағы рухани реакция осындай революцияның ең жақсы нәтижелерінің бір болды. Онда рухани қайта жаңғыру процесі басталды. XIX ғасыр басының маңызы зор болғанымен, бірақ ол революцияның өз алдына қойған әлеуметтік мақсаттарына сай болмады. Ол ол ма -дүниежүзілік тарихтың өзегін құрайтын және тарих мағынасын шешудің кілті болып табылатын, адамзат тарихындағы жаңа дәуірді ашқан және барлық тарихи тағдырды анықтаған ұлы оқиға - христиандық туралы айтуға болады, сондай-ақ христиандықтың тарихы да үздіксіз ұлы сәтсіздік деп айтуға болады. Христиандықтың көптеген жаулары христиандыққа үлкен қарсылық ретінде христиандықтың жер бетінде орындалмағандығын және орындалуы мүмкін емес екендігін көре алмаушылықтан айтады. Бірақ бұл туралы басқа рухани ұстамдылықта және оған мүлдем басқа мағына бере отырып та айтуға болады. Расында тарихтағы барлығының орындалмағаны сияқты, христиандықта тарихта орындалмады. Христиандық сенім мен христиандық сана қойған міндеттер 2000 жыл барысында ешқашан орындалмады және осы біздің уақыт аралығымызда, осы тарих аумағында ешқашан орындалмайды, себебі олар тек уақытты жеңгенде, мәңгілікке өткенде және тарихты тарихилықтан жоғары үдеріске, яғни процеске өту арқылы жеңгенде ғана орындалуы мүмкін. Бірақ тарихтың сәтсіздігі тарихтың мағынасыздығын, оның ішкі қажетсіздігін және бос әурешілдігін білдірмейтіні сияқты, христиандықтың сәтсіздігінің өзі оның ең жоғарғы ақиқатына қарсы тек әлсіз дәйек бола алады. Христиандықтың сәтсіздігі христиандықтың жоғарғы ақиқат екендігін теріске шығармайтыны және оған қарсы дәйек бола алмайтындығы сияқты тарихтың сәтсіздігі тарихтың бос кеңістікте іске асатынын және мағынасыздығын білдірмейді, өйткені ақиқат пен мағыналылықтың белгілері ретінде сәттілік пен тарихи іске асуды, иманентті орындалуды көрсету талпынысы өз өздігінен шарасыз болып табылады. Тарих пен табиғатынан тарихидың барлығы сондай, олар өзінің уақыттық ағысында кемелденген күйінде іске асуы мүмкін емес. Бірақ тарихи тағдырда ашылатын ұлы тәжірибенің орындалғанынан, іске асқанынан тыс терең мәні бар. Ол тарих ауқымынан тыс жерлерде ашылады. Тарихи уақыт шегінде біздің көзімізге ауыр тиіп, ойсыратып тастайтын осы дүниелік сәтсіздік, әлде бір о дүниелік түпкілікті сәтсіздікті білдірмейді, ол адам мен адамзат өз тағдырларында, өзінің тарихи өмірінде ұмтылатын барлық іске асырулардан шексіз асып түсетін өздерінің жоғарғы мүмкіндіктерін іске асыру үшін дүниеге келгендігіне меңзейді. Реформалардың мен революциялардың және бүкіл «тарихилықтың» барлық сәтсіздіктері өз тағдырын осының барлығы іске асқан шындықтан анағұрлым жоғары, анағұрлым абсолютті шындықта тамамдауға тиіс адамның бөлшектеніп кеткендігін білдіреді. Егер христиандық тарих шегінде өз өздігінен сәтсіздіктерді бастан кешірсе, онда бұл христиандықтың сәтсіздігін білдірмейді, өйткені бұл бар болғаны өте кемелденбеген сөз тіркесі, біздің тіліміздің кемелденбегендігін әшкерелейтін сөз берілісі, - шындығында бұл христиандықтың, тозақ қақпасы жеңе алмайтын христиандықтың мәңгілік абсолютті ақиқатының сәтсіздігі емес. Бұл кез келген салыстырмалы әлемнің, кез келген салыстырмалы жұлым-жұлым болып бөлшектелген уақыттың сөзсіз сәтсіздігін, жерлік шындықтың шектелген сәтсіздігін білдіреді. Бұл Құдайдың сәтсіздігі емес (осы дәйекті христиандыққа қарсы бағыттайтындар осылай ойлайды), адамның сәтсіздігі. Адамның сәтсіздігі өз мүмкіндіктерін мәңгілік уақытта, іске асыруға талпынған шындықтан анағұрлым жоғары шындықта жүзеге асыру үшін туғандығын білдіреді. Христиандықтың сәтсіздігіне негізделген қарсы дәйек екі есе ұсқынсыз, себебі христиандық адамзат өз тарихында алдымен христиандық ақиқатқа опасыздық жасады, осы опасыздықты жасаған соң ол христиандық іске аспады деп христиандықты жала жауып, оған шабуыл жасай бастады. Бірақ христиандық оған қарсылық білдіргендер одан бастартқан соң іске аспады. Бұл дәйектің екі ұшты жалғандығы осылай пайда болады.

Адам өмірінің салмақ орталығын езге әлемге аударғанда ғана әдемілікті осы дүниеде жасауға болады. Адамзат осы дүниедегі ұлы сұлулыққа алдына таза осы дүниелік мақсаттарды қою арқылы емес, осы әлем шеңберінен тыс мақсаттарды қою арқылы қол жеткізді. Адамзатты өзге әлемге тартқан сол талпыныс табиғаты реалистік емес, әрқашан рәміздік сипатта болатын бұл әлемде болуы мүмкін бірден бір жоғары сұлулықта көрініс тапты. Егер түпкілікті реалистік іске асу тек уақыт шеңберінен тыс, тарих шеңберінен тыс әлде бір жоғары шындықта мүмкін болса, жоғары шындық белгісі ретіндегі рәміздіктің осында, осы жерлік шындықта іске асу мүмкін. Бұл ең алдымен өнер табиғатынан түсінікті болады, себебі өнер адам шығармашылығының шыңы ретінде, өзінің ең жоғарғы көрінулерінде рәміздік сипатқа ие, өнердің осы рәміздік жетістіктері адамның әлде бір өзге, анағұрлым жоғары шындық үшін туғандығына меңзейді.

Мен, жерлік тарихтың бастамасы ретінде аспан тарихы туралы айтып содан соң жерлік тарихқа ауысқанымда, мен адам тағдырының барлық иірімді қасіретін екі түрлі аянның -Құдайдың адамға бергем аяны және адамның жауап ретіндегі аяны болатындығына құрастырдым. Болмыстың бар қасіреті бұл Құдай мен адам арасындағы ішкі еркін қатынастардың қасіреті - Құдайдың адамда, адамның құдайда туындауы, Құдайдың адамға ашылуы және адамның Құдайға ашылуы. Адамның барлық тарихи тағдыры Құдайға деген осы қарымта аянмен қамтылған; адам өзінің шығармашылығында, тарихи тағдырында Құдайдың аяндарына жауап береді. Бірақ адамның қарымта аянының терең ішкі мағынасы оның еркіндігінде жасырынған. Құдай адамның еркін ашылуын, оның еркін шығармашылығын ғана қалайды, бұл оған Құдайдан берілген және тек осы ғана Құдайдың адамға деген сағынышына жауап болып табылады. Құдай адамнан еркін шығармашылық құлшынысты күтеді. Бірақ адамзаттың тарихи тағдырында, нақты бір адамның тарихында еркіндік жолынан қысылтаяң мен қажеттілік жолына түсу жиі болып тұрады. Католиктік немесе византиялық мәжбүрлеу теократиясының азғыруынан күштеп бағындыратын социализмнің азғыруына дейінгі адамзаттың барлық тарихы азғыруларға толы. Бостандық жолы ауыр, әрі қасіретті, себебі шындығында, бостандық жолынан өткен жауапты, бостандық жолынан өткен батыл және қасіретті ештеңе жоқ. Мәжбүрлеу мен қажеттіліктің кез келген жолы - анағұрлым жеңіл, ауыртпалығы аз жол. Міне сондықтан, адамзат өзінің тарихи жолдарында үнемі еркіндік жолынан күшпен бағындырудың азғырған жолдарына тайып кетеді. Бұл діни өмірде де, діннен тыс өмір де орын алады. ұл азғыруды Достоевскийдің «Ұлы Инквизитор туралы аңызда»6 тамаша ашады. Ұлы Инквизитор барлығының бақыты үшін адамдардан бостандық ауыртпалығын алып тастағысы келеді. Бұл азғыру өткен уақытта тарихи инквизицияны, ал осы уақытта социализм дінін тудырды. Социализм діні бұл бостандық жолын күштеп бағындыру жолына ауыстыруға, адамнан қасіретті бостандық ауыртпалығын алып тастауға негізделген Ұлы Инквизитор діні болып табылады. Бостандық бастамасы мен күштеп бағындыру бастамасының күресіне толы, үнемі бір бастаудан екіншісіне ауысып отыратын тарихи драмасы осыған негізделген.

Бірақ, егер прогресс туралы ілімді теріске шығарсақ, егер болашақ ұрпақты құдайдай қастерлемесек, егер болашақта үнемі өсіп келе жатқан жағымды жақсылықты, оң жарықты, оң кемелділік пен шаттықты көрмесек, онда болашақ тарихи тағдырдың ішкі мағынасы неде, тіпті бұл мағына бар ма? Христиандық философия үшін бұл сұраққа жауап беру қиынға соқпайды, себебі христиандық тарих философиясы, негізінен апокалипсистік емес бола алмайды, өйткені кіші евангелиялық Апокалипсисте7 және Әулие Иоанның аяндары - үлкен Апокалипсисте құпиялы тарихи тағдырдың рәміздері берілген. Апокалипсистік аяндар тарихтың аяқталуына бағытталған және Апокалипсис барлығы оз шешімін табатын тарих соңының аяны болып табылады. Апокалипсистік тұрғыда тарих метафизикасы болашақтың екі ұштылығын ашады, Болашақтағы Христостың келуімен аяқталуға тиіс христиандық жақсылық күштерінің өрбуін де, антихристтың келуімен аяқталуға тиіс христиандыққа қарсы зұлымдық күштерінің өрістеуін де ашады. Антихрист - тарих метафизикасының мәселесі. Антихрист бұл адамзат тарихының бастапқы сатыларынан мұраланған ескі зұлымдықтың келуі емес, бұл жаңа зұлымдық, өткен зұлымдықтан да қорқынышты алда келе жатқан ғасырдың зұлымдығы. Болашақты бұрын соңды болмаған жамандық пен жақсылықтың, шайтан мен Құдайдың, жарық пен қараңғылықтың күресі күтіп тұр. Тарих мағынасы осы қарама-қарсы бастамаларды ашу, солардың күресінде, екі бастамалардың түпкілікті қасіретті күресінде. Антихристтық бастама адамзатты осы келеңсіз уақытта кідір деді және оны «осы дүниеге», осы болмыстың шектелген жоспарына байлап-матайды, езіп-жаншиды. Бірақ, Апокалипсис рәміздік және имманентті тұрғыдан түсіндірілуі тиіс. Сонымен христиандық тарих философиясы болашақта жақсылықтың ғана емес, сондай-ақ жамандықтың да, христиандық бастамалардың ғана емес, антихристиандық бастамалардың да өрістейтіні, тіптен, қорқынышты емес және бұл тарихтың ішкі мағынасын теріске шығара алмайды, себебі христиандық аяндар нақ осы туралы айтады. Бұл тарихтың аяқталуы туралы христиандық аяндардың ақиқаттылығын дәлелдейді. Сыртқы Апокалипсис бар болғаны адам рухының ішкі Апокалипсисінің шартты рәміздік көрінісі және онда болмыстың терең тағдыры туралы емес, тек біздің әлемдік эон тағдыры туралы айтылады.

Мен неден бастағаныммен аяқтатқым келмейді. Мен осы дүниелік тарихқа ауысу үшін аспан тарихының алғы сөзінен бастадым, ал енді осы дүние тарихынан қайтадан тылсым дүние тарихына ауысуым керек. Тарих тек осы жағдайда, егер ол аяқталатын болса ғана оң мағынаға ие болады. Мен өз кітабымда ашуға талпынған тарихтың бүкіл метафизикасы, сезсіз тарихтың соңын сезінуге әкеледі. Егер тарих шексіз процесс, нашар шексіздік болса, онда тарихтың мағынасы да болмас еді. Уақыт қасіреті шешілмейтін, ал тарих міндеті жүзеге аспас еді, себебі тарихи уақыт ішінде оның орындалуы мүмкін емес. Тарихтың негізінде жатқан адам тағдыры тарихтан жоғары мақсатты, тарихтан жоғары процесті, тарих тағдырының тарихтан жоғары өзге, мәңгілік уақытта шешілуін болжамдайды.

Осы дүние тарихы қайтадан тылсым дүние тарихына енуі керек, өткен ғасырлар қойнауында, дүние өмірінің түп бастауында осы дүниені тылсым дүниеден бөліп тұратын шекараның болмағаны сияқты қазір олардың арасындағы бұл шек жойылуы керек. Мифтер бізге о дүниелік пен осы дүниеліктің бастапқы тұтастығы туралы айтады. Сол сияқты тарих соңында «осы дүниенің», біздің осы дүниелік шындығымыздың тұйықтылығы жойылады. Біздің әлеміміздің эоны ескіруде, оны басқа әлемдерден бөліп тұрған қабық пісіп жетілуі асқан жемістің қабығындай жарылып түсуде. Апокалипсис бұл туралы терең тылсымдық - рәміздік түрде жеткізеді. Уақыттарды байланыстырып тұрған жіптер үзілуде, әлемдік шындықтың тұйықталған шеңбері тіршілігін тоқтатуда; оған шындықтың өзге баспалдақтарының қуаты құйылуда, біздің әлемдік уақыттың тарихы аяқталуда және сол себепті ол мағынаға толысуда. Біздің өміріміздің жеке күні өз өздігінен мағынасыз, біздің өміріміз оның барлық күндерінің бір-бірімен байланысқанда ғана мағыналы болады.

Тарих жеке адам тағдырының, Достоевский шығармашылығының даналық ашылымдарының тақырыбын құрайтын тағдырдың мәселелерін шеше алмады, ал тарихтың бүкіл метафизикасы сонымен байланысты еді. Жеке тағдырдың бұл мәселесі тарих шегінде шешілмейді, тарих шегінде жеке тағдырдың әлемдік тағдырмен, бүкіл адамзат тағдырымен қайғылы қақтығысы шешілмейді. Сондықтан тарих аяқталуы тиіс. Әлем адамның жеке мәселесі шешілетін асқан жоғары шындыққа, сондай тұтас уақытқа енуі тиіс, адамның жеке тағдырын және оның әлемдік тағдырмен қайғылы қақтығысы сонда ғана шешімін табатын жолға түседі. Тарих, ең алдымен - тағдыр және тағдыр ретінде, қайғылы тағдыр ретінде түсінілуі тиіс. Кез-келген қасірет тәрізді қайғылы тағдырдың да соңғы, барлығын шешетін актісі болуы керек. Қасіретте катарсис (тазару) сөзсіз болады. Біздің уақытымызда тарих шексіз дамуы алмайды, оған табиғи құбылыстардың заңдылығы тән емес, өйткені тарих бұл тағдыр. Тарих метафизикасының соңғы қорытындысы мен соңғы нәтижесі осындай. Тарихтың барлық кезеңдерінің барысында біз қадағалауға тиіс болған адамзат тағдыры тарих шегінде шешілмейді. Тарих метафизикасы бізді тарих шегінде шешілмейтіннің барлығы тарихтан тыс шешіледі деп үйретеді. Бұл тарихтың мағынасыз емес екендігінің, оның жоғары мағыналығының үлкен дәйегі. Егер ол тек имманентті жерлік мағынада болса, онда ол дәл осы жағдайда ол мағынасыз болар еді, себебі уақыт табиғатымен байланысқан барлық негізгі қиыншылықтар шешілмес еді немесе барлық шешілулер сөз жүзінде ғана шешілген сияқты болып көрінетін, жалған болып шығар еді. Осындай салыстырмалы пессимистік тарих метафизикасы болашақты асыра қастерлеумен байланысқан иллюзиялардан қол үзеді, прогресс идеясын теріске шығарады, бірақ тарихтың барлық азаптары мәңгілік перспективасында, мәңгілік шындық перспективасында шешіледі деген біздің үмітіміз бен сенімізді нығайтады. Тарихтың бұл пессимистік метафизикасы сөздің соңғы және терең мағынасында, барлық тіршілік үшін сүреңсіз және тек ажал құшағына тартатын прогресс туралы оптимистік ілімге қарағанда әлде қайда оптимисті.

Әлде бір ішкі жылжу, ішкі қозғалыс іске асуы керек, одан соң бүкіл әлемдік тарих Рух тереңдігінен сыртқа лақтырылғандай бәрін жалмап жоятын уақыт ағысының келешегінде емес,- мәңгілік келешектігінде, яғни, тылсым дүние тарихының келешектілігінде көрініс береді.

Түсініктемелер

1 Көп жағдайда «прогресс туралы ілімді» баяндауында және сынауында Н. Бердяев 1903 жылы «Прогресс теориясының негізгі мәселелері» атты мақаласын жарыққа шығарған С.Н. Булгаковқа сүйенетіні күмәнсіз. Қар: Булгаков С.Н. Труды по социологии и теологии. Т.1. От марксизма к идеализму. М., 1997. 108-146 6.

2 Яғни, анығында - діни сенім, өйткені, «сенім - күткеннің іске асуы және көз көрінбейтінге сенімділік» (Әу. Апостол Павелдің Еврейлерге хабары. 11 тарау. 1 өлең.)

3J1. Ранкенің бұл идеялары оның «XVI-XVI1 ғасырлардағы Рим папалары, олардың шіркеуі және мемлекет» атты зерттеуінде көрініс тапқан.

4 Бұл жерде Иван Карамазовтың: «...Үйлесімділікті тым қымбат бағаладық кіргеніміз үшін осынша төлеуді қалтамыз көтермейді. Сондықтан өз билетімді қайтарып беруге асығамын... Мен Құдайды мойындаймын... бірақ билетті Оған 122 ізеттілікпен қайтарып беремін» деген сөздері еске түседі. (Достоевский Ф.М. Шығармалардың толық жинағы. Т. 12. СПб., 1895.291 б.)

5Қар: Мейер Э. Тарихтың теориялық және методологиялық мәселелері. М., 1904.

6 Н.А. Бердяевтың түсіндірмесінде «ұлы инквизитордың азғыруы» адамдар бақыты үшін бостандықтан, адамзат үшін Құдайдан бас тартуда» (Бердяев Н.А. Жаңа діни сана және қоғамилық. М., 1999. 61 б.)

7 «Кіші Апокалипсис» дегеніміз синоптикалық Евангелиялардың эсхатологиялық тараулары деп біледі. ( Матфейден 24 тар. өлең 3-44; 21 тар. өлең 7-36;). Нақтырақ қар.: Булгаков С.Н. Екі қала. Қоғамдық мұраттар табиғаты туралы зерттеулер. СПб., 1997 228-237 б.

Бердяев Н. Смысл истории//Новое средневековье.

- Москва. Канон, 2002. - С. 182-202.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙