Жаным – арымның садағасы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Бақтыгүл Тілепова — «Жаным – арымның садағасы». БАҚТЫГҮЛ ТІЛЕПОВА
/uploads/aec872c6-ad57-5ff9-8336-b7f6eb77f779/cover.png
Драмалық қойылым
Қатынасушылар:
1. Анасы
2. Әкесі
3. Қалмырза
4. Мәтжан
5. Жауынгер
6. Командир
7. Көрші келін Қибат
8. Қарындастары (2 қыз)
9. Бірнеше солдаттар, дұшмандар.
(Сахна ашылмастан бұрын қайғылы музыка фонында оқылады)
Асыл аға, жауға аяусыз қарысқан,
Ұлы күнде арманыма табысқан.
Бар болмысың дұшпандардың оғынан,
Командирді қорғау үшін алысқан.
Құп алғайсың, аруағыңа бас иіп,
Ерлігіңе біз олардың алысқан.
Түрілсін енді шымылдық
Ерлігіңді өнеге етіп ұрпаққа.
Жыр қылайық біз сізді
Отан үшін, ерлігіңді алысқан.
бірінші көрініс
Сахна жабық (той музыкасы, айқай-шу, көңілді әңгімелер.)
Қалмырза, әкесі, анасы, ағайындар, 2-3 досы, балалар, қарындастары шығарып салуға сахна сыртына шығады.
Анасы:
- Балам, аман-сау елге оралуыңа тілектеспін. Енді сені көрем бе, көрмеймін бе? Бір Құдайдың өзі біледі. Аман-сау елге оралуыңа тілектеспін.
Баласы:
- Анашым, ондай сөзді айтпашы. Елдің балалары да барып-келіп жатыр ғой. Екі жыл дегенің не? Көзді ашып-жұмғанша өтер. Бұл – менің борышым. Жыламашы, анашым!
Әкесі:
- Ал, балам, алыс жолға аттанып барасың. Ата-бабаң өз қандарымен елін-жерін қорғаған. Сен де ата-бабаларыңның жолын қуып өз борышыңды абыроймен өтеп қайт. Ал, енді алақаныңды жай. Ақ батамды берейін.
(Барлығы отырады, әкесі батасын береді. Ән-музыкамен шығарып салады.) Перронда әнмен шығарып салу. Жарық сөніп, қою қараңғылық орнайды. Қайғылы музыка фонында:
- Жолдас жауынгерлер, Сіздер еліміздің түкпір-түкпірінен ауған жерінде интернационалдық борыштарыңызды өтеуге келдіңіздер. Жат жердің ой-шұқыры бөлек дегендей, сырттан келген жаулардан Ауған демократиялық мемлекетін қорғай білейік. Советтер Одағының және коммунистік партияның сенімін ақтайық!
- Совет Одағына қызмет етемін!
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Сахна ашылады: (Ауған көрінісі, солдаттар, атыс-шабыс) кетеді, музыка ойналып тұрады. Пистолет атылғанда, сахнада жарық өшіріледі, Музыка ойнап турады, әр жерден атылған оқтың дауысы естіледі. Ауған жері... Бір шетте 3 жауынгер от жағып, әңгімелесіп отыр.
Мәтжан:
- Қалеке, қалай, ауылдан хат алып тұрасың ба, бір жерде жүрсек те бір-бірімізбен жүздеспегелі көп болды-ау!
Қалмырза:
- Иә, Мәтжан, кеше хат алдым, бәрі жақсы, сәлем айтып жатыр. Аманшылық болса, жуырда барамыз ғой.
Мәтжан:
- Әрине, әрине.
(Осы мезгілде 3-ші жауынгер келеді.) 3-ші жауынгер:
- Қалайсыңдар, жігіттер? Қай жерденсіңдер? Қалмырза:
- Маңғыстауданбыз, бауырым. Мәтжан:
- Форт-Шевченко деген қаладан, Каспийдің жағасынан.
3-ші жауынгер:
- А-а, 362 әулиесі бар киелі Маңғыстаудансыздар ма, білемін. Қалай сағындыңдар ма? Хат-хабар келіп тұрған болар.
Қалмырза:
- Әрине, шүкір.
3-ші жауынгер:
- Қалай жігіттер, ауылда сүйген қыздарың бар шығар? Мәтжан:
- Бар ғой, бар! Иә,ағасы, туған жерді сағынып кеттік, жырақта жүргенде білесің ғой, туған жер, тумаластың қадірін.
Қалмырза:
- «Туған жердің түтіні де тәтті» деген сөз осы сағыныштан туған ғой.
3-ші жауынгер:
- Иә, жігіттер, бұйыртса ауылға да барармыз, қазір демалайық, ертең не күтіп тұрғанын бір Құдай білер...
Мәтжан:
- Оның рас, бауырым, аман болайық. Қалмырза тапсырманы естідің ғой, өзіңді сақтай жүр, Ахмад Сайд адамдары арнайы дайындықтан өткен, олар өте қауіпті.
Қалмырза:
- Иә, Мәтжан, сен де сақ бол.
(Үшеуі қосыла «Ауылым» әнін орындайды.)
ҮШІНШІ КӨРІНІС
(Сахнада анасы отыр мұң басып, ыңылдап, жүгіріп көрші келіні Қибат келеді.)
Қибат келіні:
- Әй, жеңеше, не ыңылдап отырсың, Сарыбайдың үйіне келін түсіп, той болғалы жатыр, соған бармаймыз ба?
Анасы:
- Иә, шырағым, айтқан, бірақ түнде бір жаман түс көріп, мазам болмай отырғаны,
Қалмырзам аман болса игі еді.
Қибат келіні:
- Қойшы жеңеше, қайдағы жоқты айтып, жаман ырым бастамашы, «түс - түлкінің боғы» емес пе?
Анасы:
- Иә, Қибатжан, тұла бойым құрысып, өз-өзіме келе алмай отырғаным, ылайым да солай болсын.
Қибат келіні:
- Әй, жеңеше, жарар енді уайымдамай, елдің балалары аман-есен оралып жатқан жоқ па, ел аман, жер тыныш.
Анасы:
- Иә, келін-ау, айтқаның келсін, солай-ау, бірақ мына үйдегілер де маған дұрыс айтпай отыр, біресе соғыста, біресе ауғанда жүр дейді, біресе союзда жүр дей ме?
Қибат келіні:
- Қой енді, жеңеше, уайымдай бермеңіз, қайнымның әлі келін түсіру тойын да жасармыз. Немере сүйіп, талай қызыққа кенелерсіз.
Анасы:
- Иә, келінжан, аузыңа Құдай салған шығар, айтқаның келсін! Ай, Бекет ата, бір өзің жар бола гөр!
Қибат келіні:
- Ағекем қайда осы?
Анасы:
- Мана ертемен Шетпеге жүкке кеткен, кештетіп келетін шығар.
Қибат келіні:
- Жеңеше, тез бол, шашуды молырақ алыңыз, келіннің де келетін уақыты болды, барайық.
Анасы (оңаша қалып):
- Иә, барсам барайын. Түсі құрғырдың өңімді қашырғаны-ай. Тіпті есімді алды-ау, тіфә, тіфэ, құлыным тек аман келсін. Ей, Бекет ата, өзің жар бола гөр!
(Сырттан «Жеңеше, бол!» деген Қибат дауысы естіледі.)
Анасы:
- Иә, иә, шырағым, барсам барайын.
ТӨРТІНШІ КӨРІНІС
(Сахнада жарықтың бәрі жанады)
Командир:
- Жолдас жауынгерлер, бүгін бізге барлаушылардан хабар келіп түсті. Мазар Шари жерінен Ахмад Сайд бір топ жасағымен келе жатқан көрінеді. Солардың көзін жойып, жолына тосқауыл қойып, керуенді қолға түсіру керек. Сіздерден сұрарым. Сайд – өте қу, сақ адам. Оның жасағы арнайы дайындықтан өткен, өліспей беріспейді. Сондықтан, өте сақтық керек, менің сіздерден сұрарым - өте сақ болу, маған сендердің тірі болғандарың керек. Бір-біріңді қорғай жүріңдер. Дайындалыңдар, 10 минуттан соң жүреміз. Жауынгер Берішбаев!
Қалмырза:
- Иә, жолдас командир!
Командир:
- Сізге айрықша тапсырма, шамаларың келсе, Саидті тірілей қолға түсіру керек. Ол көп нәрсе біледі. Бірақ, сақ бол.
Қалмырза:
- Құп болады, командир! Бұйрығыңыз орындалады!
(сахнада жарық сөнеді, айқай-шу, атыс, соғыс жүріп жатыр.)
(Сахнада свет жанады, керуен қолға түскен)
Қалмырза:
- Жолдас командир, бұйрығыңыз орындалды. Саидті қолға түсірдік, өліспей берілмеді, жаралы күйде ғана алып келдік.
Командир:
- Рақмет, жауынгер Берішбаев! Бүгінгі ерлігіңе өз атымнан алғыс жариялаймын. Тапсырманы ойдағыдай орындадыңыз, шығын қанша, қанша адам жарақат алды?
Қалмырза:
- Төрт адам жеңіл жаралы, екі адам ауыр жаралы, жолдас командир! Сақ болыңыз!
(Кеудесімен командирді қорғай жерге қулайды, атыс, айқай-шу.)
Сахнада жарық сөніп, бір шетте командир Қалмырзаны бауырына алып отырады. (Жарық екеуіне кезек түседі)
Командир:
- Қалмырза, көзіңді ашшы, сен өлмеуге тиіссің, қазір көмек те келеді.
Қалмырза:
- Жолдас командир, сіз тірісіз бе? Арымнан жаным садаға, сіз тірі болсаңыз болғаны.
Командир:
- Қалмырза, сен өлмеуге тиіссің, шыда-шыда, көмек те келеді.
Қалмырза:
- Жолдас командир, денем суып барады... Анама айтыңызшы, жыламасын, мені жоқтамасын, мен әркез олармен біргемін.
Командир (жылап):
- Жоқ-жоқ, сен өлмейсің! Сен мәңгі тірісің! Сенің ерлігіңді аңыз қыламын. Тойыңа барамыз әлі, сен өлмейсің, бауырым!
Қалмырза:
- Жолдас командир, мен... мен... тоңып барамын... Бэріне сәлем айтыңыз, қош болыңдар, бауырларым.
БЕСІНШІ КӨРІНІС
(Қалмырза көзін жұмады, қайғылы музыка)
Сахнада анасы, ішкі мұңы монолог етіп жіберіледі
Анасы:
- Құлыным-ау, өткенде көрген түсім шаңырағыма түскен іс болды-ау.
Жастығыңмен жауға атылдың оқ болып,
Әндететін кезің еді ауылыңда төс керіп,
Жаудың оғы сау мүшеңді жоқ етті-ау...
Зарлана
Алты да қанат ақ орда,
Мезгілсіз бір уақытта
Айға қарап тігілді-ау,
Кешегі жүрген құлыным
Өзіммен бірге жүрмесе
Дүние жалған екен-ау!
Қайтейін, құлыным-ау, құлыным!
Сахнада музыка ойналад. Бейбіт күн, Қалмырза бейіті, анасы, бір топ аудандық достары, тумаластары шығып, гүл шоқтарын қояды. (Құралдың әні орындалып тұрады). Осыдан соң қойылымның қатысушыларын таныстырады.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру