TELEGEI

Home

Некрасов

Мұхтар Әуезов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Некрасов

Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...

НЕКРАСОВТЫҢ ӨМІРІ

(1821-1877)

"Таптар тартысы айқындалып, революцияға жақындаған кезеңдерде ескі қоғам ішінде, үстем тап арасында ыдырау процесі өте күшейеді, өте айқындалады; сондықтан үстем таптың кейбір бөлімі онан айырылып шығып, болашақтың туына ие революцияшыл тапқа қосылады", — деп, "Коммунистік манифесте" данышпан ұстаздарымыз К.Маркс пен Ф.Энгельс айтқан. Туысы ақсүйек, крепостной усадьбада ақсүйектік мәдениет ықпалында өскен Некрасов 50—60-жылдарда революцияшыл шаруа көпшілігінің мүддесін көрсеткен шаруа демократиясының ірі ақыны болып шығады. Ол кезде Некрасов Чернышевский, Добролюбовтармен бірге жұмыс істеген. Некрасовтың аты да олардың аттарымен қоса аталған. Некрасов "Современник" деген журналдың редакторы болған. Некрасовтың туыс жөнінен өзіне жат таптың тұрғысына шығуына екі жағдай себеп болған. Олар мыналар: 1. Әкесімен араздасып, айырылып шыққаннан кейінгі тұрмыс жағдайлары; 2. Ол уақыттағы разночинецтер — Белинский, Чернышевский, Добролюбовтардың тигізген өсерлері. Некрасов 17 жасында әкесінен бүтіндей айырылып, 1838 жылы Петербургқа келген. Қаржысыздықтан әуелгі мезгілде Петербургта тұру ақынға өте ауыр болған. Көбіне ашығып, қонуға жер таба алмай, қайда болса сонда түнеп жүріп Некрасов разночинец оқығандардың шеккен барлық азаптарын басынан кешірген. Оның аштан өлмеуіне тек еңбек керек болған. Сондықтан ол тынымсыз жұмыс істеумен болады. Он түрлі жасырын атпен ұзақ әңгімелер, пьесалар, өлеңдер, мақалалар жазған. Басқармалардың тапсырмасымен жазып тұратын ақынға айналған. Бірақ бұл еңбек Некрасовқа жеткілікті қаражат құрай алмаған. Тек 1844—1846 жылдарда жазып, бастырып шығарған шығармалар жинағы ғана ақынның тұрмысын аздап түзеген. Дәл осы, жалғыз тамақ үшін жасаған ауыр жұмыс Некрасовтың адамдық мінезін өзгертіп, қайта жасайды. Жалқаулығын, балпандығын, жатыпішерлігін жойып, іскерлігін, тәуекелшілдігін, ыждағаттылығын арттырған. Ол Петербург кедейлерімен араласа танысу, ақынның заманындағы қоғам құрылысына, еңбекшілерді қанаушылыққа қарсылығын молайтқан. Ақырында ақын психология ретінде ақсүйектер табынан айырылып, төңкерісшіл разночинецтер салт-санасына бейім болып шыққан. Белинскиймен бірге жұмыс істегендігі, әңгімелесуі жас ақынға басынан кешіргендерден көп нәрсені анығырақ түсінуге себеп болды. Ол уақыттағы жағдайларды толығырақ, дұрыс түсінуге мүмкіндік берді. 50-жылдардан бастап Некрасов бірте-бірте разночинец оқығандармен, әсіресе, өзіне таныс әдебиет майданындағылармен танысып, араласа бастайды. Ол күнде өзі басқарып тұрған журналына - Тургенев, Толстойды, т.б. жұмысқа шақырса да, Некрасовтың өзінің жазған өлеңдері олардың жазғанынан жігін ажыратып, басқа бағытқа түсе бастаған еді. 60-жылдарда журналдың тұрақты, белсенді жазушылары Чернышевский, Добролюбовтар болған уақытта Некрасовтың көзқарасы ақсүйек жазушылардан бірте-бірте алыстап, ақырында айырылып шығады. Тургеневтің " бізге ересің бе, я Чернышевский, Добролюбовтармен кетесің бе?" — деп қойған сұрауына, Некрасов "соңғылармен кетем" деп жауап берген. Бұдан кейін Тургенев журналдан шығып кеткен. Некрасов революцияшыл разночинецтер жолымен кеткен. Некрасовтың бұлайша бірте-бірте өсуін шығармаларын талдау арқылы көруге болады. Некрасов өлеңді ерте жаза бастаған. Петербургқа әуелгі келуінде бір тетрадь өлең ала келген. 1840 жылы өлеңдер жинағын бастырып шығарған. Жинақты Никитенко профессор мен Белинский қатаң түрде сынаған. Бұл сынды Некрасов дұрыс деп таныған. Шығармасының жарамсыздығы — жас ақын ХІІІ, XІX ғасырлардағы ескі ақсүйек әдебиетіне еліктеген, 40-жылдардың алдыңғы қатар оқушыларына жағымды ешнәрсе бере алмаған. 1845 жылы "Петербор жинағыңда" Некрасов "Бесік жыры", "Жолда" сияқты өлеңдерді басып шығарған. Бұл өлеңдерде Некрасовтың тақырыбы, көзқарастары бүгіндей басқаша. "Бесік жыры" кертартпалардың намысына қатты тиген. "Некрасов Барып тұрған коммунист... Ол революция пайдасына жанын салып жырлайды" деп, жазушы Булгарин жандармға шағым берген. Дәуірдің алдыңғы қатар адамдары Некрасовтың бұл өлеңдеріне өте разы болған; өлеңді оқығаннан кейін Белинский: "сіз ақынсыз, ақын болғанда нағыз ақынсыз!" деген.

Осы кезден бастап-ақ Некрасов разночинецтер стиліне түскен.

Шынында Некрасовтың ақындығы өте кең, көп тараулы болған. Ол заманындағы қала тұрмысын, әсіресе, басқалардан ертерек капитализмге ауа бастаған Петербург тұрмысын біледі. Бұл қаланың ағыл-тегіл байлығымен қатар, боздағы шыққан кедейлігін, чиновниктердің озбыр зорлығы мен еңбекшілердің қорғаусыздығын ақын толық суреттеген. 1864 жылы Некрасов "Темір жол" деген өлеңін жазып, жол салудың суретін берген. Еңбек пен капиталды қарама-қарсы қойып салыстырып, Некрасов капиталистердің жұмыс материалын Мәскеу-Петербург темір жолынан алған. Жұмысшылардың зарлы азабын жырлаған өлеңнің әрбір жолы документпен ыспатталғаны айқын ақиқат. Бұл ақиқатты Некрасов соншама күшті етіп көрсете алғандықтан, өкімет тарапынан да, революцияшыл оқушылар тарапынан да көп әңгімелер қозғалған. Баспасөз басқаратын Мартынов деген төре өкіметке жасаған айырықша баяндамасында — өкіметіміздің күн батысша жасаған бірінші игі жұмысына өлеңмен жабылған мұндай жаланы жүрегің қалтырап, оқи алмайсың деген. Ал, Некрасовтың жазғаны жала емес, ақиқат еді. Ірі ақындық күшпен суреттелген бұл ақиқат жас буынның көкірегін өкіметке дұшпандықпен толтырды. Некрасов жұмысшыларды суреттеп, ауыр жұмысқа "халық көпшілігін" айдап қосқан, аштықтың күшін, орыс капитализмінің әуелгі адамдарының ойранын көрсетеді. Еңбек пен капитал арасындағы қатынасты ашады. "Темір жол" Некрасовтың ең күшті шығармасы. Мұнда еңбек пен капитал тілектерінің қайшылықтары, орыс капитализмінің жыртқышша өсуі өте толық, айқын көрсетілген. Чернышевский мен Добролюбовтың тізе қосқан жолдасы, шаруа демократиясының ақыны Некрасов — шаруа мұңын жырлайтын ақын болады. "Мен өзімнің ақындығымды халқыма арнадым, мен сенің қасіретіңді жырлау үшін туғанмын, сабырлығымен таңырқатататын халық" — деп Некрасов өзінің міндетін белгілеген. Шынында да Некрасовтың бүкіл ақындық өмірінде шаруа бірінші орын алып отырған. Некрасов — ақын азамат. Ол ақынның міндетін халыққа қызмет ету деп таныған. Чернышевскийдің ең жақын жолдасы болғандықтан ол Чернышевскийше көркемөнерді азамат міндеті деп таныған. Ол:

Отанның ары үшін,
Пікір, махаббат үшін,
Отқа түс...
Бар, ренжімей өл.

Босқа өлмейсің... — деген.

Азаматтың міндетін осындай, жоғары тұрғыдан қарап тексеріп, Некрасов өз басын қатаң сынаған. Ол өлеңдерінде революцияшылдарды артықша бағалап, олардың күйіне қызығады. Буржуазияшыл-демократшыл революция жолында, патша өкіметін құлату жолында, крепостнойлықтың қалдықтарын тұрмыстан кетіру жолында Некрасовтың шығармалары үлкен қызмет көрсеткен. Некрасов түрдің мазмұннан айрылмайтындығын, мазмұнның өзі көркем түрді билеп отыратынын анық түсінген. Некрасов бұқара дұшпандарына қарсы жасаған күресінің нәтижесінде разночинец-ақын достарына сүйеніп, революцияшыл разночиндік стиль жасап шығарды. Некрасов күнделік өмір жырын (әдебиетін) халық дұшпандарына қарсы қойды. Шығармаларына ол кездегі разночинец оқығандар арасына жайылған сөз-атауларды ендірді. Ал деревня тақырыптарына жазылған өлеңдеріне шаруа тілін ендірді. Шығармаларына кейде халық өлеңдерінің түрін берді. Шығармаларының саяси бағытын айқындап, Некрасовты газет-журнал тіліне, түріне жақындатты. Бұл жөнде ол үлкен жаңалық ендіруші болып шықты. Некрасовтың поэмалары, оның геройлары зеріккен ақсүйек емес, бүлдіргіш берен де емес, революцияшыл-демократ көзқарасы суреттелген халық адамдары. Некрасов поэмаларында жеке адамды суреттемейді, әлеуметтік топтарды, көбіне шаруаларды суреттейді.

ТЕМІР ЖОЛ

Наня — Әке, бұл жолды кім салды?
Әкесі — Граф Петр Андреевич Клейнмихель деген адам.
Вагондағы әңгіме І
Жайнаған тамаша күз! Ашық аспан,

Бойында таза ауа мен жігер тасқан,
Еріген қантқа ұқсап өзендерде,
Жарқырап жатыр мұздар жаңа қатқан.
Жастықтай мамық шөптер ағаш маңы,

Ұйықтауға болады — кең тыныш әрі,
Кілемдей сарғылт тартып жайнап жатыр,
Әлі жас қурамаған жапырақтары.
Жарқырап тамаша күз! Аяз түні,

Айнадай кіршігі жоқ таза күні,
Тәртіпсіз құбылыс жоқ табиғатта,
Қопа мен саз батпақты басқан мүгі.
Нұр шашқан айлы түннің аясымен

Төңірегім орыс бауырым, жақсы білем.
Өзімнің ойымды ойлап, ойға шомып,
Шойын рельс бойымен ұшып келем.
Айтасыз неге өтірік, ізгі аға,

Ванядай ақылы мол жас балаға.
Шындықты айтатын мен, рұқсат ет,
Оған мынау нұр шашып тұрған айда.
Ваня! Бұл ауыр еңбек адам төзбес,

Бұл іске бір адамның күші келмес.
Дүниеде аштық деген патша бар ғой,
Ол жауыз, рақымды ешбір білмес.
Сол патша теңіз кезді әскер бастап,

Халықты жұмысқа айдап жаншып таптап.
Ел кезіп соқаның да артын андып,
Қалдырмайды тоқушы мен тасшыны ақтап.
Ол бұдан жұртты айдап келген алып,

Өмір өшкен ормандай қурап, талып.
Сор жайлаған, қорқыныш күресте ел
Жатты өзіне бұл жерден қабыр қазып.
Топырақ төгіп, жіңішке жолды тартты,

Көпір, рельс төседі, діңгек қақты.
Білесің бе, Ваня, сен, жол бойында,
Қанша орыстың сүйегі жайрап жатты.
Зарлаған аянышты үн құлақ жарып,

Tіc шықырлап, дүрсілдер мазаны алып.
Мұзды әйнектен көлеңке өтіп жатты,
Ол немене? Қырылып жатқан халық.
Кей кезде темір жолдың бойын қуып,

Кей кезде шетке қашады алас ұрып.
Естисің бе өлеңді: "Айлы түнде, —
Дейді олар,— еңбек гүлін тұрсақ көріп!
Шектен тыс еңбек етіп салқын түнде,

Беліміз бүкірейіп мәңгі өмірде,
Жер үйде аштықпенен арпалысып,
Тоңып, ұшып, жаурадық болдық тонға.
Десятник-пысықшалар бізді талап,

Жоқтық жаншып, бастықтар сорып, қанап,
Момын ұлы еңбектің! Тәңірі құлы,
Төздік біздер, тартсақ та қанша азап.
Бауырлар, гүлді орындар біздің еккен,

Жазмыс бізге шіруге жардық еткен.
Қуарған бізді мәңгі ұмытарсыз,
Болмаса шығармассыз ұзақ естен..."
Қорықпа олардың жат өлеңінен,

Волхов пен Ока бойы, кәрі Еділден,
Жиналған байтақ елдің әр шетінен,
Бәрі шаруа бауырлас сеніменен.
Қорқу ұят, бет бүркеп перчаткамен,

Олай етер нәресте емессің сен.
Көрдің бе ұзын бойлы, жирен шашты

— Белорусты жүдеген безгекпенен.

Қабағын түйген төмен, ерні қансыз,
Жанды жара қолында талған, әлсіз.
Өмір бойы тізеден суды кешіп,
Аяғы іскен, шашы шаң һәм тараусыз.

Кеудесін бел күректің сабы тескен,
Қабағы күннен күнге төмен түскен,
Ваня, сен ол адамды байқап қара,
Еңбегі азығына азар жеткен.

Өмір бойы жазылмай, белі бүкір,
Әні, ол өлі күнге тіл қатпай түр.
Тот басқан бел күрекпен жердің тоңын,
Әдеттенген қалпымен түрткілейді құр.

Болар ед әбден оңды сені мен мен,
Үйренсек еңбекке осы өнегеден.
Есірке ел еңбегін, сүй, бағала,
Шаруаны құрметтеуге оқы, үйрен.

Ардақты отан үшін қамықпа сен,
Орыс халқы төзімді, терісі кең.
Осы темір жолға да төзді олар,
Күтіп ап, келген істі тәңіріден.

Төзді олар, болашағын байқады кең,
Өзіне жол салды олар ер жүрекпен.
Арман сол, бақ орнайтын шат дәуірге,
Не пайда жете алмаймыз сені мен мен.

Сол минутте свисток кулак жарды,
Ұшты пойыз — өліктер кейін қалды.
"Әке, қызық түс көрдім, - деді Ваня,

— Көрдім мен бес мыңдаған шаруаларды.

Көрнекті жыныс, орыстың тұқымдары,
Тізілді көз алдыма, — деді,— әні".
"Міне, осылар салушы біздің жолды",

— Күлді сонда қарқылдап генералы.

- Жақында барып қайттым Ватиканға,

Екі түн қыдырдым мен Колизейде.
Көрдім Вена әулиесі Степанды,
Салған соның барлығын жабайы ел ме?

- Ғафу ет, күлкіңіз тым орынсыз-ақ,

Пікіріңіз жат сіздің шолағырақ.
Бәлкім, сізге Аполлон, Бельведерден
Пешке салар горшоктар артығырақ?
Мінеки, терем, монша — сіздің халық,

Көркемөнер ұйымын талап алып.
"Мен сіз емес, сөйлесем Ваняменен",
Генерал сөйлетпеді ауыз қағып.

- Славян, сіздің англосакс, неміс,

Жыртқыш олар, маскүнем бәрі тегіс.
Салмайды олар, тек қана бұзуға әуес,
Ванюша, бұны айырып білген дұрыс.

- Көрсеткенше өлікті, қайғы-зарды,

Жирендірмей соншама жас баланы,
Көрсетсеңіз нетер ед нәрестеге,
Өрнекті елді... Үлгілі жақсыларды!
Тында, қалқам! Бұл еңбек біткен талып,

Бітті, неміс рельс жатыр салып.
Өліктердің қара жер бүркеп бетін,
Жер үймен тасаланған ауру халық.
Анталап, жұрт конторға шоғырласып,

Желкелерін тұрысты тыр-тыр қасып.
Бәрі олардың борышты подрядчикке,
Прогул сайын тиындап, борыш асып.
Ауырса да, моншаға түссе барып,

Десятник тізген соның бәрін жазып,
"Мүмкін, аз-маз артқаны болар одан,
Жөнел сен", — деді қолын сілтеп салып.
Күрестерше назданып көк шекпенді,

Мыстан қызыл, жұп-жуан мыржық бойлы,
Мейрамдауға келеді подрядчик,
Өзі істеткен жұмысты, бойлап жолды.
Жиылған жұрт ығысып ашты жолын,

Күпес сүртіп алды да, беттің терін,
"Бәрекелді... ісіне... жігіт...жігіт..."

— Деді ол, бүйіріне таяп қолын.

"Тәңір берсін, қайтыңдар үйлеріңе,
(Бөрік алыңдар сіздер, мен сөйлегенде),
Жұмысшыға сыйладым бөшке арақ,
Кешірем борышыңды бәріңніңде".

"Ура" деп ед әлдекім қостап бөрі,
Теп-тегіс қосылысып дауыстары,
Бошке айдап ед ондықтар өлеңдетіп,
Жалқаулар да кідіріп қалыспады.

Доғарылды ат, уралап байға халық,
Жол бойымен жүгірді айқай салып,
Бұдан артық суреттің керегі не,
Жеткілікті, генерал, осы да анық.

Аударған – ӘБУ

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙