Мазмұнға өту
Home

Шығармалар жинағы 4 том

Қалижан Бекхожин

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Шығармалар жинағы 4 том

Авторы: Қалижан Бекхожин

Қалижан БЕКХОЖИН ШЫҒАРМАЛАРЫ ЖИНАҒЫ 4-ТОМ Алматы УДК 821. 512. 122 ББК 84 (5 Қаз)-5 Б 39 Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді. Құрастырушылар: Зайда Бекхожина, Мирасгүл Бекхожина БЕКХОЖИН Қ. Шығармалар жинағы. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2014. ISBN 978-601-03-0202-0 Т.4. - 380 б. ISBN 978-601-03-0256-3 Айтулы ақын, қазақ поэзиясының дүлдүлі Қалижан Бекхожин шығармаларының бұл томына “Қамбар ағай“, “Дала комиссары“ сияқты поэмалары, балладалары, дастандары еніп отыр. Қарынды қаламгердің эпикалық шығармалары қызғылықты оқылады.

УДК 821. 512. 122 ББК 84 (5 Қаз)-5 ISBN 978-601-03-0202-0 © «ҚАЗақпарат», 2014 ISBN 978-601-03-0256-3 Б 39

ПОЭМАЛАР МЕН ДАСТАНДАР

СЕРІ КҮЙШІ (Дастан) ҚОРҚЫТПЕН ТІЛДЕСУ ПРОЛОГ Сырдың бойын жебелеп Мен келемін, Ұшқан құспен жарысты, Желді өлеңім. Екі шектей тартылған Қос келісті Күйді шерткен қобызға Тең көремін. Ата жырдың бұл дария Бастауындай. Ерке өзен жоқ түзімде Басқа мұндай. Шалқар дала көркі ғой: Кербез дария Шолпы таққан сұлудың шашбауындай. Сары атандай маңқиған Төбе, дөңдер, Қалып жатыр қиырда. Дөңгелеп жер, Поезымен жарысты...

Оздым алдан, Құшақ жайды, Көк майса, көлбеген бел. Жасыл жаға Аясы абат гүлі. Моншақ тізіп мәуеден. дарақ тұрды. Жайлаулардан жайнады ауыл, қыстақ, Төбесіне айдардай Қадап туды. Өрлеп өттім өлеңмен мың асуды. Асқақтатып ақ шашты бұл басымды, Өлеңіммен тербетіп әлдилеймін, Шадыман шақ сәбиі – Мирасымды. Көне мола – мұрасы баяғының, Дархан далам Халқыма ая бүгін. Бұрынғының абызы – азагер ғой, Қасіретпен тұсаған баяу үнін. Ата қырым, сүйемін аспаныңды. Жыршыңмын ғой арынды, асқақ үнді. Дәуірімнің жұлдызы – жас ұрпаққа Бастаймын «Бақыт-наме» дастанымды. Бұл неткен ащы дауыс шыққан түннен? Поезым шайқалды ма?

Селк еттім мен. Дария жағасында – көне мола, Күңіренді маған күнмен, өктем үнмен: «Ей, түсігім! Масайрап сен Мұнша неге көкисің? Қияға сен Қырандай серпілмей, Қасыңдағыны Қарғадай шоқисың. Дүрмектен думан өріп, Күрмектен торғын тоқисың. Маңғазсың! Беймазасың. Отты күймеге мініп, Өрттен ұшқан Жалындай гулейсің. Алыстағыны аңдап білмейсің, Шым-шытырық әлемің, Сұм сойқандар жүр ғой торлап. Солардың шуын Құлағыңа ілмейсің. Ұлысыңның арманын толғап, Азасын шеккен Абыздарды неге тілдейсің? Мен, Ат жалын тартып мінгеннен Жұртыңа ата атандым. Сарнамай саған түннен, Көрімде қайтып жатармын? Сен сонша неге әуейісің? Сұрапылы көп әлем исін, Мен көрде жатып сеземін.

Жұрт тағдырын көп ойлап, Көрге кірдім мен бейбақ. Енді сенің кезегің...» Кенеттен күрмелді күй, үн үзілді. Мүлгіді қайран күйші мұңы зілді. Әлде мен түс көрдім бе, ояумын мен, Күй тербеп, заулатқандай поезымды. Сол үнге көрден шыққан ұйып мүлде, Кеудемді тебірентті күйі түнде. Мойнымды созып поезд әйнегінен, Бас иіп, тауап еттім бейітіне. Жасымнан күйшілермен сырлас жаным Күй тербеп, еміренді бұл дастаным. Әйгілі Қорқыт ата – сері күйші, Пірімдей билеп мені жыр бастадым. Халқымның сүйсінемін аңызына, Сақталған қызық сырлар ауызында. Сол аңыз қаламымды жебеледі, Дем беріп, бұл дастанды жазуыма.

БІРІНШІ ТАРАУ ХАН САРАЙЫНДАҒЫ ТОЙ Ябид хан отыр гулеп ордасында. Сақшылар сайып-қыран тұр қасында. Серісі той-думанның Қорқыт қайда? Ол – ханның уәзірі де, қолбасы да. Ябидтің сауық-сайран ермегі де, Желіккен сұрқылтайлар дүрмегіне. Тойы бұл құдалықтың, жалғыз қызын Ұзатпақ оғыздардың бір бегіне. Ябид хан ұнатады даңғазаны, Айқарды Жанкенттегі дарбазаны. Әуейі сұрқылтайлар шуылдасып, Мақтады той жасаған ханзаданы. Ару ма мадақтайтын ханның қызы? Хан үшін – жайнап тұрған таң жұлдызы. Жиналды шартараптан өңшең даңғой, Кең қырдың топыр болды шаңқан дүзі.

Келер жол өрген талдан босатылды, Төседі айналаға масатыны. Ябидтің дабылымен үркіп қырдан, Аңдардың шулары да қоса тынды. Хан қызы, оранғаны – үлде-бүлде, Тойына масайрады елтіп мүлде. Шулаған қыз-қырқындар, Шерғұт отыр Елірмей өзгелердей, шерлі түрде. Шерғұт қыз – қарындасы Қорқыт ердің Бірі емес қыз-ойнаққа желіккеннің. Түйіліп отыр Шерғұт сыртқа қарап, Ойымен қырқаларын шолып белдің. Ал ханның сұрғылт қызда жұмысы не? Ол ырза мәз-мереке той ісіне. Жарысқа жүз ат қосты, озғанына Бір қалта ділдә тігіп бәйгесіне. Мәз болды жиналғандар қызды қоршап, Шашылды шашу болып күміс-моншақ. Орданың бағындағы желпілдеген, Көтерді тойдың шуын құстар аңсап.

Тербетіп сырнай-керней ырғақтары, Сайрады сандуғаштар гүл бақтағы. Мәз болды қалыңдық пен мырза күйеу, Сұлулар түлкілердей бұлғақтады. Құбылып жанат бөрік қыз басында, Жайнайды інжу-маржан алқасында. Еркелеп күйеуіне шұлғыса қыз Жарқ етер алтын, жақұт сырғасы да. Бұл тойдан өзіне сый көздеген көп Құр қалар сол сыйлықты сезбеген тек. Жүз жігіт тартысып жүр көк бөріні1 Хан меңзеп жүлдесіне қыз берем – деп. Ханның бұл әуселесін сезді Шерғұт, Білсін бе хан айласын сезбеген жұрт. Есіне түсіп өткен хан кесірі, Шерғұт қыз қапелімде кетті сергіп. Бар еді Шерғұт қыздың сүйген жары, Келбетті, әсем еді түр-ажары. Шерғұтын бөбегіндей әлпештеген Әрқашан жұбайына құштар жаны. Қытымыр ханға дәйім айыпкер көп, Қарайды жан-жағына жайып өрмек. Жұмсады Шерғұттың сол сүйіктісін, Бір жұртты сый бермеген «шауып кел!» – деп. 1 Көкпар деген сөз – көк бөріден шыққан.

Бұйрық қой, Кетті жігіт шабуылға, Ол жұрттың қарамады шағымына. Жасағы ойран етіп қыстақтарын, Айналды айналасы сары құмға. Озбыр хан момын елді жазалатты. Шекті жұрт жойқын күштен жан азапты. Сол елдің ер жігіті найза сұғып, Өзі де сол шайқаста қаза тапты... Шерғұттың елестеді сүйіктісі, Өртенді от түскендей күйіп іші. Масайрап отыр гулеп тойшыл тобыр, Өзгеден Шерғұттың тек суық түсі. Жар іздеп қарамады басқа жанға, Болмады үміті де тосқан алда. Жанашыр жан ағасы жалғыз Қорқыт Демейді қарындасын бастап алға. Ойларын Қорқыт аға кетті бөліп, Булықты мәз-мереке топты көріп. Ордадан кетейін деп ұмтылғанда Ябид хан қыздың ойын кетті бөліп:

– Сен неге ақ ордамнан жылысасың? Тойыма жоқ па сенің ықыласың? Жар құшып отыр айдай әппақ қызым, Кең жайып сендейлерге шұғыласын. Жарыңды жұттың ерте – жесірсің сен. Әлі де желігің бар, кесірсің сен. Не іздейсің? Ер емессің жауға шабар Көкисің, далада тек есіп жүрсең. Уәзірім, сұрқылтайым – Қорқыт ағаң, Бұйырсам – әмірімді ол құптаған. Несіне абыржимын, жұртым тыныш, Байлықпен толықсыды шалқып далам. Хан сөзі шамдандырды Шерғұт қызды Жорыққа жігерленген шырқын бұзды. Айтты қыз: – Ойламайсың аңғалақ хан Жаулардан қорғайық деп жұртымызды. Күңгейден жөңкіліп жүр ауған аңдар, Өріп жүр өрімізде абжыландар.

Көрмейсің, үрке қашып лашығынан, Қу жонда қаңғырып жүр сорлы жандар. Білмейсің сол сұмдықты көзбен шолып, Жатырсың мешел жандай үйде шөгіп. Кенеттен ойбайларсың аңғал ханым, Жыландай қабырғаңды жұлса сөгіп... Шерғұтқа «Жоғал!» – деді ашумен хан, – Кім сені мені мұнша басындырған? Жолама енді менің сарайыма, Аулақ жүр, жылан өрген асып қырдан! Кетті қыз оқты көзбен атып ханды, Ызаның кеудесінде оты жанды. Семсерін сермеп мінді бедеуіне, Сұстанды, қас батырша қатуланды. «Жау бар – деп Қорқыт аға сезікті ме? Расымен шапқыншыға кезікті ме? Кетпедім бірге неге ер ағаммен, Ол шалған жағын жаудың кезіп бірге? Ағасы кеткен бірге жұбайымен, Тең бе ол ер ағама? Сынайын мен.

Қалайша баурап алды қыпшақ қызы Жақұтты ләззатымен, шырайымен?» Шерғұт қыз бедеуімен кетті жортып Жорықтан бөгелмейтін жаны қорқып. Расымен кездесті ме қалың жауға, Қайда жүр жан ағасы – батыр Қорқыт? ЕКІНШІ ТАРАУ ЖОРЫҚТА ЖҮР ЕР ҚОРҚЫТ Қасында жасағы бар сезгір Қорқыт Ыстық жел соққан белді кезді жортып. «Бөрі жоқ десең – шығар бөрік астынан» Кеудесін сақтық деген сезім шертіп. «Тәңір-ау, оба желі соқты қайдан? Араб қой көкмайсамды еткен ойран. Кешегі гүл шалқыған орманымда Бақандай теректер тұр тек сорайған. Шолды ол шөлейттерді жел жосыған, Алдынан құйын соқты аласұрған. Арабтың шолғыншысы – бір топ ләшкер Құйынның шыға келді арасынан.

Айқасты Қорқыт шапшаң сол жасақпен, Шаңдатып майса қырын басып өткен. Жалаңдап оғыз-қыпшақ әулетіне, Аузын аждаһадай ашып өткен. Қорқытқа шапқыншылар – «бағын!» деді. Арабтың алласына табын!» – деді. Егер сен бас имесең, ел-жұртыңды Өртейді соққан улы жалын желі». Күңгейден соққан оттан ауып аңдар. Жеріне өріп келді әбжыландар. Қартыңды, ұл-қызыңды шағар болар, Күпінбе, бұл қатердің артын аңғар! Ер Қорқыт бұл бұйрыққа бас имеді. Бұрқанды көк дауылдай ашу-кегі. Тап берді арабтарға жасағымен Өзі де бұл айқасты тосып еді. Жарқылдап найзағайдай найзалары Дүркіндеп дүрліктірді айдаланы. Талай бас ұшып түсті қаққан доптай, Жер құшып жатыр өксіп жайрағаны. Дулыға, кіреукесі құрсанғаны, Қорқытқа найза мен оқ дақ салмады. Сұлатып арабтардың жойқын тобын, Дөңесте батыр Қорқыт алшаңдады.

Ойлады: «Енді бір сәт тынығайын, Апыр-ау, қайда жосып жүр жұбайым?» – Жары ғой жауынгердің найза сілтеп, Жүретін жорықтарда бірге дәйім. «Тәңір-ау, жел жұтты ма, жер жұтты ма? Қашты ма әлде жаудан үркіп қырға? Жорыққа – серік болып бірге шапқан, Қайда жүр қарындасы Шерғұтты да? Атына мініп, қырды кетті шолып, Адырда жыландар жүр қаптап өріп. Жапанды кезіп Қорқыт тапты бір кез, Жұбайын бір төбеде жатқан өліп. Атынан Қорқыт жерге құлап түсті, Қасына қосағының жылап түсті. Жарының жылан шаққан жарасына, Ағылған көздің жасын бұлап түсті. Қасынан қалмай дәйім еріп жүрген, Қобызды сұрап алды серігінен. Қобызды шертіп Қорқыт күңіренді, Бар қызық жөнелгендей өмірінен. Қорқыт күңіренді: Күңіреніп күй шерттім, Күйігімен мұң-дерттің, Күйді жаным шарпылып, Алауына көп өрттің. Көп қорыған жеріме Әбжыландар қаптады.

Шықты арабтар өріме, Гүлімізді таптады. Күңірен күй, күңірен! Сарна қобыз, тебірен! Тыңда жұртым зарымды: Жылан шақты жарымды. Айналамды жау басты, Басар жерім тарылды. Адырымның өрлері Жыра-жыра ор болды. Жайлауымның кең белі Қазылған көп көр болды. Тасқа тиіп найзамның Өткір тісі майрылды. Ортасында ойранның Қалдым шертіп қайғымды. Басқа салды шеңгелді, Тәңірге мен жаздым ба? Қан жосыған көрлерді Мен жатсын деп қазды ма? Қайда жүрсің Шерғұтжан? Сол көрлерді көрейін Көз жасыммен құм илеп, Қосағымды көмейін. Қайда жүрсің Шерғұтым, Қалған жалғыз серігім. Қобыз – енді бар құтым, Ол – тиегі шерімнің. Сарна-сарна қобызым, Қасіреттің шерт күйін Кеудемдегі қайғымды, Мұңлы күймен серпиін.

Соны айтып шертті Қорқыт күйік, зарын, Тербелді көкейінде күйлі сарын. Бусантып көз жасымен топырағын, Арулап көмді көрге сүйген жарын... * Отырды көр басында шерлі Қорқыт, Жарының аза күймен зарын шертіп. Зарлы күй шалынды ма құлағына, Күңгейді барлап жүрген келді Шерғұт. Сезді қыз аза күйін ағасының, Қалайша қиды көрге жанашырын? Ағасын құшақтады еңіреп қыз, Көзінің жасқа булап қарашығын. Екеуі жылап-сықтап тынды бір сәт, Қиын шақ, көп жылауға жоқ қой мұрсат. Шерғұт қыз мәлім етті ағасына: «Арабтар айналаны алды қоршап. «Жасағың» өзің құрған қара басып, Бытырап шартарапқа кетті қашып. Сахара, тынысы кең өлкемізге Есіп тұр оба желі отын шашып.

Ябидтің хан сарайын жалын шолып, Өртеніп ақ ордасы жатыр жанып. Қызын да, күйеуін де өрт қуырып, Өлтірді ханның өзін жылан шағып. «Ағатай, жүр кетелік, ая мені, Соғып тұр күнгей жақтан оба желі. Кетейік кезіп қырды, қандай екен Жұртыңның кең жайлауы, құба белі?» Сөзіне қарындастың еріп, толқып, Жер тарпып тұрған атқа мінді Қорқыт. Қасында үзеңгілес қарындасы, Екеуі жазықтарға кетті жортып. ҮШІНШІ ТАРАУ ҚАЙДА БАРСА ҚАЗЫЛҒАН КӨР Қорқыт пен Шерғұт кезді сары жапанды, Соғып тұр, ыстық дауыл серпіп шаңды.

Көрді олар сол жапаннан – көрді қазып, Айрылып туысынан зарлағанды. Қарт ана көр басында отыр зарлап, Жас қызын өлтіріпті жылан арбап. «Тәңір-ау, не жаздық біз? Жұртымызды, Жылан мен оба дерті жатыр жалмап. Азасын күймен шертіп сорлы ананың Жазығын кезді Қорқыт сары даланың. Бел асса, көрді көрді Қорқыт – бүкжең шалды, Баласын көміп жерге зарлағанын. «Кетейік, – деді Шерғұт, – Шиеліге Бау-бағы жұртымызға киелі де. Жемісі шипа шығар оба-дертке, Шыршасы медет болар сүйенуге. Барса сол Шиеліге жатыр жайрап, Гүл бақ жоқ, тұрған кеше бұлбұл сайрап. Әр тұста жатыр қазып терең көрді, Айрылған туысынан жұрты бейбақ, Жазықты шолайын деп өрге шықты: «Тәңірім, ел-жұртыма неге өшікті?» –

Деп кезсе ой мен қырын даласының, Алдынан қазылған көп көрлер шықты. Естіді елдің зарлап еңірегенін, Өртеп тұр оба желі қыр белеңін. Тұрмаймын қырсық жерде, кетейінші, Мекенім өзге жақта енді менің». «Барайық, – деді Шерғұт, – Сыр бойына, Сол өзен көптен бері жүр ойымда. Жұртымның сусындаған дариясы, Тамылжыр шербеттей боп таңдайыңа». Шерғұттың мақұлдады сөзін Қорқыт, Жорықтан тартынбаған безіп, қорқып. Алыстан тамсандырған дарияға Күй шертіп екі сері кетті жортып. Дария жағасына дүркін жетті, Суымен жуынайын деп күйік-дертті. Саумалдай жұтты Қорқыт Сырдың суын Сыр шертіп, күйін қайта дүбірлетті: «Уа, дариям, толқисың, Жайнап шербет суындай. Жарқыратып шолпысын, Кердеңдеген сұлудай. Сылаң қағып тасисың Моншақ атып толқының Алдыңа кеп бас идім, Жаңа күймен толқыдым.

Кірсін үнің кеудеме, Нөпіріндей шалқысын. Нөсер күймен күңірене, Сай-сүйегім балқысын. Бұл күйімді тыңдайтын Осы таңда жан бар ма? Тебіренемін, жырлаймын, Ұшқан құс пен аңдарға». * Отырды ол жағада, Қыл қобызы безілдеп. Жұртым өскен далама, Қоштасар бұл кезім деп: – Еркетайым Шерғұтжан, Қосыл күйге, ән шырқап. Жиналсын жұрт жан-жақтан Тосын әнді таңырқап. Бұл дария қасында, Өлсем мейлі, разымын. Айтар талай ғасыр да Ата Қорқыт аңызын. Қарындасым, ән шырқа, Арқа, белдер тыңдасын. Жетсін даусың асуға, Шалсын биік шың басын. Теңселді әнші Шерғұт тебіреніп, Күйіне ағасының еміреніп. Шалқыды сылдыр қағып Сырдың суы, Шерғұттың даусына демеу беріп.

Сол бір ән асулардан асып кетті, Қырдағы құйындарды басып өтті. Аспанда аққу, қаздар ұйып әнге, Торлаған көктің бұлтын ашып өтті. Аңырап қыз даусына қырда аңдар, Теңселді ақмаралдар, кер бұландар. Ағылды Сырға қарай Арқа жақтан, Даусын әнші қыздың тыңдағандар. Ән мен күй алшақтарға жетті гулеп, Ән тербеп естігенді, күй әлдилеп, Қорқыт пен Шерғұт қонған дарияға Сексен қыз Сарыарқадан келді билеп. Қосылды қыздар әнге, күй сазына Үндесті Шерғұт қыздың сыр-назына. Ағасын аймалаған наз даусымен, Таң қалды қарындастың сырбазына. Аяғын ағасының отыр сипап, Қорқыт қой еңсегейлі, ұзын сирақ. Қарады көзін қадап келген жұртқа, Алыстан күңіренген күйін тыңдап.

Көтерді шерлі басын, кең иығын, Шолды ма өмірінің әр қиырын? Бұрқ етті аза күйі қобызынан Шертті ме қайран сабаз көрдің күйін? Кенеттен асау жүрек соқты тулап, Дарияға қобызымен кетті құлап. Толқынға сүңгіп бірге қарындасы, Ағасын алып қалды боздап жылап. Ағасын құшақтады, сипалады. Саңғырап әнді енді шырқамады. Көз жасын жаңбырлатып Сыр суына, Қайғысын шертті жұртқа қырқадағы. Шерғұтты қорқынышты сезім буды, Шырайы ағасының тез құбылды. Мүсіркеп кең маңдайын сипағанда, Аһылап, қайран Қорқыт көзін жұмды. От түсті Шерғұт қыздың жүрегіне Ағасы – серігі де, тірегі де. Қасына түсті құлап, жатты сұлап, Туыссыз қу тірліктің керегі не? «Кірейін, жан ағаммен көрге бірге, Қызық жоқ енді маған қу өмірде.

Қазайын көрді ағама, өзіме де, Тентіреп жетім қыздай жүремін бе?» «Кірейін, жан ағаммен көрге бірге, Қолына күрек алды көр қазғалы. Басында өлім деген ой маздады. Жібермей көр қазуға шерлі жанды, Алдында келген қыздар ойқастады. Көтеріліп оны төрт қыз құшақтады. Аузынан қайғы жалын будақтады: «Еркетай, жыламашы, ая өзіңді, – деп еді, Шерғұт бірақ тіл қатпады. Шошыды Шерғұт жүзін қыздар көріп, Өшіпті от жүрегі мәңгі сөніп. Зарлады шашын жайып сорлы қыздар, Шерғұтты Қорқыт жатқан көрге көміп. Күйшінің зар қобызы қалды адыра, Амал не ажал жазған сұм тағдырға. Қорқыт пен қарындасы Шерғұтты да Арулап көмді жұрты бір қабырға. Қобызын жас ұрпаққа қалды сақтап, Жүрсін деп шертіп оны күйін бастап. Қорқыттың ұрпағының бірі мен ғой, Жырыммен парызымды жүрмін ақтап.

Өзім де өлең-жырға ақсақалмын. Ізімен жортқамын жоқ басқалардың. Бірімін поэзия тұлпарының, Жарыстың келем мен де бастап алдын. Пір күйшім, қабырыңда жатшы тыныш, Күй беріп, әулетіңе таптың тыныс. Бұл кезде зиратыңа тауап еткен Көбейді күмбезіңді баққан туыс. Жыл сайын келем сенің бейітіңе, Кеудемді күйлеріңмен кеңітуге. Жүйкемді жұлып жаздым бұл дастанды, Енді сен, мазалама төніп түнде...

CОҢҒЫ САЙРАН Ақан сері туралы аңыз-дастан Аулақта қызық думан, алтыбақан, Ауыл жоқ айналада алқа-қотан. Күрсінсе сақалына жас тамшылап, Қоскөлдің жағасында отыр Ақан. Жағасын бұлт басқандай қарайған маң, Үстінде сағым да жоқ арайланған. Құс та жоқ, қыбыр да жоқ өңірінде, Оқшау көл, көшкен жұрттай қараң қалған. Іңкәр жан дулы тойға, тамашаға, Қалайша қапаланды бұл тасада? Өксігін өмірінің өткізді ол, Ғайбатсыз, ғадауатсыз оңашада. Ол айға, жұлдызға да қарамады, Осы көл, болса-дағы тар алабы, – Көрінді шермендіге шер төгетін Қайғы-мұң кесесіндей даладағы. Адыра, адырлы тау бүркіт ұшқан, Ая жоқ ән шырқаған, қызды құшқан. Мылқау ұл, меңіреу там, тымырық көл, Ақанға болды бәрі бір зымыстан.

Түлкі жоқ бұлаңдаған құба белде, Қаусаған әлдеқашан Құлагер де... Бір күнде Көкжендеті болды ғайып, Күйреді асылдарға құмар пенде. Жасынан құштар еді әдеміге, Сүйсінген махаббаттың әлегіне. Сұңқардай самғап еркін, сейіл құрған, Сері жан сауық-сайран әлемінде. Дамылсыз тебіренген қызға бола, Пір еді-ау, жаны дархан бозбалаға. Табынған сұлулыққа сәби ақын, Сүйсінген үні сырбаз сазға ғана. Келетін қызды ауылға баса-көктеп, Мәз ойнақ еркелігін жасап өктеп. Ақанның дауысы шықса бір төбеден, Алдынан қыздар шыққан қошеметтеп. Ән салса, әсем даусы адыр асқан, Сырымбет – Көкшетаумен жамырасқан. Садақтай ән зулатқан қайсар жағын Қазірде әжуалап селеу басқан. Кигені сусар бөрік, шәйі шапан, Сал жүрген зияпатпен шалқып Ақан. Бұл кезде қу ағаштай жапырақсыз, Өмір ғой, «басы бапан, соңы сапан». Дәурені қызық еді-ау аңыздардан, Алғысты алды талай сал қыздардан.

Патшасы думан-тойдың қайран сабаз, Бұл күнде жетімек шал жалғыз қалған. Енді не? Есін алған қандай үміт, Сүр арман жаңғырды ма қалған ұмыт? Бір сәуле көрінді ме? Өзі қайда, Жарқ етпей жасырынды қайда бұғып? Есіне келді сайран – асқан шағы, Қыз – түлкі, өзі қыран асқардағы. Сексен қыз қоңыр қаздай тізілгенде, Ақтоқты – аққудай ғой аспандағы. Әлде түс, әлде елес, әлде өң бе? Сол аққу ғайыбынан қонды көлге. Шала шоқ жүректегі қайта маздап, Ләззаттың үмітімен жанды кеуде. Ашынса махаббатпен әл тая ма? Асыл ер жас келсе де жантая ма? Сезімге сергек еді серің әлі, Ақынның жаны сірә, қартая ма? Жүгірді күн батқанда көл жағалап, Бір елес... не керемет, болды ғажап? Ақтоқты су түбінен ымдағандай, Шерлі жан тұңғиыққа төнді қарап. Телміріп көлге солай қарай берді, Жағаға бір кеш емес, талай келді. Есіне өшкен үміт, өлген ару, Өмірдің ақшамында қалай келді?

Аруға әдеті жоқ жаза құрған, Арманын талай қыздың аза қылған. Кіді ақын кінәлі еді Ақтоқтыға, Күйді жан өкініштің азабынан. Өтсе де оған көп жыл, өршіп сол шер, Алысып албырт арман өксіген ер, – Кешірмей бөбек қыздың еркелігін, Сілтеген сұлуына сері семсер... Кетпеді жүрегінен сол бір қайғы, Сонау шақ көрген түстей бұлдырайды. Көл жым-жырт, күбір тыңдап телмірсе де, – Қара бұлт жапты, міне, күңгірт айды. Жетті ме соңғы бір сәт толғанатын, Жайғанда айналаға түн қанатын, – Жебеу ғып қу таяқты тақылдатып, Бейуақта бебеу қақты мұндар ақын... «Қыз қайда бұл жалғанда Ақтоқтыдай, Соны ойлап көп қайғыға баттым мұндай. Талдырып өзегімді орта жолда, Аузымнан ақ алмамды қақты құдай. Махаббат – әулие деп сенген едім, Қайда екен періштедей сол бөбегім? Қарыспай сыңғыр қолым, қапыда сол, Қалқама қанжар неге сермеп едім? Ол кезде біздің көңіл қайда жатты? Он бесте толықсыған айда жатты.

Айрылып шолпанымнан өр қиялым, Ойран боп суы терең сайға батты. Көшті ғой гүл өспейтін жайға жазым, Өзіңді әлдилеген қайда назым? Таусылып дұғаларым, қыз арбаған, Бүктедім махаббаттың жайнамазын. Қалайша қайрылмадың, қалқа бала? Мынау көл сол сырыңды айта ала ма? Отырмын қаным мұздап, жаным сыздап, Қаусырап қалды қазір қаңқам ғана. Бұл күнде жапырақсыз жырым жұрдай, Бағым жоқ бүршік атқан бұрынғыдай Арқандап арманымды тартты құздан, Ақынға әлмисақтан қырын құдай. Дыбыссыз қу терекпін, сыны кеткен, Қасымда бір қайың жоқ сыбыр еткен. Көкшетау теңселетін шіркін сонда, Екеуміз ән шырқасақ Сырымбеттен. Қайда сол сен жұлдыздай жайнаған шақ? Айлы түн, алтыбақан ойнаған шақ? Махаббат бағында мен түн қатқанда, Қайдасың, өзің сәулем, жайған құшақ? Әндетіп, ел жайлауын кезіп өттім, Төрінен төрелердің безіп өттім. Сыңсыса қалқаларым торға түскен, Араша айтып жырды безілдеппін.

Қияға ләззат құсы ұшқаны ма? Ұшқыны қалмады ма құштарымда?» Қайран қол ақ төсіңді аймалаған, Қалтырап қу таяқты құшқаны ма? Қайнары қызығымның суалды ма? Біржола ынта гүлі қуарды ма? Жалыны жүрегімнің сөніп мәңгі, Қаусай ма махаббатқа құмар тұлға? Арманның үздім жібін, бітті сенім, Алшымнан айрылдым да бүк түсемін. Қайда сол құрышымды шымырлатқан Аруым, жалын атқан от төсегім? Бұл күнде жұрты көшкен қу даламын, Молада зікір салған дуанамын, Қараңғы түнде бір шоқ жылтыраса, Ақтоқты сен екен деп қуанамын. Кенет бір ұша қалса құс шырылдап, Тұсымнан өтсе баяу жел сыбырлап. Сенің наз үнің бе деп аңырамын, Теңселем түнек түннен күбір тыңдап. Сөндірсін, тәңір мейлі, ай-жұлдызын, Мақшарда тілемеймін үрдің қызын. Болар ем фанидегі бақытты жан, Ақ сәулем көрінсе бір нұрлы жүзің. Нәріңмен жанның шерін жуайыншы, Сәжде ғып етегіңе жылайыншы.

Сонау бір күнәм үшін, перизатым, Қуарған сақалымды жұлайыншы. Уа, құдай, иманыңды ал, нәпсімді бер, Жанымды сайтанға сат, жас қып жібер. Жарқ еткіз Ақтоқтымды түнек көлден, Қанатын қайта түлеп қақсын жігер. Тірліктің ләззат деген уын іштім, Ұстаймын етегінен ібілістің. Елһамсыз, не зауықсыз өмір зая, Кештім мен тұңғиығын күйініштің. Айрылдым адуынды албастымнан, Бақсыдай безек қақты, адасты жан. Қызық пен қызуы жоқ суық тірлік, Мұғаллақ қу басыма қапас, тұман. Қайдасың жын-перісі қыз-ойнақтың? Қасынан қашқаны ма біз бейбақтың? Ошағы от думанның өшкені ме, Бұл күнде аңсап соны мұздай қаттым. Жылтырап түнгі шоқтай мынау жалған, Арбайды сыйы бардай маған қалған. Періштем, ғайыбыңнан шықшы бері, Сөнген жоқ жүрегімде сол бір арман. Тәңірі дүлей түннің жын-перілер, Түнектен сәулешімді жіберіңдер! Немесе тамұғыңа, шеру тартып, Жетектеп алып мені жөнеліңдер».

Осыны айтып Ақан еңкілдеді, Моншақ жас сақалына мөлтілдеді. Қу таяқ қолындағы қобыз болып, Өршіді долы саздың серпіндері. Алпұрыс алқымдады серпілгелі, Асқынып ақын жыны еркіндеді. Алысты әлегімен қиялының, Албырт жан махаббаттың өртіндегі. Кенет бір сілкінгендей жым-жырт, жан-жақ, Аспанда жарқылдады жұлдыз самсап. Шымырлап көлдің беті, тереңінен Сылаңдап шыға келді қыздар ән сап. Сұр жаға алақайлап айын күткен, Теңселіп билеп кетті қайың біткен. Апырау қайың емес – қыз-келіншек Серінің сұлулары дәйім күткен. Сексен қыз шыққан мынау серуенге, Әйгөлек алқа тұрып керілгенде, – Ақтоқты ақтотыдай жайды қанат, Жүгірді есі кетіп сері пенде. Таяғын домбыра ғып шертіп берді, Кәрі жын баяғындай бұрқап келді. Сексен қыз сыңсығанда сері даусы, Шайқады көк дауылдай шырмап көлді. «Ақтоқты, ауызыңнан бал беріп ең, Күлкіңді өміріме сән көріп ем.

Серіңді адастырып келдің қайдан, Сені ойлап жын соққандай сенделіп ем? Ақтоқтым, ашшы жылдам құшағыңды, Сыйы жоқ сенсіз өмір құса қылды. Сағындым наз үніңді, қалқашым-ау, Сағындым сенің нәзік гүл шағыңды». «Серім-ау, киігі едім құба белдің, Бұл көлге семсеріңнен құлап өлдім. Зарыңды күңіренген естідім де, Сілкініп су астынан шыға келдім. Сұңқарым, ұмыттым ғой сол кінәңді, Кетіп ең қиындатып сал құланды. Сағындым, әуеніңді сұңқылдаған, Бұлбұлым, шырқашы бір сол бір әнді...» Кеудесі кетті кеңіп ақ аспандай, Шерлі жан ақылынан адасқандай. Жүйткітіп қоя берді бұлбұл әнін, Сұлудың бәйгесіне таласқандай. Серпілді Құлагері таң асқандай, Шертілді қасіретке қапас таңдай. Ауылы Сырымбетке жаңа қонып, Тоқтымен жаңа ғана жарасқандай. «Ауылым қонды Сырымбет саласына, Ғашық болдым ақсұңқар баласына. Бидайыққа лайық қарағым-ай, Бөктергіге жем болып барасың ба?»

Телміріп тотысына елтіп Ақан, Керемет көрініске алқына таң, – Бұлаңдап ерке қыздар, жас қайыңдар, Алдында тербеліп тұр алтыбақан. Па, шіркін! Алтыбақан ырғалады, Сылдырап қыздың шолпы, сырғалары, Ақанның әнін шырқап сұлу біткен, Сырттағы жігіттерге ым қағады. Ынтықса, несіне қыз бұлданады? Ырысын махаббаттың кім қағады? Сұлуын сүйе берді Ақан солай, Ызыңын дүниенің тыңдамады. Ғашықтың құшағына елтіп батты, Жымыңдап сансыз жұлдыз жымың қақты. Аймалап қалқатайын балқи берді, Сырылды түн пердесі, таң да атты. «Ал серім, еркелеттім сені ұзақ түн, Түнектің түлегімін, күнге жатпын. Кетемін өз аяма, көл түбіне, Бұл кезде су сылаңы – перизатпын». Ән салсаң тербеледі биік құздар, Қалайша кетті сені қиып қыздар? Біле ме қадіріңді, қасиеттім, Шот маңдай, шолақ желке сиықсыздар? Мен әлі сені сабаз, жарым деймін, Отыңды маған жаққан сөндірмеймін.

Саған мен – бақилықпын, ардагерім, Көз жұмсаң – қабырыңда әлдилеймін. «Таңыңды тамашамен атырайын, Ләззаттың рахатына батырайын. Күн шықпай жоғаламын, кешке мені, Тылсымдай әніңді айтып шақыр дәйім». Уа, ғажап, деді солай, болды ғайып, Құшағын қайран сері қалды жайып. Шолп етті көл түбіне сексен қыз да, Көгінен зымырады жұлдыз тайып. Күн шықты, масайраған түн жоғалды, Думаны қыз-ойнақтың тына қалды. Түксиді бұлғаңдаған жас қайыңдар, Сипалап Ақан тұрды құба талды. Ол мең-зең, түнгі елес тұр иықтап, Көңіл мас, махаббаттың уын ұрттап. Елесін аңсап әлгі перизаттың, Құшақтап құба талды қалды ұйықтап. Ал, ымырт басқан кезде айналаны, Жаңғыртты, Ақан әнмен айналаны. Сексен қыз сықылықтап шықты көлден, Аруын сері тағы аймалады. Білмеді – қыз-ойнақ па, жын ойнақ па? Осылай түндер өтті бұл аулақта. Дауасын ескі дерттің тартты солай, Делбедей басы дел-сал ауған шақта.

«Өткізді пері қызбен нелер кешін», – Деп аңыз еткен екен ел еркесін. Топас топ жынданды деп гуілдепті, Ақанның көзі көрмей көлеңкесін. Нали ма дулы тобыр назды сазға, Сондай көп сұрқиямен ол араз да. Ақынды тебіренсе – жынды дейтін. Әлі де арамызда ездер аз ба? Сондайлар сүрінсең де қуанады, Ақынның сұлулық қой ну алабы. Аққуды айдын жүзген түсіне ме, Даланың көде кезген дуадағы. Сондайлар серіге де жапқан жала, Сол болды жүрегіне батқан нала. Жалғыз-ақ махаббатқа иді жанын, Дәурені сайға терең батқанда да. Әншіл жұрт сүйіктісін мұндай төтен, Есалаң деуге, сірә, қимайды екен. Көзінен көргендерден сері жайлы, Таңырқап сол ғажапты тыңдайды екен. Тымық көл кейін талай тулайды екен, Қайыңдар қанаттарын бұлғайды екен. Ақанның асқақ даусы жаңғырығып, Әндетіп қыз-келіншек шулайды екен. Осынау ғаламатты мүлде бөтен, Сол кезде әккі көздер көрген екен.

Серінің моласына пері қызы, Құпия кейін талай келген екен... Осылай жұртымызда аңыз қалған, Естідім ата жырау, абыздардан. Лебізін әкелердің жұтып өстім, Жыршымын ел сүтімен ауызданған. Сол сырдан кеудемде күй төгілгенде, Қоскөлдің жағасына келдім мен де. Бұл маңда сері де жоқ, пері де жоқ, Жұмысқа жұмылған жұрт бұлың белде... Отырдым көл басында бір кеш қана, Айнала – сол серімен тілдес дала. Көзіндей Ақтоқтының жаутаң қағып, Жырымды тыңдап отыр Бикеш бала. Сен түсін, қарындасым, сері мұңын, Өзім де сол мұңдардың серігімін. Жоқ емес бөктергілер бұл күнде де, Көп ойлап бақытымды шерулімін. Ақанның көтерейік жырын көкке, Ақынның еске сақта сырын төкпе! Қалың жас ән шырқады қосылайық, Жүр, қалқам, сері жүрген Сырымбетке. Гүліндей өскен жаңа бұл даланың, Сендерге сүйсінемін, қуанамын. Бақытты қалқа бала, кел шырқайық, Ақанның аянышпен туған әнін.

«Ауылым қонған Сырымбет саласына, Ғашық болдым ақсұңқар баласына. Бидайыққа лайық қарағым-ай, Бөктергіге жем болып барасың ба? Қарындас-ай, енді есен бол!...»

СЫРДАРИЯ КӨКПАРЫ Баллада (Қазіргі аңыз) Көктен атқан жасындай, Аптығы бір басылмай, Арқыраған дария, Құм даланы қыдырып, Желден озған жүгіріп, Асыққандай жарына, Үрке қашқан асаудай, Екпінін бір баса алмай, Әлденеден үріккен, Таудан өрген тағыдай, Төтеп соққан дауылдай, Келе жатыр бүлікпен. Алып жартас алдында, Арқа тосып ағынға, Жатыр сұлап көлденең. Бұзып-жарып жартасты, Талай қырдан әрі асты, Көк телегей селменен. Қырдың көкше белінде, Ақша қардай көріне, Жатыр шалқып мақта гүл. Сол мақтаны егілген, Күннің ыстық лебінен, Бір сұлу қыз сақтап жүр. Он жетіде жасы бар,

Он жеті өрім шашы бар, Өзбек қызы Шырын ғой. Көзі қара сиқырлы, Өзі гүлдей сүйкімді, Өзектің ол нұры ғой. Басында бар тақия, Әлдекімнің атына, Кестелеген алтынмен. Кімде екен үміті, Қайда екен сол жігіті – Жұрттан асқан даңқымен. Арасында ақша гүл, Толықсыған бақта жүр, Мақта бағып сол сұлу. Моншақ атып алыстан, Сағым қуып жарысқан, Келе жатыр толқын су. Сылдыр қағып, су шалқып, Моншақтай бір көз тартып, Көрінді өзбек қызына, Сол толқынды моншақтай, Ұстауға бір құшақтай, Қыз жүгірді қызыға. Түсті сұлу толқынға, Қыз түскен соң толқын да, Ақты баяу тасымай... Гүл бақшама сұлуым, Тартып жатыр Сыр суын, Қызығы бір басылмай. Қыздың мақта гүліне, Жатыр толқын төгіле, Моншақтай бір шашылып.

Тағы келдім ағымға, Көк толқынды тартуға, Өзбек қызы асығып, Соған бейне долданып, Өзен өрен толғанып, Жел шақырып ысқырды, Жел жүгіріп қасынан, Тақиясын басынан, Суға ұшырып түсірді. Толқын тулап атыла, Көкпар болып тақия, Кете барды сумен тез. Жалындады қыз кегі, Ызаланып сөйледі, Жарқ ете қап қара көз: «Ей, дария, дүлейім, Көріп сені күлемін, Қайда әкетіп барасың? Барымта алып жолшыбай, Аптығың бір басылмай, Қайда тулап ағасың? Аққаныңмен құтырып, Кете алмайсың құтылып, Ұсталып бір қаларсың. Сені жеңген батырға, Арнап едім тақия, Кім ұстаса, сол алсын! Жеңілгенде басылып, Толқын моншақ шашылып, Сол батырдың жеріне. Күндей күліп барамын, Гүлжазира даланың,

Бәйшешегін теруге». Желмен ойнап жүгіріп, Ел біткенді қыдырып, Кетті қыздың сәлемі, Су үстінде атыла, Алтын айдай тақия, Дөңгеленіп келеді. Тақиялы толқынды. Ұстаймын деп ұмтыла, Талай жігіт қырдағы. Бірақ асау дария, Толқын атып жарына, Ұстатпады, зымырады. Көктем дауыл шақырып, Түйдек-түйдек атылып, Кете барды толқындар, Дейді: «Мені бөгейтін, Күшін маған тежейтін, Қандай ғана батыр бар?» Айтып соны ағындап, Толқынменен дауылдап, Келе жатыр долдана, Алыста су сағынған, Елестеген сағымнан, Жатыр байтақ кең дала. Шөліркеген сол дүзден, Бетін күнге күйгізген, Өрт ашулы жас жігіт, Сол дария сыйғандай, Жатыр қазып терең сай, Тауды бұзып, тас тіліп. Көзі түсті тасқынға,

Келіп қалған қасына, Айдаһардай атылып. Сол тасқынға атылған, Қарсы ұшты жас ұлан, Шөл ашуын шақырып. Дария да иіріліп, Шөл баласын иіріп, Теңізіне тастауға, – Екі езуі көпіріп, Кейде таси лепіріп, Секіреді аспанға. Сол телегей тасқынды, Жалғыз шыңдай қасқия, Қарсыласқан жас ұлан. Таудай тосып тұлғасын, Тастай ұрып құлашын, Шықты толқын астынан. Көк толқынды шұбатып, Даласынан су атып, Жігіт кетіп барады, Құлазыған шөліне, Толқын моншақ төгіле, Дүбірлетті даланы. Басылғандай дария, Жас батырға табына, Мүләйімсіп тіл қатты. «Өрен едің өрлеген, Тауына ырық бермеген, Тасқыным бар тым қатты. Сен ұстадың жалымнан, Бағынамын, жалынам, Босат мені, батырым, Арнап сенің атыңа,

Алыстан бір тақия Алып келе жатырмын. Бола қалып маған кез, Өзбек қызы – қара көз, Беріп еді бір сұлу...» – Соны айтты да басылып, Бүлік сырын жасырып, Тым сызылып тұрды су... Жүйткіген жел сыр ұрлап, Қыз сәлемін сыбырлап, Жеткізді ол жігітке. Елестеді сол тұрған, Өзбек қызы толқыннан, Жар басында, биікте, Естіп желдің сыбырын, Біліп жігіт су сырын, Көкпар алып тасыған. Тақияны алды да, Кетті сүйреп аулына, Көк толқынды шашынан. Шөлге бір кез қараса, Шөл де қызық тамаша, Гүлжазира дала бақ. Жарқырап су күмісі, Меруерттей күріші, Дала қызық, дала шат. Соны жігіт көрді де, Шаттық еніп көңліне, Сәлем жазды Шырынға. «Жыр болғандай сырым бар, Гүлдерім бар, суым бар,

Толған ой мен қырымда. Шөл даласы су көрмей, Жатушы еді көгермей, Шерін сумен тарқаттым, Көл бітірген шөліне, Шырын қыздың кегіне, Жаңа туған Фархатпын! Ақша қардай ақ мамық, Қара жерден мақта алып, Жатырсың ба, сұлуым?! Жүрегіме сен едің, Келді маған сәлемің, Толқындатып Сыр суын. Суды жеңген батырға, Арнап едің тақия, Сол батырың мен едім, Толқын ойнап көліңде, Гүл толқысын шөлімде, Құйған шаттық күн лебін. Толқынымен жүректің, Саған арнап гүл ектім, Келіп, сәулем, соны көр! Аңдып қыздар соны жүр, Таратқандай мың сыбыр, Сол бір гүлге соғып жел. Соны, сәулем, көріп кет, Көрімдігін беріп кет, Мен де сені көрейін, Іздеп келсең аулыма, Гүлдер шашып алдыңа, Күміс толқын төгейін!» 1947 жыл.

ТЕҢІЗ ДАСТАНЫ (ШАРДАРА) ШЕГІНІС І Сонау шақ... Отызыншы жыл асуы. Оңай ма көшпендінің ұласуы? Көкпарын көнеліктің алып қашқан – Оңай ма, Асаулардың жуасуы? Жазық шөл, Тозған тамдай қашықтағы – Жарлының қыңырайды лашықтары. Көтеріп шаңырағын кәрі бақан, Түндігін өзгертуге асықпады. Болса да іргелері ауыр тастан, – Дәуір ғой, Уақыттың тез тауын асқан, Сілкінтіп түйе шөккен төбелерді, Қозғады шаруаны қауымдасқан. Бұрылды бұлың белден керуендер, Бірлікті шертті күйін шерумен жел.

От қосты ортадағы ошағына, Түтіні әр төбеден көрінген ел. Солай бір бірлік даусы дүркіндеді, Жарлының ежелден бір мұң-тілегі. Төскейде кісінесіп жабылары, Төлдері ауласында бір түледі. Қараша үй енді жеке түнермеді. Топтасып шаруасын түгелдеді. Аталар түгін түткен қыртыстарға, Қадалды қатар соқа түрендері. Бірлік күш – Жайып қырға дауыл ырқын, Өзгертіп жатты солай ауыл шырқын. Бүкшиген бетегеге бидай бітіп, Қуантты берекелі қауым жұртын. Сонда да, істің көп қой шырғалаңы. Қалай тез жаңғыртады сұр даланы. Трактор алға тартса, керуен көш, Соңында тасбақадай ырғалады. Тоғысқан түндіктердің қиын сыры, Қисайған шаңырақтар ыңырсиды. Өрлеген тегершікке қыстырылды, Жаншылған жуандардың құйыршығы. Шаруа ісін жаңа еңсерді ме? Жосығын таппай талай теңселді де.

Қисықты қыздырмалап сәуерледі, Тілімен от көсеген белсенді де. Куәмін сол бір өткен дүрбелеңге. Комсомол жорығында жүрдім мен де. Ақтардық әжелердің кебежесін, Себетін тұқым іздеп сұр белеңге. Ол шақта өлең емес іздегенім. Жаттадық дулы кездің біз де лебін. Үлкенсіп сөз сапырдық жиналыста, Дариға, ұмыт болды қыз дегенің. Иә, солай, Ойлы, қилы болды бір шақ, Бір колхоз – жайраңдады көктем құсап. Бір колхоз – тыпыршыды саздауытта, Көтерем тулағындай қойған тұсап. Бұлт – ала, Жер – шала ғой – сондай бұл да. Бөленді бір белестер жаздай нұрға. Бір ауыл таңдайына тамшы тамбай, Қурады қодыраңдай шалғай құмда. ІІ Сарыны сыңсып ескен сар даланың, Сұр маңғыт жазығы бар Шардараның. Еңісті қоныстады. Серіктік бір, Тырмалап көне жердің шаңды алабын.

Ол кезде, Қазіргідей дана көп пе? Оңай ма ақыл айту ала көпке? Танитын әліппені бұл түкпірде, Өр жігіт, зердесі кең Ағабекте. Сол құрды, Серіктікті басқарды сол. Алдында жатты қиын асқарлы жол. Не әкім, Не дәулетті болған емес, Сүйетін емін-еркін басқанды ол. Отызға жеткен жаңа, қырма сақал. Жасынан қайсар еді қыры қатал. Қуысқан басмашыны Қызылқұмда, Сұсты еді, жай өткенді бір қаратар. Ұйым ғой, Мүддесі бір күллісінің, Болса игі – пейіліндей бір кісінің. Бір жеңнен қалың қолдар самсай қалса, Тұрмыстың үркітпей ме сұр қырсығын. Бұл маңда жалғыз Садыр аталыдан, Шет жүрді Серіктіктің қатарынан. Жер берді қисықтарға, тасада ол, Ши шықты сондайлардың шатағынан. Садыр кім? Сыпайысып мұртын сылар,

Түлкідей көлгірсіген сырты шығар. Әуелден Ағабекке жұлдызы қас, Ішінде мұз сақтайтын қыртысы бар. Әрекет күннен-күнге асып жатты, Зіл істер Серіктікті басып жатты, Нөсердей науқан қаптап, арпалыспен, Абдырап Ағекеңнің басы қатты. Япырай, осы бір қыс! Осы бір қыс! Бұл жаққа әлек салды тосын, үртіс. Найзасын жалаңдатқан шапқыншыдай, Ақ боран, ойнақтады – асырлы күш. Таусылды мал азығы тамтұмдаған. Тынбады мылқау боран қарқындаған. Аузы кең, шегі жұқа шаруа ғой, Ертеңге қорегі мол қамтылмаған. Тез арып аша тұяқ тыраңдады. Жығылса, құртаңдары тұра алмады. Жаз бойы сабау көрген тулақтары, Талшықтап тебінгіде жүре алмады. Қыстақты басмашыдай талап өткен Тажал қыс өтті солай алапатпен. Күйзелді көтеремдей серіктестер, Уа, қашан туар екен жаңа көктем! Көктем бе? Келді жаудай құйындатып. Дән еккен белестерге құмын атып.

Көтерді баурын әрең ұйым жұрты, Жанына қыстың ызғар күйі батып. Қу, көктем! Ел үмітін арқандады. Уа, қырсық! Сол тарапқа нәр тамбады. Құнары несібенің қаңсығанда, Ағабек Сырға талай жаутаңдады. Қиянға селін айдап ентелеген, Сағымда ойнақтайды ерке өзен. Дариға, бұрылса ғой «Қалған Сырға» Бұраңдап асып сонау кер төбеден. Жылқыдай ыққан қалың борандағы, Бұл жазда ырыс қайта оралмады. Ағабек, от басқандай аласұрды, Талабын қырсық шіркін арандады. Сол бір күн... Неткен мұнша қапырық күн? Қақпыштай қабақтары қатып жұрттың, Арқалап құрымдарын белге шықты, Алысқа қол сілтейді, ақырып кім? Садыр ғой... кер шолақпен ойқастаған. Бұл белден ауайық! – деп, Ой тастаған. Ежелгі еліміз ғой жылжып өскен, Тас тұрса тар кезеңмен айқаспаған. Ұйтқысы ірімей ме ала көптің? Мінейді басшылығы шала деп кім?

Күйбең жұрт көшіп жатыр... Бейуақытта, Есті үні күңіренген Ағабектің... АҒАБЕКТІҢ БЕЙУАҚЫТТАҒЫ ТЕБІРЕНІСІ Ей, берекесіз бейбақтар! Қайда бостыңдар, Шіл қиындай бытырап? Сендерге сай мекен бар ма тұрақтар? Құлансыңдар ма, қағынан безген тоқырап? Ауғандарың не кесір? Қайрылыңдар мынау ата қонысқа! Қаптаса да сел-нөпір, Илеуіне нәр тасыр, бірлесе көп құмырсқа. Жәндік құрлы Септесі жоқ селтеңдер! Серіктіктің шаңырағын кім шайқаған? Сұрапыл ма, Кінәлі ме, Күн шарпыған өртең жер? Айыпты ма нәр татпаған сай-салам? Ей, Садыр сойқан! Екі езуің көпіріп, Не деп жүрсің сәуерлеп? Сапырғаның өсек пен өтірік,

бұздың жұртты, Күллі пәле сенен тек! Жоғал аулақ! Қиырдағы құм жұтқыр! Қаңғып үрім-бұтағың, тас-топанға тұншыққыр! Іргем түгіл, Жырақ болсын қабырым. Уа, сұмырай, Елдің іріткен сенің сиқыр дабырың... Ергенің бе кәзепке, еңсесі түскен аңғырт жұрт? Кеткенің бе бір шетке, үбіріңді қаңғытып? Кетсең кет! Аша тұяқ, Арық-тұрақ, Малдарыңды ала кет! Жыңғыл, шеңгел шөбім қалсын, Аталарымның моласы қалсын, Ошақтардың шаласы қалсын, Кетсін барлық пәлекет! Ей, қашақтар! Береке іздеп сендерге, Несіне сонша жүгірдім? Сендер үшін маңдайымды тасқа ұрып, Қырда талай жығылдым. Көшер ауыр боран да,

жалын жел де тынар ертең толастап. Кәрі мыстан қырсық та кетер, Есер жаңа күй асқақ. Өкпе-баурым елжіреп, Сен үшін езілген, Қайран туған бесігім, Қаларсың сен сыр сақтап. Оралатын туар шақ! Сенің топырағыңа, Кеудемді төсеп, Көз жасымды бұлап, Кел жатайын бір құшақтап... ЖАУШЫҚҰМ КӨШКЕНДЕ І Шабуыл жасағандай тау шыңынан, Дулы топ атой берді «Жаушықұмға» Қадалды найзадай сом азулылар, Айналып қаусырғаны дәу шұқырға. Асауға, құм төбенің кебір белін, Созды экскаваторлар кеңірдегін. Зіркілдеп бульдозерлер танктердей, Сөгіп жүр Шардараның өңірлерін.

Түксиген бұл жапанның қырқасынан, Жүйткіді машиналар құм тасыған. Әр тұстан бұрқ етеді шаңды құйын, Бораған қалың қардай бұрқасыннан. Шығады шулы жастың дауыстары, Аз уақыт – бұлар мұнда танысқалы. Жұлқынып майдандағы жауынгердей, Ай өтті «Жаушықұммен» алысқалы. Жапанға, іргесі аулақ салтанаттан, Келіпті ынталылар шартараптан – Кавказдан, Днепрден, Ферғанадан, Сібірден, Ашхабадтан, Арқа жақтан. Бұлардың «Жаушықұмда» өші бар ма? Қалайша келіп қалды осы маңға? Көшеде кербезденер жігіттер ғой, Желігі жастық оттың басылған ба? Уа, жастық! Ұмтылады аңсап бәрін, Отанның қиын қырын, алшақтарын. Кезеді Мұз мұхитын, тайга қысын, Шығады от тауына Камшатканың. Жұпыны киген қазір киімдері. Қыз емес, бетін өпкен қиыр желі. Дүбірі Шардараның естілгенде, Жастар ғой келген қызып бүйірлері.

Бұларға жат та шығар қиыр сыры, Кебектей қуырылған қиыршығы. Тандырдай қақпышталған қапырық шөл. Еседі қоламтадай тымырсығы. Дария бетінше аққан қыр серісі, Заманның өтті талай төңкерісі. Құрыққа шалдырмаған қашағандай, Жан-жаққа жайылмаған кең өрісі. Шоғындай тас көмірдің күйіп-жанған, Шардара – елсіз арал тұйықталған. Қаңсыған аталардың аңқасындай, Осы шөл – болды жұртқа күйік, арман. Қайда сол өткендердің оралғысы? Обалар, қу молалар қараң түсі, Арыған ат тістейтін көкпегі жоқ, Сарғайған жантағы мен тораңғысы. Көл еді-ау, мұңы жұрттың өткендегі, Сермелді құмға талай кетпендері. Суалып «Өгізарық», «Есекжыра», Сортаңын елі құмға төккен еді. Заман ғой тегеурінді, тезі күшті, Қанатын қиырларға жазып ұшты. Осынау өксіп жатқан сорлы шөлге, Көреген Партияның көзі түсті. «Күрмегі қыңыр қырдың шешіледі», Көркейсін, көкорайдың есіп желі.

Дария толқындарын жайып қырға, Жұртына құт болсын шөл несібелі!» Дабылдай шақырған зор шабуылға, Тарады кереметті сарын құмға. Қадалды шымыр қолдар, сілкінді бел, Асаудай қамшы тиген сауырына. ІІ Ал мынау «Жаушытөбе» асқындады, Әлде бір тас қамал ма астындағы? Қопарғыш машинаның азуларын Төсіне тереңдете бастырмады. Төнсе де аран ауыз қаусырмалы, Тас тиіп найза тістер қаршылдады. Гриша арпалысты түске дейін, Қордасы тау төбенің аршылмады. Үймелеп кірпігіне құйын шаңы, Сол бір сәт ыза буды Гришаны. «Нәлет құм! Шайтан соққыр! Өртеңгір!» деп, Жігітің тас төбемен ұрысады... Сөзіне еріп шофер жолдасының Келген ол жағасынан Волгасының. Сүйген қыз қалды, кейін келемін деп, Албырт жас сағынып жүр сол ғашығын. Тоқтатып мотор күйін гүрсілдеген, Жігіттің даусы шықты:

«Құрысын!» – деген – Инженер, қайда жүрсің? Қажытты ғой, Мына бір мызғымайтын қырсық төбең! ІІІ Төменде, жағалауда Темір жүрді, Дария толқын ойын тебіндірді. Ойпаттан сонау жатқан елестеді, Абаттай нуы тұнық теңіз нұрлы. «Жайнаса сол алқаптан шалқып теңіз, Ежелгі жұтаң қырды сәнді етеміз. Иә, сонда Алмагүлмен жүзіп бірге, Бетінде көк айдынның әндетеміз. Ал өзі қыз емес, пе бір ұшқалақ? Билеуге, ән салуға тым құштар-ақ. Әркіммен әзілдейді, соны көрсем, кетеді тұлабойым құрыстап-ақ...» Инженер, оймен талай таңды атырған, Толғанып туар іске алда тұрған. Осында келген еді бұрнағы жыл, Дипломын алған жігіт Алматыдан. Осы маң – бесік жері бабасының, Бұл құмға сүті тамған анасының. Туса да бұл өңірден аулағырақ, Жасынан біліп өсті дала сырын.

«Жаушықұм». Қызыл шақа тастар маңы. Қаттасқан жоталардай асқардағы. Батпайды бұған неге болат тістер, Әлде, бұл аталардың тас қорғаны? Иә, солай, Белгілі ғой шежіреден. Бабамыз бұл жапанды неге іздеген? Ойрандап жұртымызды жоңғар, дүрбіт, Босқын ел қаңғып түзде еңіреген. Сондайға жау қожа ғой шауып келген, Кез болды, аждаһадай қауіп төнген. Мелде би, Қоңыраттың көшін бастап, Бұл белге Жиделіден ауып келген. Өр ата, қайта желдей өктеймін деп, Көктемде келген екен көктей гулеп. Қоныстап қалған екен Шардараны, «Бойынан Сыр-анамның кетпеймін», – деп. Бұл қорған аталардың қалқаны да, Төбе құм тас дуалдың талқаны ма? Шапқыншы бұзып кейін бекінісін, Әр жаққа қоңыраттар тарқады ма? Басынан «Жаушықұмның» ыза гулеп, Өткенге ойы солай ұзады көп. Инженер түйіндеді, динамитпен, Қасарған тас төбені бұзамын деп.

ІV Шапшаң қыз – құрылыстың дәрігері, Бітпейді күнұзақта әбігері, Аралап дүбір шыққан алаптарды, Жүргені ертелі-кеш әрі-бері. Жалындай жүзін аптап жаздың желі, Жүрсе де сырқат жанға әзір емі. Алдымен, ауырғанға дәру еді, Бұл қыздың наз күлкісі, әзіл лебі. Келеді еңістікке елегізіп, Керімсал бойын сипап дене қызып, Шешініп сүңгімей ме дарияға, Ойланды өткендерін неге тізіп? Қызық қой өткен жылдар Ташкендегі, Тамамдап институтты өскен жері. Елемей өзгелерін, оқысын деп, Әкесі осы қызды қастерледі. Әкесі пысықай шал осы күнде, Көп жүрген сауда-саттық кәсібінде. Даланың көкжалы еді, түлкі болып, Кәнікті шаһардың да тәсіліне. Бұрын ол көп шарлаған қапас құмды. Әр іске басын талай шатастырды. Мәуедей мәпелеген осы қызын, Бұл әке әлдекімге атастырды. Басында сусар бөрік, – ол бір сылқым,

Бояп тұр жылтыр куртка керім сыртын. Өзі кім? – Аспаздардың қасапшысы, Жайнақ көз – танытып тұр сыр мен сиқын. Мырза ол – әсем дүние, сән үйдегі, Гулейді, «Волгасымен» шәниеді. Қыздарды шолақ шашты, келте етекті, Иіріп, ресторанда сан биледі. Жақпады, бірақ неге Алмагүлге? Қыздарға қызықты ғой үлде-бүлде. Сыпайы, сырбаз сөйлеп сызылса да, Базарбек ұнамады қызға мүлде. Соңына түсті ылғи, жүрді көздеп, Кездесті тосын тұстан талай кез кеп. Ол емес, қыз есінде сонау жігіт, Сона бір мейіз түсті күрең өзбек. Оқыды ол жігітпенен бір курста, Көтерсе қыз көңілін сол қылмыс па? Солмай ма сұлу гүлі қайран бақтың Желегі сипалмаса со бір тұста? Осы бір қиын оқу... Неткен ұзақ? Мойнына балғын қыздың түскен дұзақ. Нұрларын мөлдір көздің кітап сорып, Бал жүзін сарғайтады түндер ұзап.

Па, шіркін! Қандай ыстық сол бір шағы, Албырт жас жалын сүйіп, гүл құшады. Мейірін жүрегінің тапқан қалқа, Сезімін сырласының ұғысады. Жырлаймын жас қызығын балдан тәтті, Мүсіркеп ләззәты мен махаббатты. Аяймын ерте солған бикештерді, Солардың армандары маған батты. Жастықтың аз ба, сірә, сәтсіздігі? Оп-оңай ұстата ма бақ тізгіні? Қалқашым, кеш тапсаң да сүйіктіңді, Кетер тез жаныңдағы дақтың ізі. Есінде, өткендердің бәрі есінде, Ондайдың опығы көп, көнесің де. Денесін жел аймалап, албырт Алма, Қарады «Жаушықұмның» белесіне. Көргенде тіл қатпастан күлген Темір, Шұқылап оба құмда сол дөңде жүр. Несіне тартынады? Ұнатпай ма? Күлгені көрсеқызар елең бе құр? Бірақ ол жеңіл емес, қызба қаны, Байқаймын мені өзгеден қызғанады. Жай қарап тіл қатпайды. Әзілдесем, Несіне көп сынайды қыз баланы? Келеді ойлап солай шалбарлы қыз, Темірге тез баруға арланды қыз.

Бұрылды жотадағы қызу іске, Мұнда топ тапсырманы алған тығыз. Қу мекен, ежелгінің жұрнағындай, Осы бел қалың жыныс шеңгел, қурай. – Осыны тез жұлыңдар, құртыңдар! – деп Белесте әбігер боп жүрді Югай. Агроном, осы құмды қалап келген, Бұл жердің топырағын қарап көрген. «Шіркіннің тамырына нәр жүгіртсе, Көл күріш шалқар еді жалақшөлден» – Жігіттер, қарамаңдар, қол қанаса, Отаңдар шеңгелдерді тайталаса. Орнына орнатамыз жас қаланы, Бау-бақты өсіреміз таң-тамаша! Осылай Югай жүрді асықтырып, Шеңгелді түбірінен басып тұрып, Жұмыла тартты бәрі, жатқандай бір, Мыстандай кәрі шөлдің шашын жұлып. Аршадай арқаларын күн қақтады, Алаулап аңқаларын жел аптады. Қанша қол қырықтықпен қарысса да, Шеңгелдер саусақтарды шыдатпады. Жүгірді қызға қарай Ашот неге? Жұмысқа ынтасыз деп есептеме!

Қолынан қан сорғалап бара жатыр, Қыз көрсе – шыдамсыз деп өсектеме! Десек те – аздап ондай жазығы бар, Армянның ауызында әзілі бар. Кім білсін, бойдақпын деп өзеурейді, Томпиған төсі барға көзі құмар. Бүркіттің тұмсығындай имек мұрын, Бұйра шаш, қара мұрт тұр – сәндеп түрін. Танысқан осы жігіт Алмагүлмен, Сауықта, су басында билеп бұрын. Жүгірді көріп, міне, дәрігерді, Ол неге осыншама әбігерлі? Тырналған қолын сілтеп сөйлеп жатыр, Ол тілеп тұрған да жоқ қазір емді. – Күнімен қайда жүрсің, көрінбедің? Күнішім, ем ғой бізге сенің лебің? Жалт беріп, саған жаңа қараймын деп, Қолыма кіріп кетті шөгірлерің... Жаралы саусақтарға қыз қарады, Ем тілеп еріндері қозғалады. Шөгірін аршып жатса, албырт Ашот, Қадалды жанып қызға көз жанары.

Гүрс етті... «Жаушытөбе» төңкерілді. Ойпырмай! Ойран етті төмпе құмды? Аспанға астан-кестен кесек ұшып, Айнала өрттей құммен көмкерілді. Зілзәла, сілкінді ме дүлей төбе? Біреуді атқан тастар сілейте ме? Тоқташы! Темір қайда, құм басты ма? Жан-жаққа борандады зілдей пәле. Жүгірді дәрігер қыз абыржыған, (Мұндайда үзілмей ме сабыр-шыдам). Соңынан Алмагүлдің Ашот кетті, Ұмытып қол жарасын ауырсынған. V Алдында жирен жалды су сырғанап, Отыр ол ойға батып, Сырға қарап. Аптығып ағып жатыр асау өзен, Айнала шаңқай дала, сұп-сұр алап. Көпіріп екі езуі долданады, Қалайша дүлей шіркін торланады? Алқапқа айдын орнап, қашан мұнда, Электр жайнатады сар даланы? Өзеннің арғы жағы терең ойпат. Шалқи ма сонда теңіз ұлан-байтақ? –

Құрылыстың жетекшісі – Авдей отыр, Ағысын дарияның сынап, байқап. Инженер – су барлауға білгір кісі, Даңқты болып еді бұрынғы ісі. Қолынан өтті талай әр қиырда, Бірнеше ГРЭС-тердің құрылысы. Тартқан жоқ дала оны таң қалдырып, Ел ісі есін билеп, алған ырық. Қазақтың бұл шөліне келді Авдей, Құмынан Түрікпеннің канал жырып. Тегінде, сәнді қала оған жат па? Несі бар аулақ қырда, алау жақта. Жүрмей ме жұбайымен, бөбегімен, Неваның жағасында, самал бақта? Көрінер мұндай жанға дала бүгін – Көгіндей ұшқыр қиял-талабының. Қиын мен қиыр іздер мінезі ғой – Асқақшыл біздің совет адамының! Әлі жоқ тұрғын үйлер бұл жағада, Төселіп жатыр қазір ірге ғана. Қаз-қатар қонған шатыр, Вагон-дүкен, Асхана кенеп бүркеп тұр далада. Шатырды шаң шалады, күн ыстайды. Жігіттер қалай сонда тыныстайды? Күз таяу, суық ызғар соқса, қайттық, Қалашық мұнда қашан қоныстайды? Осылай ойға батып, суға қарап,

Отырды Авдей... Ақты Сыр сырғанап. Тамаша! Келеді, әне, сал мен баржы, Құрылыс бұйымдарын артып, қалап. Ал енді – қызу жұмыс басталады! Қалаймыз қу өңірге жас қаланы. Қуанып жар басына шықты бастық, Үй салар алаңға көз тастағалы. Бұрқ етті жай түскендей «Жаушы» сонда, Дүркіреп жөнелгендей даусы жонға. Темір ғой, Қопарған сол тас төбені, Басталар құрылыстың – басы сонда. Авдейге мәлім еді Темір ісі, Жас маман, албырттардың сенімдісі. Кездессе қандай қиын, Коммунист қой, Қиналып көрген емес оның түсі. Іске сәт! Бригадир Югай қайда? Тынымсыз адам еді ол мұндайда? Қарай көр! Қолмен қырқып жүргендерін, От беріп бұл жыңғылды опырмай ма? Күлімдеп келді Югай, қолы жара. – Осынша әуресің бе, таппай шара? Шеңгелді өртеу керек, тамырымен, Шеккенше көп бейнетті жұрт қаншама!

...Аздан соң өрши қалды өрт елесі, Үйтілді түкті құмның кер төбесі. Бұлттардай, буралардай ауды жалын, Тып-типыл болды жұрттай өртең осы. «Жаушықұм» шеңгелімен ауды бірге, Қуғандай қиын шептен жауды мүлде. Авдей мен Югай тұрды, Қолбасшыдай, Көз тастап ұшып жатқан дауыл күлге. Айтқандай Темір қайда? Төбе жақтан, Сол шығар үшеу болып келе жатқан. Ашот пен Алмагүл ғой қасындағы, Іздеген инженерді тау құлатқан. Біледі сақтануды құм түлегі, Жарғышты қойып, аулақ отыр еді. Тас төбе опырылып жарылғанда, Қыз жетті, сыртқа шығып оттың лебі. Сезді ол Алмагүлдің алқынғанын, Байқады жанарының жарқылдарын. – Саумысың, Темір? – деп қыз елпілдеді, Аңдатып аянышын, жарқын жанын. Ұқса да қыздың осы әбігерін, Дей салды – «Тірімін ғой, дәрігерім». Осындай кей жігіттің әдеті бар, Бәлденіп жасыратын жанның лебін.

Сондайдан өрбиді ғой өсек пәле, Қасына еріп келді Ашот неге? Ал Темір білдірмеді қызғанышын, Емес қой құр елірме, есекдәме. Үшеуі келе жатты күле қарап – Ойран бел, шашылған тас, күйген алап. Түксиген таудай еді мана ғана, Жазықтай белең болды, міне, ғажап! Осылай сілкінді де дүлей құм бел, Момынсып жатыр дауыл гулейтін жер. Төпелеп тас пен құмның топырларын, Жөнелді бульдозерлер, грейдерлер. – Жүр, Темір, барайықшы су басына, Сүңгуге, ән салуға, сырласуға. Бір мезет тынықсайшы! Шаршадың ғой, Кеңесім жанашырлық ұғасың ба? – Алма қыз айтып соны қарай қалды. Күн шалған жүзі нарттай арайланды. Білемін, сиқыры бар сондай көз ғой Есінен адастырған талайларды. Ежелден айтатын сол өсиетім, Шын сүйсең – Әулиең сол бас иетін. Қалқашым, өзің баура бозбаланы, Кетірме махаббаттың қасиетін...

VI Мәз күлкі, шулар басты сол жағаны, Сылаң Сыр жүз бұралып жорғалады. Керімсал есті баяу, күн еңкейді, Тыныштық бөлегендей сар даланы. Тынышсыз жас ойнақтар жиектегі, Әзілдің ағытылған тиектері, Құмдақта отыр кейі, кейі суда, Толқынды сүзгілеп жүр иектері. Қызық қой жігіттерге қыз жүрген жер. Судағы аққу қаз ба тізілгендер? Бағана бір машина қыз келіпті, Қуанды қызға жаны үзілгендер. Ішінде сарысы бар, қоңыры бар. Бәрі де сылқым екен көңілге ұнар. – Жігітім, бұлар гүлдер шөлге біткен! – Айтпашы, таңғажайып өмір бұлар! Гүлді бақ орнағандай қу өңірге, Жаңғырды, қызды жаға ду-дүбірге. Бұлқысып ақ сазандай жұмыр белдер, Тастайды шоқтай ыстық сыр көңілге. Шіркіндер судан шығып керіледі, Па, шіркін! Анау неткен керім еді! Ақ балтыр, аршын төсті ақсары қыз, Ашотқа асқан сұлу көрінеді.

Айтыңдар, қызықпасын жігіт қалай? – Қос анар томпиғанда жұмыртқадай, Жанары ұшқындаса, қарағанда, Жүзінде жайнай қалса қызғылт арай! Қараймыз тастан ойған мүсінге де, Топастар әсемдікті түсіне ме? Таңырқап тракторшы Алпысбай тұр, Жиекте тұрған қызды, төсін кере. Ал Темір отыр құмда ойнағансып. Ынтасын тек жұмысқа қиған жансып. Сызғыштап алдындағы топырақты, Жобалап шиден белгі қойған шаншып. Жігітім, жасырасың сырды неге? Бейрауа, сезбегенсіп күбірлеме! – Қарасаң, сені неге абыржытты Судағы бүлдіршіндей жұмыр дене? Бірақ сол сақтап отыр сырын мықтап, Қозғалып кірпіктері жыпылықтап. – Бал ашып отырсың ба? – деп Алмагүл, Ақ тісін ашып күлді сықылықтап. Ал қыздар жиектегі ырғалады, Көрсе де бүгін ғана бұл жағаны, – Кейбірі жігіт көрсе бұлғалақтап, Кейбірі қасақана бұлданады. Шіркіндер, балғын жас қой, сұңғақ талдай, Қайтсын-ай, масайрамай, бұлғақтамай.

Уыз қан тамырында қайнаса да, Бетінше кеткен жоқ қой сыр сақтамай. Жоқ бұлар – әдептілер, ақылдылар, Жұмысқа, ауыр іске батыл бұлар. Өз бағын тастап келді көк өрімдер, Шығанға жастық албырт дәтін сынар. Келген жоқ рахат жер деп шөл даланы, Комсомол берді нұсқап жолдаманы. Кім білсін, табар бақыт жұлдызын да, Жанғанда жан үміті, өр талабы. – Гриша, суға неге шомылмайсың? Өзіңе өзің неге сыбырлайсың? (Нәписа – татар қызы, сөз қағытты) Сақалың өсті, неге қырынбайсың? – Сен үшін сақалымның керегі не? Әр қыздың сөзіне мен еремін бе? Сүйкімді сол қызыммен сүңгіп өстім, Еділдің тегеурінді тереңінде. Өзен бе? Жайылма ғой Сыр ағылған, Келе ме жалдап өтсем сирағымнан? Қайдасың, қайран Еділ? Бойлаушы едім, Аңсап кеп дән шалқыған қырларыңнан. – Гриша, қыңыр сөзге желігің бар. Әр жұрттың өз жерінде Еділі бар.

Даттама менің сырлы дариямды, Ежелден еміренген еліме ұнар. Бұл өзен бабамызды сусындатқан, Несібе жағалауы шылқып жатқан. Емшегін өзбек, қазақ, тәжік емген, Достықтың арнасы ғой, шырын атқан. Бұл менің ата жерім, бауыр белім, Сүйемін осы құмның дауыл, желін. Мүмкін сен үйренерсің, үйленерсің – Бұл жақтан жүрегіңнің тауып емін, – Деп кетті осы маңның Әліпбегі, Сыр десе жалындайды жанып лебі. Инженер үй құрылысын басқаратын, Жерінің тарихына қанық еді. – Сүйіктім қалды Еділ жағасында, Қалмаймын басқа қыздың жаласына, – Гриша қасындағы сырнайды алып, Сайратты саусақтары аласұра. Жүргенде қияндағы жолды қиып, Тартатын құйқылжытып Волга күйін. Қыпша бел, жалаң төстер көтерілді, Бәрін бір серпілткендей жонда құйын. Шиедей күрең жүздер шырайланды, Ұршықтай ақ балтырлар шыр айналды. Қошқардай түкті кеуде жылпос Ашот, Алмаға «билейік!» – деп сұрай қалды.

Сілкініп Темір тұрды құмнан жылдам, (Шыдамсыз қызғаныш қой сыр алдырған) Алманы бұраң белден іліп алып, Жөнелді басып биге думан құрған. Ашот па абдырайтын осындайда? Ондайда ер намысы ашынбай ма? Кетті ол сары қызды бұлғаңдатып, Билесе жан ырғағы қосылмай ма? Сырықтай Темір әрең тербеледі, Қалайша қозғалысы тең келеді? Темірдің қолтығында жұмыр Алма, Бұлтыңдап әңгелектей дөңгеледі. Бұл қызға, сырын ашып үндемеген, Айқасқан білектері күйді неден? Қараса, кірпіктері тұр қағылып, Қимылы қандай әсем би билеген! Рахаттың жібін үзді шыққан бір үн. (Сылтау көп ғашықтарға келер қырын) Шақырды – Темір, бері кел, – деп Авдей. (Тілдесер мезгіл жоқтай бұдан бұрын). – Немене? Не боп қалды қазір сонша? – Білдің бе, бізге қолдар келді қанша? Соларды құрылысқа бөлейік те, Қойманың котлованы қазылғанша. Жаңғыртып ««Жаушықұмның» құрым түсін, Бастайық тұрғын үйлер құрылысын.

Әуелі бірер барақ салу қажет, Қыс түспей баспанада тұру үшін. Бұл іске Әліпбек пен Югай барсын Қасына ығай менен сығайды алсын. Бәрі де сай тасындай қыз бен жігіт, Қалаушы, сылақшыға ыңғайлансын. Темір, сен, қазу ісін үдете бер. Әп-сәтте алаулаған күндер өтер. Тас тоңды қыста қалай қопарамыз, Өтпесін осы тұсың бір күн бекер. – Бұл күзде үй біте ме? Құрал тапшы. Қалайша жолсыз құрылыс құралмақшы? Әуелі тастақ жолды салу керек, Тек сонда жұмысымыз болар жақсы? Ал, мынау секеңдерден не шығады? Олар тек думан десе асығады. Бетінше келгендер ғой, бетті қағып, Тіл алмай кейде бізді басынады. Түзеді Темір сөзін Әліпбектің. – Қайда сен іс тізгінін алып кеттің? Жастар ғой, таныс емес мұндай іске, Бұларды баулу керек әлі көп күн. Несіне қиын ғой деп қынжыласың? Бауыр тарт, бәрі сенің тұрғыласың. «Құрал аз, жол қайда?» – деп жүресің бе, Жастардың жұмылдыра бұр құлашын! – Темірдің сөзін бәрі мақұлдады. Тегінде қиындыққа батыл бәрі.

Өзендей тегеурінді ұмтылмай ма, Қосылса, коммунистің ақылдары. ...Билеп жүр қыз бен жігіт алқалана, Жағада жаутаңдаған Алма ғана. Темірдің көзі түсіп тыпыршыды, Тұрғандай алма пісіп сол жағада. Қарады бәрі бидің ойнағына. Ал кенет, әлде бұлбұл сайрады ма? Ормансыз, жадау Сырдан сызылды ән – «Жүрмісің сәулем «Сарман бойларында». Нәписа, татар қызы, сол жырлаған, Әсем ғой, күміс даусы сыңғырлаған. Гриша сырнай қосты, би де тынды, Тұнғандай Сырдың беті шымырлаған...

АТАЛАР САРЫНЫ І Ол келеді қиыры жоқ шығаннан, Оның түсі – Тораңғыдай қуарған. Шай үймелеп сақалына жыңғылдай, Ұрты солып, кеңірдегі суалған. Неткен шөлейт! Алаулап тұр жалын күн. Керімсал да алмайды бір дамылын. Тепеңдейді, қамшылап шал сауырын, Астындағы жалы қысқа жабының. Иә, сол ғой. Қазір сарша сақалды, Әулетіне енді ата атанды. «Қалған Сырдан» ауған сонау Ағабек, Отыз бес жыл шекті талай сапарды. Сол бір шақтан дәуірдей көп жыл өтті-ау... Ауылына түскендей бір құлап тау, Қаһатшылық қысымынан көшті жұрт, Нәрлі жаққа, туған жерден жырақтау. Есінде сол бейуақытта ауғаны, Қимай құмын қайта-қайта аунады.

Жалғыз ол ма колхозынан жылысқан? Мақталыға ауды бүкіл ауданы. Ол жақта да нәрге талай зарықты, Кетпен шауып, қазды жаздай арықты. Елемеді маңдайының сортаңын, Атамекен жерін ойлап қамықты. Бірақ ісін орындады тындырып. Бұрынғыша шапшаң басып, тың жүріп. Кетті бір күн дауылымен соғыстың, Қайтты кейін қабырғасын сындырып. От майданның ұшқындарын ала кеп, Жұмыс десе жалындады Ағабек. Ағаш екті өзі кірген колхозға, Жайнасын деп жапырақтар ала-көк. Қайран қырсық! Мұнда да су жетпеді. Омырылды тасқа тиіп кетпені. Азу тісі майрылғандай мұңайды, Молайды да шаштың бурыл-көктері. Алданышы – жалғыз ғана қызы бар, Мүмкін оған ертең біреу қызығар. Кете барар құшағында сымпыстың, Сорлы әкенің сонда реңі бұзылар. Жеңіс жылы, күн шуақта, көктемде, Жаңбыр жауып, нұрын жерге төккенде.

Қуаныш той! Несіп жеңгей ұл тапты! Ағаң жасы қырықтарға жеткенде. Есте қалды жеңістей боп сол бір күн, Мұрасындай өткен қилы өмірдің. Келе жатыр баласына, бұл қартың – Әкесі ғой жас инженер Темірдің. Естіген ол ұлы істің дүбірін, Телегей су басады деп құм қырын. Көні кепкен жазирада осынау, Өткізді ғой ең қызықты ғұмырын. «Өзен ақса жаңа қазған арнада, Нәрге балқып, еміренсе сар дала, Арманым жоқ – Өлсем сенің төсіңде, Айналайын, ақ бесігім Шардара!» Ойлап солай келе жатты Ағекең, Ұзақ жолы – елсіз, жапан дала екен. Қызылқұмның жатыр сұлап қиыры, Сұлық жандай тамшы суға зар мекен. Артта қалды Байырқұм мен Бағара, Таныс талай белдер жатыр арада. «Арбақалды», «Өгізарық», «Жетімсай», – Жетімсіреп өксігендей, қарама! Баяғыдай көні кеуіп талған қыр, Аңқасында жатыр түнеп арман сыр.

Мынау қай жер? Жыңғыл басқан өзегін, Ағекеңнің қонысы ғой «Қалған Сыр» Аттан түсіп құшақтады шеңгелін, «Ата жерім, алтын ұям сен, менің. Шөгіріңдей қайғың батып кеудеңе, Алыста сен, жүрегімді тербедің. «Көтерші бір көсегеңді көрейін, Қартайғанда көтерілсін мерейім. Ындыныңа жасым тамсын сүт болып, Көз нұрымды саған төгіп берейін!». Қайтсын қартың, бесік жерін көргенде, Сортаң жасы сорғалады шеңгелге. Кәрілерге қадірлі ғой туған шөл – Өзге таудан, қияндағы көлден де. Әне бейіт, анасының қабірі, Құлағында өлердегі зар үні. Аштан қатып баяғыда, жұт жылда, Желмен ескен өлгендердің сарыны. Қағып шаңды үймелеген шашына, Ағаң шықты бейіт төбе басына. Кім болды бұл? Аржағында зираттың Жалтырап тұр, көктей жасыл машина. Ойда жоқта, пәлені бір көруге, Бөрік астынан шыға келер бөрі де.

Күмбез тамнан шықты Садыр ырсиып, Тәуап етіп әкесінің көріне. Көрген жан ғой сұмдықтарды не қилы, Сәлем беріп, Ағекеңе жымиды. – Ағекең бе? Есенбісің? Кездестік, Туған жерден табысқаның түбі игі. Естіп едім бетпақ шөлге кетті деп, Қилы заман... Қырсықтары өтті көп. Қартайыпсың... Колхоз ісі ауыр ғой, Естіп едім, бейнетті көп шекті деп. Өзім болсам – тірлік еттім Тәшкенде, Құдай сірә, несібемді кескен бе? Сая таптым жәрмеңкедей қаладан, Күнге күйіп, сендер құмды кешкенде. Ағекең тұр үнсіз қарап Садырға. Ұяттан бір қылаң бар ма арында? Сезініп тұр, найсап қалпы, аумаған Әкесіндей, жатқан мынау қабірде. Бұл өңірдің көкжалы еді – марқұм ол, Елді жеуге, озбырлыққа нарқы мол. Арғы атасы Қанай датқа секілді, Өртеп өтті айналасын шарпып ол.

Өтті сол бір бай төстеген ауыр күн. Есінде тек зардаптары зәбірдің. Жалшы болды Ағабектің әкесі, Көрде жатқан әкесіне Садырдың. Бұл да сондай сойқан еді ұждансыз, Күні бар ма өткен даусыз, не лаңсыз? Шегір көзі қызыл шоқтай шатынап, Тиісетін талайларға бұл арсыз. Сөзге ділмәр, орағытар бұлыңнан, Сау шығады талай ордан жығылған. Тәңір, сірә, мұндайларды жебелеп, Айла-шарқын мол берген ғой бұрыннан. Баяғыдай екі көзі қызарып, Сәбіз мұрны, кетіпті сәл ұзарып. Кірпі шашы буырланып тікендей, Ажымында арсыздықтан із қалып. – Иә, сен де зытып едің қашқындай, Неғып жүрсің қу молада қасқырдай? Жатыр екен әкең қайтып тып-тыныш, Қабірінде мейманасы асқынбай? – Осы бір сөз жанына шоқ тастады, Сол ежелгі кесірлігін бастады: – Әкем тыныш. Көрін сенің бабаңның Жатыр ертең топан суы басқалы. «Оқытыпсың сорайған сол балаңды, Ойрандауға атаң жатқан молаңды.

Менің бабам көрді талай сұмдықты, Көрмей кетті, – мола бұзған заманды!» Түтесе де ішіндегі от кегі, Одан әрі сыр ашпады, сөкпеді. Ағабекке ажырая бір қарап, Қайқаң қағып машинаға беттеді. Ал Ағабек тұрды бейіт басында – Не естіді? Неткен сұмдық расында. «Не істемексің жүгірмегір жалғыз ұл!» Бүкжеңдеді кершолаққа асыға... ІІ Ұшқындарын төгіп жерге оттай күн, Қолың тисе, күйдіреді шоқтай құм. Бұл неткен күн! Жұмылғанша жанары, Қызуы бір кетіп дамыл таппайтын? Еске түссе Еділінің шалғайы – Гришаның тамылжиды таңдайы. Алау қақтап арқасы да қожалақ, Көң секілді қуырылған маңдайы. Сырдария! Шын құт екен бұл маңға, Қаңқасын күн, аңқасын шөл буғанда, Суға сүңгіп сергиді де Гриша, Шүйіледі тас түйілген құм жарға.

Сүймен тісті зор ожауы шаншылып, Қопарады омбы құмды қаусырып. Жатыр жаңа жағалауда жар өсіп, Жатқандай бір жер астынан тау шығып. Обыр сомның азулары қаршылдап, Тобыр құмның кеңірдегін аршымақ. Гриша жүр ойып терең апанды, Жаңбырдай тер маңдайынан тамшылап. Ал Алпысбай, Шөлдің көнбіс түлегі, Машинада әндетеді, күледі. Дарымай ма оған шөлдің аптығы? – Шөлдемейді, дәйім сергек жүреді. Дүрілдетіп машинасын қаңтармай, Асығыс ол, ылғи артта қалғандай. Қуанады құмға толса күймесі, Комбайыннан астық тиеп алғандай. – Ей, Гриша, құм дегенде құтың бар, Асат жылдам обырыңды ұрымтал. Сусадың ба? Нуда өскен бауырым, Сырдың суын «Жигулидей» жұтып ал! * ... Қабырғалар пайда болды қыратта, Әлі үй жоқ түгел біткен, бірақ та. Әлекедей жалаңдап-ақ жүр жастар, Асыққанмен шалағайлық мұрат па?

Шапшаң қолдар ұршықтай тез қимылдап, Жұмылса да жеделдету қиын-ақ. Епті Ашот, қарап қойып қыздарға, Қалап жатыр сандық қышты қиюлап. Ей, жігітім, қой өзіңді мақтамай, Қайтып жүрсің шебер қызды жақтамай. Айналсаңшы сары қыздың саусағын, Сылағаны – сүргілеген тақтадай. Қойсын ба қыз қабырғаңды жайнатпай, Қалағы бар шар айнадай, қайрақтай. Ежігейі қыштың бетін тегістеп, Әдемілеп нанға жаққан қаймақтай. Сылақшының жетекшісі Сары қыз, Күлді қарап, Ашотқа сол сабырсыз. – Қала, қала кірпішіңді, телмірме, Қалма артта, жарысамыз бәріміз... * ... Желмен ойнап басындағы желегі, Алма нені ойлап қазір келеді? «Темір десе – темірдей-ау мінезі, Неге сонша нығыздана береді?» «Тауыстым-ау, сарқыттарын сабырдың, Несіне мен осыншама сарылдым?» – Деп тістенді сары белде, осы қыз – Қызы еді ғой аты шулы Садырдың...

Келіп кеткен Садыр мана, таңертең, Әкесі ғой, кім бар оған келер тең. Аймалады, маңдайынан сүйді ол: – Сау жүрмісің, қарашығым, жан еркем. Базарлығым – мынау саған әкелген, Мына костюм – шешең менен әкеңнен. Мына бума – Базарбектің сыйлығы, – Жақсы жігіт, безбе одан, бекерден. Сол-ақ екен, бұзылды қыз қабағы, Әкесіне ажырая қарады. Қызың өссе – көргеніміз сол-дағы, Сөйлетпейді-ау, ауызыңды қағады. – Керегі жоқ, сыйлықтарың құрысын! Сырттан маған құда түсіп жүрмісің? Күйеу іздеп саған арыз айттым ба, Құдай-ау сен, неткен ескі қырлысың? Өскен қызбен айтысуға бола ма? Әке тартты төбедегі молаға. Келе жатыр Темірді іздеп Алмагүл, Күбір қағып жалғыз өзі далада. ІІІ – Әзір болып қалды білем, кең ойдым, Сол өзекті қаздық та ғой талай күн. Жігіттер ғой тепсе темір үзетін, Істеріне қызыға мен қараймын. Шаршауы жоқ, жайраңдайды шіркіндер Олардың тек өздеріне ырқын бер, –

Шөл біткеннің төбелерін төңкеріп, Екпіндері бұрқасындай дүркіндер. Асау Сырдың жалын бөліп қайырып, Екі жаққа ебін тауып айырдық. Сол ойдымға орнатамыз зор ГРЭС-і, Қара, Темір, басталды ғой дайындық. Теңіз туып шалқыр ертең Шалғайға, Сонда мола су астында қалмай ма? Сонда бізді сөкпей ме, жұрт, – деді Авдей, – «Өздеріңде ұждан қайда, ар қайда?» – Көп ойландық, басқа айла таппадым, Білем, елде күбір кезіп жатқанын. Білем, мынау тұнжыраған тамдарда, Бабаларым, мәңгі тыныш тапқанын. Шара бар ма? Бір ғана сол – амалым, Мүрделерді ақ торғынмен жабамын. Ұрпақтары көк айдында шалқыса, Рухы ырза шөлдеп өлген бабаның. – Жоқ, разы емес, бабаң сені қарғайды! Сен көмсең де су астында қалмайды. Жүгірмегір! Жатсаң түнде, басыңда, Аруақтар судан шығып сарнайды. Шошып кетті, жаңғырды ма бабасы? Сұрғылт тамнан шыққан сол кім?

Қарашы! Аруақтай түсі құп-қу Ағабек, Соны көріп үрейленді баласы. – Ұл болмағыр! Неткен өзің қырсықсың. Мынау бас па, шүйкесіндей ұршықтың? Оқыдың ба баба көрін құртуға? Сенің сұмдық пиғылыңнан түршіктім. Сонау ойпаң, сонау жазық беткейге, Топан суын қаптатсаң да жетпей ме? Бабаларды тұңғиыққа батырсаң, Қасіреті ұрпақтарға кетпей ме? Сен жүзқара атанарсың ұрпаққа, Аталардан белгі бар ма бұл жақта? Қалған мұра – мына күмбез бейіттер, Мәйіттері жатқан бақи құндақта. Ауыл ауып, онда құмға қонған үй, Ел аңырап, шертілетін құмда күй. Ауылымды алып шыққан қамаудан, Аруақты Асық ата, Мелде би, Жоқ киемді бастырмаймын топанға! Егер сүйтсең – кетем суға батам да, – Деп тепсінді ашу буған Ағекең, Көр басында, күн қияға батарда... Темірді іздеп, төбелерді шарқ ұрып, Дәрігер қыз, келген жаңа алқынып,

Сөйлей қалды, араласып бұл дауға, Оқыған қыз, имене ме тартынып? – Дұрыс емес, Темір мұндай шешімнің, Мола қалса астында сол нөпірдің – Қу сүйектер қалқыр теңіз бетінде, Микробтары суға жайып кесірін. Жүрсе суда өлі бастар ырсиып, Шошымай ма жүрегіміз түршігіп? Өліктерден суға індет тарайды, Мүрделерден жұқпасы бар құрт шығып. Мүрделерді алу қажет қопарып, Көму керек бір төбеге апарып, Басқа жөн жоқ, кешіріңіз, атажан, Пікірімде болса тегі қаталық. Дәрігердің сөзін Авдей қостады, Бір түйінді Алма шешіп тастады. Тың қонысқа көшсін ата-бабалар, Қорған болсын туған жердің тастары... Ағаң үнсіз Алмагүлге қарады. Ақылды қыз, сөзі дұрыс жаңағы. – Кімнің қызы едің, балам, – деп қартың, Саусағымен сар сақалын тарады. – Әкем аты – Садыр, мүмкін білерсіз... «Қап дүние-ай! Садыр ма сол сүреңсіз?»

Шал күрсінді. Темір аң-таң. Тұр, Алма, – Кәрілердің сыры қилы – білерсіз... ІҮ Осынау қырда таудай заңғар оба көп, Ел қонбаған мәңгі бақи дала деп – Ойларсың да, көшпенді ғой бабамыз. Іздерінде қалдырған бір қала жоқ. Кезбе жұрт па мекендеген жапанды? Тозғын ел ме, таптаған жау қаһарлы? Қайтып сақтап қалған сонау аталар, Қиыры жоқ мынау жарты жаһанды? Әлпейіс жүр ойсыратып обаны, Құм аударса – батырсынып қалады. Бұл заңғарды қопармасын қалайша, Теңізіне ертең бөгет болады. Әлпейіске ауыр тиді бұл оба, Тістескен тас – қорған ба, не мола ма? Ертедегі тау көшірген алыптай, Арпалысты жалғыз өзі далада. Болат азу қалды бір кез қапырып, Көтерілді бір аумақты жапырып. Текше тастар, күйген қыштар шашылды, Арасынан сырлы құмыра атылып.

Машинадан ырғып түсті Әлпейіс, «Мына тастар – тас емес қой жай тегіс? Өрнекті ғой мынау сырлы құмыра, Мұнда сыр бар, қазамыз ба қайтеміз?» Ойланды да мола жаққа қарады, Жиналыпты жан-жақтың көп адамы. Көшіріп жүр мүрделерді баяғы, Мұрасындай мәңгілікті бағалы. Онда емес, мұнда қымбат мұрамыз, Құм түбінде жатқан шығар жыр-аңыз. – Ей, инженер, моланы қой, кел мұнда, Асылдарды құмнан алып шығамыз. Келді Темір. Көзі жайнап түйілді. Байқады ма жерден шыққан бұйымды, Текше тас пен құмыраға ой тастап, Жасады ол өзінше бір түйінді.

ТЕМІРДІҢ ТОЛҒАНЫСЫ Ұмыттым ба, сірә мен? Белгілі ғой маған көне тарихтан – Бұл арада аққан бұрын Сыр өзен, Мәуе гүлдеп, су ыршыған арықтан. Неге текше тастары, Кірпіштері ақ неге? Осы құмда жатқан шығар ескі кент – Сол ежелгі Ақтөбе? Бабалар тек көшпенді ме, даңқы жоқ па, Ұрпағына таң бүгін? Сол бір қала қадым шақта, Байтағы екен Қоңырат пен қаңлының. Болды дейді ақ сарайлар сәулетті, Асқақтаған мұнара. Мынау сырлы құмырасын сәндепті, Шеберлерге дүкен шығар бұл ара, Сызуында құмыраның не сыр бар? Бір мұра ма, құтты ма? Баба батыр жауға қарсы асығар, Құмырадан қымыранды жұтты ма? Осы кенттің қылымдарда Өз даңқы да бар шығар.

Тоғысты ма түйін жолда, Мұнда Үнді, Қытай мен Парсылар? Айтшы маған, ақ тастар, Іргең қалай болды ойран? Болды ма көп айқастар, Өтті қандай қан майдан? Шыңырауында бұл обаның Сарай бар ма сау қалған? Асылы бар ма бабаның, Сақтап қалған жаулардан? Ту-топалаң замандар! Ата кентін Неге көмдің біржола? Сол мұра ма, қараңдар, Жер бетінде қалған сонау қу мола? Ей, Әлпейіс, Бұл обаны қопарма! Археолог түбін түгел ақтарсын. Болыпты деп әйдік қала жапанда – Ұрпақтары мақтансын. Ал біздер мұнда толқын ойнатып, Жазығына телегейді жаямыз. Көне кентті жаңғыртқандай жайнатып, Жас қаланы асқақтатып қоямыз!

ТЕЛЕГЕЙ ТЕБІРЕНІСІ І Өтті қыс. Дүркін жаңа көктем келді. Сілкінтіп сауырларын сөккен белді. Шардара жазды бауырын, лақтырды да Беліне мәңгі зіл боп шөккендерді. Жоғалды обалар да, молалар да, Түксиген бұрынғыдай қара бар ма? Қадалды жас шынарлар, мәуе талдар, Жаңадан пайда болған жаға-жарға. Қаз-қатар қат-қат үйлер сап түзеді. Әлі де құрылыстың көп тізбегі. Бойында әзір келте көшелердің Көтеріп құмды шаңын соқты желі. Алайда екпіндеген жұмыла жұрт, Шалқитын теңізі ғой – құмына құт. Қазылды көл орнындай кең котлован, Айдындай толқындады алдан үміт. Жартастай қаланды да кемелері, Шыңыраудай су астауы тереңдеді. Уақыттан озып жылдам бітіруге, Жұлқынды Шардараның өрендері.

Бетондап кенересін жатты Зұфар. Жүзінде бітер істің шаттығы бар. Башқұрттың әсем әнін сызылтады, Жігіт қой мәз-мереке шаққа құмар. Бетоншы топты өзі басқарады, Бұл жерден нөпір көзі басталады. Асауды арандайтын осы құрсау, – Тұтылған толқындардың тас қамалы. Көкжалдар жұлқынады тулап мұнда, Айналып тегеуріні қуат-нұрға. Ұшқындап жапандарға отты сәуле, Жосиды арна сулар шуақ қырға. Осыны біліп Зұфар асығады. Өзіндей серіктері қасындағы. Бұл соңғы қауырт кезі, бастауы бұл, Ойпатқа толқын моншақ шашылады. * Андрей жүр дамыл таппай күнұзаққа, Оралып іс қарқыны қызу жаққа. Тосқауыл су қоймасы бітсе бүгін, Шардара жетер ертең қызық шаққа. Жардан ол көз жіберді көкжиекке, Ұқсайды терең ойпат – кең түбекке. Бір кезде мұнда теңіз болған шығар, Созылып орны қалған күнгей шетке.

Көз салды қимылдарға еңістегі. Теңіздің кеңістігі өрістеді. Сыпырып шөп шоқысын, төмпешікті, Сом қолдар түбін құммен тегістеді. Мұнда жүр Алпысбайлар, Гришалар, Солар ғой тас қамалдың қырын шабар. Төңкерген төбелерді, обаларды, – Жүзіндей айбалтаның құрыш олар. Бәрі де – «Ертең, – дейді, – ертең! – дейді. Ісіміз, талабымыз өркендейді. Жүземіз телегейге ертең түсте, Күн жерге жанып түссін ертең мейлі». Айтқандай Темір қайда? – Жағалауда, Кеткен ғой біткен істі бағалауға. Мығым ба дамбалары, шлюздері, Берік пе дүлей күшті қамалауға? Невадай қазір маған ерке бұл да, Аққан ғой өз бетінше дарқан қырда. Дариям мойыныңа бұғау тастап, Жалыңнан сүйрелейміз ертең қырға... ІІ Әркіммен албырт Ашот шатаса ма? Мінезі қисықтармен отаса ма? Жүрегі біржолата ауды жанып, Сылақшы ақсары қыз Наташаға. Екі жас жобаларын жасап алға, Қосылмақ теңіз тойы жасалғанда.

Аяғы жараланды Наташаның, Иі бос іргедегі тас ауғанда. Келеді ертіп Ашот дәрігерді, Жаса деп Наташаға барып емді. От көзі бұрынғыша ойнақтамай, Айтады әзілін де бағып енді. – Ол қалай, Алмадай қыз ұнаса да, Әлі де байқап сені сынаса ма? Тартынды Темір неге, айтшы, Алма, Тойларың үлкен тойға ұласа ма? Сауалға секем алып күйінді ме? Қабағы Алмагүлдің түйілді де! – Аспайтын әкесінен маубас білем, Түйсігі бұл жігіттің қиын мүлде. «Білмеймін, әкем, сірә, жазықты ма? Бұл күнгі ел аңысын аз ұқты ма? Ағекең баяғы бір өштігімен Болып тұр арамызға қазық сына». Өзеннің жағасынан аққан шулап, Екеуі келе жатты оқшауырақ. Сырларын бөліп кетті сары «Волга» Кенеттен келіп қалған шапшаң зулап. Осқыртып от танауын күрт тоқтады, Қиқулап хабар берді гудок тағы. – Алмашка, Бері келші! – деп шақырып, Есіктен қыздың басы бұлғақтады.

Таныс па, қоңырқай қыз, қасы қара? Алмагүл жақын барды машинаға. Есігін ашып дәу қол тарта қалды, «Тез мін!» – деп ақырды да ашулана. Дір етті тұла бойы, тартынды да, Қарады кабинаға алқынды да. Базарбек! Бір қолында қанжары бар, Қатер тұр қызыл көздің жарқылында. – Ашот! – деп шыңғырды қыз жұлқынды да, – Мен байың. Жатпен неге жүрсің мұнда? Менімен жөнелмесең, жарып кетем, Жауапты әкең сенің қырсығыңа! Жүгіріп шапшаң Ашот келіп қалды, Алманы қыспақ қолдан бөліп те алды. Қанжарын Базарбектің қағып алып, Өзіне жарқылдатып төніп қалды. – Өзіңе жан керек пе, жөнел жылдам! Осынша кәззәп едің сен не қылған? – Базарбек қатты жауып кабинасын, Зытты тез қылмыстыдай біреу қуған. – Мұнымен таныс па едің бұрын тегі?– Деп Ашот аяп қызды күбірледі. – Сұрама! – деп Алмагүл басын ұстап, Кемсеңдеп еріндері дірілдеді...

ІІІ Аралап атырапты судан жұрдай, Аулақта Ағабек пен жүрді Югай. Қырларын «Мыңтөбенің» көрсетіп жүр, Ақсақал иемсініп бұрынғыдай. «Күріш те өскен екен бір заманда, Дария толқын атып тулағанда, Жайылып «Қалған Сырға» су жолдары, Дән өрген, тұнжыраған мынау маңда. Дария кейін неге шалқымады? (Айтқандай қартың соған алқынады) Бетіндей көне тастың бедірейген, Аспанның тамшылары тамтымады»... Арман ғып судың солай тоқырауын, Ағекең мүсіркеді атырабын. Агроном машинадан ырғып түсіп, Ұстайды әр белестің топырағын. Шұқиды қыртыстарын саусағымен, «Жер екен су сағынған, аңсары кең. Ақсақал, бұған суды сіміртеміз, Бастаймыз теңіз тойын таң сәріден. Бұл жонға канал бітіп су ағады, Шеңгелдер, төбе құмдар жоғалады. Бұл жерге толықсиды күріш кені, Ырыспен мекеніңіз жаңарады.

Мейірмен емізеді ана – Сырың, Естисіз еміренген дала шуын, Өзіңіз ауған жұртқа орнатамыз, Совхоздың құтты жаңа қалашығын». Соны айтып сызып алып топырақтың, Отырды машинада жадырап тым. Ағаңа ұнап кетті корей жігіт, Қоңырқай ұлдарындай Қоңыраттың. Қозғады машинасын Югай жылдам, Хабар не радиодан бұл ағылған? – «Айналып ай шеңберін зымыран кеме, Оралды шексіз көктің күн жағынан!» Аман-сау қонды жерге, Шегіп сайран, Әкелді сәлем-сауқат сонау Айдан. Ұшқырдың аты «Восход» күннің құсы, Қанатын күн астында самғап жайған!» – Керемет! Ойды көкке шапқызатын, Қуаныш бойға жігер тапқызатын. Ағеке, – деді Югай, – мирас болсын, «Восход» деп қояйықшы совхоз атын...» ІV Шығаннан шұбатылып шаң келеді. Қалайша құм төбелер дөңгеледі? Апырау, көшіп жүрген қайдағы жұрт, Шұбырып іздестірді шөлде нені?

Түйелі, машиналы самсап қалың Халайық келе жатыр айдап малын. Тиелген шаңырақтар, үй-мүліктер, Келеді жайлау бардай сайлап бәрін. Ағекең тани кетті алғы көшті, Өз аулы, тастап кеткен бұл белесті. Келеді бір қияннан көшіп қайта, Есіркеп қоныстарын қалған ескі. Сонырқап жаңғыратын қуаң жерді, Қалың көш асты талай бұлаң белді. Көшіріп күріш күткен корейлерді, Төменгі Сыр бойынан Хван келді. Ежелден жерді кезген аймағы кең, Азабы өткен бірге сайранымен. Түбінен түрікпеннің келді мұнда, Адайлар атанымен, тайлағымен. Сұраса, келгендердің бәрі маман, Бірі жоқ ауыр іске арындаған. Югай тұр келгендерге мақтап жерді, Бойына әлі құты дарымаған. – Жұмыс көп, бұл қоныстың шұғыл ісі. Демеңдер қызметіміз – ірі, кіші. Тігіңдер кигіз үйді «Қалған Сырға» Біткенше тұрғын үйдің құрылысы. Өртейік кешке мынау жыңғылдарды, Сол болсын шырқалатын жырдың алды.

Бітеді ертең теңіз Шардараға, Сүйінші! Мерекеге бір күн қалды! Югайдың сөзін қостап Ағекең де, Деп кетті: – Хош келдіңдер бұл мекенге. Адыра қалған жаннан жаңғырады, Алдымда бақыт күтіп тұр екен де! Қараңдар анау жатқан «Өгізарық» Өмірі көрген емес суға жарып. Сол жыра канал болып, нәр толқиды, Қуарған жерімізге нұрдай ағып. Кел, жұртым, үмелейік игі істі. Аршиық сол арықтан үйілісті. Сол жылға канал болып кеңігенше, Теңізден мүдіртпейік құйылысты. Ағаңның сөзін бәрі ұнатқандай, Қолдарын созды көкке гүл атқандай. Аңқылдап гуілдесті тың қоныста, Тоғысқан сай-салада бұлақтардай...

V Бүгінше жалпақ ойпат, шалқар дала, Бүгінше кең кенере, аңғар ғана. Жарысып жүйріктердің байқайтындай Айнала қалың жұртқа толған дала. Бәрі де болар тойды көздеп келді, Теңізді жайлайтындар мәз боп келді. Шашуға шашайын деп мейіз артып, Бұл тойға өзегі бір өзбек келді.

Жағаның ұшы қайда? Көкжиекте. Алып тұр алқап шеті күнді иекке. Бір аудан сиар еді аумағына, Көлбеген Сырдан әрі күнгей шетке. Жойқындар бұғалықпен арбасуда, Босатса шабар еді жарға, шыңға, Байқауға құдіретін иірімнің, Авдей мен Темір тұрды жар басында. Сәріден жиылды жұрт Шардараға. Зымырап хабар жеткен әр қалаға. Мұнда тұр жоғарғы жақ өкілдері... Қазір сел атылады сар далаға. Шықты күн. Уа, алақай! Иә, іске сәт! Шлюзды аш. Тегеурінге енді мұрсат» Оң қолын сілтеп қалды Авдей, кенет Күшті гу жер жарғандай Шықты шырқап. Аспандай әп-сәтте бір күркіреген Зілзала су атқандай жерден терең, Ашулы арыстандай гүр-гүр етіп, Көкжалдар өре шықты іркілмеден. Қалың аң таудан қашып үріккендей, Лап берді алапат су ұрып селдей. Топырлап сұр толқындар ырғып кетті, Тасқындай дүркіндеген ырық бермей.

Құйғытып қырда жасақ аттағандай, Топан су Қазықұрттан қаптағандай. Жөнелді буырқанып долы нөпір, Жолында тау тұрса да таптағандай. Жалындай өрттен өрген будақ-будақ, Жөңкілді тобыр толқын лек-лек шұбап. Айнала, жағалауда анталап жұрт, Қолдарын шапалақтап тұрды шулап. Олар мәз арман оты басылғандай, Алқапқа алтын моншақ шашылғандай. Алпұрыс асау өзен шашын жайып, Халқының аяғына бас ұрғандай. Жапаннан әлем жаңа ашылғандай, Табылған жерден терең асылдардай, – Селді сол көріп жастар құшақтасты, Толқыған көңілдері қосылғандай. Бұл маңда ойнақтаған бұрын сағым, Теңізге жаяр енді жұрт құшағын. Жуықта келген қызы, сүйіктісі, Бетінен сүйіп алды Гришаның... Ал нөпір асыр салып алыстады, Дауылдай дүрілдеді, қарыштады. Алпысбай, Әлпейістер селді қуып, Жөнелді машинамен жарысқалы. Қарай көр! Пәле шіркін... Ал жетіп көр.

Зымыра жағалауды шаңдатып бер! Нөсердей ексімдеген телегейге, Жазылды арқаларын аунатып жер. Толқындар зіл қанатын жайып кетті, Қырсығын кәрі белдің шайып кетті. Аптығып жетті басы Арнасайға, Бүйірі бір шығанға тайып кетті. Телегей ұлан-асыр дүркіндеді, Күнімен таси берді, іркілмеді. Сөгіліп қабырғасы тентек Сырдың, Аптығып арсылдады, күркілдеді. Ал халық, жағалауда жатты тойлап. Айнала ұшан-теңіз, әппақ аймақ. Гуледі телегейдей жеңісті жұрт, Жапаны Шардараның кетті жайнап...

ЭПИЛОГ Аспанның алтын сары әңгелегі, Теңізге моншақ сеуіп дөңгеледі. Күн жаңа көтерілген, шығанақтан Айдынның жағасында шал келеді. Ағекең жеті белден асып келген, Шөлі ғой қоламтасын басып көрген, Теңіздің исі түртіп оятқандай, Азанда жөнеледі асып өрден. Келеді көк телегей жиегіне, Толқындай ақ сақалы иегінде Қозғалып, сәлем етер осы қартың Теңізге, ақша басын иеді де. Сол бір сәт тұрады да ойлап мүлгіп, Толқындар, шақырғандай ойнап жылжып. Күлімдеп кәрі жүзі қақпышталған, Айдынға күмп береді бойлап жүзіп, Қалқиды күнге қарап ну бетінде, Науаннан нұр енгендей келбетіне, Ағынға құлаш жайып, Қарыштайды, Бесіктей денесін бір тербетуге.

Келгендей керуендеп шөлді қырмен, Сіміре жұтады шал мөлдірінен. Содан соң отырады көкжиекте, Талының шұғыла түскен селдірінен. Бұл жаға алқаланған мәуе көкпен, Шырылдап әнші құстар әуелеткен. Толқынның күбірінен сыр тыңдайды, Қария, көк теңізге тауап еткен. Қараса сол айдынға ой басады, Қиялы құла дүзге бел асады. Сонау шөл, қаңыратқан шал аңқасын, Осынау телегеймен ұласады. Атаның көрдей еді-ау шағырлары, Көрген сол бейнет қой ғұмырдағы. Қайнаған арманы ма бабалардың– Қараса, теңіз беті шымырлады. «Апыр-ау, бұл күнгі жұрт құдірет пе? Несіне жалбарындық бұрын көкке? Шалқытты көк айдынды сұр жапанда, Сыр суын бұғаулады бұрып шетке!» Осылай өткенді ойлап толғанады, Күрсінсе көтерілер сәл қабағы. Ал мынау кереметке пайда болған, Ағекең келіп талай таңданады. Құмында жел ойнаған сайын дала, Бұл белде мола еді ғой жалғыз қара.

Кешегі «Жаушықұмда» тұрды жайнап, Көшесін гүл бүркеген сәнді қала. Өз жері Ағекеңе таңсық әлі. Құлпырып кетті қазір әр шығаны. Ежелден көп түнерген түкпірлерде, Жағылды электрдің шамшырағы. «Қалған Сыр» десе, Ағаң шаттанады. Тәтті сыр енді мәңгі сақталады, Жиналып шартараптан қауым болды, Сүйеді совхозына шақ қаланы. Апырай, өтті қалай сол қыңыр шақ? Аз ру болып еді қырық пышақ. Жағада түрлі жұрттың жүрді жасы, Жайқалған мәуедегі өрік құсап. Заманның лебі ізгі, бәрі дұрыс. Келтірген осылар ғой еліме ырыс. Есіне түсті канал «Өгізарық» Алқапта сыңсып тұрған күміс күріш. Несібе бітті шалқып сұр белеңге. Разымын еміренген Сырға мен де. Бір аунап түскен шығар ата-бабаң, Көз жасын сыққан талай су дегенде. Еске алып шөліркеген жер елесін, Барлайды көк теңіздің кенересін. Тұрды шал, келіп қалды келін, міне, Көтеріп былтыр туған немересін...

Сонысы шалға ерсі көрінеді, – Халатын шешіп келін керіледі. Сүңгиді қазір суға ұят қайда, Апырау, өзі неткен керім еді? Келіні Алмагүл ғой, бізге мәлім. Білеміз Темірдің де ізгі жанын. Телегей тасығанда, тойлы күні, Бұрыннан ынтық жігіт сүйді жарын. «Уа, заман! тас көмірден жібек өрген, Жанарлы май атқызған түнектерден – Кешегі жауым Садыр, – құдам болды, Жеңілдік салты басқа түлектерден. Көндік қой...» Шал толғанып аяңдады. Өзіне өткен істің аян бәрі, Үшпуды жазған пақыр кездесті де, Ағекең өткендерін баяндады. Сыңсыған шуын естіп шағаланың. Теңізді мен де бірге жағаладым, Шомпылдап қаз-үйректей суда жүзген, Тыңдадым қыз-жігіттің қалап әнін. Халқымның көз нұрындай арнадағы, Бұл теңіз жайнатып тұр сар даланы. Талай түп телегейдей тебіреніп, Толғадым шалқып жатқан Шардараны!

ГИМАЛАЙ САРЫНЫ І Зәулім құздар, Заңғар құздар, Мүйіздері көк тіреп, От найзадай, Ақ найзағай Төбесінде күркіреп, Аңдай шұбап, Бұлттар тулап, Кеудесінде бұрқанған, Азулы асқар, Істік тастар Темірдей мұз құрсанған. Бұрқан-сұрқан, Түтеп боран, Жұлдыз қашқан басынан. Күн биігін, Тұңғиығын Тұман торлап жасырған. Зілді кектен Нөсер төккен Сол баяғы сарыны. Дамылдамай Тұр Гималай – Азияның тәңірі.

  • * Тау ұрпағы, Тас тырнағы, Найза тісі бір қарыс, Мұзды асуға, Құз басына Шықты ма бір жолбарыс? Сұсты мылқау, Тәкаппар тау Өзі патша бұл маңға, Ғарышына Бір ұшуға Жетпей талған қыран да. Күндегідей, Түсі дүлей Ақ сеңгірлер тұр асқақ. Қарлы құйын, Салып биін, Сауырында ойқастап. Боран басқан, Боз жартастан Сұр сүңгілер тұр түсіп. Құламада Жалғыз қара Жатыр неге тырмысып? Алапатта Бұл апатқа Сонша неге ынтазар? Әлде аң ба, Есалаң ба, Кім өзі бұл құз құмар?

ІІ Қапсағайда қасқа тасқа асылып, Жылжыды ол шың басына асығып. Тырнақтары тас қырымен тістесіп, Еңбектесе, тізелерін тас ұрып. Жорықты ол таң сәріде бастады. Ашық еді Гималайдың аспаны. Кенет шыңнан дауыл шықты бұрқырап, Құзбасармен қырғын майдан ашқалы. Ойлады ол түу ұшпаққа шығармын, Дабылдармын төбесінде құзардың. Соқты боран... Ол жұлқынды қалғандай, Арасында, мұхиттағы мұздардың. Қанша уақыт шыңға қолын созғалы Ол денесін енді әрең қозғады. Жігіт еді жолбарыстай шүйделі, Индияның осынау жас боздағы. Ол жұртының аты мәлім, саңлағы, Албырт Харша, талай тауды шарлады. Арманы тек – Үнді туын желпінтсе, Қарт Гималай, Күншығыстың шаңырағы. Қайран елі, көрсетсейші көптігін, Неге мұнда туыстары жоқ бүгін, Индияның даңқын көкке көтерген Басып былтыр Эверестің шоқтығын?

Жалғыз ба бұл? Жоралары жүр қайда? Жанашырың болса жақсы мұндайда. – Ей, Акст, Арқан таста, қайдасың? – Бір де жан жоқ, Құйын даусын тыңдай ма? Жаңа ғана ербеңдеген бір бейне, Сол Акст қой, Енді оралып келмей ме? Ол сатымал әкелуге тиісті, Харша шыққан, қаупі күшті деңгейге. Ол шаршады, тайғақ таспен тіресіп. Мұз киімі кіреукедей сіресіп, Әбжыландай құздан сырғып ысқырып, Ақ құйындар асыр салып жүр есіп... ІІІ Ал кертеште Қарлы шатыр ішінде, Отырды топ, Ала-құла пішінде. Кейбірінің үрейі ұшып көзінен, Кейбірінің ашу сыздап түсінде. Құрама топ, Сан қиырдан қосылған. Достар емес, Кездескендер тосыннан. Бұларға жат –

Бір-бірінің тілдері, Бұларға жат – Арктикадай осы маң. Бұл асқарға, Бір күні жоқ борансыз, Келді бұлар: Американ, француз, Итальян, неміс, швед, Ағылшын, Бәрін тартқан, – Тәңірсініп тұрған құз. Күнбатыстың ығай-сығай түлегі. Сайыпкерлер, Не сиқырды біледі. Арасында швейцарлық сарша қыз, Жалғыз сол-ау, Балдай жұмсақ жүрегі. Бұл топта бар Азиядан екі ұлан, Келген еді, Ата жердің атынан. Бірі Науми, Өткір Жапон жігіті, Бірі құзда Арпалысқан батыл жан. Сол ғана жоқ... бұл шатырда Шатқалда – Ол тырмысып, Аласұрып жатқанда,

Бұлар мұнда даңқ үшін керісті, Бизнесмендей, бұйымдарын сатқанда. Сорлы Азия! Көрді талай кезбені. Піл сауыры Не сойқанға төзбеді? Бірақ бұлар кәззәп емес, Жау да емес, Серілікпен сапар шеккен өздері. Достық, бірлік – Ұқсар күндей жалауға. Сұмдар ғана, Құмар қан мен алауға. Келді бұлар құрақ туын ООН-ның, Гималайдың құздарына қадауға. Бұл сайыс қой, Қайрат сынар, ар сынар. Боран мен мұз – Бұл жорыққа қарсылар. Ту тігуге келді бәрі дуылдап, Мүмкін мансап желігі де бар шығар. Талай тауға табандары мөр басқан. Сайыпкерлер сеңгірлермен арбасқан Отыр енді денелері қалшылдап, Баспанада Құйын шайқап қар басқан. Неткен дүлей! Аңдай айдап боранды,

Болды-ау жолға Әбжыландай оралғы. Жеті күнде жеті қарыс өрлемей, Жаңа ғана бұлар шыңнан оралды. Аңсағандар өр атақты, ер істі, Жын қақты ма, Енді неге керісті? – Бұл сапарда сәтсіздікке себеп бар, Айырмадық күнгей менен терісті. Неге ынтықтық Қыры қиын асқарға? Жомолуңның шыңын бір жан басқан ба? Американ өкілі ғой, даңқшыл, Дәйім құмар бір қырсыққа бастауға. Өрлесемші өзім жеке күнгеймен. Қапы қалдым, дүлей сырын білмей мен. Саясатта сілеусіндей орғып ем, Тап суырға Ұқсас енді бұл бейнем... Бейнет шектім сұрапылда қанша күн! Бұл сапардан Зор атақты аңсадым, Гималайдың құзын бассам, биікке, Өрлер еді, қызметтегі мансабым? Құйын қуды арманымды, Уа, қырсық! Азиядан қайтқаным ба пақырсып? – Мазо мырза, – Франция өкілі,

Сөйлеп отыр, қаны мұздап, тыпыршып... – Асқарында аты шулы Альпінің, қас қырандай Әлденеше қалқыдым. Янкиге еріп, Неге сонша елірдім, Азияның басамын деп алқымын. Бағынсын ба мәңгі дүлей бұл құзар? Мұз мұхиттай тас қамалын кім бұзар? – Ей, Айле, Туын ұстап ООН-ның, Айдаһардың аузына Өзің бар! – Итальяндық Маури солай сызданды, Бастаушыға сұс көрсетіп ызбарлы. Тоңған қолын отқа жылытып, бойынан Сілкіп темір шынжырлардай мұз-қарды. Кепенедей – қарлы шатыр қушиып, Асқарпаздар көжектердей бүрсиіп, Отыр жұтып бықсық тұман түтінді... Ал Айлс жүр азу тісі ырсиып. Сөйлей қалды Американ түлегі: – Бұл шұбар ту – Қасиетті ту еді. Төмен жұрттың қиқымдары біле ме, Осы туда – Бейбітшілік тірегі! Қамал ма сол, Біз баспайтын құжыр құз.

Сендер неткен ез едіңдер қажырсыз! Құрбандықпыз Бейбітшілік жолында. Тыныштықтың желеуіміз – қәзір біз! Соқты боран, Кенет шатыр шайқалды. Дэвид Айлс сөзін жылдам қаңтарды. Домбы қолдар Ұршықтай тез түйіліп, Сермелді де өткір жауап қайтарды. Жапон жігіт қолын бұрын сермеді. Ащы даусы мұз шатырды кернеді: – Отаршылдың жалдабысың, Айле, сен, Сенің ойың түндей қара перделі. Сендер үшін – Шығыс – соғыс ойнағы. Өрмекшідей Тоқисыңдар айланы. Азияға жөңкілдіңдер обырдай, Мол жұтуға Оңай олжа пайданы. Янки десе – Әлем жаны түршігер, Қанды жұтқан қара жер де күрсінер. Өртпен жайпап, Жунглиді мүлгіген. Вьетнамды ойран етіп жүрсіңдер.

ІV Бұлар солай сілтеді де гулесті. Қиқу сөздер қар құйынмен үндесті. Ұмытты олар – қиядағы Харшаны, Сырттан суық, қорқынышты шу есті. Әлдеқайда арыстандай гүрілдеп, Ақжал боран әлек сап жүр дүбірлеп. Кенет сырттан Акст кірді алқынып, Судан шыққан саршұнақтай дірілдеп. Тұла бойы Қаптамадай мұзды қар. Бет домбыққан, қабағында тұр ызғар. – Неменеге аң-таң болып тұрсыңдар, Өңшең найсап, өр көкірек нығыздар. Үсіп барам, Құй вискиді, құй жылдам! – Харша қайда? – Сұра оны құйыннан, Өз басымды алып қаштым ажалдан, Әрең жеттім құламалы қиырдан. Шыдамады швейцарлық сары қыз: – Мұнда шулап отырғанда бәріміз, Сорлы Харша, мұз қияда қалыпты, Ойламаппыз, қайда ұждан-арымыз? – Тастап оны, Акст, неге сен қаштың? – Мен өзім де сұрапылмен арбастым. Айғай салдым, Ол қайтпады, жылжыды, Жабысты да жақпарына жартастың.

Алай-түлей боран басты тау ішін. Естідім тек: «Арқан» деген дауысын. Біреу үшін өлейін бе, Жылыстым... Бәріне де кінәлі ғой дауыл сұм. Айтты соны, бүлк етпеді жүрегі. Айыққандай оған көктің түнегі, Бокал ромды сімірді де жантайды, Капиталдың асыранды түлегі. Абыржыды швейцарлық Иветта: – Көмек үшін барайық та бейбаққа! Бәрі үнсіз, Кейі теріс айналды... Айлс әрең күбірледі бір уақта: – Ұқсап тағы, қызғаншақ бір аңшыға, Барған өзі қиялары тар шыңға. Құтқаруға, бұл апаттан үндісті, Гуманист қой, мистер Мазо барсын да. Тау кеткендей астында бір сілкініп, Мазо дереу қиқылдады жұлқынып: – Француздың зиялысы мені сен, Жұмсамақсың ұсақ жұртқа күлкі ғып?! Әлде мені келіп тұр ма басынғың? Мен мысымды талайлардан асырдым. Азиаттың қолтығынан сүйе деп, Сен қорлама Бонапарттың нәсілін! Барсын Хэстон, ағылшынның өқілі.

Үндішіл боп, жаңа ғана көкіді! Аясын да тым болмаса бір ұлын, Индияға батқан ел ғой өкімі. – Сен даттама Британия билігін! Түсінді ме оның игі пиғылын, Өз бетінше лағамын деп оңар ма, Жабы жұрттар, бас-басына би бүгін – Хэстон сөзін соза берді міңгірлеп. Басталды дау, қыза қалды ду-дүрмек. Ағылшынша, французша, немісше, Итальянша, – өз тілінде шүлдірлеп. Виски дауға жанар майдай от берді. Жақ-жақ болып, жаудай бәрі шектелді. Керісті де күнбатыстың қулары, Азиатты ұмытуды еп көрді. Соқты боран, Керней тартып, ышқынып, Қар күркенің жабығынан ысқырып, Шықты сыртқа Иветта мен Науми, Рюкзагына арқан саты қыстырып... Боран бүркеп көрсетпеді тау басын. Ол құшақтап жатыр екен қай тасын? Екі қамқор жанұшыра жүгірді, – Ей, Харша, қайдасың, сен қайдасың?

V Құйын басқан, Мұз жартастан, Ақ бұршақтай қар ұшып, ол қимылсыз, Жатты үнсіз қолы тасқа қарысып. Түссе төмен, Кілкілдеген Шыңылтырдай тайғақ тас, Қиын құрсау, Асты – шыңырау, Ұшқаныңды байқатпас. Достар қайда? Қапсағайға, Тастамай ма арқанды? Саты күтіп, Дәті бітіп, созамын деп қар талды. Сомдай еді, күлдіреді, саусақтары, мұз қарып. Бет үсіді, Қоңыр түсті, Шикі өкпедей бозарып. Мұз қусырып, Дымы құрып, Тас бауырлап ол жатты. Ал, Иветта, Сол бір шақта шарықтады жан-жақты. Дүлей боран, Ашып аран, Мұнша неге долданды?

Жерге құдай, Өзі Гималай, басың неге торланды? Уа, тәңір-тау, Серпі мылқау Сұрапылдың түнегін! Мұз секілді, Құз төсіңді, Құшқан сенің түлегің. Қалды таяу, Шыңға сонау қонақтайтын күн мен ай, Көзі мұңлы, Өз ұлыңды, аясаңшы, Гималай! Не керемет, Харша кенет Қолын созып қозғалды. Сынық атып, Сықырлатып, Құрсауланған мұз-қарды. Жаңа бір сәт, Айдын құсап тынған еді бұл қия. Шыңды жарып, Күндей жарық Жайнай қалды Индия. Таңғажайып, Гүлін жайып, мың мәуелі ағашы, Ұлын көріп, Жүзім беріп, еміренді анасы.

Пілге мініп, Сақ-сақ күліп, сүйіктісін шақырды. Сілкіп қарды, Ол қозғалды, тынысымен ақырғы... Сұрапылдың зіл қаһары басылды. Гималайдың көк күмбезі ашылды. Әппақ құзға, мұнараға күн қонып, Ақ моншақтай сәуле жерге шашылды. Қыз киіктей тастан тасқа қарғыды. Тіл қатпады Қарлы таудың барлығы. Қыз іздеп жүр қиялардан Харшаны, Оны іздеткен жүрегінің жарлығы. Науми қайда? Адасты, әлде жоғалды. Мырзалар ше? Жын соқса ғой соларды! Қайсар Харша, Сұңқары ғой үндінің, Шыққан шығар шыңға сонау жоғарғы. – Харша! Харша! – Айғайлады қыз тағы. Жаңғырықты Жомолуңгі құздары. Бірақ жауап қайтармады... түксиді, Обалардай қиялдардың мұз-қары.

Қыз биікке әрең жылжып өрледі! Қарай қалды, – Қандай сұмдық көргені! Шошығаннан шыңғырды қыз, теңселді, Жығылды да қолын құзға сермеді... Түу қияда мұз сүңгілер жарқырап, Құламадан жатты сеңдей қар құлап. Тұрды сүлде оранғандай кебінге, Тау қырынан басы төмен салбырап. Қайран Харша! тастай қатып қалыпты. Шар сауыттай мұз-қар бойын қарыпты. Соңғы бір сәт туған елі еске кеп, Қозғалды ма ұмытып сол қауіпті? Джентельмендер сонау таса шатырда, Шарап жұтып, әлі гулеп жатыр ма? Достық, бірлік – олар үшін бұйым ғой, Пайда, мансап қажетіне сатуға. «Ей, кәззәптар, арсыздар! Ұжданы жоқ неткен пасық жансыңдар? Ара түспей тағдырына адамның Бір-біріңмен ырылдасқан аңсыңдар. Достық, бейбіт – Сондай желеу сөздерге Машықсыңдар шыққанда шет серуенге. Не дейсіңдер ажалы үшін Харшаның? Күллі әлем нәлет айтар сендерге!»

Шыр-шыр етті швейцар қыз осылай. Ол жүгірді от ашуы басылмай. Қар шатырға шулап кірді сарша қыз, Жерге түскен құламаның тасындай... * Көк түнерді, Өтсін тыныш түн қалай? Сұп-сұр бұлттар, қайтсын енді туламай? Аспанында нажағайлар күркіреп, Құздарынан жасын атты Гималай. Соқты дауыл, көк тобырын қуалай. Қара бұлттар, сілкінді де бурадай, Төкті селін, көз жасындай үндінің, Күңіренді, тау тәңірі Гималай...

ҚАМБАР АҒАЙ (Поэма) Бірінші бөлім І Кім біледі Қамбарды? Қозғайыншы бір кеңес: Қан майданда қаһарлы, Сонау батыр бұл емес. Қара қасқа ат мініп, Бұлттай түйген қабағын. Құйындатып аң қуып, Кере тартқан садағын. Арыстанмен алысып, Атына оны өңгерген. Желкиікпен жарысып, Төңкеріскен дәулермен. Қыран салып қуғызған, Көлдің аққу, қазын да, Көзін салып өтетін Қырындап қыз Назымға. Ертегінің өзі емес, Айтам басқа Қамбарды.

Ұландарым, бұл кеңес, Саған ғана арналды. Қызық та ғой ертегі, Дәріптеген Қамбарды. Рас қой деп ел тегі, Неге сонша таң қалды? Ертегіні білмеймін, Бүгінгі өмір, бұл шыным. Шын өмірмен өрлеймін, Қиялы емес жыршының. Оқыңдаршы қуанып, Кешкілікті кеңесте. Ертегі емес, бұл анық Өмір сыры емес пе? ІІ Мінезі де тым берік, Осы Қамбар ағайдың. Кейісе бір түнеріп, Сөйлеспейді талай күн. Қалың қасты қабағын, Жұдырықтай томпайтып. Делите қап танауын, Сөйлеспейді сөз қайтып. Қамалып сөз тұрғандай, Бүлкілдейтін ұрты да. Жиырылып кең маңдай, Жел тұратын мұртына.

Кейігенде осылай, Әйтпесе ол сабырлы. Артық сөзге қосылмай, Сүймес шуды, дабырды. Қытымыр да жан емес, Мейірімді, кең пейілді. Бірақ қайдан үйренді, Томсара қап, кеюді? Болушы еді жайдары, Кешегі өткен бір кезде. Теңіздей тасып ойлары, Жарқын еді мінез де. Күле кіріп шахтаға, Гуілдетіп бұрғысын. Көруші еді шаттана, Өндіріп тас нұрлысын. Шыға келсе – кең көше, Бойларымен ой шарлап, Жігері өсіп он есе, Адымдайтын алшаңдап. Салынған көп үйлерге, Қарай қалып тоқталып. Тасушы еді ойы өрге: Бұл қалай деп мақтанып. Әне, бір зәулім ақ тас үй, Тіпті, қандай тамаша!

Қызғалдақтай жас ылғи, Көз тойдырған қараса. Қамбар ағай шахтадан Қайтса көріп сол үйді. Ширап бойы шаршаған, Шалқытатын көңілді. Қуанбайтын ол текке, Қарашығы, құлыны – Болушы еді мектепте Оқып жүрген бір ұлы. ІІІ Баласы еді бір ғана, Өскен жалғыз шынардай, Толықсыған тұлғада, Толқындайтын сыр бардай. Өсті бала ойнақтап, Кеудесін кең көтеріп. Жылдам басып жыл аттап, Қиялына от беріп. Беті нарттай жайнаған, Желкілдеген айдары. Өрге шауып ойнаған, Жас киіктей сайдағы. Мөлдір қара көзінде, Шоқ бар еді бір отты. Жалындап тез өзі де, Жандырғандай жүректі.

Қарсы шауып боранға, Зырлататын ағызбақ. Жүгіріп қансонарда, Аң қуатын жалғыз қап. Жұлдыздай ағып адырдан, Зырлаушы еді шаңғымен. Жарыста кеп алдынан, Оқуын білген алдымен. Айтайықшы білімін, Алдымен білім керек қой. Жақсы білген оқуын Бар еді онда зерек ой. Құмартып шын ынтыға, Оқушы еді кітапты. Өмірін сүйді құлшына, Мектебін тым ұнатты. Қуанды әке ұлына, Өмірге бала көрік деп. Сүюші еді қызыға, Атаушы еді Серік деп. Еркін өмір, бақыт шақ, Өсірді оны өндір қып. Қандай қызық болашақ, Бітпек еді онжылдық... ІҮ Жайнап қана тұрды күн, Жарқырады алтын жаз.

Қызықты ғой жаз шіркін, Жан жадырап, көңіл мәз. Жағалауын Жездінің Желкілдеген гүл басты. Гуілдеді көбелек, Шіркей де әнді шырқасты. Жүгірісті жас ойнақ, Бітті сабақ биылғы. Көздерінде от жайнап, Қуалап жүр құйынды. Сол күн Қамбар ағай да, Болды тіпті көңілді. Алып еді ол ойға Серігін жас өмірді. Ол бітірді тоғызды, Бітпек биыл онжылдық. Сонысы шаттық туғызды, Ойға шапты ой зырғып. «Бітірер оны Серігім, Бітірер тез ВУЗ-ын да, Білімнің басып көрігін, Балқытар тау-құзын да. Егер болса ұлымда, Мендегі бар өр жігер. Егер болса ол мұнда, Ең жауапты инженер.

Билесе бір шахтаны, Билесе кенші – мені де, Қатар болса шарттары, Терең болса кені де. Жан білмеген тастарды, Қопартса тым тереңнен, Таң қылса бар жастарды, Жаңалық бір өнермен. Үйретсе маған забойдың, Тіпті шапшаң әдісін. Жарыста озып талай күн, Болса өнеге әр ісің! Иә, солай болмақшы, Оқып, балам өседі. Демалыс бүгін тым жақсы, Рекордтан кейін кешегі...» V Жатыр еді жантайып, Ойлап соны шаттықпен; Қарай қалса ұлына, Көкірегі шалқып кең. Ақтара оқып кітабын, Отыр еді Серігі, – Келешекке, өмірге, Арта түсіп сенімі. Кенет сол күн бұзылды, Басқандай бір қара бұлт,

Келді хабар бір зілді, Құйындай тез таралып. Алтын бесік – Отанға, Салды дұшпан тырнағын. Бұзып кетті сол хабар, Қамбар ағай сырларын. Деді келіп парткомға; – Майданға мен барайын. Елірген сұм дұшпанға Ереуілдеп қарайын. Тығылман жер астына, Теңселгенде ел бүгін, Сыналған өр тасқында – Ерімін Амангелдінің. – Жоқ, – деді партком, – бармайсыз, Ісіңіз күшті бұл маңда – Оқ болып сенің мыстарың, Атылмай ма дұшпанға? Керексіз ғой сіз мұнда... Шахтада да майдан бар. Қырғын салар құзғынға, Бар ғой батыр ұландар. Соны айтқанда есіктен Ентіге кірді Серігі. Әлдекімге өшіккен Секілді боп көрінді.

– Кеттім, әке, майданға – Өтініп өз еркіммен. Отанымды сақтауға, Сұм фашистің өртінен. Жеңуге қас-дұшпанды, Тасқындаған күш керек, Қиратуға қамалын Оқ бораған мыс керек! Соны ұмытпа, әкежан! Әкелік сол борышың. Отқа түсті Ұлы Отан, Жөнелемін сол үшін! Бітпей қалды онжылдық, Келермін тез оралып. Қирайды жау, жеңеміз, Келемін, әке, ол– анық... Кенет Қамбар булыға Түйіле қалды қабағы. Қадала қап ұлына, Көзіне тура қарады. Бала емес, ол – ер жігіт, Жайнаған от көзінен. Қалай жанды ер үміт, Қандай күшті сезіммен. Кеше ғана жас бала, Қалайша тез ер жеткен!

Жау десе тұр сұстана, Намыс отын өрлеткен. Құшағына қысты да, Сүйіп алды маңдайдан. – Батыр бол! – деді ұлына, – Шығарма, – бірақ, мені ойдан. Күлімдеп қана бір қарап, Жөнеліп кетті Серігі. Күле бір кеткен сол сипат – Әкенің болды сенімі... VІ Күндер өтті асығыс, Күркіреп оқты майданда. Өршіп жатты қан соғыс, Өтті талай айлар да. Тереңінде шахтаның Төңкеріскен бір майдан. Толқындатып тастарын Гүрсіл даусы ұлғайған. Көрінді көп шахтерге Тас қамалдай забойлар. Ерлік еткен бұл жерде Біздің Қамбар ағай бар. Қашағанда бұрғысын, Тас қақырап ұшқанда. Ойлап жүрді: «Бұл мысым – Қадалды оқ дұшпанға».

Үңгірінен забойдың, Үн қатқандай Серігі: – «Әке, жібер оқты тез, Атайын, жау көрінді!» Болушы еді дегендей, Жүргендей бір шахтада, Тірлігінің белгісі – Келген екі хат қана. Хатын оқып өзін бір Болушы еді көргендей, Секілді еді сөзі жыр, Өзі батыр ерлердей. Майдандағы ерлігін, Сол хатына тізіпті. Алып таудың биігін, Жаудың шебін бұзыпты. Кеше ғана жас бала – Ер командир болыпты. Үлгі болып басқаға, Бастап ылғи жорықты. Алыпты көп алғысты, Атаныпты ер жігіт. Естіп соны Қамбардың, Жүрегінде жанды үміт. Жүрегінде жанды үміт, Біздің Қамбар ағайдың.

Толқындатып тастарды, Өтіп еді талай күн. Борандатып қыс келді, Бүркеді бұлт аспанды. Күркіретіп мыс кенді, Төтен айқас басталды. Қатты нұқып бұрғысын, Қатайды Қамбар ағай да. Сұстандырып сұр түсін, Үрей салды маңайға. Соқты қатты сол боран, Қанды майдан шетінде. Аяз бетті ер ұлан Кірді жаудың шебіне. Алға бастап взводын, Жау тобымен айқасты. Қалың қардай боратып, От пен оғын жау шашты. Қамалады көп дұшпан, Азғана бір сол топты, Қасарысып соғысқан, Қанға бояп окопты. Взвод қана жалғыз қап, Қалың жауға тап болды. Жас өмірлер жалындап, Оттай жанар шақ болды.

Әлде қар ма, әлде оқ па – Бұрқыраған жан -жақтан? Қарсы шықпай сол оққа, Көр таба ма окоптан? «Ал тұрыңдар, достарым, Кескілесер кез келді! Оқты боран бұрқырап, Бұқтырмасын біздерді», – Деп айқайлап командир, Кірген еді айқасқа. Күркіреді зеңбірек, Оқ тиді екен қай жасқа? Автоматтар лап берді, Жықты ма екен бәрін де? Жүрген біздің Серік қой Сол шайқастың өрінде. Жалғыз өзі қалыпты, Қалың жаудың ішінде. Жолбарыстай жұлқынған, Жалын ойнап түсінде. Бірақ жалғыз жас ұлан, Қамалаған дұшпан көп. Жалаңдаған сол дұшпан, Жарқылдатып атқан оқ. Граната қолынан Ұшып барып жарылды.

Жапырылды қалың жау, От боранды жамылды. «Отан үшін!» – деді де, Көтеріле жүгірді. Ұшты соңғы гранат... Есіл боздақ жығылды! «Әкем үшін!» – деді де, Тұрып, қайта жүгірді. Оқ тиді де кеудеге, Серік қайта жығылды. Оранды да ол жатты, Туған жердің қарында. «Отан! Әке!» – деген сөз Жалындады қанында. VІІ Зілі сол бір хабардың Тасын жарды шахтаның, Бұзып кетті Қамбардың Қуанышты шақтарын. Құлап түскен көк тасты, Қолына алып қарады. Жүрегін зор зіл басты, Түйілді де қабағы. Ол күрсінді бейне бір, Кеткендей кен тітіреп. «Үзілді -ау», – деп гүлді өмір, Күңіреніп, күбірлеп!..

Уа, сүйікті Ұлы Отан, Бесігіміз тербелген. Жастық шаққа жарқын таң, Қуанышты сен берген! Біз әзірміз сақтауға, Сені мәңгі дұшпаннан, Мейіріміңді ақтауға, Жалын атып құштар жан. Жастық шақ қандай тамаша, Мәз-мереке, шат қызық. Бәріміз де балаша, Қызықпен күн өткіздік. Бейне бір жас қызғалдақ Сынды біздің ұландар. Жайқалған көз алдыңда, Жапырақтай бұлаңдар. Тірлікте не қисақ та, Қимаймыз жасты өлімге. Қуанышты бұл шақ та, Жастық гүл ғой өмірге! Отан өзі өсірді, Гүліндей жас ұрпақты; Еркелетті, нұр берді, Жасап берді гүл-бақты. Уа, нәлет, жау оқ атқан, Жас өмірге, түлекке!

Сол боздақтан қан аққан, Қалды шер боп жүректе. Не дейміз Қамбар ағайға, Қатуланса қабағы? Бірақ берік ондайда Біздің совет адамы. Езілмеді қайғырып, Тістеніп тым сұрланды. Жалғызынан айрылып, Ыза - кекпен шыңдалды. Қайғырғанша егіліп, Шақырған артық ашуды. Қамбар іске беріліп, Қас батырдай ашынды. Бұзатындай қамалды, Мелшиген қыр тастарға, Бұрғысымен қадалды, Қопарып тез тастауға. Серігін атқан сол бір жау, Тас бүркеніп жатқандай. Түйрей берді сүңгіні, Тесе бір өткен оқтардай...

Екінші бөлім І Қатша шешей жақсы ана, Мейірімді, пейілді. Күлімдейді тек қана, Білмейді бір кеюді. Анасындай көрінген Көзіне бар баланың. Дейді адал көңілмен Бар баланы «қарағым!». Асыр салса көшеде, Ойнақтаса көп бала, Қуанады шешей де, «Қарақтарым!» – деп қана. Көре қалса баланы Шаңғы тепкен боранда, Дүбірлетіп даланы, Допты соққан алаңда; Зырлап жүрсе, немесе, Көшеде велосипедпен, Иә шахмат ойнаса, Отырса ауыр есеппен; Иә ағаштың түбінде Бір жас бала отырса –

Беріле, тым үңіле Кітапты бір оқыса: – Серігім ғой аумаған! Уа, шыбығым, шынарым! Құшағыма кел, балам, Иіскейін, шырағым! Жүзіндегі әжімде Жасырынып сыр қалған. Ұл қайғысы әлі де, Жан түбінде ұрланған. Жасыратын жалғыз -ақ Мұны Қамбар ағайдан. Жалғыз ұлын көп ойлап, Қатуланған, қарайған. ІІ Көк тасындай шахтаның, Қамбар ағай қатайды, Дүбірлетті жер астын, Тас батыры атанды. Өсе берді нормалар, Тас толқындар ағылды. Жөнелді сан тонналар, Қағып жауға дабылды. Бірақ қайтып бітпеді, Жана берді сол бір кек. Ашу оттай үдеді, Кекке толды көкірек.

Жалындады өр қуат – Жүрегін де от алды. Жайнау үшін жастық шақ, Қорғау үшін Отанды. Қалса забой ойсырап, Жатса тастар ойран боп, Қамбар ағай сүйсініп Дейтін: «Міне, майдан!» – деп. Болушы еді жау қуып, Жасағандай жорықты, Болушы еді қырғандай Біздерге қас полкті. Нығыз басып аяғын, Үйіне тез қайтатын. Жеңісінің баянын, Кемпіріне айтатын. Үйдегі бір бөлмеге Асыға тез кіретін, Соған көңіл бөлетін, Соны медеу көретін. Осы бұрыш ұлының Болушы еді бөлмесі. Өсіп еді осы үйде, Көтеріліп кеудесі. Жатушы еді осында, Оқушы еді кітапты.

Сырластары, досы да Салушы еді ойнақты. Шырқаушы еді әндерін, Жатушы еді шуласып. Кейде еркін таласып, Кейде достық сырды ашып. Ұлы кетті... бөлмеде Болған жоқ бір жаңалық. Көшіп кетті үйінен Жәрмеңке, жас балалық. Балалы үй базар ғой, Қайда қайран боздағы? Баласыз үй мазар ғой, Мұң түтіндеп маздады. Бөлмесінде тек енді, Қалды елес боп сол бейне. Қамбар ағай бөлмені Айналдырды музейге. Қойды тізіп бөлмеге Қатар іліп киімін. Экспонат секілді, Жинады бар бұйымын. Кітаптарын текшелеп, Зор шкафқа қалады. Столында сақталды Қарындашы, қаламы.

Бір бұрышқа үйілді Жинаған тастары да, Түрлі ойыншық жиылды, Ойнаған жас шағында. Әкеп қойды бөлмеге, Ескі велосипедін де. Жайды түрлі суретті, Бейнесін елестетуге. Бірге түскен суретін Достарымен мектепте, – Шыныға сап шегелеп, Іліп қойды бір шетке. Тағы түрлі суретін Қойды іліп тақтаға. Қабырғада кілең жас Күліп тұрды топтала. Бәрінен де жоғары, Жарқыратып нұр бетін – Сұр шинелді баланың, Іліп қойды суретін. Қабырғада сүйкімді, Тұр лейтенант күлімдеп. Қамбар ағай сүйсінді: «Осы менің ұлым!» – деп. Омырауында ұлының Тұр ордені жарқырап.

Дәл төріне үйінің, Жағылғандай шам-шырақ. Құрметтеп сол бөлмені, Қамбар ағай сақтады. Сақталғандай сол жерде Ұлының жас шақтары. Әйеліне тапсырды: – Мұнда енгізбе басқаны. Жоғалмасын кітабы, Шашылмасын тастары. Менсіз ешкім кірмесін, Ойнамасын бір бала, Бүлдірмесін бөлмесін! – Тек тілегім сол ғана. ІІІ Үш жыл өтті, әлі де, Қанды майдан тынбады. Ұлы Совет елінде Көк теңіздей тулады. Қан бүрікті қасқыр жау, Жараланды жеріміз. Болды айнала өрт-алау, Жана түсті көгіміз. Құрсаулы көк темірлі, Жау ойнатып найзағай. Өртеуге жас өмірді, Жарқылдатып төкті жай.

Жасыл мәуе, көк нулы Өртелді ормандарымыз. Отқа түсті толқынды, Толықсыған дәніміз. Балдырған жас баланың Тұлымдары тұтанды. Ақ шашын да ананың Жалаңдаған өрт шалды. Өртеді жау үйлерін Украина туыстың. Бұзды шаттық күйлерін Әлегімен ұрыстың. Нелер сәби жас ұлан Бесік етіп вагонды, Көшіп соғыс тұсынан Күншығысқа жөнелді. Ата - анасы бірінің Қалды майдан шебінде. Кейбірінің туысы Ұшыраған өлімге. Кейбірінің анасы Партизандар тобында. Кей әкенің белгісіз Бары яки жоғы да. Жас қозының көзіндей, Жаутаң қағып көздері,

Жетім сәби сезіммен Мейірімділік іздеді. Бірақ Ұлы Одақтың Бауырмал ғой адамы. Бір туысқан кісідей Ынтымағы, талабы. Көшкендерге кең ашты, Есігін де, төрін де. Жайды ыстық құлашты, Біздің қазақ елі де. Кілең бір жас баланы, Тиеп майдан шебінен, Келді поезд Жездіге Өзгеше бір шерумен. ІV Қатша шешей оңаша, Жалғыздықтан жалықты. Үйден шығып қараса, Күн де еңкейіп қалыпты. Күн астында құм белде Көк шатырлы вокзал бар. Сол арада жүр неге Сонша қалың адамдар? Жүретіндей сапарға, Кемпірлер де бұл жерде – Әлде сонау майданнан Балалары келген бе?

Қатша шешей ақырын, Басты аяғын сол жаққа: «Әлдеқандай қарағым Келді екен!» – деп қонаққа. Келсе вокзал басында Танымайтын топ бала, Қоршап соның қасында, Кемпірлер жүр топтала. Өңшең балғын, көк өрім, Жаутаңдаған жас ұлан, Бәрі қандай сүйкімді, Кеткің келмес қасынан! Қатша шешей мейіріммен Көп балаға қарады, Көздерімен телмірген Ішті тартып барады. Ескі көрші Айша апай, Тұр құшақтап біреуін. Нұрланыпты тапқандай, Ежелгі бір тілеуін. Секретары парткомның Сөз сөйледі сол жерде. «Жас ұландар қарап тұр, Жаутаң қағып сіздерге. Қарсыласып сұм жауға, Ата-анасы көбінің,

Қаза тапты майданда Бақыты үшін елінің. Туысымыз, досымыз, Украина еліміз. Мына тұрған жас өндір, Біздің де өрендеріміз. Емес бұлар панасыз, Бәріміздің баламыз. Жаутаңдаса жас сәби, Қайтіп қарап қаламыз! Салынады көктемде, Бұларға үй, бақша да. Салынады мектеп те, Табылады басқа да. Қазір тар ғой қаламыз, Әзір тұрған үй бар ма? Қазір қайдан табамыз, Баспананы бұларға?» Осы кезде Айша апай Деді: – Пана боламыз, Бер біреуін өзіме, Өзіміздің баламыз. Өсірейін мәпелеп, Еркелесін, ер жетсін. Жайраң қағып сол бөбек, Жанымызды тербетсін.

Тірі болса туғаны, Өздері кеп әкетер. Егер тірі болмаса, Балалықты бізге етер. Айша апай солай деп, Қасындағы баланы: – Осыны мен алам, – деп Көпшіліктен қалады. Қатша шешей тұр еді, Балаларға таңданып, Әлгі бір сөз өзіне, Сөйлегендей арналып. Ұйып кетті ізгі ана, Сөйлемеді сөз бірақ, Орнынан сәл қозғала, Тұра қалды көз қадап. Бұйра шашы жалбырап, Қоңырқай жүз бір ұлан. Алма беті албырап, Бәйшешектей құбылған. Мөлдір көзі жаудырап, Қарағандай Қатшаға, Осы бала кетті ұнап, Ұқсамаған басқаға. – Келші бері, қарағым, Серігімдей екенсің!

Сені сүйіп қаладым, Қалайша сен бөтенсің? Бөтен емес, ұлымсың, Серігімдей серік бол! – Мұз жүрегім жылынсын, Келші, – деді созып қол. Жаутаңдаған сол бөбек, Жат анаға жабысып, Ана көзі мөлтілдеп, Кірпігінен жас ұшты. Бауырына басты да, Мұздап қалған аяғын, Кең құшағын ашты да, Сүйді бетін баланың... V Қамбар ағай шахтадан, Қайтты үйіне алшаңдап. Бүгінгі зор рекордтың, Екпінімен ой шарлап. Келсе үйіне – Серіктің Ашық жатыр бөлмесі. Ішінде жүр екен кім, Басынған ба, бұл несі? Тастарын да Серіктің, Қолына алып тұр қарап. Бұған берді ерік кім, Ойы бар ма ұрламақ?

– Ей, тұрымтай, кімсің сен, Не ғып жүрсің бұл жерде? – Бала жат бұл кісіден Сасып қалды үндеуге. Шыға келді ас үйден Қатша шешей сол кезде, Нұры шалқып түсінен, Қуанышпен бір кезде. – Е, кемпірім, мұның не? Мына біреу бала кім? Қайдан келді? – деді де, Түйді Қамбар қабағын. Қатша шешей сабырмен, Күйеуіне тіл қатты: – Кейімеші налып, сен, Түймеші құр қабақты. Асыңды іш, әуелі, Асықпашы, айтармын. Жас балаға кімсің деп, Бетін неге қайтардың? Келді екеуі ас үйге, Алып бірге баланы. Қамбар ағай сәбиге, Түсіне алмай қарады. Қатша шешей сөйледі: – Келді алыстан бұл бала.

Жас болса да өмірі, Аянышты сыр ғана. Ата-анасы бар екен Украина жерінде. Душар болған сол мекен Сонау дұшпан жебірге. Бомбасынан сол жаудың Өртеніпті қаласы. Аранында шырмаудың Оққа ұшыпты анасы. Ал әкесін білмейді, Өлі ме әлде тірі ме? Бұл баланың үрейлі Қайғысы бар түрінде. Жетім қалған ұланға Ізгі пана боламын. Телідім мен туғанға, Анасымын баланың. Басты дереу ашуға Қамбар ағай осыған. Жауап айтқан асыға, Адамдай бір шошыған. – Не деп тұрсың абдырап, Тірілгендей Серігің. Жат балаға жадырап, Қайдан туды сенімің?

– Жас бала ғой нәресте. Сүттей таза жүрегі. Ұмытар ма бәрі есте, Әкесін ол біледі. – Білсе білсін, ер жетсін, Бізді ұмытпас бірақ та. Алданайық, шер кетсін, Жас дауыс кеп құлаққа. Жалғыздықтан жасыдым, Жабырқадым, кейідім. Мерейіне жас ұлдың Көл секілді пейілім! Өсіремін осы ұлды, Қақпа менің бетімнен. Ұнап қалды кескіні, Желбіреген кекілмен. – Жоқ, болмайды! Басқаның Баласына қызықпан. Серігім жоқ, безгемін Бала деген қызықтан, – Деп зілденіп қараса, Жас баланың көзіне. Тұр мөлдіреп жараса, Нұрлы көзі өзіне. Тұрып қалды сұрлана, Аңсап туған баласын.

Қозғап кетті бұл бала Жүректегі жарасын. Кіріп келді сол кезде Секретары парткомның, Өтімді еді бұл сөзге, Бұрғысындай шахтердің. – Иә, Қабеке, түндегі Құтты болсын ісіңіз, Абыроймен үнемі Тағы да өрлей түсіңіз! Таңғажайып рекордты, Жасапсыз ғой ерлікпен. Алғыс айтты зор тіпті, Шахтадағы ер біткен. Құтты болсын, Қабеке, Қайта туған балаңыз! Бұл да Отанның түлегі, Балаңызға санаңыз. Жұртың сізге тұр сеніп, Өсіріңіз мейіріммен, Серігіңдей бұл серік, Құтылыңыз кеюден. Ал, шешеке, той жаса, Бүгін бала таптыңыз! Ұрпақ гүлдей жайнаса, Бәріміздің бақытымыз.

Деген кезде, ізгі ана Сүйді құшып баланы. Қамбар ағай таңдана, Сол балаға қарады. VІ Қатша шешей көңілді, Қасында жүр жас бала. Жұбанышы, сенімі, Алаңы жоқ басқаға. Ұлдың аты Жора екен, Жақсылыққа жоры деп, Серігіне көріп тең, Қойды атын Жорабек. Есіл ана мейірімді, Көкірегі күмбез ғой. Атын қойды сүйкімді, Серік, Жора – бір сөз ғой. Жасы биыл жетіде, Есті бала бірақ та. Нұр жайнайды бетінде, Ұқсап көзі шыраққа. Мінезі де сүйкімді, Момын ғана әдепті. Әрбір іске икемді, Тіпті жақсы әдетті. Десе шеше «еркешім!» – Жылылық бір сезілген,

Мейірімділік сәулесін, Ұғушы еді көзінен. «Күнім!» - деген сөзіне, Күнде үйреніп құлағы. Жылылықты сезіне, Күлім қағып тұрады. Уыз еді өз тілі, Емген сәби кезінде, Мынау өзге жұрт үні Тиді қалай сезімге? Сөзде емес, жүректе Мейірімділік тегінде. Ұқты бала сөз түгіл, Бұл ананың лебін де. Осы үйде шын туғандай, Еркін өсті жас ұлан. Күндіз-түні бір қалмай, Анасының қасынан. Ана байғұс елжіреп, Бауыр басты бөбекті. Балқып соған шын жүрек, Тіледі шын тілекті. Бөлмесінен Серіктің Білді Жора сыр ашып. Жолдарындай жорықтың Жатты тағдыр ұласып.

Ойлы көзі тұнғандай, Суретіне Серіктің, Сағыныштан туғандай, Қарайды кеп төніп тым. Қатша шешей разы боп, Қуанады осыған. Аймалайды Жорасын, Сипалайды шашынан. Бірақ Қамбар келерде, Шығады бұл бөлмеден. Кешкі алаң-елеңде, Абыржыған ойменен: «Орындалмай қалды ма, Әлде бүгін нормасы? Әлде ашуы жанды ма, Бір жұмысқа болмашы? Ашық па екен қабағы, Кешікті ғой немене? Алдынан шық, Жоражан, Әлде шаршап келе ме?» Қамбар ағай шахтадан, Шығып кеште алшаңдап. Үйге шапшаң аттаған, Қырды кезіп, ой шарлап. Шықса Жора алдынан, Қарайды да таңданып.

Жетектейді қолынан, Жүректе бір ой жанып. Қандай жақсы балалық! Әйбәт бұйра шашы да, Келе жатыр жарасып, Томпаң қағып қасында. Жүрегі сол сезіммен Жалындады түлеп тек. Мерей тауып көзінен Сөйлемеді бірақ көп. Үшінші бөлім І Қанат қағып қаңқылдап, Келді аққу-қаздарым. Туды көктем жарқырап, Жаңғыртты жер жазғы әнін. Жағалауын Жездінің, Желкілдеген гүл басты. Гуілдеді көбелек, Шіркей әнді шырқасты. Қызу еді сол бір ән, Дүбірлеткен жер үстін, Қуанышпен шалқыған, Көктемі еді Жеңістің.

Ойран болды құзғын жау, Қансырата соқтық біз. Биігіне Берлиннің Дабылдата жеттік біз. Көрсеттік біз дүниеге, Өрлікті де, күшті де, Желбіреді қызыл ту Рейхстагтың үстінде. Аңтарыла бар әлем, Сонда бізге қарады. Шалқыды зор кеудемен Советтің ер адамы! Шықты қайта ойнақтап, Құлын-тайдай жас ұлан, Шаттық даусын алшақтап, Жеті қырдан асырған. Жорабек те асыр сап, Көп баламен жүр бірге. Жас балалық қызық шақ, Көктем қонған көңілге. Оқып міне, екі жыл, Үшіншіде оқымақ. Оқымақшы тағы да, «Өте жақсы» тоқып ап. Бүгін бала тіпті мәз, Беті нарттай жайнаған,

Жүрегінде орнап жаз, Көзінде нұр ойнаған. Қамбар ағай бір кейпін, Бұзып кейде аспандай. Үндемейтін, күлмейтін Қабағын бұлт басқандай... Уа, алақай бүгін бір, Қамбар ағай көңілді! Көздерінен жайнап нұр, Кеудесі де керілді. «Өрем қапты дұшпаным, Орындалды сенімім! Жауға тиді тастарым, Разы маған Серігім!» – Деп Қабекең қабағын, Көтере ашты бүгін бір. Мұртын сипап баптанып, Езуінде күлкі өмір. – Ей, Жорабек, кел бері, Үшіншіге көштің бе? Боймен емес, ойменен Өрледің бе, өстің бе? – Деп Қабекең күлімдеп, Жорабекке қарады. Түйілетін бұрын көп, Жайдары ғой қабағы.

– Өте жақсы бағам бар, - Деді сонда Жорабек. Күлім қағып тұр Қамбар, – Міне, жақсы бала! – деп. Оқы Серік ағаңдай, Сонда жақсы боласың! Ұл боласың маған сай, Серігімдей баласың! Үлкен жеңіс іспетті, Қуанышты үй бүгін. Міне ғой велосипедті, Бүгінгі бұл сыйлығым! Жаутаңдаған Жорабек, Осы сөзге болды мәз! Жалындады көкірек, Кеудесінде туды жаз. Мініп велосипедті, Құйындап жүр алыста. Үлкендермен тең кетті, Машиналы жарысқа. Қатша шешей баланы, Шолды қырдың алабын. Сығырайып қарады, «Қайда екен, – деп, – қарағым?» Қатша шешей қуанды, Шуақ басқан жер үстін.

Сол бір шуақ думанды Шуағы еді жеңістің! ІІ Жеңісті жыл артына Жүйрік айлар тіркелді. Шаттық тиеп халқыма Елуінші жыл келді. Ақсаңдаған жауынгер, Екі аяғын нық басты. Масайрады қалың ел, Тойы тойға ұласты. Омырылған бағанның Орнын басты зор тірек. Деңгейінде даланың Көтерілді күмбез көп. Қырларында Жездінің Құрылыстар қаптады. Жеңіспенен кезіп үш, Ерлер алға аттады. Созылды кең көшелер Асқақ зәулім үйлермен, Жездіге сол тума жер, Орнады бақ гүлденген. Қопарылып дөңдер де, Ақтарылды астары. Шықты атылып өрлеуге, Жер астының тастары.

Терең жаңа сайлармен Жосаланды жер асты. Жаңа талап ойлармен Жездіні бір үн басты. «Мыс толқыны шалқысын, Теңіздей боп Жездіде!» – Деген дауыс жер астын Дүбірлетті, кезді де. Қамбар ағай ертерек Аяғын тез басты да. Күндегіден тезірек, Түсті жердің астына. Бүгін тіпті ашынды, Екпіндетіп қимылын. Алғандай қолбасшының Төтенше бір бұйрығын. Жер асты қат -қабат Тас қамалды қатпарлы, Ұстағандай автомат, Бұрғысымен оқталды. Перфоратор2 шаңқылдап, Бұрғы шақ-шақ соғылды, Тас қабырға қақырап, Кен жапсары сөгілді. Бірақ екпін бұдан да Күштірек бір өрлесе, 2 Перфоратор – бұрғы техникасы.

Алынған зор жоспар да, Орындалса он есе. Болар разы, бұл күні, Орындалса шарттары. Соқты асығыс бұрғысын, Дүмбірлетіп шахтаны. ІІІ Көшесіне гүл еккен Сона бір үй шеттегі – Шеберлікке үйреткен Жорабектің мектебі. Жасты қосып жасына, Есейді, тез ержетті. Кластан өтіп класқа Білімін де өрлетті! Жетіншісі жеткенде, Шықты былтыр жақсы атпен. Механиктік мектепке Кірген-ді бір мақсатпен. Мақсаты сол – шахтада, Шеберлікке толған іс. Әкесіне, басқаға Етсем деген қолғабыс. Болсам, – деген, – өнерлі Тіпті шебер механик. Шахтада бір беделді Кісі болсам... – деп анық.

Түсті осы мектепке, Оқыды шын көңілмен. Жорабекке осы оқу Тіпті қызық көрінген. Түрлі темір тетіктің Түсінуге түйінін, Ауыр ойға кетіп тым, Білген бала қиынын. «Қиыспалы бөлшектер Бір -бірімен тістескен. Осынша дәл өлшеп кім, Тетіктерін кім шешкен? Мына бір бөлшек тым бүрлі, Кәдімгі қозы қарындай. Мына бөлшек жұмырлы, Зырлаған ұршық сабындай. Мына бір темір бедерлі, Қойыпты ішін қуыстап. Мынасы тіпті мәнерлі – Қайда барып қайыспақ? Керемет қой машина, Әкесі ғой өнердің. Жасалды екен қалайша, Қолымен зор шебердің?» – Ойлап соны Жорабек, Бөлшектерге қызықты,

Формасына қарап көп, Сызды талай сызықты. Бір жыл оқып мектептен, Білді талай тетігін. Білді қалай бөлшектің Түзеліп те кетуін. Қалса бірі мұқалып, Бір бөлшектің елеулі – Дәл ғып сызып шығарып, Білді бала егеуді. ІV Бейуақытта ол кешкі, Кетпей қолдан құралы, Бұзылған бір бөлшекті, Қиыстырып құрады. Үйге жиып темірді, Дүкеніндей ұстаның, Шеберлікті үйренді, Аударып тым құштарын. Қатша шешей қуанды, Талапты Жорабегіне. Өнері бар ұнамды, Жігіт болар тегінде. Бірақ Қамбар ағайға, Ұнамады бұл ісі. Ұнамады қалайда, Теміршілік жұмысы.

– Болу керек бұрғышы, Талқандайтын тастарды. Жақсы забой жұмысы, Ұнатпаймын басқаңды.– Дейтін ылғи Қабекең, Бүгін тіпті ашулы. Не кейітіп тұр екен? Неге мұнша ашынды?.. – Тықылдатпай темірді, Қоя тұршы, қарағым! – Деп Қабекең, зекіді, Түйе қойды қабағын. Перфоратор құрғырдың Біле алмадым тетігін. Көрдім өтпей бұрғының Майырылған кетігін. Әлгі мастер Сергей де Науқас екен, келмеді. Ділгер болды дер кезде, Бөгелді істің өрлеуі, – Деп Қабекең Жораға, Күрсіне бір қарады. Әлде сол бір балаға, Түйілді ме қабағы? Үндемеді Жорабек, Шығып кетті үйінен.

Қала берді Қабекең Қалпында сол күйінген. V Ойланды да Жорабек, Өзгеше бір тілекпен, Рұқсат алып шахтаға, Зымырады клетпен. Түскендей бір шыңырауға, Тас өңешпен құлдырап, Түбі терең шың тауға Жетті, міне, зымырап. Штрихтер туннелдей, Электровоз жүгірген. Тас толқындап сеңдердей, Ақтарылған дүбірмен. Өзектей кең үңгір көп, Шым - шытырық бұрылған. Шахта ішіне Жорабек, Таныс еді бұрыннан. Кең қуыстар шатқалдай, Аңғарындай асқардың. Таулар көшіп жатқандай, Гүрсілі зор тастардың. Жора қызық көргендей, Алға басты тағы да. Серуендеп жүргендей, Эльбрустың тауында.

Міне, Қамбар ағайдың Тас мекені – забойы. Кесектенген кен тастың Қопарылған талайы. Жорабектің қолында – Шағын ғана жәшігі. Мұнда құрал-сайманы, Мұнда алмас, асылы. Мұнда темір қиғышпен, Егеуі мен сызғыш бар. Түйісуге тың іспен Бала шебер тым құштар. Қарай қалды, қалайша Перфоратор бұзылды? Қосылған қос бөлшектің Мұқалыпты сызығы. Бір сызығы мұқалып, Екі бөлшек тірескен. Қуат жүрмей тоқталып, Өтпей бұрғы, сірескен. Қадап темір сызғышты, Еппен түртіп қашауын, Бекітпекші бұрышты, Бөлшектердің босауын. Майырылған бүр қырланып, Бұрынғыдай бола ма?

Дәл сыза алмай қиналып, Әуреленді бала да. Қолына алып бөлшектің, Қырлап отыр бедерін, Түзелмесе, әкеге Біле алмады не дерін? Тіпті сасып, абыржып, Қашап та алды бармағын. Көтергендей ауыр жүк, Тер шылқытты маңдайын. Қамбар ағай оралып, Забойына тез келді. Мынасы кім – Жора ма? Жора екенін көз көрді. – Неғып жүрсің бұл жерде? – Техниканы жөндедім. – Бүлдірдің ғой тетігін, Білуші едің сен нені? – Жоқ, бұзбадым, түзедім. Міне, байқап қарашы... – Бұздың-ау сен, сеземін, Қиысты ма арасы? Қысылмады Жорабек, Машинаға ток берді. Перфоратор зіркілдеп, Сымды бойлап от келді.

Қамбар ағай бұрғысын, Тасқа тіреп қарады. Жалаңдаған сүңгі шын Тасқа сүңгіп барады. Түнерген тас қамалдың Оқтай тесіп бүйірін, Тасқа бұрғы қадалып, Бұрқап кетті құйынын. Зор жотадай тас бүйір, Қалды лезде тесіліп, Қамбар ағай іске үйір, Жатыр міне, шешініп. Шешінді де, Жораға Қызыға бір қарады. Жәрдемші боп бала да, Көзін тартып барады. Жалын атып тұрғандай Ыстық қаны түрінде. Алма бет пен кең маңдай Жаралғандай сүюге. «Сүйер ме еді, шіркінді, Бірақ қазір уақыт жоқ...» Перфоратор бұлқынды, Бұрғысынан атып ток. – Жоражан, сен бара тұр! Оқуыңа бар енді.

Түзетілді перфоратор, Көрейін бір бәлемді. Қамбар тасқа бұрғыны Қақырата соқты бір. Жүрегіне бұл күні Өр дабылын қақты өмір. Соқты тасты қаттырақ, Жігер от боп жанды да. Жорабегі шамшырақ Секілді көз алдында. VІІ Көшесіне гүл еккен, Сонау бір үй шеттегі – Шеберлікті үйреткен, Жорабектің мектебі. Осы үй бүгін өзгеше Жорабекке қуаныш, Болып жатыр сөз есе, Комсомолдық жиналыс. Өрен өрім өңшең жас – Жүректері жалынды. Біреулері әсемпаз, Біреулері сабырлы. Отыр мұнда Жорабек, Жаңа келген қонақтай. Тым сыпайы бала боп, Отыр тыныш, тіл қатпай.

Тіпті бүгін бала емес, Өзін балап жігітке, – Отыр Жора, жай емес, Беріліп зор үмітке. «Комсомолға кірем», – деп, Арыз берген ол кеше. Отыр соған Жорабек, Ойы шалқып өзгеше. Лүпілдейді жас жүрек, Қуаныш па, сасу ма? – «Осы арызды ертерек, Бердім бе екен, асыға!» Жаңа Райхан қорқытты: – Сені бүгін сынаймыз. Қоямыз көп сұрақты, Көп мәселе сұраймыз. Кемшілікті айтамыз, Мінезіңді мінейміз. Білеміз ғой, байқаймыз, Сен туралы не дейміз... – Неге өшікті бұл Райхан, Жоқ еді ғой жазығым. Дейді қандай сыр айтам, Қайрап маған азуын... – Ойлап соны Жорабек Отырғанда абыржып,

Сәби шағы – сол әлек, Ойға келді тамылжып. Келді асығыс сол бір шақ, Туған үйі өрт басқан. Ана ұлын құшақтап, От алаумен арбасқан. Шығарды ұлын далаға, Ана байғұс құлады. Құлап сорлы бала да, Тұман түнде жылады. Содан соң не? Поезбен, Оны әкетті бір жаққа... Қамқор тапты бұл дүзден, Жетті міне, бұл шаққа... Кіріп келді секретарь, Өзіміздің Омарбек. Жаутаңдады Жорабек, Бір жақсылық болар деп. Қарамады ол бірақ, Өзі тіпті байсалды. Жиналғанға бір қарап, Отты көзбен ой салды. Қолына алып тізімін, Келгендерді тексерді. – Кеше қайда болдың деп? – Көп тексерді Жексенді.

Жайдары еді мінезі, Күнде футбол тепкенде, Неге сұсты бұл өзі, Өзгеріп те кеткен бе? VІІІ Жағалай қарап алды да, Сөйлеп кетті салмақпен: – Біздің Жора жайында, Мәселені ойлап кең: Жөн айтыңдар Жораға, Комсомолға енуге. Жақсы жігіт бола ма Осы жігіт тегінде? Белгілі ғой өмірі, Білесіңдер бәрің де, Өскен бірге бала ғой Өзіміздің дәуірде. Оқуға да жақсы бұл, Мінезі де әдепті. Әр іске де икемді, Әрі ақылды, әрі епті. Бірақ осы Жорабек, Саясатқа жетік пе? Халықаралық жағдайды Үйірмеде өтіп пе? Жоқ, болды ғой, – ендеше... Үйірмеге бара ма?

Саясатты білмесе, Ол комсомол бола ма? Мысалы, ол біле ме Кімдер отыр Тайванда? Вьетнамды қай сұмдар Айналдырмақ майданға? У шашпақшы құт жерге, Қандай қара басқырлар, Еліктеген Гитлерге Қазір қандай қасқыр бар? – Деп секретарь шынымен, Жорабекке қадалды. Білген жандай сыры кең, Жержүзілік хабарды... Жаутаң қағып Жорабек Қарай қалды жан-жаққа. Жөтеліп те қалды бір, Аз ойланып алмаққа. Қалды азырақ бөгеліп, Қанша білгіш десе де, Ең бірінші жиылыста Сөйлеу қиын мәселе. ІХ Шықты жуан бір дауыс, – Сөз сөйлеймін рұқсат па? (Қамбар ағай асығыс Келе қапты бұл жаққа...).

– Ал, сөйлеңіз, Қабеке, Сынайсыз ба, Жораны? – Әкесі ғой, баласын Сынауына болады. Оқталған бір мергендей, Қамбар ағай қарады. Сөз аузына тез келмей, Жиырылды қабағы. Сасып қалды Жорабек, Сыңай ма деп әкесі. Сезілмеген, сірә, көп Бар да шығар қатесі? Қамбар аға сөйледі: – Сөз сөйлеймін сендерге, Шешендігім емес бұл, Кек жанып тұр кеудемде. Коммуниспін, әкемін, Жеткіншегім бәрің де. Қатарына қосылмақ Менің Жорабегім де. Өмір өзі бала қып, Берді бізге Жораны. Бұл баламен жазылды Жүрегіміз жаралы. Мен білемін Жораның Жүрегінің лебін де,

Өзім кепіл боламын, Комсомолға енуге. Шешесіне, маған да Өзі тіпті сүйкімді. Үйір жақсы адамға, Әрбір іске икемді. Оқуда да бұл озық, Әрі шебер, өнерлі. Түзеп берді бұл тозық, Мұқалған бір бедерді. Перфоратор түзелді, Жорабектің қолымен. Бұл болмаса жарыста Артта қалып қойып ем. Саясатқа тым жүйрік, Мен айтайын білгенін. Жорабектің аузынан Үйренгенім бұл менің. Айрылдым мен боздақтан, Қаза тапты майданда, Жас қыршынға оқ атқан Лағынет жаусын айуанға! Бейбіт жатқан ел едік, Бүлікшіл жау өрт салды. Кеудемізбен бүркедік, Жау бұрқаған оқтарды.

Өмір үшін шаптық біз, Жағаластық өліммен. Тыныштықты таптық біз Қанымызбен төгілген. Өмір қайта жасарды, Шаттық енді еліме. Қайғыдан жаным босанды, Өсті Жорабегім де! Бәрің де жас сәулесің, Жұлдызындай Отанның. Жарқырайды сендермен Алда тұрған атар күн. Шаттық, тыныш бұл жақты Отан өзі орнатты. Қандай жауыз бұзбақшы, Сендер сүйген сол бақты? Біз бермейміз ерікті Құтырған қанқұмарға. Жас өмірді көрікті Ездірмейміз сұмдарға! Көтерілді әлемде Жұрт дауысы күшті бір. Бейбітшілік бар елде – Сұм соғыста сұсты тұр. Жас дауысы – өр дауыс, Көтеріңдер зор үнді.

Бейбіт заман қорғаныс, Сақтауға жас өмірді. Жастық даусы сел – тасқын, Болсын әлем көгінде. Комсомол боп үн қоссын, Менің Жорабегім де! – Деген кезде жас қолдар, Көтерілді жалаудай. Әкеге үн қосқандар, Жалын атып алаудай. – Қанды соғыс болмасын, Жаса мәңгі жастық шақ! Сәбилер жетім қалмасын, Гүлдей берсін жас ұрпақ. Мөлдіреген көздерден Жарқырады жас өмір. Шаттық толқын сөздерден Жөнелді жыр есе бір. Тұрды Жора орнынан, Айғай сала жаздады. Ой қиялым сарсылған Оттай қайта маздады. Бақыттымын бұл шақта, Сол бақытты сақтаймын. Комсомолдық бір сапта, Ақ сенімді ақтаймын!

Көтерді кең кеудесін Біздің Қамбар ағай да. Көріп жастық сәулесін Жалын шашқан маңайға. Сүйіп беттен Жорасын Кеудесіне басты бір, – Жазып соғыс жарасын Жалын атқан жас ғұмыр. НЕГР ДЖЕМС (Баллада) І Бітті майдан... Болған ойран, Ішінде қаланың Қалып қайран, Қарап жан-жаққа Келдім деп қайдан? Туғанда жеңіс, Тұр аңырап Негр Джемс. ІІ Ойран да ойран... Шықпас ойдан, Қара жер қанға, Қашан бір тойған? «Бітті майдан! Бітті майдан! Жеңілді неміс», – деп мәз болды Негр Джемс.

ІІІ Терімен жуып, Көмірдей бетін. Риза болып, Тірлікке тым. Аңсап дүние, Әділетін. Жаса, жеңіс! – Деп, айқай салды, Негр Джемс. ІV Көрсеткендей Әлемге күшін, Ағартқандай Қап-қара түсін. «Соғыстым мен де Әділет үшін, Керек маған да Жеңістен бөліс,– Деп, шаттанды Негр Джемс. V Бітті майдан... Бірақ ойдан, Шықпай тұр үйі Алыста қалған. Көрмей көп жыл

Көңілінде арман, Туса да жеңіс, – Қайта алмай қайғылы Негр Джемс. VІ Мұхиттан әрі Бұлттар көшкен. Жарты жер бар, Жалаңдап өскен. Сарайлар бар сонда, Көкпен тілдескен, Аппақ тегіс, – Ие емес бірақ, Негр Джемс. VІІ Тұрады онда, Мырзалар аппақ. Басқан аяғын Алшаңдап аттап, Өзінен басқаға Ірілік сақтап, Жақтырмай қараны, Айтқан сөгіс, – Естіген соны Негр Джемс.

VІІІ Қайда оның үйі? Қаладан қашық. Тықсырған оны Сарайлар басып. Құр ғана үңгір, Қараңғы лашық, Қап-қара тегіс, Тұрады сонда Негр Джемс. ІХ Мұхиттан әрман, Зор қалалардан, Қорек іздеп, Көп сандалған, Көп жыл, көп күн, Шаршаған, талған, Таппай жұмыс, Сорлы болған Негр Джемс. Х Мұхитты кешіп Таулардан асып. Оқтармен, өртпен Араласып. Қар жамылып, Қанды басып,

Болсын деп жеңіс, Төрт жыл соғысты Негр Джемс. ХІ «Мен де адам, Мен де болам Ақ түстілердей Алшаңдаған. Енді теңдік Тиер маған, Туды ғой жеңіс!» Деп ойлаған Негр Джемс. ХІІ Алшаң басып, Кетті жүріп, Келеді баладай Қуанып күліп. Кездесті сонда, Ақ түсті ұлық. «Туды деп жеңіс», Қол созды оған Негр Джемс. ХІІІ Қарашы паңын, Американың, Морт мінез – жанын.

«Тарт қолыңды! Көтермес арым Ұстауға қолын, Сендей қараның», – Деп зекірді, Айтып сөгіс, – Қалды аңырап Негр Джемс. ХІV «Мен де адамы Американың. – Кем бе екен менің Содан жаным – Қайда төрт жыл Соғысқаным. Туар деп теңдік Туғанда жеңіс», – Деп баладай, Еңкілдеп жылады Негр Джемс. ХV «Неткен алдау, Неткен жалған, Ақ түсті жандар, Мейірімсіз аңнан. Мәңгілік қорлық, Таңба салған – Мәңгі сөгіс», –

Деп зарланды Негр Джемс. ХVІ Мұхиттан әрмән, Несі бар қалған? – Қорлық пен азап, Сөздері жалған. Ақ түсті адамдар, Қатыгез аңнан, Айтқаны «Соғыс – Майданға шық! – Негр Джемс». ХVІІ «Доллар жанды Ақ түстілер, Доғар сөзді, Ей, мистерлер! Енді маған Тыныштық бер, – Керек емес Енді соғыс!» – Деп, жар салды – Негр Джемс. ҚАЗОТЫ3 (Поэма) І Кімдер сүйсе гүлдерін Өзі сүйген өлкенің, Соларға айтқан бұл менің Өсиетім-ертегім.

*** Ертеден де ерте кез Заманында қыпшақтың. Тұрған кезде өлкеміз, Арасында қыспақтың. Ереуілі болған шақ, Ер басына күн туған, Айналасын жау қоршап, Ел бұғауда бұлқынған. Жауға шапқан ұлдары Ата-ананың кегімен, Көп қағылған шыңдары Қандар да көп төгілген. Шаңырақтар шатырлап, Омырылған бағандар, 3 Бұл аңыздың негізі орыс ақыны Майковтан алынды.

Қыпшақ елі қыспақтан Азаттықта болған зар... Болған еді екі жас, – Білген барлық атырап. Ерлігімен елге бас Сұрша менен Атырақ. Бірі аға, бірі іні, Өскен бірге қырында, Сүюші еді жерінің Басып жүрген құмын да. Оттай жанған жау десе Екеуінің жүрегі. Басқалардан өзгеше Екеуі де ер еді. Өлкесіне от салып, Жау келген соң шатырлап, Шықты қарсы аттанып, Сұрша мен Атырақ. Жолбарыстай екі жас Жалынды жүз айбарлы, Сілкінгендей тау мен тас Жасады зор майданды. Екеуінің ашуы – Қара бұлттай көк жүзін Басқандай, бір тасыған Атыраудың теңізін.

Найзалары жарқылдап Жау үстінде ойнаған, Ақырып ер Атырақ Жауды үркітпей қоймаған. Сұп-сұр болып ойқастап Сұрша батыр түйілген – Жауларына жай тастап, Ойнақтап жүр құйынмен. Жауды қуды ақырып, Сұрша менен Атырақ. Соқты жауды жапырып, Найзаларын қаттырақ. Неше күндер соғысты, Қандар ақты өзендей. Өңшең батыр алысты, Жандарынан безгендей. Кетті Атырақ тым ұзап, Қуып жауды соңынан, Арттарында қанды із қап, Алыста шың соғылған. Кірпік қақпай соғысқан Қалың жаумен сонша күн – Сорғалаған ыстық қан, Денесінен Сұршаның. Қарай қалса бір кезде, Ашылыпты көк тұман,

Басылыпты лезде Соғыс оты ұйтқыған. Күн жарқырап тұр күліп, Туған жердің көгінен. Тау басына ту тігіп, Еркін дем ап, ел күлген. Майдан шуы басылып, Даласы тұр жарқырап. Тұрды Сұрша аһ ұрып, Қасында жоқ Атырақ. Қайда кеткен інісі, Тастап жалғыз ағасын – Кетті қалай алысқа, Қиып туған даласын? Сол далада жас гүлдер Көк толқындай шалқыды. Іздеп жортып інісін, Батыр Сұрша шарқ ұрды. ІІ Жат өлкеде тым алыс, Ар жағында Кавказдың, Тапты Атырақ қуаныш, Құмар болды баққа аз күн. Өзі қуған дұшпанның Еліне кеп болды хан. Ол жерінде басқаның Сүйді өмірді шалқыған.

Жат елдегі қызықты Тойлы думан күн үшін, Ол біржола ұмытты Туған жерін, туысын. Ақ орданы салдырды Бағанасын алтындап. Ойын-сауық, сән құрды Тақта отырып Атырақ... Жетті бір күн хабары Туған елге, Сұршаға. Көп іздеген, сағынған Көрмей оны соншама. Естіп Сұрша белгісіз Інісінің хабарын, Көп отырды үн-түнсіз, Қар басқандай қабағын. Бір кез басын көтеріп Шақырды бір жігітті: «Барып қайтшы ініме, Қайтып мені ұмытты? Қарға жүнді қаттасым, Үйрек жүнді өттесім. Інілікті ақтасын, Мені ұмытып кетпесін. Қайтсын туған жеріне, Өз еліне сүт емген.

Ұмытпасын мені де, Бақыт тауып жат елден!» Айтып Сұрша сәлемін, Аттандырды жігітті. Жігіт желдей жүйткіді Мініп алып жүйрікті... Келді кіріп сәлеммен Аппақ алтын ордаға. Сауықпенен, сәнменен Атырақ отыр ортада. Айтты тұрып жас жігіт Ағасының сәлемін, Жат өлкеден құтылып, Тапсын деген өз елін. Тыңдамады сәлемін Ағасының Атырақ. Ұмытқандай өз елін, Ол кетіпті жатырқап. Ішінде алтын орданың Ән менен күй гулеген. Балқытқандай ол жанын Сауықпенен, шуменен. Естіп соны ер Сұрша Қапаланды, қайғырды. «Неге ұмытты ол мұнша Туған жерін айбынды?»

Тағы жазды оған хат: «Туысқаным, қайт елге! Елден безіп, жерге жат Адал жігіт кетер ме?! Мұнда саған қызық бар, Мұнда жақын туысың – Қандай жігіт қызығар Жат өлкеге, құрысын!» Тыңдамады, қайтпады Туған елге Атырақ. Жат өлкені жақтады, Жат өлкеден тапты бақ. Күн өткізді думанда, Салтанатқа қызықты. Жат жерде хан болғанға, Туған жерді ұмытты. Ыза жанды Сұршаның Өртеп іштен намысын. Бөтен елге Атырақ Қиды-ау елін сән үшін!? Қайырым деп қалайша, Құрығандай амалы. Кезіп кетті ер Сұрша Қиыры жоқ даланы. Көлбеңдеген теңіздей, Көк майсадан ескен жел.

Көрсе көңіл шалқыған, Қандай қызық өскен жер! Иісі аңқыған қазоты, Түсті бір кез көзіне. Сүюші еді Атырақ Оны бала кезінде. Көріп Сұрша сол гүлді Жұлып алды даладан. Гүлді беріп жіберді Атыраққа тағы адам. Келіп жетті сол адам Ақ күмбезді ордаға. Ақ күмбезде той-думан, Қызық сайран бір ғана. Сырнай-керней тартылған, Әндер шыққан арқырап. Ақ тағында отыр хан, Ол хан – біздің Атырақ. Келген жігіт Сұршадан Төрге басты қадамын. Ханға қарап шырқап ән – Шырқады әнін даланың. Күңіренген күйімен Жұрт жүрегін қозғаған – Тартты дала қобызын, Бозінгендей боздаған.

Әлде неге хан үнсіз Қалды қатып түнеріп? Әлде бұл күй көңілсіз – Кетті ме екен ой беріп? Елші сонда қойнынан Қазотыны алды да, Тастай қатып отырған Қойды ханның алдына. Алып гүлді қолына, Иіскеді Атырақ, Иіскеді тағы да, Иіскеді қаттырақ. Өзі туған даланың Ол сүйікті гүлі еді. Балқытқандай гүл жанын, Жарылғандай жүрегі! Хан Атырақ қаһарлы Сол отырған тағында, – Жас баладай жылады, Гүлді иіскеп тағы да. «Хан болмаймын жат жерге, Бақыт үшін, күн үшін. Шақырып тұр мені елге, Туған өлкем, пейішім! Жат өлкеде мен тапқан Мынау қызық дүние – Туған жердің нұр атқан Жетпейді екен гүліне.

Хан болғанша жат елге, Құл болайын далама, Туған жерге жетейін, Тез жетейін ағама!» Соны айтты да Атырақ, Гүлді басып төсіне – Тақтан түсті, жөнелді Шаттық ойнап түсінде. Даласына жүгірді Құтылғандай қапастан, Дала қандай көңілді, Шатыры бар көк аспан! Кеуде кере дем алып, Туған жердің лебімен, Ер Атырақ қуанып, Көрісті кеп елімен. Келді туған үйіне, Құшақтады ағасын. Топырағын сүйді де, Кезіп кетті даласын...

ЖИЫРМА СЕГІЗ І Қараңғы түн, қалың орман, Алай-түлей қар бораған. Долы дүлей, долы боран Көкті жапқан, жерді ораған. Өршелене соқты боран, Орман шулап тартты қобыз. Қарды қуып құйындаған Келе жатыр жиырма тоғыз. Әлдеқайда жау жасағы, Көрінбейді боран басып. Орыс қысы ән салады, Немістерге аран ашып. Оқтар зулап ұшты сонда, Кімдер жатыр ыңыранып? Ақ кебіндей ақ боранға, Өлі неміс жатты оранып. Жиырма тоғыз жау тобырын Алға адым жер бастырмады. Сақтамаққа ел өмірін, Қорғап жатты Москваны.

ІІ ...Келе жатыр қаптап танк, Қозғалғандай қалың жартас. Басты орманды асыр салып, Иді соған ағаштар бас. Келе жатыр үстерінен, Оттар ұшқан жарқылдаған, Жер қалмады от түспеген, Көк жалынға шарпылмаған. Жалмауыз жау қасақана, Жерді жалмап келе жатқан. Алтын күмбез астанаға, Қаһарланып оқтар атқан. Көрді соны жиырма тоғыз, Көздерінен от тұтанып. Жау танкпен күтіп қағыс, Құрыштанды кекпен жанып. «Қандай пәле біз тұрғанда, Астанаға қас қылады? От бұрқанған жауыздарға, Бастырмаймыз Москваны!» Жер бауырлап жүгірді олар, Танктерді шыр айнала, Бәрінің от жүрегі бар, Қорқақ болды бірі ғана. Гүрілдеген темірлі қол Батырларды қаумалады.

Састы қорқақ, ойлады ол: «Қайтып тірі жан қалады?!» Мына қырғын от пәледен, Қалайын деп жан сауғалап. Ессіз-түссіз қалпыменен, Қол көтерді жауға қарап. Қарғыстады жиырма егіз, Қоян жүрек лағынатты. Біреуі оның жауға арналған, Гранатты соған атты. Үні шығып безектеген, Ол жығылды, жатты жанып. Ол жоғалды, тайды көзден Арам дене қарды оранып... ...Жер тырналап танктердің, Жылан бауыр дөңгелегі: Тау төбесін жарып қардың Аждаһадай өрмеледі. Қасарысты жиырма сегіз Тынбай атты гранатты. «Отан!» деген отты лебіз Жандарынан жалын атты. Қайтпады жау, өршеленді, Түнек түтеп алға басты. Жиырма сегіз жауынгерге, Лапылдатып отын шашты.

Ұмытты олар денедегі, Сау-сау етіп аққан қанды. Жалғыз ғана ой биледі: «Сақтау!» деген Ұлы Отанды! Шошығандай бұл соғыстан, Орман іші аңдай ұлып, Күркіреген оқ пен оттан, Басылғандай боран бұғып. Атқылады гранатты, Танк қашан таусылады? Жиырма сегіз ата-ана, Жараланды, қансырады... ІІІ Кебін киіп көмілгендей, Омбы қарға батты неміс. Танктері моладай боп, Мыжырайып жатты тегіс! Жарқырады таңмен жаңа Москваның мұнарасы. Көрінбейді айналада, Өшкендей боп жау қарасы. Жиырма сегіз жатты сонда, Жолбарыстай батыр алып. Жатыр әлі қандарында Отан! – деген оты жанып. Араласты қандар бірге, Құшақтасып жығылды олар.

Табысқандар ұлы өмірде, Орыс,қазақ, украиндар. Кернеді ашу Отан кегін, Ашулы аяз, соққан боран. Сонау фашист сұмдарына, Атылды оқтар бұрқыраған. Аспанында сол қаһарлы Нажағайдай жарқылдаған. Қаза тапқан батырлардың, Аттары тұр алтындаған! Сабаз еді бәрі-дағы, Кеудесінде кек ойнаған. Отан үшін, намыс үшін, Өзін-өзі отқа айдаған. Кетпес олар естен мәңгі, Кектері тұр кеудемізде. Ерлік даңқы Жеңіс таңды Жарқыратып келді бізге.

ДАЛА КОМИССАРЫ ТОЛҒАНУ Жайғанда Алатауға күн қанатын, Жыр аңсап, әдетім бар толғанатын. Басынан қарлы құздың қыран көрсе, Солай бір саятшы да таң қалатын. Көргенде күмбездерді мұз құрсаулы, Осы бір көк аршалы құз-құз тауды, Сүйсінем шыңдарынан жыр ұшқандай. Қанатын сермегендей гүл атаулы. Айбынды Алатауым, аға тауым, Арқаңа ақын тіккен ақ отауын. Есіме түсті сонау ақ басты қарт, Ағытып ұмыт қалған жыр матауын, Болса да сонда сырқат ауыр күйде, Бас болып, бауыр басқан ауыл-үйге. Отырды ойға батып ата Жамбыл, Шерткізіп әңгімесін Әлібиге. Салты жоқ өз даңқына еліккенде Әсілі тасымайтын керіп кеуде, – Әлекең тербелді бір, жырау қарап, Отырдым сол сырына еріп мен де. Түнектен тебірентіп өткен күнін, Сөйлейді қалай жапа шеккендігін. Албырт жас қиял құсқа мініп бір кез, Қиялға кезіп алыс кеткендігін.

Жыр болды жорықтары өткен бұрын, Ойына Ленин дана төккен нұрын. Қырандай көк дауылда түйілгенін, Көтеріп азаттықтың көкке туын. Атой сап Амангелді батыры да, Қырда жау ойран болған ақырында. Түнекті туды жарып Республика, Қызыл гүл жайнап дала тақырында. Сол күндер елес қағып алыстағы, Тізілді толқындай көп таныс шағы. Өнеге айтып отыр бұл қауымға, Лениннің ту көтерген комиссары. Әлі де сол бір сурет тұр есімде: Ақ орда Алатаудың іргесінде, Жар салды Октябрьдің өрені сол, Отанға шапқан жаумен күресуге. Қайран ер майдан десе мәңгі таймас, Сол бір шақ ағарыпты аққудай бас. Отырды тарлан боздай елегізіп, Жатқандай дабыл қағып жақын айқас. – Халқыңа қадірлісің, батыр інім, Қалайша жаңғырмасын атың бүгін? Өзім бір жырлар едім, қарттық жеңді, Қайдасың арыны бар, ақын ұлым? – Деп солай ата жырау қалды қарап, Түйілді қауырсын қас, қалың қабақ. Тап маған қадалғандай қыран көзі, Сол жырын қарияның алдым қалап. Сертімнен содан бері айрылмастан, Мойныма мінді менің қарыз – дастан. Көз жұмып кетті есіл Әлекең де, Қарт жырау жатыр үнсіз қабір басқан. Оқушым, кешігіппін, кінәлімін,

Шын тарих шертілмесе кінә бүгін. Қалайша толғамадық, қосыла бір, Халықтың тағдырына куә жырын?! Тек өзің ашқандай бақ дүниесін, Уа, жігіт, несіне сен шәниесің? Алысып Әлібилер еккен баққа, Бұл күнде алшаңдаған сен иесің. Хақың бар, болса қала, мұра тасын, Соқ соған өшпес белгі мұнарасын! Көрейік Ленин нұсқап тұрған жақтан, Комиссар, қызыл тулы қыр баласын. Ерлігін мәрмәр сөзбен ақын сызып, Тарихшы шежіресін жатыр тізіп, Мүсінші болсам мүсін соғар едім, Астына граниттен ат мінгізіп... Сол ердің өз аузынан білдім өзім, Ғажайып өткендерін, сыр мінезін, Сүйікті Республикам, келдім сақтап, Ашайын сағат сайын осы жыр күмбезін...

ШЫРМАУДАН ШЫҒАНҒА І «Түс кеудемнен бұғау крес, Албырт жаным көрді қысым. Тағдыр мұндай тұман емес, Еркіндіктің бер тынысын! Жүрегімнен тартқан зәбір, Иман біткен мейлі тайса, Жоғал мәңгі жұмбақ тәңір. Жұм көзіңді, көлгір Айса! Мүлгіген сұм, өлік икон, Құдайының сиқын қара! Неге маған төндің екен, Монтаны қу, сиқыр – ана? Уа, қиялым, өршіте бер, Дауылыңды дарқан жолға. Кетсін аулақ періштелер. Жын-шайтандар, жоғал жонға! Шулы шіркеу, түнек қамал, Шырмалыппын шынжырыңа. Жетпедім мен медет табар Дүниенің шын сырына. Ал, хаяр поп, кетем мүлде, Табынбаймын құдайыңа. Шоқынғанша шіркеуіңе, Шыңырауға құлайын да! Серпіл бұлттар аспандағы, Аш әлемнің қақпасын,

Қайда шындық баспалдағы, – Сонда жаным ойнақтасын! Кеттім, міне, жаным азат, Сүйре мені қиял өрге. Құдай, пірлер, пейіш, дозақ, Шаным4 біткен – көміл көрге!» ...Шықты үйден, Икон қирап... Еден құшып жатты құдай. Жастың неге жаны тулап, Тебіренді қатты мұндай? ІІ Түн жамылып тұр Москва, Асқар таудай мұнары бар. Қараңдайды бұлт астында, Крес басты мұнаралар. Жарқылдайды сансыз шырақ, Күңгірлейді қоңыраулар. Жалбыр шаштар жатыр шулап, Қандай ғана қалың жау бар? Жауы әлгі жалғыз жігіт Жат көрінген тәңірге де. Бұл неткен жас сөзі бүлік, Бұл тәңірден таңды неге? Степнов қой! Я, Николай. Бірақ сөзі қыр түлегі. Аты солай, жөні қалай? Неге бөлек сыры тегі?.. Келеді ғой өзі міне, Көшеде бір күбір қағып. Қиял құсы кезіп түнде Сонау қырға кеткен ағып... 4 Шаным – наным деген мағынада.

ІІІ ... Өсті бала Қайдауылда5, Кезіп Торғай топырағын. Бақташы боп бай аулына, Естіп байдың ақырғанын. Босағасы қысаң дүние, Төрі алыс жарлы жанға. Тоғжан ауыр түскен күйге, Жан тынысы тар заманда. Жеті бала жемді тілеп Балапандай аузын ашқан. Қайран жоқтық – қара түнек, Көкірегін зілдей басқан. Сүйеніші – Әлібиі, Сол қисайған тірлігіне Қыңыр бала болып игі, Қой соңында жүрді міне. Қыңыр неге? Сары бала, Неге сынық жастай түсің? Қытымыр бай қаны қара, Соқты талай шыбыртқысын... Содан кек те туды бірге. Шерін бала тұрмыс жайлы Өзегіне түйді мүлде... IV Өзі жүрген тар көшеде Көп үйлердей ой тізілді. Өзі аулақ жөнелсе де, Әлі жақын сол қызығы... 5 Қайдауыл – жер аты (Торғай облысы).

Жүгіретін екі сырлас, Асыр етіп алаң жерді. Қандай мерген, өткір сол жас, Асық досы – Амангелді. Сар сағымға көзін қадап, Қайдауылдың қырларында, Екеуі де тартқан садақ Киіктерге, қыр аңына. Арман еді өссе сүйтіп, Бірге көріп алыс таңды. Қолдарына түссе мылтық, Атса бір күн арыстанды. Жүйткігендей құлан, киік, Қиял қандай асқақ еді? Екі тентек құйын қуып, Обалардан аспақ еді. Мүмкін, сонда қойдай жусап, Жұмбақ сырлар жатқан шығар, Мүмкін сонда құдай жұмсап, Жарлыға таң атқан шығар... Ойнағанда, сырласқанда, – Түйе құмы – тұйық күмбез, Торғай жерін бір басқанда... V ...Жас офицер сөзін тыңдап, Танысыңдай қатар сырлас, Соқты бала тез тақылдап, Шүлдірледі татар тілмәш. Айтты бәрін – жауыз байдан Зәбір-жапа шеккендігін, Еңсесін көп езген қойдан, Қашып жонға кеткен бүгін.

Енді кейін қайтпақ емес, Әке мейлі қатулансын, Қиялында өткен елес, Жақсылықтың оты жансын... – Ал жүр, бала, атқа мін де, Жүрме қашып сен бұлайша, «Кездік жатпас қап түбінде», – Жайнарсың бір Ыбырайша. Мүмкін біздей сар жағалы, Бір офицер боларсың да. Ел-жұртыңды арбағалы, Мүмкін, шенді тағарсың да. Бірақ қырдың қоры болма, Ізде білім, тентек шіркін. Жөнел бізбен Орынборға, Жол табарсың ертең бір күн. Мін бұл атқа, тұл қалдырған. Туысқаның, кегін түйген, Атты иесін төбе қырдан, Жұмбақ мерген, сағым киген. Өлтірілген өткен айда, Барлаушымыз тосын жерден. Іздеп келдік, кетті қайда? Оны да атқан осы мерген. Болды ғайып сол бір қазақ, Жын ба, әлде жел-құйын ба? Қандай мерген өзі ғажап, Дәл тигізген бір қиырға. Қырық қазақ абақтыға, Қамалды сол мерген үшін. Шын атты ма, жай атты ма, Қызғанды ма кең өрісін. – Кегі бар ма әлде қатқан,

Ескі күні жүр ме есінде? Туыстары айтар жатқан, Торғайдың тар түрмесінде... – Мін, балақай, міне, сол ат, – Бұл жорықтың парқын түсін: Құм құшақтап қалды солдат, Империя даңқы үшін... Жетім торғай жан сауғалап, Қонақтайды әр бұтаға, – Кетті бала, – не сор, не бақ, Кетсе мейлі барымтаға. Кетті есінде әлгі мерген, Қандай батыр, нендей кекті? Бір сыр жоқ па белгі берген? – Соны бала білмей кетті... VІІ ...Жас Әліби – күзгі қаңбақ, Заман дауыл оны қуған. Жат қаланы жүрді шарлап, Базары бар қызық-думан. Қызық қайда бірақ оған, Жүрді шаршап тілін шайнап, Секілді бір қу жапырақ, Қырдан құйын келген айдап. Ақ жағалар, сар мырзалар, Өтер мұнда басып тақ-тақ, Қандай сыр бар, не ыза бар, Кететіндей жұртты таптап. Осы қала онда зор да, Даламызда шеккен айбат, Қараушы еді Орынборға, Момын қазақ басын шайқап.

Шіркеулердей осындағы, Төрелері қандай асқақ? Қару-жарақ асынғаны, Әскер кіммен тайталаспақ? Жас офицер ақырғы рет, Құм көшеде ұшырасты, Көзінде тұр бір қасірет, Әлденеге түсі қашты? – Жандаралға жазалымын, Кетем, шырақ, аулаққа тым. Сендей сорлы қазақ ұлын, Мүсіркейтін жан таппадым. Қош, балақай, не көрсең де, Жаси көрме тағдырыңа! Қиын жолға түссең сен де, Жетерсің бір бақ нұрына. ...Құйын атқан қу көшеде, Қыр баласы қалды қаңғып, Шана басын құм жесе де, Шабатасын алды шандып. Мүмкін өмір жұтар мына Талды өзегі, солды жүрек. Міне, шіркеу, жұрт алдында Шоқынғандар тілеу тілеп. Тіленбеді жалбыр бала Шоқынбады, шошынды да, Жаутаң қағып жалғыз ғана, Жұртқа қарап отырды да, Шырақ шамдай көз бұлдырап, Жанары да жұмылды тез, Сар масадай ызың дулап, Күңгір қақты шіркеу бір кез.

VІІІ Жатыр еді ол маужырап, Көріп туған Қайдауылды. Шошып кетті тұрды жылап – Шіркеу қатты қоңырау ұрды. «Ізгі алла, әулие, рух, Уа, Христос жанын биле!» Жалтыр крес асаны ұрып, Бір жын төнді Әлібиге. Жын емес-ау, албастыға Ұқсаған бір жалбыр шашты6. Сарнап тұрды дәл қасында, Балақайдан зәре қашты. Көре қалып бір көшеде, Қыр баласын қаңғып жүрген Көп азғырып ол кеше де, Аяғандай халін мүлдем, «Керек бала оқығаның, Оған тегі жол бар бір-ақ, Жүрегіңе жағар шырақ, Христосқа шоқынғаның. Сонда саған – білім тегін. Кеудең нұрын үдетеді. Тағы қырдың жетімегін, Православный ұл етеді!» Қалың қасқыр қамаласа, Қайтер еді сорлы көжек? Жан-жүрегін қаһар баса, Қақты сонда бала безек. Жарқылдады жын отындай, Төбесінен шоғыр шырақ. 6 Жалбыр шашты – поп.

Икон жанын алатындай, Кетті бала талмаусырап. Есі кетті мүскін ұлдың, Дәрмені жоқ тырмысуға. Пәрменімен сұсты қолдың, Тоғытты оны күбі суға. Айбарлы поп крес сілтеп, Өшірді атын атаның да; Кітабына қойды тіркеп, «Коля Степнов» атануға. Мойынына мұзды судай, Түсе қалды суық крес. Қайран дарқан жан осылай, Зымыстанға түсті бір кеш... ІХ Көндікпей ме бала бүркіт, Ұстап бақса бір саятшы. Алғашқыда алабұртып, Болар тауға шырқамақшы. Қиял көзін кейде қадар, Ұясы бар тас қияға, Тас түйіліп бір күн қалар, Сол қатулы жас қыран да. Кек түлегі ашынар да, Көкке қарап жаяр қанат. Торда қажып ашығар да Жат жемінен табар тоят. Сондай-ақ бұл шырмалған ұл, Талай тулап бұлқынса да, Көндікті жат сырларға бұл, Көнді оқуға құлқын сала...

Оқыды ол ұзақ жылдар, Шөлден келген жандай сусап, Тек сорына дұзақ дін бар, Дарқан ойды қойған тұсап. Х Еске түсті өткен күндер, Осы түнде сол ызадан. Тұңғыш жанған кек пен жігер, Семинария, шулы Қазан. Дін иесі үміт еткен, Шанымын тек асырмаққа. Қыр баласын сол тілекпен, Жіберген-ді осы жаққа. Міне, бір күн жұрт ағылған, Көшелерден шаң жүгіріп, Көтерілген шу-дабылдан, Қазан қала жаңғырығып. Өтті халық қатар-қатар, Тез бұзылған сеңдей ағып. Қышқырады жая татар, Сусағандай таңдай қағып. Жұмысшы мен жастар мұнда, Адымдарын қатаң басқан, Мұғалімі Ашмаринға7 Әліби де қатарласқан. Ұстаз енді сол бір ғажап, Жүрегіне жұлдыз жаққан. Сүйіп соны бала қазақ, Өнегесін ұғып баққан. Енді, міне, өзі мұнда, Жүр көшеде ереуілдеп. 7 Ашмарин – Қазанда, семинарияға сабақ берген мұғалім.

Жұртпен бірге қызып дуға, Құлағына ерен үн кеп: «Көтер туын еркіндіктің, Аттан алға, езілген жұрт! Босат, патша, еркін жұрттың, Бұғауыңды тезінен құрт!» Кенет, міне, соқты дауыл, Лап қойды да салт аттылар. Айқай шықты «Сақтан, бауыр, Жазалаушы солдат бұлар!» Міне, біреу түсті құлап, Оқ тиген кім, Ашмарин бе? Жас жүрегі жанып тулап, Тұр Әліби бас жағында. Ұстазының басын сүйеп, Тұрмады көп қарап мұнда. Полиция соғып, сүйреп, Жапты оны абақтыға... Сонда басын тасқа бала Соққандай боп күйінді ме? Онда он алты жаста ғана, Жас шыбықтай иілді ме? Оқудан да қуылды жас, Солай жолы кесілді бір, Солай оған болды сырлас, Мың тоғыз жүз бесінші жыл... ХІ Содан кейін сенделгені, Қамалғаны тұр есінде. Семсерді бір сермер ме еді, Сұм өмірдің күресінде! Бірақ жалқы қаңғырған жас,

Таппай орын дүниеден, Тағы торға қамалды бас, Тағы кез боп дін иемен. Көп оқуға құмар басы, Тағы қайда басты қадам? Академия – дін ордасы Ашты есігін Москвадан... Енді, міне, таң алдында Қиялына көшкен ұзақ. Бүгін түнде қараңғыда, Мойынына түскен дұзақ. Келе жатыр іздеп міне, Лебі бірге сырластарын. Асау ойлар тізбектеле, Аунатқандай түн аспанын. Уа, сол достар, тұман жарған, Құйған нұрды жүрегіне. Бетінше ақса мынау жалған, Жоқ тәңірдің тірегі не? Айса8 – шата, кімнен туған? Мынау Енжіл неткен мылжың? Бір белгі жоқ құдай қудан, Түскен де жоқ көктен бір жын? Тәңір шығар патша мүмкін, Мынау елге жатқан сорлап? Соның тісін қақса шіркін, Қанды шоқпар қара солдат! Еркін солай сырды жастар, Оңашада айтар еді, Сондай сөзді бұрын бастар, Петр9 қандай қайсар еді! 8 Айса – исус Христос, хрестиан дінінің пайғамбары. 9 Петр – Әлібидің досы.

Әліби көп тосқан құлақ, Ереуілді отты сөзге, Бұл жігіт те жүрісі жат, Тез шалынды сұқты көзге. Осы біреу қыр түлегі Қиқаңдайды неткен қыңыр! Христосқа күлді тегі Әлдекімге етті күбір. Сөйлеп қалды әзіз қалпе: – Тұр, жауап бер, қисық лақпа! Шоқын да айт, сөзді келте, – Айса діні шын ба, хақ па? Сенесің бе, кереметке, Айса күнді тоқтатты ма? Ғайып құдірет жүр ме көкте, Шайтанға көк оқ атты ма? – Жоқ, сенбеймін, бәрі жалған, Бәрі алдау! – деген еді. Әлібиді қандай арман, Енді қайда жебеледі? ... Шіркеу соты қазір, түннен Жайды сұмдық бір жаманат: «Коля Степанов азды діннен Ол – малғұн, ол лағынат!» XII –Терезеге Лена төніп, Әлдекімді түннен күткен. Түн ұйқысын неге бөліп, Қандай сырлы тұр үмітпен? Жазғы түн ғой жақын таң да. Кешікті ол мұнша неге?

Ерік алып албырт жанға, Кездесті ме бір бәлеге? Осылай қыз абыржыған, Түнгі бұлттай көңіл бұлдыр. Тек суреттен күліп тұрған, Кеудесіне төгілді нұр. Сүйкімді ғой сол бір сурет, Орыс қызы сүйген қалап. Ұзын шашты бұл студент, Тұр өмірге күле қарап. Осы бір қыз жігітке сол, Жүрегінен сыр қозғады. Қыз жанына үміткер ол,– Өзіміздің қыр боздағы. Осынау үйде сыр алысқан, Тұтанысып ұшқын көзден Қызу жастар жиналысқан, Гуілдескен ұшқыр сөзбен. Сол бір сөздер дуылдаған Әлібиге болды сабақ. Қыр ұлына көз қадаған, Аққұба қыз, күлім қабақ. XIII Өзі қайда? – Міне ,отыр, Шеткері бір қоңыр үйде. Қарқылдайды неге Петр Шашын қырған Әлібиге? Уа, архиерей, діндар тақсыр, Шаштан неге болдың жұрдай? Жын-шайтанға мұны тапсыр Күйінбесін қыңыр құдай, Құтылғанда, күлген қатты,

Демон, құдай құлдығынан. Қуан сен де жұт шарапты, Ащы емес қой, дін уынан. –Ал, көтердім, Мефистофель, Қайдасың деп дауыстаймын. Кетсін менен кеңіс тобыр, Қайта туған Фаустаймын. Күліп солай екі боздақ, Таң алдында құрды кеңес, Сол бір таңда қиял маздап, Шет қиялар берген елес. XIV –Туар таңмен кеңестім мен, Маған жаңа жан берді күн. Коля Степнов емеспін мен, Енді Әліби Жангелдинмін!– Деді жігіт достарына, Күлімсіреп тұрды қарап. Лена соны қостады да, Оған назбен қойды талап: –Жабырқадың жерде бөтен, Өз еліңнен кетіп алыс. Зарықты ғой туған әкең, Сен үшін көп етіп намыс, Құмар едім естіп сырттан, Момын жұрттың мерейіне Сағынып көп сен ынтыққан, Сол қырды мен көрейін де... –Сүйкімді ғой серуен дала, Жайнап тұрса жалтыр аспан, Маған ыстық сай-салада Қой-қозылар жамырасқан.

Көрінеді ыстық маған, Сонау қалған жалбыр лашық, Келсе соған туыс-туған, Жалбағайлар жабырласып, Сағындым мен әкемді де Құм төбеде қалған жылап. Достарымды өскен бірге, Сағындым көп, толғандым-ақ, Бірақ сонда мұздар жүрек,– Көрінсе сол ел елесі; Тулар мүмкін ыза тілеп, Жанға түскен көлеңкесі. Түксиіп құр жатқан шығар, Байға басын иген құлдар. Жүрген шығар қалбалаңдап, Қой соңында әкем сорлы. Бажылдап бай алған жалдап, Көтерді ме сойқан қолды? Еңкейді ме, есіл жұртым, Түйілген соң жат жұдырық? Ұлық-төре бұзып шырқын, Жатса қайттім атып-ұрып? Сонда менің –дәрменім не? Қайнар мүмкін, құр зығырдан! Қайралдым ба ел кегіне, Әбжыландай ыза буған? Өнерім не, білімім не, Қайда маған қару, қайрат? Сорға батқан сор еліме, Қалай барсын қиял жайдақ! Айтып соны тұр мұңайып, Жас Әліби жаны күйген Албырт Петя сыры ғайып

Өзгеше бір ойлар түйген, Кенет сөйлеп қалатын да, Ақындарша қолын сермеп, Мініп қиял қанатына, Кетер еді қияға өрлеп. – Қырға барсаң жаның жүдеп, Қайта тағы күйінеді, Ізгі бақыт жолын тілеп, Кел, кезейік дүниені! Кел, жаһанды аралайық Әлем сырын ашайық бір, Қиындыққа қарамайық, Кереметті жасайық бір? –Ұшқыр досым, қаржы қайда? Қарға мініп кетеміз бе? Жұрттан қайырым табылмай ма? Ізгі ниет етеміз де! Күншығысқа жаяу кетіп, Ораламыз күнбатыстан. Дүние біткен қалған бекіп, Емес шығар тар зымыстан. Мүмкін ашар дарқан әлем, Алдымыздан кең қақпасын. Ғайыбы көп сырлар терең Алдымызда ойнақтасын. Әділ шындық қай тарапта, Қайда бақыт сағымдалған? Барамыз біз сондай жаққа, Көрсін соны сағынған жан. Шулы батыс, сырлы шығыс, Жат өлкелер таң-тамаша... Қандай қызық жаяу жүріс, Төтелейміз таудан аса.

  • * Қиял жүйрік кетті бірге, Қанат қақты екі сырлас, Ленаның көз түкпірінде, Мөлтілдеді моншақтай жас. Қыз ба Лена жігіт қияр? – Төк жалынды, жанын биле! Тоқта, ұшқыр үміт-қиял! – Тік көзіңді Әлібиге...

АҚИҚАТ КІЛТІ I –Женева10!–Сұлу қала, маңы ғажап, Саяхат еткендерге жаны қалап. Орманнан тыңдап жырын әнші құстың, Екі жан келе жатыр көл жағалап. Серуен, жағада жұрт жабырласқан, Алуан тілдер мұнда да жамырасқан. Бетінде біреулердің жұлдыз ойнап. Жандар көп ақ жүздерін зәбір басқан. Жан сауға саясындай осы бір жақ, Болатын қуғындарға таса, тұрақ. Тоғысқан мұнда нелер ерен ойлар, Асылдан әр қиядан түскен құлап. Бар шығар жасағандар саяхатты, Судай бір сапырғандар саясатты. Россия талмаусырап тұрған шақта Бұл жақтан ұлы адам сая тапты. Келеді меңзеп алға кең маңдайын, 10 Женева – Швейцарияның астанасы.

Басына қанатты ойлар қонғандайын. Қарайды сұңғыла құс ән шырқаса, Шерткендей шалқыған бір орман жайын. Табиғат қызық қой, таң қаласың да, Тап болған адамзаттың таласына. Осындай әнші құс та, ну тоғай да, Бар еді сонау Еділ жағасында. Осынау көк аршалы көл маңы да, Ұқсайды сонау Орыс орманына, Бірақ та жаны Сүйген сағыныш бар,– Отаны – үміті де, арманы да. Қайықтай Женеваның көліндегі, Жүйткіді жүйрік ойлар көңілдегі, Кемедей өтсе жарып қара бұлтты. Қаптаған Россияның көгіндегі. Болмаса дүниеде нала-қайғы, Болса өмір – осы жаздай ғажап айлы. Құрсауын қиратуға жауыздықтың, Төндірсе құдіретті найзағайды... Бұрқ етті жанартаудай бесінші жыл, Әлі де ұшқын атып есіңде жүр. Осынау жат қияға келді ұлы жан, Елінің лайсаң бейуақ кешінде бір. II Сайысып шықты кеше жиналыстан, Әлі де кеудесін сол ойлар қысқан. Қалса да шын қастары Россияда, Аз емес еріп келген мұнда дұшпан. Бөлінсе жұмыр бір күш не себепкер?

Сынығын сығып қайта өкшелеп көр. Сондай-ақ ашындырды Ильичті де11, Жалтақтар, жойымпаздар, меньшевиктер. Барлап ол алыстағы өр қиялы, Тұтқиыл түйілгендей бар қияны,– Еңкейіп жазып жатып, деп қойды ол: –Жасаймыз жеке, жаңа партияны! Сүйсініп сол бір қайсар сеніміне, Қарады қасындағы серігіне: –Тыныштық аясы ғой осы жаға, Володя, ой басты ғой сені мүлде. Ермекке минутыңды қиясың ба? –Келдік қой тынығуға, я осында. Ал, Надя, міне, гүлдер, – деп Ильич, Қағады бұталардың миуасын да. Тереді жидегін де, шиесін де, Қызық қой қызыл моншақ бұл несібе. Жасында сонау Еділ тоғайында, Тергені бүлдіргенді тұр есінде. Осылай Ильич бүгін дем алады, Түспейді бұл саяға күн алауы. Кездессе түбірден бір саңырауқұлақ, Балаша кәдімгідей қуанады. – Ал, Надя, бұларды мен пісірейін, Кезекті бұл да менің ісім дейін. Оқы сен французша кітапты бір, Өзіңдей мен де талдап түсінейін. Жайылды көкорайға көп кітаптар, Қолжазба, алтын ойлар, не қымбаттар. Парижден, Россиядан, Каприден, Ильич – В.И.Ленин, Надя – жұбайы Надежда Константиновна

Көк қанат қарлығаштай келген хаттар. Мүмкін, сол шомылғанда мұхит ойға, Толқынын жиған шығар кең маңдайға. Томдардың түкпіріне жасап жорық, Шыңдалған шығар өзі зор майданға. Табанда саңырауқұлақ қуырылып, Жатқанда қақпағына буын ұрып, Ильич мәз,– шіркін солай қуырылса, Сибирьден келген болса буылдырық! – Ә, міне, келді біздің қыран құстар, Сендерге күніменен болдым құштар! – Осылай келе қалған бес адамға! – Деп жатыр, – кел туыстар, кел, туыстар! Көргендей ағаларын көп сағынған Тағы да кетті маздап сөз көрігі Ұшқындап Россияның ошағынан, Майданның қия таулы баспалдағы, Алдағы күрестердің асқарлары – Сөз болды елестеді көздеріне. Жеңістер нажағайдай аспандағы, Патшалық қол астынан қиыр мүлде. Сонау бір Европаның бүйірінде, Осынау азғана топ ақ семсерді. Қайрады капиталға түйілуге. Бар, иә, құдірет өрен алып, Мұхиттай тебіреніп жатыр халық. Бар, иә, құдіретті – ұлы Ленин! Жалынды жас партия – батыр анық. –Жоқ, достар, Ильич енді тынықсын бір, Шертілсін сергітетін тыныштық жыр. Шырқайық, кәне, Ильич бастаңызшы, Кеудемде орыс әні толықсып тұр,– Деп бірі, бәрі соны қостай кетті,

Ильич те кетпек еді бастай көпті,– Есіне түсті, мүмкін, бір керегі, Жекетке қолын салып тоқтай кетті. – Қайда жүр, кешегі бір қыр адамы? – Ол сізге кездесуге құмар әлі. – Ендеше, келсін маған, жіберіңіз. – Қалайша табады ол бұл араны? – Өзгерді Ильич енді пәтеріңіз. – Білеміз бір қоныстың қатерін біз, – Оңаша, аулақ жақтан таптық үйді, Сол үйді енді қызық етеміз біз... – Ал, шырқа! – деп өзі бір дауыстады, Жаңғыртып мұнар тауды алыстағы. Шарбы бұлт Швейцария аспанында, Шарықтап шыға келді орыс әні, Осы хор шыққан шетте некен-саяқ, Өршіді қалың нөсер жауындай-ақ. Ильич те көтерілсін құлаш сермеп, Қыранша, қалған кезгі дауыл таяп. Кенеттен көкті бұлт жапты бірақ, Ашуын алыс таулар жатты бұрқап, Мейлі, аспан торы айырылсын, Уа, дауыл, соқ қаттырақ, соқ қаттырақ! III Басында шаңырақтай киіз қалпақ, Мынау кім бұл қаланы кезген шаршап, Кірпігін тозаң басқан жолаушы бұл, Келеді әлдекімді іздеп, аңсап? Болса да беті бозғылт, қара мұртты, Басқаға ұқсамайтын дара тіпті. Сол жігіт арқасында бумасы бар, Көшесін зор қаланың жара шықты.

Өкшесі бәтеңкенің мыжырайған, Күн жалап, келбетінің нұры тайған. Мұқалған темір ұшты таяғы да, Келеді осы жігіт әлдеқайдан? Уа, оның жер бетінде көп іздері, Жаһанды кезіп жігіт не іздеді? Қалды ізі жердің қиыр шығысында. Үндінің жыңғыл орман жынысында, Шөлінде Африканың шоқты басқан. Бұл табан жылдам еді жылысуға, Алауы сахараның қақтағанда. Альпадан аяқ талған аттағанда, Таң болып тауда аңға, көлде құсқа. Болды оны мақтаған да, даттаған да, Жерді бұл диуанадай ақтаған ба? Тыныстап бір қуыста жатпағанда. Әлемді кезді неге осы жаяу, Маңдайын соғып талай шатқалаңға? Бұл қай жан жаяулаған және бүгін, Сыртына көк орманды Женеваның. Жиһанкез өзіміздің Әліби ғой, Демі – жер, көлігі – жел, жебеуі – күн. Қос боздақ қиял атқа мінген кезден, Қаңбақтай жел қуалап жерді кезген. Тартылып табан тамыр, кейде талып, Аш өзек қуырылған, жанын езген. Сонау бір Африканың терісінде, Екі жас келіп жаңа келісімге, Қиялдың қанатына мінген Петр, Жөнелген жердің басқа өрісіне. Сенделіп серідей бір қуған сағым, Әліби сездірсін бе, сынған сағын? Жырласа болар еді жеке дастан,

Шанхайда талмаусырап тұрған шағын. Жолаушы шертер сырын кейінірек, Болсам да өзім соған бейімдірек – Бөгелдім бөлмейін деп бұл сапарын, Келеді оны өзге пейіл билеп. «Апырау, нені сездім, не байқадым, Құйындай қағып өттім, жер байтағын! Қу жалған қайда барсаң сұп-сұр өмір, Қалай деп қалың жұртқа сыр айтамын? Әлемнің көрік берген айдынына, Жарқылдақ жайындардың байлығы ма? Сәні мен салтанаты таң ба маған, Жарлы жұрт батып жатса қайғы-мұңға? Апыр-ау, ақиқаттың кілті қайда!? Түнектің пердесі бір жыртылмай ма? Әлде шын әділет құр бұлдыр сағым, Жалынан ұстатпайтын толқындай ма? Жоқ, тоқта! Кереметті кешегі сөз, Тарқатар бұл жұмбақтың шешуін тез. Есіне түсті: жиылыс, даулы зал сол, Жиһанкез болған соған тосыннан кез. Өзгеден шағын, шымыр тұлғасы да, Мынау кім сөйлеп кеткен тым ашына? Сөйлейді сермеп қолын қанатындай, Қыранша күйкі құсты қағатындай. Сайысқан жандарды бір жатыр тежеп, Майданнан жаны тоят табатындай. Жиһанкез келген мұнда қаңғалақтап, Сөздерін көкейіне қалды сақтап. Келеді іздеп, міне, адамды сол, Орманды көл шетінде жедел аттап.

Құз-құз тау, қалың жыныс осы бір маң, Әлемнен таса жердей жасырынған, Сол түкпір жолаушыны тартып жиі, Сәлем хат ұшқан жердің қашығынан. Шеттегі гүл оранған шағын үйге, Ақпейіл қарт етікші өзі би де. Ильичтің мекені бұл іздеп мұнда, Жаяулап келді, міне, Әліби де. – Ол кісі, сірә, қазір үйде шығар,– Деп жылы жауап берді пейілді шал. Бөлмеге еніп еді жолаушы бұл, Ішінде бір топ бала, нендей шу бар? Мұнда жүр егде бір жан бетін бүркеп, Саусағын мүйіз етіп, бүгіп сілтеп, Сүзем деп балаларды қуалайды, Соған мәз жас бөбектер күліп жүр тек. Ол өзі келген жанды аңдамады, Балаша ойынға сол алданады. Толғаған ел тағдырын осы адам ба? Ғажап қой! – деп Әліби таңданады. Иә, сол, әлем сыйған пейіліне, Сай еді, қызығы да, сейілі де, Ұлы жан сүйе білген, күйе білген, Толы еді бөбектерге мейірімі де. Ал бір сәт көзі шалып қалды білем, Жігітке қарай қалды әлгі кірген, – Иә, білдім, хош келдіңіз, отырыңыз,– Деп Ильич оған көңіл қойды бірден. Сезгендей соны бөбек достары да, Тарады, ым қағуды тоспады да, Қасына жиһанкездің отырды ол, Сұрағын өзі бірден бастады да. Жолаушы айтып кетті бөгелместен,

Жолдарын жаһандағы жүрген, кешкен, Ақиқат, әділдікті таппай бірақ, Сол үміт ойындағы сөнген, өшкен… – Иә, солай дүниені кездім деңіз…– Әділдік жоқ екенін сездім деңіз. Табатын әділдікті алып күш бар,– Тек содан ойыңызды бездірмеңіз. – Жаһанда жойылмаса қанау мүлде; Түзелмес әділетсіз алау дүние. Әлемде ақиқат сол, жояр күш бар,– Капитал қожалығын таяу күнде. Сол бір күш Россияның – жүрегінде. Жұмысшы, шаруаның – жігерінде. Торына патшалықтың тегеуірінді Тасқындай бұрқағалы тұр елің де! Россия абақты ғой талай жұртқа, Шыдасын енді халық қалай жұтқа? Бұлқынса үзер патша бұғалығын,– Соны біз бұлқындырып қалайық та! Азабын қыр елінің білемін де, Ұқ, досым, соның мұңын, тілегін де. Табады езілген жұрт еркіндікті, Қол артса пролетардың білегіне! Россия достық бағы болар ертең, Бақытқа барлық халық бөленер тең. Жетілер жарты жұрты өнер табар, Толықсыр ен дәулетпен өлкелер кең. Уа, сонда жақсылықпен жайнар заман, Көрерсің жаңа жұртты жайраңдаған, Құрамыз коммунизм – Россияда, Сонда тек ізгілікті ойлар адам… Жүзінде үміт, шырай, көзде шаным, Көргендей ғасырлардың болашағын,

Сол ойлар Әлібиге – түнді жарып, Ашқандай алдан өмір кең құшағын. – Жігітім, ой көзімен байқап қара, Қалайша жайнар еді байтақ дала? – Деп Ильич жетектеді жолаушыны, Қазіргі біздер жүрген аулаққа да… Бәріне күрес керек – қуат қайда? Жұмылса халық тауды құлатпай ма? Сол күшке жалын берер партия бар, Түс оның қатарына, дулап қайна! Жиһанкез кезді солай оймен алыс,– Ғажайып өмір сыры болды таныс. Кемеңгер барлап күрес қияларын, Нұсқады майдандарға жолы шалыс. V Адасса, жалғыз қаздың үні шықпас, Балуан бірді жығар, мыңды жықпас. Асқар тау жоталарын төсер көпке, Қияға қалың қолмен бірігіп бас, Дүние сыр ашпайды қаңғырғанға. Көктен бақ түспейді екен жарлы жанға, Қалың қол қосылайын қатарыңа, Бағынсын талабыма тағдыр алда. Уа, Ленин! – Қандай ұлы дана, Әлемнің құпиясын білдім жаңа, Түнерген төбелерім, жарқ еткендей, Келгендей көз алдыма күллі дала. Сол сәуле қуар енді дала бұлтын, Арылар азабынан нала жұртым – Лениннің шамшырағы, жан жағымда,– Берілсін сол қуатқа талап, ырқым! Құдірет сезіліп тұр сенімінен,

Алданыш сағым ойдан сейілдім мен. Көсемі езілгеннің осы дана, Жолыңа түстім мүлдем, сендім мүлдем. Көрінбес тозаң басып қалған ізім, Несіне шимайладың жалған жүзін, Ойласам аяр жаным дін шырмаған, Жастықтың өткен кеше арман күзін. Белгісіз ғайып үміт бастап мені, Ұстатпай бақ құсындай қашқан еді, Жаһанды кездім жаяу –тапқаным сол, Лениннің ой-санама ашқан кені. Бойымды биле, биле сол құдірет, Лениндік партияда сенім, тірек! Естілді құлағымда майдан даусы, Жатқандай Россияда сел күркіреп!.. Сол оймен асып талай қырқа белден, Шыққанда күрес даусы шырқап өрден, Әліби тартты Питер қаласына, Зор күрес солдатындай бұрқап енген.

ТОРҒАЙ ҚҰЙЫНЫ I Шарықтап құм жосалы жалаң белді, Шаңдатып келе жатыр Амангелді. Аңқытып ақ тұйғындай астындағы Алды – жел, арты – құйын жарау керді, Артында Аяп бала шаң бүркенген, Келеді көк бестімен қалқып өрден. Шоқытып құм төбеге шықты өзі, Аңшыдай адырдан бір түлкі көрген, Жоқ, аңшы емес қазір, жөні бөлек, Жарысып жүрген де жоқ жел жебелеп, Дүз барлап келген де жоқ жауды бағып, Жорыққа шыққан да жоқ елден ерек. Селебе соғар шақта төгіп қағар, Сұңқар да алдын ала қанат қаһар. Таянса қалың нөпір шағала да, Саңқылдар жағаларға жайып хабар. Аспанда әбжыландай түсі бейне, Шықса бұлт түн қабағын түйіп кейде. Лашығын лақтырып бір кете ме деп, Жарлы жұрт басқұр бауын түйінбей ме? Сондай-ақ Амангелді түйген қабақ, Бұлт басқан даласының кегін қарап. Қасқырдай қанды көзді ұлық-төре, Қадалған қойдай момын елді талап. Соғыстың сұрапылы жедел есіп, Жұлқысқан жиһанкерлер төбелесіп.

Бетіне дүниенің жалын бүркіп, Әлемді таламақшы тең үлесіп. Алыста майдан оты жарқылдаған, Жер бар ма сол бір өртке шарпылмаған? Осындай алапатта аулын ойлап, Жігіт пе оймен самғап шарқ ұрмаған? Ол әлі жорық кешкен батыр емес, Ауылда бай-төремен тату емес. Өзінен асқан ойлы аға да жоқ, Алатын осындайда ақыл-кеңес. Ойлап тұр Амангелді құм төбеде, Әліби кешікті көп мұнша неге? Ауылға әрекетін тигізе ме, Батыста бұрқ-сарқ еткен қан селебе? Сарғайтты асық досы, сағынышты, Алыс, жат қияларға не қып ұшты? Келгелі бір сәлем хат аз күн болды, Сөзінен ұшқандайын жалын күшті. Талай жыл жоғалса да кетіп жырақ, Мекені бұл күндегі Петроград. Жұмбақтап әлденендей сыр білдірген. Сенетін күші бардай бекім бірақ. Ол, сірә, мұнарадай биік шығар, Теңіздей терең ойлы тұнық шығар. Әлемнен ақыл терген жиһанкез ғой. Сырына бұл дүниенің құнық шығар. Қазір ол асқан менен мерген шығар. Ғайыпты нысана қып келген шығар, Күреске епті шығар шалысы бар, Білегін балуанша жеңнен сыбар. Дариға, кетті сонау балалық шақ, Ойлап ек айырылмастай бала құшақ, Айырды қатал тағдыр, жоғалды ол,

Құлазып қалдым мен де далаға ұқсап. Бұл қырдан кетті ол да қашты киік, Түнеріп жатыр дала тас түйіліп. Алысып әлділермен албырт жаным, Кек буды жүрегімді басты күйік. Жағаңа жат жармасса қайтер едің? Ызасы өтті елге бай-төренің. Сүліктей ұлықтары жұртты сорып, Қансырап тұрған жоқ па байтақ елім. Сұм болыс, сындырған сен елдің сағын, Сол үшін шыдамадым, қол жұмсадым. Сол үшін солар мені қаралады, Бұзық деп ұлықтарға берді шағым. Осындай толғанды да Амангелді, Көзімен тұрды шолып жалаң белді. Артынан Аяп бала келді жетіп, Аптығып, далаңдатып балақ-жеңді. –Иә, батыр, келе жатқан қажың қайда Ол өзі патшаға да бағынбай ма? Шоқынды, орыс болды деп еді ғой, Қалайша табынды екен ол құдайға? Ол үнсіз тұр төбеде қарауылдап. Майдан жоқ, мінген аты жарау бірақ. Шығанға ұшқан сұңқар оралса тез, Ашуын көтерсе тез, қыр дауылдап!

II Осындай мереке бар қай ауылда, Қуаныш лебі соқты Қайдауылда? Желпіді түндіктерін қоңыр үйлер, Қонғандай келіп жаңа жайлауына. Жайнаңдап жерошақтар жанып жатты,

Жайраңдап жарлы жүздер жалын атты. Ауылдың ортасында алқа-қотан, Соған жұрт жабырласып барып жатты Мейлі, жамырасып кетсе төлдер, Кекселер, келіндерің өтсе жол бер, Бәрің де жиналыңдар бұл жиынға, Келіндер, әділдікті көксегендер. Айналып ауыл-үйді албырт Аяп, Айтып жүр жаңа келген жарлықтай-ақ, Әліби қазір кеште сөйлейді сөз, Әкелген сыйлығы бар жарлыны аяп... Өткен түн қоңыр үйде ортадағы, Мәжіліс таң атқанша тарқамады, Әліби шертті бастан кешкендерін, Айтылды арманы мен бар талабы. Екі дос кездескенде кеңіс белде, Соғысып кеуделерін көріскенде, Ғашықтай таңырқасып бірін-бірі, Ой жұмсап өткен сонау өрістерге. Келсе де кезіп өзі талай жерді, Көп әлем көрген жандай Амангелді, Сөйлесе ыза жанған лебізінен, Ен төстеп жүргендерге талап елді. Қалың қас, қара мұртты, кең иықты, Тұлғасы тығыршықтай толығыпты. Жұлдыздай жанарынан ұшқын атып, Өзіне қаратқандай қауым жұртты. Ауылда Амангелді солай өскен, Озық боп даладағы баяу көштен, Ал сонда таңданады Амангелді,– Досына жердің жүзін жаяу кешкен. Ақсары, жүзі жылы аяулы жан, Алыстан барлаушыдай ой аңдыған,

Көзінде үміт күліп, әлем сыры, Ашылып тұрғандай бір таяу бұған. Алдында саз бергендей таң әлемі, Сол сырға Амангелді қанған еді, Жинады ауылдасын жаңалықты Білсін деп бүркемеде қалған елі. Жиынға келді түгел жарлы қыпшақ, Жан-жақтан жабырласып жайып құшақ. Ағытты өлеңін де ақын Омар , Батырын мадақтаған жырау құсап. Күлімдеп жадау жүздер алды қоршап, Шақырған Амангелді бәрін жар сап. Әліби айтып кетті әңгімесін, Іздерін елестетіп қалған алшақ. Ал, анау ақбоз үйде жатаң сыр бар, Жиналған істік мұрттар, сақалдылар, Сабадай кешкі піскен күмпілдетіп, Сабалап жатыр сөзді мақау қулар. Бәрінен бойы биік, түрі қатал, Атандай ортасында отыр Қапар Түксиіп отыр ойлап, тұман басып, Қадалған көзі қайда төгіп қаһар? Делдиген кең танаулы қара сұр жақ, Керілген кірпі шашты, қасы қияқ, Паңсынған Орынбордың оқығаны, Мәдияр міңгірледі мұртын сипап. – Ол өзі шоқынды бір безген діннен, Кәзеп ол, дүниені кезген күннен. Орысқа жанын сатқан азғын қу ол, Алаяқ ылғи жалған сөзбен жүрген. Түріктің тонап келген саудагерін, Шот емес, оған сотың, дау дегенің, Кәпірден қатын алған, шошқа жеген,

Найсап ол зілін артқан тау бәленің. Келді ол жұртымызды азғыруға, Елдікті тоздыруға, аздыруға, Ата жол, дін, ақсақал, соты қайда, Бұл қуды азғынсың деп жазғыруға... Солай бір басып жатыр сөз көрігін, Маздатып өсектерін өздерінің, Ал мұнда Әлібиді алқалап жұрт, Айтқызған дүниені кезген жырын. Әлемнен әділдікті іздегенін, Сапардың сыры қилы тізбелерін. Сезгенін, түйсінгенін, күрсінгенін. Кейде көп үміттерді үзгендерін... III Қараша үйді жапқан ақ шымылдық,– Соған бір елес беріп жатты шындық. Олжасы Әлібидің саяхаттан – Киноскоп, фотосурет – жалғыз мүлік. Міне, бір пленкасы елес берді: (Жиһанкез мұны неге әуес көрді?) Арқалап жас бөбегін қайыршы ана, Нан іздеп кезген талай белестерді. Сондай көп сурет берген барша қала, Қандай көп сұлу үйлер Варшавада? Міне, бір мыжырайған өңшең лашық Тұрады мұнда кімдер, ал шамала! Қараңдар құдай берген кереметке – Мұхамбет мекен еткен міне, Мекке Аш-арық айналасы Қағбаның, Қол жайған бір напақа тілемекке, Қарашы қара борбай бәдәуиге, Түсірген құдай неге нала күйге?

Қажылап келген қартты жатыр тонап, Біреулер таяу жерде тәуап үйге... Мінеки шұбырған жұрт Стамбулда , Мына бір түйілген қол мыстанқол ма? Тізесін бүккен түрік отыр мүлгіп, Торғайдай төзіп қана қысқан торға... Уа, ғажап, жайнап жатқан шай даласы, Ну жыныс аққан бұлақ айналасы, Қамшымен ұрып жатыр үнді қартын, Ағылшын әлеуетті, бай баласы. Қолында иірілген күміс жылан, Мынау кім пілге мініп, тыныш тұрған? Созып тұр түйе сандай тұмсығын піл, Соқсайшы ақ түстіні үндісті ұрған... Қосаяқ арбада бір күлген мырза, Адамды ат қып жеккен, соған ырза. Майысып сүйрелеген мүскін жаяу – Аш қытай кеудесіне толған ыза. Мұхиттың жағасы бұл қызық сурет: (Шанхайда суреттен де қызық сыр көп) Жүк тасып тәлтіреген өңшең қара, Зембілде шетелдік бір жатыр сұр бет. Тағы да таңғажайып көріністер – Алуан ақ сырлар, қоңыр түстер. Орағын жалап тұрған аш шаруа, Көшеде шуылдаған көп жұмыскер... Көргенді тебірентіп бұл ауыр күй, Өршітіп әңгімесін тұр Әліби. – Жаһанда көрмедім бір әділдікті, Жауыздық жайлап жатқан шырмау ылғи, Осындай ауылдасын ойландырып;

Қалды бір киноскобын айналдырып Бір адам өр маңдайлы, тік тұлғалы. Сөзімен сермелгендей майдан құрып, Саңқылдап тұрғандай бір ол дауыстап. Алыстан көрсетіп тұр нені нұсқап? – Әділдік кілтін тапқан осы дана, Шыққан сол күрестің де туын ұстап! Заманның ел бастайтын данышпаны, Көреген, көзді шолған алыстағы. Батыр ол, қол құраған халық үшін, Патшамен, бай-төремен қағысқалы. Көрдім сол кемеңгерді аты – Ленин, Теңіздей терең сырға батып едім. Бақытқа жарлы жұрты жетер жылдам, Барласа кең айдындай ақыл кенін. Сондай бір дүниеге адам келді, Білерсің кереметін Амангелді. Патшаның құлдығынан құтылуға, Тек соның жолы ғана табар жөнді... Жұтып жұрт Әлібидің сол бір лебін, Тамсанып, – деді бәрі – Ленин, Ленин! Әліби шертіп ұзақ әңгімесін, Ұйқыдан арылтқандай мең-зең елін. – Иә, солай, оянсын ел ұйқысынан! – Ашынса оянбай ма жан қысылған! Солай бір желпінді жұрт тыңдап сырды, Қиядан қайтып келген жыл құсынан. Ал біреу көзбен ылғи арбасыпты. Түнерген сұр жүзінен қан қашыпты. – Жоқ, жалған айтқандары,– деп қырылдап, Мәдияр алшаң басып алға шықты. – Жасынан діннен безген, елден безген,

Әліби – алаяқ бір әлем кезген. Ермеңдер, оның тантық тәліміне, Бүлдіргіш, елді бұзған, желеу сөзбен. Сөзіне сенбе мұның бүтін қыпшақ, Қыпшақты етпек мынау, қырық пышақ. Қаны бір бай-кедейді атыстырып, Не болмақ пәлекетке ұрындырсақ?.. Алашпыз, ала болып жарылмаймыз, Бай-кедей өзегі бір бауырдаймыз. Қамқор бар қазақ қамын ойлар қазір, Панаң біз, жұртым, асқар тауыңдаймыз! Сондықтан сенбеңіздер бұл кәзепке, Азғынның айла сөзі елге сеп пе? Адасқан Амангелді ерсін соған, Ермейді ұйтқысы бір ел өсекке. – Бар, күзет босағасын бай-патшаның, Соларға жарық бол да жайнат шамын. Біледі өлмеудің де қайрат-қамын. Не пайда бізге сенің алашыңнан? Білеміз, қамқорыңды ағасынған. Шұлғиды елін езген ұлықтарға, Бой сақтап елдің тартыс-таласынан. Әрі жүр, Әлібиге тіл тигізбе! Әкелді ол әділеттің кілтін бізге! – Әліби тұйғынымыз түлеп қайтқан Сонымен бірге енді сертіміз де! – Ол аң-таң көзі шығып шарасынан, Өзі де момын жұртқа ағасынған. Жан-жақтан зілді көздер қадалғанда, Мәдияр зытты жұрттың арасынан.

IV Бірталай содан бері күндер өтті, Қан соғыс бүріп жатты жер мен көкті. Апшысы қуырылды патшалықтың, Төсіне төндіргендей зеңбіректі. Әліби ауылдарын жүр аралап, Түтінді түндіктерін түре қарап. Түтіліп құрымдары тозған лашық, Лашықтай жарлы жандар жүдеу қабақ. Түксиген баяғыша түйе белдер, Керуен заман зілін сүйрегендер, Замана – бұрқыраған құмды жапан. Шөлінде керуендей күйреген ел. Түйілген қара бұлттай билегендер Иленген күбісінде күйбелеңдер. Солай бір мал соңында қатқан әке Көмілген құм кебінге, тимеген көр. Еңсесін езген елдің бай ғана ма? Момын жұрт топалаңнан жай қала ма? Өрт шалса бетегесін осы қырдың, Құм батқан шаңырақтар шайқала ма? Жанында жалғыз ғана сенімі бар – Жарлы жас өрендері жанын ұғар. Қасында жүрді бірге Амангелді, Ашынса айбатынан жауы бұғар. Әлемнің ашып талай сұр беттерін, Әліби жайды жұртқа суреттерін. Жаһанкез енді кезді қыр жапанды, Жапандай жүдеу жұрттың тербеп кегін.. Шығып бір мәжілістен бүгін кеште, Әліби тұрды міне, бір белесте,– Қой баққан құм төбелер үн қатқандай.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙