Қызғыш құс
Махамбет Өтемісұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Жыраулық поэзияның көркемдік әлемін байытқан күрескер ақын – Махамбет Өтемісұлы. Шығармаларында ұлт-азаттық идеяларды көтеріп, шаруалар қозғалысының шынайы бейнесін суреттеді. Лирикалық өлеңдері толғау, жыр, терме үлгісінде жазылған. Халықтың ханнан көрген қорлығын жырға қосып айтады.
АЛҒЫСӨЗ
Әбіштің — Әбіш Кекілбайұлының заман, қоғам туралы ой толғаныстарын оқырман қауым үлгі тұтады, мен де сол үлгі тұтушылардың бірімін. Ол бір сөзінде: «Біз азаттықты бір кездегі жоғалтқан дәуренімізге қайта оралу үшін алған жоқпыз. Ол дәурен бүгінгі адамзат түгілі, біздің өзімізге де ілесе алмай, тарихтың қия түпкірінде қалып қойды. Біз ол кезден мирасқа жеткен мұраларымызды мұқият меңгеріп, жоғалта бастаған даралық сипаттарымызды қалпына келтіріп, бірақ, тек соған қанағаттанып қалмай, озып кеткен замана көшін қуып жетіп, сол кезден бергі кетіп келе жатқан қалпыларымызды түгендеп, орнына келтіріп, ертең де, бүрсігүні де, алыс болашақта да ұлт ретінде, ел ретінде жер бетінде қала алуымыз үшін аямай күресуіміз керек. Өзімізді өзіміз шындап, өзгеде есеміз кетпейтіндей боп, ар-намысқа тырысуымыз қажет. Тәуелсіздіктің бағы сонда ғана жанады. Тәуелсіздік жолында қан да төгілген, жас та төгілген, денесінен бас та бөлінген. Басы бөлінгенмен — ары төгілмеген арлыларды әңгімелесек, биіктемесек аласармаймыз» — деген еді. Сол арлылардың арлысы да, денесінен басы жоғалғанмен, елін, халқын рухқа бөлеген Махамбет Өтемісұлының отты жырларының мәңгі жоғалмайтындығының бүгін тағы да, куәсі болдық. Біздің облысымыз үшін, бүкіл еліміздегі сияқты, 2001 жыл ерекше жыл болды ғой. Ойлап қарасақ, айналасы он шақты жылдың бедерінде өлкеміздің әдебиетіне жаңа қуатты толқын келіпті. Төрт-бес емес, жиырма-отыз қаламгер. Болашақта осы үрдісімізден таймасақ, қазақ әдебиеті мүлде өзгеше сипатқа ие болады-ау деген ойда қалдырды мені. Жуырда Ақтау қаласында Махаңның 200 жылдығына арналған мүшайраға қатысқан жазба ақындарымыздың шығармаларын тыңдағанымызда — қазақ сөз өнері бұрын жетпеген жаңа биіктерге көтеріледі, халқымыздың ізгі рухы шынайы көрініс беретін тамаша шығармалар туады, ұлы дәстүрлер жаңғырған жалғасын табады деген түйін жасатты. Жас ақындардың ішінен екі жүйрік қатар суырылып алға шықты. Олар: ақтаулық Бимағамбет Әнуәр мен Қызылтөбе кентіндегі Қосымбаев Нұрлан болатын. Әнуәр Махамбет туралы былай толғапты:—
...Есіл ер тартты жаудан ақыр дәмін,
Бұ қазақ ұмытар ма батырларын!?
Бойында Исатай жоқ, Махамбет жоқ,
Құрсағы қоңылтақсын жатыр Нарын...
Әнуәр ақын осылай жырласа, Нұрлан өзінің уытты жырларын былай нөсерлетті:
Қызғыш құсқа айттың-ау мұңыңды,
Қыстырмады жаулар мұныңды.
Жаратқан ием, Жар құдай,
Толарсақтан толғатып,
Туғыза көр анаға
Махамбеттей бір ұлды!..
Мінеки, жиырманың үстіне енді шыққан жас жігіттердің жүз жасаған қариядай сұңғыла ойына, қиял қанатының ұшқырлығына, таланттарының ешкімге ұқсамайтын ерекше тұрпатына тәнті болдық. Аға буын ақындарымыздың ішінен Махамбетке салиқалы да салмақты жыр арнап келген Бірғали Баекеев пен Рахат Қосбармақтың шығармалары көпшілік назарын өздеріне бірден аударып, баурап алды. Бірғали Баекеев Әбіш Кекілбайұлының шығармасындағы Сүйінқара мен Махамбеттің Хиуада кездесіп, Сүйінқараның Махамбетке өз қылышын сыйға тартқанын жырмен айшықтап, көрерменнің көңілінен шықты. Ол Махамбеттің Хиуа сапарына аттанғанын былайша суреттейді:
— Жығылмас ақ тауы бар,
Қайтпаған кектің уы бар —
Елі қалып барады.
«Қымыздығы күректей,
Сонасы қоңыр үйректей»
Жері қалып барады.
Бірғали осылайша Сүйінқара мен Махамбеттің қалай кездескенін жырлай келіп, Сүйекеңнің аузына мынадай сөз салады:
...Сапарында сәтсіздікке жолықпа,
Қартайды деп менен бекер торықпа.
Алтын қынап семсерімді сыйлайын —
Серік болсын қол бастаған жорықта!..
Біздіңше, Бірғали осы өлеңімен тарихи шындықты көркем суреттеп бере білді. Рахат Қосбармақтың Махамбетке арнауынан Махаңның өз шығармасымен сарындастықты, үндестікті айқын аңғардық. Мысалы, мына бір шумақтарға назар аударыңызшы:
... «Қазанаттан туған қаз мойын»
Кекірейген кеуделі,
Кер айдарлы кекілді,
Тұмарлы тұлпар секілді.
Құрбан қылып құла атын,
Қабағы қату күн кешіп,
Халықтың кегін қуатын.
«Айырдан туған жампоз» еді-ау Махаңдар,
Туса — бір рет туатын!.. — деп толғайды Рахат ақын.
Мүшайрада бұлардан басқа да айтқыш тақтақтар өз өнерлерін көрсетті. Әсіресе, Қалбай Әбдіраман өзінің өрелі ақын екендігін танытты. Сол сияқты, жас ақындар: Қашаубаева Үміт, Бұғабаев Амангелді, Құлжанова Ақкүміс, Мұсаев Нұрлан, Қосымбаева Ақтолқын, Қонарбаев Аллаберген, Түметов Талғаттарды болашағынан үміт күттіретін жастар десек — қателеспеген болар едік. Әлем поэзиясының тарихында жазғандарының көлемімен емес, аз да болса нағыз өлеңімен өшпестей із қалдырған небір таланттарды кездестіреміз. Соның көш басыңда тұрғанының бірі Махамбет. Қазақ деген ел бар жерде Махамбет жырларының төрден орын алатынына күмәніміз жоқ. Мүшайрада Махамбет жырларын әспеттеп, оның аруағына бас иіп, тәубе еткен барлық ақындарға, Махамбеттің тағдырын емес, тас жармаса — бас жарған талантын берсін деген тілегімді білдіремін!...
Бектұр Төлеуғалиев,
облыстың қазақ тілі қоғамының төрағасы
БІРҒАЛИ БАЕКЕЕВ
Қазақстан журналистер одағының мүшесі, ақын, сазгер, журналист-суретші. Одақтық, республикалық басылымдарда жүлделер иеленген. Бірнеше кітапты безендірген, «Мың бояулы Маңғыстау» кітабына суреттері енгізілген.
Қазір облыстық «Маңғыстау» газетінің меншікті тілшісі.
Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған «Қызғыш құс» атты мүшайрада 25-45 жастағы ақындар арасында 1-ші орынды иеленді.
СҮЙІНҚАРАНЫҢ CEMCEPІ
немесе Махамбеттің Сүйінқарамен Хиуадағы кездесуі
«Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,
Көл қорыған сен едің,
Сен де айырылдың көліңнен,
Ел қорыған мен едім,
Мен де айырылдым елімнен»
Махамбет
Қаймана халқы үшін қабырғасын сөккен Махамбетке, оның туыстары мен достарына патша өкіметі мен жергілікті билеушілерден қыспақ көбейді. Батыр-ақын амалсыз Бұхар, Самарқан асып, қарғыс атқан Хиуаға келді. Сәтін салып Адай батыры Сүйінқараға тап болды.
БЕТАЛЫС
Атырау-Жайық аймағы
Сөзінен саусап, пұлдайтын,
Әзіреттен ант ішкен
Ақынын шексіз тыңдайтын,
Сертін екі қылмайтын,
Тұяғы алтын тарлан боз
Тұнжырамай сардиса,
Тоқтау таппай зырлайтын,
Үгітілген боркемік
Сылбырларды сындайтын,
Күміс мылтық қолға алған
Батырларын жырлайтын,
Келіспесе тұрмысы
Сауық-сауран құрмайтын,
Қауышқанда құшақтар
Қабақ түйіп тұрмайтын,
Жалғандыққа жаны қас
Көмекейге келсе кесір сөз
Таңдайы кеуіп, құрғайтын,
Ата қоныс жеріне
Аттандап сырттан жау келсе,
Қара бұлттай күркіреп,
Құландайын дүркіреп
Қарақұрым көп халық
Қылыштарын шындайтын,
Жауын жеңбей тынбайтын.
Жарқыратып маңдайын,
Тақылдатып таңдайын,
Жүрек жұтқан жандайын
Бұлтқа жетпей сынбайтын.
Найзаларын толғатып,
Кірпік ілмес жол қатып
Жаудың сырын ұрлайтын.
«Жығылмас ақ тауы бар,
Қайтпаған кектің уы бар»
Елі қалып барады.
«Сонасы қоңыр үйректей,
Қымыздығы күректей»
Жері қалып барады.
«Шортандары бақандай,
Бақалары атандай»
Көлі қалып барады.
Сексеуілі ормандай,
Сұлулары сормаңдай
Шөлі қалып барады.
Құт қонысты құлыптап,
Зорлық қылған халқына
Жауы қалып барады.
Аптап соққан дауылдай,
Нөсерлеткен жауындай,
Дауы қалып барады.
Хан-билерден торыққан,
Сатқындықтан қорыққан,
Жолбарыстай жорытқан,
Ұзақ жолдан зорыққан,
Батпан білек батырым,
Хиуаға шыққанмен,
Қауіп алып барады.
Құпиясы сан тарау,
Сорабы ұзын мың тарау
Із бен соқпақ, жолдарды
Тауып алып барады.
ХИУАДАҒЫ КЕЗДЕСУ
Күн бұлтты.
Сұлбасы бар сынық айдың.
Жел тымық,
Монтияды тұнық айдын.
Тоқал там жағадағы жатағандау —
Панасы
Би ақсақал Ыбырайдың.
Қасында қос серігі — Берік,
Болаттай мұқалмайтын ерік-күшпен,
Жеткен соң жұмбағы көп Хиуаға,
Махамбет осы жерге келіп түскен.
Әлдекім ашып кірді дарбазаны,
Сияқты саяқ шыққан қыр қазағы.
Денесі шомбал тартқан, ұсқынсыздау,
Жүзінде сынағандай тұр мазағы.
Сүзеген бұқадайын әлем-жәлем,
Ісі жоқ басқаменен, сәлемменен.
Бұрылып жан-жағына қарамайды,
Дегендей «теңесемін әлемменен».
Өзгені менсінбейді, көзге ілмеді,
(Бейтаныс, бейуақытта сездің нені?)
—Қайсыңыз Өтемістің Махамбеті?
— Дегені келгенінде сөздің деңі.
Махамбет деді: «Кімсің?» сауалшыға,
Еш үн жоқ екіленген хабаршыдан:
— Өзіңді Сүйінқара күтіп отыр,
Хабаршы көңіліне қонған екен.
Жырығы ерінінің тілім-тілім,
Жорықта қалай жазым болған екен?!
Бұтында қайып тіккен құлын жарғақ,
Быртиған саусақтары, жырым-бармақ.
Көн беті көрт түйенің табанындай,
Селт етсең, секемденсең, сырыңды алмақ.
— Білген соң батырыңа сенерімді,
Жеткіздім, айналайын, дерегімді.
Махамбет шын ниетпен атқа мінді
Қасында қос жолдасы ере жүрді.
Ұзады он шақырым атты сапар,
Қалды артта ақ мақталы, бақты шаһар.
Ну жыныс, қалың қопа, шошаланың
Ішінде үрей тұнып жатты қаһар.
— Міне, осы аялдаған шошаламыз
Көңілде кектестік жоқ, дос арамыз.
Түсіңдер аттарыңнан алаңдамай,
Ақ жүрек туыстықпен қош аламыз,
Деп күлді жол басшысы қалбалақтап,
Ілесті арт жағынан қалғаны аттап.
Ошақта түнді жалап от маздайды,
Отырған қара дәудің дамбалы аппақ.
Келгендей ертегінің мысалынан
Қолында ұшқын шашын пышағынан
Иегін ұзынтұра қағып еді,
Көп сарбаз шықты түннің құшағынан.
Кемі жоқ зыр жүгірген қолқабыстың,
Сияқты тұрғындары мол қамыстың.
Кісінің қыран қабақ табанына
Терісі төселінді жолбарыстың.
Қарады айбарланып алып адам,
Жоп-жорта тұр байқатты танымаған.
Келгеннен үшеу болып жөн сұрады.
(Жігерді азамат па жанымаған?!)
Батыр ғой Махамбет те мәрт тілекті,
Орынсыз дегізбеді қатты кетті.
Сұрады кім екенін шақыртқанның,
Тойдырды тәтті тілмен қарт жүректі.
Сүйінқара сөйлейді:
— Әр таңды ізгі үмітпен атыртамын,
Кездескісі келгенді шақыртамын.
Құшақтап көрінгенді көріспеймін,
Атандай аярларды бақыртамын.
Түбекте иесімін кең даланың,
Жетпеді орыстарға емге малым.
Жұрт үшін бейнетті өмір кешіп жүрген,
Адайдың бір құдайы мен боламын.
Жұрт айтады: қадірлі,
Жанға жайлы мақам деп.
Сыртымнан маған арнапты
Беріштен шыққан Махамбет.
Қысқа толғап көрейін,
Биіктесін мерейім,
Мақтау жырдың бас жағын
Өзім айтып берейін:
Беліме садақ асынған,
Біріндеп жауды қашырған,
Мен келелі қара бұлтпын,
Келе жаумай ашылман.
Жаратылған дүлеймін
Найзағай мен жасыннан.
Жауап қатты емендей ер:
— Сол Махамбет — мен!
Білгеніңіз жөн.
Жанды шүберекке түйіп,
Ел үшін күйіп Жәңгірге тарттырған күйік,
Хан, билерден биік,
Еліне сүйік,
Жүретін басын иіп.
Әрқашан көтеріңкі иық, ініңіз де — мен!
Айыңыз да — мен! Күніңіз де — мен!
Сүйінқара орнынан тұрды: «Пай-пай, бар екенсің-ау, сарбазым!» деп сом тұлғалы Махамбетті құшырлана құшақтады:
Ұятты көрсе именген,
Жаманды көрсе жиренген,
Жақсыны көрсе жадырап,
Қобыздайын күйленген.
Еншіні артық алмаған
Ел аузына тигеннен.
Жастайынан жебе ұстап,
Қырғауыл атып үйренген.
Қынды қылыш белінде,
Сүңгілі найза қолында,
Ерлігінен сый көрген.
Беріштің ақ сұңқары,
Шығарсың Қыдыр үйге енген.
Жат өлкеде жүрсең де,
Сый-сияпат жасайын,
Бата қылып сойысқа,
Құлжаның етін асайын,
Өзіңменен сырласып,
Теңіздейін тасайын.
Түн түндігін желпітіп,
Өлең-жырға басайын.
Ас пісті. Қолға су құйылды. Махамбетке бас тартылды. Беріш жігіттері құрметке белшесінен батты. Қос батыр ұзақ әңгімелесті. Махамбет Исатайдың дос ниетті сәлемін жеткізді. Сүйінқара Махамбетті сұлтандардың сұмдықтарынан, Аллақұлдың айлакерлігінен сақтандырды. Қазақ-орыс атамандарының әккі қимыл-бағдарын баяндады.
Шыға келді көкжиекке таң дарып,
Махамбет тұр ақ семсерге таң қалып.
Балдағында — өрнектері ғажайып,
Қалды мұны Сүйінқара аңғарып.
Кесе батыр сілтеп-сілтеп құлашты,
Ақ семсердің жүзінен от ойнатып.
Қасындағы Махамбетке сыр ашты:
Жақында мен жандаралдан хат алдым.
Жазғандары жанға суық қатал тым.
Жауабым сол — «жауықпасын орыстар.
Ал жауықса, келмес әсте жата алғым».
Деген сөз бар кектескенге жалынба,
Аллақұлдай илікпеймін залымға,
Кенже ұлымды зынданға сап өлтірді,
Күресемін дәрменімнің барында.
Тұлға денем қалса деймін, тән-денем,
Жауларымды жеңген сайын әлденем.
Ел тілегі әуелден де бір мақсат
— Адайларға керек емес хан деген.
Махамбетжан, көрдің жаудың талайын,
Уәдемді мен де беріп қалайын.
Қиын шақта хабарыңды тез жеткіз,
Аямайды бар көмегін Адайың.
Бүркіт біткен алғыр бола бермейді,
Кейбіреулер айтқаныңа көнбейді.
Қиын шақта Хиуада кездескен
Ұмытпаспын ұлық туар сен дейді.
Сапарында сәтсіздікке жолықпа,
Қартайды деп мені бекер торықпа.
Алтын қынап семсерімді сыйлайын,
Серік болсын қол бастаған жорықта.
Қош бол, Махамбет інім! Махамбет Сүйінқараның бүкіл ерлік шежіресін арқалап бара жатқандай нақақ қан тимеген наркескенге ауық-ауық, айызы қана қарап қояды.
РАХАТ ҚОСБАРМАҚ
1972 жылы 19 маусымда Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы «Қызыл әскер» ауылында туған. 1994 жылы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика бөлімін бітірген. Қазір облыстық телерадиокомпаниясында аға редактор. Өлеңдері мен шығармалары «Қыз ғұмыр», «Қарлығаш», «Толқыннан толқын туады» жинақтарына енген. «Кемпірқосақ», «Жаздың ең соңғы күні», «Бекет ата» кітаптарының авторы. Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған «Қызғыш құс» атты мүшайрада 1-ші орынды иеленді.
ТАРАЗЫЛАУ
немесе кешегі және келешек ұрпақ хақында (Махамбетке)
Арыстан еді-ау Махаңдар —
Алты да қарыс азуы.
Жаратқаннан емес,
Жаралғаннан солай тағдыр жазуы.
Арыстан еді-ау Махаңдар
— Мойымас анау-мынауға,
Мойыны ОЗЫҚ қатардан.
* * *
Асқар бір бел еді-ау Махаңдар
— Аласармайтын тұлғасы.
Арзандамайтын ақ құны
— Құла дүзде көмусіз қалса да қу басы.
Асқар бір бел еді-ау Махаңдар
— Алмастай қиғыр тілінде
Ащы да қатал қаһар бар.
* * *
Құнан қойдың сақасы еді-ау Махаңдар
Құлжа мойын, кекшіл бас,
Екіталай күн туса,
Ерегіспей тек тұрмас.
Құнан қойдың сақасы еді-ау Махаңдар
Құт мекен болған құм-шағыл,
* * *
Шалқар төрі емес шаһарлар.
«Қас үлектен туған қатепті»,
Қайыспас қара нар еді-ау.
Кісілігі мен кішілігі
Қырық кісідей бар еді-ау!
Ұсынса, құшақ жетпейтін,
Ұмсынса, пышақ өтпейтін,
Бадана көзді сауытты,
Көкірегі дала еді-ау.
* * *
Төрден бір алған тұғырың,
Төбеден биік ұлығым.
Он екі төбе билерді,
Он екі төбеттей шұбыртып,
Құм Нарынды сыдыртып,
Құмай тазы боп жер шалған.
Қараойдай жарық қонысын
Қызғаныш еткен кең жалған.
* * *
Батырлығына баланған
Тарпаңдығы мен тасыры.
Найзағай мінез халықтың
Намысы биік хас ұлы.
Уай, ұлыдан қалған бір ұшқын,
Ұрпақтың еді-ау асылы!
* * *
Қазанаттан туған қаз мойын,
Кекірейген кеуделі,
Кер айдарлы кекілді,
Тұмарлы тұлпар секілді.
«Құла майдан түздерге»
Құрбан қылып құла атын,
Қабағы қату күн кешіп,
Халықтың кегін қуатын,
Ай, «айырдан туған жампоз» еді-ау Махаңдар -
Туса бір рет туатын.
* * *
Өткірлігі өрттей-ді,
Сергектігі серттей-ді,
Көнбейтін бұлтың-бұлтаққа.
Ақсұңқар сынды ақыным!
Күле де көрме сен бізге
Күйбеңшіл, күйкі күйімізге.
Күле де көрме, мін тақпа.
Мүсіркей егіліп қара сен
Ұқпайтын ұлы тіліңді,
Ұсақтап кеткен бүгінгі
Уай, мына сорлы ұрпаққа!..
ҚАЛБАЙ ӘБДІРАМАНОВ
1947 жылы 15 мамырда туған. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Талантты ақын, «Жүректегі жазулар», «Келешекке сапар» жыр жинақтары жарық көрген. Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған «Қызғыш құс» атты мүшайрада 25-45 жастағы ақындар арасында 2-ші орынды иеленді.
ҚАЗАҚСТАН
Қазақстан қайдасың?!
Қайран далам!
Жүк тартады түйелер, маймаңдаған!
Төбесінде қазақтың қалықтасын,
Қазақтарым шығарған пайғамбар Ән!
Туғандаймын сәби боп енді анадан,
Гүлдің нәрін алғанда кең даладан.
Гүлдің нәрін жинаймын, гүлдің нәрін,
Бақыт келмей қайтеді сонда маған?!
Анау кезген аруағы бабалардың,
Ассалаумағалейкум, үш рет саған әр күн!
Ассалаумағалейкум, Махамбет, Мұқағали,
Кесенесі ақкөңіл ағалардың!
Аппақ Отан, Күншуақ, Нұр керемет,
Қазақ барда кім айтар үндеме деп.
Ақтарылып өледі ақ найзадан,
Ақ найзаны қазаққа жүрген егеп!
Қазақстан еркін ел — егеменді,
Ардақтаған ақын қып Төлегенді.
Өзге жақта өлімнен қашқан ұрпақ,
Осында кеп өмірлік шегеленді.
Ағам сөйлеп жатады Астанадан,
Аруақ қолдап жатады тас моладан!
Сол қақпақтың астына көміледі,
Аузымызға қақпақты басқан адам!
Өзге елде сөйлейді тақтағылар,
Тағы жоқтың аузында қақпағы бар...
«Бас кесу бар қазақта, тіл кесу жоқ»,
Ақын деген ауылмыз хатқа құмар!
Қосылыңдар, қазақтар,
Қосылыңдар!
Қазақ десе еритін осы ұлың бар!.
Ақын келсін ауылыңа! Ақын келсін!
Ақын кеткен ауылдан шошыныңдар!
Су ішем деп мөлдір су таза ағыстан,
Қанат талып жетуде қаз алыстан!
Қазақстан Отаны өр тілдердің,
Еркіндердің Отаны Қазақстан!
Қазақстан қамқор ел дарындарға,
Жет, қазағым, жеріңе, Жаның барда!
Тепкілеген өзекке өз ағалар,
Қол созып жүр мында кеп қалың нанға...
БӘРІҢ ДЕ МАХАМБЕТСІҢ...
Базарда есегі жоғалмағанның
бәрі ақылды...
Қайтесіңдер, ҚАЗАҚТАР, мен кеткен соң,
Сендер едің үмітім Жер-Көктен соң?!
Қағаздарым қобырап шашылмай ма,
Үйімізді кішкене... желдеткен соң?!
Көрінетін кезімде баспадыңдар,
Сәл қуансам... көзімді жасқадыңдар.
Мініп келе жатырған бір вокзалда,
Вагонымнан түсіріп тастадыңдар.
Жетермін деп жүгірдім жалаңаяқ,
Енді келер поезға қарамай-ақ.
Көп жүгірдім ентігіп, көп жүгірдім,
Қанша жол басарымды санамай-ақ!
Жете алмайтын межеге жете алам ба?
Жетпегенмен, көз қиып... кете алам ба?!
Жалаңаш көп өмірге... Жаяу кеттім,
Алдаспаны Құдайдың отағанда!
Досым дедім жолымда жан көрінсе,
Әлпештедім өсетін дән көрінсе.
Ізі деңдер Қалбайдың табанының,
ТЕМІРЖОЛДЫҢ БОЙЫНДА... ҚАН КӨРІНСЕ!
Бауыр демей не дедім адамдарға,
ШАҚЫРТАСТЫҢ ТІЛІГІ ТАБАНДАРДА!
Қолым бұлғап бақ тілеп қала бердім,
Өтіп жатқан қасымнан ВАГОНДАРҒА.
Мен жетпейтін межеге сәлем деңдер,
Әрменірек барады... әрі өнгендер.
Білмейсіңдер кімдігін МАХАМБЕТТІҢ,
МАХАМБЕТТІҢ үстімен жөнелгендер!
Басып келем жолымды бір шпалдап,
Дұрыс талғап жолымды, дұрыс талдап.
Жұмсақ вагон ішінде мүлгімеңдер,
Қайта қонбас басыңнан бір ұшқан бақ!
Темір тиіп темірге зыңылдайды,
Өмір деген — рельс. Бұрылмайды.
Адамзаттың баратын жері — мола,
Өңештерің несіне қырылдайды?!
Төңірекке қараңдар... қалғымастан,
Көп жүргендер — көбірек қанды басқан.
КӨК ДЕГЕНІҢ МОЛАСЫ ЖҰЛДЫЗДАРДЫҢ,
Көрінбейді поездан тарғыл аспан!
Жаяу келем... Жылдарға ашып-арып,
Тағдыр тасын мойынға асып алып.
Жол бойына шашылған... КЕСЕНЕЛЕР,
Маңдайыңнан сүйейін ашып алып!..
Мынау жолдың барлығы балаңа айғақ,
Пірлі жолда болмайды арам ойлап.
Елу алты жыл келем МЫНАУ ЖОЛДА,
Табанымды етіксіз... ҚАРАМАЙЛАП!
Барасыңдар ән салып!
Барасыңдар!
Бармас бұрын... азды-кем қарасындар!
Барасыңдар үстінде АЙДАҺАРДЫҢ,
АЙДАҺАРДЫҢ ОТЫНА ЖАНАСЫҢДАР!
Барасыңдар, «мен, міне, қандаймын», деп,
Жалғанбайтын сымдарды жалғаймын деп.
Махамбеттің өзінен таяқ жейсің,
Баймағанбет сұлтанды қарғаймын деп.
Жерде жүріп үсейін, үс десеңдер,
Бұдан төмен түсейін, түс, десеңдер!
Өздеріңе бажайлап көз салыңдар,
АЙДАҺАРДЫҢ СУЫНАН ІШПЕСЕҢДЕР!
Ілбіп келем... ілдалда халім қалмай,
Аяғандай ахуалым, жалынғандай.
Рельстер, асфальттар, әуежайлар,
Барлығы да... басқаға салынғандай!
Көрмегенге салмаңдар! Көріп жүріп,
Бір АНАның АҚ СҮТІН еміп жүріп.
Мен өмірден ештеңе әкетпеймін,
Бар нұрымды қазаққа беріп жүріп...
Жүгіреді бір ғасыр бір ғасырға,
Тірі ТЫШҚАН отырып жыл басында.
Үндеместен қарайды КЕСЕНЕЛЕР,
КЕШЕ ЖҮРГЕН ҚОЙ БАҒЫП... ҚЫР БАСЫНДА!
Әулиелер бірақ та тіл қатпайды,
ӘУЛИЕЛЕР СӨЙЛЕСЕ... HҰP ҚАПТАЙДЫ!
Теміржолға жеткеннің басы айналып,
Теміржолда мойыны ырғақтайды...
Теміржолдың бойында кесенелер,
Біз құсаған тағдырлар! Пешенелер!
Исатайлар, Махамбет, Шернияздар...
(Бізден де арғы тарихқа көше берер).
Кім екенін іздейміз басқа қарап,
Тірі кезде сөйлейміз асқа қарап.
Ұшақ мінген тышады ӘУЛИЕГЕ,
Келе жатса табаным тасқа қанап.
Қай жылдарға, білмеймін, асығамыз,
Ойымызды неге ішке жасырамыз.
Тірімізде шығармыз... бірдеңе деп,
Қай аяққа өлген соң басыламыз?!
Ақ Құдайға қайтеміз елші болып,
Ақиқаттың алдында ерсі болып.
Бір-біреуге тірлікте тас көтеріп,
Бір шарбақта жатамыз көрші қонып!
Өлмеймін деп өтірік ырғаңдайды,
Өтірікті ұрмайды ұрған қайғы.
Өтірік ұрса ұрады Махамбетті,
Бірақ ол басқа есіктен жырбаңдайды!
Біреу келед біреудің соңын басып,
Біреулер шат-арманын орындасып.
Мен келемін ел-жұрттың көз алдында,
Тышып кеткен баламның боғын басып.
Бір ВОКЗАЛДА Төлеген оқтай ұшты,
Ол өлгенде жер түгіл көк қайысты.
Қазір ізге зер салып қарап тұрсам,
Мынау жердің мен көрген жоқтай үсті.
Жол бойында қаншама қабір қалды,
Жалмап жатыр қара жол жаңылғанды.
Мен бәлкім ОН ЕКІ PET ТІРІЛЕР ЕМ,
СЫНДЫРҒАНДА ОН EKІ ҚАБЫРҒАМДЫ.
Мақатаев қырық бесте майып болды,
Балалығым бір күнде ғайып болды.
«ЖҰЛДЫЗ»-ға басам деген жырларымды,
Шығара алмай кеткенің айып болды!
Мына АЙДАҺАР бәрінді жалмап жұтып,
Мен сүйенер ұстындар тайып болды.
Шлагбаум артында Баймағамбет,
«Шестеркасын» әлемге жайып болды!
Отыз бесте мен түсіп... Жаяуладым,
Дорба арқалап мойныма аяңдадым.
Өлерімді білген соң үндемедім,
Көрдім дағы тықырдың таянғанын.
Басқа қазақ қайтейін туылмаса,
Шлагбаум артында сығымдаса.
Ақ құдайдың орнына әзәзіл кеп,
Бар қатынның аржағын тығындаса!
Басқа қазақ қайтейін туылмаса,
Кім екенін өзінің ұғынбаса.
Жұлдыз емес, әрине!
Махамбет боп,
Ақиқаттың алдында жығылмаса.
Басқа қазақ қайтейін туылмаса,
Көріп тұрып қайғыңды... бұрылмаса.
Жұлдыз емес, әрине!
Махамбет боп,
Ақиқаттың алдында... қырылмаса!
Безе қаштым мен сосын айдалаға,
Ит те күнін көріп жүр айналада.
Иттен-құстан несі артық ақындардың,
Жүгінерін білмейтін қай молаға!
Қара құзғын қашан да нан басында,
Аштан өлген жеті ұлы жамбасында.
Махамбеттің үстінде Баймағамбет,
Жапалақтай жарбиған жар басында.
Ойран болды өзегім. Намыс қатып,
Таусылды оғым аулақта қамысқа атып.
Мен қорқақпын бұл күнде, айналайын,
Бір қорқаққа жіберсең нан ұстатып.
Неге қойдың осынша шырылдатып,
Қартайғанша көзіме ірің қатып.
Махамбет деп қазақта жырлағанның,
Атып таста барлығын... тырылдатып.
Жұлдыз болған талайы арамының,
Махамбет жүр ұшында жарағының.
Қаламының бірімен өлең жазып,
Көт шұқиды бірімен... қаламының!
Ойламайды үш күнде ескірем деп,
Биігірек шулайды естілем деп.
Тау басында айқасты құрып жатыр,
Бір-бірінің бастарын кестірем деп.
Өлмей жүрсе лауреат қара қарға,
Жыр оқиды жарбиып молаларға.
Махамбеттің басы жоқ
Үндемейді,
Тірі жүрген тышқанға шара бар ма?!
Көздеріңді ашыңдар, ӘПЕНДЕЛЕР,
Көздеріңнің алдына қатең келер!
Мен айтпайын, мен айтсам, арқан сүйреп,
Баймағамбет алдыма ӘКЕҢ KEЛEP!
НҰРМҰХАМБЕТ БОРАНБАЕВ
1958 жылы 5 қаңтарда ҚАССР-ы, Шоманай ауданы, Мамый ауылсоветінде туған. Өлеңдері облыстық, аудандық газеттерде жарияланған. Жас ақындарды, жыр-термешілерді өнер жолына баулып жүрген ұстаз. Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған «Қызғыш құс» атты мүшайрада 25-45 жастағы ақындар арасында 3-ші орынды иеленді.
ЕРКІНДІК ПЕН ЕРЛІГІНІҢ ӨЛШЕМІ
Еркіндік пен ерлігінің өлшемі,
Күні кеше көктей өткен өлкені,
Нар ұлдарың намыс туын көтерді,
Жат алдында жігер жанып еңселі.
Сол бір сәттің елестері бәрі есте,
Тарих тарлан тартпайды әсте көмескі
Ұл-қыздары ұлағатты ұлтымның,
Баба рухын бір серпілткен белеске.
Заманының иірімінде иіріліп,
Түспеу үшін араны аңғар өңешке.
О, Махамбет, ұрпағыңның бойында
Атойлаған сенің қаның емес пе?!
Желтоқсанда желбіреткен жалауын,
Ұшқынды үрлеп жаққан жастық алауын
Бұла күшпен бұзған дәуір қамалын.
Өр ұрпағы қазақ атты бабаның
О, Махамбет, сертті семсер арысым!
Қас дұшпанға қарсы шапқан ар үшін,
Бәлкім осы ұландардың қанында,
Лапылдаған сенің қайсар намысың.
Ұлы баба шер толғасам сен жайлы,
Сан сезімдер сапырылысып қозғайды.
Аруана ой адырларда аңырап,
Бота мұңым жүрегімде боздайды.
Қара орманым, қара нарым, қамалым,
Халқыңды ойлап, қабарғанда қабағың,
Қабыланым, қан майданда айқасқан,
Қас дұшпаның орнатқанда қара күн.
О, Махамбет, алмас тілді ардағым!
Сездім, сендім, сендік заман салмағын,
Еркіндікке бастап берген халқыңды,
Ұрандатып, ұран-от жыр арнадың.
Ер Еділ мен Ер Едіге бабаңдай,
Шаршы әлемді шабуылменен шарлатып,
Тегі түркі Тоныкөктей топ жарған,
Ақинағын жауға сілтеп қандатып,
Шеру тартып шартарапты шандатып,
Арғымағын ащы терге бүктіріп,
Аламанға айыбыңды сөз ұқтырып,
Аярлардың аяғына бас ұрмай,
Батыр өлер емендерше тік тұрып.
Құм Нарын мен құралай көз Жайықтың,
Қасіретін, қайран баба, сан ұқтың.
Исатайдай ердің ерен серігі,
Беу, Махамбет, басы мұнар алып шың!
Күй-қазына, жыр шежіре, саз-арман,
Қабағыңнан көрдім біз бар қабарған,
Хан-сұлтан мен шенді шекпен төренің.
Табанына тікен болып қадалған,
О,Махамбет, ұлы бабам арысым!
Таптатпаған тар заманда намысын,
Қарсы жүзген өр толқынға қайран ер,
Қалың елім қазағымның қамы үшін,
Сұлтандарға сұңқар сынды шүйіліп,
Кезеңінің кері бұрған ағысын.
Басын кессем деп айқаста кектендің,
Көз алдымда кинолента тәрізді,
Өтіп жатыр оқиғасы өткеннің.
Қаһарлансаң қаһан қалар қаймығып,
Шамырқансаң шаңырағы шайқалған,
Жорық күймен жігер құйып жасаққа,
Кәрлі ханға зәрлі үкімін айта алған.
Дауылпазым, дабыл күйін ойнатып,
Дұшпанға сес, досқа құшақ айқарған.
Қабыланға қарсы шапқан құба арлан,
Бағзы ғұннан бастау алған ұлы арнам!
Еділ үшін еңку-еңку жер шалып,
Жайық үшін жан берісіп, жан алған.
Ұлы баба, ұлағаты ұлтымның,
Ұрпағың бар құлы болмас құлқынның,
Келімсекке кеуделерін бастырмай,
Келешегін кемел ойлар жұртымның.
Шежірем бар шемен қатып шер тұнған,
Шөбереңе шегелене шертілген,
Өткен шақтың өтеуінің белгісі —
Керегемде кез таңба тұр кертілген.
Көкіректе күмбір қаққан ұлы арман,
Зердеңді бұр, зейнеңе қүй, құмарлан,
Баба жолын іздер болсақ іздейік,
Қыран қонып, құлжа-құлар құзардан.
Шөбің шүйгін, құмың құмбыл, құмаршық,
Жанарыңда мөлт-мөлт етіп тұнар шық,
Көз алдымда көш керуені әлемнің,
Көне дәуір бара жатыр мұнартып.
Қына басқан тас кітабын бабамның,
Тарих-дана ал ар түбі бір аршып.
Сары адырда сағаналы сартас там,
Сына таңба құпиясын қайта ашқан.
Құлпытаста құлыпталған құжаттар,
Жатыр қанша берен ерлер марқасқаң!
Сырын ұқсаң шежірені шежімдеп,
Ерлік, өрлік аңыз етер елің бек.
Қоңыраулы керуен көшіп санамда,
Баба рухы бас иетін кезім көп.
Тағдыр-талас тартса да алдан қатал сын,
Азат таң боп аймағыңа атарсың.
О, Махамбет, адуын жыр, әз баба!
Ұрпақтарың ерлігіңнен от алсын!
Уақытпен табар болсақ үйлесім,
Жанымызға жақұт шашар нұрлы есім.
Баба бір сәт аялдатпай кейінге,
Тұлпар жылдар тартып келед күймесін.
Тұлпар жырдың түйдім кекіл тұмарын,
Төкпеледім тілдің безеп құмарын.
Тамшы ойымды теңізіңе қосайын,
Рухыңа басымды иіп, қыраным!
ТАЛҒАТ ҚАЙБУЛЛАЕВ
1970 жылы Маңғыстау облысы, Жетібай кентінде туған. Мамандығы — инженер-технолог. Бекет Атаның 250-жылдық мерейтойында ақындар мүшайрасында жеңімпаз атанған. Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған «Қызғыш құс» атты мүшайрада 25-45 жастағы ақындар арасында 3-ші орынды иеленді.
БАТЫР БЕРІШ БАБАНЫҢ
Махамбет Өтемісұлына арнаймын
Батыр беріш бабаның көзі болған
Махамбет,
Ағатайдың ұранды сөзі болған
Махамбет,
Егескен жауын жаһаннамға жөнелткен,
Алмас қылыш, Найзаның өзі болған
Махамбет.
Бар қазаққа белгілі көсем болған
Махамбет,
Нар тұлғалы, келбетті, әсем болған
Махамбет.
Дара ақылды жасынан әр сөзі мір оғындай,
Қара қылды қақ жарған, шешен болған
Махамбет.
Жәңгір ханға бетпе-бет шындықты айтқан
Махамбет,
Әшкерелеп бай, бекті сұмдықты айтқан
Махамбет.
Баймағамбет сұлтанды масқаралап көзбе-көз,
Ел басына орнаған мұңдықты айтқан
Махамбет.
Ақындықтың адуын басы болған
Махамбет,
Азаттық үшін Жәңгірдің, қасы болған
Махамбет,
Ереуіл жыры көңілінің қошы болған
Махамбет,
Исатайдың арылмас досы болған Махамбет.
ҚАБЫЛ ШІЛДЕБАЕВ
1971 жылы 21 сәуірде туған. Ақтау қаласындағы №6 орта мектепте математика пәнінен дәріс береді. Өлеңдері республикалық, облыстық газеттерде жарияланып жүр. Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған «Қызғыш құс» атты мүшайрада 25-45 жастағы ақындар арасында 3-ші орынды иеленді.
МЕКЕНІ КӨК
Мекені көк, асты кең,
Қыраңдарға бәс тігем.
Қайратына мас білем,
Қатерлерге бас тігер.
Қиядан қанат қаққанда,
Қырағы көз мұзбалақ.
Бүлкектеп бара жатқанға,
Ажалдан бетер ызғарлы-ақ.
Айлакер сұм мен қорқаққа
Шүйілген көктен сұр жебе.
Адамға бәрі ортақ та,
Дей алмайсың бірдеме.
Несібе бармен аш аңға,
Толасқа толы қашанда.
Аярға пана тасаң бар,
Дала заңы қасаң ба?
Дала қыраны Махамбет
Дарытқан жырға мақам леп.
Қараны ханға теңеуде
Ықтырмаған қоқаң кеп.
Салам деп тезге төрені,
Ерткен сыйлап өренін.
Аламанға дем берген
Кекке суарған өлеңін.
Көрініс берер там-тұмдап,
Дала қыраны шаңқылдап.
Алпыс айлалы қызылға,
Махамбет ерше шаншылмақ.
ӘНУАР БИМАҒАНБЕТ
1980 жылы 17 желтоқсанда Маңғыстау ауданы, Шетпе кенті, Қосбұлақ ауылында туған. Жұбанов мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің 2-курс студенті. «Хабар» агенттігінің Маңғыстау облысындағы тілшісі. Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған «Қызғыш құс» атты мүшайрада 25 жастағы ақындар арасында бас жүлдені иеленді.
МАХАМБЕТ НЕМЕСЕ ДАСТАРХАН КИЕСІ
(баллада)
Алайма, Сұлтан, алайма!
Махамбет.
Ақ боз үй алты қанат — алқалы топ,
Бай мен би, бағыланды, марқалы топ.
Ішінде кілең дүрдің отыр сұлтан,
Мүйізі қарағайдай арқары боп.
Табады қолпашшыл көп жырдан желік...
«Жырла, деп, отырғанда мұрғам келіп»,
Қақ терде қарқ-қарқ күлед Баймағамбет,
Әлінше сән-салтанат құрған болып.
- Арғы атаң Арыстанбек ту ұстаған,
Ер Шыңғыс дүниені уыстаған,
Дүреген шынжыр балақ шұбар төстен
Сұлтаным Баймағамбет — туыс маған.
— Байекем маған да еш бөтен емес,
Хан Жәңгір, аға сұлтан — екі ел емес...
Сұлтанды сипай мақтап кезектесіп,
Жанұзақ Марабайлар етеді егес.
...Оқыстан жел екпіні ұрып төрді,
Ордаға қанды көз ер көріп келді.
Қабағы қанды садақ —
алды санап,
Үрейлі үй ішінде үріккенді.
«Мынау кім?..»
«Махамбет қой!..»
«Жау шапты, ә?..» — боп,
Көбейді сыбыр-күбір...
Ауқатқа тоқ
Байларды аттап барып, малдас құрды,
Еріңде сәлем де жоқ, сауқат та жоқ
Жым болды жаңа күліп жайнаған көп,
Құм қылды жігерлерін қайнаған кек.
Батырдың мысы басып, түлкі жортақ,
Бипаздап сөз бастады Баймағамбет:
- Махамбет, ойын қалды, тойың қалды,
Ерлігің ел ішінде мойындалды.
Кеше сен, Исатаймен біріккенде,
Неғылмақ Жәңгір ханға ойың бар-ды?..
- Біз кеше Еділ үшін егескенбіз,
Ел жинап ер Исатай кеңескенбіз
Жәңгірдің жанын алып, Хан орданың
Қанатын қақыратсақ деп өскенбіз.
Біз кеше Жайық үшін жандасқанбыз,
Балдағын шар болаттың қандасқанбыз.
Өзіндей төрелерді төбеттейін
Қарғылап, қыңсытуды аңдасқанбыз...
Біз кеше...
- Жә, жетеді, құр лепірме!..
Жаныңды асын қоям қыл көпірге!..
Сұлтаның осыны айтып шатынады,
Шамасы шыдас бермей жыр-нөпірге.
- Қараға Хан алайып қарай ма екен?!.
Ашуым қаныңды ішпей тарай ма екен?!.
Алты күн нөкеріңді ойрандасам,
Арғымақ астымдағы жарай ма екен?!.
Аяр хан әбілеттей арбаспақсың,
Жағама қапияда жармаспақсың.
Айырдан туған жампоз мен болғанда,
Байеке, тегің нашар нарқоспақсың!..
Тұрмайсың, сорлы көпек, талағанға,
Орданды былғайын ба қара қанға?!
Бүйірің шыққан шығар елді сатып,
Орыстың итаяғын жалағанға.
Жанымда жалаң қылыш басты алсам ба-ай?!
Бөгесін, әттең, мына дастарханды-ай...
(Қас жауға мәрттік қылған бұл ісіне,
Қағады дос түгілі қастар таңдай).
- Махамбет, айтқаныңа кетер ме есем?!..
Ер сөзін хан болам ба көтермесем!..
Басқаға әңгімені бұрып кетті,
Көлгірсіп көп көзінше бекер-көсем.
Батырды ала алмасын бек түсініп,
Төлеңгіт, төре қалды ептісініп.
«Басында ақ дастархан қан төкпен!» — деп,
Махамбет ақбоз үйден кетті шығып.
Қара түн. Қоңыр дала жоны жауыр...
Қараойды мекен қылған қоңыр ауыл.
Мінгені Махамбеттің қара арғымақ
— Желеді желге төсеп омырауын.
Ер жүрек ашынады, мешеу дала...
Сәлден соң жұлдыз туды, жетеу дара...
Ауылда бірі тосып, бірі шошып,
Сол түні көз ілмеген екеу ғана...
Қастерлеп, қасиеттің ақ тұмасын
Арада жылдар жылжып, ақты ғасыр...
Қапыда қайран ердің Ықынас сұм
Басында дастарханның шапты басын!
Есіл ер татты жаудан ақыр дәмін,
Бұ қазақ ұмытар ма батырларын?!..
Бойында Исатай жоқ, Махамбет жоқ,
Құрсағы қоңылтақсып жатыр Нарын!
Бар әлі Баймағамбет... Алмасы тот,
Махамбет жылай ма екен жалғасы жоқ...
Қолымды «пірге» беріп Алласы жоқ
Жүргенде мәңгі сөніп қалмасын от.
Жатам да осыны ойлап, оянамын,
Түсімде мүрде көріп кәлласы жоқ...
НҰРЛАН ҚОСЫМБАЕВ
1975 жылы 17 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай ауданында туған. 1996 жылы Орал қаласындағы педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітірген. № 18 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінен дәріс береді. Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған «Қызғыш құс» атты мүшайрада 25 жасқа дейінгі ақындар арасында 1-ші орынды иеленді.
САЙЫНАН СУЫ САРҚЫҒАН
Ей, Махамбет, жан бабам!
Толарсақтан саз кешіп,
Дүниеден баз кештің...
Сайынан суы сарқыған,
Теңізі тулап толқыған,
Өлеңінің оты өртеніп,
Өзегімді шарпыған.
Теңіз-өлең болғанда,
Шағала-шабыт шалқыған.
Жыр жаздым өрттей жалыннан,
Тектілер қаны тепкілеп,
Тістесіп жатыр тамырдан.
Кіші жүздің кішіреймеген ері едің!
Кек құрсағынан қағынған,
Махамбет батыр сен едің!
Алты құлаш арқанды,
Қылдай кесер алмассың.
Жақсылармен жолдассың,
Жайық үшін жандастың,
Үш қиян үшін қандастың,
Басын тігіп өлімге,
Бостандық үшін бармас кім?
Тұйыған елдің топшылы,
Төбеден тасыса шүйіліп,
Түстік жерден түлкі алған.
Бөрі едің берен белдікті,
Аңсап өттің теңдікті,
Көңіліңе кек тұттың,
Кедейдегі кемдікті.
Жабыға жүлде бермейді,
Тұяқ қалса тұлпардан.
Ашуы келсе аң алған,
Тұяқ қалса сұңқардан.
Бөрі демей не дейін?
Бөрідей жортып түн қатып,
Ел үшін туған ер едің!
Дулығаңнан дұшпан үріккен.
Еңіреп жүріп айтып ең:
«Етегін жауып ел болар
— Бірлікпен басы біріккен».
Қарын май болса, ел деген,
Құмалақ — Жәңгір, шіріктей.
Жәңгірдің мінген жабысы,
Ақтабан аттан үріккен.
Белдесуге Жәңгірмен,
Бекетай құмға кеп едің!
Берекесін жаудың қашырды,
Беліңе таққан беренің.
Айлалы ата жауыңа,
Қайласыз түскен сен едің!
Арыстандай тордағы,
Айбат шегіп тұрдың-ау.
Тұрған жерің тесердей,
Намысың қара нөсердей.
Алдаспандай айбатың,
Дұшпанның басын кесердей.
Қылбұрауды қолдағы
Шарасыздықтан шешердей.
Мейіріміңе мейірім
Жетім көңілі өсердей.
Исатайдай ағаңды,
Иттескенге айдады.
Иттердің еткен ісіне,
Қасқырдай қаның қайнады.
Беріштің бетке ұстар батыры өлгенде,
Күйіктен ел күңіренді
Атыраудың аймағы.
Қайғырғанда Махамбет,
Қызғыш құсқа айттың-ау мұңыңды,
Қыстырмады мұныңды...
Жаратқан ием жар құдай,
Толарсақтан толғатып,
Туғыза гөр анаға,
Махамбеттей бір ұлды!
АЛЛАБЕРГЕН ҚОНАРБАЕВ
1984 жылы 22 наурызда Маңғыстау ауданы Шетпе кентінде туған. М. Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының 2-курс студенті. Облыстық ақындар мүшайрасының жүлдегері. Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған «Қызғыш құс» атты мүшайрада 25 жастағы ақындар арасында 2-ші орынды иеленді.
МАХАМБЕТ ЖЫР
Қазағымның шоқ жұлдызы ішінде,
Сен айналдың жыр дауылпаз мүсінге,
Бар қазақ боп бас иеміз біз бүгін,
Сен Махамбет болғандығың үшін де.
Сен — мұхитсың, мына біздер тамшымыз,
Атыңды атап өтетұғын жаршымыз.
Сен — бір жұмбақ әлемсің ғой тұңғиық,
Сені көптің бірі десе қарсымыз.
Батырлықты ақындыққа билеттің,
Әулиесі қадір менен құрметтің.
Ерлік, елдік, еркіндіктің даңқы үшін,
Тәуелсіздік тәубесіне үйреттің.
Қарсыласқа оқты жыр боп атылдың,
Бабалардың рухы боп шақырдың.
Қолға ұстадың «Егеулі бір найзаңды...»
Жандастың да, жағаластың, шарқ ұрдың.
Отты өлеңде кереметің, көркемің,
Жапырағын жайды кеңге өркенің.
Дұшпаныңның көмейіне құм құйып,
Өзегіне өрт тастадың, өртедің.
Аласұрып тұманды көк астында,
Қарсы жүздің қанды қақпан тасқынға,
Еділ-Жайық еңіреді сен болып,
Қайран елім айналдың деп босқынға.
Сол бодандық мәңгі ұзақ,
Қайран қазақ таққа мінді қалжырап,
Дүниеде ақындар көп десек те,
Дүниеде Махамбет-жыр жалғыз-ақ!
ТАЛҒАТ ТҮМЕТОВ
1983 жылы 14 қаңтарда Маңғыстау ауданы Тұщықұдық ауылында туған. Ш.Есенов атындағы университеттің студенті. Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған «Қызғыш құс» атты мүшайрада 25 жасқа дейінгі ақындар арасында 3-ші орынды иеленді.
МАХАМБЕТ
Кеудесін ерлік сомдаған,
Көңілін сыр томдаған.
Жауына найза сілтесе,
«Елім» — деп жыр толғаған.
Алыстан байқар қырағы,
Маңдайда жанған шырағы.
Түлеп ұшқан Тастүлек,
Ел — қостаған қыраны.
Халқының көз жасынан
Шыдамай найза асынған.
Жауынан айла асырар
Ер есімі Махамбет.
Беліне қылыш қыстырып,
Хан-төрені састырып,
Айналып шыққан бөрідей
Шаң қаптырған — Махамбет.
Мыңнан шықпас тұлпардың ізі едің,
Жүзден шықпас сұңқардың көзі едің.
Халқың үшін барлығын көретұғын
Асылы да, ардағы өзің едің!
СӘДУАҚАС ӘБДІНАСЫРОВ
1964 жылы 28 ақпанда Түркменстан Республикасы, Ташауыз облысында туған. 1984 жылы Нүкіс Мемлекеттік университетінің филология бөлімін бітірген. Қазір Құрық кентіндегі № 1 орта мектепте мұғалім болып қызмет атқарады. Өлеңдері облыстық, аудандық газеттерде жарияланып жүр. Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған «Қызғыш құс» атты мүшайрада ынталандыру сыйлығын иеленді.
БІР САҒЫНЫШ
немесе Махамбеттің жан толғанысы
Бір сағыныш мәңгі бақи дос еткен,
Қазір мені жұлып алды төсектен.
Т.Айбергенов
О, Алла-ай!
Бұл қандай түс жаңылдырған есептен,
Ешкім жоқ еді,
Бұл жалғанда алдымды орап кесе өткен.
Жақсылықтың тек нышаны болғай-да,
Мезі болған ойым шығар өтірік пен өсектен.
Неге менің
Тым секемшіл асау, батыл жүрегім?!.
Тек елімнің Жақсылығы емес пе еді тілегім.
Еділ, Жайық, Сосын Нарын құмының
Мен бақытты болуын тек тіледім.
Шектелмедім тек тілекпен,
Күрестім де білекпен,
Айырылдым ғой осы жолда
Исатайдай тіректен!
Енді мынау —
Қараой елсіз тұрағым,
Қайда қазір,
Елге салған атой менен ұраным?!
Бір сағыныш —
Туған жердің бақытын,
Жырлармын деп күткен едім,
Сәтін сал деп уақытын.
Осы жолда арпалыстым,
Тендік үшін еліме,
Арнармын деп асыл сөздің жақұтын.
Мен — Бекетай құмында өстім, туылдым,
Туған жерден теңдік үшін қуылдым.
Әпербақан атқамінер зорлығын,
Көзбен көріп, қылығынан суындым.
Әйтсе де мен,
туған жердің шаттығын,
Жырлауға да әзір едім,
Бірақ менің,
Жоқ қой шамам құр сезімге алданар,
«Теңдік!» — деген ұранменен
тек үмітім жалғанар.
Осы жолда,
Мәңгі-бақи күресумен өтермін,
Мүмкін бәлки,
Сәтін салса, ойыма да жетермін.
Сондықтан да менің үнім
— Күрес пенен бостандық,
Ерлік пенен батырлықты
ту етумен кетермін!
Ал, мен бүгінгі түсім менің шақырады жамандық
Жамандықтан қорықпаспын,
Бірақ менің санамды ұқ!
Құмай ойнап,
Құмды кешіп, өрге өрлеген еңістен.
Тай-құлындай тебіскен,
Келбеті де өзіне сай келіскен,
Ықынастай досым менің,
Қайғы-мұңды бөліскен.
Қу түсімде ту сыртымнан терістен,
Көлбеңдейді, көлеңкедей күдігі бар әр іспен.
Осы ой мені
Көптен бері мезі еткен,
Кетпей қойды запырандай өзектен.
Әлде туған жерге деген сағыныш,
Сезім бе әлде?
Жарып шығар жүрегімнен кезекпен?!
Деп жақсылық
Ойласа да ғазиз-ақын тілегі,
Жамандыққа тап келгенін
Бүкіл елі біледі.
Шын досым деп сыйлап өткен,
Ықыластай құрбының
Сұм ойынан,
Тоқтады ақыр асау ақын жүрегі.
Бір сағыныш мәңгі-бақи дос еткен,
Оятса да секем алып төсектен.
Ықыластай сеніп «досқа» әңгүдік,
Ер Махамбет жаңылды ғой есептен.
Қайран ақын салған елге ұраны,
Қала берді ел ішінде жаңғырып.
Ал, Махамбет сағынышты жырларын,
Алып кетті өзіменен мәңгілік!
ОРЫНГҮЛ ТАҢБАЕВА
1983 жылы 16 желтоқсанда Түркменстан Республикасы, Красноводск қаласында туған. 2001 жылы Жаңаөзен қаласындағы орта мектепті бітірген. Өлеңдері жергілікті баспасөзде жарияланып жүр. Ш.Есенов атындағы университеттің студенті. Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған «Қызғыш құс» атты мүшайрада ынталандыру сыйлығын иеленді.
МАХАМБЕТКЕ АРНАУ
Отаршылдар шаруаны сорды сонда жыландай,
Бұқараның жетіп бітті титығына ылаңдай.
Жалмауыздай жаласын, құлқындары тоймады,
Үнін қара халықтың өшіруді ойлады.
Қылыш ұрар дұшпанға өр батырың,
Атой салып майданда шапқылаған.
Өктемдікке, озбырлыққа шамданып,
Отты жаны қайраттана атқылаған.
Басып алын сұм Жәңгірдің сарайын,
Берген талай қазақтардың сазайын.
Бұқараның халі үшін күресіп,
Шошындырған жауыз ханның талайын.
Ұлы ерліктің туын ұстап қолына,
Еркіндіктің рухы ойнап қанында.
Қаһарланып қақпа аузын қандатты
Адал дос боп Исатайдың жанында.
Өтемістің Махамбеті батырым,
Қол бастаған халқы үшін батылым.
Әділдіктің өмірі үшін белдескен,
Найзаменен алған ханның шатырын.
Түлкілікке салынған, залым ханның амалын,
Сезіп еді, ескендей боп жақсылықтың самалы.
Қатал қару құрбаны боп қан майданда,
Күңірентті Бекетайдай туған өлке даланы.
Ту түбінен ту алып, дулығалы бас кескен,
Құйрық жалын шорт түйіп, құла сұлу ат мінген.
Отан үшін суға түсіп, отқа күйген
Жігіттер, қайда сол бір батыр бейнең?!
АҚТОЛҚЫН ҚОСЫМБАЕВА
1983 жылы 10 ақпанда Ақтау қаласында туған. 1999 жылы Қызылтөбе елді мекеніндегі №18 орта мектепті бітірген. Өлеңдері облыстық газет беттерінде жарияланып келеді. Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған «Қызғыш құс» атты мүшайрада ынталандыру сыйлығын иеленді.
ATA ӘРУАҒЫНА
Елес етіп нар тұлғасын ақынның,
Аруағына сөзімді арнап жатырмын.
Ұл-қыздары тербетуде жырымен,
Мәңгілікке ұйықтап кеткен батырын!
Елің үшін тер төкпепсің бекерге,
Парызымды келем, ата, өтеуге.
Жүрегімнің парақтарын ақтарсам,
Естисің бе, құлағыңа жетер ме?!..
Тұлғаң сенің Алатау ма, асқар ма?!
Үлгілі өмір кәріге де, жастарға.
Қанатына мінгізіп ап жырымның,
Әуелетіп ұшырсам ба аспанға?!
Саған деген қасиетті сезімнің,
Киесімен құдіретіңді сезіндім.
Сендегі арман бақыты еді халқыңның,
Мендегі арман жырлап өту өзіңді.
УАЙС РАХМЕТОВ
1983 жылы Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы Тұщықұдық ауылында туған. Жас ақындардың бірнеше жыр мүшайрасына қатысқан. Ш.Есенов атындағы университеттің студенті. Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған «Қызғыш құс» атты мүшайрада ынталандыру сыйлығын иеленді.
МАХАМБЕТ РУХЫНА АРНАУ
Перзентіне тағзым боп сайын дала,
Иіледі толқын төсін тербете.
Бұлықсыған әр қазақтың қанында,
Ұшқын атып Жыр киесі кеудеде.
Халық үшін мұз жастанып, қар кешкен,
Алып туған бар қазақтың ұлдарын.
Қайрап кеткен алмас жігер наркескен,
Махамбет — ол жанып тұрған жыр-жалын!
Әзиз ұлды қапияда шаптық та,
Қалды мәңгі ет-жүрегім жаралы.
Жол көрсетіп тығырықта, ақтықта,
Домалап, әне, батырдың басы барады!
Аза тұтып, айырылғанын тектіден,
Еділ-Жайық күрсінеді тереңнен.
Махамбеттің өшпес рухы деп білем,
Кең даламнан сағым көрсем енді мен!
Құтылмады қашса-дағы кектіден,
Ықыластар қарысса да өжеңдеп.
Ұлы рухы Махамбеттің деп білем,
Әр қазаққа сәуле шашқан себездеп.
Қалды да ол әр санада тамшы боп,
Бір кездегі толықсыған теңізден.
Жарқылдаған көр кеудеге қамшы боп,
Батыр жаны,
Меніменен егіз бе ең?!
ӘЗІРБАЙЖАН ҚОНАРБАЕВ
1944 жылы Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданында туған. 1970 жылы Қазақ мемлекеттік университеттің журналистика факультетін бітірген. Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газеті редакторының орынбасары. Өлең, фельетондары «Жайма базар», «Ауылдың айтқыштары», «Бала тілі — бал» ұжымдық жинақтарына енген.
Бұл жинаққа «Махамбет — сол «Қызғыш құс» атты өлеңі беріліп отыр.
МАХАМБЕТ СОЛ «ҚЫЗҒЫШ ҚҰС»
Мың сегіз жүз қырық алтыншы жыл еді,
Сарыала күз. Жер жабырқап жүдеді.
«Қараой» деген жайлауға кеп Махамбет,
Кең Алланың кеңшілігін тіледі.
Жапан түзді жалғыз үй боп жайлады,
Болмады ғой сұм тағдырдың қайраны.
Исатайы көз алдынан кетпей бір,
Қу заманға кек қылышын қайрады.
Талай түндер айқаспады кірпігі,
Ұмытқан-ды күн мінезді күлкіні.
Жеті-сегіз салт атты кеп ауылға,
Түсе қалды түс ауған шақ бір күні.
— Әй, Махамбет, нағашымыз, армысың!
Қырық жаста ортаймапты-ау нар мүсін.
Жоқшылармыз, жылқы көздеп барамыз,
Батырым-ау, мал-жан аман, бармысың?
— Әй, Махамбет, атыңды айтып мақтанам,
Құдай сені қантөгісте сақтаған.
Келіп қалдық сәлемдесіп өткелі,
Оңбайды ғой, әулиені аттаған...
Деп сөйледі, көп ішінен бір адам,
Ол жүгірді құшақтай кеп қиядан.
Махамбет те тани кетті «бауыр» деп,
«Үй мынау» — деп айтты парыз сірәдан.
— Әй, Ықылас, жақсы келдің жиенім,
Тым өзгеше ағытылды-ау тиегің.
Бар болғыр-ай, нағашыңды көргенде
Қытығың кеп қышыды да иегің?!
— Деп, Махамбет сөздің басын қайырды,
Кең дастархан кең дала боп жайылды.
Көңіліңе шыбын қонбас Махамбет,
Адам десе жан беруге дайын-ды.
Махамбеттің қас-қабағы түйіліп,
Сөйледі ол келгендерге жиылып:
— Мен түс көрдім, өзге емес-ау өз басым,
Сәлем берді өзіме кеп иіліп.
Кеше ғана көріп шықтым бұл түсті,
Ойым — ойран, ақыл — айран жұлқысты.
Жорыңдаршы, бұл не қылған керемет,
Түсініксіз жағдай-ау бұл бір түсті.
— Адам деген не көрмейді түсінде,
Әй, Махамбет, еңсеңді езіп түсірме.
Сен біреуге бас имесең болғаны,
Ауыр алып, жамандық деп түсінбе...
Қарақшы еді, қанға толы уысы,
Деп, Ықылас — әлгі жиен туысы,
Махамбеттің басын шауып жіберді.
Қалиада бітті мәңгі тынысы.
Батыр ақын кете барды қапыда,
Жер тарпыды қаңтарулы аты да.
Батыр — аңғал, ақын — аңғал қашанда,
Ере алмайды зұлымдықтың сапына.
Міне, солай қан жамылды дастархан,
Қатын-бала шулап қалды тас-талқан.
Кетті жаулар дауылпазды қорлаған,
«Жермен-жексен болды ғой» деп, бас қалған.
Махамбет тұр, Махамбеттік қалпында,
Дауылпаз жыр шыңға шырқау салты да.
Ұрпақтары ұрандатып келеді,
Талай ғасыр өтсе-дағы артында.
Хақым бар ма, ақын тірі демеске,
Бізбен бірге ол айналған жоқ елеске.
«Қызғыш құс» — дәл бүгінгі жыр сайыс,
Махамбеттің әруағы емес пе?!
АМАНГЕЛДІ БҰҒАБАЕВ
1963 жылы Қарақалпақстанда туған. Мамандығы — электрик. Қазір "Өзенмұнайгаз" ААҚ-ның жұмысшысы. Өлеңдері облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып жүр. Бірнеше жыр мүшайраларының жүлдегері. "Мен саған келдім, Маңғыстау!", "Құрсақтан шыққан құлын жыр" кітаптарының авторы.
Күй көшсін көкірегіңе бұл күн менен,
Үйлессін үндеріміз күмбірлеген.
Сүрленген ағытайын сырдан Дария,
Түндерден арман кірпік ілдірмеген,
Автор.
АҚЫН РУХЫМЕН СЫРЛАСУ
Қайран, менің, нар бабам,
Даламның дархан егізі ең.
Махаң-ай, Махаң дегізген
Жырыңды оқып қанбағам.
Рухыңа кім бас имеген?
Осындай болар күй деген.
Дүние түгел сыңсиды,
Кешесің бастан мың күйді.
Оқыған жырын ер адам,
Ақпанды кешіп бұршақты-қарлы бораған.
Кірпігіне мұз қатып
Ұйқы көрмей түн қатып,
Жанында жаугер жасағы,
Жол шегіп бара жатады.
Қарсы алып таңның шапағын.
Ал енді бір сәт
Бес қаруын асынып,
«Ер ме екен жауға тимеген?!»
Дегенде дүр сілкініп,
Естіген дұшпан шошынып,
Даусыңнан мынау дүние түгел үркіген.
Саңқ ете қалып қыранша,
Сарбазың шықса ұран сап,
Өмір мен өлім тілдескен.
Қан қақырып, арбасып,
Дүниені түгел шаң басып,
Астаң да кестең күн ұлып,
Шақұр да шұқыр алдаспан,
Құлаққа жетер тұяқтың сансыз дүбірі,
Жан алысып беріскен,
Естілер ерлер күбірі,
Атаңа нәлет,
Кез келді-ау иттің баласы
Кездессе деп ем тар жерде,
Сөйлессін сенімен Наркескен.
Мынау сайын даламмен,
Қатын менен баламда,
Атаңның құны бар ма еді?!
Құдайыңды білдіріп,
Ақ найзаға ілдіріп,
Ит-құсқа жем етпесем,
Арманға сөйтіп жетпесем,
Бірге өлермін кегіммен.
Тартып тұтам негізге,
Намысым жауға таптатпан,
Жерік асы жолбарыстың жүрегі,
Ақ сүті ұрар анамның,
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Құлынын арда емізген.
Заманының дүрі еді,
Қарғысы атар бабамның.
Ұрпақ үшін от кешіп,
Ерім — ақсың дегізген.
...Уа, нар бабам, қайтейін,
Қызғышқа шағып мұңыңды,
Арманда болып өттің сен.
Ертеңіңнен түңілген,
Білемін қанша баз кешіп,
Жалғаннан мына шаршадың.
Еркіндік еді — Асқарың
Азаттық еді — Нұрлы арман.
Күзгі күндей сұрланған
Ой менен қырдан құйылған
Ерлерді бастап жиылған.
Қорқақ жігіт күнде өлер,
Жаугер жігіт жауда өлер,
Кім жеңерін Тәңір білер.
Қысқа күнде мың тынып,
Дәрменім жоқ күрсініп,
Күңіреніп жүрмен-ді.
Есі де кетті Елдің деп,
Егесі бізбіз жердің деп,
Аптығы жаудың басылып,
Сүйегі қалсын шашылып,
Толарсақтан қан кешіп,
Жанымыздан баз кешіп,
Тиелік жауға дегенмен
Тілекті сіздің кім берді?!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру