Армантау
Қазбек Құттымұратұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Армантау
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
өлеңдер
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
* * *
Хабарлап күз жеткенін
Жел күнмен алысуда.
Тырналар тізбектері
Барады көз ұшында.
Қош айтып мекенімен
Құс біткен барады ұшып,
Қиялдың жетегімен
Мен жаттым дала құшып.
Сыр толы сағыныштай
Сарғайған кең дала да.
Жүрек те алып ұшпай
Соғады енжар ғана.
Сарғайып солып бәрі
Гүл толы атыраптар,
Аспанда қалықтайды
Желге ұшқан жапырақтар.
* * *
Өзіңді ойлап бір ысып, бір суып ем,
Менің нәзік сырымды білдің- деші.
Қайтып жатқан құстардың сыңсуымен
Қарауытып түседі күздің кеші.
Өзің жақтан жамандық - жаушы күттім,
Көз алдымда тырнаның тізілгені.
Қарасуық тоңдырған талшыбықтың
Жапырағы тұр екен үзілгелі.
Желбірейді дәл сенің кекіліңдей,
Соны еске алып қанша ойға жүздің- деші.
Өтіп кеткен көктемнің өкіліндей
Соңғы жапырағымды үздірмеші...
* * *
Құлазып қалған сәттерде налып,
Наздарын тыңдап жүректің
Сағынышымды дәптерге жазып,
Жасыммен шылап жыр еттім.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Есіме түсті күні кешегі
Көгілдір көктем, алтын күз.
Қоңыраулатқан үніңе сенің
Араласыпты-ау салқын мұз.
Көрікті күнім сенсің аспанда
Сездірмей жүрді демесең.
Жарқылдап келіп жөн сұрасқанда
Айналып кеттің неге сен?
Аңсап жеткенде аңсап атыңды,
Бақытым менің деп мынау.
Өмірден артық махаббатымды
Аяққа басып кеттің-ау...
* * *
Өтті ғой күндер қаншама,
Бақытымбысың іздеген.
Көгілдір көктем болса да
Көзіңнен ылғи күз көрем.
Көңілдің құсын ұшырып,
Жаныңды билеп түнгі сыр,
Іздеген ойдың ұшығын
Таба алмай әлі жүрмісің?
Жас жаның қайғы шеккен бе,
Көңілден кетсін тұман ой.
Көгілдір мына көктемде
Күрсініп жүру күнә ғой...
* * *
Қайталай берем сөзімнің несін,
Мендегі жайды өзің білесің.
Таңым боп күнде оятасың да,
Айым боп түнде көз ілдіресің..
Табынып жүрсің бір есімге сен,
Мұңайдың, кіммен жүресің десем.
Бірақ та менің жанымда саған
Махаббат барын білесің бе сен?
Көзіме сұлу сүгіретің кеп,
Сен үшін талай жүгіретін де ек.
Сүйгенмен сені өлердей болып,
Айтуға соны құдіретім жоқ...
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
* * *
Мен - мәңгілік махаббат.
Күн - мекенім,
Жүрегімді өзіңе түрме етемін.
Махаббатымдай ыстық Күнде жүріп
Сенің көңілің білмеппін кімде екенін.
Мен - мәңгілік махаббат.
Ай - мекенім,
Өзіңді ойлап уақытты пайда етемін.
Бар аңсарым сенде еді, бірақ, жаным,
Сенің көңілің білмеппін қайда екенін.
Мен - мәңгілік махаббат.
Жер - мекенім,
Сен бар ғой деп Жерді де тербетемін.
Тәңірсініп жүргенде сені көрсем
Түседі сонда есіме екенім...
* * *
Жатқан-ды бұғып жүрегімде сыр,
Шыдамай қалдым айтпас ем.
Жаның ауырса бір өзің кешір,
Жіберме жайып жатқа сен.
Сені қинасам маған да қайғы,
Өзімді мүлде жек көрем.
Көңіл басқаға алаңдамайды,
Төгілді күнде текті өлең.
Сен жоқсың.
Өмір көңілсіз әлі,
Бұла боп өстім, қайтейін.
Сүйдірген мені өзің кінәлі,
Мен кінәлі емеспін әйтеуір...
Жатқан-ды бұғып жүрегімде сыр,
Ендігі несі жасырын.
Қинамай мені, білемін- деші,
Белгілі- деші бар сырың...
* * *
Қалған көңіл - өшкен от.
Күлі қалған.
Бұл сөзімнің емес-ті бірі жалған.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Сені қандай сол кезде сүйсем дағы
Көңілімде сен емес, ізің қалған.
Жуылған-ды жанымның кірі кетіп,
Түсірмедім кіреуке жүзіңе түк.
Жүрегімде әрқашан жүрген бейне-
Өзің емес, әшейін сүгіретің.
Мезі болды бейнеңнен қос жанарым,
Қатал айтсам қайтейін, кеш, қарағым.
Сағынғаннан емес тек, қайғырғанда
Күдер үзген кейіппен еске аламын.
Осылай салқынқанды күй кешемін,
Терең ойға батырып жүр кешегім.
Ғайыптан маған қайтып келер болсаң
Бәрібір сондағыдай сүймес едім...
* * *
Қаншама жыр сен жайлы қалықтаттым,
Үңіліп көріп пе едің анықтап бір?
Мезі болған шығарсың сен өлеңнен
Ал мен сырымды айтудан жалықпаппын.
Жан емес ем кінәмді жатқа жауып,
Аппақ арын жүретін ластап алып.
Менің саған өкпем жоқ,
Адал доспын,
Саған деген сезімім аппақ әлі.
Кезің болса хәл-жайың қиындаған,
Есіңе алып егіл де сиын маған.
Жаным болса сол сәтте жетем ұшып
Бақытыңды ап өзіңе бұйырмаған.
Өзің едің жаныма нұр ендірген,
Ғұмыр кешіп өзгеше жүрем жырмен.
Бұл жалғанда жан барын біліп жүр тек
Бақытты болуыңды тілеп жүрген.
* * *
Түсіме ендің сен менің таңға жақын:
Жылағаның кетті ғой жанға батып,
Ақталғаның ба еді бұл түсіме еніп
Өңіңде түсінетін болмағасын?!
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Төгілуде көз жасың - жаңбыр аппақ,
Егілмеші, мен сені алдым ақтап.
...Кешір мені, байқамай сырымды айтсам
Ұйықтап жатқан кезімде сандырақтап...
КҮНБАҒЫС
Қарай бергім келеді, қарай бергім,
Жүзіңнен жанға жайлы арай көрдім.
Көзіңнен алау көрдім лапылдаған
Сонда да қарай бердім...
Айыпқа бұйырмашы, қарай берем,
Лаулаған жүрегім от, алау - денем.
Көргеннен бір жақындық бар-ау дегем,
Сондықтан қарай берем.
Қараймын,
Қарамауға шама бар ма,
Қарама- десең дағы табам айла.
Мен деген Күнді сүйген күнбағыспын,
Басымда еркім бар ма қарамауға?!
* * *
Сағындың ба екен сен мені,
Сарғайып кетіпсің ғой тым.
Ұқпапсың бірақ, мендегі
Көмбелі сырды білмейсің.
Жан адам түсінбес сыр бұл,
Ұғам деп қиналма босқа.
Өзім де бәрін кеш білдім,
Қалай- деп сен де жақ ашпа.
Сағынарсың-ау сен әлі,
Күтуге тура келер көп.
Есіңе ап жүрсең болады
Келер- деп бір күн елеңдеп.
Шықпақпын алыс сапарға,
Қайтарым қашан, белгісіз.
Өмір деп мына аталған
Түбіне бойлап көргісіз
Сырлы да терең өлкеге
Жұмбағын іздеп жол тарттым.
Айналып бір күн мен келем,
Сұлбасын тауып соқпақтың.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Есімнен кетпес сол өңір,
Өзіңнен тапсам бір дерек.
Жанымның танып керегін
Бас исем ғажап үнге кеп.
Сезімге сүңгігенім бе,
Тамырда қаным салды ойнақ.
Кір шалмаған бар көңілге
Сырымды айтсам айғайлап:
-Жаныма маза бермей тым
Қаумалап жүрген сұрақ көп,
Ғаламның сыры өлмейтін,
Көкірегіме кеп тұрақ теп!
Жұмбағын өмір зерттемей
Шықпаспын, сірә, құмардан.
Көңілден бір сәт кетпеген
Бар менде сондай бір арман!
* * *
Сен мені түсін, жаным,
Бір тамшы жаспын сенің кірпігің ұшындағы,
Абайсызда көзіңді қағып қалып
Құрдымға ұшырмағын...
* * *
Еркем-ай менің, сағынып кеттім,
Жаныма келші мөлдіреп.
Көзінің жасын тағынып көктің
Қарайын саған елжіреп.
Сүйгенмен сені жалбарынбадым,
Жаныма батты кей ісің.
Көңілім қалған таңдағы хәлім
Ақырзаман болды мен үшін.
Сезімді сөйтіп жоғалтып алғам,
Қай жерде қалды, белгісіз.
Жастық желік пен балаң құмардан
Суыққа жеттім төзгісіз.
Салқынмын қазір, суық көрінем,
Саған да, жаным, амалсыз.
Адамшылықтың биік төрінен
Көзімнің жасы, тамарсыз…
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Кешіргін, жаным, көңіліңе алма,
Аян ғой саған ар жағым.
Тәнімнің құрты мені жығарда
Жанымды қалғын, ардағым.
* * *
Өртенді неге өзегім,
Өзіңсіз оймен көңілдің көлін кеземін.
Ешқашан қайтып оралмасыңды сеземін.
Сезгенмен жаным, өзіңді сүйген жүректі
Жеңе алмай әлі келемін.
Өртенбе жүрек, қаласың босқа күл боп құр,
Өртіңді басар көзімнің жасы жыр боп тұр.
Жаным-ау, қанша жаныма жара салғанмен
Айтуға аузым бармайды сөзді зілді, өткір...
* * *
Жаралама жанымды күліп қарап,
Әуре сарсаң болармын тұйыққа қап.
Мұңды тыныштығымды бұзба, өтінем,
Онсыз да жүрек жара, қиық қабақ.
Мұңды тыныштығымды бұзба, өтінем,
Құлап кетіп жүрермін құз бетінен.
Мендік жүрек мұң сүйіп жүргесін бе,
Әйтеуір өзге жанға құрметі кем...
* * *
Отырмын бүгін мазасызданып,
Көкірегіме мұң түнеткізіп.
Көңілде көп ой қанасын жарып
Шыңғырды көкті сілкілеп тұрып.
Басылып қалды өркөкірегім,
Сезімнің селін ауыздықтадым.
Ғарыштан келіп жерге түнеуім
Сен үшін еді, неғып ұқпадың?
Мұңсызбен қайтем бақ таластырып,
Адамның сырын түсінбес олар.
Көрсетсем кейде құптамас қылық
Түсінбегенің үшін де шығар.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
КӨМБЕ
Қаланың қалың шуынан қашып
Келіп ем іздеп мен сені.
Таппай қойдым ғой сынық алмасым,
Көңілімдегі көркем үн.
Оятып алып бозала таңнан
Шақырған едің қол бұлғап.
Серкедей басым додаға салған
Ере беріппін мен бейбақ.
Сұлу қыз дегем ең алғаш сені,
Көзімді арбап тұрғасын.
Шын арман болсаң жоғалмас та едің,
Таппадым қазір, қайдасың?!
Өлең бе дедім өкпелеп кеткен,
Өткенді еске ап өкіне.
Бұйығып жүріп шеткерек көптен
Бүгілмеспін- деп бекігем...
Қараптан қарап көзіме келсін
Мұңдылау біреу бүркенген.
Тыным бермеген өзің екенсің,
Көкіректегі бір көмбем...
САҒЫНЫШ
Алыстап кеттің дегенің бе екен,
Сағыммен неге бүркендің?
Күдер үзбеші, келемін, көкем,
Жете алмай жүрмін, өртендім.
Жырыммен жылу төкпеген күнді
Жаным-ау, сана бекерге.
Даланың ерке ақбөкені сынды
Жолыңды кесіп өтем мен.
Түңілдірем деп әуре болмашы,
Қайтесің, күйбең тірлігім.
Өлеңіме иіп төрдегі басын
Періште жебеп жүр бүгін.
Төзімді жеген түнек те бітті,
Жаныңа жетем енді мен.
Жалғыз болғасын жүрек те тіпті
Сағынады екен, көр. міне...
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
ӨЗІМ ЖӘНЕ ӨЗГЕ
Ойлануға уақыт көп,
Ойлануға күн келте.
Ой түбіне сүңгіп көр тірлігіңде үлгерсең.
Ойланумен мен дағы қанша таңды атырдым,
Әлдеқашан білгенмін жақыным кім, жатым кім.
Бақытым ба бұл мүмкін,
Сорым ба әлде, кім білсін?
Ал, әзірше Ай аунап, көкірегімде Күн күлсін.
Мен Әлемнің біртұтас жалғыздығын білген ем,
Бірақ ойым оянса мазасыздау күйге енем.
Арам ойым айтады:
-Қайтесіңдер езбелеп,
Бөлінеді бұл Әлем Өзім және Өзге боп!
Өзегіңе кім жақын- өзім деп біл, аймалас,
Өкіндірген қайсысы, қарсы тұр да майдан аш!
...Біздің жақта күн батты.
Басқа жерде таң жетіп,
Бізде боран, ал онда жатыр бұлбұл әндетіп.
Әкесі өлді біреудің.
Көрші ауылда ұл туып,
Қуанды-ай бір көңілінің бүтінделіп жыртығы.
Рас, рас. Қайтесің, өмір деген осылай,
Өзім ең ғой сен кеше Өзге болдың, досым-ай.
Көп нәрсенің әлі де сырын білмей өкіндім,
Бізге көрінбейтұғын Айдың беті секілді.
ұажайыбым көп әлі, ойдың жетпес өресі,
Ал сен неге, жаным-ау, көз жасыңды төгесің?!
Жақын тартып, жаныңды жұбатар ем, болмайды,
Өзің емес, өзгемін.
Мені қинар сол қайғы.
Жалғызсырап жақсы жүр, қорлық көріп не түрлі,
Жақындасса тебетін аттас заряд секілді.
Өзіңді өзіңнен басқа түсінбейді сезгенім-
Өзге жанды қинайды өзге қайғы, өзге мұң.
Кінәламан ешкімді.
Түсінікті білгенге,
Өзімді өзім түсінбей аласұрып жүргенде,
Кімге барып кінә артам.
Сені қинап қайтейін,
Жүрегім-ау, өзің тап, кеселіңнің айт емін.
Мен Әлемнің біртұтас жалғыздығын білген ем,
Бірақ ойым оянса мазасыздау күйге енем.
Сиып тұрған бір басқа мидың екі бөлігі
Кеңірдектеп айтысар екі әлемге бөлініп.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Осы дауды шеше алмай тәркі болды тың күшім,
Ал сен қалай шешер ең?
Айтып көрші, білгішім?!
Қиналасың қайтейін, жауап бермей қой онда,
Тыныш өмір қаласаң ұйықтай бер, оянба.
Ал мен күресіп жүрмін,
Күресемін шалдығып,
Тәңірі салған іс осы, осы менің Тағдырым.
Керек десе мен дағы бөлінемін екіге-
Өзім және Өзге боп. Екеуі де жетімек...
Осы екеуі ғой менің қос қанатым білгенге,
Біріктірсем екеуін, жалғыз болам бір демде.
Жиегіне көз жетпес бір Әлемге айналып,
Жатсам сосын, шіркін-ай, осы менің арманым!
Ал әзірге мен жүрмін қақ бөлініп екіге
Өзім және Өзге боп. Екеуі де - Жетімек...
* * *
Өтеді күндер, өтеді,
Өкпелеп маған қайтесің.
Кетілген көңіл кетеуі
Бүтінделмей кетер ме екенсің?
Жанымның жамап жыртығын
Бүтіндер едім, сен жоқсың.
Көрініп қайғы күлкілі,
Қуаныш болды немкетті.
Жасарып жатыр бұл жалған,
Көктем кеп, көзі шық тұнып.
Көп ойлар алып шаужайдан
Мен ғана жүрмін тып-тыныш.
Ой қуған жан ең сен де бір,
Мен жайлы не деп ойлайсың?
Кезімді жүрген сенделіп
Көзімнен ұғып қойғайсың.
Сезімім салқын, өрт - кеуде,
Сарсаңмен өтер әр таңым.
Жаныңды терең зерттеуге
Пенделігіңнен қорқамын.
* * *
Адаспа көңіл, адаспа,
Армандау сенің не теңің,
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Көгеріп қалған ағаштар
Күз түссе қурап кетеді.
Алдама мені қайтадан
Гүл атады деп көктемде.
Шаттығым менің тарқаған
Бір арман өліп кеткенде...
* * *
Шықпай қойдың көңілімді қалдырып,
Бүтін едім, үш бөлдің.
Сонда аспанға қарап жатып,
Көкірегімде сан күдік,
Өзің жайлы түс көрдім.
Көгал жасыл, аспан қандай көкпеңбек,
Шулап жатыр күллі ағыс.
Сенің барлық қызық шағың
Туған күні өткен- деп
Айтып салды бір дауыс.
Қашан өтті, білмей қалдым мен қалай?
Ойланғанмен жетпедім.
-Сонда сен не? Бұл өмірден
Кілең шаттық (жалған-ай)
Көрем деп пе ең теп-тегін?!
Ұғамын деп осы сөздің төркінін
Басым мең-зең, ой алаң.
Жә, жетеді. Түсім ғой бұл.
Сезімімді өлтіріп,
Көзім жұмсам, оянам.
Оянармын. Ұмытылар барлығы.
Боласың ба мәңгі ұмыт?
Бірақ сол бір түсімдегі
Бар қызық пен сан күдік
Кетті-ау ізін қалдырып.
* * *
Түсінем ғой, бәрін дағы түсінем,
Сені іздеймін қалың мұңның ішінен.
Түнде жүрсең шуағымды түсірем,
Күнде жүрсең көлеңкемді түсірем.
Одан өзге қолдан келмес ештеңе,
Сені ойлаймын күндізде де, кеште де.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Бос күлкіден, сол баяғы өшпеген
Үмітімді үрлегенді қош көрем.
* * *
Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер,
Аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтіп күн көрер?!
Менсіз-ақ сен күнімді көрем дейсің, қарағым,
Ал мен сенсіз бақытты қайдан іздеп табамын?
Ақыл айтар көп адам, сөздерінің жаны бар,
Бұл ғаламнан шынында талай мұңды табылар.
Басы емессің сен соның, соңы болам деймісің,
Бар Әлемнің дерті бұл, талайлардың жейді ішін.
Мен өмірдің шаттығын сен арқылы сезген ем,
Енді міне, мұңды да сен арқылы жүз көрем.
Соның бәрі жанымның қалып қойды есінде,
Қазынамдай қастерлі алып келем өшірмей.
Ұмытшы- деп қинама. Өзіңе аян бұл күйім,
Сені ұмытып, қалғанын алып қалу тым қиын.
Өзің едің Арманның асқақтығын ұқтырған,
Тағы да сен жалғанның қашқақтығын ұқтырған.
Рахмет сол үшін, сол үшін-ақ ырзамын,
Бір өмірді аяқтап, бір өмірде жүр жаным.
Жұмақ пенен тозақты көріп қойдым мен өстіп,
Тамұғың да мен үшін қорқынышты емес түк,
Саған деген мендегі нұрдан қалай артылсын,
Пейіштің де пейілі болып қалды жарытымсыз.
Қиялыммен мен солай жасап алдым бір Әлем,
Онда тағы сен қалдың. Кешір мені, кінәлі ем...
Сол Әлемде өзіңмен жүрмек едім қалықтап,
Сенің ойың жерде екен, біліп қойдым анықтап.
Маған ауыр болса да үмітімді қырқамын,
Ақ қанатты періштем, қауырсыныңның бір талын
Естелікке алып қап, қоштасамын өзіңмен,
Сонан соң ше, мәңгіріп, мәңгілікке көз ілмей
Жыр жазамын қауырсын қаламымды қолға алып,
Көп күйбеңнен күйінген көңілдерге ол да азық.
Құйрық-жалсыз құланның күн көрерін дәлелдеп,
Аяқ-қолсыз жыланның күн көрерін дәлелдеп,
Жалғыз ғана өзіңсіз жүрем деуге күш жетпей,
Экранынан көңілдің сен қатысқан түс кетпей,
Саған деген кіршіксіз сезімімді ән қылып,
Қалып қоям көңіліңнің күмбезінде мәңгілік...
МҰҢАЙ
Мен мұңайсам жетеді. Сен мұңайма.
Қайтесің көңіл атты көлді лайлап.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Маңдайы тасқа тиген қайран көңіл
Керуенін тартар екен енді қайда...
Көңілім көгермейді күн жылыса,
Жүрегім жүдеп кетті мұңды-құса.
Бақыттың менен кеткен есебінен
Сен бақытты болсаңшы тым құрыса.
Мұңайшы.
Мұңайғаның жөн де шығар,
Бұл жалғанда жалғыз-ақ сен бе сыңар?!
Әулиедей көретін ағам айтқан:
Мұңды жанның мың-мың сан көмбесі бар,
Көмбесі бар көңілдің өлмесі бар...
* * *
Көп күн өтті өзіңді көрмегелі,
Дидарыңа білмеймін шөлдедім бе?
Мен өлсем де сезімім өлмеп еді,
Салмақ түспес деп едің өрде кімге...
Кешірім де сұрама, жалынба түк,
Кешірердей бірдеңе болды ма өзі?
Сүйдіргенің үшін-ақ жалындатып
Бәрін дағы ақылға жеңгіземін.
Қайтесің-ау, бұл өмір сыры жұмбақ,
Ертеңгі күн не болар, тым белгісіз.
Кешегіден күлкіңнің тұнығын ап
Сақтап қойдым кеудеме түн көргісіз.
Маған сол да жетеді мәңгілікке,
Сағынбайтын шығарсың сен де мені.
Қош, аяулым, сен мені енді күтпе,
Қоштасқанды осылай жөн көремін.
* * *
Бағытты айырмадым. Түн қараңғы.
Тіпті де адаспас ем, кінәлі өзің...
Қарсыдан құлап соққан құм боранды
Құмығып жұта берді мына көзім...
Өңімде, түсімде де көп адастым,
Жанымның жанарында қалған ізі.
Келген-ді қиялдан да жоғары асқым,
Алдымнан елес беріп таң жарығы,
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Әйтсе де кете алмадым қарайламай,
Тамырым жібермеді терең кеткен.
Нұрым-ау, жете алам ба?
Саған қарай
Кеудемде бір тылсым бар елеңдеткен.
Шіркін-ай, қиын неткен бауыр басу,
Қоштасу тіпті қиын болады екен...
Алайда шын Арманға табынғасын
Опасыз көрінеді мына мекен...
Мен ертең сапар шегем бір қиырға,
Жаныма серік болар бар ма досым?
Қалаған жаққа көңіл ұмтылуға
Дәрменім жетер ме екен?
-Таң жебесін.
Жазылған әр сөзімнің сыры жұмбақ,
Мен де жұмбақ шығармын түсінбесең...
Жалған-ау, сенің жұмбақ қылығыңды ап
Күлкімнің күмісімен мүсіндесем...
Армандап мен осылай ойға батам,
Кеудемнің түнегіне шамдал іліп.
Шарықтап қиялыммен...
Бір қарасам
Тұр екен қолын бұлғап Таң жарығы...
* * *
Мұңай, жаным, мен сені жұбата алман,
Бір мейірім күткейсің құла таңнан.
Құла таңды құлдырап қарсы алғайсың
Күншығыстан күлімдеп шыға қалған.
Жұбатпаймын мен сені.
Мұңай, жаным,
Ешбір амал таппадым мың ойланып.
Сен сәбидің күнәсіз көзі емес пе ең,
Әлдеқашан мен қалғам лайланып.
Сенің бейнең жүректе қалған дара,
Сол бейнеңе байқамай салғам жара.
Содан, жаным, мен үшін саған жету
Орындалмас қияли арман ғана...
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Мен сені сүйгенім рас, жасырмаймын,
Жарқ етіп тұрып қалған жасындаймын.
Өзіңнен күйіп қалған бір сәтім мен
Өзіңді сүйіп қалған ғасырдаймын.
Мен сені сүйем әлі, күнім менің,
Алдыңда күйінгенім, сүрінгенім.
Сен бар деп өмірден де түңілмедім,
Жырларым - жанарыңа үңілгенім.
Мен сені сүйем дегем, айтам әлі,
Сен үшін сезінгенім, байқағаным.
Сыйлаған өзің маған бақытымды
Әлемге өлең етіп қайтарамын...
ЖЫЛЫМ
Мұз құрсанған көл едім, жалтыраған айдыны,
Ызғарымен ықтырған талайларды айбыным.
Иілмедім ешкімге, көзің жасы ақсын бір,
Шойын сынды шытынап, сойыл сынды шарт сындым.
Ішімдегі сезімді шығармады мұз қамап,
Жанасқысы келгендер құлап қалды сырғанап.
Бедірейіп жаттым бір, ызғарыммен тоңдырып,
Көрсетпедім кісіге жылы қабақ, оң қылық.
Осылайша күн өтті, өзімді өзім жүдеттім,
Мұз құрсауды мүжгілеп жылы қаны жүректің,
Сезім шіркін бір күні жарып шықты құрсауын,
Көз алдымнан көп уақыт кетпей жүрген бір сағым
Жоғалды да, кеңейіп жүре берді көкжиек.
Әр нәрсеге мен сонда қарап қаппын елжіреп.
Тереңімнен түйсініп, толқып кеттім мен алғаш,
Заманақыр келсе де ұмытылмас, жоғалмас
Күңіренген керемет күйді кешіп сонда мен
Кіндігімді Әлемнің көктемімен жалғап ем.
Шағалалар шаңқылдап, базар болды жан-жағым,
Толқындарым шолпылдап, айтып жатты арманын.
Күлімдеген бетімнен күліп келіп жел сүйді,
Сү? деген не екенін алғаш сонда түйсіндім.
Шіркін, сонда сен менің шаттанғанымды көрсең ғой,
Кемерімнен тасуға шақ қалғанымды көрсең ғой.
Тұнып жатқан аспандай мөлдірлігім лайланып,
Жаным сүйген сол сезім ғаламатқа айналып,
Толқындарым аспанға жатқан сонда шаншылып-
Соның бәрі Ақ Арман, Адал Сезім, Тамшы Үміт.
Махаббаты Құдайдың көктем екен- дедім мен,
Маған да бір махаббат жеткен екен- дедім мен.
Күз келе ме бір күні, керегі жоқ оны ойлап,
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Жыл артынан жыл өтіп, түскен кезде самайға ақ,
Жаным шаршап, тәнімнің келген кезде ұйқысы
Қатпай қалар жүрегім - иірімімнің тұсы.
Аязында қаңтардың жатқан бумен бүркеніп
Жылым- дейді жұрт оны...
КӨКТЕМДІ КҮТУ
Таң сарғайып келеді, таң сарғайып,
Өткен түнім, сен қайтіп келермісің?
Нұры қашқан шолпандай болсаң ғайып,
Маған қандай боларын сезермісің...
Өмір қандай болады, болашағым...
Тағдыр қандай сыйлығын тұр әзірлеп?
Біле алмадым. Көз алдым тола сағым,
Шырқырайды жүрегім тұрақ іздеп.
Өтеді өмір, барлығы баяғыдай -
Кезегімен күз келіп, көктем жетер.
Қайтем енді көз салып саған ұдай,
Қинадың-ау деп тағы сөкпен бекер.
Адамбыз ғой төзімі тау көтерер,
Түсінем- деп өмірді не көрмедік?
Жанымызға мәңгілік сәуле төгер
Сол бір сезім болмаса бөтен бе едік...
Ойланбаймын.
Қайтемін.
Өткен кетер.
Қинағым да келмейді енді сені.
Күз ғой қазір. Тағы да көктем жетер,
Көктем жетсе мұз еріп, тоң түседі...
* * *
Ұмыта алмай мен сені жүрмін әлі,
Сені іздейді миымның мың бұлағы.
Көтертпейтін көңілді кірбіңім бар,
Әлі күнге, содан ба, мұңды жаным.
Ол мұңымды мен кімге айтам барып,
Саған дағы жалынбан жаутаң қағып.
Жалғызсырар жүрегім мына өмірдің
Тұрғандығын көргенде сайқалданып.
Басқа-басқа. Сен бірақ өзім едің,
Өзімменен сәт сайын кезігемін.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Алыс қашып сен менен жүрсең дағы
Мәңгі бірге жүргендей сезінемін.
Сенбесең де, сенсең де өзің білгін,
Сені ойлаумен әйтеуір көзімді ілдім.
Жалғыздықпен бетпе бет келгенде де
Жанымды жауға бермей өзің жүрдің.
Сенгенмін. Сендірем деп қайтем бірақ,
өмытам деген сөзім құр сандырақ.
Түсін- деп қанша қалап тұрғаныммен
Өзіңе оңай тиер жүрсең жырақ.
Жанымды қауып қалған қақпаным бар,
Сергелдең ауыр шығар соқпағым да.
Сен менен алам десең, басқасы емес
Өзіңе деген сезім аппағын ал...
* * *
Сезім селі санама өткел бермей,
Жүрген кезім оралмай көктен жерге.
Өзің жақтан күрсініп көмек күттім,
Басымнан ауыр сынды өткергенде.
Көктемді көрген едім мың құбылған,
О дағы жалған екен сырты бұлғаң.
Шемен боп қатып қалған көкейіме
Өзіңе айтам деген үн тығылған.
Айтам деген, алайда айта алмаған,
Бүршігім-ай, бағыңда жайқалмаған.
Егіліп кетем бе деп қорқам кейде
Мейіріммен қарасаң қалқам маған.
Бұлт шақырып, тоқтамас жаумай тынбай,
Сені күттім көңілімді аулайтындай.
Жалт еткен жанарыңды бір қадасаң
Өкпемнің ізі дағы қалмайтындай...
* * *
Кездеспейміз екеуміз. Өтеді күн.
Менсіз қалай жүрсің сен, Жеке Гүлім?!
Аз күнде арманыма айналып ең,
Сағым болып несіне көтерілдің?
Сағым болып кеттің де сағындырдың,
Көз жасына шомылдым жауын-жырдың.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Жаныма маза бермей тарта берер
Өзіңде бір құдірет барын білдім.
Сонда да кездеспедік. Ай өтеді.
Сағымның жел тартқылап шәйі етегін,
Өзіңді сағынғаннан өлең жазам -
Мендегі сағыныштың бар өтеуі.
Осылай өтер енді қанша уақыт,
Білмеймін, соғар қашан таң сағаты?
Сені ойламай қайтемін жүрегімде
Мәңгілік сенің бейнең қалса жатып.
Кездеспедік екеуміз. Өтеді күн.
Мен қазір Мұңлық-Зарлық мекенімін.
Ақылыма сыймайды, осы күні
Сенсіз қалай жүр екем, Жеке Гүлім...
* * *
Сен жаныма жақынсың.
Шындық осы.
Өзіңмен бірге өткізген мұңды кешім...
...Сыр бүгесің, сыр бүгесің.
Мейлі, мені өзге жұрт жынды десін,
Мендегі сезім сырын сен білесің.
Не айтсаң да көндіресің.
Маған деген көңілің өлді ме шын,
Өмір сүрем мен неге енді несін?!
Маған сен ғана жан бересің,
Және сен ғана семдіресің...
СЕНІҢ СӨЗІҢ
Көзімнің жасы ай сәулесімен
Шағылып барып құлаған еді.
Сүймеген жанды аңсау қасірет,
Ал сен "жылама" дедің.
Шашымды тарап саусағыңменен
өзіңе тарттың, баурыңа басып.
Қызбын ғой, көктем келсе гүлдеген,
Сен жыламашы.
Болсам да мәңгі сенің арманың
Қолымнан бірақ келмеді ештеңе.
Сезімге сол түн беріле алмадым,
Бұл күйді бұрын кешпегем.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Жасымды жұттың көзімнен сүйіп,
Тоңдым ба, қалай, дірілдегенім,
Жанымның жасы көңілде сынып
Жүрегімді тілімдеп еді.
Кетемін бөлек, қалдырып сені.
Сағынып, бәлкім, жылап аларсың.
Мәлім ғой өзге таңды күткенім,
Кінәламашы.
* * *
Көп сезімім уақыттың өтінде өліп,
Талай болды көп іске бекінгелі.
Жалғызсырап жүремін көп ішінде
Робинзон Крузо секілденіп.
Шабыт бұлтым шалғайдан төкті жаңбыр,
Кеудемде күрсіндірер көп күмән жүр.
Қорқамын, сірә менің тағдырыма
Әсерін тигізердей Ихтиандр.
Жанарымды арбаған жарқын елес,
Жақын емес, жылы емес, салқын емес.
Бей-жай жүрмін.
Менің де тағдырымды
Жазып кеткен жоқ па екен Мэлькиадес?
* * *
Жауын жауса жаныңда тұр ма қайғы,
Көздің жасы, қорықпа, былғамайды.
Сұп-суық әйнегіңе соғылам да
Тамшы сынды төменге сырғанаймын.
Сезім деген судырар сөз бе, тегі,
Сөз емес екеніне көз жетеді.
Терезеңді аймалап баратқанда
Көзіңді бір қадап қой,
Сол жетеді.
Сол бір сәт әдемі ғой. Бұлдырар маң,
Көзіңе елестейді мөлдір Арман.
Мені ойлама бірақ та, мұңаярсың
Өткенді көктеміңе жеңдіре алмай.
Көгіңнен көгілдір бұлт көшкен күліп
Мен едім.
Сезімге сәл дес бергізіп,
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Сағынғанда кетемін көктем сайын,
Жаныңның терезесін жаспен жуып...
* * *
Адал жаныңмен ғашық еттің бе,
Кете алмай қойдың есімнен.
Өзіңсіз көрген қасіреттің де
Қара түндерін кешіргем.
Қара көзіңнен қаншама сырды,
Қанша ғасырды оқыдым.
Қайтып оралмас сол сағатымды
Еске алып енді отырмын.
Берсем деп саған кеудеме терең,
Жылуын жанның жинағам.
Мендегі сол бір сәулеге сенер
Жан таппай енді қиналам.
Таңды таңға ұрып, шам қуып алдан
Ұмтылған едім сан құлап.
Болдың да қалдың Мәңгілік Арман
Шақырмай қойдың сен бірақ.
Жүрегім мұңды дос көріп қалды
Оңаша қалып мұңданам.
Сол бір күндерден естелік қалды-
Өзіңе арнаған жыр ғана.
* * *
Күздің желі күрсінуде аһылап,
Сенің ғұмырың бітер енді, Жапырақ.
Қысқа өмірің өте шыққан бір жаздық
Көңіліңе сенің етіп тұр ма аздық?
Жел өтінде дір-дір етіп қалтырап
Тұрсың бүгін.
Уақыт сені алтындап
Қойғанымен қайран ғұмыр сарқылмақ.
Жауап бергін: Сені күткен бар сұрақ.
Еске алуға дәтің бар ма өткенді-
...Таңғажайып бір таңында көктемнің
Бұтағыңның буынынан бүр жарып
Жарық дүниеге келгеніңде ырғалып
Сен нәр алған уызыңның үрпінен
Тамыр саған айтқан еді бір тілек,
Сен көктедің дүркіреп.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Сәуір сепкен жылы жауын сіркіреп
Сабағыңнан қытықтағанда шашырап
Тамырыңды еске алдың ба, Жапырақ?!
Самалменен сылқ-сылқ күліп сен ойнап
Тұрған кезде туу тереңде сені ойлап
Топырағында тарамдалып нәр жиып
Тамыр жатқан саған сыйлап байлығын.
Сен ол кезде не екенін қайғының
Білген жоқсың.
Нұрын төгіп Ай-Күнің,
Сыбдыр қақтың масайрап.
Талайыңа түскен еді қашан дақ?
Бүгін, міне, жел өтінде дір қағып
Түсің қашып тұрысың-ай сұрланып.
Енді аз күнде тіршіліктің көші ұзап
Кетер енді.
Тамырыңды есіңе ал.
Бұтағыңнан дауыл үзіп күні ертең
Топыраққа айналарсың жауын құрты күнелтер.
Жеткен кезде Тамырыңның алдына
Көп күнәңнің азабынан қалжырап
Аруағыңды отына ұстап бір кесір
Өзегіңде өкініш қап жүрмесін...
* * *
Өмір деген сен бе едің, Өмір деген,
Сені көрсем біртүрлі көңілденем.
Екеуміздің еншіміз бір секілді
Егіз жүрек секілді бөлінбеген.
Өмір деген сен бе едің, Өмір деген,
Көкірегімді мұң жапты, көрінбеп ең.
Арасында сағымның адасып қап
Мұңға батып жүрмейін тегінде мен.
Өмір деген сен бе едің, басқа ма әлде?
Күлкі көкке кеткен-ді, жас тереңге.
Шыныменен жоғалсаң сағым-сынды
Арманымды қайтемін басқан өрге?!
* * *
Мен кетем енді.
Мәңгіге кетем, келмеймін.
Томаға-тұйық томсарып қалған көлдеймін.
Оятқан өзің махаббат атты асылды
Жүрегіме әкеп жерлеймін.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Ол рас, бәлкім, сезімге сусап шөлдеймін,
Сонда да саған келмеймін.
Жылы сөзіңнен жарақат алған жанымды
Жыланның ащы уыменен емдеймін.
Мен кетем енді.
Мәңгіге кетем, мәңгіге.
Жалғайтын бізді таусылған барлық әңгіме.
Жүрегім міне мелшиген,
Жүрегім құсап түнеріп жатқан Тау міне.
Өкінбеймін мен. Өкінбе сен де.
Сірә да
Өкінер бізге қалды не?
Қош сау бол, қарғам.
Таусылмас өмір күресі.
Хәлімді менің әйтеуір бір күн білесің.
Сағыныш жайлы жыр жазсам бірақ, алданба-
Сен емес оның иесі.
Келмеймін саған. Көктеммен кетем ілесіп.
Кеудеме менің шығар-ау бір күн гүл өсіп.
Жеткенше сол сәт құлатып кетпей құрдымға
Өмірге деген сенімім мені сүйесін.
ТҮН Қараңғы түн бұл неткен? Жалғыз жүрмін адасып қап дүрмектен. Көкірегімде көл-көсір бір күй ойнап Кірпігімде жыр кепкен.
Оу, сонда да қараңғы түн неткен бұл?
Түк көрінбес. Аспан қайда көктеңбіл?
Әр нәрсені мағынасыз сипалап
Бір бағытқа кеткенмін.
Жол болмады. Тасқа тиді маңдайым,
Удай ащы жас татыды таңдайым.
Маңдай емес, таңдай емес, жүректе
Үмітім бар, соны өшіріп алмайын!
Үміт барда аулақ қайғы, аулақ мұң.
Талабыммен теңіз кешіп, тауды астым.
Жол да азайып, таңғажайып бір түні
Үмітімді үрлей-үрлей шам жақтым.
Қара түнді кейін серпіп
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Сыйқырлы
Сол бір сәулем жылу берді біртүрлі.
Қарашығымда жалын тұрды атойлап
Көкірегімде күй тұнды.
Мәңгілікке кетпейтұғын есімнен
Мен осындай керемет күй кешіргем.
Жыр-ән қашқан, мұнар басқан бір күні
Мұңды жел кеп үмітімді өшірген.
Тағы да түн. Жұлдыз да жоқ. Ай да жоқ,
Жұбатқандай шашым сипар майда леп.
Жүрек қана елегізіп дүрсілдер
Сол бір сәулем қайда?- деп.
Солай, солай үзілді де келте жыр.
Сезім қалып, алға тартты өр көңіл.
Қап-қара түн.
Жоқ тағатым, қарманып
Жүріп келем әйтеуір.
ОЙ Бір ой мені көп болды мұңайтып жүр. Көптен бері көрінді Күн, Ай тұнжыр. Көптен бері ат ізін салмай қойды Нөсер болып көгімнен құлайтын жыр.
Айдын көлде адасып жүзген сыңар
Жүдеулігі көңілдің күзден шығар...
Жүрегім алаңдамай қойды ешкімге
Сенің орның толмасын білген шығар.
Бір ой мені күні-түн мұңайтады,
Кім естіді жанымның бұл айқайын.
Сенің орның бөлек- деп қоймай қойды,
Сірә, сірә бұл шіркін шын айтады...
Бәріне де бас ұрып көнген көңіл
Осылай болатынын білген бе еді?
Әлдеқашан әйтеуір күз келгелі
Жүрегім ешбір жанға сыр бермеді.
Сыр бермесем соншалық бекем бе едім,
Бекем боп көрінем деп не көрмедім?
Сен жанымнан кеткелі жалғыз қалып
Жазирасын уайымның мекендедім.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Көйлегімнің жағасын жел жұлмалап
Сағымдардан іздедім қол бұлғаған.
Құшақ жайдым түсімде сені көріп:
-Есенбісің, жаным-ау, келдің бе аман?!
Араз болып мұңсыздау жас күніммен,
Сағынышпен жалғадым кешті күнге.
Жанарыма жасырған жан сырымды
Жаның нәзік еді ғой, естідің бе?
Сезіміме сабырым басу айтып
Іздеп жүрмін, бақыттың көші қайсы
Менен ақыл күттің бе, інішегім,
Жаны жарты адамнан не сұрайсың?
Өмірдің заңдылығы бұлжымайтын,
Күзден бе екен, күн жиі тұнжырайтын.
Өзің жоқсың жанымда.
Содан ба екен
Бір ой мені әйтеуір жүр мұңайтып...
КҮТУ
Арманымның жолында кездестің де
Көңілімді бұрмаппын өзге ешкімге.
Жүрегімді жайлап ап өзің ғана
Жыр болып төгілген-ді сезім дара.
Пәктігіңді соншалық биік қойып
Қолым жетпей жүргені күйік болды.
Өзіңсіз жүргеніме қия кезіп
Армансың- деп сезінген кінәлі өзім.
Арман болып мәңгілік қалдың ба сен?
Мен боп төккен шомылып жаңбырға әсем,
Ойладың ба мен жайлы көп қиналып,
Содан, бәлкім, өмірге кеттің налып.
Сездірмедің ештеңе, үндемедің,
Білгем бірақ, көзіңнен мұң көремін.
Мен мұңайсам тек қана сені ойлағам
Ал, сен неге мұңайдың?
Білмеп едім...
Өзімді-өзім ұмытып, саған жұққан
Ақтап алдым кінадан, жамандықтан.
Өзімді-өзім ұмытып, сен үшін де
Азабыңды әзір ем бөлісуге.
Жүрегіңмен түсініп, көзбен көріп
Соның бәрін жаныңмен сезген бе едің?
Әйтеуір қиялымның тынышын ап
Өзіңе тарта бердің жылыұшырап.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Сен менің көрік берген көктемім ең,
Жүрекке өшпес мәңгі от беріп ең.
Өзіңді күтіп жүрмін оңтүстіктен
Жыл құсы боп жетер деп көп керуен...
* * *
Неңді аңсаймын мен сенің, неңді аңсаймын?
Мұңға батып қайтамын келген сайын.
Тауы шағылмайтын бұл неткен көңіл,
-Бөтенсің- деп өкпеден тепкенде бір
Кетер еді ит дағы үміт үзіп
Бірақ саған жанымның жібі түзу.
Қандай қасиетің бар аңсайтындай
Мені тарта беретін сарсаң қылмай?
Шаршамас ем, қинайды басқа жағы
Айтқан өзің:
-Сен үшін қақпа жабық!
Не күтемін ендеше, не күтемін,
Бәрібір бір күн қуып тастары анық...
Күте алмаймын ол күнді, өзім кетем,
Мендегі мен сендегі сезім бөтен.
Керек десең, сені енді тыңдамаймын,
Өзгені ойлап тұрасың, ол да қайғым,
Мұңайып айтпа және мұңды әніңді
Бұл жерде жұбатады кім жаныңды?
Сені жалғыз қалдырып мен де кетем,
Таппай қойдым шығар жол өзге, бөтен.
Туралығы тұрлаусыз бұл жалғанды
Құйын ғып көз алдымнан дөңгелетем.
Айдың сәулесін жұтып, жұлдыз жеймін,
Ұсақ қайғы, жанымнан жүргізбеймін.
Мен кетемін. Қимастай кімдер қалды
Күйбең тірлік ішінен кімді іздеймін?!
Қоштасамын сенімен Сағым - Арман,
Мәңгі өшпестей бір шырақ жағып алғам.
Түнегін талқан етіп бұ Ғаламның
Іздеумен күн өткізем Сағынар Жан.
Ауа жетпей тұншыққан улы өсектен,
Жерді де қалдырамын мұң кесектеп.
Керексізді көп біліп кім ұтады,
Бірте-бірте мен сені ұмытамын.
Жаным деп жалғыз ғана ақыл айтам-
Ояншы, қасіреттің түні қалың...
Бірдей боп қуаныш пен көңілсіздік
Кетемін өз ішіме өзім сүңгіп.
Көп пенденің көзінде қала берер
Күйбеңмен күн өткізген кезім сырғып.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Сезімімді сөндіріп ұйытқыған бір
Теңіз кешкен мен болам Ихтиандр,
Қиналармын қиналсам жалғыздықтан
Жеңем бірақ оны да. Жұлдыз жұтқам.
Мың мұңымнан тозбас бір бақыт тауып,
Басқаларын өшірер уақыт табы...
Қош бол, жаным, сен мені енді күтпе
Кетемін мен осылай мәңгілікке.
Уысынан құтылып бір адамның
Мәжнүні атанам бұ Ғаламның.
Мен сені жұбатпаймын күнде келіп,
Өзіңді өзің жұбат. Сол жетеді.
Көп күйбеңнен күйінген көңілімнің
Жоғын іздеп кетемін Күнге жерік.
Өкінбеймін. Ешкімді кінәламан.
Ойланғанды қалайды мына заман.
Баяғыдай кезім жоқ лапылдаған
Жана-жана өшпеуге жақындағам.
Нәрестенің көзінен құйып алған
Нұрым барда ала алмас Ақырзаман.
Өмірімді жарық қып көңілдегі Ай,
Мен ешкімді кетемін мойындамай...
Ғаламның ғажайыбын сезінген Ес,
Мен өмірді сүйгенмін, өзіңді емес.
Өкінердей ештеңе жоқ ендеше,
Тек мендегі тылсымды көрем десең
Жалғыздықтан жаныңды мұң басқанда
Жанарыңды жоғалтып түнгі аспанға
Бір қарарсың.
Сол кезде Жұлдыз құлап,
Көңіліңді мендегі нұр қыздырар.
Қарашығыңда тұнған Ай сәулесін
Куә қылып:
-Жетемін, қарсы ал- деші...
Мен білетін Әлемнің келбеті бар,
Бәрін ұғам көзіңнен сөзге құмар
Көзіңнің тым тұңғиық айдынында
Саған Өзің, ал маған Өзге тұрар...
Білем бәрін. Жүргенін қиын тиіп,
Көңіліңе көп ойдың үйін тігіп
Жатқандығын білемін ауыр басып
Содан қалай жүрегің ауырмасын?
Сезімге сыз түсірмей, көңілге кір,
Менің-дағы бір сурет көзімде жүр-
Қазіргідей есімде, қарағым-ау,
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Жақын тұтып, мұң шағып егілгенің.
Жұбанбасың білдім бе, жұбатпағам,
Елес кезіп, есімді мұң ақтаған.
Қуантпақшы болғам-ды өзім емдеп,
Сондағыма әлі күн егілем кеп...
Қайтемін, қолдан келер ештеңе жоқ,
Көрмеген сын қалмады, кешпеген от.
Екеумізге Бақыт та, Уайым да ортақ,
Сол баяғы мұңсыздау шағын аңсап
Жүрегім тыным таппай әлденені
Іздейді.
Жанымыздың сол ма еді емі?
Саған ем менің анық таба алмасым,
Соны ойлап өз-өзімнен қалам жасып.
Сағыныштан сарғайған саф көңілім,
Сен енді ағармашы, ағармашы...
Тербетеді ойлардың көп бесігі
Күүнге жетер өзіңе жетпес үнім.
Көктеменің үп еткен самалымен
Тарап кетем Жер менен Көкке сіңіп...
* * *
Мен тағы жыр жазамын саған арнап,
Көңілді көп ойларым қамағанда,
Өткенде сезімімді жел парақтап,
Өзіңе сырларымды шертем аппақ -
Жүректе көп құпиям сан арбасып,
Мендегі бар Әлемім саған ғашық
Сырларын жеткізеді Ай арқылы,
Оның да өзіңнен жоқ аяр түгі...
Кейде, рас, көңілдің сәл қайғыланып,
Жек көріп өзіңді де, Айды, ... бәрін,
Кезім бар кететұғын сәтте жеріп
Бұл да бір өзімсініп өкпелеуім.
Жүректен мұңды қуып толған небір,
өзіңді қайта аңсайды қайран көңіл.
Ғайыптан ғажайыпты күткендей бір
Ойыма сенен басқа түк келмейді.
Жанарым оймен шолып сан ғасырды
Іштегі құдіретпен арбасулы.
Кейде бір... көз алдыңнан заулап өтіп,
Жоқ болып кетсем деймін Таңға жетіп.
Түк сезбес өзге жандар несін ұғар,
Көзіңе сол сәтімді көшіріп ал.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Жанымды жауын шайып, жылдар аршып,
Тап-таза болған кезде бір қарарсың.
Жан жоғын бұл дүниеде менен жақын
Білгенде аян маған көз алмасың.
Сол кезде таба аласың қайдан іздеп?!
* * *
Сен білмейсің ғой,
Мендегі сезім жайлы,
Бар Әлемде бір ғана Өзің қайғы.
Менің жаным Әлемнен шаршамастан
Өзің жайлы айтылған сөз ұрлайды.
Сен сезбейсің ғой,
Жанымның аңсайтынын,
Бақыт еді көгімде болсаң Күнім.
Әлемнің бар шаттығын Саған қиям
Өзіме жинап мұңның бар салқынын.
Сен ұқпайсың ғой,
Талай түн елеске еніп,
Өзіңмен өмірімдей кеңескенім...
Ұмытсам деп ем бәрін, болмай қойды,
Өзіңді еске түсірер бәрі естелік...
* * *
Сен менің Арманым ең.
Төмендеме.
Басыңды ие көрме өлерде де.
Бойымда бір естелік қалған болса
Сенен көрем.
Сен маған Арман болдың сағым-сынды,
Жетем деп жанымменен сан ұмсындым.
Сағым болған өзің ең. Жеткізбе енді,
Сағынумен жүрейін дауысыңды.
Жұлдыз болшы. Сені іздеп көкке кетем,
Жігерсіз боп жасыңды төкпе бекер.
Сенен де бір осалдық көрер болсам,
Ренжіме, өкпелетем.
Бәйгесіне қосылып сан жарыстың,
Бір сен үшін келген-ді самғай ұшқым.
Бірақ менің қай жақтан табыларым
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Өзіңмен байланысты.
Сондықтан төмендеме.
Басыңды ие көрме өлерде де.
Мен әйтеуір пенде боп қалар болсам
Сенен көрем.
* * *
Мен саған ғашық болсам қайтер едің,
Толтырып кеуіп қалған сай кемерін.
Бұрынғы сезімдерден мүлде бөлек
Жаныңды бір ғажайып үнге бөлеп,
Көзімнің жылуымен әлдилесем,
Сол оттан Күннің өзі солғын десе.
Тамырдың соғысынан күй ойнатып,
Шақырсам тырналарды тыраулатып,
Мәз қылсам қапалыны мұң шағатын,
Бар Әлем құдіретіме исе басын,
Жүзімнен мейірімді үн естіліп,
Сол үнді барлығыңа үлестіріп,
Әлемді өлең етсем өзің үшін.
Бар адам ниетімді тез ұғысып,
Ұмытып бар үміттің өшкендігін
Өзімнің қиялыммен кешсем ғұмыр.
Қызғалдақ бүртігіндей нәзіктігі
Сезімді сеніміме қазық қылып,
Мәңгілік бақытымды тым қызғанбай
Сырымды жайып салам жұлдыздарға,
Шомылып пейіліңнің сағымына
Мен сүйсем солай сүйем, Жарығым-ау...
* * *
"Арлансың-ау, бірақ өрлік етпедің,
Бірге жетіп, бір арманға жетпедің.
Биіктіктің дәл өлшемі ар-намыс,
Тілегім сол, содан тайып кетпегін."
(Сенің сөзің)
Өкпелісің, маған сірә, өкпеле.
Өкініштің уын мен де жеп көрем.
Арлан болып өрлік ете алмасам
Тірсегімде қақпан болды, әттеген.
Мендік хәлді білгің келсе сен де егер
Тереңірек ойланғанды жөн көрем.
Бірге жетіп, бір арманға жетпесем
Жанымда сен болмағаның дем берер.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Жазылмаған жараны сап сен еске
Қозғадың-ау болған сырды көмескі.
Күнге созған көңілімнің пейілін
Қабағыңмен қайтарған сен емес пе?
Өткен өтті, өзгермейді болған іс,
Көзім талды қуалаумен шамды алыс.
Биіктіктің дәл өлшемі ар-намыс,
Немесе құр арманменен жан бағыс.
Біздің ғұмыр өткен бақыт қас-қағым,
Біздің ниет - нұрлы болсын аспаның.
Біздің арман - менің сол бір кезімді
Сен түсінсең, керегі жоқ басқаның...
* * *
Жаным, саған сыр айтамын,
Өзіңе еді шын көңілім.
Бәлкім тағы мұңайтамын
Қайғың болып мың кеміріп.
Тағдыр бізге қоспаған-ды,
Бірге жүріп тілек қосу.
Ғұмыр кешсең тасқараңғы
Соның бәрі жүрекке сын.
Рас, сенің бақытың бар,
Тілегім сол, қалма айрылып.
Лауламаған уақытында
Енді қайта жанбайды үміт.
Саған деген сезім сыры
Жырларымда жазылды көп.
Ақыл айтам өзімсініп,
Бар ғой сенде нәзік жүрек.
Көп ойлама мен туралы,
Бір басыңа қиын болар.
Жаныңменен өр тұлғалы
Жүректе емес, миымда қал...
Көкірегіңде күй дарулы,
Қайтесің сол басты ауыртып.
Менің барлық шимайымды
Енді оқыма, таста жыртып.
Қатал үкім кестің деме,
Оған кінә өлең емес,
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Менен басқа ешкімге де
Сол бір сезім керек емес.
Жеңер бір күн күдік тегі
Жүргенменен күнде ұғысып,
Өтінемін. Ұмыт мені
Өзіңе ауыр тимеу үшін.
Мен де өтірік күлдім күндей,
Тұрса-дағы жаным жылап.
Сен туралы сыр білдірмей
Өзге жанды табындырам.
Сол бір жанды бақытты етіп,
Өтсем менің арманым жоқ.
Тек сол үшін артық кетіп
Сені есіме алғаным жоқ.
Көңілімен жасын ұрған
Қайтер едім, тұрса жасып.
Жүрегінде жасырынған
Бар екен деп құпиясы.
* * *
Беу, қарағым,
Қырық батпан қайғыңды арқаладым.
Мен әнімнің асылын саған қиғам,
Сен өзгенің жыр еттің кәусар әнін.
Өкпелемен, әрине, өкпелемен,
Қызғаныштың күйігін шеккен емен.
Адал туған жырым мен сырларымды
Ақы-пұлсыз өзіңе текке берем.
Жырларымды жатсынба, қабылдап ал,
Сорың болар, білмеймін, бағың болар.
Жаңа жырым - сарыауыз балапаным,
Басынан сипамасаң жазым болар...
Беу, қарағым,
Атыңды Алла атындай қайталадым.
Алматының арылмас бұлты сынды
Қиялымнан сен-дағы тарқамадың...
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
* * *
Жаным менің,
Мәңгілік атпайтұғын таңым ба едің?
Атпайтын таң бола ма?
Неге ендеше
Мен сені таңым дедім, жаным дедім?!
Жаным менің,
Сен әлде көзді арбаған сағым ба едің?
Сағым да бесін ауа жоғалатын,
Бұл қалай - тек сені ойлап көз ілмеуім?!
Жаным менің,
Басымнан ұшып кеткен бағым ба едің?
Қуалап шаршадым ғой көлеңкеңді
Өтінем,
Өтінемін, көрінбегін...
КЕЛМЕ
Жоғалтқанымды өзіңнен тауып,
Өзіңе қайта сыйлаған едім.
Қайтемін бекер мұңдана беріп,
Қинама мені, қинама мені...
Өткен өмірдің елесін кезіп,
Жылуын қайта сезіндірмек пе ең?
Жүрегім барда сезімді үрлеткен
Есімде жүрер көгілдір көктем...
Жалғыз қалғалы қаншама ойланып,
Аласұрдым ғой таба алмай тыным,
Білдің ғой сезім жоғалмайтынын,
Өткен күн бірақ оралмайтынын.
Жастық желікпен байқамай қалып
Көңіл жыртығы жамалмайтынын,
Жалған ба, жаным, сені ойлайтыным,
Жалған ба, жаным, мені ойлайтының...
"Мұңайып қалды демесін"- дедік,
Не жасамадық безіндірмекке?
Жаныңды қайттің өзім кірлеткен,
Жанымды қайтем өзің кірлеткен...
Жоғалтқанымды өзіңнен тауып,
Өзіңе қайта сыйлаған едім.
Қайтемін бекер мұңдана беріп
Қинама мені, қинама мені...
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
* * *
Көрмедім.
Көп күн болды.
Жоқ хабарың.
Шарқ ұрып іздесем деп оқталамын.
Үркегім,
Тегі үркітіп алам ба деп,
Өзімді әрең ұстап ап қаламын.
Көңілім іздемей-ақ табар қайғы,
Ұмыттың
Өзің жайлы хабарлауды.
Күйіп қап,
Көмек күтіп жатыр ма деп,
Жүрегім тағы өзіңе алаңдаулы.
Сезімге шара таппай қиналамын.
Сонда да өшіремін.
Мұң жабамын.
Сұрарым-
Менің соңғы алданышым -
Саулығыңды білдіріп жүр, қарағым.
* * *
Жалған айтып көргенім жоқ ешкімге,
Шынымды айттым шыңыраудан естілген.
Кей сөзімді өтірік деп кетіп ең,
Өкпелеп ең,
Қайттің қазір?!
Кештің бе?
Жалған айтып қуантқым жоқ ешкімді,
Жалған айтып жұбатқым жоқ ешкімді.
Құшағымда дірілдеген көгершін,
Босатпауға жетпеді еркім.
Кеш мұны.
Өзге жанды қиялдадым - өтірік,
Сені жатқа қия алғаным - өтірік.
Жалғыз сені мұңайтпауға бекініп,
Өз сөзімнен өзім тандым өтірік.
Жалған айтсам жылап айтқан шығармын,
Өзімді-өзім сынап айтқан шығармын.
Өзім мәңгі өксуменен өтсем де
Көңілің қалып кетсін деген шығармын.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Солай, жаным, өзіңменен қоштасам,
Алау, дауыл сезімменен қоштасам.
Тек өзіңе жалған айтқан жерім жоқ-
Сол сөзімнен тана алмаймын ешқашан...
* * *
Маған сенің әр қылығың тым жақын,
Сен гүлмісің?
Мен жел болам, ырғатыл.
Күздің суық түндерінен тоңғанда
Ытқып шыққан
Жасыңды алам құрғатып.
Естімесем сағынамын даусыңды,
Тұманнан ба,
Мұнардан ба?.. Ай сұрғылт.
Бауырыма басам сені, балапан,
Ал біздерді қараңғы түн қаусырды.
Сендей адам қайдан табам жаны гүл?
Жылатсаң да ұнатамын бәрібір.
Мен өмірді жақсы көрем,
Сонан соң,
Мен өзіңді сүйемін ғой, жарығым.
ЖҰМАҚ ЖЫРЫ
Қызыл алма, тәттісің-ау, тәттісің,
Көптігіңнен бағаң түсіп жатты шын.
Қадіріңді біле алмаймын мен қазір,
Сен оныма өкпелеген жоқпысың?!
Әрбір күнің думан еді, Қаскелең,
Кеудемізде тулап еді басқа өлең.
Қара көзім,
Сенің дара көзіңнен
Қуаныштан тұнып қалған жас көрем.
Алма қызыл.
Біздер-дағы ұятты.
Көңіліме бұл күй ғажап ұнап тұр.
Таңдап үзіп сыйлайыншы бір алма-
Жұмақтағы Адам Ата сияқты.
Хауам менің - жаным сүйіп ұнатқан,
Тек өзіме,
Тек өзіме сыр ақтар.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Алма мынау,
Таңдап үзген сен үшін
Қабылдап ал,
Қуылсақ та жұмақтан.
* * *
Уақыт кезегімен тағар мінін,
Батылсыз болған болсам саған, Күнім,
Қателесе көрмеші басқаша ойлап -
Ең басты әлсіздігім - адалдығым.
Білмеймін, айтар әділ бағамды кім?
Жаза алмай жүрмін, жаным, жарамды мың.
Әйтеуір Ар алдында ақтала алам,
Ол - менің саған деген адалдығым...
* * *
...Күллі тамыр күрсініске түйрелген
Мылқаулықтан мызғымауды үйренгем.
Сен келдің де толғанбасқа қоймадың
Топырақ ем қан мен сүтке иленгем.
Тыныштықбек
Расында да топырақ екем мен сенсіз,
Біздің ғұмыр махаббатпен өлшенсін.
Құдайлығымды дәлелдер ем өзіңмен,
Сен де осыған, сен де осыған сенсеңші.
Құдайлығымды көрсеткім жоқ құртумен,
Сайтандығым сап болады күлкіңнен.
Саз балшықтан соққан күйі қалғанша
"Уһ" деп шығып, жайын тапсын шіркін дем.
Сенен келген, сенен жеткен саз бөлек,
Жүрек қылын тап басатын наз да ерек.
Бұл сөзімді жеткізетін сөз жоқ-ау,
Бір-ақ көріп жаттап алар көз керек.
Сендік жанның шымырлаған сәулесі
Талқан етер тоғышарлар тәубесін.
Жарыққұмар жүрегіме сен үшін
Қиын емес, қиын емес жан кешу.
Жарылғандар жарылар тек ағынан,
Төзген жан ем тозақтың да табына.
Менің жалғыз тілегім бар.
Күні-түн
Құдайымды сақтай көр!- деп жалынам.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Расында да топырақ екем мен сенсіз,
Біздің ғұмыр махаббатпен өлшенсін.
Құдайлығымды дәлелдер ем өзіңмен,
Сен осыған сенсеңші...
* * *
Жаным, мен ем сенің шын бағаңды ұққан,
Айырып ап қалың ел, тәмам жұрттан
Жақсылыққа жеткізсем жарар еді
Қимай, алып қалып ем жамандықтан.
Жамандық па?
Қате айтсам кешіргейсің.
Мәңгіден келген өмір көшіндейсің.
Жаныңның тереңінде жалының бар,
Сенемін, ешуақытта өшірмейсің.
Өмір қандай қиын ед.
Күн қатулы,
Көңілдегі көл беті мұңға тұнды.
Арамызда қаншалық Ғалам жатыр,
Жанымдасың сонда да.
Тым жақынбыз...
Көп көрдім ғой деуші едім.
Сен бөлексің.
Соны ұққалы хәліңді мен де кештім.
Отқа күйген қанаты көгершінім
Соны ұмытып,
Жанымды емдемексің.
Ұмытылмас...
Әрине, бәрі есіңде
Келе жатыр көңілдің кемесінде.
Соның бәрін ұқсам да, түсінсем де
Қия алмадым ешкімге.
Сенесің бе?
Жеңе аламын.
Бәріне күшім келген.
Құпия да көп-ақ қой ішімде өлген.
Қия алмасам ешкімге, бәлкім бәрі
Сенің сырлы жаныңды түсінгеннен...
Сезімдерді баяғы сөз етпе, жыр,
Өмір жайлы ұққаным бөлек қазір.
Сен екеуміз кеткелі басқа әлемге
Жұмақ та бір мен үшін,
Тозақ та бір...
Біздің әлем - Домбыра.
Қос шегі - біз,
Немесе бір қайықтың ескегіміз.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Белгісіз боп қалар-ау адамдарға
Біздің қандай мұхитты кешкеніміз...
Бір домбыра, егіз шек - ол мына біз.
Пернелері - өткен күн, сан мың аңыз.
Бір күй керек Әлемге өзгешелеу,
Тиегіміз-ді неден қондырамыз?..
Жаным!
Мен ем сенің шын бағаңды ұққан,
Ғұмырымды сыйлаймын адалдықтан.
Мен өзгердім.
Бұрынғы сезімдерім
Өткен уақыт көшімен жанарда ыққан.
Күн өтеді...
Бір күні көз де сөнер.
Саған мендей ұғар жан кездесе ме?
Көз алдымда қаншама өзгерсең де
Бәрібір арманымсың өзгешелеу...
* * *
Жалындаған жан сырың құмға сіңді,
Кетерімді қайрылмай білдің, көкем.
Қарақаттай көздегі шық-жасыңды
Қарақаттай мен дағы үздім бе екен?!
Күздікүнгі жайлаудай құлазыған
Көңілменен отырам мен де ойланып -
"Сенің жасың алдымнан шығады ма
Мен тұншығып өлетін көлге айналып?"
Сезім деген еркін құс, қонар қолға
Ұшса қайта өкінбе, бекін- деймін.
Мен қияға талпынған сонар жолда
Кедергі боп кездессең кешірмеймін...
* * *
Дәл осы бір сезім сырын түсінбей,
Жиі-жиі ойға батам мүсіндей.
"Сені сүйген екенмін-ау шынымен
Көңіліме бір кіреуке түсірмей."
Аппақ қанат періштесі арманның,
Қалай сені тани алмай қалғанмын?
Қатар жүріп қадіріңе жете алмай
Сыңсып ұшып кеткеніңде аңғардым.
Жүрек сырын айтар қуат сөзде ме,
Олай болса жасаурайды көз неге?
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Өзіме өзім қия алмаған періштем,
Қалай сені қия аламын өзгеге?!
* * *
Қош- дедім қаншама рет,
Қоштаспадым,
Мен үшін ақ жаңбырын төкті аспаным.
Темірдей төзімді едім, сеземісің,
Төзімді ақыры кеп тот басқанын?
Келмеске кетті арманым қиялдаған,
Мендей боп жүрегіңе сия алмаған.
Әйтеуір сезіп кетіп баратырмын -
Дәл менше сені ешкім де сүйе алмаған!
Өзіңнен еш сырымды бүкпеген ем,
Бірақ та қоштасарда түк те демен.
Сен менің кетерімді білмей-ақ қой
Өйткені келгенімді күтпеген ең...
КӨКТЕМ
лирикалық микропоэма
...Алматыға көктем келді бусанып,
Бәйшешектер бұзып қардың құрсауын,
Далама да жеткен шығар бұл көктем,
Көгалдарда жасыл-жасыл бүр көктеп.
Көкжиекте сағым тұр ма селдіреп,
Көптен күткен көгілдірің келді- деп?
Жыл құстары оралды ма топ-топ боп?
Көкке ілінген тоқты-торым екпеттеп
Жатқан шығар.
Көктем келіп бусанып,
Аспан жақта толғата ма тұмса бұлт?
Ақ жаңбырмен жібіп қырдың жусаны
Жаңа көкке жатқан шығар мұң шағып.
Қардың суы жиылып бір сайларда
Той жасайтын құрбақалар тайраңдап
Далам менің!
Қасиетті үн кезген.
Кемпірбайдың кеудесінен бір кезде
Қош- деп ұшқан көгала үйрек жеткенде
Қолым бұлғап қарсы алушы ем көк белде.
Кім қарсы алды биыл сені мен құсап?
Ұлыңның да даласына келгісі-ақ
Ойы бар-ды.
Алыста жүр ол бірақ,
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Армандаумен арып болды қалжырап,
Тау басынан күнді күтіп әр таңда
Қайтқан құстан сәлем айтар балконнан...
* * *
Алматыға көктем келді мөлдіреп,
Шашымызды желбіретіп жел-жібек,
Кеудемізге күйін құйып көктемнің
Арман болған махаббатым жеткен-ді.
Алматыда себелеп тұр ақ жауын,
Жер жарықтық кеуіп қалған таңдайын
Жібітіп ап,
Рахаттан ыңырсып,
Тал басынан құлап түсті шық ыршып.
Тұман басып тұмшалайды тау жақты,
Таудан ғана мына көктем аулақ тұр.
Қапаланып тұнжырама, Алатау,
Өзіңде ғой ұлылыққа тән атау.
Сен тұрғанда қабақ шытып қаһарлы
Бал-бұл жанып жасаруы жаһанның
Мұз үстіне от жаққандай әсерлі.
Тәмам жұртты тоқтатқандай әсерлі...
* * *
Сен, Алатау, біздің күйден не білдің?!
Студенттер қалашығы көңілді.
Көктем деген - анау тұрған бойжеткен,
Таныдың ба қызыл-жасыл көйлектен?
Бір қарап ап берейін бе ән жасап,
Әттең, әттең, қолшатыры болмаса.
Айналайын, көңіліңде тым жақсы ой,
Тілімді алсаң шатырыңды жинап қой.
Көктем ғой бұл,
Арман еткен, сағынған,
Жамалыңды жуып ал да жауынға
Күллі әлемді ғашық етіп жымишы,
Алматыны кезіп кетсін гүл исі.
Алма ағаштар сырға тағып ақ гүлден
Арман еткен бақытымды таптым дер.
Бүгін бізге көңілді бір ән керек-
Бүрін жарып шығар еді тал-терек.
Содан кейін,
Алматыға кеш түсе,
Көктем күйін көңілімен естісе
Қуанышын жасыра алмай аптығып
Ғашық жарын күтер еді жас жігіт.
Әрең ұстап сезімінің тиегін
Тұрар еді ақ қайыңға сүйеніп.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Бір қараса аспан жаққа көктеңбіл
Көрер еді көк жазуды -
КӨКТЕМ бұл!
Жымың қағып осылай дер жұлдыздар.
Мен де сонсоң сыр шертер ем бір қызға:
* * *
Сен мендегі білесің бе Арманды?!
...Төбемізден төгіп тұрса ақ жаңбыр.
Екеуміз де аппақ нұрға малшынып,
Айтарымыз, айтпағымыз таусылып
Бірге тыңдап дүниенің дірілін
Жатсаң деп ем көкірегіме тығылып.
Сәлден кейін бұлт тараса жел айдап,
Бұлт астынан Ай қараса абайлап,
Жұлдыз біткен жымыңдаса ақырын
Ұялмашы, перизатым, заты - гүл.
Бір қиырдан құрбақалар ән бастап,
Көк аспанда Ай жүзер ед жамбастап.
Жұлдызымды көктен іздеп қайтемін,
Мен өзіңе жыр төгер ем иен тегін:
"Жаным менің, сенсіз өткен күн құрысын!
Сен болмасаң тақуамын тұлдырсыз.
Дана да өткен дүйім жұртты таң қылып,
Жауыз да өтті жарты Әлемді шаң қылып.
Бәрінің де аты қалар мәңгілік,
Мен де өтемін жалғыз сені ән қылып.
Менің атым қалса қалар Әлемде
Саған арнап жазған жалғыз өлеңде!"
Мендегі Арман осы ғана, аяулым,
Пенделікке құлпытасты қоярмын.
Атақ үшін бола алмаспын масқара
Менсіз-дағы толып жатыр басқалар.
Мәңгіліктің қайда екенін біле алмай
Дүние қуып тыраштанар ұялмай.
Ал, мен болсам
Жалғыз сені ән қылып
Күллі Әлемде қалып қоям мәңгілік!
* * *
Солай, жаным, менің ғұмыр-мазмұным,
Көңілімнің саған бердім әз-гүлін.
Көкіректің көмбесінен жыр саулап
Бір кетейік пенделіктен - құрсаудан.
Қол ұстасып, күнәмізден арылып
Отырайық бірімізді сағынып.
Сонда "менен бақыттырақ кім бар!"- деп
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Жар салар ем,
Тамсанар ед тынған көп.
Мендегі Арман осы ғана, аяулым,
Бүгін бәрін ұмытайық қаяудың.
Алматыға көктем кепті мөлдіреп,
Көктен тамшы төгілуде селдіреп.
Біз екеуміз қанша күттік бұл күнді,
Қаншама рет жүрегіміз бұлқынды.
Келші, жаным,
Дүниенің сыйқырлы
Кереметін бір көрейік мың түрлі...
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
* * *
Ақыл кетті,
Сезім қалды.
Жатым кетті,
Өзің қалдың.
Қаумалаған қауқылдап, қауымдасқан
Қалған сен ең қаптаған қалың достан.
Қабағыңа қар қатып үндемейсің,
Қасқайтып неге айтпадың жазым бассам?
Жоғалтқанмын бәрін де.
Қалған өзің.
Қарағым-ау, көрдің бе?
Бар ма көзің?!
Күңіренген көңілден күй тартайын
Үзілген үмітімнің жалға өзегін.
...Қызыл-жасыл дүние сұрқайланып,
Сен де кете бардың ғой сырт айналып.
Естімеймін ештеңе, түк көрмеймін
Дүние қалған жоқ па мылқауланып?
"Кеттің"- деп кінәлаған сөзім бекер,
Бәрінен жырақ кеткен өзім бе екен?
Жапан түзде қабарып балбал сынды
Жалғыз шекпен зарлы күй безілдетем.
Елемеймін, бар ма өзі тыңдар құлақ,
Өзінен-өзі безген мұндармын-ақ.
Жүректі одан әрмен шошытады
Қыранның қанатынан мұң жалбырап.
Сезім кетті,
Сана қалды.
Төзім кетті,
Бәрібір ... өзің ғана қалдың...
* * *
Жаным менің, шырқырама,
Сеніменен бірге құлап, бірге өсем,
Мен қалайша көп атынан сөйлеймін
Көптің күйін өз көзіммен көрмесем...
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Мен дегенім - мынау Әлем мәңгілік,
Бар Әлемнің құпиясын жинаған.
Тереңіме қиялымды шам қылып
Сүңгімек боп қиналам.
Сен өзіңді өмірмін деп көрдің бе
Өлмейтін?!
Құлдығыңнан құтылмасаң сен мүлде
Еркіндіктің не екенін білмейсің.
Бұл өмірдің әділ заңы болды ащы
Жылу көрген жылы ұяңды қия алмай
Қалып қойсаң, қалай қыран болмақсың?!
Түйсігімнің тілінен ап бір жұмбақ
Тірілтіп ем, түсіндіре алам ба...
Өмір бойы өлмес арман қуғындап
Жетер жерім - қырдың басы, молаң ба?
Аласалық етеді ғой бұл биік,
Мазағыңа көнем бе?
Мен түсінген өмір сыры - тұңғиық
Мен түсінген Әлем сыры тереңде.
Қиялыңа құрық салған кім сенің,
Бауырым-ау, армандауға қорқасың.
Ғажап Әлем бар екенін бір сезіп
Тым болмаса ойың еркін болса-шы.
* * *
Саясатыңмен бірге
Жайған малың қалып,
Парасатыңмен бірге
Пайғамбарың кетпегей...
Көлеңкеге де сенбеген
Көп күдігің қалып
Иілуді білмеген
Тектілігің кетпегей.
Қырғынға салып сынаған
Қырық ұлдың ішінде
Қырындау туған ұл бар-ды,
Қыдырың бірге кетпегей...
Еліңнің азып қариясы
Жыланып аққан дария Сыр,
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Армандай болған Аралыңды
Көзіңнің жасымен толтырасың ба, неғыласың?
Қия алмай жүрсің ұйқыңды,
Намыссыз бұзды сыйқыңды.
Анаңның тілін түсінбей
Азғындап кеткен ұл тұрды.
Ұлтыңның қамын қуарға
Ұрпағың тұрды қосылмай
Бозторғай басып шығарған
Көкектің жұмыртқасындай...
ҚЫСҚЫ ӘҢГІМЕ
Сақылдаған сары аяз, қаңтар ма екен?
Аяз ата ашуы тарқар ма екен.
Біздің дала - маң дала, маңғаз дала
Бурыл жалды бөрілер жортар мекен.
Жалғыз үйдің жел үрлеп мұржасынан,
Түтіннің тартып ойнар шудасынан.
Жалға біткен жалғыз үй - қойшы ауылы,
Танисың қарақшылы ауласынан.
Шегіне жетіп күндік тірлігінің,
Соғымның қазанға сап бір жілігін
Кешкісін мамыражай отырамыз-
Жалғанның сол қызығы - біздің ұғым.
Қыраулы терезені жел тырмалап,
Шопанның жары отырар салқынқабақ.
Дала суық, үй-дағы қарасуық,
Мұндайда темекіңді тарту да ағат.
Салқынқабақ жібісе жаз келеді,
Шопанның қарасирақ мәз бөбегі.
Дастарханды ортаға ап білте шаммен
Айтамыз кәкір-шүкір әлденені.
Еріксіз қабағыңды мұң басулы,
Сағынасың досыңды, қимасыңды,
Далада долы боран күркірейді
Қаңтардағы жараған бура сынды.
Долы боран еліріп қылған әлек,
Ышқынады "өзгені тыңдама" деп.
Күннің жайын сөз еткен әңгімеміз
Өз-өзінен тірелер бураға кеп.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
"Дәл осы қаңтар еді бәлең басы,
Еске алсам тікірейер төбем шашы.
Келеде жарап жүрген кер үлектен
Қара атпен құтылғанмын әрең қашып."
...Қонаға кеп, көрпеңді жамылғасын
Ойланасың ойлы сөз табылғасын.
"Түйеге қайдан келген шайпау мінез
Қыңқ етпеген сөксе де қабырғасын.
Қаңтардың мінезінде жатқан ба сыр,
Моп-момын байғұсымды еткен батыр.
Аяздың аярлығын мазақтай ма
Өзінен төзімді ешкім жоқ болғасын."
Қыраулы қыстың ұзақ таңы атарда
Түндегі арыла алмай қабат ойдан,
Бір шәлкестік күткендей өзгешелеу
Қорқасоқтап барамыз қара атанға.
Қара атан - шөпке жегер күш көлігі,
Жау жайқар кеудесі бар біткен ірі.
Дір қағып, қарғып тұрар қар астынан,
Жатпайды біздегі ойдан түк те біліп.
Көңілің құлазиды тоқым ауып,
Қойғандай қарақшылар атың алып.
"Қаңтары бұл заманның қаншық сынды,
Бурасы бұл заманның бақырауық."
* * *
Бөгдемісің?
Жат емес екеніңді сезген ішім.
Бөтенбісің?
Жетемін деп жойылды-ау бекер күшім.
Елеспісің?
Жаным сүйген жалғыз сен емеспісің?
Сағым ба едің?
өзіңе сыйлап еді бәрін көңіл.
Қайда бәрі,
Ештеңеге түсінбей ойланамын.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Адастым ба?
Кеудем қайда көкпенен таластырған.
Қайда кеттің?
Жоғалдың да сен бәрін ойран еттің.
ЖОҚ ІЗДЕЙМІН
-Оу, менің мұңды елесім, қайдасың?
Менің жалғыз жақыным жалғандағы,
Көңілімнің сайрандар арман бағы.
Арман-бақтың алмасын кім ұрлады,
Жанымның тұнығын кім ойрандады?
Шынымен жоғалдың ба, мұңды елесім,
Тым құрыса қоштасарға бір келерсің?!
"Кінәларға хақың жоқ, айыптауға,
Сен мені жалықтырдың, үндемесім..."
-Жаным-ау, елес едің, мұңды едің ғой,
Мен-дағы малтып жүрдім дүрмегінде ой.
Елеспен кім етене боп көріпті,
Жаныңа не керегін білмедім ғой!
Сонда ғой деп
Қайғының қара орманын
Кезіп көрдім.
Шаршадым.
Таба алмадым.
Тым болмаса перінің қыздарындай
Тұрағыңды айтып та жоғалмадың.
Сордың дәмі келеді таңдайыма,
Сағынады мендей боп Ай зарыға,
Сенің бір хабарыңды білем ме деп
Әркімнің жабысамын шалғайына:
Менің мұңды елесімді көрдіңдер ме?!!
СЕН Оны алғаш көргенде жаз болатын, Жүрегіме жырменен жазғам атын. Атын жазып үлгердім, Одан кейін Адасқанбыз кездесіп азғана күн.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Содан кейін көргенім...
Сары күз-ді.
Үлгермедім сұрауға хәліңізді.
Мұңды көзің бір қадап жоғалғансың,
Адастырған Уақыт тағы бізді.
Тағы көрдім кеше мен.
Қыс қой қазір,
Сезім байғұс алыста, ұстауда жүр.
Көзімізді жолдадық кездесуге,
Өзімізді тоқтатар күш қалмады.
Болады екен мұндай да ұғынысу,
Көзімдегі өлеңнің тұнығы - сыр.
Алғаш көрген сәтімнен өзгермеген
Құпиялау, сыйқырлы жымиысың.
Гүлдің нәзік күлтесін өпкенде Күн
Кездестірсем өзіңді көктемде бір,
Өзіңменен тағы бір жолығыссам
Сырын айтар сағыныш шеккен көңіл...
* * *
Әлемнен таба алмадым сендей мүсін,
Сен менің өзімсің ғой.
Сенбеймісің?
Сен жаққан жүрегімді алау сезім
Мәңгілік рас болса сөнбейді шын.
Желпіндіріп көңілдің керқұласын
Көкіректі арманға толтырасың.
Сен менің жанымдасың.
Сенбейсің бе?
Көзіме қарап көрші - Сен тұрасың...
* * *
Қаңтардың ортасы ғой.
Көктем алыс.
Бұл қалай - қардың еріп, су болғаны?
Көп ойды қаумалаған шетке қағып
Өзімді қинап көрдім-
Жыр болмады.
Көшеде өтіп жатыр өмір сырғып,
Өлдің бе,
Тірілдің бе?- білмейді ешкім.
Асыққан әлдеқайда көңілсіз жұрт
Көктемгі Жайықтағы сеңдей көшті.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Тоң-торыс,
Өкпелеген бір-біріне
Адамы ұнамайды астананың.
Мұңайып пенделердің тірлігіне
Сүңгінің сақалынан жас тамады.
Тал-терек,
Ырғатылып тұрсың нағып,
Ерте әлі,
Қуанбай тұр ойы аз жанша.
Алданып, қойсаң бүгін бүршік жарып
Алдыңда қарып түсер аяз қанша...
ЖІГІТТЕРГЕ ЖІГЕР
Жігіттер, өкінбелік болмашыға,
Қайғы-мұң ер жігіттің жолдасы ма?
Намыстың туын ұстап тәуекел де,
Мен кепіл орта жолда қалмасыңа!
Жігіттер, мына заман кімге әрқалай,
Білерім - алдымызда сын бар талай.
Кешегі Толағайдың інісі едік
Елі үшін алып келген шыңды арқалай.
Ол рас, көңіл орта, жарым құрсақ,
Сонда да сілкінейік дауылды аңсап!
Ұқсаңыз біздің Арман сол емес пе -
Ел жүгін арқалаудан жауыр болсақ.
Қайтеміз өкінішті кеткен өтіп,
Мәреден табылайық сертке жетіп.
Біріміз бірімізге дұшпан болып
Жүрмейік жұртымызды өкпелетіп.
Өмірдің жалғандығын ұғынсақ та
Дәрменсіз айналмайық қуыршаққа.
Қайғының қанын шашып, сақ-сақ күліп
Тік тұрып жығылайық жығылсақ та!
Пайдасыз қайғы менен күлкіге еріп
Бос жүрмей,
Ойдан отау үй тігелік.
Ұрпағы Махамбеттің емес пе едік,
Ендеше сілкінелік, сілкінелік!
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
* * *
Қиындықты білмей өссең бұл өмірдің сәні кем,
Төзе-төзе сары алтынға айналған мен - Сабыр ем.
От боп жанған Махаббатты майып қылу оп-оңай,
Мен Достықты биік қоям бәрінен.
Достық әні - ғаламдағы мәңгі тозбас асыл ән,
Досым барда қиындықтың қандайынан шошыман.
Қимасам да қиналғаным жоқ содан
Ғашық жаным айналғанда досыма.
ҚАНАҒАТ ТУРАЛЫ ЖЫР
Көп нәрсенің бағасын
Салыстырып көрмесең
Ұға алмай дал боласың.
Жер мен Көктей деп өлшедік кейде біз
Жақсылық пен Жамандықтың арасын.
Жазамыз деп жанымыздың жарасын,
Демдеу үшін қам көңілдің сабасын:
-Талайлардан артықсың ғой, қарашы,
Неге ендеше тым ақымақ боласың?!-
Деп жұбаттық.
Жұбанды мак көңіл одан,
"Ақылды" боп кетті талай оңбаған.
Сайқал сөздің құдіретін қарашы,
Өзін-өзі алдағанға мәз болар.
Бұл ойыма қарсы келер ұғым көп
-Неге керек жоқты қуып түңілмек?
Қанағаттан асыл ұғым жоқ қой- деп
Бір қайыршы қолын жайды дірілдеп.
Ойланып көр,
Ойланып көр, ақыным,
Қанағаттың қарын тойғызатынын
Мақалдардан білесің ғой ежелгі,
(Дер кезінде айтылмаған сөз өлді)
Ал, көңілді қанағатпен қампитып
Айтшы, кімнің көсегесі көгерді?!
Бұл өмірде мен шеше алмас көп сұрақ
Қаумалап кеп терең жарға тықсырар.
Бір сауалды тесіп іліп мойныма
Батып кетем ой-теңіздің қойнына.
Ой түбінен не табамын сипалап
Маржан ба,
Әлде мағынасыз жұрқа ма?
Қолыма түк ілінбесе қымсынып
Сол жақта өліп кетем бе әлде тұншығып?
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Оның бәрі болашақтың үлесі,
Сыбағамыз сақтаулы тұр тиесі.
Ал әзірше алаңдатқан мені шын
Бір әңгіме айтып берсем көп үшін,
Тыңдаймысың?
Қажетіңе жарай ма,
Айта алмаймын, тек әйтеуір абайла.
Жолдастарым көп-ті менің қысқасы,
Біреуімен көрген емен ұстасып.
Артық сөзге барған жоқпыз көңіл үшін,
(Міне, нағыз сыйластықтың белгісі!)
...Бір күні кеп жолдастарым көп ішті,
-Ең бірінші денсаулық қой- деп ішті.
Еңбегіміз болсын деді жемісті,
Тағы, тағы, тағы, тағы көп ішті.
Батыр болып шыға келді біреуі,
Маған қамқор боп жүруші ед үнемі.
-Аға, сені ренжіткен кім бар?!- деп
Қабырғаны ұрған еді, сынған жоқ.
Сезім сынса сына берсін,
Қабырға
Аман екен, інішегім, дамылда.
Мың бір алғыс айтам- дедім сол үшін
Ақ көңілін пәк күйінде қабылдап.
Сонда-дағы кеуде жақта тымырсып
Бір қарау ой жатып алды ыңырсып.
Жүрекке де ауыр салмақ түсті есе,
"Қайтер еді арақты адам ішпесе,
Шошқа сынды шалшық суда сайрандар
Бір-ақ сәтте айналарын хайуанға
Білмей ме екен?
Осы ойымды қамығып,
Бір ағама айтқан едім шағынып.
-Ақыл айтып қайтем деді саған көп,
Інішегім, көрмепсің-ау таяқ жеп.
Бұл сөзіңді қоя алмасаң көр де тұр,
Талай таяқ жейтініңе мен кепіл.
Адамда да бар ғой талай жауыздар
Құбылаға қаратпай-ақ бауыздар.
Сезім - суық, жүрегі - тас, жан - қатал,
Жүреді олар сол ісінен ләззат ап.
Сен ендеше қапа болған бұл қайғың
Ондайлардың қасында
Сөз етуге де тұрмайды.
...Бұл сөз маған әсер етті қаншалық,
Үндеместен кете бардым томсарып.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Бірте-бірте көңілденіп қайтадан
Айналайын сенен!- дедім
Шайқала
Басып келе жатқан інімді көріп
Жібіп кетті мұз боп қатқан жүрегім.
Содан бері салыстыруды үйрендім,
Қарау ойдан алыс тұруды үйрендім.
Бір қиындық көрген болсам, жасымай,
Өрге өрмелеп көнбістіктің тасы ұдай
Өзімді-өзім қаншама рет жұбаттым:
-Мына күнің айналайын емес пе
Ертең көрер қияметтің қасында!
Таяқ жеуден қорқады екем мен, сірә,
Қанағатшыл пенде болған жөн шығар.
Десем-дағы қалай көнем қамытқа,
Жігіт ем ғой жүрегінде өрті бар?!
Қанағаттың асыл ұғым екенін
Мойындаймын,
Маған сол да жетеді!
Сорым болса маңдайымда үш елі,
Бақытым да бар шығар-ау екі елі.
Мен де ендеше тайталасып өтемін,
Бауырым, саған көлеңкемді түсірмей
Күресемін өз бақытым үшін де.
Сыбағасы керегі жоқ ешкімнің,
Өзімдікін бергім де жоқ, кеш, құрбым...
* * *
Армансыз да біз едік, арманы көп,
Жетелейтін әйтеуір алға жүрек.
Көкіректен көп Арман сусып қашып
Қайран жүрек, қалған ба ол да жүдеп?
Біз жас едік-
Арманмен құрдас едік,
Мұңға сенбей, жүргенбіз жырға сеніп.
Біз есейдік, қап қойды сәби - Арман,
Үміт те жоқ, қалды ма ол да сөніп?
Өкпелеме сен маған, өткен күнім,
Бүр атпаса қайтер ең еккен гүлің?!
Торғай-үміт кеткен-ді тырнағында
Тағдыр атты қатігез бөктергінің.
Өкінбеймін, бос қайғы шекпен бекер,
Көрмегенді көрермін, өткен кетер.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Білесің бе?
Армандай Ақ Жайықтың
Буырқанып тасуы көктемде екен...
Тасып-тасып мен дағы басылғанмын,
Аппақ гүл ем, жусандай жасылдандым.
Жаным сүйіп ұнатқан асыл жанның
Сүйіктісі бола алмай тосылғанмын.
Қош ендеше.
Жары бол жат біреудің,
Шын көңілден өзіңе бақ тілермін.
Жүрер менің жанымда жалғыз ғана
Сенен қалған естелік - тәттілеу мұң.
* * *
Жүрмісің аман, аруым,
Көңілден кетпес көктем ең.
Жанымның жинап даруын
Кеудемде гүл бар көктеген.
Кеудемнің гүлі тым нәзік,
Өзің деп қойдым есімін.
Сыр айттым сосын мұңданып
Таба алмай жүрек шешімін.
Қатал-ау біздің өмір бұл,
Қаталдық еткен өзім бе...
Ұмыт та бәрін көзіңді іл
Шуақтап мендік сезімге.
Айтатын саған сырым көп,
Айта алмай қалсам өкінем.
Айым боп қалшы дірілдеп
Көңілім көлі бетінде.
Жанымды менің білесің,
Сезімге сендік тым ұқсас.
Өзіңнен басқа бір есім
Жүректі сендей жылытпас.
Аяулым, сенен өтінем,
Алыстап кетіп жылатпа.
Мәңгілік осы жеті рең
Қалпыңмен қалшы тұрақтап.
Жанымда мәңгі қал солай,
Жырлаумен сені өтейін.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Білемін сүймей, аңсамай
Өмірдің бекер екенін.
Сүйгенім сені бақытым,
Көкірегімде сазы бар.
Жанымның жырын - жақұтын
Кеудеңе сен де тағып ал.
Қолымнан келмес өшіру,
Шығарам сосын жыр жазып.
Өзің деп қойған есімін
Кеудемнің гүлі тым нәзік.
* * *
Ғашық болмақ, тасып толмақ Құдайдан,
Күреңтөбел күндеріңе үйрендім.
Мені әлі аңсап, мұңлықтайын мұңайған
Сол бір жанды мен де әйтпесе сүйгенмін.
Әр көңілдің айтары бар өзіндік,
"Сондай болсам" деген арман қалмайды еш.
Бір қиялға жұмып жатып көзімді
Айтсам ба екен деп ойлаймын, бармай "қош".
Тәні тәркі жазығы не жанымның,
Өркөкірек болғысы бар ол да аса.
Кірпігімен көк түйреген арудың
Сәл-пәл аяп қарағаны болмаса.
Жұмағамдай жырламадым жиренді,
Маған тиді құла менен торы кіл.
Түсіме де күңгірт күндер кірген-ді -
Өкпелегіш өміріме жорыдым.
Әй, сонда да бұл кеудеде бар-ау күш
Сабырменен қарсы алатын бар сынды.
Өмір, сенің өкпегіңе мың алғыс
Алмастай қып шыңдап берген даусымды.
Ғашық болмақ, тасып толмақ Құдайдан,
Келер тағы құдіреттің ақ құсы.
Бақыт жайлы бас ауыртқан мың ойдан
Бақыттырақ сол сезімнің саф күші.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
* * *
Күнбағыстай Күннің жүзін аңдыған
Сені көрсем шешек аттым - бар кінәм.
Ханға айналдым қарасирақ жарлыдан,
Дүрге айналдым диуанадан қаңғыған,
Қалай шыдап төзе алады жан бұған?!
Сені көрсем сыр ашылып жасырған,
Толқын болдым жағаға кеп бас ұрған.
Бас ұрып ап, бәсі қымбат сезімді
Бермеймін деп қайта қаштым қасыңнан,
Кешіре көр, кешіре көр, асыл жан!
Ақылы ерен, жүзі жарқын, топ алды
Сені көрсем мұңданатын боп алдым.
Құштарлығым іштарлығым емес қой,
Кебін бірақ қалай кием Қодардың?!
Пері қызым, кімге тастап жоғалдың?!
Күнбағыстай Күннің жүзін аңдыған
Сені көрсем шешек аттым - бар күнәм.
Хан қылдың да кете бардың дал қылып
Қайта айналдым диуанаға қаңғыған,
Қалай шыдап-төзе алады жан бұған?!
* * *
Ақылдың кені, болмаса сезімнің күші
Осындай сәтті сағынып езілді ме іші?!
Шу жұтып, уды қылғытып шаршаған жаным
Жанарыңа еніп, келеді көз ілдіргісі.
Осы бір сәтті сағынып, мың ғасыр күтіп,
Ай маңдай абзал арманын шыңға сырғытып,
Мылқаудай мұңға малшынып үндемей келген
Сөйлейді жүрек, ынтыққан ымға тіл бітіп.
Не деймін мұны?! Кеудеден қызбалық кеткен,
Серпілмеспін деп жүруші ем мұңданып көптен.
Сыңғырлап шыққан даусыңды құлағым шалып
Іздедім Жерден жұлдызды түнде ағып кеткен.
Шаттығым, мұңым, бақ күнім сенде кеткенмен
Таңменен бірге шығатын дөңгелеп белден
Күндей боп гүлдеп үмітім атып келеді -
Махаббат па бұл мазасыз, кенжелеп келген?!
Ақылға толы жанарың, сезімге кенсің,
Құрыштан құйған тұп-тұтас төзім де сенсің.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Сарғайып күткен сарылып азабым сен бе,
Ғаламға тартар ғазалым өзің бе екенсің?
* * *
Жұрт жатқа айтар әр жолын, әр мақамын
Соқсам деп емөлеңнің Тәж-Махалын.
Ол - Арман ғой,
Ал мына жалғыз жырым
Сенейін бе, жаныңды боздатарын.
Қара таспен жыр жазған шебер мықты,
Қара сөзбен кім жазған менен мықты?
Тастың өзі бордай боп егілмес пе
Мен көтерген көтермей шемен жүкті.
Толқып шыққан тереңнен бұла жырдан,
Тұмасында сезімнің күй ағылған.
Саған арнап бәрібір мен қазақтың
Сарай салам көгіне қиялымнан...
* * *
Бунақ-бунақ дыбыстарға күй дарып,
Бунақ-бунақ оймен салып миға жүк
Бунақ-бунақ көк түтінді көлбетіп
Бунақ-бунақ жыр жазасың қиналып.
Сосын тағы өмір өтер мың бунақ,
Төбеңнен де бунақ бұлттар сырғиды ақ.
Бунақ-бунақғұмырыңды қалдырып
Бір бунақтан жоқ боласың құлдилап.
Бунақ-бунақ бұтағындай жыңғылдың
Өмір жолы қисық еді, сындырдым.
Көз майымды көрге құйып жасап ем,
Бунағымды қайда әкеттің, құрғыр күн?!
* * *
"Сені мен Мен Біз болар ма екенбіз,
Жемісі мол күз болар ма екенбіз,
Қатар бақта ырғалар ма екенбіз"-
Деген едім, кетіп қалдың.
Бөтенбіз.
Сен бөлексің.
Жақын тұттың біреуді,
Мен де кеттім - ақындықтың пірі өлді.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
"Біздің тойға келесің бе?"- деген үн
Жан-дүниемді тас-талқан қып жіберді.
Сен жоқ енді.
Мүлде бөтен "Біз" қалған,
Жеткен жерің осы ма еді, ізгі арман?!
Жылау үшін елден аулақ еңкілдеп
Тасты құшып, таса іздеймін құздардан.
"Бөрі арығын білдірмес" деп ішімнен,
Көзімді ешкім көрмес үшін ісінген,
Ғұмырымды тырнағыма тапсырып
Шыңға өрмелеп жүрем ылғи түсімде.
ДӘРУІШТІҢ ЖЫРЫ
Мыңды айдаған бай болды деп
Ойламайды мені ешкім.
Патша едім- деп елге әйгілеп
Мен айтқан да емеспін...
Бұраңдаған талдай білек
Арулар да көмескі.
Хақты іздеген талмай жүдеп
Мен - жел тектес - елеспін.
Менде бәрі болған еді
Өткен сонау күндерде.
Рухымның жан-дерегі
Салды осы бір сүрлеуге.
Хаққа апарар жол да әдемі
Азабы ұмыт бір демде,
Қайта қамап торға мені
Қыла көрме шерменде.
Қыдырамын мен әзірге,
Таусылған жоқ жол да әлі.
Көкіректі қанатымен
Жалғыз тілек соғады:
Адастырмас қара түнде
Сенің салған сорабың,
Күндіз-түні тәу етуге
Қуат берсең болады,
О, Аллам!
* * *
Жалған мақтап қайтейін, далам, сені,
Жұлдызы - ерке, қызы - еркін, балаң - сері,
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Махамбеттей мәрттердің мыңы шыққан
Көбебұзар жебелі қорамса едің.
Далам, сенің бағаңды берем қалай?
Мың жұлдыз бен лайық төбеңдегі Ай.
Одан да зор атақты қияр едім
Әттең, соны суреттер өлең жоғы-ай...
Жо-жоқ, сірә бұл ойым болар айып,
Бәлкім, өлең бар шығар оған лайық.
Өз тілінде тырналар айтар оны,
Өз тілінде соны айтып ағар Жайық.
Далам, сенің өрің көп, көп белің көк,
Мен жырлар ем қылмай-ақ көпке міндет.
Көзім әлі көркіңе тойған емес,
Өзім әлі шетіңе жеткенім жоқ...
* * *
Бір жағы - қабақ, бір жағы қайраң жайылған,
Шымырлап ағып, шығаннан басын қайырған.
Айдындай толқып, айтуға күшім жетер ме,
Ақ Жайық, сенің құдіреттілігің жайында ән.
Үндінің Ганга көрінсе қалай көзіне
Мың есе артық көремін содан сені мен.
Ақ Жайық, сенің мың есе артық атағың,
Тектірек тағы мен үшін Нілдің тегінен.
Еліңді шауып, суыңды тұнық лайлаған
Есер казакты қақпақыл қылып ойнаған,
Махамбет сынды марғасқа туған ұлыңды
Хан көтергендей көтеріп, өткел сайлаған
Ақ Жайық, сенің естілігіңе таң қалам,
Ақ Жайық, сенің тектілігіңнен айналам.
Төлеңгіттерге төбеден қарар төредей,
Төредей елге ризық болған телегей.
Балық патшасы - бекіре сені таңдаса
Өзен патшасы кім болад сонда сен емей!
Жайығым менің, жайылып кеткен атағың,
Жағаңда өссе қалайша болмас жоталы ұл!
Жүзімді шайып алайын аппақ айдынға
Арманға тартқан сапарлы болар сапарым...
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
* * *
Шаршаған екем,
Бәрін де қойып, ауылым, мен саған кетем.
Мен саған кетем, талай күн аңсаған мекен.
Аңсаған мекен қалайша қарсы алар екен?!
Қия алмас кім бар?
Түкірдім сенің түріңе, Қуанбас Шыңдар!
Түкірмес едім, түкті де ұға алмапсыңдар,
Ұға алмапсыңдар, боқтыққа буаз бас мұндар.
Қайрылмай кетем.
Ұядан жеріп жоғалған байғыздай бөтен.
Соңымда қалған жалғызым - Ханқыздай көкем
Байғызын еске ап ақ жүзін айғыздай ма екен?
Далама барам.
Дертіме дәру, білмеймін, таба ма далам?
Өлсем де сонда өз елім, анама барам,
Анама барам, ашумен қарама маған...
* * *
Оң жағымда бауырым,
Сол жағымда жүрегім.
Оңға тартсам, ауырып –
Солға тартсам, жүдедім.
Жұмыр басым бүп-бүтін,
Екі бөлек миы іште –
Екі дай ой қып түтін
Бас ішінде түйіскен.
Іренжітпес ешкімді
Тура тартар жол қане?
Байқап көрдім бес күнді –
Жалғыз досым қалмады.
Өкпелейді кей кісі,
Өзім де рас, түңілем.
Жүру оңай деймісің
Ұстараның жүзімен.
Алдан күтіп ауырын
Қорқа берем, бекер ме, ей?
Жүрегім мен бауырым
Сырт айналып кетердей...
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
* * *
Мен түсімде жалаңаяқ қар басып,
Тауда жүрмін тағылармен арбасып.
Тастан ғана мейірімділік күткендей
Жартастарға өрмелеймін жармасып.
Хақ тәңірім сен едің ғой сыйынған,
Сен қайдасың?
Салып мені қиынға
Дәтің шыдап қарайсың ба төменнен
Өз жолыңды өзің тап- деп, бұйырған?
Шыңның басын бұлт басқан қаралы,
Менің жолым - азапты жол, ол анық.
Қанат бітіп, көкке самғап кетпесем
Тек жалғыз жол - қайта құлау қалады...
* * *
Мүмкін...
Бәрі осылай болғаны дұрыс шығар...
Жан емеспін қатігез, қылыш құмар,
Мәңгі жаулап алмаққа ұрыс қылар.
Менің жаным өзіңді сүйеді үнсіз,
Сен де сүй- деп айта алмай тыныш тұрар...
Мүмкін,
Менің жаным азаптан мың қиналып,
Бір тамшы жас жанардан сырғиды анық,
Сосын сорлы жүрекке мұң жиналып
Саған деген көңілдің бар сезімін
Және мені әкетер ылдиға алып...
Мүмкін,
Арамызға періште жүріп елші
Жан сырыма бір күні үңілерсің.
Менсіз көрген қайғыдан түңілерсің.
Асау толқын ағызып баратқанда
Атымды атап, жағамен жүгірерсің...
Мүмкін...
* * *
Жарықты жаным сүйді, кінәсі жоқ.
Бара ма жер өртеніп, ұласып от.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Бүрленген тіл үйіріп бүлдіргенсіз
Тап болдым далаға ащы жуасы көп.
Шыққан соң қайда барсам алдымнан құз
Бекініп, жалқы өмірге қам қылған - біз.
Көптің көп қылығынан безінем деп
Айдала, айналада қалдым жалғыз.
Сен едің ұнатқаным, гүл - аппағым,
Секілді тілдегі сөз, құлақтағы үн.
Жүр едім өмір сүріп, өзімсініп
Үріккен киіктей боп жырақтадың.
Сенбеймін кетті десе сен өзгеріп
Салмақтап арта бердім өлеңге жүк.
Шынымен жеке-жеке кетеміз бе
"Ғашықтар қосылмайды" дегенге еріп.
* * *
Я жить хочу, хочу печали...
М.Ю.Лермонтов.
Кел, кел, Қайғы, көңілі шерлі күйкі Айым,
Кел қасыма, кекіліңнен сипайын.
Жұрттың бәрі сенен безді-ау, мен бірақ
Қарағымды қалай ғана ұмытайын?!
Қара шашты, көзің жасты, шер көңіл,
Қарағымсың, мұңыңды да ерте жүр.
Маңдайыңнан сипамасам мен келіп
Маңайыңнан жүре ала ма ерке кіл?
...Өзге ешкімге ұқсамайтын мәнері
Мен сүйген қыз - қайғысы асқақ жан еді.
Соны көріп бір жаңалық аштым мен -
Қайғылы жан болады екен әдемі.
* * *
Құлазы, көңіл, құлазып
Қамыққан жанға мұң азық.
Дәт бар ма өмір өксігін
Жүрекке қақса сына қып.
Күңірен көңіл, күңірен,
Ізгілік көрмей тіріден.
Құдайға ғана қол созып
Шапағат сұра түнімен.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Жылай бер, сорлы көңілім,
Өтті деп өксіп өмірім.
Ұзақты күнге жыласаң
Жұбатар екен сені кім?
Тумасын ол күн білесің,
Тоқтайды сосын күресің.
Көңілім сонда ызадан
Жындана жаздап... күлесің.
Көзіңнен қараң қашса нұр,
Сөзіңнен сараң қашса жыр
Көңілі көлдей асқақ ұл
Болады солай тасбауыр.
* * *
"Жалған кезіп Жарды іздеумен зарланған
Пақыр едім, көрдім сені.
Бар ма арман?
Таныдың ба, қасиетті қабырғам,
Қалыбымда қалжыраған, шал болған?!
Қамыр болды сақалдан жас құмға аунап.
Қайырлы бол, қара көзде тұнған бақ" -
Жамалы айдай хас сұлудың алдында
Әжім-әжім бір қара шал тұр зарлап.
Қартты бірі ғайбаттайды, бірі аяп
"Бізді ақыры кездестірген Құдай ақ" -
Деп қария қайталайды дұғасын
Ал қыз болса қашып берді қу аяқ.
Ұшты бақыт,
Қартты Құдай қалды атып,
Кетті сұлу бейшараны зарлатып.
Екі қолын созады ол: "Тоқтай тұр,
Сақалыммен мәсің сүртсем - сол бақыт...
Танымадың, көзің тұман мәңгірген.
Жаным, әнім, ажырай ма мәңгі іргем?
Сенен шыққан жалғыз ауыз сөз үшін
Тамұқты да төңкеруге бармын мен."
Шал жылайды өкше ізіне сәжде етіп,
Бұдан асқан бақыт жоқтай өзге түк.
"Бұл өмірде бар болғаның үшін-ақ
Мен Аллаға рахмет айтам, көр де тұр..."
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
* * *
Сен өмірге келмей-ақ қой, сәби мұң,
Дала аңсаған баласындай тар үйдің
Қарап жүрмей бақыт тауып аларсың
Бас қатырған тірлігінен фәнидің.
"Кешір" деме сәулесімен кешкі үннің,
Сенің махаббатыңнан соң ес кірді.
Мен періште емеспін ғой күнәсіз,
Ол да бірақ кінәламас ешкімді.
Мұңға батқан жандай сұлу, қайғылы
Бұған тіпті теңдесе алмас Ай нұры.
Осы сезім Құдай сынды тым жұмбақ,
Құдай сынды - бәрінен де әйгілі.
Жалықтым ба бақыт уын ішуден,
Мұң алдында болады ылғи күшім кем.
Қуанышты тым алысқа ұзатып,
Сүйсем болды "қош" деп тұрам ішімнен.
Ойхой, жалған, кездесеміз біз қашан?!
Жығылған ек өмір атты мұзда сан.
Қай кезде де созуға әзір қол үшін
Сен алақан боласың ғой мұздасам.
Нұрдан аппақ, мың күлтелі жаны - гүл
Жерден бақыт іздемеші, жарығым.
Жерұйықты таба алмаған Асандай
Жерден бақыт таппайсың ғой, бәрібір...
* * *
Өмірім менің, өкси бер,
Өндірдей кетсем өкінбен.
Демімді соңғы естиді ел
Кеудемде қайнап жетілген.
Қаңтардың қарын жылатқан
Бейне бір сәуір самалы -
Саз болып кіріп құлақтан,
Жыр болып көзден тамады.
Тамсын жас, жанар жыласын,
Кезек бер, тілдер, күрмеліп.
Жүректің сыры - шын асыл
Түсінер екен кім келіп?
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Өкпем жоқ менің өмірге,
Кенде емен тіпті досқа да.
Ауылда кірген шөгірге
Қалай ем тапсын астана?!
Шуы көп, сырлы сыбырсыз,
Биі көп, сезім қыбырсыз,
Сергелдең болған тынымсыз,
Есітемісіз үнін сіз?
Қашан да жаным сезімтал,
Болған жоқ көгім Ай-Күнсіз.
Көзімді ал, мейлің, өзімді ал,
Сезімге тиме, қайырымсыз!
Қажетсіз маған сайран бақ,
Тіледім бақыт елге үнсіз.
Жүрегімді менің ойранда,
Тілегіме тиме, мейірімсіз!
Барым да нарым, сірә, осы,
Өмірім қалды қанша ұзақ?
Өтеді жаным күресіп
Жүректен қаны тамшылап.
Бас имес ешбір ханға асау,
Аты - аңыз, желдей жүзі - елес,
Азаптан ғажап бақ жасау
Мен үшін тіпті түк емес.
Ғаламға тыншу бермеген
Ғаламат нұрдың теңізі,
Төгілер кеуде кернеген
Хақтықтың қайсар лебізі.
Қаңтардың қарын жылатқан
Бейне бір сәуір самалы -
Саз болып кіріп құлақтан,
Жыр болып көзден тамады.
Әманда алдан көрінген
Сол арман - мәңгі заңғар көк.
Жүректің түкпір төрінде
Қалады түйір маржан боп.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
* * *
Аңқам кеуіп шөлдей берем,
Шөлдей берем мен неге?
Шөлім, сірә, басылмайды
Өзің келіп емдемей.
Қара жердің қан тамырын
Кернеп шыққан қара су
Баса алмады ішімдегі
Ғашықтықтың жарасын.
Көзім құрғақ болғанымен
Кеудем жатыр өртеніп
Қанатыңмен су сепсеңші
Сол өртіме сен келіп.
Бар сырымды саған ғана
Айтып жүрмін ...тек үнсіз,
Сен жоқ жерде бәрі маған
Бәрі маған көңілсіз.
Шөлдеп жүрмін ауызыңнан
Шығар сөзге бір ғана
Одан өзге бұл әлемнің
Еш арызын тыңдаман!
* * *
Саған құймас еш арнамен ақпаймын,
Жақындыққа жетпей жүрген жаттаймын.
Бар құпиям саған ғана арналған
Айтары көп, тыңдары жоқ хаттаймын.
Тонауына ұшыраған дауылдың
Талшыбықтай мейіріміңді сағындым.
Қалқам, саған көкжиектен көз тігіп
Жете алмастан мөлдіреген сағыммын.
Көкірегінде көктем болса талмақ кім,
Сан арманды қызғалдақтай қаулаттың.
Мен дегенің бар әлемді шарлап кеп
Саған жетіп жығылатын қаңбақпын.
Күшіменен бір керемет сыйқырдың
Түн ішінде төрт бөлемін ұйқыңды.
Мен таңдаған соқпақ жолдың барлығы
Саған ғана апарам деп ұмтылды.
Кемпірқосақ бояуындай мың түрлі
Жаның көркем, күлкің сондай сүйкімді.
Мендегі бар армандардың арманы
Саған ғана арналғандай біртүрлі...
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
* * *
Жүрегіңді жұбатпайды өлең еш,
Бұл не деген тастан да ауыр керең ес?
Өз көріңді өзің қазып күні-түн
Ақын бол деп саған айтқан мен емес.
Өмірдің көп бұралаңы, бұлтағы
Тасбақа да нәпақасын жүр тауып.
Өзі білмей, білген тілін алмаған
Адам бол деп айтқаным жоқ мен тағы.
Өкпек желдің аман өткен жүзінен
Бір жапырақ самалға да үзілер.
Қанға тоймас қызыл итсің сен нағыз,
Айырмасы - өз сүйегің мүжіген.
Солай, солай - бұл өмірдің шындығы,
Қабырғаңа батқанменен жыр жүгі
Бір тойдым-ау деп шалқалап жатарсың
Жүрегіңді жұтып қойып бір күні.
ДИАЛОГ
- Өлең деген немене?!
Сайқал сөздің сұлуы,
Сезімді арбап тұратын бар жалғандау жылуы.
Сезімнің де оп-оңай сап боп сәтте тынуы,
Төзімнің де оп-оңай шыныдай шырт сынуы.
Мәңгілік жоқ ештеңе.
Бүгін бар да, ертең жоқ
Жалғандықты ту етіп -Өлең!- дейміз көркемдеп.
- Жырға сенбес сенбісің?!
Неткен жансың көркеуде!
Мың шайтан мен Ібіліс тұрған шығар желкеңде...
- Ойхой, бауырым, қоя тұр.
Ренжітер жоқ ойым.
Көзім жетіп тұрған соң шындықты айтпай не дейін?!
Әсем әуен, өлең көп, жәннат өмір қайда әлгі,
Оқыдым да тек қана қара майдай қайғы алдым.
Түңілгенің демегін, үңілгенім бұл, сірә,
Сансыз ойдың ішінде қансыз ойдан тұншығам.
Жақсы өмірді мен дағы арман етпес деп пе едің,
Үмітіне үзілген жалғау етпес деп пе едің?
- Сенің хәлің, әй, досым, маған мәлім болды енді,
Алып таста басыңды, шешіп таста жейдеңді.
Бір ит қапты-ау балақтан,
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Неге керек мұң құшу –
Кеттік, қане!
Бәрін де ұмыттырар жынды су!..
- Көп нәрсені біліпсің, ақынжанды жансың-ау,
Ойыңа түй бірақ та.
Керек кейде қансырау.
Өзіңді өзің жұбатып алған жақсы, алайда,
Ем қонбайтын жараңның болғаны дұрыс, соны ойла.
Қайғырамын мен тағы.
Өзім көрмей сенер ме ем:
"Нағыз өмір ешқашан жазылмайды өлеңмен"
Деген еді біреу кеп.
Сынамақ ем сол ойды
"Сөзі - батыл, өзі - әлсіз" болып шықтың, жарайды.
-Кешір мені, досым-ау,
Шын сырыңды кім білген.
Ғұмыр бойы сені емес, өзімді алдап жүрмін мен.
Халқым сәби секілді, тәтті берсем жұбанар,
Тәтті сөзбен алдадым, таппай басқа бір амал.
Сатқынға да сары алтын сыйлап берер пейілі бар,
Жаман халық емес-ті, қызықшылдау, тойқұмар,
Қиялшылдау әуелден, жерік болған жыр-әнге
Тауып берсем халқымның қалағанын - кінәм не?
- Ей, бауырым, соншалық ессіз болмақ нетер-ді,
Тәттіқұмар сәбидің тісін құрт жеп кетер-ді.
Сәби дейсің халқыңды, бала өсіріп көрмепсің,
Ниет жақсы-ау, нәтижең оң дегенге сенбеспін.
Сұрары көп сәбидің, бәрі қажет болмас тек,
Құмарлықтың барлығы пайда бермес жанға әсте.
Бір әңгіме айтайын, ертегі емес, болған жай,
Сен секілді көңілшек әке бопты сормаңдай.
Жалғыз ұлы тым ерке, жүрген кезі қаз тұрып,
Ойбай салды, көрді де:
-Алып бер,-деп қайшыны.
Аяр не бар жалғыздан, "Ай" десе де тартынбас,
Саған керек қайшы ма, ала қой да мауқың бас.
Бітті біздің әңгіме, күрт үзілген қысқа жіп,
Ойын түбі - сәбидің қос жанары түсті ағып.
Кейінірек сол сорлы жылайды екен күні-түн,
"Әкешім-ай, қайткенің, мен едім ғой үмітің.
Тыңдамасаң сол күні жылар ем ғой бір-ақ күн,
Енді міне, сен мені өмір бойы жылаттың!"
Ақымақтық сабағы ащы келер осылай,
Жаманатқа қимайтын аяулым ең, досым-ай.
Ақиқатты айтпасаң сөйлеме, тіл, күрметіл.
Сенің таза пейілің
"Достығындай аюдың" боп жүрмесе кім кепіл?!
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
- Сөзің ащы, досым-ай, тіліп өтер өзекті,
Шамданбаймын мен бірақ, ашу да жоқ өрекпір.
Көптен күттім осындай жан айқайын ерек бір,
Нағыз шындық дәл солай ащы болса керек-ті.
Айналайын, рахмет!
Кешір мені, ғафу ет,
Өмір кешу ақырет, жақыны аз да, жаты көп.
Әлсіздігін қасқырқың, аңқаулығын түлкінің,
Көз жасының жатқанын тереңінде күлкінің
Сен түсіндің түсінсең.
Ұға алады басқа кім?
Көрінеміз кей көзге көтерген боп шашбауын
Атақтар мен даңқтың.
Солай ма еді расы?!
Жауап берер жан тап та, іздеп барып сұрашы…
Ең дұрысы ешкімді керегі жоқ қаралап,
Сен айтқансың: Жауапсыз сұрақтар да керек-ақ.
Жақсыға да жаманға кенде болмас жер беті,
Ауырсынбай бәрін де, Уа, Жер беті, тербетіл.
Өзің айтшы, адамдар, болушы ма ед Көксіз Жер?
* * *
Өмір емес бұл әлі. Соған қадам – эскиздер…
КҮЗГІ “КӨБЕЛЕК”
Секілді мұңға батқан ақылды қыз
Күз келді. Біреулерге ақырғы күз.
Менің де соңғым болсаң өкінбес ем
Апарсаң болашаққа хатымды, Күз.
Тағы да күндер келді көлеңкесіз,
Көңілсіз кең жайлаудың өлең төсі.
Билеген жер-жаһанды Патша-Құдай
Тарихқа бұ күзді де жөнелтесіз.
Күз келді. Әлі де анық жүз келері,
Көзіне көкіректің мұң келеді.
Аңсаумен күтіп ем ғой бірдеңені
Тапты ма байғұс көңіл іздегенін.
Ақынның сырына жұрт үңілген бе,
Шыдайды, не көрмеген біздің кеуде.
Бұл күздің сары қанат “көбелегі”
Ұшады жалғыз рет – үзілгенде.
Күз келді, біреулердің соңғы күзі,
Жылуы аз, өзге күннен кем қызығы.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Көңілге көктем салған естеліктің
Жарар ед тапталмаса ендігі ізі…
ЖАПЫРАҚҚА ТІЛЕК
Жапырағым, тоңдың-ау, не істей алам мен бірақ,
Базарынан айрылып, боздап жылап қалды бақ.
Жарқын жаздың қым-қуыт қызығынан қалжырап
Күздің суық төсіне бауыр басып, қал құлап…
Өз дегенін жасаса бұ Тәңірде бар ма айып,
Неге сонша мүжілдің, жапырағым, сарғайып?
Қара ормандай қайғысы, қайыршыдай қал-жайы,
Ақынмын мен, ешкімнен көмек күтпес қол жайып…
Нәзік жүрек пендемін, жанды көрсем жылаған
Кеуде тұсым шаншып бір, жұбата алсам қуанам.
Жапырағым, қалтылдап қара жерге құлаған
Көп қайғырма, шүкір ет, терек аман, дің аман…
Сенде арман жоқ, жапырақ, желбіредің көк тіреп,
Жылы шуақ, майда леп маңдайыңнан өпті көп.
Бүгін міне, күз келіп, құлдырар кез жетті ме,-
Соңғы сөзге лайық арызыңды айт тектірек:
Ақындардың рухы құламасын!- деп тіле…
* * *
Қарашаның қап-қара суығы ма тоңдырған,
Басы кеткен салбырап – қойторыдай болдырған.
Бір жапырақ байғұсқа салмақ бітті мүмкін бір?!
Кім түсінген, әйтеуір, аспанда бұлт, күн күңгірт.
Терегім-ау, терегім!
Көз алдымда өспеп пе ең,
Думан күнің қайда еді ерте келіп, кеш кеткен?!
Жадыраған жанары – «көктем» деуші ед сол күнді
Есіңде ме көк аспан көк бұлттары жөңкулі?
Бұтағыңа қонақтап әнші құстар бармақтай
Ғашық жырын шертетін көктемге арнап жұмбақтай…
Уа, құдірет, құдірет!
Ғашық болу ғажап бір
Гүл өскендей ырғалып түнегінде тозақтың.
Ақ пен қара алмасқан сұрқай күндер ішінде
Махаббаттың шарпуы шұғыласын түсірген!
Сұп-сұр болып ырсиған қолдарындай кемпірдің
Тамырыңа қан жүріп, бұтағыңа өң кірді.
Сен көктемге ғашық ең,
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Ғашық едің керемет,
Ғашықтығың соншалық – тіл байланды, не керек?!
Көздің жасы секілді ытқып шықты жасыл бүр,
Сол жасыл бүр бір күні жапырақ боп ашылды.
Мың жапырақ – мың жүрек!
Еріндері үлбіреп
Самал желін көктемнің есі қалмай сүйді көп.
Әттең, дүние, өткінші, ештеңе жоқ тұрақты,
Көктем кетіп қарамай, терегімді жылатты.
Көктем қайтсін теректі, жүрген жері жасыл бүр,
Ғашық қылып талайды мойындамай қашып жүр.
Сұлулардың серті сол – сүйдірсе де кінәсіз,
Жүрегіңді жалын ғып күйдірсе де кінәсіз.
Мамыр-маусым артынан жадыраған жаз өтіп,
Сен жайқалдың, жапырақ, айналаңды мәз етіп.
Ғашық болу – ол да бір өмір сүру әдісі,
Өз-өзіңмен бол бірақ, махаббаттың бағы үшін.
Сүйдіргені үшін-ақ мың алғыс айт Аллаға,
Жоғалтасың сезімді салар болсаң саудаға!
…Қарашаның қап-қара суығы ма тоңдырған
Салбырайды жапырақ – қойторыдай болдырған…
ҚОҢЫР ТЕРЕК
«Жалғыз қайыңның» ізімен
Мейірімге біз дағы шөліркеп ек,
Сен де шөлдеп тұрмысың, қоңыр терек?!
Жалғыз тұрып жапанда мұңаясың,
Көрінбесең көзіне кім аясын?
Төбеңде құр қалбаңдап ұшқан қарға,
Тамырыңды қуалап тышқан қазған…
Мейірімге біз дағы шөліркеп ек,
Сенен тәуір екенбіз, қоңыр терек!
Өзегімді өртейді мына қайғы,
Қоңыр терек, мен сені шын аяймын.
Хәліңді кеп ешкім де сұрамайды,
Құлар болсаң жан жоқтап жыламайды.
Үйіп-төккен басыңа теперішін,
Тағдырыңды мойындап кетемісің?!
Бұтағыңа қонған құс бақыт сынды
Құлаған күні-ақ басыңнан кетер ұшып.
Тоғайыңмен қосылып салмай бір ән,
Жалғыз өтер боп еді қандай күнәң?!
Жарлының да болмай ма жалғыз аты,
Жапырағыңды тегі жоқ желге ұзатып,
Айдалада дауылдан қалбаң қағып
Сонша нені, қоңырым, армандадың?!
Тұл бойыңа жиған боп батылдықты
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Тұрсың ба әлде айтсын деп «дәтің мықты».
Жалғыздарды ит-құс та қаузамай ма,
Бір басыңа от сүңгі – найзағай да
Қанша соқты сойылын! Жараң әлі
Жазылған жоқ, қанды ірің ағады әні.
Даралықты өзінен басқа жанға
Қимайтұғын Құдайым жазалады.
Талайларды тағдырдың қыл бұрауы
Буындырған. Сені де сындырады.
Қоңыр терек, десем де сені аяйын,
Тоғайыңдай қалайша бола алайын.
Артық қылам дегенде тыртық қылып
«Аю достық» жасайды көп ағайын.
Бірақ, бірақ мен сені шын аядым.
Жыңғыл да жоқ сырласар қыл аяғы.
Жалғыздардың бұл болса көрген күні
Нағыз «байғұс» екен деп мұңаямын.
Басыңды иіп дауылға келген беттеп,
Жапан дүзде жетесіз желге ермек боп,
Неге кеттің тобыңнан, тоғайыңнан –
Тірейтұғын арқаңды ағайыннан?!
Неге безді отаның – орманыңнан,
Сүйейтұғын қолтықтан қорғаныңнан?!
Момындығың басым ғой, момындығың,
Кімге жақпай қалдың сен, қоңыр күнім?!
Байқалмайды ел сүймес еркелігің,
Неге ендеше сүрмексің келте ғұмыр?!
Таяздықтан, терексің, бойың азат,
Мақтаншақтық әуелден бойыңа жат.
Жалт-жұлт еткен көркің жоқ, қоп-қоңырсың,
Неге ендеше жел өті – бетте тұрсың?!
Атағымды әлемге шығарам деп,
Әлде сені мақтаншақ бір адам кеп
Ажыратып туғаннан – ағайыннан
Шыбығыңда суырып тоғайыңнан
Жапанға әкеп тікті ме естелік қып,
Елге айтты ма сол ісін бөспелік қып.
Іні қалып, алыста аға қалып,
«Пәленшенің ағашы» боп атанып
Атағыңды асырап біреу үшін
Қоңыр байғұс, бір өмір сүремісің?!
Жел өтінде талықсып, талмаусырап
Бұл тұрысың – сол тұрыс болды-ау, сірә!
«Тәйт!»- деді қоңыр терек шашын сілкіп,
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Жел дағы ызыңдауын басылды іркіп.
Шоқ-шоқ боп боз жусандар аңтарылды
Жантақ та көзін тікті жасыл кірпік.
«Айналайын, сабыр ет, аяғышым!
Қорлығымды келіп пе ең санау үшін?!
Атақ үшін бой өссе, тамыр өспес,
Бұл тұрысым – туған жер – далам үшін!
Рас, менің көзімде тұнады азап,
Мүсіркеме, батады мына мазақ!
Талшыбықтай талдырмаш кезеңімде,
Қырға әкеліп қадаған Бір Азамат!
Бір әулеттің Азамат қорғаны еді,
Тоғай ету ауылын арманы еді.
Келер ме еді арманға жетер де күн,
Соғыс, соғыс…
Бағым сор екен менің!
Аттанғанда майданға Азаматым
Тамырыма тапсырды аманатын.
Ағайынға тапсырды кәрі әкесін,
Көк төбетке тапсырды көне қосын…
Содан бері қанша жыл өтті зулап,
Замана жел, арманды кеттің ұрлап.
Қыр басынан жай тапты сол қара шал,
Көк төбет пен көне қос бопты жұмбақ.
Жоғалды бір шаңырақ – мен куәмін,
Соғыс бітті, тарқады шер тұманы.
«Азаматтың ағашы» атандырып
Ел-аймаққа есімім болды мәлім.
Ер өлсе де ел қалса тез жетілер,
Жомарт еді сол жылдар жер беті де.
Мұқтаж болып көрмеппін мейірімге
Тоюшы едім ауылдың пейіліне.
Тірі жанға тигізбей, малдан қорып,
Жас-кәрісі жүруші ед қорған болып.
Ұя салып, құс терсе өмір сыйын,
Ұнаушы еді дәл осы қоңыр күйім.
Жалғыз қалып көрмедім.
Елмен бірге
Жапырағыма жан бердім, тербелдім де.
Бір тұрғыны секілді осы ауылдың
Ерке қыздың бой жетіп,
Асау ұлдың
Атанғанын азамат, бәрін, бәрін
Келмеуші еді көзімнен таса қылғым.
…Қайран күндер! Сол қызық ерте кетті,
Жалғыздық кеп жанымды желкен етті.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Соғыс сындыра алмаған ауыл еді,
Нарық деген нақұрыс желкелетті!
Жастар көшті жиналып қала жаққа,
Құр томпайып қарттар ғой ана жатқан.
Өңшең мылқау құлпытас арасында
Қап-қара боп көрінер маған ақ таң!
Аяқты адам шерімнен білер нені?
Бұтағым мен тамырым білемденіп
Жалғыздықтан жан шошып,
Тоғайыма
Кетем деп ем, тамырым жібермеді
Содан бері тірліктің сұрқы қашып,
Жалғыздық пен жабығу бір тұтасып,
Көшкен жұртта, жылаған жел өтінде
Мен – ауылдың жаны бар құлпытасы.
Күлбілтелеп қайтейін, күмәнді етіп,
Біз – қираған кемеміз, лаң жетіп.
Азамат пен ауылдың аруағына
Жөнеле бер, жолаушым, дұғаңды оқып.»
АДАСҚАН ҰЛДЫҢ ОРАЛУЫ
Жым-жырт түнде жолға жалғыз түсіп ем,
Сауға мас боп, масқа сау боп көрініп.
Бір нұр көріп жүрегімнің ішінен
Дүниеәуи қызықтардан безініп.
Кетіп едім. Өткен елес қалды әрең.
Әлдеқайдан құйылады кеудеме үн.
Мен Құдайды көкте ғой деп ойлап ем,
Жүрегімде жүр екен-ау Ол менің.
Адаспаймын. Жүріп келем бетке алып,
Құдайымның жыр оқыған күбірін.
Әр сөзінен көр көзіме от дарып
Ерінімде қайталанды үзік үн.
Үнсіздіктің дауысынан күй естіп,
Үзік үнім өрлі әуенге айналды.
Мұң мен Зарға майдан аштым күрес қып,
Топырағын көкке ұшырдым жалғанның.
Сенен басқа сүйгенім жоқ, жан – куә,
Жеңдім барлық қорқынышын қатердің.
О, Құдайым, келіп тұрмын алдыңа-
Не жазасың?! Маңдайымды әкелдім…
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
* * *
Құрғақшылық теңізінде малтып ем,
Су тамызбас тағдырыма өкпелеп.
Көкірегімнің мамыражай қалпымен
Жалғандықпен майдандастым жекпе-жек.
Бал арадай жинап едім гүлден нәр,
Кімге берем деген ой кеп қаужайды.
Өзіне өзі құл боп күйреп жүрген бар-
Олар біздің қайдан ұқсын хәл-жайды.
Зеңгібаба бүйрегіндей сан бөлек
Бүйрегім бар, кімге бұрам, белгісіз.
Жарық жаққа ұмтылғанға бар көмек,
Жалғызбын- деп айтпаңызшы енді Сіз.
Армандардың қашаннан да жолы ұзақ,
Анау жұлдыз сәулесіндей сапарлы.
Сезімімнің қылын таққан қобыз ап
Жырлап берем бей-жай қылып жаһанды.
Сізге арналған жалғыз сәттік әуен бар
Өзегінде менің Ғұмыр-Күйімнің.
Сізден емес, тағдырымнан көрем бар
Бал мен уын қатар берген сүюдің.
* * *
Жаным сүйген қалқам-ай,
Ауыр болды соқпағым.
Бар кезіңде байқамай,
Жоқ кезіңде жоқтадым.
Арман болып жоғалсаң
Жүрем қалай сездірмей.
Аяғыма оралсаң
Кетем бірақ көзге ілмей…
ТӨЛЕГЕННІҢ СОҢҒЫ СӨЗІ
Алты қаз-ау, айналдың төбемнен құр,
Жібегімнің ай жүзін көрер ме ем бір?!
Құлағыма бір дауыс келгендей ме –
Қотан жыраудың зары – көнерген жыр.
Ақ батасын алмап ем сорлы әкемнің,
Үміт емес, мен сірә сор көтердім.
Қош аман бол, алты қаз, ақ боз жорға,
Қособадан қайырусыз мен кетермін.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Не таптым мінезімнен балпаң-батыр,
Құдай-ай, қойғаның ба жаутаңдатып?!
Шалқамнан шалжиып бір жатар ма едім,
Жебесі Бекежанның арқамда тұр…
Тірлікте самғадың не, зауладың не,
Бұл көрге би де кірген, хан да кірген.
Тек әттең,
Беу, Бекежан, өзің емес,
Дұшпаным басымды алса арманым не!
* * *
Тигендей қырау ақ қарды жамылып қап қыр,
Аяз ата әлі биліктің жалын ұстап тұр.
Алматыдан кеп, арсаңдап құшағыңа ендім,
Ақ боран, сені тым қатты сағынып қаппын.
Ақпанның желі бетімнен қарып өткенге
Өкпелемеймін, дертіме дару көп сенде.
Ирелең қағып аулыма жеткізді мені
Үшкіл күректі трактор жарып өткен жол.
Көз сүрінетін кесел жоқ, үңіліп қара,
Маңғазсып жатқан бұл дала – бір ұлық дала.
Аңшыдан қашқан қоянның көжегіндей боп
Ауылым жатыр бір белде бұйығып қана.
Жылтырап тұрса әуеде бүркіген қылау,
Сақалынан сүңгі салбырап, мұртынан қырау
«Бұл кім?»- деп «өзі» әкеме жол қарап тұрған
Енесін көрген қозыдай ұмтылармын-ау…
* * *
Булығып тұрып, ғаламат үн қатпақ шығар,
Ақпанның таңы бір сырды жұмбақтап тұрар.
Таң атпай шылым соратын кәрі солдаттай
Біздің ауылдың түтіні будақтап шығар.
Жиналмаса да тоң-қардың етегі тегі
«Көктем келер» деп ел көңілі көтеріңкі еді.
Көктемге жүкті осынау табиғат сынды
Жеңешем де осы көктемнен бөпе күтеді.
Көкірегінде бар жанның арман көктеген,
Бақытты мен де қарсы алам алдан беттеген.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Өксіткен талай өмірді осындай кезде
Айтқым келмей кетеді жалған деп те мен…
* * *
Ойыма сенен басқа келмес өзге,
Жалғанда жаным сүйген жақыным – сен.
Сыртымнан ғайбаттаған сенбе сөзге
Жақсының қашан-дағы аты кіршең.
Сен деген жүрегімде жоқ кінәлау,
«Түсінбей» кетсең-дағы өкпелемен.
Көзіңнен от алдым да жақтым алау,
Сәулесін айсыз түнде төккен ерен.
Көзіңнен тамызып ап алау жақтым,
Өзіме мәлім енді адаспасым.
Түн қашып, келеді әне, талаурап күн,
Мен сені оятамын таң атқасын.
«Жанымның бұздың ғой»- деп тыныштығын
Өкпелеп жүрме, жаным, жамандарша,
Күндей боп күліп тұрсаң- дұрыс, күнім,
Әйтпесе, амал қанша?!
* * *
Айта алмаймын,
Мен сені іздедім бе?
Жүрегімді қайтейін жүз бөлінген.
Сенің бейнең жаныма жылы тиген
Жабығыңқы күндердің тізбегінде.
Содан кейін,
Көңіліме терең еніп,
Таңдайыма тәттілеу өлең еріп,
Қолбасыдай кеудеме еркін кірдің
Ең мықты арманымды егеленіп.
Қақпай кіріп келсең де есігімді
Төрлет,
Саған бәрі де кешірімді,
Жан адамнан жасырған үмітіме
Лайық деп қойдым сенің есіміңді…
* * *
Түйсінгенім, түйгенім – бәрі бекер,
Өкпелеткен досым-ау, жаныма кел.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Артта қалған аз күнді ойыма алсам
Өкінішім жанымды қарып өтер.
Жаным сүйген жарығым, кешіре гөр,
Ауыр тисе ағаңның шешімі егер.
Түсінбеймін – ана боп айналмаса
Бізге мекен болады несіне Жер?!
Кешір, кешір. Қайтемін, тәубамдамын,
Тіршілік түйесінен ауған бағым.
Жаратқан, бергеніңе мың шүкір- деп,
Жіберген нәпақасын қаужаңдадым.
«Ұлтым- деп ұрандасам»- деген көңіл
Өзімшіл мақтаншақтың керең желі
Екенін ұққаннан соң сонау көктен
Жердегі ит тірлікке төмендедім.
…Ей, досым, кейде көңіл құлазыған,
Құтылмай ит тірліктің тұзағынан.
Сол кезде туған шумақ жылауықтау,
Неге деп кінә қойма сірә, бұған…
* * *
Қымбаттым- деп ем, күн батты,
Тас түнек болды айнала.
Келші- деп, бері- үн қаттым,
Қолымды созып жай ғана.
Қолымды созып, соқырдай
Қарманып жүр ем жан-жақты,
Періште көздің отындай
Әлдекім келіп шам жақты.
Тым әлсіз сәуле күмәнсіз
Мұнарсыз қылды маңайды.
«Аңсарым тек сіз шығарсыз»
Деймін де Көкке қараймын.
Сен, сен ғой менің күткенім,
Сан ғасыр күнін тауысып.
Сарғайып солып бітті өңім,
Қарлықты қоңыр дауысым.
Жауын мен дауыл не түрлі,
Көрерміз өмір көшінде.
Сен өзің жаққан отыңды
Су құйып қайта өшірме.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Жақыным бар ма дәл сендей,
Жатбауыр болған жалғанда.
Ең асыл, қымбат нәрсемдей
Сақтасам деген арман бар.
Тәңірім маған берсе ерік,
Жұбатса деп ем өлеңім,
Жанарсыз жандай теңселіп
Қолымды созып келемін…
* * *
Сезген соң енді ешқашан көрмесімді
Сол бір сәт, сол бір мекен көзге сіңді
Жүректі бір қуантып, бір мұңайтып,
Мен бұрын естімеген өзгеше үнді
Саз толды, құлаққа емес, көкірекке,
Жастықтың бас бұзатын оты кеткен.
Ескі дос – қыз бен қызық, думан-тойдың
«Жоғал!»- деп айтып едім бетіне өктем.
Жас дәурен – кем күн қызық – көңілге азық,
Көзге жас шақырады сағымданып.
Елемей, кетемін деп мың бекіндім
Қайсарлық рухқа толы өмір жазып.
Кім білсін, не күтеді алдан мені,
Әйтеуір бір мақсаттың солмады өңі.
Ол мақсат – түнде тыныш жатқызбаған
Рухым мойындатқан Арман еді.
* * *
Тереңнен жеткен үн ғой деп,
Жүрекке сені сақтағам.
Тәкаппар басып жүр мейлі
Алыстап кетсек, жат болам.
Мен сені жан деп ойлағам,
Аты ғана емес, жаны асыл.
Шын сүйгеніңнен айрылып,
Қалайша шыдап жатасың?
Жаныма тыншу бермеген
Қылығы күйік қалқамсың.
Азапты бүгін мен көрер
Өзің де бір күн тартарсың.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
* * *
Сенен асқан сұлу жоқ мүмкін, білем.
Ақ жүзіңе жарасқан сүйкімді мең.
Сол меңіңнен дірілдеп өбіп тұрып
Бұзсам бұзып кетейін ұйқыңды мен.
Жымиысың жарасқан сүйір иек,
Мен тимей, жел тиген соң күйігі көп.
Иегіңнің астынан иіскесем
Соғысынан жаңылар жиі жүрек.
Бала бұлақ шашыңа бұйра қоңыр
Дидарын жуғысы кеп тұр ма көңіл?
Мен сенің азабыңа бейіл бердім
Қырандай, басатұғын шыңда демін.
Әлемде кездеспейтін көзің дара,
Ем қонбайтын дертіме өзің дауа.
Мәжнүндердің ажалы Ләйлә дейді,
Ажалым болсаң болшы өзің ғана.
* * *
«Темекім де азайды – көздің майы секілді»
Әмірхан.
Мені артына тастап кетті қанша күн,
Күйбең тірлік – қоштаспаппын бірімен.
Келер күнге қарай-қарай шаршадым,
Енді міне, өткеніме үңілем.
Өкінішті – қайта келмес өткен күн,
Әр күніңе тағдырыңды бересің.
Жанға терең із қалдырған көктемнің
Орнын баса алар ма екен келесі…
Әрбір қадам жақындатар ажалға,
Әр ғұмырды күтіп жатыр терең көр.
Өзің берген аманатты аларда
О, Құдайым, өлмейтұғын өлең бер!
ДОС ІЗДЕЙМІН
Бұл дүниеде түк те жоқ қайғырарлық,
Қуанышты іздеу де жәй құмарлық.
Екі дүние – қас-қағым сапарыңда
Жаныңа жақын жолдас тап жайды ұғарлық.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Ашу, ыза, кек пен мұң – бекер бәрі,
Ол пенденің тамұққа кетер жағы.
Адалдықтан жаралған достығыңыз –
Ажалға да тойтарыс етер дәрі.
Баяны жоқ дүние қас-қағымдай,
Қас-қағымда қалқып өт аспаныңда.
Өкінбеуің үшін де өтеріңде
Мағыналы өткізгін жас шағыңды.
Қызық қуған бүгінгі бос жүрісің
Өтіп жатыр ертеңгі өксік үшін.
Өзіңе өзің есеп бер Ар алдында:
Не жасадың, не қылдың достық үшін?!
ӨМІР
Мың жыл аққан бұлақтар бар,
Әлі ағады таусылмай –
Кетпей жүрген құлақтардан
Жоқ іздеген даусымдай.
Жел жүйткиді оңнан солға,
Барар жері баянсыз.
Өмірге ұқсас алдамшы ол да,
Ойға түйіп аларсыз.
Көктен қанша жұлдыз ақты –
Азаймайды ол ғажап.
Ғұмырымды желге ұзаттым,
Орны толмас сол ғана…
Көкжиектен Күн батады,
Шығу үшін қайтадан.
Шындығымды шыңға тағып
Қайдан бәрін айта алам?!
ҚАРА ӨЛЕҢНЕН ҚАЛДЫҚ
Ауылымның шығыс беті қызыл таспа,
Не келіп, не кетпеген біздің басқа.
Еске алып, күніне бір ойламасаң
Қалқажан, үмітімді үзіп таста.
* * *
Отанның бір атауы – жусан деймін,
Жүзімді таңғы шықпен жусам деймін.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Кешегі қызық дәурен, өткен күндер
Қос атпен жеткізбейді қусаң деймін.
* * *
Бозарып таң атқанда, күн қызарып,
Қолыма, ат іздедім, шылбыр алып.
Қара шаш ақ төсекте тарамдалып
Қалқажан жатыр ма екен мың бұралып.
* * *
Астыма мінген атым торы деймін,
Жігіттің жүрсе шығар жолы деймін.
Жасында күйіп-жанып сүйе алмаған
Сол байғұс жан біткеннің қоры деймін.
* * *
Астыма мінген атым дөненшығар,
Құдайым ер жігітті неден сынар.
Сені ару, мені жігіт жаратқанда
Қосылып бүтін болсын деген шығар…
* * *
Жамандар ойлар күнім өтпейді деп,
Басымнан бақыт құсы кетпейді деп.
Бір күні әлдеқалай іс түскенде
Қалады-ау ине жұтқан иттей жүдеп.
* * *
Сұрасаң мекенімді – Қырыққұдық,
Ішімнен өлер болдым тынып-тынып.
Қалқажан, қинай берме біліп тұрып,
Дертімді жіберсеңші ұмыттырып.
* * *
Сұрасаң аулым аты – Жаманқұдық,
Сол жерде өтіп еді-ау тәмам қызық.
Қызықтан, шыжықтан да кеттім бүгін
Жел қуған қаңбақтай боп қарамды үзіп…
ТЕҢЕУ
Өмір мынау зырлаған
Экспресс секілді,
Кондуктор қыз “көрсет,- деп,
Билетіңді”- жекірді.
Жүргізуші ашулы,
Аялдама толы адам,
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Оларда да қан-сөл жоқ,
Жаралғандай қоладан.
Барар жерім алыс-ты,
Билет қымбат, жол ұзақ,
Ауып келген кірме едім,
Жаратпайды, көбі жат.
Осындайың бар ма еді,
Көзбен атқан әй, ит өмір,
Қайдан міндім құрғырға,
Түсіп қалсам қайтеді…
ЖАПЫРАҚҚА ТІЛЕК
Жапырағым, тоңдың-ау, не істей алам мен бірақ,
Базарынан айрылып, боздап жылап қалды бақ.
Жарқын жаздың қым-қуыт қызығынан қалжырап
Күздің суық төсіне бауыр басып, қал құлап…
Өз дегенін жасаса бұ Тәңірде бар ма айып,
Неге сонша мүжілдің, жапырағым, сарғайып?
Қара ормандай қайғысы, қайыршыдай қал-жайы,
Ақынмын мен, ешкімнен көмек күтпес қол жайып…
Нәзік жүрек пендемін, жанды көрсем жылаған
Кеуде тұсым шаншып бір, жұбата алсам қуанам.
Жапырағым, қалтылдап қара жерге құлаған
Көп қайғырма, шүкір ет, терек аман, дің аман…
Сенде арман жоқ, жапырақ, желбіредің көк тіреп,
Жылы шуақ, майда леп маңдайыңнан өпті көп.
Бүгін міне, күз келіп, құлдырар кез жетті ме,-
Соңғы сөзге лайық арызыңды айт тектірек:
Ақындардың рухы құламасын!- деп тіле…
БАРМАҒЫ БАР ЖЫР
Жазам деп сан оқталдым салмақты жыр,
Онымды дос білмеді, аймақ түгіл.
Сырмінез, салқам аға айтты бірде
“Көрер- деп, ішке бүккен бармақты кім?”
Жанашыр, жақын тартқан пішіндегі
Осы сөз алаң ойға түсіргені –
Шынымен көріндім бе кейбіреуге
Жан болып бір бармағы ішіндегі?
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Мазмұны меруерттей жарқыраған
Қазақы сөздің таныс парқы маған.
Көзіме Алдар Көсе алдындағы
Қарынбай елестеді қалтыраған.
Жыр деген – жүрегімнің жәдігері,
Өзге жұрт ол жайынан не біледі?!
Ішіме жасырғаным бармақ емес,
Бармақтай, Өлең атты, бағым еді.
Бұл заман өнерпаздың ауған бағы,
Пысықтар ел ырысын қаужаң қағып,
Бармақтай, маңдайдағы бақытыма
Сақау қыз құрлы көңіл аудармады.
Содан соң сәл өкпелеп өкіндім де
Жауып ем жыр-дәптердің бетін мүлде.
Сол кезде бір бармағым бүгілген-ді,
Көңіл де ұқсап қалған жетім гүлге.
Сонда да сырттан болып көрінуге
Тырысып,
Жол бермедім егілуге.
Саудагер – жаңа қазақ інішегім:
“Сол өлең неге керек?!”- деді бірде.
“Атаның алдын көрдің, ұя көрдің,
Ашуы кеш келеді зиялы ердің” –
Деп айтып, өзімді-өзім тоқтаттым да
Өкпемді өз ішіме жия бердім.
Осылай көрдім тағы тығырық көп,
Кеудемде жүрді ойларым тығылып көп.
Арманшыл, Айға созған алақаным
Тұр екен бір қарасам жұдырық боп!
Ақымақ баста ғана уайым жоқ,
Қолтықтан деме мені Құдайым – Көк!
Тас-түйін жұдырықты сақтап қойдым
Тұмсығын бір арсыздың бұзайын деп.
Кешсем де үйсіз-күйсіз қаңбақ ғұмыр,
Жазам деп сан оқталдым салмақты жыр.
Кеудеңде қыжыл сыртқа шығады екен
Ішіңе бүгіп жүрсең бармақты бір.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Біреуге байлық – бақыт,
Алтын – ардақ,
Дүр өтсе дүниеден, даңқы өалмақ.
Аспан көз, астам көңіл, ал не дерсің,
Дәл менің осы өлеңім – алты бармақ!
КЕЗДЕСУ
(Әмірханға)
«Тау басында кездесейік»
Өзінің сөзі
Біз бәлкім кездесерміз тау басында,
Бұлтты ұстап, Ай жүзетін жамбасында.
Жанарым жұлдыздарды жек көрмейді –
Табаным шыдар ма екен қар басуға?!
Көңіл ғой жетелейтін шыңға өрмелеп,
Әлде бір естілді ме Нұрдан дерек –
Бұл жолға алды-артына қарамайтын,
Қайтарын ойламайтын құрбан керек!
Ақынның ғұмырының шырайы – жыр,
Сен едің шың басына лайық ұл.
Тәңіртау баурайында жүргеніңде
Ұмытпа бауырыңды Құдайы бір.
Ұядан ұзақта өлер түз баласы,
Өмір ме өрге құлаш ұрмағасын.
Білмеймін, қырда ма әлде, шыңда ма әлде
Әйтеуір бір кездесу бізге – нәсіп…
Көзіңнен алмас қылыш оты ойнаған,
Қаныңда жорық жыры атойлаған,
Ежелгі ер қазақтың сойысың ғой
Жанымды майданда ал!- деп дәт ойлаған.
Бастайық, бастаған соң ақыр бүлік,
Әйтпесе еркек деген атымды ұмыт.
Шаңдатып Еділ-Жайық арасын бір
Кездессек ту шайқалтып, шатыр құрып.
Сол кезде
«Қайдан келген тарлан?!»- десіп,
Қу дұспан сұрар еді-ау жаннан кешу.
Баланың баласына аңыз болар
Ай, шіркін, қашан келер сол кездесу!
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
МАХАМБЕТТІҢ СОҢҒЫ АРЫЗЫ
Исакем-ай,
Арыстандай айбарлым,
Сен барда екен мағынасы майданның!
Хан баласын,
Жан баласын көзге ілмей
Ту көтерген
Келмейді енді қайран күн!
Алпаң басқан ағаларым көп еді,
Бірақ соның ішінде
Айға азуын білегені жоқ еді!
Астана жұрттың,
Аламан көптің қамы үшін
Ат үстінде ажалын тапса аруақты ер
Арманы жоқ- деп
Соңыңнан ергенім сол еді.
Қиылдың бойы қанды ұрыс,
Қаймана жұртқа қара жамылар болды ма іс?!
Ағайынға бас болған,
Алтынды ерге қас болған
Арыстанымнан абайсызда айрылып
Шыңдалған жүзі шымыр тасқа тиді бұл қылыш!
Әуелден басы оңбаған жорықтың
Соңы сергелдең боларын сезгенмін,
Бел буып соған төзгенмін!
Қиылдың қара бойында
Қарша жауған оққа қарсы шапқанда
Бұрылып қашқан Ажалым,
Қаройда қарайып жалғыз қалғанда кез келдің!
Тілекті, Тәңірім, бермедің!
Қанды қасапта арыстанымның қасында
Қыршыным бірге қиылса
Арманда кеттім- дер ме едім?!
Қасқайып қарсы келсе тұра алмас
Қаумалаған көп көпек
Басымнан бағым тайғанда
Келіп тұр ма сыртымнан семсер сермегің?!
Уай, Ықылас, Жүсіп, Мұса,
Қайсың барсың?
Жаназамды оқуға келген кім?!
Сендер кешіктің,
Мен сонау Арысымды алдырған күні өлгенмін!
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Жеті жыл бойы жер басып жүрген
Үрейімнің өзі-ақ
Төрені төсегінде тыныш жатқызбасын сезгенмін!
Мен топшысы сынған қас қыран,
Алладан алған аманат жанды
Қабағым шытпай Өзіне қайта тапсырам.
Қане, кәпірдің тиынына құмартқан сатқыным,
Қолыңдағы қырғышың
Құйқамды қиқалап қор қылар –
Алдаспанымды ал менің,
Қара бетің жуылсын
Қаныма ыстық шапшыған!
САНАМАҚ
Бір дегенім – Жалғыз Алла,
Дара Құдай, Бас Тәңір.
Дәргейіне шендеспейтін
Жеті Әлемнің аспаны.
Бүкіл Әлем біріккенде
Сонда тең боп тұратын
Бір дегенім – сол Құдірет,
Рахман һәм Рахым.
Екі деген – бір өмірдің
Екі беті секілді.
Бірі күліп тұрса, бірі –
Өкінетін секілді.
Бүтін тәулік құрап тұрған
Күн менен Түн – қос бөлшек.
Жақсылық пен жамандық та
Егіз болар ескерсек.
Біз де кезек саяхаттап
Фәни менен бақиға
Ақ-қара боп көрінеміз
Алыс пенен жақынға.
Өмір-өлім шекарасын
Талқан қылу үшін біз
Екіліктің басын қосу
Керектігін түсіндік.
Үш деген не? – Үшкілденген
Ошақтың үш бұты екен.
Ақыл, Қайрат және Жүрек
Адамзаттың құты екен.
Әуеде һәм Су астында
Және Жердің бетінде
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Бар жындыға нәсіп қылған
Саяхатын өтуге.
Үшеу болар әрқашанда
Орнықтылық ұстыны,
Тумақ, өспек және өлмек
Дүниенің үш тіні.
Өткен күн мен болашаққа
Бүгінгіні қоссаңыз
Сізге уақыт басын иді –
Жаңа өмірге бастаңыз.
Төрт дегенім – төрт құбыла,
Төрт мезгілі бір жылдың.
Көктен түскен төрт кітаптың
Қасиетін кім білді?
От және Су, Ауа мен Жер,
Төрт тегіміз және бар.
Жаратқанның сыры терең,
Шешермісің, санап ал…
Ойлан, ойлан, ойланғышым,
Осы жансыз төртеуден
Адам қалай өмірге кеп
Өсіп-өнген, көркейген?
Адам өсіп өнер ме еді,
Бесінші Нұр болмаса?!
Ол болмаса Тіршіліктің
Тіршілігі – далбаса.
Бесіншіге жеттік солай,
Нұр аталған Әлемге.
Бес саусақтың бекемдігін
Қане, ісіңмен дәлелде.
Төрт саусағың – төрт құбылыс,
Бас бармағың – Нұр болар.
Адам атты алып туар
Қатар жүрсе бірге олар.
Бесіншінің айдынының
Жүзіп жетсек шетіне
Сол арадан жол шығады
Алтыншы мен Жетіге.
Алтыншыда төрт құбыла,
Аспан мен Жер біріккен.
Жетіншінің құпиясын
Пенде шіркін, біліп пе ең?!
Бас пайдасын есептеуден
Шашы түскен “даналар”,
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Мыңды қуып қайтесіңдер,
Саусағыңды санап ал…
* * *
Жүректі тас етті ме кілең “мықты”,
Кешір мені, ағажан, ренжіттім.
Ренжітем деген ой жоқ-ты менде
Әттең, әттең, күшім жоқ көк тіреуге.
Тау суындай мөп-мөлдір пейіліңді ұғып
Көрсетер ем анаңдай мейірімділік –
Одан саған пайда не?
Бар ма пайда?!
Ерке тайлақ секілді жарда тайған
Жандайсың-ау.
Көрдің бе көп еркелік?
Қиялыңның көгінен өлең теріп
Мәз боласың сәбидей пәк күнәдан
Соның үшін қайғыдан жаттың аман.
Сендей болса, шіркін-ай, адам барлық
Нем бар еді дүниеде алаңдарлық.
Мендегі арман сол еді.
Амал қанша…
Біреуді біреу түсінбес заман болса.
Жақсылық пен жамандық қатар келіп
Айыра алмай
Барады сапар кеміп.
“Үйір болма, бауырым, тәттіге көп,
Ащы татсаң өзекті қақ тілер”- деп
Айтқан ақылы есімде әлдекімнің,
Шындық осы.
Білгенде мен де өкіндім.
Мейірімнен ғана нәр алып, бір көгерсең
Өліп кетіп жүрерсің мүлдем ерте.
…Кешір мені, айтпағым бұл емес-ті,
Аңыздарды қайтемін құрап ескі.
Шаршап кеттім.
Сезім жоқ, сілем біткен.
Сені емес, өзімді ренжіткем.
Қатігездіктің бір дәнін егіп саған
Жаным жараланғанын сезіп барам.
Түңіліп кеттің, келген-ді сыр ақтарғың,
Маған да оңай болмады.
Жылап қалдым…
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
* * *
Кім біледі?
Білмейтіндер көп әлі,
Жоқ өмірдің жұмағы мен тозағы –
Өз қабірін әркім өзі қазады,
Өз бақытын әркім өзі табады.
Жақсылығым қайтпады- деп мұңайған
Өкпелегіш көпті көрдім Құдайға.
Дәл осылай “қайырымшыл” саудагер
Тиын беріп, кейін теңге сұрай ма?
Кім біледі,
Білмейтіндер көп әлі,
Мойнымызда қанша жанның обалы?
Қанша алдадық,
Қанша алдандық өзіміз –
Соның бәрі кетпейді екен жоғалып…
Бұл өмірде әрбір қадам маңызды,
Бәрінің де сұраукы бар тәрізді.
Үлгере алсақ жарар еді, достарым,
Күн батарда үлестіріп қарызды.
Кім біледі,
Білмейтіннің бірі – мен,
Білместіктен күніне мың сүрінем.
Маңдайымды тасқа соғып күнімен
Шым-шытырық түс көремін түнімен.
Қос дүние,
Екеуіне де бөтенмін,
Кім айтады ақиқатын кеселдің –
Тағдырымды жазып жатыр ма екенмін,
Қабірімді қазып жатыр ма екенмін??
* * *
Болады жүрегі өлсе адам қатал,
Пендені шайтан билеп арандатар.
Достарды ажыратып, талқан қылып,
Соңынан “іс бітті” деп қарап жатар.
Тоқтаусыз тойлап жатыр төңірегім,
Мен ғана таба алмаймын көңіл емін.
Сен менен не қалайсың, о, Жүрегім,
Өмірдің өткелінен не білемін?!
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Жаныма жағатұғын таптым дәрі,
Ол – мәңгі баратұғын жақтың қамы,
Белгілі, баста бекем бақ тұрмағы,
Бүтін бе астыңдағы ат тұрманы?!
* * *
Өмірдің мәні қайда деп,
Басымды соқтым сан тауға
Көрінген алдан сол ма деп
Сағымды қудым айғайлап…
Махаббат қой деп сүйдім көп,
Жүрегім бітті өртеніп –
Арбаған сол бір қылығың жоқ,
Қараймын бүгін жиіркеніп.
Дүние менен бос қызық,
Қумадым сені әу бастан.
Хайуанша ғұмыр кешкізіп,
Қиямет күні зарлатқан.
Достықтан таптым көп сенім,
Жаныма жылу дарып, рас,
Әйткенмен қайғы шекпенін
Өзгеге артуға қаным қас.
Қайғым бар таудай, қап-қара,
Қан-қан да болған жүрегім.
Ескендір енбес қақпадан
Өтер күн келер…
Білемін…
* * *
“Әлдиле, өлім, әлдиле”
Мағжан
Сарылып қанша күттім, Ажал, сені
Тұншығып, қамағанда тозаң селі.
Жанымды Ібілістен арашалап
Періштем Әзірейіл өзі алса еді…
Талайдан қалған өмір мағынасыз,
Сіңіріп болды-ау әбден жаныма сыз.
Суық көр жымияды салқын маған:
“Енсеңіз құшағыма арыласыз”.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Бар еді Жерде жалғыз жұбанышым,
Айрылдым,
Арман тауым құлады шын.
Мен қазір мың жасаған қариямын,
Сарқылған бойымдағы бұла күшім…
Ал, мені, Ажал, қылмай бекерге алаң,
Тілейді жалғыз тілек кетерде адам:
Базарын бұл дүниенің тартып алған
Сол бір жан дұға қылса жетер маған.
* * *
Кеше ғана қар жауған.
Аппақ еді.
Үлбіреген ұлпадай мақта ма еді?!
Пәктігіне таң қалып, сүйдім оны –
Ерінінен мұп-мұздай.
Жат демедім...
Жақыным ғой, жат емес.
Жан сусаған,
Бір аяулы естелік қалсын содан.
Көктен түскен періште тазалықтан
Өміріне бір үлгі алсыншы адам...
Тазалықты әуелден сүйдім неге?!
...Оны еріттім.
Өз ернім күлгіндене
Жаны кетіп,
«Жаным...» деп күбірлесем,
Түр көрсетер сүймеген, дым білмеген.
Көкірегімнен көрдей боп басар қайғы,
Көңіл бұлтын күзгі жел аша алмайды.
Өзімді-өзім оңаша жұбатамын:
Қалада қар аппақ боп жата алмайды...
* * *
Жылытты мені жаны оның,
Көңлінің көркем бояуы.
Жүрекке ізгі дән егіп
Алақанымен аялы…
Құла дүз еді көңілім,
Тағдырдың желі шаңдатқан.
Өгейсіткен соң өмірім
Жәрдем күтпеп пе ем қаңбақтан…
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Ол келді…
Көктем бірге енді,
Бүлк етті солған жүрек те.
Көз көрмей, тілім күрмелді
Шыққан адамдай түнектен.
Сол менің соңғы көргенім,
Бақыттан басым айналып.
Дариға-ай, сонда өлмедім,
Әкеттің, тағдыр, қайда алып?!
* * *
Керегі қанша көп ойдың,
Өкінтіп кетсе өгей мұң.
Көңілім сүйген қарағым
Түсінбей кетті демеймін.
Өкпе артып қайтем сол жанға,
Өкпелеп өмір болған ба?
Бұл жақта мен де шерменде,
Ол жақта ол да арманда.
Сеземін мұңның белгісін,
Оның да ойлар жейді ішін.
Жақынын жалғыз жатсынып
Оған да оңай деймісің…
Жүзіне қонып қаяу-мұң,
Шаршады-ау менің аяулым.
Ашиды жаным сені ойлап,
Өзімді және аяймын…
* * *
Жоғалттым мен өзімді өзім. Бар шыным!
Тыныш өмір, мейірімге мұқтаж боп.
Ғұмыр өтті сабындай боп қамшының
Ол да болса көңілімнен шыққан жоқ.
Жаным сүйген жарығымды таптым мен,
Ол бақытым болды бірақ шоп-шолақ.
Жүрегімді шырқыратып қақ тілген
Сезімімді қалдым әрең ноқталап.
Өмір нені сақтады екен соңына?!
Елестетем ажалымның кейпін мың.
Сезім деген өзім едім. Оны да
Амалым жоқ, қимай-қимай өлтірдім.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Жерлесем де жаназасын шығарып,
Жазығы жоқ сол бір байғұс сезімнің
Қу сүйегі қалса дағы қуарып
Тірілтеді жалғыз сөзің өзіңнің…
* * *
Түсінбей өзіңді-өзің жүрсің бе сен,
Қайтеді оңашада күрсінбесең…
Сен менен қалай, қайтіп құтыласың
Ішінен жүрегіңнің дүрсілдесем?!
Жалғаннан жан жарымды таптым да әрең,
“Құтқар” деп жалғыз сөзді лақтырған ем.
Өзіңнен өзің безіп қаштың қайда,
Миыңа сіңіп кеткен жоқпын ба мен?!
Тиетін қылығың жоқ маған оғаш,
Сүйетін жырымыз да мағыналас.
Сен қалай әлі күнге ұқпай жүрсің,
Екеуміз бір жан едік ажырамас?!
Өзіңді өзің қинап кеттің жырақ,
Ес кетіп, қалдым мен де көп тұнжырап.
Бір сәтте шың басына шығарып ең,
Қайтадан шыңырауға кеттім құлап.
Өзгерсе бұл өмірдің сазы бұлай,
Қуат бер, жігерімді жаны, Құдай!
Мен бүгін ер болсам да қалдым қаусап,
Сен қалай шыдап жүрсің, нәзігім-ай…
* * *
Мен өмірден жалықтым ба, аяулым,
Өлім жетпей қамықтым ба, аяулым?
Обалсызбын, керегі жоқ аяудың,
Жалғыз атын зорықтырған жаяумын.
Кімге қажет жүген мынау зерленген,
Бауырың жоқ, бауырмалсып көргенмен.
Тірі емессің нәпақаңды тергенмен
Шыныңды айтшы - өзім бе, әлде, сен бе өлген?!
Тұрпайы бет, түр көрсетіп ұғынған,
Тоқмейілсіп қараушы еді бұрын да.
Сен қолқа да, мен тамыр ем жұлынған,
Біз екеуміз бірге өлгенбіз, шынында…
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
* * *
Қайран, менің өмірім, өтудесің,
Ұзын жолдың, сен, бәлкім, шетіндесің.
Белгілі ғой, әрине, өкінбесім,
Дәл осындай сапарға бекінгесін.
Күндер жылжып, жылдарға ұласуда,
Түн ішінде тұншығып тынасың ба?
Жалғыз соққан жүрегім тым жабығып,
Өлеңге де сенбейді сыр ашуға…
Кеуде керген әр демім – азап, азап,
Ақыл-ойым қапия қазаға жақ.
Көкіректің бықсыған шаласы көп,
Қайдан оңай болады тазаламақ?
Жанайқайдан соңғы дем даусы басым,
Тамшыласын көзден қан, тамшыласын.
Жаным, қашан азаптан аршыласың,
Қайран өмір, сен қашан таусыласың?!
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
МАЗМҰНЫ «Хабарлап күз жеткенін...» «Өзіңді ойлап бір ысып, бір суып ем...» «Құлазып қалған сәттерде налып...» «Өтті ғой күндер қаншама...» «Қайталай берем сөзімнің несін...» «Мен - мәңгілік махаббат...» «Жатқан-ды бұғып жүрегімде сыр...» «Қалған көңіл - өшкен от...» «Қаншама жыр сен жайлы қалықтаттым...» «Түсіме ендің сен менің таңға жақын...» Күнбағыс «Сағындың ба екен сен мені...» «Сен мені түсін, жаным...» «Еркем-ай менің, сағынып кеттім...» «Өртенді неге өзегім...» «Жаралама жанымды күліп қарап...» «Отырмын бүгін мазасызданып...» Көмбе Сағыныш Өзім және өзге «Өтеді күндер, өтеді...» «Адаспа көңіл, адаспа...» «Шықпай қойдың көңілімді қалдырып...» «Түсінем ғой, бәрін дағы түсінем...» «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер...» Мұңай «Көп күн өтті өзіңді көрмегелі...» «Бағытты айырмадым. Түн қараңғы...» «Мұңай, жаным, мен сені жұбата алман...» «Мен сені сүйгенім рас, жасырмаймын...» Жылым Көктемді күту «Ұмыта алмай мен сені жүрмін әлі...» «Сезім селі санама өткел бермей...» «Кездеспейміз екеуміз. Өтеді күн...» «Сен жаныма жақынсың...» Сенің сөзің «Көп сезімім уақыттың өтінде өліп...» «Жауын жауса жаныңда тұр ма қайғы...» «Адал жаныңмен ғашық еттің бе...» «Күздің желі күрсінуде аһылап...» «Өмір деген сен бе едің, Өмір деген...» «Мен кетем енді...» Түн Ой Күту «Неңді аңсаймын мен сенің, неңді аңсаймын?..»
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
«Мен тағы жыр жазамын саған арнап...» «Сен білмейсің ғой...» «Сен менің Арманым ең...» «Мен саған ғашық болсам қайтер едің...» «Өкпелісің, маған сірә, өкпеле...» «Жаным, саған сыр айтамын...» «Беу, қарағым...» «Жаным менің...» Келме «Көрмедім. Көп күн болды...» «Жалған айтып көргенім жоқ ешкімге...» «Маған сенің әр қылығың тым жақын...» Жұмақ жыры «Уақыт кезегімен тағар мінін...» «Расында да топырақ екем мен сенсіз...» «Жаным, мен ем сенің шын бағаңды ұққан...» «Жалындаған жан сырың құмға сіңді...» «Дәл осы бір сезім сырын түсінбей...» «Қошдедім қаншама рет...» Көктем (лирикалық микропоэма) «Ақыл кетті» «Жаным менің, шырқырама» «Саясатыңмен бірге...» Қысқы әңгіме «Бөгдемісің?..» Жоқ іздеймін Сен «Әлемнен таба алмадым сендей мүсін...» «Қаңтардың ортасы ғой...» Жігіттерге жігер «Қиындықты білмей өссең бұл өмірдің сәні кем...» Қанағат туралы жыр «Армансыз да біз едік, арманы көп» «Жүрмісің аман, аруым...» «Ғашық болмақ, тасып толмақ Құдайдан...» «Күнбағыстай Күннің жүзін аңдыған...» «Ақылдың кені, болмаса сезімнің күші...» «Жұрт жатқа айтар әр жолын, әр мақамын...» «Бунақ-бунақ дыбыстарға күй дарып...» «Сені мен Мен Біз болар ма екенбіз...» Дәруіштің жыры «Жалған мақтап қайтейін, далам, сені...» «Бір жағы - қабақ, бір жағы қайраң жайылған...» «Шаршаған екем...» «Оң жағымда бауырым...» «Мен түсімде жалаңаяқ қар басып...» «Мүмкін...» «Жарықты жаным сүйді, кінәсі жоқ...»
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
«Кел, кел, Қайғы, көңілі шерлі күйкі Айым...»
«Құлазы, көңіл...»
«Жалған кезіп Жарды іздеумен зарланған...»
«Сен өмірге келмей-ақ қой, сәби мұң...»
«Өмірім менің, өкси бер...»
«Аңқам кеуіп шөлдей берем...»
«Саған құймас еш арнамен ақпаймын...»
«Жүрегіңді жұбатпайды өлең еш...»
Диалог
Күзгі “көбелек”
Жапыраққа тілек
«Қарашаның қап-қара суығы ма тоңдырған...»
Қоңыр терек
Адасқан ұлдың оралуы
«Құрғақшылық теңізінде малтып ем...»
«Жаным сүйген қалқам-ай...»
Төлегеннің соңғы сөзі
«Тигендей қырау ақ қарды жамылып қап қыр...»
«Булығып тұрып, ғаламат үн қатпақ шығар...»
«Ойыма сенен басқа келмес өзге...»
«Айта алмаймын, Мен сені іздедім бе?..»
«Түйсінгенім, түйгенім – бәрі бекер...»
«Қымбаттым- деп ем, күн батты...»
«Сезген соң енді ешқашан көрмесімді...»
«Тереңнен жеткен үн ғой деп...»
«Сенен асқан сұлу жоқ мүмкін, білем...»
«Мені артына тастап кетті қанша күн...»
Дос іздеймін
Өмір
Қара өлеңнен қалдық
Теңеу
Жапыраққа тілек
Бармағы бар жыр
Кездесу (Әмірханға)
Махамбеттің соңғы арызы
Санамақ
«Жүректі тас етті ме кілең мықты...»
«Кім біледі? Білмейтіндер көп әлі...»
«Болады жүрегі өлсе адам қатал...»
«Өмірдің мәні қайда деп...»
«Сарылып қанша күттім, Ажал, сені...»
«Кеше ғана қар жауған...»
«Жылытты мені жаны оның...»
«Керегі қанша көп ойдың...»
«Жоғалттым мен өзімді өзім. Бар шыным!..»
«Түсінбей өзіңді-өзің жүрсің бе сен...»
«Мен өмірден жалықтым ба, аяулым...»
«Қайран, менің өмірім, өтудесің...»
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру