TELEGEI

Home

Раушанбек

Бабалар сөзі

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Раушанбек

Раушанбек

«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН

ЖҮЗ ТОМДЫҚ

БАТЫРЛАР ЖЫРЫ

Бастайын Раушанбектің хикаятын,
Баласы Толыбайдың асылзатын.
Тарихын бастан өткен айтып берсем,
Болады қалай теріс насихатым?

«Зер қадірін зергер білер» деген мысал,
Айырмас танымаған сөздің парқын.
Бар екен Шаһарқұла деген қала,
Билеген Шағдат патша бүкіл халқын.

Жайылған әр дуанға мағлұматы, 10. Қайтпаған адамзаттан ешбір пәті.

Шағында өз жұртына артық бопты,
Халқына жүргеннен соң үкіматы.
Алпыс мың сексен алты сәргарда бар,
Зорлықшыл, өзі күншіл, пейілі тар.

Бір күні барлық халқын жиып алып,
Сұрапты: – Менен артық елде кім бар?
Жиналып қол астының келді бәрі,
Отырды патша алдында жас пен кәрі.

Бір палуан қол қусырып жауап берді, 20. Аттары Мейрамбасы деген ер-ді.

Белгілі палуан еді жаһан кезген,
Мұртына әсемдікке маржан тізген.
Майданда атқа мініп қарсы тұрса,
Көргендер тұлғасынан жаннан безген.

Бұл айтыпты: – Шағдат хан, сөзім тыңла,
Тыңласаң таңғажайып бар-дүр мұнда.
Есіттім мұсылманда бір патшаны,
Жауабым жалған емес, хилап қылма.

Патша екен дәрежелі, асқан сәні, 30. Көтерген тәрбиелеп мұсылманы.

Бір күні дұшман болып қарсы шығар,
Қанеки күн бұрыннан алсақ оны.
Көрген жоқ әскерлерің көптен ұрыс,
Бұл сөзім қалай, тақсыр, болар бұрыс.

Ей, шаһым, көңіліңізге қалай келер,
Дұшманға әскер алып ашсам ұрыс?!
Кеңесін мұның Шағдат ақыл көрді,
Ар-намыс, өз көңіліне мақұл келді.

«Әскерім бірі қалмай аттансын» деп, 40. Қайрат пен ашу қыстап шақырды елді.

Қарумен көп әскерін аттандырып,
Шағдат хан айтты мынау нақылды енді.
«Пенде ғып қолын байлап алып кел» деп,
Ақырып, қаһарланып алып демді:

– Астымда бар алтын тақытым,

Назбедеуге жабу жаптым.
Тез барыңдар, батырларым,
Ашылмай ма менім бақытым.
Арылдатып тұман басып,

50. Жау шабыңдар араласып.

Қонған жерге қарауыл қой,
Қалмаңдар ұйықтап қара басып.
Жаудан қорқып қашып келің,
Өлтіремін дарға асып.

Сен қашпасаң жау қашады,
Қаптай шауып ұмтылсаңдар,
Түрікпендер қалар сасып.
Шағдат хан көп әскерге айтты солай,

Мейрамға айтқан сөзі келді қолай. 60. Тарттырып сырнай-керней, дабыл қағып,

Ту ұстап Мейрам батыр жүрді бұлай.
Ақылхан түрікпен елдің ханы еді-ай,
Салдырған салтанатқа неше сарай.
Қызықтың неше түрлі бәрі сонда,

Көрген жан кете алмаушы ед қарай-қарай.
Тағдырдың әрне болса қалауында,
Толыбай сыншы бар ма хабарыңда?
Ат сейіс сыншы болып өткен екен

Әлгі айтқан Ақылханның заманында. 70. Үргеніш мекен еткен жерлері екен,

Бақ-дәулет жасынан-ақ берген екен.
Бар екен Раушан атты жалғыз ұлы,
Толыбай қаза жетіп өлген екен.
Тартпаған әсте Раушан қапалықты,

Жасынан үлкендерден бата алыпты.
Ажарлы, ақылы толық болғаннан соң,
Раушанбек сол себептен атаныпты.
Раушанға жасынан-ақ бақыт берді,

Қаратты ауызына тамам елді. 80. Халық билеп, сауық құрып жатқанында

Шағдаттың көп әскері жетіп келді.
Қаласын Ақылханның алды шауып,
Күн бұрын білмей қалды хабар тауып.
Патша деп Раушанбекті байлап алды,

Ханынан Ақылхандай етпей қауіп.
Пенде қып Раушанбекті алып кетті,
Көңіліне қайғы-қасірет салып кетті.
Жол жүріп қызылбастар шабуылдап,

Он күнде шаһарына алып кепті. 90. Раушанды алып келді Шағдатханға,

Дұшмандар мұны көріп қалды таңға.
Мейрамға шашу шашып, дүние беріп,
Сыйлық пен әнғам берді барша жанға.
Жалладқа Раушанбекті тапсырыпты,

Бейхабар болмағайсың мұнан депті.
Сол түні Шағдат ұйықтап сарайында
Бірталай таңғажайып түс көріпті.
Түсінде тұман басты жердің жүзін,

Дауылдан аша алмайды екі көзін. 100. Ұшырды басындағы киген тәжін,

Түсірді тақ үстінен ханның өзін.
Тақытынан аударылып жерге түсті,
Көрсеткен құдіретімен Тәңірім күшті.
Жар салып Шағдат қорқып халқын жиды,

Көрген соң ұйықтап жатып жаман түсті.
Ханыңыз қайғыланып көрген түстен,
Сандалып қалтыраумен есі кеткен.
Мирахор жалладтарға хабар айтып,

Сәргарда баршасына хабар жеткен. 110. Келіпті сәргардалар хабарменен,

Патшамыз қандай ақыл табар деген.
Қалмады қол астында жалғыз адам,
Шағдат хан шақырған соң қаһарменен.
Халық келді көріп патша үкіматын,

Білмейді не айтад деп ақиқатын.
Келген соң халық жиналып сарайына,
Айтады түсте көрген хикаятын.

– Кәрі мен тегіс жидым жастарыңды,

Айтамын көпке баян дастанымды. 120. Мен бүгін таңғажайып түс көріппін,

Білмесең тегіс алам бастарыңды.
Мазмұны мұндай болды көрген түсім,
Ұшырды басымдағы бақыт құсым.
«Баяндап бұл түсімді жорыңдар» деп,

Бәріне қол астының етті қысым.

– Мен айтайын түнде көрген түсімді,

Мені бүгін алтын тақтан түсірді.
Үкәмалар, жорып берші бұл қалай?
Алтын тәжім басымдағы ұшырды.

130. Мен отырдым өңім-түсім біле алмай,

Құлап жаттым ешбір хайла қыла алмай.
Бір мені емес, тау мен тасты көшірді,
Үкәмалар, баян әйла, бұл қалай?
Көп қамалды орнынан жұрт тұра алмай,

Падишаның көрген түсін біле алмай.
Қайран болып ақылынан адасты,
Ешқайсысы түс жоруын біле алмай.
Қалдырмаған шаһардағы адамды,

Тегіс жиған жақсы менен жаманды. 140. Қаласында жалғыз мыстан бар екен

Өнерімен қанықтырған ғаламды.
Әкімдана сол мыстанның аты еді,
Қысылған соң соған берді хабарды.
Қолдан келсе істейтіні жамандық,

Көріп жүрген халық сонан азарды.
Жасынан мыстан еді Тәңірім атқан,
Патшаға шақырған соң келе жатқан.
Екі көз тостағандай маңлайында,

Қарасаң мұрыны орақтай, жағы қатқан. 150. Үстіне бір құлағын жамылғы қып,

Астына бір құлағын төсеп жатқан.
Қайқайған ерні түрік, беті тесік,
Шүңірек көз, тісі сойдақ үңгір есік.
Қара жүз, көзі шегір, түсі суық,

Айтқанмен қанша мұнда болмайды есіп.
Жасы бар үш жүз жетпіс кеткен асып,
Өзінде тазалық жоқ малғұн басып.
«Бұл түсті мен табамын, қорықпаңдар» деп,

Алдына Шағдат ханның келді басып. 160. Шағдат хан «сөйлеңіз» деп әмір қылды,

Мыстанды келіп тұрған көзі көрді.

– Бір қасық қаным кешсең, айтар едім,

Патшалық қаһарыңнан қорқам, – депті.
Шағдат хан «Сөйле, – дейді, – қаның кештім»,
Мыстаннан таба алмай тұр басқа ешкім.
Ал сонда мыстан былай сөз сөйлейді:

– Айрылған, Шағдат хан, сен ақыл-есің.

Халқыңнан көрген түске аласың бас,
Тып-тыныш қол астыңа қыласың қас.

170. Патшаның көрген түсін білді мамаң,

Баянын біле тұрып айтпай болмас.
Құлақ салып сөзімді есіт, бектерім,
Бір ер келіп алар сенен кектерін.
Бұл барғаның басыңа бәле болмасын,

Құп тыңлағыл анаң айтқан гәптерін.
Самал тұрып ұшырыпты бақытыңды,
Түсіріпті астыңдағы тақытыңды.
Бір ер келіп алар несіп тақытыңды,

Бұл барғаның басыңа бәле болмасын! 180. Ұшырыпты көлден үйрек-қазыңды,

Қыс қылады сенің көрген жазыңды.
Еш көтермес сенің айтқан назыңды,
Бұл барғаның басыңа бәле болмасын!
Тыңламайды сенің еткен налаңды,

Шулатады қатын менен балаңды.
Быт-шыт қылып бұзар бір ер қалаңды,
Бұл барғаның басыңа бәле болмасын!
Тыңламайды сенің айтқан сөзіңді,

Ол ер келсе бере алмайды төзімді. 190. Шауып-шаншып алып кетед қызыңды,

Бұл барғаның басыңа бәле болмасын!
Осылай деп жорып берді анаңыз,
Қандай болар ақырын байқап қараңыз.

– Я есітіп, я көргенің бар ма еді,

Ел көрместі қайдан білдің, анамыз?
Кемпір айтты: – Ашуыңды шақырма,
Үлкендерден көп есіттім нақыл да.
Сайыпқыран бір ер пайда болмақшы,

Шамаласам, шығады екен жақында. 200. Шыға-дүрміш асылы түрікпен елінен,

Асыл заты мұсылманның бегінен.
Өзім білем әкесін оның байқадым,
Пайда болар Раушанбектің белінен.
Емес пайда Раушанбектің келгені,

Келгеннен соң жарар еді өлгені.
Құлақ салып сөзім тыңла, Шағдат хан,
Осылайша бұл мамаңның білгені.
Айтып болды мыстан сөзін тамамы,

Шағдат ханның тарылып қалды заманы. 210. «Кешіктірмей дарға тарт, – деп, – Раушанды»,

Падишаңыз жалладтарға қарады.
Бұл сөзімнің бар демеңіз реуі,
Сіз едіңіз еліміздің тіреуі.
Жалладтар кеп мойнына арқан тартқанда,

Бас уәзірдің арыз айтты біреуі:

– Бір қасықтай кешсең, тақсыр, қанымыз,

Қаһарлансаң тәнде қалмас жанымыз.
Жұртың тегіс, өзің аман тұрғанда,
Бір жаманға келмей қалмас әліміз.

220. Өлтіргенің бір жаманды ар болар,

Құлшылықпен өткен өмір тар болар.
Әйел алмай бала қайдан туады,
Құл қып сатсаң басыменен зар болар.
Тағдыр бітпей тәбділ болмас ажалға,

Шайтан кірмей пенде жолдан азар ма?!
Үшбу ақыл падишаға қол келіп,
Сатайын деп алып шықты базарға.
Раушанбекті базарға әкеп салады,

Құл деген соң жұрттың бәрі қарады. 230. Мың да бес жүз тіллә дейді бағасын,

Ешкім алмай, базар тарқап барады.
Берсе Тәңірім қиын емес кісіге,
Қараңыздар себеп болған ісіне.
Жалғыз үйлі түрікпен жігіт бар еді,

Көптен бері бұл шаһардың ішінде.
Бұл келгелі көп жыл өткен елінен,
Байлығының саны асқан шенінен.
Өз жұртына елін іздеп кете алмай,

Мағрұр болып дүниесінің көбінен. 240. Жылқысының есебінің саны жоқ,

Ақша менен байлық-дүние тағы көп.
Ешбір дұшман жүрмейді екен маңынан,
Өле кетсе қызылбастың малы деп.
Раушанбекті базар салды тағы да,

Ғаждамбекті душар етті бағына.
Назар салып қарап тұрса Ғаждамбек,
Түрікпендердің ұқсайды екен затына.
Бірте-бірте жақын барды қасына,

Қайғы-қасірет түскен Раушан басына. 250. Өз нәсілін таныған бұл Ғаждамбек,

Рақымы келді көзден аққан жасына.
«Ойлап тұрсам қайда қалды ағайын?
Дүние иттің жасымнан көрдім талайын.
Көп болғанда бір жылғы пайдам шығар да,

Қазынасынан жеткізер тағы Құдайым.
Елден шығып келіп едім жасымда,
Жалғыздықтың бар қайғысы басымда.
Тіллә беріп мұны сатып алайын,

Інімдей боп жүре берсін қасымда». 260. Осыны ойлап жетіп барды делдалға,

Жоғары айтып қызықпаңыз жалғанға.
Делдалменен ары-бері саудалап,
Сатып алды оны алты жүз тілләға.
Кешікпестен үйіне алып барады,

Әкелгенін әйелі де қалады.
Ғаждамбектің жалғыз қызы бар еді,
Жасы жетіп балиғатқа кеп еді.
Бір құлы бар, атын сұрсаң – Бабалы,

Жалғыз өзі көп жылқыны бағады. 270. Үргеніштен өзіменен бір келген,

Әр мінезі баласындай жағады.
Әйелінің аты еді – Күләйім,
Перзентсізден етуші еді уайым.
Раушанбекке қызын қосты некелеп,

Бір перзентті жеткізді деп Құдайым.
Екі жақсы бұйрық болып қосылды-ай,
Кетсе жақсы ақырын беріп тосылмай.
Шанбілден айдап келіп бұл жерге,

Құдіреті Жаратқанның осындай. 280. Ғаждамбекке жақын қонған жасынан,

Раушанбекті қалдырмайды қасынан.
Талаптары оңғарылып сол жылы,
Екі есе пайда көрді нарқынан.
Раушанбектің өз әкесі Толыбай,

Сыншылығы асқан еді халқынан.
Пайымы бір Раушанбектің кем емес,
Азап шеккен дұшмандардың зарпынан.
Тыңлағанға айтатұғын сөз келді,

Кешіктірмей айтар сөзім тез келді. 290. Базар жаққа бара жатып бір күні

Бір жылқының қу басына кез келді.
Қолына алды жатқан аттың қу басын,
Қу сүйектің сынап көрді тұлғасын.
Ол да жүрмей тоқтап тұрды Ғаждамбек,

Қасындағы Раушан жылап тұрғасын.
«Мен елімде жүруші едім алшақтап»,
Аға берді көзден жасы бұршақтап.
«Кім айтады сені тұлпар басы?!» деп,

Жатқан басты жылай берді құшақтап. 300. – Менім әкем аты шыққан Толыбай,

Түрікпен халқы еріп еді соңына-ай.
Мені соның баласы деп кім айтар?!
Пенде болдым қызылбастың қолында-ай.
Тірілікте сен секілді асыл жоқ,

Бұл уақытта бес тиындық бәсің жоқ.
Сен жатырсың топыраққа қуарып,
Кім айтады сені тұлпар басы деп?
Ғазиз басың жатыр топыраққа оранып,

Дұшман залым пенде қылды мені алып. 310. Басың қапты айдалада қуарып,

Кім айтады сені тұлпар басы деп?!
Сенің басың күнге күйіп қуарды,
Дұшман салды біздің басқа бұл зарды.
Бізден басқа көргендерге күмәнді,

Кім айтады сені тұлпар басы деп?!
Алла жазса тағдыр іске нешік-ті,
Менім күнім жылауменен кешіпті.
Раушанбектің жолда жылап тұрғанын

Халық егесі Шағдат хан мұны есітті. 320. Бұл дұшмандар қайран қалып бұл іске,

«Басыменен айдап кел мұнда» десіпті.
Басыменен айдап келді Раушанды,
Сұрамаққа көңілі кетті ахуалды.
«Мұның тұлпар екендігін сен қайдан

Білдіңіз?» деп Шағдат хан да сөзге алды.
Раушан айтты: – Мен еліңде болдым зар,
Пенде-дүрмін өзімде жоқ ықтияр.
Мұның тұлпар екендігін білгенім,

Байқағанға жеті жерде белгі бар. 330. Жеті жерде бар-дүр мұның белгісі,

Бір тұлпардың жетпіс жерде тынысы.
Сол жетпістің жетеуі бар басында,
Таңлайында жетеуінің бірісі.
Екі құлағында екеуі бар түбінде,

Екеуі бар отыз тістің жігінде.
Екеуінің орны көздің арасы,
Бізден басқа ешкім білмес бұ күнде.
Инанбасаң көрсетейін есепті,

Көрсетпесем айтты дерсің өсекті. 340. Бір қу бастың жеті жерде тынысын,

Өз қолымен Шағдат ханға көрсетті.
Шағдат хан сонда тұрып қайран қалды,
Қасына жолдастарын жиып алды.

– Уәзірлер, не айтасың сіздер бұған?

Бәріне жолдасының ақыл салды.
Уәзірлер айтты: – Тақсыр, біз сынайық,
Үш бөтен жылқы басын алдырайық.
Әкеліп үш баспенен салыстырып,

Оның да пормасына біз қарайық. 350. Ол бас та осы баспен бірдей шықса,

Зынданға ақымақты салдырайық.
Раушан білген шығар зерек болып,
Сөз шығар айта салған дөрек болып.
Әй, тақсыр, онда бұған тәкіраһ бер,

Ол бастан мұның пормысы бөлек болып.
Шағдат хан бұл кеңесті мақұл көрді,
«Бұл өзі бір табылған ақыл» деді.
Үш жаққа үш адамды жіберісіп,

Жылқының үш қу басын алдырды енді. 360. Раушанбек қайғырмайды намыс қылып,

Көбін жүр өнерменен таныс қылып.
Әлгі бас мына бастан бөтен шықты,
Төртеуін қарап көрсе салыстырып.
Шағдат хан бір нан әкеп бер деп айтты,

Раушанның сыншы екенін анық біліп.

– Сыншысың, бәрекелді, сен, – деп айтты,

Нанымды мынау берген же, – деп айтты.
Шарбақта екі жүз елу назбедеу бар,
Қайсысы соның тұлпар, көр, – деп айтты.

370. Жылқысын сонда Раушан аралады,

Ішінен оның тұлпар таба алмады.
Ала аяқ бір шағыр мен сұр екеуін,
Ішінен тәуір-ау деп шамалады.
«Қайсысы мұның тұлпар, білдің ба?» деп,

Шағдат хан Раушанбектен сөз сұрады.

– Кім сөйлер, – Раушан айтты, – тіл болмаса,

Тұлпарды кім таниды, ми болмаса.
Қолынан басқа атыңның түк келмейді,
Осы бір ала аяқ пен сұр болмаса.

380. Шағдат хан мұны естіп қуанады,

Көңілі айтқан сөзге жуанады.

– Бәрінен осы аттардың озар еді,

Көрдің бе торы ат мінген дуананы?
Бұл атты сатып алып біз жаратсақ,
Қай жерде бәйге болса сол алады.

– Қалжырап сенің өзің не дейсің, – деп,

Шағдат хан көз алартып бір қарады.

– Екі атымның біліп бердің шабарын,

Диуананың көп мақтайсың шолағын. 390. Өзің сыншы, ақылың зерек ер болсаң,

Мұнан басқа тағы бар ма табарың?

– Шағдат ханым, құлағың сал сен өзің,

Менім жалған емес айтқан бұл сөзім.
Адамзаттың білуші едім сырттанын,
Түйе малдың байқаушы едім жампозын.

– Үкіматты мен патшамын тағымда,

Әр патшадан артылып тұр бағым да.
Білгеніңді қалдырмай айт, жарқыным,
Онан басқа не білесің тағы да?

400. Раушан айтты: – Сыншылығым құрысын,

Біз пақырдың кетірдің, тақсыр, тынышын.
Сиыр малды аралап көріп аңласам,
Білуші едім бұқа малдың тынжысын.
Шағдат айтты: – Енді мұны сынайық,

Сыналуға болды бізге ылайық.
Түйе малын тегіс түгел көрсетіп,
Қайсы жампоз тауып берсін сұрайық.
Сыншылықтың қайдан білсін киесін,

Әр келенің ертіп жүрді иесін. 410. Шағдат өзі қырық уәзірмен басшы боп,

Қалдырмастан аралатты түйесін.
Түйе малдың бәрін көріп өтеді,
Ешбіріне қайрылмастан кетеді.
Көк ала бас қоспақ нарша тұр екен,

Бір қос үйдің есігіне жетеді.
Жұлым үйде бір қоспақ тұр байланып,
Екі-үш мәрте көрді Раушан айналып.
«Бұл түйемді таныдың ба, нең бар?» деп,

Жұлым үйден шыққан кісі шамданып. 420. Жұлым үйдің адамы екен иесі,

Көк ала бас қоспақ екен түйесі.
Жүк артқанда алпыс пұттан көтерген,
Артығырақ бір мал екен киесі.
Раушан айтты: – Бекерге ашу қылма, – деп,

Сөз айтайын, құлақ салып тыңла, – деп.
Осы түйең керек болды Шағдатқа,
Берер едің сатсаң қанша пұлға? – деп.

– Сат дейсіңіз мұны неге теңгеріп,

Айтасыз ба соны маған жөн көріп? 430. Арқасымен осы жалғыз түйенің

Отыр едік үш-төрт үй жан күн көріп.

– Шын кәдірін білген болсаң сен мұның,

Сұрасаң да айып емес ер құнын.
Сатамын деп ауызыңнан шығаршы,
Әперейін Шағдат ханнан нақ пұлын.

– Керек болса бес жүз тіллә бересің,

Патшазада, біздің жайды білесің.
Сізге ойланып бес жүз тіллә сұрадым,
Басқалардың мың тілләсы құрысын.

440. Шағдат айтты Раушанбекке: – Не дерсің?

Бес жүз тіллә бұған санап берерсің.
Айтқаныңнан шықпай қалса бұл түйе,
Сонда менен түрлі азапты көресің.
Раушан айтты: – Бұл сөзіңде тұра бер,

Тура қылып бес жүз тіллә санап бер.
Айтқанымнан шықпай қалса бұл түйе,
Сонда маған білгеніңді қыла бер.
Осы сөзге тұрақтатты патшасын,

Бес жүз тіллә санап берді ақшасын. 450. Бауыздамай соямыз деп түйені,

Тамашаға жиды жұрттың баршасын.
Аяғын да байламаймыз түйенің,
Шын зат болса шығармайды дыбысын.
Есі бүтін ерлер білер есепті,

Таза кісі бұзбайды әр кез несепті.
Мұның жампоз екендігін Шағдатқа
Тар қолтықтан бұрау салып көрсетті.
Раушанбек те арыстандай жүректі,

Бір Құдайдан көп сұрап жүр тілекті. 460. Шөгерді де бауыздамай түйені,

Арқасынан екі адамға іретті.
Үш-төрт адам сойып алды терісін,
Мен айтайын, тыңла сөздің келісін.
Жалаңаштап терісін алып болғанда

Жаны шықты, шығармады дыбысын.
Жұрттың бәрі мұны көріп таң қалды,
Анық сыншы екендігін аңғарды.
Түйеге де айтқаны рас келді деп,

Шағдат айтты «әкеп бер, – деп, – бір нанды». 470. Сыншылыққа мынауыңыз ұқсайды,

Менім көңілім осындайды қостайды.
Қандайында сиыр малдың тынжы бар,
Соны маған тауып бер деп қыстайды.
Амалы жоқ аралайды сиырын,

Талай жердің басты таппай қиырын.
Үш күн ұдай қарап жүріп таба алмай,
Жаңа білді сыншылықтың қиынын.
Сыншылыққа қайдан жүріп жетілді,

Қайғы басып таудай көңілі кетілді. 480. Әкесінің айтқаны түсіп есіне,

Басын шайқап көп қамыққан секілді.
Төмен қарап отыр еді өкініп,
Қашатұғын жері де жоқ бекініп.
Өзі қасқа, түсі тарғыл, ақ құйрық,

Тайпақ бастау келді бір бұқа өкіріп.
Келгенімен өз жайына тұрмады,
Кезіккеннен аяқпен жер тырнады.
Бұрып мойынын, қарап көзін алартып,

Дем алмастан алпыс екі шыңырады. 490. Бесті бұқа екен, жалпақ сауыры,

Кім толықпас келсе басқа дәуірі.
Тұрғандарға «мынаны ұстап сой» деді,
Тап осының тынжы екен деп бауыры.
Ұстап алып бауыздатып сойыпты,

Көріңдер деп қырық нөкер қойыпты.
Ішін жарып ашып көрсе бауырын,
Айтқанындай анық тынжы болыпты.
Шағдат көрді анық тынжы екенін,

Шаһарқұла дейді оның мекенін. 500. Өгізге де айтқаны рас келді деп,

Шағдат айтты: – Тағы бір нан әкелің.
Алып келді: – Сен же мынау нанды, – деп,
Атаңа рахмет, білігіңе, пәлі, – деп.
Тағы да айтты Раушанбекке Шағдат хан:

– Адамзаттың сырттаны деген кәні? – деп.

Раушан айтты: – Үш айтқаным келді деп,
Үшеуін де өз көзіңіз көрді, – деп.
Қайта-қайта айтпайын деп өтінді, –
Тақсыр, мені қинамаңыз енді, – деп.

510. Жалынған соң дейді Шағдат: – Қояйын,

Өнеріңді қол астыма жаяйын.
Енді менім өз басымды сынап бер,
Мен сонан соң саған риза болайын.

– Не айтайын, көңілімде айтар кеңес көп,

Жөніменен айта алмасам емес құп.
Мүсәпірмін ел-жұртымнан айрылған,
Тақсыр, сізді сынамаққа әддім жоқ.

– Ақылың болса еремісің шайтанға,

Атың қалсын кейінгіге айтарға. 520. «Хан жарлығы қалт болмайды» деген бар,

Менім айтқан бұл сөзімді қайтарма.
Раушан айтты: – Көңілің, тақсыр, шат, – дейді,
Бір сөз айтсам көңіліңе түсер дерт, – дейді.
Қайта-қайта айтпаймын деп өтінді,

– Қаның кештім, – Шағдат қоймай, – айт, – дейді.

– Қоймадыңыз, айт десеңіз айтамын,

Сіздей ханның қаһарынан қорқамын.
Не айтсам да ашуланбай көтерің,
Тақсыр, сізді әлдеқашан байқадым.

530. Шағдат айтты: – Мәнісіне түстім, – деп,

Шешілмейтін түйіндерді шештің, – деп.
Қайта-қайта қолын беріп ант ішті, –
Не айтсаң да қаныңызды кештім, – деп.

– Айт деп рұқсат бердіңіз бе, Шағдат хан,

Сенің әкең келген екен Бағдаттан.
Айтпайын-ақ десем дағы қоймайсың,
Өз әкеңіз наубай екен нан жапқан.
Алты атаңыз дегдар болып өтіпті,

Өз басыңа жетіншіде жетіпті. 540. Дәрежесі алтауының артық боп,

Бақыттары өздерімен кетіпті.
Айтатұғын сөзім келді өзіңе,
Қисық болса саларсыңыз тезіңе.
Нәсілсіздік, бұзықтығың, Шағдат хан,

Шисіз үйдей көрініп тұр көзіме.
Дәм бұйырып, тұзын таттым осы елден,
Бізге Тәңірім жазған шығар әзелден.
Дәл сен өзің ұғылы емессің патшаның,

Нанбасаңыз сұрап көрші шешеңнен. 550. Жұрттың бәрі мұның сөзін ұнатты,

Таудай көңілін Шағдат ханның құлатты.
«Мені кімнен туып едің, анам?» деп,
Шешесінен көп алдында сұрапты.
Шағдат хан тұр Раушанбекке қаһар қып,

Кемпір отыр сөйлей алмай дағдарып.
Пенде болған Раушанбекті көрген соң,
Қартаң кемпір сөйлеп жатыр аңғарып.

– Бұл баланың айтқаны рас, шырағым,

Қу дүниенің тапқаным жоқ тұрағын. 560. Мен патшаға жұпты болып келген соң,

Перзент тумай көзден ақты бұлағым.
Көзден жасым араласты қан болып,
Кетіп кейде дүние жүзі тар болып.
Ішкен ірің, жеген желім секілді,

Кеші-күндіз бір перзентке зар болып.
Жылап жүрдім көзден жасым тия алмай,
Ақырымның не боларын біле алмай.
Перзент үшін екінші әйел алуға

Патшам жүрді менім көңілім қия алмай. 570. Айтатұғын сөзім келді тағыда-ай,

Өтірік айтпан өлерімнің шағында-ай.
Бір нан жапқыш наубайымыз бар еді
Патшамыздың таққа мінген уағында-ай.
Нанын жауып наубай жүрді, пұл тауып,

Бағдаттан көшіп келген жер ауып.
Көп ауырып бір күн өлді бейшара,
Бәріміз де жатамыз ғой жер қауып.
Шешең менен өзің қалдың соңында,

Шешең өлді көп кешікпей тағы да. 580. Әке-шешең екеуі де өлген соң,

Балам, менім қалып өстің қолымда.
Ата-анаңнан жетім қалдың жасырақ,
Қолыма алып бала еттім асырап.
Үш жасыңнан бауырыма салған соң,

Өз баламнан көрдім сені жақсырақ.
Жігіт болдың бір күндері нұрланып,
Патшам өлді ажал торға шырмалып.
Патшамыздың орнындағы бала деп,

Тағын берді көп халайық қолға алып. 590. Сонан бері сен патшасың осы елге,

Өлмейтұғын себеп болар кеселге.
Бұл баланың айтқаны рас, шырағым,
Мұның сөзін жалған деме бекерге.
Мен қолыңда ана болдым неше жыл,

Раушан бұл білесің шарбақтағы қызыл гүл.
Мен шынымды айтып бердім жасырмай,
Ендігісін, Шағдат балам, өзің біл.
Шағдат хан бұл арада қалды қайран,

«Тудың, – деп шеше айтты, – сен наубайдан». 600. Раушанға Шағдат айтты ашуланып:

– Наубайдан туғанымды білдің қайдан?

– Қу басты, – Раушан айтты, – бердім сынап,

Басыңды «нан бер» дедің шайқаңқырап.
Тақ мініп, халық билеген патша болсаң,
Емес пе нан бер деуің ұятырақ?!
Түйенің жампозын да сынап бердім,

Оным да қате болмай көзбен көрдің.
Онда бір шапан кигіз дей алмадың,
Дұрыс па нан бер деуі сіздей ердің?!

610. Үшінші таптым тынжы сиыр малдан,

Аралап қарап жүріп мыңнан-саннан.
Онда бір ат мінгізсең көп бола ма,
Бергіздің бір күлше нан тағы маған.
Мұнан соң асылыңды шамаладым,

Ауызыңа наннан басқа нәрсе алмадың.
Нанның бір зары өткен жері бар-ау,
Осының нәсілінде деп ойладым.
Шағдат хан, осы менім білген жерім,

Өзімнің қайда қалды туған елім? 620. Торға түскен тұйғындай пенде болдым,

Өзіңде ықтиярың, Шағдат, сенің.
Шағдат хан сонда жаллад жидырыпты,
Өзінің зұлымдығын білдіріпті.
«Соларды көрген көзің осы ғой» деп,

Раушанның екі көзін ойдырыпты.
Айрылды екі көзден Раушанбек,
О баста ауызын бағып жүрмеді тек.
«Жолығар басқа бәле тілден» деген,

Жолықты бәлеге ақыр сол айтқан кеп. 630. Тұрыпты бірқатар жұрт зар жыласып,

«Залымдық қылды Шағдат» деп шуласып.
Ғаждамбек Раушанбекті жаны ашып,
Жетелеп алып шықты жіп ұстасып.
Екеуі жіп ұстасып үйге келді,

Бұлардың ахуалын Күләй көрді.
«Сорлылар, қандай бәле кез болды» деп,
Ақанай екеуінен сұрай берді.
Ғаждамбек айтып берді бастан-аяқ,

Көргенін қалдырмастан тастамай-ақ. 640. Есітіп сонда Ақанай зар жылады,

Деген бар «саяқ жүрсең жерсің таяқ».
Зар жылады Ақанай:

– Не күйге салдың, Хақ пана-ай?

Екі көзін ойыпты
Рақымсыз дұшман, бетпақ-ай.
Дұшманға қор қып қойғанша
Неге алмайсың, Жаппар-ай?!

Екі бірдей қамқорым
Елін іздеп бармаса,

650. Бір ер шығып біздерден

Дұшманнан кегін алмаса,
Ішінде кетер арманы-ай.
Сыр білдірмей жүре берсең болмай ма,
Елің қайда, ат сынайсың, бейшара-ай.

Әр нәрсенің білуші едің жобасын,
Шағдат ханның білген жоқ па ең шамасын?
Жүре бермей мүсәпірлік халіңмен,
Неге керек сынап Шағдат түйесін?!

Бірге жүрген қайда қалды үйірің, 660. Қыздыратын ағайын жоқ бүйірің.

Тынжыны алып қай ауруды емдеуші ең,
Не табар ең сынағанда сиырын?!
Мұнан кемдік ойлап тұрсам өтпеген,
Алла ісіне көп деген ғой жетпеген.

Сыналмаса сиырдың құрысын тұқымы,
Сәлау-мәлік неге қырып кетпеген?!
Оңалмайды әруақ басып аттаған,
Жақсы болмас жамандап ерді даттаған.

Сыналмаса түйенің құрысын тұқымы, 670. Неге өлмейді қырылып бәрі қатпадан?!

Қайғы-қасірет басыңыздан асыпты,
Кәусар көңілің тасқа тиіп жасыпты.
Көңілі қатты, адамзатқа рақымсыз,
Қорықпай нағып жамандадың пасықты?!

Не әйлайын, ойдырыпсың екі бірдей көзіңді,
Зағыпырандай сарғайтыпсың жүзіңді.
Көп қайғыны тірілей-ақ көрсетіп,
Қор қылыпты Жаппарекем өзіңді.

Енді қайдан сөнген көзің ашылсын, 680. Дұшман келіп аяғыңа бас ұрсын.

Аманыңда елге қашып кетіңдер,
Мұнда келіп басың қосқан асылсың.
Сыншылығың тиді сенің басыңа,
Рақым етсін көзден аққан жасыңа.

Аманыңда елге қашып жетіңдер,
Әгар өлсең ешкім келмес қасыңа.
Ақанай дер: – Өзім бақты қарамын,
Тағдыр іске нендей шара қыламын.

Қор қылыпты Жаппарекем Жасаған, 690. Лажым жоқ, енді қайда барамын?!

Осылай деп бейшаралар еңіресті,
Өкінгенмен өткен қайтып келмес-ті.
«Мал мен жанды Бабалыққа тапсырып,
Түрікпен елге қашайық», – деп кеңесті.

Шыдамады Шағдат салған азарға,
Тез қашпаса кездеседі ажалға.
Раушанбекті Ғаждам қолдан жетелеп,
Ат алмаққа алып келді базарға.

Ғаждамбектің көңілінде көп уайым, 700. Зар жылады Ақанай мен Күләйім.

Ғаждам жүрді Раушанбекті жетелеп,
Қандай малды душар қылар Құдайым.
Раушан айтты Ғаждамбекке: – Қам жеме,
Жүйрік атты дүбірінен де сынаймын.

Қандай малды Ием душар етеді,
Базар келіп аралап жүр екеуі.
Қолда аса, жалбыр торы ат астында,
«Аллаһу!» деп бір диуана өтеді.

Ғаждам айтты: – Өзі жалбыр торы, – деп, 710. Диуана екен үстінде бар тоны, – деп.

«Шақыр, – деді, – диуананы, – Раушанбек,
Нәсіп болып саудалайық соны» деп.
Ғаждам айтты: – Әй, диуана, тұра тұр,
Сөз айтамын, құлақ салып мойның бұр.

Сатамысың астыңдағы торы атты,
Біз көрейік, біразырақ сабыр қыл.
Диуана айтты: – Теріс емес сөздерің,
Мүшелерін байқап көрсін көздерің.

Түсіп сізге көрсетейін атымды, 720. Аламысың әурелемей өздерің?

Осылай деп көрсетіп жатыр торы атты,
Тұла бойын Раушан сипап сынапты.

– Сатар болсаң қашырмай айт бағасын, –

Раушанбектің көңіліне ұнады.

– Керек болса алпыс тіллә бер, – дейді,

Сатылмайды болса онан кем, – дейді.
Кемге сұрап әурелемей өзімді,
Ұнатпасаң басқа жылқы көр, – дейді.
Бұлар айтты: – Артық сұрап пұлдама,

730. Көп сөз айтып, бас ауыртып жырлама.

Айтқаныңнан сегіз тілләң кем болды,
Беремісің елу екі тілләға?
Диуана айтты «көп айтпадың терісті»,
Бұл саудаға бермекші болып келісті.

«Береке!» деп бір-біріне қол ұрып,
Ақшаларын қалтасынан берісті.
Раушан айтты: – Бізге келді ат, – дейді,
Біз ғаріпке болды Тәңірім жақ, – дейді.

Барлық жұмыс, бәрін қойып, Ғаждамбек, 740. Бұл атыңды түнекке сап бақ, – дейді.

Қырық күндік дайын қылды жем-шөпті,
Таса жерден соқты мықтап түнекті.
Қырық күн бағып, жем мен шөпке семіртіп,
Раушанбекті түнде апарып көрсетті.

Раушан айтты келіп тұрып маңына:

– Жылқы ермейді бұл тұлпардың шаңына.

Жоңышқамен, жеммен жақсы семірттің,
Енді қырық күн жаратсаң келер бабына.
Кім есітер мен бейшара наласын,

750. Күнде байқа күннен-күнге шамасын.

Терін алып, суын шайқап, таң асыр,
Ұшқан құс та көре алмайды шамасын.
Ғаждам, тыңла менім айтқан сөзімді,
Қор қылды ғой дұшман ойып көзімді.

Қара торының түрін тапсаң суытып,
Шаңың түгіл, таба алмайды ізіңді.
Ғаждамбек айтқан сөзді ұғып алды,
Егерлеп, жабу жауып мініп алды.

Жаратып күні-түні қырық күн жетіп, 760. Раушанды көрсеткелі тағы апарды.

Торыны көрді Раушан назар салып,
Ғам жерін сылап-сипап көңілі налып.
Алыпсың мұның терін қалдырмастан,
Оңғарсын талабыңды Жаппар Халық.

– Ғаждамбек, айтқан сөзге нан, – деп айтты,

Ақылсыз сөзге нанбас жан, – деп айтты.
Шағдаттың жеті қабат қорғаны бар,
Торыны сол дуалға сал, – деп айтты.
Ені бар әрқайсының жеті кезден,

770. Ұзыны он бір кездей, көрдім көзбен.

Салдырған Шағдат атын сынамаққа,
Қарғытар қандай адам жаннан безген.
Торыны салып сына сол дуалға,
Жаратқан жәрдем берсін нашар малға.

Қорғаннан, дуал түгіл, қарғып өтер,
Тұлпардың арызы жетсе Бір уа Барға.
Ғаждамбек айтқан сөзді ұғып алды,
Көңіліне махкам етіп бұл қиялды.

Жасырып түнде айдың жарығымен 780. Торыны алыстан кеп жолға салды.

Қорғанға тура салып қамшы басты,
Атылып сонда тұлпар аспанға ұшты.
Қорғаннан жеті қабат қарғып өтіп,
Қырық аршын ар жағына асып түсті.

Ғаждамбек көңілі тасып қайтып келді,
Торының қарғығанын айтып келді.
Тұлпардың маңлайынан сипап тұрып,
Раушанбек Ғаждамбекке сөз сөйледі.

– Ғаждам, тыңла менім айтқан сөзімді,

790. Қор қылды ғой дұшман ойып көзімді.

Менде көз жоқ, сізде көз бар, Ғаждамбек,
Кетермісің алып менім өзімді?
Дұшман сатып, алды менім пұлымды,
Көзімді ойып, солдырып тұр гүлімді.

Менде көз жоқ, сізде көз бар, Ғаждамбек,
Қалай дейсің менім айтқан сөзімді?
Ғаждам айтты: – Көңілің сенсе атыңа,
Мен алдына, сен мінерсің артыма.

Екеуімізді алып барса, арман жоқ, 800. Аман-есен түрікпен елдің халқына.

Алып сені түрікпен елге жөнейін,
Сені тастап жалғыз не күн көрейін.
Алла жазса тағдырдан кім құтылар,
Сізбен бірге мен ғам өлсем өлейін.

Кім көреді жүрегімнің парасын,
Қабыл етсін біздей ғаріп наласын.
Мінгесумен шығып кетіп дұшманнан,
Көрер күндер бар ма Үргеніш қаласын?!

Алдымызда асқар-асқар бел бар ма, 810. Бұл қалада достық қылар ер бар ма?!

Дұшмандардан аман-есен құтылып,
Ағайынды көретұғын күн бар ма?!
Өз елінен еріп келген Бабалы,
Дұшман салды көңілімізге сәнаны.

Кішкентайдан баламдай боп өсіп ең,
Қош-есен бол біз көргенше, Бабалы.
Анаңыздай болып еді Күләйім,
Бір перзентті бермеді оған Құдайым.

Жау жерінде жанашырым сен едің, 820. Көңіліңе сала көрме еш уайым.

Ақанайдың алдында жоқ інісі мен ағасы,
Дұшман салған көңілінде көп қапасы.
Қасы менен қабағына қарай жүр,
Қысылғанда Алла болсын панасы.

Бұл қаладан тұз-несібем үзілді,
Қан аралас көзден жасым тізілді.
Әрне етсе Жаратқанның өзінде,
Мал мен жанды, Бабалым, саған тапсырдым.

Мұнда тұрып жасытпайын күшімді, 830. Қайғы басып күйдіріп тұр ішімді.

Мен кеткен соң ойлап істе ісіңді,
Ақанай мен Күләйімді тапсырдым.
Мұнда тұрсам қызыл гүлім солар ма,
Мейманамыз ақыр бір күн толар ма.

Біздерден де бір ер перзент болар ма,
Әрне бәрін, балам, саған тапсырдым.
Раушанбек пенен Ғаждамбек
Жүрмек болды қамданып.

Бабалы мен Күләйім 840. Жылай берді дағдарып.

– Сіз кеткен соң біз ғаріп

Жүреміз кімге алданып?
Алдымда тұрған аға жоқ,
Туысқан, жегжат және жоқ,
Әлдекім кетер малданып.

Мұны естіп Ақанай,
Жылады ол да зарланып:

– Көкежан, қайда барасың,

Бізді тастап қамданып? 850. Кішкентайдан өсірдің,

Мен сорлыны қолға алып.
Алдымда тұрған аға жоқ,
Жыламайын мен нағып,
Көкежан, сізден соң қалып.

Тәбділі бізге тағдырдың
Осылай болды, ылаж жоқ,
Қасіретпенен қорланып.
Неғылайын жүрме деп,

Аяғыңа шырмалып. 860. Жүрсеңдер, жылдам жүріңдер,

Жазғанын Хақтың көріңдер.
Дұшманда қалдық зар жылап,
Көрерміз не күн біз ғаріп.
Тапсырдым Хаққа аманат,

Болмасын жолда жаманат.
Түрікпенге сіздер барғанша
Сақтасын пірлер саламат.
Қабыл ет деп ниетімді,

Тіледім Хақтан мінәжат. 870. Қара шашым тал-тал өріп жайлайын,

Дұшпан салған қорлыққа не әйлайын.
Сіз кеткен соң белді бекем байлайын,
Атажаным, жар-жолдасым, аман бол.
Мен жүріппін үшбу жолда бейқарар,

Әрне етсе Жаратқанның еркі бар.
Көп кешігіп енді жолдан қалмаңдар,
Көреміз бе, көрмейміз бе, алған жар?
Амандасып көп жылады Бабалы,

Құтты болсын ерлерімнің талабы. 880. Қош айтысып екі батыр аттанды,

Лажы жоқ, жылай-жылай қалады.
Шағдат ханның бұлар жүрген жұртында,
Бұл уақытта елін таппақ құлқында.
Дұшман келсе кіргізбеске қалаға,

Қарауыл бар, күзетіп тұр сыртында.
Ел табуға бұлар бетін түзеткен,
Азар көріп жүрегіне мұз өткен.
Дұшман келсе кіргізбеске шаһарға,

Екі жақтап күндіз-түні күзеткен. 890. Түнектен шыққан тұлпарға

Екеуара мінгесті.
«Хабарсыз қалсын дұшмандар,
Жылдамырақ жүр» десті.
Ғаждамбек айтты Раушанға:

– Қарауылбасы жігіттен

Рұқсат сұрап қал, – десті.
Раушан айтты Ғаждамға:

– Сұрап әуре болмаңыз,

Өзі дұшман қызылбас, 900. Өтінгенмен бермейді.

Тәуекел етіп Аллаға,
Қарғытайық, кел, – дейді.
Ақымақ адам өртенгенмен,
Хақтың оты сөнбейді.

Осыны айтып екеуі,
Кейін қайтты шегініп.
Біраз жерге барған соң,
Атының басын туралап

Қайтадан салды бекініп, 910. Атылды тұлпар секіріп.

Қарсы қарап салған соң,
Атуға мылтық жарамай,
Бас қамын қып қаша алмай,
Бірін-бірі құшақтап

Жығылып қалды тұтылып.
Тұлпардан туған жануар
Дарбазаның басынан
Оқтай болып атылды.

Бір-ақ шаңы көрініп, 920. Қарғып түскен бойымен,

Желе шауып жөнелді.
Артымнан қуып келер деп,
Әсте уайым қылмады.
Қамалап тұрған қарауыл,

«Пері ме екен, жын бе екен,
Япырым-ай, бұл не-дүр екен?»
Жиналып бәрі кеңесіп,
Шағдатқа хабар береді.

Шағдат хан сонда есітіп, 930. Тісіне-тісін кезеді.

– Кешегі Раушан түрікпен,

Заты басқа демесең,
Артықша сыншы ер еді.
Әкесі оның Толыбай
Хабарымда бар еді.

Көп түрікпеннің бегі еді,
Қапыда қалдық өлтірмей,
Себеппен мұнда кеп еді.
Көзін ойып алған соң,

940. Батқан шығар жанына.

Ер болса шыдап тұра ма
Намысы менен арына.
Диуана мінген торыны
Мақтағанда нанбап ем.

Сатып алып семіртіп,
Таса жерде жаратып,
Келтірген шығар бабына.
Әгар тұлпар болмаса,

Оңай емес бұл қарғу 950. Бұл шаһардың малына.

Мирахорлар, қайдасың,
Сұр менен шағырды алып кел,
Қумаққа соның қамына,
Басқа жылқы ере алмас,

Ерлерім, оның шаңына.
Екі батыр сайланып,
Қару-жарақ байланып
Екеуің мініп қуыңдар.

Қайрат келіп [егерде] 960. Орта жолда жетсеңдер,

Басын кесіп алып кел
Шағдат сынды ханыңа.
Алып келді мирахор,
Сұр менен ертіп шағырды.

Амалы нешік, қайтармас
Шағдаттың еткен әмірін.
Екеуі де ер еді
«Заманымда ешкімге

Бермеймін, – деген, – арымды». 970. Аңғарып тұр, жақсылар,

Тәубесі кімнің қабыл-ды.
Сұр менен шағыр жануар
Қара терге малынды.
Жетемін деп залымдар

Атқа берді зәбірді.
Үш күн, үш түн өткенше
Еш көрмеді дамылды.
Төртінші күнге жеткенде,

Бір белестен асқанда, 980. Көріп қалды дұшмандар

Бұлдыраған сағымды.
Көрген соң қатты қуанып,
Жүректері қабылды.
Қамшы басып қос батыр,

Зор беріп қуып келеді.
Қолға түссе аямайд,
Күштеріне сенеді.
Раушан менен Ғаждамбек,

Тұлпарды артық қинамай, 990. Арт жағына қарайлап,

Жайменен шоқып келеді.
Шындап басын жіберсе,
Көрінбей кетед дерегі.
Халыққа мәлім Раушанбек

Келе жатқан дұшманның
Дүбірінен біледі.
Раушан айтты Ғаждамға:

– Артыңа қарап бақ, – деді.

Біздей ғаріп нашарға 1000. Бір Алла болсын жақ, – деді.

Артымызда бір дүбір
Келе жатыр жақындап.
Назарың салып байқашы,
Пормасы қандай ат? – деді.

Қашып кетті деген соң,
Бізді қуып келеатқан
Қызылбас шығар тап, – деді.
Ғаждамбек айтты Раушанға:

– Құлағың бір сал деді,

1010. Айтқаным рас, нан, – деді.

Артымдағы дүбірді
Назарым салып байқасам,
Реңкі қара, ала аяқ,
Көзі шағыр мал, – деді.

Раушанбек айтты Ғаждамға:

– Хайласы мұның бар, – деді.

Шағыр ат болса бұл келген,
Торының басын қайтарып,
Астына күннің сал, – деді.

1020. Ғаждам тілін алыпты,

Дұшманды көзі шалыпты,
Торының басын қайтарып,
Астына күннің салыпты.
Астына күннің жөнелді,

Ғаждамбек, Раушан шұбалып.
Шағырды басқа төпелеп,
Әр бұтаға ұрынып,
Омақасып сүрініп,

Қызылбас қалды қуарып. 1030. Дариядай тасып келісті,

Демінен түсті су алып.
Онан-мұнан бас қосып,
Әлеумет отыр құралып.
Жалған деме, бұл анық,

Біраз жерге барған соң,
Басын бұрып тұлпардың,
Жолына түсті оралып.
Ғаждамбек атқа «шүу!» деді,

Раушан айтты Ғаждамға: 1040. – Желе шоқып жүре бер,

Жібермей басын тым, – деді.
Қамшыны ұрма сіз, – депті,
Қамшы батса жанына,
Алып қашад бұл, – дейді.

Шабуылмен кеш болып,
Қас қарайып күн батты.
Шоқытумен келатыр,
Жібермей басын тым қатты.

Бір уақыттар өткенде 1050. Көтеріліп ай туды.

Раушанбек сыншы айтулы,
Халыққа мәлім зерегі,
Бір дүбірді сезеді.
Ғаждамға айтып білдіріп,

Ақылдасып келеді.

– Артымызда бір дұшман,

Келе жатыр жақындап.
Азу тісі сақылдап,
Назарың салып тез қара,

1060. Тұлпардың қандай реңі?

Ғаждамбек айтты Раушанға:

– Сөзіме құлақ сал, – депті,

Айтқаным рас, нан, – депті.
Артымдағы дұшманды
Назарым салып байқасам,
Астындағы сұр, – депті.

Раушанбек айтты Ғаждамға:

– Бұл неткен ақымақ жан, – дейді,

Бұған да хайла бар, – дейді. 1070. Торының басын қайтарып,

Астына айдың сал, – дейді.
Ай астына салған соң,
Шаба алмай көзі қамасып,
Әр шұқырға жығылып,

Болдырып аты қалыпты.
Тұрғызып атын алады,
Қамшымен басқа сабады.
Есенде елін таппаққа,

Болдырған атын жетектеп, 1080. Айқайын салып дауыстап,

Жолдасын зорға табады.
Тұлпарларын қақпалап,
Еліне кетіп барады.
Бара берсін дұшмандар,

Раушан менен Ғаждамбек,
Соны айтамын манағы,
Дұшмандардан құтылып,
Келді екеуі шағына.

Шүкірлік етіп қуанып 1090. Алланың берген бағына.

Неше күндей шабылып,
Қара терге малынып,
Астындағы жануар
Келген сонда бабына.

Бір белестен асқанда,
Қуанып көңілі тасқанда,
Құтылдым деп дұшманнан,
Ұрды қамшы санына,

Батырған екен жанына. 1100. Тұлпарға қамшы батқан соң,

Ашынды жаман желігіп.
Жарауы түскен жануар
Ентікпеді демігіп.
Алып қашты екеуін

Ауыздығын кеміріп,
Бой бермеді тартса да.
Дауылдай борап шаңғытты,
Жүрегі сулап қорқады,

Жандарынан түңіліп. 1110. Тау мен тастан қайтпады,

Екі көзі жұмылып,
Атылып тұлпар сайлардан
Қайтпай белі бүгіліп,
Төрт аяғын сермейді,

Сүрінбейді мүдіріп.
Күн-түн ылау жеккенмен
Кемімейді қадамы.
Тыңлағандай ер болса

Сөзімнің жоқ алаңы. 1120. Енді айтайын хабарын

Үргеніш атты қаланы.
Енді айтайын Үргеніштей қаланы,
Түсінгендер сөзге құлақ салады.
Намаз жұма оқымаққа сол күні

Сол шаһардың жиналыпты адамы.
Намаз оқып шықты бәрі далаға,
Шын жүйріктен айтылмай сөз қала ма.
Бағанағы Раушан мен Ғаждамбек

Бұлар дағы келген екен шамаға. 1130. Ат жақсысы жақын етті алысын,

Тәңірі оңғарса енді табар танысын.
Намаз жұма оқып шыққан халайық
Есітіпті дүрсілдеген шабысын.
Бұл шабысқа қайран болды халайық,

Дүрсілдеген дабысы бар ажайып.
«Ел ме, жау ма, келе жатқан қандай жан,
Биік жерге шығып назар салайық».
Биік жерге шығып назар салады,

Шаң ішінде көрді жалғыз қараны. 1140. Көп жасаған бір кәрия бар еді,

Сол арада осылай ақыл табады.

– Сөз айтамын, балаларым, құлақ ас,

Түсінбесе надан сөзді тыңламас.
Толыбайдың баласы еді Раушанбек,
Әкеткелі көп болып ед қызылбас.
Өзі сыншы, бір тұлпарды тапқан-ды,

Бар бәледен Тәңірім өзі сақтар-ды.
Дұшмандардан аман-есен құтылып,
Елін іздеп қашып келе жатқан-ды.

1150. Бұл шабумен келатқанда желігіп,

Тартқанменен тоқтамайды шегініп.
Жеті жерге арқан керіп тұрыңдар,
Әр арқанға он адамнан бөлініп.
Бұл сөзімді шын екен деп біліңдер,

Жібек арқан бұғалықты салыңдар.
Жетеуінен тоқтата алмас болсаңдар,
Үстіндегі иесін алып қалыңдар.
Заманында Раушанбек те нар еді,

Сүйген ерге өзі Тәңірім жар еді. 1160. «Тұлпар басы тоқтамайды» деген сөз

Толыбайдан есітуім бар еді.
Бар адамдар мақұл көрді бұл істі,
Қарияның бұл айтқаны дұрыс-ты.
Жетпіс адам жеті жерге он-оннан,

Жібек арқан керіп қатар тұрыпты.
Сонда тұлпар келген екен шамаға,
Жолдан шығып қайрылмады шамаға.
Жеті қабат арқанға кеп ұрады,

Жұрттың бәрі қарап тұрды далада. 1170. Алтауынан қабат қарғып өтеді,

Тоқталмастан жетіншіге жетеді.
Алып қалды үстіндегі екеуін,
Шығып тұлпар бетіменен кетеді.
Шығып тұлпар кете берді бетімен,

Сыпырылып түсіп қалды көтінен.
Ағайындар жүгіріп келіп тұрғызып,
Құшақтасып көрісті жылап шетінен.
Раушанбектің көзі жоғын білісті,

Жаны ашып басын шайқап тұрысты. 1180. Туысқаны қолтығынан көтеріп,

Үйлеріне енді алып жүрісті.
Ағайыны бәрі келіп табысты,
Бастан-аяқ сұрап білді мәністі.
Бұл екеуі жата берсін құрметпен,

Кеткен тұлпар түзеп алды шабысты.
«Есіл тұлпар қолға түспей кетті-ау» деп,
Атқұмарлар нала болып қалысты.
«Қызылбастан қалай кекті алам» деп,

Ғаждам, Раушан көп ойлады намысты. 1190. Нәсілі таза тұлпар еді тегінде,

Раушан әбден сынап алған жерінде.
Сол бетімен ұстатпастан еш жанға,
Барып түсіп кетті қойып теңізге.
Раушанбек пен сөз айтамын Ғаждамнан,

Тірі пенде не көрмейді кезінде.
Бірлік қылды ортасынан туғаны,
Үйбасынан қаражатты жинады.
Шанбілбелдің шатыр салып басынан,

Раушанбекті соған қойып сыйлады. 1200. Ғаждамбекті туысқаны әкетті,

Сарай салып көрсетті халқы құрметті.
Ортасынан Барша сұлу әперіп,
Сондай сыйлық туысқаны көрсетті.
Осыменен бітті Раушан саласы,

Іште қалды Көрұғлыдай баласы.
Екінші сөз Күләйімнен айтамыз,

1207. Дұшмандарда қалды, ұзақ арасы.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙