НАЗҚОҢЫР. Генерал Асқаровтың орындауындағы күйлер
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Жанғали Жүзбай
НАЗҚОҢЫР
Генерал Асқаровтың орындауындағы күйлер Астана 2015 УДК 780.8:780.614.132(574) (08) ББК 85.956.9 /5 қаз/ Н - 17 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР УНИВЕРСИТЕТІ Қорқыт ата атындағы ғылыми-зерттеу институты Домбыра кафедрасы Баспаға Қазақ ұлттық өнер университетінің әдістемелік кеңесі ұсынды.
Редакциялық алқа: Ғылыми кеңесші - филология ғылымдарының докторы, академик, қоғам қайраткері Жолдасбеков М. Ж. Құрастырушы - Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүзбай Жанғали Музыкасын редакциялаған - Әбілжанов Халықберген Жауапты редактор - өнертану ғылымдарының кандидаты Муптекеев Базаралы Рецензенттер: Құрманғалиева С.Б – өнертану ғылымдарының кандидаты. Негимов С.Н - филология ғылымдарының докторы, профессор. НАЗҚОҢЫР. Генерал Асқаровтың орындауындағы күйлер. (Құрастырып, ғылыми түсініктемелерін жазған Жүзбай Жанғали.) – Астана, ISBN Бұл жинаққа Қазақтың дарынды күйшісі, шертпе мектебінің негізін қалаушылардың бірегейі - Генерал Асқаровтың орындауындағы туындылар еніп отыр. Генерал Асқаров Арқа, Қаратау күйлерінің түпнұсқалық үлгісін жеткізуші әрі өз жанынан күйлер мен әндер шығарған композитор ретінде ел есінде қалған дара тұлға.
Тәттімбет, Ықылас, Сүгір, Жаппас сияқты күйшілердің дәстүрлі жолын жалғастырушы - Генерал Асқаровтың кейінгі ұрпаққа қалдырған күй мұрасы тұңғыш рет көпшілікке ұсынылып отыр. Хрестоматиялық жинақ Бакалавр дәрежесіндегі арнайы кәсіби білім беретін өнер ошақтарының студенттеріне оқу құралы ретінде ұсынылады. Сонымен қатар өнертану ғылымымен айналысушылар үшін де құнды еңбек болмақ.
Шертпе күйдің хас шебері - Генерал Асқаров (1940-1999) Генерал – жайсаң жігіт, бұл да жорға, Сілтейді он саусағын оң мен солға. Заманда күй біткеннің құдайындай. Көмеді отырғанды ән мен жырға. Генерал ән мен күйдің Генералы, Тынысын терең толғап демалады. Өзі де дала еркесі, жігіт екен, Нәр алған жаңа күннің кең алабы Асқар Тоқмағамбетов.
Күй қонған тұлға Қарт Қаратау, әрісі Жетіқоңыр, Ұлытау, Жаңа Арқа, берісі Шу бойы, Сарысу, Жайлаукөл, Қамқалыға дейінгі ұланғайыр байтақ өлкеде қанат жайған қобыз сарынды күйшілік өнер - қазақтың ұлыстық музыка мәдениетінің еңселі бір биігі болды, әсіресе аспаптық музыка саласында қобыз, домбыра, шаңқобыз күйлері өзіндік сазы бар көркем мектеп болып қалыптасты. Қобызшылар - Ықылас Дүкенұлы, Жаппас Қаламбаев, домбырашылар - Бапыш Қожамжарұлы, Сүгір Әлиұлы, Нұртай Жаңбыршиев, Мәді Шәутиев, Қалы Бархиев, Төлеген Момбеков, Файзолла Үрмізов, Атабек Асылбеков, Ергентай Борсабаев, ағайынды Сейітхан және Әлімхан Әлімбековтер, Сәуірбек Кәрібозов сияқты Қаратаулық күй тарландарының есімдері ұлттық күй өнерінің қазынасына баға жетпес байлық қалдырған жампоздар еді. Қазіргі кезеңде «Қаратаудың шертпелері» деп аталып кеткен кең арналы күйшілік мәнердің қалыптасуына аталған өнер иелерінің еңбегі өте зор. Қаратаулықтардың күй толғау мәнері әрқилы, әуен өзегі ортақ болса да бірін-бірі қайталамайды, әр жүйрік өзінше шабады. Жаппас Қаламбаев Арқа мәнеріне бой ұрып Тәттімбетше «қырық буын қосбасар күйге» жүйріктеу болса, Төлеген Момбеков әндете шертілетін теріскейдің байырғы желдірмесіне бейімдігінен танбайды, Файзолла Үрмізов Сарысудың мәнерімен кері толғауға әуес болса, Ергентай Борсабаев Шу өлкесінде кең тараған «ыңғайтөкпешіл» (эпикалық) шертіске құмбыл. Атабек Асылбеков толғау күйлерді мінсіз тартса, Сейітхан Әлімбеков аңыз күйлерді тарау-тарауымен ағытар еді...
Ал, Генерал Асқаровтың әуезі алабөтен әуелей жөнелетін еді, мәнері жоғарыда аттары аталған күйші замандастарының ешқайсына ұқсамайтын, жалқысаяқ сазбен шанақты жаңғырта толғай кеткенде домбырадан пейіштің үніне барабар сиқырлы әуез шығардай болатын, ол Қаратаудағы домбыра шалудың байырғы табиғатынан ешқашан айнымайтын, теріскей сазының кейде адуынды, кейде нәзік, кейде шат, кейде қамкөңіл мінезін дөп баса шертетін, сезімшіл ноталары жорта тәкәппарсынған тыңдаушысының еңсесін езіп, асқақсымақ көңілін кемсеңдетіп пұшайман жағдайға түсіретін, қос ішектен төгілген көкейкесті қағысы пенде түгілі тасемшек бетпақдаланың өксігін оятатардайын құдіретке ие еді. Генералдың сыршыл да сұлу шертісін ел бір қаққанынан танитын, оны өзгелермен шатастыру да мүмкін емес еді, күйшінің «шалқыта», «желдірмелете», «әндете», «шертелей», «төкпелей» «толғаулата» «жолдықоңырлата» тарту мәнері өз алдына бөлек әңгіме, аққудың сұңқылын, бозінгеннің боздауын, бесжорғаның жүрісін екі ішекпен күңірентуі - шеберлік атаулының шыңына баларлық дауа болмаса қанға біткен қасиет демеске тыңдаушысының еш амалы қалмас еді-ау. Қаратауда бірінен-бірі өткен дәулескер күйшілер әмәнда көп болған, бірақ солардың ішінде Төлеген мен Генаралдың өнері өзгелерден бір мысқал артық болғаны жалпыға мойындалған ақиқат, тума талант иелерінің өнеріне бас иген бекзат тыңдаушылары, теріскейдің күй талғайтын кірпияз елі бұларды «Қаратаудың қос қыраны» деп аттарын ардақтай атағанды құп көретін. Сол Қаратау мұзбалағының бірі - Төлеген болса, екіншісі - дауылпаз күйші Генерал Асқаров еді...
Генерал Әбдірауықұлы Асқаров 1940 жылы 14 мамырда Қаратаудың терістік бауырындағы көне шаһар - Шолаққорғанда дүниеге келді, сүйегі - кіші жүз, оның ішінде - Алшын. Әкесі - Әбдірауық ауыл-аймаққа, ағайын-тумаға қамқоры мол, қадірлі һәм ауқатты кісі болды. Әбдірауық Асқаров Кеңестік әскери-қорғаныс саласында лауазымды қызмет атқарды, алқалы сөзге шешендігі мен ел назарын аударарлықтай тәп-тәуір домбырашылығы Созақ жұртына мәлім әйгіленген абыройлы да парасатты отағасы болды. Анасы - Амангүл Асқаркеліні де өнерден құралақан емес, ақындығы мен әншілігі төңіректегіні тамсандырған өнерпаз болды, теріскейге ғана тәнік ескі өлең-жырларды, дастан-қиссаларды жатқа айтатын, арқадағы Біржан, Ақан, Әсет, Шашубай әндерін дәстүрімен шырқай алатын өнерпаз ретінде мұқым Қаратауға өңіріне аты шыққан дарынды жан еді. Осындай алтын ұядан түлеп ұшқан жас Генерал мектепті үздік үлгеріммен оқыды, өз қатарының алды болып өсті. Домбыраға әуестеніп, ауыл-аймаққа «күйші бала» деген аты да шыға бастайды. Күйші Сүгірдің, қобызшы Жаппастың, Сүгірдің шәкірті Нұртайдың (Жаңбыршин) көзін көріп, тәлім алады, шәкірт болып соңдарына ереді. Қаратаудың тоғыз тараулы қат-қабат шертпелерін бір тартқаннан қағып алатын ерекше музыкалық қабілет иесі болды. Соның арқасында Созақтың шолақ шертісті қанағат қылмайтын, арзаныңды місе тұтпайтын, «Созаққа барсаң - «күйшімін» деме!» деп шашыла сөйлейтін күй тергегіш тыңдарманының ықыласын өзіне аудара алатын шебер домбырашы болып қалыптасты. Бозбала шағында Жаппас Қаламбаевтың концерттік тобына кіріп сахнаға шықты,
домбыраның құлағында ойнаған жас күйшінің даңқы күнгей - теріскейден асып, Жетіқоңыр - Ұлытауға дейін аты шыға бастады. 1957 жылы орта мектепті үздік бітірген соң, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясына оқуға түсуге бекем бел буады. Қазақ өнерінің қара шаңырағы - консерватория мамандары дарынды жас күйшінің феномендік қабілетін жазбай танып, оқуға бірден қабылдайды, музыкалық бағыттағы барлық сынақтардан үздік бағамен өтеді. Жас дарын Алматыдағы ұлағатты ұстаздар мен шығармашыл ортаның назарына іліге бастайды. Өз қатарластарынан - композиторлар Шәмші Қалдаяқов, Ілия Жақанов, күйші Жұмекен Нәжімеденов сияқты қазақ мәдениетінің болашақ тұлғаларымен араласады, достасады. Кәсіби музыкалық біліммен сусындап, ноталық сауатын жетілдіреді, Ықылас, Сүгір күйлерімен қоса Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина туындыларын де нәшіне келтіре тарта бастайды. Тәттімбеттің шертпе күйлерін ұстазы Жаппас Қаламбаевтан үйренеді. Өзінің алғашқы әндері мен күйлерін де осы студенттік кезеңде жаза бастаған еді. Біршама шығармалары Республикалық радио арқылы халыққа тарай бастады, белгілі өнер иелері Генералдың қолынан шыққан әндерді репертуарларына қосып, күйтабақтарға жаздыра бастады. Алайда өнер теңізіне құлаш ұрған жас Генералды тағдыры өзге арнаға бұрды. Бұла күйшінің кәсіби музыкалық білім алам деген тілегі орындалмай қалды, оның бір себебі Генералдың анасының тілегін тыңдаған нағашы ағасы Елбергеннің «Өнердің жолы ауыр болады, күй қонған кісі - Сүгірдей-ақ болар.., атадан жалғыз туған баласың, одан да заманыңа сай кәсіп таңда, қарағым» - деген сөзі еді.
Нағашы сөзінен аттай алмаған күйші амалсыз консерваториямен қоштасады. Артынша Алматыдағы Қазақтың Мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына құжат тапсырып, сол кездегі ең мәртебелі мамандықтың бірі - агрономияны таңдайды. Генерал Асқаров Институт қабырғасында жүргенде де киелі өнерді тастай алмады. Студенттік әуесқой оркестрге қатысты, жеке күйшілігімен танымал бола бастады, қазақ радиосына Тәттімбет, Сүгір, Жәми, Төлеген күйлерін жаздырады. Генералдың дарынын аңғарған аға буын өкілдері - Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Жамал Омарова, Роза Бағланова, Қали Жантілеуов, Үрістембек Омаровтар жас күйшінің ешкімге ұқсамайтын дара дарынын жоғары бағалайды, күйшілік қарымына тәнті болады. Ал төл ұстазы - Жаппас Қаламбаев орындаушылық стилінің қалыптасуына ықпал етеді, шертпе күйдің күрделі үлгілерін игеруге баулиды, дәстүрлі орындаушылық өнерге тәрбиелейді. Қатар жүріп сыйласқан жан досы Шәмші Қалдаяқовпен шығармашылық және достық қарым-қатынаста болуы Генералдың ән саласында тамаша туындылар жазуына тікелей әсер етті. Сол кездегі студент қауымы арасында «Сен ғана», «Ақын қызға», «Неге сүйдім бұлбұл құсты», «Түсіндірші сүйіктім», «Сенің көзің», «Жас тілек» сияқты әндері кең тарады, сонымен қатар «Дала еркесі», «Ақ шабақ», «Сезім күйі» атты күйлерін де шығарады, кейіннен бірқатар әндері КСРО халық әртісі Ришат Абуллиннің, әнші Майра Жүрсінованың орындауларында радио эфирінен берілді, күйтабаққа жазылды. 1963 жылы Қазақтың Мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын тәмәмдап туған өлкесіне оралды, Сүгірдің алдын
көрген ағалары - Төлеген Момбеков, Файзолла Үрмізовтермен араласты, Қаратаудың күйшілік өнерін одан ары қарай насихаттай бастады. Қазақ радиосынан күйшінің орындауындағы шығармалар үнемі беріліп тұрды. 1975 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан Ж.Иманәлиев пен М.Айтқалиев құрастырған «Қаратау шертпелері» атты кітапқа Генерал Асқаровтың орындауында бірнеше күйдің нотасы енді. Елде жүрсе де Алматыға жиі шақыртылып тұрды, үлкен сахналарда өнер көрсетіп ел ықыласына бөленді. 1969 жылы Бүкілодақтық «Мелодия» фирмасынан күйшінің жеке граммпластинкасы жарық көрді, күйтабақ-пластинкаға Сүгірдің сирек орындалатын тоғыз күйі жазылды. Генерал Асқаров шерткен Сүгірдің «Аққуын», «Назқоңырын», «Қосбасарын», «Шалқымасын» КСРО халық әртісі Нұрғиса Тілендиев пен өнер зерттеуші ғалым - Уәли Бекенов жоғары бағалады. Уәли Бекенов «Шертпе күйдің шеберлері», «Күй табиғаты» атты кітаптарында Генерал Асқаровтың орындаушылық ерекшеліктеріне жақсы баға берді. Оның орындауындағы күйлердің бірқатарын оркестрге түсірген Қазақстанның халық әртісі, ардагер дирижерымыз - Алдаберген Мырзабеков: «Генералдың күй тарту мәдениеті, аспапты музыканы меңгеруі жағынан көп ерекшеліктері болды. Кезінде Сүгір күйшіні көзі көрген, домбыра шертудің әдіс-тәсілін жетік меңгерген жан. Қаратау өңірінің шертпе күй мектебінің мықты түлектерінің бірі. Бұл азаматтың да Сүгірдің күйлерін ел арасына насихаттаудағы еңбегі зор» - деген пікірін жазды. (Қырғызбаев Ө. Қобызшы Жаппас Қаламбаев: Деректі повесть. Алматы, «Arna-b» -2009. 179 бетте).
Күйшінің асқан дарыны туралы жазушы - Т.Әлімқұлов екі хикаят жазды. Тәттімбет, Сейтек туралы бірсыпыра зерттеулер жазған Тәкен Әлімқұловтың қаламына ілігу кез-келген өнер адамына абырой болып саналатын, себебі, Тәкен Әлімқұлов Сүгірді көрген, тыңдаған кісі болатын. Оның үстіне күйді талғап тыңдайтын сұңғыла танымы және бар, Созақша айтқанда «сөзі сатулы», мақтауға сараң, өнерліге бір лебізі бедел болған күй білгірі еді. Солай бола тұра, ол Генералдың ерен күйшілігіне тәнті болғанын жасырмады, топырағына тартқан талантты жоғары бағалады, уәжіміз дәлелді болу үшін жазушының «Кертолғау» повестінен үзінді келтіре кетейік. «Генерал Асқаров! Жасы отызды алқымдаған жігіттің аты дәл осылай. Әкесі әскери адам екен, генералдық атағы шыққанда туған перзентіне осы есімді әдейі қойған. Гененерал Алматының консерваториясында аз уақыт оқып, ауыл шарушылық институтына ауысып кетеді. Бұл күндері «Сызған» савхозының бас агрономы болып істейді. Агроном жігіт домбыраны керемет жатық тартты.Әуелі Тәттімбеттің «Көкейкестісінен» бастаған ол Құрманғазының «Серперін», «Қайран шешемін» барлық бұралаңын сақтай орындап шықты.Бұның бәрі құлаққа сіңіп қалған күйлер еді. Жақсы суреттің көшірмесін оқығандай әсерде отырдым.
Бірте-бірте Генерал осы өңірдің әуеніне көше бастады. Бізге керегінің өзі де осы еді. Соны сезгендей өнерпаз жігіт шертістің нақышын өзгертіп қаратулықтардың кәнігі бипыңына басты.домбыра ішегінің асты-үстін алма-кезек басып қоңыр күйлерді бабымен төкті. Сүгірдің көптеген күйлерін біледі екен, «Назқоңырды», «Кертолғауды», «Ыңғай төкпені», «Тоғыз тарауды», «Аққудың әуенін» жатық орындап шықты.Өзінің ең сүйіктісі «Назқоңыр» екен. Бірақ маған «Кертолғауы» қатты ұнады. ...Тіршіліктің қызығы мен қуанышы, қасіреті мен өкініші, үміті мен торығуы шалқыған, сыңсыған, бой жазған, булыққан леп түрінде сыршыл бейне береді. Әсіресе күйдің қайырма бунағы «дөри-дөри-дай, дөри-дөри-дай!» деп дірілдеп тұрып алғанда титық құртады. Біліктілер Сүгірдің еркетотай қыздарға домбыра толғаттыратын тұсы осы деседі. ...Генерал Асқаров бірте-бірте табиғи қалпына келтіріп, шебер нәшке түсірді.Бағана сабырсыз ширыққан жүйке де орнына келіп байсалдылық баян тапты.күй де маңызбен мамырлап жібектей есіле бастады...» (Кертолғау. Повесть және әңгімелер. Алматы, «Жазушы» баспасы, 1973 ). Қазақстанның халық әртісі, профессор Білал Ысқақов Генерал Асқаровтың шығармашылығы туралы арнайы радиохабар жаздырды, әдебиет сыншысы, жазушы - Төлеген Тоқбергенов «Күйші Генерал Асқаров» деген радиоочерк жазды, аталған дүниелер қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы, осы күнге
дейін қазақ музыкасының жауһарлары ретінде радиоарнадан жиі беріліп тұрады. Жазушы Т.Әсемқұлов бір естелігінде Созақтан шыққан жазушы-драматург - Асқар Сүлейменовтен күйші туралы мынадай сөз қалғанын жазады: ... Сүгірді тұтастай ешкім ала алған жоқ. Өзім ол кісінің тартқанын алыстан бір-ақ рет естідім. Әйкен келіп Сүгірдің үйіне түсті. Бүкіл Созақтың жұрты жиналып, біз, ұсақ балалар Сүгірдің үйінің маңайына бара алмай қалдық. Сонда Сүгір күй шалғанда маған домбырадан гөрі қобыздың дауысы болып естілді. Сүгір жас кезінде Ықыластың жанында көп жүріпті. Содан жұққан қасиет болуы мүмкін. Бірақ қазір тұтас Сүгір ешкімде жоқ. Созақтың күйшілері Сүгірді бөліп-бөліп алған сияқты. Әркім өзінің естігенін ғана алған. Содан соң ойланып отырып адамның ақылына сыймайтын бір парадоксты ұсынған. – Менің ойымша, Сүгірдің аруағы бір-ақ адамға – Генерал Асқаровқа қонған. Ол аз десеңіз айтайын, Генерал – тіріліп келген Сүгір. Көп адам Асқар ағамыздың бұл ойын түсінбеді, қабылдамады. Қайсыбірінің тіксініп қалғаны байқалды. Шартты түрде Қаратау мектебі деп аталатын күй машығы көп жағдайда нашар интерпретацияның салдарынан Тәттімбеттің күй машығына ұқсап кеткен сияқты. Себебі, шертпе күй радио арқылы көп насихатталмаған, оқу-ағарту орындарында Әбікен Хасенов жеткізген Тәттімбеттің бірнеше күйі ғана уағыздалған. Ал Созақтың күй өнері мүлдем тасада қалған. Күйден хабары бар адам мені түсінеді. Айтайын дегенім мынау: Қаратау – Созақ күй
мектебі – шертпе күйдің бір тармағы, бірақ Арқа күйінің өзі де емес, көлеңкесі де емес. Бұл – кезінде қазақ-қалмақ соғыстары заманында, түрлі тарихи тағдыр несібесімен Сарысу, Шу бойына, Қаратау-Созақ өңіріне қоныстанып қалған алшын, жаппас, тама мен жағалбайлы руларының күйшілері алып келген алабайрақ күй мен қобыз күйінің және қара шертіс Арқа күйінің астасуынан қалыптасқан ерекше бітімдегі күй. Күй жинау экспедициялары кезінде фольклоршы ғалымдарды қайран қалдыратын СозақҚаратау өңіріне тән «ала-құла» репертуар, ол мектептің осы үш түрлі бастаудан қалыптасқандығынан. Сол себепті музыка зерттеуші ғалымдар Сүгірдің «Ыңғай төкпе» күйін қай дәстүрге жатқызарынбілмей қиналады... (Сүгірдің әулеті. Т.Әсемқұловтың мақаласынан үзінді. «Егемен Қазақстан» - 2011) Күйшінің өмірбаяны мен шығармашылығына қалам тербеген және бір жазушымыз, күй білгірі - Өтеш Қырғызбаев. Оның «Сүгір», «Жаппас» атты романдарында Генералдың күйшілік тұлғасы туралы жекелеген пікірлер мен суреттемелер бар. Сонымен қатар - Есіркеп Өмірбеков, Сүлеймен Тәбризов, Төреғали Тәшенов, Ескермес Жақсымбетов, Қиятай Ахметова, Ханшайым Байдәулетова сияқты қаламгерлер де Генерал күйшінің өмірі мен шығармашылық мінездемесіне қатысты көптеген ғылыми-зерттеу мақалаларын жариялады. Жұбайы - Жаңыл Қаламбаева, атақты қобызшы Жаппас Қаламбаевтың қызы, Генерал ағамызбен шаңырақ көтеріп, алты
перзент сүйді. Бұлардың ішінде ата жолын қуып, кәсіби өнер саласын таңдаған қызы - әнші Табиғат Асқарова, немерелері - Гүлсім Асқарова, күйші Назерке Асқарова. Ұлы - Сұлтан Асқаров жас кезінен күйшілік жолды таңдағанымен кейін басқа саланың маманы болып кетті, дегенмен Сүгір мектебін жетік меңгерген мықты өнерпаз, қазіргі кезде әкесінің шерту мәнерін мейлінше таза игерген бірден-бір күйші осы Сұлтан Асқаров. Дарынды немересі - Назерке Созақтағы аудандық балалар музыка мектебінің жоғары санаттағы мұғалімі, атасының күйшілік жолын нық ұстанған талантты домбырашы, өз жанынан шығарған біршама көркем күйлері де бар. Табиғат Асқарова - Оңтүстік өңіріне аты белгілі дәстүрлі әнші, Республикалық конкурстардың лауреаты, қазір Шымкент қаласында ұстаздық қызметте, жасталап әншілерге дәріс беріп жүрген тәлімгер мұғалім. Гүлсім Асқарова - Шымкент филармониясының әртісі, Сүгір атындағы халық аспаптар оркестрінде абыроймен еңбек етіп жүр. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» түсірген бірсыпыра деректі фильмдердің музыкалық өзегі ретінде күйшінің орындауындағы шығармалар пайдаланылды. Сонымен қатар бірсыпыра қысқаметражды көркем фильмдерге де Сүгірдің «Аққу», «Қосбасар» күйлері Генералдың орындауында күмбірлеп ел есінде қалды. Әртүрлі деңгейдегі театрлық қойылымдарға музыкалық көркемдеу материалы ретінде де күйшінің қолынан шыққан шертпелер тақырып ретінде қолданылды.
Генерал Асқаров атақ пен даңқ қуған жан емес еді, есімі ғалымдар мен ақын-жазушылардың қаламына ілігіп, ерен
күйшілігімен аты алашқа мәлім болса да өнерпаздарға берілетін ресми атаққа ілінбей өмірден озды. Ешқашан ешкімнің алдында мүндадар еткізбейтін мәрт мінезі мен күй қонған табиғаты арзандыққа жібермеген шығар деп ойлаймыз. Солай бола тұра, өз елінің, туған өлкесінің шексіз ықыласы мен махаббатына бөленді, тіршілігінде Созақ жерінде Генералдың шалқымалы күйінсіз той мен салтанат өткен емес, туған елі ел бағына туған күйшісін алақанына салып аялады, сал-серісіне балап төріне шығарды, Генералмен мақтанды. «Аққуды» сұңқылдатса Генералым, Сиқыр саздан сұлулық көре аламын. Шертпесі - қоңыр самал, жан тербетер, Аралап Теріскейдің бар алабын! - деп Созақ жұрты атын жырға қосты, ардақтады. (Бөрғазының Өскені. Ақын, күйшінің замандасы) Республикалық, облыстық дәрежедегі мақтау қағаздарымен марапатталды, Облыстық дәрежедегі «Зерде» стипендиясының иегері болды. Халқының қалауымен «Созақ ауданының құрметті азаматы» атағын алды. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, профессор - Дүйсен Қасейіновтің арнайы шақыртуымен дәстүрлі орындаушылық саласынан, оның ішінде Сүгір күйлерінен шеберлік сыныптар өткізді, жас орындаушыларға шертпе күй техникасын игеру бағдарында арнайы курстық сабақтар берді, аталмыш оқу орнының «құрметті
профессоры» атанды. Генерал Асқаровтың алдын көріп, тәлімін алған, шерту үлгісіне қаныққан консерваторияның көптеген түлектері оны ұстаз тұтады, үйренген әдістерін тәжірибеде қолданып «Генералдың шерту әдістемесі» деп жүйелей айтады. Сол кездегі Генерал Асқаровтың курсында оқығандар қазіргі таңда отанымыздың әр қиырында жемісті еңбек етуде. Генералдың қолынан дәріс алып, қазіргі кездерде күйлерін сахнада насихаттап жүрген дарынды домбырашылардан - Саян Ақмолда (Алматы), Жалғас Сәдуақасов (Жезқазған), Батырлан Әбенов (Тараз), Қайрат Айтбаев (Кереку), Арман Қадірбек (Қарағанды), Анар Кітапова (Өскемен) т.б. сияқты талантты күйшілерді атауға болады. Қазіргі кезде Оңтүстік Қазақстанда өтетін дәстүрлі күй конкурстары мен өнер фестивальдарында Г.Асқаров атындағы арнайы жүлде тағайындалған. Күйшінің өмірі мен шығармашылығы туралы ғалымдарымыз - өнертану ғылымдарының докторы - Әсия Мұхамбетова, өнертану ғылымдарының кандидаттары - Раушан Малдыбаева, Гүлзада Омарова, Базаралы Мүптекеев, дирижер - Қайырғазы Төленовтер тамаша зерттеу жұмыстарын жазды. Генерал Асқаровтың шығармашылығын түбегейлі зерттеп, диссертациялық жұмысына күйшінің шығармашылығын арқау еткен - өнертану ғылымдарының кандидаты, күйтанушы Раушан Алсайытова. Ғалымның аталмыш жұмысында өнер иесі туралы мынадай сипаттама бар: Генерал Асқаров қазақ музыкасындағы шертпе күйлердің асқан шеберлерінің бірі, Сүгір Әлиұлының шертпе күйлерінің ізбасары. Генерал Асқаровтың аспап ұстауы жарасымды, қолдарының
қойылуы, оң қол, сол қол ерекшеліктері кәдуілгі кәсіпқой маман (ауыл шаруашылығы маманы) ретінде ұстайды. Денесін тік ұстап, домбыраны сәл шалқайта ұстауы оның қағыс алу мәнерімен байланысты. Қағыстары көсіп алғанымен, дыбыстары жұмсақ, мәнерлі шығады. Дыбыстық ерекшелігі қатты, ырғағы адуынды, дыбыстары үзілмей жұмсақ орындайды. Дыбыс шығару жағынан Сүгірдің орындаушылық дәстүріне келеді. Құлақ бұрауы қоңыр, шығарманың көңіл-күйін беруде нақышты еркін сезінген сезімтал домбырашы. Аспапты кіші октаваның с-f дыбысына, кейде жарты тон түсіріп те орындайды. Аспапта орындаудағы ерекшеліктері күйдің құрылымы жағынан Төлегенге көбірек келгенімен, орындау әдісі оқшау. Күйдің нақышына көп көңіл бөледі де, кейбір тұстарда орындаушылық ерекшелігі жаңа қырынан көрінеді: Сүгірдің «Кертолғау» күйі Генерал Асқаровтың орындауында буындық иірімдерін қайталау және бір дыбыста тұрып алу тән. Сондай-ақ «Шалқыма», «Бозінген», «Наз қоңыр», «Ыңғай төкпе» күйлерін орындайды. (Р.Алсайытова. «Сүгір күйлері және оның орындаушылары». Өнертану ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін жазылған диссертация). Генерал Асқаров - Сүгір мен Жаппастың ерен күйшілігін атамұрасы ретінде жалғастырған, күйдің киесі қонған, асқан дарын иесі. Ол өз замандасы, өнердегі үзеңгілес ағасы - Төлеген Момбеков күйлерін де шырқауына жеткізе орындаған теңдессіз виртуоз күйші ретінде халқының жадында мәңгі қалды. Домбыра
ұстағандардан Сүгірдің «Аққу», «Назқоңыр», «Шалқыма» күйлерін оның алдына шығып ешкім тартқан емес, Ықыластың «Қоңыры» мен Жаппастың «Жұманын» Генералдай көркем шерткен адам мұқым Қаратауда бұрын-соңды болмағанын жұрт біледі. Созақ ауданы, «Сызған» ауылында бас агроном болып жұмыс атқарғанда Төлеген Момбековпен ағалы-інілідей етене араласып, бірсыпыра күйлерін де сахнаға шығарған да кездері де болды. «Қазақтың 1000 күйі» атты күй антологиясына Т.Момбековтің «Анама» атты күйі Генерал Асқаровтың орындауында кіргені осының дәлелі. Екеуі де Сүгірдің шәкірті болғанмен табиғи болмыстары бөлек тұлғалар еді. Төлегеннің орындауында қоңыр лиризм басым болса, Генералдың тартысында шабытты жігер есіліп тұрады, сырттай тыңдаған адамға тартылған күйдің тынысы көтеріңкі боп көрінгенмен ішкі күйзелісі запырандай ащы екені анық аңғарылар еді... Қазақтың арқалы күйшісінің ғұмыры жанын меңдеген ауыр сырқаттан үзілді, Қаратауда күй өнерінің қара жамылған кезеңі жылдың жазғытұрымы еді. Сол жылы өз шығармашылығының жаңа белесі ретінде күйлері мен әндерінің күйтабағын (диск) жазуды жоспарлаған еді, ажалға пәнденің қайраны бар ма, әндері мен өзінің төл күйлерін жарыққа шығарам деген тілегіне жете алмады, үлгере алмады. Дегенмен, өзінің туындылары жазылған күйтаспасын, күйге, өзінің шығармашылығына қатысты мәліметтерді жақсы көрген інісі, консерватория профессоры - Білал Алпанұлы Ысқақовқа аманат етіпті. Оның алдында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының фольклор кабинетіне өз туындыларының
бірсыпырасын жаздырып, енді сол шығармаларын екшеп радиоға жаздыруды, жүйелеуді, нотаға жаздырып жинақ шығаруды қолға алмақ арманы да болған еді. Алғаш шыққан «Мәңгілік сарын» күй антологиясының редакторлары - Базаралы Мүптекеев пен Саян Ақмолда Қазақ радиосының алтын қорында сақталған Генерал шерткен күйлерді аталмыш антологияға енгізіп игілікті іс атқарғанын айта кетуіміз керек. Дәулескер күйші өз елінде де көптеген дарынды ізбасар-шәкірттер тәрбиеледі, қазіргі кезде Созақ даласында даңқы өрлеген өнерпаздар - Бекберген Ізбалаев, Ерғали Әлімханұлы, Кенжебай Шал, Жұбаныш Жексенұлы күйшінің қолынан тәлім алғандарын мақтанышпен айта жүретін азаматтар. Дәулескер күйші - Генерал Әбдірауықұлы өзінің жарқын ғұмырында Қазақ өнерінің, оның ішінде Қаратау күйшілік мектебінің атын алты алашқа жайды. Генерал өз жерін, өз елін шексіз сүйді, ағайын-бауырға қамқорлығы көп болды. Перзенттеріне деген мейірімі айрықша мол әке еді, сырт келбеті айбарлы болғанмен болмысы бала мінезді, ақкөңіл әрі жайсаң жан болатын. Әншілікке әуес болған қызы - Табиғаттың алғашқы ұстазы да өзі болды, оның өнер жолын қууына өзі қолдау жасап, ән сырын игеруіне тікелей жетекшілік етті. Тоқсаныншы жылдардың аяғына салым күйшінің денсаулығы нашарлады, сыршыл жүрегінің сыздауы жиілеп кетті. Алланың әмірі жеткенін сезгендей өмірлік серігі - Жаңыл Қаламбаеваға әулет амандығын аманат етті, жастайынан жолдасы болған қырмызы домбырасын күй жолындағы мұрагер ұлы - Сұлтанға қалдырды.
Кейінгі кездерде кәсіби білім беру саласында Генерал күйшінің мұрасына деген қызығушылық арта түскенін байқаймыз, әрине, әртүрлі кітаптарда, антологияларда күйшінің орындауындағы туындылар біршама жинақталды деп көңіл тоғайтуға да болғандай, солай болса да әлі күйші мұрасы тыңғылықты зерттеуді, хронологиялық тұрғыда реттеуді қажет етеді, оның мұрағаттарда, ғылыми-зерттеу институттарының фоноқорында, жеке тұлғалардың қолында жарыққа шықпаған күйлері, әндері, жырлары сақтаулы екенін кейінірек аңғардық. Осы жинақты жазу барысында дәстүрлі фонотека жинаған әуесқойшыл тұлғалардың коллекцияларында Генерал күйшінің көзі тірісінде қолынан жазылып алынған аудиотаспаларының көшірмелері сақталғанын естіп, сүйіншілей сұрау салған да кезіміз болды. Алайда, ол таспалар әлгі тұлғалардың «зияткерлік меншігі» болғандықтан қолға түсуі қиындау болғанын несіне жасырамыз. Дей тұрғанмен, Генерал Асқаровтың өз дауысы жазылған аудиожазбалар сәтімен табыла кетті, оларды өзінің жеке фонотекасынан осы жинақ үшін ұсынған азамат - қобызшы Саян Ақмолда. Қазіргі кезде Генерал Асқаровтың орындауындағы сүйекті шығармалардың ұзын саны - он бес күй, сонымен қатар өз дауысы жазылған үш сұхбаты бар, олардың бәрі мүмкіндігінше хатқа түсірілді. Игілікті жұмыстың сәті түсіп, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Қорқыт Ата» атындағы ғылыми-зерттеу институтынан хрестоматиялық жинақ ретінде күйтабағымен бірге топтастырылып, Генерал күйшінің мұрасы оқырман қолына жол тартқалы отыр.
Халқымыздың дарынды күйшісі, шертпе күйдің дарабозы - Генерал Асқаровтың күй-мұрасы ұлтымыздың мәдениетімен бірге жасайды, қазақ музыкасы тарихында, күйтану ғылымының шежіресінде Генерал Әбдірауықұлының аты әрдайым ардақтала бермек, Генерал сазы ұлттық мәдени құндылығымыз ретінде келер ұрпақтың ізет-құрметіне де бөлене бермек. Жанғали Жүзбай.
Генерал Асқаровтың қазақ радиосында сақталған сұхбаттары Қазақ радиосының алтын қорында Генерал Асқаровтың шығармашылығы, күйшілік тұлғасы хақында арнайы жазылған музыкалық хабарлар сақталған. Төмендегі жазбалар - күйшінің лебізі қалған аудиожазбалардың тарқатпасы (расшифровкасы). Осы сұхбаттардың аудиожазбалары жинақпен бірге шығатын қосымша күйтабақта топтастырылған. Әр жылдары музыкалық хабарларда жазылып алынған күйшінің өз дауысын өзгертпей беріп отырмыз. Сонымен бірге, сұхбаттардағы күйшінің сөз саптауын да әдепкі қалпынан айнытпай, шынайы жазуға тырыстық, оның себебі, Қаратау елінің сөйлеу мәнеріне машықтанған күйшінің тілі (лексикон) мен шешендік стилі де дереккөз ретінде мейлінше оригиналында сақталсын дедік. Сілтеме ретінде хабарлардың авторлары мен тіркелген шифрлары соңында көрсетілген. 1.Сүгір Әлиұлы туралы айтқаны 1956 жылы Жапекең, (сол), елге баратын, елге барғанда мектептен өнерден хабары бар, домбыра тартатын бірер балалар, ән салатын қыз балалардан үш-төрт адам ертіп алып, сол кезде колхоз кезі (жаңағы), аралап концерт беретін. Содан, біз қазіргі «Созақ» совхозы, ол кезде «Ынтымақ» колхозы дейді, «Киров» колхозы дейді, «Куйбышев» колхозы дейді, сол колхоздарда болып, концерт беріп, (сол) «Созақ» Сүгірдің тұратын жері, Жапекеңдермен ағайын, Сүкеңді шақырып алып, Сүкеңнің күй тартып беруін
сұранды, Жапекең. Біз енді, көргенімізге өзіміз қуанып, есіміз қалмай отырмыз, тыңлап отырмыз. Бірақ, е.., (сол енді), өзі тартуға бір шабыты келмеді ма, әлде жағдайы болмады ма, мардымды көп күй тартып берген жоқ. Дегенменен, Сүгірдің домбыраның о-оу, басынан сағасына дейін қолын жүгіртіп (бір), домбыраны тексерген сияқты қағып шыққан дыбысының өзі.., менің енді, сол кезде жастау кезіміз, балаң кезіміз, соның өзінде де әсер етіп.., міне, менің Сүгірді көргенім сол. Содан кейін Жапекең біраз күйлерін тартып берді (жаңағы), Сүкеңнің өзіне. Қазіргі (жаңағы) пластинкеде шыққан «Тоғыз тарауын», «Ыңғайтөкпесін», «Ыңғайтөкпені» де, (бұл енді Сүгірдің бұрыннан келе жатқан күйі), сосын (жаңағы) «Ілмесін», «Балбырауын» деп тартып жүрген «Шалқымаларын», осы сияқты күйлерін Жапекең өзі Сүкеңе домбырада орындап берді. Әрине, Жапекеңнің орындағанына Сүкең (ол), тура со жерде қарсылық көрсеткен ешнәрсесі жоқ. «Сен енді, жақсы қобызшысың, қобызшыдан домбырашы, күйші шықпайды деген сөз емес, бірақ, менің өзі күйімнің қасиеттері мына қағысында жататын ед, Жаппасжан-ай, сен осы мына, кейбір қағыстарын (сол), (жаңағы), қобыздың әлгі, ысқылаған (смычок дейміз ғой) сонысындай бірбеткей қағып жіберетін сияқтысың, көңіліме.., «Аққуды» қалқытып, «Шалқыманы» шалқытып отырушы едім, мен. Ол, қағыс деген бұл - күй өнерінде үлкен, сондай бір, күйдің өзінің қасиетін көрсететін нәрсе. (Бір), көңіліме сол қағыстарың жетпейтін сияқты» - дегендей (жаңағы) со йерде Жапекеңе Сүкең ескерту айтты...
(«Күй-дастан» циклы, «Кертолғау» музыкалық хабар. Авторы – Т.Әлімқұлов. Қазақ радиосының «Алтын қоры», тіркелген шифры – ДВ – 7185). 2.Сүгірдің өмірі туралы айтқаны Арқада, қобыз өнерін бірден-бір қазақтың қазақи қасиеттерін, тарихи жағдайларын күй етіп қобызға түсірген – Ықыластан күй өнерін бойына сіңірген Сүгір (сол) «шертпе күй» деп аталатын топқа кіріп, Арқадан шыққан дүлдүл домбырашылар - Дайрабайдан, сол сияқты бірнеше Арқаның Сайдалы Сары Тоқа сияқты ұлағатты күйшілерінен күй нәрін алған Сүгір өзінше де, бірнеше (заманына ылайықты) күйлер шығарған адам. Бірінші Сүгір күйлерін эфирге шығарып, әуелі (өзі) қазақ әлеміне, дүние әлеміне танытқан – Жаппас Қаламбаев. Бәрі (өзі) рулас бір елдің адамы, Сүгірменен. Міне, енді сол, Сүгірше тартып, Сүгір дәстүрін, Сүгірдің орындау мәнерін (мысал үшін), Сүгірдің орындау қасиеттерін бірден-бір қазір елге жеткізіп таратып жүрген күйші (ол) - Төлеген Момбеков. («Күй құдіреті» циклы, «Саңлақ күйші -Генерал» музыкалық хабары. Авторы – Қалқаман Жүнісбекұлы. Қазақ радиосының «Алтын қоры», тіркелген шифры – ДВ – 53112). 3.Сүгірдің шәкірттері туралы айтқаны Сүгірдің мойындаған екі шәкірті болыпты дейді. Оның біреуі - Жайыл деген кісі, ертерақта Сүгір өзінің үлкен қызын берген Жайылға, жастай қайтыс боп кеткен, (ол) Жайылдың орындауы
туралы ешқандай дерек жоқ, бірақ, өте шебер күйші болған, содан кейінгі Сүгірдің өзі мойындаған шәкірттерінің бірі (мына) - Нұртай Жаңбыршиев деген кісі болған. Ол кісі күй тартып беруге анша денсаулығы келмеді, бірақ, Сүгірдің ағаштан ойып жасаған домбырасы сол Нұртай Жаңбыршиевте екен. Мен сол, Сүгірдің ағаштан ойып жасаған домбырасымен Нұртай Жаңбыршиевтің үйінде, өзімнің қадірлі ағам - Әкім Асқаровпен бірге барып, жаңағы өзің білетін Сүгірдің күйлерін орындап бердім. Сонда ол кісі (менің жаңағы), айтқан пікірі: «Әрине, енді сендер Сүгірден қолма-қол күй үйренген жоқсыңдар, Жаппастың да (ол) қолма-қол үйренген (былай), анша, несі жоқ.., ал енді, Сүгірдің күйлері уақтында өз орындауында жазылмады, енді (сол), Сүгірдің (енді) сондай арқалы күйші болғаны рас. Біз Сүгір дегенді көргенбіз, Сүгір күй орындағанда сол (жаңағы), бір орында отыра алмай, есіктен-төрге, төрден-есікке дейін, осы, екі иығы бүлкілдеп, шыбыттанып кеткенде ысылдап, сонда тыңлаушыларының өзі де (жаңағы), Сүгірдің соншалықты шабытпен орындағанына қосылып кететін жайлар болған» - деді енді, жаңағы Нұртай Жаңбыршиевтің айтуы ғой, енді. Бұл, Сүгірдің «Тоғыз тарау» деген күйі Жаппас Қаламбаевтың орындауында бір күй болып жүр, ол негізінде, тоғыз күй. Мысалы, Сүгірдің «Шалқыма» деген күйі.., «Балбырауын» деп берілген. Шын мәнінде «Балбырауын» деген күй Сүгірде болған емес. Сосын енді, Сүгірдің бір күйін «Ілме» дейді. Сол «Ілмелер», «Шалқымалар», «Кертолғаулар», «Тоғыз тараулар», «Қаратау
шертпелері» де.., ол шын мәнінде «Қаратау шертпесі» де болмауы мүмкін, сол Сүгірдің «Тоғыз тарауларының» біреуі болуы мүмкін... («Күй-дастан» циклы, «Кертолғау» музыкалық хабар. Авторы – Т.Әлімқұлов. Қазақ радиосының «Алтын қоры», тіркелген шифры – ДВ – 7185). 4.«Бозінген» күйінің шығу тарихы туралы айтқаны Ал енді Сүгірдің «Бозінген» деген күйін, мен енді ол кісінің (Нұртай Жаңбыршиевтен. ж.ж) аузынан естігенім.
«...Сүгірде көп (жаңағыдай) дүние-мүлік болмаған, бір інгені болған екен, десед. Сауынға төрт-бес биесі болған, сосын енді, шамалы күнкөріс майда малы болған. Сол енді, қазақтың жазда жайлауға, қыста қыстауға көшетін әдеті, сонда жазғы жайлауға шығарда.., перзент дегенде Сүгірде ұл бала болмаған, сол (жаңағы) қыздары жас болып, бір көшке симайтын болып (жаңағы), сауын биелері мен майда малдарын алып, алты-жеті күндік (жаңағы) жерге қыз баласын түйеге отырғызып алып, сондағы (жаңағы) Сүгірдің әйелінің айтқаны, «Мына інгеннің ботасын өш (осы жерге деген мағынада) жерге байлап кетсең, ол қай жерде боғанда да сол ботасына келеді. Ал енді, сол, келгеннен кейін мына шәйламызды, баспанамызды артып мен сенің артыңнан сол жерге барамын» - дейді ғой. Міні, осындай (жаңағы) жануардың өзінің балаға деген соншалықты (жаңағыдай) мейірімі, сүйіспеншілігі, сосын енді (жаңағы), өзінде ер бала болмай, арман сияқты қылып, сол (жаңағы) бозінгеннің ботасына, адамның жәрдемінсіз өзінен-өзі
келуін сондай күй етіп шығарған» - деп, (жаңағы) деректі маған Нұртай Жаңбыршиев айтып еді, осы күйлердің тарихын. («Күй-дастан» циклы, «Кертолғау» музыкалық хабар. Авторы - Т.Әлімқұлов. Қазақ радиосының «Алтын қоры», тіркелген шифры – ДВ – 7185). 5. Генерал күйші туралы пікір (Қазақстанның халық әртісі, профессор Білал Ысқақовтың сөзі) Кейінгі кезде мен мына Созаққа барған бір сапарымда жеңгеміз: «Бір екі-үш күйі бар еді шығарған, сол магнитофон записінде тұр, соны саған берейін» - деп табыстаған еді. Ол күйді әлі біз тыңдап, нотаға түсірген жоқпыз. Жаңа айтқандай, Генерал ағамыз (енді) Жаппас Қаламбаевтың туған күйеу баласы, сол кісінің үйінде тұрған. Жаппас деген - қазақ орындаушылық өнеріндегі, әсіресе күй өнеріндегі өте шоқтығы биік, қайталанбас тұлға. Жапекең қобызда да (өзіңіз білесіз), домбырада да күй толғаған. Мына Ықыластың күйлерінің көбін, қобызда шыққан күйлерін домбыраға түсірген аса зор шебер. Енді осы, меніңше, Генерал ағамыздың күй өнеріне тәнті болуына осындай себептер болуы керек. Мінезі сондай бір сезімге толы, әсерлі, сөйлеген сөзінде де әсер толып тұратын өте, сондай шығармашыл адам еді. Мен ойлаймын, енді, ол кісінің Сүгір күйлеріне, Төлегеннің өнеріне, жалпы Қаратау күйшілік өнеріне сіңірген еңбегі тарихта қалады.
(«Күй құдіреті» циклы, «Саңлақ күйші - Генерал» музыкалық хабары. Авторы – Қалқаман Жүнісбекұлы. Қазақ радиосының «Алтын қоры», тіркелген шифры – ДВ – 53112). Генерал Асқаровтың өлеңдері Генерал Асқаров күй шертумен қатар сазгерлік, ақындық өнерге де жастайынан құштар болған жан. «Сен ғана», «Ақын қызға арнау ән», «Неге сүйдім бұлбұл құсты», Түсіндірші, сүйіктім», «Сенің көзің», «Жас тілек» сияқты әндерінің мәтіндерін өзі жазған. Төмендегі жырлар күйшінің Алматыда оқып жүрген кезінде жарық көрген өлеңдері. Бұл өлеңдер күйшінің қызы - Табиғат Асқарованың жеке мұрағатынан алынды. 1. Қайтер ең? Сүйесің қылығын, сөзін, жарқын жүзін,
Көңілің еш ұмыта алмас оның ізін. Бірақ ол сыр түсінбес жас баладай, Қайтер ең, осылай болса сүйген қызың? Бойжеткен сүйкімді боп талшыбықтай, Толықсып туған айдай, бір ақ маңдай. Бірақ та сен сыр айтсаң ол айтпайды, Қайтер ең, сүйген қызың болса осылай? Әрқашан қызығасың оған қанша, Тілейсің, «бұл сандуғаш маған қонса». Бірақ та мұныңды ол байқамайды, Қайтер ең, сүйген қызың осылай болса? Қыз емес ашуланшақ, қабақ түйген, Әркім-ақ мұндай қызға басын иген. Бірақ та жүрек сырын аңғармайды, Қайтер ең, осылай болса қызың сүйген? 2. Майгүлге
Жаздым мен бұл өлеңді бір құрбыма, Шамшырақ жанып тұрған көз нұрында. Түсіп тұр тілерсекке қолаң шашы, Өрілген білектей боп қос бұрымы. Бетінен тамшылап қан тұрғандайын, Бір сұлу, сұлу болсаң сондай-ақ бол. Өзі де май гүліндей, аты-Майгүл, Бұл қызда керегінше, өнер де мол. 3. Манатыма Маңғаз жігіт ерсі етіп көп күлмеген, Ашуланып, күйгелек боп көрмеген. Нағыз есті жігіт болсаң осындай бол, Ақылы, біліміне нұрмен өнген. Терең ойы кеткен көкке қалықтап, Ыршып білім шыңына ұшпақ шарықтап. Мойымайды сын жолымен жүруге, Арманын ол шықпайынша аяқтап.
- Сен ғана (әні бар) Ерке боп өскен далада, Сүйдім мен қазды сары ала. Қайтейін, бақша бұлбұлын, Салған сол игі ой санама.
Өзіңсің арман, Ай-күнім қалқам, Сен ғана.
Жасқанған көзбен қарама, Келгенде аңсап күн ара. Келші, қон қолға, шошыма, Жарығым күндей бір ғана.
Арманым өзің, Сен жаутаң көзім, Сен ғана.
Армансыз адам бола ма, Сен үшін бірақ ол дара. Даланың сұлу еркесі, Сезбесең оны не шара...
Шалықтап арман, Өкініш болған, Сол ғана. Арманым өзің, Сен жаутаң көзім, Сен ғана. 1960 жыл, желтоқсан. Алматы қаласы.
Өмір өткелдері фотошежіре
- Назқоңыр еркін ырғақпен, əндете шертіледі mf Сүгір
əндете шертіледі
əндете шертіледі
əндете шертіледі
mf Жүрдек, наржеліспен 2. Бозінгеннің бүлкілі Сүгір
б (алақанмен тұта қағылады) (алақанмен тұта қағылады)
б (алақанмен тұта қағылады)
Орта екпінмен, қайғылы mf б с б б б с б с б б б с б 3. Жəмидің зары Халық күйі
б б б б
еркін ырғақпен, қайғылы mf 4. Қосбасар Сүгір
жүрдек, жігермен mf Сүгір 5. Тоғыз тарау
gliss.
б.б жүрдек, шабытпен б.б б.б б.б (бірінші тарауы) 6. Шалқыма Сүгір
mf орта екпінмен, мұңды (екінші тарауы) 7. Шалқыма Сүгір
баяулата баяулата
баяулата баяулата
баяулата баяулата
еркін ырғақпен, əңгімелей mf с,б (сұқ саусақ пен бас бармақ қатар, оң қағыспен) с,б с,б с,б 8. Аққу Сүгір
орта екпінмен, əндете mf 9. Қаратау шертпесі Сүгір gliss.
gliss.
Жүрдек, жігерлі mf 10. Ыңғай төкпе Сүгір
орта екпінмен, кербез шертіледі mf с б с 11. Сылқылдақ Тəттімбет
f mf баяулата, ақырын p
Жаппас Қаламбаев 12. Жұман еркін ырғақпен, көңілқос айтқандай mf
- Кертолғау f орта екпінмен, асқақ mf (бірінші нұсқасы) б б б Сүгір баяулата
б с с
баяулата б с с
- Кертолғау f mf (екінші нұсқасы) б б б баяулата
б с с
баяулата б с с
орта екпінмен, сазды mf Төлеген Момбеков 15. Анама
Әдебиеттер: 1. Сейдімбек А. Қазақтың күй өнері. – Астана, Күлтегін баспасы, 2002.
- Қырғызбаев Ө. Қобызшы Жаппас Қаламбаев: Деректі повесть. Алматы, «Arna-b» -2009. 3. Т.Әлімқұлов. Кертолғау. Повесть және әңгімелер. Алматы, «Жазушы» баспасы1973 4. Сүгірдің әулеті. Т.Әсемқұловтың мақаласынан үзінді ретінде алынды. «Егемен Қазақстан» - 2014.
Күй ноталары (күйтабақтағы шығармалардың тізімі) 1. Сүгір. Назқоңыр 2. Сүгір. Бозінгеннің бүлкілі 3. Халық күйі. Жәмидің зары 4. Сүгір. Қосбасар 5. Сүгір. Тоғыз тарау 6. Сүгір. Шалқыма. І-тарауы 7. Сүгір. Шалқыма. ІІ-тарауы 8. Сүгір. Аққу 9. Сүгір. Қаратау шертпесі 10. Сүгір. Ыңғай төкпе 11. Тәттімбет. Сылқылдақ 12. Ж.Қаламбаев. Жұман 13. Сүгір. Кертолғау. І-тарауы 14. Сүгір. Кертолғау. ІІ-тарауы 15. Т.Момбеков. Анама.
КҮЙЛЕР ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТТЕР
- «Назқоңыр». Сүгірдің қоңыр күйлерінің айшықты бір тарауы, Қазақ радиосының алтын қорына жазылған нұсқасы. Бұл күйдің Г.Асқаровтың күйтабағына жазылған тағы бір түрі бар. Күйдің орындалуы екпінді, төкпе, желдірме, ілме сияқты дәстүрлі қағыстармен тартылады. Мазмұны мұңды, күй формасы еркін, әртүрлі өлшемдермен өрнектелген, екпіні үнемі өзгеріп, құбылып отырады. 2. «Бозінгеннің бүлкілі». Сүгірдің ілме күй үлгісінде шығарған тамаша туындысы. Бұл күйдің дерегі бетпақты қыстап арқаға жайлауға шыққан елдің көші-қонына байланыса өрбиді, шығуы туралы әртүрлі хикаялар айтылады, Г.Асқаровтың айтуынша, түйенің қомына үйін артып Жетіқоңырға көшкен уақытта шыңыраққа ие болатын ұл баласы болмағанына қамығып шығарған. Қалай болғанда да түйенің бүлкүл желісін күйге қосып композитор керемет музыкалық сурет жасаған. Шертілуі жеңіл болғанмен, күрделі штрихтарын игеру едәуір қиындық туғызады. 3. «Жәмидің зары». Г.Асқаровтың аудиоестелігіндегі дерек бойынша – халық күйі, яғни авторы белгісіз. Композитор Ш.Жақановтың дерегінде бұл күй Жайылдың күйі делінеді, Жайыл Сүгірдің күйеу баласы, ол да асқан домбырашы болса керек. Жайыл тұрмыс тауқыметі мен науқастың ауыртпалығын көп көрген, содан осы бір тамаша шертпе қалыпты деседі. Күй фольклоршы - С.Ақмолданың жеке қорынан алынған, кітапқа бірінші рет жарияланып отыр.
- «Қосбасар». Сүгірдің күйі, Созақ көтерілісі кезінде шаһид болғандарға арналған жоқтау күй. Г.Асқаровтың орындауындағы нұсқа Т.Момбеков шерткен «Қосбасардан» тақырыбы жағынан бірдей, тек орындалуы өзгешелеу. Өнертану ғылымдарының кандидаты - Б.Мүптекеевтің жеке фонотекасынан алынды. 5. «Тоғыз тарау». Бұл Г.Асқаровтың алғашқы күйтабағына жазылған Сүгірдің тараулы күйі. Күйдің үлгісі Ж.Қаламбаевтың орындауынан алшақ кетпейді, бірақ «қобыз әуеннің» үні Г.Асқаровта қоюырақ екені бірден аңғарылады. Күйдің ырғағы біркелкі, желдірме шертіспен орындалады. Бұл нұсқа қобызшы - С.Ақмолданың жеке фонотекасынан алынды. 6. «Шалқыма», І-тарауы, Сүгірдің күйі, Ж.Қаламбаевтың орындауындағы үлгі, г.Асқаров күй тақырыбын бұзбаған, бірақ өзіндік интерпретациясын жасағаны көрініп тұрады. күйдің екпіні саржеліс, орташа ырғақта, күрделі тұстары да баршылық, орындаушыдан қара қағыс пен жалқы шертістің кезек қолданылуын талап ететіндей техникалық тұсамысы бар шығарма, Бұл нұсқа қобызшы - С.Ақмолданың жеке фонотекасынан алынды. 7. «Шалқыма», ІІ-тарауы, Бұл Т.Момбеков жеткізген үлгі. 8. Бір топ құлан жосыған. Күйді жеткізген О.Мұхамәдиұлы. Күй халықтық әдеби-фольклор негізіндегі жырлардың ырғағына келеді, қайғылы кеуілмен шерлене орындалады. Шыңғыс баласы қаза тапқан соң сахарадағы құлан біткеннің бәрін қыруға жарлық береді, сол кезде құландар бетпақдалаға жосыған екен деседі, күй
сол уағиғаға құрылған. Нотаға түсірген - күй зерттеуші ғалым, профессор Білал Ысқақов. 9. «Ақсақ құлан». Қазақстанның халық әртісі, шертпе күйдің шебері, композитор - М.Хамзин орындаған нұсқасы, бұл күйдің Сарыарқа жерінде сақталған үлгісі болып табылады, солай бола тұра, Қ.Медетов пен Ү.Омаров тартқан «Ақсақ құланнан» ауылы алыс емес екені аңғарылады. Күйді нотаға түсірген - Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы күйші Қайрат Айтбаев. 10. «Кетбұға» күйі жетіген немесе қосбұрау домбыраға арнайы шығарылған күй. Күй авторы - Ж.Жүзбай. С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драмалық театрында режиссер М.Ахмановтың осы аттас спектакліне музыкалық көркемдеу мақсатында арнайы жазылған. Орындаған - күйші Венера Табыс. 11. «Ақсақ құлан сарыны», күйді аңызымен баяндап тартқан атақты күйші -М.Өскінбаев. М.Өскінбаев - Маңғыстау күйшілік мектебінің үздік өкілі, көптеген толғаулы күй шығарған дарынды композитор. «Ақсақ құлан» күйінің үш тарауын жеткізген шежірешіл күйші. Күй аңыздың бірінші тарауына құрылған. Күйді нотаға түсірген белгілі ғалым - Абдулхамит Райымбергенов. 12. «Естірту» бұл М.Өскінбаев орындаған күйдің екенші тарауы, күйді нотаға түсірген - А.Райымбергенов. Күйде «Балаң өлді - Жошыхан!» деген сөз тақпақтай айтылады, күйде қайғылы оқиғаның баяны бар, көне заманнан өзгермей бізге жеткен тамаша нұсқа.
- «Айдахармен арбасу», бүл да М.Өскінбаев жеткізген нұсқа, жоғарыдағы аталған күйдің үшінші тарауы болып табылады. Кетбұға Жошының өлімін естірткен соң оның домбырасына қорғасын құйылады да алыстағы аралға апарып тастайды, сонда айдахармен арбасқаны екен деп тартылады. Күйді нотаға түсірген - белгілі ғалым, күйші Абдулхамит Райымбергенов. 14. «Жаралы Бұғы» күйді орындаушы атақты сыбызғышы - Т.Мұқыш. Халық арасында күйдің бұғы малының қасиеті мен киесіне арналған аңызы қоса айтылады. Кетбұға бұл күйді Жошының қазасына арнап қобызда орындаған екен, кейінірек сыбызғышылар да толғаған деген аңыз А.Сейдімбектің «Күй шежіре» атты монографиясында бар. Күй Алтайда сақталған, аса көркем орындалатын, ел арасына кең тараған көне толғау. Нотасын жазған - Ж.Жүзбай. 15. «Ақсақ құлан», бірінші тарауы, орындаған мұңғұлиялық күйші - С.Аққожа. Байөлке жерінде «Ақсақ құлан» күйінің аңыздары және тараулары көп сақталған, домбыра мен сыбызғыда тел орындала береді. Күйдің нотасын жазған - шертпе күйдің шебері, профессор Білал Ысқақов. Күй мазмұны жоғарыда айтылған қайғылы оқиғаларға құрылған.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру