Мазмұнға өту
Home

Өлеңдер мен поэмалар

Баянғали Әлімжанов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Өлеңдер мен поэмалар

Авторы: Баянғали Әлімжанов

Баянғали Әлімжанов Өмірдің өзі... Өлеңдер мен поэмалар Астана 2013 Кітапты жарыққа шығарған Нұрлан Әлімжановқа Рахмет! Баянғали Әлімжановтың бұл жинағына кейінгі кезде туған жаңа жырлары топтастырылған. Шүкірлік Бір Алланың Бұйырғанын құп алып, Атқан таңға Тәуба қылып, қуанып, Тіршіліктің талқысынан түңілмей Тәуекел ет, Талаптанып ту алып. Таңғы шықтың Тамшысына тамсанып, Күн сәулесін Күліп тұрып қарсы алып, Жер жұпарын Толтыра жұт кеудеңді Кім біледі Дем қалғанын қаншалық? Әрбір жұтқан Демге де қыл шүкірлік, Әр бір татқан Дәмге де қыл шүкірлік, Күнге шүкір, Шүкір және түнге де, Тіршіліктің әр сәтіне шүкірлік! Жер Ана, жолдан айныма

Тұңғиық көкке Қараймын неге телміріп, Мұңайып жаным Мүжіліп іштей егіліп, Мұхитты кешкен Қайықтай жалғыз қалтылдап Қиялдап барып, Не сезіп қайттың, не біліп? Құпия, ғайып, Зілмауыр ой мен сыр бүгіп, Үн-түнсіз езген, Көңілге күптеп жүз күдік, Ғарышқа шексіз, Мәңгілік жалғыз сауалдың Жауабын іздеп, Үңілем неге үздігіп!? Ғасырдан ғасыр... Қас-қағым сәттей зырлауық, Жылауық уақыт, Уайымың қандай шырмауық, Шуылдап кетті Шалығы барлар неліктен, Жер Ана саған, Төнді ме шындап бір қауіп?! Жер Ана, Бізді Көтеріп ұшып, айналып Кезесің көкті Кіндігің Күнге байланып... Ақырзаманның Зауалы келіп қалды ма?! Адамзат отыр Амалы құрып ойланып.

Не болар екен Құрдымға кетсе құлап жер, Тиылар ма екен Жарылыс, жанжал құлақ жер? Ұрыса бермей Ұғатын кезің болды ғой Біздерде бары Бір ғана Құдай, Бір ғана Адам, Бір-ақ Жер! Жер Ана , жүдеп, Жұқарып жүйкең тозды ма, Тұрлаусыз уақыт Айналымыңнан озды ма, Опырып, өртеп, Қиратып, Жойып, Жалмаған, Жындылар енді Сенің де көрің қазды ма? Түбіңе сенің Қалайша жетпек мұндай құл, Төбеден бағып Рахымы шексіз құдай тұр, Қайырын тілеп Қандай да болсын қайранның Алладан бұйрық Келгенше жерім, Шыдай тұр! Мейірбан едің... Баурыңа тарттың Айды да,

Батыра көрме Баланы сәби қайғыға, Рахмани нұрдан Жаралып едің, Жер Ана, Кеше гөр бізді, Кешір де жолдан айныма! Бала күнгі жұлдыздар Шексіздіктің біледі кім мөлшерін... Қиялдадым... Жер, көкті, Күнді өлшедім, Жете алмадым түбіне Бар сезгенім Шексіз ғалам... Мен сенің бір бөлшегің! Ой азабын арқалап сенделіп тым Кетпесем де, Көп сырды желден ұқтым, Шырылдайды шыбын жан шырқау іздеп Шырмауынан шыға алмай пенделіктің. Пендешілік... Дүние – ай, Пәни жалған, Дәурен – ғұмыр... Осы ма нағыз арман?! Менің жаным мәңгілік мән іздейді Галактика, Ғарыштан, Жұлдыздардан.

Құштар болдым жұлдызға Бала кезден, Жылқы бағып кезекпен, дала кезген, Жұлдыздар мен жанымның арасында Бір жақындық барлығын қалай сезгем?! Айсыз түн Айдалада Ұйқы қашқан, Пысқырады жылқылар жусап жатқан... Естен тана үздігіп Құс жолына, Ұшып кеткім келетін жұлдыз жаққа. Мөлт, мөлт еткен жұлдыздар Көп, көп еді, Жерге тамып кетердей көркем еді, Суырып алардай боп өзегімді Шақыратын жан қоймай көкке мені... Таң атарда қоштасып, қимайтынмын, Әлденеге ішімнен жылайтынмын, Сыйса деуші ем Бар ғалам жүрегіме Сыя қоймай ол мені қинайтұғын!

Жарты ғасыр өтіпті, Өмір легі... Бір тынбайды қаланың дүңгірлегі, Тынысыңды тарылтып түнгі лебі, Жұлдыздар да қазіргі өзгешелеу Әлде өзгерген мен бе екем, Кім біледі?! Бүгінгінің балдары біздей ме екен, Көктің сырын сезе ме, Сезбей ме екен... Менің таза, мөп – мөлдір жұлдыздарым Бала досын даладан іздей ме екен?! Қазақтың мен де ақкөңіл баласымын Аңсаған адамдардың жарасымын Арнаған туған елге бар асылын, Қиялы көп болғанмен зияны жоқ Қазақтың мен де ақкөңіл баласымын!

Кейде тоқ,кейде болдым жүдеу-жадау, Керек пе сөз көбейтіп бәрін санау? Апырмай,мен де осындай болсам дейтін Тұлға көп адамзатта қадау-қадау, Ешкімнің биігіне таласпаймын Өзімнің жолым жатыр тарау-тарау! Жалғанда жаманшылық қуыспаған Адамдар ақ пейілді туыс маған, Алла деп ақ сөйлегем домбыра алсам Жалтақтап және ешкімнен ығыспағам, Түсіме кіріп ұлы бабаларым Жолбарыс жон арқамнан уыстаған! Су кетпесін мөп-мөлдір бұлақтардан, От кетпесін тұтанған шырақтардан, Белдерің бүгілмесін еңсең түсіп Арқаңа тірлік артқан сұрақтардан, Ұзақ та мәнді болсын ғұмырларың Қазақтың өлеңіндей шумақталған! Мәңгілік жырлай берсін дала тынбай,

Жырларын өсе берсін бала тыңдай, Көргенде жарқын жүзді адамдарды Аппақ нұр жүрегіме толатындай, Сол нұрды көбейсін деп дүниеге Себемін қарлығаштың қанатындай! Бір-ақ сөз Керегі не Аттанның да, Айғайдың, Айнытады ақылыңнан Ойбай мұң, Сабыр керек Дүниеге жынданған, Жанға шипа Болар сөзді ойлаймын. «Жетем десең Жер жүзілік мақтанға, Дауылдай соқ, Өрттей лаула, Аттанда!» Деп қайрайды... Кімге дәрі тентек сөз Жарты ғалам Күйіп, Жанып жатқанда! Жалмап, Жұлып Жанталасқан жаһан да, Көкірегі Көк тіреген қаһан да, Қандай сөзге Тоқтар екен, Тойымсыз Нахақ қанды Кешіп жүрген наһан да?!

Ұмытылып Иман , ұят, мейірім, Сұлулық та Селт еткізбей зейінін, Неге адамның Тамырларын Жын буып , Жалмауыздық Жаулап алған пейілін ?! Сабыр, Тәуба, Шүкір десек ұғар ма, Әлде адамзат Қан төгуге құмар ма, Бірін-бірі қырып-жойып, Билесе, Біз ұқпайтын Бір ұшпаққа шыға ма? Жер жүзінің Тіршілігін тәмамдар Ақырзаман Келсе қандай амал бар?.. Тоқтайықшы Түсінікті бір сөзге: Бір-біріңе Оқ атпаңдар, адамдар! Қайран елім Адамзатқа Ақиқат пен Ізгілікті іздестің, Қиянатқа Қарсы тұрдың, Отқа күйіп, мұз кештің, Қиялыңда Жұлдыз кезіп, Бұлт құшақтап, күн сүйіп, Аңызақта Аңыз қуып Желмен ұшып,түзде өстің, Қайырымың Қанша жұртты Алып қалды ажалдан,

Қиналғанға Қамқор болып Жақын тартып Сіз дестің , Әділдік пен Адалдыққа Ғашық болып жаралдың, Қайғы – мұңның Орманына Мың оралып, жүз көштің, Сенен асқан Мейірбанды Ел бар ма екен жалғанда, Сан тарихты Таразылап Салыстырып із кестім! Халқым үшін қызмет қылам қалтқысыз Мақтамаса мақтамасын бізді ешкім! Жоғалмайды ана тілім Жерім үшін төгілмеген қан бар ма, Тілім үшін егілмеген жан бар ма? Дін мен тілін бермей кеткен бабалар Көк қанжары жалақтаған жоңғарға, Өз билігің өз қолыңа тигенде Өз тіліңнен айырылар жөн бар ма, Жоғалмайды ана тілім мен барда, Жоғалмайды ана тілім сен барда!

Тілім барда күнім де бар, айым бар Тілім барда иманым бар, ойым бар, Төрт құбылам түгел менің тіл барда Түн ұйқымды төрт бөлмейді уайымдар, Тіл білмейтін, тіл алмайтын тентектер Тілімізге тиіскенді қойыңдар! Менің атам... Менің атам Бар қазақтың шалдары, Менің атам Бар қазақтың аруағы , Ата қазақ атын ұрпақ ұран ғып Болашаққа бара жатыр алдағы! Ата қазақ салып кеткен ізбенен, Алты Алашым, ізгі жолды іздеген, Аталарым алып, ұлы болмаса Халық болып қалар ма едік біз деген! Аталардай кең даланы сүйіп пе ең, Аталардай ел мұңына күйіп пе ең? Бұрын келіп Бұрын кеткен аталар Бізден бұрын Ұшып жұр ғой биікте!

Үміт күткен ізін басқан ботадан, Айнымайық ата берген батадан, Ақыл – есі ауытқыған болмаса Кім айтады артықпын деп атадан?! Басынбасын десең егер бөтен ұлт Бар тарихың болмасын де бекерлік, Атын сақтап, ісін жалға атаңның Апар алға, көбейте түс көтеріп! хххх Жайылып өркен өрісте болса, Жайқалып бағың жеміске толса, Аталарымның арқасы шығар Көркейіп көшің кенішке қонса, Мен үшін олар бәрінен артық Кей ісі,тіпті , теріс те болса, Жер беті жұмақ боп кетпес пе еді Егер де олар періште болса! Еңіреп өткен Бала үшінел деп, Қанын да төккен Дала үшін –жер деп, Аталарым десем От болып арқам, Кеудемді бір күш кетеді кернеп! Ескі үйдің орны

Ескі үйдің орны естелік Жүректен өшпес нала -жыр, Қалада зәулім ғимарат Балконға сыймай бала жүр, Тұрсаң да Айда,елдегі Ескі үйді еске ала жүр. Шүпірлеп қара домалақ Ескі үйде өстік домалап, Кішкентай ғана әйнектен Кең дүниеге сығалап, Мұз қырау іліп мұртына Даладан келген атекем Қаракөлеңке бұрыштан Кенжесі қайсы екенін Айырар еді-ау жобалап. Үй тарлау,бірақ сыйыстық Болмайтын бізде іштарлық, Үйлесіп пештің отымен Тұтанып еді-ау ескі үйде Өмірге деген құштарлық! Алысқа тартты ағалар Тіршілік теңіз жағалап, Қажыған кезде кететін Ескі үйді біраз паналап.

Жатырмыз көшіп ауылдан Керек-ақ шығар қыстықпау, Көңіліме бірақ біртүрлі Жатаған келген ескі үйлер Кең сарайлардан ыстықтау! Ескі үйдің бәрін қиратып Жаңаға көшсек қызығып, Абайла,достым,кетпесін Ескі бір тамыр үзіліп! Жұмбаққа толы дүние Түңіле берме өмірден Түңілгенде не етерсің? Күңірене берсең күн-түні Күпір де болып кетерсің. Ашам деп көңіл сарайын Көп күлгенде не етерсің? Кеңкілдей берсең күн-түні Кеңкелес болып кетерсің. Иіле берме әр неге Иілгенде не етерсің? Бүгіле берсең бір жола Бүкір де болып кетерсің. Көтере берме кеудеңді Көпіріп қайда жетерсің? Көбіктің түбі өтірік Үп етсе ұшып кетерсің.

Бойыңа сыймай қуатың Бұзып-жарғанда не етерсің? Қиянат-обал арқалап Бір күні мүрдем кетерсің. Сұлумын деп сүйініп Секеңдегенде не етерсің? Сүйкене берсең әр неге Сүйкімсіз болып кетерсің. Үрейге бойды алдырып Үрпигенде не етерсің? Үңги берсең өзіңді Кеуек боп босқа кетерсің. Әр нәрсе тәтті дәмімен, Бәрін де татып өтерсің. Жұмбаққа толы дүние-ай, Мәніне қайтіп жетерсің!!! Ғажайып күй Өзіңмен қалсам кезігіп Ғажайып бір күй туатын, Екеуміз ғана сезініп Екеуміз ғана ұғатын. Айтуым керек болса да Сөз табу қиын мұндайда, Айым-ау,мені қинамай Айтқызбай білсең болмай ма?!

Алаулап нұрың жүзіңде Ботадай көзің мөлдіреп, Жарқ ете қалған кезіңде Кетеді жаным елжіреп. Наздана күлсең сыңғырлай Жадырар жаным жаңарып, Жаңбырдан соңғы қырлардай Дүние кетер тазарып! Сен ешқашан өзгерме Бейнеңді іздеп мен сенің Өмірді оймен өлшедім, Өзіңмен өткен күндерге Жанымның бердім бөлшегін. Арайлы күндей көріктім Ағарған таңда көріппін, Есімнен қалай тандырып Елес боп қайдан жолықтың ?! Сүйегің қандай текті еді, Көздерің қандай отты еді, Жаныма шуақ құйылып Жұтқандай болдым оттегі. Сәуірде келген сәулелім Сәулеңді таппай әуремін, Ғайып боп кеткен бір сәтте Дәуірге татыр дәуренім!

Жыр ойнаған сөздерде Нұр ойнаған көздерде Аймен бірге айналған Аяулы бір кездерде Өмір зулап өтерін Албырт көңіл сезген бе, Мен өзгеріп кетсем де Сен ешқашан өзгерме! Жан жылуын сеземін Қуанамын көрген сайын өзіңді Жасыра алмай жүректегі сезімді, Неге екенін кім біледі, бірақ та, Айта алмаймын нағыз керек сөзімді. Жаным, сенің жанарыңнан Жан жылуын сеземін, Кірбің көрсем қабағыңнан Өз-өзімнен беземін, Қол ұстасып, сөз байласып Біз екеуміз, гөзелім, Бір арнада қосып едік Бұл өмірдің өзенін! Бірге тілеп бағымыздың жануын Бірге іздейік жанымыздың дәруін, Қиын емес қуанту да адамды, Одан да оңай өкпелетіп алуың.

Өкпелемей, өткен іске өкінбей, Келші бермен,көрместей боп бекінбей, Неге сонша нәзік екен адамдар Бір-бірінен пана іздеген жетімдей! Ару мен арба Көздің жасы үнсіз тамып кесеге Күрең суды кермек татыр десе де, Бағын сынап бағасымен базардың Арулар жүр арба сүйреп көшеде. Таң нұрына шомылдырып жан нұрын Жөнеледі көздеп тірлік жабдығын, Арбаға сап сүйреп бара жатқандай Өздерінің өзгешелеу тағдырын. Қайда олардың мөлдір биік арманы, Қандай болар алыс күндер алдағы?! Бәрін-бәрін көміп кетіп барады Ала сөмке артқан арба шаңдағы.

Үйренгесін бүгінгінің саудасын Үзбей ме екен нәзік әннің жалғасын? Сұлу сүйреп келе жатыр базардан Салдырлатып босап қалған арбасын. Қымыз құйған қыз Жаз жайлауда, Алыс әлі қоңыр күз, Тау ішінде Қоңыр үйде... қоңыр қыз, Қымыз құйған сол қоңыр қыз болмаса Қою түннің өзі қандай көңілсіз! Сапырып қымыз, Сабадан құйып, Ұсынды маған Саусағы тиіп Кеткенде сездім, Қолының ұшы Тұр екен шіркін От болып күйіп, Соншалық неге Ыстықсың бізге Қойшының үйі Тұғыры биік! Таудағы қымыз Таңдайға балдай, Таңдағы қыздың Талғамы қандай, Кеттім-ау самғап Қанатым талмай, Келгенше қайтып Тағатым қалмай!

Тұп-тұнық әлем Жаныңды емдеп, Тыныштық күйі Сабырмен тербеп, Тұрғанда ғажап Дүние мынау Тойымсыз пенде Тағы не керек ?! Невада-Семей. Қомызшы қыздың күйі Полигон жауып, бомбыны жеңдік, Ақындар жырлап, Ертіске келдік. Невада-Семей, акция өтті, Қалғандай орнап ғаламдық теңдік. АҚШ-пен батыс, шығыс та мұнда, Теңдік пен достық шыққандай шыңға. Қомызшы сұлу қырғыздан келді, Әнімді әлем дегендей тыңда. Уланған жерге басты да идік, Сұмдықтың сырын көкейге түйдік, Тажалға қарсы лағінет айтып, Қауым боп қолдан тасоба үйдік. Қара тас болсын тажалдың үйі, Сұлулық, өнер адамдық сыйы, Ертістің бойы, еліктей қыздың Елітіп мені әкетті күйі.

Қырғыздың қызы қомызын тартып, Қырмызы қырлар кеткендей балқып, Қызарған күн де ұяға қонып, Қызғалдақ толқып, қымыздық аңқып... Елестер түнде үркердей болып Әуені жанды өртердей болып, Кей-кейде жүрем өзімнен өзім Қомыздың қылын шерткендей болып! Ару мен ақ қайың Көлеңкесін Кешқұрымға ие ғып , Күн еңкейіп Көшкен кезде түйе бұлт , Тау жайлаған Ну орманның шетінде Бір сұлу тұр ақ қайыңға сүйеніп! Жұмбақ ару... Күн ұяда... Ай алыс, Қалың орман Тұнып тұрған аяныш, Бетін тақап , құшақтайды аялап Ақ қайыңнан іздей ме әлде таяныш?!

Кім біледі Жанын тербеп уайым, мұң, Келер күннің Ойлай ма екен жайын мың, Әлде жәбір көрді ме екен, Әйтеуір Қыздың жүзі Қабығындай қайыңның. Жанарында Маржандай боп тұр жасы, Дүниеге Сыймайтындай бір басы, Не болды екен, Біз білмейміз... Айтпайды Ақ қайыңдар Арулардың сырласы... Алтын балық Шоршығандай айдында, Қолаң шашы Жалт етті де мойнында, Аққұба қыз Ақ қайыңмен тұтасып Ғайып болды Қою түннің қойнында! Аңсау

Әлденені аңсаймын кеп, Сағынамын үздігіп, Ол не нәрсе, Білесің бе, Айтшы маған күзгі бұлт?! Менің жаным Нені іздейді дүниеден тынымсыз Ауыр ой мен қауырсын мұң Хаос-көкте жүздіріп... Ақ теңіздің арыстаны шығып қалса жағаға Асығады айдынына құйрығымен мұзды ұрып... Түп-түзу боп Түпсіз көкке Түссіз жіппен асылып, Тізіліп ап Құстар қайда барады екен асығып, Біз білмейтін бірдемені Білетіндей осылар Қалың сырды Қанатының қалқасында жасырып... Сиыр базда сыңар аяқ соқыр бастық боқтайды Жесір қалған сауыс-сауыс сауыншыны басынып...

Өмір бізге жүгін артып Алыс жолға жібермек, Уақыт желін ешкім бөгеп Ұстай алмас шідерлеп, Пенде шіркін Шарлап бара жатса дағы ғарышты Құмар неге Бірін-бірі дізгіндеуге, дігерлеп?!... Бомба түскен Бейруттағы бейбіт үйді есіңе ал, Египетте өлгендерді есептеп көр түгендеп... Қиялыңмен Ғарыш кезіп, Ай-жұлдызды айналып, Фәни , бақи , Ғалам жайлы Адам жайлы ойланып, Бір құдайға шүкірлік қып Жерге қайта түсесің, Тағдырымыз Туған жерге Қалған мәңгі байланып... Дөң басында дүниені дүрілдеткен кезінде Не бір жайсаң жатқан жоқ па тыным тауып жайланып... Қанат Қанатсыз адам болмайды Бәріне қанат берілген, Қияда қыран самғайды Ұшуға қораз ерінген.

Біреулер пайда табатын Қыздырып мамық саудасын, Сыпырғыш қылып қанатын Тазалар біреу ауласын. Жаза алмай еркін құлашын Бір-бірін бөгеп , қаққылап, Қанаттар қанша ылашын Ұша алмай кеткен шапқылап. Дарынды туған дүрлерге Артады заман ауыр сын, Ұшам деп енді жүргенде Жұлынып біткен қауырсын. Тірліктің тапқан жайлысын Талғамы қызық санаттың, Кім ұғар екен қайғысын Самғаусыз өткен қанаттың! Басыңды көтер... Сүрініп кетсең Түңілме Қайта түрегел, Сілкініп тастап Серпіліп алға жүре бер, Сенен де бұрын Бұдан да ауыр салмақты Көтеріп кеткен Ерлердің барын біледі ел.

Жығылып қалсаң Тұрдым де жерге бір аунап, Тырнадан үлгі ал, Төбеңнен ұшқан тыраулап, Сарала жапырағы Саудырап түсіп жатқанда Көктемін күтіп Күлмей ме кейде қырау бақ? Жаныңды жесе Күйзеліс, уайым жегідей, Өзіңді өзің Езгілей берме тірідей, Қарысып неге Қасқайып қатып қалмайсың, Аяғын шайнап Қақпаннан шыққан бөрідей. Жылаңқы, жасық, Кінәмшіл болсаң боркемік, Күйініп іштей Кетерсің босқа өртеніп, Темірді үзіп Қопарар тасты шағыңда, Не болды сонша, Шағылып тауың ерте өліп?! Басыңды көтер Жігерді қайрап мін атқа, Үргісі келген иттердің бәрін шулат та, Тәуекел етіп Көтеріп тағдыр жазғанын Тарта бер тура Өшпейтін үміт-шыраққа! Сатты ма досың...

Шынымен сенген сатты ма, досың, Жаныңа қатты батты ма тосын? Сүрінген кезде сыртыңнан күліп Табалап таспен атты ма сосын?! Еріңнен ауып, атыңнан құлап, Құшақтап жерді жаттың ба жылап? Мұң шағып барсаң мұқият тыңдап Сырыңды ұғар таптың ба құлақ?! Не болды саған, соншама күйреп Кім сені қолдар, жан сала сүйреп, Жолынан азып қайтпаған атаң Жатса да дұшпан қаншама түйреп. Өмір де кейде етеді мезі, Көп жәйтке жанның жетеді көзі, Алғыс айт оған, көрсетіп берген Өзінің қандай екенін өзі! Сабағын тағдыр түсінген жоқсың, Алдандым-ау деп күрсінбе көп тым, Қайтер ең сатса сол досың сені Қып-қызыл майдан, ішінде өрттің!

Сен оған сеніп барлауға барсаң, Шайқасып жаумен шырмауда қалсаң, Жапанда жалғыз жаралы күйде Ол тастап кетіп, арманда қалсаң. Қайтер ең тіпті, желкеңнен атса, Жап-жарық күнің ертелеу батса... Ендеше қазір елең де қылма Дұшпан боп досың желдетіп жатса. Достықты нағыз маржанға бала, Жылтырақтарға алданбай қара, Аман-сауыңда құтылғаныңа қуан Азба да тозба арзанға бола! Шаршадым деме... Шаршадым деме, Шаршауға сенің хақың жоқ, Шырылдап жүрсең шынымен егер халқым деп, Азамат аз ғой алаңдауы көп Алашта Болғанмен мұнай, көмір мен темір, алтын көп.

Лашындай жырлар шығады-ау ұшып лашықтан Жасындай мінез көрінбес бірақ жасықтан, Жан бағар кез бе жағаңнан жаһан алғанда Жанкешті керек, иірер алшы асықты! Өмір сынағы Жанталасқан дүние Жаралайды жаныңды, Сол жараның уыты Аралайды қаныңды. Қозады-ай келіп жындарың Ызадан ыза туады, Абжыландай көрінер Тірліктің түйткіл сұрағы. Арамдық,алдау,ақымақтық, Келеді бәрін сындырғың, Болмауға тиіс бұлай деп Ай-әлемге шыңғырғың. Ашуға бойды алдырсаң Ажалдан бұрын өлерсің, Өмірдің сансыз сынағын Сабырмен ғана жеңерсің. Сабыр ғып тазарт жаныңды, Қаныңды,қуат,тәніңді, Біткенше демің шырқай бер Өзіңнің өмір әніңді! Күйіп-піспе

Күйкілікке күйіппіспе, Күйіп-піссеңбіткенің, Күліп қаракүле білсең Бір жеңіске жеткенің. Ит үрді деп сен де үрме, Үрсең –ит боп кеткенің, Керуеніңді кері бұрмай Жүрсең – аттап өткенің. Жымысқыға жаның аурып Жын буса да, алдырма, Ақымақпен алысам деп Аяғыңнан шалдырма. Залымдыққа ыза болып Ізгіліктен айныма, Зұлымдыққа зұлымдық қып Қалма мәңгі қайғыға. Өмір – сынақ, Сауалы көп, Сабырмен тап жауабын, Өзі білер бір жаратқан Зауалы мен сауабын! Сабыр

Жан-жағыңнан идея,сұрақ қаптап, Тап-тап беріп сенімнен жырақтатпақ, Анда-мында алақтап әлсіз пенде Қалбалақтап құрдымға бір-ақ тартпақ, Табанының бүрі бар сабырлылар Елеске ермей иманнан тұрақ таппақ! Өтірік қайсы,шын қайсы, Аруақ қайсы,жын қайсы, Мәні бар ма өмірдің Тірліктегі құн қайсы? Неге?Неге?Неге?-деп, Өз миын өзі шегелеп, Адамзат әлек болғанмен Жер-Ана жылжып барады Жайымен ғана дөңгелеп! Ақын Ақын деген Болу керек андай деп, Әлде, бәлкім мындай деп... Қиын өзі Әрі қызық сұрақтың Дәл жауабын Қақ маңдайдан қойып қап Тақ-тақ еткен таңдай көп, Шынында да туады екен Нағыз ақын қандай боп?!

Қия кезіп көз талған, Қиял қуып сөз сауған, Ақылдың тартқан азабын Алтын іздеп жез таудан... Ақын деген жарықтық Бір жағынан қарағанда Біртүрлі, Және қызық Бір жағынан қарасаң! Үлгі қылып Данте, Пушкин , Абайды, Мұқағали, Есенин мен Высоцкий ағайды, Қиялында қора жасап Қоғамдар Сорттап, соттап Ақындарды қамайды! Жүрегінен нұр шашады Нағыз ақын халыққа, Сыймайды олар қағидаға, Қалыпқа, Ақын деген Мөлдір Ғажап Ағын ғой... Теңемеңдер Патшаға да Алыпқа, Жер мен көктің Ортасында ол бір құс Қас-қағымда Барып қайтар ғарышқа , Ғарыш сырын Жаныменен сезініп, Адамзатты шақыратын Шырқау биік , Алысқа! Бұқар жырау мен Бродский

Бірде маған лауазымы зор кісі Бар әлемді кеп тұратын шолғысы, Бұл заманға жүрмес дейді өлеңнің Қарапайым, қазақылау пормысы, Бүгінгінің ақындары келеді Бұқар емес, Бродский болғысы. Арынды өлең сия қоймас қалыпқа, Жасық өтпес қайрасаң да шарыққа, Өлең ортақ адамзатқа десек те Алдымен ол керек туған халыққа. Біз емеспіз бұғып өскен бетегең, Бой таласар жөн жоқ деме Гетемен, Артық емес алыптары әлемнің Кемеңгер шал Тұрмағамбет кетеден. Көп болғанмен өмірде олпы-солпысы, Өлеңі-зер секілді қыз шолпысы, Ата жырда аруағы бар қазақтың Ұғар ма екен, ұқпас па екен сол кісі?! Шындық

Шындығыңды кетті екен кім өлтіріп, Шыр айнала шырмайды мың көпірік, Бір шындықты аршысаң шыға келер Бір өтірік орнына бір өтірік. Өтірікпен өрілсе өткен істер Шым-шытырық болмай ма оң,терістер, Орып,орып тастайды шындығыңды Өтірікпен уланып өскен тістер, Өзегі боп кетпесін замананың Өтірік кітап,өтірік ескерткіштер! Шыншыл деген азамат не бір мықты Өтірікке қол қояр кейде тіпті, Тарихы да қазақтың өзіндей кең Кешіре салатұғын пенделікті. Өр халық өтірікке емес зәру Өтірік бола алмайды елге дәру, Өтірікпен дәріпте деген жоқ қой Бабаң жауға шапқанда алып қару!

Ел үшін пайдалы деп бұның бәрі Талайлар өтірікті бу қылады, Шынымен шыңға шыққан шынарларды Өтірік өрге сүйреп ду қылады, Бірінен бірін биік қоямыз деп Тып-тыныш елдің ішін шу қылады, Онымен не мұратқа жетпек екен, Өтірік өтірікті тудырады! Атаң жалған айтпаған күпті күнде, Өтірік артам дейсің жүкті кімге? Таудай болып көпірген өтіріктен Түйір шындық озады түп-түбінде! Сөз бен іс Қысыр сөзге неге сонша болады екен жұрт үйір? Қызыл тілде буын жоқ қой. Сүп-сүйір ! Сынау оңай, Мінеу оңай, Даттай салу тіптен оңай барлығын. Іс бітіру қиын бірақ , бір түйір!

Ойланбастан жаға салып жаманды, Оңдырмаймыз адамды, Кінәлаймыз түгін қоймай қоғамды, Бір түкіре саламыз-ау тәрк етіп Қағынды деп заманды, Аударамыз, төңкереміз ол аздай Жиып, теріп бір уысқа Бүкіл шексіз ғаламды , Мән үйрету адамзатқа оп-оңай-ау Пеш түбінде отырып, Жөндеу қиын Аңғалсаңғал Сықырлаған қораңды! Бір үш күн... Жалған дедік Дүниені сұм дедік, Арзан дедік, Адамдарды құм дедік, Жалмай бердік сүйдедік те жан-жақты Біз не деген қанағатсыз жынды едік ! Қу құлқынның құрдымына түстің бе? Бітер кезі болды-ау қандай істің де ? Қайтер еді бар адамзат келісіп Жанталасты доғарса бір үш күнге?! От алдырмай қойса барлық көлігін,

Тыйса түгел жын ойнағын, желігін, Шүкірлік қып, ойлар кешіп дем алса Күпірліктен аулақ салып көнілін . Тазарар ма жердің күңгірт келбеті, Азаяр ма ауаның да мың дерті , Тәуба десе жазылатын сияқты Өзі тапқан ынсапсыздық індеті! Тұман Күн-тұман, Түн де тұман,ай да тұман, Өзегі Сылдырлаған сай да тұман, Тұманнан Тұмшалаған жол таба алмай Арыстан Амалсыздан айға атылған. Шарабың, Шәрбатың да,сыраң тұман, Құмары Қанбай ішкен ұлан тұман, Қыз қайдан Кіндігі ашық мөлдір болсын Тұманды Заманаға будан туған, Адаспай Ой тұманнан шығар ма жұрт Даңғаза Дақпырт пенен думан қуған?! Ескерткіштер

Күн еңкейіп, Көлеңкелер кешкілік, Ұзарғанда Бой теңесіп, шеп құрып, Ескерткіштер ел кезетін сияқты Елес қуып.... Егескендей Ессіздік пен Естілік. Тірі жанды талқыға сап Қысты өмір Көкке ұмтылды Шырылдаған құс көңіл... Кеуде керіп күрсіне де алмайды Тасқа қонып Қатып қалған мыс темір... Неге оларды байлап қойған тұғырға? Байланғаны аз болғандай ғұмырда ?! Неге сонша... Бәріміз де мұңаямыз,мүжіліп, Зор болсақ та кейде бордай үгіліп, Шетімізден күйрей берсек не болмақ Кете берсек бұл өмірден түңіліп?!

Кінәлаймыз бірімізді біріміз Жұлмалаймыз қанатындай қыбымыз, Бытырлатып үземіз кеп аямай Жанымыздың нәзік жалғас жібін біз, Неге сонша жауласамыз жат болып Бір емес пе бәріміздің түбіміз?! Өкпелейміз өзімізден өзгеге, Міндетсиміз бірер ауыз сөзге де, Алтын үшін алысқанда табарың Ақыреттік алты құлаш кездеме, Соның бәрін біле тұра дүние-ай Таласамыз біреу таққан жезге де! Неге біздер мұңаямыз мүжіліп, Адамнан да, заманнан да түңіліп, Ми қата боп неғыламыз мәңгілік Ой жетпейтін тұңғиыққа үңіліп, Төбемізден күле қарап тұрғанда Кәрі күшті, рахымы мол ұлылық!!! Жеңіс пен Жеңіліс

Жеңілу, жеңу Ежелден егіз, Құм көшіп келсе Шегінді теңіз, Ақылгөй жоқта Әңгүдік сөйлеп, Жолбарыс жоқта Семірді доңыз. Біреуді жеңіп Сындырып сағын, Баянды болмас Қондырған бағың, Дүние кезек Бүгінде жеңсең, Бір күні келер Жеңілер шағың. Керемет болып Кетем деп асып, Жұлқынсаң жұрттың Кеудесін басып, Жапанда жалғыз Жабырқап жүрме Басыңа тиіп Берекең қашып. Шапқының сенің Біреудің құны, Шаттығың сенің Біреудің мұңы, Біріңді-бірің Жылатып жеңу Осы ма, досым, Өмірдің сыры! Күрессіз өмір Болмайды десіп, Бір-бірін қырып, Қызыл қан кешіп, Адамзат қане, Мұратқа жеткен? Біреуді таптап, Кетпейсің өсіп.

Біреуді жеңсең Шығад дейт атың Адамға адам Емес пе жақын? Біреуді жеңіп Үстемдік құрар Бір құдай берген Бар ма еді хақың?! Адамды адам Өзіндей көрсін, Кеудесін кермей Көңілін бөлсін, Жетелі болсаң Жетерсің ойлап Жеңген де сенсің, Жеңілген сенсің! Өз ісім

Жан-жағымнан тұмшалап, Тұншықтырып, Қыңыратқып, Қыржиып, Қырсық қылып, Өнерімді тартқылап балағынан Өріс бермей, Тістейді қыршып тұрып, Қисыны жоқ қисық ой, Қияс сөздер Жүрегімді жатса да Түршіктіріп, Сабыр қылам Қайтем деп айқай-шумен Алаң көңіл Ел ішін ушықтырып, Күш-қуатым жетсе де, Қай ұшпаққа, Шығармын, Жас күнгідей тұмсыққа ұрып, Ұшып түссем Жата қап жыламаймын Қайрат қылам Қайтадан ыршып тұрып, Ешкіммен де бәсеке, Таласым жоқ, Өз ісімді иірем ұршық қылып, Иа,құдай деп халқыма қызмет қылсам Көңіліме көрген жоқ кіршік тұрып! Өкпе

Неге сонша болдық екен өкпешіл, Өкпелеуден басталмай ма көп кесір? Бір өкпеге бір бауырдан қиғасын Тоз-тоз болдық, Шашылғандай шөпке шіл. Өкпелей сап Ойда жоқта тектен-тек, Өткенді айтып Жалғастырып кекке кек, Жегідей жеп Күйдірердей жақынды Бұл өмірге Келіп пе едік өкпелеп?! Қайтсем табам Деп біреудің көңілін, Қайран қазақ Өксітеді өмірін, Сүйретумен Келеді әлі өкпесін, Өкпесімен Шырмап алып бір-бірін. Мұны біліп Сырттан баққан жымысқы, Айдап салып Араз қылған ұлысты, Қылт ете қап Сәл нәрсеге сылт етіп Айырбастап жібереміз ұлы істі.

Өкпелеумен Өртенсе егер өзегің, Өксуменен Өтеді өмір,сеземін... Өз өкпеңді Өзің кешір алдымен, Өссін десең Өз Отаның, Өз елің! Досың жоқ па... Досым жоқ деп күйінеді көп пенде... Дос боларлық кісі құрып кеткен бе, Дос емес пе саған мына ұлы өмір Көшкен бұлттар,келген құстар көктемде?! Нағыз достық—ақ тілеуі елдің де, Қуат берер аңқылдауы желдің де, Андайың мен мұндайыңа қарамай Достық шығар көтеруі жердің де, Жұрттың бәрін жазғырғанша,ойлашы, Шын жүректен өзің дос боп көрдің бе?! Досым жоқ деп елге өкпелеп жылама, Доссыз болсаң ,тек өзіңді кінәла, Өзің егер бере алмасаң елге нұр Жүрегіңе жұрттан шуақ сұрама! Ешкімді ешкім түсінбейді

Ешкімді ешкім түсінбейді жалғанда, Оған бола жынданба да, Зарланба, Жылмаң қағып Желпілдетсе жәдігөй Түсінді-ау деп Жақын тұтып алданба, Жан сырыңды Жарнамалап жаһанға Даңғазамен Жеткіздім деп малданба. Әр кімнің де Өз жүгі бар жолдағы, Тура болмас сен туралы толғамы, Кеуде қағып Кімге міндет қыласың Алтынмын деп Бағаланбас қолдағы, Жөн таппайсың Жалпы көпке өкпелеп Жаббар құдай жаныңды ұқса Болғаны! Жалғыздар Ару қыздай ғашығымен табысқан Ай құяды аппақ нұрын ғарыштан, Шетсіз, шексіз тұңғиықтан сескеніп Жалғыз жерді серік қылған алыстан, Ай нұрынан ақыл-ойы қозғалып Қиялданды қанша нәзік данышпан.

Ай да жалғыз, жер де жалғыз, күн жалғыз, Мың-миллион болса да адам-шын жалғыз, Құдай жалғыз, құдай деген жан жалғыз Қастық қылмас бір жалғызға бір жалғыз! Тіршілік айналымы Аңызаққа азуларын жанып ап Ақшағылдан аунап түссе аруана, Табанымен тоңды ерітіп,мұз шайнап Қарды талмап шөл басады ақ аю! Түсініп көр жетсе тағат-сабырың Текетірес өмір-өлім әзілін, Мұз ойыққа телміреді балықшы Тарс ұмытып тірліктегі жәбірін, Таза леп пен талшығына талпынып Балық табар сәуле шашқан қабірін, Тіс-тырнаққа тәуелді ғой тағылық Жыртқыш жортар аңдып жанның жазымын, Көк майсада көлбеп жатқан жануар Тұяғына тапсырады тағдырын!

Бидайыққа пар келмейтін көктегі Майға бөгіп жүр ғой бірақ бөктергі, Бидай басы иілгенде сарғайып Жалғыз дәнді кім ойлайды көктегі? Диқан жүрсе сабан иісін аңқытып Бір айналым тіршіліктің өткені. Күзгі бақ

Алдағыға мың ұмтылған, жүз құлап Бұрынғылар жүріп өткен ізді бақ, Қиыры жоқ кеңістікті кеземіз Уақыт шіркін қуалайды ызғып-ақ, Жасыл дәурен жарқ етті-ау деп жасындай Сыбдырлаған жапыраққа түр құлақ, Жарты қапшық бос бөтелке арқалап Бүкір кемпір бір бұрышта тұр жылап, Шал тістейді түтін шалған сар мұртын Трубкасын түбіртекке ұрғылап, Алаңқайда шуылдайды доп қуып Балдырғандарасыр салған қозы-лақ, Асығады айдынына мұхиттың Таудың төсін тесіп аққан мұз бұлақ, Тіршілікке тәтті мұңмен тәубә ғып Сабырлы ойға батырады күзгі бақ! Көкше. Қысқы орман

Сақылдаған сары аязбен тіресіп, Сарт-сұрт сынар сұлу бұтақ сіресіп, Қарағайлар қалқып бара жатқандай, Ұшар басы ұшпа бұлтқа ілесіп! Жортады аңдар аштық қуып інінен, Тағдырларын қарға жазып түнімен, Қырау шалған аңшы кезер құмартып Шимай-шиыр жазуды оқып күнімен , Тұнық жырды тыңдайтындай ақ тиін Қарағайдың дыңылдаған діңінен. Сере қардың сүйкей басып күртегін, Арлан бөрі сездірмейді бүлкегін, Ақ көрпесін қымтанады жан-дәрмен Үркек қоян үлпілдетіп үлпегін. Түсінбессің қанша түрсең құлақты Құйтақандай құсқа біткен қуатты, Аяз құшқан ақ орманның тірлігі Тоқылдақтың тұмсығында сияқты! Жұмбақ жер

Бұлт басса Бурабайды шудаланып Шуылы төңіректің тына қалып, Көк бояу қоюланып қорғасындай Мүлгиді тау мен орман мұнарланып, Күлімдер көлдің беті,жердің жүзі, Жарқ етсе күннің көзі,шуақ алып, Қарғыса қарағайдан көк қаршыға Теңбіл тас еліктей боп бұғары анық, Тұмсығы тұнжыр ойға батқан піл тас Қалайша қона қалған шыңға барып, Сақалы желп-желп еткен Жеке батыр Көсілген көк найзасын суға малып, Баурына тарта түсіп ақ қайыңды Қарағай бойын созған құмарланып, Тамсанып талай ақын толғасақ та Жұмбағын жаратқанның ұға алмадық!!! Көшкен бұлт. Көңіл.

Бұлтпен бірге көңіл көшіп барады Өмір өтіп, естелігі қалады, Аппақ қудай шалды көріп кім ойлар Көкке қарай қолын созған баланы. Еліктейтін Тарлан атты Тарғынға Бала кезде жатып алып шалғында Ақша бұлттан қайдан келе жатсың деп Сұраушы едік, не күтед деп алдыңда? Қара бұлттай нөсерлетіп төгуші ек, Бұйра бұлттай ұшып кете беруші ек, Бір құпия сыр бар ма екен осында Біз де кейде бұлт секілді көрінсек?! Шексіз аспан аялаған еркем деп Керуен бұлттар бүгін бар да ертең жоқ, Бұлтсыз аспан жұртсыз жердей көңілсіз Бұлт көшеді көктің жүзін көркемдеп, Бізден сәлем жеткізердей алысқа Асығардай жауап әкеп берсем деп! Қиялым кезеді ғаламды

Ақшулан бұлттарға оранып Қиялым кезеді ғаламды, Көкшулан толқынның жалында Аралап иесіз аралды, Шұғыламен бірге шашылып Ну орман-тоғайды, Шатқал мен шыңдарды орайды, Жолбарыс жанарымен Жаһанды жым-жырт қып, Көжектің көзімен Дірілдей қалады... Не керек пәлсапа, Қажет пе жанталас? Көк аспан,көк теңіз, Асқар тау,кең дала, Дүние барында... Қар жауып тұр Қар жауып тұр Жапалақтап Аппақ таза сезімдей, Қалықтап кеп Қонып жатыр, Қонғаны да сезілмей, Бір рахат күй Кешіп келем Көше бойлап, Оңаша, Жандүнием Жермен, Көкпен, Біртұтасып Егіздей. Аппақ қарлар Кіршігі жоқ, Қай сәуледен жаралдың? Тозып кеткен Тіршілікке Мөлдірлік боп таралдың.

Кейде, достым, Ұшып кеткің Келмей ме осы ғарышқа, Содан кейін Аппақ қар боп Жерге қайта оралғың?! Әр адамның әлемі Әр адамның . Өз әлемі өзінде, Жүрегінде Санасында Көзінде, Ортақтасып Кіре алмайды басқалар Біреу кешкен Өмірлік ойсезімге. Біреу көрген азаптан да, Рахаттан, Бөлек етіп, Өз сағатын санатқан, Бір-біріне кіріктірмей Кісіні Құдай қалай Керемет қып жаратқан! Бөлек сенен Ата-анаң да, Ел, Бала, Дос та бөлек, Сырлассаң да мұңдана, Сезілетін анық нәрсе Сен үшін Шексіз ғалам ортасында Сен ғана! Көк пен жер де, Көкжиекпен бөлінген, Көк теңіз де, Көз ұшында көрінген, Көңіліңе Сыйғыза алсаң болғаны, Күллі ғалам Саған сыйға берілген!

Бұйрық сырын Сезінбесек Өспейміз, Күн-шуақпен Жерден өніп,көктейміз... Сүю үшін жаратылған ғаламды Өктемдік қып Неге билеп, төстейміз?! Өмірдің өзі... Өмірдің өзі адамға Жаратқанның сыйлығы, Жаралмай кетсең қайтер ең Өзгеше болып бұйрығы. Өмірдің өзі махаббат Сүюден бәрі жаралған, Бастауы мөлдір бұлақтай Жайылып жерге таралған. Өмірдің өзі мейірім, Қайырсыз адам – адам ба? Қол ұшын беріп бір-бірін Құтқарған қатал заманда. Өмірдің өзі қатігез Емес-ау оңай сынағы, Тағдырдың жүгі аздай-ақ Бір-бірін пенде ұрады. Өмірдің өзі қуаныш Қызыққа кісі тойған ба, Табар ма жанның рахатын Құлашын кеңге жайғанда?

Өмірдің өзі мақтаныш Сонымен,бәлкім,көрікті, Болмашы баққа шаттанып Атамыз көкке бөрікті. Өмірдің өзі алданыш Алданар ермек аз емес, Емпеңдей берсең соңынан Сенің де күнің мәз емес! Өмірдің өзі өкініш Өзегі күймес жан бар ма, Патша да,дана,даңғыл да Жеткен бе барлық арманға? Білімнің бойлап түбіне Өрлеген даңқы нар адам, Өмірдің бәрі ойын деп Алаңсыз күліп қараған. Көнеден қозғап сыр тартсаң Пәлсапа,толғау,кеңес көп, Өткен ғой небір кемеңгер Өмірдің бәрі елес деп. Өмірдің бәрі өткінші Өтті де кетті-өң мен түс, Өткінші жалған мәнсіз деп Егіліп талай сөнген күш!

Даналар айтқан,құдайсыз Тірліктің бәрі далбаса, Адамның жаны жай таппас Мәңгілік өмір болмаса! Құдай жоқ болса,мән де жоқ, Соқпай ма құйын көңілде, Қайтеді байғұс адамзат Имансыз өмірөмір ме!? Өмірдің өзі жүдетер Уақыттан уайым оздырып, Керегі не көп ойдың Жанды жеп,жүйке тоздырып?! Бәрі де бар ғой өмірде Өлшеуге болмас бір жақты, Уайымсыз көңіл азбай ма Қуалай берсең қылжақты? Өмірдің өзі ақиқат Анығында бар нәрсе, Арындай бермей адамзат Ақылға салып,мән берсе. Төрелік айтқыш өмірге Қағидашылмыз көбіміз, Өмірдің өзі-мағына Ұға алмай жүрген өзіміз! Поэмалар Тәксидегі тағдырлар Кел, жолаушым, Қане, қайда барасың? Қатарымсың,

Бәлкім іні, ағасың? Отыр, отыр... Бергеніңе қанағат Қалтаңның да байқап тұрмын шамасын. Бөтен емес Бәріміз де бауырмыз, Жел көтеріп Көшіп келген ауылмыз, Тыным таппай Теріп жүрген несібе Тас жолдағы тәкси деген қауымбыз. Тәкси! Тәкси! Деп күнімен қақсаймыз, Қақсамасақ қара бақыр таппаймыз, Түсінерсің Тіршіліктің қамы ғой Жанталаста жақынға да жақпаймыз; Керілдесіп кейбіреумен теңге үшін Кейде тегін жеткізіп те тастаймыз, Алғанды ешкім жек көрмейді десек те Адамдықты ақшаға біз сатпаймыз. Айып етпе Ескілеу деп көлігің, Темір түгіл Тозыңқылау көңілім, Қуып келем тәтті үмітті тәксимен Түзелер деп түбінде бір өмірім,

Жол қысқарсын Әңгімені шертейік, Тыңда менің, момақандау серігім. Кімдер мініп Кім түспеген тәксиден, Тәкси артық кейбіреуге жақсы үйден, Шындықты айтып Басқа жерде айтпайтын Кіжінумен, Жұдырығын тас түйген, Ағайларды ала зытқан кез де бар, Асып-сасып, Қашып шыққан басқа үйден, Айғыз-айғыз бетін көрдік арудың, Ақ шаштыға Ақшасы үшін жас тиген, Асыққаннан есі шығып абдырап, Көрдік жұртты Көлік үшін басты иген, Алыс жолға адастырмай уағында Алып барсаң Алғыс айтып Ақша үйген, Айта берсем әңгіме көп... Бір күні, Мінді бір қыз, Ырғатылып... Мас күйде! Езуінде секеңдетіп шылымын, Елеусіздеу сездіреді қылығын,

Бүйрек бетті, Сүп-сүйкімді, Сүйріктей, Сәлден кейін Атты сөздің тығынын. Адам – қызық, Мейлі бір іс тындырсын, Я күйініп, Сағы сынып, шыңғырсын, Бейтанысқа сыр ашады тәксиде Түсінбеймін, Неге екенін кім білсін?! «Ағай, - деді, Қарайсыз ғой түйіліп, Отырсыз ба ішіңізден сүйініп? Қарындас деп жақын тартып алдымен Қырындайтын біздің қазақ қиын ұлт! Қайырылдым Қайыры жоқ уайымнан, Майырылдым Тойымы жоқ жайыннан, Сандалкермін Саңлақ қыздың бірімін, Сайғақ құрлы сая тапқан Саиннан! Ақшалыға Табылады патша-тақ, Ақшасызды Алжастырып, қақсатат, Заман солай Билеп бізді, үйретті, Барыңды сат! Арыңды сат! Ақша тап!»

Сөзін бөліп мен ақырын күңк еттім, «Арсыз деген Емес бірақ, жақсы атақ!» Үндемеді Көк түтінге көмілді, Өксігендей... Іштей бәлкім, егілді?! Бір мезгілде белгі берді тоқта деп, Түсініксіз, Нені ойлады, не білді? Келдім, - деді, Мен көздеген жеріме, Машинадан түсті ақырын, Еріне, Мен де түстім жол ақысын алмаққа, Көз төңкеріп, Күлді маған керіле, «Сізге төлер соқыр тиын ақшам жоқ, Натурамен алам десең – мен міне!» Тұра қалды қолын тіреп капотқа, Артын түріп, Ыңғайланып «заходқа», Шошып кеттім, Масқара деп, мынауың, Шоршып түстім, Ілінбедім шатаққа. Сөзбен атты, Түйіп алып қабағын: «Бұдан басқа бар ма менен аларың?

Өмір деген – сатып алу, сатылу, Сенің – тәкси, Менің – тәнім тауарым!» Қымсынбайды Айналадан Түнгі айдан, Азғырады... Деп қимылда, ыңғайлан, Күнде саған табылмайды бұл қызық, Айт, егер де Қалдым десең мұндайдан, Әйел заттың әзәзілі аз емес, Намыс қайрап, Ұрып-ақ тұр шымбайдан, Жыным қайнап Қайдан шықсаң одан шық, Бастап кеттім әлгі қызбен бір майдан! Ес жиғасын қарап оң мен солыма, Тізгінімді алдым қайта қолыма, Қара түнге сіңіп кете барды қыз, Қала бердім бомба түсіп ойыма, Ар туралы ақыл айтып отырып, Қалай түстім арсыздықтың торына?! Өмір – осы, Мың бұралаң, сырғанақ, Шыбын жанды шырқыратар шырмап ап,

Тура жолмен түзу келе жатқанда Адастырар Ойда жоқта сор қамап, Өзегімді өртейді кеп әлдене Өр кеудемді орып, орып, тырналап, Неге елестей береді сол кеткен қыз Тәлтіректеп, Қараңғыны қармалап! Иә, жолаушым... Әлі біраз жер бар ма? Зерделей бер Сөз арнасын аңғар да, Кейде осылай шер тарқатып алмасақ Қайран жүрек Жарылмай ма арманда! Ығы-жығы... Кісіден де көлік көп, Кететіндей бір бүйірден періп тек, Мәз боламыз иномаркі мінгенге Шетелдерден ескі-құсқы теріп кеп. Тозса дағы құйғытады Тойотам Оза алмайды одан тұлпар, Тай, атан, Заман солай... Қалдырып ед әйтпесе Тойотаны Қай отаның, Қай атаң?! Біреу – андай,

Біреу, бәлкім мұндай дер, Өзін-өзі тек шындықпен шыңдайды ел, Көшіп көрген көшелі жан екенсің Ауыз – біреу, Құлақ – екеу, Тыңдай бер! Адам ұшып Ай мен Марс, ғарышқа, Түссе дағы компьютерлер жарысқа, Қара жолда талай тағдыр тәксимен Кетіп бара жатқан жоқ па алысқа... Бөлек-салақ көп сөмкелі мінді әйел Кенелгендей базар барып табысқа, Жайылып кеп, молынан-ақ жайғасты, Үсті-басын пора-пора тер басты, Әңгімесін қоя берді ағытып «Той жасаймын, Қызығым, - деп, - алғашқы! Құдай берген бір ұл, бір қыз бар менде, Ондай балдар Жоқ қой күллі әлемде, Әкелері жастай қайтты, Жеткіздім,

Ешкімнен де кем қылмадым Шерменде, Шүкір, міне, Ұл үйленем деген соң Шығып кеттім Отыра алмай бөлмемде. Қуанышты бөлісем деп халықпен, Шауып жүрмін Оттай лаулап жанып мен, Көптен күткен қызығымды тойлауға Бес миллион қарыз алдым банктен! Жанды баурап Жүретұғын жарқылдап, Біздің қазақ, Ақкөңіл ғой аңқылдақ, Қазағымды айырбасқа бермеймін Басқа жұртты әкелсең де алтындап, Бір шалқысақ Шалықтап та кетеміз, Әйел де отыр Ағыл-тегіл Таңқылдап. «Көрші-қолаң күңкілінен қашам деп, Күндегеннің көкірегін басам деп, Бәрін жиып Ығай-сығай Жайсаңның Ағайыннан, Аймағымнан асам деп, Жұлдыздарға ән салдырып бұл тойда, Мал-мүлкімнің түгін қоймай шашам!» деп.

Болам десең, Жаны таза, жарқын ұлт, Көкіректі қақпаған жөн, Халқым, ұқ, Лепіргенде Тәксиімнің төбесін Тесе жаздап Тоқтады әрең алқынып, Түсті әйтеуір жеткеннен соң үйіне, Бума, бума сөмкелерін артынып. Бас шайқадым Іштей ептеп мұңданып, Болса қиын Қызың - масыл , ұл - ғаріп, Қарызданып той жасаған – қате деп Қанша айтсаң да Ұғар ма екен бұл халық, Кіріп кетіп кредитке өмірлік Өз мойнына өзі салған бұғалық ! Жә, сонымен, Келдім үйге іңірде, Бала-шаға Мәре-сәре, күлімдеп, Шай-пәй ішіп , Ашып қалсам телені, Әйел отыр Көп каналдың бірінде!

Жоқ бірақ та манағы екпін, қарқыны , Өшіп қалған Жанарының жарқылы, Сөйлеп отыр жанындағы тілші қыз. Бір жағдайдың сезіліп тұр салқыны. Жәрдем сұрап Жылап – сықтап келгесін, Тілші қалай Әйелге сөз бермесін, Қарызға алған Үйін салып кепілге Жоғалтыпты Бес миллион теңгесін! Әрең сөйлеп Экраннан зарлап тұр. Жар сап жұртқа Көзден жасы парлап тұр. Қайда? Қалай жоғалтқанын білмейді Жобалаумен Жалпылама сарнап тұр, Тапқан адам әкеп берсе, Сүйінші, Дайын ғой деп Үміт жібін жалғап тұр. Бұл заманда кім апарып береді. Дәтке – қуат, Өзін-өзі алдап тұр... Бітті әңгіме, Экранға айқайлап, Қаным қайнап Ашуымды, ал, лақтыр: «Нең бар еді кредит ап кердеңдеп,

Барды ұқсатып Дәміменен жан баққыр! Шүкірлік жоқ Күпірлікке бас ұрған, Әй , ақымақ! Сүйрер ме еді шашыңнан? Моды, Моды, Деп жадылап жаһаннам, Миың бу боп Ұшып кеткен басыңнан, Өмір құнын білетін-ақ жөнің бар, Талай бейнет көрмеп пе едің жасыңнан, Қанша айтсақ та Ұқпайсыңдар... Неліктен? Асылық, деп, Тым асқақтап, Тасынған, Жиған-терген дүниеңді аямай Шашам деп ең... Қалай екен шашылған? Сен қатынға, Шынымды айтсам, сол керек, Таптың ба, ақыр, Пиғылыңнан... Осыңнан, Сендейлерді керегі жоқ аяудың, Қал, табаға, Досыңнан да, қасыңнан!»

Әрең, әрең келдім, тоқтап, сабырға, Ертеңіне жұмысыма бардым да, Көз алдымнан кетпегесін кешегі іс, Көлігімді ақтардым кеп тағы да, Дорба жатыр, орындықтың астында, Ал, не дейсің, Мұндай қызық тағдырға! Аяғымен теуіп, теуіп, байқамай Кіргізген ғой, түсіріп ап, алдына... Ашып қалсам... Пәшкемен бес... мелион! Мелшиемін, Мелионға мөлием, Ақша жатыр, арбап көзді құбылып, Дегендейін Ал, қанеки, Кел, ием!

Есім шықты, Айран-асыр ақылым, Тыға салып, Жүріп кеттім ақырын, Жақсы болды, Қажетіңе жарат деп Ұры дауыс сыбырлайды жасырын, Кісі ақысын жеп мұратқа жетпейсің, Не болады, Дейді ұятым, ақырың? Әй, обал ғой, Бейшараға обал ғой, Болмаса да бірге туған жақының!» Күні бойы әрі-сәрі, Шыр-пыр боп, Жанды қинап, Өз-өзіме жүр, тұр деп, Әдірісін сұрап алып теледен, Іздеп келсем, отыр екен Сұп-сұр боп, Өзін-өзі сөгеді кеп аяусыз, Сорасы аққан екі көзін «шыққыр» деп. Мені көріп

Ұшып тұрды ербеңдеп, Көктен түсті, Шықты ма әлде жерден деп, Екі қолдап бас салды да ақшасын, Көпке дейін өзіне өзі келген жоқ, «Құр сүлдерім қалды, - деді бір кезде Тәуба, тәуба Тек әйтеуір өлгем жоқ!» Есін жиып, Көзін оттай жандырды, Ақылға кеп, Ақ алғысын жаудырды, Аппақ жібек орамалды, Түйілген, Сүйінші деп, Разылықпен алғызды. Бауырым деп Ет жүрегі езіліп, Аттандырды Жан жылуы сезіліп, Құстай ұштым... Қандай бақыт Өзіңді, Өзің сыйлау Адаммын деп сезініп! ІІІ Ей, жолаушым! Кеттім білем көп сөйлеп, Қайтем енді Бара жатса тоқ кернеп, Бір көкмылжың екен өзі деп қалма, Тамағы тоқ, уайымы жоқ, көк көйлек.

Біздің тағдыр Қиын әрі қызық та, Бәрі болды, Жақсылық та, Бұзық та, Мына тас жол менің жолым өмірлік, Тартып келем Жеткенімше сызыққа. Мен де оқығам Бар жоғары білімім, Ортан қолдай көп маманның бірімін, Бес ауылдың мал шаруасын басқарып Бабын тауып Өсірдім төрт түлігін.

Мыңғырған мал Сана мейлің, санама, Әрең сыйып жүретін сай, салаға, Жалмауыздай жалмап түгел жан-жағын Нарық келді, Мың құбылып замана, Талай сұмдық істер болды ауылда Ойлап көрсең Сыяр, сыймас санаға, Табын сиыр, Үйір жылқы бензиннің, Түтіні боп ұшып кетті ауаға, Естен танып, құр сенделді қайран ел, Қаншама жыл жиған байлық... Шамала! Құмға құйған судай болып сарқылып, Қалқоз құлап Қалды халық далада... Қара ормандай қараша үйді қиратып, Қаңғып келдік ақырында қалаға! Жәрдем сұрап көрдік жақсы жайсаңнан, Белді буып, Өттік ептеп лайсаңнан, Кіріп кеттік кәсіпкерлік әлемге Саттым бір кез балық әкеп Зайсаннан.

Әйтіп, бүйтіп, Нарықты да меңгердік, Қиындық пен қызықты да тең көрдік, Кейде табыс қар суындай тасқындап Сарқылғанда Шөл кезгендей сенделдік, Талаптанып, Еңбек етіп жігермен, Бірте бірте Біз де оңалып, жөнделдік! Иә, сәт деп Іс орайын іздестік, Ой жүгіртіп Аннан, мұннан із кестік, Беу, сәт сағат! Кейде бар да Кейде жоқ, Сәт сағатым Маған да ақыр кездесті, Бір себептен бір себепке жалғасып, Дүрілдеттім Дүниелік бизнесті! Алдымыздан ашылғандай жол даңғыл,

Ақша деген Секілді бір мол жаңбыр, Орайласып бір жұмысқа бір жұмыс, Идеялар Қаптап оң мен солдан бір, Жарнамалап Жер жаһанға жар салдық, Құлағымнан кетпейді әлі сол даңғыр, Алғашқы боп, Алға шықтық... Алдамшы, Екен бәрі Әуейілік Болжам құр! Ей, жолаушым, Сөз ұққаның ұнап тұр, Ұғымталға ықыласым құлап тұр, Еш адамға тіс жармаған сырымды Саған ғана айтам бүгін Құлақ түр! Жалған,

Жала, Ғайбат сөз деп жынданба, Өтірікте Көк тиындық құн бар ма?.. Ту сыртымнан ұрды бір күн біреулер Гаражымнан Шығайын деп тұрғанда... Көлікке артып, Керіп, тартып көкпардай Тастай салған Ұрып-соғып зынданға, Бір топ кісі Тұрды төніп төбемнен Көзімді ашып, Есімді әрең жиғанда. Жалтылдайды, Жандаралдың формысы, Жанында өңкей еңгезердей зор кісі, Жаутаңдадым Жанұшырып мен байғұс Айтшы кімнің Келер дейсің өлгісі?! Сұсты жүзді Суық көзді жандарал, Сөз бастады Жендет құсап жанды алар, «Жағдай жаман Түсінерсің айтпай-ақ, Бала емессің Мұндай іске таңданар.

Амалың жоқ, Айтқаныма көнесің, Қарсы болсаң Осы жерде өлесің, Заңдастырып Бар қағазға қол қойып, Бизнесіңді Бізге түгел бересің, Үй-жайыңды Машинаңды өзіңе Қалдырамыз Тәп-тәуір күн көресің, Құжаттарды Біз ақтарып Дайындап, Әкелгенше жат осында... Елесін, Өткен күннің екшеп, әбден ойланып Тағдырыңның өзің шығар төресін!»

Тастап кетті... Тау жығардай екпіні, Қара жерге көрсеткендей тепкіні, Етіктері тарс-тұрс етіп еденге, Езіп, жаншып Жоқ қылардай «пешкіні». Кетерінде Кекете бір қарады, Шекесіне Баса киіп кепкіні, - Қорқыныштан Қалтырады өн-бойым Тірі адамды аяйтұғын жоқ түрі, Қараңғы үйде қала бердім, қор болып, Өтті зармен Мен бейбақтың көп күні! Шарасызбын... Шамам келмей жемқорға, Тоғыз айдай тарттым азап мен торда, Таскереңмін, Көрсоқырмын, Мақрұммын, Не болды үйде? Елде? Жерде? Канторда? Жетті бір күн Сарт-сұрт етіп жандарал Сақылдаған сары аязды қаңтарда, Алдыма әкеп бума-бума қағазды Тастай салды... «Тағдырыңды ал, таңда!

Жұмыстағы сені іздеген құрбының Кім құлаққа іліп жатыр міңгірін, Айттық елге, Көп қаржыны жымқырып Жалмай берген Толтыра алмай ындынын, Үйіңе айттық, Көтере алмай тойғанын, Желік қуып Кебін киіп жындының, Қашып кетті дедік сені шетелге, Көтермекке жас тоқалдың ырбыңын, Саған күнде жаудырады нәлетін Балаларың, Сүйіп алған мұңлығың, Шыңғырсаң да шыңыраудан шыға алмас Шынжырлаулы шалажансар шындығың, Бәрін реттеп Қойдық жөнге келтіріп Тірі жанға білдірместен ым-жымын, Соңғы айтарым, Қолыңды қой, Айырбас, Бизнесіңе – Сенің өмір, тірлігің, Я болмаса біржолата құртамыз, Іздеп жатыр осы күні кімді-кім?!»

Сындым ақыр, Мойынсұндым, бағындым, Бар байлықтан Баз кештім де, Арылдым, Сұрағанын түгел бердім қол қойып, Ешбір жаққа келген де жоқ шағынғым, Тақыр кедей болсам да аман жүрейін Жандарында балдарымның, Бағымның, Елестейді Элита боп жүрген кез, Бұлдыр-бұлдыр Арасынан сағымның! Өтірік те, Өксу де жоқ сөзімде, Бұл бір сынақ Ауыр ма әлде жеңіл ме? Кім біледі Жасадым ба асылық Болып, толып Балпаң басқан кезімде. Сүйегімнен өтіп кеткен бұл қорлық, Мәңгі мұң боп қатып қалды көңілде, Кейде менен бәз біреулер сұрайды Бір тұңғиық уайым бар деп көзіңде Оңай ма екен осыншама озбырлық Болып жатса туып, өскен еліңде?!.

Сөйтіп бәрін артқа тастап азаптың, Жеткізер деп келешекте ғажап күн, Тәкси болып тартып келем, Тәуекел, Жол да өзімде, Рөл де өзімде, Азатпын, Қанын, Жанын Жәһәннамға сатпаған, Шүкіршілік, Мұсылманмын, қазақпын! Сау бол, достым, Қайрылмасын қанатың, Аман-сау жет Жеріңізге баратын, Кейде өмірдің өзі тәкси секілді Біреу мініп, Біреу түсіп қалатын! Қыр астындағы құлын Ойпаң жердің Сыздау шөбін Жалаңаяқ далада, Басып келем Елестегі Ұқсап ерке балаға, Шегірткелер шыр-шыр етіп, Ала қанат көбелек Көлбеңдейді... Жарты ғасыр Өтпегендей арада! Көбелектер... Көмкерілген,

Қандай ғажап көрікті ең, Шегірткенің шырылымен Көбелектің Билегенін көріп пе ең, Көлп-көлп етіп, Ала қашып Алабұртқан көңілді Алуан түрлі сәнмен алдап, Төңкеріліп желіккен, Қанатымен қағып өтіп, Шақырады жарысқа, Жүрек тулап, Қызғанмен қан, Баяғыдай қуа алмаймын Неліктен!?.. Туған жердің Жұпар иісі Күрсіндіре береді, Өткен күннің Өшпейтін бір Естелігі көз алдыма келеді... Бала күнім Қырға шықтық Әке-шешем үшеуміз Көктем туып Сарғалдақтар Шешек атқан кез еді, Гүлдің иісі, Шөптің иісі, Жердің иісі аңқиды Кеудең толып, Көңіл шалқып, Дүниені кезеді.

Қырда біздің биеміз жүр Шідерлеулі, Қосақталған құлыны, Таусылмайтын қызық маған Құлыншақтың қылығы, Құшақтасам, Тұмсығымен түрткілейді Бүйірімді қытықтап, Жал-құйрығы бұйра-бұйра... Көзікөлдің тұнығы! Әкем күліп Көк биенің басын сипай ұстады, Күрпілдетіп Көк шелекке шешем сауа бастады, Аппақ сүттің Көбігіне Көз ала алмай қараймын Саумал иісі аңқығандай... Құлын тулап, Мені сүйреп қыстады.

Емгісі кеп Енесіне Ұмтылғанын байқадым, Сонда да дағы Жібермеймін, Жер табандап тартамын... Әке,шешем көкжиекке Қарағанда күн сала Шелекті әкеп Құлынымның Тұмсығына тақадым... Мамам ұрсып, Қымызды айтып, Жұлып алды шелекті, Әлі күнге құлағымда Күлген даусы папаның... Кітаптағы Қызыл әскер Орыстарға еліктеп Жирен қасқа құлыншақты Мен Орлик деп атадым! Құлыншақты Бір қуаныш, құт көрдім, Ата-анам да Талабымды құп көрді, Бағып-қақтым, Жал-құйрығын Сипап, тарап мәпелеп Жем жегізіп, Бөтелкемен, Емізікпен, Сүт бердім.

Аңыз болған өткендердің Ойға оралтып өрлігін, Елестетіп Ел қорғаған Батырлардың ерлігін, Кең даланы дүбірлетіп Емін-еркін еркелеп, Ойға,қырға Орғып-орғып Ойнап өсті Орлигім! Көп жылқының ортасынан Шауып келіп тұратын, Қойыныма жұмсақ жылы Тұмсығын кеп тығатын, Ерінімен алақанды аймалап Сүт дәметіп саусағымды соратын. Құлыншағым Өсіп малдың Болды жүйрік ардағы, Құйғытқанда Бұрқырайды Ен даланың шаңдары, Ай-хай шіркін, Балалық шақ алаңсыз Бақыт күтіп Күнге ұмтылған алдағы... Суға кетіп Оқудағы жан ағамыз Мейрамбай Сол бір жазда Біздің әулет Жоқтау айтып зарлады.

Он тоғызда опат болды, Тоқтап арман-көшіміз... Ойран болды Жан-дүние, Жүрек,ақыл,есіміз... Қап-қара боп Сөнді жарық күніміз... Қасіретпен Қан жұтқызды түніміз... Күңгірт тартып бүкіл өмір, Кең дала мен төңірек, Жай түскендей Бір-ақ сәтте қала бердік зеңгіреп, Ағайынмен әкем барып Алматыдан әкеліп, Алты күнде Ақтық жолға Аттандырдық еңіреп. Сүйеу болды Біз бейбақтың Құлағанда арысы, Қолдан-қолға Көтерісіп Елдің жас пен кәрісі, Зар мен сабыр... Құлағымнан әлі күнге кетпейді, Жоқтау айтқан анашым мен Иман айтқан молдалардың дауысы...

Уақыт өтті... Ес жиғасын есептерін түгендеп, Әке-шешем ойға батты Қарыздарын берем деп, Басқа мал жоқ Сойып сатса Орликті Жабады екен бар шығынын түгелдеп, Ата-анама болмайды деп Жыламсырап мұң шақтым, Тағдырына Тұлпарымның елеңдеп, Анам жылап Бір сипады басымнан, Қайтейін деп күрсінді әкем, Әжімдері тереңдеп... Аштықты да, Соғысты да, Бейнетті де жеңгендер Ойлап па екен Мұндай қайғы көрем деп... Амал қанша, Басқа жол жоқ ... Бірақ та, Айта алмадым Мен бұл іске көнем деп.

Түніменен Әр нәрсені алдым дейсің ойыма, Тартсам деуші ем Батырлардың сойына, Тұлпар мініп, Ту ұстасам деуші едім, Марқұм ағам мазақтайтын Қарап ал деп бойыңа, Әсем әбзел-тұрман салып төгілтіп Барсам деуші ем Қалың елдің тойына, Енді міне, Ертең соймақ атымды, Өзімді-өзім қайраймын кеп, Мойыма, Мініп алып Жер түбіне қашып кетсем қайтеді, Иесіз арал... Тау менен тас, Орман,тоғай қойнына?!... Бір жағынан Жүдеу,жадау Ата-анамды аяймын, Темір заман таршылығы Көне қоймас ойныңа... Ертеңіне Алып келді ойнақтаған Орликті Балуан тұлға жылқышылар Қыл арқан сап мойнына!

Езуінен қан бұрқырап, Қып-қызыл боп Көлдей тұнық жанары, Қыл арқанмен арпалысып, Шыңғырды да, Кенет маған қарады, Қарады да тына қалды... Мен де тұрмын қалшиып... Кім біледі Еске алды ма жануар, Еркін жортқан даласы мен Еркелескен баланы... «Тоқта,тоқта! Тоқташы,аға!» Деп ұмтыла беріп ем... Жарқ етті де Өткір пышақ Орып түсті... Тамағын!.. Көрген кісі бір қарайтын қызығып Күлтеленген құйрық-жалы сүзіліп, Кете барды бір күрсініп Көк жайлауға жануар, Менің дағы көңілімде Кетті әлдене үзіліп...

Бұл бір тарих, Бастан өткен ,көз көріп, Тағдыр сырын сездік, Бәлкім сезбедік... Туған жердің Ой мен қырын аралаймын сағынып Ойпаң басқа, Ой да басқа, Өңір кеткен өзгеріп. Бір-бір жұмбақ Әр адамның көңілі, Қатпар-қатпар Қазына ғой өмірі... Жел сипаса Жұп-жұмсақ боп тиетіндей бетіме Жирен қасқа құлыншақтың еріні! Қарасаң да талай жылдар Қуанып та, Мұңдана, Тебіренте берер бізді Сырға толы бұл дала... Кейде маған елестейді Кетіп бара жатқандай Қыр астында Құлдыраңдап Бір құлын мен бір бала! Көкке атылған көкбөрі Қайтпай келген Ештемеден беттері, Диірменді Үйіргендей лептері, Вертолетпен аңға шықты бір күні Бір топ дөкей Дию құсап көктегі.

Ен далада Еркін жүрген еркелеп, Түз тағысын қуалады Желкелеп, Тар-тар етіп Заманасын тарылтты Төбесінен Төніп алып вертолет. «Мықты болсаң , Көздемей-ақ нақтап ат!» Дейді, Кезек сақылдатып автомат, Жұтады кеп арасында вискиден Мергенсің деп бірін-бірі мақтап ап. Оқпен тесіп көк желкесін, Бүйірін, Қанға бояп Кең даланың қиырын, Жанталаса қашқанымен Құтқармай Қырып салды Көкбөрінің үйірін. Адам неге Қанға құмар? Айтарға, Тіл жетпейді... Ал өздері байқар ма? Жылыстады Жараланған көкбөрі, Қары қалың Ұңғыл,шұңғыл ойпаңға.

Ай-күндері Туғандай боп оңынан, Қызыл қанды Сорғалатып қолынан, Шайқалақтап, Сай қуалап, Қиқулап, Көкбөрінің Қуды келіп соңынан. Жерге тақап, Бір қырындап, Ағындап, Арлы-берлі Өтеді атып, Тарылдап... Қансыраған Жалғыз бөрі Күрт тоқтап, Қарды қауып Алды бір сәт дамылдап. Содан кейін Көкке көзін қадады, Ашу-кегі Аспан, жерге тарады, Өлім тілеп Өлерменге өштескен Ырылдады ол, Борандатып даланы! Кеудесіне Симай соғып жүрегі, Тырнақтары Қарға қарыс кіреді, Көктемірді Бір тигізші қолыма, Деп тәңірден Жылап тұрып тіледі! Бұлтқа асылып Шығып алған басына, Тарылдақты Келтірші деп қасыма, Шырқырады Шыбын жаны шын тілеп Азуларын қаршылдатып, Ашына!

Түкірігі Тесіп өткен отпері, Саған қылар Қайрат,амал жоқ па еді? Көктен түскен Көктемірге кектеніп Көкке шапшып Атылды кеп көкбөрі! Айналмалы Қалақшасы зырылдап, Бастарына Қонғандай-ақ бүгін бақ, Өр аңшылар Мазақтайды қасқырды Қаны қайнап Шапшып тұрған ырылдап. Кім біледі Қандай түлен түртіпті, Әлде бәлкім, Аң киесін үркітті?! Құлап түсті Қас-қағымда салдырлап Қалағымен Қағып кетіп күртікті. Азуларын қайрай берді көкбөрі, Ашу,кегі қайнай келді көкбөрі, Қарға батқан Қас жауына мініп ап Көктемірді шайнап өлді көкбөрі!.. Қиянатқа қарсылық

Жазсам ба, әлде Жазбасам ба Бұл жырды, Толғанумен Талай уақыт жылжыды, Дейді бір үн Компьютердің заманы Кім оқиды Кітаптағы мылжыңды?! Өткен қайтып орала ма Жазғанда, Сот жоқ деген Жеңімпазға, Озғанға, Мақсатың не, Қай мұратқа жетпексің, Ғасырлардың Қасіретін қазғанда?! Ғұмыр... Уақыт... Секілді ме қас-қағым, Еске аламын Бұлағымның бастауын, Кеше ғана Қарасирақ бала едік Қара жолдың Аспанға атқан ақ шаңын, Ақ самайлы Ата болдық бүгінде Арынды шақ Алыстаған ақ сағым!

Қайран өмір... Қайнап жатқан қанбазар. Жанталасқан Жеткенінше жанға ажал, Қара өмірдің Қазынасы қайда екен, Қиял қумай Тіршілікке сал назар, Пәни, Бақи, Екі бірдей дүние, Құдай берген Несібесі мол базар, Сол базарға Қылмай шүкір, қанағат, Адам неге Бір біріне берді азар? Жер жаралып Адам адам болғалы Одан асқан Болды ма екен зор дажал?! Қалай, Неге, Тәубасынан жаңылды, Әр заманда Зәрін төгіп Қағынды? Ауықауық Ауытқыған ауыр ой Ауып келіп Ауыртады жанымды, Тарихтағы Қатпар, қатпар Қиянат, Қайнатады, Мұздатады қанымды! Орман Тау мен Мұхиттағы Түздегі, Обырлық пен Озбырлықтың іздері, Жүрегімді Тіліп-тіліп өтеді Үздік-создық Қиянаттар тізбегі.

Өр елдердің Өркен жаяр өскіні Өртке оранып Өкінішпен өшті үні, Ой жүгіртсең Өрнегіне тарихтың Керуен керуен Қиянаттар көшкіні. Бір тыным жоқ Жанталасқан жерталас, Жалт-жұлт етіп Көзді алдаған төр талас, Тіршілікті Тауысқанша тартысып, Өлген соң да Тоқтамайтын көр талас! Талай қауым Қиянаттан жоғалған, Зорлықпенен Қоғам бар ма оңалған, Дәл өзіңдей Тірі жанды жылатып, Адам, Қалай, Қорықпайсың обалдан?! Талай дана Жаны уланып, Ойланған, Талай тағдыр Жалғыз оққа Байланған, Біздің дәуір Мұз дәуірден басталып От дәуірге Өрт дәуірге айналған!

Жер бетінен Жоқ қылғанда көп елді Кәне Кімнің Көсегесі көгерді, Адамзатқа Бәрін берді табиғат, Ал адамзат Табиғатқа не берді? Бергені сол Жансызға да Жандыға, Қорлық, Зорлық, Қырып, жою... Даңғыра... Бүкіл әлем Тартылысы сияқты Күллі адамдық Қиянат та заңды ма? Жалмаушылық жалауы боп Жарғысы, Баю үшін Жұмылса да бар күші, Оңбай жатса Әлі күнге бұл өмір Қиянаттан Қор болғанның қарғысы! Деген кімдер Күш жеткенге зиян ет, Қызармай ма Жұрт жылатқан мына бет? Тілемей ме Қиянаттан күйгендер Жылдамырақ Келсе екен деп Қиямет! Қырып –жойған Күш жеткенді балталап Қанды жеңіс Тойға айналып салтанат, Ей адамзат

Келесің-ау ұялмай Мыңжылдықтар Қиянатын арқалап! Күдікпенен Кешке батып Таңда үмітпен шығар күн, Қайшылығын Құпиясын Дүниенің ұғар кім? Неге адамдар Бір –біріне Жасайды екен қиянат? Түсінбеймін... Түсінбей-ақ Өтетұғын шығармын! Салтанатпен Сапқа тізіп Баратындай базарға, Мундирлерін Жалтылдатып Жұлдыз шашып назарға, Барабанын Дауылдатып Алаулатып жалауын, Адам ұлын Топ-тобымен Айдаған кім ажалға? От добымен Орталарын Опырғанда шашылған Қызыл қанның Дәл есебін Қалам жүрмес жазарға, Әскер сайлап Сұмдық ойлап Төгіп елдің байлығын, Құмар неге Өзге жұрттың Көрін терең қазарға? Сол қуатты Мейірімге, Ізгілікке арнаса,

Жоқшылықтан Арып-ашып, Адам Азып-тозар ма? Жер бетінде Үйсіз - күйсіз Болмас еді Ешбір жан, Жойылса егер Армиялар Арсенал мен Казарма! Қанша жанның Қанын төгіп сорлатқан, «Бұл қалай?» деп Сұрай қалсаң солдаттан, «Басшылардың Орындауға бұйрығын Салтанатпен Қойғам – дейді қолды антқа, Ат деп бұйрық Берілгенде, амал не Шегінетін Жер қалмайды менде артқа, Жауды жоқтап Жыламаймын алайда Мен оқ атсам Маған қарсы ол да атқан, Оның көзін мен жоймасам Ол менің, Сүйегімді Ақ сөңке ғып сарнатпақ, Сондықтан да Айтқаның жөн бұл сөзді, Басшыларға Жау іздеген жан-жақтан» Таба алмадым Бұл сауалдың жауабын, Неге сонша Қабағына қан қатқан, Адам ұлы

Мыңдаған жыл тарихта Бірін бірі Қырып-жойып зарлатқан?! Ақырзаман Алдында да апырмай Қинамай ма Ардың жүгі зіл батпан?! Бұйрық – бұйрық, Орындалмақ қалайда, Бұлжымайтын Темір тәртіп солай ма? Біреуді ат деп Бұйрық берсе бастығың Қылмыскер боп Қанға бату жарай ма? Ол да өзіңдей Ата – ананың баласы Көздеп тұрып Бұйрықтан да ары ойла... Тоқта, солдат, Мылтығыңды түсір де, Нысанаңда Кім тұрғанын абайла! Атаңды да Атасың ба ат десе, Отанды да Сатасың ба сат десе, Ажал оғын Аямастан елге атып Қырып тастап Күнәға әбден бат десе?!

Болам деме Уақыт өтіп, таза адам, Арылмайсың Нахақ қаннан, назадан, «Біз бұйрықты Орындадық тек қана» Деген сөзің Құтқара алмас жазадан! Адам қалса Астында қар көшкіннің, Жоқ боп кетсе Боранында көш құмның Амал қанша Тағдыр дейміз осындай Опасы жоқ Мына жалған бес күннің, Өзегімді өртейтіні Адамзат, Өзөзіңді Неге өлтіріп өштің мың? Бір патшаның Пәрменімен пәршелеп, Талай елді Өле - өлгенше өш қылдың, Өзге жұртты Езіп – жаншып, билеуді Заң жүзінде Дұрыс дейтін естің кім? Басып кір деп Бұйыруға басқа елге Правосы Болмау керек ешкімнің!

Өз еркінше Өмір сүрген әр елдің Адамдарын, Азаматын әлемнің, Қырып – жой деп Бұйыруға әскерге Хақысы жоқ Президенттің, Корольдің! Көнелерден Көкейкесті күйді ұқтым, Сұрауы бар Әрбір соқыр бұйрықтың, Бар адамзат Ар сотына тартады, Барлығын да Қолы қанды биліктің! Ар үкімі Жүрер ме екен күштіге, Тәкәппарлар Тәубасына түсті ме? Үлкен – үлкен Ұлттар отыр үй салып Аз ұлттардың Аймағының үстіне! Қалай болды Ел біреудің отары? Түбі отардың Тау қопарар қаһары, Отар деген Бұтар сөзге сияр ма, Ол да өзіңдей Адамдардың отаны!

Әділеттің Таразысы тапсыншы, Адамзаттың Таңы тыныш атсыншы, Қандай сөзбен Боямалап қойсаң да Басқыншының Аты бәрі бір Басқыншы! Қол жіберген Жер түбіне қиялап, Деп үйретіп Балапанды ат,ұяны ат, Көсемдерді Көмкерсең де күміспен, Баса көктеу Қиянат қой, Қиянат! Мың құбылтып Құйтырқыға салғанбыз, Қиянатты Мақтап, Ақтап алғанбыз, Қызыл қанды Кешіп тұрып белшеден Бір қызарып Ұялудан қалғанбыз! Аз халықтар Қансыраса қорлықта Адам деген Атқа лайық болдық па? Жаным күйіп Шырылдайды жүрегім Үлкен-кіші Қиянат пен зорлыққа!

Азғырады Аздырады сенсеңдер, Әзәзілге Негізделген өлшемдер, Қиянаттан Қор болғандар күйініп, Демей ме екен: « Иа, қиямет, Келсең кел!» Жұта берген Тоймай жұртты зындандар, Жауға кеткен Маңдай термен жиған мал, Отқа оранып Күлі кеткен көкке ұшып Көк сарайлар... Ақ отаулар... Вигвамдар... Тәубәсі жоқ Тырнақтың да, тістің де, Көзі соқыр, Көңілі тас күштің де, Үлкенүлкен Мемлекеттер гүлдеп тұр Үндістердің Сүйегінің үстінде!

Тау мен орман, Иен далада ерке өскен, Сөзге сеніп, Жан қиюға серттескен, Үндістердің Ақырғы ұлы көсемі Монтесума Дос болыпты Кортеспен, Алтын тәжін Сыйға тартқан сол досы Басын жұтып Үндіс оты ерте өшкен, Көгерген жоқ Конкистадор сонымен Кортестің де Көкірегін көр тескен! Өкініштен Өртенсе ердің өзегі, Өртегенге Келер кердің кезегі, Өліп кеткен Өр үндістің кегіндей Беріп кеткен Темекі мен мерезі, Кекті көсем Келімсекке тік қарап, Кеудесіне Қадап кеткен сөзі еді: «Менің рухым Сенен биік мәңгілік, Зеңгір көкті Емін – еркін кезеді, Жаныңды улап, Жындандырып күн сайын, Жүйкеңді жеп, Жүрегіңді езеді!

От қарумен Судай шашып қанымды, Тартып алдың Байлығымды, Барымды, Сүйегімді. Табанға сап сындырып, Қорқауларға Қор қылсаң да тәнімді, Баса –көктеп Жерімізді алсаң да Жеңе алмайсың Менің азат жанымды! Малайлыққа Мойынсұнбас өлермен Менің рухым Өлмейді от жебеңнен, Құнын сұрап Қанын даулап елімнің Төнемін де Тұрамын тек төбеңнен!» Кетер ме естен Өшер ме тіпті Құрбан боп кеткен Зиялы аттары, Орданы өртеп Ұлысты жойып Орманды отап Ұяны атқаны, Ойран сап ойға Жанымды жейді Мыңдаған жылдың Қиянаттары! Жауабы қандай Обалы кімге? Зауалы қашан Сауабы кімге? Басталды неден Аяғы қайда? Ұрлайды ұйқы Сауалы түнде.

Кім біледі Тым шалықтап Тастық па, Жүргендейміз Айықпайтын мастықта, Сабыр, Тәуба, Қанағатты ұмытқан Не демекпіз Көп данышпан бастыққа? Тек әйтеуір Ағыл – тегіл той көрсем Елді ойлаймын Құрбан болған аштықта. Осал емес Өңкей басшы кемеңгер, Кемеңгерлер Бұрынғы өткен береңдер, Онда неге Нәрсіз қалып далада, Аштан өліп, Опат болды өрендер, Тағы соқса Сондай содыр саясат Айла тауып Оған төтеп берер ме ел? Өзіңді өзің Құтқармасаң түбінде Біреу келіп Құтқарады демеңдер, Осы жайлы Көрейікші ойланып Жылы жерде Жал мен жая жегендер.

Қозғамасақ Біз тарихтың терісін, Болашақта Оң бола ма өрісің, Әдейілеп Ұрындырды-ау аштыққа Үлкен елдер Бітпей келген кегі үшін, Миллиондап, Қырды ма екен Халықты, Ел жойылса Босап қалар жер үшін?! Ашаршылық Адамзаттың жарасы, Қу сүйекке Толған қазақ даласы, Талай ғасыр Тіршілік қып өлмеген Құба жонда Құлан қуған бабасы, Ер халықтың Құтқаруға өзді өзін Қалай ғана Келмей қалды шамасы? Темір құрсау Шынжыр тормен басқыншы Шырмап алып Таусылған ғой шарасы , Барлық малды Сыпырып ап өкімет Қурап қалған Қазан, ошақ, қорасы, Қайтеді енді Малмен ғана күн көрген Аштан өлмей Көшпендінің баласы?

Батырлығын Бар әлемге білгізіп Бабалары Өткен билік жүргізіп, Қайран елім Қалай ғана жат жұртқа Миллиондап Қойды өзін қырғызып? Бодан болып Бөгде жұртқа бағынып, Жандаралға Жан қалар деп жағынып, Құдайсыздар Қауымына ілесіп Өз жолынан, Тәубасынан жаңылып, Кім біледі Күнәһарлық қылды ма? Күн көсемге Тас құдайдай табынып, Көрнектісін Кәмпескелеп айдатып, Киелінің Назасына шалынып, Астаң – кестең Аума – төкпе заманда Ақыл естен Айырылып, қағынып, Ақырында Ұрынды кеп аштыққа Арандатқан Айлакерлер жабылып! Ақылдының Шектен шығып қулығы, Аңқау елді Аштан қырса сұмдығы, Тағдыр бірақ Оңдырған жоқ оларды Кездестіріп Қанды көбік жындыны!

Десек тағы Ақыл – ойлы, саналы, Көп ұлттардың Көкірегі жоғары, Керек қылмас Қасіретін басқа елдің Уақыты жоқ...... Жанталасқан қоғамы, Миллиондап Аштан өлді халықтар Қане, кімге Нахақ қанның обалы? Өшкен елді Кім түгендер баспа-бас? Есте сақта, Ескерткішін тасқа бас, Елестетші Қалғандарды көзіңе Айдалада, Аяздарда Аштан аш! Тойынғандар Жойылғанды ұғар ма, Басқа түссе Сондай іске шыдар ма? Боздақтар-ай, Қандай күйде болды екен, Ақтық демі Кеудесінен шығарда?! Кетпес, сірә, Көшкен өмір текке құр, Жетер бәрі Түптүбінде шекке бір, Есеп берер Күннің күтіп кезегін Құрбандардың Өлмес рухы көкте жүр!

Өткен тарих... Ұрыстікі? Сауықсайран? Жұмыстікі? Босқа кеткен уақыт деген Дұрыс?Бұрыс? Прустыкі? Тірі жанмен теңеспеген Өктемдікпен өңештеген Тәкәппарлар кердең қағып Ешкіммен де кеңеспеген, Содан ба екен Шопенгауэр Дүниені елес деген. Елді билеп алдауменен, Жерді илеген жалмауменен, Шындық айтқан саналыны Асып, атып, қорлауменен, Дүлей билік қай мұратқа Жетпек екен ойранменен, Содан ба екен, атам қазақ Дүниені жалған деген!

Соқтыруы құйынды отқа Қанқұйлыға қиын боп па, Орнатамыз әділдік деп Езіп елдің миын ботқа, Қилы-қилы тағдырларды Құрта салу қиын боп па? Мұнай қуған мұндарларың Үймелейді тиын-боққа, Тайраңдаған жалмап,жайпап Мұндайларға тиым жоқ па? Қасіреттің тереңінде Тұнған сыр бар өреліге, Қан майданға балалары Кетерде ана өбеді де, « Жауды аямай жеңіп қайт»- деп, Тілеп, бата бергенінде, Дәл өзіңдей аналарды Зарлатып кел дегені ме? Ой жүгіртіп көрді ме екен Қызыл қанды төгеріне, Қырып-жойып басқа жұртты, Баласы аман келеріне, Белшесінен қанға батып Бақыт, қызық көреріне, Әділет деп, ақиқат деп Шыныменен сенеді ме?

Ардан аттап өткен дөйлер Жер тағдырын шешкендей ме, Тіршіліктің түптамырын Қасқағымда кескендей ме, Дажал бомба жасағанда Нені ойлады Оппенгеймер, Хиросима,Нагасаки Күл боп ұшып кеткендей ме, Жойылудың шет-шегіне Шерлі адамзат жеткендей ме?! Ат ойнатып Тыныш елдің жеріне, Бөліп – жарып Түр – түсіне, тегіне, Ары қарай Не болады, ал енді Өшпенділік Жеткен жоқ па шегіне?! Жер серіктер Кеңістікте неғып жүр? Жұрт шошынып Шыбын жаннан безіп жүр, Планетаны, Шырмап алған вирустар, Ракеталар Арлыберлі кезіп жүр. Іштен тынып Полигондар,атоллдар Дайын жатыр Жарылғалы атомдар, Бөлінбесті Бөлшектеудің зардабын Бірақ сәтте Тартқан жоқ па жапондар?!

Супермендер Спецназдар бүгінде Бөлеп-ақ тұр Жердің жүзін дірілге, Бірі жарып Бірі мінген кемені Тұнық суды Лайлап айлы түніңде, Қанша халық Харап болды тұншығып Теңіздердің, Мұхиттардың түбінде! Не көрінді Кеуде соғып, есіріп, Адамға адам Соншалықты өшігіп, Уға бөккен Жаралы жер бетінде Басқа шаруа Бітті ме әлде шешіліп? Жер сілкініп, Дауыл соғып,күн ысып, Мұзың еріп, Озон жатыр тесіліп, Өзіңе өзің Қиянат қып келесің Бір –біріңнің Өміріңді өшіріп, Өзіңді өзің Жем қылмақсың қалайша, Өзің ашқан Сұмдықтарға қосылып, Күйіп-піскен Көңілдегі кегіңді Компьютерге Киберлерге көшіріп?!

Милау қылып Даңғазамен даңғырлақ, Әніңді улап, Мәніңді ұрлап, Жанды улап, Пайғамбарды Мазақ қылып малғұндар, Құдайға да Тіл тигізіп «қалжыңдап», Арсыздықтың Шектен шыққан түр-түрін Экраннан Лақтырады ырбыңдап, Аз емес қой Балалар да ақкөңіл Саған еріп Азып-тозған тырбыңдап, Өздерін де, Өзгені де аямай, Сөзге келмей Зиян жасап, Қан қылмақ!

Зомбылықтан Зомбилаудан заманды Зұлымдықтың Зәрі жерге таралды, Жаужарағын Жалақтатқан «жақсылар» Жөндейміз деп Қырып-жойды « жаманды» Жүгенсіздік Жоймасын де Жер шарын Адамзат боп Ойла одан да аманды , Жер-Ананы Сақтау үшін жұмылып, Жарасыммен Жұмса қайрат,амалды, Айтыс, тартыс, Жолыңды ізде, Тек қана, Ей адамдар, Өлтірмеңдер адамды! Зәузатыңнан Өшер ме екен қан дағы, Қандай болар Көрешегің алдағы, Қайта оралып Соғар түбі өзіңді Жұртқа істеген Жамандықтың салмағы, Қияметке Кетпейді деп қиянат Айтушы еді Біздің елдің шалдары!

Жетіп тұр ғой Жер мен көкке зейінің, Неге сонша Тарылады пейілің? Ай -әлемді Құтқарса тек құтқарар Иман, үміт, Ізгілік пен мейірім! Тағылықтан Тамыр жайған мұз ғұрып, Тартса дағы Мың құйтырқы, жүз қылық, Адам қылып Сақтап қалған адамды Өмір мәні Көңіл нәрі ізгілік! Тіршілікті Қалтыратса ызғырық, Қатыгездік Айлағында жүздіріп, Құбыжық боп Мүлде құрып кетер ме ек Жер бетінде Болмаса егер ізгілік! Сырыңды айтшы, дүние, Сырғанап қайда барасың, Зауалға батқан заманның Таптың ба опа, дауасын? Шыныңды айтшы, адамзат, Асығып қайда барасың, Ажалдан басқа алдында Асуды қандай табасың?

Түсінбей қойдым, амал не, Немене жұрттың қуғаны? Алдамшы елес секілді Даңғаза мақтан думаны. Шүкірлік қылмай тәңірге Табысты қуған толағай, Адамнан асқан бар ма екен Араны толмас қомағай?! Жер-Ана -ортақ үйіміз Кім оны сонша улады, Не болар екен алған соң Ақырғы түйір уранды? Тәубаға келу қиын-ды, Ұмытқандарға құдайды, Қайтеді екен жұтқанда Ең соңғы тамшы мұнайды? Тынар ма екен көңілі Ақырғы дәнді сатқанда, Қуырып отқа Жер шарын Ең соңғы жанды атқанда? Тиылар ма екен жын ойнақ Дүние – жарық сөнгенде, Қиналар ма екен жанды ойлап Қиямет қайым келгенде?

Уайымдап Жердің тағдырын Қандай деп алда көресі, Сабырмен тәуба қыласың Ие деп құдай төреші!

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙