Менің топырағым
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Жұмекен Нәжімеденов
ЖҰМЕКЕН НӘЖІМЕДЕНОВ
МЕНІҢ ТОПЫРАҒЫМ
ЖАЗУШЫ
САУАЛ
Тал-түстікке шықты шырқап Ай үздік, сен, сен болсаң көзіңмен құр тайғанап, көкжиектен жүрсің әлі Ай қарап, ей, бейшара тайыздық! Қарға құсап түрткілейсің қоқырды,– шикіл сары балапаннан сескеніп, көрмей жүрсің: қыран қашан өскелі, ей, сормаңдай соқырлық! Жоқтық жаншып тастаған-ау санаңды,– тайраң қақтың тары тапсаң жарты қап, көз алдыңда тау-қырман тұр жарқырап, уайхай, шіркін надандық! Табиғат та сырын көмген терең ғып – күрсінгенін ести алмай түнгі айдың, күй күтесің ызыңынан қурайдың, қайран ғана кереңдік!
Алтын қырман – ырыс деуге қия алмай, аспандағы Ай – күміс деуге қия алмай, қыран ісін – ірі іс деуге қия алмай, күйдің үні – жайлы үн деуге қия алмай, айдын үні – қайғым деуге қия алмай: «надан, керең, саяз» деген көп сынға өп-өтірік төзіп жүрген жоқсың ба, ұялмай?! АЛЫС ЖҰЛДЫЗДАР Көк жұлдызы сәл жымиып күлсе егер, шапағаты жұртқа тиер: әлсіздеу бір нұр себер. Жә-жә, қарсы дау айтпаңыз бұған сіз – емес, емес, емес, емес нұр әлсіз, әлсіз еткен алыстығы жұлдыздың! Жаттап өскен қағидамыз бұл біздің! Мынау адам жылы сөзін бір беттік айтып қашан болар екен міндет қып:
сені, сені қызықтадым түнімен, жанған жұлдыз құлағымның түбінен! Шарапатың шар-тарапқа төгілген, азаматтық, кісіліктер көгінде, сен, сен алыс жұлдыз болдың тегінде, сен жанбасаң – мұндай болмас едім мен! Арамшөптей аласталған егіннен көз түрткі боп қырқылуға шақ қалдым: кереңдерге айтқан арыз, шаққан мұң кещелердің ауызында жатталды. Сонда тиген шапағатың санаса шашым жетпес! Тамаша, деп, тамаша мәз болсам мен: «астро-но-мия-ны» оқып, көкке қарап қол шошайтқан балаша...
МЕДЕУ – САЙДАҒЫ ТАСҚЫН Шұбарытып кетті құла қақ, жыралар жылап, тас ұлып, жатқандай көшіп кең алап алыс бір жаққа асығып. Ағаштар елдір-желдір боп қабаққа қарсы барады, жұлынған жапырақтары ізінде қалды шашылып. Не болған мына маңайға, жаңағы тұрған тау қайда? Көшкен бе тау да бір жаққа бұлттарын тастап баурайға? ЬІңырситындай бір түрлі ылайға бөгіп мына алап, баурына басты ылай-толқын сынық бұтаны бұралап. Ыңырсып мөңіреп желеді ылдиға қарай бір баспақ, тұсауын үзіп кетті, әне, шыңғырып үркіп сұр қасқа ат. Бара жатқан тәрізді үдере көшіп бар алап жұтағандарды – жұлқылап, жалаңаштарды жаралап.
Осынау ұлы аңғардың түбіне қарап толғандым, бүліншілік-ке осынау білдірмей себеп болған кім: ақ мұз ба, сен бе, қара шың?.. Сулардың мынау жат үні,– жолына құлап сол судың, жотасын тосқан ақыры сұр тас та кетті домалап, тағы да жалғыз мен қалдым.
ҚОШАЛАҚ Вавилонның бағы түгіл аспалы, шөп те сирек, қияқтары ауру тістей сап-сары, жыңғылдары тот қаптаған сым-сидың; құлақ түріп тыңдай қалсаң қас қағым: қурайлары жел өтінде сыңсиды. Белдеулерге қыстырылған құрығы антенна боп – жел үп етсе ұлыды. Балалары жылауықтау ауыл ол, құлауықтау болатұғын құдығы. Табриз, Шираз көп жырланған қалалар, Қошалақта жыр жоқ, жел мен дала бар. Құдығының суы бірақ сұйық бал, қарақаты – жүзімдікке бара-бар. Батаға ынтық қарттарының дос көңлі, жастары әттең ұнатады бөскенді. Жазда – құмға, қыста – суға шұбырар қойының да көп шұбырар жыны бар. Бауырын езсе жат қайғысы, дос мұңы – соның бәрін қоңыр күйге қосты ұлы. Бала – жылауық, құдық – құлауық бұ да айып: топырағы мен көкірегінің бостығы. Құлын байлап, құдықтарын көздеген, тас атқанды аспен атып төзген ел. Жесірлері кешірімсіз кекшіл тек, жетімдері қуаттырақ өзгеден. Таба алмаған тағдырына табынудан басқа амал, о, құлан-құм, құдірет құйған астанам; жетім лағы желіде қап қақсаған, жүйріктері шаппай жатып ақсаған. Қатар өскен: қайсарлық пен момындық, қас батыр мен қас надан!
МАЙЛЫ СОРПА Қимыл емес, пиғылдардан қорқасың, қанжар емес, қырғыштардан қорқасың. Толтыру үшін өз көңлінің ортасын, айтты біреу жорта мақтау, жорта сын. Бәлкім, бәрі тоқшылықтың арқасы: сөкті ол мені майлы екен деп сорпасы. Уһ, менің де бір жүк түсті-ау арқамнан: өз әліне сай әркімде бар талғам, Сөзде де көп сулы қияр жонғандар, капуста жеп қара жүрек болғандар – қорқады, рас, менің «майлы сорпамнан!» ГЕРАКЛ Ғұмыр бойы күндеу, қорлау, тепкіден Геракл де құтылмапты; тілі сонша өткір болса да от-күрең шындықта да кейде шындық жоқ білем: тағдыр жазған маңдайына бастапқы он екі ерлік.
Прометейді азат етіп... көр, міне – ешбір заңға сиғыза алмай бас қатты. Алыптың сол он үшінші ерлігін тарих деген төреші есептемей тастапты. АНТЕЙ Грециядай Құдайларға бай елде Құдай болды, еркек түгіл, әйел де. Адамы істеп бітіргенде көп істі, Құдайлары бастайды екен соғысты. Алауыздық аңсап тұрса Құдай да, пәнделердің ісіне, дос, мұңайма. Қасарысқан Зевспен Прометей Құдай еді былай да. Бас иіпті Атланттың күшіне ел, Гераклдың құдіретін мына мен де түсінем. Мықтыларға түсінем мен – табынам,
мықты, мықты – мықтылар, түсінемін мықтыны – мықтылығы жағынан: Зевс атты әміршінің даңқы ұлы, көп кірпікті күйдірген найзағаймен жасқатып, адам түгіл, жасқантыпты тасты атып. Ұлы Құдай, Құдай – Құдай, себебі, билікке – бар, жоқ іске. Бітірген жоқ Зевс те қарауындағы халқына тырнағын батырғаннан басқа түк.
Ал, Антей ше? Құдіретімен, ісімен Құдай болған пәнделердің ішінен мен Антейді жақынырақ түсінем. Мықтылықтан гөрі кейде, салып ән осалдыққа табынам: Антей маған ұқсайды екен себебі осалдығы жағынан: мен секілді оның да жер – мекені, мекенінен табаны ауса екі елі, мен – өлер ем, Антей өліп кетеді, Топырағынан жұлынса, Гүл секілді ерні кебер кезеріп, қасіреттің аптабы өртеп өзегін – сүйген екен Антей де өз топырағын, өз елін.
КӨК ЭТЮД Көк долы жел тұрды: көк таудың басына көк бұлтты келтірді. Көк бұлттан – көк нөсер, көк нөсер көл-көсір. Қол шатыр алмаппыз – сен де есер, мен де есер. Көк от кеп аспаннан түсті бір жас талға: бас қамда, бас қамда! Сен маған тығылдың жасыннан қашқанда. Көзіңнен жас парлап кетті ме, қасқалдақ? Құдайды паналар Сайтан да сасқанда. Көк бұлттар билеп бір көк тауды сүйреп тұр. Күй кетті, күй кетті: мойыннан су кетті, самайдан су кетті... Нөсер мен жел егіз – айрылысар демеңіз. Егіз боп денеміз тумадық неге біз? Су жапырақ ұшып кеп бетке ұрды үсіктей. Қыңсылап келеміз жаралы күшіктей.
ТАҒЫ ДА ДОМБЫРА Сапар – ұзақ деп еді, тез оралдым, тағы да тез оралам. себебі: домбырамды сағынам. Үйкүшіктеу – біліп қой – бұ заманның серісі мен жарлысы: – жаңа үйленген жігіттей домбырасы бар кісі. Талай әсем қыздардың дарымады «қарғысы»: қызға қарап қайтеді домбырасы бар кісі. Талай жұмбақ күй шерттім – шешу ғана қалып тұр. Ақылсыз көп құлақты кесу ғана қалып тұр. Домбыра, сен туралы талай жаздым мен мына – күйді ұқпаған кісілер сөзді ұға ма, өзің айтшы, домбыра?! Бақыт жайлы толғам көп, менің бағым – домбыра. Майсаңдап күй шертпесе неге керек қол мына!
Күрек ұстай білмесем, қалам ұстай білмесем – қайғырмас ем, ал, бірақ домбыра ұстай білмесем, күйдің мәнін, сүйсінбесем, әр ұғып, өлер едім, жүрегім қасіреттен жарылып! ҚАНАҒАТ Түнгі дауыс кетеді екен тым алыс, сенсің маған түнгі дауыс, қуаныш: «адастым-ау» деген күдік көңіліме алаң сап, құлағыммен аулағанда күшік даусын жарамсақ, тарыққанда қоналқы аңсап, ел аңсап, дыбыстап ем адасқанымды ұқтырып – сенің итің шықты үріп. Адастырып бітті бізді бұ тірлік... Сенің әлі достарыңа үргізер ит асырап жүргеніңе шүкірлік. БҰЛТ Атыраудың ар жағында ауыл бар, анда-санда солай да бір ауыңдар!
Миллиардтың керуеніндей ірмеліп, аударсаңшы анда-санда іргені – мен отырмын ауыл жаққа жүргелі. Бұлт көшпесе, кім көшеді елде енді, жел, жетекке ал мынау ала керуенді! Медеу-сайдың онсыз дағы көп көгі жасыл-жасыл жабағы боп шөкті өлі. Бұрынғыдай ұйтқымайды желі көп, содан ба екен – аспаны тұр еңіреп, жаңбыр деген болмаушы ма ед өтпелі?! Иә, о жақта... Су ішпейтін көлік тап! Мұнай ішкен моторлар, о да қызып солықтап тұр солықтап, қыраны да ұша алмайды ұзаққа. Қара тас та көктеп жатыр бұ жақта, бұлттың өзі «отырықшы» болып қап. Иә, о жақта.. шық кепсе ертеңгі ала-бота да өртенді – Аспан, аспан, әділет бер, бер теңдік!
Қара шыңның тұнжырайды қабағы, айықпайды қабағы бұлт-жабағы. Жылауық, тал тоқтығынан тұр жылап – қабақ біткен қалған екен тұнжырап! Біреу айтты: – О жаққа да ашу керек бір жұмақ! Біреу айтты: – Былжырақ сөз неге керек, былжырақ: Не жамылар еді Ала-тау мына, бұлтын әркім тасып кетсе аулына?! Аспан айтты: – Ал, шауып ал, мына тауды, не мені, Ешкімнің де болмайды енді дегені!
САРЫҚҰЛАҚ ЭТЮД Шыңдарды басып бауырға жылжиды аспан білінбей, ілінген бұлттар бұтаға қотыр тайлақтың жүніндей қайызғақтанған; дөңдердің төбел-таз болған талайы. Қарт қайың ғана дудырайды – салақ қатынның самайы. Бір сомдық сарықұлақтай сарықұлақ жапырақтарым, көктемде – көктеп, күз – қурап жапырақ атын ақтадың: құлағынан басқа құны жоқ, о, менің ақымақтарым!
ЖАРАМСАҚ-ЭТЮД Кімге керек, келді, міне, сыр-сымбат, жаңа басшы жігіт екен бір сұңғақ: есігін қақ, тырсылдат, теріңді сүрт, ырсыл қақ. Әттең, әлі алда сын, алдана сал – басшы алдаса – алдасын. Кеше кеткен – ертең қайтып келмесін, бүгін келген – ертең түсіп қалмасын! Арыңды бер, адам сат – күніңді көр, жарамсақ! АЖАЛ Көнбе, өкін,– қақтап пісір өзіңді-өзің, жездей соқ, бәрібір сол кездейсоқ жай – кездейсоқ, неғыламыз босқа мыжып болжалды: емдетем деп түскен екен тұмауды отыз екі-ақ жыл жасаған бір ауру екі мәрте инфарктен қалған-ды, ақырында соқырішектен өлді әлгі. Түсті үстінен кездейсоқ бір қара әйел, қасіреттен долданды.
Кездейсоқ бір тамырларда тасты қан: кездейсоқ бір ерлік шығар бәлкім адам ғұмыры, тасты жарып өскен шөптей бір ұры? Жігіттің тек шошаяды мұрыны бетін жапқан ақ матаның астынан. Бір кездері қатысыпты ол күреске, кездейсоқ бір кісілер кеп танып тұр. Міне, тағы бір адамды даңқты кездейсоқ бір жігіттер моргтен ап шегеледі табыт қып. Сапырлысып болып жүр жұрт әбігер! Жағасынан тартқанда ажал сүйрелей – Өңірінен үзілген ақ түймедей, бас жағында төсектің дөңгелейді ішілмеген дәрілер...
ЕКІ ҚАРТ – Іше алмаспын,– деді ауру қарт,– дәріні, дәрі маған дарымайды бәрібір. – Неге?– дейді дәрігер қарт таңдана. – Әй, алдама,– дейді ауру қарт,– алдама, екеуіміздің дертіміз бір себебі, не күш табам дәрінің көп, азынан, не күш берер қажығанға қажыған? Сен әуелі өзіңді емдеп жазып ал, сені көрсем – мен өзім-ақ жазылам! Доғдыр сұп-сұр, ауру қарт та сұр еді, екеуі де ауру – ем береді біреуі, емделмеуді жөн көреді біреуі. Біреуі отыр көндіге алмай жөтеліп, біреуі отыр сендіре алмай жөтеліп. Көрден сүйреп шығарғысы келетіндей бір-бірін тартысады екі «өлік».
ДӘЛІЗДЕГІ ӘҢГІМЕЛЕР – Құдағиым қайтпақшы еді аулына – ерте ұшатын рейске үлгіртіп жібермек ем – билет болмай тұр құртып. – Ұл балалар тентек, жалқау әу бастан сабақтарын оқымайды маубастар! Дәліз ұзын, жел соғады жағымсыздау жанға әрі. Сүйрейді екеу (әңгімені соғады) ауру салған арбаны. Көз тоқтатсаң, сау жүрек те қысылар: сол арбада тек тынысы, пысы бар біреу жатыр. Білеу-білеу шекесінің тамыры шертіп қалсаң кетер сын-ды жарылып. Бұршақ сын-ды бетіндегі тердің әрбір тамшысы – онда кімнің қанша ісі: «түскен жеріне ауыр», дейді, тас-дағы. – Чех етігі үш минуттан аспады – осы күнгі жұртта жоқ қой қанағат, әр қайсысы екі-үшеуден талап ап...
– Кезегіме тұрғызып ем бір қызды... Ауруды әлгі тынысы бар, пысы бар коридордың «Кардиоология» деген тұсынан бұрып әкеп бір бөлмеге кіргізді. – Уай, Құдай жоқ, деді біреу, құда бар, доғдыр да адам, сол үшін де кінәлар хақымыз бар: айтыңдаршы, бірәдар, ауру бағар адамдар ма мыналар?! Көре-көре ауруларды, өлімді, өлімді де мереке ғып, неке ғып өткізетін бұ заманда, бірәдар, доғдырлардың кеткен әбден еті өліп! Мұны айтқан жан, рас, артық кетті ептеп, Кейде, кейде артық айту да керек – артық жауын ғана жерді көктетпек.
Дәрігер дос! Сен ауруды бағам дейсің, алайда аурудың да баққаны сен – абайла! Біз туралы сөйле дейміз тек қана, мен туралы ойла дейміз тек қана: үміт – әлсіз, сәуле құсап дір қағып, біздің көрер жарығымыз тұр жанып дәліздердің жел соғатын тұсында, скальпель мен шприцтер ұшында... МЕНІҢ БИІГІМ Жел, жел, деп ем, байқап-байқап тербеші: жаңа шыбық ектім, деп ем, жерге осы – көрді ме екен бұ жердің бір пендесі. Жан көрмеген шыңыраудан су алып, өсіріп ем сол шыбықты суарып. Шыбық еді ол, ағаш болды қартайып. Әжім түсіп, әр тайып, Сенің балғын жүзің де бара жатыр қуарып. Уақыт маған куә анық:
бәрін бастау керек деп ем жаңадан – әттең, шама жоқ оған. Дер кезінде бастамаппын көп істі, бастағанды мықты бітіре алмаппын. Тәттісін-ай дәнінің, қабығының қаттысын-ай жаңғақтың! Бітпеген іс, ақталмаған дәмелердің күйігі, міне, міне: менің шыққан биігім! БОЯУ-СУРЕТ Суретшілер көшіп кеткен жұрт па бұл – бояу исін мұрыныммен ұрттадым. Суретші болса егер ол қырт-кәрі: тікшіл екен қаламының мұрттары. – Серігіме кір дейін бе сырттағы?
– Брось! – деді әйел-дауыс шошынып,– жалғыз ғой деп жатыр едім көсіліп, күле кірген – шығад деуші ед күңірене, Шығады екен осы күнгі дос ұлып! Сұлуға да керек шығар сын-сымбат,– Осыны айтып күлді сұлу сыңқылдап. Жылт-жылт етті алагеуім бөлмеде алтын күрек-тіс пен жылтыр бір тырнақ, Сурет отыр, бояуы әлі кеппеген, тірі адамға ұқсастық бар ептеген. Көзі – тірі, күлетіндей бір түрлі, кірпігімен етегіңнен ілетіндей бір түрлі – сояу-сояу тікендер боп тұр аңдап, қозғалғанмен бел-мықыны бұраңдап, түрінде бір суықтық бар, сол ызғар: моншақтары – жорғалаған қоңыздар.
Оттай ыстық сөйлегені өкпелеп – қонатын бір сорлы көбелек керек! Бір қарасаң, жарастық та бар мұнда, жақсылық та бар мұнда. Тірі әйелдің алдында емес, тұрғандаймын мен, әттең, жаңа біткен картинаның алдында. Бұлай бояп көрсету де тірі адамды – тірлікті кім біледі, өнер шығар бір мықты? Ортаймасын бояу құйған тегенең,– Шын суретші сенсің, әйел деген ел! Ескі дәуір мұрасындай ең өлі өңдеп, өлшеп көрдім көзбен мен оны. Сүю, құшу қиын мұндай сұлуды – іргеңе тек іліп қойғың келеді.
ТІС АУРУЫ – Қайда бара жатырсың, деп сұрасаң, тіс жұлдыра барам, дейді жерлесім. Қайдан келе жатырсың, деп сұрасаң, тіс жұлдырып келем, дейді жерлесім. Жерлесімнің халін басқа бермесін: ұртының сәл іскен жерін ұстап ап, сөйлесуге тырысады қысқарақ. Ауылдастар арасында қаптаған есі бүтін жігіт еді ел мақтаған, ауруының арқасында тісінің сол жігітпен сөйлесуден қап барам. Тістің саны отыз екі болса шын, жұлып біту керек еді соншасын?! – Күлме!– деді бір жолдасым кекселеу – жігітіңіз өзгерген ғой Сіз көрген, тісі – сылтау, қызметінен өскен ол,– сөйлескісі келмегені біздермен.
– Бәріміз бір бітіріп ек мектепті, мектептеске сенбеу деген – көкбеттік. бүйте берсек – бітірмеспіз көктеп түк. Жігіт – өссе, құтты болсын – не дейік, жалған айтса – сол айтсын, біз – сенейік, бар мәселе, дедім, достым, мынада: күдік айтсақ тістің ауруына да – неткен халық, боп кеттік?!
МЫҢ ЕКІНШІ ТҮН Алматының тау жағы, ертегілер бағында малтып жүрді көк бұта жасыл мұнар-сағымға. Отырдым мен бал жалап бармағынан ескінің – жасыл сақал бір қарттан Шымыра-Ділдей кескіні шырмауықтай шым-шиыр хикаялар естідім. Ал, тыңдайық, дедім мен, құлағанша тыңдайық, бір сиқыршы көз қысты – кетті кенет Күн байып. Сөйлеп отыр қария, әр сөзіне күй тұнған: жасыл жапырақ, сыңғыра, сылдыра су, сиқырлан! Ауладағы әппақ шам жасылдана жанғасын, жарығына жиылған көбелек те – жап-жасыл. Шашырады жасыл от, – О, зымыстан, зымыстан! – кетті екі-үш бас домалап жалт еткен бір қылыштан. Төгілді бір дыбыс-бал тәңір құйған ыдыстан, қан-тамырдай лүпілдеп бір леп есті Шығыстан. Тас боп қатты ши-бөрі бір есінеп, бір ұлып, қарғып шықты ауладан тас арыстан тіріліп – сиқырланды бар маңай, сала берді құбылып: кіріп келді сол сәтте жүз кәнизак шұбырып. Кәнизактар мақтады тұлғалылау бір ерді, сыңқ-сыңқ күлді сұлулар, ер – еңіреп жіберді. Ей, жарамсақ жыршылар, шапан киіп, ат тапқан, шарап жұтып шат тапқан патшаларды мақтап қал! Маймыл мас боп қылшықты, тасты жарып Жын шықты, Жез тырнағы жалтылдап Мыстан шықты батпақтан. Һарон-Рәшид халифа сауық қызған шағында кағып кірді қақпаны Жағыпары жанында. Күй күмбірлеп, Саз сайрап, Ай астында ән қызды – әй, сыйлады-ау, сыйлады жасыл сақал шал бізді: сұрап ішті бір патша, маған зорлап алғызды. Шайқы-Ісіләм қария қабыл деді бір бата, бар батаны арнатты Күншығысқа – таңға атар. Әбу Науас жыр қосты мұңды сазын зарлата, сандуғаштың даусына сауысқан мен қарға таң... Мыстан алтын жасады бір алхимик-шарлатан.
Шаһаризада сұлудың сазын сүйіп, бірауық бал ұсынып қолынан балқып отыр Қалмақан. Шаһрабаз-патша отыр, қара бұлттай күркүрлі қарауытып қарайды Қалмақанға бір түрлі: қызғаныш па тағы да? Патшалардың ұлы ісі: баспен ойнау – жұмысы, қолында сол – қашаннан қынабы жоқ қылышы. Салып жатыр саудаға бірі ақылын, бірі ебін. балуан – күшін бұлдайды, қыз бұлдайды іреңін. Әлдекімнің жүзі өрттей, алқымы ісік қап-қалың, біреулердің, аңғардым, алқынысып жатқанын. Бола ма екен итте ынсап – қазанның жоқ қақпағы – бір сұлуды мен де арбап, аңдып-андып мақтадым. Сақ-сақ күлді бір сайтан, Гүж-гүж етті Жын қызып, жұрқа-шашты бір қызды жотасына мінгізіп. Сыңғыраса шолпы, алқа – шым етеді жүрегің, судыратқың келеді, Мысыр, Шамның жібегін. Шарап тарап шарбыма, шын балқытты күй мені, жұғыстым көп сайтанмен, Ібіліснен биледім, ең сұлуын солардың онашаға сүйредім: енді ұмсына беріп ем емініп бір сүйгелі – қызыл қораз шақырды! Жазғы таңның атқаны,– ғайып болды той-жиын, алтын сарай қақпалы – ақ сақалды қария тұрды орнынан жатқалы. Таң ағарды Шығыста, самал ескен шағында Шаһаризада, жүз сұлу еріп кетті сағымға, Һарон-Рәшид жоғалды Жағыпары жанында. Бір-бір теуіп Жын, Дию – жерді жарып түсті олар, көлеңкеге айналды – ұзындар бар, қысқа бар... Сауық та жоқ, саз да жоқ, ұшып жүр тек жай ғана көбелектер ақ канат жалғыз шамды айнала. Қайың тұрды ағарып, әлі жасыл тал мына, ертегіден белгі боп осы ғана қалды ма? Састым білем, абдырап жүзігімді сипап ем – жасыл көзді такси кеп тұра қалды алдыма...
МЫҢ БІР ТҮН Жоқ еді ешкім содан ақыл сұраған: – адам болу керек, деді бір ағам. Енді қалай? Жаңалық қой бұ да ашқан, даналықпен ұласқан. Осы сөзбен бұзды мені сол кісі, себебі, оның келді ақылды болғысы. – Адам, деді ол, қашан да адам емес пе? – Жоқ, кей кезде ит болып та кетеді! Ауызыма қақпақ керек екі елі, көрінгенмен түспеу үшін егеске. Сондай кезде, «Мың бір түн», ораласың сен еске. Ақыл – қалап өз еркімен келмесе үйренуің қиын екен; мен де есе жібермедім: тыңдамадым талай аға ақылын, соларсыз-ақ есер болам ендеше. Құлақ та адам денесінің мүшесі жұрттың ақыл-сөзін оймен ерітіп, құлағыңмен ішесің; сол ақылды тындамасаң – бәрібір, тыңдасаң да – ақымақсың үш есе! Уақытым жоқ ақылы көп кеңеске, амалы жоқ: судырайды емен де жапырағы арасынан жел ессе – Осы сөзім ақылды сөз емес пе?! Ал, сен мені шақырасың егеске? Жүйкеме ойнап отыр тағы бір қыртың – О, «Мың бір түн», «Мың бір түн!» Сен қымбатсың қымбаттан, Мың түн емес – қазынасың мың батпан! Күйсің-ау сен сөзден талдап өрілген уағыз айтпай тыңдатқан!.. Әрбір сөзі қызулы арақ-шараптан, қызып қалатындайсың әр парақтан. Айта түсші, Шаһаризада-Қалмақан, Жоқ қой әлі таң атқан?! Дауыл күнгі өрт тәрізді аптыққан Неткен әсер! Қасірет пе, шаттық па – көкірегімде бір сиқырлы дыбыс бар, әр тамырың теңізге ұсап тыныстар. Көтер, жүрек, жалыныңды жоғары, жарқырасын түкпір-түптер, қуыстар! Ертегі ғой? Ертегілер – ертегі шыли-шикі өтірік деп жатады. Шындық қуған мәні жаңсақ, жат әрі Шаһрабаздар болып тұрад оқтаста.
Өтірікке өнер қосса, от қосса Шындықтан да биік екен атағы! «Шаһаризада төсегіне жатады» – Шаһрабаз неткен бақыт-ты патша, патша – сөзді тыңдамаса қайтер ек? «Мың бір түнде»– өсті ол бейне бәйтерек, әр түн сайын бір бүр жарған бұтақша. Қызғаныш па? Маған бір сөз батады: «Шаһаризада төсегіне жатады». Жо-жоқ деймін, сене алмаймын мен соған, сене алмаймын, қайталансын қаншама, себеп? Себеп: ондай отты кісілер бір ұйықтаса – оянбасын түсінем. Бір жанған от жану үшін тағы да тағы керек жаңа, жаңа мағына. Иттік, ерлік бір-бірінен қара үзді! Жауыздық көп, қайырым да бар ізгі. Харамдарды Хақ алдында қарыз ғып, ел көзінде жақсылар жүр әлі үздік.
Талай асыл күтіп жатыр адал іздеушілерін Шымыра-Ділдің қазынасы тәрізді. Қара барқыт Шығыс түні жұлдызды сөйлетіп ап асып туған бір қызды, тыңдап отыр соны әлі: патша бүгін тағы сонда қонады, Шаһаризада тағы ұйықтамай қалады. Көрсетіледі ол ертегілер арқылы шындықтардың көз қаритын жарқылы; адал жанның басын қорғап тағы да, табад тағы жаңа, жақсы мағына. Судырайды жасыл бағы Шығыстың, патшасы отыр қайта толқып, қайта ұйып. Мешіттердің төбесіне Ай тиіп, елеңдейді жапырақтың да құлағы. Даналардың желкесінде тұр әлі жауыздықтың қылыштары қайқиып!.. СПОРТ Май айы. Самайы сыр жұққан жап-жасыл Бұ да рас: кір-лас
былғанған жамбасы. Мас адам тасадан шыға кеп бұлғаңдап, маңайға абайлап, көз тастап тұрды аңдап. Бет емес – беті, әне, батпақтай қопалы күлтілдеп жатты ісіп. Бір жібек үлбіреп ауада жүрді әппақ мақта ұшып. Ерліктен тұрады бұ тірлік: сайланып бір түрлі әлгі адам, жалма-жан қолына түкірді. Не білді – шегінді екі адым, үш адым, көтеріп топшысын ұшатынға ұсады. Қомданды, зорланды, барын сап ышқынды, күш қылды – бір жарым метрге түсті ырғып. Мәз боп тұр ол, әне, таңдансаң болады: қараса шоқтығы шығып паң көзі екен алдаған – әлгі адам жыра емес, сай емес, қарғыпты бір титтей шыбықтан!
Қайраты өзіне қалды ұнап – сандырақ сандырақ! Ол – ауру адам да, саусың ғой сен бірақ?! ДЕМАЛЫС КҮНІ Шешелері сүйреп кеп доғарған, әне, сәбилердің аулада тұр арбалары, Жайған кірлер жіптегі шұбарланады. Бес күн күткен күнің бұл, бейнетқор қауым, ұйқың қанбағанымен; құмар қанады: шірене бір керілсең жұмсақ төсекте, семьяда құнтсыз боп тұрсақ есепте – жалқау деген сөз үшін кім арланады?!
Шеге қағып бір көрші қабырғадағы, естіледі сөйлеген-дабырлағаны. Жілік шауып жатыр ма төбедегілер, ұзын баулы люстра сәл ырғалады. Үй-жанымыз көбірек, балалау бәрі, балалар шулап жүр кезіп даланы – ауланы. Сыпырғыштың естілед сырылдағаны, дымқыл шаңның иісі мұрын қабады. Жайған кірге, сыпырма, шаң жұғады деп, мыс табақ боп бір дауыс даңғырады кеп. Жалқау деген мені осы бір атақ тұр шығып, жалқау десе – дей берсін, рахат тіршілік! Қазір қарғып тұрамын, талай шаруаны тындырамын деген ой қалайша алдады: көзім ілініп кетіпті; ана жақта әндетіп сәлемін саптап қонақ боп келе жатты әлдекім.
Пиғылға қиқым түсті жай жұрт аңдамайтұғын, «қонақ кеп қалды» дейтін бір сылтау бар әйтеуір!.. ТАҒЫ ДА БОЯУ Көзге – сұлу десе жұрт, жұрттың айтқан сөзі – шын, көп нәрсені жасадық көру үшін, көз үшін: құлақ үшін жаралған сөзге де біз сыр жақтық, сол арқылы құлақтың шын ролін қылжақ қып. Әсер үшін – әсемдеу, зорлық емей немене, зорлық етсе шындыққа – қорлық емей немене. Қырсық десе көз бояу – жұрттың айтқан сөзі шын, бояушылар әдетте, біледі үздік өз ісін: қатырмадан әлдекім қала салса, бір қойшы жүз сексенге жеткізді жүз саулықтың қозысын. Сыр, бояуға сондықтан күн сәулесі тайғанап, Фортуна жүр көк киіп көрінгенді аймалап. заты – әйел ғой,
Фортуна ұшып-қонар сықылды, ал, қой түбі қозы емес, мысық табар сықылды. Ерлігіміз – ертегі, байлығымыз және аңыз, сол аңыздың өзін біз боямалап бағамыз. Аңыз деген-нің өзі бояу емей немене, шындық күткен көңілге қаяу емей немене. Бояу деген-нің өзі асқаралы-тау сын-ды өсіп кетті шыңдары – бұлттан асып таусылды. Сол тау-биік бояудың қабатынан, Шындық-ай, ести алмай қаламыз кейде сенің даусыңды. Мезгіл желі еседі: өтірік бар, мақтау бар – аржағында не жатыр, айналайын, ақ таулар?!
АҒАШ – АЙТЫС Жапырағыңды аралап жел судырап аққанға сыбдырым бар екені деп әжептәуір боп қалма. Жел болмаса сен қалай сыбдырайсың? Сол үшін ағаш етіп атты ғой сені Құдай атқанда. Терістіктен бір ызғар-ызың келе жатқанда, хақ бұйрығы – қыраулы күзің келе жатқанда, бір-ақ маусым көктейтін жапырағыңа мақтанба. Аспан ашық, тұрғанда қара жердің халқы аман, қалтырап кеп қорқасың кәрі-топас балтадан. Тірлігіңді сенің бар – жел биледі би ғылып, бұлт алдында – боздадың, өрт алдында – ұйлығып. Тамырымда, ал, менің қан ағады зырқырап, сенің тамырларыңда су ағады жылтырақ. Дауыл тұрса діңімді мен де қалам сенше иіп, жел соқпаса – сенде үн жоқ, неғып тұрсың мелшиіп?! Сілейгенді сен құсап оғаш дейді сондықтан, сірескен кей жігітті ағаш дейді сондықтан. Маған барлық маусымның бәрі тірлік-қарбалас, қарбаласта жаныма үміт – талшық, арман – ас. Маған керек көңіл-күй, Саған шуақ, су керек,– кабель-тамырларыңды нәр іздейсің сүйрелеп. Мен де ұмтылам жарыққа, бірақ сенен басқарақ: сенің бұта, бүрің – аш,
менің жаным ашқарақ. Жазда жасыл жапырағың сыбдырап сыр толғайды, күзде – сары, ал, қыста сарысы да қалмайды. Есесіне, әр жапырақ, әр бұтағың шайқап ән, көктемеде келесі шайқаласың қайтадан. Көктемеде мені де гүлше баптап күтті елім: маған қайта көктеу жоқ, бір қурасам – біткенім. Бұлданба, ағаш, қалпына келеді деп бояуым, ерегіссем мен сені шауып ала қоямын! – Табиғатты өзіңе қарсы ғып не керегі? – Мені маған себебі қарсы қойып келеді. КРЕМПЛИН Он күн кисең түсетұғын айрылып, шыт пен бөз ед елдің киім-байлығы. Бір көйлекті жуған сайын анамыз қартаятын бес жасқа шыт пен бөздің тозғыштығын қайғы қып.
Ұрсушы еді ойбайлап: кетсе айрылып иығың, құрдастармен күрескенде кейде ойнап. Он жыл бұрын киіп едік бір костюм, он жыл бойы күрестік бір құрдаспен: бір жібінің үзілетін жоқ түрі – бөріктердің, бетсіздердің көптігі содан шығар? Жанымызға жамау түсті көп-көп-көп. Жыртылмайды жағаң да қанша жұлқылағанға, маталар да кетті білем көкбет боп! Мақта мен жүн тер «ішеді» десе, осы кремплин, сен не ішесің, не ішесің? Кремплин, дейді, берік-ті-гі үшін денсаулықтан қайтарады есесін. Болды бір кез жұрт ынтық: әр дүкенді, әр қойманы бір тінтіп, іздеп тапса – киім емес, тор екен жүрегіңді қамайтұғын бұлқынтып! Беріктігі үшін тек болмайды екен мақтауға:
ең бір берік жүйкенің жібі үзіліп жатқанда. Кремплин – жат жерлік қой, ұлы аса киімің де топырағыңда тумаса! Әр талшығы темір сын-ды сым-берік, электро-әнші салған бұ да ән ғой? Беріктігі – жасанды-лы-ғынан ғой?! Бірақ уақыт... озу керек түбінде, рәзен-жібін созу керек түбінде. Костюм бе әлде, жігерің бе, үнің бе – бірі әйтеуір тозу керек түбінде. БҰЛБҰЛ Тоғай құсы, тоғай-құс – бұлбұл құс та қасқа бір: білмейді екен о байғұс сайрағаннан басқаны. Не деп жатыр жұрт өңге, тыңдай ма екен бір пенде? – оған сірә, бір бәрі: тек жырлады, жырлады! Жыры түгіл, ыңылын ырысым деп біле бер. Міне – өнерпаз шын ұлы, міне – нағыз ұлы өнер!
ТАЛАП Ақылдыға киелі кигізген жөн кит бүгін: ит өзінің біледі, білед дейді иттігін. Бетке соғу – жат ырым есекті де есек деп. Есек те өз ақылын қойған дейді есептеп. Әрқайсы өзін болды ұққан кигіз, қарғы, ноқтаңды! Итің – ит те, сондықтан есек – есек боп қалды. Ал, мынаны не қысты, не тасқындық, не талап: қыран болам деп ұшты жардан ұшқан жапалақ. Қыран құста – қанат бар, жапалақта – қанат бар, Қыран құста – дарын бар, жапалақта – талап бар. Жапалақ кім – білесің, қыран бірақ – ұлы есім. Біреуіне сенесің, біреуіне күлесің. ШАМ Шыны күйесін сүртіп ап, пілте күлін қырқып ап, біреу әкеп шам жақты – шам отырды жылтырап.
Сонсоң шам да бөсіпті, Айқай-сүрең салыпты: – Аш терезе, есікті, көрсін әлем жарықты! Сол-ақ екен, шамға әлгі құрмет жасап ең ерек, ілтипатшыл жұрт болып жиналды көп көбелек: көлеңкелер қалбаңдады он түрлі, тірлік кетті болмасқа:. көбелек кірді, ашық есіктен жел тұрды – өшіп қалды шам қасқа.
СВЕТОФОР Жылу, сен тым күштісің, Жарық, сен де күштісің! Күштілігің сендердің танысам мен бояудың жеті түсін, үш түсін: қызыл бояу – Күннің қызыл күлкісі, сары бояу – күзгі жапырақ – мұң түсі, күзгі желмен кетеді ол да жұлқысып... Әлем – мәңгі жастығының жалғасы – жасыл бояу – бояу басы, жол басы, дүниенің өз түсі сол – көкжасыл. Көкжасыл боп көрінеді тас-көше көз алдыңнан көкжасыл шам жанғасын. ...Ала таяқ кесті алдымды көшеде, жетті біреу ысқырығы ызылдап: – Нең бар, деді ол, қарсы жүріп қызылға, кезі келсе – кесіп тастай беретін ғұмырың не, ұзын ба? – Адам жүрсін, құстар қақсын қанатын, әдет – ортақ: алдымен Күнге қарап алатын. Қызыл шығар Қызыл Күннің даңқы да аттап кетсем көше-тәртіп, салтынан, Мен де жапырақ секілдімін, тірліктің жылуы мен жарығына талпынам! – Көше заңын білмейсіз-ау, сірә, сіз: қызыл шамға қарсы өтіп, қызыл сөзді – қыңыр жолға бұрасыз. Талай көше келеді әлі алдан да, мына қала – қапылысқан жалғанда, бір жолғыңды кешірейін, ал, қамдан: өт осылай көкжасыл шам жанғанда. Көктемнің де, көшенің де мән-сәнін ескермей-ақ, еркін жүруді аңсадым. Сол үшін де төледім мен қанша айып, бұ қалада тұрғаныма қанша жыл! іліп қойған портреттей шынылап, бір жымиған болдым мен де жылырақ. Кекей күлдім тек әлгіге қайрылып, Әрине, ұзап, арғы бетке шығып ап. Алуан-алуан шамдар жанды, шам да алуан, жаным менің алуан оймен толғанды, ал,
өлем деген қауіп жақсы өлгеннен, болам деген үміт жақсы болғаннан! Дүние жасыл болғанымен, қыз-үміт қызыл болып күлетіндей сызылып. Көзім – көк шам іздегенмен қарсы алдан, көңлім – қызыл шамға тұрад қызығып. Машинаның сәл сиреуін бағып ем – тәртіп бұзған кісі болдым тағы мен. Квитан-ци-ясын тосып күрсініп, ала таяқ тағы біреу тұр шығып. Тәртіп бұзу емес еді мұратым – тағдыр шығар бұ да бір?! Шамдардың да бояу сын-ды, түсі көп, адамдардың ниеті көп, беті көп: бір бет – қызыл, енді бірі – кішірек; бірі – бәсең, тағы бірі көкірек адам! Адам, ұғымыңмен күштісің, шамдар, сендер жылуыңмен күштісің. Жылу, сенің құдіретіңмен қанға өткен мен – шамдардың таныр болдым үш түсін. Сары шам тұр: дайындал деп, дайындал, өту үшін күдік-күмән, уайымнан. Өт, өт, достым, алдың жарық жап-жасыл, мен жүрем тек өзім шамым жанғасын!
ТАЛАНТ Зергерлері көне Греци-яның дірілі жоқ қолдарымен салқын қан, ақшаларды құйып-жасап алтыннан талант деген ат беріпті; сол алтын артық баға-лан-ған сын-ды маған тым. Талант, менше, алтыннан болу керек сирегірек, құндырақ, әттең, кейде алтын да емес бұл бірақ: алтын құны ауық-ауық өседі, талант құны ауық-ауық құлдырап. Алтын – алтын, саспа, аға, балама боп жарытпайды басқаға. Алтын жүзі – айнымалы мінезі бар екі жүз: көрген жерде бетіне бір түкіріп кетіңіз! Алтынға емес, кеше сағат екіде бір халтурщик түкірді бір таланттың бетіне.
Бар салмағын Уақытқа жүктеген, Олжас жазды мынадай бір мықты өлең. Мықтылығы – шыншылырақ, мұңдырақ, мұңнан гөрі биігірек бұл бірақ: ақын жайған кепкіге ілтифат қып әлдекім – бірер талант алтын түскен сыңғырап. Алтын емес, кеткен сын-ды су құлап жыр көктеді жапырағы судырап. Ақын шықты осылайша, әр сөзі алтыннан да булырақ! Мен де жайғам қазақтың ескі, баулы тұмағын, бір сыңғырды менің де шалып еді құлағым...
ШЫЛЫМ Құлағымды жеп бітті, деді, деді, дәрігер де деп бітті, Ішің пысса анда-санда ұрттап ал, бірақ шылым шекпе деді жұрт маған. Таза ауа жұт – өкпе, қолқаң аршылар, қолқаңды аршып сақта деді дәрігерлер – жаршылар. Бәрібір ғой, бітер бір күн жарығым, шылым шегем, шекпесем де бәрібір, дедім, дедім: бір ажалым бар шығар?! Білгеніңді пұл көтеріп, пұт етіп, қайтесің, дос, жаныңды өзің күте тұр. Өлім іздеп келер болса тегінде, Мен-ақ іздеп соқтығайын өлімге – дедім, дедім – түтінімді түтетіп! БИІКТІК Биіктігі бір елі – мына жұрттың тұл бейлі: мұңыңды айтсаң – күледі, шыныңды айтсаң – күндейді.
КӨБЕЛЕК ҚАНАТЫНА ҚАТЫСТЫ СӨЗ Қиянат пен қызығудың арасы қас қағым жер, қызым, ойлап қарашы: көбелектің қанаты әсем соншама, жақсы сезім қызыққаның сен соған, әттең, соны қырқып алу – қиянат. Көкейіңе осы бастан ұялат – уақыт даңқын – сәт шығарған қас-қағым... тірі жан ғой, тірі жан ғой, түсінсең, қанатының сұлулығы үшін сен көбелекті мүгедек қып тастадың. Гүл жақсысын таңдап жұлып жүр бір дос, Не істетпеді сұлулыққа құмарлық!.. Құмарлықтан, қызығудан шығардық адамдардың табиғатын тәңіріне де білдірмес. Қанаттыда – басқа қайғы, басқа мұң, сол мұңлықты қорладың сен, қарашы, қиянат пен құмарлықтың арасы міне, содан қас қағым. Екіншілей, қызым, бұлай ойнама, сұлулыққа қызыққандар бүйтпейді; ал, қызықпай өткендерді – ит дейді, мұным – ақыл айту емес жай ғана Қанаттының киесінен қашпасаң, сен бақытты бола алмайсың ешқашан! Бұлбұлда да қанат бар, шыбында да қанат бар – түсінсең-ау сен әттең, қанаттардың барлығын да Жаратқан жаратса егер – жаратқан ғой талаптан! Көбелектің қырқып алып қанатын, аяп тірі қалдырғанша, сен оның қанаты емес, мойнын жұлсаң – жөн еді, бастан кейде қанат қымбат себебі. Ұшамын деп талпынғанның бәріне тағдыр қанат берген емес, әрине. Әйткенімен талпынғанның шығатын тауы биік, бақыты артық бір атым. Сыйлап үйрен талаптыныц мұратын,
қанаттының зор мұратын сұрапыл. Көзіңмен іш, сұлулықтың іш балын, сезіммен іш, қарын бірақ дұшпаның. Көбелектің қанатына кырқып қызықпа, жаным, қызықтасаң жарамай ма ұшқанын?!
ҮРЕЙ Кей күні – ішің, кей күні – ісің сатылар, Америкада түс көрсең де – төленетін ақы бар. Арқасында мылтығы бар атылар, қалтасында президенттің хаты бар, Ауғанстанға аттаныпты бір сымпыс. Тасқа болсын, салдың екен – сынсын тіс: – Бастым, деді әлгі сымпыс, қақпанды! – Бүйтіп көрген құрсын түс, өңіңді әкел, өтірігіңді айт жаттанды. – Өңім сізді қуантпайды – депті әлгі,– Ауғаныңда атыс-шабыс тоқталды, түріктерің түтеп піскен қанына қолға түскен қыздай момын боп қалды. Алдап-ақ ем ағаш атқа мінгізіп – хатыңды оқыр табылмады бір бұзық. – Сонда қалай! Ел болудан қалған ба? – Ел ғой, бірақ, ең жасық ел жалғанда. Қызыл шүбе-рекке қарап намазын оқып жатыр етектері жалбаңдап. – Қанжар қайда? – Қырғыш болған ол кетік, – Мешіттердің үстіндегі Ай қайда? – Құлап қапты ұрандар мен айғайдан, Құранның да беделі жоқ елде түк. – Жаңбыр жоқ па жауатұғын көлдетіп? – Тына қапты таулы жер де сілкінбей, партияға жатыр содан молда өтіп. – Өсекші де құрыған ба? – Шапқылап айтушы бар, тыңдайтұғын жоқ құлақ. – Сараң қайда сатылатын ақшаға? – Күзет күшті, түрмешіде жоқ шама. Байын – кедей, бағын – базар тонаған, құрыды өстіп көп қаракет, көп амал.
Жансыздарың жайрап жатыр, мен ғана өткен түні қашып шықтым моладан. – Моласы не? – Сэр, енді ұқтың – сол қайғы: басқа жерден қашуға да болмайды. – Міне, ендеше! – қисайды да президент тас-қыңыр кнопканы басты бір. Бірі алақтап, басталды-ау деп бірі ұрыс, ауызғы үйде абыр-сабыр жүгіріс. Түйме-күмбез астындағы жылтырақ қоңыраудың жан даусы шығып жатыр шырқырап. Жанын қажап «қызыл қатер»– жалғыздық, президент кеткен екен сәл мызғып. кнопка әлгі – түйме сын-ды ед ең ескі,– үрей қысып кеткен кезде басқаны Ол кнопка емес-ті. – Міне, ендеше!– деді тағы тұншығып, тіліп өтті арқасын электр-ток бір шыбық...
ӘЛХИССА
Америка, әлхисса, атып-шауып, қырғызып, телефильм көрсетіпті бір қызық: көп-көп әскер автоматын құндақтап, солдат аты –«десант» болып «қымбаттап», қар жамылған иен өлкеге қабаттап, шекарадан кіріпті-мыс әрі аттап. Қар сықылды жамылғысы ақ, әппақ ылғи орыс екен дейді – ал аттан! Халық деген қай жерде де халық та, не болғанын түсінгенше анықтап, ойрандайды түскен десант Советтен, Совет деген, деседі екен «тәбетті» ел – байғұсты атқан, бейбақты атқан, малды атқан қарға аралас қызыл мұз боп қан қатқан. Оқ даусынан оқырадай қозады, оған қоса «қызыл» болса өзі әрі –
не күтесің солдаттан! Аляскадан оқ-боран боп соқты қыс, үзілді әнтек көп телефон, көп тыныс – Ией, соқтығыс, екі дүние, соқтығыс! Сонда бүкіл Америка ышқынып: «Соғыс! Соғыс!»– депті-мыс. «Қызыл қырғын!» Күш жоқ одан басқа асса – ақылы бар – президент саспаса. Батыл етпей отырған бір ісіңді қандай жақсы басқа біреу бастаса!
Дүние тыныш. Орыс ояу. Түн іші. Соғыс екен сол «орыстың жұмысы». Соғысқа арнап салды дейді қас қып ән менің бейбіт ұйқыдағы Москвам – кәрі маршал өргізіпті, сутегі, атом бомбасын бас бармағы астынан. Дж. Кеннеди – тым советшіл, жас маман, Рузвельт – жалтақ болған – қасқа адам. Дұрыс, депті, штаттардың тарихын Трумэн мен Рейганнан бастаған. Сол Рейган – момын кісі – жаңа адам, ешкімді ұстап көрмеген жан жағадан,– түлкіден қу, азулырақ және одан. Жанжал десе – жел-бұтадай басы үркіп, ұстайды екен, әлхисса, өзін ылғи саясаттан қашыртып: Совет халқын «үлкендікпен қатты аяп», жанарына алыпты-мыс жас іркіп! Жас ірку не – жыламаса он рет! «Дүние қамын ойлай» келе кеңірек: «Әй, тентек-ау Советтердің елі» деп, кнопкасын ол да басып, әлхисса,
Содан кейін жіберіпті еңіреп! Қарсы жақтың қамын ойлап «жылаған» президент неткен ғана «жылы» адам! Шын сене ме идеологтар қуыршақ өтірікке өздері ойдан құраған?! Бір күні өстіп құриды деп тіршілік, фильм аты – сенсация!– тұр шығып. «Көрегендік» жасапты бір көк мылжың, режиссер атаныпты бір шірік. Абай айтқан ғахыл-сөзден сезгенім: «Өзі – шошқа, ит деп ойлар өзгені!» Қанша өтірік болса да өнер – өнер ғой: келістіріп айту, рас, басты ісі: президенттің масқара ғып ашты ішін – бұдан сұмдық түс көре алмас мас кісі. өз ұлты мен халқын алдап басшысы, өз пиғылын көргенде өзі, фильмнен келді дейді тұра келіп қашқысы!
ТАУДЫҢ БҰЛАҒЫ МЕН ЕМЕННІҢ ЖАПЫРАҒЫ Жарқ-жұрқ етіп баурайында сонша арық аққанымен шыңдар отыр томсарып: Сабыр, қайрат, әлде қатал мінез бе, жан ұға алмас мінез бар ма бір өзге, арықтардың ақ жалы оған жат па әлде – қабағына қатпар болып қатқан не?! Қалтарысты, қойнауларды бұйығы ала тасқын қанша ұрса да үйіріп бүлк етпейтін неткен бүйір – бүйірі?! Желкілдесе әппақ тасқын, тас қара түнереді – қайшылық қой масқара! Қара шыңға қайшы бітіп, қасара емен де отыр жел өтінде, не шара: қара діңі қыңқ етпейді қасқаның, жапырағы қанша шуылдаса да. Болмай ма екен қуанышы, күйігі – бүлк етпейтін неткен бүйір – бүкірі?! Жұлмала жел, алқынып бір сал майдан, әлсіз дейді жапырақтар сарғайған: әлсіздерді қиратып бір «ерлік» етсең болмас па – жел, жел, баста шабуылды, сен баста! Өкпе артар ек қара еменге – қасқаға, кінә артар ек қаталсың деп тасқа да, жатыр екен бұғып ұзақ дау мұнда: жапырағы бар сонша қара еменнің, бұлағы бар сонша қатал таудың да – мұның өзі қайшылық-ау масқара?! Қайшылық па, жарастық па бұл әлде? Осыны ойлап тұзды көлдей тұнам мен. Жігер, қайрат шыңдалса егер сеніммен, ақыл өседі екен күдік-күмәнмен. Бүлкіл қағып бүйірі
емен қашан көріп еді иіліп! Жұмсақ болып көріп еді тас қашан, қалар ма отқа төзер күш-қайрат тастың қатты-лығын алып тастасаң! Менде таудың беделі бар, дегенмен желкілдесем әр толқынмен бірге ағып, не қалар ед сол салмақтан – беделден! Қара емен боп шыңға қарсы қаз басып мен де өскенмін тағдырыма қасара. Жалқы өскенге күз, көктем де, жаз да – сын, көрсеткем мен бірақ қатал тасқа өскен дің-түбімнің қисаймасын, азбасын, жапырақтар қанша шуылдаса да. Мен – тасқа өскем, қалайыдан қиылғандай жапырағым да қап-қатты, қоға емеспін қуып өсер батпақты. Бойда қайрат, болғанымен күш қалың, жапырағымның қурап, тозып ұшқанын көрудің не сезінудің бір айын маңдайыма жаза көрме, Құдайым! Қайшылық қой бұ да, достым: дұрыстап бейнет шексек, бейнет түбі – ырыс, бақ.. Жарастықтар жаратқанмен әлемді, қайшылықтар тұр ұстап!
КӨРМЕ ЗАЛЫНДА Қыл қаламның ұшымен сиқырлашы тірлікті суретшілер кіл мықты. Біреу құлын салыпты, ешкі салған бірі енді, біреу тырма жасапты, тағы бірі – түренді. Акварельдер, бояулар. Жанарлар бар сан түрлі: біреуі – шат, біреуі сабыр тапқан; Салқын бір көзқарастар бір түрлі құдіретін құлқынның білдіре ме бір түрлі?! Біздің дала дақпырты: бидайлардың ақ мұрты селт-селт етіп жатты үркіп. Натюрмортта: жарты алма, кеуіп қалған өлі нан
шыққан тағам секілді Шығайбайдың қолынан. Идея көп бұ залда, стиль де көп, мектеп көп, әр суреттің алдына жиылған жұрт топ-топ боп. – Мына сурет...– деді қарт – қайда барад қол мына, өзінікі ме екен шын қолындағы домбыра? Түк сезбейтін секілді саусақтардың еті өлген, айтыңдаршы, шырақтар, өзінікі ме екен қол? Дүкенші ғой ал мынау: күледі екен танаудан, алақаны жебір-ау: көрінбейді жамаудан, сұраңдаршы: кімдікі анау қымыз, анау нан?!
Жұрт таң көріп қарады қарттың сөзін жаңағы, кіржің қақты біреулер, біреу кекеп қарады. – Бұл не сөз?– деп бір жігіт күңкілдеді бұйығы, – Сайтан білсін!– деп біреу қозғап қойды иығын. Ал, өз басым сөзден сол естідім бір тың ырғақ, төбе-құйқам бір түрлі жүре берді шымырлап. Тік тұрғанға ұсады желке шашым жарты қап, тебіренгенім соншалық: қорқып кеттім қалтырап. Сол-ақ екен... Жан бітіп суреттерге қыбырлап, біреуінің нәрсесін алып жатты бірі ұрлап. Қозғалғанда түреннің жылт-жылт етті ұш жағы, бір қол түрен ұстады, бір қол қалам ұштады.
Топшысынан жұлынып бір қол шоршып кетті, әне, бір бас ұшып, екінші бір иыққа тоқтады. Сұқ-саусақтар бірі-бірін «сен», «сен» десті түртісіп, екі қолы біреудің жатты өзара қырқысып,– әлдекімнің мұрнына жармасады бір пұшық. Қымыз бу боп жоғалып, таусылғандай ет еріп, аспаз жүрді сабылып бос табақша көтеріп. Бәрі қашты өз орнынан, кімге тәтті, кімге ащы – бір сұлудың аузынан қызыл-сумаң тіл қашты. Шайпау сөздер жатты ұшып, сұрапыл-ау, сұрапыл – – Кімдікі екен,– дедім мен, сумаңдаған мына тіл?! Менменсісе бір жігіт биік кресло-сы-мен, – Өзіңдікі ме орын?– деп сауал қоям осы мен. Өзімдікі ме осы сөз, Менікі ме шынымен,
әлде алдым ба біреуден пысықтықпен мұны мен? «Өзіңдікі ме?» десе, жібересің сен есе, түбінде бір сауалдан тосыласың, немесе, сауал қатал, дайындал, сасып қалма, бір бетсіз қаламыңды көрсетіп: «Өзіңдікі ме?» десе.
КӨШЕ Көміп кетті торғайлардың шырылын сым гуілі, моторлардың гүрілі. Қайда қара: машиналар ағылған, жарыс болып жатқан сын-ды бір ұлы. Біреу газет, біреу торын ұстаған – көпірлердің асты да адам, үсті адам, әрлі-берлі жөңкіген жұрт асығыс, алаңдар кең асфальттармен тыстаған, уақыт, әттең, қысталаң. Тормоздары жанұшыра шырқырап машиналар светофорлар алдына солқ-солқ етіп тоқтап жатыр; ал, мына көшелердің қимайы исі бұрқырап, жуып кетіп жатқан сын-ды шаң исін. Кеңітіңдер, тар көшелер далисын! Нан буына пісіп кеткен солықтап, тар көңілдер, сен де кеңі, кеңіп бақ! Алдымызда не күтіп тұр, не күтіп? Бетон – ыстық, қап-қара, әрі оғаш, тар тротуарға қашып шықты ағаштар – Мир көшесін жатыр білем кеңітіп. Жаңа алаңды, бұрылыстарды бұлтақтап, ауыр ватман-доңғалақтар жүр таптап: жай топырақты жаншып жатыр. Ой көптік етпейді екен – бітірмесең сөйлеп түк. Тек әйелдер жеп-жеңіл жүр, киіп ап көбелектің қанаттарын көйлек қып. Қалың гуіл, сол баяғы бір ырғақ, милиционер ысқырығы шырылдап,
«былай бұрыл!» дегенді әрең тұр ымдап. Машина – ұшқыр, шофер біткен ызалы, ым-дым түгіл, бұйрықты да бұзады: талондарын тескізеді, бір сыбап әлдекімді. Тәртіп деген қырсық-ақ. ГАИ әлек тәртіп орната-мын деп, сол тәртіпке өзі де әрең жүр шыдап. Асфальт қысқан ағашқа да обал-ды, ағаш та ептеп ыңырситын боп алды. О, машина-уақыттың әмірі, сырттай көрсең – бәрі мықты, бәрі ірі. Айналаның бәрі жылтыр, бәрі – тас қайдан нәр ап лүпілдейді тамырым?!
ЖАНАЗА Тұрғаныма ширек ғасыр қалада, сонда да көп ұқпағаным; жан-аға, өзің айтшы, өлген жанды молаға жасыра сап той жасауға бола ма? Қайтыс болды жетпіс жасар бір ана – ей, сұрама, сұрама: тост айтты жұрт, сөздер кетті пышырап. Көбі ішіп ап, ішіп ап жамырасты; бірі – шешен, бірі – әңгі, бірер әңгі сөз сөйлеуге сұранды, сұранды да сөйледі: – Кәрілердің қазасы – ұлы той, деді. Өлім – той деп кім айтты, өлім – қашан той болып ед,– осы сөз мені мықтап мұңайтты. Минерал су ұрттап ап, отырсаңыз сынай ойлап, сырт қарап, талай тәртіп салғың келер болмысқа – әттең, әттең, қол -қысқа! Туыс, жек-жат қызмет етті дірдектеп, шашылса – әлгі үй шашылды марқұмға еткен кұрмет деп.
Құрметтің де құрметі бар, ағайын: бір адамның қазасының қасында татымайды, расында мыңдар түгіл, миллиондардың құны түк. Тек мынаны қаперіңе салайын – кетпесін жұрт кісі өлгенін ұмытып!
Жеті бірдей бала қалды бүлдіршін – қайтыс болды қырық жаста бір қыршын. Арасынан ағыл-тегіл арақтың бір топ шешен: – Бұ да той!– деп қарап тұр! Не масқара! Өскен елге – бұл да есеп, мәдениет, тәлім-тәртіп – күнде есеп, күлкіміз – құм, көміріміз – күлге есеп: неміз өсті, немен өсті күллі есек – Қазаны да азалауды білмесек?! Өзің айтшы, жан-аға, өлген жанды молаға жасыра сап той жасауға бола ма! Арақ жүрсе – қайғың, азаң – тірі оңбас, бөтелке-бас, ақ бас, сары бас, күрең бас, біреу жылап отырғанда, біреу – мас! Көрдің бе, әне, көзіңе жас іркілді – бүгін оны сен көмдің, ертең сені... рухы үшін өлгеннің қорланасың бір түрлі! – Жаназаңыз осы, дедім, қалада... – Ауылда да осылай ғой,– деді аға.
БҰТА МЕН ҚАЙШЫ Бас почтамт алдында әлдебіреу бұталарды жүр отап. Қайшың өткір болса егер қырқу да бір рахат: зың-зың етіп ұшады биік бұта басы, әне; қайшылы адам биіктерді қырқумен қысқаларға зор жақсылық жасады. Бұталарға қырқылған Қарадым мен күйіп бір: биіктігі болмаса кінәсі жоқ биіктің. Өс, өсе бер, бірақ та сұмдық бір сыр болды әйгі: көрші отырған бұтадан көп өсуге болмайды! Бұта басы теп-тегіс дөңгеленіп тұрса – үлгі. Шиқ-шиқ күлді қайшысы, бағбан ауыр күрсінді.
Біткен іс-ау, расында, мұнша мінсіз неткен іс: мін жоқ бұта басында, теп-тегіс-ау, теп-тегіс. Бір ой келді басыңа, ойда күмән көп әлі. Теп-тегіс боп көрінудің өзі де жасандылық болады! Табиғатқа – көктемге керегі не құмартып: осынша көп бұтаның шықпаса егер бірі артық?! Шуақ жаққа ұмтылып, өсемін дөп арқаң босқа қозбасын. Сенің бағың, қысқалар, өз мойныңда өз басың. Ей, бойлылар, биіктер, правоң мол биіктікке ұмтылар: болса-дағы кім қысқа сенің басың қырқылар. Бірің – ұзын, бірің – қысқа, қайшылардың ісі ғұмыр бітпейді. «Қырқу» демейд мұны өйткені тұрмыста, «түзеу» дейді –«теңгер-меші-лік» дейді.
МІНЕЗДЕМЕ Кімге өкпелі? Неге өкпелі – жоқ ісі, тек біреуге бірдеңелер дегісі, кінә артқысы келеді де жүреді. Көңіл-кірдің қалыңдығы бір елі – жуған сайын қалыңдайтын тәрізді, қанша жусын – арылмайтын тәрізді.
Кінәласа әлдекімді жаны ізгі өтейтіндей мойнындағы парызды. Қашан көрсең – өкпе айтады, бір өкпе, өкпе, өкпе, өкпе айтумен жүр текке. Ауруы бар, ауруы бар қылт-етпе, талмасы бар, талмасы бар дір-етпе, Кейде кергіп кісімсиді көп біліп, зырқылдатып жібереді шекені. Еңіреп жүріп – ерге зорлық етеді, жылап жүріп жақсыларға соқтығып. Соның бәрі үміт-дәме көптігі, меніңше, әрі... қайрат-жігер жоқтығы. Әлдеқалай әзіл айтсаң, содан да астар тауып асқынтады табанда: көкірегі түрме ме, әлде, қамал ма, шын болмысын жасыратын сырт көзден ақыл ма, әлде, амал ма – қанша ойласам – таба алман! Қашан көрсең зіл тастайды жатып ап: бір қарасаң – айлакер, бір қарасаң – ақымақ!
АЛАТАУ Алатауды, шіркін-ай, маған берсе деп ақын Мұқағали бір күні арман айтқан болатын. – Қайтер едің?– деп бір жас күліп еді таңдана, – Екіншілей мұндайды сұрамайтын бол, бала! – ақын әлгі жігітке жалт қарады долдана. Шағын басқа шықшыты шыққандай ед бір тұмақ, сол шықшыты қызарды; желке шашы бұрқырап: – Осыларды, Құдай-ау, біздің сорлы өлеңге – не айтарға білмедік,– кім әкелген дегенде. Әлгі жігіт әркімге жалтаң қақты жасып құр, басын изеп тезірек қоштасуға асықты. Қаңқ етіп бір күлді ақын қайтқан қаздай көліне, кеткеніне әлгінің көңілденді ол іле. Сонда екінші бір жігіт жасқаншақтау тіл қатты: – Мұқа,– деді – жас жанға айттыңыз-ау тым қатты, өзіміз де жаспыз ғой – жарастықтар қанша алда, жарайтын ед жасытпай жауап айта салсаң да, түбі ұғар ед өзі де, болса ойында сәуле егер... – Жо-жоқ, ақын емес ол, пайда қуған саудагер, саудагердің ақынмен арақ ішу қай теңі?
сұлулықты сүйгендер, өзің айтшы, қайтеді?! – Ал, Алатау – сенікі, осы сәттен бастап ал, маған қалсын асхана, аспаным мен астанам. – Әй, қусыңдар, қусыңдар, жершілдік жоқ пейлімде, жартысындай жалғанның жарықтықты жайып сап, жуып-жуып түнімен таңға жуық айықсақ – алған затым осы деп мақтанайын деймін де. Азаматтың пиғылы айқын еді әу баста-ақ, қолтығына көтеріп қойып сөйлер тауды асқақ.
Таулар үшін де емес, жұрт сөздер үшін дауласпақ: «болды, толды» деп атап, белдескендей «бәлемен» «мен», «менікі» дегеннің өзін қимай әлек ел. Мақатаевтың сол күні шабыт қуған беті еді, Әйтпесе ақын қарт тауды – қайнына алып кете ме! Жай сауалдың жанына жанып тиген себебі: оянып ед ойында көптен күткен өлеңі – соны бөгеді әлгі сөз – қастас қалам секілді, доңғалақтың жолына тас тастаған секілді, айдыны мен аспаны астаспаған секілді, Пәс боп қалған көлкіген көңіл шіркін сәтте әлгі, жыр шойрылып белінен қиралаңдап боп қалды. «Қайтер едің?» О, сауал, сауалдардың қырсығы, Сауалдардың қырсығы – қырсықтырған жыршыны. Егер сауал өнерді жеңіп жүрген шаршатып – арыстаны әлемнің, сауалдарға қарсы атыл! Қарсы атылған жыршылар арыстан боп Айға нақ, құласа да құлаған жұлдыз болып тайғанап. «Қайтер едің?» дегенді ұмыттырдық зорға әлгі, ақын мықтап ширықты, одан гөрі қорланды. Төбелермен тұмсықсыз тірескісі келгенде, көңіл шіркін лепіріп бір ескісі келгенде Алатауға қарады ол. Уа, түсінер, түсінер арқа тұтып асқағын мақтана алар кісілер! Биігімен таулардың, Кеңдігімен даланың Мақтанатын жігітке арналады бар әнім. Алыс кетер – Алатау – жаңғырығы кешкі үннің, ақырып кеп атылған арыстандай кескін бір... «Қайтер едің?» Сен, сауал, ескірдің-ау, ескірдің – ақындікі Алатау, ортағы жоқ ешкімнің!
МЕНІҢ ТОПЫРАҒЫМ Саған да керек топырақ, Маған да керек топырақ, топырақ керек басқаға, тікен боп көктеу үшін де топырақ керек, масқара, Салқыны ұрып «сайтанның», «жынның» желі қақса да, топырақтың киесі қақпауы үшін, жақсы аға, үркітпеу жөн құстарын, көбелегін жасқама! Бөтен ойым жоқ, тегі, бөлектігім тек менің: мен – бала боп туғанмен, шыбық болып көктедім. Бір көктемде бүр шашқам, Күн астында көгердім, сарғайтқанда бір күз кеп жапырағымды төгермін. Көп шайқалдым дауылда, зілзалалар соқты үдеп, көктем лебі – ептірек, құйын да ұрды көк тіреп – майысқаным болмаса, маған қауіп жоқ емге: бұтақтарым – биікте, тамырларым – тереңде. Күн әкелді нұр-шуақ, бұлт әкелді жел күреп, таң алдында шық қонды жапырағыма мөлдіреп: көкейдегі тазалық, мөлдірлік те көздегі содан шығар, өзімдей көретінім өзгені? Шық көзімен қарасаң, дөп-дөңгелек төңірек – танымың аз сондықтан, таңдануым көбірек. Көрдің бе, әне, бұтаның қалқияды құлағы, әлденеге шық көзі таң боп қарап тұр, әне! Біздің үйдің алдында тұрды жалғыз қара ағаш, бір көктемде көктемей қалды әлгі ағаш жалаңаш. Отаушылар қаланың көктемейтін ағашын өтіп жүр-ау байқамай мына ағашты, шамасы? Жапырақ жоқ басында, көлеңке де жоқ онда, жалғыз өзі алып тұр бір үй салар алаңды, не пайда, деп сөйледім, осы ағаштан адамға. – Інім, – деді бір аға ақ мұртының астынан, – рас, бұның бұтағы баяғыда-ақ қақсыған. Айналаның бәрінен пайда іздеуге тырыспа, шығының жоқ, ағашты өз тамыры тұр ұстап.
Қара ағаштың тасқа өскен қартайғанын сын ғып-ақ қартаюға бола ма?! Қайың, талдың сыбдырап Көгергені, көкешім, осы шалдың арқасы! Сыйлаған жөн қарттарды, Шыбықтарды қорғаған сол қартыңның қаңқасы, жас шыбықтар көп төмен мынау қара топырақтың қабағынан көктеген, қара ағаштың осынау балағынан көктеген. Иілмейді сондықтан жел-дауылға әлек боп, сескенеді сезімсіз балталыдан ғана ептеп. Құлайды ғой өзі де – сән бұзады шал қанша, тұрғаны да тұқымы тамыр тартып алғанша. Құлай қалса қазір бұл дауыл ұрып шын ұлып, анау ағаштардың да көбі кетер жығылып. Құласа егер мықтылар – құлайды ғой дұрыстап, Ал, әзірше мұны да мықтылығы тұр ұстап! Қара ағаш, сен де емен бе ең? Емен – мықты дегенмен жапырағы болмаса мықты емес-ау ол да аса. Әйтсе де емен сынбасын, құламасын жай тұрып, бітпеуі үшін мықтылық жайлы аңыздар айтылып. Өскен жан ем мен-дағы мақтау жұтып, бата ішіп, кетті содан тамырым емендермен шатысып. Өзім жайдым тамырды, өзім өстім дегенмен, нәр күткендей топырақтан – сүйеу күттім еменнен. Шуақ күткен кезімде – шуылдаған көктемде көлеңкесін түсірер жапырақтылар көп менде, Тек күз түсіп, суық жел ұрған кезде азынап, жел жағыма шығатын қара емендер – азырақ. «Жоқ» дегенді жек көрем! Ей, киелі топырақ! Сенен бөлек тынысым, тіршілігім жоқ менің, маған қымбат сондықтан күз бен жазың, көктемің: мен – бала боп туғанмен, шыбық болып көктедім. Мен де өйткені еменше ерегісіп өскен ем, Ымырт шақта самалға сыбырмен-ақ сес берем, Қорықпаймын сондықтан қанжарлыдан қанқұйлы, топас қолдар ұстаған балталардан сескенем. Таңырқама, бұ қалай кетті екен деп күшті өсіп – балшық емес, тамырым таспен жатыр тістесіп. Қане, шығып қал, шыбық-тал! Тағдыр туса бұралаң – Мен қашан да сендердің жел жағыңа тұра алам!
ҚАЗЫҚ ПЕН АҒАШ Жалғыз ағаш, бұтағы жоқ, жоқ түрі, тегі ағаштан қырқылыпты демесең. Бұзау байлап қоятұғын жеңешем – ат байлайтын азаматтың жоқтығы. Мәні – қазық, болғанымен жаны ағаш, әттең, тамыр, қабығы жоқ, жалаңаш. Жалаңаштан: Шындық қана құндырақ, құн туралы қыңқыл емес бұл бірақ. Селт еткеннің сыбдырынан сыр құрап мәз болса, анау, жел мәз болсын сылдырақ. Сылдыр-сұйық тірлік жайлы түк айтпан, себебі, мен оқығам жоқ суайттан! Басқа бір жай туған-ды шын-туайттан, таңдандырған, әрі мықтап мұңайтқан. Жалғыз ағаш – қазық болды: бір күні жібекке ұсап қанаттардың жылтылы екі торғай келді ұшып, – қонды бірі, екіншісіне орын жоқ – бұ да, бәлкім, бір таршылық белгісі, махаббатқа келген шақта достықпен? – Ойға шомдым өстіп мен. Екіншісі көрді айналып қазықты, болмады орын қатар отыратұғын – екі жаққа ұшты екеуі ақыры! Келді өкініш, тағы да бір өкініш: әлгі екеуі лағнат айтқанға ұсады, қатар қонып отыратын екі құс бір ағашы жоқ өлкеге. Құм біздің түні қанша болғанымен жұлдызды, болғанымен жердің асқан көркемі – ағаш жағына ұяттылау өлке еді. Бір сұлуға ғашық болған достардай, көз алдымда кетісті өстіп қос торғай. Келе-келе бір байламға бекіді іш, бекіген соң батпай тағы еңбекке, жарытпадым терлеп те, жата алмадым не тыныш – мені есейткен жылдар емес, өкініш!
Қазыққа олар таласқан жоқ, қызығы: қонған шақта құйрығы сәл ұзыны, келтелеуі қысқа тұмсық кекілді
бір шыр етті «қош!» дегені секілді. Нәр іздеген көңілдерге, міне, азық: міне, содан адыра қалды бұ қазық. Елестетсем қазықты әлгі құсы ұшқан көкірегім кетеді әлі құлазып. Құлын, бұзау байлау үшін, ұлы ұста қазақ-атам қазық қақса – дұрыс та. Бірақ қазыққа отырғызған деседі жазықтыны біздің ескі Шығыста. Жазық бар ма, жазық бар ма, сол қасқа қанаттыда қатар ұшқаннан басқа, құйрықтыда қатар қонғаннан басқа! Мұндайда, рас, түседі еске қайдағы, отырасың бір сәт содан қайғы алып. Сонда көзіңе елестейді құм, дала істік-істік қазықтарға айналып. Ей, кең өлкем! Мен сені ертең кенелтем, ойды қойып, орман егем мен ертең, ағашы жоқ, қазығы бар, кең өлкем!
Біздің ауыл осындай жер, Ал, аға, бұлың-сайлы, бұлағы бар көгала, бұтағы көп, бұлттары әппақ шағала, тұрам қазір қайың, талды қалада. Мені жалғыз десе біреу – сенбеңіз, бұ қалаға келген жан ем мен де егіз, екеумізге болғанымен көп бұтақ, сол көп бұтақ арасынан от тұтап – маған тастап зор өкініш, зор уайым, бір шыр етіп «қош!» деп ұшқан торғайым. Оқ секілді өткен жерінде із қалып, досым кетті, өңге өмірім сізге анық. Ал, біреулер күллі орманды қориды, көп бұтаның бірін менен қызғанып. Содан, содан ерліктермен, екпінмен, әйтеуір бір ермек таптым көп күннен. Сауысқандар санатынан кеттім мен, торғайлардың арасында жоқпын мен! Біреу айтты: болма деді, ала-өкпе, тырналар ғой қатар түзеп, түсетұғын әлекке, торғайлар ғой тоғай іздеп түсетұғын әлекке – сен дәметпе, деді маған, дәметпе!
ІШ ПЕН ТЫС
Өзіміздің Бас дәрігер бастаған бес-алты адам, ішінде бір қасқа адам: көрсек, деді, аурухана іш-тысын. бар ма, сірә, мұндайда әрлі-берлі жөңкілуден басқа амал – санитарлық-гигиеналық қарбалас: халаттарда, балақтарда бар ма лас, көрпе, көпшік крахмалдап тастаған, ұстап, иіскеп қара мықтап, тінтіп біл, арасында былшық жоқ па кірпіктің, қоқып-соқып жатыр, бәлкім, бір түкпір – бұрылыстарды, қалтарысты қарап бақ! Комиссия мүшелері талапты-ақ: простыня-ларды көрді парақтап – бәрі таза, бәрі әппақ. Шегініп тұр анау асқақ тау да әппақ, мына күйбең күйкі өмірден аулақтап. Желкесіне шашын байлап бір-бір түп, сестралар селтең-селтең жүрді үркіп. Әппақ сырмен жалап шыққан жақтауды, баспалдақтар мәрмәр таспен мақтаулы көмкерілген, жиектелген, жабылған. Қаңғыбас дерт, микроптарға қағынған қарсы атылар шприцтер оқтаулы! Қылт еткенді қырқып түсер «сұр мерген» доғдырлар жүр дайындалып үлгерген. Терезеге қойылған гүл бірер түп өз исіне өзі мас боп тұр елтіп. Неткен ғажап аурухана! Бұ сын-ды тәртіп, таза-лық алдында қысылды сәл жөткіріп, әлгі дөкей қасқа адам таба алмады құптағаннан басқа амал: – Құттықтаймын, бейнет, жеңіс, әуреңмен!– Бас доғдырды қақты арқадан дәу қолмен, тамырлары білеулене бастаған. Осы сөзбен қоштаспақ ед сызылып: – Тоқта, азамат! Етіп едік біз үміт, қара,– деді ылғи жолақ киген шал, әне, деді ол, көзіңе рас илансаң!–
Терезеден бір қуысты нұсқады ол, – Қол шошайтсақ – қолымыз тым қысқа қол, дәрменсіз қол, дауасыз қол және тым, әдеті ғой, әдеті ғой, әдеті қысқалықтың шолтаңдағыш келетін! Келген болсаң бұйрық бере, қаулы ала, бір қарашы тау жақтағы аулаға. Келдің екен, егер жауар бұлт болсаң, қоңыр желдің ыңғайына аунама!
Тау жақтағы аула, рас, қатты ылас, көк шыбындар, ұш, жорғала, шапқылас! Төккен айран ашыпты, әне, көпіршіп, бір бұралқы ит соны оңаша отыр ішіп. Сол тұста арық та өте алмайды, өңешін кептеп қалған шөп-шаламдар қоқырсық. Ал, қасқа бас неткен ғажап кең адам, кісілігі шамадан тыс, шамадан: аулаға емес, аула көрсеткен қартқа кенет суып, жиіркене қарады, ал, қалғандарын бастап дереу түсті алға, кісілігі, кеңшілігі қысқан да, әлгі қартқа сес көрсете бір қарап, жалтыр дәліздер-мен кетті сырғанап.
Бас дәрігер тағы әкетті жұртты, әне, Тағы да бір жылтырлықпен құртқалы. Көк шыбындар ду-ду етті іштегі, сыр мен әйнек жалт-жұлт етті сырттағы. Аула бықсып жатса – кімді, нені емдер; жалтыраған жақтаулар мен едендер, көзді алдарсың, мені алдаймын демеңдер! Шаң, кір түссе менің сезім-санама, жас гүл, сенің жұпарыңнан садаға – бір желпісең – бәрі ғайып болады, ауру кәрия өкпелейді тек әлі. Бас доғдырға қас емес ол, қыры ғып, көрсетейін дегені емес ірілік. Көңілінде тек көп-көп ойлар жүр ұлып – қасқа бастар, қарасаңшы бұрылып! Шын пәктікпен үміт етсек – ұлы үміт, көз бояудан біз ғой талай ұлыдық? Неңе мәз боп жылтырайсың, сыртқы бет, ішің жатыр былығып?!
КӨРШІ ӘЙЕЛ Әйел тұрды ең үстіңгі қабатта, пысық адам, өзі ерекше талапты-ақ: шілдеде де қалың киіп қабаттап, әр күн сайын атқан шақта таң әппақ, түскенде алғаш әйнекке Күн шуағы жалт-жұлт қарап подъезден шығады. «Жұмысы ерте басталатын кісі»– деп, бір көршімнің күлгені бар кісінеп. «Шашын қара, деді маған, бір тумам – желкесіне жете бере қырқылған». Моншақты да, сонда аңғардым, тағыпты-ақ, әр тасының қырын жағып қойыпты күннің қызыл шұғыласына бағыттап. Сөз моншағын мен де тізіп, тізбектеп әзіл айттым; сыңқ етіп күлді әйел: «Оқығанбыз біз де ептеп». Рас шығар деп түйдім мен ішімнен, сәл жымиды ол пейілімен түсінген. Тисе, деймін, не көмегім, не себім, қиял деген елес, елес, тек елес. Жоқ, достарым, қате ойлама, мен емес көршілерге көз сүзетін есегің – мен үйлессем – тек әзілмен үйлесем. Әлдекімдер келіп жүрді үйге сол: бәлкім, дедім, әсемдіктің әлегі?! Әйтеуір бір құдіреті бар еді. Мен үшін ол шешуі жоқ бір жұмбақ – көрген сайын күлемін тек ыржыңдап.
Біздің үйдің бейнет кешкен әйелі ақылға – аздау, тек мінезге бай еді. Байлығы сол – төзімді еді о сорлы, қабағы ашық,– бұлты жоқ-ты нөсерлі. Өмір – толқын, қақса көбік-қанатын, жартас болып қарауыта қалатын. Сол – көршінің сөзін бірде тындапты, содан ба екен, толқып келді тым қатты. Сөзі бөлек, тәлімі артық басқадан, сірә, деді ол, жолдастыққа жақсы адам. Рас болсын, дедім мен де, мәз бола, жастарыңда айырма бар аз ғана. Байқа, дедім, тіл-жағыңды ұста нық, ақыл байғұс жасап жүрер қысқалық?!
Мінім бар-ды, мен де, әрине, тірі адам, ептеп жұта-ты-ным бар-ды сырадан. Жасырардай басқа түк жоқ, мүлік бар: ескі-құсқы, одан-бұдан құраған. Кедейлік те – қылмыс дейді орасан, дүниеге әйел көзбен қарасаң: сол әйелмен танысқалы... ол қасқа жайлы болмай бара жатты жолдасқа: ақша жоқта алды қымбат түлкіні ақ, алтын сырға тақты бір күн жылтырақ. Сақина бар: тас қондырған не түрлі, елтірі тон – ердің құны секілді – әңгімесі, бар арманы боп алды, қарағаны – аларғаны боп алды,– әлгі әйелден қарыз алды, көп алды... саулығы да бірте-бірте жоғалды. – Бұл үйде енді үй болардай не қалды, байқа, дедім, балаларға да обал-ды. – Тірлігіңді таста, деді, тер төкпе, қағаз сорған қасқа, деді, еркек пе! Оқығанның – оқып тапқан, қане, ісі, тамағынан ауыспаса табысы?! Құдай болса – ол да ақшаның танысы,– ақшасы бар кісілердің дауысы... – Көшеде әркім айта салған сөзге еріп не бар, дедім, қартайғанда өзгеріп. Әркімнің өз тынысы – ырыс, ісі – бақ, көңлің адал болсын, ішің – ақ. Біреу киген тон, тұмақтан, теріден бітті-ау, дедім, сенің арқаң пысынап. – Керең, деді, жұрттың бәрі жүр естіп, Көктетпессің тұрмыс құрап, күрес қып. Қалауыңды қармай алмай ғұмыры, қалтылда да қағаз жинап тұр өстіп. Бір қарасаң үйлесімді-ақ көрінген кер-пиғылды, ұқтым, ұқтым, кер-үннен, емеуріннен, сәл боялған еріннен: – Ері бар ма сол әйелдің?– дедім мен. – Ойбай, деді ол, ыршып түсіп,– ойнама, күйеуі – алғыр, қызметі – қоймада. Бейбіт күннің бір белгісі – бай елі, біз білетін бай дегендер – жай еді. Байлық қайда? Қолға – қойма болмаса,
базар бағын сынамаса әйелі?!
Арлы азамат! Алғыр жігіт, ақша тап, көрші әйелдер жүрсін десең жақсы атап! Ақшаң жоқ па – ондалмайды бір ісің, көзге түрткі тіршілігің құрысын. Тамағыңнан ауыспайды кірісін, кірісің сол – тек әйтеуір тірісің. Бәтіңкің де қисайтады сірісін, әйелдерге ұнамаса жүрісің! «Жаудан» гөрі алыстан кеп шабысқан, жел-сөз қиын орағытқан алыстан. көрші қиын көк желкеңде отырған, не жарыңмен дүкендерде танысқан: күйкілік бар, күншілдік бар ыза бар – әйелді тек – әйел ғана «бұза» алар. Кейде беті қызарушы ед әйелдің, ал, кейде тек... еріндері қызарар. Жүздерінен имандары үзілген әйелдердің көрдім талай жүзін мен: қып-қызыл ед тракторшы қыз өңі, боянбай-ақ қызылмен – қызыл дүние, бұзып болдың ызыңмен, әйел көрсек сырға, моншақ тізілген жиі-жиі қалып жүрміз біз үннен. Аһ, дегенде – алтын түссе-ау аузыңнан, Гауһар көктеп жатса-ау, шіркін, ізіңнен! Арлы азамат, азап ізде, қорлық тап,– күні-түні еңбек етіп көр мықтап. Әйел – әйел, кінәлама тек оны алдама да – ақылыңды айт – сенеді. Сенің сөзің де әсер берер, көшенің сөзі бірақ әсерлірек келеді. Қоғамда әйел ең үстіңгі қабатта, бірақ жұрттан биік тұру – талап па: сақинаны, сырғаны да мол тағып, көзін өртеу көрші әйелді монтаны? Пайда, нәпсі қарбаласы зор тағы, дүкендерді шыр айнала жортады. Көрген шақта пайда құлын арқалы Қорыққаннан жүрек төмен тартады. Қоймашыдан қорықпаймын салқын қан, гауһардан да қорықпаймын, алтыннан
бірақ әлгі... көрші әйелден қорқамын!..
КӨП БАЛАЛЫ ҚЫЗ ТУРАЛЫ ОДА Гүл секілді шешек жарған жаңадан әсерлі-ақ ед, адам деуші ек жаны адал. Бір күні өсек, қаңқу сөздер қаулады, ал – өсекші айтты: әлгі сұлу ауладан шықты деді егіз бала көтеріп дәл өзінен аумаған. Таң қалысты сенгіш, аңқау-әңгі көп, «қай уақытта», «қалай болып» қалды деп. Тек, қыз бейқам. Көзге іліккен адамға аса обал, ә – күйеу қайда? Қызда күйеу бола ма? Көрініп ед беті теңбіл, белі тоқ... Ойбай, десті ел, бәлесі бар, жолама. Сырттай сүйіп атағанмен жорта атын кезіккенде – мінезінен қорқатын, зиялы елдің жігіттері мен-мен кіл «бәлесінен» қорқатұғын болды енді. Өсекші айтты – тағы сендік біз бастап – екі бала – үшеу болды бір күні, бұрынғыдай қайқимайды кірпігі, көрдіңдер ме, қарамайды қыз да асқақ – десті, десті, десті жұрт... Алғашқы екеу қалған шақта ес біліп, ұмытылғанда алғашқы өсек ескіріп, балалардың бойы ғана емес, саны өсіп, бесеу бопты деген хабар естідік. Тозды десті ел қыздың сұлу беті ептеп; бір баланы көтеріп, бір баланы жетектеп, кіріп-шығып жүред десті сол баяғы ауладан бес баламен дәл өзінен аумаған. Баласы жоқ бірер әйел қызғанды, бірер әйел аяп жүрді қызды әлгі, өйткені олар бағалаушы ед шындықты: – Бес бала, рас, өз баласы емес қой, жасырын сыр бар ғой, десті, сұмдық бір! Ал, көпшілік білмейтұғын ештеңе – кешірімшіл де,
кеще де құр қаңқуға сенетұғын; сыздасаң сызда, жүрек, өмірде де, өнерде өтірікке, жамандыққа сенерде дәлел талап етіп едік біз қашан! Ұғымдар мен түсінік, Машиналар мүйіздескен бұ кезде тез өлу де кетті айналып мінезге, – біздің кездің мінезі осы, кезде осы өлді қыздың апасы мен жездесі: кімге телміртіп қояды жетімін, – алды асырап апасының екі ұлын. Қыз – азамат, пейілі бар көл-көсір, тағдыр соған есеп еткен секілді – қаза тапты ағасы мен жеңгесі. Бейбіт күннің қайғысы ауыр, басыңа, дос, бермесін: «тағдыр үкім оқыған соң» тілеп кім сол үкімді өзгерте алған – тағы біреу кетті өліп талмасынан жүректің. Қыз – қарындас болатұғын біріне, біреуіне балдыз-ды: бір сәбиді Қостанайдан алғызды, Гурьевтен алғызды, Ақтөбеден алғызды. Алды бәрін, алды бәрін қыз жинап, кім алады көп баласы бар қызды!
Бір топ бала ертіп жүрген, көшеден сол сұлуды кездестірдім кеше мен. Жайраң екен қабағы, бір балаға жайраң қағып қарады, біреуіне ептеп ұрсып алады, мақтап айтты біреуінің сабағын. Ана – бақытты екен дедім, қашақтап сыр тартып ем сөзді әзілмен шашақтап: күлген кезде байқалды мол әжімі, жан отынан жанып кеткен – шашы әппақ. Мақтамаса ода деген ода ма – соғыс жылдары өсірді ғой көп жетімді көп ана, дәрі сын-ды болған кезде дән үнем – жомарттыққа таң қаламын әлі мен. Бірақ мына қыздың жайы бәрінен биігірек дер едім мен, себебі
пәтер кеңіген сайын пейілі тарлау келеді. Әттең, сіз де білсеңіз ғой, білсеңіз: шаңырақтың намысы емес тек қана бейбіт күннің арын арлап жүр со қыз. Қорлағанмен не пиғылдар, не тілдер Осы қыздың ерлігін, не ниетін бер енді келер ұрпаққа да, замана. Қызға обал ғой, обалсыз қыз бола ма, әрине, жар сүйе алатын еді о да. Айтатыным бұл емес. Ертең тамыр тартар тірлік жаңадан, сендерге айтам, сәби – адам, бала – адам, күні ертең-ақ жетілесің, сол шақта ақ шашты әйел көзден жасы моншақтап, есіне алып жас күндерін – елесін: «бағамын деп сендерді осылай боп қалып қойдым» демесін!
ЖАЛҒЫЗ АҚША Ескі грек аңыздары – түпнұсқа, соны аударып жыр жазады ел қып-қысқа. Ей, дау бар ма, дау бар ма: кейбір елдің Құдайы да – аударма. Бір шырағдан жанды түнде – көлеңкелер, дір-дір қақ! Сөздер – түрлі, түрлі ырғақ. Гомер-шалдың есебінен жыр-жырлап әлдекімдер ауламызға кірді ұрлап. әлдекімдер ортасынан Зевс шықты да ақ киіп, әркімге алтын ақша салған арқалатты бір-бір қап. Ал маған ше? Қорлық етті қысас-тағдыр тағы да, қорқа созған менің алақаныма жалғыз талант-ақша түсті дөңгелеп. Айқай салдым мен кенет: «бергеніңе шүкір, пірім, бірақ та, менің халқым көзіне емес, құлағына сенген ел:
сыңғыр етіп естілуі үшін біздің құлаққа, тым құрыса, жезден жасап болса да – тағы да бір теңге бер!» Тоқтат сөзді! Сөзді, сөзді енді үнемде! Болды, болды, болды менде алам деген сенім анық, ой анық... Кеттім, әттең оянып!
ЕШТЕҢЕ АЙТПАЙТЫН ҚАРТ Мына момын даланың желі де есіп біткен-ді, Момын толқын жарға ұрып, бір солқ етіп бүктелді – ымырт түсті Жайыққа, аспанға ала бұлт келді. Шоққа ырғалып қойылар қоңыр құман баяғы – қоңырқай шал сөйлерде бір ырғалып қояды. Киіз үйдің іргесі түріледі ондайда, киіз қапты домбыра тіріледі ондайда. – Уайхай, жалған дүние, Жайық қайда, Жем қайда – Құда түскен жылы екен хажы Ыбыраш Көлбайға. Кемпірі де шалғайдан бір іледі ондайда: – Бәлсінбей-ақ айтарын айта берсе болмай ма?! – Шабалап қал, – дейді қарт, кемпіріне бір қарап, домбыраның күс қолмен төсін осып тырнап ап, сол тырнаған жерінен қан шығардай қызарып үңіледі қақпаққа; қоңыр ішекті ыза ғып бірер іліп тағы да, қой ішегін мақтайды, күңіренер ед қой ішегі – саусақ, әттең, қақпайды. – Жайық қайда, Жем қайда... төккеніңнің бәрі – лас, бұ суларға, сірә, енді мұз да қатып жарымас, қатса – кісі көтермес, әй, құрыған, құрыған-ақ, майыспайтын мұз еді түйе тепсе сырғанақ. Махамбет пен Исатай суды қорғап көп шапқан, Жемді бойлап жең түріп, ат суарған Боқсақтан. Қазіргі жұрт деп пе едің: қоңыр момын, қой-надан, қанды кісі жоқ екен,
болса ше бір ойлы адам! Уайхай, жалған дүние! – қарт ыңырсып, ыңырсып, өзіне ырза қатынша жіп иірген бір ұршық. Шыдам бітіп, ішіңді жалап жатсын өрт мейлі, ішекті бір қағады – күйін бірақ шертпейді. – Айтса қайтед айтарын, – дейді тағы кемпірі, – Шабалап қал, – дейді шал, – отырғанда мен тірі. Кемпіріне қарайды тағы да бір қағына, қоңыр ішекті ұлытып бір қағады тағы да. Қоңыр құман тәрізді күлде қалған баяғы, қоңырқай қарт тағы да бір қозғалып қояды. Қоңыр-ала бұлт көшер Жайыққа аунап қайтадан Қоңыр самал еседі іргеліктен қайтадан, Қоңыр домбыр-а-ға қарт бұрылады қайтадан. қоңыр үйрек құсайды шабақ ілген шайқала, не сол қоңыр құманша күлге қойған оты бар қария да көрпеге батыңқырап отырар: – Су да ағатын арындап Исатайдың барында, Мына сорлы Жайықта – «адыра қалған Нарында». Соңғы ұрыста Батырдың аты оққа ұшып мақтаған, көз алдында қорқырап бара жатты Ақтабан. Нақ сол сәтте Махамбет – әй, о да бір ер кісі – ойнақтаған атынан түсіпті де жерге ұшып: – Сіз мініңіз мұны, – деп тоса берген өз атын, Исатайдың арқасы осындайда қозатын, еркелігі жүректің – өрлігі ғой баяғы: өзі – жаяу, аттылы ақын досын аяды: – Еркінситін мұншама – жеңілген жоқ жау әлі, мен – шың едім, бар бұлтым енді саған ауады: сенікі енді жаманат, маған – жақсы ат, сауабы! – Жаяу өлген сүйтіп Ер Тәңірім, тыныш ұйқы бер, әруақты ескі ерлерге! Пай, бүгінгі күйкілер өз басынан басқаға көңілі жоқ күй тілер, уай, бәтшағар, бәтшағар, сенің бетің де үйтілер! Жігіт азды дегенді кім айтса да – сөзі шын, азбай қайтед жайылса әрқайсысы өзі үшін?! Хажы Ыбыраш сол жылы құда түскен Көлбайға... Исатайы бүгіннің жанын сатар еп десе, ас жұқпайды – біреудің атын мініп кетпесе. – Ас ал, – дейді кемпірі, – бітсін бұған түк қайтып, бәлденгені банадан – осы еді ғой, – бітті айтып. Шыбыртқысын өткеннің өргенде өстіп таспалап, әруағымен өлінің тірілерді жасқамақ! Пиғылы арам кісінің басы – бас па, асқабақ,
енді дән жоқ бұ қартта! – дейді тағы кемпірі, – Шалықтап қал! – дейді қарт, – отырғанда мен тірі. Қоңыр шалдың әрнені «іші біле» қалады, қоңыр үйдің іргесі түсіріле қалады. Қоңыр бұлттар жел жоқта ірмеле бер, ірмеле, қоңыр шанақ домбыра сүйеледі іргеге. Анда-санда осындай кәрілерден тым құрса дәме еткен де жақсы екен айтар-ау деп бірдеңе. Екі-ақ сөзді соншама неге созды қастерлеп? – дал боласың түсінбей: арқаң жіпсіп, бас терлеп. Түйгеніңнен аз ғана айрыласың ондайда, еңсең түсіп қаралай қайғырасың ондайда. Хажы Ыбыраш қай жылы құда түсті Көлбайға тап осыны білмей-ақ қартаюға болмай ма?! Білем, қариялардың қалды азайып бұ түрі: «алласы» бар аузында, түсіп қалаған «шүкірі» – көсеу-шал деп түйесің жағатын тек күйесін, түсіне алмай сөздерін, тек мінезін сүйесің. Ел қарттары бұлар да. көңілінің кірі ғып, әлдекімді кемітсе – қунап қалар тіріліп, домбырасы – күмбірлеп, іргелері – түріліп. Қарт мінезі – қырсықтық дейсің, бірақ осылар айналаның бәрінен неге іздейді ірілік? Ақыл – асқар, көл – сана, заман ірі болса да, ірілікті аңсаса ел – ұсақпыз ба соншама?!
БӘЙТЕРЕКТЕР Өсірем деп, жеткізем деп мені ептеп, жер тырналап мал жиды. – Мына қарт па? Алжиды ғой алжиды, қартайғанда не бар, десті ел, дедектеп. Күн қауысты – көкем қайтты – әлгі сөзді ел бекерге айтты. Қоңыр бұлттар шашын жұлып долданды, қақ жүректен ұрды мені қаза нақ.
Найзағаймен бетін осып, азалап бұлттар да өксіп жылағандай болды әлгі. Жел жақтағы бәйтерегі құлаған шыбық құсап майсаң қағып мен қалдым. Көкем – кетті. Қайта шықты батқан Күн, түк болмаған сынды нұры арайлы-ақ, Жарығы – сол, жылуынан түңілдім; мола жаққа көп қарайлап, қарайлап. Бәйтеректер ығындағы көп шыбық тіп-тік өсті, мен – майыстым, майыстым. Кінәлама, содан қалған бойымда мінезі бар шикі-көгіс қайыстың. Теплицада өскен гүлдей әдемі маңдайыма жел ұрмаған жан едім, ойда жоқта қарашаның қары ұрып, желдей гулеп қоя берді маңайым, басу айтты ағайын, жәм-ағайын парызынан арылып, ақыл айтты, уәйім айтты бәрі ұлып. Сөздеріне жауап іздеп түрлі елдің, қарияның бейітінің басына күн қауысар уақытта бір келдім. Тіл қатпады шеген мола тұнжырап – үйге қайттым бір жылап. – Әлдекімнен жылу іздеу жайлы елес, мұның, – деді бір қария, – қайғы емес! Бір салқын күй шалқып ұрды жүзімді, көкірегімді салқын ұрды, күз ұрды, бір бұтағым өспей жатып үзілді. Бір бұтама жаңа қонған құсымды әлдекімдер кесек атып ұшырды. Басына қонған әр шымшықты әнші ғып өсе берді тал шыбық. Көңіл – күпті, көкірегім жаншылып, көңіл жүзін Айға ұсап қоңыр бұлтпен жасыра, екі келдім ескі бейіт басына. Үн қатпады шеген мола тұнжырап – тағы қайттым бір жылап. Екі аттап та ала алмадым бір адым: екі мәрте емтиханнан құладым. Мысықтарға ұнамады тырнағым, есектерге жат көрінді құлағым, Бұ не? – дедім, – Ұрды біреу столды: міне, деді ол, түсініксіз іс болды; енді біреу қарап жүріп тістенді.
Таңға жуық кәрі әкенің басына тарыға ойлап тағы келдім – үш келдім: шеген қора шөпке толып тұр іші, ескі елтірі бөрік құсап бүрісіп. О, бұ жолы... қайттым мықтап бір ішіп. – Жұрттан ылғи қайырым күту жайлы елес, мұның, деді тағы бір қарт, қайғы емес. Қамқор ата қабірінің басында «Жебеп – желер» әлдене бар бар расында: мені баурып әкетті «еңбек қарқыны», терім төктім әр-әр күні, әр түні үміттену, түңілулер арқылы есейдім мен; жапырақ қана – шығыным, кірісім сол: ық жағымда шыбығым; енді мұңым шағамын: атаға емес, атағына қаланың, күллі еліне даланың. Әлдекімнен қақпай көрген кезімде молаға емес, сарайларға барамын. Өсірем деп, жеткізем деп мені ептеп, қартайғанда қайрат етсе дедектеп, мен үшін кім болғандығын өзінің өткізгені болар ма? Егіп кетсе сөз-үнін, түңілу мен үміттену сезімін – жеткізгені болар ма?! ...Жауып – жауып таусылды ма дақпыртқа: менің қоңыр бұлттарым кетті айналып ақ бұлтқа!
МҰЗДЫБАЙ ҚАРТ Қара еменнің басына мұздақ тұрып қалыпты – күн көзінде сол мұздақ құбылып тұр, жанып тұр. Табиғат – бай, мұзы да көп қырлы ғой, көп қырлы, мұзға қарап көп қырлы Мұздыбай қарт жөткірді. Қара-бурыл емен тұр қар-қабақта қасқайып, қайсарлығы – қайраты, таға алмайсың басқа айып. Мұздыбайға айып жоқ – қартайғаны ғана сол, қаза көріп жақында ортайғаны ғана сол, Қырау басқан емендей бурылдығы болмаса, кемпірінің барында қайратты еді ол да аса. Қара бурыл мұрты, әне, малмандай мұз,
малмандай, Қара еменге қарайды ол тұмақ бауы жалбаңдай. Қара еменге қарап ап мұз қаққанмен мұртынан, қайрат құрып, бойында қайсарлығы қалғандай. Өзгермейтін не бар ед мына бурыл жалғанда: қыста мінер қара аты – қара бурыл болды ол да. Қара еменнің түбінен қыстау салған «күшті» ғып, түтін атса мұржасы – ататұғын ышқынып. Түтіні де қайрат боп көрінетін бір түрлі, құрықтың қыл бауындай өрілетін бір түрлі. Қарайтын қарт еменге – қайрат алар тәрізді, қартаймасқа содан бір айла табар тәрізді. Жылқышы еді әйгілі – бітті бір күн айла, амал: емен қалды ауылда, құрық қалды пайдадан. Жалғыз қалған әкесін қаладағы ұл жалғыз Әкелгенде көшіріп – қарсылап ап тұрғанбыз. * Көршіге ауды көп пішен, сиыр алар кісі көп, жылқы кірді қалтаға тиын болып кісінеп. Екі-үш түйе, қой-ешкі, қыстау, қора шөбі ескі, ақша болды көгала, бірақ байлық емес-ті. Көшті, десті ел, қара емен қартайғанда ел ақтап, ақ бауыр бұлты ауылдың жел алдында далақтап шөкті кеп бір жыраға, – Алатауда жыра көп, бір құласа бұлты да қайтып шықпас бір әдет, – түз тағысы – қарт қыран тауық болды қонақтап.
Тұрмыс жақсы керемет, келін-әкім күштесе. Мұздыбайға қала елі кіл әкім боп тұратын. Бәрі дайын, ертеңге қалар іс жоқ – істесе, қиын жұмыс: шай сайын жуылатын үш кесе. Қала кісілеріне болар ед шай ішпесе құптаса егер бала-әкім, келін-әкім күштесе. Қара бурыл атының жалын тартып мінгендей, шеңгелдейді кәрі қол – қалтадағы ақшадан, қайырқол жан қария, жөтелмесе – жақсы адам. – Көке, көлік алып ем, көрімдік бер, – деді ұлы, қалбаң еткен қарт байғұс – машина екен көлігі. Ат үстінің желігін бір аңсаған, құдірет:
машина да желді екен – мінгені бар бір рет. «Ерде мін жоқ» деп еді – жазып қалды бала, әне, «ермегім жоқ» деп еді – келін жерге қарады. – Көке, ермек көрсеңіз... – күмілжіді бірде ұлы, – біздің қолды байлап жүр қызмет деген құрғыры, малы жоқ жер... дүкен бар... шаруасы көп түрлі... – Мен бармын ғой, қарағым, – – Мұздыбай қарт жөткірді, – Қолқабысым сол болса, оған шама бар әлі, – деп қария тор ұстап томпаң қағып барады. «Берекені» табады, келін мәз боп жетілді, – иттің ақылдылығын мақтан еткен секілді, көрші әйелді көзге ұрар әңгіменің тапты ебін – оқығанмен сонша өзі, ақкөңіл-ау, ақкөңіл. Қарт ас үйге «дәнікті», газ жағуды және ұқты, сөйтіп, келін-балаға зеректігін танытты. Мұздыбай қарт тек, әттең, күпті көңіл бір түрлі, келін, бала кеш сайын күттіреді бір түрлі: театр бар, кино бар, қонақтық бар түр-түрлі – боз «Жигули» бір боздап салып жүрді бүлкілді. * Қара еменнің көршісі – Мұздыбай қарт бай, малды, айырылып бар күтімнен, күтушіге айналды. – Қарт – қаланы қалады, – қой, қой, олай демеңдер, қайырымды ел – қала елі, және бәрі кемеңгер серік болсын деп қартқа, мойны біткен әуке боп, алып келді ұл бір жақтан шолақ құйрық дәу төбет. Шәйнек тасса бір жақтан ермек болды шын бұ да, қоңырауы есіктің шырылдаса шыңғыра, ит қыңсылап, бір жақтан телефоны шылдырап. Біледі қарт тұрмысты, күле қарайд күйкіге: қыдырмалау келеді бұ қаланың иті де, мал айдау, ат жетектеу – ескі мода, ескі ұғым, жаңа мода мұндағы ит жетектеу кешқұрым. Дүкен ақтап қария нанын алды ең әппақ, ит қыдыртты, есікке бір жүгірді далақтап.
Күні бойы әр қайда далақтап кеп, далақтап, күн батқан соң ғана қарт тауық болды қонақтап. Ғажап, ғажап тіршілік! Тұмақ бауы жұлқына желге жалбақтамайды, мұз қатпайды мұртына, батпақ түгіл, шаң түгіл жел тимейді балаққа. Қарттың, әттең, көңілі пәс – бас түгінің бәрі әппақ, қара бурыл шаш қалды ауылдағы тарақта. Өз қорасы, өз еркі, болғанымен «өз елі», ас ішуге қол тимей талған талай өзегі: шаруа көп қой қыстауда – пішені бар, қиы бар, тоңқаң қағып кеш сайын алласы бар сиынар. Башайыңнан ағад су – нөсер құйса төбеңнен, қала – рахат, бой таза, тамағың тоқ дегенмен көзі ілінсе болғаны – дала енеді түсіне, сол далада көп жылқы әлі енеді түсіне, Отқа қақтап жүреді тоңған қолын үсіген, қара аты да түсіне енеді ылғи кісінеп. Ал өңінде аспан бар, көкжиек жоқ дөңгелек боран керек, жел керек даласы бар кісіге!
Қара еменнің шілікше иілуі, о-дағы қайсарлықтың, қайраттың қартайғаны болады. Жылдар дерсіз сіз, бәлкім? Обалы не, обалы Мұздыбайға уақыт салмақ салған жоқ әлі. Сырласпай-ақ қанықпын: Кемігенін танытты; Шалдан гөрі, тұлғасы кемпірге ұсап қалыпты. Бір қайрайын, есіне кездерін сап қымбатты, Не құлатып кетейін деген оймен тіл қаттым: – Қалай, аға, ақуал? Тарлан көңіл тағы ұлып азып қапсыз, жүрсіз бе қара еменді сағынып?! Ит жетектеп жүргенше әр бұтаға қақтығып, қайтпайсыз ба бірер ай ауыл барып, ат мініп?! – Шайқады қарт ақ басын, көзі жанып бірақ та сол жалынның қызылы шапшыды бет, құлаққа: – Қой, қой, бала, күштімін, көңіл-күйім төмендеп, көрген емен арып та, ауырғам жоқ не меңдеп, қу еменді қайтейін қатып қалған шемен боп, не көп біздің қалада, көріп жүрсің, емен көп...
Әкемізді жақсылап бағып жүрміз деп ұлы, Үйде атам бар ғой деп кинода отыр келіні. Ал Мұздыбай тірлігі – төрт қабырға, бір есік,
бір есіктен шығады қара итіне ілесіп, Қыдыртады кімді кім: ит пе, қарт па, тұрмыс па – айта алмайсың о жағын – ақыл сараң, тіл қысқа. Тұрмысы асыл қаланың, келін есті, бала – асыл, көрінгенге мақтайды таңдап алған қаласын. Жамандамау – қайрат қой – ештеңені, ешкімді, бірақ еменді айтқанда күрсінгені естілді. О, тәкаппар көкірек! Сен артықсың өзге емнен емен үшін көктемес топыраққа кез келген. Қартайыпты Мұздыбай – осыны анық айта алам – тамыр тартпас, сірә, енді ол тал-шыбық боп қайтадан. Сәлем берер кісі көп, жұрт аз сөзге жарайтын – жауырынның сарсуы ұйып шықты талай түн. Мінетұғын аты жоқ – қартаймасқа қанша амал, қажымасқа қанша амал – Емені жоқ қарайтын. Ей, қария баққандар! Сенің үйің сол қарттың өз үйі ме?.. Түсінген, түсінген жөн, түсінген, ең құрығанда,ішіңнен: асырайды итті де күшігінен; қу қайғы ерлер түгіл ездің де өз еркінен тумайды, шыбығынан өссе егер – топырақтың бәрі асыл, қарт ағашты орнынан қозғап көрші – қурайды. ...Бала, келін ал кейде жетпей жатар деңгейге, қайта көкте-тем десе – кемпір алып бермей ме!
ПЕНДЕШІЛІК ХАҚЫНДА
...Самолет апатынап қаза тапқан азаматтардың үй-іші, жақынжарандарына көңіл айтамыз. Газеттен. Аялдама, ымыртта қайғы айтады жас әйел, кетпей-ақ тұр желге ұшып самайдағы шашы әрең. Қаралы екен жүзі тым, әттең, қолдан келсе ғой
азаматтық, ат үшін бір жақсылық жасар ең. Сақалындай текенің сатал екен тек шашы – образдар, оралма, теңеу біткен, тоқташы – көлегейлеп шындықты көрсетпейсің сен кейде, төменірек түсейін – тұрмыс жатқан деңгейге. Тәкаппарлау бет-жүзін мұң жасытқан мұншалық, әйел тұрды бір қартаң танысына мұң шағып. Қарағанда хабарға ұшып жеткен қай күнгі: ұша беріп бір лайнер қанатынан қайрылды. Талай бөрік құлайды, жел астында шашы ұлып, сол бөріктер ішінде бастар кеткен шашылып, бір бұрқ етіп ақ лайнер жарылғанда шашырап – көріп тұрған бір жастың жапты дейді шашын ақ. Қара түтін шалшып бір шыққан шақта аспанға, қара тастың көзінен ақты дейді жас парлап. Қарынынан қақырап жарылғанда көп сандық... есепші өліп, есебі аман қапты тоқсаңдық. Апат басқа, мұң басқа, қалжыңыңды айт құрдасқа: Бәлкім, байтақ ел үшін қайғы боп бұл қырмас та, бірақ, бірақ «тас – түскен жеріне ауыр» деседі, бір үй үшін бір өлім – апатпен тең есебі; бір-бір деталь айтады ел бас шайқаса сырласса – көзілдірік сау қапты мылжа болған бір баста; қар жұлынып қызықтай, қаңқа біткен қаусап бар жатқан шақта, әлдекім дүнияуи дау соққан. Жыртылған жең, жағаны жеңіп біткен жауша ақтар: сағат салған білектер... сақиналы саусақтар... Жетер! Күйкі беттерді қызартам деп арзандап, адал жандар, тимейін көңіліңе маржан-бақ. «Мақсұт – алыс, ғұмыр – шақ», ей, қарындар, жұмыршақ, аңдып тағар айып көп айтары бар адамға: Айту қиын мұндайды, айтпау қиын одан да. Көп бақытты үйлерге қайғы әкелді сол апат, қара әріппен терілді көп лауазым, көп атақ. Қастық еткен жоқ ешкім, аулақ, пиғыл көмескі – бомба жарған жоқ ешкім, табиғаттың заңындай ең ежелгі, ең ескі: атқан сын-ды жанар-тау ақ аспанды күл езіп, жер сілкіну сықылды ерен еді бұл өзі, өлім де емес жастықты – немене еді бұл өзі? –
Цивили-за-ци-яның жай кіділік бір мінезі! Екі жүз үй әйтеуір қаза көрді, қайғы алды, сонша сурет жиегін қара лента айналды. Тал ыңырсып ән салған тымырсық шақ, Кешқұрым, сол қазалар хақында мен бір сұмдық естідім: Өлі білектен біреу сағат шешкен жұлқылап, өлі саусақтан біреу сақина алған жылтырақ. Жіп керілген, жұрт қоршап, апат орны – сол аула ұшырады деседі ақ сәскеде тонауға. Мола сыйламағанды кешірмеуші ед ескі ырым, сол моланы, тонаушы, жаның неткен жексұрын, дір етпеген жүректер, қаның неткен жексұрын, «пәндешілік» деген сөз, мәнің неткен жексұрын! – Пәндешілік,– деді әйел,– айтты көрші шал маған, ұстап көрген жай ғана, күйеуім түк алмаған. Жылады әйел мұны айтып қос өкпесі солықтап. Содан кейін... жөнелді автобусы келіп қап. Жалап кетті ішімді ыза деген бір күшік, жүрек – тамырды үзердей, төбе шашым тұрды ұшып! Тұңғыш мәрте жаныма дарымады қайғы әлгі, «ату керек!» деп іштей жасадым бір байламды. Қайғысына әйелдің қарап тұрып қатайдым, әділдікті мен неге қаталдық деп атаймын?! Сенде, сенде өшім бар, көзімде улы күлкім бар, топырақтан басқаға тоя алмаған құлқындар! «Бүлінгеннен бүлдірге алма» деген сөз әділ, әттең, әттең, әділет, сенің де бар өз әлің: кей қуатты шеңгелде жыртылсаң сен жең болып, ешкім сілкіп тартпай-ақ мен – жаға боп тозамын, Қылмыс деген – қылмыс қой, ауыр ұғым немесе, жазаламау қылмысты – ауыр қылмыс он есе. Біздің елдің заңы әділ, биік әділет деген, қылмыс атты ауруға – жаза дейміз еткен ем. Түршіктірер түрме аты түгіңді де, бірақ, ал, тоқшылықтан тозып құр, тоқымынан құлаған тойымсызға әлгіндей түрмені де көп көрем! Өскен жұрт ек ақ тілеп, ұят күтіп адамнан, ақ тірліктер басталған дастарқаннан, тағамнан: Сен де кейде талғамсыз боп кетесің, ырыс-бақ,
қарай алмай қаласың, қайырым, сен де дұрыстап, арам көме-кей-лерден кейде өтесің, адал нан! Адам, пәңделігіңмен келіспеймін бүгін мен, кешір, әйел, қайғыңды бөліспеймін бүгін мен. Қатты батты, себебі, жаба салу жауызды пәндешілік деген сол жексұрындық ұғыммен. Пәндешілік пиғылдар мінсе Адамды ноқталап, араласпа, тіл мен жақ, ноқталыны ақтама. Көрдіңіз бе ақтаудың жаңа түрін ноқтаны: «пәндешілік... алмаған, ұстап көрген тек қана». Әрқашан да осылай осалдықтың мінезі, ойлап көрші оңаша: осалдық па бұл өзі? «Ұстап көру-дің» өзі – жанып тұрған жауыздық, асамақ ед жауыздық алақанын ауыз ғып – көріп қойды көпшілік, көз де «жауыз» масқара – көз жоқ дейді олар шын ұрылардан басқада?! Көз бен көңіл тазармай, тазарады қол қайдан, арамдық пен адалдық! О, баяғы сол майдан. Мола ақтарған – ауыр жай, одан да ауыр қылмыс бұл; қылығы емес қыңырдың, қысымы емес тұрмыстың, өзге – тұрсын, өзі-өзін алдағаны үшін де, «ұстап көріп» ештеңе алмағаны үшін де, соттау керек әйелдің ерін мықтап! Пір тұтып сезімдерді өскен ек, сол сезімді үркітіп алмау үшін: әйелдің қайғырғанын кешір тек, тек кеңшілік жасама келіншекті есіркеп. ...Сонау жылдар бес қадақ тары ұрлаған аш ана айыпталғаны әйгі еді. Тарих қайда? Тасада. Соны ұмытқан пәндеге – пәндешілік жасама. Қолдары емес алаған,– заманымның Заңы әділ,– соттау керек, алдымен пиғылдарды, заманам!
ЕМЕН Қайраттылар ұнамасын, ұнасын – қара еменнің тамыры асыл, түбі асыл. қара емендер құламасын, құласа көлеңкесі, көлеңкесі құласын. ЬІшқына ұлып қанша соқсын жел мейлі, қара еменнің иілгісі келмейді: қайғыға да қайысқысы келмейді, Шабамын деп ел ұмтылды ауыл боп, жығамын деп жел ұмтылды дауыл боп, түбін көрді дауыл деген жау ырғап: тым мықты екен! Жыға алмады оны ешкім, қайырымсыздық, қаталдықтың символы емен десті ел сондықтан десті, десті, деместі. Маңай ғана сыбыр-күбір кеңесті, Жапырағын жанай ғана жел есті. Ол да көкшіл шыбық еді ең баста, ырық берді ме ел шыбық – емен болмасқа! Емен болды ол, еменді-шыбық деген кім? Шыбық дей ме шыбығына еменнің! Әйтсе де емен кінәлі еді, расы: емен болып жаралғаны – кінәсі.
ЭКСПЕРИМЕНТ
Тәлім көрген жұрт айтты, қарттар айтты кәрі құлақ: өгіз күшті, десті олар, жүйрік, десті, арғымақ. Шаруа-жігіт жұрт сөзін бір тексеріп көргелі арғымақты алды ұстап, өгізді ұзақ жемдеді. Адамы ғой еңбектің – сұмдығы жоқ сорлы о да – арғымақ пен өгізді қатар жекті арбаға. Қатар жексе несі бар, жігіт былай ұғынды: арғымақ – тез жеткізер, өгіз тартса жүгімді. . . . . . . . . . . . . . . . . . . – Әй, қарттар-ай, деді әлгі, сөйлейсіңдер құр қаңғып: арғымақта – барлық күш, өгізде екен жылдамдық!
ТОПЫРАҚ Сәби шыр етіп жерге түскенде – түбі сол адамның қабірі қазылар тұстың топырағы әйтеуір бір белгі беруге тиіс. Ескі иланым Топырақ деп текке айтпаған ырыс алды, топырақ жайлы астам ойлау қиын – ұқ: қабыр қазған кезде ағайын жиылып көму үшін кесір-кедей бір шалды – төрт құлақты қара қазан шыққанда шу етісті ел: «О, мықты алла, мықты алла!» Бір қария жүзі шұбар-тас-кәрі хикаяны тым алыстан бастады. Бай – бай еді, әулеттен ед бір текті, содан шығар ырым-сырым дегеннен осқырынған көбең сын-ды үркек-ті. Ұл тапты ерке жас тоқалы беделді ең, тағдыр – тастай қыңыр әрі ақымақ: ат-қазықтың басындағы топырақ сол нәресте туған шақта бұрқ етті. Шошынды бай, салауатты ел салдырлап, байекеңе басу айтып болды әлек, Құрбан шалды – жаратқан-хақ, қолда деп, құран оқып жатты талай молда кеп. Байдың бірақ тамырында қан құрғап: «Көшем!» деді. Баршылықтың бәлесі: «топыраққа көмдірмеймін дәл осы ұлымды мен, қасарғанда тағдырға!» Әрі ырғасып, бері ырғасып, ақыр-түп шөгерді әкеп жүз атанды бақыртып. Сандық-сандық қазынасын салды ырғап, бір жөткірді қарауытып бай әлгі. Туған жерден ауар мезгіл таянды,
қоңсы-қорым бірге көшті; қанша амал: хақ бұйырса – етпес деген ештеңе, көшпе, көшпе, көшпе, көшпе, көшпе деп, ақыл-кеңес дарыта алмай кещеге, дана-дана қарттар қалды шаршаған. Тағдырынан құтылатын бір ыңғай тапқан жандай, тартып кетті бұрылмай қымызға – мас, қырсыққа – бас, қыңыр бай. Сөйтіп, қатал «жазымышпен» кектесті, өңмендеді өткізем деп өтпесті. Бірер қыстап, бедел таппай бетке ескі тағы көшті... көшті, көшті, көп көшті. Жер іздеумен құнарлырақ, тектірек, жазықтардан, жайылымдардан өтті көп. Көшу, көшу – шешкен теңін түндегі таң-азанда қайта буды ел тепкілеп. Нені ойласын – күдік тапты не түрлі, күдігі сол: тез тозатын секілді бейтаныс жер, бедеу топырақ, жат алап. Түйесі де шөлден өлсе қаталап, құтты қоныс бола ала ма жер ондай – көше берді сөйтіп қатал, керең бай.
Қозғал, шоқал, көш, көш, көк тас, тау, ырғал, бай да көшті – байлығынан ауырған. Атқа ер-тұрман, жүк артатын түйеге шыдамады дұрау-ағаш, бауырғал. Көлеңкесі құсап бұлттың жылжып паң, ауыр малмен шығып еді бір жұттан, тағы ілікті жұт ішінде жұтқа шын – қайдасыңдар, шоқал-шоқпыт, ықтасын?! Бай жұтады, онда хақтың ісі не, жел – құйын боп ойнап мінді күшіне. Жыртық болсын, ірге болса, қымтар ең, қанша амал бар іргесі жоқ кісіге! Астам пиғыл кетті жапан-түзге алып, қосылды оған қыңырлық пен қызбалық.
Көшті, көшті баласының өлігін туған жердің топырағынан қызғанып! Қырылып кеп қалды дейді сонда мал, апат келді дейді аңызда болмаған. Тәңір айтты дейді бірде бұлт жыртығын сығалап: «Қоныс іздеп болмай-ақ қой енді алаң!» Сонда ғана ес жиыпты сорлы бай, ес жиғызған: «Әттеген-ай, қорлық-ай!» Жегі жеді өркөкірек жанды лас, кешегі бай атанды ілез «қаңғыбас». Су бүрік, бұл, жел көтерген шаңды бас! Бай жоқ! Енді «қаңғыбастың» ық жағын қасқырлар да, ұрылар да аңдымас. Өлер шағында, айтпақшы, әлгі бай-қасқа баласына былай депті: «бөтен жерге жайғаспа, қайырымсыздық етпес еді тап мұнша: біздің топырақ ата-жауша, сатқынша, қанша кедей болсаң дағы ақ-табан хақ бұйыртқан топырағыңды тап, балам!» Қоныс емес, іздегені бас қамы, көшіп келед, көшіп келед қасқа әлі, жел-қаңбақтың көлеңкесі құсап көшті, көп көшті, ұмытты тек ескі есені, кекті ескі, тағдырына тәнті болды бай ұлы. Арық атқа қамшысы мен айылы ауыр тартқан шағында, ақ шағылда, алданумен сағымға, тағдырынан қашып жүріп ақыры тағдырымен беттесті. Түсінігі, түйсік-жібі дүмбілез, дүмбілездеу жан ед бұ да бір мінез. Көшіп, көшіп қонған жерде, бір түнде, бір жөтеліп күркілдеп, бір ықылық атты-дағы жұмды көз.
Қарт айтты әлгі қарап тұрып қазанға: – Қырсық құдай, жеңдің ғой сен, Жең енді! Осы жерге жерленбесін дегенді қазан көміп тапсырып ед қасқа бай, айла-амалы болмаған соң басқалай жалғыз ұлын әкетіп ед қашырып, «Жазмыштан озмыш жоқ» – осыны ұқ!
Кері кеткендер, кел, жылайық қосылып! Бастан өтті не бір жағдай, не күндер, жаулық әкел, ей, келіндер, кебін бер. Қанша-мұнша асау көкірек, аш сана Қорқыт құсап өз көрінен қашса да, бұйырмысы – жазуы осы – көміңдер!.. * «Бұйырмыс» та, «жазмыш» та – кәрі ұғым, қалай ата – бәрібір ғой, бәрібір. Қай жерде адам, ырыс таптың, құт құрап, қай жерде, адам, маңдайыңа бітті бақ, қай жердің де өз тағдыры бар шығар, топырағыңа біткен тағдыр – мықтырақ. Туыпты әкем баурында бір үрпектің, әкемнің де тілегін қарт тілепті бір текті. Ол туғанда кім білген: қай қабақтың топырағы бұрқ етті?! Болмады, рас, қоныс іздеу ықылас, өз көрінен қашпағаны да ып-рас. Қызыл вагон – қызыл, қызыл от-тізбек алып кетті деседі ғой – өтті шақ. Қызыл вагон – қызыл, қызыл от-тізбек жанып кетті деседі ғой түндерде шұбыра ұшқан оқ құсап. Түбі қайтып оралар-ау деп біз де, күттік, күттік – өтті, бітті қан майдан. Кім біледі, майдан да емес, әкем сонау шалғайдан бір бұрқ еткен топырағын кетті іздеп?!
ҚЫЗЫР (Қайыр қарттың хикаясы) Қырықтың бірі – Қызыр Халық Біздің қария кісі еді-ау бір кең пейіл, жоқ, айтпаймын бір шайы мен бір етін: кім келсе де – аяғына еңкейіп, қонағым деп кебісін сап жүретін. – Сақалыңмен бала құсап – деп ұрсып, тілкем-тілкем алақаны кебірсіп, қолын сілтеп түңілетін кемпірі. – Қонақ келер отырғанда мен тірі, шаруа бар, шатағың не, шал аман, кемпірім-ау, пейілің тар-ау, дейтұғын, –
аулақ, аулақ тек мына бір баладан. Ит шәу етсе – елеңдейтін, елеңдеп отыратын әлдебіреу келер деп. Тірлігі осы болды қарттың, со қарттың жоқтығы да еленбейтін сол елде, жоқтығы ғой, десетін жұрт, жомарттың. Рас, рас, жоқтықтың да көп түрі, мал қоймаса пышақтардың өткірі – ол да жоқтық-қа апарады, дегенмен жоқтығынан су таппайтын кедейдің ауырырақ жомарттарда сойыс малдың жоқтығы. Байдың кедей болмағы, рас, қас-қағым – бай еді шал, бір жылы оты ортайды, кедей бола бастады: – Қасқа сиырды ұры әкетіп қалыпты! – Ештеңе етпес – деді қарт, – бар ғой әлі баспағы?! Сонда да қарт бір шәйі мен бір етін тауып жүрді, – Қайдан? Қалай? – түсінбеді ел оны: қарияға өзі әперген беделін ел жарықтық өзі күндеп жүретін. Бір асым ет жоқ деп еді сол күні – қария мықтап толқыды: әлдеқайдан сау етті бір топ қонақ. Ит те үрмеді, қазан асар жоқ тамақ. Қалбаң қақты кедей ғана кең пейіл, әр қонақтың аяғына еңкейіп. Жалғыз баспақты алып шығып ноқталап: – Ал, сой! – деді күйіп кеткен кемпірі. – Дұрыс! – деді қария сонда, – отырғанда мен тірі, үйден тоймай аттанбайды жан адам, шаруа бар, шалың тірі, бала аман! Жалғыз баспақ тұқым қалса сиырдан, – Мал екен ғой бұйырған! – Кедей үйде тағы да бір ет пісті. Ұрт жағынан тілі іздеді бір қарттың ауызында жоқ тісті. – Сиыр сою жөн емес-ау бұ шақта – деп бір қонақ жармасты өткір пышаққа. Көп-көп пышақ жалақтасты: кес те, кес! Көп айтылды қысыр кеңес, бос кеңес. – Жай қонақпыз, – деді тіссіз қарт әлгі, – саған бұ жұрт ағайын да, дос та емес, қонақ қана емес-ау, ұрылармыз біз әрі,
– Жоқ, «біз» емес, Мен! – деп шықты бір кісі, – жарықтықтың, тым құрыса, болсашы ауыз үйінің есігінде ілгіші! – Мен ұрлағам! Тағы біреу: – Мен! – деді, екі-үш адам ерегісті, көнбеді. Бір-ақ сиыр ұрлағаны, болса дағы тегі ірі – қайдан шықты осыншама көп ұры?!
Ертесіне ертемен, кешегі жұрт алған, бір-бір мал ұрлап тұс-тұс жақтан келіп жатты дабырлап. Екі-үш сиыр: маңдайының ағы бар, қызылы бар... тағы, тағы, тағылар. Көрші-қолаң сыпсыңдасты, ит үрді, іргеде мал жайылса, ит даусы да естіледі-ау сүйкімді. Кемпір ғана ойбай салды дауысымен қарлыққан: – Ұрлықпен келген мал ғой барлық мал, әкетіңдер! Соры қайнаған шал біздің шаңырағын ұстаймын деп жалғыздың алжасқаны – мал алғаны ұрылардың қолынан – алсаң, құдай, жөніңе ал! Сонда бүкіл жиылған жұрт күлді кеп, Күлді «ұрылар» бос тістері күлдіреп. Тісі жоқ қарт шыға келді ортаға: – Әзіл қосып сөйлемесе жорта адам, іш пыстырып жібереді бұ тірлік, біз де адалмыз, ұры емеспіз – шүкірлік, дәм татқанбыз кешегі адал сорпадан; көпшілікпіз, ел деген де – осы біз, сенің шалың осы біздің досымыз. Соған мұның кедейлігін қосыңыз, жомарттығын қосыңыз! Кеше біреу: кедей деді о қарттың, жақсы аты бар, жабатыны жоқ артын. Ел бола ма жабырқатса жақсысын, жебемесе жомартын! Қолымыздан келгенінше түзедік шаруасын; сол шаруаны шайқаған да – біз едік. Бізден ет жеп жатқан жан жоқ бір асам, дүйім елге жеткізсін деп мына шал бір-бір қара қосып тұрмыз; «кенеліп»,
аз дәулеттің, аз малдың жаманатын осы тартсын деп едік. Бұдан өзге кесірлік жоқ бізде де, тек қарызым – қайырам деп іздеме. Даңқың желдей тарай берсін, о, мәрттік, сен де жаса, кедейлік, кедейліктің жан серігі – жомарттық! Осыны айтып алақанын алды ұрып – жоқ болды қарт, даусы қалды құлақтарда жаңғырып, аузын ашып таң боп қатып қалды жұрт... Әлде күндіз, әлде түн, әйтеуір бір уақытта «Әлгі қария – Қызыр!» – деді әлдекім. Әрине, о қарт Қызыр, рас, – анық бұл: қызыр десе әлдекім өз көңілінің қызырлығын танытты. Қызыр болып жарылқайтын ғайыптан мейірімі шығар бәлкім халықтың?! Аңыз – ала, тұрмыс – құла, жол – шұбар, бұ тірліктің бояуы да мол шығар. Қызыр дару, халық үшін, шын арман, сол халық қой Қызырды да шығарған?!.
ҚЫЗЫЛ ОРАМАЛ Шырылдатып торғайларды, шымшықты Шығыс жақтан күйіп-жанып Күн шықты. Күйіп-жанып сүйіп едім бір қызды, Шымшық сын-ды титтей сары тұмсықты. Орамалы қып-қызыл ед сол күнгі – Көл аударды қызыл-қызыл толқынды. Күн қып-қызыл, қызыл бояу қалыңдап, қызыл ойнап толқындардың жалында ақ – Күншығыс жақ кетіп еді жалындап. Қызыл шыңға бұлттар келіп қып-қызыл тұрды сол күн қызыл сүтін жұтқызып. Қызыл торғай шыр-шыр етіп жүрді ұшып. Қызыл тілін сүйретіп кеп бір күшік, екеуімізге кезек қарап, ұқпай түк, бір шәу етті – ұқпағанын бітті айтып, көкжелкемде қызыл бұлтты тау тұрды, қарсы алдымда қызыл ора-мал тұрды. Орамалдың желмен ойнап бір ұшы
қызыл оттың тіліне ұсап шалқыды. Жанарыма тұнды бір сәт қызыл қақ, бір сәт құлақ-шекем кетті ызыңдап. «Арзан ойлайды екенсіз-ау, деді қыз, құда түсіп, содан кейін келіңіз». «Қалқам, дедім, құда түс деу күмәнді іс, Күмәнді іске апарады бұл аңдыс. Бес жыл бұрын құда түсіп едім мен, бір-ақ мәрте түседі ғой қыран құс. Түлкі қызыл болған сайын – аңшы көп, түлкім, дедім, бүгін ғана жаншы үдеп. Жауыр көрсе – күнде қонар сауысқан, қыран түссе – түсуші еді қанша рет?!» Ғайып болды күрең қызыл орамал, мен сілейіп тұрып қалдым, жоқ амал. Қызыл шыңнан ұшып кетті қызыл бұлт... содан бері талай-талай бұзылдық. Қораз қорқыта алмаған кез тауықты, қазір мұндай сырды айту да қауіпті: жаңа көрсем жағалауын сол көлдің, бояу солған, бұта біткен өлген кіл. Ағаштар сұр, жапырақтар сап-сары, ескі мұңды еске ап жаным қақсады. Күннің-дағы қызылы жоқ сондағы, аспан – тозған кенеп сын-ды болды, әне. Көл бетіне тосап тұрып кілкулі, суы – сұрқай, тоңып кеттім бір түрлі. Тек торғай мен шырылдатып шымшықты, тумай жатып қызуы өшкен Күн шықты – қызыл өшкен Күн бе, мен бе – кім білген – тек бұталар өскен биік тырмысып, тек шыр-пыр торғай әлі жүрді ұшып, тек шәуілдеп баяғыдай бір күшік үріп шықты. Маған күшік ұнады, ұнағаны: қызыл екен тілі әлі.
ҚОРҚЫТ-БАБА Қайда барсаң – Қорқыттың көрі. Қанатты сөз Аңыз – зор ғой, ал, қаңқу сөз? Зор бұ да –
Қаңқуларға қарағанда қаңғыған, қайда барса – көр қазыпты ел алдынан Қорқыт қартқа тақ мінгізу орнына. Тақ па саған! Тағдыр мықтап салды ауыз, сөйлегені үшін бе әлде білгірсіп: міне, қырсық, анда тағы бір қырсық – топырақ жауыз; көрдің аузы жалмауыз неге тойған, қашан тойған, жамағат, топырақта болушы ма ед қанағат! Жас топырақ – көрдің ерні күп-күрең, ерні түрік топыраққа да бітті ірең Қорқыт жақындағанда; бәрімізге тірлік қымбат, қымбат қой, әсіресе қымбат ақылды адамға. Қорқыт қашты, желе берді Желмая, Қорқыттың да қорыққаны болды аян! Бүлкіп желсе – молда десті ел жын көрген; жаңа ғана құтылып ед бір көрден, тағы бірі үңірейіп жатты алда. Қашты Қорқыт күн қызарып батқанда, аңдары үркіп, құсы оянған ақ таңда. Сорлы Қорқыт! Ұлы жанды сорлы деп, Сен бір күндік бақытыңа мақтанба! Аңыз – зор ғой, ал қаңқу сөз? Зор бұ да – қаңқуларға қарағанда қаңғыған, қайда барса – көр қазыпты ел алдынан тақ мінгізу орнына. Қайда барса – шыға берді қаза алдан, қабыршылар қары талып сазарған: «Көрі, десті, бұ қазылған Қорқыттың!» – қашты Қорқыт, қашты ма екен ажалдан? Пәнде байғұс бітіре ме қашып түк, әйтсе де біз ұзақ өмір туралы көп үмітті – арман етіп ашыттық. Бәрі, бәрі баяғы тіршілікке, жарық күнге ғашықтық. Бүгінше ептеп соза тұру тірлікті, ертеңгіге үміт арту бір мықты. Үміт етсе көзі жанып, іш қайнап – адам шіркін, жемін қысқан торғай құсап ұстайды-ақ тірлік деген жіптің ұшын,
құрығанша күш-қайрат. Бұталарда отырғанда құс сайрап, жапырақта шық тұрғанда мөлтілдеп үміт етпеу – мүмкін бе! Қарт – ақылды, қыңыр кісі ед содан ба, ерлігі де жеткілікті кісі еді – бір көрге кеп түйесінен түседі: «Жамағат-ау, бұ да менің молам ба?» – сонсоң қария шешіп тастап шапанын, халқы қазған қабіріне жатады. Бұйырмыс деп атаса жұрт мұны әлі, мағынасына әлі көңлің тынады: ажалынан айлап қашқан кәріпті кіндік қаны тамған жердің топырағы, тұңғыш ізі қалған жердің топырағы құшағына алды дейді, жарықтық. Көрден ешкім құтылмайды соңғы сағат соққанда соны айтқаны шығар ескі аңыздың. Мен – аңызды таңдайыма тамыздым шындық іздеп шөліркеген шақтарда. «Көрдің аты көр» – дейді ғой кәрі ұғым – туған жерде қазылса да бәрібір. Біз де «қашып» жүрміз әзір көп көрден, көп жайлардан басымыздан өткерген; дәрігердің қолтығында-ақ дірілдеп, жеткен шақта бір індет түйемізден біз дағы бір түсерміз түбінде. Осыны ойлап – тағы да ой көп, көп түрлі – отыр едім; көрші жеңгей кеп кірді, ас үй жаққа қарап бірер жөткірді, сонсоң: «оттық керек еді» деп күлді. Сергіп қалдым жеңілейе күрсініп, жеңешеме шырпы керек бір сынық! Неткен ғажап, тұрмыс, сенің мұқтажың, Неткен рахат сенің қамың, тіршілік!
ҚАҚПА АЛДЫНДАҒЫ ҚАРТ Тау жақ шетте көк қақпа бар, көк қақпа ашылмайды деседі анау-мынау тоқпаққа. Қала үлкен ғой – ерсілік жоқ дәл мұнда, бірақ сол бір жабық қақпа алдында
ақ бас қара шал отырды бір күні, қасы түгіл, ақ секілді кірпігі. Өтіп жатыр машинаның түр-түрі, жаяулардың түр-түрі, әр қайсысына бір иіліп солардың күбір-сыбыр ететіні – күлкілі. Жұмбақ бөтен – шешсе көңіл жай таппақ: әппақ мұрттар не дейді екен – байқап бақ. Сен бар, деді бір дос маған, таныссаң, сен бар дедім мен біреуге, данышпан ғалым еді ол, қағып қалсаң арқасын, алу-далу архивінен шаңы ұшқан. Тағы бір дос байқап жүрген сыртынан, бір бәле бар деп күлді тарап жатқан мына шалдың мұртынан, сөзі – қисық, әрі ызалы шығар тым, – жолы болмай өткен кісі бұ қартың. Әрқайсымыз Шерлок Холмс боп ойлап – шал сыртынан үкім кестік, өзімізше пікірлестік нобайлап. Көңілімізді алаң етті қап-қалың ылғи жабық тұратыны қақпаның. Ол – бір жұмбақ, шалдың түрі бір жұмбақ, – сөйлескіміз келді біраз мылжыңдап.
Жасайтындай не бір қылмыс, бір ұрлық ұрлана көз тастап қойып айнала көк қақпаға бұрылдық. Ақ мұртты ерні күбірлейді, мәссаған, шал айтады: «уағалайкүмәссәләм!» Түрлі-түрлі жынданады-ау тегі адам, – сәлем беріп жатқан ешкім жоқ оған. Қарттың түрі салмақты әрі, әрі ойлы, ойлы көзде жылылық бар арайлы. «Уағалайкүмәссәләм!» деп сәт сайын әркімге бір жалтаң қағып қарайды. Әрнеге бір қарайтындай жақтыртпай, жиі-жиі жыбыр қағад ақ мұрттар – кәрі кісі – кіді деген дақпырт бар, дақпырттарға сенбеу жөн-ау, сірә, аса, білістік біз жөн сұраса, сұраса: жақында елден келіпті қарт, қол боста қаладағы ұлға уайым болмасқа көшіп кепті, кемпірінің жылы өткен соң;
шал қасқа қадыры артық кісі бопты жолдасқа, ағайынға, кәріге де, жасқа да, – бүкіл ауыл сыйлайды екен хоштана. Тек көзі – кем, құлақ – керең, және оған шүкір, дейді, қанағатшыл кәрі адам. Ғажабы: қарт «сәлемшіге» балаған жұрттың бәрін бетіне жай қараған. Шағынбады ол, шағынбау да бір сын-ды, тек: «адамы аз ел-ау» деп күрсінді. «Адамы аз ел?» – айып қой бұл сұрапыл, астана үшін миллион адам тұратын. Жалғызсырап отыр көңлі құр алаң біреу келер деп амандық сұраған. «Адамы аз ел?» – рас шығар, жаныңнан іздегенде табылмаса бір адам?! Ұқпайды, рас, қала елін ол, тағы да жалғызсырап жабығады, жабыға – өзін-өзі алдап отыр қария жұрт бермеген сәлемдерді қабыл ап. Қала кінәлі емес шығар, шал дағы кінәлі емес, кәрілігі – болғаны. Емес қой ол шыбық, не гүл-қызғалдақ, көктемесең – көктем күні де ызғарлы-ақ!.. Бұрылдық деп, Сізге сәлем бергелі қош айтыстық, ақ мұрт қартты бізде алдап.
Көше – тығыз, автобустар тым ыссы, ә, әсіресе асыққанда жұмысқа?! Сәл кешіксең – өрт шығардай кеңсеңде, ұмтыласың бұрынырақ енсем деп шала ашылған есіктерге жан сала. Қой, қой, достым, бос орындық аңсама: бір аяқтап сиясың сен, сонда да үзілетін түймелерің қаншама! Қайтқанда да – түрің әлгі, күнің сол, жығылатын жер таппайсың – сүрінсең. Жұрт та – өзіңдей: ұмтылады есіктерге екі елі, сен – қағасың, ол да – итеріп кетеді.
Тірлік осы. Өзге өмірге ықылас бірте-бірте жоғалары ып-ырас. Қала халқы, қарап жүр ме сонда да, сонда дағы сіңіре алсаң жұтып ас – бір-біріңнің жүйкеңді қаз, шұқылас! Бір терминнің мәнін ұқтым жақында. – сөз емес бұл УРБАНДАНУ хақында, уақыттың миға сыймай заңы әлі, қарсы қою да емес, қала, даланы. Бірақ сол қарт отырған жоқ тас қарап, қала – басқа, ауыл әлі басқарақ: көшелерден сәлем күтсе кәрілер таң көретін жігіттердің бәрі де ер еңбегіне, оқуына жетік, паң, ал, қарттарды балаларын оқытқан жағдай бар әрі күтер, әрі емдер – күтімің сол, емің де сол – сәлем бер! Қала ғой бұл, ауыл емес қалғыған: бұрылып кеп кәрі көрсе алдынан аман-сауын шай пісірім сұрасып, атпен желіп жөнелетін қыр асып. Әйтсе дағы... Оқыған ұл, көк қақпа, кәрі әкеңе қонақтарын жоқтатпа. Елдегі бар, десек-дағы, бар мұнда, көрпе, киіз жаймай-ақ қой шалғынға. Жұмысты ойла, халін ескер шалдың да: сен – қалаға кірген жансың, кәрі әкең отыр, әне, әлі ете алмай тәуекел, ауылын ойлап қалалардың алдында, қақпалардың алдында...
ҚАЛА – АНА, ДАЛА – ӘЖЕ
Қанша арғымақ мінсең-дағы қаны ысты, аспан – биік, көкжиек тым алыс-ты. Аңқау әрі самарқау-ды дала тым: құс та асықпай қағатұғын қанатын, ит те сирек үруші еді, далада әйелдер де сирек ашу-лана-тын.
Сонда-дағы шаруа бітіп, күллі ауыл пешке керіп кептіретін шұлғауын. Шалап ішсе біреу ері жоқ үйден соның өзі сөз болатын бір қауым. Араздық жоқ, кедей еді ел былай да, қарғыс айтар-да ғана ел есіне түсетұғын Құдай да. Бір қызыл Күн, бір тамағың, бір Құдай – жалқаулыққа жайлы еді ғой, шіркін-ай! Ал, қалада? Машиналар тормоз беред шырқырай, күні-түні бір аттаныс, аттаныс: лек-лек адам, қорап-қорап автобус. әлдебіреу жанап кетсе жаныңды, пы-шыр етіп тұтанасың шырпыдай, машинаның газ бен уы тұр борап! Күкірт-басты, ұшқын күткен жан бәрі, дайын тұрған тұтанғалы, жанғалы пешке қойған шырпы сын-ды бір қорап. Көңіл жетпей, уақыт жетпей, асығыс түседі де жүреді ылғи басыңа іс. Жаяу – жортып, автобустар ағады,– Сонда-дағы біткен ісің шамалы. Сен біреудің мыжып кетсең аяғын, біреу сені бақайыңнан қағады. Бір жағыңнан жұмыс қысса, батса уайым – түсінікке сүрінесің түрлі түс, ұғымдарға қақтығасың сәт сайын. Бір қақтығыс, бір қарбалас, қанша адам кештіғұрым ширығысқан, шаршаған, түсіп келе жатады автобус-тардан, кіржің-керіс, ыстық деммен ысталған, бір-бір ғұмыр бір-бір күнге қысқарған қақтығысып подъездерге кіреді. Бірі – орнын, бірі – еңбегін, бірі – ебін Санаған жұрт сабылысып жүреді: біреуінің ауырады жүйкесі, біреуінің – жүрегі. Бірақ тым тар тірлік емес бұл өзі – кең болсын тек әйеліңнің мінезі! Будырап – бақ, бұла болып қыз да өсті,
бұ қаланың жігіті де ізгі, есті – мен солардың талайымен жүздестім. Шағыну – заң шабыты бар кісіге, ал, әйтпесе, әйтпесе қағып ұстап отырған жоқ бізді ешкім. Тілеп алған тірлігіміз бұ тірлік, әйтеуір біз, шүкір, оқу бітірдік, баламыз да оқып жатыр, шүкірлік. Қалай-қалай тез өсті деп аңыра, даламызды еске аламыз сағына. Талап қойып, тәртіп салар не түрлі қала – біздің өз анамыз секілді, ауық-ауық жонып қойып жағыңа, сабағыңды қадағалар тағы да қала біздің – қатал ана; Сондықтан бір сәт болсын, тыю, шектеу-ден шығып, әдетіміз, аңсағанда кеңшілік жаутаңдайтын Дала-Әжеге шағына.
БИ, МУЗЫКА ЖӘНЕ ЖАСАНДЫЛЫҚ ЖАЙЫНДАҒЫ ШЫНАЙЫ ОДА Сахнада сәуле ойнайды сан қилы, сәуле құсап құбылады күй де әсем. Үкі таққан үр қыздары билесе – иіс су мен бояу исі аңқиды. Сөз қоздаттық әсем қыздар жайлы ылғи. Кім біледі, есер етер қаншалық: дәл осылай билер еді жан салып маймылдармен билесе егер маймыл би. О-һоу, қайтед, жезден туған күй-бетбақ! Күл, барабан, мыс табақтар, пышылда. Бар ақылы – башайының ұшында, барқыт-сұрқай бұрымдылар, билеп бақ. Көйлектер тек ақ-сары екен, ат уыстап бос ауаны ат алысқа, жел тірсек – жібек етек қабат-қабат желпіншек: қыз ба осылар? Жоқ, қыз емес – капуста түйнек-түйнек боп отыра қалғанда. Домбыра үнін жез-табаққа салғанда, желпіншекті көйлек те жарасудан қалған ба бұл жалғанда?
Құбылтады бет-жүздерді сәуле ойнап... болсам әттең сен секілді сәл бойдақ – әттең, әттең... Бұрым еткен шашы әлгі шаштан гөрі селеуге ұқсас жел өпкен. Желкем-қимыл, желпіншектер, желектер қағаз гүлдің сыбдырындай жасанды. – Сыбдырай ма қағаз гүл? – Әйтеуір бір дыбыс берер жел ессе, Соның өзі жасандылық емес пе – жасандылық атаулының бәрі азғын, бәр-бәрі арзан; әрі надан, әрі арам қылықтардың бәрі содан тараған, ұғымдардың бәрі содан тараған. Білдірсе егер біреу артист екенін артист емес деуге сол-ақ жетеді. Жаса, жаса, қауыз жарған жаңа дән, оттан жаңа суырылған таба-нан! Дәннің дәмі, нанның ғажап исі бар – жаңаның да, даланың да өз исі бар. Кім біледі дәмнің өзі күй шығар, иіс те бір күй шығар; кім біледі, табиғаттың өз даусы шығар бәлкім жасан-ды-лық-тың өзін тірілтуші, қозғаушы? Алатаудың басына бұлт келтіріп, жаңбыр жаусын, деп жүріп біз, жел тұрып, қу бұтақты тірілтеміз деп жүріп, жас тамырды алмадық па өлтіріп? Жалмауыздың сұлуындай жасанды. балауыздың жылуындай жасанды, бір жасасын дауысы жоқ әншілер – микрофондар, бас әнге! Көптен есті-ген жоқ едім табиғаттың өз үнін,– кім біледі, жасанды боп кеттің бе. сен де, менің шыншыл-өткір сезімім?! Сахнада сәуле ойнайды сан қилы,– құбылады, құйқылжиды күй де сол. Үкі таққан балауыз қыз билесе, қағаз-гүлдің сыр иісі аңқиды. Сары табақша бажылдаса – тың ырғақ: жездің даусы естіледі шыңылдап. Тасқа-дағы шыңыл дарып, тұла-бойы шымырлап – табан асты тебіренгенін аңғардым. Көздерімен қызыл-жасыл шамдардың зал да күлген секілденед жымыңдап.
Қаңылтыр, жез шағылысқан ың-жың үн, қайдан тапқан үннің мұнша мылжыңын? Мына биде – жоқ еркіндік, ерке түк, желпіншектер желп-желп етіп, желп етіп, кейде әп-әсем дөңгелене қалады... Біз де, міне, жігітке аға боп қалдық уақыттың обалы не, обалы! Қара тасты қашап салдық қасарып – қасарысып ағып жатыр Бас арық. Қолдан жасап аңыздың да бастауын, қондырдық біз өзендерге тосқауыл, теңіздердің өзін қолдан жасадық. Ақ мәрмәрдің өзін қолдан түлеттік, түлету сол – кеудесіне гүл ектік. Еменді езіп-еріттік біз шырынын, көк болатқа мотор салдық жүрек қып. Әр күн сайын жаңа идея, жаңа аңыз, біз жансақ, тек идеямен жанамыз! Ашымайды-ірімейді, қараңыз: сүттің өзін қолдан жасап аламыз, бірақ ақ сүт – ана сүті бір басқа... өнер де сол; өнер жайы басқарақ: күйге – құлақ, суретке – көз ашқарақ. Ақыл-білім өскенімен қаншалық көргеміз жоқ өлілерге жан салып. Музыка мен бидің де біз сондықтан тірілерді тебірентуін аңсадық. Ал жез-табақ. Қарсы емеспін мен бұған. Тірі адамға біткен тірі жүрекпен, шабыт тауып келем әлі түлеп мен – жаса менің ешкі ішекті домбырам! Әр ұрпақтын бар шығар өз көктемі. өз тағдыры солай болса – сөкпе оны. Маймылдардың қылығындай күлкілі билері бар, көйлек киген-і болмаса қазақша белгісі жоқ, бикештер, балауыз-қыз, саған да өкпем жоқ менің; жаса, жаса қойшы қыз, тым құрыса, кірпігі – өз кірпігі... Қандай жақсы жаңбыры өткен қыр түрі, қандай әсем жапырақтың жыртығы!
БАҚЫТСЫЗДЫҚ
Ымырт шақ еді, тып-тыныш көлеңке құсап кірді үйге, өңмені – бәсең, өңі – өлі, қабағы жүдеу кірбиген. Лапылдап жүрген жігіт ед, жалынның жалы жығылып, шүңірек тартқан көзінен көрінді қайғы-мұң ұлып. – Тағы ма?– дедім шошынып, – Анау ғой, деді ол, деді – анау, қарны бар жанның қайғысын сезбейтіндерің жаман-ау. Содан соң қалды тіл қатпай – шешуін күткен жұмбақтай, кезерген ерні-не қарап қиналды шешем үн қатпай. – Сезетін не айттың? – Шықты дау бір шөлмек қана сыра үшін... Жатыр ем үйде тым-тырыс... аржағы құрсын, құрысын! Ілтифат жасап жатырмыз дастархан жайып, ас қамдап, жартылық аштым – сұқбатқа сүйрелеп шығар баспалдақ. Шай ішті қонақ, нан алды – қолдары қандай кәп-кәрі,– кәп-кәрі қолдар ыдысты ұстамай қойды – татпады. Қартайып қапты бір түрлі, намазға құлар кешқұрым қария құсап іргеге күбірлегенін естідім. – Балам-ау, деді сонда анам,– кескінің мынау не кескін, бақытсыз жанды байытар – Қызырдың үйі емес бұл. Жабығып келсең жаяулап мінгізер саған жоқ атым. Басына іс түссе несі елдің осы үйге қарай шабатын?! Әйелім қуса – келем деп құрбыңмен уә-де-лесіп пе ең? – Кетейін онда. – Жоқ, кетпе, балалар әлі мектепте... Дәл осы сәтте жігіттің жары да кірді өшіккен: – Шықтың ба тағы, жартыбас, шошқаға біткен обалы, қатынша қақсап жамандап отырасың ба мені әлі? Сөзіңнің несі бар сенің илана қалар бірден ел, бар шығар, сірә, суайт пен сайтаннан жұққан бірдемең? Қақпағыңды шегелеп, қағып ем ауыр балғамен, Қалай шықтың табыттан, мыналарға айтшы, ал, қане! Аздырып бітіп бір үйді, оны да санап аз қылық,
сөзімді сөйле деп сотта отырсың жұртты азғырып! Осы үйге кепсің тағы да, сызыла қапсың, сызыла көз сүзерсің де сен, бәлкім, мына кемпірдің қызына?! Маған көпсінсе мәңгүрт бір маскүнем байды танымал қарындасын берер бұ жігіт – үфит-сүфит деп алып ал! – Белгілі болды, қарағым, арақкеш болса белгілі, өзің ойлашы, осынша күте ме сыйлап ел мұны? Аузынан иіс шықты деп өз ерін өзі қор тұтып, тиып алғанды көргем жоқ милициямен қорқытып. Кемшілік көрген кісіге ұқсамайсың, мен – қызардым: тоқтықтан құтырса ұрғашы, еркегі ішсе – ызадан, екеуіне де бір зауал берер-ау түбі бұ заман! Көрер ем сені, келінім, алданыш таппай балаңа аш, тостағаныңды артқа ұстап көршіге шапсаң жалаңаш... – Алжыма, апа!– деді әйел,– о заман емес, бұ заман ерігіп ішсе ел арақты, деп пе едің со да ызадан?! – Жалғыз сиырың мөңіреп пішенсіз тұрса қорада, божырап ұйықтар пеш болмаса отын – сор о да. Торып бір жүрсе айнала қасқырлар ұлып қараға, түнімен тізең қақсаса – түсер ең, келін, сабаңа. Сөйлемес едің сансырап көрсең сен тұрмыс жәбірін, білер ең сонда, сен шырақ, асыраушының қадірін! Соғыссыз өткен әр күнің – олжа ғой, қарғам, сен оны қолдан жасалған құқаймен қопарып салғың келеді! – ...Мен – жігіт іздеп жүргем жоқ... – Іздесе еді ызадан! – Шақ келтірмеңіз Сіз оған, тек мына жауыз зәр ішсе – қыз алам, дейді, қыз алам! – Қалжыңы болар қайтесің,– кемиектене күлді анам,– әзілдеп болса да өз басын бұлдаған шығар – бұл да адам. Сыйлай ма кісі теңізді толқыны жарға ұрмаған, толқып бір кеткен кезінде қайратын көрсет-кені де, сен соған рас илансаң – қосыла алмапсың теңіңе! – Кемпір – қызарды, жігіт – сұлқ, түсіне алмадым мен түкке, – Иә, иә,– деді келіншек, ауруы бардай ентікпе. Онсыз да солғын жігіттің бозарып кетті түр-өңі, таңғы бұлттай нұры ойнап әйелдің кірді іреңі. – Ақылсыздықтан, қарағым, өлетін болса жұрт егер..
– Аяқ болса ғой, жексұрын желкесінен бір тебер... – Теңіңді тап-пап-сың десем, менен көп мақтау-ды күтпе, күйеуге шығып нең бар ед өзіңнен артық жігітке! Жақсы болсаң жаныңнан шығармай ұста бір адым, өз мініңді өзің мойындап күлкі болғанша, шырағым. Ұнамаған соң, ал, балам, қалайын саған да ұнамай, неңе мәз болып ішесің – жарыңның түрі мынадай! Мұнай төгілген су құсап кілкірді әйел түрі тым, көбелектей үйіріп шығарды үйден жігітін. Ескертті шешем: араласпа, жолдастықтың да орны бар, мұндай әйел жігіттің жігітін де қор қылар! – Біздің үйге содан соң бас сұқпады жолдасым. – Қайда адалдық жолдасқа, Әйелі арам болғасын. Кім кепіл: жолдасаралық жол өстіп бір күн тозбасқа! Жолдасым – жуас жігіт ед, маскүнем болса – сөз басқа, мекіреніп иіскер қозысын тұсақ-қой сын-ды боз-қасқа, бала-жан еді – жазығы; өткірлеу еді әзілі, көңілшек еді – соры осы: көкбет әйелден көрсең, көңілшектіктен көресің! Ойландым мен де: үй болып үйлесе алмаған жан баста, бір шикілік табылып, дауласса – кетер болмасқа. Кесе, шәйнегі салдырап, кенеуі кеткен үй – қайғы; жә, әлгі пысық келіншек «қуырып» жүріп бидай ғып, түрмеге қиған күйеуін басқа қыздарға қимайды, махаббат емес – менмендік. ...Түсініспеген тұрмыстың осындай бәрі – арты дау; ал, қате түсінген-нен де түк түсінбеген артық-ау?!
АҚША I Желке, бұғақ – жалқылдаған құр ісік, аяқтары құламауға көп тырысып, тырысып ирек біткен; әлі қаңғып жүр ішіп. Балақ жеңін қағып алса – шығар еді бір қап құм, Бас терісін сойып алса – шығар еді бір ішік. Көне жазба парағындай бет сарғыш, Адам еді тарих-білгіш, сыр білгіш, ғасырлардың құпиясын ақтарғыш. Оқытқан-ды ел жігітті,– тумысынан ойға, тілге бай еді. Тарихқа тым күшті еді, физикаға тоқталды. «Маскүнем» деп сарғыш парақ-бетке әлгі мөр бастырған – әйелі. Бір кездері ақ «волгамен» жылжыған, талай аға сипап еді басынан; енді, міне, тау шағылған, жасыған: балағынап кіріп шақты бір жылан. Азды азамат, жүнжіді ал!
Ғалым еді, еңбекқұмар жан әрі, бар қызығым – еңбекте деп санады. Ғылым – мақсат, томдар жазды қап-қап-қап. Жамандап та, мақтап та үлгірмеді ел; тост айтты тек біреулер дәм үстінде шатпақтап. Пиғыл қандай жас дарында жақсы, асыл: қызмет жасап жүрмін, деді ол, достарға, ары әттең... өзін тани алмаған, таныды тек дәрежесін – ақшасын. Ақша? әлемді сонша «бұзып» болса да, ақша деген жаман да емес соншама. Ақшаның да екі түрлі мәні бар: бейнет шегер – тапқандар, жұмсағандар – жаңылар. Бізде – жер бай, мөлдір, тыныш аспан бар, ақша дейді тойып, асып-тасқандар – төгілгенде әке, ағалар жас қаны
кім ойлап еді ақшаны! Ғылым қуған жігіт үшін бір міндет – ғалымсың ба бір жақсылық ашпасаң?! Жігіт содан ойламады ешқашан ақша тауып жүрмін деп. Үміт, дәме зор мұнда – арман болды пәндешілік орнында, ей, ей, тағдыр, арман қуған азаматты қор қылма. Жігіт үшін өмір деген – формула: машина да – формула, еңбегі де – формула. Ақша, атақ жоқ формула бар, формула. Ғалым – алғыр, масқара жүрек, миы – жас, дана. Жары бірақ шақты бәрін ақшаға. Алғашында сол ақшаны жасқана жұмсаушы еді; бірте-бірте еті өлді, тоба, тоба, естімесін басқа адам: аллергия болып бірде ақшадан жас келіншек түшкірді де жөтелді. Ер жігіттің ақша болды әр ізі, ақша шашу болды әйелдің парызы. Көзін сүзген біреулердің «қарызы» шаңырақтың есебінен өтелді. Жұмыс қайда? Ақша жетед, жұмыс не, әрі әйелдің сырқаты бар жіңішке, бірер бала бар әрі, ауру кісі баға алмайды баланы – үйге жақын жерде балабақша бар, мықтаса, о да ақша алар, не бітіред – қолы жомарт, жаны асыл – бақпаса егер сұлулардың баласын?! Әйел сұлу: көз – дефицит, бет – үлгі, осы күннің Қыз Жібегі секілді. Базар болса махаббат, базарда көп ұғым, пиғыл жат, ағат, бала керек, керек, керек бата да – соның, соның біреуіне қарама махаббатқа шөлдегенде қаталап. Жу шашыңды, сыла, сұлу, бетіңді, өз еркіңде – қалай бұра кекілді. Кейде асылдар «өтпейді» сол базарда,
базар үшін сұлу болу... аз ол да – асылдардан саф-саф алтын секілді, қашан болсын, арзандықтар өтімді, айырады, әйтпесе, әйел нарқын не – қалтасына қарайды ғой әркім де: өзі әдемі, арзан тұрса керемет, асыл іздеп не керек! Көргенді елде күні кеше сіз барған бұл әйел де бір кездері қыз болған. қыз күнінде бие сауған, саз артқан сол арудың... бұрымын жігіт сорлы, жәндіктерден кіл ұры, қалаға әкеп әрең сүзіп тазартқан.
Орнын тауып ала білсе пара да – «ақ», Иесін тауып жаба білсе жала да –«ақ», ақ келіншек табады өстіп қанағат. Танысы көп: әйел, еркек, жас, кәрі... күйеуі ептеп, ептеп іше бастады. Сылтау да – ырыс, Ырыс деген осы еді, еңбек те осы еселі: шешеді әйел формуласын тұрмыстың, күйеуі тек физиканың формуласын шешеді. Жолдама бар: Қара теңіз, көк теңіз... Жұмысы жоқ, ақшасы көп әйелдің демалуға еркі жоқ па? Сөкпеңіз! Ақша – айыпкер, ақша куә, мықты айғақ: бұғаздардың бурыл суы бұтта ойнап жүрген кезде не болғанын ұқпай ғап, әйел бір күн күйеуін, өз күйеуін өз үйінен шықты айдап. келіншек ед – дама атанды бір күні, «бала» атанды валеттердің түр-түрі, корольдердің түр-түрі. Пайда қуып пайым тапқан бар надан пайда көрді түскен түйіншекті де иесі жоқ арбадан. Тіл ұшынан әзіл ырғып, сөз ырғып, әркім тапты қолтаңбасын өзіндік. Қызыл айыр ашты біреу көзір ғып, енді біреу көзір ашты қарғадан. Сізде де үміт, ұтам деген бізде үміт – қане, ойынды жіберейік қыздырып! Корольдердің аузын алды дамалар,
тайраң қақты валет біткен тұзды ұрып. Ғылым қалды. Ғалым, міне, жүр ішіп, беті-жүзі бір қуарып, бір ісіп. Әйелі – бай, қайыршы еркек жүр қаңғып – еңбегі мен елін сүйген арлы адам – сыра-хана қалмады ол бармаған. Айқасты әйел қызыл айыр тұзымен, анда-санда көзір ашты қарғадан.
Еңбек еткен кісілер ақша тапса сол еңбекпен ақ-адал асып-тасу жат оған: Нан – тәтті ғой былай да, еңбегіңмен тапқан наның – тәттірек, жұғымдырақ атаң берген батадан. Түсініктер жаңсақ кетер кейде тым, еңбек оты, жарқырай түс, жарқыра! кім қараған еңбегінің нарқына, кім дәреже санап көрген бейнетін! Тар ұғым-сөз тарайды екен кімдерден, тумай қойды-ау соларды атар бір мерген! Тасса – тасар, меніңше, көп адамдар өзгелердің есебінен күн көрген. Ғалым, рас, еңбек етті, тапты ақша, басқа біреу жұтты еңбегін батпақша. Әйел – үйдің тұтқасы деп жүр атап, расында, тұтқа болса – рахат, біздің елдей әйелдерге бай елге. Архимед шал арман еткен тұтқа еді, тұтқа бірақ Жер шарына бітпеді, қайдан бітсін көрінген жас әйелге – еркектердің осал тұсын аңдымас әйелдің де әйелі бар, болды рас. Маскүнемдік емес-ау тек осалдық, азғындық та боп алды ойлантатын мынау ұлы қоғамды. Сақта еркекті, өзің сақ бол, әрі ақтал, Құдай емес, қоғам-Құдай-жаратқан: бай емеспіз, бізде қауіп аз әлі, әйтсе де ақша көп тапқанның ажалы – деседі жұрт әйелдер мен арақтан! Түгел сене берме, достым, балаша: өз басыма екеуі де – тамаша. Тілегім тек: өзіңдікі-ақ болсын арақ, жолдасым,
әйел бірақ – өз әйелің болмасын! ТАЗА ЖҰМЫС Театрдың билеттерін жайып сап жігіт отыр бір дүкеннің алдында, жақтың түгі ұқсайды екен шалғынға. Желке шашы бұратылып жүз дүркін иығына түсе беріп жазылған; тілі де епті болу керек әзілге, ал, үйріледі ұзай алмай қыз-қырқын. Билет алып жүргендердің көбісі жұрт тәрізді театрда жоқ ісі – қыз-келіншек бұрылады әудемнен бұлт секілді тау көрген, таудай жігіт билет жыртад дәу қолмен!
Сабыр, сабыр! Шыдам деген қайда әлгі, көрмедім-ау ғұмыры бір пайдаңды! Әлдекімге ашқым келді майданды, айырылдым сақал-бедел-сабырдан. Жеңіл іске жаным бастан араз-ды: – Жігіт,– дедім,– мына жапырақ қағазды көтергенде майыспай ма қабырғаң? Тер боп ағып кетпе, дедім, күн ыссы-ақ, көтерем деп әр билетті бір ұстап, тап боларсың, дедім, біреуге ұрысқақ күніне бір терлемесең дұрыстап! Әлдебіреу менсінбесе кәсібін, әркімдер-ақ шығушы еді шытынап – мынау әлгі сөздерді зор ерлікпен күтіп ап, жымың етті – күлген шығар асылы. Көкірегім қалды кенет басылып, бөрікті үшін тиісіп ем бұрқырап, намысына тимек едім бір қатты – сөйлемдерім менің өткір тырнақты, сыңсып тұрған сылтаудан бір шыбықты қырқып ап, осса деп мына бетті жылтырақ! Әрі жылтыр, әрі сонша қап-қалың бетіне оның тырнағым да батпады, мыс-тілім де, мысқылым да батпады. – Аға,– деді ол, – «есек артын жусаң да мал тап» деген қариялар тірі әлі. Кімнің көңлі қай кәсіпке бұрады,
соны күйттеу кім-кімнің де мұрады. Түссем деп ем пайдалырақ оқуға, түсе алмадым – мен емеспін кінәлі! – Тер де теуіп шығады ғой шекеңе, тепсе – темір үзетұғын жігіттер оқымаса – әйел болып кете ме?!
Билет сату... Әрине, рас бұ да еңбек Жұмсағанда күш-қуатын үнемдеп. Еш кәсіпті кеміткем жоқ ешқашан, еден сырла, етік майла – достасам! Сөз – онда емес, қолға лайық ісі бар, кісілер бар қай бір істен қысылар. Билетің сат, батыр жігіт! Өзіңді өзің ашпасаң, кім ашады сенің қайрат-күшіңді! Тағы бір дәу жігіт қаңғып ішіп жүр, әкесінің қалтасынан ақша ұрлап, өз кінәсін ол да өзгеге жапсырмақ. Қара теңіз жағасында тыраңдап аунап келген дүкенші жас бір жігіт күмән айтты көшедегі ұранға. Асханада қасық жуып жас балуан, жүкті әйелдер кірпіш қалап жүр анда. Біреу ерлік жасамаса бола ма: пенсионер қарттар қайда – далада «балам қызмет жасайды, деп, қалада» солар мәз боп ұлдарының есімін мақтанышпен ауыздарына алады, ә?! Жастың көбі Сібір, БАМ-да, көп істе жетіп жатыр жеңіске. Көңлі – сағым, көзі – елес жастың бәрі мәтөк деген сөз емес. Өмір деген жалғыз сөздің өзі егес, еңбек – егес, оқу – егес, егесіп шыққандарға, ашылмай ма көп есік?! Үміт, сенің шеттеп қалып сәулеңнен, өмір, сенің қашып бейнет-әуреңнен балуан жігіт билет жыртад дәу қолмен. Жұмбақ бір күш басты еңсемді, ырқымды, әлденеден қорындым мен бір түрлі. қол жетпеуден талай жоспар қырқылды, талай құрылыс бітпей жатыр, ал, мұнда
...алушысы көп бір дүкен алдында, әлгі жігіт балуан иық сынық өң, еңбек көріп, жұмыс санап шынымен, ойнап отыр құстың қауырсынымен. ТЕЛЕФОНМЕН ШЕШЕМІЗ Келеді ылғи телефонға барғысы, – Әлө? Іспит! – дейді о кісі, о кісі келген шақта әлденелер дегісі тындамайды ұзын сымның арғы ұшы. – Қараңқағыр, өзі шырылдатып ап, сөйлескісі келмей ме өзі ақымақ. Өстіп, күйіп сөйлейді ылғи күбініп,– таң қаламын, өтті осылай көп күнім мен ауырғам, телефонға жоқ тыным: тағы, тағы шешем барад жүгіріп. – Әлө? Іспит!– дейді о кісі о кісі дейді, дейді келген кезде дегісі.
Кимешектен сәл шығарып құлағын тағы бірде: Іспит, деді – шыдадым. Әлө? Іспит, әлө, іспит! ақыры, «іспит» деген не сөзің деп сұрадым. Дейді о кісі келген кезде дегісі: – Қайдам,– деді сасқалақтап о кісі – келін де ылғи «әлө? іспит» деп тұрады, мен де соны айтқаным ғой, шырағым. Түсіндірдім, «спит», деген сөз мәнін, оған қоса талай сөздер мәнін тағы қозғадым. Шошып кетті – сонсоң барып түсінді, түсінгені шығар – мықтап қысылды. Аяп кеттім: зердең, дедім, мол екен... Ұялғанда – үлкендер де бала ғой. Осы кезде шырылдады телефон, ала ғой, деп жұбаттым мен ала ғой.
АУЫЛ СЕРІСІ Кекіл-шаш қойған, әдемі бозбала-жігіт бар еді. Айтпақшы, өзім сол жылы он жасқа қараған едім. Бозбала-жігіт әлгі әсем Серіжан еді болмаған. Серіағаменен жолдас ем, Мақтаныш еді сол маған. Сері ағам. Қыз көп қараған, Қыздары жақсы үй көп-ті. Бір күні әлгі сері ағам бір ауыз өлең үйретті. Жеңге де көп-ті ағамда, ол жылдар бай ед жеңгеге. Жеңгесіз адам – адам ба, бір жеңге бар-ды менде де. Жеңешем жап-жас болды аса, тек қана жас па – сұлу жас. Қайнылар болса он жасар, Жеңгелер, ойна, жымыңдас. Өлеңді әлгі жаттадым, тексерді ағам қайталап. Мақтады, тағы мақтады: айтады-ақ, деді, айтады-ақ.
Талай қыздармен ойнап ем, сүймедім, дедім, ешбірін, Жеңеше, дедім, бойдақ ем, келемін, дедім, кешқұрым. Жүруші ед ылғи күлімдеп, со жолы күйіп сөйледі: – кешті қайтесің, жүгірмек, қазір-ақ келе ғой деді. Қаша алмай қалдым қапыда, – Мә, саған, деді, ақымақ! Шапалақ ұзын, ет қызу, өртеніп кетті бет-жүзім. Әрине, көп жыл – үйленгем, суға да бата жаздағам, отқа да күйгем мен кейде, тәрбие көрдім аздаған, азап та таттым сүйгеннен. Шын сезім, анық бұл сезім: Әйтеуір біреудің сөзін айтпауға сонда-ақ үйренгем.
ПАТРИОТ – Жастардікі келешек – деп ақырды көк есек,– Құлын бірақ қосылмайды жастарға. – Өздеріңде бас бар ма? Желөкпелеу көп құлын, тебе қалса тұяғының өткірін, желе қалса көрсетеді шоқтығын. Құйрығы бар, тек жалы жоқ демесе, қызыл торпақ қабілетті он есе. Құлынға ұсап мақтанбайды ол әрі. Шаба қалса – шаңы ұшады жоғары: жорғаға да, желіске де сала алар, жарыс болса – қызыл торпақты ала бар! Есек – бастап, сиыр қостап торпақты, торпақ күллі дүниелік жастардың жарысына жол тапты: Есек айтты: оза алмайды десек те, айқай-шусыз дұрыс жүрсін есепте! Әлхисса, өстіп көк есек тартты білем патриоттық тегіне: момын деген ат әперді еліне. Ал, құлындар? Тұлпар туған құлындар қартайып тұр желіде.
СЫН МЕН ШЫН Мысық тырнақ ащы бір мысқыл сөзбен өкіл сынап жатты совхоз бастығын: Тым құрыса кеще біреу жоқ деп пе ең, мақтау алған тағы ешкім жоқ мектептен. Қасқырға да жегізбепсің бір қойды, мысығың да егіз туа білмейді. Егінің де біркелкі боп көктейді,– кіл орташа, бір озатың жоқ, деді. Бастық айтты: – етеді елдің бәрі еңбек, бірақ жоспарды орындадық әрең деп, бірақ біздер еттік дейміз көп қызмет, озат та жоқ, жалқау да, есесіне, өтірік те жоқ бізде! ДЫМҚЫЛ-ДЫМ Болатындай өрт шықты деп жар салса. Ағаштардың қаңқалары арса-арса от боп жалап кешегі бір күн демі әрең аман қалған сын-ды діңдері.
Аспан жерге тұман болып түсіп ед, барады енді бұлт боп баурын көтеріп. Жылай-жылай иықтары салбырап ағаштардың кеткен сын-ды еті өліп. Бұталардың әр буыны тамшы ілген сырқырайтын сын-ды суық шаншумен. Шытырлақтау мінезім бар, шамшыл да ем, менің де енді шаруам жоқ шаң-шұңмен. Қылқанды ағаш жапырақты ең кіші, жеңіліпсің, жеңілгеннің белгісі: әбден езіп бітіріпті дымқыл-дым, бекер-бекер, бекер-бекер ұмтылдың!
У-шу болған көк орман жоқ, асылы қалған білем табиғат та басылып. Былшыра күз, мұң да тегін, тегін ой, өзіңді өзің жей бер іштен жегідей. Желігі жоқ, серпуі жоқ мына әлем, Сыбдыры жоқ су жапырақ тұр әрең бір селт етсе – ұшып түсер еді ғой?! ЖЕЛ Бүкіл маңай ұлып тұр, ағаш біткен дүр-дүр етіп үрікті – жапырақтыға қорлық қалың, қайғы көп. Қызды әңгіме тоғайда жан сауғалау жайлы үдеп. Жел таң болып тұрды сонда маңайға: Мұнша кімге, неге жалбақтайды деп.
ҚАСТАНДЫҚ – Алдияр, алдыңда жар. артың – батпақ, Жылтыратпа сөзіңді алтын қаптап. Күн туғанда күрең бір семсер саптап, «бас кесерім жасырман» жау боп қаптап. – Батыр, алдыңды алдым мен майданға аттап. Мен – әлсізбін, сондықтан айлам қап-қап: мен құртқанша кеудеңді қақ-қақ, қақ-қақ. – Мені қалай құртпақсың? – Мақтап-мақтап! ШӨП-МАХАББАТ Ағайын мәз, ата-ана мәз – мәз бәрі: той қамының үстінде сол жаздағы күллі ағайын ығып кете жаздады; шыбын-жандар шығып кете жаздады. Фотоаппарат көзі алдында тұрды қыз, гүл құшақтап тұрды жігіт дұрыстап. Сүйеміз деп бірімізді-біріміз ант берісті бірі-біріне гүл ұстап.
Кит-ситі бар: жібек, мауыт, шыпыр-шыт – екі жақ та тықыршып жүр, тықыршып. Жақсы, десті ел, жырғаған да, ырғаған, екі бала болды десті бір балаң! Шыдау керек көп шөлмектің күшіне Нағыз сылтау табылды ғой ішуге: ішіп жүрді ел, өңі түгіл, түсінде екі жастың махаббаты үшін деп.
Кейін бірақ... елдің сөзі болса анық, жастар жараса алмағаны оншалық. Махаббаттар айналды ұрыс-соғысқа... – Айтқан уәде, берілген ант шөп ұстап қайдан берік болсын, деді томсарып. Қыз жағынан сексен асқан бір ана, ұл жағынан қостады оны бір ана: – гүл де шөп қой, шөпте кие тұра ма. Бір ағайын иек көтерді алысқа: – Енді ың-шыңсыз бұларды айырылыстырар таныс тап! Анты гүлдің ғұмырындай заманның жігіті мен қызы әне, солды, бітті деді біреу ызалы – бүйтпес еді серттессе егер нан ұстап. Жалғыз күйген жанын қарғар деп еді. Гүлді кінәлаудың қанша керегі – қариялар, әрине, айта береді. ТРИПТИХ 1. Жыр оқыды бір ақын
«Табысымнан өзің бастап тат, апа,– пара алып ем, жасап едім сәл ұрлық» – бұ не сөз деп түсіне алмай аңырдық, ал, залдағы ел күлді: ха-ха, хаха-ха. Кейіпкері әлгі сықақшы ақынның сол парадан, деді, ақыры шатылдым: күйігімді де өзің бастап тат, апа! – Зал толы жұрт тағы күлді: ха-ха-ха! Параны кім алмайды, елдің заңы әділ: алым үшін өтті атудың заманы. Хақтың өзі үй басына жыл сайын құрбандық деп бір-бір қойдан алады! – Осыны айтып ақталып ем, қата, апа, бопты деді, ал, зал тағы: ха-ха-ха! Қол соғылды ха-ха-халап күлді сонда зал қанша, алақандар жанғанша. Ұрлықтарды паралармен, апа, біз, жаба алмасақ түрмеміз бір – жатамыз. Қазына одан қаңырамайды – білеміз,
жұтқан асың маңырамайды – білеміз. Есерлік пен тоқтық, егіз, бұ да егіз, жылайтұғын жерде содан күлеміз. Күл-күл, апа, күліп-күліп жат, ана, жалғыз ұлың түрмеде отыр, ха-ха-ха!
- Тағы біреу оқыды
Мен сендерге көрсетермін, тұра тұр – деп бастады жырын тағы бір ақын. Шын дарыған жанмын деді ол арқалы Жазғанда тек бостау екен арқауы. Ширатылып оқығанда – сұрапыл: Самарқау ел – қазақ елі деген ел: түссе-дағы осы қазір төбеден Хақтың өзі екі аяғы салбырап – танымайды, танданбайды, ал, бірақ ақын болды Айбергенов Төлеген кетті айтылмай сол жыршының ішінде ой, айтылғанын қор еттіңдер түсінбей. Бағаламай қорладың көп асылды, тани алмай өлтірдіңдер Қасымды. Сондықтан да қол соғыңдар, қане, ұлдар, сендердің де, қыздар, ала-қаның, бар – тарихтың доңғалағы, дөңгелен, Мақатаев құсап ертең мен де өлем, өлмей тұрып, дереу, дереу таныңдар! Әлдене бір тың ой айтса – бір сәрі, жер тепкілеп ақын жұртқа ұрсады. Сынбасын деп өнер сағы, жыр сағы Халық бәрін түсінуге тырысады. Расында Аманжолов неге өлді, қой, қой, ойбай, бағалайық өлеңді. Жасы жетіп өлгендері жоқ, демек, өлді-ау ақын қол-шапалаққа өкпелеп,– қол соғу – аз, тепкілейік еденді! Әлгі залды шаң көтерді, шу қаптап, жаман жырды лақтырды ақын шумақтап. Сөйтіп ақынды анық танып еді елі, Көр аузынан алып қалып еді елі. Медаль тақты ол, өсті біраз беделі, артистіктен жан салмады алдына, сол арқылы өзі тірі қалды да, әлдеқашан өліп кетті өлеңі.
- Тағы біреу
Гренада, Гренада моя М. Светлов
Табиғаттың бойындағы сүтпенен Көк теңіздің ортасына біткен ел! Жаралып па ең қан төгу мен қайғы үшін, Гренада, кіп-кішкене байғұшым!
Жантайғанда таянышы – көк теңіз, ортайғанда аянышы – көк теңіз, көсілгенде көрпесі де көк теңіз Есілгенде еркесі де көк теңіз. Түспеп еді көк теңізге көптен із, Із түсті, әне, қанның ізі, Сөкпеңіз: қан боп суға төгілді деп сөкпеңіз, кіп-кішкене ел жеңілді деп сөкпеңіз. Тәңірге де, тағдырға да жазғаны – Атланттай алып бола жаздады, Гренада – халық бола жаздады. Сүрінбейді, жығылады аз халық жеңілмейді, қырылады аз халық.
О жылы да күн туған-ды зобалаң, Қырғын тапқан топ-топ адам, топ адам. Зеңбіректер содан бері тұр ұлып, неткен халық таусылмайтын қырылып, Гренада! Қаны неткен көп арал? Қан әлі ағад, қаза-батпан, қайғы-сел, жапырағына шық орнына шаң бүркіп, топырағына сүт орнына қан бүркіп, көк теңіздің ортасына қаңғыртып, тағдыр баста қуып салған байғұс ел, Гренада! қаның жатыр әлі ағып, жыртығыңды жасырайын жара ғып, жетіміңді асырайын бала ғып, Жаралып па ең қан төгу мен қайғы үшін, Гренада, кіп-кішкене байғұшым! Гренада! Бөбегім-ай, досым-ай! жырын ақын осылай – оқып бітті. Қол соғылды, бірақ әттең сирек тым, ауыз да көп болады екен мұншама, әр тұстан бір шип-шип етті, су сабап ұшқанындай жалғыз-жарым үйректің. Құр тастады жырды ықылас, батадан, екен десті ойлары тым жатаған. Рейган ғой мұның сөзін қыстырмайд – өлеңді өстіп жазғырады екі адам, бірін-бірі мәз ғылады екі адам.
АНА ТІЛІ ТУРАЛЫ СӨЗ
– Қызыл сөзбен нан табады бұл күнде,– күлді екеуі бүйірлері бүлкілдеп. Үшеуіміз де сөйлейміз ғой бір тілде, айт, айт, дедім, іркілмеңдер, іркілме. Қызылдықтан емес сөзім жанса егер, мынау дедім, жылайтын жер, күлкің не?! – Кітаптарың сендердің,– деп тағы күлді сонда әлгі, – өтпей жатыр. – Рас, ондай болған-ды. – «Болған» емес, болып келеді енді-енді, өстіп қысып қою керек сендерді, – Бірер кітап... жаман жазған шығармын... – Әдебиет... ісі дейсің бұ да ардың. – Рас, дедім, тауып айттың, бұ да рас: жазушының өтірікке діні қас. – Бірақ ондай кітаптарды қазақы жазғандардың шығып жүр ғой аз аты. Ол тілде оқыр жұрт та азайып келеді, құрыр түбі адамдар да жазатын. – Құри берсін сен секілді сөзшеңдер, халқы құрымаса болды қазақтың! – Ха-ха, ха-ха, әзіл ғой, дос, құрбылық – баяғыда іс қылып ең бір бүлік... Мұндайда адам – ақылсыз ғой, мен де – сол: көрдім, дедім, осы қазір өлмесем – үйдің іші өре тұрды дүрлігіп. Сырттан-жігіт қашты мұрнын шымшып ап, тазы-сұлу жылап ерді қыңсылап. Сөз өнері ұқсас дейді тасқынға, кейде бірақ тасқын да қалады ғой көлденең тас астында. Көлденеңдеп сөйлейді жұрт! Міне, Сізге ер мұңы: қонақтың да батады екен қорлығы, батады екен есер сөзі мастың да – құлағыма түрпідей боп тиді үні, ал, бәрінен пиғыл қандай, пиғылы! Бәрімізге тағдыр – біреу, Бір ырғақ, ана тілін шамамызша жұмырлап келеміз ғой, сол тіл үшін егес қып, сен – құрысаң, мен – құрысам емес түк, бірер кітап тумай қалар мықтаса, одан ешкім ұтылмайды – ұтпаса.
Егер, егер тіл құрыса?.. Сақта, «Алла», тоқтығыңа, көптігіңе мақтанба! Тілің құрид дегенді де түбінде Айтты әлгі адам Абай, Мұқтар тілінде! Африкада құлдың өзін тілімен Бірге сатқан – сатқанда. Әттең, оның сөйлегені жанып бір көкірегінің түкпір-исін танытты. Жігіттің ірілігі не керек, Тілі өлсе егер – тірілігі не керек, керегі жоқ маған ондай халықтың!
Ертіс – ерке Жайық – ақ, жайырақ ақ, жайырақ! Арғы беттен келе қойшы қайық ап, алғы күнге өткізейін тілімді, Ертіс, Жайықтан да тілім байырақ, тереңірек; мына ғажап көктемде тілім өлер деген қауіп жоқ менде: жалауларым өз дінінде ілінді, ұрандарым өз тілімде ілінді, оқып, білдім Лениндік ілімді өз тілімде; тілім осы бүгінгі, ертең-дағы жоймас ешкім тілімді – неге мұнша таусылдым мен, түңілдім, бір есердің сөздері үшін жаңағы, неге менің ішім өрт боп жанады? Егер де емес, күншіл ғой ол тас-қара, одан да өткен масқара бар, масқара: маған айтқан сөзін ол айтпас деп пе ең басқаға?! Өткен түні дөңбекшідім түнімен: бір досымның баласы «екі» апты «Ана тілінен». Ғамзатұлы сырын айтқан бір асыл: өз тілімде өлем деді Расұл. Не бітірем артында қап тілімнің, менің де сол – расым. Сездік талай іштарлықты – мұздадық, қалам ақы төлейтін кассирлердің түр-болмысы Сізге анық: еңбегіңді, өнеріңді түсінбей, тиыныңа қарайды ғой қызғанып?! Пендешілік, ей, бейшара, пенделік,
бітпедің-ау сен де өліп! Мейлі, есерлер менсінбесе қол сілтеп – тілім тірі болсын тек! Тілден қалып өмір сүрген жоқ халық – шындық осы; сол шындықты ноқта ғып киген дұрыс – мал болсаң да – басыңа, аштан өлсек – біз өлейік – жасыма, Сенің еркің, бақпай қойсаң балаңды, Асырама, арсыз бол да анаңды – . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . айналайын, ана тіліңді асыра! АЛТЫ ҚАЗ Әуелеп ұшқан алты қаз «Қыз Жібек»
Көл жағалай үкіленген кіл құрақ, сол құрақтың арасымен сылдырап көлге құйып жататұғын бір бұлақ. Күннің алтын кірпіктері сөнгенде су бетіне көлеңке боп көлбеңдеп, Алты қаз кеп қонатұғын сол көлге; Ұзын мойын бөтелкедей бүйірлі алты қаз кеп қонған шақта бұйығы көлдің бей-жай бетін талай жиырды,– Сарайлардың, әйнектеріне ұстаған жібек пердеге ұсатып. Көрмеп едік аң аулап, не құс атып, жолаушы жұрт шошытатын мені кеп: «мылтық болып, атып алар ма еді» деп. Мылтығыңды не қылады қырдың аңқау; паң елі, мал қоритын – маялыаяқтар ғана еді. Қаздары да аңқау еді бір түрлі. Түсінбейтін сескенуді, үркуді. Әлденені сүңгіп тауып, түртіп жеп, жүруші еді жемсаулары бүлкілдеп. Шақырса егер күзде – байғыз, жаз – қарға, ес көруші ек, көкем ерек сүйсініп: «Адал құс!» деп қарайтұғын қаздарға. «Адал» деген сөзді біздер – еті емес, көңілі адал, деп түсіндік, жаны адал.
Ол күндері көрмепті, рас, жан адам қаздың етін не қазан, не табадан – аңқаулық та шамадан тыс, шамадан. Су мен шағыл бір-біріне мінбелеп, Күндіз – самал теңіз жақтан, іргеден, шағыл жақтан есетұғын түнде леп. Жасырынса теңіз жалы жар асып, құм тілі мен желдің тілі жаласып, ызыңдайтын қурай, қияқ, қарашы: Гурьев пен Астраханның арасы қос темір жол тартылды да бір күні, үй салынды қорабындай шырпының.
Тек ойпаңда сулар сасып іркіліп, су бетінде көгілдір май кілкіді. Ырыздығын сүңгіп тауып, түртіп жеп қаздар жүрді жемсаулары бүлкілдеп. Айдала ғой: бөгде дыбыс аз-ды онда, Шақыратын күзде – байғыз, жаз – қарға. Қаршыға, Аққу аты ғана баяғы, Дала деген сахнада баяғы жататұғын аңыздармен ауысып, жұмсақ қана сыбдыраушы ед қау іші,– көмді бәрін паровоздар дауысы. Шыны ыдыстар сыңғыр қағып, поезд өткенде зіркілдеп, тыныштықты дыбыс жатты жыртып жеп. Ағарды ғой көйлектердің жағасы, есесіне, қарашы, әне, қарашы: ақ бұлақты ылай жапты, дарынды ел баспен емес, ойлап кетті қарынмен. Жас ботасын поезд басып өлтіріп, бұйда қиып боздап кетті қара інген. Тұңғыш мәрте мылтық даусы естілді – жаңғырық қып көл көтерді кешкі үнді: Жалғыз қаздың қауырсыны жалғанды жауып кетті, Төлегені өлгенмен ұлы жырдың алты қазы қалған-ды. әлденені жасырғандай болды дала көлгіртіп – бес қаз келіп қонды сол күн көлге үркіп. Тағы бір күн мылтық даусы естілді, мылтық ол күн шошытпады ешкімді. Түтін тұрды көлдің жүзін көлгіртіп,
енді көлге төрт қаз келіп қонды үркіп. Рюкзакті кісілердің түр-түрі келіп жатты, ауада шаң кілкіді, қыпың қақты көк құрақтың кірпігі – мылтық даусы шықты тағы бір күні. Біреулер жүр құмға жаңа бет пішіп, әр бұтаға көз жасы боп жетті шық; бөбектерің көкірегіңді тепті шын, көл кеудесі сен күрсінген жоқпысың? Жер де өзгерді кенеп құсап бір түрлі: Бір қаңқ етіп ымырт шақта сиқырлы, Қос қоңыр қаз әлдеқайда кетті ұшып. Содан қайтып көрінбеді қаз маңнан, қаз кеткелі көлі де азған, базданған, Есесіне поездар көп тоқтайды, бүгін ол маң қала болды көпке әйгі. Есесіне кірді құмға шам алып жаңалықтар, жаңалықтар, жаңалық телеграф бағаны боп аттап-аттап кірді аңдып, кірді ырыс-жылдамдық, кірді жүріс-жылдамдық. Қара ісекті жеді қарттар құрбан ғып, Жүруші едік деді қарттар сан апта, алты күндік жолыңды алты сағатта алады екен жүйрік поезд! Қалды атың, жүгенді қой, билет сатып ал, қатын, жақын енді Гурьевің, Алматың!
Құтты болсын қырдың елі, ұлы іргең, іргең үшін құттықтаймын бүгін мен. Ірге орныққан сайын зат көп, жүріс көп, ақша санап, қоржын ұстап шұбырды ел. Тұрмыс келді құмға жықпыл-жықпылмен, газын, суын сүйрей келді құбырмен. Сумаң қағып болат жолдар түсті алға. Селеу, қияқ, ебелектер ысталған,– мыс балқытып құйған сын-ды шөптерге, Бұлақ көзін басып қалған шпалдар. Ұстара ғой сәби табиғат үшін, Цивилизацияны байқап ұстаңдар! Қаздар даусы, қамысты көл, Бұлағы көрген көздің ғана алдында тұрады.
Көрмегендер нені жоқтар, нені іздеп, құрар бәрін шаруасына негіздеп. Шаруаға Қанішкеннің басы аса қолайлы жер бір тиыннан екі тиын жасаса. Тиын деген – мүлік түсті бір түрлі, алақанға күліп түсті бір түрлі. Ауыл еді жайрап жатар жарықтық, есігіне құлып түсті бір түрлі. Ағайындас кәсіп екен сауда, ұрлық, ұрылармен, саудагермен дау құрдық. Сиыр сауған қырдың әйелдеріне цистерналап сыра, квас саудырдық. Қайыр айтты: Мұны көптен күтіп ек, шүкір ет, деп жантайды қарт, шүкір ет. Әжелер де мәз боп қалды, шілдеде ірімейді консервінің сүті деп. Ескіліктен – арба қалды бұ маңда, қойдың өзі зорға қалды бұ маңда, Қашып кетті құстың-дағы «адалы», байғыздар мен қарға қалды бұ маңда. Көлім талай май-мұнайдан аршылар, ауылымның әлі талай бұлақтары бар шығар.
Бірақ тірі тоғай қалай қаңсыған? Бұлбұл, әнді таста, айнал жаршыға, Сендер де ойлан, қыран, аққу, қаршыға! Сен туралы ойламаймын мен ағат, о, қанағат, Уақыт, саған қанағат! Тек қала алман айтарымды іркіп мен, жанарымды жасыра алман кірпікпен. Кел, кел, жүйрік самолеттер, поездер, Кел, жылдамдық! Тек... құсымды үркітпе. ІШ МЫЛЖЫҢЫ Қанша мылжың болғанымен мына дау түбі менің пайдамды айтып тынады-ау. Өрт екен ғой, өрт екен ғой бір алау – дау үстінде біреуге ұнау, ұнамау. Дау үстінде көрсетті әркім өз әлін, сен де создың дауды,
мен де созамын. Езге есептеп тірлік етсең, есіл ер, әрбір ісің әділетсіз шешілер! Жо-жоқ, ашық айтыс емес біздің дау, одан гөрі жымысқылау, құзғындау. Жасырмаңдар, бәріңде дау-мұң бар бір: бұлтпен тартыс-қаны сын-ды шыңдардың; жапырақ пен желдің жұлқысқанына өп-өтірік таң қаласың тағы да, О, қушыкеш, оянғанда ой-ақыл, сенің-дағы талабың бар қоятын әрбір жайға, әр пікірге бола тым қарсылығың бар ішіңнен жанатын. сөз емес деп сөз айтудың өзі егес. Рас, қастық – достық жайлы сөз емес, Үйкеліс пен егестердің заңынан туады екен күй қағынып, жанып ән. Өмір деген осы, сірә, мен білсем: мен біреуге мұңымды айтып сендірсем, бір әлсізге күш көрсетіп келдің сен. Жасырмаңдар бәрінде дау-мұң бар бір бұлтпен тартысқаны сынды шыңдардың, жапырақ пен желдің, жұлысқанындай – келеді ол тек дау-жанжал боп танылмай табиғилық арқасында баяғы жақсылыққа әкеледі аяғы: кім жарылса шындық айтып ағынан бәрібір сол... мен жеңген боп табылам. Сонда-дағы таусылмайтын көп дау бар қалыс қалу, қарсылықтар, қолдаулар. Өз көңліме өзім құлақ түрейін, өз кеудемді өзім жарып кірейін: алқымдайды бір сезімді бір сезім, бір ойымды сойып жатыр бір ойым...
ХАЙУАНАТТАР ПАРКІНДЕГІ ӘҢГІМЕ – Өзің айтшы, мына құсың, астана, сауысқан ба, қарға ма, әлде басқа ма: түгі түскен қанатының қауырсыны жүр шығып,– жаным менің кетті содан түршігіп. Шаш бітетін заман ғой бұл қасқаға, заман ғой бұл түк бітетін тасқа да – не көрінді мына құсқа?
Масқара: лашын-бүркіт көбелекше ұшып көп, арыстан жүр қаншық-итше күшіктеп. Ал, түлкілер арқасында айланың барыстарды бақайынан байлады. Өлексе-жем салды біреу қыранға, ұят шығар қырандар аш қалды деу. Есегіне ер қондырды ел, ал, біреу Сайгүлікті етке өткізіп тұр анда... – Ар біткенін қашан көрдің айғайға, қашан көрдің ой біткенін ойбайға! Талантына күмәндана бастасаң, бұлбұлдар да салады ғой басқаша ән. Торда отырған барыстарға мезгілдің кеңдігінен не пайда бар?! Сөз ғылдың өнбес істі, төгемін деп тегін ой, арыстанға – арыстан деп қараса, барыстармен алысқан деп қараса – жалы содан күдірейер еді ғой?! Бөлек-бөлек тор болғанмен әрине, бір жағдай жасалған ғой бәріне. Жетіп жатыр есекте де, шүкір, күш, түлкі-айламен түлкі де көп бітірді іс. Түгі түссе қыран қанаттарының қауырсыны – қанат емес, сыпырғыш; баса алмаса азуын, О, бәрібір арыстанның аузы да бір түкіргіш. Бап болмаса сайгүлікке бақ қайда, еріккенше атақ үшін ат байлап, бағымы арзан баспақтарын бақпай ма! – Арыстанның торы дейді тор мына, барыстардың торы дейді тор мына қалмаған ғой сол атақтан басқа түк?! Сол торлардың бәрін бұзып тастатып, инкубатор салу керек орнына!
СӨЗ – СЕНІКІ Тас домалап, дауыл тұрып балағынан, қара шыңнан қарғығанда бала қыран, қарсы ұшқанда ақ түтекке қайқаң қағып – не ұша алмадық соған ұсап, не сүйсініп бір ауыз сөз айта алмадық. Қулығымыз құдіретке де, сайтанға анық:
Әлдебіреу шындық айтса – қамшы ұрғандай қайқаңдадық, шыға беріп өсек салдық өсек салған дорбаларға. Арамдықты тас қып артар арба бар ма, қойнымызға тыққан тастың салмағынан қозғаламыз зорға-зорға, сонда да біз жаға алмадық қаптап жүрген қарғаларға. Қарғаны да Хақ жаратқан; Обал! Обал!– дескен де едік, Обалдыны аяғанмен, киеліден сескенбедік. Емен шапқан балтамызды мақтадық біз күліп тұрып, ақ қаздарды мақтадық біз – қауырсынын жұлып тұрып – уақыт бізге кеңдік етті – соның бәрін ұмыттырып. Талғаймыз біз, іс етпедік талғамай түк, талғамды тек бүлдірдік біз жиі-жиі жалған айтып. Жұмсақ миға сіңбей қойды батыл бір ой, қатты ағашқа шеге қағып, аман-сау жүр балға қайтып?! Аттап өтіп айлаларды, амалдарды, Шындық сырын жарып айту саған қалды. Шыңнан қарғып ұшқындардың қырандығын, Сен, сен аңқып айтып берсең, мен тыңдауға антенна боп тұрам бүгін. Жапалақтай жасықтарды жер ғып, демек қыран жайлы қайқы сөзді тыңдау үшін де ерлік керек, болу керек, құрығанда, жарты қыран, корықпау үшін қарғалардың қарқылынан. Білек – қуат, құлақ қайдан нәр алады: қара қылды қақ жаруға қанжарлар да жарамады. Жігер де жоқ, желік те жоқ, арам әрі, «түсінбедім» деген бір сөз топас жанның бар амалы. Обалы бар – тірі жанға тимеу керек дегенді де, киеліні – кебіс етіп кимеу керек дегенді де жанып айту саған қалды, танып айту саған қалды орнын әрненің, саған, саған, саған қалды, домбырам менің!
ДОМБЫРАМ, САҒАН Әркімнің бар күйге арнар бір-бір кеші, Бас – киіз үй, құлақ қып тұрды іргесін: күмбірлеші, домбырам, күмбірлеші, жел ғылып қуанышымды елге жай да, қасіретімді ешкімге білдірмеші – күмбірлеші, домбырам, күмбірлеші! Ақ шыңыма қоңыр бұлт жаңа асылды, қоңыр кешке қоңыр бұлт жарасымды. Саусақтарым пернені жатыр сорып, шырын сорған гүлдерден ара сынды. Өтті, кетті Күн күлген манағы сәт, ақ шыңыма бұлт қонды жала құсап. Әр пернеге қадалды саусақтарым, гүлге дір-дір қадалған ара құсап. Бір қылығым әйтеуір ұнамаған, әйтеуір бір сып-бес жан мына маған жала жапты,– сен түсін көңіл құлқын – сол ғой әппақ шыңдағы қоңыр бұлтым. Далам ашық, жан едім, тауым анық, сол тауымды қоңыр бұлт тауып алып ауық-ауық қонады, көлеңкесі қабағыма түседі ауық-ауық. Жала екенін сезеді жау да осының, баяғы сол пәнденін әуресі бұл. Пәнделікке бармайды көңілім көп, мен емес-ау, күн кешті ел мені күндеп. Шын халіңді түсінер қайда ағайын, сен болмасаң, домбырам, айналайын! Саған айтам сондықтан сырымды бар. қалған жұрттың көбі қу-жырындылар. Ымырт та – мұң, ой да – мұң, екеуінің сенің үнің, тым құрса, бірін қуар. Күмбірлеші, домбырам, күмбірлеші, Бас – киіз үй, құлақ қып түрді іргесін. Қуанышымды жел ғылып елге жайшы, қасіретімді ешкімге білдірмеші.
Р. S. Ескі үндер жарамайды, жарамайды, ал мен ашсам жаңа дыбыс, жаңа майдан: Романенко жасаған домбырам бар, қақпағын жонып еді ол қарағайдан. Сайрап тұр сол қақпағы – кепті білем, саламын он саусақпен тепкіні мен. Шертіп қалсаң – бір ащы үн ыршиды, ішегіне шыбын қонса – ыңырсиды. Шыбын емес, бір бұлбұл қонды мана, бұлбұл қонды кеуделі домбырама. Құлағы домбырамның бір бұралды: сайрайды-ау мың бұралтып бұлбұл әлгі?! Осы оймен домбырамды қолға алып ем, тағы да, тағы да бір толғанып ем, келмеді күйім менің: бұлбұл, десті ел, ымыртта сайрамайды, қонғанымен...
ШАШЛЫҚ САТУШЫ Ет іздейтін кей-кейде әдетіміз еді ескі, әдет – ауру дегенмен онша қауіпті емес-ті. Досым маған: қой, деді, бірер сағат жұмысты, кеттік, деді, тау жаққа, шөлдеп кеттік, күн ыссы. Ала қабырғасы бар ақ «Волганы» ұстадық: су себілген асфальт жол шыға келді қысқарып. Түтін шыққан бір сайға асығыстау кеп түстік. Шуда-мұртты жігіттің шашлығы көп пісті. Жігіт отқа тұр қарап, қолында ағаш бір қалақ, шалқытады түтінді ағаш қалақ былғалап. Түтін қойылған сайын қоңырсып кеп күйеді ет, күлге шөгіп күрсініп жатып алған үйелеп томар-томар сексеуіл ұқсайды екен түйеге. Түтін – ащы, шоқ – солған, көмір аз да, күйе көп. От үстінде ойнайды сұйық сағым көлгірсіп, күн теседі шекені – самайлардан тер быршып. Бұрыш – қызыл, ет – қызыл, үйлесіп тұр, үйлесіп – шуда-мұртты жігіттің қызарады шүйдесі. Күлкі естіліп бірауық, алға жылжып бір елі жақындаған кезегі жұрт көңілді тұр еді. Салды кенет айқай-дау күреңіткен бір адам:
– Екі сомым жеп қойды, қараңдаршы мынаған, бес сом беріп едім мен. – Үш сом бердің – деді анау, күн ыстықта адамға ұрысу да обал-ау. Екі сомын қуған жан үш таяқша тұр ұстап, алға итіне түседі ұрысқалы дұрыстап, шуда-мұртты жігіт те ұрысқақ-ау, ұрысқақ. Екеуі де әркімді шақырады куәға, куә қайда: біреу – мас, біреу қылжақ, дуана, байқамапты ешқайсы бергендігін кім қанша, ал, әлгі екеу... шыдадық құлағымыз тұнғанша. Темір астаудан өрген жасыл түтін бұл жасыл ауыздардан шыққандай (кеңірдектер – мұржасы); Екі сомнан осынша өрбіп кетті көп егес,– жеңін түрді әлдекім: шықса-ау, шіркін, төбелес! Жалын шашты бет-жүздер, ұшқындасқан көз қандай, тіл дегенің көк сүңгі болса-ау шіркін, сөз болмай! Ақша иесі үш таяқ шашлығын бүре ұстап, шуда-мұртты жіберді жеті атадан дұрыстап. – Невежда!– деп ол айтты, – Көрнадансың!– деді анау, екеуінің сөзі де шындық болса – обал-ау. Шашлықшы шуда-мұрт сонда анаған қас қыла ромбасын көрсетті ақ халаттың астынан. КазГУ бітірген екен. – Шашлықта ырыс, бақ – дипломды жебірлер жейді,– десті ал,– дұрыстап, оқыған ғой себебі?! Осал жерден тұр ұстап дипломсыз ғалымды дипломсыз ұрысқак,. Ал, біз болсақ – терледік: күн ыссы ғой, күн ыссы-ақ. – Шырағым-ай!– деп сонсоң шашлық ап күрсіндік, бұ даудың да ақыры ашты, өйткені, бір шындық. Қайтарылды екі сом. Жігіт төмен қарады: – Обал, десті ел, обал, ә? – Күнелтіс қой, деді, аға! «Күнелтіс» деп күйбеңмен көп күндерін өткізген, сына жігіт тыл-сымға сығырайып ет тізген әлі түр сол көк сайда, күнге қарап бетті ізгі, «Надансың-дар!» деп қойып бірер сомнан жеп бізді. Дипломы – қалтада,
үйлеспесе ісі іріп ромбысын көрсетед – шашлығын пісіріп. Бәрі ардақты еңбектің, қорлық емес ешбірі, бірақ осы жігіттің ұнамады кескіні: он бес жылдай оқыған азаматтың сиқы осы, мұндайларды, қызығы, шашлық қып үйтесің! Қаражаты халықтың, ұстаздардың жүйкесі... Неткен сұмдық! Сұмдық да шындық болса – жарқырат, шындық: бір сом – ол үшін жарты байлық, жарты бақ. Сымға тізіп сан-етті қары ұйыған қалтырап, құлқын құлы, мен сенің дипломыңды тартып ап, БАМ-ға апарып салар ем! сескенемін мен сенен, пайда қуған пақыр жан, сені ойласам – теңселем. Сенсің нағыз сорлылық, міне, қоғам, шын қырсық: түсіп тұрып қалтаңа – ақыл айтад білгірсіп, «күнелтіске» келгенде ұяты жоқ, жоқ ары, қолы – күлді көсейді, ал, кеудесі – жоғары. Сауал, сауал көп менде, түсінбеймін түк кейде: бас дегенің қарыннан биігірек бітпей ме?!
ЖАРТЫЛАЙ АҚ, ЖАРТЫЛАЙ ҚАРА ӨЛЕҢ Бөрік кие алмаушы едім – шаштың қалыңдығынан: Қара шыңым – оған да, әне, әне, қар түсіп, кетті ағарып жел жақтағы жартысы. Қара еменше қарсы тұрар жоқ шамам, Жә, дегенмен мен емеспін шөп-шалам, Үйіріліп көргенім жоқ ық жаққа. Қарсы сипап жолбарысты түгіне, азу күшін айналдырдым қыл жаққа, тырнақ күшін айналдырдым қылжаққа, күшік тенеу құйрық бұлғап бір жақта, қабылан-бояу қағынады бір жақта. Едірейген әрбір түктің ығына нем қалады берсем егер жығыла?! Өшігетін болсаң түбі кешірме, суыйтұғын болсаң түбі жылыма!
Бір адамдай айта алам-ау сөзді мен, кейде от жатты әр сөзімде шарпысып. Бірақ соның қақ жартысы – ақ өлең, қара өлең – қақ жартысы. Көзбен көрген шындық та жалған десең ойдан шыққанның бәрі: Сөздерімнің адал шындық – жартысы, қалған жартысы – ойдан шыққан – өтірік! Пародистер, мәз болмай-ақ қой бұған, қаламыңның мұрынын сүрт әуелі: жанып туса өтірік те, кез келген шындығыңнан шыншыл әрі әдемі! Жұртым менің! Өлең сүйгіш, сөзуар, сөз жайлы әлі... келеді әлі тартысып: түк ұқпайды жартысы, шала ұғады жартысы.
Жал бітіпті жартысына солардың, жартысына бітті бел: ылғи жарты қайран менің оқушым, оқымауға келген шақта – бүп-бүтін, түсінбеуге келген шақта түп-түгел.
БӘТУӘ
Не керек хал сұрап, сансырап, сансырап. Менің әр мінімді істікке шаншып ап жаһанға көрсеттің. Теріні терсек қып, сен – соқтың, мен – соқтым, ақыры, жер соқтық. Үр-ит соқ, үрит деп, үритпен құрид деп, салады ел айтақтап бір итті бір итке. Өсегі, жаласы өртеуін қарашы! Ағайын арасы кетер деп жарасып, қорқады-ау, шамасы?! Кәнігі қалыбы, айла-ісі кәнігі: өз итін өзге итке талатып таныды. Бұ жұртқа бәрібір, бәрібір, жарығым. Сондықтан тұншығып не керек? Шын сырым, қосыл, не қосылма: Сен – ескі қырсығым, мен – жаңа жыршымын, бар пәле осында. ШАҚПА ШУАҚ Бұлттан шыққан – күн ащы, Жаман кісінің тілі – ащы Халық.
Құт-береке қашып тұр, бірі – етегін, көкірегін бірі ашты: жаман ерді жасытты жаман әйел тілі ащы. Шақырайып, шекені шуақ шағып өтеді. Ырсаң қағып қабырғаң Ыссылаған не теңің! Өртеп кетті-ау Күн деген, шыны құсап күн көзіне шағылдың. Қоңыр-қоңыр мұңменен, қоңыр бұлтты сағындың. Маңай күйіп-жұтады, ә? Жаздың түрі! Жақ ашпа: жапырақ жоқ бұтада, көлеңке жоқ ағашта. Шыжғырып көп шуағы шілде – батып барады. Жаман тілдің, шырағым, шағатұғын талай жазы бар әлі. Тойып кетсе жұрт түлеп, әрнеден бір мін тапқыш қой түрткілеп. Күн бермеуші ед Күнге де әлдебіреулер бұлыңғыр деп, бұлтты деп?!
МӘЖНҮН ТАЛ Шыбығыңнан, білуші ем, шыбығыңнан бір бұтаң жоқ сынған, не сыдырылған – Саған сонша не болды, ұғына алман: жылағандар бір ауық жұбанады, ал, сен болсаң келесің жылап әлі. Мен қорланам, сен өзің қорынбасаң қорлық осы, Мәжнүн тал, сорың қашан арылады? Бұ сауал бекер бірақ: жылап келген өмірге – кетер жылап, Талға қара: тайраңдап жапырағы тағы да бір би билеп жатыр, әне, есуасқа жылау да, күлу де оңай: емен қайтсін ымыртта ыңылдамай! Тас қабаққа қарсы өскен емен кәрі , кәрі еменнің жағдайы сенен де әрі биыл оның көктемі оралмады. Көктем келді, ал, саған. жаз келеді, көктеу деген – шын бақыт, аз деме оны. еңірейсің де тұрасың, еңіреп кіл шырқын бұздың айнала, төңіректің. Сырыңды айтып жыласаң – жыла маған, көңіліңді түсінем – кінәламан. Тал-тал шашы жан-жаққа құлады, әне, ал… бұтағының құлапты бір білегі. Сыз-қойнаудың ескенде түнгі лебі тағы егіліп жыласа – бүлдіреді. ...Жылап емес, мәжнүн тал
өз тағдырын жырлап тұрғаны шығар? – Кім біледі!
ҰРЛЫҚ Торғайлардай кәрі бұтаға бір шірік ұя салған, біз де кештік тіршілік. Болды бізде бір-бір ауру, кәрі ана, сиыр болды: қызыл, сары, қара ала. Әр-әр үйдің бар-ды бір-бір сиыры, сиырдың да орта жүрді бүйірі. Соған орай көңіліміз де болды орта. Сонда да біз бала болдық, жоп-жорта мәз болушы ек: қарнымызды алдасақ Саз-балшықтан талқан жасап, нан жасап. Көпше атандық, отар қойға бара-бар, бала емес-ау: атандық біз балалар. Сиырлар бар балаларды асырар, балаларды бағатұғын ана бар. Асау үйрет, астау жама, асық ат – айран десе асығушы ек қасық ап. Бір-бір үйге бір-бір ана от жақты, Бір-бір үйді бір-бір сиыр асырап.
Бір баланың әкесі ақсап келді аман, бір той өтті аулымызда болмаған. Бір баланың шешесі өлді бір күні, содан қайтып жамалмады жыртығы. Әкесі бар бала болды бір бала, шешесі жоқ бала болды бір бала: Күміс құсап күлді бірі, ал, бірақ тотты бақыр құсап бірі қабақ ашпай салбырап. Арамыздан кетіп кейде жарастық, жарассақ та төбелесіп тарастық: бірін аяп, бірін күндеп күн кештік – әй, балалық, қайран адал білместік! Бірін дос қып аяладық үздігіп, бригадирдің баласы деп біз бірін кекетуші ек,
кекесін сол, кекесін: жиі-жиі ісіруші ек шекесін. Бригадир де күні-түні бас қатып, таппайды екен шапқылаудан басқа түк. Бірде атынан түсіп келіп тұрды әлгі: – Қорамыздан қос бау пішен ұрланды! Қорқып кеттік, қалды қастық, қыңырлық: өйткені өткен түні етіп ек бір ұрлық – бригадирдің ұлына ескі «жаулық-қастығымыз» сәл үдеп, Еркін бастап, Идаят бар, Қалыбек сиырына шешесі өлген баланың үш арқа шөп ұрлап әкеп салып ек. Бригадир біліп қапты, ғажабы: – Алыпсыңдар,– деді күліп,– аз әлі, қақсымасын табағы мен қазаны, жігітсіңдер, асыраңдар сиырын дос үйінің азалы. Ұрлықпен бе? Күліп тұрды ол бірақ, белдігіне қыстырылған сыңар балақ салбырап, сол жағына ауған шақта салмағы сы-қыр етті қолтықтағы балдағы. Адам кейде босайды екен сасса да, бір масқара болды, міне, масқара, әй, қасқалдақ, осалдық-ай, қасқалдақ – көзімізден кетті кенет жас парлап!..
МЫСЫҚ ТЫРНАҒЫ Мияулайды ол есігіме тырмысып; дос жақтауды, белгі берді, тырналап – жата бердім терезеге бір қарап. Түн ортасы ауған шақта ұрлана тереземе сен де жеттің сырғанап. Сыр еткіздің әйнегімді тырнап ап – жата бердім есік жаққа бір қарап. Сыңғыры боп жат қолдағы теңгенің тағы азаптай келіп пе едің сен мені?! Түн жарымда мияу қағып, еңіреп мысық сорлы баспана іздеп келіп ед – екеуіңе де есік ашқым келмеді: біреуіңе есік ашпан – терезеден түс қарғып, біреуіңе есік ашпан – оянады ескі
ықылас-құштарлық. Мысықтардың елі сын-ды ұрулы сен де ұқпадың күн барында кіруді: көксегенің – ұрлық, ұрлық, кіл ұрлық. Сені еске алсам... қоя беред тызылдап тырнақтыдан қалған жара бір улы.
ҰРЫ-СОҚПАҚ Кейде жаның ашиды сол құрғырға жол-соқпаққа, ғұмыры қайқаң етіп шыға алмаған бір қырға. Тұяқ баспас жан иесі оңды аса торпақтар мен тұсаулылар болмаса. Соқпақ дедік, жол деуге де арландық, топырағын бір тұлпардың тұяғы жыртпаған соң дал-дал ғып. Өтіп жатыр байғұс есек-ғұмырлар, тым құрыса жалғыз сәт дұрыстап бір шаң көтеруді арман ғып. Ауызға ұрған мұрт сын-ды, басып кеткен шөп-шөлкемнен, қоғадан аршылар деп үміт ойлап мен алаң. Сені салған қазығынан ұзай алмас соры бар тұғырлар мен торылар – ұзап шығар бір мақсаты жоқ адам. Шидің түбін жарып өтер жоқ әлің, сылбырлар мен сиырларға обалың! Қайғы, Қайғы, қайғы, қайғы, қайғы анық: көдені де өтесің сен айналып. Ашық барып тындырмайтын бір істі ізісің сен қу мен сұмның жымысқы. Тұқайының қадіреті тасқа әйгі жүйріктердің өз жолы бар, сені аттап та баспайды. Жаяу соқпақ, бұта айналып, бытыраған кіл ұры – біреуің де жол болмайсың ғұмыры!
ШЫБЫҚТАР Қар аралас жаңбыр жауды, тоңдыңдар-ау қарғам-ай, жапырағынан айрылғандар, хал қалай? Емен, Терек, қол-аяғың балғадай, жел өтінде сендер діріл қаққанда ши-бұталар күйреп жатқан жоқ па анда?!
Қар аралас жаңбыр жауды, жел беттен алады кеп, күл боп сынған шөлмектен шашыраған ұсақ-ұнтақ-жаңқадай!– Жылауың бұлт, суық едің сен неткен! Жамылғысыз, жапырақсыздар, хал қалай, тоңып, жаурап қалдыңдар-ау қалқам-ай?! Таңның шығын бұтағыңның бүрі ғып тұрушы едің Күншығысқа бұрылып. Бір-ақ жаздың көріп едің қызығын, енді тағы күздің желі тұр ұлып! Тобылғылы тоғайлардың атымен бір-ақ жаздың рахатын татып ең, ұлы ағаштар тасасында өстің де сыбдырың да естілмеп ед ешкімге, құлақ та жоқ мезгіл еді естуге – бала-шыбық, халің қалай? Иен елге бір пайдамды тигізейін дегендер сүйенеді бір мықтыға – Еменге, тамыр тартып үлгіргенше тереңге...
Қар аралас жаңбыр жауды – ызғар, ә? Бура-бұлттар мұзға шөкті сыздана. Қалтырайды жапырақсыз байғұстар, ылғи осы: панасыздың, күшсіздің көретіні – күз ғана. ДЫБЫСТАР Ауған жақта беймезгілдеу ұшты ма оқ – көргенім жоқ, естігенім тек үні. Содан мықтап жараланды көңілім, бір қабырғам болды содан жарадар, қансырадым жарадарға бара-бар – әптек қайда дәрі алар? Мылтықсыз да менің дертім... күштірек: әлденендей улы шаншу іш тіреп бір бүйірім бүгілдірмей қалды, әне, соның бәрі адам жайлы үміттердің алдауы. Бүгін – бүгін, күнді ойласаң алдағы жанға – маза, ойға дауа болмады.
Адам – адам аталғалы, қанша жол орман, тауды қырқып-қашап салса да ол, соғыс деген қасіреттен, қырсықтан сала алмап па құтылатын жолды әлі? Орман – орман, таулардың да тауы бар, жер ыңғайы әр қалай-ау, дауы бар, бет-жүзіңде өтірігі жылтырап соғыспаса сүйектері сырқырап, адамдар бар ауырар! Бейбіт қала шатырларын Күн сүйді, қала үстімен тырна-тізбек жиі өтті. Бірақ анау көкжиекте – жиекте мылтықтардың қара орманы сыңсиды. Алғы күнге мойнын созып әдетте қараушы еді арманшылдар, әрі ойлы. Көкжиектен әрі қарай кей елде мойнын созып зеңбіректер қарайды.
Ливан жақта беймезгілдеу ұшты ма оқ, расында, оқтың бәрі беймезгіл – Батырлардың қаһарынан ажал сын-ды ылғи ерте келеді. кейде ездің бықсық сөзі қауіптірек деп еді – рас сөз-ау; бұлар да халықаралық өсек айтып мың арба бір қайқаңға шығарда ат-қамыты қырық жерден үзіліп, біз – күліп ек, Сіз – ұлып. «Ұрғызатын – сұрлығы емес қасқырдың, ұрлығы ғой» деуші еді әсте қарт анам. Жауды танып үйренгенбіз картадан, достарды тек – партадан. Жалын мен шаң араласып қағынып, бомба жарылды анау жақта тағы ұлып. Соғыс көрген емеспін мен, тек үнін естіп едім, содан алаң көңілім; көкірегім көп дыбыстан жарадар,
жауынгердің шинеліне бара-бар жаным менің шұрқ-тесік. Жымысқы сөздердің де бірі – суық, бірі – ыссы, тоқтатыңдар ыстық сөзді – ұрысты, ұстап байла ұрыс деген дыбысты! Сүлейменнің жынды қамағаны сын-ды, сен енді, құмыраға қама «соғыс» дегенді. «Соғыс» деген қара жынның үні өшсін, тұқымын – тұз, түтінін жел үлессін. Ал, бүгін ше? Дыбыс, дыбыс долырған Дыбыс ұрса, жел ұрған жапырақ боп дір еттім. Менде арман бар, жоқ-жоқ бірақ тіл епті, бар-бар менде, құлағы бар жүректің!
ЖЕКСЕНБІ ЭТЮДІ Ішім пысып ыңылдап отыр ем, Күн – Жексенбі, кітап қарап шкафтан көтердің сен өкшеңді. Электрлі қоңыраудай жаным менің шыр етті, сілкіп-сілкіп жіберді сол бір шырыл жүректі. Көңлім қалғып отыр ед – ыстық бөлме-көкірек, терезе, есі-гі жабық: тым пысынап кетіп ек. Көтердің сен өкшеңді. Көңіл деген – көңіл-ау – класс толы оқушы соғылғанда қоңырау ұмтылады-ау есікке бір рақат сезініп, мен де сондай боп қалдым – көңіл емей не мынау: Жексенбі еді күн, рас, көтердің сен өкшеңді, Іздегенің шкафта бола қоймас деп сендім; болса-дағы табылмас, қу кісімін басынан: қызға керек кітапты – әрегірек жасырам. Үңілдің сен томдардың әрқайсына қап-қалың, танымадың бәрібір, бәрібір түк таппадың. Өкшеде емес мәселе, басқа жақта жатыр-ау, бірақ өкшені де сол көтере ұстау мақұл-ау: бұралады тар мықын, жұмыр балтыр, тақым-ақ, сезім шіркін шам көрген көбелектен де ақымақ. Көтер, көтер өкшеңді,
табаныңа саты қой, ағалардың да кейде аға деген-аты ғой... Бойың жетпес, бойжеткен, көтермесең өкшеңді,– ол кітапты биіктеу қойып едім – жетші енді! Сен іздеген кітаптың барлығы асыл деп сендім, деп сендім мен сен келген күннің бәрі Жексенбі.
БЫЛАЙ ТҰРШЫ Былай тұршы көлбеп бітпей – тау жақтан бір жел ессін, Көшелерді кесіп бітер көп қатарлы үй емессің. Желден қорғар жебеушім де сен емессің, емессің, Былай тұршы көлбеңдемей – тау жақтан бір жел ессін! Тау жағыма тұрма менің – тыныс келсін мұз, қардан, жылу жасап үйренгем мен мұз бен қардан, ызғардан. Жар-жағадай мінбелеме, шегініп тұр, тұр кейін, толқынған бір сәттерімде – жайпап кетіп жүрмейін. Аяушылық еттің маған – аяғымды көп бастың, тасқа тірер табаныммен саз-балшықты соқпаспын – Әлі күнге аман жүрсең – балшықтығың сол сенің, шарт-шұрт жанып кетер едің қыры болсаң көк тастың. Көлбеңдемей былай тұршы,– дала жақтан жел ессін, дауылдардан қорғап қалар – дарбазам сен емессің. Титтей дауды даңғаза ғып болмай-ақ қой алаөкпе, елдің бәрі есек емес – түспей-ақ қой әлекке. Әлсіз жаңдар ақылыңнан дәме етеді әдетте, ал сен менің мінезімнен дәме етпе!
ИНФАРКТ Жау жолына атам сені... Қ. Аманжолов. Аспан тыныш. Ызыңдап оқ ұшпайды, сөйлесеміз көп шаруа, көп іс жайлы. Бейбіт күннің бейнетін сүйген жандар Соғыс жайлы сөйлейді – соғыспайды. Сөз де жаман, пиғылдар одан әрі бұзыла ма – жайсыз сөз оралады: тіл байғұста жазық жоқ одан басқа. әттең, тілден жазған ғой адам қасқа! Сөзден баста, шешендер, содан баста, кейін, бәлкім, сөз – қару бола алмас та. Соғыс деген сұмдық сөз тағы шықты, кетті десек ол күндер оралмасқа. Соғыс Соғыс!
Ядро! Атом, атом, атом да енді болыпты атылатын. Бүйірімді жүр менің қарып атым, бүтін де енді болыпты жарылатын! Қыз-дүние, сызылған мінез қайда, сен де ұрысқақ болдың ба, кәрі қатын?! Кезің келер сенің де жарылатын, байғұс жүрек, сен нені сезінбедің, сезіндірген мені осы өзің де едің. Тасытқанда миыма қанымды айдап, қай-қай тұсты бұзар деп қалың қайрат, тоғаны әлсіз сушыдай көз ілмедім. Болдың, болдың, мықты бол, ақыр болдың, сенсің менің жауға атар атом-бомбым. Кардиолог шошынып кетті – мейлі, инфаргің бір мәрте өтті дейді. Инфарк өтті, орыны – зақым қалды: жарылғанның, заманы-ай, атылғанның! Атом-бомбы жарылса, о да, бәлкім, инфаргі шығар-ау атомдардың?! қашан шаншып, білмейсің, тыз етерін, ажалыңның жаз, әлде, күз екенін болжау қиын; бомбылар қоймасындай көкірегімді күні-түн күзетемін! Неше түрлі ұл таптың, аналарым, ана арманын, ойласақ, бала бағын, бір жүректің инфаргі – әңгіме емес инфаргі болмаса замананың. Ақылға – үміт, артқан кез арға міндет, жүрек үшін бәрі ауыр, бәр-бәрі індет. Жапырақтай жел қаққан дір етпей де жарылады деседі жүрек кейде. Махаббаттан, Еңбектен, Қуаныштан түсіңе енсе қара шың қыран ұшқан –
ондай кезде жарылса – арманың жоқ. Ал, бір есер қолдарда ойнап атым, кнопкалар басылса, ойланатын сәт қалмаса данаға, сараң саққа... О, тәңірім, сақтасаң – содан сақта!
КҮБІ Қасиет деп түсінетін бір ұлы біздің ауыл кәдімгі ағаш күбіні. Отқа жағып құртқашаштың түбірін сол күбіні ыстайтұғын, ғұмыры күбі күткен келіндерін мақтан ғып талай қария о дүниеге аттанды. Күбі бабы ат бабынан күшті еді: сәл қисықтау болу керек піспегі, құрсауы көп болу керек неғұрлым. Бие сүтін құйған шақта көгілдір сыртқа дымқыл теппеу керек, тек сонда дуалылар келген сексен, тоқсанға күбі иесін мақтап бата бере алар, аңыздағы Қызыр қартқа бара-бар жарылқап бір тастайды да әлгі үйді, ет піскенше ұртын сорып қалғиды.
Ылғи әйел – қауым болған жылдары, жалғыз сиыр – сауын болған жылдары, төл болғанда ешкінің де бір лағы, көл болғанда шалшық сулар құмдағы, қара шалдар қайғы айтқанда кешқұрым, мен кешқұрым талай сырлар естідім: кетісетін қарттар әнтек жылысып әлдекімнің қаңсып жатса күбісі, түңілісті: қайтқан-ау деп ырысы, күбіністі: оңбайды-ау деп түбі ісі. Күбі қаңсу – жоқтық шығар? Жоқ, оған кедейлік деп қарамайтын көп адам. Ас шықпаса мейлі қазан, табадан, бас шықпаса мейлі дейтін жағадан, қыздар аман болмаса да күнәдан – болсын дейтін күбілердің түбі аман. О, сәттілік, несібе-ырыс белгісі, босағаның – беріктіктің белгісі,
шаңырақтың – биіктіктің белгісі! Береке алса күбілердің түбі шын, содан толса менің көңіл-ыдысым, тағы да оңға басар деймін бір ісім: түнде әкеліп Алматыға кәрі әжем пісіп жүрді жеті құрсау күбісін...
ДОЙЫР Дойыр дейді, күмістелген сабы әппақ, шешем кейде көреді ұстап қабаттап. Дұрыс шығар өрімшінің есебі: осы қамшы он екі өрім деседі. Иесі өліп сұрапылда кешегі, маған қалған жалғыз мұра – осы еді. Бейне тырнақ астындағы күбірткел, күмісінің кеулеп кейбір тұстарын қара бағдар жүгірткен. Қамшы ед дейді әйгі болған елге аса, ал, қазіргі қамшылығы – далбаса. Қынжылды анам: «жоғалыпты тер исі, рас екен шынымен тұл қалғаны». Қамшы ұстауға жарап едім мен-дағы, қайтем, дедім, мінер атым болмаса?!
Сен үшін бұл қару емес мықты аса ақ сор болып аттың тері жұқпаса, зат қой, дедім, ескілігін бұлдаған – басын шайқап күлді анам: қамшы сыры, рас деді ол, ескірек... Кейігенде тастаушы еді кескілеп аты түгіл қатынын да ол заман – ат қағынса – пұлын пайда ет, олжалан, қатын тасып кетер болса – сол жаман. Бүгінгі ердің – еркек болып жүргені аз, қоқаң-қоқаң, қоқаң-қоқаң кіл қораз. Түсіндім мен: күлдім, күлдім, ал, келін содан бері енесімен дүрдараз.
АҚЫЛДЫҒА АЙТАР СӨЗ Бір есті адам сөйлеп отыр, бір жаман түк түсінбей қағады құр ыржалаң. Есіл сөздер ізсіз-тұзсыз кетулі, дауыл күні шыққан түтін секілді мұржадан. – Тасқа айтсаңшы, ірі адам, қор еткенше сөздеріңді мынаған. Тас та сенің әр сөзіңді мән біліп, тұшына алмас айызыңды қандырып – бірақ мұндай ауыз емес аңқыған, тым құрыса, қайтады ғой жаңғырық?! Дауыс көтерген емессің-ау сен емге Әлдекімге сөз айтайын дегенде. Әттең неге төмендеді мұз лықсып, таудың қары неге түсті төменге? Шаш қисайып, қағылған жоқ не кірпік, Жел болса – өзі-ақ соғады, керегі жоқ, дедің тағы, еліртіп. Сыбдыратқан жоқсың жалғыз бұтаны – сол бұтадан құстар ұшты неге үркіп? – Түсіну сол: тауға алыстан қарасаң үміт, тілек бітеді-ау бір кісіге әр, өсуді адам сондай тұста бастамақ, жылқы көрсе – жылқы ғой тек кісінер. Тіл – түк емес, ұғыспаса қас-қабақ бірін-бірі ел жалқы-жалғыз тастамақ. Пісу керек бәріне де, түкке жарамайды ғой бас түгілі, шикі болса, асқабақ. Бір жерде ашық ауыз бар да, жоқ тілі, ал, бір жерде сөздің нағыз өткірі! Соның бәрі біз көретін, көретін қызықтардың көптігі. Бір естіні итше жексе он надан, он наданды қор етсе бір оңбаған – соның бәрі әділдіктің алдында тайсақтаса – жетіп жатыр сол маған. Жалтақтаса ел мылтығы жоқ қолыма жеңісім деп есептеймін соны да. Бірақ анау жаман қолда кезенген мылтық барын сезем, сезем, сезем мен. Сол мылтықты аттырмайтын бар кісі – керек емес маған одан арғысы. Ақ шыңға мұз қатса – қатсын қанша амал! Айналайын Күн апаттан болса аман,
Медеу-сайда көктем шыға-тыны хақ – сенем және үміт етем мен содан...
ТАМШЫ Еспе, самал, есер бұта, дір етпе, биік әнді байқап шырқа, әнші бар: бұталарға тұнған жұмыр тамшылар ұқсайды екен жұмыр-жұмыр жүрекке. Кімге керек құр омырау, құр екпін, қой ішегінен ашып кетпе, әнші үні, төгіп алма тұнып тұрған тамшыны, жарып алма толып тұрған жүректі. Аяу емес, аялауда мән басқа (мағына қусам маңып кетем мен қасқа) тау атынан антыңды бер, шаң-тозаң, тамшылардың жанарына қонбасқа! Жұмыр жерде, мынау ұлы мекенде болса ғана тамшы – мөлдір, аспан – ақ, түсінеміз қайғысыз деп қас-қабақ, есептейміз заман тыныш екен деп. әр жапырақ өз бұтасын баспалап, Әр балапан өз ұясын мекендеп, Күн көзінде жылт-жылт етіп жатса алап – тыныш отыра аламыз біз Жер шары ауанымен айналып жүр екен деп. Мөлдір тамшы! Бейбіт күннің белгісі. берекенің белгісі, сенде, сенде, сенде, сенде, сенде ісім – дембісің сен, термісің? Не болсаң да тұра тұршы, тұра тұр – тыныштығым, тазалығым бір атым, тұра тұршы Күнге кеппей, желге ұшып! Мынау әсем әлемде Уақытпысың тұна қалған сен әлде әр бұтаға бір-бір тамшы – бір-бір сәт?
Еспе, самал, Тамшы, аунама, өтпе, сәт, бір сәт қана қызықтайын, бер мұрсат! Еспе, самал, есер бұта, дір қақпа: үлгірейін бір-бір қарап сай жаққа, таулар жаққа, қыр жаққа; мысқал салмақ қосып әзіл-қылжаққа, жапырақтың алақанына ұйыған тамшы жайлы салмақ ем бір биік ән! Биік пиғыл, биік аспан, биік қыр тамшылардың жанарында ұйып тұр. Мен де тамшы жанарына сиыппын, тамшы-көзбен қарағанда сүйіктім. Қоспасы жоқ көңілдердің өзінен мөлт етіп бір тұна қалған сезім ең, тамшы, сенен бір жақындық сезінем. Батырға да, бастыққа да балшық-бас, тағдырға да, тамырға да талшықтас қарау жөн-ау тамшылардың көзімен!..
ЕГІНШІМЕН ӘҢГІМЕ – Арам шөпке келген кезде,– деді қарт,– шуақ та мол, жаңбыр қалың, жер жомарт. Шөптігі үшін емес шөптің, жұрт әлі арамдығы үшін шөпті қырқады. – Арам шөп те – шөп қой, өссін ол-дағы, өссе – оның да желде, жерде, шуақта несібесі болғаны! бусанғанда құнарлы алқап, шым шұбар. қызғаныш қып су, шуақты бидайда арам шөпке зиян жасай-тын шығар? – Табиғаттай білмейтұғын алалай, сен де алалай алмайсың-ау, балам-ай, өз басы үшін күреспейді бидай сын-ды дән асыл, содан да арам шөп басады даласын. Бидайларда баяғы сол, сол бақыт: Шөп-шөлкемен майдандасар жоқ уақыт. Арам шөп ше? Сен оларды деме есер – дәні барлар есебінен теңесер. Бірге өскен соң ақ бидаймен зиялы
топырақ сөлін, Күн де нұрын құяды. Тек қана арам шөптің аты – арам шөп, өсе алмайды тигізбесе зиянын. ТЕРЕЗЕ Алатауға қарайды бір терезем. Қ. Мырзалиев.
Жалын шайнап жатыр, әне, әр өзен. «Есік көлге қараған бір терезем» – кім екені есімде жоқ, бір ақын осындай жыр жазып еді, сұрапыл қуатты сөз күтіп едім мен одан, ашылады-ау деп ем бір көз жаңадан, Есік көлден бастау алса дана адам басталады-ау деп ем бір сөз жаңадан: ештеңе де басталмады, болмады, жылға қуған жасық судай ол-дағы тұнығы да толқыны жоқ боп алды, ақырында құмға сіңіп жоғалды. Көк өзен жоқ, арықтың да суы ылай, ылай судың, уай, қуын-ай, қуын-ай: жан қинамай жай ағады – күн ысты, қауіпті ғой тым жиі алу тынысты. Ақын бірақ бітірді үлкен бір істі – атақ алды. Енді алуға кірісті тұрмыстың тек қулықтарын жымысқы. Кейде осылай: тасымайды өр өзен, «Есік көлге» қараса да терезең!
КҮЙ СЕРІСІ (Әбікен Хасенов) Тақты ол әсем өмілдірік жыланбасын төгілдіріп. Құйысқанын алтындатты – көрмедіңдер өріп жүріп. Үзеңгісін күмістетті, күмісті ондай кім істепті?! Онсыз-дағы шаруа мол-ды, Онсыз-дағы жұмыс көп-ті. Шылбырына шашақ тағып, жүген, айшық жасап тағы. Сән түзеген серімен біз кездесуден қашақтадық. Әр пернеге бұлбұл бұққан ұстап еді ол домбыраны – селт етпеді ел сылбырлықтан, сылбырлықтан болды бәрі. Уақыт – ақ боз аты болды, дарытты ажал оқты өзекке – күйші құлап... ақыры өлді надандықпен жекпе-жекте. Сол жекпе-жек жұтты басын – ақ боз аты шықты ойнақтап. Жуады енді жұрт кінәсін күйді ешқайсы ұқпай мақтап.
ШАҒЫМ-ЭТЮД Мамық батты жамбасқа, темір төсек – шөгеді. Екі қолымнан басқа таянышым жоқ еді. Соның бірін, жаңылып алмақ боп ең бір рет, сол ниетіңді әлі ұмыт етпедің бе, құдірет?! НАЗ Пенделерге сырт қарап былайғы ұсақ, біреу болдың бір өзің Құдай құсап.
Айға ұстатып жіберді жұрт та сені – жамбасыңа көрпе емес, бұлт төседі, билік бітсе – Құдай да қырт деседі,– бұл, әрине, көп жұрттың сыртқы есебі. Барыңды алып қашатын, барымтаның заманы емес, ес, есір, қағын, қағын! Бір жөткірсең – тойды бір қарын тағы, бір жымисаң – Жынды да жарылқадың. Жәдігөйден басқаның жанбай бағы, тамырында талайдың қан қайнады. Көгерттің-ау, әлі де көгертесің, көк есекті тек анау неге ертесің? Көк есектің басына сен ең тесіп құйып қойған көк бұлттың көлеңкесін.
Көлеңке де жетпесе – жоқ амалы: Талғар шыңы жалаң бас келеді, әне. Таудың таңғы ақ шарбы орамалы басында емес, мойнына оралады. Адам болсаң – адамды жай адамша ұқ, көнбіс болсақ – кетті деп анық тойып, тұяғына есектің салып қойып, аспан жақтан қарама аяғансып. Пәндең – емен, қартайса құлайды емен, мен қартайсам – Құдайсыз, былай да өлем. Бұққан сайын бұрайсың бұттан алып – мұнша ұялшақ болар ма Құдай деген! Жұбатпа, дос, жүргем жоқ мен еңіреп, қартайдым тек түбі сен береді деп. Бір періштем бар еді: қайда, қайда, о да қуып кетті ме пайда-майда?! Әйел құсап өкпе айту – жұмысы ердің, осы да ерлік; тек алда білісер күн. Сені де аяп арқаңнан қағармын бір, сенімен де, құдірет, бір ішермін!
ЭФИР Жас туған Ай қауысты, маңай тыныш. Тау үсті. Құлағыма қаңғырып қайдан келген дауыссың? Бұта ма әлде, шөп пе әлде – шөп қозғар да жоқ пенде. Жапыраққа қақтығып жел де еспейді – ақ тымық. Әйтеуір бір... бір үн бар әлдеқайда тұншыққан. Ал, тыныштық, ұрыңдар сол үнді ұстап тұмсықтан! Ақ жұлдызды қара аспан сәл биік тұр ағаштан. Сен адассаң, адассаң мен жақ ашпан, жақ ашпан! Келем, келем, мен келем: қане, дүние, дөңгелен! Кім таппайды жарықта, кім жүрмейді жолменен?! Күндіз көзім – көз еді, түнде көзсіз сеземін. Айдалаға арқырар қайда әлгі тау өзені?! Талай жұлдыз қауысты, әлі де сол тау үсті. Құлағыма тентіреп қайдан келген дауыс бұл?
Келемін тер тамшылап бітті, бітті дәрменім. Уайымның даусы ма, ойдың даусы ма әлдебір? Соны іздеп көп тоқтаймын, көзім – қорқақ, ісім – ер; түсінем: түк таппайды адаспаған кісілер. Жолсыздығын жер бұлдап, айсыздығын түн бұлдап, тыныштық жұтты үнді ұрлап, құлақ қалды дыңғырлап. Сүріндім бір жыңғылға – жыңғыл ма, әлде, сымбыл ма?! ШӘМАҒАҢ МЕН ЖАС АҚЫН – Аһоу, дедім, тұра қашты жаңғырық шыңнан шыңға секіріп, жетпесімді білсем де қуып бердім өтірік. Жаңғырық жоқ. сырғиды қабақтағы қар, әне, тас қанатқан табаным удай ашып барады.
Толқын атты көк теңіз, жарға шапшып көбігі,– мен де жарға шапшыдым ерлік етем деп ұлы. Жел басылды, теңіз де тына қалды, тыншыды, дымқылданып қалды тек, кәрі жартас тұмсығы – сен қайдасың жаңағы көңілімнің желігі?!
Бір күйші өлді – қос ішектің құлағымда қалды үні, қалды дейміз, шын ба осы,– айта алмаймын дәл мұны. Әйтеуір сол күйші өлді – рас, рас, қайғы рас, айнырмын мен қайғыдан, күйге деген махаббатым – айнымас! Бірақ анда көкпар бар, тартып алсаң қой – бәйгің: күйшіні еске ап – күрсініп, шаруамды да ойлаймын. Өзің жұмбақ өзіңе, адам жұмбақ адамға – табынасың табанда. Тірлік заңы осы деп түсінем де алданам, алданам да кешірем, сонсоң тағы таң қалам. Сырыңды айтсаң – сенбейтін секем-көңіл жанды да ұқ, өтірігің – өтеді, міне, сізге заңдылық!
Шәміл айтты: – Құтырма, ойлай білем деп аздап, түк түйсік жоқ – әппақсың, өзің де әппақ, қағаз да ақ. Жаңғырықтан адасып қалдым дейсің – қосылам, заңдылықтың қанша тек қатысы бар осыған?! Адам, жұмбақ, су, көбік – жаңалық жоқ мұнда да, қабағыңды шытынып айтқаныңмен бұлдана. Шын жасасаң бір ерлік – қырар едің... сөз бе сол, осы қазір өзіңе не керегін сезбесең?! Заңдылық па керегі? – Иә, сол ғой, – Ал, тыңда: «Шөлдесең – шәй, сыраңды іш, ыссыласаң – салқында!»
ЕШКІ МЕН КАПУСТАНЫҢ МАХАББАТЫ Жылауықтау даусы бар – жақсы ешкі еді ақ ешкі, бір жаманы: ақ ешкі капустаға әуес-ті. Капуста – орысша аты ғой, не деуші еді қазақша? Не десе де базарда капуста емес аз ақша. Қай тілге де ақ ешкі онша жетік емес-ті, «мә-һә!» дегені, жалғыз «сөз»,– жаргон еді ең ескі. Ақша деген немене – ұқпайды ешкі ақымақ,– капустаны көргенмен, жеген емес сатып ап: иесінің ниетін пайда табуды аңсаған түсінбесе ешкінің кещелігі дәл содан. Маңырайды ешкі: іздесе табар еді ол азық та, байламаса – аулада ит байлайтын қазыққа. Капуста да аулада, түйнек-түйнек боп өсіп жатқан сын-ды байлаулы нәпсілермен егесіп. Аула иесі – базаршыл, сауда-үміті зор қасқа, ақ ешкіні күтеді, капустасын қорғаштап. «Ит – қорыған жерге өш» пе, өшігеді ақ ешкі, капуста да өшікті – өсті, өсті, тағы өсті: еріндері түріліп ертеңгіде, кешкіде қарайтұғын секілді кекесінмен ешкіге. О да ешкіге көзімен тиісетін секілді, түйнегінен босанса – сүйісетін секілді. Кешкіде ешкі байланған қазықты құр қарғайды, қарғау да-дерт, сол дерттен капуста ептеп сарғайды.
Қазығынан ұмтылып,– айтпаса да ашық түк,– ешкіні де жынды етті капустаға ғашықтық: қарамайды пішенге, пысқырмайды көк шөпке – талғам бітті осылай ешкі деген шек-шекке. Базаршының бағында піскен түйін тұрар ма – базарға өтті капуста – махаббат боп бір арба. Соңғы мәрте тым құрса қалмады бір асап та: дәл сол күні ақ ешкі сойылады қасапқа. Құлағымда даусы тұр – қайран ғана ақ ешкі... ақ ешкі жоқ, капуста тағы егілді, тағы өсті!
БІР КӨРІНІС Жапырағын ұшырып, желпіп өтіп, еменнің өңменінен жел тұр өтіп. Барады тамшы құлап әр бұтаның құлағын зың еткізіп шертіп өтіп. Күн бе екен күбінетін бүгінгі күн, бір топыр үй төбесі дүбір-дүбір, дүбірлеп әлдекімдер жүгірді бір. Бірде еркін құлайды су, бірде ұрланып науаға Күй ішегіндей дір-дір қағып...
Қараойдан қаршығадай үйрек алған жерді аспан бүріп алған, билеп алған. Жез-тырнақты найзағай бірер көсіп су алды ма – бұлт бетін жіберді осып. Сенімен баста жел боп ойнап едім, тамшы-көз, тал-бұраң-бел, оймақ-ерін, сездіргем сезімімді жел-тіліммен, жел-тілден, түк қалмады еркін үннен. Ұсады байғұс басым жапыраққа әлдекім бір бұтаға шертіп ілген. Сен құрттың: тамшы-көзің бақырайтып, күйеуге шықпай жатып ақыл айтып. Кенеттен жан жібіді, көңіл еріп, қосылып тал екеуміз еңіредік: қорыққан тұрымтайдан торғай құсап бүріскен бір бұтада сені көріп. Ал тамшы бір секірген батырсынып, талқан боп тасқа құлап жатыр сынып.
Бір жылы сөз естуден басқа мұрат жоқ деп пе ең, сен не істедің қасқа құлақ?! Жүрек байғұс жаңағы тамшыдайын быт-шыт болды без-қара тасқа құлап.
ӘЙКЕН
Бұталардың кірпіктеріне ілініп, дір-дір қағып тамшылар тұр тама алмай. Жетіп келіп кетті қызым бұрылып, біздің үйге өкпесі бар адамдай. – Қызық,– дедім,– бұл үйді де бір үй де... – Папа,– деді,– уақыт жоқ кіруге, нан-дүкенге соғар шаруам бар әлі, әрі Болат ұзақ күтіп қалады. – Қарағым-ай!– жүдеп қалдым бір түрлі, кірпігіне бұтаның мөлдір, мөлдір, мөлдір шықтар іркілді. Мөлт етіп бір қарады да кетті қызым асығып. Бір әдемі кинодан көргендей боп әсерлі бір үзінді, үйге кірдім – көргенімді қызымды шешесінен жасырып.
– «Қыз – жат жұрттық», түсінем ғой мұны мен, бірақ кірпік іле алмадым түнімен. Менің балам еді ол кеше, балапан ұясынан ұшқан екен шынымен! кіп-кішкене балапаным, бөпем-ау, Сенің де енді өз үйің бар екен-ау?! Қам көңілсің қайратыңды жеңсе мұң: айналайын, дей жаздадым, мен сенің әкең ем ғой, сөз қайтарар кісің бе ем!– Өстіп ойлап жабықтым мен ішімнен, ал, сыртыммен кісі болдым түсінген. Әлдене дерт асқынғандай бір түрлі, тамағыма тас тұрғандай бір түрлі, ішім удай ашып қалды бір түрлі, жанған отым жасып қалды бір түрлі. «Титтей ғана балапаным, бөпем-ау, біздікі екен – біздің үй.
Сенің енді өз үйің бар екен-ау» – қайталадым осы ойларды ішімнен, ал, сыртыммен кісі болдым түсінген. Айналама қарап алдым сақтана: жігіт деген жыламайды, тек қана бұталардың кірпігінен – жылтыраған көлгірсіп тамып-тамып кетті кенет мөлдір шық...
ӘЙКЕН
Бұталардың кірпіктеріне ілініп, дір-дір қағып тамшылар тұр тама алмай. Жетіп келіп кетті қызым бұрылып, біздің үйге өкпесі бар адамдай. – Қызық,– дедім,– бұл үйді де бір үй де... – Папа,– деді,– уақыт жоқ кіруге, нан-дүкенге соғар шаруам бар әлі, әрі Болат ұзақ күтіп қалады. – Қарағым-ай!– жүдеп қалдым бір түрлі, кірпігіне бұтаның мөлдір, мөлдір, мөлдір шықтар іркілді. Мөлт етіп бір қарады да кетті қызым асығып. Бір әдемі кинодан көргендей боп әсерлі бір үзінді, үйге кірдім – көргенімді қызымды шешесінен жасырып.
– «Қыз – жат жұрттық», түсінем ғой мұны мен, бірақ кірпік іле алмадым түнімен. Менің балам еді ол кеше, балапан ұясынан ұшқан екен шынымен! кіп-кішкене балапаным, бөпем-ау, Сенің де енді өз үйің бар екен-ау?! Қам көңілсің қайратыңды жеңсе мұң: айналайын, дей жаздадым, мен сенің әкең ем ғой, сөз қайтарар кісің бе ем!– Өстіп ойлап жабықтым мен ішімнен, ал, сыртыммен кісі болдым түсінген. Әлдене дерт асқынғандай бір түрлі, тамағыма тас тұрғандай бір түрлі, ішім удай ашып қалды бір түрлі,
жанған отым жасып қалды бір түрлі. «Титтей ғана балапаным, бөпем-ау, біздікі екен – біздің үй. Сенің енді өз үйің бар екен-ау» – қайталадым осы ойларды ішімнен, ал, сыртыммен кісі болдым түсінген. Айналама қарап алдым сақтана: жігіт деген жыламайды, тек қана бұталардың кірпігінен – жылтыраған көлгірсіп тамып-тамып кетті кенет мөлдір шық...
ТЫНЫШТЫҚ ЖЫРЫ Сирек ақ бұлт тұрып қапты – тыныштық, қалың ағаш тұнып қапты – тыныштық. Қаламыңнан жыр ұшпайды – тыныштық, көршілерің ұрыспайды – тыныштық, ұйып-қалғып тыныш ауа тұр ыстық – бетпе-бет кеп тыныштық пен тыныштық әдеп сақтап тұрған сын-ды жасанды. Маңай жым-жырт, тыншығамыз қашанғы... Шахматтың майданына кірістік.
АС ҮЙ ЖЫРЫ Ас үй – ортақ, бір көсеуді көсесіп тұрдық-ау біз – қос семья – қос есік. Мен – іні едім, көршім – аға, о да ақын, мендей емес, ақшаны көп табатын. Төрт баласы болатұғын көршінің, біздің үйдің үш баласы болатын. Жеті бала бір мезгілде жыласа – жақсы «концерт» емес еді бұл аса, Спектакль қызу бастал-атын еді, кейде осы біздің екі үй – екі әйел боп сөйлесе: қайыру бермей желдеп кетер ешкідей ұмтылысқан кей сәттері тек алға бірін-бірі естімей, не ұғыспай қалатын кей сәттері, кейде апасы, кейде келін әпкені топан-сөзді топтап ұра бастаса, о, ондайда жан қалмайды қашпаса!
Біздің қала о жылы да бай еді, көшелері кең болатын керемет. Лондон айтқан: «дүниенің кеңшілігі не керек тарлық етсе ас үйі мен әйелі?!» Ырғақтары ауыр тартып, сіресіп, еркін-еркін жазылмайды жыр есіл: өз ізіңді өзің аңдып жүресің, өз үйіңе өзің байқап кіресің. Иі түсер еркін өскен жанның да, тағы-тағы бар мағна-мән мұнда: өз үйім деп кіріп келсең емпілдеп, бөтен еркек тұрад кейде алдыңда, бөтен әйел тұрад кейде алдыңда. Әрі өз үйің, әрі бөтен үй сын-ды, көңілім талай бөтендікті түйсінді. Басатынбыз биші құсап байпаңдап, ақырын күл, айтарыңды айт аңдап – дегендей ек. Балалар тым тәртіпті, әрі күтімді, жаутаңдайтын олар да еркелеуге бата алмайтын сықылды. Түсін мейлің, түсінбесең – өзің біл, біз де о кезде бала едік-ау, досым-ай, көршімнің де маған ұсап осылай күн кешкенін кейінірек сезіндім.
Жылдар өтті. Жеке ас үйді қиял ғып Жүріп-жүріп, біз де жеке үй алдық. Кабинет бар, Қасым-жырға жақындадым бір адым: өлеңді енді еркін ұйқас-тырамын. Жетіледі екен ептеп жарлың да; тулап туып жатқанымен жыр есіл, өз үйіңе әлі байқап кіресің – бөтен біреу тұратындай алдыңда. ДЫҢҒЫЗЫЛ Құмдар – сары, Күн – қызыл,
Күні қызыл Дыңғызыл, Жортып келем көлеңкем бірде қысқа, бірде ұзын. Бір шағылдан бір шағыл, бір шағылдан бір шағыл – іздеп келем тепеңдеп Дыңғызылдың бір шалын. Жолшыбай жөн сұрағам, былай деді бір адам: «Құрығы бар белдеуде қара талдан құраған». Құмдар – сары, Күн – қызыл, Күні қызыл Дыңғызыл. Уәдесінде тұрса шал берем деп ед бір қызын. Тағы да жөн сұрадым,– біреу айтты: «Шырағым, Көк иті бар қабаған кесіп қойған құлағын». Көк көжекті бақыртып бүркіт түсіп жатыр тік. Шіл ұшады пыр етіп – мен шошимын, ат – үркіп. Әлі үркеді-ау, жануар, әлі үркетін халі бар. Қашпас шалдың ауылы, қызы болса – табылар. Жөн сұрап ем біреуден шырт түкіріп жіберді ол: «Екі аты бар еді ғой, Кеше соның бірі өлген». Тепең-тепең, тепең көк, тепеңдеймін жетем деп Айтса деп ем шал шығып: «Атың тәуір екен»,– деп. Шағыл – сары, Күн – қызыл, Күні қызыл Дыңғызыл. Уәдесінде тұрса шал берем деп ед бір қызын. Митың-көк ат жортады, Митың-құмнан қорқамын. Бір жолшыны тоқтатып Жөн сұрадым мен тағы: «Құмның, шырақ, жолы ауыр, Шығыпты аттың бодауы – Күн кешкірді... Кеп-кеше
Қыз ұзатқан ол ауыл». Кенет ұйып талды бел, Қызық емес әңгімем; Қызы нешеу еді деп сұрадым мен әлгіден. «Әдеміден әдемі Жалғыз қызы бар еді, тауып апты бір сымпыс Қағаз сорған бәлені». Жайсыз екен жүрісің, тепең көк-ау, бір ісі оңдалмаған жігіттің ат мінгені құрысын! Нағыз ғашық, кім ғашық,– білгені ғой ұрғашы, бір кез жүрген ізімді қалғаны ғой құм басып. Енді жөн де сұраман Құдайдан да құдадан. Көрмейін шал құрығын Қара талдан құраған. Қайғым ауыр санадан, күйік қостым және оған. Ал көрмедім шалдың сол шұнақ итін қабаған. Жүрек ем мен, сөкпе, елім, енді түгел өкпемін: шалдың аты өлсе, оған түк қатысым жоқ менің. Қайғы жаңа, жаңа мұң – жаңаруға бар әлім: қызын ол үй ұзатса, мен несіне барамын?! Уәде етті деп шал байғұс, босқа бұрып болмайды іш. Шал байғұстың көжегін іліп кеткен қандай құс?!
Күн де батты қызара, мен де баттым ызаға. Ызаланған кісіге құмның жолы ұзақ, ә? Құмы – қызыл, Күн – қызыл, Қып-қызыл ең, Дыңғызыл. Көлеңкем де жоқ енді бірде қысқа, бірде ұзын...
ПАРОДИЯ
Адасады ақша бұлт ақ шың тауып қонбаса. Бұлтта тұрған түк те жоқ, адасқаны болмаса... Терең дейміз қара су, қара емес-ау ол да аса. Суда тұрған түк те жоқ, тереңдігі болмаса. Әр нәрсеге бар ебі, зияны жоқ жанға аса менің досым әдемі, әуейлігі болмаса. Халықта не қасиет – ұлылығы болмаса, жарықта не қасиет – жылылығы болмаса. Жанып тұрған жігіттің алғырлығы – далбаса, маңдайында бармақтай бақ-жұлдызы болмаса. О, тәңірім! Ант-иман емессің-ау сен де аса, тек қауқиған, қауқиған құр атағың болмаса! КҮНБАҒЫС Күн де шықты, көгілдір дүние енді қызады. Күн астынан көрінді күнбағыстың жүзі, әне! Талма-түстің шағында құбылада тұрды күн.
Қарады енді қағына Күнбағыс та бір қырын. Бағыты енді түзелді – Күн батуға барады. Күнбағыстың жүзі енді Күн-батысқа қарады. Көп жүздіні қағытып күліп едік көптен көп. Бір тұрақты бағыты, бағдары жоқ неткен бет! – Қате түйсік бұл нағыз, қателес, тек, таспа аса. Болмаса олай, Күнбағыс аталар ед басқаша?!
СЕНІ МЕН ОЛ
Жас ағады мәжнүн тал жапырағынан шашақты. Сол секілді, сенің де кірпігіңнен жас ақты. Мәжнүн тал – табиғаттың өзі де, сен – сенесің әлдекімнің сөзіне. Сенде – амал, һаярлық, онда көңіл, ықылас: біріңдікі өтірік, біріңдікі ып-ырас. Мәжнүн тал былжырап ғұмыр бойы тұр жылап. Саған керек Тозақ бір, оған керек бір Жұмақ. Кептіру жөн біреуін – Жұмақ, Жұмақ, жақ шуақ. Лаула, Тозақ: біреуін өртеу керек жақсылап! ШИ ҚАЛПАҚ Балақ – анда, Бас – мұнда, әлдене үшін күресіп, ақ қалпақтың астында ақымақ боп жүресің. Ши-қалпағым, кептің де Шетен болып кеттің бе? Шиден қалпақ кигенге Шікірейді деп күлме!
Тау жарқырап ашылды, моды соған сай келді: есерлігін басыңның қалпақ жасырмайды енді. Қалпақ кию – о да егес, бәсеке еді; енді ше: қалпақ енді моды емес, қартайғанның белгісі. Шаштың талай бар ағы, қалпақ, шашты жасырма. Модыдан қап барады, қалпақ түгіл, басың да. ҚАҚ Құйды нөсер, су бұрқырап аққан-ды, топан-толқын көбік атып мақтанды. Арықтардың бүйірі жыртық-тесік боп қалды; көбіктер де күмпір-бөсіп боп қалды... Бітті нөсер, бұлт алысқа аттанды, бұлақ біраз жырын айтты жаттанды. Лай қалды үрке аққан бу орнында, ойпаң жерде ойдым-ойдым қақ қалды. Көбіктердің үркіп тұрған жанары Сөніп қапты, толқын қайда жаңағы?
...Бірер күн өтті, ауада сыз бар әлі. Тек қақ суы қалып қойған іркіліп бірте-бірте сасып-шіріп барады. Мағынасы жоқ сөз-ау деме мұны түк: енді қайтып толқудан жоқ үміті қақтың суы қаңсып кетті, әу баста көк тасқыннан бөлінгенін ұмытып. Сен де бұрқап басталып ең әу баста, исің шыға бастапты әлден, дауласпа: ақылы жоқ айла шіріп кетеді, ағысы жоқ ой да шіріп кетеді.
ТФӘ-ТФӘ Кеше ғана бала-ды, балапан-ды, бүгін, міне, сол шыбық тал атанды. Ет жүректің лүпілін жылу еткем, жел жағына тосқам-ды алақанды. Бүртігінің ілкі бір дір еткенін үміт көргем, уәйім ғып жүдеп те едім – шыбық емес, маң-дала, жел өтіне май шам жаққан кісідей үбектедім. Талым, міне: түскендей бу-бұлауға, мөлт-мөлт етіп тамшысы басында асыл, жапырағы жалбырап жасыл жасыл, жел үп етсе – дайын тұр сыбдырауға! Тірлік заңы: жас тамыр, тың күш дарып, тал ұзарып барады, мен қысқарып. Пышақ, балта – жаудан да жарамсақтан – тағдыр, менің талымды аман сақта! Тал биік пе, талап кем, денем шақ па – көп шындықты танытты өмір көктем... Сенің де ұлым, төбеңе қолым жетпеді, тұлымыңнан сипайын деген шақта.
ӘРІ-СӘРІ Бұлт жауа ма, Япыр-ау, Күн шыға ма – демала да алмайсың, тұншыға да.
Не мұң емес, күлкі емес, көк мылжыңның сөзі құсап, сұр бұта, былшырама! Мұндай был-шырақ-тыққа кім шыдаған, бір шыдаса – шырқау ақ Шың шыдаған. Қанша жел боп соқсаң да, айналадан селт еткенді көрмеген, қайран ағам, сен шыдарсың шыдасаң? Бірақ маған қабақ керек тым құрса ұнатпаған, көздер керек мені атып шатынаған, ал әйтпесе үп-түнсіз жатып алам. Түкіріп пе ек осы біз былтыр оған – бұлақ та жоқ көгала бұрқыраған. Бұлт қана бар, жаңбыр жоқ, жапырақ су, содан тастың шекесі жылтыраған. Кие алмайсың шаңқан ақ нақұрыс боп, шыға алмайсың немесе шатыр ұстап: шуақ та жоқ, тұман жоқ, қара мына салбыраған аспанның қабағына. Құрығанда жел тұрса ала-құла ұқсаушы еді көшкен бұлт жабағыға. Жабағы емес, Бұлт – киіз, тыртаңдаған өріссіз жел өңмеңдеп жырта алмаған. Тұрсын десең қазанда үй ызғымай, тұмшаламас үйді де киіз бұлай. Демала да алмайсың тұншыға да – деме, достым, мұндайға кім шыдаған: шыдамай көр, кейіп көр, ісініп көр, мықты екенсің, мінездер, кісіліктер! Рас, тауға өкпе жоқ, далаға – дау, бірақ, ала-ла-мау жөн, алаламау – өзің айтшы, ақ аспан: шыңдар – шың ғой, неге салқын төбенің қабағы анау? Салқын қабақ, достар-ай, әй, жаман, ә? Қырқа алмасаң – қорлама, қайзалама... Қалың бұлттың ар жағы ашық па екен, мойның созып қарашы, Найза-қара?!
ЕТ ТІРІЛТУ ЕМІ (Дәрігерлік кеңеске қосымша кеңес) Тыныс керек, жігіттер, тыныс керек,– тыныс алмасаң жүйкең де жіңішкеред. Бір кезде тай үйретіп, тазы ерткенді жігіт шаршап жығылар жұмыс деп ек, енді мына жұмысты кім істемек?! Тындырсаң да тыныс жоқ бір істі ерек, екінші іске кетеді ол кіріспе боп. Жатқан жоқсың шығысты, кірісті елеп – жұмыс, жұмыс дегенің дұрыс, демек, тыныс керек, жігіттер, тыныс керек, бүгін көптеу әжімің кешегіден, кешегіден мойның да жіңішкерек. «Жұмыс бабы» дегенге, қарай-қарай ағартыпсың самайды абайламай. Қайда кетіп барасың емпең қағып,– мезгіл ем-пең-детеді қалай-қалай!
Тыныс табам дегенің – жай далбаса, тыныс алғың келсе шын – майдан жаса: буыныңды өлтіред сарысу буып, басың шіріп кетеді – ойланбаса. Тыныс алар уақыт көп болған-ды аса, ол кез – өтті, басқаша жол қалмаса: бейнет ізде беліңді бекем буып, қиыншылық жоқ болса – қолдан жаса. Тұтап жатса жоқ жерден пікір шығып, сонда ғана ажарлы бұ тіршілік. Аруана-еңбек баурынан сүт ыршыды – шүкіршілік, достарым, шүкіршілік!
ШЕГЕН ҚЫСТАУ НЕМЕСЕ АЛҒАШҚЫ ШУАҚ Шеген қора су өткен тұр ма шіріп – көк сасиды айнала, қырға шығып кетейікші! Ақ мысық мауығып жүр, құрып кеткір, қиын-ау ұрғашылық. Қыстай суық мүжіген мұржаға арнап саз езген жеңгем де ерін жүр жамандап. Қар кеткен соң көрінген қу сүйекті ырылдайды ит мүжіп ыржалаңдап.
Ауыл итінің көргенде «ыржалаңын» бұралқы ит те жарасын бір жалады. Бүгін-ертең жер көктер, бұта боп-боз бүгін-ертең, бұйырса, бүр жарады. Бүйірім жылып барады, бұ да маған қуаныш қой: қунай ма, қуана ма – қыстың қыстай бөрісі, бораны ұлып, боз қурайы боздаған мына дала?! Жаңаралық біз-дағы, нұрланалық, тазаралық қыр асып, қырға барып: бір жақсылық келеді бүгін-ертең, бүгін-ертең болады бір жаңалық! АҚ ПЕН ҚАРА Ақ бор жазбайды екен де тақта қара болмаса. Жаза алмайды екен қара сия да дәптер әппақ болмаса. Ақ кеудеме қара дақ боп ұялап, жеке адамдар жасағанмен қиянат, түсің сенің ақ-ау деймін, дүние, Әйтпегенде болар еді сиям – ақ?!
БІР БЕЛГІ Күн жауыпты, сол жауыннан белгі боп жұмыр-жұмыр гауһар көздер жанып тұр (жайлап айтсақ: жапыраққа мөлдіреп тамшы тұнып қалыпты). Ертең ерте көше жаққа шыға қап қарасаңыз болғандығын түн қандай түсінесіз: бұталардың арасынан сығалап мөлдір-мөлдір көздер қарап тұрғандай. Мөлдірліктің ғұмыры неткен қысқа еді, күшті білем олардың да дұшпаны: жел бұтаны сілкіп-сілкіп қалып ед, тамшы-көздер ағып-ағып түсті, әне. Қара дауыл ұрмағанмен тұлданып, мезгіл желі көп бұтаңды ұрды анық. Ағып-ағып түскен сын-ды саған да карайтұғын мөлдір көздер ұрланып.
Жаңбыр да өтті, талай-талай шық кепті, мақпал тозып, мағынасы – шыт бопты. Уақыттың жаңбыры мен желінде жапырағың сарғайыпты-ау сенің де. КОСМОС ДӘУІРІ Талай-талай бұталардың құсы ұшты, жапырақ ұшты талай-талай бұтадан – дүние одан жұтаған жоқ, жұтаған көңілім ғана қалды кей сәт құлазып. Жұтағанға күлкі – қорек, мұң да – азық. Қасқа болып шықты біреу шаш түсіп, Шаштың-дағы келгені ғой қашқысы ойлы бастан; қасқа болмай қайтеді, қасқа бастар – басқа болмай қайтеді?! Бұталардан кетті ғой деп құс та ұшып, жапырақтың да кеп тұр ұшып түскісі, желп-желп етті Алатаудың тұс-тұсы: бұ дүниенің ең ауыры, күштісі тастардың да келді білем ұшқысы!
ҚАН Жылдан жылға сөніп барад түрі, үні – шешем сорлы сауықпайды-ау ғұмыры? Кеңсе жақтан кеміп келсең кешқұрым, қанайды да отырады мұрыны. Келін баптап ақ көрпесін жапқанға «Мені ерекше күтеді» деп мақтанба: Жерде – маған, аспанда анау Айға анық –
байғұс қартым, бара жатыр айналып, қызыл қаның – ақ қанға! Қырсығы деп түсінеді ел салқынның, салқыннан ба, емес пе әлде, бәлкім, бұл мезгілдің өз дерті шығар? Кім білген, қасірет боп қанға дарып үлгірген, қара шашыңа араласқан ақ құсап? Доғдырлар да, әй тапқыш-ақ, тапқыш-ақ, диагноз қойды дәрілеп: «түк дерті жоқ, сұйылған тек қаны» деп. Неге?– деуге көңілім тағы батпады, бір сұмдықты айтып салар деп тағы. Қып қызыл боп неге ағады ақ қаны?– әкеләкел әппақ-аппақ мақтаны!
Жиырма бесте жесір қалған ақ байлап, көрген жандар күшін әлі мақтайды-ақ. Күндіз – жұмыс, түнде тоқып жүн шұлық, жүн шұлыққа жылайтұғын тұншығып. Топал басты сол бір байпақ-шұлықтай топастықпен қараушы едік түк ұқпай. Уақыт шіркін қорқытушы ед жай қайдан: «қара қағаз»... бригадир бар... айғай бар. Жеп қойған-ау сол қорқыныш, қайғы, азап қанның қызыл түйіршігін қайзалап?! Біздер үшін жамандасып, алысып жүруші еді жиі-жиі қаны ысып. Жүрегінен бейнет, қорлық қыстыққан суша қайнап шықты ма сол ыстық қан?!
Жер тістеді жеткіземін деп бізді: табан қызды, тамыр қызды, ет қызды... Календарьлар арқылы емес, сол кезді менің шешем қаны арқылы өткізді! Ал, жеткізді, мына бізді жеткізді, не көрді одан? Бір қуарып, бір ысып, бір бұрышта отыр, әне, бүрісіп. Қанға кеткен жымысқы дерт бір ұры алып бітпей қоймас білем ғұмырын?! Дәріден – дауа, қайырым жоқ кісіден, қайғысына қанмен жылап ішінен, сауады да отырады мұрынын.
Қаны тиыл-майтын неткен кесел бұл, қан төккені аз болып па ед осы елдің?! Ұялсам да жарығынан Күн, Айдың мен де кейде солқылдап кеп жылаймын. Жас ақпайды сонда көзден, бұ да аса арзандықтан болмайтыны рас, ә? Жаспен емес, қанмен ғана жылайды көзің емес, көкірегің жыласа! Адал жұмсап ғұмырымды бүтін бір ақтайтұғын кезім, ана, сүтіңді – амалым не, амалым не, амалым: қаның теуіп қызбайды енді – жоқ әлің, жиі-жиі мұздайды енді табаның. Менің ыстық алақаным, қолдарым, сен тоқыған байпақ құрлы болмады: қаның қақсып, қажыған бір тұсыңда жылытпады башайыңның ұшын да. Жарақатсыз болмайды екен жан ізгі, жазыла алмай келем содан өз басым: сол күндердің кеуіп бітіп көз жасы, қаны әлі де ағып жатқан тәрізді...
ОЙ Ертең бұлтты болар білем тағы аспан: құлақтары салбыраған ағаштан бір жарқ етіп көрінбеді тау үсті – тағы менің күнім бұлтқа қауысты. О, қаһардың қайқайып бір соққаны, көлеңке жоқ, шуақ жақ та жоқ тағы, дүние шіркін алагеуім бір түрлі: Қоңыр самал есе беріп іркілді, қоңырқай бұлт көше беріп тоқтады. Серік тұтып, сенім артқан бір досым тағы менен аулақ салды іргесін. Өтірігін өздері ойлап шығарған тағы да жұрт менен көріп жүрмесін? Тоғышарлар тоғайынан жол таппай жалтақтайсың, жалтақтайсың, жалтақтай бала – масыл болып кетті, қарт – надан: неткен тірлік топырағына тартпаған!
Колумб ашты бір құрлықты кеп-кеше, өйтер ме еді ол өзін-өзі шектесе?! Әлі күнге өзіме, өзім жетпесем, ешкімде емес, тек өзімде кетті есем! Қоңырлық па, қорқақтық па бұ сұмдық қарап жүріп қылмыстыдай қысылдық. Не ой артып, не жүк тартып бой талмай, босқа божып жүргенің де байқалмай ғұмыр өтіп бара жатыр; сен жүрсің айта жаздап, айта жаздап айта алмай. Ертең бұлтты болар білем тағы аспан, тағы маған кезек тисе, жақ ашпан, тағы да мен ештеңе үшін таласпан, тағы отымды ойлар қажап тауысар, тағы менің күнім бұлтқа қауысар. Тағы ашылар аңқау ойлау, пәк күлу, тағы да аңдып, алып тынар әккі қу. Өз жайыңды өзіңе айтып ән ғылып, саусақ тағы перне кезер қаңғырып. Неге өйтпедім, неге бүйтпеді екем деп, өзіңді-өзің қамшыларсың тепеңдеп, тағы да бір өкінерсің санды ұрып – тағы саған тимей қояр көмегім.
...Желкені ғып моторы бар кеменің жаратып па ең әу басында мені, Елім?! ӘКЕ МЕН БАЛА Бойжеткен қыз: – Әке, әке, киім дейді, Әке айтады: – Қаражат қиын дейді. Белі иіліп барады кәрі әкенің, бірақ ағаш-аяғы иілмейді. Ұлы да хат жазады астанадан, астанадан қартқа әлгі қасқа, надан,– жыласа ол да ақша деп көл – сиясы, көл секілді әкенің пенсиясы былай да ағып, жатады былай да ағып, қызыл, қоңыр ақша боп ылайланып. Модыға еру – қызға да қиын еді, қиын болса қайтеді – киінеді. Ақша келсе – қуаныш сұрапыл, ә?– ұл қуанып ішеді сыра-пыра.
Қартайды әке – халі әлгі, күйін мейлің,– қартайғаны: «қаражат қиын» дейді. Кемпір де ырза болсын деп салады ақша, өзі ішпейді, жемейді, киінбейді, белі иіліп барады, сағанақша,– тек аяғы – баяғы, иілмейді.
- * Қыз шықты бір сауықшыл жас балаға, ұл үйленді – қалды о да астанада. Түсіп кетсе кім-кім де, шүкір, оқыр, оқығанға іс те көп бітіретін. Әке – ауылда, күрсініп тереңірек, ұлым, қызым қонаққа келеді деп, пенсиясын жинақтап күтіп отыр.
ДАСТАРХАН БАСЫНДА Ол жамандап біреуді, мен мадақтап, айдалаға кетіппіз қаңғалақтап. Біздің сөзден ешкімнің міні құрап жатқан жоқ қой – сөз деме мұны бірақ. Ол бал ішті, бал ішті, өй, намысшыл, менің ішке-нім бірақ тұнығырақ. Екеуіміз де көп іштік, сен көп іштің, мен – көп іштім, көп ішсем көнбегішпін. Ұмыт еттік ұятты, әрі асты ұмыт, сап, сап, достым, болдық қой талас құрып. Жарасайық қайтадан өзді-өзіміз, кім бар деп ең жіберер жарастырып?!
Елдікті аңсап ел кезген Асан қайғы, сөйлемеді біз құсап кергіп неге: ерлік керек дейсің ғой, ерлік деген дастарханның басында жасалмайды! Дастарханның ерлігі – қанып тою, ерлік үшін ерлік қып алып қою. Кім таласса: біреуі – ит, бірі – мысық, ит, мысық боп қайтеміз қырылысып?! Күйін ішіп Сүгірдің сен қызыпсың, мен мас болдым Қасымның жырын ішіп! БУДАҚ БҰЛТ Көк сүт-аспан, сыпырылып қаймағы біздің жаққа ауған-ау: будақ-будақ-будақ бұлт қонып жатыр тауға анау. Қиял кезіп тау қойнын, Мен келемін сай-жырамен бұлтақтап. Қиял көзі бара жатыр қарығып – шыңдар әппақ, бұлт әппақ.
Табиғаттың көңлі әппақ, ақ жыр жатқа оқылмақ: бұлбұл ақын монолог, тақпақ айтпақ тоқылдақ. Ақ бұлт кенет қарайып, Нөсер құйып кетті, әне. Ышқына ұрған, жел, сенің қояр түрің жоқ па әлі? Қара көлеңке құлады, қарайды әлгі ақ бұлтың: Көкшіл, күншіл төбелердің осылай қарайтады көңілін таулар, сенің дақпыртың! Менде де бар бір дақпырт, обалы не, обалы: будақ-будақ-будақ бұлт Ой-шыңыма қонады – Қабағым құр түйілген, Нөсер қайда – жыр қайда: сөз пышырап, ұйқас та көнбей отыр ыңғайға. Келмеген іс ыңғайға батады екен шымбайға. Қасым аға, сен осы Қайтушы едің мұндайда?
ДОСТЫҚ КЕҢЕС Алу, алу, бар мақсаты тек алу, құрығанда Кавказ асып демалу. Тіршіліктің бар мәні тек қана алу деп ұққан бір дос мана таңсәріде жолықты, кеше де сол жолыққан. Көп естиді ол қала өсегін – анық бұл, есінде, әттең, тек «алулар» қалыпты: біреу орден алыпты, біреу біреудің атын ұрлап алыпты, ақырындап ақыл ұрлап алыпты. Наполеон Ганнибалдан алыпты, Аристотель Аплатоннан алыпты. Маяковский Уитменнен алыпты, Ник. Гоголь А. С. Пушкиннен алыпты. Алу, алу – алағай да былағай – ана ағайдан алған екен мына ағай. – Тоқтат!– дедім, Гоголь алма-ған шығар. Пушкин берген шығар, дедім, шыдамай.
Пәс боп қалды ол, аяп кеттім шіркінді, ал, ол мені жұбатқандай бір түрлі: – Бер, бер, деді ол, сұратпай бер, сұратпа, бер, бер, деді ол, ...өзіңе бер бірақ та. ҚОШАЛАҚТЫҢ КІСІСІ (Мінездеме)
I – Көп қаланың көшелерін білсем де, бұлай екенін, әттең деді ол, кеш білдім:
итіңді ерттеп мінсең де жұмысы жоқ ешкімнің! Маған бұл сөз желін құйды даламның – мақтау естігендей болдым тегіннен: – Іздеп жатыр, дедім сендей адамды, Көшіп келсең – үй береді дедім мен. – Аузыңа май, қарағым, әмиін, деді ол, түшкіріп, аяғы жоқ балағын белбеуіне қыстырып. Мәз болды аға: – Мен емеспін тартынар, Жеңгең: шау боп шөгіп қалдың десе де... Дүкені бар, паркі бар – ертесіне тағы шықтық көшеге: ерегесіп бір құрдасына «оңбаған» елге бара көшетұғын болды ағам. Қызып-қызып алатыны бар әлі, Қызық-қызық Қошалақтың адамы.
Аялдама. Қалған сын-ды жұрт үннен, Сағатына қарайд біреу есінеп. Әлдебіреу тықыршьш тұр күңкілдеп, Осыншама кешіккені несі деп. Самал ғана лыпып ойнап жүр кезбе, бұталардың арасына кеш кірді. Оң қолдағы көше жақтан бір кезде «помогите!» деген дауыс естілді. Ақсақ ағам есі шығып бір түрлі, дауыс шыққан жаққа кенет ұмтылды. Ыңғайлады балдағын ұратындай лақтырып, сонсоң тез-тез, тез-тез деді ол аптығып. Сап-сап дедім. Тұрды ол бір сәт тың тыңдап, Қошалақтың ері нағыз осы да. Әлгі дауыс шыққан тұстан, сынқылдап бір қыз күлді, жігіт күлді қосыла.
– Жастар, дедім, ойнайды ғой, кеш кірді – мән берудің жөні болмас зор бұған, көрмейсің бе, сенен басқа ешкім де қозғалған жоқ орнынан?! Түсті ағамның көңліне бір жарқыншақ, басын шайқап, сипап қойды иегін бір. Қос көлеңке қолтықтасып, әлгі тұстан қыз бен жігіт көрінді. Көтеріңкі сөйлейтіні бар әлі, көңілді ғой Қошалақтың адамы: – адамдары «қайырымсыз, оңбаған»,– бұ қалаға көшпейтұғын болды ағам. Бір қара ағаш сыбыр етті шалға әлгі, самал жүрді әр бұтадан күй теріп. Сала-сала саусақтары шамдардың айсыз түнді көкірегінен итеріп.
Сездірмей тұр салмағын. Сөйлейді аға дүрліге, көкірек-көңлі болмады әсте тыншығар. – Помогите! деді ғой ол, кім білер, бәлкім біреудің тарыққаны шын шығар?! Рас, ептеп ұрттап едім сырадан, қызғындықпен айтқан емес, сынаман – қала ортақ қой, қарашы тек мынаған: «помогите!» деген шақта, тым құрса селт етпеді-ау топ адамнан бір адам! Мен – кекеттім: – Әттең, дедім, кеш білдің – ит ноқталап мінсең – мін, шаруасы жоқ ешкімнің. Күреңітіп жүретұғын еді өрттей, бозғыл тартты, содан кейін мені ертпей жалғыз кеткен... барып келдім жаңа да: біреуді ұрып ағамның өзі түсіп қап еді ауру-ханаға.
Қошалақтың адамының қаны ыстық Гаекондықтар секілді; Әнеугіні әлі күнге намыс қып: қала өмірін күзетпесе бола ма, қала адамын түзетпесе бола ма – ерегіссем көшіп келем, деді аға. Жиырмасыншы жылға ұқсайтын көп мінезі бар әлі, қызық, қызық Қошалақтың адамы!
ЕНЕ-КЕЛІН Әлденеге соғып алып тізесін, Келін жүред ауырсынып, ыңырсып. – Енең келді, келін, тез-тез жүгір, шық, Жіп иіртіп ала ғой тез бір ұршық! Қалада өскен келін нені біледі, беті түгіл, ернінің бояуы анау – бір елі: енең келді деген шақта – кіржиіп, жіпті айтқанда – жымың етіп күледі. Ей, енелер, жібіңді иір, бала бақ өз үйің ғой, бейнетіңе – қанағат! Келін де – ене сыйлайды ғой, ұлының жылт-жылт еткен өкшесіне қарап-ақ. Енесі мәз: – Келінімнің жаны асыл – деп қалбақтап көріп жатыр тізесінің жарасын,– жүдеп қапсың қарғам дейді, дейді нұсқап мен жақты – ұрттап алып көп тиісті-ау, шамасы?! Кемпір мықты, күшеймесе жөтелі – келініне келін болып кетеді.
АУА ШАРЫ (Фантастика) Көңіл байғұс шын желіксе – не дауа, Медеу жақта жетед десті жел-ауа. Желіккенге сылтау да көп, негіз көп, ешкі құсап жел іздеп, таза ауа іздеп Алатаудың баурынан, шықты жігіт Шымкенттегі аулынан. Медеу-сайда тастар үркіп дүрлігіп, тап-таза ауа дауыл болып тұрды ұрып – жұтты ауаны азаматың әлгі асыл, өзі таза, өзі тегін болғасын. Ей, ақырын, ақырын, жалмауыздық жараспайды – жат ырым: жұта-жұта... Кетеді ауып желге есі, сөйтіп ауа шарына кетті айналып кеудесі. Төменде – тау, төбесінде – тұйық көк, шар барады бірте-бірте биіктеп.
Қатал тартты көк мінезі, жел өңі – шардың елге оралғысы келеді. Әуре болып еді біраз ұша алмай, әуре білем енді жерге түсе алмай. Жел де ауырлап: түс, түс дейді, күштейді, ал шар байғұс жарылмаса – түспейді.
ДӘРІГЕР АЙТТЫ Таза ауаға шығып тұрған жөн деді, не болмаса желдету жөн бөлмені. Көше ауасы – бұлдыр ауа, деп еді: деміңді алсаң түтін исі келеді. Медеу жақтан тасымасам дорбамен, таза ауаны қайдан табам сонда мен. Аула ауасы тіпті нашар – тар, ысты, балалар да жақ-жақ болып жарысты, кейде доп та қуады олар шаң түтіп. Алатау тұр қоңыр самал аңқытып, самал, әттең, өтед басқа көшемен – арғы көшеге өтіп едім кеше мен, көкірегім кеңігендей болды ептеп. Біздің көше... арақ тасып шөлмектеп, екі-үш жігіт шылым шегіп тұр анда,– әйтеуір бір жығыларын тыраңдап білмейді ғой бүгінше сау қасқалар: газ-түтін бар, шылымы бар, басқа бар, денсаулықты құртам десең – көп амал. Жүрегіңді кислородқа орап ал, жарығың, дос, біткен шақта бәрібір, бәрібір ғой таусылса егер жарығың – тап осылай ойлаушы едім мен кеше, ол ойымнан қайттым бүгін, ендеше себеп керек өлу үшін еңіреп, өлмеу үшін көмек керек көбірек: сустак ішіп, сылқытып су жұтамын, сонсоң тілге тиек-дәлел тұтамын академик Амосовтың кітабын. Таза ауаға шығып тұрған жөн деді, тым болмаса желдету жөн бөлмені – доктор айтты –
шықтың демін, шөптің исін ұрттап ертеңді-кеш жүріп бақ! Жүрем рас. Сәл үйрендім күтімге, жүйке-жанның көп жыртығын бүтіндеп жүргендеймін. Мынау үлкен астана, астанада жапырақ өсті тасқа да. Тасты кезіп ауа жұтам, сол ауа таза ауа ма, газ бен у ма, басқа ма – бәрібір-ау химияны аз ұғатын кісіге, түбі әйтеуір жазылатын кісіге...
АТЫ ЖОҚ ӨЛЕҢ Көмір қаздың, күй шерттің талай-талай – не еліктей алмадың, не қайталай, даралығы да емес-ау бұл тұлғаңның, қырсығы емес өзіңше ұмтылғанның, бір жұмбақ бар, мен үшін, елес мүлде – түсінбейді сондықтан сені ешкім де! Алашадан – атадан қозғағанда тумысың да жат емес өзге адамға, бірақ сені өзімсіп ешкім, ешкім сөйлегенін мен ғұмыры естімеспін! Себебі, сен бір түрлі, бір түрлісің, жүрегің – тас, секілді сыртың – мүсін. Сені ұқтырам демеймін мұны айтқанда жағымпазға, жалқауға, суайттарға. Сөзім бардай тіл-ұшы таңдайымда, ойламайын десем де сен жайында – қиялымды келбетің түртіп тұрар, сиқырың бар бір түрлі ынтықтырар. Көңілдендің сен мүлде ерек бүгін, жұрт секілді, сен де іштің – өрепкідің. Сезем, сен де бізге ұсап күлмек болдың, сол ниетіңнен көрінді бөлектігің.
Әзіл айттың кейідің талай-талай, бездің бізден, еліктеп, не қайталай алмадың сен ешкімді, содан-дағы бір ортақтық сенен де таба алмады. Бірге жүрдік бірталай мекенге ұшып, төбелесіп көрдің сен шекең де ісіп. Өзіміздің жігітсің, он досының ортасында отырған бөтен кісі! Өлгеннен соң көрінер өтімді ісі, Бөтен кісі, сен жалғыз жетім кісі! Сен – уақыттың алдына түсіп кеткен радио-сигнал секілдісің. ІЗДЕУ САЛАМЫН (Бір кезде «Лениншіл жаста» осындай рубрика болған)
Жоғалттым-ау, жоғалттым мен бір адам балағы мен қолтығы қолбыраған. Ымыртта ұшқан күй сын-ды домбырадан, Жоғалттым-ау, Жоғалттым мен бір адам. Сөйлеп кетсе жұғатын мұртына бал, желке шашы желді еді бұрқыраған. Көңілденсе – кеудесі жыртылады, ал, жыртық еді өкшесі жылтыраған. Оқшау тұрмау үшін бе өзгелерден, кезі болды кеселді сөзге де ерген. Бірге кетті мылжыңмен сөзге өлермен, опасыз бір ортадан безген ер-ді ол. Осалдыққа бармаушы ед менің досым, осал болмай не болды жеңілгесін? Менің жалғыз бақытым шығар бәлкім, досым түгіл, сатпаса көңілдесім?! Патша еді ғой, шіркін ол, тағына адал, адал болса патша да жарымаған Өнер-ойдың хақ еккен нәрін оған, нәрі бардың, сондықтан, бәрі ұнаған – кәрі надан кісі еді, кәрі надан. Періштеден, періден, әрі Алладан ізгіліктен өзге түк таба алмаған сорлы еді бір,
көрсеңдер сондай кісі хабарлаңдар, жігіттер, маған, маған! КЕБІС Етікшінің көбінен көңлі қалып, көкем қолға ешкі ішек домбыра алып, Құдай атын қуә ғып, тәңір атын ымырт шақта әркімге шағынатын. Бір кебісі симай ғап, бір етігі аяқ қажап ақсаңдап жүретіні елге аян-ды; жұрт соны біле тұрып, аяған боп күлетін кіл өтірік: – Езбе, десті, еңірейтін барлығына, Сөз бе, десті, етіктің тарлығы да.
Шал бір күні төсектен ширақ тұрып шеге жонды, тарамыс шираттырып. Ерлік етті, бір ғажап ер-іс бітті: бір күн, бір түн отырып кебіс тікті. Бір жаңалық бар еді тағы мұнда: өзі шапты кебістің қалыбын да. Бәрі бекер: күл – бекер, ая – бекер, қарт өнерін сол кебіс аян етер. Кебіс те емес, қайқы ерін қайық шықты анау-мынау өткелден таяп өтер. – Тігіс қандай! қайымы тегіс екен, мұны тіккен, япырай, не кісі екен?! Жиын-тойда жиырып табанына түйе киіп билейтін кебіс екен! – Сөйледі жұрт өңмендеп, өзереңдеп, әзіл, мысқыл сөздерді көзеді өңдеп, Көкем бірақ саспайтын, күлетін жай: – Шеберлерге қашан да сөз ерер,– деп. Былғары да аз еді о кездері, ғұмыр бойы түспеген өнер жолын қартайғанда қаңғырып неге іздеді? Қолы – жасық, көңілі өжет еді, өжеттігін жұрт әлі сөз етеді.
Кебісте емес мәселе, нені болсын істегенге өз қолыңмен не жетеді! «Тәуекелге бір иек артпаған ұл, ұл болмайды» дейтін қарт; қарт талабын енді-енді ұқтым, тым құрса, «етікшіге» ерлік емес, дедім мен, тартпағаным. Өнеріңе, шебер дос, келем құлап, өз қолыма көбірек сенем бірақ: сюжеті бар тарыдай пышырлаған, олақ қолмен жаздым мен үш роман. Мына шіркін есер ме, ұрттаған ба – күлген сын-ды сонда өстіп жұрт маған да. Баяғы бір қалып қой, баяғы үлгі – қысты етіктер менің де аяғымды. Дайын қалыпқа әзір мен көніп келем, көктетпеспін, сірә, ұзақ көніп те мен. Өз шегемді қақсам деп түбі мықтап, өз қалыбымды асықпай жонып келем.
ЕШКІ-ДАУЫС Қай күні еді, әйтеуір бір кешқұрым естідім мен маңырағанын ешкінің. Қала жұрты – ешкі ұстамас – есті кіл, ешкі даусын шалмап еді құлағым: Елең еттім, келді сол сәт жылағым: жанын жеген ешкінің секілденді көне дерт пен ескі мұң жоғалтқанда оянатын лағын?! Жалғыздық па жан шөлі, Даусында ескі бір мұң бар – бүйтіп маңыра-маушы еді оқымысты тұрғындар. Бәріміздің сонау байтақ даладан шыққанымыз күмәнсіз. Мынау үлкен қалада, ал, Шығады екен ешкінің де үні әлсіз, аянышты, шын әрі, әрі сонша жалғызсырап шығады.
Қарсы көрші кір жаятын аулаға жаятұғын болғаны ма енді ешкі? Сыртым – салқын, көрінгенмен мінезі тым жайлы аға, басты шұлғып басқым келсе де айлаға, көкейімде көп-көп сұрақ белдесті. Сол сұрақтар мазалады көп мені – әуелі есер шығар деп ем өтпелі, бір аяныш, бір мұңмен ешкіні естен шығара алмай жүрдім мен, дауысы да құлағымнан кетпеді.
Ал, дәл кеше кешқұрым көрші сойып ешкіні бізді дәмге шақырды деп естідім. Мен – даланың ұлы едім, маңырау түгіл, боздауды да естігем. Бірақ күткен емес еді жүрегім мұнша зарды ешкіден. Талай малдың бауыздалғанын көрген ем, қан исінен бұқа өкіріп, ат үркіп; ешкі түгіл түйе сойған елден ем – бақыртып. Бытырлатып қолқа тамыр-ларымды өтпес пышақ – кесті мұң: кешқұрым етін жеуге ешкінің бара алмадым әлгі үйге. Ет жемеген Толстойлар, Гандилер көрінуші ед көмескі... Дәл сол ешкі, сол ешкі, жауаптары тумаған сұрақ болып мың надан, күнә істеген күнім құсап бір қаран, содан бері маза бермей күні-түн, бұрқыратып түбітін маңырап еріп жүр маған...
АЗАТ БАСЫҢ БОЛСЫН ҚҰЛ ...Ал, сен болсаң сол баяғы бір ербең, қандай есер ербеңде деп жіберген?! Аяғыңа жығылар ем мен ертең, кеп-кеше анық түскен болса көлеңкең. Буалдырлық – бояу екен, о-дағы саған ғана жұққан сын-ды болады. Намаз-шамда әлдекімнен құлаған
көлеңкедей ербиесің сен әлі: Болса-дағы қанша байтақ кең өлке, қайдан болсын көлеңкеде көлеңке! Ашылмады жазда – көзің, күз – кеудең, кісілердің көлеңкесін іздеумен күнің өтіп бара жатыр, қанша амал. бұлттан – бұйда, безеу іздеп алшадан. Күзгі те-ре-зе тәрізді буалдыр пиғылыңды жумасаң да – су алдыр: ниетіңе разы ғыл бір мәрте, тым құрыса бір-ақ мәрте қуандыр. Құлақ – ойға, көз жарамай көргенге, ал, әйтпесе ербеңдей бер, ербеңде. Абай айтты: «азат басың болсын құл – саған айтты: қолдан келмес іске ұмтыл!» ШАХМАТ ОЙНАЙ АЛМАУ Тахауи Ахтановқа
Саған шықты ақ жағы, қапы қалсаң да ойнап қал, күшті менің логикам, өйткені, атам – қой баққан. Немересі қойшының – қомағайлау келеді: жей тұрайын пешкіңді, пешкі деген – бойдақ мал. Семіз тоқты жақсы ғой бақташысыз жіберген,– қарынға да қанағат іздеп едім бұ жерден. «Құрбандығың» дәмді екен, талабым жоқ, ал, бөтен, тек бір жаман әдетім:– тойып алсам – әндетем! Қой-қой, сақта жүйкеңді, оң қанатты сақтап бақ, доғарайын әнімді – бір әдемі тақпақ тап. Айныдың ба ойыңнан ладьяңды аттатпақ, тәуекел жоқ, төзім бар, енді қайттің? қап-қап-қап: екі пілің-нің бірі қалды, әнеки, батпақтап. Мысық қорғап жүрген кез Арыстан мен Барысты – қорғаймын деп ферзіні – ана пешкің тағы ұшты. Кіндігінен жел есті – короліңнің жап алдын, аяушылық емес бұл: кесірі көп жаманның, кесапатын тигізер, бір түшкірсе – жетеді,
нең азамат, ашқызсаң короліңнің етегін! Шешіп беріп шекпенін, өзін ала қашпа өле – атақ жаман бәрінен «Король – жала-ңаш!» деген. Офицерің құлады – опасыздық, өмір, ей – мен қуанам: құлаған –«ақтың» офицері ғой?! Атпен шықтың ба айқасқа? Тажал деуші ед тағалы ат, қап мұнысын білгенде – құртатын ем бағана-ақ. Ладья үшін ат беріп – бір іс еттім және ағат, және ағаттық жібердім: қанағат деп, қанағат! Секіргені – ұшқандай, сірә, мынау қанатты ат, жаяу әске-рім састы етектері далақтап. Шауып жүріп «шах!» айтты, ферзім шықты кері ұшып, бір сүрінді королім – беру керек жер-ұшық! Жылға қуып жүрмен деп жығылдым-ау тұмақтан, заманында атомның қорлық көрген кім аттан, кім ойлаған: азамат соғысының аты әлі қалмады деп модыдан! Әй, батады-ау, батады: пешкілерім мінеки тозып қалған қатары, ферзіні атқан әруақ – енді немді атады?! Таңдайымда тұр әлі: тұңғыш жеңіс дәмді екен, әдетім бар тағы бір: ішім күйсе де – әндетем. Ендігі әннің тек әттең басқашарақ мәні, рас, әскер емес пешкі енді, қой боп кетті – маңырас! Менің атам... әдетте, логикасы мықты еді, мынау айқас бірақ тек логикамен бітпеді: Тура шаппайды ат мұнда,– жуас ат-ау, жуас ат – құртады екен жуас ат шапқан кезде «Г» жасап. Бумерангтей жүрісі, ат ойнында көп мән бар, мәннің көбі, азы не, ей, соқпаңдар, тоқтаңдар, шахмат ойны – тақтада деп өмірді ақтама, «Г» жасайтын шабуыл тақтада емес тек қана: атпен шебер ойнайтын достарыңды мақта, аға, бірақ ондай қуларды шақырмау жөн тақтаға!
ШАХМАТ ОЙЫНШЫЛЫҚ Ілкі жоспар – күшті еді, жоспар күшті қашан да.
Піліме жол түспеді, пешкілерім, бас алға! «Жаяулар» кеп қамады, атты «Г» ғып бұрған ем: ферзім өліп барады, бір-ақ аттап тұр король. Не шара бар, не шара: іші – қарам, тысы – адал неткен тірлік, бейшара бірін-бірі тұсаған! Ұмтылғанның – бәрі өлді, жығылды «жау» орына. Әлсіздігі корольдің әлгілердің соры да. Қарсыласым – ер кісі, бағы басып тұр тағы: жалаң қылыш-ферзісі оңды-солды қырқады. Күш қалмады ырымға, ал: жасы да өлді, кәрі өлді. күллі әскері қырылған қайғы басты корольді. Тақым артар жоқ бірі – кермедегі ат кергіп тұр. Айла-амалдың көптігі Жеп қойыпты ерлікті! Ерлік жоқта, айла-амал қалады екен пайдадан. Гамбит деген әлгі итің мені жіпсіз байлаған. Даусың жетпес – шыңғырсаң баста бекер көнбедік, көнбеген соң, тым құрса бір шайқасып өлмедік...
ТАБИҒАТ Жел бұтаны ырғап-ырғап, бітті ырғап, шөп сылдыры құрғақ, құрғақ, құп-құрғақ. Желдің еркі болса – Жердің бар түгін бұлтқа ұсатып әлдақайда ықтырмақ. Жапырақтар қызыл құлақ, сары құлақ түседі өліп бір бұтадан қарғыды-ақ Жапырақтар қызыл ала, сары ала бұталардың саусақтары ұшынан қанатсыз-ақ қарғып ұшып бара ма! Әрі кедей, ағаштар тұр, мас әрі, мас кедей де жомарттықтар жасады. – Ей, есірік еркектер-ай!– деді әйел,– қолдарына ақша түссе – шашады!
ТАС ПЕН САБЫН – Суға тисең – екі бетің жылтырап, өз-өзіңнен еріп біттің сен сорлы, жарып салған түгі де жоқ, жылап-жалап еңсерді Су атанған ата жауың семсерлі. Бүгін – бүтін, ертең қалар жоқ түгің, бар байлығың – көбігіңнің көптігі. Әр қолда бір жылпыңдап, әркімге бір жылтырап, өмір сүрдің жылпыңдықпен бір күн-ақ. Суды көрсең жылап аққан өтірік, шыға келдің өз-өзіңнен көпіріп – нең бар осы айдалаға бұрқырап?!
– Сенің нең бар сабында, бақыт емес сабын болма-ғаның да. Қисайғанша қарсы жатып ағынға бұрқырап қал оралыңның барында! Ештеңеге ерімеймін деп әлі тас болғанның – табиғатқа обалы! Аймаласа шуақ күліп, су жылап, жібімесең сонда да – қайрат емес, қатыгездік болады! Сен тозасың – тас та түбі тозады, оған шейін әркімнің бар өзі әлі. Берікпін деп беттиме көп, түбінде Көк тастан сол көпіргендер озады! Пәлсафа – әлді, тұрмыс одан әлдірек – тіл алғыштау немересін сартабан дүкен жаққа жұмсап жатыр қарт апам: «Жүгір жылдам, сабын бітіп қалды» деп.
КӨСЕУ Әлдеқалай күн түсті қара күйе бір көсеудің басына. Сол-ақ екен, көтерді әлгі көсеуді әлдебір қол асыға. Асыл жоқ па көкке көтере-тұғын, көтерді кеп сол көсеуді қол әлгі. Дүйім жұрттың төбесіне шыққан соң көсеу де енді өркөкірек боп алды. көсеу деген ат-атағы жоғалды, күйесі де жоғалды, енді не қалды?! От қоздату қазандардың астына, не күл шашу – көсеулердің ісі бұл. Рас, қолы күймейді екен, күймеді әлгі сын-ды көсеуі бар кісінің. «Қолмын!»– деді бір күні, тасты көсеу табанда – қол болған соң – көсеу керек оған да, ей-ей, көкми, зауалыңа жолыққыр! ...Көсеуге де сонымен көсеу керек болып тұр.
ПАРТИЯЛЫҚ ПОЭЗИЯ (Партиялық поэзия сөйлейді. Хамит Ерғалиев.) Төбе басқа, деседі ғой, тау басқа, таулар жайлы толғадым мен әу баста. Таудан аққан бейне ақ бұлақ, ақ бұлақ екпінім де секілді еді қаттырақ. Бертін келе төбені де жыр еттім, жырым одан төмендеген жоқ бірақ. Дару алған алғыс, тілек, батадан, бояуларым ашық түсті, ақ-адал. Жұрт айтқандай, «бұғып» жатқан жоқ түгім, бар айыбым: бояуымның көп түрі, ойларымның биігірек шоқтығы. Тірлік еттім адал ойлап, ақ аттап: иі қанған идеалды мадақтап, қайырымды, кісілікті мадақтап, коммунистік түсінікті мадақтап
келем, келем, өлең деген сан-қилы: кейбірінен құмның исі аңқиды, кей сөзімнен мұңның исі аңқиды; кей жолымнан шық исі аңқиды, кей ойымнан жөргек исі аңқиды – пәктігі сол ақыл-жүрек-пиғылдың. Пәк сезімді ән жасадым, күй ғылдым, қара тасқа қызу құйдым, тер төгіп, алақаным жүред содан өртеніп. Канал тарттым әжімінен ананың, балалардың күлкісінен шолпы өріп. Ақ бұлақты ақық еттім көмкеріп, көк аспанды шатыр еттім төңкеріп. Үміттенгіш, сенгіш, ыстық әрі әппақ жүрегімнен сөз суырам сабақтап. Ойымды – ойлап, қағазымды парақтап жүріп жатқан жайым бар, дос, далақтап. Күнге үш мезгіл: таңертең, түс, кеште мен барлық, барлық жарамсақ пен кещеден сақтаңдар деп тілек етем бауыр, достан, таныстан, тілек етем тағдырдан күнге үш мезгіл нан ұстап. Сонсоң, сонсоң... Көз-көңліңе қонатын, қорқам сенен, бір өлеңі жоқ ақын! Амал қанша, берік бол, дос, болмасқа, қаруым жоқ шыншыл-дығым-нан басқа. Сенде де бар балдай үміт, бай талғам, менде де бар «әттең-ай» мен «майталман». Шынымен-ақ түсінбейсің сен кейде, Мен де кейде келістіріп айта алман. Саған не жоқ! Сенің үнің – ең ескі үн, сен ешкімге менен жақын емессің, ерік өзіңде – төрелік де, тоқтық де – тек әйтеуір сен қорқатын жоқ түк те: құмға құйған суға ұсап сіңіп-құрып жоғалармын көптікке. Менде сені қағып, жасқар жоқ талап, мұрнын тесіп, арқасына ершік сап, мезгіл өтті өгіз мінер ноқталап. Менің жырым көл болса егер қоғалы,
қолға үйренген барысы мен қабаны; барлық кезде жабайы ғой сұлулық: жабайысы болса, ол – аққу, ақ қанат. Анау жақта... пиночеттер, Рейган мен Бегин де соқтығатын кісі іздеп жүр, тегінде менің өртім – солар боп жүр су себер, егер өзім өртші болсам, қап-қалың томдарыммен сөздің не бір батпанын аударар ем соларға, әттең қазақша өлең оқи білсе егер... Сен ғой мені жау санайсың саналы ең, Жау деп ұғам Отан жауын ғана мен. Солай, достым. Солай болмақ алда да, өлең-ойың тым ауыр деп алдама. Ауырлама сезім -образ-ұғымды, сен арқалап жүрген жоқсың жырымды. Жаман-жаман кітап жазу арқылы оқушыңды жазалап ең, жарқыным, Мені де ептеп алмақсың-ау жазалап,
(Неге сонша көтересің еңсені) тек алуға жаратылған азамат, ауырламай отырмын ғой мен сені?! Рас, рас төбе басқа, тау басқа, таулар жайлы жаздым, рас, әу баста. Таудан аққан бейне ақ бұлақ, ақ бұлақ, рас, рас, екпінім бар қаттырақ. Өйткені мен есті сөзге жүректің отын қостым; төбені де жыр еттім – үнім одан әлсіреген жоқ бірақ. Сонда да әлсіз бейнеленсе ой кейде, биіктетер билігін кес, асыл досым, ақыл қос. Сен қоя тұр бақай баққан бақыр-дос, «Партиялық поэзия сөйлейді!» ГЕОГРАФИЯ САБАҒЫНДА ОҚУШЫЛАРҒА ПАСХИАРАЛЫН ТАНЫСТЫРУ {ГЕОГРАФИЯ САБАҒЫНДА ОҚУШЫЛАРҒА ПАСХИ АРАЛЫН ТАНЫСТЫРУ;1985;Менің топырағым}
Пасхи аралы – қарт арал, қарт деген құр атағы ғой далбаса:
кез-келген жұрт таба да алмас картадан, географтар болмаса – жері қатты, тар өте сол аралда тас адам, тас мүсіндер бар екен қолдан шауып жасаған. Аралда түк жоқ әлгі, ел ескерер жоқ түгі, әйгілі еткен аралды тас-адамның көптігі. Бір тас кісі дөңде тұр, қол-аяқ жоқ, соғыстың сарқытындай ол-дағы. Тек басының көлденеңі он метр, тонна-тонна, тонна-тонна салмағы – Мызғымас қып, мызғымас жасаған-ау шебер ел: сырық керек биіктігі жүз құлаш қолы болып таяқ ұстаса егер ол. Қол-аяқ жоқ, аласарып тұр бүгін амалсыздан Пасха аралын тұрақтап. Аяқ бітсе Америка құрлығын алар еді бір аттап. Жүзі момын обалы не, обалы – судың терең, тайыздығын абайлап, маңқиып бір тұрар еді сол алып Тынық мұхит-қа бойлап.
Беті анандай сақал-әжім қау-қалың, мына баспен тас-мықты, Азияның ала-құла тауларын жастанар ед жастық қып. Бомба жасап әңгіленген есегі, Жунглиі қайнап жатқан аңы ұлып – бір құрлықты төсеніп, бір құрлықты жамылып, Тажал құсап түрегелсе, бар әлін әйгілі етсе – көрінер ед күйі ерек: бөрік етіп Мадагаскар аралын, Италияны етік етіп киер ед! Қой, қорықпа, жас достарым, әдемі мүсіндерге біткенімен ерек бой, сол әдемі кеуделерге әуелі «жан бітуі» керек қой? Бұ заманда өтіріксіз қараң күн, обалы не, обалы: тас-адамы «тіріліпті» аралдың деген сын-ды сенсация-хабарды Би-би-си де құрастырған жоқ әлі! Сондықтан да тас-адамдар қатары
бұлжыған жоқ, Пасхида әлі мекені. Адамдар да кейде тас боп қатады, кейде аңыз алып ұшып кетеді. Жатпаса егер тыпыр қағып «тіріліп» біздің кезде таңсық емес тас-адам. Мәселе тек: неге осынша ірі ғып тас адамды жасаған?! Кім көріпті мүсіншінің заманын – ірі болған шығар, бәлкім, адамы? Осыншама айдалаға кісімсіп, не көрді екен, не ойлады екен мүсінші?! Адам жаса-ған-да осынша ірі ғып, іріліктен етті ме ол да бір үміт? Тас шапқанда жығыла, өзін-өзі осыншама көк тер ғып – жұрттың ұсақ-ты-ғы-нан көрген кісі болды ма әлде көп қорлық?! ШЫҢ Тым-тырыс, баяғы бір тұрыс. Жел майдан салады, салады бұлт ұрыс.
Кимелес, ұмтылыс – бәрібір шың тыныш. Түрі алыс, жат әрі – шың тыныш жатады. Шатағы, шатағы: шаншудай батады шыңның да атағы. КІШКЕНЕЛЕР (Үзінді) Біз – кішкене жандармыз деп алады, сөйдеп үлкен «нандарды» жеп алады. Кішкене ғой – мәңгүрт қой – десек есек,
кішкене бас – бас емес, кесе десек, ойлайтыны есектің – есеп, есеп. Намыс қайда? қамыс боп намыс қалды, есеп жеңді ақырып алысқанды, ақымақ қып жіберді данышпанды: Сона талап өлтірді айғырды асыл, байғыз шоқып тауысты арыстанды. Аясаңшы, титтей ғой шыбын, шыбын, шыбын шақты, Піл, неге ыңырсыдың?! Маса зарлап ұшады, шыбын жылап, көз жасы да шыбынға шығын бірақ. Түрі анау ғой бейбақтың, не сор екен: жылап жүру-дің өзі есеп екен. Сен болмасаң жәндік не кеміреді?! кеміртпесең, ал, сенің нең ірі еді?! Бәрі баяғы құлқынның төңірегі...
АҒАШ КҮТІМІ Айқыш-ұйқыш мизам-жіп асылдыртып, ағаштардың қойыпты басын қырқып: күтімді екен, байғұстар, мұнша сыйлы – ық жағынан айналсаң – у сасиды. Жапырақтар тоқтықтан жарылады. сол жарылған тұстары дәрі-дәрі, дәрі-дәрі боп кетті-ау бәрі-бәрі. Дәрі жей ме, жей ме әлде құрт ағашты – осыны ойлап осынша жұрт адасты: агрономдар, химиктер, талас, талас, талас бізде бәрібір толастамас. Түсі бар да исі жоқ жапырақ не, қоңызы жоқ, құрты жоқ ағаш па ағаш! Сайы – жұмбақ, құйқасы-қыртысы бар, шешілмейтін дауы бар, қырқысы бар, Жердің шары – бір үлкен ағаш десек, Жан-жануар – қоңызы, құрты шығар?! Исін іздеп жап-жасыл мына ағаштың, армансыз боп мен-дағы бір адастым. Қыр соңыңнан қалмайды удың исі – тұра қашқың келеді, тұра қашқың.
Секілді бір химия майданы өткен, шарпиды исі мұрныңды майда леппен: Цивили-за-ция-ның у – исі болса, сенің исің, табиғат, қайда кеткен?! Бір аптека тұрғандай тұмсығыңда, дәрі жұтасың, уақыт жоқ тұншығуға. Табиғаттың қайғысын, жапырағын – менің титтей ақ күміс-ақымағым: бозша торғай секілді жыршы жырлап, бұтағына қона алмай жүр шырылдап. Таңдамай да танымай ештеңені, бозша торғай ештеңені екшемеді. Ұя қорып шыр-пыр боп өскен еді – жетсе жарар деп келем кешке демі. ...Бұрынғыдай емес-ау бұтам-ұям, Менің жаным да әрнеден сескенеді.
МАЙ-82 Тымырсық құр, ауа жоқ – тымырсық бір, сыбдырай алмай бұталар – ыңырсып тұр. Асфальт жол да тесілді, теректің қарт тамыр тартқан жерінен сіңір шықты. Қайың басы қураған құйын сын-ды, солықтайды қой тас та бүйір сын-ды. Жаңбыр түгіл, бұлты жоқ, аспанды анау аспан деудің өзі де қиын сын-ды. Бар тірліктің бір аспан – қарағаны, шаң да ұшады аспанға қарап, әне. Шаң, шаң көше, жапырақ, шаң, шаң бәрі – арықтарда су емес, шаң ағады. Мұның бәрі жалғыз сөз: құрғақшылық, құрғақшылық! Әй, мықтап бір қақсыдық. Апрельде егілген жас шыбыққа бүр орнына кетіпті тырнақ шығып!
КҮЙШІНІҢ КЕЙБІР СӘТТЕРІ
Нөсер түгіл, тамшы жоқ; келмеген соң күй іздеп, Ішегін ілдім домбыраның – саусақ қапты мүйіз боп. Домбыра – ағаш болыпты, екі ішегі түк үнсіз – мынау неткен аспап еді осыншама шығымсыз! Ес, ес, самал, тым құрыса, жас бұталар, қақтығыс, Жерден қазсаң да, Алатау, селт еткізер тап дыбыс! Тосын дыбыс іздедім арқасында тоқтықтың – қарап жатқан сайдағы қара тасқа соқтықтым. Шашырар деп тамшы күй, қармап алып қар гүлін, ала бурыл тасқынға айқай салып қарғыдым. Дала кездім далақтап, тамыр тарттым, тау бастым, әйнек қақтым мезгілсіз, әлдекіммен дауластым. Жүрегімді айналып өтті қайғы, күлкім де – бұтаны айналып барады самал жел де бүлкілдеп. Азап шекті-ау жаным бір, жолында ескі-жаңа үннің – сөз сөйлесем – ұрыстым, перне бассам – жаңылдым. Орман отыр орнында, қозғалады жапырақ – жел есетін секілді – бірақ үнсіз атырап. Әрең жетті өзіме өз дауысым, ақымақ, сөгіледі-ау деп едім таудың қары қақырап, тасты ұрып ем, ұшпады үркек-ұшқын шатынап, ойға кеттім мен сонда жер бауырлап жатып ап: Сәтсіздік пе ең сен тағы? Сенің соққы-тепкіңнен кез-келгенге қырсыққыш, қытымыр боп кеттім мен. Жайсыздығы пәтердің түсті, міне, көзге анық: ыдысымды төкті ұлым қолапайсыз қозғалып, қолдың сырты – көк тамыр лыпып кетті кіл арық, күйіп-пістім, бәр-неден бәле қазып шығарып. Жаңа оралды жадыма. әнеу күн бір түсімде жүрдім ылғи сыңсыған орман-күйдің ішінде, ат мінгендей үйірден асау күйді бір телі ұстап шертпек едім мен: кеудесіне құм толы домбырам тіл қатпады, құлағы да бітіп қап, батпақ кешкенге ұсадым бытық-бытық-бытықтап. Саусағымның танауын не бір үндер қытықтап, Менің халім-ді сезіп, әй, басынды-ау,
басынды ал: Бірі тартып құлақтан, бірі жұлып шашымнан – қармайын деп біреуін ауыз сала беріп ем – бәрі қашып құтылды тістің кетік-терінен. Күй келмеді бүгін де, күттім, күттім көп күттім, келер, келер күй-досым, өзі келер деп күттім. Келмеген соң іздедім... талғамай-ақ тартар ем – жаман күй де келмеді: танушы едім мен нені, түнде көшіп, жұртына тастап кетті ме ел мені?! Енді ешқашан ақ бұлақ жүгірместей алқынып, көбіктің де көзіне қалған сын-ды шаң тұрып. Қой, қой, бұлай сөйлеме, әне, ақша бұлт қалқыды, бір балапан тағы, әне, ұшқалы отыр талпынып. ...Қуанасың, жүрегім, сәл-сәл тынық, сәл тынық!
ЭТИКА-ӘЗІЛ Азаматқа сәлем беру – бір басқа, Қызмет салу – бір басқа; әзіл айтып шығайын деп жаңада өскен құрдасқа, кіре ғап ем; не болғаны белгісіз, мына қы-зық-қа қараңыз енді сіз. Өз-өзімнен қысылдым кеп, ойлап келген әзілімнен өзімнің, шашым өскен, самайымның жіпсігенін сезіндім: Шынтағымнан демеп әкеп жай ептеп, орындыққа жайғастырды ол, бәйек боп, хал-күйімді сұрап жатыр сарқыла, бір жымиып әр сөзінің артынан. Көрінетін сықылдандым көр-дөрекі көзге ерсі, айту түгіл әзіл, қалжың сөзді ерсі, мысы басты әлгі тәңір атқанның,– «Өз халіңіз қалай?» деуге шақ қалдым. Күн көрісін күрегімен құраған былай деуші ед бір ағам: жақсылардан хал сұрама, саулық тіле, жақсы адам болғың келсе, шаруаңа тап басқа амал, Халін оның жақсы деп ұқ барлық кезде басқадан, жаман болса – жақсарта алар жоқ шамаң.
– Саулық қалай?– деп бастадым ойладым да өстіп мен, бір езуі сәл қисайды: – ауырад деп естіп пе ең?! Әзіл қайда айтылатын жаңағы, Әзіл түгіл, жай сезім де жоқ әлі қанша іздесем зерде-зембілді індетіп – ілінбедің тілге түк. Өзім көрген қуға еліктеп бір сұйық кетік тіспен күлген болдым ырсиып,– бірақ үнім шықпай қалды, тып-тыныш ед күллі әлем – үн қатпады орындық та – ырғап ем. – Көңіл күйің әдемі ме?– деп кенет қалдым тағы өзіме өзім өкпелеп. Этикамнан түк шықпады, ұнатпай қос құлағын қайшылаған құсады ол қауқарсыздар тақым артқан құр аттай. Ажалдан да тайсалмайды күнде адам, жоқ, дөңдікті батылдық деп бұлдаман. Шаруамды айтсам – неге екені беймәлім – бататұғын секілденді мүлде оған. Әжім болмай өтсем деп ем жымиған бет-кескінге, салмақ болып батпайыншы деген едім ешкімге. Қай жағынан шығар екем деп тағы талай сөзді айта жаздап тоқтадым. Өз шамамша өлшеп мен, ықылас-пейлін жаңа маған көрсеткен бағаламақ едім бірер сөзбенен, және соның қажеттігін сөзген ем. Тағы үнсізбін. Әзіл қайда жаңағы, мынау – сол ма, дүние не боп барады? Не батыр бол, не жасық бол қор туған: қиын не бар дүниеде сыпайы жақсыларды ренжітіп алам ба деп қорқудан! О, тапқырлық! Келді кенет нағыз керек сөз, міне, уақыттың тапшылығын сездіре: – Сәлем беру міндет дедім біздегі... – Рақымет,– жымиды ол,– келіп тұрыңыз,– деді.
Кінәлама, кеңкелес дос, тәйт кәрі, шаруамды мен «қулық» сақтап айтпадым: құрдасым ед қызметін жаңа алған, сыпайылық мектебін бір тәмәмдар. Жағдайына еті үйренер, тоқталар, сәлемнің де сырын ұғар боп қалар. Оған шейін менің шаруам жата тұрар, жарығым, Одан соң да жатады ғой бәрібір?! АЛТЫН КӨРСЕ ПЕРІШТЕ Алтын деген жалғыз сөздің күші, үні жалтақ етіп жібереді-ау кісіні – тоғышарлық ойдың бұ да ұшығы, соған енді, енді отырмын түсініп. Ағай айтты – ұқпадым, Абай айтты – ұқпадым, Жарылғанша жүрегім ойдың бойы өсе алмапты бір елі. Періште кім жол шегер, тайғақ дейді аяғы – шын періште болса егер, жолдан неге таяды?!
Бұзғаны да Алла алдында о да антын, ақ пейілдің тартқаны да қаралтым, періштені шынымен қызықтырса сары алтын – ауруына алтын ем, құлқын құлы ғой надан. Артист шығар бәлкім ол періште боп ойнаған пиғылы арам, әрі ақылы қысқарақ?! – Періштені таяды деп кім айтты, кім айтса да, суайтты сабау керек еді әу баста ұстап ап! ШҮКІРОВТЫҢ ДОМБЫРАСЫ МЕН ӨЗІ ТУРАЛЫ Бірі ауырса, біреуі қызмет етпек болды ма: емханаға түсті ақын, бірге түсті домбыра: Көкірегін ақынның тыңдап көріп емші әлгі, ұстап қарап тамырын, қолтығына қол салды: – – Тамырлары,– емші айтты,– қаны кеуіп тұр қақсып!– Ине салды бұрғылап,
дәрі берді бір қапшық. Әттең, ақын ауруы – домбырасымен бір еді, сәл қақсыса домбыра – сарнайтұғын жүрегі. Әлгі емші кеп ымыртта домбыраға бір қарап, – Тартшы!– дейді... «Абыл» мен «Балқаймақты» тыңдап ап, сипап көрді қақпақты, шертіп қарап тақтайды: – Домбыра – сау, сондықтан емханаға жатпайды! – Деді, деді... деді де домбыраны ап кетті, ақынға әкеп қалдырды дәрі қапшық – әптекті. Арыстан боп туған соң, ауырсаң да – бол батыл, батылдықтан айрылды сонда, сонда, сонда ақын: мүңкіп кеткен дәрі исі, ақ бөлмеде жат әрі домбырасыз сол түні жыршы жалғыз жатады. Ертесіне қан қақсап, қара тырнақ қайта ысып, сандырақтап жатты ақын әлдекіммен айтысып. Ақ етекті емшілер ербеңдесіп әрі-бері, бас шайқасты: – белгісіз, басқа бір дерт бар,– деді. Күшін жиды сонда ақын: – Жамылмаймын көрпені, дауа таппан дәрі жеп, емделмеймін мен тегі, кетем, кетем! Сендерді емші десе – ертегі, ертегіге сенбеймін, домбырамды шертемін! –
Дәрігерлер әбігер: делеңдетіп желеңді бірі «зам»-ға жүгірді, бірі «зав»-қа жөнелді. Зобалаңдап «зам» келді, «зав» та келді – көбең кіл, осқырынған жұрт кілең сауал қойды: – Не болды? Ыза бардай ымында, қабағы да кірбелең, өкпелей ме бұ кісі қонбады деп бірден ем?! – Бір ауру шал сол сәтте бас көтерді іргеден: – Олай емес, жігіттер, өкпесі жоқ мұның түк, жалғыз-ақ түн жалғыздық жіберген ғой түңілтіп. Болғанымен тәні ауру келіп еді жарқырап, дәрі бердің жыршыға – домбырасын тартып ап.
Көңлі кірбің адамға қонушы еді қай дәрі, дәріні ішті түнде бұл тек ауруын ойлады. Бейшара емей кім екен домбырасы жоқ ақын, дертін жүрген сездірмей сол домбыра болатын. Сезілмесін не бір шер, не бір қайғы, не міндер, қонсын десең еткен ем – домбырасын беріңдер! – Ол болмайды! – Бас доғдыр басын шайқап жіберді,– ұйықтатамыз жұбатып дәрімен-ақ бұл «ерді», неше алуан сырқат бар, ауырлары бар тіпті, ауырсаң да сақтау жөн тыныштық пен тәртіпті. Аурухана – түрме емес,– еркеліктің де аты бар,– бірақ концерт зал да емес – ән мен күйді сапырар.– Бас дәрігер жымиды әлгі қартқа қарата: – Билесеңіз бөлмеде радио бар, ата! Түрің бар-ау, қария, тәуір бола бастаған, тыныштықпен де емделсін еңді сізден басқа адам. – Мына жұрттың көңліне жақын келсең бір адым, содан тәртіп бұзылса – бұза салшы, шырағым. Бетін кенет қария ірге жаққа бұрады, жұрт та саңырау деді ме,– бір күрсінді егіле,– ал, өзінің қашаннан тосаң еді құлағы: – Бұзар ең-ау, шырағым, бұзар едің сен демде,– қанша берік заңды да – өз пайдаңа келгенде!
Қайқайды да иегі – иегіндей текенің, іңір шақта қарт әлгі қайтыс болып кетеді. Сонда өкінді дәрігер,– одан енді не пайда – мұны білсек домбыра берер ек деп атайға?! Бітті әңгіме, дегенмен түйін біткен жоқ әлі, заң, тәртіпке тапсырдық ақындардың обалын. Бас дәрігер қаталдау кесіп айтса тоқтамын, іренжітсе біреуді – ойлағаны көп қамын. Тигізем деп жүрген жан бір септігін о да елге, Нұқсан етпес қызмет азаматтық беделге. Қателігі – сенбеді ол: қамын қорғап біреудің біреу сонша сарқылып тілек айтад дегенге. Неге ұқпады қарт сөзін? Ұғынбайтын жоқ түгі – тек өз басын ойлайтын адамдардың көптігі шатыстырды оны да, шатыстырды, жоқ амал,
қарт та өзі үшін ойлады деген жаңсақ жорамал. Қарт өлген соң ұқты жұрт сөздерінің шын өңін, әйтпесе жұрт тани ма тірі жанның тілегін?! Ерке емес-ті ақын да, міне, сөздің сыр-шыны: уақыт қайда ерке етер пайдасы жоқ жыршыны?! Ерке десе – сенед көп, сенеді көп, төңірек, есер десең, ал, егер сенетіндер – көбірек. Жар болсыншы ақынға ел, ең жаманы, жаңағы күйін тыңдап домбыраның өзін қуғын-да-ғаны. Тыңдамаса қайтер ең? Көрсетпесін оны Алла,– Бас дәрігер күй десе – әлі жымың қағады. «Домбыра – сау?» Диагноз жақсы естілед құлаққа, жиі-жиі ақындар ауырып жүр бірақ та. Күйін, мұңын ширатып жіп еткенде бір ұршық кімге айтады тарқатып сол домбыра ыңырсып: қоңыр төбе басында күйші-Зейнолла-ақын да, тек мен кейде ойлаймын домбырасы хақында, Жүрек кейде қақсайды, жүрек бітсе пендеге шаншуының өзі де ұқсайды екен шөңгеге. Кінә арту да ұят-ау ұқпайсың деп өңгеге: парасат аз менде де, кемшілік көп сенде де... ештеңе етпес, Дүние, жұмырсың ғой – дөңгеле!
БАСПАЛДАҚ Қара мәрмәр, ақ мәрмәр – аккардеон тілі сын-ды баспалдақ, Днепрдің жағасынан басталған. Аңыз айтады: со кездері баспалдақ апаратын жол болыпты аспанға. Сол аспанда «Құдай барын» растап, Таразы ақын ескерткіші тұр асқақ. Таразы ақын басында жүр бұлт аунап – қиын екен көтерілу бұл тауға! Жүрек тулап, тамыр толқын атады. Самолеттен қарасаң бұлт осылай жатады – бұлты ұйыған Днепрдің беті, әне. Көлеңкесін көрпе ғылып жаяды, бұлттар сұйық – көлеңкесі көмескі. Биіктіктің қырсығы ғой баяғы: ақындардың аспаны бұлтсыз болған емес-ті... ТАРАЗЫ АҚЫН ЕСКЕРТКІШІ Ғафу Қайырбековке
Әсіресе ақындар көп айналған мүсінге,– тастар, саған, мың алғыс, шойын, саған мың алғыс! Мүсіні бар мүсіннің, мүсіндердің ішінде: таумен салыстырсаң да – Таразы ақын тұр биік, қара емен де мың жылғы көрінеді тырбиып, Шевченкоға қойылған ескерткіштің қасында. Биік салу мүсінді – мақтан болса, расында, болар еді салуға бір ескерткіш Қасымға! Тегің болса, жез, балқы, тебірен, темір, тас, тебірен: Махамбетке өз басым жүз жылдан соң Ас бергем! Самарқаулау салтым бар, ұмытшақтау халқым бар, мақтанын – шаң, сондықтан, басты кейде Даңқын қар. Мына ескерткіш – жез де емес, мәрмәр да емес мәңгілік, аһоу! дегенде ұлы ақын – тауға соққан жаңғырық, со күйінде қап қойған – елдің рух-байлығы. Аласа емес Алатау – жырымыздың қайда үні жаңғырыққа Даңқ боп? Сөз-ау деме жай мұны... Бізде ақындар ескерткіш қоймаса да – әйгілі! Бізде жырға қойылған көп ескерткіш қайғылы; көп ақынға жасалған ескерткіштің біразы ауырлап тұр қайғыдан – біздің көңіл разы: Алматыда – Жамбыл тұр, Еңлікті ойлап езіліп ұлы Абай тұр Семейде, Мұқтар отыр мұңайып қара ағаштың астында – көрген кісі көп ойын таяп қойып көмейге,
жыршылары мына елдің жылауық-ау демей ме? Жо-жоқ, ойы бар жанға қай кезде де жақын мұң, мұңдылық та емес-ау ойлылығы ақынның, мақтаныш жоқ сондықтан біз ақында – мүсінде, қабақ шытса – халықты ойландыру үшін де. Ал, мына ақын халқы үшін мақтануға аттанған, аспандатып ақынын халық па әлде мақтанған – кім біледі, әйтеуір тым биік тұр сол кісі, алдыңғысы – зандылық, рас білем соңғысы: қайғыға да қайратпен қатқан ішін растап, қайғысы емес, халықтың мақтанышын растап, Канев-тауда қырық кез Таразы ақын тұр асқақ: жалт қараса – мұртының бір желп етсе шалғысы үркіп ұшар секілді Днепрдің бар құсы! Қайың, емен жүз жылдық, айналаның ну бәрі, бір бұтасын шертіп ем – бүкіл орман шулады. Бандураның ішегіндей әрбір сабақ әр бұта – талай күйді жұттым мен құлағыммен қарбыта. Қайраты ма жігіттің айналып тас мүсінге, екілене көрінген ескерткіштер ішінде? Аһоу деп ем – жаңғырық, тамағымды кенеп ем, бірер жасыл жапырақ құлап түсті төбеден. Зың еткенді – күй санап, үп еткенді елеген Украина орманы, сергек едің не деген!..
ҚЫРҒЫЗ ЖЕРІ Жаңа білдім қырғызда Нарын барын... Нарын сары май сақтаушы ед қарын-қарын. Қырғыздың да Нарыны – құм ба сары, жел-дауыл ма оның да мұңдасары? Сары май жоқ, сары құм жоқ, есесіне: бал-шарабын сімірдік кесесімен. Кішірмедің, қырғыз дос, тарылмадың, қанша кіші болса да Нарын – Нарын, Нарындықпен, нарлықпен шыға бер сен... Бір шоқыға шоқытып шыға келсең, айналаның көресің бәрін-бәрін. Алақан боп күтті дос, жаңа тағы, алақан боп таулардың таңы атады. Алақан боп сипады түнгі лебі – Мен де тағы келермін, кім біледі, Нарын шығар қырғыздың алақаны?!
МАРҚҰМ МАРАТ ОТАРӘЛИЕВПЕНОТЫРҒАН БІР КҮНДІ ЕСКЕ АЛУ {МАРҚҰМ МАРАТ ОТАРӘЛИЕВПЕН ОТЫРҒАН БІР КҮНДІ ЕСКЕ АЛУ;1985;Менің топырағым}
Тәлтіректеп бұта жүр жел өтінде – әлдебіреу ұқсайды келетінге: беттің арын түймей-ақ белдігіне, тәлтіректеп бір досым келді, міне. Дос келгені жөн болды желді күні. Мен де желдеп отыр ем, дұрыс болды, ащы қияр, жуа, тұз, бұрыш келді. Аға үйіне еркелеп келді ме іні, жуып-жуып алайық енді мұны – Алматының көп емес желді күні. Сыңғыр қағып ыдыстар түйіседі, түйісуге көптен бір тиіс еді. Талай күннен тұлдыр боп жұмыс пен ой, домбырам да үн қатпай күміс-көмей, түк істемей отыр ем, түк істемей – жақсы келдің, япырай, рас-рас, алып отыр, болмасын рәсуа ас. Менің үйім – өз үйің, именбеші, өз үйіңнен де асады үйренгесін, Алматының желіндей сирек досым. Жасандылық жоқ ниет, не бетіңде, бетті адам да қалмады ем етуге. Жалғыз сенсің ішіп ап біздің үйге тәлтіректеп желді күн келетін де.
Екеуіміз де жүрміз ғой жел өтінде, жіберейік тағы бір тартып ептеп, ойлама осы... жалғыз-ақ жарты деп тек. Кірмей бүгін дос деген жұрт аулама, маған жетпей отыр ед сылтау ғана, ішудің де бүгінде шарты көп пе – орындалды бір шарты, тартып ептеп жіберейік, ұялма!.. Бұталар да тұр ғой, әне, ұялмай тәлтіректеп?!
ӨЗІҢ ОҚЫ
Қара ат міндім бір түні – меңсіз қара, қап-қара, Қаралығы түннің де жұғардай ед мақтаға. Қара ат міндім бір түні – меңсіз қара, қап-қара, тек көңіл ақ, жолым ақ – үмітім ақ, арман ақ. Түнгі аспанның бұлттары жыртық-жыртық, кіл жыртық, Сол жыртықта жұлдыздар жылт-жылт етіп жүрді үркіп. Жылт-жылт етті әлемге жұлдыз-ұшқын түрткі сап, қараңғы үйде дыбыссыз шылым шеккен жұрт құсап жыпырлайды аспан жоқ – қарала көл, қарала, көл дегенім кенеттен көшіп-аунап барады, ә? Бұ қалай деп таңданып, қарайды екем, бұ қалай қара көлдің бұлт құсап аунағаны ұнамай. Кім, әй, қаққан кеудемді жұдырығын балға ғып? – ойлайды екем түк ұқпай, қарайды екем таң қалып. Емес, рас, жақсы ырым қара ат міну, қап-қара, қаралығы түннің де жұғар болса мақтаға, кім қырсыққа айналды-ау деп қалып ем абдырап, түнек ойға түнде де бара алмадым; ал, бірақ Мақта қайда? Мақта – жоқ, қара түнде қақпа жоқ; бір қарасам түн де жоқ, түндей қара ат та жоқ. Қой, қой, достым, қоя тұр, әлдекімге мәлімдеп, обалымды көтерме қара бояу қалың деп. Міне, саған бір кеңес: қара ат та емес, түн де емес, томаға көз қыз екен – тұйық мінез, үндемес, қара ат та жоқ, түн де жоқ, тұңғиығы бақыттың: сенің қара көзіңе шым батыппын, батыппын! Қара ағаштай әр жерге қадау өскен бір-бір түп сенің қара кірпігің – тәкәппарлық білдіртіп, қорлап бітті күні-түн, менің жұлдызды үмітім Қара көлдің бетінде жылт-жылт етіп жүрді үркіп.
Әлдеқайдан кенет сен «Алла» нұрын шарпып ап, маған қарап күлдің-ау, күлдің-ау бір жарқырап! Сонда дүние кенеттен жайнап кетті боп әппақ ақша бұлттар отырды ақ шыңдарға қонақтап, ақ жел есті ақ көлдің аржағынан далақтап, аспан кенет ағарды; сай, жыра әппақ оң жақта, мұнар жатты сол жақта ақ – Сен, сен тағы секірдің ақ лақ құсап шолжақтап; қап-қара екен көңілің – ағартам деп мен мақтап, ақ боз мініп, ақ кидім Қызыр қартша қалбақтап – көрмей өттің! Көзіңді алды-ау әппақ шел қаптап?! Содан бастап қақтың сен ақ жыландай қайқалаң, ал, мен қара түн кештім, қара ат міндім қайтадан. Арманым – ақ жұмыртқа менің бірақ шайқаған, шайқалам да түнімен, таңға жуық жай табам. Өтіп барады осымен мысық-мезгіл май-табан... Ағар, қарай, Күн мен Түн, О, қайталан, қайталан!
ЕКІ ЖҮЗ Көсілгенде – көсемсің, тілің жорға тайпалған, есек жуып жүрсең де – есерсің деп айта алман. Жерідім тек тұлғаңнан жылтырлығы байқалған – әй, майталман, майталман! Елпілдей бер сен қанша, енді саған бұрмайды іш, тұшымаса көңілің – ашиды екен тіл байғұс?! Сенің тілің секілді әртіс емес тіл менде, тіл де – әртіс қой, тірлікті – сахна деп білгенге. Сен ойнап ең ролін азаматтың бір мықты, шымылдығың жабылды, қой-қой, енді түрленбе. Кішірейдің бір мықтап: кісі құнын білдің сен, Сатпас едің әйтпесе; дүние қуып бір кірсең, шығу қиын қайтадан – базар білем бұл әлем, арқасында сендейдің – азар білем бұл әлем. Аздырып ап рухын – түзетемін дегендер дерт жамайтын секілді, дәрі қайда оны емдер! Қате емес ол түзейтін – қылмыс дегім келеді,
жазалау жөн қылмысты – түзелмейді ол себебі. Менікі, рас, қателік – енді түзей бастасам, түзету сол қатемді: саған сенбен ешқашан! Темір емес тот басар, кір-кір екен бетіңіз – қиып түсер құлқың жоқ, қырың бірақ – екі жүз. Жарқылдап-ақ бақ, байғұс, жанып-ақ кет сен мейлің, қызуыңды сезбесем – жанғаныңа сенбеймін. Жылт еткенді – жылу деп сенсең бола бермейді, екі жүзді-нің бәрі – семсер бола бермейді.
ЕРТІС-82 Арнасында арыған құр сүлдері, батты маған Ертістің күрсінгені. Суы келер сирақтан – кел, түс бәрің, тоқтап қалар сықылды Ертіс-тамыр, менің ғана жүрегім дүрсілдеді. Түбі ұқсайды бойға нәр бұрылатын, түбі жүрек секілді бір ұратын. Сөне жаздап көзінің шарасы жай, төсегінде аурудың тап осылай жатқан еді Бауыржан – ұлы батыр...
ҚЫРАН МҮСІН Бір қарындас қыран-бүркіт сыйлады, шошып кеттім – тұрымтайдай кісі едім: – Қыран болман үш тірілсем де үш өліп, Әйткенмен бұл сыйың үшін – ішемін! – Аға, деді ол,– қыран емес бұ да әлі, келіспейді көзқарасы, аңдысы. Мұны, сірә, олақтау жан жасаған, бірақ ол да биікті аңса-ған кісі – жетпей ме сол? Соның тілек-пейлі үшін сатып алдым – мейлі өтірік, мейлі шын – әркімнің де бір-бір дәме жейді ішін, ал, әйтпесе талпынғанның барлығы қыран болар деймісің?! Шошуыңа қарағанда, сен де, аға,
бір биіктен үміттісің – алдама! Дәме керек – қанатты бол, тісті бол – дәл түстім бе құпияңның үстінен?! Құс мүсіні жасалыпты мүйізден, Шебер шіркін баққан екен жан сап-ақ: қыран – қыран бәрібір жасалғанмен қанша олақ. Томағасын жаңа ғана тартыпты – Құсбегі қарт ұмтылыпты сәл алға: Қанаттыны ұшыру ма деп қалдым біткен бақыт қанаты жоқ адамға. – Рақмет, қалқам,– дедім,– жеңілдім,– маған үміт-сенім артқаның үшін, қыран жасау болсын барлық жұмысым; біткенше соңғы демім, тынысым, еңбегіме тілемеймін және түк, пиғылымды жасырмай-ақ ешкімнен көрем мен де бір биіктен дәме етіп!
Суретін күйші Дина-кемпірдің салып жатқан қарындашпен он түрлі Саидаға бір қарадым сүйсіне. Жоқ еді, рас, онда өнердің исі де сәби-талап қана еді. Құп көрдім мен олақтың да талабын, күллі тірлік талабымен әдемі. Шамасына қарамайтын жұртты мен сол бір сәтте арашалап алғым келді жан сала әзіл, мазақ-түрткіден. Талаптылар олақ болсын, қаншама – көрсем, дедім, кешіріп те, сүйіп те: керек, керек қырандардың бейнесі жұртты талпындыру үшін биікке! Қыран мықты, қыраннан да ұқ, бірақ: Пикассоның көгершіні мықтырақ.
ПОРТРЕТ Семіздік те – дәреже, семіз кісі, семіздікте, ол үшін негізгісі. Жас босанған әйелдей исініп кіл әлдекімді кеп тұрар емізгісі. Қарап жүріп исіну – ең ізгі ісі,
пейлі сүтті, сондықтан, теңіз кісі. Әттең, әттең бір міні бар қасқаның: ақыл дейді ол әркіммен арбасқанын. Айла, амалдың ақыл деп бәрін, бәрін адасудан ақылы арылмады. Шыт-шыт бопты, әттең-ай, қабырға, әне, бүгін ғана аңғартып жарылғанын – кірпіш іздеп шығыпты қалың-қалың. Бүтіндемес ешкім де, ештеңе де, кеш ойлады-ау осыны кеще неме! Емінгіштер соңында емініп жүр, мұңдайларды ембесе – ешкі еме ме?! Бар дейтұғын мың айла, мың амалы, амал болса мал, рас, құралады. Әрі қарай не болды? Сұрама әрі – Қабырғасы жарықтар шыдамады. Қол ұсынды-ау кішік боп шіркін жаңа? Саусақтар да семірсе іркіл қаға – сиыр емшегі секілді бір түрлі о да. – Емізгісі келсе елді... қайырымды адам. жақсылықтан жан екен айрылмаған! Бірер аңғал осылай десе – күлем, Қожанасыр түсті-ау деп есегінен. Мол ғой шіркін біздің ел – теңіз елі, емізеді ол емізсе, емізеді қазынаның емшегі есебінен! Ақ пейілден, ардан да айрылмаған керек-ақ, шіркін-ай, қайырымды адам.
ҚАЗАН АЙЫ Көгеріп тұр шырша тек әлі бір түп, қалғандары осал-ау, тәңір алғыр: бәрі солған бетінде әрі бардың, жапырағы барлардың бәрі жыртық. Аясаң тек даланы ая, Құдай, біздің қала тірлігі баяғыдай. Қурағанда – қурайтын жапырақ па, жапырағың не керек ақымаққа, өз бетіне жағатын бояуы бар – боянып ал, арулар, боянып ал! Тұрмыс әсем, қайғы жоқ жарты қасық, терезелер тұр, әне, жарқырасып.
Түтін құсып УАЗ кетті арқырасып, автобустар тоңқаңдап артын ашып. Тек табиғат... тал, қайың сол баяғы, Суға түссе бейнесі – тоңды аяғы. Тұрмыс қанша өзгерсін, Желтоқсанға сол баяғы Абай қарт қол қояды. Бәтіңкімнен су өткен, мұздап тағы тоңды аяғым – япырай, міз бақпады асфальт салған бетіне топырағым – беті қалың екен-ау, беті қалың!
ТОҒЫШАРЛАР ТОҒАЙЫНДА Жапырағын жел жұлқып ала қашса, Мұң шағады ақ қайың қара ағашқа. Мұңын шақты бір жігіт маған да кеп, шешем айтты: – Қой, балам, араласпа – кім кінәсіз, білмейсің, кім кінәлі, бейтаныс жер – сайы көп шұңғымалы, түсіп кетіп жүрерсің? Ал, қара ағаш әлденеге бас шайқап қынжылады. әлденеге қынжылам мен де өкініп, мен үшін шын көп нәрсе, елге – өтірік. Бір қымбатын жоғалтқан жігітке айттым: «Мүмкін емес тоналмау желде тұрып!» Жапырағын жел жұлқып ала қашса мұң шағады ақ қайың қара ағашқа. Мұңын шақты бір жігіт, бір атаның баласы едік, сондықтан жұбатамын: – Батылдығың, дедім мен, бар қырсығың, онымен де қоймадың – алғырсыдың, сөйлеп нең бар Құдайдың құдасына, енді, дедім, емің жоқ, шыда, шыда!» – Мезгіл, деді ол, беретін кещеге де ес! – Ештеңе емес, дедім мен, ештеңе емес! Қайың айтты: – Жау мұндай кескілемес. – Ескі кеңес, дедім мен, ескі кеңес. Жігіт айтты: – Ойнау ғой тағы бұқпақ?
Мен, мен айттым: – Жағып бақ, жағынып бақ! Шешем басын шайқады, шай-табағы түсіп кетті қолынан – байқамады: – Жел тисе қайың, терек, тиді еменге, шүкірлік ет өзіңе тимегенге. Тек, ақ қайың мұңды әнін айтады әлі, Жел де ызыңдап сол әнді қайталады. Қара ағаштың төгілді жапырағы – ол да басын қозғап ед шайқағалы. Бір қалыпқа түсірді анам мені, өрекпуді доғардым содан бері. Қынжылу да, жоқ менде, таңдану да – тас-мүсін боп отырмын алдарыңда. Ақтарылма, дедім мен, ақтарылма, кесір етпе тоқ тірлік, тоқ қарынға. Қазір, қазір... Хақым бар мақтануға: жоғалтпадым ештеңе, таппадым да.
ЖАМАҒАЙЫН Бәйек болам алдыңда, күтіп бағам, жатып төсек, аузыңа түтік болам. Жібіте алмай жүзіңді, әуремін мен ақ шуақтай көк тасты қытықтаған. Есеп үшін еткендей құрметті мен, көңілімді кетесің кірлеп кілең. Жалғыз жан-ем сүйеген көпке арқасын, көп боп маған жабылып өкпе артасың. Көрпеңді – кір, көңіліңді кем санасын – кім сыйламас арнап кеп қонса ағасын. Көктеді деп кінәлар ынжық-сайды, қабақтарың қары жоқ шыңға ұқсайды – Күн жарқырап тұрғанда томсарасың. Ұнатпайсың бір сөзім, бір ісімді, тілдеп бірің күйімді күміс үнді, бірің сынап ас құйған ыдысымды, терімді ішіп, түгі жоқ деп кетесің, кедейлігім-нің өзін өкпе етесің!
Өкпе айтысу бір мақсат, болса тірлік, сапырайын мен-дағы, ал, сапырдық,
менің де «өкпем қазандай», сол қазанды төңкерейін басыңа қол-шатыр ғып: жалғыз едім студент кезімде мен, біреуіңнен жылылық сезінбеп ем, сонда сендер қайда едің, қайда ағайын, енді неңе бұлдандың, айналайын? Ауырсынып атаның бір баласын, Жұрт едің ғой ішетін ұрлап асын? Бірдеңесін өткізіп қойған жандай, енді неңе бес пұт боп бұлданасың?! ...қой, ұят қой, әзіл ғой, сол баяғы ағайынның өкпесі болды аяғы. «Ас құймаға-ның дұрыс итке сеніп» көңіл адал болмаса бүйтпес едік – хақтың өзі бұл сөзге қол қояды. Сақалыңа ақ кірген талайың бар, самайың бар көбіңнің, ағайындар. Ұқпадың-ау бәрібір ештеңені, Алмадың-ау бәрібір еске мені!..
АЙТЫЛМАҒАН СӨЗ Айтқым келді – айта алмадым – көсемсің деп аспандағы жұлдызға, айта алмадым – айтқым келді – әсемсің деп ауылдағы бір қызға. Тал, қайыңның жасыл шашы тарқатыла кеткенде айтқым келді – айта алмадым – ғажапсың деп көктемге. Пікірімді іркіп қалған жасық кездер көп менде: сондықтан да мезгіл мені қабылдаулар бөлмесінде мөлитті, кекілімді өсек-ғайбат жалынына жел үйтті. Сезінбей ме көрген күнін, әлде ерлік қып жүр шыдап? Қалай болған күнде де бұл ез деген сөз былжырақ! Айтқым келді, айтқым келді – былай қойшы басқасын, айта алмадым, айта алмадым асылсың деп тасқа асыл – дәл осында жатыр дейді ел маңдайыңның қалың соры – қасқасы. Айтар ем ғой Жұлдызға мен бағамды, сене ме оған шын жұлдыз!
Айтар ем ғой сол қызға да – сене ме көпті көрген құрғыр қыз! Өтірікке келгенде біз кереметтей мылжыңбыз, тым құрыса, мезгіл, бізді дәл сол үшін қынжылғыз! Айтылмаған сөздер үшін алайықшы бір-бір жүз! Бұл да өзінше бір сылтау ғой, нағашы! Жақсының да, жаманның да бағасы – тілден ұшқан сөзде емес, Сөзге айналмай қалған ойда-ау, шамасы?!
ЖИРАФ Жираф деген жануар, жануардан не түрлі қырық құрап жасаған папурий-ән секілді. Табиғатты қанша бай, қанша жомарт десек те – сол жирафтың құйрығын алған дейді есектен. Мойын жағын түйеден сұрап алған секілді, сөйтіп, жоқтан бар ғылып құрап алған деседі. Антилоптан алыпты сирақтарын ұп-ұзын... Шықпай қапты сонда-да табиғаттың есебі: жасағанмен көп құрап жануардан түр-түрлі түйеге ұсап, тым құрса, білмейді екен үркуді. Мәңгүрт екен өзі аса, сезінуі тым әлсіз, сезінбеген сайын да сенеді екен күмәнсіз. Ондайларға тегінде азуы бар жұрт құштар, арт жағынан азуды салады екен жыртқыштар. Аңғырттығың – түк емес, мәңгүрттіктер қиын, ә: жеп біткенде бөксесін – жетеді екен миына. Мына азулы әлемде құрымаса бұл әлі, ұқсағаннан шығар-ау құр-аттарға құлағы, ұқпаса да ештеңе – қайшыланып тұрады. Жаратқанның есепке... Жаңсақтығы кінәлі, Бас пен Дене арасы алшақтығы кінәлі. Жеп тауысса Денені, не бітірер Бас ойлап – Саваннада сондықтан тістілер жүр масайрап. Табиғат па, тағдыр ма – кім ед сені жасаған, кім де болса – бәрібір жасаған-ау мас адам. Бұ заманда есепке есек жүйрік десек те, құйрық емес, меніңше, миыңды алған есектен. Жылқы-құлақ – құлағын,
жаман құлақ емес ол, бөтендігі бәрібір білінеді демесең. Қырық құрау тіршілік, бас аяқты, бас, талас, денесі үшін басқаның ауырмайды басқа Бас. Сонда өзіңде не қалды? Танымас ед жан адам сырт теріңді сылып ап қоя берсе далаға. Жан иесін тірлікке икемі жоқ, жоқ ебі, ебі барлар есек қып ермегіне жегеді. Қайғы емес-ау ол да онша, шын пейілмен толғанса: есек-күйбең болған жөн, жираф-биік болғанша! Қаңқиған дос, өмірде кетті сенің мықты есең, бас имесең, тірлік жоқ, тізеңді сәл бүкпесең. Шын қасірет, қасірет, қасірет-ау, шамасы алшақ болса осынша ми мен қарын арасы?! Жүйке-сезім ұзақ жол, ұзақ сапар жасады-ау, қарыныңның қайғысын ойлау үшін Бас анау.
Р. S.
Әлхисса, бір оқиға келтіретін күлкіңді: Жираф ойлап тұрғанда қайтып, қалай үркуді, түземек боп ветврач табиғаттың көп мінін, Бас – білсін деп, тым құрса, қарынының тоқтығын, қашықтықты «қысқартып» қайшылықты «жойыпты» – Басын кесіп Жирафтың қарны үстіне қойыпты!
ЕСКЕ АЛУ Біздің дәурен баста ұзақ тұра алмады, тұра алмады, жас көңіл айныды ыстық: бір бүтін ек – екіге айрылыстық, екі бөліп жеген соң бір алманы. Тым жақын боп, япырай, кетіп едік, бір алманы жеп едік екі бөліп. Қақ бөліндік біз-дағы сол алмадай: сен жөнелдің мен жаққа қарай-қарай, мен бір жаңсақ іс еттім абайламай,– қош! қош!– дедім айқайлап, екіленіп. Менің әсем тартқаным домбыраны
саған батты. Сол кештен болды бәрі: болды біреу мен үшін жарты бақыт. Әр сөзімнің қылт еткен басын санап, кірпік – жебе, иіліп қасың-садақ, садағыңды отырдың тартып-атып. Мақұл, бұрым өруді бейнетсінсең, мен ұнатар көйлекті кимепсің сен – жұртқа ұнайтын сырғаңды жарқыратып. Бұ да емес-ау гәп, менше, басқа, басқа... ондайды, рас, ұят-ау тасқа басса. Сыр біліскен жақсы деп саналады – шындық емес, бұ да елдің жорамалы: сыртқы жайға жоқ екен алданғысы бірі-бірінің ішіне қанған кісі. Піскендіктің белгісі бәрі-бәрі, сыр да піссе – алмаша жарылады. Алма жарып... болдым мен тіске сенер, жармас ем мен алманы – піспесе егер.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру