Жан-жүректің жалыны. 1- том
Темірхан Медетбек
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Әйгілі ақын Темірхан Медетбектің өлеңдер топтамасына «Айтыс», «Жота басындағы домбыра», «Ордабасы», «Саған» өлеңдері енгізілген. «Айтыс», «Жота басындағы домбыра» өлеңдері тұғыры биік өнерге арналған болса, «Ордасы» өлеңі қым-қиғаш ұлт тарихындағы осы жердің айрықша орнын әспеттейді. «Саған» туын...
ҮШ ТОМДЫҚ ТАҢДАМАЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫ
ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ, АҚЫН ТЕМІРХАН МЕДЕТБЕКТІҢ ҮШ ТОМДЫҚ ТАҢДАМАЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНА АВТОРДЫҢ ҰЗАҚ ЖЫЛДАРДАН БЕРІ ТАЛМАЙ ЕТКЕН ЕҢБЕГІНІҢ ЕҢ ҮЗДІКТЕРІ ЕНГІЗІЛІП ОТЫР.
ЖОРТҚАНДА ЖОЛЫҢ БОЛСЫН, ЖОЛБАРЫСЫМ
Алпыс төртінші жылдың жазы. Алматыдағы қазіргі Абылай хан даңғылы мен Жібек жолының тоғысы. Күнбатыс жақ мүйістегі көне үй. Абылай хан беті — дәудей бір министрлік. Жібек жолы жағы — тұрғын үй. Соның бірінші кіре берісіндегі барлық қабатқа жастар басылымдары жайғасқан. Ең үстіңгі қабатта – «Лениншіл жас». Бірінен біріне кіретін аядай-аядай бес-алты бөлме. Үстелдеріміз сүзісіп, өздеріміз шынтақ тіресіп, тығыз отырамыз. Есіктеріміз айқара ашық. Айналамыздағы абыр-жұбыр ап-анық естіліп жатады. Әсіресе, қақ ортадағы дәліздегі иір-иір баспалдақтардан кімдер көтеріліп келе жатқаны бесенеден белгілі болып тұрады. Алматылықтардың әншейін сәлем мезірет жасап, бас изесіп өте шығуды әлі үйрене қоймаған кезі. Жолай ұшырасқандарға шұрқыраса амандасып, қауқылдаса жөн сұрасып жататындардың кім екендігі түгілі қайда, қандай шаруамен бара жатқандықтарын да алдын ала біліп қоясың. Бірде сол баспалдақ жақтан: «Әбіш орнында ма екен?»— деген қажыңқы үн естілді. Шимай-шимай әжім басқан суалыңқы жүзін жадыратып, күле амандасып, ерінін шүйіре сөйлейтін Әбу ағаның дауысы. Әлдекімге: «Ұялма, бері жүр!» — деп қояды. Көп ұзамай түрікпендердің қысы-жазы бастарынан тастамайтын сеңсең бөріктеріндей шиыршық ата дудыраған көк бұйра шаш пен отқа ұсталған темір қасықтай шоқтай боп өртене қызарған қалқан құлақ көрінді. Дудар шашты танып отырмыз. Әйгілі ақын, қарт майдангер, кәнігі теңізші Әбу Сәрсенбаев. Ал қасындағы серігі — бұрын-соңды бұл есікке бас сұға қоймаған бейтаныс бала жігіт. Ентелеген екеу түп жақтағы менің алдыма келіп тоқтады. «Бұл Әбіш деген ағаң. Дөкей сыншы. Өлеңдеріңді әуелі осыған көрсет!» — деп, Әбекең бала жігіттің қолындағы тор дорбадан көгілдір оқушы дәптерін суырып, үстелімнің үстіне қойды. Өзі ұсынған орындыққа жайғасып, бөлмедегі жігіттерге бұрылып, амандық сұраса бастады. Серігі сол сірескен қалпы, түрегеліп тұр. Құлағының шоғы күшейе түспесе, басылар емес. Бұдырайған жұтқыншағы алқымына сыймай бара жатқандай, әуелей қарайды. Қысылып тұрғаны тек сонысынан байқалады. Әйтпесе, маңдайы ашық. Қабағы жазық. Жанары жарқын. Кірпіктері қайқы. Еріні түртиіңкі. Жеңін шынтақтан аса түрініп алған. Күншалды қара торы білегінде бұлт-бұлт діріл бар. Соны сездіргісі келмейтіндей жұдырықтарын тарс түйіп алыпты. Тап ауызынан сөзі, қойынынан бөзі түсіп тұрған ынжықтардың сойынан емес. Назарын ауытқытпай, тік қарайды. «Өзі осындай болғанда, өнері қандай екен?» — деп, алдымдағы дәптерге үңілдім. Жартысына жетпей бітіп қалды. «Басқа жазғандарың бар ма?» — деп едім: «Бар ғой»,— деп ар жағын айтпай күмілжіді. Демек, мыналарды әдейі іріктеп әкеліп отыр. Ендеше, өз шабытының тізгініне өзі ие бола алатын, едәуір ширап, шынығып қалған талапкер. Сөз саптасы да соны байқатқандай. Ол кезде өтімді саналатын отан, партия, тың игеру, екпінді құрылыс, бейбітшілік сынды «ай құлақтанған айбынды тақырыптарға» жоламай, жастық арманшылдық пен албырт сезімталдықты аңғартатын бір топ өлеңді жауқазындай жайнатып, әдемі таңдап алыпты. «Қалай екен?» — деп, Әбу ағай дегбірсізденеді. «Қалғандарын қайдам, мыналары тәп-тәуір екен»,— дедім. «Қалғандары да жақсы. Тамаша ақын. Айналайын, тезірек жариялап жіберіңдерші. Оқуға келіпті. Ту сонау Түркістаннан. Үйі тап Әзірет Сұлтанның түбінде тұратын көрінеді. Қазір КазПИ-ге барам. Қажым мен Мәлікті тауып алып, өлеңдерін оқытам. Бұндай таланттарды қабылдамағанда кімдерді қабылдайды?!» — деп ақсақал орнынан түрегелді. Серігінің қолынан қармап, есікке қарай қадам басты. Бала жігіттің құлағындағы қызыл бетінеде көшіп, маңдай тұсы ала теңбілденіп, алаулап бара жатты. Шамасы, қуанғаны болса керек. Ол өлеңдер жарияланды. Көп ұзамай басқа қызметке ауысып кеттім. Келесі жылдың көктеміне таман жаңа жұмыс орныма бір бала жігіт іздеп келді. Бет-аузын шырамытамын. Әсіресе, қалқиған құлағына көзім бірден түсті. «Айып етпесеңіз, жазғандарымды көрсетіп алайын деп едім». «Мен қазір, негізінен пьесаларды оқимын. Немене, драматургиямен шұғылданатын ба едің?» Бала жігіт ырсия күлді. Қарлығыңқы шығатын дауыспен: «Оны білем ғой. Бірақ, анада: «Басқа да өлеңдерің бар ма?» — деп сұрап едіңіз ғой. Мынау — Алматыға келгелі жазғандарым еді», — деді. Баяғы Әбу аға ертіп әкелген қара бала екенін сонда таныдым. Бұл жолы ұсынғаны — студенттердің конспект жазатын қалың дәптері. Байқаймын — аяқ алысы баяғыдан да нығыздау. Ізденетіні көрініп тұр. Әйтсе де, әр сүрлеуге бір жүгіретін әуейілікке әзір ұрына қоймапты. Алматыға келген жас ақындардың арада жарты жыл өтер-өтпесте не Ізтай, не Сағи, не Тұманбай, не Өтежан, не Еркеш сынды сол кезде ауызға көп ілініп жүрген ақындардың біріне еліктеп кететіндері бар еді. Бұл жігіт ондай мінез байқатпайды. Сөз болып жатқан жылдары қазір ауыздан түспейтін Қадыр, Жұмекен, Мұқағали, Төлегендердің әлі «сәнге іліге» қоймаған кезі. Қадыр ұзақ жыл балалар әдебиетінде жүріп, Жұмекен Қарағандыда көмір қазып, одан консерваторияда оқып, Төлеген Сарыағаштан Алматы іргесіндегі Қаскелеңге ауысып, үлкен поэзияға тұяқтарын енді-енді іліктіріп жатыр еді. Алғашқы лирикалық топтамаларына «Лениншіл жаста» тұтас-тұтас беттер берілгені үшін құлағымыз біраз шуылдады. Ал Мұқағалидың атағын аспандатқан «Қарлығашым, келдің бе?» дейтін кітабы 1968 жылы жарық көрді. Қуанышы қойнына сыймай жүрген ақын бір күні таңертең біздің үйге келді. Жұмысқа кеткелі жатыр едім, қалтасынан алақандай кітап шығарып: «Мынаны оқып шық. Ал мен апаммен бірге шәй ішемін», — деп қалып қойды. Жұмыстағы үстеліме отыра сала, сәбидің кекіліндей бір шөкім кітапты ашып қарасам, алғашқы бетіне жасыл сиямен: «Әбіш! Дей алдым ба бірдеме, демедім бе?! Дей алмасам, боғымды жегенім де. Өкпе-назым, қайғым мен қуанышым — тұрса бәрі жарады өлеңімде... М.Мақатаев. 23.ІІІ.68.ж.»— деп жазылыпты. Жүректі шым еткізген сол автограф кітапты бас көтертпей оқытқызып шығарды. Қатты риза болып, барымды салып мақала жаздым. Мерзімдік басылымдарға апарып ем, жұқалаңдары: «Көлемі үлкен екен»,— деп жағдай айтты, қалыңдары: «Көрейік»,— деп алып қалып, тартпаларында ұзақ сүрледі. Күдерім әбден үзілген соң, күзге қарай әскерге кетіп бара жатып мақаланың өз қолыммен қысқартқан нұсқасын Сейдахмет Бердіқұловқа апарып беріп кеттім. Ол көп ұзамай «Жүректен-жүрекке» деген атпен «Лениншіл жаста» басылды. Тұтас нұсқасы кейін Тахауи Ахтановтың тұсында «Жұлдызда» жас поэзия жайындағы «Өлең көкжиегі» атты әдеби-сын очеркімнің бір тарауы ретінде жарияланды. Бұл лебізге әбден риза болған Мұқағали шинелімді сүйретіп демалысқа келіп жүргенімде Асқар екеумізді үй-ішімізбен шақырып, әлгі кітаптың қаламақысына алған арабы жиhаздарын көрсетіп, әлі жарияланбаған өлеңдерін оқып, мәз-мәйрам қылғаны бар. Не де болса, Алматыдағы самырсындар самсаған «Губернатор бағының» күнгей бетіндегі КазПИ де оқитын Темірханның теріскей бетіндегі Мәдениет министрлігінде істейтін маған 1965 жылдың көктемінде әкеліп көрсеткен өлеңдерінде жұлдыздары енді жарқырап келе жатқан аталмыш ағаларының да ықпалы сезіле қоймап еді. Осы бір бетінің қыдығы шып-шып күреңіте лүпілдеп, күлімдей қарайтын қалқан құлақ қара бала әп дегеннен ешкімге ұқсамайтын және ұқсағысы да келмейтін сыпайы қиқарлығымен көзге түсті. Мен оны бұл үшін жазғырғым келмеді. Алайда, әуелі әп-әдемі бастап, артынан әңгүдіктеніп кетіп жүрмесін деп, жер бетінде одан да басқа мықтылар барын сездірейін деп, одақтық, әлемдік танымалдыққа ие көзі тірі сүлейлер мен о дүниелік болып кеткен классиктер жайындағы пікірін суыртпақтап сұрастырып жүрдім. Жатақханасының тап іргесінде көпшілік кітапханасы тұрғандықтан ба, әлде әлем әдебиеті жаңалықтарынан құлағдар жүруге әдейі тырысқандықтан ба, талай кітапты ақтарып үлгеріпті. Алайда, оларға да көре сала құлдық ұрып, таңдай қата болып, талып түсіп жатпағандай. Жас та болса, қорғасын құйған сақадай дәл тиіп, дөп түсетін тұзы ауыр қаламгерлігімен көңілден шығып жүрді. Алайда, Темірханның көктемнің сары уызындай мәйегі қою, мәні зор дәмді жырлары әдеби басылымдар мен сыншылар назарынан көп уақытқа дейін қалтарыс қалып келді. Ол тек жалғыз Темірханның басындағы жағдай емес еді. «Отыз жетінің» зобалаңдарынан жүрегі шайлығып қалған жұрт көпке дейін ауыздарын бағып, әдебиетке жолай қоймады. Соған дағдыланған жазушылар ұйымы да соғыстан кейін аман оралған бір топ жас майдангерлерден басқаға есіктерін ашпай, әбден қымтанып алыпты. Сол жабық есікті жабыла жүріп айқара ашқызуға талпынған алпысыншы жылдардағы жастардың қылығы әр саққа жүгіртілді. Хрущев тұсындағы азғантай «жылымық» қайтадан қатқақтана бастады. Мәскеу «абстракционистер», «формалистер», «космополиттер», «диссиденттер» іздесе, бізде де «жікшілдік», «жершілдік», «ұлтшылдық» іздеп алас ұрушылар көбейді. Кешегі соғыста мылтықты ешкімнен кем атпайтындықтарын әбден дәлелдеген қазақтардың енді егін орып, кен қазып, болат қорытып, құрылыс сала алатындықтарын дәлелдегісі келгендерінің өзі секем шақыратынды шығарды. Жаппай оқып, «басқалар істегенді біз неге істей алмаймыз», «басқалар айтқанды біз неге айта алмаймыз», «басқалар жазғанды біз неге жаза алмаймыз» дейтін жастарға өзге түгілі өз ағаларымыз жағаларын ұстап, шошына байбаламдап бақты. Әдебиеттегі әлгіндей жас күштердің құйрықтарына қалжуыр байлағысы келетіндер де табылмай қалмады. Мұндай жағдайда дүниені өзінше көріп, өзінше бейнелеп, өзінше толғануды күйттеп жүрген жаңа есімдерге кім айқара құшақ аша қойсын? Темірханның қоңторғай күйін көрсем де, оған қолғабыс жасауға менің де қайраным жетпеді. Оның үстіне, әлгіндей әрпіл-тәрпіл кезеңдегі әдеби таластарға араласып, «жүйрікті бап өсіретінін», «өлеңге ой да, сезім де керек екендігін», «жастарға жол ашпаған әдебиеттің жаңашыл бола алмайтындығын» қызыл кеңірдек болып дәлелдеуге тырысқан «дөкей сыншылығым» талайдың жел жағынан шығарды. Үлкен деп жүрген көкелеріміз үлкен-үлкен мінбелерден үлкен-үлкен айыптар тақты. «Маңғыстаудағы самсаған қалаларды көрмей, опырайған обаларды жырлайтын сары уайымшыл ақын», «кеңес жазушыларын Бальзак пен Хемингуэйден үйренуге үндейтін келешек Синявский»... Айтып-айтпай не керек, бір кезде «Қазақ әдебиетінде» қызмет істеп жүргенімде «жап-жақсы ақын еді, бесіктен белі шықпай жатып, астанаға алып қалып, тәртібін бұзып жатыр, алыс ауыл мектебіне мұғалімдікке жіберіп, өмір көрсетіп, тәрбиелеу керек» деп індете қуынған астыртын «жанашырларым» енді әскерге жіберткізіп, жөнге салып алу үшін Жалаңашкөл окопторына аттандырып, көңілдерін бірледі. Екі жыл әскерде болып, 1970 жылдың аяғында оралсам, Темірханның да шығармашылық шаруалары сол ошарылған қалпында тұр екен. Бір кезде кейбіреулер «жас бөрілер», кейбіреулер «аш бөрілер», кейбіреулер «жас перілер» атандырған азулы ұрпақтың да арыны қайтайын дегендей. Үй ішінен үй тігіп, «үйшік-үйшік» ойнау көбейгендей. Бір жақсысы, тіршіліктегі құлықтарында әлгіндей құйқылжу байқағандарымен, шығармашылық бағыттарында тап ондай «ала жіп аттаушылық» сезілмейді. Боямашылдыққа бой ұрмай, ұраншылдыққа ұрынбай, біреулері баяғы соғыс кезіндегі ауыр балалықты, біреулері қазіргі ауылдың қамырықты тұрмысын, біреулері қаладағы жастық өмірдің қалтқысыз ізденістерін қаз-қалпында суреттеп бақты. Темірхан да баяғысынан айнымапты. Дағдылы әдетімен амандасып кетуге келді. Біраздан соң қойнынан дәптер шығарды. Бастан-аяқ оқып шыққанымша қазықтай қағылып, қарсы алдымда тапжылмай отырды. Ал өлеңдері тағалы аттың ай тақырға түскен ізіндей. Теңеулері – соншалық айқын, соншалық дәл. Толғамдары жан тебірентерліктей терең. Тарыдайдан таудай мән тауып, түйін түюге әбден машықтанып алыпты. Қуанғанымнан орнымнан тұрып, құшақтай алдым. Інім бауырыма қорбаңдай кіріп, «рахмет» деумен болды. Үнінен қамырыққан қаяулы көңіл аңғарылады. Бет-әлпетінде де әлденеге белін бекем буған нық шешім атойлап тұрғандай. Орнына қайта отырғасын біраз кідіріп барып сөз бастады: «Әб-аға, мен оқуды тастадым. Үйлендім. Келініңіздің аты Шолпан. Алтай жағының қызы. Жаман адам емес сияқты. Бөпеміз де бар. Қызметке тұрдым. Бірақ аты бар да, заты жоқ. Өмір өлеңді жарылқағанмен, өлең өмірді жарылқай алмайтынын байқатты. Бүйтіп жүре бергенше деп бір тоқтамға келдім.» Қарсы алдымдағы қара баланың қалқан құлағы тікірейіп, жұдырықтай өндіршегі одан бетер зорайып, көзінің аласы молайып, тал-тал кірпіктері андыздай көтеріліп, бетіме бақырая қарады. «Мен өмір көруге бел байладым». «Адамның тірі жүрген жерінің бәрі өмір емес пе?!» «Жоқ, елге барғым келеді». «Еліңді әуелде көрмей-білмей келіп пе едің?» «Жоқ, аға, ел болғанда да, сіздің елге барғым келеді». «Маңғыстауға ма?!. Оның Түркістаннан несі артық? Онда да бұрқ-бұрқ ақ топырақ, ала тозаң. Ми қайнатқан ыстық». «Маңғыстауға барғанда, өндіріске барам, мұнайшы болам». Қапелімде аузыма сөз түспей қалды. Тұз артқан түйедей орнықты көріп жүрген інім жел қуған көбелектей көп жеңілтектің бірі болғаны ма? Маңғыстау... Мұнай... Өндіріс... Өмір көрем... Баспасөздің бетін бермейтін жаттанды ұғымдар. Бұларды басқалардан естісем де, дәйім өз көкірегі қоздатқан тума сөз бен тұма сезімді төгілтіп келе жатқан Темірхан ақыннан естимін ғой деп кім ойлаған?!. Әбден аңтарылып отырмын. Темірхан онымды байқады. «Маңғыстаудағы бастықтарға қолқа салуға қаймығып отыр», деп ойлады ма екен, көп мүдірмей, әңгімесін қайта жалғастырды. «Сайымжан Еркебаевты білесіз ғой. Соның жездесі Рахмет Өтесінов. Өзен кенін ашқан әйгілі мұнайшы. Сол қол ұшын бермек...» Иә, Сайымжанды білем. Өзі де, өнері де желге қарап шапшитын қиқар жігіт. Бірақ, нағыз талант. Романтик. Дүниедегінің бәрін өз қолымен ұстап, өз тұмсығымен иіскеп, өз тісіне салып шайнап, өз тілін тигізіп талмап көргісі келеді. Ондай майлық-сулықтағы салпыетек тіршілікке можантопайлау прозашы қауым шыдағандарымен, арғымақ будандас ақын қауым төзе алар ма екен... Көп күмән көмейімде бұғып қалды. Бірақ жайшылықта жаудырай қарап, ырсия күліп, имене сөйлейтін қалқан құлақ бала бұл жолы қасқыр қабатын болат қақпанның серіппесіндей әбден ширығып алған. Нағыз шиыршық атқан өжет намыстың иесі екендігін қапысыз танытып, қайсарлана сөйледі. Бәлкім, бұл бес-алты жыл бұрын жарқырап көрінсе де, әлге дейін бір кітабын шығара алмай, әбден күдері үзілгендіктен шығар деп ойладым. Бірақ, 1971 жылы әдебиетке келгеніне жеті жыл толғанда барып, өліп-талып «Жанымның жас құрағы» дейтін алғашқы кітабын әзер шығарған соң да райынан қайтпады. Иә, ол жетіскендіктен бұлай қиқарланып жүрген жоқ еді. Жаңа құрған шаңырағына, жамыраса табысқан жары мен нәрестесіне жартымды нәпақа тауып бере алатындай жағдайда жүрсе, жылы орнын суытып қайтпек?! Бәрінен де еткен еңбегің еленбей, халқың мен қоғамыңа деген адал пейілің бағаланбай, қолында күлшесі бардың қас-қабағына қарап, санда болса да, санатқа кіре алмай сандалтқан салпаңбай жылдарды ұмыта алмады. Соған қарамастан көппен көрген ұлы той деп, жұрт түшкірсе, түшкіріп, жұрт пысқырса, пысқырғанға мәз дүбәра дүрмекпен бірге дүрлігіп, бостан босқа борсаңдай беретін тұқшыңбай тағдырға көндіге алмады. «Алмас кездік қап түбінде жатпайды» дейтін қағиданың анық-танығын өз тағдырымен тексеріп көргісі келді. Төрт-бес жылдықтың шамасында мен бала кезімде көрген, «Күй» атты хикаямда суреттеген Темірбаба әулие қорымына қайта бардым. Жақындай бергенде жақпар таулар мен теңіздің арасындағы құмақ жазықта есік-терезеден, төбеден айырылып, көше-көше болып үңірейіп тұрған «өлі қалаға» тап болдым. Бұл — бір кездегі кен барлаушылар кенті. Ал сол қаңырап қалған «өлі кентте» жетпісінші жылдары жазушы Сайымжан Еркебаев пен ақын Темірхан Медетбек жұмысшы болып істеген. Тап осы арадан күнгейдегі Қақпақты дөңіндегі, теріскейдегі Үстірт үстіндегі шалғай бұрғы вахталарына аттанған. Кәнігі жұмысшылар Алматыдан «қызық іздеп келген» екі жазушыға әуелі күле қараған. Артынан үйренісіп, бауыр басысып кеткен. Темірхан күні-түні мігір табуға тиісті емес алып бұрғының жүрегі болып табылатын зіркілдек дизельдің сөніп қалмауын бақылайтын моторшының жәрдемшісінен әуелеген шырқау мұнараның ұшар басында екілене соққан тентек желмен алыса жүріп, жер қойнына сүңгітілетін ұзын-ұзын ауыр түтіктерді қармап алып беріп тұратын ең жоғарыдағы «шап бергіш» шалымды жұмысшыға дейін көтерілген мұнайшылық мансабын әліге дейін мақтаныш етеді. Ол жылдары ауыр мен жеңіл, алыс пен жақын, қорқыныш пен ұят, мықтылық пен осалдық, мәрттік пен нәмәрттік тайталасын күн сайын көріп, сағат сайын бастан кешіп жүрді. Сонымен бірге, туған өлкенің кеңдігі мен кенендігіне, туған жұртыңның кемелдігі мен кемшініне, халықтық мінездің жайсаңдықтары мен жадағайлықтарына да қапысыз қаныққандай еді. Оған осы бір ұшы-қиырсыз қиян даладағы ақар-шақар шыңдардың арасында, тұтас ғаламшар түп-түгел төбеңнен төніп тұрғандай жұлдызы құжынаған ашық аспанның астында, сан-сапат ұлт, тіл, үрдіс, мінез-құлық, салт-сана ию-қию араласқан күрделі әлеуметтің ортасында, әлімсақтағы әзелгі қалпынан әлі айырыла қоймаған байырғы табиғаттың аясында апталап-айлап жалғаса берер ауыр еңбектің еткен әсері өлшеусіз еді. Ежелгі Түркістанның шаңдақ көшелері мен Алматының жасыл бауларынан басқаны көрмеген балғын жігіттің көз алдында дүние қайта жаратылып жатқандай көрінді. Өзін де өмірге қайта келіп, қайта туылғандай сезінді. Кешегі әдебиетшілер үйінде әрлі-берлі жөңкілісіп, өз күңкіл-шүңкілдеріне өздері мәз болған күйкі тіршілікке күлкісі келді. Шырын іздеген бал араның удан қорқып, гүлге қонбай тұра алмайтындығы сияқты әуелі өзін талдырып жығардай теңселтіп, сосын жұртты тегіс тебірентіп жібере алатындай терең әсер іздейтін шынайы суреткер өз ортасының күнделікті күлдібадам күйбең-сүйбеңін тастап, желді күнгі теңіздей буырқанып жатқан былайғы өмірдің бұлағай айдынына құлаш ұрмай тұра алмайды. Өнер адамы ештеңеге араласпай, сақылдап қайнаған самауыр түбінде бәйбішесінің мықынын сипалап, шәй сораптап отыруы керек деген қысыр әңгіменің еш қисыны келмейді. Баяғы тап тартысы шырғалаңынан ауыздары күйіп, кешегі тоқырау тұсында бас бағып үйренген кеңестік элитаның кейінгілердің бойына сіңіріп кеткен керегіме жорасы болса керек. Шын өнерпаз шындық іздемей, демек күреске араласпай тұра алмайды. Бірақ, бұндай құштарлықты әр тарапқа бөлініп, алысып-жұлысатын әлеуметтік әсіреңкілікке емес, ортақ келеңсіздіктерді бірігіп еңсеруге тырысатын рухани кемелдікке, ұлттық ынтымаққа қызмет еткізу — адамгершіл өнердің ең басты мұраты. Алайда, әр бір адал суреткер бұл ақиқатқа да үйреншіктіліктің, жұрт айтқанның бәрі дұрыс деп ойлайтын тоғышарлықтың тінін тіліп, тігісін сөгетін өмірлік қиындықтар мен кереғарлықтарды өз басынан өткере жүріп қанығады. Маңғыстаудағы жұмысшы жылдары әуелден де көптің сүрлеуімен кетпей, өз соқпағын іздеген қайсар талант үшін шындап шыңдалу мен ер жетудің кезеңі болды. Кітап үстіне кітабы шыға бастады. Ол сол кезеңдегі өзгерістерді жалаң дәріптеп, ұшқары жырлайтын жадағайлықтан аулақ тұра білді. Күллі қауым рухын шымырлататын тосын сырлар тапқысы келді. Ол үшін өз көкірегін қыжылдатып жатқан қиқар сауалдарға жауап іздеді. Әр халық өзі мекендеп жатқан атақонысқа лайық, әр адам өзі өмір сүріп жүрген заманына лайық болмаса, кенделік пен келеңсіздіктен құтыла алмайтынына көзі жетті. Соны көпке ұғындырғысы келді. Бұзылған ауа, жарақаттанған жаратылысқа да, өз игілігін өзі игере алмай, өз дәулетіне өзі ие бола алмай отырған жамиғатқа да қатты қамықты. Өз қандастарын өзгелердің мерейін асырып, ырзығын тасытып жатқан жаңа кәсіптер мен соны үрдістерге шақырған, намыс қайрайтын өжет өлеңдер туғызды. Міне, бұл — әншейін жылап-сықтау емес, елдің мұңын шыңдап мұңдаған нағыз халықшылдық, нағыз ұлтжандылық еді. Ол кезде де жан-жақтан мол табыс, оңай атақ, биік мансап іздеп, әрі «үлкен ақша», әрі «жағымды өмірбаян» жасағысы келген ақ қаптал алаяқтарға лықа толып, «жаңа Клондайк» атанған Маңғыстау топырағы елгезек елжанды ақын Темірханға бүкіл қазақ болмысының ең өзекті мәселелері мен кенделіктерін ұқтырудай-ақ ұқтырған бірден бір ая болды. Табиғат берген мол байлыққа шырмауықтай шырмалып жүрген шырғалаң әлеуметтік келеңсіздіктерді де ет жүрегімен езіле сезінді. Тек осы заманда ғана емес, баяғы бабалар заманынан бастап қой қосақ өрбіп келе жатқан ер жетулер мен кер кетулерді жан-жақты пайымдауда да ол осынау «үш жүз алпыс әулие елінің» мол шапағатын көрді. Сонау «Сапар алдында», «Алыс шақырымдардан» бастап бүгінгі таңдағы басты кітабы болып табылатын «Көк түріктер сарынына» дейінгі барша шығармалары үшін Темірхан өзін Маңғыстауға қарыздар санайды. Өйткені, ол: «Арымас аттар мінетін, тозбас тондар киетін; қара тастарды қақ жарып, қарағайдай қаптап өсетін; қара нарлары шудалары желкілдеп қара бұлттардай көшетін; айғырлары күнге қарап кісінеп, биелері айға қарап құлындаған; кетіссе — бұрылмаған, сөздерін тасқа қашаған; алыпсоқтарының итаяғын оюлап жезден жасаған; қамалдары құлжалар шыға алмас,ақар-шақар құз болған; қағандары күн астындағы Күнікей қызды алған; күн жағы күміс діңгекті, ай жағы алтын діңгекті ордада отырған; сол жақтан келгенді жапырған, оң жақтан келгенді опырған; желдей аңқылдап, сұңқардай саңқылдап сөйлейтін таудай биік халық едік. Алып едік.»,— дейтін баяғы дәуреннің өлі мұрағаттарын да, тірі жұрағаттарын да осы бір қиян түбектен қапысыз көріп үлгерді. Сол үшін: «Ұлы Далам ұлы Елімді қуғынға салды; көз көріп, құлақ естімеген қырғынға салды; тұла бойын түгел тінтіді; киіздей қақты, тулақтай сілкіді; адамдарын бірін біріне айтақтап, бірін біріне қан жоса қылып қаптырды; бірін біріне малға ұсатып бақтырды. Құтырып алды: арыстарының терісін тірідей сыпырып алды; аруақтарымды күңірентіп аяғынан сүйреп, моладан шығарды; неткен халық шыдамды?! Көген қырқылып, керме мен желі үзілді; қара нарларымның омақасып белі үзілді; қазанаттарымды қыл бұрау салып шырқыратты; жүрмесін деп табанымды тіліп, жылқының қылын қиып салды; басын көтермесін деп мойыныма құрық салды; сөйлемесін деп ауызыма кірдің тасындай ап-ауыр құлып салды»,— дейтіндей кесепатты күні кешеге дейін кешіп келген кермаңдай қауымды да осы арада кезіктіріп, оның келеңсіз кер тағдырын өз көзімен көрді. Бірге жүріп егіліп, бірге жүріп сөгілді. Өлеңдерімен де, өмірімен де қазақ азаматы үшін қазақ даласының қай түкпірі де өз ауылы, қазақ баласының қай тумасы да өз бауыры екендігін мейлінше дәлелдеп бере алды. Темірхан – тәуелсіздікті жан-тәнімен қабылдап, жан-тәнімен жырлап келе жатқан, қарынының ашқанына емес, қауымынан қасиет қашқанына қайғыратын, елдіктің мәселесінде күні кешегі таңдайындағы азды-кем тәттіні аңсайтын еркенің емес, бәз-баяғыдан маңдайы ашылмай келген халқының жолының мұнша неге қатты болғанына шамырқанған еркектің сөзін сөйлеп, дәйім ірі турап келе жатқан арқалы ақын. Бұл үшін де от пен судан өткен, талай нәрсенің шын бағасына жеткен салиқалы азамат бола алу керек еді. Ақын бұл үшін де балауса арманын баптап, балғын талантын шыңдаған қасиетті де қазыналы, қатыгез өлкеге қарыздармын деп санайды. Темірханның сол бір аймаққа тастай батып, судай сіңіп, бауыр басып кеткені сонша, өз басым оны әдебиеттен аулақ қалып қоя ма деп, екі рет Алматыға шақыртып, қызметке орналастырдым. Тіпті қыңырдың қыңыры деп жүрген Сайымжан да бұған келісім бергенде, Темірхан келісім бермеді. Екеуінде де бірер айдан соң маған келіп, кешірім сұрап, Маңғыстауына қайтып кетті. Сондағы айтатыны: «Мәуесі мүлгіп тұрған Алматының маужыраған ауасын қанша өз қолқамды өзім суырардай болып, күшене жұтсам да мейірім қанбайды. Шіркін, Маңғыстаудың жұтпасыңа қоймай, барлық тыныс жолдарыңды өзі-ақ лықа толтырып, көкірегіңді көріктей кергізіп, аңсаңды ашып, аңқылдай соғатын өкпек желіне не жетсін?!» Елге барғанда ең алдымен: «Темірхан қайда, қалай жүр»? — деп сұрайтын мені жерлестерім: «Әбеке, бізден гөрі туысырақ, жақынырақ ол бауырың да аман. Арсалаңдап қазір өзі де келіп қалар», — деп әзілдеп отырады. Расында да, өмірдегі талай нәрсеге дәл өзіңдей қуанып, дәл өзіңдей күйзеліп отыратын адамнан артық қандай туысқан, қандай бауыр болушы еді?! Темірханның мен үшін дәл сондай екендігіне талай жерде көзім жетті. Әсіресе, 1989 жылдың қапырық жазы естен кетпейді. Құлқын сәріден үлкен үй шақыртыпты. Барсам — жайсыз хабар… Жаңа Өзен дүрлігіп жатыр. Екі бірдей бюро мүшесі Мақтай Сағдиев пен Өзбекәлі Жәнібеков сонда ұшып кетіпті. «Сонда тудыңыз ғой, жерлестеріңізге басу айтпайсыз ба?» — десті. Сол арада Әбдіжәміл Нұрпейісовке, Зейнолла Қабдоловқа, Әнуар Әлімжановқа телефон соғып, төртеуіміз кезекті жолаушы рейспен Ақтауға ұштық. Барсақ, аэропортта әуе десантының көк сұр шегірткедей ұшақтары мен тік ұшақтары қаптап тұр. Қарсы алуға шыққан қала басшылығы өз өздерінен қаймығып, ештеңе айта қоймады. Әуелі әкімшілікке, артынан мейманханаға апарып, үсті-үстіне шәй ұсына береді. Жаңа Өзендегі штаб: «Өзімізден хабар болмай, бері қарай аттап бастырмаңдар», — депті. Сыпайы күзетшілердің қоршауында әуелі күн батқанша, одан таң атқанша сарылдық. Ақсақалдар жастыққа жантайды. Ал мен туған жеріме келіп тұрып, ызғындай жерлестерімнен бір адаммен жүздесе алмай, бөлме мен балконның арасында теңселумен болдым. Таң алдында әскери киімділер кіріп, бәрімізді бір мөлтек автобустың ішіне тығып, «бұзақы қалаға» қарай алып жүрді. Күн көтеріле жеттік. Көшелердің екі беті — қаздай тізілген «көгілдір телпектер». «Ауған соғысының батыры» генерал Громовтың өзі бастап әкеліпті. Олардан ығып жатқан халық жоқ. Ақсақалдар мен ақжаулықты аналар ұлдары мен қыздарын қолынан жетелеп, тайлы-таяғы қалмай көшеде жүр. Делебелері қозып алған көпшілік топан судай бой бермей, әрлі-берлі лықсып, күндей күркіреп, «көк телпектер» қоршауына төніп-төніп қояды. Үкімет адамдары сөйлеспек болған екен, бәрі теріс бұрылып, өз адамдарын ортаға шығарып, өзді-өзі митинг құрып кетіпті. Біз екі топқа бөліндік. Әбең мен Зекең қалада қалды. Ақсақалдарды жиып сөйлесейін десе, олар балаларымен бірге көшеде жүр. Алаңға барса, тәртіп сақшылары қолдарындағы үнкүшейткіштерді жұлып алып сөйлеткізбейді. Артынан айдауылдар келіп, екі ақсақалды алдарына салып, Громовқа алып барады. Ол: «Халықты бұзатын осындайлар ғой», — деп шатынаған екен, терісіне сыймай, түтігіп келген Әбдіжәміл Нұрпейісов: «Әй, боқмұрын, сен солдат болсаң, мен де солдатпын. Бірақ, сен секілді халықпен емес, фашистермен айқасқанмын», — деп шаңқылдап, жеті бабасынан бермен қарай «солдатшылап» сыбап беріпті. Көкайылданып алған екі дөкейдің араларына түскен республика, облыс басшылары «әйгілі жазушымыз, қадірлі адамымыз еді»,— деп, әзер тілге келістіріпті. Әнуар екеуміз «ереуілдің нағыз ошағы» атанып отырған Ескі Өзенге кеттік. Бізді көздерінен бір қадым таса жібермей келе жатқан «сыпайы сақшыларымыз» бен жергілікті әкім-қаралар лек-лек ілесті. Шұбырып аттестатқа ақырғы емтихан қабылдап жатқан мектептің алдына барып тоқтадық. Ең болмаса, мектеп бітіретін балаларына келген ата-аналармен тілдеспек едік, төрт-бес мұғалімнен басқа ешкім көрінбеді. Жаңа емтихан тапсырып біткен шәкірттерді ата-аналарын шақырып келуге үйлеріне жүгірттік. Жарты сағаттай күткізіп барып, бір қыз бала кіріп: «Ағайлар, жұрт сіздерді спорт залда күтіп отыр», — деді. Барсақ — иін тірескен халық. Алдыңғы қатардағы ақсақалдармен қол алысып, қызыл шүберек жапқан оңаша үстелдің басына барып отырдық. Спорт залды сырттан да, іштен де буыршындай буырқанған бұла жігіттер шыр айнала қоршап тұр. Бұлшық еттерін бұлтылдатып, тістерін қарш-қарш шақырлатып қояды. Бізге сенбей ме, әлде соңдарымызға ілесіп келген айғыр топқа сенбей ме, айбат шегіп, қастарымызға келіп, нұқып жібергілері келгендей, төбелерімізге түнере төніп-төніп тұрып алады. Ондайда залдағы ақжаулықтылар жағы: «Әй, жүгірмектер, Әбіштен аулақ жүріңдер!» деп баж ете қалады. Шамасы, араларында анамның замандастары мен көз көрген жеңгелерім аз болмаса керек. Мен келісіміздің мәнісін қысқаша баяндап: «Ал, ағайын, не болып, не қойып жатқанын өз ауыздарыңыздан айтып беріңіздерші»! — дедім. Ақсақалдар іркілместен сөйлеп кетті. Әңгімелері сай-сүйекті сырқыратады. Әуелі әрқайсысы атақ-жөндерін айтып: «Әй, Әбіш! Кімнің не дегенін нақты жазып алып отыр. Ертең, осының бәрін жаныңнан шығарып жүрсің деп, өзіңе жабысып, басың пәлеге қалып жүрмесін», — деп қояды. Бар құлталарын түгел жайып салған ағайынды Әнуар екеуміз тебірене тыңдап бақтық. Аяғында: «Естігендерімізді жерде қалдырмаймыз. Аузымыз жеткен жердің бәріне айтамыз. Бірақ, төтенше жағдай жарияланып қойыпты. Онымен ойнауға болмайды. Әсіресе, балаларға абай болыңыздар. Қызбалыққа ұрынып, арандап қалмасын», — дедік. Ақсақалдар мен ақжаулықтылар, буыршындай кимелеп, жолымызды кескестеген жастарға ырық бермей, қолтықтарымыздан сүйеп, көліктерімізге отырғызып салды. Төтенше жағдайлар штабы бізді бесіннен қалдырмай, қайтарып жіберді. Алматыға жеткен бойда Әнуар орталық басылымдардың тілшілерін жинады. Біз көрген-білгенімізді айтып бердік. Олардың Жаңа Өзен оқиғасына асығыс берген бағасына қарсы шықтық: «Бұл — есірткіге уланған жастардың бұзақылығы емес, одақтық министрліктердің жергілікті тұрғындардың өмірлік мүдделерімен есептеспегендіктерінен кеткен әлеуметтік дағдарыс», — дедік. Бұл пікірімізді билік орындарына барып та дәлелдедік. Теледидардан, радиодан, баспасөзден жұртшылыққа да айттық. Маңғыстау байлықтарын игеріп жатқан бес министрліктің басшыларына жазған ашық хатымыз республикалық баспасөзде жарияланды. Оның толық мәтіні мен қосымша дәйектемелері сол кезде Мәскеуде өтіп жатқан халық депутаттарының құрылтайында ресми түрде таратылды. Сүйтіп, бір кезде Қазақстанға шуылдатып келген Г.В. Колбин абыройдан тұлдай айырылып, Мәскеуден қайтпай қалуға мәжбүр болды. Жаңа Өзен көтерілісі – оған тікелей ықпал еткен шешуші оқиға еді. Ол атақты Желтоқсаннан кейінгі ұлттық намысымыздың айырықша шамырыққан айтулы құбылысы ретінде есте қалды. Қазақстанның жаңа басшылығы асығыс жарияланған төтенше жағдайдың күшін жойып, әлеуметтік дағдарыс аймағындағы жағдайды тездетіп қалыпқа түсіру үшін көп ұзатпай Маңғыстау облысын қайта құрды. Сол бір от-жалын оқиғаларға шарпылып, тұтасымен дүркірей көтеріліп, үлкен-кішісіне, ұл-қызына қарамай, түгелімен намысқа шапқан маңғыстаулықтардың ашуға мінген ызалы күйлерін көріп, көкірегімізде талай сауал қоздаса да, біздерді әскери режим Жаңа Өзенде де, Ақтауда да ешкіммен тілдестірмей, қуып салғандай қылып, Алматыға тезірек қайтарып жіберуге асықты. Жаңа Өзенде Зейнолла Қабдолов өз кейіпкерлерінің бірі, мүгедектер арбасына таңылып отырған Рахмет Өтесіновтің көңілін сұрауға зорға кіріп шықты. Сонда атақты мұнайшы: «Халық ашынбай қайтсін, көргенсіздік шектен асып кетті ғой», — депті. Ақтауда қалалық газетте істейтін Лебен Сәдуақасов пен Темірхан тілшілік куәліктерін пайдаланып, зорға амандасып қалды. Әншейінде аңқылдап кіретін ақын інім айтарға сөз таба алмай тұрғандай, біресе білегімнен, біресе арқамнан сипап, бетіме жаутаң-жаутаң қараумен болды. Көкірегімді айқара қысып келген зіл батпан сезімдерге әзер шыдап, үйіме зорға жеткен мен аулада ойнап жүрген жерінде алдымнан жүгірген немеремді көтеріп алып, омырауына басымды сұғып, көйлегіне көзімді үйкелеп, малмандай су қылып тастаппын. Не болғанына түсіне алмай, біресе шашымды, біресе мойынымды сүйіп, бәйек болған немеремнің сондағы қылығы Ақтауда жолыққан Темірханның қалай қамырығып, қалай абыржығанын еске түсірді. Оның мен үшін қаншалықты жақын, қаншалықты қымбат адам болып кеткендігін сонда сезіндім. Ол тек мені аяғандықтан емес, баяғыдан бері өз тумасындай бауыр басып кеткен өлкенің басына төбеден түскендей оқыста тап болған тосын нәубеттен шошына апшығандықтан да қатты қамығып, қатты абыржып тұр еді. Бұл сезімін ол сол кезде жазған өлеңдері мен көсемсөздерінде еш бүкпесіз айтып, айқын көзқарас ұстанды. Бала бүркіт кезінде топшысынан қақпай, томағасын сыпырған өлке мен ортаның ауыр күндерінде мұңын айтқан жыршысы, мүддесін түгендескен жоқшысы болды. Осындай абзал азаматтың сүйегім сынбаса да, қабырғам дал-дал сөгілгендей болған тұстарда оттағы табаға түсіп кеткен балықтай дәт таба алмай тыпыршып, қинала қынжылысқан қимастығын содан кейін де талай көрдім. Мұндай тумай туысып, біте қайнасып кеткен шын көзкөрген іні жайында ойлағанда, бастан бірге өткен талай оқиға тарам-тарам болып еске түседі екен. Темірхан Медетбектің ақындық атымен қоса, азаматтық аты да сол кезеңнен бастап айырықша аспандай түсті. Оның халқының қалтқысыз перзенті, елінің елгезек тілеуқоры екендігіне қаламынан шыққан әр сөйлем, әр шумақ куә бола алады. Ол көптің мүддесін сөз арасында емес, өз мұңын шетке ысырып қойып, бәрінен бұрын мұңдап, бұрын жырлап келе жатқан әлеуметшіл ақын. Әмбенің қиналған шерін толғап, әмбенің тебіренген сырын айтып келе жатқан ұлт жоқшысы, ұлт жыршысы. Өзіне де, өлеңіне де көңілім қалып көрмепті. Өзін де, өлеңдерін де сағына тосып отырамын. Бұрындары аяқтай келіп, жырларын оқып, пікірімді естіп кетіп отырушы еді. Енді жыл аралатып, қалақтай-қалақтай қалың кітаптарын жібереді. Артынан аралас-құралас ағайыннан: «Ағамыз оқып шықты ма екен? Әлі үндемей жатыр,» — деп сыр тартатынды шығарыпты. Ақ қағазбен сырласқанда, басқа ұқпаса да, сол ұғар деп ерекше емексіп отыратын оқырмандарың болатыны рас. Сондайда алыс ғаламшарлардағы бар-жоғы белгісіз жан иелерінен сыбыс шығып қалмас па екен деп тылсым ғарышқа құлақ тосқан есекдәме астрономдардай босқа елеңдеп, бекерге пұшайман болып қалу бүгінгі жазармандардың қай-қайсысының да басында бар жағдай. Соны ескерудей-ақ ескеріп бағуға тырысатындардың бірі мен едім. Бірақ, бір кісінің құшағы қаншаға жетеді?! Бір көкіректің жиған- тергені қаншаға дейін қарық қыла алады?! Ал, құдайға шүкір, қанша дарабоз болса да, Темірхан қазақ жырында ешқашан жалғыздық көрген емес. Тұманбай, Сағи, Қадыр, Жұмекен, Мұқағали, Төлеген, Фаризаларға іле-шала тұсауы кесілді. Мұқтар, Иранбек, Ұлықбек, Жүрсін, Нұрлан, Жарасқан, Есенғали, Несіпбек, Серіктермен бірге көкке өрледі. Қазір Тыныштықбек, Светқали, Сабыр, Шәкизада, Гүлнар, Керім Елемес, Маралтайлар қаз-қатар маздап тұрғанда қазанаттай қасқая шауып, төрге озып отыр. Темірхан талантының қаншалықты құдіретті, еңбегінің қаншалықты ерен екендігіне осының өзі-ақ айқын айғақ бола алғандай. Жуық жылдарда аталған ақындардың көпшілігімен бірге, ортамызға Жайық бойында жыр дүкенін қыздырып жүрген Нұралы, Табылды, Жылқышыларды алып, Махамбет жатқан Қараойға бардық. Сонда: «Бәріңіз де даусыз талант, тамаша азаматсыздар. Көргенде көз сүйсінеді. Бір-біріңді қадағалай оқып, бір-біріңді көкке көтеріп, көпке насихаттап жүрмейсіңдер ме?! Халық қандай қуатқа ие екендерін біліп алсын!» — деп едім. Кейде тіпті түсімде Серік Ақсұңқарұлы Керім Елеместің, Ұлықбек Сабыр Адайдың, Несіпбек Шәкизаданың, Светқали Гүлнардың, Тыныштықбек Маралтайдың жырларын төгілте талдап, жұрт соларын жабыла оқып жатқандарын көріп, қуанып оянатыным бар. Ал өңімде әлге дейін Оразақын Асқардың Қадыр мен Мұқағали, Мырзан Кенжебайдың Есенғали жырларына байланысты жылы лебіздерінен басқа тұщымды ештеңе таба алмай, күйзелумен келемін. Күйзелмегенде қайтерсің... Ғасыр басындағы Сұлтанмахмұт қайтыс болғандағы Шәкәрімнің, Ахмет Байтұрсынов тойындағы Мұқтардың, Мағжан жайындағы Жүсіпбектің жүрекжарды сөздерінен кейін қазақ қаламгерлері бір-бірі жайында айтса, ауыздары қисайып кететіндей көрінеді де тұрады. Отызыншы жылдардағы жаппай от лақтырысу рухани дүниемізде атом бомбалары жарылғандай алғашқы алапат болды. Біреудің мүйізі сынғаннан, біреуге мүйіз шықпайтынына, біз секілді азғантай қауымның бірінің бірі тілегін тілесіп, бірінің жетістігіне бірі қуанып жүре алғанда ғана көсегесі көгеретініне сол жолы көзіміз әбден жеткен шығар деп едік. Бір атым насыбайдан көңілі қалысып, бірінің ізін бірі шабақтау әлі де орын алып келеді. Ендігі үміт — бізден кейінгілерде. Ең болмаса, солар бір-біріне кіжінбей өтсе екен. Әйтпесе, дарқандығымызды дастарханымыздан танып жүрген былайғы жұрт бір-біріміз жайлы жазғандарымызды оқыса: «Неткен тасбауыр қауым еді?!» — деп қаралай жағаларын ұстар түрлері бар. Ал суаяқ уақыттың сумаңдап қайда бастап келе жатқаны беймәлім. Әйтеуір,әлдеқайда дедектетіп барады. Кеше ғана құлындай құлдырап жүрген Темірхандар алпысқа келдік дейді. Рас та шығар. Қазір ұлы майдан, ұлан жорықтан оралған тарлан аттай талтаңдай басып, құз басындағы құлжадай алшайып кеп тұратын болыпты. Маңдайын желге төсеп, омырауын көкке ұсынып, маңқия қарап, қира-қира сақалын оңды-солды осқылай тырналап, мойыл қара мұртын масаттана ширататынды шығарыпты. Сондайда қасына барып, желкесінен сипап, бауырыңа тартсаң, қалқиған құлағы ду қызарып, өндіршегі сорайып, алақ-жұлақ қарап, арсалаңдап күлетіні бар. Баяғы Темірхан қалпына түседі. Баяғыдан бергі бастан кешкенді, жүрек сыздатқанды бірге отырып ойланғың, бірге отырып толғанғың келеді. Жаманның тойы егеске, жақсының тойы кеңеске деген емес пе?! Ендігі жерде жүрек жарды сырымыз бен көкейкесті мұңымызды Темірхан Медетбектей тегеурінді талант, тұрлаулы тұлғаларымызға бағыштап айтпағанда, қайда айтамыз?!
Иә, бар бол, бауырым! Жортқанда жолың бола бергей, жолбарысым!
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ.
БІРІНШІ БӨЛІМ
* * *
Тынышыңды алам мен Сенің,
Сенің де,
Сенің,
Сенің де –
шығармай жырдың ел-селін,
тарқамас менің шерім де!
Кетуім үшін ұққызып,
ақтарып, төгіп барымды, –
тынышыңды алам мен сенің,
байлаулы жатқан бүк түсіп
үргізіп телефоныңды.
Өлеңді сенен іздедім! –
сөйлей де сөйлей далаға
қаңсып бір қалған қызыл тіл
жапырақ құсап күздегі
таңдайды жатса сабалап.
Деме сен маған кеш жүрсің!–
өлеңмен ертіп ақпанды,
тынышыңды алсам мезгілсіз,
құлаштап ұрып қақпаңды.
Тынышыңды алам, Тау, Дала,
Теңіздер,
Желдер,
Ормандар!
Жатпастан санап саудалап
не берсең, ала беретін
үміттей терең дорбам бар!
Миллион рет күніне
қайғыға,
мұңға түсірген
танышыңды алам, дүние,
бір ғана өлең үшін мен...
ТЕЛЕГРАФ СЫМЫ ҮЗІЛГЕН ЖЕРДЕ
Жатты үзіліп телеграфтың бір сымы,
жатты үзіліп қан тамыры әлемнің.
Шыр айналған уақыттың ұршығы
қалды осында тұншығып.
Байла-
нысшы,
қайдасыңдар, жетіңдерші тезірек!
Дәрігерлердей
жалғаңдаршы телеграфтың сымдарын, –
жалғаңдаршы қан тамырын әлемнің.
Жараланды дүние!
Қайдасыңдар,
жетіңдерші тезірек.
Бір тамырын берейін мен суырып
осынау сүмбіл денемнің,
жалғаңдаршы қан тамырын әлемнің.
Сымдар, сымдар кеңістікті әжімдеп
дүниенің денесіне оралған
үзілді ме дауылдардан, бораннан;
суырылып құйылғанда жан-жақтан
жіп-жіңішке өне бойын аралап
қайғылы бір хабар өткен кезінде
үзілді ме алапат бір салмақтан.
Жалғаңдаршы тезірек!
Дүние тұр құшағында қауіптің,
бұрқ етердей кетсе егер сәл ауытқып,
Бағаналар сирағына жармасып,
жалғаңдаршы тезірек!
Бал тыныштық тұру үшін қозғалмай
барлық ел, барлық адамзат
бір-бірімен жату керек жалғасып,
бір-біріне қарау керек көз жазбай!
САҒАТТАР
Қойсам да мейлі бөлшектеп,
минуттар менен секундқа,
бір күнгі жүрер жолымды, –
қол сағат мені сол сәтте
бауымен қысып қолымды
ап кетер:
енді жетед деп,
театр, кино, парк пен
тойларға қарай жетектеп.
Қоймастан мені онымен
шақырар бірі тағы да,
мұнараларға шығып ап, –
минуттың ұзын қолымен
әр сағат сайын бір бұлғап.
Ормандай ойлы теңселген
өлеңім жатса аптыққан, –
үйімнен,
жиын, кеңседен
қуады бірі тақ-тұқтап.
Әр секундты қағып бір,
кете алмайтындай әрі аттап,
маятниктер де теңселер
шалдыққан шаршап Уақыттың
тілдері құсап салақтап.
Күлдіріп ойға батырып,
шарлатып маған бар жақты,
жетектеп, қуып, шақырып,
сағаттар мені шаршатты.
Ал егер кейде жалығып,
жып-жылы жұмсақ төсекте
аялап бақсам жанымды,
соғардай бәрі жабылып
ақырғы сағаттарымды!
* * *
Тыныстап, кейде тұншығып,
шыңдарға қарай тартамыз, –
момақан ғана тіршілік
қым-қуыт шайқас, арпалыс.
Асығыс ұшып әуелеп,
дүрліге көшіп жүр ағып –
реактивті самолет
аспанның шаңын шығарып.
Кетсе тек шабыт бір есіп
ақиық ақын сабазға, –
қаламның сүйрік ұшына
қырық екі әріп ілесіп,
жүгірер аппақ қағазда.
Үзіліп әнін созғанда
табиғат тартқан дастаннан,
құйқылжып барып бозторғай
кетердей тамып аспаннан, –
ән етіп әр бір тынысын
ақтарып бәрін бүкпесіз,
шығып ап көкке күн ұзын
шырқайды үтір, нүктесіз.
Кім жатсын жылы төсекте,
бүгінен түскен асықтай,
момақан тірлік десек те
тұра алмас, сірә, асықпай, –
қап-қара түнді жарып кеп,
зымырап ұшса ентелеп,
ертеңге қарай қара Жер
кеңістікпенен дөңгелеп!
* * *
Үлгеру керек бәріне!
Еліріп босқа есіңнен танып емінбей,
көз сүзбей гүлге, көктемге,
көшеге, баққа, аспанға, —
ілесу үшін осынау шулы өмірге
бағынбастан жазу керек өлеңді
графикке,
режимге,
жоспарға.
Жазу керек
әуезге толы дауысын күзгі құстардың
түстікке қарай тартатын шұбап, қайқайып,
жұмысшы бұлшық еттерін
балғаны соққан созылып барып шалқайып,
өзеннің,
көлдің,
жапырақтардың тынысын,
алаңсыз жүрген сәбидің қүмбыл үні мен
қойшының түнгі айқайын.
Жазу керек
осынау қатал өмірден
өзгеше жұмсақ,
өзгеше жеңіл сөз күтпей.
Қалса да сенің кеудеңде
дерт болып қатқан мұң тұнып,
шатырлап сынған аспанда
найзағайлардай бұлқынып
үлгеру керек бәріне
телеграфтардағы тездікпен.
Сыпырып тастап шүмектеп аққан теріңді
жазу керек
қалдырмай әр дем, әр үнді,
шегі жоқ шетсіз мезгілдің
қуатын, күшін, түр-түсін.
Жатуы керек, әйтеуір,
соңғы бір жазған жырыңда
осынау шулы өмірдің
соңғы бір күрсінісі мен
соңғы бір жарқын күлкісі!
* * *
Балада да,
алпысқа келген қартта да,
кедейде де жүретін ылғи от қармап,
хандарда да отырған тажал тақтарда,
қорқақта да жататын жалғыз бас бұғып,
батырда да қайратын жүрген тасқа ұрып,
ақында да кеудесін кескен жас тіліп, –
мейлі олар сапарласын
тауларды,
шөлді,
теңізді,
мейлі олардың тұрағы болсын
құлаңдар жортпас құла түз,
бірдей екен бәрінің де қызуы –
36 градус.
Елу градус
қақаған боран Сібірде сыңсып соқпасын,
елу градус
шыжыған ыстық түстікте қаңсып қақтасын,
дегенмен бірақ туасы
Жатпайды екен өзгеріп
адамның температурасы.
36 градустың қызуы:
қайната алмас суыңды,
бу ете алмас көліңді,
балқыта алмас темірді,
тұтата алмас көмірді.
Дегенменен, бір тәуліктің ішінде
мың сан жылап,
мың сан рет тойлаған,
мың сан рет ашкөзденіп,
мың сан рет ойлаған
дүние жатыр аласұрып, аунақшып
36 градуста қайнаған.
ШЕКАРАДАҒЫ ТОРҒАЙЛАР
Батыста, шығыс, күнгейде,
Жүрсе де қиыр шалғайда
Шекараны білмейді
Шекарадағы торғайлар.
Мекенін, сірә, қия ма
Деме сен оны: кетті асып –
Бергі беттегі ұяға
Арғы беттен шөп тасып;
Арғы беттегі ұяға
Бергі беттен шөп тасып –
Жүрсе егер тірлік қамымен
Думан қып шалқар кең жерін
Үлгеріп жатқан бәріне
Табиғат жұмыскерлері.
Бергі беттегі ұяға
Арғы беттен жем іздеп;
Арғы беттегі ұяға
Бергі беттен жем іздеп –
Жүрсе егер тірлік қамымен
Өтті деме ел іздеп –
Өз елім дейді ол бәрін де
Кетпесе шайып теңіз кеп...
Тынбастан бәрі ұшады
Күніне мың кеп, мың өтіп,
Шекараны бұзады
Шекарадағы торғайлар
Тіршілік үшін күресіп!
* * *
Қақырап сынып түскенше
білекпен,
иық,
беліммен
көтерем сені, Туған жер,
осынау өзен, көліңмен,
шөліңмен,
орман,
жеріңмен,
көтерем сені, Туған жер!
Оятып ойды алам да
айқайлап жатқан ағыспен
көтерем сені,
қамалып
көмейде жатқан дауыспен.
Уақыт салып араға,
тұрмастан босқа тыныстап,
көтерем сені
далада,
көшеде,
үйде,
жұмыста.
Ертеңге қалай барам мен
қап қойсам сыртта, қапталда, –
салмағың жатсын, әйтеуір,
қолыма алған қалам мен
арқама салған қаптарда.
ВОЛЕЙБОЛ
Төзімді қамап қамалға
өзіңе енді абай бол!
Алақандай алаңда
қызады келіп волейбол.
Өртеніп,
жанып күйіктен,
ауаға қалқып, асылып,
соғады допты биіктен
құрулы тордан асырып.
Тағы да бір доп соғылды
сілті ауаны сіліккен.
Серпеді кері добыңды
ауаға сүңгіп жігіттер.
Қорғағандай қамалды
қорғайды жерін сан құлап, –
екі жақ жатыр алаңды
кезекпе кезек бомбалап.
Ұмтыла ұшып сабылып,
серпеді допты ізінше, –
доп емес,
бомба жарылып
кетердей жерге түсірсе.
Жігітім,
енді жасқанба!
Сенетін болсаң күшіңе
қайта соқ допты,
аспандат!
Түсірме жерге, түсірме!
Өртеніп,
жанып күніне,
алаулап, шалқып оттардай,
торларын құрып дүние
қорғайды жерін «доптардан».
ЖЕРЛЕС ТЕРЕКТЕРГЕ
Шевченко қаласының пионерлері
Шымкент облысынан әкелінген
терек көшеттерін отырғызды.
(Газеттен).
Сарғайған түзді сан жылдап
ораған жасыл желекке,
желпініп шықтың алдымнан,
балауса жерлес теректер.
Аспанның алау күні өртеп,
бойыңды көмген шаңына,
қатқылдау тиді-ау бұл өлке
сендердің табандарыңа.
Тойлаған әр бір жеңісін,
ертеңін күткен сан ойлап,
осынау ел мен жер үшін
шырқалуы керек қалайда, –
бұлқынтқан тулап, қанды ұрып,
Қашаған айтқан өлеңдей,
айқайлап жатқан алқынып
Атырау дауысы денеңде!
Қаңсытып сені жал құммен,
өртейді әлі күн аптап,
шашаңды сүрткен шалғын мен
тамырың тартқан бұлақтар, –
қалды ғой сенен үзіліп
Қаратау қойнауларында,
балауса балғын қызығың
Сарыағаш, Сайрам бағында.
Қатулы аппақ сақалды
келсе де ақпан қыспенен,
жеңе алмас қатер атаулы
түркістандықпыз біз деген.
Өтіне қонып желдердің
толғанар әлі ойланып,
бұтақтарыңда сендердің
Маңғыстау бозторғайлары.
Бойыңнан балғын ән біткен
төгілсін сыңсып, өбектеп,
түстіктік қызу қандықпен,
шырқаңдар жерлес теректер.
БӘЙТЕРЕК
Аспан құлап,
түссін мейлі жай кенет,
былқ етпейді желге қарсы бой демеп,
табиғаттың палуаны апай төс
алып дене, ауыр салмақ Бәйтерек.
Қарау үшін айналаға жақсылап,
әлденесін жоғалтқан бір жоқшыдай,
тұрады ылғи шайқап ауыр денесін
бір төбені табанының астына ап.
Бұл аймақта ол көрмеген бар ма адам?!
Бұрылмастан кете алмайды жол да оған.
Бұл өлкеде жоқ та шығар бір құс та
бұтағында ән салмаған, қонбаған.
Қара жерді сілкемін деп тулақтай
күзгі желдер соқса өлкені шулатқан,—
жапырағын ұшырады Бәйтерек
қара жалын сияқты бір будақтап!
Есітсе егер қауіп жайлы сыбысты
сол бір сәтте тұра алмастан тыныс қып
арыс кеуде Бәйтеректің денесін
күрес тілеп шайқалтады Тыныштық.
КЕШКІ БҰЛТТАР
Нарттанып,
маздап,
толықсып,
шашбауын жинап жарықтың,
құлағанда талықсып
көкжиекке алып күн,
бір алапат басталды, —
түйдек те түйдек төңкеріп,
шабындығында аспанның
шөмеле бұлттар өртеніп!
Аласат құяр ұққанға
не деген сұмдық?
Таңым бар.
Аспанға қашып шыққан ба
жердегі барлық жалындар?!
Көшеді жөңкіп, жел келіп
үрлеген сайын лапылдап,
көк төсін түгел көмкеріп,
арқасы қозған ақындай
төгем деп жаңбыр-өлеңді
түтінсіз жанып булыққан,
Алатау жаққа келеді
өртенген Кешкі Бұлттар.
* * *
Қан тамырларым — ширатқан кендір жіптердей
бунайды келіп, шырмайды буып денемді,
түсердей кесіп мың бөліп
қаттырақ кысса сәл енді.
Көзімнің алды түк көрмей
арадай гүлге шаншылған,
қаламды сығып, қағазға төнем
жүректен
сығымдап тартып өлеңді.
Қан тамырларым — ширатқан кендір жіптердей,
шіреніп тартып, шырмайды буып
денемді.
Мың қамшыдай жосылтса келіп
ысқырып
суырылып шығар
кескекті бір жыр ышқынып.
Қан тамырларым, қинаңдар мені,
азапта,
қинаңдар мені,
босатпа!
Жатқан соң босқа жайғасып
жүректің бұлшық еттерін
қалатын шығар май басып.
Ширатшы мені тау өзендеріндей,
жұдырықтай жиырылып жатқан
Махамбет өлеңдеріндей,
ширатшы мені
ток жүріп жатқан сымдардай,
болмайды екен
семсердей қайта шыңдалмай.
Сөйлеймін сонда тау өзендеріндей бұрқырап,
қалмаспын сонда пайдасын ойлап бас қамның.
Қан тамырларым,
түйілген бұлттай өлеңнің
бұлшық еттерін тілгіле, сілкі, жұлқыла
найзағайларындай аспанның.
* * *
Сақта өзіңді, сақта сен!
Жасыңды төгер жер іздеп,
берілме мұңға, берілме.
Тұратын күтіп сені іздеп
керексің мынау өмірге.
Сақта өзіңді, сақта сен!
Өмір бар сенде,
сондықтан
өзіңді-өзің көтер де,
ізіңді жауға аңдытпай
алып шық қауіп-қатерден.
Дүрмекке емес,
сенделіп
жүретін күнде жүз тойлап,
тірлікке керек сендегі
отыз жастағы күш-қайрат.
Тау менен дала, орманның,
жапырақтардың үнінен,
жабайы өлке, жондардың
қырмызы мың сан гүлінен,
жүректен, өзек, жанардан,
дәндерден, тұқым, ұрықтан,
аспаннан, жерден жаралған
өлең бар сенде – ұмытпа!
Сақта өзіңді, сақта сен.
Қорықпа, қайтпа, сескенбе.
(Дегенмен, керек ұққаның).
Жойқын бір төбелестерде
шық өзіңді құтқарып.
Қатал бол енді темірдей,
өшіп сен кетпе бір күні, –
өлімің емес өмірге,
тірлігің керек, тірлігің.
Сақта өзіңді, сақта сен!
АЛЫС ШАҚЫРЫМДАР
Алыс шақырымдар...
Алыс шақырымдар... –
төзетін аяз, аптабым,
баратын өлке, жондарым,
қиналып шығар соқпағым,
ұйқысыз темір жолдарым.
Шақырымдар,
шақырыңдар.
Зымырап ұшқан шағымда
жерім бар болса ашпаған,
мен зулап келе жатқанда,
ақ жолақ шлагбаумдар,
жолымды кесіп тастама...
Жетейін алып-ұшып мен,
өтейін сансыз өткелден, –
бәрінен қолды үзіп мен
пойызбен, кеме, таксимен,
ақиық самолеттермен.
Сапар қып жылдың сан айын,
жыр сыйлап жас пен қарттарға,
аялдамаларға барайын,
қонайын аэропорттарға.
Шақырымдар,
шақырыңдар!
Сананы сансыз жұлқылап
жарылар сел боп ағынан,
ұшайын жұмбақ, құпия
жырлардың жұлдыздарына.
Шақырымдар,
шақырыңдар!
ТҮНГІ ТРАССА
Тұнгі трасса.
Күзгі жел ұлиды қасқырдай.
Сақ болшы, кезекші ГАИ мен
көрсеткіш бағандар,
жол бойын күзеткен...
Дірілдеп жылдамдық астында
шіреніп үзілер ішектей
жатады
түнгі
трасса.
Қарт шофер
баранка шеңберін сығымдап
қарайды
сақ болу керек деп,
қарайды
көзіне от толып,—
кетердей түнгі жол,
кенеттен,
жалт беріп,
жоқ болып.
Мен-дағы қараймын,
(толқытпа ойымды бөгде елес)
бір қауіп көмейді тіреп тұр.
Түнгі трасса,
жерде емес
жатқандай
үстінде
жүректің.
(Қандай бір күн болсын,
қандай бір түн болсын:
бұлтты шерлі көк нөсермен
жатса да сойғылап Жерді кеп,
қатерлі бұрылыс,
қауіпті көпірдің аузында
шығамын алдыңнан,
ессіз жылдамдық,
көрсеткіш бағана, белгі боп.)
Жатады түнгі жол
тағы да алысқа сүйре деп,
толтырып денесін үндерге,
қадалып қап-қара инедей
сүңгиді қап-қара түндерге.
Трасса үстінде
от біткен
ағады бағыттан өзгермей,
оңға да, солға да —
түсетін қағазға
сөздердей
жүректен сорғалап!
БІЗДЕР
Жасқаншақ, жалтақты
жігерге өртеткіз.
Өйткені біз деген
ертеңге ынтықпыз,
өткенге ертекпіз,
бүгінге шындықпыз.
Шөл қысып қуарған
жаңғыртып даланы,
арқалап келеміз
тұтас бір қаланы.
Денені талдырып
шалдықсақ терлеп бір,
сүртеді маңдайды
күс қолы еңбектің.
Біз үшін
тыныштық – басты ұран.
Туған батырмыз
аңыз бен дастаннан.
Шығып жатамыз
жердің астынан,
Түсіп жатамыз
Айдан, Аспаннан.
Тауып тұрамыз
жұмбақ түйіннен
болашақ таңдарын.
...Қағып тұрамыз
жұмыс киімнен
жер менен космос шаңдарын.
* * *
Жұмсақ та шығар-ау
тас бұдан! –
дегендей: ұшырам,
жоқ қылам –
ішімнен,
иектің астынан
тиеді есалаң соққылар!
Ғайыптан сау қалсам, тап бұдан
кетем де жалт беріп,
бұғып мен,
келесі келетін соққыдан
қорғанам қолыммен,
иықпен.
Қорғанам,
деме сен: батты ма?
Төтеп те бере алам
жүректен тиетін соққыға.
Бүгінде соқпайды білекпен.
(Білектің күні өткен).
Соққылар тиеді жалаңаш жүректен.
Қорғайсың жүректі,
жүректі алады еңсеріп.
бойында сусылдап шапшып қан,
Тұруға болмайды
құр босқа теңселіп,
боксерлер ұратын қапшықтай.
Үмітті,
арманды,
тілекті
сындырып тастайтын күйікпен,
өмірдің соққыларынан
қорғап қалу мүмкін емес жүректі
бойыңмен,
қолыңмен,
иықпен!
Тастамай қашан да
қаламды,
қайланы,
күректі,
шаршап бір шалдығып күндікке
қорғауың мүмкін тек жүректі
тірлікпен,
күреспен,
шындықпен.
* * *
Жүректей жалаңаш көк төсте
шыңдалып,
шындықпен беттескен,
тұр мынау өмірге
бір өлең...
бір өлең жетпестен.
Ақындар,
қалай да бір өлең құраңдар
зат есім,
сын есім,
етістік,
одағай, үстеу мен шылаудан!
Қалай да бір өлең құраңдар,
жұрт оқып шығатын құмардан.
Дауысы қайланың,
балғаның
өлеңді соққанда жаңғыртып,
көтере алмастан салмағын.
қамырдай иленсін
бос сөздер тармағы.
Өрекпіп баса алмай толғағын
жатсыншы демігіп,
алқынып,
долданып
бір өлең...
бір өлең
шығара алмастан
өкпенің бар тыныс жолдары.
Тасыған өзендей тулап қан,
ағылсын десеңдер жүректен
бунақтар,
екпіндер,
шумақтар,
өлеңнің тілінде
өзгеше шулап қал.
Әйтеуір,
кәрің бар, жасың бар
бір шумақ болса да
бір өлең жазыңдар!
Жүректей жалаңаш көк төсте
шыңдалып,
шындықпен беттескен,
тұр мынау өмірге
бір өлең...
Бір өлең жетпестен.
* * *
Сөйлей алмай, жаншылып зіл батпанға
ақтарылмай кеудеде сыр жатқанда:
еңсені езіп тұнжырап ертелі-кеш
күзгі түндей ап-ауыр мұң батқанда;
Жосылтқанда өмірдің сойылы ұрып
қалған кезде намысым майырылып;
немесе бір немкетті бос сөз үшін
жалғыз қалсам досымнан айырылып;
жабылғанда бәрі кеп қамап, езіп
таба алмасам шығатын, жабар есік –
табиғатқа армансыз айтайын деп
кетем үнсіз тау кезіп,
дала кезіп.
Жатпастан-ақ жаныма кінә тағып
шалғынға орап алдына ол құлатады –
желі келіп көзімнің жасын сүртіп,
жапырағы сипалап жұбатады...
* * *
Шықпастан қалған үндерді
жүректі мәңгі мекендеп,
аспанға құлақ түргем-ді
аққулар айтар ма екен деп?!
Жұтынып, сыңсып болғаны
айта алмады ол-дағы.
Жататын қайғы, шер іздеп,
кеудесін шайқап көтерген
қарадым көкбет теңізге
толқындар айтар ма екен деп?!
Жартасқа шапшып болғаны
айта алмады ол-дағы.
Ыңырсып соғып ырғағын
жататын қауіп-қатерде,
жападан жалғыз тыңдадым
ормандар айтар ма екен деп?!
Желменен шулап болғаны
айта алмады ол-дағы.
Кетемін үнсіз күніне
мезгілді ғана мекендеп, –
қашан бұл тұйық дүние
шешіліп сөйлер екен деп!
* * *
Біздер үшін таусылған жоқ әлі күн,
таусылмаса бітпегені жарығың.
Өмір қысқа деп ойлайды –
кім болсын –
жиырма, мейлі,
жүз жасасын бәрі бір.
Жазылмас ед тірлік жайлы өлең де,
суыр еді, махаббат та денең де.
Өзге түгіл,
өзі үшін күреспес
өмір ұзақ деп ойласа егер де.
Өмір қысқа болған соң ба,
арқамыз
ауыр жүктен қайысқанша артамыз.
өмір қысқа.
Сондықтан да тіршілік
алыс-жұлыс,
шалыс-шайқас,
арпалыс.
Содан ба екен бір жалыңдап, бір өшіп,
жатыр бәрі тайталасып, тіресіп, –
жүйріктердей жүз метрге жүгірген
секундтардың бөлігінде күресіп.
* * *
Тіл ұшына келіп-кетіп тұр бір сөз.
Шашып-төгіп алардаймын бір күлсем.
Жұлдыздардай, түнді түрткен тыншымай
тіл ұшына келіп-кетіп тұр бір сөз.
Жаңбыр болып шелекте де, құй, кәне,
деген кезде түк жаза алмай тұрғаны,
аттап баспай ақ қағаздың үстінде,
қаздаңдаған қаламымның сирағы.
Түк шығара алмаспын-ау енді өксіп,
тербетсе енді сол сөз бізді тербетсін.
Сол сөзді іздеп жата алмаймын төсекте
соқыр ішек түйілгендей дөңбекшіп.
Сол сөзді мен ақтармасам, ашпасам
өлең жазбай кетердеймін тас қашап.
Тамып кетсе тіл ұшынан,
ал егер
бүкіл дүние сөйлейтіндей басқаша!
* * *
Гүлдер!
Гүлдер!
аялап дала күткен.
Үзбе оларды!
Қара тек, жаңа үмітпен,
сол гүлдердің ернінен
тәттілікті
жинай-жинай тауысты-ау ара біткен.
Ызыңдаса арадан мың үн қалқып,
жүре берер жүректен жырың балқып,
үзілдіріп гүлдердің тал бойынан,
шымырлатып сорса егер шырын тартып.
Ұясына араның салсам бүлік
жон арқама тілдерін шаншар қуып.
Қорыққанмен амал жоқ,
бал құрғырың
таңдайымды барады тамсаңдырып.
Не болса да көндім деп салып басты,
ақырында шыдамай бұтақтағы
балға толы ұяны алып қаштым!
Пәлекетке дәл мұндай жан шыдар ма
айдалаға түк көрмей қаша бердім,
мың ара кеп инесін шаншығанда.
Бір қуғанға әй-шайға қарата ма,
бір қуғанға ызасын тарата ма, –
бас көтертпей келеді, әлі күнге
балға құмар жанымды ара талап.
* * *
Ертеңге істі аударып
несіне кері шегінем...
Орманға барып,
тау барып
Ескерткіш үшін, Табиғат.
суретке түсем сенімен...
Ақ қайың,
терек,
қарағай,
желменен тулап қанатың,
жырлардай шалқып туындап,
шығарып, күтіп алатын
ағайын,
туыс,
достардай
тұрыңдар қоршап шуылдап.
Тұрыңдар қоршап мені енді,
қарағай,
терек,
ақ қайың,
тигізіп көкке төбемді,
біріңді шетке қақпайын.
Жел тисе шалқып дір еткен
тұрайын сенің ортаңда.
Жапырақ өскен білектер
жатсыншы иық,
арқамда!
Тастарды сілкіп алатын
далаға кетем,
кезем деп
тауларды кесіп ағатын
суретке түсем сендермен,
тау мінез долы өзендер!
Мүмкін ғой бір күн
белдердің
астынан асыл тас тауып,
өзеңді бөгеп,
сендерді –
ақ қайың,
терек,
қарағай,
аралап, қырқып тастауы.
Немесе,
мен де жапанда
адасып жолды таба алмай,
соңғы бір алыс сапардан
қалуым мүмкін оралмай...
Ертеңге істі аударып
несіне кері шегінем...
Орманға барып,
тау барып,
ескерткіш үшін, Табиғат,
суретке түсем сенімен!
* * *
Батыстың тентек желдері,
түстіктің өртең желдері,
шығыстың құрғақ желдері,
терістің бұрқақ желдері,
көптен бір соқпай кеттіңдер
құйынсыз қалды шөлдерім,
иірімсіз қалды көлдерім,
көптен бір соқпай кеттіңдер
тағы да, тағы, кел бері.
Ереуіл тілеп өксіп тұр
жүрегім толғау таппаған,
найзағай осып кетсін бір
бұлттарыңды әкеп төк маған.
Судырап, сыңсып, қалтырап
барады мені жалтақ қып, –
қара суығыңды алып кеп,
сарғайтқан мезгіл сартап қып
жапырақтарымды қағып кет.
Соза алмай семсер-қолымды
шеткері қалдым дүрмектен,
шала боп сөнген шоғымды
сөндірмей қайта үрлеп бер.
Ықтаған сайын ұратын,
қасарып, қайтпай, табандап,
тұқыртып тұншықтыратын
керімсал менен боранды ап
тағы да сынап көр мені.
Тағы да, тағы кел бері,
батыстың тентек желдері,
түстіктің өртең желдері,
шығыстың құрғақ желдері,
терістің бұрқақ желдері.
ӨТКІНШl ЖАҢБЫРДЫҢ ӨЛЕҢІ
Мен өткінші жаңбырмын,
келемін алыс, қиырдан,
сыйым бар, әнім, күйім бар.
Қолдарын бұлғап шақырып,
жете алмай қалды құйыңдар
үстінде шөлейт, жал құмның.
Мен өткінші жаңбырмын,
келемін көшіп теңізден,
бұлттар қашқан сол ізбен.
Бір тамшы суды талғақ қып
сусынын басар ел іздеп
әлі де, әлі қаңғырмын.
Мен өткінші жаңбырмын,
«үп» еткен желге ұшпамын,
ойлаған аптап түз қамын,
бір-екі ауыз сөзі бар,
телеграммалардай қысқамын
қайтарып сөйлер барлығын.
Мен өткінші жаңбырмын,
жаңғырса аспан төбемде
бір мезет мен де төмендеп,
ауа райы бюросы
күтпеген күні келер деп
қас қылып сол күн шалқырмын.
Мен өткінші жаңбырмын,
орманның үстін от етіп,
аспаннан ағып өтетін,
айтылар сөзді ақтарып,
асығыс сөйлеп кететін
мен өткінші жаңбырмын.
ТЕЛЕДИДАР АЛДЫНДАҒЫ МЫЛҚАУ
Мылқау отыр. Қабағы оның тас түйін.
Сәл қозғалса қос жанары жас құйып
кетердей-ақ,
қадалады алқынып,
белін бүгіп тістенеді басты иіп.
Қадалады ол соғыс жайлы киноға,
(мұндай кезде түртпе оны, тиме оған).
Дүние тұр әлденені айта алмай
көмейіне, кеудесіне сыймаған.
Дүние тұр құлағы бар, тілі бар
жеткізе алмай дымы бітіп, құрыған –
қолын сілтеп, тістелейді ерінін
ұмтылады мылтықтарын жұлып ап...
Естімеді ол...жылқылардың шыңғырып,
құлағанын үзе алмастан шылбырын.
Естімеді ол...
Экранда жұлқынып,
абалаған пулеметтер тұрды үріп.
Естімеді ол,
өңештерін созып ап,
сиренаның жылағанын азынап,
бөбектердің дауысын да,
ананың
аңырап келіп құлағынын қасына...
Естімеді ол,
көрді бірақ барлығын:
бомбаларды,
қорғасын оқ жаңбырын,
қоймадағы жарылысты – бұрқ еткен,
аспанға ұшқан консервілер қалбырын.
Естімеді,
көрді бәрін ол бірақ:
өткен кезде самолеттер бомбалап –
жарықшақтар соғып кеткен денеде
қып-қызыл ет тұрды ілініп, жалбырап.
Бірі соқты қабырғаға өз басын,
бірі жатты құрай алмай сөз басын...
Түсінеді ол бәрін, бәрін, бәрін де
шарасынан көл қып төгіп көз жасын.
Түсінеді ол (арман болсын әр бір үн).
Тек қана ол түсінбейді мәңгілік
адамдардың құлағы бар, тілі бар
түсінбейтінін бір-бірін.
ҚЫСҚЫ ҚАЛА КЕШІ
Сағат алты,
кешкі сәт.
Симастан көше, алаңға
шұбырып кетті көш құсап
жұмыстан қайтқан адамдар.
Қуады үнсіз шыңылдап
аялдап қалсаң кішкене,
құлақтар менен мұрыннан
қыршаңқы аяз тістелеп.
Ағаштар үнсіз қалғып бір
киіп ап қардың қолғабын,
қозғауға сілкіп қорқып тұр
ерсілеу созған қолдарын.
Көрінбей кетер бет деген
деміңнен ақ бу атқанда,—
үздіксіз
әрбір өкпеде
жарылыс болып жатқандай.
Асығыс бәрі, асығыс
алардай бәйге —
қай озған.
Асығыс бәрі, асығыс
асықпай көрші аязда!
Асықпай жайлап жүрер де ем
ойламай тоңған құлақты,
тістейді бірақ жүректен
уақыт аяз сияқты.
Жататын жар сап өлкемде
асығу керек көктемге.
Асығу керек Ертеңге.
Асығу керек Өткенге...
Сағат алты,
шағы бұл
мезгілдің зырлар арындап...
Мұнараның қарулы
алпамса ауыр қолында, —
шеңберін шіреп тұр керіп,
қадалар қайда жерім деп,
дірілдеп сағат тілдері
садақтың жебелеріндей.
АСЫЛБЕК + АЙБАРШЫН = МАХАББАТ
Мықты болсаң, дауылдар,
кет өшіріп.
Мықты болсаң, жауындар,
кет өшіріп.
Қайырымсыз, қатыгез қара тасқа
сіңіп кеткен қайланың соққысынан
махаббат пен қазақтың екі есімі.
Кімсің сендер –
метрлік әріптермен
аттарыңды қайламен әдіптеген...
Тасқа басқан таңбасын махаббаттың
ежелеп бір оқимын «Әліппедей».
Кімсің сендер –
жаза алған жан арманын.
Аттарың тұр...
сендерді таба алмадым.
Жұмбақ қазір мен үшін тағдырларың
бүгінгінің Қозысы, Баяндары.
Түкпірінде жүректің үн жата ма, –
жарар ма екен мен жазған жыр батаға?!
Ей, Уақыт, қабылда,
қабылдап ал –
келді саған екі жас, бір махаббат.
Күлкіге де, мұңға да тарынбаған
ей, Уақыт, қабылда,
қабылдап ал.
Ете көрші, құдайым,
тек солардың
жүрегін де, жанын да, арын да адал.
Сенем, сенем, сенемін қуатыңа
жібересің құм етіп, уатып-ақ.
Қаhарыңды төкпеші екі жасқа
Уақыт-ай, уақыт, уақыт-ай!
Ғашық болса кім жылап, кезбес кімдер,
ғашық болса өмірден безбес кімдер.
Өтінемін, Уақыт, бүгін енді
Айбаршыңды жылатпа,
Асылбекке
Бекежан мен Қодарды кездестірме!
Жетер енді,
жетеді, жетер енді –
Еңлік пенен Кебектің жаназасын
қалың қазақ қайысып көтергені.
Ерте салып мезгілсіз әжім бетке,
қолын жайып, көл қылып жасын төккен
мақсатына жетпеген махаббат көп,
жетсін енді Айбаршын, Асылбектер.
КАРТАҒА ТҮСПЕГЕН ӨЗЕНДЕР
Жоқ олар әлемдік картада.
Шықпаған атағы асқақтап,
сыймаған тарылған масштабқа;
құмайттан, шөлейттен қашқақтап,
табанын тілдіріп тастаққа –
ағады бозбала қанындай
көктемде – алқынып;
жалынсыз шағымдай
шілдеде тартынып.
Жоқ олар әлемдік картада.
Бар олар Сібірде, Кавказда, Арқада.
Ағады кектей жұлқынып,
қас батыр Қара Жер белінен
қылыштай суырылып.
Күй етіп долданып
арнасын – алқымын,
ұстамай өксігін, солқылын
быт-шыт қып тастарға
ұрады толқынын,
кішкене денесін
күреске толтырып.
Керегі жоқ тіпті оларға
Беделі атақ пен даңқтың.
Картаға түспеген өзендер
бостандық, күрес пен шабыттың
тамыры сияқты
соғып тұр.
* * *
Көкірекке сыймай бұрқап толғанды
образ, ой боп табысып —
ақтарып бәрін сөйлеген
өзеннің, көлдің, орманның
ақкөңіл, адал дауысы!
Түскенде сол үн өлеңге
қалмасын десең түк ұқпай
артық сөз, артық бояусыз
сөйлеуің керек тереңнен
өзен боп,
жел боп,
орман боп,—
тұншықпай, бүкпей, тұтықпай!
Кеудеде кетер күй тасып
қайырып дауысын ұзақтан,—
өлеңнің әрбір ұйқасы
өлеңнің жолын ғана емес
өмірді жатса құшақтап.
Шығатын оқып құмардан
айтуым үшін бір сөзді —
мысқалдап, миллиграмдап
дәлдікті іздеп өлшеген
аптекарьдің
безбеніндей теңселем.
ЖАЗ ОРТАСЫНДАҒЫ ЖАҢБЫР
Қамшы боп тиіп
қашқанға
тұқыртып басын қорғалап,
төгілді дейсің аспаннан
ақ жаңбыр шулап,
сорғалап.
Жаз бойы көкке күн ұстап,
кептірген еді тандырдай...
Қуады қуыс-қуысқа,
көшеде бір жан қалдырмай.
Аңызақ сіңіп ысталған,
шайқалтты шуда бақтарды –
бұрылыс-бұрылыстардан,
жүгіріп жеткен ақ жаңбыр.
Кім тұрсын шыдап тасқынға,
кеудесін тосқан бақ құсап...
...ұшады жаңбыр астында,
ап-ауыр Жер де доп құсап...
Сәт сайын құйған еселеп,
сәт сайын құмар қандырған,
шығамын сыртқа,
көшеге,
шомылам шулы жаңбырға.
Ақ жаңбыр,
сенің үніңе
ынтықпын құйған төбеден,
алақаныммен сімірем,
сіңірем сені денеме!
Үніңмен бірге керемет,
әніңмен бірге тарқатқан,
сіңіп кет менің денеме,
сіңгендей құмайт, алқапқа.
Тамшымен осып, сабалап,
әлсіздігімді қуыр бір!
Қан тамырларымды аралап,
шаң-тозаңдардан жуындыр.
Сағыныш күйін торта қып,
қақталған күнге, аптапқа
жүректі – жырдың алқабын
құрғақшылықтан сақтап қал!..
* * *
Көкірекке кеткен кезде дерт толып,
жанам кейде алаулаған өрт болып.
Жанам, жанам, жанам мен,
жүрегіммен, намысыммен, жанармен!
Маздап, шалқып жататын
алакеуім кештегі
алау емес мендегі
ошақтағы, пештегі.
Қайратыммен, деміммен
қара дауыл тартып бір
шындық болып жанам мен
қара ормандай шалқып бір.
Мыстан сөздің үйшігін
мыстан сөздер жиылған
лапылдатып өртеймін
үйіріліп құйындай.
Жанған жалын жалақтап
ештеңеге қарамас,
өсек сөзді қуамын
сумаңдатып жалаңаш!
Көрсең егер қашқанын
өсек сөздің далаға
құтқарам деп жүгірме, құтқарам деп қарама!
Темір торлап салдыртқан
терезесін сындыртып
қорқынышты өртеймін,
ойбайлатып шыңғыртып.
Жалқаулықты өртеймін,
ұйықтап жатқан қорылдап,
пышыр-пышыр шыжғырып,
күл қалдырам орнында.
Отқа қақтап өртейін,
өртейінші ұшқалақ
өтірік пен жалғанды жалбыр шаштан ұстап ап.
Жанам, жанам осылай
күндіз-түні тойлаған
өртенемін демесең өшірем деп ойлама!
Қайратыммен, деміммен
қара дауыл тартып бір
шындық болып жанам мен
қара ормандай шалқып бір.
БҮГІНГЕ
Күттім сені қиялымен елестің
жасар ісім болсадағы көмескі.
Күттім сені!
Неге күттім? –
сен тіпті
не өзімнің,
не жарымның, ұлымның
туған күні емессің.
Сен арқылы басталса да ілгергі үн
бірісің сен қарапайым күндердің.
Мейрам да емес,
не досымның тойы емес
бірісің сен қарапайым күндердің.
Саған жетем деп жүргенде асығып,
заттарым да қалды үстелде шашылып.
Өтектеуге қол тимеді шалбарды,
саған жетем деп жүргенде асығып.
Тайғанақтап,
не бүгіліп,
тартынбай,
немесе бір жағадан ап, алқымдап
жатпастан-ақ
сол белгілі уақытта
кірдім, міне, сол жұпыны қалпымда.
Атқаратын,
айта алатын шағымда,
ағытылып жарылайын ағымнан,
тек қана сен
бетпе-бет бір мені енді
ашық аспан,
күн астында қабылда!
Әйтеуір мен жылдар бойы жол жүріп,
жетемін деп,
жетемін деп болдырып,
күтіп едім бір керемет күнді мен,
мүмкін әлде, сен боларсың сол күнім.
СЫМДАР
Бойыңа сырлар бүккенсің
өзіңде ерен ағын бар.
Иірілген болат жіптерсің
зауыттың ұршықтарында.
Байланып темір бағанға
созылар сенің құлашың.
Көшелер менен даламда
шуылдап, сыңсып тұрасың.
Түк емес алыс аралық
жарықты жағып бересің,
резіңкелерге оранып
үйлерге кіріп келесің.
Сендерді тыңдап келемін,
өртең бар қазір ойымда.
Оттарым, әнім, өлеңім
ағады сенің бойыңда.
Жалғайсың елді бір елмен
жетектеп алып қызық сыр.
Кеңістіктерде шіренген
құпия, жұмбақ сызықсың!
Сендегі ағыс телегей
тереңсің түпсіз сырларға.
...Осының бәрін елемей
қонады қараторғайлар
ток жүріп жатқан сымдарға.
АНТЕННА
Өз бойынан өткізген тасқын, ағын
экранның алдында қаншама рет,
Қаншама рет күлдім мен, жас бұладым, –
селтиіп тұрғанда сен бұрышымда
сезімтал, сергек менің қос құлағым.
Жасырмайсың жұрттан сен тамшыдай сыр.
Әуелдегі толқында дүрмек болса
әлденеге әуре боп, әбігер боп
қос құлақты созасың, қайшылайсың.
Жаңалықтың сусындап қайнарынан,
сыр тартасың қаладан, қойлы ауылдан.
Құлағыңды тігесің күндіз-түні
экран мен эфирдің шуға толы
көгілдір жайлауына!
Қамығайық мұңайып, не күлейік –
экранға қадалып емінейік...
Қалт жібермей қимылын дүниенің,
тұр антенна үйімнің бұрышында
қос құлағы селтиіп, едірейіп.
ҚАЛА
1. ТАҢЕРТЕҢ
Көктемде
жапырақ шөптерде
жатқанда таң шығы –
ән салар
Кілттің сылдыры,
Басталар
Есіктің тарсылы.
Созылып біржола қалғандай
басқыштар,
гармондай –
дікілдеп жүгірген аяқтан
ұстап ап ырғақты
жаңғырып жырлап тұр.
Ауыр ырғалып,
«БелАЗ» бен «КамАз»-дар
шығады
ауылдан, гараждан.
Дайындап өздерін
күн сыйлар салмаққа, –
айнала асығыс,
айнала аптығу...
Кергілеп қолдарын жан-жаққа
крандар
жасап тұр ертеңгі жаттығу.
Ыңыранар
экскаваторлар
қарлығып, жөтеліп –
Темірқазықты айналған
Жетіқарақшы сияқты
Ожауын кетеріп.
Сымдардың бойында
сәулелер жалтылы.
Көп қатар жаңа үйлер —
ұясы араның...
Металдар шыңылы,
моторлар солқылы
көтеріп барады
денесін қаланың.
2. ТҮСТЕ
Көшеде,
алаңда
аңқиды
жанармай,
жағармай.
Талдар тұр
ұйып, ұйысып.
Аңқиды қаланың үстінен
тер,
тіршілік,
газдар мен
гүлдердің иісі!
Қапырық.
Тымырсық.
Тоқтайды автобус, таксилер
аялдамаларда ыңырсып.
Тыныштық.
Жайы жоқ ешкімнің
бір жаққа бел шешіп,
бет алған.
Күннің табынан
қызады плита пештердей
темірбетондар.
Үйлерде желдеткіш
құп-құрғақ ауаны
пырылдап сауады.
Ұстайды қара сымдардан
құлап қалардай
теңселіп трамвай.
Қала ашады
терезе есігін
ыстыққа шыдамай.
Дем бітіп қалардай
мынау тымықтан
шықпаса кенеттен
қара бұлттар.
Оттегі жастықты
сөгеді
найзағай жарқылдап...
Азонмен демалып
тұр қала салқындап!
3. ТҮНГІ ОТТАР
Құбылған шұғыла
көзді тартады.
шашырап
шашақ лақтырған
қала дәп қазір
оттар фонтаны.
Телміріп қарайды
телемұнара
алыстан хабар ап.
Жатқандай бейне бір
қаланың денесін
найзағай аралап.
Сенде де от болса
оттардың ағыны ол.
Шамдары сөнбеген
көп қатар үйлерім
электртаблом.
Оттар жанады,
оттар сөнеді.
От болып сөйлейді
өлеңім.
Түнгі көшелер
оттардың торлары.
Жарықпен жуады
қараңғы мүйісті
машина фарлары.
От болып шашырап,
От болып құбылам.
оттарға сүңгимін
оттарға жуынам.
Жуынам оттарға,
жуынам.
көңілде көлеңке,
қараңғы мүйістер
қалмасын,
қалмасын деп енді жуынам..
сөйлейді оттардың тілінде
айқайлап аншлаг...
барады...
трамвай сымынан
уыс-уыс боп
оттар тамшылап.
МЕТАЛЛ ЖЫРЫ
Мен металмын,
металмын.
қолданба мені
бет алды.
Мен металмын —
семсермін.
Мен металмын —
қайламын.
Қадірле мені, адамдар,
қолданба мені
бет алды.
Мен металмын
металмын.
Ағысты
қысыммен шапшытып
алып бір аспаптай
ән салам ГЭС-терде.
Қайнаймын сақылдап
ызалы жүректей
домна пештерде.
Қайнаймын
домна пештерде.
қайраймын
жүзімді
иленіп
қара төстерде.
Балғамен таптасаң
жыландай бұралып
бұғау бол
қолдарға, аяққа оралдым.
Еңбек боп
жапанға қаптасам
мұнара орманмын.
Майданда
сермелген семсер боп
жауларды жасыттым.
Дастарқан үстінде
момақан
шанышқы, қасықпын.
Өткірмін, өжетпін!
Бұрғы боп
тастарды қашаймын.
Шөміш боп
жерді сапырып
топырақ асаймын.
Балқимын
ақылды бастарда.
Шалқимын
қанат байлап ап
жеті қат аспанда.
Ман отпын —
қызу металмын.
Мен Орақпын —
сұлу металмын.
* * *
Қайдан келдіңдер, торғайлар?
Қайдан?
Қай жақтан?
Сендегі жүректер тоңбай ма,
осынау жалаңаш аймақта?!
Өсетін үйімнің алдында
жалғыздық дегенді аластап,
жамырап қондыңдар
жалғыз түп ағашқа.
Таласып жатасың
өкініп, өтініп
келе алмай шешімге –
бұтақтан-бұтаққа секіріп
әңгімелесесіңдер.
Талқылар көктемгі қамыңды
мәжліс пе әлде басталған? –
кішкене камзолдай түймесіз
қозғайсың қанаттарыңды
шешім тастардай.
Үй маңын талас қып қонасың...
ұшасың...
ап-арық бұтағын ағаштың
саусақпен шымшып бір қысасың.
Үнсіз мен тыңдаймын басылып,
сөйлеуге бата алмай қатты бір –
сендер боп кетердей шашылып
жалғыз түп ағаштан
шаттығым.
ЖАСЫЛ ТЫНЫШТЫҚ
Күн ыстық.
Айналам
жасыл тыныштық.
Жанарың қай жақты қармасын
жап-жасыл.
Жап-жасыл
сай-сала, қырат та,
жап-жасыл
дәп қазір
жауап та, сұрақ та.
Жап-жасыл
дүние үстіне
жасыл бояуды құясың.
Автоқаламдай
өзімді малам да
сорғызам денеме
осынау
жап-жасып табиғат сиясын.
Ойпаңға дамылдап
шығамын белеңге,
жап-жасыл
әріп те, өлең де!
АҚ ҚАЙЫҢ
Өсіп тұр қара батпақта
жаралған-сынды жарқылдан
ақ қайың аппақ соқпақтай
аспанға тіп-тік тартылған.
Құлпырып тұрған көктемде
тірлікке ол толғам, ой салар, –
желпінер сонсоң
кеткендей
аралап бойын найзағай.
Денесі оның –
жастық, ән.
Денесі оның –
ақ сүт, нұр.
Батпақты жердің астынан
прожекторым шапшып тұр.
Бұрқ етіп шыққан дастандай
толтырып әнге көгімді, –
шаншылып тұр ол аспанға
қақ жарып қара жерімді.
Өмірге, сірә, қандым ба
өтермін оны кешіп бір.
Дәл менің көзім алдында
сұлулық сыңсып өсіп тұр.
Балтырын орап гүлдерге
бауырын бұлттың иітпек,
барады ол алғы күндерге
қанатын қағып биіктеп.
Әлі де қанша тамсанып
қабақты жазам түнерген,
ақ қайың болып ән салып,
ақ қайың болып күлем мен.
Өзегін тіліп бұлттың
жағады нөсер шақпағын.
Жерімнен өсіп шығып тұр
аспанның аппақ соқпағы,
арманның аппақ соқпағы!
ТҮН
Кемермен ерегісіп асып-тасқан,
Өз үнін өз үнімен басып тастап,
Еңісте ерке бұлақ дем алады,
Кеудесін алқам-салқам ашып тастап.
Даланың ұйықтаса да атырабы,
Ентігі бір басылмай жатыр әлі.
Тентек жел сол бұлаққа, зорлап талдың
Майысқақ бір бұтағын батырады.
Қыр жатыр қимылдауға шама келмей,
Самалға ебелек те қалады ермей.
Күлегеш бұлақ қана кәрі талдың
Табанын қытықтайды маза бермей...
* * *
Бұлт жылады.
Бауырын қара тасқа талқандап ап,
Қағып ап тамшыларды толғанды алап.
Кең дала айқыш-ұйқыш жолдарымен,
Бұл тауды тастапты ғой арқандап-ақ.
Қос терек бір-біріне мың қарасты,
Бас шайқап ақырында кінәласты.
Ақ бұлақ асығыс кеп аңтарылған,
Тырнап ап құзар шыңды тұра қашты.
Қара түн сипайды тау арқасынан
Жоғалтып ай — теңгесін қалтасынан.
Құзға кеп тірелген жол тұрып қалды,
Шорт кесіп ақ балтырын ортасынан.
Қарашы сонау жатқан тау соқпағын,
Лақтырып тастағандай дәу шоқпарын...
Самалмен жәй теңселген кәрі емендер
Кезенер бір-біріне саусақтарын...
Н. НҮКТЕСІ
Дей алмаймын ой, сезімге жарлы едім,
әскери бір құпиядай жасырын
жүрегімнің Н. нүктесі бар менің.
Сол нүктеде –
әнім болса мақтаулы,
сол нүктеде –
жырым болса баптаулы.
Сол нүктеде...
Н. нүктеде, әйтеуір,
бар байлығым,
бар қуанышым сақтаулы.
Сол бір нүктем – Н. нүктем
құралған ғой асқарлық пен кеңдіктен.
Сол бір нүктем – Н. нүктем
үмітімді ұялатқан ел күткен.
Бір тамшы қан – тұла бойды аралар –
сол нүктеден...
Н.нүктеден тараған.
Сол нүктенің құртпақ болған ғұмырын,
сол нүктенің жоймақ болған ұғымын
өшірдім мен қаншама рет қатерлі
өсек сөздің бықсып жанған шнурын.
Қирата алмас ешкім оны
қалсам да
жалғыздық пен сарсаңда.
Орманым да,
ойларым да,
жырым да –
бүкіл менің табиғатым бар сонда!
Сол бір нүктем сілкінеді сағынсам,
қан тамырға таулы өзендей ағын сап...
Елім менен Жерге деген керемет
махаббатым жатыр соған тамыр сап.
Сол бір нүктем...
Н.нүктем.
Құралған ғой асқарлық пен кеңдіктен.
Сол бір нүктем...
Н.нүктем.
Үмітімді ұялатқан ел күткен.
ТҮНГІ ТЫНЫШТЫҚ ЖӘНЕ МАХАББАТ
Қынға түскен діріліндей қылыштың,
шіреп тартып сыңар ішек дыбысты
сай-саладан, аңғарлардан, өзектен
көлеңке боп көтерілді Тыныштық.
Қандай тылсым, нендей жұмбақ тымық шақ.
Сұрап жатпай ешкімнен де рұқсат
келіп кірді ол елді мекен аймаққа, —
мекемеге, дүкендерге құлып сап.
Жас бозбала, жап-жас қызбен танысқан.
тұр тыныштық жұлдыз болып ғарышта.
Гүл исіндей түнге сіңіп ақыры
бірте-бірте үндер кетті алыстап.
Он шығады ол, әр бір үйге он кіріп,
тыныстайды дегеніне көндіріп,—
есіктерге күршек сап,
шам біткенді сөндіріп.
Тек сонау бір шеткі үйде
бір бойжеткен түседі үнсіз от күйге:
қара көзден жас шығады ыршып бір
күзгі ормандай көңілі оның сыңсып тұр.
Тек сонау бір шеткі үйде
бір жас жігіт түседі үнсіз от күйге:
махаббаттың дауылына тұншығып
күзгі ормандай ыңырсиды күрсініп.
О, тыныштық!
О, махаббат!
ҚИСЫҚ АҒАШТАР
Қисық өскен ағаштар...
Неге оларды жатыр бәрі аластап,
Дендері сау,
ауруы жоқ құрт түскен
неге оларды жатыр бәрі аластап...
Қисық өскен ағаштар...
Қуып шығып көше, аула, ортадан,
қызыл етін жұлады кеп жаңқалап, –
екі езуі көбіктеніп араның,
қарш-қарш шайнап балтырынан балталар!
Шыдай алар бұған енді жан қайтіп.
Әншейінде бір сәт тыным алмайтын
қайда кеткен кінәлайтын айып сап
мекемелер «Табиғатты қорғайтын»?!
Шырылдаған –
мұңлы әнменен үздіккен,
ұя салдық,
сенен біздер ұштық деп
топ-топ болып төгіледі аспаннан
төбесінде шырқ айналып құс біткен.
Ағып келген асығыс жел судырап
құшақтап ап ағаштарды тұр жылап:
сендерменен болатын ем күштірек,
сендерменен болатын ем шулырақ, –
дәл осылай асығыс жел тұр жылап.
Күзгі жаңбыр жауды қалғып, сылбырап,
ойлы ақындай ауыр мұңлы жыр құрап.
Жатыр үнсіз қисық өскен ағаштар
көшелерде,
аулаларда тұнжырап.
Айта алмастан ауыр азап шеккенін,
қисық-қыңыр саусақтары кетті өліп, –
қағып-қағып сәл босаңдау тартылған.
жаңбырлардың суық, мұңлы шектерін.
КӨРКЕМӨНЕРПАЗДАР ФЕСТИВАЛІ
Дүбірлі шулы көктемге
көк айдын бейне сахна.
Қарамай артқа, өткенге
келіңдер тездеп,
шақырам.
Қараймын көлге жыр аулап
құлаққа құйып үндерін.
Тырналар жетті тыраулап
аспанның ансамбльдері.
Сұлу бір мұңлы қайғымдай
кеудемді тұтас ән етіп,
қос аққу жүрді айдында
орындап көктем балетін.
Бұрылыс жасап мың қилы
жақындап келіп жағаға
шаңқылдап көлге сүңгиді
шабақты іліп шағала.
Көзіңді алмай көлден бір
тартасың басты қайтудан.
Көлімнің үсті ән мен жыр
көлімнің үсті той-думан.
Әуез боп, ән боп құбылған
тыңдап көр ғажап саздарды –
көк айдын
көлдің бетінде
құстардан сансыз құрылған
көркемөнерпаздардың
фестивалі өтуде!
НАМЫС
Намыс – от,
намыс – жалын ба?
Бұрқанып долданған шағында
тілі байланып,
өзегі өртеніп,
ілесіп дүрліккен ағымға
алқынып арың да,
қызады қаның да.
Қан жұтқан кектер мен
зомбылық, зорлықтан ашынған
дуэльде, жекпе-жектерде
өлген ол
өткен ғасырда
рухқа от құйып,
жүрекке оқ тиіп.
Жез иық, сұр мундирлі
тышқан көз Зомбылық
тепкілеп, талдырып
оны ұстаған
аяқтан,
қолдан кісендеп,
қылыш боп қылша мойыныңды
қиып түсем деп.
Бүгінде ол
ары мен шаттығы шерменде
теңдігі жоқ әлі елдерде
әлі де тіресте,
әлі де күресте:
қара ниетті
қара күш болып тиіскен
арсыздар
намысты күтіп ап
қараңғы мүйісте
ырылдап ит болып талайды,
жабылып сабайды –
жығып сап таяққа,
басады аяққа.
Намысты, намысты
қансыздар
басады аяққа!
Ызадан қабағы түйілген
өзегі өртеніп,
жаны күйінген
жүрегін жаралап
ілінген пышаққа,
түседі ол
ауыр жағдайда
ауруханаға.
Қара күш, қара ниетпен
деме оны сөндірем,
көндірем.
Төзеді ол
не жазсын маңдайға,
қандай бір қатыгез жағдайда
жоғары ұстайды ол өз басын.
Алдыма бүгем деп ойлама,
жоқ оның тізесі.
Жылатам деп оны ойлама,
жоқ оның жалыныш көз жасы!
ТҮН, ҚЫСҚЫ БАҚ ІШІНДЕ
Келіп едім күн нұры батқан шақта,
Манаурап маужыраған бақтар жаққа,
Кеңістікте ілініп қалатындай
Жауып жатыр аспаннан аппақ мақта.
Түннің мамық қап-қара шашын жарып
Көшелерден көрінер жасыл жарық.
Шақырлатып тістерін жатыр ақ қар
Табанымның астында ашуланып.
Алыс аспан кетті ғой жақындай боп
Іштен тыныш жыр жазған ақындай боп.
Паң табиғат талмаурап ұйықтап жатыр
Қымыз ішіп кұлаған батырдай боп.
Жалаңаш бақ мені кеп тартады әрі,
Кетіп бара жатқандай алға бәрі.
Сүйектері сойдыйған қара ағаштар
Әлдекандай алыптың қаңқалары...
Түннің мамық қап-қара шашын жарып,
Көшелерден көрінер жасыл жарық,
Шақырлатып тістерін жатыр ақ қар
Табанымның астында ашуланып.
* * *
Тасып кетер арнадан,
көктем, саған таң қалам.
Махаббатқа қанбаған,
көктем, саған таң қалам,
Неге сонша асылсың?
неге сонша жасылсың?
Буыны — өлең,
тармағы — ән,
көктем, саған таң қалам.
Бөліп берер ойы бар
өлеңіме оттегі —
миллиметр бойы бар
қылтияды шөптерің.
Етек-жеңін жия амай
бей-жай болып тұр дала.
Арнасына сия алмай
тасып жатыр жылға да!
Қолын бұлғап көшемен
жүр аралап арқайын –
су-су болған нөсерден
плащ киген март айы!
Болады ғой ондайлар,
болады ғой көктемде, —
қонса үстіне торғайлар
телеграф сымға да
жапырақ өсіп кеткендей!
ТАРИХ САБАҒЫНЫҢ МҰҒАЛІМІ
Ауылдық жер.
Шулы апрель көктеп тұр.
Тар бөлмесі
жеті жылдық мектептің.
Отырамыз шегемен
атымызды тырнап жазған партада.
Қадаламыз
қуаңшылық жылдардағы алқаптай
сызықтармен, белгімен
шытынаған, жарылған
физикалық картаға.
Ауылдық жер.
Шулы апрель көктеп тұр.
Тар белмесі
жеті жылдық мектептің.
Айта-айта соғысты
тауысып ап
төзім менен шыдамын,
карта алдында тұратын
бір қолы жоқ мұғалім.
Тұнжырайтын
қиын сол бір шақты ойлап
қыртысы жоқ —
созылмаған, бүгіліп
қолсыз жеңді
қалтасына сап қойған.
Жатқа соғып
Шабуыл мен
қоршаулардың ай, күнін
шақыратын
жауынгерлік айбынын.
Қағылатын
қара қасы кейде бір
қанатындай қайғының.
Қарап бізге
шетімізден жағалап
айтып-айтып
ентігіп
демін ауыр алатын,
дейтін сонан кейін ол:
барлық әлем,
бар адам ұмытпауы керек
ТАРИХ САБАҒЫН.
Кенет оқыс
таяқшасын көтеріп
көгеретін
ішін тартып жөтеліп.
Сүртіп жатып
жас шылаған жанарын
қайталайтын тағы да:
барлық әлем,
бар адам
ұмытпауы керек
ТАРИХ САБАҒЫН.
КИІЗ ҮЙ
Дүйсенбекке
Орман да емес мекенің.
Аңғар да емес мекенің.
Жарлар да емес мекенің.
Кеңістік — сенің, мекенің.
Кеңістік — сенің мекенің.
Үдере көшкен жерінен
қантөгіс, қатал шақтарда,
мінезің сенің әлі де
ежелгі қыпшақ,
сақтардай.
Арқайын жатқан кезің жоқ,
тұрасың, әмән,
күтініп,
кез келген сәтке әзір боп
буынып киіз күпіні.
Бір жола қоршап қамалмен
қояр ек сені шарлатпай.
Бір уыс денең, амал не,
сыймайды аула, шарбаққа.
Сірә да сәнің бола ма, —
өлгенің онда мың жасап! —
шықпасаң жапан далаға
көкжиек қоршап тұрмаса.
Елемей күздің ызғарын
жатпайсың, іздеп тасаны.
Сел сілкісе сызданып,
жел жұлқыса қасарып
тұрасың жапан далада
қалмастан ойпаң, қойнауда, –
шөлдерді кезіп аралап
қонасың жасыл жайлауға!..
Кей кезде ойға батасың,
Құбылып төрт жақ құбылаң,
сағынып жырды жатасың
шомылып Айдың нұрына.
ӨЛЕҢ ЖАЗЫЛМАҒАН СӘТТЕ
Қағаз құрғақ
Бір керемет қамалға
беттей алмай тұрған бейне адамдай
ойға батам,
ой да бірақ құп-құрғақ.
Қару етіп алам қалам қолыма
сөз қауқары болмаған соң, амал не,
құрғап қалған қалам да!
Жұлып тастап үнсіздіктің тірегін,
деп ойлап ем:
білегімді түремін.
Селт етпеді, амалым не, бұған да
тулап шыға келетін
тентек менің жүрегім.
Қамшылаймын өзімді
ісім көп деп бітпеген,
бұрмақ болам ойларымды өлеңнің
бұрылыстарына күтпеген.
Ал санамда дәп қазір
картадағы шөл-шөлейттің орнындай
жалқын бояу,
ұсақ қара нүктелер.
Мүлде енді ойсыздықтан жалықтым,
жалықтым мен, жабықтым...
Құрғап қалған,
шөлдеп қалған өлеңсіз
менің жұмыс бөлмемде
сілкіп ұрып нервімнің жіптерін
сағаттардан
құп-құрғақ
секундтар тамып тұр.
* * *
Қаншама ғасыр,
қаншама дәуір өтсе де
тастамай қалам,
қайласын, ине, ұршығын,
әр минуттар мен
секундтарды өкшелеп
келеді жасап,
келеді жасап Тіршілік.
Ақындар біткен
өзгеше дауыс, ырғаққа
өткізе алмай қаламын,
желкендей кернеп
кеткенде бойын мұң қаптап,
жатады күн-түн толқытып,
бұлқынтып бұла тірлікті
шөлдерім,
тауым,
алабым;
жете алмай әлі
діттеген жерге жете алмай
ұшады келіп,
ұшады ессіз жылдамдық
қуырып жердің танабын;
ап келем деумен
өзгеше дауыс, ырғақты
бауырға басып құс біткен
шайқайды жұмыртқаларын.
Миллион жылдар бойына
жатады ылғи тіршілік
сілтенген қайла,
кетпенде;
шырқауда ұшқан
бүркіт пен тырна,
кептерде,
ұяда,
шөлде,
мұхитта,
жүрек пен бұлшық еттерде,
тұншығып,
тулап,
ыңыранып
жаңа бір дауыс
жаңа бір тағдыр, өмірді
босана алмай қиналып!
МҮСІНШІ
Сұлулық іздейсің
қара балшықтан,
ұлылық іздейсің
қара тастардан.
Мұңдарды қашайсың
жүректі қаңсытқан,
кеудеңде тулап-тулап кеп
туады шумақ-шумақ боп
дастандар.
Күлесің,
Жанасың!
Жанасың
үмітті көтеріп
арманды табасың.
Қап-қатты граниттерден
нәп-нәзік гүлдерді
аршып аласың.
Тұрасың шаттанып,
мақтанып,
Өмірге келтіріп жырды асыл,
Өсіп шығады қолыңнан
қара тастарды қақ жарып
ерліктің көріктей кеудесі,
ерліктің гажайып тұлғасы.
Таптырмас алмаздай
Іздейсің адамның арманын
жүрекке үңіліп.
Көтере алмастан
қайғының салмағын
сенің қолыңда
металдар жылайды
тастар үгіліп.
Шөлдейсің шабытқа қаталап
іздейсің шапағат.
Туады қолыңның астында
үлбіреп, елжіреп
алаңсыз балғын болашақ
шашын жел қаққан
ұяң Махаббат.
Еңбексің
өнердің жолында
өмірдің жолында.
Күс басқан қолдарын
күрек пен сүймен ұстаған
диханшы,
токарьдің қолындай!
Білем мен
тұйыққа тіреліп,
көтермей еңсеңді,
қаншама қиналып,
қаншама теңселдің.
Мойымай,
бәрін де еңсердің.
Өйткені
жіберген жансың сен
соқа етіп
сұп-суық семсерді.
* * *
Жағада тұрмын.
Мың бір үн
сөйлейді жүрек атынан...
Алдымда жатыр
бір-бірін
қапсыра қысып
түбек пен
ойлы Атырау.
Диктордың даусын құлаққа
транзистерім келсе алып,
жападан-жалғыз
жырақта
тыңдаймын бүкіл денеммен
бүкіл Жер Шарын.
Атырау,
сенің жағаңда
транзиетерден туған үн, —
тағдырын жатыр хабарлап
ультра қысқа толқында
алыс Кубаның.
Хабарлап жатыр,
хабарлап
қатерлі араб аспанын...
Тапталған арсыз табанда
жер жайлы ақын оқиды
шерлі дастанын...
Тұрсам да елсіз мекенде,
тұрмастан бөлек енші алып
тыңдаймын.
Менің құлағым
сенде,
Жер Шары.
Өзімді сенсіз біткен деп
ойлаймын.
Сенсіз жұрдаймын.
Жүрсем де қандай нүктеңде
бар ендік,
барлық бойлықтан
сені тыңдаймын.
МУЗЫКАЛЫҚ АСПАПТАР
Музыкалық аспаптар!
Көшеде, үйде, бар жерде
сөйлеңдер шалқып, асқақтап,
музыкалық аспаптар!
Сөйлеңдер, бұрқа, толғанып.
Бар ауыл, барлық қаладан
жатпастан босқа жан бағып,
сендерді қару-жарақтай
шығайық енді қолға алып.
Тыңдасын, әлем, тыңдасын!
Әйтеуір сендер арқылы,
сарқылған өзен қарлығып
қырқылған орман шуласын!
Тар қолтықтан оқ тиіп,
тыпырлап жатқан қан басып, –
шіренген сенің шегіңнен
жаралы құстар зарласын!
Көзімнен аққан жас болса
пердеңе сенің тамшылар...
Білемін сенің бойыңда
оқтардың тажал зуылы,
қираған қала даусы бар.
Музыкалық аспаптар!
Ұмытып қауіп-қатерді,
жүрмеңдер босқа сайранда.
Табиғат, Адам үшін деп
шығыңдар күрес, майданға,
музыкалық аспаптар!
КҮЗГІ ЭФИР
Сығымда уысыңды
Эфир тұр буырқанып.
Чилиде атып тастаған
тағы бір рухани
күрескер туысыңды.
Күзгі жел суығынан
қалайша көз ілемін.
Ширыққан дүниенің
үндерін сезінемін
сымдардың шуылынан.
Шаң сілкіп атыраптан
жел соғып жұлқылап тұр.
Эфирдің шоқтарындай
ұшады бұрқырап бір
сары ала жапырақтар.
Қалайын неге көрмей
жүректен жырлар күткен, –
сырғыған зырлап ұшып
көгімде тырна біткен
сыңсыса жебелердей.
Ап-ауыр қорғасындай
басымда – сұрақ тұнған.
Жаңбырдың тамшылары
эфирде жылап тұрған
негрдің көз жасындай.
Тас түйін алқымдағы үн...
Барады қараторғайлар
сабалап қанаттарымен
радио толқындарын.
АСФАЛЬТ ҮСТІНДЕГІ СУРЕТ
Бала отыр, қараңдар,
сурет салып ақ бормен.
Көрсін дей ме адамдар:
Күн мен Өзін, Анасын
салыпты ол алаңға.
Үсті-басын бор қылып,
«Тыныштық» деп жазыпты
ақ кептерді қондырып.
Әлем үнін, ел үнін
жүрегі оның қалаған...
Арқасына Жерімнің
жапсырылған плакат —
суреті бар сол алаң.
Жоқ сөзімде қателік:
соғыс көрген солдаттың
немересі сол бала.
Жоқ сөзімде қателік:
соғыс көрген солдаттың
шөбересі сол бала.
Сол бір ұяң бал шабыт
қуат құяр тасқындай.
Жатты сурет жар салып
алып Жердің үстінде
ашық аспан астында.
Дүниеге алаңдап
қауіп сезер жүрегім...
Үркітпеңдер, адамдар,
болашақтың кептерін —
болашақтың тілегін.
Сол кептер мен сол тілек
ойламаңдар жалқы деп.
Болмасын деп жалқы жыр,
болмасын деп үзік жыр,
ол тілек пен ол кептер
миллиоидап үшып жүр.
Кезең қазір ойланар
айтар ойым, тап шыным...
Планетам айланар
бала салған суретті
арқасына жапсырып.
* * *
Сезем бәрін денеммен
жақын маған – бар қашық.
Жатам жалғыз,
әлеммен
жамырасып, жалғасып.
Күліп, бірде түнеріп,
тарпып, кейде тулап бір,
Әр қимылды жүрегім
лүпіл қағып аулап тұр.
Отырсам да қамалып,
бөлмемде мен түнерген.
Дүниеге қадалып
Құлағымды түрем мен.
Дей ме мені толғасын, –
өн бойынан өткізіп
дүниенің ағынын, –
алпыс екі жақпен жатыр жалғасып
алпыс екі тамырым.
ҚЫРҚЫНШЫ ЖЫЛДАР
Жұлып кеткен тыныштықты арнадан,
дауысы бар әлі күнге зарлаған.
Қырқыншы жылдар десе
бір де адам
тас болса да елең етпей қалмаған.
Өтті деме сол бір кездер ағып бір,
кетті деме сол бір кездер қауіпті.
Қырқыншы жылдар отқа оранып
әлі күнге жанып тұр!
Әлі күнге қаншама адам жаралы,
әлі күнге қаншама адам қаралы.
Қырқыншы жылдар атқан қаншама оқ
денелерде бар әлі.
Қайғы кешіп қаншама адам қан құсты,
бұлт толы түнек еткен тал түсті.
Қырқыншы жылдар әлі қаншама
арқалап тұр қарғысты.
Бойымда егер үрей болса көмейін,
арттырайын батырлықтың мерейін.
Қырқыншы жылдар десең
көрінер
Үңірейген зеңбіректер көмейі.
Қатпар-қатпар мұң тұрады бетінде,
үн тұрады құлағында өкірген.
Қырқыншы жылдар деген –
жесірлер,
қырқыншы жылдар деген –
жетімдер.
Қанша қашық жатқанменен арасы,
уақыт та емдей алмас жарасын.
Қырқыншы жылдар деген, –
білсең сен
ең аз жылдар баласы.
Бүгінде мен жүргенменен шалқып бір,
дей алмассың мынау нені тантып тұр:
«Қырқыншы»... деген сөздің өзінен
байқайсың ба,
оқ-дәрі иісі аңқып тұр!
МЕНІҢ ПӘТЕРІМ
Көрікті ғажап жерде емес
менің пәтерім.
Тар да емес, кең де емес,
менің пәтерім.
Жел келсе — билер сәндікпен
қанаты қанша талса да,
тұрады оны тал біткен,
жан-жақтан қорғап қоршап ап,
Тартысқан миллион, мың жылдап
Көремін десең кір енді,
терезе — теледидардан
мазасыз мына әлемді.
Қаққандай бейне дабылды,
басына жатқан көтеріп.
даусымен балаларымның,
Шулайды менің пәтерім!
Кей кезде толқып үздіккен
әуенді іздеп шақырам:
жырлайды онда құс біткен
толқиды онда Атырау.
Құлақ сап әлем үніне
дайын боп білек түремін, —
беймаза мына дүние
есігін қағып тұр оның.
ҚОРЫҚТА
Әр әуезі дыбыстың
кетеді ғой желпінтіп.
Неткен мұнда —
тыныштық.
Неткен мүңда —
еркіндік.
Қандыра алмай құштарды
іздеп бойға дауаны,
жұтасың кеп құстардың
әні сіңген ауаны.
Аң біткендер жол кезген
шығар сені қарсы алып,
кетер сенің сол кезде
тұла бойың ән салып.
Аңдар еркін сезінер
жүргеннен соң қорықта,
қарап сенің көзіңе
тұрар сенен қорықпай.
Мың құбылтар түр-түсін
терек,
жиде,
қайыңы;
тышқан аулап түлкісі,
жидек теріп аюы.
Сипап желі басыңнан
малынарсың шығына.
Өтер сенің қасыңнан
марал менен бұғы да.
Мұнда өмір басқарақ,
мұнда өмір келелі:
бәрі сені дос санап,
бәрі саған келеді.
Жасартатын өмірді
бәріне біз ынтықпыз.
Адам неткен сенімді
болса егер мылтықсыз!
ЖЫР ЖАЗАР АЛДЫНДАҒЫ СӘТ
Отырмын үнсіз жалғыз қап,
тарылып бітті-ау тыныс та.
Жоғалып кеткен аңдыздап
ойымды бөлер дыбыс та.
Отырмын үнсіз абдырап,
зіл тартып бойым қалды ұйып,
тұншығып денем салбырап
жатқандай біреу қан құйып.
Ұстап бір жалғыз тілекті
үмітті тұрмын мекендеп, –
ырғағын тыңдап жүректің
жаңылысып кетпес пе екен деп.
Қалғандай құрып амалым
үнсіз бір ұзақ алқынып,
сімірем құмбыл ауаны
жатқандай бейне кеудемді
ақырғы рет толтырып.
Арқама салмақ түсті де
отырмын ауыр тыныстап,
кім болсын мейлі үстіме
кіруге жоқтай рұқсат.
Жинай бір алмай сезімді
ойларға батам қайырлап, –
отырғандаймын өзімді
қауіпті, аса қатерлі
опрерацияға дайындап.
* * *
Айтамын оны айып деп
бой берсең егер келетін ойға қаңғырып.
Заманға мынау жататын толқып жаңғырып
қарауың керек бойыппен.
Жеткенше енді көзіңді жұмар ақтық дем
қалайда бүгін адамдар,
қарауың керек заманға
бағдаршамсыз көшенің
бұрылыстарындағы сақтықпен!
ТҰЙЫҚТАҒЫ ПАРОВОЗДАР
Салмағымен басқан жерін ұйытқан,
бүгін міне,
жүгін алып иықтан,
шойын дене паровоздар қамалып
тұр шеткерек үнсіз мүлгіп тұйықта.
Өтіп жолын жоталар мен туннельдің, –
дегендей-ақ,
бітті жолым, тірелдім.
Шаршап келіп ұйықтап кеткен тәрізді
қайыспаған қара нарлар кілең бір.
Қара нарлар,
небір қиын сындарда,
дауылдар мен борандарға шыңдалған.
Арқырап бір астық тасып жүрдіңдер
отызыншы жылдарда.
Ұмытылмас, ұмытылмас өмірі
жүргендерін өткен күнге жегіліп.
Бара жаттың айқай салып күркіреп
тиеп алып Қарағанды көмірін.
Сен жеткен соң өзгерді де шартарап,
жолдар салды саған арнап сан торап.
Бара жаттың тайгаларға, жапанға
болашақтың қалаларын арқалап.
Жеткен кезде зұлымдығы сұмдардың,
салмағынан қайыстың сен мұң-зардың.
Сүйреп шықтың ауырлығын, жүктерін
отқа оранған қырықыншы жылдардың.
Сол жылдары — қауіп-қатер асқынған,
зауладыңдар, толқын болып тасқындап.
Таптап өтсең талқан қылам деп сені
мина жатты табаныңның астында...
Салмағымен басқан жерін ұйытқан,
бүгін, міне, жүгін алып иықтан,
шойын дене паровоздар қамалып
тұр шеткерек үнсіз мүлгіп тұйықта.
Тыңдаттырып, дүниені тыңдаған
қазір енді ой да жаңа, сыр жаңа.
Құстар қонып, құстар ұя салады
қара түтін будақтаған тұрбаға!
Паровоздар — өткен мұңды қозғайды,
Өткен мұң ол — ешқашан да тозбайды.
Естігенде поездардың солқылын
тыңдап көрші, олар үнсіз боздайды.
АДАМ ДЕМІ
Құрсау менен қыспаққа сап емінген,
ажыратып алатұғын өлімнен,
тіршілік бар, құдірет бар керемет —
Адам, сенің, деміңде!
Қайғы жатса иығыңнан түспеген,
адам демін жұт дер едім, іш дер ем.
Адам демі — бар бақытың, шаттығың
адам демі — өмір дер ем, күш дер ем.
Бастайтұғын бас тартпайтын айбатқа,
жанитұғын қайрақтай
адам, сенің деміңде
сағыныш бар, махаббат бар, қайрат бар.
Өзектерде от-жалыннан өрілген,
Жүректердің, түкпірінен төгілген.
өлең де бар, арман да бар, үн де бар,
адам, сенің деміңде.
Бәрі де бар, бәрі де бар, бәрі бар, —
шаттық пенен қғуаныштың әні бар.
Әлсіреген сана менен ойларға
бер деміңді, бер деміңді, беріп ал.
Қуаныштың, нұрын, жырын төкпейтін,
біттім енді, менен қайыр «жоқ» дейтін,
әлсіреген, тауы қайтқан тұстардың
барлығында сенің демің жетпей тұр.
Қатар соғып тұратұғын өмірмен,
өкпе, жүрек, өзегіңнен бөлінген.
Бүкіл мына тіршілік
дем алып тұр,
Адам, сенің деміңнен!
* * *
Түссе-дағы қандай қаяу жүзіме,
адамдардың ең соңынан көз ілем.
Мен өйткені әрқашан да өзімді,
уақыттың үнімін деп сезінем.
Бір ой келсе — ұстап қалмай алқымда
күбірлемей, сыбырламай там-тұмдап,
сөз алам да дауысымен өлеңнің
сөйлеп тұрам мінбелерде жарқылдап.
Құлы болмай жалғаулық пен жұрнақтың
түсем айтыс, тартыстарға шындап бір.
Сөйлеймін мен,
ақындарды өйткені
барлық жерде,
барлық адам тыңдап тұр.
Жете алмасам жолаушылап сапармен
жалғанам мен қалалармен, жапанмен.
Қолдарда да транзистор ұстаған
бар дауыспен сөйлеп бара жатам мен.
Айрып ап обал менен сауапты,
пысықтаймын халқым берген сабақты,
Ақынмын мен,
ақын деген кашан да
бір тамшы жас алдында да жауапты.
Сондықтан да ертеңіме жарық сап,
отырамын өз-өзіме салық сап:
болмау керек сөздеріңде өтірік,
болмау керек дауысыңда жарықшақ.
ЗИРАТ ҮСТІНДЕГІ ЖАҢБЫР
Аспан да бұлтын қуып бір
осынау тұсқа жинапты.
Ақ нөсер төпеп құйып тұр
үстіне мұңлы зираттың.
Сел етіп көк-жер арасын,
аламын дей ме сауабын –
жуады нөсер моласын
әкелер менен ананың.
Қаталап ерні кезерген,
әманда ойлы пішінде,
шомылып тұрды нөсерге
мәрмәр, қола мүсіндер.
Іздері қалған ісінде,
жаққан сан жүрек оттарын,
шомылып тұрды мүсіндер
ардагер азаматтарым.
Найзағайлары жалтылдап,
Нөсерге көбік сапырған
шомылып тұрды марқұмдар –
әншілер, доктор, ақындар...
Сағағын бір гүл қозғап тұр
көзіне күннің асық боп –
моласы-ау жап-жас боздақтың
үлгермей кеткен ғашық боп.
Ғаламат сиқыр дастандай
төкші сен, төкші, төк, жаңбыр, –
әніңді айтып тастарға,
денені сілкіп толғандыр.
Қалсыншы олар қауышып
бір сәтке еске ап даласын,
есітсін нөсер дауысын
сімірсін көктем ауасын...
Нөсерім бітті тынды деп
ашылды кенет аспаным.
...Айнала үнсіз,
тұрды тек
жапырақтардан жас тамып!
* * *
Алабұртқан алтын шапақ нұр төккен,
шығып алып космосқа – туу көкке
түсіреді космонавтар дамылсыз
алып Жерді,
ұлы Жерді суретке.
Төңкеріліп бұлттардың ауғанын,
нөсер болып жаңбырлардың жауғанын,
түсіреді аспаннан
теңіздерін, мұхиттарын, тауларын.
Десек-тағы өзіңді ойға бөктеріп:
ғаламат қой әр күнімнің беттері.
Көрген кезде ойланасың жерімнің
тұманменен тұнжыраған сәттерін.
Сан қырынан, сан бояумен көрінген,
түсірілер бәрі-бәрі көгімнен:
ұлы Жерім былғап апты етегін
мұнайларға танкерлерден төгілген.
Жапан далам – суреті бар беттерде –
сан бояулы ғажайып бір дәптердей...
Суреттерге түсер жерім киініп
Қыс пен Күзге, Жазға және Көктемге.
Көкірекке
ормандардың мекені
болады ғой кеткендей-ақ от еніп,
түсіп жатса Жерім менің суретке
ұлы-ұлы қалаларын көтеріп.
Ашық күні ашып тастап айбарын,
бұлт басса – ауыр тартып ойланып,
түсіп жатыр Жерім менің суретке
түпсіз терең кеңістікте айналып.
АДАМНЫҢ ІШКІ ӘЛЕМІ
Қопарып,
іздеп, бұрғылап,
ашам деп әлі келемін —
джунгли,
тайга,
тундра
адамның ішкі әлемі.
Үңілем келіп, үңілем
өзіме өзім қамалып,
үңілем күні-түнімен
әлемге сол бір қадалып.
Үңіл сен,
үңіл жырлап бір
шаршама, жүрек,
шаршама!
Шешемін қанша жұмбақты,
табамын байлық қаншама?..
Кісі деп жүрген келелі —
білдім мен оны оқыстан —
боп шықты ішкі әлемі
шөп-шалам,
шірік,
қоқыстар.
Астынан күлкі саяның
шығады кейде шұбалып,
өсектің сары шаяны,
жаланың қара жыланы.
Жас болсын мейлі ол,
кәрі де
бұған мен қалай көнемін,
көрсін деп жұрттың бәрі де
ақтарам ішкі әлемін...
Төсінде қиян даламның
жүретін күн-түн мал бағып,
қарапайым адамның
бойынан табам мол байлық.
Сол сәтте бұрқап мақтанып
мініп ап ойлы шабытқа,
байлықты сол бір ақтарып
әкеліп берем халыққа.
Саздарын іздеп өлеңнің
көзімнің сүрттім шықтарын, –
ашам деп ішкі әлемнің
жақсылық, жамандықтарын.
Күндерді ашам парақтап,
ашам деп биік,
тереңін.
Қауіпті,
әрі абат бақ
адамның ішкі әлемі.
ҮЙЛЕР
Замананың рух күшін ашқандай,
үйлер, үйлер көтеріліп аспанға
сөйлеп тұрар құдіретті үндермен
бетондармен жазылған бір дастандай.
Сөйлейді олар – төксе көктем жаңбыры,
сөйлейді олар – сипап өтсе таң нұры,
өлі дене деме үйлерді өтінем
бар олардың өмірі мен тағдыры.
Қара жерді бұрқыратып шаңдатып,
адамдарға әр бөлшегін талдатып,
құрсағынан Еңбектің
туады үйлер толғатып.
Жұмбақ маған оның өткен жылдары,
жұмбақ маған ондағы адам сырлары,
жұмбақ маған бәрі, бәрі, бәрі де, –
қуанышы, күлкісі мен мұңдары.
Жырдың іздеп әуені мен ырғағын,
күндіз де мен, түнде де мен тынбадым, –
шешемін деп, ашамын деп қалай да
сол үйлердің жұмбағын.
Оларға мен қадаламын, үңілем.
Көп қатарлы үйлер біткен бүгінде
алып үлкен сөзжұмбақтар секілді
сұрақ толы көлденеңі,
тігінен.
КҮЗГІ МОЛШЫЛЫҚ
Күз...
Адамды көтеріп
барады желік бір.
Дүние толықсып
кемелге келіп тұр.
Газеттер шығады
ұранмен:
«Қалмасын жалғыз дән»
Құшаққа симайды
байлауда семірген
қауын мен қарбыздар.
Толады қамбалар.
Жүреді алқапта
күн-түні қалың ел.
Торсиған алмалар
үзілер бұтақтан
тартылыс заңымен.
Молшылық күзі бұл,
айнала толған үн.
Сөз алар кезі бұл
центнер, тоннаның.
Адамды көтеріп
барады желік бір...
Дүние толықсып
кемелге келіп тұр.
Кейде бір сауылдап
құяды жауын да...
Кеткендей Жердің де
ұлғайып көлемі,
салмағы ауырлап.
Жер шары үстіне
тастаған шандып бір
молшылық жүктерін,—
үзіліп кетердей
ендік пен бойлықтың
керілер жіптері.
ҮЙ ӨСІМДІГІ
Қалғансың күннен суынып
аяз да саған батпайды –
жатпайды аптап қуырып
өзіңді суық қаппайды.
Ұйқысын қосып өлеңге
көк шалғын етер баурайды, –
найзағай ойнап төбеңде
жаңбыр да саған жаумайды.
Бөлмем тар,
бірақ қысылмай
бөлесің маған оттегі,
жоқ сенің күзің, қысың да,
жоқ сенің жазың, көктемің.
Демімді менің жұтып ап
жаясың жасыл жапырақ...
Тамырың сенің – құтыда
салынған уыс топырақ.
Көшіп кеп үйге қырқамнан
жапырақ жайып тынбайсың –
салбырап үнсіз,
бұрқанған
жырымды менің тыңдайсың.
Тыңдайсың менің жырымды
ішінде өсіп құтының, –
күй кешіп мимырт бұлыңғыр
жұтасың шылым түтінін.
Тұрасың шыдап азардан
жоғалтса топырақ сапасын...
Қайнаған шулы базарда
сатылып кейде жатасың! –
Өткен сол күндер, ертең де
салмағын салмас жүк болып,
өйткені сені жел тербеп
жатпайды саған шық қонып.
Айтпас ем ойдың сыры қып
айтпауға тағы болмайды:
күн көзі сені жылытып,
торғайлар ұя салмайды...
Тіреліп сөздер алқымға
жүрген бір сәтте теңселіп, –
аялдап үнсіз алдыңда
аяймын кейде мен сені.
* * *
Қағылған ұмыт болған қоңыраудай,
қалды ғой, жайсаң, жырлар, жолың болмай.
Шимайлап ақ қағаздың бетін жыртып
өртеніп бара жатқан омырауды-ай.
Тез жет, Өлең,
ағылып мың сан тұстан,
Мен тұрмаспын кеудемді құрсаулы ұстап.
Тиердей-ақ сусылдап жыр-сал құсқа
қораптағы папирос — патрондар
атылып жатты алдымда күлсалғышқа.
Қалды ма шимайлаған, сызған жақпай
Өлең, жоқ!
(Көкіректе ызғар жатты-ай).
Отырмын —
аспандағы бұлттардан
нәр тілеп нәркес сөнер қызғалдақтай.
Кенеттен дауыл келді, құйын келді,
Төгілді міне, міне құйылды енді.
Сапырып сабасынан кейін шалқып
тұмшалады көрінген қиыр белді...
Асыр сап ақ қағазда шабыт жатты
шарпытып июнь менен июльдерді.
* * *
Толқындар
жағаны қабады.
Биіктен шүйілген
дәп қазір қырғимын, –
өкпеге толтырып ауаны
теңізге сүңгимін.
Сүңгимін
барлық тереңге –
теңіздің астындай
құпия әлемге.
Бар деймін
теңіздей тереңдік
ақылды бастарда,
бар деймін
теңіздей тереңдік
нақақ көз жастарда.
Сүңгимін
дала мен қалаға,
сүңгимін
ойлар мен санаға,
күндер мен түндерге,
бұрқақ үндерге,
жұмбақ гүлдерге.
Қалайша жатам мен
тартынып қымсынып.
Білем мен
әлі де қаншама
ойларға батам мен
мұңдарға тұншығып.
Сүңгимін тұла бой денеммен
бостан бос тұруға
жоқ шыдам.
Құпия тереңнен
жаңа ой мен жаңа жыр
ап шығам.
Ширығар денем де
қызулық от берсе.
Сүңгимін
құпия тереңге,
құпия әлемге
демім жеткенше.
* * *
Жалғыз жүрсем —
мені қажап ойнама!
Жалғыз жүрсем мен егер
жалғыз қалды Темірхан деп ойлама!
Жалғыз жүрсем —
айналам мен қоймаға.
Сол қойманы ашамын мен ақтарып,
ашам оны мақтанып та, шаттанып.
Жатар онда бақытымның бақтары,
жанар онда арманымның оттары.
Шығар одан достарымның күлкісі,
дауыстары,
сөздері мен түр-түсі.
Табиғаттың шуылы мен қызығы —
аюлары,
жолбарысы,
түлкісі.
Жатар онда —
көлдерім де, шалғын да,
жатар онда —
шөлдерім де жал, құм да.
Жалғыз жүрсем, әйтеуір,
туған жерім жатар көздің алдында.
Жалғыз қалсам тар бөлмеде, шынында,
жүр де мені —
Арқа, Алатау, Қырымда,
ойымменен бәрін кезіп шығам мен —
орман, алқап, бөктері мен шыңын да.
Шықсам бәрін көріп оймен қайталап,
жалғыз қалдым деп қалайша айта алам.
Жалғыз жүрсем
кездесіп мен өлеңмен,
жалғыз жүрсем керемет бір ой табам.
Кеудем менің базар болар қайнаған.
Жалғыз жүрсем, әйтеуір,
жалғыз қалды Темірхан деп ойлама!
айналам мен қазыналы қоймаға.
Жалғыз жүрсем
тыңдап әлем үндерін,
ұғам соның ойлары мен тілдерін.
Жалғыз жүрсем
бәрімен де жалғасам,
жалғыз жүрсем –
бәрімен де бірігемін!
ҚЫСҚЫ АУА РАЙЫНЫҢ МӘЛІМЕТІ
Телевизор. Отанымнын, картасы
Бәре де бар —
Москва мен Алматы,
Балтығым мен Балқашым...
Жатыр басып жазықты
нарлар құсап бүк түсіп
тауларымның жондары.
Тынысы боп кең даланың кезерген
иректеліп, бүктеліп
жатыр ұлы өзендер
кесіп өтіп адыр, белең, аймақты —
емендердің тамырындай ұп-ұзын
емендердің тамырындай қайратты.
Басып кірер ұлы елімнің алқабын
ертеңгі күн суығына алаңдап, —
синоптик тұр қарсы алдында картаның
ауа райын хабарлап.
Цифр толы картамның
беті боп-боз ақ тандыр...
Боран келе жатқандай
Тынық мұхит жақтан бір —
Қара сызық бойымен
сыналып кеп сұғынған
тіреледі ол Каспийге
көктей өтіп Қырымнан,
Мұзды мұхит жақтан да
суық түсер қалшылдап, –
Орал менен Сібірге
қара сызық жебелер
қадалып тұр шаншудай.
Сес көрсетер январь
апрель мен марттарға!
Дәл бұл кезде қарбалас
аэропорттар мен порттарда.
Төтеп берген талайға
төтеп бер деп айтамыз.
Беру керек қалайда
боран менен дауылдың
шабуылына тойтарыс!
Келсін боран, дауыл да
қарсы тұру оларға
біздер үшін ауыр ма!
Келсін олар анталап
тайсақтамас жүздерім....
Түспесін тек картаға
шабуыл мен жорықтың
алқызыл қан іздері!
* * *
Саф Самалдар, басқамен
кезіктің бе,
жабырқаттың әйтеуір кешіктің де,—
дәл осындай кездерде тереземнен
тұрушы едің аңқылдап есіп күнде,
жабырқаттың әйтеуір кешіктің де.
Менен жырақ алыстап кеткен бе едің,
келер деп ем,
қайтадан өткендерім,
тағы да дүрілдетіп кетер деп ем
кешікті ме шынымен Көктемдерім!
Толкындар, шуласаңдар дауылды ап кеп,
тұнжырайды, түнеріп ауырлап көк.
Сендер де кешіктіңдер, амалым не,
жаныма төгілетін сауылдап кеп.
Ойланам күзгі кезгі орман құсап,
Қараймын күндерге алыс, жолдарға ұзақ.
Шақырып Самал, Толқын, Көктемдерді
тербелем кағылған бір қоңырау құсап.
Сырымды жеткізетін жарандарға
жүректе — от,
ал қолымда — қалам барда
бір өлең жасайын деп армандап ем
Көктемнен,
Толқындардан,
Самалдардан.
* * *
Жүруді маған жазбаған
тымырсық күндей тым-тырыс
Жел болып шалқып,
теңіз боп толқып қозғалам.
Жатады тұла бойымда
бұрқанған қайрат,
жүгенін үзген жұлқыныс.
Жүрмеспін сірә,
жүрмеспін енді тыныш мен,
суырып тартып
кеудеге демді тыныспен,
тасырлап тиген тұяқтай
жүректі бұлқып соқтырып
өтірік, жалғандықтарды
омыраулармын мен.
Жаңғыртып, сілкіп қағармын
саф металдан жасалған
шындықтың қоңырауларын мен.
Жатпаспын тыныш
бөлмеге ендіі қамалып,
жүрмеспін тыныш
көтеріп қойып жағаны.
Жатса да мейлі
жанымды менің жаралап
өсектің осколкалары.
Шындықтың желі
шалқып бір шалқып ескенде
жағымпаз, жалтақ пенделер
алдымды орап,
жолымды менің кеспеңдер.
Өтірік, өсек, жалғанмен
бітімге тұрып келісіп
тып-тыныш жүру
қылмыспен бірдей мен үшін.
КҮЗГІ ШУАҚ
Күзгі шуақ. Жоқ бүгін желдерім де,
маужырап тұр тоғайым, көлдерім де
Төңкеріліп көшетін ақ бұлттар
мақташылар жөнелткен аспанменен.
мақтаның теңдеріндей.
Бір керемет дауысқа салатындай
ұшатындай, қайтадан қонатындай.
бойын жазған бір сәтке қайыңдардың
тұла бойы құбылар күн нұрымен
қырғауыл қанатындай.
...Көңіл де сұқтануға жасқанып тұр.
көзіме мөлтең-мөлтең жас толып бір...
Сіміріп күзгі ауаны, күннің нұрын
бойына жасырын күш жиып алып,
табиғат мас болып тұр.
Жалба-жалба талға да күз талаған
маужыраған шуақтан күш тараған...
Жанталасып кішкентай шыбын-дағы
ызыңдап тұр жабысып тереземе
электр ұстарадай.
ҚЫС АЙЫНДАҒЫ АҚ ЖАҢБЫР
Жауады төгіп ақ жаңбыр
далада гүлдер жоқ бірақ.
Жауады төгіп ақ жаңбыр
шықпайды бірақ алдынан
балалар ойнап шапқылап.
Жауады жаңбыр сабалақ
мезгілсіз кезде кезексіз.
Тоң қатқан сұрқай далаға
дауысы оның қажетсіз.
Өрісте бірі қалмады
сиыр мен қойлар, ат біткен:
Тұнжырап қарсы алмады
мүлгіген бау мен бақ біткен.
Домалап келген тау жақтан
тасқындар тулап тасқанда —
жаурайды суық саусақтан
бұйығып қара тастар да.
Жылғаны тіліп жылатқан
төгеді ол ойпаң, койнауға.
Ішпейді оны, бірақ та
сіміріп шалғын, жайлаулар...
... Ақ жаңбыр, кейде дірдектеп
құйылар менің сөзім де,
тоң қатқан, бірақ, жүрекке
қажетсіз ол да өзіндей.
БҰЛТТАР
Көлегейлеп Алатаудың асқарын
бұлт біткен бірін-бірі жастанып,
аунақшиды тас төбемде,
бейне бір
бұлт болып кеткендей ғой аспаным.
Көтеріліп кеткен қалқып қона алмай,
теңіздерден, көлдерімнен жаралған
түйдек-түйдек бұлттарды жел біткен
тасып жатыр Атырау мен Аралдан.
Қара шашы алау-далау бұрқырап,
жел айдайды жан-жағынан жұлқылап.
Білем-білем арасында олардың
Қапшағай мен Балқаштың да бұлты бар.
Жел дегенің осыншалық күшті ме?! –
жоталардан ұйтқып келіп түсті де
ауқым-ауқым бұлттарды алып кеп
үйіп жатыр Алатаудың үстіне...
Найзағайын қайта-қайта суырып,
төкті бұлт жер апшысын қуырып.
Тұрды Алатау
Қапшағай мен Балқашқа,
Арал менен Атырауға жуынып.
* * *
Тегістеліп аңғарлар да, жолдар да
аппақ қарлар түскен кезде жондарға,
аппақ қардан аппақ шәлі жамылған
дайындалам бару үшін орманға.
Дайындалам кеудемде бір нұр тұнып,
жүрегім де соғар менің ұмтылып.
Дайындалам орманға мен,
дегенмен
жоқ бірақ та мылтығым.
Алмаймын мен қара мылтық, оқтар да,
аңның қаны төгілмесін ақ қарға.
Дайындалам орманға мен,
бірақ та
алмаймын мен тұзақтар да, қақпан да.
Орман тұрса күтіп мені томсарып,
кетем соған аппақ қарға жол салып, –
түсірем деп, аң біткенді суретке,
қайтамын деп, құстарына жем салып!
* * *
Алапат бір күш бұрқанған
бойымды келіп кергенде –
болады бейне алып бір
бәйтерек өсіп тұрғандай
менің кеудемде.
Үн алып шығар тулаған
жататын тасып ағыны, –
шырмаған тұла бойымды
қан тамырларым да шулаған
соның тамыры.
Шығарып ойдың ел-селін
қаншама рет аптықты.
Қызуын тартып денемнің
үстінде тұр ол теңселіп
мұң мен шаттықтың.
Дәнінен үміт, арманның
бойына ғажап күш дарып,
әуен мен сазға толтырып
сайрап тұр онда орманның
барлық құстары.
Жел соқса сыңсып ышқынып
қаншама мен де егілдім...
Бойында оның қуаты
туған жерімнің,
бойында оның ыстығы
туған жерімнің.
Әйтеуір бір күш бұрқанған
денемді сөгіп кергенде –
болады сонда алып бір
бәйтерек өсіп тұрғандай
менің кеудемде.
Сенбесең не деп жазғырам
сенерсің бірақ көргенде –
бұрқырап өсіп шығады ол
қақ жарып жердің астынан
мені көмгенде.
МЕНДЕГІ ТӨРТ МЕЗГІЛ
І
Менде — көктем.
Көктем менде тап қазір.
Тасып жатыр өзен болып ақпа жыр.
Құстар біткен Аңсау атты көлім мен
Ойлар атты орман-тоғай жақта жүр.
Көктем келсе —
болары анық дүрмектің,
дүрмек болса —
жатар мені тілдеп кім.
Жүрегімде алма ағаштар секілді
Арман, Үміт көзді тартып гүлдеп тұр.
Соғады аңқып —
тыңдашы сен ағысын —
сыпырып бір өсек-жала қоқысын,—
шаттық желі шулатып тұр
жүректің
теріскей мен
түстік,
шығыс,
батысын.
Менде — көктем.
Көктем сынды күйге енем,
түскендей бір күмбір-күмбір күймеден.
Бар болса егер бос жатқан тың алқабым
осы келген көктемде оны игерем.
Менде — көктем.
Өн бойымды қандырып
төгеді бір нөсерлетіп жаңбырым.
Төкші, нөсер, кеудемді бір шулатып
дүркіреп бір өсіп шықсын шалғыным.
Нұры түсер көктемімнің саған да,
айналама,
кең далаға,
алаңға.
Тылсым күшпен дірілдеген шуаққа
шомылып тұр ақылым мен санам да.
Дәл осы сәт несін айтам сендерге,
таңғаларсың өздерің-ақ көргенде:
Торсияды түскен әріп қағазға
топырақта өніп жатқан дәндердей.
ІІ
Менде — жаз.
Шілденің аптабы...
Ойымды
шарлаған қиырды —
азапты шектіріп,
миымды
тандырдай кептіріп
қуырып, қақтады.
Құп-құрғақ жел кеп бір
бәрін де
кептіріп тербеп тұр.
Қан тамыр,
жүрегім
қаталап шөлдеп тұр.
Шөлдеп тұр
жаңбырлы таңдарға,
жалынды жандарға,
жолдарға, орманға,
шалғынды арманға.
Шөлдеп тұр
шөлдеген
жүрек пен ерінге,
күрес пен шеруге,
өлең мен өмірге.
ІІІ
Менде — кұз.
Толғатқан ойларым
күн нұрын ішті де
үзілді топ етіп
алма боп пісті де.
Үзілер тағы да,
тағы да, тағы да —
айналам сол сәтте
алма ағаш бағына.
Ең ұлы жеңісім:
ел үшін
піскен жемісім.
Піседі ол сіміріп,
бойына сіңіріп,
қанымның қызылын,
миымның қызуын.
Бар онда
сезімнің жалыны,
бар онда найзағай жарығы.
Бар онда
желдердің тынысы,
төзімнің құрышы,
топырақ, күн иісі.
Бәрін де бойына
сіңіріп пісті де,—
топ етіп түсті кеп
сағыныш сарғайтқан
жүректің үстіне!
ІV
Менде — қыс.
Сілкініп жүрегім алапты,
ашуым, намысым борап тұр,—
күлкімді,
нұрымды
тонап бір,—
борап тұр.
Бораным соғады
шаншылып бүктеліп
үзіліп кетердей жынданған,
ток аққан сымдардай
сыңсиды
нервтін, жіптері.
Борайды санамды бөлшектеп
тырналап жанымның жарасын.
Кетеді сол сәтте
ұйтқыған дүние ішінде
Төзім мен Сабырым адасып.
Құлағым шыңылдар
сұп-суық сөздерден;
Сең жүрген өзендей
өн бойым сықырлар
сұп-суық сөздерден.
Осы сәт
сұп-суық бәрі де:
әншінің әні де,
жалынның лебі де
сұп-суық бәрі де.
Тұншығып тыныстың
жолдары алқынар,
жел соққан бұтақтай
қолдарым қалтырар...
Менде — қыс.
Сілкілеп жүрегім алапты
ашуым,
намысым борап тұр,
күлкімді,
нұрымды тонап бір
борап тұр...
КҮЗГІ КӨҢІЛ
Күз жылайды күнімен, күз жылайды түнімен,
тұнжырайды күнімен, тұнжырайды түнімен.
Жұмсақ, бірақ ап-ауыр дыбысы оның қосылар
кеудемдегі сарғайған сағыныштың үнімен.
Күз жылайды күнімен, күз жылайды түнімен.
Қайда кеткен, білмеймін, жүректегі құс әні,
жалғыздықтың құшағы, мені келіп қысады.
Сағыныштың саздары дір еткізіп денемді
жапырақ боп үзіліп, жапырақ боп ұшады.
Ойларым да дәл қазір ойларындай ғаріптің,
көздеріне үңілем санамдағы жарықтың.
Тұман түсіп кеудеме,
арман менен үміттің
ұшатұғын, қонатын аэропорты жабық тұр.
Тұла бойды қыздырып шабыт болып жанбайды от,
қол созым жер көрінер шексіз, алыс, шалғай боп.
Көкіректен ұшатын жырларым да шып-шымыр
бүріседі үрпиіп бұтақтағы торғай боп.
Салым суға кеткендей мұнша неге жабықтым,
қайда кеткен, білмеймін, жалын оты шабыттың.
Жүрегімнің үстіне жапырақтар үзіліп,
жүрегімнің үстіне күзгі жаңбыр жауып тұр.
КӨШЕЛЕР
Үстіне көкпеңбек
асфальт төсеген
өзендер сияқты
ағады көшелер.
Ағады көшелер
қарамай ойыңа, өріңе,
асығып аптыққан
адамдар легімен.
Ағады көшелер
үйімен, магазин, бағымен,
автобус, таксидің
даусымен,
жылдамдықтарымен.
...Бұтақтың ұшында
жап-жасыл жапырақ
қарайды қалтырап...
Ағады көшелер
тұтас бір қаланың
барлық жер, барлық тұсында
өзендей жалтырап,
өзендей сарқырап.
Ағады көшелер
құйылып, алаңға, қақпаға,
оңтүстік жаққа да,
солтүстік жаққа да.
батыс жаққа да,
шығыс жаққа да.
Түн болса оттарын жағып ап,
бірінің толқынын
біреуі қағып ап.
Шалқиды –
бойына жия алмай,
толқиды –
арнаға сия алмай
мереке күндері.
Ағады көшелер
шуылдап, аптығып;
қамсызды, әлсізді
жағаға лақтырып:
толассыз толқыны
толқынмен жарысып;
мақсатсыз жандарды
жаңқадай ағызып.
Қарлыққан дауысын
қиянға жеткізіп;
бүгіннің салмағын
бойынан өткізіп, –
үстіне көкпеңбек
асфальт төсеген,
өзендер сияқты
ағады көшелер.
ТАРТЫЛЫС ЗАҢЫ
Тартады мені, тартады
таулар да,
баулар,
жолдар да.
Тартады мені, тартады
өзендер
көлдер,
жондар да.
Салып бір қысып тезіне
тартады түндер,
күндер де,
Тартады келіп өзіне
еңкейтіп мені гүлдер де.
Биікті биік өлең қып
алғандар мені тартады,
тартады мені тереңдік,
ормандар мені тартады.
Асып мен қанша белеңнен
күн-түні тынбай алқынып,
осынау бүкіл денеммен
бәріне жатам тартылып.
Бойымнан оттар шашырап
тартылам төске балға боп.
Қалғыған жанның басына
үзіліп түсем алма боп.
Сұлудың шыңырау көзіне
тартылып кейде қалам мен...
Тартылам,
сонсоң өзіме
бәрін де тартып алам мен:
үндерін желдің,
орманның;
қуатын, күшін токтардың;
ыстығын ыстық қолдардың;
зуылын зұлым оқтардың.
Әлемнің күйін,
әнін де,
қайғысын,
мұңын,
тілегін...–
тартады бәрін, бәрін де
магнитті алқап – жүрегім!
ПОЙЫЗ
Заулайды пойыз, заулайды пойыз, заулайды,
туннельге сүңгіп,
бауырдай тіліп баурайды.
Табанда жатса рельс біткен жалтырап,
ағады зулап алапат күшпен сарқырап,
заулайды пойыз, заулайды пойыз, заулайды.
Жылдамдықтардың даусымен сөйлеп жар салып,
барады олар қашықтықтарға қарсы ағып.
Шығарып салар қаншама шулы вокзалдар
сағыныш толы гүлдермен оны қарсы алып.
Заулайды пойыз, заулайды пойыз, заулайды
денесі қозып –
Сібірдің аппақ қарынан,
денесі қызып –
түстіктің аптаптарынан.
Сұғынып алып –
тайганың қалың нуына,
жуынып алып –
Қырымның жаңбырларына
заулайды пойыз, заулайды пойыз, заулайды.
Дүрсілдеп ақса ол –
қарық қып соны сырларға,
күй тарар ғажап бағана ерткен сымдарға.
Дүрсілдеп ақса ол –
болады жердің астында
ғаламат сағат сартылдап соғып тұрғандай.
Алқынып жетіп қиыр шет, қиян тыңдарға,
айқайлап боздап күркіреп боздап құмдардан.
Толқын да толқын төгіліп жатқан будақтап
Төлеген менен Меңдекеш жазған жырлардай.
Ұшатын келіп тұлпардай бейне үркек-ақ,
пойыздай бейне кететін зулап сілтеп-ақ
заулайды мезгіл, заулайды мезгіл, заулайды
он екі айын, он екі вагон тіркеп ап.
Керемет үнге толтырып әлем алабын,
үстінен ағып далалар менен қаланың
заулайды мезгіл, заулайды мезгіл тіркеп ап
он екі айын – он екі бірдей вагонын.
Сағыныш сазын жүгіртіп барлық шектерге
жаңғыртып үнін келер күндер менен өткенге
заулайды мезгіл, заулайды сүңгіп тоқтаусыз
Күз бен Қысқа, Жаз бен сұлу Көктемге.
Арқама менің қаншама салмақ түсті деп,
күн өткен сайын тағы да, тағы күш тілеп
заулайды мезгіл рельс етіп өзіне
шексіз де шексіз Арман мен Үміт үстімен.
Зулаған шалқып арғымақ екпін арынмен,
үн қосып оған бойдағы байлық, барыммен
астына оның төсеймін төрт жол шумақтан
ойлардың шпалдарын мен.
Ұмытып кетіп қаншама рет сақтықты
асу мен белде ол қаншама рет аптықты.
Тиеп ап сықап он екі бірдей вагонға
тілек пен қайғы, шаттықты,
балалық жастық, қарттықты, –
заулайды мезгіл, заулайды мезгіл заулайды.
ДӘН
Жатыр бір дән құнарлы алқап жерімде,
сіміріп ап күннің нұрын төгілген.
Топ-толық дән, топ-толық дән, сол бір дән
ғашық дер ем тіршілік пен өмірге.
Дәнді мәңгі, дәнді мәңгі жырлармын,
сазы жатыр сонда барлық сырлы әннің.
Суретін сал тоқшылықтың десе егер
салар едім суретін мен бір дәннің.
Дәнге қарап ойланам мен, толғанам.
Дәнге шалқы, дәнге симай, тол, далам!
Бәрі өледі жерге салып көмгеннің,
көмген кезде көктейтін тек дән ғана!
Келсе егер де ашаршылық шөл қинап,
аман қалар дәннен өмір әл жинап.
Сондықтан да мына бүкіл тірлікте
дән себеміз,
дән тасимыз,
дән жинап.
Дәнсіз, әнсіз бұл өмірден өтпек кім,
әнді шырқа, дәніңді сеп, ек деп тұр.
Жүректерде жақсылықтар туатын
арман дәні, үміт дәні көктеп тұр.
Дәнді жина он еңкейіп, он қарап
дәнді жина қапқа салып, дорбалап.
Өлшейді жұрт, есептейді бүгінде
дән салмағын центнерлеп, тонналап.
Басқа өлшем, басқа есеп бар менде:
өсіп-өніп шығатұғын көмгенде, –
бүкіл Жердің аумағы бар әр дәнде,
бүкіл Жердің салмағы бар әр дәнде.
* * *
Айырылып қаншама рет төзімнен,
қанша жүкті жүрегіммен сезінгем.
Осынау бір тағдыр менен тірліктің
таразысы секілдімін қазір мен.
Таразысы секілдімін
өмірдің
мұңдарын да өлшейтін,
сырларын да өлшейтін,
жырларын да өлшейтін,
жылдарын да өлшейтін,
өлшейтұғын әрбір дыбыс,
әр үнді,
өлшейтұғын әрбір сағат,
әр күнді.
Сондықтан да өзіме өзім:
мықты едің,
төз, төз деймін,
төзе алмасаң біткенің,
сонан кейін отырамын саралап
өлшеп тартып мақсатымның жүктерін...
Бәрі-бәрі ой-санамда өлшенер,
біреу арын сатып, жалдап жүрсе егер,
біреу қарыз болса егер де белшеден,
ал біреу кеп оны жерге көмсе де –
соның бәрі ой-санамда өлшенер.
Өлшенеді жырлары да, әні де,
кеңістігі,
тереңдігі,
өрі де.
Әйтеуір мен дәл осы сәт, дәл қазір
таразымын бәріне де, бәріне.
Ойлап адам үміті мен арманын
өзімді мен шетке қоя алмадым.
Таразыдай қайыстырып тұр мені
бүкіл тағдыр, тірліктің
бар ауырлық, салмағы!
* * *
Сол жылдарды ойлап көрші санамен:
көз алдында тұра қалар жаралы ел,
Отқа оранып бүлініп
жатқан ұлы қара Жер.
Қара Жер-ай,
не көрмеді ол, сірә?
(еске түссе тұра алмайды жан шыдап.)
Құс сияқты қанатына оқ тиген
жатты қанша қансырап?
Алмас оны ешкім сынап, міней де,
қанша төзді ол соғыс зұлмат дүлейге.
Бомба деген сөз шықса егер
алдымен
Соның шашы тік тұрады үрейден.
Қорға оны,
қолыңа сен ту ұста,
ұран таста,
жол берме сен ұрысқа.
Қаупі менен қаталдығы Бүгіннің
Енді оны ұстамақшы уыста...
Құртпақ болып орман, көлді, қала мен,
өрекпісе әлдекімдер жаламен,
болады ғой кішірейіп кеткендей
бір уыс боп қорқыныштан қара Жер.
Қиын шақ бұл ағартатын шашты да:
қиын шақ бұл қиналтатын тасты да!
Пана іздеген балапандай Жер Шары
тығылады жүрегімнің астында.
* * *
Шыдаған қанша сан мұңға,
томсарып үнсіз түйілген,
глобус тұр алдымда
монтиған киіз үйімдей.
Салмақты тұрар елемей
құрылған өлшем, дәлдікпен,
ондағы уық, кереге –
бойлықтар менен ендіктер.
Көз жасқа қанша жуынып,
өткен ол қанша жөндеуден.
Алыпты шарт та буынып
экватор-белдеумен.
Иесіз оны қаңыратпа,
салмаңдар онда бүлікті.
Төңкеріп апты шаңырақтай
Солтүстік Мұзды мұхитты.
Күн туып кенет дауылды
кетер деп түтеп бұрқанып –
планетам сабырлы
томсарар үнсіз қымтанып.
ЖАРЫЛМАҒАН БОМБАЛАР
Газеттерге шығады ғой хабарлар:
соғыс сұмның сарқыты боп қап қойған
шағын, яки үлкен ұлы қаламнан,
жаңа құрылыс алаңнан,
немесе бір қазаншұңқыр,
каналдан,
бұғып жатқан жер астына тығылып
жарылмаған,
жанбаған
табылды деп бомбалар!
Кім сақтасын бомбаларды мұра қып,
жарады ғой оларды
айдалаға шығарып.
Білем, білем –
шаттыққа жыр арнаған
жүрсек те біз тыныштықпен тыныстап,
бұғып жатқан
бүлік, ылаң салмаған
жетеді әлі жарылмаған бомбалар!
Күнім туса өрт болам деп асқынған,
айналам деп отты құйын тасқынға,
жатыр олар қара жердің астында,
жатыр олар қара жүрек астында!
Сусыны әлі қанбаған
қызыл қан мен
жоқтауларға зарлаған,
бұғып жатқан қара жүрек астында
арамдық пен зұлымдық –
жарылмаған бомбалар!
Қара жерді қуырып,
бір уыс қып аспанды,
жоқ ететін кеңдік пенен асқарды
жарылмаған бомбалар –
бұғып жатқан
жауыздық пен қастандық.
Жүре бермей
шаттық нұрға баттық деп,
қарау керек сақтықпен:
бізбен жалған тілдесіп,
бізбен жалған үндесіп
Жарылмаған Бомбалар
арамызда жүрмесін!
Туын ұстап жүрсем де мен бақыттың
тұрам кейде атып бір!
Жарылмаған Бомбалар
бітеу жара секілді
қара жер мен
жүрегіме батып тұр.
ТҮНГІ ХАБАР
Диктор дауысы айырылыпты сабырдан –
ораныпты бір ел тағы жалынға...
Есітілді барлық жерге,
бар елге
сол үрейлі бомба дауысы жарылған.
Дүниені сілкіндірген атағы,
жарқыратқан тыныштықтың шапағы
егін егіп,
құрыш құйып зауыдта
жатқан тыныш
жалт қарады Отаным.
Жалт қарады қалалар да,
дала да, –
қаншама тау, теңіз жатсын арада.
Жалт қарады сол бомбаның даусынан
жас баласын құшақтаған ана да.
Тыңдай қалды шопан да күн қақтаған,
жер астында солқылдаған шахталар.
Мойнын созып қарап тұрды сол жаққа
жапандағы мұнаралар қаптаған.
Түтінімен бейбіт көкке бұрғы сап,
желбіреген ту құсап, —
қауіп күтіп тұрды үңіліп аспанға
трубалар тік шаншылып дүрбі сап.
Сақтанбасаң,
сақ болмасаң аяр кім,
сыр деп ұқ сен әркімге де аян бұл.
Теміржолдар,
теміржолдар созылған
пулеметтің лентасындай даяр тұр.
Сіңіріп ап өн бойына мұңлы ызғар
әлем жатты бір суынып,
бір қызған...
Ай тығылып бір жапырақ бұлтқа,
дір-дір етті жұлдыздар.
КӨНЕ ҚАЛА
Көне қала.
Бәрін көрген қала бұл.
орынындай шор боп біткен жараның, –
жатыр әне үйіңді боп, төбе боп
саз балшықты қорғандары, қамалы.
Бәрін көрген.
Өне бойы құрыштап
түскен талай қанды майдан, ұрысқа.
Денесіне садақ оғы қадалып,
кескілескен айбалта мен қылыштар.
Бәрін көрген.
Құл да болған, қаналған.
Отқа оранған, торға түскен, қамалған.
Өшкен онда үміт, тілек, сан арман.
Қазынадан, байлығынан тоналған.
Бәрін көрген.
Күндер өткен сергелдең.
Дұшпан біткен лап қойғанда селдердей
бұзылған ол сеңдердей.
Түскен сонсоң қуғын, сүргін, тергеуге!
Іштен тынып сілтідей
мойымаған, көздің жасын іркіген.
Арам ниет, қанды қолдар денесін
тіміскілеп, тінтіген.
Бәрін алып,
үзіп өмір, тілекті,
жауыз қолдар түсіргенмен түнекті,
сақтап қалған жүрекке ол жыр-әнін.
Мүмкін емес тінту, тонау жүректі.
Жатыр енді тосырқамай жаңаны
кейбір сәтте көне әндерін салады.
Желпиді кеп қырдың саумал самалы
бәрін көріп аман қалған қаланы.
Келсең оған көзге жас кеп, кек қызып
кетеді ғой.
Тасаланар көп қызық.
Жиырмасыншы ғасырдың
қорқынышын, күлкісін
жатыр енді ол өн бойынан өткізіп.
* * *
Жатыр едім бей-жай мүлгіп диванда
тамсап сорып тәтті елесті жиналған.
Қабырғаның ар жағынан
кенеттен
дауыс шықты зарлы үнменен қиналған.
Әйел дауысы,
біліп тұрмын,
қайғылы,
түскен оқыс қанатынан қайырылып.
Көршім менің жесір әйел болатын
қалды ма екен жалғызынан айырылып?!
Қасіреттің қарғыс уын ішті ме?
Тұншығады –
құлап байғұс түсті ме?
Әйтеуір мен дір-дір еттім
кенеттен
сұп-суық су құйған-сынды үстіме.
Қапелімде келе алмастан шешімге
тапжылмастан қалғаным сол есімде.
Санам тұр тек жалғыз ойды қайталап
жесір еді...
жесір еді...
жесір деп.
Тіршіліктің болмысынан алшақтап
ойым менің жүгіреді сан саққа, –
қабырғаның ар жағынан шыққан үн
сияқты бір қабырғамды қаусатқан.
Сол бір зарлы үн тына қалды бітті де...
Сөйлеп жатты коментатор,
диктор ме...
Жылап жатқан жесір әйел көрші емес
Теледидар екенін тек ұқтым мен.
Жеңілдеді деме мені бірақ та
үрейлі үн қалып қойды құлақта –
сол бір әйел жүректі қан жылатты
тұрсадағы басқа құрлық, жырақта.
Әйел зары...
Бауыр етім езілді.
Мұндай сәтте ұмытамын өзімді.
Тұрып қалдым дел-сал осы бір күйімде
есеңгіреп жия алмастан есімді.
Тағдыр, тағдыр күрделі үлкен сұрақ бұл,
тұрсадағы менен алыс жырақ бір
сол бір әйел –
негр ме, әлде араб па...
қабырғамның дәл түбінде жылап тұр.
Мен жыласам –
көрме оны ерсілік,
бос екен деп жүрме мені кемсініп,
әйтеуір мен қанша қашық болса да
қайғысымен бүкіл осы әлемнің
қабырғалас көршімін!
* * *
Мен құйттаймын,
Ерік беріп сабырға
биіксің деп, алыпсың деп жаңылма.
Қиыршық тас,
бір түйір дән,
тамшымын –
тау мен дала,
мұхиттардың жанында.
Маған басқа теңеу іздеп шашылма,
өзіңді алдап,
мені де алдап тасынба.
Мен құйттаймын.
Көзге ілінбес атоммын
Жер шарының қасында.
Құйттай,
бірақ ол да жылап күледі,
оның да бар ой-арманы, тілегі.
Көзге ілінбес сол атомның соғып тұр
кеудесінде көзге ілінбес жүрегі.
Ол да өзінше қонып,
қайта ұшып тұр.
Ала алмайсың бірақ оны үзіп бір, –
өйткені оның мың-миллион талшығы
туған жерді құшақтап тұр, қысып тұр.
Мейлі мұны түсін өзің, түсінбе,
тек әйтеуір бағамды сен түсірме, –
қайталанбас тіршілік бар,
ғұмыр бар
көзге ілінбес сол атомның ішінде!
* * *
Мән бермесем сөздер менен сыбысқа
жүр деме сен мені босқа тыныстап,
шындық үшін
жүріп жатыр жанымда
айтыс,
тартыс,
келісім мен ұрыстар!
Жүріп жатыр бойымда
бір-бірімен арбасып,
бірін-бірі жыға алмастан алмасып,
сезімімнің терезесін быт-шыт қып
бітпей қалған
төбелестердің жалғасы.
Ерлік – жеңіп,
ез – өліп...
жар астынан жамандық
жақсылыққа жатар мылтық кезеніп.
Қорқыныштар қаңбақ болып безеді.
Күрсінеді өкініштің өзегі.
Соның бәрі он бойымды кезеді
соның бәрі бауыр-етті езеді.
Ондай кезде қаншама мен бекіндім.
өзіме-өзім сабыр ет деп өтіндім.
Салқын төзім оятты кеп ұятты.
Басын таңар намыстың
ақ халатты Аяныш
дәрігерлер сияқты.
Мән бермесем сөздер менен сыбысқа
жүр деме сен мені босқа тыныстап,
шындық үшін жүріп жатыр бойымда
айтыс,
тартыс,
келісім мен ұрыстар!
АҚЫН
Өн бойында долы әуен мен нәзік жыр,
қайрап алмақ болып енді өзін бір
шабытты ақын шағын ғана бөлмесін
әрі-бері кезіп жүр.
Баса алмастан тебіреніс толғағын
көзге ілместен айналасын,
жан-жағын,
әрі-бері кезіп жүр ол
дәл қазір
жүректердің үміті мен арманын,
ой-қиялдың орманын.
Қорғаймын деп қаралықтан ақтықты
көмейіне сөз тығылып аптықты.
Арасынан өтеді ол теңселіп
қайғы-мұңның,
сағыныштың,
шаттықтың!
Айналасы жалын болып кетті енді.
Көкірегі жұтады кеп от демді.
Бөлмесінде кезіп жүр ол теңселіп
күз бен жазды,
қатал қыс пен көктемді!
Жолын ойлап шамырқанған өлеңнің,
ашамын деп құпиясын тереңнің
бөлмені емес,
кезіп жүр ол дәл қазір
қалаларын,
далаларын сан елдің –
бар нүктесін әлемнің.
Бірде суып,
бірде қызып жарқылдап
дүние жатыр өн бойында алқынған –
күні-түні сөйлеп, ән сап тұратын
орта, қашық,
ультрақысқа толқында.
Үнін іздеп елдер менен ғарыштың,
үнін іздеп жақын менен алыстың
кезеді ол, құйттай тілі секілді
радиоқабылдағыштың.
Өн бойында долы әуен мен нәзік жыр.
Қайрап алмақ болып енді өзін бір
шабытты ақын шағын ғана бөлмесін
әрі-бері кезіп жүр.
БІР ЖАПЫРАҚ ШЫНДЫҚ
Айтатұғын бір-ақ кесіп дәлдікпен
қаншама жыл ғылым күткен, ел күткен
біреу келіп бір жапырақ шындықты
асыл тастай
қазып алар архивтен.
Тілін жұлып бұрынғы ескі ұғымның,
мұзын сөгіп жалғандық пен сыбырдың
жынын қағып талай кеуде, жұлынның
табылады бір жапырақ сол шындық
қаншама жыл сабылдырып, сарсылтқан
жампоздарын ғылымның.
Табылады бір жапырақ сол шындық
жағады да —
бір болжамның шамдарын,
жарады да —
бір болжамның шарларын.
Сонан кейін сөйлесін деп аңқылдап,
жай оғындай жарқылдап,
тастасын деп бөгде ұғымды ысырып
жібереді эфирлерден ұшырып,
таратады газеттер
суретке оны түсіріп.
Мен сөйлейтін күн де, міне, жетті деп
қайта тұрар —
жатқан үміт тепкіден.
Оттарынан бір жапырақ шындықтың
күлге айналар қанша жуан папкілер.
Қаншама жыл жарық көрмей қамалған
шығады ол көшелерге, алаңға.
Орынынан тұрып оны қарсы алар
үлкен-үлкен кеңседе
үлкен-үлкен адамдар!
Бір шал айтар қаншама жыл тер төккен:
өмір сүрген жоқ екенмін мен текке.
Құрметіне бір жапырақ шындықтың
жиын болып, беріледі банкет те!
Қамыр қылып темір құрсау сұмдықты,
түрлендіріп жібереді ол тірлікті...
Қандай күшті,
қандай үні зор еді
бір жапырақ,
бір жапырақ шындықтың!
ШӨЛ
Шөл бар менде Қызылқұмдай аптаған
өртеп мені ыстығына қақтаған.
Мүмкін емес өлшеу оның аумағын,
сыйып кетер оған теңіз, тауларың...
Кішірейтіп ала алмайсың масштабпен
оның бүкіл ауданын.
Өкпе-өзекті,
жүрегімді суырып,
жатады ол өн бойымды қуырып.
Мейлі мені ауысқан де, есер де! –
мейірі оның қанбайды
күндіз-түні төксе-дағы нөсерлер.
Төзем әрең көнбесем де,
көнсем де
қанбайды ол аңызақ боп қақтаған
Байкал менен Балқашты алып келсең де.
Қанбайды ол шығарсаң да ел-селін.
САҒЫНЫШ деп аталады ол шөлім.
Кебірсиді өкпе, жүрек, алқым да, –
жатады ол туған жер боп алдымда.
Енді бірде қыздырады, қысады,
болмай қалса достарымның құшағы.
Азабына көнбе мейді, көн мейлі
алғашқы бір махаббат боп өртейді...
Өн бойымды орап ыстық жалынмен
қақтайды шөл жүрегімді жаныммен,
Ақырында жетпей төзім, шыдамым,
сол шөлден мен өлетін де шығармын.
* * *
Сағыныштан сартап болып үздіккен,
күз де келді мамыражай түстікке.
көл,
тоғайын,
жайлау үстін базар қып
қайтып бара жатты аспанмен құс біткен.
Қайтып бара жатты құстар ән салып
көшкен тұман,
бұлттарға қарсы ағып.
Бұлқып соғып кенет менің жүрегім
шыға келді бар дауыспен жар салып:
– Өзім құйттай,
кең ғой бірақ құшағым,
бәрін де мен сиғыза алам,
құшамын.
Арман, Үміт қанатымды байлап ап,
құстарменен ұшам, – деді, –
ұшамын.
– Көкіректі ұрғылама, кеулеме,
салма – дедім, –
өзіңді сен әуреге...
Бірақ жүрек көнбеді оған,
болмады.
Нағыз жүрек жата ала ма кеудеде?!
Кенет менің өн бойымды жыр етіп,
сана,
ойды,
жанарымды нұр етіп,
тор қобдидан азат болған құс құсап
жүрегім де
ұшып шықты
пыр етіп!
Ұшып шықты.
кетті бірге құстармен,
өтемін деп қиын-қатер тұстармен.
Байлаулымын оған мәңгі, білесің.
алысқа ол
тым жыраққа ұшқанмен.
Арқалап мен қалмайын деп қарғысты
отырамын кейде түн қып тал түсті.
Бір құс көрсем тоңып қалған суықтан
жүрегім бе деп қаламын сол құсты.
Өмір сүріп өлеңменен,
дастанмен,
жүрген кезде ойнап-күліп достармен.
Ащы дауыс –
шаңқ еткен бір мылтықтан
құлайды құс
қош айтысып аспанмен.
Ондай кезде кім шет қалар жалтарып,
Неге керек оған босқа таң қалып, –
жүрегім бе деп қаламын сол құсты
келе жатқан қанатынан қан тамып.
БӨРЕНЕЛЕР
Орман іші.
Шағын осы алаңды
ұнатамын қайта-қайта қарауды, –
бөренелер жатыр сұлап созылып
текше-текше маталардай ораулы.
Орман өзі жан-жағынан қамаған
жатыр сұлап –
құлап түскен арадан.
Табандағы сақинаға қарашы
қаншама көп жылдарды ол ораған.
Ораған ол құстың ғажап жыр, әнін,
күн қызуын,
теңіздің боз тұманын.
Ораған ол тамырымен сорып ап,
денесіне жердің күшін,
құнарын.
Неткен биік,
неткен ғажап ірілік,
ораған ол жаңбырды да сіміріп.
Ауа иісін,
ай жарығын ораған
өн бойына сіңіріп.
Тұрған еді бір кездерде асқақтап
жатыр енді жамбасына тас батқан.
Ораулы тұр бойында оның
болашақ
музыкалық аспаптар.
Қара оны,
қарашы сен жалықпа,
бар ғой онда от жалын да, жарық та.
Сұлап жатқан оның ұзын бойында
ораулы тұр қап-қара ауыр табыт та.
Жақында сен.
Жақында да көр енді,
көріп ал да өз бағаңды бер енді.
Өлең де бар!
Сенбейсің бе?
Мен соның
орауынан алдым осы өлеңді.
Жаңалық бар онда ешкім ашпаған,
саздар да бар енді ғана басталар...
Соның бәрін ғажап ұлы табиғат
бөренеге орап тығып тастаған.
ЖҮРЕГlМНІҢ СУРЕТІ
Атқарам деп өз борышын, міндетін,
құртамын деп жауыздықтың індетін,
шаршап, талып соқса тентек жүрегім
дәрігерлер:
әкел дейді суретін.
Кірмеуші еді ауру пәле түсіме
неге айырылды албырт жүрек күшінен?
Сонан кейін рентгенге барам да
кеудемді ашып
суретке оны түсірем.
Маза бермей шығады ол түнімен
бір сырқаттың жабысқаны-ау шынымен.
Түсер сонсоң тентек жүрек суретке
арман,
үміт,
қайғы,
шаттық,
мұңымен!
Қап-қараңғы бөлмеге кеп қамалған
түседі ол әлденеге алаңдап.
Білем, білем – жала, зұлым, өсекпен
жалғандықтар салған таңба бар онда.
Шаршады ма
мақсатыма жетем деп?!
Шаршады ма жұмыс істеп өтем деп?!
Ал дәрігер үңіледі суретке
шамадан тыс салмақ түскен екен деп...
Сауығамын
жұмысқа кеп жегілем...
Басталады тағы бір күн әбігер.
Рентгеннен жүрегіңнің суретін
қайта алып кел, дейді маған дәрігер.
Ұшырайын деп ем одан жарық жыр,
амалым не,
тулап қайта соғып жүр...
Ескерткіш боп қалсын дей ме
суретке ол
жиі-жиі түсетұғын болып жүр.
* * *
Бей-жай күйде отырамын кейде мен:
мені ол кезде толқытпайды ой деген.
Кеудем бос қап үңірейіп қуыстай
салмақ болмас сөздерімде сөйлеген.
Тұман басар дымқыл ауа бүркіген,
тұра алмай да,
жүре алмай да –
іркілем.
Қалмағандай өн бойымда ештеңе –
сағыныш та,
қайғы-мұң да,
күлкі де.
Жоқ көңілде –
салқындық та,
жылылық.
Кетемін де бей-жайлықтан үгіліп
көкте де емес,
жерде де емес, әйтеуір,
қалқып тұрам кеңістікте ілініп.
Бітеліп қап өкпе,
жүрек,
өзегім,
ақпай қалар ағып жатқан өзенім.
Ұстайтұғын тұтқасы жоқ үрейлі
бастан кешем
салмақсыздық кезеңін.
Толқытпаса –
мені өмірдің сауалы,
толқытпаса –
мені өмірдің зауалы,
баспаған соң иығымнан салмақтар
қалқып тұрам
қармап босқа ауаны.
Өрмекшідей ұя салған қуысқа
салбыраймын,
Тарылады тыныс та.
Әлек болам тірей алмай аяқты,
әлек болам тұтқа таппай уысқа.
Ұстамақ боп ұмтыламын әрнеге.
Салмақсыздық –
бірақ мынау бөлмеде...
Сонан кейін өмір жайлы ойлаймын.
Ойласам-ақ
түсем қайта жерге мен!
ЖОЛ ТАБУ
Ішін құрт жеп дәнсіз қалған жаңғақтай,
салмағы жоқ желді күнгі қаңбақтай, –
қиындықтың шырмауынан шығарар
отырасың кейбір кезде жол таппай.
Жалтақтайсың әр бір соқпақ, әр ізге.
қалғандайсың меңреу тылсым теңізде.
Төтесінен ап баратын мақсатқа
отырасың кейбір кезде жол іздеп.
Көнбейтұғын айла менен амалға
тұрғандайсың темір құрсау қамалда.
Адамдардың жүрегіне ап барар
жол іздейді
ой,
сезімің,
санаң да!
Еш нәрсе де қайтара алмас есесін
ондай кезде қанша азап, сор кешесің.
Ондай кезде жаныңды жеп, шарқ ұрып
өзіңді өзің ақтарасың, кезесің.
Сөніп бара жатар жалын,
алау да.
Бас айналар жан-жағыңа қарауға:
бір жағың – шың,
түпсіз шыңырау – бір жағың.
Қалғандайсың мәңгілік сен қамауда.
Ақырында ой тауып ап бір асыл,
мақтаныштан масаттанып тұрасың:
шатқалына жарқыратып көпір сап,
шың астынан туннель қазып шығасың!
ҚАЙШЫЛЫҚ
І. Көңілсіз кезде
Көңілсізсің.
мылқау қара тастайсың.
Түнерсің,
қабағыңды ашпайсың.
Сәл шуласа балаларға жекіріп
бір бөлмеге қуып тығып тастайсың.
Сәл қозғалсаң –
кетердейсің сөгіліп,
сәл қозғалсаң –
кетердейсің егіліп,
қалғандайсың найзағайсыз, сәулесіз,
қалғандайсың қара түнге көміліп.
Күлкі кіріп келсе де үйге шырайлы,
танытасың жақтырмайтын сыңайды.
...Мұндай күні
кеміріп бір жүйкеңді
телефон да шыр-шыр етіп жылайды!
ІІ. Көңілді кезде
Көңілдімін.
Тұрмын қазір тасынып,
жатыр менен нұр мен сәуле шашылып.
Үйдің іші астан-кестен етіп бір
ойнап жүрмін балалармен қосылып.
Басқа қазір аспаным да,
көшем де.
Жүректе – нұр
бұлттарды төсенгем.
Қалалар мен далалардың үстінде
асыр салып жүгіреді нөсерлер.
Бетті шарпып лаулап жанса жалыным,
гүл атып тұр қызыл құмды шағылым.
Кеудем іші аппақ қазір
бейне бір
ұрттағандай айдың аппақ жарығын.
Осы сәтте жанып түсер қайрақпын,
шеті болмас,
шегі болмас қайраттың...
...Бір бұрышта қайта-қайта ән төгіп
телефон да құйқылжытып сайрап тұр!
ТИРДЕ
«Ондыққа»
Қара шегедей
Қадаймыз деп оқтарды
Жұрттарды басқа елемей
шуладық,
күлдік,
мақтандық.
Көздедік ұзақ қадалып
«Ондыққа» шіркін тисем деп.
Оқтарды қанша қададық
Дөңгелек қара мишеньге.
Мылтықты қысып теңселтпей
Аттық біз тағы, –
тағы да...
Оқтарды мишень
сол сәтте
Тұрғандай бейне қағып ап.
«Ондықты» іздеп көзімен
Біреу дәл,
Біреу құр атты.
Әйтеуір мишень өзіне
Магнит құсап
Оқтарды
Тартып ап жатқан сияқты.
Айтпас ем мұны көрмесем
Керек қой айту жаңылмай.
Оқтарды аулап тұр мишень
Сөздерді аулап алатын
Әуенің толқындарындай.
ЖЕР АСТЫНДАҒЫ ӨЗЕНДЕР
Шөлдер қанша
ерні кеуіп кезерген,
Жерлер қанша
сұп-сұр болып безерген...
Жыр сияқты кернеп аққан жүректі
жер астында ағып жатыр өзендер!
Тебірентіп өн бойыңды аралап,
кететұғын ойлар құйып санаға,
ағып жатыр
Қан тамырлар секілді
Жердің алып жүрегінен тараған.
Ағады олар бір-біріне жолды ашып,
бір-бірімен тарамдасып,
жалғасып,
Болмаса да аттары
бар олардың
бастау,
сала,
арнасы!
Ғұмыр бойы желпінбеген желдерге,
болмайды онда ақ кіреуке сеңдер де.
Олар-дағы Еділ менен Ертістей
құяр барып теңіздер мен көлдерге.
Жүректің бір түкпіріне тасталған
ағады олар жазылмаған дастандай.
Іздейді оны бұрғы салып адамдар
азат болып атылсын деп аспанға.
Көзі ашылса – күн нұрына аң-таң қап,
тамшыларын шашу етіп әр таңға.
Шөл далада желбіретіп шаштарын
билеп тұрар жел шайқаған фонтандар!
* * *
Жаралғандай бауыр еті темірден
оңашалық, оқшаулыққа телінген
бір сөз айтпай өтетұғын ғұмыры
адамдар бар өмірде.
Тиіспеген бір адамға ұрынып,
Жаңылмаған не тайғанап, сүрініп.
Отырады бұрышқа кеп үндемей
өзіне-өзі жылынып,
өзіне-өзі тығылып.
Жайлап алған үнсіздіктің қонысын,
ал біреулер дұрыс дейді онысын.
Адалдықты жағадан ап жалғандық
сабап жатса
бермейді ол қол ұшын.
Біреу келіп бір жолдасын түсінбей
қызып кетіп көрсетеді күшін де.
Ал ол болса тымырайып тұрғаны
үнсіздіктің боз тұманы ішінде!
Біреу біліп,
біреу білмес есімін,
айтпайды ол ештеңенің кесімін.
Көрмеген ол бір адамды кешіріп,
сұрамаған бір адамнан кешірім.
Жұмысқа кеп жұмысынан қайтады,
жоқ жүзінде сезім нұры, ой табы.
«Тыныш жүрсең – тоқ жүресің» – ақылы,
оны да ол іштен ғана айтады.
Үндемейді жиналыста, бөлмеде,
мүсін дерсің шығып кеткен көрмеден.
Бір адамды кінәраттап, айыптап,
бір адамды қорғап әлі көрмеген!
Тілегені:
болса болды бас аман.
Жүргені тек оңашада, тасада.
Қоғам үшін,
өмір үшін,
ел үшін,
байқайсың ба,
қауіпті ғой осы адам!
* * *
Кетем алыс, қоршап мені жан-жақтан
басса келіп назалы мұң салмақтар.
Кетем алыс
найзағайлар сілкініп
жұлдыз жауып жататұғын тау жаққа.
Қараймын деп көкке жанар талдырған,
жуынам деп ақ көбікті жаңбырға,
жата кетем бір беткейді жастанып
сыз табы бар жасыл кілем шалғынға.
Сыр қып құйып жарық,
сәуле,
жалынын,
таратам деп саз боп аққан ағынын.
жұлдыздармен,
жапырақпен, шөптермен
жалғасады бүкіл талшық, тамырым.
Бірде шырқау,
бірде түсіп төменге,
айналам деп ғажап сиқыр өлеңге
қара жерге, түнгі аспанға,
бұлтқа
сіңіп кетем бүкіл осы денеммен.
Сіңіп кетем тұңғиыққа батқандай,
сіңіп кетем алғаш жауған ақ қардай.
Шөптер біткен жүрегімді аралап
мені тесіп өсіп шығып жатқандай.
Дірілдеген тоңазытып түнгі ызғар
жалт-жұлт еткен керемет бір құндыздай,
ағып жатыр омырауымнан домалап
жұдырықтай, жұдырықтай жұлдыздар.
Аспан асты арқырап бір кісінер –
от тасқынды қуат құйып күшіме,
шыға келсем найзағай боп жарқылдап
қаптап көшкен қара бұлттар ішінен.
Қайтам сонсоң –
бір суынып,
бір қызған
айналам деп жұмбағы көп шың-құзға –
найзағайлы бұлттарға оранып
көкіректен сорғалатып жұлдыздар!
* * *
Аққу деген біздер үшін киелі,
аққуды атсаң сол оқ маған тиеді.
Аққуға сен жаға көрме күйені,
аққу деген біздер үшін киелі.
Суды сызып қос қанаты етегі,
аққу құсым тап алдыңнан өтеді.
Өтінемін, тие көрме аққуға
киесі ұрып,
жазым қылып кетеді.
Күзге қарай тастап зерең көлдерін,
кең даласын –
жоталарын,
белдерін
аспанымда айтып бара жатады
аққу біткен Ақан сері әндерін.
Айтып сырын көл, өзен мен жапанға
кеткен олар қиыр алыс сапарға.
Ақан сері ғашық болған аққуға,
аққу біткен ғашық болған Ақанға.
Махаббаттың көре-көре азабын,
Ақан-серім болыпты ғой азалы, –
аққуларым ғашық содан қазаққа,
аққуларға ғашық содан қазағым.
Бұл ғұмырда мың өртеніп, жаныппыз,
жаныппыз да,
мәңгі өлмес боп қалыппыз.
Киелі құс әнін айтқан халықпыз.
киелі құс ғашық болған халықпыз!
МЕРЕКЕ КҮНГІ КЕШТЕ
Шығайық, жаным, үйде енді босқа қамалмай,
қайтайық шалқып жуынып жұмсақ самалға,
толқын да толқын адамдар қаптап ағылған
барайық үлкен алаңға.
Бәрін де таста!
Жүрсеңші енді барайық.
Күтіп те қалған шығар-ау бізді халайық.
Сонау бір күні ренжіп кеткен доспенен
достасып қайта алайық.
Жанайық шалқып,
алмайық жанды жүдетіп,
тұстар бар әлі
біздерден сәуле күтетін.
Сыйлайын саған
ілініп жатқан аспанға
салюттің барлық букетін.
Жүрші сен, жаным,
тезірек енді жетейік.
Жұртпенен бірге толқын боп біз де өтейік.
Сонан соң аппақ прожекторлардың жолымен
аспанға шығып кетейік!..
КҮЗГІ СУРЕТ
Алтын күз бұл –
сағыныш деп аталар.
Сағыныштан жүрек,
санаң от алар.
Ұшып жатыр
бұтақтардан жапырақ –
ұшып жатыр
бұтақтардан ноталар.
Ақ ниетпен айқара ашып кеудені
беріліп бір тыңда оларды,
кел бері!
иір-иір бұтақтардан бұрқырап
ұшып жатыр...
күздің ғажап әндері.
Ағаш біткен алып мені ортаға
бара жатыр еліктіріп,
қолқалап.
Үйіріліп ұшқан саздар қонады
торғайлардай иығыма,
арқама.
Дәл осы сәт ғажап сиқыр түсімдей
Жүзіп келем өзіме өзім түсінбей –
дәл төбемнен сыңғыр-сыңғыр төгіліп
жауып жатқан ноталардың ішінде.
* * *
Сол күнге әлі алаңмын:
Қуғандай бейне тап бір сел
үстінде аппақ алаңның
жүгіріп келе жаттың сен.
Баспана іздеп қорғауға
қарақұс,
мылтық,
тұзақтан
қорыққан байғұс торғайдай
кеттің сен кіріп құшаққа.
Тұрдың сен ессіз күбірлеп.
Ғашықтық –
ол да қайғы ма?!
Жапырақ құсап дірілдеп
асылдың сонсоң мойныма.
Мойнымды құштың асылып
қуаныш,
шаттық,
бақ қандай!
Тұрдым мен шалқып, тасынып
лаврдан венок таққандай.
Сен болсаң, қалқам,
сәулеңді
мен үшін сарқып құярдай
ғашықтық өртеп кеудеңді
есіңді тұрдың жия алмай.
Үнсіз бір қалды өлең де,
таулар да,
көлдер,
бақтар да,
құшақтап тұрдың
тереңге
батып бір бара жатқандай...
ЖЫЛДАМДЫҚ
Жылдамдықтар,
жылдамдықтар,
жылдамдық...
Дене қызып, мың өртеніп, мың жандық,
Зуылдайды төбемнен де, жанымнан
жылдамдықтар,
жылдамдықтар,
жылдамдық...
Жылдамдықтар – дәл осы сәт күшінде,
біліп ал сен мұны мықтап түсін де.
Көк аспанмен ағып бара жатасың
жылдамдықтар салонының ішінде.
Зуылдайсың ертектегі жындарша,
жатыр онда жазылмаған жыр қанша.
Көкжиекке сіңіп жоқ боп кетесің
найзағайлар көзін ашып-жұмғанша.
Ендіктер бар кесіп әлі өтпеген,
бойлықтар бар мен көрмеген көптеген.
Жас ағызып жылдамдықтың көзінен
заулап барам, заулап барам көкте мен.
Жақын қалды «ә» дегенше қарашы –
қашықтық пен қашықтықтың арасы...
Сорғалаған жұлдыздармен көктегі
соқтығысып қалар ма екем мен осы?!
ДАУЫЛДЫ КҮНГІ ТЕҢІЗ
Қара,
Теңіз алабын
айбар шашып алқынған, –
құз-жартасқа соғады
лек-лек болып толқындар.
Соғады да тебініп
құрдымға ол батады...
Келесі лек бәрі бір
шулап келе жатады.
Күрес жүріп жатқандай
азаттықты аңсаған.
Соғып өткен шақтарда
күркіреп бір жар салар.
Лебі шарпып бетімді
жүрегіме құйған мұң, –
ереуілі секілді
Чили менен Иранның.
Көрген барлық азапты
бір-ақ төгіп құярдай.
бұлқынады азаттық
арнасына сия алмай.
Кеудесіне мұң-қайғы
құяды кеп ашынып!..
Шағалалар шулайды
листовка боп шашылып.
ШӨЛДЕГІ ЖАҢБЫР
Күткен едік қаталап біз соншама,
төкті жаңбыр, төкті жаңбыр аңсаған.
Құм үстінде әніңді сал, күй ақтар
биле, биле шымыр тамшы тұяқтар.
Биле, биле дүниені қуыр бір,
адыраспан, жусанымды жуындыр!
Кеуіп, қаңсып қалдыңдар ғой, шынында,
ыдыс аяқ киіз үйден шығыңдар!
Шығыңдар тез нөсер қазір күшінде
ақтарылған аспан суын ішіңдер...
Ақ нөсерді ақтарылған азаннан
ішіп жатыр жайын ауыз қазандар!
Дыбыстар мен дауыстарға желөкпе,
ішіп жатыр даңғырлаған шелектер.
Шықты сыртқа, – мұндай кезде тұрар ма?
бас киімін шешіп тастап құман да.
Қаңсып кеуіп қалса керек денесі
күбілер де созады кеп өңешін.
Шаңын қағып мынау жаңбыр, тасқынға
ішеді кеп түңліктер де, басқұр да.
Нөсер, нөсер төккен сайын емініп
тосады ғой құмыралар ерінін.
Төк, төк нөсер күркіреп бір жаңғырып
Оңай емес шөлдің шөін қандыру.
Құм үстінде әніңді сал, күй ақтар
биле, бие шымыр тамшы тұяқтар!
ГРАММАТИКАЛЫҚ ЖІКТЕУ
Айтар кезде жалынменен, отпенен,
айтар кезде Ақиқатты ақберен, –
сөйлей алман мен үшінші жақпенен,
сөйлей алман мен екінші жақпенен,
сөйлеймін мен тек бірінші жақпенен.
Бетін жыртып зұлымдықтың,
сұмдықтың,
қорғаны боп қалам десең мұңлықтың
айту керек –
тек бірінші жақпенен! –
ақиқатты,
шындықты.
Жік-жік болып, бөлінсең-ақ бітпейді іс!
Осыны сен түсініп ал,
ұқ дейміз.
Сөйте тұра кейбір кезде бірікпей
мен,
сен,
ол деп неге жіктейміз?!
Болмаса да айыбымыз, күнәміз,
неге ғана іштен ғана тынамыз,
Сөйлер кезде қара қылды қақ жарып
сен айтшы деп,
ол айтсын деп тұрамыз.
Орынына қойып берер тірлікті
оңашада жұрттың бәрі кіл мықты...
Кенет біздің алдымызға ар келіп
деген кезде:
кім айта алар шындықты? –
Елеместен қауіп-қатер ызғарын
жүрек ысып,
жүз өртеніп,
жүз жанып, –
мен егер де атып тұрып «мен» десем,
сен егер де атып тұрып «мен» десең,
ол егер де атып тұрып «мен» десе –
шықпаймыз ба тас түйінді «біз» болып.
ТАУ СОҚПАҚТАРЫ
Жай оғын тағы атпақ боп
Бұлтты сойып, жарғанда
найзағай біткен соқпақ боп
жондарға түсіп қалған ба......
Жармасып құзға,
жағалап,
шыңыраулы қия беттермен,
тау ішін түгел аралап,
шатырлап тарап кеткендей.
Лақтырған жіптей шұбалып
биіктіктерден құлдилап,
сан тарау болып бұралып
жарқырап жатыр ылдида.
Көмкеріп шөппен қапталын
қалыңдар оны жұтады...
Мен үшін таудың соқпағы –
найзағайлардың бұтағы.
Тауға бар!–
қалсаң жұтап бір
жүрекке қаяу түсті деп,–
жүресің иір бұтақты
найзағайлардың үстімен.
ӘНШІ
Гүлі құсап мынау тірлік, өмірдің,
әнін айтып туған жер мен еліңнің
бұлғақ қағып
микрофонды қолыңа ап
шыға келдің экраннан көгілдір.
Дәл осы сәт –
жалын оттан жаралған
сен шыққанда жанды қанша жаңа арман,
қаладағы автобустар бос қалып,
көшелерде кетті азайып адамдар.
Сен шыққан соң
демігіп бір кезекпен
әнмен ғана дем алып тұр қос өкпем.
Дәл осы сәт бүкіл елде
білем мен
күрт кеміді бос сөздер мен өсектер.
Ал сен болсаң
болашаққа шөлдеген,
саулық тілеп
орман,
көлге,
жерге де
микрофон – рюмканы қолыңа ап
тост көтеріп тұрғандайсың әнменен.
АЯЛДАМАДАҒЫ АЛМА АҒАШЫ
Көшіп келген ауладағы бағымнан,
қолын бұлғап автобусқа ағылған,
адамдарды шығарып сап, күтіп ап
тұрады ол аялдама жанында.
Басындағы жасыл жібек шалмасын
тоздырады тозаң менен шаң басып...
ерте кезде-ақ топырлаған балдарға
үлестіріп жібереді ол алмасын.
Шомылам деп таңның салқын шығына
тоңғаннан соң
дейді ме екен жылынам –
желмен бірге желп-желп етіп кей кезде
жүгіреді бір орнында тұрып ап.
Аңсайды ол құстың әнін – саздарды,
дірілдейді ол гүрілінен «МАЗ»-дардың.
Қиын оған,
қиын оған тап қазір
ауа орнына иісін жұту газдардың.
Тас лақтырса бір тентек кеп тасынып,
жерде жатар жапырағы шашылып.
Сындырардай бұтақтарын қайырып
жатады оған мастар келіп асылып.
Жалғыз қалсаң соққы көру қиын ба?!
Ең алдымен соны сілкір құйын да...
Не десең де мынау шулы көшеде
тұру оған бүгінде енді қиындау.
Содан ба екен одан көзді ала алмай
қарай берем,
қарай берем алаңдап, –
бәрін тастап, автобусқа ол
бір күні
міне салып, мүлде кетіп қалардай.
* * *
Базар болып кетті барлық тұстарым
Бәрі де дос,
жоқ дәл қазір дұшпаным.
Туған жерге келе жатыр алыстан
қанаты бар хаттар-сынды құстарым.
Бар өлкемде бір керемет басталған:
орман,
көлге,
таулар менен тастарға,
көктем өзі сәлем жазып жіберген
құстар-хаттар жауып жатыр аспаннан.
Жұлдыз жатыр жарқыраған жолында
Бәрі дайын:
көлдерім де,
жоным да.
Махаббат пен сағыныш боп төгіліп
аққу-хаттар,
тырна-хаттар, қоныңдар!
Аялдай тұр,
қара бұлт,
түнерме!
Жалғаймын деп бір елдерді бір елге
хаттар келе жатыр алыс қиырдан
көктем өзі аспанменен жіберген.
Сезінемін керемет бір қуатты
айналамды тамылжытып күй ақты.
Толды хатқа ағаштағы ұялар
пошта жәшік сияқты.
Бәрі базар –
беткей, ойы бөктердің,
тіршіліктен жасыл түсті от көрдім.
Оқ атпаңдар сұлулықтың хатына,
оқ атпаңдар
хаттарына көктемнің.
Көкірегіме ұя салып дір еткен.
үлкен мақсат,
үлкен үміт тілекпен
аспанменен қанаты бар хатымды
ұшырайын деп ем мен де жүректен...
Бұл шақ қазір –
отты кезең, жалын шақ,
жіберетін өн бойыңа ағын сап.
Құс хаттарым бір тынбастан күн-түні
Қиқулайды күйін төгіп,
әнін сап!
Көктем өзі не жазды екен?
Ақтарыл!
Ақтарылшы қанаты бар, хаттарым!
* * *
Жан-жағына алаңдап
қайнап жатқан қазандай –
адасады балалар –
вокзалдар мен базарда.
Жаутаң қағып жанарлар
түсер үрей, әлекке...
Бәйек болып адамдар
ұмтылады көмекке.
Түспесін деп басына
қайғы-мұңның наласы,
сипап оның басынан
тауып берер анасын.
Тауып берер зыр қағып
жалғыздықты көрсетпей...
Қырқыншы жылдарым
түсер ойға сол сәтте.
Қанатынан қайырылып
төзіп күйік-налаға
баласынан айырылып
қалған қанша аналар,
анасынан айырылып
қалған қанша балалар.
Қара шашын ақ басып,
жан-жүрегін тілдіріп,
газеттерге хат жазып
іздейді әлі бір-бірін.
Соғыс зұлмат қаңғыртқан
олар мұң боп есілер.
...Сондықтан да, сондықтан
түседі де есіңе –
мынау қатал заманның
сол бір зары, құсасы,
білегінен балаңның
берігірек қысасың.
* * *
Қызуын тартып әр күннің,
көл жатыр тұнық ойланған, –
ортасын ойып шалғынның
бетонмен төсеп қойғандай,
Қарсы ұшып қанша жерлерге
қайталап үнін шектердің,
қонады құстар
сол көлге –
аэродромына көктемнің.
Қалқып бір ашып құшағын
жуынып самал, лептерге –
қонады, қайта ұшады
кішкене самолеттердей.
Дей бер сен мейлі желөкпе
құстарға ерек ынтықпын...
«Шаңқ» ете қалды кенеттен
дауысы зұлым мылтықтың.
Қанатын құстар сабалап
дүр етіп ұшты аспанға –
жарылыс болып
ғаламат
шашырап жатқан тастардай.
Жоғалтып сәтте шаттығын
дүрлігіп құстар қалысты.
Қарбалас болып жатты бір
аэродром – көл үсті.
Не күйге біздер түстік деп,
ұшты олар тұнық көгіме...
Тыныштық орнап
құс біткен
қайтадан қонды көліне.
Тілерім енді тірлікте:
болдырма деймін сұмдықты,
құстарды мәңгі үркітпе,
шығарма үнін мылтықтың.
Қасірет, қайғы бермесін.
Осы ойды желеп, жебермін!
...Қарбалас бола көрмесін
аэродромдары әлемнің.
* * *
Алмасқа өткір бергісіз
байланып қалар сөз бұған.
Түртпесе,
қарап көргісіз –
бозала тұман,
боз тұман.
Тұман да тұйық қамал бір
жолаушы үшін тамұқтай:
сабылып қанша адам жүр
жаңылып бағдар-бағыттан.
Тәуекел деуге бата алмай
келеді тоқтар жер іздеп:
жолаушы –
меңіреу жапанда,
қайықтар –
құрдым теңізде.
Шығысың қайда,
батысың,
теріскей қайда,
түстігің? –
айыра алмай шатысып
қалатын кезің түсті бір.
Абай бол, жүрек, үрікпе! –
берілме енді, өзгерме –
осындай тұман ішінде
адасып кеткен үміт пен
адасып кеткен сөздерге.
Уақыт қазір қапылыс,
күйесің,
налып,
жанасың, –
жүр екен қанша махаббат,
қаншама арман, сағыныш
компассыз
қатал тағдырдың
боз тұмандарында адасып.
Құтқару үшін соларды
қасқая бұрып бетімді
шарт буып белді шығамын, –
«SOS» хабарын естіген
ержүрек кеме секілді
кешемін тағдыр тұманын.
* * *
Бұрқанып,
дүрлігіп,
алқынған,
тірлікті төңкеріп тастардай,
көк сауыт ақ жол толқындар
шапшиды
шаншылып аспанға!
Күркіреп,
шулаған көк толқын
алысып,
күрессе көкпенен,
кермек дәм,
сыз дымқыл,
сап-салқын
демін кеп жұтасың өкпеге.
Жұтасың өн бойың ширығып
шаншылған қырандай шүйлігіп,
кіресің керемет айбатқа!
Толқындар бір-бірін соққанда
шығады ғаламат дауыстар, –
бар тұстан айқайлап жатқандай
жиылып миллион арыстан.
Жататын бұлқынып, алысып,
тіресіп,
тебісіп,
қауышып, –
ол дауыс –
күрестің дауысы,
ол дауыс –
еркіндік дауысы!
Есітіп қызынам,
жанамын!
Мұңдайда сырт қалып жатам ба?!
дауысын жазып мен аламын
магнитофонға.
Үндерін күш пенен күрестің
жазам да,
таратам эфирден!
Бір нота жоқ онда көмескі,
бір нота жоқ онда өкінген.
Жетсінші аспаннан құйылып
қажыған,
шаршаған тұстарға, –
қашанғы жатпақшы бұйығып,
сілкінсін шағала құстардай.
Сол кезде тоқталсын әуен де,
тоқталсын өлең де.
Теңіздің дауысы әуемен
тарасын күркіреп әлемге!
МАЗАСЫЗ ТҮН
Түн жарымы.
Ауыл отыр жазықта.
Жер сілкініп,
жел жұлмалап қажытқан
селеу бұта жылайды,
оратылып қара темір қазыққа, –
жүректердің қыл ішегін қозғап бір
жалғыз бота боздап тұр.
Жатыр бала арманменен қауышып,
Қолын созар әлденемен алысып,
сыңсып шыққан көк теңіздің төсінде
түсіне еніп параходтың дауысы –
жүректердің қыл ішегін қозғап бір
жалғыз бота боздап тұр.
Мүгедек шал айналады ыңыршық.
Көкіректен шығады оқыс үн ыршып, –
түсіне еніп түнгі аспанды қақ тілген
сыңсып ұшқан снарядтар ыңырсып –
жүректердің қыл ішегін қозғап бір
жалғыз бота боздап тұр.
Көңіл көлден ұшырып ап қаздарын,
тонатып ап жасыл бақты жаздарын,
ұйқыдағы қыз жүрегін тіледі
алдап кеткен махаббаттың саздары, –
жүректердің қыл ішегін қозғап бір
жалғыз бота боздап тұр.
Жесір әйел қоя салып оқтауын
құшақтайды есігінің жақтауын, –
түсіне еніп қырқыншы жылдардың
тұла бойын шымырлатар жоқтауы, –
жүректердің қыл ішегін қозғап бір
жалғыз бота боздап тұр.
ҚАЛАЛАРДЫ СЫНАҚТАН ӨТКlЗУ
Тау қойнауы,
тықылдап балға тынар.
Жүк шешіліп сымдар да тарқатылар.
Көшіп келген бұл жерге машинамен
кіп-кішкентай Ташкент, Алматылар.
Бір жігіт тұр –
токтарды тепкізуде.
Ал біреуі қопарғыш жеткізуде.
Асығады бәрі де
қалалардың
макеттерін сынақтан өткізуге.
Бәрі дайын!
Бір шнур жанып жатыр,
қопарғыш заттарды ол жарып жатыр.
Дәл астында кішкентай қалалардың
жасанды жер сілкініс болып жатыр.
«Жер сілкініс» құтырды, өршеленді!
«Қаланың» үйлері мен кеңселері
толқынды теңіздегі кемелердей
теңселеді,
шайқалып теңселеді.
Аман болса, шіркін-ай, бағына деп
қарап тұрмыз біз болсақ жабыла кеп,
приборға қадалып қайта-қайта
ал біреу тұр:
тағы да, тағы да деп.
Жол берместен үзіліс, іркіліске
бітірген-ді ол жобаны күн-түн істеп.
Міне, енді кішкентай қалалары
төтеп берді тоғыз балл сілкініске.
Үні тынды ақыры «аласаттың»
Жеңісі бұл ғылыми парасаттың.
Аман қалды үйлері болашақтың,
аман қалды қаласы болашақтың!
Жоба иесі орнынан зорға тұрар,
балға қайта тықылдап,
ол да тынар...
Жатыр енді монтиып тар қойнауда
кіп-кішкентай Ташкент, Алматылар.
ТҮНГІ ҚАЛАҒА ОРАЛУ
Жұлдыз болып ағып сенің төбеңнен
ойларыммен
арман
қиял,
өлеңмен, –
отқа бөгіп отпен сөйлеп жататын
қала, саған келем мен.
Келем саған жағып үміт шақпағын
есігін аш аэродром – қақпаның.
Үрейден бе, күлкіден бе, құдай-ау,
неге сонша дірілдейді оттарың?!
Бір кездерде қондырып ап көзіме,
жүрегіме,
арманыма,
сөзіме
оттар алып кеткен едім мен сенен
сол оттарды ап келемін өзіңе.
Жараспайды саған мұң мен қапалық,
аш қақпаңды.
келем саған от алып.
Сол оттарды қояйыншы іліп мен
отсыз қалған тұстарыма апарып.
Аш қақпаңды!
Мен өзіңе енейін!
Енейін де, аралайын, көрейін!
Отсыз қалған бар болса егер жүректер
оттарымды үлестіріп берейін.
Долы қуат өлеңдерін төкпеген
тыпыршиды,
тықыршиды от денем.
Берейін деп саған бүкіл отымды
келе жаттым осылайша көкте мен.
Ал төменде машинаның шамдары
секілді бір менің үміт, арманым –
қиырларға құшақ-құшақ оттарды
бара жатты, бара жатты ап қашып,
қиырлардан қалаға
келе жатты құшақ-құшақ от тасып.
* * *
Адам күні адаммен.
Онсыз өлем,
онсыз қурап қалам мен.
бәрін алам адамдардан,
бәрін де, –
қуанышын,
қайғысын да алам мен.
Бәрін жиям жүрегім мен көңілге –
намысын да,
кешірімін,
кегін де...
Қалдырмаймын ештеңе де олардан
бәрін жиям,
бәрін де!
Жеңіс сонда –
болса егер күш кімде,
келдің, міне,
қолға енді түстің деп
адамдардың өтірігі, шындығы
айқасады жүрегімнің үстінде!
Тұрам мен де адамдардай өзгеріп,
отын алам –
ұшқын шашса көздері.
Келе жатам көтере алмай кей кезде
зіл батпандай ауыр-ауыр сөздерін.
Көтеремін,
көмектес деп жалынбан,
жалынуға жібермейді арым да.
Дегенменен ауырлықтан соншама
морт сынардай қайысады қабырғам.
Жүрегімде жатыр жүк боп салмағы –
адамдардың ой-тілегі,
арманы...
Ауыр состав өткен темір жолдардай
қайысады
өлеңнің де
жолдары!
ҚҰС АУЛАУШЫ
Жүреді ол бар облыс, ауданда
арқаланып торлар менен ауларға.
Күн ұзаққа шаршап-талып, әлек боп
құс аулайды көл мен дала, таулардан.
Елеместен көктемгі жел, ызғарды
жолы болмай жүз өртеніп, жүз жанды.
Ақырында келе жатар құшақтап
торға түсіп тұтқын болған құстарды.
Дүрліге ұшып ұзақ күнге тынбаған
көктем жырын,
көктем сазын жырлаған, –
ұстап алып сақина сап жүргені –
аққуларға,
үйректерге,
тырнаға...
Қарамастан тұманға да,
жаңбырға,
көтеріліп сан жотаға,
сан қырға,
Әйтеуір ол жүрер дала, тау кезіп
сақина сап сұлулыққа,
ән-жырға!
Өткізердей барлық құсты санақтан
туған жердің құз-қиясын адақтар.
...Қолдағы құс босанам деп бұлқынса
жалын құсап лапылдайды қанаттар!
Айналсын деп керемет бір дастанға
көктемге ол байғазы деп шашқандай –
құшақтағы сақиналы құстарды
сонан кейін лақтырады аспанға.
Күймесін деп қатыгездік отына
ұшырады ол
орман көл мен шоқыдан... –
аяғына сенімділік сертіндей
сақина сап адамзаттың атынан.
* * *
Ағаштармен қыдырамын бірге мен,
қарамастан күндізге де, түнге де.
Емін-еркін сырласатын достардай
ағаштармен қыдырамын бірге мен.
Көкіректі ойлар торлап алғанда,
қыдырамыз тауларда да,
жондарда.
өмір жайлы,
өлең жайлы сөйлесіп
қыдырамыз парктерде,
орманда.
Мейлі мені қияли деп атаңыз.
Тұңғиық бір ойларға біз батамыз.
Жол бойында қатарласып үн-түнсіз
кетіп бара жатамыз.
Шөлдеп жүрген керемет бір дастанға
олар маған ақын көңіл достардай.
Мен келгенде қуаныштан құстарын
шашып келіп жебереді аспанға.
Кідірместен,
күн салмастан араға
қыдырамыз қалада да,
далада.
Кетеміз біз белдер асып,
жон асып –
аяз, боран,
аптаптарға қарамай.
Қыста, әрине, олар мұңға батады,
көктемімнің аймаласа шапағы
машинамен қоныс іздеп жаңадан
көшеттері көшіп бара жатады.
Өсер барып жаңа ашылған каналға,
өсер барып жаңа ашылған алаңға.
Жаңа ауданнан бар қалалық Советтер
жер бөледі оларға.
Сол кезде мен шаттанамын, қуанам.
Қуану да – құтылу ғой күнәдан.
Оларды мен алақанмен аялап
сезіміммен суарам.
Өн бойында жатыр оның тығылып
даналық та,
ойлылық та,
жылылық.
Содан ба екен үйден шығып кетем де
ағаштармен жүрем ұзақ қыдырып.
ТҮРКІСТАННЫҢ БАЗАРЫ
Күн шықпастан сайрататын саз, әнін,
күн шықпастан қайнататын қазанын,
қүн шықпастан тойлататын қазағын
Түркістанның базарын айт, базарын.
Аралап көр,
арала сен бар-дағы,
не іздесең табылады –
бар бәрі:
домаланса шарлар құсап қарбыздар,
тамсандырар өрік, шие, шабдалы.
Сөрелерде моншақ құсап тізілген
күлімдейді күн нұрынан жүзім де, –
«біттә-біттә» үзіп жесе өзбегім,
қазағым тұр бір жегенде жүзін жеп.
Көсіліңіз сәкі үсіне жата қап,
көк шай дайын шөлдесеңіз қаталап.
Мына жеңгей тым жуандап кетіпті –
белінде оның бес шақырым мата бар.
Насыбайды қағып салып бір атым,
нар шабандоз жетегіне ап жүр атын.
Қара қасын қағып тастап келіншек
сапырады қымызы мен шұбатын.
Мына алқа топ бірін-бірі сүйреп жүр,
қара көздер қара көзді түйреп жүр.
Ақ қалпақты бейсенбайлар ән салып,
ала шапан тәшіметтер билеп жүр.
Қара, қара,
қарашы сен аруға,
ару көзі жалын болып жануда.
Алмай-ақ қой алмасын да, жаңғағын,
базарға адам келмейді тек алуға.
Алмай-ақ қой жүзімін де бір үзім.
Алмай-ақ қой...
қара сен тек қызығын.
Ап қайтасың құшақ-құшақ сағыныш
саба-саба қуаныштың қымызын.
ДАЛОН АСУЫНДА
Қос бүйірін қысып қара тастарға,
өрмелеген шатқалдардан асқарға –
алдымызда жол жатыр
арқан-сынды тасталынған аспаннан.
Салқындайды таудың іші.
Тоңамыз.
Жақындайды шың мен біздің арамыз.
Қанаты бар құстың өзі жете алмас.
биіктікке,
биіктікке барамыз.
Тайып кетсең таппайтұғын тиянақ,
тік жартастан шығамыз-ау қиялап.
барамыз біз бос кузовтың үстіне
бұйра-бұйра бұлттарды тиеп ап.
Десем-дағы:
көргеніме ырзамын,
шүберекке түйіліп-ақ тұр жаным, –
бұрқыраған долы тасқын бір жағым,
құлдыраған түпсіз шыңырау бір жағым.
Ең ақырғы асу да енді басталған
өзіңе-өзің дейсің енді:
жасқанба!
Ақырғы асу...
бір ұмтылып ырғалып
шықтық біздер
машинамен
аспанға!
Қарсы алдымда –
құз жартасты иықтап,
босап шығып шатқалдардан,
тұйықтан –
қойынына найзағайын тығып ап
сырғып келе жатты қара бұлттар!
ҚОСТАҒЫ ТҮН
Қыраты мен өріне
қараймын да толғанам,
Бәрі ұйқыда, бәрі де.
Ояу жалғыз мен ғана.
Шідерлеулі ат та тұр
үнсіз мүлгіп шалғында.
Аспандағы ай –
тап-тақыр
киіз үйдің орнындай.
Мөлдір бұлақ жата қап,
сыбырлайды алқынып.
Жолдар ұйықтар жотада,
жарқыратып балтырын.
Тілеп әуе тұнығын
әр бір күнге, әр таңға,
сөздің ұзын құрығы –
шаншылады антенна.
Самал жел кеп тінтеді,
селеуді тек тұрғызбай.
Қара түнді түртеді,
тікенекті жұлдыздар.
Ит те тынды, үрмейді,
бір дыбыс жоқ шошынар.
Неге екенін білмеймін
тыныштықтан осынау –
жас іркіліп жанарға
қарадым жер, аспанға:
ұйықтап жатты адамдар
космос пен қостарда.
* * *
Шөлдесем мен қарындас пен бауырға,
шөлдесем мен найзағайлы жауынға,
тартып кетем қара жолға түсіп ап
Табиғат деп аталатын ауылға.
Жұлдыздарын көк төсіне ілгізіп,
күтіп алар қойынына кіргізіп.
Қыдыртады түйелердей маңқиып,
жоталарым өркешіне мінгізіп.
Байқап қалсам шөлдеген шөп сартабын,
арық қазып солай қарай тартамын, –
шалғындардың арасымен сүйретіп,
бұлақтардың бұйра толқын арқанын.
Үңілем де өзімнің мен жаныма
жырласын деп, жарылсын деп ағынан,
жүрегімді аламын мен қыздырып,
қызғалдақтың алау қызыл шоғына.
Кезіп кетем қырат, тау мен тасты да.
Жел шайқалтып жуар келіп шашты да.
Жалғыз ағаш бауырына ап сонан соң
көлеңкесін төсеп берер астыма.
* * *
Түскендей бейне жарысқа,
тұрғандай алдан сый күтіп,
келеміз біздер алысқа,
асфальт жолмен құйғытып.
Шілде айы.
Ыстық...
Бірақ та
аптапқа үнсіз көнеміз,
барады ол бізді шыдатпай, –
қаталап, шөлдеп келеміз.
Бағандар біткен шұбырар,
осынау шексіз далада.
Келеміз ұшып зымырап,
шөлге біз бірақ қарамай.
Жатады жапан жаңғырып,
елемей күнді қайнаған,
жылдамдықтардан жан кіріп,
зымырап, зулар айнала.
Ап қашар қазан тасты да,
таспа жол су боп аққандай –
машинамыздың астына
құйылып кіріп жатқандай.
Қараймыз келіп осыған,
қаңсытар шөл де денені...
Көкпеңбек жолды
машина
сіміріп жұтып келеді...
* * *
Ымырт түсті,
жан-жағыма қарадым –
тау, өзен мен қыратты өлке, алабым,
танаптардың мая-мая сабаны...
менен бәрі бірте-бірте алыстап,
қараңғыға сіңіп кетіп барады.
Қайтайыншы дегендей-ақ аралап,
ағаштар да кетіп бара жатады.
өзен бойын жағалап.
Жапырақтардың сыңғыры –
жүріп бара жатқан аяқ сыбдыры.
Түн өтеді.
Таң бозарып атады, –
сыпырылып түннің қара шапаны,
маған бәрі бірте-бірте жақындап.
қараңғыдан шығып келе жатады.
Мен көрмеген өлкелерді аралап,
ағаштар да қайтып келе жатады,
өзен бойын жағалап.
* * *
Қап-қара түн.
Жатыр едім –
Кенеттен
гуілдеген жел басылып желөкпе,
тереземді тырс-тырс ұрып алды да,
нөсер жаңбыр құйып кетті шелектеп.
Құйып кетті,
үні неткен ересен.
тыңдап ал сен,
көшіріп ал немесе...
Жырын басып жатқан-сынды көктемнің
машинкадай сыртылдап тұр терезем.
Еліктіріп ормандар мен тастарды,
басып жатыр тарауларын дастанның –
тереземді тесіп өтіп кетер ме,
домаланған әріптері аспанның?!
Тыңдап көрші.
Дей алмассың: жабықтым.
Дей алмассың: жетер енді жалықтым.
Құдіреттей күркірейді бар аспан
неткен ірі,
неткен ұлы шабыт бұл!
Аспан асты,
жердің үсті –
алабым,
күмбір-күмбір сазға толып барады.
Жатқан-сынды темекісін тұтатып
қайта-қайта найзағайын жағады.
Тыңдап тұрмын.
Үні неткен ересен.
Саздан басқа түк жоқ онда деме сен.
Жырын басып жатыр ұлы Көктемнің
машинкадай сыртылдаған терезем!
* * *
Тербетіп бау мен бағымды,
соғатын шалқып, толқып бір
желінен күздің сабырлы
алманың иісі аңқып тұр.
Көз тігіп түпсіз көгіме,
оранам сары шалғынға,
Сабырлы күздің желінен
шығады иісі нанның да.
Сонан соң үйге келем мен,
күбірлеп жырдың тармағын, –
күз желі сіңген денемнен
иісі аңқыр нан мен алманың.
Табасың бір ой тереңнен,
сол ойды ұштап жанисың.
Күз желі сіңген өлеңнен
аңқиды алма, нан иісі.
ҚУАНЫШ
О, қуаныш!
Мен өзіңе сүйінем.
Сүйінем де алдыңа кеп иілем.
Қып-қызыл боп құндағына оралған,
кіресің сен нәресте боп үйіме.
Ғұмыр бойы келе жатқан ұласып
көнермейтін,
тот баспайтын мұрасың.
Шөл далаға қаталаған,
кезерген
нөсер болып құйып жауып тұрасың!
Астық болып өсіп шығып жоныма,
гүл болып сен төгілесің жолыма.
Суырылып алқа топта сөйлейсің,
алабұртып бокал ұстап қолыңа.
Сені ұғады –
қалсын мейлі керең боп.
Жүре алмайсың төбешік боп, төмен боп.
Ақындардың құшағына кіресің,
бұрқыраған будақ-будақ өлең боп.
Сені, сірә, тартпас ешкім безбенмен.
Жүресің ғой жайнаң қағып өзгермей.
Құдіретсің –
кіріп келсең кенеттен
жіберетін жас шығарып көзден де.
Құдіретісің! –
айтпас сені желік деп.
Сен келгенде тізгін беріп ерікке,
зеңбірек те мойнын созып аспанға
көмейінен атқылайды салюттер.
ОБСЕРВАТОРИЯДА
Қара жерді деді ме әлде кең етем,
тұрған орны биік екен, өр екен,
Жұлдыз күліп,
жұлдыз сөйлеп жататын
аспан мұнда қол созым-ақ жер екен.
Сиқырлықтан кетердеймін күйреп бір!
Шоршып ойнап жанарымды түйреп бір –
жұдырықтай,
жұдырықтай жұлдыздар
тап алдымда асыр салып билеп тұр.
Оларға енді түрткен аспан түнегін,
созсам егер жетердей-ақ білегім, –
алайын ба темекімді тұтатып
үзейін де шоқ жұлдыздың біреуін...
Келер басқа сансыз қиял не түрлі
төсесең-ақ телескопка бетіңді,
үн шығармай ағып жатқан жұлдыздар,
дәл жаныма түсіп жатқан секілді.
Күнә мұнда пенделікті ойлауың!
Қарашы, сен,
түнгі аспанның қайнауын!
Дәл осы сәт
табанымда – қара жер,
тап алдымда – жұлдыздардың жайлауы.
Алайын деп қуат құйып күшіме,
алайын деп жарық құйып і сіме,
бір-ақ аттап кірейін бе аспанға,
кетейін бе жұлдыздардың ішіне!
ҚАМҚОРЛЫҚ
Қарғын су ақты көшемде.
Қыс бойы тұрған жалаңаш
жуынып алып нөсерге,
киініп алды қара ағаш.
Көктемін құстар ап келді,
аспаннан нұрын құя сап...
Қара ағашқа жатты енді
қара торғай ұя сап.
Желменен соққан қиялап,
нөсерін төксе шалқар көк –
қымтанып сол бір ұяға
қара ағаш тұрды қамқор боп.
Бұтағын қозғар сілтеп бір,
қауіпті барлық тұстарға,
ұяны қорғап бүркеп тұр
көрсетпей жыртқыш құстарға.
Сыбдырлап күн-түн толғайды
шығарып жырдың ел-селін.
жұмыртқасын торғайдың
шайқайды ол да теңселіп.
Қорғайды оны қорғайды
көктегі отты шақпақтан.
Ұясын сол бір торғайдың
қорғайды ыстық аптаптан.
Тұрады ол – жел кеп қысқанда –
бәйек боп бүкіл жанымен,
ұяны қорғап – кішкентай –
жапырақ – қалқандарымен...
ЖЕЛ
Мың-миллион ине қылып құм-қарын
дүлей бір жел соқты дейсің жынданып.
дала кезген бағаналарды құлатып,
үзіп жатыр телеграфтың сымдарын.
Соққан сайын ішін тартып керемет,
дегендей-ақ;
босанамын,
жөнелем! –
ауыр қара шынжырларға байланған
жын ұрғандай аласұрды кемелер.
Қосылып бір құйыны да қапталдан
екіленіп қанатын кеп қаққанда,
орман біткен шудалары желкілдеп,
болды дейсің
көшіп бара жатқандай.
Басталған соң қалай бірден тоқтасын,
соқты ол енді
өрт-жалыннан от тасып.
Саңқылдаған радио дауысын
үзіп-жұлқып,
жұтып жатыр
ап қашып!
Барлық күшін,
бар қуатын шақырып,
жолдағының бәрін тапап жапырып,
соқты ол енді
дүниені дүлей қып –
шыңды шайқап,
теңіздерді сапырып!
Шақ дер ем бұл төзіміңнен безінер,
түк көрінбес айналадан көзіңе...
Кеңістікте лағып бара жатқандай
мына желден
қара Жердің өзі де!
* * *
Жапырақтарын шашады
қайыңдар жел кеп қаққанда, –
көктем мен жаздың жасауын
үстінен шешіп жатқандай.
Жел соққан сайын емініп
желпінтіп ауыр ауаны.
жапырақ біткен төгіліп
үстіне көлдің жауады.
Басылар сонсоң жел лебі
шорт кесіп өзін үзгендей...
Жапырақ біткен көлдегі
шұбырып жатқан іздердей.
* * *
Ақиқат пен Азаттық деп айқасқан
жарқылдаған жай тастай
жер шарының әр тұсында
бүгінде
жүріп жатыр шындық үшін шайқастар.
Беру керек оларға енді сан көмек,
құлап бара жатса оларды қал демеп.
Қан төгіліп жатыр қазір оларда,
алдыменен – қан керек.
Кім мұндайда қалар дейсің тартынып,
жетесің ғой,
жетесің ғой алқынып.
Жібересің құтыменен қаныңды
қызыл Крест арқылы.
Аман болсын барлық елім, бар жерім
Осы ойменен өзімді мен сан жедім.
Кеткен алыс сол құтылар ішінде
қызыл қаным бар менің.
Жоямын деп құлдық пенен азапты,
ап берем деп өз халқыма азаттық
оқ тигенде қансыраған жігітке
құйсын қанын қазақтың.
Менің қаным –
дей алмаймын сабырлы –
алаулаған от сияқты жалынды.
Құй, дәрігер,
тамырына жігіттің
Махамбеттің жыры мен
жусан исі сіңген менің қанымды.
Болсын мейлі ол ақ, сары да, қара да, –
нәсіліне қарама!
Қаным менің, тау өзендей бұрқырап
күрескердің тамырларын арала!
Құртасың да күдік сұмның елесін,
керек болса тағы да қан бересің.
Менің қаным,
сенің қаның,
қанымыз
аралап жүр азаттықтың денесін.
Қанымда бар серттілігі жан достың,
қанымда бар өткірлігі алмастың.
Мен бүгінде азаттықтың жолында
басын тіккен адамдардың бәрімен
туысқанмын, қандаспын!
* * *
Өмірге сен не сыйладың?
не бердің?
Биіктігі қандай шыққан төбеңнің?
Не күтеді сенен енді келер күн?
Жүгі қандай сен әкелген өлеңнің?
Сұрақ...
Сұрақ...
Сұрақтар...
Жан-жағымнан қоршап ап
жауап күтіп
жүрегімді жылатқан
сұрақ...
сұрақ...
сұрақтар...
Көрген емес көкірекке дем пісіп!
Кетеді ғой жеңіл ойлар желге ұшып, –
жауап бер деп әр сөйлемнің соңында
қарап тұрса қатал сұрақ белгісі.
Соған жауап іздеймін мен сарсылып,
көкіректі қоздатады қанша үміт...
Елді ойлантқан үлкен сұрақ орнына
түссем дем ем леп белгі боп шаншылып.
Ал әзірше артқа мені қаратпай
жұмысқа сап
тауда,
қала,
алапта –
қалғып кетсең қиып түсем деп сені
сұрақ белгі жалаңдайды орақтай.
* * *
Мен бүгінде қалайша жайланамын,
бәрі де дөңгелейді айналаның.
Жер күнді,
ал Ай Жерді айналады,
Тамшы қан өн бойымды айналады.
Тұрады бар дүние айналыстан,
бұл өмір айналыспен байланысқан.
Жерде де,
көгімде де,
денемде де
айналыс, айналыстар, айналыстар.
Айналыс,
айналыстар,
айналыстар –
думаңды, дүркіреген тойлы ағыстар.
Айналар жұмыр жерді шыр көбелек
космос кораблі айлап ұшқан.
Салсаң сал тіліп өтем өрге мені
несіне оның енді бәлденемін, –
дегендей жер апшысын қуырады
зырқырап жылдамдықтың дөңгелегі.
Жүректен төгілсе егер қайралып жыр,
жасымды домаланған ойға алып жүр.
Бір үміт құйын болып үйіріліп,
бір күдік дәл төбемде айналып жүр.
Көгімде Күн күлімдеп, тұр Ай жанып,
күніне мың толғанам,
мың ойланып.
Ойланам, ойланамын
ақырында
кетеді жұмыр басым шыр айналып.
Сонан соң жырға қайта шүйілемін...
Өмірім өзің неткен қиын едің...
Шарқ ұрам шырылдаған құс сияқты
ішінде шыр айналған дүниенің.
ҚҰЙРЫҚТЫ ЖҰЛДЫЗ
Ғаламат отты дастандай
құйрықты жұлдыз құйғыды,
шұбалып жатты аспанда
қып-қызыл ұзын құйрығы.
Жаралып жалын тасқыннан
шексіздікпенен сабылып,
қап-қара аспан астында
шаңытқан от жүр ағылып.
Өтсе ол түнге бұрғы сап
сұлулық одан көрерсің.
Жүректен аққан жыр құсап
ағады аспан денесі.
Келмесін деймін жақын ол
үрей де бар ғой денемде,
өртеніп бара жатыр ол
өртеймін сені дегендей.
Құйрығын сілкіп бұлғаған
оранып отты жалынға,
құйрықты жұлдыз –
зулаған
аспанның айдаhары ма?!
Осы деп тағдыр бұйрығы
өтті де түнді тіліп ол,
шұбалтып ұзын құйрығын
құрдымға кетті сіңіп ол.
Сезіндім бәрін денеммен,
сескеніп отты дүлейден,
ол кетті сіңіп,
дегенмен
айықпай тұрмын үрейден.
Тірлікті өртеп жердегі,
бұзатын аспан қақпасын,
ұшатын темір денелі
айдаhарлардан сақтасын!
БАЙЛАНЫС ТОРАБЫ
Іздейтұғын қала менен даланы,
іздейтұғын көне менен жаңаны
бағанасыз, сымсыз-ақ
дүниемен кеткен мәңгі жалғасып
бүкіл денем –
Байланыстар торабы.
Қалмайды ол бір сәтке де іркіліп,
тұрады ол шулап, шалқып, сілкініп.
Өн бойынан өткізіп
үнін,
мұңын,
сағынышын әлемнің
жатады ол жұмыс істеп күн-түні.
Дүрліктіріп туған жердің тау, тасын,
думан етіп табиғаттың ортасын
шаттық, қайғы,
махаббатпен ән тасып
келе жатқан тізбек-тізбек пойыздар –
мен арқылы өтетін –
телеграммалардың лентасы.
Жапырақтан домаланған тамшының
үнін аулап тұрады
менің сезім-талшығым.
Алаң болып тұрар санам, миым да,
хабарлардан құйылған
жақын менен қиырдан.
Дүниеден байланысты үзбедім.
Жаңалықты,
жақсылықты іздедім...
Маған ұшып келеді
көк аспанға көктем жазған сөйлемдей
тырналардың тізбегі.
Маған жалғап қойған нәзік шектерін
қысым,
жазым,
күзім менен көктемім...
Қара түнді саусағымен түрткілеп
белгі беріп жатады
жұлдыздар да көктегі.
* * *
Қалай да енді жан салып
жол берместен жаулыққа
сақтау керек Жер шарын
амандықта,
саулықта.
Мекені боп ерліктің
тұрған оны айналып, –
кетпесін деп шашылып,
бойлық пенен ендіктің
жіптерімен байладық.
Жердің тірлік,
мұңымен
бәріміз де жақынбыз.
...Бір ел менен бір елді
телеграф сымымен
жалғастырып жатырмыз.
Созылған түу ұзаққа
шектер құсап дірілдеп, –
қос рельс құшақта
Жер шарым тұр бүгінде!
Келер күнге жол сілтеп,
әйтеуір біз құлшынып,
рельс сап,
сым тарттық
берігірек болсын деп
жер үстінде тіршілік.
Сан ұрпақтар келесі
кетпесін деп жіктеліп,
Жер шарының денесін
шаңдып орап тастаған
тіршіліктің жіптері,
тыныштықтың жіптері.
Қорға оларды жан салып,
қырағылығыңды ұштап бір
Аман-есен Жер шарын
кеңістіктің ішінде
сол бір жіптер ұстап тұр!
* * *
Қайтайын деп кезіп аң, құс мекенін
кеткен едім ен далаға жеке бір.
...Көкжиектен шөкім қара бұлт шықты
сүйреп тартып жалба-жұлба етегін.
Шыға келген көгілдір көк тұныққа
қарап қалдым,
қарап қалдым көз алмай
қорғасындай сол бір ауыр бұлтқа.
Бұрқыраған дауыл менен жауынды ап
келеді әне ол төмен тартып бауырлап.
Көз алдымда
қара бұлт бір шөкім
бара жатты қорғасындай ауырлап.
Мейлі бізге қандай жүк арт –
тартамыз!
Бірақ біздер, дегенмен,
қорғасындай ауыр бұлттан қорқамыз,
қорғасындай ауыр ойдан қорқамыз!
Деме маған:
неге босқа қорқасың.
Білер оны әр бір бұта,
әр тасым, –
нөсерлетіп Отанымның үстіне
жауып тұрған төрт жыл бойы қорғасын.
Түнеріп бір шыға келген қапталға
қарап тұрдым бұлт шыққан жақтарға.
Бір жерлерде жарылыс боп ғаламат
соның саңырауқұлағы
аспанменен
жылжып келе жатқандай.
Қараймын да тыныштықты тілеймін,
бетін әрі қылсын деймін дүлейдің...
Ал аспанда көшіп жүрді сол бұлт
жалба-жұлба күркесіндей үрейдің.
ЖИЫРМАСЫНШЫ ҒАСЫРЫМ
Бір ғаламат күшке ие боп жасырын
бұрқырадың,
қопарылдың,
тасыдың, –
күркіреген темірлердің даусымен
құдіретті жиырмасыншы ғасырым.
Төсегінде жатқызбайтын төзімнің
кейде өзіңнен суықтық та сезіндім...
Дем алып тұр ағаштар да,
шөптер де,
бірде ызғарлы,
бірде ыстық
деміңменен өзіңнің.
Сені аралап кеткен күннің әні жүр,
сені аралап кеткен күннің қаны жүр.
Бетон киіп,
темірменен құрсанған
сүйем сені бәрі бір.
Бір кездерде күрсіндіріп күлгенді
арсыздарға таптаттың сен гүлдерді,
бомба жарып үрейлі еттің түндерді,
өткіздің сен қабағына мұз қатқан
қырғи-қабақ күндерді.
Мен отырмын өзіңді енді мекендеп,
суықтықты жылытар кез жетер деп.
тілеймін кеп адамдардың арасы
суып кетпесе екен деп.
Жылытатын адамдардың арасын,
қала менен қалалардың арасын,
дала менен далалардың арасын
өтінемін, жиырмасыншы ғасырым,
айла тапшы!
Қайда асығып барасың!
Жауап күттім мен өзіңнен сыр тартып, –
сан ойларға мың тұншығып,
мың қалқып, –
өткен кезде реактивті самолет
тас төбемнен қырау тартқан сым тартып.
ТҮНГІ АЭРОПОРТ
Азат болып бұл жерде сан ойлардан
сан тағдырға құнығып қарайды адам:
табысу мен қоштасу, күлу, жылау,
абыр-сабыр асығыс бар айналаң.
Ойладық біз аспанды басты арман деп,
арман өзі аспаннан басталған деп,
енді, міне, бүгінде армандарым
аспанға кетіп жатыр,
аспаннан кеп.
Аспан жайлы бұл жерде ой кешеді,
аспан тұман – десең жұрт қой деседі.
Аспан жаққа бұл жерде көзін сүзіп,
аспан жақпен бұл жерде сөйлеседі.
Жетеді арман бұл жерде,
жетеді үміт,
барлық адам дәл мұны кетеді ұғып.
Бір самолет жұлдыз боп келеді ағып,
бір самолет жұлдыз боп көтеріліп.
Қарап мынау қаласы, даласына,
сіңіріп ап сырлы ойды санасына, –
жиырмасыншы ғасырдың адамдары
келіп жатыр жұлдыздар арасынан,
кетіп жатыр жұлдыздар арасына.
ФОТОАППАРАТ АЛДЫНДАҒЫ БАЛА
Бір отырып, бір тұрып,
асыр салып алқынған,
жүрді балам жарқылдап,
томпаң қағып жүгіріп
фотоаппарат алдында!
Теңіз,
ағаш,
құм,
құсың –
оған бәрі жаңалық!
Әрбір қадам, күлкісін
қалт жібермей тұрды енді
фотоаппарат қадалып.
Барын айтып ақтарып,
жаралғандай от күннен,
қолын жайып шаттанып,
қатар тұрып суретке
түсті бірге аққумен.
Жарқ-жұрқ етіп жүр қайнап,
құйттай жалын тәрізді.
Жүрген кезде түсті енді
асыр салып, бірге ойнап,
толқынымен теңіздің.
Әрбір жүріс, тұрысын
фотоаппарат тұрды аулап...
табиғатқа еркелеп,
жатты енді ол құмға аунап,
Тұра келер күлімдеп,
қайтадан ол «уралап»...
Қалт жібермей бірін де
фотоаппарат қадалар
сыңар көзбен сығалап.
Кенет жанып өртендім
бір күдіктен қозданған –
әлемде әлі сұп-суық
қарауылға ап Ертеңді
сығалаған көздер бар.
Сол суық көз қараңғы
шүріппесін қайырып,
тастамақшы баламды
жерден,
толқын,
аққудан,
күлкісінен айырып.
Атып тұрып бір кезде
бәйек болып ұшамын...
Қорғағандай сол суық
сығалаған сұм көзден
ойнап жүрген баламды
бауырыма қысамын!
ҰСТА ДҮКЕНІ
Дауылды желдің өтінде
ертең! – деп менің күтерім,
тер менен буға малшынып
жаңғырып ауыл шетінде
тұратын ұста дүкенім.
Тұратын еді сол дүкен
ғаламат үнді рухтай,
көрігіменен күрсініп
жерге кеп қонған бұлттай.
Ол кезде мөлдір тұнықпын!
Қосайын күш деп күшіме
күрсінген сол бір бұлттың
кіретін едім ішіне.
Ұста шал сонда төніп кеп
шоқтарды бұлғап қуырып,
күрсініп жатқан көріктен
алатын еді қып-қызыл
найзағайларды суырып.
Сонан соң шалың күшке еніп,
кеудесін ашып арыстай,
жататын еді болғамен
аунақшып жатқан төстегі
найзағайларды жаныштап.
Қуатын қара, қуатын
осындай шығар жаратқан.
...Найзағайлардан туатын
кетпен мен шалғы,
орақтар.
Өкін сен мейлі, өкінбе,
үзілсін, мейлі, күндерің,
жерге кеп қонған бұлттай
тұратын ауыл шетінде
жоқ қазір ұста дүкенім.
Жиып ап келіп қуатын
өкініш демі өпкендей...
Уақыт желі сұрапыл
найзағай туар бұлтты
аспанға алып кеткендей.
...Көктемім келсе дүркіреп
жаңбыр мен нұрға жуынып,
төбемнен өтер сол дүкен
көрігін басып күркіреп
найзағайларын суырып...
ДИҚАН
Жер сияқты осы адам.
Күн кептіріп,
нөсер жауса босаған.
Жүретұғын түріп балтыр, білегін
жер сияқты осы адам.
Қарсы алатын күннің арай шапағын
таниды оны бүкіл алқап жота, қыр...
Ап-ауыр-ау жер сияқты тұлғасы,
сөздері де жер сияқты ап-ауыр.
Көпті беріп,
місе тұтқан азды алып,
жер сияқты ол күзде толған,
жаз жанып.
Жүріп кеткен секілді ғой бейне бір
кең даламның бір жотасы қозғалып.
Бөрік қылып киіп алған күн, айды ол.
Құласа да жер сияқты құлайды ол.
Жыласа да кейбір кезде күйініп
жел суырған жер сияқты жылайды ол.
Жүрген кезде өз-өзінен жайланып,
босап кетсе қайтадан ол қайралып
бара жатар жер сияқты толғанып,
бара жатар жер сияқты ойланып.
Болмайды онда бос уақыт, артық күн,
Тамырымен жер құнарын тартып бір
алған-сынды, –
өн бойынан бұрқырап
жердің исі,
тердің исі аңқып тұр.
Өзгеше оның тұлғасы да,
тұрқы да,
көнбейтұғын көлденеңнің ырқына.
Дән сияқты сығырайған көздері,
масақ құсап ширатылған мұрты да.
Жерге сіңіп тұратұғын шашадан
күн күйдіріп,
жел жұлмалап қашаған, –
Өсімдік пен ағаш құсап кәдімгі
жерден өніп шықса керек осы адам.
ШЫҢЫРАУ
Әбіш Кекілбаевқа
Шыңырау – өлең,
Шыңырау – күй,
шыңырау – аңыз!
сусап қаңсып жатқан соң құм даламыз
шөлдеп өткен өмірден түздік үшін
шыңырау – өлең,
шыңырау – күй,
шыңырау – аңыз!
Айдаса да қу тағдыр мың ізбенен,
ертеңінен үмітін бір үзбеген
алтын емес,
басқа емес,
жер астынан
шыңырау қазып қазағым су іздеген.
Екпесе де қылтитып бір шыбықты
үміті оның мың көктеп, мың сыныпты...
Жер астына үңіліп көзін сүзіп,
жер астынан іздепті тіршілікті.
Суы болмай өмірден жаза көрген
өрісі де халқымның тоза берген.
Сонан кейін бір белді таңдап алып
апта қазған,
ай қазған,
қаза берген.
Күйіп тұрған шілденің аптабында,
ақырында шаптырған атты ауылға,
дертіп тұрған қара жер желінінен
ағыл-тегіл су шығып ақтарылған.
Су-су – деген сол сөзді қалықтаған
қайталаудан адамдар жалықпаған.
Бәйге беріп,
палуан күрестіріп
той жасаған ғажайып алып далам.
Қуаныштан кемпір-шал құрақ ұшып
кеткен құс та оралған жырақ ұшып.
...Қара бұлттай қара нар алған екен
кішігірім көл суын бір-ақ ішіп...
Табиғаттың таусылмас сазын алған
халқым менің –
тұратын қазынадан –
осылайша шаттығын,
тіршілігін
жеті қат жер астынан қазып алған!
* * *
Астан-кестен ашуланды Атырау.
Қапелімде не боп қалды апыр-ау!
Аспан астын арсы-гүрсі етіп бір
астан-кестен ашуланды Атырау.
Толқындарды төбелескен жауласқан
жылжып кеткен таулар дерсің қар басқан.
Долы теңіз қақпақыл қып соларды
соқты-ай әкеп жартасқа!
соқты-ай әкеп жартасқа!
Соққан сайын күркіреген, алқынған,
гүрс-гүрс етіп жарылады толқындар.
Төңкеріліп бара жатар дүние
мынау дүлей солқылдан.
Бұрқыраған, сұрапылға құныққан
мен осы сәт туғандаймын рухтан.
Бір-бірімен араласып кеткендей,
Бір-бірімен жағаласып кеткендей
теңіздегі толқын мен
аспандағы бұлттар.
Үрейді де үлгертпестен ойға алып
кетті сонсоң мынау долы теңіздің
бір дауысы
шағалаға айналып,
бір дауысы
найзағайға айналып.
Ісіп-кепкен алқымы
шулап-шулап тынды теңіз толқыны.
...Кезіп бара жатты аспан астымен
шағаланың шаңқылы,
найзағайдың жарқылы.
ЖОЛ ҚИЫЛЫСЫ
Жол жатса өзендердің құйылысындай
құйғыса —
жылдамдықтар құйғысын да...
төрт жаққа төрт тарам боп тарқатылып,
төрт жақтан төрт тарам боп түйілетін
түседі қанша тағдыр қилы сынға,
жолдардың қиылысында.
Орнынан жылдамдықты жұлып ұшқан
бар мұнда сан қатерлі құбылыстар.
Абайла,
абайла сен,
абайла тек
бар мүнда иіндер мен бұрылыстар.
Ей, шофер,
жылдамдыққа қызба қані,
еліріп ережеңді бұзба қані...
... Әлдекім әлдекімге айқай салып,
әлдекім күреңітіп сызданады.
Жатқандай түнде мұнда жұлдыз ағып.
Дегендей шектен шықса тұрғызалық
қарайды светофор жан-жағына,
көздері бір көгеріп,
бір қызарып.
Жанымнан бір машина жалап өтіп,
мен тұрмын өзімді өзім алаң етіп,
жылдамдық,
абайла сен,
дәл алдыңда
барады ана кетіп,
бала кетіп!
Сендер де, ей, адамдар, әр күніңнің
жолдарын табамын деп сан жүгірдің,
үстінде жүрегіңнің жататұғын,
мың тарау қиылысы бар тағдырыңның.
Жол жатса өзендердің құйылысындай,
Құйғыса — жылдамдықтар кұйғысын да..
Сан жаққа
сан тарам боп тарқатылып,
сан жақтан
сан тарам боп түйілетін,
түседі қанша тағдыр қилы сынға
жолдардың қиылысында.
ЖОТА БАСЫНДАҒЫ ДОМБЫРА
Ұлы Құрманғазының кіндік қаны
тамған жердегі бір жотаның басында
темірден жасалған алып домбыра –
ескерткіш тұр.
Шетсіз-шексіз мұнарт дала,
айдала.
Ұйып қалған,
тынып қалған айнала.
Біле алмадым –
жер астынан, көктен бе, –
жүрегімді, тілегімді қайраған
естіледі долы бір күй кектенген.
Сол бір үннен –
дірілдейді сағымдар,
сол бір үннен күбірлейді шағылдар.
жота-жолдар көтеріліп басылар
Құрманғазы жалындай.
Алып дала құшағын кеп ашқанда,
сол бір үндер айналар күй-дастанға.
Жер астынан өсіп шыққан секілді
домбыра тұр тік шаншылып аспанға.
Домбыра тұр тік шаншылып көкке өрлеп,
жер астынан өсіп шығып кеткем деп,
қозғап қалсаң –
төгілердей долы күй
шіреп тартқан қара темір шектерден.
Не боп жатыр төмен менен төбемде,
не боп жатыр дегендей-ақ әлемде
антеннадай мойнын созып аспанға
домбыра тұр қос құлағы елеңдеп.
Ол тыңдап тұр,
тыңдап тұр ол даласын,
бүкіл әлем ауылы мен қаласын.
Ол тыңдап тұр –
дүрліктірген үндерді
дүние мен дүниенің арасын.
Ол тыңдап тұр –
үнін, сазын өлеңнің,
ол тыңдап тұр –
толқындарын тереңнің,
ол тыңдап тұр –
қос құлағын көтеріп
қайғысы мен қуанышын әлемнің.
Дегендей-ақ,
жаңғырықтым, жаңардым,
қанша үн тауып,
қаншасынан тоналдым,
дірілдейді қара темір денесі
үнін тыңдап мына темір заманның.
Тұр домбыра бір суынып,
бір қызған.
Шанағынан қара дауыл туғызған.
Өне бойын күн аптабы сипалап
құлақ күйін келтіреді жұлдыздар.
Мына жерді Құрманғазы жері деп
қойған оны жотаға әкеп елі кеп.
Тартады оны құм суырып құтырған
туған жердің тентек құйын желі кеп.
Жатыр онда –
дүниенің ән-жыры,
жатыр онда –
дүниенің бар мұңы,
Тартады оны –
туған жердің дауылы,
тартады оны –
туған жердің жаңбыры.
Сол бір сәтте (неткен қуат, ірілік)
кетердей-ақ орнынан жұлынып,
аспандағы шатынаған, сілкінген
алады ол найзағайды сіміріп.
Үнінде оның жалғандық жоқ артық бір.
Тыңдайды оны бар қиыр мен бар түкпір.
Сол бір алып домбыраны қолына ап
енді бүгін далам өзі тартып тұр.
ДАЛАДАҒЫ ОЙ
Құтылып күйбең тірлік, сан ойлардан,
тартасың қайдасың деп арай далам.
Машина екпінінен
жан біткендей
кетеді дөңгеленіп бар айналаң.
Көзіңе құйған ащы терге көніп,
кіресің сордан өтіп, шөлге келіп.
Қапталда қалып жатыр шыр айналған
төбелер дөңгеленіп,
дөңгеленіп.
Туатын тентек бұрқақ күй ішінде,
жусан мен дала иісі бір иісінде.
Шомылып сәуле менен самал желге
тұрады дөңгеленіп киіз үй де.
Салынған дөңгеленіп қамалдар да,
жатады дөңгеленіп алаңдар да.
Тұрады дөңгеленіп Күн мен Ай да,
піседі дөңгеленіп таба нан да.
Жапанды кезіп кеткен кездеріңде
көкжиек дөңгеленер көздеріңде...
Жарықтық кең даламның үстінде бұл
шығады дөңгеленіп сөздерің де.
Кеудесін ашып тастап жел, сағымға,
кең далам толып піскен дер шағында.
lшінде кеңістіктің мұнарланып
барады дөңгеленіп Жер шарым да.
Ағасың дала үстінде шөлге көніп,
құйынын үйіреді жел де келіп...
О баста
бұрыш,
мүйіс,
бұрылыссыз
дүние жаралған-ау дөңгеленіп.
* * *
Осынау өмір, жалғанда
азайсын дейміз бүліктер.
Көбейсін дейміз Армандар,
көбейсін дейміз Үміттер!
Көбейсін дейміз каналдар,
көбейсін дейміз алаңдар,
көбейсін дейміз адамдар.
Қөбейсін дейміз,
көбейсін! –
Осы ойды мәңгі ақсатпа:
бар жағың толып жақсы атқа,
көбейсін ұлы мақсат та!
Жоқ болып мүлде қарғыстар,
көбейсін дейміз алғыстар.
Көбейсін дейміз,
көбейсін!
азайып кеткен аң-құстар.
Жойылып мүлде жамандық,
жойылып мүлде арамдық,
көбейсін дейміз,
көбейсін!
Жақсылық пенен Адалдық.
Осы оймен мәңгі жасаймын,
осы ойды мәңгі қашаймын!..
Қарашы
әне, бейне бір
символы құсап осы ойдың.—
алыстан асқақ көрінген,
шаншылып биік көгімде
Көп қатарлы үйлер тұр
көбейту кестелеріндей.
ТҮЙЕЛЕР
Өткен күні,
азабы шалғай қалған
шыға келер жазық пен баурайлардан,
жапан кезіп жүретін жануарым
кең даламның өзінен аумай қалған.
Керуен боп қанша олар көшкен еді,
сар сағымын сабылып кешкен еді,
келе жатыр жарықтық әлі күнге
арқасына көтеріп қос төбені.
Өткен күн-ай кететін кекті жанып
қаншама рет жер болып шөкті халық.
Сол заманды көп кезген түйелердің
жүре-жүре
аяғы кетті ұзарып,
қарай-қарай
мойыны кетті ұзарып.
Іздемеді ол шалғынның бал құрағын,
Іздемеді ол нөсерлі жаңбыр әнін.
Шөгіп жатса айналды тиегіне
құдіретті алып бір домбыраның.
Жолы бола бермеген жалғанда аса
жуас-ақ ол
бұрқанып долданбаса.
Дала жүріп кетеді –
ол жүрсе егер,
дала шөлдеп жатады –
ол шөлдесе!
Оны көрсем жүректі талайды өлең,
өлең іздеп мен оған талай келем.
Төбе сынды дөңкиген өркешінен
құпия бір сыр іздеп қарай берем.
Көзіндей-ақ бейне бір көнелердің
оны әйтеуір келеді көре бергің.
Барады әне ол көтеріп
кең даламның
өркеш-өркеш құпия төбелерін!
* * *
Жүрегіңмен,
санаңмен ұғынысқан,
қанат беріп шаттыққа,
мұңын ұштар
сөз дегенің құпия жаратылыс,
сөз дегенің құпия құбылыстар.
Қоңырау болып қағылып құлағыңда
түсіп бір сәт кететін мың ағынға
тұман,
сәуле,
күн нұры,
толқын үні
көз жасы бар сөздердің құрамында.
Құрамында сөздердің бәрі де бар,
аққу менен қаздардың әні де бар,
уілдеген даламның желі де бар,
жараланған жүректің шері де бар.
Бәрі де бар,
бәрі де,
бәрі-бәрі,
жылап бірде күледі, сағынады,
табысады қауышып,
сабылады.
Одан бәрі-бәрі де табылады.
Қуаты бар орныңнан жұлып алар,
семсері бар жарқылдап құбыла алар.
Жел бітіріп жіберер буы да бар,
шағатұғын жүректен уы да бар.
Тіршіліктің арманын, тілегін де,
үндері мен бояуын, реңін де
соның бәрін сөз етіп сомдап соғып
адам өзі қорытқан жүрегінде.
Жүрегіңмен,
санаңмен ұғынысқан,
қанат беріп шаттыққа, мұңын ұштар
сөз дегенің құпия жаратылыс,
сөз дегенің құпия құбылыстар.
Сөздерден сен қаншама жыладың да!
Сөздерден сен қаншама құладың да!
Сөзбен айтып жеткізе алмайтұғын
құдірет бар сөздердің құрамында!
НӨСЕР АЛДЫНДА
Жүгірді ана сырттағы баласына,
келді біреу жаға ұстап тобасына.
Салдыр-гүлдір домалап әлдене жүр,
бұлт пенен аспанның арасында.
Бұлттардың үстімен қатынаған,
әлдене жүр күркіреп шатынаған.
Бұлт біткен шыдамай салмағынан,
найзағай боп сөгіліп қақыраған.
Құбылыс қой талайдан көрмеген бұл;
найзағайын сілкінтіп сермеген бір,
не екенін білмедім
бұлт үстінде
салдыр-гүлдір домалап әлдене жүр...
ПОЙЫЗДАР
Қиырға зулап ұштым деп
теміржолдармен сабылып,
жұп-жұмыр жердің үстінде
пойыздар жатыр ағылып.
Көзімді тігіп алыстан
оларға қанша үңілсем, –
пойыздар,
пойыз,
пойыздар
сөйлемдер дерсің жүгірген.
Өткенін боздап үн қатып
көрсең-ақ сені ой меңдер,
жер үстін жатқан шулатып
пойыздар –
ұлы сөйлемдер.
Солқылдап соғып сілкініп,
қалалар менен даламда
жататын ағып күн-түні
үтір мен нүкте жоқ онда.
Қаншама сырлар,
жырлар бар.
түсін сен мейлі,
түсінбе.
Қаншама шаттық,
мұңдар бар
осынау Сөйлем ішінде.
Жеткізер қанша жандарды
барамын деген жағына ол.
Қаншама бақыт,
арманды
арқалап бара жатыр ол.
Олардан қанша ой көрдім
көз тігіп қиыр шалғайдан.
...Зырлаған сол бір сөйлемнің
рельсі аман болғай да.
Жабығып, бірде сағынып
шаттық боп,
мұң боп ұштым деп
сөйлемдер жатыр ағылып
домалақ жердің үстінде.
* * *
Салмақ салып қу тағдыр таланыңа
түскен кезде сыны мен сарабына.
Айтар сөзді айтпастан тұншықтырып,
қанша сөздің қалдық біз обалына.
Айтар сөзді айтпастан жасқанып біз
қаншама рет жер құшып жастаныппыз.
Бүгіп қалып,
жасырып,
қайта жұтып
қанша сөзді өлтіріп тастадық біз.
Талай өтті шайқасып алысқан кез,
сөздерменен шарпысып салысқан кез.
Сол сәтте де қалады кейде айтылмай
айтылуға тиісті арыстан сөз!
Айтар сөзді айту да,
ұлы ерлік-ау,
айта алмастан қаншама түнердік-ау,
Кеудемізге арқандап ақын сөзді,
батыр сөзді батырып жібердік-ау.
Өзінше бір тірліктің түрін түстеп,
шікірейіп отырған үнін күштеп.
мырза сөзге төрдегі түк айта алмай,
босағада бір сөз түр тілін тістеп.
Тіке қарап тағдырдың таяғына,
айту керек қарамай адамына —
оралмасын десең сен түлкі сөз бен
мияулаған мысық сөз аяғыңа!
Салмақ салып қу тағдыр таланыңа,
түскен кезде сыны мен сарабына.
Айтар сөзді айтпастан тұншықтырып
қанша сөздің қалдық біз обалына.
Жалған айтып сөз неге жағынады?
Құса болып сөз неге зарығады?
Обалына сөздердің қала берме,
атар бір күн сөздердің әруағы!
ЖЕЛДІ КҮНГІ ЖАЛҒЫЗ АҒАШ
Сіңіріп ап күннің бойға шапағын,
киіп алып жапырақты шапанын,
бұрқап соққан желмен шалқып,
будақтап
жалғыз ағаш тұр үстінде жотаның.
Долданып кеп ұрып, сілкіп қаққанда
жеңе алмаған оны боран, ақпан да...
Будақтайды ол
қарсы ағып бір Ертеңге
кетіп бара жатқандай.
Иір-иір бұтақтарын сілтеп ап,
жел соқса егер дүр сілкінер, үркек-ақ.
Алғандай ол
вагондардай жап-жасыл
жоталарды жоталарға тіркеп ап.
Әуенімен жүрегіңе мұң қақтап,
соққанда жел дүниені шулатқан, –
жалғыз ағаш жота үстінде бүгілер
паровоздың түтініндей будақтап...
* * *
Өтті күн, өтті күн...
Өзен боп сарқырап,
нұр болып жарқырап,
болашақ істерді
тағы бір талқылап;
күйініп, ашынып,
қайтадан басылып,
бұлқынып тамыры
бұрқырап тасынып,
шығарып есебін
бүгін мен кешенің,
үйіріп бұлтты
төкті де нөсерін;
шаттық боп аралап
қанатын сабалап,
мұңайған көздерден
жас болып домалап;
бұрқ етіп төтеннен
дауысын көтерген,
жаманат хабарды
жеткізген шетелден;
жел болып жетті де,
дәндерін септі де
бір гүлді солдырып,
бір гүлді екті де,
жанды да шырақ боп,
ақты да бұлақ боп,
үтір боп, нүкте боп,
леп белгі, сұрақ боп...
өтті күн, өтті күн.
ТЫМЫҚ КЕШ
Тып-тынық кеш.
Ұйып тұр заңғар аспан
бәсең тартып дауыс та ән толастар.
Алып шамдар секілді бозарады,
аппақ болып гүлдеген алма ағаштар.
Тып-тынық кеш,
У-шу да бітті мүлде,
Қалғып-мүлгіп маужырап кетті гүл де,
Шылымдарын тұтатып алып жатты,
жұлдыз біткен аспанның түкпірінде.
Жағып алды бір отты мұнараң да,
Марғау басып адамдар жүр алаңда.
Қол ұстасқан екі жас
былай шыға
құшақтасып айналды бір адамға.
Орындалып бәрі де тілегіңнің
жүргендейсің ішінде жыр-егіннің.
Тып-тынық кеш, тып-тыныш
құлақ салсаң
естіледі дүрсілі жүрегіңнің.
Анда-санда жас күліп, шал жөтеліп,
қайта тынар әлдекім ән көтеріп...
Әлдене іздеп шұбырып бара жатты,
бағаналар қолына шам көтеріп...
ҚҰМ КӨШІ
Үш күн бойы жатты сусып құм көшіп.
Күйдірген соң тас төбеден күн тесіп,
кеуіп қалған мына дала тигізсең
лап етердей оттың ұшқын білтесін...
Үш күн бойы жатты сусып құм көшіп.
Сыбызғыдай үн шығарып сыңсыған,
ызыңдайды,
жылайды кеп қыңсылап,
су-су етіп суылдайды айналаң,
жатқан-сынды талғап жұтар су сұрап.
Кеуіп қалған уілдеген үнімен,
су сұрайды күнімен де,
түнімен.
Су сұрайды киіз үйді қоршап ап
құмырадан,
құман,
шелек,
күбіден!
Жаңбыр жаумай бар нәрімнен тоналдым,
жаңбыр жаумай бар әнімнен тоналдым,
дегендей-ақ су сұрайды жалынып
аяғына оратылып адамның.
Су сұрады,
жалбарынды,
тіленді.
Одан бірақ шығара алмай түк енді
кепкен селеу,
түскен ізді жұтып ап,
көшіп жатты,
көшіп жатты құм енді.
Жататұғын арқан болып жондарда,
көрінбейді соқпақтар да, жолдар да –
көшкеннен соң көшейін деп жөндеп бір
түк алдырмай бәрін жиып алған ба?!
Көшіп жатыр ызыңдап құм суырған,
жүйкең тозып,
тұла бойың дуылдап,
жаныңды жеп су сұраған мына үннен
кетеді ғой жүрегің де суылдап.
Бозаң тартып төнген күн де төбеден
елек-сынды құм суырып елеген...
Жер бауырлап жетемін деп суға енді
көшіп жатты қызыл құмды төбелер.
Күрсіндіріп кеудесінен от демді,
дегендей-ақ құмның зары батты енді,
су-су етіп,
суыл қағып су іздеп
бүкіл дала жылжып бара жатты енді.
ПАРК
Ағаш-ағаш —
бар айналаң ағаштар.
Ұшар басы көк аспанмен таласқан,
дүниемен,
тіршілікпен жарасқан,
көңіліңнен пенделікті аластар,
ағаш, ағаш —
бар айналаң ағаштар!
Ұрса лебі салқын сая самалдың
толқынданып бұтақтарын жаяр бұл.
Көк аспанға жасыл көлді көтеріп,
тұрған-сынды діңгектері олардың.
Ақындардың кеудесіндей жыр қысқан,
шулап, шулап сан дауылмен жұлқысқан,
Биіктікте толқып тұрған сол көлге
топ-топ болып сүңгіп кетіп жүр құстар.
Айтамын деп қуанышты,
кұсаны,
айтамын деп кеуде кескен ызаны
құшақтасар иір бұтақтарымен.
Неткен ірі ағаштардың құшағы!
Аунатып ап желдің бұрқақ құйынын,
шешердей бар тіршіліктің түйінін
шулайды олар
боп жатқандай бұл жерде
халықаралық ағаштардың жиыны.
Түспесін деп көктен зұлым жай тасы,
тірлік үшін жүріп жатыр,
байқашы:
ұшар баста —
бұтақтардың шайқасы,
жер астында —
тамырлардың айқасы!
Бар дауыспен
әрбір таңға жар салып,
бар тұлғамен
әрбір таңды қарсы алып,
бүкіл әлем ағаштары атынан
тұрар олар ән салып.
Түтін жұтып қаншама рет алқынған,
қорқады олар жарылыстан,
жарқылдан.
Бастан өткен қиындығын айтардай
иір-иір бұтақтар,
тілім-тілім балтырлар!
Көремін деп сансыз қыс пен сан көктем,
жалғасам деп бар жақпен
тас түйін боп қала ішінде парк тұр,
белін буып қара темір шарбақпен.
ҚЫСТЫҢ СОҢҒЫ КҮНІНДЕ ЖАЗЫЛҒАН ӨЛЕҢ
Ертең көктем —
көз алдымда нұр аппақ,
көктем неткен қуатты-ақ.
«Көктем» деген сөзден түскен сәулеге
жүрегімнің өзі жатыр шуақтап!
Қасат көк мұз жатсын мейлі көлімде
аяз қысып бу боп ұшсын дедім де,
бүртік болып,
тамшы болып,
нұр болып
көктем ертең тиістідей келуге!
Көктем деген сөзден бәрі желіккен.
Желіккенді деме бірақ еріккен...
Шуақ түсіп көктеп бара жатады
ақ қағазда домаланған әріп те.
Омырауды айқара ашып тастадым —
көктеп келе жатты көктем дастаны.
Ертең еріп кететіндей мұз-қарым,
ертең құсқа толатындай аспаным.
Ақырғы рет көз сап шаңғы,
шанаға
асығады қарт та,
жас та, бала да.
Ертең көктем келеді ғой қалаға,
ертең көктем келеді ғой далаға.
Көктем мені,
Мен көктемді білемін,
көктем құсап көктесе екен тілегім.
Ертең көктем —
деген сөзден
елжіреп
майдай еріп бара жатыр жүрегім!
ШАҒЫН РАЗЪЕЗД
Шағын ғана разъезд.
Түн іші.
Неге ғана тарылады тынысым,
неге ғана кетіп жатыр тынышым.
Шағын ғана разъезд.
Түн іші.
Өз-өзіммен түскендей-ақ сайысқа,
таба алатын емеспін мен байыз да.
Қара жерді солқылдата тепкілеп
келіп жатыр,
кетіп жатыр поездар.
Құлағыма әрбір үні жетіп тұр
Қалайыншы дегендей-ақ кетіп бір,
қозғалады ауыр-ауыр күрсініп
жүк поезы салдыр-гүлдір етіп бір.
Дүрсілдетіп қара түннің түнегін,
бірі кетсе,
бірі тағы кіреді,—
түу тереңде соғып тұрған секілді
қара жердің жүрегі!
Соғады ол қанша көз жас іштім деп,
қанша қайғы,
қасіретке түстім деп!
Мен жатырмын дүрсілдеген алқынып
қара жердің жүрегінің үстінде!
* * *
Дүниені дүрліктіріп жұлқылап,
Қара дауыл соқты дейсің бұрқырап,
Ұшырардай екпінімен тасты да.
Соқты дауыл
жаңбыр құйып бүркіген,
найзағайлар сілкіген
қара бұлт қанатының астынан.
Жырлап соғып жабайы өлке дастанын
жапырды кеп ағаштардың бастарын.
Уілдетіп көмейінен құмды үнін
тастады енді ол тақиядай сыпырып
киіз үйдің түндігін.
Жалаңаштап жалап қырат, беліңді
тулақ қылып қақты қара жеріңді.
Қала алмассың көк дүлейге құрық сап
кіріп келді ауылдар мен қалаға
бұрқап соғып бүлік сап.
Дүниенің төрт жағына айқай сап
соқты дауыл, соқты дауыл сойқан сап.
Дәрменсізді қаңбақ етіп ұшырып,
жібергендей болды дейсің бейне бір
жерді аспанға шығарып,
көкті жерге түсіріп.
Бірде күліп,
бірде сыңсып,
ысқырып
соққан кезде ол ышқынып
ақ жол толқын аспанға атып шапшиды.
...Қара дауыл қанатымен суылдап
керек болса төгіп тастай салам деп
шар табақтай шайқап тұрды Каспийді.
Бөрліктіріп,
дүрліктіріп ұлыған
сонан кейін айдалаға шығып ап
найзағай боп сілкініп,
жаңбыр болып төккенін,
суырғанын құйын боп
жота, қырдың бөктерін,
бәрін күй қып ғаламат
долдандырып тартып жатты пернесіз
телеграф сымдарының шектерін!..
* * *
Оранып ап жап-жасыл шарқатына
көктем келді тағы да Алматыма.
Газондар мен бульварлар өрттей ыстық
қызыл, сары гүлдердің толды отына.
Жолды көміп
талайды адастырған
болмайтын да шығар-ау толас бұған... –
қаптап өсіп жап-жасыл бір дүние
көтеріліп келеді жер астынан.
Жаңбырлардан, топырақ, бұлақ күннен
керемет бір бойына қуат кірген,
жүрмесе егер адамдар
асфальтіңді
тастар еді аударып бір-ақ күнде!
Көктем ғой бұл кептірген кенезеңді,
білмейтұғын жасанды ережеңді...
Кеше ғана жалаңаш бұтақтардың
жапырағы түртеді терезеңді.
Тыныстауға дамылдап бекінді де
мезгіл таяп барады екіндіге...
Тырналардың тізбегі ұшып өткен
жапырақты бұтақтар секілді ме?..
Көктем кербез өзіне тартады да
қаратады аспанның алқабына, –
бұйра-бұйра бұлттар қонақтаған
биік-биік үйлердің балконына.
Аламын деп мұндайда тыным қалай,
есітем деп көктемнің жырын талай,
аппақ фонтан
ақ көбік шампан құйған
ағыл-тегіл тасиды рюмкадай!..
* * *
Мұз құрсапты бір сөзді!
Мүлде өлдіге теліген
алсын қайта танып ел –
жүрегімнің демімен
жылытайын оны мен.
Мұзы еріп кеткесін
шөп боп қайта көктесін.
Оқ тиіпті бір сөзге!
Қайта ұшсын деп қияға
күн-түн ұйқы көрмейін –
кеудемдегі ұяға
салып оны тербейін,
бәйек болып емдейін.
Әнге бөлеп қырқасын
бозторғай боп шырқасын.
Тот басыпты бір сөзді!
Сөзге барлық жерік пе ем?
Оны да енді алайын!
Қыздырып ап көрікке
төске салып соғайын.
Тоттан мүлде арылсын
қоңырау болып қағылсын.
Шаң басыпты бір сөзді!
Бетіне сап дәптердің
оны сілкіп қағайын,
жаңбырына көктемнің
шомылдырып алайын.
Шаң-тозаңнан арылсын
шам боп қайта жағылсын!..
ҰЙҚАСТАР
Ұйқастар іздеп,
ұйқастар іздеп келем мен
тұңғиық түпсіз тереңнен,
теңізден долы толқынын атқан кемерден,
аспаннан мынау құстарын тартқан төбемнен.
ғаламат сиқыр дауысты
сөйлейін деп бір өлеңмен
ұйқастар іздеп,
ұйқастар іздеп келем мен.
Ұйқастар іздеп ұйқасып кетем бәрімен,
көлімен,
тауы,
желімен;
әуені,
сазы,
әнімен!
Жетпестен қалса сөздердің егер қуаты
ұйқасып кетем
жүректің дүрсілдерімен.
Ұйқасам деп мен найзағайлармен айқасам,
ұйқасам деп мен дауылдарменен шайқасам.
Керек боп жатса мен тіпті
темірлермен де ұйқасам,
терминдермен де ұйқасам.
Ұйқасып кетем шулы бір ұлы дүрмекпен,
ұйқасып кетер менімен мынау нұр көктем.
Кей кезде бұрап ұйқасын бұзам сөздердің
өмірдің ішкі ұйқасы
үзіліп кетпесін деп мен,
бұзылып кетпесін деп мен.
Көргем жоқ әлі шекелеп қарап ойқастап,
жаралған жанмын жарқ етіп жанар жайтастай.
Өтемін мынау өмірден
мағына,
жаны,
мәні жоқ;
бояуы
қаны,
әрі жоқ
ұйқастарменен ұйқаспай!
* * *
Жапырақтан өлең көрдім мен бүгін.
Айтатұғын тірліктің тар, кеңдігін,
жапырақтан өлең көрдім мен бүгін.
Дір-дір етті ол сыбыр ма әлде, күбір ме
жасын ойнап кетті жасыл тілінде.
Көрдім одан сиқыр сұлу өлеңді
шық қондырып, күннің нұрын сімірген.
Дегендей-ақ: өлер едім, сөнер ем,
көрмегенде сен егер,
топырақ пен жаңбыр иісі аңқыған
дәл алдымда сөйлеп тұрды сол өлең!
Сөйлеп тұрған тағдырлардың атынан,
сөйлеп тұрған жаңбырлардың атынан,
жапырақтан өлең көрдім мен бүгін
ұйқасы бар,
ырғағы бар,
оты бар!
Өлең көрдім –
тұман менен самалдан,
қуаныш пен көз жасынан жаралған.
Туамын деп өртеп сені,
жанды жеп
сол бір өлең шақпақ тастай жарқ етіп
жапырақтан
жүрегіме қонды кеп!
МАХАББАТҚА ЕСТЕЛlК
Әлі есімде сол көктемнің сол түні
нөсер шуы,
найзағайлар жарқылы.
Көз алдымда сол түнді
сеніменен кезгенім.
дегем сонда:
сенің демің –
өз демім.
...Жап-жалаңаш бұтағына ағаштың
сөйлем болып жапырақпен жазылған
көктеп шығып жатты сенің сөздерің.
Білем, білем шыдай алмай тасып қан
сол сөйлемді оқып жүр
бұтағынан ағаштың
көктем сайын ғашықтар.
Жарқ еткені қос жанардың тесілген,
дір еткені қос анардың төсінде,
көк аспанның қақ айырылып күркіреп
қара жердің толқығаны есімде.
Әлі есімде ұмытқам жоқ өз басым
сүйіскенде демімізбен бір жұттық
нөсер суын,
қуаныштың көз жасын.
Мәңгі есімде қалсын деді-ау бұл көктем
екеумізге қарап алып құрметпен –
найзағайын жарқылдатып әр тұстан
аспан бізді асығыс
түсірген-ді суретке.
* * *
Ұсақ-түйек күйкі тірлік, бәрінен
мезі болып безінемін, жерінем.
Жерінем де балалық шақ арқылы
сапар шегем Күнікей қыз еліне!
Ертегіге айналады айналам!
Дәу жүреді тау лақтырып ойнаған.
Көлтауысар суын бүркіп,
Желаяқ
зымырайды қос қазан тас байлап ап.
Ысырылып жүре берер қара түн.
Шақпақ табам жарқырап бір жанатын.
Құмырсқаны шығарамын шұңқырдан
ал ол маған сыйға тартар қанатын.
Сол қанатты ұмытамын сыйлаған...
Шетсіз-шексіз жатар алда ми далам.
Бірақ та мен Күнікей қыз еліне
алып барар жол таба алмай қиналам.
Оңай дейсің, құдайым-ау, жол кімге
дегенменен тұрмақшымын сертімде.
Бағыт сұрап барамын ғой сонан соң
жерді жамап отыратын кемпірге.
Қарап алып жақын менен жыраққа,
қарап алып заманаға мұнартқан,
тілім-тілім қара жерге жамау сап
қара кемпір үндемейді бірақ та.
* * *
Өзегімді өртеп егер алсам да,
айтарымды айта алмастан қалсам да,
көтерем де телефонның тұтқасын
Алматымен сөйлесемін мен сонда.
Сыр іздейтін,
үн іздейтін толғасар
даяр тұрар сағынышқа әрқашан
Алматының әр үйімен жалғасам,
бар телефон-автоматпен жалғасам.
Алло! – деймін –
жаңғырығар тау іші,
Алло! – деймін –
жақындайды алысым.
Керемет бір өлең оқып береді
күмбірлеген жаңбырлардың дауысы.
Оранып ап жасыл шашақ желекке,
самал соқса-ақ түсіп қалар әлекке
құлағымның дәл түбінде қол соғып
мәз болады алма ағаш та, терек те.
Қуат құйып береді ғой қаншалық,
тұра алмассың мұндай күні томсарып.
Өкпе-назын айтар тентек бұлақтар,
ал құстарым береді ғой ән салып.
Айта алмаймын қай түкпірің, қай көшең,
білем бірақ іздеп мені ой кешер.
Сәлемдесіп жастық шақпен асығыс
жүректі езген сағынышпен сөйлесем.
* * *
Бір жүректің көлеңкесін көрдім мен...
Отыр едім ойлар тартып әр күннен
ең асылын, ең керегін тердім деп...
Көтерілген бармақтай-ақ бұлт болып
бір жүректің көлеңкесін көрдім мен.
Бір биіктеп, қайта кенет төмендеп,
қимылдасаң зәр уымды төгем деп,
сол жүректің көлеңкесі бұлт болып
тұрып алды көз алдымда көлеңдеп.
Кеудемдегі үмітімнің құстары
көлеңкеден қорықты ма, ұшпады.
Мүмкін емес
көлеңкені өлтіру,
мүмкін емес
көлеңкені ұстауың.
Тұрып алды кеңістікте асылып
Мен отырмын өз-өзімнен ашынып.
Қара ниет қатыгездік өз жанын
қойды ма екен көлеңкеге жасырып.
Аттым оны
жебе – нұрды ап келіп.
Жіберді ол көлеңкені қақ бөліп.
Қара қошқыл түтін ұшты...
қарадым
дәл жанымда бір қарақұрт жатты өліп.
ҚҰС ЖОЛЫ
Туған жерді аңсап жүрек тілінер.
Жата алмаспын ондай кезде түнімен –
сол бір сәтте жұлдыздары шаңытқан
Құс жолына түсіп алып жүгірем.
Шығамын да шырқау биік ұшып-ақ,
жүгіремін Құс жолына түсіп ап,
жол-жөнекей қолға қонған жұлдызды
көкірегіме қысып ап
жүгіремін Құс жолына түсіп ап.
Ондай кезде зымырағам, ағылғам,
Ай жолымда шам боп тұрар жағылған.
Туу төменге сорғалайды жұлдыздар
түсіп кетсе қолымнан.
Келемін мен,
келемін мен жүгіріп,
жұлдыз болып жарқырайды мың үміт...
Келемін мен,
келемін мен жүгіріп –
жұлдыздарға жуынып,
жұлдыздарға жылынып.
Өзегімді өртеп алғам өрт үнмен!
Космостың ызғары ұрар бетімнен.
Мен жүгірем .
Айналамда жұлдыздар
шоршып шығып,
шоршып батып секірген.
Құс жолы тұр шетсіз-шексіз тартылып,
Жүгіремін үстінде оның алқынып –
өтетін ол, өтетін ол өйткені
жұлдыздары шаңытып,
біздің ауыл арқылы.
* * *
Жазар кезде өлеңді
тылсым жұмбақ күш кернейді денемді.
Бар айналам толып кетер жарқылға.
Дәл сол сәтте секірсем
көк теңізге мен егер
айналар ем ақ жал алып толқынға.
Өз-өзімнен қайралып,
от боп жанам отыра алмай жайланып.
Дәл сол сәтте соқтығыссам бұлтпен
кетер едім найзағайға айналып.
Дәл сол сәтте жүре аламын жолдарсыз.
Желге айналса сол күшім
алау-алау болып бір
ормандармен алысар ем армансыз...
ЕҢБЕК
Біледі, біледі оны терлеп көрген,
терлесең кетер онда кернеп кеудең.
Адаммен бірге туып басталады ол
талпыну,
ұмтылудан,
еңбектеуден!
Еңбектеп,
қайта құлар жүре беріп,
бір затты жерден мына іле беріп...
Қолына қалам ұстап,
күрек ұстап
бір күні кетеді ол түрегеліп!
Көтерген дүниені төбесіне
танымай қаласың ғой келесіде, –
алыпқа айналады ақырында
тер иісі аңқып тұрған денесінен.
Жүрген соң арман, мақсат жетегіне ап,
ол енді қуат кернеп кетері хақ.
Лақтырар өн бойынан тас тамшылап
бір тауды орынынан көтеріп ап.
Көреді
тіршіліктің сең, өткелін,
көреді
тіршіліктің шөлейт, белін,
Өсіріп айдалаға мұнарлар,
егеді фонтандардың теректерін.
Бойына қуат одан сіңіріп ап,
кетеді-ау ол жүрген жер құбылып-ақ.
...Теңіз қып кең далама төккелі тұр
Сібірдің бір өзенін сіміріп ап.
Жарық боп ол келсе егер таң атады,
өзіне дүниені қаратады.
Жүреді
әлдене ойлап миы қатып,
жүреді
күс-күс болып алақаны!
Қарамай уақыттың қиынына,
қарамай уақыттың құйынына
ертеңге бара жатыр Еңбек енді
Жер шарын салып алып иығына!
ЖАЛҚАУЛЫҚ
Тас дәуірінен ұйықтап жатыр Жалқаулық.
Әр нәрсені сылтау етіп, қалқан ғып,
қорылымен дүниені көшіріп
тас дәуірінен ұйықтап жатыр Жалқаулық.
Қалған мәңгі ішінде боз мұнардың,
дауысын да естімейді ұранның.
Оянбастан жатыр енді ол ғаламат
күркірінен ракетодромның.
Кеткен кезде қарыны оның жалап бір,
анда-санда қалғып-мүлгіп қарап бір
ол оянса оянады тек қана
салдырынан ыдыс-аяқ, табақтың.
Жоқ қой оның қызуы да, жалыны,
қысқа оның қолдары да,
қарымы.
Шидей болып семіп қалған аяғы,
үлкен бірақ ауызы мен қарыны.
Күш болмай тұр
ұйқысынан түңілтер,
күш болмай тұр
айналаға үңілтер.
Кіп-кішкентай тіршілігі,
тынысы,
бірақ ыдыс-аяқтары үп-үлкен.
Мігір етпей
тас бекітіп құлағын,
бүркенеді ол ұйқының боз тұманын.
Тоздырмаған
бір де жұмыс киімін,
тоздырмаған бір де еңбек құралын.
Жатсын мейлі күн мен түндер алмасып,
қарамайды ол ұйқының бұл қамбасы.
Тозса тозар көрпесі мен жастығы
ойылса тек ойылады жамбасы...
Мақсат пенен армандардан өртенген
біздер жүрміз асығып-ақ ертеңге.
Жүрміз біздер металл соғып,
дән сеуіп,
астық орып,
жолдар салып өлкемде.
Қолымызға ап ұлы еңбектің жарағын
игереміз ертеңнің біз алабын.
Ал ол жүр ғой қалғып-мүлгіп етекте
салдырлатып ыдыс-аяқ, табағын.
ҚАРАПАЙЫМ АДАМ
Неткен бай ол сабыр менен төзімге,
жүре алады ол өз даңқын да сезінбей.
Қарапайым
тіршілігі, тынысы,
қарапайым
табиғаттың өзіндей.
Қара нар боп жүрер ауыр кезде де,
Бірақ оны байғұс деме,
ез деме.
Керек кезде қара қылды қақ жарар
қарапайым сөзбенен.
Жетеді оның қызуы да,
жалыны,
түседі оның жұртқа бүкіл жарығы.
Аумайды бір қарапайым қалпынан
болса да оның президиумда орыны.
Бүгінгі күн толғағынан жаралған
Керек оған жаңалық та,
жаңаң да.
Жүрер бірақ қарапайым киіммен
матасы мен модасы көп заманда.
Гүл шығатын алдына да,
артына
тартып туған перзент ол халқына
Сөйлесе де,
отырса да,
күлсе де
аумай кетер қарапайым қалпынан.
Сөйлемеген біреуменен жарысып
Жетсе де оның даңқы менен дабысы
көрмеген бір
көтеріліп кеудесі,
көрмеген бір
көтеріліп дауысы.
Жаралған ол –
тазалықтан, тұнықтан,
жаралған ол –
қасиетті ғұрыптан.
Өзгермейді ол –
көзге түспей қалса да! –
қарапайымдылықтан.
Салмақтылық,
сабырлылық сырласы
Бетке теппей шөгіп жатар тұнбасы.
Еленбесін,
көзге мейлі түспесін
бәрімізден биік оның тұлғасы.
МАҚТАНШАҚ
Дәйегі жоқ дәлел айтып қаптаған
мысығын да,
күшігін де мақтаған,
дүниенің кіндігі боп бір өзі
өзіне-өзі сыймай бара жатты адам.
Бәріне де аспандап кеп қараған
айналды да ғұлама бір данаға
өз-өзінен ісіп-кеуіп қабынып
үйіне де сыймай кетті сол адам.
Сыймай кетті –
билік айтып жалғанға,
көпірді ауыз,
сермелді кеп қолдар да.
Үйдің іші тарлық етіп, ақыры
бір-ақ шықты стадион, залдардан.
lлесті де биік сөзді ағынға
lсіп-кепті кеуде менен қарын да.
Тарлық етті осыншалық дарынға
стадион, залың да.
Бөскен адам –
тоқтамай-ақ бөсе ме,
мақтан сөзді төкті-ай келіп еселеп.
Тар болған соң стадион, залдарың
шығып кетті ол көшеге.
Ойына алмай келер күн мен өткенді
оның енді тым аспандап кеткен-ді.
Құр кеудеге ауа толып шіреген
көшеге де сыймай бара жатты енді.
Бір әлемет болады ғой асқанға,
бір әлемет болады ғой тасқанға.
Жел соқты да ауа толған кеудені
шар құсатып алып кетті аспанға.
Салмағы жоқ сол адамды ақыры
алып кетті желдің дүлей ағыны...
Ұшып жүріп шыңға барып соғылып
кетті ол енді жарылып.
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ
Ол келсе егер –
түн ішінде таң атар,
таң атқызып жарығын ол таратар.
Сонда, сонда ең бір асыл ақ жүрек,
сонда, сонда ең аялы алақан.
Ол келсе егер –
жауласқандар жарасқан,
соған барып тығылады адасқан.
Соның қолы көтереді алдымен
балапанды құлап түскен ағаштан.
Қиналғанға қолын беріп күй табар,
сиқы кеткен сисызға да сый тағар.
Құлағанның қолтығынан көтеріп,
жылағанның маңдайынан сыйпаған!
Неткен жүрек,
неткен биік, кең жүрек
жүргені тек жалау болып желбіреп.
Отырады тіпті кейде, құдай-ай,
қара тастай қатыгезге елжіреп.
Ол жаралған туыстық пен достықтан,
Ол күйінген,
күйінген ол мастыққа.
Қолындағы нанын беріп жіберген
өзі аш қалып аштықта.
Ешкімді де көрмеген ол жатсынып,
жүр біреуді біреулерге тапсырып.
Жамандыққа – бір кезде өзін қорғаған –
жанын салып жасайды ол жақсылық.
Айтсақ егер жарылып бір ағынан
бұл тіршілік –
құламастан бағына –
соның, соның жүрегіне жылынып,
сүйеніп тұр соның алақанына!
ТОҒЫШАР
Адам еді,
адам еді кәдімгі,
айтатұғын әңгімеңді, әніңді.
Бірде мұңлы, енді бірде көңілді
адам еді,
адам еді кәдімгі.
Тас түйіндей берік еді ісіне.
Үлкенге іні,
ағатұғын кішіге.
...Ақша менен мүлік десе жатқызбас
бір күні оның құрт түсті кеп ішіне.
Құрт түсті де –
алды оның тынышын,
құрт түсті де –
тарылды оның тынысы.
Сол құрт оның қанағатын жеп қойды.
Аз боп шықты күнделікті ырысы.
Құрып тастап сілкілейді торларын,
ол құрт енді жей бастады жан-жағын.
Жұтып қойды оның діріл сезімін,
жеп қойды оның үміті мен арманын.
Қалдырды да қанағатсыз қарынын
жеп қойды оның қарыны мен арынын,
жеп қойды оның Ары менен Ұятын,
жеп қойды оның Жүрегі мен Бауырын.
Мүлік, мүлік, мүліктерге қамалды.
Бәрін алып,
бәрінен ол тоналды.
Айырылған соң ұят, ар мен жүректен
қызармайтын боп алды.
Сол құрт енді бәрін,бәрін жапырып,
қылғытты бір озбырлықпен опырып...
Ой-санасын сол адамның жайлап ап
басын жұтып қойды оның ақыры...
ӨСЕК
Әне жерден жылт етіп,
мына жерден жылт етіп,
әне жерден бұрқ етіп,
мына жерден бұрқ етіп.
Әне жерден сыр тартып,
мына жерден сыр тартып.
әне жерді бір шарпып,
мына жерді бір шарпып
өсек шіркін жетеді.
Өсек шіркін жетеді –
көлбең қағып етегі,
сумаң-сумаң етеді.
Құлағы мен көздерін
қатар қадап тосады,
бір ауылдың сөздерін
бір ауылға қосады.
Түймедей боп сезгенін
түйе қылып өткізіп,
бір қаланың сөздерін
бір қалаға жеткізіп;
ар намысты жандырып,
лай етіп тұнықты,
өсек бара жатады
жүрген жерін шаң қылып,
жүрген жерін бүлік қып!
Ми шаршатып мезі етті,
құрысыншы, құрысын!
Бұл өсек пе,
өсектің
құлағы үлкен,
тілі ұзын.
Шығарудың орнына
оның быт-шыт талқанын
өсек десе қалтырап
ал біреулер қорқады...
Міне, тағы, тағы да
қараңғы етіп жарықты,
отырып ап алдыңа
сумаң қағып соғып тұр.
Қоймасаңшы тасынтып, –
өтінемін, өтінем...
Көтеріп ап басыңды
түкірсеңші бетіне!
ЕРЛІК
Азаттыққа құрық сап
қаратпастан бетіне
ойран ашып,
бүлік сап
жау тисе елдің шетіне.
Намыс,
кек боп ашылып,
туын ұстап ерліктің,
бес қаруын асынып
шыға келген Ерлік бұл.
Тулақтай жер бермеген
қара тас боп қарысып...
«Ала өгіздей мөңіреген»
адырнаның дауысы.
Зұлымдыққа түйреліп
ұшқан екен жебелер.
Жатқан екен астында
қара тастар иленіп,
төңкеріліп төбелер.
Айналып кек жалынға ол
қорғаған бар қазақты,
Азаттықтың жолында ол
көрген барлық азапты.
Еңсені езер тұманды ап
заман келіп түнерген.
Ерлікті сол бұғаулап
жер аударып жіберген.
Ауызынан оқ шашып,
атқан оны арнаға
Денесіне от басып
асқан оны дарға да.
Қамын ойлап елінің
қайта түлеп,
түрініп,
ерлік бірақ бәрі бір
шыға келген тіріліп.
Дүниені тозақ қып
келсе тағы зұлымдық.
Көмейіне ол ажалдың
тыққан өзін тығын қып.
Найзағай боп жай тасы
намыс болып қайнаған,
өмір үшін айқасып,
өлімге өзін байлаған.
Ардақ тұтар ел біткен
кеткен оны тіресіп.
... Жер үстінде Ерліктер
ескерткіш боп тұр өсіп!
МАСКҮНЕМ
Жұмысыңды жіберетін еңсеріп,
қарашы оны –
тұлғаға ие еңселі...
Келе жатыр
тегіс жерге сүрініп,
келе жатыр
желсіз күні теңселіп.
Жоқ қой оның
қазір сана, ақылы.
Жоқ қой оның
қазір туыс, жақыны.
Ішкеннен соң,
ішкеннен соң күн-түні
өзін арақ ішіп қойған ақыры.
Ішіп қойған оның қуат, күшін де,
Ішіп қойған оның арман, ісін де.
Жүріп жатыр оның бүкіл ғұмыры
бөтелкенің ішінде.
Білмейді ол бүгін, ертең, кешені!
Текке кезіп жүрер ылғи көшені.
Балшық оның
балшық оның өмірі,
шалшық оның,
шалшық оның төсегі.
Жоқ қой оның арманы да аңсаған.
Жоқ қой қазір онда ақыл, ой-сана.
...Қолын созып
әлденені былдырлап
құлап жатып күш көрсетер бейшара.
Таптап былғап үмітін де, тілегін,
жоғалтқан ол тіршілікте тірегін.
...Көрген кезде азаматты қор болған
шаншып-шаншып кетеді ғой жүрегің!
Бәрін жиып қойған ар мен ұяттың
келеді ол ішінде боз мұнарттың.
Жұрт еске алар тірі жүрген оны енді
өлген адам сияқты.
Жұмысыңды жіберетін еңсеріп,
қарашы оны –
тұлғаға ие еңселі...
Келе жатыр –
тегіс жерге сүрініп,
келе жатыр –
желсіз күні теңселіп.
Шайқалақтап жүр ғой әне, қарашы
таба алмастан екі-үш үйдің арасын...
Мынау жарық,
мынау жарқын заманда
жолдан шығып кеткен жан ол адасып.
ҚЫЗҒАНЫШ
Қызғаныш-ай,
бірісің қасіреттің!
Қаншама рет жанымды осып өттің.
Мың сан түрлі шарғысы,
айласы бар,
қызғаныш-ай,
бірісің қасіреттің!
Аласұрып, алқынып, дөңбекшіген
(өзін-өзі осылай жеңбекші ме?)
ақырында тулақтай тырысып қап,
бүрісесің су тиген өрмекшідей.
Білмейсің сен –
біреумен бәстестің бе?!
Білмейсің сен –
біреумен өштестің бе?
Бар болғаны болсын деп тек өзіме,
болмаса екен дейсің сен басқа ешкімге.
Арманы мен үмітін алға салып
біреу егер биікке самғаса анық
ішің күйіп шыдамай
шашты жұлып,
жібересің бетіңді қан жоса қып.
Қаншама сен шыдамай құладың-ай,
қаншама сен өртеніп жыладың-ай.
Көзің неткен көр еді көре алмайтын,
Ішің неткен тар еді, құдайым-ай!
Қуанышын біреулер жеткізгенде,
ертеңіне үмітін өпкізгенде,
ал біреулер мақтанып мінбелерден,
енді біреу той жасап өткізгенде –
қызғаныш-ай,
арамдық отын ап кеп,
көкбеттеніп,
қуарып шатынап тек
ішің күйіп кетеді!...
уытын бас
қара тасты кеміріп, топырақ жеп!
САРАҢ
Бір күні жоқ отыратын жыланбай,
әлі жүр ол бір тиын да шығармай.
Осыншалық молшылықта көл-көсір
бар ғой әлі шық бермейтін Шығайбай.
Қалт-құлт етіп тұратұғын әрдайым,
шалшықтай-ақ тереңдігі, деңгейі.
Одан әлі дәм татпаған ешкім де
Алдарөседен кейін.
Мойнын тартып тасбақадай тығылған
бір жақсылық жасамаған ғұмырда.
Алар кезде алақаны ашылып,
берер кезде алақаны жұмылған.
Шай үстіне кеп қалса да танысы,
біреу келіп су ішсе де арысы
шығып жатқан шығын болып көрінер
бәрі, бәрі ол үшін.
Соның бәрі
оның жанын қинайды,
соның бәрі
сараң үшін мұң, қайғы.
жиған бүкіл дүниесін,
байлығын
өзге түгіл өзіне де қимайды.
Ол көрмейді тіршіліктің кеңдігін,
тарылумен өткізеді әр күнін.
Қоям ба деп тамақты да көп ішіп
ол байлайды тартыңқырап белдігін.
Мадақ айтып,
мақтап сұрап жат мейлі,
небір айла,
қулықты ойлап тап мейлі
жаттап алған бір-ақ сөзі бар оның
жоқ, жоқ дейді,
жоқ, жоқ дейді,
жоқ дейді!
Үнін, дауысын сезбейтұғын қоғамнын
көгермейтін, көктемейтін томар бұл.
Жоқ, жоқ, дейді, жоқ, жоқ дейді, жоқ дейді!
...Өзің қашан жоғаласың жоғалғыр!
БЕЙТАНЫСҚА
Өте алмастан қалған жандай кермеден
қалш-қалш етіп қолын сілкіп сермеген
күйіп-пісіп бұлқан-талқан боп тұрған
бейтаныс жан,
ашулысың сен неге?
Екеумізге бірдей ортақ аспаным,
өзен,
көлім,
жерім,
тіпті тастарым...
Жөн айтып ем,
одан сайын бүлініп –
түсінбедім –
беттен алып тастадың.
Түтіп қана жіберердей түрге ендің,
маған қарай ызаланып түргелдің.
Ұят қайда,
азаматтық ар қайда?
перзенті емеспіз бе бір елдің,
перзенті емеспіз бе бір жердің?!
Жылмаң қағып,
жылпылдап тұр демеспін
дегенменен құлы болма егестің.
Бейтаныссың,
бейтаныссың сен маған
бірақ бөтен емессің.
Ашу, ыза,
былапыт сөз құрысын!
Егер де біз жөн сұрассақ ұғысып
боп шығасың сөзсіз сен
танысымның танысының танысы,
туысымның туысының туысы!
Бір күн біз де сөнерміз де, тынармыз,
неге біздер жанжал, ұрысқа құмармыз.
Бәрін тастап жөн сұрассақ
біз бәлкім
рухани ағайын боп шығармыз.
Өршітіп мен алам ба деп сәл жерден
қазір саған батпай тұрмын қой деуге.
Бейтаныс деп ұрысқаныңа көнейін
өтінемін,
бөтен адам дей көрме.
Сенен маған жарық түссе –
сөнбейді.
Ұғып ал сен,
жөн емес де, жөн мейлі –
болсам да мен адамдарға бейтаныс,
ешуақытта бөтен болғым келмейді!
НАМЫС
Түкіріп туған жеріме
өзімді кетсе табалап,
тигізіп тілін тегіме
жармасса біреу жағама —
қан тамырлармен жарысып
денені сілкіп сақылдап,
туады сонда намысым
найзағай болып шатырлап.
Шырқырап шықса тар кезде
намыстың сойқан кекті үні
көтерер мені сол кезде
алапат күштің екпіні.
Кетеді бойда күш тасып
көресің оны байқасаң.
Жолбарыстармен ұстасып,
арыстандармен айқасам.
Найзағай — намыс атылып
кетсе егер
(оны білем мен)
Көк темірлерді қақ тіліп,
жартасты сойып жібергем.
ҚУЛЫҚ
Тілі — түбіт —
сұғатұғын бізі жоқ,
өрттей ыстық,
қаритұғын мұзы жоқ,
су үстінен жүргендей-ақ бейне бір
соңында оның қалатұғын ізі жоқ.
Кетпейді ол қопарылып сынып та,
мың бұралып солқылдайды шыбықтай,
көтеріліп көрсетпейді жұдырық,
көтеріліп көрсетпейді иық та.
Дей алмайсың бірден оны сеземін,
ол өйткені көрсетпейді өзегін.
Жылып қана тұрар саған
сөзі оның,
күліп қана тұрар саған
көзі оның.
Сала алмайсың оны даттап талқыға.
Талқыға сен саламын деп тантыма.
Көктайғақты төсеп тастай алады ол
көрсетпестен алдың менен артыңа.
Әлдене айтып жыламсырап жеткенде,
қорғап оны түсесің ғой көк терге.
Бармақ тістеп, санды бірақ соғасың
орға жығып кеткенде...
Құйрығыңды бұлғаңдатып,
құбылып,
Түлкі-қулық!
кеттің қанша құтылып.
тұзағымнан шығып кеттің —
жұлынып,
Тұзағымнан шығып кеттің —
сытылып.
Түлкі қулық!
құтқармаймын түбінде,
енді маған жылмаң қағып бүгілме.
Түтін салып тұншықтырып мен сені
үстап алам ініңде.
Ұстаймын да құтыңды бір қашырам.
Ақиқаттың ақ кездігі ашылар...
Басқа қулық қашсыншы деп
мен сені
тымақ қылып киіп алам басыма.
ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ӨЛЕҢ
Жоғын жоқтап отырғам жоқ жоқтықтың!
Дегенменен шегі бар ғой сақтықтың, –
есігінде бес құлып бар осы үйден
иісі аңқиды тоғышарлық, тоқтықтың.
Бәрі де бар, бәрі де бар, қарашы!
(жетпей тұр-ау тек қанағат, тобасы).
Бәрі де бар, бәрі де бар, бәрі бар.
Жоқ бірақ та, жоқ бірақ та баласы.
Деп тұрсың-ау;
«басын шатып әрненің,
баласыз деп неге орынсыз тергедің...»
Бермей қойса сөз де жоқ қой,
амал не,
алмай тұр ғой табиғаттың бергенін.
Бұл жөнінде (дәл осы ғой сор қайнау)
болған, сірә, сан шешім мен сан байлау...
Ойлайды олар:
«бала деген қол байлау»...
Бала десең басталады ойбайлау.
Даладағы достарын да ерте кеп,
бала асыр сап дүбірлетіп, еркелеп
ойнайтұғын дәл төрінде кең үйдің
керіледі шұнақ құлақ кер төбет.
Жүрек шіркін содан қазір мұң құшып
тарс жарылып кетердей-ақ тұрды ысып,
бала отырар кресло үстінде
ұйықтап жатыр пыр-пыр етіп бір мысық.
Тұрғаным жоқ мұны, әрине, қызықтап,
(балайтұғын іс емес бұл қызыққа).
Қымбат маған бүкіл мына табиғат,
қымбат маған сол итің да, мысық та.
Дегенменен ойлап көрсең шамалы,
айтар едің қозғап көріп сананы:
табиғатты сүйген адам
алдымен
сүю керек баланы.
Басқаша ма?
Онда бәрі далбаса!
Далбаса ғой баланы іздеп, жанбаса.
Ит, мысықты сүйетіні өтірік
О да соңғы мода үшін болмаса.
Табиғаттың дархан сыйын қайтарған,
бұл шаңырақты – шаңырақ дер ем шайқалған.
Түптің түбі ондай-ондай жандарды
ит, мысық та сүйеді деп айта алман!
КӨРШІЛЕР
Қаланып бір қалған бетон-өлеңдей,
тұрмыз қазір көп қатарлы әлемде...
Оң жағым да, сол жағым да көршілер,
көрші, көрші – төменім де, төбем де.
Бірде кеңіп, бірде кеміп алабым,
бірде суып, бірде ысып жанамын, –
сөйлеп тұрса көршілердің үнімен
бір-ақ сүйем бетон қабырғаларым.
Бірде олар бірін бірі қуаттап,
енді бірде пенде болып уақтап,
жасын ойнап, жай лақтырып,
ал бірде
жатады ғой үнсіз-түнсіз шуақтап.
Тосып бірде қиналғанда иығын,
салмай өтер бірде көздің қиығын.
Көз алдында – бүкіл менің шаттығым,
көз алдында – бүкіл менің күйігім!
Сан ойлардан қазір менің өрт жаным,
қаймықпайтын, қайтпайтұғын мәрт шағым.
Ұятты бір іс істесем,
алайда
тарылып-ақ кетеді сол төрт жағым.
Сан ойлардан қазір менің өрт жаным,
көзге ілмейтін көп нәрсені мәрт шағым.
Абыройлы іс істесем,
сол сәтте
дала болып кетеді сол төрт жағым.
Төменнен бір дауыс шықса зар қаққан,
ыңырсиды сырқат көршім оң жақтан.
Ойылып-ақ кететіндей болып тұр
төбем менің дүрсілдеген салмақтан.
Қайта бастар бір дүрсілді тына сап,
(бұл шақ деген – буырқанған бұла шақ).
Алғандаймын мен қазір
сан тағдырдың ортасына ұя сап.
Ән сап бірде, бірде дабыл қағады,
Содан жүрек шалқып, толқып, жанады.
Арасында адам менен адамның
жиырмасыншы ғасырдың
бір-ақ сүйем бетон қабырғалары.
Солардан мен жыр аламын, нұр алам,
мың бөлініп, сол сәт қайта құралам.
Сан тағдырдың ортасында тұрмын мен
бірі жүрсе,
ал біреуі құлаған,
бірі күлсе,
ал біреуі жылаған...
КӨП БАЛАЛЫ ҮЙ
Болашағы улап-шулап жатқасын,
қарт та иеді тап осы үйге ақ басын.
Кұшақ-сынды шалқасынан ашылған,
шалқасынан ашық бұл үй қақпасы.
Осы үйден сен көре аласың, жан досым,
біреу емес сан ұрпақтың жалғасын.
Немере мен шөберелер дауысы
желпіп тұрар осы бір үй ауласын.
Осында екен үйлесім мен келісім.
Осында екен тірліктегі жеңісің.
Осы аулаға табиғаттың өзі кеп
шашып келіп жібергендей жемісін.
Кіре қалсаң жан-жағыңнан қамалап,
әлденені сұрап алып ағалап,
кұлдыраңдап шауып бара жатады
домаланған кіл бір қара домалақ.
Көрінбейтін қиындығы, азабы,
басқаша ғой осы бір үй ажары.
Улап-шулап көшіп келген секілді
осы аулаға Самарқанның базары.
Өн бойыңа кетеді ғой қан тарап.
Алда қанша жолдар жатыр сан торап.
Сол жолдармен бара жатыр тап қазір
Сол балалар,
бірін-бірі жетектеп,
бірін-бірі арқалап.
Соларда ғой ертеңгі үнің, күшің де,
сенім, үміт, арманың да, ісің де.
Шапқылап жүр кіп-кішкентай өрендер,
осы бір үй ауласының ішінде!
Осы үйдегі дәулет қандай, бақ қандай!
Осы үйдегі шаттық тұнған шақ қандай!
Алақандай шағын осы аулада
қалың орман өсіп келе жатқандай.
КӨП ЖАСАҒАН ҚАРТ
Көп жасаған,
көпті көрген;
көп көрген,
бастан талай қияметті өткерген.
Келе жатар көшеменен осы қарт –
көп жасаған,
көпті көрген,
көп көрген.
Уақыттың көшіп ай күн, аптасын,
келе жатыр санап басып, сақ басып, —
ақ сақалы Атыраудай толқыған,
ағараңдап Алатаудай ақ басы.
Көпті көрген,—
келе жатқан ілкіден,
қаншама оны тағдыр қағып-сілкіген.
Қөрген қанша той-думанды, шаттықты
көзден қанша жасын төгіп, іркіген.
Тарылтып ап қаншама рет алабын,
өртенген ол жалынына жаланың.
... Бір ғасырға,
бір ғасырға созылған
шұбап жатқан жалғыз аяқ жолы оның.
Шамдарына жеткен талай жарықтың,
орманынан өткен талай қауіптің.
Шұбап жатқан жалғыз аяқ жолы оның
бірге өрілген жолыменен халықтың!
Үңгіп ойдың тарам-тарам шахтасын,
отыр енді ол мекен етіп от басын —
ақ сақалы Атыраудай шалқыған,
ағараңдап Алатаудай ақ басы.
Құрдасы жоқ,
Ал құрдассыз қиын-ақ,
Кейбір кезде қарт қабағын түйіп ап;
«Балаларым, ақылдарың кем-ау» деп
ұрсып алар бір топ шалды жиып ап.
Жүрсе де ол әрең басып селкілдеп,
алдында оның бүкіл ауыл елпілдер.
«Келе жатыр қайнаға» деп
көрсе оны
сызылады қалтылдаған кемпірлер.
Әңгіме етіп жығылғанын,
жыққанын
отырады ол —
тірліктегі Лұқпаным.
Шөбересі ел басқарар жасқа кеп,
немересі пенсияға шықты оның...
Қалай ғана алға сүйреп тартпасын,
арқасына Уақыт жүк артқасын.
Келе жатыр ақ сақалды,
ақ басты
қалт-құлт етіп,
қалт-құлт етіп қарт-ғасыр!
ЖАЛҒЫЗ БАЛА
Дүниені шабыт қып
түргізетін іргеңді,
жас отауды жарық қып
балпанақтай ұл келді.
Өз-өзінен қалтырап
жайлап жанын сараңдық,
әке-шеше сол күні-ақ
бітті – деді осымен,
осыменен доғардық!
Бұл сөз жүрек жаралап
өзекке у боп құйылар –
бас тартты олар,
ғаламат
табиғаттың сыйынан.
Кім айтады оларға
дұрыс емес мұның деп.
...Тұр бұтақта бір алма
үзілердей дірілдеп.
Ойланарсың еріксіз
мың суынып, мың қызып, –
кең айдында серіксіз
жалғыз шабақ жүр жүзіп.
Осыны мен көрсем де
жүрген болмай жүргенім,
күлген болмай күлгенім
жабырқау ой кешемін:
біле алмадым, білмедім
сол бір әке-шешенің
бауыр еті темір ме! –
сол баланы күн емген
қатал мынау өмірге,
қарындассыз, інісіз
жалғыз өзін жіберген!
Мұндай ата-анаға
сөз таба алмай қиналам, –
көре-тұра балаға
жалғыздықты сыйлаған!
АНА ТІЛІМ
Жатар қанды аралап
құдірет бар үнінде, –
ұлы тілдер сияқты
қуатқа ие ғаламат
менің ана тілім де!
Туған жер мен жұртыңа
арнағанда жыр құрап
жатады одан, шіркін-ай,
жусан иісі бұрқырап.
Керек кезде тілімдеп
найзағай боп қамшылар;
менің ана тілімде
Алтай менен Алатау,
Атыраудың дауысы бар.
Жарқыраған жанып бір
жүректі алған өріс қып,
жатыр онда алып бір
Сарыарқадай кеңістік.
Кім, қанеки, шыдаған
тұра алады қай кісі?!–
сөз алса егер халқымның
«Елім-айлап» жылаған
Қаратаудай қайғысы.
Келер күнге қарсы ағып
жүрек ойдан қозғап бір
менің ана тілімде
бозторғайлар ән салып,
аруаналар боздап тұр.
Бәрі де бар тілімде,
дауысы бар өмірдің.
Бар ғой онда бүгінде
беріктігі бетонның,
тегеуріні темірдің.
Ұша алады ол көгімде
жылдамдықпен ғарыштық.
Менің тілім көгілдір
алған қазір эфир мен
экранды қоныс қып.
Әр сөзінен жанып от,
туысы боп бар тілдің,
ана тілім соғып тұр
ожданы боп, ары боп
жүрегінде халқымның.
Жатыр қанды аралап
құдірет бар үнінде, –
ұлы тілдер сияқты
қуатқа ие ғаламат
менің ана тілім де!
БАЛАЛАР БАҚШАСЫНДА
Бұған келсең – шын бақытты сезер ең,
сезер ең де жаман ойдан безер ең.
Шулап жатқан балалардың бақшасы
ғажап әлем,
базар әлем,
мәз әлем.
Осында ғой дүниенің ұраны,
осында ғой дүниенің жыр-әні.
Осында ғой дүниенің тәттісі,
осында ғой дүниенің жұмағы.
Қозғайтұғын тұңғиығын тереңнің
әр бір үні – әр бір жолы өлеңнің...
Томпаң қағып, әлдене айтып былдырлап
тілі шығып келе жатқан әлем бұл,
тісі шығып келе жатқан әлем бұл.
Солар менің – жапырағым, өркенім.
Оларсыз мен өрт жалаған өлкемін.
Аман болсын – думан етіп аула ішін –
асыр салып ойнап жүрген ертегім.
асыр салып ойнап жүрген ертеңім.
Кейбір кезде –
таусылғанда шыдамы
елең етер әр дыбысқа құлағы.
Жалт-жұлт етіп құлдыраңдап жүр әне
ертеңімнің жарығы мен шуағы!
Шын айтамын,
келсең бақыт сезер ең,
сезер ең де жаман ойдан безер ең.
Шулап жатқан балалардың бақшасы –
ғажап әлем,
базар әлем,
мәз әлем.
Бұдан берік бола алмайды қамалдар,
бұдан кең де бола алмайды алаңдар!
Көре тұра осы ғажап әлемді
қалай мылтық атады екен адамдар?!
қалай бомба жарады екен адамдар?!
* * *
Өтті тағы бұл өмірден бір адам
өзіміздей күлген, жүрген, жылаған.
Өн бойыңнан азалы бір үн шығып
өз-өзіңнен тұрасың ғой тұншығып.
Жер үстінде бір от сөніп тағы да,
жер үстінде тоқтады бір тіршілік.
Сөзге күйіп,
таланса да жалаға
әрігерек, алысырақ қараған
биік еді, биік еді сол адам,
терең еді, терең еді сол адам.
Биік еді
қамын жеген елімнің,
терең еді
қамын жеген жерімнің...
Қара табыт ескегі жоқ қайықтай
шықты қалқып иығына шерудің.
Шықты қалқып (жүректі мұң қақ бөлді).
Соңғы жолға аттанатын шақ келді...
Көшеменен — иығында табыты —
қаралы өзен ағып бара жатты енді.
Жамандықтың қабырғасын қаусатқан
адам еді ол, —
көрмеген бір тайсақтап.
Адам еді ол —
өрге салып өмірін
ағыстарға, ағыстарға қарсы аққан.
Енді, міне, сөніп қалған жарықтай
тіршілік тұр қасіреттен айықпай.
Қара табыт — қаралы өзен үстінде
қалқып бара жатты ескексіз қайықтай...
БlР ТАҚЫРЫПҚА ЕКІ ӨЛЕҢ
І. Баласынан бас тартқан әйел
Түйін-сұрақ түйіледі табанда:
Не жетпейді адамға?
Бәрі де бар,
бәрі де бар,
бәрі бар
мынау жарқын, мынау жарық заманда, –
сөніп қалып сезім, ой мен сана да
айналған ба қауіпті бір жараға!
Неткен мерез қатыгездік, қаталдық.
Бас тартты әйел,
бас тартты әйел баладан.
Өз ойынан зұлым-сұмдық түргеліп,
бас тартты әйел құбыжықтық түрге еніп.
Аспан асты кетті сонда тарылып,
дарқан тірлік кетті сонда күңіреніп.
Қаталдықтан кетті дүние тұншығып.
Неткен безер!
Бүлк етпейді тырсиып, –
жөргегінде шыр-шыр етіп шырылдап
жатқан кезде кіп-кішкентай тіршілік.
Мына жаңды неге сонша аздырдық?!
Тұла бойын жайлап алып азғындық
болашақтың бар қуаныш, шаттығын
айырбастады ол бос жүріске аз күндік.
Өзіне өзі бір үңіліп қараған
бұған, сірә, шыдай алмас жан адам.
табиғаттың ең бір ұлы сыйлығы –
бас тартты әйел,
бас тартты әйел баладан!
Бойын әбден жайлап алған қаралық,
көкпеңбек боп түрі кеуіп қабарып,
қол көтеріп табиғат пен тірлікке
бас тартты әйел міндетінен аналық.
...Жылдар өтті, –
тұра ала ма тоқталып –
жылдар өтті бойдағы бар отты алып.
Бір-ақ сәтте жаңқа құсап қалтылдап,
жеңіл жүріс –
қызық күндер кетті ағып.
Сол бір әйел жасамаған аз айып,
бірте-бірте таныс, досы азайып
жаны тірі,
тірлігі жоқ бірақ та
жалғыз қалды,
жалғыз қалды шошайып.
Жалғыз қалды.
Қалмады онда үміт те.
Теңеді оны,
балады оны шірікке.
Жұрттың бәрі одан сырттап, жиіркеніп,
жұрттың бәрі қарады оған күдікпен.
Қалай тұрар сонша төмен құлаған,
қалай ғана арыла алар күнәдан, –
демі бітіп өлген күні сол әйел
жаны егіліп жыламады бір адам.
2. Бала асырап алған әйел
Татырмайтын сұрасаң да қамалап
табиғат та кейде тастай сараң-ақ.
Ең болмаса бере гөр деп бір бала
тіледі ана жан-жүрегін жаралап.
Табиғат та кейде тастай сараң-ақ.
Жылдар өтті.
Кетпесе де қартайып,
бара жатты анадан да әр тайып.
Бара жатты жастық шағы алыстап,
бара жатты жапырақтай сарғайып!
Жүрек соғып,
қан қысымы шапқылап,
жанын жеді ой бұрынғыдан қаттырақ.
Табиғат та кейде тастай сараң-ақ
Аңсап күткен сол бір үміт жоқ бірақ.
Қалмады жер ол бармаған, баспаған,
аурухана қалмады ол ашпаған.
...Ақырында тастап кеткен біреудің
перзентін бауырына басты ана.
Басты да ана бауырына,
ой, тоба!
(ой, тобадан басқа нені айта алам?) –
әрі тайып кеткен адам әп-сәтте
жап-жас болып шыға келді қайтадан.
Жинап алып бар шаттығын жер-көктің
жібергендей болды әлемді тербеп бір.
Танау жарып сол бір үйдің ішінде
аңқып тұрды жұпар иісі жөргектің!
Жалт-жұлт етіп әрбір сөзі,
әр үні
жатты дейсің күн нұрымен шағылып.
Сүт саулады тас емшектен дірдектеп,
иіп кетті алпыс екі тамыры...
Бұл өмірде ескерусіз қала ма,
арнағандар жан-жүрегін балаға...
Сол ананы алақанға сап өтті
шаң жұқтырмай Ел-ана мен Жер-ана!
НӘРЕСТЕ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН КҮН
Дүниеге келген күні нәресте
күнде өзіміз еститін
оқиғалар болып жатты ерекше:
боран болып бір жерлерде іркілді іс;
қиырында аспанның
жарқ еткізіп көзін ашты бір жұлдыз;
қанаттас ел бір-біріне тап беріп
адам, адам жатты өліп;
бұрын-соңды естімеген ешкім де
дауыл соқты Тынық мұхит үстінде;
қанша тірлік, қанша үмітті жалмаған
жарылды ғой сол күні де бомбалар;
бір елдерде пулеметтер абалап,
бір жерлерде жер сілкінді ғаламат.
Дүниеге келген күні нәресте,
күнде өзіміз еститін
оқиғалар болып жатты ерекше.
Әлем-жәлем бояулардай құбылып,
сумаң қақты суық сөздер сұғынып...
Бір уыс боп жатты сол бір нәресте
апасының бауырына тығылып!
САУАЛ
Әлдене айтып,
жеңнен тартып жұлқылап,
жол үстінде бүлік салып,
шырқырап,
әлі есі жоқ кіп-кішкентай бір тентек
көнбей тұрды мамасының ырқына.
Шатақ сап тұр,
бүлініп кеп жылаған
жылап тұрып әлденені сұраған.
Мамасы тұр көндіре алмай ырқына
не болса да бәріне де шыдаған.
Бұл тентектің жылағаны жай ма еді?!
Бұл тентектің сұрағаны ай ма еді?!
Ал мамасы нұсқап тұрып мен жақты:
— Аға сені алып кетед, қой,— деді.
«Аға сені алып кетед»,— дегенде
бір сілкініс болып өтті денемде.
«Аға сені алып кетед»,— дегенде
найзағай от жарқ-жұрқ етті төбемде.
«...алып кетед»
өне бойым қарысып,
санамнан сан ойлар өтті жарысып.
Сол бір сөзден жылағанын кілт үзіп
қалды тентек мамасына жабысып.
Кілт үзілді әлдене бір сынғандай.
Кілт үзілді, сиқыр еді бұл қандай?
Жылағанын қоя койды,
алдында
адам емес, құбыжық бір тұрғандай.
Уақыттан,
осы өмірден жаралған
бұл сауалға жауапты мен таба алман:
неге біздер,
неге біздер адамды
тумай жатып қорқытамыз адамнан?
ӘЙЕЛ
Әйелді сен әйел ғой деп қызба тым,
бұл сөзіңді қатып қалған мұз жатыр.
Нәп-нәзік-ақ сол әйелдің бойында
біз білмейтін құпия бір күш жатыр.
Әйел – қайсар,
әйел – қуат айбынды,
есепке алма мұны айтқанда жай күнді.
Ауыр кезде Алатаудай биіктеп,
көтереді Қаратаудай қайғыңды.
Көзбен қарап тас жүректі табады ол,
тас жүректі жаңғақ қылып шағады ол.
Темір үзер тентегіңді керексе
бір тал шашпен байлап тастай алады ол.
Көрген кезде жала әкелген құсаны,
қанат байлап періште боп ұшады.
Керек кезде үй күшік қып кезбені,
безбүйректі ерітеді құшағы.
Әйелді мен құдірет деп айта алам.
Күш бар онда теңізіңді шайқаған.
Әйел, әйел, алғыс айтса,
мұз еріп,
күйген ағаш көктеп шығар қайтадан.
Сенбегендер бар қызықтан құр қалсын.
Құр қалсын да аласұрып жындансын.
Әйел, әйел қарғамасын, –
қарғаса
қара тас боп қатып қалар кім болсын.
Сапында ол барлық ғажап жеңістің
Сапында ол барлық ғажап ер істің.
Ол күрсінсе –
өртке оранып дүние,
ол жыласа –
топан басар жер үстін.
Жоламасын саған енді қараңғы ғой.
Әйел деген қорғаның ғой, қамал ғой.
Әйел деген қызың және жан-жарың,
әйел деген қарындасын, анаң ғой.
Әйелді сен әйел ғой деп қызба тым.
Бұл сөзіңде қатып қалған мұз жатыр.
Нәп-нәзік-ақ сол әйелдің бойында
біз білмейтін құпия бір күш жатыр.
Айтқызбаңдар, сондықтан да қарғысын,
айтқызыңдар, айтқызыңдар алғысын.
Құпия бір күш бар оның бойында
махаббат деп аталады ол күшің.
Жүрмейді ол ерекше бір сый аңсап,
жүрмейді ол ерекше бір күй аңсап.
Бұл тіршілік болар еді-ау басқаша
оны біздер әйел құсап сүйе алсақ.
ҰЛТТЫҚ КИІМ
Кеңістік пен далаға шөлдегенде,
елең ете түсеміз сен дегенде...
Сыпырылған қарт тарих иығынан
тұрсың ғой сен музей мен көрмелерде.
Киіп сені жүз толқып,
жүз теңселіп
талай-талай сайысқа түскен сері.
Киетұғын болған соң дала адамы
даладай ғып молынан пішкен сені.
Кең етегің жатады телегей боп,
жабыспайсың денеге
денедей боп.
Сондықтан да кетеді,
сені кисе,
шынашақтай адам да төбедей боп!
СЕМСЕР
Нұры сіңіп қалған сынды арайдың
сәуле шашып жарқ-жұрқ еткен семсерге
қараймын кеп, қараймын.
Әрі сұсты, әрі ғажап сымбатты-ақ
Осынау бір сүйегі асыл семсерді
соқса керек жұмбақтап.
Халқым менің қапа болған тарлықтан
ақ арманын қосып соққан семсерге.
сұлу ғой ол сондықтан.
Халқым менің мұң мен қайғы, зарды ұққан
батырлығын қосып соққан семсерге.
Айбарлы ғой сондықтан.
Халқым менің көз ашпаған қорлықтан
кек, намысын қосып соққан семсерге.
Өткірлігі сондықтан.
Халқым менің – зарлы дауысы қарлыққан –
ән мен күйін қосып соққан семсерге.
Оттылығы сондықтан.
Халқым менің сан бөлінген хандықтан
төзімін де қосып соққан семсерге.
Беріктігі сондықтан.
Халқым менің шаршап, талып, шалдыққан
ар, ожданын қосып соққан семсерге.
Тат баспауы сондықтан!
ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАН
Жігерленіп, құлшынып,
сеңді ме екен күшіне –
кетті аттанып бір жігіт
қап-қараңғы қатерлі
ғасырлардың ішіне.
Жалғыз тартып төте енді
сан ойларға батты ол.
Қап-қараңғы қатерлі
ғасырлардың ішіне
сіңіп бара жатты ол.
Шөлдеп, сусап шағылда
сапар шекті атанмен...
Бара жатқан жолында
ұзақ-ұзақ сырласып
көп отырды Шоқанмен.
Кетті бағзы заманға...
Асқар шың да – бір жағым,
шыңырау менің – бір жағым
кірмейсің деп кілтсіз
белгісіз бір қамалдар
жолын бөгеп тұрды оның.
Бері оралып,
шалдығып,
жүрді қанша арып-ақ...
Қайта кетті сол жігіт
архивтердің ішінен
алтын кілт тауып ап.
Алданып қап сағымға
өкінішті өткерді...
Бара жатқан жолында
кездестірді қаншама
хандар мен бектерді.
Түтеп, бұрқап, бораған
болды ішінде даулардың.
Жүрді сонсоң сол адам
көшелерін аралап
Отырар мен Сауранның.
Әрі кетті сол адам
асып тарих – сан белді...
Жерін, елін талаған
найза шаншып, жебе атқан
жер қайысқан қол көрді.
Қаншама ол ой кешті
кездесіп сан жандармен.
Тілге келіп сөйлесті
Қобыланды, Қамбармен.
Ой тапты жұрт табынар
түбін іздеп ғаламның...
Елді кезді тағы да
желмаясын жетектеп
Асан қайғы бабамның.
Тағы да ойға батты ол
тебірентіп толқытқан...
Қайтып келе жатты ол
аңыз біліп ғаламат
қобыз тыңдап Қорқыттан.
Сан тарихтың тегі мен
тереңіне қараған, –
бәрін әкеп еліне
ғасырларда қалды өзі
дала-сынды сол адам.
АҢЫЗ
Кең даламды кемітіп
дедің-ау сен: құла түз.
Тыңдатқызар елітіп
құла түзде тұнып тұр
аңыз, аңыз, мың аңыз.
Сан оқиға алмасып
жүрегіңді өртеген,
аңыздардың ордасы
әр бір сай мен әр төбем.
Құшақтасқан қос талды
көрсең егер алыстан, –
айтқан мұңлы дастанды
екі ғашық боп шығар
«О дүниеде» табысқан.
Шығып үйдің төріне
тыңдай бер тек жата қап
аңыз болып төгілер,
қапы кеткен ерлер мен
жапа шеккен махаббат.
Кезіккен бір қазақтың
шыға келер, сұрасаң,
арғы атасы ақын боп;
кезіккен бір қазақтың
шыға келер, сұрасаң,
арғы атасы батыр боп;
кезіккен бір қазақтың
шыға келер, сұрасаң,
арғы атасы шешен боп;
кезіккен бір қазақтың
шыға келер, сұрасаң,
арғы атасы көсем боп.
Анасынан сұраңыз,
баласынан сұраңыз,
бабасынан сұраңыз
шегі де жоқ, шеті жоқ
аңыз, аңыз, мың аңыз.
Жүрегіме қашалған
солардан мен жарықпын.
Аңызы көп қашаннан
арманы көп халықтың.
КІСЕН
Көрсем оны бір орнымда тұра алмай,
кетемін ғой қазір енді сынардай...
Музейде енді жатыр кісен шынжырлы
екі басты шұбатылған жыландай.
Шағамын да қатырам деп табанда,
ашқарақ бір ауызын ашып жалаңдап
екі басты темір жылан ысылдап
жүрген менің даламда.
Иретілген шынжырлардан жаралған,
шыға келіп қауіпті іннен, қамалдан
аттаттырмай қарға адым жер
сол жылан
ақиқаттың аяғына оралған.
Халқы менен даласы үшін ант етіп,
сөз алатын найзағайдай жарқ етіп
азаттықтың аяғына
сол жылан
оратылған сарт етіп.
Жатып-жатып үнсіз-түнсіз тыныстап,
кететұғын кенет шалқып құрыштап
кең даламның тұрмақ болған сол жылан
өлең-жырын,
ән мен күйін уыстап.
Шыдай алар қалай ғана ар бұған,
шыдай алар қалай ғана жан бұған.
Кең даламның арманы мен үмітін
оратылып шырмап тұрған сол жылан.
Ашқан қанша ашқарақ қос шеңберін,
өнер емес оған түскен өрнегім.
Махаббатқа еркіндікті аңсаған
салған барып қара темір шеңгелін.
Сылдыр етсе ол ұлы далам дір еткен,
шығармаған оны қапас, түнектен.
Қос аяқтан шаққан жылан уы енді
бір-ақ шыққан жүректен.
Бүгінде енді музей оның тұрағы.
Көрсем бірақ бар шыдамым сынады...
Сол заманды ойласам мен
жүректен
сол жыланның уы тамып тұрады.
КИІЗ ҮЙ
Содан, содан басталған
Сенің, менің арманым.
Киіз үйім –
аспаннан
үзіп алған қоңырауым.
Өткен қанша кесірден
мың өртенген,
мың гүлдеп.
Кең даламның төсінде
тұрған соңсоң күмбірлеп.
Алдау менен арбаудың
өрт-жалынын жасқаған...
Заман болған
қоңыраудың
тілін кесіп тастаған.
Тұрған үнсіз ашынып
енейін деп күшіме, –
сырын, жырын жасырып
бүгіп алып ішіне.
Тілге келіп жаушымен
шешіп қайта бар дауын,
домбыраның даусымен
сөйлеп кеткен қоңырауым.
Содан, содан басталған
сенің, менің арманым.
Киіз үйім –
аспаннан
үзіп алған қоңырауым.
Ішінде оның бұл күнде
тұрмасақ та біріміз,
сөз алатын күмбірлеп,
сол қоңыраудың тіліміз.
ШОҚАН
Ел аузында Шоқан біртіндеп әсер ететін
удан өлді деген күдік-болжам бар.
Болсын мейлі тұманы,
бұл сөзден сен үрікпе.
Ақиқаттан туады,
кейде болжам, күдік те!
Өзіңді өзің қамайсың,
табамын деп ілігін, –
әрігерек қарайсың,
болса ойыңда күдігің...
Мұны бірақ біліп қой,
дейді бір ой жанымда:
күдік аты күдік қой,
дәлелің жоқ қолыңда!
Күдік аты күдік қой,
болмаған соң дерегің.
Дейді сол ой: біліп қой –
дәлелің жоқ, дәлелің.
Сендіретін сені бір
дәлелім жоқ,
дегенмен
Шоқан бірақ бәрі бір,
удан өлді дер ем мен.
Сол бір қатер сапардың
жолын ойлап бүрлікті ой,
өз халқы үшін Шоқанның
күйінгені шындық қой.
Жүрегіңе батар мұң
жанды жесе бір ащы ой.
Өз халқы үшін Шоқанның
жылағаны рас қой.
Шоқан-жалын шарқ ұрып,
бәрін айтып ақтарған.
Қамын ойлап халқының,
дәл жүректен соққы алған.
Содан мұңға батқан ол
ішімде деп бар індет.
Төсек тартып жатқан ол,
запыран у жанын жеп.
Қалай тұрсын құламай...
бәрінен де суыған.
Шоқан өлген
шыдамай
Қасіреттің уынан!
ҚҰРЫҚ
Қара тасты тозаң ғып,
бір-ақ ырғып кермеден,
жүрген небір асаулық
күнге қарап кісінеп,
жарысатын желменен.
Ұшқанда кеп ағылып,
қамалды етер талқан қып,
жатқан онда тағылық,
тәкәппарлық, тарпандық.
Екі көзден жас парлап,
жол бермеген тасқынға...
Екпінінен үлгермей,
ұша алмастан қасқалдақ,
қалған тұяқ астында.
Кетер көзді қарып-ақ,
сол тәкәппар, тарпаңдық...
Жүрер жігіт жанып-ақ,
текті асаудың жалынан
бір ұстауды арман ғып.
Қазақ, қазақ бола ма
жүйрік көріп жанбаса!
қазақ, қазақ бола ма
ауыздықтап асауды,
ерттеп мініп алмаса!
Кім дәметпес үміттен
белгілі ғой бұл ұғым
Шыққан сонсоң жігіттер
қолына алып құрығын.
Сол сұлулық сиқырлап,
шоқ тастаған жанына.
Сонан кейін жан-жақтан
түсіп берген қиқулап
текті асудың соңына.
Ұшқан асау шын қызған,
ырғып өтіп кермеден,
құйрықты бір жұлдыздай,
аққан екен жерменен...
Айлакерлік тығылып,
алдан шығып қайырған.
Ақырында құрығы
түскен іліп мойыннан.
Асау сонда бұлқынып,
қарулы қол басқанда,
кісінеп кеп ұмтылып,
атылған ғой аспанға.
Бұғау салып тезінен,
байлап, матап қинаған...
...Кеңістіктің өзіне
асаулығым симаған.
ДОМБЫРА
Саздар іздеп жұлдыз, бұлақ, қайыңнан,
аспандағы құстың даусын қайырған,
төзімді илеп,
сезіміңді үгетін
толғақ жатыр домбыраның бойында.
Толғақ жатыр –
толқытатын дананы,
толғақ жатыр –
толқытатын даланы.
Құрсағындай аяғы ауыр ананың
шермиіп тұр оның қара шанағы.
Мұң шыққанда қайғылыдан, зарлыдан,
жыр шыққанда ождандыдан арлыдан,
тыңдап бәрін
саздарына тірліктің
жүкті болған менің қара домбырам.
Дірілдесе –
суық ойдан тоңғаны,
күбірлесе –
қанатының талғаны,
осылайша күліп, қайта жылаған
басталады оның енді толғағы.
Жаныңды жеп,
өн бойыңды аралап,
қан тасытып,
жүрегіңді жаралап,
толғақ қысқан менің қара домбырам
ақырында үн туады ғаламат.
Үн туады ол,
үн туады безілдеп,
сөз слкінтіп,
ой тұтатар көзінде.
Үн туады ол,
үн туады безілдеп
әрең шыдап тұрар сабыр, төзім де.
Жұлдыз тамып,
өткірленер орақ ай.
Үн шалқиды ештеңеге қарамай.
Бітер сонсоң,
жатар сұлық домбырам
жаңа ғана босанған бір анадай!
ЗЕРГЕР
Алқа жатыр алдымда,
бір ысытып,
бір маздатып тондырған –
сенбейтұғын адам соқты дегенге
алқа жатыр алдымда.
Жатыр онда –
кемеңгерлік, кемелдік,
жатыр онда –
түпсіз шыңырау, тереңдік.
Жатыр онда –
біз білмейтін ақындық,
жатыр онда –
біз білмейтін шеберлік.
Осы болар шеберлікке шежірем.
Қараймын да құдіретті сезінем.
Жасаған деп білем мұны сол зергер
табиғаттың,
табиғаттың өзінен.
Сол бір зергер
қиын болған дәурені –
жасаған ғой мына ғажап еңбегін
жапырақтың арасынан төгілген
ұзын-ұзын сымдарынан сәуленің.
Жатыр онда сиқыр сұлу тұнығым,
жатыр онда жұмбағы көп мың ұғым.
Сол бір зергер алған екен көшіріп
көбелектің қанатының дірілін.
Шеберлігі жұртты есінен тандырған
сол зергерім көзін қанша талдырған
алқаға енді жапырақтың ұшында
мөлтілдеген шықты әкеліп қондырған.
Көтеретін шеберліктің туы ғып,
жатыр алқа көз жауын ап құбылып.
Шұғыланың қылдай нәзік бір талын
сол бір зергер алса керек суырып.
Рух тапқан бояу менен реңнен
сол зергерім керек кезде білем мен
қап-қараңғы қара түндей алмазға
жалт-жұлт еткен нұр сіңіріп жіберген.
Көрген жанды тереңіне тартады.
Неткен нәзік – қыз демінің бар табы.
Ақша бұлттың мамығымен зергерім
сүртсе керек алқаны.
Қарадың да сен де, міне, дір еттің,
жатыр онда үміт оты тілектің...
Сол алқаны соқса керек зергерім
үстіне сап лүпілдеген жүректің.
ЖЫРАУ
Түсінбес оны тыңдап,
қарамаған!
Сездермен өткен күнді аралаған
от бүркіп,
жалын шарпып,
көз алдымда
қып-қызыл өртке айналып барады адам.
Бір сөздер бір сөздерді ала қашып,
бір сөздер бір сөздермен араласып,
бір сөздер топан екпін арасында
барады найзағай боп жағаласып.
Аспаннан атқылатып отты бұршақ
кенеттен шыға келер ақ күн ұстап.
Үстіне темір сауыт киген сөздер
айқасып шақұр-шұқыр жатты бір сәт.
Сан пікір,
сан ойлардың құлпын ашып,
сөздер-ай, жатқан мына жұлқыласып.
Келіспей,
кенет қайта табысады
бір сөздер бір сөздермен шұрқырасып.
Бір сөздің, өртеп мені күн аптабы,
бір сөздің жылағаны шыдатпады.
Барады жүректі илеп
тұлпар сөздің,
сатырлап түсіп жатқан тұяқтары.
Сөздердің, алай-дүлей құйынына
ілесіп,
тарттым дала қиырына.
Көтеріп кетті мені палуан сөз
салып ап долы қуат иығына!
Шыдамай мына алапат жыр-дауылға
ойлардың оратылдым шырмауына.
Сонан соң түпсіз терең жеткізбейтін
сөздердің түсіп кеттім шыңырауына.
Түсінбес оны тыңдап,
қарамаған!
Сөздермен өткен күнді аралаған
от бүркіп, жалын шарпып
көз алдымда
қып-қызыл өртке айналып барады адам!
АЙТЫС
Қоймаған соң қолқалап,
сөзден жасын ататын
шыға келген ортаға
екі жақтан екі ақын.
Қаhарланып, толғанып,
күліп,
бірде күйінген,
қыран құстай қомданып
бір-біріне шүйілген.
Әрі-бері байқасып
іштен іліп шала алмай,
сөздер жатқан шайқасып
бірін бірі ала алмай.
Алқалы топ бірігіп
көрсеткенде қошемет,
құтырынып, құбылып
төккен ақын еселеп.
Жеп қоярдай жұтынып
ұмтылғанда арсыз сөз,
тауып кетіп ұтырын
сойып салған қамшы сөз.
Әжуа сөз шыдатпай
кеткен кезде күлкі етіп,
айлалы сөз бірақ та
шығып кеткен бұлт етіп.
Жұрттан сұрап шен-шекпен,
кеткен сөзді ұсақтап
кекесін сөз сол сәтте
іліп түскен пышаққа!
Бір тапқыр сөз әзілдің
күлкісімен
шіренген
содыр, оғаш сөзіңнің
белін үзіп жіберген.
Қалған бірі бүк түсіп
жан далбаса алысып –
жүрегіне
қып-қызыл
сөздің шоғы жабысып.
Ашу сөзді қатырып,
ұтымды сөз тосқан ғой.
Мақтаншақ сөз қапылып
масқара боп қашқан ғой...
Мың құбылып жайтастай
салған талай азапқа, –
айтыс деген
шайқастан
кем болмаған қазаққа!
КҮРЕС
Бір-біріне шүйлігіп
жарқ-жүрқ етіп әзіл де,
тойдың әбден ширығып
қызып түрған кезінде,
қалғандай бір үлестен
атын сабап қамшылап,
басталады күрес деп
жеткен шауып жаршылар.
Жанған оттан сан көзде
намыс болып тұтанып,
көтерілген сол кезде
екі жақтан екі алып.
Кеткен шулап шартарап
жарылуға аз қалып...
Жүрген сонсоң ортада
екі төбе қозғалып.
Қалған олар ұстасып
бірін-бірі белден ап,
буырқанып күш тасып
лақтырардай толғап ап.
Айқасқан қол қақпандай,
тұруын-ай тіресіп,
адам емес
жатқандай
екі төбе күресіп.
Түтігіп бір өңдері
шығып кеткен еріктен,
арсы-гүрсі демдері
уhілеген көріктей.
Дәл астынан табанның
будақ-будақ шаң ұшып,
салмағынан олардың
жер де кеткен қайысып.
Долы қуат күштің де
қайнап шығып жай тасы,
болған далам үстінде
палуандар айқасы! –
бір төбе мен бір төбе
соқтығысып жатқандай,
бір төбе мен бір төбе
лақтырысып жатқандай.
Әрі-бері сілке кеп
дүлей күштің оты еніп,
бір төбені бір төбе
бара жатқан көтеріп...
...Батам қазір сан ойға
деме мүны ретсіз:
халқым менің қалай да
тұра алмаған күрессіз.
Күрес десе жерім де
ағынан бір жарылып —
кемпір, шал да, келін де
жеткен оған ағылып.
Күрес десе талпынып
нәресте де ілескен, —
қайтсін, халық тағдыры
тұрғаннан соң күрестен.
ХАЛЫҚ ӘНІ
Темірді илеп,
талқан етер тасты да
көтеріліп шырқап кетсе тасқын ән, –
құдіретті ұлы ағыстың сарыны
естіледі ғасырлардың астынан.
Бірде шалқып,
енді бірде тұншығып,
ашылғанда біз білмейтін тылсымы,
естіледі ғасырлардың астынан,
аққулардың қанатының сусылы.
Жан жылатар –
көзіне жас іркілсе –
қара жерді толқытады сілкінсе.
Кетеді ғой қарс айырылып жүрегің
көкірегі қарс айырылып күрсінсе.
Әуен шықса назаланған, кектенген
мұңын шағып дірілдейді шектер де,
өртенеді өне бойың, өзегің
күйіп тұрған лебі шарпып өткенде.
Соның сыры –
жүрегіңде сыр тұнса,
соның жыры –
жүрегіңде жыр тұнса...
Көбіктеніп бара жатар көк теңіз
сол әндегі ашу-ыза бұлқынса.
Халық мұңы,
халық зары, шерінен
қақырып бір қабырғаң да сөгілер.
Жасыл ағаш бара жатар сарғайып,
сол әндегі сағыныштың демінен.
Құдірет бұл –
күйіп бірде тоңамын,
бірде қаңсып,
енді бірде толамын.
Қара аспаннан ағып түсер бір жұлдыз
махаббат боп жыласа егер сол әнім.
Халық әнін естігенде
бүгіліп
отырған да шыға келер түрініп.
Халық әнін естігенде
денеңе
жібересің найзағайды сіңіріп.
Онсыз қурап біттім дей бер, сарқылдым.
Қалмас оты өн бойында жарқылдың.
Халық әні –
намыс, тілек, мұңы мен
арман, үміт, көз жасы ғой халқыңның.
Өн бойыңда, өн бойыңда от болса,
тыңда соны
соңғы күнің батқанша.
Арман, үміт,
намыс та жоқ сенде онда
жүрегіңде халық әні жоқ болса!
БӘЙГЕ
Жерді тарпып, бүлініп,
екі көзі шоқтанып,
шыққан кезде мәреден
жұлдыз құсап жұлынып
құс қанатты аттарым.
Қиқу, айқай,
не түрлі
ызу-қию алға асып,
кеткен сонда нөпірлі
кең даланы сел басып.
Шетсіз-шексіз атырап
қалған шаңға көміліп,
дүбірлеген тұяқтан
бара жатқан
қақырап
қара жер де сөгіліп.
Жылдамдықтың ырғағын
бір-бірінен жұлып ап,
аққан сол бір жүйріктер
созып иір сұңғағын
құлақтарын жымып ап.
Қас жүйріктер шебінен
ашылған ғой ара жік...
сонсоң бірі
бәрінен
бара жатқан қара үзіп.
Сол бір жүйрік бұлтылдап
жұлдыз болып аққан ғой.
Қабырғаның астынан
қанат өсіп,
пыр-пырлап
ұшып бара жатқан ғой.
Шаңын қағып даланың
аққан жүйрік аспандап, –
алдан соққан дауылдан
үстіндегі баланың
жанарынан жас парлап.
Аққан жүйрік
қамшыдан
өне бойы тітіреп,
мөлтеңдеген тамшылар
денесінен сіркіреп.
Жебе құсап атылып
белден асып жөнеген.
Өзгелерден қара үзіп
сол бір жүйрік ақыры
бір-ақ шыққан сөреден.
Мақтапнетер елі боп
ілінген ол ауызға.
Бірте-бірте сол жүйрік
тендесі жоқ, теңі жоқ
айналған ғой аңызға.
Тыңдап оны, мен елтіп
қиялыммен құйғыдым.
Өткен халқым өлең қып
мақтан етіп жүйрігін.
Қуат берер тіріге
қуаты бар жарқылдың
жүйрік деген —
үні мен
рухы ғой халқымның.
ЗАТАЕВИЧ
Қарамастан желіне де заманның,
шарлап кезіп тау мен тасын даламның
арып-ашып,
шаршап-талып шалдығып
ән іздеген, ән іздеген адам бұл.
Ән іздеген күнімен де, түнімен,
даламның әр үнінен де, гүлінен.
Ән іздеген, ән іздеген адам бұл
жүректердің түкпірінен, түбінен.
Әндер іздеп жүрген жалғыз-жападан,
әндер іздеп үйге кірген жатаған.
Еттен өтіп сүйегіңе жететін
әндер іздеп жүрген қыста қақаған.
Қарамастан аяз, боран – бәріне –
жеткеннен соң жететұғын жеріне,
отырған ол сексеуілдің шоғындай
қыздырынып қазағымның әніне!
Нәр татпастан тәулік бойы бір үзім,
шөліркеген аптабымда күн ұзын.
Жұтқан сонсоң жүрегімен сіміріп
сол әндердің бұрқыраған қымызын.
Неткен берік санасы мен санаты.
Неткен ыстық,
неткен ыстық жан оты.
Қалған кезде жүре алмастан
көтеріп
кеткен оны әндерімнің қанаты.
Мың құбылтып қуанышым, мұң-зарым,
тартқан оны мың әуен мен мың сарын.
Назаланып күйінгенде
ап-ащы
иіскеген әндерімнің жусанын.
Тағы бір саз кеткен кезде жұлқылап,
оның сонда жан-жүрегі шырқырап,–
қағазына салып алған
әндердің
жапырағын ұшып жатқан бұрқырап.
Әнді тапқан –
ұя салған жанарға,
әнді тапқан –
ұя салған заманға.
Сол бір адам дәруіш боп, кезбе боп
ән арқалап жүрген менің даламда.
ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР
...Семсер боп намыс — табанда, –
жүректі кетер тіліп бір —
айқасып аттың үстінде
біреуі бірін ала алмай
ұстасып екі жігіт тұр.
Құшақтар қалған қарысып,
мың жанып үміт, мың сөніп...
Сіңеді жерге шашадан
аттардың белі қайысып
дірілдеп тізе, тірсегі.
Біреуі кенет ақырып
сыртына теуіп айбаты,
жұлып ап аттың үстінен
кетер-ау сонсоң ақыры,
біреуін құмға аунатып.
...Сыңғырлап шолпы, күлкісі
атына қонар қалқа да.
Желбіреп желмен үкісі
басталар сонсоң қыз қуу
құйғытып шыққан ортаға.
«Кетіп ең жанды жаралап
сыбағаңды енді алшы деп»,
өжет қыз жүндей сабалап
жігіттің тілер арқасын
қорғасын өзек қамшымен...
...Жаршы кеп жұртты құбыл қып
дабырды соғып-қаққанда,
даланы мынау дүбір ғып
басталып кетер сол кезде
додалы нөпір көкпар да.
Жалыны шарпыр бетіңді
долданып, бұрқап шарпысқан, —
Үзіліп кетер секілді
жұлыны алып даланың
аламан сол бір тартыстан.
...Тірлікті мына түсін деп,
отына салар тозақтың —
жатпайтын аяп, мүсіркеп
өмірдей ащы, қатал-ау
ойыны да қазақтың.
ТАЗША БАЛА
Көне алмаған өктемдікке, жалаға,
көне алмаған қараулыққа, қараға
жатқан қанша тапқырлық пен оттылық
шынашақтай осы Тазша балада.
Жерлерде де жан беретін жан алып
саспаған ол тығырыққа қамалып —
қой соңында жүрген құйттай ғаламат,
қой соңында жүрген құйттай даналық.
Жалын жатыр,
шыдай алмай қысымға,
шыққан сөздің астары мен тысында.
...Тұрған қанша көз тігем деп алысқа ол
жалаңаяқ тебен ине ұшында...
Күйін кешіп жүрсе-дағы ғаріптің,
кететұғын ісін істеп алыптың —
ойлап өткен ел қамы мен жер қамын
Тазша бала — баласы ғой халықтың.
Көзге түссе —
көрсөқырдың әздігі,
көзге түссе —
бейшараның ездігі,
тіліп түсер Тазша бала
елімнің,
болған екен алтын сапты кездігі.
Арқасында — торсығы мен дорбасы,
жалғыз өзі —
болмаған дос, жолдасы..!
Оның бірақ жалғыз ауыз сөзінен
ойран болған озбырлықтың ордасы.
Өне бойын өрттей буып қысқанда ой
ауызынан сөздер құс боп ұшқан ғой.
Жаңа жауған аппақ қардай хан қызын
шоқпыт киген сол Тазшамыз құшқан ғой.
Қанға сіңген —
ол жайлы ертек ертеден.
Көтерілер Тазша десе мәртебең.
Тақта отырған талайларды ол
ақ жалын
өтіріктің шындығымен өртеген!
Ұлы далам таланып та, қаналып,
жатқан одан дария боп қан ағып...
Сондай кезде елін аман ап шыққан
таз кепешті, шоқпыт киген даналық!
ЖҰТ
Аузы бітіп қантөгісті жараның
енді-енді ес жиғанда алабым
ашқарақ көз, жезтырнақты жұт келіп
ашқан екен кең далама аранын.
Талқан қылып қарсы қойған айлаңды,
өлексеге толтырып бар сайларды
жұтқан келіп үйір-үйір жылқы мен
қора-қора қойларды.
Күндер туған –
түннен бетер түнерген,
күндер туған –
көзін сатып тіленген,
жұтқаннан соң,
жұтқаннан соң жұт келіп
қалдырмастан бір тұяқ та тігерге.
Зеңгі бабаң зым-зия боп қыр жақта,
Ойсылқараң жоқ болған ғой құм жақта,
Шопан атаң қаңғып кеткен бір жаққа,
Қамбар атаң маңып кеткен бір жаққа.
Мал біткенді қырып салып қолдағы,
кеткеннен соң жалап-жұқтап қамбаны –
қаншама үйдің керегесі қақырап,
ортасына бір-ақ түскен шаңырағы.
Өлексеге толтырса да даланы,
тоймаған ғой бірақ оның араны.
Жұтқан келіп – мал біткен соң –
аштық боп
адамдарды – ана менен баланы...
Бүкіл мына кең даламды жайлаған
жұтқан келіп,
жұтқан келіп,
тоймаған!
...Жұттың өткен жұртындағы «сарқытты»
қарақұстар бір жыл бойы тойлаған.
Қайғы менен қасіреттің шегі жоқ,
далам сонда қалған екен өлі боп.
Көктем келген –
өрісінде малы жоқ,
көктем келген –
көгенінде төлі жоқ.
Тұра алмастан бүтін болып бірлесіп,
жұрт кеткен ғой қайыршылық күн кешіп.
Онсыздағы бірлігі аздау елімнің
қақ бөлінген кенересі, іргесі.
Жалмап жұтқан –
аштық ашқан аранын,
ілбіп көшкен –
босқын болған алабым.
Қаңғып жүріп жуа теріп күн ұзын,
қорек еткен су тамырын қоғаның.
Жұт жүрген ғой осылай бір құтырып,
жолдағының бәрін жалмап сыпырып...
Кететіндей кездер туған сол жұтқа
алып далам түгелімен жұтылып.
АЛДАР КӨСЕ
Бағытқа сап мың түрлі,
айқын жолын сағым ғып,
адастырды жұртымды
сұмдығы көп залымдық.
Бейнеге еніп сан түрлі
құрған болып кісілік,
айлакерлік
халқымды
кетті атынан түсіріп.
Өрге емес,
ойпаңға
жіберген ғой бұрып-ақ,
әзәзіл жын-шайтандар
желкесіне мініп ап.
Біле алмастан қайтерін
құрғақ сөзге малданып,
халқым менің,
әйтеуір,
қала берген алданып.
...Кететұғын зарлатып
сұмдығы көп жандарды
туған сонсоң толғатып
елдің өзі Алдарды.
Жатпастан-ақ жар салып
бәрін-бәрін ұққан ол,
таусылмайтын ән салып
шайтан мініп шыққан ол.
Жанын жеген зор қайғы
Сонсоң сөзбен құрықтап,
шешіндіріп даңғойды
зар қақтырған суықта.
Қара суды сапырып
отыратын қуырылып,
сараңдыққа ақыры
жегізген ол туырлық.
Кек, намысы қайнаған
қайтарам деп есемді, —
алдына сап айдаған
әулекі мен есерді.
Үрейін ап міскіннің,
сонан кейін күліп ап,
мақтаншақты,
мысқылдын,
істігіне іліп ап —
құйындатып күн-түні
жүрген сөзді қыздырып;
тоғышарды
күлкінің,
қазанына шыжғырып.
Ажал келіп төнгенде
халқы болған қамы оның.
Өктемдікті көргенде
өртенген ғой жаны оның.
Ел қайғысын білген де
жанын жасқа бұлаған —
жылап жүріп күлген де,
күліп жүріп жылаған!
КЕРУЕНДЕР
Хабар тартып қиырлардан, ғаламнан,
хабар тартып кенттер мен қамалдан
керуендер келіп жатқан далама,
керуендер кетіп жатқан даламнан.
Өртеніп бір жатқан аптап жалынға,
маң-маң басып құмдауыт жон, шағылда
иір мойын түйелердің ітзбегі
шығып келе жатқан мұнар сағымнан,
сіңіп бара жатқан мұнар сағымға.
Кезген олар, кезген олар даламды
жалғастырып заман менен заманды.
далам менің тоналып қап оларға,
қаншама рет тонап алған оларды.
Жаугершілік қиын-қатер шақтарда,
шыға алмастан құрсаулы қол қақпаннан
куәсі жоқ құм ішінде таланып
қаншасы оның ізсіз-түзсіз жоқ болған.
Жеткен бірі күткен көзді талдырып,
кеткен бірі таңдарымды таңға ұрып.
Жақсылықтың теңін ашса біреуі,
жамандықтың теңін ашқан ал бірі.
Сахараға бірі тартса кірені,
шаhар болған ал бірінің тілегі.
Баттутаны алып келсе біреуі,
Фарабиді алып кеткен біреуі.
Кеткен бірі бүкіл елді жер қылып,
жеткен бірі суық хабар төндіріп.
Жаққан келіп жарығымды біреуі,
кеткен бірі жарығымды сөндіріп.
Хабар тартып –
қиырлардан, ғаламнан,
хабар тартып –
кенттер мен қамалдан,
керуендер келіп жатқан далама,
керуендер кетіп жатқан даламнан...
P.S. Қазір енді қарасам мен жыраққа,
Үні келер сол заманның құлаққа.
Шөгіп жатқан керуендер секілді
даламдағы мына жота, қыраттар.
Солар мені өткен күнмен тұр жалғап.
...Жетсе егер де сол заманнан жыр самғап
қыраттарым тұрып келе жатады
қопарылып денесінен құм саулап...
БАРЫМТА
Шын сөзі біреулердің жалған шығып,
бір сөзі біреулердің алдан шығып
күйдіріп бара жатқан бүкіл елді
қызыл көз, қызыл өңеш даулар шығып.
Біреуі бір кездегі жерін даулап,
біреуі бір кездегі кегін даулап.
біреулер кеткен тіпті туысынан
атының бірер күнгі терін даулап.
Болған ғой бұлақ та дау, суат та дау,
далада өсіп тұрған құрақ та дау.
Бір дауды бір дау келіп киіп кетіп
басталған сөзге келіп, тұрақтамау.
Бүгіні ертеңіммен жалғанбаған
адамдар болған даудан арланбаған!
Қызыл көз, қызыл өңеш құтырынған
өртеніп бара жатқан даудан далам.
Осылай тыныш өтпей бір күні де
дау-шаралар айналған ғой тірлігіне.
Найза мен сойыл алып ақырында
аттанған қандас екі ел бір-бріне.
Қағысып сатыр-сұтыр қалың жарақ,
жалыны өшпендіктің жанын жалап,
кеткен ғой жанын байлап, малын айдап
бір-бірін барымталап – барын талап.
Сыйламай ел есігін, ер есімін
көрімін көрсеткен ғой көресінің.
Жиенін ат үстінде найзаға іліп,
сойылмен басын жарған бөлесінің.
Қарамай шал сауан мен пақырына,
қарамай туысына, жақынына
тегі бір қанаттас ел бір-бірінің
намысын бір-ақ басқан тақымына.
Бір-бірін жаныштаған, күйреткен ғой,
ақылын арсыздыққа билеткен ғой.
Қамшының астына алып ар-ожданды,
сенімді шылбыр салып сүйреткен ғой.
Біреуі біреуіне ібіліс боп,
жалғыз сөз бір дуанға дүбіліс боп,
дау-шардан, барымтадан
алып далам
тарылып бара жатқан бір уыс боп...
МЕШКЕЙЛЕР ЖАРЫСЫ
Бірін бірі қайрасқан
есік алды топ-тобыр...
Төр үстіне жайғасқан
үйдей болып екі обыр.
Танаулары шелектей,
еріндері көнектей,
алдына сап өңгерген
қарындары сенектей!
Бір-біріне қарап ап
үнсіз тынып жұрт отыр.
төр алдында алапат
екі қара бұлт отыр.
Жалмауыздық бұл қандай!
Мешкейлік бұл не деген!
Жаңбыр жауып тұрғандай
тер шүмектеп денеден.
Қос қолымен сыпырып
өңешіне қылғытқан –
жоқ болады жұтылып
білем-білем құйрықтар.
Жұтып жатыр алқалап
бірте-бірте ауырлап.
Алдындағы табаққа
тер ағады сауылдап.
Уақыт жоқ тіпті енді
сүртуге де беттерін,
әп-сәтінде бітті енді
табақ-табақ еттерің.
Кеткеннен соң табақты ап
бір-бірімен арбасып,
жоқ етті енді сораптап
қос қазанның сорпасын.
Көрсетсем де ірілік
кеткендей-ақ өштері,
ішіп жатты сіміріп
қымызды енді местегі.
Тер шұбырып самайдан
әй келіп бір жарысты, –
тірі тұрсам қалай да
бермеймін деп намысты.
Демеді ешкім: жетеді!
Тоқтатпады жабылып.
...Өліп кетті екеуі
екі жерде жарылып..
КӨШТЕР
Өртеп күні қақтаған
күңірентіп даланы,
азаматын жоқтаған
көштер өткен қаралы!
Түбіт шаңы түтіліп,
қайта жанған өшкенім! –
шыққан кезде үкілі
сән-салтанат көштерім.
Жүрген деме қаңғырып
кең даламда көсілген.
Өткен халқым тағдыры
көшу, көшу, көшумен.
Көшіп жүріп керісіп,
көшіп жүріп табысқам,
көшіп жүріп келісіп,
көшіп жүріп соғысқам!
Көшіп жүріп сөгіліп,
көшіп жүріп өлгенмін,
көшіп жүріп жеңіліп,
көшіп жүріп жеңгенмін.
Уын ішіп заманның
жатқам қанша қуарып –
қалған кезде даламның
көштерінің жүгі ауып.
Тар қыспақта қалған соң
қалың ойға батқанмын.
тәуекел деп сонан соң
көшіп бара жатқанмын.
Көріп құрсау кезеңін
қанша азапты кешкенмін.
Қақ айырылып өзегім
ата жұрттан көшкенмін.
Өртке оранып шалғыным
жолым қанша кесілген –
өткеннен соң тағдырым
көшу, көшу, көшумен.
Жатып қиыр, жырақта
құр қап қала, қамалдан
көшкем, көшкем,
бірақ та
көшпей қалғам Даламнан.
НАУРЫЗ СУРЕТТЕРІ
Бір-бірімен табысып
ойдым-ойдым мұз-қарда,
жатыр енді алысып
шуақ пенен ызғар да!
Нұры сіңіп етіңе
шымырласа күншуақ,
көлеңке жақ бетіңнен
қайта-қайта шымшылап!
Әлденеге кіртиіп
ауыр ағар бұлағың.
Бара жатыр ілмиіп
жіңішкеріп жуаның.
Деміккен бір тыныспен
бар айнала үздігіп,
дір-дір етіп жіңішкең
кеткелі тұр үзіліп.
Талып бір үн жетеді
тыңдап, қане, құлақ түр —
сіреу қардың етегі
ебіл-дебіл жылап тұр.
Дөңес біткен бүкшиіп
әлденені тұр аңсап.
Қөлеңке жақ түксиіп
сәуле сүзер шуақ жақ!
Аппақ сәуле, от-сепкен
дүниені қуандыр,—
дегеніңше әп-сәтте
мұнар басар буалдыр.
Сол бір көктен мұнартқан
сығалайды күн шығып,
жерді түртіп шуақта
қылтияды тіршілік.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
МАШИНА БАУЫРЫНДАҒЫ ҰЯ
Көктем. Көктем.
Жалт-жұлт еткен нұр қандай?!
Нұрды біреу шашып алып тұрғандай...
...Ұя сапты қалған ашық гаражда
машинаның буырына бір торғай.
Дауа бар ма –
тіршіліктің ісіне?!
Дауа бар ма –
табиғаттың күшіне?! –
үш балапан шыға келді үрпиіп
ұядағы үш жұмыртқа ішінен.
Көз алдымда ұлы ғасыр күркірі,
Көз алдымда –
тіршіліктің шыр-пыры.
Қайдан білсін,
Қайдан білсін сол торғай
машинаның қозғаларын бір күні.
Бұл уақыт бір ұяға қарай ма.
Машинаға жүру керек қалай да!
...Шофер жігіт, машинаңда ұя бар,
абайла енді, абайла!
Елеместен жолдың аппақ, шаңын да
безілдейді түскен-сыңды жалынға –
үш балапан машинаның төсінде,
ана торғай машинаның соңында.
Көріп соны жас тұнады көзіңде,
үзіліп-ақ кетер ме екен төзім де.
Жаны қалмай машинаның соңында
бара жатыр ана торғай безілдеп.
Көмейіңе тас тығылып, тұншығып,
кетесің ғой мың бүгіліп,
мың сынып, –
шыр-шыр етіп,
шыр-шыр етіп барады
машинаның бауырында тіршілік!
КӨКТЕМГІ АРНАУ
(ұйқассыз өлең)
Сен жүрсін деп
жапырақтардың арасынан төгілген
жинап алып айдың аппақ жарығын
көк шалғынға соқпақ етіп төседім;
тыңдасын деп өзіңді
осы көктемде шығарған
жазып алдым тырналардың жаңа әнін;
шомылсын деп өзіңді
кемелермен толқындарын тегістеп
сүртіп алдым ақ бұлтпен көл бетін;
сені тыңдап жатсын деп
іліп қойдым терезеңнің алдына
жаңбырларын көктемнің.
АҚЫН ЖҮРЕГІНДЕГІ ЖАРЫЛЫС
Жұмекен Нәжімеденовке
Жарылды ақын жүрегі –
осынау ұлы заманға
жандарды көріп дақ салған, –
адамды айдап адамға
араға бүлік от салған;
қап-қара бұлттай түйіліп
не істерін білмей бұзыққа;
өртеніп жаны күйініп
пысықай менен пысыққа;
өмірем қап та өл дейтін
қызғаныш көріп жылады-ай!
Жанының жасын көрмейтін
безбүйректерге шыдамай
жарылды ақын жүрегі.
Жарылды жүрек!
Ғаламат
демімен бізді шарпыды.
Даламды кетті аралап
бұрқ еткен бұрқақ солқылы.
Бір аунап түсті сол кезде
Қошалақ құмның қырқасы,
домалап кетті сол кезде
Алатау-шыңның бір тасы.
Солқылдан сол бір қуатты
теңселіп кетті жамиғат.
Солқылдан сол бір қуатты
теңселіп кетті табиғат.
Сол солқыл бір сәт күшке енді
қуатын жиып даланың,
күркесі құлап түсті енді
өтірік, өсек, жаланың!..
Өтпек боп босқа жасымай
болды ма әлде тілеуі –
бұрқ етіп кенет осылай
жарылды ақын жүрегі.
Осынау ұлы заманға
дақ салар жандар бар әлі.
Адамды айдап адамға
от салар жандар бар әлі.
Түбіне соның жетерміз
деуменен біздер сабылып
күресіп енді өтерміз
кеткенше жүрек жарылып!
КҮЛКІ КҮНІНДЕ
Күлкі күні кім күлкісін іркіген
бірі түбіт,
бірі түрпі кірпіден.
Сықылықтап,
шықылықтап,
қарқылдап
қаптап кетті күлкі, күлкі, күлкілер.
Күлкі деген мұншама өзі көп пе еді –
бірі қурап,
мыңы қайта көктеді.
Күліп жатты –
үйлер менен көшелер,
күліп жатты –
газеттердің беттері.
Бір күлкі тұр мәймөңкелеп,
жалынып,
сөніп қапты бір күлкінің жалыны.
Ду күлкіден теледидар бейне бір
кеткендей-ақ болды дейсің жарылып.
Бір күлкіден өлердей боп ышқынған
аман қалды ұстап біреу ұстыннан.
Шиедей боп әжуадан аңқаулық
мұрттай ұшып түсті біреу мысқылдан.
Бір күлкілер атылуға оқталып,
ал бір күлкі сұлап түсті соққы алып.
Қақтығысып Қалтай күлкі арсызбен,
жатты сол күні, Несин күлкі сотталып!
Қозғайтұғын бергі менен арғыны
қаптап кетті жұрттың мынау қалжыңы.
Күлемін деп Алдар көсе аш қалып,
қолды болды Қожанасыр қоржыны.
Дейді ме екен қайтармай-ақ өтеуін
бұл өмірден тек күліп-ақ өтемін –
мүлде ұмытып кетті дейсің біреулер
күлкінің де шет-шегі бар екенін.
Күлкі-залым –
Кез келді оны сезінер –
күлгендердің ие болмай өзіне
дем жеткізбей түйілдіріп ішегін,
сорғалатып жас ағызды көзінен.
СОҒЫСҚА БАРЫП ҚАЙТҚАН ДОМБЫРА
Елең етер шыққан әр бір дауысқа,
түскен талай тартыс пенен қағысқа,
бір үйде мен домбырамен кездестім
барып қайтқан соғысқа.
Көрдік те оны арқаландық,
құрсандық,
қолымызға ап күйлер тартып,
ән салдық...
...Сол домбыра денесінен тұрғандай
оқ-дәрінің исі аңқып.
Тартқан кезде тебірентіп толғап бір,
бауырына тығылып ап солдаттың,
кең даласын аңсап қанша жылады ол
аруанадай мойынын созып аңырап бір.
Болған ол да қару менен жарақтай
дұшпандарға оқтарды ол да боратқан.
Сөйлеп тұрған домбырамның даусымен
блиндаждар, окоптар.
Қазағым-ай,
тар кезде де тарта алған!
Сол кезде оны маршал ұстап таң қалған.
Жараланған,
көмген оны топырақ
шанағына көз жасы мен қан тамған.
Қып-қызыл қан жауып оның шанағын
болған солай бұл домбырам жаралы.
...Қолтығыңа кіріп алып боздаса
өн бойыңнан соның қаны ағды.
Ол боздаса шыдай алмас тірілер.
Шыдай алмас – жан-жүрегі тілінер.
Сілкінеді ол –
бомбалардың даусымен,
күрсінеді ол зеңбіректің үнімен!
Ол жыласа –
безілдеген зар қаққан, –
басар сені қасіретті салмақтар.
Мен білемін – домбырасын құшақтап –
Алатауын құшақтаған солдаттар,
Маңғыстауын құшақтаған солдаттар,
Қаратауын құшақтаған солдаттар,
Сарыарқасын құшақтаған солдаттар!
Көрген талай қанға бөккен күн, айды,
адамдардан тыныштықты сұрайды.
Әлі күнге сол домбыра
ұстасаң
аруанадай мойнын созып жылайды.
* * *
Жек көресің сен мені.
Айыптайсың таңып байлап әрнені.
Жеті атаңның құны менде кеткендей
жек көресің сен мені.
Жала сөзден сарсылды әбден құлақ та.
Барасың-ау,
барасың-ау шыдатпай.
Аяқтан шал,
етектен тарт бәрі бір
оларыңнан түк шықпайды бірақ та.
Білем сенің биігіңді, сайыңды.
істеріңді дәл қазіргі, байырғы.
Егер де сен жай ойнатсаң төбемде
жайтартқыш боп жұтып қоям жайыңды.
Қаншама рет құрбаны боп кекті ойдың,
екі адамның арасына от қойдың.
Білем қазір шықырлатып тісіңді,
келіп тұр-ау бір-ақ шайнап жеп қойғың.
Сыйласып-ақ өтем деп ем адаммен,
шыдатпастан барасың-ау амал не...
Есіңде ұста жұтпақ болсаң шынымен
көмейіңде тас боп тұрып қалам мен.
Кесек атып менің ождан, арыма
айып тағып,
бәле жауып тағы да
алқымыма жармаспақ боп ұмтылсаң
от боп жанып жолатпаймын маңыма.
Осылай бір түсіп жүріп көк терге,
орайы кеп «жолың» болып кеткенде,
қазық қылып жерге қағып жіберсең
көктеп қайта шыға келем көктемде!
* * *
Күз де жетті мимырт жаздың шырқын ап,
бұлт шығарып,
жел көтеріп,
жұлқылап –
кеудесінен нанның иісі аңқыған,
денесінен жапырағы бұрқырап.
Алтын Күз-ай,
неткен қызық дәурен ең
өттің-дағы мизам тартқан кермеден
жасап алдың жарқ-жұрқ еткен орақтар
найзағайдан,
нұр мен шапақ,
сәуледен!
Сенің үнің,
сенің даусың бар маңда,
көрген мұны,
көрмеген де арманда.
Бердің сонсоң орағыңды таратып
әр бір қыстақ,
әр бір ауыл,
ауданға!
Жаны кірді тыныш жатқан алаптың.
...Мизам шуақ тау сауырын жалап тұр...
Жатты сонсоң бүкіл далам үстінде
дауысы естіліп өзің тартқан орақтың.
Жыр тыңдадым – сол орақтың үнінен,
жатыр алқап майы шығып түгінен.
Кең даламды астықпенен теңселген
ордың, ордың –
күнімен де, түнімен!
Кідірместен,
күн салмастан араға
сонан кейін келіп кірдің қалаға...
Бар айнала судырлаған суылдап
көйлек киіп алыпты ғой сары ала!
Әрбір сыбыс,
әрбір үннен жыр күтіп,
әрбір демнен, әрбір лептен сыр күтіп
жүрдің сонсоң бұтағынан ағаштың
дір-дір еткен жапырақтарды үркітіп.
Араладың ішін-сыртын қаланың,
араладың көшелерін, алаңын,
араладың,
араладың армансыз
иығыңда жалт-жұлт етіп орағың.
Әлденеге мәз боп егер көп күлсем
дәл төбеме жапырақтарды төктің сен...
Гүлзарларда ақ масағы құйылған
фонтандарды орып алып кеттің сен!
* * *
Зорға ілініп тұр аспанда жұлдыздар.
Өткірленіп бара жатыр түнгі ызғар.
Үзіліп-ақ кетердей боп дірілдеп
зорға ілініп тұр аспанда жұлдыздар.
Дірілдеген жабысып ап көгіме
бірі жақын, бірі жырақ әріде...
Күн де жұлдыз.
Ай да жұлдыз, Жер-жұлдыз.
Жұлдыздар ғой, жұлдыздар ғой бәрі де.
Көкке мынау –
жұлдыздардан қайнаған –
қараймын да толқып кенет ойланам.
Тамып жатыр, ағып жатыр жұлдыздар –
жұлдыздардың жаңбыры ғой айналам.
Әлсіз мұнда айла-әрекет, күшің де!
көре көрме бұл суретті түсіңде –
біз де тұрмыз кеңістікке ілініп
дірілдеген бір жұлдыздың ішінде.
Болашаққа, нұрлы ертеңге жетем деп,
тұрмыз біздер сол жұлдызды мекендеп.
Қорқамыз біз тұңғиыққа, құрдымға
сол бір жұлдыз тамып кетер ме екен деп.
Зорға ілініп тұр аспанда жұлдыздар.
КИІКТІҢ ТАС МҮСІНІ
Ойлантатын ойы сергек кішіні,
толғантатын көргені көп кісіні
қарап қалған қос құлағы елеңдеп
жол бойыңда –
киіктің тас мүсіні!
Тіршілік боп ататұғын әр таңы,
қойындасқан құмы, шалғын, сортаңы
бір кездерде болатын-ды осы алқап
қаптап өрген киіктердің алқабы.
Жер қуырған дүбір үнге елігіп
сол киіктер өрден төмен төгіліп
өткен кезде болатын-ды
кеткендей
қара жердің бір пұшпағы сөгіліп.
Жаным күйіп кеткен кезде күйіктен
айналады төмпешікке биіктер, –
жетімсіреп жатыр мына кең алқап,
жоқ қой қазір қаптаған сол киіктер.
Жолатпастан өрісі мен қағына
көмген жерді мың-сан тұяқ шаңына.
Киіктерді қырған, қырған
қоршап ап
салып қойып машинаның шамына.
Қырған, қырған
болмаған ғой қымсыну,
қырған, қырған –
толастамай гүрсіл үн.
Сонан кейін тұрған далам үстінде
күрсіну мен түршігу.
Жатыр енді алып алқап шаңданып,
жылайды тек қара желі зар қағып.
Сол қырғыннан аман қалған киіктер
кеткен дейді тоз-тоз болып жан бағып.
Соны ойласам жаным менің күрсінер,
күрсінер де:
сен де мұны білші дер.
Тірі киік таба алмастан
суретке
түсіреді тас мүсінді тілшілер.
Аптабындай меңдегі сол күйіктің
дәл осы сәт мына далам күйіп тұр!
Әлдеқандай мылтық дауысы естілсе
дір етеді тас мүсіні киіктің!
* * *
Өлең жазған –
сөз бен сөзді құраған,
сырт жүретін күпіршілік, күнәдан
атаққа ие,
құрмет пен сыйға ие
бақытты ғой ақын! – деді бір адам.
Ақын қалай бақытты адам бола алмақ?!
Жүрсе біреу қалт-құлт етіп амалдап,
кертартпалық жатып алса табандап,
тұрса біреу қауіп күтіп алаңдап.
ақын қалай бақытты адам бола алмақ?!
Адам келіп күш көрсетіп адамға,
бірі айдаса екіншісін аранға,
күдікпенен қарап біреу заманға,
арсыз біреу басса арлыны табанға;
ақиқаттан үстем шығып қаралық,
біреу жүрсе қабақ шытып қабарып,
тұрса біреу,
тұрса біреу егіліп
көзінен – жас,
жүрегінен қан ағып;
Тоғышарлық даңғырлатып табағын,
аузын ашса біреу бітеу жараның,
жылмаң қағып тұрса біреу түлкі боп,
қасқыр болып ашса біреу аранын;
біреу жүрсе –
көрмей жасын-жарықты,
біреу жүрсе –
көрмей асыл жақұтты –
айтыңдаршы,
айтыңдаршы өздерің
ақын қалай бала алмақщы бақытты!
* * *
Дүниені дүр сілкінтіп үркіткем
сонау бір кез қос ауызды мылтықпен.
Кезіп жүріп тау мен тасты тінтіп мен
Дүниені дүр сілкінтіп үркіткем.
Бір жағы шың,
шыңырау болып бір жағы
қамалып қап тұрған екен құр жаны –
қарауылға ап қос ауызды мылтықпен
құлатқан ем маңғаз текті құлжаны.
Үндер шығып ызу-қию аралас,
жапырағын төкті жылап бар ағаш.
Бір-ақ сәтке қақтығысып күн мен түн,
тау күрсініп,
қақ айырылды қара тас.
Сұлап жатты текті құлжа – марқасқа!
Шық тамады көз жасы боп әр тасқа.
Сумаң қағып сүңгіп жатты найзағай
тыр жалаңаш – арса-арса жартасқа...
Ойлап соны қанша күйіп езілдім.
Көрем ылғи –
жұмсам болды көзімді –
кезеп ұстап қос ауызды мылтығын
маған қарай келе жатқан... өзімді.
ДОМБЫРА
Сержан Шәкіратовқа
Жатқан кезде түн мен жарық арбасып,
жатқан кезде жұрттың бәрін дарға асып
қаймықпастан айтқаны үшін шындықты
көмейіне құйған оның қорғасын.
Білеміз ғой бұл аңызды бәріміз,
ол туралы бар ғой дастан, әніміз.
Көмейіне құйған оның қорғасын.
білеміз ғой бұл аңызды бәріміз.
Оны ұмытпас –
кеудесінде жаны бар,
оны ұмытпас –
кеудесінде әні бар.
Зар заманда жауыз құйған қорғасын
домбырамның көмейінде әлі бар.
Содан оның тарқамаған шері жүр.
(Шерсіз болсаң садаға кет, әрі жүр).
Сол қорғасын көмейінде бітеліп
жатсын мейлі сөйлейді ол бәрі бір.
Тыңда оны –
үндеріне құлақ ас.
Тыңдап оны –
қансыз ғана жыламас.
Иіп-иіп кетеді ғой кей кезде
қос құлақты екі ішекті қу ағаш.
Ол жыласа –
көрінеді жан көзге,
ол жыласа –
құйылады қан көзге.
Жылап-жылап көмейінен қорғасын
балқып, еріп бара жатар бір кезде.
Төзіміңді,
шыдамыңды қамшылап,
шыдар болсаң осыған сен қал шыдап, –
балқып тұрған қорғасын жас
шыжғырар
жүрегіңе,
жүрегіңе
тамшылап!
КҮТУ
Өзгеше боп есітіліп өз үнім
елеңдейді сезігім мен сезімім.
Күте-күте,
күте-күте өзіңді
тозып бітті, тозып бітті төзімім.
Түн ішінде таусылғандай шыдамы
біреу келіп есігімді ұрады.
Сен екен деп ашам барып жүгіріп
бірақ... бірақ...
ешкім жоқ боп шығады.
Жатқан кезде түнді қосып түндерге
біреу жүрер сықырлатып іргемде.
Атып тұрып терезеге үңілем
кезіп жүрген көрінбейді бір пенде.
Бос бөлмеден – жүрегімді жұбатқан
сенің үнің естіледі құлаққа.
Шыдай алмай жетіп барам бөлмеге.
Шамды жағам,
ешкім жоқ қой бірақ та!
Шым-шытырық ойлар, ойлар қамаған
ұстап мені жібермейді даладан.
Түу сыртымнан жетіп келер әлдекім.
Жалт қараймын.
Жоқ қой бірақ жан адам!..
КОНЦЕРТТЕН СОҢ
Концерт бітті,
Біреу гүлін ұмсынып.
біреу қолын соғып жатты құлшынып...
Алып сарай кетті кенет теңселіп
бір қарт кемпір қалған кезде күрсініп...
Дегендей-ақ;
жанды тағы қозғашы
көрінеді бір кісінің боз басы.
Селден бетер селт еткізді ақынды
әлдекімнен ыршып шыққан көз жасы.
Көз алдымнан өтіп бір сәт боз далам
көкіректе шырақ жанды маздаған.
Сыңсып тұрған бір үн сіңіп жүректе,
құлағымда бір үн тұрды боздаған!
Сұлуырақ көрінді де бұл жалған
үміт-шыбық көктеп тұрды бүр жарған.
Кәдімгі осы күн сәулесі секілді
сәуле тарап бара жатты бір жаннан.
Теңесті де әлсіз адам күштіге,
нөсер жауды шөл-арманның үстіне.
Бір жанарда жарқ-жұрқ етті найзағай,
бір жанардан жұлдыз ағып түсті де.
Қосылысып алаңдар мен алаңдар,
тіл қатысты замандар мен замандар...
Кеуделері басқаша бір күйге еніп
тарап жатты,
тарап жатты адамдар.
Тарап жатты –
таратып бір күн нұрын,
оятып ап кеудесінен мұң жырын, –
бұрынғыдан биігірек көрініп,
бұрынғыдан жақын тартып бір-бірін.
* * *
Былғап алсақ біз егер де ұятты –
жылуынан айырылады шуағың,
қызуынан айырылады жыр-әнің,
мұратынан айырылады сұрағың,
қуатынан айырылады ұраның.
Ол былғанса –
дау айтып сен шатыспа! –
түнереді шығысың да, батыс та.
Ақ қағаздай адам жаны былғанар
лас пенен қоқысқа.
Көз жүгіртіп биігің мен өріңе
қарау керек мұндай кезде әріге.
Егер, егер ар мен ұят былғанса,
былғанады,
бүлінеді бәрі де.
Ол бүлінсе –
құлап қанша қорғандар,
төбе болар көз жетпейтін заңғарлар.
Ол былғанса –
су мен ауа былғанып,
жер қуарып, күлге айналар ормандар.
Ол былғанса –
болмай дауға толас бір
берекесі кетер бүлік, жарастың.
Ол былғанса қуырылып кең далаң,
қап–қара боп түтін басар қала үстін.
Ол былғанса —
мақсат бітіп алдыңда,
айналады гүлзарларың жал–құмға!
Былғап алсақ біз егер де ұятты
былғанады күн нұры да, жаңбыр да!
Дүниенің бар тірегі тұр сонда.
Онсыз өмір қалар еді құрсауда.
Ұятыңды былғап алма,
былғасаң
тазармайды ол көз жасымен жусаң да!
* * *
Кейде жылап жала, мұңға батам мен.
Ондай кезде сырласам деп жапанмен
бүкіл болмыс бітіміммен осынау
табиғатқа сіңіп бара жатам мен.
Жылжиды да сөздің ызғар, суығы
көктеп шығар үмітімнің шыбығы.
Желпіп тұрар өлеңімнің жолдарын
жел уілі, қанаттардың суылы.
Селт еткізіп мені аспанның күркірі
жарқ еткізді бұлт төсінен шырпыны.
...Жердей ауыр көз жасымды түсірмей
қағып алды шөптің әлсіз кірпігі
Құлақ түріп үндеріне тереңнің
басқа сөзбен өзгеше ойға кенелдім.
Қарлығаштар ұя салды үйлерге
әріптерінен өлеңнің.
Қайсар жанға айналдым да шерліден,
дедім сонсоң: өзгешемін енді мен.
Құшырланып сүйдім барып гүлдердің
қып–қызыл боп жанып тұрған ернінен!
Сонан кейін — сый етем деп еліме —
елтіп тыңдар бала мен жас, кәрі де —
жапырақтың дірілдеген ұшымен
сөздер жаздым бұлбұлдардың әніне!
ҚАҒАЗ
Оңаша бір жыр құрап
ой ішінде адастым...
Ақ қағаздан бұрқырап
иісі аңқиды ағаштың.
Қағазда сол тұр әлі
ормандардың мұңды үні,—
судырласа
шығады
жапырақтардың сыбдыры.
Ойларымды әдіптеп
сонда жатыр бар шыным.
Оған тамған әріптен
даусы естілер тамшының.
Үнге айналам толады —
өлең—жырға кенелдім.
Құс боп оған қонады
шумақтары өлеңнің.
СЫНАҚ ПОЛИГОНЫ
Астан-кестен болып ішкі әлемім,
отыр едім ойлап тірлік өлеңін
көктен бе әлде,
жерден бе әлде –
күңіренген –
шықты кенет «сынақ, бомба» деген үн.
Шықты сол үн апат күнін ұқтырып –
арман солып,
гүл қуарып,
бітті үміт.
Жан түршігер үрей жатты сол үнде,
кетті содан шашым менің тік тұрып.
Сол бір сөзден су тартылып, жанады ел.
(Ей, адамдар, мейірімді бола гөр).
Сол бір сөзден тыжырынып денесі,
сұп-сұр болып бара жатты қара жер.
Сол жалғыз үн кетті менің құтымды ап.
Сол жалғыз үн кетті менің құқымды ап.
Қабірдегі өліктер де қозғалып,
аунап түсті сүйектері сықырлап.
Сол бір сөзден –
ол сұмдықты көрсетпе! –
тұтастық тұр бөлінем деп бөлшекке!
Қара тастар қызыл шоққа айналып,
қара сулар қайнап жатты сол сәтте!
Сол бір сөзден –
үрей еніп жапанға,
сөніп барып қалды мынау жаhан да!
Сол бір сөзден –
менің қара көлеңкем
сіңіп кетті сұр қабырға – бетонға!
Тыныштықта, тыныштықта тұрсақ та
сол бір үннен үрей тарап бұл шаққа –
бір уыс боп қатып қалды жиырылып
нәресте де жатқан әлі құрсақта!
ЖАЛҒЫЗДЫҚ
Жалғыздық кеп құрсау болып қысқанда
қызық біткен мені тастап ұшқандай.
Үңірейіп жан дүнием тұр қазір
ымырттағы аңғал-саңғал қыстаудай.
Бұзылғандай оның жұмбақ қорғаны,
үзілгендей оған барар жол-дағы.
Үңірейген менің мынау жанымда
салбырайды өрмекшінің торлары.
Үрей кіріп оның дымқыл демінен
жанарыма жас үйіріліп егілем.
Аңғал-саңғал менің жаным ұлып тұр
уілдеген жалғыздықтың желінен.
Қалай шыдар жалғыздыққа бұл адам...
Сөздерім де үзік-үзік құраған...
Есітемін түкпірінен жанымның
байғыз дауысын сұңқыл қағып жылаған!
* * *
Көктем неге жатыр екен кешігіп?!
Қарай берем түстік жаққа тесіліп.
Той-думанын, тіршілігін бастамай
көктем неге жатыр екен кешігіп?!
Ызғар қысып тұр ғой жерден, көктен де.
Тіршіліксіз тау мен дала, бөктер де.
Кешіксе де жылдың басқа мезгілі
кешігуге болмайды енді көктемге.
Кешіккені несі екен бұл «құрғырдың»
Жүрегімді ызғары ұрып тұр мұңның.
Бір махаббат тамыр салып үлгермей,
бағы ашылмай қалар ма екен бір гүлдің.
Тойға ұласар күндерімді той қылмай,
көктемсіз мен қалай жүрем қайғырмай.
Айтылуға тиісті сөз көктемде
қалар ма екен,
қалар ма екен айтылмай.
Алтын күрек соғатұғын есіліп,
қарай берем түстік жаққа тесіліп.
Қырға шығып білейінші мен енді
көктем неге жатыр екен кешігіп?!
АНТИТЕЗА
1. Қарғыс
Зілзала күн туып ерте заманда
бір уыс боп тұрған қалам, далам да.
Жаулар төнген жан-жағынан жалаңдап,
беліңді үзіп,
саламын деп табанға.
Қырылып бір жатса да ұрпақ өрімдей
туған жерден бір адым да шегінбей
тұрған екен жұдырықтай түйіліп
елім менің берілмей.
Басқа түгіл әйел қолға ап бақанын
батыр болып шығарыпты атағын.
Бірақ, бірақ бір опасыз
жау жаққа
өтіп кетіп сатқан екен Отанын.
Бұл сұмдыққа –
елді, жерді қорлаған –
күйінбеген жан баласы қалмаған.
Сонан кейін сол опасыз сатқынды
бүкіл ел боп,
бүкіл жұрт боп қарғаған.
Қарғаған ғой –
атын жерден аластап,
қарғаған ғой –
атын елден аластап.
Сол қарғыстан қақ айырылып қара жер,
жерге құлап түскен екен қара аспан.
Қап-қара боп түнге айналып жарық күн,
қара есігі ашылыпты тамұқтың.
Сол опасыз өкіріп кеп құлапты
ақырында қарғысы ұрып халықтың.
Қалмаса да есімі оның көңілде,
айналса да сүйегі оның көмірге,
жата алмастан халық айтқан қарғыстан
әлі күнге өкіреді ол көрінде!
2. Алғыс
Ерте кезде –
ерте, ерте, ертеде,
осынау бір көне мекен өлкеде
шақтар туған жалаңдатып қылышын
көк сүңгісін тіреп тұрған желкеге.
Езген елді қаралы күн,
мұңлы күн.
(Тізіп оның тауыса алмассың сұмдығын).
Тұрған екен бүкіл халық теңселіп,
айта алмастан ақиқатын,
шыңдығын.
Жанын, жарын,
тіршілігін тәрк етіп,
қаптап тұрған жұрттың бәрін тәнті етіп
сол бір кезде кескекті ердің сойындай
шыққан екен бір перзент жарқ етіп.
Жан екен ол – шамырқанған шабытты,
таң қалдырып дүйім елді, халықты
сәуле ойнаған ақ семсердей жарқылдап
бәрін айтып салыпты.
Таң қалдырып –
тәккәппарын, жарлысын,
таң қалдырып –
арсызын да, арлысын
ақтарыпты ол.
Риза боп сол кезде
жаудырыпты қаптаған ел алғысын.
Құшақтапты әке оны бауырға ап,
құшақтапты ана оны бауырға ап.
Жауған алғыс аппақ нұрға айналып,
төгіліпті үстіне оның сауылдап.
Ол ұстаса – қураған тал бүр жарып,
ол қараса – ағады екен мың жарық.
Елді кезіп жүрген екен сол адам
төбесіне ағыл-тегіл нұр жауып.
Атап соны жорытқан ел түсті де,
соған, соған сиыныпты күшті де...
Нұр себелеп тұрады екен сол жанның
әлі күнге қабірінің үстіне!
КӨКТЕМГІ МАХАББАТ
Сұлулық боп жар салып
кеткелі тұр бақ гүлдеп.
Көктем жатыр ән салып
га-га галап, гәккулеп.
Нұр сіңіріп белеңі,
ұйып қалған бар алап.
Екі ғашық келеді
сол көктемді аралап.
Келе жатыр екеуі
жүздерінен нұр есіп.
Келе жатыр екеуі
іздерінен гүл өсіп.
Сол екеуі өткенде –
бір үн төгіп тербеді –
күйге дерткен шектердей
Жердің ендік, белдеуі.
Олар өтсе тұсынан
қонады кеп кеудеге –
жапырақтың ұшынан
тайып түскен сәуле де!
Дір еткізіп қияқты
екеуіне бір қарап –
шықтар жұлдыз сияқты
бара жатар сырғанап.
Махаббатқа арайлы
көктемде осы басталған
мойнын бұрып қарайды
аққулар да аспаннан!
БҮГІНГІ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАЛЛАДА
Қора менен сарайға
тыным бермей күн-түні
өріп кетті тоғайда
шиебөрі бір жылы.
Іштен ғана тынатын,
артын баққан әліптің,
үйі тиіп тұратын
сол тоғайға Тәліптің.
Жоламайтын адамға,
суық еді қарасы.
Ұқсайтұғын қамалға
ауласы мен қорасы.
Тіл қатысып ілуде,
болмайтын той, сауығы.
...Күндердің бір күнінде
жоқ болды бір тауығы.
Сәуле түспес жаны оның
қараңғы еді,
тар еді.
Қамын ғана қораның
ойлайтұғын жан еді.
Өз-өзінен жауыққан
қаны қатып кектенді.
Жоғалған бір тауыққа
жаны күйіп кетті енді.
Білетін не айланы
жан еді ол құрыған...
Кек алуды ойлады
шиебөрі «ұрыдан».
Жатпастан-ақ аттан сап –
жолын тосып, тығылып
ұстап алды қақпан сап
шиебөрі «ұрыны».
Қамын ойлап қораның,
ашқан құлқын, аранын
қап-қара еді қаны оның,
қап-қара еді жаны оның.
Түршіктіріп өліні –
жетемін деп түбіне –
байғұс шиебөріні
шәңгекке ілді тірідей.
Жетемін деп түбіне! –
жиып тастап бар ісін
пышақ алды –
тірідей –
сыпырам деп терісін.
Күйін айтып құсаның
кімге барып шағынам.
Жалаңдаған пышағын
салды келіп шабынан.
Түршіктірер өліні
басын соғып, алысып
шықты шиебөрінің
жан күйзелтер дауысы.
Құлағыңды тұндырып
зарлы үн керіп барады-ай!
Жатты байғұс шыңғырып
шоққа түскен баладай.
Аласұрар жаны үшін
кете алмастан құтылып.
Қарамастан
терісін
жатты Тәліп сыпырып.
Сонан кейін сыбанып
іреді кеп іреді.
Қып-қызыл қан тұр ағып!
Тас па еді оның жүрегі!
Тіршіктіріп өліні
басын соғып, алысып,
шықты шиебөрінің
жан күйзелтер дауысы.
Шыңғырады баладай
тұңды зардан құлақ та.
Ештеңеге қарамай
іреп жатты бірақ та.
Түршіктірген өліні
қайтем мына жанды енді?!
Терісін шиебөрінің
сыпырып ол алды енді.
Тіп-тік тұрып шаш-тағы,
ызғар ұрды жер-көктен.
Сонан кейін тастады
алып оны шәңгектен.
Жүрегіңді шабақтап
зардан құлақ тұнады,
дірдек-дірдек қан аққан
шиебөрі тірі әлі.
Қыңсылап бір жылады
орынынан тұрды ептеп...
Тұла бойын жуады
қып-қызыл қан дірдіктеп.
Неткен мықты,
күшті еді!
Оған өлім төніп тұр!
Бір-екі аттап...
тістеді
балағынан Тәліптің.
Неткен мықты,
күшті еді!
Қыңсылап бір жылады...
Бір-екі аттап...
тістеді.
Тістеді де құлады.
Дір етті де...
жұлқынып...
қызыл тілі салақтап
қайта тұрып ұмтылып
жабысты кеп балаққа!
Түршіктірген өлікті,
тұншықтырған түнекті
түрі өзгеріп Тәліптің
алғаш рет дір етті.
Демі бітіп қылғынып
бұл сұмдыққа қараған –
әлдене деп шыңғырып
атып шықты қорадан...
Қара жолды шаң қылып,
қарғыс алып өліден
кетті Тәліп қаңғырып
безіп үйден, елінен!
Кетті ол енді қаңғыған
сіңіп мұнар, сағымға –
тұла бойын қан жуған
шиебөрі соңында!..
СӘУЛЕ
Танардай боп есінен
тұрғанда ару ант етіп,
аппақ сәуле көзінен
тайып түсті жалт етіп.
Бір ғаламат болды деп
шаттанды аспан құсы да –
сол бір сәуле қонды кеп
қаламымның ұшына!
Сырын ашып ғаламның
айналам деп мұң, шерге
дәл ұшында қаламның
дір-дір етіп тұр сәуле.
Кетердей боп ағып бір
ауаменен ән құсап,
аппақ сәуле жанып тұр
кіп-кішкентай шам құсап.
Жыр етем деп сезгенін
қоңырау болып соғылып
күмбірлейді сөздерім
сол сәулеге шомылып.
Тойын жасап жыр елі
басылмайды қызығы...
Сөздеріме сіңеді
сол сәуленің қызуы!
СТАЛИН ӨЛГЕН КҮНІ
Бұл күнді мен,
бұл күнді мен білемін.
Есіме алсам бұлқынады жүрегім.
Жылдар бойы алданғанын сезбеген
ағыл-тегіл жылап тұрды ұлы елім.
Көз алдымда жұрттың өксік солқылы.
Көз алдымда жұрттың қара толқыны.
...Кім біледі қай шайтанның түрткенін
Қожан ағам ішіп апты сол күні.
Жұмыс істеп,
сөз сөйлейтін белсеніп,
Қожан ағам жан-тын қарар ел сеніп.
Сталин сол өлген күні
жүріпті
Түркістанның көшесімен теңселіп.
Тұнжыраған рең қалмай реңнен
қара қайғы бар айнала түнерген...
Қожан ағам қолын сілтеп сөз сөйлеп,
тіпті сонсоң ән салып та жіберген.
Оның бәрін білмейді ол бірақ та.
Сөздер айтқан жағымсыздау құлаққа.
Келе жатып кедір-бұдыр көшемен
бір-екі рет тұрған сонсоң құлап та.
Оның бәрін білмейді өзі бірақ та.
Құлап тұрған...
қолтығы да сөгілген
ұстаймын деп әлдеқандай темірден...
Оңбағанға – шаш орнына бас алған –
мынау сұмдық қылмыс болып көрінген.
Біреулерге жетіп келген кимелеп
сөздер айтқан Қожан ағам: тиме! – деп.
Басқа айыбы жоқ қой оның
бірақ та
алып кеткен оны соғып, сүйрелеп...
Алданған жұрт шер, қайғысын ақтарып,
Сталинді жоқтап жатты топталып...
...Сонан кейін бірер күннің ішінде
кетті Қожан жиырма жылға сотталып!
МАХАББАТ ЖӘНЕ ҚОС ТОРАҢҒЫ ТУРАЛЫ ЖЫР
(баллада)
Кететұғын адам жанын жаралап
аңыз ғой бұл елді жүрген аралап...
Баяғыда, ерте кезде
екі жас
бір-біріне ғашық бопты ғаламат.
Жер сияқты сүйетұғын күн нұрын,
орман-сынды сүйетұғын бұлбұлын,
ел сияқты сүйетұғын күй-жырын
сүйген екен сол екі жас бір-бірін.
Жүріпті олар арман жолын қатар сап,
жүріпті олар елден, жерден бата аңсап.
Бірақ, бірақ айырыпты екеуін
қатал өкім,
қатал тағдыр,
қатал шақ.
Қаталдықты шығып кеткен шегінен
ойлағанда қабырғаң да сөгілер...
Ақырында таң алдында табысып
қашып шығып кетіпті олар елінен.
Қарамастан оңы менен солына
кетіпті олар –
бағы ма әлде соры ма! –
Көп ұзамай дүрлігіп ел
сол бойда
қуғыншылар шығарыпты соңына...
Екі жасты кеткен талай алдырмай,
қуыпты олар бір сәт атын шалдырмай.
іздепті ғой неше күн мен неше түн
жықпыл-қуыс,
тау-жартасты қалдырмай.
Іздер кесіп әр бір қырат, белінен,
иіс тартып аңғарлардың желінен
түсіпті ғой екеуінің үстінен
құшақтасып ұйықтап жатқан жерінен.
Көзден таса бір қуыстың етегі
болған екен екі жастың мекені.
Көк пен жердей құшақтасқан айқасып,
құшақтасып жатыр екен екеуі.
Зіл-заланың у мен зәрін мың ішкен
жатыр екен дем алып бір тыныспен.
...Қаны қатқан қатыгездік екеуін
бір-ақ шауып өлтіріпті қылышпен.
Қап-қара ауыр бұлт буып жан-жақты
қурай екеш қурай сыңсып зарлапты...
Бірақ, бірақ өліп жатқан олардың
құшақтарын ажырата алмапты.
Жан тапсырған қара тасты жастанып
ол екеуін тартқылапты бас салып.
Бәрі бірдей жабылса да
айырылмай
екі құшақ қатып қапты тас болып.
Бұл жауыздық неткен сонша ерікті! –
жұлмалапты,
тартқылапты өлікті...
Айыра алмай құшақтарын ақыры
апыл-ғұпыл сол бір жерге көміпті...
...Талай өсіп ,
талай қурап шалғындар,
басқа жаққа көшіп кетті жал-құмдар.
Қатарынан үш ұрпақты қартайтқан
өтті зырлап содан бері сан жылдар.
Заман өтті қайтып, бірде тасыған...
Жол түсіпті сол бір жердің қасынан...
Қып-қызыл боп қос тораңғы өсіп тұр
екі жастың қабірінің басынан.
Көріп оны сөз таба алмай орамды,
қайта-қайта қайталайсың «тобаңды».
Кәдімгі осы қан сияқты қып-қызыл
өсіп тұрды екі бірдей тораңғы.
Өспейді ғой қос тораңғы бекерге!
Әдейі іздеп келетұғын бөтен де
бірте-бірте қабір жатқан сол аймақ
айналды ғой қасиетті мекенге.
Шал-шауқан да белі кеткен бүгіліп,
жас бала да жүрген ойнап, жүгіріп
осы жерге тәует етіп кетуге
келіп жатты күндіз-түні шұбырып.
Ана келді –
жасын төгіп жылаған.
Дана келді –
іштен ойын құраған.
...Сол маңайда жүріп жатты күн кешіп
топырақсыз, қасиетсіз бір адам.
Сезбейтұғын сұлулық пен таң шығын,
ашпайтұғын бір адамға жан сырын
сол бір адам тораңғыдан қып-қызыл
сабын жасап алмақ болды қамшының.
Бір көрмеген көзіне оның мұң тұнып,
неткен сұмдық қорқау еді құлқыны.
Ешкім жоқта тораңғыны кесуге
балтасымен жетті ол енді бір күні.
Бір ұрғанда –
тайып кетті балтасы,
екі ұрғанда –
тайып кетті балтасы,
үш ұрғанда...
әлдеқандай үн шығып
күңіренді айналаның тау-тасы.
Қақ бөлініп темір балта екіге
сызат түсті тораңғының етіне.
Сол сызаттан шапшып шығып қызыл қан
шашырады сол бір жанның бетіне!
Іс жасаған жан түршігіп, безінер
түптің түбі бір сұмдыққа кезігер...
Содан бері сол адамның –
жыласа –
жоса-жоса қан ағады көзінен.
АЙЛЫ ТҮНГІ АҚ ҚАЙЫҢДАР
Думан көктем,
базар көктем,
той көктем!
Шарайнадай жарқырайды ай көктен.
Қарсы алдымнан шыға келді бір топ боп
ақ қайындар –
осы биыл бойжеткен.
Жаттап алып жатқан-сынды той жырын
айналаға сыңғыр-сыңғыр жайды үнін.
Желпіп тұрған желге тосып денесін
сіміреді аппақ сүттей ай нұрын.
Өлеңіммен, өнеріммен жар салып,
шығып тұрмын алдарынан қарсы алып.
Ақ қайындар,
ақ қайындар,
қайыңдар,
көз жауын ап ырғалады ән салып.
Мамыр болып тербеледі мақпал жыр,
керек емес оларға енді мақтан құр.
Жел лүп етсе көтеріліп етегі,
есті алады жарқ ете қап ақ балтыр.
Бұл сезімім – сезім емес өтпелі:
ақ қайыңды тұрған сонау шеткері –
аппақ жұмыр білегінен ұстап ап
жетектесең –
тұр ғой жүріп кеткелі...
ЖҮРЕКТЕГІ СІЛКІНІС
Сілкініс боп жатыр тағы жүректе!
Жарық күнім айналғандай түнекке.
Ұлы жердің сілкінгені секілді
сілкініс боп жатыр тағы жүректе!
Тасып, бұрқап, көтеріліп тереңім,
жапырағын шашты жұлып терегім...
Қалып тұр ғой қауіп пенен қатерде
менің ішкі әлемім!
Орын бермей лауазым мен атаққа
күйген талай жала менен нақаққа.
Менің құйттай жұмбақ сол бір әлемім
ұшырайтын секілді ме апатқа?!
Тірлік қайда жайраң қаққан күндегі,
сөздер қайда күмбірлеген тілдегі?!
Қопарылып құлардай боп тап қазір
сықырлайды тағдырымның діңгегі!
Күтір етіп көмейдегі үн сынады!
Сілкіністен таусылып бар шыдамы
сөніп кете,
сөніп кете жаздап тұр
үмітімнің шырағы.
Сәл саябыр табады да басылып,
жүрек қайта сілкінеді тасынып.
Қорқынышым ойбайлайды
күдіктің
одан сайын зәре-құтын қашырып.
Жоқ болар ма мендегі осы әлем бұл.
Қайда кеткен желеп-жебер өлең-жыр!
Арманымның ақ сарайы шайқалып,
қиялымның көк күмбезі әрең тұр.
Қалып қойған қараңғы бір түнекте
әлдене деп күмбірлейді тілек те.
Ұлы Жердің сілкінгені секілді
сілкініс боп жатыр әлі жүректе!
ӨКІНІШ
Өсек айтып отыр екі азамат!
Тек өздерін сүттен ақ қып тазалап,
қалған жұртты сырттан соттап, жазалап
тірі жанды жерге беріп азалап,
өлі жанның әруағын мазалап
өсек айтып отыр екі азамат!
Әлдекімнен тауып алып «шикілік»
қызынады, қызарақтап итініп.
Күйген көне шүберектей бықсиды
екеуінен бейшаралық, күйкілік.
Сөйлейді олар –
әлденеден тарылып,
сөйлейді олар –
әлденеден қағынып.
Сөйлейді олар былғаныш пен балшыққа
белшесінен малынып.
Талай жанды сарсылдырып құлатқан
олар енді жаңа өсекті шұбатқан...
...Екеуінің әйелдері бір шетте
әрең отыр өлердей боп ұяттан.
Бәрін былғап, дүниені адақтап,
тек өздерін отыр олар мадақтап.
Көз қызарып ақ көбік боп ауыздар,
тілдер кеткен жерге түсіп салақтап.
Сезбей тірлік ызғары мен аптабын
бөсті келіп даналық деп оттауын...
Отыр олар ел бүлдірер сөз айтып,
ел атынан сөз айтатын шақта бұл.
* * *
Жүр едім мен тыныстап
іштен өлең құраған...
Қараңғы бір бұрыштан
әйел көрдім жылаған.
Қалдым кенет тұншығып,
өшті ой да, өлең де.
Кетті өзгеріп тіршілік,
кетті өзгеріп әлем де.
Менен жырды аластап
мұң шарпыды бетімді...
Жел шайқаған ағаштар
өксіп тұрған секілді.
Суық тартып түнім де,
дүниеге кірді ызғар.
Жас сияқты дірілдеп
мөлтеңдейді жұлдыздар.
Кетті-ау деймін шыдамай
сол әйелдің мұңына –
сыңсып тұрды жылаған
телеграф сымы да.
Оныменен жарысып
жүйке, жанды қозғаған
сиренаның дауысы
шықты кенет боздаған!...
...Соғып тағдыр бораны
ақ тілегі сынғандай
жыласа әйел,
болады
әлем жылап тұрғандай!
* * *
Ар былғанса –
ала алмассың ағартып,
қан былғанса –
ала аламассың жаңартып...
Жан көрдім мен –
айдың күні аманда –
алған өзін жоғалтып.
Күдік көзбен қарап тірлік, заманға
досқа суып,
жылы ұшырап жаманға
басқа біреу отыр менің алдымда,
ұқсамайтын мен білетін адамға.
Ақ көңілін тас құлыптап тастаған,
жүйке, жанын өрген қара таспадан
отыр менің алдымда
басқа тірлік,
басқа тағдыр,
басқа жан.
Басқа тірлік,
басқа тағдыр көзде де,
басқа тірлік,
басқа тағдыр сөзде де.
неге, неге өз-өзінен безініп,
неге, неге айналған ол өзгеге.
Бірге көрген –
тіршіліктің аптабын,
бірге көрген –
тіршіліктің ақпанын
бүгінде енді білер ме екен әйелі
басқа адаммен өмір сүріп жатқанын!
Үндемейді –
келсе де сөз ұтыры –
есептеулі әр нүктесі, үтірі.
Осы жанның кеткен екен өзгеріп
табиғаты, бүкіл болмыс, бітімі.
Шөгіп қалған.
Қайда кеткен нарт көрік?!
Жүрген жан-тын жақсылыққа ант беріп.
Тіке менің қарай алмай көзіме
отыр енді бұғып қалып,
жалт беріп.
Жарасатын жанына оның ақ тілеу,
түк емес-тін оған қолмен от күреу...
Енді, міне, отыр менің алдымда
табиғатқа, тіршілікке жат біреу.
* * *
Көңіліне көлеңке мұң түсірме!
Өзің мұны түсін мейлі, түсінбе:
екеуміздің жүргеніміз жарасып –
біздер түгіл –
керек өмір үшін де!
Бірге айтылып тілегіммен тілегің,
бірге соқсын жүрегіммен жүрегің.
Екеумізбен сәндірек қой бұл өмір,
екеумізбен мәндірек қой бұл өмір.
Бірге айтылып тілегіммен тілегің,
бірге соқсын жүрегіммен жүрегің.
Екеумізбен жылылырақ бұл өмір,
екеумізбен сұлулырақ бұл өмір.
Бірге айтылып тілегіммен тілегің,
бірге соқсын жүрегіммен жүрегің.
Екеумізбен қызулырақ бұл өмір,
екеумізбен қызығырақ бұл өмір.
Бірге айтылып тілегіммен тілегің,
бірге соқсын жүрегіммен жүрегің.
екеумізбен мұраттырақ бұл өмір,
екеумізбен қуаттырақ бұл өмір.
Сені ойласам айналып мен тереңге,
салмақтырақ бола түсер өлең де...
Жүдеу тартып қалар еді-ау бұл өмір
біз екеуміз кездеспесек егер де.
АЛЫС ПЕН ЖАҚЫНДЫҚ ТУРАЛЫ ЖЫР
Сол жағымда қара нөсер құйып тұр,
ал оң жағым аптап шөлге күйіп тұр...
Алыс жер жоқ, алыс жер жоқ дәл қазір
бәрі маған – қол созым жер – тиіп тұр.
Бәрі жақын, бәрі жақын шынында –;
шөл мен теңіз. Мұзды мұхит, шыңың да.
Бірте, бірте жоқ боп бара жатыр ғой
осы бір сәт алыс деген ұғым да.
Сырыңды ашып, ойды оқитын іштегі
мына заман неткен алғыр, күшті еді.
Естіліп тұрды қиыр елдегі
жапырақтан шықтың тамып түскені.
Ұшты уақыт ұшқыр ойдан қарқындап,
дыбыстан да жылдамдықпен жарқылдап...
Басқа құрлық, басқа ендік, бойлықтан
отырамын жан балқытар ән тыңдап.
Тұрады ғой кейде түнде құтымды ап,
тұрады ғой кейде түнде зықымды ап –
Жер шарына жақын келіп айналып
әлдеқандай планета сықырлап.
Ай мен күнің, Құс жолының алабы,
бәрі, бәрі жақын болып барады...
Күрсінгенде Палестина жесірі
отқа оранды дәптерімнің парағы...
ҚАРАУ ОЙ
...Бір кездерде бойға симай сарқырап
жататұғын қайрат-күшін сарқып ап, –
бара жатты түн ішінде бір адам
тұмшаланып, мойынын ішке тартып ап.
Қызғаныш па жанын оның талаған?..
Менмендік пе тыныштығын тонаған?..
Түнді кезіп жүріп-жүріп бір кезде
түндей қарау ой ойлады сол адам.
Қарау ойдан қапаланып күрсініп
бір уыс боп жиырылды тіршілік.
Қарау ойдан қапаланып күрсініп
бар табиғат тынжырынды, түршігіп.
Қарау ойға қалай барған дәті деп
жарылып-ақ кетердей боп өті де
жиырылып қара бұлт
тамшысын
қорғасын қып түкірді оның бетіне!
Қарау ойдан суып шілде аптабы
қара жерді семдіріп бір қақтады...
Шыдай алмай қара дауыл бұрқырап
жағадан ап кеудесінен қақты оны.
Қарау ойды ойлап қалай адастың! –
жау болдың деп мекендеген жар астын
тартып келіп жіберді оны жағынан
шапалақпен жапырағы ағаштың!..
НАЗА
Бұған енді көнбе мейлі,
көн мейлі
бұған енді сенбе мейлі,
сен мейлі –
білмей тіпті шамасын да, шарқын да
қатардағы адамың да «Мен» дейді,
қапталдағы адамың да «Мен» дейді.
«Мен» «Мен» дейді,
«Мен» «Мен» дейді, «Мен» дейді
«Мендей жан жоқ,
ішің күйсін, өл» дейді.
Бір-біріне көне тұрып, көнбейді,
бірін-бірі көре тұрып, көрмейді.
Барабандай қағып қуыс кеудесін
«Мен» «Мен» дейді,
«Мен» «Мен» дейді, «Мен» дейді.
Кеудесіне ауа мен жел үрлеген,
бір оңбаған «Мен, Менге» сол үндеген –
елін, жерін, халқын бәрін ұмытып
өзін айтып өзеурейді мінбеден.
«Менге» толы бүгінім де, кешем де,
«Менге» симай бара жатыр көшем де...
Оқуы бар, тоқуы бар адамдар
ұшыраған қандай сұмдық кеселге.
«Мен, мен» дейді –
ортадағы, соңғы да.
«Мен, мен» дейді –
оңсызы да, оңлы да!
«Мен, мен» дейді –
дәнсіз қауыз, кеуек ми,
«мен, мен» дейді –
бейшара да, сорлы да!
«Мен, мен» қазір талай жұрттың ұраны,
«мен, мен» қазір талай жұрттың құралы.
...Кіл көжекті жиып алып
«Мен, мен» деп
қорқағың да қоқиланып тұрады.
Ауызға алмай айбарлысын, арлысын,
ауызға алмай жауырынды, жалдысын
шыжбалақтап шырылдайды «Мен, мен» деп...
Әттең, әттең батпайды ғой қарғысым.
Қанша жан жүр көлеңкедей ербеңдеп,
қанша жан жүр көбелектей көлбеңдеп...
...Дүңкілдетіп төсін ұрып – «Мен, мен» деп
тағы біреу жүгірді, әне, өңмеңдеп...
ТУҒАН ЖЕР ТОПЫРАҒЫ
Әбіш Кекілбаевтың «Ұйқыдағы арудың оянуы» атты кітабында мынандай жолдар бар: «...Анам құдықтан батысқа қарай, шамамен, екі жүз қадамдай жерге тоқтады да, тағы да: – Әбден қарап ал! – деді... ...Сөйтсем мен дәл сол арада туыппын. Мен тұрған жер мен туғанда біздің үйдің тігілген орны екен.
Көйлегімді шешіп, жеті рет аунап тұрдым»...
Осы жолдарды оқығаннан кейін менің қиялымдағы өлең кейіпкері де басынан дәл сондай күй кешкен еді.
Қарап тұрды –
қарт тарих боп тауларым,
қарап тұрды –
әлі атпаған таңдарым.
Қасиетті туған жердің үстіне
жеті тұрып,
жеті рет мен аунадым.
Бір аунадым –
тұрды таулар қамалап –
ыстық жалын тамырымды аралап,
жан-жүрекке,
өн бойыма ақырын
қайрат еніп бара жатты ғаламат!
Екі аунадым –
аунап түсті аймағым.
Айналаға жел есірді айдарым!
Сіңіп маған қара жердің рухы
асып бара жатты менің айбарым!
Үш аунадым –
ауыр тартып сөзім де,
ақыл өзі салмақ артты сезімге...
Қозғалмайтын қара дауыл соқса да
ие болдым қара жердей төзімге.
Төрт аунадым –
жасардым да түледім! –
тіліп түсер қара бұлт түнегін
найзағайдай өзегінен алынған
ақ алмасқа айналды ғой жігерім.
Бес аунадым –
шомылдым нұр, сәулеге! –
ой толқыны соғып ішін кеулеген
шетсіз-шексіз жатқан мына даладай
кеңдік кіріп кетті менің кеудеме.
Алты аунадым –
аунады тау, қыратым! –
өн бойымда құбылыс боп сұрапыл,
дауыл соғып, сонан кейін жүрекке
ұя салды мейірім мен рақым.
Жеті аунадым –
гүлдеді өмір қызығы! –
үніме кеп қосылды аспан, түз үні.
Ағып жатты алпыс екі тамырда
жерден сіңген махаббаттың қызуы!
ИРОНИЯЛЫҚ ӨЛЕҢ
Бүгінде жас, кәріміз, –
(айтар оны кез келді) –
отырып ап бәріміз
семіртеміз сөздерді.
Арналады тобырға
ой мен ақыл батаңыз...
Байлағандай соғымға
сөз семіртіп жатамыз.
Ыңыранасың, күлесің,
кеуде қағып, арындап...
Жүре алмайды Сын есім
семіздіктен мамырлап.
Көрмей жұрттың қатесін
отырасың жай тауып...
Ырсылдайды Зат есім
денесінен май тамып.
Ойдан ойды қарғытып,
сөйлейсің ғой есіліп.
Кетеді ғой жал бітіп,
Етістік те есіріп!
Елеңдеп бір құлағы
таусылғандай сабыры –
жылт-жылт етіп тұрады
Одағайдың сауыры.
Болсадағы оймақтай
қарамастан шыдамға,
шыға келер ойнақтап
шылау екеш Шылау да.
Жұрттың бәрін емінтіп
(айтар оны кез келді) –
жатамыз ғой семіртіп
табын-табын сөздерді.
Сол сөздерді төгеміз
қарлыққанша үніміз –
табынымен береміз
бірімізге біріміз.
Марапатқа батамыз
отырамыз емініп,
сонсоң бара жатамыз
өзіміз де семіріп...
МЫҢ ТОҒЫЗ ЖҮЗ ОТЫЗ ЕКІ
Дүниеден, тіршіліктен түңілген
аштық әбден діңкелеткен, бүгілген –
көрем ылғи, көрем ылғи, көремін
сол бір сұмдық қасіреттің жылын мен.
Талшығымды,
тамырымды семдіріп,
жалынымды,
жарығымды сөндіріп
босағадан қарап маған тұрады
Мың Тоғыз Жүз Отыз екі телміріп.
Кеуіп қалған үңірейіп жарасы,
шығып кеткен жанарының аласы
қарайды ол үнсіз-түнсіз телміріп,
бауырында –
өліп қалған баласы.
Сөніп қалған жылуы да, шырағы,
оның суық көзінде өлім сұрағы.
Бауырына қысып жансыз баласын
босағамда үнсіз-түнсіз тұрады.
Отқа салып ұятымды, арымды,
тауысады төзімімді, сабырды
шыдай алмай айқай салам мен оған:
қинамашы,
қинамашы жанымды.
Дір ете қап сұп-сұр жүзі қапалы
мені суық жанарымен атады.
Бауырына қысып өлген баласын
сүйретіліп шығып бара жатады.
Сезімімді ақыл-ойға жеңдіріп
жүрем сонсоң істі өзімше өндіріп...
Босағамда тағы тұрар бір күні
Мың тоғыз Жүз Отыз Екі телміріп.
Тұр ғой сонда сан қасірет, сан қайғы,
Жүрегімнен қып-қызыл қан саулайды.
Аштан өлген қолындағы баласы –
қараңдаршы! –
менен, сенен аумайды.
ҰЯТЫН ЖОҒАЛТҚАН АДАМ ТУРАЛЫ ЖЫР
Өз басы мен өз жанын
ойлап жүріп күн-түні
ұяты мен ожданын
жоғалтты адам бір күні.
Салып не бір ойранды
дауыл болып бораған –
зұлмат күшке айналды
ұяты жоқ сол адам.
Қара түн боп түнерді,
жақты күйе-жаласын.
Жанжал қылып жіберді
ағайынның арасын.
Сөз құйынын суырып,
бұзып төзім-шыдамды,
айналасын қуырып
салды бүлік, ылаңды.
Жан шошиды түрінен!
Сұрқы қашты шындықтың –
сумаңдаған тілінен
уы тамып сұмдықтың.
Елін сүйген ақынға
аждаhа боп апшыды.
Бес тиындық бақырға
сатып кетті жақсыны.
Көтерілді, ісінді,
күйдірді ғой жан-жағын.
Ортасына түсірді
талай үйдің шаңырағын.
Болмай оған дауа да
шығып кетті шегінен –
бұзылды ғой ауа да
соның алған демінен.
Онсыз-дағы дүрліккен
елді бөлді бөлшекке.
Ол ұстаса гүл біткен
күлге айналды сол сәтте.
Ол күлгенде кезеңдер
Аңызаққа шарпылып;
теңіз бенен өзендер
бара жатты тартылып.
Әуез, әуен, ырғақ та
тастай ауыр қайғы алып,
жасыл шалғын тулаққа
кетті сәтте айналып.
Ол келді де
өңірден
қайта оралмай ұшты әнім.
Оны көріп көлімнен
безіп кетті құстарым.
Салып не бір ойранды
дауыл болып бораған –
зұлмат күшке айналды
ұяты жоқ сол адам.
Сол бір жанның жолында
жатыр елдің азабы...
бұрқырайды соңында
қасіреттің тозаңы...
КІШКЕНТАЙ АДАМ
Тоқтататын бұған қандай амал бар,
тоқтататын бұған қандай қамал бар, –
пайда болды пақырлықпен күн кешкен
кіп-кішкентай,
құйтақандай адамдар.
Білінбейді, –
жүрісі де, тұрысы,
білінбейді –
алған демі, тынысы.
Жоқ олардың тілмен, ділмен бір ісі,
жоқ олардың елмен, жермен жұмысы.
Өзін өзі бір уыс қып сығымдап,
айтатынын айтатұғын сыбырлап –
үнсіз-түнсіз,
көзге түспей, көрінбей
бара жатыр құмырсқадай қыбырлап.
Өзі үшін де,
өзге біреу үшін де
ірілік жоқ, кісілік жоқ ісінде.
Күндіз-күні қыбырлап тек жүргені
ұсақ-түйек, қиқым тірлік ішінде.
Өзін өзі алған мүлде жекелеп
жүреді оны пендешілік жетелеп.
Ерттеп мініп ергежейлі беделін,
отырады мәстек ойын мәпелеп.
Қауіпті айтсаң –
жердің үстін торлаған –
кішентаймын! – деп тайқиды оңбаған.
Төңкеріліп кетсін мейлі дүние
өзі бірақ аман болса болды оған.
Керек емес –
оған көктем бүртігі,
керек емес –
оған ел мен жұрт үні.
қыбыр-қыбыр
қыбыр-қыбыр... күн-түні.
Неткен оның тойымсыз ед құлқыны.
Қорықпаймын адамыңнан жаланған,
қорықпаймын адамыңнан қабарған.
Қорқамын мен – жүретұғын көрінбей –
осы құйттай қыбырлаған адамнан.
ҰШЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ҚАЗДАР
Көзін алмай қарап қалды үзігіп,
бар тіршілік,
бар табиғат қызығып, –
су-су етіп ұшып, әне келеді
аппақ қаздар аспанменен тізіліп.
Бір ыстық леп шарпып менің бетімді,
жап-жарық боп бара жатты екінді.
Ұшып келе жатқан қаздар аспанда
аппақ гүлдер,
аппақ гүлдер секілді.
Бір ыстық леп шарпып менің бетімді,
жап-жарық боп бара жатты екінді.
Ұшып келе жатқан қаздар аспанда
аппақ әндер,
аппақ әндер секілді.
Бір ыстық леп шарпып менің бетімді,
жап-жарық боп бара жатты екінді.
Ұшып келе жатқан қаздар аспанда
аппақ шамдар,
аппақ шамдар секілді.
Бір ыстық леп шарпып менің бетімді
жап-жарық боп бара жатты екінді
Ұшып келе жатқан қаздар аспанда
аппақ сөздер,
аппақ сөздер секілді.
САҒАН
Жалғыз өзің бар дертіме дауадай
аппақ нұрын құйып саған ауады ай.
Жеп-жеңілсің желпіп соққан самалдай,
жеп-жеңілсің тынысымдай, ауадай.
Сені көрсем ескермей жан азасын,
ұмытамын қатал тағдыр жазасын.
Сылқ-сылқ күліп ағып жатқан шымырлап
судай мөлдір,
судай сұлу тазасың.
Шақырсаң сен –
құс болам да ұшамын,
ұмытамын не екенін құсаның.
Күйдіретін, жандыратын, өртейтін
күндей ыстық,
күндей ыстық құшағың.
Жырлатса өмір –
сені маған жырлатсын.
Асылымдай, ардағымдай қымбатсың.
Жер сияқты қарапайым кәдімгі,
жер сияқты қатпар-қатпар жұмбақсың!
Астан-кестен етіп тымық кезімді,
ажар бейнең қарып кетті көзімді, –
Су мен Ауа,
Жер менен Күн бірлесіп
осы қазір жаратқандай өзіңді.
ЖУСАН
Оранған боз сағымға
көкірегім құм шағыл –
өзегімде,
жанымда
бұрқырайды жусаным.
Ойыма ашы мұң салар
қапаланып тұрсам бір –
жусан-күй мен жусан-ән,
жусан-сөз бен жусан-жыр.
Тұнып тұр ғрй түз деген
жусан болып мың аңыз...
Сондықтан да біз деген
жусан аңқып тұрамыз.
Онсыз жүнжіп өтеміз
түскендейміз құрсауға.
Әруақтанып кетеміз
аунап алсақ жусанға.
Алыс кеткен күшті де
аңсап соны жылады.
...Моламыздың үстіне
жусан өсіп шығады.
Көп нәрсеге көнікпіз
қуырылмас апшымыз.
Жусан-сынды берікпіз,
жусан-сынды ащымыз.
Жарылатын ағынан
жусан менің сазды үнім.
Жусан менің мағынам,
жусан менің мазмұным.
Жусанда сол жал, құмның
шөліркеген әні бар.
Жусанда сол халқымның
тағдырының дәмі бар!
БІР ЖҮЙРІКТІҢ ТАҒДЫРЫ ТУРАЛЫ ЖЫР
Белгілі қыр, ойыңа,
бергіге де, арғыға,
қанша жылдар бойына
ат салмаған алдына;
не бір тойды өткеріп
болған жұртқа әйгілі,
кеткен алып, бөктеріп
талай-талай бәйгені;
бауырынан жараған
шақырым боп ара жік –
бәйгеден де аламан
келетұғын қара үзіп;
жел естіріп алдынан –
ілесе алмай құстар да
қалатұғын жануар
созылып кеп ұшқанда;
тұяғы тас ататын
жалын шарпып бетіңді;
дара келе жататын
қара құйын секілді;
өтетұғын шаңдатып
жота, қырды елемей, –
адырнаны аңыратып
ұшқан қара жебедей;
ат емес бір оқ еді
ілеспейтін желің де.
ондай жүйрік жоқ еді
сол аймақта,
өңірде!
Көтеретін өр екпін
қос қолтықтан жел оны.
Қаражалы Дәнеттің
деп атайтын ел оны.
Бар еді онда өр екпін.
Қалатын жұрт елеңдеп
Қаражалы Дәнеттің
келе жатыр дегенде.
Соның сөзі жөн еді
кетсе де асып әдеттен,
қадірлі адам жоқ еді,
сол өңірде Дәнеттен.
Шашырап бір шапағы
жарқырады ай, күні.
Асып тұрды атағы,
асып тұрды айбыны.
Құрметтеп алатын
ел боп күтіп өбектеп,
бәйек болып қалатын
Дәнет,
Дәнет,
Дәнет деп.
...Сөнеді ғой жарық та,
өтер қызық баяны,
алыс тартып даңқ та,
бақ та бір күн таяды.
Бұған діттеп көңіл қой:
сөнер атақ шамы да.
Өмір аты өмір ғой
солай болды тағы да...
Кеткен даңқы дүбірлеп
дүйім елді аралап,
күндердің бір күнінде
жүйрік шықты ғаламат.
Ұмтылғанда жұтынып
екпіні бар сұңқардың, –
тарпандардың тұқымы,
тұяғы екен тұлпардың
Талай жерден бата алды
сұңғақ мойын,
жіліктім!
Құндызкөгі атанды
Ардақ деген жігіттің.
Түгі ойнаса желменен
қаласың ғой жұлдыз деп.
Айқайлайды ел деген
Құндызкөк деп, Құндызкөк!
Жұлдызша ағып өтті ғой
қояды ма сел екпін.
Шаң қаптырып кетті ғой.
Қаражалын Дәнеттің.
Қызулықтың оты еніп
шапқан сайын өрлеген.
Құндызкөкті көтеріп
кетті содан ел деген.
Құйылатын сарқырап
атты тастап қаншама,
келіп тұрды жарқырап
қай бәйгеге салса да.
Көмді қанша сел екпін
Қаражалды шаңына!
...Мұның бәрі Дәнеттің
тиіп жатты шамына.
Жүрді Дәнет түйіліп,
іштей жүн боп түтіліп, –
қызғаныштан күйініп,
қызғаныштан түтігіп.
Өзін-өзі тінтіген
не істерін білмеді, –
күндіз қалып күлкіден
қалды ұйқыдан түндегі.
Арам ойды қырқуға
оның көзін көр қылды...
Құндызкөкті құртуға
Дәнет енді бел буды...
Тауысып бар сабырын
өрт боп күйіп-жанды да
ағайынның қадірін
салды Ардақтың алдына.
Сенікі осы барым деп –
жан-жағынан қармақ сап, –
болайық деп тамыр деп
жетті өзі де салмақ сап.
Жалардай боп табанын
салып түрлі шарғыға,
тартты ата-бабаның
әруағын алдына.
Міне, арым, жан! деді
...Қояды ма жармасқан!...
...Қидым саған ал! деді
Ардақ шыдай алмастан.
Саудаға сап арды да,
жандай болған өлетін –
Құндызкөкті алды да
кетті өзгеріп Дәнетің.
Батып қара күнәға,
жағып күйе шындыққа –
естімеген бір адам
барды Дәнет сұмдыққа.
Ел күйініп ширықты,
қара түн боп түнерді –
Дәнет қайран жүйрікті
етке өткізіп жіберді.
* * *
Ішім менің алай-дүлей борасын!
Ағызатын көздің жасын, сорасын
соғып тұрған қалтыратып жанымды
ішім менің алай-дүлей борасын!
Жанды мынау жәбір сөзден құсалы
қиянаттың мұзы келіп қысады.
Қиқулаған қуанышым
көңілдің
мөлтеңдеген көлін тастап ұшады.
Кеше ғана тамыр салып әрең бір
өсіп шыққан үсіп кетті өлең-жыр.
Дірдек қағып Арманым мен Үмітім
қақап тұрған жел өтінде желең жүр!
Шыдай алмай жаққан күйе-жалаға
сыздап ашып тұр ғой дертті жара да...
Ұшып жатыр, ұшып жатыр бұрқырап
сағыныштың жапырағы сарыала!
Суығыңды шарпып соғып төзімге,
түтек боран, безілдесең безілде.
Тұла бойым дірілдейді шек құсап
ұлып көкке уілдеген кезінде.
Құлап түскен-сынды менің тірегім,
қатып қалған сұп-сұр болып реңім.
Торғай құсап бүріседі суықтан
дір-дір етіп қалтыраған жүрегім....
ОТ
Сөз-өтірік,
сөз-ашу мен сөз-әзіл
тұтануға дайын тұрған кез әзір.
Екі адамның арасына от салып
кетті сұмпай алаяқ бір әзәзіл.
Тар болды ма сол әзәзіл аспаны?!
Өтірік пен өсек отын тастады.
Ақырында екі адамның арасы
киіз құсап бықсып жана бастады...
Құтырынған,
ытырынған шақ келді,
шақ келді де бір-біріне тап берді.
Киіз құсап бықсып жанған жала сөз
шапшып тұтап өршіп бара жатты енді.
Басталды енді –
бітпес даудың таласы,
Басталды енді –
қара күйе жаласы.
Алау жалын лапылдатып шалқыған
өртке айналды екеуінің арасы.
Өртке айналды –
жеткен әбден шегіне,
өртке айналды –
шошитығын елі де.
Кетті өртеніп екеуінің тілегі,
сыйластығы, жолдастығы... бәрі де.
Құртқан талай топ-тобымен, жекені
әзәзілдің құрбандары жетеді.
...Зұлмат өртке өздері де шарпылып
өліп кетті ақырында екеуі.
Жиылды да адамдардың тобыры
мұны сұмдық қасіретке жорыды...
Екі жанды өртеп тынған өлтіріп
зұлмат өрттің жатыр әлі орыны...
Ой-есігін бірде жауып, бірде ашып,
отырамын өз-өзіммен мұңдасып...
Бүгінде енді орынында сол оттың
әзәзіл жүр сақ-сақ күліп, күл шашып...
БІР АҚЫНҒА
Неткен оның тап-тар еді ұғымы.
Жоқ сөзінің сөлі менен шырыны.
Селтең-селтең,
селтең-селтең етумен
өтіп бара жатыр енді ғұмыры.
Жазатыны –
майлап қойған арманы,
жазатыны –
баласы мен жан-жары,
жазатыны –
босағасы, шаңырағы!
Бүтін оның төрт құбыла жан-жағы.
Отыра қап түріп тастап білегін
сөз бояйды келтірем деп реңін.
...Анаған да, мынаған да ұсынып
арзаңдатып алған әбден жүрегін.
Ерттеп мініп сәйгүлігін «шабыттың»
күндіз-түні жыр жазады ағып бір.
Бір сөз айтпай,
бір сөз айтпай барады
қозғайтұғын жан-жүрегін халықтың.
Жүретұғын құйын құсап құбылып
көрмеген ол қатты сөзді ұғынып.
Отырады жаймашуақ мамықта,
тәтті сөзге сілекейі шұбырып.
Күні ертең ол алпысқа да жетеді.
Гүл мен қыздар мақалы мен мәтелі.
Бір сөз айтпай ел мен жердің атынан
әлі күнге селтең-селтең етеді.
АУРУ АҒАШ
Дерт тапқан ба –
қатері бар жауыннан?!
Дерт тапқан ба –
қатері бар дауылдан?!
Базары жоқ, ажары жоқ, көркі жоқ
жап-жас ағаш тұр алдымда ауырған.
Кететұғын кезде мынау бұрқанып
бұтақтарын әрең қозғап тұр талып.
Қысылады-ау байғұс ағаш –
тершиді –
денесінен өттей жасыл су тамып.
Оның енді күңгірттеніп аспаны
тұла бойы ауыр тарта бастады...
Бұрқырап-ақ тұратұғын кезінде
іріп түсіп жатыр жасыл шаштары.
Сыбыр-сыбыр сыбырламай, үндемей
тынып қалған жыр-көмей де, үн көмей.
Өтіп бара жатыр мына өмірден
ең болмаса бір рет те гүлдемей.
Мұңын оның жүрегіңе құясың,
қалай оны жамандыққа қиясың?!
Өтіп бара жатыр енді
бір рет
тербетпестен құстың ыстық ұясын.
Тұла бойы арса-арса боп сөгілген,
теңселеді ол үнсіз ғана егілген.
Ғашықтарды паналатпай бір рет
өтіп бара жатыр енді өмірден.
Өн бойынан қашып тірлік сарыны,
бәсең тартқан ұлы өмірдің ағыны.
Сөніп бара жатыр енді жарығы,
семіп бара жатыр енді тамыры.
Есіттің бе ажал-сұмның ызыңын.
Бітті, бітті! –
жырым сынып, үзіл үн! –
көктей солып бара жатыр осы ағаш
көре алмастан бұл өмірдің қызығын.
ШЕЖІРЕШІ
Осы қартты тыңдаймын да түсінем,
бір құдірет сезіп түр мен түсінен –
жаңа ғана шықса керек
қараңғы
қатпар-қатпар ғасырлардың ішінен.
Құрта алмаған тағдырдың сан тозағы,
отыр, міне, өткен заман қазағы.
Шалғайын сәл сілкіп қалса,
үстінен
бұрқ етеді ғасырлардың тозаңы.
Ішкендей-ақ кермек қышқыл бозаны
мақамдап бір сосын дауысын созады:
оң жағында –
базарлы өлке Таразы,
сол жағында –
ажарлы өлке Созағы.
Жарқырап бір кетер сонда күн, айың,
ұмыт қалып пайғамбарың, құдайың –
ағыл-тегіл төгеді кеп сол қартың
сөздің небір райы мен шырайын.
Айтып елдің –
үміті мен тілегін,
айтып елдің –
ұстыны мен тірегін
отыр қартым жайып салып алдына
сөздің небір мақпалы мен жібегін.
Тыңдап содан тауқыметін еліңнің
өз-өзіңнен, өз-өзіңнен егілдің,
Адастырып кетіп жүрген ұстатпай
алтын тінін тауып берер тегіңнің.
Өз өзіңмен отырасың тұтанып! –
тауып алып әулетіңнің бұтағын.
Сөздің небір шүйгінінде көсіліп,
сөздің небір сіміресің жұпарын.
Аңғарып тек елдің бағыт, ағымын,
аласың сен тәлім менен тағылым.
Тарқатады ол –
ата-баба тағдырын,
тарқатады ол –
ата-баба тамырын.
Сөздерден сол – қанып шөлің құмарың,
сөздерден сол – табылады ұраның.
Табасың сен сол сөздерден
білем мен
сөнбей қалған шындықтың бір шырағын.
Құрта алмаған тағдырдың сан тозағы,
отыр, міне, өткен заман қазағы.
Шалғайын сәл сілкіп қалса,
үстінен
бұрқ етеді ғасырлардың тозаңы.
МУЗЫКАЛЫҚ КӨНЕ АСПАП
Сонау бір қиыр, жырақтың
жарқ етіп сөніп жарығы, –
әлі күн онда жылап тұр
он жетінші ғасырдың
он жетідегі аруы.
Тарылар кенет жан-жағым
қысқанда келіп өкпені, –
тығылып жатқан ондағы
Отырардағы жесірдің
күрсінген жалын, от демі.
Жатыр ғой онда, бар онда:
жұлдыздың сызып аққаны,
тыныштық келіп заманға
қой үстіне бозторғай
жұмыртқа салып жатқаны!
Жатыр ғой онда ғаламның
думаны менен дүбірі,
сонау бір сонау заманның
жігіті менен қызының
сыбыры менен күбірі.
Тыңдап сен оны дір еттің
төгілген кезде шерлері.
Өрмегін күтіп жүректің
жатыр ғой онда қаншама
үндердің ою-өрнегі.
Қозғасаң оны ақырын
төгіліп жүрек сырлары,
тоқылып жатар, тоқылып
әуеннің қалы кілемі,
саздардың сырлы сырмағы.
Сақ бола көрші тіл-көзден! –
шыбық-үн бұтақ жаяды.
Жағылып кетер бір кезде
арманның аппақ үніне
қайғының қара бояуы.
Тыңдасам – күйіп-жанармын,
егіліп, бірде асқақтап, –
тағдыры бүкіл Даламның
ұя сап алған секілді
осы бір қуыс аспапқа,
осы бір құныс аспапқа!
ТЕЛЕМҰНАРА
Денесін сөздер аралап
таратқан үнін жаршы ғып –
аспанға тұр ол
ғаламат
шприц құсап шаншылып.
Шаттығы,
яки сорына –
оны мен қайдан біліппін –
шаншылып тұр ол сорып ап
көз жасын қара бұлттың.
Сорып ап тұр ол түтіннен
былғанған қала ауасын!
Үн сезіп одан өкінген
өртеніп,
күйіп,
жанасың!
Дей ме әлде: жанды тербесін
жылылық құйып ойыңа,
аспанның нұр мен сәулесін
сорып ап тұр ол бойына.
Бүгінге тұр ол үңіліп,
қағып ап білген, сезгенін
қылғытып, жұтып, сіміріп
әлемнің асыл сөздерін,
әлемнің жасын сөздерін,
дірілін, үнін өлеңнің
шатырлап сынған жай күшін, –
сорып ап тұр ол әлемнің
шаттығын,
күлкі,
қайғысын!
Дауысы зұлмат сұмдықтың
жіберер оны қарып-ақ.
Тұрады ол басқа құрлықтың
қасірет уын сорып ап.
Денесін сөздер аралап
таратқан үнін жаршы ғып,
аспанға тұр ол
ғаламат
шприц құсап шаншылып.
Әлемнің шаттық шерін де
күйін де, жырын, әнін де.
Сорып ап тұр ол бәрін де,
бәрін де,
бәрін,
бәрін де!
Сорып ап босқа тұра ма? –
таратып үнін өңірге
шприц – телемұнара
егеді сонсоң біздерге
бәрін де,
бәрін,
бәрін де!
Құлағын тосып өмірге
әр үнді аулап дір еткен,
сорып ап соның бәрін де
егеді ол тура жүрекке.
Содан ба кейде тасынып,
қоңырау боп кейде қағылам.
Әйтеуір қазір әлемнің
шаттығыменен жуынып
қайғысыменен ауырам!
ЖИІРКЕНІШ
Назаланып опынған
не сұмдықты өткеріп –
адам көрдім
отырған
өзін-өзі жек көріп.
Жас сорғалап көзінен
қара бұлт бүркеніп,
отыр адам
өзінен
жүрегі айнып жиіркеніп.
Күніменен,
түнімен
безер болып өзінен –
бір кездегі шірігін
жиіркенеді сөзінен.
Жанарынан нұр тайып,
айырылған күшінен
бір кездегі –
сұмпайы –
жиіркенеді ісінен.
Қара түнді бүркеніп
былғап алған сезімін –
отыр адам жиіркеніп
өмірінен өзінің.
Сорлы болып сорлыдан
бара жатыр күні өліп...
Тұрды сонсоң орнынан
түндей болып түнеріп.
Көзін ашпай сорадан,
жүн сияқты түтіліп, –
бара жатты сол адам
өзіне өзі түкіріп!
КҮН БАТАРДА
Дамылдаған арқасынан жүк түсіп
жатыр төбе, дөңес, жота бүк түсіп.
...Батып бара жатқан күннің астынан
реактивті самолеттер шықты ұшып.
Қарап қалды қала, ауыл, түздер де,
қарап тұрдық қадалып бір біздер де.
Зырлап аққан сол бір самолеттерден
шұбатылып қалып жатқан іздерге!
Тұрды-дағы қарап бір сәт тосылып,
кетті кенет сонан бәрі шошынып:
тас төбеде шұғылаға малынған
қанды қызыл іздерге!
Тұрды-дағы қарап бір сәт тосылып,
Кетті кенет сонан бәрі шошынып:
Тас төбеде шұғылаға малынған
Қанды қызыл іздер жатты жосылып.
Кеткен сынды ауытқып бір жер өсі,
Жиырылды түздің қырат, белесі.
Тартып-тартып жібергендей дойырмен
Тілім-тілім ұлы аспанның денесі.
Соған қарап қала, дала тарыққан,
соған қарап қала, дала қамыққан.
Талаураған сол іздерден жеріме
қазір енді кететіндей тамып қан...
ТАРТЫС
Көкірекке босқа күдік кіргізбе! –
десем-дағы: әуен менен үнді ізде,
біреу мені түнге қарай сүйрелеп,
біреу мені ап шығады күндізге.
Отырғанда алақұйын шабыт кеп,
ғажайып бір ақ әлемге барып кеп, –
біреу маған пышақ ала ұмтылып,
біреу оны жібереді қағып кеп.
Бұл өмірдің тепкісіне көнсек те,
бөле алмаймын өзімді мен бөлшекке.
Біреу маған күйе жағып қап-қара,
біреу оны тазартады сол сәтте.
Күдік кіріп, ұя салып кеудеге,
түсіремін өзімді мен әуреге.
Біреу мені жығып кетіп балшыққа,
біреу мені шомылдырар сәулеге.
Бірде босап, бірде жанды қуырып,
отырамын жанып, қайта суынып.
Біреу мені отқа салып жіберіп,
біреу мені оттан алды суырып.
Кейде адамның құлағандай тіреуі,
желге ұшады батасы мен тілеуі...
Біреу мені жерге көміп тірідей,
жанталасып аршып алды біреуі!
САҒАТ ЖӨНДЕЙТІН ШЕБЕРГЕ
Жан секілді үңілген кеп тереңге,
жан секілді үңілген кеп өлеңге,
тық-тық етіп соғып тұрған дірілдеп
үңілесің нәзік тылсым әлемге.
Тықылдаған шеңберлердің тіркесін
жеделдетіп, енді бірде іркесің...
О, ғажап-ай,
Соғып тұрған дірілдеп,
сол әлемді саусағыңмен түртесің!
Зергер-шебер, –
тамсантады тірлігің! –
Өзіңнен мен өтінгім кеп тұр бүгін,
қылдай нәзік құралыңмен шымшып ап
құйып жібер сол сағатқа күн нұрын.
Бір үміттер көңілімде бүр жарып,
бір сәулелер бір өшеді, бір жанып.
Құйып жібер күннің нұрын,
кетсінші
минуттар мен секундтар нұрланып.
Зергер-шебер, –
жетеді ғой жалының! –
жетеді ғой құдіретің, қарымың.
қылдай нәзік құралыңмен сағатқа
құйып жібер айдың аппақ жарығын.
Бір үміттер таңғы нұр боп атпақ боп,
бір сәулелер күйдіреді аптап боп.
Құйып жібер айдың нұрын,
кетсінші
минуттар мен секундтар аппақ боп.
Зергер-шебер, –
жұмсақ екен түр-түсің! –
Кеудеңде енді ғаламат күш бұлқынсын.
Қылдай нәзік құралыңмен
сағатқа
құйып жібер қуаныштың күлкісн.
Құйып жібер, сол бір ғажап сырды ұрлап.
Таусылмайтын аңыз болсын мың жырлап.
Минуттар мен секундтар төгіліп
бара жатсын сыңғыр-сыңғыр, сыңғырлап!
Зергер-шебер, –
бөлек екен бітімің! –
Бөлек екен құдіретің, үкімің,
Қылдай нәзік құралыңмен,
сағатқа
құйып жібер жүрегімнің лүпілін.
Мынау өмір, мынау тірлік үшін де –
үрейленіп дүбір менен дүсірге –
дірілдеген жүрегімнің лүпілі
соғып тұрсын сол сағаттың ішінде!
КҮЙІНІШ
Мына жанның іші неткен қараңғы!
Безіндіріп жіберетін адамды,
безіндіріп жіберетін заманды,
сыздататын жаныңдағы жараңды
мына жанның іші неткен қараңғы!
Көріп едім құпия бір ғаламдай,
көріп едім құпия бір қамалдай...
Жарығы жоқ, жалыны жоқ іші оның
қараңғы екен үңірейген арандай.
Жан сияқты жанталасқан жан бағып,
жол іздедім қараңғы ішін қарманып...
Қайтейін мен келмеді ғой қолымнан
қояйыншы деп ем оған шам жағып.
Жаным менің шыдамады, төзбеді:
мына адамнан кет, кет! – деді – без! – деді...
Түкті қара өрмекшілер сияқты
қаптап өріп бара жатты сөздері...
Сырты сұлу қоятындай көрмеге,
іші бірақ тұнған бықсық әрнеге.
Қап-қараңғы түкпірінен жанының
үрейді алып ысылдайды әлдене...
Деп жүрмеші жан екенсің жаңғалақ.
Сенбесең сен ішіне оның ал қарап:
тілегіне оратылып жыландар,
жүрегіне жабысып тұр жарқанат.
ҚАНЖАР
Әрбір сәтін есептеп,
күнін санап сөнбеген,
жатты бір шал төсекте
ауру қысып меңдеген.
Көп еді деп күтерім,
қамын ойлап елінің, –
біліп жатты бітерін
бүгін-ертең демінің.
Ойлап елін, даласын,
көз сап тау мен тасына,
соңғы сәтте
баласын
шақырды ғой қасына.
Көзін баяу ашты да, –
жүзі кенет құбылып, –
жастығының астынан
қанжар алды суырып.
– Жаны болма жанжалдың,
баласы бол далаңның.
Келе жатқан қанжар бұл
бабасынан бабаңның.
Ащы жусан, сораңды
өз далаңды құш, балам! –
елдің ұлы болады
бұл қанжарды ұстаған.
Шықтың, міне, өріңе,
қарайтын сол, оңыңа,
береді антын еліне
қанжарды алған қолына!
Әр сөзімді салмақтап
кетейін мен өлерде,
бұл қанжарды ардақтап
ұстамасаң егер де
қарғысы ұрып далаңның
жаның мұңға батады.
сонсоң ата-бабаңның
әруағы атады...
Толғанатын сорлы да
ойлар тастап орасан,
осыны айтып болды да
өліп кетті дана шал.
Қарайтұғын жыраққа
халқының ол қарты еті, –
амал нешік, бірақ та
баласы оның таңқы еді.
Жетпейтұғын шамасы
өмірдің шың, өріне, –
мәстек еді баласы
қарай алмас әріге.
Сөздер айтып іріген
тарылды оның жан-жағы.
Күніменен, түнімен
баю болды арманы.
Деп байлыққа жетемін,
ақша елестеп көзіне,
мән берген жоқ әкенің
айтқан соңғы сөзіне!
Қара аспаннан қан жауды,
бір дір етті мазар да, –
қасиетті қанжарды
сатты апарып базарға.
Алып келер түнекті
жау тигендей шетіне,
тыжырынып дір етті
қара жердің беті де.
Қалбаңдады бар шетте
көлеңкелер ұзарып,
кетті ұяттан
сол сәтте
қара тас та қызарып!
Қара аспаннан қан жауды,
бір дір етті мазар да, –
қасиетті қанжарды
сатты апарып базарға...
Жылдар өтті жапырып
жанған қанша жарықты...
Сол бір бала ақыры
байға айналды даңқты.
Өзінше ойды саралап
шалқалап кеп жатады,
елді кетті аралап
оның байлық, атағы...
Жүріп жатты желпініп
тойынбастан құлқыны...
Кетті оны өлтіріп
қарақшылар бір күні.
Көрме мұны түсіңде! –
шалқып ағып қызыл қан
бар байлықтың ішінде
сұлап жатты ұзыннан.
Жатты ол – байлық жан-жағы –
көзі кеткен аларып,
бабасының қанжары
жүрегіне қадалып...
АДАМ
Еш өзгеріс болмаса да түрінде,
түбірінде,
тамырында,
үнінде
адам деген адам емес дәл қазір
құдірет қой адам деген бүгінде.
Кейде ұмытып сыпайылық, зиятты,
кетеді ғой белден басып ұятты, –
мынау ұлы табиғаттан ол емес,
табиғатты ол тудырған сияқты.
Өне бойын долы қуат күш керіп
жүреді ылғи ызаланып тістеніп.
Содан ба екен,
содан ба екен білмедім
иығына қонбайды оның құс келіп.
Сөздер айтып айналасын аластар
сонда өтеді айтыс,
тартыс,
таластар!
Содан ба екен жапырақпен аймалап,
бұтағымен құшпайды оны ағаштар.
Бүгінімен келешекке қарғыған
ойларыңда ойлар бар ғой қаңғыған.
Содан ба екен,
содан ба екен еркелеп
аңдар біткен шықпайды оның алдынан.
Аспандап кеп қарап мынау жеріне
қатерлі бір шешім айтар көбіне...
Содан ба екен қорқады одан түршігіп
аңдар,
құстар,
ағаштар да... – бәрі де!
Айтатұғын әрбір оның сөзінен
бірде аптап,
бірде суық сезінем...
Бәрін, бәрін шошындырып қорқытып
адам енді қорқып отыр өзінен!
АҚЫН ЕСКЕРТКІШІНІҢ БАСЫНАН
ӨТКЕН ТҮНГІ БІР ОҚИҒА
Табындырған сәбиді де, атаны
жер жүзіне кеткен есім, атағы,
көтерілген алып ауыр шойыннан
бір алаңда ақын тұрды қапалы.
Таңқалдырып –
алыс пенен жақынды,
таңқалдырып –
даңқтыны, пақырды
тұнжырап бір тұрған тұғыр үстінде
жұбатпақ боп сол қапалы ақынды –
күй төгетін,
ән айтатын бұлданбай –
ондағы әуен, әуез бенен үн қандай! –
қатпар тауып жүрегінің тұсынан
ұя салды оған келіп бір торғай.
Іштен тынған өзіне-өзі қайралып,
ақын тұрды қапаланып, ойланып.
Ұя салған денесіне сол торғай
бара жатты жүрегіне айналып.
Қапаланып тұратұғын үнемі,
құбылады ұлы ақынның реңі –
ұшып келіп,
ұшып қайта кеткенде
құйтақандай сол бір торғай – жүрегі.
...Қайта-қайта жағып жасын-шырпыны
қара нөсер дауыл соқты бір күні.
Бар айнала алай-дүлей болса да
қозғалмады ұлы ақынның кірпігі!
Араласып кетті жер мен ғарыш та!
Сорғалаған көктен аққан ағысқа
қарамастан шойын дене ұлы ақын
қарап тұрды қапаланып алысқа...
Қара жауын сел боп, көл боп ақты ғой,
бір жағынан дауыл дабыл қақты ғой...
Ескерткіштің денесінен сол ұя
жел жұлқылап,
жылжып бара жатты ғой...
Онсыздағы жаны күйген жаралы
ұлы ақынның жоқ жасайтын амалы, –
дір-дір етіп шойын ауыр кірпігі
мөлтеңдеген жасқа толды жанары.
Мөлтеңдеген жасқа толды жанары.
Ұлы ақынның жоқ жасайтын амалы.
Жұмыртқасы – тірлігі бар сол ұя
құлап әне...
құлап әне барады...
Алай-дүлей болып сана-қиялы,
шыдай алмай сол ұлы ақын зиялы –
иіліп кеп тұла бойы сықырлап
ұстап алды жылжып кеткен ұяны.
Күндіз-түні қапаланып тұратын
өн бойына қуат еніп сұрапыл,
жөндеп қойды сол ұяны ақырын
еңкейіп кеп алып дене ұлы ақын.
Тұрған-сынды қарсы қарап көшкінге
найзағайдай сесі бар ғой кескінде.
Қолыменен жөндеп қойды ұяны
бірақ оны көрген жоқ қой ешкім де!...
Атты таңым оранғандай жалқынға.
Алаң үсті толды нұрға, жарқылға.
Өтіп жатты базарлы өмір көшемен.
Ал ақын тұр сол қапалы қалпында.
ДҮНИЕГЕ ӨЛЕҢ КЕЛЕР КЕЗІНДЕ
Дүниеге өлең келер кезінде
құбылыстар шарпысады сезімде;
дүниеге өлең келер кезінде
шық тұрады алау күннің көзінде;
гүлге тұнып шөл даланың өңірі
сазға айналар тіршіліктің әр үні;
аспанымнан жерге түсіп тәңірі,
дертіп тұрар бұлттардың желіні;
опасыздық отқа беті шарпылып,
кетер арсыз келмес жаққа артынып:
шағалалар дауылсыз-ақ шарқ ұрып,
жас нәресте Күнге ұмтылар талпынып.
Есітіліп жер астының сарыны
кетеді ғой дүниенің сабыры;
қуаттанып шөптің әлсіз тамыры,
сарқырап бір ағар өмір ағыны.
Дүниеге өлең келер кезінде
құбылыстар шарпысады сезімде.
Дүниеге өлең келер кезінде
жасын ойнар қасіреттің көзінде!
ӨЛІ ТІЛДЕР
Өлі тілдер,
өлген тілдер ұрығы,
сөнген тілдер қызуы мен жылуы.
Өлі тілдер,
өлген тілдер
жоқ тілдер,
біткен тілдер тіршілігі, ғұмыры.
Қирап бүкіл қорғаны мен тірегі,
басқан келіп қасіреттің түнегі.
Ол тілдердің демі біткен таусылып,
ол тілдердің тоқтап қалған жүрегі.
Жоқ оларда жауын, дауыл ағыны,
жоқ оларда алау күннің жалыны.
Сөніп қалған,
сөніп қалған жарығы.
Семіп қалған,
семіп қалған тамыры.
Жоқ оларда тұлпарлардың шабысы,
жоқ оларда өзендердің ағысы,
жоқ оларда топырақтың қуаты,
жоқ оларда жаңбырлардың дауысы.
Жіберетін жан-жүректі жұлқып-ақ,
жетпейді ғой жан айқайы шырқырап.
Ол тілдерден құстың үні шықпайды,
шықпайды ғой шөптің иісі бұрқырап.
Оны есітіп бола алмайсың жазалы,
оны естіп бола алмасың азалы.
Ол тілдердің,
ол тілдердің бүгінде
тарқап кеткен қызығы мен базары.
Сол тілдерден кейде бірақ мұң шығып,
сан ойларға мың батамын, мың шығып.
Олар, олар өз-өзінен өлмеген,
өлген олар қиянаттан тұншығып.
Мейлі мұны білмедім де, білдім де.
Дәйегі жоқ сөздер айтпа бұл күнде.
Өлген олар,
өлген олар,
өлген ғой
түскеннен соң қуғын менен сүргінге!
Тұла бойдан тіршілігін ұшырған,
өсетұғын өріс таппай қысылған.
Олар, олар өз-өзінен өлмеген,
өлген олар үстемдіктен, қысымнан,
Тағдыр деген кейде зұлым, өктем ғой,
содан өмір жәбір-жапа шеккен ғой...
Тілі өлген соң бәтуаға келместен
қанша халық тоз-тоз болып кеткен ғой.
Дей алмаймын көпті сезем, көп білем, –
шатастырма мені дана, тектімен, –
жүдеулігін бұл өмірдің сонда да
сол тілдердің болмауынан деп білем.
Сөз бен саздар молырақ боп өмірде,
молырақ боп ән мен әуен, өлең де –
тіл табысып кетер ме еді халықтар
сол бір тілдер аман болса егер де.
Десем-дағы жасыма сен, жасыма,
ақ түседі соны ойласам шашыма.
Енді, Уақыт, сол тілдердің тағдырын
бере көрме басқа тілдің басына.
ТОНАЛҒАН ОРМАН
Тағы, міне, жаным менің сұрапыл.
Тағы, міне, сынған-сынды мұратым...
Дәл осы бір,
дәл осы бір аңғарда
ұйып қана шағын орман тұратын.
Махаббат пен сұлулықтан жаралған,
Ай нұры мен Күн нұрына оранған
тірлігі мен тіршілігі өзгеше
жұмбақ жасыл әлем еді сол орман.
Келер болсаң тезірек жет, кел енді.
Көрер болсаң қара келіп, көр енді...
Электрлі аралар кеп бір күні
тонап алып кетті жасыл әлемді.
Тұрған кезде жасыл шулы ертегім
үмітпенен қарайтұғын ертеңім...
Сол бір орман,
сол бір орман шап-шағын
ажары мен базары еді өлкенің.
Қан қақсадым –
күйіндім де егілдім,
қақырадым,
сетінедім, сөгілдім.
Тонап кетті аралармен келді де
сол ғажайып сұлулығын жерімнің.
Соны қоршап тұратұғын жондарым.
Соған кіріп дем алатын жолдарым.
Тұнып тұрған ән болатын жап-жасыл,
ұйып тұрған жасыл сол бір орманым.
Күйіндім де, егілдім де, жыладым.
Қашанғы енді төзе бермек шыдамым.
Тонап кетті қырқып алып арамен
сыңсып тұрған елдің жасыл сол әнін.
Сендер де енді көріңдер де, біліңдер!
Тағдыры оның жан-жүректі тілімдер...
Сақиналар дөңгеленіп бетінде
қалыпты тек түбір, түбір, түбірлер.
Жазың мынау қара суық күзіндей...
Бір мұң қалды жүрегімнен үзілмей...
Түбірдегі сақиналар –
бейне бір –
қылмыскердің саусағының ізіндей...
ҮМІТ ПЕН КҮДІК
Бірі қатер, ал біреуі игілік,
бірі тербер, бір салып қиғылық...
Үмітімді өсіріп ем гүл қылып,
күдік-аптап жіберді оны күйдіріп.
Қаншама ақын, қаншама ақын саяз боп,
тұр ғой қазір бұл өмірде ой аз боп...
үмітімді жіберіп ем аптап қып,
қарып түсті Күдік оны аяз боп!
Жүре алмаймын өз-өзіме тоқ болып,
бара жатыр жүрегіме от толып...
Ұшырып ем үмітімді құс қылып,
қағып түсті Күдік оны оқ болып.
Буырқанып жатқан талай дастаны,
алау-далау көңілімнің аспаны...
Үмітімді жіберіп ем сәуле қып,
күдігім кеп бұлт болып басты оны.
Дей алмаймын кереметпін, ірімін,
тірлігі бар тірлігімде тірінің...
Үмітімді құйдым сонсоң металл қып,
тот боп оны жей бастады Күдігім.
МҰҚАҒАЛИ ҚАЙТҚАНДА
Келді бүгін ажал-сұмның кезегі.
Өрт боп жанды өлең, жырдың өзегі.
Ақпай қалды, ағып жатқан бұрқырап,
Жетісудың тағы да бір өзені.
Қала алмассың мұндай күні опынбай,
әр жүректе «қайран Мұха», «опырмай!»
Ақындардың жыр оқитын кешінде
бір керемет өлең қалды оқылмай.
Тағы мұны қала алмассың түсінбей,
жүрек жылап, боран соқса ішіңде.
сырахана столының үстінде.
бір саптыаяқ сыра қалды ішілмей.
Жаңа үнменен қарсы алатын әр таңды,
жек көретін өсек пенен жалтаңды.
ақыным жоқ бүгін енді ортаңда
жалақысыз еркін кешкен жалғанды.
Галстуксіз айқара ашық омырау.
Туы-Алатау,
көкірегі – Атырау.
Болған емес онда өтірік көлгірсу,
болған емес онда қайту, тоқырау.
Елемейтін,
ескермейтін ептіні
тастайтұғын бетінен ап беттінің.
Өлең етіп ызғарлы түн, от күнін
жол қозғалыс ережесін елемей
көшелерді кешіп келе жататын
Мұқағали Мақатаев жоқ бүгін.
2-ШІ ТОПТАҒЫ МҮГЕДЕК
Ол үшін үлкен күш:
отыру жүрелеп,
кету де түрегеп.
Он тоғыз жастағы жап-жас қыз
2-ші топтағы мүгедек.
Не керек
әлемнің кеңдігі? –
жанын жаралар
аяқтың кемдігі.
Ол әлі бір рет
толқынмен жарысып
жүзуге бармаған.
Ол әлі бір рет
билі алаңға
билет алмаған.
Күйіктен жаралы
оның өзегі,
тартынып ағады
оның өзені...
Түседі ол күніне сан рет
қатал безбенге –
аяған көздер мен
мүсіркеу сөздерге!
Өтінем, жап-жас қыз,
Жүректі ақсатпа.
Қара сен сеніммен
күндерге алдағы...
Қыз үнсіз қарайды
арманға, үмітке, мақсатқа.
Сықырлап, ыңырсып жылайды
қолтықтан сүйеген балдағы.
ТҮСІНІКСІЗ ХАЛ
Біткен-сынды сүйенетін тірегім,
қан-сөлі жоқ сұп-сұр болып реңім
ойдан қажып,
жүйкем тозып қалжырап
бейуақта есеңгіреп тұр едім.
(Мұны айтқанда салып тұр деп айлаға,
өтінемін, ойлама сен, ойлама)!
Көз алдымда аппақ қарға оранып,
аппақ болып жатты дала айнала.
Сыздап сығып жан-жүректің жарасы
бір дерт мені тартты терең, қарашы! –
аппақ әлем боз тұманға сіңді де
қосылды ғой аспан мен жер арасы.
Не боп кетті! –
Түсінбейтін ешкім де
басқа тірлік,
басқа әлемге түстім бе? –
келе жатыр қара жылан қап-қара
сумаң қағып аппақ қардың үстінде!
Төзіміңді,
шыдамыңды сақта да
қозғалма сен, қимылдама аттама!
Маған қарай келе жатыр ақ қарда
қара жылан,
қара жылан
қап-қара!
Қалдым неге,
қалдым неге араңдап?
Қалай бұдан аман шығам амалдап?!
Қап-қара ізі қалып ақ қар үстінде
айыр тілі сумаңдайды жалаңдап...
Кетті кенет, кетті кенет көрінбей!
ызғар сездім сол сәттен мен өлімдей...
Көз алдымнен бір кетпестен тұр әлі
аппақ қар мен қара жылан көмірдей.
* * *
Бұрынғыдан терең тартып тереңім,
бұрынғыдан жасыл тартып желегім
кетті әйтеуір өзгеше боп,
басқа боп
сеніменен кездескелі өлеңім.
шыдам, сабыр шығып кетіп шегінен
өзіңді ойлап,
өзіңді ойлап емінем.
Сенің өрттей ыстық демің есіп тұр
өлеңімнің уілдеген демінен.
Өзіңсің ғой таразым да,
безбенім.
Қазір енді басқамын мен,
өзгемін.
Қозданады жел үрлеген шоқтай боп
жанарыңның нұры сіңген сөздерім.
Емдейтұғын жан-жүректің жарасын
сен мен үшін өзгесің ғой,
дарасың!
Аралап жүр сенің күлкің сыңғырлап
дыбыстар мен дыбыстардың арасын.
Алай-дүлей дауыл соқсын суырып
енді сенен кете алмаспын суынып.
Ауыр тартып бара жатыр ойларым
алған-сынды көз жасыңа жуынып.
Сенсіз жүрем езіліп мен жаншылып,
сен өзіңсіз өліп кетті қанша үміт.
Түсті езіліп өлеңімнің соңына
кірпігің де леп белгі боп шаншылып.
Өзіңменен сөзім менің мәуелі,
мәуелі ғой ойларымның әлемі.
Жел сілкіген жапырақтар секілді
сыбдырлайды өлеңімнің әуені.
Бұрынғыдан терең тартып тереңім,
бұрынғыдан жасыл тартып желегім
кетті әйтеуір өзгеше боп, басқа боп
сеніменен кездескелі өлеңім.
ТОЗҒАН ҮЙ
Тозған үй бұл, тозған үй бұл, тозған үй,
күні бітіп уақыттан озған үй.
Сөніп кетпей,
өліп кетпей сонда да
өлеусіреп тіршілігін созған үй.
Тозған үй бұл, тозған үй бұл, тозған үй.
Өткен күнін келер күнге шегеріп,
тозған әбден,
тозған әбден көнеріп,
Кеткен оның көп қатарлы денесі
кебір сіңген дымқыл сыздан көгеріп.
Шығар шықпас,
шығар шықпас тұр жаны,
бірдей оның көлеңке жақ, күн жағы,
бір жағының қабырғасы сөгіліп,
шөгіп бара жатыр енді бір жағы.
Шекесіне қондырып ап ай, күнді
жіберетін мереке қып жай күнді
айналаға қарап тұрған асқақтап
үй еді бұл бір кездегі айбынды.
Үй еді бұл сарқып құйып қуатын
ақжал толқын сөздер айтып сұрапыл,
дүниенің дүбірінен ғаламат
тұла бойы күйіп-жанып тұратын.
Үй еді бұл өзгешерек басқа үйден,
тез есейген тез арылып жас күйден.
Астан-кестен боп жатқанда дүние
денесіне оқ қадалып, тас тиген.
Бұл үй тұрған ызаланып, ашынып,
бұл үй тұрған қайғы, мұңын жасырып,
үңірейіп терезелер – көздері
бұл үй тұрған елім құсап ашығып.
Кеткен үй бұл теңселіп сан дүлейден, –
енді үйдің бұл теңселмеуін тілейді ел, –
отызыншы сол жылдары
бұл үйдің
төбе шашы тік тұрған ғой үрейден.
Бәрін көрген, бәрін, бәрін, бәрін де,
бәрін көрген – өлімді де, өмір де.
тыңдаған ғой мына бүкіл тірліктің
әңгімесін, күй-жырын да, әнін де.
Өткен күнін келер күнге шегеріп,
енді, міне, тозған әбден көнеріп
кетіпті ғой көп қатарлы денесі
кебір сіңген дымқыл сыздан көгеріп.
Тағдырына, талайына шағынып
бұл үйден сан жандар өтті сабылып.
Дымқыл сыздан тұла бойы көгеріп
осы бір үй тұрған-сынды ауырып.
Кеме-сынды кеп тоқтаған айлаққа,
қартайып-ақ қарайды ол аймаққа...
Тұнжырап бір тұрып-тұрып
кей кезде
жібереді бұрқыратып тойлап та!
Ондай кезде қарайды жұрт үркіп бір.
(Өйткені жұрт той қызығын іркіп тұр).
Ертесіне тұрады ғой бұл үйдің
өн бойынан арақ иісі мүңкіп бір...
Бір кездері аты кеткен шығанға
осы бір үй жаралғандай шыдамға...
Қадайды оған әлі күнге ту әкеп,
жазады оның маңдайына ұран да...
Дегенмен бұл үй енді алшақ тұр,
кетердей-ақ түртіп қалсаң қаусап бір.
Көшелерден соққан желден түршігіп,
тоңып, жаурап, шалдығып тұр, шаршап тұр.
Тозған үй бұл, тозған үй бұл, тозған үй.
Күні бітіп уақыттан озған үй.
Сөніп кетпей,
өліп кетпей сонда да
өлеусіреп тіршілігін созған үй.
Тозған үй бұл, тозған үй бұл, тозған үй.
МАҢҒЫСТАУ
О, менің Маңғыстауым, Маңғыстауым
Марқайып мақтанарым, алға ұстарым.
Өзіңде бар махаббат, бар құштарым.
Жыр болып құйылады алғыстарым.
Есімің естілсе де қай жағымнан
кім болсын селк етеді айбарыңнан.
Аппақ бір нұр құйылып маңдайыңнан,
жел есіп тұр ғой қазір айдарыңнан.
Тірек пен мақтан болған баршамызға
бөлекше орның сенің картамызда.
Маңғыстау деген кезде
әруақтанып
жал бітіп кетеді ғой арқамызға.
Тамсанар ол өзіне тамсанғанға,
жар салар ол өзіне жар салғанға.
Дүние қақ айырылып бара жатар
күй тартып, Маңғыстауым ән салғанда.
Өзіңнен маған осы жыр сіңген бе?!
Өзіңнен маған осы нұр сіңген бе?!
Жүрегім қақ айырылар аспан құсап
кей кезде Маңғыстауым күрсінгенде!
Көрініп берекеттің белесінен.
Шықпастай болып тұр ол ел есінен.
Алапат қуат сезем Маңғыстаудың
қым-қиғаш
темір буған денесінен.
Нұрланам шабыт шамым маздағанда.
Не келіп, не кетпеген боз даламда.
Бар жері тебіренер қазағымның
Маңғыстау – Ойсылқарам боздағанда.
Сол үнді біздер енді ұғыналық.
Қансызсың ұғынбасаң, мұным анық!
Жатқандай Қамбар менен Шопан атам
қостарын осы жерге тігіп алып.
Маңғыстау десем болды жасарамын,
Маңғыстау десем болды жасанамын.
Сен десем қабірінде аунап түсер
Абылым, Мұрын Жырау, Қашағаным.
Маңғыстау сенің қанша батты күнің,
Маңғыстау сенің қанша атты күнің.
Жата алмай кетеді ғой қабірінде
сен десем Есір менен Сәттіғұлың.
Қызық қой бұрқырап бір құбылғаның,
бурадай бүлік салып «жын ұрғаның»
Сен десем кетеді ғой тебіреніп
Құлшарым, Өскінбайым, Нұрымдарым.
Жүретін әрбір сөзі аңыз болып,
тұнатын әрбір сөзі маңыз болып.
Сен десе кетуші еді Алшын атам
қазіргі замандағы Абыз болып.
Тұратын қарсы қарап сұрапылға
қуат бар тау мен жота қыратыңда!
Сен десем ойға батып Есбол ағам,
күй болып құйылады Мұратым да!
Бүгінде жүрегімнің байтақ әні.
Айбарың кімді болсын қайтарады.
Сен десем Фариза ақын отқа айналып,
кемедей Кекілбаев шайқалады.
Жарқ еткен жүрегімнің жыры сөнбе,
щырақ боп жанады олар дұрыс елде.
Сен десе бүгінде мен құлақ тосам
Сержан-күй, Ізбасар-жыр, Күріш-әнге.
Сен десе тебіреніп атырабым,
өзімді теңіз етіп сапырамын.
Біздерді желеп-жебеп жата берші
Маңғыстау, әулиелі топырағым.
ТАЙПА ТРАГЕДИЯСЫ
Табиғаттың сезіп әуен, жыр, үнін
үйлестірген соныменен ұғымын
бір тайпа жұрт джунгли ішінде
кешіп жатты жабайылау ғұмырын.
Алдарынан қылаңытып боз үміт,
кейде күліп,
кейде жылап езіліп
бітпейтұғын тарамыстай күндерде
өмір сүрді тарамыстай созылып.
Досқа күліп,
қабақ түйіп қасына,
өмір сүрді кәрісі де,
жасы да.
...Кенет, кенет әумесерлеу біреудің
келді бір күн әумесер ой басына.
– Тыңда, қане, –
жасыңыз да, кәріңіз,
айтқанымды ойға салып көріңіз –
ақылдының етін жесек біз егер
ақылды боп кетпейміз бе бәріміз?!
Мына сөзден бүкіл тайпа дүрлігіп,
есі кетіп бір жылады,
бір күліп.
ақылды боп кеткісі кеп бір сәтте
бәрінің де көздеріне тұнды үміт.
Онсыздағы жадап жүрген аш халық
сәл аялдап тұрдыдағы жасқанып,
бастап жүрген ақылдыны бір-екі
сол сәтінде жеп алды ғой бас салып.
Ақыл көріп әумесердің ақылын,
аңдыды енді бірін-бірі ақырын,
батыр болып кеткісі кеп бір күні
тарпа бас сап жеп алды енді батырын.
Бойға дарып жатқан-сынды жегені
тапты не бір сұмдық пенен бәлені,
кетті сонсоң қу құлқынға жем болып
өркендісі,
өнерлісі,
шебері...
(Соны ойласам кетеді ғой кек қайнап)! –
Ақырында таяқпенен қақпайлап
ақыл-ессіз,
батырсыз сол тайпаны
басқа тайпа құл қып бір күн кетті айдап.
ШАҒЫН БАЛЛАДА
Есіме алсам сыздар жүрек жарасы!
Ауылға да қашық емес арасы
сонадайда жапа-жалғыз, көнелеу
жататұғын жас баланың моласы.
Қайырылатын – оны көрсең – мұратың.
майырылатын – оны көрсең қуатың.
Сонадайдан сол бір жалғыз моланың
құлақшасы селтиіп тек тұратын.
Сезінбейтін келер күнді, ілкіні,
не боп кеткен кей адамның құлқыны.
Таптап өтті тракторист Жарықбай
бульдозермен сол моланы бір күні.
От боп шарпып тидідағы жел бетке
жат құбылыс пайда болды жер, көкте...
Таптап өтті таркторист Жарықбай
бульдозермен сол моланы ермекке!
Таптап өтті...
атама оны, атама!
таптап өтті...
таптап өтті... о, тоба!
Таптап өтті жас баланың моласын!
Батты тірлік, бар табиғат қапаға!
Бақытсыздық, баянсыздық қол беріп,
Жарықбайға қонды содан сор келіп, –
Соңына оның көрінбестен бір бала
қалмастан бір жүретұғын болды еріп.
Көрінбейді –
сұмдық енді мұнысы!
Естіледі –
дем алған тек тынысы.
Көрінбейді, естіледі тек қана
топ-топ басқан аяғының дыбысы.
Ал Жарықбай уыстап өз шашынан
дір-дір етіп үрейленіп шошынар.
Қалмайтұғын болып алды сол бала
көрінбестен қапталдасып қасынан.
Жарықбайдың тұла бойы шымырлап
құласа егер басын ұстап сығымдап –
топ-топ басып көрінбейтін сол бала
жылап тұрар жанына кеп шырылдап!..
АҚТАБАН ШҰБЫРЫНДЫ
Ақтабан шұбырынды...
Кім білер шығынымды?
Кім жалғар айтыңдаршы,
үзілген жұлынымды?
ақтабан шұбырынды...
ақтабан шұбырынды...
Қайтпаған кегін ойлап,
таланған жерін ойлап
тоз-тоз боп бара жатыр
қазағым «Елім-айлап».
Аузы ашық жарамыздың...
сесі жоқ даламыздың...
Баланың көзін шоқып
тойынған қара құзғын.
Жете алмай арманына
дүние зарлады ма?!
Оралған қара жылан
киелі шаңырағыма.
Өртеніп барады ма,
жүрегім жанады ма?!
Қарақұрт ұя салған
қобыздың шанағына.
Өртеніп барады ма,
жүрегім жанады ма?!
Жауыздық қолын салған
арудың анарына.
Айтатын сазын анам
қайғысын қазып алам...
Ұлыған жел соғады
даладан азынаған.
Қайтпаған кегін ойлап,
таланған жерін ойлап
тоз-тоз боп бара жатыр
қазағым «Елім-айлап».
Дауыстар шырқыраған
жүректі жұлқылаған...
Көміліп ел барады
ақ шаңға бұрқыраған...
АПТАП КҮНІ ЖАЗЫЛҒАН ӨЛЕҢ
Аптап күн бұл –
бұрын-соңды көрмеген.
Жалын ұрар вулкан-сынды сөнбеген.
Жерге түсіп аспан мынау айналып,
көкке ұшқандай төңкеріліп жер деген.
Болмайтындай енді бесін, екінді.
Лап ете қап от шарпиды бетіңді.
Бетон киген алып үйлер –
ұстасаң –
күйіп тұрған алып пештер секілді.
Мұнар ағып көше бойын жағалай.
Бұл дүние өртенеді,
жанады-ай!
Анау жатқан асфальтті алаң да
шоққа қойған қызып тұрған табадай.
Түсінісу, ұғынысу әлі аздай.
Жер менен Күн бір-бірімен араздай.
Жапырақ та –
тіршілігі бар деген –
судырлайды кеуіп қалған қағаздай.
От шарпытып жер мен көктің арасын
өзің де енді өртенесің, жанасың.
Бүкіл ішкі дүниеңді өрт етіп
деміңді алсаң –
жалын ұрттап аласың.
Шым-шытырық өңі түгіл, түсі де –
қиын-ақ қой ойлы, қанды кісіге.
Бұл өмірдің –
құдайым-ау қайтеміз! –
боп кетті ғой сырты да өрт, іші де.
Күймей қалай жүре алмақпын енді мен,
дей алмаймын салғырттыққа көндігем.
Сырттағы өрттің әлі-ақ табы қайтар-ау,
іштегі өртті қалай ғана сөндірем.
Қап қара боп күйіп кеткен жыр елім,
қап-қара боп күйіп кеткен реңім.
Өрт ішінде қалды менің тілегім,
өрт ішінде қалды менің жүрегім.
Бірде ақын,
енді бірде пақырмыз,
бірде алыс,
енді бірде жақынбыз.
шыжғырылып, күйіп-жанып, өртеніп
от ішінде жүріп келе жатырмыз.
ҚАТЕРЛІ СӨЗ
Батырам деп түнекке
қанталаған қабарып,
жылдар бойы жүректе
жатты бір сөз қадалып.
Сорғалап бір сор көзден
талаурады, талды үнім,
дір-дір етті сол сөзден
өмірім мен тағдырым.
Сол жауыз-сөз қабарып,
құртамын деп барыңды
жүрегіме қадалып
сорып жатты қанымды.
Құтқарам деп тілек пен
арман, қызық күлкіні –
сол сөзді мен
жүректен
жұлып алдым бір күні.
Жаным мұңға батты ғой
сөндім қайта бір көктеп, –
қаным тамып жатты ғой
сол бір сөзден дірдектеп...
АЗАЛЫ ҮЙДЕ БОЛҒАН ОҚИҒА
ТУРАЛЫ ОЙ
Ажал-сұмның түсіп суық назары,
таусылды ғой тағы бір жан базары...
Азаматсыз қалған енді мынау үй
қайғы, мұңнан қара киген азалы.
ағытып бар іштегі зар тиегін
өртке айналып өртенемін, күйемін.
Мынау зарлы,
мынау сұмдық жоқтаудан
үгітіліп бара жатыр сүйегің.
Көріп тұрып –
жоқтау айтқан ананы,
көріп тұрып –
зар илеген баланы
ел мен жұрттың, туысқанның жиылған
түн сияқты тұнжырайды қабағы.
Көмей бітіп шығара алмай үнді өзге
қорғасын-жас балқып, еріп тұр көзде.
...Жұрттың бәрі отырғанда тұнжырап
әлдеқандай дауыс шықты бір кезде.
Әлдеқандай дауыс шықты оқыс бір
Сол дауыста шатағы бар шатыс тұр.
оған қарсы шықты басқа бір дауыс,
ол дауыста тұрған-сынды атыс бір.
Сол дауыстар бірін-бірі тұр шатап...
(әлдекімдер тұра қашты мұрсат ап).
Шықты сонсоң анау жақтан бір шатақ,
шықты сонсоң мына жақтан бір шатақ.
Шатақ сөздер тұра ала ма қауламай,
Бәле, жала сан тұстан кеп саулады-ай.
Азалы үйді астан-кестен етті енді
қара құйын,
қызыл көзді дау-дамай.
Оны көрсең тік тұрады шашыңыз!
Беттен қақты кәрімізді жасымыз.
...Ең болмаса қасіретті күнде де –
құдайым-ай! – піспей қойды-ау басымыз!
СЕНІМДІ ИТ ТРАГЕДИЯСЫ
Қайта алмастан қалаға
қалсын деді-ау қаңғырып,
біреу бір күн далаға
итін кетті қалдырып.
Бар дегенде баратын
алаламай жеріңді,
қал дегенде қалатын
ит болатын сенімді.
Салпаң құлақ, ерінді,
ұзын тұрқы керілген,
ит болатын сенімді
иесіне берілген.
Дүниені танитын
Ием және Бөтен деп.
Ойламаған ол итің
мені тастап кетер деп.
Ашықтырып, шөлдетіп,
бұл неткені, бұ несі?!
Сол кеткеннен мол кетіп
қайтпады оның иесі.
Әрі-бері үрді кеп
дыбыс күтті сақ құлақ.
Жол шетінде жүрді тек
олай-бұлай шапқылап.
Иттің бар ғой киесі,
бұ неткені, бұ несі?!
Бұзылды өмір жүйесі –
оралмады иесі.
Үрді байғұс арпылдап,
өзін-өзі әлектеп.
Жай ойнады жарқылдап,
жаңбыр жауды шелектеп.
Соққан желден тұншығып,
аңсап сая, жылыны
қадап көкке тұмсығын
ұлыды кеп, ұлыды.
Шөпке сонау түнеуге
болар еді жетуге,
болар еді біреуге
ілесіп-ақ кетуге.
Кең даланы иендеп
жөн еді ғой кеткені,
кеп қалады ием деп
бірақ олай етпеді.
Сол ит қалған жырақта
аңсады өткен өмірін.
Жоғалтқан жоқ бірақ та
иесіне сенімін.
Құрметтейсің, күйесің
Қарамастан басқаға
күтіп жатты иесін
өліп бара жатса да.
Қаншама рет аh ұрып
ойлап соны егілдім...
Өлді сол ит ақыры
құрбаны боп сенімнің!
ҚАЛАДАҒЫ ИЕСІЗ ИТТЕР
Тіршіліктің бұзылған ба жүйесі –
болмаушы ма ед ит дегеннің киесі.
Тіршіліктің бұзылған ба жүйесі –
болмаушы ма ед ит дегеннің иесі.
Тағдырларын біреу оны шеше ме?!
Бар қызығы қалған оның көшеде.
Үйі де жоқ,
күйі де жоқ,
ие жоқ,
қаңғып жүр ғой бүгін енді көшеде.
Олар қазір ұмытқан бар білігін.
Сиқы кеткен тірлігінің,
түрінің...
Бірін қуған әлденеге жазалап,
иесі өлген ал екінші бірінің.
Жүрмейді олар –
бір-бірімен жарасып,
жүрмейді олар бір-бірімен таласып.
Бірі кеткен өзі қашып үйінен,
бірі қалған иесінен адасып.
Бұлай жүру өзіне де жақпайды,
біреуге еріп кетуге де батпайды.
Шабаланып үріп те олар жатпайды,
балағынан біреуді алып қаппайды!
Бәрі осында қоңыр итің, қара итің –
тағдырлары жүрегімді қаритын.
Үрмейді олар, қаппайды да,
өйткені
міндетінен жұрдай болған қоритын.
Кескіні жоқ иттерге тән кескіннің,
дәмін, нәрін білмейді енді еш күннің.
Бір адамның шықпайды олар алдынан,
аяғына оралмайды ешкімнің.
Иттік мінез күтіп одан шошыма!
Келмейді де,
жоламайды қасыңа!
Ол иттерге өлім де бір, өмір де!
Ол иттердің досы да жоқ, қасы да!
Соны көріп –
дей алмайсың күйттімін,
соны көріп –
мен қаншама ұйтқыдым.
...Қалған кезде керексіз боп өмірге
жоғалтады иттің өзі иттігін!
* * *
Неткен ұлы жарасым! –
әлемнен сыр аулаған
мына бала, қарашы,
екеумізден аумаған!
Екеумізден өрімі,
екеумізден ұғымы.
Сенікі ғой еріні,
өзімдікі мұрыны.
Махаббаттың түр-түсі,
махаббаттың үміті.
Сенікі ғой күлкісі,
жылағаны менікі.
От көзінде жанады
балдай тәтті таңдайы.
Саған тартып қабағы
маған тартқан маңдайы!
Жүр ғой, әне, шапқылап
өмірді үнге бөлеген.
Сен сияқты саққұлақ,
мен сияқты көреген.
Біреу келіп басынса
тез тұтанып қызады.
Сен сияқты ашушаң,
мен сияқты ызалы.
Қарағаны – сенікі,
сыр, ұғымы – менікі,
алақаны – сенікі,
жұдырығы – менікі.
Саған көзін ойнатып
маған қарай ұшады.
Менікі ғой қайраты,
сенікі ғой құшағы
Неткен ұлы жарасым! –
әлемнен сыр аулаған
мына бала, қарашы,
екеумізден аумаған.
Махаббатты тани қап –
білем, білем, білем мен! –
осы бала арқылы
екеумізді табиғат
бір адам ғып жіберген.
БҰЛТ
Ойға батып опынам –
өңім бе бұл, түсім бе? –
үнсіз кейде отырам
қара бұлт ішінде.
Желп-желп етсе етегі
соғар ызғар суығы...
Мені тесіп өтеді
найзағайдың сынығы....
Сонсоң күннің күркірі
кетеді ғой жыраққа.
Одан шошып сілкініп
селк етпеймін бірақ та!
Аузын ашып құлыптың
ойлар ойлап сан асыл,
қалың қара бұлттың
жұтамын кеп ауасын.
Айналады сезім де
ақ найзағай-шыбыққа...
Айналамын өзім де
қалың қара бұлтқа.
Бір тіріліп, бір өліп
қалың ойға батамын,
қап-қара боп түнеріп
көшіп бара жатамын...
СЕНІ САҒЫНҒАНДА
Жүрмін қазір сенсіз мен азар мұнда!
Қызығым жоқ бұл өмір-базардың да.
Жыласам да,
күлсем де,
отырсам да
тұрасың да қоясың көз алдымда.
Неге бізді бөлді екен дара құдай?!
Шыдай алмай өртеніп барамын-ай...
Тұрасың да қоясың көз алдымда
жәудіреген балапан қарағым-ай?
Өлер болдым өзіңе алаңдап-ақ.
Әзер жүрмін дәл қазір амалдап-ақ.
Мың-мыңдаған шақырым жерден өзің
маған қарап тұрасың,
маған қарап.
Жаңғырады әр сөзің жаңарып кеп,
ойлама сен қашық бұл аралық деп.
Бұлттар мен таулардың ар жағынан
қадалып тек тұрасың, қадалып тек.
Ондай кезде жанымнан ақтарамын,
алай-дүлей бұрқаған от-боранын...
Көз алдымнан жоғалып кетер болсаң
мен өмірден жоғалам,
жоқ боламын.
* * *
Ойлар толғап терең менен әріден
несіне мен,
несіне мен желігем.
Желігемін несіне мен жетісіп.
Өзіме өзім түсінбеймін әлі мен.
Өз тірлігім кейде маған түсімдей,
өзім бейнем –
өзіме жат кісідей.
Басым қатып,
басым қатып мен кейде
отырамын өзімді өзім түсінбей.
Болдым талай,
болдым талай шерменде
өзіме өзім келе алмаспын өлгенде.
Кетпей қалып кететұғын жерден мен,
бармай қалдым баратұғын жерлерге.
Бір сорлыдан істер күтіп өрелі,
алданып мен –
болдым талай дәмелі.
Сөздер айттым біреулерге,
сол сөздің
жоқ екенін біле тұрып керегі.
Қуанышқа бір жыладым,
бір күліп.
Тіктім қанша табанымды тілдіріп.
Істеп еді бір жөн істі оң қолым,
сол жақ қолым жатты оны бүлдіріп.
Біле тұрып –
жасық дедім алғырды,
біле тұрып –
ашық дедім солғынды.
Қаншама рет,
қаншама рет ұшқалақ
есті ақылды ессіз сезім қор қылды.
Түсінбеймін мен, асылы, өзімді.
Түсінбестен келем талай кезімді.
Суық ақыл,
салқын ақыл,
мұз ақыл
өшірді ғой талай отты сезімді.
Ұмыт болды бір өлеңді жаттап ем.
Көлге айналдым –
кеше жалын, аптап ем.
Өз жөніме отыра алмай –
құдай-ай! –
кеттім қанша кіріп қызыл отқа мен.
Ойлар толғап терең менен әріден
несіне мен,
несіне мен желігем.
Өзге түгіл,
өмір түгіл,
жер түгіл
өзімді өзім түсінбеймін әлі мен!
ЗАҢҒАРҒА
Ойыңнан қажып, бірде түңілесің,
ал бірде белді буып түрінесің... –
Бейнемді түсірем деп қағазыңа
жүзіме қайта-қайта үңілесің.
Түріме үңілесің,
қадаласың.
Іздейсің ойдың ашық,
жалаңашын!
Қаламның ұшыменен түсіресің
бойдағы екі пікір жағаласын.
Тап басып өлеңдегі ағылысты,
көзіңнен көріп тұрмын жалын ұшты.
Асығыс салып жатсың қағазыңа
мендегі болып өткен жарылысты.
Тереңнен көзін ашқан бұлағым сен.
Тереңнен тамыр тартқан құрағым сен.
...Жағып-ақ қойыпсың ғой жанарыма
үміттің жылтыраған шырағын сен.
Тауып ап қабағымнан жыр елесін,
қайтадан сол сәтінде түнересің.
Сонан соң сейілтпек боп ауыр ойды
бір тамшы сезім қосып жібересің.
Дүние тылсымымен ұғыныс та,
қарағым,
өзіңді өзің мығым ұста...
Абыржып қарайсың ғой –
бұл қалай деп –
ойнаған көзімдегі құбылысқа.
Сыр жиып –
өлең – жырдың ағысынан,
сыр жиып –
ойдың түпкір алысынан,
дыбысын аулап апсың тіршіліктің
лүп еткен тамырымның соғысынан.
Бұрқ етіп жарылғалы бүлігім тұр.
Әуенге айналғалы бір үнім тұр.
Салыпсың тап басып-ақ, көріп тұрмын,
астында қабағымның күдігім тұр.
Десем де өзімді мен тұғырдамын.
Жанымды шүберек қып сығымдадым.
Балам-ай,
қандай жақсы, қандай жақсы
әкеңді ұғынғаның, ұғынғаның...
МАГНИТТІ ҚҰЙЫН КҮНІ
ЖАЗЫЛҒАН ӨЛЕҢ
Бір әлемет болып тұр –
өлең жасық, бұйығы үн –
үйіріліп соғып тұр
магнитті құйыным.
Дірілдейді, тоңады
жүрек байғұс қысылып, –
қара құйын соғады
ап кетердей ұшырып.
Есін бір сәт жия алмай
қиналады жанымыз.
Арнасына сия алмай
тасып жатыр қанымыз.
Бойында әлі жалын бар! –
десем-дағы – шаршама!
Басқа құйын, дауылдар
бұл өмірде қаншама.
Кім болса да зыр қаққан –
соққан кезде жын қаққан
өсек-дауыл бір жақтан,
жала-құйын бір жақтан.
Олар соқса үйіріп,
қопарылып тілегің,
миыңа қан құйылып,
жарылады жүрегің.
Мынау өмір қиын ғой!
жаным – жасын, өрт – үнім.
Магнитті құйын ғой
менің мынау әр күнім.
Не істейсің? Көнеміз!
Астындамыз ауырдың!
...Арасында келеміз
құйындар мен дауылдың!
ЖАЗА
Адалмын деп жүрген түрің осы ма –
деп – қарағым, өтінемін, шошыма...
Мән берместен өтірікті жәй ғана
айта салдым жақын көрер досыма.
Айта салдым бір сөзді мен өтірік.
Айта салдым сөйлеп тұрып көпіріп.
Өтірікті айтқаныма
тіпті де
опынғам жоқ санды соғып, өкініп.
Жұмысым жоқ –
кешірмей ме, кеше ме –
қайталадым оны сонсоң нешеме.
Қалды досым сеніп менің сөзіме,
Ал мен кеттім шығып сыртқа – көшеге.
...Ағаштардың жапырағын тонаған,
сұп-суық жел соғып тұрды даладан...
Жақын досқа айтып кеттім өтірік.
Соншалықты мән бергем жоқ мен оған.
...Әлдеқандай бір жапырақ сыбырлап,
жүрегімді кетті менің сығымдап.
Келе жаттым қызыл іңір ішінде,
жел соғып тұр ішін тартып, суылдап.
Арасында қапас пенен аластың,
жүре-жүре ақырында адастым...
...Біреу маған қарап тұрды қадалып
кеуіп қалған тасасынан ағаштың.
Түйіп келіп жібергендей желкеге
шатқалақтап...
қалдым аман...
мәртебе! –
Сол бір адам қарап тұрған қадалып
досым екен өліп қалған ертеде.
Жүрегімді лап еткен от жалап бір,
кеткендей-ақ болды жанды тонап бір...
Жас сорғалап жанарынан –
қадалып –
өліп қалған досым маған қарап тұр.
Қалдым тұрып, –
алға жүрмей, шегінбей.
Табан астым жібермейді желімдей.
Үнсіз қарап тұрды-дағы сол досым
басын шайқап...
жоқ боп кетті көрінбей.
ҚҰМЫРА НЕМЕСЕ БҮГІНГІ ДИЮ
Күлген,
жүрген,
жылаған,
шаттығы бар, мұңы да –
өзіміздей бір адам
сатып алды құмыра.
Құлақшасы өрмелі,
қалпағы тік төбелі,
оюы бар, өрнегі –
әдемі екен, әдемі.
Көңілі бір жаңарып
үмітпенен үзігіп,
құмыраға қадалып
отырды да қызығып, –
түсті ойына –
(мұныма
түсін, мейлі, түсінбе)! –
ертектегі құмыра
диюы бар ішінде.
Сонан кейін кетті бір
ой шаптырып қиянға –
тамсандырған тәтті бір
берілді де қиялға, –
деді: болмай сорым да
жоғалар ед қиыным –
болса егер де қолымда
шауып тұрған диюым.
Дүниені аралап,
асыл тастар алғызып,
сарайларды ғаламат
тастар едім салғызып.
Жатар едім созылып,
шараптармен қағысып.
Қауыздарға шомылып,
қор қызымен қауышып...
Осылайша тасып кеп,
тапқандай-ақ ақ таңын,
жіберді ғой ашып кеп
құмыраның қақпағын.
Тосқан ба бұл асқанға,
қалай мұны түсінем?!..
Ақ бу атты аспанға
құмыраның ішінен.
Сонан кейін
(даттама!)
жіберердей жапырып,
дию шықты қап-қара
құмырадан атылып.
Дию шықты қап-қара
құмырадан атылып.
(өтірік деп даттама!)
сөйлеп кетті ақырып:
–Зұлымдықпен табысып
білдірмейтін айласын,
жасырынбай бері шық,
бейбақ пенде, қайдасың?
Түр қалмапты-ау түрінде,
неменеге селк еттің?!
Диюы жоқ бүгінде
ертедегі ертектің.
Бір бүлікті бастасам
жерді жалмар құйындар.
Басқаша ғой басқаша
бүгіндегі диюлар.
Қатері бар, кеселі
мен сұрапыл елеспін.
Ертектегі кешегі
жалғыз дию емеспін.
Түсінгенің мақұл ғой!
Бір суынып, бір жанып
не бір дию жатыр ғой
бетондармен құрсалып.
Жапса әлемді күркірі –
жер де сөнер, көк сөнер –
құрсауынан бір күні
ағытылып кетсе егер, –
деді дию,
көзінде
жанып есер еркелік –
үрлеп қалған кезінде
кетті ормандар өртеніп.
Қатер төгіп жалғанға
жоқ боп кетті бауларың.
Қолын сілтеп қалғанда
қақ айырылды тауларың.
Көлдерді ішіп тойлады,
көкті жарып шақырып.
Шайқап, төгіп ойнады
теңіздерді сапырып.
Жалықты ма жарықтан
бұлт болып түнерді.
Дүниені шаңытқан
ақ түтек қып жіберді.
Қара дию
заманды
жалмайтындай бір күнде...
...Сонсоң сорлы адамды
тастай салды үңгірге...
БІР АУЫЛ ОҚИҒАСЫ
Мұны еске алам, мұны еске алам күйініп,
жүрегім мен көзіме қан құйылып;
балаларды қырқыстырып қоятын
бір ауылдың үлкендері жиылып.
Шамырқанып, енді бірде қызып та,
жел бітіріп келесі бір «бұзыққа» –
балаларды бір-біріне айдап сап
бататын-ды үлкендер жақ қызыққа.
Кеткеннен соң быт-шыт болып бірлігің,
не болады, не болады тірлігің!
Үлкендер жақ мәз болатын
балалар
жатқан кезде ұрып-соғып бір-бірін.
Бірін-бірі кемісітіп, пәс десіп,
үлкендер жақ отыратын бәстесіп.
...Өсіп жатты, өсіп жатты балалар
бір-бірімен алауыз боп, өштесіп.
Не бір сұмдық төбелесті өткеріп,
қатып қалды қара жүрек кектеніп.
Өсіп шықты сол балалар ақыры,
бірін-бірі ит етінен жек көріп.
Болды сонсоң ол «қызықтың» жолы ауыр.
Болды сонсоң сол «қызықтың» соры ауыр.
Басы піспей бір-бірімен қырқысып,
тоз-тоз болып кетті ақыры сол ауыл!
АЛМАТЫНЫҢ АҒАШТАРЫ
Жел ашылса –
бір-бірімен таласқан,
жел басылса –
бір-бірімен жарасқан –
қай жағынан кірсең де сен, шықсаң да, –
Алматыда қаптап жүр ғой ағаштар.
Көз алдыңда өнуі мен өлуі,
аулалардан шығып қайта енуі.
Күніменен, түніменен ағылған
тарқамайды ағаштардың шеруі.
Ағаштарды сая ғой деп біледі ел,
ағаштарды панам ғой деп жүреді ел.
Ағаш, ағаш, ағаштардың тап қазір
әрқайсысы – ашылмаған бір әлем,
әрқайсысы – айтылмаған бір өлең.
Ағаштарды көрмеңдерші көрмедей,
Көрме десе оған, сірә, сенбегей.
Біреуі тұр –
үнсіз ғана бұйығып,
біреуі тұр –
жел өтінде желбегей.
Желп-желп етер –
дегендей-ақ ұшамын.
Оларға жат қиқым тірлік: ұсағың.
...Қарашы, әне тасадағы екі ағаш
ашып тұр ғой бір-біріне құшағын.
Бір-біріне жақын келіп жарасқан,
бір-біріне қолын беріп қарасқан.
Жел лүп етіп көтерілсе болды тек
күніменен сөйлеседі ағаштар,
түніменен сөйлеседі ағаштар.
Әлденені уілдетіп, әндетіп,
әуен, әуез, саз бен үнді селдетіп
Алматының ағаштары тұрады
қонған құс пен ұяларды тербетіп.
Көнген олар талай-талай үкімге...
Келген олар талай-талай бітімге...
Өлеусіреп кей күндері бірақ та
дем ала алмай тұншығады түтінге.
Ағаш, ағаш қаптап кезіп көшені
саздар менен әуен болып еседі...
Ал адамдар ағаштарды сол тұрған
сындырады,
аралайды,
кеседі...
Сонда да олар бар пәлені сорып ап,
тұрады ғой мені, сені қорып-ақ.
Мен енді осы адамдарды қоя сап,
кетсем бе екен ағаштардың қолын ап.
МАҢҒЫСТАУ ЖЕЛІН САҒЫНҒАНДА
Қараса көз талатын
сар даланың белдері-ай.
Сол белдерден соғатын
Маңғыстауымның желдері-ай!
Кете алмастан құлшынып
кейде бұғып қаламын, –
сен өзіңсіз
тұншығып,
тымырсық боп барамын.
Кетсең егер жұлқылап
шоқ боп тұтап жанушы ем.
Өзіңменен бұрқырап
жағаласып алушы ем.
Кетуші едің
белеңнің
жайдақ құмын ысырып:
бұтағынан өлеңнің
бос сөздерді ұшырып.
Отын үрлеп әлемнің
жандыратын, жанатын –
бұтағында өлеңнің
қайсар сөздер қалатын.
Қайрақ қылып жағымды
от шығарып жанушы ең.
Ұйтқып соғып
жанымды
сілкілеп бір алушы ең.
Тау-тасқа ұрып басымды,
қалса жанда кек тұнып, –
сорғалаған жасымды
беруші едің кептіріп.
Бөлек едім, ерекше ем
сен бұрқырап соққанда...
Қалушы едің демеп сен
құлап бара жатқанда.
Кете алмастан құлшынып,
бұғып қазір қаламын.
Сен өзіңсіз
тұншығып
тымырсық боп барамын!
ҚАРА СУЫҚТА
Өшіріп бір алатындай жан отын
жүдеп-жадап қалған екен дала тым.
Қара суық итереді өңмеңнен
еттен өтіп сүйегіңді шағатын.
Жүрегімді,
жанымды да тондырып,
дір-дір еттім ісіп-кеуіп домбығып.
Қадап соққан қара суық өтінде
келемін мен,
келемін мен жол жүріп.
Мұндай кезде ойлар келіп құрыған
бүрісемін бетер қашқан ұрыдан.
Қыр мен ойды тіміскілеп кезіп жүр
қара суық –
қасқыр құсап ұлыған.
Кісен салып қайратым мен күшіме
қара суық кірген-сынды ішіме –
Әлдекімге есем кетіп қалғандай
қалш-қалш етем тісім тимей тісіме.
Күдік, үміт түскен-сынды таласқа.
Тек өзіме деймін іштей: адаспа.
...Бүрсең қағып ақырында жеттім-ау
жел өтінде тұрған жалғыз ағашқа.
Дүниені ашқарақтап торып бір
қара суық ышқынады соғып бір.
Дір-дір етіп тұла бойы қалшылдап
байғұс ағаш адам құсап тоңып тұр.
Қақ айырып жіберердей бетімді
қара суық одан сайын бекінді.
...О, ғажап-ай, – мен ағашқа тығылсам,
ағаш маған тығылатын секілді.
КЕРАҒАР
Мосқал әйел белгілі бұл өңірге,
қайта-қайта жалбарынып тәңірге,
отырып ап есігінің алдында
ренішін айтып отыр өмірге.
– Бірін-бірі талап жатқан, жалмаған
мына өмірден ұяламын, арланам.
Адамдардың адам емес бүгінде
береке де, қасиет те қалмаған!
Бұл сөзімнен қорықпа да, шошыма.
Түспесін тек қайғы, мұң кеп басыңа...
Сонан кейін мосқал әйел тұрды да
бір шелек су әкеп қойды қасына...
– Ешкім қазір жимайды ғой айылын.
Ұят пенен ар дегенің – жай ұғым!
Түспесін тек қайғы, мұң кеп басыңа
адамдарда жоқ қой қазір қайырым...
Мосқал әйел қамшы өргендей таспадан
ренішін жалғастырды бастаған...
Топырлатып алып келді сонан соң
күшіктерді көзін әлі ашпаған...
Сөздерінің болмай соңы, ақыры
деді сонсоң маған қарап ақырын:
топырлатып туады да жатады
құрғамайды-ақ екен иттің жатыры!
Тәңіріге тағы да бір сиынып,
өз-өзінен отырды да күйініп
«адамдарда мейірім жоқ, мейірім»
деді-дағы үнсіз қалды түйіліп.
Сәлден кейін әлденеге күлімдеп,
сәлден кейін әлдене деп күбірлеп,
тұншықтырып өлтіруге кірісті,
күшіктерді суға салып біріндеп!
МЕНІҢ АУА РАЙЫМ
Бұзылып тұр менің ауа райым!
(Соны, бәлкім, жөн көрді ме құдайым)!
Бұлт астында қалды менің күн, айым.
Жақсы болсын енді соңы ылайым.
Бұзылып тұр менің ауа райым.
Осы кезгі мен үшін бір шақта ауыр
дегендей-ақ:
босқа жатпай қақ дабыл.
Күндіз-түні –
тұла менің бойымда –
соғып тұрды ала құйын, ақ дауыл.
Соқсын, соқсын тұла бойды шарласын.
Нерв-жібім ұлып, сыңсып, зарласын.
...Арсы-гүрсі тасып жатқан тамырым
бұзып енді кетер ме екен арнасын.
Былай қалып күдігімнің сақтығы,
сап басылды қызығымның аптығы.
Ұшып кетті –
арманымның пәктігі,
үсіп кетті –
үмітімнің ақ гүлі.
Өртке түсіп ертеңімнің өлеңі,
шулап кетті тілегімнің терегі.
Тебіреніп ойларымның шалқары.
Толқып тұрды ақылымның тереңі.
Тар жол тайғақ кешулі боп жол жатыр,
сол жолдарда өткел бермей ор жатыр.
Жұдырықтай планета жүрегім
ұшып кете жаздап енді зорға тұр.
Қуат қалмай,
қажыр қалмай күшімде,
қалмай енді бір береке ісімде,
қаңғып, лағып бара жатыр қиялым
сол ақ түнек ала құйын ішінде.
Бұзылып тұр менің ауа райым!
(Соны, бәлкім, жөн көрді ме құдайым).
Бұлт астында қалды менің күн, айым,
Бұзылып тұр менің ауа райым!
ҚАЛАДАҒЫ ҚАЛЫҢ ТҰМАН
Қалың тұман –
осы ма еді күз деген.
Мұндай күнді таба алмайды іздеген.
Қалың тұман.
Қалыңдығы соншалық
қалғандаймыз су астында біз деген.
Жоқ секілді –
енді бұйрық, жарлық та.
Жоқ секілді –
енді кеңдік, тарлық та.
Өмір сүріп жатқандаймыз бейне бір
судың терең астындағы хандықта.
Бар айнала мүлгіп қалған тұнжырап.
Ойлар сені іштен жейді ұңғылап.
Селт етпейді сезімің де сылбырап.
Жапырақтан шық сорғалап – тұр жылап.
Баяу ғана есітіліп сөздерің.
Ақ бұлтқа айналады өз демің.
Балықтардай ілбіп жүзіп барады
машиналар жағып алып көздерін.
Сәтте өзгеріп адамдардың ұғымы,
бәсең тартқан бүкіл қала шуылы.
Маржан тастай жылтырайды әр жерден
қоқыстағы шынылардың сынығы.
...Әлденеден бұл дүние толардай
Толған оны әлдекім кеп тонардай...
Топ-топ болып мүлгіп тұрған ағаштар
су астында мүлгіп тұрған тоғайдай.
Қандай қызық!
Табамын деп оймақ – жыр
Су астында біреу үнсіз ойлап жүр.
Су астында адамдар жүр сөйлесіп.
Су астында бала біткен ойнап жүр.
...Бұл дүние көзсіз мылқау сұрапыл,
жатқан-сынды бүгіп ішке қуатын...
Су астында –
біреу әне ән салып,
су астында –
өлең оқып тұр ақын.
Тұр ғой қалың тұман басып тұнып-ақ.
Дем жетпейді.
Дымқыл ауа.
Тымық-ақ.
Тартып тұрған секілді анау бір жігіт
темекісін су астында тұрып ап.
Бозғылт тұман,
бозғылт ағыс шайқаған.
Сұлулық деп мұны өзімше айта алам!
...Тұман кенет ашылды да
ақ қала
жер үстіне қалқып шықты қайтадан!
ҚАУІПТІ СЕЗІНУ
Екінді шақ.
Сөнген сәті жарықтың.
Мені ой басты салмағындай табыттың.
Көріп қалдым –
түсті жерге түнеріп
қара елесі қатерлі бір қауіптің.
Көкке шығып кеткен-сынды жердегі үн
ішке тартып алды сонда жел демін.
Не екенін айта алмаймын,
әйтеуір
сұрапыл бір сұмдық елес көргенім.
Айтып отыр дей көрме сен әрнені.
қара одан да құбылысқа жердегі, –
уілінен сол елестің шошынып
күтір етті ағаштардың белдері.
Сөз біткеннің шығып жаңқа, қиқасы
күйреп түсті өлеңдердің ұйқасы.
Бір бүктеліп,
бір жазылды –
үрейден! –
мата құсап қара жердің құйқасы.
Не айттың деп салма мені талқыға.
тимесінші зардабы тек халқыма.
Иір жолдар үзілердей шіреніп
дір-дір етіп түсті қайта қалпына.
Қара күрең түрге енді де екінді
айтқан-сынды болды маған өкімді, –
жер астынан суық бір леп соқты да
көктен бір леп шарпып өтті бетімді.
АҚЫНДАРДЫҢ ЖАРЛАРЫ
Түспестен биік өреден
аппақ боп тұрар арманы,
төзімдісіңдер не деген
ақындардың жарлары.
Ақынға біткен бақсыңдар
сезінген демін әлемнің.
Өртеніп келе жатсыңдар
отына күйіп өлеңнің.
Өздерің аппақ арсыңдар,
өздерің қара нарсыңдар,
не деген батыл жансыңдар,
не деген батыр жансыңдар.
Қақ жарып кейде жалғанды
қоясыңдар ғой тексеріп, –
қарайтұғын жандарды
мемлекеттер де сескеніп.
Ол деген сойқан, ойран ғой
көнбейтін сабыр, ақылға.
Шоқ басып отпен ойнау ғой
жар болу деген ақынға.
Жаныңды қанша жаралап
күйіктен қанша зарландың,
өйткені сендер ғаламат
жарысыңдар ғой жандардың –
өлетінін білсе де
ел дейтін, мынау жер дейтін,
жалаңаяқ жүрсе де
«құдайға» сәлем бермейтін!
Жар болу деген ақынға –
кетісу, қайта табысу,
қатерге күнде жақындап,
қауіппен күнде алысу.
Не деген ғаламатсыңдар
сендерге таңмын, ынтықпын,
қасында келе жатсыңдар
оқтаулы тұрған мылтықтың!
ЗЕЙНОЛЛА ҚАБДОЛОВ
Ұқсамайтын бір күніне бір күні,
есіне алып отыратын ілкіні,
осы бір жан үйінде де, түзде де
сөз өсіріп, сөз баптайды күн-түні.
Көріп сенің шегің менен шетіңді
бірде толып, енді бірде кетілді...
Осы кісі, осы кісі байқасаң,
сөзбен ғана дем алатын секілді.
Ашқанменен берекетке пейілін,
сергелдеңге жібермейді сейілін.
Осы кісі сөзден ғана қуат ап,
сөзбен ғана қандырады мейірін.
Дүниені жіберетін қақ жарып,
отырады жебе сөзден оқ жанып.
сөздері оның гүл сияқты кәдімгі,
күлкісі оның сөз сияқты жап-жарық.
Ол сөйлесе бір қозғалып жота-қыр,
естілгендей болады ғой бата бір.
Тіршілігі сөз сияқты терең де,
көз жасы оның сөз сияқты ап-ауыр.
БӨТЕН АДАМ
Мынау адам –
бөтен адам, басқа адам.
Ел мен жерден өзін бөліп тастаған.
Бір адамға ойын, сырын ашпаған
мынау адам –
бөтен адам, басқа адам.
Қарашы сен –
ызғар жатыр үнінде–,
қарашы сен –
ызбар жатыр түрінде.
Бұл адамнан, бұл адамнан бөлекпін
бір болса да ұлтым менен тілім де.
Міз бақпастан жарып сенің өтіңді
жейтін-сынды тірідей-ақ етіңді.
Өн бойында ұя салып озбырлық,
ойларында ойран жатқан секілді.
Қарашы сен – сезін, мейлі, сезінбе! –
Керек шығар қарау үшін төзім де.
Ауызын ашса у тамардай тілінен,
сұмдық жатыр сығалаған көзінде.
Қарап алып жан-жағына тік тұрып
ол кетеді көп нәрсені ұқтырып.
Жаңа ғана көрден шыққан секілді
қолы қандай,
қолы қандай сұп-суық.
Ел, жер үшін белі ауырып тер төкпей
келе жатыр ант етпей, серт етпей.
Ол келгенде – о, сұмдық-ай! – қарашы
ағаштар да тұнып қалар селт етпей.
Шаң қонбаған сұп-сұр оның жүзіне
қарамайды ол сұлулыққа үзіге.
...Жылан келіп жұмыртқасын сап жатыр
сол адамның басып кеткен ізіне.
Оны көріп – жаным жылап, егілем,
оны көріп ыдыраймын, сөгілем.
Ластанып бара жатқан секілді
ауа-дағы
соның алған демінен.
Боп көрмеген халық үшін қапалы,
түспеген кеп бір адамға шапағы.
Осы адамнан
ел жиырылып тартынып,
осы адамнан
жер жиіркеніп жатады.
ҚАТЕЛІКТЕН СОҢ
Көңілімді сенімменен бірлеген
аңдап жүру,
сақтығыңды білмеген –
өмірімнің бұралаңды жолында –
қателестім,
қателестім бірде мен.
Қирап, қаусап,
бөліндім де бөлшекке
ысырылдым анау шеттен, бұл шетке.
Отқа күйіп жалғыз менің жүрегім,
қуырылды жаным менің сол сәтте.
Сенің күнің осыменен батты деп
қатерлі сөз мылтық болып атты кеп.
Көңілімде боран соғып ақ түтек,
өзегімді өсек сөздер шақты кеп.
Қарғыс алған жоқ едім ғой халқымнан
мейірімсіз неткен жандар!
Ант ұрған!
Біреу алып жағам менен алқымнан.
Қаңқу сөздер қапты мені балтырдан.
Мұның не деп! –
жасыма деп жасыма! –
Жұбатуға жан келмеді қасыма!
Қамшысы өтіп жон арқамнан жаланың,
өтіріктің тасы тиді басыма!
Өзге болып өз ойым мен өз денем,
қолды сілтеп бұл өмірден безген ем.
Тас төбемде шыбын болып ызыңдап
қаптап ұшты алып-қашпа сөз деген.
Суға түстім,
отқа күйдім жанып-ай!
Қалай төздің бәріне сен жаным-ай!
Содан бері,
содан бері сенсең сен
кейде өзімді қаламын мен танымай!
БАЙЛАНЫС
Отырғам жоқ тек жазып бұл өлеңді,
от шарпып тұр жаным менен денемді.
Уы сіңіп мына ұлы ғасырдың
тостағандай шағын ғана көл өлді.
Аты әйгілі сол аймаққа, баршаға
сұлу-тұғын шағын ғана болса да.
Сіңген удан өліп кеткен сол көлге
ешкім бірақ мән берген жоқ соншама.
Семіп бара жатты бірақ бір өмір,
шөгіп бара жатты бірақ бір өмір.
Көлі өлген соң салтанаты бұзылып,
басқаша боп кетті мүлде бұл өңір.
Үндерменен ұлып тұрды үзіккен
дауыл шығып теріскей мен түстіктен.
Ұшып бара жатып кенет
үзіліп
түсетұғын болды жерге құс біткен.
Басқаша боп бара жатты төбем де,
басқаша боп бара жатты терең де.
Жанымды жеп,
сүйегімді кемірген
үндер пайда болды сонсоң өлеңде.
Білмей біреу ешнәрсенің байыбын
жимайтұғын болып алды айылын.
Сенім өліп бір адамның бойында,
ал бір жанда кеміп кетті қайырым.
Мынау өңір келе алмастан бір жөнге
оттай ыстық – тұншығып-ақ тұр желге.
Тым қатерлі тозаң қонып бір жерге,
Тым қауіпті жаңбыр жауды бір жерге.
Жатты сонсоң әлдекімдер жаза алып,
жатты сонсоң әлдекімдер сөз алып,
ормандарда ағаштарға от тиіп,
өзендерде балықтардың көзі ағып...
Ой ұшырап отырғам жоқ қияға.
Мұндай кезде қияны ойлау сия ма?
Сонан кейін сұп-сұр болып қара жер,
жұмыртқалар іріп кетті ұяда.
ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АПАТ
Жасыл емес, күлгінбіз!
Ертеңді ойлап зарықты үн.
Арасында жүрміз біз
қатер менен қауіптің.
Өттей жаңбыр сіркірер
зәресін ап тастың да.
Жарылыстар сілкінер
қара жердің астында!
Қалай жүрем елемей,
жан-жүрегім қапалы!..
Уға малған жебедей
күннің қызыл шапағы!
Сұмдық жатса жерімде
қалай қалам көрінбей.
Аңқып соққан желің де
аждаhаның деміндей.
Жарылғанда гүрс етіп
жарылыстар өлкемде –
қадалады кірш етіп
жарықшағы Ертеңге.
Содан, содан, қара, бар! –
кеуіп жаздың құрағы,
аяқ, қолсыз балалар
мүгедек боп туады.
Не бір сұмдық елестеп
жүрем мұңға батып-ақ!
...Тұншығады нәресте
құрсағында жатып-ақ.
Сұмдық сезіп қаладан,
сұмдық сезіп даладан
бал жүзінен әр тайып,
туып жатыр балалар
шашы аппақ боп қартайып!
ҚАУІП
Сөздер айтып тікенекті, түрпілі
жинап былай қойдық біздер күлкіні.
Жаман болып бара жатыр арамыз
соқтығысып қалармыз-ау бір күні.
Сәл бір сөзге өртенеміз, жанамыз,
сәл бір сөзге быт-шыт болып қаламыз.
Ала құйын,
ақ тозаңын ұшырып
не боп кетті,
не боп кетті арамыз.
Білемін ғой –
сенің-дағы көп мінің,
білемін ғой –
менің-дағы көп мінім.
Соқтығысып қалармыз ба бір күні
тау бұзардай менің-дағы екпінім.
Тау бұзардай сенің-дағы екпінің.
Олай дейміз,
былай дейміз,
бүй дейміз!...
Сөзбен келіп қағытамыз, түйрейміз...
Шынымен-ақ соқтығыссақ –
біліп қой –
поездардай екеуміз де күйрейміз!
ШАРАСЫЗДЫҚ
Тауқыметте жүрсеңдағы сен мейлі
маңдайыңа жазғаны осы көн дейді.
Көре тұра көрмеген боп сонан соң
дүниені кең дейді ғой, кең дейді.
Кең дейді ғой! – түсінбедім осыңды.
Түсіне алмай жан-жүрегім тосылды.
Солға жүрсем –
сорға батып белшеден,
оңға жүрсем –
тауға соқтым басымды.
Алдыменен дүниені кешіп көр,
Жанып тұрып сонан кейін өшіп көр...
Қағынады –
атса мені біреулер,
тарылады –
мен кіретін есіктер.
Қаншама рет шағылдым мен, шаршадым.
Қаншама рет қирадым мен, қаусадым.
Аяқ бассам –
шеге кірді табанға,
қолды созсам –
отқа күйді саусағым.
Сөздер айтам қауқары жоқ бір-жары,
қалған-сынды тұла бойдың құр жаны.
Отқа оранып жүрегімнің бір жағы,
мұз боп қатты,
ал екінші бір жағы.
Кең деген сөз мен үшін бір қиялдай.
Жүремін тек ой, есімді жия алмай...
дүниені кең дейді жұрт,
мен болсам
аласұрам дүниеге сия алмай!
* * *
Көрер мұны жан болса егер аңғарар.
Аңғарар да өз-өзінен таң қалар.
Көбейіп-ақ кетіпті ғой, апыр-ай,
Алматыда сауысқан мен қарғалар.
Сезесің сен сорым ба бұл, бағым ба.
(қауіп іздеп бұл сөзімнен жаңылма).
Қараңдаршы! –
сауысқан мен қарғалар
қаптап ұшып жүр ғой бау мен бағымда.
Қондырғандай басына кеп бақ күнін,
жеткен-сынды мерейіне тап бүгін.
Қара қарға жүре алмайды мамырлап,
ал сауысқан ұмытқан бар сақтығын.
Соны көріп –
көңілім пәс, мұңдымын,
соны көріп –
желге ұшады түндігім...
Қайда кеткен торғайым мен шымшығым?!
Қайда кеткен сандуғашым, бұлбұлым?!
Мұның өзі, құдайым-ау, жай ма деп,
жай емес бұл елекке сал, ойла деп
іздеймін мен торғай менен шымшықты,
сандуғаш пен бұлбұлымды қайда деп?
Құйынданып суынамын бір демде!
күйіп-жанып, суынамын бір демде, –
ту сыртымнан қарға біткен қарқылдап,
сауысқандар шықылықтап күлгенде!
Көрер мұны жан болса егер аңғарар.
Аңғарар да өз-өзінен таң қалар.
Көбейіп-ақ кетіпті ғой, апыр-ай,
Алматыда сауысқан мен қарғалар.
Өзіме өзім жасыма! деп, жасыма!
отырғанда
ұшып келіп қасыма
сауысқаны шоқып жанды жарамды,
ал қарғасы саңғып кетті басыма!
ҚАРАУЫЛ ТӨБЕ БАСЫНДАҒЫ ОЙ
Ақ шаң болып жота, қырым, белеңім,
дауыл соғып,
лайланып тереңім,
қауіп-қатер төнген кезде далама
от жаққан ғой басына осы төбенің.
От жаққан ғой,
от жақпауға бола ма?!
От жақпауға болмаған ғой шара да.
Аласат бір қатер келе жатыр деп,
отпен белгі берген ұлы далаға.
Көк сүңгідей соғылатын өкпеден,
қауіп бар деп далаға осы беттеген
сөйлескен ғой төбе, төбе, төбелер
түн ішінде жарқыраған отпенен.
Кім қояды мұндайда аттың ерін ап,
аттың ерін алу ерге өлім-ақ.
Дала сонсоң кіреукесін киініп,
дайын тұрған бес қаруын беліне ап.
...Өзегімде өрттей жанып өлеңім,
бұл өмірді оймен келіп бөлегім,
қауіпі көп мына ұлы заманда
шықтым мен де басына сол төбенің.
Шықтым соған.
Қарап тұрмын ғаламға, –
тау мен тасқа
шөл мен теңіз, Адамға.
Қарап ұрмын, қарап тұрмын, қарап мен,
қауіпі мен қатері көп заманға.
Шошып сонсоң мынау заман түрінен,
ойлар сезіп шіріп, әбден іріген
адамдарды оятайын деп енді
сол төбеге от жақтым мен түнімен.
Жинап қойып бәрін, бәрін мен енді –
әуен, әуез, саз бен ырғақ, өлеңді
сол төбеге от жақтым мен түнімен
адамдарды оятайын деп енді...
От жақтым мен ешкімді де тыңдамай,
тас төбемде бара жатты зырлап ай.
Алып далам,
ұлы далам бірақ та
селт етпеді,
селт етпеді!
Бұл қалай?
ӨЛДІ ЖІГІТ АСЫЛЫП
Еске түссе кетемін ғой ашынып,
Еске түссе қаламын ғой шашылып, –
айдың күннің аманында осынау
өлді жігіт,
өлді жігіт асылып.
Өлең сөздің үзілді де ұйқасы,
быт-шыт болып ойдың шықты қиқасы.
Дір-дір етіп тау мен тастың денесі,
шымырлады қара жердің құйқасы.
Жоқтау сөздің қара түнді тілді үні,
сол бір үннен кепті тажал ындыны.
Өлді жігіт,
өлді жігіт асылып
ашылмаған он екіде бір гүлі.
Кеткен-сынды болды сонда ел семіп,
Кеткен-сынды болды сонда жер семіп.
Құшақтасып бір-бірімен
қайғыдан
тұрды ағаштар күні бойы теңселіп,
тұрды ағаштар түні бойы теңселіп.
Бір найзағай тіліп түсіп денемді,
бір от келіп өртеді ғой өлеңді.
Түн ішінен дауыс шықты күңреніп:
өлді неге,
өлді неге,
неге өлді?
Өлді жігіт –
қайырылмастан еліне,
өлді жігіт –
қайырылмастан жеріне!
... Біздер жүрген мына тірлік, бұл өмір
қайырымсыз қатал ма еді әлі де!
ТАҒЫ ДА САҒАН
Біз екеуміз –
кейде көзсіз батырмыз,
біз екеуміз –
кейде сорлы, пақырмыз!..
Жетеміз деп бірімізге біріміз,
қарсы қарай жүріп келе жатырмыз.
Жетеміз деп бірімізге біріміз
өтті қанша аймен жылдар, күніміз.
Өтті қанша ұйқысыз сан түніміз
жетеміз деп бірімізге біріміз.
Екеуміз! – деп жар салдық біз баршаға.
дедік сонсоң жүректерге:
шаршама!
Жетеміз деп бірімізге біріміз
сар даланы кешіп өттік қаншама,
сан қаланы кесіп өттік қаншама.
Менен басқа есім түспей есіңе
сен де ілестің бұлттардың көшіне!
Сенен басқа есім түспей есіме
мен де ілестім бұлттардың көшіне.
Өтсе-дағы арамыздан сел жүріп,
өтсе-дағы арамыздан сең жүріп
Саған қарай келемін ғой мен жүріп,
маған қарай келесің ғой сен жүріп.
Былай жинап қойып біздер жыр, әнді
өткіздік сан басымыздан ылаңды...
Жетеміз деп бірімізге-біріміз
көктей өттік қаншама боз тұманды.
Бір-біріне құшақ ашып денеміз,
бір-біріне қарсы жүрді кемеміз.
Сондадағы бірімізге-біріміз
әлі күнге жете алмастан келеміз.
КӨНЕ ҚОРЫМДА ТАРТЫЛҒАН КҮЙ
Бойымда бұрын, сірә, сезілмеген
басқаша болдым сонда сезімде мен –
тартылған көне мынау қорымдағы
құлақ сап домбыраға безілдеген.
Мынау саз,
әуендегі тыныс қандай,
керемет құсқа айналып жыр ұшқандай.
Құлақ сал,
құлақ салшы мына күйге,
өлім мен өмір қазір ұғысқандай.
Біреуі опырайып
қирап біткен
біреуі салтанатты –
сыйлап күткен, –
Алапат мына күйге есі кетіп
үн-түнсіз ұйып қапты зират біткен.
Неғылам мұның бәрін босқа құрап!..
Со-оу шетте бүлк еткендей бос топырақ.
Құйылып төгілгенде құдірет күй
кеткендей болды дейсің тас қақырап.
Дәл қазір –
жан-жүрегім емініп тұр.
Дәл қазір –
жан-жүрегім сөгіліп тұр.
Домбыра аңрап, аңрап алды-дағы
бір кезде кетті дейсің егіліп бір.
Ұя сап жатқан мұнда құстар елі
күйменен тебіреніп ұшқан еді...
Бұл өмір
осыншалық ұзақ па еді?!
Бұл өмір
осыншалық қысқа ма еді?!
Бағымды тағы сынап көрем деп бір
кеудеме түйдек-түйдек өлең кеп тұр.
...Бозбала қабірінің шетте жатқан
селтиіп құлақшасы елеңдеп тұр.
Жанымнан төгіліп бір жапырағым,
үн-түнсіз ұйып қапты атырабым.
Көк тасқа тамыр бітіп
мына күйден –
торқаға айналғандай топырағым.
ЖӘБІРЛЕНУ
Бүкіл жанын –
арсыздық кеп торлаған,
бүкіл жанын –
қансыздық кеп торлаған,
ұлт туралы сөз айтып тұр ортада
тілін, ділін білмейтұғын оңбаған.
Көк тер болып –
малынғандай сорпаға –
ұлт туралы сөз айтып тұр ортада.
Іріп кеткен,
шіріп кеткен сөздердің
сасық иісі тиеді кеп қолқаға.
Қайнап тұрған су құйғандай етіме,
қанжар сұғып алғандай-ақ өтіме
болды дейсің –
сол оңбаған желігіп
түкіргенде туған жердің бетіне.
Мына сөзден күйіндім мен,
тарықтым,
мына сөзден –
отын кештім тамұқтың.
Неткен бетсіз,
неткен арсыз оңбаған!
Жармасып тұр жағасына халықтың!
Күдіктеніп,
мені босқа торыма!
Бұл сөзімді басқаша сен жорыма.
Мына сорлы,
мына тексіз оңбаған
туған екен өз халқының сорына!
Қалай жазам –
енді жүрек жарасын.
Қалай жазам –
енді жүрек наласын.
Ел туралы сөйлеп тұр сол оңбаған
шаштан алып сабағандай анасын.
Неге мұнша тар етті екен жетесін! –
күйінесің,
өртеніп-ақ кетесің.
Ел туралы сөйлеп тұр сол оңбаған
бастан теуіп жібергендей әкесін.
Рас болса өз еліңді Елім деу.
Мұны, сірә, керек шығар өлім деу.
Тепсе ұлтыңды өз ұлтыңның адамы,
одан өткен болмайды екен жәбірлеу.
Сол күні мен –
шыңылдап кеп құлағым –
жетімсіреп, жалғызсырап жыр, әнім,
ызаланып,
назаланып аңрап бір
жел сияқты жер сабалап жыладым.
БІР УЫС ТОПЫРАҚ
Көрмеген көп бұл жалғаннан шұғыла,
қайысып бір қайғысы мен мұңына,
берді анасы топырақты бір уыс
алыс жолға шыққан жалғыз ұлына.
Артта қалып жапан түз бен сор дала,
белден өтті,
таудан асты сол бала.
Түсті қанша бейнет пенен сорға да,
оңға жүрді,
жүрді сонсоң солға да.
Қайтқан жоқ ол –
отқа күйіп жанса да,
қияметтің қыл жолына салса да.
Жалғыз ұлы сол қапалы ананың
көрді азап пен қиындықты қаншама.
Ана жүрді жалғызы үшін жаны ұшып –
өзек жанып,
жүрек соғып,
қаны ысып.
Бала жүрді қатерлермен қағысып,
қаптап келген қауіптермен алысып.
Ана отырды құлақ тосып дүбірге,
жалғызы боп тілі менен ділінде.
...Ұл құлады –
тар мықыннан оқ тиіп
өліаралы күндердің бір күнінде.
Бала жатты... –
қалай жатыр жан шыдап!
Кеуіп қалды өзек жаны қаңсып-ақ.
Бала жатты –
тар мықыннан оқ тиіп –
айдалада –
жалғыз өзі қансырап.
Көз алдынан өтіп не бір құбылыс,
құлағында тұрды дүбір, дүбіліс.
Ана берген –
түсті есіне бір кезде –
туған жердің топырағы бір уыс.
Түсті есіне –
әлденені ұқтырып.
Семіп бара жатқан қайта шықты үміт.
Жарасына топырақты басқанда
кетті бала,
кетті бала тік тұрып.
...Басқа нәрсе ала көрме ойыңа.
Тауқыметке,
қияметке мойыма...
Қуат кіріп кетті ғажап
бір уыс
топырақтан сол баланың бойына.
Түсті қанша азапқа да, сорға да.
Оңға жүрді,
жүрді сонсоң солға да.
Кетті адасып күндердің бір күнінде
жол таба алмай,
жол таба алмай сол бала.
Жүгірді де ой-санасы сан саққа,
алып қашты ақыл-есі жан-жаққа.
Тығырықтан шығар жолын таба алмай
шалдықты әбден,
болдырды әбден шаршап та.
Есіне алып –
бабалардың нақылын,
есіне алып –
анасындай жақынын,
шүберекке түюлі сол бір уыс
топырақпен сүртті көзін ақырын.
Таң қалатын өлі менен тірі де
сәуле кірді қара күйе түніңе.
Сол баланың көзі жанып шырадай
көрінді ғой арғы-бергі дүние!
АБЫЛАЙ ХАН
Уа, Абылай, хан ием!
Асқар таудай алып ең,
қазағым деп жанып ең,
қазағым деп налып ең;
тосылғанда қалың ел
өзіңді өзің танып ең,
жауға жалғыз шауып ең,
Уа, Абылай, хан ием!
Уа, Абылай, хан ием!
Саған айтар дерегім:
толқын соққан алапат
тағдырындай кеменің
теңселіп тұр өр елің!
Бұған қалай көнемін!
Жерің жатыр тоналып,
елің жатыр қаналып,
тауың жатыр таланып,
далаң жатыр қамалып!
Уа, Абылай, хан ием!
Жоқ сөзімде бұлтағым, –
түнге айналып тұр таңым, –
діннен безді ұрпағың,
тілден безді ұрпағың.
Ұмыт болып ұраным,
қорлық көрді жыр, әнім.
Тартылып бар бұлағым,
тапталды ғой құрағым.
Уа, Абылай, хан ием!
Қорғаным ең,
бағым ең.
Қаптап келген жауларды
қалқан болып қағып ең,
найзағай боп жарып ең,
Уа, Абылай, хан ием!
Талқан етіп тұғырды,
басым менің бүгілді,
жаным менің түңілді,
көтере алмай жүрміз біз
сенің аппақ туыңды.
Иті сарып көріме,
уын сеуіп көгіме,
қол салып тұр жеріме –
босағада жүргендер
шығып алды төріме!
Үміт,
арман қырқылып,
бір жығылам,
бір тұрып.
Жарылыстардан қақырап –
базардағы матадай
далаң жатыр жыртылып!
Уа, Абйлай, хан ием!
Алыстаған бір кезде
өзіңе енді жақынбыз.
Десек те біз:
пақырмыз,
кешегіден батылмыз,
кешегіден ақынбыз.
Бостандық деп,
теңдік деп,
жағаласып жатырмыз,
жанталасып жатырмыз!..
О, МАХАМБЕТ, ПІРІМ-АЙ!
О. Махамбет, батырым,
әулием,
пірім,
ақыным, –
аруақ, жан мен рухым,
қандасым,
туыс –
жақыным!
О.Махамбет батырым.
Желеп сен, жебеп қолдашы,
қолдашы мені,
қорғашы.
Шайқалып тұр ғой,
шайқалып
қазақтың қалың ордасы.
Талықсып жатыр бүгінде
дінім де,
ділім,
тілім де.
Өшіп бір кете жаздап тұр
арыстан дауыс үнім де.
Талқаны шыққан тойым-ай!
ойраны шыққан ойым-ай!
Керек боп тұр ғой рухың
кескекті ердей сойым-ай!
Дүние мейлі түнерсін! –
Қайратың
сенің айбатың
желеп бір мені жіберсін.
Білмеген мұны пақыр ғой –
жармасып бүгін жағаға
жағадан алып жатыр ғой.
Көңілім менің ортайды,
жанымнан нұр мен әр тайды.
Бөліп ап Ертіс,
Есілді
ап кетпек енді Алтайды!
Лақтырған қарап тасына –
жасыма жүрек,
жасыма!
Асымды ішіп кезінде
теуіп те тұр-ау басыма.
Қолдашы, кәне, бүгін-ай,
О, Махамбет, пірім-ай!
Қуат пен қайрат бер маған –
Атырау болып долданам,
Алатау болып толғанам,
Маңғыстау болам зарлаған,
Сарыарқа болам сарнаған,
қуат пен қайрат бер маған!
О, Махамбет, пірім-ай,
Қолдашы, қане, бүгін-ай!
ҚАЙЫРШЫ
Сен отырсың айналған тас қабырға,
Қарсы қарап көшедегі ағынға.
Тозған әбден мыж-мыж болып көнерген
бас киімің жатыр сенің жаныңда.
Осыншалық қиналмашы,
тістенбе!
Не істейсің тағдыр атты үстемге.
Селк етесің –
жапырақтай қураған –
сыңғыр етіп қара бақыр түскенде.
Отырасың тасқа айналған төзімдей,
бұл өмірден безініп те, безінбей...
...Бүтін болып көрінгенмен сырт көзге
Қайыршымын мен де қазір өзіңдей.
Қайыршымын дәл өзіңдей кәдімгі –
ашып тастап омырауды,
өңірді
сырт көзге бұл көрінгенмен көңілді –
қайыршымын дәл өзіңдей кәдімгі.
Жүрек қанша соққы көрді,
тілінді.
Қаншама рет жоғалттым мен үнімді.
Қайтарып бер деп сұраймын күн-түні
бұл өмірден дінім менен тілімді.
Әлдекімдер тор-құрсауын құрып ап,
шыбын жанды жібереді сығып-ақ.
Су сұраймын,
сұраймын кеп ауа да,
жер сұраймын өз жерімде тұрып ап.
Содан қазір өртенемін,
жанамын.
Жан жаралы,
ар жаралы,
жаралы үн.
Мыж-мыж сенің бас киімің секілді
жатыр, әне, тозып,
семген Аралым!
Содан кейін тау құшақтап құлаймын,
құлаймын да күңіренемін,
жылаймын.
Бар қасиет,
байлығымды іздеп мен
қайтарып бер деп соларды сұраймын.
Күйзелдім де,
күңірендім де,
опындым.
Күлін шаштым біткен,
сөнген отымның.
Алдыма алып тозған,
семген Аралды
дүниеден қайыр сұрап отырмын.
ДАУ
Өрт сияқты көзі жоқ,
мен бір сұмдық дау көрдім,
тоқтам айтар сөзі жоқ
іштен шыққан жау көрдім.
Ант пенен
серт өліп,
көз аша алмай сорлаудан, –
жатты дейсің өртеніп
бір қауым жұрт сол даудан.
(Білдірместен сезгенін
жетті әзәзіл сап етіп)
Бәтуәлі сөздерім
жанып кетті лап етіп.
Қақ айырылып қосағың,
қақ бөлінді арманың.
Ойран болып ошағың,
түсті ортаға шаңырағың.
Жан өртеніп,
мұңданды, –
Не істейсің? –
күйінем!
Қара күйе күл қалды
ынтымақтың үйінен.
Ақыл-есім шатысты
Қапаландым,
егілдім...
Сол бір даудан шоқ түсті
өзегіне елімнің!
ӘРІ-СӘРІ ШАҚ
Ысып,
қайта тоңдық біз.
Қоя бердік,
тап беріп.
Әрі-сәрі болдық біз.
Әрі-сәрі шақ келіп.
Бітіп амал,
тірегі,
қуқыл тартып реңі,
олай деді біреуі,
былай деді біреуі.
Адам ит боп үреді.
Бұл не сұмдық!
Құрысын!
Қасың бетке күледі,
тоң-теріс боп туысың.
Маужырайсың жантайып,
Су боп кеткен қаныңыз.
Шал боп бала қартайып,
бала болған шалыңыз.
Әңгімені азайтып
Әрі-сәрі күлеміз.
Әрі-сәрі сөз айтып,
әрі-сәрі жүреміз.
Тұрып қайта,
құлаймыз,
қалғандаймыз ұйысып.
Әрі-сәрі жылаймыз,
Әрі-сәрі сүйісіп.
ТОНАЛУ
Ешкім әлі тоналған жоқ дәл мендей.
Біттім әбден,
діңкем құрып өлердей.
Арғы-бергі дүниеде,
сенсеңдер,
ешкім әлі тоналған жоқ дәл мендей.
Өзімді өзім –
теңеуші едім алауға,
Өзімді өзім –
теңеуші едім жалауға.
Ар-ұятсыз әлдекімдер келді де
түстім сұмдық тонау менен талауға.
Өшірем деп сенің дауыс,
үніңді,
Қырқамын деп тамырыңды,
түбіңді,
көмейімді өңешіммен суырып,
тонап алды дінім менен тілімді.
Қалдым қатып сор даладай қақталып,
қалдым жатып сор маңдайдай тапталып,
ән-жырымды тонап алды сонан соң
жаным менен жүрегімді ақтарып.
Еңсені езіп,
еңкейтті де бойымды
тонап алды мерекемді,
тойымды.
Тонап алды ақылымды,
санамды,
тонап алды сезім менен ойымды.
Ең сұмдығы,
шырқыратып жанымды,
тонап алды кеудемдегі шамымды, –
Содан бері білмей жүрмін, –
сенделіп, –
жүре-тұғын,
бара-тұғын жағымды.
КҮН САЙЫН МЕН ӨЛЕМІН
Күн сайын мен өлемін!
Ел-жұрт оны біле ме?!
Дей көрме сен дер едім:
Өлген – өмір сүре ме?
Қалай ұқсаң,
солай ұқ,
күн сайын мен өлемін,
жүре-тұғын қарайып,
сүлдері бар денемін!
Тексіз,
әңгі есектер
бір жағымнан ақырып,
жала,
жалған
өсектер
зәрлі сөзін сапырып,
Сойылдарын көтеріп
зорлық пенен зомбылық,
адасу мен қателік
үмітімді солдырып,
онсыздағы езілген
жүрекке у тамызып,
қатыгездік көзімнен
қара қанды ағызып, –
тілек,
ойды жаңқалап,
қатер,
бәле келтірер –
бәрі-бәрі анталап
күнде мені өлтірер.
СӨЗ
Мұндай кезде –
(сақтанам!),
қарау керек көзді ашып, –
дүниені қаптаған
бара жатыр сөз басып...
Құлақ бітіп тұнады –
батар соның күйігі –
Ұйықтап,
бұрқап тұрады
сөздің ала құйыны.
Соның шығып шатағы,
Соның келіп басты үні...
Алып бара жатады
сөздің қара тасқыны.
Бітіспейтін керісіп,
келіп тұр-ау кез жұтаң...
Су орнына сөз ішіп,
ауа орнына сөз жұтам!
Жоғы ғой бұл амалдың,
түсін, мейлі,
түсінбе! –
Уы жатыр заманның
ол сөздердің ішінде.
Сол сөздерден қызынып
кеудем,
алқым іседі.
Қан құтырып,
бұзылып
жанға жара түседі.
Содан кейін қаңғырып,
қасіретке батамыз –
сөзден дертке шалдығып,
сөзден өліп жатамыз.
Тірлік,
іс те өзгерген!
Сөз айтамыз құлшынып.
...Жатыр қазір
сөздерден
өлген адам түршігіп.
ТӘУЕЛСІЗБІН
Тәуелсізбін!
Тәуелсізбін мен бүгін.
Келді, міне, азаттығым,
теңдігім.
Бостандықта бойлығым мен ендігім.
Шешіл енді, шемен болған шерлі үнім!
Қарсы қарап қатал мынау заманға,
айналдық біз қайтпас, қайсар қамалға.
Алды бүгін тәуелсіздік тау, тасым,
орман,
көлім,
далам менен балам да!
Жаным менің,
қаным менің тәуелсіз.
Арым менің,
жарым менің тәуелсіз.
Заңым менің,
бағым менің тәуелсіз.
Әнім менің,
дәнім менің тәуелсіз.
Тәуелсізбін –
өзіме өзім құдаймын.
Тәуелсізбін –
нұры-сынды күн, айдың.
Құласам да емін-еркін құлаймын,
Жыласам да емін-еркін жылаймын.
Тәуелсізбін! –
танып тұрмын өзімді.
Ұшырамын қанат байлап сөзімді.
Ешкім енді көкірегімнен итеріп,
ешкім енді шұқымайды көзімді.
Тәуелсіз ғой ойым менен ұғым да,
бақыт құсым қонды келіп тұғырға.
Тәуелсіздік алды бүгін, қараңдар,
тойым түгіл
қайғым менен мұңым да.
Заман өтті –
қансыратып қанаған,
заман өтті –
қалтыратып тонаған.
Тәуелсіздік келді, міне, ақыры!
Зорға жеттім,
зорға жеттім мен оған.
Құтылмаған кінәраттан,
күнәдан,
бар шындықты іштей үнсіз құраған, –
ағыл-тегіл көздің жасын көл етіп
күні кеше былай деп мен жылағам:
«Жаным кетті қарайып,
қопарылды тірегім,
айтыңдаршы,
халайық,
қалай өмір сүремін?!
Қалай жүрем
темірден
соғып шыдам,
төзімді...
Көріп едім бәрін мен
ойып алды көзімді.
Қалай жүрмін –
құламай! –
Қазды менің түбімді.
Сөз айтып ем –
шыдамай! –
Қырқып алды тілімді.
Қай жерде мен тайқып ем?! –
Сынап тағы бағымды –
ойымды мен айтып ем,
отқа салды жанымды.
Төктім үнсіз жасымды,
кеуіп қалды таңдайым,
көтеріп ем басымды
қақ айырылды маңдайым!» –
Күні кеше дәл осылай жылағам!
Жылағанмын –
көздің жасын бұлағам.
Уhілеген менің өксік демімнен
теңіз толқып,
тау күңіреніп құлаған.
Соны ойласам –
у мен зәрді ішем мен.
Соны ойласам –
қайғы, мұңға түсем мен.
Тудық біздер көрінбейтін бұғаумен.
Жүрдік біздер көрінбейтін кісенмен.
Өз жерімде ала алмастан рұқсат,
өзімізге жүрдік біздер құрық сап...
Үндетпестен тас тықты да көмейге,
қойды сонсоң аузымызға құлып сап.
Қапаландық,
жәбірлендік,
зарладық,
өзгелерге жанды қидық,
арнадық, –
қырылдық қой қорғап біздер Мәскеуді,
ал Мәскеуден қорғана біз алмадық.
Таптап, қырқып,
жоқ етті де нуымды,
жазирамды отқа салып қуырды.
Жуынды етті кәусар менен суымды,
шұлғау етті қасиетті туымды.
Мұның бәрін,
мұның бәрін ұғынам...
Жүрек жара –
зар заманның мұңынан.
Сол кезде мен азаттық деп,
теңдік деп,
бөрі болып айға қарап ұлығам!
Тәуелсізбін, енді, міне,
мен бүгін.
Келді кіріп азаттығым,
теңдігім.
Бостандықта бойлығым мен ендігім!
Шешіл енді, шемен болған шерлі үнім.
Кеуделерді тарылтпасын кек қысып,
кетеді одан өр далама өрт түсіп...
Құсқа айналып кеудемдегі жүрегім
сүйіншілеп келер күнге кетті ұшып.
ЖЫРШЫ
Ізбасар Шыртановқа
Мына шер –
менің-дағы шерім еді.
Қабырғам қақ айырылып сөгіледі.
Сөз біткен толқындардай бүктетіліп,
серпіліп қайта кейін шегінеді.
Бір сәтке –
жер менен көк теңескендей.
Бір сәтке –
түн менен күн кеңескендей.
Даусынан Маңғыстаудың сесі естіліп,
демінен Атыраудың лебі ескендей.
Ілесіп сол бір жырға –
өкінемін.
Ілесіп сол бір жырға
бекінемін...
Сөздерден аңқып иісі боз жусанның
даладай ашылады көкірегім.
Жыршыны –
жан-жүрегі шырқыраған –
тыңдап мен сай-сүйегім сырқыраған.
Дүние қарап қалды сол сөздерге
күздегі жапырақтай бұрқыраған.
Ойлантты –
ой біткеннің тереңдігі.
Ойлантты –
ой біткеннің кемелдігі.
Жапырып жібергендей жамандықты
сөздердің қара дауыл тегеуріні.
Өкініп жанбай кенет өшкеніме,
өкініп ойсыз күндер кешкеніме, –
Қарадым күмбірлеткен,
қоңыраулатқан
сөздердің салтанатты көштеріне.
Кенелдім сол бір сырдан кенен сырға...
Бөленіп кеткендей ғой әлем нұрға...
Дүние жыршы болып,
ал жыршымыз
айналып бара жатты өлең-жырға.
ӘН
Күріш Тасболатовқа
Табылып өткен күннің көмбесінен,
қараған келер күннің өр төсінен,
атылып шыққан-сынды осы бір ән
ғаламат Маңғыстаудың кеудесінен.
Мен сонда ән қуатын біліп едім.
Бұрқырап толқып кеттім –
тұнық едім.
Ішінде қалғандаймын –
сол бір сәтте –
от шашып,
су бүркіген дүниенің.
Үкім боп безінгенге,
адасқанға.
Бітім боп дауласқанға,
таласқанға.
Үкілі жебе құсап осы бір ән
шаншылып қадалғандай көк аспанға.
Ұқтырып ажал-сұмнан озбасыңды,
шаншылып шырқап-шырқап сөз басылды.
Не деген кермек еді осы бір ән
Ішіп мен тұрғандаймын көз жасымды.
Даладай аңқып есіп көңіл деген,
Кенеттен бүрін жарды өмір деген.
Қозданып кетті дейсің сонан кейін
сөз біткен шоқ сияқты жел үрлеген.
Жанын бір күйіндіріп бар дұшпанның
елімнен Қаратаудай алғыс та алдым...
Қарашы, –
сол бір әннің қуатынан
түндігі желпілдеп тұр Маңғыстаудың.
АУРУ ДҮНИЕ
Ауру қазір,
ауру қазір бәрі де,
айналды бұл менің қайғы, шеріме.
Бәрі де ауру –
ұлы менің даламның –
дауылы да,
бораны да,
желі де!
Ілесіп мен тұрған жоқпын дүрмекке,
өйтіп мені жала сөзге тілдетпе.
Қарашы сен –
от сияқты жап-жасыл –
ауру бұлт кезіп әне жүр көкте.
Қалай жүрмін,
қалай жүрмін күзетпей –
(қояр емес тағдыр жанды мұз етпей) –
Толқи алмай,
шалқи алмай, әнеки,
сап-сары боп жатыр өзен сүзектей.
Бір дерт жатыр тынысымда,
демімде.
Сол демімнен дақ түсердей темірге.
Ауру бәрі –
тауың да ауру,
тасың да,
ауру қазір ағашың да,
шөбің де.
Бұл заманда мызғыма да,
көз ілме.
Сене берме төзімге де,
сезімге.
Уы сіңген ауа менен суымның –
ең сұмдығы! –
ауру қазір сөзің де.
Ең сұмдығы! –
сөз ауруы білемін.
Осы, осы қасіретім,
түнегім.
Ауру сөздер,
ауру сөздер қаптаған...
қан жоса ғой сол сөздерден жүрегім.
Хал-күйімді түсін өзің,
түсінбе!
Онда менің жоқ қой қазір ісім де.
Жүріп келем –
Сұп-сұр болып қан-сөлсіз –
ауру мынау дүниенің ішінде!
ҚҰЛАЗУ
Адам біткен зорға жүр,
сөзді кісен,
шынжыр қып.
Болған-сынды дәл қазір
дүниеде бір сұмдық.
Үзіліп бар жалғасы
шыдай алмай ашынып, –
дәл осы сәт
жан досым
өлген-сынды асылып.
Көкіректе зорлық-ән –
жау бұзғандай шегімді.
Өлген адам,
орнынан
тұрып кеткен секілді.
Дәл осы сәт
елес те
қасіретке батқандай –
отқа түсіп нәресте
шыжғырылып жатқандай.
Жанда нала,
күрсіну,
отырмын ғой құнысып.
Дәл осы сәт бір сұлу
құлағандай у ішіп.
Малынғандай сорға жыр,
жан-жүрегім жылаған.
Жеп жатқандай –
дәл қазір! –
бір адамды бір адам!
САУДА
Өңім түгіл,
түсімде.
Қан жыладым,
зарладым.
Қалған-сынды
ішінде
бар дүние сауданың.
Саудада әзір сөзім де,
шыдам,
сабыр,
төзім де!
Атылас пен бөзім де!
Ақыл, парық,
сөзім де! –
Бәрі сауда, көз ілме!
Ақшалыны қаумалап,
ұмытқан жұрт бауырды.
Біреу келіп
саудалап
сатып алды дауымды.
Шыдай алмай шеріме
Жан-жүрегім жыртылған.
Саудаға сап,
мені де
сатып жатыр сыртымнан.
Құжынаған жүр адам
алаң,
көше,
аулада –
салды сонсоң бір адам
туған жерін саудаға!
Жоқ нәрсені даулаған
бұл дүние талмай тұр.
Мынау сұмдық саудадан
зәре-құтым қалмай тұр!
Адамдардың құлқыны
айналған сұм қамбаға, –
түсетіндей бір күні
азаттығым саудаға!
МЕН АТЫЛҒАН КҮН
Мені сөзбен атып кетті бір адам.
Ұшып түстім.
Енді қалай тұра алам.
Қадалған кеп оқ сияқты сол сөзден
арман құлап,
үміт құсым жылаған.
Сол оқ-сөзден мың күйзелдім,
мың сынып.
Қан жылаған ойым қалды тұншығып.
тілек тұрды –
тұнжыраған күрсініп,
жүрек тұрды –
тыжырынып түршігіп.
Сезімімнің сергек,
ашық алаңы,
ойларымның мұңлы,
қалың алабы,
өлеңімнің қоңыр салқын самалы –
сол оқ-сөзден бәрі, бәрі қаралы.
Сол оқ-сөзге қалай табам өлшемді? –
Қаратаудай төзімім де теңселді.
Құм сияқты үгітіліп жігерім,
көтере алмай қалдым сонсоң еңсемді.
Дәл сол күні қол бермеді ешкім де!
Сол оқ-сөзден біттім,
сөндім,
өштім бе?!
Дәл сол күні жала менен өсектер
қарға болып қаптап ұшты үстімде!
ҚАРА АДАМ
Өтінемін,
құрысын! –
Оған қарсы аттама!
Тарылатын тынысың
оның жаны қап-қара!
Сұмдық онда жетеді! –
кебін ұрлар өліден...
Шарпып-шарпып кетеді
қара жалын демінен.
Оған,
оған батпады
аруақтың киесі...
Қап-қара етті мақтаны
Сөздерінің күйесі.
Құстар шошып даусынан
Жоқтау етті көгімді...
Күлген кезде
аузынан
күл бұрқырап төгілді.
Одан,
одан безінем,
қорқасың деп даттама.
Жылап еді
көзінен
Құрт шықты қой қап-қара!
ТҮНГІ ӨЛІ КӨЛ ЖАҒАСЫНДА
Таусылады бір шыдам!
мына көлдің, –
қарашы! –
Қорғасындай жаншыған
қандай ауыр ауасы.
Қорыққанмен қайтемін,
жаншыламын бүктеліп, –
тұлғасы жоқ,
әйтеуір
көлеңкелер шықты өріп.
Еңсені езіп екінді
тозақ отын себелер, –
Мініп алған секілді
иығыма бәлелер.
Ой жоқ болды сөнді де.
Ұшқан зәре тоқтай ма?!
Өлі көлді көрді де
Сұп-сұр болып кетті ай да.
Айықпайтын сор көрдім,
алжасты ма ақылым?
...Ортасынан сол көлдің
ажал шықты ақырын.
Ажал шықты,
қаңқасы
тұрды желмен сықырлап...
Көлеңкемен арбасып,
бір құс ұшты сыпылдап.
Байғыз күлді.
Күлді ме?
Жылады ма? –
Білмедім...
Түнге ауысып күндерім,
Күлге айналды гүлдерім.
Қайттым сонсоң,
әр жерге
тасқаяқтай соғылып...
Жатты өлі сол көлге
жын-перілер шомылып.
ПАНАСЫЗ ҮМІТ
Кімдер қалай десе де
сіз де күйіп,
жанасыз.
...Дәл бүгін мен көшеде
үміт көрдім панасыз.
Сол бір үміт безіп жүр
жан өзегін талдырып...
Сол бір үміт кезіп жүр
қайыр сұрап,
қаңғырып!
Сол бір үміт наладан
жүдеп,
әбден жадаған, –
күдік-иттер қабаған
қан жоса қып талаған.
Кіргізбейді, –
қарашы! –
Соқса да ажал дауылы –
қатыгездік қаласы,
қатыгездік ауылы!
Мұң-мұқтаждық қинаған
безеді үміт ашынып, –
күні бойы жинаған
тиындары шашылып.
Сол бір үміт,
сезінем!
Алған жанын мұз етіп, –
Жас ағады көзінен,
табанынан сыз өтіп.
БҰЛТ-ҚАТЕР
Көзімді сап биік пенен тереңге,
қолымды мен созған кезде әлемге,
күйе-сынды түндей қара бұлт кеп
үйіріліп тұрып алды төбемде.
Бос сөз айтпан қуырылып күйсем де.
Өзің бұған құй сен, мейлі,
құй сенбе.
Қалмай қойды сол бір бұлт ілесіп,
қалай қарай,
қай жаққа мен жүрсем де.
(Құр сөз айтып отырғам жоқ,
Халайық!
бұл өлеңнің мұң-сырына қанайық).
Сол бір бұлт –
ойласам мен елімді –
одан сайын түнереді қарайып.
Бұдан енді нені ұғарсың түсініп,
не күтерсің,
үмітіңді ұшырып...
Сол бір бұлт –
қуанып мен шаттансам
кетеді ғой одан сайын ісініп.
Менен жұлдыз,
күн мен айды ұрлаған,
Сол бұлттан, –
бәлкім, енді жынданам.
Күйе-сынды сол бір бұлт қап-қара
суын сілкіп, дымын бүркіп тұр маған.
АЯР ӘЙЕЛ
Жүреді ол жұртты ылаң қып,
тайсалар одан ібіліс.
Не деген түлкі бұлаңдық?!
Не деген сылқым құбылыс??
Бүлкілдеп көмей күлгенде –
көрген жан ысып қайнаған –
қып-қызыл отқа кірген де,
қып-қызыл шоқты шайнаған.
Не деген тәйтік құйтырлық?! –
Не деген ерке бұлаңдық?! –
Сөзінде аяр сиқырлық,
көзінде нәпсі құмарлық!
Берігің түсер тұзаққа,
есіртіп кетер мұңдыны.
Қомағай сойқан құшаққа
тұр кеуіп оның ындыны.
Шайнайды кейде мұз қарпып,
қызғаныш өртеп өзегін.
Сонан соң ессіз құштарлық
Күйдірер шоқ боп төсегін.
Иленер болат темірің
Шыдамас оған қараған, –
әзәзіл сүйіп көңілін,
жүрегін шайтан жалаған!
БИЛІККЕ ТАЛАСУ
Кіл жақсылар билікке таласуда.
Таласуда, апыр-ай,
адасуда.
Дауыл тұрып жер мен көк арасында
бүлік келді үйлесім,
жарасымға.
Түбі шіріп біткендей тірегінің
түрі қашып кетіпті реңінің, –
біреуінің қолында бір уыс шаш,
жағасы жүр қолында біреуінің.
Жан емес ем, –
отырған жан сауғалап,
жүре алмастан қалдым ғой арсалаңдап.
Таласуда,
билікке таласуда
езуінен көбік пен қан сорғалап.
Мұз үстінде қалғандай дірілдедім.
Үңгір болды –
үміт деп үңілгенім.
Күлге айналды –
қабаржып қамыққаным,
түнге айналды –
түнеріп түңілгенім.
Қалай мұның шыдаймын суығына,
Қатер ғой бұл болашақ буыныма.
Бәтуаның бүк түсіп белі сынып,
Ынтымақтың құрт түсті жұлынына.
Бірдей болды ақылдың,
пақырың да,
бірдей болды даңғойың,
ақының да.
Бөрі тиген секілді түн ішінде
ел дүрлігіп кетті ғой ақырында.
Әлдекімнің үндері шықты ызалы
(Оны бірақ ешкім де ұқпас әлі).
Ошағынан от қашып ортадағы,
төңкеріліп қалды ғой құт қазаны.
Бірақ оған жақсылар қарасын ба, –
қиқу етіп даласын,
қаласын да
бірін-бірі қылқынтып,
отқа салып,
таласуда, апыр-ай,
таласуда.
Жақсылар адасуда!
ЖАЛАҢАШ
Сөз жалаңаш, дәл қазір,
жыр жалаңаш.
Құм жалаңаш,
сайың мен қыр жалаңаш.
Ұятынан безінген бұл дүние
тыр жалаңаш, құдай-ай,
тыр жалаңаш.
Алла,
өзің сабыр бер індетіңе –
кешірімді жасай көр үмбетіңе.
Алпыстағы қария үңіледі
тыр жалаңаш әйелдің суретіне.
Қатер-итке өзімді талатамын.
Адамдықты кәдік қой тонатарың.
Әйелдерге жалаңаш үңіледі
темірқанат сарыезу балапаның.
Жалаңаш пен жалаңаш табысады.
Жалаңаш пен жалаңаш қауышады.
Экранда –
төріңді ойнақ етіп
тыр жалаңаш адамдар алысады.
Сөз жалаңаш, дәл қазір,
жыр жалаңаш.
қыр жалаңаш,
сайың мен құм жалаңаш.
Отыздағы ұлыңыз, – елді ұмытқан –
есіл-дерті әйел боп тыр жалаңаш!
Бұлай кетсе дүние талақ болар,
Татулық пен ынтымақ тарап болар.
Тыр жалаңаш әйелдер қаптап кетсе
тіршіліктің бәрі де харап болар.
Аруақты елім мен жерімдегі
ар-ождан мен ұяттың сөгілгені.
тыр жалаңаш әйелдер қаптап кетсе
абыройдың айрандай төгілгені.
Сөз жалаңаш, дәл қазір,
жыр жалаңаш.
Құм жалаңаш,
сайың мен қыр жалаңаш.
Ұятынан безінген бұл дүние
тыр жалаңаш, құдай-ай,
тыр жалаңаш.
ТҮРМЕДЕН ҚАШҚАН АДАМНЫҢ
ШОШЫНУЫ
Атадан қалған мұрадай.
Мұңданып күн-түн жылаған –
қысымға қатал шыдамай
түрмеден қашты бір адам.
Күл болып кенет арманы
қалды оның жаны тарынып, –
сығылып бүкіл жан-жағы
айнала кетті тарылып.
Жәутеңдеп қалды табанда
ашылды жанның жарасы, –
мұп-мұздай тартып адамдар,
суық боп кетті қала іші!
Шошынды –
тиып желігін! –
Шошынды арсыз беттерден –
Жандарды көріп
елінің
тәуелсіздігін жек көрген.
Шошынды! –
тиып желігін! –
Шошынды бұғып қашқақтап –
жандарды көріп
елінің
азаттығынан бас тартқан!
ӨРТЕНІП ЖАТҚАН АҒАШ
Сұмдыққа мынау бастаған
қалайша жаның жылымас, –
найзағай түсіп аспаннан
өртеніп жатты бір ағаш.
Айырылып жатты қақырап,
бойдағы тірлік, қуаттар, –
пышырлап жанды жапырақ,
шатырлап сынды бұтақтар.
Бұрқанып жұмбақ күй ақты
жел тұрды сонсоң азынап, –
қып-қызыл сөздер сияқты
қып-қызыл шоқтар шашырап.
Сол өрттен мен де шоқ алып
сезімге түстім аралас.
Қып-қызыл отқа оранып
өртеніп жатты сол ағаш.
Қозады тұтас арқамыз,
тұла бой түгел дүбіліс, –
не деген –
сұмдық арпалыс,
не деген –
сұмдық құбылыс.
Суретке мынау тұншығып,
бір ысып,
суыр денем бұл.
Өртеніп жатыр тіршілік,
өртеніп жатыр өлең-жыр.
Өртеніп жатты сол ағаш
шатырлап сынып, –
апырым-ай! –
тірлігі тартыс,
жағалас
өртеніп жатқан ақындай!
ҚҰМАРПАЗ
Уланып сана,
ойы да,
жанымен бүкіл құлаған –
көз ілмей тәулік бойына
карта ойнап отыр бір адам.
Алғандай бейне от басып,
шошынып одан қаласың, –
ұмытқан үйін,
отбасын,
ұмытқан бала-шағасын.
Ұмытқан бәрін, бәрін де –
шаттығын,
қайғы,
шерін де;
Өмірдің ылди,
өрін де,
босаға менен төрін де –
ұмытқан бәрін, бәрін де.
Көк ала ақша ортада,
тістеніп алған құрыш боп, –
жақын жоқ оған «балтадан», –
«тұзыңнан» өткен туыс жоқ!
Ұмытқан енді басқаны
бір суып,
қайта жанады.
Ортада жатқан ақшаны
ішіп-жеп көзі барады.
Ортада жатқан ақшаға,
ындыны кеуіп,
құныққан.
Қол сілтеп түгел басқаға
бәрін де,
бәрін ұмытқан.
Ұмыт қап ас пен тойы да,
суынар қайта,
сан қайнап.
Көз ілмей тәулік бойына
карта ойнап отыр,
карта ойнап.
Көтермес басын ол енді,
ол жаққа енді беттеме!
Әке етіп алған «корольді»,
үйленіп алған «мәткеге».
НӘРЕСТЕ КӨТЕРГЕН МАС ҚАЗАҚ
Құртардай боп мені астына басты азап, –
Илегендей жанды біреу тасқа сап, –
О, құдай-ай! –
Нәрестені көтеріп
қөшеменен келе жатыр мас қазақ.
Дәл осы сәт –
мұнар болды нұр таңым.
дәл осы сәт –
шайқалып-ақ тұр тағым.
Күйзеледі,
күйінеді жан-жүрек –
мас құшақта келе жатыр ұрпағым.
Ашу менен ыза буып сілкінем!
сілкінем де өз-өзімнен іркілем...
Бара жатыр,
бара жатыр нәресте –
Сол құшақтың иісін жұтып мүңкіген!
Түсердейсің дәл осы сәт пышаққа,
түсердеймін дәл осы сәт тұзаққа.
Бара жатыр,
бара жатыр нәресте –
өзі де нас
сөзі де нас, құшақта.
Мұның өзі болмай тұр-ау аз қайғы.
Сол қайғы кеп ар, намысты қозғайды.
Тәлтіректеп кетсе әкесі,
құшақтап
бала-сорлы ұшып кете жаздайды!..
Дәл осы сәт –
сөз емеспін жұрнақпын.
Дәл осы сәт –
күйзелістен құм қаптым.
Қалай берік бола алмақшы ертеңі
тірегі мен тұғыры мас ұрпақтың.
Осы бір ой тұла бойды өртеді.
Оталғандай болды үміттің ертеңі.
Нас құшақта өскен сол бір ұрпақтың
қалай таза бола алмақшы ертеңі.
Дәл осы сәт –
мұнарт болды нұр таңым.
Дәл осы сәт –
шайқалып-ақ тұр тағым.
Қараңдаршы,
қараңдаршы, Қазақтар! –
мас құшақта бара жатыр ұрпағың!
СУЫҚ ДҮНИЕ
Сұп-суықсың,
дүние,
ызғарлысың!
қатулысың,
қатыгез,
ызбарлысың!
Сұп-суықсың.
дүние,
сұп-суықсың! –
борасынды,
аязды,
мұз-қарлысың!
Көңіл нала күздегі атыраптай.
Жан-жүректі дүние қалтыратты-ай.
Арман солды –
суықтан – гүл сияқты.
Үміт ұшты –
суықтан – жапырақтай.
Безіп кетті өлеңім –
боз інгенім.
(Кеше ғана басқаша сезімде едім).
Үзіп кетті санамнан асыл ойды,
үсіп кетті жемістей сөзім менің.
Сұп-суықсың,
дүние, бұл шағыңда,
Әйтпесе мен батпас ем мұнша мұңға.
Ызғарыңнан,
дүние,
біздер түгіл
Қалтырайды нәресте құрсағында!
Суығың-ай,
дүние,
суығың-ай!
Қона алмастан жүрмін ғой тұғырыма-ай!
Суығың-ай,
дүние,
суығың-ай!
Сықырлап тұр дәл қазір уығым-ай!
Тоңдым қанша,
қалтырап дірілдедім,
Бірақ сенен жоқ әлі түңілгенім.
Суый бермей,
дүние,
суый бермей,
Өртеп мені, отыма жылын менің!
МАҒЫНАСЫЗ ӨЛЕҢ
Мылтық дауысы тарс етті.
Асыранды ит арс етті.
Есті мынау дүние
топастарды жаршы етті.
Қоныс іздеп жырадан
сайтан мініп жүр адам.
Күніменен күлгендер
түніменен жылаған.
Қурап қалып өнгендер,
қайта жанды сөнгендер.
Сүйектері сықырлап
тұрып кетті өлгендер.
Бітеу ісік жараны
бір шошқа кеп жарады.
Байғыз құсап сұңқылдап
сөздер ұшып барады.
Тұла бойды орап бір
жылан мені жалап тұр,–
ту сыртымнан есалаң
есі кетіп қарап тұр.
Құрт деп жарық күніңді,
сағындым деп түнімді,
күндей сұлу қарындас
күң болам деп жүгірді.
Сарсаң етіп басқаны
ойдың өлді дастаны.
Кесіп біреу өз тілін
ит алдына тастады.
Арсыз ту қып шындықты,
арлы сүйді сұмдықты...
Азат елдің адамы
аңсап тұрды құлдықты.
ӨЛЕҢ СЫЙЛАҒАН АДАМ
Шабаз Иманәлиевке
Бірде күліп,
енді бірде жылаған,
бірде батқан,
бірде арылған күнәдан!
Шапан да емес,
атан да емес,
зат та емес,
Өлең маған сыйлады әкеп бір адам.
Сол бір өлең жан-жүректің ырқын ап,
кетті дейсің асаулық боп жұлқып-ақ.
Сол өлеңнен,
сол өлеңнен, апыр-ай,
тұрды дейсің жусан иісі бұрқырап.
Сезілді одан –
тіршіліктің арыны,
Сезілді одан –
тіршіліктің ағымы.
Соғып тұрды сол өлеңнің бойында
бүлк-бүлк етіп тіршіліктің тамыры.
Аулақ едім дабыра мен дүбірден.
(Дабыра мен дүбірлерден түңілгем).
Сол өлеңнің саздарынан есіттім
Жел мен жаңбыр
Жапырақтардың үнін мен.
Сол өлеңнен жақын болып алысым,
Толқынданып шыға келді ағысым.
Сол өлеңнен есіттім мен
халықты
қан қақсатқан қасіреттің дауысын.
Өткенменен отты кезең
жалын шақ,
қаласақ біз,
кете аламыз дабыл сап.
Өсіп шықты жусан құсап ап-ащы
сол бір өлең жүрегіме тамыр сап.
БІР МЕТЕЙ СУ
Көршімнің немересінің шілдеханасына бір топ адам жиналдық. Жұрт әдеттегідей кезек-кезек сөз сөйлеп, жөн-жоралғысын жасап жатты. Соз кезегі Гүлсім атты жеңгемізге жетті. Ол кісі сый-сияпатын жасап болып, тосын жоралғы көрсетті. Нәрестеге ата қоныстағы шыңыраудан бір метей су (теріден тігілген қауға) әкеп беретінін айтты...
Ән сыйлады – жұрт мынау –
жыр сыйлады.
Сыр сыйлады,
ақ тілек нұр сыйлады...
Ал жеңгеміз бабалар шыңырауынан
нәрестеге бір метей су сыйлады.
Су сыйлады бір метей, –
қарағым-ай –
(Қарапайым қазақтың даналығы-ай!?)
Сол жоралғы қанымды қозғап менің
мөлтеңдеген жас келді жанарыма-ай!
Ірілікті көрмейді –
көр кеудеңіз.
Ірілікті көреді –
өр кеудеңіз...
Нәрестеге сыйлап ап бір метей су
былай деді сонан соң сол жеңгеміз:
– Нәрестенің күн қонсын маңдайына.
Шаң мен тозаң қонбасын шалғайына...
Алдыменен сол судан, –
өтінемін! –
тамызыңдар баланың таңдайына.
Айналар ол –
тіршілік ағысына,
айналар ол –
ел мен жұрт арысына.
Тамызыңдар таңдайға,
кетер болса
шөлдеп жүрсін ата жұрт қонысына.
Таңдайына су тамыз, –
өтінемін! –
(Тыңдап соны сөгілдім,
сетінедім).
Тамызыңдар сол судан таңдайына
бұлақ етер баланың көкірегін.
Су деп мына тіршілік елжіреді!
Су болса егер тасқа да қан жүреді.
Шыңырау суын тамызшы таңдайына,
Шыңырау болсын баланың жан-жүрегі.
Тұла бойды,
тамырды ағын қылып,
нұр себелеп тұр қазір жаным күліп.
Алыңдаршы, өтінем,
сонан кейін
қалған суға баланы шомылдырып.
Бөтен ой мен жат сөзді алас еттім,
адамымын жай ғана қара есептің.
Суы сіңген адамға туған жердің
Өрті тие алмайды жала, өсектің.
Сақтай көрсін, құдайым,
қағынғаннан.
Сақтай көрсін, құдайым,
жағынғаннан.
Туған жерге ғұмыры кір келтірмес,
туған жердің суына шомылған жан.
ҰРЫ ЗАМАН
Жақсылыққа,
жарыққа жылымаған,
ниеті нас,
сөзі нас,
түрі жаман, –
ұры тазы секілді сумаң қағып
ұры заман келді ғой
ұры заман.
Бұл не заман, құдай-ай,
ғұрып бұзған.
Тыныштықты,
тірлік пен тұнық бұзған.
Ұры заман келді ғой,
ұры заман
талқан қылып сүйменмен құлып бұзған.
Адалдықты дәл қазір бәле жеңген.
«Бәле» деген қорықпас ережеңнен...
Ұры түсіп жатыр ғой, ұры түсіп
есігіңнен,
қақпаңнан,
терезеңнен!
Сұм ұрлықтан сан үміт сөніп жатыр,
Сондадағы дүние көніп жатыр...
Үйім емес тек қана,
үйім емес,
елім жатыр тоналып,
елім жатыр.
Жерім жатыр, тоналып
жерім жатыр.
Өткізсем де талай мен аш күнімді.
Жасамап ем ешкімге қастығымды.
Тасып жатыр ұшақпен алтынымды,
тасып жатыр пойызбен астығымды...
Тасып жатыр, әйтеуір,
тасып жатыр.
Берекем мен құтымды шашып жатыр.
Байлығымды астына басып жатыр.
Дорбаға сап,
қапқа сап қашып жатыр,
тасып жатыр, әйтеуір,
тасып жатыр
Алтыны да бар болсын,
басқасы да...
Киімі де бар болсын,
ақшасы да.
Ертең өсер тоналған бақшасы да,
ертең бекір елімнің топсасы да!
Ең сұмдығы! –
тонауда ар, жанымды,
тонауда ғой ертең мен алдағымды –
үмітімді тонауда,
үмітімді,
арманымды тонауда,
арманымды.
Тағдыр тасы көп тиді шекеме кеп,
Ойлап едім осы да жете ме деп.
Ұры заман түрінен қорқам-қорқам
Азаттығым қолды боп кете ме деп!..
МАҒЖАН – ЖЫР
Қасіретті,
қайғы-мұңлы Мағжан-жыр,
Жер мен жерді,
тау мен тауды жалғап жүр, –
күндіз-түні, күндіз-түні бір тынбай
қазағының жан азабын толғап жүр,
қазағының ар-ожданын қозғап жүр.
Жан-жүректі шырқыратып сарнап жүр,
сай-сүйекті сырқыратып зарлап жүр, –
шарлап кетті ұлы қазақ даласын –
қасиетті,
қасіретті Мағжан-жыр.
Рух беріп өліге де,
тіріге,
қуат беріп діліме де,
тіліме,
аласұрып шарқ ұрады Мағжан-жыр,
Алатауды алты айналып күніне,
өр Алтайды алты айналып күніне.
Мағжан-жырым қайғы,
мұңлы,
құсалы,
дүниені қанатымен құшады.
Күйіп-жанып,
өртке айналып өзегі
Қаратауды қырық айналып ұшады,
Шыңғыстауды шырқ айналып ұшады.
Қорқады оның қайғысынан қасы да!
Әрбір сөзі айналды көз жасыма.
Аласұрып шарқ ұрып жүр Мағжан-жыр
Маңғыстаудың жай түсіріп тасына,
Көкшетаудың бұлт үйіріп басына.
Мағжан-жырым тыңдатады күн, айды,
Мағжан-жырым мұңайтады құдайды.
Сол бір жырдың мұңын,
зарын естіп
Сарыарқаны сабалап жел жылайды.
Кетеді одан –
тебіреніп тереңім,
кетеді одан –
еміреніп белеңім.
Бара жатыр орынынан қозғалып
азу тісті көкжал түрік әлемім,
Ұлы Тұран – бас имеген – Өр елім.
Жан-жүректі айналдырып ертеңге,
әнін айтып,
зарын айтып өлкемде, –
Жеткізем деп бар азабын қазақтың
ұшып бара жатыр сол жыр Ертеңге.
ОРДАБАСЫ
Ордабасы
Тарих, Орда,
Бас Орда!
Бар тіршілік қалар сенің тасаңда,
Ынтымақтың туын тіккен қастерім
Орның бөлек сенің бізге қашан да.
Келген саған –
Халық мұңға батқанда,
келген саған
халық қаны қатқанда,
келген саған –
тұтастығы бүлініп
ту-талақай тозып бара жатқанда.
Келген саған –
соққанда ызғар суығы,
түскен кезде алауыздық ұрығы.
Келген саған, –
Ордабасы, –
Бас Орда,
қайысқанда ынтымақтың уығы!
Келген саған –
сезген кезде сұмдығын.
Келген саған –
жел жұлғанда түндігін.
Келген саған –
таласам деп билікке –
тұншықтырып өлтіргенде бірлігін!
Кеудеңе шер,
көзіңе жас тұнғанда,
тізе бүгіп, бас иесің бұл маңға.
Келген саған –
Ордабасы,
Бас Орда,
дәл іргеде жау аттандап тұрғанда.
Сонан кейін –
жеткен келіп бар жерден –
шыққан саған ұлы адамдар ел сенген...
Айтып-айтып қасіретін қазақтың
Әз Төле би Алатау боп теңселген.
Ел ширыққан –
қасиетті шешімнен,
ел ширыққан –
қасіретті кесімнен...
Қазағының сыйлап бүгін, ертеңін
Қазыбек би Сарыарқа боп көсілген.
Жел үрлесе –
қызыл шоқ боп қозданған,
осы жерде мәңгі сөнбес сөз қалған...
Қазағыма қайрат,
қуат берем деп
Әйтеке би Атырау боп қозғалған.
Кел, қазағым,
кел тағы да Ордаға!
Батпасақ та, батпаққа да,
сорға да! –
түсе алмастан тұрмыз қазір арнаға
түсе алмастан жүрміз қазір жолға да.
Алақұйын жел серпіген түндігім,
қауіп-қатер сездіріп-ақ тұр бүгін.
Сол үшін де керек саған ынтымақ,
Сол үшін де керек саған бірлігің.
Қазақсың сен! –
жалт қаратқан әдемді,
Ұлы Отанға құлақ түр де, –
қара енді! –
Сені тосқан күрестер бар,
алдымен,
елдігіңді бекемдеп ал, қане, енді!
ИТ ЖЫЛЫНА ТІЛЕК
Ит жылым, міне,
қош келдің!
Береке,
байлық,
ырысым! –
Жеті бірдей қастерлі
қазынамның бірісің!
Беретін бізге құт құрап –
тірліктен менің ұққаным –
ит жылы деген –
Саққұлақ,
Майтабан, әрі Сырттаным.
Соқса да дауыл,
борасын
көзінде тұрар жанып шоқ, –
күзеткен қойма,
қорасын,
ит жылы деген –
Алыпсоқ.
Егетін текті рухты
ит жылым –
әнім, сазым ғой...
Алатын қоян-үмітті
ит жылым –
Құмай тазым ғой.
Қаншама қайғы
сорды ұққан
өкінем, кейде өкінем.
Ит жылым менің, сондықтан
өтінем, сенен өтінем:
деместен –
енді қайтейін! –
ап барар сұмдық бүлікке
жол бере көрме, әйтеуір,
Ұры иттер менен Сұқ итке!
Азуын салар жоныма –
шығарар ішке бүккенін, –
болмасын деймін тағы да
айтаққа ерген иттерің.
Жүрмесін десең табалап,
елімді итке талатпа!
Өз итім үріп абалап
Жармаспасын балаққа.
Тұтасқан қазақ ордасын
шығады әлі бөлгендер.
Болмасын деймін,
болмасын
шабаланған қандендер!
Қаншама қайғы, сорды ұққан
өкінем,
кейде өкінем,
Ит жылым менің,
сондықтан
өтінем,
сенен өтінем:
Бүлдірмей тұтас,
бүтінді,
қыңырларымды түзетші, –
ырысым менен құтымды
тыныштығымды күзетші.
АДАМДАР ЖОҒАЛУДА
Десем де мен:
дүние жаңаруда,
елім, жерім әлі де тоналуда...
Қорқынышты, сұмдығы бәрінен де, –
жоғалауда адамдар
жоғалуда.
Үрейленіп кешкісін,
таң алдында,
Хабар салып жатамыз бар адамға.
Жоғалуда адамдар,
жоғалуда.
Жоғалуда қаладан,
даладан да.
Төгілуде қаншама қаным, жасым,
көріп соны жоғалар жарым жасың...
Жоғалуда –
замандас аға, жеңгең.
Жоғалуда –
інің мен қарындасың.
Жаным күйіп сондайда жылаймын-ай,
Көздің жасын көл қылып бұлаймын-ай.
Ғайып болып –
тал түсте – көз алдыңда
жоғалады бал бөбек, құдайым-ай!
Жүре алмайтын күндерді босқа үнемдеп,
Жүрген кезім дәл қазір тас тілем деп...
Амалым не,
адамдар жоғалуда
жоғалуда арсыз боп,
маскүнем боп!
Біз бүгінде бет алдық жаңаруға,
Жаңаруға, қайтадан жаралуға.
Дегенменен арыстай азаматтар
себептермен белгісіз жоғалуда.
Түспесе де тауқымет басына әзір,
болса дағы төсек пен асың әзір, –
байқайсың ба, –
өзің сен, –
қауіпті бір
шайқас жүріп жатыр ғой осы қазір.
Сол шайқасқа бәрі де қатысуда,
Қатысуда шығысың,
батысың да.
Бірін-бірі аямай күндіз-түні
сөзбен, көзбен...
әйтеуір атысуда.
(Үлкен, үлкен уайым,
алаңы бар,
тезірек сен, Дүние, жаңарып ал).
Жүрміз қазір ішінде сол шайқастың
Мылтығы бар, автомат, наганы бар!
Бір жерлерде өрт шығып от болуда,
ал бір жерде топ құрып аттануда...
Алай-дүлей ішінде сол заманның,
құдайым-ай,
адамдар жоқ болуда.
Құтылса да түрмеден, тордан халық.
Оны жүр ғой дәл қазір қолдан қағып.
...Төбемізден өтеді қара қарға
қара қағаз секілді қалбаң қағып.
ГРОЗНЫЙ
Грозный,
Грозный!..
Шыдай алмас жай тасың да
Мынау сұмдық алапатқа!..
Ол айналды,
байқайсың ба,
Жердегі ауыр жарақатқа.
Грозный,
Грозный!..
Мынау дүлей аласатқа
Шыдай алмас жартасың да.
Грозный,
Грозный!..
Қамал болып болашаққа
Азаттық деп айқасуда,
Азаттық деп шайқасуда!
Қасіреттің аты қазір –
Грозный,
Грозный!
Азаттықтың аты қазір –
Грозный,
Грозный!..
От пен оққа орануда
боздағың да,
қарттарың да.
Танкілердің табанында
Ұлы Азаттық тапталуда!
Біліп алшы,
біл осыны,
барлық чешен –
Грозный,
Грозный – әрбір чешен.
Жан-жүректі бұрқасын қып, –
мың жиырылып,
мың созылып,
мың жиналып,
мың шашылып,
мың серпіліп,
мың ашынып,
мың бүктеліп,
мың ашылып,
мың ұмтылып,
мың тасынып –
тұр ғой қазір Грозный.
Тұр ғой қазір Грозный
отқа оранып,
жалын ішіп.
Тұр ғой қазір Грозный
қасіреттің қанын ішіп.
Өктемдікті жерге бастың,
рух жатыр мұратыңда!
Қаhарланып кеуде тостың
сұмдық дүлей сұрапылға!
Намыс жатыр қуатыңда!
Грозный,
Грозный! –
Күйремейсің – егілсең де!
Грозный,
Грозный!
Жеңілмейсің – жеңілсең де!
НАМЫСҚА ТИГЕН КҮНІ
Қанша уақыт зар иледім,
қиналдым.
Дедім: енді азат болдым,
жаңардым.
Бірақ тағы сөздер айтты біреулер
намысына тиетұғын Даламның.
Шайқалды ғой –
сол бір сөзден тірегім,
шайқалды ғой –
сол бір сөзден тілегім...
Сол бір қаңқу аран сөзге шыдамай
дір-дір етті,
дір-дір етті Ұлы Елім.
Сүйегіме таңба болып өтердей,
шорт сындым мен сол бір сөзді көтермей.
Сол бір сөзден болды дейсің, –
құдай-ай! –
Алатауым атқып қазір кетердей,
Қаратауым қарғып қазір кетердей.
Сол бір сөзді үнсіз жатып тыңдаған, –
ақ көбігін шашып бетер бурадан,
көтеріліп бара жатты Каспийдің
толқындары арсы-гүрсі шулаған.
Сол бір сөзден –
отқа оранып күйініп,
Сол бір сөзден –
жан ашуы құйылып,
ашық жатқан алақан боп Сарыарқам
бара жатты жұдырық боп түйіліп!
Тіл тигізген қасірет пен шеріме,
тіл тигізген тамырыма,
тегіме, –
қауіп етіп –
сол бір аран зәр сөзден –
басу айттым елім менен жеріме.
Сол бір сөзден –
тұла бойым сөгілген,
сол бір сөзден –
жан-жүрегім егілген.
Бірақ елді сақтайын деп бүліктен
Атырауға – сабыр, сабыр – дедім мен.
Сарыарқаға – сабыр, сабыр! – дедім мен.
Намыс-ыза қалай оңай тарқасын,
атпақ болған жартасы мен әр тасын, –
сипап тұрдым ашуыңды бас деп мен
Алатау мен Қаратаудың арқасын!
КҮДІК
Күдік деген, құдай-ау,
ұры екен ғой.
Ұры деген ішімде жүр екен ғой.
Мұны бұрын қалай мен білмей келгем
күдік деген, құдай-ау,
ұры екен ғой.
Білмей келгем қалай мен бұрын мұны,
ұстау мүмкін емес қой «тірі» мұны.
Ту-талақай ететін ішкі әлемді
күдік-ұры дегенің –
бүлік ұры.
Тонап жатыр,
тоқтаусыз тонап жатыр,
ой-санамды жара етіп талап жатыр.
Талап жатыр,
жан-жүрек қанап жатыр!
...Төзім байғұс жарамды жалап жатыр.
Тонап жатыр.
Бор болып үгітілдім.
(Зауалы деп ұғамын мұны кімнің).
Арманымның ақ гүлін алып кетті,
алып кетті үкісін үмітімнің.
Желкілдеген басты да желігімді,
алыстатып жіберді серігімді.
Алып кетті сонан соң күдік-ұры
бір досыма құлаған сенімімді.
Тұманға орап бұлдыр қып ертеңімді,
жаймай қойды ақ шаңқан желкенімді.
Көк шатыр боп тігіліп көзді арбаған
көңілімнен ап кетті ертегімді.
Кетті тонап тағы бір сөзімді алып,
дірілдеген кетті ғой сезімді алып.
Күдік-ұры бір күні –
қауіптенем –
өзімді алып кетер деп,
өзімді алып!
ПОЛИГОН
Гөй-гөйін мен айта алмаймын көмейдің,
Жан тілегін,
жүрек сөзін жебейін.
Полигондар,
полигондар көп әлі
жабылғанмен полигоны Семейдің.
Сыпырылып қараңғылық түнегі,
орнағанмен елдің ұлы тілегі.
Полигонға айналды ғой бүгінде
әр қазақтың,
бар қазақтың жүрегі.
Зомбылыққа шыдай алмай өр басым,
егіледі,
төгіледі жан жасым...
Арсыз жандар дәл жүректің үстіне
жарып жатыр өтіріктің бомбасын.
Аузы қайта ашылды ғой жараның,
шыдай алмай өртенемін
жанамын.
Әр қазақтың –
жүрегінің үстіне! –
жарып жатыр бомбаларын жаланың.
Ойлап едік азаттықпен табыссақ,
кетеміз деп озбырлықтан алыстап!
Кете алмадық!
Жарылыстан сұмдық сол
арманыма қадалды ғой жарықшақ!
Қандай ауыр зомбылықтың салмағы,
тұла бойым қан қақсады,
зарлады.
Сол бір сұмдық жарылыстан алапат
шайқалды ғой шаттығымның шаңырағы.
Неге керек сөздің кеуек,
дүрмегі.
Рух керек діндегі мен ділдегі.
Теңселді ғой жарылыстан сол сұмдық,
тілегімнің аппақ сұлу діңгегі.
Отқа оранды өлең-жырдай бағымыз,
бұлтқа оранды атқан жаңа таңымыз.
Сол бір сұмдық жарылыстар демінен
улануда қанымыз бен жанымыз.
Біреу емес,
жүз де емес, –
баршаға! –
бүлік салды,
әлек салды қаншама!..
Сол бір сұмдық жарылыстар демінен
Улануда,
улануда ой, сана.
Сыпырылып қараңғылық түнегі,
орнағанмен елдің ұлы тілегі! –
Полигонға айналды ғой, –
құдай-ай! –
ар-намысты бар қазақтың жүрегі!
ЗАУАЛ
Отырды қарт аула ішінде,
көктемде.
Мойынсұнған уақыт деген өктемге.
Отырды қарт таяғына сүйеніп,
ой жүгіртіп өткен менен кеткенге.
Оймен кезіп сан жылдардың жырасын,
отырды ғой іздегендей сыр асыл.
Ойға шомып отырды да,
бір кезде
есіне алды қылмысты бір күнәсін.
Бірақ та ол кеткен жоқ қой сұрланып,
кеткен жоқ ол не бір налып,
мұңданып!
Есіне алды, керісінше,
күнәсін,
ілтипатпен,
ықыласпен нұрланып.
Күнәсін ол есіне алды шаттанып,
өзіне өзі риза болып мақтанып.
Кеудесі оның сол мақтаныш,
шаттықтан
тұрды дейсің жарылуға шақ қалып.
Сол бір кезде –
О, құдірет! Жасаған! –
Назарыңнан кім қалыс қап,
қаша алар.
Басқа түрге еніп бара жатты ғой
күнәсі үшін мақтанған сол мас адам.
Ап-анық күн кенет тартып бұйығы
жүріп өтті әлдененің құйыны, –
сол адамды бара жатты сығымдап
көк темірге айналды да киімі.
Дегендей-ақ:
көрмегенді көресің! –
ап кетердей одан тірлік елесін,
көк темірге айналды да киімі
сығып бара жатты бүкіл денесін!
Жаратқанның құдіреті қақты оны.
Іздеп жүріп қарғыс оғы тапты оны, –
ал таяғы сұр жыланға айналып
сумаң қағып,оратылып шақты оны...
ҮШ ҚАЗАҚ
Бұл оқиға көз салдырып қиырға
сезім, ойды айналдырар құйынға...
Шақырылды беделі бар үш қазақ
көрші елдегі беделді бір жиынға.
Ол бір жиын ел-жұрт күткен іс еді.
Ел атынан шақырылды үшеуі...
Көп ұзамай ұшып шығып үш қазақ
Қадірімен аэропорттан түседі.
Қарамастан қауіп-қатер,
қиынға,
кірейік деп тас-түйін боп ұйымға, –
түбі, тегі бір елдерді шақырған
басталды ғой сол қадірлі жиын да!
Дей алмаймын,
дей алмаймын кеш, мұны!
Кешер, мұны,
жоқ жан ғана еш мұңы, –
ашылғаннан сол бір жиын
басталды
үш қазақтың бір-біріне өштігі.
Сахнаға шығып еді біреуі,
күл боп кетті екеуінің реңі.
Басқа біреу мақтап еді басқасын
Мұздай болды қалған екеу жүрегі.
Күтуші жұрт ілтипатын елбіреп
біреуіне көрсетсе егер көбірек, –
қалған екеу дайын тұрар
оны енді
жіберуге, іреп сойып,
кергілеп!
Сол үшеуі –
үлкенің де,
кішің де, –
сайлап тілін,
қайрап тұрды тісін де...
Бір-бірімен дұшпан болды көрместей,
сол үш қазақ үш-ақ күннің ішінде.
Қызғаныштың құлы болып ақылы,
бір-біріне жат көрінді жақыны.
Бір-бірінің –
жан-жүрегін тілгілеп,
бір-бірінің –
бетін жыртты ақыры.
Бірлік жолы, –
соншалықты ұзақ па ең? –
Қарсы аласың қашан бізді құшақпен.
Сол үш қазақ қайтты ауылға үш бөлек:
аутобуспен,
пойызбенен,
ұшақпен!
БИЛІКҚҰМАР
Ұлы дала,
сахара төсіндегі,
көш бастаған керуен-көшімдегі,
үлкен, үлкен Ақыл-ой,
кешір мені,
үлкен, үлкен Парасат кешір мені!
Жүргем талай қия-құз
ұшпаменен,
айырамын биікті қысқаменен.
ақылы бар,
парасат,
пайымы бар
азаматқа қас емен,
дұшпан емен!
Қай уақытта көрсең де жидіп тұрар,
ой-санасын,
болмысын құл қып тынар,
жанын жалдап ұятын,
арын сатқан
билікқұмар жан көрдім,
билікқұмар.
Елеместен күніңді шұғылалы
билікті ойлап сілекей шұбырады.
Биліктен соң билікке жетем деумен
есі кетіп емініп құнығады.
Бал-шырынын биліктің татсам дейді,
қызығына күн-түні батсам дейді,
дүниені төрт бүктеп алып ұрып
аяғымның астына бассам дейді.
Қарамайды ол –
жатсаң да сорға батып,
у төгеді сөзінен сорғалатып.
Азамат қып аялап,
адам еткен
қойсам дейді елімді жорғалатып.
Зәрезап боп ел одан безектеген,
залым, қу ол адымын есептеген.
Қаруланған,
мұздай боп қаруланған
Жалған-жала,
өтірік-өсекпенен.
Дей көрмеші:
онымен жарасып ең
Дей көрмеші оған сен:
адасып ең!
Өсегімен өртейді жүрегіңді,
күйе жағар бетіңе жаласымен.
Қарамайды ол жасыңа,
кәріңе де,
қарамайды ол босаға,
төріңе де.
Көгергенді түбінен көктей жұлып,
зәрін шашып тұрады бәріне де.
Құдайым-ау! Ең сорлы,
ең азабы, –
ертеңіме бүгін ол көр қазады.
Осы бір жан билікке келмесін де,
келсе егер де –
жер тозып,
ел азады.
СӨЗ СОҒЫСЫ
Біреулер –
қорған-бекет құрып жатыр.
Біреулер –
біреулерді бүріп жатыр.
Домалақ жер шарында бет қаратпас
ғаламат Сөз соғысы жүріп жатыр.
Қаншама аласұрып,
арпалыстың...
Қаншама сан ажырап,
сан табыстың...
Бітпейтін,
бітіспейтін мәңгілікке
жүрміз ғой ішінде біз сол соғыстың.
Бір сөздер –
ұшып жүр ғой тақты айналып,
бір сөздер –
ұшып жүр ғой бақты айналып,
бір сөздер –
жарылуға бомба болып,
бір сөздер зуылдайды оққа айналып.
Ойыңды ойран етіп аралап бір,
жаныңды,
үмітіңді жаралап бір, –
тұрады-ау кейбір кезде күні-түні
Сөздердің пулеметі абалап бір.
Қарамай сенің ниет,
тілегіңе,
қарамай сенің діңгек,
тірегіңе, –
ысқырған сол оқтардың біреуі кеп
апыр-ай! –
қадалады жүрегіңе!
Ол соғыс
«Мінезінен» танған емес, –
тоқырап бір сәтке де қалған емес.
Жандардың сол соғыста опат болған
есебін ешкім бірақ алған емес.
Сөздерден қайырылып талабымыз,
жаутаңдап тұрар әлі жанарымыз.
Мәңгілік бітпейтұғын
сол соғыстан
бәріміз,
бәріміз де жараламыз!
БОСТАНДЫҒЫМ ТУРАЛЫ СӨЗ
Ұшыраған тауқымет дауылына,
жаурап тоңған тағдырдың жауынына, –
бостандығың келді ғой,
бостандығың!
Құшағыңды аш!
Тарт оны бауырыңа!
Қараша оған:
кетеді адам аяп.
(Айттым мұны тұрсам да қаламай-ақ!) –
Бостандығың келіп тұр, бостандығың!
Жалақ ерін,
жалаңбас,
жалаңаяқ!
Кете жаздап ұмытып есімін де,
айта алмаймын шешімін,
кесімін де.
Сора-сора көзінен жас сорғалап,
қанша жүрді біреудің есігінде.
Бәлкім, бұлай жөн болмас еске алуым?!
Неге керек дабыра,
бос дабылың.
Ол келген жоқ –
ат мініп кісінетіп,
ол келген жоқ –
тағынып бес қаруын.
Ол келген жоқ –
қара орман қамалдай боп,
ол келген жоқ –
дауылды замандай боп.
Абылай боп келген жоқ ол бостандық,
Бөгенбай боп келген жоқ,
Қабанбай боп.
Десек те біз: мұз бастық
қар жастандық.
Рас, рас тоқтыққа сан мастандық.
Кенесары,
Сырым боп, Сыпатай боп,
Махамбет боп келген жоқ ол бостандық.
Қарашы оған:
кетеді адам аяп,
(айттым мұны тұрсам да қаламай-ақ!)
Бостандығың келіп тұр бостандығың
жалақ ерін,
жалаңбас,
жалаңаяқ.
Жалаңаяқ деп оны қомсынба сен,
Жалақ ерін деп оны қорсынба сен.
Дей көр оған:
Бостандық, барсың ба сен!
болмасыншы әйтеуір
даусың бәсең!
Жүрді қанша –
аштық пен таршылықта.
Жүрді қанша –
құлдық пен жалшылықта.
Шыққан кезде шыдамай өктемдікке
қалды қанша табанда жаншылып та.
Аттан түсіп зар илеп заманында,
қалып қойған тарихтың торабында.
Таңбасы бар зәбірдің –
маңдайында.
Шөңгесі бар зорлықтың –
табанында.
Төзіп келген көнтері көндігуге,
көне алмаймын деп тұр-ау ендігіге.
жалаңаяқ,
жалаңбас бостандығың
шаршап-талып,
шалдығып келді, міне!
Ұғымы бар санасы-сәулесінде.
Сол ұғымы, әйтеуір,
сөнбесін де!
Көтере алмай тұр ғой ол –
басын әлі,
көтере алмай тұр ғой ол –
кеудесін де.
Бер, бер оған –
тірліктің қызығын бер!
Бер, бер оған –
намыстың қыжылын бер!
Бер, бер оған
қуат пен рухыңды!
Нұрыңды бер,
жаныңның қызуын бер.
Бер, бер оған –
бәрін бер, бәрін-бәрін!
Бер, бер оған –
халықтың жалынды әнін!
Бер, бер оған
бәрін бер, бәрін-бәрін
Бәрін берші, әйтеуір,
тарылмағын.
Әлі соғып тұр боран,
ақпаныңыз.
Толық ата қойған жоқ ақ таңыңыз.
Бостандықты –
тірсегі дірілдеген –
өсір,
жеткіз,
қалайда атқа мінгіз!
Ұшыраған тауқымет дауылына,
жаурап-тонған тағдырдың жауынына, –
Жалаңаяқ келді ғой Бостандығың
құшағыңды аш,
тарт оны бауырыңа!
ҚАБАҒАН ИТ
Жуындымды,
аяқты жалаған ит,
болдың бүгін, мінеки,
қабаған ит!
Абайсызда, немесе
босап кетіп
қан қақсатып талайды талаған ит!
Бір тынбайтын күн бойы
түн бойымен.
Жан шошытар түсімен, түр-бойымен, –
сала құлаш шынжырды үзердей боп
жүгірумен жүреді сым бойымен.
Нең қалады, таласа,
жұлмаласа!
Дір етесің!
Ырылдап бір қараса.
Жүгіреді ол арпылдап,
аласұрып
тұла бойы толы ашу
тұнған ыза!
Аласұрса деме сен:
құр жұлынды.
Басуына басады ол бір жыныңды.
Босана алмай –
ызадан шақырлатып
шайнап-шайнап жіберер шынжырыңды.
Ит болған соң неғылсын абыройды.
Абыройға ол бұта деп сарымайды...
Қорасын ол таниды –
өз иесін.
Өзге жанды бірақ та танымайды.
Есік аузы, босаға – төрі мұның.
Ашу, ыза –
болмас-ау шегі мұның.
Көрген кезде осы итті,
кейде менің
қозып барып қалады Бөрілігім.
«БЕКЕТ АТА» БАСЫНДА
Астасатын Үстірттің қиырымен,
басталатын алып ой бүйірінен, –
«Бекет ата» басында арқар деген
үйірімен жүреді
үйірімен.
Тәкаппарлық,
паңдық бар – қарасында.
Ескерткіштей құйылған жарасымға, –
қауіп сезбей тұратын емін-еркін
ақар-шақар тастардың арасында.
Емін-еркін секіріп тау-тасынан
қарап тұрар жартастан
жар басынан.
Адамдарды бұл жерде ол туыс көріп,
маңғаз басып өтеді дәл қасынан.
Бұл жерде арқар –
айналған асыл аңға.
Тимейді оған таңқы да,
тасыраң да.
Оларды ешкім шошытып,
қорқытпайды.
Оларды ешкім атпайды осы маңда.
Ішін кезіп таулардың –
ұзын көштің,
демес мұнда:
аңдардың ізін кестім.
Қонып жатқан,
қайтадан ұшып жатқан
үркітпейді бұл жердің құсын да ешкім.
Бұл жерде адам жат ойды аластайды.
Өтірік те,
өсек те жақ ашпайды.
Бұл жерде адам айқайлап,
жағаласпай.
Бұл жерде адам даурығып,
таласпайды.
...Осы жердің тау, тасын кезіп кеттім.
Кезіп кеттім,
қаншама ой сезіп кеттім:
кей адамнан безінсем,
келер кейде
«Бекет ата» жағына көшіп кеткім.
АСТАМ
Айналаны,
ортаны сезінбеді.
Құбылысты тұсады сезімдегі.
Бұл өмірде,
бұл тірлік,
бұл қазақта
өзім деді, тек қана өзім деді!
Өзі жайлы күн бойы жазатыны.
Түні бойы тек өзі қазатыны.
Қиырына көз жетпес шалқып жатқан
дария боп көрінді өз ақылы!
Қарамады ол өзге ойға,
өрт өлеңге.
Қарамады ол өзге жұрт,
өркен елге.
Терең болып көрінді өз ойлары,
күні бойы сүңгіді сол тереңге.
Қарсы даулар қадалды қанжар болып,
соңы кетті дау болып,
жанжал болып.
Теңіз бенен дария түбіндегі
өз сөздері көрінді маржан болып.
Астамдықтан семді де,
өлді ақылы.
Астамдықтың зауалын көрді ақыры, –
тек өзіне сүңгіген сол бір адам
өзіне-өзі тұншығып өлді ақыры!
ӨРТ
Аяуы жоқ адамдардың тілінен
кейде өртенем күнімен де,
түнімен.
Күйдіреді,
шыжғырады жүректі
өз жанымнан өзім сонда түңілем.
Бойдағы бар тіршілікті жұлқылап
жаным тұрар,
жаным тұрар шырқырап.
Алай-дүлей жатыр менің ішімде
өрттің қызыл құйындары бұрқырап.
Тірлігімді –
түндігімді қысады,
жүректі орап өрттің қызыл құшағы.
Өсімдік боп өсіп-өнген жанымда
сөздер біткен шоққа айналып ұшады.
Отқа оранар –
менің шаттық – тойларым.
Отқа оранар –
менің қайсар айбарым...
Отқа оранар –
лапылдаған, құдай-ай,
қалың ну боп тұнжыраған ойларым.
Шыжғырылып бара жатыр тірлігім.
Сыпырылып бара жатыр түндігім.
Жанталасып жатар өрттің ішінде
арман, үміт құтқара алмай бір-бірін.
Отқа оранар –
бақыт құсым тордағы.
Отқа оранар –
бар байлығым қолдағы.
Отқа оранар –
бұтағындай ағаштың
айбақ-сайбақ өлеңдердің жолдары.
Отқа қақтап сол бір асқақ сезімді
тауысады сабыр менен төзімді.
Жанталасып,
аласұрам сол кезде
құтқара алмай өз өртімнен өзімді.
АЙРАҚТЫ
Нұрниязға
Айбатын беретұғын айбаттыға,
қайратын беретұғын қайраттыға,
ғажайып ғимарат боп көз арбаған
сен өзің барып па едің Айрақтыға?!.
Қарасаң –
көз тоймайтын келбетіне
әлем ол өсіп шыққан жер бетіне.
Түп-тұтас туа қалған –
таң қаласың –
тастардың сән-салтанат сәулетіне!
Қарасаң –
ала-алмайсың жанарыңды-ай!
Осынша Дана ма еді Дала мұндай?!
Тұрады ол көзіңді арбап
қиялдағы
шах пенен патшалардың сарайындай.
Сұлулық көрем одан –
ән-ғұмырдай.
Сұлулық көрем одан –
таң нұрындай.
Сәулетші көрген жоқпын дүниеде
Маңғыстау Желі менен Жаңбырындай.
АҚША БҰЛТЫ ҚАЗАҚТЫҢ
Әбу ақсақалға
Жаны толы дастанға
күйін төккен азаттың, –
қалқып жүрген аспанда
ақша бұлты ең қазақтың.
Сарқып құйып жан күшін
тебіренген ойланып,
кеткен еді болмысың
ақ бұлтқа айналып.
Аппақ еді жырларың,
аппақ еді тілегің,
аппақ еді сырларың,
аппақ еді жүрегің!
Ашып жанның қақпасын
жақын еттің жырақты.
Желбірейтін ақ шашың
ақша бұлт сияқты.
Ақ нұр сыйлап ғасырға
ақ жүрекпен күлетін, –
адамдардың қасында
ақша бұлт боп жүретін.
Жалғап ойын арманға
дегендей-ақ ұшамын, –
ашатұғын бар жанға
ақша бұлт боп құшағын.
Рухыңмен тос, аға,
бар ғой алда ғажап күн...
қош бол енді, қош аға,–
ақша бұлты қазақтың.
ТЕҢІЗ ЖАҒАСЫНДА
ӨЛІП ЖАТҚАН ШАҒАЛА
Қара тастақ жағада
өліп жатты шағала.
Арсы-гүрсі долданған
толқындармен алысқан,
аспандағы жөңкілген
бұлттарменен жарысқан,
жаратылған ағыстан,
өліп жатты шағала,
қара тастақ жағада.
Өлең-сынды өжет құс
көкті тесіп өтті ғой
дүниені телегей –
адыранадан атылған
зымыраған жебедей.
Өлең-сынды өжет құс
өліп жатты, апырым-ай, –
дүниемен бітіспей
арпалысып,
ақыры
өліп тынған ақындай.
АҚША
Шіркін, ақша,
жолда жатса...
Қасым
Ақша!
Ақша!
Ақшаң болса – алшаңда!
Ақша болмай ел түсіп тұр сарсаңға.
Ақша дейді,
ақша тауып бер дейді,
қай жаққа сен,
қай тұсқа сен барсаң да!
Ақша дейді –
құжынаған базарың,
ақша дейді –
тақ-тұқ болған қазаның.
Сенделеді сең соққан бір балықтай
ақшасы жоқ,
ақшасы жоқ қазағым!
Арып кеткен –
ақшасы жоқ алыптар.
Жанып кеткен –
ақшасы жоқ жарықтар.
Ақша күтіп,
ақша күтіп күн-түні
тұрба-мойнын созып тұр ғой зауыттар.
Шөгіп қазір кеткен-сынды –
асқарым,
шөгіп қазір кеткен-сынды –
аспаным.
Созады ғой ақша сұрап, –
қарашы!
теміржолдар қос рельс – қос қолын!
Ақша күтіп зарығады –
далам да!
Ақша күтіп тарығады –
қалам да!
қарап-қарап сескенесің осы бір
үңірейген ақшасы жоқ заманға.
Қажетіне тиын-тебен таба алмай,
қиналды жұрт айдалада қалардай.
...Мемлекеттер аласұрды
ақшасыз
ауа жетпей аласұрған адамдай.
Оталып бір кете ме деп бал-құрақ,
жүрсем-дағы дәл осы сәт абдырап, –
қорықпаймын ақша күткен күні-түн
зарыққан мен тарыққаннан мен бірақ.
Өйткені ол ұмытқан жоқ құдайды.
Құдай өзі бәрін бір күн құрайды.
Зарыққан мен тарыққандар
қалай да! –
жусан құсап жер уыстап шыдайды.
Мен бірақ та шаңын қағып ортаның,
шығаратын құнарымның сортаңын, –
сатып жүрген ар-намысын елінің
сол ақшаға құныққаннан қорқамын!
АРЛЫ АДАМНЫҢ БӘРІ
ҚАЗІР ЖАРАЛЫ
Лебен Садуақасовқа
Арлы адамның бәрі қазір жаралы –
Қорықпаған қара деуге қараны,
Қорықпаған жала деуге жаланы
арлы адамның бәрі қазір жаралы.
Жаралы ғой,
жаралы ғой,
жаралы! –
тасқа тиген маңдайы мен тауаны,
шоққа күйген шыжғырылып табаны,
арлы адамның бәрі қазір жаралы.
Сұрапыл ғой –
мына заман ағымы.
Сұрапыл ғой –
мына заман дауылы.
Көре-көре бауырларын адасқан
арлы адамның езіледі бауыры.
Шайқалғандай тіршіліктің тірегі,
сұп-сұр қазір дүниенің реңі.
Көре-көре жүрегі жоқ жандарды
арлы адамның тілім-тілім жүрегі.
Дүниенің тұла бойы сырқырап,
Уақыттың шаңы шыққан бұрқырап.
Көре-көре
жаны күймес жандарды
арлы адамның жаны тұр ғой шырқырап.
Ойлай-ойлай –
қала менен даланы,
Ойлай-ойлай –
көне менен жаңаны,
ойлай-ойлай –
кәрі менен баланы,
күндіз-түні жан жүрегі жылаған,
арлы адамның бәрі қазір жаралы.
БІР ТӨБЕТ ТУРАЛЫ ЖЫР
(болған оқиға ізімен)
Төбет еді ол ол арынды –
жотадай боп тұратын, –
арғы тегі,
кәдімгі,
Алыпсоқтан шығатын.
Алысқанды тік келіп
жерге бірақ ұратын, –
сол аймақтың иттері
одан түгел ығатын.
Жұлатындай жұлқынып
соқсын дауыл,
борасын, –
төбет еді ол
күн-түні
күзететін қорасын...
Сене алмаймын әлі бір
естіген жұрт таң қалды:
сол бір төбет бөрінің
қаншығына арбалды.
Арбады оны бөлектеп,
жасырынып,
тасалап...
Қаншық көрсе,
әдетте,
төбет деген осал-ақ!
Нәпсі –
қара құлқыны
еміндірді ентелеп!
сол қаншыққа бір күні
еріп кетті сол төбет!
Нәпсі жұтты төзімін,
жанын арбау ішті ғой...
Сонан кейін
өзінің
қорасына түсті ғой!
Сол бір төбет қағынды
дүрліктіріп даласын –
қан қақсатып ауылды
қанға малды қорасын!
БҮГІНГІ АУЫЛ
Ауылым-ай!
Ауылы қазағымның!
Көріп сенің түріңді назалымын.
Жатырсың ғой арқалап сен бүгінде
таусылмайтын тірліктің
азап-мұңын.
Сенде еді ғой –
рухым, ұраным да.
Сенде еді ғой –
сарқылмас бұлағым да.
Сенде еді ғой –
сөнбейтін шырағым да.
Сенде еді ғой –
иманым – құраным да.
Сенде, сенде болатын қасиетім!
Қасиетім жоғалса –
қасіретім! –
Қалмапты ғой бүгінде, құдайым-ай,
қонағыңа сақтайтын асым етің.
Жетімсіреп қалған соң өрісің де,
білем сенің, дәл қазір –
шер ішіңде!
...Ал біреулер, апыр-ай, осы кезде
жанталасып байлықты бөлісуде.
Бет бұрдың ба,
шынымен жоғалуға, –
Күшім жоқ па тоқтатып,
доғаруға.
Ауыл менің қазынам асыл жиған.
Неге менің қазынам тоналуда!
Тұрсаңдағы жаңылмай сабырыңнан,
сырқырайды сүйегім шағымыңнан.
Тамыры едің шын қазақ Рухының,
жатырсың ғой қиылып тамырыңнан.
Сөздеріңді тастауда кері жасқап.
Сарсылуда адамдар теңі бос қап.
Теңі бос қап сандалып қалған олар
сені тастап кетуде,
сені тастап.
Қан қақсатып қаншама сан қақтырған
Кім ауылды, –
апыр-ай! –
арбап тұрған?!
Қаңырап тұрған үйлердің есіктері
ауызындай адамның аңырап тұрған!
Бізді өсірген Ана едің сан аялап...
Не болады ертеңің? –
барам аяп!
Қара суық өтінде дір-дір етіп,
қара сирақ бала тұр жалаңаяқ.
ТҮС
Шаршағам-ау,
ісін көріп іскердің.
Шаршағам-ау,
ішін көріп іскеннің, –
екі кештің арасында апыр-ай,
жан шошитын үрейлі бір түс көрдім.
Ойым бөлек дей алмаймын өзгеден,
ол үрейді өзгеден де сезген ем...
Түс көрдім мен қызыліңір,
ымыртта –
жын-шайтандар көшетұғын кезде мен.
Бұл дүние жатыр екен жасып бір, –
үрейі де,
реңі де қашып бір...
ауыр қара көлеңкелер тұнжырап
иығынан ұлы елімнің басып тұр.
Әлденемен жүзін,
түрін қалқалап
көлеңкелер астыменен анталап, –
қаптап шығып құжынаған біреулер
Алатауды бара жатты арқалап.
Тастар құлап,
жолдар қалды үзіліп,
Күн батыс жақ тұрды жанып қанталап...
Кеттім сонда өртеніп-ақ,
жанып-ақ!
(Назаланып қалды ма екен аруақ).
Сарыарқамды –
піскен нандай ұлы алып
біреулер тұр иығына салып ап...
Әлденеден босап шығып кете алмай,
Әлденеден құрып қойған өте алмай, –
Сарыарқамды бермеймін деп ешкімге
қолды созам,
қолды созам жете алмай.
Бұл не деген сұмдық еді ғаламат.
Адам деген жынданар-ау қарап-ақ...
Біреулер кеп тасып жатты Каспийді
Мата-сынды толқындарға орап ап.
Жасып қалды бүкіл айбар,
айбыным.
Уын жұттым қасірет пен қайғының.
Кетіп бара жатты менің, –
апыр-ай!
толқындардың орамында байлығым.
Омырылып,
өз-өзімнен бүгіліп,
бор сияқты бара жаттым үгіліп.
Көлдерімді жалтыраған күмістей
Көлтауысар жатты дейсің сіміріп...
Өксісем мен –
одан сайын өшігіп.
Тепсінсем мен –
одан сайын есіріп,
құжынаған қаптап кеткен біреулер
ормандарды бара жатты көшіріп...
Шатасқандай болды ой мен ақыл да.
Араласып кетті жырақ,
жақын да!
Бәрінен де,
бәрінен де айырылып
қалдым жалғыз қу мекиен тақырда.
Дем жетпестен өкпе, жүрек қағынып,
алқынып тұр кетердей-ақ жарылып.
Сол бір түстен кеттім кенет оянып,
жатыр екем қара терге малынып.
Тіршіліктің бағы да көп,
оғы көп,
Мынау өмір жақсарар ма оңы кеп...
Жұбаттым ғой, –
әйтеуір мен өзімді, –
ештеңе етпес,
түс – түлкінің боғы деп!
ЖАРАЛЫ ӨМІР
Мынау өмір –
осы қазір –
жаралы:
темір торлар буып алған сананы.
Тау мен тасты,
орман менен даланы
тас-талқан қып жарады да,
жағады.
Мынау өмір жыртқыш-сынды жаралы,
ал жаралы қалай тыным табады, –
тұла бойын ашу, ыза қысып бір
жанды талап,
жүрегіңнен қабады.
Мынау өмір жыртқыш-сынды жаралы.
Жаралы ғой –
сөзің менен ойың да,
жаралы ғой –
не бір батыл, сойың да, –
кездескен ғой оның бәрі сан рет
сойқан салған шоқпар менен сойылға.
Ел жаралы,
жер жаралы бүгінде
жаралы ғой үнің менің тілің де.
...Жатып қалған мына өмір –
жаншылып
тұрып кете алар ма екен түбінде!
Жаралы ғой қуатым да,
күшім де.
Жаралы ғой өңім түгіл,
түсің де!
Келе жатқан секілдісің бейне бір
қаптап тұрған жаралылар ішінде.
Бұзылған ғой бұл өмірден қан да әзір.
Намыс отын құя алмайды жанға жыр.
...Сонау тұрған ақ қайың да, –
о, тоба! –
Гипстелген қол сияқты дәл қазір!
САУАП
Тұла бойы тұңған тарих,
әңгіме,
көрген талай мұң-қайғыңды,
шерді де.
Дарияны жағалаған қария
Жерде жатқан жас шыбықты көрді де,
Көтерді оны.
Қоныпты оған таң шығы,
шаң-тозаңнан,
батпағынан аршыды.
Содан кейін сол шыбықты апарып
жарқабақтың дәл басына шаншыды.
Жылдар өтті,
өтті жылдар заулаған,
кешегімді келешекпен жалғаған.
Жылдар өтті,
өтті жылдар заулаған –
алып ауыр қанаттары талмаған.
Табиғатпен есің болса таласпа.
Таласпа сен,
Оған қарсы жақ ашпа.
Сол көк шыбық –
шаншып кеткен қария
айналды ғой алып ұлы ағашқа.
Оны қанша аяз, аптап өпті ғой.
Жапырағын жайып қанша төкті ғой.
Сонан кейін бұтақтары қол құсап
дарияның ортасына жетті ғой.
Қуат жатты –
тамыр тартқан түбінде,
шуақ жатты –
құстар салған үнінде.
Сол дария арнасына сия алмай
тасыды ғой күндердің бір күнінде.
Асау тасқын құтырынып кетті ғой,
Ойдан атқып,
төбеден кеп төкті ғой.
Күндіз-түні ақ көбік боп ойран сап
дүниені астан-кестен етті ғой.
Жіберердей жаншып езіп,
сығып-ақ,
аждаhадай толқындарын бұрып ап,
жұтып жатты,
жұтып жатты күн-түні
жағалаудан мал мен жанды жұлып ап.
Тау толқындар көтеріліп істі ғой.
Көтеріліп дүниені ішті ғой.
Айналаны тас-талқан қып
ойраңдап
ақырында сабасына түсті ғой.
Өмір сұм деп сөз айтамыз ұшқалақ.
Сол өмірге адам деген құштар-ақ.
Аман қапты жалғыз бала
ағаштың
созған ұзын бұтағынан ұстап ап.
Жел соққанда баяу ғана қағатын,
Жайып тұрды алып ағаш қанатын.
Аман қалған сол бір бала
баяғы
қарияның шөбересі болатын.
АЯЛДАМАДАҒЫ САУАЛ
Бір жас әйел –
тіліп түсер санаңды –
айтып тұрды төтенше бір хабарды:
– бір мәшине жаңа ғана,
мүйісте
қағып кетті иті менен адамды.
Айналған ба –
есіркеу сөз ескі үнге.
Айналған ба –
есер жанға естің де...
– Ит аман ба? – деп шу етті топ кісі
...Адам жайын сұраған жоқ ешкім де.
ҚАРСЫЛЫҚ
Қимақ болып тірлігімнің пернесін,
жұлмақ болып ертеңімнің пердесін,
біреулер жүр қара ниет тілекпен
басамын деп ұлы Дала кеудесін.
Қайта салып мойнымызға құрығын,
үзбекші олар бостандықтың жұлынын.
Ұлы Елімнің кеудесіне күн-түні
себуде олар сенімсіздік ұрығын
Қалай да бір салмақ болып бүлікті
күні-түні іздейтіні іріткі...
Қалбаңдаған қарғалардай біз жаққа
Ұшыруда күмән менен күдікті.
Күні-түні мысқылдайды,
мінейді.
Күні-түні жамандықты тілейді.
Ұлы Еліме қарай қазір қаптатып
жіберуде қорқыныш пен үрейді.
Ұлы Елімді етпекші олар қақпақыл.
Кең даламды етпекші олар ақ тақыр....
...Көре-көре бұл сұмдықты
шыдамай
орынынан көтеріліп кетті ақын.
Тебіренді ол намыс-оттан алқынған.
(Жаралаған ба найзағайлы жарқылдан).
Көтеріліп кеткен кезде сол ақын
көтерілді теңіздегі толқындар.
Шағалаға айналды да армандар
Теңселіп бір кетті қарлы заңғарлар.
Жүріп кетті Ақын сонда қозғалып,
ілесті оған қалың қара ормандар.
Шайқалып-ақ кетті сонда тұнықтар,
Емен болды –
солқылдаған шыбықтар.
Ақынға еріп келе жатты –
тұтасқан –
жай ойнатып,
күркіреген бұлттар!
ӘБДІРАШТЫҢ ЖАРАСҚАНЫ
Жарасқаным, дара тұлғам,
Сенде сезім, ой шыныққан.
Білем сенің
Жаратылған
Тұла бойың қайшылықтан.
Шарт кетесің шешім күтпей,
Сөзге бірақ тұрақтысың.
Нәзіксің сен өсімдіктей,
Бәйтеректей қуаттысың.
Ақтарылып бұлақ құсап,
кейде кенет іркілесің.
Тұрасың да шырақ құсап,
Найзағайдай сілкінесің.
Жайлау болып көсілесің,
Сонсоң қайта қайраласың.
Түбіттей боп есілесің,
Тікенекке айналасың.
Кейде үйді ұмытасың,
кейде үйге қамаласың.
От сияқты жылытасың,
Оқ сияқты қадаласың.
Өзіңді мен мүлде білдім,
қайшылықты құбылыссың,
өз еркіңмен бұл өмірдің
балын ішпей уын іштің.
ЫНЖЫҚ
Кетіп тірлік кетеуі
Мың құлатып, мың жықты...
Жыным қозып кетеді
көрсем осы ынжықты.
Тұрамын ғой шыдамай,
от шарпиды денені.
Ынжық деген, құдай-ай,
неткен қансыз жан еді!
Неткен сорлы мұншама!
Құлатады туыңды! –
Үндемейді
құйса да
төбесіне жуынды.
Сүмірейіп тұрғаны
салса да әкеп табанға –
Жүресің ғой жынданып
ынжық осы адамға.
Күйесің де жанасың
бүгілсе де, бұқса да –
үндемейді,
қарашы,
басын күлге тықса да.
Жібердің деп есеңді
Ызаланам,
кіжінем! –
тепсем бе екен осы енді
«ыңқ» еткізіп ішінен!
ҚУҒЫН
Үстірт үсті
Күн дегенің күйіп тұр.
(Ал жүректе күннен өткен күйік тұр).
Шофер жігіт қуып берді құйғытып
кездесті де үйіріне киіктің.
Қуып берді – қаны қозып желігіп.
Келе жатқан бола-тұғын ерігіп.
Қуып берді алдына сап үйірді.
Енді мүлде есі кетіп елігіп.
Қуып берді алып бір жақ бүйірін,
келтірем деп кең далада иінін.
...Ал бір теке көлденеңдеп, осқырып
қорғап келе жатты байғұс үйірін.
Түсті үйір де сол текенің ығына,
қанық болса керек қуғын сырына.
Кер текенің көлденеңдеп жүргені
Қуғыншының әбден тиді «жынына».
Жыны келді, – бағына әлде, сорына –
кезек қарап оңы менен солына –
бәрін тастап шофер жігіт
тек енді
түсіп берді кер текенің соңына.
Қуғын енді түсті келіп төтеге.
Қуғын енді түсті келіп жекеге.
Өз үйірін қалу үшін құтқарып,
солай етсе керек әккі теке де.
...Тәтті едің өзің, неткен жалған-ай!
(Оны қалай қалам енді толғамай)
...Қуғыншыны ілестіріп соңына
айтақырмен теке киік заулады-ай!
Алаңдамай енді мүлде ешкімге,
дегендей-ақ өз жолыма түстім бе? –
көтеріліп қанатсыз-ақ кер киік
ұшып келе жатты жердің үстінде.
Ұшып келе жатты жердің үстінде.
Пыр-пыр етіп қарамастан ешкімге
Зулап келе жатты киік
жақындап
қалған кезі бола-тұғын кештің де.
Көк сұрапыл қуғын болды –
сұрама!
Кең жазықта жоқ еді бір жыра да.
Дегенменен көк темірлі машина
қуып жетпей қояды ма, сірә да.
Теке тартты айтақырдан шығып-ай.
Қос мүйізін, қос құлағын жымып-ай.
Қуды жігіт кегі кеткен секілді
ішіне бар өшпенділік тығып-ай.
Қалай ғана құтылмақшы ұшпаған.
Құтыла алмас шақ та туды қысталаң...
Зулап келіп сол кер теке кенеттен
тастады өзін терең қабақ ұшпадан.
Қарай ма адам жұлдыз болып аққанда,
кеудесінде ашу, ыза жатқанда, –
машина да зулап келген бойында
ұшып кетті терең сол бір шатқалға...
АЛАСТАУ
Шалғынымды шаң қылып,
жайлауымды жандырып, –
жұмағымды жайқалған
айналдырған тозаққа;
құнарымды май бөккен
салған зұлмат азапқа;
айналаны азан қып,
аймағымды тозаң қып –
бөрліктіріп күн-түні
дүбірімен дүбіліс –
менің байтақ Жерімде
бүлік сап жүр Ібіліс.
Арқам қозып мен сонда, –
бүкіл тұла бойыма
қырық пышақ салдырып,
қырық ине түйретіп;
салдыр-гүлдір шулаған
қара шынжыр сүйретіп;
бұжыр қара тастардың
бекінісін күйретіп;
оң қолыммен оқ кезеп,
сол қолыммен от көсеп;
айбаттанып ақырып
аруақтарымды шақырып;
көбік шашқан аузынан
бураларға таптатып,
аспанымнен қап-қара
бұлттарды қаптатып;
өрт тигізіп шашына,
жай түсіріп басына –
тұла бойы тұратын
ажал менен өлімнен
аластаймын осылай
Ібілісті жерімнен.
Асылымды аздырып
ардағымды тоздырып;
құлға балап арысты
аяққа сап намысты;
қорлығы мен зорлығын
күннен-күнге үдетіп;
береке мен байлықты
жүндей түтіп жүдетіп;
көрген күнді азап қып,
абыройды мазақ қып
қара бәле жармасты! –
Қос өкпеден тепкілеп
иығына елімнің
мініп апты Албасты.
Арқам қозып мен сонда, –
бүкіл тұла бойыма
қырық пышақ салдырып,
қырық ине түйретіп;
салдыр-гүлдір шулаған
қара шынжыр сүйретіп;
бұжыр қара тастардың
бекінісін күйретіп;
оң қолыммен оқ кезеп,
сол қолыммен от көсеп;
айбаттанып ақырып,
аруақтарымды шақырып;
көбік шашқан аузынан
бураларға таптатып,
аспанымнан қап-қара
бұлттарды қаптатып;
өрт тигізіп шашына –
жай түсіріп басына
құтырынып, құбылып
басқан келіп белімнен, –
аластаймын осылай
Албастыны елімнен!
Сонан кейін мен енді
жын-перісін, шайтанын
қалып қойған шашылып, –
көшіремін жиып ап
Алатаудан асырып!
Одан қалып қойғанын
пәлекет деп басқа ұрып,
өлімші етіп тасқа ұрып –
тастаймын ғой біржола
Қаратаумен бастырып!
ЖАҒЫМПАЗ
Жоқ кісілік, ірілік,
майлап алған жанарын.
Иіледі, бүгіліп –
Омыртқасы жоқ оның.
Бірде толқып мұнардай,
бірде су боп сорғалап,
бара жатыр жыландай
бауырымен жорғалап.
«Тоңмойынды» күлкі етіп,
күш көрсетіп халқына,
дөкейлердің жылп етіп
кіріп кетер артына.
Ебін тауып кіреді,
қорықпайды тарлықтан, –
оның сасып үнемі
жүретіні сондықтан.
ҚАРА МЫЛҚАУ
Ол оқиға алыс қалды бүгінде...
Сабақ жатыр оның бірақ түбінде.
...Келді біздің ауылымызға бір адам
Қарашаның қара суық күнінде.
Келді, әйтеуір қаладан ба,
даладан.
Жаны езіліп, аяйды оны қараған.
Алып екен –
сүйектері арса-арса.
Азып-тозған,
өзі мылқау,
қара адам.
Азып-тозған –
күй қалмаған күйінде.
Ештеңе жоқ іліп алар иінде.
Байғұс жанды есіркеген адамдар
беріп жатты жатар орын,
киім де!
Аяп оны ауқатты да, жарлы да
аяп оны бергі көше,
арғы да...
Бәсекеге түскендей-ақ бейне бір
бар тапқанын тосып жатты алдына.
Тонын берді аяп оны біреуі,
Орын берді аяп оны біреуі.
Табақ-табақ ас пен суды ішіп-жеп
Үш ай қыста ұшар құстай түледі...
Құтырынған оттар ойнап көзінде,
алапат күш пайда болды өзінде.
Нән өгізді құлататын, –
апыр-ай! –
Ырғап қалып,
бір сілкіген кезінде.
Шомбал шойын түрі де оның, түсі де!
Бой бермейді алты бірдей кісіге.
Тәнті болып отырды енді сол ауыл
оның долы алып сойқан күшіне.
Содан мылқау бара жатты тасынып.
Содан мылқау бара жатты басынып, –
кетті мүлде құтырынып, есіріп
жіберген соң қошеметін асырып.
Қарамайтын болып алды беттіге.
Алданбайтын болып алды ептіге.
Ап кетті енді сұраусыз-ақ майсөкті,
ап кетті енді бақандағы етті де.
Салды мылқау –
бүлік пенен ойранды.
Салды мылқау –
осылай бір «сайранды».
Сол ауылдың зәре-құтын қашырған
қара мылқау албастыға айналды.
Сойқан екен –
албастының асқаны.
Сойқан екен –
албастының тасқаны.
...Ел жұрт енді машинамен бір күні
бір шаhарға оны апарып тастады.
Ешкімді мен бөлмесем де жатсынып,
жоқ болса да көңілімде тапшылық, –
көз алдыма қара мылқау келеді
көрсем егер шектен шыққан жақсылық!
ӨРТЕНІП ЖАТҚАН ДАЛА
Қалғандай бейне тоналып,
жүрегім менің жаралы –
Көрдім мен отқа оранып
өртеніп жатқан даланы.
Көріп мен оны зар қаққам,
әуенге салып сарнаған...
Лапылдап жанып жан-жақтан
өртеніп жатты сар далам.
Қалайша тұрам жыламай?!
Қонамын қалай,
ұша алам?!
Кең далам менің шыдамай
өртенді ме екен құсадан?!
Біріне-бірі түйіліп,
ұрпағын көріп алысқан, –
кең дала сонда күйініп
өртенді ме екен намыстан?
Даланың мұңы, зары боп
жырларым менің жылады-ау –
Жандарды көріп қаны жоқ
өртеніп кеткен шығар-ау!
Қалғандай бейне тоналып
жүрегім менің жаралы –
көрдім мен отқа оранып
өртеніп жатқан даланы.
Шыдамас темір төзім де!
Қайғырып мұңға батасың,
сол өртті көріп
өзің де
өртеніп бара жатасың!
ҚОЛШАТЫР АСТЫНДАҒЫ АДАМ
ЖӘНЕ УАҚЫТ ТУРАЛЫ ОЙ
Қара жаңбыр.
Қала іші.
Құйған саулап ағынды-ай!
Қолшатырға қарашы
өрмекшінің торындай.
Түсіп әуре-сарсаңға,
шалқып бірде мұңданып, –
адам бейне сол торға
қалған сынды шырмалып.
Барады әне жырақтап,
Қара жаңбыр тасқында...
Бұл сурет қой
бірақ та
мағына бар астында.
Адам деген жарықтық
түсер келіп сорына –
уақыттай қауіпті
өрмекшінің торына.
Мұны бірақ ұға алмай
күйіп-жанып кетеді! –
Сол бір тордан шыға алмай
жанталасып өтеді...
Жияды адам қуатын
құтылам деп сорынан...
Қара өрмекші уақыт
жібермейді торынан!
Шырматылып, шатылып,
төгіледі шер болып...
Кетер сонсоң
ақыры
Уақытқа жем болып!
ОБАЛ
Сонау жылы,
Үстірт үсті.
Күн ыстық.
Дем аласың отты ауаны тыныс қып.
Көк темірмен алысамыз жер үңгіп
бір сәтке де жоқ қой бізге тыныштық.
Жер сілкініп моторлардың зіркілі
Жұмыс істеп жатыр едік күн-түні.
...Бәріміздің жанымызды шошытып,
Қорқытатын болды оқиға бір күні.
Күйіп тұрған, жанып тұрған мынадай
ыстықтағы аптап шөлге шыдамай,
үйірінен қалып қойған адасып
келген бізге киік лағы – құралай!
Келген бізге шөлдеп лағы киіктің.
Ми қайнатқан аптап ыстық күйіп тұр.
Келген бізге...
Айту қиын ар жағын! –
Содан бері отындамын күйіктің.
(Содан қанша жан-жүрегім жылаған.
Оған енді қандай айла қыла алам?)
Шөлдеп келген сол бір лақты ұстап ап
бауыздаған қаныпезер бір адам.
Қалдық біздер езіліп-ақ,
жаншылып.
Кеткендей-ақ болды сонда жан шығып.
Көріп тұрған жоқ едік қой таршылық
Шүкір, тәуба –
болатұғын баршылық.
Беті сұп-сұр болып сонда даланың,
қуырылып бара жатты танабым...
Пана іздеп кеп –
түскен қара пышаққа
не істейміз байғұс лақтың обалын?!
Жүрген жандар емес едік жан бағып,
қалдық біздер ішімізден зар қағып.
Сол бір жанға –
лаққа обал жасаған –
үкім іздеп отырғанда дағдарып,
Құдай өзі мұның бәрін көрді ме,
көріп сонсоң жазасын да берді ме, –
Ертесіне жолға шықты сол бір жан
шаңырағынан жайсыз хабар келді де...
ҚОС НИЕТ
Бұл өмірде аз ба, көп пе үлесің –
Бәрібір сен! –
Жылайсың да, күлесің...
Ғұмыр бойы еркіңнен тыс! – өлгенше
Қос ниеттің қоршауында жүресің.
Енді мұны түсін мейлі,
түсінбе, –
мейлі сенің аппақ болсын ісің де –
Жүресің сен ғұмыр бойы өлгенше
қара ниет,
ақ ниеттің ішінде.
Жанып тұрса біреуінің шырағы,
құрту, жою біреуінің ұраны.
Қара ниет күлін шашып құтырып,
аппақ ниет нұр себелеп тұрады.
Өмір сені қаншама әлі сілкеді,
өмір сені қаншама әлі тінтеді...
Қара ниет жақса саған күйесін,
аппақ ниет ақ бұлт боп сүртеді.
Туса дейсің – әрбір күнім бақ күн боп.
Көкжиекке белгісіз боп батқың жоқ...
Қара ниет қарқылдаса қарға боп,
аппақ ниет ән салады аққу боп
КЕСІЛГЕН АҒАШТАР
Күн суық, заман суық, суық, суық.
Суықтық жатыр жұртты қуып шығып.
Боран мен борасындар бұрқырайды
тірлікті жіберердей бүлік қылып.
Сары аяз бет қаратпай тіліп жатыр,
Сүңгілер үйді сығып бүріп жатыр.
Ауылда, қалада да, бүкіл елде
суыққа қарсы майдан жүріп жатыр.
Күтетін әйтеуір бір сыйын алдан,
елім тұр етек-жеңін жиып алған.
...Қыраулы ағаштарым –
сарбаздардай –
үстіне күміс сауыт киіп алған.
Аяз бен боран деген өшігуде.
Болмайды мұндай кезде кешігуге.
Сұп-суық бұл тірлікті жылытам деп
ағаштар кесілуде, кесілуде.
Тамырға қызу құйып, жалын құйып,
бойына асау бұрқақ ағын құйып, –
туған ел, туған жердің түтіні үшін
жатқандай ағаштарым «жанын» қиып.
Елдің бұл тілек қосып тілегіне,
шырақ жақ қараңғы мен түнегіне.
Кесілген ағаштарым жер құшуда
оқ тиген жауынгердей жүрегіне.
Тік тұрса ағаштарым маңғаз қандай –
аспанмен, жұлдыздармен жалғасқандай.
...Орманда сұлап жатқан бөренелер
майданда опат болған сарбаздардай.
Көргенде оларды сен бөгелесің,
басқа күй, басқа әсерге бөленесің...
Қызуын берген елге, ағаштарым,
күні ертең өсіп қайта көгересің!
Суық тұр аяқтан ап, матап қолдан,
Бұл тірлік жылынар ма қақап қалған?!
Түбірлер белгі-ескерткіш секілді ғой
қойылған сарбаздарға опат болған!
СЕМІЗ БҰЛТТАР
Семіз бұлттар сабырлы-ақ.
Теңеме оны босқынға.
Төңкеріліп, дамылдап
Жатыр аспан астында.
Бар дегендей бастанғым –
Жатыр үнсіз тыныққан –
Өрісінде аспанның
Кілең семіз бұлттар!
Аспанды алып жатыр-ай!
Таяп қалған екінді.
Түгін тартсаң,
апыр-ай,
май шығатын секілді.
Неткен сұлу жарасым, –
Көзді сал да, көр қызық! –
бара жатыр, қарашы,
қарынымен жер сызып.
Бет түзеген асқарға.
Бір-біріне телінген.
Шүйгіні жоқ аспанда
қалай олар семірген?!
Бұлттарым тыныс қып
майға бөккен малшынып.
Тұла бойы ырыс, құт,
тұла бойы молшылық.
Қанша сұлу, қанша елес:
бұлттар жатыр жантайып –
денесінен,
тамшы емес,
кететіндей май тамып...
ЖҰҒЫМДЫ АДАМ
Жұғымды адам, балдай тәтті жұғымды.
Тұла бойы түсінікті, ұғымды.
Сырлас жандай – ашпасаң да сырыңды.
Мұңдас жандай – айтпасаң да мұңыңды.
Жоқ секілді мұнары да, тұманы.
Таусылмайды төзім менен шыдамы.
Қай кезде де ықыласпен иіліп,
Қай кезде де күлімсіреп тұрады.
Жаңа ашылған гүлдей болып реңі,
Сырлы саз боп төгіледі тілегі.
Іштегіңді ишарадан сезініп,
Ойдағыңды емеуріннен біледі.
Ол түспейді қанжар болып қайраққа,
Оған жат қой айбарың да, айбат та.
Қай кезде де жұп-жұмсақ боп тұрады
Тоқаш нандай малып алған қаймаққа.
ӨЗГЕРІС
Не боп кетті азып-тозып өңірім.
Не боп кетті бұрқап, түтеп өмірім.
Іше-іше қасірет пен құсаны
Уға толы ыдыс болды көңілім!
Суық маған жылы отырған кездерім.
Өзіме жат осы қазір өз демім.
Жинай-жинай кек, намыс пен ызаны,
оқ-дәріге айналады ғой сөздерім.
ЖАПАН ДАЛАДАҒЫ ОЙ
Кең далам жатыр, боз далам! –
Өткен бір, өткен заманда
күлдір-күлдір кісінеп,
маң-маң басып боздаған,
қосылып желге сарнаған –
шүйгінін іздеп мөңіреген,
қозысын іздеп маңыраған, –
Кең далам жатыр бүгінде –
иесіз қалып еңісі,
киесіз қалып өрісі.
Күйініп кейде қалам-ай,
Өртеніп кейде жанам-ай! –
Көргенде сені көсілген
қамыққан жапан Далам-ай,
жабыққан жапан Далам-ай!
Осы бір заман, заманда
сауалсыз жүрер кез бе екен?! –
Төсіңнен сенің кең Далам,
төрт түлігімнің иесі –
пірлерім неге безді екен?!
Жетесіне жеткізіп,
Сүйегінен өткізіп
Қайталап айтар сөз бар ма?!
Сол пірлердің бәрі де,
қайта оралар кез бар ма?!
Қайтар ма екен сол пірлер
бір керемет бастасам:
Алатау мен Арқаның
арасына жібектен
көген тартып тастасам!
Риза боп ісіме,
Қуатыма, күшіме –
аспандағы бұлттай
ақтылы қойы қаптаған,
кең Даламның төскейін
береке боп аттаған –
ақ сақалы желбіреп,
көңілі босап елжіреп,
көтеріліп белеңге
ақ таяғын оң ұстап
Шопан Атам келер ме?!
Қайтар ма екен сол пірлер
бір керемет бастасам:
Сая жердің бәріне
мамағаш пен қазықты
қатар қағып тастасам!
Риза боп ісіме,
Қуатыма, күшіме, –
мүйіздері жылтылдап,
буындары сыртылдап
желіндері жер сызған,
Әукелері салпыншақ,
жоны жалпақ, кең құрсақ
сиырларын айдаған
жайып шүйгін өлеңге,
қосын жегіп аяңдап
Зеңгі Бабам келер ме?!
Қайтар ма екен сол пірлер
бір керемет бастасам:
Қаратау мен Алтайдың
арасына арқаннан
желі керіп тастасам!
Риза боп ісіме,
қуатыма, күшіме, –
жал-құйрығы төгілген,
қолтығы терлеп, сөгілген,
бұзатындай қамалды
дүбірлеткен даламды –
қара жердің үстімен
келе жатқандай бұлт айдап –
табын-табын жылқы айдап,
ақ боз мініп ұрандап,
налыппын деп бекерге –
құрық ұстап құраулап
Қамбар Атам жетер ме?!
Қайтар ма екен сол пірлер
бір керемет бастасам:
Маңғыстау мен Ұлытау
арасына қаптаған
Шыңырау қазып тастасам!
Риза боп ісіме,
Қуатыма, күшіме –
Маң-маң басқан, маң басқан.
шудаларын шаң басқан:
көрген адам сүйсінген;
мойынын қаздай иірген;
байлық іздеп телегей
жата алмастан орнында
тұрып кеткен төбедей
түйелерін жолға сап, –
Жетер ме екен сол кезде –
айналасын жел қылып,
қарап мынау заманға,
қара нарын желдіріп,
Ойсылқара Бабам да!
Ой шіркін-ай, шіркін-ай,
алшайып тұрып күлгенде
Қара жерім қайысқан:
Марқайып басып жүргенде
қара белім майысқан;
қазандарын пісіріп,
күбілері пісіліп,
қымыздары ішіліп,
теңдеп жүгін түсіріп –
қиялдағы замандай,
қызығына қана алмай
молшылыққа малынып
жатар әлі Далам-ай!
ӨТКЕННЕН ЖЕТКЕН АҢЫЗ
Жоқ кез екен бекініс те, қамал да, –
Сонау-сонау өткен, алыс заманда.
бір тайпа жұрт өмір сүріп жатыпты
орман-нулы, көл-құрақты даламда.
Білмеппін ғой қасірет пен қайғыны!
Тоқшылықпен атыпты оның ай-күні,
тоқшылықпен батыпты оның ай-күні.
Асып-тасып жатыпты ғой байлығы!
Керемет бір ие болып қуатқа,
өмір сүріп жатқан екен жұмақта!
Сол молшылық, сол байлықты көл-көсір
көрші тайпа көре алмапты бірақ та!
Байлыққа сол құштар болып соншама,
Қоймапты ғой сұқтанған көз талса да!
Жолы болмай қалыпты ғой біржола
қаншама рет жаулап алмақ болса да!
Бір үйретсең ойың менен денеңді,
басу қиын аран, құлқын, дәмеңді.
Күшпен енді ала алмасын білген соң
айламенен алмақ болған сол елді.
Шыға алмасын білгеннен соң майданға
биіктіктен түсіп еңіс, ойпаңға, –
көрші тайпа Тәңіріден безініп
ілескен ғой Ібіліс, Жын, Сайтанға.
Күлін шашып, шоқ түкіріп төменге,
той жасаған шығып олар белеңге...
Сонан кейін Ібіліс пен Жын, Сайтан
САЛҒЫРТ деген дерт жіберген сол елге.
Қай кезде де опындырар аңғырттық.
Одан жақсы – отқа түсер албырттық!
Аңғал жатқан сол бай елді бір сәтте-ақ
басқан келіп екі иықтан Салғырттық.
Мән бермеген ешкім сол бір кеселге!
Мән бермеген оған би мен шешен де.
Мән бермеген оған бала, дана да.
Мән бермеген оған ақын, көсем де.
Мән бермеген ешкім сол бір кеселге!
Сол бір дерттен бүкіл тайпа жаншылып,
сол бір дерттен терге бөгіп малшынып,
жатып қалған сорлы тайпа ақыры
дер кезінде көрсете алмай қарсылық.
Дер кезінде көрсете алмай қарсылық,
сорлы тайпа жатып қалған жаншылып
(Дәрменсіздік еске түссе сондай бір
жан-жүректен кетеді ғой зар шығып).
Салғырт елдің салғырт болар бәрі де:
Өнері де, өлеңі де, әні де!
Салғырт болар тіпті мұң мен шері де!
Салғырт болар әйелі де, ері де!
Салғырт болмыс еніп, жұмыс, ісіне,
Сүлесоқтық кіріп алар ішіне,
дәрменсіздік буып оның өн бойын,
бойкүйездік бұғау салар күшіне!
Салғырт болсаң бәрі саған өктем ғой.
Салғырт болсаң күнің онда өткен ғой...
...Көрші тайпа келіп салғырт сол елдің
малын, жанын түгел айдап кеткен ғой.
ДЕПРЕССИЯ
Біліп өмір жалғанын
өз-өзінен ашынып, –
Үміт пенен арманым
Өліп жатты асылып.
Әуені мен үні жоқ,
Өңім бе бұл, түсім бе? –
Жүрмін түн мен күні жоқ
Күңгірт әлем ішінде.
Жақыны өліп жанымның
Леп тимейді бетіме...
Алға аттасам
қабірдің
жетіп барам шетіне...
Бұл тірлікпен жаланған
Мүмкін емес жанасу.
Көз жасы емес
жанардан
ағады ғой қара су.
Дүние бұл сұп-суық –
пайым да жоқ, парық жоқ.
Кеудем іші сұп-суық,
көкіректе жарық жоқ.
Қысқаның да бәрі бір,
Ұшқаның да бәрі бір,
ұрысқаның да бәрі бір,
Құшқаның да бәрі бір.
Төгіп ыстық жасымды
жылай алмаймын егіліп...
қыңқ демеймін
басымды
ит жатса да кеміріп!..
КӨКТАЙҒАҚ
Көшеңіз де, аулаңыз да көк қайрақ.
Көк қайрағың – жып-жылтыр мұз көктайғақ.
Тіршілікті тәй-тәй ғана бастырып
көктайғағың жұртпен осы кетті «ойнап».
Жатқаннан соң көкпеңбек боп бар жақ та
Түскен-сынды бұл дүние сан-саққа...
Қауіппенен басасың ғой аяқты
жүргендей бір мина көмген алқапта...
Өзіңді өзің әрең ұстап ылдалап,
амалсыздан мың тоқтайсың, мың қарап.
...Алатаудан тайып кетсең
заулап бір
Жетердейсің Сарыарқаға сырғанап...
МЕН ЖАМЫЛҒАН БҰЛТ
Ойлар қуып қаптаған
асу-белге бардым мен, –
көшіп жүрген
қап-қара
бұлт жамылып алдым мен.
Тұла бойда жарылған
ойдан кенет – зірк етем...
Сол бір бұлт жамылған
назағайлы бұлт екен.
Ауық-ауық қояды-ай
Зікір салып күркіреп, –
Мені сонсоң
аямай
Кетті дейсің сілкілеп.
Қуат-күшін ұққызып
болмай мүлде тоқтамы, –
Найзағайдың қып-қызыл
ойнақ салды оттары.
Бұлтқа сол бір жұтылған, –
Сорыма, яки бағыма.
Құйын оттар құтырған
Кіріп жатты қаныма.
Дауыл етіп тұнықты
Кетердеймін көшіп мен...
Сонан кейін бұлтты
тастадым ғой шешіп мен.
Әлдеқандай ағын кеп
сол бір бұлт жүрді үркіп, –
деміменен ауа үрлеп,
денесімен су бүркіп...
АДАМДАР
Күнін көріп амалдап,
тіршіліктен қалыс қап,
бара жатыр адамдар
бір-бірінен алыстап.
Оқшау әлем құрып ап,
Саяқ ойлап жүр бүгін, –
Күліп-ойнап тұрып-ақ
Жек көреді бір-бірін.
Ашпаймын деп бетімді
паналайды тасаны.
Жұқпалы ауру секілді
бір-бірінен қашады.
Бір-біріне, әттеген,
жетпейді ғой шыдамы, –
Атпаса да оқпенен,
атып көзбен тұрады!
Бүлік қылған ортаны,
адамдар-ай, қырқысқан, –
бір-бірінен қорқады
қорыққандай жыртқыштан!
ПАРАДОКС
Босқа шаршап, сүрлікпе
басса өмірдің мұң-зары.
Дүниеде, тірлікте
кері кетіп тұр бәрі.
Кеш қалам ба ерте кеп?!
Түсінбеймін әлі бір:
Алға бассам ентелеп.
Кері жүрем бәрі бір.
Бұғау қысты бұлқынсам.
Бетім қайтты бәрінен:
алға қанша ұмтылсам,
сонша кетем кері мен.
Қарсы қарап дауылға,
Жүрем алға қарыштап.
Бірақ жақын тауым да
кете барар алыстап.
Алдайды өмір, арбайды.
Қалың тартты сорым да.
Ештеңе ұстай алмайды
Алға созған қолым да!..
Кеш қалам ба, ерте кеп?!
Жоқ қой бұған амалым:
Алға басып ентелеп,
Кері кетіп барамын.
АЙ ТҰТЫЛҒАН ТҮНДЕ
Маңдайынан тер шықты да тастардың,
асқақ басы аласарды асқардың.
Тіршілікті түнек етіп қап-қара
жанып тұрған шамы сөнді аспанның.
Кәрі қаншық әлденені ұқты ма, –
жым-жырт болды қара жерге бұқты да.
Тым-тырыс боп тына қалды қайтадан
бір сайтан жел ызың етіп шықты да...
Мәңгүрт өтті бір малғұнды қуалап.
тірлік дел-сал.
Қойған-сынды дуалап.
Жып-жып етті сумаңдаған сұмпайы,
жылп-жылп етті жылмаңдаған қуаяқ.
Ал-дал болып тұрды сол сәт әулекің.
Бір суық леп жалап алды көл бетін.
Дауыс шығып қара үңірден албаты,
Сақ-сақ күлді көрінбейтін әлдекім.
Бір сұмырай сүмелекті қолқалап,
ынжық тұрды мәңірейіп шалқалап...
Байғыз жылап қара қорым ішінде,
қан түкіріп кетті гүлге жарқанат.
Қара түнек шөгіп қалды ойпаңға,
қара жыныс ұйып қалды қайқаңда.
Бірін-бірі тыр жалаңаш аймалап
үйленді ғой Сайқымазақ Сайқалға.
Көрсең оны сау адамың жынданар, –
Сұп-суық боп жанып тұрды сұм жанар...
Көлеңкелер бір-бірімен сөйлесіп,
үнсіз-түнсіз жылжып жүрді Сұлбалар...
КӨШЕДЕГІ КҮЗГІ АҒАШТАР
Кешегі салтанаттың тастап бәрін,
мүлгіп тұр Мамырларым, Тастақтарым...
Тізіліп тұра қалған ағаштар-ай,
берместен көшелердің қос қапталын.
Бұлт төніп қайта-қайта аспаныма,
үнсіз тұр мәуелісі, асқағы да.
Түтігіп соққан желден түсе-түсе
селдіреп қалыпты ғой шаштары да.
Тірліктің қалған-сынды ұйып қаны,
Қалғимыз ел секілді тұйықтағы.
Қарашы – ауырлықтан ағаштардың
Салбырап түсіп кеткен иықтары.
Аспан да жайлау құсап күйектегі
кешегі күн болып тұр күй еткені...
Ақырын жел соқса да
тал-теректің
сықырлап кетеді ғой сүйектері.
Дым ауа. Бара жатыр тыныс бітіп.
Тұрасың марғау тағы дыбыс күтіп...
...Қонышы бұж-бұж қара керзі етікті
ағаштар көшеде тұр жұмыс күтіп.
ҚАРАЛА СИЫР
Болдым мен бала шағымды
есіме жиі алатын...
...Біздің үйде сауырлы
Қара сиыр болатын.
Сүтті еді ең бір елдегі
Желіні иіп саулайтын.
...Қап-қара теңбіл жерлері
Материктерден аумайтын.
Қалыңға кіріп жел күні
оратын асап қияқты.
Оң жақтағы теңбілі
Африка сияқты.
Айдамай-ақ,
Әр күні
Келетін түсе екінді,
Сол жақтағы теңбілі
Америка секілді.
Көріп мен оны қазына
Қазыққа талай байлағам.
Еуропа мен Азия
Жотасын түгел жайлаған.
Мақтаныш неткен балаға
жұрт қараса анталап.
Бара жататын далаға
Материктерді арқалап.
Ететін оны ала қан
даусымен жарып құлақты, –
Бармақтай жауыз соналар
бомбаұшақтар сияқты.
Материктерге соналар
Тұмсығын тығып алатын.
Оларды сонда талаған
Құйрықпен бір-ақ қағатын...
Желінін керіп бір кезде
шелекке ақ сүт толатын.
Материктерім сол кезде
иіп тұрғандай болатын.
Қалайтын оны қиылып
Келген де бізге, кеткен де...
Пышаққа түсті сиырым
Күндердің күні жеткенде.
Бітті де тірлік-өрісі
Таратты етін жан-жаққа...
Қарала оның терісі
айналды енді тулаққа.
Күн қақтап, желге желінді,
Табанға түсіп тапталды, –
Материктерім кәдімгі
аяқ асты боп қалды...
ҚОЯН ЖЫЛЫ ЖАЗЫЛҒАН ӨЛЕҢ
Төгіліп тұр жыр болып
Сергек қоян, сақ қоян...
Келіп кірді жыл болып
аппақ қоян, ақ қоян.
Қызық болса тоя алмай
Қызық қуып кетерсің...
Келген жылым,
қояндай
аппақ болар ма екенсің?!
Көрінбестен ешкімге
ақ аязда тоңарсың...
Аппақ қардың үстінде
аппақ өлең боларсың.
Барамын деп жазыма
омбы қарды бұзарсың, –
Жеткізбестен тазыға
құйын болып ұшарсың.
Астында ұмар-жұмардың
қалармысың бүгіліп, –
Сорғалаған қыранның
тырнағына ілініп...
Жүрген жоқпын аянып
шапқыладым талмай бір!
Биыл енді, қояным
боласың сен қандай жыл?
Боласың ба жортақ жыл
көп болатын сөздері?
боласың ба қорқақ жыл
бақырайған көздері?
Кешір, болса асығыс, –
айтсам егер шынымды, –
Қалмаймыз ба осы біз
таба алмастан жымыңды.
Шығасың ба өрге сен
берекеге айналып?
Кетесің бе, әлде сен,
қанжығаға байланып..
ЖАПЫРАҚ ӘЛЕМІ
Көкте бұлт түйілді
күркіретіп өктем үн.
Жасыл бояу құйылды
кіріп келіп көктемім.
Бұл дүние асылға
малынып тұр жасанып, –
орнады да жасылға
шыға келді жасарып.
Бұзып қыстың қақпасын
жерден шыққан тасқын ба? –
Қалды тірлік жап-жасыл
жапырақтың астында.
Көктің нұрлы күні де
тұр аспаннан төгіліп.
Жатыр қазір дүние
жапыраққа көміліп.
Желпіндіріп барады
дүниенің желегі...
Қолдары да баланың
жапырақтай әдемі.
Самал соққан тұстарға
тосамын ғой бетімді
...ұшып жүрген құстар да
жапырақтар секілді.
ҚАЛТАЙ МҰХАМЕДЖАН
Қазақтарға келмесе де түр-түсі,
қазақшаға ағып тұр ғой бұл кісі...
Осы адамда, осы жанда жатыр ғой
ұлтымыздың ұланғайыр күлкісі.
Дес бермеген гүрзіге де дойырға,
дес бермеген шоқпарға да, сойылға, –
Осы адамның – сылтып басқан бүгінде –
күлкі жатыр бүкіл тұла бойында.
Күлкі жатыр тұратұғын намыстан,
күлкі жатыр батылдықпен табысқан.
Күлкі жатыр зымияндық, сұмдықпен
ғұмыр бойы жағаласқан, алысқан.
Отын берген өршіл мінез оттыға.
Жіберген ғой серпіп қанша оқты да.
Қаншама рет – арпалысып жауызбен –
жығылған ғой сол бір күлкі соққыға.
Сол күлкіден –
жадыраған түнерген,
шалқасынан түскен талай шіренген.
Сол бір күлкі сүмірейтіп содырды,
Оспадарды осып-осып жіберген.
Оны тыңдап ажарланған әрсіз де,
оны тыңдап теңескен ғой теңсіз де.
Сол күлкіден пәс көңілдер биіктеп,
Сол күлкіден қуаттанған әлсіз де.
Тауып кетіп қысылтаяң, тар жерде,
жеңісін ол тойлаған ғой сан белде.
Сол күлкіден алшаңдаған пілдерің
айналған ғой шәуілдеген қанденге.
Кейбір кезде бұрын шығып ерліктен
сөз айтқан ол қаншама рет ел күткен.
Сол бір күлкі қан жүгіртіп қансызға,
сол бір күлкі қайғы, мұңды сергіткен.
Сол күлкіден – өзіңді өзің сынайсың,
Сол күлкіден – шатқаяқтап құлайсың.
Сол күлкіден жылап тұрып жұбанып,
Сол күлкіден – күліп тұрып жылайсың!
Қазақтарға келмесе де түр-түсі,
Қазақшаға ағып тұр ғой бұл кісі.
Ортамызда келе жатыр
Қалағаң
ұлтымыздың ұланғайыр Күлкісі.
ӘУЛИЕГЕ ТҮНЕУ
Бір қиянат жасамаған біреуге,
Шын берілген ақ неиетті тілеуге, –
бір топ адам жалбарынған, жалынған
Әулиеге келіп жетті түнеуге...
Бойларына кіріп ыстық бір ағын
үнсіз-түнсіз тазалады тұрағын,
Сонан кейін құрбан малын шалды да
оқыды ғой білген қысқа құранын.
Жатқан жандар түнеуге кеп жал құмда –
батқан жандар болатұғын зар, мұңға...
Бір леп соқты жып-жылы боп, жұп-жұмсақ
шығыс жақтан – таң атардың алдында.
Не айтасың! – құдіретке, күштіге! –
Көктен төмен бір ақ бұлт түсті де,
ақырын кеп, түбіт құсап түтіліп
қонды келіп сол жандардың үстіне.
Қалай мұны сөзбен түгел айта алам!
ұғады оны көрген менен байқаған.
Тұрған қалқып сол Ақ Бұлт бір кезде
көтеріліп кетті көкке қайтадан!
Көтеріліп кетті Ақ Бұлт көкке ұшып.
Белдер жатты қарауытып бүк түсіп.
Көтеріліп кетті Ақ Бұлт көкке ұшып, –
Сол бір кезде қара жер де кетті ысып...
Басқаша бір атты таң да сол күні.
Атқан сол таң бақытты етті сорлыны –
Сол жандардың үйі құтқа толды да,
бедеу әйел ұл туды ғой сол жылы...
ШЕГІРТКЕЛЕР
Ойлаумен әрбір сағат, әр күнімді
ар жылап, жүрек күйіп жан бүлінді...
Бұлт болып шегірткелер қаптап ұшып
жалмауда астығымды, шалғынымды.
Опат кеп көктеп тұрған бал ғұмырға,
түтіп жеп тулақ етіп, шаң қылуда!
түп-түгел орып, отап жасылымды
орнында сояуларын қалдыруда.
Бүлігін көрген кезде жан шығармай!
(Налисың ауыр ойдан аршыла алмай).
...Тірлікті қырқып жатыр, қиып жатыр
бейне бір қанаты бар қайшылардай.
Көбейіп кетті қазір желіккен ер.
(Ғұмыры желікеннен жеріп келем).
Тек астық, шалғында емес,
байқайсың ба,
өмірде қаптап кетті шегірткелер.
Жібермей өзін-өзі – бұлқынуға
көп адам өз жігерін құм қылуда.
Қаптаған шегірткедей өтіріктен
ақ арман, жасыл үміт қырқылуда.
Сақта тек ұстыныңды, тірегіңді!
Сақта тек тамырыңды, тілегіңді!
Сөз біткен шегірткедей бұлт боп ұшып
талауда жаның менен жүрегіңді.
Тірліктің мініп жауыр жайдағына
бас идік қайдағы мен жайдағыға...
Айла мен қулық, сұмдық шегірткесі,
елімнің ойран сап тұр жайлауына...
Қарасам уақыттың қабағына
жабығып жас үйірілер жанарыма...
Бұл күнде ұлтым менен ұлы далам,
түсіп тұр шегірткелер талауына!
ІШІНДЕ ЖЫЛАНЫ БАР АДАМ
Қауіп пенен қатер жатқан күшінде,
зымияндық, сұмдық жатқан ісінде, –
тойымы жоқ, қойымы жоқ ғұмыры
адам көрдім жыланы бар ішінде.
Бір қанбаған құтырынған құмары,
сарсаң еткен бүлігі мен ылаңы, –
тойдыра алмай жатты оның аранын
ішіндегі аласұрған жыланы.
Болмай бір де қанағаты, іркуі,
тоят таппай құрдым түпсіз құлқыны, –
ашкөзденіп, ашқарақтап, апыр-ай
жұтып жатты дүниені күн-түні.
Жиып қойып кісілікті, өрлікті,
жиып қойып имандылық кеңдікті, –
тонап елдің қазынасын, байлығын
тауды жұтты, жерді жұтты, көл жұтты.
Гүлзарларым қурап қалды құм болып,
ормандарым құлап қалды күл болып,
Жылай-жылай қарғыс сіңіп ашыған
көз жасы елдің кеткен еді у болып.
Үрей ұшып бүлігінен ылаңның
дала жатты қайғысында тұманның.
Қарғыс сіңген улы жасы халықтың
күштірек қой уынан да жыланның.
Ойлаған соң өз жұмырын, өз басын
мешкей құлқын қалай өршіп қозбасын...
Бәрін жұтып түк қалдырмай
Сонан соң
елдің сол бір жұтты улы көз жасын.
Ернеуінде тұрған көр мен табыттың
тағдырларын тәлкек етті ғаріптің...
...Сол бір адам өлді ақыры
ішті де
қарғыс сіңген улы жасын халықтың.
ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ
Қара нардай қатепті
Алп, алп басқан, алп басқан.
Маңғыстаудың жеріндей
Маңдайы биік марқасқам!
Қуат алған күш алған
Қарындастан, қандастан...
Қолдасқанмен қолдасқан,
Толғасқанмен толғасқан,
Арбасқанмен арбасқан.
Бұйра бұлт секілді
Бұйра шашын қар басқан
Бір өзі бір үй толтырып
Отыратын қасқайып
Жаралғандай Жартастан!
Алп, алп басқан, алп басқан,
Маңдайы биік марқасқам.
Әділдік үшін туыс пен
Жақынын да жатсынған.
Шамына тисе, болаттай
Шамырқанып шарт сынған!
Күйініп кетсе, кімге де
Өңменінен өткізіп,
Жетесіне жеткізіп
Айтам десе, айта алған
Жібектей сонсоң есіліп,
Бәрін де, бәрін кешіріп.
Қайтам десе қайта алған...
Елім десе, қақырап
Қабырғасы сөгілген,
Жерім десе, шырқырап
Жан-жүрегі егілген,
Артық та туған ағам-ай!
Сапырып сөздің теңізін
Іздеген ойдың маңызын...
Өткеннің қиян түбінен
Арқалап жеткен аңызын.
Халықтың мұңлы зарынан
Жаралған қара қобызым.
Халықтың шерлі жанынан
Жаралған дана Абызым!
Сөйлеп берсең шешіліп
Айналасың шешенге,
Сөйлеп берсең көсіліп
Айналасың көсемге.
Сол бір кезде мен сені
Бұлт байлаған басына
Қаратауым десем бе,
Алатауым десем бе,
Жанартауым десем бе,
Дара тауым десем бе,
Дана тауым десем бе?!
БЕКБОЛАТ ТІЛЕУХАНОВ
Қарға бойлы Бекболат!
Түйдек-түйдек құйылған
Екпініңе жете алмас
Ұшқан құс пен шапқан ат, –
Жолдағының бәрін де
Кетердейсің жапырып,
Кетердейсің таптап-ақ!
Құбылыссың ақ түтек
Домбыра боп сарнаған,
Қобыз болып аңыраған,
Аруақтардың дабысын
Ертеңіме жалғаған.
Ей, Бекболат, Бекболат!
Отырасың ортада
Желді күнгі өрттей боп
Өн бойыңнан от борап,
Ей, Бекболат, Бекболат.
Түсіп ақ тер, көк терге
Арқаң қозып кеткенде, –
Доптай ұшып жатады
Төңкеріліп қыраттар...
Сол, сол кезде, сол кезде
Құмға айналып суаттар,
Суға айналып құмақтар,
Дүниені қаптайды
Жарқылдаған найзағай,
Сартылдаған тұяқтар.
Сонан кейін бір кезде
Қара қанат – қара түн
Басар сені шер келіп, –
Қара мұңға батасың
Қара қобыз өңгеріп.
(Мынау өң бе, түсім бе?!)
Отырасың жалғыз қап
Көне күмбез ішінде.
Отырасың жалғыз қап
Қансыз сұп-сұр түрге еніп.
Жердің терең түбінен
Уілдеген үн келіп,
Кетесің ғой қосылып
Қобызыңмен күңіреніп.
Дүр сілкініп қайтадан
Жел сияқты алапат
Дүниені жұлқылап, –
Алай-дүлей боласың
Шаң көтеріп бұрқырап!
Тік шаншылтып даусыңды
Жеті көкке жеткіздің.
Шамырқанған кезінде
Қақыратып көбесін
Жеті көктен өткіздің.
Ей, Бекболат, Бекболат!
ТҮРКІСТАН
Төрт қақпалы Түркістан!
Айдарым да өзіңсің,
Айбарым да өзіңсің!
Алынбайтын қамалдай,
Қаратаудай төзімсің...
Аспан астын толтырған
Алатаудай сөзімсің!
Құзда тұрған құлжадай
Айқайласам ұран сап! –
Шалғайыма жабысқан
Жаулар біткен безінсін.
Төрт қақпалы Түркістан!
Қаншама рет өшкенбіз,
Қаншама рет өскенбіз
Шатыр тігіп айнала,
Шатыр жығып көшкенбіз!
Бірақ біздер өлмедік! –
Тайқазанның сендегі
Емшектерін иітіп
Еміп біздер өскенбіз.
Не көрмедік, Түркістан!
Арысымды құл қылып,
Намысымды күл қылып
Шаштан алып сүйреген,
Бұлт болып түйілген
Жауың шығып бүйірден
Алты құлаш найзасын
Кіндігімнен түйреген.
Зеңбіректер гүрсілдеп
Темір добын лақтырып
Қамыр қылып илеген.
Түркістанның сол кезде
Опырылып жотасы,
Қабырғасы күйреген.
Әруақты көк күмбез
Бірақ басын имеген!..
Сол дұшпанның бәрімен
Көк бөрідей жұлысқан
Қасиетті Түркістан!
Қай-қай заман кезде де
Мойнымдағы тұмардай
Саңқылдаған қырандай,
Жарқылдаған ұрандай,
Қасиетті құрандай,
Қанаттары түңліктей,
Тегеуріні темірдей,
Тепкісі зор бүркіттей;
Қараған жан түңілген
Атылатын жиырылып
Жолбарыстай бүгілген;
Қайрат жиып қарсы алған,
Арыстандай алшайған
Төрт қақпалы Түркістан
Мұңын айтқан азаптың,
Жырын айтқан Азаттың
Рухысың Қазақтың!
ТАЙ ҚАЗАН
Осы қазан ғажабы ғой ғажаптың,
Осы қазан қазаны ғой Азаттың...
Тұрған үнсіз ғасырларды қайнатып
Бұдан берік қазаны жоқ қазақтың.
Бұдан алып қазаны жоқ қазақтың.
Сөзін айтып күмән менен назамның,
Осы жерде, осы жерде тазардым...
Ешбір елде, ешбір жерде болмаған
Ең киелі, ең қастерлі қазан бұл.
Қаншама рет бұғау киіп бұлқындым.
Қаншама рет өсіп қайта, қырқылдым.
Алып қазан,
Берік қазан,
Тай қазан –
Қазаны емес қарын менен құлқынның.
Лайласа – қайта тұнар тұнықпын.
Көмсе жерге – өніп шығар ұрықпын.
Алып қазан,
Берік қазан,
Тай қазан –
Қазаны бұл, қазаны бұл Рухтың.
Келеді ғой мұнда қайғы, шер шерткен.
Келеді ғой мұнда мұң мен зар шеккен.
Дертіп тұр ғой Рух берем деп саған
Өн бойынан өсіп шыққан емшектер.
Құдіретін кімдер оның ақтап жүр?..
Құдіретін кімдер оның сақтап жүр?..
Емшектерде қуат берер, күш берер
Дертіп тұр ғой аппақ сүттей аппақ нұр.
Қазаны бұл тазалықтың, тұнықтың,
Қазаны емес тойымсыздық құлықтың.
Қазаны бұл ақ ниет пен шабыттың
Қазаны бұл,
қазаны бұл рухтың.
Ол қайнаса –
Тоқтата алмас тасуын.
Тоқтата алмас ай, жыл түгіл, ғасырың.
Астаң-кестең қайнатқан ғой бұл қазан
Бүкіл елдің Ызасы мен Ашуын.
Маңдайын кеп басқан оған арысым.
Оған түгел келген жақын, алысым.
Бұрқ-сарқ етіп қайнаған ғой қазанда
Күндіз-түні жігерім мен намысым.
Оған келсең – түсін, мейлі, түсінбе! –
Құдіретті қуат алар күшің де.
Бүкіл елдің ойлары мен сөздері
Пісіп шыққан осы қазан ішінде.
Оған барсам тұрам жырды қайрап бір.
Одан кілең сесін сезем қайраттың.
Пісірем деп елдің Рух, санасын
Дәл қазір де алып қазан қайнап тұр.
БОЯУЛАР ҚҰПИЯСЫ
Даңқы әлем шарлаған
Құндылық боп, қымбат боп, –
Ойды, көзді арбаған
Тұр мұнара жұмақ боп.
Ғасырларда жаңғырып
Жатқан түбі әріде –
Құпия ғой мәңгілік
Алыптардың бәрі де!
Иманымның қорғаны
Қарап оған тоярмын.
...Таба алмай жүр ондағы
Құпиясын бояудың.
Саналылар – ояулар
Қарайды оған құнығып.
Күн түссе оған
Бояулар
Кетеді ғой құбылып.
Жарқырайды оттай бір
Сөздері де Құранның.
...Құпиясын таппай жүр
Бояудағы құрамның.
Сөзін айтпа өктемнің,
Сөз дегенің елес қой...
Ол бояулар
Шөптердің
Нілі ғана емес қой.
Аппақ менің тілегім!
Жалғаны жоқ сөзімнің:
Құйған оған –
Білемін! –
Бояуларын сезімнің.
Бағынбайтын,
Көнбейтін
Жарлығына жалғанның –
Құйған оған –
Өлмейтін! –
Бояуларын арманның.
Сіңіп қалған заманға
Бояуы бар жырдың да,
Бояулары бар онда
Қуаныштың, мұңның да!
Рухымдай қамал сол
Жаралғандай дастаннан, –
Көк бояуды
Сонан соң
Құйып алған Аспаннан!
БОЗТОРҒАЙ
Тұла бой, жүйке, тамыр шымырлап тұр,
Құлағым, сана, миым шыңылдап тұр, –
Шошынған жұдырықтай жүрек құсап
Бозторғай дала үстінде шырылдап тұр!
Қалайша төзе алады шыдам бұған.
Жаныммен қара бәле – лаңды ұғам.
Бозторғай шырылдап тұр –
Ұясына! –
Жақындап келіп қалған шұбар жылан.
Тоймайды шұбар жылан құныққасын!
Жұтпақ ол қанатты құс жұмыртқасын...
Бозторғай шырылдап тұр шыбын жандай
Ғұмырлас.
Тағдырласым,
Рухтасым!
Сол кезде жалған тірлік озғандай боп,
Кетеді жан бүлініп,
Тозғандай боп...
Дәл сондай қатер күткен,
Қауіп күткен
Тілім де шырылдайды бозторғай боп.
Сол сәттен жүйке, тамыр шымырлаған.
Сол сәттен сана, ми да шыңылдаған, –
Дүние естір ме екен
Тілінің бұл
Дауысын бозторғай боп шырылдаған?!
МЕРЕКЕ ҚҰЛЕКЕНОВ
Білемін, Хақ тағала сүйенішің!
Сонда да өртенеді, күйеді ішің, –
Өйткені Бөкен бидің ұрпағысың,
Өйткені Махамбеттің жиенісің.
Білемін, үміт – ұзақ, арман – қашық.
Сонда да кезің жоқ қой қалған жасып.
Тиеген соңғы жүкті қара нардай
Келесің маңғаз жүріп, маңғаз басып.
Аспайсың, шалқымайсың, тасымайсың.
Анау-сөз, мынау сөзге қажымайсың.
Итерсін өңменіңнен өсек-жала
Бәрібір бүгілмейсің, жасымайсың.
Білемін, қайраттысың, қуаттысың.
Білемін, нұр себетін шуақтысың.
Опырып жілігіңді жіберсе де
Қайта тұрып кететін сияқтысың.
Жаныңа жоламайды аласалау.
Білемін, керек сені дара санау.
Түбіт-сынды жүрегің,
Сондадағы
Оңашалау жүресің, оңашалау.
Өз-өзіңнен отырып түнересің.
Шешім таппай тұйыққа тірелесің.
Сондай кезде ұмтылған біреулерді
Бір-ақ қағып ұшырып жібересің.
Асуларың – алдыңда алатұғын.
Асуларың – алдыңда жанатұғын.
Ызғырықтай ысқырған бұл заманда
Ойлайтының Ата тек, Ана тілің.
Білемін, Хақ тағала сүйенішің.
Сонда да өртенеді, күйеді ішің, –
Өйткені Бөкен бидің ұрпағысың
Өйткені Махамбеттің жиенісің!
ШУАҚ
Мынау тірлік азап боп
Бітпей қойды жарамыз...
Қатып қалды қасат боп
Ішімдегі қара мұз.
Қабағыма сыз қонып,
Қатал күнге кезіктім...
Отыр едім мұз болып
Жып-жылы сөз есіттім.
Мұздай ойлар сүңгідей
Кетіп еді шыдатпай.
Сол жылы сөз
Сіңді кеп
Тұла бойға шуақтай.
Сол бір сөздің – қараңыз! –
Жылытқан соң шуағы, –
Ішімдегі қара мұз
Күтір-күтір сынады.
ҚОРАЗ ТАЛАСТЫРУ
Бұл жекпе-жек тоқтамас
Тұрсаң да сен жат көріп...
Бірін бірі қос қораз
Жіберердей қақ бөліп.
Мойындары иіліп,
Құйрықтары бүгіліп, –
Алған олар түйіліп,
Кеткендей-ақ түңіліп...
Қарай алсаң,
Қарап қал! –
Көкке айналып кеткен бе?..
Лап етеді қанаттар
Бірін-бірі тепкенде.
Дүрлігеді алқа да
Ақыл-ойдан адасып.
Жатқан-сынды
Ортада
Қызыл өрттер таласып.
Көрінеді жан көзге
Сартылдайды тұмсықтар, –
Кетеді ғой сол кезде
Қос айдардан ыршып қан.
Лапылдайды от құсап!
Майдан қайнап, қызады, –
Қып-қызыл бір шоқ құсап
Қауырсындар ұшады.
Өш пен кекті ұққызып
Ұмтылады жан жалдап...
Төгіледі қып-қызыл
Тұла бойдан қан саулап.
Ессіз, мәнсіз қыжылдан
Жұрт шулайды қызынған.
Қораздар да қызыл қан,
Қара жер де қызыл қан...
Ұмытып бар өзгені,
Тұрған мынау анталап, –
Адамдардың көздері
Бара жатыр қанталап!..
МАЙМЫЛДАР ПАТШАЛЫҒЫ
Деді ме екен: осылай бір сынаймын!
Ықылысты нұры түсіп Күн, Айдың –
Патшалыққа ие болды маймылдар
Бір күндері қалауымен құдайдың
Сол, сол екен тіршілікті ұршық қып
айналдырып –
Түбітіңді қылшық қып, –
Көш басына шыға келді
Көсем боп
шәртік қарын, маймақ аяқ, қисық бұт.
Оң, солынан бірдей туып Ай, Күні
Асып кенет өзгелерден айбыны, –
Шыға келді көш басына ентелеп
Бір топ маймыл – маймылдардың маймылы.
Ұмыт қалып бар мүддесі елінің,
Ұмыт қалып бар мүддесі жерімнің, –
Бар жұмысы сол аз ғана маймылдың
Табу болды бір-бірінің көңілін.
Мүлде ұмытып қысылуды қымсынып,
Бір-біріне сый-сияпат ұмсынып, –
Бір-біріне ыржаң қақты мәз болып,
Бір-біріне ырбаң қақты ырсиып.
Сол топ маймыл өктем еді қашан да!
Айналды ғой мақтау сөзден масаңға.
(Жағымпаздық, жалбақайлық жөнінен
Маймылдарға жете алмайды еш аң да!)
Керемет біз ел болдық деп жар салып,
Сол топ маймыл ішіп-жеді жан салып, –
Бір-бірінің аузын жалап масайрап,
Бір-бірінің артын жалап тамсанып.
Шығып алып бәйтерек пен еменге
Кеуде керіп қарап тұрды әлемге...
Дәл осылай мәз боп жатты,
Ал Елі
Битін сығып жеп отырды төменде!
ҒАСЫР ЖАҢБЫРЫ
Өз-өзіме қамалып
Ойға батып өшпеген, –
Шықтым сыртқа қабарып
Сұп-сұр күңгір кеште мен.
Үн шығармай қыстығып
Сығып алдым жасымды...
Жылан құсап ысқырып
Жел соқты да, басылды.
Көлімде ме, белде ме,
Көгімде ме, жерде ме?! –
Суылдады әлдене,
Сұңқылдады әлдене!
Дыбыс шықты мүлде өзге!
Демім менің тұншықты.
Сұп-сұр көкке
Бір кезде
Өттей жасыл бұлт шықты.
Шатасты ма ақылым!..
Есті жидым әрең деп....
Келе жатты ақырын
Сол бір бұлт төмендеп.
Көк те тозып көнерген.
Көмескі боп қалған нұр.
...Құйып берді төбемнен
Өттей жасыл сол жаңбыр.
Үндер шықты қаңғырған...
Неткен көп бұл күйігім?!
Іріп кетті жаңбырдан
Үстімдегі киімім.
Сол бір жаңбыр түйіліп
Құйды желмен аралас.
Іріп кетті киімім,
Қалдым мүлде жалаңаш.
Жаным уын ішті енді,
Шайылды ғой бетім де,
Сыпырылып түсті енді
Іріп менің етім де!
Түнге сіңіп баттым мен
Жел соқты ғой құтымды ап.
Кетіп бара жаттым мен
Қаңқамменен сықырлап.
ҚАТАЛ СҰРАҚТАР
Көре-көре, апыр-ай, талды ойым да
Мұңы бар ғой өткеннің өн бойымда...
Мекен етіп жатыр ғой төбелерді
Зираттар мен қорымдар жол бойында.
Бұл да бізге көрсеткен сынақ па еді?
Сынаққа адам мәңгілік шыдап па еді?! –
Әр қабірдің басында жаңа Ай тұр ғой
Сұрақ белгі секілді, сұрақ белгі...
Ұлы Дала мәңгілік тұрақ болып, –
(Жатқан жері кеткенше жұмақ болып).
Ата-баба, әруақ жол бойында
Сұрақ қойып тұрғандай, сұрақ қойып.
Бара жатқан суалып көлім үшін,
Бара жатқан қуарып белім үшін, –
Сұрақ қойып тұрғандай, сұрақ қойып –
Елім үшін, саудалы жерім үшін.
Күні кеше тоналған бағым үшін,
Өзектерді өртеген жалын үшін, –
Сұрақ қойып тұрғандай, сұрақ қойып
Арым үшін, жаралы жаным үшін.
Ертең, бәлкім, жел сипап айдарымды,
Асыратын күн туар айбарымды...
Ал, әзірше, сұрақтар орақ болып
Орып-орып жіберер ойларымды.
Ертең, бәлкім, қабыл қып тілегімді
Бекем етер сүйенер тірегімді.
Ал сұрақтар қайқы бір қылыш құсап
Турап-турап жіберер жүрегімді.
Оларды енді тыңдайтын құлақ бар ма! –
Жатыр зират жақында, жырақтарда...
Ата-баба, әруақ қойып тұрған
Қалай жауап береміз сұрақтарға?!
ЕГЕУҚҰЙРЫҚТАР
Ғалымдардың айтуынша, аш егеуқұйрықтарға қарағанда тоқ, семіз егеуқұйрықтар әлдеқайда мешкей, әлдеқайда тойымсыз, әлдеқайда обыр болады екен. Тіпті тоқ, семіз егеуқұйрықтар қорек таба алмай сәл ғана ашыға бастаса бірін-бірі жеп қоятын көрінеді.
Қорек іздеп барған талай айлаға,
Қорек іздеп түскен ойға, сайға да, –
Бір топ обыр егеуқұйрық ақыры
Тап болды ғой іші толы қоймаға.
Діңкелеген қанша уақыт «құт» қонбай
Болды сонда үдесінен шыққандай! –
Ішіп жатты ішкен сайын құнығып,
Жұтып жатты жұтқан сайын жұқ қонбай.
Неткен мынау өңмен қаққан содырлық,
Неткен мынау жалмауыздық, тобырлық,
Неткен мынау қойымы жоқ обырлық!
Неткен мынау тойымы жоқ обырлық.
Жұтқан сайын тойынбайтын құлқыны,
Сол қойманы түк қалдырмай тінтіді.
...Таусылды ғой тонаған соң дамылсыз
Қоймадағы молшылық та бір күні.
Еті үйренген масайраған мастыққа,
Еті үйренген аста-төкке, астыққа,
Семіз, күйлі егеуқұйрық
Ешқашан
Төзе алмайды, төзе алмайды аштыққа.
Сонан кейін қиын-қыстау шақ келіп,
Бірін-бірі дұшпан көріп, жат көріп,
Бірін-бірі жегісі кеп
Ақыры
Жатты сонсоң бір-біріне тап беріп.
Тойдырам деп тойымы жоқ құлқынын
Қанша уақыт бірге өткізген күн-түнін –
Мешкей бір топ егеуқұйрық осылай
Жалмап жатты, обып жатты бір-бірін.
КӨП ҚАТАРЛЫ ҮЙЛЕР
Ақындарды шабыт керіп тасқанда
Теңеді оны алып ұлы дастанға...
Ал мен үшін омарталар сияқты
Биік үйлер – тік шаншылған аспанға.
Омартаңды қолдан келсе қорғаңдар.
Омартаңды қолдан келсе толғаңдар.
Өйткені онда балдан тәтті үміт бар,
Өйткені онда балдан тәтті арман бар.
Көп қой қазір «тәуекелім», «Тобам» да.
Алма оны үсітіп сен боранға...
Қорға оны, қорға оны, қорға сен
Балдан тәтті тіршілік бар оларда.
Жүрсем де мен мың қуанып, мың күліп,
Тұрам кілең жүрегімді тілдіріп...
Қорқам, қорқам балға құмар Аю кеп
Омартамды кете ме деп бүлдіріп.
ІРІТКІ
Жаза алмаймын ешқашан бүлікті жыр.
Жаза алмаймын ешқашан қылықты жыр...
Жамбасына алам деп жаулар менен
Іштен шалып күн-түні іріткі жүр.
Іріткі жүр, құдай-ау, қандасым бұл!
(Жүрегіме қадалған қорғасын бұл!)
Ылаңынан сол иттің
Кейбір жандар
Жағаласып, алысып, жауласып жүр.
Жүрер кезде тұтасып, табысып-ай,
Неге жатыр сол жандар алысып-ай?!
Сөз сөйлейміз сөз бермей жарысып-ай!
Бейтаныс боп барады танысым-ай...
...Адам менен адамның алысын-ай.
Соны қоштап еріп жүр түсінбеген...
(Дәрменсізбін осынша күшімменен).
Байқа! Байқа!
Ол саған – байқамасың! –
Суыртады шегені тісіңменен.
Өмір сүрдік ғұмыры зар, қайғымен...
Жинап алу керек ғой шалғайын ел!
Сол бір сұмнан сақ бол сен!
Сақ болмасаң
Қаққызады шегені маңдайыңмен!
АҢСАУ
Ұшып қиял ғарышқа
Әрбір сөзден от тауып,
Айдалада, алыста
Жүретін ем шөп шауып.
Шалғыларды қылыштай
Тұратын ем қайрап мен.
Шымыр едім құрыштай
Нар сияқты қайратты ем.
Шалғы оратын сырылдап –
Саз шығатын қаншалық –
Шегірткелер шырылдап,
Бозторғайлар ән салып...
Тұла бойға от еніп,
Бекем байлап белімді,
Кететін ем көтеріп
Бір шөмеле шөбіңді.
Сауылдайтын тер көзге!
(Қазір енді армандай).
Болатын ем сол кезде
Бұлт көтеріп тұрғандай.
Бүгінде енді шаршап мен
Сенделемін, сабылам...
Сол бір шақты аңсап мен
Сағынамын, сағынам.
Қайда – терім тамшылап! –
Өзімді өзім білген кез, –
Айырыма шаншып ап
Бұлт көтеріп жүрген кез?!
ҚУЫРШАҚ – ТАҒДЫР
Қуыршақпыз, бәріміз қуыршақпыз!
(Соны ескермей кететін ұмытшақпыз).
Қуыршақпыз, бәріміз қуыршақпыз.
Қазір біздің басымыз айналып тұр:
Біле алмаймын – қай бағдар, қай бағыт бұл...
Бүкіл біздің өмір мен тағдырымыз
Көрінбейтін жіптерге байланып тұр.
Сол жіптермен тұрасың, жығыласың,
Сол жіптермен түрленіп, құбыласың!
Көрінбейтін көзіңе сол жіптермен
Бұғынасың, ал бірде бұрыласың...
Сол бір жіптер тәркі етті – ерен едім!
Сол бір жіптер жер етті – кемел едім!
Көрінбейді сол жіптер –
Әттең, әттең! –
Асылып-ақ соларға өлер едім.
КӨЛ БЕТІНДЕГІ КЕШКІ ФАНТАЗИЯ
Көл де тұнық, сөз тұнық,
Тұнық ой да, сана да...
Батар күнге көз тігіп
Жас қыз отыр жағада.
Шапақ бояп аспанды,
Тұнып қалған айнала.
Қыз лақтырар тастарды
Көл бетіне жай ғана.
Басың қалай айланбас.
Жүрек-шіркін селк етіп, –
Қыз лақтырған майда тас
Түскен сайын шолп етіп.
Шолп етеді...
Тұрады
Дүниені ән бөлеп, –
Су бетіне шығады
Қүйтабақтар дөңгелеп.
Көзге сіңіп суреті,
Көңіліңе – сорабы...
Сол тастардан
Су беті
Күйтабаққа толады.
ТӨКЕН ЖҰМАҒҰЛОВ
Жатыр бүгін қуанып бар тұсымыз.
Өзіңізге көп бүгін алғысымыз.
Ел мен жұртың қаумалап тойлап жатқан
Құтты болсын, ағажан, Алпысыңыз!
Қиындықты қақ жарып кешкен ағам.
Маңғыстаудың желіндей ескен ағам.
Жал- құмдардың ішінде туғанменен
Толқындардың жалында өскен ағам.
Тұла бойы қайрат- күш қайнап тұрған
Жігері бар намысын қайрап түрған
Бір сиқыр бар сөзінде сайрап тұрған,
Бір сиқыр бар көзінде ойнап тұрған.
Жаралған ол күресіп, тартысуға,
Жаралған ол шайқасып, шарпысуға.
Отыр ағам, мінеки, алдарыңда
Отыздағы жігіттей Алпысында.
Ақтарылып бүгін ол шешіледі.
Аспандатып көңілін өсіреді.
Ағысындай Жайықтың есіледі
Маңғыстаудың желіндей көсіледі.
Жаралғандай жансың ғой жарасымға.
Бауыр болған бар жақсы, бар асылға.
Азаматтар өзіңдей сирек- сирек
Маңғыстау мен Атырау арасында,
Тіпті мынау қазақтың даласында!
АНА ҚҰДІРЕТІ
Бүгініме жеткен өтіп кешеден, –
(Ол бар кезде еңсе тіктеп өседі ел!)
Келе жатты айдай толған бір Ана
Жалғыз өзі қызыліңір көшемен.
Жүрек-байғұс ысиды ма, тоңа ма?.. –
(Осындай бір жұмбақ сәт те болады ә!)
Айналасын бозғылт мұнар көмкерген
Қалқып басып келе жатты сол Ана.
Келе жатты Ана деген Ұлы Адам.
Шам сияқты құйылады нұр одан.
Ол қасынан өткен кезде
Бұрышта
Есін жиды жылап тұрған бір адам.
Жеткізе алмас ол суретті абызың.
Айту оны бірақ сенің парызың, –
Ол жақындап келген кезде
Селт етіп
Ашып алды гүлдер біткен қауызын.
Жүрген жан ем өшіп талай, сан жанып
Тұрмын, міне, таң қалып та, дағдарып:
Сипады Ана қолыменен бір тасты,
Шөптер өсті сол тасыңды қақ жарып.
Жақындаса ол – жолын тапты адасқан.
Жақындаса ол – кілт тоқтады таластар.
Сол бір Ана өткен кезде қасынан
Бойын жазды ауру, дімкәс ағаштар.
Көріп оны тебірендім, толғандым!
Ол жақындап келген кезде –
Таң қалдым! –
Жер астынан өсіп шықты шуылдап
Аппақ күміс шыбықтары фонтанның!
КЕМПІР ЛАҚТЫРҒАН ТАС
Оңбас! – бұған күлген кім!
бұлт құсап түйіліп
Тас лақтырды бір кемпір
Ызаланып, күйініп.
Сөзге босқа жармаспа!
Кереметті көр енді, –
Қуат бітіп сол тасқа
зырлап ала жөнелді.
Дүниеде көрмедім
Мұндай қуат күшті мен, –
Зырлады тас шөл, көлдің
Ормандардың үстімен.
Бір зырлаған тоқтамас!
Жұлдыз болып ақты ғой...
Жұдырықтай қара тас
Ұшып бара жатты ғой.
Босқа кетіп қаңғымас!
Қорықпа да, шошыма.
Тиеді екен сол бір тас
Кімнің барып басына?!
ҚОРҚЫНЫШ
Өткізбейтін жал-құмға
Қалған-сынды тіреліп, –
Отыр адам алдымда
Үндемейтін түнеріп.
Жай бір нәрсе сұраңыз, –
Біле тұра білмейді.
Сөз айтпайды бір ауыз.
Жұрт күлсе де, күлмейді.
Қымтап алып жан-жағын
Қарамайды кісіге.
Үміт, ойын, арманын
Қамап қойған ішіне.
Қорқып ойға батамын,
Былай қалып күлгенім...
Отыр адам
Ап-ауыр
Құлыпындай түрменің.
БҮГІНГІ ҚАЗАҚ КЕДЕЙІ
Кеудесі қан,
Жұтқаны шаң,
Отызда шал,
Қырықта сал,
Алдында жар,
Артында жал...
Жаққаны көң,
Көргені көр,
Таңдайы шөл,
Маңдайы тер,
Көздері шер,
Көмейде тас,
Жанарда жас.
Тұла бой нас,
Ұйысқан шаш.
Түйілген қас,
Иілген бас.
Жалаңаш!
Аш!
КӨҢІЛСІЗ КӨРІНІС
Жүзін көріп азып-тозған даланың
Ауыр тартып тұнжырайды қабағым...
Сортаң жерлер қопсып жатыр ақ жем боп
Кеуіп қалған ауызындай жараның.
Ішінде бір тұрғандаймын майқанның.
Жел сыпсыңы сыпсыңындай сайқалдың.
Құйындар жүр шыр көбелек айналып
Құтырынған биін билеп шайтанның.
Бұл дүние даламменен араздай.
Мұндай кезде не азады – дала азбай!
Бет-бағдарсыз қалбаңдайды сыңар құс
Жел ұшырып алып кеткен қағаздай.
Оқығандай қатал, ауыр өкімді
Аптап ыстық алып түсер бетіңді.
Төбелер мен қыраттар да шөмиіп
Жатып қалған жадау түйе секілді.
Қуысындай жетім қалған көңілдің,
Жел көтерген құм ішінде егілді үн...
Алба-жұлба бұлт шығады көгіме
Алба-жұлба шапанындай Елімнің.
БЕЗІНГЕНДЕ
Таппай оң мен солымды
Болам жолсыз қалғандай...
Қол алыссам
Қолымды
Жылан шағып алғандай...
Ондай кезде өлеңмен
Жоғалтамын ерікті.
Құшақтассам біреумен –
Құшқандаймын өлікті...
ЖЕГІ ҚҰРТТАР
Десемде: енді кімнен жасқана алам
Көзімді мөлтең-мөлтең жас қамаған...
Аузын ашып тұрған арандай ғып
Мен кеше құтылып ем аждаhадан.
Қарамай өткен күннің бәлесіне
Арманның шығып едім белесіне.
...Жалмаңдап
Қаптап өріп жегі құрттар
Елімнің түсті келіп денесіне.
Ойлаумен күнделікті ағымымды
Елемей кетсем керек тағылымды.
Сырттан кеп,
Іштен шыққан сол бір құрттар
Қиюда талшығым мен тамырымды.
Бұған жұрт күйеді ме, күймейді ме?
Жауап бер,
Жүйелі де,
Киелі де,
Елімнің қанын сорып, –
Сол құрттарың! –
Барады үңгіп кіріп сүйегіме.
Жайлауын жақсылықтың жайлаған ем.
Ертеңге үмітімді байлаған ем...
Қаптаған Жегі Құрттар
Сөйлеп тұрған
Тілімді қырықпақшы айла, амалмен.
Мұны жұрт, –
Құдайым-ай! –
Сезеді ме?!
Сезсе егер шынымен-ақ төзеді ме?!
Сол құрттар білдірместен қырқып, үзіп
Түспекші енді келіп өзегіме.
Түссе егер онда мені өледі де.
ТҰТҚЫНДАР
Айтар кезде –
Ешқашан да бұққым жоқ.
Айтар кезде –
Ешқашан да бүккім жоқ.
Барар жерін,
Шығар жерін білместен
Маскүнемдер араққа жүр тұтқын боп.
Көше кезіп көр боп кеткен қайран жан!
Соны көріп қаншама мен қайғы алғам.
Жүр ғой қазір –
Қанша менің ұрпағым! –
Есірткіге тұтқын болып байланған.
Сол сұмдыққа, –
Қара қәне –
Қаймықпа!
Күреске шық,
Қасіретті жайды ұқ та.
Толтыра алмай қомағайлық құлқынын
Біреулер жүр тұтқын болып байлыққа.
Керегі жоқ ол жандарға ешкім де.
Қарамайды өштің бе, әлде өстің бе?!
Ал біреулер өз жұртынан безініп
Тұтқын болған басқа тіл мен дәстүрге.
Иыққа алдық болашақтың жүгін біз.
Әнге қостық болашақтың үнін біз.
Сол адамдар босап шықса тұтқыннан
Қандай биік Ел болар ек бүгін біз.
Зердеңе сал,
Санаңа құй,
Ұқ мұны! –
Мәңгілікке есіңе ұстап тұт мұны.
Тұтқын болсаң болу керек тек қана
Елге деген махаббаттың тұтқыны.
КЕЗДІК
Сырласқандай тұңғиықпен, тереңмен
Бар айнала тыныштыққа бөленген.
Сол бір сәтте күркіретіп аспанды
Реактивті ұшақ өтті төбемнен.
Бұзғандай ол шетім менен шебімді, –
Суық бір леп шарпып өтті бетімді.
Бара жатты тіліп ұшып көгімді
Аппақ ұшақ аппақ кездік секілді.
Еңсені езді ауыр қара мұң шығып.
Көкірегім қарс айырылды күрсініп.
Тұла бойы тыжырынып, түршігіп
Дүние тұр бір уыс боп тұншығып.
Бұл өмірде сор да көрдік, бақ сездік.
Қуанышты,
Қайғылы да шақ кездік.
...Аспанымның аппақ майын ақтарып
Іреп сойып бара жатты Ақ Кездік.
ЭКСПРОМТ
Көңіл нала,
Ұйқы шала.
Іште жара.
Айнала
Қиқым-қара, –
Ойлары –
Құлқын ғана.
БЕЙПІЛ
Тұтамды –
Ұзын құлаш қып,
Айтады жоқты рас қып.
Өн бойы оның былғаныш,
Өн бойы оның ластық.
Мылтығын кезеп оқтап тұр.
Күйдіріп жанды шоқ сап тұр.
Алдында жұрттың
Аузына
Не келсе соны оттап тұр.
Мүдіріп,
Яки саспайды.
Ұялып,
Яки қашпайды.
Кім болсын, мейлі, бәрібір
Бүлдіріп,
Былғап тастайды.
Сөзінен шыдам сынады,
Сөзінен құлақ тұнады.
Аузына ақ ит кіреді,
аузынан көк ит шығады.
Біреуі сонсоң арпылдап,
Біреуі кетер арсылдап, –
Елінің кірер етіне
Азу тістері қаршылдап!
Ондағы сұмдық зор бүлік
Жіберер үгіп бор қылып, –
Ардақтарымды сорлатып,
Азаматтарымды қор қылып.
Тілемен мұны қасыма! –
Құсады адам асыма.
Жуындысын, –
Құдай-ай! –
Төгеді халық басына.
Түзеліп ізі көшіңнің
Кіреді қашан есің бір, –
Айырылып кеткір ауызың,
Түбінен тілің кесілгір!
БАУЫРДАҒЫ ТАС
Шүкір, аман жер шебі, –
Аман бақ та, бауым да...
Бірақ басып еңсені
Тас жатыр ғой бауырда!
Дүниемен арбасқан
Сөйлесек те жалындап, –
Бауырдағы сол тастан
Жүрміз қазір ауырлап.
Жүк түсіріп тілекке
Айналған бір жараға, –
Жатыр тастар жүректе,
Жатыр тастар санада!
Құрдымдарға батамын
Тас төбемнен ұрғандай...
...Армандар да ап-ауыр
Тас көтеріп тұрғандай.
Жетсін еп пен себіміз
Жата алмаймыз шалқалап...
Жүргендейміз көбіміз
Қара жартас арқалап.
Қар-жаңбыры аралас
Бұл өмірге теліндім.
Түсер ме екен қара тас
Иығынан елімнің.
Ойлап – ағып жасым да! –
Отырамын шөмейіп
Бауырдағы тасым да
Бара жатыр көбейіп...
Тілегім тек – біліңіз! –
Елді қорлап сөкпейік,
Бірімізге біріміз
Тасбауыр боп кетпейік!
ӘУЛЕКІ
Сыймайсың аспан асты, жер бетіне.
Даярсың түкіруге ел бетіне.
Өңешті кепкен көндей жыртатұғын
Тап болдық сен сияқты әулекіге.
Жимайсың, –
Білем енді! –
Айылыңды.
Білмейсің кінә менен айыбыңды.
Қарақан – қара бақыр! – басың үшін
Талайсың Парасат пен Пайымымды.
Білмейсің мейірім мен қайырымды.
(Үмітім сенен енді майырылды).
Танымай жүр екенсің Жайыныңды! –
Бір түртіп жоқ қылатын қайығыңды.
Бір болып сұрқиямен зәлімменен
Кезің бұл сөзге ие боп «дәуірлеген».
Жабысқан балағына Арыстардың
Тұрпатың құрысыншы шәуілдеген.
КӨШЕ МҮЙІСІНДЕГІ ЖАЛҒЫЗ АҒАШ
Дау-дамайдан адастым
Өзімше ой кешемін, –
Дегендей-ақ ағаш тұр
Мүйісінде көшенің.
Жаңбыр құйып,
Ышқынып.
Боран оны сілкеді;
Жел сұғанақ ысқырып
Тұла бойын тінтеді.
Жоқшылықты қабыл ап
Еңкіш тартып қайысқан, –
Жапырағы қобырап,
Бұтақтары майысқан.
Абыр-сабыр жол бойы.
Көрініс бұл күндегі...
Жұлым-жұлым өн бойы,
Жырым-жырым діңгегі.
Тұрған ағаш бүгіліп,
Маған туыс, жақындай, –
Тіршіліктен түңіліп
Ішіп кеткен ақындай.
КӨКТЕМ КЕШІ
Көкіректен, Өлең, саулап құйылшы!
Тәубә! Тәуба!
Қызықты осы бұйыршы.
Нұрын шашып,
Гүлін шашып түстіктен
Көктем көшіп келе жатыр –
Сүйінші!
Келе жатыр бір жыл салып араға
Жаңғырып тұр жан-жүрек те, сана да!
Көктем көшіп келе жатыр қалаға,
Көктем көшіп келе жатыр далаға.
Көңіл-шіркін құс боп көкке ұшады.
Ұмытпастан мұң мен қайғы құсаны.
Күмбір-күмбір үнге толы кеудесі,
Қызыл, сары гүлге толы құшағы.
Жеттім бе деп біреулер жүр «тобалап»
Қозы, қойын біреулер жүр қоралап...
Аспан асты салдыр-гүлдір
Бейне бір
Кеткен-сынды бос күбілер домалап.
Бұрқырайды буы шығып бөктердің.
Сол бөктерге гүлдер төгіп кеткен кім?!
Аспандағы ауыр қара бұлттар
Жүктері мен теңдеріндей көктемнің.
ШАҒЫН АЛҚАПТА
Саздарына үндердің
Құлақ түр де,
Қара бір:
Ерінінен гүлдердің
Шырын сорып ара жүр.
Қанша күн мен түн кешіп
Осы жерді тапқандай, –
Аппақ қайың гүл кешіп
Жүріп келе жатқандай.
Қуаныштан жанарға
Кетеді ғой жас толып.
Тұрасың ғой
Дем алған
Ауаға да мас болып.
Көтерілген төбеге
Күннің нұры қызады.
Кесте төгіп әуеге
Инеліктер ұшады.
Көңіл-шіркін тасиды-ай
Жарылуға шақ қалып...
Тұрған кезде осылай
Жан-жүрегің шаттанып, –
Түсірді ғой қапаға
Бар әсерді талқандап, –
Қара қоңыз жапаға
Бара жатты тоңқаңдап.
ӨКІНІШТІ ТІЛЕК
Бәрі, бәрі өзгерді,
Суық басты денені.
Ести, ести сөздерді
Керең болғым келеді.
Кеттім қазір бүгіліп
ойдың бітті дерегі.
Сөйлей, сөйлей
Түңіліп
Мылқау болғым келеді.
Өз-өзімнен езіліп
Жиып қойдым дәмені.
Көре, көре
Безініп
Соқыр болғым келеді.
...ӨЙТКЕНІ
Ол жүр десе,
Жүргіміз
Келмесе де жүреміз.
О күл десе,
Күлкіміз
Келмесе де күлеміз, –
Ақшасы көп қой өйткені.
Жанымызға батса да
Үндеместен мүлгиміз.
Ақымақ сөз айтса да
Басымызды шұлғимыз –
Ақшасы көп қой өйткені.
Ой айтпаған әлі бір,
Кім екенін білеміз.
Сондадағы бәрі бір
Жетегінде жүреміз, –
Ақшасы көп қой өйткені.
Ол келсе егер «айдай» боп
Қуанышқа батамыз.
Құшақтаса,
Майдай боп
Еріп бара жатамыз, –
Ақшасы көп қой өйткені.
Сездірмейміз сықырын
Теңселсе де өреміз...
Төбемізге
Тұқылын
Сөндірсе де көнеміз, –
Ақшасы көп қой өйткені.
АУЫЛДАҒЫ ЖЕСІР АНА
Төзген талай қиындыққа, ауырға,
Төзген талай боран менен дауылға, –
Отыр ана ошақ басын күзетіп,
Қалған жалғыз қиыр, алыс ауылда.
Келмейді оған туысқан да, таныс та,
Бар қызығы кеткен-сынды ғарышқа!
Анда-санда жолға шығып қамығып
Ұзақ-ұзақ қарайды Ана алысқа.
Семіп қалған,
Қатып қалған қатпа боп.
Қуыс үйді жылытатын от та жоқ.
Бір баласы –
Жатыр оның түрмеде,
Бір баладан –
Хабар да жоқ, хат та жоқ.
Үміттене,
Үміттене тұралап
Ашады ана күндіз-түні құмалақ.
Бір баласы –
Кеткен әйел соңынан,
Бір баласы –
Кеткен базар қуалап.
Бұл заманның не боп кетті құлқыны.
Ұмытқан ол қуанышты, күлкіні.
Шүйке құсап бір уыс боп бұрышта
Отыр ана хабар күтіп күн-түні.
Кеткен одан мейрамың да, сайран да
Түскен оның жан-жүрегі ойранға.
Отыр ана жалғыз өзі жабығып
Бар баласын жібергендей майданға.
ТҰСАУ КЕСЕР ЖЫРЫ
Қаз-қаз тұрған сәбиді
Рухымен бабаның
Бата беріп жебеп ал!
Сонан кейін апарып
Бесігі деп түріктің
Алтай тауға бөлеп ал!
Бөлеп ал да, шешіп ал!
Жөңкіп көшкен көктегі
Қара менен ақ бұлттың
Түбітінен иіріп
Ала тұсау есіп ал!
Жамандықтың беті аулақ!
Сондадағы адамға
Жүру үшін күш керек.
Туған жердей қуатты
Ештеңе жоқ өмірде! –
Сарыарқаға жеті аунат.
Бұл тіршілік толқын ғой.
Сол толқыннан өткенде
Берсінші деп жолын бір, –
Атыраудың ақ жалды
Толқынына шомылдыр.
Тұсау кесер алдында
Керегіңді сайлап ал:
Бір пышағын қайшының
Қаратауға қайрап ал;
Бір пышағын қайшының
Алатауға қайрап ал!
Қандай қиын белде де,
Қандай қиын жерде де
Түспесінші қабағың.
Туған жердің төсінде.
Жығылмастан, сүрінбей
Алшайып жүр, қарағым!
ӘУРЕШІЛІК
Бетін жұлар қарсы келсе беттеп кім,
Мына заман заманы ма көкбеттің?!
Салатұғын әуре менен сарсаңға
Өнбейтін дау, өнбейтін сөз көп боп тұр.
Жүрегіңде сөнген нұр да, сәуле де.
Сондадағы нан пісіп тұр кеудеңде!
Бой мен ойы жетпейтұғын іс жасап
Түседі ғой әурешілік, әуреге.
Жұлқынады, білмесе де білем деп.
Ұмтылады қара аспанды тілем деп...
Қабыршақ мұз бұза алмайтын бұл сорлы
Қара жерді қақ айырып жібермек!
Күн құшақтап, Айды сипап аймалап, –
Тұрғандай ғой Жер мен Көкті жайлап ап.
Әне біреу қамшысымен бір тұтам
Дүниені алдына сап айдамақ.
Деп ойлайды: маған бәрі табынсын.
Деп ойлайды: маған бәрі жалынсын.
Дауылдарға қарсы салмақ ықтырма.
Қара дауыл ықтырмаңды неғылсын?!
Қыздырады болмас істің көрігін,
Салады ғой соған жанын, өлімін.
Көлденеңнен жатсаңдағы алдыңа
Әурешілік тоқтамайды бәрібір.
Тоқтамайды! Қойқаң-қойқаң жүр басып,
Сөз сөйлейді айналаға жын шашып, –
Тау құлатпақ – тасын алып дорбалап,
Өрт сөндірмек – елекпенен су тасып.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру