Жападан-жалғыз
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Мағира Қожахметова
Мағира Қожахметова Жападан-жалғыз Повесть және әңгімелер ББК 84 Қаз 7-44 Қ 56 Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің бағдарламасы бойынша шығарылды
Қожахметова М. Қ 59 Жападан-жалғыз (1-том). – Алматы: «Ана тілі» баспасы, 2006.-272 бет. ISBN 9965-670-79-X Жазушы Мағира Қожахметова шығармалыры оқыс ой, оқшау тұжырымға жетелейтін сипатымен ерекшеленеді. Кейіпкерлерінің тағдыры сан-сезімнің иірімдері, уақыт – адам – табиғат жүйесінің өзара қабысып-қабыспаған қайшылықтары арқылы айқындалып, тебіреніспен суреттеледі. М.Қожахметованың екі томдық шығармалар жинағыны өткен ғасырдың әр жылдары жазылған повесть, әңгімелері топтастырылып берілді. Қ 4702250201 -06 415 (05)-06 ББК 84 Қаз 7-44 ISBN 9965-670-79-X Қожахметова М., 2006 «Ана тілі» баспасы ЖШС, 2006
Күй – кісен (повесть) I Көгілдір әлемді құздарымен айқұш-ұйқыш найзалап, одан әрі аспанмен ұзыннан-ұзақ тұтаса жалғасқан тау сілемдері кеңістікті өз өрнегімен кестелеп, жоғарыдағы сан алуан бояу етекте шалқыған зерен көлдің бетіне төнгенде, түрлі - түстене сиқырланған су толқындары бір-бірін тықсыра ирелеңдей билеп, мың құбылады. Сірескен шыңдар су үстіне құлай шайқалып-шайқалып қалғанда, былайғы жағдайда қол жетпес биіктіктің құлашын еркін сілтей жүзген көлге көлденеңінен созылғанын көріп Ая жаңа ғана, жанарына дес бермей иін тірескен табиғат құдіретінің енді аяқасты жатқанына нанар-нанбасын білмеді. Бірде қапқара, бірде жап-жасыл болып тұңғиықта теңселген құздарды қары талғанша қуаласа да құмарынан шығар емес. Әлгі әзірде жүзіп жеткен қиятасқа қолын іліктіремін деп жармасқанымен, айнасудың бетінде ойнақшыған таңғажайып бейне қайтадан алыстан қылаң етіп, тағы да алдын орайды. Тұрақсыз толқындардың ырыққа көнер түрі жоқ: «бәлем, енді жеттім бе саған» ентелей бергенде, әп-әдемі суреттердің быт-шытын шығарып, жан-жаққа қаша жөнеледі. Мөлдір судың құшағында дірілдеген асқақ шыңдарды нысанға алып, ұзақ жүзді Ая. Осы көлдің жағасында көзінің жауын талай ұрлатып енді сонау биіктікке, қазір бейнебір өрге өрмелеп, бұған дейін ешкімге ерік бермеген найзатастардың бірін-біріне соғып жатқан сияқты. Біресе қырындай, біресе шалқалап, біресе етпеттей жүзіп, жанталаса жарысқан тоқындардан қалғысы келмегендей алға асығады. Көлеңкесі көлде көлбеңдеген тауды қызықтап жүріп, ұзаққа қалқып кеткенін аңғарған жоқ. Желкесіне түйген шашы қобырап көзіне түскенде мойнын оқыс бұрып, артқа қарап еді, манағы сәтте өзіне төне түсіп, сұстанған шыңдар енді арғы бетке қарай шалқайып қалған екен. Кейін қарай селқос оралды. Жағаға бұрыла жылдамдата жүзіп, апыл-ғұпыл жиекке жетті де ып-ыстық құмға отыра кетті. Демін алқына алып біраз жатты. Күннің шапағына балғын денесін тосып, көзін жұмды. Тәніне шым-шымдап дарыған ыстық леп қазір жанына соншалықты жайлы. Өзгенің бәрін осылай ұмытқанда, мынау таңғажайып табиғаттың аясынан ешқашан да өзін бөлмейтінін түсінгендей. Осы жасына дейін бұл маңнан ешқайда шықпағандығынан да басқа тіршілікті мүлдем елестете алмайды. Жыл он екі айда он үш жасар қыздың асыға тосатыны осы мезгіл. Былайғы шақта таңертеңнен кеш батқанша іс тігумен шұғылданатын әжесінің жанынан аттап баспайды, ал шілденің аптабы келісімен-ақ, оны үйінен іздеп таппайды ешкім. Жападан-жалғыз «Шағалалы» көлін иемденіп, соның жағасынан ертелі - кеш бір ұзамайды. Кішкентай кезінде көл мен оның үстінен қиқулай ұшатын аққулар жеке меншігіндей көрінетін. Қазір арғы беттегі совхоздың қара малы жайлап, күніне әлде неше рет сусындарын қандырып, көлді лайлайды да жатады, кейінгі кезде тіпті үйірілетін боп жүр. Мұның бәрінен іштей шошынады. Түптің - түбінде жағыз тірегі – жалқы қуанышынан айырылып қалатын сияқты. Егер одан
айырылса, кіммен сырласып, кімге ағынан ақтарылады, қайда барады? Көл толқындарымен жарыса жүзгенде ғана Аяның таңғажайып әсерге бөленетіні ақиқат. Басқа жерде ешқашан да еркін сезініп көрген емес. Ғұмырында тірі пендемен тіл қатысып сөйлесу әзірге пешенесіне жазылмай тұр ғой, әйтпесе ұзақты-күнді осылайша өткізер ме есалаңға ұқсап. Тәңірі о бастан мұның тағдырын жалғыздыққа бағыштаған тәрізді: қауым ел арғы беткейде дербес ауыл да, бұлардың үйі қалың орманның арасында жеке дара түтін түтетіп келеді, Ая есін білгелі. Арғы беткейден бұларға күн құрғатпай қатынайтын бір ғана кісі бар. Ол – жұрттың жеке меншік сиырларын бағатын, ауылдастарының қойғаны ма, әйтеуір қандай үйге басын сұқса да, үн-түнсіз отыра кетіп, «домбыраны әкелші» дейтін Бегім сері. Сиырларды орманның етегіне жайып жібереді де, өзі Қалқаман шалдың үйіне қарай аяңдайды. Аяқ киімін шешпестен төрге бірақ шығатынын қайтерсің. Бегім серіге не керек екендігін Ая біледі, жүгіріп барып домбыраны әкеп ұстатады. Дайын шәй, ет тұрса ішіп-жейді, әйтпесе бұған әдейілеп дастархан жаймайды. Домбыраның құлағын бұрап әжептәуір отырады, содан соң бас-аяғы жоқ, әлдеқандай сарынды төгеді-ай. Айналасындағылар мұны тыңдай ма, тыңдамай ма, шаруасы жоқ, тұнжыраған қалпы шерте береді күйін. Үйіндегілер Бегім серіге назар аудармай әрқайсы өз жұмысымен әлектеніп, күйбің-күйбің жүре берер еді. Тек Ая ғана құлағына еміс-еміс естілер әуенге елеңдеп, Бегім серінің маңынан айналсоқтап, шықпайды. Бертін келе қос ішектен мұңлана төгілген буын үзіктерін Ая ап-анық еститін болды. Әуелгі кезде үзіліп-үзіліп құлағына әрең жетер дыбыстар енді кәдімгідей-ақ қызды алаңдататынды шығарды. Бұрын-соңды ештеңеге мазаланбаған, жұрттың бәрі мылқау деп келген Ая үшін у-шулы, дауысты буындарға толы тыныстың басталғаны қашан! Мұны біліп-сезіп жатқан кім бар қасында, тұла бойындағы ішкі-сыртқы өзгерістер өзіне ғана аян. Сондықтан да төрге киімшең баса көктейтін Бегім серіге деген ықыласы ерекше, өйткені сол ғана терең шыңыраудан суырып алатындай сезінеді. Ұсақ - түйек істерді тындыра жүріп тыңдайтын үзік-үзік дыбыстар бертін келе есіл - дертін әбден жаулаған-ды. Аямен де, басқамен де әуресі жоқ Бегім серінің қолына домбыраны бір ұстатсаң, орнынан жуыр маңда ешкім тұрғыза алмас. Бегім сері домбыраға қол созғанда сыртқа шығып кеткен Аяның атасы бір, екі-үш сағаттан кейін оралса да ол әлі отырар еді. «Оу, Бегім сері, малың шырқап кетті...» дегенде ғана басын көтеріп, домбыраны Аяға ұсынады. Ләм деместен шыға жөнеледі, ал Ая домбыраны нәзіктікпен аялап көпке шейін өзіне-өзі келе алмай бір орында тұрады есеңгіреп.Сосын алып-ұшқан көңілін қалай тоқтатарын білмей даңғарадай бөлменің ішінде ерсілі-қарсылы адымдап, Аяның басы қайтадан ауыратын. Жанын тыншытар амал таппай, мағынасыздықтан жарыла жаздаған сондай кезінде – бағына - а - келген мұнда. ... Тырс-тырс мөлдір тамшылар денесін қытықтай жөнелгенде, жауын жауып тұрғанын байқады. Ұшып-тұрып көлге беттеді. Енді суға арқасын жатқыза жүзді.
Жақұт тамшылар бетіне үзіліп түсіп, көзін бір ашып, бір жұмып, су бетінде ұзақ қалқыды. Жер де, аспан да Аяның көз алдында теңселіп-теңселіп кетті. Бүкіл әлем бір өзінің кеудесінде, кеудесін аймалаған су бетінде дірілдегендей. Тәкаппарланған биік шыңдарды, көгілдір аспанды шалқасынан жатып-ақ қызықтай, тіпті күннің көзіне жанарын тура қадайды. Жер ме көктің бір-біріне лақтырысқан алтын шашулары – майда толқындар бірте-бірте көлденеңінен ұзара жүгіріп кетті. Айнала нұр шуақ, көзі жеткеннің бәрі мөлдірлікке тұнған. Ая қары талғанша қарманып, көлдің тереңінен ескен ағынның күшіне дес бермей, толқындарға қарсы жүзеді. Манағыдай емес, толқындардың жылдамдығы арта түсті, төңіректі дауыл шайқағанын сезді. Ая кенет ағып келген толқынның екпініне тұншыға, шашалып барып, құлашын тез-тез сермеді. Ұзақ уақыттан бері айғайсыз-алаңсыз жатқан көлдің астан-кестеңі шығып, сан-қилы әуезге басқанда, Ая дір-дір етті. Көл бетінде баяу тербелген тау шыңдары бір-бірімен соғысып, кестеленген су иірімдері енді бұрқ-сарқ қайнады. Ая жанталаса кері жүзіп, жиекке жеткенде бүткіл болмысының, сиқырлы әсерге бөленгені рас еді. Сол әсерін үнмен, тілмен жеткізуге талпынды. Жүрек түкпірінде булыққан ырғақ буындарын дауыстап – ыңылдай бергенде, мұның бәрі көмейінен бері аспай, өксік боп тамағын тіреді. Сонда ғана есін білгелі өзін еншілеген үнсіздік атты қорқыныштың кесапат қорлығын сезініп, ызадан жарыла жаздады. Өзгелерден ерекше жаратылған жарым көңілінің түп-төркіні тілінің мәңгі-бақи байланып қалғанында жатпаса, шіркін, кеудеде бұлқынған би әуенін сыртқа атойлататындай құдыреті болса, өз деміне өзі осынша булығар ма? Жарық дүниенің барлық құбылысын іштей сезініп-түсінгенімен, көңілін кернеп құлағы естігенді бір ауыз сөзбен жеткізе алмайды. Басқаларға у-шуы мол өмір – Ая үшін тас мылқаулық. Жауын барған сайын төпелей үдеді. Жер бетінде өші бардай-ақ жаңағы ашық аспан енді қаһарын төге сатыр-сұтыр аударылып-төңкеріліп келе жатты. Аяның жүрегі алып ұшып, неге екені белгісіз, шаршап-шалдыққанша жүгіргісі келді. Әлден уақытта дөңгелене билей жөнелді. Бірақ буын-буыны әлсіреп, көкейіндегі үн ырғағын қимылына ілестіруге қауқары жетпеді. Қалжырап барып орнында тастай қатты да екі қолымен мойнын қысып, бейне бір содан көмек болатындай бар күшімен айғай салды. Бірақ бұл тағы көмейінде өксік боп, тіреліп қалды. Аяның басы айналып, құлағы шыңылдады. Көз алдында бүкіл дүние шыр айналды, ышқына шыңғырып, ес-түсінен айырыла құлап түсті. Жел екпіні күшейіп, жауын құйып тұр....
II Көк пен жер ортасында қар ұшқындайды. Күздің қара суығы басылмай жапалақтаған жұлдызшалар жерге жетпей әуеге сіңіп жоғалуда. Кеңістікті ұзынынан да, көлденеңінен де сызғылаған өрнектерден көз сүрінеді. Желдің лебімен әлсіз қалықтаған сансыз көбелек-қар қораның ішіндегі Аққатынға алайтүлей соққан қысқы боранды елестетті. Аппақ әлемді би әуені жайлағандай, жан-
жақтан үйіріліп кеп, қайтадан жан-жаққа жамырай шашылған майда қимыл, шапшаң қозғалыс, әрліберлі тербелген дүние. Есіктен әрі аттағанда, әлгінде қабылдағанындай желдің жылдамдығын сезінген жоқ, бірақ күннің райы қытымырлау. Кәдімгідей аяздай сорады қойынықонышынан еніп. Анадайдан мөңіреген сиырлар табыны көрінді. Оймақтай ауылдың шетіндегі бұлардың үйіне жақындағанда бірен-сараны ғана қарайды малдың. – Оу, қимасыңды тосып тұрсың ба, сайтаның әлі де басылмаған-ау, неғып айдалаға тесілесің, сиырың мен тайыншаңды қайырып ал. – Ат бауырына жабысып ербиген біреуанадайдан кері бұрылды. Аққатын малдардың алдынан шықты. Шарбаққа қамауға дәті шыдамады, түнерген аспанға асығыс көз жүгіртіп, қораға иірді. Сенекке кіріп, сырлы көк шелегін қарына ілді. Далада жетімсіреген шап-шағын орындығын әкеліп, сиырдың желінін сипады. Қанша тырысқанымен, емшегінен сүт тамбады, қарны тарсиып кетіпті сиырдың. – Әттеген-ай, – деді күйініп, – таңертең де сөйткен, құрып қалғыр-ай, әлгі сорлы қаз-үйректің жемін ашық тастап, міне, енді, жеп-жеп, жарылып өлмесе не қылсын? Ұзақты күн бекерге үрейленбеппін, жақсылық ойласаң бүйтіп орайласпас. Ағына телмірген жалғыз сиырдан айырылсақ не болдық? Жарты бидайды емешесі үзіле сұрап еді, жақпайды бізге көлденең нәрсе... Үйден жүгіре Ая шықты. Айналасына абдырағанымен бөтен ешкімді байқамай, әжесіне сұраулы кейіппен жаутаң қақты. Неге ренжігенін ұқпай анадай домалаған көк шелекті ұсына берген. – Апар әрмен, – Аққатын айғай салды. – Кіл өңкей меңіреу сорлы, айттым кеше әкеңе, шарбақтың есігіне тиек сал деп, ұқсатпайтыны бар, неге алады жемді, қаз-үйрек аштан қырылса мейлі, онсызда тамағымызды асырағанбыз, шайлық сүттен қағылдық тектен-текке. Салалы, ұзын кірпіктері дірілдеп, бота көздері шарасынан төгілердей мөлтмөлт, Ая не әрі, не бері аттамайды. Аққатын сабасына түсейін деді, қаршадай қыздың дәрменсіз түріне шыдамады. Ұдайы осылай. Әлденеге бұлқан-талқан ашуланса, екіленіп сөйлесе, ешкімнің кәрінен қорықпайтын басы Аяның үн-түнсіз кейпінен дереу жуасып, жым басылады. Ол үшін Аяның қас-қабағынан әмірлі күш жоқ, қос қарашығы түпсіз дүниенің сырын аңғартып, жалт еткенде, бойын буған ашудың қайда жоғалғанын білмейді. Жәудірегені аянышты, әйтпесе сүлесоқ деуге де келмейді, кімге, неге налығаны беймәлім, тірі пендеге салмақ артпай, қазіргідей қалшиып тұрғанда Аққатынның өзегі өртенетіні рас. О баста бұнысын Аяның кемтар жаратылғанына бағыштаған. Көздері мөлдіреген, тал бойы суреттей баланың тілі байланған, екі ауыз сөз құрамайды. – Табиғаттың сиқырын-ай, таңдай қақтырарлық мүсін, түр сыйлағанша, можантопайлау жаратып, сайратып қойса-шы. Қорлыққа туған сұлулық, азапқа туған сұлулық? – Аққатын ауыр күрсінді. Аптығын басып, ентіккен демі сәл тыныстап, ашуын тарқатты. Енді Аяның да қабағы ашылып, ішке енді. Жетпіске таянған Аққатынға күнделікті тірлік бірді-екілі қара мал, он шақты тұяқ қой-ешкіні ертеңгілік өргізіп, кешке жинап алудың күйбеңінен тұрады. Өзге
шаруа Аяның мойнында. Әлі де қайратынан таймаған шүкіршілік, қара шаңырағының түтінін түтетіп, жаман шалын бағып отыр. Рас, кешегі кердең қаққан кеуде жоқ, жалғыз ұлдың араққа салынып, әр жерде қаңғырып жүргені бетке салық, көзге шіркеу. Со қайғының жүгінен ел шетіне жақындамай, қанша жыл орманның, тау-тастың арасын кезді. Ұзақ уақыт қорықшылық жұмыс атқарған Қалқаманның ауылға көшкеніне әлі жыл толмаған. Орман шаруашылықтары іріленіп, баяғыдай жалғыз үйлі мекендер азайып, кішігірім қалаға тоғыса бастаған соң осында келді. Сексенге жақындаған жасында елді қонысқа асыққан. Аққатынның толып жатқан ірілі-ұсақты шаруаларын белгілі сағатқа бағындырмай өз қалауымен істейтіні де қалың тоғайды жеке жайлап дағдыланғанынан. Төрде жастықты шынтақтай шалы жантайыпты. Екі кештің арасында күннің батқанымен жарысқандай боп жатқаны Аққатынға ұнамады. – Бір тамбады, – деді есікті жауып, – иесіз қалатын мола ғой бұл түптіңтүбінде. Түнде шопыр жігіттен атаңның құнындай емініп сұраған бидайыңның кесірі. Жарты қап жемді пайда қылып, жардай сиырыңнан айырылып қал... – Жә, баланы қорқытпа, шәңкілдеген дауысың құрғыр. – Қалқаман малдас құрып, умаждалған жастықты түзеді. – Неғып батар күнге табынып жатырсың? – Тілеуіңді бергір, анау сарғайып жоғалған жарықпен қоса өшсем, не арман... Аққатын іштей тіксініп, жүрегі шым етті. Шалының таусылып сөйлейтіні сирек үшырасатын. Алда-жалда ұшырасса, мұның астарында ала бөтен себеп бар деп ұқ. Әлгі қарқынынан жуасып, құлағын тікті. Қалқаман бостан-бос кейімейтін. Бірақ одан әрі қазбалап ештеңе демеді, қайтадан төсекке қисайды. Аққатын да үндеместен теріс айналып, кешкі шәйді қамдады. Машинасының құлағын зырылдатып, әлгінде үзілген ісін қайтадан жалғастырған Аяға «жина» дегенді емеурінмен білдірді. Үйдегілердің қай-қайсында сәл емеуріннен түсінетін қыз алмалы-салмалы дөңгелек тапал столды жайып, үстіне дастарқан жапты. Шалдың түксиген қабағы жуырмаңда жазылмады, уһілеткен не пәле екенін таратып сұрамағанымен, төсекте мазасыздана аунақшыған Аққатын бәрін-бәрін сезіп жатыр. Жарасын тырнап қайтпек, екеуіне ортақ қайғыны жаңғыртуға жүйкесі құрғыр шыдамайды. Мейлі, іштерінде іріп-шірісін, әйтпесе айдай әлемге абыройлары ашылып-шашылатын тәрізді. Бір Тілектің төңірегіндегі жыр ғой баяғы. Сақал, шәші ағарған сайын қосағының күрсінісі көбеюде. Сірә, бүгін де Тілекке қатысты әлдене шалынған ғой құлағына. Елді аймаққа қоныс аударғалы ғұмыр бойы бөтен түгілі, бір-бірінен жасыратын жәйт аты-шулы дертке, кім көрінген тамырынан қазып, түбірінен қопаратын арам шөбіне айналғандай. Ең қиыны осы, досты да, дұшпанды да теңестіріп, анталаған бұзық ниеттілерге опоңай жығып береді қаусаған әке-шешесін. Аурудан емес, намыстан өледі адам баласы пайғамбар жасынан асқанда. Ой-һой, шіркін, зымырап өткен өмір. Кешегі айқабақ, алтын кірпік қыз Ақжелең емес пе едің! Екі ауылдың арасын сеңдей соғыстырып, селдей тасытып қосылған маңғаз жігіт Қалқаман емес пе еді! Ата жолын кесекөлденең аттап, етегінен ұстаған әуелде. Атастырған замандасы менсінбей, ынтығып қауышқан жарынан
үш ұл сүйді. Амал нешік, өрімталдай қос ұл соғыстан оралмады, он сегіз он тоғыз жастарында қан майданға аттанып, әлі күнге өліде бата жоқ, тіріде аты жоқ. Айы, күні, құндызы, маңдайға біткен жұлдызы, сүйектерінің қайда екені белгісіз. Төрт жылғы өрт пен от жалынынан Қалқаман есен-сау қайтты. Бауырына басып, өбектеп өсірген Тілек, бас ауыртып, балтыр сыздатқан асулардан сүйеніш боп алып шыққан Тілек, жүзінде шаң тигізбей, үп еткен лебінің садағасына айналымға дайын тұратын сонау жылдары. Сөйткен баладан не опа, не қайыр? Тірі қайғысынан мың өліп отыр екеуі. Ой теңізіне сүңгісе, қуанышынан уайымы мол, сарғайған сағынышы мол, бұралаң ізді сансыз соқпақ. Былайғы жұрт, әсіресе, жастар Қалқаман екеуін Қызжібек - Төлеген деп келемеждейтіні бар. Тағдырдан еншілеген бақыттары - қол ұстасып, қолтықтасып ғұмыр кешкендері. Бір жағынан зып бергендей қып-қысқа ғұмыр, екінші жағынан ұзаққа, тым ұзаққа созылған мың жылдық ғұмыр. О баста таңдағаны, ағайынтуғаннан іргесін бөлектеп, жалаңтөс, жаңғыз жігіттің соңынан ергені таусылмас дастандай көне хиссалардың ғашық кейіпкерлеріндей сән-салтанатқа ие қылған. Дүние, шіркін, қалай басталса, солай аяқталады екен-ау. Қызжібек – Төлегендей қайталанбас сүйіспеншіліктен таралған із айналып кеп сол бастапқы мазмұнын тапқандай. Тек қана әбден қуарған, ыстық – суығы басылған мәнсіз мазмұн. Тоқпақтай қос бұрымы желкесінен тарта жер сызғылаған балғын шағында «Қалқаманның құшағында ұйықтап жатып, өліп кетсем», деп тілегені есінде. Дүние, шіркін, шынында, тұмадан бастау алған өзендей арқырап – сарқырап, гүрілдеп тасып, арнасынан төгіліп, ешқашан таусылмайтындай өрлікпен қанша шақырымды көмейіне жұтады, қанша жерді тұншықтырып баса - көктейді. Мұхитқа тізгін салса бір сәрі, әттең, кез-келген өзенге бұл жазылмаған. Кез-келген өзен теңізге құймайды. Аққатынның өмір-өзеніде міне, солай, шымшым момақан ағыс тентек толқындарға ауыса қаншалықты буырқанғанымен көзді ашып-жұмғанша құмға сіңіп, құрдымға батыпты. Жұбайлық ғұмырдың қызығын, жар құшып, ана атанудың балдай тәттілігін бір әйелге татырлықтай өткерсе де, айдын шалқарға жетпей омақасыпты. Жалғанда тірі пенденің күні өзі қиялдағандай қалыптасуы мүмкін де емес шығар. Сүйді, тұрмыс құрды, бірақ құдайдан бел бүгіліп, көзден нұр тайғанша қатар жасайық деп тіл хат алған жоқ. Дүние, шіркін, кей-кейде тұңғиық иіріміне аяусыздықпен батырып жіберер асау өзендей, бойдан қуат, денеден күш таймаған шақта оған да төтеп берер-ау, әттең қайраттың қайтқан дәрменсіздігіңді пайдаланып, мынадай суалған сәтіңмен ұстасқаны қисынсыз. Шетсіз, шексіз дарияға ұласпаған, орта жолда бітелген өзеннің қараң қалғанындай, үрім-бұтағы жайқалып, жапырақ жаймаса, төмен етектінің күні де сондай келешексіз. Аққатынның ұғымында әйелдің ырысы – балаларының жамандыққа соқтықпай, ешкімге таба қылмай тірлік кешуі. Күйеулерінен жастай жесір қалған құрбыларымен салыстырғанда, қазір қара жерге телміргендей. Қайран, опасыз уақыт, ерім деп еңіреген өзіндей-ақ болар. Сөйтсе, төмен етектінің бағын байлар тәуелділік шаш етектен, соның бірі – жігерсіз, бөркемік бала. Әйелге ұрпағының сорлы болғанынан асқан зауал жоқ, Аққатынның жетпісті алқымдаған жасында түйген көп пікірінің бірі осы, іріліұсақты бертінге дейін реніштері, зарыққаны жәй әншейін қысыр қайғы екен.
Кесапаттың құқайын қартайғанда алла тағаланың еселеп алдарынан тосқанына ызаланады. Қай пиғылымнан таптым деп, таңды таңға кірпік қақпай жалғастырғанда, кінәмшіл көңілі одан да, бұдан да себеп іздейтін. О, тәңірі, сондайда елу бес жыл бұрын әке-шешесін тыңдамай, бата бұзғаны санасын улайды. Алғашқы ұлдарының қыршындарынан қиылғаны анау, тірі жүрсе, қазір елуден асар еді. Тіпті сенуі қиын, жарты ғасырлық, екеуінің жасы қосылып, жүзге жеткен ғұмыр, қызықтарын топырақ көрген жүз жыл. Елмен қатар өткергесін, жылай-жылай көндігіп, сүйекпен бірге көмілер айықпас дерт екенін мойындаған. Баладан күтер сенім, үміт атаулы соғыс жалмаған екі ұлының маңдайымен өшіпті. Жұрт қатарлы келін түсіріп құдандалы болудың ырың-жырыңын да қимапты құдай. Жалаң аяқ, жалаң бас Қалқаманға қосылғанда орындалмайтын тілектері жоқтай масайраған. Сол жалаңаяқтың өмір бойғы серігіне айналыпты, өзінен ұрпағына жалғасыпты. Қиын-қыстау жылдары ерін ұлдарын – жасыл бағын түгелдей батысқа шығарып салып, адам төзгісіз үрейдің қыспағында күн кешкенде, жыртық-тесігін бүтіндеген Тілек қой. Қалқаман майданға аттанып жатқанда туды. Үш бірдей азамат жеде қабыл бірінен кейін бірі кеткенде, қаңыраған шаңырақты толтырған Тілек қой. Есін жиып, етегін жапқаннан Аққатын жетімдік пен жалғыздықтың қамытына ықыласымен мойнын иген. Ағайын бұған тастай қатып қайырылмады, әке - шешенің ығына жығылған іні, сіңілі жібімеді. Өзі де кішіреймепті ешқашан. Алғашқы шалыс қадамынан мысықтай балалаған қатігездік үрім-бұтағына өмірлік азыққа айналғандай. Бір-біріне мейірімсіз, бірін-бірі іздемейді, сағынбайды. Тілек пен өздерінің арасындағы жағдайдың түрі мынау, қайда, қалай, хабарсыз, сайда ізі, құмда тасы жоқ. Сірә, қатігездік табиғаттың төл баласы, әйтпесе арқа сүйенген асқар тауы Қалқаманын мұншалық белін бүктіріп, алжастыруға апарар ма, бетінің қызылы, шәшінің қарасына, отыз тісінің саулығына сенген өзін – кемиектендіріп, мүкістендіріп, мыстан кемпірдің кейпіне енгізер ме? Омырауын толтырып, мерейін асырған ұлын аяқ асты өгей ғып жіберер ме? Жалмауыз апат жұтқан қос арысының қазасын тәңірінің қандай зұлымдығына сиғызбақ? Қала берді, көзінің қарашығы – Аяның мақау жаратылғанына кінәлі кім? О, мұның бәрі жүрек түкпірінде тығылған, айтылмайтын сырлары Аққатынның. Қанына сіңген қасиет пе, әлде қиындау жолының қалаптастырған үрдісі ме, мұңын шағып, ақтарылуға, ашылыпшашылуға мүлдем жоқ-ты. «Әдірем қал, несіне жетісіп шалқаяды-ей» дегенді ернін сылп еткізген, мұрнын шүйірген әйелдердің пошымынан аңғарып жүр. Рас-ау, оларды сөгу ретсіз, неменесіне тасып, алшаңдайды, құдай кеудеңді басқасын, қалай күшенсең де дәрменсізсің. Бірақ әбден әдеттенгендіктен, таразыға салса-дағы болмайды, тәккәпбар кейпінен айнымайды. Қалайда әйтеуір басқалардан көш бойы оза жүруді ежелден мақсат тұтқандай. Қарғыс атқанда, намысқойлығынан көрген рахаты шамалы, әлдекімдердің мазағына ұшырап, тот басқан темірдің кебін киді, қажетсіз тұтынылмайтын заттай күресінге лақтырылды. Ескі жұртта ұмытылған, байлаудағы төбеттей бұратылып, өршелене үрігенімен, қиян-кескі аласұрғанымен, шаңға көмілген жаңғырық, текке ұшқан зая күш. Ілесер серіксіз, сүйенер тірексіз,
паналар саясыз, бұғаудағы иттен несі артық мына түрінің? Жұлқына-жұлқына шаршапты, айғайлай-айғайлай үні өшіпті, тоса-тоса жанары семіпті, масқара қылғанда сөйте-сөйте жетпісті алқымдапты. Қиядан шалған алғыр қыраны да жер нұқып қалыпты. Қатігездік емей не, мұның бәрі? Қат-қабат топырақ қойнауының өзегінен шым-шымдап жоғарыға өрлеген бұлақ көзі қайтадан шым-шымдап мәңгілік ұясына оралды, өзі сияқтылардың жанына жіберілген құдайдың сағаты, міне, осы. Расында, қалай басталса, аяқталуы дәл солай тірлік тынысының. Нысап қайда, Аққатын-ау, басы мен аяғының ортасындағы ақпа-төкпе сарынды неге ескермейсің, көзіңнен от шашылған, төңірегіңді өртейтіндей қызулығың, жігіттерді теңселтіп, естерінен тандыра ғашық қылатының, әлемнің еркесі сезінгенің аз нәсіп пе? Айдай сұлу ақ ару атандың, ыстық деміңе шарпылған еркек құлқыныңның құлы болды, жалынқұмар құшағыңның бос өткен шағы кемде-кем еді ғой. Қойныңның құр жатқан кезінен құдайдың жіберген кесіріндей үріккеніңді қалай ұмытасың? Қалқаман оқ астында төрт жыл жүргенде, аттың басын айдаған ахау-әйдөш-ей күндерді қайда қоясың? – Боздақ ұлдарыма тиер кесірі демедім, қайтейін, етегіне намаз оқығандардың да үлесін көрдік қой, адалдығың мен арамдығыңды біркелкі жымдастырған түсініксіздеу уақыт шығар о-дағы, қайтейін. Қарғысына ұшырарлық, қатыны, бала-шағасынан ажыратып, ешкімді күштемедім, түн қатып, ұрланып, ләззат қумадым, айыбым – ажарым болса, қайтейін. Еркіне салсаң, тәніңнің қырсық-қыңырлығы аспандай жөнелер, бір тежемесең, артынан ешқандай тізгінге ұстатпас, Жан азабы дейді, тән азабы одан кем бе, тіпті екеуін бөлектейтін дәнеңе жоқ, кез-келген тіршілік нышаны тәннен жүйеленіп, тәннен құриды. Әлсіздігім бе, жұлдызым бағыштаған еншім бе, қызық-қуанышқа тоймадым, айдында жүзген балықтай емін-еркіндікке, не нәрсені де тұтастай, толығымен тамашалауға құштар едім. Тән атты күрделі тірліктің тентек талаптарын жөн-жосықсыз тұншықтырмағаным да, сірә сондықтан. Тұншыққан тілек қылмыспен тең, денеңді жайлаған удан арылмайтынындай, үздік-создық әлектенгеніңмен, түбінде сыр берерің анық. Әйелдің көңіліне сайтан кірсе, былайғы кездегі бөгет, кедергілер қаңбақтай салмақсыз, өзегі өртенгенше от құшып, маңдайы тасқа соғылғанша құрдай жорғалар ұры пиғылының соңынан. Ұры пиғылдың оянуы оп-оңай, әуелгіде Аққатын мән бермепті, қай-қайдағы әумесерлердің әспеттегенінен, тілемсек телміргендерінен басталған бәрі. Алғашында төбе шәшін тік тұрғызған әлдекімдердің еміншектігі жымысқы көзқарастары бертінде тән қытықтайтын есіріктікке ұласыпты. Рас, бұған айыпкер шектен асқан көңілшектігі емес те, оқыстан бойын тұтқындаған сиқырлы әсерден қанша тыпырлағанымен құтыла алмай азаптанған. Түсініп көр, бірде еңгезердей жігіттің жалт еткен жанарына сүріне жаздады. Мүсінін тінткілеген ұятсыз көздерден қаймықпады, айылын жимай өзі де қараған. Бір көрген жанның неліктен шарпуына шалдыққанына сонда қатты таңғалған. Айналасына менсініңкіремей, шалқақтап өте берген еркектің өнебойынан сиқырлы лепті кәдімгідей сүйсіне түйсінді. Тұңғыш рет десе, өтірік емес. Сол сиқырлы сәтке дейін дәл сондай жағдайды жиі өткергенімен, дереу ызаға булығатын. Бейтаныс еркектің кездейсоқ төңкеріс жасағаны түсініксіз еді. Шаршап-шалдыққан жұқалтаң тұсына сай ұшырасты ма,
табиғат пен тәнінің арасындағы сұраулы жауапты үндестік пе, денесінде діріл жүгіріп, сан мың толқыныстан өз-өзін игермей сүйретіліп үйіне әрең жеткен. Кеудесіне қысқан сәбиі, етегіне жармасқан ересектеу баласы да алақұйын дауылдан арашаламады. Шүмектеген нөсердің астында қалғандай және соны аңсары ауа көптен тосқандай екі-ұдай сезімге бөленген. Қалқаманнан сескене жүріп, ақырында тәнінің пәрше-пәршесін шығарған жасын отына шыдамады. Адам тарапынан жасалынған қасастық деуге қазір де ауыз бармас, желден бе, жерден бе, көктен бе, тәніне жабысқан абыройсыз аурудан айығудың амалын таппағаны рас. Күнәһары, кінәлаушісі, куәгері бір өзі боп, жазылмас дертпен алысқанда, бұны да құдайдан сұрамаған. Жастықтың желігі ме, қайдан білсін тіпті қияметтің төріне анық-қанығын ажыратуға мұршасы жетпес. Мүмкін, басқалар сайрайтындай күнә ме еді ынтызарлық пен ықыласының ығына жығылғаны. Қылымсып, әлдекімнің алдарқатқан арзан ниетіне құлағаны сирек, аярсып, жалғандықтың жұмсақ төсегіне де қызықпаған. Алда-жалда айыбын мойнына салып, ар-ожданымен есептесер күн туса да, Аққатынның ақталарлық мүмкіндігі мол. Бір мүйнет, қас-қағым, ай, жыл ма, кіммен қауышса да, санасын, ақылын саудаламай-сатпай, ағынан жарылатын. Тәннің алапат сұранысын кенеттен атойлатқан кездейсоқ жәйт қисынсыз жасырынған сезім селін тасқындатып, ұзақ уақыт шөп-шалам бітеген таза бұлақтың көзіндей ашты. Әйел пақырдың тіршіліктің жанды өзегінен жаратылғанын қалайша айып дер? Булыққан күш, ұмсынған қол, жайылған құшақты қалай табандатпассың? Құштарлық пен құмарлықтан өлуді ұрғашының пешенесіне жазса қайтіп періште болармын? Әрберден соң сезімге тұншығу мен сезімді тұншықтырудың әдісі түрлі болғанымен, негізі бір емес пе. Көзі табылмаған бұлақтай бағы ашылмаған әйел қаншама, бейнетқор да сезімтал, бойы тұнған бағыныштылық бейшараның, далбасалықпен өмір кешкен, қадіріне татымайтын босбелбеу, жігерсіз еркектің қызғаншақ, қазымыр мінезіне шыдап баққан талай құрбылары, Тіршіліктің қайнар көзі бола тұра тұмшаланып, иіліп-бүгіліп өтуге тиісті парызы да қиындау еді жасырақ кездерінде. Жоқ, Аққатынның өкпелеуге хақысы жоқ, жаутаңдап мүсәпірлік танытпаған айналасындағыларға. Сүйіспеншіліктің екеуге тән таңғажайып қасиетін есі кете тамашалаған, бақыттың тәтті дәміне тұшынған. Әйел ғана қабылдап, әйел ғана бойына сіңірер сезім шаттығынан қанат байлағандай арқалана самғаған, мың түлеп, мың құлпырған. Сондықтан да шығар, Аққатын бір көргеннен-ақ әйелдердің бағы мен сорын айнақатесіз, дәл болжайды. Әсіресе бақыттыларын бірден айырады, қыбырлаған қимылынан, жанарының жылтылынан, оқыс бұрылғаннынан да шырамытады. Ондайлардың күйгелек, бәяшәя, қытымыр болуы екіталай. Басына қонған бақ-дәулетті сүйіспеншіліктің сиқырын сезінген әйелдің бағаламауы мүмкін емес. Дүние қоңыздық, сараңдыққа, көзі ашылмай, не пәленің бәрін ішке жасырып тымырайғандар, ешқашан ынтығып сүймегендер бейімірек тәрізді. Қартайған сайын адамдардың есеп шотқа үйірсектеніп, мардымсыз ұсақ-түйектерді де жинастыруға әуестігі, сірә, күні озғандықтың, дәурені өткендігінің белгісі. Уақыттың бұлжымас заңдылығы ғой бұл, тек жасына жетпей, құнсыз дүниенің құлы болғаннан сақтасын, сезімнің жөні бір бөлек. – Аққатынның езуіне күлкі үйірілді, - сезімнің жөні бір бөлек...
– Неғып ұйықтамайсың? – Қалқаман күрк-күрк жөтеліп, ұзақ қақырынды. – Сен түгілі өзіме де жексұрын қылған мына жөтелі құрғыр, көкірегімнің ашып жатқанын... қаусаған сүйегі құрғыр да... таң атады, күн батады, одан басқа не көріп отырмыз осы екеуміз... – Енді қайт дейсің? Әлде таңды атырма, түнді батырма дейсің бе. Қалқаман қайтадан жөтелге булықты. Шытырман ойдан басы ауырайын деді Аққатынның, орамалын қаттырақ байлап, қалың көрпені қымтана жапты. Күздің қаралы, жаңбырлы күндері кезектескен мазасыз да лайсаң кезең басталады. Үдере көшкен бұлттар легі көбейді. Аспан кейде түнеріп, аракідік ашылып, жер бетіндегілерді құбылмалы райының құлына айналдырғандай. Сәл жадыраса, тіркемелі тракторлардың сабан, шөп тасығаны, әр-әр тұста маялардың биіктегені, дар-дар кесілген, дүңк-дүңк сақталған отын, ауыл ішін толассыз еңбек тынысы кернейді. Қой-ешкілер де аспан қабағына тәуелді, мұнда арнайы малшы жоқ, кезектесіп бағады үй жағалай. Жауынды-шашынды күні ешқайсы қозы, лақтарын шығармай қораға, шарбаққа қамап, алысқа ұзатпайды, бала-шағаның міндеті әлсін-әлсін қайырып, ерсілі-қарсылы жүгіріп жүргендері. Бір, кейде екі мезгіл от жақпаса, үйдің іші азынап шыға келеді. Бұрын көмір жағып үйренбегендіктен, күн құрғатпай шелектеп күл шығару Аққатынға азап болғалы тұр. Ая да бұның жөнін біліңкіремейтін. Орманның шіріген тегін ағашынан, тау-тау үйілген шөптерінен қанша пайдаланса да, ешкім қыңқ демейтін, ақпа-төкпе байлықтың ен ортасынан келгендерін енді байқап жүр. «Тракторы жоқ үй де үй ме екен» деп ауыл келіншектерінің біреуі айтқандай, ат үстіне қонған азаматтары болмағасын, шөп жинау да отын тасу да мұң. Соңғы кезде Аққатын көшені аңдиды, әлдекім қыстың қамын бұларға әзірлеп, соны асыға тосқандай. Обалы нешік, совхоз тарапынан соғыс, еңбек ардагері ретінде Қалқаман семьясына көмек көрсетіліп жатыр, бірақ соны реттеу үшін де елгезектік, пысықтық қажет. Тәңірі жарылқағыр, рахатты қаршадай бала Айдостан көрді. Тракторының кабинасынан мойнын қылтитып, «апалап» бәйек қағады, жап-жасыл шөп те соның арқасында кеп үлгерді. Қазір де оң қолымен шекесін қалқалай алысқа көз тіккен, әнеубір дырылдаған жаққа қарап, «Айдос емес пе ішіндегісі» деген. Бері жақындап тоқтады машина. Аққатын кейін шегінді, жарбиып тұрғанын ыңғайсыз санады. Қораға кіре бергенде, таныс дауыстан секемдене жалт бұрылған. Маңдайынан суық тер бұрқ етіп, басы шыңылдағандай. – Ту, - у, о несі-әй, - кімге кейігені белгісіз, қабағы шытылып, кішірейіп бара жатты. – Оу, апа, біз ғой, мен... – қалбалақтаған Тілек көзалдын жарықтан көлегейлейді. Аққатын жалма-жан ұлының жанарын іздеді. Ақ, қарашығы айқындалып, бейкүнә жымиғанда, арқасының құрысып-тырысқаны жазылып, бойын тіктеді. Дүние түгенделіп жүре берді, Тілектің сап-сау түрін көргенде. – Ә, сен бе, келдің бе? – Әп-сәтте сан алуан жаманатты елестеткендіктен, есін әрең жиды. Тілектің қасындағы кісіні кешірек аңғарып, сәлемін алды.
Аяның екі беті балбырап, жымың-жымың. Тілек шәшінен иіскегенде шарасынан төгіле жаздап мөлтеңдей тұрақтаған мөлдір тамшы көкірегінен күрсініс боп лықсыды. Көмейінде өксік кептетіле жұтынып барып-жұтынып барып, қорғансыз кейіпте езу тартты. – Қалай өскенсің! – Тілек арқасынан қақты. – Қандай сұлу бала, ә! – Аяның салалы саусақтарын асықпай қолына қысқан бейтаныс басын шайқап, таңдайын тақылдатты. Ешқашан қол ұстасып амандаспағандықтан, мүлдем тосын қылықтан Ая сасыңқырай басын төмен тұқыртты. Алақанынан толқын-толқын діріл жүгірді, бұны жақсылыққа жорыған жоқ, аңдаусызда лас-қоқысты басып өткендей бойына жиркеніш биледі. Бірден жұлқа тартып, сілкіп-сілкіп қалды қолдарын. Бұнысына үйдегілер назар салмады, атасы мен әкесі шүйіркелесе төрге жайғасып, әжесі сіреңке іздеп, буфеттің суырмаларын ақтарып жатты. Бейтаныстың көздері тым өткір екен, қабағын түйгенде, Аяға көршілерінің ежірейген текесін елестетіп, еріксіз күліп жіберді. Ауызғы бөлмеге жылысып, не істейін дегендей, әжесінің аузын бақты. – Мына інішек ғылым жолын қуған, біздің өлкеге әдейі жіберіпті,- деді Тілек шәй үстінде әке-шешесіне салмақпен – үй кең, қанша тұрғанша болсын, экспедицияда... – О не, - Аққатын соңғы сөздің мәнісіне түсінбеген, – нендей қызмет сонда? – Кейін көресіңдер, жата-жастана, аты Қаһарман, өте білімді жігіт, өте... – Асыра мақтамаңыз, Төке, - Қаһарман әңгіме желісін өзгертіп жіберді, - мынау сырмақ, басқұр, түскиіздердің оюлары қандай ғажап, шет жағасын Төкеңнен естігенмін, сонда Ая бұларды кімнен үйренді, ауылда көп пе қол өнер шеберлері? – Ауылмен өзіміз де енді танысып жатырмыз, қоян-қолтық араласамыз шамалы, бүгінгі әйелдер оюды қайсын, дайынға ие ғой... ою-өрнек дегеніңіз де дерт, дарын шығар, қайтейік, құдай тілін буып-түйіп қойған соң, шыдатсын ба іште қайнаған қайрат, күш... Аяның жүзін мұң торлады. Әжесіне қиыла жаутаңдап, берекесі қаша тыпыртыпыр. Аққатын тілін тістеді, шалы жақтырмай басын қақшаңдатты. Соның бәрін бақылап, қара торы өңі жылтырай масайраған қаһарман ұйыған аяқтарын жазыңқырап, столдың астына көсілте созды. Қонақтың көзінше Тілектен қазбалап ештеңе сұрамады әке-шешесі. Ол да оңаша жүздесуден қашқақтағандай, қат-қабат шаруаға кірісті. Ауыл жігіттерімен шүйіркелесіп, отын шөптің науқанына ден қойды. Қаһарман да көмектесіп, кейкейде үш-төрт күнге қалаға барып қайтады. Бұрын Бегім серіден басқаның қолы тимейтін домбыра енді соның меншігіне айналды. Мұнысы үйдегілерге ұнады, күй шертіп, аракідік ән айтады. Не істеп, не қойған қызмет екенін тәптіштемеген Аққатын. Тілектің беті бері қарағанын қанағат тұтып, қаңыраған үйлерінің күмбір қаққанына қуанып жүр. Шалының да бүктеліп жатуы сирек, құлағы елеңдеп, бұрынғыдай емес, әжептәуір тың.
– Әлгі ақ қозы жоқ, таңертең шығарма дедім, тыңдамадыңдар, мейлі, қу дүниемаған емес, сендерге керек. – Айдостың есікті ашқаны мұң, шешесінің ренішті дауысы қарсы алды. – Жұрттың көңілін қалдырмайсың, өз отыңа да бір мезет қайрылсаңшы, жаның дамыл таппайды, кім өтініш жасаса, соңынан күшіктей ересің. Көзіне ұйқы тығылған Айдос малақайын атып ұрып, апыл-гұпыл күпәйкесін шешті де пештің қасындағы орындыққа бар салмағымен сылқ етті. – Шаршадым, апа, айран құйып берші. – Шыда, әйтпесе ет жемейсің ақтан кейін. – Ызыңдай сөйлегенінен тиылып, шешесі дедектей жөнелді. Ағаң мен жеңгеңді тосайық, олар да кеп қалар. – Шөлдедім. – Орнынан тұруға денесі ауыр тартып, Айдос жып-жылы пешке арқасын сүйеді. Резеңке етігі, ыстық ауадан ба аяқтарын сыздатып, жәйсіз тигесін, тартқылай-тартқылай есік жаққа лақтырды шылғауымен шұбатып. Сонда ғана денесі жеңілдеп, ортаңғы бөлмедегі диванға жете-мете қисайды. – Осы не әдет? Бас киімін еденге тастайтын, етігін тазалап кірсе қайтеді, бүкіл үйді былғапты, былжыраған саз, әне… - Жеңгесінің жіп-жіңішке үнінен ұйқысы шәйдәй ашылды, бірақ қозғалмады орнынан. Құлағын тесе жаздаған ащы үн өнебойына таралып, бірте-бірте арқасына жетті. Бір түрлі тоңазып, әрі құлазып, қалайда ештеңе естімеуге тырысты. – Әбден мезі қылған осынау сөздер-ай, ту-у адамның ішін пыстырып... айдалаға лағып кеткен жақсы мынадан. Ұзақты күн қатар отырсақ, қайтер еді, таң атар-атпаста көзімді жоғалтқаннан іңірде ораламын, соның өзінде жағына тыным жоқ жалықпай қайталайтыны «салақсың, аяғың шуаш, киімдеріңді жинамайсың, бензиніңнін исі үйге сіңіпті, күпәйкенді сенекке іл». Өзі тазалап, қол ұшын тигізсе бірсәрі, бәрін істейтін апам, түсінбеймін, неге шәнкілдейді? – Құтыларсың одан да, менен де, миды жемеші, күнімді осы жаманның арқасында көріп отырмын, саған сабытын салған ешкім жоқ, міндетсімей жүріңдерші құдай үшін... – шешесінің күңіренген даусы Айдосты одан әрмен мазасыздандырды. Құлағының тарс бітелгенін тілеп, басын жастыкқа көме әрліберлі аунақшыды. Жіп-жіңішке, ащы және күңіренген, байсалды дауыстар жарыса жалғасып, үйдің ішін көңілсіздік жайлады. Айырмашылығы бар осынау екі түрлі сарынның қай-қайсын да естімеу үшін Айдос не амалдың бәрін жасар еді, шіркін! Әттең, ақылы жетпейді не істеу керектігіне, өгіздің митың-митың аяңындай жуық арада таусылмайтын жыбыр сөзді тиярлықтай күш жоқ бойында. Есін жиғаннан сондай жыбыр сөз, жылаңқы үн, неткен азап. Эх, тезірек әскерге шақырылса! Қызык, сонда кімді қаттырақ сағынар екен? Нақ алдынан Аяның бейнесі көлбеңдеді. Жаңағы кұлағын сарсытқан зарлы әуендерден құтқарды. Ая жайлы ойлағаны. Қиялы әлдеқайда шарықтап, шешесі мен жеңгесінің ендігі әңгімесіне зейіні тоқтамады. Бағанадан әрқилы айласын іздеп таппаған көңілсіздік шеңгелінен оп-оңай құтылғандай.
– Атауыңды іш те қозыны тауып әкел, бейшараға обал болды-ау, қайда қаңғырып қалды екен. – Ашуланған сыңай танытқанымен сөзінің соңын майдалай жалғастырды шешесі, – кіп-кішкентай қошақан, енесі де сорлы, тапа-тал түсте айырылып... Айдос қайтадан жанарын жұмды. Тұрып киініпті. Анадай Ая келе жатыр. «Біздің де қойларымыз жоқ, бірге іздейік дегенді ыммен білдіреді. Қуана-қуана келіседі. Ауыл сыртына жаяу шығыпты екеуі, әр жерде қалқиған шөмелелер, бірақ қой-ешкі көрінбейді. – Шіркін-ай, ат болса ғой, — дейді Айдос - ат болса тез табамыз... – Жаяу жүрейік те?, Ая кәдімгідей сөйлейді, - әлде мені сағынбадың ба, жаяу жүре берейікші, сонда көп бірге боламыз, ал атпен тез ораламыз, мен ере бергім келеді, осылай жаяу. Таңғалған Айдос тіл қатпайды. – Сен неге үндемейсің, әлде ұяласың ба қасыңда жүргеніме. — Аяның кабағы түйіледі. – О не дегенің, жігіт емеспін бе?! – Жәй, сынайын дегенім ғой, сен мені сүйесің, алғаш кездескеннен сүйесің, әттең ұялшақсың, казір де... – Қайдағы? Жігіттер ұялмайды. –Ендеше сүйші бетімнен. — Ая бері аттады, бұл жақындаған сайын ол биіктейді. Абдыраған Айдос не істерге білмей состиып қалыпты, Ая құсқа айналып, біресе оң, біресе сол жағынан қалқи тербеледі. – Сен қорықпа, мен адамнан басқаның бәрінің тілін білемін, қаласам сенің де тілінді үйренемін. – Үйренсеңші, тезірек үйренші. – Қиналмашы, Айдос, міне, қалай-қалай сайраймын, көріп тұрсың ғой... жәй, сендерді сынайын деп әдейі сөйлемейтінмін. – Қандайсың, ә, төзімдісің... ал мен қанша уақыт армандадым, шіркін-ай бір рет тілдессем деп... – Білемін, баяғыдан бері білемін, ал, кәне, сүйші бетімнен. – Айдос әбден сасады, қызарақтаған қалпы Аяға тура қарауға именіп, сәл кешіксе айырылатындай. – Айттым ғой, ұялшақсың бірақ соның ұнайды, ұялғаның ұнайды, әншейін сынайын деп... – Қайдағы... – Айдос қызға тағы да жакындай түседі, - әуелі ақ қозыны, қойларды тауып алайық та. – Оның жөн, ең алдымен қойларды іздейік... Ен даланы ұзақ кезген екен дейді. Бір-бірінің қолдарынан мықтап ұстаған, қанша жүгіргендері белгісіз. – Бәрібір ат керек екен, ә... — Ая шаршағанын аңғартады. — Екеуміз сиямыз бір атқа, иә... сиямыз... Кенет ақбоз ат ойнақтай көлденеңдейді. Айдоста ес жоқ. _ Сенің қиялың қас қаққанша орындалды, қарашы, әне. – О, білмейсің әлі мені, неліктен меңіреу сияқты жүретінімді білмейсің... егер кәдімгі адамдардай жағым дамыл таппаса, ақбоз пысқырмайды да. Мен анда-
санда сөйлеймін, сондықтан не тілесем, орындалады, маған ақбоз ылғи да көмектеседі. -Ая атқа секіріп мінеді. - Кел, сен де... Ақбоз атпен құстай самғайды екеуі. Тау-тастан, өзен-көлден қиналмай ырғып, кеңістіктің мұнартқан тұманын қақ жара ұшып келеді, ұшып келеді. Аяның қос бұрым ғып өрген қап-қалың шәшінен бұрқыраған хош иіс Айдостың танауын жарып, есін ұрлайды. Жұпар кернеген көгілдір әуе, тіршілік неткен тамаша! Мысқалдай салмағы сезілмейді әдеттегі қорғасындай ауыр дүниенің, шалқыптолқыған әлди-әлем, әлди-аспан, әлди-жер, әлди-ауа. Бүткіл аң, құс жануар жасыл баққа жиналып, арыстан мен аққу, қарсақ пен жолбарыс, түлкі мен қасқыр жекедара сырласады, әлден уақытта алқа-қотан жайғаса бәрі де бір-бірімен шүйіркелесе кетеді. Айдостың таңғалғаны сонша көздері бақырайып, анаған да мынаған үрейлене жалтақтайды. – Бұл менің негізгі мекенім, — дейді Ая. – Қасқыр мен түлкі қалай достасқан? Аққу қайдан жүр мұнда, үкіні қарай гөр... – Түсейік пе, барайық... Айдостың аттан түсуге ықыласы жоқ. Аядан жалқы сәтке ажырасуға құлықсыз. Мұншалық көріністі бұрын-соңды қызықтамағандықтан қалғысы да келеді. Бірақ табаны топыраққа тисе. әлди-әсерден ада-күде айырылатын тәрізді. - Кейінірек аралармыз... Бір орында тыпыршыған ақбоз оқырана бергесін, таңғажайып бақты қиыңқырамай-қиыңқырамай «әйт-шу» десті. Шексіз әлемді айналып шығып, ауыл шетіне жақындапты. Тайға таңба басқандай жер бетіндегі қыр, ойпат, қыртыс-қыртысы айқын, анадайдан көзге ұрады. Байқамапты, жықпыл тас, тұнжыраған орман, мөлтілдеген көл – бәрі қолмен салған суреттей, тау-тасына өрмелеп, орманынан жидек теріп, суына шомылғанда, еш қадірлемепті. Айдос төменге тамсана қарайды. – Неткен ғажап, неткен ғажап. Жер қойнауына бауырлай енгенде, ақ қозыны, қойларды іздеп шыққандарын естеріне алады. – Алаңдама, әне, ақ қозың, - дейді Ая, – біздің де қойлар... Сөйткенше Ақбоз бұларды төменге топ еткізіп, ғайып болды. Таңғажайып көгілдір дүние бұлдыр-бұлдыр, сұрықсыздана қара бояуға көмілді. Бірте-бірте Ая да алыстап, тұман арасына сіңгендей. Ақ қозыны кеудесіне қысқан Айдос жападан-жалғыз, төңірегі тас-түнек. – Ит жеп қойды-ау ақ қозыны, қотанда емес шамасы... Жаяу қайдан тапсын, ат та жоқ. – Тракторымен іздесін. – Қойыңдаршы, тып-типыл тұяқсыз қалсаңдар, не істер едіңдер, екеуің екі жақтан қыстамай... Сыбыр-күбір, караңғылықты әлсіз сызғылап қайтадан тып-тыныш. Кеудесіне жастықты қысып алыпты, басы диванның ағаш шетін тіреп жатыр. Қапелімде өңі, түсін айырмай, әлсін-әлсін есінеп барып үйінде екенін ұқты. Сыбырласқандардың үні кайтадан күшейіпті. Ара-арасында ағасының салмақты, қоңыржай даусы естіледі: – Шаршап жығылуға шақ, бұғанасы қатпаған, бұның жасындағылар әлі
онжылдыкты пітірген жоқ, алғырлығы ғой, машина атаулының жеті қат сырын шекілдеуіктей шаққанда, өзім қайранмын. Сендер оны ұсақ-түйекке жұмсап, жігерін жасытпаңдар. Жанына майдай жаққан әңгімені елтіп тыңдағасын ұйқысы ашылды. Тоқтының балбырай піскен етінің исі мұрнын қытықтады, қарны ашайын депті. –Тұрайын, ағам үйдің ішін лезде толтырып жібереді, апамның, жеңгемнің мардымсыз текетіресі де аяқталып, іштерінен тынады. Енді тамақ жеуге әбден болады. Бірақ тұрып кетуге асықпады. Жаңа еді қисайғаны, сол екі ортада қиялы ма, түсі ме, ертегідей өлкені шарлағаны, Аямен сөйлескені. Небір таңғажайыпты қатар өткергендері жанын жадыратып, әлгіндегі әлди әсердің құшағынан оңайлықпен босамады.– Қандай сиқыр, ен байлықты көзіңді ашып-жұмғанша үйе салады, қолмен ұстатқандай елестетіп, мазақтағандай қайтадан жоғалады. Бәрібір жақсы, солай елестегені жақсы... – Батыреке, бұ не мезгілсіз ұйқы шақырғаның? Тұр, сені қашанғы тосамыз, әйтпесе аузымызға ыстық сорпа тиетін емес, тұр... Ағасынын даусы жібектей, мейірім төгіледі әр қимылынан. Бойы еңгезердей, нағыз ер тұлғалы. Айдос түсініңкіремейтін айрықша мінезі бар, былайда керілдесіп жатар жеңгесі, шешесі оның көзінше солбырайып, жуасып жүре береді. Сол сұсы ұнайды Айдосқа. Әттең, жұмысы қарбалас, бөлімшені басқарады, күнітүні дамыл таппайды, көбінесе далада. Сондықтан үйдегілердің ұрыс-керісі де жиірек. Өзінен неге қаймықпайтыны жұмбақ, пысқырмайды ешқайсы, қанша темір тұлпардың құлағында ойнағанымен, «алып кел, барып кел» төңірегінен бұны асырмайды. – Ертең Қалқаман атаңа бір тележке шөп апарып таста. Айдостың іші жылып сала берді. - Ә, - деді неғұрлым жайбарақаттық танытып. – Әлгі маскүнем баласы келіпті ғой, біреуі бар ерткен, арамдықтың ұясындай шүңірейген көзі жаман құрғырдың. – Оған сенің қарақат көзің қалайша түсіп жүр? Ағасы келіншегіне қалжыңдай сөйледі - қарай гөр, тіпті көзінің үңірейген-шүңірейгеніне шейін байқайсың, ә... – Иә, мен де көрдім, шәші желкесін жауып, желп-желп, киген киіміне жаяу тұрып, аттылы түсіп қарайтындай екен, тіпті келіссіз-ақ дардай еркектің әлемжәлем жүргені... бақсы ма, диуана ма, алғаш көргенде шошып кеткенмін. – Тасысын солар шөбін, не, Айдосқа жазып қойып па, өткен жолы сабан апарған – Аяқ астынан «жаны ашыған» жеңгесіне көзінің астымен ұрлана, әрі жек көре қарады. – Сендер қартаймайсыңдар, бойларыңнан ешқашан қуат таймайды, ешқашан өлмейсіңдер, мен де сөйтемін, сақал-шашым ағармайды, өмірлік бастықпын, дала да, техника да, шөп те, отын да әкемнің қалдырған мұрасы – Ағасының даусында кекесін бар. Қарасұр жүзі одан әрмен түтіккен жеңгесі зымыраған машинаның аяқ асты қақалып-шашалған моторындай үні өшіп, теріс айналды. Бөлме ішінде масаның ызыңы ғана, қолайсыздау тыныштық орнады. Сыртқа шыққан Айдос қорадан ұзамай айнала ауылды бағдарлап, Аяның үйіне тоқтады назары. Олар былтыр көктемде қоныс тепкенімен, бұрын Қалқаман шалдың үйі орманның іргесінде, иттің үргені естіліп, мекенжайы да үңілген кісіге
анық көрінетін. Екі ортада дөп-дөңгелек Шағалалы көлі, барып келу жаз айларында қиындау, қайық пайдаланатындар некен-саяқ. Қыста қатқан мұз, тайғанақ. Неге екені белгісіз, қарағайдан бұралған жалғыз үй кішкентайынан Айдостың есінде сақталыпты. Аяны көрместен бұрын да жадына тұтып, со жақта ынтасын ұрлайтын әлденендей жұмбаққа құмартатын. Кейіннен Аяны кездестіргенде, ұзақ жылдар қиялын тербеткен сиқырдың тектен-тек еместігін анықтаған. Бірде көлдің арғы бетінде қалып қойды. Жаңылмаса, балалармен керісті де, қайтарда Айдосты қайыққа мінгізбеді. Жағалауда состиып, алыстаған қайыққа кектене телмірген. Соңдарынан жүзуге әрекеттенгенімен, күшіне сенбейді, ызаланғанынан көйлегін шешіп тасатап, құмға күмп берген. Денесін күйдіріп әкеткен отқа шыдамай суға жүгірген. Қайықтың үстіндегілер шуласып, алақандарын шапалақтай бұны мазақтай бара жатты. Кеудесін өртеген намыстан судың тереңдігіне тіке бойлап, астына сүңгіді. Жанұшыра қимылдап, тұншыққаннан судың бетіне атылған. Көзін аша алмай жағалауға бұрылғанда, о, ғажап, аспанға шалқалай, баяу қалқыған қыз ба, балық па, Айдостың аузы аңқиды. Анау титтей зер салса-шы, бұл сабыр тоқтатқанша дәл қасынан оқтай зымырады. Айдос кілт тоқтаған. Кім, не екенін алғашында сезбеді, дереу қайтадан көлге жүгірген. Әлгінің артынан жүзе жөнелді. Жанары жұмулы, ештеңемен шаруасы жоқ, қалыпты тыныстап, бүлк-бүлк толқындар екі жағында ирелеңдей бір-бірін тынымсыз қуалайды. Аяқ, қолдар билеп барады толқындармен жарыса. Бейне бір мына шалқардың құрамдас бөлігіндей, етене тұтасып, етене үндесіп, судың өзінен жаратылған пері ме, періште ме, тым еркін, тым ерке. Айдосқа көзінің қиығын да қимады. Өзі бейтаныс қыздың ширегіне келмейді екен, қаншалық зорлана сермегенімен, құлашының аясы тар, мүлдем пысылдап, деміне қақалып-шашалды. сыр бермеудің айласымен шегіншектей-шегіншектей жиекке де жақындады-ау. алқынып кеп тағы құмды қапқан. Салқын судан шыққасын, бағанағыдай емес, өнебойын балқытып әкетті. Екі көзі көлде, әлгі пері ме, періште ме, әйтеуір жиекке ораларына сенген. Ұзақ тосты, «қыз дегенім балық шығар, адам емес-ау» деп түңіле бастады. Таңғайып жаңалықтан құр қалғандай, әлденендей маңызды жәйт айналып өткендей өкінген. Шынында осынша уақыт тентек толқындармен жарысуға шамасы жетпес еді. Әрине, мұны ешкімге айтудың қажеті жоқ, ерегіссе, ертең-ақ жаттығуларды жалғастырып, үйреніп алады. Күн сәулесі арқасын шымшым қыздырып терлегесін, көлге беттеген. Өрген бұрымы жартылай тарқатылған, бүлдіршін қыз қолдарын сілкіп, бері шықты. Айдосқа таңырқап, шақырайған жарықтан жанары жыпылықтап, мойнын әнтек бұрған. Екеуі үнсіз жымиысты. Бұрын-соңды мұндайды көрсе-ші, бет әлпеті аппақ, шарасы кең қара көз, кірпіктері қайқайып, қысылмай тура қарағанда, дүние атаулы бір аударылып, бір төңкерілген Айдосқа. Тіл-аузы байланып, монтаны жаутаңдағаннан басқа амалы қалмаған. Ол ешқашан перизатқа кездесемін, тіпті ондайды бар демеген. Сезіміне әсер еткеннен гөрі төбесінен нажағай ойнатқандай сұсы басымырақ та. Көрген қыздарына еш ұқсамайтын, тұнжыраса, төңірегін түнертіп, күлсе, төңірегін шуақтандырып, жер мен аспанның кілтін өзі сақтайтындай алшаң-алшаң аттайды. Отың, судың, ағаштың, жапырақтың,
қылтанақ шөптің сырына үңіліп, тірі пендеден гөрі өлі табиғат тылсымына әуес. Айдосты таңғалдыратын да сол қасиеті. Мұны адам емес, бейне бір мотоцикл қызықтағандай бетінен, маңдайынан сипағанда, бірінші рет құлай жаздаған, тіпті темір қуыршаққа айналдым ба деп секемденген. Алдында жүрегі тарсылдап, Аяның алақанынан тоқ соққандай есеңгірегенде, оның тас мүсіндей қыбырламағаны, айбаты, салқындығы бірте-бірте бұған дарыған. Шынында су жаңа мотоциклдей тапжылмады, ағасының үш дөңгелекті «Уралын» осылай ұңғыл-шұңғылын тексеретін, Ая да соны қайталағандай. Алабөтен жаратылғанын, сөйлеуден мақұрымдығын түсінгенде (неліктен сөйткеніне әлі қайран тіпті де өкінбеді. Бәрі солай болуға тиістідей қабылдаған. Және сәт сайын оны көруге деген ықыласы артып, бұрынғыдан гөрі аялай іш тартады). Аямен танысқалы, міне үш жылға жуық, ұдайы есінде тұтып, сарыла ойлайтыны ақиқат. Орманның шетінде тұрғанда, әлдеқайда ыңғайлы, сирек те болса ұшырасуға мүмкіндік туатын. Қазір қалай кездесудің жолын таппайды, таудан бірді-екілі ағаш сүйретіп, сабан тасыған, шәй ішкен қатар отырып. Содан бері сыртынан да көрген жоқ. Жалғыз үйлі мекендерінде тоғай, көлді еркін кезетін қыз ауылға келгелі жұртқа көрінбейді. Өз пікірінше Айдос көпшіл, үлкеннің де, кішінің де тілін тапқыш. Әттең, Аяның алдында дәрменсіз, оңашада одан бетер тас керең. Соған қарамастан әлдеқандай күш тартады да тұрады. Ал басқаларымен шүйіркелесуге шебер-ақ. Қай-жайдағыны тиек етіп, жағына тыным жоқ, жан баласын жатырқамайды. Тіпті Аяның әжесімен де өткенде біраз әңгімелескен. «Өй, қағынған бала, қарай гөр» – деп шек сілесі қатқан. Бәрі бұның оқыс сауалынан басталды. – Сізден бірдеңе сұрайын ұрыспайсыз ба? – Е, не? – Ұрыспасаңыз ғана сұраймын, апа. – Ал, айта ғой. – Осы сіздің атыңыз Аққатын ба? – Иә... – Сонда кішкентай кезіңізде әкеңіз солай атады ма, басқалар да... – Бұл Айдосты талайдан мазалаған жәйтті. Аяның әжесі «ой жүгірмек» деп мәз болғанымен, дәл жауап бермеді. «Қатырыпсың апаңды». – Кейіннен шешесі жоғарыдағы оқиғаны үй ішіндегілерге қайталады. – Әй, басқа шаруаң жоқ па сенің, қайдан ойына келеді десеңші. – Біршама үзілістен соң, сөз жүйесі өзгеше ағытылған. – Беу, заман – әлденендей әңгімеге көшердегі «беу, бұл анасының үйреншікті әдеті», – Әйел затының көркемі, рулы ел таласқан басына, шын есімін де ұмытыппын, ақ ару, ақ келіншек, сөйте-сөйте міне, Аққатын атанды. Сал, сері, жарлы, жақыбай, біреудің әлпештеген жалғызы да шаңырақ ұстап түскен соңына. Әуелден бас саудасы оңбаған бейбақ, қалыңын айдатып, кәдесін жасатып қойып, менсінбеді атастырған жігітін. Беу, заман қайдағы кірмеге тиді-ау, Атбасар жағынан аштық жылдары ауып келсе керек әкесі. Қалқаманның жеке басы, шолақ белсенді, даяр атқа қонақ, асып-тасқан өнер жоқ, несіне соған табынғанын? Ақырында ағарғаны шамалы,
бірақ дүниені қызықтаған қатын, әй, өзі сұлу, еркіне қоймайды ғой. Басқан ізін аңдып... бекерге кінәлап қайтейін... өндірдей ұлдары қандай еді, шіркін. Бас саудасы әуелде оңбаған, Тілегі де жерге қаратып, тірідей көмген жоқ па Аққатын бейбақты. Дегенмен суы қатты, іш пікірін шашпайды, Қалқаманың алжығанын да сездірмейді ешкімге. Әлі есіп шалқып сөйлейді кербезің. Анасының ұзақсонар әңгімесінен үздік-создық бірдеңе түсінген Айдос одан әрі ден қойғанда, Ая жөнінде естиінші деген. Кіл жұмбақтан тұратын Аяның өсіпөнген ортасы оны алаңдатпай қоймаған. Анасы алайда Аяның жағдайынан ләммим, жұмған аузын ашпады. «Аяның әкесі дейді, ендеше мамасы қайда, әкесі Тілек, ол да жұмбақ жан, жұрттың айтуынша маскүнем, анық-қанығын білмейді, көргені кеше, сыртқы тұлғасы көз тойдырады, бойы сұңғақ, иықты, палуан денелі. Сондай кісінің ауылдастарының жазғыратыны ұнамайды. Аяның анасы кім екен?» Іңір қараңғылығын осындай шытырманмен түнге ауыстырған Айдос жеңгесінің таныс үнінен селк етті. – Сені қозы іздеп кетті ме десек, қаққан қазықтай селтиіп тұрысың мынау. Анау шешеңнің жағын қарыстыршы... ойпырмай, ниеті бұзылып барады, қара басына көрінгір... Амалсыздан алға озды. Осы жылаңқы сарын, өкшесінен бір елі қалмай қуғалы қашан. «Неткен сұмдық, қара басына көрінгір дейді, өлсін дегені ме, неткен сұмдық. Ағам естісе ғой, сазайын тартады, естімегені қандай жақсы, ұрыскерістен тағы да шешесі ауырып, жуырманда жазылмас. Онда ағамның да берекесі қашып, қабағынан қар жауады. Ағам күйзелсе, өмір сүргім келмейді... эх, шіркін...» – Маған қу боқтың не қажеті бар, әй, бәрі сенің қамыңа үйілген қу дүние... Мендей қу басқа қу боқ, не керек? Айдостың тұлабойы түршікті. Арқасы жыбырлап қалшылдап та кетті. – Қайдағы жоқты жаңғыртады, шешесі айтқандай «тілі моладан өлік сүйрегендей», ту-уу, бала тумағанын несіне салық қылады, бұл енді қатты долданғаны... Жеңгесінің бәя-шәя жылағанынан шошыды. Шешесі аһ ұра күрсінсе, зарланса, жеңгесі тепсінсе, шәңкілдесе, Айдостың әлсіз, жұқалтаң тұсы, міне, сол. Әлем қаңырап жүре береді, буын-буыны дірілдеп, ештеңеге зауқы соқпайды. – Шіркін, соны әйелдер неге білмейді екен? Ешқашан түнермесе, айғайламаса, керіспесе, бұған ғой пәлендей ақылдың қажеті жоқ. Жадырап жүрулеріне не кедергі, не бөгет? Жеңгемнің дүрсе қоюына босағада қисайған кір етік, шешемнің ренжуіне қойлардың мезгілінде қамалмауы-ақ жетіп жатыр. Ұсақ-түйектен өмір құраған қайран әйелдер, неткен осалдық... Иығы селк-селк, солығы басылмаған жеңгесі әдейі жұрт естісін деді ме, үйге енбеді, ербиген пошымы бұның төзімін сынағандай. Айдос шыдап бақты, шарбаққа сүйене мелшиіп тұр. Әрі аттаса, жеңгесінің жылағанын ауыл түгел тыңдайтын тәрізді, содан қымсынып бері таман бұрылды. – Қараңғыда бәрібір табылмайды, ертең, – деді ақырын, – міндетті түрде... Абырой қылғанда, кірді-ау қораға жеңгесі. Құйтақандай ақ қозының осыншама әбігерге салғанын біреу айтса, нанбас. – Әншейін ілінерге себеп іздеп, жандарын жұлып жейтін аурулары. Ақ қозының арқасында іштеріне сыймағанын
армансыз ақтарады, ақ қозы қайда-а, бір-бірін аяусыз әшкерелеп тынды... Мейлі, келесі көктемде әскерге кетемін. – Түнгі ызғардан денесі тоңазыды. Ай қараңғы, жұлдыздар жылт-жылт, көк жүзінде көбейіп, қиялын тербегендей. Төңірегін жайлаған бәз-баяғы жұмбақ әлем, әсіресе осындайда айрықша сиқырланып, әрі мұңлы, әрі қуанышты сезімге бөлейді. Жұлдыздардың тілмен жеткізгісіз құпиясын Аяның бойындағы әлі күнге шешуі қиын мінезімен ғана салыстырар еді. Жер басып жүргенімен, ол да тым асқақ, – бұл жақындаған сайын алшақтай береді. Нендей артықшылығы барын сірә да ұғынбас. Әрі-беріден соң қатарластарындай мектепте оқымаған, сауаты да жоқ шығар. Табиғатынан мүгедек деуге дәті шыдамайды, Аяны қимайды ондайға. Кейде оның ерекшелігін, ұдайы магниттей тартатынын да басқалар жарымжандық деп қабылдайтын «дертінен» көреді. Мәңгілік үнсіздігі Айдосты мәңгілік өкініште қалдыратындай. Егер тілі болса, айласын асырып, азаптан айығар ма еді, қайтер еді. Аяның қадірін сол мәңгілік үнсіздігімен орайластырса да, екінші жағынан, қиналғанда, әлгіндей оқыс ой түйетіні бар. Маужыраған түнгі аспан тынысынан Аяға ұқсас тұнжыр мұң, зілсіз наз, тұңғиық сыр тауып, ерекше тебіреніс құшағына енеді. Қара түстің меңіреу күші артқан сайын жұлдыздардың мерейі тасқындай көбейді. Соларға құлази қараған, мойны қылқиып ербиген, балаңдықтан аспаған, жігіттікке жетпеген Айдостың жүрегі әлденеге мазасыздана сыздады.
– Аяның бүгін аруағы қонбады іс тігуге, – деді Аққатын, – өзі ықылас білдірмесе, қанша жалынғаныңмен былқ етпейді-ау. Терезенің іші-сыртын сүрт дегенімді де ұнатпады. Құдайдың жарығын сұрықсыздандырып тұрғаны әйнектердің, жұт шақырып... Кіріп-шыққан Тілек шешесінің сөзіне назар салмады. Даңғарадай қорадан сиырға, қойға, тауықтарға бөлек-бөлек орын дайындаумен әлек күні бойы. Кешегі аңғал-саңғал, төңіректі жүдеткен қораны тап-тұйнақ қып үлгерген. Таңертеңнен кежегесі кейін тартқан Аяның қабағы ашылмады. Зілбатпан ауырлық арқасынан езгілегендей, қатты қиналған. Денесін құрсаған не пәле екені жұмбақ, әйтеуір титтей қозғалысы да еркіне бағынар емес. Мұндайда күштемейді өзін-өзі, өйткені қолына ұстағаны сусып, аяғын аттаса сүрініп, дүние шыр айналып қоя береді. Содан соң төбесінен бір шырыл есінен тандырғанша үзілмейді. Көрпеден көрпе қоймай басын бүркейді, жарықтан қашып әрлі-берлі аунақшиды, тілі аузына симай аласұрады. Қасірет буған түрін тірі пендеге көрсетпейді, екі шекесін қысқан шырылды ішке бүктірген арпалыс. Не мүлдем жер құштырып, алып жықпайтын, не жан-төзгісіз азабынан құтқармайтын құдай атқыр арпалыс. Ешқашан аяқталмайтын арпалыс. Себеп-салдарын түсінуі қиын, саналы ғұмырын құраған арпалыс. Тіршіліктің мәні, сәні деген де, сірә, осы. Өрімтал нәп-нәзік денесі соншалық қыңырлықты, қырсықтықты сіңіріп жатқанын еміс-еміс болжайды, өйткені өзі үшін ең қиын міндет өзін өзі жеңуі. Бір уыс қып бүрістірген қырсықтыққа дес бере алмайтыны содан ба деп күдіктенеді.
Үш адамның басы қосылса, тынышы кететін. Үйде кісілердің қараң-құраң көбейген көлеңкесі де соңғы кезде ұнаңқырамағасын, ешқайсысына сездірмей көл маңына беттеді. Қоңыр салқын түскен, шомылуға болмайды. Таудың тәккаппар тұлғасынан көлдің беті де қарақошқылданып, тымырая сұрланған. Әлдеқайдан қаз, үйректер қаңқылы талып естіледі. Ая көлді жағалай жүрді. Төбесіндегі ащы шырылдан бойын арашалап, шулы мекеннен алыстағаны денесіне жеңілдеу тиді. Көлдің тау етегіне ұласар тұсында ұсақ тастар шашылыпты, ұзап кеткенін аңғарды. Ауылға оралуға ынтасы аумады. Әл дәрменін құртқан керенаулық қайтадан тарпа бассалатындай кері қайтса. Таутастың аңғарына жақындаған сайын саумал ауадан басын шалқайта, кеудесін кере сіміргенде, балдай тәттілігі тілін үйірді. Жұтынып-жұтынып қалды. Қанша қомағайланғанымен тойғызбас, неткен керімсал ауа. Неге осыны адамдардың арасында сезінбейді, неге адамдардың арасында тынысы тарылады? Солардан несі кем, несі артық? Әлденеше шақырымға созылған көлді Аяның қанша айналғаны белгісіз. Құмдақ тастар сазды балшыққа жалғасқанда, қоңылтақ туфлиінің біреуін батпақ тартып әкетті. Еңкейгенде, екіншісі де өкшесінен сытылып, аяғы тайып жығылды. Үсті малмандай, әрең тұрған. Шалшықты кешіп, көлдің мөлдір суына да жетті-ау. Мұздай екен, табанын қарып жіберді, балтырынан сан мың ине шаншылды. Сонда да шалпылдатып жиектей жүрді. Жуып-шайған туфлиін екі қолына ұстап, кебуін тосқасын, бастапқыдағы ызғарға еті өлгендей. Күздің күшіне енгенін елер емес. Басқаларды қалшылдатып, иманын үйірер суықтан бойын аулақтауға асықпады. Көйлегінің етегі суға малынып, ауыр тартты. Еркін қимылын тежеген де етегін созғылаған да сол салмақ. Манағы арқасынан, басынан жабысқан зіл қорғасын енді аяқтарын тұсаулағадай. Қос қолдай сығымдап, көйлегінің су сіңірген тұсын бұрады. Артынша тереңдігін бойлағандай, көлге ентеледі. Тағы да аяғынан кісендеген зілбатпан. Өнебойын билеген ерегістің қызығына берілген сайын сандарын сұрапыл суық соққылап барады. Ұзақты күнгі азабынан әлеқайда жеңілдеу тәрізді мына жағдайы, әлде сол керенаулықтан қашып, қалайда құлантаза айығудың жолы ма, көзінің алды қарауытып, жантәсілім хал кешкендей. Ежелдан таныс сурет, жападан-жалғыз ен далада келе жатып, кенеттен жерге аунайтын, қылтанақ шөптерді аймалап, мұрнын жерге көметін, құйтақандай құшағына шексіз сахараны сыйғызатын. Міне, сондай әрбір сәт Аяға мәңгілікке сапар шегердегі ең қымбат қайталанбас қас-қағымды елестетіп, бақытты да үрейлі, ащы да тәтті, көп те аз, күдікті де үмітті ғұмырдың өзінен тыс беталды лағып, тізгінінен ұстатпай қойған тұлпар тағдырдың хақ болмысын түйсіндіретін. Етпетінен түсіп, хош иістер мас қылғанда, ағаштың бұтақтарынан ұшар басына тиіндей секіргенде, түпсіз ирімдерден балықтай шоршып тулағанда, «сайтан үйіне бар» деп былайғылардың зәре-құтын ұрлайтын алақұйынмен жаны туыстай далақтап жарысқанда, дәл осындай сәтпен беттескен. Бұл бір шешуі жоқ құпия. Сарғыраған ағыстан, тентек толқыннан, шыңылтыр аяздан, дүлей бораннан, алапат өрттен қуаттанып нәр алатын ерекшелігін тірі пенде түсінер ме екен. Өзі танып, өзі көрген пенде ондайдан ат тонын алып қашады, оларға тыныштық, жылылық керек, қымтанып оранғанды, төңірегін торлап қоршағанды,
қамал, қорған орнатуды қалайды, сөйтіп кең даланы түгелдей зәулім бекетке, қу молаға айналдырғанды көздейді. Иегінің астындағыны кілттеп тыққыштайтын, бір есіктен он есік тарататын шеберліктеріне таң-тамаша Ая. Шіркін, жалғыз үйлі шаттық ордасы-ай, төгілген тоқтық, шашылған байлық, шалқар кеңістік. Қалың орман саясы, айдын көлі сырласы, кез-келгенімен жатырқамай табысатын. Жазыққа көшкелі қанатынан қайырылған жаралы құстай. Үйлерінің не алдында, не артында емге ағаш таппайсың, дал-дұл қора-қопсы, терезелері тап-тапал, қиқыжиқы. Атасы мен әкесінің жазыққа неліктен құмартқанын? Мұнда келгелі тізесіне жетпейтін жайдақ суға шомылуға әрекеттенген бір қисынсыздықтан арылмай қойды. Қайда бұрылса да алақ-жұлақ көздер, тіміскелеген, тінткілеген, аярсыған, ашқарақтанған, тойынған, басынған, батырсынған, қылымсыған. Аяны дертке ұшыратқан да осылар. Әлдекімнің қырық тесіктің аржағынан сығалағанын, мейлі арқасы, иығы, желкесі, жауырыны ма, бәрібір көреді, қандай пиғылмен жақсылық, жамандық па, дереу айырып, көңіл-күйінің қилы тарауға бөлінуі әлгі қилы-қилы ниеттерден туындайды. Кеудесі жанына, әлде жаны кеудесіне симай қиналғанда, жуырмаңда сабасына түспейді, жамандықтын титтей қылауын дарытпауға міндетті аппақ тәні ондайда айыбын қазіргідей өтеп тынады. Мынау суықта жартылай жалаңаш тәні соқаға жеккен өгіздей собалап, дымын құртқаны да күні бойғы ашу-ызадан табанының тілімденгенін елер емес, өз тәнінен осыншалық биіктеп ұшқанына, өзін-өзі жеңгеніне разы. Аппақ балтырының көгеріп, бәшпәйларінің бүрісіп, тізесінің бүгіле жаздап, әрең-әрең ілбігеніне разы. Кім көрінгенді телміртіп, ітініп-сұғынтқан құлын мүсіннің быт-шыты шықса да разы. Дөңгеленген дүниенің шегіне жетер ме, алға ентелеп, маңдайының тасқа соғылуын тілегенімен, бәз-баяғы тыныштық. Көңілін кей-кейде абыржытып алаңдатар таудың ұланғайыр сілемденген шоқылары да бей-жай жуасып, дағдылы айбатынан, абыройынын жұрдай. Сүйеніші санаған жасыл тоғай да іргесін бөлектеп, пәле-сұмдықты ішке жұтқандай демін бүккен. Аяның панасы, саясы, сырласы, кенеттен бәрі қосылып мағынасыздыққа айналды. Тісі-тісіне тимей сақылдағанда ғана жаны жәй тапты. Бетінен ызғары есін жиғызды. Жүзінің дуылдап, өрттей жанғаны, салалы саусақтарының темірдей қарысқаны қыздың көптен тосқан жаңалығындай. Ынтыға күткен от жалын ба, сірескен мұз ба, мелшиген тас па, әйтеуір уыстап үлгерді-ау... Көзін ашқанда, жатыр ма, ұшып жүр ме, айырған жоқ. Денесі күйіп барады, қос қолын құлаштай берген, сарт-сүрт еденге соғылды. Ыңырана аударылғанда, бүйір-бүйірден сұққылаған біздерден даусы шығып кетті. – Ойпырмай, кірпігі қимылдады, есін жиды... – Ып-ыстық тер бұрқ етті. – Сіздердікі обал, емдету керек, бұндайлардың арнайы мектебі, оқуы бар. – Апардық қой ауданға, жылап-еңіреп қалмаған, тіпті тексертуге шыдатпады. Дәрігерлер де запы, кейіннен қолдарын бір-ақ сілтеді. –Төке, бұ кісілерді түсінуге болады, сіздікі не, кішкентайынан қаратпағаныңыз қалай? Егер құлағы естісе, ақыл-есі дұрыс, емдетпегендеріңіз қылмыс қой. Әлі де кеш емес...
– Ақылынан адасқан бұрын-соңды көрмедік, емдейтін түгі жоқ, о бастағы жаратылысын өзгертіп, күнәға батар жәйіміз жоқ. – Аққатынның басы қақшаң етті, онсыз да сіркесі су көтермей отырған, аяқ астынан Ая қаңғырып, үсіп өлуге жақын, бұратылып кеп есік ашқанда, «жынданды» деп, үрейі ұшты. Бұрындары да кездескен пәлен сағат даланы кезіп кетуі, бірақ ессіздікке бойын жеңдірмейтін. Аққатынның жүрек түкпіріне жасырған қорқынышы да осы. Аяның былайғыларға мүлдем ұқсамайтын қылықтары түбінде қорлыққа ұласпауын құдайдан жалбарына тілейтін. Алдында жайраңдаған еліктей баланың кемтарлығы білінбегесін бе, шаруаға пысық, он саусағынан өнері тамғасын ба, Аяның үлесі басқадай болуға тиіс-ау деген қаперіне кірмепті. Шым кестелеп тіккен тұскиізіне, оюлап жасаған сырмақтарына тамсанбайтындар кемде-кем. Сөйткен қызының жанары ара-тұра шоқтай қызарып, тастүйін меңіреулікен шыға алмай қалатыны да жадаңда Үрей билегенімен мынадайын тіпті де елестетпеген. Қаһарманның жаны ашып, тәлімсігені ұнамады. – Қылмыс... ақыл-есі дұрыс... дегенін қарай гөр, пәтшағардың, ине, жіптің құдіретін танытқан кісі жарым бола ма, о несі-әй, осы күні көк инені көзге түртпейтіндер әйел атанып жүр, хат танып, қағазға шұқшиғандарын қайтейін, Аяның ширегіне татитыны кәне, қыз-келіншектер арасында. Аясын есі дұрыс па дейді, он жетіге де толған жоқ, құда түсіп емеурін танытқандар қаншама, шүкіршілік, бір үйдің тауқіметін атқарарлықтай әлі-ақ дөңгелетіп әкетер құдай құптаса. Қайтейін, басқа салғасын, ойпаң жерден орғытып, қырлы жердең қарғытып жүргенде, алды-артымызды бағдарламадық па, қателікке ұрындық па, күнәға баттық па, өтті ғой дәурен, бұған да құлшылық, баттық па, өтті ғой дәурен, бұған да құлшылық, тәңірдің бұйрығы шығар. Тек жаман атынан сақтасын, қағындысынан сақтасын... Қалқиған түріне, тұншыққан үніне құлдық, мазаққа ұшыратпаса, ел-жұрттың табасына қалдырмаса, ендігі мақсат. Бір баланың тірі қайғысы да жетерлік еді. Екі ботам босағадан кеше аттағандай... беу, маңдайдың тарлығы-ай, Аяның тілін байлаған қай құдай? –Үш күн, үш түн Аяны күзеткен Аққатынның үйдегілерге кешкі шәй қайнатып беруге мұршасы келмеді. Жақтары қушиып, өңі жүдеу, аяқтары еркіне көнбей, әнтектәнтек басады. Қалқаман да бүк түскен ежелгі қалпы. Дер кезінде отын, шөптің үйілгені де ешқайсын қуантпағандай, Аяның сырқаты бәрін жуып-шайып жіберді.
Түкпірдегі бөлмеге енген Қаһарман төрге озбады. - Өрнекті таптауға болмайды. – Есікке дейін әлденеше қатар жайылған әлеміш төсеніштермен тілдескендей, аяғын ұшынан басып, іргеде сүйенген домбыраны алды. Шарт жүгініп, тиегін әрлі-берлі сырғыта құлағын бұрады. Саңылауына сүйкімдірек тигенде, әбден бабына келтіріп, домбыраны нақсүйеріндей аймалады. Біржанның «Дүние-айы» санасын улады. «Басқа әндеріндегі өрліктің, айғайдын, менмендіктің ізі жоқ мұнда. Соның өзінде «бір кезде үш жүздің аты шыққан бұлбұлы» екенін жұрттың есіне салуды оныншы ма, жүзінші рет пе әбес
тұтпайды. Дүниенің өткіншілігі, сағымдай соңынан жүгірткен алданышы, шексіз кеңістіктей таусылмайтыны айналып келгенде қас-қағымдық сәт екен, Сол қасқағымдық сәтті ғасырларға татырлықтай ғып өткізген Біржан салдың өкініші қандай». Қаһарман оның өзге өнерін бірсыдырғы шырқа аңдығанымен, дәл «Дүние-айындай» ешқайсы жанжүйкесін тербетпейді.Толқымалы сезім байлығынан гөрі сол сезімнің құрбандығындай мінез айбаты, өткірлігі, ортасынан озып туғанын өзіндей сал-серілердің тобынан тұңғыш ұққан көрегендігі, ақын бағасын – өз бағасын аспандатқан асқақтығы кез-келген әнінен самалдай еседі. Ашықтан-ашық айта салатын кезі де көп. «Дүние-айды» күңіренткен Қаһарманның көз алдына салдың дәрменсіз кейпі емес, алысып-жұлысқан, домбырасын тоқпаққа айналдырған сұрықсыздау сурет сұлбаланды. Ән ырғағы мен әлдеқайда лаққан қиялы қабыспағасын, саусақтары кібіртіктеп, күй қағысына салғанын қапелімде аңғармаған. Әлден уақытта ыңылға ауысты, ақыл-ойымен санаспайтын күш жетелеп әкеп «Дүние-айға» тағы табыстырды. Бір кеште неше мәрте қайталаған есебінен жаңылды, үзіліп жалғанған жіп орауындай өзіне де қораш көріне бастады жағдайы. Бірақ «Дүние-айдың» қайырмасы жансыз затты да елітіп, бөлменің қабырғаларын қақырата айырып жіберетіндей. Санаулы буынның еншісіне сиған жан азабы. Әй, бәрібір Біржан назын да, зарын да ұрпағына мықтап өсиеттеген. Жынданды дегені бекершілік, осындай зар төгер ме әйтпесе. Жан азасын шығарып кеткен ақынның арманы жоқ, сірә де. Тәйірі-ай, неткен топастық, жындағаны несі? «Дүние-айдың» қайғыға булыққан қайырмасы Қаһарманға қараптан-қарап Аяның ес-түссіз, төсекте дөңбекшіген азабын жаңғыртты. Ауылдастарының «нақұрыс» деп дүр сілкінгені, ауладан сәл аттаса әңгімелері сол екені оны таңғалдырған. Отыз жеті жасында мұндай ғажапты кездестірмепті, Аяның құлағының мүкісі жоқтығын анықтағанымен, жұмған аузын ашпайтын себебіне әлі де миы жетпейді. Әрі «тыңдап», әрі «сөйлейтін», әрі көретін ғажап көздердің сиқырын бойламағандықтан да дал. Әдетте, әлденеге алабұртса, тамырын қазбай, айқындамай тынбайтын. Мақтануына болатын, әзірге ол миына, сезіміне, ақылына кесе-көлденеңдеген кедергіні жолықтырмаған еді. Әліппенің қарапайым әріптерінен, сандардың бөлшегінен хабарсыз өскен қыздың былайғылар айырып-аңғармас зеректігі Қаһарманның он сегіз мың ғаламның сырын оп-оңай тарататын білімдарлығымен ұстасқан тұңғыш қарсыласындай. Тіршіліктің қыр-сырына үңілуге әуесқойлығы осында келгелі, Аямен танысқалы асау соқыр құштарлыққа ұласыпты. Бүлдіршін қыздың бойы тұнған түсініксіздік, баяғыдан бері жүз толғанып нақтыланған заңдылықтарыны бір де біріне жанаспайды. Қаһарман зерттеген көп тақырыптың бірі – кілем, текемет, алашалардағы сансыз оюлардың, өрнектердің кұпия ережесі болатын. Әлдеқашан көмескіленіп, жиған-тергені нақтылы жүйеге бығынбаған желінің күтпеген тұста қайдағы қаршадай қыздың ықпалымен еселене жаңғырғаны рас. Айналсоқтап он кетіп, он келгені сондықтан. Кітапханаларда, архивтерде, музейлерде көз майын тауысып, жауабын таппай созыңқыраған жұмбақтың шешуі осы маңда сияқты. Запы қылған, ертеректе жүрегін лоблытқанша жауабын іздеген жұмбақ Аямен байланысты сияқты. Асылында, Қаһарманның «сияқтыларға» ежелден жаны қасты. Жылдарды сарп қылған зерттеулер «сияқтымен» байланысса, кілт ысырып,
екіншілей жоламайтын. Ішкі пікірінің дүдамалға көшкен сәттері сирек, алдажалда көшсе, аспанын қою бұлт торлайтын. Қазір де сондай халге ұшыраған. Домбыраны бебеулетпей, аптықпай, кеудесіне қысқанда, әлгі күдіктерден айықпады. Біржанның «Дүние-айын» осындайда өбектейтін. Жалпы ән атаулыны алдын-ала дайындалып, талғамын екшеп-текшеп әуелеткенде, «Дүние-айдың» орны мүлдем бөлек. Бұл өзі мезгілінде жауған қардай, сарайының сұранысын дәл анықтап, дәл болжайды. Қалайша бастайтынын аңдамайтын, қайырмасын әлденеше қайтарғанда ғана іштегі иірім-иірім тебіреністердің «Дүние-аймен» үндескенін мойындайды. Қаһарман басын көтерді аппақ қағаздай, сүлесоқ есікке сүйенген Ая. Жанары тайсақтап теңселіңкірей кейін шегінді. Жігіт орнынан атып тұрды. – Тоқташы, келе ғой... кел... Ая оралмады. Артына қайырылмастан бөлмесіне енді. Осы көрініс жиі қайталанды. Қаһарманның оңаша домбыра тартқан сәттерін Ая қалт жібермейтінді шығарды. Алғашқыдай шошына жалт бұрылмайды, ұзағырақ аялдап, жатырқамай қарайды, бұның қолындағы домбыраға мұңая телміреді. Кейіннен жайғаса отырып тыңдайтын әдет тапты. Үйдегілер Аяның жазылғанына мәз. Тірі пендеге жоламайтын Аяның қонаққа жылы қабақ танытқанын да жақсылыққа жорыды. Жазатайым ажалдан Аяны құтқарғандай, отбасының баяғыдан бергі жанашыр тусындай, кемпір-шал Қаһарманды іш тартып үлгерген. Екі-үш күнді құрғатып оралғанда, қыздың бойындағы өзгерісті бірден сезді. Ұмсына түсіп тоқтаған, елгізе тосқанын аңғартып алған. Қаһарман ор киіктей орғыған жабайы қыздың түптің-түбінде бауыр басатынына сенгенімен, мұншалықты тез арада куәсі болармын демеген. Тынышсызданған Аяның түрін көргенде, қара торы өңі күреңіте масаттанды. Торға қамалған құйтақандай құстың тыпырлағанын бүге-шігесіне дейін бақылағандай. Әдетте ол не нәрсені де осылай бақылауға құмар. Бауыздалған малдың соңғы рет серпіген тұяғын ыждаһаттылықпен зердесіне түйетін. Байғұс мақұлықтардың мөлигені қандай. Бірде қаладағы ет комбинатына барып, малдарды қалай соятынын көрді. Топырлаған сиырларды бірінен соң бірін тоқпен сұлатып, тоңқалаң астырады. Құрғырлардың көздері-ай, көз емес, мөлт-мөлт көл. Дүние атаулыны жұтып жіберердей жаутаң қағып, тоңқалаң аса омақасады. Одан арғысы Қаһарманға қызықсыз. Қасапшылық кәсіпті жастайынан меңгерген. Мына көріністі жатсынбағанымен, ондаған, жүздеген қара мал, үйір-үйір жылқының бір мезетте аспаннан атылған тұяқтарын бұрын-соңды нысаналамаған. Көзі де көңілі де тояттаған сол суретке. Кішкентайынан қалыптасқан ғадет, мейлі адам ба, жануар ма, қиналып-қысылғанын, қанға боялғанын, тәсілім еткенін бағдарлауға титтей аяншақтанбайтын. Жан беріп, жан алысқандай осынау сәттерде тілмен айтып жеткізгісіз ұлылық бар. Сол ұлылықты уысына сыйдырғандай, құшағына қысқандай әсерге бөленетін. Өзі сияқты балалар мұрындарын тыржитып, теріс айналар жәйттің ешқайсын қалт жібермейтіні бертін келе қасапшылық мінез қалыптастырғандай. Сойылған малды терісіне қылшық жұқтырмай сыпырып тастайтыны, мүше-мүше бөлшектеп, жіліктерін тап-тұйнақ айыратыны былай
тұрсын, шек-қарнын тазалаған әйелдердей, не нәрсенің де қыртысын жазып-бүгіп ақтарып тастауға бейім. Нендей нәрсеге де қасапшылық дағдымен қарайтыны шын. Бір қызарып, бір бозарған Аяның бетіндегі құбылмалы бояудан жаны рахаттанып, бүйірін тескен күдіктен сейілді. Күткені осы. Әйел пендесіне зерттеген тақырыптарының бір тарауындай шұқшиғанда, өзіне салмақ түспеуін қалайтын. Жо-жоқ, қалап, не қаламайтындай жағдайға кездеспеген шығар. Аяның жасында, бәрін-бәрін өткерсе керек, күйіп-сүюдің, ынтығудың, аялаудың, өкінудің, қуанудың мәні сол өткеннің, он жеті, он сегіздің еншісінде тұншығыпты. Тәтті түске алданғандай, одан былайғысы жәй әншейін далбаса Аямен кездескелі баяғыда ұмытылған елестермен қауышқандай, біртүрлі өрекпіген, алаңдаған. Алғашқыда қаршадай қыздың бойынан бедірейген өзін көргендей, от шашқан жанарының тайсалмағаны зығырданын қайнатты. Он жетіге лайықсыз сол сұстылық бұны әзәзілдей азғырған, құштарлығын арттырған. Өзінің қатқылдығы, қайсарлығы көзін жаңа ашқан қыздың қасында айдалада қалған-ды. Ақ жүзді адамның бір қалыпты түсінен айнымай ұдайы сұрланып отырарын Аядан ғана көрген. Сөйткен қыз, ажары шырайланып, сан құбылады, дір-дір кірпіктер, дір-дір толқыныстың, бұлқыныстың хабаршысындай. Қаһарман езуіне күлкі үйірілді. «Ей, сорлы бала, қасіретке жаратылған сорлы бала, тым аппақсың-ау. Аппақ түс таңсық па бірақ. Әйел затының мен білмейтін сыры бар ма, жанаса кетсең-жайдақтық, құшақтай кетсең-құлдық. Қылымсығанының, қымсынғанының, алшаңдағанының да арты-арбалу. Ей, сорлы, бала, сенде солардың қамытына мойныңды игелі тұрсың-ау. Қайдағы кешегі тастай қатқаның? Қыз қылығының қырық мың құпиясы таныс маған. Ей, сорлы бала, ұнаңқырамай барасың маған. Осындай монтаны жәутеңдегеннен басталады қыз байғұстың соры. Жалғанда жолықтырмадым ұрғашының перизатын. Маңайындағыларды үркіткен меңіреулігіңнен дара қасиет іздеп едім, айдай аппақ жүзің таңсық емес, сенен әрмен аққұба, айқабақтарды құмарым қанғанша аймалағанмын. Естерінен тандыра тамашалағанмын, әттең-әттең, соның бәріненбәрінен құлазығанмын. Күйіп-жанып, құшақтап жатып құлазығанмын. Айқара білектері мойныма оратылғанда, жүрегіме жүректерін тақап, мейірімдерін аямай төккенде, қимастықтан қиыла жылағанда, жылылық күте-күте шаршап, етегіме оратылғанда құлазығанмын. Кінәлімін бе, білмеймін, арзан тілектерімнің арзандықпен алдымнан шығатыны сезім деген сергелдеңнен құтқарыпты. Міне, міне содан басталған бәрі. Жүйесін таппаған зерттеулерімдей жөнін таппаған сезім де жігерсіздікке, жасықтыққа арсыздыққа, солардың түп қазығы азғындыққа жетелеп, мағынасыз өмірге жалғасыпты. Ынтықпай, әйел құшағына үйренгелі қашан». Аяның табиғатындағы өзі атам заманда ұмытқан шынайылық, ақиқат дегбірін қашырып, әлдебір жаңалыққа мегзепті. Ит сарып, құс саңғыған шалшықтан жиіркенбейтін жайдақтығы Аяның алдында кенеттен тартылған судай тып-типыл да. Әлгі әзірдегі қыз жүрегінің лүпілі тағы да жайдақтыққа әкеп тірейтіндей, мысқылдай жымиған: «Ей, сорлы бала, сорлы бала...» Оның көз алдына сүрінген құлын келді. Манағы масаттанғаны өнбойын желіктіріп, Аяға тоқмейілдене қараған. О, тоба, айналасы қарауытып жүре берді,
бұның төбесінен асып, жанары әлдеқайда бұлдырайды. Жыпылықтаған Қаһарман сасқанынан таңырқап, дереу бойын жиған. Жыны құрысып, тапжылмастан Аяның бет-әлпетін бақты. Көздері түйіскенде, қыздың мысы басыңқырады. Бұл да бедірейгенінен жаңылмаған. «Тәйірі-ай, талай шұқшиып, талай зерттеген, талай алысып, талай жеңген қоқайы ғой». Аяның тергеп-тексерген жанарына шыдау мүмкін емес екен. Дүлейлікпен тесілгенде, бұны әшкерелеп, тыржалаңаш шешіндіргендей. Оның орнында өзі сөз жоқ, масайрап, мерейі тасыр еді. Аяның жүзінде қуаныштың табан ізі жоқ. Тастай қатып, сәл айныса-шы. Сайраған тілге бергісіз мелшиген мына түрі. Қаһарман құлағын тосты. – Меңіреуліктен асқан ештеңе жоқ, – дегендей, өйткені тіршіліктің анасы да әкесі де меңіреулік. Тудың, еңбектедің, тұрдың, жүрдің, асыр салдың, ойнақтадың, от бастың – бәрі меңіреулік. Менің артықшылығым да осында, қызыл тіліңді малданып, алды-артымды орама, жылмиған жасандылығыңның, жылтырағаныңның құны өтпейді меңіреулікке. Одан гөрі домбыраңның үні қымбатырақ, меңіреулікпен деңгейлес қуат бар мұнда... Етігін шешпестен Ая төрге шықты. Оюлы сырмақты балшықтың дағы баттастырды. Өрнек үстінде етік өкшесінің қалыбы сызылды. – Өрнекті басып-жаншуға болмайды. – Қаһарман басын шайқады. Төрде жатқан домбыраны Ая Қаһарманға ұсынды. Аяқ киімнің төсенішті былғағанына титтей мән берместен сұлық тұр. Ынта-зейіні домбырада.
Бақыттан Айдостың басы айналып, Аяға қол созуға жасқанды. Сәл қимылдаса, ұйыған тыныштық тас-талқан, аспан жерге түсетіндей. Орман сырын ішке бүккен. Ағаштардың ұшар басында әлсіз самал тербеледі. Анда-санда пыр-пыр, шыр-шыр, құстар мен жәндіктердің жапырақ сыбдырымен қосылған толассыз әні. Ағаш-ағаштың арасынан ұшқындаған сәуле сырғалар көз ілестірмейді. Жайдарман жаздың алтын бесігіне бөленген қалың жыныс шырқау бабында, лүп-лүп тынысы да биіктей жөнелген. Төңірек жаймашуақ. Мынау орман тәрізді Ая да бәрі-бәрін ішіне жасырған. Әлемнің еркесіндей көгілдір кеңістік құшағында шалқасынан жатыр. Айдостың үрейі ұшайын деді. Армандай алыс Аяның білегі мойнына оратылып, жүрегінің тарсылын аузынан ытқытты. Бұнысын қыз елемеді, жасқанбастан Айдостың бетіне үңілді. Бейкүнә, пәк жанарлар бір-бірін өртеп емес, аялай құрақ ұшысты. Өн бойын ыңғайсыздық шалған Айдос енді-енді есін жиып, жұп-жұмсақ жіңішке білектерді сипады. Қорыққанына қысылды, кеудесіне басын көміп рахаттанған Аяның жайбарақаттылығы манадан бергі дәрменсіздігінен сейілтті. Қалқыған кіп-кішкентай жапырақ әлдеқайдан адасып ұшқандай. Ая жалмажан ұстай алды. Үңіліп ұзақ қарады да Айдосқа ұстатты. Қан тамырларындай тарамдалған іздері сарғыш тартқан жапырақ. Аяның қабағы түйілді. Жап-жасыл, мамыражай шақта мезгілсіз сарғайған ұнатпаған сыңай танытты. Жер дүниенің
тұтаса құлпырып, тұтаса жайнаған көкорайында жалғыз тал жапырақтың мезгілсіз солғанына Айдос та назар аударды. Қыздың жадауланған көңіл-күйі әлгі әзірдегі астан-кестен абдырағанын мүлдем тиып, жан-жаққа шашыраған ойларын жинақтады. Ең алдымен өзінің ешқашан, ешқашан да Аяны ешкімге қимайтынын, өзге түгілі өзіне қимайтыны саналады. Тіпті құшақтауға батылы бармады. Жо-жоқ, батылы деу жарамас, Аяның ай мен күнге ұқсас қасиеті бұны дарытпайтындай. Жақыннан қол созсаң да бәрібір, екі арадағы шекара ұланғайыр шексіздік. Ай болып арбайды, күн болып өртейді, сөйте тұра бойлатпайды маңына. Соның өзі ғажап, соның өзі! Көзін жұмған Айдосқа заңғар көктен Ая ұшып жүргендей, біресе ғаламның қай бұрышына бұрылса да, Ая түсіп келе жатқандай көрінді. Жерге табаны тимеген сыңарын төбеден әрең-әрең шырамытып мойынын созады, шарқ ұра қолын бұлғайды. Күте-күте шаршапты, жұлдыздар жымың қағады. Ая жұлдызға айналыпты, бұны шақырып, қоярда-қоймай әкетіп барады. – Айдос селк етті. Көйлегінің сыртынан жүрек тұсына құлағын тосқан Аяның оқыс қозғалғанынан шошынғандай. Бауырына тығылған қыздың бейнесін көктен іздегеніне таңырқамады, білектері айқасқанымен, жүрек лүпілдері жарыса астасқанымен, бір-біріне қол жетпес жұлдыздардай көрінген. Сүйіспеншіліктің мәні сол алыстықта, емірене елжірей, екеуара демдеріне тұншыға тұрып сағынғанда тәрізді Айдосқа. Жалаңаш төсін иіскеген Аяның шәшін саусақтарымен салалай балбырады. Маужыраған табиғат, әрлі-берлі ырғалған әткеншек анадайдан шақырады. Міне, бақыт, дүние атаулының әткеншектей тербелгені! Айдостың тағы да басы айналды. Аяға қатысты нендей жәйтті де әуелетіп елестететіні хал ахуалын айқындағандай, бүткіл болашағын әлгі қиялға бағындырғандай. Аяққолын матап, еркін ұрлаған да сол асқақтық. Көкірегіне құлаған қыздың ыстық лебі майда қытықтай қалың ұйқыдан оятқанымен, артық қимылға бастырмады. Тыпыршыған көңілі жер мен көктің арасында қалқиды. Әлденендей алып күш әткеншектегі екеуін шырқау шыңдарға жетелегендей. Мәссаған, мынау ақбоз ат қой, Айдос шаттықтан қолдарын шапалақтайды. Өткен жолғыдай екеуі атқа қонады. Одан арғысы түрлі-түсті мультфильмдегідей таңғажайып ертегі! Көзін ашқанда, белінен құшақтап, ұйқыға шомған Аяны көрді. Монтиған қалпы, еш қаперсіз. Айдос тыпыр етпеді, мына көріністің жалғасуын қалап, қозғалса, әлденеге ұшырайтындай. Ой-һой, дәурен, аяулысының ақ жүзі кеудесіне жабысып, тынысына құлақ түрсе, өле-өлгенше осылай сақшысы болса, не арман! Бір-біріне сүйеніш, бір-біріне сая. Мұндайды Айдос басынан кешпеген. Аяның қорғансыз кейпінен әлденіп, жан сарайы ашылып жүре берді. Өзінің әлсіздік атаулының қамқоршысындай сезініп, ұяңдықтан сытылды. Жасқаншақтық құрсауынан арылған сайын жауапкершілік атты белес алдынан кескестегендей. Аяның монтаны әлпетінен үлкен жаңалық ашты. Пәктікпен құлаған қыздың шексіз сенімін түсінді, бұдан былай сол сенімді ақтаумен өтетінін түсінді. Мойыннан қысқан нәп-нәзік қолдар кәдімгідей қуаттандырып, есейіпержеткенінің әлі де пісіңкіремеген алғышарттарынан хабар бергендей. Жігіттік пен жауапкершілік қатар оянып, сол егіз ұғымды бұдан бұлай таразылай
ұстайтынын болжады. Аяның біркелкі тынысы көтеріліп-басылып, кеудесіне тығылғанда, жаңағы болжамдары да нақтылана түсті. Айдос еркек екенін ұққан. Еркектік нәпсіні емес, еркектік нәсілді алдымен зерделеген. Әрине, екі арасындағы айырмашылықтарды бөле жаратындай мұршасы жоқ-ты, алайда адамгершілік қасиеттердің нәсілден тарайтынын шамаларлық дәрежеге жетіпті. Бәлки, о бастан қанына сіңгендіктен де шығар, мұның өзі дабыралауға көнбейтін, әркімнің түсінуге тиісті үлесі ғой. Кішкентайынан анасының, ағасының қабағына қарап өскенде, бұған ешкім күштемеген. Әкесінің түрін білмейді, тым ерте айырылыпты. Ызыңдаған жел мен кісілердің үйге сыймай топырлағаны есінде. Желдің мазасыз гуілін әлі күнге әкесімен байланыстыратыны қызық. Кейде екілене соғып, кейде сыбырлағанда, әкесімен әңгімелескендей әсерленетін. Ал, майда самалының маңдайынан өпкені қандай. Ыстық алақанның табыннан кенжелеген тұсы жоқ. Бірақ анасы «аһ» ұра күрсінгенде, көкірегі удай ашитын. Таңертең бе, күндіз бе, түн бе, уһілегенінен айнымайды. - Ой, жалған-ай, несін арман қылайын, талайдан қалған дүние боқ; миым аузыма түсіп отыр; аллатағала тазалығымен алсын; құдай сабытыңды басқаға салғызбасын; көзіңді мөлдіреткеннен сақтасын; қос шырағым аман болсын, осылардың алдында әкетсін – міне, шешесінің үздіксіз жалғасар пәлсапасы. Ертелі-кеш тынбайтын күңіреністің сырына Айдос ешқашан үңілмеген. Жауыр қылғаны, жалықтырғаны шын да, кейінгі кезде сол күрсіністер күнделікті көңіл-күйін айқындайтынды шығарыпты. Жеңгесі төркінінде, баяғыдан солай, бір барады, бір келеді. Артынан ешқайсы іздемесе де оралады, өзара қарым-қатынастарының мәнісін түсіну мүмкін емес. Бөлімшенің қат-қабат жұмысына қыруар жанды қиындықсыз үйірер ағасының келіншегімен шүйіркелескенін еш аңғармапты. Ең жақын тартқаны-мысқылдай сөйлегені, жеңіл-желпі әзілдегені. Онда да жеңгесі бұртиып, қабағын ашпайды. Иығына басын қисайтқан Аяның мұңсыз да сұлу келбетіне көз қырын аударғанда, жеңгесінің қасаңдау түрімен салыстыра қалың ойға шомды. Ойпырай, олар да Ая екеуіндей... жоқ, екеуіндей болу қайда, әйтпесе өмірлерін тұнжыраумен, тыжырынумен, ренжумен өткізер ме? Олардың алғаш кездескені қандай, ә, қазіргідей алқымы ісіп шыға келді ме екен жеңгесінің, үйді көшіріп жатса да назар салмайтын, қазіргідей үн-түнсіз тұрды ма екен ағасы? Сірә, әуелден жылылықтан жұрдай, бір-бірін сүймеген гой. Ендеше екеуін қосқан қандай күш? Бастарын бір шаңырақтың астына әкеп тыққан тағдыр неткен қатігез. Ая екеуміз деймін, өзімшілмін-ау, әлі ештеңе де белгісіз, мүмкін ол мені әншейін сынап, мүмкін аяп... ту-у, қайдан ғана жеңгеммен салыстырдым, енді қайжайдағы күңгірт ойлар қою бұлттай қаптайды. Бәрібір Аяның орны бөлек, мен сірә, еш уақытта оны ренжітпеспін, еш уақытта. Қандай жағдайда да, жүз жылдан кейін де. Әскерден қайтқасын үйленеміз, апам сонда жөн-жосықсыз күрсінуін доғарар. Аядай қыздың жанында қылаудай кірбің жуымас қабақтарына. Үйіндегілер өзара қырқысқанда, қарулары қызыл сөз, сүйексіз тіл, аяусыздықпен салғыласады, Аядан қаймығар, бәлкім. Орманның іші дүр сілкінді, жапырақтар қалт-құлт тербелді. Әлдеқайдан адасып, қуыс-қуыстан лап қойысқан сойқан жел мүлгіген жынысты әрі аударып,
бері төңкерді де дереу тиылды. Әлгіндегі ыбыр-сыбыр ағаштардың шуылына ұласпай жер жастанды. Төңіректі салқын леп жайлағасын, Айдос еппен бұрылып, Аяның арқасын костюмімен қымтады. Қыздың маужырағанын күзеткені біртебірте жалықтырғандай. Өзінің ешқашан да Аяның қасында пырылдап ұйықтап алмайтыны аяқ астынан көңілін бұзды. - Сірә, сүймейтін шығар, сүйсе, мұншалық қаперсіз жатар ма, жүрегі тарсылдап, қобалжымас па, мендегі жағдайдың сызаты да білінбейді түрінен. Неге мен қиналамын? Сүйемін. Неге ол ұйықтайды? Сүймейді. Шошынғаны сонша, Айдос ұшып тұрды. Суық ойдан тұлабойы түршігіп, қос қолымен шекесін сығымдады. Манадан бергі рахат дәуренді жаңағы қасқағымдық сұрапыл жел тапап өткендей. Тәтті елес быт-шыт. Ая енді ғана оянды. Алақанымен аузын қалқалады. «Сүйген адам есіней ме екен?» Айдостың күдігі одан әрмен күшейіп, төңірегін қана түнек басты. Қайта-қайта есінеген Аяның көзінен жас парлап, саусақтарымен сүрткілеп әуре. Мөлдір тамшы кіреукелеген кірпіктері іркес-тіркес, бытырай шашырап, Айдосқа біртүрлі торыға қарады. Құты қашқан жас жігіт неге де дайын, Аяға абдырай, аялай емеурінмен жауап қатты, қайтадан шұрқырай табысты жәудіреген жанарлар. Аяның мұң торлаған ажары әрлене түскен. Манағыдай ширақтық танытпады, қимылы пәс. Тізесіне қолдарын таянып бүрісе қалған қызды Айдос бауырына тартты. Асып-сасқан жоқ, балаңдығы аралас батылдықпен, Аяның бетіне бетін тақады. Тұңғыш рет қыздың өрт деміне шарпылды. Басын айналдырған бақыт, жүрегін ұшырған күдік, бүйірін тескен үрей астан-кестен, милыға араласып, жуырмаңда ес жиғызар емес. Ұзақты күнгі қуанышы, реніші де тозған матадай ыдырап, өзгеше бір жаңалықтың, өзгеше бір жазмыштың қамытына мойнын тосқандай. Ая да соған бейімделіп, бәр-бәрін мұның еркіне лақтырыпты. Соны сезінген сайын санасына түйген егіз ұғым – нәпсі мен нәсіл, бозбалалық пен жауапкершілік өршелене жарысып, алма-кезек жеңіп, ұзақ дауласты өзара. Аяның ернінен сүйді, нағыз жігітпін деді. Жасқана құшақтағанымен, белін еркінен тыс қысыңқырап жіберді, мәңгі-бақи мәпелеп өтермін, сенші маған деді. Әр қимылына есеп берген мұншалық сергектігін бұрын байқамапты, әленеден қорғаншақтап, Аяны нәзіктікпен өбектеді. – Құдай-ау, аппақ ару – адалдыққа қалай бассаларсың, өткір көздері – қара қылды қақ жарған әділдік, тал бойында міні жоқ, тұнығын қалай шайқарсың, қарсыласар тілі жоқ, зорлыққа қалай барарсың?! Айдостың алдында қыз емес, тас құдай отырғандай. Құдай деген атауды Айдос аспандағы аймен, күнмен ғана ағайындастыратын. Міне, сол айына, күніне табынудың сәті енді түсіпті. Аяның тасмақаулығы – тас құдайлығы, ендеше ешқашан өзін таптатпайды, ол өзгелерді табындырып, құлдық ұрулары үшін жаратылған. Садағаң кетейін, жарығым! Ая сұлқ жатыр, бұны сүйген жоқ. Анда-санда басын көтере жүрегіне құлағын тосады, омырауына жабысады. Қан тамырларының ағысын бағдарлағандай, саусақтары денесінде жүгіреді. Бейнебір жан дүниесіне үңіліп, содан өзіне мәлім
қорытынды шығарғандай. Мап-майда жұмсақ алақан, өміренгеніне қарағанда, кет әрі емес, сөз жоқ, ұнатады. Айдос көзін жұмды, жалғанның жұмағы ғой. Көлге шомылып, күнге қыздырынғанда, осындай хал кешетін. Күн аймалап, жел қаққан, су шынықтырған денесіне қыз демі лүп-лүп үрлейді, сыбырлайды, сыр тартады, назданады. Адам баласының тілмен ұқтыра алмасын демімен, дінімен жеткізгендей бұған. Екі ортадағы ұғыныс ұзаққа созылды. Сөз аралатпаған ғажап сәт сүйіспеншілік жасампаздығын атойлатып, бір-бірін қошеметтеудің құдіретін танытқандай. Ишара арқылы ішпен қабылдаған, ішпен сезінген ғашықтық. Тұнжыраған орманға да дарығандай сол тілсіз ғашықтық. Төңірек мүлгіп жүре берді. Жылт-жылт ұшқындаған манағы әзірдегі сәуле тамшылары ғайып болыпты, ағаш-ағаштың арасын көлеңке жайлаған. Шаңқай бояулардан баяу сытылған тоғайды біркелкі қоңырқай түс жайлады.
Қалқаманның бойы жеңілдемеді. Көздері шүңірейген, жағы суалған, кереует үстінде қос-қос жастыққа жантайып, шынтақтап отырады да қояды. Сыртқа Аққатынның жетелеуімен кіріп шығады. – Құдай міндетіңді кісіге салмасын. Ризашылық бәріне, өткердік қой өмірді, мөлдіретпей, алдымда кетсе, ризашылық. – Аққатынның сөздеріне ден салмайды шалы. Соны пайдаланып, оңды-солды сілтейді-ай кеп, – Құдай-ау, шынымен алжасқаны ма байғұстың, әуелден жасық па сүйегі, тамағы сау, есі жоқ, осылай қартаяр ма? Басы қалт-құлт нұры семген мағынасыз көзқарас, кеудесінде шыбын жаны әншейін. Тілектің сауыққаны көпке шыдамады, көзге түрткі болмай тайып тұрды дағдысы бойынша. Қайда, не істейді, беймәлім, Аққатынның соны білуге де құлқы жоқ. Қаһарман ай аралатып, анда-санда соғады, қыс түскелі хабарсыз. Әйтеуір жағатын отын, малға салатын шөп, сабан бар. Қораны күреп тазалау да машақат, Қалқаман төсек тартқалы. Бәріне жүгіретін бір Ая, үйдің де, түздің де тауқыметін қатар атқарады, бұған да шүкіршілік. Он сегіз жыл жарық тірлікке көзін ашқан Аясы, айғай-дабырамен шыр еткен Аясы ғой. Анасы, ол – дағы өндірдей, бүгінгі қызының жасында. Тілек Қарағандыда, оқуда, өзінің айтуынша, Аяның шешесі, со кездегі жас бойжеткенге үйленем деген ойы болмапты. Өзімен оқыған ба, анығын тексермеген, басқа қызды әкеп таныстырды, «келіндерің» деп. Аққатынынң әлі есінде, ел іші сілтідей тұнған тосын хабардан – Көршілес ауылдан қыз жоғалыпты. Артынша сыпсың-сыпсың өсек гулеген, «бәріне кінәлі Қалқаманың ұлы, аламын деп алдап кетіпті, содан қыздың қайда екені белгісіз». Мыңқиған ұлдарының кібіртіктеп, көзі бақырайғаннан өсек-аяңның тегін еместігін сезген. Аяның бейбақ анасы бұлардың жалғыз үйлі мекенжайын торуылдап жүріпті сонда. Толғақ қысқанда, жападан-жалғыз көлге жан ұшыра жүгіріпті: Шарананы суға батқан жерінен көпшіліктің арасынан бел шешіп құтқарған Аққатынның өзі еді. Сондағы қылығына әлі таңқалады, қойнына
тыққан қызыл-шақаны сүйіп-сүйіп алды. Көзінен жас парлаған үйіне жеткенше. Былжыраған, қолынан тайғанақтап, сусыған бір уыс қызыл етке ниетін құлатқан осы тағдыр ғой. Жаңа түскен келінге де, баласына да қарамаған, бауырына басты сәбиді. Уызға жарымаған жетімек биенің саумал сүтінен ауызданған. Сорлы шешесі бұның інгәлағанын да естімес керек, көл шетінде жан тапсырыпты. Тілек сол оқиғадан кейін оңбады, бұ дүниенің қасастығы о дүниеге кетпейді, жіберсін бе нақақтан күйдірген. Неше қатын алып, неше қатын тастады, өзі біледі, шіріген жұмыртқа бұлар үшін. Дүрбелең өмірге келген Аясы көзін шатыр-шұтыр найжағайдан ашқан. Сол күні алай-дүлей құйын соқты. Үдере көшкен бұлттар легі толастамады. Жарқжұрқ, аспанды қылыштай тілгілеген найзағайдың жіп-жіңішке, үздік-үздік оттарынан үрейлері ұшып, айна атаулының бетін теріс қаратақан. Түнергенімен көк жүзінен нәр тамбады, не пәленің бәрін ішіне тығып сазарған. Түс ауа ашылғанда, шақырайған сәулесі бүткіл атырапты шуақтандырды. Қою бұлттар әбден ыдырағанда, сіркірегені қызық болды жауынның. Күркіреп басталған күннің соңы жібек жауынға ұласып, Ая туған. Етегіне орап-орамай шөпілдетіп сүйгенде, «о, тәңірім, аяй гөр, аяй гөр» деп қайталаған. Сәбидің тыпырлағанынан асқан әлсіздік бар ма екен? Тірі пенденің қорғансыздықтан тарамдалар қиын жолын талай бала тапқанда ескермепті. Аузына түскен «аяй гөр, ая, ая» ақырында Аясына айналды. Тәңіріне жалынып, жібек жауын аманат қылған нәрестемен оңаша қалғанда, өзінің де қорғансыздығын мойындаған. Қапелімде шошып та кетті, шыр-шыр жылағанда, не істеу керектігіне ақылы жетпеген. Құдай бұның ниетін мықтап құлатты ғой Аяға, нендей азабын көрді де, көнді де. Қалың орманды отыз жылдан астам паналап, шалы пенсияға шыққан соң да, он шақты жыл көшпеді. Тыныштыққа үйренгендері сонша, Аяның тіл, аузы байланғанын да тым кеш сезген. Қалқаман қоруға тиісті алқабын тапсырғанымен, орнына келген адам бұлардың үйін қолқаламады. Түп қазығын кім орнатып, кім салғаны да белгісіз бұл үйдің. Ауыл-аймақ «кардон» леп атайтын жасыл мекендегі жалғыз үйге қызыққан ешкім жоқ. Тек ат терлетіп, жан-жақтан су таситын, «Шіркін, кардонның суы-ай» дегізген көне құдығының орны қазір де бар. Төңірекпен байланыстырар сол құдық қана, қасиетінен айналайын, суының. Шөбі шүйгін, топырағы майда, ағаш іші жидек, бүлдірген, одан әрі, тау басына өрмелегенде, таңқурай, қол қимылдатсаң, құт, береке. Томағай-тұйық тірлік, араласар ағайын жоқ, бірқалыпты, бірсыдырғы күндерге әбден үйренген. Шалының ыңқыл-сыңқылы жиілеген соң және кездейсоқ жәйт себеп боп, қоныс аударуға ықпал жасаған еді. Аяқ астынан осы маңайда орманшы жоғалды. Кезекті тексеру ревизия өткеннен кейін ізім-қайым. Ғұмырларында көрмеген жағдай, баяғыдан бері саялаған ағаштарын күні-түні тінткен аласапыран басталды. Қанша іздегендерімен, нәтиже шығармады, әлі белгісіз, тірі ме, өлі ме? Оқыс оқиға айнала атырауды шулатты, әрқилы жорамалдар мысықтай балалады. Тау қойнауына тығылып, жылқы ұрлаған сығандар ұстап бергені, жас ағаш құлатып, аң, құсты аяусыз қырғандармен өлермендікпен өштесетіні түрлі әңгімелер туғызып, Түкті шоқыларын мекендеген ел-жұрттың үрейін ұшырған. Жалғыз үйлі кардон ерсілі-қарсылы ағылған адамдар легінен шошыған. Ер тоқымы бауырына
түскен аты екі тәуліктен кейін келгенде, «тілі жоқ жануарым-ау, құлынымды қайда тастап кеттің, жануарым-ау» деп зар еңірепті кәрі шешесі. Бір жеті бойы мектеп оқушылары, жұмысшылар толассыз орманды сүзгенде, қамшысына кезігіпті. Алысының да, жақынның да көңілін алаңдатқан сергелдең Аққатынды байыз таптырмаған. Өз ұясынан өзі үріккен құстай қатты шошынды. Бейнебір зұлымдықтың бұлардың орманына лап қойысқанында, тінткілеген көздерден қайда тығылып, қалай құтылуды білмеген. «Айғайлапты ғой, естідіңдер ме... аты сендерге жақын жерде жүріпті ғой...» деген алып-қашпа тергеуден-ақ мезі болған. Ая ықылас танытпаған көшуге, әлі де қоңылтақсып, бейтаныс ортаға бауыр баспай жүр. Шалының түрі анау, ауыл ақсақалдарымен араласпақ түгілі, амандықсаулық сұраудың жөнін ұмытқандай. Мінезі жеңіл еді, жасында ұшып-қонған. Ештеңенің парқына үңілмей, өзіне жау таңдаумен өтті ғой, тізгінге жармаспады, қолын қақпады. Міне, нәтижесі, сол еркіндіктің, не істесең де, өзің білесің дегендей, қалтаң-құлтаң, буындарынан күш тайған, екі бүктеліп қушиған шал. Өмірбақи өзіне сүйеніп, өзіне телмірген тағдыр, өмірбақи өзін де сүйеп, өзін де телмірткен тағдыр. Неткен опасыз, екеуімізді үйткен бастай осынша қаусатқан. Қатігез уақыт қой бұған айыпты, жылдарды жалмаған біз, адамдар ма десек, бізді жалмаған жылдар екен ғой. Жұлынбаған, жұтылмаған, тек қана елес, балдай тәтті махаббат дәурені, бері таман жақындаса, тағы елес, қос арысының босағадан аттап, мәңгілік суылтқаны, Итжанды ғой әйел бишара, қасіретке иліге жүріп қадірін төмендетпеген, құшағының ыстығын жоймаған, түңіліп барып түлеген, талай-талай түлеген, одан берменіректе тағы да елес, жығыла-жығыла жуасыған, құлай-құлай көндіккен. Қытығынан адаланған тән, сүйретілген ет пен сүйек, кәрілік неткен залымдық. Бүйтіп қорланғанша, асылы тән мен жанның саусәләмат, шырқаған шырқау бабында тайғаны дұрыс-ау тақтан. Қалқаман айтқандай таңды атырамыз, күнді батырамыз. Шалынан жобалғы сөзді де соңғы жылдары сирек естиді, оған да шүкіршілік. – Аққатынның пайымдауында, жылдарды жұтқан адам баласының алжасуы неғайбыл, мүмкін еместей. Бұрындары қарт та жас баламен бірдей дегенге ден қоймайтын. Қалқаманның ақыл-есінің күрт төмендеуі бөтен ойға жетеледі, құрметпен сақтаған асыл затына нұқсан келгендей. Ежелгі намысқойлығына табан тірегенімен, көзге ұрған шындық шыдатар емес. Мынасы қатігез уақыттан да әрмен жауыздық қой, қалтыраған тәнде бір түйір ақылды қонақтатпай қорлағаны. О заман да бұ заман, түп-тегінде мұншалық сүйекжасықтық болар деп күмәнданбайтын. Небір ақсақалдардың сексен, тоқсандағы данагөйлігін естіген де көрген де. Қарттықтың өзіне тән келбетін, қастерлеген, азбай, тозбай, ұзақ жолдан жиыптергенінкөкірегінде зерделеген ата-бабасына тән мінез құдай қосқан қосағына дарымапты. Бұның ұғымындағы қартаю емес әйтеуір. Аққатын соған күйінеді. Тәлтіректеген аяқ-қолының мүшкілдігіне емес, рух атты алып қуаттан айырылғанына, ақыл тоқтатпаған баладай дәрменсіздігіне күйінеді. Әуелде қалай, әуелде сіңді ме екен рух атты мықтылық Қалқаманның қанына. Имандай шыным, күмәнданамын, күліп-ойнап, қолтықтасқанда, мән де бермедім, тым кешірімді, тым ақкөңіл, жарқылдаған, өмір сүруіме оның рухының титтей қажеті де болмаған шығар. Енді кеп, несіне көлгірсимін? Мықтылық деген мен үшін
сыртқы тұлға, сыртқы пішін еді ғой. Сөйтіп-сөйтіп нағыз өмір де сырт айналып өтіпті, мына отырыстыры соның дәлелі. Рух дегенді қайдан шығардым, ә, Қалқаманның аянышты түрінен, күндердің қаранғы түндерге айналғанынан ба, ойлары да мына гу-гулеген желдей әрі сүйкімсіз, әрі мазасыз. Аққатын аяқ ұршықпен жіп иіруге кірісті. Көптен зауқы соқпай жүрген. Қойдың түтілген ақ жүні жіпке айналып, ағаш дөңгелектің бірқалыпты дырылы бұзып тұр үй-ішіндегі тыныштықты. Ұйытқыған боран терезе қақпаларын соққылайды. Аққатын құлағын сыртқа тосты. Үй бұршындағы жіпке байланған жіңішке темірдің әрлі-берлі қабырғаны соққылағаны түрпідей тиді саңылауына. Күз айларында жауынның суын құйып алуға ыңғайлы да, төбеге лақтырып тастайтын екен деп ойлады. Соған жұмсайтын баланың жоқтығы да жүйкесін жұқартқандай. Бөлмесінен шықпағасын, әдеттегіден ертерек ұйықтады ма деп, айғайлап Аяны шақырмады. Шалының күрк-күрк жөтелгені, бағана сымдардың ызыңы, далада ойнақтаған жел оң аяғымен ұршықтың табанын тербей басқанымен үндесіп, дауылдағы су бетінде қалт-құлт қайықтай қиялына көңілсіз де көмескілеу суреттерді үйірілтті. Ел шетіне жақындағанда, «өлім бар да қаза бар» қағидасын ұмытпаған. Түннің терезелерден өңешін созған, үрейлі көрінісі өздерінің, мейлі ордалы үй, базарлы ортаға тап кел, бәрібір жалғыздық шеңгелінен құтылмайтындарын айғақтаған. Анталаған қараңғылықтан жанарын бұрып, терезе перделерін ысырды. Пештің ішіндегі шаланы көсеумен уақтап, қызыл шоқтарын бері таман жылжытты. Өлеусіреген жалғыз шала сөніп-тұтанып, жуырмаңда жанып бітетін түрі жоқ. Бүкіл жылуын айдап әкететін болғасын, шымшуырға ілектіріп, сенектегі күршекке апарып тықты. Түтінің иісі қалды бөлмеде. Шоқтары күлгін түске еншгенше әрлі-берлі көсеулеп, пештің төбесін жапты. Үйіріліп-үйіріліп соққан жел анда-санда демін тарта ышқынады. Тыптыныш, үп еткені білінбей, бағана сымдары ақырын ызыңдап, кенеттен жыны ұстағандай есіріктеніп, шабуылға көшеді. Шатырдың қуыс-қуысына тығылған гуіл бір-бірін қуалай азынайды. Тесік-тесіктен қайтадан сыртқа ытқығанша әрқилы әуенге басып, жылы үйдегі Аққатынға өткен өмірін үздік-үздік сыр шерткендей. Аясы тар ауқымды толтыра лап етіп, жыртығынан лекілдеген анау шатырдағы айғай-әуендей бұның ұзақ деген ғұмыры да тоз-тоз, ауасынан босаған шар сияқты мәнсіз бірдеңе. Қабырғаларды ұрғылап төбеден үрлеген, әйнектен кеулеген түнгі боран жас кезіндегідей ойларын шартарапқа самғатпады, етекжеңінен тартқылағандай тізелерін қалтырата бүрсеңдетеді, ыңғайына құлатады. Аққатын шаршағанын сезді. Жартылай еденге шашылған жүннің қалдығын аяқтауды жөн көріп, ұршықтың табанына аяғын тіреді. Тамырлары бадырайып, сүйектері ырсиған қолдары жып-жып, әбден тозған ескі ұршықтың дөңгелегі шиқшиқ, біраз отырды. Көзіне үйқы тығылып, маужырай есінеді. Далада толасыз аққан айғай – әуен, айғай – тірлік, айғай – ырғақ.
Қаһарман домбыраға қол созғанда, Ая елеңдеп, жалт қарады. Жігіт жанарында ұшқын жүгірді. Сұраулы мағынада қызға бұрылған. Ая басын изегесін ғана домбыраның тиегін жөндеп, сол қолы пернеге жабысты. – Қандай әнді қалайсың? Ая тағы да басын изей күлімсіреді. Ерекше ізетпен қасына, текеметтің шетін түзеңкірей келіп отырды. Беріп кет сақинаңды мыста болса Жүрейік күліп-ойнап, қыс та болса.... Қыз жүзіндегі тебіреніс Қаһарманды шабыттандырып, ән сазына беріле шырқады. Өнбойындағы шым-шым толқынысқа таңырқаған. Әнді тәуір айтатынына, былайғылардың тәуір тыңдайтынына машықтанғалы қашан. Бірақ орындаушы мен тыңдаушының арасында мұншалық түсінісу болатынын зерделемепті. Аяға бағынышты көңіл хошының толып жатқан жұмбағын ашқалы іштей толысып, іштей байыған. Ұзақ жылдарды сарп қылып тапқан қазынасындай осы сәт. Қылымсудан жұрдай, сұлулығынан мүлдем бейхабар қыз бұл домбыра тартса, дереу жүгіріп келеді. Былайғыларға елеусіздеу жәйт Қаһарманды кәдімгідей ойландырған. Өтірік қолпаштауға кәніккені сонша, маңайындағылардан шынайылық күтпейтін титтей де. Іс-әрекеті ішкі пікірлерімен қабыспағанына да қиналмайтын. Меңіреуліктің түбінде шыңғырған шындықпен – Аямен жүздескелі ерте-ертеде жоғалтқан қадірлісін тапты. Тотыққан темірдей, тұтынбаса, асыл зат та көнереді, Қаһарманға қапияда айырылған даусының, дарыныңның қарымы ән салып, домбыра тартқан сайын еселеніп қайтқандай. Қыз тарапынан үнсіз табынудың қайталанбас әсерінен қараторы жүзі күреңітті. Жылылық пен мейірім төге қарайды. Жүрек түкпірінде серпіліс оянды. Қатқылдық жайлап, қатігездік төстеген жан дүниесінде елжіреу бар. Боркеміктіктен ада, жігерін қайрап, намысын шыңдайтын жұмсару, тазару. Мұның бәрі ықыласынан тыс. Қаһарман тірі пендеге еміренген, тірі пендені еркелеткен емес. Жетім болды. Әкесі соғыстан қайтпады, шешесі басқа күйеуге тиіп, нағашыларында өскен. Балалық шағынан көкейінде сақталған – әкесінің көкке жайылған құшағы, өзінің тырбың-тырбың ұмтылғаны, тізбектелген вагондардың көз алдынан зымырағаны. Әкесінің құшағы мен екі ортадағы кеңістікте әлі ұшып жүр. Қырықтың қырқасына көтерілгенімен, кейде сол көрініс алыстан бұлдырап, тапжылмастан тұрады, сонда ғана шын егіліп, шын сағынатын. Қаһарман мойындайтын жалғыз ақиқат осы. Жылдар жылжығанмен, әкесінің созылған қолдары баяғы қалпында, ап-анық. Сарыла ұзақ елестеткенде қараңғылыққа сіңіп кетеді. Мауқы басылмаған және ешқашан басылмайтын сағыныш Қаһарман үшін. Есейді, ер жетті, шешесімен табысты, үбірлі-шүбірлі, топ баласының арасында «жалғызым-ау, жақсыдан қалған кемеңгерім-ау» деп көкірегі қақ айырылған талай рет. Күйеуінен, ұл-қыздарынан жасқанбай, кездескенде, «жалғызым-аудан» танбайтыны түсініксіз. Беріштей қатқан өгейсуін сөйткен шешесі де жұмсарта алмаған, еміренбей өтті бұл. Жек көрмейді, жақсы да
көрмеді. Шешесіне осындай көзқарасы басқаларға деген қатынасын да айқындап берді. Жалпақ әлемде Қаһарман ешкімге ынтықпаған, ешкімді сүймеген. Қолын қанша созғанымен, қағып алуға үлгермеген әкенің көкке жайылған құшағы өшпес із қалдырыпты. Туған шешесіне өгейлігі өзін өмірдің өгей пендесіне айналдырған. Жасаураған қыз жанары жарқ-жұрқ. – A-a-a-a-a.... -a-a-aу жалған. Жиырма бес қайта айналып -a-a-a... Шіркін – а-a-a-... й келмес маға -a-a-а...
Неткен сиқырлы әуен! Қаһарман баяу ыңылдайды. Санаулы буындарға сыйған шексіздік қой мынау. Шексіздік – дөңгелек дүниенің тұрлаусыздығы, тірі пенде оны опасыз жалған дейді. Екі шекті, тоғыз пернені еншілеген тұтастай тағдырдың баянсыздығын қарапайым ыңылмен жеткізеді Қаһарман. Жеке басының дәрежесі еместігі өзіне де белгілі. Ата-бабадан қалған мұндай інжумаржандар дауысқа күш салмайды, даурықпа айғайға жетелемейді, санасезіміңмен біте қайнасып, сай-сүйегіңді сырқыратады, әр үзігі жұтқан ауаңдай табиғи. Жұтқан ауасын текшелемейтініндей қазақ та ән шырқап, күй тартқанын асқан ерекшелігім деп санамайды. Ұрпақтан-ұрпаққа ауысқан тіршіліктей жыр мен күй де кез-келген қазақтың пешенесіне жазылған шалқар айдын. Көзін ашқаннан күмп беріп емін-еркін жүзуге дағдыланады. Опасыз жалғанның құлақкесті кұлы – жан мен тәннің иесі кешер хал-жағдайдың сазға бағынбайтын бір де бір сәтінің жоқтығына Қаһарман кәміл сенімді. Саз құдіретіне илікпеген не бар?! Аяның қимыл-қозғалысын қалт жібермеген жігіт осыны ойлады. Өзіне емес, Аяның әнге табынып елтігенін де түсінген. Түсінген сайын «Жиырма бестің», дөңгелек дүниенің мұнартқан сағымын шыр айналғандай, соңынан жүгіргендей. Қыз жанары қайтадан боталады. Әннің қайырмасы тұсында түсі мүлдем өзгерді. Соны тосқандай, Қаһарман кілт тоқтап, домбыраны іргеге сүйей салды. – Аппақ лақ, - деді Аяға тіке қарап, - сен маған керексің... Көздерінен моншақ-моншақ жас үзілген Ая домбыраға жаутаңдады. Бұның сөздерін ұқпады, саусақтары қос шекті дың еткізіп, жалма-жан домбыраны көтере берген. – Әй, аппақ лақ, түсінбедің-ау... ғұмыр бойы не іздеп жүрмін десем, сен екенсің ғой діңкені құртқан, сен – пәктік, сен – мөлдірлік, маған бұйырмай қойған басыбайлы адалдық. Шайқап ішкен тұнығым талай лайланып, талай лоблытқан. Жаның таза, тәнің таза, тілің таза күнәдан, құлазудан, мүмкін сен құтқарарсың, жегі құрттай жалмаған құлазудан. Домбыра естілер-естілмес сыбырлап, «Жиырма бестің» мұңға толы алғашқы толқындары балдырғанның аяқ алысындай тәй-тәй. Әлгіндегі әуен сүрініп-қабына қайталанды. Бір буыны әлденеше үзіліп, жаңғырыға естіледі, бір буыннан жүз буын тарап жатыр. – Қарай гөр, ешкі басты, жаттықпаған саусақтары, әйтпесе айна-қатесіз, енді түсінікті бәрі... – Қаһарман қызға риза болды. – Сені қалаға әкетсем бе екен әлде...
Ая домбыра қызығына түсіпті, бұрын-соңды аңғармаған жаңалыққа қуанғандай. Қаһарман жаққа бұрылмады. Әлгіндегі табынғанының ізі жоқ, зейіні домбырада. Көкейінде жатталған ән ырғағын қалт-құлт дыңылдатқанымен, жасандылыққа да жуымайды. Қаһарман сонысын бағалады. Төңірегіндегілер керең ретінде ғана қабылдайтын қыздың мінез-құлқында оңайлықпен шешілмейтін әлденендей сиқыр жатқанын бағдарлап, қалың ойға шомды. Сол сиқырдың сырына үңілгенде, бір есептен Аяның піскен алмадай түр-тұлғасына қызықса, екінші жағынан қорғансыздығын ескеріп, мүсіркейтін де тәрізді. Әйел затын аямайтын ешқашан. Бірақ Аяның нәзіктігі, елден ерек сипаты алаңдатпай қояр емес, немен тынары өзіне де таңсық. Ішін де, сыртын да кіл өңкей сайтандар билеп, есінен тандырғандай. Адамның ішіне ұя салған әйгілі ханнес туралы әңгіме оралды есіне. Сайтандар Адам ата мен Хауа анадан да ертерек жаратылыпты деседі. Жыл сайын Адам мен Хауаға баласын тастап кетеді екен. Өзі хәрәм, әзәзіл, жексұрын ханнес адамдарға ұнамайды. Хауа екеуі ақылдасып, өлтірмекке ұйғарады. Келесі жылы сайтандар келіп, «ханнес, ханнес» деп шақырады балаларын. Адам ата мен Хауа ана ауыздарын ашып үлгермей, «әу» деген дыбысы естіліп, ханнес жүгіріп жетеді. Сайтандар оны қайтадан тапсырады Адам ата мен Хауа анаға. Бұл екеуі қайран қалысып, «өлмеді ғой, ендеше өлтіріп, сүйегін отқа жағып жіберейік» дейді. Айтқандарын орындайды. Әлденеше ай өтіп, тағы да сап етіп сайтандар жетеді. – Ханнес, ханнес, қайдасың? «Әу» деген ханнес пештің ішіндегі күлден басын көтереді. Адам ата мен Хауа ана қатты сасыпты. Сайтандар қайтадан оны тастап кетеді. Не істерге білмей дал болған Адам ата мен Хауа ана ұзақ оййланады, «өлтіріп едік, тірілді, сүйегін отқа жақсақ та тірілді, біз мұны өлтіріп, жеп қояйық» дегенге тоқтайды ақырында. Сөйтіп ханнесті өлтіріп, жеп қояды. Әйтеуір құтылдық-ау пәледен деп қуанып жүргенде, сайтандар тағы келеді. – Ханнес, ханнес, - деп айғайлайды. Адам ата мен Хауа ананың ішінен «Әу» деп жауап қатады ханнес. Сайтандардың сонда ғана көңілдері көншіп, «ә, балам, жылы да жәйлі орныңды енді тауыпсың, әуелден көздегеніміз осы, жақсы болды, адамды сен іштен, біз сырттан азғарсақ, мүддемізге жетеміз, - деп сайран салыпты. Міне, іші алай-түлей, құрып қана кеткір ханнес әзәзілдей, бүйірінің аяқ астынан қызғаны. Әлі де домбырадан бас алмай тамашалаған Аяға жақындады. – Үйретейін бе қалай ойнау керектігін... саусақтарың жіңішке, салалы, ыңғайлы, епті... саңылау сыйлапты тәңірің саған, ішің тұнған ырғақ – әуен, әттең, соны асқақтата шырқаудың жөнін, жолын білмейсің, баулитын және жан жоқ, жанып үлгермей өшерсің, асылы. Енді түсіндім, неліктен ою-өрнектерді ән салдырып билететініңді, бәлкім, ою да жыр шығар, күй шығар. Мына түріңе қарағанда, сен түйсінбейтін жәйт жоқ тіршілікте, бірінші кездескеннен-ақ аңғарғанмын, тым сезімталсың, тым елгезексің... тұншыққан талантсың... тұншықтырған ешкім емес, гәпті жаратылысыңнан ізде, ешкі бас. Бетінде, мойнында әжімнің сызаты да жок, аппақ Ая көз алдындағы жарықпен айқасып тұрып алды. Бұның ойынан мүлдем бейхабар, талдай иіліп, домбыраға үңілген. Қыз бен талант деген ұғымды неліктен байланыстырғанына мән берген жоқ. Тарих факультетін бітіріп, аспирантураға түскенде, кереметтілігіне өзгелерді
сендірген. Айналыспаған ісі кем де кем, археологиялық экспедициялармен кең сахараны кезді, ұлттық этнографиялық ерекшеліктерді жинақтады, көне мазарлар, құлпытастардың басына түнеді, «ауызша энциклопедия» атанып, кішігірім орта, жиын-тойдың ілтипатына бөленді. Кейіннен жұрттың қолпаштауынсыз аттап баспайтын әдетке ұшырады. Тілекпен де сондай тобырдың арасында танысқан. Өзін құрметтейтіндер «жолы болмаған, дарындары бағаланбаған» өкпешіл, кінәмшіл қауым. Сөзді сабындай көпіртуге, басқаларды сөгуге, сән мен салтанатты арақ пен әйелден іздеуге құмар қауым. Сондай қауымның арзан әшекейіне айналғанына қиналмайды. Керісінше, солардың мақтағанына, қолпашына үйір. Араққа әуес емес, бірақ жиналған топтың төрінде отыруға, ішіпжеп тойғандардың аузынан абыройын көтерер тәтті сөздерді естуге әуес. Өзінің мүмкіндігін, ілгерілі-кейінді қабілетін болжағанымен, «міне, нағыз Қаһарман, заманымыздың қаһарманы, танылмаған талант» деген дақпыртты естімей өмір сүруі қиын. Бұл да маскүнемдіктің түріндей. Ізденудің, зерттеудің қалауы да қалмаған, арақтың әзәзіліне ергендей, жалған құрметтің құрсауынан құтылар шамасы қайда, бұл жөнінде ойласа, басы қатады. Еліктің лағындай үрпиген қыздың сезімталдығы, қағып алғыштығы, әттең, бәрінің текке тұншыққаны мен өзінің де түк өндірмей, босқа уақыт өткізген, әлдекімдердің алдарқатқанына мәз, боркеміктігі арасындағы ұқсастықты болжады. – Мына дүлей қыздан қай жерім артық, әлем-әуеннің сандуғаштай сайрағанын жұдырықтай жүрегінде сақтатып, үнін жұтқан жазмышы делік, менің жағдайымды немен ақтауға болады? Мені өшірген қандай күш, қайда әуелдегі қамал бұзатындай талпыныс? Көшпенділікпен ғасырларды жалғаған ата-бабамның өткеніне шұқшиып, әнмен, күймен, ою-орнекпен айшықтаған шежіресіне асқан ынтамен үңілдірген жастықтың жалыны неге тез өшті? Ғылымға бейімдігің, алғырлығың, зеректігін қатарластары аңыз қылатыны ше. Пәле содан басталды-ау. Қошеметке бір легіп еді, шаруасы да бітті, оның әлгі арақтан айырмасы шамалы, тырнағына ілінсең, азуынан артылмайсың. Шарапқа қызара бөртіп, көпіретіндердің айналсоқтайтыны да тегін емес. Ішкіш мен тақілеттес, мадақталмайынша, бабына енбейтініндей, шыныдан жұтпайынша, қол-аяғы селкілдеп, ес тоқтатпайды. Бойын тежеп, тыйым салуға екеуінің де жігері жетпейді, арақ пен дақпырттың күші тым басым, тым үстем. Тырбанып еңбектенуден жұрдай қылған да әлгі қошемет. Шіркін, талмай оқудың, шаршамай қазбалаудың, оқыс қортынды жасап, жаңалық ашқанның таңғажайып әсерін там-тұмдап өткердім ғой басымнан. Тамсамдырғанымды байқап, артықшылығымды сездім, талап пен жауапкершілік содан соң күрт азайды. Міне, мендегі қабілеттің дымын құртқан осы. Ал, сен ше, сорға жаратылған бала, тәңірің қырын қарапты саған. Айналып келгенде, өмірбақи мауқы басылмаған сағыныш ортақ арнасын таптырмай қойған сергелдең ортақ, әрі-сәріленген тағдыр ортақ екеумізге. Сенің тілің байланса, менің еркім байланған, қайратсызбын. Сондықтан да қарғыс атқыр құлазудың шеңгелінен шыға алмай келемін, қарғыс атқыр құлазудың... Домбыра дың-дың. Манағы сүрініп-қабынған әуен, «а-а-а-а... у, жалғанға» жетуге тырмысқан аяншақ қадам, қысылып-қымтырылған дыңыл. Аяның жүзі қызара алаулайды. Шәшін желпіп, тамағын қытықтаған Қаһарманның аптыққан
демін елемеді. Өңінде қобалжу бар, әлдеқайда асыққандай. Ту сыртынан жұтына алқынған жігіттің лебінен де ыстық отқа шарпылғандай. Соны байқаған Қаһарман кері шегінді. Бұ дүниеде оның сезімі, түйсігі елегінен өткізбейтін жәйті сірә де бар ма екен. Бертінге дейін Аяның халін кешкен. Басқаның жүз жыл жасап түсінбейтінін кішкентайынан зердесіне түйіп, не бәленің бәрін тез аңғарғанымен, былайғыларға бір де бірін білдірмеуші еді. Томаға-тұйық, керең сияқты да. Мүмкін, Аяны алғаш көргеннен іш тартып ұнатқаны сондықтан. Балалық шағынан таныс елестерімен қауышқан. Жаутаңдап өскенімен, жасқаншақ болмады. Маңайындағылардың қас-қабағын аңдығанда, жоқтықтың, жетімдіктің теперішінен емес, қанына сіңген қасиетінен. Кім неге ренжіді, неліктен мұңайды, қуанды, әсіресе, әйел затына қатысты мінез-құлықтың қандай да сырын анықтап таратуға шебер. Кез-келген қылмысты даттап, қаласа ақтарлық та мұршасы бар. Міне, осындай ерекшелігінің арқасында әйел атаулының жағымды, жағымсыз қылықтарын електен өткізуге бейім. Асауды, жабайыны баулыған саятшыдай, осал пенденің ұрымтал тұстарын дәл тауып, қажетінше аялайды, аяйды, жәбірлейді, сөгеді, әйтеуір еркіне көндіреді. Адамға тән мейлі жауыздық, мейлі мейрімділік, жақсылық, жамандық, опасыздық, қайқайсысына да Қаһарман ретіне әділ төреші. Қасапшылық пен төрешіліктің төркіні бір. Қатігездікке бой жеңдіріп, жүзінің қап-қара, кесіп алса, қан тамбайтындай, ұдайы сұрланып, сазарып жүретіні де содан болса керек. Домбыраға құмартқан қыздың осыншама мазасыздандырып, өміріне шолу жасаттырғаны Қаһарманды ойландырайын деді. Жер мен көктей айырмашылығы бар екі түрлі ортада, екі түрлі жағыдайда жүрген Ая мен өзінің арасындағы ұқсастық, яғни, біржолата тұншыққан үміт, сенім, қабілет ортақтығы көкейінен шықпай қойды. Қыры сынған қызметінің, біресе тарих институтында, біресе суретшілер одағында, көркемөнер училищесінде алма-кезек жылжыған уақытының қадіріне қазір бойлағандай. Бей-берекет өткен күндері үшін өкінді. Ертеңінің де бәз-баяғыдай мәнсіз, нәрсіз жалғасары анық, соның алдын алып, мағыналы тірлігінің қамын жасауға қауқарсыз. Ең қорқыныштысы да осы, мың толғанып, кесіп-пішкенінен бәрібір түк өндірмейді. Аяны құрсаулаған мақұлық болса, бұны құрсаулаған да соған тепе-тең әлдене, дәрменсіздік, жалқаулық па, әйтеуір қауіпті дерт. Одан айықпайтынын біледі ендігі шақта. Бірақ жүрегін сыздатқан әлгі өкініш құрғыры несі? Іске аспаған жоспарларының тып-типыл болғанына көндіккелі қашан. Жел айдаған қаңбақтай тұрақтамайды. Әзірге құтқарушысы да сол. Үлкенге, кішіге, ағайын-туғанға, дос жаранға өтелмеген көп борышын кесе-көлденеңдетпейді. Жауапкершіліктен жұрдай қылып, емінеркіндікке, арсыздыққа, талғамсыздыққа үйреткен де тұрақсыздық. Көкейін тескен анау құйтақандай қызды анда-санда көру үшін облыстық өлкетану музейіне орналасқан. Жарты жылдан асты, келеді, кетеді, апталап жатады. Үнсіздіктің қапасында амалдаған арудың зейінін қалайда аударып, енді тезірек тілін табуға асық. Ешкімнің талдамаған тақырыбы іспеттес көлбеңдеген Ая. Өзгенің еншісіне сірә да қимас мұндай сирек құбылысты. Киіктей орғып, әуелгі кезде бұны жан ба, мал ма деп пысқырмаған да. Сөйткен жабайы киік жәутеңжәутең, өзіне бір, домбыраға екі қарап, әуре-сарсаңға түскен. Қаһарманның
жанын жәй таптыртып, көңілін көншіткен – қыздың бойындағы момақан өзгеріс, елжіреуік көзқарас. – Домбыраға табынғаның – маған табынғаның, домбыраны аймалағаның – мені аймалағаның. Менен естігеніңді өліп-өше ежіктейсің, қайталайсың, жағдайың қиын, ешкі бас, ғашықсың маған. Домбыра дың-дың... – Шіркін – а-а-ай, келмес саға – а-а-а... Манағыдай тәлтіректеген аяншақ буындар. Шексіз созылған «а»а»а...», ән қайырмасының әуелегені жуырмаңда аяқталар емес, үздік-создық жалғаса төбеде тұрып алды зарығып. Аяның жіп-жіңішке саусақтары әуен ыңғайына бағынып, пернені дөп басады. Ынтызарын ән жаулаған, «Жиырма бес», адам үлесіне жіберілген аз уақыт, келте ғұмыр теріс айналды, жастық дәурен зым-зия, самғаған құс қанатындай жылт-жылт көз ілестірмейді, өткінші нөсер – өткінші дүние. Ендеше қымсынатын не тұрыс, мынау өткінші тіршілікте бәрі-бәрі өткінші, Қаһарман жанары жасаурап, мұңайған қыздың кекілінен сыйпады. Қолдарымен Аяның шәшін жоғары қайырып, маңдайынан батылсыздау иіскеді, оқыс шоршып түсер деп секемденгендіктен әр қимылы сақ. Әлдекімді тонауға дайындалған ұрыдай жалтақ-жұлтақ қарады маңайына. Ая кейін ығысып, ештеңеге таңырқамаған қалыпты домбыраны ұсынды. Жүзінде ілтипат, шексіз сенгендік. Енесінің баурына тығылған аппақ лақтай, іш тарта жақындап, езу тартты. Қаһарман әлгіндегі пиғылынан айнып, дереу есін жиды. Ізгілікпен табыстаған домбыраны ұстамауға шарасыз. Осы жағыдай кейін де талай қайталанған. Қыздың домбыра мен бұған көңілі әбден құлағандай. Қалада әдеттегіден ұзақ кідіріп, бірер жұманы өткеріп оралғанда, Аяның сағынғанын байқады. Жанарында қуаныш ұшқындап, елгезектікпен қарсы алады, мұңая қоштасады. Екеуара қалыптасқан қарымқатынас үйреншікті ғадетке ұласып, қыздың жылы ниетіне көзі жеткен сайын ішіне ұялаған құдай атқыр әлгі сайтанның баласы ханнес азғыратынды шығарды. Ындынын кептірткен шөл тәріздес бір жұмбақ жәйттің бәлесіне ұшырады. Аяның қалтқысыз сеніп, құдайындай өзіне табынғаны пәтуасыздыққа ұрындырды. Жасандылық пен мүләйімсуге жақын тұрар әйел пендесінің арзан да болса тәтті қылығына еті әлдеқашан өлгенімен, Аяның орны бөлек-ті. Жан, тәнінің қырсыққа толы мұқтаждарын оп-оңай өтейтін үрғашылардың бір де бірімен салыстыруға дәті шыдамас. Қырыққа иектеген жасында көл-гөсір ықылас танытудың, қоспасыз шындықтың, сыйлаудың, құрметтеудің мұншалық түрін тіпті де елестетпеген. Таныс, бейтаныстардың өтірік қошеметі мен думан қуған сылқым бикештердің қылымсығанына тоқмейілсіп, қанағат тұтқаны әншейін әуре екен, біртүрлі басыңқы. Ешқашан да өз тарапынан бұндай елегізуді байқамаған. Аяның бейқам, қаперсіз жүргені елеңдеткендей. Не нәрсені де түбірінен қопаратындай аңғарғыштығы секем кіргізді көңіліне. Қыздың домбырадан төгілген әуеннен таңғажайып жаңалық ашқанын, ғашықтықпен еш қабыспайтын оқшау оқиға екенің түсінді. Өзі ме, басқа ма, әйтеуір домбыраны күмбірлеткен адамға құлағының құрышын қандыртып, дәл осылай құлап-сүрінерін түсінді. Небір әуезге қыздың саңылауын оятты, міне, бар еңбегі. Әнмен-әлеммен қауыштырғаны үшін тәңіріндей бас иеді бұған. Қаһарманның күдіктенгені осы еді. Қыр соңынан дедектеп,етегінен тартқылаған – өзін емес, өзіндегі азды-көпті қабілетті
пайдалануға шебер, ақырында аспандатып кеп лақтыра салған әріптестерінен титтей айырмасы жоқ мына мақаудың да. – Ғашық емессің, ешкі бас, қателесіппін. Құрақ ұша жүгіресің, сарғая тосасың, әттең, ғашық емессің. Құлапсүрінгеннің көкесін көрсетейін саған, сонда бәлем, жығыларсың, қайтіп тұрмастай омақаса жығыларсың.... – Қаһарманның ішін бүтіндей жайлаған сайтан сыбырлап, қыршаңқылығына басты қайтадан. Буын-буынын әлсіретіп, алды-артын тұмандандыра көзін байлағандай ма, құдай атқыр әлгі ханнес. Арбай азғырып, әлдеқайда сүйреп барады. Аяның аппақ денесі өткен жолғыдай жарық сәулемен тайталаса тұрып алды. Қаны басқа тепті. Аңдаусызда торға түскен құстай тыпырлаған қыздың саумал аңқыған омырауына бетін көміп, біраз жатты. Тұңғыш рет небір шұрайлы теңеулер тасқындады тілінен. Жалғанда әйел затына жылы сөзін қимайтын. Енді қалайша осынша ақтарылғаны таңсық. Ұша жөнелетіндей қол-аяқтарын ербеңдеткен Ая сап доғарды жанталасқанын. Бұның жалбарына тізбектеген сөздеріне ұйығандай. Қаһарман асығып-аптықпады, қыздың сәл тыныстап, үрейден ада-күде арылуын күтті. Ұлпа тәннен өнбойына құмарлық тарап, енді өзін діріл билеп әкетті. Ая балықтай тулап, қайтадан шоршыды. Қызға да өзіне де ие болуға шамасы жетпеген Қаһарман қатты қиналды. Менің сорыма жаратылғансың ба, құдай-ау, тіпті дес берер емессің ғой, асылым, жаным, асылым, жаным... қинамашы, құлың болайын, әнің, жырың болайын, күні-түні есігіңді күзетейін, тек қинамашы, жаным, жарым... Сан құбылып, сырғыған сынаптай тәніне қол тигіздірмеген Аяны еркіне көндіруі қиынға соқты. Бәріне қолын сілтеп тұрып та кетпеді, зорлыққа және бармады. Қарғыс атқыр әлгі ханнес қоншы-қолтығын қытықтап, дамыл таптырар емес. О жағынан да, бұ жағынан да қылтыңдап, ерегіске шақырғандай. Өзін ұнатпағанымен, жек көрмегенін де шамалады қыздың бей-жай жатқанынан. Құрық тимегендіктен де асаудай ытқып арпалысса керек, өлеңдете аймалап-айналғанына елітіп, бірте-бірте алданды. Баса көктеп шошытпады, баяу созылған әсерлі әуенге ден қойдыра бейнебір қатар қалақтағандай, қатар самғағандай. Үйдің төбесі мен қабырғалары сан аударылып, сан төңкерілді,шағын бөлме шетсіз кеңістікке ұласты. Аяның қос қолы кеудесінен итеріп, бет-аузын соққылағаны, шәшінен жұлмалағаны есінде. Содан соң қыздың бұлшық еттерінің ойнақшығанынан, дір-дір қозғалысынан жүрегі тарсылдап, тынысы тарылды, маңдайынан тер шүмектеді. Оңды-солды сермелген шапалақ бір тынбады, Қаһарман көздерін тарс жұмған. Аяусыз соққыдан қашқақтағанымен, жұмыр балтырлар, дөп-дөңгелек жайылған мықын, талшыбықтай әрлі-берлі бұратылған бел, үлбіреген ақтамақ әбден мас қылды. Құштарлығын сәт сайын арттырып, өршелене лаққан тұрпайы күш бойын билеген. Қайдан шығып, қалай, қашан толастары белгісіз. Уһ?! Қаһарманның бойы жеңілдене масаттанған. Көзінің алды жарқ етіп, қарауытты. Басы қабырғаға соғылып, өз екпінімен бүктетіле құлады еденге. Есін жиғанда, жартылай жалаңаш қыздың тұра беріп қайтадан сылқ түскенін аңғарды. Шәші қобыраған, көйлегі түрілген, омырауы алқам-салқам Аяны әрең танығандай. Кешірім сұрауға, емеурін білдіріп, ентелей бергенде, анау бүрісе бұрышқа тығылды. Былдырлаған даусы да шығып кетті. Тізерлей
еңбектеген жігіт Аяға қолдарын созды. – Кешірші, аппақ лақ, сұлулығыңның, пәктігіңнің алдында қарыздармын, бірақ сен де маған борыштысың, аппақ лақ. Қоршаған ортаңнан аз-маз хабарың болуы керек, шыңғыру керек бұл үшін, шыңғыру... Бетін алақандарымен басқан Ая әлі де үрке қарап, айтқандарын ұқпағанымен, құлақ тоса тыңдағандай. Қаһарман оның ернінен сүюге талпынған. Шарт-шұрт шапалақтан жүзі дуылдап сасып қалды. – Әй, аппақ лақ, аппағым, бұл арыныңнан да басыларсың, мойныңа құрық ілінгесін, өмірбақи иіліп, бүгіліп күн кешерсің. Ұр, соқ, хақылысың, айғайлап жар салуға хақылысың бүгін. Менімен бе, басқамен бе, әйтеуір бір өткерер ұлы сәтің ғой, соны пайдалан, аппақ лақ. Бұдан кейінгің жасқанып-жаутаңдау, бүгежектеу. Сөйте-сөйте қылмыңдауға, қылымсуға бойың үйренер, әзірге ұр, соқ, хақың бар... Бұрыштағы орнынан Ая тапжылмады, қозғалуға жігіттің де құлқы соқпады. Және қыбыр еткенінен қыз үрейленіп, жалт-жалт бұрылады, өңі қуқылданып, тізесін құшақтай бір уыс боп бүріскен. – Әй, аппақ лақ, – деді күбірлеп, мына түрің жаман, бағың ашылмас сірә де, күйреуге, быт-шыт күйреуге жаратылған жансың сен, күйреуге... Бағанадан жым-жылас жатқан ханнес ішкі ойларының қарақшысындай тағы да еңсесін көтеріп, сыбырға басты. «Ал, сен күйретуге жаратылғансың. Аяма, аяма ешкімді, қатігездігің-қазынаң, қапыда айрылып, қапаланып жүрме артынан. Мейірім төксең, мерейіңнен үстемдік таяды, құрт-құмырсқа, бақа-шаян басынып, төбеңе секіреді. Қалай-қалай жылжып барасың, тайғанақтама, тайсақтама, сабазым, қаныңа сінген қаталдықтан бәрібір құтылмайсың, ешқандай аппақ лақ көмектеспейді саған, ақтың пешенесіне күйреу, қараның пешенесіне күйрету жазылған атамзаманнан...» Қаһарманды кенеттен қызықты да күлкілі сурет қысты, дәл қазір айнадан бет әлпетін көрсе. Баяғыдай, қанын ішіне тартқан, қара торы жүзі одан әрмен күреңіткен, апандай үңірейген көздері, өзге түгілі, айнадан қараған өзін жұтып қоятындай. Езуіне мысқыл үйірілді. Кекесінмен жымиған өзі емес, қолтығынан демей сыпсыңдаған әлгі атышулы ханнес сықылды. Айнадан да тесілген сол. Өзі қайда, сайтан қайда, айырмады. Басы айналғасын домбыраға жармасқан, Аяның әдеттегідей табына тыңдайтынына титтей шүбә келтірмеді. Қадалар көздердің нысанасы болуға асыққан бұрынғыдай. Бәрі-бәрі сонда өз орнына түспек, маңғаздана шалқайған. Қыздың қалай ұшып жеткенін байқамады, домбыра қара құсынан сарт еткенде, қақ бөлінді. Өшпенділікпен төбесінен асқақтай қарады Ая, ұяңдықтың сызаты да жоқ.
IX – Ауылдың ақсақалдарын жинап, батасын аламыз ең әуелі, жастарыңды содан кейін көрерсіңдер. Анау семірткен қойды қарттарға жұмсаймыз, бала-шағаға совхоздан ет сұраңдар. – Қалай сұраймыз? – Айдос қабағын түйді.
– Кәдімгідей, директорға барасың да сұрайсың, міне, өз пайдасына келгенде, бет моншақтары үзіледі де түрады. – Шешесінің үнінде зіл бар. – Бастық болғаны құрсын, ағаңның, қара басының қамын ойлаудың орнына кім көрінгеннің алдында жүгіреді де жүреді. Жұрттан естідім, неше сиырды сойыпты, қалса керек еті, содан сендерге де тиесілі емес ме? – Әй, апа-ай, қызықсың, орталықта қанша маман, жұмысшылар, асхана... солардан да артылмайды ғой, мал жетпей ме үйдегі. – Өзім-ақ апарып берейінші, тек қағазға жазшы, отыз жыл сауыншы болдым, еңбегім сіңген, балам әскерге аттанбақ, ет керек деп, менің атымнан қиыстырып. Айдос еріксіз жымиды. Анасы да мәз бола күлді. – Қайдан білейін, – деді көзінен аққан жасын сүртіп, – сендерді сүйтіп ұялтпасам, пәленшенің шешесі совхоз директорын торуылдап, алдынан шықпай жүр десін. Шешесінің кеңсеге кіріп, директордан әлдене сұраған келбетін елестеткенде, шек сілесі қатты Айдостың. Үйреншікті ғадетімен, бастапқы бастапқы арынынан бірте-бірте басылды. – Бүгінгі қыз-жігіт ас талғамайды, жамбас, жілікке таласпайды, ел-жұртты жинағасын, асып-төгіліп жатсын дегенім-дағы әйтпесе, сенен аяп, не қара басты мені, қоңыр қозым-ау, сарқытым, сөлтігім. – Сөзінің соңы айналып-толғануға ұласты. Оңаша болған соң қипақтап қысылған жоқ, әйтпесе дардай түрін елеместен, басқалар мысқылдайды-ау деген қаперіне кірмейді, оңды-солды небір тәтті тіркестерді төккенде, бұл ұялғаннан қайда тығыларға білмейді. Әсіресе, қызкеліншектердің көзінше ыңғайсыз-ақ. Жалпы , апасының мінезі қызық. Кез-келген жағдайда төңірегіндегілерді ықтыра, бұйрықты райда, немесе ашу шақыра ызбарланып сөйлегенімен, ақыр-аяғында түрі де тілі де жұмсарып, бетегеден биік, жусаннан аласа. Ренжуі қандай шапшаң болса, қайтуы да сондай. Тым аңғарымпаз, үй мен қораның шаруасын қайсысының қалай тындырғанын қалт жібермейді назарынан. Сиыр қора күрелмеді ме, сақталған отынның қатары қисайды ма, сенектің есігі ашық қалды ма, бөлмесінен аттап баспаса да, соның бәрін сезіп отырады. Суы қотарылмаған темір бакты да ұмытпайды ең аяғы. – Әй, апасы-ай, екі жылда мені сарғая тосар өзің, ағам және Ая, – іштей күбірлеп, «Аяны» дүркін-дүркін қайталады, – әлде сағынбай ма ол, жо-жоқ, сағынады, әрине, сағынады. Оған қалай жеткізсем екен, екі жыл күт, міндетті түрде күт деп қалай түсіндіремін? Қоштасу кеші Ая келу үшін, Аямен қоштасу қажет, және балалардың қай-қайсы да әскерге аттанарда құрбы-құрдастарының басын қосып, думандатуы міндет саналатын тәрізді. Ағасы өтінген, әйтпесе өзінің құлқы соқпаған той өткізуге. Енді шешесі елдің кәрі құртаңының батасын аламын дегенді шығарды, қарсыласуға болмайды, мейлі, еркі білсін, не істесе де, «көптің тілегін құдай қабыл қылады, аман-сау оралып, отбасына қосыласың» деп отыр ғой. Бұның келешегі бейнебір сол шақыратын кісілердің қолында тұрғандай, апасы бірақ не нәрсенің де жөнін біледі, сірә, ниеті дұрыс. Күнделікті тірлігінде көлденең жатқан жаңқаға дейін көтеріп, дүниеге қылау жұқтырмайды, ұсақтүйекті есептеуден жалықпайды, ал жиған-тергенін бір сәтте шаша салуға дайын.
Түсініп болмайсың іс әрекетін. Былтырғы жоғалған ақ қозыны, қайбір жылғы шарбақтың ішінен ұрланған екі қойды, атамзаманғы шығындарды ұмытпайды, өкінішін жаңғыртып, күні кешегідей «әттегенайлайды». Сөйте тұра біреудің сүйіншісі, көрімдігі, немесе біреудің жетісі, қырқы, жылына дұға қылу, соның бәріне қой апарудан айныған емес. Алда-жалда келіні тарындық танытса, « ертең мен өлген күні осының бәрі тізіліп қайтады қораңа, апшың қуырылмасын, қарызға беріп жатырсың, жарық дүние адам баласына борыш емес нәрсе жоқ, қазақ малдәулетті жолынан жығылмау үшін пайдаланады» деп дереу бетін қайтарып тастайтын. Бір жағынан тышқақ лағынан айрылса, мазасызданып іздейтін сараң, екінші жағынан не болса, соны ырымдап, малын шетінен құрбандыққа шалар, жомарт апасын шын мәнінде ұғуы қиын. Аттаған әр қадамын, құлағының беймезгіл шулағанын, оң жақ, сол жақ қабағының тартқанын, таңдайының жыбырлап, иегінің қышығанынан да себеп-сылтау іздеп, пәлсәпа тарататынын қайтерсің?! Тал бойындағы титтей қылт еткен өзгерістен алыстың, жақынның бағыт-бағдарын айқындап, пештің ішіндегі өлеусіреген шаладан да ереже шығарып үйренгелі қашан. Леген төгілген кір-қоқысты баспа, үйге жүгіріп кірме, беліңді таянба, есікті керме, құлақшыныңды жерге лақтырма деуден шаршамайды. Кішкентай кезінде сүріншек еді, құлап, тырбың-тырбың көтерілгенде, апасы көрсе, «түкір-түкір», дейтін, сонысы дағды боп кетті бертінде. Апасының зілденіп бастаған әңгімесі, үздіге еміренуге жалғасып, жуырмаңда қояр емес әлдилеуін. Айдос сыртқа асықты. Кесілген ағаштар томар-томар үйіліп жатыр, шетінен ұсақтай бастады. Аспан ашық, жер құрғақ. Соңғы айда үдеткен жауын бір жұмадан бері толастап, күннің шырайы ашылған. Батпақ пен лайсаңнан жалығып, күздің құбылмалы қылығына көндіккендерімен, аз уақыт ашық-жарықты тәңірінің жіберген сиындай қабылдайды ауылдастары. Қай үйге бұрылса да, тіпті терезелері, шатырларына шейін күлім қаққандай. Әлде алысқа аттануға дайындалғасын ба, бұрын көз қиығын салмайтын нәрселер алабөтен мазмұн иемденіп шыға келіпті. Әлде-қайдан назарына шалынған, көшенің арғы бетінде іргес-тіркес жылжыған қызыл комбайындар да көкейіне жылылық ұялатып, біркелкі ызыңдары құлағына жайлы тиді. Кей үйлердің сыртында су өтіп, ұйпатұйпа шашылған сабан екеш, сабан да бұнымен қоштасқандай. Қит етсе, «әскерге кетсем» дейтіні оралды ойына. Мынау туған ауылынан алыстауға ынтасыздығын қазір сезгендей. Әр-әр тұстағы мұржалардан биікке ирелеңдей шаншылған түтін будақтары, көрші үйдің бұрышында дөңгелектері қиралаңдай қисайған арба, төңкерілген шана, одан әріректе іргесі қаланған үйдің аяқталмаған құрылысы, ұзынынан сұлаған бөренелер, жаңадан кестіріліп әкелінсе керек, тәптіштей тізілген тақтайлар, әлдеқайдан шаңқ-шаңқ иттің үргені – бәрі де соншалықты ыстық, соншалықты жақын. Бағана сымдарына қонақтаған қарғалар, бүрсең қаққан торғайлар да бейне бір қымбаттысындай. Он сегіз жасында қиялымен сапар шекпеген жері, мұхиты кемде-кем шығар. Аядай ауылынан қанатын қомдап бір самғаса, армансыз саяхат шексе, діттегені орындалатындай көрінетін. Қызық атаулы анау көкжиектің сағымын қол-аяғымен
сезінуде деп білетін. Оны сезіну үшін кеңістіктің ұланғайыр шетін ұстап, шегіне жетем дегенде, іштей нық, іштей сенімді болатын. Неге екені белгісіз, алыс мекендерден, қиыр шеттен іздеген құпиясы ауылында топтасқандай елестеді. Жан дүниесіндегі аумалы-төкпелі өзгерістерді ешкімге түсіндіре алмас еді дәл қазір. Ұққаны – ешқашан да кіндік қаны тамған топырақтан ұзамайтыны, жерді, күнді, айды он айналса да ауылынан құдіретті ештеңе таппайтыны. Әрине, осынау сағым, балаң ойларының тектен-тек тұншығуы мүмкін емес, алып корабльдермен теңіздерді тергеп, ұшқыр самолеттермен көкті тіліп, мақсат-мүддесі тояттар, ерлікті аңсаған, өрлікке талпынған көңілінің мауқын басар, бірақ үйлері қиқышойқы орналасқан ауылынсыз сірә де өмір сүрмес. Бұрын-соңды ескермейтін мұндайды, алғаш рет шалғайға шыққалы отырғасын ба, әлем атаулы Айдосқа ауыл және басқасы боп екіге бөлінді. Айналасына шуағын төккен күннің көзі де жымыңдап, ішкі пиғылын қоштағандай, жап-жарық. Ұсақтаған отыны біршама үйілгеніне мән бермеді, қолдарын құлаштап, жұмысқа бар ынтасын салған. Балтаның жарқ-жұрқ жүзі мен кепкен қу қайыңның бытырлаған үнінің екі ортасында қилы-қилы суреттер жанарын көлегейлеп, ой дариясына әлсін-әлсін сүңгітеді. Шыңылтыр ауаны алқын-жұлқын қимылымен жарыстырып, сіміре жұтады. Маңдайы жіпсіп, арқасы терледі. Көкірегі тазарғандай ма, денесі жеңілдегендей ме, әйтеуір тұлабойын сергектік пен құлшыныс кернеген. Жарыққа өмір сүруге деген құлшыныс, ақпа-төкпе тіршіліктің тасқынына төтеп берерліктей құлшыныс, бейқұт заманның кең тынысынан емін-еркін жұтуға асықтырған құлшыныс. – Әскерден қайтқанша апаңа жетерліктей отын дайындапсың ғой, ә... мықтысың, мықтысың, жарайсың, ұлым, жұрттың баласына ұқсамайсың, көріп жұрміз, әне, қолдарын қусырып, қашан кетеміз деп, босқа сандалған, құдай саған құйған екен санасын. – Бегім сері ту сыртынан айналып кеп тоқтады. Айдос балтасын тастай салып, қол берді. – Ассалаумағалейкүм, аға! – Әликсәләм, бар бол, ұлым! Сапарың сәтті болсын. Жеңешем үйде ме? – Үйдемін, үйдемін, – апасы бері таман жақындап, - неғып көрінбей кеттің? Қол ұшыңды тигізсеңші – деп жатыр. – Қыс түссін, жеңеше, сиырды кім бағады әйтпесе. Саспа, мына ағашыңның бәрін өзім жарып беремін, әлгі «дружба» дегендері қайда? – Құрысыншы әрі, содан төбе шәшім тік тұрады, орманның ішінде отын дайындағандардың біреуі соған түсіп, мүгедектікке ұшыраған жоқ па? Жанның рахатын көздеген кіл өңкей жолтапқыштар, әдісқойлар, терлеп-тепшіп еңбектенгенге не жетсін, тек денің сау болсын. Баяғыда деймін-ау, марқұм ағаң, шаруаға екеуміз де епсізбіз, жаспыз, ала жаздай қамсыз, қаперсізбіз, қыс түскенде ғана қыбырлаймыз, сонда деймін-ау, не сор екен, күнделікті жағатын ағашты күн сайын дайындаймыз, қолымыз үсіп кете жаздайды. Атты шанаға жегіп, тоғай аралаймыз үскірікте, беу, заман-ай, сөйтіп те күнелттік-ау ағаңмен. Айдос таңырқай қарады анасына. Ешқашан естімеген әңгімесі. Шешесінің бір кезде қырсыз болғанына, тіпті жас болғанына нанбайтын сияқты. Қазір ғой, қораның, сарайдың қуыс-қуысы толмаса, ішкені бойына сіңбейді.
– Қайбір жылы, қора жоқ, есікті ашсаң, шап-шағын бөлмемізді ызғар жайлап жөнеледі, ағаңды айтамын-ау, мұздан ойып сенек жасаған, әлі есімде, әп-әдемі, оймақтай, аппақ. Беу, заман, о-дағы қайталанбайтын дәурен! – Мал да ұстамадыңдар ма? – Айдос апасының әңгімесін таңырқай жалғастырды. – Қайдағы мал, тым жастай қосылдық, екеуміз де жетім өстік, кейіннен ғой, малдың қадіріне жеткеніміз, балалар туған соң есімізді жидық. Мына Бегім сері біледі шет жағасын, талай-талай көмектескен жас кезінде, әскерге кеткенше біздің үйден қуып шығара алмайтынбыз. – Сіз де әскерге бардыңыз ба? – Е, бармағанда ше, анау-мынау емес, теңізші болдым, бақандай төрт жыл. Мұзды мұхитыңды армансыз аралағанбыз. – Соны неге баяғыдан айтпадыңыз! – Айдос таңдайын тақылдатты. – Мұхитта жүзгенсіз, ә, қандай керемет, ә! Мені де жіберсе сонда?! Өзіңіз сұрандыңыз ба, аға? – Жоқ, реті солай келді, сірә бой-сойымды бағаласа керек, жауырыным қақпақтай, о кезде еңгезердеймін... Жеңеше, сондай едім, иә. – Ендеше мені теңізге таңдамайтын шығар, әттеген-ай, - іштей ойға батты. «Аяқтарым сыйдиған, ап-арықпын, шіркін-ай, ағама тартпаппын, бұлшық етері қандай! Менікіндей бос емес, темірдей саусақ батырғызбайды ұстағанда, бірақ теңізші емес қой, шофер болдым деген, оның несі таңсық, осында да боласың қаласаң, ал әскерге барғасын, ешкімнің қолы жетпейтін, ерекше бір нәрсе тындырғаны жөн емес пе. Қарай гөр, мына Бегім серіні, төрт жыл мұхиттарды аралаған, жиі кездестіргенімен, бұрын қалайша білмеген-ә? Кешегі теңізшінің бүгін жекеменшік мал бағатыны қалай сонда? Тіпті қисынсыз екен, ә? Моряктың сиыршы болғаны-ау... Қалың ойға шомған Айдос оқыс дауыстан селк етті. – Екі балтаны қатар қойғаның не, әй, қайдағы пәлені қайдан шығарасың, ешқашан қатарлама балталарды, малды қос кіндікті туғызып, құртайын демесең. Апасы балтаның бірін көтеріп, үйге бұрылды. – Сиыр ешқайда кетпес, әй, Серіжан, қойды сойып бер. Ал, сен, Айдос мына ағаңның үйіне соғып, әлгі жамандарына тапсыр, ертең түске барлық үлкендерді шақырсын, шешелері кеп, ішек-қарын тазаласып, қуырдақ жесін де бүгін, бұлар әбден жаман үйренген, шақыруды, жалынуды тілейді, естіп жатыр, өз беттерімен неге келмейді, неге көмектеспейді? Әлгі жеңгең де пысықсынып, сол болмаса совхоз қирап қалатындай, үйге қарауды доғарды мүлдем... Мұнысы енді артықтау, – деген ойға қалды ұлы, – жұмыс уақытында қалай келмек, бухгалтер емес пе, әй, апам, кейде бағдарламайды алды-артын. Мен әскерге кетеді деп, жұрттың бәрі аяғынан тік тұруға тиіс пе? Өзіндей көреді маңайындағыларды. Мосқал тартқан, елу мен сексеннің арасындағы кісілердің күтімі қиынға соқпады. Тек қана ағаш жиһаздарды шығартқаны көп уақыт алды. Апасы дегенін істетті, есіктен төрге дейін киіз, алаша, сырмақтарды, бірсаларларды жайғызып тастады. Тап-тар көрінген бөлмелер дереу кеңіп сала берді. Қабырғадағы ою мүйізді түскиіздер, едендегі қызылды-жасылды төсеніштер Айдосқа кәдімгідей ұнады. Тіпті ылғи осылай болса ғой деп тілеген. Былайғы кезде қат-қабат
бүктетіліп, кереуетке жиылар текемет, алашалардың осыншалық сәнді екеніне енді назар тоқтатқандай. Не керек, шал-кемпірлерді қуантты апасы. Үш сағаттың арасында сан-алуан шежіре ақтарысқан шалдар жағы қаужаңдасып, бір жасап қалғандай. – Байжан атамыздың жыртысы ғой мынау, – Аяғының астындағы құрақ көрпенің шетін саусақтарымен аялай сыйпаған Тотия әженің әжім кестелеген жүзі жадырап, қоя берді. – Ал, орта тұсындағы Қапардың жыртысы, – деді екінші кемпір, – өмірбақи олар қатар жүріп, қатар қаусаған, қараңдаршы, жыртыстарының да қиюласып жатқанын. – Беу, заман, – Бұл енді анасының даусы, - өтті ғой талай асыл, сүйектерінде дән бар еді ғой олардың. Қапармен тең кұрбыдай әзілдесетінбіз, жарыктык, діні жұмсақ, қалжыңды көтеретін. Үйімізге қонақ келсе, төріміздің сәні, айыбы – қарт ойнауға құмар. Бірде төркінімнен ағайындарым келсін, дәл аттанарда он теңгелік қызыл қағазын жылтылдатып, ініме жабысып жібермейді «қарт ойнайық» деп. Көз байланып, іңір караңғылығы қоюланып барады, інім де қипақтап, мотоцикліне бір түсіп, бір мінеді, лөлкеде жас баласы, келіншегі отыр. – Әй, – дедім Қапарға, – он теңгеңді кылтитқанша, неге шапан алып кимейсің? Үстіңдегі көрші ауылдағы Көкен шалдың шапаны, Көкен өлмесе, сүйегіне түспесең, не киер едің? Сілейіп қатты да калды. Қонақтар аттанғасын қасыма жақындап, «өй, дұшман сол, – деді, – туыстарыңның көзінше үстімдегі Көкеннің шапаны екенін айтпасаң қайтетін еді, дұшман сол». Менікі де дұрыс емес сонда, балағаттап кетсе, айыбы жоқ. Жарықтықтың төзімі қандай еді шіркін! – Халі нашарлаған Байжанның төсегін қағып, жуындыру үшін шалдар бірігіп барғанда, ішінде Қапар да бар екен, – Тотия әже апасының сөзін жаңғыртты. — Кемпір жоқ, кай оңып жатса керек, ас тоқтамайды ішіне, қорлықтың көкесін көрсе керек, байғұс. Акыл-есі орнында, тілі сайрайды, тек қуатсыз, дәрменсіз. Замандастары әрі аударып, бері төңкеріп, құстөсек, жастығын жөндеп, өзін әбден жуындырады. Қапар анадайдан бәрін бақылап жәй тұрыпты. «Өй, кәззәп, — дейді Байжан,— қаққан қазықтай қақшиюын қарашы», — демін әрең алып, бүгін бе, ертен бе деп жатқан көрінеді сонда. - Е, маған не қыл дейсің, сенің боқ-сідігіңді жууға келген жоқпын, былықтырмай, тыныш жат, тоқсаннан асқанша, аузын тыймағаны несі-әй, дейді – Қапар. Көз жұмар шақтарында сөз жарыстырып, ат жалын тартып мінгендей сыңай танытқандарын айтамын екеуінің. Қапар шынында тіп-тік, бүкіреймей өтті ғой, бағы бар, таза қалпында өтті, ешкімге көзі жәудіреген жоқ құдай бір күндігін берді. – Мына біреуі Сақып әжеміздікі, өңі таймапты, көрдіңдер ме? – Рас, өңі су жаңа, күні кешегідей, шүберек екеш шүберектің ғұмыры да ұзақ, ә. Сақып апамыз қайтқалы жиырма жылға жуық, бұл қу дүниені айтпаңдаршы. Шіркін, әйел затынан ондай кайратты, ондай көнтерлі жанды кездестірмедім, бала десе, өліп кете жаздайтын, осы Бегім серіні тумаса да қандай көрді, білесіңдер. – Е, несін айтасыңдар, затты еді ғой. «Тоғыз балам, күйеуім өліп, аңырап қалғанда, аталарыңнын етегінен ұстағанмын, оның әйелі өлген, сонда үйелмелі-
сүйелмелі ұлдары бар, іштегі қайғыны жасырып, запыран жұтамын, балалардың көңіліне қаяу түспесін деп, оңашада жылаймын, күрсініп-күңіренуден сақтанатынмын» дейтін қартайған шағында, - Тотия әже тамсана сөйледі. — Ойпырмай, тағдырдың теперішіне шыдаған төзімділігі кімге де үлгі-ау, жауыңа да бермесін ондайды, топырағы торқа болғыр, әпекем, жүзінен иманы төгіліп тұратын, шәй деспедік ешқашан, алдынан өтпей тосып тұратынбыз анадай жерден, үлкенді-кішілі сөйтетін. – Апамның қызық-қызық қылықтары болатын. - Айдосқа шешесінің әлдекімді «апалағаны» таңсық естілді, — шәйді бабымен демдейтін, асы қандай, оң қолынан дәм, сол қолынан бал тамды ғой! Жағалап жиі мазалаймыз. Барған сайын абдырасын ақтарып, көйлек-көншегін, түк-түк маталарды, ақіретіне шейін алдымызға жайып салады, «пәленшеден-түгеншеден кигенім ертең ұмытпаңдар, мынаны анаған, әнеубірді соған бересіңдер, пүлішті аямай жыртыңдар» дейтін. Екінші, үшінші, оныншы рет пе, әйтеуір есімізге салудан шаршамайтын. – Сол кепті енді өзіміз киіп отырған жоқпыз ба? – Сөзге Аққатын араласты. – Баяғыда таңғалып, несіне үйіп-төгіп жинайды деп жаратпайтынбыз әжелерімізді, тігісін жатқызып, иықтарына ілместен сақтайтын кейбір көйлек, қамзолдарын. Кәдімгі тойға дайындалғандай тосатын ажалды, әсіресе алпыстан асқасын, әжелеріміз үстеріне қыл жуытпайтын, ауыздарында иманы, қолдарында шәйнегі. Осындайда түседі еске, жаспыз, біздің ауылда шайпау тілді бір әйел болды, тіпті шайпау да емес, бет-жүзіне қарамастан тіке айтатын көкейіндегісін, былайғылар сонысынан ығатын. ІІІал-кемпір топтасып, үйімізде тарауық оқиды. Намазға жығылған кимешекті бәйбішелерді бағдарлай қарап тұрған әлгі әйелдің сақылдап күлгені әлі есімде, төбеден жәй отын түсіргендей, жұртты шошытқан. Әй, мыналардікі не жосық, не, бізді соқыр, керең көре ме? Тындыратындарын тындырып, жасайтындарын жасап, қараңдаршы енді, жайнамазға иіліпбүгілулерін, қайбір алланы дәріптеп дейсің? Қайсының не бүлдіріп, не қойғаны менің алақанымда емес пе, енді қараңдаршы, қалай-қалай періштесінеді? Қой әрі, мазақтамаңдар өйтіп құдайды. – Айғай салғанда, төргі бөлмедегі еркектер де жауап қатпаған, бүгежектеген әйелдер жағы «намазды бұзғаны несі» дегендей, бастарын шайқасып, қайтадан төменге тізерлеген. – Апаларымыз күшті болған-ау, қалауын таппаса, құдайын қарғап-сілеп, қалауын тапса, құдайынан айналып, тіпті құрдасындай сырласқан, қалжыңдасқан құдекеңнің өзімен. Құрақ көрпеден өрбіген тәтті әңгіме ұзаққа созылды. Аталарына, әжелеріне қызмет етіп, жез леген мен шәйнекті алқақотан топты жағалатып, қолдарына су құйған Айдос бұрындары зер тоқтатпаған көптеген жәйттің сырын ашқандай. Ең алдымен, қарттардың арасында отырудың қызықтығын мойындаған. Туған ауылының төңірегінде өткен-кеткеннің бәрі ұзақсонар хиссаға жалғасқандай. Және бір қайран қалғаны түрлі-түсті мақпал, пүліштің қиқымынан құралып, тігілген шағын төсеніштердің, жансыз заттардың соншалық көп тағдырға қатысы. Кімнің қазасында қандай жыртыс таратылғанын қалай естерінде тұтқан? Енді ғой, әнеубір жасыл құраққа көзі түссе, сөз жоқ. Қапар деген шалдың болғанын, әнеубір көк қиықтан Бегім серіні Сақып атты әжесі арқалап өсіргенін ойлайды, тоғыз
баласынан айырылғаны неткен сұмдық? Ту-у, осы уақытқа дейін түкке ден қоймапты, тіпті Бегім серінің төрт жыл бойы теңізде жүзгенін де білмепті, маңында қанша оқиға, қанша тарих, бір де біріне үңілмепті. Әскерге аттануымды күткендей, көп жаңалықтың бірден нөсердей жауғаны-ай. Аяның әжесі неткен кербез, қамзолының өңірлері көне күміске толы, қызыл кәріс орамалы анадайдан жалтырайды, ұзын етекті көйлегі де ешкімдікіне ұқсамайды, алтынмен зерленгендей, қозғалған сайын ұшқын шашады маңына. Аз сөйлейді екен топтың ортасында. Етті қалай әспеттеп турайды, қалтасынан бәкісін алып, асықпай сүлгімен тазалады, дастархандағыларға рет-ретімен сүйек таратып, мағынасын кысқа қайырады. Әдеттегідей шуласпады әйелдер, ырың-жырыңнан, толып жатқан ырымнан өкпе туындатып, астың берекесін кетірген жоқ. Дар-дар айырылып, алдын ала тиын салынып түйілген жібек шәйіні қалталарына салып, ақ тілектерін төкті үйден шығарда. Төргі табақтан Аяның әжесіне жамбас тартылды, «Қалқаманның сыбағасы» десті шалдар. «Анау жаққа апарып қойшы» деп Айдосқа ұстатқан, жұрттың үйді-үйіне тарасқан абыр-сабырында ұмытып кетті, шалының сыбағасын». Кемпірлер кезек-кезек бұның маңдайынан, қолынан иіскеп, жол амандығын тілеп қоштасты. Шалдар өсиет сөздерін тақпақтап қояды аракідік. – Әлгі Аққатынның жүрген жері осы, ұмытқан жоқ, әдейі өздері әкеп берсін дегені ғой, қартайса да паңдығы қалмайды. Әй, Айдос, әй, – апасы бұның қолына оралған етті ұстатты, мә, тез апарып бер, қай оңып отыр пұшайман, тірінің санатында әншейін, сорлы Қалқаман, тірінің қорынан сақтасын құдайым, тірінің қорынан. – Қуанышы қойнына сыймаған Айдос Аямен жүздесуге құрақ ұшқан. Бөлімше кеңсесіне жақындағанда, облыс орталығынан қатынайтын кешкі автобус соңынан қуып жетті. Кімдердің түскеніне мән бермей, алға озған. – Асығыссың ғой, жігітім. – Ә, сіз бе? Сәлеметсіз бе, аға. – Мені танисың ба? – Әрине. – Бас-аяғын жіті барлап, терлеп-текшей қараған Қаһарманға Айдос әнтек бұрылған. — Аялардың туысысыз. – Қаһарман мырс етті. — Иә, туысымыз. – Мен де сол үйге барамын. Атамның сыбағасын беріп жіберді апам. – Біз де ортақтасамыз ғой оған. Сені әскерге алайын деп жатыр ма? – Ия, - деді Айдос мақтанышпен, — сіз болдыңыз ба армияда? – Жоқ, мен үшін әкем болған, әлі күнге әскерде жүрсе керек. – Сонда қалай? – Солай балақай, жо-жоқ, солай, жігітім. Қаһарманның түйіңкі қабағы жадырай жымиды, – сен, жігіт, маған ұнаңқырайын дедің. – Аға, сонда еркектердің армияға бармайтыны да болады, ә? – Арасында кездеседі мен сияқты жарамсыздары, қажетсіздері. – Біздің ауылда әскерге барып-қайтпаған еркек жоқ, Бегім сері моряк болған.... – О – о, бәлки ұшқыштарың да бар шығар. – Кім білсін, расында болуы, сұрастырсақ табылуы мүмкін ұшқыштың да. -
– Егер табылмаса, өзің-ақ ұшқыш бола салмайсың ба? Міне, келіп қалдық, тым-тырыс, көрінбейді ғой ешкім... жүр, ішке кір... Жан-жағын тіміскілеп, қанша алаңдағанымен Аяны көре алмады. Төргі бөлмеден атасының булыға жөтелгені естілді. Әжесі демалуға қисайса керек, ырғалып әрең шықты ауыз үйге. – Ә, Қаһармансың ба, аткөлігің аман келдің бе? Жөн-жосықсыз тұра беруді ыңғайсыз санаған Айдос қолындағысын шкафқа қойып, сұраулы кейіппен Аяның әжесіне бұрылған, бірақ ол ештеңе түсінген жоқ. – Ә, әкелдің бе, – деді жайбарақат. «Ая қайда» деп сұрауға батылы жетпеді. Есіктің тұтқасынан ұстай артына қайырылған. Көкейін тескен – ертең Аяны жастардың бас қосуына шақыру да, соны қалай білдірудің амалын таппай қипақтады. – Аға, ертең сіз де болыңыз. – Даусы жарқын шықты, оқыс тапқан әдісіне риза, – ауылдың бүкіл қыз-жігіттері жиналады үйге. Аяны да ерте әкеліңіз. – Оны өзіне айт, ал мен барамын. – Өзі үйде жоқ қой деймін. – Айдос қобалжи тіл қатты. – Қазір білейік. Апа, Ая қайда? – Мен келсем, жоқ. Қайда болушы еді, орман жақта шығар, осы қара суықта дірдектеп, не іздейтіні белгісіз. Соңғы уақытта мүлдем өзгерді, адам танығысыз, не нәрсеге көрінерін?Тектен-тек өзгеріс емес әйтеуір. Ешкіммен шүйіркелеспейді, қатарына тартар біреуі... Аққатынның соңғы сөздерін тыңдамады, үйден шыққасын Түкті тауларын көмкерген жасыл қарағайлы қалың тоғайға тіке тартты. Жұқа көйлектің сыртынан іле салған қара күпәйкенің о жақ, бұ жағынан жел гулегесін, етек-жеңін қымқыра қымтанып жүре берді. Өзіне таныс жол, таныс қол, таныс орман. Қысы-жазы аралаған, титтей қылтанағы да көзіне ыстық. Ескі кардонның маңынан таппады. Аялардың үйі баяғыдай емес, еңкіш тартқан, қабырғалары қисайып, бөренелері шіри бастаған. Сырғауылдарын бұзып әкеткен қораларының орны алқам-салқам. Құдықтың шығырын тот басыпты, ернеуі мен тіреуіштері бір жағына опырыла құлаған. Ағаштың іші тыныш, жазықтағы желдің екпінін әзірге қойнына дарытпағандай. Аяқ-астында шөп-шалам некен-саяқ. Әлгінде ғана табанында жаншылып, балағына оратылған үйеме сары жапырақтардың судыры да сап тиылды. Енді орманның кәдімгідей тыныстағаны анық аңғарылады. Ойпаңның қыратқа ауысар қойнауы күздің сүйкімсіз ызғарын Айдосқа ұмыттырып жіберді. Бұл шоқылардың ұнайтыны кілт өрмелетіп, алқымын ісіртпейді, керісінше сарайын кеңітіп, кеудесіне шабыт ұялатады. Титтей салмақ артпайды бойына, сондықтан ба, осынша биіктікті еңсергеніне таңырқағандай, Айдос төңірегіне барлап, Аяны іздеді. Жаз болса, әрине, көлдің төңірегінен табар еді, мына салқында басқа қайда бармақ? Бірақ орманның о шеті мен бұ шеті ұланасыр, қай бұрышында жүргені өзіне мәлім. Оң жаққа, әлде солға бұрылсам ба деп біраз тұрды да тура жүруге ұйғарған. – Бұдан әрі шықпайды-ау, бекер әурелендім бе күн батуға таяу, мүмкін ол төте соқпақпен үйіне жетіп алған шығар? Мүмкін бұл жерге келмеген де шығар? – Ықылассыз адымын баяулатып, жасыл шыршалардың арасынан күннің әлсіз
сәулесіне назар тікті. Айнала қоюланып, орман ішін күңіреніс жайлағандай. Айдостың денесі тітіркеніп кетті. Ұясына батып-батпай қалқыған күнге біртүрлі зарыға қарап, әлі де семіп үлгермеген жарық сынықтар баяу қызарып, төңірекке үрей шашқандай. Күннің найза кірпіктері соңғы рет ышқына қимылдап, әрі қарай сұғынып үлгерместен сиқырлы көкжиектің тұңғиығына атылды. Неліктен селк еткенін Айдос қапелімде ұқпаған. Күн шуағының жантәсілім халіне куә болғысы келмегендей, теріс айналды. О, тоба, таудың басындағы жалғыз шынар орнынан қозғала шайқалып-шайқалып қалды. Бейнебір адамдай қолдарын батқан күнге созады. Шынар дегені Ая екен. Айдос қатты састы. Оған тырбанып шыққанша қай заман, бұл өзі таудың үстіндегі тау тәрізді кіл еңкей жықпыл тастан сатыланған, сүп-сүйір.Тегістеле, біркелкі созылған шоқылардың бүйірін тескендей оқшауланып тұрар кейпіне жеке басы бұрын-соңды ден қоймаған. Тегінде Айдос тоғай аралауға құмар емес, Аямен танысқалы осынау қалың жынысты еркінен тыс аралауға, кезуге, тіпті сырласуға, сөйлесуге мәжбүр. Мойындағаны жөн, бұнысы ұнайды да кейінгі уақытта. Орманның сыңсығаны, ауаның, желдің, күннің райына орай сан алуан әуезге басатыны Аяның мәңгілік үнсіздікке байланған тілінің міндетін атқаратындай. Аяның жүрек түкпірінде жасырынған сырын, мұңын, арманын тіпті өзін сүйетінін де осы ағаштардың, жапырақтардың, бұтақтардың сыбдырынан естіп білген. Демін ішіне бүккен орманмен түсініксіз тірлік кешкен Аяның арасындағы ұқсастықты ешкімге айтып жеткізе алмас еді. Ая бұны байқамады. Жалпақ жалғанның әміршісіндей төменге көз қиығын да салмады. Жоғарыдан әлденені, әлдекімді сарғая тосқандай, таудың етегінде қыбырлаған бұнымен титтей ісі жоқ. Арғы беткейге құлаған күн көзінің сорасы ағып айғыздала әлемтапырығы шығыпты батыс жақтың. Қарақошқылдана жолақтанып, қылыштың жарқылындай анда-санда жанарды арбаған сыңайына қарағанда, әлі де қарманар күші бар сияқты соңғы жалқынының. Сол өлімсіреген заттарды уыстауға дәмеленгендей Ая білектерін көтере алға-алысқа ентелейді, құпиялыққа көмілген күннің соңынан ұша жөнелетіндей. Найзатастың іргесіне жақындағанда байқады, Ая шынарға маңдайын тіреп сұлық тұр. Айдосқа жылаған даусы шалынғандай. Табан тірер оңтайлы тұсын таппай, әрі-бері тыпырлағанымен, түкте маңдытпады, бәтеңкесі сырғып, тайғанақтай зырылдайды. Бір-екі рет үшкір тастар кеудесінен, бетінен түйіңкіреп ыңқ еткізе төменге зуылдатты. Қай жағынан анталай ұмтылса да дәрменсіз. Қолын сермеп қалғанда, тасқа соғылып, ыңыранған үні де шығып кетті. Бірақ Аяның ықыласы басқада, әлдебіреу жүр деген миына кірсе-ші, бұны тыраштанған түрін әзірге көрмеді, абырой қылғанда. Еш қайранын таппаған Айдос енді әріректеу барып, ыңғайлы-ау деген тасадан қыздың әр қимылын бақты. «Әйтеуір бір түсер, қалай түсер екен» деп ойлаған. Алайда Аяның асығар түрі аңғарылмады. Қос қолдап шынарды құшақтаған қалпынан жуықта ажырар емес. Сөйлей ме, айғайлай ма, сыбырлай ма, иықтары көтеріліп-басылып, шынарды одан әрмен қыса түскен. Аяулысымен, сүйіктісімен, оңаша қалып, іштегісін бүкпесіз ақтарып жатқандай.
Айдостың қимылсыз ұзақ тұрғанын өн бойын суық жайлап, қайтадан әлгі қырсықта құлама құзға жақындады. Төңіректі қараңғылык шалған, анадайдан, биіктен Аяның қалбаң-құлбаң бейнесі кәдімгі көп ағаштың көп жапырақтарының біріндей, орманның түнгі тірлігіне сіңіп барады. Жалғыз шынар қос шынарға айналғандай, көп шынарға айналғандай, Айдостың көз алды қарауытты аракідік. Шарасыз кейпіне ызаланғаны сонша, секіруге талпынып тағы да іштей түйіле әрекеттенді. Жүгіріп кеп, жүгіріп кеп, кейін шегінді. Жұдырығын түйіп алғанын, тұла бойын ала бөтен қасаңдық билеп, ашу қыспағанына ұшырағанын еміс-еміс сезінген. Аптыға дем алып, көзін жұмған бойда әлденеге басын сүйеп, күрсіне күйінді. Жоғарыға мойнын созбады, мұздай қатты тастарды сығымдай ұстап, Аяның әлгіндегі кейпін қайталамағанын байыптамады. Шыңнын басынан солқ-солқ еңірегені естілді қыздың. Егер оның Ая екенін көзімен көрмесе, әлденедей құс, аң, жануардың сұлбасымен шатастыруы сөзсіз еді. Орманды, тау, тас, үңгірлерді қара бояу еншілеп, түн күшіне енген сайын жеке дара жылаған үнде шырқырай асқақтады. Мелшиген тастардың суығы қолдарына қанжардай қадалды. Бебеулеген Аяның үні бәр-бәрін ұмыттыра, бұның еркін әлдеқайда ұрлап, аспанға ұшырғандай. Ешқашан оның көз жасын, дауыс қылғанын байқамапты. Бойлай алмайтын мұңы бар екенін де енді ескерді. Ая анау шынар мен мүлгіген орманға, күннің соңғы алтын сынығына не айтып, не қойып жалады екен?! Қасында әлдеқандай кекірейгенде, ағаштар құрлы қадірі болмағаны-ау, өйткені ол ешқашан бұның қасында дәл қазіргідей, жаратқан иесіне табынғандай, бүкпесіз ақтарылған емес, кішірейген емес. Мына қорлықты қара,ол биікте, бұл төменде. Қайратын аяусыз қамшылағанмен, күші қазандай қайнағанымен, бұрын-соңды мұншалық мазаққа ұшырамаған. Орманның ішін жел шайқап өтті. Сатыр-сұтыр сынған қу бұтақтар жер нұқып, ағаштар теңселіп-теңселіп қалды. Қоюланған қараңғылықтан маңайын үрей билегендей. Тек батыс алқапта ғана тіршіліктің нышаны бықсыған шалдай сөніп-жанып, жанып-сөніп, үміт отын қайтадан тұтатуға аласұрады. Ұзақты күнге атойлаған арайы оңайлықпен меңіреу түнге жеңдірер емес. Жекпе-жек айқасқан сыңайлары бар жарық пен қапастың. Аяның даусы да сол екеуінің қиналысынан, азабынан, бір-бірімен пәтуаласпас айбатынан хабар бергендей. Қас-қағым сәтке Ая пенде емес, мынау әрі түсініксіз, әрі түсінікті, әрі зарлы, әрі думанды табиғаттың бөлшегіндей ұзақ шайқасқан анау жарық пен қапастың арасында қысылған әлде құс, әлде көбелек, әлде марал, әлде киік пе, әйтеуір өзгеше әлемнің меншігіндей елестеп кетті. Өзінің даңғой, сөзуар тобырына аспанның жіберген құлақкесті құлындай, расында, адамдардың арасынан неге сүйеніш күтпейді, неліктен бұның мойнына асылып, ағыл-тегіл сезім селін тасқындатпайды? Енді ғана салыстырды, суық пен желдің өтінде қалтыраған шынар Аяға әлдеқайда қымбатты, әлдеқайда аяулы. Егер ол ағашты құшқанындай бұған да шынайылық танытып, қысып сүйсе, мейлі тіпті бүгінгідей жыласа ғой! Неше мәрте кездесіп, бетпе-бет қалғандарымен, ешқашан бұған еркелемепті, неткен қатігездік, неткен? Мынау мелшиген тас екеш тастың қадірі
өтімдірек пе, қалай? Жансыз затпен тіл табысып, тау мен тасты серігіне айналдырғанда, бұл қайда жүрген? Сүйеніш болуға жарамаған дардай түрімен. Төбе шашын тік тұрғызған сыңсу ма, жоқтау ма, бірте-бірте тыйылды. Бойын буған күдіктен құтылмайды. Өзінен басқаның бәрінен, тоғайдан, желдің гуілінен, айғай-әлемінен қорыған қыздың мүлдем бөтендігі, өгейлігі оқыстан жегі құрттай өзегіне түсті. Одан әрмен дір-дір қаққан шынарға, Аяға біртүрлі қамыға қараған. Қыздың мұншалық жалынышты түрін тіпті де елестетпепті. Өксігені басылған, иықтары еңкіш тартқан, қолдары былқ-сылқ, бүкірейе бүктетілген. Манадан бергісі түсі тәрізді, заңғар әуемен астасып, сыр шертіскен өр тұлға танымастай өзгеріп шыға келді. Қанатынан қайрылған қарлығаштай тепе-теңдігін сақтауға әлі жетпеді, үйреншікті ырғағынан адалана адасып, өзіне таман шүйліге төбесінен зулағандай. Тосын көріністен шошынып, Айдос кері шегіншектей жықпыл тастарды паналаған. Жанарын жұмып-ашқанша Аяның дәл қасына топ еткенін тәнімен түйсінді. Әлде секіргеніне, әлде құлағанына көзін ілестіре алмаған. Қыз бұған таң қалды ма, жоқ па, қараңғыда анықтап үлгермеді. Дегенмен оның қуанғаны сезіліп тұрды, жатырқағанына қарамастан иығына сүйеніп, өксіпөксіп қалды. Орнынан қозғалуға зауқы соқпады. Айдостың алқынған демі, тарсылдаған жүрегі ат тұяғының дүрсілін қайталағандай. Кенеттен қалың жылқы қаптап, мыңдаған тұяқ бңны таптап өтетін сияқты, құлағы шыңылдады, атырапты сойқан дүбір басып –жаншыды. Сөйтсе Ая егіле жылап, еңкейе тізерлеген екен. –Саған не болды, жыламашы... мұның не, жарқыным-ау, өзіңе ұқсамайсың ғой. – Қыздың шәшінен ұстап қолдарынан демей тұрғызды, – жалаң бас шығыпсың, мұздайсың, тез, тезірек жетейік үйге. Ая жалындырмады, пальтосының жеңімен көзінің жасын сырып тастады да бойын тіктеп, қолтығынан ұстады. – Айтшы, ақтаршы ішіңдегіні, қорқытпашы мені, сейілтші күдігімді. Жауап орнына қыз қайта-қайта күрсінді. – Екі кештің арасында неғып жападан-жалғыз... сен осы өлім іздегеннен саумысың? Басын изеді Ая, жас тұнған жанары жалт-жұлт, қараңғылықты осып өтті. – Не дейсің... не дедің ... Сонда сен қия жардан құлағың келді, ә...
Ая басын шайқады, иегімен аспанды мегзеді. Білектерін қалықтата сермеп, көкке құлаштай созды. Амалсыздан Айдос со жақтан жақтан күтті жауапты, бірді-екілі жұлдыз әлсіз жылтырап, жөңкіле көшкен көгілдір бұлттардың арасынан аяншақтана сығалайды. –Ұшып кетемін дейсің бе, жұлдыздарға барып қосылмақсың ғой шамасы, сонда мен ше, мен не істеймін?! Иығынан тартқылаған қыз бұның қолдарын құс қанатындай серпіп-серпіп тастай салды. –Бірге ұшайық па? Кейін ұшармыз қосылып, ал сен әзірге күт мені, екі жыл күт, түсіндің бе? Ешқашан ренжітпеймін, ешқашан... Үйдегілер әлі ұйықтамапты, Айдосты үрейлене тосып отыр екен.
– Іздеуге шығатын едік енді кешіккенде... түсің неғып боп-боз? Тоңғансың-ау, ә... – Жеңгесі ыстық пештің үстінде сартылдап, буы бұрқыраған шәйнекті демдеп үлгерді. – Үлкендердің батиқасын алдық, шүкіршілік, аллатағала сәтін туғызып, жақсылықпен барып, жақсылықпен қайтсаң. Сен келгенше, тірі болам ба, жоқ па... – Даусы жарықшақтанып, жүзі бұзылыңқырап бара жатты апасының.
Ақырын есік ашылып, Ая кіріп келе жатты. Ырду-дырду топ ес жиып, жалт қарасқан. Манадан бері қаракөлеңкеленіп көмескіленген үйдің ішінде сәуле жүгіріп, жап-жарық боп жүре берді. Қою бұлттардың астында жасырынып, зарықтырып барып жарқ еткен күннің арайындай сурет шашырады жан-жаққа. Сол нұрдан жанарлары тайқақтап, тура қарауға мұршалары жетпеген жұрт орындарынан қозғалыңқырап қалысты. «Шаталардың осындай сұлу болатын әдеті-ау» деген ой әп-сәтте басынан жүгіріп өткен Бегім серінің әйелі бір сәтке ұйыған тыныштықты бұзды, – амансың ба, айналайын, келші бермен, сені көрмегелі қашан, қарай гөр, бойжетіпті, қартайғанымыздың белгісі, кеше ғана кіп-кішкентай балалар... Есік жақта отырған қатын-қалаштың ортасынан суырыла озды, Аяның бетінен сүйді. Әлдекімдердің бетін шымшылай жарқылдағаны, әлдекімдердің бастарын шайқай күрсінгендері қосақабат естіліп, шарап пен тамақтың буына масаңданған көпшілік қайтадан әлгіндегі гу-гуіне басты. Қонақтарға қызмет етіп зыр жүгірген Бегім сері қыздың шәшінен сипап, аялай көз тастады. Тұңғыш рет шығар назарын тіккені. Ешқашан түр-түсін бажайлап анықтаған емес. Сонау жылдары, кекілі жілбіреп, қарсы алдынан домбыраны ұсынатын, орман қойнауындағы үйлеріне соққанда. Кейіннен бірақ кілт тиылған ол әдетінен, сирек баратын болды Қалқаман үйіне, тіпті сүйріктей өскен екен. Аядан ұдайы қашқақтайтын, өйткені көрген сайын іштей тіксініп, марқұм анасын айнымай ұқсағанынан бірді-екілі кәдімгідей шошынғаны бар. Осы Аяның шешесіне ғашықтықтан жындана жаздаған баяғыда. Өмірден баз кешіп, жылы шырайының құрбандығына шалынған. Құсалықтан құтылса, беріде шығар, балалары туған соң. Келіншегі бәрін біледі, қызғана ма, қызғанбай ма, ішінде, бірақ өзінің күйректікке ұшырағаны рас. Шал, кемпірдің жалғыз қызы еді, артынан жанашыры жоқ бас көтерер, жабулы қазан жабулы күйінде қалған. Қаралы оқиғадан соң Тілекті орайын тауып, орманның ит тұмсығы өтпейтін, күн сәулесі түспейтін қалың нуына апарып, қол-аяқтарын ағашқа таңып тастаған. Екі тәуліктен кейін барса, құл сүлдері, адам танымастай өзгерген. Жұлқынажұлқына киімдерінің дал-дұлы шығыпты. Бегім сері оны өлтіруді мақсат тұтпаған, Тілек үшін аждаһа ажалдың өзін тым қасиет тұтқан. Неғұрлым жанының қиналуын, қорлық пен мазақтың зардабына қаншалықты төзерін аяусыз әшкерелеп, дүлейлікпен құртқан дымын. Айғайлаған, жылаған, жалынған, азапқа шыдамай аласұрған сонда Тілек. Жігіттік шама-шарқын, кеудесін көтерген кешегі менменсігенін көз алдына елестеткізгені, ең бастысы – аяғын құшуға дайын,
намыстан жұрдайлығын түсінген. Ондай сорлымен егесудің нендей мәні бар, бетінен түкіріп, босатып жіберді. Сылқ етіп құлағанын елеместен өнбойын мағынасыздық кеулеп жүре берген. Іздеген жеңілдігін таппады, кегі қайтқанымен, өкініш пен сағыныш шемен боп қатты жүрегіне. Жақын, қымбат, асыл деген ұғымнан бейтарап адалана, дүние қаңырап, әрі жат, әрі өгей тірліктің қасаң тізгініне ерік берген. «Орманның жынымен дос, су перісі соққан» сияқты лақаптардың саябырланғаны бертінде. Өзі де білмейді, орманның, әлде судың, әлде ненің есеңгірете есінен адастырғанын, миының, санасының, сезімінің быт-шыт бөлшектеніп, кіресілі-шығасылы пұшаймандыққа душар қылғаны, ұзақ жылдарды меңіреулікпен өткізгені белгілі. Аспандағы аймен, жұлдызбен теңестіріп, періште тұтқан аяулысы абыройсыздықпен қаза тауып, мұның да шаруасын бітіре жаздаған. Адамды адамға ыстық қып қояр нендей құдірет екен, шіркін мінезіне, түртұлғасына, қылығына ма, әйтеуір қайтіп тұрмастай құлаған. Мінезіне дейтіндей, ештеңесін байқамаған, түрінің кәдімгі мың-миллиондардан артықшылығын даралап айта алмайды, қылығын қызықтамақ түгілі, қолынан ұстап үлгермеді. Сөйтсе де қайдағы бір қыз өшпестей таңба қалдырды өмірінде. Бегім серінің ешқашан тісінен шығармас құпиясы Аяны кездестіргенде, кім көрінгеннің арзан олжасына айналатындай. Сыр-сипатына үңілмегені де сондықтан. Жап-жас баланың мәңгілікке байланған тілі бұның меңіреу махаббатының белгісіндей, шырқалмаған әніндей, тартылмаған күйіндей. Мына тамашаны, мына сұмдықты қараңыз: талай уақытты кереңдіктің қатігез қапасында тұншықтырып, әбден түңілгенде, жарыққа деген құлшыныс жанын, тәнін қатар айықтырған, әлденендей сиқырдың ықпалынан ба, қайтадан тіріліп, серпілгенде, өзіндегі дүлейлік сорлы баланың жазмышына ауысыпты. Өкшесінің ізіне табындырған сүйіктісінің жалғыз аманаты бұның қайғы-қасіретін тал-шыбықтай бойына сіңіріп, ауыр жүгін жеңілдетіпті. Қалай тарата түсіндірсе екен? Қырсығынан сақтасын, екеу-ара ұғыныспаған, уәделеспеген, құмарларын тарқата сырласпаған, аймаласпаған меңіреу махаббаттарының меңіреу белгісіндей сорлы бала. Бір кездегі мәжнүндігін, есалаңдығын көреді Аядан. Екі адамның арасындағы қысыр үміт, соқыр сенімнен туындаған қиын тағдыр. Тілектің үрім-бұтағынан жауындай тыжырынғанымен, байғұс баланың орны бөлек, құйып қойған өзі, кешегі хал-жағдайы, кешегі кереңдігі, мақаулығы. Табиғат – ананың бұ да бір жұмбағы жеке басы үшін. Жанын сауғалаған Тілек сол оқиғадан соң ел ішінен үрікті. Нендей соққыға ұшырағанын ешкімге айтпаса керек, болған жәйт Бегім сері екеуінің ортасында қалған... «Босағасынан аттаған жас жарына қарайламай әлдеқайда лағып кетіпті» дескен көпшілік. «Келіншегінен айныпты, некелі төсегінен жеріпті, дуаланыпты» тәрізді алып-қашпа сөздер ауыл-ауылға желдей гүлеген. Кейінгі халі оңбады пақырдың, мән-жайын анық білмесе де сырттай пайымдайды. Өтті, бітті бәрі, қазбалаудың ыңғайы жоқ, жоқ, өшпенділіктің жойылғаны қашан. Бертінге дейін Қалқаман мен Аққатынның ормандағы үйіне жиі-жиі соғатын, құрдасындай қалжыңдайтын. Әсіресе, Аққатынға батыл сөйлеп, әркімнен естігендерін
мысқылмен жеткізуге әуес-ті. Шулы топпен араласпағанда, шүйіркелеспегенде, тоғайды жеке жайлаған, іштей жек көретін осынау кемпір, шалға неліктен үйірсектенгенін емес. Келе-келе олардың дәрменсіздігін, алыстан берік қорғандай көрінер оқшау шарбақтарының мүжіліп-шірігенін байқағасын, үздік-созықтанған іштегі қыжыл да сап тиылды. Уақыттың жазбайтыны, айықтырмайтыны сірә де жоқ. Жазылмайтын жараны мына сорлы балаға үйіп-төккендейміз. Ортаңғы бөлмеде «п» әрпімен орналасқан столдардың аржағынан әлдебіреу қасындағыларды кимелей орнынан атып тұрды. – Міне, сюрприз, вот это да, настоящая туземка! – Тыныш, тынышталыңдар – деп Бегім сері жастарды тәртіпке шақырды. Аяның келгені кім-кімнің де берекесін ұрлағандай... «Туземка» дегені қаладағы туыстарының ұлы, Айдосқа әрі ағайын, әрі құрдас. Аузының аңқиғанын, цирк тамашалағандай о несі-ай, қаланың балалары-ай, жөнжосықтан жұрдай, бүйтіп таңғалғаны құрсын, ұнатқан сыңайы қандай тұрпайы, әлде келекесі ме оңбағырдың. Неткен дөрекілік, неткен сорақылық, көзімен тінткілеп, ішіп-жеп барады қызды. – Бегім серіні ашу қысты. – Боқмұрындарға ебіл-себіл тамақ тасып, зыр жүгіргенім не, қайдан шыққан дәстүр бұл, әлгі жеңешесі бұйымтай ғып сұраған. Ал, мыналардың пошымы ше, қымсынбайды, үлкен отыр демейді, тіпті ұл-қызының ұялар түрі жоқ, бірін-бірі құшақтай ма, сүйісе ме, енді кеп «туземкасы» несі-әй... – Равняйся! – Оқыстан айғай салғанда, ауыз үйдегілер де елеңдеп, Бегім серіні танымағандай, бетіне аңтарыла үңілісті. - Смирно-о-о-о!... Әзілі ме, шыны ма, қатын-қалаштың сыңғырлай күлгені жуып-шайып байқатпады. Бегім сері сабасына түсті, өңін жылытып, бабымен сөйледі. Баяғыда біз ән салатынбыз, айтысатынбыз. Сендердің ондай өнерлерің жоқ па? Оу, жігіттер, ішіп-жегендеріңді ақтасаңдаршы. – Қаһарман ағамыз айтсын әнді. – Ылдым-жылдым қимылдаған Айдос түкпірдегі бөлмеден домбыраны әкеліп ұсына берді. – Ал, біз билейік аулада! – Домбыраны шаң басыпты... қарындас, орамалыңыз бар ма? – Қаһарман қыздарға бұрылды. Біреуі сүрткен болды домбыраны. Ұлдар дүркірей сыртқа лап қойысқан. – Ерегіскенде, сіздер ән тыңдаңыздар, өздері билесін... маған бәрібір, мен де билеймін әйтпесе. – Жоқ, ән айтыңызшы. – Иә, иә, біз ән тыңдаймыз. – Қасыңызда отырайық, қаласаңыз. – Қыздардың даусы жамырай шықты. Орнынан көтеріліп, қайтадан отырған Қаһарман домбыраның тиегін сырғытты. Көзінің астымен Аяны бақылады. Айдосқа жәудірей жаутаңдайды. Қонақ бала Аяны айналсоқтап, биге шақыруға асығып, музыка қашан дегендей, магнитофонды тоққа қосып үлгермей жатқандарға тыпырши мойнын созды. Әлденеден секемденген Айдос та мазасызданып, анталаған көздерден Аяны қызғанғандай көрінді бұған. Қаһарманның төңірегін тескен жанарынан қыз-жігіттердің бір де бір әрекеті тыс қалған жоқ, міз бақпастан қалт жіберер емес. Ұлдар Аяны қоршап үлгерді. Қыздар Қаһарманның домбыра тартқанын мақтап, «тағы да, тағы да» дейді. Қазан-ошақты күйттеген әйелдер, бірен-саран көрші қарт ән естілген жаққа ойысты.
Тыңдаушылар көбейіп, әсіресе қыздар ықылас танытқасын, Қаһарманның үні барған сайын биіктеп, мерейі тасығандай. Тыпыр етпестен мөлиген көзқарастардан бірсыдырғы серпілді. Шетінен жап-жас, үлбіреген қызғалдақ гүлдеріндей қыздар. Домбыра ұстатқан Айдосқа рахмет. Өңкей шөпжелкенің ортасында, әлгінде, дастархан басында арқасы құрысқан. Сарт-сұрт пышақ, шанышқы, қасықтардың, гу-гу, бос сөздердің жалықтырғаны сонша, кетуге ұйғарған. Құлазығаны Ая кіріп келгенде сәл басылып, үй-ішіндегілердің де дүр сілкінгеніне таңырқады. Елден ерек сұлулықты өзім ғана көрдім, өзім ғана еншіледім деген ойының үстірт екенін мойындаған. Кәрісі, жасы түгелдей жалт қарасып, жанарлары жыпылықтасты. Асылы, әсемдік дегенің де сандырақ, мысалы, мынадай қыз баланың жарықпен таласқан әсемдігі кімге дәрі? Кеудеңе сайтан ұялатқаннан басқа не істетпек? Ең алдымен, өзінің жауы сұлулығы, қала берді өзгенің де жауы. Сұлулық атаулының жегі кұрттай ішін үңгіп тастағанынан өңге түк пайдасын көрмепті. Жо-жоқ бір түрлі басыңкы, қабақтары салыңқы топқа Ая шабыт әкелгендей, қараңғылыққа қамалғандарға от әкелгендей болғаны ақиқат қой әлгінде. Әлдекім биге, әлдекім әнге, күйге, әлдекім әңгімеге ден қойып, жайбарақат қалғаны кемде-кем. Өрт шалған қамыстай дүрліге жөнелді емес пе ұзақты қүнгі самауқау тобыр. Оңайлықпен селт етпейтін өзі де ең ақыры күй шертіп, мәзмәйрәм. Анау жігіттерде ес жоқ. Ойқаң-қойқаң, әрқайсы Аяға бастарын иіп, биге шақырады. Қыз Айдосты мегзейді емеурінмен, қарай гөр, түйсігі бар, «Айдос рұқсат етсе билеймін» дейді. Айдос басын шайқады, әбден мезі болды ма, әлден уақытта бері жақындады. – Қыздар, неге билемейсіңдер, шықсаңдаршы, – деді қиылып, – ұлдар ғана ана жақта, жүріңдерші. – Былай келісейік, – Қыздардың бәрі суырыла сөйледі, – бәрін шақыр, олар да домбыра тартсын, о сосын бәріміз биге... кезек-мезек. Екі арада зыр жүгірген Айдос түк маңдытпады. Музыканы тоқтатып, ұлдарды иіріп әкелгенімен, белсеніп шыққаны болмады ән шырқап, күй шертуге. Қайқайсы да тұяқтары тыпыршыған аттай осқырынып тұр. Дегенмен Қаһарманға жылы-жылы сөздерін аямай төкті. – Сіздей домбырашы жоқ. – Әттең, білмеймін, үйретіңізші, аға... – Қыздарымызды ғашық қылдыңыз... – Домбыраны тартпай болмайды екен. – Үйірме құрыңыз ауылда. Ая жақындамады. Қонақ баланың тасасында, әлпетін көрмеді, әрі қарап тұр. Ентелеген қонақ бала қыздың төбесінен еңкейе әлденені даурыға сөйлейді. Қаһарман домбыраны қыздарға ұсынды. – Жігіттердің тілегін де ескерсеңіздер, билеңіздер. Ая екеуіміз концерт қоюға келгеніміз жоқ. Сіздер бізді мазаламаңыздар. Шетелдік музыка, түсініксіз сөздер айғай-сүргінге ден қойдырғандай. Енді қыздар да ұлдар да ортаға беттеді. Сырттан андыздаған суық желді ешқайсы елеген жоқ. Шәштәрі желп-желп, әрлі-берлі секіріскен, бұраңдаған есерсоқтар.
Қаһарман теріс бұрылып темекі тұтатты. Осындай биді сүймейді. Алаңғасарлыққа, ойсыздыққа жетелейтін, әуеннің үндестігін сақтаудан жұрдай, сауатсыздық пен арсыздықтан құралған арзан қимыл деп қабылдайды. Белдерін қалай болса солай бұраңдатып, әрлі-берлі теңселген де би ме, тәйірі-ай. Топ ішінен Аяны іздеген, қонақ бала мен Айдостың ортасында, манағыдай емес, әлденеге елегізігендей. – Бәс тігейік, – қонақ бала магнитофонның дауысын үстемелетті. – Музыка тоқтамайды, бір сағат па, үш сағат па, кәне, кім шыдар екен, ал, кеттік. Қыз-жігіттер тағы да топтаса ортаға шықты, шетінен жұлқынып барады. Ая мен Айдос та солардың ортасында. – Үйге кірейік, жалықтыңыз ба? Бегім сері Қаһарманмен қатарласты. – Осыны да би деп, осыдан кейін жастарымыз қалай бұзақылық жасамайды, қараңызшы, тек қана тәртіпсіздік, жауапсыздық. Қайда барсаң осы, тобырымен жұлқынған бірдеңе, жөн-жосықсыз лаққан бірдеңе. Күй күмбірлеп, ән шырқауға ешқайсы жоқ, сұмдық қой мыналары. Ішкі ойымен қабыса кеткен сөздерге еріксіз жымиды Қаһарман. – Әр дәуірдің күйі мен биі басқа ғой. Жалғыздың үнін, күшін сірә де шығарар ма мыналар, мықтысының озбауына, әлсізінің сүйретіліп жүре беруіне ыңғайлы-ақ. Міне, осылай өмір сүруге керек, табылған әдіс. – Әлсіздері жүрер мықшыңдап, шын мықтысы болса, жарып шықпай қоймайды ғой. Мынау, дегенмен қызыққа батырғалы тұр бәрімізді, қайсы қашанға шыдар екен? Әлгі ұзаққа созылатын сыңайлары бар, жүріңіз, үйдегілер сізді шақырады, күй қолқалайды, ән сұрайды, сусындары қанбапты әлгінде, «жастардан ұялдық, қасына барып тыңдауға» дейді. Стол үстін жинасқан келіншектер, Айдостың анасының маңына жайғасқан кәрі-құртаң, өзі теңдес жігіттер біраз ұстады Қаһарманды. Халық ақындарының термесін сүйсіне тыңдап, алғыстарын жаудырды. Әсіресе, Айдостың шешесі риза болды. – Рахмет, шырағым, өркенің өссін, өнерің тасысын. Ініңнің қайтқан тойын басқар... – Үйлену тойын ше, апа! – Бұл шаңырақтың тойы көп әлі... – Айтқандарыңды қабыл қылсын тәңірім, қызық-қуаныштан жазбасын. Осы жаманым, сарқытым оралғанша, қалқиып отырсам, құдайдан артық ырыс өтінбеймін, шүйкебас кіргізгенін көрсем аржағында. – Солай жалғаса береді өзекті жанның арманы, апа. Жаманыңыз оралғаннан кейін де қалқиып отыра беріңіз, қысқа тілек тілемеңіз ешқашан. – Құлшылық, қарақтарым, құлшылық... әншейін қанағат дегенім ғой бәріне... Мына баламның әндерінен толқығаным ғой, кітап сөзі, кәдімгі құран сөзі, зер салсаң. – Жеңеше, сіз өйтіп кітап пен құранды алмастырмаңыз, - Бегім сері әзілдей тіл қатты, - құранды бүгінгінің кітабымен теңестіресіз, ә... – Иә, бәрібір емес пе, жақсы кітаптың құранның жүгін атқаратыны ақиқат, кітабы не, құраны не – төркіні бір. Біздің апамыз ақырында әнді де құран сөзінен таратып жатыр, ә...
– Үлкен ұлы маңғаздана басып, ішке енді. – Мен бұ кісіні толығымен қолдаймын, - Қаһарман ойларын ірке сөйлеп, келте қайырды. – Қазақтың табынары әуелден ән, жыр болған, одан әріректе от пен су шығар. – Жастарды шақырайық па, ет пісті, дайын. Әйелдер рұқсат сұрағандай Айдостың шешесіне бұрылған. Қаһарман аулаға беттеді. Манағы әуен, манағы ырғақ. Сілікпелері шыға шаршаған, үш-төрт жігіт ойқаң-қойқаң. Шуласқандардың ішінен біреуі билегендерге қосыла бергенде, қонақ бала басын шайқады. – Шартқа жатпайды, демалып барып билеу есепке енбейді. – Тілі салақтап, ежіктей сөйледі. Екі иінінен тыныстап, зорлана жымиды. Сонда да биін доғармады. – Аға, мыналар манадан әлі билеп жүр, қыздар шаршап, жарыстан шығып қалды, тек Ая ғана. – Айдостың сөздері музыка айғайынан әрең естілді Қаһарманға. – Мен мұндайды еш көрген емеспін, қараңызшы, аға, жаңа ғана үйірілгендей биге, ұлдар намысқа тырысып бағуда. Сірә, Ая жеңер, қараңызшы, аға. – Қарап тұрмын, ғажап, шынымен ғажап! Таң атқанша билейтін түрі бар. Сенің достарың ширегіне де келмейді оның. – Достарымның... менің ... білесіз бе, менің досым... – Айдос күмілжіп, қипақтай берді. Би алаңында екеу ғана қалды, Ая және осынау жарыстың бастапқы иесі, қолдаушысы. – Қойсаңшы, жә, құламай тұрғаныңда, жеңілгеніңді мойындасаңшы. – Қыздардың даусы үстемдеу. Ұлдар тым-тырыс. Ағылшындық «Спейс» ансамбілінің қора-қопсыны құлатып жіберерліктей даурыққан үні барған сайын үдеп, құлақ тұндырды. Аяның жүзі қызарып, қос қарашығы жалт-жұлт. Аяқ, қолы, белі, шәші бірегей тұтаса сойқан әуеннің күшіне бағынған. Қимыл-қозғалысында титтей дөрекілік жоқ, кілт бұрылып, кілт тиылып, өзгелерді есерлікке итермелеген сазды нәзіктікпен бойына сіңіріп жатыр. Әр аяқ алысында мән, әр бұрылысында сән. Қаладан келген қонақтың шәші көзін, маңдайын жауып, тыртаң-тыртаң. Аяны олай да айналады, былай да айналады. Қолдарын ербеңдетіп, қыздың бетінен тырнап алуға шақ жүр. Өзінен асып түсер біреу бар деп күмәнданбаса керек, соны қалайда дәлелдеуге аласұрған. –Дастарханға шақырыңдар жастарды. – Бегім сері әйеліне иек қақты «бар» дегендей. – Сәл кідіріңіздер. – Қаһарман сұқ саусағымен аузын басты. Ауладағы көрініс ынтасын жаулап, керемет қызыққа батқандай. Беті бал-бұл жанып, аққудай қалықтаған қыз мақтаншақ баланы тықсырып әкетті. Қозғалысы сайраған тілге бергісіз. – Міне, көр, сүйсін, тамашала, қандаймын мен. Сүзеген бұқадай ұсқының құрсын. Аптығып көп, мұрныңды шүйіргендегі тындырғаның осы ма, тым алқындың ғой, құрбым... «Туземкалар», міне, осындай болады, танып қой, әкел қолыңды, танысалық, жо-жоқ, әкет қолыңды, атың кім, затың кім, қажеті шамалы. Жә, жый есіңді, күшің қайда манағы алқын-жұлқын, құлама, шыда, жігітім, шыда.
– Дастарханға бағыныңдар, ба-ла-ла-а... – Бегім сері сөзінің соңын жұтып, таңғалғанын жасыра алмады, Қаһарманның ту сыртынан билегендерге аңырып қалды. – Шынымен Ая ма, әлде шатастырып тұрмын ба, шынымен Ая... – Мынандай әуенді осынша сиымды, осынша әсем билейді деп кім ойлаған?! Қайда әлгіндегі сөлекет ербеңдескендер, әй, неге үйренбейсіңдер? – Сізге бүгінгі бидің ұнағаны-ау, ә, құттықтаймын. – Қаһарман Бегім серінің қатарына шегінді, – Қызықтың көкесін енді көрерсіз, сәл шыдаңыз, қазір... піскен ас, қайда асығамыз, қазір... тек айғайламаңыз, назарын бөлмеңіз Аяның. Қонақ бала бұдан әріге шыдамады. Шалқалақтай бұратылып, шыр айнала құлап түсті. Ая музыка ырғағымен билей жүгіріп, жалма-жан қолын созған. Көзалдын теңселткен сойқан әуен кенеттен кілт үзілді. Ұзақ уақыт аспандата ұшырған сиқырлы күш денесіне сырғып тайып бара жатты, қыз бәз-баяғы жуасып, момақансыған кейпіне енді. Бұдан арғысының ол үшін еш мәні жоқтай. Жұрт ду қол шапалақтаған. Бегім серінің қасынан қалай шыққанын былайғылар аңғармады, өзара ырду-дырду. – Асылымның сынығы, көзіңнен айналайын, – Бегім сері Аяның маңдайынан иіскеді. Естілер-естілмес сыбырлап, ішкі толқынысын әрең ірікті. – Жеңімпазға нендей сыйлық? – Қаһарманның кімге арнап айтқаны беймәлім, оқшау қалыпты. Жастар лек-легімен қасынан өтіп барады. – Аға, жүріңіз. – Әлгіндегі тыңдаушыларының бірі болса керек, майыса иілді, іш тартқан сыңайы бар. Қаһарман кешірім өтініп, теріс айнала темекі тұтатты. Құйтақандай қыздың бүгінгі қылығы тағы да таңқалдырғандай. Бұны адам екен демеді, ең ғажабы сол. Тосын жәйт, мүлдем тосын. Жоқ, қызғанған жоқ Аяны. Бірақ Аяның қызғанбағаны күтпеген жаңалық. Қыз-қырқынға жүйкесін жұқартып жүрегін сыздатпайтын. Араларындағы екеуара ғана ұғысып-ұғыспаған жағдайдан кейінгі мына түрінің нендей сыр жасырғаны белгісіз. Әдетте басқалары қолтығының астына кіруге асығатын. Былайғы сәттегі менмендіктері пышақ кесті тыйылып, монтанылықпен соңынан ере жөнелетін. Әйел затына тәуелділіктің не екенін ұққалы қашан, өмірбақи ұстанған, әлі де ұстанар өз ережесі қалыптасқан бұл орайда. Аяның қыр көрсету үшін істемегені анық, жасандылықтан, қылымсудан жұрдайлығы бесенеден белгілі. Ендеше не? – Мейлің, еркің білсін, ешкібас, маған бәрібір, сүйесің бе, сүймейсің бе, әншейін парыз ғой менікі. Көп жаутаңдағаныңа қарағанда Айдосты ұнатасың. Құптаймын талғамыңды, қадіріне татыр біреу болса, жалғыз сол. Мен бе? Үйлене алмаспын саған да, басқаға да. Дегенмен, айналып соғар ақ періштем өзің ғана, ешкібас. Расымен тәккәпбар екенсің, асқақ екенсің, төмендік танытпадың. Бәрібір сен күйреуге жаратылғансың, өрлік дегенің айналып келгенде быт-шыт күйреу, ешкібас. – Баяғы ханнес тірілгендей кеудесінде, сәт сайын еңсесі биіктеп, төңірегіндегілер құжынаған құрт-құмырсқадай боп жүре берді. – Әй, ешкібас, миың болса, етегімнен мықтап ұстауың керек еді. Құлын екенің өтірік сенің тым құрыса безек қаға шақырмас па, қоңырауын сыңырлата желдей еспес пе! – Аға, жүріңізші.
Шылымын будақтата бұрқыратқан Қаһарман іштей тіксінгенін сездірмей асықпай бұрылды. – Қайда жүреміз? Бажырайып, басын қақшаң еткізген қыз лезде көзін жоғалтты. – Сізді шақырып жатыр. – Айдос қарсы жолықты. – Әлгі қонақ бала қайда? Ұялмай тағы төрге отыра ма? – Ол жақсы жігіт, аға. – Мен жаман дедім бе? – Білесіз бе, аға, – Айдос жымиды, – Сізге ауылдың бүкіл қыздары ғашық болып қалыпты. – Бүкіл қыздың ғашық болғаны қиындау екен. – Рас, айтамын, бәрі ғашық сізге!
Көктем шыға Ая ұйықтай алмайтын болды. Көзін жұмса, жүрегі тоқтап қалатындай. Екі беті, кеудесі күйіп-жанғанда, қол-аяқтары мұздай. Қыстай төсек тартқан атасының қасынан босамайтын әжесінің де бұның жәйімен ісі жоқ. Соңғы кезде жадап-жүдеп, зорға жүр. Үйдегі жаппай енжарлық қыз бойындағы өзгерістерге назар аудартатын емес. Анықтауға өресі жетпегенімен, тәнінің жан дүниесімен қабыспай, күн озған сайын өз әрекетімен, дербес әлемге айналғаны төбе шәшін тік тұрғызды. Жаны бір бөлек, тәні бір бөлек, екі ортада әрі-сәріленген бейопа жалған. Ұшқан құс, қыбырлаған жәндік, жауған қар, қалықтаған бұлт, сарғайған жапырақ, тасты жарып өскен гүл сұлбаларында әлгі бейопа кеңістікте тербетіліп жүреді де қояды. Далдиған аспанға, айналасына ден қойса, өзі тіршілік боп, әйтпесе тіршілік атаулы өзі боп тыныстайды. Екі арада титтей айырма жоқ екеніне сенімді.
Қар еріп, сай-сала суға толып, мынау түлеп – жаңғырған табиғат қойнауымен етене жымдасып, бірегей үндескенде, тәні құрғырының еркінен, сезімінен тыс жаңалық тосққаны қандай үрейлі, қандай әділетсіздік. Сол үрейден қашып құтылмасын мойындаған сайын еш амалын таппай керенаулықтың, сүлесоқтықтың талынан қарманғандай. Ішінің бұлтиып, омырауының толысқаны қорқыныштан басқа түк те ұялатпаған көкейіне. Жер анасымен, көл анасымен кіндіктес жаратылғанын мақтаныш тұтып, әзірге басқа ерлік жасайтындай жағыдайы жоқ-ты. Қайыңның жапырағы, таудың тасы, жердің топырағы, шөлдің құмы, судың толқыны боп тағдыр құраған Ая қазіргі хал-ахуалымен санасуға қауқарсыз. Мәңгілік қозғалыс, мәңгілік ағынды сағалаған, мұхит түптерін саялаған балықтың тұңғыш рет құрғақта тулағанындай қиналыс жайлаған өнбойын. Аялы алақан іздейді осындайда. Баяғы, балдырған кезіндегідей еркін де ерке сезінгісі келеді өзін. Күте-күте сарғайтқан, қиялындағы мейрімді өңінде көрмегесін, қасаңдыққа жеңдіргендей. Сондықтан өз тәні өзіне сұмпайы елестеп, қақ жарылуға дайын. Қалауынсыз дербес әлемге айналған жексұрын денесіне нендей жаза қолданса – қиядан домалата ма, тасқыннан ағыза ма, айыбы жоқ тәрізді. Оған дауалатпай ниет қайтарған – алыстан әлсіз жылтыраған үміт ұшқыны. Сол ұшқынның соңынан ілби сүйретіліп келе жатыр, әлі келе жатыр. Қашан жеткізері жұмбақ. Түрлі-түсті көріністе көңілін алдайды әлгі үміт,
Айдостың созған қолы, кейде Қаһарманның жылы шырайы боп арбайды. Сол риясыз ниет, сол жылы қабақты түсінбегендіктен, тым ұзақ тосқандықтан қапалы. Ешқашан мұншалық қамқорлыққа зарықпаған шығар, ешқашан. Тұлдыр қатігездіктің азабына шыдау қиынға соқты. Қанатын қайырып, аяғын тұсаулаған қияметтің қырсығына тап болды. Масқара қылғанда, зындан ойып жасағандай тәнінен. Өзін өзі тұтқындаған, өзін өзі әшкерелеген қиян-кескі ұрыс, қиян-кескі шайқас кеудесінде. Түптің-түбінде соққыға жығылары, жығары қайсы, жаны, әлде тәні, неткен быт-шыт дүние? Бұғау – ән, бұғау – жыр, бұғау – күй Аяның тірлігі. Одан құтқарар қалтқысыз пиғыл, риясыз көзқарасты қайдан, қалай таппақ. Тыныштығын, тәуелсіздігін ұрлаған оқыс оқиғаның арты қорғасындай ауыр тартқан уайымға ұласар деп пе сірә. Зілбатпаннан арашалар тек қана Айдос қой. Әттең, қасында жоқ. Сонау қоштасу кешімен бұның лапылдаған жастығы қоса жоғалыпты. Алдын-ала болжағандай-ақ билеген екен есінен тана. Айдос та алдын-ала болжағандай шақырған екен. Міне содан бері күндер, айлар мағынасыз жылжуда. Жалғыздықтың бұрын-соңды осынша салмағын сезінбеген, тіпті оны жаратылысының жазмышындай көретін. Әлденеге, әлдекімге сүйенудің қажеттігін енді аңғарыпты. Тәніндегі өзгеріс таяныш іздетіп, шарқ ұрғызады. Бәрі Қаһарманның домбыра тартқанынын туындаған. Рас, оған дейін де құлақ құрышын қандырған небір әуенге. Ертеректе Бегім сері жиі келіп, домбыраны бебеулететін. Тіршіліктің сан мың дыбыстан тұратынын Бегім серіден естіді. Бұл үшін ұмытылмастай әсер қалдырғанынан Бегім сері, әрине, бейхабар. Балалық шағында оянған саңылау Қаһарман ән айтып, күй күмбірлеткенде айрықша құдіретке айналған. Кенеттен әнге, күйге аңсары ауған. Бейнебір баяғыдан таныс тәрізді, қолына домбыра алса, саз төгетіндей сенді. Алданған жоқ, кем емес екен өзіндей пендеден, көкейінде жатталған әуенді сыртқа өрнектеуге қиналмаған. Сөйтіп басталған ынтықтығы тез өшті. Айналып-толғанған домбыраны жек көруге мәжбүр. Өз арманы өзін тоқпақтады. Ендігі халінің қай арнада жалғасары белгісіз. Жанарын үйрете алмай Қаһарманға алғашында біраз әлектенген. Тіке қарайтындай дәрежеге жеткенде, басы айналып, жатып қалатынды шығарды. Сұқтанған көздердің нажағайына шарпылған. Қайда қашса да сол бір өткір жарқылдан құтылмады. Ұнатты ма, ұнатпады, кім білсін, алайда ойда жоқта лап еткен тасқынға төтеп беруге мұршасы жетпеген. Не боп, не қойғанына әлі түсінбейді. Әйтеуір үнемі түнеріп, жүрер қарасұр жігіттің жақсылық әкелмесін еміс-еміс сезген. Аймалап еміренген түрінен қатта шошынған бірде. Тіпті жақсы көрген түрінен титтей жылылық байқамады. Қарны ашып, итаяғын тіміскелеген төбеттей елестеп, жүрегін шайлықтырған, лақтырылған сүйектей ақырында сол төбеттің жемтігіне айналды. Араны ашылған қомағайлықтың, ашқарақтықтың ғайыбынан ұшырастырған олжасы нақ өзі. Бұның бәрі кейін оралған ойлары. Әуелгі шақта зерделемеген ештеңені, тек қана қазіргідей үрей қысқан. Есіктерін ашып, алғаш табалдырық аттағанда сүйкімсіз әсер қалдырып еді, тізесі қалтырап еді, тәні құрғырың сонда құдай атқан екен ғой. Бүгінгідей керенаулық со жолы да арқасын езген. Жамандықтың хабаршысындай құлағын айғай-шу басып, екі шекесінен әлдеқандай сақина қысқан. Иә, бәрі қазіргідей, көз шырымын
алмайтын, жанталас аласұру да, тек себептен-себепсіз. Иә, бәрі мына пұшаймандығына бағышталған ғой шамасы. Әлде сол тектен-тек жанталасқанымен осынша сорды тілеп шақырып алды ма, кім білсін. Түсінде ылғи түн көретін боп жүр. Жер саз, былғаныш, аяқтарын көтеруге әлі жетпейді, қолдарынан тартқылаған зілдей бірдеңе. Кірпіктерін олай да қимылдатады, былай да қимылдатады, бәрібір тасақараңғылықтан ажырамайды. Түн бейнесінде толастамайтын қасірет салмағы соңғы кездері әлдақайда ауырлай түскен. Томпиып үлгерген іші де үрейін үстемелетіп, зәресін ұшырғандай. Өліп-өшіп өзін құшқанда Қаһарманның масаттанғаны есіне оралды. Шатшадыман жүзінен алабөтен қатігездік аңғарған. Құшағына көме бұның бетінен, маңдайынан, ернінен сүйгенде, әлденеге, әлдекімге ызаланғандай, әлденеге, әлдекімге кеткен кегін қайтарғандай сыңай танытқан. Сол әлденелер мен әлдекімдердің құрбандығына шалынғаны енді айғақталды. Кекілінен үрлегенінде, өпкенінде, бұрымын тарқатқанында зұлымдықпен астас сұстылық жататынын да енді ұқты. Алғаш рет жақын тартқанда, денесін қорқыныш билегенін, аза бойы қаза болғаны күні бүгінгідей көз алдында. Неліктен екен, Қаһарманнан секемденетіні рас еді. Тәңіріндей табынар табиғаттың түсініп-түсінбейтін көптеген құбылыстарымен етене өмір сүргенде, тірі пендеге, әсіресе еркектерге кісімсіп те кішірейіп те зер салып үлгермеген. Жанарын алғаш тайсақтатқан да Қаһарман еді. Әмірін күшсіз, үнсіз орындатып, бірден бұғаулаған бұны. Арсын-гүрсін кеңдікке, еркіндікке дағдыланған, табиғаттың шексіз сырын, құпиясын жан-тәнімен түйсінгендіктен де әрі құлы, әрі патшасы саналар қыздың тағдырында Қаһарман күтпеген тұста, қақаған қыста төпелеген жауындай толып жатқан ыңғайсыздық тудырды. Жер-көкті мұзды сырғанаққа айналдырып, қайда бұрылса да тайғанақтап, бір сүрініп, бір тұрады. Алды-артынан кібіртіктеткен тайғақ кешу. Киіктей орғып, ен шалқарды жеке қызықтаған, таудың, тастың, судың тілінде сөйлеген қыз Қаһарманның түріне де тіліне де түсінбеген. Қол алысып сәлемдескеннен, алақанында тұрпайылау діріл жүгіргеннен бастап бір пәлеге ұшырайтынын белгі бергендей-ді. Дүние шыр айналып, басын бүркегенде, қараңғылықты паналайтын. Миы, санасы жарықты кезгенде, тәні тас қапасты аңсағанда, сор айдаған екен ғой, екінші жағынан сақтандырған екен ғой. Тұңғыш рет бүгежектегені орны толмас өкінішке ұрындырды. Шіркін, сонда жарыққа талпынып, түн құшағына асықпау керек еді. Тапа-тал түсте шақырайған күннен бекерге безді, бекерге тығылды. Құдай атқыр әлгі алақанын қыздырған ұятсыз дірілден дереу адалану үшін шапалақты аяусыз жұмсаса, бойын да ойын сұмпайы құмарлықтан дер сәтінде құтқарар еді, шіркін. Алақанында діріл қалдырған сол бір сорақылыққа, абыройсыздықты қойсашы, кейін талай-талай оралды, денесіне ұры ниет ұялатып, жымысқылық жайлатты. Қырсық содан басталған. Төтеп бермеді тәнін тінткілеген арсыз қытыққа. Домбыра үнінің жүрек түкпіріндегі қиялын оятып, өзгеше серпіліске бөлегені, құпия мүмкіндіктерін сыртқа әйгілегені ақиқат. Сол тұста арман, көлден де өзге қуаныш барын түйді зердесіне. Қаһарман бұған мүлдем тосын ақ орданың есігін ашқандай жетелей жөнелген. Ақ орданың салтанатына аузын ашып, көзін
жұмды, еркінен айрылды. Күні-түні домбыраны қасынан тастамаған Қаһарманға құдайындай табынған. Ән, жыр деп мәңгілікке бітелген дарын бұлағының көзін сол ашқандай табынған. Ендігі шағында ағыл да тегіл сарқырап, булыққан, тұншыққан тынысы кеңейіп, сайрап жөнелуге жақын қалғандай-ды. Сенген көңіл кешегі секемдікті былай ысырған. Өзегін тапқан су ағынындай анау-мынау бөгеттерді жарып өткенде, қайдағы пәлеге қалай душарланғаны? Еңсесін езгілеп, жанарын жарықтан көлегейлеген, енжарлық пен күйректікке бастаған бұ не пәле? Табиғаттың туған төліндей болғанымен, өз тарапынан, мұндай жаңалықты күтпеген, әйел ретінде түйсініп-қабылдауға өресі жетпегендей. Құдай атқыр тәні пісіп-жетілгенімен, әйел атты ұлылықтың бағасын бойлау қайда-а-а!? Өзінің телегей-теңіз тіршіліктің қожасы екенін әлі де ұғар шамасы жоқ. Өйткені шамасынан тыс, тым қарабайыр, тым арзан, тым сөлекет еді со жолғы өткергені. Жиіркеніш қана есінде. Қазір де жүрегі лоблығандай содан. Әйел жүрген жерде жиіркеніш жүрмеуге керек немесе жиіркеніш, былық атаулымен ымыраласуы керек. Әйел боп үлгермеген Аяға бәр-бәрі жексұрын көрінгендей, құдай атқыр тәнін сондықтан қарғап-сіледі. Еркін бағындыра алмағанына, арсыздығы арқасында дамыған жанкештілігіне ызалы тәнінің. Өз дұшпаны өз бойында сияқты. Жуық арада зарыға тосқан сүйеніші табылмаса, үмітінің үзілгені. Мүмкін Қаһарманға қатысты шығар әлгі үміт оты. Мейлі, қандай болсын, тіпті елжірегені, құшақтағаны жанын түршіктірсін, дәл қазір неліктен қасында жоқ. Неліктен жалт етіп жоғалды? Домбыраны шоқпар орнына жұмсап, қарақұсынан пергенде, төңірегі қарауытқан. Содан соң Қаһарманға жанарын қадаған емес. Жігітті аяған жоқ, сынған домбыраны аяды. Қасиетті бір нәрсені бүлдірдім, асылымнан айырылдым деп қамықты. Оң жақ білегі дереу шаншып шыға келген. Содан бері әлі сырқырайды, саусақтары аракідік діріл қаға көтеріліп басылады. Жарылған домбыра өзін де екіге бөлгендей. Қаһарманды ойламасқа енді мүлдем шарасыз. Мынау әлемтапырық шытырманға кінәлі дауыл тұрғызып, алай-түлей шаңға көмген сол. Еріксіз қамалған құстай тыпырлап намысымды таптатпаймын деп өре түрегелгенде, айналып кеп, әлгі өзеуреген бостандығынан айырылыпты. Бүгінгі кейпі соның ащы айғағы. Әрі аянышты, әрі күлкілі ақиқат. Тайраңдаған еркіндігін аршалағаны неткен желөкпелік, дәл сол сәттен бұл бақытсыз. Тым қымбатқа түскендей ұр да жық мінезі, ешкімді төбеме секіртпеймін деген қағидасы. Әзәзіл қытыққа бір жеңдірген соң айға шапшыған жолбарыстай аласұрғаннан не ұтты? Жазылмастай жараланды, күлпәршесі шықты. Ол Қаһарманның жиі ойлайтынына таңырқады. Көрінбей кеткенінен іштей үркіп, егер мүлдем келмесе, не істейтініне далбасаланды. Тұла бойындағы өзгеріс нышандары айқындалып, кіндігінің түбіндегі қап-қатты түйнек сағатпен ерегісе жарысқандай. Осылардың жанын шошытқан күрделі сырларын Қаһарман түсіндіруге тырысты. Жұп-жұмыр дөңгеленген балтырларының, санының шиыршық атқан, қос анарының толысып, мықынының шыққаны әлденеге елегізітеді.Тәнінде осынша жұмбақ тығылғанын енді-енді болжады. Тынышсыздана пысынағанына көрпесін ашып тастап, аппақ денесіне үрейлене
қарап жатады да қояды. О, тоба, өзі үшін өзі құпия, өзі үшін өзі қорқынышты. Аппақ денесі түнекке жетелегендей, небір сұрқиялықты жасырғандай аржағына. Қуыстағы бөлмеде атасы қақалып-шашала көп жөтелді. Әжесі тыпыр-тыпыр, мәсісі әндете сықырлайды. Ізінше шаршаңқы даусы қосылды. – Құдайымның үйіп-төге салған «дәулеті-ай», бұл құдекеңнің шеберлігі-ай... Жылы төсектен тұруға құлқы соқпады. Тағы да әжесі сөйледі: – Тамыздық әкеп қоймағаны несі екен кеше? Өзі біліп жайғастыратын шаруасы ғой желдің азынаған түрі жаман, тезірек пеш жақпасақ... Әй, Ая, ояндың ба? Өзі кіріспейінше таңертеңгі науқан оңайлықпен атқарылмайды, енді асыға киініп, кереуетін жинады. От тұтатып, лаулай жанған қайыңның қабығына қадала біраз отырды. Сырлы көк шәйнекке су толтырып, пеш плитасының үстіне қойды. Бөлмені сыпырып, еселеп отын салып, пештің аузын бекітті де, әжесінің ескі қара мақпал қаптал шапанын киіп қораға жиналды. – Аяғыңа пимаңды сұға сал, күн суық. – Әжесінің үні әлгіндегідей емес, көңілдірек. Шытыр-шытыр маздаған от үйдің еңсесін көтерді.
Қарына шелекті ілген қыз сиыр саууға дайындалды. Сеператорды ортаға жылжытып, сайманын құра бергенде әжесіне көз жүгіртті. Сенектегі салқын сүтті ыдысымен ішке енгізіп, пешті нұсқады. Әжесі сүт жылытуға кірісті.
Қой-ешкіні шарбақ сыртына айдап, сиырды босатып жіберді сауғасын. Малдардың жатқан жерін тазалап, жайланғанша, қаз-үйрекке, тауыққа жем шашып, үш-төрт күннен бергі үйілген қиды шанаға салғанша уақыт тез өтті. Есікті құлаштай созған әжесі айғайлады: – Оразаңды ашқызбай кім қуып әкетті сені? Қой әрі, шәйіңді іш. Қақ-соқ салынған шананы әрі-бері сүйрегенімен, орнынан жылжытпады. Екі дүркін қатынамай болмас деп, қайтадан қолына күрек ұстады. – Қақсатпай, келсеңші бермен, күн ұзақ, таң атар-атпаста жанталасқаның не? Ойпырмай, осындайың бар сенің.
Әжесінің ащырақ шыққан дауысы құлағын жарғандай. Күректі лақтыра салды. Ертеңгілік асты әдетте қораның шаруасын әбден тындырып, сүт тартып алғаннан кейін қамдайтын. Қайта-қайта шақырғасын, амалсыз үйге кірді. Әжесі құймақ пісіріп, дастарханды жайнатып, бұны тыпырши күтіп отыр. Атасының орны бос. Кейінгі айларда тамақты төсек үстінде ішуге мәжбүр.
Ыдыс-аяқты жуып, сырттағы шаруаларды аяқтауға киіне бастаған. Қапталшапанның сүйретілген етегінен тартты әжесі. – Қайтесің, әлгі тимөршілердің бүгін келетін күні, солар істеп берер. Қарашы, қолдарың жарылып, күс-күс. Іс тігуді доғардың ғой, жарамайды, саусақтарыңның икемін қайтарма өйтіп. – Столға қызылы, жасылы, сарысы, қарасы аралас пүліш түктерін тастады. – Айдостың жеңгесі әкелген, түскиіз оюларына. Осыған отырсаң қайтеді бүгін?
Аяның өңі бозарып, сұлық қалды. Әжесіне тұнжырай басын изеп, бөлмесіне озған.Айдостың есімі айран-асыр ой қазбалатып, оқыстан жүрегін шаншытқандай. Сергелдең сансыратқан қысылтаяң мына жағдайында шарқ ұра Қаһарманды тосқанымен сағынатыны, пана тұтары, асқар тауындай сүйенері Айдос. Қыздың көзалдындағы дүниені тұман басты. Мұнартқан буалдыр жібек перденің аржағынан Айдос екеуінің ертегідей таңғажайып әлемі қылаң берді. Алаңдаған, армандаған, өкініш отына өртенген шақтарында қасынан тек сол табылатын.
Өзі үшін кереңдік боп тымырайған жалпақ жалғанның қуанышын тұңғыш мойындатып, самғауға, еркелеуге, наздануға жаратылғанын тұңғыш ұқтырған асыл жан. Адамзаттан құбыжықтай қашқанда, адамның мейірімге, ықыласқа тұнған ортасына қолтықтап әкеліп, көзін ашты, көкірегін оятты, бауырмалдыққа баулыды. Бұрынғы мұңдасы тас пен жапырақ болса, Айдос бұл үшін одан гөрі мәнді, одан гөрі мазмұнды қоғам барын ұқтырды. Қос дөңгелекті, шынжыр табанды трактор, машина ма, қос аяқты адамның әлгілерден еш айырмасы жоқтай көрінетін Айдоспен таныспай тұрғанда. Дір-дір лүпілді, толқыныс, аялау, елжіреу, ынтығуды, жаңара жасаруды, сағына сарғаюды табиғаттан айна қатесіз қабылдағанда, тірі пенде тарапынан мұндайды күтпеген. Меңіреуліктен сүйрегендей етіп алып шыққан Айдос қой қуаты, жалғыз сенері. Әттең, мұны Айдос алысқа аттанар сәтте ғана түсінді. Неткен ғажап кеш еді, түн еді, таң еді! Бұйра шәшті, сұңғақ жігітпен неше сағат биледі екен сонда? Ауылдың бір де баласын бұған жақындатпай ыржаңдап күле берген Айдостың туысы ма, досы ма, ақырында қашып кетті ұялғанынан. Құрбы-құрдастарының қолпаштағаны-ай сондағы, бірақ өзі қатты састы. Әдемі бозбаланың жалп етіп құлағанына қуанбаған. Төңірегіндегілерді таңғалдыру қаперінде жоқ-ты. Еркін жаулаған өршіл әуеннің қиялын шарықтатып, аяқ-қолдарын әлдеқайда ұшырып әкеткені қызық болды.
Иә, со жолы да тәні еркіне бағынбаған, жалын жел түткен арғымақтай жөнеп берген, беталды қасарысқан. Дүниенің рахатын кешті бірақ, тумасында ешкіммен ашық-жарқын араласпағандай, қысылып-қымтырылмастан сезім селін тасқындатты. Музыканың қайталанбас құдіретін талбойы тұтастай қабылдап, әр буынын сыртқа лықсыта төккенде, соның бәрін тындырған әлгі құдай атқыр тәні. Ешқашан да әуеннің сөзге емеурінге бергісіз мұншалық алапат күшін ескермеген. Тентек толқындарға қарсы жүзгендей сондай бір хал кешетін ертеректе. Қиналмай жөн сұрасып, шүйіркелесе сол әуенмен қосыла жөнелген.
Қол шапалақтап, құрмет көрсетпегендер түсінді ме, жоқ па, бірақ сонда бүкпесіз ақтарылған Айдостың мейір шашқан жып-жылы жанарына қалай жауап беретінін де дәл сол жолы ойлап тапты. Әуезге билей жүріп, кенеттен өзін ешкімнің емес, Айдостың ғана еркесі екенін ұққан, ешкімді емес, Айдосты ғана сүю мүмкіндігін ұққан. Қалықтаған құстай қол-аяғын әлгі әуез қанатқа айналдырғанда, сыпсыңдаған тіл мен сұқтанған жанардан қаймықпағаны алғаш рет шығар. Арсыздыққа пара-пар өрмендік аракідік қылың берген дүлей саздың аясында соншалық нәзіктікке бой алдырғаны анық еді. Алақанында із қалдырған баяғы сойқан сөлекет діріл де мүлдем өшкендей, бойын анайылау тінткілеген жымысқы көзқарастар да мүлдем тыйылғандай, тіпті өшпегенімен, тыйылмағанымен, ендігі тұста солардың ешқайсына пысқырмайтыны, ең бастысы – мелшиген зіл қара тас ауырлықтан арылғаны шынымен жаңалық еді.
Айдосқа сол жаңалығы мен қуанышын білдіруге жазбапты. Алғашқы биі – соңғы биі, алғашқы қуанышы – соңғы қуанышы боп шорт кесілді. Қолын бұлғап, көкжиекке сіңіп кете барған Айдостың соңынан не жүгіре алмай, не орнында тұра алмай қалшылдаған. Теңселіп барып бойын әрең тіктеген. Мойнын соза қамыға қарады, зарыға қарады. Таң алдында кешегі биден бойына дартқан – Айдостың ғана еркесі сезінгені біз сұғылған шардың ауасынан босағанындай, болбыраған бірдеңеге айналды.
Түн мен таңның арасында сарайын кеңітіп, жанын жадыратқан сәттің әсері ұзаққа созылмады. Қалған ғұмырына жетерліктей жиып-үлгерген құлшыныс Айдоспен бірге ғайып болды. Түн мен таңның арасында тұтастай ғұмыр кешкені рас бірақ. Бойын буған жылылық алға ұмсынтқанымен, жайылған құшағы қаңыраған әуеге ілінген. Көптеген балалармен Айдос та қорабына секіріп мінген машина ауылдан алыстап, ноқатқа айналғанша міз бақпай, қасындағылардың тарап, жалғыз сопиғанын аңғарғанда, дүние шырылдап қоя берді. Жөндеп қоштаспады екеуі, ол, әлде бұл қымсынды ма, қазір есінде жоқ. Тағы да бәз-баяғы айтылмаған ән, шырқалмаған жыр ішінде тұншықты. Сүюдің, сүйіктісі болудың не екенін әлі түсініп көрмегенімен, жан дүниесіндегі төңкеріс есеңгіретіп кеткен. Айдостың үнсіз аймалағанына тұңғыш рет үнсіз жауап қатқан. Бір-бірін қимай ұланғайыр кеңістіктің екі жақ шетіне қалауларынан тыс ажырап бара жатты. Араларындағы шекара шексіздікке жалғасып, аяз жайлады төңіректі. Ынтық сезім дар-дар айырылды иесін таппай.
Әл-дәрмені құрып, ілби атағанда, сұстылық пен сестің қыр соңынан өкшелеген қақпанына тағы түскен, Қаһарманың өңмеңінен өткен суық жанарынан селк етті. Бағанадан қалайша байқамаған, шығарып салушылардың ішінде жоқ сияқты да. Қыздың алды-артынан зілді кекесін көлегейледі, ащы уыт лық-лық төгілді Қаһарманның сазарған түсінен. Қанша жайбарақаттыққа басқанымен, бір түрлі тіксіне өрекпіді. Айдай әлемде жападан-жалғыз адасқандай онсыз да жапа шеккенде, әдейілеп атылған оқтың нысанасына дөп келді. Жігіттің қос қарашығы шүріппесін басып-басып жіберді, дәл көздепті, бір орнында қорғансыз тыпырлатты бұл бейбақты.
Сонда ертеңгі пұшайман жағдайын бағдарламапты ғой. Кеудесін алыпұшқызған төңкерістен ес жиғызып үлгермей, құдай атқыр тәні өз алдына төңкеріс жасап, қыруар жаңалыққа, кенеліпті. Әйел затының тәні неткен опасыз, мықтап сүріндірді, дұшпан ниеттің табанына жаншытты. Айдос екеуіне ортақ үнсіз ұғыныстың жетегіне ергенде, мейірімінің шалқар айдынында жүзгенде, бүйірінен тепкілеген тіршіліктің басқаша дәні әлдеқашан тамыр жайыпты. Мүлдем басқа арнаға бұра тартты бұның қиялын.
Қазір ешкімнен, ештеңеден емес, кәдімгі өз тәніне өзі кіріптар. Сол кіріптарлық Қаһарманға жаутаңдатпақ. Жүрегінің әмірінен гөрі тәнінің әмірі өтімдірек. Екі жастың біріне жетпей өрімтал бойындағы өзара қырқыс, өзара сауда-саттықтан жынданып өлмесе жарар-ды. Оңашалыққа асығып, ен даланы кезгенде, бұрын көкірегі тазарып қайтса, енді жылай-жылай шаршап қайтады. Қырсық қылғанда, мауқын басып, шерін тарқатар басқа жер де таппайды.
Орманның жөні бөлек, айғайла, шыңғыр, жыла, еш кедергі жоқ. Қайта айналып үйіңе жеткенше, домбыққан бетіңнің, көгерген ерніңнің бояуы табиғи түсіне еніп, түк болмағандай. Әжесінің назарына ілінбесе, ештеңеден қаймықпайды, атасының бұны тергемек түгілі бас көтеруге халі мүшкіл. Бәлки, әжесі де сондықтан мән бермей жүр, кейінгі кезде шөгіп, бүкірейіп барады. Көздерінің нұры да семгендей. Бұның жәйін тексерерлік шамасы аз. Ауылға көшкендері жақпады қай-қайсына да. Бейнебір әдейі дайындалғандай-ақ, атасы адамдардың ортасына келгелі ауру. Әжесінің күрсінуі көбейді. Өзінің түрі мынау. Жоқ, жалғыз үйлі мекені әлде қайда артық. Сәнсалтанатқа тұнған қалың ағаш қойнауында, атжал толқындары көкке шапшыған шалқар көлінде мұндағыдай құлазымаған, мұндағыдай қиналмаған. Қайғы дегеннің не екенін білмеген. Қыбыр-жыбыр қауыммен қалай қауышты, солай сорға батты.
Шөптің, тастың, дауылдың, мүмкін жасыл жайлау орманның қызымын деп ойлағанда, әкенің, шешенің қызымын деп есептемеген. Оған бір үйдегі үшеуі ағайынды көрініп, әке-шеше атауын айнала табиғатпен ғана қабыстыратын. Өзінің ес жиып, етек жапқалы дағдыланғаны, үйренгені жалғыздық пен тыныштық та. Жалғыздық пен тылсым тыныштықтың иесі болар демепті. Сөйтсе, тән екеш тәнінің де иесі табылып, өрмекшінің торындай шытырманға кезікті. Басы аяғына, аяғы басына, көзі қолына, қолы көзіне бағынбаған дағдарыс. Бір жүрегінен мың жүрек туындап, дүрс-дүрс соққандай, орман-көлдің жалғыз қызы мың қызға көбейгендей. Бұған дейін ол жер бауырлап, қыбырлап тірлік кешетіндерді, тасбақа, кірпішешен, құрт-құмырсқаларды қор санайтын. Қомдайтын қанаты жоқ, құлаштайтын қары жоқ жәндікке аяушылықпен қарайтын. Мына жағдайын солардың кебімен ғана салыстырар еді. Жер бетінде жүрудің батпан жүгі тірсектен қаққанда, бәрібір биікке өрмеледі. Қияда өскен шынарға талпынып, кездейсоқ шақта шалып құлатқан тағдырының сатқындығына, тәнінің сатқындығына налып еңіреді. Ондағысы қысыр қайғы, айғақталған дәнеңе жоқ-ты. Бірақ аппақ тәніне қылау жұқтырғанына опынған. Қылау шалғаны – қамыт түскені екен мойнына. Құдай-ау, тағы да жақсылықпен есіне оралады, со жолы құздан секіргенде, көтеріп алған Айдос қой. Жылап-сықтағанын бетіне баспады, орны толмас қателікке ұрынғанын сөкпеді, қазымыр мінез танытпады. Қолтығынан сүйеп, иығынан демеді, еңсесін көтерді. Соның ықпалы емес пе, мылқаулық құрсауынан сытылып, емін-еркін билегені алқалы топтың алдында. Сол түн таңғажайып таңға ұласты – сүйікті екенін, өзінің де, сүйетінін алғаш рет ұқты. Жалт етіп жоғалғалы тұр-ау алтын арай. Қаһарманның қарасұр жүзі шыдатпады, езуіне үйірілген мысқыл күлкісі тышқан аңдыған мысықтың тілеуін байқатқан. Ұрлығының үстінен тарпа бас салғандай тырп еткізбеген. Мысқыл күлкі бытыраңқы ойларын жинақтатып, әлденендей қатер-қауіптен хабар бергендей бойын дір еткізіп еді.
Қораның қақпасын әлдекімнің ашқаны білінді. – Кім екен, мана кіргендей еді ішке, есікті таппай жүр ме сенектің, қараңғы ғой, алдынан шықшы, – әжесі көше жақты нұсқады. Сан алуан өрнекті – қызылды-жасылды маталардың ыңғайына орай ойша сызғылаған Ая сыртқа беттеген. Табалдырықтын сүріне-қабына аттаған адамның даусы да қабаттаса естілді. – Кеудесі құрғыры қысып әкететінін қарашы, қарға адым жер мұң қартайғасын. – Айдостың апасы демін алқына алды.
Ая орындықты сүйрей жүгірді. Қуаныш аралас қобалжу сезімі биледі өнбойын. Әжесі де жылы шырай танытты. – Жоғары шық, есіктің түбіне отырғаны несі? – Тоқтасаңшы, сәл тыныстайын… – Мәсінің сыртынан сұққан кәлөші оңайлықпен шешілмей біраз әуреленді, – былғаныш болғасын қонышы ұзынын киіп едім, құрғырдың жабысып жібермейтінін қарашы. Иә, мал-жан аман ба, елдің шетінде, желдің бетінде жалғыз өздерің, көптен хабарласпағасын... – Құдай деп отырмыз, көктемнің райы жақсы, жер аяғы кеңісе, ел тыныш болса, не қажет бізге? Балаңнан хат бар ма? – Отанның тыныштығын айт, иә… хат келді кеше, күшіктің саулығына шейін сұрапты. – Белін жазып, түбіт шәлісін, шапанын Аяға ұсынып төрге озды. – Оу, жарқыратып қойыпсыңдар ғой байлықты. – Әлгінде ғана Аяға айтып жатқанмын, апаңның өтінішін орында тезірек деп. – Асығатын не бар, Айдосым келгенше істеп берсе жарайды. Екі кемпір шүйіркелесіп шәй ішті. Әңгімелері барған сайын жарасып, маңдайлары жіпсігендей. Әжесінің қабағы жадырап, дастархан жуықта жиылатын емес. Шәйнекті отқа қойып алады анда-санда. – Мынау адал күмістен соққан сақина еді, әй, Ая, Ая, келші, қолыңа салшы. Саусағыңның өнері құтаймасын, шеберлігің артсын. Жұлдызың ыстық сенің осы маған! – Айдостың шешесі Аяға елжірей қарады.
– О, Төке, жол болсын, қайдан жүрсіз? – Билеттер кассасынан шыға берісте Қаһарман Тілекті жолықтырды. – Көрінбейсіз ғой. – Өзің ше? Ағаңды іздеуді қойдың. – Қалбалақтай сөйлеген Тілек қайтақайта басын изеп, қолдарын қусыра жан-жағына жаутаңдады жөн-жосықсыз. Дірілдеген саусақтарын біресе жеңінің ұшына, біресе қалтасына тығады. Бет-аузы жыбырлап, қарашықтары тоқтамайды, тура қараудан қаймыққандай. – Мен біржолата кетпекпін, қызмет орныммен есептестім. Ертерек билет алайын деп. – Ә, – деді селсоқтау Тілек, – дұрыс, жумаймыз ба ендеше… Иә, қайда сапар шекпексің? – Үйге, Алматыға. – Қаһарман не істесем екен дегендей, ойланып қалды. Ресторанға апарып, ауқаттанудың жөні қалай болар екен? Көңілдес келіншекке уәде беріп қойған, тосып отырған шығар. Бір жұмадан кейін кетеді, әйелдерімен
дұрыстап қоштасу да парыз. Ақша ұстатудың қисынын таппады, намыстанар деп қаймықты. – Келіннің мінезі жақсы екен, үйге кіргізсе. – Ә, – дей салды Қаһарман. Мұның жағдайынан Тілек хабарсыз да. «Келінінің» жаңа семьясы барын айтып жатпады. Туыстарының қолындағы ұлы, сегізінші класта оқитын. – Баламды сағындым, жылға жақын, көрмегелі, хат жазыпты, ұлыма барамын. Сағынған шығар ол да. Қандай керемет, ұлың өсіп жатса, өзің осы жақта емін-еркін өмір сүрсең, жыл аралатып барғанда, құшақ жая қарсы алса, бақыттысың… – Төке, мен қазір, – Қаһарман анадай бұрыштағы телефон-автоматқа аяңдады. – Сіз тоса тұрыңыз. – Алло, бұл Қаһарман. Біз екеуміз, шәй қайнатсаңыз жеткілікті, келуге бола ма? Да или нет… рахмет! Ал, кеттік, Төке. Тілек «қайда» деп сұраған жоқ, бәя-шәя қуанып, соңынан ерді. – Біз кідірмейміз. – Есік ашқан аққұба, әдемі келіншекпен сәлемдеспеді Қаһарман. – Ренжімесеңіз, ас бөлмеңіз бен екі кесеңізді қисаңыз. Мына кісі ағайым, кездейсоқ кездесіп қалдық.
– Жоғары шығыңыздар, – деп үй иесі жылы шырай танытты, – асығыссыз ғой, батырым, – Қаһарманға сыбырлай мойнын созып, бетіне бетін тақады. – Танысыңыздар, Төке, қарындасыңыз ба, құдашаңыз ба… есімің қалай еді көкетайым? – Бұл енді осылай… аға, залға өтіңіз, міне... – Ау, көкетай, айтсаңызшы мына ағаңызға атыңызды. – Торша, – деп қолын созған айналып кеп, қонағы ортаңғы залға еніп үлгеріпті, Қаһарманның кеудесіне сүйенді. – Тым құрығанда, бөтен жұрттың көзінше басынбашы. Стол жасап қойдым арнайы, қуырдақ дайын.
Тілек пен Қаһарманның әңгімесі аяқталар емес. Шараптың қызуынан ба, көздері шырадай жанған Тілектің түрі өзгеріп, ашылып-шашыла сөйледі. Торша ас бөлмесі мен екі ортада лып-лып. Қаһарманға бауыр басқаны аңғарлады қиылған қас-қабағынан. Жігіттердің алдындағы асты әлсін-әлсін ауыстырып, құрақ ұша қимылдайды. Столдың үстіндегі ыдысты, шыны рөмкелерді түзей әшекейлеп, шанышқы, қасықтардың қалай жатқанына шейін назар сала елпелектегені қызық, сонысына рахаттанғандай, балаша мәз. Тілектің дауысы құлағының түбінен әлде қайда ұшқандай, мән бермеді. Ынтызары Қаһарманда, қалауын дөп басып, шырпы, темекісі, күлсалғыш па, қай-қайсын дәл қажетіне ұсына қояды. – Аяға құда түсіпті, біздің шал нашар жатқан көрінеді, елдің адамдарынан естідім. – Тілектің сөздері шашыраңқы шықты, не айтқанына өзі де зер салмағандай. Қаһарман демін ішке тартты. Әлден уақытта жасандылау сүлесоқтықпен «кімге» деді рөмкелерге құйып жатып.
– Маған қазір көрінуге болмайды онда. – Тілек бұның сауалын жауапсыз тастады. – Қай бетіммен көрінемін... жоқ, барамын, тиіспін баруға... хақым бар ма, жоқ па, айтшы, інім... жоқ, бармаймын, он күндей үзілді-кесілді ішпесем... иә, иә, ішпеймін он күн, әйтпесе мына түріммен... баяғыда ант еткенмін анама, өлімтігімді көрсетпеймін деп. Адаммын ба, итпін бе, ит құрлы көрмейді мені олар, білесің бе, ит құрлы... – Төке, шаршадыңыз-ау, ә... – Шаршадым, дұрыс, шаршадым, бірақ сен кетпе, інім... бірақ кетесің, үйіңе, балашағаңа ә... билет алуға бармасаң ғой, кездеспейміз екеуміз, ә... менен бәрі қашады, сенен басқа. Рахмет, інім, сен нағыз адамсың, масштабно мыслишь, данышпансың... Манадан көбелектей қаперсіз ұшып-қонған келіншектің жүзін кірбің шалды. – Билет алғаны несі, қайда кетпексің? – Үйіме, көкетайым, үйіме. Мы друг другу ничем не обязаны, көкетайым... к тому же я предупреждал вас, көкетайым. – Ақырын, - деді келіншек Тілек жақты көзімен нұсқап, - айғайламасаңшы. Тілек мұны естімеді, отырған диванына қисайып, қорылға басты. Бет-аузы бір уыс қатты қиналғандай. Қолдары тартылып-тартылып қалған алдында, енді бүткіл денесіне тарағандай, ықылық ата қалшылдайды аракідік. Қаһарман жиналып киіне бастады. «Бұларға барып қайтайын, шалдың жағдайын білейін, Аяға құда түскені анық па екен» дүдәмалданды іштей. Тілекті кездейсоқ жолықтырмаса, қаперіне кірмейтіндей олармен қоштасу. Соңғы үштөрт айда мүлдем хабарласпаған. Торшамен танысқалы мұршасы да, уақыты да жоқ бұрлуға. Қылығы тәтті, иіліп бүгілуден жалықпайтын әйелдің ашқарақ құшағынан босап сытылу бір машақат. Шөлін асықпай қандырған түйенің ұзақ сусындағанындай көрінеді ол Қаһарманға. Сүйкімді, әрі мүләйімсіп, бұны жалындырмайды, ыңғайына оралымды. Торшаның көзі бақырайып, өңі бұзылды. Әлгіндегі жайбарақат, маңғаздығы кілт тиылған. – Мұның не, – деді сасқалақтап, – мынауыңды да әкет ендеше. – Қорықпа, оның ешкімге зияны тимейді. – Қаһарман киінгенімен, асықпады, нақтылы шешімге әлі келіңкіремей, көзі түскен орындықтардың біріне сылқ етті. – Енді қашан ораласың? – Торша қипақтап, қасына жақындады, иығына қолын артты батылсыз. – Мына жігітті танимын күзетші ғой деймін, әйтеуір көргенім бар, заводтың ба, жұмысшылар жатақханасының ба күзетшісі... Қандай әп-әдемі адам, қандай аянышты... – Күрсіне алқынып, кібіртіктей сөйледі. – Саған жаңалығым бар, сәрсенбінің сәтіне бүгін айтсам ба дегенмін... біздің... біздің нәрестеміз болмақ... – Не?! – Қаһарманның әлде таңырқағаны, әлде ренжігені белгісіз, – құттықтаймын. – Мысқылдайсың, ә... – Торша күйзеле тіл қатты, қолдарын жігіттің иығынан тартып алды, – ужас, какой ужас... – Поздравляю с ужасом, ал, кеттім, қайыр хош, құдай жар болсын саған. – Ештеңе айтпайсың ба?
– Не айтамын? О бастағы келісім есіңде ме? Мен ешкімнің алдында қарыздар емеспін, ұлымнан басқа ешкімнің алдында. – Мүмкін, мен де ұл туармын... – Еркіңіз білсін, не істесеңіз де шаруам жоқ. – Өмірімде сендей еркек көргем жоқ. – Мүмкін. – Сонда не істеуім керек? – Медицина көмектеседі, түк те қиналмайсың, көкетайым, түк те... біріншісі де, соңғысы да сен емессің, әйтпесе не ойладың әуелде? Жаны күйіп кете жаздады Торшаның. Астыңғы ернін тістелей басын шайқады. – Қандай залымсың, – деді сыбырлап,– қандай залым, ә... – Көмекке шақыр, қызметіме бар, қоғамдық ұйымдар, милицияны шақыр көмекке, менен рұқсат, арыздан жоғары орындарға, бәлкім, мақсатыңа жетерсің. Жігіт қарқ-қарқ күлді. – Ә, солай ма – деп дереу бойын тіктеді Торша – тапқан екенсің былжырақты, жалындырмасын, мігітсің сен, естимісің, кет осы арадан, жалтырат табаныңды тезірек, ықыласымнан, адал ниетімнен садаға кеткір. – О, міне, осының жөн, манадан сөйтпейсің бе, бәсе... әйелдердің осылай айғайлағанын, лыпасыз, ашық айқасқанын жаным ұнатады. Бұдан әріге төзбеді Торша. Иегі кемсеңдеп, теріс айналды. Тілек жатқан диванның шетіне бүктетіліп отыра кетті. Қаһарман сағатына қарады. – Тура қатынайтын рейстен қалып қойыпты, әттеген-ай, енді қайтсем екен? Аңтарыла басын көтерген Тілек екеуіне алма-кезек жалтақтады. – Сіздерге не болған? Оу, інім неғып киініп алғансың? Мен ше... қазір, тоқта... – Жәй әншейін тоғасын, асықпаңыз, ешқайда бармаймыз. – Қаһарман жазғы пальтосын шешіп, орындық арқауына тастай салды. – Әйелдердің ашуланғанын ұнатамын, ашуландырғанды одан әрмен. – Мұныңды құптамаймын, әйел-лллдерді ренжітпеу керек. – Кірпіктері ашылып-жұмылған Тілек сұқ саусағын шошайтты. – Қарындасым, бері қараңызшы, бұл өзі сөйлей береді, Тіліне ұшық шықаншы, жалпы жігіттің төресі, көзіне айтқан емес, жігіттің төресі-ақ... сіз, құдай үшін, қабағыңызды түймеңізші, әйел қабақ шытса, берекем қашады, әйелдің қас-қабағынан қорқамын. Торша тырс үндемеді. Қолдарын айқастырып, басын шалқайта қабырғаға сүйенді. Қызыл гүлді жібек халатының етегі еден сызғылайды. Әлгіндегі құрақ ұшқан жағдайынан титтей із қалмағандай. Белін бекем буған әлденеге. Қаһарманның әрі масаттана, әрі сынай тінткілегеніне жауап қатпады. Ұзақты күнгі, тіпті ұзақ айлар бойғы мүләйімсігені, қылымсығаны, құлап-сүріне жалбақтағаны жалған тәрізді. Мағынасыздықпен төбені, бұрыш-бұрышты кезген жанарына мұң ұялаған. Балаша мәз-мәйрам жаңағы сәтінен лезде өзгергеніне не себеп болғаны түсініксіз. Елпелектей ұшып кете жаздаған, енді кеп мүсіндей қатып, тас түйін. Тілек сұраулы мағынада Қаһарманға жаутаңдады.
– Мен хараммын, – деді Қаһарман сызданып, – рас хараммын, ақылды әйелдер сондықтан сүйеді... құдай ақы титей кінәм жоқ, харамдығымнан басқа... міне, мына көкетайымда ренжиді маған, не істеуім керек. – Ренжітпеуің керек, солай ғой, қарындасым – Тілек Торшаға бұрылды. – Сіздің әйеліңіз бар ма? Келіншектің оқыс қойған сауалынан сасқалақтап, есі енді кіргендей Тілектің. – Әйелдер қайтеді мені, тырнағына татымаймын олардың, шындықты мойындаған жөн сіздей қарындастың алдында. – Біз не күйге ұшырамақпыз сонда? – О, сіздің халіңіз ешқашанда нашарламайды. – Рахмет, айтқаныңыз келсін. –Көкетайым, мүмкін болса, шәйді ысытып құйыңызшы... харам жаратылғаным үшін кінәлі емеспін, көзіңізбен атпаңызшы. Сізге қиын тисе, кете салайықшы. Да или нет... Ықылассыз ас бөлмеге аяңдаған Торша асықпай қайтадан дастархан қамдады. Жігіттердің кетуін қаламайтындай. Қанша ызғар шаша ақтарылып танғаны мен, түсініксіз жағдайының ыңғайына келешекте де мойынсұнып, дірдең қақпақ. Өзін сүймейтін және соны әлдекімдердей әшекейлеп-жасырмайтын Қаһарманға бәрібір құрақ ұшатынан ұқты. Сөйте-сөйте өзін алдап, аранға алдарқаттанарын болжағаны мен, қайсарлық танытар шарасы жоқ. Бұрқ-сарқ әлгіндегі ашу шақырғаны тез басылды. Үнемі осылай, бетін қайырып енді көрмеспін дегенімен, Қаһарманның жәбірлегеніне, қорлағанына шыдауға мәжбүр. Нендей күштің мәжбүр қылатынына өзі де қайран. Міне, Қаһарман, араларында еш шатақ жоқтай, көсіле сөйлейді. – Бұ кісі бәрімізге керек, бұ кісінің ықыласынан, пейілінен үйрену керек бізге, Төке... ықыласты бауыздауға болмайды... сол үшін, яғни Торша үшін алып қойсақ... шын пейіліммен тілеймін, Торша, құдай сізді ешқашан құлатпасын. Сіз таудай адамсыз, сондықтан таудай адаммен таудың басында сөлесу керек. Рөмкені соғыстырып, ерніне тигізер-тигізбесте столдың шетіне қоя салды Торша. Майда үн одан әрі жалғасып, сөзден бал тамызғандай, тыңдаса. Бір де біріне нанбады, тиып тастауға және дәті бармас. Шеге қаққандай нықтап, әрбір әріпке салмақ артар Қаһарманның мұнысы өзіне көрсеткен ең зор ілтипаты. Абыройы асыра іш тартқаны қаламын, үйінде қонамын дегені. – Диванды жазайық, – деді келіншек көңілсіздеу, – екеуің сыймайсыңдар әйтпесе. – Еркің білсін, маған бәрібір. Құрастырмалы кереуетті сықырлата кухняға апарып жайды. Елегізи берді Қаһарман жаққа. Әлсін-әлсін түрегеп, шамды бір өшіріп, бір жақты. Ваннаға кіріп біраз тұрған, жүрегі өкпіді. Тыпыршығанымен, айналасы тып-тыныш, қаңыраған төрт қабырға, аппақ сыланған төбе, төменнен бе, жоғарыдан ба, краннан сарылдаған су. Құлағын әр нәрсеге түріп ұйқысы қашты. – Одан да шақырмайсың ба, өйтіп қиналғанша, – Қаһарманның даусында сол баяғы кескін, сол баяғы мысқыл.
– Сәл кешіксем, жүгіріп кеп, өзің оятар ең, ә... екі көзіңіз төрт боп, күтіп жатқаныңыз рас енді, менің харамдығым сіздің тілегіңізді айнымай тауып, қызмет еткенімде ғана, көкетайым. Торшаның білектері мойнына асылғанда көңілі көншіп, естілер-естілмес мырс етті. Әйел дегенің мысық мінезді-ау, сипасаң, секіре тізеңе қонақтап, жалп құлайды. Оңайлықпен құтылмайсың содан кейін, мезі ғып, мияулап құртады діңкеңді. – Мені таңқалдырған бір ешкібас бар, – деді кеудесіне жабысқан келіншектің шәшін салалай, – керемет. Қыз затында ондай жоқ, жападан-жалғыз, менде жалғызбын, жалғыздықтан жаны шырқыраған соған асылың, асығың, ғашығың болайын, күндіз құлың, түнде жарың, Қаһарманың болайын десем, көнбейді. Маңдайға жазса, не істеймін, бірақ одан айырылсам, сүйенішімнен айырыламын ғой, ә... – Мен ше, мен... – Құшағында есіней манаураған әйелдің үні зілсіз, бұның не айтқанына түсінбегендей. – Алтын бала, таза бала, – деді үзілген ойын жалғап, – мені ол қалай таптасада хақылы, мен оны бәрінен де жақсы көремін, менде қазір екі сағыныш – ұлым және әлгі алтын бала, керең бала. Жалғыздық пен кереңдіктің дертіне шалдыққандарды сүйемін. – Іштей мойындаудан қашқақтайтын, Аяға қатысты ойларын ашықтанашық тізбектеген мәнісін енді түсінді. алды-артын бағдарламай соқыр сезімге елтіп, мас болған мына әйелдің қайтсе де жанын күйзелту, қайтсе де аласұрту. Бірақ ол былқ етпеді, омырауына бетін көміп, өліп өсе иіскейді, сүйеді, өз әлемі өзінде. Қырсықтығын, ит мінезін біле тұра көнеді, өзі көріп таныған әйелдің бәрі осындай. ... Ертеңіне Қаһарман жолға шықты. Аққатын бұны әрең шырамытты, қарашықтары суалыңқырап, күрт қартайған. Шал танымады да, бозарған қалпы, төсекте жатыр. – Көзімнің тірісінде Аямды құтты ұясына қондырсам, арманым жоқ. – Бұрынғы мақамы емес, әбден жұқарып тозған жүйкенің пошымы. – Күні кешелері қолымды сілтейтінмін, өзін көпшілікке көрсетуге дауаламайтынмын. Аяның тілі жоқ дейтін емес, айттырып дамыл таптырмады жұрт. Қолының ебіне, шаруаны дөңгелетіп әкететініне қызығатын шығар, қайтейін. Мүжілген сүйектей сымпиғанымыз мынау, қарыс атам мұң болған уақыт, жалғыздан қайыр шамалы. Тілектің амандығын сұрамады. Үй ішінің жадаулығы бетке ұрғандай. Қаһарман кемпірдің сөздерін тыңдап отыр. Болжаған жаңалығын қашан айтады дегенімен, Аққатын асықпады. – Он жетіден асты, теңі табылса, тегін бер деген, көшкенде қарасын іздемесек те, елді, жұртты сағалағанбыз. Қисая кетсек, ертең басымызға дұға оқитын да көпшілік. Аямыздың осы ауылда орын теуіп, артымызда түтін түтетіп қаларына шүкіршілік. Әлгі Айдостың туысқандары алдымыздан өткен, бала әскерде, білесің ғой, жан-жақтан құда түсушілер көбейгесін, көңілдеріне секем кірді ме, қайдам. Сырға таққасын қыздың әркімнің көкейін тесетіні рас, қозы, лаққа ен салғандай, меншіктеуге үйір емес пе. Жайнаң қағып, көз қызықтыруға тырыспаған, өзі танып білгендердей қылымсымайтын Ая бұрынғысынан да сұлуланып, бет ажары толысыпты. Ұшып-қонған елгезектігінен тиылған, жинақылық салмақ бар
бойында. Тек жанары солғын, мұң ұялаған, тіксіне қарайды, тексере қарайды, тіпті жалына қарайды. Бұның астарында жаңалық жатқанын сезді Қаһарман. Міне, міне, ұқсайды тәңірі жарылқаған ныспысына, түріне, кәнігі таныстарындай, кешегі Торшадай жайдақтыққа, көнбестікке таяп келеді. Ә, бала, солай ма, қайда кердең-кердең кешегі кеуде шекелей сәндеген кешегі пандық, мұрның шүйірген кешегі менмендік. Ескертпедім бе, еш айырмашылығың жоқ мен тамашалаған ұрғашыдан. Тәйірі-ай, сен де кәдімгі төмен етектіге айналыпсың, мәймөңкелеуді үйреніпсің. Аяның қызара бөрткен жүзіне, әлдене түсіндіруге талпынған көзерінен сыр түйген жігіт ежелгі қазымырлығына басты. Әйел табиғатының бүге-шігесін қазбалап зерттеуге, әсіресе асқақтық танытқандарының жетер шегін осылай қызықтап, талқанын шығаруға құмар. Аяға жылы ниетін, құдай сақтасын, бүкпесіз төгуден аулақ. Басқаларға қыр көрсетуге, Торша сияқтыларға жағы талмай мақтап, әдейі аспандатуы үшін қажетірек алай-түлей сезімі, қызға деген ықыласы. Іштегі толассыз бұлқынысты саудалап үйренгендей басқалар мен байланысында. Бүлк-бүлк тамырларының білеуленген тарам-тарам іздері, лүп-лүп соққан демі, сәт сайын талапайланып, дағдарысқа ұшырап жатар жан дүниесі біреу емес, жүздің, мыңның қиямет-қайымын өткергендей. Өзін де өзгені де қазбалай ит әлекке түсіруге, ышқындыруға бейім баяғы дағды қайтадан атойлады, қасапшылық мінез қайтадан ентеледі Аяның зарыға тосқанын байқап. Еркіндігін жоғары қойып, арын тудай желбіреткендердің шама-шарқына осылай үңілу неткен ғажап, мұндай мүмкіндік Қаһарманның тәжірбиесінде мүлдем кездеспеген. Сондықтан да тәкаппар қыздың қалт еткен қыбырын дереу қағып алады. Бағыныштылығына көзі жеткен сайын қуаттанып, бүрсеңдеткен үстіне бүрсеңдетуді қалайды. Тәуелді жаратылған жағдайын түйсінуге әлі де жетіліңкіремеген аңқаулығы аяныш туғызғаны мен әсемдігі таңдай қақтырып, ақылы көңілінен шыққанымен, бұл оны бауырына тартпады. Алыстан бақылап, алыстан тамашалады, екеуінің арасында тор құрылғандай. Бұл арнайы тор құрса, Ая соны бұзуға әрекеттеніп, шарқ ұрды. Қаһарманға керегі де осы. Одан кейінгісі мәнсіз бірдеңе, діттегеніне жетіп, жәй тапқасын, Аяның да басқалардай құрақ ұшуға дайын екенін анықтағасын, аптығы басылып жүре берді. Келгендегі негізгі мақсаты да сол, Аяның дір-дір кірпіктерін, әлдеқайда бұра тартқан жанарын, бүкпесіз сырласуға шақырған ниетін байқап, жалықтырғанша қызықтап, тайып тұру сияқты. Енді Аяның етегіне жармасқанының куәсі болса, о, міне, асқақтық дегеннің әншейін сандырақ екені. Алғаш қосылған келіншегі тым өр еді, осы мінезіне шыдамады. Ақырында бұл емес ол тастап кетті. Қаһарманға өрлігін өлермендікпен дәлелдеген сол ғана. Қатын-қалаштың жолын аңдып, оңай олжа іздеген күйеуіне ерегіскенде маңдайынан шерте таңдап бақытын тапты, үбірілі-шүбірлі. Ал, өзі ше? Әйелге деген сенімін жоғалтқан ауыр соққы әйелге деген өшпенділік дәнін септі жүрегіне. Абыройын төккен сол масқараның орнын әлі толтырмағандай. Сүйіп үйленген келіншегінің бейнесін ұмытуы қиынға соққан. Кеудесін кернеген кекті талай-талай қайтарған орайын келістіріп, үйреншікті дағдысына айналды
бертінде, әйелдің өз тарапынан бағыныштылығын қызықтау-айықпас «ауруы». Келіншегінің еншісінде кеткен өкінішін осылай жуып-шайған. Бір кезде келіншегін сүйдім дегеніне қазір нанып-нанбауы неғайбіл. Сүйіспеншілік атты ұғым өгейлік танытқасын, өзі де оған аяусыздық танытудан жалықпады. Мынау періште қыздың не жазығы бар? Ешқандай. Сөйте тұра кінәлауға мәжбүр, әлсіздігі, құлағаны, жығылғаны үшін. Құлатқаны үшін өзін айыптамайды, пешенесіне лайықты парыз деп біледі. – Солай, ешкібас, басыңмен істегенді мойныңмен көтересің. Қызға кім қырындамайды, қымызды кім ішпейді, ту-у, неткен дарақылық, соны айтып тұрған мен, ә... хараммын, ә... жаутаңдайсың, ә, қайда баяғы аспандаған жанарың, қолды-аяққа ұстатпай шапшығаның, қайда құрық тигізбеген асаулығың, қайда-а... жынынан айырылған бақсыдай шошайып, үнсіз телміресің. – Аяға жақындап саусақтарын жүгірте иегін сипай көтерді. Үлбіреген ақ тамақ, жұпар аңқыған омырау баяғыдай жарықпен таласып, көзалдын қарауытты. - Ту-у, неткен сұлулық, неткен нәзіктік. Ешкі бас, қалай шыдап тұрсың, құшақтасаңшы, аймаласаңшы. Қымсынар нең қалды енді, қармасаңшы менен, ә, осы қаттылығың ба сенің, сорлы бала, ештеңеге ебің жоқ, сорлы бала. Аяның сұлқ қалпы. Көрмеге қойған жабайы аңдай сыртқы пішіні. Жігіттің жүзінен әлдене іздегендей елегізіп, жанарына жанарын тосады, басын шайқайды әлсін-әлсін. Қай жағынан айналып үйірілсе де басын шайқап, қабағын шытқаны Қаһарманды ойлантайын деді. Қарама-қарсы жайғасып, қыздың қабағын аңдыды. Соны күткендей, Ая бұның күректей алақанына кішкентай алақанын сүңгітті. Жәудіреген көз, дір-дір кірпік, бір қызарып, бір бозарған бетінің ұшы – бәрі тұрған дәрменсіздік. – Түсінші, - дегендей қиылып – түсінші жағдайымды, қайтаршы мұңсыздығымды, шуақ күндерімді, албырттығымды. Нендей сұмдыққа ұшыратсаң да иесі сен, құтқаршы, амалын тапшы. Не бұйырсаң да құлыңмын енді, басар жер, барар тауым жоқ өзіңнен басқа. Еріксіз баса-көктедің, мезгілсіз солып, жеткен шамам осы, бұдан әріге таусылды төзім, күйреді сенім, үзілді үміт. Күйреткен сенсің, әйтпесе мендегі қиял басқа еді. Көндірдің, көндім, тек қана табасына, мазағына қалдырма анталаған дұшпан көздің. Шаршадым сені тосатоса, сарғайдың ғой. Келдің-ау әйтеуір зарықтырып, әкел қолыңды ендеше. Қаһарман тітіркеніп, қолын жұлып алды. Әлгіндегі бойына жәйлі тиген майда қытық жоғалғасын қоңылтақсып селқос қалды. Оң жақ білігінен мықтап ұстаған қыз саусақтарының дірілінен шошынды. Өзімсінген, біржолата еркіне құлағандай болған қызға, неліктен екені белгісіз, қанын тарта сұрланып, қатігездік танытты. Күнде көріп, күнде безіп жүрген әйелдерінің қатарына сіңіп бара жатқандай, Аяға жексұрындықпен міз бақпастан қарады. Құрығаның осы, енді үйренесің жалған мүләйімсу, жалған жымиысқа. Үйренгенің осы. Халің нашар, ешкі бас. Сүттің иісі бұрқырайды тәніңнен, қош иіс атқылайды алқымыңнан, әйелдің иісі ешкібас, әйелдің. Құлынның шырқырағаны естіле ме, қалай еді? Мен бірақ сені тастап сірә де кете алмаспын, өйткені жылқы мінездеспін ғой, құлынына айналып соқпайтын, кісінемейтін жылқы бола ма? Қамшылаудан есеңгіреп жуасыған жылқыдай атаңа нәлет жігіттер де кісінеуден, кісіліктен қалып бара ма, қалай өзі? Сол сілімтіктердің бірі мен бе, қалай өзі? Жо-жоқ, сені түбегейлі табындырып,
досыңа айналу үшін ең алдымен жауыңдай сескентуім керек, ешкібас, сонда ғана жетерсің қадіріме, жеткізермін қадіріме. Өкпелеп қалдың ба, кешір мені, жеңбей тынбассың сен. Теріс айналған Аяның иығынан қапсыра құшақтаған. – Өмірге қандай қарасаң, ою-өрнекке сондай қарағаның үшін сүйемін, өнерге, өрнекке қандай жауапкершілікпен қарасаң, өмірге де сондай қарағаның үшін сүйе... Сол жағынан шарт етті шапалақ, беті дуылдап, айналасы шайқатыла теңселді. Құлай жаздап тепе-теңдігін әрең сақтады. Ширақ адымдаған Ая терезе көзіндегі жалғыз орындыққа барып отырды, бөлме іші өлеусірей күңгірттеніп, еңселерін көңілсіз де, ыңғайсыз тыныштық езгіледі. Бір сәтке есінен адасса да, қыздың оқыс қылығына сүйсінді. Қаһарман шапалақтың денесін тұшындырар әсерін басқа ешкімнен сезбепті, байқамапты ешқашан. Аяға ризашылығын білдіре жымыңдады. «Үнемі сенен таяқ жейтін болдым, ешкібас, екеуміз қалай өмір сүреміз? » Қыз жанары ұстатпады, әлдеқайда адасып, өңі бұзылып шыға келді қасқағымда. Тісін шықырлатты ма, тілін тістеді ме, көздері алақ-бұлақ, бұны ендігі тұста елемейтіндей, ескермейтіндей. Ішкі күйзелісін білдірмеудің шарасын іздегенімен, бет әлпетіндегі өзгерісті жасыра алмады. Әлден уақытта көз жасы бұршақтай жауды, дыбысын шығармады тістеніп, сүртіп және әлектенбеді. Қаһарман оның омырауын жуған тырс-тырс тамшыларын көрген жоқ. Жылады деп ойламады. Қырын қараған әлгіндегі кейпінен ауысып, терезеге қарсы бұрылыпты. Сырттан түскен күн сәулесіне, тұтастай өзі малынып отыр. Жігіттің ләм-мим деуге ықыласы да жоқ, батылы да жоқ. Осындайда даурығып, әйтпесе қыршаңқылықпен шымшылап, жол тауып кетер пысықтығының түк ретін таппады дәл қазіргі сәтте. Өресі жетпейтін кереңдік жайлады үйдің қуыс-қуысын. Түкпірдегі бөлмеден әлсіз жөтел мен жарыса құяңы ұстап, жатып қалған кемпірдің күңіренгені естіледі. Кенеттен жігіттің өн бойын үрей биледі. Қаусаған қарттық пен қорғансыздық мекендеген мына шаңыраққа қолымен қасірет орнатқандай. Терезенің аржағындағы күн шапағына табына телмірген Аяның тапжылмаған мүсіні әлгі ойын ежіктей оқытты, сайраған тілінің, былайғылардың құлап-сүріне қабылдайтын танымы, пәлсапасының өздеріне титтей әмірі жүрмейтінін көзіне шұқыды. Мағынасыз ерегіспен уақытты жалғастырып берекесіздікке, заржақтыққа, әдемі тұрып, әдемі бұрылуға машықтанған, бықсыған ішкі сарайын кәкіршүкірмен әшекейлеген өз бейнесі өз алдында зорайды. Бірінен-бірі өткен сөз сарасы – ой жарысы. Аяның алдында арзандап, бойында ділмәрсу, көлгірсуден өңге түк жоқтығын дәлелдегендей. Шындықтан ғана шырқырай өзекті жанға айналып, тіл-аузы байланған қыз бұның байлығын өзіне лақтырып, алыстап бара жатты. Қос қабатты әйнектен сыздықтаған арайды көлеңкелеп, бір елі қозғалмады орнынан. Көк тұман басты үйдің ішін. Жыпылықтаған жанары ештеңе ажыратпағасын ба, басы айналды Қаһарманның. Алыстаған Ая он, жүз қызға көбейіп, жанжағынан қоршағандай. Бұл олай жүгіреді, былай жүгіреді, әлгі жүздеген
қолдардан сытылып шығуға дәрменсіз. Енді құтылдым ба деп зыта жөнелгенде, алқымынан қысып әкетті, құдай-ау, Ая дегені басқа біреу, Торшаға ұқсайды. Қарғысты төбесінен лық-лық төкті, жуықта таусылар емес. – Аппақ тәнім мен аппақ көңілімнің зауалы соққысын; қалтқысыз ниетімнің қаһарына ұшыра, тапталған тазалығымның қара дағы маңдайыңа күйе боп жағылсын; қағажу көрмеген тағдырымның бұдан былайғы талқысының обалын сен көтер; әулетімде жоқ сұмдыққа душар қылғалы тұрсың, қиналған жанымның, қор болған қарақан басымның, көз жасымның киесі ұрсын; жесірлік пен жетімдік ұрпағыңнан арылмай, үмітің өшіп, сенімің күйсін; маған көрсеткен кесірлігің өзіңе кемтарлық, мүгедектік боп оралсын, - Қаһарманның құлағы шыңылдады, зу-зу оқ сөздердің қайдан атқылағаны белгісіз, бірақ етінен өтіп, сүйегіне жетті. Жан ұшыра кейін қарай қашқан, әлдеқашан ажырасқан әйелінің құшағына күмп беріпті. Сонда ғана құтылды азаптан. Әйелінің құшағы дегені стол, етпеттей үстіне құлап, басымен төмпештеп жатыр. Бейтаныс біреудің аузымен өзі танып-білген бүкіл әйел сөйлегендей болдыау әлгінде. Жо-жоқ, қарызы жоқ ешқайсына, өйткені олар жалғыз емес, меңіреу емес Аядай. Борышы болса, Ая ғана, Ая ғана... Баяу көтеріліп, бері бұрылған қыз Қаһарманға жүдеп-жадағандай көрінді. – Қапыда құладым, - дегендей назаланып. – Жүздің, мыңның бәріне қонар аппақ арым арманда кетіп барады, тоз-тозым шықты, ұйқысыз өткен түндерім мен азаппен өткен күндерім шаршатты, қор болғалы тұрмын, сенен басқаның қолы тимеген тәнім неге тітіркенеді, түршігеді, күйіп-жанады тозақ отына, зұлымдық отына? Қатыгездік танытатындай, не жаздым? Менен жерідің, қанымды ішетін жауыз сияқтысың. Осының бәріне кім жауапты? Бірақ қыз жүзінде жалыныштың титтей сызаты жоқ. Бойын тіке ұстаған қалпы қасынан шалқақтай өтті. Келгеннен бері күбіжіктеп, ішіндегісін білдіруге жасқанған сыңайынан кілт тыйылған. Жаңа ғана аяғына құлауға дайын тұрғандай еді, тым тез өзгерді райынан. Өнебойын сұс кернеп, өшпенділікпен қарағанда, Қаһарманның шәші тікірейіп, денесі тітіркеніп кетті. Тірі аруақ, тастай қатқан, боп-боз, қарашықтары қимылсыз. Қолын созуға, жұбатуға әлденеден сескенді Қаһарман.
Жылдағыдан ерте басталған көктем ұзаққа созылмады. Жер аяғы кеңіп қарсуы ағаштар бүршік атар-атпаста құрғап үлгерген. Жапырақтары жайылмаған орман әлі де сидаң. Салқындау самал еседі, кей-кейде топырақтан бу ұшқыза төңіректі тұман басады. Жаздың алғашқы шуағы аяны жадыратпады. Көзімен көңілін қатар шошытқасын, байлап-матап тастаған ішін. Ықыласынан тыс сиқырлы да күдікті дән өсіп-өнгендей өнбойынан, өгей пейіліне қасарыса күн озған сайын тықыр таятып, тыпыршыта түсті. Жайдарман жаз қысылтаяң күйіп айғақтап, әлдеқандай қауіп-қатерді жақындатқандай. Әдетте асыға тосатын тоғайдың думанды тынысы
да өзгеріс енгізбеді керенаулық жайлаған кеудесіне. Қанша құмарта аралап, көктемнің жазға ауысқан хош иісті ауасын қомағайлана сіміргенімен, баяғыдай ләззаттанбайды. Жақтырмаған ас суындай лоблытып, жүрегін қысады. Ауа екеш ауа да бойына сіңбейтіндей. Бәр-бәрінен құса қылдырған мына жәй-күйінен ежелгі сырластары таудың, көлдің, шөптің, тастың еш хабары жоқ. Қол ұшын созып, демейтіндей сиық байқатпады ешқайсысы. Табынған тәңірі – табиғаттың бұнымен титтей шаруасы болса-шы, қалай сезбеген бұрын-соңды. Қаһарманның сұп-сұр бетіндей бедірейіп, қабағын түкситеді, дарытпайды құшағына. Аядан өзгеге сылаң қағып, жайнаңдайды, қара топырағын көп-көңбек қылтанаққа малынтып, жетімсіреген ағаштарына жасыл желек жамылтты, мұз қатқан өзен, көлін арқыратып, бұлақтардың көзін ашты, қотырланған шоқырларын түрлі-түсті боялған жіппен кестелеп, даланың жыртықтесігін түгелдей бүтіндеді. Сөйткен жомарттығын бертінге дейін шексіз пайдаланған Ая биыл тәңіріне – табиғатына өкпелі. Қыспақтан алып шығарлықтай айланы ешқайдан таппай тұр. Өңі түгілі түсінде елестетпеген қорлықты белшесінен кешіп, батпаққа белуардан батқандай. Тынысы тарылып, жанталасады, өйткені өлгісі келмейді, өйткені өмір тәтті, тіршілік тәтті. Күннің шуағы, желдің гуілі, шөптің сыбдыры, құстардың қиқуы, тіпті құрт-құмырсқалардың қыбырлағаны да тәтті. Маңдайға жазылғаннан, алақанға сызылғаннан қашып құтылмайды екен, тұтылдым менде соған. Құдай кеудемнен басты, қайтып тұрмастай құлатты. Ең оңай, ең сорақы жәйт – әлсізді құлату, ақты қаралау, ендеше менің пірім сол оңай, ең жеңіл, даңғыл жолды таңдапты. Пірім дейінші, шексіз сенгенім рас қой, әттең еркек деп қарауға әуелде батылданбаған, қас-қабағына тіке көз тігуге именген, домбырасы мен әніне, күйіне иілген. Бекершілік, бәрі бекершілік енді. Басымды қалай арашалаймын? Алда-жалда осы мазақтан арылсам, қайта туғаным, жаңғырғаным, жаңарғаным, менің ұлылығымның басталғаны, тілімнің сайрағаны. Қаһарманның келуіне соңғы рет үлкен үміт артқан. Түнектен арашалап алардай елестеп еді. Жетегіне еріп жөнелетіндей дайындалған. Алды – тұман буалдыр, арты – орман ой азабынан құтқарса жеткілікті көрінген, әйтпесе тұман мен ой қойнауына енген сайын өз көрін өзі қазғандай. Қаһарман бірақ жылы қабағында қимады. Ая үшін қайғының көкесі содан кейін басталған. Түнімен мазасызданып шықты көз ілместен. Біресе столды, біресе диванның арқауын құшақтап, жанына сая болар түк таппай тыпырлады да жатты. Бір құлап, бір сүрінді, бір тұрып, бір отырды. Ешқашан да мұндай арпалысуды сезіп-білген емес, шынашақтай, қарақан басының зерделегені, түйгені бар деген, есейген жаннан мұнша қорлық кешуі неткен бақытсыздық. Тірі пендеге қасастық қылмаған, біреудің ала жібін аттамады, о жаратқан, осынша қыстығатындай не жазып еді? Әттең, орға жығылды, аңғалдығынан таяқ жеді. Қапыда кетсе, жалпақ жалғанда тапталған арының, ластанған тәнінің өтеуін, іздер, аруағының кегін жоқтар біреу табыла ма? Табылмаса, мың өлгені. Қадіріне жеткен Айдос, енді ойласа, тәңірі қосқан жары екен. «Сегіз қырлым, бір сырлым, ақылдым, қатарыңда саған теңесер, иықтасар кім бар. Сен бақыт үшін туғансың. Сен бәрімізден, бәрінен дарасың, маңдайың жарқырап
тіршіліктің рахатына жаратылғансың. Сарбазым, салмақтым, желеп-жебейтін әулиеме айналарсың ендігі шақта. Шексіз бауырмалдығыңа, дариядай кеңдігіңе, жайсаңдығыңа сыйынып өтермін, мынау шермендеңе аппақ ниетіңнің себін тигізе гөр. Аз күнгі қызығым бұ дүниеде өзіңмен ғана байланысты, өзің ғана тәңірі қосқан жарым. Әжем, менің тентек әжем, қайратты әжем, қиыншылыққа дүлдүлдікпен төтеп беріп келе жатқаныңды соншалықты түсінемін, сенің тым болмаса, бір күрсінісіңді кемітуге басымды неге де тігер едім. Сені қуанта алмағаныма, аналық мейіріміңді ақтамағаныма, балалақ парызымды өтемегеніме өкінемін. Дүниедегі ең намысшыл, ең өр анасың ғой сен. Таң атқанша Ая еңіреп жылады, домалап жылады, екі қолымен белін таянып, үнсіз қыстыға, екілене, жалынып-жалбарына жылады. Бірақ жеңілденбеді, денесі одан әрмен ауырлап, басын көтеруге халі жетпеді. Іштей жігерленгенімен, өзіне өзі лағынет жаудырып, осынша азапқа салған тағдырынқарғап-сіледі. Тәні құрығырды адам айтқысыз сұмдықтың апанына лақтыруға, сөйтіп мынау ұзаққа созылған арпалыстан ада-күде арылуға құлшынды. Сонда ғана миығынан күліп, қасынан зымыраған алтын уақыт – армандаған ертегідей өмірдің тізгініне жармасып, қайта түлейтіндей, күйректік құрсауынан босап, басқаша күй кешетіндей, өліп тірілетіндей. Көзі ілініп кетіпті Айдостың кеудесіне басын сүйеп, баяу әуенге ілесе билеп жүр екен дейді. Бәрі-бәрі өтірік, қараңғыда жол таппай адасқаны, еңіреп жылағаны. Тұла бойы жеп-жеңіл, сонысын анықтауға талпынып, секіріп-секіріп қояды. Бала кезіндегідей құсша самғағысы келеді. Айдостың қолынан мықтап ұстаған қалпы жүгіре жөнеледі. Самал леп сүйеді маңдайларынан, желдің екпінінен шәштәрі қобырай желп-желп етеді. Көгілдір кеңістік, шыр айналған сиқырлы сағым, неткен ғажап дүние. Пәлі, осындай тып-тыныш, масаның ызыңы ғана естілген жаймашуақта, шаңқай түсте құйын тұрғаны несі? – Жарысайықшы –деді Айдосқа. – Кіммен, бір-бірімізбен бе? – Екеуіміз қосылып, құйынмен жарысайық! – құйынмен шайтан ғана жарысады деген апам. – Сонда да жарысайықшы. Қиыла өтінгесін, Айдос жымия келіседі. Үйіріліп-үйіріліп кеп соққан құйын анадайдан қарағанда, көз ілестірмейді. Өзінше бір өрнек, өзінше бір торлы кереге құрып, ойнақ салады. Шаң-топырақтан керемет жылдамдықпен әлдене тоқып, онысы лезде үлбіреген жібекке айналғандай. – Дауылдың жаны бар ма? – Бар шығар, қарашы әне! – Ендеше, жүр, тезірек кірейік ішіне. – Апам ұрысатын шығар. – Айдостың монтиған түріне қарап, сықылықтай күледі. – Жарайды ендеше, сенің-ақ айтқаның орындалсын, бұзбайық құйынның үйін... – Құйынға жын, пері үйір деген апам.
Жын, періні естіп, құйынға лап қоюға одан әрмен құмартады. Айдостың қолынан жұлқа тарта зымырайды. Әлдебір заманда жападан-жалғыз қалыпты. Аласұра іздегенімен, Айдос жоқ. Құйын легені аспандап атойлаған, өйткендегі Айдос үйінің ауласында таң атқанша шалқыған әуен. Манадан бері әзәзілдей арбап, соңынан жүгірткен құйын – әуен енді өңмеңінен итергендей. Әл-дәрмені құрып, құлап түседі. Өзінен басқалар ербеңербең билеп жүр, төрт тағандап, еңбектеген бұған назар салмайды. Айғайлайын десе, үні шықпайды, көтерейін десе, қолдары қимылдамайды. Даурыққан, бөскен дауысқа, қарқ-қарқ күлкіге сансыз аяқтардың гүрсілі қосылып, табандарына басып-жаншылған өзі. Қанша тырысқанымен, тұра алмайды. Қаһарман да сол тобырдың арасында, екі езуі жиылмай мәз-мейрам. Шалбарының балақтары далақтап тарс-тарс соққылайды, жердің Ая екенін сезбей. Билеп жүріп, ән шырқайды есіректенген топ. Араларынан Қаһарманды ғана шырамытады. Ышқына қимылдағанымен қайтадан етпеттей сылқ етті. Арқасынан, белінен, бүйірінен, балтырынан үздіксіз тепкілеген сан мың өкше іздері. Шошып оянды. Денесі сіресіп, бауырын жаздырмады. Белі удай ашып қоя берді. Тағы, тағы да ауырса екен, қиналса екен деп жатыр. Бәлкім сонда құтылар жалмауыздай жабысқан пәледен. Шіркін-ай, Қаһарман ілестіре кеткенде ғой, көз көрмес, құлақ естімес жапан түзге. Емеурінмен жеткізген, құтқар мына тексіздік жайлаған тәнімді, өрбіте алмаспын масқарашылықты деп. Санасына сыйғызбаған жәй-жапсарын түсінеріне қолдайтынына сенген. Арнайы өзін әкетуге соққандай көрінді Со жолы көкейіне қиял-сурет қонақтаған, егер Қаһарманның тізесіне отырып, кеудесіне басын сүйесе, тұңғыш рет құшақтаса, ағыл-тегіл сырының ақтарылғаны, күрмеу жіптей шым-шытырық жағдайының шешілгені ісінің оңға басқаны. Еркек құшағының жылуын емес, пана тұтар ығын, саясын аңсаған. Жапжас ғұмырының әйелге айналудың не екенін мақұрым қала жүріп, әйел болғаны, ештеңені сезінбей-сезбей әйел болғанын қабылдамағандықтан да, зәре-құты қаша қарманды жігіттің қолынан. Әйел кешуге лайықты халдің бір де бірінен хабарсыз, ынтықтыққа, құмарлыққа иістенбеген уыздығынан да тәнінің жөн-жосықсыз елеңдеген иттігін кешірмейтіндей. Мысқылдай тінткілеген Қаһарманның беталды масаттанғаны ішкі райынан қайтуға мәжбүр етіп, жыландай жиырылғаны қиял-суретінің күлін көкке ұшырды. Орны толмас қателікке ұрынғанын мойындатты қас-қағымдық екеуара сәт. Тұңғыш талабы жүзеге аспады, Қаһарманның көкірегіне бетін көміп, ағыл-тегіл егілмеді. Сатқындық, жауыздық деп таныды кекесінмен меселін қайтарып, тауын шаққан, жамандықпен тергеген жігіттің суық жанарын. Сол суық жанар ертеңгі тағдырын айқындайтын тәрізді. Тіршілік үскірікке, шыңылтыр аязға, қытымыр қысқа айналды. Сондықтан да төңірегіне шуағын аямай шашқан жайдарман жаздың жылы лебін аңғаруға мұршасы да ынтасы да жоқ. Басына төнген қара бұлтты, төпелеген нөсерді бұлтақсыз, қасқайып қарсы алуға ыңғайланған. Опасыздық пен зұлымдақ жайлаған дүниені тәрк қылып, ендігі мезетте қимайтын түгі де жоғына көзі жетті.
Рас, өмірге құштар, табиғатқа құштар, теңселген орман келбетіне құштар, сол сансыз құштарлықтың аптығын басу үшін де жанын құрбандыққа шалуға әзір. Қыж-қыж қайнаған ызаға ұласыпты төгілуге тиіс күй, шырқалуға тиіс ән. Меңіреуліктен жалықты, ішінде тұншығып, арнасын таппаған қысыр түйсіну, қысыр танымнан жалықты. Бұлбұлдай сайраған тіршіліктен не опа, егер оған бұлбұлдай сайрап жауап қата алмаса. Дауысты-дыбысты әлемді бар болмысымен қабылдағанымен, ол әлем бұған мүлдем өгей, мүлдем жат. Жұдырықтай жүрегінде тасқындаған жырдың, күмбірлеген күйдің, қалықтаған әннің сыртқа шығандамай булыққан қалпында қыршындарынан қиылғанынан асқан қасірет бар ма? Есін білгеннен арқалағаны сондай қасірет. Жаратқан иесінің үйіп-төгіп сана мен сезімін дарытқандағы жомарттығы тіл-аузына келгенде қатып қалыпты. Тастүйін бекітілген қазынасын енді, міне, түбінен от қойып, өзімен бірге өртемекші, құртпақшы. Сөйтіп, жыртұтқын, күй-кісен, би-бұғау боп тайғақ кешкен тағдырын мәңгіліктің алау бесігіне аманат етпек. Шаршап-шалдыққан, жалыққан, құлазыған жанын біржолата күйретіп, тыным таппаса, болатын емес. Көл маңында қарайған ешкім көрінбеді. Суға шомылуға әлі ертерек. Аспан ашық, төңірек шуаққа тұнып тұр. Тек аракідік соққан желдің екпіні жер-дүниені тербетеді. Жағалауға жақындаған сайын жаңағы екпін әлдеқайда күшейіп, алабөтен тентектікке басты. Көйлегінің етегін түріп, шәшінің дода-додасын шығарды. Кеңістікке мойнын созып, мұхит әуеден сүйсіне жұтты, тұшына жұтты, исіне жұтты. Айнадай жарқыраған айдын бейнебір туған анасындай қойнына тартып барады. Жарықтықтың осы мінезі-ай, көзін ашқаннан бұған жып-жылы құшағын тосып, аялайды, аймалайды, елжірейді, еміренеді. Мұншалық мейірімді тірі пендеден зарыға іздесе де таппаған. Назаланған кездері осы көлден ғана қуаттанып, ерсілі-қарсылы жүзгенде, асыр салғанда, реніш, күйініш дегендердін қайда жоғалатыны белгісіз еді. Тұңғиығына бойлай бір сүңгігенде, құрысқан арқасы лезде жазылып, ұзақты күнгі аяғынан тартқылаған қорғасын салмақтан арылып, көлдің жиегін қуалай жүгіретін. Бәрі баяғыдай, манаураған тылсым орман, үздік-создықтана ұзынынан ұласқан көгілдір шоқылар, айнасуға түскен тау сілемдерінің көлбең-көлбең көлеңкесі. Уыстауға асығып, соңынан ентіге жүзген, су бетінде ұстатпай қойған күннің сәулесі де со қалпында. Атжал толқындардың сағасымен шайқатылыпшайқатылып құлаған шоқылар да баяғыдай. Өзі бірақ өзгерген, бала кезіндегідей қызықпады. Өткеннен еске түсірген, таныс та ыстық суреттерге ұзақ телмірді бүгін. Шолп-шолп құмдаққа соғылып, бір-бірін тықсырған толқындардың майда шуылына саңлауын тосқан Ая осынау көл мен өзінің арасында айғақталуы қиын болғанымен, сезінуге жеңіл, екі ортадағы өзектес, тамырлас бауырмалдықты, ынтымақты, тәуелсіздікті, ең бастысы – қандастық, туыстық ортақ қасиет жатқанын болжады. Өмірінің бастау алып, сайран салғанына, іште булыққан әнжырды сыртқа шығаруға аласұрып, кереңдікпен жекпе-жек айқасқанына, амалын таппай көнгеніне, айналып кеп ойрандалы тұрғанына да куәгер шалқар көл.
Аспаннан төнген сан қилы бояуды сіңіре жұтқандай өзінің де бойындағы іріліұсақты қасиетін түбіне текшелей сақтаса керек. Көзіне де көңіліне де ыстық осы көл. Қазір де көкжиекпен астасқан дария құшағын айқара ашып, «тез, тез, тезірек кел» деп айғайлайды, күрсінеді, сықылықтайды. Толқындардың буырқанысында асқақтаған ән шырқалып барады, төпелеген күй төгіліп барады, мың бұрала би дөңгелеп барады. Аяға мұның бәрі тал бойынан көлге ауысқан күйі, өз әні, өз биіндей елестеп, екеуара тұстаса, қаны, жаны астасқандай. Енді ешқашан бір-бірінен айырылмайтындай, құдіретті күш көл мен Аяны мәңгілікке табыстыруға асықты. Су мұздай екен, қапелімде балтырынан абалаған ызалы иттей қауып, секіріп-секіріп түсті. Қарып әкеткенін одан әрі елеместен белуардан кеше жүре берді. Жоғарыға қарамауға тырысқан, жарық әлем тым ғажап, бұны жалаңаш арқасын қытықтаған күннің шапағынан-ақ сезіп келеді. Сәл бұрылса, пиғылынан айнытып, бұғаулы тірлігінің тозағына қайтадан лақтыратындай. Жо-жоқ, жетер дүлейлікпен серіктесіп, мақаулықпен, алысқаны, ән-жыр кенішін ұзақ тұтқындағаны, сарқырауға тиісті тұманы осынша тұмшалағаны жетер. Бұдан әріге төзбейді. Миығынан күліп, тізгінінен ұстатпай әжуалаған қиялы-думанды, сәнді, салтанатты өзгеше бір өмірдің бар екеніне сенетін. Санасын улағанымен, қанша тырысса да қатарына қоспады, қол созғанымен заңғарға сіңіп, көлеңкесін де көрсетпеді. Міне, енді, сол армандаған шаттық мекенінің есігі ашық. Кір де ойнақ сал, шырқа, биле, жасампаздықтың, сүйіспеншіліктің жырын асқақтат! Жауырын тұсы қағып-қағып қалды Аяның. Есін білгеннен таныс хабар, осындайда тентек желдің лебі, жасыл жапырақтың сыбдыры, қара топырақтың шаңы, жібек жауынның тамшысы болып табиғаттың құрамына сіңетін. Қылтиған шөп, түйнегін шашқан гүл, тамыр жайған өсімдіктің алуан түріне еніп, жеранасының бауырына тығыла жайнап-жарасатын. Сирек кездесер ең қымбат, ең бақытты сәттері еді. Сол сәттен хабар берді арқасы. Енді аяншақтайтын дәнеңе жоқ. Манағы әзірде тәнін аяусыз осқылаған су жұп-жұмсақ, майдай жақты денесіне. Тереңдігінің қаншалық мөлшерде екенін кіресілі-шығасылы есі байыптамады, әлде адуын толқынның, әлде шұрқыраған жанының ышқынысынан ба, аласұра су бетіне атылғанда, алапат дүниені алапат әуен кернеген. Өткен жолы түсі аумай қайталанғандай, аяқ нөпірінің – толқын тасқынының астында жаншылып, өлермендене қарманғанымен, түрегелуге шамасы жетпеді. Тепкілеген аяқ – толқындардың ішінде Қаһарман да жүр, шашы дудырап, қолдары ербең-ербең, бір жоғалып, бір көрінеді. Бұған жанұшыра айғайлағандай: Аппақ лақ ұқпадың-ау мені... аппағым, аппағым, бәрібір сені алып кетемін...шыдашы, ешкі бас, қайда кетіп барасың... қайтып сенсіз қаламын... аппақ лақ, аппа-а-а-а… – Аңыраған жоқтауға айналды Қаһарман, жо-жоқ, әлди ғой, әлпештеу ғой мынау...баяғыдан сөйтпейсің бе?! Денесін балқытқан жылы әсерден тым тез ажырағанына өкінгендей. Құрып кеткір мынау толқын-сойқан бидің бүйір-бүйірін тескені-ай, алқымынан қысқаны-ай, жанын тілінің ұшына келтіргені-ай. Кенеттен әлем
аударылып-төңкеріле Айдостың кейпіне енді. – Айым, досым, сен...сен ғана маған керексің, сен ғана-а-а-а – сай-сүйегін сырқыратқан зарға айналды Айдос. Ащы шырыл төгілді төбесінен, өзі ме, көл ме, жер ме, орман ба, білмеді, уһ, рахат-ай, құтылды бәрінен, толқынға айналды, үйіріле соққан желге айналды. Қалбалақтай жүгірген әжесін шырамытты, жаулығы желп-желп, қолдарын созғандай, асыққандай, бір көрінді, бір жоғалды. Әжесінің желбіреген орамалы да толқынға айналды, желге айналды. Мақпалдай жұмсақ қара түнектің апаны аузын арандай ашты. Өзі ме әлгі апаннан ытқи қашқан, жаны ма кеудесінен қашқан, әйтеуір құтылды-ау қақпаннан, тұтқын бұғаудан, тұтқын-тағдырдан, тұтқынжалғаннан. Неткен ғажап дүние, бейіштің, бостандықтың бағына ұшып келеді, ұшып келеді, жаны ұшып…
Жападан - жалғыз (триптих)
Сен кешір, – деді Нәзік, – мен тіпті жақсы көрген жігіттерімнің де қолымнан ұстап, жармаса кеткенін ұнатпаймын, былайша-ақ қатар жүрейік те... міндетті түрде қолтықтасып, құшақтасып жүру керек пе? Білегінен ептілікпен ұстай берген жігіттің қолын сыпайы ғана ысырып, маңдайы мен бетіне бұйралана төгілген қап-қара шашын кейін қарай сілкіп тастады да үнсіз тұрып қалған Жандосқа көз қиығын жүгірпестен шапшаңдай адымдады. Қарсы соққан самалдың лебі жанына жәйлі тиіп, басын әнтек шалқайта жүзімен әуені қармап емірене жұтынды. Көктемнің таза желінен өнебойы жеңілденіп, танауын жарған жұпар иіс денесіне күш-қуат дарытып, өзін еркін де ерке сезінді. Тәнін болар-болмас қытықтап өткен әлгі әзірдегі жеңіл лепті іздегендей бетін әлсін-әлсін желге тосып, бір орнында әлденеше рет айналып шықты. Көшеге шығар-шықпаста қолтығынан демеп үлгерген Жандостың ізгіліктен туған жаңағы қимылын оқыстан шорт кескенде, көңілінде бөтен ой ұяламағанмен, белінен орап әкететіндей көрінген жәйсіз әсерден ыңғайсыздана тіксініп қалғаны рас. Жандос қандай сымбатты болғанымен, мейлі ең сұлу, ең өжет, жігіттің сұлтаны ма, дәл осы сәтте қыз үшін мұның еш маңызы жоқ. Қасында жүрсін-ақ, тек ажырап қалатындай, тырп еткізбейтіндей етіп жабысып қалмаса екен. Өйтсе Нәзіктің мазасы кетіп, тынысы тарылар еді, өзін қанаты қайырылып, ұша алмай бұлқынған құстай сезініп, тыпырлар еді. Дегенмен, осы келе жатқанда, Жандостың өзі қолқалап, қоярда-қоймай алып шыққан. «Сонда қалай: жанымда сүйкімді жігіттің жүргенін қалаймын, бірақ
сол сүйкімді жігіттің қандай да тілегінен тәуелсіз болсам деймін. Біреуді қасыңа ертіп шыққаннан кейін оның қас-қабағымен санаспай жүре алмайды екенсің ау...» Өзінен әжептәуір артта шегіншектеп, сылбыр аяңдаған Жандосқа бұрылғанда, жігіт жүзіндегі салқын кірбіңді бірден аңғарды. Шыдай алмай күліп жіберді де, жүгіріп келіп Жандостың қолтығынан алды. – Ренжіп қалдың ба соған.... өзім-ақ ұстап жүрейінші... жігіттерден гөрі қыздардың жармасқаны дұрыс біреудің қолтығынан.... – Мен сонда бар-жоғы біреумін бе? – Біздің әрқайсымыз әйтеуір біреуміз ғой, мен де, сен де, бұған несіне шамданасың? Біреу деген сондай ызғарлы естіледі екен және біз екеуміз бөтен емеспіз ғой... Нәзік ойланып қалды. Шынында да екеуі бір-біріне жат болмағанымен, соншалықты жақын ба екен?» «Сенің жан дүниеңді дәл мен сияқты ешкім түсінген емес, ешқашан түсіне де алмайды» деп кеудесін пергілейтін Жандостың басқалармен салыстырғанда, жылы ұшырайтынында дау жоқ. Сондықтан болуы керек, қандай жағдайда да ең алдымен Жандосқа жүгіріп, кез-келген жәйтті қысылып қымтырылмастан ақылдасатыны. Сонда мұның аржағында не жатыр? Тірлігінің толып жатқан күйбіңіне бір өзінің мүмкіндігі жетпей басы қазандай боп шыр айналғанда, екі күннің бірінде алды артынан шығып, ойларына келгенін оспадарлықпен орағытатын еркектердің есек дәмесінен іштей шошынғанда, қаптаған тобырдың арасынан ең жанашырым осы-ау деп келген бірер жаның да қылығынан жүрегі шайқалып, ақыр аяғында жападан-жалғыз қалып, жаны жабырқағанда, қасынан әрдайым Жандос қана табылады. Ойлап отырса, жігіттің өзіне деген шексіз ілтипаты мен адалдығының себеп салдарына осы уақытқа шейін назар да аудармапты. Бірде бұның сыртынан оңды-солды өсекті лақ еткізіп, иемдене сөйлеген әлдебір жігіттердің жағасынан алып төбелескенін естігенде де ләм демеген. Жандос өзі де ол туралы тіс жармаған. Нәзік тіпті «кім, не...» деп те сұраған жоқ. Түк болмағандай бәз баяғы қалпынан айнымаған, өйткені адамдардың бір-біріне деген мейрімінің деңгейі ештеңемен өлшенбейтініне, мұның бәрі күнделікті қарым-қатынастың қажетінен туған қарапайым нышанындай боп елестеген. Өзі туралы өзгелердің не дегенінде шаруасы қанша, өзінің кім екені белгілі емес пе, ендеше қай-жайдағы еркектің сыртынан емексіткен сылдыр сыпсымасына түкірсін бе Нәзік. Қыз үшін төбелесіп-жұдырықтасып жатса, бұған не десін, титтей жазығы жоқ болса? Рахмет айтып, арқасынан қағатындай Жандос не істепті? Намысын қорғапты дейтіндей, бұның намысы тапталып, арынан азғанына кім куә екен? Яғни Нәзік көлденең сөз үшін ақталамын деп әуреленбейді, сол көлденең сөзге тосқауыл қоям деген достың алдында борыштымын деп те санамайды өзін. Әйтсе де Жандостың өзгелерден гөрі өзгешелеу екендігін мойындай керекау, басқанын жанында осынша еркін сезініп, алаңсыз жүре алар ма еді, жүре алмас па еді. Бірақ осы бейқамдығының түп негізінде бір күдік те жоқ емес. Жандосқа сыры мен шынын бүкпесіз ақтарғанда, титтей тайсақтау дегенді білмей, балаша еркелегенде, оған кім деп еркеледі? Бұны мүлдем ойламапты, мән беріп
үлгермепті де. Бірге оқитын жігіттердің қай-қайсы да бұған жанаши-қамқорсып қарайтын, кейіннен бірінен-бірі қызғанатынды шығарды. Жалыққандықтан, әлде ермектері жоқ па басқа, лекция үстінде жігіттер мұны қай қырынан көріп отырса, соған орай біреуі бет әлпетін, екіншісі шәшін, үшіншісі аяғын суретке салып, қалысатын. Қайсібірі әдемі сөздерді әуелете тізбектеп, салған суреттерін сәлемдеме хатпен қоса өзіне жібергенде, жылы ғана жымиып, қағаздарының арасына бүктеп қыстыра қоятын. Бозбалалардың ілтипаты әрі мазасыздандырып, әрі қуантқанымен, мұны ұяңдықпен қабылдайтын Нәзік кейін өзін қызғыштай қорып, әрқайсы-ақ иемдене-иемдене сөйлеп шыға келгенде, ешқайсына жанарын тоқтатпастан, ешқайсының сөзіне құлақ та аспастан қақшиып жалғыз жүретін. Кімнің қандай пиғылмен не айтып жатқанына мән бермеймін дегенімен, көздерімен ішіп-жейтіндердің алдында кей-кейде қысылып та қалатыны бар. Түрлі-түрлі ниетте қадалатын жанарлардан көңілін қанша алысқа аулақтатқысы келгенімен, әрдайым анталап алдынан шығатын ашқарақ көздерден кейбір сәтте жүрегі қатты соғып, өнебойын тіміскілей қарағандардан іштей жиіркенгенімен, оларға қарсы тосқауыл қоятындай құдіреті жоқтығын да сезетін. Ұятсыздықпен тінткен көзқарастарды былай қойғанда, тіпті жігіт қауымының жүзіне тіке қарауға батылы жетпейтін Нәзік бірер рет өзіне соншалықты қомағайлықпен жұтынған жымиысқа тойтарыс беремін деп, өшпенділікпен жалт қарағанда, соңына шейін шыдай алмай жанарын тайдырып әкеткен. Ал, жаңағы жұтынған жымиыс бәрібір-бәрібір сол қалпынан бір айнымастан мұны қақпанына түсіргендей масаттанып, қала берген. «Мейлі, мейлі, қарай берсін, содан қарқ болса, қарай берсін» деп тайып тұрғанымен, әлгі жымысқы жымиыстан тұлабойы түршігіп, қанша – асығып-алыстап бара жатса да сол жымысқы жымиыстан қашып-құтыла алмайтындай өз-өзінен түңілген. Солар тәрізді кез-келген жанның жүзіне тура қарап, кірпік қақпай қадалу менің де қолымнан келеді деп талай оқталса да, мұнің өзі арсыздыққа пара-пар бетпақтық боп көрінген. Тұрған бойы тек қана тәуелділік пе деп қалған, әйтпесе неге айдаладағы біреулердің тесіліп-телміргеніне шейін көңілін алаңдатады. Айналадағы біреулер дегені кәдімгі ертелі-кеш жүз рет көрісіп, жүз рет көрісіп, жүз рет қайта айналып соғатын жүзтаныстары болса, сыпайы сызданған бірөңкей сылқым серілер болса, бұлардың айналасын жұтып жіберетіндей жалмауыз жанарларынан қалай құтылар? Ол үшін өзінің бойында соның бәрінің дымын құртып, мысын басарлықтай құдіреті болуы шарт, әйтпесе қанша қашқақтағанымен, қолын сілтеп жүріп-ақ сол жымысқы пиғылдың біріне тұтылары анық. Нәзік өзінің бойында тойтарыс берерлік қасиет жоқ екенін іштей сезгенімен, қыз баланың жұрттың көзіне де көңіліне де сүйелдей бадырайып, аттап басқан әр адымының басқалардың тіліне тиек боп, мұның бәрі жеке басының тірлігі үшін айтарлықтай мінге айналып жататынына таңғалғанымен, бірін де мойындамауға тырысатын. Тірі пенде тарапынан қағажу көрмей еркін өскенімен, қанына сіңген ұяңдықтан ба, көп жағдайда жөн-жосықсыз асқақтай, бүгежектеп елпілдеп те қалмайтын ешкімнің алдында. Томаға-тұйық жүргенімен, қайта бұрылса да
телмірген көздермен бетпе-бет соқтығыса жаздап, бейнебір қақпанға түсіп қалатындай қорқыныштан біразға шейін тарыла алмай мазасызданатынды шығарды. Соған мән бермеймін дегенмен, көңілі әлденеге алаңдайды да тұрады. Іштей жиіркендірген жымысқы жанардың бықсыған шаласына шарпылмаймын деп, ортадан мүлдем алыстап, оқшау қалғанын сезіп, көңілі құлазып жүргенде, бұған дейін назарын тоқтатып көрмеген Жандосты аңқылдаған ашық-жарқын мінезі үшін бе, әйтеуір басқаларға қарағанда, соған жиі үйірілетінді шығарды. Жандостың қасында өзін сондай еркін сезініп, ойындағысын әрдайым бүкпесіз ақтара салады. Кейде екеуі де жігіт, кейде екеуі де қыз сияқты сырласқанда, өзгелердің бұған әрі күдікпен, әрі таңырқай қарайтындарын да байқамайтын. Енді бағдарлап-байыптаса, бұның бәрі-бәрі басқаша екен-ау. Бірі қыз, бірі жігіт болғаннан кейін жәй ғана қатар жүру қиын акен-ау...- Нәзік манадан бері үнсіз келе жатқан жігіттің жүзіне әлдене іздегендей, ойлана ұзақ қарады. Жабырқағанын жасырғысы келгендей мұң кіреукелеген жанарын бұрып әкете берді. Жандос тарапынан бұрын-соңды мұндайды аңғармағандығынан ба, қыз да сұлқ қалды. Бір-бірінен жанарларын тайдырып әкететіндей себептері жоқ сияқты еді. Нәзік ежелгі әдетінше ойына орала салған әлдебір сөзді айтып, қалжыңға бағыштағысы келгенімен, өйткен жоқ. Талай уақыттан бері Жандоспен қыдыра жүріп, дәл осындай күйді басынан кешпеген. Неге екенін ұқпады, жігіттің алдында кінәлі жандай сезініп, ойы сан тарауға бөлінді. Күні кеше ғана емес пе еді, екеуінің естеріне түсе кететін кез-келген жәйтті бүкпесіз ақтарып, ойларындағысын дәл сол қалпында жайып салатындары. Енді байқаса, Нәзік осынау жігітпен араларындағы қарым-қатынастың мәніне тіпті де зер салмаған... «Шынында да кім деп арқа сүйеді, кім деп сеніп, не деп еркеледі? Еркек қауымының шын кіріссе, есінен тандырып жіберерлік қарымына түспеймін деп шарқ ұрғанда, қандай да бір есекдәменің шылауына байланып қалмайын деп үрейленгенде, маңғаздана шіренген қайсыбіреулердің тасыған көңілінің тасталқанын шығарып, алшаң-алшаң адымдай жүргенде, осы Жандосқа жолыққан». Қызығы – өзгелер төңірегінде күдік ұялатар ойлардың Жандосқа мүлдем қатыссыздығы еді. Қай кезде, қандай жағдайда да алдымен қол ұшын созып, көмекке келетін Жандосқа алаңсыз сенгенде, көкейінде қалайша бөтен пиғыл ұяламаған? Жалпы адамға шексіз сеніп, себеп-салдарсыз сүйену түптамырында қандай да бір есеп-қисап жатса, осы жігітке деген адал ниетінде о бастан-ақ ешқандай есебі жоқ-ты. Әлде расымен кез-келген қарым-қатынастың негізінде әйтеуір бір есеп жатқаны ма? Жәй былайша сенуге, жәй былайша сендіруге болмай ма? Сену деген, сендіру деген көлгөсір селдеген сезім болса-ше?... Сұраулы кейіппен қайтадан жігітке қарады. Манағы жабырқаған қалпынан өзгермей басын төмен тұқыртқан Жандос өз ойымен өзі әлек сияқты, бұған тіпті көз қиығын тігер емес. – Неге күрсіндің? – деді біраздан соң Нәзікке тіке бұрылып.
Жандостың тура қарағанын пайдаланып, манадан ұстатпай қойған жігіт жанарын қалт жібермеймін деп, орнында аңтарыла тұрып қалды: қалайша бұрын байқамағанмын... мөлдіреген мұң ба, өтініш пе, өкініш пе мынасы... әлде ақымақпын, әлде есімнен жаңылысқаным, әйтпесе... Жігіт жанарындағы мүлдем өзгеше, мүлдем ерекше суреттен көңілі әлемтапырақтанып, не айтарын білмей демін ішіне бүгіп, аяқ астынан әлдеқандай жаңалық бола қоятындай, алыстан әлдебір тың тыңдағандай әрең тұр. – «Жо-жоқ, мен ұшырасып жүрген жанарлардың біріне де ұқсамайды, соншалықты тап-таза... мұндай жәудіреген тазалықты ешқашан ешбір еркектің көзінен көрмеген, кездестірмеген, тіпті мұндай жәудіреген жанарды жігіт атаулыдан ұшырастырамын деген қаперіне кірмеген...» Сөйтсе Нәзік әлі бәрінен бейхабар екен, бұған шейін осынша аялапмәпелеген момақан жанардың не екендігінен мүлдем мақұрым қалған екен. Бірақ әлгі құрбылары жиі айтатындай жүрегі неге дірілдемейді, басы неге айналмайды? Мынау момақан жанар айналып-толғанған сайын, үнсіз еміренген сайын, тұлабойы қатқылданып бара жатқаны несі? Әлгі әзірде есін жиғызбай бүткіл болмысын жаулап екете жаздаған жанардың сиқырынан бірте-бірте тиылды. Жандостың жанарында мөлт-мөлт еткен әлгі әзірдегі тазалық қызды таңғалдырғанымен, біраздан соң мұның бәрі түк те емес, тек дәрменсіздік, жігіттің дәрменсіздігі боп жалғасқан. Тұнып тұрған әп-әдемі суреттің быт-шыты шығып, ілкі сәтке ғана аялай аймалаған жігіт жанарындағы мұң жалынышқа айналып бара жатқанда, қыз дереу бойын жиып алды. Жаңағы мөлдір елестен тым оңай ажырап қаланына әрі өкініп, әрі ренжіп, Жандостың барған сайын өзіне жалынып-жалбарына қарағаны оны әп-сәттің ішінде сүйкімсіздендіріп жіберді. Монтаны момақандық дегені мүсәпірлене мөлигендік, жәудірей-аялады дегені жалбарынғандық боп шыға келгенде, қыз өзін қорланғандай сезінді. Осы уақытқа дейін бұған қамқоршы жандай елпілдеп жүрген жігіттің кенеттен жасалған жаңалығы енді ерсі көрініп, екеуінің арасында түсініксіз ыңғайсыздық орнағандай-ды. Сол ыңғайсыздықтан құтылудың амалын қай-қайсы да іздеген жоқ. Әлдене айтқысы кеп, әлденеше рет оқталғанымен Нәзіктің батылы жетпеді. Бір ауыз сөз айтса, бәрін бүлдіретін сияқтанды, бірауыз сөз айтса, мынау тыныштықтың тас-талқаны шығатын сияқтанды. «Жандос мұның аңғалдықпен істеген әр қылығын басқаға балап келсе, қайтпек? Осының бәріне өзі айыпкер болса ше? Ертелі-кеш демей, басына титтей іс түсіп, шамасы жетпейтін жәйтке тап келген әр сәтіне жүгіріп барып Жандосты тауып алатыны рас. Енді кеп, көзін жаңа ашқандай таңырқағаны несі?» Бірің жігіт, бірің қыз болғаннан кейін және әрдайым қатар жүргеннен кейін, ақыр аяғы осындайға тірелмеуші ме еді. Ендеше мұнысы кез-келген қызға тән кәдімгі қылымсуы, жалған қысылуы. Әйтеуір мынау жалпақ жалғанда жалғыз жүре алмайтыны анық, әйтеуір сол маңдайына жазылған біреу осы Жандос болып шықпасын! Ойына өзі сенгісі келмеді. Жо-жоқ, ондай жағдайда бәрі өзгеше, мүлдем өзгеше болуға тиіс, жәйдан-жәй осылай бола салу адам нанғысыз жәйт қой. Мейлі
қатар жүрсін, егіз қозыдай бірге жүрсін, бірақ өмір бақи қатар жүру үшін басқа бір нәрсе керек-ау, басқа...Сол басқа бір нәрсе дегені не? Егер Жандосқа деген сенімі өзі де анық білмейтін сол басқа бірдеңе болса, оның елжірей қарағанынан сонша шошынғаны қалай?.. Қалай дегенмен де Жандоспен арақатынастарының тым тереңдеп кетуін қаламайтынын ұғынды. Ұғынды да жүрегінде қап-қатты тас түйнектелгендей тынысы тарылды. Кенеттен Нәзік бәрін түсінгедей болды. Бұдан былай Жандосқа жәй былайша бара алмайды, жәй былайша сөйлеспейді, ашық-жарқын араласудың ауылы алыста қалып, енді екеуінің арасы әбден суып кетеді. – Сен бала емессің,- деді Жандос, - бала емессің, бәрін түсінуге тиіссің....өзің де білесің ғой, сені дәл мен сияқты ешкім түсінбейді, ешкім... Бұрын да талай естіген сөзі, бірақ онда дауысын көтере мақтанышпен айтатын. Жігіттің дауысы әрең-әрең шыға ма, әлде өзінің құлағы естіңкіремей тұр ма, Нәзік айырған жоқ. Анау айтқан сөздердің бірін естіп, бірін естімесе де үнсіз тұра берді. – Біз бала емеспіз, - деді Жандос тағы да, - бәрі де түсінікті ғой... біз бала емеспіз.... Не айтпақ сонда, нені емексітіп тұр? Бала емес екендері рас, бірақ ересек боп қалғандары да шамалы. Бәрі өзінен өзі түсінікті болса, орта жолда тоқтап қалғандары несі, бәрі түсінікті болса, былайғы шақта айғайлап сөйлейтін жігіттің аяқасты мұрнынының астынан әрең-әрең міңгірлегені несі? Бәрі түсінікті болса, кенеттен бәрінің осынша өзгеріп жүре бергені несі? Тынысы тарыла бастағанда байқады, жігіттің қолдары иығын орап алған екен. Әдетте мұндай болмайтын, бола қалса бұған ешқайсы титтей зер салмайтын. Соншалықты жеңілдікпен ұшып-қонып жүрер Нәзік дәл қазір иығына асылған қолдардың салмағын ауырсынғанмен сытылып кете алмады. Тілінің ұшына бір түйір сөз оралмай мәңгірген жандай қатты да қалды. Денесі бір ысып, бір суып, бара-бара ыстықтағанын сезді, тіпті тұлабойы жалынға шарпылғандай тітіркеніп те кетті. Бұған дейін осынша бейқам, осынша көзсіз көбелек болмаса, мынау отқа күйер ме еді, күймес пе еді. Құдай-ау, басқаша, бәрі басқаша болуға тиіс емес пе еді. Жандостан басқа әлдекім болса, мана қолын бір сілтеп тайып тұрмас па еді. Бұған дейін көңілінде бөтен ой болса-шы. Өз аяғымен жігітке келіп жүріп, өз еркімен істеген әрекетінің төркіні осыған саяды деп сірә да ойлап па? Бейқамдықпен де жігіт жанында жүруге болады екен-ау...міне, сонысы үшін енді азап шегуі керек... өзін өзі көндіруі керек. Бұған дейінгі алаңсыздығы мен бейқамдығы жігітке деген безбүйректікке айналып бара жатты. Неге екені беймәлім, жігітті жек көріп бара жатты. Иығындағы қолдардан тезірек арылғысы келді, құшақтаса-қатарласқандарын, Жандос екеуінің осылай жүргендерін ешкім көрмесе екен, ешкім білмесе екен, ешкім сезбесе екен деді. Ешқандай негізсіз – өзі үшін де Жандос үшін де қуыстанып, жүзі күреңіте дуылдады.
– Келдік, - деді Жандос, - жүр, алдымен сен жүр... музыка тыңдаймыз, билейміз... Ішінен жігіттің бағанадан бері айтып жатқан сөздерін құптағанымен, қазір кейін қайтамын дегенімен, үн-түнсіз жігіттің соңынан ере бергенін байқаған жоқ. «Кімнің үйіне келе жатырмыз» деп те сұрамады. Тіпті біраздан соң жігіттің алдына түсті. Бесінші қабатқа ма, әлде оныншы қабатқа ма, жеткенше, өте көп уақыт өткендей, болды Нәзікке. Еркінен тыс күштің әсерімен жүріп келеді, жүріп келеді...қанша жүрсе де жететін емес... – Неге тұрып қалдың? -Жігіттің үні алыстан естілді. Екі беті жаңағыдан әрмен уылдап, дәл қазіргі бір де қылығы өзіне ұнамай құлазыған қыз айналасындағы самалдай жарықтан, көңіліне де көзіне ұрған жарықтан жоғалғысы келді. Аяғын шапшаң алып, тез-тез жоғары көтерілді де Жандос ашып үлгермей-ақ есіктен бір-ақ аттады. Ұрлығы үшін қуыстанған адамдай асығып-аптыға босағадан шапшаң аттағанымен, есіктің алдында сілейіп тұрып қалды. Тап-тұйнақ жиналған бөлменің ішіндегі тыныштық басынан тоқпақпен тоқылдатқандай әсер етті. Аяқ киімін шешпестен төрге шықты да көзіне шалынған әлде орындық, әлде диван ба, сылқ етіп отыра кетті. Бәрі осылай болуға тиістідей-ақ жігіттің ана жақта не істеп – не қойып жатқанына назар аудармай отыра берді. Бетін дуылдатып әкеткен әсерден арылғысы кеп, ештеңе ойламайыншы деп әлектенгенімен, бұнысынан түк шыққан жоқ. Басын қазандай қылған мазасыздықтан бәрібір құтылмайды. Іштей қарсыласа тұрып, қалайша оңаша үйге жігітпен еріп келгеніне нанып-нана алмай «неге» деген сауалдың санмың күдігі тұла бойын байлап-матап тастаған. Қыбыр етпестен қанша отырғанын білген жоқ, «шаршадың ба» деген дауыстан селк етті. Бөлменің іші алагеуім тартыпты. «Күн батып барады-ау» деп ойлады Нәзік. Қандай ұза-а-ақ күн, мына-а таңертен шығып еді екеуі жатақханадан, содан бері қанша уақыт, тіпті бірнеше жыл өткендей... Бір күннің ішінде дүние осынша өзгереді деп кім болжаған. Айналасындағылардың бәрі әлдеқайда жиналып, әлдеқайда асығып, бәрі әлденені қызықтап жатқаннан кейін бұл да әйтеуір әлденеге алдансам деген жеңіл ойдың жетегінде «қыдырайықшы» деп Жандосты алып шыққан. Не айтса да екі етпей орындайтын жігіттің бұ жолы тым қалбалақтап-құрақ ұшқанының мәнін енді түсінгендей. Осы жағдайға әкеп тіреген, әрине, тек-өзі, енді несіне айыптасын жігітті. Жалыққанда, жабырқағанда астан-кестені шығатын жан дүниесін әлденемен толтырғысы кеп шарқ ұрғанда, өзін де Жандосты да алдап келген екен. Жалғыз жүргеннен гөрі жақсы ғой деген жалаң ниеттің құрбаны екен екеуі де. Жәй былайғы қара дүрсін тілектің бәрін ысырып тастап бетке бет түйістіргенде, бұған дейінгілері мардымсыз бірдеңеге айналып шыға келгені ыңғайсыз да болса ақиқат. Мұны бірақ Жандос ұғар ма, ұқпаса қайтып сездірмек? –Билейік, Нәзік! Сонда барып қана естіді, бөлменің ішін жұмсақ әуен жайлап үлгеріпті. Әуенді саз саңылауына жәйлі естілгенімен, орнынан ықылассыз көтеріліп, дәл төбесінен
төнген жігіттің қолына қолын ұсына берді. Асқан ептілікпен бауырына тартқан жігіттің әр қимылын қабағымен бағып, «мен ешқашан да жеке бөлмеде жігітпен қалып билемеген едім» деді. – Мен де, - деді Жандос, - мен де өмірімде қызбен оңаша үйде билеген емеспін, мен де... бүгін мен сондай бақыттымын... Сен сезесің бе соны... сен бәрін де білесің, бәрін де сезесің... мүмкін сондықтан шығар менің бақыттылығым. Топырлаған жігіттің арасынан мені ғана қалағаныңды да түсінемін, өйткені мен де сен сияқты тазамын, адалмын, мен басқалардың қыз жүрегін күшпен, білекпен жаулап алғысы келетінін құптамаймын. Беті қызарған кез-келгеннің артынан жүгіретін және мен емес. Сенің жаныңды соншалықты жақыннан, соншалықты терең түсінемін... саған қиын екенін де түсінемін... себебі сен керемет сезімталсың, қылымси алмайсың... сенің бойыңда өзіңді өзің қорғайтындай күш жоқ, мұны білмейсің бірақ... Қыз балаға қиын ғой, қиын... Кейбір жігіттер сені жамандағанда, тіпті қасыңда қонып шыққандай... жо-жоқ, кешіре гөр, сені жақын білетіндей мұрындарын шүйіре сөйлегенде, шетінен жайратып кеткім келеді... Қолдары жетпегеннен кейін ауыздарымен батыл-ақ бәрі... әйтпесе білмейді деймісің кім екеніңді... Мейлі қандай жігіт болсын, өзінен гөрі есті, ақылды қызды жек көреді. Жек көргенде де өзінен биік тұрған қызды қайтсем көндірсем деген пасық ойдан туатын жек көру. Жалпы есіңде тұт, жігіттердің басым көпшілігі өздерінен гөрі ақылды қыздарды ұната бермейді. Шынында өзің ойлашы, қандай еркек өзінен гөрі әйелінің данагөй болғанын қалайды... мұның өзін олар ешқашан кешіре алмас еді... Ах, шіркін, білесің ғой, түсінесің ғой, сені бұл ғалымда мендей қадырлеп, мендей аялап өтетін жан енді қайтып кездесе ме, жоқ па... әй, қайдам, кездеспейтін шығар. Сен бар ғой, сен адал жар болуға, ана болуға ғана жаратылғансың. Сен өзіңнің сондай сүйкімді екеніңді мүлдем сезбейсің... Сен тек қана көп жігітке ұнайтыныңды білесің, ұнайтыныңды сезген сайын ешкімді менсінбей шалқая түсесің... өмір сүру қиындай береді, қиындай береді. Егер өмір сүруді қиындатқың келмесе, өзің үшін де, мен үшін де қиындатқың келмесе, менен айырылма, мықтап ұста етегімнен, екеуіміз біріміз біріміз үшін жаратылғанбыз, бір-бірімізге әбден лайықпыз... Нәзік жігіттің сөзін бөліп жіберуге батылы жетпей белінен орап алған қарулы қолдардың ырқынан шығамын деп те әрекеттенген жоқ. Бір басының қадірін әлде рас, әлде өтірік, бірақ айналасындағылардың қай кезде де аспандата сөйлейтініне үйренгенімен, әр сөзін шегедей нақтап, және сол тілегінің қалтқысыз орындалатынына көзі әбден жеткендей Жандостың ең соңында қарабайырландыра шарт қойып, ойын шорт кескеніне кәдімгідей таңғалды. Билеп жүрміз десе, Жандос мұны қапсыра құшақтап, көздерінен от шашырай жалындап, сөйлеп тұр. Үні ақырын шыққанымен, екпіні қатты. Дауысы қатты естілгенімен, көкірегін кернеген қазіргі құштарлығына титтей қарсылық болар деген сірә де қаперіне кірсе-ші. Кеудесін қуанышқа толтырған таңғажайып сәттің әсерінен масаттанып, өзіне деген сенімінен басқа әлдененің байыбына бойлайтын шамасы жоқ. Шабыттана шырқаған әншідей ләззатқа бөленіп, рахат бір халдің құшағына енген.
– Не болса да сенің қалауыңмен болады, бәрі өзіңнің ғана еркіңе байланысты, өзіңнің еркіңе... Қыздың жүзіне мағынасыз күлкі үйріліп, кекесінмен мырс етті. Еркіне салса, не істер еді? Тіпті сол ерік деген не, бар ма өзінде. «Өз еркіңмен» деген сөз дәл қазір оған қай-жайдағы жамандықты елестетіп, өзінің қалауы, өзінің еркі білетіні үшін өзін жек көріп бара жатты. Қайтадан құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Музыка аяқталғаннан кейін қыздың бетіне бетін тақап біраз тұрды да, ақырын ғана шәшінен сипады. Жігіттің елжірей қарағанына жауап қатпай сұлқ қалғанымен, қолын қағып қарсыласқан жоқ. Бірте-бірте омырауына батылсыз жүгірген саусақтарға да назар аудармаған сыңай танытты. – Неге үндемейсің, - деді Жандос алқынып. Жаңағы әзірдегі көтеріңкі көңілкүйіне қыз тарапынан зәредей ықылас қосылмағанынан ба, құшақтаудың амалын таппай ұзақ тұрды. Ентіккен демі Нәзіктің бетінен үрлеп, тынысын тарылтты. Өнбойын қалшылдатып әкеткен дірілден оңайлықпен құтылатын емес. Бұрылып кетуге шарасы жетпей моп-момақан қалпы алдында тұрған қызды бауырына қысып, маңдайынан, бетінен жасқана иіскеп еді, сап-салқын екен. Ыстық лепке екеуара шарпылдық па десе, өзі ғана екен өз демінен қыстыққан. Манадан бері ынтықтырып, есін алған қыздың өзіне мүлдем салқын қарап, бейжай қалғаны жігіттің аптыққан көңілін сәл басайын деді. Тумысында қыз балаға әй-шәйсіз өктемдеп, шаужайына жармасқанды жөн санамайтын. Қалтасынан темекі алып тұтатты да бұрылып кетіп, диванға барып отырды. – Шам жағайықшы, - деді Нәзік. – Жағайық... – Жандостың дауысы жарықшақтанып шықты. Үйдің ішін жайлап алған тыныштыққа барған сайын қоюлана түскен қараңғылық қосылып, түн әмірі күшіне еніп келе жатты. «Шам жағайық» дегендерімен, екеуі де бұған әрекеттенбестен отыра берді, тіпті сол жарықты ешқайсы да қаламайтын тәрізді. –Шам жақпаймыз ба, - деді тағы да Нәзік. –Жағайық... Бірақ орындарынан біреуі де қозғалған жоқ. Оқтын-оқтын күрсініп қойып, темекі түтінін үздіксіз будақтатқан Жандос жақындап барып, кері қайтып, әрлі-берлі адымдаған сайын екі арада орнаған ыңғайсыздықтан Нәзік сейіле сергиін деді. Мойнын қысып, танысын тарылтқан қалың күртесін де дереу шешіп тастап, лақтыра салды. Жеңіл қимылмен жігіттің қасына келіп, иығына басын сүйей отырды. Күні бойғы сабырсыздықтан сәл саябыр тауып, ештеңе ойламауға тырысып, көзін тарс жұмып алды. Қанша отырғанын білмейді, буын-буыны әлсіреп барады екен. Денесін балқытып әкете жаздаған масқара әсерден шоршып түскенімен, шошынған жоқ. Есінен адастыра еліткен жұмсақ та жұмбақ мына жағдайының жөн-жосығын да бірден түсіне қоймай аппақ тамағымен иегін жиектей жүгіріп өткен майда қытықтың жанына жәйлі тиген мамыражай сиқырына да бірден құлап түспеді. Сәл қимылдаса, жанын да, тәнін де тұтқындағалы тұрған, құрып қалғыр жаңағы масқара әсердің шылауында кететіндей.
Тырп етпейтін деп тырысқанымен, өзін таңғажайып нәзіктікпен аймалаған жігіттің бойындағы құдіретті мойындамай да тұра алмады. Есеңгірей жаздап, есеңгіреп барып, әйтеуір есін жиды-ау. Жандос өзіне үздігіп-ынтыққан сайын бұл бойын тежеп, алыстай берді. Неге екенін білмеді, былайғы шақта қаперіне де кіріп, мұндай болады деп те ойламаған, жігіттің осы сәттегі жалынышты халін Нәзік асқан қатыгездікпен қызықтады. Әлгінде жанына жәйлі тиіп, ығында кеткелі тұрған майда қытық енді оған жексұрындық боп көрінді. Арзан қылықтың қытығына оп-оңай қоза жаздаған тәніне лағнет жаудырып, әбден қатайып алды. Бүткіл болмысын буып тастаған шектен шыққан ұстамдылығына өзі де таңырқап, дір-дір етіп жатқан жігіттің жанында бейнебір жеңімпаздай сезінді. – Сен мені өлтірдің ғой, - деді Жандос. Жігіттің жылап жатқанын сонда байқады. Құшағында ықыласымен құлаған қыздың өнебойын өрттей жандырып әкетіп, су сепкендей лезде өше қалғаны Жандосқа бетіне былш етіп түкіргеннен де жаман әсер етті. Ызаланғаны сонша, бір ауыз сөздің бас-аяғын қоса алмай дәрменсіздіктен не істерін білмеді. Ұшып тұрып, Нәзіктің жағынан шапалақпен тартып-тартып жібергісі келді. Әй-шәйсіз, қыздың еркімен санаспай-ақ құмарынан шыққанша құшақтап, ойына не оралса, соны тындырғысы келді. Шашының дода-додасы шығып, алакөлеңкеде бет әлпеті айқын көрінгенімен, өзіне қадалған жанарды көкірегімен түйсінген жігіт анадай бұрышта қырындай түрегеп тұрған Нәзікке бұрылғанда, жаңа ғана көкейін тескен ойынан шошып кетті. Үріккен киіктей, сәл қимылдаса, бас-аяғын таптап ыта жөнелетіндей қыз ыңғайын аңғарғанда, ешқашан да оны ренжіте алмайтынын, ашу-ызадан жарыла жаздап жатса да мынау мүшкіл халіне шыдайтынын ұғынды. Төбесінен төне түсіп, көзалдында биіктеп бара жатқан Нәзікті қайтіп қана ретін тауып, баурына тартудың жөнін білмей қатты қиналды. Мұндайда білекке жүгініп, күшке салу да нағыз арсыздық. Бірақ көңіліндегісін дәл со күйінде, таза күйінде жеткізудің бір амалын таппаса, жермен-жексен болған масқара жағдайынан кейін ешқашан айыға алмайтындай көрінді. Сәл кешіксе, Нәзіктен мүлдем айрылып қалатындай елестеп, қанша тыпырласа да дәрменсіздік шырмауынан құтылған жоқ. – Сезіммен... еркектің сезімімен осынша ойнауға болмайды ғой... Етпетінен сұлап түскен Жандостың әлде қорланып, әлде жылап жатқанын ажырата алмады Нәзік. Не істеп – не қойғанын ұқпай бойын үрей билеп, қылмыс жасағандай қуыстанды. Тұңғыш рет өзін жек көріп, маңайындағының бәрі сұрықсызданып жүре берді. Мағынасыздық жайлаған жан дүниесіне титтей демеу таппай әлдәрмені құрып, жеңімпаздай сезінген жаңағы сәті енді кеп басына қара түнек орнатып кеткендей. Жандостың алдын-ала «бәрі өз еркіңмен болады» дегенінің бәрін де өз ырқына көндіре алатындығына көзі жеткен сайын құлази берді.
Аяғына жығылсам ба деп зорлана қозғалғанымен, тас мүсіндей қатқан қалпынан айныған жоқ. Іштей күштегенімен, бір де бір қимылы көкейіндегісін қайталамай, өнебойын аңызақ желдің мазасыз ызыңындай кеулей жөнелген мағынасыздықтан жаны күйзеле торықты. Жандосқа «кет әрі» деп айтпағанымен, ұната да алмайтыны анық, сонда мұның не болғаны, не?.. -Бәрібір, күні ертең тырнағына татымайтын ақымаққа бұйырасың...қадіріңе жете ме ол, жетпей ме...сені ешкімге қимаймын, қимаймын... басқа біреу еркіңмен сапаспас та еді... ал мен, мен... осынша сорлы болмасам, осынша адал болмасам, жіберер ме едім сені асқақтатып осылай... Есіңе сақта, ешбір еркек бұлай істемейді, ешбір еркек...- Басымен еденді пергілеген жігітке қараған сайын тұлабойы түршігіп, қорқа бастады. Оның шегелей айтқан әр сөзі миын солқылдадып, дүниедегі ең сүйкімсіз, ең бақытсыз өзі ғана сияқтанып, бір ауыз сөз айтуға тілі келетін емес. – Мен сені жек көре бастадым, - деді Жандос, - мен сені енді жек көремін, жек көремін... Жігіт дауысындағы төбе шәшін тік тұрғызған қаттылықтан мүлдем шошып, дәл қазір тайып тұрмаса, есінен адасып, құлап қалатындай сезінді. Күні бойғы әрекеті мен кенеттен сана-сезімін тұншықтырып тастаған дүлей қайсарлығының түкке тұрғысыздығы жанын жегідей жеді. – Естисің бе, мен сені жек көремін, - Жандос енді айғай салды, – сені жек көремін... Нәзіктің құлағы шыңылдап, басы айналды. Күнімен істеген бір де бір ісін есіне түсіре алмай, қандай жағдайға тап болғанын да түсінбей, аңырап біраз тұрды. – Жо-жоқ... мен сені ешкімге қимаймын... ешкімге қимаймын... - деді Жандос сыбырлап, – тіпті қандай ақылды жігітке де қимаймын... бірақ бәрібір қадіріңе татымайтын қай-жайдағы біреуге тұтылатының анық қой, анық... қалайша мен сенен айрылмақпын, қалайша... Жігіттің соңғы сөздерінің бірін де Нәзік естілген жоқ. Бұ кезде ол бет-аузын айғыздаған көзінің жасына булығып, үлкен көшенің ортасын қақ жарып, қапқараңғы түн құшағына жалғыз өзі сіңіп бара жатты. Екі иығы дір-дір. Жападан-жалғыз.
ІІ Ресторанға кірген бойда бұрыштағы столды таңдап келіп отырған Нәзіктің өзі еді. Міне, енді ырду-дырду кең залдың ішін көк түтінге толтырғандарға бағдарлай қарап отыр. Орындарынан ыңырана тербетіліп, әрең-әрең қозғалған еркектер мен жанарларынан от шашыраған бір өңкей сұлу қыз-келіншектердің үлбіреген түрлеріне алма-кезек көз жүгіртіп шыққанда, өзінің түрінен сәл қымсынғандай болды. Айға жалатып алғандай аппақ маңдайларынан бастап киген киімдеріне шейін сүйкімділік ескен анау әйелдердің жанында мына қалпының тұрпайы да сұрықсыз екенін мойындағанымен, жанары жанындағы жігіттерге кеп тоқтағанда,
бұнысына өкінген де жоқ. Дүйім жігіттің ортасында ресторанға жалғыз келіп, бұған қоса бар қымбаты мен асылын бойына жапсырып алса, қысылыпқымтырылғанның көкесі сонда болар еді-ау. Дегенмен наздана күліп, еркелей қимылдаған бейтаныс арулардың жүзіндегі қуаныш көңіліне беймағлұм жәйттерді оралтып, алаңдата бергенін іштей ғана түйіп қойды. Үлде мен бүлдеге малынып, әлем-жәлем киінген әйелдердің дәл осындай жалт-жұлт жарқылынсыз шынында да мынау орталары қандай жағадайда да жүдеу көрінер еді деп ойлады. Сыңғыр-сыңғыр төгілген күлкілер құлағына жағымды естіліп, залды кернеген көтеріңкі леп жанына жәйлі тие бастады. – Жұрттың бәрі саған қарайды, - деді жігіттердің бірі. – Қандай бақытты деп қызығып отыр, - деді екінші, - өйткені қыруар жігіттің ортасында жалғыз отырсың ғой... Бірінің сөзін бірі қағып алып, әзілдей жөнелген курстастарына Нәзік езу тартып қана жауап қатып отырды. Даурығысқандарымен, қай-қайсы да жеңіл қалжыңның төңірегінен ұзаған жоқ. – Ал, жігіттер, - деді әлден уақытта Құралбай, - біздің бәріміз Нәзікті әйелдер мерекесінің қарсаңында құттықтап, бақыт, қуаныш тілейміз... бүгін басымыз қосылып, реті осылай боп қалды... кейін қыздардың бәрін жинап, тойлап береміз ғой... қазір ортамыздағы гүліміз - Нәзік үшін ішіп қояйық... – Нәзіктің болашағы үшін! – Жасасын осындай қыздар... – Нәзіктің азаматтығы үшін... – Тым асыра мақтамаңдар, - деді Нәзік, - мен сендер үшін ішемін... шынымды айтсам, меня смущает этот праздник... бірақ көтеріп қоялық... Бұлардың дәл жанынан жамырай шыққан оркестр әуені ешкімнің сөзін естіртпей тастады. Шаштары желкелеріне түсіп, желп-желп еткен бес-алты қызжігіт алаңға секіре адымдап, қас қаққанша орта толды да кетті. – Кеттік, - деді Нәзік, - бәріміз билейміз. Столды жағалай жайғасқан алты жігіттің қолдарынан жұлқи тартқан Нәзік жеңіл қимылмен ортаға шығып, билей жөнелді. Жігіттер де жапатармағай дөңгелене тізіліп, әрқайсысы білгенінше секірісіп қалысты. Қалың дүрмектің арасында кімнің қалай билеп жатқанында ешкімнің шаруасы жоқ. Бір орнында тырп етпей тыпырши ма, ербең-ербең теңселе ме, әйтеуір жұлқынған жұрттың қатарынан қалмасам дейтіндерден емес, Нәзік еденді кіжіне тепкілемей-ақ аядай шеңбердің ортасында ұшып кететін құстай шабыттана билеп жүр. Төбесіне жеңіл-желпі түйе салған шашы шашылып кеткенімен, бұған назар аудармастан құйындата үйіріліп кеп, асау екпінімен қасындағы жігіттердің иығынан қағып өтетіндей сыңайы бар. Тіпті жанындағыларды танымайтындай, таныса да менсінбейтіндей қимылдар жасап, оркестрдің аяусыз ышқынған айғайын одан әрмен атойлатып әкетті. Микрофонды аузына тығып алған әншінің не айтып, не қойғанын естімегенімен, өнебойын батылдыққа, дөрекілікке меңзеген әуен есі-дертін жаулап алған. Қыза келе қайда, кіммен, неге... секіріп жүргеніне мән берместен,
айналасындағыларды ұмытқандай өз қимылын өзі тәккаппарлықпен қызықтады. Залдың ішін жарып жіберердей зорығып шыққан оркестр үнінен тұлабойына жайылып бара жатқан дарақылықтан қимылына есеп есеп беруге мұршасы келмей қалғанын еміс-еміс сезді. От боп жанған денесін еркіне бағындыра алар емес. «Құлап түсермін-ау» дегенше оркестрдің де үні өшті-ау. Сонда ғана бойын жиып, алқынып-шаршаған жігіттерге бейнебір түк болмағандай жымия көз жүгіртіп өтті де жүгіре басып орнына келді. Қолына бірінші түскен арақ толы рюмканы басына көтере босатқаныннан кейін барып жайғасты орындыққа. Маңдайы жіпсіп қоя берді. – Ал, жігіттер, - деді рюмкасына арақты өзі құйып жатып, - разрешите мне быть томадой... еркектерге әмірін жүргізгісі келетін қыздарды құптамасам да... один раз попробую сыграть интересный этюд... – Бүгін сен не айтсаң да орындаймыз, - деді жігіттер бір ауыздан. – Ендеше... предоставляю слово... – Нәзік бәріне алма-кезек ілтипатпен қарап шықты, - оказывается вы все красивые... я за всех вас выпью с огромным удовольствием... – Келесі тосты арамыздағы ең жақсы көретін адамыңның атын айтып ішесің, - деді біреу. «Ең жақсы көретін...» оқыс айтылған мына сөз Нәзікке соншалықты таңсық естілді. Ойланып қалғанын білдіргісі келмей көтеріңкі күйінің екпінімен қарқылдап күле бастап еді, дарақылана шыққан дөрекі үнінен шошып кетті. Барсқаларға қалай әсер еткенін байқаған жоқ, бірақ жалған да жексұрын күлкісінен бүткіл болмысы сүйкімсізденіп, еңсесі езіліп жүре берді. Өзіне өзі ызаланғанымен, әлгі әзірдегі көңілділігінен айнымауға барынша тырысып бақты. Жігіттерге көзінің астымен ұрлана қарап, үнсіз қалды. Бұлар туралы ешқашан ой тоқтатып көрмеген екен. Қай-қайсына да зер сала үңілгенімен, біреуінің де бейнесі жүрегін жылата қойған жоқ. – Вы все великолепные парни, - деді – мен бәріңді де жақсы көремін... бәріңді... – Мүмкін емес. – Көгілдір көздері үнемі күлімсіреп тұратын Қали бір тұрып, бір отырды. – Қандай ғажап, ә... Нендей жәйтке де ғашық ниетпен қарайтын Нұртас тамсана жұтынып, әлсін-әлсін басын шайқады. – Сендер әлі күнге шейін Нәзіктің кімді ұнататынын білмейсіңдер ме? – Оңтайлы тұстан шымшып үйренген шаян тілді Жаналының шегір көздері жылт-жылт етіп қайтадан кқрінбей кетті. - Өзінің бір олағаны бар-дағы. –Бет-аузы майланып, айналасына әрдайым тоқмейілси қарайтын Тойбек маңғаздана керіліп, «бәрін түсінемін» дегендей Нәзікке өзімсіне көз жүгіртті. – Эх, жігіттер, жігіттер, түк түсінбейсіңдер-ау... – Артық сөзге бармай томаға-тұйық жүретін биязы мінезді Секеннің кеудесін кере күрсінгеніне ешкім мән берген жоқ.
– Бәрімізді жақсы көрсе несі бар, келіңдер сол үшін... Жалғанда еш адамның көңілін қалдырғысы келмей, кім болса, соған құрақ ұшып, қалбалақтай жөнелетін Құралбай қазір де әркімнің қабағына бір жаутаңдап, «қойыңдаршы» дегендей жалына қарап тұр. Даурығысқан жігіттердің сөзін Нәзік бөлген жоқ. Бірақ үндемеген сайын, денесі ауыр тарта бастады. Өзі туралы ма, әлде басқа ма, назар тоқтатпады, жігіттердің әлдебір әңгіменің желісіне ойысқан сәтін пайдаланып, көңіл-күйінің астан-кестенін шығара жаздаған жаңағы сауалдың жауабын іздеді. Бірге оқитын жігіттердің қашан да ыстық көрінетіні рас қой. «Кез келгені-ақ бір қарағанда жап-жақсы, жаныңды үйіріп әкетеді, - деп және мойындап қойды, домбыраны бейнебір ғашығындай аймалап, құлағында ойнайтын Нұртастың әні де, сәні де бөлек, адам баласына зекігенін естіген емеспін, бұған барған қыздың бағы жанып, маңдайы жарқырайтыны анық; жаны жомарт, қолы ұзын, ешкімнен ештеңесін аямайтын, жолдас-жораға деген пиғылы елден ерекше Құралбайға қарның ашып па, көңілің жүдеп пе, қай кезде барсаң тойғызып жібереді. Мұндай жігітпен тізе қосып, тірлік кешу әрі оңай, әрі ыңғайлы шығар, тіпті қандай долы, көкбет әйел кездессе де тілін табар-ау; не істесе де есеппен қимылдап, ешкімге есесін жібермейтін Жаналымен тағдырын қосқан қыздың да күні жерге қарап қалмас... кім білсін бірақ, мен ұқпайтын жәйттер көп қой; қандай ортаның да кілтін тауып, көкейден дөп шығатын, әзіл-қалжыңымен жұртты қыран-топан күлкіге көміп, езуі бір жиырылмайтын Қали да қаражаяу емес; Көбінесе ішінен тынып, былайша момақан көрінгенімен, Тойбектің де бірқағары болу керек, әйтеуір қашан кездессін, жарқырай қарсы алып, бәйек болып жатқаны. Оның үстіне әнді келістіре шырқайды. Ал, Секенді жете танымайды екенмін, тіпті екеуара тілге де келмеген сияқтымыз, үш жыл қатар оқысақ та осы уақытқа дейін қалайша мән бермегенмін...» Жігіттердің арасынан Секенді іздеп еді, ол мұның қас-қабағын қағып алып, жымиып қойды. Жүзінен сүйкімділік есіп, бұған аялай қарайды. Неге екені белгісіз, Нәзіктің жанары тайғанақтап барып жауап қатты. – Ішейікші, -деді жанарын жыпылықтатқан жаңағы жымиыстан тезірек құтылғысы келгендей, - Құйып қойыңдар, аямаңдар арақты, с любовью предоставляю тост Нуртасу.... кәне... не айтасың... Орнынан жедел көтерілгенімен, Нұртас қапелімде не дерін білмей біраз уақыт үнсіз түрегеп тұрды. Бұнысына титтей де қысылмастан бар ынтасын Нәзікке аударып: «Мен қыздар деген қасиетті қауым үшін, өзімнің қыздарды, қыздардың мені қадірлейтіні үшін бір тамшысын қалдырмай түбіне дейін ішемін, - деді. – Сонда қалай, қыздардың өзіңді қадірлейтініне көзің ашық жетті ме, - деп қағыта сөйледі Тойбек, - бізге да айтсаңшы, жігітті қадірлейтінін қалай дәлелдейді екен өздері? – Бұны бізге Нәзік айтсын... алда-жалда қыз ұната қалса, қапы қалмайық... біле жүрейік....-Жаналының жігіттерге көзін қысып, мырс еткенін Нәзік байқап қалды. – Не знаю, я никогда никого не любила...сендер лучше разбраетесь в этом вопросе...
-Осы уақытқа шейін ешкімді ұнатпауың мүмкін емес, қалайша біреуді жақсы көрмей өмір сүруге болады?-деді Қали. -Какой ты наивный...- Нәзік өзіне сұраулы кейіппен бұрылған жігітке шекесінен қарады, - дайте мне сигарету... Құлқы соқпаса да, темекі түтінін ішіне тартып, содан жасанды паңдықпен қабағын көтере қарайды, шылымды өліп-өше сорып, баяғыдан соны кәсіп еткендей, түтінін жоғары будақтата, біресе сол түрлі-түсті суретті үрлей өрнектеп, басы әнтек шалқайып кеткен. Ешкімнің сөзіне ден қояр емес. Пәлендей қыр көрсетейін деген ниеті де жоқ-ты, бірақ үсті-үстіне ішкен арақтың денесіне бойлаған қызуынан ба, буын-буыны босап, сәл қимылдаса, сүрініп кететіндей. Манадан бергі ішкен-жегені аяғынан тартып, орнынан тұрғызар емес. Оркестрдің ащы айқайы тағы да залды кернеп кетті. Еліре шыққан есерсоқ әуен әркімнің-ақ масаң көңілін одан әрмен қоздырып әкетті. Жігіттер «билейік» деп Нәзікке бұрылып, аяқтарымен еденді тарпи тыпыршыды. -Вы не сердитесь на меня, - деді Нәзік, - өздерің билей беріңдер... дайте возможность посидеть одной... -Столдың басында жалғыз қалдырып кетсек, ұят емес пе, мұның өзі тәрбиелікке жатпайды ғой, - Секен бұған қиыла көз жүгіртті. -Оставьте меня в покое... прошу вас... -Тек ренжіме бізге...- Жапатармағай түрегеп, қалың көпірдің арасына қойып кеткен жігіттердің соңында кеудесін сондай бір керенаулық, кернеп қала берді. Ырду-дырдудың ортасындағы қарбалас дәл осы сәтте ешкімнің де өзіне зер салмайтынына көзі анық жеткендей енді-енді есіней аузын аша беріп еді, иығына әлдекімнің қолы тиіп кетті. Алақанымен жалма-жан аузын баса қойып, оң жағына бұрылғанда, бейтаныс біреуі екі қолын созып тұр екен. Ілтипатпен иіліп, жүзінен ізгілік ескен бозбаланың меселін қайтара да алмай, дереу ұшып та тұрмай әрі-сәрі халде аңтарылып қалды. -Отырыңыз, - деді сасқанынан. -Сізбен билеуге бола ма?-деді бейтаныс. -Мен сізді биге шақырып тұрмын... -Мен сізбен билегім келеді, - деді үшінші рет. Нәзік бар дауысымен қарқылдап күлді. Анадай жерде ештеңемен істері жоқ, естері кеткенше, еденді тепкілеп, ерсілі-қарсылы ойқастаған, бір-бірінің бастарын жұлып алатындай ербеңдескендерге және жанын сыпайылықпен иіліп тұрған жігітке қайта-қайта қарап қойып, шексілесі қатты. -Кешіріңіз, - деді күлкісіне булығып, - сіз маған өткен ғасырдың бірінен топ ете түскендей көрініп тұрғаныңыз... кешіріңіз, отырыңызшы... -Қызық екенсіз...- Әлі де күлкісін тия алмай иығы селк-селк еткен қыздың жүзіне күдіктене үңілгенімен, түк те түсінген жоқ. Состиған тұрысының ыңғайсыздығын енді байыптағандай қыздың қолымен нұсқаған орындығына кеп жайғасты. -Как вы осмелились? – Нәзік бейтаныстың бетіне тіке бұрылды, - ведь здесь столько моих парней...
-Ендеше неге жалғыз отырсыз? -Я устала... -Жап-жас қыз шаршай ма екен? -Жас дейсіз бе... лестно, очень лестно, очень лестно... рахмет, рахмет. – Жігіттің алдында темекі қорабын тастай салды, - вы курите? -Айып етпеңіз , -деді анау, - шылым шеккен қыздар мен шашын көкжелексінен қырыққан қыздардан қатты қорқатын едім, бірақ сіздей қарындас қолқаласа, қалайша қолдамассың және өзіңізге жарасатын да сияқты. -Қарындас... очень страннос слышать... қарындас... -Танысып отырайық, есімінің кім, қайда оқисыз, әлде жұмыс істейсіз бе? -Назеке десеңіз қателеспейсіз, болашақ биологпын,үшінші курста оқимын, ну, как довольны? -Дұрыс екен, - деді жігіт, -яғни балаларға биологиядан сабақ бермексіз ғой келешекте... -Что вы...-Нәзік орнынан ыршып түсті, - никогда я не смогу учить других... мен өсімдіктер әлемін зерттеймін... дүниежүзіндегі ең бай, ең ғажап қорыққа...вернее заповедникке барып, жұмыс істеймін... -Қалада қалғыңыз келмей ме? -Ешқашан да... душно мне здесь... ауылда туғаныммен, есімді білгеннен бері қалада тұрамын... но ничего, через два-три года уеду на простор... для меня каждая травка, каждое растение целый загадочный мир, так что мне будет интересно жить, ал сізге ше? -Менің өмірім сіздікіндей қызық болады деп айта алмаймын. -Между прочим, почему я вдруг начала любезничать с вами... но надо признать, ваше лицо внушает доверие... -Қалай сонда, басқа адамдарға сенбейсіз бе? -Жо-жоқ, пока я не нуждаюсь в людских довериях, всего лишь делаю выводы... -Сізді түсіну қиын екен, қарындас, сізге арнайы микроскоп арқылы ғана үңілу керек, ал адам баласының жан дүниесін оның шекқарынындай ақтарып беретін мұндай техникалық құрал әлі шыға қойған жоқ, сонда менің не істеуім керек? Оркестр аспаптарынан долдана шыққан шиқылы мен ысқырығы аралас шуылынан құлақ тұнып, ресторанның іші Нәзіктің көзалдында шайқалыпшайқалып кетті. -Қазір би аяқталады, -деді ол, -сіз өз орныңызға барыңыз... на следующий танец сама приглашу вас, сидите и ждите... қазір бара беріңіз. Даң-дұң етіп барып, ми солқылдатар эстрада әуені де тиылды-ау. «Келістік» дегендей нышан танытып, бейтаныс бозбала да жылысып бара жатты. Терлеп-тепшіген жігіттер орындарына кеп жайғасты. -Ну, как, ребята, успокоились, - деді Нәзік, - наполните рюмки, будем пить, қайсың сөйлейсіңдер, бірақ сөйлемесеңдер де болады. -Саған береміз келесі тостты, жаңа айттық қой, бізді арамыздағы ең жақсы көретін жігіттің атын айтасың, қалғанымыз бұған титтей өкпелемейміз...
-Слушайте, с каких пор вы стали такими настойчивыми? – Жігіттердің әрқайсын мысқыл көзқараспен сүзіп шықты да, Нәзік ешкіммен рюмкасын соғыстырмастан ішіндегі арағын қағып салды. -Біреуің барып, заказ беріңдерші, - деді біраздан соң, - Штраустың кезкелген вальсіне, жо-жоқ, кез-келгеніне емес, «Вена орманының ертегілеріне»... Нәзікке қуанышпен жалт қараған Секен жүгіре басып жөнелді. Көп кешіккен жоқ. - Ондай вальсті ойнай алмаймыз дейді бұлар, нотасы жоқ екен.. бастарын шайқап, азар да безер де болды, - деді Нәзікке қарап, - бірақ әйтеуір бір вальс ойнаймыз деді. Құлағына таныс болмағанымен, салмақпен басталған қарадүрсін әуеннің алғашқы аккордтардынан кейін-ақ Нәзік жан-жағына елеңдеп, әлгі жігітті іздеді. Ол да бұған мойнын созып отыр екен. Қалай орнынан тұрып, жүре бергеніне Нәзіктің өзі де есеп бере қойған жоқ. Жанындағылардың бір-біріне «түсінбедік қой» деп иек қағысқандарын да байқамады. Қыздың соңынан аңтарылып қалған жігіттер істің мәнісіне кеш түсінді. Өздері танымайтын қайдағы біреудің құшағына барып тығылғандай көрінген Нәзікке әрқайсы-ақ кіжіне тістеріне шақырлатып қалысты. - Сұмдық қой мұнысы. – Секен жұдырығын түйіп, столдың үстінен қойып жіберді. - Өй, столда нең бар? Айбыныңды анау жігітке көрсет...- Ызадан қыпқызыл боп кеткен Секеннің бетіне Тойбек кекесінмен қарады. - Бәрімізді мазақ етіп, бетімізге түкіргені ғой бұл, қалай ғана шыдап отырсыңдар, - деп Секен Тойбекке жабыса кетті, - тіпті қуанып отырғаннан саумысың... - Өй, маған неге өршеленесің? Мен бе екен ол қызды жіберген... о несі-әй, - Тойбектің дауысы сәл жуасып шықты. - Көрсетейін мен басынып, басқа тепкенді... – Секен жұлқына түрегеп жұрттың билеп жүрген ортасына лап берді. Көзді ашып-жұмғанша залдың іші ушуға толып, әркімнен-ақ береке қашты. Бірінен соңы бірі өре тұрып, Секеннің соңынан жүгірді жігіттер. - Қап бүлдірді-ау бәрін Секен, - деді Құралбай, - ақымақ екен ғой. Ол жұрттың артынан оқшау қалған Тойбекке «сен реті келсе, Нәзікті анау опыртопырдың арасынан тезірек алып кет... бізді сыртта күтіңдер... тырысармын, тез...- деді. Әп-сәттің ішінде не боп, не қойып жатқанын Нәзік ұға алмай қалды. Әлдекімнің қарулы қолдары қарсы алдындағы жігітті қағып жіберді де өзі оқыс екпіннен құлай жаздап, теңселіп кетті. Біраз жерге дейін қалбалақтай жүгіріп, ұшып түсермін-ау деп үрейленгенінше, әлдекім белінен демеп үлгеріп, есікке қарай жетелей жөнелді. Жан дүниесінің қалтарысында айналасындағы аласапыран үшін өзінің кінәлі екендігі еміс-еміс қылаң беріп, әлдене айтқысы келгенімен, тілі күрмеле берді. Қолтығынан дедектетіп әкеткен кісіге қарсылық көрсеткен жоқ, өйткені шақырайған жарықтан тезірек құтылсам екен деді. "Бессовестная, ни ума, ни чести" деген біреудің сөзін құлағы шалып, бұның өзіне арнағанын титтей қарсылықсыз мойындады.
Есіктен аттай беріп байқады, қасындағы Тойбек екен. -Басқалары қайда? –деді сыртқа шыққан соң. -Төбелесіп жатыр, милиция алып кетпесе, не қылсын, бәрі сенің кесірің... Нәзік қайтадан ішке беттей беріп еді, Тойбек қолынан ұстай алды. – Тоқта, қайда барасың, әлде оттың ортасына өзің барып түсейін дедің бе... -Мен кінәлімін бәріне, жауапқа мені тартсын... -Жо-жоқ, сен тоқташы, қазір келеді бәрі, Құралбай реттейді ғой... сол айтты сені алып кет, біз кейін барамыз деп... қанша дегенмен, милиция араласып жатса, қыз балаға ыңғайсыз ғой... Жүр, такси ұстаймыз... кеттік... -Қайда? -Қалауың білсін... қайда қаласаң, сонда... -Ендеше жатақханаға жеткізіп салшы мені... -Жарайды... ...Тойбек тоқтатқан таксидің артқы орындығына бар салмағымен сылқ етіп, отыра кеткенде денесінің ауыр тартып, атты шаршағанын байқады. Әлі құрып, ештеңеге зауқы соқпай, қатарына жайғасқан жігіттің иығына басын сүйей салды. Дәл қазір қасында кім болса да оған бәрібір еді. Кім отырса да өнебойын кеулей жөнелген көңілсіздіктен оңайлықпен арылмасын білді. Осының алдында өзін ессіздікке итермелеген қылығы үшін де қиналып жатпады, тіпті мынау жалпақ тіршілікте әлденеден жасқанып-сескену дегенді басынан кешікпегені есіне оралған сайын тұлабойын мағынасыздық билеп бара жатыр. Бәлкім, жаңағы жерде анау топырлаған жігіттердің біреуіне ықыласы ауып жүргенде, мұндай жағдайда ұшырамас па еді. Әлгі бейтаныс бозбаланы неге биге шақырғанын да түсінбей, әйтеуір ойына не түссе, соны орындағанын, ұқты. Шешесінің «қатын қайраттанса, қазан қайнатар» деп жиі айтатын мақалы есіне түсе кетіп, кекесінмен мырс етті. Шынында да әйел затының «қалай қаласам, солай істеймін» деп дарақылануы сау басына сақина тілеп алғанмен бірдей екен-ау. Қалауына сәл ерік беріп еді, әп-әдемі кештерінің тас-талқаны шығып, жарасымды отырыстарының шырайы бұзылды. Қайдағы біреуді биге шақырамын деп, жолдастарының көңілін қалдырды. Жігіттер басқа қандай қылығын кешірсе де дәл осынысын сірә да ұмыта қоймас. «Мейлі, - деді күбірлеп, - мейлі, мне все равно...» -Бірдеңе айттың ба? – деді Тойбек бұған қарап. Нәзік жауап қатқан жоқ. Аяқастынан өзіне тесіле қарап, жігіттің жанарын анық шалғанымен, мұны көңілімен түйсініп, біртүрлі тіксініп қалды. Бірақ оның иығына сүйенген қалпынан айнымастан отыра берді. Бір сөніп, бір жанған түнгі қала оттарының жарқ-жұрқ көрінісі екі жақ әйнектің сыртынан жамырай шашылып қалып жатыр. Жеңіл машинаның баяу тербегені жанына жаға бастады. Ашылыпжұмылған сәуле ұшқындар әр жерден болар-болмас жылтырап, азая бастағанда ғана басын көтерді. -Біз қайда келе жатырмыз? -Горный Гигантқа...-деді Тойбек былқ етпестен. -Неге?
-Сен қонақ болсын деп... -Это интересно...-Іштей секемденгенімен, бәрі дәл осылай болуға тиістідейақ Нәзік серігінің сөзіне қарсылық білдірмеді. Жігіттің көңіл-күйі бірден көтеріліп жүре берді де даурыға сөйледі. -Қашан барсаң, опыр-топыры шығып, у-шу боп жататын жатақханада өз басым тұра алмас едім... Әлде ешқашан тобырға үйренбегендігімнен бе, білмеймін, анда-санда жігіттердің бөлмесіне бара қалсам, қашан қашыпқұтылғанша асығамын. Әке-шешемінің алақанына салып-аялап өсірген жалғызымын ғой, мүмкін... -Да-а-а, -деді Нәзік жігіттің сөзін бөле есінеп қойып, - возможно и так... мен әке-шешемнің жалғызы емеспін... нас много, поэтому я люблю толпу... -Үнемі бір қора жігітті ертіп алып жүретінің сондықтан екен ғой...ешқашан сенің бір жігітпен жеке жүргеніңді көрген емеспін. -Солай ма өзі... мен бұған мән бермеппін... -Міне, келіп те қалдық, - деді Тойбек. -Тура бір сағаттан кейін мені жатақханаға апарып тастайсың, келістік қой осыған, әйтпесе осы таксимен кері қайтарамын, - Нәзік орнынан қозғалмай біраз отырды. -Әрине, әрине... не қара басыпты мені екі сөйлеп... өзім апарып тастаймын... Тойбектің пәтері бойдақ жігіт тұрады дейтіндей емес, жып-жинақы, тап-таза екен. Неге екені белгісіз, бөлменің мұңтаздай тазалығы Нәзікке жылмағайлық боп көрінді. Мұның үстіне былайғы шақта адымын санап қана басатын жігіттің лыплып еткен жүріс-тұрысы да көңіліне қонбады. Бұрын-соңды назар тоқтатпапты, қазір байқаса өзі күнде көріп жүрген Тойбекке үлкендер жағы «авторитет» деп бағалайтын қозы қарын қатарластарынан бұрын біте бастапты. -Ты что? – деді Нәзік, - толстеешь с этих пор что-ли... жап-жас жігітке семіздік жараспайтынын білесің бе... – Тойбек рахаттана күлді, - сен көңілі кең, мінездері ақжарқын, жомарт еркектердің әдетте етжеңді, толық келетінін білмейші ме едің? -Әлі жас емессің бе... мына қарқыныңмен...-Нәзік басын шайқап қойды. Әлден уақытта ұйқысынан шошып оянғандай «слушай, - деді, - сен әділін айтшы, я не права... виновата перед ребятами?» -Да, ну, их, - деді анау қолын сілтеп, - не істесең де еркің өзіңде ғой...сен ешкімнің меншіктісі емессің ғой әзірше... -Қалай, қалай дейсің... сонда біреудің меншігі болуым керек пе кейін? Жожоқ, сен жалтарма бұлай...ты не так пел там в ресторане... -Қойдық ендеше... кешір, артық айтсам... Әп-сәттің арасында столдық үсті толды да кетті, арағы, шарабы, жемісі, тамағы бар... -Мен пысық еркектерді жек көремін, - деді Нәзік. Жігіт күлімсіреп қана жауап берді, ренжитін сыңай танытар сыңай танытар емес. -Как я их ненавижу, - деді және Нәзік, - упитанных, толстых мужчин...
-Түптің – түбінде сондай еркекке кездеспесең, сен далада қаласың, мұны осы бастан ескергенің жөн...-Тойбек екі рюмканы столға қойып, бұған қарамақарсы отырды. -Боже мой, до чего я пьяная... пью и пью... но трезвею, почему? Ноги качаются, но в голове такая жестокая-жестокая ясность... -Сені түсіну қиын, не деп кеттің? -Откуда у тебя такие хрустальные рюмки.... таких нигде не видела... до чего они прозрачные... Жігіт бәз-баяғы қалпы езу тартып отыра берді. -Менің басым айналып барады, - деді Нәзік, - сағат қанша қазір? -Әлі ерте... Бұдан әрі отырудың жөнсіз екенін сезгенімен, әлдеқандай жұмбақ күштің әсерінен орнынан тапжыла алар емес. Өнебойын шаншып жатқан осы бір құрып қалғыр мағынасыздыққа қашаннан бері душар болды? Есіне түсіре алмады, бірақ қазір оған есін білгеннен бергі тірлігі сұрқай мағынасыздық боп елестеді. Жүрегін сыздата ма, кеудесін кеміре ме, әйтеуір жалғыз қалған сәттерінде жанталаса шарқ ұрып, біреулерді іздейді. Сол іздеп, тауып алғандарының арасында да жанын қоярға жер таппай тыпырлағанынан арыла алмай, дел-сал хал кешіп жүргені. Бүгінгі қылығы дұрыс па, бұрыс па, мұнда неге келді? Ешқашан жүзбе-жүз қалып, сыр шертісіп көрмеген Тойбекке еріп келгенде, не ойлады? Түннің бір уағына шейін Тойбектің қасында қалай отыр? Іштей есеп беріп, қанша өзін тәртіпке шақырғанымен, бұнысынан түк те шыққан жоқ. Керісінше, әлгі әзірде есіне түсірем деген ойының шегіне жете алмай дүбәрә қалпына қайтадан енді. ...Беліне оратылып, тастай қата қалған қолдардың тәнін түршіктіре жөнелген уытытан қапелімде шошып кетті. Ештеңенің мәнісіне түсіне қоймағандықтан да алғашында абдырап қалды. Оқыстан жармасқан жымысқы қимылдан аза бойы қаза боп, ыршып түсті. Қарсыласқанымен, оңайлықпен ажырайтын емес анау тегеурінді қолдардан. Моп-момақан отырған жігіттің бір ауыз сөзге келместен беліне жармасқан оспадарлығына ызаланғаны сонша, Нәзіктің үні шықпай булыға тұншықты. Дереу бойын жиып, бар күшімен итеріп жібергенде ғана сытылып шықты-ау. Демін әрең алқына алып, жігітке жиіркенішпен қарады. Бұнысына назар тоқтатып жатқан Тойбек жоқ, еденді етпетінен құша жаздап, ұшып тұрып, қайтадан қыздың аяғына жабысты. Теңселіп-теңселіп барып, құлауға шақ қалған Нәзік өзін дәрменсіз сезінгенінен, әлі құрып бара жатты. Жігітті еріксіз құшақтай жығылып, төсіне өрмелеген тершіген саусақтардан денесін жылан шағып алғандай тітіркеніп, дүниедегі ең масқара жәйт – көңілі қалмаған еркектің тәніне қол жүгіртуі екенін ұқты. Көңілі қаламайтын еркектің көлеңкесінен де жүрмеу керектігін ұқты. Ұқты да қазіргі жағдайы үшін қатты жәбірленді. Бұрын-соңды мұнша қорланып көрді ме екен? Қаперінде бар ма еді десеңші осындай сорақылық? -Сен сұлу қызсың, -деді Тойбек қыздың бетін түкіріп жібергенін бірден аңғармай.
-Баяғыдан бері қайдан қалдың, ниетің болса, ең алдымен жігітке ұқсап, білдірмейсің бе? – Нәзік қалш-қалш етті. -Ендеше.... ендеше неге еріп келесің менімен? Кішкентай баласың ба түк түсінбейтін... қыз болсаң, еріп жүре берер ме едің? -Ты круглый дурак... өмірінде қыз сүйіп көрмеген и сүйе алмайсың да... даже не можешь свои чувства по-человечески выразить... -Бәрібір сені жібермеймін, сонда не істейсің маған? – Жігіт әбден тістеніп алған, құдіретің жетсе, кәне, құтылып байқашы... Нәзік жолын кес-кестей берген жігіттің жүзіне жалт қарады. Тойбектің жасыл көздері небір залымдық пен қатігездіктің апанына ұқсап барады екен. Былайғы шақта күлімсіреп қана тұратын тәрізді момақан жанардың осынша қаталдықты қалайша жасырып келгені үшін шынында жаңалық еді. Әдетте қорбаң-қорбаң етіп бұрылуының өзіне біраз уақыт кететін, қимылға сараң жігіт енді әбден ширығып алғандай бұған әрі кіжіне әрі масаттана жасыл көздерін жыпылықтатпастан тесіледі. Көндіремін, көнесің дейді, көнбесең, күшпен бағындырамын дейді жасыл көздері. Тұлабойын тіміскілей тінткен жасыл көздерге бұл да айылын жимай тіке қарап, біраз тұрды: осынша аңғал болармын ба, әйтпесе келер ме едім, бәрі де өзімнен, кінәлі өзім, ал енді құтылып көр аяқтан бассалғалы тұрған қақпаннан... еркіңмен еріп келгеннен кейін көнесің-дағы... жо-жоқ...-Ол жігіт жанарының жалқы сәтке жыпылықтап-тайсақтай қалғанын байқап үлгерді, жалқы сәтке ғана. Қыздың жанарын тайдырмастан өзіне қарап қалғаны бейнебір көзалдында қанжар жалт еткендей әсер беріп, кірпігін әлсін-әлсін қағып қалғаны рас-ты. Күнде көріп жүрген Нәзік емес, алдында мүлдем бөтен қыз. Айналасындағы қандай жәйтке де енжарлықпен қарап, жалғанды жалпағынан басып жүр деп келген қызының түрін танымай тұр. Оңайлықпен жақындатар емес қасына. Үйретілмеген асаудай ойқастап, енді болмаса тұяғымен тарпып жіберетіндей. Манадан бері құйып берген әр рюмка арағын шімірікпестен ішіп, мұның емеурінін қалт еткізбей танып, қабағымен құптап отырғандай көрінген қыздың кенеттен өзгеріп жүре берген мәнісін түсінген жоқ. -Несіне бәлденесің, - деді сазарып, - әлде менсіңбейсің бе, әлде талайдың дәмін татып, әбден тойғансың ба... -Тіпті солай болған күннің өзінде де дәл саған жақындауға жиіркенер едім... сен... сен жексұрынсың... -Ха-ха-ха...- Жігіт үйді басына көтере қарқылдады. Даусында қыздың шамына тиерлік көргенсіздіктің бе, дарақылықтың ба, әйтеуір құлаққа жағымсыз тарғылдықтың табы бар. Ешқашан Нәзік дәл қазіргідей қорынып, өкінбеген шығар. Тұңғыш рет тілін тістей беріп, неге ғана келгеніне миы жетпей осы бір қылығы үшін қарақан басын жермен-жексен ете сыбап алды іштей. Бұған дейін Тойбек туралы не жаман, не жақсы деп ойламағанымен, оның тарапынан мұны күтпегені анық. Тіпті кез-келген екеудің басында кездесерлік бұндай жәйттің аржағында бір ретте мұнша ренжитіндей жөні де жоқ болуы мүмкін. Бірақ шаужайына жармаса кеткен жігіттің жақындауы мұң екен, қаны қарайып шыға келген сияқтанды.
Оспадарлықпен тәніне жүгірген қолдар осынша сүйкімсіз көрінер деген сірә де қаперіне кіріп көрмеген. Сөйтсе қыз бала үшін еркектің сезімсіздігі мен дөрекілігінен асқан сорақылық жоқ екен-ау. Көңілінің кілтін табуға тырыспай-ақ байлап-матап тастағандай дәмесі бар жігіттің мына безбүйректігіне қалай ғана тойтарыс берерін білмеді. Еркектің ақылға симайтын әрекеттері болатыны шымбайына барып, жүрегін шайлықтырып әкетті. Әлі жетіп, күші болса, қомағайлана жұтынған анау жымысқы жанарды жоқ қылып, бедірейген бетінің быт-шытын шығарар еді, әттең... Әбден ашкөзденіп алған жабайы аңдай түгі сыртқа теуіп, алдында бір уыс боп бүріскен қыздың жек көрген сыңайын байқаған сайын бойын ашу-ыза кернеп бара жатты. Алғашында қыз тарапынан үзілді-кесілді қарсылыққа ұшыраймын деген пиғылында жоқ-ты. Енді кеп қайтсе де ойындағысын орындауға тырысып, бүкіл сана-сезімін ашқарақ құмарлық билеп-төстей жөнелді. Еркектік намысын қоздырған жаңағы зілмен айтылған ауыр сөздерден кейін мүлдем өз қылығына есеп беруден қалды. -Мен кеммін бе басқалардан... неге сонша шалқаясың? – деп қыздың білегінен жұлқи тартты. Көзалдын тұмандатып жіберген жас тамшыларын әрең іркіп үлгерген Нәзік қара күшіне жүгіне бастаған жігіттен қайырымдылық күтудің мүмкінсіздігін сезіп, дереу бар күш-қайратын бойына жиып алды. Тамағына тіреліп, демін тұншықтыра жаздаған өксіктен де жұтынып-жұтынып қалып, әрең құтылды. Тек қана еңіреп жібермеудің амалын іздеп, еңіреп жіберсе, әл-дәрменінен айырылатын болғандықтан да мынау терісі қалың, тоңмойынға мүшкіл халін білдірмеуге тырысып бақты. Мейірімділіктен жұрдай мынау тоңмойынға жылағанын көрсетсе, тағдырының жазмышынан қашып-құтылмайтынын мойындағаны болар еді. Сондықтан да әлсіздігін байқатпаудың шарасымен шарқ ұра аққұба жүзі сұп-сұр боп, демін ішіне бүкті. Амалын тауып, тезірек бұл арадан жоғалудың қамына кірісті. Бір сәтке жігітке жылы сөздер айтып, жалбарынсам ба екен деді. Майы бетінде жылтыраған Тойбектің былшиған жүзіне әрлі-берлі қарап тұрды да, әлгіндегі райынан лезде қайтты. Біресе белінен, біресе қолынан тартқылап, қайтсе де құшуға икемделген түріне қарағанда, жіберетін сыңайы жоқ. Талай ортада, талай жерде талай жігітпен араласа жүріп, мұндай ыңғайсыздықпен беттеспеген қыздың сабыры сарқыла бастады. Өз басының, әйел затының осынша тәуелділігін тумысында алғаш рет түңіле-түйсініп, көңіліне татымайтын біреудің арзан ниетінің құрбандығына шалынуға шақ тұрғанын елестеткенде, жүрегі лоблып, құса жаздады. Еденге түкіре бергенін де аңғарған жоқ. Ар-ұятын басынарлықтай әрекеттерге барған жігіттің енді өзінің алдында абыройға ие бола алмасын, бұдан былай араларындағы қарым-қатынастың шорт кесілетінін, мәңгібақи оны жок көріп өтетінін санасына мықтап түйді. Қыңырлығына басып, әбден долданып алған Тойбекке ішкі әлемін астан-кестен
қылған жәйттердің себебін түсіндірсем бе деп оқталғанымен, тіліне бір ауыз сөз оралмады. Бір-бірін сыйлайтын қыз бен жігітке, күнде жүз көрісіп, жүргендерге бұл жараспайды дегісі келді. Мұның барып тұрған топастық дегісі келді. Қыз баланың жүрегіне ешқашан ешкім дөрекілікпен жол таппаған дегісі келді. Бәлкім, әлгі әзірде тарпа бассалмай, тіпті қандай арам пиғылыңды да ең алдымен тілмен айтып-жеткізсең, бәрі басқаша болуы мүмкін еді ғой дегісі келді. Әйел заты үшін еркектің түйсіксіздігі мен сезімсіздігі ең қиын дерт дегісі келді. Көңіліне қонақтаған бұл ойлардың бір де бірін жеткізе алған жоқ бірақ. -Сонша қасарысатындай, мен жұрттың қорымын ба, неге шалқаясың... кеммін бе өзгеден... қыз құшуға жарамайтын сорлымын ба... Жігіт Нәзіктің бұлқынғанымен санаспастан көзінен, бетінен сүйе берді. -Жанлынамын, қарсыласпашы... қыз болсаң, үйленейін саған... үйленейін, қыз болсаң... – Тойбек енді жалбырана бастады, - үйленейін саған, тек қарсыласпашы... Бар зейіні мен аңсары шашы қобыраған, жанары жалын атып, қасына жолатпай қойған қызға ауып, өлермендікпен жабысуын сірә да доғаратын емес. Қаршадай боп қана тойтарыс берген осынша күшінің қыз бойына қайдан ғана келіп жатқанына таңғала бастады, өйткені Тойбек қары салдырып, әлсірегенін байқады. Ыңқ-ыңқ етіп, зорыға қимылдаған сайын есі-дерті Нәзікке одан әрмен ынтығып, зарыға сөйледі: - құдай үшін, меселімді қайтармашы, орындашы тілегімді, не қаласаң да орындайын... тіпті әйел болсаң да үйленейін... үйленейін... үйленейін... Жігіттің ерні еріксіз ерніне тигенде, әлдебір шалшыққа құлап, денесі ластанып-былғанғандай сезініп, талбойы түршігіп қоя берді. Батпаққа белшесінен батқандай, өзінен өзі аяқ-асты жиіркенді. Дүниедегі ең көріксіз, ең сұрықсыз жан өзі сияқтанып, бет әлпеті қисайып, адам баласына қарайтын түрі қалмағандай масқара халдің құшағында жанталасты. Тынысын сап-сасық иіс тұншықтырып, содан жүрегі айнып, қақалыпшашала лоқсыды. Бетінің дал-дұлы шыға ісінген жігіт кейпіне көзімен жерменжексен ете қарап, былш еткізе түкіріп қалды. - Бәрібір мендіксің, бәрібір мендік қыламын сені... сосын қайта барар екенсің?.. Жөн-жосықсыз өлермендікпен жабысқан мынаған ашуланғаны сонша, Нәзік балтырынан ұстай алған қолдарды бар икүшімен серпи жұлқып, еденді шөкелей сүрінген жігіттің бас-аяғы демей теуіп жіберді де, есікке қарай бір-ақ секірді. Сол аяғының туфлиі анадай ұшып кетті ме, жігіттің қолында қалды ма, бұған алаңдап жатпай, сыртқа атып шықты. Оң аяғындағы туфлиін да лақтыра салып, беті ауған жаққа жүгіре жөнелді. Жалаң аяғына батып-батып кеткен түйіршік тастарға да мән берместен құстай ұшып, зымырап келеді. Қайда, неге, бұны ойлауға титтей мұршасы жетпей, қараң қалғыр мына маңнан тезірек табанымды жалтыратсам екен деген жалғыз тілегінің жетегімен алды-артын бағдарламастан ұзақ жүгірді. Бұрыш-бұрыштағы сықсиған
жарықтарды бетке алып, бұрылысты айналып өтіп, көлденеңдей созылған басқа көшеге түсті де ізімді жасырдым-ау дегенде ғана адымын саябырлатты. Дүрс-дүрс соққан жүрегінің алқынғаны жуырмаңда басылар емес. Сылдырсылдыр аққан арықтың жиегіне жетіп, қисая кетті. Ентіккен демін баса алмай біраз жатты. Түнгі салқынның дымқыл лебінен тұлабойы тоңазып, қалш-қалш еткенімен, әбден уақытта есін жиып, басын көтерді. Арыққа аяқ-қолын батырып, бет-аузын ысқылай жуғаннан кейін ғана күні бойғы жүрегін лоблытқан иістен арылайын деді. Кеудесі қаққа тұнып тұрғандай-ды, түрегеп барып, қақырынып-түкіріне, көкірегін түйнеген лоқыстан барынша құтылғысы кеп, күшене жөткірінді. Қайтадан бетін шәйіп, арықтың суын қолымен уыстай денесіне шашыратты. Тәні де, жаны да тазарғандай сезініп, түнгі ызғар мен суық судан бойы дірілдей бастағанда, орнынан қозғалды. Қою қараңғылықтың қойнауында жалғыз өзінен басқа тілі жан жоқ екендігін де кейін аңғарды. Тып-тыныш көшені қақ жара жүріп, қыстыға жылады. Көз жасына ерік беріп, ұзақты кеш әрең-әрең тиып келген өкініш өзегін өртеп, өксік боп лықсыды сыртқа, шашының дода-додасы шығып, жалаң аяқ келе жатқан қыз табанына шаншылған шөгірлерден емес, бұрын-соңды тірі пенденің тарапынан кездестірмеген, мазақ пен қорлыққа куә бола жаздағаны үшін қиналып, намысын таптағысы бар әумесердің дөрекілігі үшін жаны күйзеліп, таусыла еңіреді. Тастай түннің қаралы құшағында жалғыз өзі, денесі селк-селк етіп, жылап келеді. Сүйенетін де, сенетін де ешкімі жоқ, құлай жаздап, денесі дір-дір етеді. Жалаң аяқ, жалаң бас, жападан-жалғыз.
ІІІ
Қашаннан бері мұндай дертке шалдыққаны есінде жоқ: ұйқыдан көзін ашқанда, ұйқыға көзін жұмарда, көшеде келе жатса, тіпті қайда жүрсе де көзалдында Маңғаз тұрады. Уақыт өткен сайын сана-сезімін бір өзінің еркіне көндіріп, үн-түнсіз жүргенімен, бұның бүткіл тірлігіне айтып-жеткізгісіз өзгеріс енгізген тұйық мінезді жігітке ынтық қып қойған тағдырына на қуанарын, не өкпелерін білмей, бұған шейін мазасызданып көрмеген жүрегі аяқастынан өрекпи шарқ ұрып, үнемі әлденеге алаңдайды, үнемі әлденеге елеңдейді. Іштей жаңалық күтіп, сарсылған сағыныштан күлпаршасы шыға жаздап, тоза бастаған жүйке-жүйкесіне ем іздегенде, айналып кеп табатына да сол Маңғаз. Еркек кіндіктің басын қадірлеп, сыйлай білгенімен, еркек кіндіктінің алдында жанары жасқанып көңілі жасып көрмеген Нәзік осынау қара торы жігітпен, қай кезде да томағатұйық қалпынан айнымай сыпайы ғана езу тартып өте шығар курстасымен жүзе жүз ұшырасқанда, қаны бетіне теуіп шыға келеді. Жігіттің алдында иіліп-бүгілудің не екенінен бейхабар көңілі Маңғазбен кездесе кеткен әр сәтінде лезде өзгеріп, тізесі дірілей жөнелетін. Тұлабойының
күш-қуатын шейін ұрлап, осынша әуре-сарсаңға тап қылған жағдайы үшін іштей жәбірленгенімен, мұны сырт көзге байқатпаудың амалын іздейді. Бірге жүрген отыз студенттің арасында Маңғаз болмаса, бейнебір мұнда оқымайтын да тәрізді. Лекцияға да, семинарға да тек Маңғазды көру үшін баратындай. Ең соңғы қатарға жайғасып алып, үшінші қатардың орта шеңінде дәптеріне әлденені жазып, сол қолымен маңдайын сүйеп отырар сабырлы түрін қырынан бағдарлап, ұзақты күн қараудан әсте жалықпайды-ау. Өзіне ешкімнің назары түспесін деп, әдейі ең соңғы қатардан орын теуіп, небір тәтті қиялға шомады да, дүниедегі ең қымбаттысы, ең сүйіктісімен ауаны бірге жұтып, бір аудиторияда отырғанынан жаны рахатқа бөленіп, жүзі бал-бұл жанады. Маңғаздың тырп етпейтін түріне қарап, таңғалып та қоятыны бар. «Осынша ықыласпен ден қойып, бар ынтасы өзіне құлаған қыздың ниетін қалайша сезбейді екен, тіпті кез-келген адам екінші біреудің жәй былайша қарағанын сезіп қалып, артына қайрылмаушы ма еді» деп, жігіттің тым болмаса бір бұрылып, қарауын күтеді. Менің өзі деп соққан жүрегімнің лүпілін неге сезбейді екен, өзіне ғана қарап отырмағанымды неге көрмейді дейді. Кейде мұнысы да дұрыс шығар деп және ойлайды. Қайбір сәтте Маңғаз бұл отырған жаққа мойнын бұрғандай боп көрінеді. Нәзік дереу жанарын бұрып әкетіп, барынша көрінгісі кеп, басын қайтадан көтеріп үлгергенше, тағы да сол белгілі суреттің үстінен шығады. Көкірегіне симай кеткен тынысы сәл саябырлағаннан кейін алдында қаз-қатар жайғасқандардың желкелерін қызықтай, бұлардың бір-біріне ұқсамайтын айырмашылықтарын ажыратып, әрқайсысын өзінше бағалап, алып-ұшып аптыққан көңілін ұсақ-түйекпен алдандырғысы кеп әуреленеді. Дауыс ырғағын титтей өзгертпестен мақамдаған оқытушының бір де бір сөзі көкейіне қонбай, кенеттен үзіліп қалған қиялының да быт-шыты шығып, құлағы шыңылдай бастайды. Әлеқайдан бүктетілген бір жапырақ қағаз қалықтай ұшып алдына келгенде, жалма-жан оны алақанымен жасырып, біраз отырды. Таңғалмастан көзін жүгіртіп өте шықты да не бір "ғашықтық" тіркестерді шебер тізген бұл қайсы екен деп жатпастан, қағазды жыртып-жыртып, лақтыра салады. Үзіліске шыққан студенттердің біразы жапатармағай сыртқа асығып, біренсараны аудиторияда қалды. Нәзік терезеге таяна түрегеп, төменде ерсілі-қарсылы ағылған адамдар мен машиналар легіне қарап тұра берді. Иығына әлдекім білегін асты. Жұман екен, ақсия күліп тұр. Нәзік оның қолын қаққан жоқ. -Неге жүдеп кеткенсің, - деді Жұман, - біреу ренжіткен жоқ па, егер біреуміреу ренжітсе, айтып қой маған... үйіңнен хат келіп тұра ма... жайшылық па? - Бәрі де аман... бәрі де орынша... рахмет...- Үнемі жағдайын сұрап, еркелетіп жүретін Жұманға бұ жолы әсіресе риза боп қалды. -Бүгін курсымызбен театрға барамыз, қалып қойма. -Бәрі ме? -Түп-түгел болмағанымен, басым көпшілігі баруға тиіс, бірақ сен қалып қойма, келістік қой... - Жұман арқасынан қағып, сыртқа беттеді.
Нәзіктің көзіне ып-ыстық жас үйіріліп, жүрегі елжіреп жүре берді. Көңілінің құлазып, жүдеп-жадаған қазіргі жағдайын дәл байқаған Жұманның жаңағы арқасынан қаққаны сондай жылы әсер етті. Өзін жетімсіреткен жәйттердің себебін түсінгендей болғанымен, соны мойындауға намысы жібермей қыстығып жүргені рас. Жалпы тіршіліктің өзіне толып жатқан түсініксіз құбылысынан тәуелділікті ешқашан басынан кешпеген Нәзік соңғы кезде кім көрінгеннің қабағына жаутаңдап, бұдан жаны жәй таппағанымен, сәл-сәл болса да жетімсіреген сезімінің орны толғандай хал кешетіні бар. Соңғы кезде әрбір адамның бойына зер тоқтатып, ұзақ қарайтынды шығарды. Қандай да топтың жанынан тәккәпбарлықпен аспандап өте шығатын баяғы әдеті жоқ, тұлабойында мейірімділік оянып, айналасына жуаси қарайды. Менменсіген қылығынан тиылып, кез-келгеннің маңдайынан өзі де аялай сипағысы келгенде, ең алдымен жаралы көңілінің емін тапсам екен дейтін. Алда-жалда әбден титықтаған жан жүйкесін алдарқаттандыратын әлденеге тап келсе, маңайындағының бәріне жақсылық жасасам, көзіне көрінгеннің бәрін еркелетсем, деп тұрады. Мұндайда шексіз мейірімділікпен тұлабойына қуаныштың ұшқыны тарап, бүткіл адамдарға деген мейірімділігі Маңғазға деген құштарлығы боп аяқталатын. Бір жанға деген мейірімділігінің баршаға шуақ боп тарап, бүткіл жұртқа деген мейірімділігінің қайтадан сол бір жанға ғана құштарлыққа айналатыны Нәзікке әрі қызық, әрі жұмбақ. Әлі күнге шейін шашынан да сипап көрмеген Маңғазға ынтызарлықпен үміт артқанда, мұнің есесін айналасындағылардың қас-қабағынан қайтарам деуі өзіне де таңсық. Әлде маңғаздың тарапынан зарыға күткен жылылықты сезіне алмай жүргендіктен де жанын қоярға жер таппай кім көрінгеннің қабағынан бағынышты боп қалғаны ма? Әйтпесе, неге жұрттың қас-қабағынан пана тапқысы келгендей, әркімге бір жаутаңдайды? – Нәзік өзін аяп кетті. Жанарын тұмандатып әкете жаздаған ыпыстық жасты тиып тастап, қатайып алған сыңай танытты. Өзіне өзі дем беріп, сырт көзге әлсіздігін дабыралаудың жөнсіз екендігін іштей түйіп қойды. Курстастары орындарына жайғасып жатқанда, Нәзік терезе әйнегінен алысқа қадала қараған боп қозғалмастан тұрған. Сырт жақтан әлдекім «профессор келе жатыр» жегенде ғана бері бұрылды. Бұрыла жүріп байқады, өзіне бір сәтке қарап қалған Маңғаздың өңі әдеттегіден гөрі сынық екен. Солғын тартқан жұзінен көңілсіздік пен селқостық аңғарып үлгерді қыз назары. Лекция бойы өзі де ештеңеге зейін тоқтатпай ықылассыз отырды. Маңғазға қарамауға тырысып, столға кеудесін тірей қос қолымен басын құша жатып алды. Алдында тағы да домаланған қағаз топ ете түсті, бұ жолы бүктетілгенін ашып жатпастан-ақ дәптерінің арасына тыға салды. -«Шіркін, - деді ішінен, -осы хаттар неге Маңғаздан емес, неге өзгелердің елжіреп-еміреніп жазып жататын үшбухаттарының жарты-жарымын жазып жібермейді екен? Саусақтары тиген оның әрбір әрпін жүрегіме қысып, оқыр едімау. Мүмкін ол да мен туралы ойлайтын шығар, әйтпесе кездескен сайын жанарымен аялап қарамас еді ғой, қадала қарайтыны да рас қой... яғни ол да... ол да...»
Санасына шым-шымдап дарыған үміт ұшқындарынан иығынан ауыр жүк түскендей, тәтті ойлары бойына күш-қуат қосып, біршама жеңілдеп қалды. «Жақсы күш-қуат қосып, біршама жеңілдеп қалды. «Жақсы көрмесе, қадала қарамас еді ғой» деп әлсін-әлсін қайталай берді. – Өзімен қатар оқып келе жатқан үш жылдың ішінде ешкімге еңкейіп, емеурін танытпағанымды, соңымнан жүгірген жігіттердің бір де біреуін маңайыма жолатпай жүргенімді білмейді деймісің? Тілмен айта алмас ықыласымды талай-талай үнсіз жеткізген сияқтымын. Терісі қалың, саезімнен жұрдай болмаса, бәрін де түсінетін кезі келген. Көзі көріп, құлағы еститін пенде екені рас болса, осы күнге шейін ештеңе ұқпауы мүмкін емес. Ұқса, үн-түнсіз жүре ме? Жылы бір ауыз сөз айтып көрмегені ақиқат, ендеше ұқпағаны да. Құдай-ау десеңші, танысқаннан бергі пәлен жылдың ішінде қызбен қыдырғанын да көзім шалған емес, мүмкін көрсем, осынша азаптан құтылып, көңіл суыр ма еді, қайтер еді. Менің кез-келген жағдайда соңынан еруге дайын екенімді, дүниенің қай шетіне әкетем десе де қарсыласпайтынымды, мәңгібақи бір өзіне табынып, бір өзінің құлы боп өтуге әзір екенімді сезбейді-ау, әттең, сезбейді-ау. Әлде, ар мен ұятты түйіп тастап, «мен сені сүйемін» десем бе екен, әлде хат жазсам ба екен? Бірақ мұның бәрі тым түсінікті, тым сөлекет... мұның ешқайсы жараспайды қыз балаға, ешқайсы. Сүйген адамыңа өзіңді сүйікті ете алмау сорлылық деуші ме еді... сонда мені тіпті ұнатпауы да мүмкін-ау, ә... ұнатпауы да мүмкін... ұнатпауы? Оқыстан жүрегі сыздап қоя берді. Маңғаз туралы тәтті қиялдап, талай жәйтті көзалдына елестеткенде, оның өзін ұнатпауы мүмкін-ау деген пиғыл қаперіне титтей кірсе-ші. Мұндай ойдың ешқандай басына келмегенінен бе, кенеттен көкейін тесе жөнелген әлгі жексұрын ұғымнан төбе шәші тік тұрып, жаны түршігіп кетті. Көптен бері жауабын таптырмай қойған, көптен бері қиналтқан қиын да жұмбақ жағдайының сырын енді шешкендей және бұл санасына сіңген сайын бүткіл дүние қаңырап бара жатты. Бетінен әлдекім осып жібергендей әсер етіп, қапыда қалған жәбірленуші сияқты абдырап, көзінің алды бұлдырай қарауытты. Талай түнді дөңбекшумен өткізіп, әрбір таңды буалдыр үмітпен қарсы алып, соның бір де бірі орындалмаса да бәрі бір сол тілегінен таймай, күндер мен түндерді сарғайған сағынышпан жалғастыратын Нәзік сабырым сарқылар-ау деп әсте қорықпайтын. Төзімінің таусылған да ештеңесі жоқ, әттең әлгіндегі жанын жегідей жеген күдіктің тұлабойын суытып әкеткені. Шынында да Маңғаздың ұнатпауы мүмкін, әбден мүмкін. Жақсы көргеніңмен, өзіңді сүйікті ету кез-келгеннің маңдайына жазылмайтыны ақиқат. Өліп-талып сүйгеніңнен не шара, егер сүйіктіңді сезіміңмен селт еткізе алмасаң? Ұрлана қозғалып, Маңғаз жаққа бұрылды. Жып-жинақы отырған қалпы, дәптеріне әлденені асығыс жазып-жатқаны да көзге ұрмай өнебойынан салмақтылық есіп, мойнын бұратын түрі жоқ. Сол қолымен онсыз да жылмағай таралған шашын қайта-қайта қайырып қояды. Әрбір қимылына шейін назарынан қалт еткізбейтін Нәзікке жігіттің үнемі белгілі қалыптан жаңылмайтыны барып тұрған жайбасарлық пен маубастық боп елестеді дәл сол сәтте.
Қашан кездестірсе де адымын санап басып, ештеңеге селт етпейтіндігі есіне түскенде, осы бір шынашақтай қап-қара жігітке ынтық қып қойған қандай ғана құдірет екен деп ызаланды. «Бұл шынында да топас шығар, -деп бір түйді, - әйтпесе осынша уақыт қалай үндемей жүреді, басқа қызы да жоқ сияқты. Әлде ғашықтықтың не екенінен жұрдай, ғұмырында қыз сүюден марқұм қалған ба, әлде?... Алдында жатқан дәптерге күні бойы ештеңе жазбағанына енді назар аударды. Дәптерінің ашылған беті аппақ күйінде тұр. Неге екенін өзі де түсінбей, аппақ қағаздың ортасына «Маңғаз деп, әрбір әрпін өрнектей жазды. «Маңғаз! Бүгін бізбен бірге театрға барасың ба? Нәзік.» Дәптерінің осы сөздер жазылған парағын жыртып алды да, асқан ептілікпен асықпай бүктеп, біраз ермек қылды. Әрлі-берлі ұстап отырды да «Маңғазға» деп, алдындағы жігіттердің біріне ұсынды. Аяқастынан жасаған ісінің мәніне есеп беріп, «неге өйттім» деп қиналып жатпады. Манадан бері алып-ұшқан көңілінің де саябырлап, керемет бір жұмыс тындырып тастағандай, арқасымен орындық арқауына шалқая басын көтеріп алды. Мойнын созып, титтей қысылып-қымтырылмастан Маңғаздың қимылқозғалысын аңдыды: Әне, әне, жетті-ау... жан-жағына көз қырын салмастан байыппен оқи бастады... езу тартты... қуанды... қайтадан оқыды... әдеттегідей емес, елегізи тыпыршып, әлденеге алаңдады... қайырып қойған шашын саусағымен салалай маңдайынан түсірді... орнынан қозғалыңқырап қойды... бері қарай бұрылғысы келді... көз қиығымен мұны іздеді... Қаққан қазықша былқ етпей қақиып отыратын жігітті байыз таптырмай әуреге сап қойғаны үшін Нәзік рахаттанып, миығынан күлді. Қалтасынан кішкентай шарайнасын алып, шәшін түзей түр-әлпетін қызықтап, ұзақ қарады. Көзін аударып-төңкеріп, тамсанып-тамсанып қойды. Қасын керіп, өзіне-өзі көңілі толғандай айнадан көзін алар емес. Жанарының ақ қарашығына, қызылшырайланған жүзіне сұқтана тесіліп, тым бұлтиыңқыраған ернін жымқыра тәртіпке келтірген болды. Сұқ саусағымен қасын жіңішкілей жинақтап, кірпіктерін салалай түзеді. Ұйыған тыныштықты бұзып, әлдеқайдан қоңырау шылдырады. Аудиторияның іші лезде у-шу боп, студенттер кітап-дәптерлерін асығыс жинастырып, есікке лап берісті. Жұрттың бәрі тарады-ау дегенде, Нәзік те қағаздарын жинастырып, сыртқа беттеді. Далаға шыққанда лек-лек топтан оқшауланып, бері таман беттеген Маңғазды байқады. Жайдары жымиып, өзі де жақындады жігітке қарай. -Жатақханаға ма? – деді Нәзікпен қатарласа беріп. -Иә. -Алдымен асханаға кіріп шығайық... -Тек жаяу жүрейікші... -Сенің үнемі жаяу жүретінің қалай? -Білмеймін.
Асханада кісі көп екен. Кезектің соңын сұрап, жігіт Нәзікке «сен отыра бер» деді. -Мынаған қарағанда, екі сағат тұратын түріміз бар... кетейік, - деді Нәзік, - аш қалсам да пәлен сағат сарылып, күтетін жағдайым жоқ. -Үнемі аш жүретін болдың ғой, шамасы... -Иа, - деді қыз күліп, - үнемі аш жүремін және үнемі жаяу жүремін... қандай аянышты, ә... Қоярда-қоймай жігітті сыртқа алып шықты. -Тағы да жаяу аяңдаймыз ғой, - Маңғаз сұраулы кейіппен қызға қарады. -Қайда асығамыз? Менің ешқандай шаруам жоқ, ал сенің асығатының кітапхана екенін білеміз... -Әй, Нәзтәй-ай, қызықсың... –Жігіт басын шайқап-шайқап қойды. -Айтпақшы, - деді Нәзік даусын әндете созып, - театрға барасың ба? -Сен жүр десең, барайын, - деді жігіт қуақылана. -Қандай спектакль екенін білу керек еді, - дей салды Нәзік, - және тобырмен барған біртүрлі... -Неге тобыр дейсің... бәрі да бірге оқитын жолдастарың... сен десе қайқайсының да ішкен асын жерге қоятынын байқамадым...тіпті тобыр дегеніңе келіссек те, соның арасында жарқырап, көзге түсуіңе ыңғайлы емес пе? Жассың, сұлусың... -Сенімен ғана барғым келетін шығар.-Әншейін ғана қалжыңдағандай жасандылықпен үнін бұзып сөйледі. Жігітке тіке қараса, ыңғайсыздыққа ұшырайтындай, абдырап-сасып, әшкереленіп қалатындай көрінді. Сондықтан да біресе даусын өзгертіп, біресе ысқырып, мүмкіндігінше өзін еркін ұстауға тырысты. -Ендеше екеуміз киноға барайық, - деді Маңғаз, - кешкі сеанстің біріне билет алып қояйық... байқа бірақ... жігітің қызғанып жүрмесін... Соңғы сөзі көңіліне ұнамаса да сыр берген жоқ. -Қызғанса, мейлі... қанша қызғанса да кетпейді, менен, - деді барынша салқынқандылықпен. -Тым еркесің-ау, ә...сұлу қыздар әрі ерке, әрі өзімшіл келетіндері несі екен, ә... -Яғни, мені сұлу деп есептейсің? - Нәзік күлген сыңай танытты. -Титтей өтірігі жоқ, мен білетін жігіттердің бәрі саған ғашық... -Солай ма! Осы күнге шейін мұны қалай байқамағанмын? -Көбінің батылдары жетпейтін шығар саған жақындауға, біразы жігітіңнен қаймағатын шығар... «Қайдағы жігіт» дегісі келгенімен, үндеген жоқ. Көңіл түкпірінде жеңіл мұң ұялап, Маңғазбен қатар келе жатқан осы бір сәтінің созыла түсуін қалады. Бірақ бүйіріне біздей қадалып үлгерген күдіктен мазасызданып, бұдан әді ашылып сөйлей да қоймады. Осы жол созыла берсе екен, созыла берсе екен деп, баяу аяңдады. Бейнебір сонда керемет мән жатқандай, асқан сақтықпен Маңғазға етбауыры елжірей көз қиығын жүгіртіп, үнсіз еміренді. Жігіттің қаперіне ештеңе кірмейтін тәрізді, мына жүріс-тұрысынан аңғалдықтың, бейқамдықтың лебі еседі.
Қыздың сезімтал жүрегін бұның өзі бей-жай қалдыратын емес, күдік пен үміт қатар жарысып, бірін екіншісіне жеңдіре алмай арпалыс ойдың қамшылауында келеді. Үмітінен гөрі күдігі басым сияқты, күдігі басым...-Нәзік өзі де аңғармай күрсінді. Жігіт бұған титтей мән берген жоқ. Қайсына аламыз? Кинотеатрдың қасына келгендерін енді байқады Нәзік. - Өзің біл...маған бәрібір... кез-келгенін ала сал... -Кейін өкінбе, -деді Маңғаз, - ұнамаса, маған өкпелеме... Кассаның алдында, күндіз болғандықтан ба, адам некен-саяқ екен. Қасына оралған Маңғаздан «қандай киноға» деп сұраған да жоқ. -Жаяу жүреміз бе, - деді жігіт жымиып. -Міндетті түрде жаяу... -Асхананы менсінбейтін талғамыңды сездік... сондықтан кафеге барамыз ғой... -Ақшаң жете ме ? саспа бірақ... жетпесе қосамын, әйтпесе өзім-ақ алып берейін, қарсы болмасаң,... барлық мәселеде правомыз бірдейь емес пе? -Оның рас, барлық мәселеде правомыз бірдей... мәселен, өзі сүйген жігітке қыз «сүйемін» деп ашық айтуына болады. Нәзік бетінің ду ете түскенін жігітке байқатпаудың шарасымен қипықтап қалды. Жүзін бұрып әкетіп, ұзыннан ұзақ созылған қабырға бойы әлем-жәлем жапсырылған суреттерге, хабарланлыруларға, жарнамаларға қараған боп келе жатты. -Мәссаған, - деді жігіт оқыстан, - біздің барамыз деген кафеміз қайда? Жатақханадан бір-ақ шығыппыз ғой... -Шынында да... қалайша байқамағанбыз... жүре беріппіз, жүре беріппіз... мейлі тіпті жақсы... жүр бізге, саған тамақ пісіріп берейін... бөлмеде жалғызбын бүгін, қыздардың бәрі туыстарының үйлерінде... менің ешкімім жоқ қой мұнда, сондықтан жатақханадан шықпаймын... -Қыздың қолынан дәм татпағалы қашан... әсіресе, сендей арудың қолынан тамақ ішкенге не жетсін! Кеттік! Төртінші қабатқа көтеріліп, ұзынынан созылған тар коридордың орта тұсындағы 412 бөлменің алдына тоқтады екеуі. -Хош, келдің, жоғарғы шық, - деді Нәзік жігітке ескті айқара ашып жатып. -Мен ас қамдағанша, сен отыра тұр... әттең бізде проигрыватель жоқ, пластинка көп-ақ... музыка тыңдар едің... әйтпесе, демалып жатып тұр...-Нәзік апыл-ғұпыл қимылдап, төр тұстағы кереуеттегі жастықты жая берді. Қолына ұстағаны сусып кете беріп, берекесі қашып, бәя-шәясі шыққанын білдіргісі келмей лыплып жүгіріп кетті. Бөлменің қақ ортасында тұрып қалған Маңғазға «мен қазір келемін» деп, бұрыштағы шкафтың ішінен ыдыстарды салдырата алып, сыртқа беттеді. Маңғаз жалғыз қалды. Терезе алдындағы орындыққа отыра беріп қайтадан тұрды. Әлгінде қыз нұсқаған кереуетке көзі түсіп, ып-ыңғайлы боп жайлана қалған аппақ төсек көңілін бұрып әкетті. Дереу туфлиін шешті де, желбегей
қалпы төсекке жантайды. «Демалып, жата тұр», деген қыздың даусы тағы да құлағының дәл түбінен естілгендей болды. Былайғы шақта жұмсақ сөйлеп, жасқана қимылдағанын көрмеген Нәзіктің жаңағы әрекеттерінен момақандық нышанын аңғарып қалғандай. Жігіт миығынан күліп қойды. Өзіне риза болғандай, аяғын еркін созып, көсіле жайылды кереуетке. Қыздың сәл дірілдеген үнінен батылданып шыға келгені, қыздың әлсіздігін сезген сайын көңілінің марқая тоғайғаны рас-ты. Ішкі сарайының әлдебір түкпірінен қылаң еткен еркектік үстемдігі үшін мақтаныштың әсерінен масаттана жігерленді. Кез-келгеннің емес, Нәзіктің, жігіттердің «ешкімді менсінбейтін мұның да әуселесін көрерміз» дейтін өркөкірек Нәзіктің жаңағы монтиған момақандығын көзалдына елестеткен сайын, сол жуасыған жанардың одан әрмен жуаси түсуін, одан әрмен жаси түсуін қалайтындығын ұғынды. Тіпті ойламаған жерден байқаған қыз көңілін «кетәрі» еместігі мерейін өсіріп, бұрын қаперіне кіріп көрмеген сумақай ойлар бүйірін тесіп бара жатты. «Қыздар дегенің де қызық қой, - деп қойды ішінен, - бір қарағанда солардан тәккәпбар, солардан өр ешкім жоқ сияқты, қастарында ғұмырында жан баласы жақындап көрмегендей және ешқашан жақындатпайтындай-ақ ойқастайды. Енді бір қарасаң, солардан мүсәпір, солардан халі мүшкіл жан жоқ, жаутаңдапжәудірегеннен басқа түк келмейді қолдарынан... ...Нәзік ше? Кеудесін тым шалқақ ұстайтындардан еді ғой! Сөздері ірі, әрекеттері арынды шығып, жұрттың шекесінен қарап жүргендердің бірі еді ғой...» Маңғаз тағы да миығынан күліп, ақыл-ойын, сана-сезімін өжеттік билеп, бейнебір алып батырдай, жорықтан жеңіспен оралған жауынгерлердей сезінді өзін. Рахаттана керіліп, аяқтарын айқастыра екі қолын желкесінің астына жіберді. Бөлмесіне кірер-кірместе жастық жая жүгіре жөнелген қыздың лып-лып қимылын ойша қызықтап, әлденені меңзей шартарапқа алып ұшқан қиялына ерік беріп, есіней маужырады. Барған сайын рахат сезімнің құшағына еніп, жанына жайлы ләззатқа бөленді. Жігіт атаулыға аспандап қарайды дейтін Нәзіктің өзі бұның алдында құрақ ұшып жатса, қалайша масаттанбасын. Бірақ мұнысы қуаныштан гөрі сәттік тойымдылыққа ұқсас еді. Сұлу бойжеткеннің «кішірейгені» кеудесіне шаттық ұялатқан жоқ. Көкейіне сыры жұмбақ жарқын ойлар қонақтанғанымен, мұның бәрі жайғана қопаңдауынан, қыз тарапынан аңғарған ишара-ізеттің буына піскен көңілінің масаң тартуынан әрі аспайды. Нәзіктің қас-қабағындағы өзгерістердің өзіне қатысты екеніне көзі жеткен сайын ұзақты күн тамақ ішпей ашыққан жағдайының кенеттен түзеліп, алдына қойған астан араны ашылып жүре берген тәбітінің лезде тойып қалғанындай қал кешті. Бұдан соң бәрі ұмытылғандай, бұдан кейін ешқашан тарықпайтындай, ешқашан шөлдемейтіндей мамыражай күйге ауысты. Мамық та аппақ төсек жылы ұшырап, әлсін-әлсін есіней көзі ілініп, денесі балбырай бастады. Өзге дүниенің бәрін ұмытып, шалқасынан түсіп ұйқыға кеткен жігітке Нәзік ұзақ қарады. Төсегіне емін-еркін жайғасқан Маңғаз осы сәтте ең жақын
адамындай көрініп, іші-бауырын елжіреткен мейірімділіктен жүгіріп барып сүйіп алуға шақ қалды. Дүрс-дүрс соққан жүрек тұсын қос қолымен сығымдай ұстап, аяғын үшінен басып, бір аттап екі шегініп, кереуетке қарай әлі келе жатыр, әлі келе жатыр. Қарға адым жер қалғанда, кеін шегініп кетті. Демін әрең алып, қайтадан жақындады. Тағы да шегініп, тағы да жақындай түсті... Асқан сақтықпен жігіттің аяқ жағына отыра бергенде, Маңғаз оянып кетті. Қызға күлімсірей жымиып, үн-түнсіз қолынан тартты. Сүйрік саусақтары жалпақ алақанда жасырынып, еркінен тыс күштің әсерінен сол қолының қалайша Маңғаздың маңдайына барып тірелгенін аңғармады. Шекесінен жоғары қайырылған шашын саусақтарымен салалай қобыратып, өзіне тесілген көздерден, жүзін бұрып әкете бергенімен, қандай да емеурініне түсініп, сол қас-қабақтың титтей қарсыласа алмайтындығын ұқты. Жігіттің алақанындағы саусақтарынан өне бойына қуат дарып, қуаныштан жүрегі жарылып кететіндей. Екі адамның бір-біріне ынтықтығы қолдары арқылы жетуі мүмкін деп Нәзік ешқашан ойламайтын. Әйелдің қолына жабысып жатқан еркекті көрсе, әйтпесе өзінің қолына әлдекім аузын тосып жатса, тыжырынып, ат тонын ала қашатын. Қазіргі жағдайы мүлдем басқаша. Саусақтарын аялай сипап, Маңғаздың сүйіп алуы мұң екен, мерейі өсіп, оған деген көңілі одан сайын тасыды. Жігіттің ерні тиген саусақтарымен дуылдаған бетін басып, жігіттің демі шалған алақанын қайта-қайта сүйіп алғанынан да байқаған жоқ. Ұялғаннан көзін жұмып, Маңғаздың омырауына жүзін жасырды. Басын көтеруге батылы жетпей жігіттің кеудесіне құлаған қалпынан қозғалған жоқ. Темекінің исі ме, басқа ма, әйтеуір Маңғаздың жейдесіне сіңген қандай да бір иістің жанына жағып бара жатқаны анық еді. Өмірдегі ең қымбаттысының, ең аяулысының жүрек дүрсіліне соншалықты жақыннан құлағын тосып біраз жатты. Бүлк-бүлк еткен баяу тыныс бейнебір өзінің демі сияқтанып, сәл алыстаса тұншығып өлетіндей. Бара-бара екеуінің жүрек дүрсілі бір арнада тоғысқандай боп, Нәзік қайсының демі қайда екенін ажырата алмай қалды және ажыратқысы да келген жоқ. Тек қана осы жағдайының созыла түсуін қалап, мұның өзі бұрын-соңды басынан өткермеген бақыт екенін түйсінді. Тәнін балқытып әкеткелі тұрған мына сәттің ырқына көнетін сыңайы бар. Не болатынын айқын елестетпегенімен, әрі сескеніп, әрі үрейленіп жатқаны да рас. Маңғаздың омырауына жүзін жасырған қалпынан ажырай алмай не тұрып та кетпей, өрттей жанған алма бетін жігіт жанарынан бұрып әкете берді. Маңғаз бұған орын бостақандай, әрі қарай серпіле қимылдап, кеудесіне жатқан қыздың басына жастықты жақындатып, шашынан сипады. Қалай ғана жігіттің бауырына тығылып, қатарласа жайғасқанын Нәзік аңғармай да қалды. Құлағының дәл түбінен «неге қысыласың, ұялма» деп сыбырлай айтылған сөздерден жүзінің одан әрмен дуылдап, терезеден түскен күн сәулесінің шақырайған жарығынан тезірек құтылғысы келді. Оқыс қимылмен аударылып түсті де етпетінен созыла жатып, бет-жүзін жастықтың астына жасырды. Арқасын орай кеудесіне жақындаған қолдардың әрекетіне қарсыласқан жоқ. Беліне батылсыздау оратылған жігіт саусақтарының денесіне дари бастаған сиқырына елітіп, тұла бойынан жүгіріп өткен майда
қытыққа дес бере алатын емес. Былайғы кезде басқаның қолы тиіп кетсе, аза бойы қаза боп, жанын түршіктіретін жәйтке мұнысы мүлдем ұқсамайды. Қанша мойындағысы келмегенімен тәнін қытықтап әкеткен әсердің ыңғайына құлағалы тұрғаны анық. Әлдененің мәнісіне үңіліп, алды-артын кесіп-пішуге де мұршасы жетпей еркін ұрлаған осы бір сәттің құрбандығына шалынғандай, неге де болса үнсіз көніп, нені де болса, үнсіз күтіп ішінен тынды. Есі кетіп еркі ұрланған жерде есеп жүрмейтінін қазір білгендей. Мына қылығының жөнсіздігін түйсініп, өзін-өзі жерлей сөккенімен бұдан түк те шықпады. Бойын билеген күдікті серпіп тастап, бәрі осылай болуға тиістідей-ақ Маңғаздың әр қимыл қозғалысына бүткіл болмысымен құрақ ұшып, қазіргі жағдайының қандай да жаңалық-жазымышына төтеп берерлік титтей мүмкіндігі қалмағанын білді. Бұған өкінген жоқ. -Ұялма, - деді Маңғаз. - Сосын ол жүзін көрсетуге дәті жетпей етпетінен түскен қыздың мойнынан иіскеп, шартарапқа алып ұшқан ойларын жинақтай алмай біраз жатты. Құшағына құлауын құласа да оснысынан қысылып өрттей жанған ыстық демінен шышынып, жақындай алмады. Манадан бері бүйірін тескен пиғылының аяқ астынан өзгеріп, аптыққан көңілінің басылған себебін өзі де түсінген жоқ. «Көндім, неге де болса көндім» дегендей сыңайын байқаған сайын қызды бауырына тарудың орнына бойын тоңазығындай, осының бәрін қатысы жоқ адамдай сұлқ қалды. Демін алқына алып, күйіп-жанған Нәзіктің жүрек дүрсіліне ден қойғанымен, мұны жай ғана қызықтап, жай ғана тамашалап, одан әріге сезімнің селт етпегені рас-ты. -Мен ешкімнің...ешкімнің алдында бұлай... - Нәзік сонда ғана есін жыйды. Орнынан ұшып тұрған Нәзіктің білегіне жармасып, «тоқташы, тоқташы» деді. -Жоқ, -деді Нәзік, - мен саған ғашық емеспін... ғашық емеспін...-Орнынан жұлқына көтерілгенімен жігіт ұстай алған қолын тартып әкетпеді. -Сені ешқайда жібермеймін, - деді Маңғаз, - ешқайда... Қас-қағым сәттік әлсіздігінің ыңғайына мойынсұнған бойын дереу тежеп үлгерген Нәзік енді жігіттің сөзіне мән бермей сұлқ қалды. Өзін салқын да салмақты ұстаймын деп қанша тырысқанымен, бұған мұршасы жетер емес. Денесінің қызуы көтерілгендей мазасыздана барді. - Сен сондай сүйкімді қызсың...- Маңғаздың сыбырлай айтқан сөздерінің астарынан жасаңдылықтың ба, аярлықтың ба, әйтеуір саңылауына сорақы да тұрпайы естілген үннен жүрегі дір етті. Неге екені белгісіз, кенеттен бойын ашу кернеп, ызасы келді. - Сүйкімді болсам, кәне, сүйе ғой, мені, сүй, - деп айғай салды. - Сүй, кәне...не ғып ұялып қалдың? – Нәзік тез-тез қимылмен көйлегін шешіп лақтырып жіберді. – Сүй деймін мені, сүйкімді екенім рас болса... Қапелімде не істерін білмей Маңғаз абдырап қалды. Көз алдынан жарқ еткен мүсіннен жанарын бұрып әкете алмай есі шықты. Жап-жас қыздың қос қолымен мықынын таянып, мың бұрала билей жақындап келе жатқанына нанарнанбасын білмей көзі шарасынан шықты.
-Мен тек қана сүйкімді емеспін, - деді жігіттің тура алдында бойын тіктей тоқтап, - мен сұлумын, міне, көріп тұрсың ғой, қандай сұлумын... Сен өзің мендей сұлуды өңінде бір рет көрдің бе? Ха-ха-ха... Жартылай жалаңаш тәнімен бейнебір енесінің алдында еркелеген құлындай ерсілі-қарсылы ойқастап, бөлмені басына көтерген Нәзіктің мына күлкісі бетінен қамшымен осып жібергендей әсер етті. Тілі күрмеліп, бір ауыз сөз айтуға шамасы жетер емес. Ернеуінен асып-төгіле шырқаған көңілінің желсіз күнгі көлдің бетінде лезде басылып қалғаны шымбайына батыңқырап кетті. Қыздың манағы сәттегі момақан түрін көз алдына елестете де алай бүйірінен қайтадан тесіп үлгерген өзіне ғана аян ойларының енді жүрегін сыөздатып бара жатқаны шындық еді. Денесіне дөрекілеу жүгірген Маңғаздың қолын тағы да қаққан жоқ. Жанына да тәніне де жұмсақ тиген анау саусақтардың әрекетіне «кет әрі» болмағанымен бойын ширақ ұстаған қалпынан бәрі бір айнымады. Жалаңаш тәнінен аймалаған сүйіктісінің еркіне көнсе? -Нәзіктің алдында дүние атаулы аударылып-төңкеріліп бара жатты. -Несі бар! Айлар бойы, жылдар бойы армандаған Маңғазы, ұйқысын, күлкісін ұрлаған Маңғазы. Талай таңды құшақ-құшақ үмітпен қарсы алып, сағынып, сарғайған Маңғазы, мұңына, қуанышына айналған Маңғазы... Ендеше... -Сен сондай сүйкімді қызсың...-Манағы бір сәтте көңілін дік еткізген тарғыл үн қайтадан құлағын жарып, селк еткізді. Жігіттің даусындағы жанын түршіктірген дәл не екенін анық білмегенімен, өзінің жалаңаш тәнінен қорынып, сәл кешіксе мазақтың шылауында маталып қалатын сияқтанды. Бүткіл ісәрекетінің түкке тұрғысыздығы, мына тұрған бойының тықа толы тәуелділік екені, бұған кейінгі тірлігінің де дәл осындай тәуелділік болып жалғасатыны оқыстан жанын жегідей жеді. Өзге дүниенің бәрін ұмытып, ынта-зейіні өзіне ауған Маңғаздың жанарындағы өлімсіреген ұшқыннан "маған бәрі бір, сен бе, басқа ма... бәрі бір..» дегенді аңғарып, жүрегі мұздап қоя берді. Қалай ғана жігіттің құшағынан босап, атып тұрғанын байқаған жоқ. Әлі де есін жия алмай манаурай есінеген жігіттің жағынан шапалақпен тартып жіберді. Тағы бір рет, тағы, тағы да. Неге өйткеніне есеп беріп жатпады. Алақанының құшыры қанғанымен бұдан титтей де жеңілдік тумады. Ыза кернеп алқынған демін баса алмай жылауға шақ тұр. -Мен еркектерді жек көремін, - деді көз жасына булығып, - жо-жоқ, сен кешір, мен өзімді жек көремін... Бәрі бос сөз, әурешілік... Мен ешқашан да қалауыммен, еркіммен өмір сүре алмаймын... Мен байлап батаулымын, басымнан аяғыма шейін... Мен-табиғаттың ең сүйікті және ең сұмпайы құлымын, ең жексұрын құлымын... Мен бәрінен – бәрінен бағыныштымын, қалғанының бәрі бос сөз...өтірік сөз... Нәзік соңғы сөздерін сыбырлай айтты. - Саған невропатологқа көріну керек шығар, - деді Маңғаздың көзі алақандай болып. - Мүмкін... әбден мүмкін...
- Ал, жақсы... кеттім... Сен түсіну мүмкін емес... Шақырған өзің... - Мейлі... кетесің бе, қаласың ба... бәрібір маған. Жоқ. Бәрібір емес екен. Есік тарс жабылғанда көкірегі ашып қоя берді. Бөлменің іші лезде қаңырап бара жатты. Тірлігінің бүткіл мән-мағынасын Маңғаз өзімен бірге алып кеткендей, жанын қоярға жер таппай бір тұрып, бір отырды. Үстіндегі қалған лыпасын сыпыра шешіп тастады да, кереуетке құлай кетті. Танауын қытықтаған манағы иіс қайтадан есі-дертін жаулап, жігіт тәнінің иісі сіңіп үлгерген көрпені умаждай бүктеп, шетінен қайта-қайта сүйді. Соншалықты тыныс жұпар иіске жұтынып-жұтынып қойып, бетін жастыққа одан әрмен көме түсті. Өзегін өртеп әкеткен не екенін анық білген жоқ. Жан дүниесін өкініші, сағынышы, қуанышы, қайғысы аралас сапырылысқан сезім жайлап, қыстыға еңіреді. Маңғаздың шашының исі дарыған жастықты әлсін-әлсін аялай аймалап, етпетінен түскен қалпы солқ-солқ жылады. Денесі күйіп-жанып, бір суып, бір ысыды, тыр жалаңаш, жападан-жалғыз.
Ұзақ атқан таң (әңгіме)
Биік жотадағы шоқ қарағай баурайынан ауылға құлай созылған соқпақ жолмен төмен аяңдаған Ұлдай билеп бара жатқан құйыннан бетін қалқалай ыққа бұрыла жүріп, өзіне қарсы жолыққандарды біден байқамады. Кешкі сауынға асыққан қыз-келіншектер қашан да бір қалпынан айнымайтын салқын қабақты әйелді танып, қаймыққандай ығыса жол берді. – Балаңыз аман-есен келіп, көзайым болдыңыз ба, апа, қуанышыңызға ортақпыз! – Бәрімізде сондай қуанып жатырмыз... – Рахмет, шырақтарым, құрметтерің құдайдан қайтсын. Үйге келіңдер, қонақ болыңдар. Жүзіне жадырай қарағандардың алыстай беріп, сыбырласқандары бұған апанық естіліп, орнында қалшиып тұрып қалды. – Баласы әлгі Әнипаға үйленбекші көрінеді... – Қойшы-ей, қайдағыны айтпай, қыз құрып қалып па? – Е, түрмеден келген кісіге қатын не, қыз не... – Ойбай-ау, алса, несі, сөкет, өзінің жеңгесі емес пе. – Жетісер жеңгесін алса. Бәрінен де шешесін айтсаңдаршы. Баласы сотталып кеткенде де сыр бермеп еді, енді қайтер екен... – Қайтсін, жалғызы ғой... бала, бала деп бар ғұмырын босқа өткізгенін де түсінбейтін шығар байғұс. Үйіне қалай жеткенін сезген жоқ Ұлдай. Әл-дәрмені құрып, әрең дегенде өрістен қайтқан бірер тұяқ қой-ешкіні қораға қамап, ішке қу бұталарды алып
кіргенде, төңіректі қою қараңғылық басқан-ды. Ешкім жоқ екенін сезсе де «Тіржан, қайдасың» деп дыбыс берді. Жауап болған жоқ. Тып-тыныш. Тек қос бөлмені бөліп тұрған пеште маздаған от ұшқыны тіршілік нышанын сездіргендей. Күндізгі шудан із қалмаған, аракідік ауыл сыртындағы тас жолмен ерсілі-қарсылы зу еткен машина гүрілі естілді. – Құдай бергеніңе шүкір, – деп күбір етті ол. – Япырау, осы уақытқа дейін Тіржан қайда жүр, әлде Әлипәннің үйіне кетті ме екен? Аһ, Әлипан... бір кезде өз қолынан түсірген нәзік келіннің орнына алты-жеті жылдың ішінде дөңгеленіп шыға келген, ойнақшыған жанарымен талайды ухілетер сымбатты әйел көлденеңдей қалды. Жамағайын қайнысы қол-аяғынан жан кетіп, жыл жарым төсек тартып жатты да, өткен жылы дүниеден өтті, артында шикі өкпе де қалмады, шіркін. – Құдай-ау, құдай, көзің бар ма сенің, егер көзің көріп, құлағың естісе, неге мені азаптайсың, – деп анда-санда дауыс қылып жылап алатын Әлипәнға бұлар тіпті не дерін білмейтін. Ұлдай ғана сартөсек боп сарсылған сорлы қайнысының күніне мың өлген дәрменсіздігінен зардап шегіп өшіп бара жатқанына күйініп, қасынан шықпайтын. Ақыры Әлипәнді де өзін де құтқарды азаптан. Енді, міне... Қараңғы үйде ұзақ отырды. Жападан-жалғыз. Оң жақтағы терезе әйнегі өңмеңінен өтіп, қорқыныш туғызады. Аяғын әрең басып, кереуетке келіп қисайды. Жастықты умаждап, қанша ұйықтайын десе де көзі ілінер емес, қайта ұйқысы шайдай ашылып, есіне қай-қайдағы түсіп, соншалықты ауыр ойдан басын көтере алар емес. Басы ауырған сайын өзегін өкініш өртеп, бүткіл тіршілігі түкке тұрғысыз мағынасыздықпен жалғасып, енді соның бәрін санасына сиғыза алмай қиналып дәл қазір алладан ақ өлім тіледі. Артынша ойынан өзі шошып кетті. «Шынында да өткенімнен не қалыпты менің, қыздай қосылған қосағым соғыстан оралмады, содан қалған жалғыз Тіржанның бетін қақпай өсіремін деп, екінші рет ерге де шықпадым. Мен арсыз өзім ұнатқан еркектің алдында да кішірейе алмай жөн-жосықсыз өршелендім-ау? Сонда кімге сүйенгенмін, мәңгібақи жас, мәңгібақи қайратты боп жүремін дедім бе? Осы уақытқа шейін тірі пендеден бетім қайтпаған, тірі пендеге жалынышты боп көрмеген мен бейбақты қартайғанда ұлының ұятына күйіп өлсін деді ме жаратқан ием. Ұрғашы боп жаратылсам да намыс пен өрлікті серт етіп, тірлік кешсем, мұның несі айып еді, Әлде осы қырсыққа себеп боп отырған шектен шаққан намысқойлығым мен өрлігім бе? Қай кезде қандай әйел өрлігімен өрге озып еді, ендеше маған не жорық-ты. Ойлап отырсам, бәрі құрғақ қиял, жалған, әйтпесе мен бебақтың өрлікпен жеткізген, адалдықпен тәрбиелеген ұлым қайсы? Кеудесінде намыс болса, бүйтер ме еді ол, аржағында жетесіздік қой түбіне жетіп тұрған, жетесіздік...» - кеудесін кере күрсінген Ұлдайдың өнебойын өзінің өткеніне деген өкініш уыты кернеп кетті. – Ай, һай, шіркін, дүние-ай, сүйенер ұл боп тумаған соң сүйсіндірер қылықты қайдан іздесің? Тек, манағы естігенім өтірік бола гөр... о, жаратқан ием, жалғызымның қызығын тазалығынан бере гөр!... Тұңғиық ойға батқан сайын, көңілі құлази береді. Бір сәт бұл азаптан – бұл дүниеден мәңгіге құтылатыны есіне түскенде, бәрібір-бәрібір жарық тіршілікке деген қимастықтан әлгі әзірдегі жаман ойынан жүрегіне әлдекім ине сұғып алғандай өз-өзінен тітіркеніп, соншалықты қиналғанын сезді.
Асыққанымен, үлкен адамның сөзін бұзып кете алмай әжептәуір уақытын өткізіп алды Үміт. – Әйел қартайғанда қызық екен-ау, өз-өзінен ақыл айтқыш, тіпті менің асыққанымда шаруасы болсай-шы, – деп ойлайды Жағыпардың үйінен шығып бара жатып. – Жағыпарды енді қайдан іздеймін? – Үміт біраз тұрды да, Әлипәннің үйіне қарай аяңдады. Бірақ ойынан лезде шошып, «уақыт оздырмай, тезірек басқа біреуді іздеймін» деп қайтадан кері оралды. «Тіржанның анасы ғой, Тіржанның анасы, – деп іштей күбірлеп барады. – Құдай-ау, Тіржанға не болды екен? Шіркін, ол өзінің отты жанарымен қыздардың жүрегін дір еткізетінінен, өзін әлде кім ұнататындығынан мүлдем бейхабар ғой. Әттең, намысым бастырмады, әрі ұят дедім, әйтпесе осы қысықтық бәрінен алдын-ала аралашалап алатындай жағыдайым бар еді. Бірақ өзінің тарапынан еш емеуірін байқай алмағандықтан, өзімді еңкейтпедім... дегенмен де іштей сенуші едім... әсіресе қадала қарайтын көзқарасы көп нәрсені аңғартушы еді. Үнсіз сендіріп, үміттендірген жанарын қайтып ұмытармын. Ұдайы тіл қатыспасам да соңғы рет кездескенде, бір-бірімізді ұғынысқандай едік. ол менің өзі үшін бәріне дайын екендігімді, тіпті қыңырқисықтығымен, кемшілігімен ақыл-ойымды жаулап алғанын әсте сезер ме? Сынағаны ма, сыр тартқаны ма, лып етпе жәй ғана қызыққандығы ма, бірде тесіле ұза-ааа-а-ақ қарап, «қыдырайықшы» деген. Сонда деймін-ау, өзімше бәлсіне қалғаным не десеңші, қайта айналып соқсын, қадірімді артқызайын дедім бе? Неден қаймығып, несіне сырт айналып, қуанышымды білдірмеуге тырыстым? Бәлки, сонда сырласып бетімізді ашып үлгерсек, басқаша болар ма еді, қайтер еді! ...Әттең соңынан өкінгеннен не пайда? Енді Ұлпанның бетін бері қаратып, көңіліне титтей демеу бола алсам, соған да шүкіршілік» Жағыпарды іздеп таппаған соң, басқа шоферді қолынан жетектеп, Жағыпардың үйіне алып келді. Ықта тұрған машинаны әрі қарап, бері қарап, әр жерін шұқылап біраз түрған жігіт Үміттің өтінішін жерге тастай алмай, аудан орталығына апаруғу келісімін берді. Алдында «Жағыпардың өзін тауып әкелейін» деп тұр еді, кейін қыздың әп-әдемі түріне сүйсіне көз тастап, үн-түнсіз соңынан ере бергенін аңғарған жоқ. Аяқастынан көңіл-күйінің көтеріліп жүре бергеніне де мән беріп жатпады. Екеуі машинамен Ұлдайдың үйнің жанына келіп тоқтады да Үміт жүгіре басып ішке кіріп кетті. Үй ішіндегілердің жайбарақат отырғандарынан секемденіп, состиып қалған қыз Батан шалға бұрылды сұраулы кейіппен. – Апаң сені іздеп жатыр, – деді қарт, – әлсін-әлсін есіміңді атап, шақырды соған қарағанда, есін жиған сияқты... тезірек жақындашы жанына... – Келдің бе, жарығым, кел бе-рі... Сөздері бөлініп-бөлініп шыққанымен, Ұлдайдың дауысы ап-анық естілді. – Келдім, Ұлапа, жаныңыздамын, Ұлапа... машина алып келдім, қалаға барамыз, емделесіз, өзім емдетемін... бірге боламын... – Айналайын... құдай бағыңды ашсын... ризамын саған... бірақ мені сүйреп қайтесің, онсыз да саған масыл болғаным жетер... – О не дегеніңіз, Ұлапа... о не дегеніңіз... мен ештеңе де тындырғаным жоқ сіз үшін... бұл менің парызым ғой, Ұлапа... мен сізді жақсы көремін... өзіңіз білесіз,
мен ананың ықыласын ешқашан көрген емен... неге екенін білмеймін, сізді білгеннен бері анам туралы жиі ойлайтынды шығардым... сіз...сіз менің анам сияқтысыз... – Қарғам-ай, қарғам-ай, – деді Ұлдайдың иегі кемсеңдеп, – екеуіміздің тілегімізді құдай біліп қосқан-ау, не айтайын... тәуірмін... қартайғанда жан сауғалап қайда барамын? Көптің тілеуі, сенің тілеуің шын болса, әлі көретін жарығым бар шығар... Жалғызбасты әйел үшін өкініштен өртеніп өлгеннен жаман не бар десем де... ретімен келген ажал болса, кімнің жанын кім алып қалар дейсің? Дегенмен аздап жеңілдік бар бойымда... менің дертім белгілі ғой өзіңе... дәрі қонбайтын дерт қой менікі... – Ұзақ ойланып барып, қайтадан Үмітке қарады, ыммен « келші бері» дегендей емеурін танытты. Ойындағысын айтуға батылы жетпегендей, қыздың қолынан сипап, «құдай бағыңды көтерсін, айналайын...» деп күбірлеп жатты. Бірнеше тәулік есін білмей, нәр татпай қиналған адамның өзіне осынша жылы сөздер айтып, аналық мейіріммен еміренгендігі Үміттің сай-сүйегін сырқыратты. Жанарынан үзіліп түскен жасты көрсетпей, аурудың тер иісі сіңген көрпесінің шетімен көзін сүртіп алды ешкімге байқатпай. – Қарағым, – деді Ұлдай әлден уақытта, – осы жасымның ішінде ешкімге жөн-жосықсыз еміреніп көрмеген пендемін. Жастайымнан жесір қалдым да адуындау боп кеткенім рас... несін жасырайын, Тіржанның мына масқарасынан бері өткеніме қапаланып, құса боп жатырмын... мүмкін біреудің етегінен ұстағанымда, Тіржаным бұл күйге ұшырамас па еді деп те далбасаланамын... қалайда балаға әкеге ұқсас әлдекім керек екен. Айтайын дегенім тіпті де бұл емес... – Айтайын дегенім - егер қарсы болмасаң, осы үйде тұра бер... құдайға шүкір бөлме жетеді. Өзіңе деген өзгеше мейірім бар бойымда, бөтен пиғыл жоқ, айналайын Тауым шағылып, жермен-жексен боп жатқанымда, жақсылықты өзіңнен көрдім. Қуатымды қайтарған әуелі құдай, сосын өзің.... Үміт толқып кетті. Басқа сәтте «жо-жоқ, келіп тұрамын жиі-жиі» дер еді, қазір мұны айта алмады. Абдырап біраз тұрды да «ендеше мен машинаны қайтарайынба... со-сонымен, әлде, нәрселерімді әкеліп алсам ба екен...иә....иә... машина күтіп тұр ғой... әкеліп алайын...» деп шығып кетті. – Ұзақ бөгелдің ғой, қарындас... қашан жүреміз? – Шофер кабинада тыпыршып отыр екен. – Бармайтын болдық... қазір менің нәрселерімді алып келеміз... мен Ұлапамен бірге тұратын болдым... – Қызық екен, – деді жігіт басын шайқай, – еркіңіз білсін.
*** Сырттан машина дауысын естіген Жағыпар жылы төсектен атып тұрып, терезеге жабыса қалды. – Ой, мынау менің машинам ғой... Қызық екен... қап, не боп қалды екен.. ұят болды-ау... Жігіт асығып-аптығып киіне бастады.
Сыртқа шыққанда машина Ұлдайдың үйінің жанына тоқтай қалды. Жағыпар не істерін білмей, біраз тұрды да өзінің үйіне қарай бұрылды. Артына қарап еді, Әлипән үйінде жаңа жанып тұрған шырақ өшіп қалыпты. Алға адымдағанымен, еркінен тыс күш жігітті лезде Әлипәннің үйіна алып келді. Есіктің кілті ілінбей, ашық жатыр. Қараңғы үйге кірген Жағыпардың көзі ештеңе көрмей тамағын кенеді. Әлипән селт етіп жауап қатпады. Әлгі әзірде өзі жатқан ортаңғы бөлмеге жақындаған Жағыпар солқ-солқ жылаған үнді естіп, есікке сүйене состиып қалды қимылсыз. Бұдан жарты сағат бұрын жарасымдылықтың, назды қылықтың думаны болып еді деп кім айтты мынау төрт қабырғаны? Ештеңеге түсінбеген Жағыпар әлгінде Әлипән екеуі қатар жатқан кереуетке қарап еді, ешкімді көрмеді. Сөйтсе Әлипән диванға етпетінен түсіп, жылап жатыр. Иығы селк-селк еткен келіншекке батылсыз жақындады. Ақырын ғана оның білегіне қолын тигізіп, қасына отырды. Әлипән мұны кім деп білгісі келмегендей көңіл аударар емес. Ешкімнен тайынбайтын, тайсалмайтын, өркөкірек, өзімшіл әйелді Жағыпар танымай тұр. – Саған не болды..., – деп әлсін-әлсін қайталай, басын кеудесіне қарай икемдеп, екі иығын көмкерген қолаң шашын иіскей беремін деп еңкейгенде, анау жігіттің қолын жұлқып тастады. Орнынан ұшып тұрып, бет-аузын жауып кеткен қап-қара қалың шашын екі жаққа сілкіп-сілкіп қалды да терезенің алдына сүйеніп, жңгңтке тесіле қарады. Қолдарын айқастыра салған. – Сен жалтақ жігітсің, – деді әлден уақытта, – егер жалтақ болмасаң, «машинамды біреу айдап барады» деп шыға жөнелер ме едің, артыңа бұрылып, тым болмаса бір ауыз сөз айтуға мұршаң келмей сасқалақтағаның не... тек сен емес, бәрің де сондайсыңдар – жалтақсыңдар ... сендер еркек сымақтардың бәрі... сондықтан да шын сүйіп – шын күюдің не екенінен де мақұрымсыңдар... «Қай еркек көңіліңді қалдырып, жүрегіңді суытып еді» деген сөз тілінің үшіне үйірілсе де Жағыпар үндемеді. – Бұдан былай маңыма жолама. – Неге? – Сен де жақсы көргеннен емес, қызыққаныңнан ғана келесің. Ешқайсыларың да шын ұнатқан емессіңдер мені... кезінде күйеуім ғана шын сүйген мені, әттең опасыз жалған оны да бұйыртпады маған. Сонда не істеуім керек... ал, сендер... білем неге айналсоқтап шықпайтындарыңды... бірақ маған бәрібір... ха-ха-ха-а-а-а .. сен байғұстардың мыстарыңды құртатын мынау ғой... – Әлипән қолымен мықынын таянып, жұп-жұмыр аяғын жігіттің тізесіне салды. – Шыныңды айтшы, менен қаймығасың, ә... сенің орныңда болсам, жақтан тартып-тартып жібере едім, бірақ сенің қолыңнан келмейді ғой... дегенмен ешқандай әйелді дәл мендей сүйгендей, сүймегенің, мені құшқандай құшпағаның анық қой, ха-ха-ха... өйткені сен бұрын әйел көрмегенсің, яғни енді сен мені ешқашан, ешқашан... естисің бе... ешқашан ұмыта алмайсың... – Әлгінде жігіт қолын қағып тастаған Әлипән оқыстан Жағыпарды құшақтай алды, – бәрібір, бәрібір мені ұмыта алмайсың деймін... өзің айтшы, рас емес пе! – Рас... рас... – Кеудесін намыс буып, жаңағы сөздерге ызасы келген жігіттің өнебойын ашу кернеп, соншалықты жабайылықпен Әлипәнді есі кеткенше аймалады.
Осы сәт жігіт көп жәйтті үнсіз ұққан. Жанды жеріне тиген жаңағы сөздерден жүрегң дік етіп , алдында мың түрлі құбылып ирлеңдеген әйелге өз бойынан бұрын-соңды байқамаған дүлей күшпен тиісті. Бұған дейін көңілі түкпірінде жалпы әйел қауымына деген ізгілік, сыпайылықтан із де қалмай, қомағайлыққа салынғанымен, еміреніп-елжіреудің бәрін ысырып тастап тыраштанғанымен, Әлипәннің болмысында өзінің өресі жетпес құдіреттілік барын лажсыз мойындады. Әйел қылығының қайталанбас тәттілігі мен өзінің дәрменсіздігін мойындаған сайын құшағында күйіп-жанып, жанып-күйген Әлипәнді жек көре бастады. Жек көрген сайын жабайы ашқарақтықпен оны өзіне икемдей берді. – Құдай-ау, кім ескерген, өзің енді-енді еркек санатына қосылайын дегенсің бе... – Әйел жөн-жосықсыз ұзақ күлді. Жағыпар бойын дереу жиып алды. Даңғарадай бөлмеде есінен танғанша сықылықтаған әйел күлкісі оны мазақтап, жермен-жексен еткендей-ді. Жігіттің ызасы келді: «мен мұны мазақ етем десем, бұл мені мазақ қылып жатыр, мені...мені мазақ қылғысы келеді...» Әлипәннің алдында күштілік көрсетем деу күпірлік екенін іштей түсінді де әл-дәрменінен айрылған денесін көтере алмай сылқ етіп отыра кетті. Анау әлі күліп жатыр, әлі күліп жатыр, шыны ма, өтірігі ме, белгісіз. Әлден уақытта тиылды-ау, бырақ орнынан қозғалған жоқ. Манадан бергі күлкіден әлде шаршағандай, әлде жалыққандай кеудесін кере тыныс алды да, аһ ұрып күрсінді ме, жігіт түсінбеді мұнысын. Терезеден ұрланып түскен ай сәулесінен бөлме іші бозамықтанып, жігіт көзіне әр нәрсе енді-енді шалынды. Шашының дода-додасы шығып, еденде жатса да жарық дүниеге шалқалай асқақтаған әйел үн-түнсіз. Үнсіздікті тағы да өзі бұзды. –Кейде мен жалғыздықтан жарылып кете жаздаймын, балам болса, бәлкім мұндай күйге ұшырамас па едім, әй, бұдан да емес, баласы барлардың да кешкен күйбіңін көріп жүрміз... бір ғана қорқынышым бар, ол Тіржан... ал сендер... – Тіржанды ақтап алуыңа болады ғой. – Әттең, ол маған қайтып оралмайды, бірақ мен оны ақтап аламын... Сондықтан да ертеңнен бастап Тіржанды ақтап алуға аттанамын. Қашан босатқанша жанынан шықпаймын... Осы ауылда неге екенін білмеймін, тұрғым келмейді. Келін боп түскелі көзім ашылған емес. Босағаны аттағаннан күйеуім дертке шалдықты. Жап-жас басыңмен ауру бағып, қайраты қайтқан еркектің қасқабағын аңду оңай дейсің бе? Мен не көрмедім, бәріне шыдадым. Ендігі шақта көңілімнің қалағанымен жүрейін десем, жұртқа жексұрынмын, ешкімге керек емеспін, ең аяғы саған да... Бәрің де артық ауыз сөзден қорқасыңдар, ешкімнің көзіне түскілерің келмей, пәк боп көрінсек дейсіңдер... Бір үрейім және бар, ол – Ұлдай. Түптің-түбінде сол кемпірдің қарғысы жібермей ме деп қорқамын. Тек қорыққандығымнан Тіржанды соттатып жіберуге дәтім бармас. Сол кемпірдің өміріне қарасаң, азапқа жақын тұратын жан ба дерсің. Есін жиып етегін жапқалы жападан-жалғыз бір тауқыметін арқалап арпалысқанындағы ұтқаны қайсы? Жалғыздықтың азабына өз басым шыдай алмаспын, отқа да түсермі, суға да батармын, бірақ жалғыз қала алмаспын! Ұлдай сияқтыларды аяймын, өмірбақи етегіне намаз оқып, күйеуінің шаңырағын құлатпағанда, кімге-несіне жақсы
атанғысы келді екен! Жұрты қадірлеп, ағайыны силайды делік, бұдан оның бағы жанып дәулеті тасыды ма? Ендеше аяғың жеткенше жүріп, құлашың жеткенше қарманып қал. Онсыз да қысқа ғұмырыңды кім-көрінгеннің қас-қабағына жаутаңдатып өткізгеннің несі сән? Мен жұрттың сөзіне түкірмеймін де, мейлі ауыздарымен орақ орып, орға құлатсын... ағайынның алдарқаттандырғанына және алаңдар жәйім жоқ. Жағыпар Әлипәнға таңырқай қарады. Екілене ынтығып сөйлеген сайын көздерінің ақ-қарасы айқындала жарқ-жұрқ етіп, сәніне енген әйелдің жүзі алаулап тұр. Өнбойындағы қайсарлықты қазіргі әр қимыл-қозғалысы нақтылай шегелеп жатқанымен, ашынғаннан гөрі ағынан жарылып ашылғанға ұқсайды. Сөздері кесек шыққанымен, даусы ақырын естіліп, бұған дейін жөн-жосықсыз өктемдеп, өткір өзеусіреп келгеніне титтей нышан қалмаған. Тепсініп сөйлеп емес, тебірене мұң тарқатып отыр. «Ызаланғаны, ашынғаны да өзгеше, тіпті сұлу боп көріне ме, қалай өзі», – Іштей тамсанған Жағыпар «Сонда не істемекшісің», – деді. – Саған күйеуге шығамын алмасаң басқа біреуге .... бәрібір маған... Жағыпар үндеген жоқ. Ауыр күрсініп, көзін жұмып алды. – «Несі бар, мұндай қатынмен қол ұстасып, ғұмыр кешсем, тақияма тар келмес... көрік десең көрікке, қылық десең қылыққа бай. Қыз айттырып, той жасайтын әкем отыр ма. Сол тойдың сынын көтеретін кім шығар дейсің ертең? Бірақ шешесі қалай қарайды...» Көзін ашқанда, таң қылаң беріп, үйдің ішіне сәуле шашып үлгерген екен. Тұлабойы тоңазып, таңғы ызғардың бөлмені суытып жібергенін сезді. – Тұр, – деді Әлипән – әкең үйінің төрінде жатқан жоқсың... Қорадан отын алып кел. Пеш жақпасақ, құдайдың қу күні кісі өлтірер. – Тіліңе тас байланып қалды ма, әй, неге үндемейсің – деді және Әлипән. ...Қорықпа, аламын десең де тимеймін, қорықпа...
Адымын қанша қарыштатқанымен, өзіне ежелден таныс сүрлеу жол көзұшында шектей шұбатылып созыла берді. Онсыз да екі иығын езгілеген ауыр ойдың салмағы алға жылжыған сайын еселеніп-еселене түсе бойын еңкіш тартқызғанымен, сүйретіліп келе жатыр. Тамағы құрғап, демі тұншыққан сияқтанды. Бірақ аялдап тізе бүгуге хошы болмай, қайтсе де жүре бергісі келеді. Тынысын тарылтқан әлде күйініш, әлде өкініш пе, әлде үрей, әлде күдік пе, әйтеуір соның бірін де сыртқа шығаруға халі жетпей күрсінейін десе күрсіне, жылайын десе жылай алмай, қиналып барып қос қолымен кеуде тұсын басыңқырай «уһ» деді. Бұдан жеңілдеген жоқ, көкірегін түйнеген әлде күйініш, әлде үрей... іште қалды. Өткеннен қалған өкінішті емес, ертеңнен елес берген қорқынышы басым сүреңсіз келешегін ойлады. Күннің жарық сәулесінен бақ тайып, түн әмірі күшіне енген сайын соқпақтың шеткей шұбатылғаны көзге ұрмай, айналаны қараңғылық жайлап бара
жатты. Сонда ғана Тіржан өзінің жалғыз емес, Әлипәннің де бірге келе жатқанын есіне алды. Артына қарағысы келгенімен мойнын бұрған жоқ: « Қара бояудың да өзіндік жарығы болады екен-ау, – деп ойлады қою қараңғылыққа көзі үйренген Тіржан, – сірә қараң тірліктің де өзінше сәулесі бар шығар... Яғни менің тірлігімнің де...» Жанарына әр нәрсе әрең шалынып, бүткіл тірлік түнге тұтқындалғанда Тіржан манадан бергі көңілсіз ойларынан серпілейін деді. Қара түн оған бұған дейін ұрланып келген еркіндігін өзіне қайтарғандай. Еңсесін басып, келген әлде өкініш, әлде үрейдің азабынан құтылғандай аяғын алшаң-алшаң аттап, артта жоғалған әр адымының ізі ауыр ойдың жүгін жаншып жатыр. Айнала кеңістіктің ақ жарығын буып тастаған тып-типыл тыныштық жігітке жақын да жайлы көріне бастады. Көптен аңсап, талайдан күткен бостандығының қадір-қасиетін осы сәтте ғана ұғынғандай. «Ешкімнің қас-қабағын аңдымай, ешкімге көз алартпай, ешкімге көз алартқызбай, тіпті сол көзбен атысып, – шабысқаныңды байқатпайтын қою түннің ығында жүрудің өзі бір ғанибет екен-ау – деп ойлады Тіржан. - Шіркін-ай, мынау айсыз түн созыла берсе ғой...мен де жүре бере едім. Жүре берсем, өткенкеткеннің бәрін ұмытар ма едім, қайтер едім. өткен-кеткен деген мен үшін өтелмеген борыш, орны толмайтын өкінш емес пе. Ендеше сол парыздың төлемін сезінбеу үшін, сол өкініштің отына өртенбеу үшін, өзгелердің жер-жебіріне жетпеу үшін, толып жатқан бәрі-бәрі үшін неге мен мынау қап-қара түннің құшағында тұншықпаймын? Өткенімді былай ысырып, ертең, тіпті ешқашанда аңғармайтын келешегім үшін неге мен мынау қара түндей қатып қалмаймын? Келер күнге артатын үмітіңнен айырылсаң, өмір сүріп керегі не? Не...не десем де дәл қазіргі жағдайға, дәл қазіргі еркіндікке аңсағаным және рас еді ғой. Сонда мен өлуге емес, әйтеуір жер басып жүруге, әйтеуір тірі пендеге жаутаңдамауға, әйтеуір өмір сүруге асығып едім ғой. Сонда мен бәрібір жаутаңдауға асыққан екенсің ғой». Тағы да артына бұрылып қарағысы келді, тағы да бұрылып қараған жоқ. – «Дүниеге ешкім мойын бұрып, жалтақтамаған біреу болса, ол менің шешем еді,ал мен оған есімді жиғаннан жаутаңдайтынмын. Шешемнің өзгелерден гөрі мықты, өзгелерден гөрі нық екендігін сезінгендіктен де мен үнемі оныңөзіне ғана, өзіне ғана арқа сүйейтінмін. Сөйткен шешемнің, жан дегенде жалғыз пана-анашымның осынша өзгеретінін кім болжаған? Отыз жасқа жеткенше еміреніп, елжіреп келгенде, Әлипәнға, бөтені емес, өз қанының жесірінен соншалықты безініп, соншалықты бүлінер деп кім ойлаған? Аяқ астынан морт кетіп, кездейсоқ ашуланса, теріс бата бере ме еді. Баяғыда қазақтар мұндайды қуана құптап, әмеңгерлік жолы деп, жесірінен оңайлықпен айырылмайды деп жатпаушы ма еді. Сол заманның – сол жағдайдың шет жағасын көріп өскен шешем неден шошынды, неге қаймықты, кімге қырсықты? Тағы да артына бұрылып қарағысы келді, тағы да бұрылып қараған жоқ. – «Менің де өліп-өшкен ештеңем жоқ еді осы Әлипанға, бәрі де мағынасыз кездейсоқтықтан басталып, масқарашылықпен аяқталған. Енді ше? Бәрі де қайтадан басталатын сияқты, тіпті басталған да сияқты. Өз қолымен түрмеге жаптырған Әлипан өз еркімен күні-түні тыным таппай, екі ай, бес ай жүгіріп,
соттың алды-артын торуылдай, өзіме де, өзгеге де жалынып жүріп, басымды арашалап алды. Міне, енді не істесемде ерік өзімдікі... Жо-жоқ. Бас еркіндігім мені әлде неге міндеттейді. Әлденеге міндеттемесе екі иығымнан жеп келе жатқан не: ана алдындағы ақталмаған борышым ба, балғын бойжеткен Үмітке жеткізе алмаған, жетімсіреген сезімім бе? Құдай-ау, бұл борыш ешқашан өтелмеді екен ғой екі иығымдағы зілбатпан Әлипан кеше ғана «Жағыпар Үмітке үйленгелі жүр, шешең саған Үмітті алып беремін деп қанша тырысқанымен мұнысынан түк шықпайды. Өздері де пәлен ай бір сен деп тыным таппай жүргенімнің тектен-тек емес екенін ұққан шығар. Жоқ, мен сені бәрібір ешкімге бермеймін», деп еді-ау. «Сені ешкімге бермеймін» деген сөзді бұрын-соңды естімегендіктен бе, біртүрлі жүрегім жылып қалғандай болып еді». Тағы да артынан бұрылып қарағасы келеді, тағы да бұрылып қараған жоқ. – «Шынында да әйелі құрғыр құрақ ұшып, құлап жатса, қалай шыдарсың? Бұл әйелі құрғырдың қолынан келмейтін жоқ-ау; төрдегі басымды есікке сүйреп барады. Міне, қайда жатыр әйелі құрғырдың, Әлипәні құрғырдың құдіреті. Бірақ көңілі қалса өзі құлап, көңілі қалса, өзіңді құлатса қайтерсің? Тағы да құздан құлатса, сосын тағы да, тағы құлатса... Қайтып тұра алармын ба? Тұра алмасам-шы...» Тіржанның басы айналып, жүрегі көкірегіне симай, дүрс-дүрс соғып, демін алқына алды. Пәлен пұт жүкті өзі сүйреп, әрі тартып-бері тартып, орнынан қозғауға әл-дәрмені жетпегендей қары талып, тізесі дірілдеді. Дәл осы сәтте ол меңіреулік пен еркіндіктің арасында таңғажайып ұқсастық барын сезді. Не істеп – не қоюы, не тындыруы өз ықтиярында болғанымен, тіпті басқа кездегі басқаша жағдайы еске алмағанда, мына тұрысының мағынасыздығы сарғая күткен жеке басының бостандығындай боп көрінді оған. Біраз уақыттан бері тағатсыздана аңсағаны еркіндік емес пе еді! Қол жеткен еркіндігі ауылына жақындаған сайын тұлабойын езгілеп, өзін әлдеқандай ессіздікке итермелейтін сияқты. Әрі-сәрі хал кешіп, шарасыздықтан басы қазандай болған Тіржан әлден уақытта беті ауған жаққа тұра жөнелді. Асығып-аптығып, өне бойы салқын сұстылыққа оранып, жүрегі өрекпіп, денесіне ие бола алмай сайтан жел екпінмен ентелеп келеді. Өзін-өзі тоқтатуға шамасы жетер емес. Санасына симайтын жұмбақ күштің қамшылауымен ұшып кете жаздап, ұшып түсе жаздап, тастай түннің қай бағытында лағып бара жатқаны өзіне де беймәлім, жанталаса жүгіре берді, жүгіре берді. Қайда, неге? Ұққан жоқ, ұққысы да келген жоқ. Омақаса құлап түскенін білді. Құлағының дәл түбінен шыңғырған дауыстан есін жиды: Әлипан да мұны құшақтай сүрінген екен. – Не көрінді саған, не болды саған – Әлипан еңкілдеп қоя берді – бір қайғымды бір жамау үшін жүр екенмін ғой сенің соңыңда. Сорлы басым алдыңда азабын жалғыз өзің емес, мен де де арқалап келе жатқан жоқпын ба? Қателесіп қалт бассам, мұның да ауыртпалығы өзімде ғой. Жолдан тайдырып сүріндірсем де қолтығыңнан демеп сүйемелдеген өзім едім ғой. Басыңа іс түскенде, артыңнан кім іздеп барып, қай ағайының араша тұрып еді? Мына маңдай қорлыққа жаратылған ғой... тар маңдай, сор маңдай...
Өз маңдайын өзі пергілеген әйелдің қолынан төмен тартқан Тіржан «құдай үшін тоқтай тұршы, - деді әлсіз үн қатып – басым айналып кеткені... басым айналып барады...» Әлипан әрең дегенде тиылды, солығын баса алмай аракідік өксіп қойып, етпетінен сұлап түскен Тіржанның басын көтеріп кеудесіне сүйеді. – Басым айналып кеткені – деді Тіржан – мынау тастай түннен ажырағым келмейді... таң атпай тұра тұрса екен... Қорқамын... жарықтан қорқамын... таң атпаса екен... ***
– Апа, бір ауыз сөз айтсаңыз-шы, тым болмаса бір ауыз сөз. Ұлдайдың қатарына ілесер-ілеспесін білмей, біресе оң, біресе сол жағынан шығып, берекесі қашқан Үміттің бұдан басқа айтары да қалмаған тәрізді, – бір ауыз сөз... Шоққарағай баурайына өрлей сызылған соқпақтың сорабы жазықпен жалғасқанда ғана Ұлдай артына бұрылды: дөңестің үстінен қарағанда бұйығып жатқан ауылы оймақтай боп ойда қалып барады екен. Жүрегі шымырлап қоя берді. Жүйке-жүйесі босап қимастықтан тұлабойы әлсіреп, әлде запыран, әлде зар тамағына тірелді де түнектеле кептетілді. Салмағын игере алмай әлі құрып, екі қолымен екі бүйірін таянып алғанда ғана өзін-өзі ұстап қалды. Жанарына іркілген жасты тиған жоқ. Биік жотаның баурайында дөңгеленген ауылы көзден балбұл үшып бара жатты. Бірер қадам төмен аттаса оймақтай ауылының көзден ғана емес, көңілден де қалыс қалатынын ойлағанда, шыңғырып жіберді. Тумысында дауыс қылып «ойбайламағандығынан» ба, үні шықпады. Мұнысын өзі байқаған жоқ, бірақ ішінің удай ашып, өзегі өртенгенін, тамағын тіреген түйнектен құтылмағанын сезді. – Түріңіз бұзылып барады, – деді Үміт жыламсырап. «Бетіңіз қисайып кетті» дегенге дәті жетпеді. Жүзін жуып, өңешін айғыздаған ашқылтым тамшылардан әр нәрсе әрең шалынып, анадайда бұлдыраған ауылы көзінің алдында бір аударылып, бір төңкерілді. – Айналайын, сен осы жерден қал, ештеңеге алаңдама. – Ұлдайдың үні жарықшақтанып шықты. – Қайтып келемін дедім ғой... Үйге өзің ие бол, өзің... – Қайтып келесіз ғой, – деп күмәндана тіл қатты Үміт, – тезірек оралыңыз апа. – Оралмағанда қайда барамын... Отыз жыл түтінін түтетіп қабырғасын күзеткен шаңырағымды сірә де қиып кете алмаспын, – соңғы сөздерін сыбырлап айтты. Әлі де өзінен бір елі қалмай келе жатқан Үмітке әлсін-әлсін қара йқатарласа берді де «тоқташы, – деді, – сәл аялдайықшы... Сен енді қайта ғой үйге. Жүрші, өзім шығарып салайын. Таң да атып келеді, әне... Тезірек үйге жетіп ал. Сырт адамның көзі түссе, суыт жүрісіңнен секем алар. Сұрағандарға «Көксеңгірдегі ағайындарына кетті» дерсің. Сұрамаса, ешкімге ештеңе айтпа».
Ылдимен жүру жеңіл болғанымен, әр адымын санап бара жатқандай басы төмен салбырап, ықылассыз аяңдаған Үмітті көзімен біраз жерге ұзатып салды. Ауылы енді-енді атқалы тұрған таңның бозарып-бозармаған құшағында қысылыпқымтырыла қыр астында тұншықты. Үмітке сездіруге дауалатпаған жарасы аяқасты жарылып, көзден парлаған жасымен жұтынып-жұтынып, қыстыға жылады. Көмейіне кептетілген түйнектен бәрібір құтыла алған жоқ. Көз жасына булығып екі иығы селк-селк етекен Ұлдай жанын жегідей жеп келе жатқан ащы зарын айғайлап айғақтауға айдалада жалғыз қалса да, дауысы жетпей іштен құсаланып келеді. Әйел пендесі боп әлдекімге екілене жылап салмақ салып көрмегендігінен бе, әлсіз боп еркек кіндіктінің алдында ашылып-шашылып үйренбегендігінен бе, өзіне ғана сеніп, тәккапбар тірлік кешкен қайран Ұлдай дәл қазірге жетімек жағыдайын басқаны былай қойғанда, мынау жапан түзге жария етуден аулақ. Сыңсымай жылағанда, бір басының қуанышы мен ренішін үнсіз көтеріп, бәріне үнсіз көнгенде, түптің-түбі бетім ауған жаққа кетем деп сірә да ойлады ма? Құдай қосты деп, көңіл жарасқан қосағының шаңырағын құлатпаймын деп шалқайғанда, боздақтан қалған тұяқты жеткіземін деп жетектегенде, көргені осы болса, бұған дейінгісі өзін-өзі алдарқаттау, ар, асқақтық дегені де өзін-өзі үміттендіріп, азап шегу екен ғой. Бүткіл тірлігі жесірлігінің жалғыздықпен шайқасқан қасіреті боп жалғасқаны мен, соның бірін дабыраламай тұмшалап, баяғыдан бері іште тұнып – іште қыстыққан бітеу қайғы міне, енді тамағын тасқып тіреп алған. Ышқынып барып «ой-һой...» деді. Сонда ғана тынысын тарылтқан түйнек сыртқа лықсып, сарайы кеңіп сала берді де бар даусымен өкіре жылады. Еңіреген сайын еңкілдеп, еңкілдеген сайын шемен боп қатқан шері тарқап, қайда, неге бара жатқанын сараламастан ұзақ жұрді. Еркінен тыс күштің әсері өзін «Құлабие» төбесіндегі ескі бейіттердің жанына алып келгенін байқады. Қалш-қалш етіп, етпетінен түсті. Денесімен жер құшып, саусақтарын топыраққа сүңгітіп жіберді де, жұдырығын түйіп алды. Жиі-жиі соққан жүрек, құсқанат көңілдің аптыққан демі біразға дейін тыншымай ентігіп жатты. Басымен жер нұқып, топырақты емірене иіскеді. Дір-дір еткен денесі енді-енді сая тапқандай. Тұрғысы келгенмен қимылдауға дәрмені жетпеді. «Құдай-ау, бар салмағымды мына қара жерге артсамда екі иығымды тескен не ауырлық? О бастан пешенеме жазылған зілбатпан жазымыштан құтылу мүмкін емес екен-ау, әйтпесе жермен-жексен боп, дөңгеленген дүниенің ортасында домалатқан бұ ненің зауалы?...» - Ұлдай қос қолымен топырақты тағы да салалай түсті, беті қатпарланып қалса да, топырақ дымқылдау екен. Мойнын созып жоғары қарап еді: жақын маңның бәрі қап-қара боп, одан әрі қара бояу сұйықтала түсіп, көзден алыстаған сайын бозамықтана берді. Тарамыстан тартылып қалған денесі босаңси бастады. Алыстан оттары жылтырап, құлағына еміс-еміс үн естілді. Тіршілік үні Ұлдай ұшін артта қалыа бара жатқан сияқтанды. Кеудесін кек кернеп кетті. Кімге кектенгенін неге ызаланғанын өзі де ұққан жоқ. Жалғанда жалғыз жақынынан титей жақсылық көре алмай қаңғырып кетіп бара жатқанына ма? Ел басына ауыр сын туғанда, бұдан жаман күінде де азабына шыдаған алтын ауылынан, босағасынан енді заман тыныш, жұрт аманда қашып бара жатқанына
ма? Болмысында жалқы рет мауқын басарлықтай ешкімге еркелей алмағандығына ма? «Ата-бабам аруағы, кінәлама мені, менің сүйенер де, сенер де ешкімім жоқ. Күйеуден қызық көрмедім, жалғыздан опа таппадым. Талай жыл үздігіп күтіп асыққанда жеткен жерім... Ақталуға асығыппын. Жермен жексен болуға асығыппын» - деп күбірледі Ұлдай. Қалып кетіп, қайтадан көзін ашты. – О, ғажап, барша дүниені жұтып жіберген түн қараңғылығы қайда қалған? Арқасынан езгілеген ауырлықтан ендіенді сейілді. Бозаңданып барып, жарық тартқан әлем аясы көгілдір түске малынып тұрып алды. Қауыз жарған таң шапағынан нұрлана түскен жер беті бір көгілдір түстің ғана сан мың түрінен жалт-жұлт етті. Таңғажайып сұлулықтың өзіне тән сиқыры есінен танып жатқан әйелдің бойына қуат жарытқандай болды ма, еңсесін езіп келген ауырлықтан бірте-бірте сейілген Ұлдай айналасына аңтарыла қарап, өзін сергек сезіне бастады. Есі кіріп, ақылына келген сайын жаңа туған жас таңның салқын да сұлу сұсынан әрі именіп, әрі таңғалып, өзі үшін әлде қашан семген, әлде қашан үміттің болар болмас ұшқыны жүрегін маздатып, кәрі денесіне күш біткендей жатқан жерінен көтеріле берді. «Ата-бабам аруағы, қуат бере гөр» - деп орнынан тұрып барып, қайтадан құлап түсті. Қаусап қалған денеге қуат дарыды дегені қарапайым ғана тілегінің тәнін мазақтай қытықтаған алдамшы кескіні екен. Жас таңның қайталанбас келбеті көзінің жәуін алып, көңілін масайтқанымен, Ұлдайдың сырылдаған кеудесі мен мұқалған жігеріне ешқандай құдіреті жүрген жоқ. Алыста жылтыраған оттар таңның аясында көмескілене жоғалып, түнгі қадыр-қасиетінен жұрдай боп, Ұлдайдың жанарына шалынудан да қалды. Емісеміс талып жеткен әуен үздіктері барған сайын күшейіп, мазасыз ызыңға жалғасты. Шыркөбелек айналған жер ме, көк пе, басы ма, Ұлдайдың екі шекесі зіркілдеп, соншалықты тынымсыз ызыңнан құлағы шыңылдады. Ұлдай үшінші рет тұруға әрекет жасады. Тәңірі тілеуін беріп әйтеуір құлаған жоқ. Тәлтіректеген аяғын әрең басып, сүйретіле түрегелді.
– Естідіңдер ме Ұлдай бір аяқ, бір қолы жоқ шалға тиіп кетіпті ғой... –Қалайша... қартайғанда күйеусіреп не қара басыпты оны... – Әй, қойыңдаршы, күйеусіреп шықса да дұрыс істеген. Баяғыда сөйтуі керек еді, баяғыда... – Қора-қопсының, үйін баласына да ағайынына да емес, алыстан алашына тастап кеткені қалай. – Жағыпар енді Үмітке үйленеді дейді... – Несі бар үйленсін. – Енді Тіржан не істер екен? Үйін дауалайтын шығар? – Не істеуші еді, ол баяғыда үйі бар қатынның қолына келіп кірген жоқ па еді! – Ал, Жағыпардың шешесінде қуаныштан ес жоқ дейді... Ұлдайдың мүгедек шалға шыққанын естіген жұрттың біреуі күліп, біреуі күрсінді, біреулері таңдайларын қағып, енді біреулері көздеріне жас алысты.
Көңіл шіркін... (әңгіме)
Екінші қабаттағы пәтеріне Жәкіш самарқау көтерілді. Қалтасындағы кілті де қолына ілінбей біраз тұрды. Ұзақты күнгі аптаптан әбден пысынап, табалдырықтан аттаған бойда жалма-жан костюмін шешіп, орындық арқауына лақтырды. Қас қылғандай үйдің іші ыстық екен. Әсіресе ас бөлмесінен ескен өрттей леп беттен ұрғандай. Даңғарадай терезеге перде құрылмағанын байқады. Түстен кейінгі шілде күні шыдатсын ба, жалаң әйнекті тесіп жіберердей шақырайып, жанарын жыпылықтатты. Көгілдір отты тұтатқанымен, шәйнекті қоюға құлқы соқпады. Мазасын ұрлап, берекесін қашырған жәйттің себепсалдарына үңіліп, басын қатырған жоқ. Жинаулы төсектің үстіне киімшең қисайып, көзін жұмды. – Ертең сенбі – деді ішінен, нағашыларына кеткен ұлдарын есіне түсіріп – жарты ай жүрді ғой, жарар... алып келу керек... және қайын жұрттың алдынан өтіп, рұқсат сұрау керек... міне, жылдан асты, былайғы тұста маған міндетситін реттері де жоқ... ағайын-туғанды, жолдас-жораны жинап, жылын атадым, басын бекіттім... енді не істе демек, бәрін де жөн-жоралғысымен атқарып жатырмын... үйлену керек ... екі балаға жылы қабақ танытатын, мына дүние-мүлікке, үйіне қарайтын әйел керек... Құлазыған үйдің іші күй күмбірлеткендей сыңғырлап қоя берді. Сүлесоқтықтан арылғандай, орнынан жадырай қозғалып, ұсақ-түйек күйбеңге ден қойды. Жуынып-шайынып басқа да шаруаларын лезде тындырып үлгерді. Көзалдынан таныс, бейтаныс қыз-келіншектер бірінен соң бірі тізбектелгенімен, көңіліне тұрақтаған ешқайсы байқалмады. Бірақ соларды ойлағанның өзі тұла бойын серпілткендей. Аудандық мәдениет бөлімінде істейтін методист келіншектің мінезі биязы сияқты, әттең балалары тым кішкентай... тіс дәргері Күлән ше... оның да бір қызы бар деседі, күйеуінде қалған... жоқ, жарамайды... Кітапханашы Мәруә, соның жасы қаншада екен, қатқан қара, жүзінің жұмсарғанын көрген емес... Мұғалім Сәнияні ел-жұрт сыйлайды, неліктен отыздан асқанша күйеуге тимейтінін... ұшып-қонған мінезі... жо-о-о-оқ... Күні ертең әркімге көзін қысып... құрысын... Орталық дүкенде сатушы боп былтыр орналасқан Зайра қандай пысық, өзіне қарағанда әлдеқайда жас.... көрінген сайын жымыңдап, жүзі жайнаң қағады сайтанның, мені сақа санамауда мүмкін-ау, ә... жақ, мұның да жөні басқа... – Ойы сан саққа бөлінген Жәкіш қолына қағаз, қалам алып жаза бастады. Күйеулерінен ажырасқандарды бір бөлек, жесір келіншектерді бір бөлек тізіп, қыздар жағына ойысты. Үлкен жұмыстың басын қайырғандай, кең тыныстағанымен, үш қатарға жалғасқан қыз келіншектердің есіміне үңіле алаңдай берді. Солардың ортасында отырғандай, кіл өңкей сұлу бойжеткендер ақ білектерін созғандай, шаттана жымиды. – Несі бар, кез-келген әйел қызығатындай-ақ емеспін бе, дайын үй, жиюлы дүние, жаюлы төсек, оның бер жағында арақ ішпеймін, шылым шекпеймін, табысым қандай... тек асықпай таңдап, әбден тексеріп, кейін бармақ тістемейтіндей... өкінбейтіндей... таңдауы керек...
Әлдекімді тосқан сыңаймен Жәкіш үйі-ішін арлап шықты. Үш жыл бұрын алынған югославиялық жиһазын жайғастырған ортаңғы бөлмеде ұзағырақ кідірді. Серванттың іші-сыртындағы жалт-жұлт еткен ірілі-ұсақты хрусталь ыдыстар, вазалар көзінің нұрын ұрлап, мерейін тасытқандай. Екі шкафқа тегістеп қойылған кітаптар, бұрыштағы түрлі-түсті телевизор – бәрі жарасымды. Жұмсақ креслоға шалқая жантайып, ынтығын басқан дүние-мүлкін әрлі-берлі сүзген Жәкішке осы сәт аса қымбат еді. Ыждағаттылықпен жиыстырылған әрбір зат көкейіндегісін дөп басып, жүрек тұсына қадалуын жиілеткен шаншуларды ысырып тастағандай, сырсымбаты жарасқан бөлме жан дүниесін мүлгіте маужыратып әкетті. Денесін жайбарақаттылық жайлап, жан-жағынан төнген жансыз нәрселер қорғанындай, сүйенішіндей елестеді. Талайдан бері үңірейген қуыстың орны толғандай, кеудесін аракідік кемірген жар мұңы да алыстап, қайтсе де тезірек үйленуге шешім қабылдады. Алда-жалда мүдде тұтқанын орындамай тынбайтыны өзіне мәлім. Қатарластарынан бұрынырақ институт бітірді, әріптестерінен гөрі ертерек пәтер алды, анау хрусталь атаулыны сирек кездесетін, әрі құны мүлдем арзанында жинап үлгерген. Бұлар үйін түрлі жиһазға толтырғанда, ондай үлгі көршілерінің түсіне де кірмеген шығар. Ешкімнің ырысына қол сұқпайды, бәрі де маңдай тері, табан ақысының арқасы! Басқалармен салыстырғанда, не нәрсенің де «төтесін» біледі, бар «айыбы» сол. Әйтпесе замандастарының да тірлігін бағдарлап жүр ғой, әне, тапқандары бір бастарына жетпейді, иықтарын қанша жұлып жегендерімен, бұдан асып тасқандары шамалы. Жәкіш аяқтарын айқастыра созып жіберді. Кілемнің жұмсақ түгі табанына жәйлі тиіп, одан әрмен нұқи жаншыды. Төңірегіне сүйсіне қараған қалпы әрең дегенді тұрды. Сервантты ашып, шетіндегі рөмкені шертіп қалғанда, сыңғырлаған таза үн естілді. Қандай әсерлі, қандай ғажап! Тағыда қайталады, жаңағы сыңғыр саңылауына жағып барады. Енді рөмкені екі қолына ұстап соғыстырды, мүлдем өзгеше дыбыс сиқырынан бөлменің манадан бергі қапырығы лезде сейілгендей. Кітаптардың мұқабасынан сипалай, жағалай, телевизорға жақындады. Әбден шаң басыпты, саусақтарына қап-қара дақ қонды – Міне, қайда гәп – деді қабағын түйіп – міне, қайда пәленің ұясы... жо-о-оқ, әйелсіз сірә де мүмкін емес, сірә де... Тозаң тиген алақанына жөн-жосықсыз тесіліп тұрғанда, телефон шырылдады. Кір қолдарын телефонға созуға асықпады. Үзік-үзік қысқа безектегеніне қарағанда, алыстан-ау, дереу қос-қолдай жармасты. – Алло – алло... кім екен... қайдан... – Үш те жиырма екі ме... қазір... сәл кідіріңіз... сізді... – Ә, Кәкішпісіңдер, амансыңдар ма... не жаңалық бар? Балалар қалай... Біз бе... ойдағыдай... иә, иә, алып келемін... ертең барамын... сендерге ме, несіне соғамын... келсін дейді... кім... ә, жеңешем бе, е, ол қандай сыр... келгесін айтам дейді, қазір ше? Өзіне берсеңші, сөйлесейік, жеңеше, сәлеметпісің... Тез дейсің бе... несіне асығамын... жақсы, жақсы... түсіндім... сенің талғамыңа сенемін ғой... ал, хайыр-хош... Апаратты кеудесіне қысып алыпты. Орнына қойса, әлгіндегі әңгіменің желісі тып-типыл жойылатындай. Еңсесін биіктеткен хабардан жылы әсерін жоғалтпауға тырысып, со күйінде жылжымастан тұр. Облыс орталығындағы аға-
жеңгесі ғой бұның хал-жағдайын текшелеп жатқан. Ертең арнайы соғуы қажет, балаларына содан соң барар. Тәтті үміттің жетегінде ас бөлмесіне бұрыла бергенінде, телефон тағы да шыр етті. – Ә, Бөке, сен екенсің ғой... жоға, кімді күтіп отыр дейсің... о бастан тәртіпті емеспін бе... қайда... рахмет, шақырдың, талай бардым... бұ жолы басқаша дейсің бе, о не мәселе? Танымаймын... балалары бар ма... ә, тумаған ба ешқашан... сол себепті айырлысқан... қиындау, қиындау... дегенмен дәнекер керек, дәнекер, Беке... басымыз жас... жо-жоқ, түкте айыбы жоқ... Жәкіс басын шайқады. Қаспен көздің арасында жасалынған екі ұсыныстың көптен бүйірін тескен ойына сайма-сай шыққанына қуанып, ішкі тілегінің іске асатынына титей күмәнданған жоқ. Әдеттегідей емес, шәйді де құмарта сораптап, ұзақты күнгі шөлін әбден қандырды. Терлеп-тепши отырап, «Бөкеңнің үйіне бармағаным ыңғайсыз болды-ау – деп күмәнданды – бекер жасадым ба, несіне бәлсіне қалғанымды... тамырын басып байқаудың орнына ат-тонымды ала қаштым... жоқ, дұрыс, басы ашық нәрсені несіне созбалақтаймын... мүмкін ол қатігез шығар, бала таппағасын... Ұлдарымның бабын тапса, жақсы, және... маған бала туатын әйел керек... Келіншегімнің жақын құрбысы, әдейі шақырғанбыз дейді, менімен ақылдаспай, қарай гөр өздерін... айтсақ, жүгіре жөнелер деп сенген ғой... шеттерінен таңдап, маңдайынан шертіп жүріп, ең тәуірін алармын әлі... Аядай аудан көлемінде қаншасы жүр, қандайын қаласаң да... қайсысының тұрмыс құрып, күйеуге шығу мақсатында жоқ дейсің... тек әйтеуір нашарына ұрынбасам, қателеспесем жарарды... Дегенмен, әлгі үйге бару керек еді...» Парақтарын айқұш-ұйқыш сызылған дәптеріне шұқшиып, Бөкең атаған келіншектің есімін іздеді тізімнен. Сәруар ма, қалай еді, Сә-ру-ә...Жоқ екен, сірә... танымайды, ойпырмай ондайлар да бар екен, ә... әлде басқа ауданнан ба, сондай бейтаныстардың арасында небір тамашалары жүруі мүмкін-ау, ә... Жеңгесі де бір жаңалықтың ұшын ұстатқандай... дауыс ырғағы ерекше... сірә, тегін болмады... Жәкіштің қиялы әр қилы шапқылап, алабұртқан көңілінің нақтылы тоқтамға жуырманда байланбайтын сыңай бар. Қалайда бірақ алдағы төрт-бес күннің еншісіне әжептәуір міндет жүктелерін болжады.
*** – Жарқынай, ұмытпа, ертең қонаққа баратынымызды – деді қарсы столда отырған келіншек. – со жағынан алып кетпесін мүлдем... – Е, әкетсе, несі бар, қырыққа дейін жүресің бе? – Әттең, нанбайсың-ау... осы тағдырыма әзірге өкінген емеспін десем... – Есің дұрыс емес сенің... – Мүмкін... әбден мүмкін... – Жарқынай жүгіре сөйлеп, сыртқа асықты. Төртінші қабаттан түскенше әлденеше тоқтады, оқу, мәдениет, денсаулық сақтау... толып жатқан облыстық бөлімдері тоғысқан еңселі сарайдағының басым көпшілігін таниды. – О, Жарқынай, қалай, бойжетіп жатырсың ба? – Анадайдан жүзі жадырай амандасқан етжеңді кісі әдейі бұрылып, жол берді. Мұның қолынан ұстап, жіберер түрі жоқ. – Бойжеткенім сондай, дальше некуда... Етжеңді кісі сықылықтай күлді. – Болбыраған қолы жәйсіз тиіп, Жарқынай алақанын дереу тарта қойды. Мысқылдағандай естілген «бойжетіп...» мына түр-
тұлғасына, отыз сегіздегі жасына әрі лайқатсыз, әрі ыңғайсыздау. Мұны іштей мойындағанымен, тіпті де қапаланған жоқ. Тек қана әлгі тершіген саусақтардан сескемденгендей, оң қолын әлсін-әлсін сілки қақты. «Әрине, күйеуім болса, сондай кекесін аралас сөздерден құлағым сарсымас еді, не себепті құмар осы жұрт ең жұқалтаң тұсыңнан бассалуға... бет-аузы жылтырап, бөксесін май басқан әлгіге не жоқ, тұлабойын тінте өлермендікпен көзін сатқанға мәз, дәмесінің зорын... түріне қарамайды-ау сонда...» Жарқынай жерге шырт түкірді. – Қандай сұлу боп кеткенсің, Жарқынай... - Ту-у, жер-дүние жарқырап жүре берді ғой, сені көргесін... – Ах, Жарқынай, Жарқынай... – Сәлем, Жарқынай – Ертеңге шейін, Жарқына-а... Ұзындығы мен көлденеңі атшаптырым созылған басқыштардан төменге жеткенше, әрлі-берлі өткеннің бәріне басын изеп, амандық-саулық сұрасқандарға жымия жауап қатқан Жарқынай өзінің әр қимылын қалт жібермей бақылаған қара көзілдірікті жігітті көрген жоқ. Маңдайын сипаған қоңыр-салқын самалға қарсы ықыластана адымын шапшаңдадып аялдамаға жетті. Адамдар тобы көбейе түскен. Иығына асқан кішкентай сөмкесін ақтарып, сол жақ беткейдегі «телефон, телеграф, касса» деген жазуы бар зәулім үйге қарады. «Автобус тосқандар азайсын, пәтердің, телефонның ақшасын төлейін» деп, сол тұсқа қарай аяңдады. үш-төрт күнен бері ұмытып, сәті түспей жүрген. Сіңлісі үйге әлі қайтпапты. Ас дайындауға асықпады. Салқын айранды сіміріп, кешкі тамағы осымен тәмамдалды. Екі күн сіңлісінің ауылға баратыны есіне оралғанда, сұп-суық еттің шетінен турай беріп, мұздатқыштың үстінгі қатарына қайтадан тыға салды. Жалғыз өзіне тамақ дайындап несіне әуреленбек және аш емес, мынау шілдеде сусын да жарайды. Күн сайынғы дағдысымен телефон шалған Бегайға бұ жолы жұмсара, ұзағырақ сөйлесті. Мың сан айтылған бәз-баяғы жәйттер, әлі қанша қайталанары белгісіз. – Жүрегіңе де дауа керек қой... Ар жақтан ауыр күрсініс... Бегайдың алқынған демі... – Бәріне өзің едің ғой кінәлі... – Сендей қатігез жан кездестірген емеспін... бірақ бар ғой... бірақ тағдырыңды былай жалғасар деп ешқашан ойлаған емеспін... сен.... сен... басқаша өмір сүруге тиіс едің ғой... – Әлі ұқпайсың ба, бәріне кінәлі өзің... – Кейін талай... – Кейін созылған қолыңның түк те қажеті жоқ-ты... түк те қажеті... – Яғни, мені ұнатқаның да жалған... – Ол кезде жақсы көргенмін... – Өтірік, өтірік... мені сүйгенің өтірік... – Қазір сүймейтінім рас... баяғыда сенің жолыңда өлуге дайын болатынмын... – Нанбаймын. – Мейлің... Маған бәрібір енді... жә, қойалық бос әңгімені... балаларыңа барып тұрасың ба? – Әрине...
– Мұның жөн... ұлдардың қасында міндетті түрде әкесі болу шарт... – Білем, білем... сенің теориялық жүзінде білмейтін бәлең жоқ екенін... – Ал, жарайды... басым ауырып кетті... хош бол... түн ортасында мазалап, телефон соғып жүр ме... Қызық, Бегай екеуінің арасындағы жағдайды өзге түгілі өздері де түсінбейді-ау шамасы. Екі сағаттан артық қатар отырулары неғайбыл, шарт па шұрт ұрысып тыныды одан әрі. Сөйте тұра Бегай күніне бір хабарласпаса, өзі кәдімгідей алаңдайды. «Оқимын» деп жастығының астына тыққан газет-журналдарды ысырып тастап, ұйықтауға дайындалған Жарқынай жарықты өшірместен аяқ-қолдарын айқастырған қалпы жата берді. – Қызық, – әлгі ойын жалғастырды, – қызық Бегайға ғашық боп, есімнен айырыла жаздағанмын... басқа ешкімді көредім, тас кереңдікке ұшырадым... қазір біреу айтса, нануы қиын, бірақ шындық – Бегайды сүйген, тіршілік онсыз қараң болған, ұйқыдан, күлкіден айырылған... сөйткен Бегайға, міне, жеті жылдан астам тұрмысқа шықпай жүр, енді, әрине, қосылмайды да екеуі... Жүрегін жаралаған сол кезеңді Жарқынайдың тіпті де есіне алуға зауқы жоқ. Қазір зерделесе – қисық аяқ, бәкене бойлы, қара торы, о заманда ер атаулының төресі – Бегай бұның құлай сүйгенін бірден білген. Бұның өзі ашықтан-ашық сездірген. Қысылып-қымтырылмады, бүгежектемеді, сонысына өкінбеген де. Аяқ астынан Бегай үйленгенде, жеті күн, жеті түн жылап-еңіреп, аза тұтқан. Көз жасына тұншығып, қанша жылды сарғайған сағынышпен өткізді. Тәңіріндей пір тұтқан Бегайы әйелімен ажырасқанда, жақын құрбылары екеуінің болашағына титтей шек келтірмеген. Бегайдың не ойлағанын анық білмейді, мүмкін ол да сенген шығар, қайырылмайды деген қаперіне кірмеген шығар, бірақ неліктен осынша тастай қатқаны өзіне де жұмбақ. Алайда Бегайдың қызмет мекемесіне шақыртып, «институтта бірге оқыпсыңдар, курстас жолдасың, мінезі қандай» - деп, әйелінің арызын оқытқаны есінде мықтап сақталыпты. Әуелі абдырап, қатты сасқан. Не айтып, не қойғанын қазір білмейді. Бірақ сол сәттен күн сайын тағатсыздана жолын тосқан Бегайды көргісі келмейтін дертке ұшырады. Міне, қайда, махаббатының түйіні... қазір Бегай алды-артын кескестемейді, алайда жиі хабарласып, «есеп» беріп тұратыны, өзінің оған ақыл үйрететіні қызық... Жалғыздықтың қиян-кескі зардабын басынан өткере әреңәрең көндіге жүріп, Бегайдың ынтыға созған қолын қағатыны қызық... үрейлі қызық... Бұны ешкімге ұқтыра алмас... Сантарапқа алып ұшқан ойлары ұйқысын ұрлағандай, әрлі-берлі төсекте дөңбекшіген Жарқынай қалжырап барып көзін ілген. Шар-шұр дыбыстан шошып оянып, жан-жағына абдырай қарады. Басы меңзең денесі зілдей, ұйықтағандай емес. Бөлменің іші жап-жарық, күннің сәулесінен ештеңені ажыратпады. Таңертең басы ауырып тұрғаннан жаны түршігетін, жылы төсектен енжар көтерілді. Есікке жақындағанда жиды есін. Телефонның үні екен зығырданын қайнатып, апшысын қуырған. Құлағын көтере қағып-қағып, аппаратының қасына тастады. Кереуетке жантайып, көрпесін қымтағанымен, зыңзың еткен телефонның қысқа қайырмасы жүйкесін жұқартып, тағы да тұрды. Енді
керіліп-созылғанының пайдасы жоқ, асықпай киіне бастады. Дөңгелек шарайнаның алдына жайғасып, шәшін тарады, екі шекесін, көк желкесін ұқалап, басының ауруын «қуды». Көзінің, иегінің астын сқұ саусақтарымен жеңіл-желпі шапалақтап, мойнын созып қойды. Неге екені белгісіз, арқасының удай ашығаны басылмады. Бұл енді жұманың аяғына шейін созылатын, иығын аяусыз езгілейтін керенаулықтың белгісі. Әттең, баяғыдай, жаттығудың үш-төрт түрін жасап, бес минуттай жүгіріп келсе, құлан тазаайығар деді, бірақ тыпыр етіп, титей әрекеттенген жоқ. Жәй ғана елестетумен тынды. Үнемі осылай, недей қырсыққа шалдыққанын, бұрындары оңайлықпен істейтін жәйттер соңғы жылдары қыл көпірден өтерліктей қиындықты талап ететін тәрізді. Беу, шіркін, зымыраған дәурені... – Алло, алло... таң атар-атпастан не сонша... – Жарқынай қабағын түйе сөйлегенімен, бірте-бірте жүзі алаулап, жадырай бастады. Ар жақтан асығып аптыға бұйрық райда тіл қатқан Дәния шынмен көңілін сергітіп тастады. «Құдай үшін көгілдір крепдешин көйлегіңді киші» деп жалынатынын қайтерсің. Қайда барса да, бұның жұртқа, әсіресе, еркектерге ұнауын тілеп, сыртқы түр-келбетін асқан мұқияттылықпен қадағалайтын ежелгі «дерті». – Әлгі күйеуің де ере ме? – Жоға... сенің жының құрысатынын білем ғой... о байғұстың мұршасы да жоқ, жұмысы көп... – Дұрыс болған... сағат нешеде кездесеміз? Маған соғасың... ал, жақсы... әлгі жаман күйеуіңе сәлем айта сал... Кәдімгідей серпіліп, иығын жаншыған ауыр жүктен құтылғандай, көйлек-көншегін әзірлеуге кірісті. Дәнияның бейнесі жүрегіне шуақ ұялатып, әлгіндегі сөздеріне еріксіз жымиды. «Сирек кездесетін аяулы жансың-ау, Дәнияш... Кейде «әлгі байғұс күйеуің» деп кемсіткенімді ешқашан елемейді. Бұ да қыңырлығы ма, өзі теңдес әйелдердің тағдыр қосқан қосақтарын сынап-мінеп ұнатпайды. «Өзіңде болмағасын, көре алмайсың, қызғанасың» дегенді әзіл-оспақпен жеткізген кейбіреуіне жәй әншейін күлген де қойған. Ойын-той, сауық-кештерде, қат-қабат жұмыс барысында құрбыларының күйеулерінен әлде қайда озық, әлде қайда сұлу, ақылдылығына әрі таңғалып, әрі соған іштей жүдеп-жадап, мұңға бататын. Бірде соны Дәнияға түсіндіріп қанша әлектенгенімен, ойлары бытырап, сөзінен өзі шатасты. «Сен өте қорқынышты адамсың, – деп Дәния тынысы тарыла күрсінген, – қалай ұқтырсам екен, білсең егер... ең нашар еркектің өзі әжептәуір айыбын... әй, сен ұқпасың мұны... түбі бақытсыз болмасаң жа-рар-ды...» Одан бері қанша жыл өтті, үйреншікті ағынмен жылжыған сүреңсіз тірлігіндей, баяғы пікірлері де тас-түйін қалпында. Мағынасыз егес... кімнен, неге... мүлдем түсініксіз... бұл үшін басқа біреулер асыққандай, жүгіргендей... өзінің илігер, көндігер түрі көрінбейді дос-жарандардың жанашыр ыңғайына, былайғыларды қинайтын жағдайын өзгертем деп әуре-сар-саңға батпайды. Киініп, дайын отырғанын көрген Дәния тұңғыш рет ризалығын жасырмады. – Тағы да қырсығың ұстай ма деп, қорыққанымды сезсең, сенен неше түрліні күтуге болады ғой... Қайда баратынымызды неге сұрамайсың? Ресторанда істейтін
бір апайдың үйіне...мықты... калькулятор... бәрі қолында... не қажетіңді тауып беруге дайын... Бұларды құрақ ұша қарсы алды. Ұзыннан созылған кең стол дастарханы кірген бетте мен мұндалағандай. Үстінде не кереметтің бәрі бар. Селдіреу қоңыр шәшін жылтырата желкесіне қайырған төртбақ, сары жігіт елпелектей амандасты, қимыл-қозғалысы ширақ. – Жәкіш, – деп қолын ұсынды. – Ауданда қызмет істейтін інім... – Етжеңді, ақұба әйелдің түр сипатынан қасындағылардың мысын басынқырайтын өршілдік байқалды. Емеурінмен, ишарамен-ақ әмірін жүргізетіндей, соған ежелден дағдыланғандай. – Сіңлім, қымсынба – деді сөзарасында, сыртыңнан жақсы танимыз... мына Дәнияні де... тіпті көрші екенбіз, басқаны есептемегенде... бір қалада, бір көшеде тұрамыз... Үй иелері, әсіресе осынау әйел Жарқынайға ұнады. Сондықтан ба, еркін әңгімелесіп, арқасының құрыс-құрысы жазылғандай, өңі құлпырып шыға келген. Сирек ұшырасар мұндай сәтін қалт жібермейтін Дәния енді «ән сал» деп қолқалады. – О, бұ кісі үндіше шырқағанда... Басқалар дереу қостап әкетті. – Бізде естиікші... – Өтінеміз... – Ал, кәне... Дәнияға қарап үнсіз басын шайқады – әй, осы сенің аңқылдаған аңғаулығың-ай, қырық жылғыны қопарып мүлдем жөнсіз ғой мұның... Желкілдеген баяғы кезде жарасқан шығар... Сонша бәлсінгеніне өзі де қысылды – Қазір, қазір – деді ыңғайсыздана – халық әндерінен айтайын... Ән салмағалы қашан, даусы басыңқы, баяғыдан көрі әлде қайда пәс, әлде қайда күңгірт. Шырқауға аспандайтын сыңғырлаған үнінің әлсіз сызатынан іштей тіксініп, жігері мұқалғандай. бұрын-соңды мән бермеген жәйті. Айналасындағылар «тағы,тағы...» деп қолпаштағанымен, біртүрлі мұңайып, тұнжырай жуасыды. Телефонның қасынан ұзамай, әлсін-әлсін бала-шағасына хабарласқан Дәния «ауылдан кісілер келіпті» деп, енді Жарқынайға алаңдай көз тастады. Кінәлідейақ қыпылықтап, "қазір ораламын" дегенді үш-төрт қайталады. Өтінішін қасқабағымен ұқтыра лыпып тұр. Әрине, соңынан ере жөнелу еш қисынсыз, Жәкіш Жарқынайды үйіне шығарып салуға ыңғай білдірді. – Қыдырып қайтсақ... сенбі, асығатын не бар... бәлки, паркке қарай... Жарқынай қарсылық танытпаған. Ежелгі танысындай жүре берді. Шетжағасын кеше Дәниядан естіген, басы бос, үйленетін әйел іздейді... – Сіз маған ұнадыңыз, – деді маңғаз кейіппен, – жақынырақ танысып, кеңінен сырласайық... екеуімізде жас емес екенбіз, қылтыңдаудың түкте реті жоқ... ал... өзім туралы толық айтайын... – Жәкіш костюмын шешіп, желбегей жамылды, қолдарын айқастырып алған. Басын жоғары көтере аяқтарын нық басып, алшаң адымдайды. Көздерімен алысқа – алдын жіті бақылағандай сүзіле
қарап, әрлі-берлі өткендерге мұрнын шүйіре, оңайлықпен анау-мынауды менсінбейтінін танытқандай. – Мектепті бітіргесін... – Жәкіш, әңгімесін одан әрі жалғастырды, – өз күшіммен талаптанып, институтқа түстім. Жолдастарымның арасында мерейім үстем, қызметтегі беделім биік. Қылтың-сылтың менде жоқ. Бәз-бір жігіттердей араққа құмартпаймын. Жолдасым, шіркін, ақылды еді, тату тұрдық, тәтті өмір кештік, екі ұлым бар. Екі бөлмелі пәтер алғанбыз. Югославиялық мебель, ыдысаяқ, хрусталь, төрт кілем... дүние жетерлік. Өзім бес жылға шейін киім сатып алмаспын, жазғы, күзгі, қысқы дейсің бе, бәрі бар. Марқұм келіншегімнің отыз алты тісінің жиырмасы алтын болатын. Асыл тасты бес-алты жүзігі, сырға, моншақтары қанша! Шифоньерде бүткіл киімі ілулі тұр, француз дубленкасы, жапондық плащ, пар-пар өлшегендей қарап өтті – марқұм келіншегім осы сіз сияқты еді. Қатты ұқсайсыз, мана алғаш көргенде, тіпті әбден састым. Тегіннентегін емес-ау бұл ұқсастық?! Сіз маған әбден ұнадыңыз... Ал... өзіңіз жайлы не айтасыз? – Мен де... мектепті аяқтадым, институтқа түстім, жоғарғы дипломды маманмын, жұмыс істеп жатырмын... – Бар-жоғы сол ма? – Иә... ә... ең маңыздысын ұмыта жаздаппын, асқазаным ауырады... – Е,.. тәйірі-ай, емдетеміз-дағы... таныс дәрігерлер жетерлік. Курорт па, басқа ма, қайда қалайсыз, бәріде қолдағы нәрсе. Келіншегім екеуміз жыл сайын бірге демалатынбыз, қаржы жағынан ешқашан тарылған емеспін. Әке-шешеңіз бар ма? – Әкем өлген, шешем ауылда... аға-інілерімен бірге... – Өзіңіз осында тұрасыз, пәтеріңіз... – Бір бөлмелі... – Жалғыз өзіңіз ғой. – Қолымда сіңлім бар. – Пәтер өз атыңызда ма? – Иә... – Өте дұрыс...өте... егер қоссақ, сіздің бір бөлмеңіз, менің екі бөлмем... өте дұрыс, өте! Осында ауысатындай мүмкіндік бұрыннан да мол... дегенмен өте дұрыс... пәтеріңіздің өз атыңызға жазылғаны. Ым-м-м, өзіңіз жайлы тағы да айтсаңызшы. – Бәрінде естідіңіз ғой. – Неше ағайындысыздар? – Сегізбіз. Мен екіншісімін, алдымда ағам бар. – Нендей қызметте? Іні-сіңлілеріңіз ше? – Ағайым мал дәрігері, екі інім агроном, екі сіңлім тұрмыста, біреуі техникумда, ең кішіміз мектепте. – О, түгелдей орындарын тауыпты ғой, дұрыс, өте дұрыс. Жарық дүниеге келгесін, қызық-қуанышты өмір сүргенге не жетсін. Өзім тағдырыма өкпелемеймін. Ешкімнен кем болған жоқпын, танитындардың бәрі силайды. Ішетін ас, киетін киім, жататын төсек, басыңда үйің... басқа не керек адамға...
Маған ендігі тұста ел-жұрттың алдында ұятқа қалдырмайтын адам керек. Сізден көп ештеңе тілемеймін, ең бастысы – ағайын, туған, достарым келгенде, жылы қабақ танытып, қарсы алсаңыз жарайды. Былайша қыз-келіншектер көп қой үйлене салатын... дегенмен маған өзіңіз сияқты ақыл тоқтатқан адам керек, жас қыздарға үйленгендердің де көріп жүрмін талайын... қызығарлықтай түк жоқ... – Біраз кідіріп барып – ештеңе айтпадыңыз-ау өзіңізге қатысты – деді. – Менің өмірім қызық емес сіздікіндей, не айтайын, әлде өтірік қосайын ба... – Келіншегім де көп сөйлемейтін, қысқа сұрап, келте қайратын сіз сияқты. Басына белгі тас орнаттым, бес жүз сомға түсті. Әке-шешесіне арнайы соғып, рұқсат сұрап, келе жатқан бетім осы. Баталарын беріп, жылап-еңіреп қалды, әзірге балалар жүре тұрсын дегесін, ниеттерін қимадым, оқулары басталғанша мейлі, сонда болсын. Ұлдарым сұлу, аналарына ұқсаған, марқұм, келісті, сымбатты-ақ еді... ешқашан жүз шайысқан емеспіз, шын сыйлайтынбыз бір-бірімізді. Апармаған жерім, сүйремеген дәрігерім жоқ. Москваға шейін сапар шектік, тексерттім, амал нешік, дәм-тұзы таусылып, кете барды, бәрі бір күндей ызғып, өте шықты дүниеден. – Иә, иә... қандай қиын... қандай өкінішті... – Туыстары бірақ маған өкпелемейді, «балалар бізге де ортақ, екі құлыншақ тұрғанда, еш өгейсімейміз» деп жатыр ғой. Әсіресе, орнатырған құлпытасыма ағайын-туғандары қатты таңғалды. бәрін бір жылдың ішінде үлгердім... Жолдасжора, туысқандар да, әріптестер де риза, марқұмның аруағы да риза шығар. Енді ешкімде шіркеу салмайды бетіме, алдым ашық, жолым даңғыл... солай, Жарқынай!... – Қалайша бірден жайып салдыңыз сырыңызды... Сіз тіпті жөнді танымайсызда ғой мені... қателесем деп күдіктенбейсіз, ә... – Мен кеше де көргенмін, сырттай бақылап, жұмыстан қайтқан сізді үйіңізге шейін әкелгенмін... Сізді танымайтын жан жоқ па деймін, сәлемдесуден қолыңыз тиеді ғой... мен әдейі санадым бәрін... – Ерінбей-жалықпай санауға төзіміңіздің жеткені ме? Содан кейін күрт шешім қабылдадыңыз, ә... – Әйелдің түрі, сымбаты, сыртқы келбетінен белгілі емес пе қандай екені және біздер жас емеспіз ғой. – Иә... жас емеспіз...өкінішке орай жас емеспіз... – Дегенмен... әліде толығырақ әңгімелеңізші өзіңіз туралы... еш бүкпесіз. – Бәрін-бәрін бе? Қорқып, тұра қаша ма деп, аяп келемін сізді... бәрін айтсам, көңіліңіз су сепкендей басылмай ма? – Жо-жоқ. Мен қателеспеймін... адам таңдауда... сізге сенемін. – Еркіңіз білсін. Міне, кешеде келсеңіз, мынау біздің үй... рахмет, әжептәуір уақытыңызды бөлдіңіз. – Әне, әне сіздің үй, жүріңіз, әлі біраз жер, арықтың арғы бетінде емес пе үйіңіз. Костюмін киіп, етегін арт жағына қолдарымен қайыра ұстаған Жәкіш алға озды. Омырауына таққан галстугі самал желдің екпінімен қалт-құлт желбірейді. Қызыл көйлегі әлі батып үлгермеген күннің жалқын сәулесімен шағылысып,
өнбойынан сұстылық лебі ескендей. Селдірлене селкеуленген шәші де манағыдай емес, желп-желп, әлде қайда қалыңдау көрінді. Ентелей асыққан жігіттің соңынан баяу аяңдаған Жарқынай сарқырап аққан арықтың тұсында сәл тоқтады. Жәкіш қолын соза демеп жіберу үшін – әлгінде ғана бұны тосып тұрғандай елестеген. Судың тентек ағысын бағдарлап, қыз басын оқыс көтергенде, Жәкіштің қаперінде түк жоқ, таяқ тастам жерде қақшиып, әлденеге тесіле қарағанын аңғарды. Білектерінің ауаға асылған түрінен ыңғайсызданғанымен, төңіректе өткен-кеткен ешкім жоқ-ты. Дереу бойын жиған Жарқынай арықтан секіріп өтті. – Үйде кім бар? – Сіңлім...құрбыларымен... – Шамасы үйге кіруге болмайды ғой... көріп шыққан артық емес-ті...әттегенай... – Несіне асығасыз, көрерсіз әлі. – Әрине... әрине... ал, келесі кездескенше... бүгін түнде қайтамын ... өте қуаныштымын танысқаныма, өте қуаныштымын... осындағы ауыл шаруашылығы институтында Атығаевты танисыз ғой, қалаларыңыздағы жалғыз профессор... иә, иә, сол кісі таниды мені, қызметке орналасуға көмектесері анық...Иә, иә, міндетті түрде көмектеседі... басқа мәселені кейін ақылдасармыз, телефоныңыздың номерін жазып алдым, хабарласамын ғой жиі-жиі, сонда шешеміз бәрін, келістік пе, Жарқынай?! – Не нәрсеге келістік! – Әй, Жарқынай, Жарқынай, ұзаққа созатын не бар? Қылтың-сылтыңның түкке керегі жоқ, енді тезірек... Екі-үш күнде тағы соғармын... оған дейінде әрине... телефон бар ғой... – Ендеше... хош сау болыңыз. – Сонымен келістік қой, Жарқынай! Ертеңіне асығып-аптыққан Дәния телефон соқты. – Олардың есі кете қуанып жатыр... калькулятор апайға біреу-міреудің ұнауы қиын да... мен сондай таңғалып, отырмын... они от восхищения на небесах... – Мен де... – бұның үніндегі жасандылықтан мүлдем мақұрым Дәнияның шаттығында шек жоқ. Бақыт атаулыны әп-сәтте үйіп төгіп, пейіштің төріне апарып үлгерді Жарқынайды. Жәкіш те уәдесін орындап, обалы нешік, күн құрғатпай хабарласуды үйреншікті дағдысына айналдырды.
*** Жәкіш бастығына кіріп, шаршағанын, әйелінің жылын өткізгенін, қат-қабат шаруаларды себеп қылып, демалыс сұрады. Жарты айдай шыда дегесін, қарсыласудың амалын таппады. Жарқынаймен танысқалы күйгелектікке бой ұрып, шапшаң мінез танытатын әдет тауыпты маңайындағыларға. Өйткені пішіпкескен дүниесі кеп-келте шыққандай, ішкі есебінен жаңылып, ойламаған жерден қателескен сияқты. Бұрын-соңды оңайлықпен шешетін қарапайым жұмбаққа соншалықты қиналғанына таң-тамаша.
Мойындағаны жөн, алғаш көргеннен Жарқынайға сана-сезімі құлап түскен. Аяқ-қолы тығыршықтай, жасы ұлғайғандай қатып семген емес, гүлдей жайнаған бет-әлпеті, тұнжыр жанары – тұтастай тұлғасы жүрегіне шоқ салып еді. Жарым деп ертіп жүруге әбден лайық екен. Жеке басының жағдайы, харакеті де жігіттің толып жатқан тілегін дөп басқан. Қиялында тайға таңба басқандай анықтап қойған ой-суреттерін жүзеге аспайды деген миына кірмепті. Асыға ынтыққанымен, бірде-бір ісі жылжыр емес әзірге. Тура жауаптан тайсақтағанын әуелде Жарқынайдың ұяңдығына, нәзіктігіне балаған. Қала берді «құрақ ұша құшағына құлады» деген айыпқа қалмаудың шарасындай қабылдаған. Бөтен пікір ұяламаған жүрегіне. Үздік-создық ұзаққа жалғасар түрі бар мына күңгірт жағдайының. Осы түсініссіздік жанын қинап жүр. Балаларының оқуы басталғанша бір жағына шығып үлгерсем деген ниеті де бүйірін тесіп барады. Екі жақтағы үйлерін облыс орталығында кең пәтерге айырбастаса, шіркін! Үш, төрт бөлмелі де табылуы мүмкін-ау, үстемелеп ақща қосса. Кішкентай аудандағы кәсіптік-техникалық училищенің оқытушысы үлкен қалаға көшіп, институтқа орналасса, жаңа үй алса, биылғы жылдың жоспары толығымен орындалмақ. Жарқынайдың сөзбұйдаға салып, қылымсығаны, «ойланайық...байқайық...» дегеннен әрі аспай қойғаны бүкіл бағыт-бағдарын тас-талқан қылатындай. Кейінге кезде соған әбден көндігіп, тіке сұрақтан өзі де қашқақтайтынды шығарыпты. Тек соңы қайырлы аяқталса екен. Әйелдерге тән қасиет пе, ұнатса да осылайна әуре-сарсаңға түсіру, жүгірту. Кім білсін, бәлкім, жөні осы, әйтеуір менің ұғуым қиын жәйт. Мына уақытта алқымнан қысып... оқу жылы басталса, ұлдарын жаңа қалада орнықтырудың жөні қалай болады? Бүгін нақтылы шешімге келгендері абзал... Нақтылы... – Сәлеметсіз бе... қайда жүрсіз, неше мәрте хабарлассам, жоқсыз үйде... ал Жарқынай, тоқетерін айтқанда былай... көргеніміз, түйгеніміз көп екеуміздің де, бір-бірімізге теңбіз, бәрінің реті келіп-ақ тұр, ендігі шақта текке жүре берудің лайығы жоқ. Мен қызметтен босап, үйді ауыстырудың әрекетіне кіріссем... ә, ә... қалайша? Мұны не деп түсінеміз? Сіздің маған деген қабағыңыз, көзқарасыңыз басқаша еді ғой. Ойбай-ау, мүмкін емес, мүмкін емес... Жо-жоқ, сіз әлі де ойланыңызшы, әлі де толғаныңызшы... әлі де... ойланатын түгі жоғы қалай? Біткені ме бәрінің... О бастағы пікіріңіз мұндай емес еді ғой... мені ұнатқан сияқты едіңіз... әлде сынау үшін айтып тұрсыз ба? Не-не... Ішкені несі, аузыма арақ татып алмайтынымды көрдіңіз ғой өткен жолы... мас емеспін... құдай үшін тоқтатыңызшы, мейлі, тіпті асықпайықшы... мен... мен үмітімді үзбеймін... сіз... сіз... – Жәкіш телефонның түймесін апыл-ғұпыл басып, аңырып, не істерге білмей сылқ етіп отыра кетті. Көзінің алды қарауытып, құлағы шыңылдады. – Міне, саған, жаңалықтың көкесі, бұнысы не, мазағы ма, танысқан сәтте бетін бірден неге қақпаған? Дәмелендіре емексіткені несі? Қарай гөр, кәрі қызды... жап-жас қызды аламын, ертең-ақ... о, несі-ай, сонша бұлданғаны... – Өзін қанша жұбатқанымен, жуырмаңда ашуының басылар түрі шамаланбады. Маңдай оқыстан тасқа соғылып, есеңгірегендей хал кешті. Күні-түні тағатсыздана құрған ертеңгі
өмірінің көрінісі тұңғиық иіріміне батқан қайық кебіне ұшырап, шарасыздықтан кілемді бір тепті. Артынша мұнысына өкініп қалды. Бұрқ-сарқ ызаланған Жәкіш естіген жаңалығына сенбей, жанұшыра қалаға жетті. Ешқайда соқпастан Дәнияға келді. Елпелектей жүгірген келіншек мәнжәйді естіп әбден абыржыды. Дереу Жарқынаймен байланысқан. – Оу, Жарқынай, не өзгеріс бар... тоса-тоса жалықтық... бір амалын жасасаңшы. Неге... сөзінің аяғында Дәнияның өңі бұзыла күреңітіп бара жатты. – Сен бар ғой, сен байсыз қаласың, қандай партия еді, шіркін, қандай партия... жүр ендеше солай, қырыққа жеткенше не қыз емес, не... бейшара екенсің... тістерінің жиырмасы алтын деген... арықтан аттағанда демеуге де жарамады... тәйірі-ай, сол да сөз бе, тәйір-ай... өз бағыңды өзің байлаған сорлы-ау... – Дәния дәл қасында ерсілі-қарсылы тыпыршыған Жәкішті мүлдем көрер емес, оңды-солды сөйлеп, іркіліссіз, іштегісін ақтарып тынды. Терезеден сыртқа үңілген Жәкішті енді ғана байқағандай, ыңғайсыздана күмілжи берді. – әй, тентек қыз, әй тентек... Бөлме ішін екеуінің де жүйкесін жұқартқан тыныштық жайлады. Жәкіш қоштаспастан далаға шықты. Шекесі зірк-зірк, басы зеңіп, дәл қазір не істеу керектігіне ақылы жетер емес, түк түсінсе, бұйырмасын...
Тоты (әңгіме)
Өзіне көптен таныс қос теректің саясындағы орындыққа отырып, Тоты жанжағын бағдарлай қарағанымен, бұл маңда Досжан жоқ болып шықты. Кейде жасырынып бұрыштан шыға келетін қыздың қылығын қайталайтын әдеті бар-ды. Тоты сағатына үңілді. – «Қызық-ай, тапжылмастан жігіт күтіп отырмын...» Алғашқы кезде момын көрінген қыз жүрегінен бірден орын теппей, көңіліне бірте-бірте ұялап, кейіннен Тотының жанын бар болмысымен жаулап алған. Біреуді ойлап, талай түнді көз жасына булығып өткізетін құрбыларына таңқалып, «шіркін, сол жігіттің ернінде тілімнің балы кетіп еді-ау» деп өкінетін қайсыбірдің сөзіне кекесінмен қарайтын Тотыға Досжан бұған беймәлім көп жағдайдың сырын ашқандай еді. Кейде Тотыға екеуіне көпшілік қызыға қарап, үлкен үміт артқандай көрінетін. Себебі, Досжан мұның ойынша да, ақылды, парасатты жігіт. Бұған қоса көрікті де, қараторы жүзіне қаракер көздері ерекше шырай беріп, сыпайылық жылы леп есіп тұрады үнемі. Құрбыларының «жігітіңнің аяғы қисық» деген сөзін ол жүре тыңдайды. – Жігіттердің қисық аяғы өздеріне жарасып тұрады, тәңірім қисық әйелден сақтасын, - деп қасындағы аяқ ауруына шалдыққан
кейбір қыздың жанын ауырта сөйлейтін» «Қисық, түзу аяқ...» Бұл сөздер Тотының түсінігінде күлкілі. Мұндай ұғымның төңірегінде бұрын-соңды ойланып көрмеген бойжеткен бір күні жоғары курс студенттері жанынан өтіп бара жатып: «Мына қыздың аяғын-ай, қандай әдемі еді» деген сөздерін естіп, қатты таңқалған. Сол бетімен ұзыннан-ұзақ созылған тар коридордың түпкір жағындағы шар айнаның алдына барып, мүсініне көз тастап, тығыршықтай денесіне, жұп-жұмыр аяғына алғаш рет көңіл тоқтатып еді. Сүйкімді қыз өзіне талай көздің ұрлана қадалып, қомағайлана жұтынатынын әсте сезбейтін. Былайғы жұрт Тотының әдемілігінің өзі әншілігінде екенін біле де бермейді. Ол ән салғанда жіңішке даусының сиқыр күшімен айналасындағыларды баурап алады. Әсем әуенмен талайдың жүрегін тербеткенде, оған ынтықпайтын жан жоқ. Екі беті алаулана, алысқа қадаған көздері от шашып, жанындағыларды жанарымен жандырып, тап осы сәтте мөлдірлік пен сұлулықтың көздерінде шарпылысып жатқанын өзі сезбегенмен, қасындағылар айқын аңғарар еді. Жұртты еліктіріп әкеткен сиқыр күш – қыздың шаттыққа, қуанышқа толы көздері ме, әлде буын-буындарын босатып, жүректің нәзік қылын дөп басқан ән бе, әйтеуір бұл сәт бәрі-бәрі маужыраған бей-жәй күйде қалып, тек қана ән қалықтап тұратын. Өзінің осындай әншілігіне қарамастан Тоты өнерпаз жігіттердің алдында әлсіздігін аңғартпай қоймайды, күйші жігіт десе іштей елеңдеп қалатын. Қыздың ойынша олардан асқан сезімтал адам жоқ, бірақ Досжан ән де айтпайды, күй де тартпайды. – Досжан неге жоқ... – Тоты сағатына әлсін-әлсін қарады. Айналасына елеңдей қарағанымен, күткені көрінбеді. Ойы сан тарапқа шашырап, орнынан дел-сал халде тұрды да, аяңдап алға жылжыды. Тұңғыш тер өзін біреу жәбірлегендей сезініп, жігітке деген реніш кернеген қалпында кете барды. Оң жақ бүйірден шыққан дауысты да естіген жоқ. – Тоты! Оқыс дауыстан қыз селк ете түсті. – Қорқып кеттің ғой... неге!? – Сені күтпеген едім, - дей жаздап Тоты тоқтап қалды. Шынында да ол Сырымды дәл қазір кездестіргеніне таңқалды. – Қайдан жүрсің. – Өзің келген жолмен жүрмін-дағы. – Мен жолмен жүрмей, мүмкін аспаннан топ еткен шығармын... Қыз жаңа ғана еңсесін езген ренішті серпіп тастап, ежелгі еркелігіне басты. Ерке назымен Сырымның жан-дүниесін әлем-тапырақ қылып, қыздың ашық мінезінен тайсақтай берді жігіт. Өзіне көптен ұнайтын Тотыға айтпақ болған сөздері оның өзін көргенде жан-жаққа жоғалып, болымсыз сөздерден әрі аспады. Әңгіме арқауы болатын ештеңе таппағандай ұсақ-түйек сөзден екеуі де шыға алмағанды. Сырыммен таныстырған сол кешке қыз жалғыз болған. – Туыстарыммен таныстырайын, үйге жүр, - деген Досжанды тыңдамай, жаңа жылды оңаша қарсы алмақ болған. Со жолы танысып еді бұлар, ақырында сырлас болып кетіп еді екеуі. Кейіннен Сырым Тотыны үнемі қараторы жігітпен көретін болды, бірақ мұны кездестірген жерде шүйіркелесіп, жатырқамай-ақ сөйлеседі. Жанымда жігіт тұр деп қымсынбай, бөлмесіне қонаққа да шақыратын. Соған қарағанда Сырым іштей үміттеніп, Тотыны басы бос, жанындағы жігіт жәй танысы, иә курстасы деп ойлаған. Тіпті жігіті болғанда да мен оған өз ойымды білдіруім керек қой деп те оқталған.
Бүгін қызды жалғыз кездестіргеніне шын қуанды. Қыз еркін сөйлегенімен оның бет әлпетінде әлденеге ренжігенін аңғарған жігіт ойын жия алмай үнсіз келеді. Үнсіз жүріп жатақханаға жеткенде алакеуім шақ түскен. Екеуі салқын қоштасып, айрылысып бара жатты. – Сырым, тоқташы, – деді Тоты ұзай берген жігіттің соңынан, – кеш тамаша екен, жігіт жүзіне қуаныш күлкісі үйірілді. – Басқа қыз дәл осылай десе ерсі көрінер ме еді, қайтер еді, бұл қылығы Тотының өзіне ғана жарасады, – деп ойлады. – Сырым, сен қандай жақсы жігітсің... Жігіт енді Тотыға таңырқай қарайды. Қыз жүзінде реніш, әлде қуаныш лебі ме, оны Сырым қараңғыда аңғармады. – Болсам ше... – Біздің бөлмеге жүріп күй тартшы. – Тек қана... – Тап қазір сені домбыра тартқан бейнеңді көрсем деймін... – Оның алдында саған айтар сырым бар. Қыз үндеген жоқ. – Тоты егер мен саған өмір бойы кешіріммен қарасам, қайтер едің. Дүниедегі әсемдік атаулыға бас иетіндей табынып өтейін, мәңгібақи алақаныма салып, аялап өтейін... Не дейсің осыған. Тоты күліп жіберді. – Сен қызық-қызық сөйлеп кеттің, Сырым, жалпы сен қызық жігітсің, кейде мен саған қызығамын да, егер еркек болсам сендей болар едім... Сен...сен Досжанды білмейсің бе? – Әлгі жаныңда жүрген ұзынтыра жігіт пе? – Иә ... – Тоты мүмкін өзімшілдігі дерсің, әйтпесе де мен сені сол жігітке қимаймын, мүлдем қимаймын... – Ал, мен өзімді одан басқаға қимаймын, өзімді одан басқадан қызғанам. – Тоты жалт бұрылып, бір сөзбен жігіттің бар үмітін сөндіріп кетті. «Күй тартшы, домбыраңды сағындым...» - деген қыздың нәзік үні Сырымның жүрегінде қалып қойды. «Өмір бойы кешіріммен қарасам дейді. Қандай тамаша» - ал мен Досжан бір рет келмеді деп сан құбылдым. Мүмкін, себебі бар шығар... Жо-жоқ, мен оған ертең айтамын...Мен саған мәңгі-бақи кешіріммен қараймын, – деп.
⃰⃰⃰⃰⃰⃰⃰ ⃰⃰⃰⃰⃰⃰⃰ ⃰⃰⃰ Әлдекімнің терезе дүрсілдете соққанынан Елжас шошып оянды. – Досжан – Мен ғой... – Қайда жүрсің түн ортасы ауғанша. – Айқара ашылған есік артынан Досжан көрінді. Елжасқа жауап қайтармастан үн-түнсіз шешіне берді. – Әй, сенің тілің байланып қалған ба? Досжан үндеген жоқ. Көк тиынсыз жүрген Елжас таңертең ақша сұрағанда, бермей кетіп қалған еді, енді келіп «ресторанға барып едік» деуді ыңғайсыз санады ма, әлден уақытта Тотымен
қыдырып, – деді. Елжан мырс етіп күліп жіберді – Қашаннан бері сен қиялыңа ғана қызбен қыдыратын болып жүрсің, өтірігіңе болайын. – Осының-ақ сезбейтіні жоқ, – деп Елжасқа іштей ызаланған Досжан кереуетке қисая кетті. – Қолыңа өзі келіп қонған құсың еді, айрылдың жігітім. Физика факультетінде оқитын әлгі лауреат домбырашы жігітпен екеуінің бірбіріне қиылып тұрғанын өз көзіммен көрдім. Досжан орнынан ұшып тұрды. – Көрсен ше... Оқыс екпінен сасып қалды. Ызаландырамын деп досының намысын жандыра сөйлеп, артық кеткенін сезді, бірақ кешірім сұрамады. Бұлар пәтерде бірге тұрғалы екі жылға толған. Осы уақыттың ішінде жүз шайысып көрген жоқ еді. Оқуға, бірнеше жыл жұмыс істеп келіп түскен Елжасқа Досжан өзгелерден өресі биік көрінген. Екі жыл қатарынан студенттердің құрлысшылар отрядында бірге болып, соңғы кезде екеуі бауыр тартып кеткен. Бірақ, Елжас досының бойынан салқындықты жиі байқап жүр. Тек қана менімен емес, тіпті Тотымен де қатынасы үзіліп бара ма, қалай өзі. Сөйте тұра Тотыға меншіктене қарайтынын қайтерсің деп ойлады. Елжас – Тотыны шын сүйемін деп ант-су ішкенде, еріксіз сенесің, тіпті қызығасың, ал мына жүрісін түсінсем бұйырмасын... әлгі Алтынкүл деген сары қыз бірнеше рет іздеп келді. Қыздың жігіт іздеп жүргені қай жақсылық әкелер дейсің... Елжастың көзі кереуетте жатқан Досжанға түсті. Екі қолын желкесінің астына жіберіп, жанарын төбеге қадап, аяқтарын айқастыра салған. – Досжан, – деді Елжас әлден уақытта, – сен менің сөйлегенімді ұнатпай жүрсің ғой, сонда да тыңда. Егер өмірде саған шын ниетімен жақсылық тілейтін адам болса, соның бірі мен едім, сондықтан сөзіме құлағыңды сал. Өмірде жар таңдау, теңіңді табу, өте қиын, Досжан. Сенің Тотыдай қызбен тіл табысып, түсінісіп кеткендеріңе қуана қараймын. – Мүмкін қызғана қарайтын шығарсың... – Мүмкін. Несі бар... Егер тағдыр қосқан екі адам бір-бірін түсінсе, дүниеде бақытсыздық болмас еді. Сендер бақыттысыңдар! Бақытсыз жандардың бақыттыларға қызғана қарайтынына несіне таңқаласың? Бірақ, мен сенен ештеңені қызғанбаймын...Саған айтайын дегенім өзіңде сезетін шығарсың, Тотыға кім қызықпайды, бірақ сен қолда барды қадірлеуге құдіретің жетпейтін сияқты. – Әйеліңді қалай қадірлейтініңді бізде көріп жүрміз ғой... – Сен қателесесің, мен Ғалияны сыйлаймын, оны аялап өтуге әзірмін. – Әрине, өзіңді оқытып, ауылда әке-шешеңді асырап жатса, жалған болса да жалбақтайсың ғой, болашақ заң қызметкерісің, мүмкін сен әйеліңді тастап кеуге қорқатын шығарсың. Өзің баяғыда айтып едің ғой: жас кезімде жалғыз баласы болған соң, ата-анам қоярда қоймай үйлендірген, арамызда ешқандай сезім болған жоқ деп... – Қалай болса да, Ғалиядан айырылмаймын. Себебі ол тек қана жақсылық тілейді маған, қолынан келгенше мені бақытты еткісі келеді, ал біреуді бақытты қылу оңай дейсің бе... – Саған бақ сыйлаған, иә, иә айтпақшы сенің екі ұлың бар екен ғой, кешір, есімнен шығып кетіпті.
– Сен не түсінуші едің, ақмақ... Өз басын бәріне жоғары қоятын адам біреудің жағдайын түсінуші ме еді... – деп Елжас үнсіз қалды. Мен де ақымақ екенмін, осыған жүрегімнен жарылып жүрген менде ес жоқ. Елжас шалқасынан жатқан өзімшіл де өр досының жағынан шапалақпен тартып-тартып жібергісі келгенімен, әлдеқандай күш «сабыр, сабыр» леп тоқтатқандай еді. Кеудесін қысып әкеткен ашуға ерік бергісі келмей, өз-өзін зорлап, дел-сал халде тұрды да ашуын ақылға әрең жеңдіріп, сабасына түсті. Үнсіз барып, екі терезе аралығындағы стол шетіне оң қолымен шекесін сүйеп отырды да қойды. Досым деп сенген адамының жаралы жерінен тырнай даурыққаны қынжылтты. Тек қана қынжылып қойған жоқ, Досжанның екелене айтқан соңғы сөздері оны сескендіріп те тастаған-ды. Ауылдан жіберген әнеугі хатында Ғалия өзінің бұған сенбейтінін ашықтанашық ескерткен, себебі, Елжастың мұнда «не істеп жүргенін» әлдекім оған «тәптештей» хабарлап, «Жанашырың» деп қол қойып, хат жазатын көрінеді. Содан бері мұның шаңырағыңа «жаны ашып» жүрген кім екен деп Елжас талай басын ауыртқан. Бала-шағасына деген ниетін сырттан ұрлап жүрген бейтаныс «жанашыры» Елжасқа маза бермей-ақ қойған-ды. Кейінгі кезде өзінен-өзі аспай, мұның ішкі сырына көңіл тоқтатпайтындай көрінген Досжан да ештеңе білдірмеген. Неге екені өзі де білмейді, осы сәтте Елжасқа бәрін бүлдіріп жүрген Досжан боп көрінді. Бірақ өз ойынан өзі шошып кетті.
– Досжан, осы сен неге үнемі жалғыз жүресің... Сосын... сен менен көп жағдайды жасыратын сияқтысың... – Тотының еркелей естілген дауысындағы зілсіз мұңды жігіт аңғарған жоқ. – Қалайша жалғыз, сен ше? Тотының соңғы сөзін естімеген сыңай танытты. –Жо-жоқ, менің жөнім бөлек қой... Сенің біздің жігіттерден оқшау жүретініңді айтамын... – Жігіттер дейсің бе? – Мен шын сұрап тұрмын. Елжас басқа пәтерге шығып кетті? Адал, жақсы жігіт. Мен оны өте жақсы көремін. – Жақсы көремін дейсің бе? – Ол Тотыға күдіктене қарады. – Байқауымша, басында бір трагедия бар сияқты, бірақ терең жігіт ғой, әркімге сездіре бермесе керек. – Сол дұрыс емес пе? Басымыздағы жайсыздықты, көңілсіздікті жұртқа жариялағаннан не пайда?.. – Соңғы кезде ол үнемі түнеріп жүреді. Неге екенін білмеймін, оны көргенде мен өзімді кінәлі жандай сезінемін. Елжастың солай жүргеніне сенің қатысың бар сияқты.
– Қойшы ... осындай әңгімені қайтеміз, Тоты, не жұмысымыз бар, өтінемін... менің жанымда тұрып, басқаны ойламашы, - деп Тотыны өзіне тартты. Досжанның кеудесіне басын сүйеп тұрып қалды бір сәт. Еліктіріп әкетіп бара жатқан жігіт құшағы Тотыға қазір соншалықты ыстық. Сондықтан да
қарсыласпай жігіт құшағына тығыла түсті. Тотыдан басқаны ұмытқан жігіт жүзінде бақыт нышаны айқын аңғарылып еді. Қыз мұны бірден сезіп бірден қуанды. – Мені сүйгенде ғана сен бақыттысың, мені сүйгенде ғана... Әлсін-әлсін «мені сүйгенде ғана...» деп қайталанған сөздерден жігіт бойын дереу жиып алды. Досжанның өзіне мәлім сол түн, Алтынгүлдің ыстық құшағы көз алдына елестеп, дірілдеп кетті. Онсыз да өзіне-өзі жексұрын көрініп, Тотыдан іштей қуыстанатын. Жанында үш жыл қатар жүрген Тоты туралы ойлауға да батылы бармайтын істің кездей соқ танысқан Алтынкүл екеуі арасында оп-оңай шешіле салуы жігітті таңқалдырып жүр еді. Басқа ешкім білмейді деп жүрген «қылмысынан» Елжастың да құлаққағысты екенін сезген Досжан іштей сескенген. Курстасының нені болса да, ашық айтатын турашылдығы кейде бұған мүлдем өрескел көрінетін «Егер мен бойдақ болсам, сен баланың халі мүшкіл болар еді, мен Тотыдан айрылмас едім», - деген әзіл-шыны аралас сөздер Досжанның ызасын келтіретін. Сондай қытығына тиген кезекті сөзден соң Елжастың әйеліне суық хатты жіберіп алып, кейін өкініп қалған. Сол өкініш отын Тотының жаңағы күдіктенгені лаулатып әкетіп, Досжан бір минуттың ішінде неше түрлі халге түсіп, есеңгіреп барып, есін жиды. Тоты жігіт бойындағы өзгерісті бірден сезді. – Досжан, не болды саған? Неге бір түрлі өзгеріп кеттің. – Тоты, - жігіт даусы жалынышты естілді, - сен неге бәрін түсініп қоясың? Сен ...сен тым ақылдысың мен үшін, сен өзгешесің, сен ең сұлу қызсың... – Жоқ, Досжан, бұлай сөйлеме шының болса да сен өтірік айтатын сияқтысың. Одан да көзіңді жұмшы, мені сүйші. Сонда ғана сен сұлусың... – Оны қайдан білдің... Ендеше алдымен сен сүйіп көр мені. – Жо-жоқ, мен ұяламын. Қыздарға жараспайтын сияқты... – Қыздардың бәрі сендей емес қой. – Ешкімге ұқсамағаным жақсы емес пе. Ал сен көп адамға ұқсайсың. – Шын айтасың ба? – Шын... Жоқ, өтірік айтамын сен соған нанып қалдың, ә? – Тоты, - деді Досжан, - сен маған өмір бойы кешіріммен қараймын деп едің ғой... – Сен күмәнданасың ба?... Қыз іштей ыңғайсызданып, бұл тіпті де өзінің ойы емес екендігін, өзіне айтылған Сырымның сөзін еркінен тыс Досжанға біржолы айтып қалғанына қуыстанып, енді сол қылығынан қаймыққандай кейін шегіне берді.
*** Есік ақырын қағылды да, бөлмеге жүдеу өңді, сары қыз кірді. – Жоғары шығыңыз, - деді жалғыз отырып Тоты, жүзі таныс, тіл-әдебиет факультетінің студентері арасынан көрдім бе, қыздардың біріне келген шығар... Адамға сонша тесіле қарағаны қалай өзінің, әлденеден қаймыққандай жалтақтай қарағаны несі...
– Кешіріңіз, сіз Тотысыз ғой... – Менің есімім Алтынкүл, сізге келіп едім. Тоты оған таңдана қарап, қарсы алдындағы тұрған қызға тез-тез көз қиығын жүгіртіп өтті. Шашы иығына дейін қырқылған, күннің жылылығына қарамастан, үстінде жасыл пальтосы бар, – Қандай мағынасыз көзқарас, – деді Тоты іштей қыздың айналаға қуыстана қараған көзіне көзін қадап. Туу, мен де қызықпын, өзгеден өз артықшылығымды байқағыш болып барамын ба, әлде қыз атаулының бәрінен өзімді артық санағым келе ме, әйтпесе ... сол бейтаныс қыздың өзін іздеп келгеніне елеңдегенімен сыр берместен отырды. – Сіз маған көмектесе көріңіз... Тоты сасып қалды. Қыздың көзінен моншақтаған тамшы жас пальтосының етегіне үзіліп-үзіліп түсті. – Сіз Досжанды білесіз ғой. Тотының қабағы лезде түйіліп, қапелімде аузына сөз түспей Алтынкүлге тесіле қарап қалды. – Мен... мен...Досжан кінәлі бәріне,- қыз еңіреп жылап жіберді. Қолымен бетін басып, солқ-солқ етті. Екі иығы селкілдеп дәрменсіз күйде бүкшиді де қалды. Тотының көзі қыздың пальтосының түймесіне салынбаған тұсынан бұлтиған ішіне түскенде ғана істің мәніне түсініп, есін жиды. Алдында отырған қыз енді Тотыға мүлдеп сүйкімсіз көрініп, - шығыңыз, - деді. Өне бойын дірілдетіп әкетіп бара жатқан ашу-ызаны бір ғана сөзбен білдірді, бірақ анау орнынан қозғалған жоқ. Алтынкүл Тотының жүзіне енді ғана тіктеп қарады. Аққұба өңіне үстіңгі жағы боялған нәркес көздер ерекше нұр беріп тұр. Оң жақ көзінің астындағы ноқаттай мең жүзінің ақтығын айрықша аңғартқандай. Алтынкүлге Тоты барынша боянып алғандай көрінді... – Жасанды сұлулық қой... Әттең, мына мүсін кімнің мысын құртпас дерсің, бұл да менің бақытсыздығым ғой... – Көзінен ыстық жас бұрқ етті. Жүрегін тесіп бара жатқан қызғаныш сезімі бірте-бірте дәрменсіздікке айналып, өзін соншалықты бақытсыз сезінді. – Бұл маған жалынып келіп отыр, өмірде біреуге жалбарынған, біреуді жалындырған жанды көрсем деуші едім...Сонда бұл маған не дейді. Досжанды маған қалдыр дей ме? Сұмдық-ай... олай болса менің кім болғаным, Досжанның кім болғаны. Менің сүйгенім арзан сезімнің құлы болғаны да, мен баянсыз махаббатың құрбаны болғаным ғой... Тотының ойын Алтынкүл бұзды. – Біз бұдан сегіз ай бұрын танысып едік... – Сөйлей көрмеңіз, мен сізді тыңдағым келмейді, ешқашан нанбаймын, санама сияр емес...Тотының дауысы жарықшақтанып барып тоқтады. Өзінің күйзеліп тұрғанын сездіргісі келмей, бұрылып кетті. Терезенің алдына барып бетін жуған жасын сүртпестен алысқа қарап тұра берді. – Не бетіңізбен келіп отырсыз? – Тотының дауысы енді қатқыл естілді, - есіңде болсын,бұл үшін мен Досжанды кінәламаймын, сені...сені.. айыптаймын. Тоты өзінің «сенге» қалай көшкенін де аңғарған жоқ. Алтынкүлге теріс қарап тұрып сөйледі: – Міндетті түрде екіқабат болып қалып күйеуге шығу керек пе екен? Аңғалдық па, әлде себебі басқа ма, түсінбеймін. Жұртымызға жат осы әдетті біз дәстүрге қалыптастырып бара жатырмыз. Сегіз айдан таныспыз дейсің, ал мен ше, мен онымен үш жыл бірге оқып келе жатырмын. Қазіргі қалпыңа қарағанда
Досжанды сегіз минут білмей жатып, формаңнан айрылып қалғансың... Тоты сөзін кілт доғарды да, Алтынкүлге жалт қарады: – Бұдан былай көзіме көрінбеңіз, жоғалыңыз. – Сіз түсініңіз, бәрі де тек қана өзіңізге...өзіңізге байланысты. – деп келе жатқан сөзін де аяқтатпады. – Түсінгім келмейді, жүрегім айниды, жүрегім... Тоты асыға басып есікті ашты да «шығыңыз» дегендей тұра қалды. Алтынкүл есікке беттеді. ***
...Егер мен осы уақытқа дейін жаным мен тәнімнің тазалығын сақтап келсем, бұл үшін Досжанға борыштымын деп ойламаушы ма едім. Мен соның жанында жүргенде ғана өзімді дүниедегі ең сұлу қыздай сезінбеуші ме едім. Топ ішінен, көп ішінен көңілдің қалап алып жүрегім табынған жалғыз тәңірім сол емес пе еді. Сонда мен кімге табынып, кімді пір тұтқаным? Кімді-кім алдап, кімді-кім арбаған? Ол мені, мен өзімді алдаған екенмін ғой. Мен оны қиялымнан туғызып, махаббатымды арманымнан ойлап шығарыппын. Өкінішті, қандай өкінішті десеңші... Қосыла алмаса да, бір-бірі мәңгі-бақи үнсіз сүйіп, қос жүректің бірібіріне шексіз сенгеніне не жетсін! Қайран дүние-ай, тап қазір Досжаннан мәңгілікке ажырасып, о дүниеге көз жұмса, бірақ Досжан сезіміне сеніп кетсе, тәңіріңдей табынған жігіт жүрегінің жылуын өзімен бірге ала кетсе, Тоты тағдырына риза болып өтер ме еді, қайтер еді... Тоты екеуінің арасындағы адалдыққа тілсіз сенген, қайда сол сенім күші? Жо-жоқ, ол Досжаннан айырылдым деп дірілдеп қалшылдамайды. Ол арманына алданғанына қиналады. Досжанды опасыздыққа қимайды, сол қимастық қыздың жан дүниесін өксіте егілтіп қинайды. – Мен оны бар болмысыммен сүйгендей едім ғой, тірлігімнің мәні де, сәні де сол емес пе еді, ендеше қай бетіммен жер басып жүремін, күйкі тірлігіммен кімді жарылқаймын? Өзгені алдауға өрем жетпес... Жаным жаралы болғанмен, өзгелердің алдында да қалпынан таймаспын, бірақ тірлікке қандай да бір пенденің уақыт тынысынан артта қалып, табиғат заңынан аттап өтемін деуі күлкілі-ау! Тек қана күлкілі емес, мұның өзі ақымақтық. Жо-жоқ, мен айналаға ақымақтығымды паш еткім келмейді. Кімді де болса жандырып, өзім сөніп жансам ше? Онда не тұр, бірі жандырып, екіншісі сол жалын қызуына жылынып өтсе болғаны емес пе... Тоты орындықтан баяу көтеріліп, тепе-теңдігін сақтай алмағандай теңселе басып жатақханаға беттеді. Алтынкүл келіп кеткелі оның өміріне көп өзгеріс енді. Содан бері оны ауыр азап әбден шармап алған. Сан түрлі ой теңізінде жүзеді де жүреді, шетіне жете алмай жанталасады. Досжан бірнеше рет келіп кеткен. «Жаздым, жаңылдым... сен маған өмір бойы кешіріммен қараймын деуші едің, үйленейік, мен не көрсем, бірге көр, қателігімнің тауқыметін бірге тартайық, бақытымызды сақтап қалайық» дейді. Кімнен сақтап қалмақ бақытын? Өмірге келгелі тұрған бейкүнә нәрестесінен бе? Әлде шермеңде боп жүрген дәрменсіз әйелден бе? Жо-жоқ, Тоты дәрменсіз адамдардың алдында күштілігін, күштілердің арасында әлсіздігін көрсеткісі келмейді! Досжан өзінің Алтынкүлді
тіпті де сүймейтіндігін айтып ант-су ішеді. Сол сәтте Тоты бәрін де ұмытып, бәрін де кешіріп, Досжанға қайтып оралғысы келеді. Бірақ сезім мен ақыл таразысы таңескенде жүрегі ақылының құлы боп шыға келеді. Өліп кетсе де, өзінің оған бармайтындығын ескертті, кесіп айтса да қинала айты, айтып алып өкінді де. Енді міне, бәрі де бітті, өтті кетті, тек қана тәтті елес қалды. Бүгін олардың үйлену тойы. Мұның қалай тез болғанын Досжан ғана біледі.. Тоты бәріне де үнсіз шыдап, іштей арпалысқаннан басқа амалы жоқ. – Досжан бүгін үйленді, сен соны санаңа батылдықпен сиғыз, – дейді өзіне-өзі, – сенің қабағыңды аңдып жүргендер көп, жасықтығыңды білдірме... Тоты анадайдан келе жатқан Сырымды бірден байқағанымен көрмегендей өте берді. – Тоты, –деп қарсы алдына тұра қалғанда ғана жігіт жүзіне көз жүгіртіп, езу тартты. Сырымның барынша сәнденіп киініп алғаны көрініп тұр. Тоты бұрын оның галстук тағып, ақ көйлек қара костюм кигенін көрген емес. – Сені таңертеңнен іздеп жүрмін – деді Сырым қызбен қатарласа беріп, – әйтеуір жолым болды –ау... байқайсың ба біз үнемі бір жолда кездесеміз... – Сен бір жаққа жиналған сияқтысың... –Жиналып едім, зауқым соқпады. – Сырым Алтынкүл өзінің жерлесі екенін, оның тойына шақырылғанын айтып жатпады. Сол түні олар ұзақ қыдырды. Тоты Сырымды тап осы кеште кездестіргеніне, өзін еліктіріп әкете алатын біреудің жанында жүргеніне қуанып, әлдеқандай сиқыр күштің құшағында жүре береді. – Мен сені... Жігіт даусы Тотыға алыстан талып естілді. – Бұл не, Сырым, мені табалағаның ба, әлде жұбатқаның ба?! – Жоқ, сен дұрыс түсіне гөр... – Э Сырым, Сырым. Сен өзіңнің көп қызға ұнайтыныңды сезбейсің ғой, Білесің бе, сені барлық қыздар таниды, сыйлайды, бір-бірінен қызғанатынын қайтерсің... – Сондай-ақ мен мен кім екенмін... – Өнерлісің, қарапайымсың... Қазақтың қай баласы домбыра шертіп, күй тартпайды дейсің... ал сен тамаша әнші екеніңді өзің де сезбейсің... Тоты күліп жіберді: – Біз-біріміздің қадірімізді жақсы біледі екенбіз. – Қадірлей білгенге не жетсін! Олар жатақханаға беттегенде, асхана жақтан әлдекім қалбалақтап жүгіріп келе жатты. Қарсы келген екеуді танып, Елжас таңырқай тұрып қалды. – Нағыз құрметті қонақтар мында қыдырып жүр ғой, – деп асыға сөйледі, – неге келмедіңдер... – Өзің қайда зымырап барасың? – Телефонға ...әлгі Алтынкүл қысылып... – Не дейсің? – деді Сырым сасып қалып. – Той-тойға ұласады деген үміттеміз... – Қалайша?! – Жедел жәрдемге асығып барамын, роддом... – Сонда қалай, үйлену тойында қандай қызық, - деп Сырым аңғарып тұрып қалды. Тотының бұрылып кеткенін енді ғана байқап соңынан жүгіре жөнелді.
Тоты екеуі жатақханаға кіргенде асханадан әлдекімдер даусын көтере сөйлеп шығып келе жатты. Сырымның бұрылып қарауына шамасын келтірмей Тоты асыға басып, келесі этажға көтеріле берді. Олра 410 бөлменің аодына келіп бір-ақ тоқтады. – Міне келіп те қалдым... Рахмет бүгінгі кеш үшін... – Тоты! Есіңде ме, осы бөлменің алдына алып келіп, ішке кір, күй тарт дегенің... Қазір домбырамды алып келейін... – Жақсы, – деп Тоты ішке кіріп кетті. Қоштасқаны, әлде келіскені ме, белгісіз еді. Сырым «кел» дегені деп ұқты. Жылы шырай (әңгіме)
Селсоқ жатқан сұр даланың екпінді желі бірде жоғарлай, бірде көлдеңдей шапшып, айнала кеңістікті аяусыз қамшылауын жуық арада тоқтатар емес. Қыз бір сәтке демін бүгіп, ішінен тына қалып еді, манадан бергі мазасыз ызың құлағына жәйлі тиген сияқтанды. Жердің қоян қолтығын қытықтай шымшылаған сайқымазақ самалдың әрлі-берлі ойнақтатқан майда топырағы жолдың екі жақ бойынан шашырай ұшып құрғақ шаңға айналып жатыр. Адымын қанша қарыштатқанымен құрғақ шаңның танауын жарған татқыл иісінен ұзай алған жоқ. Талайдан бері тамшы суға зар боп кезерген даланың қағы бетке шығып, ындыны кеуіп қалғандай. «Әйпесе онша сұп-сұр боп сазарып жатар ма еді, – деп ойлады Толқын, – неге ғана келдім екен? Туыссырап сонау қия шеттен келгенімде, көргенім мынау болса, құрысын бәрі де. Ауласына бір жеңіл машинасын, бір мотоциклін қаңтарып қойып, мені жаяу жібергенін ешқашан кешірмеспін...» Көңілсіз ойларына өзін қоршаған төңіректің түксиіп қалған сүрексіздігі қосылғанда, қайтадан тынысы тарылды. Майда топырақтың сайтанжел екпінінен бұрқан-тарқан боп бетке ұрған құрғақ шаң енді басын ауыртайын деді. Қалада, сан мың машина қайшыласқан көшелермен жүргенде, басының дәл осылай сырқырайтыны бар еді. Ал мынау жапан тұз, кең жол үстінде дәл солай басының зеңіп қоя бергені неліктен екендігін білмеді. Ауылдан мана шығып кеткен. Нағашысы «қалаға баратын жүк машиналары бар ма екен, біліп келейін солардың біріне отырғызып жіберемін» деп кеңсеге қарай аяңдағанда, бұл үйдегілердің ешқайсына тіл қатпастан жападан-жалғыз ауылдың сыртындағы жолды бетке ұстап тайып тұрды. Ешкіммен қоштасқан да жоқ. «Жиеніміз кеді» деп, қойын сойып, мәре-сәре болған нағашыларының екі-үш күннен бергі өзіне деген ниеттеріне күмәнданбағанымен, қорасында қос машинасы тұрып, «көлік» деп қиналғандарына ызаланған-ды. Осы келе жатқанда, Толқын тіпті ешкімге өкпелеп те келе жатқан жоқ. «Не көрсең де, өз маңдайыңнан көресің... ағайынның болғаны, бай болғаны
жақсы,бірақ аз ба, көп пе, не берсе де өз маңдайыңа берсін» деп анасы жиі айтушы еді. Айналасындағылардың нарлығына да, байлығына да салқындықпен қарайтын әке-шешесінің ықпалы ма, әйтеуір Толқын есін біліп, етегін жапқалы жылтырап жалтырағанның біріне құлай қызыққан емес. Тіпті басқаны былай қойғанда, қыз болып, бірде алтын сырға тағып байқағанында, қос құлағының түбінен пәлен пұт ауырлық тартқылағандай әсерде қалғаны бар. Дәл қазір екі туып, бір қалғанына да наз айтып, салмақ артудың жөнсіздігін сезінгенімен, мұның билет алып қойған самолетінің бүгін кешке ұшуға тиіс екенін біле тұра, нағашыларының аяқ-астынан «қысылып» қалғандары жүрегін сыздатқаны рас. Сол қыжылдың қызуымен жаяу шығып қалса да, қалаға дейінгі жетпіс шақырымның жеке өзінің мойнында қалғанын ойлағанда одан сайын мазасыздана түсті. Ешкімге ауыртпалығын салмай жолға шығып кеткеніне өкінбесе де, «самолетке үлгере алмасам ше...» деген күдік көңілін күпті ете берді. «Үлкен тас жолға шықсам, бір жетсем, ар жағында машиналы біреу кездесер, – деген үміті де жоқ емес, – бірақ сол тас жолға шейін қанша шақырым... жо-жоқ, үлгеруге тиіспін, тіпті қалаға шейін жаяу жүрсем де жетемін...» Өзін-өзі демдеп, аяқ алысын қаншалықты жылдамдатқанымен, бойын ширақ ұстадым дегенімен, біраздан соң екі тізесі талып, табаны удай ашыды. Жеткен жеріне қисая кететіндей жағдайда қалса да, қайсарлықтың өнебойына шымшымдап дарыған дәтінен бе, бір сәтке аялдағысы кеп көңілі кетсе де Тоты тоқтаған жоқ. Манағы әзірде басын ауыртқан иіс бірте-бірте артта қалды, өйткені шаңдарынан тартқылаған желдің күші баяулай басылып, құрғақ шаң да кеңірдектеуін доғарған. Бүйірден соғып емес, алыстан орағытып, толқынданған самал әлдеқайдан, салқын да жеңіл лепті үрлей жеткізіп жатыр. Ұсақ топырақтың асты-үстін қопармай-ақ жанай өтіп, біоден шығандай жөнелген желдің соңынан майда қоңыржай әуен үзіліп қалып жатқандай. Толқын алға асыққан сайын жаңағы үздік-үздік буындар құлағына ап-анық естіліп, бір сәтте соның бәрі бір-бірімен қауышқандай, дәл төбесінен шыңғырып тұрып алғаны. Жалаңаш даланың өзіне әрі түсінікті, әрі түсініксіз ызыңы бір сарында ұза-а-ақ қалықтады. Тоқтай қалып, сәл аялдап еді, әлгі сарын сап тиылып, айналаа құлаққа ұрған танадай тыныштала қалды. Әлден уақытта бұған мынау тып-типыл меңіреуліктің өзі сарнап қоя бергендей әсер етті де, тұлабойын мағынасыздық жайлап, көкірегі ашып қоя берді. Көзінің алды бұлдырап бара жатқанда, жанарына кеп қалған жасты тия алмай төгіп-төгіп жіберді. Артына бұрылды, ештеңе көрінбеді, алдына қарады, ештеңе көрінбеді. Жан-жағына елеңдегенімен көңіліне де көзіне де медет тұтарлықтай ештеңе шалынған жоқ. Жолы мұндай ұзақ болар ма?! Бір белесімен бір белесін салыстыратындай титтей ноқат көрінсе-ші тым болмаса. Алқымдап тастадым-ау деп алды-артына
алаңдай адымдаса да, баяғы бір ұшы-қиырсыз долаң дала, баяғы бір ызың, баяғы бір өнбейтін митың-митың жүріс, баяғы бір... баяғы бір, баяғы... Қанша жүргенін білмейді, құлағының дәл түбінен шыққан үнге селк етіп, қорыққанынан жалт бұрылды. Жүгіре жөнеліп қайтадан қарағанда ғана гүр-гүр етіп тоқтап жатқан «Беларусь» тракторын көрді. – Сонша қорыққаныңыз не... әлде өміріңізде трактор көрмеп пе едіңіз, – деген дауысты естіді. Содан кейін барып қана Толқын басын көтерді. Рульде отырған жігіттің жел тербеп, қобыраған шашы алдымен шалынды жанарына. Ашық аспан аясында желбегей қалпы тракторда, өзінен бірер саты биікте отырғанынан ба, жігіт Тотыға алып батырдай елестеп кетті. Тіл қатайын деп еді, дауысы дірілдейтін сияқтанды. Бір уыс боп бүріскен қалпы үндемей тұра берді. Жігіт төмен түсіп, бұған назар да салмағандай сыңаймен трактордың алды-артын қарап, әрлі-берлі жүріп алды. Өзіне еш емеурін танытпай, күйбің шаруасымен айналыса берген жігітке біраз қарап тұрды да Толқын бұрылып кетті. – Ал, отырыңыз, – деді теріс қарап шаруасымен айналысқан қалпы. Тіпті қыздың анадай алыстап кеткенін де аңғарған жоқ. – Оу, қайда, қайда... – деді біраздан соң ғана мойынын иығына тығып, селқос аяңдап бара жатқан қызды байқап. Айғайлаған дауысты естіп толқын не алға, не кейін шегінерін білмей дағдарып қалды. Сағатына қарап еді, самолеттің ұшуына әлі бес ағаттай уақыт бар екен. Қалаға жетіп, одан әрі ен даланың ортасындағы жаңа аэропортқа мына жүрісімен үлгере ме, жоқ па? – Отырыңыз, – деді жігіт тағы да. – «Қайда барасың деп сұрамайтыны қызық екен» деп ойлады қыз. – Әп-әдемі осындай қыз жалғыз жүре ме екен... Бүгін қатынайтын машина да некен-саяқ, демалыс күні жаяу шыққаның қалай, қарындасым? Трактор екен деп қомсынба... Жігіт бірден «сенге» көшті, – мұның да анау-мынау машинаңнан кем емес... ал, кеттік... Жігіттің жанына отыра беріп байқады, екеуі әрең-әрең сиятындай ғана орын екен. Оның үстіне бірден жалп етіп отыра кетуге қолайсызданып, қысылыпқымтырла әрең дегнде жайғасты-ау. Сонда барып аяқтарының салдырап, сілесі қата шаршағанын сезді. Өмірінде мұнша жер жаяу жүрмегенін, жол үстінде жалқы қалып көмегенін енді есіне алды. Әлгінде екі бүйірінен пыс-пыс еткен трактордың моторы бір қалыпты гүрілге ауысып, алға жылжи жөнелгенде, Толқын тепе-теңдігін сақтай алмай теңселіп барып басымен жігіттің иығын бір соқты. Анау ештеңеге назар тоқтатқан жоқ, бүткіл денесімен рульге жабысып алған жылдамдықты арттырып, трактордың жүрісі әдеттегі сарынына түскеннен кейін ғана қасындағы қызға тіктеп қарады. – Мен мына «Өзек» совхозынанмын – деді – бір шаруалармен төртінші бөлімшеге келе жатырмын, былайша айтқанда, біздің ең шалғайдағы пунктіміз... Өзің де сонда барасың-ау, шамасы... тіпті сол ауылдан шығарсың... бірақ жол
үстіндегі мына жүрісіңе қарағанда, осынша жолды орталап, жаяу жүргеніңнің бір мәнісі бар-ау, әйтпесе... – Бұл жақтан емеспін. –Даусы жарықшақтанып шыққандықтан, сәл кідіріңкіреп барып, қайтадан жалғастырды сөзін. – Басқа ауданнанмын, мұнда алғаш келуім... – Бәсе, бәсе... бізге қонақпын де... – Жігіт жылы жымиып, әлдеқандай әуенді ыңылдай бастады. Трактордың жүрісінің жылдамдағы артқан сайын желдің екпіні еселеніп, бетің, жүзің бар демей осқылап жатыр. Әміріне әбден еніп алған желдің суылынан Толқынның беті дуылдап кесе де алға қараған қалпынан айныған жоқ. Жүзін ешқайда бұрмай бетін желге тосып отыра берді. Желкесіне жиған шашы иығына жайылып, қарсы соққан дауылдың ығына мойынсұна шашырай желбіреді, Трактордың, даланың, шашының су-су еткен дыбыстары қосыла шырқап, мұның бәрі қызға ұнай бастады. Бір сәтке өзін аспан аясында қалықтап ұшқандай сезініп, көңілі биіктеп жүре берді. Жігіттің біресе ыңылдай, біресе сыздықтата ысқырып әндеткен әуені де құлағына жылы естіліп жатты. «Жел мен құйынның ортасында, жалаңаш даланың өтінде, жауын-шашынның астында жүретін шығар ұдайы, – деп ойлады жігіттің алқам-салқам омырауына қарап қойып, – өзі тіпті қымтанудың не екенін білмейтін жан сияқты... желбегей киінген түрінен, күнге тотыққан жүзінен жанының да тәнінің де... саулықтың таза лебі есіп тұр... соншалықты таза леп...» – Сіз білесіз бе, – деді жігітке күлімдей қарап, – менің қайда бара жатқанымды? – Осы жолдың бойымен тұп-тура жүре берсек, екеуміз де қателеспеспіз... солай емес пе, қарындасым... Толқын енді батылдана сөйледі. – Мен студентпін. Осында туыстарыма келгенмін... ауылымнан шыққаныма бір жұма болды, жол бойы туыстарыма соға кетемін деп кешігіп қалғаным... Кешкі самолетке үлгеруім керек. – Ә, – деді жігіт селк етіп, – сонда қалай болғаны... қайдағы самолетке... қазіргі... бүгінге дейсің бе... үлгермейсің ғой... – Неге үлгермеймін... сіз бар емессіз бе... осы жылдамдығыңыздан жаңылмасаңыз болғаны. – Әй, қарындасым-ай, – деп жігіт қарқылдап күлдіп алды. – Өзің қызық екенсің. Осындай әрі ескі, әрі не модный... трактормен қаланың көшесіне кіруге батылың жетсе, тілегіңді екі етпей орындайын. Қала түгілі, мұндай немодный трактормен ауыл арасында қатынауға қыздар менсіне бермейді...әй, қарындасымай, сен студентсің... мүлдем менсінбейтін шығар десем... – Мен ұялмаймын, – деді Толқын, – өмірімде дәл осындай «көлікке» мінбегенім рас... және мұндай маркалы трактор сирек қалған болуы керек, тіпті жоқ та шығар...ә... – Оның рас, қарындасым... Қазір кабиналары биік, аспанға ентелеген кілең зәулім тракторлар ғой... Оларға әрі кең, әрі тас жол болмаса, бұрылып-шегінулері қиын-ақ. Мүлт кетсең, таудан құлағандай бір-ақ домалайсың. Бірақ күшіне салсаң, сол тауыңның өзін сүйреп әкетуі мүмкін...
Жігіт тракторын кең тас жолдың бойынан жан-жаққа тармақталған тар сораптарының біріне де бұрмастан тіке тартып келеді. Біраздан соң ауыры, жеңілі бар бірен-саран машиналар аракідік ұшырасып, алды-артынан шапшаңдықпен өтіп-кетіп жатты. Зу-зу етіп жоғалған машиналардың жіңішке гүрілі жанында трактордың дар-дар еткен дауысы барған сайын дарақыланып, ерекшелене түсті. Даланы басына көтеріп, анда-санда ерсілі-қарсылы кездескен бел асқан жепжеңіл машиналардың көлеңкесіндей көлбеңдеп қалғандары тракторшы жігіттің қаперіне кіріп, көңіліне кірер емес. Маңғаздағынан титей айнымастан жел сүйген кеудесін биік үстап, сол баяғы бір жылдамдықпен айдап келеді. Ерсілі-қарсылы жүрген машиналардың қарсы жиі көрінгендіктен бе, Толқын бірте-бірте мына жағыдайын қорашсына бастады. «түсіріп кетіңіз, анау машиналардың біріне отырамын» деп айтуға әлденешерет оқталғанымен, өзінің бір сөзін екі айтқызбай тілегін орындап келе жатқан бейтаныс жігіттің жайсаң жүзіне әлсін-әлсін қарап қойып отыра берді. Бағанағы мүшкіл халі есіне оралғанда, өз-өзінен қысылып, мүлдем үндемей қойды. – Ал, әдемі қарындасым, келдік, – деді қаланың шеті көрінгенде, – аэропортқа тура апарайын... анау мынау машиналарың жүре алмайтын төте жол бар, самолетіңнің дәл бүйірінен түсірейін, егер қаласаң... – Жо-жоқ... енді өзім-ақ... әуре болмаңыз... онсызда біраз уақытыңызды еншіледім ғой деймін... тіпті сізге қалай рахмет айтарымды да білмей тұрмын... Әжептәуір жерге шейін ақырын жүріп барып, тракторын жайлап қана тоқтатты. Ең алдымен өзі жерге секіріп түсті де жоғарыдағы қызға қолын созды. Төменге шапшаң қимылмен топ ете түскен манағы таза лептің таныс жұпар иісін соншалықты жақыннан сезініп, бір сәтке жігіт кеудесіне басын сүйей теңселіптеңселіп қалды. Лезде есін жиып, теріс бұрылып кетті де жанарын қайтадан жігітке аударды. – О, ғажап, мұндай да болады екен-ау... соншалықты жылы қарайды... соншалықты жылы жанар... бауырмал жанар... соншалықты жылы көзқарас... соншалықты жылы... – Қош бол, әдемі қарындасым, –деді жігіт, – әрқашан жақсы жолда жүр, біздің жаққа жиі келіп тұр... Қос қолын жымдастыра жоғары көтеріп, қызға соңғы рет жымия қарады да, кабинаға секіріп мінді. Бүткіл қимылында жинақылық, шымырлық бар, бірақ соның бірін де өзі сезбейтін тәрізді. «Сізге көп рахмет» деген Толқынның сөзін естіген де жоқ. Моторды дар еткізіп, кейін қарай бұра берді тракторын. Толқын анадай жердегі автобус аялдамасына беттеді. Билет алған рейсіне дәл мезгілінде жетіп үлгерді.
*** Содан кейін де Толқын талай-талай сапар шеккен. Содан кейін де Толқын талай-талай жанардың отына шарпылып, қадала қараған, телміре қараған, аңтарыла қараған, ақтала қараған, сүзіле-қомағайланып қараған, тіпті аялай жәудіреген көздердің талай рет айыпкері болған. Әттең омырауы алқам-салқам
боп кеудесін дауылға қарсы тосқан бейтаныс жігіттің сол бір жалт етіп жоғалған жылы жымиысын, мейірімге тұнып тұрған тұңғиық жанарын әлі күнге шейін ұмыта алар емес. Сол жылы шырайға жолықтырған жолды әлденеше рет іздеп барып жүріп, нағашыларының баяғы өзін өкпелеткен жеңіл машинасымен де талай қыдырған. Бірақ денесін жел сүйіп, жүзі күнге тотыққан жігітті де оның сиқырлы жанарын да кездестірген жоқ. Он сегіз шақырым (әңгіме)
Түс ауа балдақты шал автостанцияға қайтадан келді. Қыстың осындай қақаған кезінде ауылдарына күніне екі рет қатынауға тиіс автобустың екі көзді төрт қылып, зарықтыратын ежелгі әдеті. Аудандық ауруханадан шығысымен, таңертеңгісіне үлгерейін деп, осында тұратын қызының үйіне соқпастан бірден автостанцияға бұрылып еді. «Ауа райына байланысты жүрмейді»деп хабарланғаннан кейін қызының үйіне барған. Міне, жалғыз аяын сүйретіп тағы келіп отыр. «Ертеңге дейін шыдаңыз, машина тауып апарып тастармыз» деген күйеу баласының сөзіне де құлақ асқан жоқ. Айтқан баста күйеу баласын тым жасық па деп қалған. Келе-келе ісіне мығым, тиянақты екенін байқағанымен, неге екенін өзі білмейді, алғашында-ақ көзіне жағымсыз көрінген күйеу баласына ешқашан іші жылыған емес. - Қарсаққа автобус бола ма? – деді алақандай тесіктің аржағыңда әлдекімге телефонмен сөйлеп жатқан әйелге. - Болады, болады! Тұлабойы жеңілденіп сала берді, балдақтарын тық-тық еткізіп, шапшаңдай адымдады да анадай жердегі орындыққа келіп отырды. Ашылып -жабылған сайын сыңси жылаған есікке дамыл таптырмай ерсілі-қарсылы жүгіріскен жолаушыларда тыным жоқ. Бірі кіріп, бірі шығады. «Уһ…» балдақты кісінің жаны енді ғана жай тапқандай. Кеудесін кере тыныстағандай болып еді, танауын жағымсыз бір иіс жарып, қасындағылардың қатты шыққан дауыстары да көңіліңе жәйсіз тиді. - Тоқтай тұр, алдымен жетіп алайық, содан кейін айғайларсың. – Тәмпіш мұрын, сары қыз қасына жайғаса берген жігітке қарай одан әрмен ығыса жақындады. Нақ төбелерінен қақалып-шашалған дауыс естілді: «Тыңдаңыздар, МаякКөктерекҚайнарПетровкаҚарашілікВикторовкаҚарсақ маршруты бойынша жүретін автобусқа билет сатылады». Жұрт жапа-тармағай «касса» деген жазуы бар терезеге лап қойысты. - Мен бірінші тұрғам... - Жоқ, мен.
- Әй, сен әлгінде ғана келдің ғой. - Жарқыным-ау, несіне аптығасың. - Неге аптықпаймын, үш күннен бері үйіме жете алмай жүрсем... - Жалғыз сен бе екен... Балдақты кісі бірінің алдына бірі кимелеген жұрттың соңын ала жеткені сол еді, «әтәй» деген таныс дауысты естіп, елең етті. - Біз жоқта кетіп қалғаныңыз не? – Қызы анадайдан сөйлеп келе жатыр. – Айтып кетпейсіз бе? Және мына тұрысыңызға жөн болсын, кезексіз-ақ алмайсыз ба билетті. Қызы бұны алға таман жетелей жөнелді. Әп-сәтте иін тіресіп үлгерген қалың көпірдің арасынан өтудің амалын таппай қипақтаған әкесіне назар аудармастан алға ентелеп барады. Қайта-қайта «жүріңіз» деп қояды. Бір екі аттадым дегенінше қызы кассаның алдына жетіп қалыпты. Алдыңғы жақ у-шу боп жатты. «Ол мүгедек... оған билет кезексіз берілуге тиіс...» деген қызының шәңкілдей шыққан үнінен тіксініп қалды. Дереу кейін бұрылып кетті. - Мүгедек болса, үйіңде отырсын. - Мүгедектердің машинасы болмаушы ма еді. - Жұрттың бәрі мүгедек қазір. Қызы бастап, өзгелері қостай жөнелген «мүгедек» деген жексұрын сөзді бірінші рет естіп тұрғандай. Бұрын-соңды мән бермепті: аяғынан айырылғалы қай заман, бірақ жанына ауыр тигендей жаңағыдай сұмдықты бұған шейін сезініп көрмегені рас-ты. «Онысы не» деп қалды іштей. – О несі-әй, - Дауысы қаттырақ шықты. –мыналардың мүгедек деп тұрғаны мен бе... Иә, иә, мен екен ғой мүгедек... – Бейнебір жаңа ғана көргендей сол жағында қисайған балдағына тесіле қарап отыр. - Алыңыз міне, билетіңіз... мыналарға ерегескенде, әйтеуір бірінші алдым - ау, бұ жұртты қой, не болса, соған шулап шыға келеді, бір үзім нанға таласқан аш адамдардай, сонша жанталасқандарын айтамын - дағы. Әкесі үндеген жоқ. Бал-бұл жанған қызының жүзіне көзін тіктеуге құлқы соқпай тұнжыраған қалпы отыра берді. - Билетті қалтаңызға салыңыз, ал мынаны апама апарып берерсіз. – Буылтықтанған дорбаны әкесінің қолына ұстатты. - Бұл не тағы. - Апам төркөрпе тігіп беремін деген, соның керек жарағы ғой. Ал, өзіңіз неге асықтыңыз, жолда суық тиіп, ауырып қалсаңыз... - Ештеңе етпес, біздің бас ыстыққа да, суыққа да піскен бас қой... Қызы әкесінің нені емексіткенін түсінбесе де әлгіндегі көтеріңкі күйінен лезде сейлді. - Апама үнді шәйін бере алмадым, - деді ақтала сөйлеп, - құрып қалғыр, кейінгі кезде мүлдем түспейді.... - Е, оның несі таң, адамдар не болса, содан қайыршылық туғызуға әуес емес пе, қазіргілер жоқтықты қолдан жасап жүр ғой...
Кассаның алдындағы жұрт сирей бастады. Орнын белгілемей жаңағылардың бәріне билет сатылғандықтан қай-қайсының да көңілі орныққандай. Енді барлығының назары сыртта, автобус қашан келеді дептықыршып жүр. - Келесі жұманың аяғында бізде барып қалармыз ауылға. – Қызы сөзін одан әрі жалғастыруға батылы жетпегендей, өтірік жөткірініп-жөткірініп қойды. - Әлгі ...әлгі документерді дайындап жатырмыз.... - Ретіне келтірсеңдер, дайындаңдар, маған бәрібір, машина бере қалса да оны мінетін өздерің... - Бәрі дайын, тек сізді машина жүргізе алады деген право керек, соны тапсақ... - Оны қайдан аласыңдар? - Ой, әтей, сіз де қызықсыз, тілін тапса, бұ дүниеде шешілмейтін мәселе бар ма? Соғысқа қатысқаныңыз, аяғыңызды бергеніңіз рас, сіздің орныңызда басқа біреу болса, жүгіріп жүріп, баяғыда алмас па өзінің тиісті үлесін, ал сіз... Әлде неден қатты запа шеккендей қызы қабағын түйіп алды. Кенеттен жұрт есікке лап қойысты. Бұл екеуі де орындарынан тұрып, сыртқа беттеді. Қатарынан екі автобус тоқтай қалыпты. – Міне, міне, мынаған... – Маңдайын күнбатысқа бұра берген автобусқа қызы басқалардан бұрын жетті. Әкесі асыққан жоқ. Өзіне ысырыла шегініп, жол беріп, қолтығынан демей көмектескендерге басын изеп, ішке кірді. Үшінші қатардағы орындыққа қызы жайғасыпты. – Осы жерге отырыңыз, әтей .... ал, мен, кетейін, сізге орын алып қояйын деп... дұрыс болды... Әлі ішке кіріп үлгермегендердің ара-арасынан қыстырыла қарсы ентелеген әрең дегенде шықтыау далаға. Басындағы түбіт беліне оратылып, шашының ұйпа-тұйпасы шығыпты. Терезенің бергі жағынан өзіне мойнын созған әкесін байқамады, шәлісін сілкіп-сілкіп, орап алды да шапшаңдай адымдады. Қарсы соққан желден пальтосының етегі екі жақта далаңдап барады. Автобус жолаушыларға лық толды. – Бәріңде билет бар ма? Шофер үш қайтара сұрады.
*** Тас жолмен жүйткіген автобустың екі жақ қапталынан гуілдеген жел әйнекті тарс-тарс соғады. Жолдың үстін көлденеңінен кестелеп, ерсілі-қарсылы зуылдаған иірім-толқындар көз тоқтатар емес. Жыландай ирелеңдеп, айналасын бұрқан-тарқан ғып барады. Әлде қайдан ышқынып-ышқынып жеткен үн көңілге мазасыздық ұялатқанымен, құлақ құрышын әбден қандырып алғаннан кейін жан жүйкеге жәйлі тиер берекелі әуенге ұласқан. Шартарапқа алып-ұшып ойнақшыған боранды даланың маанғы сәттегі сорақы айһайы бірте-бірте жолаушыларды ұйқыға шақырып, маужырата бастады. Жағаларын көтере қымтанып, бойларын сиқырлап үлгерген бей-жәй ызыңға еліте қалғып, бастары анда-санда ербеңдеп қалысады.
Орын жетпей түрегеп тұрғандар көрінбейді, сірә олардың бәрі бірінші аялдаған – Көктеректе түсіп қалса керек. Аудан орталығынан аузы-мұрны толып шыққан автобус іші қазір кісі танығысыз, шуы басылған. Адамдардың ыстық демі салқын ауаны әрлі-берлі сызғылап, буға айналып жатыр. Алға зымырап, автомобильдің шапшаңдығы артқан сайын сыртта соққан суық желдің де екпіні күшейген. Қырау қатқан терезе әйнегінің аржағынан жанарға ештеңе шалынар емес, тек жер-көкті билеп-төстеген сол баяғы сарын келеді құлаққа. Аһылап-уһілеген сол сарынға ілесіп барып, ілесіп барып, қайтадан қалып қойғандай аракідік мотордың гүрілі шырылдай ерекшеленеді. Ішін тартып, ұлыған желдің жанында мотордың мына дүрілі соншалықты қораш. Шал өзінен-өзі жымиып қойды. Анда-санда оқшаулана шыққан мотордың дауысы оған қатерден шыққан тазыдай елестеп кеткені. Басына төнген қауіптен құтылуға дәрмені жетпей жанталасқан тазының шаңқ-шаңқ еткеніндей естілген мына үннің көзалдына ап-анық сурет әкелгеніне таңғалды. «Тәңірі-ай, – деді ішінен, адамның ойына не болса, сол түседі екен, тәйірі-ай» . Даладағы желдің беті кері қайтайын деді ме, әлден уақытта мотордың дүрілі даралана түсті. Ұзақты күн дес бермей аласұрған боранның баяулап, кілт үзілгелі тұрған әнін енді өзі жалғастырып әкететіндей. «Дүние кезек... дүние кезек... – Құлағын сыртқа түргенде, тіліне оратылған сөз осы болды. –Дүние кезек дегендей, бірде ит болып қуарсың, бірде ит болып-ақ қашарсың... бірде мотордың мына қотыраш гүріліндей жапан түзді төбеңе көтерерсің, бірде...» Белгілі жылдамдықпен жүйткіген автобус село шетіне кіргенде, майда жүрісінен жаңылып, қалғып-мүлгігендер оқыс қимылдап бастарын көтере елеңдесті. – Бұл қай жер? – Петровка. – Бес минут аялдаймыз, – деді шофер, – әрі қарай баратындар қалып қойып жүрмесін. Қоржындарын арқалаған бір топ қарайған адам есікке беттеді. Автобустың ішін суық ауа кеулей жөнелді. – Есікті жапсаңдаршы жылдамрақ. Аяқтарын сүйрете жүре алмай жүрген бірөңкей... – Артқы жақтан әлдекімнің ашулана күңкілдегеніне өзгелері мән беріп жатпады. – Сыртқа бой жазып қайтпаймыз ба? – Мойнын ішіне тығып бүріскен серігі түкке түсінбегендей, шалдың балдағына қарады. – Жылы орнымызды суытып қайтеміз, отыра берейік те, – деді сосын өз-өзінен ақтала. – Отырайық ендеше, – шолақ аяғын іргеге жақындатып, сол аяғын соза түсіп үнсіз қалды. Ұйыған арқасын жазып, қозғалып-қозғалып қойды. – Бұ құдайдың құдіретін айтпа, – деп, қалды тағы қозғалып жатып. – Нені айтасыз, ақсақал? – А-а-а... – Көз қиығын бұған мағынасыз жүгірте отырып, серігі ұзақ есінеді.
«Бұ құдайдың құдіретін айтамын-ау. – Әлгінде үзілген ойын жалғастырды. – Қырық бес щақырым жолда жүз жиырма шақырымға созу кімге қажет болды екен. Күні кеше дейін, бұдан он жыл бұрын ба... бәрібір күні кеше ғой, ауданнан ауылға жету үшін дәл осынша сарсылмайтын едік. Тіке жолмен жүргенде, шәй қайнатым уақыттың ішінде үйдің тұсынан дік ете түсетінбіз. Ол кезде моторы желмен жарысқан мұндай машиналар некен-саяқ қатынаса да ауыл мен екі ортада милығып жүріп алмайтынбыз. Әй, бірақ, қазіргідей сеңдей соғылысқан адам жоқ еді ғой, сірә сондықтан да. Ал, мынауымыз не жүріс? Бағыты бір-біріне қарамақарсы ауылдарды аралап келеміз, аралап келеміз» Шашырай орналасқан ауылдарды түгел сүзіп шыққанда, басқаны білмейді, өзінің екі шекесі зіркілдей бастайды. Кесір қылғандай бұ ауылдардың бәрі дерлік тас жолдың бойынан мүлдем әрі орналасқанын қайтерсің. Әрқайсына кіріп шыққан автобус шайқалақтап тас жолға қайта жеткенше, діңкеңді әбден құртып бітеді. Басыңды автобустың төбесіне әлденеше соғып, денеңнің сал-салы шығады. Содан кейін өз-өзіңі келіп көр. « Бұ құдайдың құдіретін айтпа, сайрап жатқан тура жолдан тайғызып, бұрыш-бұрышты кездіріп, осынша жерді дөңгелене айналып өтуге мәжбүр қылған. Бұрын отыз жеті тиын беріп, әне-міне дегенше жетіп келетін ауылыма енді екі жарым есе артық төлеуім және бұл үшін қосымша азап шегіуім керек. Пұлында түк жоқ-ау, әттең мына көлденең зардабын аитамындағы. Тура жолдан айнытып қойған бұ құдайдың құдіреті шынында мықты екен!? Серігінің басы иығын жанай өтіп, омырауын қаға мұның балдағына сақ етті. Қапелімде ештеңеге түсінбей ұйқы қысқан көзін жыпылықтата берді. Аңырап біраз отырды да жерге түскен тымағын көтерді. Балдақтың тиген тұсы қатты ауыртса керек, сәлден соң басын қос қолмен ұстай алды. Ұйқысы да ашылып, бірден есін жиды. Қабағын түйіп, шалдың балдағын оқты көзбен атқанымен, тіл қатқан жоқ. Орындықтың астына құлаған балдақтарын байқамағандай шал да үндемеді. тарс-тұрс етіп, авотбусты басына көтере бірінен соң бірі сартылдаған балдақтың өзіне ешқандай қатысы жоқ тәрізді. Маңғаз қалпынан өзгермей нық отыр. «Бұл не ұйқы, қара бастырған» дегендей, серігіне көз қиығын жүгіртіп еді, анау тымағын сілкіп киіп жатты. Содан кейін бүкшеңдеп, балдақтарды көтерді. – Жата берсін, қайтесің, – деді шал жақтырмай. – Сынып қалып жүрсе... Бұрын-соңды қаперіне кірмеген ойдан оқыстан естігеніне әрі таңырқап, әрі рас-ау, «сынып қалса, не істер едім» деп күдіктеніп,қасындағы жолаушыға іші жыли бастады. – Өзің қайда барушы едің? – Қарашілікке, ақсақал... сонда ағам тұрады, соғым сояды екен, соған шақыртып... – Е, ол не соғым, қыс бел асқанда. – Неге дерің бар ма, ақсақал. – реті солай келген шығар... – Жөн, жөн... – үнінде бейтанысты әңгімеге шақырғандай сыңай бар.
– Шамасы, менің пайымдауымша, ақсақал, соғысқа қатысқансыз-ау...– Сұраулы кейіппен әлгі әзірде іргеге өзі сүйеген балдақтарға қарады. – Иә... қатысқанбыз... – ұзақ күрсінгенін аңғармай бір сөзді әлденеше рет айтты, – Қатысқанбыз... қатысқанбыз. – Аяғыңызды сонда... – Сонда, басқа қайда дейсің. – Берлинге шейін жете алдыңыз ба? – Жоқ... Венгрия жерінен кері қайтым, бір аяғым сонда қалған. – Бұған да шүкіршілік, ақсақал, – Бейтаныс шешіле бастады, – біздің үйден үш бірдей азамат соғыстан қайтпады ғой, шіркін! Ең үлкен ағамыз Кәстай финдермен соғыста қаза тауыпты, ортаншы ағаларымыз – Мұсабек пен Балтабай немістермен соғыста хабарсыз кетіпті... бәрінің де туыстарға өлеңдетіп жазған хаттарын әлі күнге шейін ауылдың қарттары жатқа соғады. Шіркін, тым болмаса, біреуі тірі келмепті ғой. Кейін, есейгеннен кейін іздедік, Москваға шейін жаздық. Хабар жоқ, әлі хабар жоқ. – Е-е-е... талай қыршын кетті ғой оралмастан... айтуға тіл жетпейді, ондайды енді қайтіп көрсетпесін адам баласына, бізбен-ақ кетсін пәлесі. – Біздің әкеміз тоқсанға жетіп дүние салды. Қашан көзі жұмылғанша үш баласының қазасына сене алмай-ақ кетті ғой. «Іздемейсіңдер, сендердің хат танығандарыңнан не пайда» - деп бізге қатты налитын.Шіркін, біреуі оралғанда, мейлі, мүгедек, жарымжан болса да, әттең... – Мүгедек боп дейсің бе? – Иә, ақсақал, мүгедек боп оралса да арман жоқ еді ғой! – Қайдам, балам, ода оңай шаруа емес-ау. Денеңнің сау онекі мүшеңнің түгел болғанына ештеңе, әй, ештеңе жете қоймас! – Бәрібір бірақ тірі жүрген жақсы ғой, ақсақал. Кеудеңде шыбын жаның тұрғанда қалай қиярсың жарық дүниені. Қандай кемтар болсаңда тіршіліктің қадіріне татитын не бар? Қарт оған алғаш рет назар сала көзін бұрды. Керемет құштарлықпен айтылған оның соңғы сөздерін іштей қайталап шыққанына да мән бермеді. Тұлабойын мұңы мен қуанышы аралас сезім билей бастады. Рас қой: тіршіліктің қадіріне татитын ештеңе жоқ. Мына түрімен – жалғыз аяғымен жетпісті желкелеп келе жатқаны сол тілектің арқасы емес пе! Көршісі сөзін нықтай түсті! – Сізді айтамын... қандай қиындықты бастан кешсеңізде бағыңыз бар екен, аман-есен елге оралдыңыздар. – Тәубе дейін, балам, көретін жарығым бар екен! Жыл өткен сайын бірақ қатарымыз да сиреп бара жатыр. Бір кезде сол сұрапылды көзімен көргендерден ешкімнің қалмайтынын ойласаң... – Иә, иә, қатарларыңыз селдіреп – сирей бастағаны рас. Айналып кетейін үкімет те сіз сияқтыларға ерекше қамқорлық жасап отыр ғой. Бәрі дұрыс. Өзіңіздің жеке меншік машинаңыз бар шығар, ақсақал? Сұрағына жауап тоспай әңгімесін жалғастырды. – Біздің ауылда өзіңіздей, жожоқ сіздей кеі балдақ пен емес, ол бір балдақпен жүреді... жуырда ағна үшінші
машина ауыстырды, бір тиын ақша төлемейді дейді, қайда екенін білмейміз, жоғарғы жаққа шығар, жазып-жазып, ретін табатын көрнеді. Бәрі дұрыс қой... айналып кетейін үкімет біледі ғой кімдерген не жасайтынын... бірақ кейде, әлгі кісіні айтамын, тым-тым асыра сілтейді. Соғысқа қатысқан жалғыз өзі ғана сияқты, міндетсімейтін есігі жоқ. Тірлігіне қарап отырып, өзің ұяласың. «Жеке меншік машинаңыз бар шығар» деді-ау, тіпті сол құрғырдың менде жоқтығына күмән туғызсайшы. Қызық!? Соғыстан оралған алғашқы жылдары мұндайды ешкім ойламайтын, ал кейіннен ойлағанмен құнттамады. Қазір-ше? Кім көрінгенді мазалап, кез-келген мекеменің табалдырығын тоздыруға төзімі жетпес. Ержетіп үлгерген балаларының «өзіңе тиесілі ырысыңнан бекерге қашасың, неге қуынбайсың, неге арызданбайсың» деп ренжитіні мұның шабына тиетін. Әне, өздері-ақ бәрін реттеп жатқан көрінеді. Алса екен сол «бұған тиесілі машиналарын», құлағыма бір тыныштық орнар еді. Бұ жұрттың бәрі алдын-ала ақылдасып қойғандай, ойларының бір жерден шығатынын қайтерсің. Менен басқаның бәрі мүгедектерге үкімет тегін машина беруге тиіс екенін және оны қалай алу керектігін біледі. Ал мен оны қалай жүргізетінін білмесем, қайтейін! Машина дегеніңнің «шек қарнынан» хабарым жоқ. Тіпті сол құрғырдың миыма неге қонбайтыны өзіме де түсініксіз. Жұрт соны түсінбесе де тыраштанып мінуге құштар. Затына, сүйегіне дарымағанды қолдан жасаймын деп тыраштану қазіргілерге тән қасиет-ау шамасы!» Қалың ойға шомған қарт серігінең соңғы сөздеріне құлақ түрмеп еді. – Үндемей қалдыңыз ғой, ақсақал, әлде маған ренжіп... – Жо-жоқ, шырағым, жәй әншейін, есіме әлденелер оралып... – Артық кетсем, айыптамаңыз, ақсақал. Әлгіндегіні көңіліңізге ауыр алдыңыз ғой деймін. – Не... нені? – Әлгі біздің ауылдағы әріптесіңіз туралы жаман айтқаныма, аяғынан айырылып, соғысқа қатысқан жалғыз өзі сияқты дегеніме... емініп бармайтын жері жоқ дегеніме.... Кім білсін, о кісінікі бәлки дұрыс та шығар? – Е-е-е... – ыңылдай әндеткен шалдың даусынан дәл қазір нендей емеурін танытып отырғанын аңғару қиын еді. Бұдан әрі әңгімелерінің қиюы қашқандай екуі де томағатұйық қалды. Тас жолдан оң жақтағы сорапқа еңістеген автобус аяғынан сүрінген аттай тағы да кібіртіктей берді. Қасындағылардың мойнын созғандарынан-ақ шал өздерінің Қарашілікке жақындағандарын ұқты. Бұл өзі баяғыда, атышулы орта мектебі бар ірі ауыл болатын. Осы маңның ойқырынан Қарашілікте кезінде оқымаған жан жоқ шығар, сірә. Шамалауынша, аудандағы қазірге мекеме басқарып, шот қақандардың көбі кезінде Қарашілік мектебін бітіргендер. Қайбір жылдары баласын оқытамын дейтіндердің ат артып Қарашілік пен екі ортада жолды тоздыратыны шалдың әлі күнге дейін есінде. Қазір сегіз жылдық бар ма, жоқ па, білмейді, кезінде дүрілдеген даңқының ізі де қалмаған шүйкедей ауыл. Жергілікті тұрғындардың біразы арғы Петровка, одан қалды бергі Викторовкаға көшіп, кәсіп қылып алаңдар ештеңе қалмағаннан кейін, сонғы он бес жылдың ішінде ауылдық сәнінен мүлдем айырылған. Бірер
жылда өзгелерін де басқа совхоздарға көшіріп әкетеді деген қауесет бар. Жаңғыз Қарашілік емес, бір кездегі Сүйін, Олжай, Өзекті, Бұлақ сияқты елді мекендердің бұ күнде жұрты да қалмай, әр жерге сіңісіп кеткенін шал жақсы біледі. Ескі жұрттарының орны жыртылып тасталған, қазір үстері жайқалған егін. Ұсақ ауылдарға соқпастан, бұрылыссыз тартылған тас жолдың мәнін шал енді түсінгендей, таңдайын қағып-қағып қойды. «Түптің түбінде бәріміз де сол тас жолды соза салу сөз бе екен, тәйрі» деген ой қылаң етті. Әне-міне дегенше, автобус тоқтап үлгерді. – Ал, отағасы, келдік, міне. Ағамның үйі – менің үйім! Қонақасыңызды жеп кетіңіз, – деп жылы ниет танытқан жолсерігіне риза боп, рахметін айтып қала берді. Содан басқа автобустан түскен де, мінген де ешкім шалынбады. «Жалғыз адам үшін осынша айналуға мәжбүрсің» деп күңкілдеген шофер тас жолға қайтадан жетуге асыққандай рулін шұғыл бұрып кеп жібергенде, ішіндегілер орындарынан сырғып-сырғып түсті. Викторовкаға жеткенде жолаушылардың түгелі делік түсіп қалды. ұзынынанұзақ созылған селоның басынан аяғына шейін үш аялдап, шетіне шыққанда автобустың ішінде шалмен бірге үш адам отырды. Екеуін де мана, автостанцияда көрген: тәмпіш мұрын сары қыз бен көзі жыпылықтап, айналасына алақ-жұлақ қарай берген жігіт. Боп-боз жанарының сұғанақтығын шал жақтырмаған. «Кімнің жамағатысыңдар» дегендей, оларға көз қиығын жүгіртіп өтті. бұрын-соңды ауылда кезіктірмеген, танымайды екен. Сірә, мектепке жаңадан келген мұғалімнің туыстары шығар деп ойлады. Сайраған жол таусылып, енді сол жақта шиырланған сораппен төменге беттегенде, мотордың гүрілі өзгеріп шыға келді. Күні бойғы жылдамдағынан жаңылған, автобустың жүрісі де зілдене түсті. Мотордың қақалып-шашалғанынан-ақ шалдың көңілін секем билеп, терезеден сыртқа үрейлене қарады. Күн батқалы қашан. Бірақ төңірек жап-жарық. Аппақ қардан басқа көзіне түк шалынбады. Құлаққа қысқы кештің терезені пергілеп, гөй-гөйлетіп жөнелген тәтті әуезі үзік-үзік жетіп жатыр. Автобус кілт тоқтады. – Әрі қарай бармаймын. – Шофер артына бұрылып қараған да жоқ. Үнсіз біраз отырып, ерінген сыңаймен бұларға мойнын созды. Шал «неге» деп сұрап үлгермей, тәмпіш мұрын сары қыз «біз Викторвкада қалсақ қайтеді, ағатайымның үйіне соқпай өте шыққанымызға өзім де ыңғайсызданып отыр едім» деді. Айғайлай шыққан дауысынан қуанғаны сезілді. –Әтеген-ай, ә – шал бойына симайтын жалынышпен шоферға біртүрлі қиыла қарады. – Әрі қарай бармаймын. Ешкім оған жауап қатпады. Жанарын тайдырып әкеткен шофердің желкесіне неліктен тесіле қалғанын түсінбеді. Әйтеуір мынау тоңмойын желкеден басаяғына шейін тәуелділігін, қазір мынау тоңмойын желке қалай бұрылса өзінің де
солай қисайуға мәжбүр және бұған дайын екенін ұққанда, шарасыздықтан жерге шырт түкірді. Шофер оқыс қимылмен жалт бұрылды, бірақ тіл қатқан жоқ. Шал жа айылын жимастан, шофердің бетіне бақшия қадалып, тағы бір түкірді. – Мен бармаймын дедім ғой. – Бізді орталықтағы аялдамаға жеткізіп салсаңыз – деді қыз бен жігіт қосарлана. – Неге бармайсың? – деді шал анау екеуіне жақтырмай қарап. – Көрмей тұрсыңдар ма, жолы қар басқан, бұдан әрі жүре берсең, тіпті қиын... Қалың қар... – Шырағым-ау, бататындай емес қой дәл мына жер. Сен қырсықпа. – Маған емес, анау бастықтарыңа айт. Он сегіз шақырым жолды тазалап қою совхоздың міндеті, толып жатқан тракторлары бар, неге ашып тастамаған? – Сен бәрін әдейі істеп тұрсың. Теп-тегіс тас жолға әбден кәнігіп, жаман үйренгенсің. – Қалай үйренсек те, кейін қайтамын. Қаласың ба, әлде... – Шофер автобустың алдыңғы есігін ашты. Суық ауа лап қойып, желдің азынаған гулі күшейе естілді. қай-қайсының да денелері тіркеніп қалысты. Әрі жылы, әрі жарық автобустың ішін ешқайсы да қимайтын сияқты. – Қалсаңдар, орталыққа апарып тастаймын, әйтпесе қайтадан ауданға жүріңдер. – шофер есікті жауып, машинасын бұрып үлгермей «әй, көрегенсіз, тоқта» деген өктем үннен селк етті. – Ең әуелі, билетімнің құнын қайтар. – Түсуге ыңғайланып, балдақтарына қолын созды. – Қалайша? Ауылдарыңның іргесіне әкеп салдым, қалғаны он сегіз-ақ шақырым. – Сол он сегіз шақрымның пұлын бер деп тұрмын саған. Ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп дәндеген екенсің. Неге біздің жағыдаймен санаспайсың? – Бізің кім? Жалғыз-ақ адам... өзіңіз ғана... – Сонда не, жалғыз адам – адам емес пе! Шал асықпай шофердің ұсынған тиынын санады. Содан кейі балдақтарын тарс-тарс еткізіп, есікті нұсқады. Шығып бара жатып, тағы да шырт түкіріп еді онысы ашық есіктен лапылдаған желдің әсерінен үшып барып, шофердің шекесіне былш етті.
*** Алды-артын будақтата бұрылып алып, зырла йжөнелген автобусты сондай бір мағынасыз көзқараспен ұзатып салды. Балдағына сүйеніп, тапжалмай біраз тұрып кеудесін көтерді. Алақанына уыстай қысқан тиындардың өзін бөгеп тұрғанын сонда түсінді. Саусақтарын жаза түсіп еді, темір тиындар қолын қарып әкетті. Бәріне тиындай кінәлі дей, шашып-шашып жіберді. Қалтасынан биялайын суырып жатып есіне түсті, қызының берген түіншегі автобуста қалыпты. Соны алып жүрерлік жағыдайының жоқтығына қарамстан
«қап, ұмытшақтығым-ай; қалай тастадым екен» деп өкініп тұр. Бәріне бұрын әлгі тонмойын желкенің мәз болатыны жанына батыңқырап кетті. Шолақ тонының етегін көтеріп әкеткен жел бірден есін жиғызды. Өзінің қайда тұрғанын да түсінбегендей жан-жағына елегізи көз жүгіртті. Қол созым жерде жарықтары жылт-жылт еткен үлкен село жатыр. Оың орта тұсында бұның ағайындарының үйі бар. Қайсысына барса да есіктері ашық, құшақ жайып па, қол қусырып па, әйтеуір қарсы алатындары анық. Алдыңғы беткейге қарап еді, түтеп тұр екен. Кейін бұрылғанын өзі де байқамады. Бірақ әлгінде есіне түсірген туыстарының өзі екі ай төсек тартып жатқанда, халін біліп, ауруханаға ат ізін салмағаны ойына оралып, адымын қайтадан бәсеңдетті. Мұнысы тіпті өкпелегендігі де емес, осы ғұмырының ішінде ағайынға жеке бастың салмағын артып базыналық қылғаны кем де кем. Бірақ қазіргі пұшайман түрін соларға көрсеткісі келмей тұр ма, өз өзінен жалғыз аяғы шегіншектей берді. Тәңіріне сиынып, тәуекелге бел буды. Балдақратын қос қолтығының астына жақындатып, екі үш қадам алға жылжыды. Шамдарының сәулесі жымың-жымың етіп, көңілін алаңдатқан жаққа қайтсе де қарамауға тырысты. Көз қиығын бір рет салса, самалдай жарықты қимайтын сияқтанды. Қимады дегені – кері бұрылу ғой. Біраз жерге шейін артына қарамауға дәті шыдағаны мен, биік бағаналардан айналасына нұр шашқан электр жарықтары өзімен қатарласа әжептәуір жерге ілесіп кеп, бірте-бірте көмескі тартты. Селоның маужыраған түнгі тірлігіне шал еркінен тыс күштің ықпалымен алыстай берді. Бажайлап артына қарайламағанымен, жер-көкті астастырып жіберген ақ қардың сірескен беті көкшіл түске еніп, қоюланған сайын өзінің алдынан мынау түннің қандай да әміріне құлдық ұруға дайын екендігін сергектікпен түсінді. Енді көңілінің қалаған сәтінде де кері қайырылмайтынына сенді. Пимасының табаны сықырлап, ағаш балдақтардың дыбысы тым тықыр, қатқылдау естілді. Жүре келе балдақтардың үні мандан бері ерсілі-қарсылы ойнақтаған шәйпау желден гөрі батылырақ шыға бастады. Сәл дамылдап, алысқа құлағын түргенде, желдің саябырланған сыңайы байқалды. Енді балдақтардың тықылы мүлдем өктемденіп, бүткіл даоаны басына көтерді. Қанща тырысқанымен, заты ағаш емес пе, икемге көнер түрі көрінбеді. Икемге келтіремін деп әрекеттенгенімен ыңайлы жүрісінен жаңылып, аяғы шатаса берді. Амалсыздан әуел бастағы аяғына салды. Манағыдай емес, өн бойына жылу тарап, үстіндегі киімдерінің салмағы әдеттегісінен ауырлағандай. Әбден жылынып алғаннан кейін бе, күні бойғы дамылсыз соққан боранның түнге ешқандай қатысы қалмаған тәрізді. Аракідік құрғақ қардың көпіршіктері жоғарыға қалқып ұшып, қайтадан сол орнына үгітіле қонақтап жатыр. Жолды қар басыпты дегені шофердің жалған сылтауы боп шықты. Ештеңе жоқ, әлгіндегі автобустың осы жолмен бұдан да сорақы кезінде талай-талай жүріп өткенін көрген. Мәселе адамында қалып тұр ғой. Нұсқасын ұрайын, ұсқынсыз
неменің шодырайған желкесінен нұқып отырып ауылға жетелеп келер ме еді, шіркін, қайтер еді? Бармаймын дегеніне, оп-оңай түсе қалғанын қайтерсің. Бойдан қуат қайтқаннан кейін қайратынан не пайда. Қайратына мінген түрі міне ғой. Әйтпесе жарты денесін сүйретіп, ауруханадан шыққан адам жаяу жүре ме?! Әттең, әлгі тоңмойын желке бұдан тым жеңіл құтылды-ау. Бәрінен де жанына сол батып келеді. Алғашында жолды қар басып қапты дегеніне шынымен нанған. Және мотордың да қақала бергені де рас-ты. Таспадай тілінбегенімен, бұл жолдың да біркелкі теп-тегіс екені көзге ұрып тұр. Ал, әлгі нұсқасын ұрайын ұсқынсыз неме, мені алдап соққанына мәз боп барама екен? Жолға жақын тұсынан селдірей басталып, одан әрі қалыңдаған ағаштар көлденеңінен ұзаққа созылған қайысқан орманға ұқсады. Өзі келе жатқан жолдың бойына бірте бауырлай, бірде алыстай ауылына шейін жалғасып, қайыңы мен қарағайы араласқан қалпы. Түкті тауының етегіндегі сыңсыған орманға барып сіңеді. Бірақ оған жеткенше қашан!? Әзірге орман мұны шетімен шегіне бойлатар емес. Бірақ бұ да болса, жанына сая, ну ағаштың қасында аязбеғн желдің мысы кәдімгідей басылып, дүние атаулы жуаси қалады екен. Балдақтарының да тықылы өзгеріп, бағанағы басына шапқан дарақы үнінен сап тиылыпты. Әлде қайдан сумаңдай жеткен желдің үп еткен лебіне дейін ағаштар қағып алып, бойларына дарытқандай. Өзгелермен салыстырғанда орманның тірліктынысы соншалықты паң, сыбдырлап-сыбырлағанына шейін сұсты. Аспанда жұлдыздар самсап тұр. Шал адымын шапшаңдатып, біраз жерді игеріп тастадым-ау деп, жоғарыға көз тастаса, сол жұлдыздар сол баяғы нүктесінен бір елі жылжымайтынын қайтесің. Автобустан түскен бетте маңдай алдынан жарқырап, жеті қарақшы қарсы алып еді әлі қарсы алып келеді. Не жақындатпайды, не алыстатпайды. Жұлдыздарға қараса, шал орнынан қозғалмай бір жерді таптап тұра бергендей. Шал енді жанарымен аспанды сүзбеуге тырысты. Жанарымен аспанды сүзсе, қауқарсыз қалғаны жанын жегідей жейтінін түсінді. Шалқақтаған тірлік тек қана мұның дәрменсіздігін айғақтап, мойнын созған сайын одан әрмен аспандай түседі екен. Жұлдыздарға қарағаны не теңі! Еңсесі езіліп, алға басқан аяғы ауыр тарты осы келе жатқаны өзіне мәнсіз бірдеңедей көрініп, жүрісін мүлдем баяулатты. Түрегеп тұрған қалпы тоқтап еді, екі қолтығы удай ашыды. Әлі бір ретте аялдамағаны есіне түсіп, балдақтарын сүйрете жолдың жиегіндегі омбы қарға жақындады. Бәрінен бұрын титығына жеткен – қолтығы. Балдақтың күшінен қатты дақ қалса керек, отыра бергенде ине сұғылғандай сезініп, жанына батқандықтан дауысы да шығып кетті. Әбден жайғасқанда білді. Қатты шаршапты. Балтырынан әлде не шаңши өтіп, сырқырап қоя берген соң қолын апарып еді, тізесінен жоғары кесілген аяғына тиді. Жо-жоқ, тізесі аяғы да емес сырқыраған, сонда қайсы! Ойпыр-ай, кесілген аяқтың орны сыздағанын кім көрген?
Сүрініп-қабына орнынан көтерілді. өзін-өзі күштеп тұрғызды, әйтпесе жантайған жерінен қозғалуға тіпті де құлқы жоқ еді. Аздап көз шырымын алсам деген ойдан бәрібір арыла алмай түргелді. Балдақтарын сақ қимылмен қолтығына жақындатты. Тұла бойының түршіккеніне қарамастан, жанарын тарс жұмып, жүріп кеп кетті. Бастапқыда қоян-қолтығынан сан мың ине қатарынан шаншылғандай, шыбын жанын көзіне көрсетіп барып, әрең дегенде басылды-ау. Үш-төрт қадамнан кейін бәріне де көндікті. Көнбегенде не істесін! О баста терісіне сиғызбаған ашудың қызуынан алдыартын бағдарламастан шығып кетті. Енді қайткен жағыдайда да намысына тырсып бағар. Көзсоқырлықпен де біраз нәрсе тындыруға болатынын қазір сезіп келеді. Бірақ алда-жалда әлдекім кездесе қалып, өзін көлігіне отырғызып әкеткен күнде де мына сорлы терікен ұяттан күйіп өлер еді. Қанша шаршап-шалдықса да мүсәпір қалпында ешкімді жолықтырсам деп тұрған жоқ. Еңбектесе де, итшілесе де үйіне бір жетіп құлар. Жетіп бір құлармынау деседе, артына бұрылып зарыға қарады. Түнің мезгілсіз уақытында кім жүрсін. Қарайған титтей ноқат көрінбеді. Ағаштар да шалқая ұзарып бара жатты. Жолдың бетін кесе көлденеңдеген оппы қар да жиі ұшыраса берді. Көбік қарға малтығып, пиасының іші де қарға толғанына қарамастан жүрісін бәсеңдетпеді. сәл-пәл жүрісінен жаңылса, мүлдем қозғала алмайтындай отырып қалатындай сезінді. Орман алысқа шалқайған сайын балдақтарының тықылы қайтадан үдеді. Бұтақтарын ақ қар жапса да ағаштар анадайдан қарауытып, көңілге үрей ұялатады. Шалға бірақ бәрібір. Ну орман оған бала кезінен осындай паңдығымен, сұсымен қымбат. Жол бойынан ағаштардың алыстағанына қатты қуанды. Ауылға жақындаған тұсында ағаштың қатары көзден селдірей-селдірей көзден тасаланып,ізі мүлдем жоғалатын. «Шіркін, тағы бір бел ассам» деп ойлады. Тағы бір белден асса, аржағында – Қарсақ. Түтін түтеткен елу шақты үй. Ең шетіндегісі бұнікі. Шет демекші Қарсақтағы үйлердің бәрін шеткі деуге саяды. Өйткені үйлер тік көшемен емес, дөңгелене орналасқан. Бірақ осы жол тура үйге папратындығы анық. «Шіркін» дегізген соңғы белес шалға шынында да тым қиынға соқты. Қос балдақпен жалғыз аяққа мұншалықты салмақ бұрын-соңды түсін көрді ме екен. Есінде жоқ. Тіпті аяқ-қолы сау шағында да дәл осындай жаяу жүрген-жүрмегенін білмейді. Бәлки талай-талай жүрген шығар. Денің сау кезіңде адам ондайға көңіл бөледі деймісің. Бес жыл соғыста Европаны жаяу арлағанын әдейі есіне алмай тұр-ау. Оның жөні бөлек қой. Жаяу жүргенімен, жалғыз қалып көрген емес. Не де болса, тыныстап көрейінші деді. Балдақтарын бірденсурып алуға аяншақтанып, аз-кем тұрды. Оның үстіне аяғы бүгіле қоймады. Денесіне әл тайып, буын-буыны сырқырады.
Сол жақтағы балдағына сүйеніп, екіншісін төмен қоя бергенде, тепетеңдігінен айырылып қалды. Екі балдағы да анадай жерге ұшып кетіп, өзі жолдың шетіне шалқасынан түсті. Жетіқарақшы дәл төбесінен төне түсіп, төкеріліп бара жатты. Жалма-жан жанарын аспаннан аударып әкетіп, сау аяғына таман оңтайланды. Тәубесіне келіп, жамбасы тиді-ау деген жерге үш қайтара түкірді. Сонда ғана біршама жеңілдік туып, кеудесін көтеруге дәрмені жетті. Ең алдымен түлкі тымағын іздеді. Ғұмырында терлемейтін шәші суланып, жалаңбас қалған аралықта суық аязға қатып үлгеріпті. Саусақтарымен самай тұсын шәшірата уқалап, тымағын кйді. Үш тағандап, ақсаңдай еңбектегенінің арқасында балдақтарын да жинап алды. ербең-ербең қимылдап, екі қолымен жерге сүйене берді. Бүткіл салмағын қодлтығына қысқан балдаққа артқанда, тағы да шыңғырып жібере жаздады. Екі балдағы бейне бір екі қанжардай елестеп кетті. Аһ! Тістерін шықырлатты. Аһ, жаным-ай? Үнін шығармаймын деп тілін тістелей бергенін аңғармады. Қолтығынан тіліп түскелі тұрған әлгіндегі қиналысының жанында мұнысы түк емес-ті. Сана-түйсігін құдайға жалбарынғандық сезімі биледі. Сүегімді айдалада қалдырып, ит құзғынға жем қыла көрме деп жалынды. Ит құзғынға жем болсам, ел-жұрттың мазағына ұшыраймын-ау деді. Бәрінен де гөрі артында тұяғы – жалғыз ұлы адамдардың табасына қалып жүрер деп қорықты. Пйғамбар жасынан асқанда әкесі қаңғырып өліпті дегеннен масқара не бар. Нендей түлен түртті мені бүгін? Мұның аяғы қайда апарып соғар екен? Көлденең кесапатыңнан сақтай гөр, құда. Мықтылық көрсетіп, өзіңді мұқатайын деген ойдан аулақ едім, қырсығыңнан сақтай, гөр құдайым. Кейбіреулердің өз бойларына симайтын қылыққа баратыны неліктен екен деп талай таңғалған. «Ғаріп жолыңды, құмырсқа беліңді біл» қағидасымен осы жасына шейін момақан тірлік кешкенде, көрген қорлығы жоқ сияқты еді. Сол жолынан аяқ асты талай тайқып кетті. Ғаріптік жолын білмеген, өзін қызының айдай әлемге күні кеше айғайлағанындай «мүгедекпін» деп те есептемейтін. Сөйтсе, рас, мүгедек, бұ дүниеде екі аяғымен жерді тең баспағаған соң, қалғанының құны бір тиын екен. Аяқтары тең басқандарға жарасар жәйттің ешқайсысы бұған үлеспейді екен. Әркімнің өз бойына лайықты пішілген пешенесі бар. Бұ соны мойындағысы келмеді. Маңдайына жазылған жазымышынан озамын деді. Ып-рас, құмырсқа беліңді біл, ғаріп жолыңды біл. Таңды тыныштықты тілгілеп, аппақ даланың ұйқы-тұйқысын шығара көкке шапшыған жел барған сайын үдете соқты. Шалдың алдында жер дүние шайқалып-шайқалып кетті. Ұзақ түн демін ішіне бүккен боранның тынысы кенеттен кеңейіп, араны ашылғандай даланың апшысын қуыра жөнелді.
Содан кейін құйқасын шымырлатқан запыран сарын басталды. Азынай үһілеп алып, тағы да салқылдай күліп, төбе шашын тік тұрғызды. Шал бойын жиып алды. Әне, әне, оймақтай ауылы қалтиды. Түтеген бораның арасынан әрең шырамытқан үйі бір ағарып, бір қарайады. ***
Ертеңіне балдақты шалдың баласы шарқ ұрып, әкесін аудандағы ауруханаға жеткізетін машина іздеді. Тіл-ауызы байланған қарт басын шайқап, «бармаймын» деп қанша ымдаса да, кемпірі мен ұлы құлақ аспады. Көлік таппай амалы таусылып тұрғанда, айы оңынан туып, үш тәулік бойы қарасын көрсетпеген автобустың келе қалғаны. – Мен ауру тасымаймын, – деді шофер, – бірақ ақшасын еселеп төлесеңдер, апаруға да болады, өзі жас па, кәрі ме еді, мүмкін жолды көтере алмайтын шығар. – Тура жолмен жүріңіз, жарты-ақ сағат уақыт қой! – Сендердің тура жолдарыңмен қашаннан машина жүретін еді? – Шофер мысқылдай күлді. Әбден басы айналып, далбасамен айта салған сөзінің мәнісін ол кеш түсінді. Шынында, қыстың қыраулы көзі түгілі жаздың жаймашуағында да талай жылдан бері екі сүрлеумен машина жүрмейтінін қалайша ескермеген?! Оқыстан ойына бір шешім оралып, жоғалғаны табылғандай, үйіне қарай тұра жүгірді. Ештеңеге түсінбеген шофер «бұ несі?» дегендей жанындағыларға иегімен нұсқап, басын шайқады. Түс ауа шанаға жегілген пар ат ең қысқа жолға беттеп, ауданға апаратын екі сүрлеумен жүйткіп бара жатты. Шананың үстінде үшеу. Кемпірі шалын орап жатқызған тұлыпты қымтап, әлсін-әлсін бетіне үңіледі. Ұлы тістеніп алыпты, делбені кіжіне тартқылап, аттарды аяусыз қамшылайды. Мұның бәрінен бейхабар шал, сонау ерте-ертеде, қалшылдаған шағында қолдарымен салған жол, қирап мүжілгеннен кейін де өздерінің түртінектейтіркектеп жүріп жөндеген жолы, аядай ауылынан сонау ерте-ертеде үлкен жер – үлкен өмірмен тұңғыш табыстырып-жалғастырған жол, бірақ келе-келе көз бен көңілден тасаланып, ұмыт қалған қазіргі ескі сүрлеу – ауданға тура апаратын тіке жолдың үстіне сапар шегіп бара жатқанын мүлдем сезген жоқ.
Жалғыз ұлдың келіншегі (әңгіме) Пенсияға шыққан шыққан төрт-бес айдың арасында Нұрханның өзгеріңкірегенін әйелі іштей сезіп жүр. Бұрынғыдай емес, күрт жуасығандай. Жиырма бес жылды әскери қызметте, одан бері уақытын милиция саласында өткізгені тап-тұйнақ жинақылыққа, бетің, жүзің бар демейтін турашылдыққа
дағдыландырған. Өткір көздері жалт өткенде, алғаш көрген кісі де дереу бойын жинап қыпылықтайтын. Нұрханға батылы жетіп, жалған сөйлейтіндер бұл аймақта кемде-кем. Сары мотоцикліне мініп, совхоздың бұрыш-бұрышын аралағанда, «мықтысымған» бұзақыларың оның алдына құрдай жорғалап шығатын. Ұры-қарыны бір қарағаннан айнақатесіз шырамытып, соңынан ергізіп жүре беретін-ді. Енгезердей түр-тұлғасына өрлігі қосылып, былайғылардың еңсесін басыңқырайтын иықтылыққа ертеден машықтанған. Сол сес пен сұстылықтың қазір қайда жоғалғаны белгісіз. Біртүрлі пәс, қабағы салыңқы. – Бұдан да со жұмысы жақсы еді пақырдың, түнерген түрі құрысын, - Ғани қабағының астымен күйеуінің сәл қимылын қалт жібермей, кесек-кесек ет турап жатыр. Шұжық дайындауға бөлген майды қайда қойғаны есіне түспей жан-жағын абдырай тінтті. – Сенекте екен ғой.... әй, Нұрхан, әкеле Түртінектеп, манадан мылтығын тазалаған Нұрхан жақтырмағандай бұрылдыңқырай, қайтадан төмен шұқшиды. Әйелінің өтінішіне құлақ аспағандай. Қолдарына пышақтың жалаңдаған жүзіндей жәйсіз тиген суық еттің майын жалма-жан табаққа тастай салды. – Адыра қалғыр, алақанымды қарып жіберді ғой... тек маған керек пе, әй, осының бәрі... Жауап бермек түгілі мойнын да бұрмады Нұрхан. Ынта-зейін тізесіндегі мылтықта. Шұғыл қажетіндей-ақ әрлі-берлі аудара ақ матамен әлсін-әлсін сүрткілеп әлек. Даусын зілдендіргенмен, бұнысына ешкім назар аудармағасын, Ғани күйбің шаруасын жалғастырып, ішектерді айналдыра бастады. Ақпанның шыңылтыр аязы терезелердің қос әйнегін қалың қыраумен өрнектеп, адуын желі сыртқы қақпаларды тарс-тұрс соғады. Айқара ашылған есіктен құшақ-құшақ бу қабаттаса көшіп кірді. Ұзақты күн бір-біріне зер салмаған Нұрхан мен Ғанидың көздері жылы ұшырай енді ғана жүздескендей, қар жабысқан жағасын сіліккен Саятқа тағатсыздана жалт бұрылысты. – Не жаңалық?! – Иә, не жаңалық... Әке-шешесінің қойған сұрақтарын елемеген Саят төрге озды. – Айтсаңшы ... Ғанидың тамағы құрғады. – Жолай соғуға үлгермедім, бүгін хабарласқан жоқпын әлі... телефон бар ғой, өздерің білсеңдерші... Нұрханды әрі кінәлі, әрі асықтырғандай, телефонмен екі ортаға алма-кезек жалтақтаған Ғанидың төзімі таусылайын деді. – Өзім-ақ барып қайтайыншы...бүйткен білімдерің де, жұмыстарың да... Сенектен әлдекімнің тарсылдатқаны естілді. Оқыс түрегелгенде, белі кілт үзіле шаншыған Ғани демін ішіне бүкті. Келінін перзентханаға әкеткелі, сәл тарсылға жүрегі алып ұшатын әдет тауыпты. Міне, жетінші тәулік, сабырдың да шегі бар, жаңалықты күте-күте тіпті бір-бірін жалықтырғандай. Таңертеңнен Нұрхан екеуінің тұнжырап, сіркелері су көтермей отырғандары да сондықтан. Күндіз-түні сыбдырға алаңдай-алаңдай қатты шаршапты. Ғанидың тізелері дірілдей жөнелді. Ар жақтан есіктің тұтқасы қашан тартылғанша әрең шыдады. – Сүйінші ... Нүке, сүйінші... апай...
Ғанидың буындары босап, еденге отыра кетті, жүзі жұмсарып сала берген Нұрхан аядай бөлмені әрлі-берлі адымдады. Екі езуі құлағында, Саят жымыңжымың. – Дайын сүйіншің ...дайын.. жоғары шық... тынысымызды кеңейттің ғой, шырақ... Апыл-ғұпыл тұрып Ғани дастарханның қамын жасады. Қуырдақ дайындалып, көршілер жиналып, әп-сәтте үйдің іші думанға бөленді. Қақаған қыс үйдің ішіне жайма-шуақ шашқандай. Әйелдердің самбырласқан ортасынан елеусіздеу сытылып түкпірдегі бөлмеге енген Нұрханның жақсы хабардан жанары жасаурады. Осыдан жеті жыл бұрын автомобиль апатынан қаза тапқан үлкен ұлын есіне түсірді. Жиырма бес жасында он екіде бір гүлі ашылмай қиылған қайран қыршын, сенің орның толар ма. Бірақ жарық дүниеге талпынған немерең бар енді... азаматың, ұрпағың бар жалғасар... Саятымның, солардың амандығын тілеумен қатар әрқашан да, тіпті қуаныш үстінде де сені Мұратым, – қуатым ойламай тұра алмаспын, пошымың бөлек-ті шіркін, қияға шүйілген бүркіттей талбойың тұнған өжеттік еді, қайтейін, маңдайыма сыймадың, жансаям...сарбазым, қыраным...– Оңаша сәтті пайдаланған Нұрхан аяқасты тұтанған толқынысын титтей де тежеген жоқ. Армиялық міндетін өтеген, өзінің ізін қуып, алматыдағы милиция мектебін аяқтаған, қызыметіне орналасқан жылы, енді-енді үйленгелі жүргенде үзілді-ау, жас ғұмыры. Саяты о кезде он үшке толған, мектепте оқитын. Айтып-айтпай не керек, қаусатып кетті ғой Мұртының мезгілсіз солғаны сорлы шешенің белі шойырылып, жылай-жылай сүйекпен ғана кетер дертке шалдыққан, кеудесінде жаны әншейін. Бұ күнге де ризашылық тағдырдың. – Оу, Нүке, сіз неғып мұнда жағыз... әйелдердің бірі есіктен батылсыздау сығалады, – Қайнар аға келді... Нұрхан залға беттеді қатын-қалаштың үндері саябырсып сәл тынышталды. Қайнар мұның қолын қысып құттықтады. – кішкентайдың берік болсын... атын қалай қойасыңдар? Әлде ойланған жоқсыңдар ма... – Сәкен деп атаймыз... Нұрханның аузынан шыққан сөзді өзгелер лезде іліп әкетті. – Дұрыс.. Сәкендей әнді, сәнді сүйсін... – Өнерлі, жігерлі болсын... – Басына бақ қонсын... Қуырдыққа тойып, шәйға қанған әйелдер стол басынан ығысып, Нұрхан мен Қайнар жеке қалды. – Әй, сендер шұжық жасауға көмектесіңдер... – Сыртқа ыңғайланғандардың бірен-саран Ғанидың өтінішіне кідіріңкірей кері қайтты. – Шілдехана мен соғымнан бір-ақ құтыласыз, ә, апа... – Неге? Ретімен шақырады дағы... – Соғымдарыңыз жақсы екен... – Қазысы неше елі? – Мына ішегіңіз жетпейді, апа...
- Майы көбірек, етінен қосқани жөн – Дөңгелене жайғасқан келіншектер мәре-сәре, Ғайнидың о жағынан да - бұ жағынан да жүгіріп, шаруаға қызу араласқан. Қолдарымен ауыздары жарыса қимылдайды. - Жұрттың бәрі соғым сойып жатқанда туғанын қарай гөр, Сәкеннің.. - Бай болды... - Ақпанда туған ұлдар шымыр өседі... - Аман болсын әйтеуір. - Иә, соны айтыңдар, қарақтарым, ниеттеріңе рахмет, бәріңе де тілегім – немере сүйіңдер... – Ғайни тебірене сөйледі. Маңдайы жіпсіп, рахат та әсерлі хал кешкендей. Талайдан мазасын ұрлаған күдіктен сейіліп, көңілі енді жәй тауып отыр. Мынау дүбірлі сәтті күткелі қай заман, өзі теңдестілердің немере сүйгені былай, кейбіреулері шөбереден дәмелі. Бәрі де бақытқа байланысты шығар... мұның маңдайына әуелден қиындау ғұмыр жазылыпты ғой ... жазмыштан озмыш жоқ, осы бергеніне, осы күнді көргеніне тәуба... – Апа енді не істейік? – Шұжықтарды тауыстық... – Ә, аяқ-табақтарды жуа салайық... – Еденді де сүртіп алған жөн... Ұсақ-түйек біраз шаруаны тындырған келіншектерді Ғайни қайтадан дастарханға шақырды. – Келіңдер, әй, Саят, Мұрат... бәрің де..- Ғайнидың бұлжымас әдеті, мейлі дүкенде, мейлі қорада, көршінің үйінде ме, бәрібір, басқаларға қосып, мұратын да күніне неше мәрте шақырып жүргені. Алда-жалда қасындағылардан естісе, діңкесі құрып, жүдеп-жадайды, ал өзі атап елегенде, жылап-сықтамайды. Сол сырын білетін әйелдер үн-түнсіз асқа жақындады. Әлдебірі «шіркін Мұра-т» дей бергенде, екіншісі санынан шымшылап, кілт тоқтатты, да сөзді басқа жүйеге бұрып жіберді. Тұсауын мен кесемін. Бет әлпетінің әжімдері таралыңқырап, жүзі жадыраған Ғайни бұл сөздерге назар салмаған, құлағы соңғы кезде шала естиді. – Ыстық сорпаны қайсың апарасыңдар? – деді темір плитаның үстінде қайнаған қазанды иегімен нұсқап, – Әй, Саят, қайдасың... – Біз барармыз... – Саят өзі білсін... бірге ерем десе... – Ал, апа, әзірге хош... – Саят, біз кеттік ұлым деп айтуға мына мына үлкендерден қаймығасың ,ә... – Жақсы ... Сәкеннің туған күнін ұмытпайтын болдық... апа, жыл сайын осы мезгілде мазаңызды аламыз... – Қуаныштан айырмасын құдайым... Ғайни естілер-естілмес күбірледі.- Қуаныш қана мазаласын, шырақтарым, жаман апаларыңды...
Көз алдындағы қағаздағы жазуды танымағандай баланың тууы туралы куәлігін олай да бұлай да аударды. – Әй, бүлдіріпті ғой, мыналар... Нұрхан ышқына тіл қатты. – сонда... сонда... менімен санаспағандары-ау... өздері өсіп өздері адам болғаны-ау, ә ... – өңкей дүңгене бітеу немелер... әй, мыналарың не... Нұрханның тас-талқан ашуланғанынан әйел қапелімде түк ұқпады. Құшағыма қысқан немересінің бет әлпетіне қарап та үлгермеген. Ұлы мен келіні сыртқы киімдерін әлі шешпеген, ойларында түк жоқ. – Мұны несіне көрсетіп тұрсың, мә, ал, – Нұрхан куәлікті Саят жаққа лақтырды. – Көрінбеңдер көзіме өзің де, өзгең де... Қалбалақтаған Ғайни екі отада не болғанына мән берместен немересін айналып-толғана күйеуіне ұсынды. Нұрханның күреңіткен, ыза қысқан жүзін лезде жылытар деп сенген мынау бейкүнә нәресте. Қандай айбатты десе-дағы жас баланың алдында ең мейрімді жан екені өзіне белгілі де. – Әкет әрі, көрмеймін де, қарамаймын. –Нұрханның айналасындағыларды қатты шошындырды. Әсіресе, Ғайнидың жүрегін осып өткендей, қалтырап кетті. Даусы жарықшақтанып әрең естілді. – Ниетің құрғыр сол, не оттап тұрсың әлде есіңнен адастың ба? Өзіңнен көпсінгеннен саумысың көптен күткен бақытыңды... сорлы-ау, дәтің барып қалай айтасың... не боп қалды сонша таусыларлықтай,не... – Не болғанын сұра өздерінен, – Кілт бұрылған Нұрхан немересіне назар аудармастан бөлмесіне беттеді. Саят пен Баян бір-біріне тұнжырай қарасып, үнсіз қалды. Екі жаққа жалбарына жаутаңдаған аналарының аянышты кейпінен қашқақтап, бастарын төмен тұқыртқан бойы тұра берді. «Мұнысы не?» дегендей жыламсыраған Баян Саятқа қарады әлден уақытта. Саятың жанары ұстатар емес ешкімге, әлде қайда мағынасыз тесіліп, демі тартыла күрсінді. Әкесін мұншалықты ыза кернер демеген. Келіншегінің өтінішін жерге тастамай, «Самат қояйық есімін деп қиылғасын, документке солай жаздырған. Үйдегі болған әңгіме туралы тіс жармай дереу келісе салғанына енді өкініп тұр. Немересін ұлы мен келінінің өз қалауларымен атағанына Ғайни да тіксініп, жақтырмағанын аңғартып алды. Әке тілегінің аяқасты қалғаны жанын ауыртты. Бұл шаңырақта Нұрханның айтылғаны қалайда орындалмай тынбайтын, емеурінмен елеусіз білдіргені қайталанбас әмір саналатын. Сөйткен әке мінезімен қалайша санаспады екен ұлы? Әттең, аңғалдығы-ай шіркін, әлде жасықтығы ма? Кішентайынан ауыршаңдығынан ба, Мұратындай жігерлі емес, нәзіктеу ержетіп еді... Қашаннан зарыға тосқан бақытты күнін емін-еркін қызықтатпағаны-ай қараң қалғыр құдайдың... Бір қисайса, ұзаққа созылар томырықтығы бар. Нұрханның. Дос па, дұшпан ба қасында, айырмайды, ішкі пікірін жасырмай, ақ-қарасын ақтарып салатыны қиын. Жақынының ұнамсыз қылығын жат деместен, аяусыз әшкерелейтінін қайтерсің. Масқара қылғанда, құттықтап келер ел-жұртқа сырт айналып жүрмесін әлі... Басқа ауылда тұратын екі қызы келгенде, үй ішіндегі көңілсіздік ізімқайым жағалғандай, әрі бала - шағасымен қауышып, Ғайнидың жүрегі алып - ұша шаттықа бөленді. Қуаныштан қыздарында ес жоқ, сәби жатқан бөлмеге кіріп,
жүздері жайраң қағады. Күйеу балалар да жымыңдап, қайын аталарына батыңқырамай момақансып жүр. Кереуетте теріс қарап жатып алған Нұрханның қабағы ашылғаны бүгін шығар соңғы жұмада. Жиендерін тізесіне отырғызып, айналып-толғана қанша иіскеп-сүйсе де мауқы басылар емес. Ренішін сейілткен балғындары жанынан ұзатпай ермек қылды. Желкілдей өскен жапырақтарына-жиендеріне емірене қарап, өзінің алпыстан асқанын тұңғыш рет мойындады. – Аз ба, көп пе адам баласының алпыс жыл жасауы?! Көзімді жұмып, өткеніме үңілсем, көп сияқты, көзімді ашып, алдымды болжасам, аз сияқты. Міне, қайда жатыр гәп... кешегі қырғын соғыста кәрі құртаң, қатын-қалаш, буыны бекімеген өзіндей тобанақтарымен қосылып, колхозда күні-түні дамыл таппай еңбек етті. Жасын ұзартып, он жетіге толмай майданға аттанды. Қанды шайқастың шет жағасын ғана көрді, бел шеше енді-енді ұрысқа кіргенде, жеңіс те жеткен. Содан кейін Отанның қиыр шығыс шекарасында қызмет етті. Бірақ туған жер қайда жүрсе де тартты да тұрды. Ұзақ мерзімді әскери қызметке қаларда демалысқа ауылға келген. Со жолы қарт әкесі Ғайниды қосып жіберді. Бұлардың әулетінде үлкеннің, үй иесінің пікірі жаратқан иелерінің бұйрығындай қабылданатын. Қиын-қыстау кезеңдері ағайын-туғандарының басы қосылып, жарты дәнді бөле жейтін, «менікі», «сенікі» демей, дүние-мүлкін ортада, қанша есін жиғанша, жадау болғанымен, тату-тәтті ортада жүргенін біледі. Азамат атанғанда да қара шаңырақтарының қалыптасқан дәстүрінен аттамады, әке тілеуімен Ғайнимен қол ұстасып, міне, қырық жылдан асты, ғұмыр кешіуде. Атадан таралған берік салттың тамыры шіріген-ау, әйтпесе ұлыныкі не жосық, ешқайсымен ақылдаспай, үйленгені өз алдына, жә, көңілінің қалауы делік, мына саппастығын қалай санасына сыйғызар? О заман да, бұ заман, әке тұрғанда, қатарластары тұңғыштарының аты түгілі затын иемденуге қымсынатын еді ғой күні кеше. Екі жастың бірін жасамай бүгінгілер неткен өзімшіл, неткен пысық. Талай жылды шалғайда өткізгенімен, ата-бабаның көкейіне қонған жөн-жоралғысынан, ғұрпынан жаңылған тұсы кемде-кем. Жарықта жүргенімен, ағайынтуғаннан қол үзбеді, зәузатының ақ сақалдысы алдынан кесе-көлденеңдемеді, кәрия сөзін жерге тастамады... – Нұрханның ойын қыздары бөлді, қонақтардың жиналғанын ескертті. Ортадағы столдың айналасы кісілерге лық толы. Дөңгелек екі табаққа үйеме салынған еттің буы бұрқырап, қазы қартаның исі танау жарғандай. Нұрхан төрдегі орындыққа жайғасты. Бәкісін тазалап, асықпай ет турады. Ең алдымен жиендерін жарылқап, содан соң басқаларына ет мүшелерін бөле таратты. – Ал, дәмнен ауыз тиіңдер, - деді майланған қолдарын ақ сүлгімен сүртіп жатып, - алыстан балалар кеп қалған екен, солардың құрметіне сендер де бірге болсын деп шақырдық... бұлар өзі көп мазаламайды, анда-санда соғады және бүгінгідей бірігіп келмейтін... осылай әке-шешелеріңді сыйлап өтсеңдер, ендігі шақта не керек бізге, ештеңе де керек емес... аман жүріңдер, жасы үлкенді тыңдаңдар, ертең бәрің де қартаясыңдар, «өзі болған қыз төркінін танымастың кебін кимеңдер... Тілектер легі жалғасып, ара-тұра ән шырқалды, домбыра тартылды. Біртебірте Нұрханның маңдайы жіпсіді. Ас бөлмесі мен екі арада жүрген Саят әке
қабағындағы өзгерісті байқаған сайын қимылы ширақтанып, жүзі жадырады. Сөз кезегі үлкен жездесіне тигенде, шеткі орындыққа маңғаздана асықпай жайғасқан. – Немерелеріңіздің бауы берік болсын! Біз де ести сала дереу асықтық осылай қарай... Мынау көрімдігіңіз... – Төс қалтасынан суырып, төрге ұсына берді көк конвертті жездесі. – Қажет жоқ маған ештеңенің де, бер, әне,өздеріне... – Нұрхан қолын да созбады. Отырғандар біртүрлі ыңайсызданып, бөлмені тыныштық биледі. – Е, оған емес, әкелші маған, о, несі-ай, - Ғайни зайыбының оқыстау естілген сөздерін жуып-шайғанымен, мұнысы шашыраңқы, күйзеліңкі шықты. Жоғарыда қалқи тұрып қалған конверттің иесін күйеу баласын аяп, жалма-жан орнынан қозғалған. Белі құрғыр қайтадан сылқ еткізіп, соза берген білегін де көрсетпеді. Әлдекім конвертті алдына тастады-ау әйтеуір. – Сендер тамақ алыңдар. – Демдерін ішіне бүккен қыздарына бұрылған Нұрхан ештеңе де болмағандай, әңгімені мүлдем бөлек арнаға бұрды. – Анау қағаздарымды жаңартып, баспаханаға бастырып беріңдерші, әбден сарғайыпты. Отырғандар қабырғаның жоғарғы тұсына мойнын созды. Рамаланған әйнектің астындағы газеттің қиындылары сарғайған, ескіріпті. Сонау елуінші жылдары еліміздің жоғарғы Советіне депутат боп ұсынылған, сайланғаны жөнінде өзнің өмірінен жазылған мақалалары ыждаһаттылықпен ілінген. Атақты қоғам қайраткерлерімен түскен суреттер де бар ішінде. Тағдырының ең мазмұнды, ең мәнді шағынан хабардар еткендей анау газет бетіндегі көмескі тартқан жазулар. – Сонда қалайша... – деп қалды кіші күйеу, кітап қылып па, әлде... – Жоқ, мына газеттің дәл өзіндей етіп жаңартсаңдар жеткілікті... жә, ретіне қарай көрерсіңдер оны... неғып үндемейсіңдер, астан неге алмайсыңдар, ән айтыңдар... дүниеде не жаңалық болып жатыр осы... Әлгі әзірдегі жәйсіздікті Нұрханның өзі сейілтіп, отырғандар қайтадан көңілдене бастады. Тек қана үлкен күйеудің өңі түнеріңкі, қайын атасының қолын қаққаны намысына тигендей, міз бақпастан отыр, жөндеп ас та ішпеді. Шәйдің соңын ала «кетейікке» басты, машина руліндегі сол болатын. Істің насырға шаппауын тілеген қыздар тілдерін тістеп, үнсіз келісті. Әуелде қонуға ұйғарған. Түннің бір уағында моторды қыздыруға әжептәуір уақыт кетті. Кішкентайларын орап-қымтап, шешелері берген түйіншектерін күйеулеріне ұстатқан екі қыз сүлесоқ аттады табалдырықтан. Машинаға беттеген күйеу баласын Ғайни оңаша шақырып, Нұрханды ақтай сөйледі.-Айналайын, бұл арада саған қатысы дәнеңе жоқ, о шалдың ашуы әлі басылмай жүргені... қалай түсіндірейін... әлгі баланың есімін өзі қойған, сөйтсе келін мен ұл басқаша жаздырыпты куәлікке, қырсық содан басталған... керек десең, немересіне әлі үңіліп қараған да емес... қайта сендер келгесін жібігені, әйтпесе мүлдем қырын кеткен...білесіңдер ғой қырсықтығын... Ғайнидың бетінен сүйіп, құшақтай қоштасқан қыздары, күйеу балалары басқаларының қолынан қысып, мұңая кете берді. Төсекке шалқасынан түсіп, төбеге тесілген Нұрханның аяқ жағына жантайған әйелі біразға шейін үнсіз жатты. – Әй, - деді біраздан соң өктем үнмен, - осы сенің не ойлағаның бар, қартайғаныңды неге мойындамайсың, неге тіліңді
тыймайсың, балалардың көңіліне неге қарамайсың, әкіреңдеуіңді доғарт, милициялығыңды көрсетпе бұдан былай... Жөн-жосықты сақта, орныңды біл... Өй, сорлы-ау сол, тыныш жат, - Нұрхан іргеге аунап түсті, - мені бәрібір жұмсарта алмайсың, әуреленбе, жібиді деп миыңа кірмесін... қолыма да ұстамаймын, кеудеме де қыспаймын... Әкесі екенін сездірді ғой, өбектесін өздері... маған енді ештеңенің де қажеті шамалы... тек құлағыма тыныштық беріңдер... балалардың көңілі... қарай гөр... менің көңілім ше, менің көңіліме неге қарамайды олар... өй, сорлы-ау, үлкенге де кішіге иіліп-бүгілген сорлы...
*** – Бала емес, пәле туғандай болдым ғой. – Көз жасына булыққан Баян тұншыға қыстықты, – бәріне кінәлі сен, папамның тілегін жеткізбедің, қайдан білейін... Саят, Самат деп ойлағамын әуелде...Жарты айдан асты, бізді көрсе, теріс бұрылады... басқасын санамағанда, келімді-кетімді кісілерден ұят... – Енді не істейік? – Саяттың өңінен шарасыздық аңғарылды. Екі оттың ортасында жанұшырғандай соңғы кезде. Үйдегілердің қас-қабағының құлына айналса да, мұнысын елеп-ескерер ешқайсысы жоқ. Әкесі тастүйін, келіншегі берекесіз әңгімемен күні-түні миын жейді, шешесі бүк түсіп жатып алатынды шығарыпты. Апалары да ренжіп кетті. Шынында, бәріне кінәлі өзі. – Бар да куәлікті қайтадан жаздырт, басқа еш амал жоқ, – деді Баян. Жаңағыдай емес, үні ширақ. Құндақтаулы сәбиі қыңқылдап жылай бергесін омырауын тосты. Борс-борс емген нәресте көзін тарс жұмып, рахаттанып жатыр. – Бір сенің төңірегіңде қанша шу, ал бұдан өзің хабарсызсың, әй, ботақан-ай, жарық дүниеге көзіңді ашып үлгермей апшымызды қуырдың, өсе келе қайтесің, ә... Мына босағадан аттағалы ата-ене тарапынан иненің жасуындай қағажу көрмеп едім, қыздарындай аялап, мәпелегенде, тектен-тек қарашы, күнәға белшемізден батқанымызды... Әсіресе мамамызды қатты жүдеттік-ау, балапан... ішінен тынып әрең жүр, бейне-бір өзі кінәлідей-ақ бәрімізге құрақ ұшқанымен, иығындағы жүгін жеңілдетер қауқар бізде болмай тұр-ау... әй, ботақан, ботақан... жалғыз ұлдың келіншегі болудың қиындығын кім сезіпті, бұған мән де бермеппін ғой... Сөйтсе ұқпайтын жәйттері әлі де шашетектен екен... иемденіп нем бар еді сен жаманды... Саяттың жуастығы-ай, тым құрыса айтпай ма, папамның «Сәкен» деп атағанын... көзіне құбыжықтай елестейтін шығармын папамның, келгеннен бері сені бауырына басып, бір де иіскемеді ғой, балапан... сірә, енді жуымас та, мінезінің қаттылығын елдің аңыз қылуына қарағанда...-Баян өз ойынан өзі шошыды. Бейкүнә мынау дәрменсіз бейбақты атасының жек көруі мүмкін-ау деген күдіктен зәресі ұшты. Жиырмаға толған Саятты да сырт көзден қысылмай аймалайтыны, кішкентай баладай айналып толғанатыны кездесетін, сондайда Баян күліп жіберуге шақ қалатын. Еңгезердей жігітті әкесінің еркелетуі тым-тым қызық көрінетін. Соған қарап, атасының жұрт аңыз қылатын «қисықтығын, қыңырлығын, бірбеткейлігін» көре алмай талай таңғалған. Бірақ маңайындағыларды тілсіз бағындырарлықтай қасиетін түйген зердесіне. Алдынан аттап басуға, тіпті даусын қаттырақ шығаруға да батылы жетпейтін. Осының
бәрінде әдемі үйлесім, іштей ұғынысып, сыйласу қылаң беретін. Сөйткен жарасымдылық ұсақ-түйектің кесірінен астан-кестен. Жергілікті селолық советке Саятты әлденеше рет жібергенімен, түк те маңдытпады. Біресе «ешкім жоқ», біресе «кейін кел деді», біресе «ауданға кетіпті» деген тәрізді сылтаумен оралады үйге. Әлде соқпай ма, барғаны өтірік пе, Баян кейінгі кезде секемдене бастады. – Жә, қойшы енді, – деп тиып тастаған келіншегінің кезекті сұрағын аяқтатпай, – қағазға жазылды, бітті, түзетудің де қажеті жоқ, басымды қатырма. Қосылғалы жарынан мұндай тұрпайылықты аңғармаған. «Басымды қатырма» дегені маңдайынан таспен соққандай әсер етті. Ал кеп жыласын оңашада. Онсыз да қамыққан көңілі одан әрмен босап, ұзақ солқылдады. Ұрысу табиғатына жат, тіпті әлдекімнің жәбірлегеніне жауап беруге қымсынатын. Саяттан дөрекі сөз естігені санасына сыйсашы, сүйкімді сәбиі де алдандырып, ренішін тарқатпады. Немересін күн аралатып, тұзды суға шомылдыруға, болбыраған денесін қойдың майымен сылап-сипауға әбден көндіккен енесінің ісәрекетін самарқау бақылап, өз үйінің тірлігіне өзі жатырқай береді. Бөтен кісідей оқшауланып, бөлмесінен шықпайды. Атасы да бәз-баяғыдай томаға-тұйық. Саят жұмысқа ерте кетіп, кеш қайтады, ештеңемен шаруасы жоқ. Қыстың ызғары да со қалпы, жуырмаңда бетінің әрі қайтар шырайы аңғарылмайды. Орталық жылу жүйесіне қосылған төрт бөлмелі үйдің іші қоңыр салқын, кішкентайға салқын тимесін деп, электр пешін қосқан. Өткендегі ойын жүзеге тезірек асыруға тырысқан Баян куәлікті өзі ауыстырып алуға ұйғарды. Күннің ашық райын пайдаланып, далаға шыққан. Бұлардың совхозы етек-жеңі кең алқапқа орналасқан, көшелері ұзын, екінші шетіне жетіп болмайсың. Көптен жаяу жүрмеген, әрі күртік қарға түсе беріп, әбден титықтады. Бірен-саран қарсы ұшырасқандар бас изесіп өтті. Көбін танымайды бұ жердің, әлі жұмысқа да орналаспаған. – Бұйымтайыңызды айтыңыз... – Мынаны өзгертіп берсеңіз... Баян куәлікті столдың үстіне тастай салды. Шәшін ақ селеу шалған байсалды әйелдің инабатты жүзі аптыққан ішкі толқынысын басқандай, еркін сөйледі. – Өзгертіп бермесеңіз, жағдай қиын, өт қиын, түсінесіз бе... біз қателесіп... – Түсінбеймін... не сонша... бәрібір емес пе? – Жо-жоқ, бәрібір емес, көмектесіңізші, апатай... – Кешіктіңдер... тіркеліп кеткелі қай заман куәліктің... үкіметтің мөрі мен қағазы ойыншық емес қой... – Сіз атамды танисыз ба? О кісіге ұнамайды бұл есім... о кісінің көңілін қалдыруға хақымыз жоқ... көмектесіңізші құдай үшін... – Неге ұнамайды, «Самат... қандай жақсы... бүгін қабылдамасы ертең ұнатар... ренжіме, қызым, қолымнан келмейді... ту-у, неге сонша қапаланасың... кейін Сәкен де туар дүниеге, жас емессің бе? Ал, мынаны умаждамай жөндеп ұстаңдар. Баласының куәлігін ақ қағазға орап, төсіне тықты. Манағыдай емес, жел ұрып, сырма бораңдатып тұр. Ақша қар – аппақ әлемнің үстінде мыңдаған жылан
ирелеңдейді, ысылдаған демдеріне шейін саңлауын тесе үркітеді. Пальтосының етегін артқа ысыра нақ алдынан соққан суық жел дес берер емес. Қойнықонышынан сумаңдай кіріп, өнбойын діріл билей жөнелді. Түбіт шәлісін маңдайына түсіріңкірей орап, жағасын қымтады. Бұ не деген ұзақ жол, үйі көзұшында әрең бұлдырап, жақынарада жеткізер емес. Туған ауылындағыдай жан-жағында қалың жынысы жоқ, жалаң төскейде орын тепкен жаңа мекен жайының ыстық-суығына әлі көндіге қоймағанынан ба, азынаған жел соншалықты мейірімсіз көрінді. Төңірегі де қатігезденіп жер-көкті аласапыран жайлап барады. – Әттеген-ай, – деді іштей өзі өкініп, – мұншалықты күрделі екенін кім біліпті, оп-оңай шешілетін жәйттің әуре-сарсаңға салғанын... жаңалықты тоғыз ай тосқанда, ұл туып, өзін тіршіліктің әміршісіндей сезінгенде, болымсыз нәрседен осынша қиналармын деп пе сірә... Мойындағаны дұрыс, атасы оқыс мінез танытпаса, анау сәбиіне басқа да еншілік етер жандар бар екенін әлі де ұқпауы неғайбыл, тіпті ұққаны да шамалы... тек қана өнбойынан қаһар төгілген анау атасының алдындағы айыбын өтеуге құлшынғаны анық. Атаның айбатында өзіне жүктелер көптеген талап-тілектің жасырынғанын түйсінген сайын Саятқа ызаланды. Жуастықтың да шегі бар емес пе, құрсын мұндай момақандығы... дүниеде бала тапқан жалғыз соның әйеліндей-ақ ыржыңдаған түрі жаман еді со жолы... сенің айтқаның заң деп қипықтағаны құрсын... қуаныштан не айтып-не қойғанын есептемеді ме екен әлде... өзінің де таңғажайып ерлік жасағандай күйге бөленгені рас еді ғой... сол әсердің күшімен алды-артын бағдарламапты... Баянның кеудесі сыздады. Шамадан тыс кешіккенін болжап, адымын тездетті. Тағы да оппылай малтығып, пимасының қоншын толтыра еріген қардан балтыры, аяғы жіпсіп, денесі тітіркенді. Тұлабойы мұздап, қашан үйге жеткенше асыққанымен, қыс бойы аттап баспағанынан ба, жүрісі өнбей қойды. Белі төмен тартып, удай ашығасын сәл тыныстаған. Сырма боран үстемелей үрлеп, кеңістік атаулыны әлдеқайда көшіріп жіберетіндей тым ашулы, тым адуынды. Төбе-төбе қар үйінділері әр тұста қалқиып, анадайдан көзге шалынады. Сырғанақ тепкен балалардың боранды да аязды да елейтін шамалары жоқ, шаналарын әрлі-берлі сүйреп, жоғарыдан төменге зыр-зыр. Қардың үстінде құстай самғайды қай-қайсы да. Соларға назар аударған Баянның қалтырағаны басылайын деді. – Ұзақ аялдадың ғой... – Енесі дереу қолына сыпырғыш ұстатты, - құлағыннан саумысың, тез шеш пимаңды, пальтоңды... шырағым-ау, қарға аунағасың ба, не... – Ештеңе...- Баян есіктің түбіндегі орындыққа отыра кетті, - ештеңе де бітірмедім, текке барыппын, жасамай қойды... – Тәйірі-ай, қыңқ етпе, - Ғайнидың даусы жарқын-жарқын шығады, -анау жаңалықты қарасаңшы сен... ақ түйенің қарны ақтарылды... бәсе, неше жерден тас болса да, қалай төзер екен деп ойлағанмын... құдай-ау, тірі жан жас балаға шыдар ма әсте... Баян ортаңғы бөлмеге шапшаңдай басып, әрең тоқтады. Есіктің әйнегінен көріп тұр, атасы Саматты құшақтап, әуендетіп жүр ерсілі-қарсылы. Емірене иіскеп қояды. – Патша бала ғой біздің, дана бала ғой біздің... алданышым,
жұбанышым... мейлі Самат-ақ болшы, құдай жолын оңғарса, Сәкен де келер күні ертең... айналайын патшадан, айналайын Саматтан... айналайын... Үйдің ішіне сәуле жүгіріп, Баянның еңсесі биіктеді. Мерейі тасып, бал-бұл жанған жүзінен лезде шаттық лебі есті. Манағы бейтаныс әйел мен атасының ақылдасқандай-ақ «Сәкен де келер»... деген сөздерінің бірегей шыққанын жақсылыққа жорыды. Тұңғыш рет келін екенін және кімнің, ел-жұртына беделді, жерлестерінің мақтанышына айналғанымен тентектеу атаның келіні екенін көкейіне түйді. Көлгөсір мейірімді де енді оянып, жасап үлгергеніне сенген керемет ерлігін де енді тындырған сияқты. Өзінің ана екенін де қазір ғана сезіп – білдіргендей. Қайын енесіне үнсіз жымыңдайды. Қалайша қасына жақындап, көкірегіне басып сүйегенін аңғармайды. Жіп-жіңішке, сүйектері арбиған салалы саусақтар шашынан сыйпады, иығынан ауыр жүк түсіп, тұлабойы жеңілдеп сала берді Баянның.
ТҮСІНІКТЕР
«Күй – кісен» повесінің кейбір көріністері алпысыншы, жетпісінші жылдары жазылып, толық нұсқасы 1985 жылы аяқталған. Алғаш рет «Жылы шырай» жинағында 1988 жылы жарық корді. «Жападан-жалғыз» атты триптих – әңгіме 1977 жылы жазылғанымен, баспасөз бетінде жарияланған емес. Кезінде бірнеше жазушының шығармаларынан қүрастырылған «Ұйқысыз түндер» жинағына енді. «Ұзақ атқан таң» автордың алпысыншы жылдары жазған алғашқы әңгімелерінің бірі. «Күннің алтын сынығы» кітабында 1983 жылы жарық көрді. «Көңіл, шіркін...» әңгімесі 1985 жылы жазылып, «Жұлдыз» журналының 1986 жылғы № 3 санында жарияланды.1988 жылы жарық көрген «Жылы шырай» кітабына енді. «Тоты» әңгімесі де автордың тұңғыш шығармаларының қатарына жатады. Бұрын еш жерде жарияланбаған. Бұл кітапқа қысқартылған нұсқасы ұсынылып отыр. «Жылы шырай» — жетпісінші жылдары жазылып, 1988 жылы жарық көрген жинағына енген. «Он сегіз шақырым» әңгімесі 1973 жылы жазылған. 1983 жылы жарық көрген «Күннің алтын сынығы» жинағында шықты. «Жалғыз ұлдың келіншегі» әңгімесі 1985 жылы жазылған. Еш жерде жарияланбаған.
Мазмұны Күй – кісен (повесть) ....................................................................................3 Жападан-жалғыз (триптих)....................................................................... 85 Ұзақ атқан таң (әңгіме).............................................................................119 Көңіл, шіркін... (әңгіме)...........................................................................131 Тоты (әңгіме)............................................................................................ 142 Жылы шырай (әңгіме)..............................................................................151 Он сегіз шақырым (әңгіме)......................................................................156 Жалғыз ұлдың келіншегі (әңгіме)............................................................169 Түсініктер...................................................................................................180
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру