Бюрократпен қоштасу
Мұхтар Шерім
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
"Бюрократпен қосштасу" атты Мұхтар Шерімнің сатиралық шығармалар жинағы 1990 жылы Алматы қаласында "Қазақстан" баспасында жарыққа шыққан. Қазақ сатирасы жанрының алыбы Мұхтар Жұмашұлының "Бюрократпен қоштасу" атты кітабында шығармалар тізімі: " Өтірік айтсам, өліп кетейін!", " Кресло көкпар", " Cаяси саусақ", " Ақша келгенше, сау болыңыз!", " Көкем келді!", " Өртке ақша төлеңіздер!", " Мұртым гүлдеп кетті...", "Әкім
ӨТІРІК АЙТСАМ, ӨЛІП КЕТЕЙІН!
Өтірік айтсам, өліп кетейін, 1945 жылы басталып, 1941 жылы аяқталған Ұлы Отан соғысына бсатан аяқ қатыстым ғой. Шынымды айтсам, шешемнің құрсағында жата-жата ішім пысты. Жеті айлығымда шала туылсам да, «Хош бол, мама! Фашистерден кек алмай қайтпаймын!» дедім де, майданға көк есегіммен аттанып кеттім. Жолай көк есегім байқамай гранат жеп қойып, іші жарылып өлді де, жаяу әскер болып шыға келдім. Ол кезде қару-жарақ аз еді ғой, ышқырымнан резеңкені суырып алып, рогатка жасап алдым да, қақ маңдайдан қақырата атып, талай немісті жер жастандырдым. Өтірік айтсам, өліп кетейін, бір күні немістерді тырқыратып қуып келе жатып, бір километр алға озып кетіппін, дереу такси жалдап, қарсы шабуылға шықтым. Бір кезде танкім батпаққа тығылып қалды. Сосын айқай салдым: «Әй, фәшестер! Не деген ит едіңдер! Адам емес екенсіңдер ғой! Давай, танкімді итеріп жіберіңдер, ақысына он сотық жер беремін!» деп қазіргі әкімдердей алдап едім, жиырма шақты неміс жетіп келіп көмектесіп жібергені. Рахметімді айтып, бәрін қырып салдым. Бір кезде қарасам, жүз шақты неміс солдаттары шабуылға шығыпты. Атайын десем оғым таусылған. Менімен бірге өзбек келе жатқан. Әндетіп. Одан бір қапшық патрон сатып алдым. Атайын десем, о тоба, өзбек мені қатырыпты! Патрондардың ішіне насыбай салып жіберген! Автоматыммен атсам болды, «Әпчу, әпчу»» деп түшкіре ұшады. Немістер де түшікіріп өліп жатыр. Жауыздарды қуалап жүріп, қытықтап өлтірдім. Бір генералын ұстап алып: «Қуыр, қуыр, қуырмаш, етегіңе бытыра шаш! Мына жерде мина, мына жерде Зина, мына жерде бомба, мына жерде сотка, мына жерде қытық, қытық!» деп едім, бейшараның аузы ыржиып, өзі қылжиып, өлді де қалды. Бірақ фашистер атқылауларын тоқтатпады. Үстімді шошқаның майымен майлап қойғаным мұндай жақсы болар ма, оқ дегендерің жылп-жылп етіп, сырғанап кете береді екен. Өтірік айтсам, өліп кетейін, 1943 жылы сұмдық соғыс болды! Аяз бет қаратпайды. Ұшқан оқтың өзі орта жолда мұз болып қатып жатты. Неміс ұшақтары тастаған бомбылар қатты аяздан жарылмай, көктемде, қар кеткен соң жарылып жатты. Немістердің қуықтарында мұз қатып қалған, кіші дәретке отыра алмай өліп жатты... Өтірік айтсам, өліп кетейін, туған күнім еді, достарыммен көп ішіп қойыппын. Содан уралап, фәшістер жаққа өтіп кетіппін... Генералы ұстап алып әбден ұялтқаны... «Соғыс кезінде ішіп алғаның не, а? Атаң қазақ арақтан өліп пе еді? Сендердің түптеріңе арақ жетеді! Кәмәндіріңе хабарлайын ба?» деп ұрысты. Тіпті сөгіс жазып берді. Кешірім сұрап, кетіп қалдым. Келесі бір шабуыл кезінде сол генерал айқайлап жүр: «Ей, солдаттар! Сағат бірден асып кетті, обед, обед!» Өтірік айтсам, өліп кетейін, соғыста тәртіп қатаң еді! Любой соғыс таңертең таңғы тоғызда басталып, кешкі алтыда аяқталатын. Обед кезінде кафелерде отыратынбыз, лаваш жейтінбіз. Екінші смен бойынша соғысу деген атымен
жоқ.Соғысқанымыз үшін айлық алатынбыз. Қазіргі кейбір кәсіпкерлер сияқты айлықтарын бермей қою деген атымен жоқ, сенбі, жексенбі күндері Берлинге барып, немістердің қыз-келіншектеріне «движение» жасап қайтатынбыз. Вечер жасайтынбыз. Ауылға барып, ет жеп қайтатын едік. Өтірік айтсам, өліп кетейін, немістің Анна деген қызы ғашық бола берген соң, көңілін қимай, танкімен алып қаштым. Беташар жасадық. Келіннің бетін Гимлер ашты. Гитлердің өзі келіп, табаққа теңге тастады ғой! Арқамнан қағып, «Жарайсың, күйеу бала!» деді. «Екі жұлдыз» деген тойханада тойымыз өтті дүркіреп. Сталин тамада болды. Берия күйеу жолдас болды. Той өткен соң, блиндажда жатыр едік, немістер шабуыл жасай берді. Дамбалшаң атып шығып: «Атаңа нәлет фәшестер! Тыныштық беріңдерші! Бал айын жөндеп өткізейін де!» деп айқай салдым. Я, біз не көрмедік? Жау самолеті тастаған бомбаларды шинеліміздің етегімен қағып алып, танкілерін таспен ұрып, миналарын металломға өткізіп жүре беруші едік. Өтірік айтсам, өліп кетейін!
КРЕСЛО КӨКПАР
Мейлі, көзіңізді жеті рет жұмып, алпыс рет ашыңыз, шәй ішіп отырып, шынымды айтайын, өтірік айтсам, төркініме қайтайын.... Облыстық теле арнадан көкпар беріп жатыр! Ойбай, оның несіне таңданасыз, енді көрсеңіз таң қаласыз! Премьер министр «Мұнай ішеміз!» компаниясы президентінің босаған креслосына көкпар беріп жатыр екен! Қасыма күйеуімді шақырып, аяғымды жылы суға батырып, (біздің пәтер суық, жылу жоқ) кресло көкпарды тамашалай бастадық... Сонымен, теле тілші сөйлеп жатыр! ...Құрметті көрермендер, көкпар десе, өлермендер! «Мұнай ішеміз!» компаниясының президенті болу үшін ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз көкпаршылары үкімет үйі алдына аттарымен шауып келді. Әне, әне, премьер министр үшінші қабаттың терезесінен креслоны лақтырып жіберіп еді, кіші жүздің бір шенеунігі қағып алды да, атына қамшыны салып, салып жіберіп, сол жағалаумен шаба жөнелді. Галстугі желбіреп, креслоны тақымына басып алып, министрлер көшесіне қарай бұрылған, бір «джиптің» үстінен қарғып өтті! Көліктер бір біріне соғылып, көкпаршыға жол беріп жатты. Артынан ұлы жүз бен орта жүздің шенеуніктері құйындатып келеді. Өкінішке орай, бағдаршамның қызылы жанып қалып, бәрі көше басына топырлай тоқтай қалысты. Кіші жүздің шенеунігі «Мұнай ішеміз!!!» компаниясына қарай құйындатып шауып келе жатқан... Орта жолда орта жүздің бір шенеунігі жаяу шыға қалып, көкпаршының алдына өліп қалған мысықты лақтырып жібергені... Көкпаршының аты табан тірей тоқтай қалып, астыңғы ерні жыбырлап, үстіңгі ерні қыбырлап, сөйледі, сөйлегенде бүй деді: «Мырза, сізге бәрі ырза, бірақ алдымызды мысық кесіп өтсе, жолымыз болмайды!» деді. Сөйтіп тұрғанда, артынан өзге жүздің шенеуніктері қуып жетіп, креслоға жармасты. --Бер деймін!
--Бермеймін! --О, шешеңнің... --Боқтама! --Оттама! Орта жүздің шенеунігі қарулы екен, креслоны жұлып алды. Бірақ бір аяғын... Жыны келіп, ат үстінде президентке арыз жаза бастады... Анау қорыққанынан креслосын бере салды. Сол екен, орта жүздің шенеунігі креслоны дереу шеберханаға апарып, тез арада жөндетіп алып, шаба жөнелді. Әне, шауып келеді, шауып келеді, атының үстінен қисая ауып келеді! Компания кеңсесі қайда? Оны да тауып келеді. Бір көшеден өте бергенде, МАЙ инспекторы ысқырып қалды. --Не болды?—деп сұрады ол. --Бұл көшеден аттылар, камаздар жүруге болмайды! Әне, белгіні қара! --Кешіріңіз... -Атыңыздың құйрығында «кz» деген белгісі мен нөмірі жоқ! --Инспектор мырза, мә, алатыныңызды алыңыз, алыңыз да, осы жерде қалыңыз!—деген ол МАЙ инспекторына жүз доллар бере қойып, ары қарай шаба жөнелді. Бұрылып, артына қараса, ұлы жүздің көкпаршылары жетейін деп қалыпты... Бұл атына қамшыны басты-ай! Бір кезде атының астыңғы ерні жыбырлап, үстіңгі ерні қыбырлап : «О, менің галстугты ием! Жаман шөлде-еп кеттім! Мына дүкеннен Сарыағаштың суын сатып әперші!» деді. Ол ақырып: «Неге шөлдей бересің?» деп сұрады. «Кешіріңіз, диабетпін, сусамырмын ғой...» деді аты кісінеп. Әне, ұлы жүздің көкпаршылары жақындап қалды! Жетті! Бір шенеунігінің қолында ұялы телефон, сөйлеп келеді: « Құдай қаласа, бастық боламын! Премьерге иіліп, жастық боламын!» Бір кезде ол креслоны жұлып алды! Шаба жөнелді! Әне, көп қабатты үйлердің арасымен шауып, қара үзіп келеді! Бір кемпір алдынан шыға келіп, бата беріп жатыр: «Я Алла, қазақтың дұшпаны көрінбесін, қазақ жүзге бөлінбесін! Бір шаңыраққа уық болып кірігіңдер, айналайын, қазағым, көк тудың астына бірігіңдер! Әумин!» Ұлы жүздің шенеунігі бетін сипай салып, компания кеңсесі маңына жақындап қалған, әне, әне қазір атынан түсе салады да, креслоны кабинетке апарып, орынына қонжиып отыра қалады! Әттеген-ай, орта жолда қожалар қосылып, креслоны жұлып алып кетті. Енді қожалар шауып келеді! Әттеген-ай, орта жолда орыстар шауып келіп, креслоны тартып әкетті. Орыстар да көкпар шабады екен-ау! Иван деген көкпаршы шауып бара жатып, портфелінен арақтың бөтелкесін суырып алды да, жоғары көтере-е сіміріп салды! Құйындадып келе жатқанда, қаптаған қытай көкпаршылары көрінді. Креслоны тартып алған олар америка, ағылшын, үнді көкпаршыларын таптап өтіп, «Мұнай ішеміз!» компаниясы ғимаратының ішіне аттарымен кіріп кетті. Қазір президент болып қысық көз қытай отыр... Ал, үш жүзге бөлінген қазекемдер «Мұнай қалдығын жалаймыз» мекемесінің бастығы орнына көкпар шауып жүр... Кресло көкпарларыңыз құтты болсын!
CАЯСИ САУСАҚ
Мен өзі ерекше жаратылған адаммын ба, оны бір Алла біледі. Жексенбі күні жыртиып, құлақшынымның жанынан құлағым қылтиып, орталық көшеге бара қалайын! Үкімет шенеуніктерінің көшемен кетіп бара жатқан кортеждерін көруге жүдә құмармын дә... Мен өзі саясатқа жұғымым жоқ, кімнің кім екенін де білмеймін. Қай министр екенін қайдан білейін, қолдарымы қалтама салып, жұмып тұрғанмын, бір кезде сұқ саусағым өзінен-өзі серейді де қалды... Еріксіз оң қолым жоғары көтеріліп, өзге саусақтарым бүгіліп, оңбаған, тәрбиесіз ортан терегім шошайды да қалды. Сол екен, полиция инспекторлары жетіп келіп, машиналарына атып ұрып, алып кетті. Тойға дейсіз бе, тас камераға қамап тастады. Тергеуші келді түнеріп, темекісінің тұқылын таңлайыма тастап жіберердей ызғар шашып. --Сен кімсің?—деп сұрады салған жерден. --Әкемнің баласымын. --Қоршаған ортаны қорғау министрі өтіп бара жатқанда, ортан терегіңді неге шошайттың? --Кешіріңіз, саусағым маған бағынбайды... --Ей, саясатта басың, шаштаразда шашың қалсын! Ортан теректі шошайту шетелде «протесть» болып танылады! Былайша айтқанда, билікке қарсылық! Сен не, министрге қарсымысың? --Өйбай көке, менде сұқ саусақ жоқ... --Көке деме! --Кешіріңіз, көке... --Қане, саусақтарыңды көрсетші? Ойбай, сенде немене, біреу, екеу... сегіз саусақ бар ма? Бәрі бірдей ғой тағы? --Кешіріңіз, дәрігерлерлер айтады, экология дейді ме, баяғы кеңес дәуіріндегі полигон кесірі дейді ме, әйтеуір оң қолыма қосымша үш саусақ жайғасып алды... Тергеуші бес күннен кейін босатып жіберді. Тілшілерге жүдә өкпелеп қалдым. Сол сол екен, топырлап келіп, оң қолымдағы сегіз саусағымды суретке түсіріп, теледидардан көрсетіп, газеттерге шығарып жатты. Өзім ұмытылып қалдым. «Кәк бөдтте», оң қолым өз алдына өмір сүріп жатқандай... Тағы бір күні көшедегі көппен бірге қолдарымды қолыма салып тұрғанмын. Жұрттан естідім, Тони Блэр дейді ме, ағылшыннан кеңесшіміз дейді ме, сол ғана ақылды, біз ақымақпыз дейді ме, қаншама қаржы қалтасында дейді ме, онда жұмысым жоқ, кортежді қызықтап тұрғанмын. Бір кезде бұрынғы ортан терегім шалбарымды тесіп, төмен түсті де, жоғары бұрылып, екі метрдей өсіп тұра қалды. Өзімнің де зәрем қалмады. Сол екен, полицейлер қамап тастады. Тергеуші келді күрсініп. Әкесі өлгендей. --Мынау не?—деп сұрады. --Саусақ... --Бұл саусақ емес, шыбық! Саяси шыбық! --Ке-кешіріңіз көке, өзім де білмеймін... Дәрігерлер айтады, қолың жынданған дейді.
--Көке деме деймін. --Кешіріңіз, көке... Тергеуші екі метр саусағымды суретке түсіріп алды да, босатып жіберді. Саусағым үш күннен кейін қалпына келді... Тағы бірде көшеде өтіп бара жатқан кортежді тамашалап тұрғанмын. Қасымдағылар Ресей президенті Путин дейді ме, мен ол кісіні танымаймын да, бірге шәй ішіп, моншаға барып көрген адамым емес, Талғат Мұсабаев олар мәңгі жалға алған Байқоңыр ғарыш айлағында әділетсіздіктер бастан асатынын айтты дейді ме, Ресей «Бұларың не, а?» деген ән нотасын жіберді дейді ме, онда жұмысым жоқ, ыржалақтап тұрғанмын, бір кезде саяси саусағым антенна сияқты сопаң етіп, жоғары көтеріліп кетті... Саусағымды тығамын деп, біреудің көзін шұқып ала жаздадым... Артынша полиция инспекторы қолдарымды қайырып... Тергеуші түтін жұтқандай жөтеліп келді. --Әй сен саусағыңды неге шығара бересің? Не, Путинге қарсымысың? --Кешіріңіз, көке емес... Дәрігерлер айтады, бұл саусақтың «бір ноқаты кем» деп... --Үкімет адамдары кортежбен өтіп бара жатқанда келмесеңші! Үйіңде шәй ішіп отыра берсеңші! --Шәй ішпеймін... Көфе ішемін. --Өзің Астанаға қайдан келдің? --Ыңғыдық облысынан. --Сол Ыңғыдық облысыңа кетші! Көфе ішіп! Ал, қазір мәжбүрлеп, қолыңа операция жасаймыз. Тегін,--деді тергеуші. Сол екен, камераға екі дәрігер кіріп, мені кушеткаға атып жықты да, наркозбен ұйықтатып тастады. Оянсам, оң қолым жоқ... --Ойбай, оң қолым қайда?—деп сұрадым тергеушіден. --Американдықтар алып кетті... --Оны қайтпек? --«Демократия» деген музейімізге қоямыз дейді... --Осы бізде ортан терек көрсеткені үшін қамай салатын заң бар ма?—деп сұрадым мен. --Заң енді қабылданады! Саяси саусақтар кесіліп, қамалатын болады! Жыным келіп, мен оған сол қолымның ортан терегін көрсеттім. Сол екен, дәрігерлер сол қолымды да кесіп тастады... Енді қай жерімді шошайтарымды білмей жүрмін... Қай жерімді шошайтсам екен, а?
АҚША КЕЛГЕНШЕ, САУ БОЛЫҢЫЗ!
Сәлеметсіз бе, Әкетай! Міне, бірінші семестр да аяқталды. Алматыда күн суық, жатақхана жып-жылы. Өйткені, біздің бөлмедегі үш жігіт үш қызбен құшақтасып, жаурамас үшін анекдот айтысып жатамыз. Әке! Өткенде өзің жіберген жеті мың теңге таусылды. Кафедра меңгерушісі үйленіп, соған жүз теңгеден жинаған едік. Қайтадан ажырасып кетті. Ажырасқаны үшін екі жүз теңге бердік. бердік. Алматы класс! Оқуым өте жақсы. Деканмен бірге
дискотекаға барамыз. Жақсы кісі. Өлтіріп билейді. Бірақ, қыздарды «сындыра» алмайды екен. Әке, сіз сенбей отырсыз-ау деймін! Өзің үйреткендей, өтірік сөйлеп қайтемін? Жақында проректордың қызы тұрмысқа шығып, біздің курстың қыз-жігіттерін құдалыққа шақырды. Біздің университет оқытушыларын айтсаңызшы! Емтихан кезінде бізден ақша алмайды. Қайта бізге ақша беріп, қуалап жүріп емтихан алады. Кеше ректор ағаймен Көктөбеде қыдырдық. Момын кісі. Әке! Ауылды сағындым. Апам не істеп жүр? Әлі жүн түтіп отырған шығар?! Кішкентай күшік Тико өліп қалды деген хат алдым. Жатқан жері жайлы болсын. Мені уайымдай бермеңдер. Көшені кесіп өтпеймін, машиналардың астынан еңбектеп өтемін. Иномаркалар жүдә көп. Кеше екінші курстың қызын бір «Джип» қағып кетті. Қыз өлген жоқ, есігі ашық тұрған кафенің ішіне сырғанап кіріп кетті. Ал оны полиция «удай мас екен» деп бөлімшеге алып кетті. Жатақхана іші өте көңілді. Шыңғырған, қыңсылаған, мөңіреген, тіпті ат болып үрген дауыстар шығып жатады. Бәрі – ертеңіміздің болашақтары. Алматыда тамақ өте арзан екен. Ішпей-жемей иіскеп өтсең ғана арзан. Отырсаң – «косяк». Мұнда келіп тамақ мәзірін өзгерттім. 1. Таңертен жарты стакан су, бір тал сағыз. 2. Түсте екі стакан су, екі тал сағыз. 3. Кешке бір шелек су, бір қапшық сағыз. Өткен аптада ауырып қалдым. Кірпіктеріңе суық тиген дейді ме? Денсаулығым жақсы. Бес минутта он-ақ рет жөтелем. Әке! Университетке ақша төледіңіз бе? Білім министрі оқу ақысын тағы қымбаттатып, қалтаңыздан қағып алмақшы. Өзі студент болмағандай. Біз министрді өте жақсы көріп кеттік. Жақында ауылға барып қалармын. Болашақ келініңіз екеуміз. Аты – Гуля. Мен оны Гуляш деймін. Иісі макаронның иісі сияқты. Әдемі қыз. Шашы жоқ. Төбесінде екі тал ғана. Көздері бір сызық. Линейка. Кореянка. Дүниеде екі нәрсені, бірі – мені, екіншісі – итттің етін жақсы көреді. Ал, жақсы әке, осымен хатымды аяқтаймын! Ақша келгенше сау болыңыз!
КӨКЕМ КЕЛДІ!
Үйленгенімізге бір апта да өтпеген келіншегімнің мінезі қызық. Есік алдына жүгіріп шықты да: --Алақай! Көктем келді!—деп айқайламасы бар ма? «Көкем келді!» деп естіген шешем шалқасынан түсе жаздап: --Шырағым, қай көкең келді? Үйге кірсін де...—деп далақтап жүр. Күн сондай ашық, мамыражай еді, келіншегім жүгіріп барды да, есік алдындағы ақ қайыңды құшақтай алды: --Мен сені сүйемін, ақ қайың!—деді. Шешем ашуланып қалды. «Мына келіннің бұрын Аққайың деген жігіті бар ма еді?—деп менен сұрайды. Мен де жаспын ғой, бірақ әйелім сияқты «романтичный» емеспін. Мен ақ қайыңды сүймеймін. Маған ақ қайың ба, қара тал ма, томар ма, бәрі бір.
Сосын жында адамша: «Ойбай, көктем келді! Әне, көктем анау тұр!» деп айқайламаймын да... Шешемнің жүрегін ұшырып... Бір күні келіншегім жоқ болып кетті. Сөйтсем, үйдің артындағы бақша ішінде дөңгелене билеп жүр, дауыстап қояды: «Мен саған ғашықпын, жарық дүние!» дейді. Шешем жүгіріп барып, таңдайын көтерді. Таңдайын көтеріп жатқанда қыршып тістеп алыпты. «Мына жынды басты қайдан тапқансың балам?»—деп анам өзіме ұрысты. «Келініңіз опера және балет театрында биші ғой, шығармашыл адам!» деп түсіндірдім. «Балетінің атасына нәлет! Шайтан шапалақтап тастаған келінді, молдаға түкіртіп кел!» деді. Келіншегім де қызық, «О, ақша! О, Доллар! Мен саған өлердей ғашықпын!» деп айтса мейлі... жарық дүние, жарық дүние... Өзгелер қараңғы дүниеде жүргендей... Ауылда сібет өшіп қалғандай... «Молдаға барайық?» десем, бармайды. Сосын амал жоқ молдаға өзім барып, қағазға түкіртіп, түкірігін кептіріп әкелдім. Қағазбен бетін сүртпей қойды ғой. Әне, әлі төбесі жабылмаған қораның төбесінде аяғының ұшымен билеп жүр... «Адамдар! Мен сендерді жақсы көремін! Бәріміз бірбірімізді жақсы көрейік!»-- деп айқайлап қояды. Мені жақсы көре ме десем, адамдарды жақсы көреді екен! Мен оны, ол мені түсінбей жүрміз. Сіздер ше? Сіздер бірдеңе түсіндіңіздер ме? Әлде сіздер де: «Автобуспен көктем келе жатыр!» деп айқайлайсыздар ма? Қызық-ей...
ӨРТКЕ АҚША ТӨЛЕҢІЗДЕР!
Құдай басқа салмасын, дүниеде не жаман? Өрт жаман. Шырт ұйқыда жатқанда үйіңіз өртеніп жатса, сумаңдаған жалын ақырын келіп: «Ағай, тұрыңыз, мен өртпін ғой?» деп ескертпейді ,ғой. Өрт демекші, бір күні біздің бес қабатты үйдің үшінші қабатынан өрт шықты. Бала-шағамызбен далаға атып шықтық. Түн ішінде трусишең, мәйкішең шығып кеткен еркектер де жүр. Ұйқы қашып кеткен. Жұрт абдырып, өрт сөндірушілерге хабар беріп жатты. Жарты сағаттан кейін өрт сөндірушілер келді. Бірақ, бәрі машиналарынан шықпай отыр. Мұндай «қызықты» бірінші көрген жұрт өрт сөндірушілердің машиналарын төңкеріп жібере жаздады. --Неге өртті сөндірмейсіңдер? --Неғып тұрсыңдар? --Қонаққа келдіңдер ме, немене? --Өй, болсаңдаршы! Өрт сөндірушілердің бастығы ма деймін, ырғалып-жырғалып: --Су жоқ,--деді. --Су жоғы қалай? --Сол, Алматыда су жоқ. --Онда неменеге келдіңдер? --Жәй, әшейін... --Өртті түкіріп сөндіремісіңдер? Ұятсыздар! Бетсіздер! Адам өртеніп кетсе, обалдары сендерге! --Бізді қарғай көрмеңіздер,--деп қалды әлгі басекең,--су басқармасы су бермей қойды...
--Неге? --Судың ақшасын төлеңіздер дейді... --Масқара! Сіздерге де су сатылады ма, не? --Енді.. Солай болып тұр... Пәленбай мың теңге қарыз екенбіз. Министріміздің өзі «бір тиын төлесек, төңкеріліп қалайық!» деді... --Бірдеңе етсеңіздерші, ойбай! Үйіміз жанып жатыр ғой! --Өртке ақша төлесеңіздер, сөндіреміз... --Немене? --Енді...бәрі ақылы дүние ғой... Жұртта ес қалмады. Бәрі жылапеңіреп, көз жастарын шелекке төгіп, оны өртке шашып жатты... Тіпті жас балаларды күштеп шелекке дәрет сындырғызып жатты... Көп түкірсе көл деген сөз де рас екен. «Тфу, беттерің құрысын! Қоғам қайда бара жатыр?» деп түңілген халық бір мезгілде түкіріп еді, әп-сәтте көл пайда бола кетті. Өрт сөндірушілер тегін көлден су сорып алып, өртті сөндіруге кірісті... Қайран қазағым-ай, бұ сорлы қазақ не көрмеген қазақ?
МҰРТЫМ «ГҮЛДЕП» КЕТТІ...
Қожайынның бес жүздей қойын бағып жүргенмін. Бір кезде аспанға көтерілген сопақ бірдеңенің арты жанып көтерілді де, «ішіп алған ба?», білмеймін, бір кезде біздің тентек қошқар сияқты, ары-бері қисаңдап барып, ортасынан бөлініп кетті. Содан анода-ай жерге барып, гүрс етіп құлап, арты жалынға айналғаны... Темекімді тұтатуға сіріңке таппай тұрған байғұс басым, жүгіріп барып, жалынға темекімді тұтатып алдым. Қалтамнан айна шығарып қарасам, бетім күйіп қалыпты. Бір кезде, ойеба-ай, басыма жоңышқа өсіп шықты... Қойлар жаққа қарасам, бәрі төңкеріліп жатыр. Аяқтары аспанға қарап қалған... Енді қайттім? Сары уайымның қайығына мініп келе жатқанымда, алдымда, құм арасынан бөтелкенің ұшы көрінді. Бір тептім. «Неге тебесің-ей?» деген дауысқа селк етіп, желкемді жалмауыз тістеп алғандай болды. Бөтелкені алып, анадай жерге лақтырып жіберіп едім: --Ей, адам емес екенсің ғой, Путин сияқты...—деген дауыс зорайып шықты. Шықшытыма дейін шып-шып терлеп, басымды түлкінің ініне тыға салдым. Жасырынған түрім. Бір кезде біреу құйрығымнан түртті. Қарасам, ақ сақалды шал тұр. Бірақ аяқтары жоқ, оның орнына салбыраған шашақтар... --Сіз.. сіз кім боласыз?--деп сұрадым қорыққанымнан иегім «билеп» кетіп. --Аса мәртебелі әміршім! Мен мына бөтелке ішінде жатқан сиқыршы жын боламын! Не бұйырасыз? --Мен әмірші емес, жәй, қожайынның қойларын бағып жүрген қойшы едім... --О, әміршім! Білемін, білемін... Жаңа ғана Байқоңырдан ұшқан «Протон» апатқа ұшырап, жерге құлап түсті. Қойларың қуырдақ болып қалды... --Айналайын, жын ақсақал... мына қойларды тірілітіп берші... Менің өмірім қой бағумен өтіп келеді. Өмірімде мына тұрған Қызылордаға барып көрмеппін... Екінші өтінішім, мені Астанаға апаршы. Сыртқы істер министрі етіп қойшы...
--О, әміршім, дипломың жоқ болса да, әміріңізге құлдық! Дипломды министрлер Ресейге «нота» жіберуге жалтақтап отырғанда, сіз нағыз қазақ патриоты екенсіз!—деген жын, «Ібідә, сібідә, мібідә, гібідә!» деп күбірледі де, бөтелкенің ішіне кіріп кетті. Басым қышып барады екен. Қасиын деп жатсам, ұятсыз бір қой басымдағы жоңышқаны жеп тұр екен! Жыным келді. Жын жоқ. Бөтелкені бір тептім, ішінен түтін шығып, артынша жын көтерілді. -О, әміршім, не бұйырасыз?—деп сұрады ол. --Жындысың ба, ештеңе өзгерген жоқ қой? --Ә-ә, кешір әміршім! «Протонның» әсері ғой. Қарашы, төңіректе қызғылт бұлт пайда болды... Сендер қазақтар осының бәріне төзіп келесіңдер! --Енді? --Сиқырымның күші әлсіздеу болып жатыр... Ресейдің Қазақстандағы полигондарын жаппасаңдар, мына Байқоңырды өздеріңе алмасаңдар көретін күндерің осы! --Ғарыш айлағын жалға беріп, жетісіп жатырмыз! Қырғыз құрлы жоқпыз! Радиодан есіттім, Атамбаев Америка базасына бата бермей қойыпты. --Оны үгіттеп үтіктеліп жүрген Путин деген бала. Ал, өзі неге Байқоңырдан бас тартпайды? Не, Ресей жері жетпей қалды ма? Жо-оқ, қазақ қырыла берсін... --Бірдеңе істесеңші? --Ібідә-сбідә, мібідә, гібідә... Бір қарасам, Астанада жүрмін-әй... Сұлу қыздар қоршап алыпты... Қойлардан басқа түк көрмеген байғұс басым, басым айналып барады. Сыртқы істер министрі екенім есіме түсіп, кабинетіме келдім. Қойшы болғандықтан ба, қабырғаларға қойлардың портреттері ілінген. Қолымда қойшының таяғы. Өзім шырттай киінгенмін. Жынға бұйрық беріп, Путинді екі жасар балаға айналдырып жібердім. Әне, мойнында галстуг, бірақ «әпшуі» әйгіленіп, жартылай жалаңаш Путин балақай шауып ойнап жүр. Осыны пайдаланып, «Байқоңырдан кетсеңдер қалай болар екен?» деп сұрадым. «Ікке. Қойшы-ей!» деп басын шайқайды, басына салып қалдым. Сол екен, Путин президент қазіргі қалпына келе қалды. Ыңғайсызданып қалдым... Жынға қарап едім, «Протонның» әсері. Гептилдің әсері. Сиқырым әлсіз...» деп күбірледі. Жынға жыным келді... Баяғы қойшы қалпыма қайтадан түстім... Қойларым артқа қарай жүріп, біртүрлі жайылып барады екен. Басыма қайтадан жоңышқа өсіп шықты...О, тоба, мұртым «гүлдеп» кетті! Атаңа нәлет протон! Атаңа нәлет сайқал саясат!
ӘКІМ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ, ӘКІМ БОЛҒЫМ...
«Сәби болғым келеді, сәби болғым!» деп келетін ән бар ғой, сол есіме түсіп кетіп, «Әкім болғым келеді, әкім болғым!» деп әндетіп жатып, орнымнан ойбайлап атып тұрдым. «Жынды болғым келеді, жынды болғым...» деп тірі жан айтпайды, жақында ауыл әкімдерін өмірімізде бірінші рет халық
сайлайды, неге әкім болмасқа? Немене, ойым ойран, ақылым айран ба? Әлде, бетім жалпақ, аяғым талтақ па? Әйеліме әндетіп: «Әкім болғым келе-е-д-і-і, әкім болғым!» деп әндеттім. Әйелім болса, жас бала Қайрат Нұртастың әуеніне салып: «Ауырмайды жүрек, ауырмайды, егер күйеуім әкім болып кетсе-е-е...» деп желігін баса алмай желпінді. Қанттай киініп, науаттай жылтыр болып, балдай тәтті арманмен аудан әкімшілігіне келдім. Сайлау комиссиясының төрағасын төрде торт жеп отырған жерінен таптым. --Сәлеметсіз бе? Мен «Артта қалған» ауылынан келіп едім...—дедім. --Торт жейсіз бе?—деп сұрады ол. --Тәттіні жек көретін едім... --Обедке жақын торт жеп алатын әдетім бар еді... Кешіріңіз, мені сағынып келдіңіз бе? --Жоға... Әкім болсам деп қағынып келдім... --Халық сайлайды... --Соған тіркеліп қойсам деп едім. --Тросыңыз бар ма? --Оны қайтесіз? --«Тіркеп» қоймаймыз ба? --Қойыңызшы, Әбеке... --«Шөтке»... --Кеше түсімде бір ақ сақалды, қызыл мұртты, жасыл шашты шал мойнымнан қылғындырып: «Әй бала! Қалайда әкім бол! Сенен түбі әкім шығады!» деп аян беріп кеткені... --Сол шал жұрттың бәріне аян беріп жүр екен... Осы кезде бір әйел кабинетке кіріп келді де: --Менің де әкім болғым келеді! Халқыма он сантиметр жақын болғым келеді!Арқам бар! Жын-шайтандарым сізге жіберді! Тіркеңіз мені! Сосын халық мені сайламаса, бетіме, онда да салафан жауып барып, «ы-ы-ықққ!» деп түкіріп кетіңіз!—деп айқай салды. Ана кісі: «Қойыңыз, қойыңызшы, осымен оныншы рет келдіңіз алдыма! Тәуіптер әкім болмайды!» деп шығарып салды да, орындығына отыра кетті. --Кешіріңіз, ит те, шошқа да келе береді. Бәрінің де әкім болғысы бар! --Мен... Мен ит емес едім. --О не дегеніңіз, сіз ит емессіз, иттің сырттанысыз ғой... Мәз болып қалдым. Тіпті үргім келіп кетті... --Ия, аты жөніңіз? --Итбай Сырттанұлы. --Бұрын сотталғансыз ба? --Құдай сақтасын... --Онда әкім бола алмайсыз... --Неге? --Ауыл әкімі деген бұрын сотталып, өмір көрген, түрмеде ысылған, тәжірибесі мол адам болуы керек. Сотталғаныңыз туралы анықтама әкеліңіз...
--Студент кезімде ауылдан келген піскен етті тығып жегенім үшін... Жігіттер сыртымнан құлыптап, бөлмеге бір сағат қамалғаным бар еді... --Ол сотталғанға жатпайды. Пара алып көріп пе едіңіз? --Құдай сақтасын! --Түк көрмеген бейшара екенсіз ғой? Қалай әкім болмақшысыз? Айтпақшы, қандай адам едіңіз? Оңбаған? --Жоқ, оңған... --Бізге оңбаған әкімдер керек. Ішесіз бе? Ажырасқансыз ба? Дипломыңыз жалған ба? --Бұрын ішкенмін... Ажырасқаннан сақтасын! Бір емес, сегіз дипломым бар! --Ішпейтін, жемейтін әкім кімге керек? Халық қарғайды ғой! «Арақ ішпейді екен, тойымыздың сәнін бұзды, жемқор емес екен, енді қайтіп арыз жазамыз?» дейтіндер табылады. Жалған дипломыңыз керек. Өйткені, бұл өмір—жалған... Бір кезде жаңағы әйел айқайлап кіріп келді де: --Сіздің де әкім болғыңыз келеді ме? Әкімдік сіздің не теңіңіз? Алдымен артыңызға қарамайсыз ба?—деді. Бұрылып, артыма қарадым. Ана кісі әйелді сыпайы шығарып салды. Менен кешірім сұрады. --Кешіріңіз,-- дедім мен,--сіз өзі қай рудансыз? --Бытпылдық. --Оның ішінде? --Ытпылдық. --Ойбай-ау, мен де сол ытпылдық руынанмын ғой. Ауыл ақсақалдары әдейі жіберіп отыр. Жапалақ руынан сайланып кетпесін дейді... Сол екен, есік ашылып, әлгі әйел жетіп келді де, мені сүйрей жөнелді. «Менің күйеуім жапалақ руынан! Неге жамандайсың а? Білесің бе, аудан әкімі де жапалақ! Мә, шапалақ!» деген ол бетіме... Құдая беті құрысын мына әйелдің! Естіп келіп едім, «комиссия төрағасы жапалақ руынан. Басқа рудың адамдары келсе, қуып шығу үшін жындыханадан кеше шыққан әйелін кабинетіне шақырады...» деп еді... Ауылға аңырап кетіп барамын. «Әкім болғым келеді, әкім болғым...» деп әндетіп барамын...
ЕВРОМОЛА...
Жігіттердің қолдарында күрек, қабір қазып жатыр. Шіреніп, миллионер келеді. Мыжбан: - (шырт түкіріп) Ей, көрқазушылар, қазып болдыңдар ма? Әпек: - Біраз жер зақымдалды, қысқасы жақын қалды. Мыжбан: - (шіреніп шалқая түседі). Тәпек: - (оның арт жағынан шығып, күректі арқасына тірей қояды) Кешіріңіз, Мыжбан мырза... Мыжбан: - (бұрылмастан) Не істеп жатырсың-ей?! Тәпек: - Сіз шалқая түсіп жатырсыз. Құлап кете ме деп, күрекпен тіреп... Мыжбан: - (қарқылдай күліп) Мен өмір бойы шалқайып, міне былай (талтайып тұра қалады) талтайып өтемін. Өмір бойы! Мен кіммін?
Әпек: - Мыжбансыз. Мыжбан: - Жәй ғана Мыжбан емеспін! Экс-әкім, экс-министр, экс-депутат, экс-сенатор Мыжбанмын. Ал, қазір жасым келіп қалса да, миллионер Мыжбанмын! Ұқтыңдар ма? Әпек: (иіліп) Әміріңізге құлдық, Мыжбан мырза! Мыжбан: - Сендердің қазып жатқандарың менің қабірім! Менің молам! Тәпек: - Сонда... Сонда қашан өлесіз, Мыжбан мырза? Мыжбан: - (оны түйіп жіберіп) Немене, мені өлтіре алмай жүрмісің? Тәпек: - Жоға... Қабір қаздырып жатқаныңызға қарағанда... Мыжбан: - Ертеңін ойламаған ерден без деген. (Пистолетін суырып алады) Мені атып кетейін деп жүргендер полно. Может ертең, может бүгін. Откуда я знаю! Бог знает! Әпек: (темекі шегіп отырады) Әлі жассыз... Мыжбан: - Әрине, жас көрінемін. Жеті әйелім бар, Бәрі он сегізде! Өзім небәрі алпыс бір жарым жасқа келдім! Санчо! (Оққағары жетіп келеді) Саняо: - Не бұйырасыз, мырзам? Мыжбан: - Жігіттер, мына Санчо... Иә, иә, Санчо кличкасы ғой, шын аты Жапалақ. Санчо сіздерге евроқабірдің, евромоланың проектісін береді. Компьютерден шығарғанын берші. (Санчо төс қалтасынан ақ қағаздар шығарады) Мыжбан: - Бері келіңдер, қараңдар! Менің қабірім жәй ғана төмпешік емес, менің қабірім жәй ғана қоршау емес, евро болуы керек, евро! Жер үстіндегісі де, жер астындағысы да! Санчо: - Алдымен жердің астын түсіндірейін бе, мырзам? Мыжбан: - Түсіндір мына маймылдарға! Әпек: - Алдымен келіскен ақшаны... Мыжбан: - Ақшадан өлдің бе? Сүмелек! Ублюдок! (Жүз доллар береді). Мә жүз доллар! Ертең үш жүз доллардан беремін. Әпек: - (долларды қарап) Өмірімде бірінші рет долларды көрдім. Тәпек: - Маған берші, мен де көрейін. Мына ортасындағы шал Карл Маркске ұқсамайды ғой. Әпек: - Сауатсыз! Топас! Бұл Карл Маркс емес қой! Тәпек: - Енді кім? Әпек: - Бұл ма? Бұл... Бұл ма? Маркс Карл. Сен айтқандай Карл Маркс емес. Санчо: - Жігіттер, бері қараңдар! Мынау көрдің жобасы. Қала имамы бекітіп, қолын қойып, мөрін басқан. Мына жер Мыжекеңнің жататын бөлмесі. Төбесі шибокартонмен әспеттеледі, едені граниттен. Қабырғалары қызыл түсті “дождикпен” сыланады. Келесі бөлме теледидар көріп, демалатын бөлмесі. Екі бөлменің терезесі турецкий металлопластиктен! “Венхауз” деп аталады. Мыжбан: - Сендер китайский “Кончик” деп аталатын арзан метталлопластиктен қойып жүрмеңдер. Күнге сарғайып кетеді. Әпек: - Қабірдің астына күн түспейді ғой...
Мыжбан: - (жақтырмай) Өшір үніңді! Төбеде люстаралар, әжетхана, асхана - бәрі болады. Әпек: - Сонда сіз өлмейсіз бе? Мыжбан: - Случайно өліп қалсам деп күні бұрын қабірімді қаздырып жатырмын! Ерекше еврожобамен! Әпек: - Өлген адамға теледидар, асхана, әжетхананың керегі не? Мыжбан: - Топас! Имам айтқан, о дүниеде екінші өмір басталады деп. Теледидарсыз ішім пыспайды ма? Антеннасы, иә спутниковый антеннасын жер үстіндегі жобада тұрғызамын! Әпек: - Қызық екен... Санчо: - Мына бір қабірге қараңызшы! Соседкаңыз бар көрінеді. (оқи бастайды) Қабіріне не деп жазып қойған, оқиыншы. “Қатипаш Қатқанбаева Жұмсақбайқызы 1966 ж. 12.11 - 2007.01.09. О бейшара, свежий өлік екен ғой”. Мыжбан: - Сонымен не айтпақшысыз? Санчо: - (күмілжіп) Ішіңіз пысқанда, Қатипштың қабіріне өтіп, қырындап дегендей... Мыжбан: - Дұрыс айтасың! Көрші қабірге баратын есік алюминовый болсын! Видеонаблюдение болсын! Соткамды бірге көміду ұмытпаңдар! Жер бетіндегі жесірлеріммен хабарласып тұрамын ғой. Менде актив таусылып қалуы мүмкін. Сондықтан, тек “торпедо” тастап отырамын! Әпек: - Қабіріңізге есектей ит ұстамайсыз ба? Мыжбан: - Өшір үніңді! Маған ақыл үйретпе! МЫна қабірге түс! Әпек: - Неге? Мыжбан: - Түсіп жата қал! (Әпек қабірге түсіп, көлденең жатады) Санчо: - Сәл тарлау қазып қойған сияқты. Мыжбан: - Әй, сендер қабірді “времянка” сияқты қазыпсыңдар ғой! Қаншада, қанша өзі? Әпек: (жатқан бойы) Көлденеңнен 8 метр, ұзынынан 10 метр. Мыжбан: - Тағы қос! Мен үшін жер жетеді. Тәпек: - Кейін жесірлеріңіз өлгенде, қасыңызға қатар көмгенге жақсы дейсіз ғойт, иә? (ыржалақтап күледі) Мыжбан: Ублюдок! Осы жерде ата салайын ба? (Пистолетін кезенеді)ү Тәпек: - (дірілдеп) Ке-кешіріңіз, пистолетіңіздің ішінде оғы бар ма? Атылып кетеді ғой. Көр қазып, нәпақа тауып жүрген біз бейшараларға тиісе бармаңыз! Әпек: - (орнынан тұрып) Тәпек, жүр кеттік! Тәпек: - Қайда? Әпек: - Кетеміз. Мыжбан: - (алдынан шығып) Черт возми. сендер не, бунтовать хотите? әпек: - Төрт жүз доллар аз. Евроқабір болған соң тағы қоспасаңыз, кетеміз. Келіспейміз. Мыжбан: - Қанша? Әпек: - Жер үстіндегі қабіріңізді кірпіштен тұрғызамыз ба?
Мыжбан: - Әрине, үш қабаттан, төбесі күмбез, терезелер пластик, жиектері аликобонд! Әпек: - Сегіз мың доллар бересіз. Мыжбан: - Слишком не жирно? Тәпек: - Өзіңіз біліңіз, біз кетеміз. Санчо: - Жігіттер, сәл түссеңдерші? Әпек: - Жарайды, бес мың доллар. Мыжбан: - Келістік. (олар қол алысып жатқанда, алыстан мылтық атылып, Мыжбан уақытша қоршап қойған қабірдің шетіне құлап түседі. Оққағары пистолетін сурып алып, бейберекет атып, біреулерді қуа жөнеледі. “Джиптің” кеткен даусы естіледі.) Әпек: - Бәлесінен аулақ! Қашайық! Кеттік! Евроқабір де, өзі де құрысын! Тәпек: - Көміп кетпейміз бе? Әпек: - Ойбай, жаназасын шығарар туыстары , полиция келсе куә болып, ығырымызды шығарады. Мыжбан: - (қолын созып) Су... Әпек: - (үңіліп) Жаралы ма деймін? (күрішкемен су береді), Мә, атауыңды іш! Мыжбан: (қолын созып) Колбаса... Тәпек: - О, жалмауыз, әбден жеп үйренген ғой. Өліп бара жатып колбаса дейді! Әпек: - Кеттік деймін! (Екеуі қаша жөнеледі. Оққағары қайта келеді) Санчо: - (Мыжбанның басын көтеріп) Өлмеші, мырзам, сіз өлуге тиісті емессіз! Қашып кетті оңбағандар! Тапсырыс берген Орлик емес пе? Мыжбан: - (ыңқылдап) Сөзімді тыңда! Сен білетін жердегі жеті килограмм алтынды жетімдер интернатына өткіз. Атым қалсын, жесірлерімнің бәріне өзің үйленіп ал. Ойбай, өліп барамын! Е-евроқабірді аяқта! (Ол сылқ етіп өліп кетеді). Санчо: - (кекетіп) Өлгенің жақсы болды! Алтын тек өзіме қалады! Мен сені туыстарыңа апарайын, Мыжбан мырза! (сүйрейді). Түу, зілдейін-ай! (пистолетін суырып) Жаралы болса тіріліп кетуі мүмкін, тағы бір оқ жіберейінші... (Атады) О, ублюдок! Евроқабірді түсіңде көресің енді!
ӘКІМ БОЛСАҢ, ҚАЙТЕЙІН?
Облыс әкімінің кабинеті. Мыжбан әкім әлдебір қағаздарды қарап отырған, көмекшісі кіріп келді. Көмекші: — Кешіріңіз, олпы-солпы киінген кластасыңыз Тыжбан келіп тұр. Мыжбан: — Галстугы бар ма? Көмекші: — Бар, бірақ “солып” қалған. Мыжбан: — Солғаны қалай?!
Көмекші: — Енді... Мыж-тыж, беті қыж-қыж... Үстінде күпәйке. Аяғында етік... Мыжбан: — Ендеше, былай, жіберсеңші нетіп... Үстіне менің “запастағы” костюм-шалбарымды кигіз. Иә, иә, уақытша. Өзінің менің алдыма кіре алмай жүргеніне үш ай болған еді. Жарайды, қабылдайын. Ол киінгенше мен мына келесі бөлмеде дамылдайын. (Көмекші кетеді). Әкім: — Неменеге келді екен? Бірдеңе сұрамақшы ғой! Өткенде қабылдамай жіберіп едім, кіре берістегі кезекші полицейді боқтап кетіпті. “Мен керек десең, оның есігін теуіп кіремін!” депті. Депті де, қалтасынан бір үзім нан алып жепті. Жеп болып: “Біз осылай бір үзім нанды бөліп жеген достармыз” депті. Дей берген, деген сайын әлгі нанын жей берген. Қызық адам! Дос болсақ ол баяғыда-а, мектепте болған шығар? Еще, Кеңес дәуірінде! Қазір заман басқа, қарамай ма екен, ағарған шашқа! (Әкім төрдегі есіктен келесі бөлмеге өтіп кетеді). Тыжбан: — (Кабинетке кіріп) Өле-е-е, мына кабинетті-ай! Футбол ойнауға болады екен ғой-ей! Баяғы біздің мектептің спортзалындай... (төрге жақындайды). Ойпырмай, Мыжбан әкім болады деп үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. (Күледі.) Хе-хе-хе! Жындыбастан да әкім шығады екен-ау! Үшінші класта ма жынданып кетіп, көрші кемпірдің кебісін шайнап тастады емес пе? Әкесі Мәскеуге апарып емдетіп әкелді ғой. (Орындыққа отырады). Намыстанғаны ғой, үстіне костюм-шалбар кигізді. Онысына рахмет! Қайда кеткен өзі?! (Екі қолын шалбарының қалтасына салып, шіренген күйі, менсінбеген кейіпті Мыжбан шығады). Мыжбан: — Һім... Тыжбан: — (Құшағын жая ұмтылып) Амансың ба, бауырым, Мыжбан? Ой, сволоч-ей, түк өзгермепсің-ей! (Құшақтайды, ал әкім сол қақиған күйде) Қалай жағдайың жақсы ма? Әрине, жақсы ғой, досым. Мыжбан: — (Креслоға жайғасып) Тыжбан, бұл әкімнің кабинеті, әкімнің! Тыжбан: — (Таңданып) Әкім сен емессің бе? Мыжбан: — Иә, мен, бірақ “сволоч-ей” деп сөйлеме! Тыжбан: — Қойшы-ей, Мыжбан, әкім болсаң қайтейін? (ыржалақтап күледі). Мыжбан: — (Шалқая түсіп) Иә, жағдайың қалай? Тыжбан: — Әзірге малай. Мыжбан: — Түсінбей тұрмын! Тыжбан: — Бір бизнесменге жалданып жұмыс істеп жатқан жайымыз бар, құдайға шүкір, алдымызда индиский шайымыз бар... Мыжбан: — Бірдеңе сұрап келдің бе? Тыжбан: — Жәй, әшейін келдім. Мыжбан: — (Таңданып) Как, әшейін?! Маған келгендер жер, пәтер, кредит, тағы-тағы бірдеңелерді сұрап келеді. Сен әшейін келе салдың ба?! Тыжбан: — (Күледі). Ой, ит-о-о-ой, әлі өзгермепсің-ей! Баяғы мінезің. Мыжбан: — Кешір, достым, сен мені “ой, ит-о-ой“ деп кекетпе. Сен
әкімнің қабылдауында отырсың, әкімнің! Тыжбан: — Ит демегенде, кит деймін бе? Ой, сволоч-ей, керемет өсіп барасың! Молодец! Міне, менің кластасым — облыс әкімі! Мына жақта жүріп біз мақтанамыз ғой! Әшейін, өзіңді бір көрейін деп... Жиырма бес жыл болды ғой, кездеспегенімізге! Мыжбан: — Немене, “бір көрейін деп”, мен қызбын ба, келіншекпін бе?.. Тыжбан: — Тұршы, Мыжеке! Мыжбан: — (Тұрады) Ал, тұрдым. Тыжбан: — (Белінен құшақтап, сілкіп, сілкіп қояды). Өзің быттиып, семіріп кетіпсің ғой! Салмағыңды көріп алайын дегенім ғой. Кел, баяғыдай күресейінші! Есіңде ме, мен сені оң жамбасқа алып, былай... есіңде ме, Мыжбан, былай... (Әкімді оң жамбасқа алып алып, атып ұрады. Әкім шалқасынан түседі, бұл үстіне шоқиып отырып алады). Мыжбан: — Ой-ой, жындысың ба? Не нормальный, а-ну, шагом марш! Қазір күзетшілерді шақырамын, түс деймін, үстімнен! Тыжбан: — Ашуланбашы, досым. Ой, біз дос едік қой! Кейін ғой, өзің өзгеріп кеттің (орнынан тұрады). Депутат болдың, құттықтайын деп келсем, кіргізбей қойдың. Ой, сволоч-ей! Өзіңді сағынып кеттім-ей! Мыжбан: — (Үстін қаққыштап). Шығып тұр, кабинетімнен! Тыжбан: — Не, өкпелеп қалдың ба? Ой, ит-ой, баяғы мінезің қалмапты. Айтпақшы, баяғы Қатипашқа үйлендің бе? Сегізінші “а” класындағы сұлу қыз ше? Сол үшін төбелескеніміз есіңде ме? Мыжбан: — (Қалшылдап). Мен қазір көмекшімді шақырамын! (Есікке беттеп еді, мынау алдын кес-кестеді). Тыжбан: — Қойшы-ей, өзің деп келдім ғой. Не, ойынды көтере алмайсың ба? Есіңде ме, мектептің уборнаясында тығылып, темекі тартушы едік қой? Е, заман-ай! Мыжбан: — (Тістеніп). Кетесің бе? Тыжбан: — (Әкімнің басына шапалақпен қойып қалады). Баяғыда өстіп басыңа ұрып, қашып кетуші едім. Айтпақшы, балтырыңды Қатипаштың үйіне түнделетіп барғанымызда ит тістеп алып еді ғой, көрейінші (еңкейіп әкімнің балағына жармасады). тыртығың әлі бар шығар? Мыжбан: — (Ашуланып). Полиция! Пошел, вон! (Тыжбан оның аузын алақанымен жаба қояды да, басына басымен соққы береді. Әкімнің көзі аларып, талып қалады. Ол оны иығына салып көтеріп, келесі демалыс бөлмесіне апарады да, диванға жатқызады). Тыжбан: — (Кабинетке шығып) Адам емес екен ғой! Ойнағанды да көтере алмайды, қалай әкім болып жүр-ей?! Ублюдок! Мен бұған кластасым, досым деп келіп тұрсам, полицияға ұстатып жібермек пе? Ой, ит-ой-ой! Ой, сволоче-ей! (Әкімнің креслосына отырады) Кресло... Кресло деген керемет қой!.. Қандай жұмсақ! (Шалқая түседі). Шіркін, мен де Мыжбан секілді әкім болсам ғой! Бірақ, өте ақкөңілмін, әкім болып ұрыса да алмайтын шығармын? (Дауыстап) Әй, қаланың әкімі Тәпек Әпеков! Неге сағыз шайнап, қасыңдағымен карта ойнап отырсың? Тұр орныңнан! Ой, сүмелек! Ой, бұлай
дөрекі айтуға болмайды екен ғой. Қаланың жылуы неге жоқ? Мектептер неге суық? Земком бастығынан алатын ставкаң қанша? Ой, шошқа! Отыр! Мұрынбоғыңды сүрт! Һім.. Әй, горОНО бастығы Әлекеева ханым! Атаңа нәлет! Ой... кешіріңіз! Әр директордан алатын ставкаң қанша? (Осы кезде әкімнің көмекшісі кіреді). Көмекші: — (Көзі алақандай болып). Сіз... Сіз... Тыжбан: — (Айқайлап). Оңбаған! Қайда жүрсіз? Мен сізді қызметтен қуанмын! (Сабаасына түсіп) Ой, кешіріңіз, қиялдап кетіппін... Көмекші: — Қиялыңызға қияр турап жеңіз, Мыжекең қайда? Тыжбан: — А-а, кластасым ба? Демалыс бөлмесінде ұйықтап жатыр... Көмекші: — (Абдырап) Қалай?! Тыжбан: — Пырылдап... Көмекші: — Немене?! Тыжбан: — Қойшы-ей, сен де болмадың-ау ырылдап... (Осы кезде әкім шығады) Мыжбан: — Полицияға хабарлаңыз! Мынау хулиган, бұзақы! (Көмекші тыжбанның қолын қайыра бастады) Тыжбан: — Ойбой, ойбой, қоле-ем... Ой, мен сендерге “қолымды сындырып беріңдер” деп келдім бе? Ойбой, ойбой, қоле-ем... Көмекші: — Сіз әкімшілікте тұрсыз, айқайламаңыз! Тыжбан: — Немене, әкімшілікте үнің шығар-шықпас айқаулау керек пе? Мыжбан: — Безобразия! Мен мұны бірдеңе сұрауға келді ме десем... Тыжбан: — Қойшы-ей, әбізәтілні бірдеңе сұрап келуім керек пе? Ой, ит-оой, әзілің қалмайды, ә? Ал, мені полицияға ұстатып жібер, өзіңе ұят келеді! “Ойбой, әкім кластасын соттатып жіберіпт!” деген сөз сирағыңды сындырғанмен бірдей емес пе? Мыжбан: — Сөйлеме! Бұл жер базар емес! Рас, кластасымсың, бірақ дистанция керек қой! Тыжбан: — (Ыржалақтап) О не пәле дистанция? Ондай телефоным жоқ. (Өкпелеп) Жарайды, мен саған өкпеледім. Обшым, адам емес екенсің ғой, жүз грамың бар ма? Көмекші: — Не дейді, мына кісі?!. Мыжбан: — Кабинетімнен шығарып тастаңыз! Неғып тұрсыз мелшиіп, тез-тез бастаңыз! (Көмекші Тыжбанды желкелеп, есіктен шығара бастайды) Тыжбан: — (Бұлқынып) Ұстама деймін, кісіліктерің жұғып кетеді! Мыжбан, әкімдігің өзіңе! Президент аппаратындағы танысыңа миллиондап беріп, әкім болғаныңа түкірдім! Сен бе, халықтың қамын ойлайтын? Мә, мұрнымды кесіп беремін! пышағың бар ма, мұрнымды кесіп ала ғой! Сендер өз құлқындарыңның құлдарысыңдар! Сендер... Сендер... Әй, Мыжбан, баяғыда төртінші класта ләңгімді алғансың, қайтар! Оныншы класта он сом алғансың, қайтар! (Көмекші оны желкелеп әкетеді. Мыжбан жүрегін ұстап, дәрі іше бастайды. Артынша көмекшісі кіреді). Мыжбан: — Кетті ме?
Көмекші: — Жоқ. Мыжбан? — Не дейді? Көмекші: — Костюм-шалбарыңызды шешпей отыр. Мыжбан: — Садаға! Көмекші: — Сосын, жүз грамм сұрап отыр. Мыжбан: — Ойбой, бер, шомылдыр! Көмекші: — Сізді айтады “сволочпен бірге ішемін” дейді... Мыжбан: — Құрысыншы, миымды тұздап жейді! Көзіме көрінбесінші! (Көмекші кетеді, әкім жүрегін ұстап, демалыс бөлмесіне кіріп барады).
“ҮКІМЕТТІ ХАЛЫҚ АСЫРАЙДЫ...“
Біреу жын қуғандай, әйелі ұл туғандай, ыржалақтап кіріп келді. — Мыжбан ағай, сіз боласыз ба?- деп сұрады. — Иә. — Бұл “Жағымпаз“ газеті ғой! — Иә. — Көркем шығарма жазып әкеліп едім. — Тақырыбы? — Тақырыбы— “Тайға таңба басқандай“ — Мазмұны? — Түрмеден зектер қашқандай... — Идеясы? — Шенеуніктер сасқандай. — Біз көркем дүниені баспайтын едік. Алматыға “Қазақ әдебиетіне“ жіберсеңіз қайтеді? — Ол жаққа да жібердім. “Жас алашқа“ да жібердім. Енді сізге келдім. — Жарайды, не деп аталады? — Айтуға оңай, тез жатталады. — Иә, қалай аталған? — “Үкіметті халық асырайды“. — Қызық екен. — Қазіргі жазушылар қағаздың соры, роман болсын, әңгіме-повестері болсын, айтайын деген ойларын, авторлық идеяларын күні бұрын хабарлап қояды. Не айтқысы келетінін біліп қоясың да, кітапты жаба саласың. Ал, менің әңгімем мүлде басқа. Стильмен жазылған. — Атың? — Тоқсан тоғыз. — Фамилияң? — Шариков. — Тоқсан тоғыз Шариков. Естімеген авторым. Сіз бұрын жазушы ма едіңіз? — Иә, мектепте есеп шығардым, әліппеден әріптер көшірдім. Мен ыржалақтап отырған авторға бір қарап, ол ұсынған қалың дәптерге бір
қарап, ақырында парақтап отырып, оқи бастадым. Дәптердің басына: “Үкіметті халық асырайды!“-деп үлкен әріптермен жазыпты. Ар ықарай былай жазылған. Бірінші тарау: Үкімет: — ! Халық: —? Үкімет: — ! Халық: — ? Үкімет: — !!! Халық: — ??? Үкімет: — !!! Халық: — ??? Мұнысы несі? Ыржалақтаған авторға аңтарыла қарадым. — Бұл не?-деп сұрадым мен. — Екі бөлімді спектакль жаздым. — Спектакльді емес, пьесаны жазады. — Иә, көркем шығарма, әрі пьеса! — Көкем-ау, мұндай пьеса болмайды! Леп белгі, Сұрау белгі... Түсінбедім! — Міне, мәселенің түйіні осында! Көркем шығарманы жұмбақтап жазу керек! Оқырманның өзі ойлану керек. — Сонымен, не айтқыңыз келді? — Көрініп тұр ғой, үкімет— леп белгі! Неге дейсің бе? Үкімет халыққа бұйырып сөйлейді. Бұйырып сөйлеген соң, сөйлем соңында леп белгні тұрады ма? Тұрады. Үкімет ұрандатып сөйлейді. Бұған да леп белгі керек пе? Керек! Ал халық сұрау белгілісі. Ананы да, мынаы да сұрап жүргені. Халық үкіметті түсінбейді. Сосын сұрай береді. Ары қарай оқысаңызшы. Мен ыржалақтап отырған авторды көзіммен шолып өтіп, қағазға үңілдім де, өмірден түңілдім. Екінші тарау. Үкімет: —, Халық: —... Үкімет: —, Халық: —... — Бұл немене?-деп сұрадым көркем шығарма “классигіне“ сүзіле қарап. — Не түсінбейтіні бар? Үкімет қайырмасы көп уәде бергіш. Халық үнсіз... Үнсіздік көп нүктемен белгіленеді. Ағай, мен өлең де жаза аламын. Оқып берейін бе? Бір, екі, үш, төрт, бес, Алты, жеті, сегіз, тоғыз! Он, он бір, он екі, Он үш, он төрт, он бес!
О, он алты, он жеті, он сегіз,
Он тоғыз, жиырма, жиырма бір!
Жиырма екі, жиырма үш,
Жиырма төрт, жирыма бес!
Ағай, мен орыс тілінде де жазамын.
Раз, два, три,
Четыре, пять, шесть!
Семь, восемь, девять,
Десят, одиннадцать!
Ағай, мен немісше де өлең жазамын. Аин, свайн, драйн... — Болды, болды, тоқтаңыз! Сіз менің уақытымды алып отырсыз! Кабинетімнен шығып кетуіңізге рахмет! — Сіз мені түсіне алмай отырсыз, Мыжбан мырза! Жындыханадан қашып шыққан бетім еді. Спектаклім ұнамады ма? Аты қандай керемет! “Үкіметті халық асырайды!“ Шынында солай ғой, үкіметті асырап отырған халық! Егер, халық болмаса, үкіметің кімге керек? Мені жұрт жынды дейді, өздерің жындысыңдар! Ол ыржалақтап отыр еді, ашуланған күйі шығып кетті. Ойланып қалдым. Жындының сандырағында шындық жатқан сияқты. Қайырма, көп нүкте... Леп белгі, сұрау белгісі...
ЕМДЕЛУГЕ АҚШАСЫ ЖОҚ...
Облыстың ыңқылхананың, ой, кешіріңіздер,аурухананың бас дәрігері және облыс әкімі нөкерлерімен палаталарды аралап жүр. — Бұл қандай бөлім?-деп сұрады әкім. — Нейрохирургия,-деді бас дәрігер. — Мынау не? — Ішек-қарынның қалдығы ғой. — Бұл неғып дәлізде жатыр? — Операция жасатқан адамның ішегі шұбатылып келе жатқан, оны бір ауру аяғымен басып қалып, үзіп тастаған болуы керек, кешіріңіз. — Әнебір кісі әнебір әйелдің үстіне мініп алғаны несі? — Жүйке ауруына шалдыққандар ғой. — Әйелді бағалай білмейсіздер! — Ертең ол әйелді еркек арқалайды. Қой десе те қоймайды. — Аурулардан ақша аласыздар ма? — Жоқ. — Алмайсыздар ма? Неге? — Ұяламыз. — А, ұяласыздар ма? — Мынау қандай бөлім? — Гастрология. — Мына кісі неге теріс қарап жатыр? — Қазір оятайын. Кешіріңіз, өліп қалыпты.
— Өлгені қалай? — Мәндірбаев!-деді бас дәрігер орынбасарына,— Мына кісі қашан өлген? — Былтыр емес. — Қашан деймін? — Биыл. — Конкретно? — Кеше. — Неге кеше өледі? — Кешеге дейін дәріге ақша бермеді. — Сәл шыдай тұрмады ма? — Шыдамсыз екен, өле салыпты. — Ешкім іздеп келмеді ме? — Әйелі келді. — Не деді? — Арам қатсын, осылай жатсын!-деді. — Ой, мынау да өліп өалған ба? — Өлейін деп жатыр! — Е? — Емделуге ақшасы жоқ. — Мына кісіге не болған? — Жылап отыр. — Е? — Мемлекет тегін беретін дәріден сұрап отыр. — Бермейсің бе? — Беретін жерге беріп қойғанбыз. — Мына кісі... Мына кісі сарғайып кетіпті ғой? — Өзі сондай сап-сары. — Жоқ, сіз жөндеп қараңыз. Жапырақтай сарғайып кетіпті... — Фамилиясы— Сарыбев. Әкім ауруға жақындады. — Ата, жағдайыңыз қалай? — Қалай болса, солай. — Қай жеріңіз ауырады? — Асқазанымда албастыдай жара бар. — Операцияны қашан жасамақ? — Мен өлгенде. — Қойыңыз. Неге олай дейсіз? — Ақша әкеп беріңіз дейді. — Қанша сұрайды? — Отыз мың теңге. — Сіз үшін мен берейін,-деді әкім. Сосын қалтасына қолын салып: — Мә, алыңыз, Мыжбан Мәндірбаев! — Қойыңыз, о не дегеніңіз? Мен өзім-ақ тындыратын едім ғой. Ардагерлерге тегін медициналық көмек көрсетеміз.
— Алыңыз! — Ойбай-ау, бұл өзі... Қызық болды ғой. — Ертең отыз мың теңгені үш мың доллар етіп қайтарасыз. Бұл соманы жетім балалар үйіне аударыңыз. — Менде... Менде ондай ақша қайдан болсын? — Екі қабатты, саунасы бар элитный үйде тұрасыз. — Ол әйелімдікі. — Астыңызда мэрс... — ОЛ да әйелімдікі... — Жеке кафеңіз? — Ол да әйелімдікі. Мен байғұста тас та жоқ, тас жиятын менде бас жоқ. — Ал, әйеліңіз кімдікі? — Меніңкі сияқты... — Мәселеңіз тәртіптік кеңесте қаралады! Сау болыңыз! Әкім бұрылып жүре берді, ал әлгі “өліп“ қалған ауру сықылықтап күле берді. — Ой, сені кеше өліп қалды деп еді ғой! Неге алдайсың?- деген бас дәрігердің көзі алақандай болды. — Мен неге өледі екенмін? Кеше әйелім келіп кетті. Небір сөздермен сілкілеп, періп кетті! Мен өоген күннің ертеңіне күйеуге тимек екен! Көрсетемін мен оған! Маған о дүниеге кетуге болмайды! Дәрігер мырза, мені ауруханадан тез шығарыңыз! — Мынау ішіп алыпты ғой! — Енді... Кеше тірі қалғанымды жудық. Кешекгі дәрігермен түні бойы “қудық“... Бас дәрігер жүрегін ұстап құлап бара жатыр еді, орынбасары ұстап қалды: — Носилка әкеліңіздер! Реанимацияға! Бас дәрігер көзін сығырайтып ашты: — Атаңның басы, реанимацияға! Кабинетке апарыңдар! Креслома жеткізіңдер! Мәселелеріңде мыжып, майшаммен қараймын!
БІЗГЕ ДЕНСАУЛЫҚТЫ САҚТАМАУ МИНИСТРІ КЕРЕК!
Қалт-құлт. Ыңқ-ыңқ. Өһе-өһе. Біздің ауылдың адамдары шетінен ауру-сырқау. Керісінше иттерінің денсаулығы мықты, азаннан кешке дейін үреді, түнге қарай қожайындарының күрк-күрк жөтелдерін естіп, өздерінше “күледі“. Бір күні “Мүгедектер“ ауданына қарасты “Өшіретпен өлетіндер“ ауылының адамдары ақылдаса келіп, орталық көшенің бас жағына жиналыд, біраз төсек тартып жатқандар мұнда келе алмай қиналды. — Сәндібай, сенің ауруың?-деп сұрады “ауыл аурулары“ қоғамның төрағасы Мыжбан. — Қотыр. — Жыбырламай, әрмен отыр! — Мәндірбай, сенің ауруың?
— Қолқақұрт, жөтел. — Бүгін өлмейсің, басыңды көтер! — Бүгін өлетін өшіретім еді. — Кеше кеңкелесті жерледік. Пауза керек, пауза. Сіз ше, Ақылбай ата? — Шықшытымда жекеменшік жарамыз... — Жазылмаған жараңыз қаншау, соны санаңыз. — Бізді неге жинадың?- деп сұрады қант диабетімен ауыратын әйел. — Жеңеше, менде жетісіп жүрген жоқпын. Давлением бар. Өткен жолы инсульт алғанымда білесіздер, үкімет ауыл тұрғындарының денсаулығына жылы қарауды қойды. Шетімізден қырылып жатырмыз. Ал, үкімет сағатында “2005-2010 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды реформалау және дамыту туралы“ баяндама жасалынып, 2030 жылы халықтың орташа жасы 70-80 жасқа дейін ұзарады депті. — Кім айтқан? Министрме? Тентек қойдың басын жепті!-деп қалды қояншық ауруымен алысып келген Тыжбан ақсақал. — Денсаулық сақтау министрі отставкаға кетіп, біздің ауылға келсін. Шөп тасытып қоямыз. — Министр қышыма, қотыр болсын! — Ауылға қаржы бөлмейтін үкіметтегілер тасқараңғы, соқыр болсын! — Қарғалардай қарқылдап, қарғамаңдар!-деді Мыжбан шуды әрең басып.— Менің бір ұысыным бар. Бүкіл Қазақстанның қышымақотырлары— бес батальон, тубіркөлездер— екі дивизия, қант диабетімен ауыратындар— үш-төрт полк, жындыларымыз бар, жыныс ауруымен ауыратындарымыз бар, Астанаға аттанып, үкімет үйіне шабуыл жасаймыз. — Бұл— провакация! Бұл идеяыңыз үшін жауапқа тартыласыз!-деп қалды ауыл әкімі білегіне шыққан іріңлі иіскеп қойып. — Жоқ! Бұл дегеніміз— денсаулық революциясы!- деп қоймады Мыжбан,—біз үкіметке шабуыл жасағанда, соғыс ашпаймыз ғой! Түбіркөлездер премьер-министрді бас салып сүйеді, құшақтайды, түкіріктерін шашыратады. Қайткенде түбіркөлез вирустарын жұқтырып келеді. Аурудың жағдайын ауырған біледі. Үкімет мүшелеріне... тез жұғатын қандай ауру бар еді? — СПИД!-деп қалды біреу. — Өзің СПИД!-деді Мыжбан,— біздің олармен жыныстық қатынасқа түсіп жатуымызға уақытымыз жоқ. Үкіметтегі аз ғана қыз-келіншектерге сары ауру батальондары шабуыл жасап, қалайда ауру жұқтырады. — Сонда не болды?-деді Тыжбан ақсақалдың ауызынан ақ көбік ақтарылып. — Сонда үкімет ауылдық жерлерге пәленбай миллиард теңге бөледі. Егер қаржы бөлмесе, өлмегендер өшіретсіз өледі. Бізге дәрігерлерге жетіспейді. Еліміздегі пәленбай медициналық оқу орындарының жыл сайын мыңдаған түлектер оқып шығады. Солар қайда жүр? Неге бізге жіберілмейді? Біздің ауылдың әйелдері тал-теректі құшақтап, қиналып туатын болды. Акушер жоқ. Тіс ауырса, әдейі төбелесіп, тіс сындырамыз. Тіс дәрігері жоқ. Құдай сідерді соқырішек ете көрмесін! Аудан орталығы алыс. Қыста жол жоқ.
Әндірбайдың баласына мал дәрігері мас күйінде операция жасап, “ішінде қозы-лақ жоқ“ деп қайта тігіп, ақырында кесілген жері іріңдеп, о дүниеге аттанды емес пе? — Өңшең қалт-құлт еткен ауру-сырқауларды үкімет қалай қарсы алады? Суық су шашса, суықтап, тегін дәрілер лақтырса, соған таласып масқара болып жүрмейміз бе? — Кім мұны айтқан? — Мен. — Кімнің баласы едің? — Әкем— дәрі, шешем— укол. — Қырсық сөзді қою керек!-деді Мыжбан,— бізге денсаулықты сақтамау министрі керек! Президенттен соны талап етемін! — Не үшін денсаулықты сақтамау министрі?- деп сұрады Тыжбан ақсақал. — Бұл министрлік ауру-сырқауларға қалай жан тапсыру керек, байлар мен кедейлер арасындағы аурулар салмағын қалай өсіруге болады, ұзақ жасамау үшін не істеу керек? Ішуге жарамсыз ауыз суды одан бетер құртаттып пайдаланудың әдіс-тәсілдерін қалай үйренеді? Жұқпалы ауруларды қалай тез тарату қажет, міне, осы мәселелермен айналысады! — Жағың қарыссын, Мыжбан!- деді іші өтіп отырған бір әйел. — Жағыңа жетпіс жеті жылан жұмыртқаласын!-деді есек арбамен әкелініп, әлі үстінде жатқан бір кемпір. Сөйтті де, көздері алайып, артынша өліп кетті. — Мыжбан, дұрыс айтады! Күйінгеннен айтады! Бізге денсаулықты сақтамау министрлігі керек! Денсаулықты сақтау министрлігі, халықтың денсаулығын сақтап отыр дейсіздер ме? деп Тыжбан ақсақал шалқасынан түсті. Тыпырлап жатыр. Қояншығы ұстады білемін, тілі аузына симай кетті, жатқан жері жайлы болсын, көзі жұмылып, жарық дүниені қимай кетті... Қайран Мыжекең, “ау, халқым, сендерге не болды?“ деп қайта-қайта сұрады, бір кезде қан қысымы көтеріліп, өзі де инфаркттен құлады... Е-е, қайран қазағым, енді бізге “жерлеу“ министрлігі керек пе деп қаламын... Беті аулақ...
ЕШТЕҢЕНІҢ КЕРЕГІ ЖОҚ!
Миллиардердің баласы еріккен күні Каспий теңізінде балық аулап отырған. Қармағының қалытқысы бүлкілдей бастағанда, тартып қалып еді, құйрығы күнге шағылысып, алтын балық жағада жарқ-жұрқ етіп жатты. Кәдімгі ертегідегі алтын балықтың өзі! Быттиған беттерінің арасына мұрыны «жасырынып» қалған байдың баласы, қолына ұстай беріп еді, алтын балық сөйлеп қоя берді. --Мырза, мен алтын балықпын ғой... --Болсаң қайтейін?
--Алтын балықпын деймін... --Немене, мені алтын көрмеді деп пе едің? --Үш тілегіңізді айтыңыз, орындайын. Сосын мені жібере салыңыз... --Менде тілек жоқ... --«Мемлекеттік тіл» дегендеріңізбен, қазақ тілдеріңіз мүгедек екен. Шала қазақтарды қазақша сөйлетіп жіберейін бе? --Зачем?—деп ыңыранды миллиардердің баласы. --Орыстардың «Лад» деген қозғалысы тілдеріңізге шабуыл жасай береді екен. Ауыздарына айран құя салайын ба? --Маған қызық емес... --Алтын керек пе? --Итак навалом менде... --Үш емес, үш жүз тілек айтыңызшы, ауа жетпей бара жатыр... --Ой, не надо мне тілек... --Мұнай беремін... --Мұнай папамда бар... --Қымба-ат маркалы машина берейін... --Жер бетіндегі қымбат машина өзімде... Керек емес! --Айналайын... жіберші мені... Атың кім? --Талтаңбай... --Жасың нешеде? --Жиырма сегізде. --Менен бір жас кіші екенсің... Інішек, жібере салшы, үстім кеуіп барады... --Жібермесем ше? --Тілектеріңді орындамаймын... --Орындамай-ақ қой... Менде бәрі жетеді... --Ит адам екенсіз!—деді алтын балық жыламсырап. --Немене, немене? --Жүрегіңіз мрамор екен... --Кончай, а? Маған ештеңенің керегі жоқ! --Олай болса, тәңір жарылқасын, мені теңізге лақтырып жіберіңіз... --Ішім пысып отыр... Карта ойнай аласың ба? --Ойнайын. --Қандай түрін? Преферанс, күліс... --«Қара қатын»... --Кеттік! Байдың баласы қалтасынан алтылық ойын картасын шығарды. Алтын балық алқынып: --Егер мен жеңіп, сіз «қара қатын» болсаңыз, мені жібересіз бе? --Көреміз... Екеуі жағада карта ойнай бастады. Байдың баласы ұтылып, «қара қатын» атанды. Қуанып кеткен алтын балық: --Қара қатын, қара қатын! Негр қатын!—деп құйрығымен мұның бетіне шапалақтады. Сосын мұңайып: --Мені теңізге жіберіңізші...—деп өтінді.
--Жібермеймін... --Қатын екенсіз ғой! --Немене, немене? --Кейбір екі жүзді әйелдер сияқты екенсіз деймін... --Кончай, а? Қазір уысымда тұрсың, бір сықсам, ішек-қарның аузыңнан шыға¬ды! --Сізді депутат етіп жіберейін... --Ненавижу... маубас депутаттарды... --Сенатор... --Керегі жоқ. --Енді кім болғыңыз келеді? --Құдай... --Кешіріңіз, құдай етуге құдыретім жетпейді... Өйткені, Құдайдың өзі мені жаратты... –деген алтын балық талықсып бара жатты. Сосын көздерін сығырайтып ашып: --Інішек, мен өлген соң, денемді теңізге лақтырып жіберші... «Су баласы суға қарап өседі» дейді біз жақта... –деді де, жыбыр-жыбыр етіп барып, жүре берді... --Зачем?—деді байдың баласы, --сен маған өлген соң ғана қымбатсың! Шынында солай болып шықты, ештеңені керек етпейтін кеңкелесіміз балық¬ты күнге кептіріп, қақтады да, сыртына лак жағып, жылтыратып, әйелінің алтын «цепочкасына» тағып қойды... Ит балық болса, лақтырып жіберер еді, алтын балық қой...
ИТ АДАМДАР КӨП...
Жетеді. Құдайға шүкір жетпесе, бетіме түкір... Баршылық енді...Үш қабатты, 22 бөлмелі үйім бар. Не ішемін, не жеймін десем, қызметшім лыпыл қағатын күйім бар... Менде бір ғана нәрсе жоқ. Сөйлейтін тоты құс! Америкаға барған бір сапарымда тоты құс сатып алдым! Сегіз мың долларға! Аяқтарында жалт-жұлт еткен алтын сақина... Бір қызығы—қазақша сөйлейді! Жиырма жылда жылап-еңіреп, шала қазақтарға бір түйір қазақша үйрете алмай жүргенімізде, мына тотықұс бір айлық курсты «қызыл дипломмен» бітіріп, «асса...асса... аа-ассалаумағал-лей-к-кууум, Мыжеке!»-- деп тұр. Қуанғанымнан құйрығынан сипап, басын түгелдей аузыма салып, сүйіп-сүйіп алдым. Түркияда бір ай болып, үйге келсем, әйелім көшеге шығып кеткен екен. Тоты құсым сайрап тұр. --Ас-са... ас-салау! –деді тоты құсым. --Өзіңнің жағдайың қалай?—деп сұрадым мен. --Нешауа, нешауа, нешауа, нешауа...—деді ол. --Тоты құсым менің, қазақ тілінде таза сайраушы едің ғой? --Ор-рыс-ша сөйлетін еркек қонды үйге! --Немене, немене?
--Ор-рысша ар-р-ра-ластырып сөйлетін ер-р-ркек қонып жүрді! --Оңбаған! Мен жоқта қонып жүрген кім ол? --Ж-жор-рик деген оңбаған!—деді тотықұсым. --Ах, ұятсыз! Қатипаш көзіме шөп салған екен ғой! Бәсе, Америкада жүрге-німде көзіме шөп түсіп кетіп еді. Олар не істеді? --Коффе-е-е ішті. --Сосын? --Коффе-е-ішті!—деді тотықұсым. --Сосын ойбай! --Коффе-е ішті... --Қашанғы іше береді? Сосын? --Коф-фе –ішті... Тоты құсымның басына салып қалдым. Жыным келді. --Ұр-р-рмасай, тотықұс екенімді сыйласай...—деп қалды ол. --Кешір... Сосын не істеді олар? --Ұяламын-н-н-н... --Ұялма! Қазір ол келгенде, көзінше айтасың! --Сүй-й-йісті... --Сосын? --Коф-ф-е ішті. --Кофеде бастары қалсын! Сосын? --Ли-и-ивия... Каддафи-и-и қашып кетті...—деп сандырақтай бастады тотықұсым. Америкада тұратын орыс саясаткерінен сатып алған едім, бұрынғы иесін есіне алып тұр. --Ливияда жұмысым жоқ! Мен Америкада жүргенде, әйелім не істеді деймін? --Хи-иджап киеттін қыз-здар..—деді ол. --Немене хиджап? --Хи-иджап ар-ррабтардың ұлтық киімі---деді ол. --Сен сандалма, әйелім Жорик екеуі не істеді? --Коффе ішті... --Болды ма? --Қа-ззақ қыз-з-здары хиджа-ап кимесін!—деді тоты құсым. --Бастарына шелек төңкеріп алса да, жұмысым жоқ, әйелім туралы сұрап отыр¬мын! --Коффе-е-е ішті... --Бәлее-е ішті! --Маз-зақтамасай... --Өзің ғой, енді, бір сөзді қайталай бересің, қайталай бересің! --Кешір-р-рім сұр-р-ра. --Ойбай, кешір мені тоты құс мырза! Тәңір жарылқасын сені, айта қойшы, әйелім көңілдесімен жиі кездесті ме? --Коффе—е ішті... --Оны айттың ғой... --Коффе-еішті.
--Бәле ішті! Айттың ғой деймін! --Айттың—ң-ң ғой деймі-і-ін... --Қой деймін! --Қой деймін... --Қайталама менің сөзімді! --Қатал-лама менің сөз-зімді! --Ноқаты кем тоты құс болды ғой! --Өзіңнің ноқатың-ң кем! --Сен көп сөзді қой. Кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білемісің? Бірнеше бизнес орталықтары бар атақты Мыжбанмен! --Компози-итор-р-р-лар бір-бірінен ән ұрлап жүр...—деді ол. --Маған оның қатысы жоқ. Әйелім Жорикпен кеше де кездесті ғой? --Коффе-еішті... --Кофең де, өзің де құры! –деп ашуым келді де, тоты құсты тордың ішінен шығарып, басын жұлып алдым... Т-ө-өу, не істеп қойдым? Тірі куәгер еді ғой! Тоты құсымның жұлынған басына қарадым... Байғұстың басы да сөйлеп жатыр: «и-ит адам екенсің! И-ит адамдар кө-өп...»
АЛДАР КӨСЕ АЛДАЙ БЕРЕДІ... (Үш сериялы телекомедия) БІРІНШІ СЕРИЯ 1. АЛДАР ЖӘНЕ ӘКІМ Алдар Көсе ұйықтап жатып, тырқылдап күлді. Сосын қабырға жаққа аунап түсіп, тағы да тырқылдай күлгені... Түс көріп жатыр. Түсінде ауылдың атқа мінерлері жарыс өткізіп жатыр екен дейді. Аудан әкімі мінберде тұр екен дейді. «Жемқорлардың құрметіне «желке тістеу» жарысын өткіземіз!»-- деп шірене сөйлегенде, шалбары шешіле жаздайды. «Кімнің желкесін тістеуіміз керек?», « Желке тістеген деген не пәле?», «Әйелімнің желкесін тістесем болады ма?», «Жануарлар желкесін тістесек рұқсат па?», «Тісім қышып тұр еді, жақсы болды ғой...»--деген дауыстар жан-жақтан жамырады. «Шуламаңдар! Өз желкесін өзі тістеген адамға мемлекет бюджетінен бір қап пісте, жиырма төрт теңге, бір уыс тұз, бір шелек көмір, жүз қой, екі ешкі, бір есек беріледі. Оған қоса жемқорлар құрметіне шығарылған медальдар мен ордендерді де марапатталушылардың желке тұсына тағамыз!»-- деген аудан әкімі мінберден түсіп жатты. Шағын алаңқайға ауыл әкімі мен атқа мінерлер шығып, қарапайым халықты ығыстырып жіберіп, өз жеклкелерін өздері тістеуге кірісті. Қайран, қазағым-ай, байлық дегенде, абыройсыз келген атақ дегенде, алдарыңа жан салмайсыңдар-ау... Әсіресе ауыл әкімінің ауызы қисая ашылып, басын желке тұсына бұрғысы-ақ келеді, өз құйрығын өзі тістеп, шыр көбелек айналған ит сияқты айнала берді, айнала берді... Жиналған жұрттың ішек сілесі қатып күлгені бар, босқа жүрген иттердің адамдарға қарап, үргені бар, бұл өзі қызық болды. Тірі пенденің өз желкесін өзі тістей алмайтынын білсе де, аудан әкімі қызықтап тұрған, кенет өзі де аузын ашып,
көздерін жыпылықтата, басын иығы тұсына бұрды... Болар емес, сосын қолымен желке тұсын ұстап, «әй-и!» деп жерге шырт түкірді. Бір кезде: --Мен өз желкемді тістей аламын!—деген дауыс шықты. Жұрт жапатармағай, дауыс шыққан жаққа қарады. Қараса, жұпыны киінген, басында тақиясы бар, жыртық шапанын жамыла салған жігіт ағасы келе жатыр екен. --Әй, сен кімсің?—деп сұрады аудан әкімі. --Ассалаумағалеййкум, қалың елім, қазағым!—деп Алдар Көсе оң қолын кеудесіне қойып, басын иді,--мен Алдар Көсе боламын! --Алдар Көсе? --Баяғы заманның Алдар Көсесі ме? --Ой, өзіміздің бүгінгі Алдар Көселеріміз де жыртылып айырылады! Шенеунік Алдар Көселер жүдә көп! --Ойбай-ау, бір депутат Алдар Көсені «мөщеннік», алаяқ, балаларымды бұзады деді емес пе? Бұл сол Алдар ма? --Алдар алаяқ емес! Ол тек байлар мен алаяқтарды ғана алдайды! Кедейлердің кегін алып беруші! Осылай шуласқан жұрт Алдар Көсеге таңырқай, әрі іш тарта қарасты. Ауыл әкімі Алдардың жанына келіп: --Фамилияң кім?—деп сұрады. --Менде фамилия жоқ... --Мүмкін, сен шпион шығарсың? --Жоқ, мен сатқын емеспін!—деген Алдар Көсе шапанының ішінен кішігірім ғана еліміздің көк байрағын суырып алып, төбесіне көтерді. Участкелік полиция инспекторы жетіп келіп: --Мүмкін, терроршы шығарсың? Артынып-тартынып, Ауғанстаннан келдің бе?—деп қолын қайыра бастап еді, нөпір халық инспекторды жұлқылап, шетке алып кетті. --Тимеңдер! --Алдар Көсе халық Алдары! --Желкесін тістесін де, сый-сияпатын алсын!—деген дауыстар шығып жатты. Аудан әкімі қолын көтерді: --Шын мәнінде Алдар Көсемісің? --Ия. Шайтанды да, сайтанды да алдаған Алдармын. --Жарайды, өнеріңді көрейік, бізді де алдап, өз желкеңді өзің тістеп көрші!— деген аудан әкімі мойнындағы қып-қызыл галстугын түзеп қойды. Алдар Көсе ортаға шығар алдында, шетте тұрған сиқыршы танысына көзін қысып қойды. Үстіне сиқыршылар киімін киген анау болса, басын изеді. Сол екен, жұрттың көздері байланды да, Алдар Көсе ауыл әкімінің жанына келді. Қалтасынан қайшы шығарып: --Кешіріңіз, бір тал шашыңызды қырқып алсам...—деп сұрады. --Неге менің шашымды? Мен ауыл әкімімін...—деп міңгірледі ауыл әкімі. -Кешіріңіз, лауазымды қызметкерлердің шашы көмегімен ғана басымды желкеме бұра аламын,--деді Алдар Көсе жымиып. Ауыл әкімінің көздері «твист» билеп, аудан әкіміне қарады. Аудан әкімі: «Айтқанына көне ғой...» дегендей, басын изеді. Алдар Көсе оның желке
тұсындағы шашынан қиқалап тұрып, қайшымен бір уысын кесіп алды. Ауыл әкімі ыржалақтап, желкесін сипалап тұр. Бір кездеАлдар Көсе ауыл әкімінің шашын өзінің желке тұсына тастап жіберіп еді... О тоба... Басын 180 градус артына бұрды. Жұрттың көздері алақандай болып, ішектерін тартысты. Әсіресе, ауыл әкімінің аузы ашылып қалыпты... Бір «өсекші» шыбын аузына кіріп, ызыңдап, қайта шықты. Аудан әкімі көздерін жұмып, қайта ашты. Полиция инспекторы тершіген маңдайын сүртіп жатты. Алдар Көсе болса, ернін жиырма сантиметрдей созып, желке тұсын шөп еткізе сүйіп, артынша оңдырмай тістеп алды... Бұл кезде оқшау тұрған көз бояушы танысы жұрттың соңынан қолдарын ербеңдетіп тұрған еді... --Ойбай, мойнына шарик қойып алған ба?! --Немене болып кетті өзі?! --Басы ғана бұрылып, желкесі қатып қалыпты! --Беріңдер сыйлығын! Осындай дауыстар әр жерден шығып жатты. Ауыл әкімі Алдар Көсенің жанына келіп, құлағына сыбырлай: --Сен өзі адамсың ба?—деп сұрады. --Адаммын. Ауыл әкімі Алдардың бетін шымшып көріп: --Өзінің беті сияқты...—деді. --Кешіріңіз, әкім мырза, әлдекімдер сияқты халық алдында қара бет емеспін. Өзімнің бетім,--деген Алдар Көсе аудан әкіміне бұрылды: --Әкім мырза, мен уәдемде тұрдым. Сый-сияпаттарыңызды... --Алдарчик!—деді аудан әкімі жымыңдап,--тірі пенде өз желкесін өздері тістей алмайтынын біліп, ешқандай сыйлық тағайындаған жоқпыз! --Мен тістедім ғой? --Сен бізді алдап тістеуің керек еді... --Сендер халықты алдаудан алдарыңа жан салмайды екенсіңдер!—деген Алдар Көсе халықты қақ жарып, жүре беріп еді, жұрт шулап қоя берді. --Еңбегін елеу керек болар! --Бізді қашанғы алдайсыңдар? --Түйе болмаса да, түймеңді бер! Аудан әкімі халық алдында беделін түсіріп алмас үшін: --Әй!—деп дауыстады. Алдар Көсе бұрылды. --Менің атым «Әй» емес, Алдар Көсе. --Кешір, Алдеке, бері кел. Алдар Көсе аудан әкімінің жанына келді. --Мә, соткамды берейін саған. Қымбат сотка. Осыған да разы бол!—деді әкім. Алдар Көсе ұялы телефонды қызыға ұстап тұрып: --Он мың теңге берсеңізші, бірлік салып алайын да...—деді. --Мен бере салайыншы,--деген ауыл әкімі жағымпазданып, қалтасынан он мың теңге суырып берді. Сосын, былай оңаша алып шығып: --Тәңір жарылқасын, сиқырлы қайшыңды маған сат, балама берейін, асаба еді, тойларда желкесін тістеп, ақша тапсын...—деп жалынғанда, жылап жібере жаздады.
--Жарайды, жесір қатын сияқты жылай, не болса соны сұрай береді екенсің. Не бересің? --Анау тұрған су жаңа «Джипімді» берейін... --Жарайды, келістік! Екеуі қол алысып, әкім қайшыны, Алдар Көсе «Джиптің» кілтін алды. Жұрт тарай бастағанда сиқыршы мен Алар Көсе құшақтасып көрісіп, сосын бірін-бірі қытықтай күлісіп жатты... Тырқылдай күліп жатып, Алдар Көсе оянып кетті. Аулада ит шабалана үріп жатыр екен. Төсегінен керіле тұрып, терезеден үңіле қарады. Қараса, үйіне қарай бір әйел мен еркек келе жатыр екен. Жылдамдата киініп, есік алдына шықты. --Ассалаумағалейкум, Алдар Көсенің үйі осы ма?—деп сұрады еркегі. --Сәлеметсіз бе ағай, сіз Алдар Көсе аға боларсыз?—деді әйелі. --Ия, Алдар Көсенің дәл өзімін. Ксеросы емеспін. Күйеуі Алдардың жұпыны үйіне қарап тұрып: --Миллионерлерді алдап жүріп, осындай жұпыны үйде тұрасыз ба? –деп сұрады. Сосын тағы: --Көшеде келе жатып көрдік, үйіңіздің арты құлап қалыпты...—деп қосып қойды. --Е, кеше қатты түшкіріп қалып едім, қабырғалары құлап қалды... --Алдап алған дүниелеріңізді кедейлерге таратып береді екенсіз, сол рас па?—деп сұрады әйелі. --Жапалақ жапа, дүние опа бермейді... --Келесі ауылдың тұрғындары едік. Мынау жанымда жарбиып тұрған—менің ғана әйелім. --Менің ғана әйелім? --Енді... Жұрттың әйелі болып кетіп, бұзылып жатқандар жетеді деп жетісіп тұрғаным ғой. Көп балалы ана, мен оларға пана. Ауыл әкіміне жиған тергенімізді беріп жүріп, мақта егу ушін жер сатып алған едік. --Құтты болсын! --Сол жері құрғыр құтты болмай тұр... --Неге? Жеріңнің астында албасты жатыр ма? --Ауыл әкімі жерімнің үстінен жер беріп, бір қытай кәсіпкеріне сатып жіберіпті... --Әкімнің алдына барып жыладық...—деді әйелі. --Ол не деді? --Ол да бізбен бірге қосыла жылады... --Қайта-қайта бара бермедіңдер ме? -Бара жатқаннан, кеңсесінің алдына шығып алып, ботадай боздай береді. --Неге жылайды екен? --Сендерге жаным ашиды, бірақ амалым жоқ деп отыр,--деген әйелі орамалының ұшын көзіне апара берді,--Алдар аға, ауыл әкімін бір қатырыңызшы... Жерімізді алып беріңізші... Алдар Көсе иегін сипалап, ойланып қалды. Бір кезде керегеде байлаулы тұрған атына ырғып мінді де:
--Кеттік!—деді. --Біз... Біз автобуспен келіп едік... Қайтуға теңгеміз де жоқ...—деді әйел күмілжіп. --Менің артыма әйелің, одан кейін өзің отыр!—деді Алдар Көсе... --Жануардан обал болмайды ма?—деп сұрады күйеуі. --Мына түрлеріңе қарасам, екеуің қосылып, елу кілә болмайтын сияқтысыңдар! Мінгесіңдер, атымның арқасына май жағып қойған жоқпын! Аддар Көсе атын үйінің текпершегіне жақындатты да, өзі аттан түсіп: -Жоқ, болмайды екен, айтпақшы, ия, атың кім еді?—деп сұрады. --Кедейбек... --Кедейбек, әйелің аттың алдына отырсын. Одан кейін сен мінгес, бірақ теріс қарап отыр, одан кейін мен отырайын... --Бір-бірімізге қарап қаламыз ғой, Алдеке... --Сонысы керек, ауылыңа жеткенше, әңгімелесіп барамыз! Ол әйеліне қарады, әйелі кезеріп кеткен ернін жалады...
Х Х Х
Көздері қысыңқы, қазақша бір түрлі шүлдірлейтін қытай кәсіпкері кеңсесінде керіліп отырған ауыл әкіміне жетіп келді. Жетіп келді де, аяғына жығылды. Әкімнің көздері ағып түсе жаздап, орнынан ұшып тұрды. --Ля мауо мырза, сізге не болды? Сізге не болды деймін? --Анда... Менікі жеріме... --Немене менікі жеріме? --Жеріме барсам, бір ақ дамбал киген ақсақал егіп жүр... --Немене егіп жүр? Мақта ма? --Адам «егіп» жүр... --Қалай қалай? --Менің жеріме талас-талас болған еркек пен әйелді де «егіп» тастапты... --Түсінсем тісім сынып қалсын! --Бірнеше балаларды да «егіп» тастапты... Ауыл әкімі қытай кәсіпкерін алдына салып, жыртылған жазық жерге келсе, шынында, ақсақалды біреу белуарынан көмілген бірнеше адамның түбіне шелектеп су құйып жүр. Тіпті «өсіп» тұрған адамдарға тал жапырақтарын ұстатып қойыпты... --Әй, шал!—деп айқайлады ауыл әкімі,--не істеп жүрсің өзің? --Мен жәй шал емеспін... --Енді кімсіз? --Жер иесімін. --Жер иесі-- мына қытайлық. --О, жаратқан ием, мына бала түсінбей тұр, мен үй иесі, орыстар айтатын «домовой» дегендей, «жер иесімін! --Как, жер иесі? --Орыстар айтатындай «землявоймын!» --Не істеп жүрсіз деймін?
--Өз жеріме адамдар егіп жүрмін. --Адам егілмейді, туылады! --Сен мына оралман қандастарыңды көктетпеген соң, жерге егіп, өзім көктетейін деп жүрмін... --Бұл менікі жер...-деп қалды қара қытай. --Кешір қытеке, бұл қазақ жері, жесірімді алдың, енді жерімді тартып алайын дедің бе?—деген «жер иесі» етіктерінің табандарына пружина байлап қойған екен, жүгіре басып, жол жағасында тұрғандарға қарай секіріп қалғанда, ауыл әкімінің алдына топ ете қалды. Әкімнің аузы ашылып, қорыққанынан шалқасынан түсті. Екі қолын артына тірей, көткеншектей шегініп, орнынан тұрды. --Сіз... сіз шынымен «домовойсыз» ба? --«Землявоймын!» Осы жерде менің мүрдем жатыр! Ал сен екі сатып, екі жеп, ақша санап отырсың! --Сеніңкіремей тұрғаным...—деп көздерін сығырайтты ол. Бір кезде, «өй әкеңнің...» деген «жер иесі» оң қолын иығы тұсынан сол қолымен жұлып алғаны... Қарап тұрмай, жіберіп ұрғанда, жұлынған қолы ауыл әкімінің алдына топ ете түсті. Зәресі қалмаған ауыл әкімі: --Ойбай, же-жерін қайтарып бе-беремін! Ертең келсін! Заңдастырып беремін!—деп жыларман күйде сөйлей қашты. Артынан албастыдай болып, қытай кәсіпкері қашып барады. Олар көрінбей кеткен соң, бос топырақтан сүйретіле шыққан Кедейбек «егіліп» тұрған әйелін құшақтай алды: --Құттықтаймын, қатын! Жеріміз құтты болсын! Жер қазақтарға берілсін! --Қытықтай бермей, мына шұңқырдан шығарсаңшы, отағасы! Әйелінің сөзін тыңдар ол жоқ, Алдардың қасына келіп, оны да құшағына алды. --Алдеке, сізге көп-көп рахмет! Оң қолыңызды шапаныңыздың ішіне жасырып, ағаштан жасалған жасанды қолыңызды жұлып алғаныңызда, жалмауызға да жан керек екен-ә, бұтына жіберіп қоя жаздады! Сізге қарыздармын, бірақ оны қалай қайтарармын... Алдар Көсе басын оның кеуде тұсына қойып, бірдеңе жегендей болды. Сосын басын жұлып алып, жұтынды. --Сізге не болды, Алдар аға?—деп шошып кетті Кедейбек. --Ниетіңді нанға жағып жеп, көңіл көжеңе тойдым, бауырым! Маған осы да жетеді!-деген ол алысқа, тау бөктеріне қарай шаба жөнелді... Кедейбектің жанарынан қуаныштың жасы сорғалап тұр еді, қолын бұлғай, қимас көңілмен қала берді.
ЕКІНШІ СЕРИЯ
2. АЛДАР КӨСЕ ЖӘНЕ МАЙ ИНСПЕКТОРЫ
Алдар Көсе түс қайта арық атымен қала ішіне кіргені сол, «Қолыма ақша түссе екен..»-- деп көздері жайнап тұрған, тоқтамай кеткен «Джиптерге» зығырданы қайнап тұрған МАЙ инспекторы ала таяғын көтеріп, аттылы Алдарды тоқтатты.
--Жәйша тоқтаттыңыз ба?—деп сұрады Алдар Көсе. --Көзіңіз соқыр ма? --Қазір, көздерімнен сұрайын... --Сізбен қалжыңдасып тұрғаным жоқ. Бағдаршамның қызылы жанғанда өтіп кеттіңіз! --Менің машинам жоқ. Мен аттылымын. --Ереже бәріне заң! Атыңыздың нөмірі қайда? --Қандай нөмір? --Мемлекеттік нөмірін айтамын... --Ә-ә, мынау ма?—деген Алдар Көсе шапанының етегін көтеріп жіберіп, етігі қонышынан «АК -777 АЙҒЫР» деп жазылған машиналар нөміріне ұқсас нөмірді алып көрсетті. --Бұл немене? --Нөмір. --«АК» деген немене деймін? --Сауатсыз неме екенсіз ғой, АК—Алдар Көсе деген сөз. --«Крутой» нөмір екен. Дегенмен, жол тәртібін бұздыңыз...—деген инспектор ат үстінде тұрған Алдар Көсеге жақындап, анау басын ие, құлағын тосты,--Ақша беріп кетпесеңіз, ішім өтеді... --Іштің өткені жақсы емес пе, қайта асқазаныңыз тазаланып қалады... --Жоқ... Қалай десем екен... Алақаным қышып тұр... Алдар аттан түсе қалып, жол жиегінде тұрған «Опельдің» артындағы шошайған теміріне атын байлай салды да, инспекторға жақындады. --Алақаныңызды ашыңыз. --Неге? --Қасып берейін дегенім ғой... --Керегі жоқ, Өй, не істеп жасырсыз?—деген инспектордың байбаламына қарамастан, Алдекең оның алақанын тырнай бастады.Тіпті, тістемек те болды. Алқынған инспектор: --Болды, жетеді деймін! Ауыртып жібердіңіз!—деп жыларман болды. --Қышуы қанды ма? --Қанды... Алдар атына көз салып еді, орнында жоқ болып шықты. --Ойбай, атым қайда? --Әне, анау «Опель» машинасының артынан шауып барады! Мәшиненің артына байлай салғаны несі? Алдар Май инспекторының машинасына отыра кетіп: --Отырыңыз, қайда жұмсарымды білмей жүрген жүз мың теңгемді беремін, атымды қуып жетейік!—деді. «Жүз мың теңге»» деген сөз құлағына майдай жағып қалса керек, МАЙ инспекторы машинасына отыра қалып, аттың артынан қуа жөнелді. Сиренасын да қосып жіберді. «Опель» де, ат та жол жиегіне тоқтады. Бұлар жеткенде машина иесі таңқалып тұр еді. --Жындысың ба, атты көрмедің бе?—деп дүрсе қоя берді инспектор. --Құдай ақы, маған сеніңіз! Артыма қарап қойып, мына ат артымнан неге шауып келе жатыр екен?»--деп ойлағаным рас...—деген шопыр
инспектордың қолын қысқан болып, бес мың теңге ұстата қойды. Инспектор теріс қарап. Ақшаны санады да, қалтасына сала қойды. --Бара беріңіз, сіз емес, ат кінәлі...—деді сосын. Алдар басын қасып тұрған. Жемқор МАЙ инспекторын қалай алдап, ақшасын алуды ойлап тұрды... «Не істесем екен, а? Иттің баласының қойны-қонышы толған ақша!» --Әй, мынау атың шорылдат-е-еп тұр ғой! Көшені бүлдіріп...—деп қалды инспектор. Енді сол үшін де ақша алғысы бар. --Ойбуу,-деп Алдар Көсе шыр көбелек айналды,--канистріңіз бар ма? --Оны қайтесіз? --Ағатай-ау, бензин босқа төгіліп жатыр ғой... --Аттың бензині болады деп кім айтты сізге? --Аттың мемлекеттік нөмірі болғанда, бензині болмайды деп кім айтты сізге? Менің атым су орнына АЙ-93 маркалы бензин ішеді... АЙ-80-ді ішпейді. --Мынауың бензин бе? Сап-сары... --Енді оны зәпірәпшіктерден сұра, бірдеңе қосып қойған... Инспектор Алдар Көсенің жеңінен тартты. --Құжаттарыңызды көрсетіңіз. --Қандай құжат? --Көлігіңіздің... --Бұл ат болашақ әйелімнің атында. --Сенім хатты көрсетіңіз. --Болашақ әйеліммен әлі танысып үлгермесем, қайдағы сенім хат? Инспектордың жыны келді. Сол екі арада бірнеше машинаны тоқтатты. Бірі жүгіріп келіп, қолын алып, құшақтай алды. --Неменеге құшақтайсың? Сенің әкең бе едім? --Жол «папасысыз...» Неге тоқтатқаныңызды білейін деп... --Неге «нарушение» жасамай өтіп барасыз? Бала-шаға асырауым керек шығар? Анау ыржалақтап, қалтасынан екі мың теңге шығарып, инспектордың қолына ұстатты. Сосын: --Құдая, бетіңіз құрысын!—деп кете беріп еді, инспектор: --Әй, не деп тұрсың?—деп сұрады. --Құдая, бетіңіз қайтып келсін!—деп бетін сипаған анау тұра қашты. Алдар әлі ойланып тұр. «Мына иттің ақшасын қалай алсам екен, а? Бұл деген жол торыған тонаушы екен ғой!» Бір кезде ол еңіреп жылай бастады. «Неге жылайсыз?» деп инспектор одан сұрай бастады. Ботадай боздаған Алдекең оны құшақтай алып, басын шайқады дейсің... --Не болды саған?—деп сұрады инспектор. --Жәй, таңертең бетімді жумай шыққан едім, көз жасыма бетімді жуып алайын деп... Сіздің атыңыз кім, ағатай? --Майшелпек. --Майшелпек бауырым, сізге жаным ашып тұр. КНБ деген бар. Ұлттық қауіпсіздік комитеті. Соның жігіттері ұстап алса, қойны –қонышың толған ақша... --Жаның ашымай-ақ қойсын. Жаңа айтқан жүз мың теңгеңді қашан бересің?—деп сұрады инспектор.
--Беремін. Менің ақшаны көрсем, аллергиям ұстайды. Көп сақтай алмаймын, жаратып жіберемін. Ақшаны ақша жасайды. --Қалай? --Менің ақшам буаз ақшалар. Жақында ақшалайды. --Қ-қалайша? --Жүз мың теңгем өзінен өзі ақшалап, екі жүз мың теңге болып шыға келеді. Солай, мықты деген тәуіпке «оқытып», түшкіртіп алғанмын. --Мынауың қызық екен... деген инспектордың көздері күлімдеп қоя берді. Томпиған қалтасын сыртынан сипалап қойып, қутыңдай: --Менің ақшаларым ше?—деп сұрады. --Қане, көрсетші... МАЙ инспекторы жан-жағына қарады. Сосын ымдап, Алдар Көсені машина кабинасына кіргізіп алды. Екеуі артқы орындықта қатар отыр. Алдар Көсе инспектор берген ақшаларды уыстап тұрып: --Мына ақшалар ақшаламайды...—деді. --Неге?—деген инспектордың көздері тізесіне түсіп қала жаздады. --Ақшаларыңыз шеттерінен бедеу екен. Оның үстіне жартысы еркек ақшалар... --Еркек ақша болар ма? --Оқытылса, түшкірсе, бәрі болады... --Ойпырмай-ә... --Сіз мына ақшаларды маған беріңіз, қалтама салып алайын. --Ойбай, бомайды! --Болады! Менің еркек ақшаларыммен таныса берсін де. Бедеу ақшаларың бесеу болса, көбейсе, жаман ба не?—деген Алдар Көсе ақшаны қалтасына басты. Сосын: --Жаңа айттым ғой, сіздің дұшпаныңыз көп. Мен сізге банкомат болайын. Сіз «жұмыс істеп», ақша табасыз да, менің қалтама сүңгіте бересіз. Немесе, шопырларды маған жұмсайсыз. Қалай еді, а, ия, «шестерка» болып тұрамын. Кенеттен КНБ келе қалса, мен қашып кетемін... --Қайда қашасыз? --Сіздің үйге қарай... --Менің үйімді қайдан білесіз? --Ойбай-ау, қорыққанда, қытайдағы қатыныңды да тауып аласың деген. --Банкомат болғаннан сізге не пайда? --Алла тағала күніне бір рет жақсылық жасаған пендесін жұмаққа жібереді екен. Сізге жақсылық жасағым келеді... --Жарайды, менің мекен жайым: Бұралаң көшесі, қисалаң көшесінің қиылысындағы 13 үй, 13 пәтер. --Келістік! Мә, мына қамшыны ал, оқытылған қамшы. Ақша шақырады. Алдар Көсе шетке барып, атының қасында әндетіп тұрды. Инспектор болса, «қызу» жұмыс жасап жатты. Машиналарды бірінен соң бірін тоқтатты. Шопырлар тіпті кезекке тұрып, Алдарға ақша тапсырып жатты. Ақшада есеп жоқ... Дандайсыған инспектор аз ақша берген шопырларды керек десеңіз, қамшымен салып жіберетін де болды.
--Мына қамшың керемет екен, аспанға қарай шошайтып едім, ананы қарашы, ұшып бара жатқан тікұшақ та тоқтап қалды,--деді. Алдар Көсе көздерін қолымен көлегейлеп, аспанға қарады. --Қазір ақшаны тасқа байлап, өзіңізге лақтырады,--деген Алдекең жерден еңкейіп, кішігірім тас алды да, аспанға қарап, аңқиып тұрған инспектордың басына жіберіп ұрды. Басына тақ ете қалды. Анау жалт бұрылып: --Сіз ұрдыңыз ба?—деп сұрады. --Жоға, тікұшақтан түскен тас менің маңдайыма соғылып, сосын сізге қарай ұшып кетті... --Ақшасы қайда? --Қалтамда. Мен банкоматпын ғой... --Әй, «банкомат!» Ақшаларымды әкеліңіз, үйге кетемін. Жүз мың теңгеңізді қоса беріңіз! --Қайдағы жүз мың? --Беремін дегеніңіз ше? --Ойбай-ау, сіздің ақшаларыңыз жүдә бұзық екен. Ішінде «сотталғандары» да бар-ау деймін... Менің ақшаларымды шетінен өлтіріп тастады. Тура жүз мыңды... --Қалжыңды қойыңыз! Өз ақшамды қайтарыңыз! --Банкомат бұзылып қалды...—деген Алдар Көсе атына мінді. --Қалай бұзылып қалды? --Оның үстіне сіздің карточкаңыз да жоқ...—деген Алдар Көсе атының басын бұрып, шаба жөнелді. --Әй-әй, тоқтаңыз! Қайда қашып барасыз? --Кэнбэшниктер келе жатыр ма деп қашып барамын! Сау болыңыз! --Мынау... Мынау атақты Алдар Көсе екен ғой! Ойбай, тыр жалаңаш қалдым ғой! Тыр жалаңаш!—деген инспектор Алдардың қамшысын жерге атып ұрды... Машинасына асығыс отырып жатқанда, кэнбэшниктер келіп, қолына кісен салып жатты... О, ақша, сен осындай опасыз ба едің?!
ҮШІНШІ СЕРИЯ. МАХАББАТҚА ШӨЛДЕП КЕЛЕМІН!
Махаббат деген—жанып тұрған от қой, от! Лапылдап жанып кетесің, немесе, жұрттың соңында салпақта-ап, қалып кетесің! Махаббат деген-ол көтеріліс! Бүкіл сезімің—бір мақсатқа жету үшін көтеріліске шығады! Махаббат—митинг. Миыңда миллиондаған ойлар митингіге шығып, ми палау боласың... Махаббат үшін суға секіресің, махаббат үшін біреуге жекіресің... Махаббат үшін тіпті асылып қаласың, махаббат үшін барыңды беріп, шашылып та қаласың... Махаббат—бал. Жалай бересің, жалай бересің де, таусылып қала ма деп, жан-жағыңа қарай бересің! Махаббат—кейде у, кейде газданбаған жәй су... Ал, Алдар Көсенің махаббаты бал бола ма, әлде айтқан жерден аулақ, у болады ма, оны қазір көресіздер... Бір күні Алдар Көсе көрші ауылда тұратын сүйіктісі Шиегүлдің үйіне кештетіп келді. Қора жанында сиыр сауып отыр екен. Әкесі де, шешесі де
қатал, қақ маңдайдан бір перуден, немесе, жатқызып алып, аяқтары майысқанша тебуден тайынбайды. Осыны білген Алдар Көсе өрістен қайтқан қойлармен бірге қора ішіне еңбектей кіріп кетті. Бір кезде әкесі келді. Қора ішіндегі қойларына қарап тұрып: --Қатын-әй, қорамызға бөтен қой кіріп кетіпті, білдірмей сойып алайық та?— деп сұрады. --«Қызға құшақ, қойға пышақ дайын» деген сөзім бар, сойсақ, сойып алайық,--деген әйелінің даусы шыққанда, мана терезе тұсында жаюлы тұрған қой терісін жамылып алып, қойлармен қатарласып тұрған Алдардың жаны мұрнының ұшына келіп, көздері жыпылықтады. --Қораның іші қараңғы, ләмпечкесі күйіп кетіпті. Асхана ішіне жасырып соямыз-ау... Осылай деген отағасы Алдардың жанына келіп, үстіне жамыла салған қойдың терісін сипалап қойды. Сосын құйрық жағынан ұстап, «құйрықты» екенін білгісі келді ғой деймін, мытып-мытып жібергенде, Алдекең шыдай алмай: --Ойбай...—деп қалды. --Ойбай!—деді отағасы да қорқып кетіп. --Ұят емес пе, ағасы? Құйрығымды ұстағаны несі... --Ойбай! Бөтен қой сөйлеп кетті!—деген отағасы от алған трактордай секіріп-секіріп алды да, тұра қашты. Әкесін көрген Шиегүл де сүтін ақтарып алды. Қызы да, әкесі де, бірі-- әйелінің, бірі-- шешесінің артына жасырынды. Бұл кезде «маңыраған» Алдар Көсе төрт аяқтай қорадан шығып, жартылай ашық тұрған дарбазаның есігінен шығып бара жатты. Әшейінде, «батырсынған» отағасы мұны көргенде, талып қалды... Әйелі болса, «Кет шайтан, кет! Қайтып келме!» деп артынан шелектеп су шашты. Біраз жерге дейін еңбектеп барған Алдар Көсе арықтың жағасында алқынып отырды. Сүйіктісі Шиегүлге қалай жолықса екен а? Бұл ауылда ұялы телефон да толқын ұстамайды... Ақырын жүріп, дарбазаның тесігінен сығалап тұр еді, біреу иығынан ұстады. Бұл оның қолынан қағып жіберді, қараған да жоқ. Анау иығынан тағы ұстады. Бұл оның қолын тағы қағып жіберді. Қараған да жоқ. Тесіктен сығалап әлек. Осы ауылдың жігіті ызаланды білемін, Алдарды қапсыра құшақтап, әудем жерге лақтырып жіберді. --Өй, сен кімсің?—деп сұрады Алдар Көсе. --Өзің кімсің? --Алдар Көсемін. Өзің ше? --Осы ауылдың боз баласымын. Шиегүлдің ғашығымын. --Қойшы-ей?—деп көздерін сығырайта қарады Алдар Көсе,--Шиегүл саған ғашық па? --Өлердей ғашық! --Өлердей? --Ия. Өткенде мені ойлап, өлейін деп жатқанда, аузына су тамызып кеткенмін... --Қойшы-ей? --Өзің не істеп жүрсің мұнда?
--Шиегүлдің шешесіне ғашықпын... Өткенде мені ойлап, өлейін деп жатқанда аузына құрт салып кеткенмін. --Шешесіне? Күйеуі өлтіреді ғой! --Махаббат жасқа қарамайды, басқа қарайды. --Өзің бұл ауылдың жігіті емес сияқтысың? --Көрші ауылданмын. Шиегүлдің шешесін ойлап, мазап кетті... Алдар Көсе өзі қатарлы жігіттің қолтығынан алып, оңаша жерге барып сыбырласты. --Былай болсын,--деді Алдар,--Шиегүлді көргің келеді ме? --Ия. --Менің де көргім келеді. --Неге? Шиегүлге келіп жүрген қу емессің бе? Теріңді сыпырып, сатып жіберейін бе?—деген шойын қара тез тұтанды. --Е, жоға, --деді Алдар Көсе,--қазақта «Шешесін көріп, қызын ал...» деген сөз бар. Мен шешесін көремін, сен қызын аласың ғой. Шиегүлдің шешесі бұрын күйеуге тиіп, онысы асқазан жарасынан қайтыс болып кетіпті дегенді естідім. Мына күйеуінің де әйелі асқазан жарасынан қайтыс болған екен. Шиегүл артынан еріп келген қыз. Солай ғой? Ендеше, мен Шиегүлдің шешесінің қайтыс болып кеткен күйеуінің көңілдесінен туған баласымын. Қарындасымды іздеп келген бетім осы. Сенімен әскерде бірге болғанмын. Келістік қой? Мені ертіп, үйге кір... Қой сояды, ет жейміз дегендей... Әрі ғашығыңмен сөйлесіп қаласың дегендей... --Сен кешір мені, ойнап айта салып едім, ол маған емес, мен оған сырттай ғашықпын. Естуімше көрші ауылдан бір жігіті бар дейді. Сен оны танымайсың ба? --Танысам талқан жеп түйілейін. Ал, баста! Атың кім еді сенің? --Алмабек. --Немене пәле, бұл ауылдың адамдарының аттары ылғи жеміс-жидек.., --Шиегүлдің әкесінің аты-- Пістебек, әйелінің аты-- Пістегүл... Не керек, екеуі аулаға кірді. --Көке,-- деп дауыстады Алмабек. --Көкең көже ішіп отыр, жәй жүрсің бе, Алмабек?—деп сұрады асханадан шыққан Шиегүлдің шешесі. --Мына жігіт сіздің бұрынғы күйеуіңіздің көңілдесінен туған бала екен. Қарындасын іздеп келіпті. --Көтек! Не дейді?—деген Пістегүл бетін шымшыды. --Апай, мен марқұм әкемнің көңілдесінен туған баламын. Атам Алдар Көсе... --Кім-әй, есік алдында алқынып тұрған?—деп Пістебек те шықты. --Көке, мына жігіт жеңешемнің бұрынғы күйеуінің көңілдесінен туған бала екен. Сіздерді іздеп келіпті. Екеуміз әскерде бірге болғанбыз,--деп сарнады Алмабек. --Немене? Не деп тұрсың өзің?—деген Пістебектің көздері атыздай болды. Әйеліне қарап еді, оның көздері қылиланып кетіпті. Қылиланбай қайтсін, екі кештің арасында біреу үйіңізге келіп: «Апай, мен сіздің бұрынғы күйеуіңіздің көңілдесінен туған баламын..» деп тұрса, көздеріңіз үш
бұрышты, немесе кубик болып кетер ме еді? Артынша Шиегүл көрініп, Алдарды көрді де таң қалды. «Ой, мұнда неге жүрсің?» деп қалып еді, Алдар байқатпай көзін қыса қойды. Әкесі қызына бұрылды: --Шиегүл, сен не, мына жынды басты танисың ба? --Жоға. --«Мұнда неге жүрсің?» дедің емес пе? --Алмабекке айттым. --А-а...—деді әкесі. --Е-е...-деді Алмабек. --О-о...—деді Алдар Көсе. Сөйтті де, Шиегүлге қарай құшағын аша жүрді: --Қатқан нандай болған қарындасым менің! Ақ тамақ қарлығашым менің! Бір әкенің кіндігінен жаралған туысым менің! Сені де, мына жақтырмай тұрған өгей әкеңді де, мына солып қалған қиярдай көгеріп кеткен анаңды да көретін күн бар екен-ау! Шиегүл түйенің үстіне шығып кеткендей, ештеңе түсіне алар емес. Аңырып тұрған әкесіне, бір метр таяқ жұтқандай қақиып қалған шешесіне кезек-кезек қарап, өзін құшақтай алған жігітінің құшағында балқы-ы-ып тұра берді. --Қарындасым-ау, шешемді оңбаған бір камаз мыжып кетіп, өлеріне он минут, он секунд қалғанда: «Алдаржан, саған сырымды айтайын, пәлен деген ауылда тұратын түген деген кісі сенің әкең болады. Бірақ әкең асқазан жарасынан қайтыс болды. Шешелерің бөлек болғанымен, әкелерің бір қарындасың бар, аты Шиегүл деп еді... О, жаратқан ием, енді мен өле берсем де болады!»—деген Алдар көсе: --Көке үйде мылтық бар ма?--деп сұрады. --Оны қайтейін деп едің? --Бақыттан басым айналып барады! Енді атылып өлсем де арманым жоқ... --Тек... О не дегенің? Өлгені несі? Біздің үйде өлсең, біз де жауапты болармыз... Алмабектің екі көзі Шиегүлде... Көздерімен шешіндіріп, көздерімен киіндіріп әуре... Қара торының әдемісі... Шіркін, менің әйелім болса, мойныма мінгізіп алып, екі аяғын салақтата үйді айнала жүгіре берер едім, жүгіре берер едім... деп те қиялданды. Бір кезде ол: --Шиегүл, бауырыңмен табысқаныңа қуаныштымын!—деді. --Рахмет Алмабек,--деген Шиегүлдің екі беті қызарып, төмен қарады. Бағаналы бері «тормоз» болып қалған Пістегүлдің есі енді жиылса керек: --Ішке кірейік, шәй ішейік,--деді. --Қарындасым менің! Өгей әкеңді керемет ақкөңіл деп естідім, қазір менің құрметіме бір қой сояйын, сояйын деп қалып тұр... Қыздың әкесі мен шешесі үйге бұрын кіріп кетті де, Алдар Көсе бөгеліп қалды. Үйге кіріп келе жатқан Алмабектің алдын кес-кестеді. --Сен қайда барасың? --Енді... Үйге кіріп, ет жеп дегендей... --Аштан өлдің бе не? Не, үйіңде ет жоқ па? Шиегүл, сен мына жігітке өлердей ғашық екенсің ғой? Өзі айтты...
--Кім? Мен бе? О, қуғынбай!—деген Шиегүл Алмабектің басына шыбын ұрғышпен салып қалды. --Көрдің бе? Өтірік өрге баспайды. Бар, бар енді, мен Шиегүлдің «ағасымын» ғой, әйтпесе... Алмабек ашу деген айғырды ерттеп мініп алды. --Немене әйтпесе? Мен қазір көкем мен жеңешеме бәрін айтамын. Көке... Кө...—деп келе жатыр еді, Шиегүл шыбын ұрғышпен аузына салып қалды. Алдар Көсе артынан келіп, қапсыра құшақтап, құйрығына тізесімен тепкілеп, көшеге шығарып жіберді. Осы кезде Пістегүл сыртқа шықты: --Үйге кір, шақырылмаған қонақ жігіт... Алдар үйге кірсе, Пістебек жарылуға шақ тұр екен. --Ия, көңілдестен туған бала. Не үшін келдің? --Қарындасымды көруге... --Көрдің бе? Енді қайқай! --Қайтіп қайқаямын? Сізді мұндай сараң деп естімеген едім... Бір қой соймасаңыз, кетпеймін! --Мынау не дейді, Пістегүл? Пістегүл Алдардың қолынан ұстап, жалына бастады: --Айналайын, кімнен тусаң да, бізге бәрі бір, қазір келген жағыңа қайта бер! Жаңа Алмабектің көзінше ұялдық... Елге жайылып кете ме деп... Шиегүл ернін тістеліп тұрған: --Апа, түн ішінде қайда барады? Қонып кетсін...—деді. Шешесі жалт қарады. --Сен қыз тиегі түсіп қалған домбыра болмай, тыныш тұр! Алдар басын шайқады. Шиегүлге тағы да көзін қысып қойып: --Егер мені қонақ етпесеңіздер, егер маған қой соймасаңыздар, онда қарғаймын. Еркектің қарғысы қатты болады...—деді де: --О, тәңірім!—деп қолын жайды,-- Мына ерлі –зайыптылардың кірпіктері қысқа болсын, айтатын сөздері нұсқа болсын, иттері үрмесін, дұшпандары күлмесін! Шіріген бай болсын, алдарында қаймақ пен май болсын! Қойлары шулап, маңырай берсін, есектері есік алдында аңырай берсін! Ошақтарында от болсын, көктемде қауын егіп, қолдарында шот болсын, киген киімдері күн сайын тоза берсін, ауылға концерт келсе, мойындарын соза берсін! О, Тәңірім... --Болды, болды, қарғысың алғыс сияқты екен, --деді Пістебек,--жарайды, бір қой соялық, әйтпесе, бүкіл ауылға «сараң еді...» деп жайып кетерсің. Ол орнынан тұрып жатып тағы да: --Пістегүл, экс-күйеуіңнің тыныш жүрмегенін қарашы...—деп қосып қойды. Алдар қулана жымиды. Шиегүл оған жәудірей қарады. Енді қайтсін, «көрші ауылдың жігітіне ғашық екен, бір күні қашып кетеді-ау!» деген сыбысты естігелі, әкесі де, шешесі де үйден қарға адым шығармай қойды емес пе? Әкесі мен шешесі қой сою қамымен сыртқа шығып кеткенде, Шиегүл Алдарды құшақтай алды. --Жаным-ау,-- деді үздігіп,--Мына қылығыңды қалай түсінеміз? --Көшеңнен былай өтіп ысқырамын, олай өтіп ысқырамын, кездесуге шықпай қойдың ғой тегі,--деп Алдар Шиегүлді құшағына қыса түсті.
--Әке -шешем мені осы ауылдың бетке ұстарының баласына бермек. Олар құда түсіп қойды... Баласы қаладағы қаржы полициясында жұмыс істейді, халықтың қалтасын қақса да аштан өлтірмейді дейді... --Солай ма? Онда мен сені бүгін түнде алып қашамын! --Арқалап па? --Арқалап! --Жаяу? --Жаяу! --Қалай? --Міне былай, мін арқама! Алдар Көсе еңкейе қалып еді, Шиегүл арқасына ырғып мініп, жабыса қалды. Сөйтті де, екеуі үйді бастарына көтере даудырасып, бөлмені айнала берді, айнала берді... Бір кезде бөлмеге кіріп келе жатқан Шиегүлдің шешесін қағып кетіп, шалқасынан түсірді. Өздері де омақаса құлады. Мәселенің мәнжайын түсіне алмаған Пістегүл: «Ойбай, көтек!» деді де, ашылып қалған балтырын етегімен жауып, орнынан тұра алмай, ықылық атты да қалды. Шиегүл бетін басып, далаға қарай жүгірді. Алдар Көсе болашақ енесін қолтығынан демеп тұрғызды да: --Кешіріңіз апай, қарындасым екеуміз балалық шағымызда бірге болмадық қой, ат болып, оны арқалап та ойнамадым... Сол олқылықтың орнын толтырайық деп...—деді міңгірлеп... --Қызымды арқалап алғаны несі... Ұят-ай... Әй, Шиегүл, қайдасың, қойдың ішек қарнын тазаласып жібер! Соны айтуға келіп едім... О, несі-әй...—деген Пістегүл аяғы ауырып қалса керек, сыртқа қарай ақсаңдай басып бара жатты... --Кешіріңіз, сіздің қызыңыз болса, менің қарындасым... Түннің бір уағында буы бұрқырап, қуырдақ келді. Алдар жұтынып сала берді. Бірақ Пістебек те, Пістегүл де үндеген жоқ, тымырайып отырды да қойды. Қуырдақтан да ауыз тимеді. Шиегүл қуырдаққа қолын соза беріп еді, шешесі қолымен оның қолының үстіне шарт еткізе ұрып жіберіп: --Қонақ осының бәрін жеп кетеді дейсің бе? Қалады ғой, әдейі тұзын удай қылдым. Ертең суға шайып жіберіп, қайта қуырамыз..—деді. --Ойе-ба-ай... «Шешесін көріп, қызын ал» деген баяғының сөзін, бүгінде: «қызын көріп, қызын ала бер, шешесін қайтесің?» деп өзгерткен дұрыс-ау. Мына қарындасымның болашақ күйеуі енеге жарыған екен...—деген Алдар Көсе қуырдақтың бір түйірін пиялайындағы ыстық шайына батырып, қасықпен мыжғылап, тұзын кетіріп барып жей берді. Қуырдақ желініп болған соң, Алдар Көсеге төргі бөлмеге төсек салынды. Үй иелері мен Шиегүл есік алдындағы жатын жайға, нардың үстіне жата кетісті. Шешесінен бөлектеу жатқан қыздың көңілі жігітте. Алдардың да ұйқысы келер емес. Бір кезде ары аунап, бері аунап, ақырында, ойбайлап, сыртқа атып шықты... --Не болды? Немене болды?--деп сұрады Пістебек. --Ана бөлмеде қыздар жүр... --Қандай қыздар, ойбай?—деп атып тұрды Пістегүл.
--Екі қыз... Шайтан қыздар.. Үстіме шығып алып, айран ішіп отыр... --Біздің үйде шайтан, жын-жыбыр жоқ, кеше адыраспандап тастағанмын,-- деген Пістегүл бөлмеге кірді. Артынан Пістебек келді. --Жат, осы жерге жабысып! Қандай қонақсың өзің?—деген Пістегүл ернін шүйіре шығып кетті. Пістебек те ызаланып барады. Түннің бір уағында Алдар Көсе тағы да ойбайлап атып шықты. --Немене пәлесің өзің?—деді Пістебек ұйқысы шайдай ашылып. --Ана жақта екі кішкентай-кішкентай қуыршақ кемпірлер... Шайтан кемпірлер үстіме шығып алып, жүн түтіп отыр. --Құдайым-ай, енді не істе дейсің бізге?—деді Пістегүл көзін тырнап ашып. --Қорқамын... Араларыңызға жатайыншы... --Болмайды! Сомадай болып, о несі-ей... Әй, Шиегүл, бері жат. Шетке ағаң жатсын, жабысқыр пәле! Таң атар алдында Алдар Көсе Шиегүлді түртіп оятты. --Әке-шешең қорылға басты. Дайынсың ба?—деп сұрады. --Жігіт дайын болса, қыз дайын! Екеуі төсектерінен ақырын тұрып, енді жүре бергенде, қыз әкесі ыңыранып барып, ұйқылы-ояу басын көтеріп: --Бұл кім?—деп сұрады. --Мен ғой. Кетіп барамын, көке... --А-а, сен бе? Қасыңдағы кім? --Көлеңкем ғой... --Көлеңкең де, өзің де құры! Алдар Көсе көлеңкесіндей болып тұрған Шиегүлін жетектеп, ауладан жүгіре шықты. Шарбаққа байланған атына ырғып мініп, сүйіктісін артына мінгестіріп алды да, ауылына қарай шаба жөнелді. Шауып бара жатып, таңғы дауысы жаңғыра шықты: --О, махаббат, мен саған да, тұзы күшті қуырдаққа да шөлдеп келемін! Тойға келіңіздер ағайын, тойға!
О, ДЕМОКРАТИЯ...
Маған бірдеңе жұқты. Кеше ақын болып кеттім. Төрт адам топталып тұрса, қасына барып өлеңімді оқығым келеді де тұрады... Көшеде кеше жазылған өлеңімді ішімнен оқып келе жатсам, қыбырлаған, жыбырлаған адамдарды бірінші рет көруім, екі мыңдай адам митингіге шығыпты! Полицейлер оларды екі қатар қоршап алған. --Мұнда не болып жатыр өзі?—деп сұрадым полицейден әдейі. --Жәй әшейін,--деді ол. --Бойымның кішкентайын қарашы. Айтыңызшы, не болып жатыр? --Жұмыссыздарға айлық беріп жатыр. --Өтірік айтып тұрсыз. Ана бір кісіні неге қолын қайырып, автобусқа апара жатыр? --«Айлық алмаймын» дейді. --Көке, мен сол жерге барып, «Жұмыссыздар жасасын!» деген өлең оқиын-
шы. --Мен саған көке емеспін, полицеймін. Ары тұр!--деген ол мұрнын жыбырлатты. Іштен тынып, сағым сынып, арырек барып тұрдым. «О, адамдар, жыламаңдар, биліктен ештеңе сұрамаңдар, бәрібір бермейді...» деген өлең оқиыншы деп едім. Тақырыбы ұзақтау енді... Бір кезде иегі «ламбадаға» билеп, кәрі кемпір келді. --Шырағым, мұнда қандай той болып жатыр?—деп сұрады. --Той емес, «Митинг» деген концерт. --Көшеде де концерт болады екен-ау, мені жіберші, ән тыңдап қайтайын. Тегін бе өзі? --«Саяси әндерді» тыңдауға болмайды апа,--деген порлицей апаның кеудесінен итерді. --мен де ауылдың алты ауызын айта аламын! Былай тұршы,--деген кемпір әндете бастады,--жаңбыр жауар себелеп, есіктің алды ебелек... «Саяси кемпір» деген полицей ым қағып еді, екі полицей кемпірді дырылдата сүйреп, автобусқа отырғызды. Сосын бір ертең өлетін шал жанымыздан өте беріп, қайғыра күрсініп салған, оны да «саяси күрсініс» деп алып кетті. Бір жігіт ысқырып еді, оны бір полицей дубинкамен басына салып қалды. Ол байғұстың көздері аларып, талып қалды. --Полицей көке, мені ішке жіберіңізші, өлең оқимын,--дедім мен. --Полицей көке деме деймін! --Көке емес көке... --Не, не? --Өлең оқиыншы. --Ал, оқы! --О, демократия, Сені іздедім, қайдасың? Жерде ме, әлде Айдасың? Өлеңімді аятағанымша, сойылы басыма тиіп, есім ауып бара жатты. Көзімді ашсам, мәйітханада «О дүниеде не жаңалық?» атты өлең оқып жатыр екенмін... Өліктердің арасында...
ПРЕЗИДЕНТ КЕЛЕ ЖАТЫР!
Әкімдер - тыпырлады да қалды... Тап бір сойылатын ешкілер сияқты. Ешкі сойыларда бақыра береді емес пе? Әкімдер де айқайға басты. Облыс әкімі Шалатіл Мөлебаев орынбасарларын жинап алып: - Президент көшелерді, құрылыстарды аралайды екен, халықтың әлауқатымен танысады екен. Қарапайым халық әкімнің үйінде қонақта болады екен, - деді де қос қолымен басын ұстаған күйі: - Өңкей бақуатты, денелі, семіз әйелдер мен балаларды, жасы елуге келген еркектерді жинаңдар! Ол көше бойында ет, колбаса, нанға жағылған сары май, уылдырық, тауық етін, банан, жеміс-жидек жеп тұрсын! Көздерінен: “Біз бай елміз, біз бақыттымыз!” деген сөздер ұғатындай болсын президент! Құрылысы
аяқталып қалған объектілерді ғана көрсетейік! Шұрқ тесік көшелерге жоламауымыз керек! - деді. - Айтқаныңыз орындалады! Қала әкімінің орынбасарлары шетінен ірі! Шұрқ тесік шляпа кигізіп, қарапайым қала тұрғындарындай киіндіреміз, - деді орынбасары. Әкімдер әбігерге түсті. Департаменттегі, әкімшіліктегі, оқу орындарындағы семіздер сексенге жетті. Бұл аз. Әкімнің орынбасары қиқымды қулыққа басты. Көше аралап, денелі, ірі адамдармен келісімге келіп, шартқа тұрды. Бір үйдің әйелі көнер емес. - Кешіріңіз, - деді Әпи Жәпиев, - ертең президент келеді. Орталық көшеде бір топ адамдармен бірге жілік мүжіп тұрасыз. - Маған ет жеуге болмайды. - Неге? - Асқазанымда жара бар. - Осындай мол денеңізбен қалай ауырып жүрсіз? - Мен қай бір жетіскенімнен семіріп жүр дейсіз? Мұның бәрі ісік қой, ісік. Құдай қаласа, ертең өлетін күнім. - Қой, олай демеңіз, сізді медицина құтқарады! - Облыстық аурухана дәрігерлері пара сұрайды. Өзім аурумын. Күйеуім қайтыс болып кеткен. Шиеттей бала-шағам бар. Сол ертең мен мүжитін жілікті үйге әкеле салыңыздаршы. Балаларымның жүрегі майланып қалсын, - деген әйел көзіне жас алды. Қала әкімі Тымпи Әпиге бұрылып: - Осы әйелден басқасы құрып қалып па? Келесі үйге барайық! - деді. Олар келесі үйдің есігін қақты. Өлмелі шал есік ашты. - Ақсақал, біз әкімшіліктен едік. Үйіңізде семіз адамдар бар ма? - деді Әпи. Шал шатынап шыға келді. - Қайдағы семіз? Шетімізден көтерембіз! Немене, семіздер конкурсын өткізейін деп жатырмысыңдар?- - деп есікті тарс жауып алды. Масқара болғанда, халықтың дені тыриған арықтар екен! “Кезектен тыс үй береміз, жер береміз!” - деп оншақты әйел-еркегі аралас денелілермен уақытша келісім-шартқа тұрған Әпидің көңілі көншиін деді. Ертеңіне шырайлы Шымкентке Президент Айсұлтан Аңқылдақов нөкерлерімен сау ете түсті. Аэропорттан оны облыс әкімі , облыстың шөпке тышарлары қарсы алды. Таңертең облыс әкімшілігінде мәжіліс басталды. - Президент мырза! Шырайлы Шымкентке хош келдіңіз!! Мен осы облысқа әкім болып келгелі халық ерте оянатын болды. Мұнда кемпірлерге дейін боянатын болды. Шеттерінен шекілдеуік шағып, әндетіп жүретін болды. Халық тойды. Дәретханаларға жиі баратын болып жүр. Есесіне, шенеуніктер, аш-жалаңаш! Мен оларға сыбайлас жемқорлықты бір жылға дейін тоқтата тұруға шешім қабылдадым. Қала әкімі қайыршы болуға жақын. Үйінде уылдырықтан басқа бір түйін нан жоқ. Бәрін пәтеріндегі иті жеп қойған. Президент мырза! жарлықтарыңыз бен шешімдеріңізді орындап жүрміз. Тойға бармаймыз. Әкелеріміз өлсе, кабинетте жылап аламыз. Біз халық үшін бәріне даярмыз. Жылап-еңіреп жүруге уақыт жоқ!
Тұрғын үй құрылысы Байқоңырдан ұшырылатын зымырандардай өте жылдам қарқынмен жүргізіліп келеді. Бүгін жоқ есік-терезелер ертеңіне дайын болып жатыр. Базардарда баға бірқалыпты. Семешке - 10 тиын, бәтеңкенің бауы - 2, шайналған сағыз - 8 тиын, костюмнің түймелері - 4 тиын, сарымайдың бір жалағаны - 1 тиын, кәртөшкенің қабығы тегін, шошқаның етін тегін берсең де қазақтар алмайды. Демек тоқ жүр деген сөз, - деп төпеп барып тоқтады облыс әкімі. Жымиды. Бірақ жымиысының сәні, сөзінің дәмі жоқ еді. Айсұлтан Аңқылдақов үнсіз басын изеп тыңдап отырғанымен, ішінен: “Мынау маған өтірік ақпарат беріп отырған сияқты, - деп түйді. Мұндай екіжүзділер халыққа менің жарлығымды жеткізбейтін шығар?”. Түс қайта президент отырған автокөлік бастап, ұзын саны 7-8 автокөлік шеруі қаланың орталық көшелерімен келе жатты. Президент автокөлік терезесінен қолын шығарып, халыққа қол бұлғап келеді. Бұл көшеде шектен тыс семіргендер жілік мүжіп тұр еді. Бірінің қолында банан, бірінің қолында тауық еті. Шай ішіп, әндеттіп тұрғандар да бар. “Біз бай елміз, біз мұнайлы елміз, біз бақыттымыз!” - деп дауыстайды олар. Шетінен бақытты, бақуатты. “Мен халқыма дән ризамын!” - деп елжіреді ішінен Айсұлтан. Кенет көңіліне күдік келді. “Бұл сценариий әкімдердің показухасы емес пе екен?”. Сосын қала шетіне жақындап қалғанда, облыс әкіміне бұрылды. - Келесі көшеге бұрылып көрсек қайтеді? - “Жоқ!” - деп айтуға облыс әкімінің ауызы қалай жыбырласын. Елеусіздеу көшенің ойшұңқыры көп екен. Шалатіл Мөлебаевтың шатына дейін терлеп барады, жүрегі қысылды. Кімнің ұйымдастырып қойғанын бір Алла біледі. Мұнда да халық нөпір болып жиналыпты. Бірақ шеттерінен арық-тырықтар, киімдері жұпыны, бәрі саусақтарын сорып тұр. “Халық ашжалаңаш! Ат төбеліндей шенеуніктер, алпауыттар ғана тойынып барады!” - деген лозунгілер, плакаттар көтерген. Халқына жаны ашыған Айсұлтан қатты тебіреніп кетті. Шын мәнінде ол халқы үшін туылған перзент еді. Халқы үшін шыбын жанын қиюға даяр. Әлдебір оппозиция өкілдерінің бидай былжырықтары өтірік! “Үкімет қайда қарап отыр? Мерещенконың үкіметін отставкаға жіберуім керек. Егер халық болмаса, мен қайдан президент болайын? Шағын және орта кәсіпкерлер даярлауға күш салуым керек! Сонда халықтың жағдайы жақсарады” - деп ойға шомды президент. Иә, иә, президенттің халық алдында кінәсі жоқ еді. Тек оның төңірегіндегі тоң мойын топастар ғана өз құлқындары үшін халықтың қанын сонадай сорып, шеттерінен байып жатты. Халық күйзелісін өз көзімен көрген президент көзіне жас алды. Бұл шынайы жаны ашығандығы еді. Облыс әкімі Мөлебаев та жылап отырды. Керек десеңіз қорс ете қалды. Мұнысы енді Айсұлтанға жағымпаздық жылауы болатын. Ішінен: “Шаруам бітті, қош бол Шымкент! Қош креслом!” - деп егілді. Президент “Қайтпас” елді мекеніндегі көшелердің бірінде тоқтап, өзі қалаған жұпыны үйдің есік алдына келді. Оққағарлар жылдам дарбазаға жетіп, есік алдында жүрген Мәндірбай ақсақалға ескертіп үлгерді. Бірақ ештеңенің мән-жайына түсінбеген ақсақал: - Кемпір-әй, қуғыншылар келді, Мыжбан үйленіп қойған ба пәтшағар? -
деп қалды. - Ақсақал, ел президенті Айсұлтан үйіңізге келіп тұр! Сіздің үйден дәм татпақшы! - деді енді жеткен облыс әкімі. - Не дейді? Ойбуу үйде нан жоқ еді, - деген кемпірі кетік тісін көрсете ыржиды. Сасып қалғаны көрініп тұр. - Амансыз ба, Ақсақал, - деді президент. Орта бойлы жүзі шырайлы, жазық маңдайлы, келбетінен кісіліктің кескіні көрінген, аққұба жүзінен мейірімшуағы шашылып тұрған Айсұлтанға аңырай қараған Мәндірбай ақсақал: - О, тәңірім, біздің үйге патша келді ме? Өңім бе, әлде түсім бе? - деп қалбалақтай келіп, президенттің қолын қысты, - ойбуу неғып тұрсыздар, үйге кіріңіздер, - деп бәйек болды. Президент бастаған топ жұпыны үйге кірді. Облыс әкімі өзінің орынбасарына көзін қысып еді, ол түсіне қойып сыртқа шығып кетті. Кемпір ас үйде дастархан мәзіріне не қоярын білмей, басы қатып тұрған. Бір кезде қымыз-қымыран, қазы-қарта, жал-жая көтерген жігіттер көрініп: - Әже, мына азық-түлікті өзіміз дайындағанбыз деңіз де, президенттің алдына қойыңыз, - деді. - Көптен бері ет жемегелі қашан, шырағым ауыз тиейінші, - деп еді, әкімнің орынбасары әжейдің қолын қағып жіберді: - Немене, аштан өліп бара жатырсыз ба, президент кеткен соң атауыңызға жейсіз ғой! - деп жекіп тастады. - Жағың қарыссын балам, атау деген адамның өлер алдындағы асы болар! - Әже, мына қыз тұңғышыңыз, сценариий бойынша қызыңыз болады. Сізбен бірге тамақ тасиды. Бірдеңені бүлдіріп жүрмеңіз. Президенттің сұрағына ойланып жауап беріңіз, - деп қосып қойды Әпи Жәпиев. Кемпір мен қыз қазы-қарта, жал-жаяны көтеріп, президент отырған бөлмеге кірді. Осы кезде ақсақал: - Қазы-қарта біздің үйге қайдан келген? Әй, кемпір сен менен неге тығып жүрсің? - деді. Президент күлді. Сосын: - Апа, бұл сіздің қызыңыз болар? - деп сұрады. - Шырағым, бұйыртса қызым болады. - Бұйыртқаны қалай? - Қайдан білейін, әкімшіліктенмін деген бір балам ойланып сөйлеңіз деп еді, ұят болды ау! Бұл қызды бірінші көруім, - деді өмірінде өтірік айтып көрмеген әжеміз. Әкімдер ғой, өтірік айтуда алдарына жан салмайтын. Президент облыс әкіміне қарады. Әкім: “Извините я не знал” - деп міңгірледі. Нан ауыз тисек те болады. Мен халық тұрмысын өз көзіммен көрсем деп едім, - деді Президент. - Біздің үйде нан да жоқ, - деді ақсақал. - Сонда қалай күн көресіздер? - Таңертең есік алдына шығып күн көреміз, күн доп-домалақ. Президент бұл үйге әкімшілік тарапынан көмек беруді шегелеп тапсырып жатқанда, Мөлебаев шыбындаған ат секілді басын шұлғи берді, шұлғи берді. Әжей кетік тісін көрсетіп ыржиып тұр еді, әкім де амал жоқ ыржиды.
КЕШЕ КНБ, БҮГІН ПРЕМЬЕР!
Таныс тапқанына таңдайы тақ ете қалған Мыжбанның іші-бауыры елжіреп, қолтығының қызуы қырық градусқа жеткендей болды. Ол “дөкей танысының” қызметтік куәлігіне қайта-қайта қарады. “Тыжбан Тәпеков, Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті шұғыл қызмет бастығының орынбасары, подполковник.” - Шынымен КНБ-де істейсіз бе?- деп сұрады Мыжбан. - КНБ-да өтірік қызмет істеуге болмайды, - деді анаудың беті былқ, құлқыны қылқ етпестен, - айттым ғой сізге, Алматының любой жерінен, тіпті, Алатаудың ең ұшар басынан, Медеудің қасынан, көшелердің үстінен, аспаннан да қалаған жеріңді әпере аламын. 500 мың гектар жер жете ме? - 500 мың? Е, жоға, гектарыңыз не, 10 сотық жер әпере алсаңыз... - Жердің астынан жер болмайды ә? - Ондай жер бола ма? - Болады! Жарайды, 25 мың доллар берсеңіз, бәрін жайғастырамын. Менің қолымнан келмейтіні жоқ. - Беремін, өзіңізге сенемін! Баламды жұмысқа...
- Қайда? - Базарға... - Оу, базарың не? Мен балаңызды Президенттің кеңесшісі етіп жіберейін бе? - Қойыңыз, ұят болады. - Не бітірген? - Мектепті. - Сосын? - МВД-нің мектебін. - Бопты. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі етіп жіберейін. - Ойбай, керегі жоқ. - Неге? - Болмайды, бірден министр болып кетсе, көз тиіп кетеді! Сонда қашан министр бола қоймақ? - Құдай қаласа, қазіргі министр 15 жылдан кейін қыызметін ауыстырады дегендей... Соған елу мың доллар... - Көрінген таудың алыстығы жоқ. Берсем берейін, үйді сатамыз, жалғызымнан аяйтын ештеңе жоқ! - деген Мыжбан 25 мың долларды санап берді, - алдап кетпейсіз ғой? Кредит алған едік. Бұл соның ақшасы. - Немене, маған сенбейсіз бе? - деп тұрғанда, Әлекей келіп қалды. - Сәлеметсіз бе, Премьер мырза, сізді іздеп жүр едім, жақсы болды ғой! - деді ол қос қолын ұсынып. - Қайдағы Премьер-ей? - Кеше Премьер министрмін деп едіңіз... - Есіңізді есек тепкен бе? Премьер осындай жерде, кафеде сыра ішіп отыра ма? Бері жүріңіз, сізге түсіндірейін, - деген Тыжбан Әлкейді оңашалады.
- Баламды “Болашақ” арқылы шетелге оқуға жіберетін болды ма? Ауылдан бүгін келдім. - Премьер-министрмін деген жоқпын ғой сізге. Премьер-министрдің көмекшісінің көмекшісімін дедім. Жұрттың көзінше имиджімді түсіріп. Болады дедім ғой, болады. - Қызымды салық комитетіне жұмысқа орналастырамын деп бес мың доллар алып едіңіз. - Сөйлесіп қойдым. 510-шы кабинетке бардыңыз ба? - Бардым. Бірақ 510 кабинет емес, туалет екен. - Енд сол туалеттен кейінгі 511-ші кабинетке кірмедіңіз бе? Бастықтың орынбасарына айтып қойғанмын. Барыңыз, сізді күтіп отыр. Әлекей кеткен соң, Мыжбанның көңіліне күдік келді. - Кешіріңіз, сіз әлгі долларымды қайтарып беріңіз! - Е? - Сіз КНБ емес, Премьер-министр екенсіз ғой. - Ақымақ екенсіз, КНБ-ден Премьер-министр үлкен ғой! Жағдайым нашар болған соң, екі жұмыс істеймін де. Премьер-министрдің көмекшісінің көмекшісімін. Міне, куәлігім: Тыжбан Тәпеков.ҚР ауыл шаруашылығы министрі... Жоқ, кешіріңіз, бұл емес екен ғой, міне, міне, ҚР қаржы министрі... Тфу, бұл емес, міне, міне, облыс әкімі... Жоқ, қайда жібердім екен, а? Қай қалтамда еді? Ә-ә, міне... - Ақшамды беріңіз, сіз алаяқсыз! - Алаяқ? КНБ қызметкерін алаяқ дегеніңіз үшін түрмеге түсетініңізді ойлап, жаным ашып тұр! Менің аяқтарымды ала-құла деп кім айтты? Міне, сирағымды көріңіз! Жүн-жүн! - О, кімді көріп тұрмын! Таможня бастығын көріп тұрмын! - деген бір кісі мұның жанына келіп, құшақтай алды. - Кешіріңіз, сіз біреумен шатастырып тұрсыз? - деді Тыжбан сыраны сыздықтата ішіп отырып. - Өткенде ғана таныстық қой! “Қорғас” бекетінің бастығымын дедіңіз. Қытайдан өтетін тауарымды салықсыз өткізуге уәде бердіңіз. Мен сізге он мың доллар... -Тс-с,— деген Тыжбан оның ауызын жаба қойды, - мен ол қызметтен “түсіп” қалғанмын.. Мен кәзір Премьер-министрдің көмекшісінің көмекшісімін. Кешіріңіздер, менің кетуім керек! Ол орнынан тұра берген еді, Мыжбан оның қолына жармасты. - Ақшамды қайтарыңыз! - Мен сізден қашан ақша алдым?! - Бетсіз! - Міне бетім! - Қатын екенсіз! - Еркекпін! Осы сәтте сыраханаға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері кіріп келді де, Тыжбанның қолына кісен салды. Сөйтті де, оны желкелеп, әкетіп
қалды. Тыжбанның қалтасынан бір куәдік сусып түсіп қалған еді. Мыжекең куәлікті еңкейіп алды да, ішін ашып көріп, “бісмиллә, бісмиллә!” -дей берді. Ал онда “Қазақстан Республикасы ҚҰДАЙЫ. Тыжбан Тәпеков” - деп жазылған еді...
ЖЕР БАСЫП ЖҮРУГЕ БОЛМАЙДЫ!
Адам болған соң, жер басып, асып-тасып, жан-жағыңа мейрім шуағын шашып, шатыңды шатынатпай, көңіліңді көлеңке баспай, көңілді жүргенге не жетсін! Тротуарды тырп-тырп басып келе жатыр едім, ортасынан тіліп жіберсе, екі адам болып шыға келетін еңгезердей еркек алдымнан шыға келді. - Бұл жермен жүрмеңіз! - деді ол салған жерден. - Е, жер астында алты жүз албасты жатыр ма? - Жоқ, тротуар менің жеке меншігім. Анау жерге дейін гос актім бар. Пожалыста, әр қадамыңызға қырық теңге төлеп жүре беріңіз. - Өй, сен кімсің? - «Жол жиегі» ЖШС-нің қызметкерімін. - Атың кім? - Жолдыбай. - Жолдыбай болмақ түгілі, Асфальтбай болсаң да, ары тұр! - Әр қадамыңызға қырық теңге! - Өй, құрып кетші, әрі! - дедім де, аялдамаға келдім. Сөйтсем, мұнда автобус күтіп тұрғандар қораз сияқтанып, бір аяқпен тұр, бәрі. «Бұларға не болған?» - деп ойланып үлгергенімше, бір әйел жетіп келді. - Мұнда тұрыңыз, бұл жер менікі! Гос актім бар! Мына жерлер платный! Бір аяқтап тұрсаңыз отыз теңге, екі аяқпен тұрсаңыз алпыс теңге! - Сұмдық қой бұл! Қала әкімі, жерком осындай сұмдыққа барған ба? Ақша бітсе, жекешелендіріп, жер біткенді сата беру керек пе? - Айқайламаңыз, - деді әлгі әйел, - әне, бір аяғы жоқ ақсақал да тұр ғой! Оларға “лгот” бар жиырма тоғыз теңге төледі! Қайран, алпауыттар-ай, қайран шенеуніктер-ай, аман болыңдар, әйтеуір! Халықтың қамын қашан ойлайды екенсіңдер, осы! Көшенің арғы бетіне өтіп, келесі жол жиегімен жын қаққандай, екі көзімнен қан аққандай аласұрып келе жатыр едім, бір кісі жетіп келіп: - Әр қадамыңыз қырық бір теңге!-деді. - Сізде ұят бар ма? - Бар. Еңбектеп жүрсем ше? - деп, жата қалып, еңбектей беріп едім, желкемнен бүріп ұстап алған анау: - Еңбектегеніңе екі жүз теңге! - деді. - Солай ма? Маған жер басып жүруге болмайды екен ғой! Алла тағала маған жер басып жүруді сыйлаған. Оны да көп көрдіңдер ме? Осы қалада сатылмаған жер қалды ма өзі? Былай, інішек, менің қадамым үлкен. Секіріпсекіріп қадамдар санын азайтсам, аз төлеймін ғой? - Өзіңіз білесіз.
Мен кері шегіндім де, секіріп-секіріп, жәй жүріс қадамының жартысына ғана төлеп құтылдым. Мына жалған дүниеден безіп, билікте билеп, халықты илеп жүрген кейбірін табаныммен езіп кеткім келеді. Содан, емін-еркін демалайыншы деп ойлап, саябаққа келейін. Мұнда небір кафе, құмар ойынханалар салынып тасталған екен! Адамдар демалатын жерді де бизнеске айналдырыпты! Бір кезде біреу келді. - Сіз неғып тұрсыз? - Демалып. - Демалуға болмайды. - Неге? - Бұл жердің ауасы жекешеленген. Міне, мемлекеттік актісі де бар. - Сонда немене, ауа жұтпай, тұншығып өлуім керек пе? - Онда шаруам жоқ. - Ауа жұтқаныңызға жетпіс теңге. - Мен ауа жұтып тұрғаным жоқ. - Қалай? - Солай. Мен мүлде ауа жұтпаймын. Қаланың сасық ауасы дәрі ме маған? - Қалай тірі жүрсіз, егер ауа жұтпасаңыз? - Кеше тауға барып, таза ауа көп жұтып, өкпемді толтырып, «заправка» жасап алғанмын. - Ондай әзіліңіз өзіңізге! Кетіңіз бұл жерден! Салым суға кетіп, саябақтан шығып, көше жиегіндегі ағашқа сүйеніп тұр едім, бір шал шалқасынан түсердей, баж ете қалды. - Е, не боп қалды? - деп сұрадым мен. - Ол ағашқа сүйкенуге болмайды! Ағаш менікі! Жекешеленген.! Құдайым-ау, мынау заман не болып кетті өзі? Жер басып жүруге болмайды, ойнап-күлуге болмайды, қалай өмір сүреміз? Енді біз құс емеспіз ғой, ұшып жүретін? Үй жаққа келсем, көршілерім көп қабатты үйлеріне, терезелері арқылы арқан тартысып, амалдап кіріп жатыр екен! Бір оңбаған подъезге кіре беріс жерге мемлекеттік акт алып үлгеріпті. Енді қайттік? Мен сегізінші қабатта тұратын едім. Балконда тұрған әйеліме айқайладым: - Ендігі жылға дейін көшеге шықпаңдар! Мен саты іздеуге кеттім! - дедім. Басқа не дейін. Адам болған соң, өз Отанында жер басып жүргенге не жетсін!
БІЗДЕ БӘРІ ТЕГІН...
Бір қазақ америкадан тапқан досы Джекпен сыра ішіп отыр дейді. --Сіздің елде халыққа тегін қызметтер көрсетіле ме?—деп сұрады Джек. --Әрине, бізде бәрі тегін! --Қалай? --Автобус, пойыз, ұшақтардан түскен соң, жаяу тегін жүресің. --Қызық екен.
--Өз үйіңде тегін ұйықтайсың. Өз үйіңдегі моншаға тегін түсесің. --Жоқ, достым, былай, тегін нәрсе не бар? Қоғамдық дегенім ғой? --Бізде халыққа барлық жағдай жасалған. Ұрлық та, қарақшылық та, парақорлық та тегін. --Мәселен? --Мәселен, бай болсаңыз, үйіңізді тегін ұрлата аласыз. Ақша беріп ұрлата алмай жүрген кедейлер де бар. --Жоқ, қазақ бауырым, түсінбедің. Сіздің елде не тегін беріледі? --Қайыршыларға тегін тиын-тебен тастап кетеміз. --Сосын? --Он қабатты үйлерден тегін құлап, тегін өліп жатамыз. --Сосын? --Тегін жұмыс істейміз... --Қалай тегін? --Құрылысшылар айлар бойы тегін жұмыс істеп, компания басшылары теріс қарап, тегін тоңқаяды. --Сіздерде мұнай көп... --Ия, ия, авто көліктерімізге бензин құйған соң, бактың қақпағын тегін жауып береді. --Керемет екен ғой! --Бізде әр азаматтың он сотық тегін жер алуға құқы бар. Тек Бетпақдаладан, теңіздің астынан, Ай үстінен... --Неткен ғажап жағдай! Адамдарға бұдан артық не керек? --Бізде жастар көшеде кетіп бара жатып, тегін сүйісе береді. Бір –бірінен тиын сұрамайды. --Неткен бақыт! --Тегін жала жауып, тегін соттатып жатамыз. --Тамаша! Тамаша құрмет! --Тегін сасық ауа жұтамыз... Тегін есінейміз, тегін ыржиямыз, тегін күлеміз, тегін жылаймыз тегін ос... Бізде қысқасы бәрі тегін! Үкімет халықтың жағдайын жасап қойған. Соған біз мастанып кеткенбіз! Тегін оқығымыз келмей, ақшаға оқып жүрміз, тегін су, тегін газ, тегін жарық дегенге намыстанып, қымбаттатып жатырмыз! «Қымбаттатыңдар!» деп көшеге, шеруге шығамыз. --Не деген жұмақ еді, Қазақстан! --Біз жанжағымыздағы елдерге жерімізді тегін бере саламыз! Бізде не көп, жер көп. Құдайға шүкір, жетеді! --Міне азаматтық демократия! --Біздің иттеріміз де тегін үреді... --Тамсанып тұрмын. Бізде бір рет үру-- бес доллар... --Бізде ювелир дүкендері тегін қызмет етеді. --О, қалай? --Ішіне кіріп, тегін тамсанып, сүзіле қара-ап шығасың. Тегін көресің. --Міне байлық! Қазақстан халқы бай-бақуатты тұрады екен ғой! --Арақ ішуде алдымызға жан салмай, тегін ішеміз.
--Түсінбедім? --Арақты сатып алған соң, үйде тегін ішіп жатамыз... Кешір достым, «тегін, тегін» деген сөзге үйреніп қалыппын... Ең бастысы, сендердегідей «тегін террордан» сақтасын! --Ия, қазақ бауырым, Құдайым адамдарды тегін ажалдан сақтасын! Екеуі тегін құшақтасып, сыраханадан көңілді қайтты. Жолай бір полицай тоқтатып, қазақ бауырымызды «сен осы болашақ шпион емессің бе?» деп тегін қамауға алды. «О, тегін демократия!»
ҚОЛ ҚОЯДЫ, ҚОЙМАЙДЫ...
Жындыханадағы жындылардың бәрін «жынды», өмірлері осымен тынды деп тәлтіректеп қалмаңыздар... Жындыханада қылмыстарын жасыру үшін, сотталып кетпеу үшін «жындана» қалған шенеуніктер де бар. Бір күні бас дәрігер палатадан өтіп бара жатып, «Қол қояды, қоймайды!» деген жуан дауысты естіді де, есіктен сығалады. Бір көзін жұмып, өзі іштен тынып, есіктен екінші көзін «лақтырса»... Ойеба-й... и-и... Айтайын ба? Айта салайын ә? Табан астында аузы-басы қисайып, осы жақында ғана осында түскен бір шенеунік бір нағыз жындыны алдына отырғызып алыпты! Ана байғұс көздерін көк құтан шоқып жеп қоярдай, тарс жұмып алған... Беті көрпеше сияқты жиырылып кеткен. Ернін екі жаққа созып, біресе жиырып, біресе бұғып, біресе басын қақшаңдатып қояды. Сонда не істеп отыр дейсіз ғой? Бас дәрігер басын қасып, қызықтай түсті. Мен болсам, «Әй, не істеп жатырсың жындыбас?» деп жетіп баратын едім. Екі жындының әңгімесі мынадай еді... --Қол қояды, қоймайды... --Ақырын... --Қол қояды, қоймайды... --Ойбай... --Қол қояды, қоймайды! --Қол қояды, қоймайды! --Ауырып кетті... --Қол қояды, қоймайды. --«Не нормальный» жынды екенсің ғой! --Қол қояды, қоймайды. --Қойшы! --Қол қояды, қоймайды... --Бас дәрігерге айтамын! --Қол қояды, қоймайды! --Болған шығар? Түк қалмады ғой! --Қол қояды, не қоймайды... Бас дәрігер нағыз жындының басында бір тал шашы қалғанда ғана палатаға кіріп келді. Шенеунік «жынды» болып көрінуі үшін мына жындының шашын пенцептпен біртіндеп жұлып біткен еді...
--Әй немене, «қол қояды, қоймайды» деп бұл байғұстың шашын жұлып, тақырбас еттің ғой! --Парламент шикілеу мақұлдаған көшіқон заңына Елбасымыз қол қояды ма, қоймайды ма? Соны білгім келіп... --Шашын жұлып білесің бе не? --Баяғыды жас кезімізде сүйген қызымыздың сыртынан бал ашып, гүл жапырағын біртіндеп жұлатынбыз... «Сүйеді, сүймейді...» деп... Бас дәрігер жынданып кете жаздады. Кабинетіне қарай кетіп бара жатып, мұртын біртіндеп жұлып барады: «Департамент бастығы мені қызметтен босатуға қол қояды, қоймайды, қол қояды, қоймайды, қол қояды-ау, қоймайдыау...»
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру